Индия очерктері
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
Жолжазба очеркі
(Көріністері)
І. Азғана алғы сөз
Индия сапары жөні-жолы бөлек оқшау бір сапар болды. Тек осы жайды баяндай бастаудан бұрын, оқушының көңілін сәл ғана бір халді айтумен аз алаң етейін. Индияға жүрерде мені жора-жолдас, дос-жаран, ағайын-туған дегендей көп жақын жандар ұзатып салмақ болып жиылған еді. Бұл жиында, ерлер, әйелдер, үлкен-кішілер, жазушы, артист, ғылым адамдары тәрізді, әр сала тірлігіміздің әр алуан көрнекті жандары болған. Мен қайтып келгенде, дәл сол жиын, дәл сол қалпымен, түгел тобымен қарсы алып, тағы да қонақжай қалыпта, сол бір стол айналасында бас қосыпты. Менің көңіліме сол шақта өзгеше бір хал аңғарылды. Жұрт жүзіне қарай-қарай аңдасам, сондағы күлкілі, көңілді, шырайлы жүздері, сондағы киген киімдері. Қонақжай бөлме ішіндегі барлық зат-бұйым атаулы да сондағы қаз қалпында. Дәл сол мен кетердегі сәттей, тағы бірнеше айрықша көріністер ерекше көзге де, көңілге де ыстық тиеді. Стол басында мәжіліс ағасы — тамада Сәбит көңілді жарқын тілектестік сөзін сөйлеп тұр. Дәл кетердегі жай осылай еді. Сондағы тартылған ас та дәл сол қалпында. Әлі суып үлгірмеген сияқты. Тамаданың сондағы достық тост түрінде сөйлеген сөзі әлі бітпеген сияқты. Тіпті сол шақта, мен жүрерде, шампанский бөтелкесін ашамын деп, тез аша алмай, арпалысып жатқан бір жас қонақ қазір де және де сол бөтелкені дәл сол орнында тағы да сондағыдай әлі аша алмай, арпалысып жатыр. Осы адамдардың жүзіндей, көңіл-жайындай барлық болмыс та өзгермей, қозғалмай тұрған тәрізді. Бейне бір менің қырық бес күндік сапарым болмаған, оқшау, оқыс, дағдыдан тыс хал-халет сияқты. Бейне мезгіл өткен емес те, өмір, тірлік тынысы үзілмеген, өзгермеген. Сол хал еске келгенде, мен бір баларақ шағымда естіген бір аңыз ертегіні еске алдым. Ол былай еді. Ертегі геройы жас жігіт өмірде өзінің бір оқшау жайына, кез-кезеңіне жетеді. Ол сол халінде заманының данасы, бір ақылгөй қарт-қарияға келеді. Содан өзінің өмір тағдырын айтып, ашып беруді өтініш етеді. Ертегілік өзгеше жайда бір өзі ғана отырған қария жаңағы жасты тыңдайды да, дәрет алғалы отырған ыстық суын құманымен шетке қояды. Жігітті қолынан ұстап үнсіз жетелеп кеп, бір шүңет тегененің қасына әкеледі. Сөйтеді де: "Мынау тегештегі суға беті-жүзіңді түгелімен батырып көрші", — дейді. Жігіттің суға беті-жүзі батуы ғана мұң екен, содан кейін ол жас мүлде басқа бір халге ауысып кеткен өз күйін көреді. Енді ол ұзақ бір сапарда, бұрын өзі баспаған, бармаған бөтен жайда. Өзі біліп, көрмеген жан иелерінің арасында. Неше түрлі ертегілік ғажайып халдерге ауысып жатқан күйлерге ұшырайды. Оны алып қарақұс қанатына мінгізіп, талай таулардан, әлденеше мұхиттардан алып та өтеді. Ол жер астына да түсіп кетеді. Әр алуан жат жынысты аң атаулы, жан-жануар, өзгеше өсімдіктер арасында жүргенін көреді. Сол шақтың бір кезеңдерінде бұның өмірі өзгеше шұғыл өзгерген, ойда жоқ қиын жай, қысталаң халге ұшырайды. Бұл тұңғиық түбіне кеткелі тұрғандай, не әлдеқалай қаһарлы айдаһар жұтып тартып бара жатқандай болады. Қарсылық етер қауқары жоқ, ажалда аял жоқ. "Енді кеттім-ау!" "Енді өлдім, біттім-ау!" деп, барынша бір үрке сілкініп, тулай түршігіп қалады. Сол халде шұғыл өзгеріс тағы жетеді де, бұның халі басқаша бола береді. Көзін ашып алғандай хал болады. Сөйтсе, сол жас бағанағы беті-жүзін батырған судан басын жаңа ғана көтеріп алған екен. Қария алғашқысындай өз орнында сабырлы, салқын тыныштықта таспиғын тартып отыр. Қасында дәрет су құйған құманы әлі тұр. Тіпті ішіндегі суы да әлі суып болмаған екен. Әрине, бұл соңғы әңгіменің менің әңгімеме сырты ғана ұқсайды. Оны еске алдыратын бір ғана сырттай ұқсас сипаттар. Индия сапарында қырық бес күн бойында мен көрген, сезген, білген жайлардың бәрі біздің өз Отанымыз, өз халқымыз, өз шадыман күндеріміздің қалпынан мүлде бөлек, басқаша да ерекше. Қырық бес күн бойында менің онда болып, көрген-білгенім өзімнің қауымым, халқым, Отаным ортасындағы тірлігім, дағдымнан сонша басқа болғандықтан, жаңағы ертегі жай еске түсті. Уақыт сағаты бір орнында сәл дамыл алып тұрғандай да, менің көріп-білгенім "сиқыр судың" таңғажайып халдері болмаса да, сондай бір бүйрек, оқшау жайлар еді.
Енді сол қырық бес күндік ұзақ сапар шалқар көшіне ауысайық.
ІІ. Ұшқыр қанат астында
Индияға аттанған сапарды біз Москвадан бастасақ та, әуелі оңтүстікке қарай беттемей, керісінше, тура терістікке қарай жөнелдік. Халықаралық әуе қатынас жолы біздің Ленинградты, Хельсинкиді басып, Стокгольмге баруымызды қажет етті. Стокгольмнен бүкіл Европаны аралап, Африка жағасын жағалап, Токиодан барып шығатын төрт моторлы үлкен самолетке мінетін болдық. Бұл "САС" деп аталатын Скандинавия компаниясының самолеті. Ол төрт моторлы, 62 кісілік ірі самолет, шапшаң да ұшады. Алғашқы үш тәулік шамасында біз сол самолетпен көп елдер мен қалаларды басып өттік. Жолда Норвегия астанасы — Осло, Дания астанасы — Копенгаген, Батыс Германияның үлкен қаласы — Дюссельдорф, Швейцарияның — Женевасы, Италияда — Рим - біздің әрбір екі-үш сағат өткен шақта тоқтап, түсіп отырған жеріміз болды. Римнен Африкаға қарай Каир (Мысыр) қаласына тартқан жол бес сағаттық, ұзақ сапар болды. Астымызда таулар, теңіздер. Әсіресе Орта теңіз сулары шексіз ұзақ көк толқын да, көк жайқын боп кең жосылып жатты. Таң ата біз Мысырға кеп түстік. Бұдан кейін атақты Суэц каналын басып, Арабстан шөлімен ұзақ сапар кешіп, жеті сағат ұшқаннан кейін, Пакистанның Карачи қаласына келдік.
Осыдан кейін соңғы самолет жолы бізді Делите әкеп түсірген еді. Бұл жолда біз Стокгольмде екі тәулік тұрдық. Карачиде екі күн болдық. Қайтыс сапарда да көбінше осы жолмен жүріп, Римде екі, Стокгольмде және екі болғамыз. Сонымен, Индияның өзін көріп, кезіп танысу жайларынан басқа, жолдағы Стокгольм, Римде болған күндерді де мен сәл кейін баян етпекпін. Бірақ олар жайын Индиядан кейін, осы еңбектің соңғы бөлімдерінде, жол баянын аяқтай келе айтқанды мақұл көрдім. Әуелгі мақсат — Индияда көрген мен білгенді, сезген мен ойлағанды өз оқушымызға жеткізу. Ең басты мақсат осы болғандықтан, әңгімені тезінен, төтесінен сол Индияның өзіндегі жайларға арнайық та, тез баурайық. Осы аталған жайға төтелей кірісер алдында бір-ақ қана түсінік сөз айтылғаны мақұл. Индия жөніндегі осы кітапты мен, әрине, роман, повесть тәрізді, дағдылы көркем қара сөз жанрларының оқушыға мәлім түрлеріне баламаймын. Индия — ғажайып мол тарихты, терең, зор сипатты ұлы дүние. Оның тарихы да жүз жылдар емес, әлденеше мың жылдармен өлшеніп, мөлшерленеді. Сондықтан сол Индияға арналған еңбекті мен тек қана көргенімді айтумен тұжыра отырмақпын. Болмаса Индияның тарихын білген, білгір маман есебінде сөйлемекші емеспін. Халқы мен қауымдарының бүгінгі нәсіл, көп буындарының өмірлік, психологиялық шындықтарын да терең таныған автор емеспін. Осындай бір-екі іргелі себептерді еске ала отырып, көрген мен сезгеннің нақтылы шындығын, дағдылы "жол баянын" өз тіліммен баяндап көрмекпін. Бұл дәмесі зор кітап емес. Білген, көрген болмысынан туған шындық кітабы болып шыға алса, автордың содан арғы-зорғы мұраты жоқ.
ІІІ. Делидегі күндер
Дели қаласы екіге бөлінеді. Ескі Дели, Жаңа Дели (Нью-Дели). Бүгінгі Индияның ең зор шаһары болмағанмен, Дели көп заманнан бергі Индияны билейтін орталық шаһар боп келген. Қазіргі азат Индияның да орталығы осы қала. Біз, он шақты адам, совет мәдениет майданының өкілдері, Индия үкіметі тарапынан шақырылған қонақ делегациямыз. Индияның республикаға айналған тойының мерекелі күніне шақырылған едік. Делиге біз келген күннің ертеңінде, 26 январьда халық мерекесі, салтанат күні басталды. Өзіміз-түскен көркем сарай — Хайдарабадхауздан орталық алаңға біз қалың шұбар топ, жаяу жұртпен аралас бардық. Демонстрация басталар алдында бізді бастаған достарымыз, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, біздің тобымызды бүгінгі салтанатқа келген сый қонақтардың тобына апарып қосты. Кең көгал, бақшалы алаңға кілем жайылған, орындықтар қойылған екен. Трибунаның орнына осындай жай жасалған. Тек оңаша, оқшау қызыл жібек қоршауы бар биік тақ Индияның президенті Прасад отыруға әзірленіпті. Біз сол тақтың оң жағындағы қатарланып қойылған орындықтарға орналасқан шағымызда, қасына қызы Индира Гандиді ертіп Неру келді. Төрт-бес қатар орындықта отырған әр елдік қонақтардың бәрімен Нерудің өзі де, қызы да жағалай жүріп, қол беріп амандасып шықты. Жалпы салтанатты салт аттылар тобы бастады. Ықшамдау келген өңшең торы әдемі араби атқа мінген, деней қызғылт киімді, әсем кавалерия өтті. Әскердің бәрі сақалды, бастарында сәлде тәрізді жұқа бас киім, соны бастыра киген. Бұлар Индияның өзгеше жауынгер халқы — сикхи затынан. Осылардың артынан жаңағыдай араби керторы алты сәйгүлікке алтындаған күйме жегіп, соған мініп Индияның бүгінгі президенті Раджендр Прасад шықты. Күймеде өзі жалғыз еді. Тақтың тұсына тақағанда, аттар тоқтап, президент күймеден түсіп, кеп таққа отырды. Осы шығыспен парад бастады. Индияның әміршісі болған бұрынғы шахтар, кейінгі вице-корольдер көрнекке шығатын дәстүр осылай болса керек. Индияның тағы бір көне дәстүрін, әсіресе осындай шақтағы салтын біз енді келесі секундтердегі көріністерден таңырқай аңдадық. Парадтың алдын бастап пілдер тобы келеді екен. Тән салмағымен аяқ басқан, төрт-төрттен қатар түзеп келе жатқан бір топ пілдер. Бұлардың ұзын тұмсықтары, бас-мойын жотасы, екі жақ қабырға, аяқтарына шейін алтындаған қызғылт кежіммен жабылған. Үстерінде, мойын тұсына таман топтала отырған бірнеше әскерлер бар. Қолдарында ескі соғыс құралдары, киім бейнелері де бұрынғыша. Осындай бір қалың шоғыр оқшау топ бүгінгі салтанат жүрісін бастап кеп, Прасадтың тұсына жеткенде, сәл баяулап тоқтай берді. Енді біразда барлық пілдер бірден алдыңғы аяқтарын тізерлей бүгіп иілді де, тұмсықтарын тегіс аспанға көтеріп үн салды. Бұлары парадты бастап, өзінше құрмет көрсету нышаны. Пілдер өтіп кеткен соң, енді бір толқын боп бұрынғы дәстүр бойынша ескі әскерлердің бір түрі — түйелі кавалерия жылжып келе жатты. Ол өңшең ақ түйе, нарлар екен. Әр түйенің үстінде екі кісілік ерлері бар. Сол екі-екі әскер мінгескен түйелі кавалерия да өзгеше бір үлгі аңғартып өте берді. Ал соның артынан, баяғы ғасыр мен біздің XX ғасыр ортасы контраст күйде тоғысқандай боп, тағы бір ойда жоқ қозғалыс аңғарылды. Ол келе жатқан танкілер, мотопехота, бүгінгі артиллерия, аспанда осы шақтарда лек-легімен реактив самолеттер қатарлары ағып өтіп жатты. Осылайша басталған парад енді ұлы Индияның көп уәлаяттарын өзді-өз салты, көркі-көрнегі, өнері, кәсібімен, оқшау қызық үлгілерімен ұзақ күн бойында үздіксіз көрсетіп өтіп жатты. Осы күні түстен кейін біз президент сарайына, Моғол паркі деп аталатын салтанат бағына президент қонағы боп шақырылдық. Бұл бақ біздің бала шағымыздан ертегіде еститін Иран бағы — "Бақиран" десе болғандай. Салтанатты сарайдың бұл бағы аса зор. Индиядағы үлгі бойынша мұнда су мен гүл ағаш, гүл жемістер ұдайы кездесіп отырады. Ыстық жақта салқынның қажеттігі осы бақшалардың құрылысынан көрінеді. Бұнда айнадай көк мөлдір су әдемі қызыл тасқа бөленеді. Одан кейін гүл мен жемістер кезектесе, біраздан соң тағы да жаңағыдай мөлдір айнасулар ұшырап отырады. Ағаш, жеміс, көк салқыны мен су салқыны мынау баққа басқаша бір жайлы рақат көрік те, күй де береді. Индияның барлық қалаларында әрбір күтімді бақта, сарайларда, қадірлі, салтанатты әсем жайларда ерте заманнан осы күнге шейін дәл осы алуандас бақтар жиі кездеседі. Паркке күндізгі сағат төртте Индияның ұлы мерекесіне жиылған қонақ атаулының бәрі президент қонағы есебінде шақырылып, жиналған еді. Бұл сағат көп жандардың бір-бірімен жүз көрісуіне, танысуына арналған сағат болды. Осы сейілде біз Прасадтың өзімен таныстық. Тағы да біздің тобымызды бастап жүрген достар сейіл үстінде әдейілеп алып кеп, бізді Нерумен таныс етті және Индияның ең көрнекті мемлекет басшыларының бірі — вице-президент Радха-кришнанмен де біз осы сәтте алғаш таныстық. Жаңағы аталған үш үлкен адам біздің тобымызды жақын күндерде өздерінің резиденцияларында қабыл ететіндерін айтысты. Делидегі келесі күн әрбір Индияға келуші делегацияның, қонақ атаулының ең алғаш қадам қоятын құрметті бір жеріне қарай беттеуімізден басталды. Біз тобымызбен Гандидің құрметіне арнап венок алып сапар шегіп едік. Қаланың орта тұсында, Жумна өзенінің жағасында, Гандидің қаны төгілген орында, Индия дәстүрі бойынша, Гандидің сүйегі құрметпен өртелген жері бар. Сол орында әсемдеп оқшауланып қызыл гранит таспен биіктеле мүсінделген бөлекше бір дөңгелек жай тұр. Соның биік басына шығар алдында тас басқыштар түбінде біздің бар тобымыз аяқ киімдерімізді тастап, гүл-венокті көтеріп, жоғары бастық. Январьдың 27-сі болғанмен, Делиде анық дағдылы қыстың күні деп саналғанмен, бұл күн әдемі маужыраған қоңыржай. Мысалы, Алматының сентябрь күніндей. Айнала өсімдік дүниесі бір жапырағын тастамаған, жалғыз тал шөбі қурамаған, жасмин гүлдеп, мандарин бітік өсіп, пісіп тұрған кез. Бірақ біздің жатын сарайымызда камин жағылады. Әр бөлмеде қонақтар тоңбасын деп үйді электр отымен жылытып отыр. Бізге әзіл ретінде айтылған бір сыр бар: "Сіздер индустарды ренжітпеймін десеңіздер, өздеріңізге қанша жылы көрінгенмен де, қаншалық пысынап жүрсеңіздер де, қазіргі күн "қыс" десе, сіздер "рас, қыс" деңіздер, олар "суық" десе, сіздер де "рас, суық" деңіздер. Болмаса дос-жар, меймандос үй иелерін ренжітіп алуыңызға болады" дейтұғын. Көңілімізде Гандидің әруағына арналған құрмет шын болғандықтан, біз, жаңағы айтылғандай, "қысқа" қарамай-ақ, тас басқыштарды жалаң аяқ басып, гүл көтеріп, жоғарыдағы көлбей түскен бір дөңгелекше тас төсенішке жеттік. Соның үстінде жас гүлмен һинду тілінде жазылып қойылған бір ауыз сөз бар екен. Жумна өзені жағасындағы храмнан шығып, осылай келген жерде дұшпандар атқан оқтан жарадар болып қансырап жығылған Ганди, дәл осы арада үзілер шағында айтқан бір ауыз сөз бар. Жаңағы жас гүлдер мен тасқа жазылған жалғыз сөйлем сол: "Қуат еткенім өзің, Рама" деп үзіліпті. "Сол үні, сөзі, тілегі әлі қаз қалпында" деген наныммен бүгін де, күнбе-күн жаңағы мирас тастың үстінде жаңа гүлмен осы сөз жазылып отырады. Біз өзіміз апарған венокті салдық та, үнсіз қозғалыспен қайта бастадық. Осы жүрісте енді біз ескі, жаңа Делидің неше алуан, әлденеше ғасыр айғақтары болған өзгеше ескерткіштерін аралап кеттік. Индияның өз тарихынан қалған аса қымбат бір ескерткіш бірінші ғасырда орнатылған обелиск — зор тас діңгек. Бұл обелиск Индия халқы үшін аса қымбат ескерткіші саналады. Ол діңгек ғасырлар айғағының ішінде бағзы заманда Индияда болған ұлы патша Ашока атымен байланысты. Индияның ұлы патшасы Ашока біздің эрадан бұрынғы ІІІ ғасырда тіршілік еткен. Аңыз бойынша, ол арғы-бергі бар жер жүзіндегі патша атаулының баршасынан бөлек жол ұстанған. Жаңа обелиск тас діңгекте сол Ашоканың үгіт-өсиеті, өзгеше жолы — эдикт бірінші ғасырда осы діңгек тасқа шабылып жазылған. Ашока өзі буддист. Ол таратқан үгіт-өсиет бойынша, "қан төкпеу керек, ешбір жанмен соғыспау жөн" деп, осы жайдағы үгіттерін кейінгі нәсілге әрі діндік, әрі адамгершілік үгіт-өсиет етіп, жаңағы тас діңгекке өзінен кейінгі заман адамдары қашап жаздырған. Делидің ескі шаһарында бұдан кейінгі біз көрген ғажайып ескерткіштердің бәрі де арғы-бергідегі мұсылман патшалары салдырған ескерткіштер. Осы ретте Делиде XІІ ғасыр ішінде араб затты Құтыбиддин патша салдырған "Құтыбминар" деген ғажайып мұнара бар. Биіктігі 73 метр. Бұл — ең бір сұлу мұнаралардың сирек сұлу белгісінің бірі. Мұнара терістік Индиядағы көпшілік ескерткіштер қатарында, жоса түсті қызыл тас, қызыл песчаниктен салынған. Мұнара көп қырлы. Төменінен ең жоғарғы биік ернеуіне шейін жаңағы қырлы мұнараның сыртын айналдыра құранның аяттары, ғажап сұлу хат ретінде, тастан ойылып жазылыпты. Сөйтіп, мұнар биік басынан етегіне шейін, бір жеріне бір жері ұқсамайтын айнала шырмаған әсем ою араб жазуы — аят жолдарымен безелген. Осы мұнара жанында ерте заманда салынып, жартылай құлап қалған "Куатүлислам" аталған ескі мешіт бар. Соның жанында тағы да Индия тарихының аса ғажап сырлы бір ескерткіші көрінді. Аспаннан түскен метеорит темірінен жасалған, Индия шеберлері мың жылға жуық, ескі заманда осы араға орнатқан темір діңгек тұр. Бұл діңгек темірдің дүние жүзін таңғалдыратын тамашасы сол: өзі таза темір бола тұра, мәңгі-бақи өн бойында тат басып көрген иненің жасуындай жері жоқ. Тат баспайтын темір діңгек бұ да өзінше Индия өнерінің таңғаларлық бір ерекше бітімі, тұлғасы. Құлаған мешіт өз заманында аса зор шеберлікпен орнатылған ескерткіш екенін аңғартады. Бұның да қабырғалары ішкі-сыртқы жағынан түгелімен аят жазуға толы. Өрнек нақыс есебінде тек қана тастан ойылған. Мешіттің ішкі жақтары толған оюлы діңгектер. Кей тұста жартылай аман қалған күмбездер бар. Осы бөлімдердің бәрі де оюлы, нақысты дұғалықтарға толы. Құлаған мешіттің жоғарғы қуыс қойнауының бәрінде дамылсыз ұшып-қонып, қытқылдап үн салып жүрген көп түсті көк-жасыл тотылар көз тартады. Бір араға топталып жиылып, беймаза үн салып, жиілеп ұшып-қонып жүрген шақтарында бұлар да біздің өзіміздегі сауысқандардай мезі қылуға жарарлық екен. Дели шаһарының ендігі екі түрлі ғажайып ескерткішін біз асықпай, молынан араладық. Оның бірі — Бабыр патшаның немерелері Шах Жиһан салдырған "Жұма мешіт" және патша сарайы — Қызыл сарай (Редфорт). Бұл екі ғимарат та осыдан 300 жыл бұрын қызыл песчаник тасынан және ақ мрамордан оюланып салынған. Жұма мешіт ұлы мейрам күнінде 50 мың адам сапқа тұрып, намаз оқитын жай. Мешіттің алдыңғы саптар тұратын жері және михраб тұсы төбе жағынан да қоршаулы. Ең артқы қатарда ерлерден бөлек жиналып, намаз оқитын әйелдерге арналған бөлімі де биік қалпында, мешіттің орта тұсынан бөліне қоршалған. Ал екі аралық биік көтеріліп, ақ мрамор төселіп қойылған, төбесі ашық кең алаң. Бұрын намаз сәттерінде осы алаңның төбесіне мол шатырлар тартылады екен. Жұма мешіт ішінде біз осындай дін орындарының біразында кездесетін шарлатандықты да көрдік. Бір бұрышта бөліне қоршалған, кішкене киоск тәрізді бояулы жайға бізді алып келіскен еді. Іші қараңғы, шыны қабырғасы бар үйшіктің ортасында сәл қозғалыс байқалады. Аздан соң кішкене терезе сәл ғана ашылып, жоғары көтерілді де, біздің жаққа ысырылып шығарылған өте көне кітап беті көрінді. Пергамент қағазына жазылған кесек, сирек жазу — араб жазуы. Үлкен кітаптың бір бетіне қызғылт-қоңыр бояу төгілген тәрізді. Мәлім етулері бойынша, бұл белгілі "төрт шариярдың" бірі Ғұсманның қаны төгілген құранның өзі боп шықты. Тегінде, мұсылман әлемінде Ғұсман да көп, Ғұсманның қаны төгілген құран да көп екенін білуші едім. Өз тіршілігімде менің өзім ғана үш шаһарда осындай үш құран көргенім бар-ды. Жұма мешітке әлдене заманнан бері сол жалған қан, жалған Ғұсман құранын әлдебір алымпаз да жемпаз жем-сау бұйрығы қалдырғанда қондырған екен. Ол ғана емес, құранды көріп бола бере, ол әрі жылжып кетті де, енді бір сопақша шыны сауыт шықты. Төбесінде күмістеген бұрандалы қақпағы бар. Қақпақты, беті-жүзі бізге көрінбейтін бір жанның қатып қалған көмірдей қара жіңішке саусақтары бұрап ашып алып, әрі қарай тарта берді. Сауыт ішінен біздің көзімізге тіп-тік боп қарайып, сауыттан бөліне сорайып тұрған жіңішке проволка талы көрінді. Мәлім етулері бойынша, бұл — дәл Мұхаммед пайғамбардың өз сақалының бір талы екен. Осындай "ертегі", Жұма мешіт күмбезінің астына тағы да біраз "ертегілер" әкеп орнатыпты. Мұнда Мұхаммедтің сақалынан басқа, түйе терісінен тігілген тағы сол Мұхаммедтің башмағы да бар. Қасындағы таста Мұхаммедтің табанының ізі де бар. Бұл екі белгіні бағзы заманда Индияны шауып алған сапарында Самарқаннан әдейілеп Ақсақ Темір өзі әкеліп қалдырған дейді-міс. Шах Жиһан салдырған арғы-бергі Делидің ең көркем де көрнекті әсем ескерткіші — Қызыл сарай маңына да келдік. Біз бұл сарайға ескі Делидің Пaxop атты дарбазасынан келіп кірдік. Аса биік етіп, ақ мрамор мен ұсақ көп күмбездер жасап, қызыл қабырғаға шатырлардай аппақ боп орнатылған төбешіктер, бейне бір алыстан көрінген, жиі қонған ақ отаулар төбесіндей. Қызыл сарайдың өзіне бастар дарбазаның бір өзінің көркі де өзгеше боп көз тартады. Ал патша сарайы жалпы Индиядағы сарайлардан мүлде басқаша бір ерекшелігін байқатады. Жаз ыстық, қыс жоққа тән. Қарлы суық мүлде болмайтын себепті, бұл жақтағы сарайлардың бәрі жылы болу ниетімен салынбайды, қайта соған қарсы, не қылса салқын болу, тіпті қолдан келсе, суық болу мақсатын ойлап салынатын тәрізді. Сарайлардың елшілер қабылдайтын, зор мәжілістер құратын қонақжайлары, патшаның арыз қабылдайтын тағы тұрған орындар, тіпті ас ішетін, үй ішімен жатып-тұратын, шомылып-жуынатын немесе намаз оқып мінәжат қылатын мешіт жайлары — бәр-бәрінің де қабырғалары тас болудың үстіне, асты-үстіне де әр түсті оюлы әсем тастардан қашап жасалған. Елшілерді қабылдап, үлкен мәжілістер құратын зор, әсем бөлмелердің оюлы тас едендерін бойлап мөлдір сулы бұлақтар ағып өтіп жатады екен. Сөйтіп, бөлмелердің төрі, отырыс, тұрыс, жатын жайлар болғанда, екінші шетінде лотос гүлдерін жайқалтып мөлдір бұлақ, су ағарлар сылдырап жатады. Тас сарай, қандай ыстық шақ болса да, қоңыр салқын, бей-жай бір жайынан, жайма-шуақ қалпынан қыс та, жаз да, күн мен түн де бірдей ауыспайды. Ешқашан өзгермейтін болып салынған. Сол әр түрлі тастар оюласу-қиюласуынан құралған әсем сарайдың алтынмен, күміспен, асыл тастармен безелген тақтары, төсектері, сандықша отырыс күрсілері көп бояулы көріктерімен көз тұнжыратады. Бұнда да, әлденеше салтанат жайларда, әр алуан асыл тастармен оюланып жазылған аяттар, дұғалықтар көзге түседі. Аса сәнді биік күмбезді бір-екі бөлменің арасындағы маңдайшаға тағы да көз тартар көрікті тастармен оюланып жазылған бәйітке көзіміз түсті. Осы сарайдың көркін мадақтаған қошеметші ақын парсы тілінде: Әгәр Фирдоуси бөруи замин өст, һәмин әст, һәмин әст, уа һәмин өст! — депті. "Егер жәннат (Фирдоуси) жер жүзінде бар болса, ол осында, ол осында, дәл осында!" — деген екен. Заманында Индия халқын өздеріне зорлықпен, шабуылмен бағындырып қаратқан моғол нәсілді патшалар құдіретімен салынған ең зор ескерткіштің бірі — Қызыл сарай осы ақынның мақтауында бар бағасын алған. Сол қошеметші қонақ ақынмен мақтау сөзге жарыспай-ақ, бұл сарайдың жайын жаңағы жолдармен біз де доғарайық. Делидегі алғашқы күндерді күндіз қала ескерткіштерін аралаумен өткізсек, кешке біз әр уақыт қонақта, көп жандармен әр алуан көңілді күйлерде кездесу үстінде өткіздік. Бір күнгі салтанатты мол мәжіліс Индия-Совет достығының комитеті жасаған жиын еді. Бұл жиылысты Джавахарлал Нерудің туған апасы ақ шашты, қарт Неру ханым басқарды. Жиналыста Индия адамдарынан сөйлеушілер ғылым адамдары, өнер мен әлеумет қоғамдарының қайраткерлері болатын. Олар аузынан шыққан сөздер мен біздің өкілдеріміздің сөйлеген сөздері де индия халқы мен советтің ұлы халықтары араларында туып келе жатқан шынайы, тұрақты және ұзақ өрісті, игі достық турасында болған еді. Сонымен қатар екі ұлы Отанның дүниелік екі үлкен халқы бірдей, бір ғана ниетпен бар әлем жүзінде бейбітшілік болуын тілеседі. Жақын заманда болып өткен адамзат апаты, қырғын соғыс тажалы қайта оралып келмесін деп мақсат етіседі. Тегі, Индия-Совет достығын нығайтушы осы комитет барлық Индияның көп орталықтарында аса мол еңбек ететін тәрізді. Англия әкімшілігінің замандарында, бүгінгі Советтік Отан былай тұрсын, тіпті бұрынғы Россияның тарихынан, мәдениетінен барлық Индия халқына түк білдіргісі келмейді, топас әрекет еткен отаршылдықтың із-айғағы бұнда аса айқын сезіледі. Біздің Отанымызды жаңада азат болған Индия халқы әзір аз біледі. Сол ретте мынау Индия-Совет достығының комитеті істеп жатқан істер, бүгінгі күнде көп жеміс беретін анық тарихтық істер болып отыр. Кейінгі күнде, Индияны аралаған айдан артық сапарымызда әр үлкен қалада біздің ең алдымен жылы ұшырасып, ескі көз таныстай кездесіп отырған топтарымыз комитет қайраткерлері болатын. Сондықтан Делидегі достық кеші анық қымбат, қажет кездесу кешіндей боп ойдағыдай өтті. Қатарымен үш күндей президент Раджендр Прасадтың, одан кейін Нерудің, сонан кейін вице-президент Радхакришнанның өздері тұрған резиденцияларында, особняктарында визитте болып, қабылдау-кездесу шақтарын атқардық. Бүгінгі Индия тарихының ең көрнекті және жауапты басшылары бұл үш адамның ауыздарынан естілген сөздер бізге қажет те, қымбат та еді. Әрине, аз кездесу үстінде сыпайылық, құрмет сөзден басталатын мәжілістер, сол сыпайылық түрінде, жалпы ретте ғана кейбір үлкен-үлкен жайларға мегзеп өтті. Мысалы, президент Раджендр Прасад бүгінгі Индияның саясатындағы бір ерекше жол-жөнді түсіндіре сөйледі. Ол кісі Индияның үкіметінің ешбір зорлықты сүймейтіндігін айта келіп, Индияда республика жасау жолында болған өзгерісті айтты. "Біз көп князьдікке бөлінген құрама Индиядан біртұтас республика жасадық. Сонда қан төкпей, қарулы күрес жасамай, тыныштық жолмен осыған жеттік",— деп, өз партиясының программасынан сәл дерек бере айтты. Ал президенттің орынбасары Радхакришнан өздерінің осы саясатын бір Индия үшін емес, бейбітшілік пен тыныштық үшін де пайдалы, жемісті саясат деп атады. "Дүниежүзілік бейбітшілікті жақтап-көксеуші есебінде, біздің Индия саясаты сіздің отанның бейбітшілік саясатына да көмек етіп отыр" деген жайды аңғартты. Әрине, бұл екі басшының да сөздерінде даусыз, тарихтық шындық бар екені рас. Бірақ, сонымен қатар, бұлардың революцияны да зорлықсыз, тек қана құрғақ үгітпен жасау керек деген тәрізді көзқарастары, Индияның өте көне күндерінен бері қарай келе жатқан: діндік, гуманистік және гандилық негіздерінің сарыны тәрізді аңғарылып еді. Шынайы, дәл тарих шындығының өзіне келсек, жоғарыда аталған көп князьдіктің басында тұрған ескі тұқым князьдері жаңа республикаға жол бергенде, текке берген жоқ екен. Олар соғыспай бағынса да, бұрынғы әмір-құдірет, тәж-тағын республикаға аса қымбат ақыға сатыпты. Оның анығын кейін біз Индияның көп штаттарын аралағанда көріп өттік. Осы күндерде Индияның, қала берсе астана Делидің ұлы мәдениет орындарында да болдық. Мысалы, 29 январьда біз көне Азия мәдениетінің музейіне бардық. Одан соң Индияның ұлттық архиві музейінде болдық. Ұлт музейі деген мемлекеттік музейде тағы да болған едік. Енді бір шақта бүгінгі Индия мәдениетінің зор діңгектерінің бірі саналатын Дели университетінде болдық. Жалпы Индиядағы 32 университеттің бірі — осы Дели университеті 1922 жылы ашылған жас университет саналады. Тегі, тарихтан естуімізше, жер жүзіндегі ең ескі университет те Индияда болғаны мәлім. Ұмытпасам, бұдан көп заман бұрын ойран боп кеткен бір шаһарда осыдан екі мың жыл бұрын Индияның ең зор университеті болған. Ол университетте барлық Азия көне мемлекеттерінің жастары тәрбиеленген екен. Бүгінгі Индиядағы 32 университет, әрине, бағзы заман Индиясының ғылым ордаларынан бөлек. Бұлар бар мағынасында, ал тіл жағынан алғанда әсіресе түгелімен европаланған, соның ішінде ерекше "ағылшындалған" университеттер. Мысалы, Дели университетін Англияның вице-королі лорд Маунбеттен 1947 жылға дейін өзінің қамқорлығы астында ұстаған. Қазір университет ие болып тұрған 550 акр жер, бақ, өлке де сол вице-корольдің мекен-жайы болған. Ол өзінің әйеліне үйленген кезін 25 жыл өткен соң тойлағанда, күміс той дейтін той жасап, сол күні университеттің 25 жылдығын да менің 25 жылдық неке тойыммен бір шықты деген. Университеттің мерекесі шағында ол 25 аудиторияны менің әйеліммен ең алғашқы махаббат білдіріскен бөлмеміз еді депті. Индияның университетіне Англияның тәкаппар, кердең көкірегі өз әмір-құдіретін көп жүргізген. Осы айтылған жайдың өзінің де аңдаған көңілге осал емес екені мәлім. Дели университеті Англия лордының ашса алақанында, жұмса жұмырында болып жүргенін аңғартады. Соның салдарынан, біз кейін көрген бар ірі университеттер тәрізді, Дели университеті де, аты Индия ғылым орны болғанымен, оқыту тілі мен көп-көп заты жағынан анық ағылшын оқу орындарын еске түсіреді. Дели университетін біз мол араладық. Бұнда 8 факультет көлемінде 8 мыңдай студент оқиды екен. Әйелдер оқитын бөлек колледж және бар. Индиядағы барлық оқу орындарынан басқарақ, тек осы Дели университетінде ғана орыс филологиясының бөлімі ашылған екен. Онда 100-ге жуық Индия жастары енді-енді ғана орыс халқының тіл өнерін оқи бастаған. Кейін біз көрген кітап көрмесінде Одақтағы туысқан елдер әдебиеттерінің орыс тіліне аударылған көрнекті үлгілері де осы бөлімде оқылып, тексеріледі екен. Дели университетінің Индия тарихын оқытатын бір профессорымен сөйлескен аз бір жайларымыз айтуға тұрарлық кеңес болғандықтан, осы әңгіме соңында еске ала кеткенді лайық көрдік. Тарихшы профессор Индия тарихы әлі дүниеге бар Индияны танытып болмағанын дұрыс айтты. Тыңнан жаңаша тарих жазу қазіргі республика тарихшыларының ардақты міндеті екенін сөйледі. Соны айта келіп, профессор Сурков екеумізбен жасаған мәжілісінде Нерудің тарихшыларға беретін мол мәслихаттары бар екенін айтты. Осы орайда мен профессордың пікірін қостай отырып, жалпы шығыс елдерінің тарихтары туралы бір дерек айтуды лайық көрдім. "Орыстың XІX ғасырда өткен үлкен демократ ойшылы және жазушы адамы Герцен деген кісі болған. Сол адам "Шығыс елдерінің тарихтары драмалық, трагедиялық оқиғалары болғанмен де, жалпы алғанда іш пыстырарлық" деген екен. "Менің ойымша, тарих іш пыстырарлық емес, тарихты жазушылар сондай іш пыстырарлық етіп жазған. Бұл ретте, барлық европалық халықтардың ырысына қарай, сол Европаның, мысалы, ескі Грецияның ең алғашқы тарихшылары Геродот пен Ксенофонт аса қызықты тарихшылар болғанға ұқсайды. Анығында, олар тек қана тарихшы емес, соның үстіне өздері және тамаша талантты беллетрист-әңгімеші, жазушы болған. Сондықтан оның екеуі де көне грек тарихын іш пыстырарлық емес, қайта аса қызықты, қызғылықты етіп жаза білген. Солар үлгісі кейін барып Римнің, одан әрі орта ғасырдың, одан кейін бар Европа халықтарының тарихтары көңілді, қызықты боп жазылуға себепші, жетекші болған деп санаймын" деген едім. Менің бұл ойымды Сурков та, Дели профессоры да қостағандықтан, "мен Индияның тарихы жаңадан жазылғанда солайша қызықты, есте қалғыш тарих боп жазылса әсіресе бағалы болар" деген көлденең бір ой айттым. Енді бертін келе ойласам, өз тарихтарын жаңадан маркстік-лениндік ұлы ғылымдық негіздерге сүйеп жазып жатқан өзіміздің Отандағы советтік елдеріміздің бәрінің тарихтары мен тарихшыларына да осындай талаптар қойылса, теріс емес, заңды болар еді-ау деп ойлаймын. Сол қатарда Советтік Шығыстың бір елі — "қазақтың, Қазақстанның тарихы да қызықтылығымен де талантты боп шықса-ау" деген орынды арман ойға оралып еді. Төрт сөтке Делиде күні мен түні бірдей, ескілі, жаңа тарих ескерткіштерімен, еңбектерімен таныстық. Бүгінгі әр сала еңбек иесі жандарымен де білісе жүріп, біз ғажайып Индияның алғашқы елесін кеудеге қондыра бастағандай болдық. Сонан соң ғана енді кең, мол мемлекет Индияның Делиден өзге уәлаяттарын, шаһарларын ұзақ жүріп аралап көруге аттандық. Алғашқы сапарды арнағанымыз тарихтық ескерткіштері өзгеше Удайпур, Жайпур шаһарлары еді. Біз Делиден аттанған күн ең алдымен сол Удайпурға келіп түстік.
ІV. Уәлаяттар ғаламаттары, Удайпур, Жайпур, Аграда
Бүгін Удайпурға қарай тартқан жол бойында бидайдан басқа қант қамысының өлкелері де ұшырай бастады. Поезд енді тау аралай түсіп, Удайпурға тақап келеді. Бұл тау аты -Аравали. Тоғайлы, құйқалы, сай-сайында қалың пішенді көк өлкелер, тоғайлар кезігетін тау боп шықты. Қалаға тақау ең жақын биік таудың басында аппақ боп ақ мрамордан салынған бір ерекше үй-жай көзге түсті. Оны замок деп ойласақ, бекер екен, кейін бар Индияда әр қаланың қасындағы таулар басына аппақ боп орнайтын мінәжат орны — темпылдар екен. Индуизм дінін тұтынған қалың индус жұрты бұл шаққа дейін ерекше діндарлығымен мәлім болған. Сол ретте мінәжат орнын адамның тұрғын жайларынан алыстатып, кейде елсіз, биік шоқының дәл басына апарып орнату дәстүр болған. Удайпурда бізді қарсы алған достар қаланы аралатып келіп, үлкен мөлдір көл жағасына салынған аппақ тас сарайға, салтанатты қонақжайға әкеп түсірді. Бұл мекен гостиница емес, әр шаһарда үкімет бастықтары мен үкімет қонақтары түсіп жүретін, әрі сарай, әрі жатын жай, "гаст-хауз" дейтін салтанатпен салынған үйлер болады. Удайпурды билеп тұрған бұрынғы заманнан келе жатқан әмірші кәрі князь — махараджаның өзі. Мынау біз түскен жай қарт махараджаның сый қонақтар қабылдайтын сарайы. Әсем сарай өзінің тас шілтерлі, асты-үстілі балкондарымен, верандаларымен жақын көрініп тұрған көк мөлдір көлге мінбелей салынған. Көл айналасы тасты биіктері бар қоңыр адырлар. Көлдің арғы шеті ұзай түсіп, тау сағалап шығысқа қарай айналып кетіп жатыр. Бұл жерде екі көл қатар екен: Фатей, Пичула көлдері аталады. Біз түскен сарайдың қонақ бөлме, ас бөлмелері түгелімен осы уәлаят, осы шаһарды билеген, өзіне бағындырған князьдардың барельеф суреттерін мол жиған. Мысалы, ас бөлмесінде алты тармақ күміс табақ бар. Сол алтындаған табаққа бүгінгі махараджа Бупалсингінің өз барельефі жасалған. Қатардағы бөлмелердің бәрінің қабырғаларында өңшең жолбарыс терілері керіліп ілінген. Бәрін де бүгінгі махараджаның өзі атқан деседі. Алғашқы асқа мынау көлден бүгін ұсталған балықтар әзірленген екен. Индияда ағаш басына, кішігірім қауындай боп өсетін папайя деген жеміс бар. Ағашы да солай аталады. Бүгін біз алғаш рет жол бойында көрген, ұзын сары құйрығы бар, үлкен сұр маймыл да көрші қыстақтың бақтарынан ұрлап әкелген дәл осы папайясын жеп отырғанын көріп ек. Біз де алғаш дәмін бүгін таттық. Тәтті құмар маймыл ғана емес, біз де ұнатып, өзіміздің кейбір жемістерімізге дәмін ұқсата отырып, сүйсініп жестік. Түс шағында бізді қонақ етіп отырған махараджаның өз сарайына келдік. Бұл аса үлкен, қабат-қабат, қатар-қатар ақ мрамор сарайлар екен. Тау етегіндегі көлге іргесін батыра және биікше тауды өрлей салынған. Архитектуралық зор ерекшелігі бар қызық сарай. Бізді қонақ залына алып келді. Залда мозаикамен салынған тауыстар суреттері көп. Бояулы барельефтер көп реңімен көз тұнжыратады. Осы залға келе жатқан бойда, сарайдың көрнекті, салтанаты мол күмістен істелген Күн құдайының бейнесін көріп өттік. Осы махараджаның ата-тегі, тұқым-тұқиянының жебеуші әруағы (покровителі) сол Күн құдайы саналады екен. Жаңағы қабылдау залдың төбесі ашық. Зәулім биікке бірнеше қабат болып мрамор балкондар кетіп жатыр. Айнала жоғарғы жақтың бәрі оюлы мрамор. Ара-арада алтындаған кішкене шошақ күмбездер көз тартады. Бір ғажабы, машиналарымыз сарай қорасына келіп тоқтаған асфальтті алаңда кәдімгі сиырлар жатыр. Бұл, тегі, қартайған шағында, храмдарға тапсырылған дәстүр бойынша, күнәсіз саналатын әулие сиырлар болу керек. Сарай балконынан барлық қала алақандағыдай көрінеді. Айналадағы биіктер де жақындай түскен тәрізді. Төменіректе, сарай бағының ішінде өңшең ақ қабырғалы тас үйлер жиі байқалады. XVІ—XVІІ ғасырлардан бері қарай біріне бірі тізіле, қосыла, жалғаса салынған көп сарайлар тегіс мрамордың әсем, молдығын аңғартады. Біз ілгері жылжи түскенде, махараджаның әкесіне мекен болған айналы палатаға кірдік. Бұның да қабырғалары суреттермен безелген. Осы уәлаят Раджастханның өзіне тән акварель бояулар осы тұқымның жебеуші әруақтарын суреттеген. Есіктерде піл сүйегі, кейде едендер айна боп кетеді. Жолдағы қызыл-жасыл әйнектер мен терезе, балкондардың аралығынан көк мөлдір көл көрініп қалады. Махараджа атаулы әрі әкім, әрі әскербасы саналатындықтан, бұлардың сарайларының белгілі бөлімдері соғыс құрал-аспаптарына арналған, (құрал палатасы) оружейная палата болады. Мынау сарайда алтын қылыш, сапы, қындар мен қалқандар мол. Тегінде, ешкім әкесінің қаруын ұстауға болмайды екен. Сол себепті бұл музейде әркімнің өз қаруы сақталған. Бұнда әсіресе тапаншалар мол. Бір тапанша әрі мылтық, әрі сапы болып жасалыпты. Бас қалпақ, қалқан, әр түрлі телпек, тулары мол жиылған. Осы махараджаның кейбір аталары моғолдарға қарсы ерен ерлік көрсетіп, өмір бойы алысқан. Сондағы көп туларында жоғарыда аталған Күн құдайының суреттері сақталыпты. Ер махараджаның бірі Претап моғолдар бітім сұрап, өзіне әкімдігін береміз дегенде де, көнбей алысып, басқыншы жауларға қатты соққы беріпті. Соның аты мен ісіне байланысты аңыздар аса мол. Махараджаның өзі мінген ерттеулі аппақ атының тұлғасы тұр. Әскері пілдерге мінген махараджа, сол пілдері қорықпасын деп, өз атының тұмсығына пілдің тұмсығын суреттеп орнатыпты. Қарт махараджа бұл күндерде ауру екен. Бізді төсегінде жатқан қалпында қабыл алды. Арнаулы қонағы болғандығымыз себепті, ауру болса да, алдына кіріп, көрініп шығуымыз қажет екен. Біздің тобымызды бастаушы Алексей Сурков аяқ үздіре тұрып, төсекте жатқан қартқа "Ваше величество" деп сөз бастап, алғыс айтты. Қарт құлағы мүкіс екен. Ағылшынша сөйлемейтін көрінеді. Сурковпен екі арасындағы сыпайы сөздері орысшадан ағылшынға, одан һинді тіліне тасымалдап аударылды. Бір жақсысы, сөздер қысқа еді. Біз махараджаға көп бөгелмей, оңай өттік. Кәрі адамның маңайын қоршаған охрана-күзет аз болғанмен, сарай ішінде нөкер көп-ақ. Бірақ дәл қарттың өз қасындағылары болмаса, көп есік балкондардан қараған жүздер, киім кескіндер, бар бейнелер мүлде әскерше емес. Жұпыны, нашар киінген жандар. Бұл махараджаға қарайтын уәлаятта 15 миллион 300 мың халық бар. Бұрын барлық Индия аса көп бөліктерге бөлініп, князьдар, махараджалар сол ұсақ бөліктерде аса көп болған. Қазір көптен көбі бұрынғы орын дәрежесінен айрылып, жай адам боп қалған. Бірақ сонда осы маңда, республика әкімшілігімен келісім бойынша, Удайпур мен Жайпурда бір кәрі, бір жас махараджа орындарында қалысқан. Раджестан штатында халық ағарту ісі мен геология және гуманитарий колледждері бар. Күндізгі сағат төртте осы штаттағы жаңаша оқу орны эксперименталь (тәжірибе) колледжіне келдік. Барлық Индияда осындай колледж саны бесеу екен. Бұнда оқытушылардың өз мамандықтарын арттыра түсетін тәжірибе оқу жүреді. Әр өлкеге қажетті шаруашылық қызметкерлерін және оқытушыларын толық маман етіп шығаратын тәжірибе оқу. Еңбекке құнықтыру, аудан кәсіпшілері мен ауыл шаруа халқына ғылымға сүйенген еңбек тәжірибесін егіп баулуды мақсат етеді. Бұл колледждердің мұраты — халық мәдениетіне ғылымды жақындату, жаңадан халық мәдениетін жасау. Бұндағы оқу тілі — һинді тілі. Әрбір шетелге барушылар дағдысы бойынша, біз бір күн ішінде әлденеше жайларды, қауымдарды, ерекше орын құрылыстарды көріп өтеміз. Удайпурдағы архитектура ескерткіштері Индияның соңғы ғасырлардағы аса бағалы белгілерін, мұраларын аңғартады. Сондықтан бізді бастаған достарымыз енді бір кезек көл үстіндегі "Жазғы сарайлар" дейтін әсем бір ескерткіштерге қарай алып жөнелді. Біз мотор қайықпен көл бойын көп жүздік. Айнала тау, жақын жағаларда бақша, қала жақта жартасты биік құздар. Сол жартастың кейбіріне дәл көлдің өз жағасынан басталып, өрлей, жағалай келістіре салынған мол мрамор сарай. Әлденеше буын, әмірші махараджалардың бірінен соң біреуі ұлғайтып, әсемдеп салдыра берген. Индияның бұрынғы әміршілері бағындырған еліне өз құдіретін танытып, таңырқату ниетімен салдырған сән сарайлар. Жасыл әлем, мөлдір көл, жартасты таулар қоршауындағы көп этажды ақ мрамор мол сарайлар, шынында, көлденең қараған көзді еріксіз таңырқатқандай. Күндіз біз болған бүгінгі кәрі махараджаның өзі тұратын мекен-жай осы сарайлар еді. Көл үстінде жүзгенде, біз ол сарайларды бұрын өзіміз көрмеген көл жағынан аңдап таныдық. Енді осы сарайлардан оқшаулау апарып, көл ортасындағы аралдарға қондырған жазғы сарайларға қарай жүздік. Алғаш көрген жазғы сарай ішінде зал шебер жасалған екен. Әсіресе төбе жағы плафон өнерінің әр бояулы өрнектерін танытады. Қонақ қабылдау жайы өзінше безенген. Терезелердің дәл түбінде сарай іргелері терең көлдің өз ішінен көтеріліп тұрғандай. Сарай иелері тіршілік ететін интим бөлмелердің, жатын жай, ас ішетін, балалар тұратын бөлмелердің бәрі ықшам жасалған. Қабырғалар мен төбелер айнала мозаика мен айна, бояулар. Кей қабырғаларда кейбір әйел суреттері өне бойымен алтындап безелген. Сарайдың тап ортасы дөңгелек мөлдір сулы бассейн. Екінші жазғы сарай "Су үстіндегі сарай" деп аталады және сол сарайды "Сегіз пілдің сарайы" деп те атайды екен. Бұл да тегіс ақ мрамордан салынған. Бір жақ бөлімінде бақтар. Зәулім жеміс ағаштары бар. Қазірде де мандарин өсіп тұр. "Сегіз піл сарайы" дейтін себебі, кіре беріс дарбазаның екі жағында кәдімгі пілдің өз бойларындай етіп ақ мрамордан ойылып, екі жаққа төрт-төрттен бөліп, қатарлап тұрғызып қойған сегіз піл бейнелері бар екен. Мрамордан қоршалған орталық алаңның дәл ортасында сарай иесі князь отыратын тастан ойылған тақ бар. Бұл екі сарай да әсем, мөлдір көлдің аралындай. Тапқыр, шебер қиял тудырған самалды салқын, сәнді салтанат орны. Удайпур шаһарында өткізген екінші күннің кешкі шағында біз XVІ ғасырдың Кришнаға арналған храмы — мінәжат үйіне келдік. Бұндай жерлердегі дағды бойынша, аяқ киімдерімізді төменге, тас басқыштың түбіне тастап, жалаң аяқ шықтық. Дәл храмға кірерде намаз кезі екен, жрец қарсы шықты да, бізді сәл бөгей беріп, бәріміздің маңдайымызға қызыл бояулы мең орнатты және сол бояудың тап ортасына бір-бір күріш дәнін қондырып берді. Оны бізге "сәлемдесу, жақсылық тілек тілесу, адал бейілмен көрісу белгісі" десті. Храм ішінде тұтас қоладан құйылған, жарқырап тұрған Браманың зор мүсіні бар екен. Тегі, бұл храм XVІ ғасырдың ғажайып ескерткіші саналады. Ең тамашасы сыртқы бітімі. Сыртқы ірге етегінен бастап, ең биік ұшпа төбесіне дейін храмның бар сырты мифологиялық мазмұнды барельефке толы. Онда пілдер соғысы, аттылар майданы, неше алуан билер де, сауық-сайран да тастан ойылып суреттелген. Бүкіл храмның сыртқы мол бойында ою-нақышсыз бір жері жоқ және сол оюлардың бәрін де ұдайы мрамордан қиыстырып қашап, келістіріп жасаған. Индуизм дінінің бұл ескерткіші Делидегі араб әкімдері орнатқан "Қутыбминар" мұнарасынан да аса түскен деуге болады. Тек ол мұнарадан бірнеше ғасыр кейін салынғандығы ғана еске алынуға мүмкін. Болмаса Индия мәдениетінің, архитектуралық өнерінің анық индус халқының өз шеберлері тудырған ғажайып ескерткішінің бірі осы деуге болады. Әзірге ойымызға келгені, Удайпурда жиылған ескілікті Индияның өзіндік ескерткіштері молдығына қарап, егер Удайпурға келмесек, Индияны түгел көрдік дей алмасақ керек. Бұнда соншалық көп, тамаша дүние жиылған тәрізді. Түн бола бере, біз өзіміздің жатын сарайымызға қарай, дағдылы бес-алты машинамызбен Удайпур қаласының кейде бұраң, кейде тар көшелерін аралап тартып келе жаттық. Осы жүрісте бір пұшпақтан айналғанымызда, тар көшені түгел қаптап, баяу жылжып, мол музыка күйіне бөленіп бара жатқан, аса шұбартқан айқын түсті киімдері бар қалың топ көрдік. Андасақ, ойда жоқ оқиғаға кездесіппіз. Біздің дәл алдымызда үйлену тойының бір қызық сәті көшеге көрік ендіре шыққан екен. Машинамыз жүре алмай қалды. Біз жаяу түсіп, топқа араласып қозғала бердік. Топтың көпшілігі тотыдай боп неше алуан сәри (әйел киімі) киген әйелдер екен. Көшені лық толтырған жаяу әйелдер тобының қалың ортасында, аппақ атқа мінген бала, бозбала көрінді. Оның өзінің де үстіндегі киімі аппақ жібек. Белін қынай буынған, басына ақ сәлде ораған. Сәл алдарақ жерде бір топ күймелер кетіп барады. Музыка — оркестр баланың айналасында. Жас әйелдер тобы да бала, бозбаланы қоршаған. Күйеу бала осы екен. Үлкен шұғылалы, әсем қара көзді бала-күйеу ешбір қысылмай, аппақ тістерін ақсита айнала күле қарайды. Әлдеқандай еркін, ерке кескіні бар. Тегі, күйеушілеудің ең қиын кезеңі бұдан бұрын өтсе керек. Үлкен тойы кеше бопты да, бүгін мына жүрісте күйеу жігіт қалыңдығының үйіне кешкі асқа бара жатқан сапар екен. Барлық қала халқы ондай тойға кезіксе, ере түсіп шығарып салысады. Міне, Удайпурда біз көрген ғаламаттар қатарында осындай да бір суреттер өтті. Келесі күнгі ерте сәске шақ, ғажайып бір тыныш кез еді. Біз жатқан сарайдың жоғарғы этаж биік балконынан тамаша суреттер көрінеді. Иек астында көл, арыда қоңыр таулар, дәл арасындағы ең биік қара шоқының шаншылған басында жоталанып созыла салынған аппақ храм көрінеді. Көл ортасында тоғайлы арал айқын байқалады. Ол тас қорғанмен қоршалған. Көл бетінде ауық-ауық ұшып-қонып жүрген аппақ-аппақ құстар бар. Енді бір шақ, қара қаздар сияқты, бір топ ірі құстар шалқып ұшып өтті. Көл беті тып-тыныш, сәл ақсұрланып, бір сәт қызғылттанып, сәт сайын реңі өзгеріп келеді. Қазір күн шығады. Ол қоңыр тауларға да болар-болмас білінген қызыл арай рең алып келеді. Жел белгісі жоқ. Сол жақта, төменде аппақ мрамордан салынған және бір шағындау особняк байқалады. Биіктен қарағанда, оны қоршаған банан жемістері, папайя жеміс ағашы, мандарин, инжир жемістерінің бақшалары танылып тұр. Қатарда, жап-жақында қызыл жартасты төбелер қаланың ішіне сұтынып кіріпті. Көл жағалай көбінше тас қорған. Оны айналған асфальт жолдар бұралып оралып жатыр. Осының өзінде де әдейілеп орнатқандай сән бар. Удайпурда болған күнделіктің ең мағыналы, мәнді бір кеші біздің Удайпур халқымен кездескен кешіміз болатын. Біз жазушылармен кездеспек болып, атаған жайға барсақ, бірнеше мың халық жиылған екен. Бар көпшілік астарына кенеп жайып, жерде отыр. Тығыз отыр. Солар сыртында айнала сығылысып сыймай қоршап тұрған ер мен әйел қалың тобы. Жиын үлкен бір ашық ауланың бәрін алыпты. Сахна жақта жапырақты ағаштарды кесіп әкеп орнатқан бутафор задник бар. Сыймай, ентелеген қалың жұрт сахнаны басып кеткендей. Бұл кездесуде әндер мен билер де көрсетілді. Жергілікті қайраткер Нагар деген бізді қабылдаушы адам жан-жақты шебер кісі боп шықты. Ол жазушы, театршы және конгресс шешені де екен. Әуелі бізден Сурков сөйледі. Кейін Қазақстан халқы атынан айтылатын дос сәлемді мен де айтып шықтым. Удайпурдан кетер күні түнде, махараджа сарайында, біз жиыннан қайтқан соң, тағы үлкен құрмет болды. Бұл штаттың әмір иесі барлық бектер, прокурор, уәзір, бұрын әскер басы болған адамдар тобының қоршауында махараджаның күйеуі және немере інісі де болды. Біз сарайға келгенде, үш оркестр қатар ойнап қарсы алды. Тыста ақ, қызыл киімді гренадер тәрізді әскери оркестр — махараджаның өз оркестрі болу керек. Сарайға, қонақ бөлмеге кіргенде, әйелдер билеп, кіші оркестр ойнай қарсы алды. Тамаққа отырғанымызда, махараджаның өз әншісі өз оркестрімен қосылып ән салып, ұдайы ойнап отырды. Келгеннен бергі күндіз бен түнді еске алсақ, мұнда көрген тамашалар Делиден де қызығырақ тәрізді. Көше, қала, сарайлар, көлдер, таулар, тұрғын жайлар, кешкі үйлену тойы, бізді аулада қабылдаған халық — бәрі де өзгеше бір динамикалы құбылыстар. Кейде соңғы театр көрінісі, адамдары, халқы өзіміздегі революция басындағы политпросвет пен ұлттық театр көріністерін еске түсіреді. Енді поезбен қайта жүріп келеміз. Кешегі жолдың өзі. Дәл кеше көріп өткен жерімізде, тау арасында, дәл сол орында жайғасып отырған үш маймылды көрдік. Бәрінің де құйрықтары ұзын, ақ-сарылау түгі бар. Ең үлкен маймыл тағы да папайя жеп, жолға тіпті жақын келіп, жерде отыр. Осындай папайяны өзіміз түскен әсем сарай Лакшмивилас ішінде кешелер біздің де жеп отырған кездерімізді еске түсірді. Удайпурдан біз Читоргар қаласына келдік. Ол осы Раджастханның орталығы, Удайпурға бағынатын ескі қаланың бірі. Бұнда терістік Индия тарихының ерекше бір ескерткіштері бар. Индия халқының бағзы заманнан бергі сан толқын басқыншы жауларына қарсы алысқан қайсар қайратын танытатын, отан тарихына қымбатты ескерткіштер бар. Читоргар жанында сондай қымбат, зор ескерткіштің бірі — тау басына салынған ескі крепость-қамал. Осы қамалдың сыртқы, тас қабырғасы мен ішкі барлық ымыраттары түгелімен жиылып тұтас бір балық бейнесін танытады. Бұл қамал биік тау басына салынған. VІІ ғасырдан бері қарай Мейвар корольдерінің байтағы да болған, тек XVІ ғасыр ортасынан бері қарай Удайпурға бағындырылған осы қамал талай қырғын қантөгістің де, ғажайып ерліктің де бәрін көрген. Бірнеше рет күшті жаулардың қолына да өткені бар. Бір шақта араб-мұсылман әмірлері бағындырып алған. Бір уақыт Иран шахтары қатты шабуылға ұшыратқан. 1567 жылы Бабыр патшаның немересі Акбар және келіп, осы қамалды шауып алған. Тау басындағы қамалдың биіктей асқындап, аспандай салынған екі ғажайып мұнарасы бар. Бұның ең үлкені "Жеңіс мұнарасы" деп аталады. Оны 1448 жылы Кумба атты раджа Махмұд сұлтанды жеңген майданның ескерткіші етіп салған. Биіктігі 120 фут, жеті қабат боп жасалған. Иіріліп оралып шығатын басқышы төменнен мұнараның төбесіне дейін жетеді. Жоғарғы жақ сырты Индия мифологиясының мол оқиғаларын оюлы тас суреттермен танытады. Тегі, Индияның иконографиясын зерттеушілерге бұл мұнараның берер дерегі аса мол. Ең ғажабы — сол мұнара тұтас, шебер, сәнді ішкі-тысқы қалпымен, бір ғана тұп-тұтас жартастан шабылып, қашалып жасалған. Биік тау басындағы қамалдың екінші ғажайып мұнарасы "Даңқ мұнарасы" аталады. Бұ да жеті қабат, биіктігі 80 фут. Қамалдың өзін аралағанымызда, неше алуан аңыздар естідік. Осы қамалдың әр тұсымен, әр бөлімдерімен байланысты аңыздар. Жалпы қамалдың айналасы 13 миль саналады. Моғолдармен соғысқан Удайпурдың ер махараджасы осы арада өзінің астындағы ақ атынан айрылған. Інісі өз атын беріп, өзі жаяу қалған жерді көрсетіседі. 1333 жылы Аладдин шах осы қамауда тірлік еткен бір сұлу әйелдің атағына ынтық болып, соғыс кезінде сол әйелді қамаудан шығарып, өзіне сыйлауды шарт етеді. Қала халқы әйелді бермейді. Ол біреудің жүктісі екен. Сонда Аладдин патша, егер әйелді көзіме көрсетсе, қала халқын қамаудан босатамын деген. Аңыз бойынша, көп айналар жасап, бір айнадан бір айнаға әйелдің жүзін түсіріп көрсеткен екен. Ғажайып сұлу әйелді көрген Аладдин: мынадай ғажайып сұлу әйелді құр көріп қана кетпеймін, менің алдыма келіп көрінсін деген. Сонда сұлу әйел көп киім қабаттап киіп, палантин астына тығыла бүркеніп шыққан екен де, қала қамаудан құтылған екен деседі. Бұнда XІ ғасырда салынған, бір жағы құлаған аса қадірлі бір храм да бар екен. Дәстүр бойынша, барлық Индияның жаңа үйленіскен жастары осы Чоури храмына келіп, тізелерін бүгу қажет болған. Некелері содан кейін ғана берік болады-мыс екен. Бұл храмның архитектурасы және де Индияның өз шеберлерінің өзге ешбір елден көшіріп үйреніп алмай, өздері тудырған классикалық көне архитектура үлгілерін танытады. Бұның да іші-сырты толған мрамор. Сурет, оюлы кескіндер адам бейнелерін, мифология заттарын, пілдер мүсіндерін толып жатқан порталдарда шебер нақышталған күйде көрсетеді. Осы храм, бір жағынан, бұрын жаудан қорғана соғысудың тәртібін де танытады. Әуелі пілдер соғысады, содан кейін әскерлер, одан әрі құдайлар араласады екен. Сол реттер айқын танылып тұр. Қамалдың тағы бір орны жер асты қатынастың кең бір жайы екен. Бір жолы жаулар қамалды кеп алған шақта, 16 мың Индия әйелі жаңағы храм астындағы жайда өздерін тегіс тірідей отқа, өртке тастап, қырылып өлген екен дейді. Тағы бір аңызда махараджаның әйелдері махаранилер тұрған бөлімде болған бір оқиға баяндалады. Жау қаптап келгенде, бір күтуші әйел шахзаданың жанын қорғап, жас шахзаданың орнына өзінің кішкене баласын салып қойыпты. Сондай құрбандықпен шахзаданы құтқарған екен. Бұл сарай сол күтуші әйел атымен Памнадай деп аталған екен деседі. Патша сарайларының жақын жанында соғыс пілдерінің піл қорасы қатар тізілген. Кәрі піл, жас пілдер қоралары есіктерінің биік, аласасына қарай бөлінеді. Осы қамауда тағы бір өзгеше ғимаратқа келдік. Бұл жиырма жеті намаздың мінәжатханасы аталады екен. Сырттан қарағанда иықтары түйіскен толып жатқан мраморлы мұнаралар бір араға тоғысып үйіріле қалыпты. Сол мұнаралар саны 27 екен. Осы санға қарап "Жиырма жеті намаз мінәжатханасы" аталыпты. Храмның ішінде жеке-жеке мінәжат жайлар бар. Әр есіктің ар жағында қара мрамордан әулиелік бейнелер, мүсіндер салынған. Енді бір храм — храм Мирай аталады. Бұл сұлу қыз храмы. Аспан құдайы өз құшағына алған жердің қызы екен. Өзі ақын қыз болған. Сурет икона тәрізді салынған. Қыздың қасында, өзі жоқ болса да, оның оқытатын молдасының орны тұр. Төбеде бес денелі бір құдайдың бейнесі салынған. Осы қамау ішінде баяғы толып жатқан соғыстардың тағы біреуінің кезінен қалған, суық сарындай тағы бір аңыз естідік. Қатал жаудың қамал ішінде салған қырғыны сонша қатты болғандықтан, тас қабырғалар арасымен адам қаны сел болып ағыпты. Қан толқынының молдығы сонша, буйвол өгізді ағызып әкетіпті дейді. Кейінгі шақта сол қалың қан төгілген жерде бұрын адамзат білмеген басқаша бір жеміс шығыпты. Реңі қара бұжыр болыпты. Ол адам қанынан шыққан жеміс болғандықтан, аса тәтті жеміс болыпты-мыс дейді. Осы тау басындағы қамал толы храмдар неше алуан құдайлар бейнелерін, іс-әрекеттерін көрсетіп тұр. Бар храмда индуизм дінінің қадірлеп, қастерлеп жасатқан ғажайып бұт құдайлары. Осы қамал биігінен айналаға көз түскенде, кең дүние көркем көсіле түскендей еді. Атырап кең ашылып, көкшіл мұнар ішінде жыраққа, алыс-алыс қиянға кетіп жатады. Тұман ішінде көк қырқалар, жасыл жайқын далалар, тоғайлы, жемісті қалалар жайына, шашырай шырқап кетіп жатыр. Осы храмдарды, сарайларды аралай жүрген шақта, біз сол мекендердің іргелерінде, есіктер түбінде тірлік еткен әлденеше кедей, жүдеу жандар көрдік. Кейде үлкен, әдемі сарай коридорынан жүгіре басып бара жатқан жалаң аяқ, аш-жалаңаш, қап-қара, кір-кір қайыршы балалар көрінеді. Тағы бір аңыз бойынша, 500 жыл бұрын осы қамал және бір кезек жау қолына түскенде, қаланың әскеріне қару соққан ұсталар ант беріп, осы туған жерлерінен дүние кезіп көшіп кеткен екен дейді. "Ешбір мекен-жайға орнықпаймыз. Осы туған өлкеміз азаттық алып, тыныштық тапқан шақта ғана оралып келеміз" деп, әлі күнге мекен таппай, дүние кезіп, маңып жүріседі деседі. Біз Индия шеберлерінің өнерін тамашалап, ғажайып қамалды ұзақ көріп болған соң, кешегі махараджаның осы қамал қасына салдырған жазғы сарайына келіп, тыным алып, ас ішуге жайғастық. Осы сапардан қайта беріп, Читоргарға кешке оралғанымызда, бізді тағы бір орында тосып отырған жұрт бар екен. Ол - Индияның өзгеше бір медресесі. Индуизм дінінің болашақ ғұлама жрецтерін әзірлейтін мемлекет қарамағындағы аса қадірлі мектеп — "Брахманчарилар" мектебі деп аталады. Біз осы мектептің бар шәкірт атаулысы кешкі намазда отырған шағына кеп іліндік. Дағды бойынша есік алдына аяқ киімдерімізді тастап кірсек, кең, биік залдың тас еденінде, жерде малдас құрып отырған қалың топ жандар бар екен. Тап ортада, кірер есік жаққа бетін беріп, ұзын бұйра ақ сақалды, кесек жүз, ірі келбетті үлкен жрец өзі намаз бастап отыр. Алдында үлкен жез ілегендей ыдысқа май құйылып, соның ортасында лаулап жанған білтелі шам шалқи толқып тұр. Имам даңғырлап, әндете үндеп санскрит тілінде ескі дұға оқып отыр. Үлкен зал толы осы медресе шәкіртінің бәрі де жүздерін батысқа қаратқан қалпында, әрқайсысы өз алдына жаңағыдай білтелі шам жағып қойып, ілгерілі-кейінді ырғала түсіп, дабырлап әндетіп, мақамдатып саңғырлаған үнмен намаз оқып отыр. Біз тізіле жүріп, жағалай келіп имамға тақау жерге отыра жайғастық та, намаздың соңын тостық. Осы кездесуде мен Алексей Сурковтың тапқырлық орамдылығына сүйсіндім. Ол үзіліс шағында орнынан тұрып, намаздағы сопылардың сырласындай сөйлей жөнелді. Бұл медреседе тілек тілек-ау, бірақ өртеніп жатқан өмір бары да шын. Шәкірттердің бір шеті қара сақалды, қаба сақалды, 40-50-ді қусырып қалған қарт сопылар болғанда, енді бір жағы және көпшілігі 9-10-нан жастары бар ұл балалар. Осының бәрі де өздерін дін жолына арнаған, бар тілегін бағыттаған сопылар. Балалардың көбі, әрине, аталары әкеп бергеннен гөрі, жетімдік, қайыршылық, бейшаралық әкеп айдап тыққан жас нәрестелер тәрізді. Діннің болашақ хазірет, сопылары бұлар, осы діннің шарты бойынша өздерін тәркі дүние, қатал сопылыққа бұйырғандар. Олар үйленбек емес, олар ата болмақ емес, жар болмақ емес. Өртеніп жатқан жас өмір осы. Алдарында алакөлеңке бейуақта лапылдап шалқып жанып жатқан шырақтар қызуымен біртіндеп өртеніп, күл боп жатқан өмір, тағдыр қазасын танисың. Екінші февральда біз Жайпур қаласында қолөнер шеберлерінің музейіне барған едік. Жайпур, тегінде, Индияның көне замандарынан келе жатқан қолөнер шеберлерінің тарихтық орталығы саналады. Музейде ескілі, жаңалы экспонат үлгілер бір Жайпур ғана емес, барлық Индияның көп жерлеріндегі қолөнер табыстарын жиған. Бұнда бронза, эмальмен оюлаған шыны, күміс шапқан темір, піл сүйегінен қара ағашқа қондырған мозаикалы инкрустация. Майсур штатының инкрустация өнері, Кашмирдің лак (сыр) шеберлігі де осында көрсетіледі. Сурат пен Жайпурдың шеберлері тудырған ойыншықтар. Тоты, қуыршақ, әр алуан маскалар суретін қондырған Раджастхан қобдишалары, Бомбейдің құмыралары бар. Россия, Қытай, Жапония, Венгрия, Англия керамикасы да осында. Жайпурдың өзінің күміс заттары, тоқыма бұйымдары асқан шебер ұсталықты танытады. Ғажап бір топ экспонаттар Индия музыкасының ойналып тұрған шағын бейнелейді. Бояулардың алтынды, әр түрлі келісім күйі өзі де бір сорғалап тамылжып тұрған күйдей. Ән салып тұрған қыздар үніне сиқырланғандай, таңырқай қарап қалған киіктер көрінеді. Кейде күй мінәжат дұғаға мүлгіген қиянаттарды аңғартады. Кей күйлер героикалық сарында майданның, қаһарлы соғыстың ішкі сипатын ашқандай болады. Осы музейде Индияның 250 жыл бұрын тоқылған кілемі мен XVІ ғасырда тоқылған парсы кілемдері бар. Кришна тәрізді құдайларды қоршаған әнші қыздар тобын көрсеткен скульптура, былғары мен теріден оюлап жасаған фрескалар, нақыстар мол. Бұл музейдің барлық Индия үшін қымбат, асыл орын екені күмәнсіз. Жайпурда Индияны билеген мұсылман патшалардың сарай салдырған бір ескерткішін көрдік. Оның атақты "Ауамахал" (Дворец ветров — Желді сарай) деп аталу себебі, сарайдың сырты, терезелер түптері ұдайы көл бетіндегі көбіктей бөртіп, қаптаған мол күмбезге толы екен. Индияның көп жерлеріне сарай, мешіт, мазарларды көп салдырған арыдағы араб, берідегі түрік, моғол әкімдерінің кейбір архитектуралық із-ескерткіштері осындай творчестволық қиял-фантазияны аңғартады. Жайпурда 1729 жылы салынған өзгеше бір обсерватория бар. Осы обсерваторияда заманы үшін өте тапқырлықпен, шеберлікпен жасалған күн сағат бар. Бұл мезгілді ғана көрсетпейді, күннің көтеріліс, тұрыс биіктігін де аңғартады. Жайпурдағы біз көрген елеулі ескерткіштердің бірі махараджаның сарайы еді. "Чандра махал" (Лунный дворец) аталған мол бөлімінде бұл сарай тұтас қызыл тас (қызыл песчаниктен) салынған. Осы сарайда XVІ ғасыр мен XІX ғасыр аралығында туған акварель сурет өнерінің мол байлығы өте қымбат, сирек коллекция ретінде жиналған екен. Жалпы бұл сарай музейінде нәзік мозаика өзгеше шебер оюлармен алтындап безелген. Атақты "Махабхарата" дастанының көп оқиғаларын баяндайтын өзгеше шебер суреттер де мол. Қабырғада акварель мен сұйық алтын бояудың қосыла келіскен нақыштарымен Кришна суреті салынған. Бір топ ақын қиялды әсем акварельдер музыканы тақырып етіп алғанда желілі, ұзақ оқиғаларды баяндайды. Күй сонда өзі ер жынысты бір зат болады, оның алты әйелі бар. Әр әйелдің бес-бестен өз күй әуендері — "рагани" аталатын нақыштары бар. Осы жайларды шебер акварель суретшілері баяндағанда, музыкатану ғылымының дәл деректері тәрізденеді. Жаңағы нақыш рагани күйлердің әрқайсысы бір күннің әрбір шағына ғана нақтылай арналған болады. Тағы бір акварель миниатюрада Шива тәңірі суреттелген де, соның нақ төбесінен атақты әулие су Ганг дариясы аға бастап жатқаны танылады. Енді бір суреттер гүлдер мен бояулар мерекесін дән жинау мерекесі түрінде баяндайды. Бұл музейдегі мифология тақырыбына арналған акварельдер де ғажайып. Бұнда әр түрлі тастардан алынған бояулар да бар. Жалпы осы музейге жиылған бай коллекция барлық бүгінгі Индияның мақтанышы саналады. Әсіресе акварель қазыналығы дүние жүзінен табылмастай, Индия тақырыбын бояулы шеберлікпен бейнелеген, ғажайып сиқыр қиял танытады. Бұл музейдің сондайлық қымбат қасиеттерін танып тұра, енді бір шындықты білгенде, таң қалдық. Осы сарай, барлық музей сирек байлығымен, бір-ақ адамға, тіпті бүгінгі махараджаға тиісті екен. Мына сарайда махараджаның үлкен әйелі де тұрады. Зор ғимараттың үлкен бір бөлімдері сол махаранидің — бәйбішенің өзі мен нөкерлері тұратын жайлары көрінеді. Және бір ғажабы, бұл махараджаның кіші әйелі, екінші сүйіктісі бөлек бір сарайда мекен етеді. Мынау сарайдың ендігі бір мол бөлімдері жаңағы махараджаның қару-құрал жиған палатасы десті. Бұл бөлімде Индия картасын өткір пышақтардан жасаған бір көрініс көзге түсті. Мылтық атаулының молдығы мен маркаларында шек жоқ деуге болады. Дәрі салатын оқшантайлар да мол жиылған, көбі перламутр қондырған мүйіздер. Қанжар, семсер, қылыштар да сансыз көп. Бұл сарайлар XVІІІ ғасырда салынғанмен, бағзы замандардағы (XІ—XІІ—XV ғасырлардағы) соғыстарда ойран болған храмдар мен сарайлардың орнына туған Жайпурдың бұрынғы бай тарихын танытатын ескі орталығы. Осы сарай маңында жарымы құлаған көп ескі ғимараттар байқалады. Бүгін түстен кейін біз штаттың өкіметі — министрлер қонағында болдық. Әдемі бақша ішінде барқыттай, пүліштей тығыз майда өсірілген Индияның қалың жібек көк шөбінің үстінде ас аралас мәжіліс болды. Көлеңкелі баққа дивандар қойылған. Аласа столдарға шай, тамақ жасалған. Қоралай отырған жұрт үйірім-үйірім кішілеу топтарға бөлінді. Құрметті кездесуде жалпы мемлекеттеріміз арасындағы достық қатынас жайы айтылды. Халықтарымыздың бірін-бірі алыстан сыйлай сүйетіні сөйленді. Сонымен қатар біздің тобымызда ақындар мен көркем өнер қайраткерлері болғандықтан, әрбір кездесуде, Индияның дағдысы бойынша, әр тілде ақындары өз өлеңдерін әндетіп оқып шығады. Мынау кездесуде және де бірнеше дос ақындар өз өлеңдерін әндетіп айтып шықты. Бір қарт ақын өлеңін санскрит тілінде оқыды. Осы күні кешке біз Жайпур махараджасының өзі тұратын сарайына қонаққа шақырылдық. Бұл махараджа — Удайпур әкімімен екеуі бүгінгі республика басшылығымен келісімге келіп, бұрынғы орындарында әкімдік қалпын сақтап қалған ескі бекзадалардың бірі. Қазір жасы 43-те болғанда, 12 жасында таққа отырған екен. Бұл мейлінше европаланған, әсіресе ағылшынданған бектің бірі. Оның сарайында әуелі бізді ақ шашты, ағылшын мәнерлі келісті ханым қарсы алды. Бұның өз қасында да ер, әйелдер қоршаулары бар. Аз уақытта жас тоқалы, кіші әйелі махараниді қолтықтап, европа салтынша киінген махараджа шықты. Биік бойлы, қап-қара шашы бар сұлу жігіттің үстінде ақ кителі, қара шалбар, лактенген етігі бар екен. Қасындағы махараниді біздің достарымыз, Индия адамдары "Бүгінгі Индиядағы ең сұлу ханым осы" дескен. Махарани шашын америка үлгісінше, ең жаңа машық бойынша, бұйраламай, иыққа ғана түсіріп, ұзындау етіп өсірген. Шашты бұлайша ұстауға дәл сол махаранидей үнемі қолы бостық керек деседі. Өйткені ол кісі ұзынша сәнді саусақтарымен әрдайым, тынымсыз күйде төмен төгілген шашыранды шаштарын ылғи ғана қолымен сыртына қайыра салып, ұдайы бір алуандас қозғалыстар жасаумен болды. Ханым Индияның көп әйелдерінен бойшаң екен. Тегінде, біз көрген Индия қауымдарында сұлу әйел мен сұлу ерлер аса көп еді. Бұл әйел өте ұнамды, сүйкімді жүзді болғанмен, "Индия әйелінің баршасынан асқан сұлу" дегізе қойған жоқ. Әйел оқымысты, европаша мейлінше білімді, тәрбиелі адам тәрізді. Бұның қалпы-қабілетімен тоқалдық халі ерсі бір қайшылықтай көңілден кетпей тұрса да, махарани қымсынбастан әңгімеге араласты. Біздің 14-15 кісілік тобымызды махараджа мен махарани екі бөліп алып, жаңа сарайларының ішін қыдырта жүріп әңгімелесумен болды. Сарайдың жақын бөлмелеріндегі қымбат, асыл бұйымдарын көрсетіп әңгіме етті. Парад бөлмелерде өзінше кішігірім көрмедей сирек заттар бар екен. Сол қатарда бір ағылшын суретшісі салған осы махаранидің портреті айрықша көз тартты. Әдемі инкрустация үлгілерін бұл сарай иелері артығырақ бағалайтын тәрізді. Сондай бұйымдар көзге көбірек түсті. Ханым біздің топпен әңгімелесе жүру үстінде маған бір оқыс сұрақ беріп қалды. Қазақ екенімді білумен қатар, көшпелі тіршілік таусылды ма деп сұрады. "Ол қазірде жоқ" дегенімде, "Бәрекелді-ай, қандай романтика өшіп кетті екен" деді. "Сіз айтқан романтиканың орнына бүгінде жаңа романтика орнап та болған", — дедім. Ханымның сұрағында Фенимор Куперден, Луи Жаколиодан, Киплингіден бері қарай көп жайылған, танымал болған "жабайы елдер жайындағы романдардың романтикасы" аңғарылып еді. Бұл әйел Англияның отарларды менсінбейтін паң салтын андамаған. Соны қайта бойына сіңіріп өскен. Өз ұлтынан гөрі, сол "ағылшын мәдениетінің өкіліміз" дегісі келетін Индия оқымыстыларының кейбір үстірт сипаты бұл ханымнан да аңғарылғандай еді.
V. Ақын Аймен араздасты
Жайпурдан Аграға қарай тартқан сапарда біз автомашинамен жүрдік. Бұл жолы да біздің жағымызда кездеспейтін әр алуан аңдар, хайуанаттар көрінді. Бүгін әсіресе маймылдар көп кезікті. Ағашты, таулы жерлерде бойшаң, ірі маймылдар болса, кейбір қыстақтар шеттерінде, адам жайларының жақын аралығында мысық тәрізді, ұсақ бітімді маймылдар жиі көрінеді. Бар хайуандар мен жалпы жан иесіне индуизм діні бойынша қастық етпеу шарт. Маймылдарды көре отырып, сол жөннен бірталай қызық жайлар білдік. Кейбір жылдарда, кей өлкеде маймылдар аса көбейіп, өсіп кетіп, маңындағы кедей қыстақтардың жеміс бақтарын талап, көп кесел келтіретіні бар екен. Бірақ сонда да бірде-бір маймылды индустар өлтірмейді. Оған ескі діндік бір аңызды себеп етеді. Атақты "Рамаяна" дастанының қаһарманы Рама әрі поэзиялық дастанның геройы, әрі дін ұғымы бойынша құдай сипатты зат. Сол Раманың сүйікті сұлу жас ғашығы Сита қызды демон (бізше айтқанда "жын") Равана алып қашып, Цейлон аралына өтіп кеткен екен. Жынның соңынан қуған Рамаға теңіз суы бөгет болғанда, маймылдар көмекке кепті. Маймылдардың бастығы Гануман бар маймылды жиып, Индия жағасынан Цейлон аралына дейін теңізді жарып, тас өткел жасапты. Рама сол өткелмен өтіп барып, өз жары Ситаны аман айырып алып қайтыпты. Кейін жау қолында болған қызды ағартып, ақтығына көз жеткізіп алу үшін лаулап жанған оттың ішінен жүріп өтуге бұйырған екен. Сита қалың өрт-оттың ортасынан өзінің ақтық, амандығын танытып, күйместен аман-есен өтіп шыққанда, бұрынғысынан да сұлулығы аса түсіп, ғажайып көркемдік тауып, алтын лотостай боп шығыпты дейді. Міне, сол заманнан бері қарай Ситаның азабы, Раманың драмасы, маймыл Гануманның достық жақсылығы дәл осы бүгінгі күндерге дейін Индияда музыканың, поэзияның, сурет өнерінің, архитектураның және сахналық искусство өнерінің бәрінің де қызықты, қызғылықты және сүйікті тақырыбы болып Индия халқына түгел мәлім. Сол себепті де Гануманның бүгінгі нәсілдері — жемқор маймылдар қыстақтар қасындағы бақшаларды мейлінше талаумен болады. Бүгінгі жолда пілдер де ұшырады. Пілмен байланысты бір аңыз жақында болған күлкі бір жайға соқты. Тегінде, піл атаулы өзінің үйдей үлкен бойымен, әлдеқалай кішкене хайуанға дос, тату болуды дағды етеді. Ескі піл қорасында көптен өмір сүрген үлкен пілдің кішкене есек досы бопты. Сол есекті ағылшын жүргінші келіп жалдап алып, ерттетіп мінеді де, жүрмек болады. Бірақ есек ерінеді де, баспай қояды. Ашуланған ағылшын есекті ұрып-соғып қинай бастайды. Біраз қамшылап сабап алып, енді қайта міне бергенде, әлдеқандай ғаламат күш бұны жауырынынан тар етіп қысып қымтып, есектің үстінен жұлып алып, қол-аяғын сербендетіп аспанға көтереді. Андаса, бұны есек үстінен тұмсығымен жұлып алған жаңағы есектің досы үйдей қоңыр иіл екен. Ол ызақор ағылшынды біраз аспанда ұстап, сілкілеп қорқытады да, кейін жерге түсіріп, босатып жібереді. Намыстанып, ызаланған ағылшын тапаншасын суырып алып, пілді атуға оқталады. Сонда көлденең тұрған бір индус бұған жай ғана үн қатып, сабыр қылуды мәслихат етеді. Ағылшын ойланады да басылады. Енді өз мінезін өрескел көріп, сол арадан бір булка ақ нан сатып алады да, жаңағы пілге ұсынады. Піл пандық жасамайды. Нанды тұмсығымен алуын алады да, сол сәтте өзі жемей, жаңағы есектің аузына апарып, соның алдына тастайды. Өте бір айқын достық белгісін аңғартады. "Сенің ренжіткенің есек, сенің наның соған тиісті" деген тәрізді. Жаңағы ағылшын кейін осы жайды өзі әңгіме етіп айтумен бірге, "Мені піл адамгершілік мінезге үйретті" депті. Бұл жолда біз соқа тартып жүрген бірен-саран сиырды көріп, соған таңырқаған едік. Сиыр Индияда, тегінде, киелі, әулие мал саналады дейтіні қайда? Аңдасақ, ең әуелі біздің сиыр дегеніміз қодас боп шықты. Оны әр түрлі пайдалануға болады. Сонымен бірге анықтап аңдауымызша, сиырдың өзін де салғаннан әулие санамайды екен. Сиырдың сүтін пайдалану, жас кезінде күшін пайдалану, оны бұзаулату, өсіру бұнда да өзге елдегідей. Тек сиырды соймайды. Бұзаулаудан, сүт беруден мүлде қалып, қартайған сиырды алып барып храмға береді. Содан кейін бұндай сиырлар өле-өлгенше храмның сақтауында, қарамағында болады. Махалла халқы күтеді. Көбінше ол кезде сиырдың жапасын сатып, сонымен өзін асырайды деседі. Сөйтіп, қартайған сиыр ғана әулие сиыр саналады. Индия халқы өзінің пайдаланған жануарының көбіне солай қарайды. Пілді де сою, өлтіру әдетте жоқ. Әбден қартайып, күші біткен пілді жайын пілдер жүретін джунгли тәрізді елсіз меңіреулерге апарып, азат қып қоя береді. Машина үстіндегі сапарда біз Индия халқының тарихынан, діндік дәстүрінен, елдік салт-машығынан біраз жайларды ести отыра, Агра қаласына келдік. Барлық Индия үшін аяқ киім өндірісі, кілем тоқу өнері және мраморды іске жарату, ұқсату өнері күшті болған қала. Аграның бүкіл дүниеге мәлім ғажайып ескерткіші бар. Ол — ұлы Моголдар патшасының бірі болған Шах Жиһан салдырған "Тәжмахал" атты ("Сарайлар тәжі") әрі мазар, әрі мешіт — ғажайып күмбез. Шах Жиһан патша бұл күмбез мешітті, таңғажайып мазарды өзінің сүйікті ханымы Мұнтаз бегімге арнап салдырған. Кейін сол ханымның қасына осы мазар ішіне Шах Жиһанның өзі де қойылған. Агра қаласы мен ондағы дүниежүзілік ғажайып ескерткішті ауызға алумен қатар, біз енді жаңағы аталған Шах Жиһанның өзімен, ата-тегімен байланысты Индия тарихының бір ерекше кезеңін, сол кезеңдер әкімдерін еске алып өтейік. 330 жыл бойында, Индияның көп жерлерін билеп тұрған бір патшалар нәсілін дүние тарихында "Ұлы моғолдар нәсілі" деп атайды. Жаңағы Шах Жиһан сол нәсілден шыққан патшаның бірі. Бұл патшалардың ең біріншісі, Индияны ең алғаш басып алушы — Ақсақ Темірдің немересі Захириддин Бабыр болатын. Ол Орта Азияда Ферғананы билеп тұрған жерінен Ақсақ Темір нәсілдерінің қым-қуыт тартыстары кезінде өз тәж тағынан айрылып, Индияға қарай қашып шыққан. Сонда өзіне ерген әскерімен барып, қорғану мұршасы, әзірлігі болмаған Индияның терістік жағын, мол өлкесін басып алған. Бұдан бұрын ол жерлерді ауған хандары билеп тұрған. Индияға Бабырдың соғыспен кіріп, осы Дели қаласына шейін өзіне қаратып алған жылы 1526 жыл еді. Индияны бағындырып, патшалығының орталығы етіп Делиді белгілеп алған соң, Бабыр өзі төрт жылдан кейін қайтыс болады. Бұл атақты "Бабырнама" дейтін тарихтық мемуар қалдырған және газелдер жинағын тудырған, өзге де бірнеше кітаптар жазып кеткен өнерлі жанның бірі болған. Осы Бабырдың баласы Ғұмаюн, оның баласы Акбар, оның баласы Жиһангер, оның баласы Шах Жиһан, оның баласы Аураңзеп — барлығы да жауынгер, күшті патшалар болыпты. 1526 жылы Индияны өзіне қаратқан Бабырдан бастап, 1707 жылы өлген Аураңзепке дейін жаңағы шынжыр қатар етіп топ патшалар сол "Ұлы моғолдар нәсілі" деп аталады. Заманында Европа тарихшылары Бабырды мұңғыл текті деп теріс түсінгендіктен, мұңғылды және "моғол" деп жаңсақ атап, жалпы тарихта жаңағы топ патшалардан басталған Индия әкімдерінің нәсілін, жоғарыда айтқандай, "Ұлы моғолдар нәсілі" ("Династия великих моголов") деп атандырған. Осы нәсілдің ең соңғысы ағылшындардың соттауы бойынша тәж-тағынан айрылып, Рангунге айдалған Бахадур шах болатын. Соның орнынан қуылып, айдалған жылы 1858 жыл "Ұлы моғолдар нәсілінің" әмірі, әкімдігі мүлде сарқылған, біткен жыл деп саналады. Сонымен, Бабырдан бастап Бахадур шахтың құлағанына шейін санағанда 332 жыл бойында, Индияның тәж-тағыты жаңағы патша тұқымының қолында болған. Біз келген Агра қаласы ерекше тарихтық ескілікті еске түсіретін тағы бір себебі бар. Бабырдың ең мықты немересі — шах Акбар. Сол кісі оны, Агра қаласын өздерінің патшалық тұқымына орталық етпек болған. Қазір Агра үлкен қала. Бұнда 500 мыңдай халық бар. Аграның жанында біз жарым күндей аралаған Акбар салған үлкен сарай тұр. Бұл күнде ол сарайда жан жоқ. Қызыл песчаник тастан салған ғажайып үлкен, мол сарай қазіргі шақта тек келуші, көрушілер ғана соғып өтетін елсіз, жансыз қаңырап тұр. Замандарда Индия жұртының тері мен қанын көп төктірген, күші мен мүлкін көп шаштырған қатал құдірет, аяусыз әмір тудырып қалдырған тас тылсым, зор дүниесі өткен замандардың зорлық дүниесінің өшпес айғағы боп қала берген. Агра қаласына, тегінде, әрбір келуші баршасын тартатын ол сарайлар емес. Бұнда бізді де келтірген сарай емес, жоғарыда аталған Тәжмахал. Сиқыр сарай - мазар Тәжмахал 18 жыл бойында 20 мың жұмысшының қолымен, Шах Жиһан патшаның бұйрығы бойынша, 1632 жылдан басталып, 1650 жылға дейін салынған. Бұл ғажайып жайды салушы ұста Иса деп аталады. Тәжмахал тек аппақ мрамордан ғана салынған. Іші ою нақыстармен көп безелген, тас кестелі кейбір әсем бөлімдерін безендіруге ақ мрамордан басқа 18 түрлі түсті тастар қолданылған. Астыңғы платформасымен саналғанда ең жоғарғы ұшпа басына шейін 78 метр деп мөлшерленеді. Тәжмахал дүние жүзіндегі адам қолымен тұрғызылған жеті ғажайып архитектура ескерткішінің біреуі саналады деседі. Бұған қосылатындар: Стамбулдағы Айя-София мешіті, екінші — Венециядағы Әулие Марктің соборы. Үшінші — Афинадағы Парфенон, төртінші — Франциядағы Реймский собор. Бесінші — Москвадағы Василий Блаженный шеркеуі, алтыншы — осы Тәжмахал, жетінші анық есімде жоқ, ұмытпасам, баяғы Кордово халифатындағы Альгамбра сарайы болса керек. Тәжмахал жөнінде жұрт аузында: "алып қиял ойға алғанды — анық зергер орындаған" дейтін нақыл бар. Тәжмахалды біз күндіз бір көргенге қанағат қылмай, кешке астан кейін тағы бардық. Оның өзгеше бір себебі және бар. Аппақ мрамордан салынған Тәжмахалдың үлкен күмбезі түнде жарық ай астында өзгеше көрінеді деседі. Төрт бұрышына салынған төрт биік мұнара және кішігірім ақ мрамор күмбездермен бітеді. Екі шеттегі қатар тұрған мешіттердің де ақ мрамор күмбездері бар. Барлық осы өзгеше құрылыс — ұлы ескерткіш өзі көрінудің үстіне, етегіне тасқа бөлеп ағызып қойған айнадай мөлдір суға сәулесі түсіп, тағы да бір төңкерілген, екінші дүние жарастығын танытып жатады. Аграға келген кезімізді біз сәтті кез деп санадық. Себебі айдың 13-14 жаңасы еді. Егер Индияның бұлтсыз, мөлдір көк аспаны бүгін әдейі бір себепсіз қырсығайын демесе, біз таспен жазылған сиқырлы, мраморлы поэманы жарық ай астында бар ғажайып көркімен көрсек керек. Бірақ машиналарымыз Тәжмахалдың алдындағы өзі де әсем тас қақпаға келіп тоқтай бере-ақ аспанымызға қарасақ, кесек-кесек сұр бұлттар айды қоршай қапты. Жауын да, дауыл да жоқ. Сөйтсе де, осы бұлттар айды тұтқын қып алды да, біздің жазықсыз көңілімізді жазалағандай түн болды. Жарты сағат күттік, бір сағат, бір жарым сағат тостық. Ай жаңағы алашабыр кесек-кесек ақ бұлттардан құтылсыншы. Біреуінен бір шеті қылтиып шыға берді-ақ, мрамор күмбездер ойда жоқ әдемі оқшау хал-халетке ауысып, ағарып нұрлана бастайды. Бірақ шегіне жеткізбестен-ақ жартылай ғана көрінген, сәл уақытқа ғана ашыла түскен ай, енді бір шекесінен барып екінші бұлтқа кіреді. Ай бақты болды, аспан да сұрланып, күмбездер де қоңыр тартып, жүдеп сөне қалады. Тағы "кішкене көріне ме, жоқ па?" — деп аспандағы бұлт пен айдың оған қарай жүрген жол межесін аңыра қарап, аңтарыла тосумен біз тұрамыз. Таңертең ерте ұшуымыз да керек. Күндіз көп жүріп, тыным алмай шаршағанымыз да бар. Ұйқының түні жарым ортасынан ауып, таңға тақап барады. Ал айымыз болса, біресе шекесін, біресе төменгі шетін көрсете береді де, тағы бір бұлтқа кіріп кетеді. Бар тобымыз: "шіркін-ай, бір үш минутқа толық ай көріне тұрса етті. Мынау үлкенді-кішілі, бір ұя ғажайып көп күмбез қандай тегіс, жан біткендей жарқырай жөнелер еді", — деп қызығып-ақ, шыдасып-ақ көрдік. Ерген жолдастарымыз бен қонақ етіп жүрген достарымыз енді айдан күдер үзіп, қол сілке бастады. "Қайтайық, кетейік, қашанғы тосамыз", — деген күңкіл де көбейді. Бірақ арамыздағы жазушыларымыз бен көркемөнер шеберлеріміз болып кеткіміз келмей көп қадалдық. Ай құбылмалы, алдамшы бір мінезге табан екі жарым сағат бойына түсіп алды да, күмбездерді бар сұлулығымен анықтап көрсетпей-ақ қойды. Менің сонда да кеткім келмей, ең соңғы шаққа дейін шыдауға бекінген табандылығым да тоза бастап еді. Сонда да Сурков екі рет келіп: "кетейік" дегенде, "тұра тұр, тоқтай тұр" деп бөгеп тұр едім. Енді соңғы рет сәл дәме қылған ойым, алдындағы алаңға шықпай, егескендей қисая жалтарғандай болып, шеті көріне бере тағы бір сұр бұлтқа батқаны. Сонда айды сүйгіш шабытты ақын Сурков маған келіп: "Бұл айдан не күтесің?", — деп, бар ызасымен және барынша орынды бір теңеу жасап, "сатымсақ әйелдей осы айдан бүгін көресіні көріп болғамыз жоқ па", — дегені. Мен ақын емес, прозаик болғандығымнан тез көндім. Өмірімде бірде-бір рет ақынның аймен араз болғанын көрген жерім сол Аграда, сол Тәжмахалдың жанында болған еді. Тегі, ақын атаулы "ай көрсе болды, ағынан жарылып, ақтарыла береді" дейтініміз бекер екен. Кезегі жетсе, ақынның айыңызға да кешпес кінәсі болатын көрінеді.
VІ. Жаңа Индия жаңалықтарынан
Бүгінгі Индияның соңғы жылдарда жүріп жатқан ең үлкен бір құрылысы — Нангалстройға біз 5 февральда түн ортасында Делиден поезбен аттандық. Нангал құрылысы Делидің терістік жағында, Гималай тауының етегіне жақын. Өзге Индиядан салқыны, көгі, суы да мол, Кашмир тәрізді қызық өлкенің біріне бұл құрылыс жақсы орнаған. Бүгінгі сапарда біз басқа бір үлкен вагонға міндік. Екі кісілік жұмсақ купелеріне қос-қостан жайғасқан едік. Тек коридоры ғана тарлау болмаса, өзі аса жайлы да жақсы вагон екен. Едені кілем, есігі кең күйінде тұтас әйнек, ішкі жағын шымылдықпен қоршапты. Аса ықшамды, әдемі шкафы киім ілуге де қолайлы. Купе ішінде қол жуғышы да ұнамды орналасқан. Вагон шеттерінде оп-оңай етіп орнатылған душтар бар. Тегі, вагонға душ жасаудан оңай, аз орын алатын ештеңе жоқ тәрізді. Әр купеде вентилятор бар. Вагон ішінде кондиционер ауа үнемі бірқалыпты температура сақтайды. Түнде ыстық-суықты сезбей жақсы тынығып, таңертең жай оянып, жолға көз салумен болып ек. Поезд терістікке, салқынға таман келеді. Таулар көбірек көріне бастады. Бір суық, тамаша кесіліп ойылған қызыл жартас арасынан өттік. Шығыс жағымызда үлкен бір тау ілесіп, сәт сайын биіктеп, тұтаса қалыңдап, көгі де молая түсіп, еріп келеді. Аңғары, Гималайдың сілемі болғыдай. Сол тау жақтан кейде тоғайы мен жап-жасыл далашығы бар әдемі жанды өлкелер көрініп қалады. Дала мен өлкеде және тау жақта таңертеңгі көкшіл мұнар, жеңіл тұман бар. Ол кей жасыл далада түн тұманындай сезіледі. Салқын түннің жер бетінен әлі көтеріліп болмаған, енді-енді, сәл-сәл үзіле бастаған буындай, әлде салқын деміндей. Шық аралас дымқыл тұман анық осы өлкенің таңғы лебі, тынысы тәрізді. Кейде жап-жақында тасты таулар, бөлек шоқылар туа қалып, жарысып кетеді де және сондай тез, шұғыл үзіле қалады. Оқыс басталып, шұғыл үзіліп тікейіп, шаншылып қалатын өңшең бөлек биіктер, жоталар, тас серектер ажары көбінше қызғылт шақат. Біраз жоталарында сирек түктей селдір ағаштар бар. Тастар аса қызық бейнелі. Кей жері мұнарадай, кей тұсы пирамида, тағы бір кезі конус тәрізді тектұрлар боп, көбінше қызылша жалаңаш көрінеді. Тағы бір шақта әдемі, тегіс көк майса шалғын шөп алаңы мен қалың жыныстай биік, зәулім ағаштар қыстақтар маңынан бой көрсетіп қалады. Жолдың бір жағында, 25-30-40 шақырым шамасында, қатарымызда ұдайы үзілмей қалың таудың өзі ілесіп келеді. Біз Нангалға жеткенде қарсы алған дос топтардың көбі инженер мамандар тәрізді көрінді. Біздің Орта Азия, әсіресе советтік Тәжікстан географиясынан белгілі Пенджаптың бес өзенінің бірі — Сетледж осы тұста ағады екен. Соны ойда бөгеген үлкен бір плотинаны біз жолай басып өткен едік. Осы Сетледж өзені өлкесінің картасында Нангал плотинасының құрылысы бар. Сол зор құрылыстың бас инженері, конгрессистер партиясының мүшесі Кунгар мырза бізге бар құрылыс жайын өзі мәлімдеді. Жаңа құрылыста орнатылатын дамбаның биіктігі 265 метр, ұзындығы 108 метр болмақ. Тауды тесіп екі туннель жасалған. Жоғарыда тау ішінде мол көл жасалады. Қазір 360 қыстақ тұрғыны, 30 мың жан, сол көл табанынан көшірілетін болады. Бұнда 6 мың адам жұмыс істейді екен. Каналда екі электр станция әрекет ететін болады. Гидро-турбиналы құрылыста он генератордың әрқайсысы 90 киловатт-сағат беретін болады. Нангал плотинасы, Бкара каналы бүгінгі Индияның мақтаны етерлік ең зор құрылысы. Көлге су толтыру ісі 1958 жылда орындалмақ. Барлық осы ұлы құрылыс ісі 1959 жылда аяқталмақ. Энергия Делите, Раджастханға 300 миль шамасындай ұзақтыққа тарап, бөлінетін болады. Жалпы қуат-күші бір миллиард киловатт-сағат шамасындай болады. Әзір бұл құрылыста істеп жатқан машина, сайманның, қару-аспаптың көпшілігі Америкадан келген. Осы құрылыс бойын, тау сағасына кірген соң, өрлей аралап жүріп кеттік. Асфальтті жолмен тартқан машиналарымыз ғаламат биікке бұралып оралып барып, заңғар жотадан асты. Біз әуелі инженер Кунгардың картаға қарап отырып баяндаған жер жайларына енді қадам басқан едік. Жаңағы жотадан ойға қарай құлап келіп, ақыры тау ортасымен аққан, плотина жасалатын Сетледж өзеніне қарай еңкейдік. Жолдың қалтарысы да, еңісі де әрі жиі, әрі қауіпті болғандықтан, екі жағадағы жартастар мен тақтайларға өңшең есте қаларлық лозунгтер (ұрандар) жазылыпты. Айқынырақ болсын деп сары бояуға қарамен жазған. Бұл ұрандар өзге емес, тек машина жүргізуші шоферлерге нақтылай арналған ақыл-насихат сөздер екен. Мысалы: "Сақтық сақтайды!" немесе "Сақтық жөнінде қорқақ атанам деп қорықпаңыз!" және де "Сақтықты өз әдетіңіз етіңіз!" немесе "Үй ішіңіз қоса сорлайтынын ұмытпаңыз!" деген тәрізді ақыл жазулар созыла келіп, жол тағаны жазық жерге түскенде, соңғы тақтайда: "Жақсы жүргеніңізге рахмет!" деп қойыпты. Қасындағы бір шофер емес, бар шоферге арналған есте қаларлық өмір кітабы тәрізді. Біз кейін болатын көлдің аумағын шолдық. Отырған қыстақтарын да білдік. Болашақ көл табанында тұрдық. Әуелі жұмыстың сондай төріне жетіп тоқтап, содан соң кейін қарай басып, барлық жұмыс шебін, ауқымын аңғарған едік. Қасымызда үлкен өзен аударылып, екі туннельге, айналма каналға түскен жерді көрдік. Плотина табанынан ең жоғарғы жотасы болатын биікке шейін көп белгілер салынған. Жалпы бұл плотина, биіктік шамасына қарағанда, дүниедегі екінші орындағы биік плотина деп саналады. Бірінші орындағы ең биік плотина Америкадағы Гувер плотинасы деседі. Жоғарыдан қарағанда, бүгінгі Индия құрылысын үлкен өнерлі техника қолға алып жүргені айқын байқалып тұр. Плотина табанын таптап, ұзын тісті катоктар жүр. 25 тонналық самосвалдар жаңа Индияның жаңа пілдері сияқты. Экскаватор, бульдозер, скрепер, самосвалдар — бәріде бағы заманда Индия сарайларын салған күштердің әкесіндей. Дәл осы сәтте біздің көңілімізге Индияның екі заманы — баяғысы мен бүгіні кезіккендей сезіледі. Кешелер біз көрген сарайлар мен бүгін мына XX ғасыр ортасының тепкісі зор техникасы тоғысыпты. Индия өмірінің өзінше бір алуан түрде екі шеті, екі тарихы — баяғысы мен бүгінгі түрінде түйісіп тұр. Қол күші мен электр, балға, сүймен мен зор технология бетпе-бет келіскендей. Әр жерде, екі жағадағы биік таудың көлбеген бетінде, немесе тікшіл жартас бойында, әр сатыда ақ басты адамдар көрінеді. Әдейі сұр тас арасында сұр киіммен жүрген адамдар айқынырақ байқалу үшін бастарына ақтан киеді екен. Бұл жұмысшылар арасында Кашмирден келіп жалданған топтар да бар. Жоғары, төмен екі зор биік жағаларда адам саны өзгеше мол. Сол адам бейне бір ақылды құмырсқа тәрізді. Бар сайдағы, беткейдегі адам атаулы мен машиналар топтарының жұмыстары бір бағытқа жұмылған, бір ырғаққа бағынған. Бейне сағат механизмі тәрізденіп, әрі сау, түзу сергек ритммен қыбырлап қозғалғандай. Саз илеудің құмырсқасындай десе болар. Кейбір жартасты қарсы бетке, заңғар биікке қадала жабысқан адам топтары көз тартады. Онда шпур, перфоратор, динамиттер әрекет етеді. Тасты қашап, жерді асап кеміріп жатқан диюлар да алыптар. Бұндағы ең үлкен экскаватор 5 тонналық екен. Бізде 1955 жылдың бас кезін алсақ, үлкен экскаватор 15 тонналық болған-ды. Америка техникасы араласса да, тегінде, көп жайда бұл құрылыстың қолына біздің техниканың зорындай зор құралдар түсе қоймағаны да аңғарылады. Бір жерлерде насостар жер асты суын тартып жатыр. Бірер сағат жүрген соң, біз тау ішіне молынан кірген едік. Бұл — Шивалик аталатын тау екен. Түске тақаған бір кезекте динамитті жарылуды тостық. Аздан соң біз тұрған биік тас жағаны солқылдатып, атылған мылтық түтініндей шаң мен тасты бір-ақ бұрқ еткізіп, жарылу болды. Біз тұрған биікте өзінше мол, темір техникалы құрылысы бар бетономешалка әрекет етіп жатыр. Арғы жағаға аспалы көпір арқылы бетон бермек. Қасымызда зор транспортерлер де үздіксіз әрекет етеді. Біз ілгері басқан сайын тау іші тамаша болып, өсімдігі молайып, көркейе бастады. Көлбеген беттерін, биік жоталарын түгелімен қалың ағаш, жыныс тоғай басқан. Көл тұсында аз да алаң жоқ. Осы биік бір саты таудан алыстағы Гималайдың қарлы биік жотасы көрінді. Онда Симла деген қала да бар. Әзірге көрінген Гималай жотасы Алатаудай ұзақ бір ирек жөн. Төбеден, плотинаның ең жоғарғы иығы тұсынан қарағанымызда, бір сәтке, төменгі саты-саты жолдардың бірінің бойында ұзыннан-ұзақ тізіліп, созылып бос машиналар, самосвалдар тұрып қапты. Жарылуды тосып, сақтық етіп тоқтап қалған болу керек. Тізіліп тұрып қалған анық еңбекші құмырсқалар. Мемлекеттік зор құбылыс бүгінгі Индияның техникалық мәдениетін бағалатады. Өнерлі топ интеллигенциясы арқылы да жақсы аңғар байқатады. Осыншалық білім, техникаға құрылған ұлы құрылыстың барлығын жүргізіп жатқан Индия халқының өз инженерлері. Бұл құрылыста кешегі Индияның әмір-құдіретшісі болған ағылшындардан бірде-бір инженер жоқ. Тек бір ғана неміс пен екі американдық консультант есепті инженерлер, бөгде мамандар бар екен. Рас, ағылшындардың жақын белгісі мүлде жоқ емес. Сонау Гималай салқын тауының етегіне салтанатпен салынған Симла қаласы сол кешегі күндерде қожа болған ағылшын байлары мен әкімдері тынығатын санаторий есепті қала. Бұнда саушылыққа жақсы бау-бақша мол, салқын таза биіктің ауасы бар. Және бұнда сол ауаны асылдандыра түсетін қарағай текті әдейі егілген ағаштар, тоғайлар бар. Бұл келісте, бүгінгі жүрісте біз Индостан жарым аралының ең төргі терістігі — Гималай тауы етегіне жеттік. Кейін бұл жарым аралдың оңтүстік теңізге тірелетін ең шеткі қиыр шегін көрсек керек. Сонда Индияның өткені мен бүгінін — екі дүниесін көргеніміздей, жер мекенінің де екі шеті, шырқау шегі бізге мәлім болардай. Осы жолдан қайтыс сапарда біз жаңа қала Чандогарх вокзалына келіп түстік. Бұл тұтасынан жаңа үлгімен салынып жатқан, көп жерлері салынып та болған қызық қала. Осы уәлаяттың бұрынғы орталығы Лаxop қаласы Пакистанға кеткендіктен, қазір осындай мүлде жаңа қала орнаған. Бұл қаланың салыну үлгісі бар Европаға мәлім, өзінше оқшау жаңалықтар іздегіш француз архитекторы Карбюзьенің жоспары, үлгі-нақысы бойынша құрылған. Әрбір кеңсеге, өндіріс үйлері мен тұрғын жайларға арналған үлгі — анық конструктивизм үлгісі. Үйлер кірпіштен салынғанмен, лықып тұрған стандарт. Бұнда кейбір үйлер куб, призма, кесілген конус сияқты геометриялық фигураларды аңғартады. Кейбір үй выставкалардағы (көрмелердегі) стендқа ұқсап, бітеу, тұтас қабырғалар ерекшелігімен көз тартады. Сол қабырғалар көк, сары бояуларға малынып, кейде бір инженерлік чертеждер бетіне ұқсайды. Бұл қалада Индияның бағы заманнан бергі талай бай архитектуралық стильдерді шеберлеген халықтық, отандық дәстүрінен ныспы белгі жоқ. Оның орнына жаңа қалада самсаған космополитизм десе боларлық. Осы шаққа шейін біз көрген Индияның ескі, жаңа ымыраттарының бәрі күн көзінен, күн өтінен сақтанып салғанды көрсетіп еді. Енді мынау үйлер сол Индияның шыжыған күніне жалаңаш түсін егесіп ашқандай. Бірақ "кейбір үйлер әдейі қырын салынған, бұған таңертең болмаса, өзге кезде күн түспейді" деп ақтағысы келген сөздер, дәлелдер естідік. Қаланың бөгде құрылыс жайын бас инженер бізге жайлап, көп таратып ұғындырмақ болды. Бұның әңгімесінде жаңа қала салудың жаңаша ойлары, өзінше ізденулері, дәл-дәл деректері болғандықтан, кейбір сөздерін еске алайық. Лaxop қаласы Пакистанға кеткен соң, жаңа жерден орталық қала салынбақ болды. Соған Гималай тауының етегі, осы орын әдейі белгіленді. Бұл араға Пенджап уәлаяттарының бар тарау өлкелері тоғысады. Өзі географиялық орталық болғанда, уәлаяттың ең алыс шеті 150 километр. Ауа райы Делиден 5-6 градус салқынырақ. Орталық қала 500 мың кісі тұруға арналған. Әуелгі кезекте 150 мың халық тұра бастайды. Инженердің айтуынша, қаланың өз жоспары болашақ тұрғындарға өте қолайлы. Мысалы, сауда жайлары қаланың нақ ортасында. Әкімшілік орындары тау жақ жоғарыда. Университет өзіне бөлек оқшау бір шетте. Әуелі осындай орындар белгіленген соң, тұрғын жайлардың көшелері жоспарланған. Тұрғын жайларға көп аудандарда сауда дүкендері, мектеп, аурухана атаулы жақын жайғасқан. Қаланың әр секторында бос алаң бар. Онда спорт жайлары, парк, газон, мәдени-ағарту орындары болады. Қаладағы қатынас жайын ойлағанда, автомобильдер жүретін көшелер бар да, жаяулар ғана жүретін, автомобильдер баспайтын қауіпсіз көшелер және бар. Кеңсе үйлерінің бірі есепті болған соттың үйін толығырақ аралап ек. Бұл үйдің сыртқы көрінісі бізге ғаламат сорақы тәрізденді. Оны үй деуге де, элеватор деуге де, кейде аңғар немесе үлкен склад, әлде тіпті баржа десе де сыярлық. Түстік жағында "солнцерез" деп аталатын күнқағары бар. Сотта жауапкер тұратын орны жазудағы үтір сияқты. Қабырғадағы панно мен кейбір суреттер футуристік мотивтер тәрізді. Сырты конструктивизм болған соң, ішінде кубизм, тағы әлдене өзге "изм" болмасқа не? Мысалы, бір залда тек адамның екі табаны ғана қара кестемен шегіліп, ілініп қойылған. Кітап шкафтары залдарды іргелей тұрғанмен, аласа ғана. Бұнда толған ағылшын тілінде жазылған заң кітаптары. Индия соты, тегінде, әлі күнге тергеу, соттау ережесін Англияның ескі заңы (кодекстері) бойынша атқарады. Бұл қалада жоғарғы оқу орны — колледж де бар. Онда стипендия болса да, ең жақсы оқитын азғана топ, озғын, зейінді оқушыларға ғана тиеді екен. Кейін оқу бітірген соң он жыл ішінде стипендия үкіметке қайта төленеді. Колледждің студенттері арасында көбінше осы Пенджап уәлаятының мол халқы, сикхилар бар. Олар әйел шашындай ұзын етіп өсірген шаштарын төбесіне жиып түйіп, соны бастыра сәлде тәрізді жеңіл бас киім киеді екен. Осы қала адамдарының шақыруы бойынша, біз қала сыртындағы 18 шақырым жердегі өзгеше бір баққа бардық. Тағы да бұрынғы махараджаның мүлкі. Өзінше тамаша бір паркі екен. Бұнда бақтың суы алты саты боп құлдап ағады. Бақтың өзінің өлкесі де саты-саты боп кетеді де, бүтін бақ құрылысына аса сәнді өзгеше көрік, көрініс береді екен. Бұл бақта кипарис ағашы және әдемі боп күзелген тұя ағашы өседі. Көгал шөптің өзі де орылған емес, өзгеше бір алуан түрде күзелген. Бұнда личи деп аталатын, біздің жаққа мәлім емес, мол бұтақты, үлкен жеміс ағашы көз тартады. Экзотикалық ыстық жақ жайын айтатын әндерге араласқан магнолия ағашы да осында өседі. Біз кешкі шайды және кешкі ас — динерді тас канал жағасында, әдемі павильон алдында іштік. Батыс жақта көрікті бір ирек жотадан асып, күн батып барады. Қарсыда үлкен қара таудан асып ай туды. Толған ай. Ол аппақ салқын сәулелі туды. Тау басы қалың ағаш. Батыс жақтағы әдемі таудың да өнбойы, әсіресе жотасы қалың тоғайға толы. Біз отырған бақ "Пенджу" деп жақындағы қыстақ атымен аталған. Кеш қоңыр тартқан сайын күнбатыс айқын өзгеріп келеді. Онда тоғайлы, ирек жоталы қара адырдың төсінде көкшіл-жасыл оттар жанды. Қоңырқай, қара-қошқыл дүние арасында машиналы өндіріс мұржасының түтіні будақтап тарап жатыр. Сәл тұман, мұнар құрсаған оңтүстік кеші әдемі, баяу ғана батып барады. Беріде, біз отырған биік павильон түбінен төмен қарай ылдилап, сан жерде көп фонтандар ұрып тұр. Биік бойлы, қызыл тармақ гүлді ағаштар мен жемісі жайқалған бақ ағаштары — папайялар толқиды. Ай шығыс жақ қара биіктен көп жоғарыласа да, тек енді-енді ғана, ымырт жабыла бастағалы ақ сәулесін ұлғайтыңқырап келеді. Енді өзге бар ағаштан биік кеудесі басып озып шыққан пальма ағаштары ереуілдеп, қарауытып ап, түн аспанына айқын ою-өрнек беріп тұр. Біз қайтар шақта биік аспанда бас жақтары бытырай тармақталған сол пальмалар оңтүстік кешін ерекше ойлатып, ескерткендей еді.
VІІ. Діндар қала Бенаресте
7 февральды біз Чандогарх мен Бенарес арасындағы жолға бердік. Тәулікке жуық поезбен жүріп келіп, Моғол сарай деген станцияға тоқтадық. Бұдан әрі машинаға мініп, 30 минуттай жол жүріп Бенареске жетуге болады. Тәуліктік жол бойында біз тағы да Индияның қалың орталықтарына кіре түсіп, жол бойында сансыз көп жандар көрдік. Көргеннен талай ойлар оралды. Индия халқы рет, тәртіпке өзгеше бір момын тәрбиелілікпен бойсұнған халық. Жол бойындағы қай станцияда, қай қалада, қай базарлы жиын немесе қыстақ жайда болсын, адамның қалыңдығы бірде-бір сиремейді деуге болады. Ерсілі-қарсылы жол бойында жүрген топтар үздіксіз ағын судай. Бірақ бірде-бір жерде алды-жұлды дескен қатты даурық, қақтығыс, әсте ұрыс-төбелес дегенді көрмейсің. Мас атаулы мүлде жоқ. Бейпіл ауыз, ұят сөз сөйлеушілер де сезілмейтін тәрізді. Біреуге біреудің түс шайғаны, доқ қылғаны да білінбейді. Көп адамның жүзінде сәл түйілген жүдеулеу ажар, үнсіз, қоңырқай қабақ қана байқалады. Ыстықтан, жоқшылықтан, бәлки, аштық, панасыздықтан да қажыған жандар көп шығар. Жалп-жалп қағылған ұзын кірпіктер жаудыраған үлкен қара көздерді ұдайы бір ажарлы мұңмен, ұяң сырмен танытқандай болады. Читоргар деген қалада, Раджастхан уәлаятында біз Индия жастарының спортшыларын көріп ек. Сонда қалың қайнар жігер иесі аса мол спортшы жастар тобы от ажарлы топтың өзі еді. Солардың мыңдаған жиыны, біздің машиналарымыз тақай бергенде, селдей ағылып келіп, тоқтай берген машиналарымызды ентелей қамап алысты. Күн кешкіріңкіреп қалған шақ болатын. Бар спорт түрінің жарыстары аяқтап болып, енді бәйгі үлестіру қорытынды кезі қалған екен. Сол "бәйгілер совет елінен келген сый қонақтар қолымен тапсырылса екен" деп, біздің елді дос тұтқан қалың жастар жиыны, спортшылар өздері өтініш етіпті. Біздің машиналарымызды сондай бір жақсы тілек, достық сеніммен, өтінішпен кеп қоршаған екен. Енді бір сәтте бізді ортаға алған сансыз қалың топ үлкен алаңға қайтадан оралды. Орындықтар жоқ, алаң тек қана ашық кең майдан. Бәйгі үлестіру үшін қалың жиын топталып, ортасынан алаң жасап, дөңгелей отырып-тұру сияқты қатар түзеу керек болды. Міне, осы шақта жалғыз ғана егде жасты бір адамның биіктеу жерге көтеріліп, даурығып: "Рет түзе, қағыл!" деген тәрізді нұсқауы жетті де қойды. Сан мыңдаған жұрт қағылып, қатарланып айнала қоршалап, балаларды ортаға, алдыңғы жаққа қарай шығарып, дөңгелек үлкен алаң жасап, тұра қалысты. Содан кейін бір кісі "олай тұр, былай тұр" деспеді. Саны көп қалың топ халықтың сол көптігінен туатын тәртіптілігі өзгеше болса керек. Әр жеке адам өзі үшін, көп ішінде ретті тірлік жасауы үшін және көпке де сол көп күйінде бір реттілік беру үшін мүмкіндік жасауға тырысып, үлкен жауаптылық ретін сақтайды. Әр адам өзі үшін сондайлық тәртіпті болмаса, жалғыздың да, көптің де тірлігі оңбас еді. Осындай қалың қоғамның әр мүшесінің бойына сіңген өлшеу мерзім — жас баладан үлкенге дейін түгел тараған мінез. Көпке ортақ өлшеу, мөлшер тәрбиесі әр адамның өз ішінде нық орнаған таразысы тәрізді. Осы халыққа өнер, білім берілсе, басқа да зор үлкен адамдық идеалдар, қоғамдық үлкен, жаңа құрылыстар мүмкіндігі жасалса, мыңдар, миллиондар реттілігі тәрізді, халықтық аса бір қажет қасиеттер оңай-ақ қалыптасып, орнай алатын сияқты. Кей халықтарға көп тәрбиемен, зекумен, заңмен, тіпті жазамен кіргізетін тәртіп мұнда сондай өздігінен орнағалы ұсынып тұрған тәрізді. Бұнда кісінікін кісі іліп-қағып кету, ұрлық-қарлық тәрізді осалдықтар да жоққа тән деседі. Ұзақ тарихындағы мемлекеттік мінез дағдысын аңдап қарасақ, Индия ешбір көрші, қоңсы халыққа басқыншылық жасап, өктемдік етіп, шауып-жаншып соқтықпапты. Қайта бұның дін кеңшілігін, момындық тәрбиесін, мінезін пайдаланып, мойнына міне бергендер аса көп болған. Бергі замандарының өзін алғанда: арабтар, ирандықтар, ауғандар, моғолдар, ағылшындар — сол толқын-толқын басқыншылар болатын. Қазірде де Индия халқы негізгі дін тәрбиесі, моральдық қағидасы бойынша жан иесін өлтірмейді. Тіпті уыты зор айдаһар жыланды да маймылша, пілше, сиырша "өлтірмейтін жан иесі" деп санайды. Моғол сарайдан Бенареске қарай машинаға мініп шыға берген жерде біз оқшау бір адамды көрдік. Қап-қара шашы ұзарып, дудырап көзіне түскен. Өзі қатқан-семген, қап-қара. Аяғы, борбайы жап-жалаңаш. Өнебойы сидиған ұзын, иығында ғана кір-кір жыртық лыпа-дхоти. Қолында шошайта ұстаған қысқа таяқша. Қабақ түйілген, түс жүдеу, сәл білінген сақал-мұрты бар. Бенареске келе жатқан Индия аскеті . Баяғы заман сопысынан, тақуасынан, не дәруіш тәркі дүниесінен шыққан құдайы жолаушы. Бұрын мұсылмандардың Меккеге тауап қылғанындай немесе бар христиан әлемінің Иерусалимге (Құддұсқа) құдайы жол тартқанындай, Бенареске барлық Индияның діндар жандары әулие қала санап тауап қылып келеді. Бұнда индуизм діні ғана емес, буддизмнің де әулиелік орталығы бар. Сол себепті Бенареске жан-жақтан, шартараптан, нелер алыс қиян-қиядан, шырқау шеттен құдайы жолаушы боп тауап қылуға жол тартып келе жатқан жаңағы біз көргендей жандар аз емес. Бенареске кіретін жол және де басқа қалалардай аса көп лавкелерге толы. Ұсақ сауда дүкендері сығылысқан тар да қисық көшені бойлап, ұзақ аралап келдік. Тегі, халықтың көбі кәсіп етер өндіріс болмаған соң, жер де жетпеген соң, осы ұсақ сауданы кәсіп ету шарт болған тәрізді. Бұл базарда сатпайтын нәрсе жоқ. Бірақ сол сататын орынның көптен-көбі-ақ өзгеше реңсіз, кір, көне де күйкі. Көп өзге қалалар сияқты, бұл қаланың да қалың ортасына кіргенімізше, көшелерде сиыр, ешкі, қой, ит те көп ұшырайды. Есек пен қодас та жиі кездеседі. Машиналар да аз көрінбейді. Осы көріністер арасында жаяу көлік боп жалданған рикшалар жеңіл арбаға қос-қос адамды отырғызып ап, жіңішке дертелерін екі қолтығына қысып, қап-қара аяқтарын жүгіре басып, ерсілі-қарсылы ағылып жүр. Бенарес — Индияның ең ескі қаласының бірі. Әулиелік қасиетке ие болғанына үш мың жыл толған дейді. Өзі ешуақытта Индияның саяси орталығы болған емес. Индуизмнің рухани орталығы саналған. Сидхарта Будда ең алғашқы пайғамбарлық үгітін осы Бенарес қаласында сөйлеген. Будданың да, Шиваның да аттарымен байланысты әулиелік орындар Бенаресте осы күнге шейін құрметпен сақтаулы. Будданың "заң тегершігі айналғаны" деп аталатын бірінші өсиеті (проповедь) осында айтылған. Ашока патшаның тұсында Бенарестің қадірі қатты асқан деседі. Ол бұнда құлшылық ететін 80 мың ғибадат орнын, жайын салдырған. Тегінде, индуизм, буддизм екеуінің де ескерткіші мол болған Бенаресте кейінгі жат дінді жаулардың салған ойраны да аз болмаған. XІІ ғасырда бірталай ірі ескерткіштерді моғолдар ойрандаған. Келесі төрт ғасыр бойында тағы бірнеше толқын ойрандар болып өткен. "Ұлы моғолдар династиясынан" шыққан Акбар Бенарес те Шиваға арнап храм салдырған екен. Бірақ бұның ерекше діндар, фанатик немересі Аураң деп өзге талай ескерткіштерді бүлдіртумен бірге, жаңағы өз атасы салдырған храмды да ойран еткен. Бенареске осы күнге шейін бір жылда үш жүз мыңдай тауап қылушылар келеді екен. Жағасында Бенарес қаласы тұрған Ганг суы — әулие су саналады. Әрбір индус бұл суға түсуге құштар. Жалпы бұл өлке — Шиваның өлкесі. Сондықтан әулие деп саналады. Бұнда өлген адам тұра жұмаққа не тозаққа барады. Бірақ ол қайта, екінші құбылыс (превращение) өмір сүрмейді. Тегінде, адамзат сол адамдық сипатынан ауысып, басқа екінші сипатта қайта туады деу — индуизм дінінің нанымы. Ал Гангінің жағасында өлген адам сол қайта жаралысқа қосылмайды. Гангінің жағасында өліп, осы қалада өртену арман. Біз қайықпен жүзіп, Ганг өзенін бойлап, қаланы жағалап келеміз. Жағаның бір тұсы — діндік ниетпен шомылу орындары. Сондай орындар Бенаресте алпыс. Осы жағада жақсы үйлер аса көп. Ол қартаң тартқан байлардың осында тұрып, осында өмірінің соңғы шақтарын өткеріп, осы арада өлуді арман етіп салдырған жайлары. Сол үйлер саты-саты әдемі қатарлар жасай, жағадағы тас қабақтарды жаба түсіп, бірінің иығынан бірі аса көрініп, биіктей береді. Бұндағы ең үлкен биік ғимарат — Акбар салдырған жай. Акбар бұны индустер храмы етіп салған екен. Ал немересі Аураңзеп мешітке айналдырған. Әрірек қатарларда тамаша қып салынған ақ үйлер бар. Олардың кей бөлімдері жасылмен, көкпен боялып салынған. Әр үлгілі кестедей әшекейлі балкондары, саты-саты құрылыстары тамаша үйлескен. Енді бір сәтте, өзен бойында тек күннен ғана қалқан жасалған ұсақ палаткалар — кенеп шатырлар кетті. Бұнда индуизм дінінің дінбасылары — жрецтер тұрады. Олар сандал майын әзірлейді. Осы жрецтер Индияда "пандит" аталады. Бұл қалада жаинизм храмы да бар. Ол — Индия дінінің бір саласы. Жаинизм ұғымынша құдайдың бірлігі көп сипаттылығымен аралас. Сондықтан "құдай біреу бола тұрып, көп сипатта көрінеді" деген наным иман есепті болады. Олардың храмы көбінше алтынмен безелген, мұнаралары көп келеді. Қызыл алтыннан жабынып жапқан храмдар да бар. Жалпы алғанда Бенарес храмдар қаласы деп аталады. Біз су жағасында лаулап жанып тұрған оттар да көрдік. Қастарында өлген адамның денесі жатыр. Соны қазір Ганг суына шомылдырады да, өртейді. Күндегі өлген адамды өртейтін кремацияның арнаулы орны осы тұс болады. Жағаның бәріне бірдей кремация орны жайылмаған. Әдетте өлген адамның үлкен ұлы, не кенжесі отты өзі жағып қойып, суға да өлікті өзі шомылдыратын болады. Жалпы Бенарес тұрған өлке — Шиваның өлкесі дедік. Шива жарты айды жақсы көреді екен, сондықтан Ганг суының әулиелік орны жарты ай тәрізденіп ойысады. Кремация жасар алдында өлікті шомылдыратын қасиетті (шомылу орны) купальня әр жерге қойылған. Әр купальняның арнаулы аты болады. Не сол орынды салушылардың атымен, болмаса Шива құдайдың көп атының бірімен аталады. Қасиетті купальня жанында ұсақ қалқан шатыр көп. Бұл жерде намаз, мінәжат, әр алуан ғибадат жолында отырған ақ қас, ақ мұрт, жалаңаш шалдар көп. Екі қолдарын алақандарымен түйістіре қосып, маңдайларына сүйеп, мінәжат соңында сарылып отырған қалыптарын аңғартады. Нелер байлардың Индияның әр шетінен келіп, Ганг жағасында соңғы ай, күндерін өткізіп, өлмек талабы болады дедік. Су жағасы сұлу жаға. Осы жағада атақты "Рамаяна" әулиелік дастанының бір шығарушысы, жаңа вариант авторы тұрған дейді. Соның ескі, үлкен үйі көпке көрсететін ескі белгінің бірі болған. Әулие қала Бенарестің буддизм дініне, индуизм дініне қадірлі болған діндік ескерткіштері, храмдары, көркемөнер үлгілері Бенаресте аса мол саналады. Әсіресе сол діндер тақырыбына арналып, өте ескі замандарда ойылған тас мүсіндер, пұт құдайлар саны көп. Сол тақырыптарға арнап Индия шеберлерінің өнері тудырған қабырға суреттері де (фрескалар) көп. Бенарестің ең қасиетті ескерткіштері Будданың атымен, ісімен, пайғамбарлық үгітімен байланысты келеді. Будда Индияда, осы Ганг бойында, дәл осы Бенарес тұсында 2 мың 500 жыл бұрын дүниеге келген дейді. Біз сол Будданың храмына келдік. Бұнда Будданың туғанынан өлгеніне шейін басынан кешкен тағдыры, хал-ахуалы, әңгіме-аңызы, дін-парызы, жай-жапсары аса ірі шеберлікпен жасалған суреттер арқылы баяндалады. Мысалы, храмда Будданың туған шағы діндік аңыз боп суреттелген. Махамана деген патша әйелдің түсіне Будда ақ піл болып кіреді. Уақытындағы жрец жорығанда: "Ұл табасың, ол әулие ұл болады" дейді. Кейін будда аталатын Сидхарта деген бала солай туған. Ендігі бір суретте Будда дүниені тану үшін ойда отырған күйде суреттеледі. 29 жасқа жеткенде Будда адамзаттың бәрінің басынан кешетін сорды көреді. Оның біреуі — науқас, екіншісі — кәрілік, үшіншісі — өлім. Осы хәлден сырт қалатын адам жынысты, жан иесі болмасын білген Будда, өзгеше азап шегіп, ауыр қасірет ойлармен тебіренеді. Тағы бір суретте Будда баньян ағашының түбінде ой соңында (созерцаниеде) отырған болады. Бір қыз ағаштың қасына дұға оқуға келіп, Будданы сол ағаштың рухы екен деп қастерлейді. Тағы бір фрескада Будда жан-жағын қамаған жаулар ортасында отыр. Жаулары — жауыздықтың рухтары. Ішіндегі ең қара ниет қаскөйі өзгелерді Буддаға өшіктіріп беттетіп, өзі оқшау, қырын отыр. Будданың құмырадан жасаған және алтындап жасаған мүсіндері әр алуан шеберлік танытады. Бір суретте Будда ауру адамның жанында отыр. Бұл суретпен байланысты айтылатын Будданың өсиеті бар: "Юм ауруға жәрдем етсе, сол маған да жәрдем етеді" деген екен. Будда 80 жасында өлген. Сол өлім сағаты да суреттелген. Өз заманындағы қанішер жауыздардың бірін Будда жолға салмақ ниет етеді. Анау адам мың кісіні өз қолымен өлтіріп, алақандарынан алқа жасамақ болған екен. Енді өзінің туған шешесін де өлтірмек болады. Сол адамды Будда жолға салып, жөнге бастап, өзіне дос қып алған. Сурет осы жайды баян етеді. Индияның Пенджап деген уәлаятында археологиялық зерттеу жасалып, 2500 жыл бұрын Будданың дүниеде болғандығы анықталған деседі. Бенареске келушілерге екінші көрсеткіш орын — әулие ағаш, Будданың ең алғаш өсиет айтқан жері осы ағаштың түбі екен дейді. Бұл ағаш үш есе әулие саналады. Себебі Ашока патшаның қызы әкеп орнатқан, өзі пәлен мың жыл жасаған ағаш деседі. Осы тұста атақты мінәжат орны — "ступа" өзгеше көзге түседі. Бұ да өте ескі діндік ескерткіш. Біздің эрадан 250 жыл бұрын іргесі қаланып, VІІ ғасырда салынып болған екен. Бұндай әулие орынды салдырушы Ашока патша. Сол ступаны біз көруге келгенде, сонау Тибеттен жаяулап "қажылық сапарға" келген пилигримдер көрінді. Олар үстеріне қызыл киген, араларында әйелдері де бар. Ступаны айналып, намаз оқып жүрісті. Ашока заманынан қалған тас қоршау обелискілер де музейлік ескерткіштердің ірі бағалы белгілері. Әсіресе біздің эрадан үш ғасыр бұрын жасалған "төрт пілдің тұрпаты", "львиная капитель" бар. Төрт басты, бір денелі арыстан. Арыстан Будданың өзінің белгісі деп саналады. Будда суреттерінің көбі Гупта заманынан қалған деседі. Бірақ күні бойы біз көріп жүрген әулиелік орындардағы сол Будданың, Шиваның (болмаса басқа құдайы пұттардың) — бәрінің де бет-бейнесі әдейілеп шұқылған, сындырып күйретілген, кем-кетік етілген көрінеді. Бір мүсіннің мұрны шабылған, біреуінің көзі ойылған немесе бас, құлағы шабылған боп шығады. Осындай ескі ескерткіштерге жаңағыдай қаскөй әрекет етіп құлатушылар өзгелер емес, тек қана мұсылмандар. Мұсылманның діндар патшалары, хазірет, ғұламалары әр заманда "пәтуә" беріп: "Ойран етсең, күнәсіз боласың" дейді. Сондай қаскөй, өшіктіргіш фанатик сөздерге еріп, мұсылман әскерлері ескі ескерткіш, мүсін атаулының бәрін ақаулы қып қалдырған. Будданың тағы бір суреті гректің Антей жайындағы аңызына тап келеді. Бұл суретте Будда жерге қол тигізіп, содан күш алып отырған жайы бейнеленген. Будда өмірін суреттеуде дағдылы төрт кезең көп ұшырайды: туғаны, оқи бастағаны, үгіті, өлгені сияқты төрт буын өмір шақтары көрсетіледі. Біз көрген Бенарес, дін орталығы болғанмен, бұнда ғылым, өнер қазынасы тағы да мол. Бенаресте үлкен университет бар. Онда 8 мың студент оқиды. Ер, әйелі аралас оқиды. Университетте 14 колледж бар. Университеттің өзіне бөлек госпиталі, мейманханасы да бар. Жалпы университетке мол бақшалы жер берілген. Сол жер атаулыға салынған үй-жайлардың бәрінде жарым ай тәрізді, жартылай дөңгелей салынған көрініс бар. Жалпы университет жайлары үш имек қатарға бөлінеді. Алғашқы қатарда техникалық, механикалық, ауылшаруашылық, дәрігерлік, гуманитарлық праволық, Индияны зерттеушілік, Шығысты зерттеушілік ғылым орындары жайғасқан. Екінші қатар — спорт алаңдары мен жатақханалар. Үшінші қатарда — профессор, оқытушылар үйлері, деканаттар мен ректорат, кітапхана тәрізді жайлар салынған. Барлық бөлінген жердің дәл ортасында жаңа храм салынып жатыр. Ауылшаруашылық фермасы, сүт шаруасы, су шаруасы — бәрі де бөлек-бөлек өз жайын тапқан. Әйелдер колледжінде оқытылатын ғылымдар: психология, политика, социология сияқтылар болады екен. 350 қыз оқиды. Қалған қалың көпшілік — студент ерлер. Жылына университет 1500 маман бітіреді. Стипендияны барлық студенттер ішінен бес проценті ғана алады. Инженерлік колледждің мастерскойларында әр түрлі двигатель, дизельдер бар. Оқушылар темірді қашап, әр алуан тәжірибелерді өз қолдарымен атқарып жатыр. Мұнда токарьлық, слесарьлық, ұсталық, модельді ағаш ұсталығы — бәрі де үйретіледі. Студенттердің бассейні бар. Салынып жатқан ғимараттар ішінде храмның үлгісі мен молдығы өзгеше. Ол әлі бірнеше жыл бойы салынбақшы. Студенттер әзірше қаланың храмына барып намаз оқиды дейді. Бұл храм "Құтыбминардан" биік болмақ. "Бір залының өзіне 10 мың студент сиятын болады" деседі. Діндар университеттің кітапханасы да мол. 200 мыңнан аса кітап қоры бар. Университет үйлері мол бақтың ішіне таратыла салынған, бір араға үйілген емес. Бар үй саны 35-40 шамалы. Жеке-жеке үйлердің екі этаж, үш этаждан салынғандары көп. Әр үйдің архитектурасы стандарт емес, өзінше оригинал сұлу келіп, бір үймен бір үй үлгісі жарыса, таласа салынған тәрізді. Бұл жағына келгенде университет жас болса да, талай ескі оқу орындарынан асып түскен. Кешкі сағат 6-да біз осы қаладағы "Теософическое общество" дейтін бір алуан қоғамның қонағында болдық. Бұл еркек, әйел тең араласқан қоғам тәрізді. Негізінде діндік қоғам болғанмен, бұлар ағарту, мәдениет, өнер істерін қатты ескереді екен. Менің есіме Иранда XVІІ ғасырдан басталып тарап жүрген бехаистер қоғамы түсті. Олар да ағарту ісін өзгеше жоғары бағалап, дін қарызындай санайтын. Жаңа діндердің, тегі, жаңа заманға өзгеше үйлесу, қабысу есебі соны талап ететін шығар. Бұны олардың кейбір тобы шығыста, фанатизмге жеткізе көтеру керек. Бар нәрсені дін күйінде қабылдайтын болғандықтан, мына жайды қолға алғанда да діндік ынтамен алады. Индияның мынау қоғамы әйелдердің теңдік, азаттығы деген жайды әсіресе ескеретін тәрізді. Жиынның қақ жарымы әйелдер. Бірақ екі бөліне отырған көрініс бар, залдың бір жағы әйелдер де, екінші жарты жағы еркектер. Бар жиын жерде отыр. Төрде кішкене сахна бар. Соның екі жағынан әнші, күйші, бишілер шығады. Өнерпаздар арасында баладан үлкенге дейін әр жастың өкілдері түгел. 7-8 жасар мектеп балаларымен қатар, ақ шашты шалдар, қарт аналар да сауыққа араласады. Әйелдер ішінде 3-4 европалық әйелдер де болды. Олар да жерде, қалың кілем үстінде отыр. Қыздардың биі кришнаға (құдайға) арналған би. Екі қыз алақандарын, табандарын қызартып бояп алған. Сүрме "көздеріне жағылды" деуге келмейді, қайта көздері сүрменің ішінде қалқып жүргендей. Тағы бір кезек сегіз кісі биледі. Биі де, әні де сондай ұзақ, бірқалыпты болудың үстіне, көбінше монотон қалпымен ұйқыңды келтірердей. Осыдан кейін біз жазушылар тобына бардық. 140 шамалы жазушы, сыншы, әдебиетшілер, философтар жиылыпты. Мәжілісті философия докторы ашты. Бурыл шашты, мұртты, ұзын бойлы, семіздеу келген, күрең бешпет киген адам. Жұрт жерде кілемде отыр. Зал төріне өзбектің сыпасы сияқты жалпақ, кең, биік орын жасапты. Онда да кілем. Алда аласа стол. Біз, Сурков екеуміз бен профессор үшеуміз, сол аласа стол айналасында президиум боп отырдық. Әуелі профессор сөйледі. Ол һинді тілінде сөйлеп, ағылшынша аударылып, одан біздің тілге қотарылды. Бұл жиында Отанымыз, халқымыздың достық бейілін айтып Сурков екеуміз сөйледік. Көз алдымызда алақандай жаудыраған қара көздер көп. Аппақ боп ақсия күлген тістер, қап-қара шаштар жас қауымның жақсы бейілін біз арқылы, біздің халқымыз бен Отанымызға арнағандай. Бұнда әредікте бурыл шаш, ақ шашты, қасқа басты қартаң адамдар да кездесті. Жалпы көпшілік интеллигент жүзді. Осы кездесуде Индия газеттерінің тілшілері де болған еді. Бұл сағатта біз Индияның әдебиетші, журналистер тәрізді мәдениетті интеллигенциясымен кездескен едік. Түн жарымында Бенарестен қайтып, Моғол сарайға машинамен жеттік те, аздан соң бұрынғы вагонымызға мініп, Калькуттаға қарай жол тарттық. Жолдың жарымы өтті, бірақ әзірше тамаша Индия республикасының бірде-бір көріністері қайталанған жоқ еді.
VІІІ. Ұлы қалалар мен ұлы қайшылықтар
Калькуттаға біз поезбен таңға жуық тақаған едік. Ерте оянып, Бенгали уәлаятының көрінісін тамашалап келеміз. Оңтүстікке қарай ауыса түскендіктен болу керек, Бенгали штатының табиғаты қатты өзгере бастағанын байқадық. Бұнда ең әуелі егін-тегін даласы басым. Барлық Индияда адамы тығыз өлке осы. Бенгалиде әрбір шаршы километрге үш жүз адам келеді дегенді естідік. Дүние жүзінде ең халқы жиі өлкенің бірі - Индияның осы уәлаяты болса керек. Соның орайына жердің беті-жүзі адам еңбегінің әсеріне мейлінше берілген. Бұл өлкеде бұрынғы уәлаяттардан әлдеқайда көп қыстақтар кездеседі. Үй шатырлары ерекше тігірек болып сопайып салынады. Жауын нөсері көп болатын шақтардан сақтанғаны болу керек. Пальманың жапырағынан жасалған салам тәрізді сұр шатырлар. Үйлер сұр балшықтан қаланған. Кей шатырлар ғана оқта-текте қызыл қыш черепицамен жабылған. Үйлердің көбі ыстық күннің өтінен қашып, ағаш-ағаштың көлеңкесіне тығылған. Бұнда ағаш та қызық боп өзгеленіп ұшырай бастады. Қазір көзге пальма ағаштары көп кезігеді. Кейде пальманың тоғайы да кезігіп қалады. Жалпы пальманың тегі әлденеше: сағалық, какостық, құрмалық, олифтік пальмалар болады екен. Бар пальма ұзақ жасайтын, мықты ағаштар. Рас, тағы бір ерен мықты ағаштың бірі — бамбукты мен алғаш рет кешегі Бенаресте көріп ем. О да зәулім биік боп, бас жағы майыса, жайыла шашырап өседі. Үлкен топ боп шоғырымен өсетін тәрізді. Индияда, әсіресе оның оңтүстік жақтарында бамбук ең қымбат, ең берік ағаш. Салынып жатқан үйлердің басқышы мен үлкен құрылыс сыртындағы ағаш қоршау, жетек пен үй тірегі болсын — бәрі де бамбуктен істелетін көрінеді. Бамбуктың бітісі қамыс тәрізді, буын-буын, өзі тастай қатты, әрі жеңіл, әрі мықты. Қазақ сол қамыстың жарып иген түрін бұрын местелі шайдың сыртқы құрсауынан көрген болатын. Калькутта маңында бамбук заңғар биік, Алматының ақ терегіндей аспанға құлаш ұрып тұрады. Көлеңкесі аз, зәулім ұзын ағаш бамбук пен пальмалардан басқа, Калькутта маңында тағы бір ғажап мангу ағашы да молайды. Бенаресте Будданың храмына бара жатқан жолда біз сол мангу ағашының аллеясымен барғанбыз. Мангу ағашы қазір де қалыңдап, молайып келеді. Бұл аса зор, бұтақтар мағы көп, көлеңкесі өзгеше мол, бір өзі жарым кварталдай орын алып, жайылып тұратын ағаш. Өзі көп жасайды. Мен біздің тілімізде "ұзақ заман" жайын "мәңгі" деп атайтын сөзді "осы ағаштың атынан тумады ма екен" деп ойладым. Калькуттаға жақындай түстік. Міне, енді біздің Одаққа осы оңтүстіктен апарылатын белгілі жеміс — банан бақшасы да көзге көріне бастады. Өңшең банан ағашы мен жемісінен құралған бақша өзі де оқшауланып ерекше болады екен. Жалбырап, құрақтай толқып, биік, мол ағаш бойында жапырақтары сілкінеді. Солайша тармақтанып өскен банан жапырағының әр саласына, кең саясына тығыла жабысып, үлкен-үлкен банан жемістері өседі. Олар жүзімнің тобындай боп шоғыр-шоғыр бітеді. Қалаға кіре бере, біз зор қала Калькуттаның үлкен өндіріс пен мол сауда майданы екенін сезе бастадық. Калькутта, тегінде, Индияның ең халқы қалың үлкен қаласы. Бұнда 6 миллион адам тұрады. Дүниедегі үлкен порт қаланың да бірі саналады. Калькуттаның атақты ұзын көпірін де көріп өттік. Қала ішіне кіре бере, Индияда бірінші рет жаяу извозчик-рикшаны көрдік. Қара жылтыр, әдемі екі аяқ күймеге екі дертені көтеріп жегіліп алған рикшалар. Қап-қара борбайлары дедектеп, жалаң аяқ, жалаң бас күйде елбек қағып, ұшып жортып жүр. Оның күймесіне отырған жүргіншілер арасында сақалды, ерлі-зайып, салмақты, паң жүзді адамдар да ұшырайды. Қала орталығы төрт-бес қабат тас үйлер. Бірақ көшелер тарлау. Ерте сәске шағы болса да, халық жапыр-жұпыр, сендей соғылысады. Жүргіншісі аз, қағаберіс алаңы мүлде жоқ. Сол көшелерде қайнаған адам селінің арасында тағы да буйвол, есек, сиыр, рикшалар қақтығысып жүр. Бұл қала байлықпен, барлықпен қатар, барынша сорлаған жоқшылық, қайыршылықтың бетпе-бет кезігіп тоғысқан жері. Көше сайын қайыршы еркек, әйел, қара борбай балалар жалаңаш, аш күйде қаптап жүр. Шаштары кірлеген, дудыраған, ауру екені, кәрі екені белгісіз, беті қатпар-қатпар болып қатып қалған қайыршы әйел қолына емшек баласын ұстап, машинаға үміткер қолын созып жүргізбейді. Бұл қалада тілемсектердің көптігі адамды шошытарлық деуге болады. Сол қайыршылармен қатар Калькуттада үйсіз, панасыздар да көп. Кей ағаштар түбінде, әлдебір алақандай көгал алаңда немесе тас үйлердің тас іргесінде, ап-ашық көшеде жыртық, жұқа лыпасына шала оранып, бұралып жатқан адамдар талай жерде жиі кездеседі. Индияға келмес бұрын Индия турасында оқыған бір кітапта "Калькуттаның үйсіз, панасыз жандары бірнеше жүз мыңға да жетеді" деп жазған еді. Сан мөлшерін білмеймін, бірақ бұл шаққа шейін өз тірлігімде көзбе-көз кездесіп көрмеген қалың жоқшылық, жүдеулік басқан мол жұртты, ер-әйелді, кәрі-жасты, әсіресе тілі жаңа шыққан жас сәби қайыршыларды көргенім осы. Өнебойың тітірейді. Ал "сол жандар қайда тұр?" дегенді ойласаң, дәл қасында сұлу особняктар, бай мейманханалар, дүниелігі тіреліп тұрған мың сан магазиндер, бай банктер, асфальтті көше, ағылып жатқан американ, англия автомашиналарының нелер сәнді маркалары. Мұнда "шеврале", "додж", "бьюик", "фиат", "форд" дейтін машиналар жалтырай түсіп, өзендей ағады. Жаңағы жоқшылық, қайыршылық жағасынан күйлер күңірентіп өтеді. Калькуттада Индия халінің мол қайшылығы бетпе-бет тоғысып, қақтығысқандай дедік. Сондай қайшылықтың бірі көркемөнер атаулының кейбір сала майданында тағы айқын көрінеді. Мысалы, Ғылым академиясы, көп университеті, бай поэзиясы бар Индияда кино өнері де, өндірісі де аса қатты өсіп, молая түскен. Ал сонымен қатар өзге елдер тарихында кинодан әлдеқайда бұрын туатын, біздің бүгінгі ғасырымыз ұғымынша танылатын театр өнері бар емес пе? Индияда сол театр мәдениеті өте сәл, солғын. Мысалы, бар Индияда бірде-бір мемлекет театры жоқ. Біз көрген Дели, Бенарес тәрізді ұлы қалаларда және одан басқа ескілікті қалаларда та театр жоқ. Бүгін бізді Калькуттада бірінші рет Индия театрына алып барысты. Аңдасақ, бұл сол өнерді сүйетін бір ғана адамның өз пұлына ашқан театры екен. Алты миллион халқы бар Калькуттада осындай төрт театр бар, бәрі де жеке адамдар ұстайтын театрлар. Біз көрген театрдың артистері түгелімен арнаулы оқуы жоқ, театрдың маманы емес, тек жай өнер сүюшілерден құралған артистер тобы. Бірақ араларында халық ортасынан шыққан анық талантты, өнерлі бірен-саран артистердің бары байқалады. "Шемали" деген пьеса, сол Шемали атты мылқау қыздың драмасын көрсетеді. Бірақ пьеса мен жалпы театрдың мәдениет дәрежесі де профессионал мәдениетті таныта қойған жоқ. Барлық мазмұн да, көріністер де орташа клуб спектаклінің дәрежесінде. Соған қарамай осы спектакльдің өзі де екі жылдан бері жүріп келеді деседі. Бұл театрдың залындағы жұрт та қызық. Онда оқыған, зиялылармен қатар, театрды "жай қызық" деп бағалаушы халық та аз болмау керек. Залда, көрушілер арасында емшектегі баласын ала келген әйелдер де бар. Спектакль кезінде сол балалар шырылдап жылап та қойысты. Зал дабырлап, наразылық айтысып жатты. Дәл революция басындағы біздің ең алғашқы үйірмелеріміз клубтарға қоятын сауық кештерінің айнымаған өзі. Калькуттадан Мадрасқа біз самолетпен ұшатын болып ек. Аэропортқа қарай ерте, сәскеде бұрын біз жүрмеген көшелермен жүрдік. Қаланың ішін, әсіресе сұрықсыз бір шетін осы жолы молынан көрдік. Тегі, Индияның үлкен қалаларының орталық тұстары бай болып, мәдениетті ағылшын үлгісімен салынған. Анық XX ғасыр ортасының европалық қаласы болып келеді. Бірақ осы Калькутта, кейін Мадрас, Бомбей және Делидің өзі, онан соң әсіресе Пакистанның астанасы — Карачи тәрізді қалаларда тарихтық, мәдениеттік, қоғамдық ұлы қайшылықтардың айқын бейнесіндей боп қаланың өзгеше бір бөлімдері кездеседі. Ол ең жүдеу де жадау, барынша жабайылық пен жоқшылық, сорақылыққа толы. Қайыршылықтың жүдеу тонын жамылған шеттер, шеткі аудандар мен көп кварталдар солар. Бұларды әрбір жаңағы атаған үлкен қалаларда "жергілікті елдің тұрғын бөлімдері", туземный кварталдар деп атандырған. Қаланың көрікті, тас сарайлы, мәдениетті бөліктерінен бұл кварталда тұратын адамдар көбірек. Анау бөлімдерде, жарастықты орталықтарда шетел байлары, фабрикант әкімдері, келгін саудагерлері тұрады және Индияның өзінің ішінен шыққан азғана топ байлары, әкім-төрелері, саудагерлері мекен етеді. Осы орталық пен жаңағы шеттер арасында ғасырлар жатқандай. Барлық күй-жай соншалық кереғар — жұмақ, тозақ арасындай бітімсіз қайшылықта. Біз Калькуттаның орталығына өтіп, қаланың сондай бір шетіне тақай бере, үйлер нашарлай бастады. Әуелі аласа, жалғыз қабат үйлер молайса, содан әрі неше алуан қоқсық, жыртық лашыққа ұқсас жүдеу жайлар молайды. Жаман баспана, шоқпыт күрке тәрізді күйкі пана сымақтар молайып кетті. Содан да әрі шыға, шетіректе және де ағаш көбейе бастады. Бұның көбі мангу ағаштары тәрізді. Кейде төртеу-бесеуі тоғысса, толы тоғайға бергісіз. Біраз жерлерде жеке ағаштың өзі де ғаламат зор сая жасайды. Кейбір мангу ағашы сонша кең айналып, жайылып түскен. Көкшіл аспан жүзінде дөңгеленген, өзінше бір мол да, әдемі қоңыр кестедей. Ол кестенің өзі де өрнекті, мың нақысты, тас оюлы ескі храмдар мен сарайлардың кестелері тәрізді. Мадрасқа біз "Дуглас" маркасына ұқсайтын шетел самолетімен ұштық. Жол алты сағаттық. Көрген мен сезгенді жайлы отырып, жаза түсуге бұ да бір оқшау жағдай дерлік. Сол жолдың көрінісін оңаша сырлас дос "күнделікке" жаза бастадық. Әуе кемесінің трассасы (жол аңғары) Индия мұхитының Бенгал қойнауын басып өтеді. Астымыз теңіздің ең жайқын, анық "ұшан-теңіз" дейтін шексіз де түпсіз тау толқындары. Оқта-текте жер жағалар көріне түседі де, сәлден соң көз ұшынан үзіліп, жоғалып кетеді. Ол шақта көп ертегілердегі бір жай еске түседі. Самұрық құс қанатында кетіп бара жатқан ерден құс: "жер қандай?" деп сұрағанда, ол: "жер тоқымдай" деп бір айтатын. Тағы бір сұрағанда: "жер теңгедей" деуші еді. Сол жай еске түсіп, мен осы бір сапарымның өзін самұрық құс қанатына мініп ұшқан ертегі ерінің күйіндей көремін. Рас, менің самұрығым нақтылы маркасы бар, мынау самолет емес. Ол — өз жайымды теңеумен мегзеп айтқан сөзім. Ойдағы шешуім — өзге. Менің шын самұрығым: қазіргі социалистік Отанымдағы алтын заманым, шат-шадыман шағым. Мені де, менімен қоса елімізді де алып қанатына мінгізіп ұшқан самұрық бар. Ол бұрынғы дүниеге де, ертегі қиялға да сыйып, келіп көрмеген ұлы самұрық. Ол — Октябрьден басталған сәулелі социализм дәуірі. Сол Отанда еңбек ету, өмір өріне жету, табыспен, адал еңбекпен қанағаттану және Отан сенген, құрметтеген қадір көру — барлығы сол самұрық қанатына мініп ұшқанмен тең деген ой келеді. Мына сәтте ассоциация жөнінен көңілге оралғаны осы еді. Жол бойында, алты сағаттық сапар кезінде біз екі жерге түсіп, дамыл алдық. Бұл орындар қала емес, шамасы, қыстақ көлемінде бір алуан көрініс жайлары. Теңіз жағасында тұз сүзіп алып, соны сорғытатын шақпақ тақталар жасаған бір өлкелер. Осы жайға самолет қонарда біз теңізден, бұлттан, сан биіктен асып ұшып, сүңгіп шығып, оқыс кеп жеттік. Дәл қонар кезіміз, жерге жетер шағымыз қызық болды. Теңізден жағаға қарай беттей бергенімізде, қалың, биік, қоңыр тау көрінген. Сол тау ұзақ, қыртысты емес, үзік-үзік. Әр бөлегі әр бітімді таулар екен. Бәрінде де өсімдік қалың. Кейбірінің төбесіне дейін қара жол жеткен. Үйлер де, храмдар да аз емес. Жалғыз ғажабы, бір араға жиылғалы, тоғысқалы тұрғандай әр бөлек: қырқа, шоқы, серек, доңғал, заңғар, тектұр, шақпақ, кереге жал — бәрі де оқшау-оқшау, бітім жаратылыс танытады. Шапшаң ұшқан самолеттің тездігімен шолғанда, жаңағы таулардың бәрі де бір араға тоғысқан да, осы өлке тамаша биіктеген тасты, жүндес таулармен әдейі безелгендей. Сирек қызық бір ерекшелігі, самолет жақын таулардың көрініс пейзаждарын тез құбылғыш динамикалы күйге айналдырады екен. Таулар аралары сәл үзіле береді де, әредікте пальма, мангу, банан атаулының әлденеше топтары, бақтары өз сорттарымен көріне қалады. Және де шақпақталып бөлшектенген көгалды далашықтар ұшырайды. Оларды суаруға арналған бөлек-бөлек сулар ыдыстарға құйылған арнаулы, сақтаулы үлес сыбағадай. Жаңағы таулар мен осы көріністер кейде өте шапшаң ауысып, ұйтқып өзгеріп қалысады. Енді бір шақта осындай қызық жағалардан тағы да үзіліп алыстап, ұлы теңіз қиянына жеттік. Осыдан Мадрасқа жеткенше жер-жаға жоғалып кетті де, біз тек қана теңіз үстінде болдық. Бір уақыт астыңғы жағымыз көбінше өркештелген, будаланған ақ бұлт екен. Сол көріністің арасында бір шақта ойда жоқ тамаша сәт туды. Жырақта, төменде теңіз суы жасыл-көк боп мол жайылғанда, соның бетіне біткен жеке-жеке кішкене ғана ақ бұлттар түтеленіп, шашырай қапты. Ғаламат бір хал байқалды. Енді астыңғы жағымыз кәдімгі ашық күнгі ұшпа бұлты бар, кең, көк аспанның өзі болып апты. Мүлде аспан төңкеріліп астымызға түскендей. Осы шақта кей жолдастар үйлеріне хат жазып, адресін: "Калькутта — Мадрас самолетінен, Индия теңізінен" деп атасты. Осы күні таңертең біз Мадрасқа келдік. Қарсы алған жұрт көп еді. Бәрі де Индия интеллигенциясы. Бұлардың киген киімдері тегіс ақ түсті. Анық жаздың жеңіл киімдері. Костюм киген кісі жоққа тән. Индияның терістігінен бұл жақта үлкен айырмыс бары байқалады. Февральдың 11—12-сі болса да, біз анық ыстық жаққа ауысып қаппыз. Бұл жолғы түскен мейманханамыз қаланың теңіз жақ жағасында екен. Бір жақта мол теңіз, екінші жақта үйлерден бойы биіктеп асқан тек қана тамаша, зәулім сұлу пальмалардан құралған бақша. Бұл анық кокос пальмасы болу керек. Өйткені биік кеуде тұсында шоқпарланып, жүз-жүзден үйілісіп өсіп тұрған көкшіл, жылтыр жаңғақтары бар. Жайғасқан бөлменің екі жағындағы терезелерден көп бояулы сұлу құстар көрінеді, дамылсыз үндері естіледі. Аңдасам: бәрі де бірде бажылдап, біресе бақыра түсіп, немесе сықырлап, тынымсыз үн салып жүрген тотылар екен. Осы күні түсте біз Мадрас губернаторының қонағында болдық. Мұнда аса көп жан жиылған екен. Мадрастың басшы әкімдері мен көрнекті зиялылары келіскен. Араларында оқымыстылары, дипломат, министрлер, шетел елшілері, дін ұстаздарымен қатар, әнші, киношы ер-әйелдер жиылыпты. Ескі Индия үлгісінде жырлайтын атақты әнші әйел концерті болды. Сахна ашық, айнала гүлдер мол. Жұртшылық қатты қадірлейтін әнші әйел екі көмекші қыздарымен, өз оркестрімен тегіс сахнаға шықты да, тура жерге отырысты. Сол қалпында ұзақ уақыт жырлады. Индияның көп күйлері мен әндеріне де діндік, поэзиялық мазмұн, сарын айнымас дәстүр болып мол жайылған. Мынау әнші әйел сондайлық үлгідегі күйлі жырлар орындады. Осы жиында біз Индияның көпке мәлім, қарт дипломаты Раджагопалачариямен кездестік. Ең алғаш ол кісімен Делиде, президенттің сарайы қасында, Моғол паркінде танысқан едік. Сурков пен екеуі аз қалжыңмен қағысып өтіскен болатын. Бұл жолы және де аз әңгіме үстінде біз ол адамның үнемі сергек ойлы, аса тапқыр және өте айтқыш, қазақша суреттегенде анық "от ауызды, орақ тісті" кісі екенін байқадық. Өзінің сырт бітімі де еріксіз көз тартады. Тақыр, бурыл басының бет жағы қой бастау келген. Үлкен, ұзындау имек тұмсығы, сирек сары тісі, үлкен аузы - бәрі де ілгерілей, ұмтыла біткен. Арық денесінің сіңірлі, тарамысты бітімі, ұзын саусақтары, мойны, кеңірдегі де әлдебір тұмсықты, тұяқты кәрі қырандарға ұқсатады. Әжімді жүз, ашаң бойы әлсіздік, қажығандықты білдірмейді. Қайта пісіп, қатып қалған қағылез, алғыр қырғын қабілет танытады. Ол бір теңеу сөз сөйледі. Біздің елдің соғысты, жаулықты сүймей, тыныштық, бейбітшілікті сүйетінін Сурков айтқанда, жауап етіп, жаңағы теңеуді айтқан еді. "Әр мемлекет әрбір үй салушы тәрізді. Үйді құймамен қоршайды ғой. Өзін сақтау, сақтану үшін солай етеді. Бірақ сол өзін сақтау инстинкті кейде шектен асып, агрессияға айналады. Әсіресе, байларда солай болады. Мысалы, Америка бай, сол байлығы үшін қорқады да, сендерден "сақтанамын" деп пәлеге өзі бас болады. Мысалы, Индия кедей, сондықтан ол қорықпайды да, сақтанбайды" деп күлді. Сол әзілге орай кедейлер жақсы болатынын, әділ болатынын айта бастаған Сурковтың сөзін бөлді де, қарт дипломат өзінің таптық құбылысына қарай шұғыл бұрылды. "Кедейлік мақтарлық, сүйсінерлік күй емес, ал кедейлер ызақор, сотқар болады", — деді. Бұрын Англияның Индиядағы азаттық қозғалысына қарсы жасап жүрген әрбір айлакер саясатының бір шағында, осы қарт дипломат сол Индияға вице-король боп та сайланған-ды. Әрине, сондықтан бұның қоғамдық көзқарасында неше алуан ойқы-шойқы оқаптар да жоқ емес болу керек. Сонымен қатар от ауызды, айтқыш, алғыр осы дипломат жақын шақта Американың соғыс құмар қан қорларын сынап сөйлепті. "Егер Америка бейбітшілікті біз де тілейміз дейтін сөзді шын ниетімен айтса, соған бірақ дәлел өтінуге болады. Осы күнге шейін жасап алған атом бомбаларының бәрін теңізге тастасын да, құртсын. Өйткені дүние жүзінде бір мемлекетке соғыс қаупі жоқ болса, соның бірден-бірі Американың өзі. Құралды тастасуға келгенде, ең алдымен Америка тастаса, әділет сол болады. Өзгелерге үлгі кепіл де сол болады" дегендей сөз сөйлеген. Индия дипломатының осы алуандас сыншы, тапқыр сөзі біз Индияда жүрген шақтарда дүние жүзіндегі сан тілдердегі баспасөз жүзіне түгел тараған болатын. Өткір тұмсық пен салалы көк темір тұяқты әп-сәтте жарқ еткізіп жұмсап жіберіп, бұрқ еткізіп қан төгіп тастайтын қыран бар. Қарт дипломаттың сол кәрі қырандай бір алғыр мінезі, қимылы Американың бүлігі мен бұзарларына қарсы солай жұмсалған екен. Осы күн кешке бізді тамил тілінде жазатын жазушылар мен ғалымдардың оқшау бір жиылысына шақырған еді. Бұл жиынға келген халық және де мол болды. Губернатор да келіпті. Жиналыс осындағы екі кәрі оқымысты филолог, жазушы адамдарға жасалған юбилей мерекесі екен. Бұның бірі — Пиллай зерттеушісі, тамил әдебиетінің классикасын ұғынуға көмек еткен, әрі журналист, әрі ақын қарт. Екіншісі — тас жазуларды шешкен Айвангар атты карт екен. Бұл кісі Мадрас колледжіндегі тамил тілінің профессоры. Оның жақындары да тамил әдебиетінің өсуіне көп еңбек еткен. Бұрын тамил тілінің сөздігі туралы Чандлер деген ағылшын жазған еңбек бар екен. Сөйлеуші шешендердің бірі сол еңбектің тамил тіліне қонбайтын, жанаспайтын одағай, теріс шалалықтарын ашып, көпті күлдіре сөйледі. Мынау оқымыстылардың бұл жөнде ғылымдық зерттеуді дұрыс жолға бағыттағанын айтысты. Жиында Мадрастың губернаторы екі қартты құрметтеп сөйлеп, екеуіне арнап сыйлар ұсынды. Бірақ бұл әкімнің өзі тамил тілін білмейді екен. Сол себепті өзі индус бола тұра, ағылшын тілінде сөйлеуге тура келді. Индияда 60-қа жуық тілдер бар деп саналады. Соның ішінде 15 тіл ірі тілдер. Ол тілдерде көп халықтар сөйлейді. Сондай тілдер: һинді, урду, бенгали, тамил, марати, гуджарати, ассам, канери, малаялум, пенжап тілдері сияқты топтар. Бұл тілдердің ішінде һинді тілінде сөйлейтін халық бәрінен де көп саналады. Сол себепті Индия үкіметі енді 15 жылдан соң Индияның мемлекет тілі етіп һинді тілін кіргіземіз деп жариялаған. Бірақ мынау тамил тілі сияқты, ескі тілдердің арасында: 10 миллион, 20 миллион, кейде 30 немесе 40 миллион халық сөйлейтін көне тілдер бар. Ол тілдерде бірнеше жүз жылдардан бері туып-өскен көркем әдебиет және өз классикасы бар. Толып тараған, дамыған әдебиет тілі қалыптанып отыр. Енді ағылшын әкімшілігінің заманында барлық пәлен жүз миллион индус халқына тек бір ғана отаршылар тілі — ағылшын тілі боп жүрген болса, бұл күнде жаңағы жергілікті үлкен тілдердің бәрі де жойыламыз деп ойламайды. Ол тілдерді тұтынған халықтар топтары да өз тілдерінен не қып оп-оңай айрыла қояр екен. Әдебиеттік, ғылымдық және көркемдік сапа жағынан салысқанда, жаңағы аталған тілдердің көбінің жазушылары өз тілдерін һинді тілінен әлдеқайда "мәдениетті, өнерлі тіл" деп санайды. Осы тілдер таласы бүгінгі Индиядағы аса бір үлкен қайшылықтың тағы бір алуаны тәрізденді. Бір жағынан қарасақ, әрине, бүгінгіше, барлық азат Индияда қуылып кеткен отаршы ағылшынның тілі ғана мемлекет тілі, ғылым тілі, жас буынның жоғарғы оқу орындарындағы тәрбие тілі болып отыруы жол емес-ақ. Ағылшындар саясаты өздері билеген 100 жыл ішінде сондай қаскөй, қатал айламен ұлы халық Индияға ағылшын тілінен басқа бүкіл халықтық, мемлекеттік бір тілді жасаттырмаған. Сонымен, бүгінгі республика болған азат Индияда көп тілдер қатар жасап, таласып отыр да, әзіргі барлық Индияның баршалық оқыған, көзі ашық мәдениетті қауымына түгел ортақ жалғыз тіл ағылшын тілі ғана болып отыр. Бүгінгі кейбір индиялық тілдердің өкілдері - индустар өзара ұғысқанда тек ағылшын тілінде ғана тіл қатысып, ұғыса алады. Өзі индус, өзі Индияның отаншыл партиясы, конгресшілер партиясының көрнекті мүшесі. Мадрас губернаторының өзіндей индус оқымыстылары туысқан тамил тілінің зерттеушілері алдында тек қана ағылшын тілінде сөйлейді. Осы ерсілік, қайшылықтың себебі шынайы бүгінгі Индия болмысының терең қиынында жатқан қайшылықта. 13 февраль күні біз Мадрастың маңындағы жаңа үлгі-жоспармен құрылған ауылшаруашылықтың бір зор құрылысына қарай аттандық. Тәжірибе ретінде Индияның көп жерлерінде Индия үкіметі көп күш жұмсап, бейіл беріп жаңадан ұйыстырып жүрген үлкен шаруашылық үйірмелер бар. Оларды "Жалпының жоспары" (Общинный проект) деп атайды. Бұл жолы біз сондай шаруаның екінші бір түрін көруге бекінген едік. Осы алуандас шаруалы құрылыстың біреуі "Санипатыны" біз Дели маңынан көргенбіз. Қазіргі біз баратын сондай тәжірибе шаруасының аты — "Кульпаттандалам". Сол шаруаға жеткенше, жол бойында біз егіс даласын аралай жүрдік. Бұндағы егістің көбі күріш. Мадрас маңында ол жылына екі рет орылады. Бұдан арғы оңтүстікте жылына үш рет орылады екен. Біз жаңа тәжірибе шаруашылығының орталығына жеткенімізде, қыстақтардың көп үлкендері мен балалары алдымыздан шығып, достық, құрмет бейіл көрсетісті. Қыстақтардың жастары концерт жасап, ашық сахнада өз өнерлерін танытты. Ұсақ балалар көбірек болған концертте Индияның әндері, билері орындалды. "Жалпының жоспары" дейтін шаруа көп жанды ұйыстырған қоғам. Мысалы, осы бір шаруашылықтың өзінде халық саны 2 миллион екен. Бұндай шаруаларды ұйыстыру жөнінде жоспарларын бекітіп, қаражат жәрдемін беру, құрал-сайманды қамтамасыз ету жөнінде үкімет көп көмек көрсетеді. Осындай шаруашылық ауданның басына үкімет тарапынан жіберілген басшы ұйыстырушы — инспектор болады. Сол инспектордың бұл шаруа жөнінде берген мәліметтері, ауыл шаруашылығына мәдениетті басшылық пен ұйыстырғыштық жұмысы ойдағыдай жақсы жемістер беретінін аңғартады. Мысалы, мынау шаруашылық ауданында күріштің өсімін үш есе арттыру мақсат етіледі. Сол жөнде 30 акр жерге күрішті жапонша егу тәжірибесі қолданылып жатыр. Бұнда ағаш өсіру жоспары да бар. 5 мың түп ағаш орнату жоспарлық тапсырма екен. Соның 4 мың түбін орнаттық дейді. Қыстақтарда көпшілік пайдаланатын мол сулы терең екі құдық қазыпты. Мал қора салыныпты. Халық күшімен жол салыпты. Көпір жасапты. Жаңағы екі миллион халық тұратын осы бір шаруашылық ауданға қараған қыстақтар саны 110 екен. Соның әрқайсысында жаңағы әр алуан жұмыстың арнаулы тапсырма таблицасы бар. Орталығында мәдениет үйі де бар. Үш айлық жоспар бойынша жеке шаруалар тұратын үйлер түзеліп салынып жатыр. Олардың шатырлары салам орнына черепица болған. Сондай үлгілі боп салынған бір үйде тазалық, тәртіп айқын байқалады. Еден кірпіш, жатын үйден ас орны бөлек, қорасында өз құдығы бар, ретті үй. Осындай үйді көбейтпекпіз деседі. Инспектордың әр қыстақта алты қыз, алты жігіт көмекшісі бар. Ерлер мен әйелдер арасындағы жалпы шараларды жүргізуге көмек етіседі дейді. Қыстақтық шаруалардың денсаулық, тазалық қамдарын ойлау ретінде, әр қыстақта көпшілік пайдаланатын әжетхана жасауды да осы жоспарларына кіргізіп, қолға алысыпты. Бұл сапарда біз баяғы замандағы көне Индияның мықты порты болған бір жайға соқтық. Ол жерде және де тұтас жартастан шауып, қашап жасаған "Махабалипурам" атты жартас храмы бар екен. Бұл храм VІІ ғасыр ескерткіші. Осында шөке түсіп жатқан бұқаның тас бейнесі бар. Адам мүсіндерінің ішінде әрі еркек, әрі әйел бейнесі, екі жыныс қақ бөліп алғандай, адам тұлғалары да көрінеді. Жаңағы храм осы мүсіндермен тегіс Шиваға арналған ескерткіш. Жауын мен жайдың құдайы пілге мінген қалпында бейнеленген. Бүгін біз бір топ қыстақ адамдарының өлікті әкеле жатқан шағын көрдік. Өлген еркек екен. Аузына кептеуіш тығып, биік көтергішке салып, үстіне шатырша жасап, қалқалап алыпты. Бойына жібек жабылған. Ең алда қартаң, суық түсті адамдар келеді. Солардың қасында жастау бір адам оқтын-оқтын әндетеді. Жоқтау айта ма немесе дұғаны әндетіп айтып келе ме, айыру қиын. Алдыңғы топтың артын ала үш кісі келеді екен. Олар шөңкеде түтіндеген от-шаланы көтеріп әкеле жатыр. Сол отты ұстап келе жатқан — өлген жігіттің әкесі екен. Өзі өртемекші. Табыт артынан 30-40 шамалы жартылай жалаңаш еркектер келеді. Әйелдер жоқ. Өлікті жағатын жерде оларға болуға жол жоқ. Біз келген аудандық өлке шаруасы осыдан 5-6 жыл бұрын ұдайы құрғақшылыққа ұшырай беріпті. Бар дүние күйіп, түк шықпай қойыпты. Тек соңғы жылдар жауын жақсы боп, жаңаша ұйысқан аудан едәуір күшейіп қалыпты. Сонда да инспектор ауданды "кедей" дейді. Бірақ Калькутта қаласы мен Мадрастың жергілікті халық тұратын аш кварталдары бұнда жоқ. Біз болған қыстақтардағы адам ажары ондайлық аш, жүдеу, бұрлыққан сияқты емес. Қайта көңілді, қайыршысы мүлде жоқ. Бала мен үлкен бәрі де сергек, қызыққұмар, шынайы тірлігі тәуір, дені тетік елдің қас-қабағын байқатады. Мадрастың өзінде келесі күні таңертең және де Индия архитектурасының ұдайы аталатын мақтаны — ерекше бір храмды көрдік. Салынғанына мың жылға жақын мезгіл өткен "Кабалиширатем" атты храмның алтындаған күмбезшелері бар. Сыртының бәрі барельеф, скульптура. Бұнда гранит тасы молырақ қолданылған. Әр этажда тастан қашап, ағаштан оюлап істеген нақыстар мол. Екі миллионға жуық халқы бар Мадраста және де храм аралауды жеткіліксіз көріп, бір жолдаспен жеке бөлініп, қаланы еркімізше аралауға кірістік. Сөйтіп, біз ұлы теңіз жағасында кәсіп еткен Мадрастың балықшыларына келдік. Бұл тұста теңіз жағасы толып жатқан жүдеу, жыртық кішкентай ғана күркелер мен кір басқан балағандарға толы екен. Ерлерін тосып теңізге қарап тұрған әйелдер көп. Кешеден кеткен бірен-саран балықшылар тұманды теңіз толқынынан үзіліп шығып, біртіндеп қайтып жатыр. Бұнда келерден бұрын біз жол бойында қаланың тағы да тамаша үй-жайларын көргенбіз. Сол қатарда үкімет үйлері, сот көшесі, сауда орталығы, мол сауда көшесі бар сәнімен, байлығымен жарқырай көрініп еді. Енді жұмысшы қаласына, жергілікті халық тұратын қала шетіне келсек, сәл түзелген аз жерлері болғанмен, масқаралық, бейшаралық қарғысын мойнына киген күйде, барынша жүдеу-жадаулықта тұрған үйлер, кварталдар көп екен. "Бұрынғыдан оңдала түсті" дейтін жұмысшы қаласының бір бөлімі бар екен. Онда су бар, әжетханалар салынған. Жұмысшы қаласы Рагнер дейтін жазушының атындағы қала екен. Сондағы бір мектепке кіріп ек, бірінші класта 60 бала оқып жатыр. Класс іші еріксіз түршіктіреді. Жаңағы 60 шамалы ұсақ балалар азғантай жерге бүрісіп, жұқа бойра үстінде, жерде отыр. Бөлме төбесі шошақ, өзі қамыспен жабылған. Оқытушы жалаң аяқ. Бұл тұста тек көше ғана кеңейе түскен. Бірақ сол араға жақын тұрған нелер сорлы жыртық лашықтарды көрдік. Кейбіреулері ін тәрізді. Ішіне кірсең, қап-қараңғы, ыс басқан. Адам отырар орын — тек құрғақ қара жердің өзі. Масқара түрдегі бағзы заман жабайылығы дәл осы Мадрас қаласына кеп орнағандай. Ұзақ жүргенде жаңағыдан біраз түзеліңкірей түскен, бірақ сонда да адам шошырлық жұмысшылар үйлерін көрдік. Мадраста да үлкен қаланың үлкен қайшылық, ерсіліктері Калькуттадағы қалыпша бетпе-бет ұшырасқан. Бір жағынан қарасақ, бұнда уәлаятты билейтін парламент бар. Оның басында отырған Индияның өз қайраткерлері. Қалада ең зор университет бар. Жалпы қала байлығына қарасақ, бір жағынан шалқыған мәдениет байлығымен келісімі, әсемділігі аңғарылады. Екінші жағынан қарасаң, жаңағыдай бейшаралық, қорлық пен масқаралық халдегі кедейшілік, құлшылық бадырайып тұрып, бетіңе оттай басылады. Бұнда рикшалар да көптен-көп. 2 мың 500 шамалы рикша бар деседі. "Калькуттадан Мадрас рикшаларының артықшылығы бар" деп ақтау айтысады. Себебі сырт көзге орынды да сияқты. Бұнда жүргіншілерді мінгізетін екі аяқты күймені рикша жаяу жүгіріп тартпайды, велосипедке мініп ап, жегіліп тартады. Бірақ ол да жеңіл еңбек емес. Велосипедті рикшаның өз жүгін тартқанда, артын басып отырған біреуін көрмейсіз. Жүк ауыр болғандықтан, бәрі де түрегеп тұрған бойында тағы сол сорлы екі аяққа күш салады. Біз көрген кедей кварталдар, жыртық балаган, жарты лашықтар, әр алуан жер үйлер — бәрі де сондай рикшалардың, сондайлық жалшылардың, қара жұмысшы мен сорлы кедей қызметкерлердің, малайлардың, қайыршылардың балағандары, баспана сымағы болса керек. Енді бір кезек көп уақытымызды атақты Мадрас университетіне арнадық. Бізбен әңгіме жүргізген бұл университеттің нағыз басшысы, вице-канцлердің өзі еді. Университет ең алғаш 1857 жылы ашылыпты. Бірнеше колледжі сонда туған. Қазір гуманитар ғылымының өзінен 30 кафедра бар. Бұл қатарға шығысты зерттеушілер колледжі мен көркемөнер колледжі де қосылады. Мамандық жақтан: технологиялық, мал дәрігерлік тәрізді колледждер де бар. Шығысты зерттеу ғылымдарының ішінен санскрит, араб мәдениетін, парсы мәдениетін, тілдерін зерттейтін бөлімдер бар. Мадрас университеті өзі тұрған штатқа кең жайылып, мол тарап орналасқан. Жиын саны, бір осы университеттің 35 мың студенті бар. Қазіргі дүниеде оқушы саны ең мол университет осы болса керек. Бұнда Сиамнан, Африкадан, Бирмадан да келіп оқып жүрген студенттер бар. Жиынын санағанда, университетте 60 шамалы колледж бар екен. Әр колледжге 80 не 100-дей ғалымдар келеді. 35 мың оқушының жеті жарым мыңы әйел. Олар бар факультетте де оқиды. Бұнда көп колледждің бастықтары әйелдер. 1957 жылы осы университеттің 100 жылдығы болмақшы. Университет басшылығымен әңгімелесуде, ағылшын тілі жөніндегі қайшылық үлкен де қиын проблема екенін айтыстық. Бұл мәселе көп түйіндермен байланысты. Оңай шешілетін мәселе де емес. Әзірге ғылым құралы, кітаптар тегіс ағылшын тілінде. Азғана кітаптар һинді тілінде жазылса, ол тек гуманитар ғылымдары жөніндегілер ғана. Ал осы уәлаяттың тілі тамил тілі болғанда, ол тілде 30 миллионға жуық халық сөйлесе де, бұл күнге шейін университеттің бірде-бір лекциясы тамил тілінде оқылмайды. Тіпті ескі санскриттің жалпы сабағы да ағылшын тілінде оқылады екен. Тек арнаулы курс қана, санскриттің өз текстерін оқуда ғана ағылшын тілінен сәл үзілетін көрінеді. Бұл университетте оқу үшін ақы төленеді. Аз ұлттар өкілдері ақыны жартылай төлейді. Қоғамдық ғылымдар факультеттерінде оқу ақысы 150 рупий болғанда, профессионалдық факультеттерде 250 рупий екен. Университетті бітіруге төрт жыл керек. Оны тамамдаған кісі магистр болады. Доктор дәрежесі үшін 5-6 жылдар керек. Бұл университет — жалпы Британия бірлігіндегі университеттері тобының толық мүшесінің бірі. Сол күні кешке біз Индиядағы би өнерінің үлкен шебері Гопинахтың үйі мен студиясында болдық. Бұнда Мадрастағы Индия-Совет достығы қоғамының жиылысы да болған еді. Гопинахтың шәкірт қыздары — студия оқушылары болып саналады. Банан мен бамбук өскен кішілеу бақшаның ішінде Гопинахтың өз үйі бар. Бақша ішінде сырты бойрамен жабылған, асты жылтыр тас жабық сахна бар. Сол сахнада шәкірт қыздардың би өнерлері көрсетілді. Бұндағы оркестр де Гопинахтың өзінікі. Бүгінгі сөйлеген қоғам мүшелерінің достық ниеттері өзгеше. Олар нақтылы, айқын бір тірлік арманын айтты. Олары — орыс тілін білу жөнінде. Тым құрыса бір дұрыс оқытушы болса, бір жылдан соң жүз кісі жаңа оқытушы шығар еді. Орысша жазылған кітаптар да біз үшін аса білгір. Индия тілдеріне орысшадан көп аудару керек. Өйткені бұрынғы заманда Совет кітабы түгіл, ескі Россияның классикалық әдебиетінің өзін де Индияның бұрынғы тәкаппар, паң қожалары - ағылшындар Индия тіліне аудартпаған. Қайта бөгет жасап, кедергі боп келген. Сол себепті бүгінгі Индияда орыс тілін білушілердің саны өте азғана. Тегінде, орыс тілін Индия халқының білуінен гөрі, Индияның негізгі екі тілі — һинді мен урду тілдерін біздің Одақта оқып білу әлдеқайда молырақ деуге болады. Достық ниет мол, барынша адал, шын болудың жағдайында біздің халықтарымыздың тілдерін білмеу және бір қайшылық түрі. Бірақ бұл жолдағы қайшылық пен қиындық өзге жоғарыда аталған қайшылықтардың бәрінен де тезірек жеңіліп, жойылатын қайшылық деп сенеміз. Себебі барлық Индияның қалалары мен қыстақтарында совет халқына, социализм отанына деген ынта-бейіл соншалық адал да зор болғандықтан, біздің индиялық қалың достарымыз біздің тілдерді — орыс тілін тез заманда-ақ мол білетін болады деп нық сенеміз.
ІX. Ыстық түстікте
Мадрастан біз және де самолетпен ұштық. Араға екі рет тоқтап, әлденеше таулардан асып ұшып, теңіз жағасындағы көрнекті бір порт — Кочин қаласына жеттік. Жолдағы таулардың көпшілігі биік екен. Өздері тегіс ағашты, қалың жыныс өсімдігі мол, сайлары, беттері де қалың құйқалы. Анық жолбарыстай жайын аңдар жүретін әр түрлі жыныс тоғайлар меңіреулер болғыдай. Таулар арасы үзіліп, ;шаң бола қалса, үнемі қалың егіс байқалады. Алақандай төріне шейін тегіс су жайған, шақпақ бөлікті, еңбек — өнім далалары, өлкелері гүл жайнайды. Бұл жақта күн ыси түскен. Делидегі күндер әдемі қоңыр-жай, самал салқын жайлы күндер екен. Мадрасқа келгеннен бері, енді міне, бүгіндер біз жазғы киімнің де ең бір жеңілін — жеңсіз жалғыз қабат, жібек көйлек киюге ауысқанбыз. Қазір біз Индияның оңтүстік-шығысына қарай өтіп, теңіздің екінші жағасынан — батыс жағынан кеп шықтық. Шағын қаланың бар бойына, қалың ортасына дейін теңіз суы ойысып мол кірген. Жарымы суда тұрған өлке тәрізді. Теңіз суы қойнау-қойнау бухта болғанда, араларындағы құрғақ жер көтеріңкі. Қаланың су аралас бөлімдері жемісті, бақшалы. Әсіресе пальма бақшасы тәрізді өсімдіктерге толы. Кейде арал, кейде түбек тәрізденген бақшалы құрғақта пристаньдер. Теңізге сұғына, созыла төніп тұрған әдемі үйлер көп. Сол үйлердің қақ қастарында, көк мөлдір терең суларда пароходтар қайықтар, желкенмен жүрген кемелер көп-ақ. Біз тағы да жақсы бір қонақжайға орналастық. Әр номер бірнеше бөлме. Төрінде кабинет, алдыңғы бөлме әдет бойынша жатын орны — екі төсек болады. Әдемі, сырланған биік жабыншы бар. Өзіміздің Орта Азияда аты белгілі "масахана" дейтініміз бұнда төсектің төбе жағындағы сәнді жабыншыдан төмен салбырап тұратын аса жұқа ақ шымылдықтар болады. Үнемі айналып, зырлап тұратын электрлі желпуіштер бөлменің төбесінде. Ең рақаты, еңбек бөлмесінің терезелері көлеңкелі ұядан тура теңізге қаратып шығарылған. Маған тиген бөлмелердің терезе түбінде қайықтар, желкенді кемелер жақын ғана жерде мөлдір жасыл су бетін үнсіз сызып жүр. Теңізден самал соғады. Дәл теңіздің жақын кемелері таспен көмкерілген. Бұл шақта біз Индияның оңтүстігіне мейлінше жақын тақап келіп отырмыз. Енді машинамен 65 мильдей жер жүріп, осы уәлаяттың атақты қарт жазушы-ақыны Валатхолоға бармақшымыз. Уәлаяттың тілі малаялум деп аталады. Халықаралық лауреаттық сыйды алған Оңтүстік Индияның қарт ақыны Валатхоло сол малаялум тілінде жазады. Біздің Делиге келгенімізді естіп, делегация ішінде бірнеше жазушылар барын білген соң, қарт ақын сол Делиге хат жазып, біздің делегацияны өз мекеніне шақырған болатын. Ол — Траванкор дейтін кішілеу қала. Ыстық, аңызақ шақта, түскі сағат үштің шамасында біз қарт ақынның қаласына қарай бірнеше машинамен жол тарттық. Жол бойында пальма бақтары кейде қалыңдап, тұтас тоғайдай боп аспан атып едәуір созылып кетеді. Бұл пальмалардың жапырақтары молырақ. Тоғайдың саясы да көбірек. Адам жайы, кішкене үйлердің бәрі де сол ағаштардың саясына, баурайына тығыла түскен. Анық Индияның жер дүниесі, жаратылыс, құрылыс қалпы осы алуандас деуге болады. Бүгіндер бізше 40 градустан асқандай ыстық леп соғады. Машинаға қызыл жел, пештің жалынындай боп, кейде кеулеп, тұншықтыра ұрып кетеді. Осы жолда біз өзенге кездестік. Көпір жоқ, паром әр машинаны жекелеп өткізетін болды. Бір тәуірі, екі паром қатар әрекет етеді екен. Паромдарды көп жалаңаш адамдар бамбук сырықпен итеріп айдайды. Кейде жеңіл паромдарды суға түсіп ап сүйреседі. Кеш батар шақта біз қарт ақынның дөң басындағы үйіне тақап келдік. Біздің осында келетінімізді естіп, 350 шақырым жерден Индияның Одақтағы елшісі Менон мырза да осында келген екен. Қарт ақынның дос халқы бізді аса зор құрметпен қарсы алды. Үйден жарты шақырымдай жердегі ойға машиналарымыз келіп тоқтағанда, шұбыртқан қалың топ алдымыздан қарсы шықты. Машиналар тоқтап, біз түсе бергенімізде, екі зеңбірек атылып, салют берілді. Мойындарымызға Индияның дағдылы гүл гирляндалары көп-көптен киілген еді. Қарсы алған жұртпен бірге қаңғыр-күңгірі күшті музыка ойнала отырып, жаяулай басып төбе басындағы үлкен үйге жеттік. Жолдағыдай үй жанында да халық қаптап тұр екен. Валатхоло, тегі, үлкен кем-кетік боп қалған адам. Екі құлағы тарс біткен саңырау. Аузында бір тіс жоқ. Бірақ сақал-шашы тегіс қырылған. Қозғалыстары әлі де өте ширақ, бойы сып-сида, арық келген, ұзын бойлы, қара тақыр кісі. Осы кеште біздің делегацияға көрсетуді Валатхоло арман еткен театрын көрдік. Ол өзгеше, барынша ескі классикалық тақырыпты баяндайтын, Индияның ең ескі дәстүрлі театрлық, музыкалық өнерінің бір алуан түрі екен. Театрға халық аса мол, тығыз жиылыпты. Залдағы жұрт жерде отыр. Сыйыса алмаған көпшілік қабырғаларды айнала түрегеп тұр. Сахна аласа ғана. Оны айнала кептей жабысып, жас балалар мен өңшең жастар отыр. Әуелгі көрсеткені ескі үлгідегі билер еді. Тауыс боп биледі. Жыланды арбаушы боп та бір қыз биледі. Содан кейін пьеса басталды. Бұндағы көріністер біздің түсінігіміздегі театр спектаклінен мүлде өзгеше де, басқаша. Кейіпкерлердің бәрі де маскамен ойнайды. Олар бағзы заман тақырыбынан алынған діндік, эпостық аңызды баян етеді. Аңыз-спектакль "Рамаяна" эпосындағы құдайдың бірі Рама мен оның қалыңдығы сұлу Сита жайындағы әңгімеден алынған. Бірақ осы оқиғалар қаңғыр-даңғыры, барабандары есті шығарғандай боратып соққан, қалың шу, тарсыл-гүрсіл арасында жүріп жатады. Сол күйлердің шарылдаған, бажылдаған, даңғырлаған қалпындай: айғайы, бақыруы көп демон жыны шығып, отпен алысады. Жеңе алмайды. Қыз реңдес маскалар шығады. Жын бұларды бағып, тоғайдан баспалап қарап жүреді. Жаңағы қыз реңдес екі жас, Ситадан туған егіз бала болады. Солардың тоғайда, елсізде жынға кездескені және маймылдың бастығы Гануманға кездесіп, содан достық көргені әңгіме етіледі. Әрине, бұл театр, маскалар театры болғанда, европалық үлгімен, біздің бүгінгі ұғым-түсініктерімізге қабыспайтын өте көне үлгілі, өзіне бөлек шартты дәстүрі бар "шартты театр" деп айтуға болады. Осы кеште біз малаялум тілінде жазатын бір топ прогресшіл жазушыларға жолықтық. Бұл кездесу бұған шейінгі барлық жолымыздағы кездесулердің ішіндегі ең бір естен кетпес ыстық, достық ұшырасуы болды. Валатхолоның айналасына үйірілген жаңашыл жазушылардың өзіне бөлек ұйымы бар екен. Онда малаялум тілінде жазатын 150 шамалы жазушы мүшелері бар. Бұлардың көпшілігі көркем проза, новелла жазушылар. Поэзиясында бұл жылдардағы ең басым тақырып — бейбітшілік тақырыбы десті. Талантты топтың жарымынан көбінің шығармалары баспа жүзінде мәлім екен. Бүгінгі тақырыпқа жазылған пьесалары да сахнаға шығады деседі. Бізге оңаша кездесіп, аса жақын дос бейілін білдірген жазушылар: Мундассери, Рамамирам, Валатхолоның баласы Эмпинавудранат сияқты революцияшыл бағыттағы жазушылар еді. Осылармен кездесудің аяғы тамаша бір жайға ауысты. Өздері бізбен кездесуге ынтық болған еңбек халқын алдын ала, жолдағы бір қалаға әдейі топтап әзірлеп қойыпты. Делегацияның көпшілігін түнде Кочинге қайырып жіберіп: "жазушылармен жазушы боп қана кездесеміз" деп, Сурков екеуміз ғана жолдағы бір уәделі қонақжайға келіп тоқтаған едік. Біз жеткен шақта, бұл гостиницаның асты, үсті, бар маңайы толған, өздігінен жиылған қалың ел екен. Бізге ерекше тілеулес, дос жұрт екені салғаннан білінді. Жоғарыда аталған жазушылармен біз мейманхананың кең хол залында әңгімелесе бастап ек. Айнала кірер есіктер көп екен де, шетінен кең екен. Жазушылармен сөйлесе отырып, аңдасақ, сол есіктерден қаптап келіп, әуелі жырағырақ тұстан үнсіз қарасып тұрып, кейін тегіс еденге кеп, бізді қоршап, қалың жұрт отырыса берді. Аздан соң даярлап әкелген гүлдерін үнсіз келіп мойындарымызға асты. Бұл халық жым-жырт қана қимылдарымен жүректері жақын, тамаша дос жандардай сезіледі. Бір алуан, өзіміздің қауым-халқымыздай таныла берді. Сурков екеуміз де сөз сөйлеп ек. Біздің Отан халықтарының Индиядағы дос жұртқа, еңбек еліне жалынды достық сәлемдер жолдайтынын айттық. Содан әрі жүрерімізде, бізді осында тамақ ішкізуге алып келген жетекші досымыз мына жұрттың бізге деген бейілі күнделік программадан тыс, басқаша демонстрацияға айналып бара жатқанын сезді. Осыдан қорқып, енді бізге тамақ ішкізу түгіл, мынау жұрт қасында азғантай аялдап, бөгелуден де сескенді. Асықтырып, састырып, не қылса бізді мынау өзі ойламаған, күтпеген қалың жұрт арасынан жылдам ала жөнелді. Біздің қозғалғанымызды көре бере, жаңағы маңымызға тығыздап үйірілген жұрт біздің Отанға дос неше алуан ұрандар тастап, айғайлап, шулап қоя берді. Әрқайсымыздың қолдарымызды кем қойса 20-30 қолдар қатарынан қысып, басқыштан түскенше, машинамызға кеп мінгенше, аса жалынды, қошемет көрсетісті. Тыстағы тұрған қалың жұрт дәл осы шақта, ойда жоқтан, жарқ еткізіп қызыл туды көтеріп алды. Сыртқы істер министрлігінен бізге ерген жетекші досымыз енді бізді шапшаң ғана машинаға отырғызып алған еді. Жаңағы қалың жұрт сейілместен машинаның алды-артын, айналасын тығыз қоршап, дамылсыз тамаша ұрандар айғайлап айтысып тұрды. Біздің Отанды, бар халқымызды сондайлық бір сүйген, сонша көксеп, аңсаған елді көрдік. Олар үшін біздің атымыз қажет емес. Жазушы ма, басқа ма, ол да есеп емес. Біріміз орыс адамы, біріміз Советтік Одақтағы туысқан ел өкілі болғанымыз және де ойға алынған жоқ. Бұл халық үшін бір-ақ қана шындық қымбат. Ол — біздің Советтер Одағынан келгеніміз. Социализм отанының өкілі болғанымыз жеткілікті. Жоқшылықтан құтылып, азаттық, тендікке жеткен еңбек елінен келгеніміз жетті, болды. Армандары, аңсағандары, қиялдары мен жүрек қанының ыстық соғып, тілек еткені: сонау ырыс жағасынан келген жалғыз бір белгі, игі ғана леп болса жетерлік. Соған арналған достықтарын, тілектерін, сәлемдерін, жалын сәлемдерін жолдайды. Осыны түсінген сайын біздің көзімізге жас келгендей шақ болды. Өзіміз көрген барлық аштар, жалаңаштар, панасыздар еске түсті. Үнсіз бір момын топтар көз алдымызға келді. Енді міне, солардың мыңдарының, сан мыңдарының кеуделері бірлесіп "аһ" дескендей. Алыс аспанда найзағай жалт еткендей. Отаның үшін мақтаныш еткен қуаныштың бір тамаша ыстық жасы көзге еріксіз іркілді. Бұл кездесу, бұл түн біздің ілгергі-соңғы бар сапарымыздан өзгеше ыстық еді. Себебі ғажап ыстық, достық түні болды. Анық ұлы халықтар достығының жаныңды шарпығандай ыстық демі бойды алды. Осы кездесуді өздігінен ұйыстырған анық халық өкілдері, біздің аяулы достарымыз еді. 16 февраль күні таңертең ерте Кочиннен машинамен шығып, 80 миль жердегі Тривандрум қаласына қарай жол тарттық. Бүгін жол ыстық болған жоқ. Сәтті күн, өзінше самалды салқын болғандықтан, оңтүстікке тура тартсақ та, әлі әзір шыдатпайтын ыстық сезілген жоқ. Жол да жақсы, шаңсыз еді. Түскі сағат екіде Тривандрумға жеттік. Бұл да үлкен қаланың бірі. Тағы да ғажап, жақсы қонақжайға орналастық. Жол бойында ойға оралған бір жайлар түнде бізді қарсылаған тамаша топтың турасында болатын. Сол ыстық, жалынды достар тобы, міне, бүгін де көп нәрсені ойға алғызады. Бойды сергітіп, ой еңсені көтеріп, бұл халықтың тағдыры, тарихы туралы көтеріңкі үміт бітіреді. Біздің тәрбие, біздің салттың қалың елді, халықты қамқорлықпен еске алатын дәстүрі, идеясы ендігі ойынды бастайды. Сол өзімізге қанықты санамен болжап, осы елдің хал-жайын ойға алсаң, көп шақта жаның қатты толқиды. Кедейі мен аш-жалаңашы, қараңғылық-надандық қоршауындағы қайыршы жас, кәрісі, үйсіз, күйсіз, панасызы соншалық көп ел осы. Бір жағынан ойласаң, дүниедегі ең ұлы ел. Бүгінде өзінің азаттығы — республикасы қолында тұр. Ешбір дүниеде дәл осындағыдай көп контраст, қайшылығы болмастай. Өзі кедей, жоқ-жітік, өздері аш және соншалық құмырсқадай қайнаған мол бола тұра, араларында ұры жоқ. Ондайлық бұзық, ұрлық қылмыстар мүлде жоққа тән. Кісі өлтіру, қан төгу былай тұрсын, айға жуық мезгіл бойында вокзалдар, аэропорттар, базарлар, халқы қалың көшелер, алаңдар атаулыны күндіз-түн аралап жүрген шақтарымызда бірде-бір төбелес, қақтығыс, мастық-нақұрыстық, немесе шаңқылдасып ұрысқан, былапыт сөз естіп, көргеміз жоқ. Соның орайына өкпесі тесілгенше еңбекке қадалған көнпіс. Жоқшылықты, ауыр бейнетті өмір қамыты етіп ап, еті өліп, көніп кеткендей. Сақал-шашы, қасы, мұрты аппақ бола тұра, жаяу жортып жүрген момын кедей, жоқшылықтың үнсіз құлдары тәрізді. Ол жағынан қарасаң, бағзы заманнан бері осы күймен келе жатқан осыншалық момын еңбекші ел әр алуан сопысын, апостолын , неше алуан тариқат қауым-діндерін, пайғамбарын көп шығарды. Солардың момындық пен қорлық, тірлікке көнгіштік жөніндегі үгіттерін тыңдаумен, бағынумен келген миллиондарды көресің. Екінші жағынан, өзінше адамгершілік, моральдық тачалық дәстүрі сондай мол елдің арасына қоғамдық шын әділ, жаңа жол идеал тараса, орнаса, жаңағы дәстүрлері керекке қаншалық жақсы жарар еді деп ойлайсың. Бүгінгі жол бойында тағы да пальма бақшалары мол кездесумен бірге, банан, мангу және ардақты асыл жеміс — ананас өскен орындарды көп көрдік. Қазіргі шақ, тегінде, оңтүстікте кокос пальмасының дәнін жинау кезі болу керек. Жол бойы толып жатқан керуендер, арбакештер жарылған көк жұмыр кокос дәнін тау-тау қылып тиеп алып, тасып жүр. Анық қазіргі науқан осы. Бірақ оңтүстік табиғат жағдайы мен ауа райын пайдаланып, қымбат өсімдіктер жағына көп орын беріп, көп көңіл, күш бөледі. Бұл жақтың қалың елінің қанықты қымбат кәсібі шай өсіру, күріш егу, каучук ағашын өсіру болады. Шай плантациялары көбінше таулы жерлердің беткейлерінде молырақ тәрізді. Оңтүстік, кешегі Кочин, мына Тривандрум уәлаяттары адам тірлігі жағынан аса жайлы, бай да тоқ, жақсы өлкелер тәрізді. Әрине, қалың қыстақтар маңында әлдеқалай машина тоқтай қалса, үлкендер болмағанмен, бала-қайыршылар айналаңды бұнда да қамай қалады. "Рашн", "Россия" десең болды, жүздері жылына жадырап, "коммунист" деп сөз қата бастайды. Жеңіл-желпі мінездер, әсіресе бейбастақ сөйлеген бірде-бір жас, кәріні көрмейсің. Қайта нұрлы қара көздер мол шұғыла атып, жайнай қадалады. Жүздер жылынып, күле қарап, сонша бір ынталы бейіл беріп ентелейді. Бұл түстікте, тегінде, халық терістік Индиядан әлдеқайда қалың, молырақ. Осындағы және бір көзге түскен жайлы өзгешелік — бала оқыту ісі жақсы ұйыстырылған тәрізді. Жол-жолдардың бойында, қыстақтар ішінде, қыстақтар арасында мектепке бара жатқан немесе қайтып келе жатқан балалар мен жасөспірімдер көп. Кей уақыттар олар үзілмей ағылып, мол көрініп отырады. Тривандрумда бізбен әңгімелескен бас министрдің "бұл уәлаятта оқу жасындағы балалардың 95 проценті қамтылған" деген сөзі рас болуға ұқсайды. Бұл жақта халық саны молырақ, мекен-жайы жиірек екені соңғы 2-3 күн бойындағы жүрісте айқын байқалып қалып еді. Бүгін сол көріністер тіпті үдей түсті. Бірнеше сағат бойында машинамен келе жатқан сапарда адам жайлары мүлде үзілмей қойған кездер болды. Соншалық ұшан-теңіз елі мол, анық ұлы мемлекет екені орталықтан жоғарырақ, осындай өлке-уәлаяттардың өздерінде де оп-оңай байқалып тұр. Түсте, бас министрге визит жасағаннан кейін, біз Тривандрумдағы сәнді гостиницаға келіп түскеміз. Енді чемодан, сырт киім атаулыны номерлерде қалдырып, тағы да сапар шектік. Бұл жолы 50 миль түстікке қарай тартып, біз Индияның оңтүстігіндегі ең шеткі шегі Коморинге бармақпыз. Коморин мүйісі Индия мұхитына молынан сұғылып тұрған, ыстық үйекке (экваторға) өте жақын, жер шегінің өзі. Бүгін күндізгі сағат төртте шықсақ та, біздің ырысымызға қарай жол оншалық ми қайнар, шыжыған ыстық бола қойған жоқ. Қайта өзінше жайлы бір қоңыржай рақат болды. Таза, салқын дем білінеді. Ал айнала, табиғат көрінісі көз тұнжыратқандай көркем. Пальма тоғайлары, бақтары жолдың екі жағында үзілмей, ұдайы созылып, мол көлеңкелі саясын үзбейді. Және де Индияның халқы тудырған қасиеттің бірі еске түседі, көзге оралады. Тұтас тоғай, қалың жыныс өсімдік, тегінде, адам тіршілігіне қолайы жоқтаулы немесе меңіреу джунгли өлкесінде болмаса, адам мекен еткен дала, сала, өлке-өңірлерде жоққа тән. Бірақ сонымен бірге ағаштан құры, жалаңаш тұрған жер, алаң және жоқ. Соның орайына бұндай йен өлкелердің бәрінде әр ағаш адамның өз қолымен орнатылған. Баршасында не заманнан бері қарай сүйіп, күтіп, баптап-сақтап өсірген аталардың, нәсілдердің еңбектері, өзгеше айнымас мәнді мінездері, қамқор қасиеттері танылады. Бүгін болса күн ұзын ағашы үзілген анық екі километр жер көргеміз жоқ. Өз жер-мекенін, өлке-отанын қандай күткен, сүйген адамзат бар мұнда. Бұл халықтың адал еңбекке табанды, беріктігі бар халық екенін мың мәртебе есіңе алғызатын күй-көріністер байқалады. Осы жол бойында ұзаққа созылмаса, да ілесе түсіп қалып қырған бірнеше таулар көрдік. Олар кейде биік шоқы болып, кейде қызық бітімді жартастары бар сеңгір боп көрінеді. Көпшілігінің өсімдігі мол таулар. Едәуір жүргеннен соң қазір ағаш реңі өзгере бастады. Пальмалар сирей түсіп, жай жапырақты ағаштардың көрінуі жиілей берді. Ең ақыры, біздің жол теңізге тақай бергенде, өзгеше бір ғажайып ағаш кездесе берді. Бұл — соншалық бір сұрықсыз ағаш. Өзі қиқы-жиқы, кәрі бітімді аңғартады. Біресе жапырақсыз күйде тарбиған-талтиған, бүкшірейген тәрізденеді. Сонымен қатар бұтақтары, тармақтары сұп-сұр боп жыртылғандай. Бар көрінісімен таң қылады, әр нәрсені ойға салады. Ең биік бастарында ғана азғана шоқталған жапырақтары бар. Теңізге тақаған жерлерде, Каморин мүйісінде көбірек кездесетін осы ағаш баньян аталады екен. Оның кейбір төменгі жуан бұтақтарынан, жапырақтан басқа жерге қарай шоқтай боп салбырай созылып қалың тамырлар кетеді. Бара-бара сол тамырлар — бұтақтардың тамырлары жерге жетіп, жердің өзіне тереңдеп батып, жуан ағаштың өзімен қатар тағы бір тың ағаш тәрізденіп жуандап, нығая береді. Сонымен, бір шоқ жапырақтың астында ағаштың түбі біреу емес, кейде екеу, кейде үшеу де боп, аралары жыртылып, үзілгендей таңғажайып түрге ауысады екен. Сол баньян ағаштарын аралай келе жатып, бұтақтарының арасынан теңіздің суын да көріп қалдық. Аздан соң машинаның бір жағы емес, екі жағынан бірдей ұлы мұхит — Индия мұхитын көре бастаған едік. Осыдан әрі басқан сайын құрғақшылық азайып, тарылып, сүйірлене келіп аяқтап, теңізге үшкірлеу тұмсығы ғана сұғына бере тоқтаған екен. Сонымен, біз осы сәтте Индияның ең шеткі түстігіне жетіп, теңізге машина тұмсығын тіреп кеп тоқтадық. Каморин мүйісі, тегінде, ең шетін алғанда, Цейлон аралының орта тұсынан асыңқырай барып шендес келеді. Біз бір шақта Индияның ең төр терістігін — Гималайды көріп ек. Ендігі сапарымыз бұл кезеңде оңтүстік шегіне жетті. Каморин мүйісінде әлемге ортақ үлкен, мол күніміз теңізден туып, теңізге батады. Біз күн батардан бір сағат бұрын жетіп, дәл теңіздің өзіне сүйірленіп кірген құрғаққа салынған үкімет қонақжайына — "Гастхаузға" кеп түстік. Номерлеріміз үстіңгі этажда. Айнала терезелері мол, асты қалың кілем қаптаған сұлу жайлар. Терезелер де үш қабырғадан, теңізге үш тарапқа қарайды. Бенгаль шығанағы мен (залив) Арабстан теңізінің сулары екі жағадан келіп тоғысып, араласып жатады. Индия мұхитының жайқыны осында. Сәл ғана бір сәтсіздік болды. Күн батар шақта аспан ашық болмай, батыс жақты қоңырқай жұқалаң бұлт құрсады. Күннің теңізге дәл барып батқан жерін көре алмадық. Соның орайына таңертең күннің теңізден туғанын көрмекті ниет еттік. Кеш әбден батқанша, теңіз жағасынан кеткеміз жоқ. Баяу соққан жел білінеді. Жайлы, салқын самал бар. Теңіз суы күн барда жасыл-көкшіл, жақсы бір көңілді реңді болатын. Толқын көз тартатын. Теңіздің ұлы толқындары ұзын жал боп кезектеп жақындай беретін. Байсалды ауыр салмақпен жағаға, тас жағаға оқтын-оқтын құрс-құрс беріп ұрылып жатыр. Теңіз суының дәмін татып көріп ем, тұздық деген аз сөз, одан әлдеқайда ащы. Өзі глаубер тұзы десе болғандай. Қас қарая жатын жайға кеп, шайға отырдық. Бүгін шайшыл емес достарымыздың бәрі де осы шайды дағдыдан үш-төрт есе артық ішті. Анық Цейлон шайы болу керек. Қант салу түгіл, әзір тұрған қаймақтай қою сүтті де бұл шайға құюға қимадық. Шайдың өзінің дәмі мен исі соншалық тартымды да жұғымды еді. Үстіңгі үйдің әдемі, сәнді орталық бір жайы шынымен қоршалған кең, биік балкон екен. Ендігі дүниені осы балкон терезесінен көз алмай қарап болжаумен болдық. Астыңғы этажда қаланың жас күйшілерін әкеп, кей жолдастар күй тартқызып, ән айтқызып жатысты. Күй туралы айта кету керек. Кеше Валатхоло аулындағы күй тәрізді, бұнда да соншалық ерекше бір қатты шаңғыр-шалдыр, даңғаза тарсылдақ көп. Беймазалығы естен тандырады. Мен өзімше жорығанда, кем қойса айдаһарды арбайтын, немесе жынды қуатын күй — осы түстіктің күйі шығар деп ойладым. Мынау күй де кешегі театрдағы Рама жөніндегі аңыз — мистерияға сай, мазмұнына барабар. Ол театр болғанда, өте ескі, екі-үш мың жылдардың дін биімен, күйімен байланысты туған көне театр дәстүрін танытады. Биі де, ойыны да аз. Сөзі де сол құдайлар мен жауыз күштер арасындағы тартысты мифология қалпында баяндайды. Музыкасында күйлілік, жайлылық аз. Оның орнына арбасу, арпалысу, айдау мен көшіру тәрізді оқиғалық оқыс, сараң мазмұн болу керек. Осындай ойлармен қатар, бұл халықтың поэзиясы, музыкасы, театры, сурет өнері, архитектурасы (сәулет өнері), бәрі туралы қорыта келген бір түсінігім бар тәрізді. Соны айта кетейін. Жаңағы аталған өнердің бәрі Индияда біздің түсінігімізден басқаша саналық, тарихтық, эстетикалық өзгеше жайда. Және сол өнердің бәрі де өздерінің терең тамырларын аса ескі, терең, арғы ғасырлардан алады. Сонда бұл елдің дінінде поэзия көп, ал поэзиясында дін көп. Дінінде би көп, биінде дін көп. Осылайша сурет өнерінің де діні көп, діні суретке көп түскен. Дәл сол тәрізді, пәлен мың жыл, пәлендей жүз жылдар бұрын салынған храмдарда, сарайларда, қысқасы, сәулет өнерінде тағы да дін көп, дінінде сәулет өнері көп. Осылайша бар өнерлері діндік бай аңыз, әңгімелері қарға тамырлы боп, айқыш-ұйқыш ұйыса байланысып жатады. Және сол қалыптағы дін мен өнер, өнерге бөленген дін тек браминдер, жрецтер, діндарлар ортасының ғана мүлкі, мұрасы емес. Қалың жұрт, халықтың мұрасы боп кеткен. Міне, сол себепті де адамы сирек азғана мүйіс, әлдеқайда Комориннің әлдеқалай жастары жиыла қалып, сауық көрсеткісі келсе де, сол жаңағы діндік мазмұнды, ескілік үлгілі музыкалық мұралар орала кетеді. Әрине, бүгінгі европалық көркемөнер үлгілерін алғанда, "дүниежүзілік, мәдениетті өнер өлшеуі сол" деп межелейтініміз бар. Ол тұрғыдан қарағанда, Индияда сол европалық, халықаралық өнерлердің кейбіреулері алынған да, кейбіреулері мүлде аз қабылданған, сәл ғана қонған деуге болады. Мысалы, Индияда бүгінгі европалық архитектураның да нелер көркемөнер туындылары бар. Индияның кино өнері де күшті. Үлкен қалаларының бәрі де Европа мәдениетін мейлінше жиған да пайдаланған. Ғылымы, техникасы да зор деуге болады. Бірақ анық көркемөнерге келгенде, кино болмаса, театр, музыка, би тәрізді жайлардың бәрі де бөлек, өзінше ескілігін нық сақтаған. Біздің көзіміз үйренген XX ғасыр өнерінен әлдеқайда жырақ жатыр. Өздерін билеген европалық халық — ағылшындардың ол жөндегі үлгілерін, әдейі егескендей, алмай қойған, қабылдамаған тәрізді. Бұның себебі де түсінікті сияқты. Ағылшындардың ұзақ уақыт теңдікке алмай, тұрпайылықпен басып қорлап, таптап келген зор халықтың өнері, енді сол халықтық азат өріске шығып, жаңадан өсер шағында әуелі ескі тамырларымен өз байланысын нықтап тұрып тұтастырып, жалғастырып алмақ шығар. Осы күйді ойлай отыра, кешкі теңіз көрінісіне көз, көңіл қадаумен болып ек. Күн бата бере, теңіздің түсі де ертерек және тезірек суи берді. Күндіз жасыл-көкшіл көрінген су енді аспан райы сұрланумен қатар бозғыл-сарғыш тартқандай. Ал алыстағы "ұшан-теңіз" дейтін қиырсыз, шексіз шалқыған өңі қорғасын реңденіп, ауырлай сұрланды. Анық қорғасын теңіз бетіндей. Жақыннан жыраққа дейін тек әр тұстан туған әлсін-әлсін ақ көбіктер жуған салмақты толқын көпіршіп барып бұрқ-бұрқ етіп қалады. Енді аңғарсақ, түн тастай қараңғы тартыпты. Анда-санда жырақта найзағай жарқылдайды. Теңіздің түсі түнде де қызық өзгереді. Ол көбінше қорғасын тәрізденсе, кейде қалайы, кейде күміс атып қалғандай да болады. Алыстан жақын жағаға қарай жедел келе жатқан толқындардың ақшыл жалындай көбіктері, кейде әлдеқалай от жарығы жалт еткендей, жарқыраған күмістей реңдер, ажарлар атып қалады. Сиқырлы суық толқынды, суық мұхит жүрекке ыстық сезімдер толқынын ұрады. Сұлулық көксеген сезімдер толқындары.
X. Ескі Индияның ескі мұра мерзімдері
Тривандрум маңында біз XІV ғасырдың ескі бір сарайын көрдік. "Подбанабапурам" дейтін бұл сарайдың жарымы осыдан 700 жыл бұрын, жарымы 400 жыл бұрын салынған. Анық Индияның өз шахтары салдырған, өз стиліндегі сарай болғандықтан, бұның мұсылман (араб, иран, ауған, моғол шахтары) салдырған сарайлардан әрі көнелік, әрі индиялық өзіндік өзгешелік стильдері бар. Сол 11 иешеліктер есігінен төріне дейін, төменінен төбесіне дейін басқаша боп байқалады. Кірер есікте салт атты аңшы бала пілді найзамен шанышқылап барады. Ағаштан салынған екінші есікте аюды шаншып бара жатады. Арырақ басқанда, сарай ауласында тас темпл (храм) бар. Соның колонналарында әйелдер мен құдайлар бейнелері тастан ойылып, барельефше жапсырылған. Бұнда қоладан құйылған білім иесі — әйел құдайдың бейнесі бар. Осы храм сарай тұрғындарының намаз оқитын орны екен. Өзге Индия сарайларынан бұның бір ерекшелігі — ағаштан істелген бөлімдері көп ұшырайды. Сарайдың көрнекті бөлімі салтанатты жиындарға арналған зал. Бұның едені қап-қара боп тұтас құйылған, жарқыраған қара түсті мұз тәрізді. Кокос майын құйып қатырып, біртұтас етіп салынған колонналары цементтен істелгендей. Бәріне салынған сурет-бейнелер бірінен бірі бөлек тапқырлықпен жасалған. Жатын жайлар мен веранданың бағаналары гранит тастан қашалған. Бөлмелер көлемдері шағын. Жатын-тұрғын жайлар жоғарыда екен. Патшаның жатын орны ағаш ойма төсек. Заманында португал елшілері тартуға тартқан дейді. Төбенің бәрі де ойма ағаш. Екінші, үшінші этаждарда тағы да сондай өзгеше әсем ойылып қойылған төсектер, қабырғаларда фрескалар толы. Бұл сарайда Индияның өзіндік ескі дәстүрі сақталған. Сол ретте патшалар төсектері "құдай жайы" есепті саналады. Себебі бұл патшалар өздерін әрі құдай текті, әрі тірі құдай санаған. Сондықтан бұл төсектер жанында үнемі өшпей жанып тұратын от (шам) болады. Мысалы, қазір де үшінші этаждағы алтындаған төсектің жанында сол шам әлі жанып тұр. Осы шам 500 жыл бойы өшірілмеген деседі. Төсектің төбе жағы балдахин. Фрескалар аса мол болып, көбінше ұлы құдай Браманың өмір жайын баяндайды. Тегі, индуизм діні көп құдайға илану діні болғанда, сол құдайларға байланысты аңыз, әңгіме атаулыға аса бай. Сол ретте үш алуан құдай өздерінің махаббатымен, қаһарымен, тартыс-талаптарымен, қайрат-құдіреттерімен аса көп әңгімеленеді. Олар: Брама, Кришна, Шива. Браманың өзге көп сипатымен қатар ең зор сипаты: ол — жаратушы. Кришна — көгертуші. Шива — күйретуші. Патша ерлермен қатар патшаның әйелдерінің төсегі де өзгеше қастерленген. Соның белгісі осы сарайда айқын көрінеді. Мысалы, патша ханымының бір төсегі әлпеншек тәрізді ілулі, асулы тұр. Жатын жайдың биік төбесінен салбырап тұрған бұрама, өрме ағаш тәрізді төрт салма бар да, сол ар кең, әсем ағаш төсекті жоғары асып ұстап тұр. Бұл жатын жайдың қабырғаларында ілулі миниатюралар көп. Сүйектен, ағаштан шілтерлі боп ойылған бұйымдар мол. Осы сарайда XІІІ ғасырда "тик" дейтін Индия еменінен ойылып жасалған тамаша өрнекті колонна бар. Тик ағашының қасиеті сондайлық, ол бұл шақта шіріп-тозу орнына мүлде қатайып келіп, тасқа айналып қалған деседі. Сарайдың терезелері әр бояулы слюдадан істелген. Каморин мүйісіндей, бұл тұста және де кешегі баньян тәрізді тамаша қызық "жыртық ағаш" бар. Индия халқы оның атын альмара дейді екен. Баньянның бір түрі тәрізді, бірақ одан гөрі де оқшауырақ. Осы ғаламат ағаш көп қайшылықтың жиын бейнесі тәрізді. Бұны көргенде ауырған, кем-кетік болған, әлдене ғазап кешкен, апаттан қалған, бірақ қалса да, талқан етіліп, жыртылып жеткен әлдене бір кескіндер еске түседі. Кейде кәрі қайыршының жыртық жүдеу шоқпытындай жалбыраған, кейде әжімді жүзді жара-жарақат басқан, жегі жеген, сорға қамалып құрыған пішін бейнедей. Осы ағаштарға мүлде ерсі, қарсы біткендей ғажайып бір сұлу ағаш Тривандрумда біз жатқан "Гастхауз", қонақжай жанынан әсем көрінді. Ол бір ақбоз ағаш. Өзі едәуір биік болғанда, сол кең жайылған, балғын боп мол біткен барлық тұрған тұлғасымен түгелдей ғана гүл ағашы боп шықты. Қазір тамаша жайнап гүлдеп тұр екен. Бар бұтағы кең, зор тармағы түгелімен табақтай-табақтай аппақ гүл атып еміреніп тұр. Оңтүстік уәлаяттың әкімі де бұрынғы бекзадалардың бірі екен. Біз онымен аз уақыт көрісіп, сыпайылық алғыстар айтысып, тез айрылыстық. Осы күні түсте самолетпен ұшып, сағат төрт шамасында сәл терістік жақтағы үлкен қала Бангалорға келдік. Бұл қалада бізді қаланың мэрі қонақ етті. Кейін журналистермен кездестік және осы түнгі кездесу үстінде бізге арнап үлкен концерт берілді. Тағы да биыл ер, күйлер, әндер -барлығы да жыланды арбау, пілдер мен арыстандарды бағындыру биі ойналды. Қыз би құдайлар басынан кешкен хал-халеттерді баяндады. Дәл сол күні түнде біз Бангалордан поезбен жүріп, ата Майсурға келдік. Майсур атымен бұл уәлаят штап да аты аталады. Бангалор қаласы осы штатқа қарай Майсурда 250 мың адам бар екен. Бангалорда 800 мың xaж тұрады. Майсурдың да бүгінгі әкімі — Рачпрамук махараджатұғын. Бұл қаланың ерекше орындарын күні бойы apaлды мақсат етіп ек. Сонда өзгеше бағалы, көрнекті саналғандықтан, біз Майсурдың сурет галереясын көр кірістік. Бұнда мифология мазмұнына байланған сурет көп болумен қатар, бүгінгі мазмұнды және сурет өнерің жаңа үлгілер бар екен. Мысалы, бұнда піл аулаудың көр суреттері мол кездеседі. Жалғыз жергілікті суретшілер ерістік Индияның суретшілер мектебі бүгінгі суреттері жиналғаны бар. Онда темпера, акварель мол көрінеді. Жину мектебі, моғол мектебі, Раджпур Бенгал мектебі ұлы Рабиндранат Тагор бастаған Шантинике университетінің суретшілер мектебі де өз үлгілері көрінеді екен. Бұл аталғандар ішінде Раджпур мектебінің суретші көбінше халық өнерін баяндайды. Моғол мектебі capa өмірін көп тақырып етеді. Лaxop мектебінің мұсыл суретшілері Индия халқының арғы-бергі өмірін инду тақырыбы етіп суреттейді екен. Бұл көркем жайда металл, ағаш атаулыдан істей көрікті заттар да аз емес. Майсур тоғайында атақты сай ағашы көп өседі. Сол сандалдан ойылған құдайлар сурет жеңіл де көркем боп шыққан. Өте шебер, күрделі үйлестірген ою, нақыстар мол. Піл сүйегінен соңғы заманда шебер ойылған сұлу бұйымдар да көп. Қара жай ағашынан әсем жасалған вазалар, ағашқа сүйектен о: қиыстырған аспаптар көп. Піл сүйегінен ойылған уд мүсіндер әр түрлі стиль, әр алуан ұлы шеберлікті байқатады. Бұнда қытай шеберлері перламутрдан жасаған бейлер бар. Резинкадан япон суретшілері жасаған үлгіле кездеседі. Қысқасы, бұл көркемөнер жиыны бір ғана сұр уәлаяты емес, басқа да мол Индияның талай жерлеріне үлгі берерлік, мысал боларлық асыл орын екен. Майсурда жайын піл жайынан көп жаңалықтар білуге болады деп естігеміз. Бұл уәлаяттың кей шеті меңіреу — джунгли боп бітеді екен. Сол өлкелерде Индиядан әлі арылып болмаған жайын пілдер ұсталады дейтұғын. Біз пілдер жайын сұраған соң, қасымызда еріп жүрген достарымыз бізді енді арнаулы жайын пілдер қорасына алып жүрді. Пілдер туралы, әсіресе жайын пілдер туралы біз біраз әңгімелерді алдын ала естіп келе жаттық. Жайын пілдер арасындағы бір мінездер бойынша топ алдында кәрі піл мен жас пілдің алысатын шағы болады екен. Олар аса ұзақ алысады. Ақырында жеңілген піл топтан жарылып, жалғыз қаңғып кетеді екен. Бірақ ол осы кеткенде, қатты сотқар боп кетеді дейді. Өзге жан иесі, мақұлық атаулы былай тұрсын, адамға да қас етеді. Осындай пілдер шаруалардың мүлкіне де залал келтіреді. Дәл сондай пілді, тегінде, атуға да рұқсат беріледі екен. Жалпы Индияда піл жүк көлігі саналады. Үлкен пілдің құны аз емес, ол 3-5 мың рупий тұрады. Сол себепті жыл сайын жайын пілді аулау әрекеті болады. Мысалы, былтыр осы Майсур уәлаятында 75 жайын піл ұсталыпты. "Биыл ұсталған піл бар ма?" деп сұрағанымызда, бізге еріп келе жатқан жолдастарымыз: "Қазір сол, биыл ұсталған асау пілдердің біразын көрсек керек", — десті. Сонымен, біз жаңағы аталған асау пілдер қорасына келдік. Бұнда биыл ұсталған пілдердің ішінен оннан аса жастар жағы тұр екен. Тегінде, пілдің көп жасайтыны жұртқа мәлім. Жиырма жасқа шейін піл атаулы адамша жас болады, жиырмаға жете бере ғана толады. Үлкен піл қатарына қосылады. Жас піл мен үлкен пілдер арасы аса кереғар. Мысалы, осы қорада да айқын байқалып тұр. Тегі, піл қорасы тым үлкен, кең, мол қора екен. Соның шетін ала, бар қораның ішінде, өзіне бөлек бір төбе болып үлкен қара піл тұр. Бұның ұзын имек тісінде — "бивняларында" үш-үштен жез сақина бар. Көп жасағаннан ба, басқа себептен бе, бұл дәу қара пілдің басы, тұмсығы, әсіресе көз тұсы, алдыңғы жағы қызғылттау тақыр тартқан. Осы таудай піл 60 жаста екен де, салмағы 300 пұт екен. Бір орында тапжылмай тұрған алып жануар салмақпен пішен жеп тұр. Осыдан жырақтау алаңда, қораның әр тұсында біріне-бірі қашандау қойылған көп жас пілдер бар. Кейбіреулерінің азуы өскен, бойлары да, жас дегенмен, едәуір зорайып, дүңкиіп биіктеп алған. Бұл жақтағы барлық піл жақында ұсталған асаулар. Сондықтан мынау 5 жасар пілдің кеудесінен арқан шалма орап, артқы аяғын тас бағанаға керіп, байлап тастаған. Алдыңғы аяғы аласа, жуан шойын бағанға шынжырмен тартылып байланыпты. Алдыңғы екі аяғынан және артқы екі аяғынан да жуан кендір арқанмен нық діңгектерге керіліп байланған пілдер бар. Өте асау, төбелесқой бір жас піл өне бойынан тұтас байланып, оқшау қойылыпты. Бір жас піл тыным алмай өкіре ақырады. Бұны кейін балаларды мінгізуге әдейі үйретіп жүр дейді. Барлық пілдердің алдына қант қамысы мол тасталған, жейтін жемдері сол. Кейбір тентек пілдер сол жемді жеудің орнына айналаға тұмсығымен лақтырып шашып тұр. Әрбір байлаулы пілдің белінен буылған екі қабат кендір арқан бар. Соның ұшы темір ілгек. Анау бөлек тұрған үлкен қара піл — адамға көптен қызмет етіп үйреніскен жуас піл. Мынау жастармен салыстырғанда, ол бір момындық пен даналықтың үйінді жиын тұлғасы, тұтас тұлға символы тәрізді. Сол пілдің де белінде жаңағыдай екі қабат белбеу арқан бар екен де, соның ұшы және де ілгекпен бітеді екен. Анау асау пілдерді қораның ортасындағы үлкен құдыққа апарып суарып тұру керек. Сол міндетті бұл қорада атқаратын жаңағы үлкен пілдің өзі. Ол асау пілге тақап келгенде, жаңағы екі арқан белбеулердің ұштарындағы ілгектер қосылып, жалғасады, содан кейін жас, асау пілді кергіден босатады екен. Енді оны үлкен піл құдыққа қарай белуарынан тарта жөнеледі. Асау піл көнбей, қиястанса, үлкен піл тақап келіп, өзінің бөренедей жуан қоңыр аяғымен анау жас пілді кез келген жерінен "тарс" дегізіп сылқита ұратын көрінеді. Сөйтіп, біраз сабап оқытып алып, жаңағы құдыққа сүйреп әкеліп су ішкізеді де, кейін алғашқы орнына және де соққылай, сүйреткілей түсіп апарып, байлатып қояды. Сөйтіп, адаммен достасып алған 60 жасар ақылы кемел дәу қара піл, адамның молдасындай, жаңағы топ пілдердің бұл қорадағы ұстазы боп апты. Жас пілдердің арасында ең кенжесі биыл туған, үш айлық кішкене сұр піл бар. Оны ұстағанға бір жарым-ақ ай бопты. Шешесі қашып кетіп, өзі қолға түсіп қалған екен. Бала пілді емізікпен сүт беріп асырайды. Сүт болмаса, күтушінің жұдырығын еміп, жуасып үйренісіп алған. Бірақ жиі-жиі үн салып, жылағандай белгі етеді. Жалпы пілді айдағанда кішкене қолшоқпар тәрізді багормен айдайды. Біз кете бергенде, бір асау пілді күтушілер жығып салып, керуге кірісті. Осы күні түс шағында біз Майсурдың атақты үлкен плотинасына келдік. Плотина тұрған өзеннің құдай әйелінің суреті электр жарығымен плотина қабырғасында әсем жарқырайды. Жалпы плотина ұзындығы 3 километрден артық. Соның ұзын бойына қос-қос шамдар тізіліп жағылған. Біз ағылшын үлгісінде зор әсем етіп жасалған паркте, шебер стильмен безентіп салған үш этаж оңаша сарайда отырмыз. Ең биік верандасынан кеш мезгілін аңыстай бастадық. Жаңа біз аралап қайтқан плотинаның бар суреті төменде, алдымызда тұр. Сол төменде көп фонтандар мен әсем ағаштар кезектеп көрінеді. Неше алуан қызық бояулы жарықтар көзге жайнай басылады. Канал саты-саты боп біткен. Қызыл тас пен қызыл топырақ тәрізденіп, аспан бұлты да кеш бата бере ғажап қызғылт сирень реңге ауысты. Плотинаның екі жағасы өте бір әдемі бақ-парк. Онда қазір нелер ғажап өрнектермен топталған, бояулары әр басқа қызық оттар жанды. Бұл парктің аты - Бриндаван. Ол Кришна құдайдың жеңіл сотқарлық жасайтын бағының аты екен. Жарықтар біресе ұршық тәрізді, павильон үлгілі, дарбазалар бейнелі қалыптанады да, жасыл, қызыл, көк, қызыл-сары, ақ-қызыл түстермен құлпырады. Жағалай төменіректе кипарис ағаштары, тұя ағаштары жаңағы қызыл-ала бояуларды жасылмен көмкерген тәрізденеді. Біз отырған "Кришнараджсагар" отель ертең болатын мейрамға әзірленген қалыпты көрсетеді. Ертең сенбі күн, қыс пен жаздың ауысу мейрамы. Әдетте ол күні жұрт бірін-бірі қызыл бояумен бояйды екен. Осындай мейрамның бірінде Нерудің де үсті-басын тойдағы халық қызыл бояумен бояпты деседі. Кеш батқан сайын біз отырған сарай мен төменгі плотина бойы, парктер өлкесі, мыңдаған шам иллюминацияға Пелене берді. Халық мейрамына қарсы жақсы салтанат жасалып жатыр. Алтын сары электр сәулесі астында, кейбір иіле құлаған фонтан суы алтын арқан тәрізденеді. Бір жерлерде шошақ біткен туя ағашының төбесінде көк шырақ жанады. Самал салқын, рақатқа айналып келеді. Жел лебі әсте жайсыз емес, желпи ғана жұмсақ еседі. Парктың екі шеті өзеннің екі жағасына көтеріле қайқая біткен. Ортасы еңіс. Екі жақ каналы, фонтаны, жарықтары жарыса құлай барып, ортада, төменде түйіседі. Плотина үстімен созылып, алыс жыраққа шырқап кетіп жатқан алтындай жарық қос-қос фонарь әлдеқалай жортып кеткен мифологиядағы әулиелік аңдардың ізіндей. Түн бола берді. Енді айнала бақша қап-қара барқыттай болғанда, жарықтар, фонтандар мүлде ертегідей сиқыр сәнге ауысты. Ғажайып ертегінің сәнді бағы — "Бақиранның" өзі осы тәрізді. Жарық верандадан, биіктен қараған сайын түн аспаны да жердің өзіндей қап-қара боп тұтасып, тұңғиық тартады. Сол тұнжыраған дүние арасында төменгі парк сәт сайын сиқырлана, құбыла түседі. Бұл парк, тегінде, Майсурдың мақтанышы саналады екен. Өзі Англия үлгісінде жасалған парк. Осы өлкенің ағаштары тағы да басқаша қызық көрінеді. Жуан біткен, тармағы көп, түстері бозғыл, биік ағаштың жапыртары ұп-ұсақ кестедей. Ол да, төменнен қарасаң, ажур нақыстай. Бұл өзен бойы тірі зат деп танылу себепті иесі — құдайы бар делінеді. Өзен аты Кавери, сол өзен иесі, құдайы әйелдің атымен аталған екен. Түнде біз плотинадан Майсур қаласына қайттық. Алда, тау басында ерекше бір әсем көрініс байқалды. Тоғай мен бақ басқан қоңыр таудың дәл биік төбесінде бір үлкен үй-жай аппақ бой жарқырап тұрды. Ол жалғыз оқшауланып, төбеге шығып, биіктен бойлап, аса қарап тұрған махараджаның осындағы үлкен сарайы екен. Қоңыр таудың жотасындағы бар ағаштың төбе жағынан тартылған электр жарықтары ұзын жалдың қыр арқасын көктеп өткен тәрізді. Сол түнде біз Банголорға қайта келген едік. Осы уәлаяттың орталығы, 800 мың халқы бар Банголор да ешкімнен сорлы емес. Қай мемлекеттің болса да астанасы болуға мейлінше, осы тұрған қаз-қалпында жарай аларлық. Өйткені бұнда салынған сарайлар, әсем имараттар және біріне-бірі ұқсамайтын XX ғасыр ортасының әрі жеңіл, жайлы, көзге көрікті, көңілге қонымды реалистігімен үйлескен. Сондай боп жарасқан имарат жайлар көп. Әсіресе оңаша үй — особняктар жақсы. Кейде бір қабат, кейде екі қабат болса да, үйлердің әрқайсысы өзінің сол бір қабаттығы немесе екі қабаттығымен әдейілеп оқшаулана білген. Дүниеде бар қалада бір қабат, екі қабат үй деген соншалық мәлім, көз таныс құрылыстар болса да, мынада сол аласа үйлер өздерінің дәл өзіндік қалыптарымен айрықша сәнделеді. Осы жайларға қарап, бұл жақтың үй салысында сондай ізденгіш, мәдениет талғағыш, сән түзегіш келісім көресің. Бір ғана Банголор емес, тіпті Пакистанның Карачидегі дипломаттар кварталынан бастап, Делиде, басқа да біз көрген бірталай қалаларда көзіңді еріксіз қызықтыра тартатын үй көріністері бар. Бұл стандарттан қиялы аспайтын архитектор атаулыға еріксіз ескерерлік жай есепті. Банголорда біз телефон жасайтын заводта болдық. Және біздегі қолөнер мектебі тәрізді, тәжірибе мектебін араладық. Бұл қалада жоғарғы оқу орны — үлкен университет те бар. Қаланың ортасындағы ең биік, көтеріңкі мол өлкені тек сол университетке арнап бөліп шығарыпты. Банголор көшелерінде тағы бір тамаша гүлдеп тұрған биік ағаш көрдік. Ол көк акация екен. Біздің ендігі арнап оралғанымыз Индияның атақты ғалымы, профессор Раменнің физика институты болатын. Рамен жалғыз Индия емес, бүкіл жер жүзіне аты мәлім қарт ғалым, бүгінгі Индия академиясының президенті де осы кісі. Ол дүниежүзілік Нобель бәйгесінің лауреаты. Зерттейтіні — гауһар бастаған асыл тастардың сыр-сымбаты екен. Біз сол ғалым Раменге келдік. Екі қабат бөлекше сұлу тас үй профессор Раменнің лабораториясы мен тұрғын жайы тәрізді. Төменгі қонақ бөлмеде профессор өзі бізді қарсы алып, аты-жөнін айтты да: "Мен осы институттың директорымын, ал мына кісі,— деп, қасындағы орта жасты, сәл бурыл шашты индия әйелін көрсетіп, — мына кісі директордың директоры", — деді. Ол — әйелі де, көмекшісі екен. Жоғарғы этажға шыққанда, кең терезенің алдына бізді ұшып келіп, айнала Банголор қаласының бақтарына қол созып, шолып өтті де: "бар Банголор төменде, тек мына институт және біз бар орыннан көтеріліп, төрге шығарып қойылғанбыз. Біз тұрған орынның биіктігі мың фут, осы маңның ең биік нүктесі" деді. Өзі көңілді, күлдіргі қарт әлі ширақ, мығым. Күлгенде, шын алақанының сыртымен басып күледі. Онысы мұсылманның есінегенде ететін әдетіне ұқсайды. Күле тұрып, өзіде өзінің де өлең жазатынын айтты. Сәлден соң бізді "чертеж залы" деген кең бөлмеге әкелді. Алда қара тақтай оюына әр алуан есептер жазылған. Орындық молына қаралаңда, бұл бөлме кейде аудитория болса да керек. Неше алуан асыл тас қатарында: меруерт, алмас, гауһар, шағыл, опал — бәрін де зерттейді екен. Жолай бір мүсінші қашаған өзінің бюстін көрсетті. Соның төрт жағында, төрт тілде аты-жөні жазылыпты. Жазулар әр түрлі. Профессор болған байланысты Индияның бүгінгі тілі жөніндегі қиыншылықты айта келіп, қалжыңдап қойды. "Бұнда ағылшын, искрит, канери, тамил тілдерінде жазылған сөздер тұр. Олардың ішінде тамил тілі әйеліңмен сөйлесуге қолайлы тіл", — деп күлді. Кейін бізді әр алуан өзі зерттеп жүрген бастар мен кристалдар тұрған бөлмеге әкелді. Бір уыс кристалды қолына алып: "Югославиядан келген аметист тастар еді. Бәрі тұтас өзі бір поэзия", — дейді. Аметистің қызыл-көктеу өзгеше ұнамды түсі шынында аса бір келісімді еске түсіргендей болатын. Толып жатқан аңыздар мен ғажап көп түсті көбелектер коллекциясын көрсетіп өтті. Кітапханаға кіргенде, осы лабораторияға өзі ойлаған коллекциямен таныс етті. "Бар мамандық жайы осында бар" деді. Содан кейін аса бір сұлу сый бөлмеге келіп: "жақсы бөлме, магараджаның бөлмесінен кем де емес" деп күліп қойды. Осында оқшауырақ жатқан бір кітапты алып ашты да, белгілі бетін біздің аударушыға көрсетіп берді. Сөйтсек, бұл кітап 1932 жылы Англия оқымыстысы Дюран жазған "Тіршілік мәнісі туралы" деген кітап екен. Сол ғалым өмірдің мағынасы туралы белгілі ойлар айтуды Гандиден, Неруден және осы профессор Раменнен өтінген екен. "Ганди сонда ғалымша жауап беріпті" дейді. Рамен. Дін мен еңбек арасында адамның адамгерлік қасиетін арттыратын байланыс барын сөйлеген екен. Өзі мен Нерудің жауабына профессор тоқтаған жоқ. Бірақ оқшау бір жай ретінде, Дюран кітабының тағы бір бетіндегі екі-үш сөйлемді көрсетіп еді, онда шын қызық жай бар екен. Осыдан 23 жыл бұрын, сол 1932 жылы профессор Дюран сәуегейлік айтыпты. "Жақын заманда Индияда зор атақ алып, абырой табатын екі адам бар. Біреуі - Ганди өлгеннен кейін Индия халқына басшылық ететін Неру депті. Екіншісі — ғалым есебінде үлкен дәрежеге жететін Рамен" деп жазыпты. Асыл тастардың толып жатқан коллекцияларын көрсетіп кеп, ақыры қарт ғалым бізді үш-үштен бөліп, кезектеп отырып, өзінің қараңғы лабораториясына кіргізді. Бұнда физиканың қызық табысының бірі — люменсценция "сиқырын" танытты. Ультрафиолет шұғыласының ұзынды-қысқалы толқындарын кезектеп пайдаланып отырып, талай тастарды қараңғыда жайнатып, ғажайып ертегідей, тылсым шешілгендей, сырларын ашты. Бұл ғалымның жасы биыл 66-да екен. Әлі қажыған, қартайғанның ешбір белгісі жоқ. "Жасымда істеген істердің бәрін осы күні де істеймін" дейді. Көмекшісі де көп емес. Оқи, біле түскен сайын дүниедегі бар сұлулыққа құмарлығы арта түскенін айтады. Бірақ, сөйте келе, рең сұлулығындай, молдығындай сұлулық таппаған тәрізді. Ол физиканың өзі туралы бір-ақ ауыз жиынтық сөзінде: "Мен үшін физика өзі де рең" (цвет) деді. Біз кетер алдында ол кісі және де қалжың аралас бір шындық айтты: "Келгендеріңізге қатты ырзамын, егер оқымыстылар болсаңыздар, дәл осындай ырза болмас едім. Себебі оқымыстылар бірдеме іле кеткісі кеп есеппен кіреді. Ал сіздер қалтқысыз, ашық көңілді, сүйікті қонақтарсыз" деп, бізді дән ырза қып жөнелтті. Осы күні біз уәлаяттың бас министрінде болдық. Содан кейін "Көркемсөз қоғамы" дейтін қауымның мәжілісіне бардық. Бұнда ең әуелі концерт болған еді. Бірақ концертті ақындар өз өлеңдерін әндетіп оқудан бастады. Микрофон алдында канери тілінде дін тақырыбына жазылған, мақам сарынды үнмен әуелгі ақын жиылысты бастады. Татар молда қалпесі тәрізді киінген бір ақын мангу ағашы жөнінде лирикалық өлең оқыды. Субраманьян Шастри дейтін бұл ақын ескі санскриттен канериге өлеңдер аударады екен. Осы жиылыста проза шебері, қысқа әңгімелер авторы — Виси де болды. Ағартушы мәдениет ісінің бастығы әйел, әндетіп өлең оқыды. Әні бақырауық боп естілді. Қоғам мүшелерінің арасында аударушылар бар екен. Көпшілігі ағылшын тілінен осы уәлаяттың тілі — канери тіліне аударады. Раджама дейтін әйел ақын да әндетіп, күй салып, өз елеңін мақамдап оқыды. Бұл жиылыста едәуір кенеулі сөзді Виси сөйлеген еді. Ол біздің еліміз бен бар делегациямызды өздеріне қатты дос санайды. "Бұндағы біздің академияға осы қонақтарымыздың келгенінің өзі де жақсы белгі, құрмет нышаны" деді. Академияның жайынан біраз хабар айтып, оның мүшелері мол екенін білдірді. "Индияның барлық ғылым, өнер қайраткерлері Совет Одағында болып жатқан жаңалықтардың баршасын зор ықыласпен ұғынуға тырысамыз. Білмекті мақсат етеміз. Біздің оқымыстыларымыз бен әдебиетшілеріміз орыс мәдениетін, әдебиетін де соншалық білгісі келеді. Пушкин, Гогольден соң өскен орыс әдебиетіне біз өте зор құрметпен қараймыз. Революция алдындағы Блокты да біз білеміз. Орыс музыкасын қатты сүйеміз. Киносуретерін әсіресе жақсы білеміз де, бағалаймыз. Одақ табыстары кімге мәлім емес. Бүгін ортамызға сол Одақ өнер қайраткерлерінің арасынан төрт лауреаттың келгенін шын дос құрметпен қарсы аламыз. Бұл арада, осы жиында бір уәлаяттың ғана мәдениет қайраткерлері отырған жоқ. Бар Индияның әдебиет пен өнер майданындағы білікті адамдары отыр деп біліңіздер. Және баршасы түгел сіздерге берік дос деп түсінулеріңізді өтінеміз", — деді. Осы күні кешке әуелі қаланың мэрі қонақ етіп содан кейін, түн бола бергенде, біз Индия-Совет достығының қоғамында болдық. Бұнда сұрақ-жауап ретінде берекелі, кең кеңес болған еді. Біздегі газеттер, жазушылар, тілдер, кітап пен білім-өнер тарату жөніндегі көп нәрселерді индиялық достар көп-көп сұрады да, біздің бәріміз кезектеп көп түсініктер беріп, жауаптар айтыстық. Банголордан соң самолетпен ұшып келген қаламыз атақты Хайдарабад болатын. Бұнда да ең әуелі бас министрде аз әңгімеде болдық та, сонан соң қаланы аралауға аттандық. Алыстан атын естіген зор имараттың бірі "Чарминар" төрт мұнара мешіті болатын. Бұл — XVІ ғасыр туындысы. Индиядағы дін-мінәжат орындарының шебер, сәнді жасалған ескерткішінің бір зоры деп саналады. Төрт мұнара мешіттің төрт шетінде болғандықтан, айналасының бәрі әсем де тең безелген. Кірер арқа есіктерінің маңдайларында мұсылманша каллиграф жазумен аят-сүрелер қашалған. Хайдарабадта ескілі-жаңалы сұлу ескерткіштер аз емес, әлденеше. Бірақ солардың бәрінде де күмбез үлгісі әсіресе мол көрінеді. Ескі ғимараттар ғана емес, жаңа салынған жоғарғы сот үйі сияқты жайлар, үлкен бақтарға кіретін дарбазалар және басқа да әлеуметтік үй-жайлар тегіс ақ күмбезді стильмен безелген. Бұл, әрине, ісләм архитектурасының әсері деседі. Хайдарабад, тегінде, Индиядағы мұсылмандардың молырақ тұратын қаласының бірі. Бұнда қазірде де 18 процент халқы мұсылман деседі. Тіл көбінше "үрду" тілі. Жергілікті халықтың бұл қаладағы тілі сол үрду болғанда, ол тілде тек мұсылман индустер ғана емес, жалпы индустер де сол үрду тілімен сөйлейді. 80 процент халқы — индуизм дініндегі индустер. Ал Хайдарабадтың бұрынғы заманнан келе жатқан және бүгін де әміршісі боп тұрған әкімді Хайдарабадтың "низамы" дейді. Ол қарт әкім — ескішіл көзқарастардың адамы. Индия республика жариялар қарсаңда бұл өз әкімдігі үшін осы уәлаятта ереуіл жасап, көп алысқан. Келісім бойынша ол рачпрамук, бекзада әкім, мұсылманша "низам" қалпында осы уәлаятты билеп қалған. Бұл адамды сыртынан естіген қысқа хабарда аса бай және өте сараң, соның үстіне өзін және ақын дейді. Хайдарабад қаласында рикшалар жоқ. Жаяу рикшаның орнына велосипед мініп, адам таситындар көбірек кездеседі. Жалпы осы қалада велосипедпен жүрген адамның қалыңдығы ешкідей өріп, қаптап жүр. Бұнда аурухана "Осман" деп аталады екен. Себебі низамның аты Осман Алихан болғандықтан, соның атымен аталған. Қаладағы колледж, кітапхана, "Тәжмахал" деген гостиницаны қаламен таныстырушылар ең алдымен ауызға алады. Низамның сарайы өзіне бөлек болғанда, бірнеше ұлдары, қыздары тұратын сарайлары жаңа үлгіде жеке-жеке салынған. Ірі феодалдар сарайлары, бірнеше фабрика, үкімет қонақтарының үйі, министрлер үйлері — барлығы да жаңа аудан — Банжара дейтін қаланың жаңа бөлігінде орналасқан. Бұл қаланың тұрған жері бір жағы көл және жартасты төбелер болады екен де, соның көл жағаларына, тас үстімен араларына сәндеп салған ақ сарайлар әр тұстан әсем көрінеді. Көл айналасында денсаулық министрінің өз үйі, низамның үлкен ұлының сарайы ерекше көзге түседі. Бұндағы аурухана емес, университеттің аты да "Осман" екен. О да низамның атымен аталған. Қаланың көлді айнала салған бөлімдері байлар мен министрлер, басқа әкімдер сарайлары болғанда, кейбіреулерінің аз да болса әдемі бақтары бар. Ал кейбір тамаша жаңаша стильдегі сұлу үйлер көк өспейтін қойтас, шоқыр тастардың ортасына әдейілеп салынған тәрізді. Хайдарабадта да біз Индия-Совет достығының қайраткерлерімен жақсы кездестік. Кейбіреулерінің үйлеріне барып, Индия орташа семьяларының тұрмыс жайын, үй мекенін, тұрғын орнын көрістік. Сонан соңғы мол бір уақытты Хайдарабад университетімен танысуға арнаған едік. Бұл университеттің бастығы вице-канцлер өзі де академия мүшесі екен. Рамен туралы қысқа ғана ойын түйіп: "Ол кісі натурфилософ. Аңсағаны, баққаны — көбелектер мен реңдер" деді. Бұл адам университеттің жайын әуелі өз кеңсесінде отырып ұзақ баяндаған соң, бізбен еріп жүріп, көп колледждерін, мәдениет орын-жайларын мол аралатты. Бұл университетте 12 мың студент оқиды. Соның екі мыңы — қыздар. Факультеттері көп сала ғылымдарға бөлінген. Университет 1918 жылы салынған екен. Профессорлары Индия мен шетелдерде білім алған адамдар. Англияда, Францияда, Германияда оқып қайтқан ғалымдары бар екен. 200 профессордың 50-60-ы доктор наук дейді. Университет кітапханасында 111 мың том кітап бар. Бұндағы бір ерекшелік — кітап қоятын стеллаждары тегіс темірден істелген. Гуманитар бөлімінде философия, лингвистика, нақтылап айтқанда: санскрит, араб, парсы, урду және қазіргі Индия тілінің біреуі оқылады екен. Арнаулы әйелдер колледжі де бар көрінеді. Стипендия ең жақсы оқитын студенттерге беріледі. Көпшілік өзі төлеп оқиды. Жылдық оқу ақысы 120 рупий. Түс ауа бергенде, біз қала бастықтарымен ұшырасатын құрмет мәжілісте болдық. Ac үстінде бөлек-бөлек топтар боп әңгімелесіп ек. Менімен жергілікті екі-үш министр бір мәжілісте болды. Сол адамдардың бұл уәлаят туралы берген деректері еске аларлықтай. Осы уәлаяттағы тіл саны төртеу екен. Олар: урду, телегу, марати, канери. Ал кеңсе қағаздары барлық министрлікте, жоғарғы орындарда тек ағылшын тілінде жазылады. Аудандар кеңсе қағазын өз тілдеріңде жүргізсе де, орталықпен қатынаста көбінше ағылшын тілін қолданады. Сот орындарының бәрі де үкім, тергеуді ағылшын заңы бойынша жүргізеді екен. Әрине, ол ағылшын заңдары бұл елдің діні, ғұрыптары, семьялық-моральдық, ескі феодалдық әдет заңының бәрін еске алған. Ағылшын заңына бұл жақтың діні мен әдет-ғұрпының ерекшеліктері қосымша боп араласса керек. Сонымен, мысалы, ісләмның шариғаты төрт әйелмен некелесуге мүмкіндік берсе, Индия мұсылмандары үшін Британия заңы сол мүмкіншілікті қостай, құптай қойған. Өзге діндер шарттары, елдер салттары және осылайша Британия заңына қосымша боп тіркелген болады. Сол себепті де Англия заң кодекстері әр саты сот кеңселерінің негізгі тірегі боп отыр. Бұнда тіл жағынан алғанда мектептер арасы да қым-қиғаш қызық. Ағылшын тілінен құтылу онда да оп-оңай емес. Себебі мамандық білім беретін жоғары дәрежелі мектептер ғана емес, орта мектептердің де көбінде оқу құралы, оқыту ағылшын тілі болып жүр. Министрлердің айтуы бойынша, бұл уәлаят халқының көбі сауатсыз. Сауаттылар саны 12 процент болғанда, ағылшын тілін білетін анық халық бір проценттен аспайды деседі. Хайдарабадта болған күндердің ең бір есте қаларлық өзгеше күні біздің Аджента мен Эллора ескерткіштеріне сапар шеккен күніміз болды. Аджентаға біз автомашинамен елсіз тауларды аралап, үш сағат жүріп жеткен едік. Бүл арада Вагора деген өзен бар. Марати тілінде "ваг" деп жолбарысты айтады екен. Бұл тауларда жолбарыс әлі де бар дейді. Өзен аты содан аталған. Жол әуелі бірқалыпты тау жоталарын басып өткен жүріспен өтті. Кейінірек, Аджента қыстағынан соң ғана, жол көріністері жиі өзгере бастады. Ендігі жолымыз тауларды айналып, бірде өрлеп, біресе құлдай түсіп көп оралды. Биік құз жағадан карниздей кенере жолдан оралып, шимай салып жүрдік деуге болады. Кейін, Аджента ескерткішіне жеткен жерде, жүргіншілерге арналған азғана үйлер жанында машиналарды қалдырып, таудың биік бетіне қарай жаяулап шықтық. Жаяулар жолы асфальтталған, тасты қашап, басқыштар орнатқан өте жайлы, жақсы жол екен. Қиын қияда, жол жағасына жақтаулар жасаған. Ауыр өрге тас басқыштар құрған. Тек жаяулар ғана жүретін осындай жақсы соқпақпен шұбыра жүріп, биік таудың иығына шыққанымызда, арғы ой-қойнауда Аджентаның барлық үңгірлерінің кірер ауыздары көрінді. Біздің бұл келген жеріміз қалың таудың бір қойнауын үңгіп қазып, қашап шауып жасаған толып жатқан ескі храмдар орны болатын. Бізбен бірге барған археолог енді әңгіме бастады. Бұл үңгірлердің храмдары Индия мәдениетінің алып тарихының ескерткіші деп саналады. Осы қойнауда тауды үңгіп, тасты шауып жасаған 29 храм бар. Олардың ең ескілері біздің эрадан бұрынғы ІІ ғасырда салына бастаған. Ең соңғысы біздің эраның VІІ ғасырында көп жасалған. Қазір біздің көретініміз сол тоғыз ғасырдың туынды ескерткіштері. Индияда VІІ ғасырдан бері қарай буддизм діні әлсірей бастайды да, бұл үңгірлердің храмдары тозып кетеді. Сонан соң, көп ғасыр бойында дәл осы ғажайып орындар ұмытылғандай боп еске алынбай қалады. Тек 1819 жылы бір топ әскери адамдар аңға келіп, осы үңгірлерді табады. Кейбіреулерін аралап, ішіндегі суреттерін көріп, "Ост-Индия компаниясына" білдіреді. Содан кейін Англияның "Королевское обществосы" көңіл аударады. Фергюссон, Грифиц, Леди Херинген сияқты бір топ адамдар зерттеулер жазады. Оксфорт университетінің еңбектерінде бұл үңгірлердің жайынан мәліметтер жарияланады. 1914 жылы Хайдарабадта осы ескерткіштерді молырақ зерттейтін археологиялық қоғам жасалады. Кейін, 1950 жылы барлық осы ескерткіштер мен олар турасындағы қам түгелімен Индия үкіметінің өзіне көшеді. Содан кейін республика үкіметі бұл орындарға аса көп көңіл бөліп, мол қаражат шығарады. Сөйтіп, қазіргі күнде 29 үңгірдің көбінің ішінде реставрация істері жүргізіліп жатыр. Қопси бастаған ескі фрескалар оңдалып келеді. Италиядан келген тәжірибелі мастерлер мамандық көмек етіп жүр. 29 үңгірдің бәрі де адам қолымен қазылған да, көбінің ішінде сонау ескі замандардың шеберлері салған ғажайып суреттері бар тас мүсіндер мол. Бұлардың ішінде оңай тозарлығы сурет фрескалар десек, соның да өздері әлі 100 жылдай ізі жоғалмай сақталуға жарарлық екен. Бірақ соған қарамай, енді оларды оңдау ісі шындап қолға алынған. Осы ғажайып ауыр істі алыптар қажырымен мойынға алып, ұзақ жылдар бойында бір ғана үңгірдің бірер ғана тармағын қазуға, әсемдеуге өзінің түгел өмірін берген, бар тірлігін сарп еткен адамдар болған. Ал олар - діншіл сопы, монахтар. Барлық осы 29 үңгір храмды қазушылар өзге емес, дәл сол монахтардың өздері дейді. Монахтардың ішінде нәсілден нәсілге, заманнан заманға өнер қалдырып, әр түрлі сәулетті көркем шеберлік таратып, ұстаздық етіп кеткен ірі суретші скульптор, архитектор, эстет өнерпаздар болғаны даусыз. Солардың 900 жыл бойындағы еңбектерінің нәтижесі, мынау бір кең сайдағы, бүкіл бір дөңгеленген үлкен тауды үңгіп қашап жасаған мынау 29 ескерткіш. Таудың тасы жай тас емес, әлдене замандарда болып өткен вулкан әлегінен туып қалған біртұтас порода (тас бітімі) екен. 29 үңгірдің бесеуі Будда дінінің анық храмдары. Қалғандарында монахтар, сопылар өздері тұрған екен. Бірақ бар үңгірдің әрқайсысында сурет бар. Солардың ішінде ең жақсылары: бірінші, он алтыншы, он жетінші номерлер екен. Ескі үңгірлер сегізіншіден он үшке шейінгі үңгірлер саналады. Оларда архитектура, скульптура және сурет (живопись) бәрі бар. Бұлардың тақырыптарын, мазмұнын алсақ, ол декорация немесе портрет, немесе белгілі бір оқиғаны әңгіме еткен фреска. Солардың ішінде декорация ретінде гүлдер мен ағаштар сияқты өсімдіктер салынады. Портреттерде Будда мен оның шәкірттері және солардың бастарынан кешкен неше алуан халдері баяндалады. Әңгімелі мазмұн да Будданың өміріне байланысты туған оқиғалар болады. Біз осы "үңгір-ескерткіштердің" көбін араладық. Солардың ішінде бірінші үңгір храмда нелер ғажайып жайлар көрдік. Сыртынан биік таудың кеуде тұсындағы, кендігі дарбазадай ғана бір үңгір басталады да, ішіне кірген соң, бар дүние мүлде өзгеріп, басқаша боп кетеді. Кірген жеріңіз таудың іші, үңгір екенін сәтте ұмытасыз. Өйткені алдымызда үлкен дөңгелек зал тәрізді бір жай басталса, соның төбесі қоңыр тартып, қарауытып, зор биікке кетіп жатады. Содан әрі тағы бірнеше, төрт бұрышты дөңгелек, ұзынша үй-жайлар кетеді. Бұлардың бәрінің орталарында ғажайып шебер жасалған тас мүсіндер, барельефтер жоғарыда аталған дін хикаяларын баяндайды. Кейбір қалтарыстарда биік иыққа кетіп жатқан әдемі, жайлы басқыштар бар. Едендер жалтырап, мүлтіксіз сұлу қашалған. Айнала қарасаңыз, жоғары биіктен төменгі етектерге дейін қабырғалардағы фреска суреттер бірімен бірі жарысқандай. "Мені көр" деп тайталасқандай болады. Көп суреттер, фрескалар және скульптуралар Будданы танытады. Бұнда ғажайып бір фреска Будданың ең алғаш биік ағаш түбінде, өзіне әулиелік даритын шағын "просветлениені" тосып отырған кезді көрсетеді. Сонда демон-әзәзіл оны ниетінен аздырып, алан, етпек болады. Көп сұлу қыздарды әкеліп, жанынан, алдынан бұралтып, оралтып қызықтырады. Аздырмақ болады. Өзінің сұмпайы, қорқынышты ажарымен шошытпақта болады. Бірақ Будда азбайды. Туған анасына да сырт беріп, сол ақтыққа, игілікке берілген бетінен қайтпайды. Кейін осы тақырып христиан дінінің ұғымы бойынша болатын мақшар күнін суреттеген Микеланджело ғажайып фрескасынан, Римдегі Сикстинская капелласынан еске түсті. Алдыңғыдан соңғысы кейбір тақырып, мазмұн жайларды үлгі етіп алған ба, қалай деп ойлайсың. Бұл мәселеге кейін, Римді аралаған күндерді жазғанымызда айрықша тоқталмақшымыз. Будданың айналасында қыздардың неше алуан сәні, сұлуы жасалғанда, шаш тарау, шаш түюдің (прическаның) өзінің де неше алуан үлгілері бар. Бар үңгірлерді санағанда, әйел прическаларының 240 түрі бар екен деседі. Будданы азғырушы әзәзіл-жынның өздерінің жүзі де қорқынышты, құбыжық қалыпта, сан алуан боп салынған. Міне, 29 үңгірдің бәрі де осындай таңғажайып өнер іздерін, ескерткіштерін танытты. Бізді ертіп жүрген маманның айтуынша, Будданың ең өзгеше ұлы бейнесі жасалған бір фреска Будданы қолына лотос ұстап отырған күйде бейнелеген. Бұл фресканы "дүние жүзіндегі ең артық, асыл" санайды екен. Осындағы ғажап бір ерекшелік — Будданың көзін суреттеуде. Әуелі Будда бейнесіне алдынан қараған едік. Онда бар жүзі, денесі тура бізге қарап тұрған сұлу жүз болатын. Кейін біз тобымызбен оң жақ бүйірге шығып қарағанымызда, Будда бар денесімен бізге бұрылғандай болды. Содан екінші қарсы бүйірге шыққанымызда, тағы да бар денесімен бізге бұрылды. Осы жайды ескі шеберлердің өзгеше өнерпаздықпен жасаған "сиқырлы" қасиеті есепті бағаласады. Барлық үңгір храмдар мен жатын орындар толған неше алуан көркем өнер туындылары 900 жыл бойындағы сансыз көп монахтардың қолымен жасалған дедік. Ол монахтар осы істерін өздерінің сопылық, тәркі дүниелік, діндарлық құлшылығы ретінде орындаған. Осы істер олардың өзінше намазы, оразасы есепті болған. Рас, әрине, шеберден шебердің айырмасы бар, таланттан таланттың озғыны мен бәскілі бар. Соған орай кейбір фрескалар, жаңағы бірінші үңгірдегі тәрізді, ғажайып көркем болумен қатар, кейбіреулері әлдеқайда төмен, орташа боп шыққаны да бар. Ол сол замандар мен таланттар араларындағы айырмыстардың айғағы есепті танылуға лайық. Осы күні түстен кейін Аураңгабад деген қалаға қайта оралып келіп, тағы бір атақты, зор ескілігі көп Эллораға қарай өттік. Бұл жерде және де храм тәрізді ескілік ғимараттары өте көп. Анығында, Индияның көне өнерінің шын ғажайып үлгілерін атағанда, алдымен ауызға алатын орындар Аджента мен осы Эллора деседі. Эллорада буддистердің, индустердің және сол діннің бір тарауы болған "жаинизм" дінінің ұлы ескерткіштері бас қосқан. Осы қатардан ерекше оқшау бөлініп тұрған бір ғаламат храм бар. Бұл Эллораның үлкен бір таудан шауып, қашап жасаған ұлы храмы. Өзі VІІІ ғасырдың ескерткіші. Бұны жасаған монахтар емес. Тегі, индуизмде монахтар болмаса керек. Ол буддизмнің белгісі, ерекшелігі. Мынау храмды салдырған бір махараджа дейді. Өзінің қоластына қараған халықты үнемі айдап салып отырып, үлкен бір таудан сол таудай үлкен храм шаптырып жасатып шығарған. Осы храмды 70 жыл бойында еңбек етіп, бір уәлаяттың халқы бірнеше буын адамдарының, өнерпаздарының әмірін сарп етіп жасапты. Индуистер дінінің храмы болғандықтан, бұнда Шиваның және басқа сол дін құдайларының жайлары тас мүсін суреттермен баяндалған. Тау-тастан жасалған храмының сырты мен іші бірдей таң-тамаша етерлік өрнек пен суреттер, келісті шебер құрылыстар. Анық, үлкен мол өнер, өнімді өнер мен шеберліктің жиын кескіні, тұлғасы осыдан танылғандай. Храмның төменгі жақтары өңшең ірі айуандардың кескіндерін бейнелейді. Бұнда пілдер, арыстандар молырақ көрінеді. Кей жерлерінде су ағар арықтар жасалған. Оның өзі де сол жаңағы біртұтас тау-тастың өзінен шабылған. Осы храмның елесін көкейге қондыру үшін мысалға бір үлкен тектұрды алуға болады. Соның сыртының бәрін осы күнгі кірпіштен, ағаштан салынған шіркеулер, мешіттер тәрізді безендіріп жасайды. Соның үстіне, жаңағы мұнара, күмбез, карниз, қабырғалар болса, соның бәрінің сырты неше алуан құдайлар бастарынан кешкен хал-жайларды, соғыстарды, ғаламат орасан қырғын қақтығыс-тартыстарды сол тастың өзінен суретпен қашап шығарған. Сөйтіп, жартас храмның есіктері, терезелері, балкондары және сансыз көп діңгек (колонналары) түгелімен тастан қашалып жасалған қызық оқиғалы әңгімелерге толы. Бұл жағынан алғанда, мысалы, төрт-бес қабат үйдің биіктігіндей болған тау храмның өнебойы өзі бір кітап оқығандай әңгімелерге қандырады. Бейне бір бүкіл жартас түгелімен ұзақ дастанға ғажайып түрде ауысып құйылғандай. Анығында, Эллорадағы "Шиваның жұмағы" аталатын осы храмның көп оқиғалары Индияның ірі дін кітабы, әрі ғажайып дастаны — "Махабхаратаның" әңгімелерін баян етеді. Әр бөлімдерін бірде соғыс, бірде басқа тартысқа арнайды. Сонда құдайларын, пілдерін, арыстан, аюларын, ат тәрізді көліктерін түгел араластыра отырып, сол ескілікті білген жандарға күй күңіренткендей болады. Бұнда скульптура, барельеф, орнамент — бәрінің де өнері түгел өз өрістеріне жеткендей. Сол сырттағы күйлер әңгімесі, біріне-бірі байланысты көрініс-тартыстардың барлығы — бұл тау храмның ішінде және де үдей түскен. Храмның есіктерінен аттап ішіне кіргенде, тұтас тастан шабылған орын-жай деп ойлау әсте мүмкін емес. Кәдімгі үлкен мешіт, зор шеркеу, сәнді сарай ішіне кіргенде, кірпіштен, тастан, ағаштан қиылып жасалған келісті залдар, басқыштар, балкондар, колонналар бар емес пе? Мұнда солардың барлық қалпын бұлжытпай құйып қойғандай дәл келтірілген. Ішінен қарағанда да храмның төбесі шырқау биікке көтеріліп кетіп жатады. Анық, көп шебердің қолымен қаланып, сыланып жасалып шыққан ұлы сұлулық құйылысындай. Бұл храмның айналасы және де толған мінәжат орындары, зор ескерткіштер екен. Осында, Аджентадағы тәрізді, 12 үңгір храм буддистердікі. Мынау үлкен храмнан басқа тастан ойылып жасалған үлкенді-кішілі 17 храм индуистердікі. Және 6 храм жаинистердікі екен. Бұлардың ішінде буддистер храмдары ең ескілері саналады. Қазіргі күнде қайран қалдыратын — сол замандағы адам өнерінің шеберлігі. Салдырушы, қатал әмір иесі раджа, махараджалар болғанмен, осындай өнер үлгісін ойлап тапқан бай қиял, орындай білген шебер қолдар — барлығы да бағы заманда анық халықтан шыққан өнерпаздардікі. Солардың ұлы өнерінің ажалдан тыс, мәңгілік ұлы іздері тәрізді. Тас храмдардың бәрі де өздерінің өзгермес мығым тілі мен сондайлық өнер түрін жырдай етіп, бүгін күні бойы өздері үн салып баяндағандай болды. Аджента мен Эллораның "тас дастандарын", эпопеяларын оқып шығып, ойға алған таңданушы қиялдың бағалары осындай еді.
XІ. Тағы да үлкен қала болмысынан
Біздің ендігі сапарымыз Индостан жарым аралының батыс жағын орай түсіп, терістікке қарай қайта өрлей бастаған-ды. Бір шақта Индияның шырқау терістігінде, Гималай түбінде болғамыз. Одан беріде шығыс жақ шегі, Бенгал қойнауы, Калькутта қаласында болдық. Оңтүстіктің құрғақтағы ең шеткі шегіне, Коморин мүйісіне соғып өттік. Оңтүстікте Кочин, Тривандрум Траванкур, Банголор, Майсур атаулыны айқыш-ұйқыш жүріспен тегіс кезіп өттік. Хайдарабад, Аджента, Эллора баршасы оңтүстіктен терістікке қарай беттеген жолымызда болатын. Енді Хайдарабадтан ұшқанда, біз Бомбейден кеп шықтық. Бұл Индия мұхитының бір қойнауы — Арабстан теңізінің жағасында тұрған аса зор қаланың бірі. Бомбейде үш жарым миллион халық тұрады. Калькуттадан соңғы Индияның ең үлкен қаласы осы. Теңіз жағасындағы порттың бәрі дүниежүзілік порт болғанда, Бомбей қаласы сол порттардың анық дүниежүзілік ең үлкен, ең атақты портының бірі саналады екен. Сондықтан да бұл қаланың тарихында дүниежүзілік сауданың орны өзгеше. Бомбей қаласы — бүгінгі тұрған анық европалық көрікті құрылыс атаулысының бәрінен өте жас қала, жаңа қала. Мысалы, бүгінгі Бомбейдің осы тұрған орнында 80 жыл бұрын қала болмаған. Бомбей өзі аралда тұр. Ені бір-бір жарым миль, ұзыны 11 миль арал бүгінгі Бомбейдің тұрған жері. Осы арал мен құрғақтың екі арасын бөліп тұрған бұғазды қазір үлкен көпірмен басып өтіп, арал мен құрғақ арасы білінбей қосылып кеткен. Қала бұл атыраптың аралы мен құрғағының бәрін қаптай басып-қосып, аса жайлы мекен тапқан. Бомбей қаласында біз өзге қалалардан гөрі көбірек тоқтап, қала тіршілігінің бірталай жайларына молырақ қанықтық. Айдан асып бара жатқан сапарымыздың аяқтап келген кезі осы күндер. Бомбейге жеткен шақтар болған соң да, біз асыққамыз жоқ. Ал Бомбейдің бөгде қонақ білсем дейтін өзгешеліктері, әрине, және де аса мол еді. Біздің Бомбейден соңғы қайтып оралатынымыз Дели. Осы жайлардың бәрін еске алып, ұзақ жолдың соңы өзгеше үлкен қалаға соққан соң, біз бұнда бірталай жайларға үңіле қарай түстік. Бомбеймен танысуымыз Бомбей губернаторымен кездесуден басталды. Бомбейдің губернаторы кофе мен шай үстіндегі аз мәжілісте біздің топқа жақсы бейіл көрсетті. Шыншыл жүзбен елеулі бір сөз айтты. Тек мақтап, көтере сөйлемей, ұлы қаласының жайын еркін сыншы оймен сипаттады да: "Бомбейде жақсы да көп, жаман жай да көп" деді. Кейін өзі ертіп жүріп парламент залын көрсетті. Сол парламентте өзі отыратын жоғарғы орын — ложа бар екен. Біз сол арадан кеп, төмендегі парламент залында жүріп жатқан мәжілісті сыртынан шолдық. Бұнда, Жоғарғы палатада жарыссөз жүріп жатыр екен. Зал дөңгелек болғанда, оң жағы және көп жағы үкіметтік партия — конгрессистер партиясының отыратын жағы. Сол жақта оппозиция — қарсы партиялар депутаттары отырады екен. Үзіліс кезінде Төменгі палатаның мәжіліс жайларын да аралап, таныс болдық. Губернатордан кейін, біз кино өндірісі ең күшті қала осы Бомбей болғандықтан, бір мезгіл документалды суреттердің студиясына келдік. Тегінде, Индия киносуретті аса мол шығарады. Жылына 200 суретке шейін шығады деседі. Сол кино өндірісінің Индияда екі үлкен орталығы бар. Біреуі - Мадрас, екіншісі — Бомбей. Бомбейде кино өндірісінің бір тобы үкімет қолында және бір бөліктері жеке капиталистер өндірісі саналады. Бұнда тұтас киностудияның иесі боп отырған фабриканттар да бар. Индияның киносы, тегінде, өзге киносуреттерден ұзын болады. Мөлшері орта шамасы 3000 метр суреттер бола береді. Ондай ұзын суретті Индия көрушілері кәдімгі театрға келгендей үзіліс (антракт) жасап, үш-төрт сағаттай қарайды. Театры болмаса да, кино өндірісі мен өнері Индия халқын өзіне түгел қызықтырып, бұрып алған деуге болады. Бір ғана көркемөнерлік жағы емес, тіпті әдебиеттік шығармалық еңбектердің де бірталай жақтары киноға қарай көбірек ауысып, ойысып кеткен тәрізді. Осы туралы біз кейінірек сөз ететін бір жайлар мезгілімен айтылатын болғандықтан, әзірше ұзап сөз етпейміз. Жалғыз ескерте кететініміз, Индия көркемөнері мен әдебиет өнерінің ортасында кино өндірісінің таразысы анық басыңқы. Бейілдің, күштің, қаражат көмектің көптен көбі осы салаға, сыңаржақ болса да, сайып кеткенге ұқсайды. Документалды суреттер студиясы бізге бір топ суреттер көрсетті. Бұнда Индия өмірінің әр сала, әр қиыр шеті жан-жақты көрінгендей. Мысалы, Непалда, тауда ғылымдық экспедицияда жүрген бір топ адам жүрісі өзінше қызық мазмұнды болып көрсетілген. Зерттеуші топ қарлы қалың таулар арасында тұратын буддистер ортасына соғады. Сол елдің музыкасы, биі, неше алуан цирк өнеріндей, адамды таң қылатын көріністері суреттеледі. Аузын, ұртын бізбен тесетін артистер көрінеді. Немесе би үстінде аузына өткір қылыштың ұшын сақ еткізіп сұғып жіберіп, бір жақ ұртын сол қылышпен бұлтита керіп, тіреп қоятын ойыншыларды көрсеткен. Этнографиялық жайды, деректерді экзотикалық қалыпқа айналдырып, еріксіз көңіл бөлгізетін, көз тартатын елеулі документалды сурет жасаған. Екінші бір документалды сурет — терістік Индияда тауды жарып, тасты қашап, канал, плотина, электр станция, су қоймасын жасап жатқан машиналы, техникалы тегеуріні күшті еңбекті баяндайды. Үшінші бір сурет — оңтүстік Кочин, Тривандрум, Траванкур тәрізді өлкелердің неше алуан байлықтарын бояулы суретпен көрсетеді. Соңғы бір суретте Индияның әулие қаласы Бенарестің ерекшеліктерін жинай баяндапты. Бар оқиғаны Қытайдан келген монахты жүргізіп отырып, соның аралап керген дүниесі ретінде кезегімен тізіп көрсеткен. Сөйтіп, документалды сурет өзінің желілі идеологиясымен қоса жасалған. Кейін де біз Бомбейдегі кино өндіріс орындарында бірнеше рет болып өттік. Кешкі шақта бар тобымызбен Индия-Совет достығы қоғамының үлкен жиналысында болдық. Бомбейде, тегінде, мәдениет қайраткерлері арасында біздің Отанға дос адамдар көбірек. Бізге белгілі Индия қайраткерлерінің бірталайы осында тұрады. Мысалы, Индия-Совет достығы қоғамының бастығы доктор Балига, бізге дос, үлкен жазушы Мулк Раджинан осында тұрады. Одақ халқына аттары белгілі кино қайраткерлері Радж Капур және басқа бір топ Индия суреттерінің ер-әйел артистері осы Бомбейде тұрысады. Жазушылардан Индиядағы киносуреттердің бір тобының сценарийін жазушы, біздің дос адамымыз Ходжа-Ахмад Аббас осында мекен етеді. Ақындардан: Али-Сардар Жафри де осы Бомбейде. Үлкен зал мол толған жиында сол Балига, Мулк Раджинан, Али-Сардар сөйледі. Біздің тобымыздан да Сурков бастаған бірнеше жолдастар шынайы, қымбат достық — халықтар достығы жөнінде орынды, елеулі ойлар айтысып еді. Бомбейде болған күндерде біз қаланың сыртында, дачалы жерде өз үйінде тұрушы — әрі жазушы, әрі режиссер Ходжа-Ахмад Аббастың үйінде қонақта болдық. Бұнда адам көп жиналыпты. Бомбейдің үрду тілінде жазатын жазушылары, ақындары мен кинорежиссерлер, артистер, артискалар болған еді. Одақ еліне мәлім болған суреттердің геройлық рольдегі еркегін, әйелдерін ойнаған артистер де болды. Бір топ ақындармен әңгімелесе отырып, Одақтағы біздің жазушы-ақындарымыздың шығармаларын білетін, білмейтін жайларын сұрастырып ем. Жалпы одақтық жазба поэзиядан Маяковскийдің атынан басқа ақындарымызды ауызға алысқан жоқ. Бір шақта қайтер екен деп "Жамбылды білесіздер ме?" деп сұрап ем, бастығы Али-Сардар боп, үрду тілінде жазатын, маған жақын отырған үш ақын өзара өздерінше бірер ауыз сөз қатысып алды да, сол арада әндетіп тұрып, бәрі қосылып Жамбылдың "Жаңа заң" туралы шығарған жырын айтып та берісті. Тегінде, Индиядағы ақындар жайы тұрмыс жағынан жеңіл болмау керек. Осы ақындардың біреуі маған сыр қылып, бір-ақ ауыз сөз айтты. Сонда барлық жайлар мәлім болғандай еді. Ол: "Қазір мен үшін ең үлкен қамнан" деді. Басқа да көп ақындары сондайлық мұқтаждық күйде екен. Қара сөз бен қысқа әңгіме, новелла болмаса, кино керегіне жарайтын оқиғалы әңгімелер жазатын, немесе сценарийдің өзін жазатын проза жазушылары күйлірек көрінеді де, ақындар жағы жүдеулеу. Олар да кейбір күнкөріс қамын кино айналасынан табамыз деседі. Ал үй иесі Аббастың жайы өзгеше. Оның жақсы бағы бар, үйі екі қабат, бөлмелері үлкен, келісті көрінді. Осы кеште, түн жарымына тақау қонақтан қайтып, қаланың ішіне кеп кірген едік. Біздің бір топ машиналарымыз Бомбейде біз тұрған үлкен сұлу отель "Тәжмахалға" қарай беттеп келе жатты. Сол шақта үлкен көшенің бірінде ең алдыңғы машина — Сурков екеуміз бен Мулк Раджинан үшеуміз отырған машинаны полиция тоқтатып алды да, тінтуге кірісті. Машинаның артқы багажнигін сатырлатып ашып, жөнін айтпастан, біз отырған ішкі орындарды тінтіп, тіміскілей қарай бастады. Біз амалсыздан Мулк Раджинаннан: "бұ несі?" деп сұраған едік. Жазушы досымыз қысылған жоқ екен, күлді де, жауап берді: "Бұл құрғақ законның іске басқан әрекеті" деді. Сөйтсек, Бомбейде, үш жарым миллион халық тұратын ұлы қалада, "құрғақ закон" (сухой закон) дейтін тәртіп бар екен. Бұл қала ішкілік атаулының бірде-бір түрін ешбір кісіге ішкізбейді. Бұнда, әрине, ондай ішкілікті саудалау да жоқ. Шеттен келетін қатынас түрлерінің бәрі де қаланың ішіне кіре бере тінтіліп, тексеріледі, арақ-шарап атаулы кімде болса да конфискеленеді екен. Біздің машиналарымыз қаланың сыртындағы дачалар ауданынан шыққанын қала шетіндегі полисмендер орталық аудандарға білдірген екен де, бір топ боп тізбектеліп келе жатқан біздің машиналарымыз сезікке алынған екен. Біз бұл тінтуге, шынын айту керек, жөнін түсінген соң, наразы болу емес, іштей қатты ырза болдық. Жалпы ішкілік Индияда, тегі, жоққа тән болғанмен, өзге қалалардың бәрінде де "ішем" деушілерге сатылатын әр елдің мыңдаған сортты арақ-шараптары бола тұғын. Ал Бомбейдің қала басшылығы халықтың саушылығын, тазалығын сақтау қамымен мүлде арақ атаулыны сатуды тыйған да, өзінің жаңағыдай қатал законын кіргізген екен. Бомбей қаласын түн ішінде аралау жолында, біз досымыз Мулк Раджинаннан қаланың өзге жайларын да аздап естіп келе жаттық. Орталық көп аудандары төрт-бес-алты үйлерден ғана құралған және әр үйлері өзіне бөлек көркем стильмен салынған қаланың көп өлкесі шынында сұлу, сәнді, мол мәдениет астанасын танытады. Теңіз суы қойнау болып, қаланың бір шетінен кіре түскенде, қала көшелері мен жағалау жолдары дөңгелей иіліп, айшық жасап ойысып келеді екен. Түнгі мол жарық төгілген осы айналма үлкен мүйіс өзі бір үлкен бриллиант алқадай жарқырайды. Соған орай осы жағаны "Англия король ханымының алқасы" деп атапты. Мулк Раджинан қаланың үлкен порт, аса зор сауда орны болып тұрған халқын еске салды. Сөйте тұра бұл қаланың үлкен обырлық капитал майданы екенін, қомағай қазан тәрізді сыры, шыны барын да ашып айтты. "Мынау сіздер көріп келе жатқан Бомбей, дәл осы тұсында, ақша жасаушылардың қаласы. Бұнда сол ақша жасаудан басқа арман да, мүлде де, қасиет те жоқ және бұл қала сол сипатымен дүниежүзілік талаушылардың, сома жиюшылардың Индияға кіретін есігі" деп, салқын ойлы, сыншы адамның теңеуге толы шешен сөзін айтты. Бомбейдегі күндерде Индияның бізге шала таныс өзге жайларын да анық достардың шыншыл, сыншы пікірлерінен жақсы ұғындық. Бір дос жазушының өз отаны туралы айтқан әділ, сыншыл шынға толы деректерін Бомбей болмысымен байланыстыра еске алып өтейік. Ең әуелгі бір мәселе, Индиядағы "касталар" (ата-тегі, дәрежесі бойынша екшелетін қоғамдық топ) жөнінде индиялық достар не дейді? Соңғы кездегі өкімет талабы, конгрессистер партиясының мақсаты бойынша, әсіресе Нерудің айтуы бойынша, Индияда касталар жоғалу керек, жойылу шарт деседі. Бірақ сол жойылу ісі оңай емес болса керек. Касталар — Индиядағы халықтың қоғамдық тірлігінде талай мың жылдардан, бағы заманнан келе жатқан қоғамдық жіктер. Бұл күндерде, әсіресе жаңа Индияның жаңа қоғамдық, тарихтық тірлігіндегі үлкен дерттің бірі осы. Индия шындығын сәл бүркемелеп айтатын адамдар "каста" саны төртеу ғана дейді. Ол төртеуі: бірінші — браминдер (жрецтер), дінбасылар тобы. Екінші — әскери қауым; үшінші — сауда қауымы; төртінші — қара жұмыс халқы. Бұлай санаушылар Индиядағы қалың топ, есесіз құл-күң дәрежесіндегі аласталғандардың (неприкасаемыйлар) қалың тобын еске алмайды. Оларды касталардан, қала берсе, адамдық қатардан төмен санайды. Ал осы аласталғандардың өзінің де молдығы ешкімнен олқы емес. Бұлар Индияда ешбір орынға, ешбір мүлік-жайға ие емес. Адамдық өмір, тірлік қатарына кірмейді. Көшеде қаңғырған иесіз жәндіктер тәрізді. Олардың есесіне тиген жалғыз ғана арнаулы жұмыстар болса, ол — көшені сыпыру, су шашу, лас-нас заттарды жинау, тазалау ғана. Осы аласталғандар бүгінгі Индияда әлі бар. Джавахарлал Нерудің жазуы бойынша, Ганди өз өмірінің көп кездерін, көп үгіт-өсиетін аласталғандарды қорғауға арнаған. Индияның өзге барлық қауымдары, халықтары арасында Ганди жаяу жүріп, өзінің үгіт-өсиет сөздерін, әдейі осы есесіздер (индияша айтқанда хариджи) қауымының қамына арнаған. Оларды адам қатарында санап, халықтың ұл-қыздарының қатарынан адамдық орын, дәреже правосын беру керек деп үгіттеген. Ал осы есесіздер бүгінгі республикалық Индияда әлі де бар. Қалада қайыршылар, жоқ-жітіктер, жүдеп-солып, сорлағандар тобын молайтумен жүр. Касталар жөнінде біздің бұл айтқанымыз: шақтап, жеңілдетіп, шындықты бүркеңкірей сөйлеген адамдардың дерегі. Ал сыншы, сергек ойлы жазушы достың әңгімесі бұл айтқаннан әлдеқайда ауыр да, қиын түйін жайлар есепті. Ол адамның айтуынша, кастаның күші де, көбі де қалада. Қыстақтарда ол жайлар басқаша. Ал қаладағы күйді алсақ, каста ретімен жіктелудің барлық Индияда бұл күнге шейін шынайы өмір тірлікте қаймағы бұзылған жоқ. Өкімет касталар жойылсын дегенмен, ол әлі жойылған жоқ, жойылуы оңай да емес. Себебі индуизм дінінің өзі қоғамдық құрылыстың касталық жікке бөлінуіне сүйенеді. Барлық діндік рәсім, салт-қағидалар өзі сол касталық жіктер бойынша қалыптанған. Касталар арасы соншалық бітімсіз жырақ, шалғай да кереғар. Мысалы, екі кастаның қызы мен жігіті бірін-бірі сүйіп, үйлену былай тұрсын, тіпті екеуі бір ыдыстан ас іше алмайды. Біреуі ішкен ыдыс екіншісіне арам есепті. Көпшілік санасында осы жіктер нанымды дін де, иман да тәрізді. Біздің дос осыдан үш ай ғана бұрын болған бір оқиғаны, сол касталар мен рәсім қағидалар, салттар турасындағы түсініктің, нанымның беріктігіне дәлел етіп әңгімеледі. Газеттерде жарияланған оқиға бір семьяның трагедиясы жайында. Үш ай бұрын бір индус генерал қайтыс болған. Рәсім бойынша соның өлігін отқа өртеген шақта, жаңағы генералдың әйелі, былайша айтқанда, көзі ашық, мәдениетті дейтін семьяның әйелі, күйеуі өртенген отқа өздігімен атылып, күйеуінің өлігін құшақтап, бірге жанып өлген. Осы оқиғада жаңағы касталық, діндік, қоғамдық шындықтың барлық дерегі мен айғағы айқын тұр. Индия әйелінің көпшілік санасында, бұрынғы әйелдердің дін салты бойынша істейтін қарыз-міндеттері бұл шақта да сақталу керек болғаны. Ресми түрде ғана айқын, үлкен топтар болғандықтан, барлық Индия халқынан төрт кастаны жоғарыдағыдай бөліп атасады. Анығында, діндік, қоғамдық, шаруашылық, кәсіптік, қандастық деген сияқты, талай түрде сан алуан касталар толып жатыр деседі. Және сол касталық жіктердің бәрінің жайын материалистік дүниетану негізімен баяндап отырған жазушы досымыз, осы жіктердің бәрі және де түгелімен таптық қоғамның қалпынша бөлініседі дейді. Касталық түсінік, нанымдар әр бөлек кастаның өзінің ереже, заңымен, ұғым-түсінігімен бүгінгі Индияның барлық жеке қоғамдарында, семьяларында, жеке мүшелерінде әлі күнге жойылмаған. Әлі күнге күшті, құдіретті қалпында. Сондықтан, біздің досымыздың айтуы бойынша, оның өзімен бірге туысқан ағасының әйеліне шейін қан жағынан, туыс жақтарынан бойларына сіңген жол-жораны бірде-бір уақыт ұмытпайды, қаза қылмайды, деп сөйледі. Бүгіндегі Индияның әр алуан мәдениет салалары турасынан сөйлегенде, біздің досымыз және де "Индия мәдениеті дінге көп байланысты мәдениет" деді. Ал ғылым мен көркемөнердің кино сияқты кейбір саласы Европаға еліктеу ретінде дамыды дейді. Индияның өзіндік жолын табу керек еді. Оның орнына еліктеу молайған жақтар көп. Сонымен, мәдениеттің кейбір саласында Европаның декаденттігі де әсер еткен болды, — дейді. Ағылшындар Индия тарихын орыс мәдениетінен өте жырақ ұстаған. Сол себепті, мысалы, біздің досымыз өз басының білім іздеу жолын айтқанда: Маркс пен Горькийді мен тек ағылшынның абақтысында отырған шақта ғана оқып, таныса алдым. Ағылшын мәдениетін Индия тарихы сыңар жақ, кейде біржақты ғана алған. Кей салаларда, мысалы, ғылым мен жоғарыдағы айтқан көркемөнер көлемінде кейбір кезде барынша европалану болады да, екінші бір салаларда Индия мәдениеті тапжылмай, өспей қалады. Ешбір жаңалық болмай, тумай, екі жүз жыл бойында бір күйде қалып қойған, кейіндеп қалған хал де бар, - дейді. Осы жөнде ойлағанда, Индия әдебиеті көп өзгешеліктерді молырақ сақтап қалған тәрізді. Соның орайына бұл әдебиет аморф күйде, шабандыққа түсіп қалған. Бұл ретте тілдердің жайы да Индияның жауапты жазушысын қиын ойларға салатын көрінеді. Ол өзі ағылшын тілінде жазатын және пенджаби тілімен жазатын жазушы. Сондықтан ғана емес, тарихтық сыншы, дұрыс көзқарас бойынша, ол ағылшын тілі арқылы белгілі дәрежеде Индияға әдебиет мәдениетінің келгенін даусыз деп санайды. Сондай Европа жаңалығы келмесе, біз ұдайғы феодализм қалпындағы әдебиет өнерінен аспай қалуымыз мүмкін еді, дейді. Оның үстіне, ағылшын тілінің өзі де тек жаудың тілі емес, мысалы, Говард Фаст пен Фостердің тілдері екі басқа. Говард Фаст артық тілмен жазады, дейді. Индияның өзінің қайраткерлерін, халық басшыларын алғанда: Ганди, Неру, Кришан Чандр бәрі де ағылшын тілін қолданған. Олар сол тілде білім алып, сол тілде өз халқының тарихы, тағдыры турасындағы қамқор ойларын таратты. Бірақ сонымен катар Индияның өзінің тілдерін де бұл күнге шейін өсіп келген дәрежесіне, мәдениетіне сай етіп дамыту керек, дейді. Сол жөнде және де сыншыл ой тарата отырып, һинді тілін "көркемдігі аз" тіл дейді. Үрду олай емес, ол XVІ ғасырдан бері ғажап бай классикалық поэзия тудырған. Бенгал тілі де сондай. һинді тілінде сұлу әдебиет туындысы жоқ. Сол себепті, өкімет ойлағандай, 15 жылдан соң барлық Индияға һинді тілін жалғыз тіл ғып кіргізу оңай емес. Әдебиет тілі бұрын өркендеп өскен, нәзіктеніп өнерленген өзге Индия тілдерінің өз дәстүрін тастап, һинді тіліне ауысумен тумайды. Және оңтүстік тілдері санскритпен байланысты емес. Олардың тілінде де һинді тілінен өте жырақ жатқан жайлар көп, дейді. Сонымен, бұл жазушы әр тілдер өз мәдениетін өсіре отырумен қатар, ағылшын тілінен қол үзбеу керек, дейді. Бүгінгі тілдер ішінде ілгері мәдениетті бойына молырақ сіңірген тек бенгал тілі. Ол тілде Рабиндранат Тагордың ғана шығармалары емес, басқа да төрт-бес жаңа бағыттағы, ірі жазушылар шығармалары туған. Ол тілде, роман жанры сияқты, Индия әдебиетіне, тарихына мүлде жат жанр да туды. Өзге тілдерде ондайлық дәрежеде әдебиеттің жаңа жанры өсіп, дамыған жоқ. Бұлардың бүгінде де ең өскелең жағы тек поэзия. Оған да жаңа ырғақ, ұйқас пен өзге құрылыс жаңалықтары енген жоқ. Әлі де көбінше екі жолды мәснауи, бәйіт, ғазел, рубағи өлшеу ырғақтары басым болып жүр. Сондықтан ақындар жазып шығарудан гөрі, жырлап шығуға көбірек беріледі. Әлдеқандай "мүшәйрада" бес мың, он мың жұрттың алдында өлеңдерін әндетіп айтып, соны қанағат қылып жүр. Бұл қалыпта көбінше мазмұн орнына орындау, айтып беру өнері көбірек алға шығады. Сол өлеңдердің 80 проценті төмен сапалы бола тұрып, құлақпен қабылдауға, әнмен қанаттануға бейім келеді. Бұлай тірлік етуде поэзия үшін жарыс, өріс жоқ. Сын атаулы Индияда мүлде жоққа тән. Сондықтан әр тілдердің өздерінде өсіп жүрген, қолданылып жүрген поэзия шағын, шамалы өнерді андатады деуге болады. Оның орайына европалық әсер, мәдениетті үлгі бойынша туған прозалық жаңалықтар өнімді, көңілді әсер етеді. Қазіргі Индияда жаңа үлгіде өскен әдебиетті алсақ, соның көбі көркем проза мен қысқа әңгіме, новелла түрінде туған үлгілер. Осы қысқа әңгіме мәдениеті біздің Индияда европалық дәстүрден ауысты. Журналдар әңгімелерінен үлгі алу нәтижесінде туды. Сол қатарда Индия новеллаларының 30-40 процентін анық реализм дәстүріндегі шығармалар деуге болады. Осы жайды айта келіп, біздің досымыз жүйелік аса даулы бір мәселені сөйледі. Ол, Индияда роман жоқ, роман тууға бұл күнге шейінгі Индия тарихында жағдай, болмыс шындығы және де жеткілікті болған жоқ, — деді. Индия әдебиетінде роман болмауы рас, ол өзі біздің көңілімізде үлкен бір қайшылықта олқылық есепті сезілуші еді. Қазір мына жауапты ой жазушының аузынан романның болмауын естудің үстіне, "бұл шаққа шейін болуға мүмкін де емес еді" дегенді түсіну оңай емес еді. Оған көну әсіресе қиын. Дәлелдерін сұрап едік: романның Индияда туатын шағы болған жоқ, жеткен жоқ, себебі біз феодализмнен әлі шығып болғамыз жоқ. Дін, каста, қоғамдық, үй-ішілік түсінік-жайлардың бәрі қат-қабаттаған шытырман күйде. Бұларды романмен суреттеу оңай емес. Қалыңдап кіруге мүмкін емес. Сондықтан тіршілікті шеттеп жазатын, аз-аздап көрсететін құрылысы жеңіл, шешімі оңай әңгімелермен қанағаттану бұл шаққа шейінгі Индияның әдебиет мәдениеті көлемінде орынды болса керек. Осы пікір шынында аса даулы пікір болғандықтан, дәлел ретінде біздің досымыз қанша даулар айтса да, біздің илануымыз, құптауымыз қиын болды. Ол, бір жазушы басындағы қиыншылықтың мөлшерін шамалағанда, мысалы, Диккенс, Лев Толстой, Шолохов үшеуінің бар сипаты бір жазушыда болса ғана бүгінгі Индияның шытырман шындығын роман жанрымен жазуға болады. Әйтпесе мүмкін емес деп, дәлелдерін аяқтаған еді. Мен осы жөнде бұл жазушымен де және кейін әңгімелескен ақын досымызбен де біраз даулы болдым. Даудың үлкені роман жанры турасында еді. Индияда феодализм басым болғандықтан, романдай буржуаздық құрылыс кезінде туатын жанр Индия топырағында туарлық тарихтық жағдай таппаған тәрізді. Мен осы жайды жеткіліксіз дәлел санадым. Себебі бүгінгі Индияның өзге жерлерін қойып, тек қана үлкен қалаларын алса, XX ғасыр ортасының барлық машина техникасы түп-түгел өз жағдайымен, бар дүниедегі шытырман шартымен келіп орнап отыр. Орнау ғана емес, миллиондар өмірін, еңбегін өзіне баурап, билеп отыр. Бұл урбанистік (қалалық техникалық мәдениет), әрине, өзіне лайықты, өз заманының қоғамдық орталарын жасап, қоғамдық қарым-қатынас күйлерін молынан туғызып отыр. Сол себепті, буржуаздық капиталистік дәуірден бастап дүниеге келді дейтін роман жанры туарлық жағдайлардың бәрі де қасымызда, көз алдымызда, осы Индияның бар қаласында сықап толысып тұр. Шаруашылық, тарихтық, қоғамдық, сондай жағдайлардың бәрі өзге емес, бір ғана осы Бомбей қаласында, жеке көшесінде немесе бір квартал көлеміндегі талай бес-алты қабат үйлерінің іштерінде бар жағдайымен әзір тұр. Тілесеңіз, сол үйлерде, кварталдарда, Бомбей көшелерінде тірлік етіп тұрған бүгінгі Индия адамдарының семьяларының, қоғамдық орталарының неше алуан қым-қуыт қайшылық, тартыс, тайталас жағдайларын сан алуан роман етіп жазуға болады. Дәл бүгінгі шындық пен болмыстың осы айтылғандай жағдайларына сүйеніп, Индияның қай тілінде болса да: тарихтық, салттық, психологиялық, индустрлік, қоғамдық роман үлгілерін мейлінше туғызуға болады. Романның Индияда өспей қалуы тарихтан емес, сол өсудің тағы бір алуан өзге жайлардағы сыңар жақтық қайшылығы, олқылығы деп есептеуді менің көңілім дұрысырақ деп байлаған еді. Осы пікірлер жолдасша іштесіп сөйлесу үстінде ашып айтылды. Қалай да болса, даусыз бір шындық дос жазушымыз айтуынан тағы анықтала түсті. Индия халқына сауатын ашумен қатар, кітап, кітап, кітап керек. Әсіресе, дұрыс тәрбиелейтін кітап керек. Болмаса бүгінгі қалыпта Индияның сауаты бар адамдарының арасына ең көп тарайтын Америка макулатурасы — кітап сымақтары екен. Онда ұрлық пен қылмыс, бұзық пен бүлік әрекеттер "қызық әңгіме" болып жазылады. Неше түрлі осалдық, осал құмарлық түрлері, қылмыстары, қылықтары әңгімеленеді. Сондай кітаптар қазір Индияның барлық тілдерінде оңай аударылады. Бұрын американдар, ағылшындар жазатын болса, енді сондай кітаптарды пұл табу үшін Индияның кертартпа жазушылары да халтура түрінде жаза беретін болды. Осы кітаптар қазір Индиядағы ең арзан кітап. Өздері ерекше мол тиражбен шығарылады. Бір кітап бағасы бір рупийден артық болмайды. Кейде төрт-бес ан (16 ан — бір рупий) тұратындары да болады. Сондайлық "арзан, қызық", мазмұны бүлік кітап сымақтар атаулыны американдар мен ағылшындар Индияға өлердей тырысып, мол жайып жүр. Индияны осындай кітаптардың селімен бастырғандай да боп кетеді. Ал жалпы Индия әдебиеті көлемінде сын деген мүлде жоқ, немесе жоқтың қасы. Олай болса, жаңағы ұдайы тарап жатқан залалды кітаптардың сырын, шынын көпшілікке түсіндіру де жоқ. Міне, осы себепті де бүгінгі Индияға кітап керек болғанда, өмірдің шынын, сырын терең ашатын реализм жолындағы, анық дүниежүзілік әдебиет мәдениетінің үлгісінде, дәстүрінде туған әңгімелер, повестер, романдар қажет. Бомбейде біз қаланы көп араладық. Сол қатарда Махин аталатын ауданында бойня бар екен. Және де, Калькутта, Мадрастағы тәрізді, нелер сорақы жүдеулікті осы бойня маңынан көрдік. Бойня жұмысшылары тұратын кварталдар, жеке үйлер мен өте жүдеу жырым шоқпыт лашықтар бірі артынан бірі тізіліп, ұзақ қатарлар боп созыла берді. Қаланың талай ауданы сауданың, банктердің, порттардың, заводтардың орналасқан тұстарында өте сәнді де сұлу. Бай қала, толған, болған қала деп ойлайсыз. Бірақ сонымен қатар бұл қаладағы жоқшылық та ұшан-теңіз. Бұнда да үйсіз, панасыз жандар жалғыз ағаштың түбін мекендеп, жалтаң көз, аш бала, жалаңаш әйел, жарымжан ерлер түрінде жиі кездеседі. Сондай жандары көп жерлерде машинаң тоқтай қалса, қайыршылар қамап алады. Біреуіне бір тиын берсең болды, сәттің ішінде жан-жақтан шулай топырлап, жалына үн салып, қамап келіп, қозғалтпай қоятыны болады. Аш, жүдеу-жыртық, қайыршы балалардың өздерінен жиылатын топтың өзінен де құтыла алмайсың. Сондай жоқшылықтың ауыр ойға салатын сорлы ажарын бүгін күндіз, жаңағы бойня маңында анық көрдік. Ондағы бірнеше кварталдай ұзын бойға және бүйір жақтарға созылып кетіп жатқан лашықтар қатарлары есінді шығарғандай. Жыртық жабу, шоқпыт жамау, қорда қоқсықтан құрылған пана болмыстардың реңінен адам шошырлық. Кешеден бері бізді сұлулығымен, байлығымен, сан алуан сәнімен қайран еткен Бомбей, "Индияның өзге бір қаласынан басқаша" дегізген Бомбей енді өзінің арқасын, екінші бір қырын көрсетті де, сол екінші жақ шегі, шеті де оқшау сұмдықтай аса жат көрінді. Бомбейде жоғарыда біз айтқан әлденеше касталардың талайы бар. Сондай бір алуан дағды-дәстүрі бөлек Бомбей тұрғындары "парсы" дейтін жұрт екен. Бұлар көбінше саудагер. Қаланың көп үлкен үйлері, талай магазиндері, біз тұрған "Тәжмахалдай" гостиницасы — қысқасы, көп байлығы сол парсы байларына тиісті. Бұлар өздері ұйымшыл, бірін-бірі сүйегіш, ынтымақты. Өзгелерден өз тобын бөлек ұстайтын халық көрінеді. Әйелдері "сәриді" (әйел киімін) ұдайы ақтан киеді. Жиектері күміспен, алтынмен жиектелген сұлу "сәрилер" көбінше сол "парсы" әйелдерінің үлгісі. Осы парсылардың өлген адамды қою дәстүрі Бомбейге жаңа келген жанның бәрін түршіктіргендей, өзгеше болады екен. Естіген оқшау жайды анықтап білу үшін, біздің біразымыз Бомбейдің тағы бір бөлімі — Малавар тауының етегіне бардық. Бұл арада "Үнсіз мұнара" дейтін биікше, ерекше орын жай бар. Парсының өлген адамының бәрі осы "Үнсіз мұнараның" түбіне арнаулы жабық машинамен күндізгі сағат 4-5 шамасында әкелінеді екен. Бұл араға еркектер ғана келеді. Содан кейін өліктің денесімен жаңағы мұнара түбінде жақындары қоштасады да, өлікті сол мұнарадағы зияратшы күзетшілерге береді. Олар қолына тиген өлікті мұнараның басына шығарады. Бар киімін шешіндіріп жалаңаштайды, қолының буынын кесіп, аяғының буынын кесіп, әр жерінен қан шығарады. Ішін жарып, кеудесін ашады. Сөйтеді де, мұнараның жайдақ, жазық төбесіне салып қойып, әуелі тауысты жібереді. Ол барып, өліктің екі көзін шоқып жейді. Содан кейін өлген адамның жасына қарай, мұнараның төбесіндегі жазықтың әр жеріне қоятын болады. Үлкен кісі болса, мұнараның шетінде қалдырады. Әйел болса, мұнара алаңының ортасына тақау қояды. Бала өлсе, дәл жазықтың ортасына апарады. Ол арада құр құдық бар, соның қасына қояды. Осылай қалдырып кеткен өліктерге түс ауа бере, қаптаған қарақұстар ұшып келеді. Бұл қарақұстар таңертеңгі кезде бойнялар маңында жүреді. Ал түстен кейін ұдайы мерзім алған дағдысымен жаңағы "Үнсіз мұнара" үстіне келеді. Содан қаптай жабылып, жаңағы жалаңаш жатқызып қойған өліктің етін жейді. Сондай өліктерді осы орында қолынан атқарып жүрген күтуші-зияратшының өз әңгімесі бойынша: "екі сағаттан кейін өліктің қақ сүйегінен басқа бір жапырақ еті, бір тамшы қаны қалмайды". Осылайша етінен арылған адам сүйегі — қаңқасы және біраз уақыт ыстық күн астында кеуіп жатады. Ал "Үнсіз мұнара" басында өзіне бөлек міндет атқаратын диірмен бар. Өліктің сүйегі әбден кепкен соң, жан күйер жақындардың ішіндегі ең жасы кіші еркегі келіп, сүйекті жаңағы диірменге тартқызып үктіреді де, сол үгіндіні жиып апарып, жаңағы "Үнсіз мұнара" төбесіндегі құр құдыққа төгіп кетеді. Жауын суы оны шайып ағызып, теңізге әкетеді. Міне, "касталық", "діндік" дәстүрлердің бір алуаны "парсы" атты халықтың арасында осындай ескі заңды танытады. Парсылар отқа табынатын, өте ескі, зәрдушт (зороастр) дінін тұтынған, ескі замандарда Ираннан осы Индияға ауып келіп орналасқан халық деп саналады. Бомбей қаласында жақсы да, жаман да көп деген сөзді ең алғаш Бомбейге келген сағатта естіген едік. Бұрыннан атағы бізге мәлім Бомбейде аспалы бақша бар. Бір уақыт біз сол аспалы бақшаны көруге келдік. Бұл бақша — қалаға тұщы су беріп тұратын мол бір көлдің үстіне салынған көпірге орнатылған бақша. Бірақ көпір сияқты болғанмен, бұл кең де, мол жай. Үстінде жүргеніңізде табан астындағы топырағы, тығыз өскен шөбі, әсіресе гүлдері, ағаштары кәдімгі жерде өскен бақшадан айнымайды. Сөйтіп, үлкен судың үстінде анық асылып тұрған бақша бар. Бірақ қызығы ол ғана емес, сол бақшаға егіп өсірген гүлдер мен кішілеу ағаштардың кейіптерінде. Индияның бағбан шеберлері осы баққа егіп өсірген кішілеу ағаш гүлдерден неше алуан хайуандар мен аңдардың анық, айқын суретін тудырып қойған. Бақшаға кіріп, айнала қарап тұрсаңыз, мұнда тамаша болып, ұлғайтылып салынған, әсем құйрықты тауыс тұрады. Бір жерде зор болып дүңкиген піл, буйвол сізге қарап қалады. Тағы бір тұста бір буйвол соқа тартып келеді де, оны бір адам, диқаншы жүргізіп келе жатады. Осы ғажайып бейнелердің бәрі гүл мен ағаштың дәл бүгін жап-жасыл боп, немесе жарқырап әр түспен жайнап тұрған, қысы-жазы сарғаймайтын, сөнбейтін қалпының өзінен құралған. Бағбан шеберлікпен күзей біліп, өз қиялынша майыстыра түзей біліп, бір өсімдікке бір өсімдікті құрай жүріп, сондай ғажап түрде, қиялға келместей жан иелерінің кейіп-кескіндерін бір алуан мүсін өнеріндей қалыптап шығарған. Бомбейде, қаладан сәл жырақтау жерде, теңіз ішіне жартылай шомып тұрған жартасты тау бар. Ол тауды "Пілдер үңгірі" дейді. Таудың ішінде адам қолымен жасалған үлкен үңгірде және де бағы заман шеберлері сол тау-тастың өзінен шығарып, қашап шауып тұрғызған тас пілдер бар. Сондықтан терең теңіз ортасындағы жалғыз тау "Пілдер үңгірі" деп аталады. Бомбей губернаторы бізді ертіп жүрген достарымызға "Бомбей қаласына түгел аралатып", ерекшеліктерді көрсетуді тапсырған. Сол сөзінде ол кісі бізді "Бомбей сыртындағы сүт шаруасына апарып көрісетіндер, таныстырыңдар" деген еді. Жарым күнді біз сол Бомбейдің сыртындағы сүт шаруасына барып, аралаумен өткіздік. Бұл шаруа, қысқасын айтқанда, дүние жүзінің зор қаласы болса, соның бәрінде "қалаға сүт беретін шаруа құрылысы осындай,
Бомбейде құрылғандай болса екен деп айтуға татитын шаруа екен. Біз бірнеше сағат аралап көрген осы шаруаның бар құрылысын, рет тәртібін, машиналанған өнерлі тазалық қасиеттерін айрықша әңгіме етіп айтуға мейлінше тұрарлық. Дәл бұл жолы ол шаруа жайына ұзақ баяндап тоқтамаймын. Себебі басқа бір орайда арнап жазуға тұрарлық тақырып деп, кейінге қалдырамын. Бомбейдегі күндер бізге шынында жақсы мен жаман жайлардың талайларын танытқандай болды. Және осы Бомбей қаласында біз өзімізге көп шындықты ірікпей айтып, анық шыншыл достық бейілмен білдіре түскен достықты да көрдік. Сол достарға алғыс айта, іштей мол ырзалық білдіре, біз қызық қала Бомбейден Делиге қарай самолетпен тартқан едік.
XІІ. Соңғы жаңалықтар
Делиге біздің қайта оралып келген кезіміз өзіміз үшін елге қайту сапарының жарым жолы өткендей сезілді. Дағдылы әсем сарай Хайдарабадхаузға келгенде, үйреншікті мекенге келгендей болдық. Бұрынғы бөлмелерімізге жайғасқан едік. Алғаш келіп тұрған күндерден басқа, Делиге жолшыбай тағы бір соғып, келіп кеткенбізді. Енді міне, үшінші рет оралып келдік. Осы бетпен елге қайтамыз. Сол жайдың үстіне, әр номерде қалдырып кеткен киімдеріміз, жүктеріміз — бәрі де біздің қайтыс сапарымызды тосып тұрғандай, көзімізге жылы ұшырады. Бұл қалғандар: пальтолар, жылы бас киім, аяқ киім, қысқы костюмдер болатын. Біз оңтүстікке, жазға қарай бет алған ретте жеңіл, сыбай-салтаң кеткеміз-ді. Делидегі соңғы күндерде біз және де қаладағы бірнеше елеулі орын-жайларда болып өттік. Сонан соң қонағуар, дос-жар, сыпайы жүзді күтуші достарымыз бізге біраз кеңшілік берді. Онысы, бұл күнге шейін ұдайы расписаниемен, жоспармен жүретін жүрістерді "енді бітті" деп жариялағаны. Қалған күндерді "тек тынығуларыңызға, ұзақ жолдан соң демалып, жайланып жату-тұруларыңызға арнайық" деген-ді. Бұл шынында сағынарлық және қуантарлық кеңшілік. Әдетте шетелге сапар шеккен жұрттың бәріне ортақ мәлім бір жай бар. Шеттен келген қонақтарды әрбір отан, әрбір шаһар, әрбір қоғамдық орта өздерінің сирек ерекшеліктерімен таныстыруға тырысады. Сонымен, біздің Индияда болған қырық шақты күндей уақытымыз әр күні ерте сәскеден ымыртқа дейін тек жүру мен көруге арналған. Әр кезі сағатпен өлшеніп, күнделік расписание өзен сумен төмен жылжып аққандай. Тоқтаусыз ағымы бар бір өмір жай болады. Әрине, жүрмек қызық, көрмек қымбат. Сондай еңбекпен білмекке келдік. Бұның бәрі даусыз шындықтар. Бірақ апта жүріп, ай жүріп, тағы талай тәуліктер жүріп, қайтар сапар алдында аса жақсы қонағуар достар арасында әдемі, әсем қонақ жайда өзіңе өзің еркін тиіп, тынығу да қызық. Ғажайып Индиядағы біздің соңғы күндерімізде барлық көңілді, көтеріңкі сезімдермен қатар, іште жарқын сезіліп жүрген асыл сарын бар. Ол — елге қайту, жұртқа жету мақсаты. Ұзақ жүрісті жүріп келіп, енді мынау аз күндердегі кеңшілікке, жайбарақат жайға шыққанда, менің тағы бір сезімім болды. Ұзақ уақыт жегуінде жүріп-жүріп келіп, енді жүген-құрық сыпырылып, қамыт-доға қалып, жайылысқа босатылған аттай көрініп ем өз-өзіме. Еңбек күндері ретінде Делиде біз және бір рет астана; қаласының университетіне әдейілеп шақырылған едік. Оның гуманитар колледжінің бір жақсы ісі бар екен. Совет кітаптарының көрмесі ашылмақшы. Соған біздің қатысуымызды талап етісті. Бұл колледжде соңғы жылдарда ашылған орыс тілі мен әдебиетінің бөлімі бар. Сол бөлімде жүзге жуық Индия студенттері орыс тілін, тарихын, мәдениетін оқып жүр. Жалпы Индия университеттерінің тарихындағы ең үлкен жаңалықтың бірі осы іс. Индияда, тегінде, біз бұрын айтқандай, азаттық алғанша орыс мәдениеті мүлде оқылмаған, ескерілмеген. Сондықтан әзіргі Индияда орыс тілін білушілер, орыс мәдениетін толық таныған адамдар жоқтың қасы. Мынау бөлім сияқты жоғарғы мектеп көлемінде орыс тілі мен орыс әдебиетінің оқыла бастауы зор игілікті ғылымдық, тарихтық, мәдениеттік және саясаттық жаңалық. Біз ойлағандай, совет кітабының көрмесі аса көп кітап жиған екен. Және тек орыс совет жазушыларының кітаптары ғана емес, орыс тілінде шыққан барлық советтік туысқан елдер әдебиеттерінің үлгілері де мол жиналыпты. Орыс совет әдебиеті атынан Сурков сөйлегенде, туысқан елдер әдебиеті жайынан мен де сөйлеп шықтым. Университет пен колледж басшылықтарына біз жазушыларымыз атынан достық пен құттықтау сөздер айттық. Делидегі бұл жолғы тағы бір кезіктірген жаңалығымыз — жазушылар тірлігімен, еңбегімен байланысты елеулі бір оқиға еді. Біз Бомбейде болған күндерімізде Индия-Совет қоғамының көрнекті мүшелері — бір топ ірі ақындар бізбен қоштасарда: "мүлде қоштаспаймыз, жақын күндерде Делиде және көрісеміз. Себебі онда мүшәйра болады" дескен еді. Бұл — Индия жазушыларының тіршілігіндегі ең үлкен оқиғаның бірі. Мысалы, бұл жолы үрду тілінде жазатын ақындардың мүшәйрасы болады. "Мүшәйра" дегеніміз — қалың жиын алдында кәрі-жас, ер мен әйел ақындардың бәрі жиылып, өздерінің соңғы табыс шығармаларын оқиды. Басында біз бұны қазақтың ақындарының айтысы тәрізді жарыс жиыны ма деп сұрастырып едік. Бұнда жарыс деп айтуға да толық келе қоймайтын, бірақ өзінше аса көп ерекшеліктері бар қызық жиын болады екен. Тегінде, қыстақты жерде, анық халық арасында мүшәйра болса, онда расында да қазақ, қырғыз ақындарының айтыс, жарыстары сияқты, сынасу түріндегі жырлар болады екен. Бұрынғы дәстүрлерде халық білген мүшәйра көбінше сол ақындардың жарысы есебінде болған. Ал мына, қалалы жердегі, мәдениетті ортадағы жазушы-ақындар жиынында болатын мүшәйра басқа болады. Бұнда әр ақын өз шығармаларын тек қана әндетіп, мақамдап, жақсылап айтып шығады. Сонда жиынның әр шығарманы әр түрде, әр алуан қабылдауының өзі белгілі дәрежеде жарыс жайын аңғартқандай болады. Асқақ жыр, асқақ талант соның өзінде де салғастырумен сыналып, екшеліп қалады. Мүшәйрада біреу жасайтын баяндама, тағы біреулер айтатын сын сөздер, немесе және біреу қорытатын екшемді сөз мүлде болмайды. Жиын басталғанда да мүшәйра жайын, жиылған ақындар жөнін, бұл жиынның бұл жолғы мақсат, мәнін ешкім алдын ала ауызға алмайды. Бұл жағынан қарағанда, біз ойлаған ақындар жарысы айтысқа да немесе жазушылардың әр алуан өзара жиылыстарына да мынау үрду ақындарының мүшәйрасы ұқсамай шықты. Сол аталған мүшәйра орталық қала Делиде, Индияның бар тараптарынан жиналған ақындардың салтанатты кеші есебінде, ашылған еді. Мүшәйраға Сурков екеумізді Али-Сардар Жафри ертіп барды. Жиын ғаламат мол екені көшенің өзінен-ақ байқалған еді. Мүшәйра болатын жайдың көшесінде, бұрыштарында, парк алдында тұрған машиналар саны өзгеше мол. Жиын үйде емес, кең парктің ішінде жасалыпты. Бұнда өңшең бояулы кенеп шатырларды құрастырып жасаған мейлінше кең зал бар. Төрдегі сахна да жаңағыдай шатырлардан құралған. Кешкі желмен бірге толқып тұрған төбелер байқалады. Сахнаны биік етіп, нық жасаған. Оған кілемдер жайылып, қалың көрпе, жастықтар салынған. Бірнеше микрофондар қойылған. Жиынды басқарушы азғана топ сахнада көрпелер үстінде, жерде отыр. Сахна биік болғандықтан, жұрт оған басқышпен шығады. Сахнада малдас құрып отырған басқарушылар да бар. Залға мейлінше мол көрініп тұр. Тегінде, халықтың көптігін еске алып, Индиядағы мәдениет орындары өз залдарын өзгеше үлкен жасайтын тәрізді. Мынау шатыр — зал жарығы да аз емес. Бұндағы жарық "күндіздің" жарығы. Залдың шатырдан құралған құранды төбелерін айқыш-ұйқыш көктеп өткен аппақ оттар көз тартады. Кей тұстарда бұл жарықтар ұзын сызық боп тартылып, айқын ақ сызық есебінде залды ұзыннан да, көлденеңінен де сәулесімен сызып тұрғандай болады. Осы кеште сахнаға кезектеп шығып, микрофонның алдына тұрып ап, өз өлендерін жырлап, мақамдап айтып шыққан ақындар аса көп болды. Бұнда ақ шашты, атақты Жигар сияқты үлкен лириктер де шықты. Үрду ақындарына тілі түсінікті болғандықтан, Иранның елшісі әрі ақын адам бұл мүшәйраға өзінің парсы тілінде жазған өлеңін оқып берді. Көп ақындар арасында салмақты ақын-әйел де мүшәйраға қатынасты. Ол европаша ақ сұр ренді пальто киген. Басына ақ жібек орамал салған. Кең, ақ жібек шалбары бар, сұңғақ бойлы, сұрлау әйел екен. Өлеңін әндетіп оқыды. Қысылған, іркілген, қымсынған кезі болған жоқ. Бұндай жарыстарға дағдыланған өнерлі адам тәрізді. Сахнаға тақап, басқышпен көтерілерде о да басқаларша аяқ киімін тастап, микрофонға жалаң аяқ барды. Залдағы жиын егде тартқан жасамыс аталардан, аздаған аналардан құралған. Киім-салымдары, бет-ажарлары өнерлі қауымның сыр-сипатын байқатады. Соған орай орта жасты, келбетті оқымысты ақындар өз міндеттеріне зор мән беріп, залға мейлінше құрмет, ықылас көрсетіп, өлеңдерін бар өнерлерін сала жырлап айтысты. Бұнда кемірек болғанда, жас ақындар жағы аз көрінді. Жырлап айту, мақамдап бар үнімен баптап жеткізу, әрине, өте ескі дәстүр. Тыңдаушының көбі хат танымайтын болған замандардан келе жатқан, өмірлік анық болмыстан туған орынды өнер салты деу керек. Зал да ақындардың тырысуларына орай, әр ақынға өте көңілді, құрмет бейілді аса жақсы аңғартып отырды. Үш мың шамалы адам сиятын ерекше мол, зор залда даурығу, шулау болған жоқ. Тек қана өлең жақсы болып, сүйсіндіре шыққан кездерде, барлық Индия көрушілерінің дағдысы бойынша, әр тұстан "вава", "вава" деп үн берісіп қояды. Бұл кештің барлық ерекше жарастығын, рет-тәртібін, көркем көрінісін бір ғана сәт, аз уақыт бұзған бір ақын болды. Тегінде, ақындардың жастары, киім-салымдары, өлең оқыс өнегесінде әр алуан жайлар болғаны бар да, ол заңды да еді. Бірақ аса қайран қалдырған бір ақын залдан сахнаға жеткенше аса сезікті көрініп қалды. Ол микрофонға тәлтіректеп зорға жетті. Басына киген бөркі де жолшыбай бір құлап түсіп еді. Өлеңін оқығанда көзін ежірейтіп, бақыра жырлай бастағаны сорақы көріне бастады. Әр-берден соң даусы бақырудан қырқылдауға ауысып, сүйретілген тілмен көп сөзін былдырлай сөйлеп кетті. Индияда мас болған жанды мүлде көрмегендіктен, мынау адамның өзін нақұрыстау көріп отырсақ, анығында, кәдімгі өзімізге үйреншікті қып-қызыл мастың өзі екен. Сөйтіп, барлық Индияда бір ғана мас көріп ем, оным да ақын боп шыққаны жүрекке "тық" етіп тигендей болды. Мүшәйра екі-үш күнге созылады екен. Келген ақынның бәрі де өз өлеңдерін орындап, өнерлерін көрсетіп, жұрт алдына түгелімен көрінбекке шығады. Соған орай залдағы жиын аса бейілді, дос-жар ажарларымен, әдет-мінездерімен бұл ақындарды анық сүюші де, сүйеуші қауым тәрізденді. Соның үшін де жиылыстары бірнеше күнге созылмақшы. Делидегі тағы бір күнді біз "мүшәйраға" жиылған бір топ ақындармен жолдастық түрде кездесу мәжілісіне арнадық. Бұнда Сурков екеуміз совет әдебиеті, туысқан елдер әдебиеті жөнінен де Индия ақындарының біраз тобына түсінік әңгімелер, жолдастық тілек-талаптар айтысқан едік. Кетер күндердің тағы бір кезеңінде Делидегі ұлы моғолдар салған және бір күмбезді көрдік. Ол — Бабырдың туған баласы және оның орнын басып, Индияға патшалық құрған Ғұмаюнның мазары. Бұл күмбез де сирек ескерткіштің бірі деп саналады. Ол тұтас қызыл тас-песчаниктен істелген. Ақ мраморды қызылға оюлап қосып, қиыстырыпты. Төбедегі дәл күмбездің өзі тұтас ақ мрамордан жасалған. Заманындағы ауызша нақылда: Тәжмахал әйел көркін көрсетсе, Ғұмаюн мазары ер көркін танытады" дейді екен. Индияда, Делиде болған көп күндердің соңы біздің соңғы рет Джавахарлал Неру мырзаның кабинетінде болуымызбен аяқталды. Сурков ол кісіге бар көңіліміздегі шынайы мол алғысымызды айтты. Шамамыз келгенше әрқайсымыз өз өнерімізбен Индия-Совет достығына қызмет ету ниетімен қайтып бара жатқанымызды айтты. Бәріміздің атымыздан Сурковтың берген серті: "қолымыздан келгенше, Индияның ұлы халқы туралы өзіміз танып-білген шындықтардың бәрін совет халқына жеткізіп айтпақ ниетіміз бар. Сонымен Индия-Совет қымбат достығын нығайта түсуге көмекші болсақ деген асыл тілектеміз. Сондайлық жақсы бейіл, алғыс көңілмен аттанғалы отырмыз" деген еді. Осыған орай Неру мырза анық, үлкен мемлекет адамының сөзін айтты: "Бұл бейілдеріңізге мен де рақмет айтамын. Анығында, халық пен халық арасында жүруші жандардың асыл міндеті, қымбат қарызы осылай ғана болу керек. Адал бейіл адал бейілді шақырады. Шын достық шынайы достықты шақырады. Халықты халықтың білуіне ең қажет жайлар сол. Қатынастың ең үлкен жолы да сол", — деді. Біздің Индияда болған күндеріміздің ең соңында ала кеткен сәлемдей бір сыйымыз осы еді. Сонан соң біз қайта тартқан ұзақ сапарға аттанған едік.
XІІІ. Қайтыс сапар
Бұл жолы Делиден Москваға шейін қайтыс сапарымыз бес күнге созылмақ. Келісіміз де осылай бес күн болған. Келерде біз екі тәулікті Стокгольмге берген едік. Қайтыста екі тәулікті атақты Римде өткізетін болдық. Ол жай, қайтыс жолының ырзалықпен қабыл етерлік сыйындай сезілді. Сонымен, біз ендігі жүрер жолымызды атасақ: Делиден Бомбейге соғып, содан 11 сағат тоқтамай ұшып, Каирге бармақпыз. Одан бес жарым сағат ұшып, Римге соғамыз. Римнен кейінгі жол Женеваға тоқтайды. Одан Батыс Германияның Дюссельдорф деген қаласына соғады. Содан кейін Копенгаген, Осло, Стокгольм болады. Осы қалада біз мініп ұшатын төрт моторлы үлкен самолет тоқтайды. Кейін біз өзге самолетке мініп, Стокгольмнен Хельсинкиге соғып, одан Ленинградқа түсіп, содан кейін Москваға жетеміз. Осындай ұзақ жолдың бойында айтпай қойсаң, жазбай кетсең, сараңдық есепті, кешірмес кінә боларлықтай көріністер болды. Соның бәрін болмаса да, кейбірін самолет қанатының астынан көрінген қалпында болса да, немесе көздің қиығымен бір сәтке асығыс қана көрсең де айта кетуді қарыз білдім. Рас, бұл жөндегі топшылау, бейнелеу сөздер, көрініс сипаттар бәрі де сол елді, жерді, қала, жайды қадағалап білген, жете таныған адамның әңгімесі емес. Аз көргеннен, үстірт шолғаннан алған әсерін айтушы ғана әңгімесі болады. Осы жөнде он бір сағат ұдайы жерге қонбай ұшқан Бомбейден Каирге шейінгі сапар, жер суретін көз алдыңнан кетпестей етіп, есте қалдырыпты. Бомбейден түн ортасында ұшып, қалғумен танды атырған едім. Енді аңдасам, таң жаңа атып келеді екен. Төменге көз қадап, алыс жерді болжаумен ұзақ уақыт кештік. Бір шақта күн шықты. Енді аңдасақ, астыңғы жағымыз бұйра құм, анық Орта Азия эпостарында, қыссаларында көп аталатын "шөл биябан", болмаса, нағыз аты мәлім — Кербаланың шөлінің өзі екен. Кейде өте сирек қана қара тасты шоқылар, қырқалар көрініп қалады. Құмның жатысы да тегіс емес, көбінше тау-тау құм болу керек. Орай-орай, кейде бүктетіліп, кейде теңіз толқынындай қат-қабаттап, тағы бірде құм қырқалардың құла сұр, бозғыл жүдеу реңін танытады. Ойың да жүдеу бір шындыққа еріксіз ауады. Тегі, дүние өзі де бұл тұста өзінің тозғанын, қартайып, реңінен жаңылғанын байқатады. Ешбір қыбыр еткен тірлік белгісі, нышаны жоқ. Жым-жырт құла түз өзіңді сиқырлағандай, өзіне таң қылумен қадалтады. Анық әлгі ертегіңіздің: "Ұшқан құстың қанаты күйетін, жүгірген аңның тұяғы күйетін" құлан жортпас қу дүниесі. Ат керт етіп шөп жемес. Ер қылқ етіп су ішпес "шөл биябан"... Тағы да ертегінің от дариясы осы дейсіз. Бұдан талапты ерді бағы замандарда тек самұрық құстың қос қанаты ғана алып өтетін. Анығында, өзі ұшатын кілем, самұрық құс, ұшып жүретін перілер, ұзақ ұшатын диюлар, бәр-бәрін осындай ғана шөлдерді мекен еткен адамзаттың қиялы тудыруы ғажап емес. "Мың бір түн" толған сол жаңағы ертегілік персонаждар еді ғой. Мынау қарғыс дүниесіне мың мәртебе лағынет айтып, ереуіл жасаған ер азамат қиялы сондай құдірет қуатындай қуатты көксегенде, Маркс айтқандай, қиялмен болса да меңіреу тылсым дүниесін жеңген жайды әңгіме еткен ғой. Күн көтеріле түсті. Көлбеп шыққан күннің сәулесінен жер бетіне қатпарланған көлеңке түссе керек еді. Ол да жоқ. Тек боз бұйра құмның арасында қоңырқай, қарабар қын жіңішке иректер: өзек тәрізді, қолат бейнелі ойдым-ойдым байқалып қалады. Кейде созалаң таңбалар көрінеді. Оқта-текте әлдеқашан солып, қатып қалған сордың, қақтың жалаң тегіс тақыры танылады. Тағы бір шақтарда бірқалыпты теп-тегіс сұр дүние, шексіз қу дала, қу медиен кетеді. Тағы да Кербаланың анық өзінің шөлі. Тарихтың шөлі, заман шөлі, жер жүзінің кәрі көңіл шері — сұмдық шөлі. Осыған адам тұтқынға түсіп қалса, не болмақ? Тағы бір ой аударсаң, аспанда келе жатқан біз бен мынау шошытарлық жер тозағының арасы ап-аз ғана. Бір серпіп ұшқан бүркіттің шырқауындай ғана. Бірақ шөл үстінен ұшып өткен ғана емес, сол сонау бір шөл ғасырлар үстінен де шолып ұшқандай боламыз. Сағаттан артық ұша түстік. Енді жер-жер дегенім шөл рең жағынан өзгеріп көрінеді. Кейде ол бұлт реңденеді. Анық бояулы сұр бұлт, көкшіл сұр бұлт реңіндей. Кей уақыт жер ажары біз басып ұшқан Арабстан теңізінің ажарындай боп та кетеді. Тек анда-санда сол ай бетіндей суық, жансыз сұр мұнар арасында, қарайған үшкір шоқы жеке, қара биік байқалып қалады. Әлі шөл, әлі құм кешу. Енді Каирге дейін бір сағаттан азырақ ұшамыз. Сол шақта ғана төменде жер ажары өзгере бастады. Қазір көбінше тасты тау, қатпар-қатпар қара адыр байқалады. Аралары үзіле түсіп, қайта қосылып, кейде жықпыл сайлы, қожыр тасты таулар көріне бастады. Әлі де адам жайы біліне қоймайды. Астағы өлкеде, енді бір шақ аласа адырлар араларында кейде қан тамырдай, ақ тамырдай тараулар тармақтанады. Тегінде, әлдебір мезгілде болатын жауындар тұсында сол жауын селі ағатын суағарлар осы тарамдар болуға мүмкін. Міне, енді біз Каирге жетуге 25 минуттік жол қалғанда ғана, ең алғаш, тақыр құла өзектердің кейбірінде азғантай (жұқа жұрындай) көкшіл бұйра өсімдік көрініп қалды. Шашыраған түп-түп ағаш, оқшау-оқшау шұбартып қалады. Сонымен қатар тағы да аппақ құм кетеді. Әлі құм. Бірақ сонда да осы тұста ең алғаш шойын жол көрдік. Астымызда Суэц каналы жіңішке созылып, көгере берді. Оны бойлап көп кеме келеді екен. Содан өткен соң, тағы да миқы-миқы тақыр адыр кетті. Бытқыған қатпарлары адам миының бітімі тәрізді. Бұжыры, ой бытқылы, жіктері сондай жұмбақ, бірақ суық. Біз Каирге келіп түстік те, таңертеңгі асты іштік. Осыдан соңғы сапарды Орта теңіз үстімен Римге қарай тартып ек. Жол Грецияның шетінен Пелопоннес жарым аралының түстік жағын кертіп басып тартады. Содан Италия жарым аралына іліне жүріп, Римге барады. Міне, біз жаңа Крит аралының үстінен ұштық. Самолет ішінің өз репродукторында хабар жарияланды. Біз осы шақта 7 мың метр биікте келеді екеміз. Ал самолет ішіндегі әуе салмағы 3 мың метрлік биіктің ғана шамасында. Температура самолет ішінде 20 градус жылы болғанда, тыста 14 градус аяз екен. Төмендегі дүниені біраз қарап аңдасам, мүлде басқаша жайқалады. Крит қалпынша тау тәрізді. Бірақ бұл берекелі тау. Өне бойын тоғай ағаш басқан. Кейде сиректеу боп шашырап көрінсе, көп жерде қалың жыныс дұм тоғай боп кетеді. Қарауытып, анық мол көлемді боп келеді. Тасты таудың бойларын, ылдиын, сай-саласын, жүк бетіне шейін ұзын жіптей сызылған иір-иір аппақ жолдар торлаған. Сай-салаларда адам жайлары. Өзгеше дүние, сүйсінерлік жақсы мекен тәрізді. Біз Европаға қарай ауысып келеміз. Соған орай бар дүние, жаратылыс, әуе райы да анық, айқын өзгеріп келеді. Сондай сапар кешкен қалпымызда, екінші март күні, сағат екіден қырық минут кеткенде, біз Рим аэродромына келіп түскен едік. Римде болатын күн саны көп емес. Сондықтан біз қомағайлана асығып, екі тәулік ішінде көруге боларлық жайлардың бәрін күндіз-түн тыным алмай араладық. Келген сағатта әуелі Римнің сырттай, көшеде көрінетін атақты орындарын машинамен бір аралап алдық. Үлкен қалаларды бүгінгі шақта аз уақытта жедел аралауға машинаның көмегіндей көмек бар ма! Римдегі пар ат жеккен жеңіл арбаның, күйменің өзімен жүрсең де аралап шығуға бірнеше күн керек болатын орындарды біз жарым күнде жортып көріп өттік. Сол қатарда Санта-Мария храмы, атақты Виктор Эммануэль ескерткіші, қадірлі Гарибальди ескерткіші, баяғы бағзы-бағзы заманнан, "қайсар румдар" заманынан, арғыдан да қалып келе жатқан атақты Колизей қалдығын, сондай атақты, даңқты Форумның қалдықтарын көрдік. Дүниеге аттары мәлім Римдегі Әулие Петрдің атақты соборы — "Санжиованни" храмы, Сан Пьетро Инквинколыли (шынжырлаулы Петр) храмы сияқтыларды аралап өттік. Ватиканды көрдік. Бүгінгі кешке шейін аралауда тағы бір көрген жеріміз Варгеза паркі. Осы күні түнде сәтімен, театр өнерін сүюші үш жолдас боп, шаршағанымызға қарамай, Римнің операсында да болдық. Онда екі актылы "Бөтен адам" атты Бизеттидің операсын тыңдадық. Опера соңынан көрсеткені пантомим-балет еді. Рим операсында болу өзі де біраз күтпеген жаңалық, ойда жоқ сыйдай болды. Келесі күні біз алғаш жортып өткен жерлеріміздің кейбірін анықтап, асықпай әңгіме жайларын ести отыра аралауға кірістік. Осы ретте көргеніміз "Әулие Петр шынжыры" дейтін храмның ішінде Микеланджело жасаған ғажайып, көркем скульптура болды. Ол — Мұсаның мүсіні. Осы тұста христиан дінін тұтынған бар әлемге аса қадірлі "әулиенің әулиесі" дейтін шеркеу бар. Бұл шеркеуде "әулие баспалдақ" өзгеше. Соның қасиеті бойынша шеркеу де "әулие" саналады. Осы шеркеу XІІІ ғасырда салынған екен. Ал "әулие баспалдақ" Иерусалимнен (Құддүстен) ІV "Крестовый поход" (Крест дін жорығы) уақытында осы басқышты Құддүстен әдейі алып келіп, Римдегі дәл осы шеркеуге бұйырған да, орнатқан деседі. Бұл басқышта Ғайсаның дарға асылған күні қаны төгілген дейді. Сол себепті басқыш та, шеркеу де әулие. Осы басқышты аяқпен басып жүру жоқ. Тауап қылушының бәрі басқышпен тек тізерлеп шығып, тізерлеп түседі. Бұған кірген жан атаулы жұпыны, жүдеу киім киіп, мүләйім боп келу керек. Сонда Ғайсаның қаны ақталуға әркімнің дұға, намазының сиыну мінәжатының шарапаты тиеді дейді. Біз осы шеркеуге кіргенде, көп жандар көзімізше, жаңағы айтқандай, тізерлеп, еңбектеп жоғары көтеріліп жатты, біреулер тізерлеп ылди төмен түсіп жатты. Бүгін және де Колизейдің, Форумның құлаған қалдығын көруге барып ек. Форумда мрамор колонналар, биік сұлу шабылған қалпында тікейіп тұрып қалған жерлер бар. Заманындағы трибуна орны да көрінеді. Шешендер содан сөйлеген. Атақты Юлий Цезарьдің өз заманынан қалған белгі де бар. Одан сәл бері Октавиан Август тұсында салынған весталкалар (құдайы әйелдер) храмының да белгісі қалған. Римге келген жолаушы атаулыны ең алдымен өзіне тартатын ғажайып жай — Әулие Петрдің соборы. Оның ішіндегі өзге көрік, көркемдік өнер зоры, шеберлік атаулының бәрін айтпай-ақ, бір ғана Микеланджело қолынан туған атақты құдайы — скульптура "Пьетаның" өзін айтса жетерлік. "Пьета" (орысша сострадание) — мүсіркеу деп аталатын скульптурада, дардан түсірген өлі Ғайсаны анасы Мариям ана тізесіне көлденең салып, құшып отыр. Сүйек-сүйегі салдырап арыған, сіңірлері ет атаулыдан арылып, үзіле созылған Ғайсаның денесі кішкене боп жүдеп, солып біткен. Бұл күйді көргенде, адам қолымен тудырған скульптура өнерінің ішінде бұған тең нәрсе бар деу қиын. Анығында, өнерлі әлем жүзіне Возрождениенің ең шебер классигінің бірі — Микеланджело тудырған бұл ескерткіште, діннен бұрын ең алдымен адам жаратқан өнер құдіреті тәңірдің өзі жаратқан талай туыстан бір де олқы емес. "Анық мәңгілік шеберлік осы" десең, ауыз тола айтқандай. Төбедегі фрескалар, алтындаған мозаика, айнала тұрған скульптурадағы әулиелердің, папалардың мүсіндері өзгеше салынған. Бірінен бірі асқан шеберлікпен істелген. Уақыт тығыз болғандықтан ғана қарай алмасақ та, бұл собордың іші діндар жұрттың келетін орнынан көрі, музейлерге, өнер көруге келетін жұртқа лайық орындай көрінді. Бұдан кейін біз Ватиканның музейіне келдік. Ол қисап жоқ, мол қазына. Бұнда скульптура атаулы ұшан-теңіз. Әсіресе живопись — сурет одан да мол. Музейлік ескі бұйымдар, ескі Египет скульптурасы, гобелен атаулы, әсіресе фрескалар сансыз көп. Ватикан музейінің ең асыл, атақты бөлімі — "Сикстинская капелла". Онда Микеланджелоның, Рафаэльдің, Боттичеллидің, тағы басқа осылардай даналардың фрескалары бар. Осы орында бұрын барлық сурет өнерінің құдайындай саналатын, Рафаэль қолымен жасалған атақты "Сикстинская Мадонна" болған. Ол суретте жас жалаңаш емшек баласы Ғайсаны құшағына алып, адамзатқа қарай ғайыптан келе жатқан жас Мариям-ана көрінеді. Бұлардың айналасын аспандағы теңге-теңбіл бұлттай қаптаған көкшіл сәуле қоршаған. Сол бұлттарда мың періштелер — бала періштелер суреттелген. Бұл сурет дүниедегі ең қымбат заттың бірі болса да, өткен ғасырда Германияның бір патшасы Италияның королінен сатып алып, Дрезденге, сондағы немістің атақты "Дрезденская галерея" деген музейіне қойған. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде, біздің әскер сол "Дрезденская галереяны" қолға түсіріп алған. Мен Индиядан қайтқан соң, Москвада аз уақытқа ашылған осы "Дрезден галереясына" әдейі барып, жаңағы "Сикстинская капелладан" бір заманда көшіп кеткен Рафаэльдің ғажайып шығармасы — "Сикстинская Мадоннаны" өзіміздің Москвадан көрдім. "Сикстинская капеллада" ендігі қалған дүниенің ішіндегі ең тамашасы төрде тұрған фреска — Микеланджелоның "сиқыр" өнері тудырған "Мақдиар күні" ("Страшный суд") суреті. Ол жалпы сурет өнерінің алды деуге болады. Бұнда да айтып жеткізе алмастай шеберлік, шабыт бар. Өлмес нәсілге өшпес мұра. "Тәңірдің өзі жаратқан" дейтін, жаратылыспен тайталаса алатын туыс, бітімдер бар. Бірнеше бөлмелердегі Рафаэльдің фрескалары тұрған жайларды толық қарай алмадық. Борджия бөлмелеріне де көп тоқтауға уақыт болмады. Бұдан кету алдыңғы "Петр соборынан" кетуден де қиын болды. Бірақ, амал жоқ, күн санаулы, сағат одан да сараң, өлшеулі. Сондықтан өзімізге өзіміз "мынау жүріс қылмыс, одан басқа сөз жоқ" дедік те, кете бардық. Кейін біз Гарибальди ескерткішіне тағы бардық. Бұл жолы күндіз, ашық кезде анықтап көрген едік. Гарибальдидің астына мінген аты да сұлу, көз тартар көрікті боп жасалған екен. Бірақ бұ да ірі, үлкен, қаз мойын, құлағы шаншылған қалпымен аса сәнді болса да, үстіндегі Гарибальди одан сонағұрлым келісті, салмақты да зілді. Бар бойымен өзгеше қасиет иесі, сұсты, маңызды жан боп шыққан. Бұл ескерткіш биік тас постаментке аса үлкен боп орнатылған. Өзі Римнің ең биік төбесінің бірінде. Тегінде, Рим жеті төбеге салынған дейді. Соның бірі осы болса керек. Ескерткіш сондай биікте, өзі үлкен болғандықтан (биікке салынған соң үлкен болмасқа мүмкін де емес), аса маңызды болып, айналадан өктеп асып тұр. Әсіресе Рим қаласының өнерлі мәдениетінің жақсы бір қасиеті осындайда байқалады екен. Гарибальди ескерткішіне жол екі жақтан келеді. Сол биікке шығар жолда жоғарыдан төмен құлдай көп ақ мрамор бюстер қойылған. Екі жақтағы жалпы саны елу-алпыстан кем емес. Бұның бәрі Гарибальдидің жорықтас серіктері: жүзбасы, мыңбасылар деседі. Римде не көп, мүсін (статуя) көп. Және бәрі де шеберліктің асқан төріндей. Сондықтан да көп ғасырлар бойы Рим мәдениетті Европаның мектебі, академиясы болған. Әсіресе Милан, Венеция, Флоренция — бәрін қосып алғанда тұтас Италия, Европаның анық ұстазы болып келген. Көп елдер "Үдеу дәуірінен" ("эпоха Возрождения") қалған мұраны осы елден оқиды. Болашақта да сол тарихтық қасиеті тез жойылу оңай болмас. Музыка, сурет, мүсін, сәулет өнерлері көп өнерпаздың көзін тартпай тұра алмайды. Сонымен қатар осы Рим, дәл өзі барып тұрған кертартпа діннің қырсыққан мекені. Бұнда көшеде кім көп десең, ең алдымен мол ұшырайтын монахтар, католик дінінің монахтары. Қара киімді кәрі-жас монахтан, монашка әйелден аяқ алып жүре алмайсың. Жүздері қып-қызыл, ажарлары ауқатты тоқтық танытады. Сопылық киімдері су жаңа, өзінше сәнді. Монахтары шарап сататын дүкендерге шейін сумаңдап кіріп жүреді. Ерлері, әйелдері де мүләйім, сопы түсті емес, кәдімгі жай қызметкерлері тәрізді, дағдылы әрекет адамының сырт ажарын байқатады. Рим қаласы — өндірісі аз қала, сондықтан жұмысшылардың үлкен коллективтері бұнда жоққа төн. Оның есебіне банктер мен сауда, саясат, соның ішінде дін саясаты, әсіресе және партиялар әрекеттері мол болады. Осында жауыз фашистік қоғамдар да қазіргі күнде ашық тіршілік етеді дейді. Біз бір кезде приют балаларының ойнап жүргенін көрдік. Бұл жетім балаларды Ватикан асырап өсіреді. Жетім-жесір, жоқ-жітік адамдардың балаларынан оқыған адам шығармайды. Жасынан жұмысқа салып, еңбекпен жаншып, құл етіп, күң етіп өсіреді. Бала күнінен істейтіндері қара жұмыс. Кейде сол жұмыс соншалық ауыр болғандықтан, балалар кішкентайында жаншылып, езіліп, науқасты боп, сорлап өледі деседі. Рас, Ватикан тәрбиесінде әлді, капиталды адамдардың балалары да болады. Оларды оқытқанда: ақсүйек төре, ұлықтар және сопылар мен Ватикан қайраткерлері етіп өсіреді. Ватикан, тегінде, есепсіз бай орын. Ол бүкіл Италиядан да бай болуы мүмкін. Себебі оған дін жағынан бар Батыс Европа бағынады. Тіпті Америка да дін жағынан осыған табынады. Бір ойдан біздің сапарымыз Индиядан тура Италияға бір-ақ ырғып түскені аса мәнді, желілес бір жайға қолайлы шыққан екен. Тарихтық, мәдениеттік, өнерлік жалғастарды алғанда, мол бір астарлы аралас осы екі ел арасында анық байқалатын тәрізді. Ескі Мысырды, Грецияны қосып және ескі Римді алсақ, орта ғасырды ескерсек, Индия мәдениетіне көне замандарда бұл жағалардың әсері болмай қалған емес. Соған орай Индия өнерінің бұл жағаға үлгі-өрнегі келмей қойған емес. Аджента фрескаларын бізге баяндаған Индия маманы бірнеше рет Боттичелли фрескаларының Аджента тақырыптарымен бірнеше үлгіде ұқсас шығатынын ескерткен-ді. Сондағы Будданың дүниелік ең ғажап сымбат, көркем, шебер деген суреті Италиядағы әлденеше жандардың суреттелу үлгісіне ұқсап кетеді. Микеланджело жасаған "Макшар күнінің" суреті Будданың ең алғаш "уахи" тосып, ойға беріліп, безіну, тазару ниетінде отырған суретіне көп жағынан қатты ұқсайды. "Мақшар күнінде" Ғайса өзінің анасы Мариям-ананы да сырт серпеді. Бар апостолынан да (шәкірттерінен) баз кешеді. Күнәдан аман адам текті зат жоқ екенін көрсетеді. Тіпті бейістің кілтін өзі ұстатқан Әулие Петр осы кілтті созып, Ғайсаның ілтипатын тілегенде де, Ғайса одан тартынып, үркіп, аулақ болғысы келеді. Ал Будда ең алғаш әулиелік сипатқа ауысар сағатында осындай әйелінен, бауырынан, бар жақынынан солай безініп тұрады. Содан кейін барып жаңа сипатқа ауысып, өз үгітін бастайды, дінінің шарттарын белгілейді. Бірақ жаңағы сын сәтте оның қасына әзәзіл келіп, азғырмақ, шошытпақ болады. Және сол аздыру ниетімен сайқал сұлу әйелдерді жұмсайды. Олар неше алуан қисая, көлгір құбылыстар жасап, Будданың көңілін ақжолдан, ақниеттен алаң етпекке тырысады. Дәл осы тақырып христиан дінінде қандай көп. Будда болса, сол жаңағы қас ортаның бәрінен асып өсіп, биіктеп, тазарып шығады. Осы алуандас тақырып "Возрождение", "Үдеу дәуірінің" ұлы суретшілері жасаған суреттерде және бергі дәуірлердің ұлы ескерткіштерінде аса көп қайталайды. Индия халқы ерекше зер салып, өз дінін ақындық күйлерге көп ауыстырған. "Махабхарата", "Рамаяна" тәрізді анық көркем, өзгеше мол, мұхиттай мол эпостық шығармалары болса, солары әрі дін, дұғалық мінәжаттың, қысқасы, құдайылық сипаты мол ескерткіштер. Олардың берген тақырыптары, жырлаған оқиғалары мүсін өнерінде, суретте, музыкада, сәулет өнерінде, Индия театрында шексіз мол тақырыптар тудырып, бәрінен де басым орын алған. Дін өзі тудырған, қиялдаған нанымын кейін, бергі замандардағы бар өнермен, еңбекпен тағы да қайта жаңғырта, тамашалай берген. Ұзақ замандар үзбестен зауық еткен. Ал дәл осыған ұқсас хал Европада жоқ па? Гректің діні діндердің ішіндегі о да қиялшылы, суретшілі еді. Сол сәулет өнерінде, әсіресе мүсін өнерінде, суретте және поэзияда қаншалық мол, қандайлық ғажайып іздер қалдырды. Ғасырлардың нәсілдері айнымай, талмай, талайға дейін талшық еткен жоқ па? Рим және сондай. Кей-кей басқашалығы болса да, бұ да солай беттеді. Әсіресе "Үдеу дәуірі", орта ғасыр солай шықты. Ол екі ел (Греция, Рим) екі қабат, қат-қабат әсерін етіп, кейінгі бар дүниені өз соңдарынан еліктіріп ертті. Ең әуелі классика мәдениеті, кейін христиан мәдениеті боп бар Европаны, жас Европаны жабыла еліктетіп, ықпалына алды. Бергі Европада сәулет өнері, мүсін, сурет, музыка, поэзия, театр — баршасы грек мифологиясы мен эпосын, Рим сән-салтанатын — Италия "Үдеу дәуірін", қысқасы, христиандық саналық тақырыптарды жүз тілдермен мадақтады. Әлденеше жүз жылдар бойларында, көп тарихтарда қайталап, қызықтап тамашалаумен құптады. Индия, осы жағынан алғанда, бір өзінің бұрынғы тарихы мен бүгіні жөнінде бар Европа халқының жиын тарихына ұқсап қалып отырады. Айырмасы да сол ұқсастықтан алыстағанда шалғай, одағай шығып, оқыс көрінгендей болады. Міне, Италияға Индия тараптан кеп өткенде, осындай ұқсастық пен шалғайлық жайларды еріксіз қатар ойлап, еске алумен боласың. Біз Рим ескерткіштерін көргенде, осындай күйлер өзгеше орала берді. Бұндағы кей дәуірлер мен Индияның арғысы, көне мәдениеті нық тайталасады деуге болады. Бергі "Возрождение дәуірі" болса, рас, бұл тұста Индияның өз өнері, ескі өнері үдемейді де, ұлы моғолдар мәдениеті қатты дәуірлейді. Бірақ оның өзінің Европада, Мысырда, Арабстанда, Иран мен Орта Азияда мол төркіні бар еді. Моғол мәдениеті бір заманда Европаның шегіне барып орнаған Кордово халифатының мәдениетімен анық жалғас. Содан әрі үдемей-ақ, жақсы ғана еліктеу туғыза білген. Моғол шахтарының Индиядағы дәуірі, өнері Тәжмахалды, "Қызыл сарайды" тудырғанмен, негізінде еліктеуші, қайталаушы мәдениет. Өткен ізді қайта басқан сарын басым. Сол себепті Тәжмахал турасында Индияда нақыл бар: "Иранның жаны Индияның тәніне мекендеген" дейді. Әрине, бұл сипат та дүниеде, тарихтарда, мәдениеттерде көп кезігеді. Өзгеше, өзінше оригинал өнер мәдениеттерден гөрі, қайталау әлдеқайда жиі ұшырайтын жай. Баршаға мәлім шындық. Римнен ұшқан жол өзгеше көрікті де қызықты болғандықтан, сол Рим мен Женеваға шейін созылған сапарды сәл айтып өтуді қажет деп білдік. Самолет қанатының астындағы дүние көк мөлдір теңіздің өзі. Сол теңіз ішінде жиі кездескен кішілеу аралдарды байқаумен бірталай уақыт өткен еді. Енді қарасақ, көкжиекте, көк теңіздің көкшіл жиегінде ғажайып боп, аппақ қарлы қалың асқар тау "туып" келеді екен. Оң жақта көрінген таулар Апеннин аралының таулары. Сол жақта қарлы таулы қалың арал көрінген. Содан өтіп, жарты сағаттай уақыт кешкенде, құрғақ жайға шыға бердік. Жаға дегеніміз енді Швейцарияның Альпі тауы екен. Анық ұзақ уақытқа шейін үзілмей созылған қалың қарлы аппақ асқар есті алғандай. Мәңгі жатқан мөңгілері кейде күн астында күмістей жарқырайды. Таулар, қабат-қабат, қат-қат шындар, қыр арқалы құздар... "Адамзат аяғы баспаған" дейтін жайын шындар. Нелер қиын тас, заңғар биік қиын асқар жалтырлар бар. Қазір соның бәрін қалың сіреу қар басқан. "Отсель я вижу потоков рождение" дейтін Пушкин жолы еске оралады. Швейцарияның мол бақты, көк майсалы, жылы, жайлы өлкелерін суарған мол сулар, өзендер, ағындар, бұлақ-бастаулар — баршасы осы өңірден өзек жарып шығады. Бір таудан бір тау биіктеп барады. Міне, осындай ғана қалың қарлы асқарға, шексіз кең көк теңіз кеп толқынын ұрып тоқтады ғой. Сол көрініс күй әсіресе естен тандырғандай. Тау, тоғай, теңіз, мол су бір араға тоғысқанда, бұл дүниенің бар астам сұлулығы, алып сұлулықтары қатарласып, тайталасқандай болады. Мысалы, Алатауды жайлаған, көріп білген жанның бәріне бір-ақ мысал айтар ем: егер Алматы қасындағы Талғар, Кіші Алматы биіктерінің тұстарына осы күнгі дала жалғаспай, көк жайқын жасыл теңіз тіреліп, толқын ұрып жатса, бір жағы ана тау — Алатау, екінші жағы — жағасы жайқын, бетінде кеме сыңсыған теңіз толқып жатса, қандай ғажап көрініс болар еді. Біз ұзақ ұшып отырып, қалың қабат тауды кездік. Таулар қалыңдап, қиындап, тек қана жақпар тас пен мәңгіге айнала береді. Осы кезде самолет дикторы баян етті. Біз өзіміз де сұрастырып тосып отырған бір жай бар еді. Соның үстінен түсті: "Қазір біз Монблан тауынан өтеміз" деген еді. Айтқанындай, енді біразда барлық Альпі тауының ең заңғар биігі — Монбланның жанынан, анадай жақын жердей өттік. Осыдан кейін біраздан соң тау ажары өзгере берді. Аласара түскен болу керек. Қарағай, қалың қарағай көріне бастады. Тау болса да, әр жақтан шұбырған жол байқалады. Үлкен суық қарлы жоталарда түтіні бұрала шыққан жалғыз-жалғыз кішкене үйлер көрінеді. Енді біразда адам жайлары көбейе түсіп, кішкентай қыстақтар білінді. Бар тұста жол-жолдар жиіледі. Тағы біразда ылдида, сайларда, кей үңгірлерде әжептәуір қалашықтар, қыстақтар шықты. Содан әрі тау қызықтыратын, қызғандыратын да күйге, өнерлі көрініске ауысты. Бұл тұста жол-жолдар өзгеше. Енді біразда біз Женева көлін көріп қалдық. Самолет оны ұзынынан бір бойлап, ортасына дейін шүйіп барып, кейін қайта орап, жағасын баса айнала берді. Біз Женеваға келген едік. Көлдің айналасы қызық. Бір аттам жері бос болмау керек. Женева қаласы сол көлдің қасында. Аэродромға қонған соң, кейінгі жаққа қайта қарасақ, Монблан енді барлық Альпі асқарларынан асып шығып, басымдап өктеп тұр екен. Қатарында тең биігі Юнгфрау және де зор кеудесі асқан бойда әсем көрініп тұр. Қайтыс сапардың Арабстан шөлінен осы Европаға кіре беріс теңізі мен асқар тауы естен кетпестей. Бірі күйкі, бірі көркем, қайшылықты көріністер еді. Сапар соңын осы жайларды айта кетумен аяқтамақ болдық. Осы жолдың бас кезінде, соңында да біз екі-үш күндей Стокгольм қаласында болғамыз. Сол қала жайынан да осы әңгіме аяғында аз сөз айта кетейік. Біз Швецияның қонағы емеспіз. Сондықтан қаланы өз еркімізбен, әр тұсын таңдап араладық. Әуелгі келгеніміз Стокгольмнің ескі қаласы. Мұнда кейбір тамаша көшелер бар. Тамашалығы — бағзы замандардағы қала салу тәртібін танытады. Ал "тамаша" деген көшелеріміз өзгеше тар, тек қана жаяулар жүрмесе, өзге көлікті адам әсте сыйып жүретін көшелер емес. Өздері тар болудың үстіне, қисық та, бұраң. Сонымен қатар осы көшелерде үш қабат, төрт қабат үйлер де бар. Бұл мекендерге күн әсте түспейтін болу керек. Әсіресе төменгі этаждағы пәтерлерге күн дегеніміз — ол дүние уәдесіндей. Әр діндердің жұмақта уәде қылған рақатындай алыс, қол жетпес қиялдай болу керек. Аты бар, әсте көзге көрінбес, ғажайып сиқыр сырдай десе де болады. Сол тар көшелердің де ішінде біреуі кеңірек болғанда, біреулері өзгеше тар боп қалыптанған. Қаланы аралай отырып, біз корольдің сарайын көрдік. Сол сарайда қарауылдың ауысуы өзінше бір ескіліктің сәнін көрсетеді екен. Сарайдың қорасына кіріп тұрып, қарауыл әскердің әрекеттерін аңдадық. Бұл әскердің жүрістері де қызық көрінді. Бізше адымдамайды. Аяқтарына ақ киген, бастары да ақ киімді. Осы қалыптары әскерден гөрі, өлімге ұсынған жандардай, не жаназашылардай қалып танытады. Бастағы Америкадан ауысқан ақ каска, бас киім емес, төңкере салған шөңкедей, ерепейсіз. Бар топ сарбаздардың алдында салмақты күміс таяқ (жезл) ұстаған бастықтары қолындағы таяқпен артисше ойнайды. Қораздана, қырлана басқан құбылыстар жасайды. Бұл қозғалыстардың әр сәті осы қарауыл ауысудың мерзіміне сіңген, өзінше бір қырлы көрініс, сән саналса керек. Сарай өзі төрт қабатты, сұрқай, жансыз-қыбырсыз қатып тұрған салқын қабақты, абажадай үлкен үй. Сән-салтанат сезілмейді. Тіпті король сарайы екен деп сезіне алмайсың. Қайта "осында тұратын жан бар ма, жоқ па?" деген сұрақ оңай оралады. Сурков қалжыңдап: "Бұл жақтағы сарайлардың ескіргені, сәні кеткені соншалық, Норвегиядағы король әйелдің осындай сарайын ақша алып, билетпен көрсетеді де, содан шығарған пұлды сарайдың керегіне — мысалы, отын сатып алуына жұмсайды екен" деді. Біз мына сарайдың биігінен қаланың орталығын, әсіресе әкімшілік орталығын көрдік. Сол жақта келісті ғана парламент үйі. Сәл жырақта үш айыр алтын гербі бар қала әкімшілігінің мекені - ратуша тұр. Оның төбесіндегі ұзын шошақ айдары (шпилі) айқындай жарқырап көз тартады. Алдағы алаңда екі мүсін ескерткіш бар. Бірі — атты мүсін, атақты Густав Вазаныкі. Екіншісі — жаяу король, белгілі XІІ Карлдың мүсіні. Бұл Карл — баяғы Петр І-мен Полтавада соғысып, жеңіліп қайтатын шведтің королі. Қаланы аралай түсіп, орталығына да жеттік. Ол сауда орны. Ал сауда бұндағы тірліктің бары. Барлық көшелер түгел, тегіс толып жатқан дүниелер саудалайды. Витриналар жанталаса шақырады. Жарық рекламалар түнде ғана емес, күндіз де бадырайып жанады. "Маған қара", "Мынаң қара", "Бері қара", "Бәлі, мені айт", "Қайтіп қарамайсың?" "Неғып жанамайсың?" дескендей бедірейіп, өзіңе қарап безеріп, қадалып қалған тәрізді. Бірақ қозғалып тұрған жарықтың рекламасы жоқ. Оның есебіне күндіз де, кеш те жарық реклама қаланың бояуын құтыртып тұрады, құбылта құлпыртады. Стокгольмде тоқтаған сағаттарымыз және де аяқтап келді. Енді міне, Москваға қарай ұшқалы келеміз. Осыдан 15 күн бұрын тағы да бір елге қайту жайы сөз болғанда, әзілдеп айтысқанымыз бар еді: "Осы жүрген онымыздың (біздің жиын санымыз он кісі болатын) тегіс кеудемізде құпия түрде сан мәртебе бір қалыпта оралып, бір ғана қиял жүр. Оның атын атасақ, жақсы бір сәт-сағатта Москва аэродромына біз мінген самолеттің аман-есен қонған сәті" дескенбіз. Енді көптен көксеген Москваға — өз Отанымызға жетсек деген ниет көңілді қатты толқытады. Бүгін барлық жүрген, ұшқан ұзақ сапарымызды километрмен жиып өлшеп, Москвадан шығып, Москваға қайта келіп қонатын сапар соңымен жинап санап едік. Біз самолетпен, поезбен, машиналармен жиыны 52 мың километр жол жүріппіз. Бұған менің Алматыдан ұшып барып, Алматыға қайта келген тағы бірнеше мың километр сапарымды қосқанда, 57- 58 мың километр шамасындай жол болған екен. Әзілдеп айтқанда: бір жыл ішінде аспан қыраны "ақ иық" бүркіттің де ұшып тауыса алмайтын сапары тәрізді. Осындай ғажайып ұзақ жол жүрдік. Жүрген жақсы, көп дүниені көрген жақсы. Бірақ соның бәрінен де тағы бір жақсы бар: көре біліп, жүре-жүре келіп, өз Отаныңа қайтқан сәт бәрінен де жақсы. Сол көксеген сәтімізге анық сәтті сағатта жеттік. Жайлы күнде Москваның Внуково аэродромына жайбарақат келіп қонған самолеттен сағынышқа толы көңілмен кеп түскен едік.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру