Классикалық зерттеулер 1 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ғабит Мүсірепов
«ҒЫЛЫМИ ҚАЗЫНА»
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСТАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы қоғамдық кеңесінің құрамы ЖҰМАҒҰЛОВ Б.Т. – кеңес төрағасы, Бас редактор, ҰҒА-ның академигі. Орынханов М.Қ. – төраға орынбасары Ыбырайым Н.М. – жауапты хатшы Аяған Б.Ғ. Әбжанов Х. Әбусейітова М.Қ. Байтанаев Б.Ә. Еспаев С.С. Қалижанов У.Қ. Малбақов М.М. Шаукенова З.К. Ғ.МҮСІРЕПОВ, Ғ.МҰСТАФИН КЛАССИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР 1-ТОМ Алматы 2012
М 88 УДК 821.512.122.0 ББК 83.3 (5 Каз) М 88 Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы, «Әдебиет Әлемі», 2012. Т.1: Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин. Әдебиет туралы. – 424 бет. ISBN 978-601-7414-01-6 Жинаққа көрнекті қазақ жазушылары Ғ.Мүсірепов пен Ғ.Мұстафиннің әр жылдарда әдебиет жайында жазған мақалалары мен баяндамалары, сөйлеген сөздері топтастырылып берілді. Замана бедерлері мен уақыт тынысы мол сезілетін, әдеби өмір шежіресінің өткенін бағамдауға бағыт-бағдар болатын бұл еңбектер бүгінгі қалың оқырманға «Ғылыми қазына» сериясы бойынша ұсынылып отыр. Кітап ғылыми көпшілікке, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, магистранттарға арналған. Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы Фольклортану, әдебиеттану және өнертану секциясының мүшелері: Қалижанов У.Қ. (төраға), Әлібекұлы А. (төрағаның орынбасары), Қалиева А.Қ. (жауапты хатшы), Ананьева С.В., Әзібаева Б.У., Әлбеков Т., Елеукенов Ш.Р., Ерғалиева Р.Ә., Күзембай С.Ә., Қирабаев С.С., Қонаев Д.А., Қосанов С.Қ., Қорабай С.С., Мұқан А.О., Ісімақова А.С. Томды басуға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесі ұсынған Томды баспаға дайындағандар: Қирабаев С.С. (жауапты редактор), Ақыш Н.Б. (жауапты шығарушы), Ханкей Е. (құрастырушы) Пікір жазғандар: Дәуітов С. – филология ғылымдарының докторы. Қорабай С. – филология ғылымдарының кандидаты, доцент. УДК 821.512.122.0 ББК 83.3 (5Каз) ISBN 978-601-7414-01-6 (Т.1) © М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, 2012. ISBN 978-601-7414-00-9 © «Әдебиет Әлемі» баспасы, көркемдеу, 2012.
АЛҒЫСӨЗ (Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің әдебиеттік ой-пікірлері) Қазақстанның халық жазушылары Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин – ХХ ғасырда өмір сүріп, шығармашылық өмірлерінде жаңа қазақ әдебиетінің тууы мен қалыптасуына, өркен жайып, оның одақтық (кеңестік) әдебиет дәрежесіне көтерілуіне, содан әлемдік деңгейде тарауына ықпал еткен белгілі сөз зергерлері. Олар қазақ әдебиетінің көп жанрлы болып дамуы мен кемелденуіне үлкен үлес қосты. Ғабит прозаның шағын жанрларында (новелла, әңгіме) классикалық шығармалар жазып, роман мен драма саласында өнімді туындылар берсе, Ғабиден, негізінен, үлкен прозада қызмет етті. Олардың шығармалары орыс және бірқатар шет тілдерінде жарияланды. Екеуі кезектесіп көп жылдар Жазушылар одағын басқарды. Олар бір жылы туып (1902), бір жылда (1985) қайтыс болған, әзілдері жарасқан жақсы достар еді. Екеуінен қалған құрдастық әзілқалжыңдар халық арасына кең тараған. Сонымен бірге қазақ кеңес әдебиеті тууы мен қалыптасуының басы-қасында болған жазушылардың қазақтың ұлттық әдебиетінің идеялық-көркемдік дәрежеде жетілуіне, оның халықтық принциптерінің орнығуына, жаңа реалистік әдісті меңгеруіне қосқан шығармашылық үлесі де, әдеби-теориялық ой-пікірлері де мол. Бұлар, ең алдымен, олардың ұзақ жылдар бойы әдебиет мәселесіне арнап жазған мақалалары мен баяндамаларынан, әдеби процесс туралы, жеке авторлар мен олардың туындылары жайында әр кезде айтып қалдырған ой-пікірлерінен көрінеді. Олардың бұл саладағы еңбектері кезінде Ғабиттің «Суреткер парызы» (1970), Ғабиденнің «Ой әуендері» (1978) кітаптарында жинақталып басылған. Кейін, әр кезде, бұл кітаптар жеке күйінде де, жазушылардың көп томдық шығармалары жинақтарында да жарияланған. Ғабиттің сыншылық ой-пікірлері кеңестік дәуіріндегі жаңа әдебиеттің туу, қалыптасу процесімен терең байланысып жатады. Ұлттық әдебиетіміздің ұзақ жылдық тарихымен бірге жасасып келе жатқан жазушы жиырмасыншы жылдардан бастап пролетариат бағытын ұстанған Сәкен, Бейімбет, Сәбит сияқты ағаларына ере
шықты да, осы әдебиеттің негізгі принциптерін қорғауға қатысты, ескішіл күштерге қарсы күресті. Орынбор рабфагінде оқып жүрген жас Ғабиттің «Қисық сынға – әділ төре» деген алғашқы сын мақаласы «Еңбекші қазақ» газетінде (1924, 24 март) басылған еді. Бұл мақалада ол сол кезде оңшыл бағыттағы әдебиетшілер тарапынан қазақтың пролетарлық әдебиетінің көшбасшысы Сәкенге жасалған шабуылға өзінше жауап беруге ұмтылды. Бүгін біз үшін маңыздысы – мақаланың мазмұны мен сыншылдық өнегесі емес, тарихи маңызы. Сәкенді қорғау – ол кезде бір адамның басына араша түсу емес, ол бастаған пролетарлық, революциялық бағыттағы қазақтың жаңа әдебиетінің халықтық позициясын қорғаумен тең еді. Әдебиет әлеміне араласып үлгірмеген студент жастың алғашқы талабын осындай күрес жағдайында ұштауы оның кейінгі шығармашылық жолын халықтық бағытта жалғастыруына негіз болды. Содан сәл кейіндеу жазған «Әдебиет айтысына» атты көлемді мақаласында Ғабит жаңа әдебиеттің даму бағытына сын айтқан, тіпті, оны жоққа шығарған пікірлерге дәлелді дау айта білді. Қазақстанда пролетариат ішінен шыққан ақынжазушы жоқ, демек, бізде пролетариат әдебиеті болуы мүмкін емес деген сәуегейлікке мақала авторы республиканың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жағдайларының негізін тілге тиек ете жауап берді. «Бізде де пролетариат күресі (байлар қалдығы, ескі салт-санамен) бар. Біздің әдебиет те осы күрестің құралы», – деді ол. Әрине, ол кезде бұлай жазу заман талаптарына үн қосу қажеттілігінен туған еді. Заманның пролетариат пен езілген кедей шаруаны бетке ұстап, үстем тап өкілдеріне қарсы күреске бағыттауы, әдебиеттің бетін де солай бұруы әдебиеттің жас күштеріне саяси бағыт берді. Ол коммунистік партия нұсқауларын, В.И.Лениннің әдебиет туралы пікірлерін пайдаланды. Кейін бұл бүкіл кеңес дәуірі әдебиетінің бұлжымас қағидасына айналды. Бүгін осының бәрін түсіне қабылдау керек. Ғабиттің шыншылдық ой-пікірлерінің өзгеше бір қасиеті – қолына қалам ұстағаннан бастап бұрын айтылып жүрген қағидаларды қайталамай, өмір процесіне сүйене отырып, әдебиетте тың байламдар, жаңа ойлар айтуға ұмтылуында. 1930 жылы жазылған «КазАПП-тың бүгінгі міндеттері» атты мақаласында жазушы КазАПП қызметін еліміздегі социалистік құрылыс шараларымен байланыстыра қарады. Жаңа әдебиеттің принциптері жөніндегі В.И.Ленин пікірлерін, РКП(б) Орталық Комитетінің 1925 жылы «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» қаулысының негізгі қағидаларын, Қазақстан өлкелік Комитетінің 1929 жылғы декабрь Пленумының шешімдерін, РАПП-тың бағдарламасын негізге ала отырып, КазАПП платформасының басты-басты буындарын белгіледі. Сөйтіп КазАПП
ұйымы осы дәуірдің айқасқан алысында, пролетариат табының негізгі құралының бірі болатын төңкерісшіл пролетариат әдебиетін жасайтынына сендірді. КазАПП-тың ұйымдастырушылық қызметі жөнінде де жазушы көптеген ойлы ұсыныстар жасады. Өзінің 30-жылдардың бас кезінде жазған мақалаларында да Ғабит әдебиет дамуындағы КазАПП-тың ролін атай отырып, оның қателіктеріне сын көзімен қарай білді, пролетариат әдебиетін өркендетудің басты-басты мәселелеріне көңіл аударды. 1932 жылы РКП(б) Орталық Комитеті «Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы» қаулы қабылдады. Осы қаулы негізінде КазАПП тарап, Жазушылар одағының ұйымдастыру Комитеті құрылды. Ғабит осы Комитеттің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалып, бірыңғай кеңес жазушылары одағын құруды ұйымдастыру, жазушылардың бірінші съезін дайындау істеріне белсенді қатысты. Осы кезде жазған мақала-баяндамаларында ол қазақтың революция тудырған жаңа әдебиетінің табысты жолмен ілгерлеп келе жатқандығын атай отырып, оның ізденістері мен олқылықтарына салмақты талдау жасады, социалистік құрылыс дәуірінде түрі ұлттық, мазмұны социалистік өнерді өркендетудің жаңа жолдарын қарастыратын тың пікірлер айтты. Бұған дейінгі әдебиет дамуымен жаңа дәуірдің міндеттері туғызған өзгерістерді жіті танығандық байқатты. 1933 жылғы Қазақстан Жазушылары ұйымдастыру Комитетінің бірінші пленумында жасаған баяндамасында Ғабит қазақ қаламгерлері ішінен бірінші рет социалистік реализм әдісі жайлы тұңғыш пікір айтты. «Социалистік нағызшылдық (реализм деген мағынада. – С.Қ.), – деп жазды ол, – ұсақ-ұлан нәрсе мен үлкен шын өмірді жамылтқыламай, шындықтың, қазіргі өмірдің өзін толық көрсетуді керек етеді. Қазіргі өмірде келешегі кең, қандай қиыншылықтарды жеңіп, үстемдік алып, алға сүйреп отырған не – соны жазуды тілейді. Бұл ұран жазушыларға шындықты үстінен қарпымай, тексеріп, неғұрлым барлық сырын ашып, түгел көрсетуді жүктейді». Социалистік романтизмнің реализмге қайшы келмейтін, оны келешекпен, халықтың арман-болашағымен байланыстыратын әдіс екенін де жазушы орынды көрсетті. Бұдан кейінгі дәуірдегі жазушы өмірі түгелдей Қазақстандағы әдеби процеспен тығыз байланысты өтті. Ол ұзақ жылдар республика Жазушылар одағының басшы қызметтерінде болды, әдебиет дамуына белсенді қатысты, баяндамалар жасады, сөздер сөйледі, арнайы мақалалар жазды. Мұның барлығында, тұтастай қарағанда, әдебиетіміздің көп жылдық тарихының ізі бар. Ол әр дәуірдегі әдебиет дамуын өмір шындығымен салыстыра қарайды, жетістіктерін қуана айтады, кемшіліктерін сынға алады. Жазушы қазақ әдебиеті жанрларының өрісі жайлы көп еңбектер жазды –
прозаның, драматургияның, сынның, әдеби тілдің даму беталысын талдады. Осылардың бәрінде де салмақты ой, байсалдылық танылады, оның мақтап айтқан немесе сынаған пікірлері дәлелділігімен орынды естіледі. Бұл тұрғыда Ғабиттің «Совет драматургиясының кезекте тұрған кейбір мәселелері», «Жоғары идеялы көркем әдебиет жасайық», «Қазақстандағы әдебиет сынының жайы мен міндеттері туралы», «Қазақ кеңес прозасы туралы», «Қазақ кеңес әдебиетінің қазіргі жайы мен міндеттері туралы», «Әдебиет тілі жайында» т.б. еңбектері сын тарихын зерттеушілер үшін де, қазақ әдебиеттану ғылымы үшін де қажет тың ойларды, проблемалық мәселелерді қамтиды. Мәселен, кеңес драматургиясының жағдайы талқыланған СССР Жазушылар одағының пленумында (1949) сөйлеген сөзінде ол бұл жанрда кеңес шындығы тудырған идеялық, формалық жаңалықтарды, драмалық тартыстың түрлерін, трагедиялық шығармаларда жаңа образ жасау мәселелерін талқыға салды. «Идеясы жоғары, қоғамдық мәні аса зор кеңестік драматургия жасай отырып, драматургияның феодалдық, буржуазиялық үстемдіктер кезінде тозған заңы мен теориясына бас иіп отыра беруге болмайды. Екінші жағынан, кеңес әдебиетінің қай жанрын алсаңыз да, ескі өлшеулеріне сыймайтын, өзіндік заңмен, революциялық теория арқылы ғана өспек», – деді Ғабит. Қазақ әдебиетінің дамуына арналған мақалаларда ұлттық тіл өнерінің табыстары мен міндеттері жан-жақты сөз болады. Осылардың ішінде және жеке мақалаларында Ғабит әдебиетіміздің көрнекті қайраткерлерінің шығармашылығына, олардың басты кітаптарына талдау береді, өзінің қаламдастары еңбектерінің әдеби процестегі және әдебиет тарихындағы орнын анықтауға ұмтылады. Осы тұрғыда оның Абай, Жамбыл, Сәкен, Мұхтар, Сәбит, Асқар жайындағы мақалалары аса бағалы. «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» атты мақаласында ол ұлы ақынның шығармашылық бетін оның өмір сүрген дәуірінің ерекшеліктерімен, орыс халқы мәдениетінің прогрестік маңызымен, Абай сусындаған халық әдебиетінің үлгілерімен тығыз байланыста қараса, Жамбыл туралы пікірлерін кеңестік жағдайда жаңарып туған халық поэзиясының табыстарына негіздейді. Ал, Сәкен туралы жазғандарында Ғабит «25 жасқа толмай тұрып-ақ есімі халыққа кең мәлім болған, өзінің жан сұлулығымен, мөлдір тазалығымен, ақындық және публицистік шексіз дарынымен революциялық дәуірдің қаһарманына» айналған адамның портретін жасайды. Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының бірінші кітабы жарияланғанда, оны қуана қарсы алып, осы ұлы шығарманың қазақ әдебиетіндегі орнын белгілеп, оның жарқын болашағын болжаған да Ғабит еді. «Абай» романы – бүгінгі қазақ әдебиетінің жаңа белі, – деп жазды ол. – Бұл – роман деген үлкен ұғынысқа толық жауап
беретін қазақ әдебиетіндегі бірінші роман. «Абай» шын мағынасында европалық озық әдебиеттердің піскен, сыналған үлгісімен жазылған... «Абай» романын неше рет қайталап оқысам, сонша, әрдайым жаңа бір ой, жаңа бір көркемдік, бұрын оқығанда байқалмай кеткен тереңдік табам». Мақалада суреткер жазушының қазақ әдебиетінің кесек туындысына ағынан жарыла айтқан қуанышы, роман туралы толғанып айтқан ақтық пікірі бар. Әсіресе, әрбір ұлы жазушының қаламынан шыққан классикалық шығарманың қаламгерге ой салар, тәлімдік мәнін де мақала авторы жақсы таниды. Ұлылықты тану, жаңалықты тап басу тек осындай ұлағатты адамның ғана қолынан келмек. Осы сипатты Ғабиттің «Майданнан соққан жаңа леп» (1944) деген мақаласынан да көреміз. Онда автор Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында туған Қасым Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы мен Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңінің жаңашылдық сипатын алғаш таныды. Жақсыға қуанып, оны жеткізе дәлелдеп, ғылымдық, халықтық баға беру – Ғабит сыншылдығының ең бір үлгі тұтар белгісі. Кеңес әдебиетінің интернационалдық сипаты, одақтық, дүниежүзілік әдебиеттің жалпыға ортақ үлгілері Ғабит еңбектерінде кең қаралып отырады. Ол қазақ әдебиеті құбылыстарын сондай салыстырулардан өткізіп, жан-жақты талдайды. Қазақ әдебиетінің туысқан халықтар әдебиеттерімен (орыс, украин, өзбек, тәжік, т.б.) шығармашылық байланысы мәселелерін қарастырады. Осылардың қатарында жазушының М.Ю.Лермонтов, Т.Г.Шевченко, М.Горький, Н.Хикмет, А.Фадеев, М.Шолохов туралы да мақалалары бар. Бұлардың әрқайсысы белгілі жайларды қайталауға емес, ұлы суреткерлердің барлық халықтарға ортақ ерекшеліктерін ашуға құрылады, олардың кейінгі ұрпаққа ұсынар өнегесіне үңілдіреді. Ғабит көп жылдар бойы Азия, Африка жазушыларының халықаралық байланысына белсенді араласып жүрді. Осы елдердің әдебиетін, көрнекті жазушыларының еңбектерін насихаттауда оның еңбегі үлкен. Бұған оның «Күресте туған ынтымақ», «Судан халқының ер ұлы», «Каирдағы маңызды кездесу», «Азия, Африка жазушыларының қозғалысы жаңа белесте», т.б. мақалалары дәлел. Бұларда Ғабит жазушының бейбітшілік жолындағы күрестегі орнына, әдебиеттің саяси белсенділігінің артуына ерекше мән береді. Қазақ мәдениетінің аса көрнекті қайраткері есебінде Ғабит әдебиет мәселелерімен шектеліп қалмай, өз өмірінде өнердің басқа да салаларының өркендеуіне белсенді ат салысқан. Оның опералық және драмалық шығармалар жөнінде, кино туындылары, қазақ мәдениетінің дамуы мен жеке қайраткерлері (Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, А.Жұбанов, т.б.) жайлы жазған мақалалары мен сөздері бұған куә.
Үлкен суреткер, шебер жазушы өзінің сыншылдық ой-пікірлерінде әрқашан әдебиетке талап қоя қарады, оны биік өнер санады, ақынжазушының жауапкершілігін ескертті. Көбіне ол қазақ кеңес әдебиетінің негізін салған «Алыптар тобының» (Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Мұхтар тобын ол осылай атайды) өмір мен әдебиеттегі өнегелі дәстүрін мысалға алып, үлгі ете сөйледі. Олардың жазушылық, жолдастық, адамдық қарым-қатынастарда есте қалған жайларын сөз етті. Бұл – біз үшін, әдеби қауым үшін ұмтылмас өнеге. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейтін, ескіден келе жатса да, ескірмейтін бір қағидамыз бар, – деп еді Ғабит жас жазушылар алдында сөйлеген бір сөзінде. – Бірімізді біріміз сынау, менің үлкен бір арманым бойынша, бірінші жолдастық, бірінші достық, бірінші әділ сөз болу керек. Амал не, кейде қандай әдемі сөздер, қандай ұтқыр сөздер жолдасыңды мұқатуға арналып жатады. Бұл – үлкен өкініш. Кейде сол ұтқыр сөздер «орныңды босат, маған бер!» – дегендей естіледі. Бұл – үлкен өкініштен гөрі де үлкен өкініш. Әрбір ақын-жазушы әдебиетіміздің кең жайлауынан өзі тапқан орынға ғана келісімді болады. Ақын орны, қаламының қанаты қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде. Ондай орын, әсіресе, биікте көп. Қырандай құлаштап, сермеп барып, сол орынды ал. Өзгенің бәрі – мансап та мансұқ». Аға жазушының жас буынға айтқан ақылында әдебиетке, оның еңбеккерлеріне деген үлкен қамқорлық, ескірмейтін, оқыған сайын жаңарып естілетін өсиет жатыр. Қазіргі әдебиеттің көркемдік сапасы үшін, ана тілінің тазалығы үшін күрес – Ғабиттің сын мақалаларының негізгі тақырыбы. Бұл тұрғыда жазушының «Асқындырып алмайық, достар», «Авгейдің атқорасынан бастайық», «Ана тілін анамыздай ардақтайық!» атты мақалаларының елеулі мәні бар. Олардың алғашқысында белгілі сөз зергері қазіргі әдебиетте «ауыз» тұшымайын, ой-сезімі таяз, көркемдігі алабажақ, ойландырмайтын, сендіре алмайтын, қызықтырмайтын, әшейін ыза қылатын жасанды нәрселер етек алып бара жатқанын қынжыла жазып, нақты шығармалар жайлы сын пікірлерін ортаға салды. «Бір-біріміздің жазғанымызды біріміз қадағалап оқымайтын салтқа бой үйретіп алдық. Әсіресе, ұшырасып қалатын кемшіліктерге бейжай қараймыз», – деп қынжылды ол. Ал, екінші мақала ана тілін қадірлемей, тіл бұзуға жол беріліп отырғанына реніштен туған. Жазушы «Біздің ауыл осылай сөйлейді» деп, ойына келгенін жазып, әдеби тілдің нормасына нұқсан келтіріп жүрген бірталай авторларға ескерту жасады. Үшінші мақала Ғабиттің жазушылар алдында ең соңғы жасаған баяндамасы негізінде жазылған. Онда жазушы тағы да әдеби тіл мәселесіне оралып, мұның әдебиеттің көркемдік биік сапасы үшін күрестегі орнын ерекше атап көрсетті. Тілді әдебиетте пайдаланудың
олқы тұстарына қиналып, жұрт алдында үш сағат бойы тік тұрып сөйлегені бәріміздің есімізде. Әдебиет тілі қандай болу керектігін іздейтін адам үшін Ғабит мақалалары таптырмайтын оқу құралы екенінде дау жоқ. Оны тек ұқыптылықпен үйреніп оқу керек. Осы еңбектерінің өзімен Ғабит көркем әдебиетке биік талаптар қоя қарайтын ұлы күрестің басында тұрғандай көрінеді. Оның әдебиеттік ой-пікірлері, өсиет-ғибраты әрқашан ойыңды байытады, жаңа ізденіске жігерлендіреді. Ғабиден Мұстафин – бүкіл шығармашылығын өз дәуірінің шындығын суреттеуге арнаған қаламгер. Өзінің романдарында («Өмір не өлім», «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін», «Көз көрген») ол Қазақстандағы қоғамдық құрылыстың басында тұрған замандастарының алуан түрлі бейнелерін жасады. Сөйтіп ұлттық әдебиеттің бетін жаңа заманға бұруға себепкер болды. Сонымен қатар Ғабиден – тек көркем шығарма жазумен ғана шұғылданбай, әдебиет дамуының маңызды мәселелерін талқылауға белсенді араласып, өзінің жазушылық тәжірибесін жас қаламгерлерге үлгі етіп әңгімелеп өткен ұстаз суреткер. Ол әдебиеттің қоғамдық белсенділігін көтеру, өмірмен байланысын арттыру, көркемдік шеберлікке жетілдіру сияқты проблемалар жайында жиі жазды, өз тәжірибесін ортаға салды. Сөйтіп, көркем шығармаларында көтерген үлкен ойларын сыншылдық пікірлерімен толықтыра түсті. Мұны біз жазушының «Ой әуендері» (1978) атты кітабынан көреміз. Кітап 1979 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болған. «Ой әуендері» жазушы өмірінің соңғы отыз жылы ішіндегі әдебиет жайлы ойларын жинақтады. Бұл – оның үлкен суреткер есебінде танылып, көркем туындыларының әлемдік әдебиеттің қорына кірген кезі. Оның шығармаларымен қатар, мақалалары да авторының ойлы қаламгер екенін, оның әдебиет алдына нағыз биік көркемдік талаптар қоя білетінін, сол үшін белсенді күрескер болғанын көрсетті. Кітап – ұзақ ойдың, әдебиет тағдыры жайлы тынымсыз ізденістердің жемісі, «Ойсыз күнім болмайды, – дейді Ғабиден кітапқа жазған алғысөзінде. – Әр кезде әр қилы ой келеді. Көре келе, жүре келе, уақыт, жағдай өзгерген сайын, ол да өзгере береді... Автордың өз әуенім, өз ойым дегені, сайып келгенде, қоғамдық ой қозғалыстарының бір саласымен ұштасып жатады». Бұл сөздің шындығын кітапты оқыған адамның бәрі де ұға алады. Жазушы әуендері – өзі куә болған, бірге жасаған әдеби процесс, әдебиеттің даму жолы, жеке авторлары мен туындылары жайлы. Сөйтіп, ол ойлар қазақ әдебиетінің тарихына қатысты қоғамдық ой-пікірлермен ұштасып жатады. Қай заманда болсын, адам, ең алдымен, өз қоғамының өнімі. Ол қоғамнан тыс өмір сүре алмайды және де қоғам өмірінің ісіне
араласпай да қала алмайды. Қоғамда өмір сүрген адам, бір жағынан, сол қоғамның тіршілігі үшін жауапты да. Жай адам бір есе жауапты болса, жазушы қоғам қайраткері есебінде екі есе жауапты. Кешегі Кеңес Одағымен, ол құрған қоғамдық құрылыспен бірге жасаған ұрпақ та осындай міндеттер атқарды. Жазушылар өз шығармаларымен сол қоғам өмірінің шындығын бейнелеп, сол заман қаһармандарының бейнесін жасады. Аға жазушылардың заман туралы, әдебиет туралы толғаныстарын оқысаң, оларды суреткер есебінде толғантқан мәселелердің көптігін көресің. Ол мәселелер заманмен бірге адам тағдырына келіп тіреледі. Сөйтіп олар заман ауыртпашылығын көтереді, заманның сөзін, адамның сөзін сөйледі. Заман тағдыры, адамзат өмірі, соғыс алапатына қарсы күрес, бейбітшілікті қорғау, елді жаңарту, қоғамдық жүйені жетілдіру жолындағы шаралар, осы істердегі әдебиеттің орны мен міндетін ұғыну, әдебиеттің халықтығы мен көркемдік саласындағы табысы мен олқылықтары – бәрі де қалам иелерін тебірентпей қоймады. Ғабиденнің ой әуендері де үлкен жазушының осы дәрежедегі қоғам қайраткері болғанын көрсетеді. «Ой әуендеріне» автордың әр кезде айтылып, жазылған әдебиет туралы сын пікірлері, баяндамалары, сөздері, мақалалары кірген. Олардың бәріне ортақ ерекшелігі – жазушының барды тізе беруге, белгілі нәрсені қайталауға құмарлығы емес, қайта өз ойларын белгілі бір әдеби проблемаларға құруға ұмтылушылығы, сол арқылы әдебиетке талап қоя білетіндігі, оқушысын ізденуге үйрете білетін ойшылдығы. Оның әдебиет дамуы мен әдеби жанрлардың жетілуі жайындағы мақалалары мен баяндамаларының өзі шолу сипатты емес, проблемалық үлгіде жазылуының сыры осында. Жазушы ойларын сынға құрады. Әдебиет алдына тың талап қояды. Мұндай ерекшелік Ғабиденнің «Қазақ кеңес драматургиясы», «Өскелең проза», «Терең характерлер жасайық», «Әдебиетіміздің жайы мен міндеттері», «Дамуымызың кейбір сипаттары», «Әдебиетшілердің ортақ ісі», тағы басқа сын мақалаларына тән. Кеңес дәуіріндегі қазақ драматургиясына негіз болған драманың халықтық формалары жөніндегі ойларымен, драманың даму кезеңдерінде лайық дәуірлік шығармаларды талдау негізіндегі пікірлерімен, драмадағы тілдің қызметі жайлы байқауларымен, үлкен прозаның ізденістері жайлы тың түсініктерімен жазушының бұл мақалалары оқушыға да, әдебиетшіге де белгілі дәрежеде ой саларлық, оның тың пікірлерге бастарлық қасиетке ие болады. «Әдебиетіміздің жайы мен міндеттері» – Ғабиденнің Қазақстан Жазушыларының ІІІ съезінде (1954) жасаған баяндамасы еді. Осы бір ойлы баяндамада жазушы екі съезд аралығындағы 15 жыл ішіндегі әдебиеттің дамуы фактыларын тізбелемей, негізгі мәселені
бірнеше проблеманың төңірегінде сөз етті. Ол – реализмді меңгеруде жазушыларымыздың жеткен дәрежесін анықтау, қазақ әдебиетінің басқа ұлттар әдебиетімен байланысы, жетілу жолы, әдебиеттегі мазмұн мен ұлттық түр, әдебиет жанрлары ізденістерінің бағытбағдары т.б. Екі съезд аралығында қол жеткен табыстарымызды осы жүйемен анықтай келіп, жазушы көркем әдебиетке қойылар жаңа талап жайлы әңгімеледі. «Жеткен табыстар жоғары, – деді ол. – Талап жоғарыламайынша, әдебиет жоғарыламайды». Осы және осы тектес мақалаларында Ғабиден әдебиеттің шығармашылық мәселелеріне қоса ұйымдық мәселелеріне де ерекше назар аударып отырады. Ол жазушының азаматтық абыройын көтеру жайын кең сөз етеді. Ол үшін қаламгерлерді үздіксіз тәрбиелеу, олардың халықпен байланысын көтеру, қоғамдық көзқарасын жетілдіру, осы салада Жазушылар одағы атқаруға тиісті әр алуан істерді әңгімелейді. «Бойға біткен дарынды ғажап өсіруге де немесе мүлде өшіруге де болады. Ол тек дән ғана. Дән ерінбей, ебін тауып күтсе өнеді, өседі, әйтпесе семіп қалады» – дейді тәжірибелі жазушы. Оның «Жазушы атағын жоғары ұстайық», «Жазушылардың моралі таза болсын», «Халық ісіне лайық болайық» сияқты мақалаларын тағы да бір қарап шығып, соған сәйкес ұйым жұмысын қайта құру жайлы ойланса, Ғабиденнің бұл тектес ой-пікірлері одақтың бүгінгі жұмысын жандандыруға да көмектесетіні даусыз. Ғабиден өзінің бірқатар мақалаларын ұлы суреткерлер мен әдебиет абыройын көтерген жеке туындылар жайлы ойларын білдіруге құрған. Бұл тұрғыда оның әлем әдебиетінің алыптары Л.Толстой, Т.Шевченко, А.Фадеев жайындағы пікірлерімен қатар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ардагерлері Абай, Жамбыл, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, Қ.Сәтпаев, Ғ.Мүсірепов, Ж.Елебеков, А.Жұбанов, С.Бегалин, Ш.Құсайынов туралы, олардың еңбектері жайлы ойлары да қызықты. «Абай» романы – әдебиетіміздің мақтаны» атты мақаласында ол: «Ұлы қасиет үлкен тау тәрізді: ішіне кірсең, көп шоқы, сыртына шыққанда ғана зорлығы, айбынын айқын көрсетеді. «Абай» романы маған дәл осы секілді, көз алдында ғана биік емес, тарих көші ұзаған сайын көркейе, зорая беретін секілді байқалады» – депті. 1949 жылы айтылған бұл пікірдің әділдігін және көрегендігін біз күн өткен сайын айқын түсініп, көріп келеміз. Сәкен Сейфуллиннің азаматтық, ақындық бейнесі жайлы ойларын жазушы былай түйіндейді: «Ағынмен аға беруге болады. Ағынмен қарсыласа отырып, мақсатты жерге жетуге де болады. Сәкен мақсатына тулаған толқындармен алыса отырып жетті. Біз ағынның айдауымен жетіп келеміз. Сәкен өз тұсында топ жара шығып, халық көңілінің төрінен орын алды. Бір кезде Абайды сүйгендіктен халқы еркелетіп,
Ибраһим демей, Абай десе, Сәкенді Садуақас демей, Сәкен деді. Қазіргі жазушыларға бұл дәрежеге жету – ұлы арман. Сондықтан Сәкеннің орны қазақ кеңес әдебиетінде өзгеше. Сондықтан ол – бізге ерекше ардақты, ескірмейтін өнеге». «Ілияс туралы бірер сөз» атты мақаласын Ғабиден ақын және дәуір деген мәселеге құрады да, ақын талантын шарықтатып өсірген заман шындығымен байланыстырады. «Егін, шөп сияқты әдебиеттің де шығымды не шығымсыз жылдары бар, – дейді ол. – Әдебиетті жазушы жасаса, жазушыны талант жасайды. Талант бап талғайды, бабы табылмаса, толыспай жатып солады, не өзінен зорға соқтығып өледі. Ілиястікі бабы табылған, қажымайтын, кір шалмайтын жарқын талант. Ол әмән лаулап жанып тұратын еді. Бірде өткір, бірде нәзік, бірде ащы, бірде тәтті алуан-алуан қысқа өлеңдерден бастап, поэма биігіне көтерілді бұл ақын. Ол – тек ақын ғана емес, очерк, фельетон, әңгіме мақалалармен қоса роман жазуға дейін барған көркем сөздің сегіз қырлы шебері болатын». Ғабиденнің өз замандастары жайлы осы тектес сөздері өнер адамының дәуірмен байланысы, келбеті, адамдық қасиеті жайлы түйінді ойларға құрылады. Жазушы өз естеліктерін оның еңбектері арқылы дамытып, нақты адамның портретін жасайды. Ол жөніндегі замандастарының ұғымын әңгімелейді. Ғабиден мақалалары қандай тақырыпқа арналса да, жазушы ең алдымен әдебиеттің қоғамдық қызметін көтеру жолындағы күрескер болып танылады, әдебиеттің халықтығы принципін берік ұстанады. Әдебиетті дәуірдің жаңа міндеттеріне бағыттап ақыл-өнегесін ұсынады. Үлкен суреткер есебінде де Ғабиден әдебиеттің көркемдік сапасы үшін күрестің алдыңғы легінде көрінді. «Іші-сырты сай келген нағыз көркем шығармаға өлім жоқ десе де болады, – дейді жазушы. – Адамдар қартайып, ескі қауым кетіп, жаңа қауым келіп жатады. Нағыз көркем шығарма олардың кеткенін ұзатып салып, келгенін қарсы алып, жасай береді. Ондай шығармада өзі туған дәуірдің лебі, тұлғасы сақталады, өз ұлтының исі аңқып тұрады. Ондай шығарма оқушысына әрі ләззат, әрі білім береді». Жақсы, сапалы шығарма жасаудың жолы – жазушы ұғымынша, қажымайтын ұзақ еңбек, талмайтын ізденіс. «Талай томдар жазған дарынды жазушының өзі әрбір жаңа шығарманың тұсында биік шыңға өрмелегендей демігеді, ізденеді, кейде тіпті аяғы тайып, кейін сырғанайды. Сонда да қайтпастан өрмелей береді» – деген пікірлердің қаламгер тәжірибесінен туғаны даусыз. Жазушылық ізденісте Ғабиден ой мен көркем сөзге ерекше мән береді. Жазушы еңбегінің санымен емес, сапасымен өлшенетінін айта келіп, ол: «сапа дегенім – ой мен тіл. Ойы мешеу, тілі доғал шығарма
өктесең де оқушының көмейінен өтпейді. Ойы жоғары, тілі алғыр шығарма қашан да естен кетпейді» – деп жазады. «Қалампаздар кәдімгі төрт бұрышты кірпішті жалпағынан, қырынан ғана емес, тігінен де, көлбете де қалай біледі. Сөйтіп, жасаған дүниесіне алуан-алуан, қызықты сымбат береді. Жазушы да осы тәрізді. Сөзді әр қилы қалай отырып, о да бір қызықты дүние жасайды». «Сөз – ойдың айнасы. Айнаның, әрине, жақсы, жаманы бар. Қайсысы болса да барды көрсетеді, жоқты көрсете алмайды. Түптеп келгенде, шығарманың тағдырын шешетін ой. Ой деген қисапсыз көп, шексіз үлкен. Сол көптің ішінен таңдай білсе, сол үлкеннің шетінен бойына шақтап ала білсе, жазушы сәтті бір адым алға басқаны. Ойларға мен социализм тұрғысынан қарадым. Неғұрлым социализмді жақтаған, оны жасаушыларға жәрдем еткен ой солғұрлым күшті, әрі әдемі». Жазушының бұл сөздерінде өмір мен әдебиет тәжірибесін өткен үлкен суреткердің ағалық ақылы мен шығармашылық өнегесі қабат көрінеді. Оның өз шығармаларының жазылуы жайындағы ойлары да жастарға ғибрат берерлік мәліметтерге толы. Онда өмір деректерінің әдебиет туындысына айналу жолы, жазушылық лаборатория мәселесі кеңінен қозғалады. Сондықтан да Ғабиден кітабының кейінгі жас ұрпаққа берері мол. Халықтың ұлттық дәстүрлерінің пайдалы жақтарын әрқашан үйреніп, жалғастырудың қажеттігін ескертеді. «Қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды, – дейді дана қарт. – Үлкенге сәлем беру, орын беру, жол беру, кимелеп баса-көктеп өтпеу, үйіне келе қалса, атын байлап, есік ашып, төрге шығарып, жақсы қабақпен аттандырып салу, меймандос, жолдас-жораға қайырымды болу сияқты салт-дәстүрлердің бірде-бірі ескірген жоқ. Бұлар – өмір бойы ескірмейтін, адамнан адам іштей әмән дәметіп тұратын табиғи құлық-мінездер. Бұл мінездерді қорлау – алдымен өзін өзі қорлау, сыйлау – алдымен өзін өзі сыйлау». Сырт қарағанда, жалпыға мәлім осы қағидалар қазіргі жастарға арналып, қадірменді ақсақал жазушының аузынан шыққанда тың, өзгеше естіледі. Жазушы осы негізде әдебиет дәстүрін сыйлауды да әңгіме етеді. Ғабиден кітаптарында мақал-мәтелге, қанатты қағидаларға, афоризмге айналып кеткен тіркестер мол кездеседі. Жазушы тілінің бұл қасиеттері кезінде зерттеулерде талай атап көрсетілген. «Ой әуендерінің» соңғы бөліміне жазушы аузынан шығып, кейін халық игілігіне көшкен қанатты сөздердің бір қатары сұрыпталып берілген. Бұл – тіл үйренуге ұмтылатын жастарға да, жазушы өнегесін үлгі тұтатын оқырмандарға да қажет дүниелер. Бұл айтылғандар Ғабиден мақалалары әдебиеттану, әдебиет сыны
үшін ғана емес, жалпы әдебиет сүйгіш, заман үніне құлақ тосқыш, ізденімпаз қауым үшін де пайдалы екенін дәлелдейді. Мұнда өмірлік тәжірибесі мол жазушының даналық ойлары мен өсиет-өнегелері жинақталған. Ғабиден мақалалары әр кезде жазылған. Оларда отызыншы жылдардан күні бүгінге дейінгі әдеби дамуымыздың ізі жатыр. Ұзақ жылдар Жазушылар одағының басшылығында болған жазушының еңбектерінде одақтық ұйымдастыру жұмыстары жайлы да мәліметтер мол. Сондықтан оларда жеке адамдардың атына, одақтағы ұйымдастыру жұмыстарына, әдебиет баспасы мен газет-журнал редакцияларына айтылған сындар, ескертулер болса, олардың тарихи дәлелі, себебі бар. Бүгін біз Ғабиден мақалаларынан бір кез баспа орындарының қалыптасуы жолындағы ізденістерін де аңғарамыз. Сондықтан бүгінгі баспаға, бүгінгі газет-журнал редакцияларына оны өкпе етудің орны жоқ. Жеке адамдар жайлы жазушы ойларына да солай қарау қажет. Әдебиет алыптары мен сол әдебиет тарихын зерттеушілердің аға ұрпағы бүгін қатарымызда жоқ. Бірақ олардың жасаған еңбегі өлмек емес. Әдебиетпен бірге ол туралы айтылған, жазылған ой-пікірлер де жасай береді. Кейінгі ұрпақ ұлы шығармаларды қалай өнеге тұтып, үйренсе, үйренерлік, ой саларлық пікір сын, зерттеу еңбектерінен де мол табылатыны анық. Сондай бағалы еңбектерді халық қазынасы ретінде басып шығарудың қажеттігі де осыдан туған. Ғ.Мүсірепов пен Ғ.Мұстафиннің әдебиеттік ой-пікірлері де осы қажеттілікті өтей алатыны даусыз. Серік Қирабаев, ҰҒА академигі.
Ғабит МҮСІРЕПОВ
ҚИСЫҚ СЫНҒА – ӘДІЛ ТӨРЕ «Ақ жол» газетінің 432 санында Темірбай жолдас «Қазақ әдебиетінің тарихынан» деген мақала жазған. Мақаланы басынан оқи бастағанда әдебиет тарихының толықтыруы екен деп қалуың да талас болмағанмен, аз оқығаннан кейін, мақала алғашқы алған бетінен тайып, ойлаған ойыңа қарсы келіп, жазушының жек көретін бір адамына соқтыға жөнеледі. Ол адамы – Сәкен. Сәкеннің әдебиет тарихынан оқыған лекциясы туралы, Сәкенді өтірікші, жас буынға қате ұғындырады дейді, арсыз, әңгі дейді. Білгенінше жамандап, халық көзіне үлкен мінді кісі етіп көрсетеді. Темірбайдың өзі айтқандай, егер мен Темірбай болсам, дұрыс сөзді қисық ұққан, бадырайып тұрған «А» әрпін «Б» деп, «Т» әрпін «Е» деп шатастырып, ашық жазылған сөзге көзі жетпей, жетсе де көрмей, әдебиетті сынамай, Сәкенді сынап, қай жерінен мін шығар екен деп тіміскілеп, дұрыс сөзді бұрыс деп, Сәкенге қара басының дұшпандығын білдірген, Темірбайдың өзіне – өз сөздерін қайта атар едім. Бірақ Темірбай Сәкенге дұшпан болса да, мен Темірбайға дұшпан емеспін. «Екі қатын сиыр сауып отырып, тезек үшін ұрсысып бірін-бірі: салдақы бетпақ, пәлен-түген», – деп қайдағы сұмырай сөздерді тауып айтқандары сықылды мен де бірдемелерді шатыстырып, ауызға не келсе соны оттар едім. Бірақ мен қисық сөзге әділшілігімді айтам, біреудің бетіне күйе жағып, ұждансыздық қылуға батылым бармайды. Темірбайдың бар ойы Сәкенді жұртқа жаманатты көрсетіп өту, одан басқа түгі жоқ. Темірбайлардың Сәкенге көзқарасын кім де болса біледі. Әйткенмен «Дұшпанды досыңдай сына» деген сөз өте тура, өте иманды сөз. Мұны Темірбай ойлауы керек еді. Біреуге дұшпан болдым деп, түзу ісіне баға бермей, ағын да қара, қарасын да қара деу адамшылыққа жата ма? Темірбайдың бұл жазған сөзінде сөйленерлік дәнеме жоқ, оныкі Сәкенді қаралу. Әйтпесе әдебиетке жаны ашып отырған Темірбай жоқ. Жаны ашиды дер едік, мынау әдебиетке жаны ашыған кісінің сөзі емес, тек ұнатпайтын адамның бетін тырнау... Сәкен әдебиет тарихынан жаңылса, не қате ұғынса, Темірбай өзінше дұрыс ұғындыру керек еді. Сәкеннің мына жері қате, мұны былай ұғыну керек деп айту керек еді. Бұлай болған уақытта Сәкеннің қатесін бір көрсек, әдебиеттің шын тарихына танысып қалуымыз екінші пайда болар еді.
Темірбайдың әдебиетте жұмысы жоқ, жұрт жаққа шымылдық құрып, дәлелін жарыққа шығармай, ішіндегілерге Сәкенді жамандайды. Оны көріп отырған жұрт, әділ тексеруіміз керек. Темірбай Сәкенді жамандағанда былай деп жамандайды: І – Сәкен «Қазақ әдебиетінің тарихын сөйлеу оңай, ол жаңа ғана дүниеге келген жас бала» деп айтты дейді. Сәкен олай деп отырған жоқ. Сәкен қазақ әдебиеті екіге бөлінеді, жазба һәм ауыз әдебиеті дейді. Әуелі бірнеше жүз жылдап, ауыз әдебиеті болып келді: мақал, тақпақ, ертегі һәм қара өлеңдер дейді. Жазба әдебиет одан соң шықты дейді. Бұған не талас бар. Таласушы тек ойы қарсылықпен таласады. Әйтпесе бұл арадан ала сала жамандауға сиятын дәнеме жоқ. ІІ – Сәкен лекция оқығанда мылжың сөйлейді дейді. Бұған қарағанда, лекция оқушы жұрттың түсінген-түсінбегеніне қарамай, қысқа ғана оқуы керек деген ой аңғарылады. Мағынасыз сөйледі деуге жатпайды. Себебі жазылып отырған, естіп отырған лекцияның ішінде мағынасыз құрғақ кеңес жоқ. Мылжың мен жақсының арасын қандай кісі айырады, әрине, бұл Темірбайдың сыбағасы емес, олай болса, оған кінә жоқ. ІІІ – Әдебиетке жақындауға мен сескенемін, қорқамын, мен суға кетіп қалам, менің батырлығым жетпейтін жерден Сәкеннің қорықпағаны, жүректілігі керегі жоқ жұмыс дейді. Темеке! Жұрттың бәріне өзіңдей қоян бол деуіңіз жолға келмейді ғой! Әдебиет философтардың жеке алған еншісі емес. Әдебиет халықтың тілі мен халықтың тұрмысынан алынып жазылады. Өз тұрмысында болып жатқан затқа халық Темірбай секілді қарамайды. Өз шамасынша сынайды. Ол сынау қисық емес, түзу сынау болып шығады. «Әйелді періште» деген байларша, әдебиетті қол жетпейтін көктің періштесі деу қате. Әдебиет адамның тұрмысынан алынса, өз тұрмысына адам өзі тәңірі. Олай болса, адам әдебиеттің құлы емес, әдебиет адамның құлы. Төңкерістің коммунист ұлдарында, Темірбайдікіндей жарылып кетейін деп тұрған жүрек болмайды. Олар әдебиет, мәдениет, бай, құдай бәрін балғамен, найзамен құл қылып алады. «Социализм мезгілінде өкіметті ас пісіретін әйелдер басқара алады», – деген жолдас Лениннің сөзі бар. Біз социализмге тармасып келе жатырмыз. Темірбайдың «Әдебиет оқудың түбіне жеткен ғалымдардың еншісі» дегеніне қосыла алмаймыз. Ол екі фәнді тамам қылған молда білсін деп отыра алмадық. Әдебиет аз оқығанның да еншісіне тиеді. Төңкеріске қарсы байшыл философтар, тұрмыс күресінде сол оқығаны басынан кешіріп отырған жұмыскер көп біледі. Тәжірибемен Темірбай есептеспесе де біз есептесеміз. Жазған сөздерінің түріне қарағанда, Темірбай көк тәңірінің пендесі ме деп қорқам, әйтпесе коммунист болса
«Исторический материализмді» оқып шықса, әдебиет кімнің еншісі екенін біл, илан дер едім. ІV – «Сәкен есі жоқ әңгі» дейді. Қазақ әдебиетінің ағасы Абайды, 1905 жылдан соң өлең жаза бастаған, ол қазақ әдебиетінің ағасы емес», – деп айтты дейді. Егер Темірбай бұл араға құмарланған болса, жазылған сөздерді қайта-қайта оқып, не жазылғанына түсініп барып кіналау керек еді. Сәкен айтады: «Осы адасумен адасып отырып қазақ әдебиеті, 1900 жылдан бері шықты». 1905 жылдың жұмыскер қозғалысынан кейін, ұлт сезімі туа бастап, қазақ оқығандары тіл түзеу дегенді жарыққа шығара бастады. Бірақ сол әдебиеттің жас уақытында, бірен-саран өлеңін қазақ тілінде жазғандар болды. Мәселен: «Абай» дейді. Бұдан Сәкеннің Абайға Темірбайдан артық баға беріп, тарихи сынай білгендігі көрінеді. Сәкен Абайды 1905 жылдың бергі жағында өлең жазуға кірісті деп отырған жоқ, әдебиеттің балаң кезінде яғни 1900 жылдан бұрын жазды деп отыр. V – «Егерде мен Сәкендей соқыр болсам, орысша оқыған қазақ ақындары орысша сөз кіргізіп, қазақ тілін бұзды дер едім» деп Темірбай Сәкенді және түйреп өтеді. Айнала қарағанда, Темірбай әдейі біліп адасып отыр да, болмаса өзі білмей, біреудің дегеніне еріп отыр. Бұл туралы Сәкеннің сөзі: «Қазақ елі орысқа бағынып, орыс оқуын оқығандар шыға бастағаннан кейін, әдебиетшілердің әуескерлігі орысшаға ауа бастаған. Бұдан былай сөздің ішіне орысша кіргізу мақсұт болған. Орыс тілін білген-білмегенінде жұмысы шамалы, аз-мұздап білген тілін өлеңінің ішіне кіргізіп қалуға ақындар өте ынталанған дейді. Бұл сөзден орысша оқып шыққан ақындар өлеңдеріне орысша қосты деген мағына шықпайды. Елдің надан ақындары орыс тілін қызық көріп, білмегеніне қарамай өлеңіне орысша сөз кіргізуге тырысқандары айтылады. Оған анау бір ауыз өлең дәлел. Сол өлең оқыған қазақтың жазғаны ма, болмаса надан қазақтың жазғаны ма, Темірбай соған қарауы керек еді. Орыс школының бетін көрген кісі «Принимать», «Здравствуйте» деген сөздерді «Прьмить», «Зьдрасти» деп өмірінде айтпайды. Сәкеннің бұл сөзін дәлелдеу үшін, Николай патшаның таққа мінерде Ақан серінің айтқан бір ауыз өлеңін келтіруге болады. Темірбай не деп түсінер екен (өзінің аузынан шыққандай қылып көшірем): «Бірінші» Здырау, жалаю, Уасем прасентуа жестуа, Беликий князь басында тәж, ............................................ О судар грабитель, сен сабаз.
Мінекей, Ақанның осы өлеңдерінен не аңғаруға болады. Жалғыз-ақ оның өлеңінің ішіне орыс тілін кіргізуге әуреленгендігін аңғаруға болады. Бұны Ақан еріксіз айтты деп Темірбай маған пәле салса, мен Темірбайға қазақтың бозбаласының «қыз ойнақта» айтатын өлеңдеріне мысал келтірсем тоқтар деймін. Әрине, қазақтың қызы жігітін өлеңіне орысша кіргіз деп қыстамайтынына Темірбай сенер. Көптен көп поклон айттым скажия, «Сен тұрсаң уағадаңда Спасиба, Сөзімді ескере ала ескерсеңіз, Шеструй хорошенкей сватия». ................................................. «Мінгенім дәйім менің сабырасынай, Кемпір мен шал ойнайды напрасынай, Ойнаса бозбала мен қыз ойнасын, Екеуі полный пошом сагласынай». Қысқасын айтқанда, Темірбайдың түзу жүріп келе жатқан атты бұрып шалдырғысы келгені болмаса, орыс еліне араласқаннан кейін, қазақ өлеңіне орыстың сөздері бұзылып, жарылып, тілімтегі кіріп, қазақ әдебиетінің сиқын бұзуы хақ. Тегінде нені болса да білген бүлдірмейді, білмеген бүлдіреді. Бір ерегеспен аузынан шығып кетсе де, Темірбай мұны мойнына өзі де алар деймін. VІ – Омар туралы Сәкен мақаласының ішінде «Әсіресе сол кезде Ғалияда оқығандарға қосылған Омар Қарашұлы» деген сөз «Ғалияда оқитын Омар Қарашұлы» деп жазудан қате кеткен. Сәкен де, мен де ұлтшылдарға беретін бағамыз шамалы. Сонда да кім де кімнің істеген ісін бағалай білеміз. Омардың (қай сан екенін білмеймін) «Қазақ» газетасына қазақ тілі туралы жазған мақаласы бар, Сәкен соған сүйеніп айтты. Қорытып айтқанда, қазақ емілесіне бір кісі көсем болып, мүлтіксіз шығарды дей алмаймын. Мұныма «еміленің» табаны әлі жерге тимей, мың кісінің сынына түсіп жүргені тарихи дәлел. Жоғарғылардың бәрін қорытып келгенде, мен өзім мына пікірге келдім: Темірбайдың жұмысы әдебиетті сынауда емес, Сәкенді сынауда. Менің ойымша әдебиет Сәкен емес те, Сәкен әдебиет емес. Жалпы әдебиет туралы Сәкен пікірін жарыққа шығарғанда, қате жерлері болса, Темірбай түзеп, әділ төресін беретін жөні бар емес пе еді? Егер өзінің айтқанындай қолынан келмесе, бір ауыз дәлелсіз біреуді балағаттау неге керек еді?
Егер «Ақ жол» басшылары Сәкенді бейпіл сөзбен мұқатам десе, атаенесінен түк қоймай лағнаттаса, мынасынан сыпайы болар еді. Темірбайдың сынынан оқушы нені ұқты? Әрине, Темірбайдың Сәкенге дұшпандығын, аяғынан қалай шалуды аңдып жүргендігін ұқты. Бұған қарағанда Темірбай Сәкенді өз ойынша жас буынға ложное понятие берді деп кіналаса, өз қара басының өкпесін газетке жазып, дәлелсіз біреудің бетін тырнап, арына қолын сұғып, ұжданын ұмытты деп біз Темірбайды кіналаймыз. «Еңбекші қазақ» 1924 жыл, 24 наурыз, № 183 СӘБИТ МҰҚАНОВҚА ХАТ «Сәбит! Бүгін сенің хатыңды алдым. Әңгіме менің «Теңіз тепкісі» жайында болғасын, мен де сол туралы жазбақпын. Негізінде оны қысқартып, яки түзегеніңе алғыс айтпасам, ренжімеймін ғой. Бара салысымен басу жағын қарастырғаның, мені ілгері сүйремесе, кейін кетірмес. Біраз елігіп алғашқы екпінмен көржерді жазып тастауым да мүмкін. Шарт деген жағын өзгертуге құмар еместігім саған жасырын сыр болмауы керек: мен гонарары емес, еңбегімнің өзін бағалайым. Менің көбінесе көкейімді тесетін ақшасы емес, жазғанымның іске аса алғаны екендігін аңғар. Енді хатыңды бөлшектейік: Мен әр бөлімді нағыз түймегендігімді білем. Бірақ онымның өзіне бір баға бермекші едім. Көркем әдебиетте менің бір сүйетін нәрсем, жалғасы білінбей көбінесе, жалғасы келесі бөлімді оқып отырғанда ғана сезілсе екен деймін. Бұл мүмкін ескірген түр болар. Сөйтсе де мен осыны ұнатам. Жазушылар әсіресе байламын көрсетіп қоятыны бар, мен оны ұнатпаймын. Менің Гогольді сүйіп оқитынымды білетін едім ғой: көбінесе ол, маған осы жағынан ұнайды. Қазір бет алыста, жасырын жақтар аз болу керектігін біле тұрсам да, мен ұнатқанымды істеп едім. Әрине, сендер көп. Әр жерде тексерген боларсыңдар. Бұлай болғасын көпшіліктің ауқымы ұйғарды – мен риза. Одасын, көпшілік көптен бері төселіп келе жатқан, бауыры жазылғандар, мен – шикі. Сондықтан сендердің – төселген көпшіліктің бетінен алуым әлсіздігімнен басқа нені көрсетер дейсің. Менің тағы бір ұнатпайтыным: алған теманың өзінен басқа, ешқайда бұрылмайтын әдет. Мұны мен жек көрем. Әсіресе болмысы, тұрмысы... тағы тағылардың ізі түсіп отырса екен. Осы күні (меніңше) жазушылар «саяси жақ» деп алғанда, басқа жағын ақсақ тастайды. Мен оған
қарсы. Сондықтан қай күйде болса да, менің жазғандарым көлденең материалдарды көбірек қосып отырады. Бұл әдетті (әзір жүзеге асыра алмаған әдетті) түбінде жазып кете алған күнде де тастамаспын деймін. «Теңіз тепкісіне» де бірталай көлденең материал кірген себебі сол еді. Етістік деген бір ит қой. Өткен, қазіргі, келешек уақыттары араласып кетуі мүмкін. Алғашқы хаттарда біраз бетімді көрсетіп едім ғой. Сөйлемнің, аяғы көбінесе сказуемоеға тоқтайды да, сұмдық бәле болады. Түгел алғанда, алғашқы адам әлсіз екендігіне не күдік болсын, кейбір алып тастаған жеріңе қарсылығым болса да, баспаға беріліп қалғасын, әңгіме қысқа ғой. Мысалы: «Теңіз тепкісі» мен «Тулаған толқынның» қайсысында адамгершілік, достық көп екеніне таластан кейін ғана мойын сұнар едім. Матвейдің бай екені, бір жанды жасыруға бөгеті жоқ еді. Өйткені, ол саудагер, қазақтардың балығын алып, үнемі еңбегін жейді. Байлар көбінесе, іштен жейтін әдетін ескермеген екенсің. Қысқасы, кітапшаның басылғаны үлкен қуаныш. Түзегеніңе алғыс. Сыншылар кемін көрсетсе, тіпті жақсы. Қайтадан сенің хатыңа келейік (басына қарай). Сенің «Ағаш қамшың» маған да тиетін секілді (кейбіреулер «бәлен жолдамын» деп, босқа қомпиятыны бар ғой, сол секілді болып кетпесе?). Өйткені қалам сүйген болып, «идеология» деп шатасудан құр емеспін ғой. Басқалардың неге қатынаспайтынын білмеймін, өзім туралы мынаны ғана айта алам: мен болып жатқан айтыс-тартысқа1 қатынаспаймын демеймін. Айтысты ұнататынмын да, ешкімді сынап көрмесем де, сынауды жақсы көретін әдетім де бар. Қорықпаймын да, түсінемін де. Бірақ мен қалам сүйе бастағалы мынадай екі кесір ұшыраттым: бірі, айтыс болып жатқан жерден алыс жатқандығымнан, кезінде қол жетпей қалады. «Е. Қ.»2 көбіне дұрыс келмейтінін білесің ғой. Әлгі Шаймерденнің де, тағы біреулердің, Елжастың, Әзімбеттің, тағы басқалардың сынын көргенім жоқ, естідім ғана. Солар секілді нәрселердің көбі көрілместен кетеді. Кейде басын, кейде ортасын, әйтеуір бірдемесін толық оқи алмай қаласың. Солай болғасын қатынаса алу қиын. Мен жазу ісіне қатынаса бастағалы жазатын орындардан кеудеге итеру болмаса, өзіне тарту көргем жоқ. Әрине, жазу үшін газет маңында қызмет міндет емес, Мадагаскарда жатып та жазуға болады. Бірақ газет күнбе-күн сабақ береді. Одан кейін де газетке жазып қарадым. Ең нашар дегендерімді басады да, жақсы дегендерімді баспады. Саған айтылмаған мынадай бір әңгіме болды. Былтыр «Оқшау сөз» бәйгесі кезінде Омбы оқушылары бірігіп, «Е. Қ.» қа екі оқшау жібердік. Біреуі «Қалаудың өмірі», екіншісі «Май сасыса, тұз себеді, тұз сасыса, не себеді?» деген. Оқшаудың иесі Қартқожа еді. Сөзін құрған мен едім, екі рет 1 Көркем әдебиет туралы айтыс. 2 «Еңбекші қазақ» газеті.
Омбы оқушыларының алдында оқып, сынап түзеп, жібергенбіз. Біреуі де басылмады. Өйткені бірі (алғашқысы) Аббас туралы да, екіншісі Абдрахман туралы да. Коммунистерді түйреулеріміздің өзі бір қате болар. Бірақ біз кім екені туралы, ашық түсіндіріс бергеніміз жоқ еді. Баспады. Екінші рет, барлық оқушының қолын қойып «басылуын» сұрап жаздық. Міне, осы арада бір иттік араласты. Біздің хатымызды конвертін жыртып оқыпты да, «Е. Қ.» Қызылжардағы «Б. Т.» ға3 айдап кеп қалыпты. Сыртында «Айсаринге» деген бар да. Дәлелі сол. Бірақ хат емес, мақала болғасын, мақала екенін конвертті жыртып оқып көргенсін, Айсарин неге қудырады? Міне, бұл иттік. Күздікүні «Көлеңкеңнің көлеңкесі» деген бір оқшау тағы жаздым. «Е. Қ.» өз кемшіліктерін айтса баспайтынын, кейде басындағы қызметкерлерінің ыңғайында кететін жақтарын айтқан едім. (Дұрысында баяғы Молдағали, Смағұлдардан бері қарай Аббасқа дейін «Е. Қ.» арқылы өз әдістерін жүргізбейді дей аласың ба?). Бұл және басылмады. «Е. Қ.» қа жазу да, таныс біреуі болмаса, мақалаңды оқу да қойылды. Сөйтіп газетке қатынаспай, күнбе-күнгі хабардан, айтыстан сырт қалдым. Жаза алсам кітап жазғым келеді. Осының барлығы «Ағаш қамшы» етпей не қылады? Бір ұйымның, тілектес жолдастардың маңайында болсам, мүмкін қатынаса алған болар едім. Жөндеп жаза алмағасын, кеудеге итеру дұрыс та шығар. Бірақ өйтпес едім. Қаламынан үміті бар адамды бауырға тартар едім. Мінекей, Сәке, осындай жайлар мені күнбе-күнгі айтыс-тартыстарға қатынастырмай келді. Мені нағыз сүйетін жақтарымнан жырып тастады. Үміт кеспе, кейін орталарыңа барып, ат ерттеуге жарармын. Сен оқуға барамын дейсің бе? – Қайда? Қашан? Неге? Тоқта! Ендігі жылы бірге Литхуд4қа барайық! Жарай ма? Жаз! 15 айда елге келу ерте... Сәбит! Ғабит мына хатын аяқтамай кетіп қалған екен. Почта келіп қалғасын мен беріп жібердім, қалған сөзі болса тағы жазар. Өзімізден бәріңізге көп-көп сәлем! Хат жазыңдар. Мен өзіме тиісті ақшаны күтіп тұрмын. Достық сәлеммен, Хұсни». 1928 жыл, 18/ІV 3 «Бостандық туы» газеті. 4 «Көркем әдебиет институтына» дегені.
ӘДЕБИЕТ АЙТЫСЫНА Бізде әдебиет айтысы басталғалы едәуір жыл болса да, әдебиет мәселелерінің көбі-ақ дұрыс шешілмеген сияқты. Айтысқа қатынасқандардың әрқайсысы өз пікірін жақтап, әдебиеттің тура өзіне жөн сілтегені жоқ деуге жарарлық. Айтыста оқушылар ешқайсысына да түгел қосылған жоқ. Бір сыншының бір пікірі дұрыс болса, екіншісі қате. Сонымен бұл мәселеде едәуір даңғазалық та жоқ емес. Әрине, бұлай болуына таңқаларлық дәнеме жоқ; сонда да негізді мәселелер жайында негізді бір пікірге келетін уақыт болып та қалды. Әсіресе ақын-жазушыларымыз сандалып болды. Бір күні бері тартылады, бір күні әрі итеріледі. Олармен бірге әдебиетіміздің кімдікі екені де үлкен дауда жүр. Бұған әлі күнге дейін болып келе жатқан іркіс-тартыс айтыстар, бір «шешілген» секілді сұраудың қайта жаңғырығып қойыла беруі (жаңғырғанда да бастапқы күйінде қойылуы), оның үстіне бұл мәселені өлкелік партия комитетінің қолға алайын деп отырғаны толық дәлел. Тегінде партия комитетінің байламы шыққанша ешбір сыншыға сенуден қалдық-ау деймін. Міне, сол әдебиет жайында өз пікірімізді ортаға салмақшымыз. Мәселенің бұтағы көп, тамыры тармақты, терең жатады ғой. Сондықтан бірді-екілі сұрау жайында толық айта алсақ та – қанағат. Бізде (Қазақстанда) пролетариат әдебиеті бар ма? Жақын арада Ғаббас жолдастың «Әдебиет және сын мәселесі» – деген кітабы шықты. Іле, Мұсалы Әйтке жолдастың мақаласын көрдік («Еңбекші қазақта» басылды). Жоғарғы сұрауға бұл екеуі де бір ауыздан «жоқ» деген жауап берді. Пролетариат әдебиетінің болуына, үстемдік алуына шек келтірмесе де, «қазіргі күннің өзінде ауызға аларлық пролетариат әдебиеті бар дегенге қосыла алмаймыз. Бұлай деушілер өзін де алдайды, жұртты да алдайды» – деді Ғаббас (кітабының 43-бетін қара). Міне бұл пікірге біз де қосыла алмайтынымызды айтпақпыз. Шамамыз келгенше дәлелдемекпіз. Біздіңше, бізде пролетариат әдебиеті бар ма деп сұрауды жекелей қоюдың өзі онша дұрыс емес. Өйткені өмірі, тұрмысы, шаруашылығы, саясаты бөлек, жеке жатқан Қазақстан жоқ қой. Біз Кеңестер Одағының бір бұрышымыз. Кеңестер Одағында шаруашылық, саясат, үстемдік, мәдениет, әдебиет – бәрі пролетариат қолында. Қазақстан шаруашылығы, саясаты, үстемдігі Кеңестер Одағымен тұтасып жатыр. Әңгімені жалғыз әдебиетке аудармай негізімен тұтас алатын болсақ (біздіңше тұтас алу керек) негізіміз бірігіп жатыр. Олай болса, негізі бірігіп жатқан Қазақстанның шаңырағын бөліп алу қате. Қазақстан – Кеңестер Одағының бір атауы. Дем алысы, қимылы, жүрегі, ауаны, ісі сол «(үлкен үймен)» бірге. Әдебиет, мәдениет жақтарындағы ақсақтығымыз
шаруашылығымызда да бар. Бірі орасан алда, бірі орасан артта емес. Кеңестер Одағының әсері қай жағымыздан болса да бірдей тиеді. Тиіп те отыр. Шаруа, саясат, тілек, бәрі кіндіктесіп жатқанда, әдебиет мәселесіне келгенде бөлектену дұрыс емес. Бұл кіндіктестің жалпы алғанда Кеңестер Одағына қандай әсері болса, бізде де сондай әсері болады. «Ұлт әдебиеті» (түрі) дегеніміз тап әдебиеті ғой (мазмұны). Біздің жаңа әдебиетіміз тап жолына түсе алған жоқ деу қиын болар дейім. Пролетариат тілегін соғып отырған жаңа әдебиетіміз бар. Шаруашылық қарым-қатынасын, әдебиетті соңына ертетін жағдайды, пролетариат ісінің тұтастығын көріп отырып, Қазақстанды жекелеуді қате деймін. Бұл Смағұл күркесінің түтіні. Смағұлдың бөлісі зиянды бөліс. Бұл «бөлшекті де» жалғау керек. Сонда ғана шындыққа жақындаймыз. Бізде де пролетариат үстемдігі, бізде де социалшылдық құрылысы, бізде де пролетариат күресі (байлар қалдығы, ескі салт-санамен) бар. Біздің әдебиет те осы күрестің құралы. Үстемдік демекші, Ғаббас бізде пролетариат үстемдігі дегенге де қосылмайтын секілді. Сол кітабының отыз сегізінші бетінде: «Өсетін әдебиет қашан да болса үстем жұртшылыққа сүйенеді. Бізде үстем жұртшылық кедей жұртшылығы, еңбекшілер жұртшылығы. Қазақтың үстем болатын әдебиеті де осы жұртшылыққа сүйенбей ме?» депті! Әрине, біз пролетариат үстемдігі дегенді жақсы білеміз, «кедей үстемдігі» дегенге тіпті қосылғымыз келмейді. Сондықтан үстемдік алатын «кедей әдебиетіне» де илана алмаймыз. «Кедей» мен «пролетариат екі» басқа екенін есімізде ұстап, оны Ғаббастың жақсы білетінін де ұмытпай отырып, Ғаббастың, мына бір байламын түбірімен қате дегіміз келеді: «Біздің кедейшіл ақындарымыз көп жазғандарында коммунист көзімен көріп жаза алмай отыр. Геройлары ауыл кедейі – ауылдағы жылқышы, қойшы, ауыл коммунисі, ауыл әйелі. Пролетариат ақыны дейтін Сәбиттің де көбінесе жазып отырғаны ауыл кедейі». (Ғаббас кітабының 45 беті). Қазақстанды жекелеме дейтін тағы бір себебіміз, біздің әдебиетте жалпы пролетариат ісінің тақырыбына жазып отыр. Мысалы: «Жасайды Совет!», «Жасасын октябрь!», «Коминтерн жасайды!», «Советстан», «Экспресс», «Жаңа ауыл», «Кооператив», «Қуды кеңестен қу», «Сойқанды содыр», «Коллектив», «Трактор», «Қаскүнемдер», «Бөліс», «Конфеске», «Ауылнай әйел», «Қызыл отау», «Жаңа жол бойында», «Түркістан жолы» деген шығармалар бар. Бұл тақырыптарға ондаған, жүздеген өлең-әңгімелер жазылды. Біздіңше, бұлар пролетариат жорығында жүрген жазушылардың күйі, пролетариат ісін істесіп жатыр. Сондықтан біздің әдебиетті бөлуге де қарсымыз. Әдебиет мәселесі социалистік құрылысымыздан бөлек, өз алдына жеке тұрған автономиялы нәрсе емес. Пролетариат үстемдігі, пролетариаттың социализм орнатуы, шаруашылықты соған қарай бейімдеуі, ескілік салт-
санамен күрес – осының бәрі де одақтық көлемде қосақталып жатқан жұмыс. Бәрі пролетариат жұмысы. Бұларды істеушілердің жүрегі де, білегі де бір, бұлар пролетариат әскері. Біреуі машина дөңгелегімен бірге зырылдап тұрса, біреуі байлардың қанауынан батырақтарды құтқарып, қайта өзіне «қожайын» қылып қойып жатса, мұның арасында орын айырмасы ғана бар. Іс, күрес біреу-ақ. Біреуі байлар табының салтсанасымен күресіп жатса, бұ да сол күрес, бұ да социализм құрысып жатқан пролетариат әскері. Әдебиет те сол жұмыстарды істеседі. Ақын «ойдыкі» емес, «сезімнің ғана адамы»3 болса да, осы майдандарға ойланып қарайды. Ағарған, қызарған түстің бәрін бірдей «елең» қылмайды. Олардікі жай «өлең» емес. Күресте көңіл көтеріп, күш беретін өлең-жыр – қару болмақ. Пролетариаттың шаруашылықты индустриаландырып жатуы ақынның өлеңіне де әсер етеді. Ақынның өлеңі индустрияға да (шаруашылыққа) әсер етеді. Қай тұста болса да бұл екеуінің байланысы үзілмейді. Күрес, іс бұлардың қорытындысы, бір беткей дейтініміз де осы. Әдебиет көркемөнердің бір тарауы. Көркемөнер түгелімен шаруашылық қарым-қатынастың соңында болады. Шаруашылық пен саясатты қосақтап үстем таптың қолына берсек, көркемөнер аспанға ұшпайды. Солардың артынан кетеді. Керегіне жарап, сол таптың көркемөнері болады. Көркем түрде сол таптың тұрмысын, өткенін, келешегін, сезімін, ойын көрсетеді. Қоғам құрылысының елесі болып шығады. Біздің жаңа әдебиетіміз пролетариат тілегін тілеп, күнбе күнгі ісін істесіп отыр. Жоғарғы келтірген тақырыптар бұған дәлел. Пролетариат сойылын соғып отыр. Рас, қай ісіміз болса да бірден жөңкіліп кете қоймайды. Сол секілді әдебиетімізде де кемдік бар. Бірақ «жоқ емес» қой. Біз де шамамыз келгенше жалпы пролетариат ісін істесіп жатырмыз ғой. «Ауылнай әйелді» жазғанда, іс істеп жатқан әйелді, көзін ашқан әйелді жазамыз ғой! Әйелді, қойшыны жырлау пролетариат ісі емес пе? Бізде пролетариат әдебиеті жоқ деушілердің тағы бір қатесі, бұлар пролетариат әдебиетінің тірегі Сәкен, Сәбит, Бейімбет деп есептейді. Үшеуінің әсіресе Сәбит пен Сәкеннің қателерін бетіне басып, айғыздап жатқандары, содан барып пролетариат әдебиетін, ақынын жоғалтып шыға келеді. («Тіл-аузымыз тасқа» бұл үшеуі бірдеме болып кетсе қайтеміз?!). Жаңа өсіп келе жатса да, жақсы өсіп келе жатқандарды көрмейді, бағаламайды. Жұмыскер, ауыл арасынан шыққан жүздеген, мыңдаған тілшілерді, балаң жазушыларды есепке алмайды. Әзір қатарлы орын алмаса да, атақты ақын атанбаса да, пролетариат тілегін жырлайтындарды көрмейді. Бұларды есепке алу керек. (Бұларға әкеліп 3 «Бостандық туы» газеті.
Сәбит, Сәкендерді қоссаң, күрделі күшті көресің!). Бұлардың көркемдік тіл, пікір жағынан ұшырасатын кемшіліктері, пролетариат әдебиетін жоққа шығармайды, төселмегендігін, білімі кемдігін көрсетеді. Біздің міндет оларды үйрету, жазуларын түзеу, бірақ жоққа шығару емес. Әзір саны сапаға айналып бара жатқан сорлылықты көріп отырғанымыз жоқ! Біз жоғарыда бірнеше тақырыптарды келтірдік. Сөз жоқ, сол тақырыптардың өзінен де кімнің әдебиеті екені едәуір көрініп тұр. Бірақ, ел тілшілерінің, жаңа жаза бастағандардың бір-екі ауыз өлеңдерін келтірсек дәлелдірек болар: «Жиылыс ду-ду етіп ашылды топ, «Маған бер, мен сөйлеймін, – Саған сөз жоқ, – Ал сөйле, Жәке, саған сөз берілді. – «Іреді тұра сала Жарқынбай кеп: – Айтатын сөзім мынау сөйлесем мен. «Жалтақтың, анау-мынау кісісі емен, «Байлардың танауына шерту керек, Артығын тығып қойып көлгірсіген» – ........................................................ ........................................................... «Оқшаулау анау тұрған кооператив, Маңына жұртты жинап топыр етіп, Астығын Жуанбайлар төгіп жатыр. Ыңқылдап, жыбыр-жыбыр, жыбыр етіп...» («Ауыл газеті». «Қол бір... жеңнен» деген өлең, 516 саны 29 ж.) «Арам пейіл ауылда бай аз емес, Қаны қара, жүректері таза емес, Кедейді езбек, күнде күрес аттаныс: Тек әшейін кексіз ауру, наз емес... Ауылда көп байдың әлі серкесі, Дақ тимеген шонжарлардың еркесі. Алдап, арбап, кедейшіл боп жағынып, Демі бітіп құрығандай діңкесі. ................................................. Кедей-жалшы, келді міне сайлауың, Шешпе, нығыт дұшпаныңның байлауын,
Бұрын кірген арам сирақ қуларды Керек болад сайлауыңнан айдауың!.. («Ауыл газетінің» 492 саны, 29 жыл. «Тап дұспаны әлі мықты ауылда» деген өлеңнен). «Шәкір, Асан, Бәкір, Досан, «Кілең жарлы, емес малды, «Жатпа қарап, істеп талап, Бәрің бірлес, кеңесіп шеш. Колхозға кір, ұйымдас! ...................................... «Еккен егіс, беріп жеміс, Түсімі артып, өссін себіс, Дейді біздің трактор. Шәкір, Асан, Бәкір, Досан, Бұл ақылды жақсы біл!.. («Кеңес туы» 7 саны, 29 жыл, «Трактор» деген өлеңнен). «Айда.. айда.... трактор! Барып.. барып бір-ақ бұр! «Күрілдеп даусы шақырып, Басымызды құрап тұр!.. ....................................... «Серіктік, артельменен басын қосып, Жиналған шаршы топтың алдын тосып, Астына мініп алып тракторын, Жиынға дүр-дүр етіп келді Жүсіп...» («Кедей» газеті, 24 саны, 29 жыл). Мінекей, мұндай өлеңдер бізде толып жатыр. Мұны жазып отырғандар – жаңа өсіп келе жатқандар. Жырлағандары кімнің тілегі екені, не істесейін дегені көрініп тұр. Ал, өлеңіне келсек, қай жері кем? Жаңа жаза бастағандарға бұл аз олжа емес. Бәрі де жақсы жазылған. Осылар секілді пролетариаттың күнбе-күнгі ісіне ат салысып отырған көркем әдебиетті (әңгіме, өлеңдерді) пролетариаттікі дейміз. Бәрінде де пролетариат тілегі
бұлжымай орындалды деу артық соғар, бірақ өз шамамызша атқарып жатқан ақын-жазушымыз, әдебиетіміз барлығына бұл дәлел болса керек. Салғаннан қақтырмайтын пролетариат ақыны оңай шықпайды. «Жүре түзелетін қосты» біз өзіміз түзетіп аламыз. Қатемізді түзей отырып, дабылға барып түсеміз. Осы келтірген өлеңдерде Сәбит, Сәкен, Бейімбеттердің түк қатынасы жоқ. Ауыл арасынан жаңа шыққандардікі. Керек болса Асқар, Жақандардікі де емес. Осылар иек сүйеуге қалай жарамайды? Біз пролетариат әдебиеті бар дегенде «үш жайынға» ғана сүйенбейміз, соларға сүйене өсетін жас жазушыларға, Октябрь ұлына түгел сенеміз. Барды көрмесеңдер, жаңа жазып келе жатқандарға мұрын шүйірсеңдер, «өзі болған атақтыларға» сүйеніп жазылған қисын өте қымбат болмай ды. Оны жазған сыншы әдебиетімізге де, ақын-жазушыларымызға да қымбат сыншы болмайды, бізге құрғақ сыншы емес, әдебиетімізге де, жазушымызға да жәрдемі тиетін, демесін болатын сыншы керек. Мазмұны пролетариаттікі, бірақ көркем түрде айтылмаған, пернесіз жазылған, сондықтан басылмай қалатын әдебиет бізде аз ба? Қай басқармаға барсаң да үйіліп жатады. Сын соларды түзетіп, іске асырысуы керек. «Жаман жазылған» деп басылмайды, бірақ ол жуан қолмен долбарланған проле тариат әдебиеті. Олар күнбе-күнгі құрылысты жазады. Кеңес өкіметінің табыстарына таңдайын қағады. Құрметті сыншылар, сіздер асқақтап өте жоғары қарап жүрсіздер; шыққан төбелеріңнен төменірек түссеңдер, етектегіні түгел көресіңдер. Пролетариат әдебиетінің марксшіл сыншы сы болам дегендерің осыны істеулерің керек! Пролетариат әдебиеті жоқ деушілердің тағы бір қатесі – пролетариат әдебиеті, завод, фабрикті жазсын, завод-фабрик арасынан ғана шығады дегендей қылады. Бұл пікірді азырақ жамылтқылайды. Бізде бұл тақырып өте сирек аталады ғой: содан барып пролетариат әдебиеті тағы жоғалып шығады. Ғаббас былай дейді: «Бірақ, алайда негізінде пролетариат әдебиеті пролетариат тұрмысынан туады. Фабрик-завод, кен – міне, пролетариат әдебиетінің ошағы осылар. Пролетариат әдебиетіндегі геройлар осындай жерден шығады». (Кітабынын, 44 бетін қара). «Біз білген бұқарашыл ақындарымыз әлі қазақтың даласында жұр. Қазақтың шаруасының тұрмысын жазып жүр. Қазақтың жұмысшыларының тұрмысын жазғандар жоқтың қасында». (Кітабының 42 бетін қара). Міне бұл Ғаббастың көзқарасы. Ғаббастың бұл солақайлығына әрине, қуанбаймыз!). Бізше пролетариат әдебиеті деп қай тақырыпты болса да пролетариат көзімен көріп, пролетариат тілегіне дәл соқтырып жазса, соны айтамыз. Ауылды кеңестендіру, байды жер аудару, кооператив, өндіріс, қойшықолаңды, әйелді жетілту... бәрі пролетариат тілегі. Осыны талмай жырлаған ақынды пролетариат ақыны дейміз. Ауыл – қарашаруа ішінде
отырған жазушы социализмді құрысқанда қай жерінен бастау керек? Бізше, өзі қай жерде болса, сол арадан түре тию керек. Далада отырып қаланы, қалада отырып даланы социализмге көшірем деп әлектенуден, отырған орныңнан бастағаның жемісті. Қай тақырыпты болса да пролетариат көзімен көріп жазу керек, дегенге Ғаббас та қол қояды. Бірақ, «Бірақ... Алайда» деп айнып кетеді. Ғаббастың осы «Бірағының» құйрығынан ұстау қиын! «Жұмыскер тұрмысынан жазғандары жоқтың қасында» өзі бір қорытынды. Одан «пролетариат әдебиеті жоқ» деп екінші қорытынды шығаруға болмайды. Жұмыскер, завод тұрмысынан көп жазуға зер салу керек деген қорытынды шығады. «Бізге жалғыз пролетариатты, заводты ғана жырла демейді, пролетариаттың ісін жырла дейді. Іс істес дейді. Қай тақырыпты алсақ та не байға, немесе мещанға, не кедейге, не жұмыскерге сүйкімді етіп шығарасын – аспаннан салбырап түспегенің секілді, әйтеуір біреуінің сойылысын». Сүйкімді деп, қайсысының тілегін тілесең, ісін істесең, соны айтамыз. Біз сол тақырыптарды пролетариатқа сүйкімді етіп жазамыз да пролетариат ісін істестік дейміз. Біз шындықты, барды, шын болашақты жырлаймыз. Біздің пролетариат әдебиеті бар деуіміздің бір үші «Қазақстан пролетариат – қарашаруа жазушыларының ұйымына» байланысты. Бізде бұл ұйым ашылғалы едәуір жыл болып қалды. Егер пролетариат әдебиеті, ақыны-жазушысы болмаса, бұл ұйым ашылмас еді. Бірақ, ашылып отыр. Ұйымға ерік беріп, жәрдем көрсетіп отырған өлкелік партия комитеті қаталасқан жоқ. Ұйым ашу арқасында пролетариат әдебиетін жасаймыз деген жоқ. Туа бастаған әдебиеттің өркендеуіне кең жол ашылсын деді. Өлкелік партия комитеті ойлап, өлшеп, пішіп отыр. Онда отырған жолдастар сезе де, ойлай да алады. Біздіңше қателесіп отырған Ғаббас пен Әйтке жолдастар. Бұлар «сезсе ойлай алмай, ойласа сезе алмай» отыр. Сондықтан барды жоққа шығарады. Әрине, Ғаббас жаңа пікір айтудан аман. Бұл ертеден бергі ұлтшылдардың, Ысмағұлдың «жоғы». Одан кейін өзінің жоғы, соны «дәлелдеп» отыр. Бірақ бұл пікірмен жиырма тоғызыншы жылы жарыққа шығу Ғаббасқа ерсірек. Егер Ғаббастың кітабын жиырма тоғызыншы жылы ұлтшылдардың бірі жазса, оған жарасып тұрар еді. Керек болса, ашықтан ашық айтуға оның тілі де күрмелер еді, ұрлап айтар еді. Ал енді Әйтке жолдасқа өкпе жоқ. Шетте жүріп, елінің шын тұрмысынан көз жазып қалғандығы аңқып тұр. Бұдан сорақыны да айта алады. Бұл пікірге қосыла алмайтынын «Қазақстан пролетариат қарашаруа жазушылары ұйымының» адамдары кезінде айтқан, дәлелдеген. Бұл мақала, әңгіме қайта жаңғырғандықтан туып отыр.
Енді пролетариат бағытындағы жазушыларымыз туралы бір-екі сөз айта кетейік. Жоғарғы дәлелдерімізге сүйеніп, пролетариат әдебиеті де, ақыны да бар дегенді айттық, өз ойымызша дәлелдедік. Бірақ, ескертейік дегеніміз: пролетариат әдебиеті, жазушысы бар дегенде, жеке алғанда мына жазушымыз түгелімен пролетариат жазушысы болды деуден аулақпыз. Қазірге жаңа жазушыларымыздың көбі (сонымен бірге жаңа әдебиетіміз) пролетариат тілегінде, соның бағытына түсуде. Түрімізге түгел түсіп болғанымыз жоқ, әлі де кеп үйрену, өзімізді өзіміз пролетариат талқысына салу, пролетариат салт-санасына қосу секілді асқар-асқар жұмыстарымыз алдымызда. Біз пролетариаттың өз тұрмысын жете білмейміз. Пролетариаттың ісін істесе отырып, өзінің тұрмысын да жете ұғуымыз керек. Кейбір ақындарымыз «пролетариат ақыны атанып» мұрынымен көкті сүзуге жақындағандары бар. Бұлар сол лепірудің арқасында екі айналмай-ақ, торға түсіп жүр. Пролетариат ақыны емессің дегенге жабығып, шығармасы «Ауыл, ел» деп келеді дегенге едәуір еңсесі түсіп жүргендер де бар. Пролетариат әдебиеті, ақыны дегенге артық масаттанып жүргеніміз де бар. Бұған біздің сынымыз айыпты секілді. Олай болса, тік басқан, толық пролетариат ақыны шыға қоймағандығын ұйым өзі де айтып отыр. Ондай ақын оңай шыға қоя ма? Қателесіп, адасып соларын түзеу, үйрену арқасында барып шығады, бірақ қателеседі деп барлық еңбегін, келешегін жеңіл бағалап, «жоққа» шығаруға болмайды. Біздің жазушыларымыз тезінен түзеліп кетуге онша қолайлы жағдай жоқ. Бәрі де басқа қызметте жүріп, жазу маңайына жаңада жинала бастады. Кейбіреулерінің қызметтен басқа жазу жұмысына, үйренуге, пролетариат ордасын аралап жүруге қолдары да тимейді. Міне, осы жақтарына жәрдемдесіп, тез дабылға түсіп кету жағын қарастыру керек. Біздің сыншылар қатеңді былай түзет деп жолдастық көрсетудің орнына төбелейді; жазушыларымыз түзелудің орнына төбелеседі. Осы күні сын жайында жазылған бірдеме көрінсе, «Әй, мықтап сойып па?» деп сұрасады. Сынның салдарынан араздасып, қырындап жүретіндер де бар. Бұл сынасудың теріс бет алғандығын, дұрыс пайдаланбай отырғанымызды көрсетеді. Оның кесірі әдебиетімізге тиетініне сөз жоқ қой. Тимей отыр ма? Біз қателеспейтін ақын күтпейміз, қатесін түзеп оңалатын ақын күтеміз. Қателестің деп пролетариат әскерінің тізімінен оңай ғана шығарып тастамаймыз. Оны коллектив тезіне саламыз, түзетеміз. Біз пролетариат әдебиеті бар деп отырсақ, одан ержетіп қалдық, үстемдік алдық деген қорытынды шықпайды. Ол үстемдікті күресіп жүріп аламыз. Сол күресте жүріп пісіп, қайнап өсеміз. Айып-шамы жоқ, ірі жазушыларымыздан қателесіп жүргендер бар. Бірақ, Қазақстан пролетариат әдебиетінің
кіндігі осылар еді, енді бітті деп отыра алмаймыз. Оларды түзетіп, үйіріне қосамыз, түзеледі. Түзелмейтіндеріне бас ұрмаймыз. Өзімізді өзіміз екшесек, тез сынға түсірсек, өсеміз. Пролетариат әдебиетін үстке шығарамыз. Ол мүмкіндік бар. Қорытып келгенде айтарымыз: пролетариат әдебиеті жеке адамның мойнындағы тұмар деп іздеме, Октябрьден туған жас жазушылардың арасынан ізде, бірінен аз, бірінен көп табылады. Әңгіме солардың кемін толтырып, ілгері аттауға, шын пролетариат ақыны болуға ат салысуда. Бірден сұрыптанып кететін пролетариат әдебиеті болуы мүмкін емес. Бас тартып, бой жазып толықситын кездері болады. Толықсығанын күткен сыншы, үлкен пролетариат әдебиетіне не жолбасшы, не жолдас бола алмайды. Ондай сыншы үлкен көштеп бөлек кешеді. МЕН ҚАЛАЙ ЖАЗА БАСТАДЫМ Бір түрлі қиын сұрау. Әуелі қайдағы қалтарыстарды түгел ақтарып анығын беру керек, екінші, оқығандарға аз ғана болса да, «бірдеме» беретіндей болу шарты бар. Үшінші, бұл екеуін орындағанда «үлкен де» өте кіші де көрінбей, өз орныңды дәл басып қалу керек! Ең қиыны осы шығар деп қорқам... Қайткенмен сұрау қойылып қалыпты. Кімге қанша қажеті бар, онысына сүңгімей-ақ, жауабын беру керек, міне сол жауабыңыз: «Біз» қазіргі қалам ұстап жүргендер шамамен айтқанда бір мезгілде, бір ұядан, яки іргелес ұядан ұшқан, жаңа әдебиетке негізінде тоғысқан тәрбиемен келіп қосылғандарымыз ғой. Біреудің ерте, біреудің кеш туғанын, біреудің ерте, біреудің кеш ер жеткенін, саяси, мәдени өсу тұстарын жекелеп тастасақ, жалпы ортамыз бәрімізге де ортақ: бәріміз де екі дүние көрдік. Он төрт жыл кеңес топырағында өссек, одан бұрын көшкен елдің шаңында туған «Ақ патша» билеген отар қазақтың баласымыз. Бірақ «қазақтың баласымыз» әркім бір сүйретіп жүрген «отар» деген сөздер мәселені шешпейді, қайта шырмай түседі, сондықтан қандай қазақтың баласымыз, дәл өзіміз өсіп-өнген ортамызды жеке айтпасқа болмайды. Әйтпесе бізден қаламды бұрын ұстаған, тәжірибесі мол жазушыларымыздың бір-екеуі жазса да болар еді. «Сүндет» Қашан туғандық кімге қажет, азғана кішілігіміз болмаса жиырмасыншы ғасырмен бірге жасасып келеміз, әкеміздің шаруасы тайға артқан қоржындай бұлтылдап, кедей мен орташаға кезек ауысудан көз ашқан емес. Әйткенмен көбінесе кедей болды. Бай
болуды қанша ұнатқанмен, кеудесін көтергенмен, орташаға жетіп барып, сылқ етіп құлау дағдысы еді деуге жарайды... Төрт-бесте шығармын деймін, екі ағам (Хамит, Сәбит) үшеуімізді «сүндетке» отырғызды. «Сүндет ат» деген болады екен. Үшеуміз де бірбір сүндет ат атауға керек. Үйімізде жалғыз кәрі бурыл ат болатын. Күздің күні «сүндеттелетін» үшеуіміз қораның сыртында кәдімгідей шүйіркелесіп отырып, бурыл атты қайсымыз аламыз деген мәселені қарадық. Ана екеуі менен үлкен, қайтсе де маған жөні болмайтыны байқалды. Мен былай тұрсын, менен үлкен Сәбитке де ат жоқ. Өзара таласып қарап едік, ат даусыз Хамитқа «тиетін» секілденді. Үлкен екеуінің үлкендік дәлелі бар да, менде дәнеме дәлел жоқ, сондықтан мен де не босқа отырдым да, болмаса, екеуі таласып-таласып маған бере салмас па екен деген үмітпен отырған болуым керек... Аяғында, «қожа қайсымыздан бұрын сұраса, сонымыз бурыл атты аламыз...» деген қаулыға келдік... Сөйттік те қожаның алдына бұрын түсуді тіледік. Қожа келді, жаурыны бүлкіл қағып отырып бәкісін қайрады, үшеуімізді қаз-қатар жатқызды. Үлкендете жатқызған екен, мен есік жақ шетте қалдым: әуелі дес беріп мен жақ шеттен бастаса жарар еді деп тілеп жатырмын... Үйтпеді, қожа үлкеннен бастады. Хамиттан «сүндет атын» сұрады. Қуанған немедей Хамит «бурлы ат!»... – деді де ойбайай!» деп бақырып жіберді. Бурыл атты Хамит атап қалғанда, Сәбит кемсеңдеп жылай бастады. Өйткені ол атсыз қалды. Мен де жылап қоя бердім, қара жаяу қалғандай... Кезек Сәбитке келіп «сүндет атын» сұрағанда Сәбит «а-т-ы-м ж-о-қ» деп қатты-қатты өксіп жіберді. Көзімен ғана емес, бүкіл денесімен, жанымен-тәнімен жылады. Әлдеқандай ауыр қорлық алқымына тығылып, буынып жатқандай сезілді. Дұрысында Сәбиттен менің халым нашар еді: бірінші Сәбит менен екі жас үлкен, мүмкін, оның бір жерде аты бар шығар. Үлкен болғасын оған ат сатып әперуі де мүмкін. Болмаса қожа жалғыз атын Сәбитке бере қояр да, маған ат қалмас... Екінші, «сүндет атыңды айт!» деп қожа сұрағанда мен не деген жауап беру керек? Осының өзі ірі мәселе ғой! Атым болмауы, не менің жамандығым да, болмаса әке-шешемнің мені жек көретіндігінің салдары емес пе? Сәбит «атым жоқ» дегенде менің жүрегімде атым жоқтық жарасы ғана қалды да, қожаға беретін жауапты Сәбит тауып бергендей, азырақ жеңіліп қалдым. Маған кезек келгенде «менің де атым жоқ» дедім. Әркімге жаутаңдап шешем егіліп жылап отыр екен. Ботбай деген жақын ағамыз бар еді, о да жылап отыр екен. «Сәлдеңді... Не, қайта-қайта аты жоқтығын айтқыза бересің... бір-бір ат беруші ме едің, жебір доңыз! – деп қожаны боқтап жіберді. Өзім ертең ат әкеп берем... жыламаңдар... мына шірік әкелерің әперуші ме еді» – деп бізді уатты, қуанып қалдық...
Доңыз Қазақ шаруа бағуға қандай олақ, доңыз жұтында қалың ел тұралап қалды. Бұған бірінші себеп жердің шұрайы байлардың қолында болуы болса, екінші алдақашан маңызын жоғалтқан көшпелік, қыс азығын жаз жимаушылық та болды. Байлар алдақашаннан бергі маяларын қопарып шанасын бұзаулы сиырдан сатып, байлығын екі есе, үш өсірсе, кедейорташалар көпшілігі төрт-бес есе шөгіп қалды, солардың қатарында басты шұлғып салып біздің үй де кете барды. Біз сол жылы дәл он алты жан едік. Мұның ішінде төрт-ақ адам жұмысқа жарайды. Өзгесі біз – өңкей өңез көз, ас иесі, қызыл аяқтармыз, жұмысқа жарайтындардың үшеуі есікте: екеуі Тортай деген, біреуі Тыран деген байда. Кедейлердің жұтқа беріспеске істеген шарасы сиырларын сойды, жылқыға ауыстырып тебінге жіберді. Қойларына күрек ашты. Біздің әкеміз де соны істеді. Бірақ «доңыз» доңыздығын істеді: жылқыны «жынды боран» алды, қой аштан, сиыр тістен таусылды, сүйегі саудыраған, жағы суалған, бұралған, тәлтіректеген аштық, жер үйдің төрт бұрышына түгел орнай қалды. Сүйек асу, тері пісіру, сүйектің майын сақармен сылып алу, өлімтік ала бұта, бәрі де тесік тамақтан өтіп жатты. Үйдің қақ жартысын алып жатқан жалпақ пештің аузында қара шүгенке қайнап тұрады. Шүгенкенің ішінде сықыр-сықыр еткен өңкей сүйек болады. Сирақ, кәрі жілік, шеке секілді сүйектер асылған күні сорпаның бетіне май көбірек шығады да, шүгеннің бір жақ бұрышына жиналады. Біз үш бала үш қасық ұрлап алып, көз таса бола бергенде әлгі майды қалқып кеп әкетеміз, жер үй бу басқан қараңғы, бір бұрышқа апарып іше қоямыз. Тағы қайталаймыз... көрініп қалсақ таяқ жейміз. Бірақ бір қасық сорпа майы үшін бір күн таяқ жеуге біз әзір... Шай келеді, шаймен бірге қурылған бидай келеді. Бидайды кемпір шешеміз бөліп береді: үлкендерге екі қасық, балаларға сыла қасық тиеді. Бидайды бөлгенде көз кемпірдің қасығында болады да, әркім өз пайдасына қарай түрлі «замечаниелер» жасап отырады, «замечаниенің» көбі «қасығыңды сілікпесейші», «қасығыңды батыра түс!», «маған дегенде қасығың ылғи қалқып жүреді!» деген секілді «конкретный», «деловой» келеді... Кемпірдің бүкір қолдарының қозғалуы мәселені шешеді: көп болса жарты оймақ, болмаса, он шақты түйір бидай қосса, не алып қалса, отыз екі көз соған қарай түрлі белгілер білдіреді, кемпір қалыпты бір «кәперетіп» секілді. Біз шамамыз келгенше кемпірдің қасына жақын отыруға, кеш болса арқасын қасуға, жалпы айтқанда, кемпірге жақсы көрінуге жан таласамыз. Кемпірге ілеге алмағанымыз шалға, әкеге, болмаса басқа бір беделі бар біреуіне жақын отырамыз. Өйткені олардың көзіне жаутаңдай берсек,
шашкесін әперсек, «бидайың шашылып барады» десең, райына қарай түрлі жағынан әдістер қолдансаң, бес-он бидай ауысып та салады. Бірақ көбіне бізді маңайынан алыс ұстайды, басқа уақытта «қарым-қатынасы» түзу үлкендер шай үстінде өте ысқырынып кетеді. Кейде шашкесін әпере беріп, үлкен біреуінің алдындағы бидайын өзімізге қарай шашыңқырап жібереміз... «қайда апарасың» деп сол секунтінде-ақ жалғыз түйіріне дейін жинап алады, бұрынғысынан көрі де өзіне жақындатып ықшамдап қояды. Көздері жайнап, бізге қара құстай түйіледі. Біз оған ұялмаймыз, өзімізге тиген бір қасық бидайды бірдей қылып жеті-сегізге бөліп, жеті-сегіз шәшке шай ішеміз! Ғажап нәрсе, суды қанша сораптасаң да, ешкім қарсы болмайды. Шай ішкесін, терлейміз, қазақтың терлегені, терісі кеңейгені. Көңілі жәй тапқаны, дүниесі түгелденгені ғой, келесі қарын ашқанша азырақ ойнаймыз да... «Мына боз қойды нағашың саған берген, әкең соям десе, сен жылап, сойдырма!» деген шешем. Содан кейін боз қой «менікі» болған. Боз қой мені асырай ма, боз қойды мен асыраймын ба, қойым боларлықтай менің не табысым бар, онда менің жұмысым жоқ, боз қойым барлығы миыма мықтап сіңген. Бір күні сол боз қой да аштан өлді, мен «маңдайсыз» екемін: шешем оны боз қой өлген күні қайта-қайта айтты: маңдайсыз, таңдайсыз, саған деген жалғыз қой да өліп қалды, жеңдер ана жасығын «өңкей жалмауыздар!» деді. Жасығын бөлтіріктей таласып қырылысып тұрып жедік. Сенікі еді деп маған артық та берген жоқ, кемпір «кәперетіп» бөліп береді. Мына сол боз қойға өлең шығардым, міне, сол өлең: «Боз қойым өліп қалдың шөбің болмай, Мен кішкентай көлден саған шөп шаба алмай, Өліп қалған жасығыңды жеп отырмыз, Тәтеммен бірге күрек ашуға әлім келмей». Осыны шығарып, боз қойдың жоқтауын келістіріп алдым да, кісі жоқта, далада айтып жүрдім. Бір күні шешем естіп отыр екен: – Ой айналайын қарағым-ай... боз қойды айтып жүрсің бе? – деді, ең жақсы көрген көзімен қарап. Ие! – дедім, мұрынды білекпен сыпыра сүйкей түсіп. Ұялғаным жоқ, шешеме ұнағанын білдім де, мардамсып алдына құлай кеттім. Күн қатты боран еді, есіктен үсті-басын қар басқан әкем келді де: «Иттің баласы, неге жетісіп отырсың... шай қой!» – деді шешеме, шешем мені сілкіп тастады да, ұшып тұра келді... Көп жан «жақ шуты». Доңыздың қысы да, жазы да аштық. Бірінбірі оқпен атып отырған отыз екі көз бір жерге сия алмайды. Әкем балаларымен еншісін алды: бізге бір ала қой, бір қысыр қызыл сиыр, бір кер тай тиді. Менен үлкен екі баласын әкем кісіге жалдады. Өзі орыс қалаларына етік тігуге кетті.
Таяқ Сармаса буып тұрған қалың қызылдың ортасы... Семиозерный қаласы. Тұяқтары сыртылдап, танаулары пыс-пыс еткен бес жүз шамалы сиыр. Сиырды бағып жүрген қалың шөптен мойнымыз әрең қылтиятын Жамақ екеуіміз. Күн шықпай сиырды алдымызға салып береді... Кешке, кезек ауысып, жылқы күзетіне барамыз... – Әкем келеді. Үйге алып кетеді мені... сен қаласың ғой... – деді Жамақ. – Сенің әкеңе жалынайық. Мені де ала кетсін, – дедім. Бірақ Жамақты әкесі алып кетті де, мен қалдым... Күн өте ыстық еді... Қала сиыры үйіне қашады... Қарасаң алдақашан қалжырап қалған... Бастап қашатын бір шолақ тарғыл мен және бір ала бел сиырды кезек-кезек ұрып, табынның қалың ортасына кіргіздім де, «беттерін қайтардым ғой, енді қашпас» деп, жерге жантая кеттім. Қата қалыппын. Таяқ топылдап, арқамды түтіп жатыр екен: оншақты қатын мені қоршап алыпты да басы-көзің демей, сойып жатыр... Шошып тұра бергенде таяқ басыма да тақ-тақ ете қалды. Қайтадан бұға қойдым... Табын қалаға кірерде огород біткенді қаптап кірген екен... бұл жәй таяқ емес, кәпірден жеген таяқ, оның үстіне қатындардан жеген таяқ, мұны атаусыз қалдыруға болмады. Үш-төрт күн ойлап, мына өлеңді шығардым. «Кедейлік мал бақтырдың кәпір итке, Толып тұр қойны-қоншым бәрі битке, Жалдандым он үш жаста он үш сомға: Үйде қарап отырып өлейік пе. Таяғы қатындардың жаман батты, Бала деп аямады, ұрды қатты, Он қатын ортаға алып сабағанда, Дірдектеп екі көзден жасым ақты». Бұл өлеңді жылқы бағатын Қожағұлдың Әбдірахманына айтып көріп ем: – Өлеңді біздің Зағипа керемет шығарады ғой. Соған айтсаң, неше түрлі өлең болса да шығарып береді, – деп мені өзінің қатынына жұмсады (байғұс даңғойлау жігіт еді). Менің өлеңім ұнамады... Содан кейін бұл өлеңімді басқа адамға естіртпедім. Ақыры күн-түн мал бағуға шыдамадық, менен үлкен Жұмабай Арық баласы екеуіміз бір түнде елге қашып кеттік...
Бес жылдан соң Белгілі он алтыншы жыл. 18-16-14-12-дегі балалармыз. Бірақ әскерге менен үлкен екі ағам ілігіпті. Он алтыншы жылы менің сол кездегі түсінісіммен жазғанда, елдің көтерілу себебі мынау ғана болды. 1) Жасы толсын, толмасын кедейлердің балаларын қос-қосымен әскер жасына іліктіріп қойған. 2) Тізім болыстың қолында, пара алады да тізімді өзгерте береді. 3) Пара бере алмағандардың бүгін бір баласы іліксе, ертең екі баласы ілігеді: «хатшы пәлен жылғы тізімді тексергенде солай болып «шыға береді... Олай болса барлық бәле болыснайда. «Ақ патша білмейді» Губернаторға уәкіл... Патшаға уәкіл... Жауап жоқ. Қысу... Шабуыл... Ойға-қырға қашу... Құрмалдық... Молдалар табысы... тығылу... поштавай... ауылнай... болыс... пара. Параның әлегі... Болысқа қарсы аттаныс. Болыстарды өлімші қылып, сүйреу... сабау... Аяғы ұйымдасып көрмеген қазақ, байларының тізесінен шыға алмаған қазақ, босқа тынышталды... Түрлі өлеңдер шықты. Қай қатындікі екенін кім білсін, мен жаттап алған мына бір өлеңді келтірейін. «Ел тозды, жігіт біткен қашып жатыр, Жылысып қала-қалаға асып жатыр. Бәрі бір кәпір иттің құрығы ұзын: Қара өрт кеп қалған елді басып жатыр. Қайран жас елдің көркі солып жатыр, Бірі таз, бірі мерез болып жатыр, Парадан атан, айғыр түк пайда жоқ, Мың түрлі не пәлесі толып жатыр. Болыс, би, атқа мінер, песірлері Сүліктей кедейлерді сорып жатыр». Бұл өлеңді бір түрлі зарлы әнмен Қабдолда деген жігіт айтты. Мен одан жазып алдым. Маған өте ұнады. Қабдолда айтқанда қатындармен бірге мен де жыладым... Балықта Көкше мұз екі еліге іліксе-ақ, балықшы ел балыққа аттаныс жасайды. Обаған өзенін мың-мың жерден кесіп тастаған қаза, ау, сүзекі... Сөткесінде төрт сағат ұйықтаймыз ба, жоқ па, басқа уақыт балықта... Қазаны қарап үлгірмейсің! Балықты сақпен сүзіп алуға мұршаң келмейді. Тау-тау болып балық Кавказдың қанжарындай жарқылдап, мұзды шапалақтайды да жатады... Шортан, шорағай, алабұға, табан, сазан, қара балық,
күмістей жалтылдаған ақ шабақ. – Жиен бала балықты жинай бер, – дейді нағашым... Қол босаса қамыстан қаза тоқимыз... Балық науқаны қыс ортасында саябырлады. Нағашым ауылында орысша мектеп бар екен. Алты сом пара алып, «учитель» мені мектебіне алды. Атын әлі күнге білмеймін, «Ақтөбе» жігіті дейтін еді, бірақ алты сом пара алғанын әлі күнге ұмытқаным жоқ: өйткені бұл дәл төрт пұт балық еді... Келесі жылы Бекет Өтетілеуұлы оқытты, ондай жақсы кісіні әлі ұшыратқан емеспін Нағашым үйіне жекжат адамдары келгенде маған қысса оқытатын. Сол ауылда Бегеннің Омары деген бай бар. Үйінде қысса көп болады. Соның баласынан кейде сұрап, кейде ұрлап, «Сал-сал», «Зарқым», «Мұңлық-Зарлық», «Боз жігіт», «Ер Тарғын», «Сейпілмәлік», «Бадиғұлжамал», «Шаһмаран», «Кер баланың шөлі», «Көрғұлы», тағытағы толып жатқан қыссаларды оқыдым. Бекетті жақсы дегенде жай айтқаным емес, менің қыссаға құмарлығымды бағалап, мені әдебиетке тартқанын айтам. Әуелі «Жиған-терген» деген өзі шығарған өлеңін берді. «Жиған-терген» маған өте ұнады. Бекет өлең жазса, өлең шығару үшін өзгеше бір адам болу керек емес қой деген ой туды да, менің де өлең шығарғым келді. «Күн-түні балықтамыз дамыл көрмей, Нағашым ұрсады ғой, қалсам ермей, Қайтқанда өз үйіме не бетімді айтам, Ақшамды нағашым қалса бермей, Әуелі балық біткен суда ойнайды, Ұстамай балықтарды жұрт қоймайды. Қазадан сақпен сүзіп шығарғасын, – Жарқылдап, шалпылдатып мұзда ойнайды». Кейде өзім шығарған өлеңдерді есептесем, оннан асатын еді. Бәрі де жаман, айтуға ұят өлең. Сондықтан ешкімге айтпай, өте жасырып ұстаймын. Жақсы көргендіктен Бекетке айтуға әлденеше рет оқталдым да, бата алмадым... Ұялдым қысқа жері... Абайдың қызға шығарған өлеңдерін елге әкелетін өңкей инструкторлар. Не көп инструктор көп, инструкторларда өлең көп. Көбі қыз-бозбала өлеңі. Колчак тұсы болсын, кеңес үкіметінің алғашқы жылдары болсын, не түрлі әдемі өлеңдерді инструкторлар әкеліп таратады. Елдегі хат білетіндер көшіріп аламыз, өлең таратушының ірі бір «уәкілдері» Байбатыр Ержанұлы, Сәбит Мұқанұлы, Есім Досболұлы, Нұрмағамбет Жамшин тағы толып жатқан басқалары. Бұлардың бізге әкелетін өлеңдері ақ-ала, қара-ала болып келеді. Яғни, ақтар, алаштар, советтер деген айырма байқалмайды.
Бұл кез – менің боз бала болып қалған кезім. Менің қалап жүрген қыздарым да болады. Мен де сондай өлеңдерді өте құмартып отырып көшіріп алам. «Бұл кінә емес, әншейін наз, Сағынамын айтамын. Достың, ақпын, тағдыр араз, Толғанамын қайтемін...» деген белгілі өлеңінің сарынымен жаңа осының өлшеуіне салып отырып мынадай өлең шығарғаным да бар (!): «Көлеңкеңнен кескініңді, – Кесіп алдым жас қайың, Елемесең біздің мұңды – Сен ренжіме, тоқтайын». Осы секілді қой батпақтың әлденешеуінің артына қолымды қойып жүрдім. Бірақ үйлеспейтіндігі табан аузында-ақ сезілетін еді де, жаба қоятын едім. 1918-ші және жиырма-жиырма бірінші жылдары мен осы күнгі жеті жылдық мектеппен програмдас жоғарғы бастауыш мектепте оқыдым. Аз-мұздап Крылов, Пушкин, Лермонтовтардың өлеңдерін оқып көрдім. Бірақ ол кезде, орыс тілін тіпті білмейтін едім. Тіл білмеген соң, сабақ та ауыр болды. Қажғали, Махымет, Мүсен жолдастар болмағанда, өзім де жанталаспағанда, мен ол мектепті бітіре алмайтын едім. Жиырма үшінші жылы Сәбит мені Орынборға әкелді. Он сегізінші жылдан былай қарай Сәбит қалада, мен ауылда болдым. Сондықтан ол менен «озып» кетіпті. Бұрын мен «көп озық» едім. Рабфакқа кірдім. Сәкеннің кәрдей қараңғы бөлмесінде Сәбитпен бірге тұрдым. Бір кісілік төсекте Сәбит екеуіміз жатамыз, төсекке салғанымыз шай жәшіктің жұқа тақтайы екеуімізді көтере алмайды, жер жарылғандай бытырлап сынады: гүрс етіп еденге түсеміз. Сәбиттің жатысы жаман әрі ауыр. Көбіне тақтайдың шыдамауына сол себеп... Қараңғы бөлме тазалықты бақыламауға қолайлы-ақ: махорканы тартамыз да, қалғанын кез келген жерге тастай береміз: Темекі таусылғанда қайта жинап алып тартамыз... Сәбиттің күнбе-күн жазғандарының бәрін оқып отырдым. Оның күнбекүн жазған өлеңдері газет, журналдарға басылып, екеуімізге көлденең азық болып тұрды. Баспаға апарудан бұрын екеулеп «сынап жүрдік». Бейімбет, Сәкен өлеңдерін газет, журналдардан оқи бастадым. Бірақ, Сәбит секілді ақын атын алып қойған адамның қасында мен өлең шығарып шатасуым адам айтқысыз масқара көрінді. Оның үстіне Сәбит өлең жазғанда іркілмей жазады. Не туралы жазуды тез таба қояды да, бірдеме-бірдеме деп өлең қылып шығарады. Мен ше? Шамаласам, жан
адам жоқ жерлерде күніне бір-екі ауыз өлең ғана жазатынмын – масқара емес пе? Түгел бездім бәледен. Бірақ сол жиырма төртінші жылдан бастап Гогольдің, Пушкиннің, Лермонтовтың, Достаевскийдің қара сөзбен жазған повесть, романдарын шет-пұшпақтап Толстой, Горький, Шекспир, Чеховтарды оқыдым. Бұлар өте ұнады. Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» бір түрлі әдемі жазылғанын көрдім. Әйткенмен оқу ауыр, бір жағынан «кемеші қасында қайықшы дыбысын шығара алмайды» екен. Ішімнен жазуға құмартсам да, қалам ұстауға бата алмадым. Менің құмарлығымды Сәбит сезді білем, «Сен жазуға кіріс» деп мазалап жүрді. Газет басқармасынан қаулылар әкеліп аудартып жүрді (сол кездегі ылғи қате аударылған Совнарком, КазЦИК қаулыларында менің де еңбегім бар...). Оның үстіне «алаш ордаларға» қарсы Сәкенді жақтайтын бір мақала жазғызды. Аяғына мен қол қойсам да желісін тартып жаздырған, артынан түгелімен қайта жазып шыққан Сәбит еді. «Балтабай» деген біреуге қарсы жазылды ма, немене, әйтеуір біреуді боқтадым да салдым. Менің алғашқы жазған мақаламды Сәбиттің сонша түзеткені маған жаман батты, «жаза алмайды екем» деген қорытындыға келдім де, жазудан тағы безіне түстім. Бірақ Сәбитке сездірмедім. Жиырма бесінші жылы Сәбиттен айрылдым. Бір қыздың альбомына ұялмай-ақ мынадай өлең жаздым: ..Кей жерде жұлыныпты қағаздары... Жазылған не болды екен (сөз аз ба әлі)... «Уланған су орнына у ішкендей»... Біреудің мұңы шығар улы-зарлы... Себебі жұлынудың соңғы кезде, Кескіні сақынаның болып өзге, Ескертіп әлденені тұрмасын деп, Жұлынған көрінбестей етіп көзге... Рабфакта қабырға газетін шығарып жүрдік. Қазақша қаламшылар жоқтың қасы. «Өзімнен» артық ешкім болмағасын тағы жазуға кірістім... «Теңіз тепкісінде» деген әңгіме жаздым, оқушыларға, әсіресе Балқаш ұлына ұнады. Сол әңгіме жиырма жетінші жылы «Тулаған толқында» деген ұзақ әңгіме болып, жиырма сегізінші жылы басылып шықты. Жиырма сегізінші жылдан бастап журналға төрт-бес қысқа әңгіме жаздым да, «Көк үйдегі көршілер», «Күсен» деген ұзақ әңгімелер бастадым, бірі аяқталды да «Әйел теңдігі» шықпай қалғандықтан түгел басылмады, бірі әлі біткен жоқ. «Көк үйдегі көршілерді» үш-терт номерге бастырған кезде «бұл әңгіме әлі ерте» дейтін еді. Қазір ол әлденеше қырдың астына
түсіп артта қалды. Одан кейін «Өмір ертегісі» деген роман бастап, о да біткен жоқ. Бұлардан басқа да ірі-ұсақ басталған нәрселерім бар, бірақ аяқтауға қол тимейді. Күнбе-күнгі кеңсе жұмысы, мәжіліс, науқан, табан тоздырған жүгірістер барлық уақыттың еріксіз иесі болып жүрген жәй бар. Ұғына алдық па, түсіндік пе, ол өз алдына мәселе, маған әсер бергендер негізінде жоғарғы айтылған орыс жазушылары мен Ғалымжан Ыбырайымұлы шығар деп ойлаймын. Жазу, төселу, жазушы болып шығу, міндетіңді атқара алу жалғыз өз қара басыңа ғана байланысты емес көрінеді. «Жаңа әдебиет». 1931 ж. № 1-2. МҰХТАРДЫҢ ХАТЫ ТУРАЛЫ Газет оқушыларымызға белгілі, Қазақ драма театрында «Арқалық батырдың» жаңа қойылуы туралы мен мақала жаздым. Мақалада «Арқалықпен» байланыстырып театрымыздың бұл күнге дейінгі жұмысының солғын жақтарына қаттырақ тоқталдым. Тоғызға толып, онға шығып отырған ең тәжірибелі, ең жасамыс театрымыздан салмақты нәрселер күткендігімізді айттым. Мақаланы оқыған адамға белгілі ол мақаладағы негізгі бір сарын театрдың шеберлігін, көркемдік жағындағы іздену жұмыстарын жаңа тақырыпқа жазылған пьесаларға баса аудару керек деген пікір болатын. Сонымен бірге, «Арқалықты» жөндеп түзетпедің деп Мұхтарға да едәуір кінә қойылған. Мұхтарға арналған сөздің түп ізі мынадан келетін: «бұрын екі күн қойылатын «Арқалықтан» қалған нәрі аз, бұл жаңа «Арқалық» дегенге сендік, театрда Мұхтар бар, түзеткен сол шығар дедік». Мұхтарға айтылған ауыр-жеңіл сөздер осы. «Арқалықты» Мұхтар түзетті» дегеннен туған. Мұхтар көптен театр жұмысына шыққан жалғыз белгілі жазушымыз болғасын, «Арқалық» пьесасының кемшіліктерін Мұхтарға да арқалатқан себебіміз осы болатын. Мұхтар басқармаға жазған хатында, театрға түскен пьесаларды түзетісуге міндетті екенін өзі де айтып отыр. Тек «Арқалықтың» тұсында қатынаса алмағандығын, сондықтан, «Арқалықтың» кемшіліктеріне ортақ еместігінің басын ашады. Мұхтардың мұнысын біз дұрыс деп тапқандықтан, ашық хатын басып, екі ауыз сөз жалғауды дұрыс көрдік. Жалғайық дегеніміз мынау: біздің «Арқалық» туралы мақаламызды өзінше түсініп, бұрмалағысы келгендер бар көрінеді. Театрдың, Мұхтардың кемшіліктері туралы пікірін қалай қатты айтам десе де, ол
бір басқа да, театрға, Мұхтарға күйе жаққысы келгендік бір басқа мәселе. Біз театрдың аз кемшіліктерін де бүркегіміз келмейді. Театр сынмен өседі дейміз. Әлі де есіне алатын, түзететін кемшіліктері аз демейміз. Бірақ, бұл кемшіліктерді сынау керек дегенді пайдаланып, театрға, Мұхтарға күйе жағуға тіпті жол бермейміз. Жақын арада «Лениншіл жас» газеті 72 санында Тұрғамбайұлының мақаласын басты. Тұрғамбайұлы мақаласында бойына шақ келмейтін бір мәселелерді қозғап, шектен шығудың үлгісін көрсетіпті. Театр мен Мұхтарға күйе жаққысы келіпті де, аузына не түссе соны айтыпты. Мұхтарға драма театрының әдеби жұмысына жауаптылығын қанша үлкен десек те, әдебиет мәселесінде қанша айтысып-тартыссақ та, сия береді. Өйткені біз Мұхтарға ешбір қалтқы қоймай қараймыз. Соңғы екі жылдың ішінде Мұхтар театрларымыз бен әдебиетімізде ең салмақты орынды алып отырғанына ешкім таласа алмайды. Әнкүй театрының шымылдығын ашқан «Айман – Шолпан», «Тартыс», «Түнгі сарын» секілді пьесалары көре отырып, Мұхтарға адыра қалған ескі дүниемен байланысты толқуларын орынсыз ескерте берудің өзі көргенсіздік. Оның үстіне, бар өнерін еңбекші жұрттың пайдасына жаратуға жан-тәнімен күресіп жүрген Мұхтарға сенбеушілік көрсеткенсу, тұп-тура қылмыс. Тұрғамбайұлы осыны істепті. Тұрғамбайұлы – театр артқа кетіп барады депті. Мен: «Театрымыздың өскендігін, қазіргі халын отыз бірінші-отыз екінші жылдардағы халымен салыстыруға да болмайды. Театрымыз көп өсті, нығайды, «Досым», «Астық», «Майдан», «Түнгі сарын» сияқты пьесаларды баурап-ақ қоя алды. Біз, театрымыздың бұдан да жоғары көтерілуін сөз қылып отырмыз дегемін. Театр биылғы сезонға жаңадан жалғыз «Түнгі сарынды» ғана қоя алды. Бұл аз. «Біздің жігіттер» көптен бері жатыр. Басқа да жаңа тақырыптағы пьесалар қойылмай кетті, әзірленуі тым шабан» дегемін. Бұдан театр артқа кетіп барады деген сөз шықпаса керек. Театр «Біздің жігіттерді» «Арқалықтан» кейін-ақ әзірлеуге кіріссе де, аз уақыттың ішінде сахнаға шығара алды. Бұл театрымыздың үлкен табысы болды. «Біздің жігіттер» жаңа тақырыпты пьесалардың ең жақсы қойылғаны емес деп кім айта алады? Бейімбеттің пьесасын жазуға салған шеберлігін, театр сахнаға қойғанда әлсіреткен жоқ. Өз қара басымыз, жаңа пьесаларда бірінші рет жақсы қойылған осы «Біздің жігіттер» деген пікірдеміз. «Майдан», «Тартыстар» жаман пьеса ма еді? Бірақ, театр ол пьесаларды салақ қойған болатын. Бес-он тиынның декорациясымен қоя салып, қойған сайын өңдей берудің орнына, қойған сайын төмендетіп алған. «Біздің жігіттердің» қойылуында ізденгендік, жазушының еңбегіне, театрдың өзінің жұмысына жауапкершілік дегенді түсінгендік айқын көрініп тұр. «Арқалық та» соңғы қойылуларында
көп түзетіліп қалған. Бұ да театрдың еңбегі. Жауапкершілік күшейсе істің сапалы болатынын «Біздің жігіттердің» жақсы шыққаны, осы жауапкершілік жағы күшейсе, театр коллективінің қолынан іс келетіндігін көрсетеді. Мұхтардың хатын басқанда, осы екі негізді мәселе жөнінде жұртты адастырмайтын бір-екі ауыз сөз жалғауды міндетім деп ойладым. Әйтпесе, газетте басылған мақала кімдікі болса да, оған қарсы пікірлерге де орын берілетіні түсінікті ғой. «Социалды Қазақстан», 1935 жыл, 29 май. ӨСЕР ӘДЕБИЕТКЕ ӨСІРЕР СЫН КЕРЕК Әбілев жолдастың съезімізде жасаған баяндамасы жадағай болғандықтан сөйлеушілердің бірінің сөзі асып түсіп, бірінің сөзі жетпей жатыр. Әбілев жолдас баяғыдан таныс жігіттерді басынан бастап бір таныстырып, аяғынан бастап тағы бір таныстырып өте шықты. Алдымызға жаңа міндеттер қойып отырғанымызда, шын жайымыз қандай – оны съезге жеткізе алмады. Бастан-аяқ таныс жігіттердің аттарын айтудан басқа, екі съездің арасында не қосылды, кім қалай өсіп келеді – оны айта алмады. Әсіресе осы төрт-бес жылдың ішінде жергілікті жерлерден қандай күштер көтерілді, кімдер қосылды, осыны есіте алмадық. Айып бізде – мойынға, аламыз – барды барша, жоқты жоқша айтып бере алған баяндама жасай алмады правление. Бірақ, мәселе ортада тұр. Білек сыбана, тізе қоса, бәріміз болып бойын өлшеп, ауырлығын салмақтасақ көштің жөні көрінер деймін. Не бәрі сол Әбілев айтқан ғана емес, бойың одан биік, ойың одан жоғары, тілегің одан да өскелең. Мәселе қазақ халқының советтік әдебиеті жайында, осында отырған өзіміз жайында ғой. Жат деп жасқанар, алыс деп ат жетпес, ешнәрсе жоқ, жолдастар. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер – деп, ұлы ағамыз Абай айтқандай осы топта екі ғасырдың ақын-жазушылары бармыз. Ақ сақалды, алып қартымыз Жәкең бастаған Нұрекең, Досекең, Есекең, Шәкең сияқты талай тері алынған, талай жерді қарыштаған кер тарландарымыз отыр, міне!.. Бұлар сөз талғап сөйлеп, топ талғап шауып, бәйге алған жүйріктеріміз... Қазақ халқының қашаннан бергі сөз кестесін, ақындығы мен шешендігін, шері мен бірге шеруін,
мұңымен бірге күйін, кейінгі інілеріне қолдарынан тапсырып, ауыздарынан естіртіп отыр бұлар. Кейінгі ұрпаққа сынай қарап, аяқ алысы ұнамай қалса, шын ренжіп, ұнай қалса, шын қуанатын, шыншыл да, сыншыл да тобымыз осылар. Бұлар қазақ халқының бізге дейінгі барлық көркем сөзінің – әдебиет байлығының біз үшін сақтаған бізді қанаттандыруға қалдырған қамқорлығы сияқты. Съездегі өркешті топ та, құрметті топ та, алдыңғы толқын да осылар. Сонымен бірге бұлар жаңа әдебиетіміздің белсенді жасасушысы да. Кейінгі толқын біз болсақ – жас емеспіз, жиырмаға шықтық! Бабымыздамыз, қамшы кесті – көбең көк, ерқашты – топай торы емес, совет елінің ардақтысы, баптаулысымыз. Шаба алмасақ, айып бізде – бәйгеде не кемдік бар? Алдымызда қазақ ақындарының ұлы көші салып кеткен күрең жол жатыр. «Қара таудың басынан көш келеді» деген өлеңнен бастап, батырлар жыры, ғашықтар жыры сияқты үлкен бел жатыр. Әдебиет күшінің бетін батысқа бұрған Абай салған сала жатыр. Қазақ халқы бар тарихын көше жүріп өткізсе де, батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртында қалдырмай, шабындыға алдырмай, барлық жинаған сөз байлығын, күй мен жырын бізге жеткізді. Бұл бәрімізге де қымбатты мұра – бай қазына! Сол қазынаға біз не қосып жатырмыз? Қалай қоса аламыз? – Әңгіме осында ғой! Бір өлкенің жүйрігіміз десек, қалай жүгірдік, неге жүгірдік, неге соқтық, қандай кедергі кездесті, қайсымыз қандай жарысқа жараймыз, қайсымызға қандай бап керек – осы ғой сөйлер сөзіміз! ...Алдымызға үлкен міндеттер қою үшін өз күшімізді байқап алу, осы ғой сынға саларымыз! Бұрынғы дана қыздарың бұрынғы батыр ұлдарын, бұрынғы бәйге тұлпарын қазақ халқы жырымен жеткізді бізге. Бүгінгі дана қыздарын, бүгінгі батыр ұлдарын, бүгінгі жүйрік тұлпарын өзіміз көріп отырмыз. Жаңарған ел, жасарған дүние жаңа жыр күтеді. Қазынасына қазына қосып кейінгі ұрпаққа, сыншыл, талғампаз ұрпаққа ұялмай ұсынсын дейді. Ел болғанда жайлауымыз бөлек-бөлек, іргеміз қосылмаған ел болғанбыз, енді іргелі елдермен іргелес қондық, үніне үніміз, күйіне күйіміз қосылды, отау тілегіне тілегіміз қосылды – он бір отау бір орда болдық. Сен де сүйікті ұлысың, сенің әніңе де құмар, кеудеңді кере сал – дейді қазақ халқы. Жәкеңді орданың төріне отырғызып, өзгемізге де жөн сілтейді. Барымды қолыңа бердім, жоғым болса, мына бауырлас елдерде бар, үлгі ал, үйрен, – дейді. Коммунистік партиясы бар жерде жаңа елдердің бәрінің тілегі осыған құяды...
- * Жақында жарияланған Қазақстан Орталық партия комитеті мен Халық Комиссарлар Советінің қаулысы алдымызға сыннан өтетін міндеттер қойды. Ол сын – үлкен роман, ол сын – үлкен поэма, ол сын – үлкен драма, ол сын – үлкен кино сценарий, үлкен повесть, тағы тағылар. Қалай деп ойлайсыңдар, жолдастар, жазушыларымыз әлі күнге көк қанат, талмау болса, дыр етпе, бөрік алып қашатындай балаң жайда болса, осындай қияға салар ма еді, бізді партия? Салмас еді! Өйткені – сол қаулымен осы екінші съезіміз, қазақ әдебиеті мен қазақ жазушылары үшін жаңа бел, жаңа саты деп түсіну керек. Жазығы бар, қырқасы бар, сүрінуі бар, мүдіруі бар, біраз жерді шауып өттік. Енді, міне, бұрынғыдан гөрі қатаңырақ сыналатын, бұрынғыдан биігірек белге келе жатырмыз. Бұл бел, сын әдебиетіміздің өсу жолындағы жаңа дәуірі, жаңа кезеңі болуға тиіс. Есмағамбет айтқандай, әдебиетіміздің 70-80 проценті кер жайдақ поэзия болса, оның үстіне басты ақындарымыз соңғы екі жылдың ішінде кейін басып кетсе, драматургтеріміз одан да әрі жатса, үш-төрт жыл сахнадан түспей келе жатқан пьесаларымыз түкке тұрмаса, проза жаңа басталса, жаңағы айтылған қаулыда көрсетілген аз жылдың ішінде әдебиетімізді жаңа белге шығарамыз деудің құр даурығудан айырмасы болмас еді. Партия бізді мұндай сынға салмас еді. Меніңше, қазақ әдебиетінің халы Есмағамбет айтқаннан гөрі басқашарақ қой деймін. Жеке дара Жәкеңді ауызға алмағанда да, осында бір топ халық ақындары отыр, Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да атын айтсаң, біле кететін бір топ ақын-жазушылар отыр, ондап қосылған, әдебиеттен мықтап орын алған жас жазушылар отыр. Алдағы міндетке шабатын қол осылар емес пе! Абай айтқан кейінгі толқынның өзгешелігі неде? Ол, әдебиет мұрасы жағынан алып қарағанда, кейінгі толқын ерекше бір мол бұлаққа, бұлаққа ғана емес, үлкен дарияға қолы жетіп отырғандығында. Мысалы, Абайдан бұрынғы ақындарымызға және осы күнгі халық ақындарының көбіне дүниелік әдебиет жат болса, біз үшін – мектеп! Халық ақындарының арнасы бір ғана қазақ халқының өз байлығы болса, біз орыс әдебиеті арқылы бүкіл жержүзілік әдебиеттен пайдаланамыз. Гомердің «Одиссея», «Иллиадасынан» бастап, Есхил, Опкил, Еврипид, Аристофандардың, Шекспир мен Шиллердің трагедиялары, комедиялары бізге мұра болып жетіп отыр. Ғайса мен Мұқаметтің бер жағы былай тұрсын, ар жағына бес-алты ғасыр шыға алып отырмыз. Орта ғасырлар, жаңа ғасырлар тағы бізге мұра! Өткені асқан бай орыс әдебиеті қай ғасырдың болсын қандай көрнекті шығармасы болса да, бәрін де орыс тіліне аударып беріп отыр. Бұл жұмыс Октябрьден кейін тіпті ғажап кең еріс алды. Одақ елдерінің әдебиеті тағы келіп қосылып
жатыр. Сондықтан осы мұралар арқылы, осы салалар арқылы біз, кейінгі толқын, қазақ халқының советтік әдебиетін мәдениетті жолға салу күресіндегі топпыз. Бізді сынағанда, әр қайсымызға осы жағымыздан келу керек. Біз Абай бастаған істі келесі сатыға шығаруға міндеттіміз. Бұл жөнінде қайсымыз қанша табысқа жеттік, өскендіктің басты белгісін осыдан іздеу керек. Жақсы идеяны мәдениетті саламен өрістетуді қатты қоюымыз керек. * Жаңа айттым, алдымызда жаңа асу тұр... Бұл асуға жапатармағай шаба жөнелмей, ойланып, өлшеп, төс айылды бос тартып, артқы айылды аямай тартқымыз келеді: кеудеміз кең, ішіміз жарау келсін, артқа қарап, қатемізге көз салып, неден мүдірдік, неміз жетпей жатыр, соны біліп алғымыз келеді. Сыншы емеспін, жазушымын, сынаушы емен, сыналушымын. Бірақ, сыншым кім, оны да білгім келеді. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді қазақ мақалы. Мініңіз түзелу үшін, түзей алатын сын керек. Мен сол сын мәселесіне тоқталамын. Мен сынның үш саласын алғым келеді. Бірінші саласы – ғылыми сын, тексеру-зерттеу арқылы әдебиетті ылғи алға сүйреп отыратын сын. Әдебиет пен жазушының алдына жарығын түсіріп, бастап отыратын сын. Бұл сын, сынауды кесіп етпей, сүйіп сынайды, үнемі соңына түсіп, жалпы ғылымның өсуімен бірге, өзі де өсіп отырады. Екінші саласы – халық сыны, көпшілік сыны. Бұл, әрине, ғылыми сын емес, халықтың жүрегінің қалай соғуын көрсетіп отыратын сын. Бұл халық қазынасына қосуға жарамағанды аяусыз лақтырып тастап отыратын, бір айтар үкім сияқты сын. Бұл сында бетке қарау болмайды. Үшінші саласы – сынды кесіп еткен, арзанқол, әдебиеттің өсуіне жәрдемі тимейтін құр айғай болып келеді. Міне, бізде осының үшеуі де бар. Сәбит баяндамасында бізде ғылыми сын бар дегенді айтты. Жаңа ғана сөйлеген Исқақов жолдас сияқты мен де бұл пікірге толық қосыла алмаймын. Қосыла алмайтыным – түп-түгел жоқтығынан емес, толық мағынасында болмағандығынан, ер жетпегендігінен. Мысалы, оқу комиссариатының мектептерге арналған программаларын жасағанда, әдебиеттен құралған кітаптарын жасағанда, әдебиетіміз азды-көпті дұрыс бағасын алып қалатыны анық. Бірақ, бұл өткінші жұмыс болып қала береді. Жалпы сынның жетекшісі бола алған жоқ әлі. Екінші бұл күнбе-күнгі әдебиет сыны емес, бұрын шығып кеткен шығармаларға мінездеме сияқты. Нағыз ғылыми сын әдебиетіміздің күнбе-күнгі жәйін тексере отырып, жазушыға жөн сілтеп отыруға міндетті. Әр ақын, әр
жазушы ісінің не ілгері, не кейін басқан адымын бос өткізбей, Белинский, Плеханов, Чернышевскийше, әр жылдың табыстарына жалпы сынды бір беріп отырса, әр жазушыға да жеке-жеке осыны істеп отыруға міндетті. Сонда ғана жазушының өсуіне жәрдем етеді. Әдебиетті жасау жөнінде Пушкин мен Толстой, Шекспир жазушыға қандай үлгі болса, Белинский, Плеханов, Чернышевский сыншыларымызға да сондай үлгі, сондай классик. Бұлар қандай ірі, әдебиетті қандай сүйеді, ғылыми көзқарастан басқа бір тілегі жоқ қандай терең, қандай әділ, қандай биік, қандай таза, қандай дос әдебиетке! Шын мағынасында сын деп осылардың сынын айтамыз. Енді халық сынына келейік. Бұл бір айтар, үкім сияқты дедік. Біздегі ең күшті сын осы деп ойлаймын. Себебі – жаман кітап жазсаң, оқымайды, оқу түгіл атын да ұмытады. Бұдан артық не әділдік, сын керек? Жаман пьеса жазсаң, бармайды, біраз қойылғаннан кейін еріксіз театр сахнасынан алып тастайды. Есмағамбет айтқандай, халықты пьесаның атымен алдай алмайсың! Жаман пьеса жазып, атын «Әзіретәлі» қойсаң да, жұрт алданбайды оған. Ал, азды-көпті ұнай қалса, жұрт көре жүріп, сынай жүреді, сынай жүріп түзеттіреді, өзінің қазынасына қосады. Біздегі бар сын, қашан да болатын сын, қашан да әділ сын, осы халық сыны! Біздегі бар сынның үшінші саласының дәлме-дәл атын табу да қиын. Сәбит баяндамасында мұны сыртыңнан келіп пышақ салатыны да бар деді. Қалайда, мұнда ұрда-жық та бар, аяқтан шалу да бар, кәсіпқорлық та бар, жауапсыздық та бар. Әйтеуір өсер ақын, өсер жазушыға кедергі болатынның бәрі табылады бойынан. Бұлар жыл санап ғылым жағына бой ұрмайды, бір қалпында тұрады да қояды; сол қалпымен, сол құралымен соңынан қалмауды да қоймайды. Қайда бір қарбалас болса, у-шу болып осылар шыға келеді. Не өткенге есеп бермейді, не келешегі туралы ойланбайды. Міне, қояр қылық, жояр мінез осы емес пе? * Кеше осында баяндамада атым аталмады деп Есмағамбет Ысмайылов жолдас өкпе айтты. Үш жүз-төрт жүз сын мақала жаздым, ауызға алынуға тиістімін деді. Меніңше, сынды ауызға алғанда Ысмайылов жолдасқа әбден тоқтау керек. Бізде азды-көпті сын жазып жүретін де сол екені рас. Екінші, Ысмайыловқа басқа бір жағынан да тоқтау өте қажет. Жалғызақ ескертетініміз – сынның соңғы саласына жалғастыра атағандықтан, оның өкілі деп ұғынбаңыздар. Ысмайылов жеке қара басына тоқтауды керек етеді. Екінші, сол төрт жүз мақаласында Ысмайылов ғылыми сын, өнегелі сын жазған болса – оны жұрт айтуға тиіс еді, ал, мен оның сындарыңдағы кейбір өрескелдіктеріне тоқтамақшымын. Бұл жолдас, міне, алты-жеті жылдан бері сын жазып келеді. Соның
ішінде әрқайсымызды жылда бір жаңа орынға көшіріп жүргелі де бес жыл болып қалды. «Жаман сөз иесін тапса», амал не, бірнеше мысалдар келтірейін. Былтыр, пролетариаттың ұлы ақыны Маяковскийдің қайтыс болған күнінің тұсында Ысмайылов бір топ Қазақстан маяковскийлерін шығарды. Сәбит пен Қапанның екі ортасында қанша ақындарымыз бар, соның бәрін Маяковский шәкірті деп шыға келді. Ал, Горькийдің қайтыс болған күнінің қарсаңында бір топ қазақ горькийлерін шығарды: «қазақ ақындарынан соңғы уақытта Тайырдың, Әбділданың, Диханның, Қасымның, Сайынның, Қапанның тағы басқа жас ақындардың өлеңдерінде өршіл, өскелең, идеалы шалқып, еспе мотивте Горький романтизмінің сарыны айқын көрініп тұрады» – деді. Жазушылар мен драматургтерді де құр тастаған жоқ: «Горькийдің прозасын, драматургия өнерін тура үйреніп, сабақ алған жазушыларымыз көп» – деп өзгемізді бір қосақтап өтті. Содан бері бір жыл да сегіз күн өтті. Өсу заңы бойынша, Маяковский мен Горькийдің өнерін «тура үйренген» ақын, жазушылар не істеу керек? Өсу керек. Біздің ойымызша, «тура үйреніп» деген жауапсыз-ақ айтылған сөз, үйреніп жүрміз дейміз. Ал Есмағамбеттің ойынша, осы бір жылдың ішінде не болған. Поэзия артқа кеткен. Ол былай дейді: «әдебиетіміздің 70-80-проценті поэзия... Басылып шыққан жинақтарда ақындар бірін-бірі қайталаған. Бірінің ізін бірі таптаған сүрлеу жол бар... Дәл сол сюжеттік прием, дәл сол көркемдік образ... 70-80 проценті поэзия емес, жансыз, трафарет қана... Колхоздың өзін көріп суреттемей, тек өздерін ақындық музаның мықты діңгегіне арқандап, байлап қояды да, колхоз қыздарына алыстан гүл лақтырып, қол бұлғайды... Өзін-өзі қылғындырып, айғай салады... Міне, осы үш қасиет соңғы жылдары басылып шыққан Жароковтың, Тоқмағамбетовтың, Сыздықовтың, Сайынның, Сәрсенбаевтың, Аманжоловтың, Еспембетовтың, Әбілевтің, Сатыбалдиннің, т.б. жинақтардағы көп өлеңінен табылады... Бұл поэзияның өсу жолына кесел болатын сорақылықтар» дейді Есмағамбет. Сонымен Есмағамбеттің былтырғы көп «маяковскийлері» биыл өздерін-өздері ағашқа байлап қойып, қылғынып-булығып, колхоз қыздарына айғай салатын болыпты. Бірінен-бірінің айырмасы да жоқ, әу дескендей бір приеммен айғайлап, бір приеммен бақыратын болыпты. Есмағамбет те бір-ақ приемды біледі, онысы мақала жазса-ақ болғаны барлық ақынды, барлық жазушыны бір қосақтай салады, әдебиеттің неше проценті поэзия екенін де шығарған, поэзияның неше проценті поэзия еместігін де есептеп шығарған! Бір топ ақындарымыздан екі жылдың ішінде айрылған да қалғанбыз! Мұның қай жері сын? Мұның қай жері әдебиетке көмек? Әрбір ақынның өзінің творчестволық жүзі бар емес пе,
сыншы болам деген адам, соны неге зерттемеді? Екінші, саяси жақтан алып қарап көріңдерші, осы пікірге зияннан басқа, пайда бар ма? 1934 жылы менің «Шұғыла» деген әңгімем бәйге алған болатын. Оған біреу сын жазып, бас жағында әдеттегіше мақтап келеді де, аяқ жағында әдеттегіше сөгіп жіберді. Оған қарсы «жалғыз» сыншымыз Есмағамбет шыға келді. Ол ала салып, оны сөкті. «Ғабит бұл әңгімесімен Күнбатыс елдерінің ірі жазушыларының қатарына қосылады» – деді. Ал, тап былтыр, тап сол Есмағамбет, тап сол Ғабит туралы тағы өзгеріп шыға келді: жер жүзіндегі кемшілікті, саяси Қатені менің үстіме үйе салыпты. Мінекей, Есмағамбет сыншы қолайлы келген кезеңге қарай ауысады да отырады. Берік бір прннципі жоқ. Жазушыға айтқан ақылдарына қарап отырсақ, тыр жалаңаш социалогия, реализм емес – натурализм, мың да бір айтылып кеткен ақиқаттар. Есмағамбеттің екінші кемшілігі өз қара басының өсуіне көңіл бөлмейді-ау деймін. Әдебиет сынына жыл сайын жетіле түсе ме десең, жыл озған сайын баяғы шабысынан танбайды, өнбейтін шоқырақтан жазбайды. Либретто мен пьесаның айырмасын білу керек қой. Романға бергісіз пьеса бар да, ешбір либреттоны романның қасына қатар қоюға болмайды емес пе? Жалғыз Есмағамбет емес, мұны Әбілев та айыра алмапты. Жақсы пьеса театр сахнасына жаңа бір уровень қояды. Жақсы пьеса қойылғаннан кейін театр драматургтерге үлкен-үлкен жаңа талаптар қояды. Мысалы, қазақ театрында қойылған «Отелло» драматургтерді ойландырған жоқ деп кім айта алады? Ойланбаған драматург болса, ол жаңа міндетті түсіне алмаған адам! Екінші мысал: Сәбиттің «Жұмбақ жалауы» үлкен роман жазуды қойып отыр алдымызға. Ал, Мұхтардың «Абайы» үлкен романды, мәдениетті романды қалай жазуды қойып отыр. * Сын жөнінде талай-талай өрескелдік, үстірттік біздің газеттерімізде де бар. Сәбит баяндамасында «Лениншіл жас» газетін тіссіз газет деді. Меніңше, ол газеттің тағы бір өрескел өнегесі бар. Ол: әдеби сынның орнына, шығармасын сынаудың орнына, жазушының қара басын мазақтап, аурусың деп қорлап, тура мысқылдайтыны бар. Газетке осы лайық па? Неге жол береді мұндай мақала жазғандарға? Дәл съездің қарсаңында «Казахстанская правда» мен «Социалистік Қазақстан» екеуі қазақ советтік поэзиясы туралы мақала басты: біреуі Николичтікі, біреуі Есмағамбеттікі. Николич: «Поэзиямыз өсіп келеді, қазақ ақындары адал жүректен жазады» деді. Ал, Есмағамбет: «Поэзиямыздың 70-80 проценті құр жайдақ, поэзия емес» деді. Қайсысынікі дұрыс? Меніңше, екеуінікі де дұрыс емес. Николич жолдас поэзиямыздың кемшіліктерін жаба тоқып кетті, ал Есмағамбет жақсы
жақтарымызды, табыстарымызды жоққа шығарды. Шындық басқа жақта қалып қойған. Менімше, артқа кеткен әдебиетіміз жоқ, өсіп келе жатыр. Қай саласы да өсу жолында. Бірақ, жазылғанның бәрі алтын емес, мысы да бар. Міні де бар, мәдениетті, ғылыми сын керек. Қазақ әдебиеті қазір биік, асқар болмаса да, биік төбе екені де даусыз. Оның негізінде тым бай, тым қымбатты халық әдебиеті жатыр. Сол негізге, сол қорға апарып, барымызды біз жиып жатырмыз. Жеке бір сыншы, болмаса жеке бір жазушыны алып, сол төбенің етегіне апарып қойсаң да, құрттай ғана болып қалады. Олай болса, енді әдебиет туралы жалпы сөзді қойып, әрбір ақын-жазушының шығармасын жеке шығармасын тексеріп, зерттеген сын керек. Ақын біткен қара көк, драматург біткен тобылғы торы, прозаик біткен қарагер емес. Ұмытпау керек – қазақтың советтік әдебиетіне Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Беранже, Байрон, Вольтер сияқты ұлы ақындардан сабақ алып жүрген ақындар қосылды. Ұмытпау керек Эсхилден бастап, Шекспир, Мольер, Гюго, Горький, Гете сияқты ұлы драматургтерден сабақ алатын драматургтер қосылды. Ұмытпау керек – Диккенс, Флобер, Бальзак, Гюго, Толстой, Гоголь, Горький сияқты ұлы жазушылардан сабақ алатын прозаиктер қосылды. Біздің ішімізде реалистер де бар, романтик те бар, лирик те бар, психолог те бар, тілге, сюжетке байымыз да бар, кедейіміз де бар. Қалаға, далаға, өткен күнге, қазіргі күнге алысымыз да бар, жақынымыз да бар. Біріміз мәдениетті әдебиетке екі адым, біріміз бір адым жасадық. Ендігі жерде сыншы болам деген адам, әрқайсымыздың өз орнымызды таба біл. Қатар қойып алып, не жақсылап, не жамандаудан безсін. Жазушы жауап қайтаруға салақ деп ойыңа келгенді соға берме! Ендігі жерде шын сыншы болам деген адам ақын-жазушыны өз мұнарасынан ғана қарап, өз өлшеуішімен ғана өлшей алмайды. Сынның Маркс ғылымына сүйенген жалпы мұнарасы бар, жалпы өлшеуіші бар, жақсы сыншы, әділ сыншы шынды айтам деген сыншы, шын өлшегісі келген сыншы сол мұнараға шығып бағу керек. Өйткені, әрбір ұлттың әдебиетін сынауға ұлттағы тағы бір мұнара керек емес, бәрімізге бірдей Маркстік ғылыми мұнара бар! Мәдениетті әдебиет болсын деген адам мәдениетті ғылыми сынға ұмтылсын. Абай «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» деп налыған. Біздің сыншылар көңілдегі көң-қоқырға ауыздан шығара ажар берем деп тырыспасын. Адалдық, шындық керек, дұрыстық керек. Ол білімсіз, Маркстік білімсіз болмайды. Біздің сыншылар бұл жағына көңіл қоймаумен келеді. Әдебиетіміздің ең артта қалған саласы да осы сын. Әдебиетімізді жоғары сатыға шығару үшін, соған жәрдем ете аларлық әдебиет сынын жазуымыз керек. Бұл күнге дейінгі бар сынның кемері өте төмен жатыр.
Мәдениетті, ғылыми, сауатты, бастап отыратын сын керек. Сырттан естіп сынауды, жалпы хабармен сынауды қою керек. Ұлы жазушылардан үлгі алмаса, оқымаса, жазушы да артта қалады, ұлы сыншылардан үлгі алмаса, оқымаса, сыншы да артта қалады. Сын түзелсе, әділ тезге айналса, «тез қасында қисық ағаш жатпайды», – дейді қазақ мақалы, әдебиетіміз де түзеледі. (II съезде сөйлеген сөзінен қысқартылып алынған). 1939 ж. «АБАЙ» «Абай» туралы ой салмақталып, пікір қорытылып болған жоқ. Әрине мұндай үлкен еңбек туралы дауға салмастық, табандап жатарлық пікір де ойланып айтылуға тиіс. Бұл әзір төрт аяғын түгел тең баса қоймаған спектакльден алынған алғашқы әсер. Өйткені, пьеса мен театрда көргеніміздің үні етекте де, жоғарыда да бірге шығып бола қойған жоқ; пьесадан күткенің әрірек, театрда көргенің кейде берірек түсіп жатыр. Пьесадағы бір сала оқиға өрісіне жетіп жатса, енді бірі жеткен жоқ, бір образ бар тұлғасымен ойлаған жеріңнен шықса, енді бірі жақындап қана келген, алыс жатқандары тағы бар. Солай болған соң, спектакльдің өсіп нығаюымен бірге кейбір міндері жоғалып, әр образ өз орнын тап басуға керек. Істелген іспен не істеу керектің арасы да сол кезде айқындалмақ. Ал, Мұхтар мен Соболев жолдас жазған «Абайдың» драматургиялық қасиеті кімге болса да даусыз болуы керек. Бұл – үлкен драматургтардың қаламынан туа алатын заманымыздың тілегіне лайық, үлкен еңбектің бірі, жалпы совет одағының өскен әдебиеті үшін үлкен табыс. Шебер қолдан, үлкен ой, шын жүректен туған еңбек. Пьеса көз алдыңа үлкен бір дәуірді алып келеді. Ешбір қылмысты ерсі деп көрмеген қарашоқпар Ерден, Жиреншелер тобы, солармен алысуда көп өмірі өткен Абай, айқыш-ұйқыш алынған уақиғалар өз дәуірін барынша-ақ толық көрсетеді. Абай шығып келе жатқан күн, жанға жарық бергісі келеді, толасы жоқ қаратүнек тобы, сол жарықтан шошынады. Сонымен бірге сол кездегі әр топтың сырты мен іші, ойы мен ісі, сана сезімі де айқын. «Абай» әлеумет өмірінің кең арнасына құрылған трагедия. Мұндағы мазмұн Айдар мен Ажардың, Абдырахман мен Мағыштың қосылуы, қосылмауларынан ғана туып кеткен уақиға деп ойлау, көзі көргеннің, тек сыртын түсініп, ішкі мағынаға құлақ аспағандық болады. Түптеп келгенде, үстем таптың түршігетіні – бетін батысқа бұрған Абай мен Абайдың ақын серіктері. Қасқырды қасқыр деп, қабанды қабан деп тура айтқан Абай, үстем таптың бар арқа сүйеріне, қалыптасқан
заңына шабуыл жасайды, сол заңның қылмысқа айналғандығын көпке ұғындырғысы келеді. Ерден, Жиреншелер әр даудың басына мініп шыға келгенде соның өтеуін ғана іздемейді, «бәленің» басы қайда жатыр, соны бір жола құртқысы келеді. Бұл тілекте Абай басына сойыл жұмсаудан, у беруден таймайды. Егер, төбе би Сырттан «Айдар айыпсыз, бар айып Абайда екен» дей қалса, Жиренше мен Ерденнің екі дүниедегі тілегі болғалы тұрған жоқ па? Би алдын көргелі тұрған ақындық дейді Абай. Біз, барлық оқиға әр саламен келіп, астарланып келіп Абайдың басына жабылады деуіміз керек. Абай айтқан ақындық – Абайдың өзі, ақын серіктері, Айдарға берілген у Абайға арналған емес пе, Айдарды өлтірген у Абайды да улап кетпей ме? «Абай» трагедиясының арқауы бірнеше сала болып алынғанда, барлық салалар қоса өрілген. Елдің үстем табы орнатқан әдет заңын бұзып, ғашықтыққа жалпы адамшылық тілегімен қарауды арман еткен Айдар мен Ажар оқиғасы өрістей келе, әлеуметтік үлкен іске айналады. Абдрахман мен Мағыштың арасындағы трагедия онша тереңдемегенмен, мазмұнына қараңқыраңыз, бұ да үлкен оқиға. Күншіл ақын Керім мен Айдардың арасында қандай қиын-қыстау жайлар жатыр. Әділетке, жарыққа, адамшылыққа шақырған Абаймен, осының біріне көнері жоқ Ерден, Жиренше бастаған, Абайдың туған ағасы қосылған топтың арасында қанша тартыс жатыр! Осының бәрінде де жақсылық мінез, адамгершілік тілек Абайдан тарап отырады да, қара күштер Абайға қадалады. Әр жерге құрылған қақпанның, себілген удың бәрі Абайға арналған. «Абай» – өте шебер жазылған шығарма. Оқиғаның өрістеп келіп, шыңына шығып шешілу, бәрі де қатты қызықтырады. Қашан үстінен түсіргенше, оқиғаның алдын болжата қоймайды. «Не болар екен, қайтіп кетер екен? «Абай» сезіміңді босатпай, ұстайды, бір жерде түйілген түйін оңай шешілмейді, көбінесе кесуді керек етеді. Ол кесілген түйіндер: Айдардың өлімі, Абдрахманның Мағышқа үзілді-кесілді «мен өлімге бұйырылған адаммын» дейтін жері, Абайға шоқпар жұмсалуы. Абай сияқты ұлы адамның айналасындағы бай өмірдің ішін-сыртын түгел алып әрі кең, әрі терең көрсету оңай іс емес. Мұхтар мен Соболев драматургиямызды жаңа бір белге көтеріп тастады деуіміз керек. «Абайды» бірінші рет қойып отырған Академиялық қазақ драма театрының еңбегі де олқы емес. Қазақстан Республикасының жиырма жылдық тойына театрымыз көңілдегідей тарту жасады деп ойлаймыз. Постановканы тұтас алып қарасаңыз, бұл театрда мұндай жақсы постановка бұрын болған емес. Мұндай жақсы пьесамыз болмағаны да мәлім, ал, театрдың жауапсыз қарайтын күндері де кездесе беретін еді. Жап-жақсы болып шыққалы тұрған пьесаны сүріну мен жығылудың арасында шығара салғанына көп ұяла қоймайтын.
Театр «Абайдың» стилін дұрыс тапқан, Абай дәуірінің мазмұнын беруге көп еңбек сіңірген. Әсіресе, жас режиссерымыз Асқар Тоқпановқа қатты риза болуымыз керек. Алыста қалған өмірдің тек сыртын ғана емес, сырын да ашу үшін барын аямағандығы айқын-ақ. Сахнаға шығарған басты геройлары бірі арғы замандікі, бірі бергі замандікіне ұсап тұрған жоқ, бір өмірдің, бір кезеңнің адамдары сияқты, шүбә туғызбайды. Кейде сөз жазушыныкі, декорация мен киім суретшінікі, образ әрбір артистікі болып тұратыны бар ғой, «Абайды» қойған Асқар бұған ұшыраған жоқ. Сөз бен киім образдікі, образ пьесанікі, постановка Асқардікі. Алдымен көңілге қатты қонатын Абай образы. Абай ролін ойнайтын республикамыздың халық артисі Қалыбек сахнаға шыға келгенде-ақ, күтіп отырған Абайды көргендей боласың. Басқалардың у-шуы, барқырап, күш көрсетіп жатқаны, аз қимылын байқамай қалам ба дегендей екі көзің Абайда болады. Алдыңда сыртымен де, ішімен де толық жасалған Абай тұрады. Абайды бірден сүйесің, көңілің бірден орнығады, манадан бері ойыңда тұрған бір сұрау алынып қалады. Ойынның аяғына дейін «әттеген-ай» келмейді ойыңа. Абайға лайық қозғалыс, сөз толқынын бұзбай, артық акцент жасамай сөйлеу, ойын көрушіге әрбір аз құбылысын жеткізу Қалыбектен жақсы табылған. Қарапайым қалыпқа түсіп қалмай, образ тұлғасын бұзбай шығарады. Жиренше алаяқ пен ұрда-жық Ерден образдары да кесек жасалған образдар. Әділшінов Жиренше қудың сұңғыла із баққыш түрін, қас пен қабақтың қалт еткенін байқап қалатынын жақсы-ақ аңдатады. Кезі келгенде құрық әкетіп, тасада кездессең, сыртыңнан қанжар салар осы Жиренше екен деп отырасың. Жас артист Оразғали Жұмағұлов Ерден ролін айқын, есте қалатын образ етіп шығара алған. Шын-ақ сол кезеңнің ырық бермес қара шоқпарын көресің. Өз дегенінен басқаның біріне иілмейтін, айтысып ұғындырудан гөрі қамшысымен ұғындыруды заң етіп алған, әлі қыры сынбаған ұру басы Ерденді көргенде қылмысында сан жоқ шығар деп-ақ қаласың. Бір жерде ғана, «өзіміздің Күпшекбай барған мекеме, тәйірі» дегенде ғана, Оразғали өз ролінен шығып кетеді. Әйелдер образынан шығуға жақын Қанікей мен Ажар сияқты. Елебекова жолдастың бұрын мұндай басы бүтін рольде ойнағанын сирек көретін едік, бұл жолы көңіл қалдырған жоқ. «Еркек ісіне араласқан» би әйелдің, бай ауылдың кеуделі әйелінің қалпы жаман жасалмаған. Пьесадағы үлкен рольді әйел – Ажар. Оның басына талай қара күндер туады, ол ат құйрығына салынғалы жатыр, ол дегеніне жетіп, Айдарға қосыла беріп, сүйген жарынан айрылды, ол қайғылы күндерде Абайдың басын сүйеді, ол Керімнің қара қылмысын ашады. Ажардың басынан кешер кезеңі, жеңіп қуанған, айрылып қайғырған сияқты, Абайдай адамның сүйікті жанының бірі болған халдері ойнаушы артискадан әртүрлі қалып, әртүрлі бояу тілейді. Ажар роліндегі жас артискамыз
Камардинова қайғылы халдің бояуын жеткізе, сендіре береді де, басқа жерлерде салқындау. Арқан үстінде, арқаннан босаған жерде Айдардың өлімінің үстінде Камардинова жолдас тіпті жақсы. Ызғар керек жерде көзінен от, қайғы бар жерде жас шығара алады. Ал, лирикалы, қуанар, күлер жерлерде сендіре алмайды. Бір алыстап, бір жақындап қалып жүрген образ Керімдікі. Айтыс сахнасында Қапан жақындап бір келеді де, Айдармен кездескен жерлерде тым жабайыланып қалады, Айдардың кесесіне у салар жерде басқа бір образға көше жаздайды. Шынында, Керім ролі пьесаның өзінде де тегіс емес. Бір жерде терең мағыналы монологтар айтса («қара түнде»), екінші жерде шартпа-шұрт (Айдармен кездескенде, 4-картина), енді бір жерде шолтаңдаған молдалау (6-7 қартиналарда). Кей жерде Керімге лайықсыз сөздер де берілген. Бірде ішпен, бірде тек сыртымен ойнау керек сияқты. Билік сахнасында Айдарды арашалап алып қалуға тиісті Керім, қиялай сөйлеп Абайдың алдында отырып ізін байқатпай, Айдарды ұстап беріп отырса, келесі бір жерлерде тік келіп қалады. Қапанның Керім желісін таба алмай жүруі осындайдан болуы мүмкін. Абайдың достары – ертегіші Баймағамбет пен ақын Зейнеп, Көкбай рольдері орта ғана шыққан сияқты да, одан былайғы рольдер бірте-бірте салқындай береді. Долгополов, Мағыш, Еркежан, Әзім, Абайдың екі баласы, Қарлығаш, Дәулет пен Мес бұлар әлі шықпаған. Мұның ішінде әсіресе, Долгополов сияқты орыс халқының алдыңғы қатарлы интеллигентін халықшыл революционер образын бұлай ғана көрсету, әрине, тым лайықсыз. Долгополов жайында пьесаның өзі де қапысыз емес-ті, ал артистің ойнауы пьесадағының маңына да бармайды. Пьесада Мағыштың басында ерекше бір хал бар ғой. Мағыш пен Абдырахманның сирек кездесетін – сүйгеніңді суындыру, неге екенін білдірмеу-білмеу сияқты қиын жағдайлар бар. Ойнаушылар бұдан хабары жоқ адамша, бірі Абайдың ауру баласын ғана, бірі жабайы, әншейін қызды ғана жасай алған. Пьесада Сырттан қандай жақсы роль. Әр ойдан қысылып, толғанып барып, ақыры халықтың әділдігіне жеңгізеді. Сырттанның бұл қасиеті сахнада көріне алмайды. Бұхара халықтың кейпін беретін Орман мен Мес те көптің арасында әшейін біреулер болып қалған. Әзімқан тіпті дөрекі, тіпті шикі. Біздіңше, бұл рольдер пьесада әрі жатыр да, театрда көргеніміз көп бері түсіп жатыр. Пьесада көңіл толмайтын рольдер Долгополов пен Қарлығаш еді. Алынған көлемінде әрқайсысы, әр мінезді жақсы рольдер болатын. Ал театрда солғын жақтары ойдағыдай көбірек болып шықты. Драмалық жақтан қарағанда Әбіш пен Мағыш арасы, Керім мен Айдар арасы, Абай мен Керім арасы дәл көңілдегідей емес, үзіліп жалғанып отыратын жерлері бардай көрінеді. Әсіресе, Әбіш пен Мағыштың арасындағы
қиын жағдайды жеріне жеткізе түсуге болатын-ақ сияқты. Абайдың екі бірдей ауру баласын алмай-ақ сау біреуін алған жөн емес пе еді? Және бұл екеуінің өлімі де пьесадағы драмалық жағдайға қанша керек болып тұр? Қайғы бұлтын қалыңдата түсу үшін бе? Ол мұқтаждық жоқ сияқты. Бұл айтылғандар «Абай» пьесасының драматургиялық үлкен еңбек екенін, әдебиетімізде ерекше орын алатындығын жоймайды да, әлсіретпейді де. Бұл ендігі қалған аз міндерін алып тастау оңай ғой деген тілектен туған пікірлер. «Абайдағы» бай оқиға, Мұқтардың өте көркем тілі, афоризмге айналғалы тұрған теңеулер, оқиғаны шебер өрістетуі, екінің бірінің қолынан келмейді. Алар сабақ, үйренер үлгі аз емес. Бұл айтылғандар театрдың еңбегін де жоққа сайымайды. Театр қолынан келгенін істеген, ойланған, жауапты қараған. Суретші Чарномскийдің ісі қандай жақсы. Декорация, киім әрі бай, әрі сай шыққан. Артық-кемі байқалмайтын мағыналы, салмақты. Театрдың кішкене сахнасын қалай жақсы кеңіткен. Қысқасы, Академиялық театрымыз жиырма жылдық тойға арналған постановкасын көңілдегідей шығарды. Жеке кемшіліктер жүре жойылуға тиісті. Оның көбі рольдің дұрыс бөлінбеуінен, театрдың басты артистері түгел қатнаса алмағандығынан болғандығы көрініп тұр. «Абай» театр мен жазушылардың алдына жаңа міндет қояды, бүгінгімізден анағұрлым жоғары сатыға көтерілуді тілейді. Шығарманың аты қанша айбынды болса да, ол алысқа апармайды, идеялық-көркемдік қасиеттердің тең түсіп отыруы керектігін тереңірек ұғынуға шақырады. Ондай шығарманың төркіні Горький, Шекспир, Гете. «Абай» сондай ірі мектептікі. «Лениншіл жас», 3 ноябрь, 1940 жыл. «АБАЙ» РОМАНЫ ТУРАЛЫ I «Абай» сияқты ірі шығарманы жұрт талқысына салып, сөз қылудың екі түрлі кезеңі, екі түрлі себебі болу керек. – Жаңа ғана басылып шыққан кітапқа, сахнаға қойылған пьесаға көңіл толғандықтан, қуанышы не болмаса көңіл қалғандықтың күйініші, кейісі себеп болады; бұлай болған күнде артық-кем берілген бағаға, айтылған сөздерге кешірім де көп. 1943 ж. Роман туралы болған жиылыста сөйлеген сөзден.
– Шығарма жұрт бойына әбден сіңіп болып, бұлжымайтын бір бағаны алып болғаннан кейін, қайтадан сөз болатын болса, онда сол шығарманың барлық жақсы қасиеттерін тереңірек ашып, көпшілік тәрбиесіне керек жақтарын жұрттың құлағына ғана емес, ойына мықтап құю тілегі себеп болу керек. Мына шығарма жаңа бір ой салып, жаңа бір жөн сілтеп отыр деп, үлгі, сабақ ету тілегінен тууға керек. Я болмаса, мына шығарманың тым терең жатқан зиянды жақтарын жаба тоқып келгендіктен, осының кесапаты жұрттың бойына сіңіп барады, содан айықтыру керек деген себеп болуға тиісті. Ұсақ-ұлаң, қосымша тілектердің бәрі де негізгі мүддеге бағындырыла қойылу тиісті. Мұның негізгі бір себебі – бұл дәуірде айтылған пікір барлық жұрт үшін, оның ішінде әдебиетіміз үшін әбден екшеліп келіп қорытылған пікір болып қалады. Ешбір нысанасыз, ешбір мүддесіз, әйтеуір бір әдеби жиналыс өткізейік, жазушыға әйтеуір бір жақсылық емеуірін көрсетейік деуден шығар ешбір мағына жоқ. «Абай» романын жаңағы айтылған екінші кезеңде сөз қылып отырмыз. Олай болса, бұл роман туралы екшеліп болған пікір айтылуға тиісті, шығарманың барлық қасиеті тереңірек ашылумен бірге, алатын өнеге, сабағымыз не? Несін алмаймыз, жазушыға қойылатын тілек қайсы, осылардың бәрі де айқын, салмақты болуға керек. «Абай» туралы қазіргі күнде, қазіргі жағдайда болған баяндама – «Абай» романының қазақ әдебиетіндегі орнын, бүкіл одақтық әдебиеттегі орнын, көрсетуге талап етуі керек емес пе? «Абай» романын кітап дүкенінен алғаннан кейін қай жазушылардың қасына апарып қойдың, тым болмаса соны айтқаны жөн емес пе? Әдебиеттің өзге түрлерін былай қойғанда, тарихи адамдар жайында жазылған көп романдар бар, солармен салғастырып көрсек қанша айып еді? Тарихи роман жайы көптен бері келелі әңгіме болып келе жатыр, осы тұрғыдан неге шолып өтпейміз? Тай-құнанның дыр бермесіндей ғана болса да жақын арада әдебиет тілі, қазақ тілі дегенді сөз қылдық. «Абай» романы бұл жағынан да тексерушіге қанша олқылық келтіретін еді? Тіл – әдебиет маманы деп саналатын, дырдай атағы бар Есмағамбетке жалғыз осының өзі үлкен мін ғой деймін. Әдебиет сыншысының басқа оқушылардан ең болмағанда мынадай бір айырмасы болу керек: жай оқушы кітапты сыншының тілегіне қарап оқымайды. Әр оқушының әр кітаптан іздейтін өз жоғы бар. Бір оқушыға Жюль Верннен асқан жазушы жоқ, үшінші біреулер Шерлок Холмсты іздейді. Осылардың бәрін де оқитын, олармен бірге Шекспирді, Толстойды, Бальзакты, Гетені оқитын оқушы тағы бар. Бұлардың ішінен нағыз әдебиет, нағыз қазына қайсысы екенін әбден айыратын оқушы саны заман өскен сайын, совет адамының рухани тілегі өскен сайын, ол да өсіп келе жатыр. Бірақ сыншыға қоятын тілекті бұл оқушылардың алдына да қоя алмаймыз. Сыншы деген өзінің оқушылық халінен аса алмай
қойса, сын айттым дегені өзінің оқушылық қана жайы болса, онда ол да оқушы ғана болып қалады. Ондай «сыншы» тегінде сынға жоламағаны ақыл. Өйткені шын сыншы, жазушыға да, оқушыға да жөн сілтей алатын болсын, соған өзін міндеттімін, жауаптымын деп санасын. Мәселенің қазіргі қойылысы қандай бұлдыр болса, баяндаманың да «жақсы-жақсы» дегеннен шығатын ойлы бір байлауы жоқ. Орыс халқының бір кездегі белгілі ақыны Василий Тредьяковский жайында Новиков деген кісі былай деген екен: «Сей муж был великого разума, многого учения, обширного знания... весьма знающий в латинском, греческом, французском, итальянском и в своем природном языке... Не обинуясь к его чести сказать можно, что он первый открыл в России путь к словесным наукам, в паче к стихотворству... Первый стихотворец, первый положивший столько трудов и прилежания в переводе на русский язык преполезных книг...» Біздің Мұхтарға айтып жатқанымыз да тап осының өзі сияқты. Анасы жақсы, мынасы жақсы дегенді айтып жатырмыз, бірақ, соның мәнісмағынасын түсінбей, арзан түрде айтып жатырмыз. Бүгінгі өстік деген дәуірімізде, басқа елдің екі ғасыр артта қалған алаң-бұлаң, балаңқы ойын қайталасақ, одан ұялуға да керек қой деймін. Мұхтардан күтетініміз, тілейтініміз қанша көп болса, ірі етіп, қасиетті етіп бергенін бағалағанда, аты «тоғыз» екен деп, «лақ бастатқан тоғызды» ұсынбауымыз керек. Жазушы «тоғыз» сұрамайды. Еңбегі жайында жұртшылығымыздан дәл пікірін күтеді, қай тілегін ақтай алды, қай сұрауына жауап бере алды, соны білгісі келеді. Олай болса, баяндама ең болмағанда шығарманың өз дәрежесіне көтеріле алсын, жазушыға жөн сілтей алмаса, жұртшылық тілегінің аңғарын аңғарта алатын болсын. Ол үшін, ең алдымен әдебиет алдындағы жауаптылықты ұмытпайтын болсын! Белинский, көп айтқаны әлі ескірмеген, көпке дейін ескірмейтін ойшыл-сыншы бір жерде былай дейді: «Қыжықтаған Расин ескі Грецияда туса, қызу қанды, терең ойлы Еврипид болар еді де, ал, терең ойлы Еврипид XIV Людовиктің тұсында Францияда болса, қызықтаған Расин болар еді» дейді. Олай болса, жазушыны өсіретін де, өшіретін де – өз заманы. Әрқайсымыздың да бесігіміз, ақылдастарымыз осы өздеріңсіңдер: жазушыны ұсақ-ұланға сүйрелеп, арзанға баулып, жақсы көңіліңді жылудан жиналған, қайырсадақадан түскен қотыр лақ, тері-терсек сияқты етпей білдіру керек. «Абай» романына арналған әдебиет кешін өткізейік деп, жазушылар ұйымында сөз болғанда, не үшін сөз ететінімізді түсініскен сияқты едік; және «екінді» мен «бесіннің» арасындағы алас-құласта емес, дұрыстап өткізейік деп, уақытын кеңірек алып едік. Бірақ, баяндама «Абайдың» шын салмағына орай бола алмады: сырты бар да, іші бос, ананы-мынаны теріп айтуы бар да, байлауы жоқ, бытыраңқы; ортаға саларлық ойы
қораш болып шықты. Мақтауында қуаныш, жамандауында кейіс жоқ. Сондықтан, сөйлеушілер де, романның терең сырын, қалың шатқалдарын бойлаудың орнына, одырайып көзге көрініп тұрған шоқы-төбелерін қуыңқырап кетті. II Енді «Абай» романы туралы өзім не айтарға келетін болсақ, мен бұл романды сынаудан гөрі тереңірек түсінсем екен деген тілектен туған азын-аулақ ұғынғанымды ғана айтамын. Атақты сыншы Белинский Пушкиннің «Евгений Онегиніне» жазған сынын былай деп бастайды: «Шынымызды айтсақ, «Евгений Онегин» сияқты поэманы сын көзімен талқылауға едәуір жүрексінумен кіріскелі отырмыз. Бұл жүрексінудің толып жатқан себебі де бар. Онегин, ақынның жүрегін жарып, өзегін тіліп шыққан еңбегі. Алған геройында ақынның өз қара басы айнымай, бұлжымай, ашық-айқын көрініп тұратын аз еңбектердің бірі осы. Мұнда ақынның өз өмірі, ақынның өз жаны, өмірді қалай сүйетіндігі, ақынның барлық сезімі, түсінігі, идеалы барынша толық берілген», – дейді. «Абай» романы туралы да мен аз ғана бұрып, аз ғана өзгертіп, Белинскийдің осы сөзін айтар едім. Романдағы жас Абайдың қоғамдық қоршауы, дарынды жастың ішкі сыры-мінездері, ой-тілегінің өсу беті, әр оқиғаны сезінуі мен бағалауы сол жастағы жас Мұхтардың өз өскен ортасы, өз мінезі, өз тілегімен сонша-ақ шектесіп, сонша-ақ іргелес жатқандай көрінеді. Екеуін айыратын нәрсе – мән-мағынасы тұтас өзгерген дәуір, екі түрлі заман ғой деп ұғынамын. Бірақ, мына романдағы Абай жасындағы жас Мұхтардың өзінің ой-тілегінің өсуін алсақ, сөз жоқ, осы романдағы салалармен келеді ғой деймін. Олай болса, Мұхтардың «Абайына» шын мағынасында сын айтуға мен де жүрексінемін. Әлгі айтқан «түсінсем екен» деген ойдан туған өз ұққандарымды айтпақпын дегенім – дәл шыным. «Абай» романын неше рет қайталап оқысам – сонша, әрдайым жаңа бір ой, жаңа бір көркемдік, бұрын оқығанда байқалмай кеткен тереңдік табам. Көбінесе, өз шығармаларымдағы кемшіліктерді түсіне түскендей боламын. Мұнымды жалған сыпайылық деушілер болса, «өзің де қайта бір оқып көр!» дегеннен басқа айтарым да жоқ. Өйткені, біреудің тән азығы үшін қазанына не салатынын, жан азығы үшін не тілейтінін тексеру менің жұмысым емес екені рас та болса, тіл алса, «Абай» романын тереңірек ұғынып, бақылай оқығанын мақұл көрем. Енді менің өз ұққандарыма келетін болсақ, «Абай» романы ең алдымен, ең іргелі жазушымыз Мұхтардың жиырма бес жылға толған жазушылық еңбегінің негізгі қорытындысы сияқты. Әдебиеттің әр саласында, әр
кезде, әр жолмен айтылып келген ойларының сарқып құйған шалқары осы «Абай» дер едім. Драмаларында, әңгімелерінде жасалып келген әр алуан образдары, елінің ой-санасын өсіруге арнаған тілектері, бәрі басын қосып осы романда, әбден өңделіп, армансыз айтылған. Өткен заманның оң-терісін, үлкендігі мен болымсыздығын, қараңғысы мен жарығын, жұдырығы мен ойын, қысы мен жазын, барынша толық көрсете алған роман бізде осы ғана! Оның үстіне, өткен заман, үлкен бір дәуір, «солай болыпты ғой» деген киіз кітап-жабайы жорамалмен сырттан піше салған тон сияқты емес бұл. Бүгінгі тарих ғылымына сүйене отырып, бүгінгі әділ көзқараспен, бүгінгі жаңа қоғамның тілегіне арнап, болашақ үшін де құны түспес қазына қоры жасалған. Бұл күнге дейінгі көп шығармаларымыз: «Кел, кедей, басың қос жалшымен, Байларды қойдай қу қамшымен» – деген сарынның аңғарымен ғана жазылып, өткен заманның елдік сырларын, ой өрісін, ол үндерден де алатын өнеге барын аша алмай, бәрін «қарақұлақ» деп, безіп келген. Кезінде дұрыс беттің ел іргесі бекумен бірге жаңа белге шыққанын аңдай алмай қалып, сол сыңаржақтықпен кете бергеміз. Мұнда қазақ тілінің мамандары да болуы мүмкін, олармен қайта-қайта қайталамасаң, қазақша түсінісу қиын екенін ескеріп, жаңағы ойымды қайталай кетейін: «байларды қойдай қу қамшымен» сарынына еріп, біз арғы кезде бардың бәрін теріске сайып, безіп келдік. Халық шығармаларын жауып тастап, Абайдың өзін көп қатын алған феодал, аға сұлтан болған Құнанбайдың баласы деп, жиырма жыл бойы маңымызға жақындатпадық. Ал, Мұхтардың «Абай» романы – әрі бүгінгі тілектен туған, әрі бұл күнге дейінгі бұл жөндегі қатемізді түзеп берген бірінші еңбек. «Абай» романы жаңа ұранмен көтерілетін Аманкелді қозғалысынан бұрынғы үлкен дәуірді, кесек бір кезеңді алады. Бұл патшаға әбден бағынып, елдің ендігі әрекеті сол патша билеген дәуірдің, сол жағдайдың өз ішінен ізделетін кезі. Күркіреуі басылып болған Кенесары қозғалысын қайтадан тірілтем десе, не болмаса, толғағы жетпеген Аманкелді қозғалысын қолдан тудырам десе, Абай тарихи жағдайдан түк білмейтін, көзсіз надан болар еді. Абайды соған бейімдеймін десе, Мұхтардікі де шындық болмас еді. Ел қамын жеген ойшыл, ақын Абайдың қасиеті оқ жетпес жерге қылыш суыруында болмайды. Мұхтардың қасиеті Абайдың жүзін қызарта түсем деп, шындыққа жатпайтын, осы күнгі ауыз оп-оңай айтса да, Абай заманында алты қырдың астында жатқан, жақсы да болса жалған болып шығатын әрекеттерден Абайды аулақ ұстауында. Бұл – романның тарихи шындығы! Бүгінгі осында отырған жұрт сөгер-ау деп, романдағы Абай өз тұсына дәл келмейтін бір қимыл істемейді. Бүгінгі
жұрт кінәлар-ау деп, Абайдың дәуірі де жалған «революция» жасайтын емес. Пісірмей жатып, аса демеген жазушыға алғыс айта да білуіміз керек. Тарихи шындық деп осыны айтамыз! «Абай» романында ел тарихы өзінің дәл шындығымен, табиғи жүрісімен, жазушының қамшылауы арқылы өтірік шоқақтамай, бар аймағымен тұтаса, бар салмағымен қопарыла, ұштаса келе жатыр. Белинский «Евгений Онегинді» тарихи роман: тарихи роман болғанда халықтық сыр, халықтық мән, бұл шығармада халықтың өзі шығарған халықтық шығармалардың бәрінен де басым» – дейді. Өйткені, халықтың не жабайы күйін көксей беру, не болмаса бірыңғай ғана ат төбеліндей бір топтың мұңын жоқтағансып, ел өмірінің өзге жағын түгел қамшымен айдап тастау, ол халықтық бола алмайды. Әр дәуірдің бар тобын, бар бейнесін, ой тереңдігін, сезім нәзіктігін, тілек мағынасын тұтас, түгел көрсете алған шығарма ғана шын мағынасында ұлттық, халықтық шығарма болады. Осы жағынан алып қарағанда, «Онегин» мен «Абайды» салыстырып қарасақ, елдің ашуы мен кегін, ойы мен сезімін, салты мен санасын, әр таптың, әр топтың адамдарының бейнесін көрсетуде «Абай», әрине, кең жатыр. Өлеңмен жазылған роман мен қара сөзбен жазылған романның арасындағы айырманы мен ептеп аңғарам. Бұл жерде айтқалы келе жатқаным – «Онегинді» ұлттық, халықтық, энциклопедиялық еңбек» деуге Белинскийге олқы келмеген ең көп дәлелді бізге «Абай» романы анағұрлым артығымен береді. Әсіресе, баса ескерте кететін нәрсе, Белинский: Онегин қайнап жатқан өмірден, аққан қан, төгілген жастан, зорлық-зомбылықтан аулақ адам. Оның өмірге бей-жай қарауының себебі де сонда, – дейді. Ал, Абай қайғысы, Абай мұңы, Абай ойлары тап осылардан туады. Оның үстіне бұл – романдағы Абайдың жас шағы, алғашқы адымдары екенін және ұмытпауымыз керек. Сол Белинский – «рас, жеке шабата, қаудыр тонның ой мөлшерімен қарасақ, көп нәрсеге бойлаймыз, шығарманың көп қасиетін таба алмауымыз мүмкін» – дейді. «Олар үшін қара балтамен долбарлай салған бірдеме, қатын-қалаштың шаң-шұңы, мұжықтың боқтасуы, ұлттық қасиет, халықтық мінез болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бізді алға сүйрейтін ой осы топтікі болса, онда біз көткеншектей берер едік, – дейді. Шынында да, шыққан табы жақсы, не болмаса, өзі адал еңбекші деп, қатардағы колхозшымен, қарабайыр жұмысшының, не болмаса халықтың қызы деген боп, үй бағып қалған әйелдеріміздің ойларын үлгі көрсек, әдебиет өсе алмайды. «Абай» романының біздің дәуіріміздегі көп топтардан өресі биік жатыр. Әдебиетіміздің әр саласы ер жетіп, тұтас алғанда мәдениетті әдебиеттің қатарына қосылып келе жатқан кезінде заңды жолмен, кезінде
туған, жаңа белді меңзейтін үлкен арналы, мол қасиетті еңбегіміз деп осы «Абай» романын айтуымыз керек. Әдебиетіміздің көркем қара сөз, поэзия, драматургия сияқты барлық саласын түгел алғанда «Абайдай» шығарма бұл күнге дейін бізде болған емес. Бәріміз де жазушымыз, бәрімізде де күндеушілік сезім жоқ емес, жамандағанды ешкім жақсы көрмейді. Бірақ, үлкен істің үстінде, қараулық етіп, көз жұмсақ, ол барлық әдебиетімізге содырын тигізетін қылық болады. «Зависть родная сестра соревнования, следственно, хорошего роду», – дейді орыс халқы. «Завидую» дегенді әлдеқашаннан бері жақсы мағынада айтады. Пушкиннің айтқанын қазақшалап – «күндеу-бәсеке» – жарыстың бір саласы» деп, күндеймін дегенді жақсы мағынада ұғынатын болсақ, бәсеке – жарыс арқылы біз де алға қарай тез аттар едік деймін. «Абай» – қазақ совет әдебиетінде «роман» деген үлкен мағынаға толық жауап беретін бірінші роман. «Абай» романын «Шакір – Шакрат», «Мұңлық – Зарлықтармен» бірге атауға Есмағамбеттің қалай ұялмағанына таң қалам. Бұл мағынада бірінші роман дегенге қызармайық, жолдастар. Пушкиннің алдында орыс халқының неше ақыны, қанша жазушысы жатқанын жақсы білесіңдер: Ломоносов, Карамзин, Жуковский, Державин, Крылов және толып жатқан «мектептер» бар. Орыс әдебиеті дүниелік әдебиет ағымдарының бірнешеуін басынан кешірген болатын. Оның үстіне Италияда бір-ақ поэма бар («Босанған ерусалим»), Францияда біреу («Генриада»), Германияда біреу («Мессиада»), Англияда біреу («Жоғалған жұмақ»), Римде біреу – («Божественная комедия»), гректерде екеу («Илиада», «Одиссея»), грекпен бірге бізде де екеу (Херасковтың «Руссиядасы» мен «Владимирі») деп орыс халқы дұрыс мақтанатын. Бірақ, «Евгений Онегинді» орыс халқының шын мағынасында бірінші романы деуге Белинскийдің көп дәлелі бар еді. Өйткені, роман деген үлкен мағынаға бар тұлғасымен толық жауап беретін шығарма сол «Онегин» болғасын айтқан. Мұхтардың «Абай» романы туралы біздің қазіргі жағдайда мен соны кесіп айтамын. Есмағамбеттің роман деп атаған «Көк үйдегі көршілері», «Тулаған толқындасы», «Менің мектептерім», «Балуан Шолағы» – бірнеше рет қайта суарып, қайта пісіруді керек ететін нәрселер. Бұл шығармалардың әрқайсысының өз маңызы, өз орны бар. Әрқайсысының өз бағасы бар. Бұларсыз «Абай» романы мүмкін, тумаған да болар еді. Осылардың бәрі қосылып, бүгінгі өсіп, ер жеткен қазақ әдебиетін жасап отыр. Бірақ, бұлардың бірі де «Абай» емес, теңдесе алмайды. Ой адал да, тілек олақ орындалған шығармалар бұлар. «Абайдай» шығарма бұл күнге дейінгі бүгінгі қазақ әдебиетінде болған емес. Олай деуге мынадай себептерім бар: 1) Үлкен бір дәуірдің бар тұлғасын, адамдарының ішкітысқы ерекшеліктерін, қазақ деген елдің елдік дәрежесі шынында қандай
еді, тарихтың қай сатысында тұрған ел еді, осының бәрін «Абайдан» толық көресің, түсінбегенің болса толық түсінесің. Бұл ең алдымен қазақ халқының елдігі, ой-санасы өскен елдігі жайындағы роман. 2) «Абай» арқылы, сол дәуірдің өзін де, ол дәуірдің ар жақ-бер жағын да жете ұғынуыңа болады. 3) Революциядан бұрынғы қазақ халқының әр тобында, қандай ақсылық, қандай бейшаралық бар еді, Мұхтар соны әділ сыншының, үлкен жазушының дәл таразысына салған, дәл көрсете алған. 4) Абайдың жас кезінде суреттеу арқылы, жаңа келе жатқан жас ақын, жас ел қамқорының көріп, бағалауы арқылы бір елдің іші-тысын түгел көрсетіп, болашақ үшін айнымас, бұлжымас қор жасауға тырысқан. 5) Жазушының басынан-аяғына дейін бір мүдірмейтін әрі ойлы, әрі көркем тілі, Әрі алған тақырыбына лайық, әрі алған адамдарына лайық, ылғи ағылып отырады. 6) «Абай» – әрі шын мағынасында қазақ халқының шын өмірінің шын бейнесін көрсете алған ұлттық роман, әрі мәдениетті елдердің жақсы деген қай романымен болса да салыстыруға болатын роман. Мінекей, тап осы қасиеттер біздің бұдан бұрынғы әдебиетімізден алақұла табылса, «Абайдан» түгел табылады. Әлі орындай алмаған ісімізді Мұхтар орындап шықты. Белинский былай депті: «Волганың ұлы өзен болғандығы оған кеп барлық тармақтарымен Ока мен Кама өзендерінің құятындығынан екені даусыз. Волганың суын зерттеп, қай тамшысы Окадан, қай тамшысы Камадан екенін айыруға да болмайды. Бірақ, Волганы Камамен теңеуге де болмайды», – дейді. Меніңше «Абай» туралы да осыны айтуға болады. Біздің өскен әдебиетіміздің қай саласын алсаң да, «Абай» романы бәрінен де биік, бәрінен де терең жатыр. Бұл қазақ совет әдебиетінің жаңа биігі, жаңа белі. Бұған таңданатын тағы жол жоқ. Өйткені «Абай» романы үш түрлі үлкен жағдайдың бар кезінде туды: 1) Қазақ совет әдебиеті өсіп, іргесі бекіген кезінде «Абай» заңды жолмен туған роман. «Абай» жаңа әдебиетіміздің жеткен жерінен басталған да жаңа белге шығып аяқталған. Енді сол жаңа биікке шығып алып, бәрімізге де «көтеріл, бері көтеріл!» деп қол бұлғап тұр. 2) Мұнда қазақтың сонша қорлы ауыз әдебиетінің де әсері бар. Бірақ, сол бар күйінде алына салған не бір мақал, не бір мәтел-нақылды «Абайдан» таба алмайсың. Мұнда халық шығармаларының, билер шешендігінің келісімді түрі болса, Мұхтар соған толымды мағына берген: мағыналы ойы болса, келісімді түр берген. Басқа көп жазушыда өз шығармасын ажарлау үшін халық аузындағы мәтел-мақалдарды сол тұрпатымен ала
салатын әдет болса, «Абайда» ескі үлгімен айтылған жаңа нақылдар, жаңа ойлар бар. 3) «Абайды» жазғанда Мұхтар өзіміздің ұлттық әдебиетіміздің шеңберінде ғана ойланбаған. Орыс әдебиетінің, орыс тілінде бар дүниелік әдебиеттің тұрғыларынан қарап жазуға тырысқан. Ұлттық әдебиетіміздің өсу тілегі ер жеткен мәдениетті әдебиеттердің сатысына көтере алсаң ғана шешілетінін қолдан келгенше көздей отырған: Бір жерде Белинский былай дейді: «Бедна та народность, которая трепещет за свою будущность при всяком соприкосновении с другой народностью» – дейді. Мұхтар шын мағынасында үлкен бір ұлттық қор қосуға отырғанда тек қана байырғы даңғылдың сорабымен тарта бермей, бүгінге дейінгі дүниелік әдебиеттік жақсы үлгілерімен жазған. Әбден ұғынған, бойына әбден сіңген, әбден сенген үлгілерге сүйенген. Бірақ, ешбір үлгіні көшіріп те алған жоқ, еліктеген де жоқ. Бұл – жазушының өз өзегін өртеп, өз жүрегін тербетіп шыққан өз еңбегі! Үлкен шығарма берем дегенде әр жазушының мүддесі осы болу керек. Осыны ұғынсақ екен деп тілер едім. Күні кеше ғана үлкен бір жазушымыз «Дегенмен «Абайға» еліктеуші аз болады» деді. Бұл дұрыс сөз, еліктеуші аз болады. Бірақ, арман еліктеуде емес қой! Еліктеп Абайға жеткен, Пушкинге жеткен кім бар? Ол былай тұрсын, атақты сыншы Белинский – «ғажайып өлеңмен жазылған «Горе от ума» орыс комедиясының өлеңмен жазылу мүмкіндігін біржола құртып кетті!» демей ме? «Грибоедов бастаған істі жалғастырып әкету үшін аса бір кемеңгер дарындылық керек!» демей ме тағы да? Мұндай, комедияның орыс тілінде жазылу мүмкіндігін бір жола құртып кетті деген, өте терең мәні бар сөз. Міне, дәл бір ғасыр бойы айнымай келе жатқан шындық. Бірақ, бұл Грибоедовқа айтылған кінә емес қой! Бұл оның жазған шығармасының қандай биікте тұрғанын ғана көрсетпей ме? Олай болса, еліктеуші аз болады деп, Мұхтарды қалай кінәлай алармыз? Осында біраз сыншыларымыз «Абай» тарихи-салт ғұрыптың романы ма, тарихи-қоғам құрылысының романы ма деген сұрау қойып «тарихи-салт ғұрыптың романы» деген жауап берді. Осыған байланысты романның аты «Құнанбай» болу керек деді. Енді осыған келелік. Мұхтар романын шын түсінем деген кісінің қолына романның кілтін де берген. Бірақ үстірт қараса ол кілтті таба алмайсың. Ол кілт мынау: «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген әрбір бөлімнің аттары. Осыны біріне бірін жалғап, бір саты өтсең, қат-қабат, шытырмандар арқылы, бел-белеске, өрге, қияға шығып келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге бұл Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан
ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Сонда Абайдың жолы – «Қайтқанда, қат-қабатта, шытырманда, бел-белесте, өрде, қияда болады да, Құнанбайдың жолы – «қияда, өрде, бел-белесте, шытырманда, қат-қабатта, қайтқанда» болады. Бірі көтерілу, бірі түсу-төмендеу жолы. Үшінші, бұл Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы. Ал осы қат-қабат, шытырман, бел-белес, өр-қияның бірінде қоғам ішіндегі тартыстан тыс жатқан бір әңгіме бар ма? Жоқ. Бәрі де ел ішінің билеу-билену тұрмысынан туып, барған сайын асқынып, шиеленісе беретін тартыс емес пе? Біраз жолдастар кітапқа әр кезде жаңа бір оқиғалар кіріп кетеді де, не адастырып, не солғындатып жібереді дегенді айтысты. Мұның ішінде адастырып кетеді дегені ғана дұрыс, солғындатады дегені түгел қате. Адастырып дегеннің дұрыс екендігі – біздің оқушылардың көбі өз ойынша «қызықты» деген бір ізге түссе, енді содан айрылмасам екен дейді. Ал, тамырласып, тұтасып, үлкен бір таудың әр жотасындай болып жатқан оқиғалардың барлығы бір-ақ идеяға бағынып жатқанын аңғармай қалады. Шынында, «Абайдағы» ас, көш, қонағасы, құдалық, ұрын бару, бәрі де ел ішіндегі қоғамдық шытырмандардың, белдес күрестердің тілегінен туып жатқан, қазақ елінің өз дәстүріне дәл келетін жиналысы, сөз байласуы, жұрт жинасуы, от тастауы, өрт сөндіруі емес пе? Еске сала кетейік – Абай мен Құнанбайдың кездесуі, дәуірлеп тұрған әкенің үміттенген баласы Абайға салқын ғана амандасып, жалғыз көзі жақындай берген бес-алты салт атты ру басыларына қарап тұрған кештен басталатын еді ғой? Кітаптың аяғында сол Құнанбай жеңілгендігін әбден сезіп, тұнжырап, күрсініп отырып қалмай ма? «Дөң басында ауыр оймен жалғыз отырып қалған Құнанбай қиналған күйде. Тағы жеңілді. Баладан ғана жеңілген жоқ. Ендігі өмір меңдеп барады. «Әлсіредің, тозарлық шағыңа жеттің» деп, тықсырып кеп шетке қағып барады. Өз баласының аузынан естіген үн, сол бір «дәуренің өтті» деген суық сарынның қатаң лебі еді» демей ме Мұхтар? Ал, бұл жеңіліп отырған жалғыз Құнанбай емес, әсіресе, әке Құнанбай емес, бір дәуірдің үстемдігі, ру жігіне сүйеніп, қазақ елінде сол рудан бөлінетін үстем тап екенін дәлелдеудің керегі де жоқ қой деймін. Мұхтар Абайдың бұл кездегі өмірін түгелімен ел ішіндегі әлеуметтік тартысқа құрған. Әлеумет тартысының қай түрін алсаң да, еріксіз әкеліп Абайдың сынынан өткізіп отырады. Романда сала-сала болып келетін тартыстың Абайға соқпай, Абайдың көзқарасын анықтамай кететін бірі жоқ. Абайды өсіретін де, барған сайын қалың бұқарамен, елмен арасын жақындатып келе жатқан да – сол ел ішінің күресі. Ал, ел ішіндегі қоғамдық күреске Мұхтар қалай қараған? Меніңше, диалектикалық даму теориясына да, елдің өзіне тәндік шындығына да істелген ешбір қиянат жоқ. Мына нәрселерді қайтадан еске алайық:
Кітаптың басында ғой, әлді-белді рулардың ақсақалдарына сүйеніп, екінші мағынада айтқанда өңкей белділер әлсіз руларды жентектеп жатыр еді: жемтік үстінде осы өктем топтың өз арасына кірбең түсіп, ұлғая-ұлғая бұлардың өзі іри бастады. Күрестің бас кезінде аз рулар қарсылығының басында Байсал, Байдалы, Бөжейлер жүретін еді. Кітаптың дәл аяғына жақындағанда халықтық, бұқаралық күреске Сүйіндік, Байсалдар жарамай, ере алмай қалды да, шын-ақ белдескен күреске Әбілғазы, Қараша, Балағаздар түсіп кетті. Екінші, аз да болса өзгерген заманның қолма-қол тартысына жүрексіне қарау Құнанбайдың ойына да орнап қалыпты. Ол енді үстемдік тізгінінен айрылмауды Тәкежанға тапсырды. Бұқара қозғалысы, әуелі танып келіп, аяқтай келе Құнанбайдың өз қорықтарын басып алуға, өзіне қол салуға, малын ұрлауға соғады. Бұл ұрлық емес, Құнанбайдан елдің кегін алу, кеткенін қайтару екендігін әбден ұққан Абай Әбілғазы, Қарашаларды іздеп, Семейге барып, бұл істің қоғамдық шын мәнісін өзі ашып береді. Мұның аты ру деген бір түсініктің өзі әр тапқа бөлініп, Абай жақтайтын қара бұқараның санасезімі жаңа бір сатыға шыққанын көрсетеді. Табы да, тобы да басқа Абай енді сол шын бұқараның сойылын қолына алса, жас Абайға артық қойылатын тілек қайсы? Осының бәрі «Абай» романын қоғамдық құрылыстың тартыстарын толық көрсететін тарихи роман етеді. Мұхтар алдына қойған нысанасынан таймайтыны сонша, оқушы үшін шын-ақ қызықты Тоғжан, Қуандық әңгімелерін де аяқтамайды. Тоғжан мен Қуандыққа келесі романында да оқта-текте соғып кетіп, жаныңды ашытатынына дауым жоқ. Оны мен де іздеймін. Бірақ, мәні зор ел ішінің тартысынан жазушының алыстамауы, осы беттен айнымауы – бірінші тілек. «Абай» романында алынған адамдардың бейнесіне келсек, мұнда аты аталған адамның өзін оқшаулап тұратын ерекшелігі берілмей қалған біреуі жоқ. Сүйіндік – жалтақ; Байдалы – табанды, қырыс адам. Бөжей – сыр бермес, Қаратай – жеңген топтың қасында. Құйрығына құмалақ тығылатын Майбасар, Жұмағұл, Тәкежан, Қамысбайлар – патша үкіметінің жасаған болыстығының маңында болатын мансапқорлар; ол кезде елге жаңа кіріп келе жатқан, аяғы кешегі біз көрген «кансарал» маңайында жүретін адамдар. Зере – ел анасы, Ұлжан – соның жалғасы. Сары апаң – Сәбит айтқандай, мемлекет адамы емес, үстем рудың әрқашан өзімдікі дұрыс деп, қисыны келсе-ақ қарсы дау соғатын кеуделісі. Тағытағылар. Бұлардың бәрінің жиынтығы, сақасы сияқты Құнанбай сонша сұм, сонша аруақты, сонша бір кесек образ! Абайдың өзін алатын болсақ – бұл бұқара халықтың тартқан жапа, көрген қорлық, төккен жасынан туған, ел тілегіне жаңа жолдар, ел болашағына жаңа бағыт іздеген, әзір таппаған, бірақ қайдан табатынын, дәл сезіп болған, ел басы, замана жасы. Құнанбай – елдің тоқырап қалған, өз биігінен аса алмаған ескі
ойы болса, Абай – елдің алысты болжай алған, ілгері сүйреген ойы. Бұл романда жаңа заман адамы Абай ескі дәуірдің адамынан биік емес деген жолдастар жұдырық күшімен, сатырлаған сойыл дауысынан Абайдың айғайы аса алмай жатыр дегенді ғана айтады. Бірақ, Абайдың әр байлауында, әр толғауында жатқан терең мағынаны не ескермейді, не болмаса, оны «оқиға» көрмейді. Ойлы ақын келе жатқанын, жұдырық емес, ой көсемі келе жатқанын, мұның ел бастар күші қара жұдырығы емес екенін аңғармайды. Бұл жөнде атап айта кететін тағы екі топтың адамдары бар. Біреуі – Тоғжан. Тап Мұхтар жазып отырған дәуірдің тұсында қазақ елі түгіл, бүкіл күншығысты тұтас алғанда да, талай үлкен адамдардың түсінігі үстірт болатын. Өзгені былай қойғанда, бұқарашыл, демократ, халықшыл, елді өнер-білімге жетелеген Белинскийдің өзі дәл 1845 жылы күншығыс туралы былай депті: «Күншығыс – адам баласының бесігі, табиғаттың үстемдік алып жатқан жері. Шығыс адамы – табиғат баласы. Бала боп табиғаттың көкірегінде туады да, сол көкіректе кәртайып өледі. Шығыс әлі де сол табиғатқа бойсұнған, айуандыққа бейім қалпында. Шығыста ғашықтық деген өзінің ең төменгі басқышында мәңгі бекіп, қалып қойды. Шығыста ғашықтық деген табиғаттың негізгі заңы бойынша, әйелдің еркекке, еркектің әйелге құштарлығы – екі жыныстың болашақ үрім-бұтақтың тоқталмауын ойлап, сұқбаттасуы». Осыны айтқан Белинскийден сол кезде қазақ халқы туралы не ойлайсың деп, сұрай қалсаң, сөз жоқ, бұдан да сорақы бір нәрсені айтар еді. Абай мен Тоғжан арасындағы сүйіспеншілікті сонша нәзік, сонша таза, сонша терең етіп берген Мұхтар бұл жерде қазақ елі сияқты елдерге сырттан жабылған жаланы да сол бір қысқа ғана суретпен аршып тастайды. Әңгіме, бұл жерде ғашықтық жайында емес, қазақ халқының сезімінің қанша нәзіктігі, тереңдігі жайында екенін айтпаса да болады ғой деймін. Бірақ, бұл өте маңызды нәрсе. Ой тереңдігі, қоғамдық тартыстардың мәнділігі, сезімнің нәзіктігі, бұлар бірі мен бірі толықтанатын, бірінсіз бірі шындық болмай шығатын мәселелер. Тоғжан образына жеке тоқтап жатқан себебім де осы. Енді бір тоқталатын топ – Балағаз, Қараша, Базаралы, Әбілғазы, Дәркембай, Каумендер. Ел-ел дейміз де, елдің тілегін жаңа кезеңде жаңаша көтеріп атқа мінген жастарын ескермей кетеміз! Шынында ел арасындағы ендігі тартыстың бұқаралық тобының алдында байға еріп жүретін осы топ емес пе? Жазушыға әр сөзіне бір қарауыл қойып, әр ойыңды салақтатып айт демесек, бұларды көрмей кету лайық емес. Манағы айтқан, Құнанбай түсіп бара жатқан сатымен Құнанбаймен бірге құлдилап, Сүйіндік, Қаратай, Байсалдар төмен кетіп бара жатса, сол сатымен Абайға еріп етектен қияға қарай Балағаз, Қараша, Базаралы,
Әбілғазылар шығып келе жатыр. Жаңа мазмұнға көшкен күрестің бірінші айқасы Балағаздардың жер аударылуымен аяқталды. Сонымен бірге олардың түп қазығы, ой ордасы Абай Семейге орнап, бұрынғысынан да күшейе түскелі тұр. «Жеңдік» деген тобы жеңгеніне сене алмай алақбұлақ етумен қалып барады. Ал, Балағаздар қыл жалы тікірейіп, айбар шегумен кетті. Бұлар бұдан да күшейе түседі, бұл топ өсе түседі. Он жылдық өмірдің ішінде үстем бір топтың жүні жығылып, әлсірей бастағанымен, үнсіз топтың, бұқара көпшілігінің үстем топпен қарсыласуға жарап қалғанын көрсете алған романға бұл жағынан қояр кінәм жоқ. Романның басты міні, үлкен кемшілігі деп мен мыналарды айтқым келеді: Ел бойынан арылмаған әлі де көп тағылық барын сипаттайтын біраз нәрселер бар. Олар Қодар мен Қамқаның түйеге асылып өлтірілуі; оларды таспен ұрып, тағы жандардай жанштаулар. Және елдің ендігі сапы деп саналатын екі жас жігіттің келіншектерін айырбастаулары. Ендігі белгілі бір жоғарғы сатыда тұратын халықтың барлық бас көтергені, өз дәуірінің ақыл-ойы, саналысы саналған адамдардың күнәсіздігін біле тұра бір момын жан Қодар мен күнәсіз Қамқаны сонша өрескел түрде езгілеп өлтірулері, жалғыз Құнанбай тобына емес, ел атына да үлкен мін келтіреді. Оның үстіне, әлсіз рулардың жерін тартып алу үшін Қодар өлімінің Құнанбай үшін керегі жоқ. Сол оқиғадан кейін, Бөкенші, Борсақ, Жігітектің жайлауы мен қыстауларын тартып алғанда Құнанбай көзі тірі екен деп ешкімнен именген жоқ қой! Құнанбайдың именгені сол Қодар болып па? Құнанбайдай әкім шыққан, Абайдай ақын шығарғалы келе жатқан елге, ой-санасы, ішкі сезімдері жоғары бір сатыда тұрған елге тап осы қылықтар лайық емес. Мұндай қанды оқиғалар болмапты, болуға мүмкін емес демеймін. Елдің әдеті емес деймін. Осы бір тым өрескел қылықтар елдің елдік қасиеттерін басқа жағынан қанша көтере көрсетіп келсең, соның барлығын бір-ақ сайып жібереді деймін. Әсіресе, басқа тілге аударылғанда – «Е, еліңнің шын мінезі осында ғой!» дегізе алады. Бұлар сияқты сыртқы әсер емес, ішкі терең сырларға құрылған романға, мұндай ұр да жық оқиғалар керек емес сияқты. Романның ішінде антұрған Оспан өрескел бір қылық көрсетіп, әдейі әкесіне естірте «тырқ» еткізгенде отырған жұрт: Қап, мынау абыройсыз, бар абыройдан бір-ақ айырылды-ау десіп қалады. Сол сияқты, Қодар мен Қамқаның түйеге асылып өлтірілуі, екі жас келіншекті қимау жоқ, шіміркену жоқ, айырбастаса салулары, елдің көп абыройын бір-ақ төгетін қылықтар деймін. Ұсақ-ұлан кемшіліктерден мыналарды атар едім: 1) Тоғжаннан кейін Ділданы алғаннан кейін, Абайдың Қуандық
қызға оп-оңай айқаса кетуі арзан мінезге жатады. Меніңше, бұл екеуінің арасындағы жақындық шегі — оқтанып барып, тоқтау, қақтыға жаздап, шалқайып кетуден әрі кетпеу керек сияқты. 2) Мұхтар романында «Құнанбай ылғи орағытып, тұспалмен сөйлейді, ұтқыр сөйлейді, өзі айтып, өзі кесіп, басқаларды тек еріксіз мойындатады» деп келеді. Бірақ, Мұхтардың осы бағасына лайық сөздер, шешендік тұспалдар Құнанбай сөзінде сонша мол емес. Құнанбай сөздері көбінесе істер ісінің жабайы түрін ғана сипаттай алады. Ұтқыр мағынадан гөрі әкімшіліктің тізесін, күшін көрсетеді. Мағына жағынан Байдалы мен Сүйіндік, Бөжей сөздері астарлы жатады. Мен Құнанбай айтар сөздерді әр жерінде өңдей түсу керек дер едім. 3) Бұл романда Мұхтар біріне бірі ұқсас ру, қыстау, жайлау аттарын көп қолданады. Романның қоғамдық тартыстары ру жіктерімен байланысып жатқан кезде бұлай ету орынды да, керек те. Ал, келесі романда, әңгіме таптық, топтық мағынаға көшкенде бұл жағы азаюға тиісті. 4) Мен Мұхтардың «Абайы» қазақ тілінің өңделуіне, әр сөз өзінің дәл мағынасын тап басу жағына, сонымен бірге көркем айтылуына өте үлкен еңбек сіңірген дегенді айттым. Басынан-аяғына дейін бір мүдірмейтін әрі ойлы, әрі көркем тілі құйылып отырады дедім. Мұхтар қазақ тілін байытамын дегенде тек қана қазақ сөйлемінің ізімен кете бермеген. Кейбір ойларын орысша сөйлем құру жолымен де жазған. Бұл әбден дұрыс. Ешбір тіл өз шеңберінде ғана өсе алмайды; екінші, тілдің өсуі ойдың өсуімен байланысты. Бірақ, Мұхтар да бұл жөнінен анда-санда сүрініп отырыпты. Мысалы: 1) «Аласа, тақыр, бірақ тығыз бетегемен жайнаған» (30), 2) «Қызыл, сары, көкшіл түстермен құлпырып жайнайды» дейді Мұхтар. Қодар туралы «өмір мен уақыт бүлдірген бір кәрі» дегені қандай жатық, қандай тән сөйлем болып естілсе, «бетегемен жайнаған», «көкшіл түстермен құлпырып жайнайды» деген сөйлемдер сонша аударма тіл, орысшадан аударма тіл сияқтанады. «Осы сөз бүгін де Қодарды ызамен қайнатты» (33). «Өзге отырғандардың барлығы сөздің салмағы мен түйінін өз арқаларынан сезгендей боп...» (20). «Осының бәрі, өз ортасын бойымен басып жыға беруге себеп болатын» (23). Осы сияқты сөйлемдердің анда-санда кездесіп отыратыны бар. Әрине, бұл – орысша ойлап, қазақша жазғандықтан, туған, аударма тілдің әсері. Романды бұдан тазарту керек, ол және оп-оңай. Осы ойларды қазақша сөйлем құрылысымен айтудың түк қиындығы жоқ. Осылары болмаса Мұхтардың, тілі, тілінің көркемдігі, мағыналылығы туралы: «Цицеронға ешнәрсе қосуға болмайды, Демосфеннен ешнәрсені алып тастауға болмайды», – дейтін Европаға түгел белгілі мәтелді айтар едім.
Абайдың өзінің идеялық өсуі жөнінде Есмағамбет бір-екі нәрсеге ренжитінін айтты: 1) Құнанбай Қарқаралыға мешіт салдырғанда Абай соған қарсы болмай, мешіттің игілікті бір іс екендігін жақтау керек еді дейді. Бұл пікірді дәл мағынасына жеткізіп айтсақ, Абай дінді жақтау керек еді деген болып шығады. Ойы дұрыс па? Әрине, қате. Күні бүгін мешітке, дінге еркіндік беріп отырсақ, ол Маркс пен Лениннің дін туралы айтқандарын қате деп танығандық емес. Ол қазіргі халықаралық саяси жағдайдан туып отырған нәрсе. Тегінде, атам заманғы жайларға апарып, бүгін ғана туып отырған қағидаларды жапсыра салудың өзі – өте бір келіспейтін қылық. Және романдағы Абай Құнанбайдың мешіт салғанына ешбір қарсылық еткен жоқ, тек қана, құдай үйі, адал тілек тілейтін, ойымды күнәдан аршимын деген жері – мешіттің қайдан түскен малға салынып жатқанын білді. Адал жары, ілгері тілеуі Ділда мен құдай делінетін мешіттің парадан түскен малға келіп жатқанына қынжылады емес пе? Мұны істемесе, бұған қынжылмаса, Абайға біз өкпелеуіміз керек емес пе? Есмағамбеттің екінші кінәсі – Абай Алшынбайдың той жасағанына наразылығы, елдің дәстүріндегі сән-салтанатына қарсылығы жоқ. Ата салтымен істелетін істердің бәріне көніп, құшынаштай киініп, үн шығармас күйеу халінде тұрған, сыпайылықтан аса алмай тұрған ғана Абай бар. Ол аз болса, Қаракесек елінің әдеті бойынша – Алшынбай тойында табақты жайқалған жорғамен жүріп тарту сияқты, шын-ақ салтанатты көріністі өз еліне ала келіп, Бөжейдің асында өзі соны істейтін Абай бар. Қысқасы, «мен жаңа адаммын» деп, елдің жақсы салтына, әдет-ғұрпына адырлық істеп тап беріп, шолақ белсендіге ұсап шап беріп жатқан Абай бұл романда жоқ. Тағы бір бүгін туған ойды өткен күнге апарып, қалай болса солай жапсыра салып жатқан нәрсе «мемлекеттік адам» мәселесі. Есмағамбеттің түсінігінше – «Алшынбай ел қамын жеген, ел арасының дәнекері, жалпы қазақтың мұңын жеген адам». «Құнанбай – Иван Грозный». Мұның екеуі де қате. Алшынбай билердің ішіндегі ең жемқоры, патша билеуіне, тақыс-айласына әбден құныкөзденіп алған, Құнанбайдың табақтасы! Ол Бөжейлер мен Құнанбайды татуластырса, Құнанбайдын, ғана туы қисаймауын көздейді. Бөжейге үш жасар Кәмшатты алып беріп, дәнекер жасаса, мұнда тұрған қандай әділет, жалпы қазақтың мұңын жегендік бар? Екінші, Кұнанбайды Иван Грозныйға теңей салу, әрине, қате. Құнанбай қай жағдайда болса да ел ісінің бір тізгініне әбден ие боларлық, мейлінше қажырлы адам. Бірақ, Иван Грозный орыс халқының басын қосқан, елдігін жасап берген адам болса, Құнанбай бұл ойдың маңына да бармайды емес пе? Туысы үлкен адам, бірақ Грозный емес ол. «Абай» романында трагедия, драма жоқ деген де жетпей айтылып жатқан сөздер. Жеке қара бастың драмасы мен трагедиясын іздесең
– ол әке мен баланың арасында, Тоғжан мен Абайдың арасында ең терең драмалар, трагедиялар жатыр. Мұхтардың бұл жаққа тым тереңдемегенінің өзін дұрыс деуіміз керек. Өйткені, оның есесіне ел ішінің трагедиясы, бір жағында зорлық көріп жатқан қалың ел, бұқара, бір жағында сол зорлықтың қақ басында отырған туған әке, Абай үшін аз трагедия ма екен? Менің ойымша, Абай келесі романда да осы ел ішіндегі тартыстың басында болып, қашан да ел трагедиясының, елдік драмалардың ортасында болуға тиісті. Оның үстіне Абайдың өзін де періште етіп көрсетудің керегі жоқ. Өз табынан, өз тобынан оңай ғана ажырай салып, қызыл айғайға баса жөнелмей, қансырап айырылысып, қинала толғануға тиісті. Абайдың қасиеті өз табының тілегінен көп қиналыстар, толғанулар, тәнге-жанға түскен жаралар арқылы жыртылып айрылуында, өз заманынан биік тұруында. Өзгені былай қойғанда Абайдың өз қара басындағы қайшылықтарын да көрсете жазу керек. Абай өз тобының үстем халімен де қиыспай айырылатын болсын, қиналып айрылысуға керек. Оның үстіне, Абай жалпы адамшылықты сүйетін болсын деген пікір тағы шалағай ұғыныстан туған нәрсе. Есмағамбет пен Хажым «Абай Сен-Симон, Фурье сияқты ең алға сүйреген ойдың, адамшылықты сүйген ұлдарына үн қосты, солармен ұрандасты» деп қойыпты әдебиет кітабында. Бұл, әрине, әрі жалған, әрі Абайды мақтаймыз деп даттап алғандық. Барлық ер жетіп, нығайған философиядан Абайдың тапқаны утопия болса, Абайдың қасиеті қайсы? Менімше, Абайдың осы келе жатқан беті әбден дұрыс: әуелі әлсіз руларға бой тартып, ойы өсе келе сол рулардың ішінен қалың бұқара тілегін көтеріп атқа мінген, жаңа тілектің жастарын қасына топтап келеді. Бұлар, әрине, революция жасамайды, бірақ, қалың бұқара тілегінің қорғанышы бола алады. Бұлар, өсе келе, келер бір заманда, келер бір буыны ұлттық қозғалысты Октябрь революциясына жалғастыра алатын дәрежеге жетеді. Манадан бергі шашыранды түрде айтылып жатқан пікірлерімді жинап көрсем, «Абай» романы туралы мына пікірдемін: «Абай» романы бүгінгі қазақ совет әдебиетінің жаңа белі: бұл – «роман» деген үлкен ұғынысқа толық жауап беретін қазақ әдебиетіндегі бірінші роман; «Абай» шын мағынасында Европалық озық әдебиеттердің піскен, сыналған үлгісімен жазылған роман. «Абай» тарихи-қоғамдық тартыстарға құрылған, шын мағынасындағы қазақ халқының бір дәуірдегі шын өмірін, елдігін түгел көрсете алатын роман. Ел өмірін көрсетем деген еңбектер, қай дәуірді алса да, осындай терең, осындай шын, осындай ақылды, осындай нәзік сезіммен жазылатын болсын. Қазақтың әр жазушысы «Абай» арқылы әдебиетіміз жаңа бір сатыға көтерілгенін ескеріп, қолына қалам алғанда, сол сатыға көтерілуді, сол саты арқылы одан да жоғары көтерілуді арман етсе екен деймін!
АЙТЫС ҚАТАРҒА ҚАЙТА ҚОСЫЛДЫ Қазақ халқының басынан кешкен қай дәуірін алсаң да, ақын сөзі ел ісінің туын көтеріп, дем беріп келгенін көреміз. Алыста қалған арғы замандарда туған салт жырлары мен батырлық және ғашықтық жайындағы мол қорды сақтап қалып, бізге жеткізген – ел ақындары. Зырлап ғасырлар, сырғып замандар өтті; ел қалды да, ел үшін айтылған ақын сөздері қалды. Қазақ халқының ұлттық болашағын ойлап, өз алдына іргелі ел болып, ешкімнің босағасына телмірмеуін көздеген басшылары қай заманда да ақын сөзіне қатты сүйенген. Ең алғаш қазақ халқының басын қосып өз алдына мемлекет етуді арман еткен. Әз Жәнібек пен Қасым хан, Асан Қайғы сияқты болашақты болжай білген ақын атамызға сүйенеді. Абылай тұсында Бұқар жырау, Исатай бастаған ұлт бостандығының күресінде атақты Махамбет ақын жұртшылық күресінің басында болды. Кешегі большевик батыр Аманкелдінің қасында топтаған ақын-жыраулар жүріпті. Қазақ халқының әдет-ғұрып заңдарының негізгі жобалары да ақыннан шыққан тақпақ сөзбен, өлеңдік өлшеумен айтылған. «Қасым ханның Қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп келетін тақпақпен айтылған мақалдар осының сарыны. Мұнда, әрине, бірнеше себептер бар. Ең алдымен, қазақ елінде ақынның өте беделді болғанын көреміз. Абылай мен Кенесары шақыртқанда бармай қалған ақындар, сол беделіне сүйенеді де дәл салмақтастар күн туып қалса, қазақ елі атақты ақындарын хандарына да айырбастай қоймаған. Сондай беделді ақынның аузынан шыққан сөзге де жұрт тұтас қол қоятын болған. Екінші бір басты себеп – жазу-сызудың жоқ кезінде, жеке бір іске толғанып айтылған кесімнің жалпы заң сияқтанып қалуы керек болса, ондай кесім ойға нық қонып қалатын тақпақ түрінде айтылған. Осы күнге дейін аттары ел есінде сақталып келген билердің қасиеті сол көркем сөзінде, Әйтпесе әділ айтылмаған биліктер толып жатыр. Сонымен, ақын сөзі – көркем сөз қазақ халқының тарихи өмірінде үлкен орын алған. Ақын сөзі ұл туса бесігінің қасында, ер өлсе қабырының басында болды. Ел ісінің басы-қасында ақын сөзінің өктем түрде бірге жүруі сонау Асан қайғыдан басталып, күні бүгінгі Жамбыл, Нұрпейіс, Доскей, Шашубайларға дейін келе жатыр. Бұл – біздің ұлттық дәстүріміздің бір түрі. Ақындардың ел ісіне өктем түрде қатынасуының бір түрі айтыс деп аталады. Бұл жер жүзінде қазақ халқынан басқада жоқ нәрсе. Көрсетсек –
түсінуі, ұсынсақ – алуы қиын емес, бірақ, бұл күнге дейін басқа елдердің бірінде де болған емес. Айтыс екі ақынның, я болмаса, бірнеше ақынның өлеңмен айтысулары қазақ ауыз әдебиетінің әрі әсерлі, әрі мол бір саласы. Айтыстың көздеген бағытына қарай түрі де бірнешеге бөлінеді. Қыз бен жігіт айтысы, екі ақынның өзара айтыстары, я болмаса, олардан анағұрлым мағыналы – екі елдің ақындарының айтысы. Әсіресе, айтыстың соңғы түрінің жұртшылық ісіне әсері үлкен еді. Қазір Қарағанды облысында басталып, бүкіл Қазақстан көлемінде үлкен қозғалысқа айналып отырған ақындар айтысы жұртшылық ісіне әсер ету сияқты үлкен тілектен туған, үлкен мағыналы іс. Айтыстың бұл жағы бұрынғы ақындарда да кездескенмен, өз алдына бір сала болып, өрістей алған жоқ-ты. Заманы қабағын түйе түскен сайын бара-бара өзара айтыстардан да шығып қалған. Өйткені, ол – аямай сынау, ауырады екен демей, мінеуден ғана туатын. Ал, ел билеген азулы аталар мен патшаның ала мойнақтарына соқтыға беру жыл озған сайын кінәраты мол іске айнала беріп еді. Біз білетін айтыстардың ең үлкені – Біржан мен Сараның айтысы. Арғын мен Найманның елдік намысына тиетін көп нәрселер сонда айтылады. Ол өткен ғасырдың орта кезінде болғанын ұмытпасақ, оның бер жағындағы айтыстардың жұртшылық ісіне арналған маңызы біртебірте әлсіреп, сөне береді. Түрі қалады да, салмақты мазмұны жойылады. Халықтың дәстүріне кіріп, қанына сіңген үлкен бір сынның құйрықжалы күзеліп, құнсыздыққа айналады. Қарағанды ақындары айтысты қайтадан қатарға қосып отыр. Мұнымыз ауыз әдебиеттің көптен бері ескерусіз қалған үлкен бір саласын қазір бүкіл Қазақстан ақындарының арасындағы үлкен қозғалысқа айналдырып, бұдан былай кідірмей өсе алатындығын бір жола дәлелдейді деген мағынада ғана дұрыс болады. Шынында Қарағанды ақындары айтысты тек қана қатарға қосып отырған жоқ, жұртшылық ісіне арналған жаңа мазмұнда, үлкен мағынада, бұрын болмаған, совет жағдайында ғана өріс алуға мүмкіндігі бар жаңа саланы тауып отыр. Қарағанды ақындарының айырықша еңбектері де осында. Кейбіреулердің бұл айтысқа селсоқ қарайтындығы – ақындар айтысының осы сырын жете түсіне алмауларында деуіміз керек. Айтыс – көпшілік арасындағы үгіт жұмысының мықты бір тармағы болып отыр. Бейнелеп айтылған ақын сөзі ойға шегедей қағылады, ойда ұзақ қалады. Нағыз бір жетесіз жан болмаса, бүйірі қызбай, намыстанбай қала алмайды. Өндірісі ақын сынына алынған жұмыскерлер, я болмаса, колхозының міні ашылған колхозшылар, өз қарабасының міні шыққандай ұялады. Мінді жоюға тырысады. Айтыс – ақындар қатарын молайта түсуге де, екшеуге де жол ашып отыр.
Бұл күнге дейін қалтарыста келген Қайып Айнабеков, Сәби Әзденбаев, Көшен Елеуов сияқты ақындарымыз Қарағанды айтыстарының үстінде өздерін жұртқа да көрсете алды, өсіп те қалды. Басқа реттерде көптің бірі сияқты болып жүрген ақындардың ішінде шаршы топқа түскенде құлаштай алатындары барлығы да сол айтыстарда көрінді. Шашубайға төтеп бере алған Көшен, іргелі ақын Сәби мен Ильясты жеңген Қайып бұл айтыстарға дейін көріне алмай, елеусіз жүріп еді. Айтыстың іргесі кеңейіп, Қазақстанның барлық облыстарында да жүре бастағалы, «отырып қалған» талай ақындар домбыраны қолға қайта алғанын көріп отырмыз. Бүкіл республикалық айтысқа сыры кетсе де, сыны кетпеген талай тарландар келуі мүмкін! Сөз жоқ, жаңа басталған істе кемшіліктер де аз болмауы мүмкін. Айтыстың негізгі іргесін жаңа қадап жатқан ақындардың жөппелдемеде мәнін келтірсе де, сәнін келтіре алмай қалғандары да бар. Дағдылана келе айтыстың түрін де құбылтуға болады. Мазмұнға сай әсер, түр, әртүрлі өрнектер табу керек. Атақты ақындарымыздың, әсіресе Біржан мен Сараның шеберлігін тексеріп, үйрену керек болады. Ол алдағы күннің ісі. II Дүние көрмеген, тарих білмеген, өлшеусіз ауыр соғыстың кезінде көп ұлтты, бір тілекті совет елі өзінің рухани байлығының да түпсіз терең, сарқылмас мол екендігін көрсетті. Адам баласының бүгінгі күні мен барлық болашағына жендеттей тиген Гитлерді өзі қазған орына құлатып, өз қанына тұншықтыру үшін ел байлығын да, ой байлығын да түгел салды. Партияның данышпан ойынан туған бұлжымас болжаулар бойынша біздің Қызыл Армияның жауға көрсеткен қайсар қарсылығы ұзамай батыл шабуылға айналып, бүкіл дүниеде қорқып, бұғып қалған елдердің есін жиғызды. Соғыс гүрсілінен құлағы тұнып, өктем шапқыннан есі шығып кеткен елдер қазір бойын жинап күреске бас көтерді. Совет елінің алдыңғы саптағы ақын-жазушылары қазір дүниеге осынша бүлік салып, қала мен даланы қаракүйедей жалап, қырғынға ұшыратқан Гитлерге тарих кесімінің қалай жазылуын ойлау үстінде. Өйткені, Гитлер мен оның қандыауыз ұяластарына дүние білетін жазаның қандай ауырын берсең де, олар істеген қылмыстың миллионнан біріне өтеу бола алмайды. Ел біткеннің елдігін, адамның адамдығын, әйелдің аналығын осынша қорлап, осынша таптаған Гитлердің аршылмас қылмысы мәңгі-бақи өшпейтін болып қаратақтайға жазылып қалуы керек. Ол кесімнің әр сөзі кекке толы жүректен жалындап шыққан жан сөзі болсын. Мұндай шексіз зұлымдық есігін біржола жаба алсын. Бүкіл дүниені қылмыс тұтқыннан босатуда өз елінің қандай үлкен тарихи орны барын жақсы білетін біздің жазушыларда Ұлы Отан соғысына қолдан
келер жәрдемді түгел беруден басқа ой жоқ. Майданда жауынгерлермен, елде еңбек ерлерімен бірге аттану, совет ақын-жазушыларының азаматтық парызы. Міне, осы міндетін жақсы ойлай алған қазақ халқының ақындары заман тілегінің биік шыңына өрлей алды. Халықтық поэзияның алыбы Жамбыл мен оның үзеңгілес серіктері Нұрпейіс, Доскей, Шашубай, Нартай тағы басқаларының айбынды жырлары майданның алдыңғы қатарында жаумен жағаласып жүр; елде еңбек адамдарын қолтықтап, өндіріс істеріне дем беріп жүр. Қарағанды ақындарының бұрынғы табыстарына үлкен бір жаңалық жаңа бір іс тағы қосылды. Ол – ақындар айтысы. Ақындар айтысы – қазақ халқының дәстүріне «атам заманнан бері сіңісіп кеткен, ел ісіне үлкен әсер ете алатын, жақсылықты көтеріп, жамандықты мықтап міней алатын нәрсе. Бұл ауыз әдебиетінің ең бір өткір түрі. Айтыстың өзіне ғана тән ерекшелігі ел мақтанар, абырой әкелер істерді қанша мақтаса, елдікке мін келтірер қылықтарды сонша аямай түйрейтін, әр елдің ұят-намысына тиіп, жүгенсізді ауыздықтап, қисықты түзетер кезі болатын. Әрине, жүгенсіз бен қылықсыз байлар мен патша қойған төре-шөрешенің арасында көп болғандықтан, айтыстың өткір найзасына осы топ көбірек ілінетін. Сондықтан, айтыс ұзақ уақыт қуғынға түсіп келіп, өткен ғасырдың аяқ жағында мүлде сенуге айналып еді. Ұсақ-ұлаң, дыр берме, жеке айтыстар болмаса, бұрынғы үлкен айтыс жабылып қалған. Ал, совет дәуірінде талаптану болғанмен, аяқтанып үлгіре алған жоқ-ты. Осындай қоғамдық істерге әсерін тигізе алатын үлкен айтыс қазір Қарағанды облысында қайтадан туып отыр. Ақындар айтысының басқа жерде емес, Қарағанды облысында қайта туып, тез аяқтанып кетуінің бірнеше негізді себептері бар. Орталық Қазақстан деп аталатын кең Арқа осы күні түгелге жақын осы облысқа қарайды. Елдің арғыдан келе жатқан ұлттық мәдениеті осы орталықта көбірек сақталған. Басқа облыстармен салыстырғанда мұнда халық ақындары да көп. Басқа облыстардан бүгінгі шаруашылық-мәдениет жайлары да анағұрлым басым. Оның үстіне айтыстың қазақ халқының арасында қандай мәні барлығына облыс басшыларының қатты көңіл аударғандығы жаңа басталған істің тез марқаюына керекті жағдайлар жасады. Сонымен ақындар айтысы бұл облыста көпшілік-үгіт жұмысының белді бір тарауына айналып отыр. Екінші бір айта кететін нәрсе, ақындар айтысы ұлттық түрге социалистік жаңа мазмұн таба туды. Бұлардың көтере айтатындары елдің байлықтары, аз уақыттың ішінде құрылған өндіріс алыптарының үздік ерлік істеп жүрген озық адамдары, Ұлы Отан соғысына керек қару-құралдардың әрі мол, әрі тез ендірілуі жайлары. Айтыстың аямай мінейтіні – елде болсын, өндірісте болсын орын теуіп келе жатқан кемшіліктер, істегі желбуаздық, салдыр-салақтық жақтары.
Бұл облыста айтыс кең өріс алды. Ең әуелгі айтыс он үшінші июнь күні Қарағандының екі үлкен шахтасының арасында өтіп еді. (Қайып пен Ілияс ақынның айтысы). Соған ілесе Нұра мен Шет аудандарында колхоздар арасында айтыс етті. Августың он төрті күні Қарағанды мен Балқаш ақындарының айтысы болды. Августың аяқ кезінде Қарқаралы мен (Қайып) Нұра (Сәби) аудандарының арасындағы айтыс басталады. Ақындар айтысының бүгінгі іске қандай әсер беретіндігін көзімен көріп отырған Қарағанды ақындары Қызылорда мен Семей облысының ақындарын айтысқа шақырып қойды. Қазір ол шақыруды қабыл алып, олар да әзірленіп жатқан сияқты. Әуелі облыс көлемінде бірнеше айтыс өткізгелі жатқандарын Қарағанды да хабарланып отыр. Сонымен, Қарағанды облысында қайта туған ақындар айтысы қазір бүкіл республикалық көлемге қанат жайып кетті. Ақындар еңбегінің бұл түрі бұдан да кеңейіп, бара-бара өте үлкен мағана табатынына ешкім шүбаланбасқа керек. Ақындар айтысының бүгінгі жағдайда өте үлкен мәні бар. Айтыс тілі құлаққа дәл тиеді, ойға дәл қонады. Оның үстіне ұзақ уақыт есінде қалады. Ақын тілімен бетке айтылған мін басылған таңбадай болады. Ел тіліндегі теңеулер арқылы дәл айтылған сын еттен өтіп, сүйекке жетеді. Намысты қозғайтын Біржан мен Сараның, Шөже мен Кемпірбайдың, Құлманбет пен Жамбылдың айтыстары осы күнге дейін жұрттың есінде қалған себептері де осында жатыр. Қазақ халқының тарихында ақындардың орны өте үлкен. Сонша бай, сонша әсерлі батырлар жырын, ғашықтық жырын бізге дейін сақтап келген де осы ақындарымыз. Өткен замандарда қазақ халқының басын құрап, өз алдына ел етем деген көсемдері де ақын жырына қатты сүйенген. Өйткені, олар ақын сөзінің ел ісін басқару үшін қандай тіреу бола алатынын жақсы білген. XVI ғасырда қазақ халқының ұлттық туын көтеріп, өз алдына ерікті ел етемін деп талаптанып, басын құраған Әз-Жәнібек пен Қасым хан атақты Асан Қайғыға сүйенсе, он сегізінші ғасырда Абылай хан Бұқар жырауға сүйенеді. Әрдайым ыдырап кетуге әзір тұрған рулардың арасына дәнекер бола алған ақындар елдігіміздің сақталып қалуына үлкен еңбек сіңірді. Исатай бастаған қозғалыста Махамбет ақынның қандай еңбектері барлығы өз сөздерінен-ақ көрініп тұр. Бұл ақындар сол қозғалыстардың желбіреген туы, от жалынды екпіні сияқты. 1916 жылғы қазақ халқының бостандық күресін бастаған Аманкелді батыр да қасына халық ақындарын жинаған. Солардың бірі – осы Омар Шипин. Айта берсек, қазақ халқының қашаннан бері келе жатқан әдет заңы билерінің кесімі, мәтел-мақалдары, жұмбақтары, бәрі де тақпақпен, жырмен – ауыз әдебиет өрнегімен айтылған. Баспасөз жоқ заманда, есте қалауға оңай болсын, бұзылмасын деп әдейі осылай жасалған. Сондықтан
да «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» ел ойында осы күнге дейін сақталып келді. Ғасырлар өтті, әміршілер өтті, ел қалды, ақындардың жыры қалды. Өзінің елдік бостандығы үшін үздіксіз күресте келген қазақ халқының ерлігі ақындар арқылы белден-белді, ғасырданғасырды аттап өтіп, бізге жетті. Қазіргі дәуірінде жаңа мағана тапқан ақындар айтысы, сөз жоқ, үлкен орын алады. Соғыс кезінде өндірісті алға сүйреп отырған ерлерді барлық ел алдында мақтап жырға қосса, барлық кемшіліктерді де бүкіл ел талқысына салады. Бұл жөнінде ешбір жақсы баяндама ақындар айтысымен теңдесе алмайды, ақын сөзіндей ойға шегеленіп қала алмайды. Шын мағанасында халықтың өз ойынан шыққан, ақыны айтқан шындық нысанаға дәл тиеді. Ақындар айтысы неғұрлым қалың бұқараның арасында кең өріс алса, солғұрлым ел ісіне тиетін әсері де күшейе береді. Қарағанды – Балқаш ақындарының айтысы, екі алыптың өміріндегі көп кемшіліктерді ашты. Қарағанды ақыны Көшен Елеуов, Балқаш ақыны атақты Шашубай Қошқарбаев, айтыстан 15-20 күн бұрын Қарағанды – Балқаштың істеріне танысып алып, өз қөздерімен көрген, өз ойларына ұнамаған нәрселерді мінеді. Өндірістің озық адамдарына тұсау салып отырған қырсыз басшылардың кемшіліктерін ашты. Партиямыздың Шығыста көмір мен темір ордасын жасайық деген нұсқауы бойынша аз жылдың ішінде етек жайып, жоғары әрлей жөнелген алыптар бүкіл Қазақстанның көркі екендігін жырлады. Қазақстан Ұлы Отан соғысына қанша мол жәрдем беріп отырса, соның ішінде көмірлі Қарағанды мен мысты Балқаштың үлкен үлесі барлығын көрсете алды. Сонымен бірге, өндіріс белі бекіген сайын, отанымыздың алдындағы борышы да есейіп, жүктері ауырлай беретінін атап ескертті. Ұлы Отан соғысының тұсында еліміз тілейтін жаңа белдерге көтерілуге шақырды. «Советтік Қарағанды», 1943 жыл, 27 август. III Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» – дейді. Ер қазақ халқының талай ғасыр, талай белге созылған елдік күрестерінің қандайын алсаң да, ақын сөзі – өлең, соның бәрінің басықасында болып келді. Елдік мінез, ерлік істердің ізіне қылау тұрғызбай, күні бүгінгі бізге дейін сақтап әкелген де қазақтың халық ақындары. Сонау буалдыр шалған арғы замандардан бастап күні бүгінге дейін,
сан-сапалақ сыртқы жаулармен алысқанда қат-қабат ерлік көрсетіп, жұбын жазбай, қаз-қатар тұратын қазақ батырлары жайындағы мол жырды жазған да, жазатын да сол ақын, жазушылар. Қысқасы, ақын сөзі қазақ халқының әр адымын бірге аттасты. Қазақстан орталық партия комитетінің қаулысы бойынша, жақын арада ғана барлық облыстарымызда, одан кейін республикамыздың астанасы Алматыда өткен ақындар айтысы Қазақстанның саяси-мәдени өміріне тағы бір үлкен оқиға болып кірді: халықтық шығарманың ең күшті саласы – айтыс қайтадан қатарға қосылып, біржола іргесін бекітті. Қара алтын мен түрлі түсті асыл металдардың қордасы – Қарағандыдан, алтынды Алтай мен алма бағы Алатаудан, суы ырыс, жері құт Сыр мен Ертістен, жайылған малдан белі қайысып жатқан қазақ даласынан топ-тобымен келген ақындар, мынау алып соғыс тұсында ел алдындағы азаматтық борыштарын қалай өтеп жүргендерін айтып, бүкіл отанымызға өлеңмен, жырмен рапорт берді. Майданнан сырт отырған елдің еңбек майданындағы ерліктерін жырлады. Сұм жауымыз Гитлер басқыншыларын артына қаратпай айдап бара жатқан ер ұлдарының қан майдандағы ерліктерін жырлады. Бар ісіміздің басшысы, бар ойымыздың бұлағы, Ленин партиясының мәңгі әлсіремес атақты даңқын жырлады. Халықтың поэзиясының алыбы – Жамбыл бастаған қазақ халық ақындары сол толғауынан майдандағы ер ұлдарына сәлемдеме жіберуге ұйғарды. Міне сол ақындар сәлемдемесі! Қазақтың майдандағы ер ұлы, бұл саған, сенің тап өзіңе әдейі арнап жіберілген сәлемдеме. Қашанда қалтаңда болсын! 1944 ж. МАЙДАННАН СОҚҚАН ЖАҢА ЛЕП («Социалистік Қазақстан» газетінің 23 майдағы санында басылған Қасым Аманжоловтың «Абдолла» деген поэмасы, Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлты» туралы.) «Ақындық сөз айтам дегенмен шықпайды, айта алар кезінде шығады». Белинский. Ауыздан шыққанның бәрі ақын сөзі емес. Ойың адал болғанмен орындауың олақ болса, ұнатпадың деп өкпелей алмайсың. Ақын сөзі өзекті өртеп, жүректі тербетіп шығады. Ақыл мен ой, жүрек пен жан тұтас толғанып үн қосқанда ғана шығады. Тақырып идеядан туады. Тақырыбың жаңа болғанмен, идеяң ескі
болса, шығармаң да ескі. Тақырыбы ескі болғанмен идеясы жаңа болса, ол шығарма да жаңа. Мазмұн мен түрдің байланысы қандай болса, тақырып пен идеяның байланысы да сондай: бірінсіз бірі жоқ. Ауыр күнә тақырып ескілігінде емес, идея ескілігінде. Ескі тақырыппен ескі идеяны айтқаннан, жаңа тақырыппен ескі идеяны айтқанның күнәсі ауыр. Тілек жаңа тақырыппен жаңа идеяны жақсы суреттей алуда. Жаңа тақырыптағы сапалы шығарма деп осыны айтамыз. Қасымның «Абдолла» деген поэмасын көре сала, сөз қылғалы отырғанымыз – жаңа тақырыптағы сапалы шығарма деп санағандықтан. Жаңаның да жаңасы Отан соғысының ерлері жайындағы жан сөзі болса, ақын Қасым осыны айта алған. Алған тақырыбы майдан ері ақын Абдолла болса, майдандағы ақын Қасым сол бір жалынды жанды толық елестете алған. Майдандағы, елдегі ерлерді жазбай жатқан, жазғысы кемеген бір ақын, бір жазушы жоқ. Бірақ, өзекті өртеп шығар ақын сөзі әлі жалындап шыға алмай жатыр. «Жақсы» дегенді бөле-жарып қана айта аласың: ұшқындап, лаулап кете алған жоқ. Бөле-жарып айтқан «жақсы» дегенге мардамсыған ақын бір биікке шығып алғандай көңілі тыным тауып, сонысынан аса алмай келеді. Қасым поэмасы майданнан соққан жаңа леп сияқты. Елдегі ақынжазушыға түгел ой салады. Көп нәрсені аңғартады: «Жасым кіші демеңдер, айта алсам айып емес шығар, осылай айтайық, жақсылап айтайық!» дейді. Қазақ әдебиетінде Қасымның ағасы да бар, інісі де бар, құрдасы да бар. Солардың ішінен Отан соғысының тақырыбына жазамын деушілердің бәріне де «Абдолла» жаңа бір қырқаны меңзейді. Жаңа тақырыпты жақсылап жазайық дейді. Қасымның ең бір жете ұғынатын жақсы ойы осында. Қасым поэмасын жете ұғынғың келсе, мұнда көп нәрсенің дұрыс бейнесі көрсетілген. Сонымен бірге сол бейнелерді қалай көрсету керектігін де анықтап кетеді. Мысалы, қазіргі соғыстың өз бейнесін алып көрейік. Қасым мұны бір ғана суретпен, сонша айқын елестеткен. «Зелзала боп жер мен аспан, Соқты ұйтқытып оқ бораны. Қан, күл, боран, қара тастар Түткіледі кең даланы, Жайды толқын орман шашын Жұлды талдап снарядтар. Мәңгі жарын – көл жағасын Тастап, суға сүңгіді жар!»
Жер мен аспан зелзаладай алай-түлей болып, кең даланы түткілеп жатқан оқ бораны, орманның толқын шашын талдап жұлып жатқан снарядтар, атам заманнан бері тұрған жағадан айрылып суға құлап кеткен жар, сұрапыл соғыстың рақымсыз бейнесін түгел-ақ береді. Бір ғана қысқа суреттеумен, соны теңеулермен сонша дәл, сонша әдемі берілген. Алыста отырып, соғыстың өзін көргендей боласың. Көп шығармаларымызда «Отанын сүйген, елін сүйген» деп келеміз де, соны шын әдебиет тілімен айта алмаймыз. Отанын сүйді дедік, міндет атқарылды дейміз. Ал осыны Қасым қалай берген? Ол Абдолланың жан жалынын, сезім толғануын көрсету арқылы бере алған. Жалт-жұлт еткен жау отының бір шоғы келіп Абдолланың жүрегіне түскендей болады. Сонда Абдолла қайтеді? «Ер күрсініп алды демін, Қызғыш болып қызғанышы, Қимай жауға көл арнасын. Жалын шарпып демалысы, Құшып жерін, сүйіп тасын, Жүрегіндей сол аймақтың Алас ұрды намысты ұлан!» Міне, отанын сүйген адамның жан тұлғасы осылай болуға керек. Жазушы адам жанының инженері, осы жан құбылысын көрсете алу керек. Сыртты емес, ішті көрсете алсын. «Сайтан отын» жағып, өктемдей күлген жаудың күлкісі Абдолланың жүрегіне қанжардай қадалады. «Ашуын бер арыстанның, Жүрегін бер жолбарыстың. Күллі әлемнің ашу-кегі Орна менің кеудеме кеп! Жау жолына атам сені, Бомба бол да жарыл, жүрек!» –дейді Абдолла. Шынын айту керек, біздің әдебиетте бұл әлі айтылмаған сөздер. «Сол аймақтың жүрегіндей тулап, намысты ұлан алас ұрды!» деген өте мағыналы теңеу. Осындай жан толғанысы бар намысты ұлан: «Жау жолына атам сені, Бомба бол да жарыл жүрек!» – десе ақын айтам деген сөзін барынша-ақ жеткізе айта алғаны! Мұнда соны теңеу де бар, мұнда терең ой да бар, мұнда жалынды ақын да бар! Қасым жау бейнесін де әрі қысқа, әрі шын ақынның жанды сөзімен береді:
«Өмір гүлін жаншып тастап, Шаштан сүйреп махаббатты, Найзаға іліп ар-ұятты» деген үш-ақ жолдың өзі жаудың бар тұрпатын, жеркеніш түрін көрсете алады. Дүниені майданға айналдырған жауыз жаудың сырт бейнесін қандай дәл берсе, ішкі жексұрындығын да сондай дәл, даусыз етіп суреттейді. Поэзияның күші тек қана сыртта емес, әсіресе, іште екенін ақын ешжерде ұмытпаған. Қанды жол сұм жау қапыда тимек болып елдің бір шетінен тап берген сағаттан бастап, қашан соны өз қанына тұншықтырғанша қабақ қақпауға тас бекінген кеңес елінің, бірлігін көрсете алатын әдемі бір теңеулер Қасымда тағы бар. «Жиіркеніп, жиырылды жер, Жауға тамшы таттырмады, Суын алып қашты өзендер. Жел қанатын жайып қарсы, Сабалайды жауды бетке. Сол аймақтың, әрбір тасы Ұшқандай ед құс боп көкке!» дейді ақын. Рас, бұл халық поэзиясының бейнелеу ізімен берілген. Бірақ, бұл Қасымның өз табысы, өз толғауы. Поэманың ең күшті жері Абдолланың өлер жері. Дүние сілкінген зелзала, айналаң оқ бораны, от топаны... Қоршауда қалған кеңес жасы, қазақ ұлы Абдолла. Кеудесінде кек, ойында намыс оты. Жау көп деп қаймықпайды. Қорқу деген есіне кіріп те шықпайды. Жас өмірінің жастығын еселеп ала жығылатынын Абдолла әбден біледі. Автоматы оққа толы тұрған кезінде де ол оқтың таусылары Абдоллаға, әрине, айқын. Қаптаған жау танкісінің күші бір адамның күшінен мың-мың есе артық екені де белгілі. Бірақ, осы бір жерде бір ғана кеңес адамының ар-намысы жаудың бар күшімен жалғыз майдандасқан! Ер өлімі, намыс беріктігі, басқаларға да осыны айтады. Қай жерде, қай майданда бол – осыны істе дейді. Ер өлімі мойытпайды, қайрай түседі. Соны істеген ердің өлімі қандай аянышты! Бұл жерде ақынның әр сөзі кеудеңе дәл тиеді. Абдолланың: «Автоматы ең соңғы рет Алды демін, тынды сұлық!..» Абдолла содан кейін: «Жанарымен шырқ үйіріп, Жер мен көкті алды жиып, – Сол бір көздің аясына, Кеткендей ед дүние сыйып...
Күй көңілді, жаз бейнелі, Алтын өмір мың құлпырып, Көз алдында жардай күліп, Қасақана алды тұрып... Ғашық жардай қайран өмір, Қиналдырмай қалатын ба ең? Желпуші еді ол жуытпай кір, Құс жанының қанатымен...» Тудыны айту қанша қуанышты, қанша оңай болса, «өлдіні» айту сонша қиын, сонша қайғылы нәрсе. Ақын Қасым осы жайды мынадай бір шебер суретпен берген: «Кейде сағым, кейде жалын, Арбады елес көз жанарын, Көрді бәрін, құшты бәрін: Туыстарын, жан достарын... Кенет осы сұлу сурет Тұрған жайнап, көзді тартып, Сұп-сұрланып, уа, керемет, Орны-орнында қалды қатып!» дейді. Поэма майданда ерлік көрсетіп, елі үшін қаза тапқан ақын жайында. Ақын Қасым ақын жанының бар толғануын, кек күшін, сезім тереңдігін түгел бере алған. Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сөзімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін өртеп, жүрегін тербеп шыққан. Поэманың құрылысында, «адам өнері соғыс құралын істеуге жұмсалып қор болды-ау» деген жерлерінде кемшіліктер жоқ емес. Ол кемшілік тілінде де бар. Бірақ, мұның бәрі оңай кешірілетін, себепті солғындықтар. Майдан үстінде, минут санаулы екенін де ұмытпауымыз керек. Егер, Отан соғысының тақырыбына майданнан тыс, кең жерде жазып отырған өз шығармаларымыз осы жалынға көтеріле алса, мұндай кемшіліктерді біз де елемей-ақ қояйық. Майданнан соққан жаңа леп дегенде, соңғы кезде майданда жүрген ақындарымыздың бірталайынан бұрын жазбаған, жаңа ойдан туған жақсы шығармалар келе бастағанын айтпақ едік. Ескі жұрттан қоныс аударудың бойға сіңген жақсы-жаман әдеттері де болады. Сол әдеттің салдарымен елде отырған ақын-жазушылар майдан тақырыбына жазғанда шығарма сапасын көтере алмай келеміз. Ал, бұрын «қатарлы ақын», я болмаса, тіпті жас ақын деп елеусізрек жүретін бірталай ақындарымыз ойландыратын шығармалар жібере бастады. Соның бірі – ақын Әбу Сәрсенбаев. Оның өзге жазғандары әзір басылып, жұрт көзіне түскен жоқ. Бірақ соңғы жіберген өлеңдер жинағы Әбудің жаңа сатыға көтерілгендігін көрсетеді. Майдан аз уақытта көп ой салатындығын, жасың жылмен есептелсе, ой
қанатын тез қағатындығын көрсетеді. Майдан ақындары сақайып қалған. Әбудің соңғы жазған «Ақша бұлт» деген өлеңін алып қараңыз, бұл бір реті келіп қалған ғана нәрсе емес, ақынның ой-сезімінің ескендігін түгел көрсете алады деген ойдамыз. Үзінді келтірейік: «Ау, ақша бұлт, айтшы маған, Айтшы маған, келдің қайдан? Ақ төсінен күні сүйген, Жаралдың ба Алатаудан? Әлде Арқаның ару қызы Отырғанда кесте тігіп, Алдындағы ақ жібегін Әкелген бе жел көтеріп? Ақша бұлтым мейірімді, Сағымындай үмітімнің, Желкілдейсің жел үрлесе, Жібегіндей біздің елдің. Үрлеме жел ақша бұлтты, Алысқа айдап кете көрме, Ақ қанатты періштемдей, Қалсын мәңгі тас төбемде...» Бұ да елін сүйер адамның жан сөзі. Елін, жерін сағынған ақынның әрі ойлы, әрі кестелі толғауы. Бұрынғы поэзиямызда айтылмаған сөз, берілмеген теңеулер. «Ақша бұлт, Алатауда жаралдың ба, кесте тігіп отырған қазақ қызының жібегімісің жел ұшырып әкелген?» деген әрі жаңа, әрі мағыналы, әрі сағыныш күшін көрсетеді. Соғысқа түк қатынасы жоқ болса да дәл соғыс үнін береді. Бұл – өскен ақын айта алар сөз. Сонымен бірге, Қасым мен Әбудің осы екі шығармасы, майдандағы ақындарымыздың ойлану, тереңдеу үстінде екендіктерін де дәлелдейді. Ойланғанда, қазақ кеңес әдебиетінің сапасын көтеру деген – мәдениетті орыс, европа әдебиеттерінің сатысына көтеру болатынын да айтып отыр. Өйткені бұл өлеңнің екеуі де «байырғы даңғыл» емес. Осы күнгі барлық кеңес поэзиясының жақсы үлгілерімен салыстыруға болатын шығармалар. Майданнан жаңа леп келе бастады. Көп ойлар қорытылатын, көп қателер түзетілетін уақыт та жетті. Әдебиет қамын шын-ақ толғана ойлайтын болсақ жаңа тақырыпқа жазам дегенде, ең алдымен сапалы болуын ойлайық. Ақын-жазушылардың қорлы жағы, оның үстіне «аға» тобы елде екенін естен шығармай, мынау майданнан соққан жаңа леп болса, соны көтеріп, тұтастырып әкетуді ойлайық. «Социалистік Қазақстан», 1944, 6 июнь.
АЛЫП АҚЫН АТАМЫЗ Жылдар жылжып жасы жүзге ауысқанда, алып ақын атамыз Жәкең, қарт жарық дүниемен қош айтысты. Соңғы күнінің соңғы сағатында қасында болдық. Басын төмен салып, ойлы қабағын қарыс жауып отырған ұлы ақынның жүзінде үлкен өмірдің ізі бар. Соңғы сағаттарын санап отырғандай, ауыр халдің өзінде Жәкеңнің жүзінде салалы-салалы ойлар тұр. Кәрі саусақтар әлсін-әлсін маңдайын сипап, түйілген бір ойды жазып жібергендей болады. Бұл кезде ақын жүзін жадыратып, аздап жымиып та қояды. Әлі де айтары көп, әлі де ұрпақ үшін қалдырар қазынасы көп ақын терең ойларға батып, ұзақ үн қатпай отыр. Әділдікті ашық айтып, қара күшке қарсы аттанып үйренген Жәкеңнің жүзінен кезек ауысқан ой толқындарын анық аңғарғандайсың. Жәкең Ұлы Отаны мен бүкіл адам баласының алдында қарыздар емес. Өткен ауыр заманның әр асуында елі үшін, адам үшін сан рет майданға түсті. Әділдікті арашалап, жауыздықты жазалап, қашан да езілген елдің балуаны болды. Қазақ халқының мойынынан қос қабат қамыты алынбаған қара күндерде Жәкең жаумен аянбай алыса білді. Ақынның өткір тілі елді іштен-тыстан қосыла сорлатқан қособырды сіледі. Соқпасы, соқтығысы көп заманда жалынды жүрек майданға қасқайып жалғыз шықты. Ел тілегі орындалып, Ұлы Октябрь арқылы болашақ тағдыры айқын арнаға түскен дәуір де Жәкең жетпіс беске келген қарт ақын еді. Бірақ алып жүректің қуаты солғындаған жоқ екен. Зілдей басқан ауыр заманда еріксіз байланған тіл біржола шешіліп, Октябрьден бергі жиырма бес жылдың ішінде Жәкең заманның жас бұлбұлы болды. Он үш жасынан бастап домбыра алып, суырыпсалма ақындардың ізімен келген Жәкең бүгінгі совет ақындарының алдына шықты. Бұл ең ұзақ, ең қиын жол еді. Ұлы Жәкең ұлы Абайдан бір-ақ жас кіші. Жәкеңді толық ұғынам деген адам сонау Құнанбай заманынан бастап ізіне түсуі керек. Сол кезге көз салсаң, Абай мен Жәкең бір мақсатқа, бір тілекке ақындықтың екі түрлі саласын өрлей аттанған сияқтанады: бірі – жаңа әдебиет өнегесін жазу арқылы, бірі халықтың байырғы өнегесі – суырып-салма ақынның жолы. Бірақ екі ұлы ақын атамыз тоғысар жерін совет дәуіріне байлаған екен! Әуелі ақындықтың байырғы саласымен аттанған Жәкең жазба поэзияға Абай түскен салаға совет дәуірінде келіп түсті. Түсіп қана қойған жоқ, заманына лайық үлкен мазмұн тауып, барлық совет поэзиясына жаңа бір үн қосты. Үлкен бір дәуірдің бұлбұлы барлық совет еліне бүгінгі ұлы істерді жырлады. Октябрьден кейінгі Жәкең поэзиясы Ленин атымен басталса, шаң жұтқан тарлан сол шабыстан танған жоқ. Ұлы көсеміміз Ленин бастаған ұлы істер, ұлы заман өсіріп ұшырған ерлері Жәкең поэзиясының арқауы болды.
Жәкең – Ұлы Отан соғысының тұсында ерекше қайрат көрсеткен ақын. Отанын сүйген ұлы жүректен айтылған сөз неміс басқыншыларына атылған оқтай тиді. Отанын қорғаған әрбір совет жауынгері Жәкең жырларынан ерлік қуатын, жан азығын алып отырды. Ұлы Жәкең әрбір жауынгердің ар-намысын көріктей қыздырды. Жәкеңнің «Отан бұйрығы», «Ленинградтық өрендерім» деген өлеңдері жарыққа шыққан күннен бастап, әр жауынгердің жүрегіне жазылып қалды. Жәкеңнің бір арманы озбыр жаудың жығыла жеңіліп, тізе бүккенін көру еді. Озбыр жауын жыға жеңіп, тізе бүктірген ұлы елінің ұлы тойына арнаған өлеңін айту еді. Жәкең ол арманына да жетті. Жәкең ең соңғы өлеңін майдың тоғызы күні Жеңіске арнап айтты. Жүз жасаған Жәкең жырларының ең соңғы бетінде тап осы Жеңіс жыры тұрмақ! Бұдан артық орынды аяқталған ақын өмірі бола бермейді. Жәкең қазақ халқынан шыққан жаңа заманның Гомері дейміз. Жәкең шығармалары ғасырдан ғасырға кетеді. Халық ақындарынан шыққан мұндай алып ақын болған емес. Еш уақытта, ешбір тарихта жүз жасаған ақынның ең соңғы сағатына дейін ақындық қуатының сарқылмағанын ешкім білген емес. Үздік дарын сол үздік қалпынан танбастан, жүзге шыға елімен қоштасты. Ұлы партиямыз бастаған екі дүниеге келген үлкен хауіпті қайта басын көтерместей етіп қара жерге көмгенін көріп, жаны тыныш, көңілі риза қалыпта қоштасты. Қош, алып атамыз, ақын Жәке! Сіз бастаған ұзақ көш – ақындар көші жаңарған ұрпақпен бірге ұзара береді. Сіз қалдырған көп жырға солар ие. Сіздің атыңыз бен, қалдырған сөзіңіз бүкіл Ұлы Отан халықтарының жүрегінде мәңгі сақталады. «Социалистік Қазақстан», 1945 жыл, 24 июнь. II Қазақ халқының бай эпосы елдің әр кездегі үміт-тілегіне байланыса туған, сондықтан ол – өмірлік шындықтың, ел басынан кешкен күндердің дұрыс айнасы. Оның үстіне, біздің эпосымыздың құрылысын, адамгершілік тілек өрістеулерін, тартыс байланыстарын жете тексеріп қарасаңыз, ауыз әдебиеттің жөн-жосығына түгел бағына бермей, жазба поэзиямен жақын шектесіп жатады. Бұл айтқанымыз, әсіресе, қазақ халқының батырлыққа, ғашықтыққа арналған жырларында айқынырақ байқалады. Мысалы, сол жылдардағы батырлардың басынан кешетін қиын-қыстаулар, я болмаса, ерліктер әрдайым қазақ халқының өз басынан кешкен тарихи жағдайлармен, қазақ халқының әрбір тарихи кезеңдегі өз ерліктерімен тұрғылас келіп
отырады, ұлан-байтақ кең жерді жайлаған сондықтан әр кезде ұйқысы сергек, құлағы түрік болуға тиісті ел ұл-қызын, елінің бостандығын, туған жерін жан аямай қорғау рухында тәрбиелеген. Осындай жағдайдағы қазақ елі сала-сала болып келетін батырлық жырын жасаған. Ол жыр аналар үшін бесік жыры, аталар үшін баласына арнаған тілек-бата сияқты болып елдің салтына кірген. Жақынырақ таныссаңыз, қазақ халқының ғашықтық жайындағы жырларының өзінде толып жатқан батырлық астар бар. Батырлар жырларындағы Қорытқа, Назым, Ақжүністерді былай қоя тұрып, Баян сұлу, Қыз Жібектерді алып қарасақ та, елдің аяулы қыздарына қолың жету үшін толып жатқан қауып-қатерден, ерлік көрінер сындардан өтуің керек. Көркем қыздар байлық пен ақсүйектікті құрметтемеді, ғашық жігіттің өз бойындағы адамгершілік қасиеттерін, қажымас-қайтпас жүрегін құрметтейді. Ғашықтық деген үлкен сезім үшін отқа, суға түсе алар қажыр-қайратын сынға салады. Сонымен қазақ халқының батырлық жайындағы жырлары былай тұрсын, ашықтық жайындағы жырларының өзі жас буынның бойына ерлік қасиеттерін бере тәрбиелейді. Қазақтың халықтык, шығармаларының бұл қасиеттерін атай кетуімде екі түрлі негізгі себеп болды. Бірінші себеп – біздің халықтық қазынамыз әлдеқашан жасалып қалғандықтан, осы күні құнын жойып болған, өлі бұйым емес, біздің заманымызға дейін поэзиялық көркемдігін жоймай, халықтың сусыны болып келген қазынасы. Он тоғызыншы ғасырдағы ұлт қозғалысының туын көтерген жалынды ақын Махамбет – қазақтың батырлық жырымен үндес. Күні кешегі Аманкелді батыр бастаған қозғалыстың тұсындағы ақындардың да түп ізі осы күрең жолдан тарайды. Екінші себеп – туғанына жүз жыл толған, халықтық поэзияның алыбы Жамбылдың да ұлы мектебі осы халықтық қор; қазақтың батырлық эпосы. Қазақтың батырлық эпосының бар жақсы дәстүрі мен өнеге-үлгісіне арқасын тіреп, совет тұсында жиырма бес жыл мүдірмей сайраған ұлы заманның бұлбұл ақыны, СССР Жазушылары Одағының тоқсан алты жасқа келген мүшесі, шаң жұтқан кәрі тарлан Жәкең Ұлы Отан соғысының дәуіріне айқасты. Көп ұлтты, бір тілекті совет елінің үстіне бар салмағымен төнген, кешегі өткен дүние көрмеген обыр соғыс – совет халықтарының бірлік достығына, елдіктің негізіне, Ұлы Отанға кіретін әрбір халықтарға ерекше қатал сын болды. Сонымен бірге соғыс – әрбір совет адамының сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздығына, қайрат-жігеріне де үлкен сын болды. Соғыс әуедегі, жердегі, судағы соғыс құралдарының инженерлеріне қандай сын болса, адам жанының инженерлері – жазушылар мен ақындарға да сондай сын болды. Өйткені, совет отанын қорғайтын құралдардың бар түрі сынға түсті.
Міне, осы қауырт сындар тұсында тоқсан алтыға келген қарт ақын, Жәкең өмірінің де, өнерінің де ең соңғы, ең ауыр беліне, жастай жайнап, құландай ойнап шыққанын көреміз. Бұдан бұрын поэзияның талай асқар биігіне шыққан Жәкең осы ауыр күндерде, қарттық мүгедектікке қарамай, соңғы жырларын бұрынғыдан да биік белге шығарды. Бұл өте ауыр сын еді. Жәкең өрге қарай өршелене шабатын салтынан танған жоқ, 1941 жылы 22 июньде Жәкеңнің айтқан өлеңі дүние құлағына шалынып еді. 1945 жылы 9 май, Жеңіс күні Жәкең фашистік Германияны жыға жеңген ұлы жеңісімізге арнаған ең соңғы өлеңін жырлады. Жәкеңнің осы соңғы өлеңі, сексен бес жыл талмай-танбай жыр төккен алып ақынның бар шығармасының соңғы қызығы сияқты болып қалды. Жиырма екінші июньде бүкіл совет халықтарын отан қорғау сияқты ұлы іске шақырса, 1945 жылдың тоғызыншы майында сол халықтарды бастап жеңіске жеткізген ұлы қол басшымыз партияға арнаған, совет халықтарының ағасы орыс халқына арнаған соңғы жырын жырлап, елі мен жерінің болашағы үшін бар қауіп-қатерлі ойлардан арылған қария ақын, кеп ұзамай, ақын, жазушы ұлдарының алақанында елі мен жеріне, бүгінгі қуантқан жырына қош айтысты. Қария ақынның Отан соғысы тұсындағы жырлары еліміздің жауына дегенде кекке қандай толы болса, Отанымызға дегенде аямай төккен мейрімге де сонша толы. Совет топырағының ұлы отаншылы, дәуір бұлбұлы, еліміздің намысын қоздырар, көңілін көтеріп, бойын сергітер, шаршағанға демесін, шелдегенге сусын болар, суықта пана, ыстықта көлеңке болар жырын бұл кезеңнен аяған жоқ. Отанын сүйген ұлы жүрек жыр дабылын бәсеңдетпей соқты. «Ел басына күн тусаны» жырлап өскен алып ақын домбырасын ала майданға ұмтылды. Жәкеңнің қашанғы әдеті – әр кезеңнің алғашқы сөзін партия атымен бастайтын. Ел басына етігімен су кешер күн туған кезде де Жәкең алғашқы сөзін осыдан бастады. «Сен шақырсаң, партия, Әмірің ортақ маған да. Төгіп жырдың нөсерін, Домбырамды алам да, Айналам жас – нөкерім, Мен де барам, қалам ба!» деді Жәкең. Жәкеңнің дана жүрегі адал еңбекпен бейбіт отырған еліне жаудың да бір жарақтысы, азу тісі балғадай зымыяны келіп соқтыққанын бірден сезді. Еңбек үстінде отырған елінің жарақты жауға бірден соққы бере алмайтынын да, ол соққының кейін берілетінін де, ол соққыны беру үшін бар күшті тастүйін ету керек екенін де Жәкең айқын ұғынды. Сондықтан
Жәкеңнің көп жырлары «Бар күшті майданға!» деген, мағынасы үлкен үш сезді көкірегіңе құяды. Жәкең ең алдымен бүкіл Советтер Одағының аброй-атағын жырласа, оның ішінде өз елі қазақ халқының намысына шілтер келмеуін де қатты ойлайды. Қазақтың майдандағы ұл-қызына ата-бабаның ерлігінен бастап, Лениннің данышпандығын айтса, еліне күшіңді, бар байлығыңды майданға арна дейді. Қарағандының көмірі, Шымкенттің қорғасыны, Жезқазған мен Балқаштың мысы дариядай тасып, майданға жетсін дейді. Дана ақын Жәкең күнбе-күн айтқан өлеңдерінің күнбе-күн майдандағы ерлердің құлағына шалынып жататынын да жақсы білетің. Жалынды жыры отан қорғаушыларының жүрегіне от, бойына қуат қосатынын да жақсы білетін. Майдан өмірі ылғи арпалыс. Майдан таңы тез атады, майдан күні тез батады. Майданда от пен оқ қандай тез жұмсалса, көңіл қорегі де сондай тездікпен келіп тұруы керек. Жәкеңе жүздеген, мыңдаған жауынгер хат жазды. Бәрінікі бір тілек: «Жәке, тағы бір ауыз өлеңіңді жіберсең, ой тағы бір серігіп, бой тағы бір көтеріліп қалар еді» дейді. Жәкең «Гвардияшыларға», «Майданға хат» деген сияқты соғыстағы ұлқыздарына арналған жырларын айтады. «Шегінбе! – деп Отан тұр, Шегінбе! – деп халық тұр, Халқың үшін бас тігу, Отаның берген жарлық бұл! Соны адал ұл орындар, Сонда ғана өмір бар! Елін есен сақтаған, Арын жауға сатпаған, Ана сүтін ақтаған Балаларын сүйер шал!» Командир Борис Сахаров пен жауынгер Дүйсекей Сейтов Жәкеңе былай деп хат жазған еді: «Ұлы ақын, Жәке! Қазақ пен орыс халқының ұлдары фашизмді мәңгібақи құртудың әзірлігін бар окопта жасап жатыр. Бізге атақты өлеңіңді жібер, жәрдем етсін». Жәкең бұларға да арнаулы жауап қайтарды: «Жауынгер, балам Дүйсекей, Командир, балам Сахаров, Сөздерің күшті бірегей, Соққандай жауды жапырып... Кәріліктің көнбей ырқына Жырлаймын жазғы жырды әлі,
Болысам жауды құртуға, Қаһарман жұрттың ұлдары! Бауырлас ел – Украина, Белоруссия, Ресейдің батыс аудандары уақытша болса да, жау қолына түсіп қалып, миллиондаған халық елден, жерден айрылып, босқынға ұшырағанда, Жәкеңнің қан жүрегі қақ айрылғандай болғанын көреміз. Барлық совет елінің бірлігіне, тұтастығына ел ақсақалының үлкен қуанышымен қарайтын қария, осы кезде қатты Қайғырды. «Сондай халге ұшыраған бауырлас елдерге қарт ақын рахым қолын созбаса, оны құдай кешірмес!» дейтін еді Жәкең. Украина жерін жаудан босатқан қазақ жауынгері тізесін бүгіп Украинаның топырағын сүйгенде, Жәкеңнің кәрі көзінен ыстық жастар домалап кетті. Сол қазақ жауынгерлеріне арнап, Жәкен, былай деді: «Украина топырағын Көкірегіндей ананың Жауған оқтан жасқанбай, Сүйіпті менің ұлдарым, Жасыратын сыр ма бұл, Естіп соны қарт Жамбыл, Көкірегі күңіреніп Жас ірікті бұл да бір». Жау қолы Москва мен Ленинградқа төнігі қалды деген хабар Жәкеңнің жүрегіне қыздырып қырықтық басқандай тиді. Жамбыл бүкіл Отанға «Аттан» салды. Дарынды жүрегінің бар күшімен «Москваға», «Ленин қаласындағы өрендерім» дейтін атақты жырларын төкті. «Түсімде емес, өңімде, Жау жанасып өлімге, Қол салып біздің өмірге, Ұмтылды саған, Москва!.. Ұлы-қызын елімнің, – Асылын жас өрімнің Аттандырар Ұлы күн Сын туды саған, Москва! Москваны қорғасып, Шығындар деп ұласып, Аттан деп дабыл қағамын, Қуатты қыз бен ұл бала! Сені жауға бермейміз, Мәңгі-бақи Москва!»
Бұл сөздерді қазақ халқының батырлық жырының ұлы мұрагері Жамбыл ғана айта алатын еді. Дүние жүзіне мәлім, Жәкеңнің Москва мен Ленин қаласына арнап айтқан жыры майдан мен елді одан әрі, бізбен одақтас, достас елдерді түгел аралап шықты. Аралап қана қайтқан жоқ, әрбір жауынгердің серігіндей окопта бірге жатты, әрбір совет азаматының ойы мен жүрегінде болды. «Ленин қаласындағы өрендерім» дейтін өлеңі Ленинград халқының жүрегін тербетіп, көзіне жас әкелді. Ата ақынның шын жүректен жарып шыққан достық сөзі әр жүрекке ем, әр іске сеп болды. Ақындардың ақсақалы Жәкең барлық совет халықтарының атынан Ленин қаласына жау тұмсығын сұқтырмайтынын айтты. Жәкеңнің «Ленин қаласындағы өрендерім» дейтін жырының қандай маңызы болғанын, ол жырдың Ленинград облыстық партия комитетінің үндеулерімен, жоғарғы қолбасшымыздың бұйрықтарымен қатар айлар бойы көшеде үлкен плакат түрінде ілулі тұрғаннан-ақ байқауға болады. Ленинград айналасында, белден су окоптардың ішінде қаланың корғаушылары – орыс, украин, грузин, қазақ, өзбек, қырғыз, татар тағы басқа совет халықтарының ұлдары жатты. Оларға бүкіл отанымыз, барлық өзен-теңіздеріміз, барлық қала-даламыз жәрдем етті, оларға Жамбыл да үздіксіз жәрдем берді. Жәкеңнің соғыс тұсындағы әрбір жыры, майдан өмірінің әрбір асуына, соғыстың кәрлі қабағы қатты түйілген әрбір кезеңдерге байланыса туды. Алдырмас қамал Сталинград қаласына қауып-қатер түйілгенде, Жәкең атақты «Алынбас қамал» деген жырын берді. Фашизмнің еңбір сұрыптап әкеп салған ауыр қолы айлар бойы оқ пен оттың астына алып жатса да, Сталинград мойымады. «Тыныштық күнде сөйлесем, Төгілген тілден шекер-бал, Қатерлі күнде сөйлесем, Сөзімде менің қаһар бар... Жалын мен түтін ішінде, Алынбас қамал пішінде, Сталинград қалаң тұр, Жартастай берік күшінде!» дейді Жәкең. Сталинградты қорғаушылардың ішінде Жәкеңнің ең жақсы көретін ұлы Алғадай бар еді. Жетінші гвардия Қызыл тулы дивизия командованиесінің хабарлауы бойынша Алғадай өз пулеметінен сексен фашисті өлтірген. Жәкең жырлаған Сұраншы, Саурық батырлардың ұрпағы Алғадай Жәкең сияқты ақ иықтың ұясынан ұшып шыққанын түгел ақтап, ерлерше қаза тапқан. Баласының ерлігіне сүйінген Жәкең «Алынбас қамалында» Алғадай туралы былай деді:
«Жапырған жауды шалғындай, Жібердім сонда баламды, Сталинград қалаңды! – Қорғас деп жүрек жанындай! – Алғадай, – дедім – аянба! Әкеден тудың Жамбылдай, Жырымды жеткіз ерлерге, Майданға қаққан дабылдай, Толқыны жойқын Еділге, Қосылсын үнім дауылдай!» Ұлы Отан соғысының тұсындағы Жәкең жырлары, оның алдындағы жиырма бес жылдық совет дәуірінде туған жалынды жырларының жалғасы деп қарауымыз керек. Қазақ халқының ұлы ақыны сол жиырма бес жылдық совет дәуірің де халық поэзиясының алыбы деген атақ алды. Октябрь революциясының бер жағындағы Жәкең жырлары жеңген революциясының гимні, Ленинге арнаған тұтасып аққан бір сел сияқты. Жәкеңнің Ұлы Отан соғысы тұсындағы жырлары сол ұлы гимннің соңғы бөлімі. «Социалистік Қазақстан», 1946 14 июль. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫНДАҒЫ АБАЙДЫҢ ТАРИХИ ОРНЫ Қазақ халқының жарқын болашағы үшін алысып өткен ұлы ақыны Абай – бір елдің белгілі бір ғасырдағы ой өмірінің өрісі мен биігін көрсететін ақындардың қатарына қосылады. Алысты болжаған терең ойдың, үлкен сарынның ақыны Абай алдыартын шолып, қазақ халқының жалғыз әдебиеті емес, бүкіл рухани мәдениетінің келешегіне жөн сілтеп кетті. Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді. Ол өз заманы мен өз елінің қайғы-мұңын көтергенде соны тарихи даму жолындағы бар адам баласының тақырыбына айналдыра алды. Абай қазақ халқының тарихындағы жаңа бір асудың тұсындағы ақыны. Бұл дәуір қазақ халқынан шыққан ой адамдарының ел болашағы үшін қатты толғанған кезі. Абайдың ұлылығы – ол тарихи жағдайлардан адаспай, алар бағытын, түсер жолын дәл тауып, қазақ елін ұлы орыс халқының бауырына бейімдеп, сол ұлы халықтың ұлы мәдениетіне құшағын кең аша ұмтылуында. Ойлы ақын Абай, бөріктіре келе жатқан патша отаршылдығының
тұсында-ақ орыс халқының шын тұлғасын дұрыс таныған. Советтер Одағының үлкен жазушыларының бірі Леонид Соболев «Орыстікі дегеннің бәріне кек, бәріне қарғыс айтқызып келе жатқан патшалық езуқанаудың тұсында, Абайдың орыс мәдениетіне ұмтылуы шын-ақ таң қаларлық іс», дейді. Ұмытпауымыз керек, Абайдың алдындағы және Абай тұсындағы «зарзаман» ақындарының бет алыс бағыты Абайға тіпті ұқсамайтын. Абай орыс халқымен ұғынысып, достасуға ерекше терең мән берген адам. Бұл қазақ халқының болашағының мәселесі деп қараған. Орыс халқының мол мәдениетіне терең бойлау өз елінің алға басуының да бірден-бір шарты екенін айрықша терең түсінген. Абай мен орыс әдебиетінің классиктеріңің арасындағы біте қайнасқан байланыста осындай үлкен арна бар. Өмірден жалпы адамгершілік ұлы мағына іздеген Абай оңнан-солдан, шығыстан-батыстан келер жаңа идеяларға тіңті селқос емес еді. Бірақ, әрі ақын, әрі азамат Абай ешбір ойды екшемей-елемей ала да салмаған. Бар өмірін сарп еткең өмір жұмбақтарына шешу айтар, алға сүйрер ойды ғана алған. Сол алға бастар ойды Абай орыстың ұлы классиктерінен – Пушкиннен, Лермонтовтан, Белинскийден, Чернышевскийден, Толстойдан, Салтыковтан тапты. Орыс классиктерімен толық үндесудің бірінші нәтижесі, Абай қазақ поэзиясының өзіне дейінгі халін басқа елдердіц әлдақашан басып өткен кезеңі деп тапты. Эпостың идеялық тереңдігі мен халықтық көркемдігінен айрылып, түрін ғана ұстап қалған «Зарзаман» ақындарының құр жылап-сықтауға, үмітсіздікке айналған «поэзиясын» мансұқ етіп, қазақ поэзиясын орыстың реалистік әдебиетінің жолына салуға тырысты. Бұл жолда Абай жалғыз еді. Оның замандас ақындары Абайға ат тізесін қоса алған жоқ. Орыс халқының реалистік поэзиясын Пушкин бастап, Лермонтов одан әрі тереңдетіп әкетсе, қазақ әдебиетінде Абайға әрі Пушкин, әрі Лермонтов болуға тура келді. Бірақ, Абай бұл жолда жалғызсыраған жоқ. Өйткені ол өткен ұлы ағалары – Пушкин, Лермонтов, Некрасовпен де, кейінгі ұрпақ – бүгінгі совет ақындарымен де бірге екенін әбден ұғынды. Сондықтан Абай, өз тұсындағы кертартпа поэзияны түр жағынан да, мазмұн, бағыт жағынан да мансұқ етіп, бүгінгі мен болашақтың үні – реалистік бағытқа көшкен. Ойлап қарасақ Абайдың мұнысында үлкен мән бар. Ауыз әдебиетке жақын жағдайдан есейген реалистік поэзияға бір-ақ қарғу – бұл революциялық адым! Абай қазақ поэзиясына толып жатқан жаңа түр кіргізді. Абайға дейін «қара өлең», «жыр-толғау» түрлері делінетін он бір және жеті буынды өлең түрлері ғана болатын. Абайдың осы жаңалығын да есейген орыс поэзиясының әсерінен жырып алып қарауға бола ма? Жоқ, әрине. Даралап
алғанда Абайдың «айқыш» ұйқастары Пушкин мен Лермонтовтан келетіні айқын. Абай Пушкин мен Лермонтов шығармаларын аударғанда кейде ұйқасы мен шумағына дейін дәл түсіріп отырады. Бұл түрлер Абайдың өз шығармасына да байырғы түр болып қалады. Абай өлеңдерінің сонша бай түрлерін алып қарасаңыз, ол Абайдың өзінің төл тумасы, оған дейінгі қазақ поэзиясының төл тумасы емес. Екінші бұл тек қана «түр» мәселесі емес, поэзияны жаңа сатыға көтерудің мәселесі: терең ойдың бұзылмай-сынбай, оқушыға дәл жету үшін, мәніне түрі сай болу керек. Абай мазмұн мен түрді екі бөліп қарамаған. Міне, бұл есейіп-нығайған реалистік поэзияның салты. Абай «Жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылар» дегенде өлеңнің түрін ғана айтпайды, сол әдемі түр арқылы бойды алатын ойды да айтады. Абайға дейін қазақта дәл тақырыпқа құрылған өлең де болмайтын. Біздің «өлең» деген ұғымға сыймай қалагын нәрсе жоқ еді. Көпшілік ұғымында «өлеңді» түп-тұқымға бөліп дұрыс ұғынбау осы күні де жоқ емес. Бұ да поэзияның балаң шағын көрсетеді. Абай қазақ ақындарына поэзияның түптұқымға, түрге, тарауға бөлінетінін ашып берді. Мұны да Абай үшін өз топырағымызда әзір тұрған нәрсе еді десек, құр өзімшілдіктен басқа дәлеліміз болмас еді. Қазақ поэзиясына сатира Абаймен кірді. Абай сатирасының түп ізі Салтыков, Некрасовқа қабысып жатады. Реалист ақын Абай реалист Пушкинмен, кекті Абай кекті Лермонтовпен үндес. Алған тақырыбын суреттеуі, дүние сезінуі, әр өлеңнің өзіне тән екпіні, жылата алар мұңы, ширата алар кектілігі, орыс халқының ұлы классиктерімен үндес келіп отырады. Абайда еліктеу де жоқ, «қарыз алу да» жоқ, табыну да жоқ; поэзияның өмірдегі орнын сол Пушкин, Лермонтовша ұғыну бар. Солай болған соң, «бірі құрау, бірі жамау» ақындарға ызалы Абай, реалистік поэзияның жақсы үлгілерін қазақ әдебиетіне мол-мол кіргізіп отырады. Оны орыс әдебиетіндегі, я басқа бір әдебиеттегі қалпында емес, қазақ әдебиетінің рухына төл тумадай қабыса кететін етіп кіргізеді. Абайда еліктеу жоқ, үндестік барын даусыз дәлелдейтін көп өлеңдер бар. Абайдың «Жазы», «Қысы» Пушкин, Некрасовта кездесетін «Жаз» бен «Қыстарға» үндес. Бірақ, ол үндестік сезіну жағынан реалист ақындардың өз ойын өзінше дәл суреттей алу жағынан. Одан әрі десек, біріне жала жапқан боламыз. Бұл жөнде Пушкиннің «ақыны» мен Абайдың «ақын» дейтін өлеңін алып қарайық: Пока не требует поэта К священной жертве Аполлон, В заботах суетного мира, Он малодушно погружен...
Но лишь божествеңный глагол До слуха чуткого коснется, Душа поэта встрепенется, Как пробудившийся орел... Бұл – Пушкин. Енді осылай басталатын Пушкин өлеңін Абайдың «Ақынымен» салыстырып қараңыз: «Адамның кейбір кездері Көңілде алаң басылса, Тәңірінің берген өнері Көк бұлттан ашылса. Сылдырап өңкей келісім Тас бұлақтың суындай. Кірлеген жүрек өз ішін Тұра алмас әсте жуынбай. Тәңірінің күні жарқырап, Ұйқыдан көңіл ашар көз. Қуаттан, ойдан бас құрап Еркеленіп шығар сөз. Қыранша қарап Қырымға, Мұң мен зарды қолға алар. Кектеніп надан, зұлымға Шиыршық атар, толғанар...» Мұнда екі ұлы ақынның бірінен біріне ауысқан бір ауыз сөз жоқ, бірақ, бірдей сөз бар. Пушкин, Лермонтов поэзиясының Абайға тиген әсері ылғи осылай болып келеді. Абайға үлкен әсер еткен ұлы ақынның бірі – Лермонтов. Абай Пушкиннің «Евгений Онегин» романының желісімен «Орыс қызы Татьяна» деп атарлық хатпен жазылған поэма жасады. Ал, Лермонтовтан «Қанжар», «Жартас», «Дұға», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз» тағы-тағы көп өлеңдер аударды. Сөз жоқ, Абайға үндес келген – Лермонтов поэзиясында «азаматтық» сарынның басымдылығы. Көп соққы көрген, адал ойын өз тұсына ұғындыра алмаған Абай Лермонтовпен өте қоян-қолтық келеді. Абай да дәл Лермонтовша толғап: «Жүрегім менің қырық жамау, Қиянатшыл дүниеден; Қайтып аман қалсын сау, Қайтқаннан соң әр неден», дейді.
Сол кекті Лермонтовша: «Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым, Одан да шықты жаңғырық; Есітіп үнін, Білсем деп жөнін, Көп іздедім қаңғырып. Баяғы жартас – бір жартас. Қаңқ етер, түкті байқамас», дейді атақты «Сегіз аяғында». Елі үшін, елінің бүгінгі мешеулігімен ертеңгі күні үшін толғанған ұлы ақындардың үндес сарынды келетіні табиғи нәрсе. Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық» деп басталатын екі өлеңі, «Қалың елім», «Көңілім қайтты», «Ішім өлген, сыртым сау» сияқты өлеңдері Лермонтовпен тоғысады. Абай бізге үлкен мұра қалдырды. Үлкен мұра қалдырған Абай XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің мол мұрасын пайдаланды. Басымда тымақ, қолымда қамшы деген жоқ, ұлы орыс халқының мәдениетіне еншілес інісіндей еркін шүйгіді. Сондықтан Абайдың бізге қалдырған мұрасы да мол. Абай «Су аяғы құрдымға» барып жоғалып қалмайды, таудың мөлдір бұлағындай қатты тасқынмен ағып, құмнан-шөлден іркілмей өтіп, орыс халқының реалистік ұлы поэзиясына қосылады. Одан да дәлірек айтқанда, Абай «Ақ жайықтай» еркін ағып, мол таситын орыс ұлы мәдениетінің қазақ даласына келген бір тармағы сияқты. Сондықтан, бүгінгі Қазақстан совет ақын, жазушылары орыс классиктерінен үйренумен бірге Абайдан да үйренді. Абайдың қасиеті – ол өткен заманның ақыны емес, бүгінгі заманның ақыны, бүгінгі қазақ ақындарымен іргелес, бағыттас ақын. Абайдың әдебиеттегі өсиеті – шындық, шеберлік, адам баласына ортақ гуманизм, еліңді-отаныңды сүю, не артқа тартып жатса, сонымен аянбай алысу, құртқанша алысу! Ұлы орыс елімен достастыруға, орыс мәдениетіне еншілес етуге бар өмірін жұмсаған Абайына қазақтың халқы да алғыс айтады. Абайдың ерекше ұлы еңбегі – орыс халқының ұлы мәдениетіне, ұлы ақындарына сүйене отырып, төменгі сатыда тұрған әдебиетін ең жоғарғы сатыға шыққан реалистік әдебиетке қосуында, революциялық ұлы адымында. Сондықтан Абай өткен заманның емес, бүгінгі дәуірдің ақыны. Орыс халқының ұлы мәдениетін меңгерудің қандай терең маңызы барлығын Абайдан көруге болады. «Социалистік Қазақстан», 1945, 21 август.
ІІ Көшпелі де қараңғы елдің ортасында өмірі өткен аса дарынды ақын Абай тағдырының қандай ауыр, қандай аянышты болғанын бар бейнесімен көз алдыңа әкеле қою да оңай емес. Ойсыз-мұңсыз тоқ жұрт үшін ізі білінбей өте беретін біріне бірі ұқсаған марғау күндер ойлы ақын үшін арылмай қойған азап болуға тиісті. Үсті түгел қуарып, аздап қана астынан көктеп жататын күзгі даладай тозығы жеткен өмір ақын көңілін көтермеске керек. Сондай күйге ұшыраған ақын: «Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген Бір қызық ісім екен сұм жалғанда!» деп жүдеу көңілін аңшылық сияқты аз қызықпен көтергенін өзі айтып кеткен. Абай кезіндегі «сұм жалған» Абайдың зар сөзі: «Несі өмір, Несі жұрт? Өңшең қырт, Бас қаңғырт!» Бірін бірі тез айдап, ел өмірін тез жаңартар заман ауысуы көшпелі далада ғасырларға созылады. Өмір баяу да мешеу. Ескілік сарылтып ұзақ жасайды да, жаңалық жіңішкелеп қана кіріп, кешеулеп тамырланады. Бәйбішелітоқалдығымен, әмеңгерлігімен, ақсақалдығымен міз бақпай мелшиіп тұрған кәрі заман жас өртеңді көктей орып, тымағымен тұншықтырады. Отаршыл мен озбыр үшін бұл елдің өзінен гөрі жүн-жұрқасы, тері-терсегі қымбат. Сондай жұт өмірде ақынға серпін беретін, ақын сезімін алға сүйреп, ақын ойына іздеу салатын әлеуметтік қақтығыстар қайсы? Қақтығыс болса – ол патриархалдық-феодалдық ру басыларының арасында әріден келе жатқан, бұқараны күнәсіз тонамалап қажытқан ескілігі. Айын, күнін үнсіз жетелеп елеусіз өтіп жатқан жылдар да шын дарынға үйреншіктіден өзге қорек бере алмайды, баяғы бір ескісін тосады. Дала кең де, өмір шеңбері тым серпінсіз. Сол құнарсыздықты қызғана қорғап, Абайдың өзі жасаған дәуір түгіл, одан арғы әжелер мен бабалар заманы ауыспастан тұр. Заман таразысын солардың заңы басып тұр, төбе биі әлі солар. Бұл – жабықтыратын да жалықтыратын өмір. Сондықтан ақын: «Күңгірт көңілім сырласар Сұрғылт тартқан бейуаққа, Төмен қарап мұңдасар Ой жіберіп өр жаққа» деп мұңаймасқа да шарасы жоқ.
Абай өз тұсындағы үстемдік иесі феодалдық үстем таптың шірік салтсана, көзқарастарын қатты сынады. Қоғамдық тақырыптарға жазылған өлеңдері түгіл ғашықтық лирикасында да бұл ойынан іркілген жоқ. Аяқтап келгенде тозығы жетіп, енді алға қарай аттар бір адымы қалмаған феодалдық қоғамға – несі жұрт, өңшең қырт, – деп, Абай өз кесімін айтып, болашаққа зер сала қарады. Мұнысында жалғыз ғана безінгендік емес, сол қоғамның болашағы жоқтығын сезінгендік те бар. Абай ойының шарқ ұрып ізденуінің бір себебі осында болуға тиісті. Абай – әрі ұлы, әрі ұлттық ақын. Ұлы ақындардың орны тарихи мәні бар өзгерістерге, туған елінің бір сатыдан бір саты жоғары өрлей беруіне қай кезде бастаушы, қай кезде қостаушы бола білгеніне байланысты. Бұл жағынан алып қарағанда Абай көзқарастарында ұлы жазушы Лев Толстоймен сарындастық бар. Толстой сияқты Абай да ескірген заманды, озбырлықты, шен құмарлықты, патшалық құрылысты, ояз бен болысты, тоң мойын бітеу феодалдарды, оның тамағы тоқтықтан азып бара жатқан жастарын қатты сынға алады. Бұл – үстемдіктің іргесін қашап, ордасын шайқайтын еңбекші, бұқара наразылығына мықты сүйеу болатын басшылық. Қалың бұқараның бірінші жауы феодал табы болса, ақынның қатты сынға алғаны да сол тап. Абайдың жақсылық іздейтіні – момын шаруа. Сондықтан бұл – қазақ даласының тарихындағы халық тілегін айтқан ақын, үстем тапқа қарсы болған, бұқараға сүйеу болған ақын. Ленин ұлы жазушы Толстойды сынағанда, оның феодалды монархиялы құрылыстың тас іргесін тітіреткенін аса ірі еңбек деп бағалайды; сонымен бірге, 1861 жылдан кейін Россияда капитал заманы орнағанда, Толстойдың «деревнялық социализм» алданышынан аса алмай қалғанын аяусыз мінейді. Абайдың әлеуметтік көзқарасында да осы бар: Ескіні сынау жолында ол бұқара тілегіне басшы, ал, «не істеу керек?» дегенде басшы бола алмай қалады: Оқы, үйрен, надандықтан құтыл, орыстан үйрен дегендері – бұқараға тасталған ұран. Ленин 1840-1890 жылдардың арасын Россиядағы озық ойдың ұзақ іздену, көп азап арқылы марксизмді, революциялы теорияны тапқан кезеңі дейді. Лев Толстой осы елу жылдық дәуірге кіретін орыс халқының ұлы ойшыларының бәрін де жақсы біледі. Алғашқы еңбегін басқан революцияшыл демократтың бағытындағы «Современник» пен Толстой кейін ажырасып кеткені де мәлім. Белинский, Чернышевский, Плеханов түгіл, Толстой Лениннің – «Байкотқа қарсы» деген еңбегін ерекше қадағалап оқып, негізгі ойларының астын сызып қойғаны тарихқа түскен анықтама. Ал, Абай ше? Біздің Абайды зерттеуші ғалымдарымыздың көпшілігі оның Михаэлис, Долгополов, Гросс, Леонтьев сияқты Чернышевскийден тәлім алған адамдармен жақсы танысып, достасып кеткендігін дәлелдейді. Бірақ, революцияшыл-демократтық саяси ағымның Абайға қандай әсер
еткенін, Абайдың нені қабылдағанын тереңірек дәлелдейтін дерек бізде әлі күнге жоқтың қасы. Даусыз нәрселер: Абайдың «дүниеге көзімді ашқан Михаэлис» дегені, қазақ халқын орыс халқымен достасуға шақырғаны, Россияның патшасына қас, еліне достық көңілмен қарағаны. Бұл ойларын бұқараға арнап бөліп айтпай, елім деп тұтас айтқан күнде де оның прогрестік маңызы әлсіремейді. Шоқанда бұл бағыт терең де ашық, тура саяси мағынасында болса, Абай мұны көбінесе ақын тілімен, поэзиясының барлық бағытымен айтады. Бірақ, өрісі бітіп, алды біржола тұйықталып тұрған феодалдық даланың болашағы қайда, қай бағытта деген сұрауларға қоғамдық өркендеу тұрғысынан Абай берген жауап бар ма, оны толық ашып берген зерттеуші аз. Отар даланың тағдыры өз қолында емес екенін, өздігінен оңаша ізденіп ел бола алмасын анық білгенін Абайдың барлық шығармасынан да аңғаруға болады. Дегенмен, жоғарғы сұраулардың жауабы әлі күнге жорамал дәрежесінде қалып келеді. Біздіңше, өндірісті, капиталды қала мен феодалдық сахараның арасындағы революциялық қақтығысты көрмеген, мал баққан көшпелі елде өмірі өткен ақын қоғамдық өсудің сатыдан сатыға көтеріліп ауысып отыратынын зерттемеген де білмеген. Революциялық марксизмді жақсы білген Толстойдың капиталистік дәуірден әрі жатқан «крестьяндық социализм» көзқарасында қалып қойғаны сияқты, Абай да шаруа мәселесінен жоғарырақ сатыға көтеріле алмайды, тіпті сөз қылмайды. Сондықтан да Абай Салтыков пен Толстой арасына айырма қоймай атайды. Революциялы ой ордасынан алыс, қиыр шетте жасаған Абайға бұл кінә емес, анықтау ғана. Шыққан ортасының, заманының қалың шытырман қайшылықтары мен қараңғылығына қарамастан, Абай өз дәуірінің прогресті ақыны екенін, қазақ халқының озық ойы екенін көрсетіп кетті. Абай заманындағы қазақ халқының алдында тұрған тарихи сұрауболашағының кіммен бірге екендігі еді. Абай соған тура жауап беріп, «орыс халқымен бірге!» деді. Қазақ халқының ол кезеңі түгіл, бүгінгі күнгі тағдырын алдын ала шешетін негізгі сұрау да, жауап та осы еді. Абай осы әділ жауапты берді. Орыстың революцияшыл-демократтарының Абай жүрегіне терең орнаған ойы оның осы жауабында деуіміз керек. Дала өмірінің мешеу ескілікке қамалып ұзақ қаңтарылып қалған кезінде Абай берген жалғыз жауап ел алдындағы тас кедергіні жұлып тастағанмен бірдей еді. Бұл – ең алдымен, даланың кертартпа феодалдарына қарсы, ғасырлар бойындағы әдеттерге қарсы ашық айтылған бұқара тілегі, ел тілегі. Осы жауабында біржола бекінген Абайдың ақындық тізгіні де шешіліп кеткендей. Қырық жасына дейін ақындығына жете мән бермей келген Абайдың барлық мұрасы соңғы жиырма жылдық өмірінде жасалған. «Басқа шауып, төске өрлеп, қарасөзге дес бермей жүріп» қырыққа келіп қалған Абай енді поэзияға шұғыл бет бұрады. Бұдан
өлеңінің әлеуметтік мәнін Абай Чернышевский шәкірттері арқылы терең ұғынды деген жорамал жасауға болады. Екінші, «орыс халқымен бірге!» деген өз жауабы ақынның өзіне де жаңа серпін береді, бойын сергітеді. Ақындығы ерте танылған Абайдың қағаз бен қаламға кеш, бірақ, біржола мойын бұруы, бунап жүрген көп сұраулардың негізгі жауабын тапқанына байланысты болуға тиіс. Қырықтан асқан Абайдың «жігіт ағасы», «ел ағасы», деген сияқты ел ішінде, әсіресе ел ортасында қатты қадірленетін беделі тіпті күшейген кезі болу керек. Бірақ, Абай соның бәрін құрмалдық етіп, ақындығын табады. Бұл – әрине, прогресті үлкен ойдың әсері, ақын шабытына нәрлі де жаңа қорек табылғаны. Қолын кеш сермегендігіне өкінішпен бастаған Абай бізге қалдырған қымбат мұрасын жазба әдебиеттің жаңа кезеңіне сай үлгімен жасағанын көреміз. Бұл күнге дейінгі зерттеулерге қарағанда, Абайдың өз еңбектерінің ден салмағы соңғы 20 жылына (1884-1903 жылдар) түссе, Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын аударған кезеңі де осы. Бұдан екі қорытынды жасауға болады: 1) Абайдың өз шығармалары мен аударушылық еңбегі қатар жүріп отырған; 2) Абай творчествосындағы толып жатқан жаңа өлең түрлері Пушкин мен Лермонтов поэзиясын терең зерттеу нәтижесінен туған. Сондықтан да Абай жасаған жаңа түрлер әлі күнге ескірмей, бүгінгі поэзиямызға үлгі болып, кейде тіпті әлі меңгере алмаған үлгі болып қалып отыр. Абайдың жаңа түрлер табуын сөз қылғанда, бұл жалғыз түр мәселесі емес, мазмұн мен түрдің бірлігі, тұтастығы екенін естен шығармауымыз керек. Біздің көп зерттеушілеріміз мұны әлі күнге ескермей келеді. Абай түрді түр үшін емес, айтайын деген ойын дәлірек, өтімді де ұтымды етіп айту үшін іздеген, жасаған да тапқан. Мысалы, жазылуы төрт буын болса да, оқығанда түгел үш буын болып кететін: «Несі өмір, Несі жұрт?» Өңшең қырт, Бас қаңғырт!» біздің буынға бөлінетін силлабикалық өлеңдердей, бір сөзін бір сөзі лебімен бүркеп кетпейді, әр сөзін қаққан шегедей дәл оқытады. Болмаса: «Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң, Кімді көрсем, мен сонан – Бетті бастым, Қатты састым, Тұра қаштым жалма-жан» деген шумақты алайық. Жексұрын адамды суреттеуге түйреп айтылған
төрт-ақ сөзден құралған бастапқы екі жолы жетіп жатса, безіп кетуіне берілген соңғы үш жолы қандай! Бір сөзін өзгертуге болмайтын, ауыстыруға болмайтын, ойыңды әрі көркем, әрі дәл беретін түр осындай болу керек. Біздің кейбір ақындарымыз он бір буынды «қара өлеңді», кәрі әжесінің санды жіліктегеніндей, үшке бөліп, шашыратып шашып, жаңа түр орнына ұсынып жүр. Бірақ, өзгені қойып, Маяковскийдің аудармасын оқығанында да мұның бәрі оп-оңай жиналып, «қазақы» қара өлең болып шыға келеді. Ақынның түйреп айтайын деген ойы төлеусіз қалады. Мүмкін, Абай силлаботоникалық өлең түрін жасауды мақсат етіп қоймаған шығар, бірақ, ол мазмұнға сай түр керектігін терең сезінген. Оны және ұлы Пушкин, Лермонтовтың реалистік поэзиясына сүйеніп іздеген. Бұл Абайдың қазақ поэзиясына сілтеп кеткен жөні, оны тереңдету біздің бүгінгі ақындарымыздың парызы. Көңіл қоя қарасақ, Абай поэзиясының күшті жағы мазмұнына сай түр іздеген шығармаларында. Абайдың: – «Ақыр заман жастары, Қосылмас ешбір бастары...» болмаса: «Сыналар, ей жігіттер, келді кезің...» деп басталатын өлеңдері, басқа біреу жазса, түкке тұрмайды дей салатын нәрселер, ойға да қонбайды, есте де қалмайды. Ал мазмұнына түрі сай келген «Сегіз аяқ», «Ем таба алмай», «Айттым сәлем, Қаламқас» сияқты өлеңдерін жұрттың көбі жатқа біледі. Абайды құрметтейтін, өскен дәуірдің ақындары оның поэзиямызды жоғары сатыға көтеруге жәрдемі тиетін жаңа түрлерін дамытуға міндетті. Өйткені ол жалғыз түр емес, үлкен мағынасындағы поэзия мәселесі, кең шеңберлі көлемді мәселе, ұлы орыс поэзиясының өскен жолы. Абайдың ең алғаш кездескен поэзиялық мектебі орта ғасырлық Шығыс еді: «Физули, Шамси, Сайхали, . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Навои, Сағди Фирдоуси, Мәдет, я шағири фөррияд!» деп, Абай солардан мәдет тілеп бастады. Бірақ, поэзияның жаңа замандағы әлеуметтік маңызын жете ұғынған ұлы ақын өзінен кейінгі қазақ поэзиясына Батысты, оның ішінде орыстың реалистік поэзиясын мектеп етуге жөн сілтеді. Өзі Шығыс мектебінен бастаған, Шығыстың барлық ұлы ақындарымен терең таныстығы бар Абайдың аяқтап келгенде орыстың реалистік әдебиетінің жөнін сілтеуі – терең мағынадағы прогрестік көзқарас. Мұның нәрлі де құнарлы бағыт
екенін біз қазіргі қазақ совет әдебиетінің өркендеу тәжірибесінен де көріп отырмыз. Осы берік бағытын Абай өзінің әдебиеттік еңбегі мен қазақ халқының сезім-санасына, әсіресе, көркемдік сезімі бар ақынәншілеріміздің сана-сезіміне өзгерместей-өшпестей етіп мықтап құйып кетті. Абай заманындағы қараңғы қазаққа Пушкин, Лермонтов шығармаларын жатсырамастай жатық етіп аударып беру деген тарихи маңызы бар еңбек. Бұл – ойға ұялаған берік көзқарас арқылы өз мойнына өзі жүктеген әлеуметтік, елдік мағынадағы үлкен еңбек. Пушкин, Лермонтов жырларын Абай өлеңімен де, әндерімен де тұрақты да өмірлі етіп қазақ халқының сезім дүниесіне сіңіріп кетті. Сондықтан, осы күнге дейінгі қазақ тіліндегі Пушкин мен Лермонтовты еске алғанда, ең алдымен, Абай аудармасы тілге оралады. «Таңғажайып бұл қалай хат Мағынасы алыс, өзі жас? Сөзі орамды, әр түрі жат. Және әдепті, және рас...» деп, бас қосылған жерде біреуіміз бастасақ, енді біреу: «Бұл кінә емес, әншейін наз, Сағынамын айтамын, Досың-ақпын, тағдыр араз, Толғанамын, қайтемін...» деп созып әкетеді. Абай аудармаларының еркіндігі, дәл еместігі, кейде қосып, кейде жонып отыратындығы мәлім нәрсе. Бірақ принципінде бұл бір тілдегі шығарманы екінші тілде қайта жасау жолына (воссоздание) жақындайды да, біздің заманда өсіріп, өркендетуді тілейді. Абай аударып отырған шығарманың рухын, поэзиялық көркемдігін ақыл мен сезімге дәл тиетін етіп шығарады. Абай жасаушы да өзі, сыншы да өзі болған ақын. Оның айналасында көркем сөзге бейім адамдар болғанымен, бұрын болмаған жаңа поэзияға жәрдем етер бірі жоқ. «Аттың сыны», «Жаздыкүн шілде болғанда» сияқты өлеңдеріңе пікір айта алса да, терең сезім, жаңа теңеу, жаңа түр, ой жағынан оларға сүйене де, сене де алмайтын еді. Абайдың ұстазы да, мектебі де – XIX ғасырдағы орыс халқының озық поэзиясы, әсіресе, Пушкин мен Лермонтов. Абайдан кейінгі елу жылдың ішінде қазақ халқының жазба әдебиеті XIX ғасырда арман ете алмайтын биікке көтерілді. Абайға қоя алмайтын сындарды көтеретін үлкен әдебиетке айналды. Оның аты – қазақ совет әдебиеті, ол – советтік ұлы дәуіріміздің жемісі, өскен ойдан туған, өзінің әлеуметтік асыл құрал екенін таныған әдебиет. Біздің
осы табыстарымызда қазақ халқының барлық болашағын ұлы орыс халқымен біріктіруге өшпейтін еңбек еткен ұлы ақынымыз Абайдың да үлкен еншісі бар. Оның тарихтан алар орны да осында, ол қазақ халқын ұлы орыс халқымен достастыруға сіңірген еңбегі арқылы, барлық рухани өрімізге жөн сілтеді. 1954 ж. ХАЛҚЫМЫЗ ТАНЫҒАН ЖАЗУШЫ І «Өз жақсыңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін!» Жақын арада Қазақстанның мәдениет жұртшылығы еліміздің ең бір белгілі үлкен жазушысы Сәбит Мұқанов жолдастың әдебиетімізге әр саламен келетін мол еңбегі 25 жасқа толғанына қадыр-құрмет көрсетіп, той жасап өткізді. Сәбит – саяси санасы оянғаннан бастап, бар еңбегім халқыма деп келген, әр кезеңнің сынды өткелдерінде қашан да елімен бірге болып, еліміздің мәдениетін сатыдан сатыға көтеруде үздіксіз көп еңбек сіңірген, қалың еңбекші бұқараның ортасында өте сүйікті жазушы. Сәбиттің еңбектері – халық қазынасы, ел мақтаны. Сәбитті қазақтың елінен, елді Сәбиттен айыратын ешбір саңылау болған емес. Сондықтан, Қазақстан Орталық Партия Комитеті әдебиет еңбекшісінің елі мен отанының алдындағы адал еңбегін айырықша бағалап, еліміз бен мәдениетіміздің өте қадырлы адамдарының бірі – жазушы Сәбит Мұқановтың 25 жылдығын тойлап өткізуге қаулы алған еді. Владимир Ильич Ленин: «Революция темір кісентас бұғауда болып келген күштерді босатып, түпсіз тұңғиықтан өмірдің бетіне шығарды», – дейді. Ұлы Октябрь революциясының арқасында бұрынғы қараңғылық пен мәдениетсіздіктен құтылып, Советтер Одағының бар елімен бұлжымайтын достық, айнымайтын бірлік негізінде қол ұстасып алға басқан Советті Қазақстан бүгін мәдениет іргесін берік қалаған елге айналды. Күні кеше 25 жасқа толғанын мейрамдаған Советті Қазақстан барлық отанымыздың алдында шаруашылық, ғылым, мәдениет, оның ішінде әдебиет майданындағы табыстарын ұялмай ортаға сала алды. Сәбит Мұқанов – ең алдымен, осы өскендіктің бір үлкен айғағы. Большевиктер партиясы, Леиин сынды ұлы көсеміміздің нұсқауын жүзеге асырып, жаңа туған жас совет әдебиетіңің өсіп-өркендеуін ең алғашқы адымынан бастап-ақ өз қолыңа алды, оңға-солға, артқа-теріске
тартқан шимай-шытырман идеялық күрестерден өзі бастап өткізді. Күрес үстінде мәдениетіміздің советтік жаңа қайраткерлерін баулып шығарды. Сол партияның өз қолынан тәрбиелеп шығарған қайраткерлерінің бірі – коммунист жазушы Сәбит Мұқанов болады. Сәбит – 25 жасқа толған Советті Қазақстан республикасының да, 25 жасқа толған қазақ Совет әдебиетінің де түйдей құрдасы. Сондықтан, Сәбиттің 25 жылдық тойы – қазақ совет әдебиетінің де тойы. Өйткені, сол өскен әдебиетімізде Сәбит, жоғарыда айтқандай әр саламен келетін мол еңбегімен, өзіне лайық үлкен жазушының, бастаушы жазушының орнын алады. «Өз жақсыңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін!» – дегендей, мәдениет, ғылым қайраткерінің қайсысының болса да елеулі еңбегіне ерекше қадыр-құрмет көрсетудің өте үлкен қоғамдық мәні болады. Жұртшылық құрметі, ел алғысы арналған адамның өзіне де өзгелерге де жаңа бір екпін, рух қосады. Әсіресе, мәдениет қайраткерлерінің сезіміне ел алғысынан артық әсер ете алатын нәрсе болмасқа керек. Сәбит тойының тағы бір үлкен мәні осында. Қазақ совет жазушыларының ішінен ең алдымен Сәбиттің еңбегін тойлап отырғанымыз да заңды нәрсе, өйткені Сәбит қазақ совет әдебиеті туар кезінде бесігінің басында еді, содан бері сол әдебиетпен бірге жасасып келеді; тек қана бірге жасасу емес, байшыл-ұлтшыл, революцияға қарсы идеялық күресте бүгінгі жазушылардың арасынан ең алғаш қолына қаламын сойыл етіп көтеріп шыққан Сәбит еді. Одан бері совет әдебиетінің іргесі бекіді, інілер ер жетті, жолдастар көбейді. Бірақ, қазақ совет әдебиетінің аяқтанбаған дәуірінде, қазақ ұлтшылдары қазақта совет әдебиеті болуға мүмкін емес дегенге дейін жеткен дәуірде бүгінгі ақын-жазушыларымыздың көбі әлі майданға белсене шыққан жоқ еді. Қазақ совет әдебиетінің қайраткерлері ең алдымен ұлы орыс халқының он тоғызыншы ғасырдағы Пушкин бастаған реалистік әдебиетімен тәрбиеленді. Одан көрі де қолма-қол қолтықтаған әсер Горький бастаған революциялық совет әдебиетінікі. Ал, байшыл-ұлтшылдар жаңа туып келе жатқан қазақ әдебиетін ұлттық шеңберге қамап, Советтер Одағының революциялық әдебиетінің арнасына түсірмеуге жанталасты. Сол дәуірде осы ұлтшылдық иіс-қоңыстан жаңа әдебиетімізді аулақ ұстауда Сәбиттің еңбегі туралы айтылар сөзді біздің басқа жазушыларымыз туралы айта алмаймыз. Сәбит – идеология майданында партия жолы үшін әрі белсене, әрі айнымай күрескен жазушы. Бір жағынан өзінің мол шығармасымен, екінші жағынан, совет әдебиетінің жас қайраткерлерін өсіріп шығаруға бар күшін салды. Ленин саясатының мәдениет майданында жеңіп шығуы арқасында, қазір біз әр саласы да нығайған қазақ совет әдебиеті бар деп айта аламыз.
Түрі мен мазмұны осындай жоғары дәрежеге көтерілген қазақ әдебиеті, бұрын болған емес. Бұрынғы ғасырларды түгел алсаң да, қазақ халқының мұндай әдебиеті болуға мүмкін емес еді. Міне осы идеялық-көркемдік жағынан бұрынғымен салыстыру болмайтын әдебиетімізде дарынды жазушы Сәбит Мұқанов төрден орын алады. Қазақ совет әдебиетінің алғашқы пионерлерінің бірі Сәбит Мұқанов қоғамдық және әдебиеттік іске екі дәуірдің айқасқан кезінде кірісті. Жалпы Мұқан Шөкей ұлының баласын қоғамдық күреске терең тұңғиықтан көтеріп шығарған Октябрь революциясының толқыны. Сәбит қүлдық еңбекте шірітетін жалшы өмірін жастай өз басынан өткізді. Ақысыз ауыр еңбек, сорлылық пен бейшаралық, аяқ астыға үнсіз көну – қазақ жалшысының күні осы болатын. Жалшы Сәбиттің көрген күні де осы да. Төл үйде туып, әке-шешеден ерте айырылған жетім бала көзге түрткі, көп зекудің астында өсті. Аты-тоны сай ағайын бір жетімін қабақ шытпай-ақ асырай аларлық жайы бар еді. Бірақ, өзімшіл орта туысқанын қадірлеуден көрі оның ақысыз еңбегіне қызықты. Әр есіктен отынмен кіріп, күлмен шығып жүріп, Сәбит надан молдалардан үзілді-созылды оқып та жүрді. Бір кезде өзі де «молдалық» құрып, бала оқытуға кірісті. Бірақ, ол заманның заңы сол, – жалшы баласы жалшылықтан құтыла алған жоқ. 1916 жылғы патшаға қарсы қозғалыс тұсында Сәбит көп нәрсенің куәсі еді. Ол еңбекші қазақ халқының азаттыққа ұмтылғанын да көрді, байлар мен бай тобынан шыққан «көзі ашықтардың» сол қозғалысқа іштен ірткі-бүлік боп тигендерін де көрді. Сезімтал жүректі ақын бала халқының ауыр халымен, алға ұмтылған ақ тілегіне, әрине, үнсіз қала алған жоқ. Осы революцияның босағасына таянған жылдарда ел арасына Сәбиттің алғашқы сықақ өлеңдері тарай бастады. Бұл өлеңдері обыр байлар мен жылмаң атқа мінерлерге әлсіз қолмен сілтенген найзадай еді. Үші де бар, жарқылдайды да, бірақ қан шығара қадала алмайды. Мұндағы ең айқын нәрсе – жәбір көрген кедей-жалшыға жығыла болысайын деген ақын сезімі. Сондықтан, осы кезде-ақ, еңбекші бұқараның арасында Сәбиттің беделі көтеріле бастады. Зәбір көрген, жапа шеккендер «Әлгі, жаман Мұқанның жетім баласына» дұшпанына қарсы өлең шығартып алып жүрді. Жетім баланың аты Сәбит екені де ел аузына ілініп қалды. Осындай, талап зор, талпыныс көп, бастаушы жоқ кезінде Сәбит Октябрь революциясының толқынына жолықты. Ауылдағы жалпы жалшының ой көлеміне сия қоймайтын үлкен дауыл жер қозғалтқан ұлы күймен, сарын салған үнмен қазақ даласына келді. «Басыңдар, жолдастар, аяққа, Атқанда бостандық таңы! Жайылсын кең шалқып жан-жаққа, Орнасын бостандық заңы!»
Қазақ даласына ең алғаш келген, күреске шақырған революция үні осы еді. Осы үннің лебі ұшырып, Сәбитті даладан қалаға алып кетті. Сәбит бостандықты үйде жатып күтпей, өзі іздеп барып қарсы алуға кетті. Бірақ, Октябрь революциясынан кейін Сібірде ақтар төңкерісі болып, Колчактың диктатурасы орнады. Қазақ байлары ақтармен қолтықтасып өзінің партиясын жасады. Байшыл оқығандар бұл күнге дейін «Елім» деген ұранды бүркеніп, жасырып келген түпкі ойларын бірте-бірте жарыққа шығара бастады. «Алаш» партиясының революцияға қарсы беті ашылды. Бұл дәуір саяси жақтан әлі пісіп жетпеген бұқарашыл ин теллигенция үшін ете бір қауыпты кезең еді. «Қазақ халқының бостандығы үшін!» деген жалған ұранға алданған бұқарашыл оқығандардың кейбіреулері «Алашорданың» батпағына азды-кепті былғанып шықты. Ал, Сәбит 1918 жылы Омбы қаласында мұғалім курсында оқып жүріп, бұл былғанышқа ұрынған жоқ. Мүмкін, ел ден жаңа келген білімсіз жігіт көзге де түсе қоймаған шығар. Бірақ, негізгі себеп кедей-жалшы тобынан шыққан жас «Алаш» қиғылықтарының тегі жат екенін аңғаруында болу керек. Оған дәлел – келер жылы (1919) Сібірде совет өкіметі қайта орнаған күннен бастап саяси-қоғам жұмысына белсене қатнасып кетеді. Сәбит жылы большевиктер партиясының қатарына кіреді де, сол жылдан Сәбиттің шын мағынасында қоғамдық және әдебиеттік еңбегі басталады. Сәбиттің ең алғаш баспаға шыққан өлеңі «Бостандық» та, әңгімесі – «Түсімде». Бостандықта» ақын шын бостандық әкелген революцияны құттықтап қана қоймайды, еңбекші елге оның мазмұнын да түсіндіргісі келеді. Содан бері, міне, дәл жиырма бес жыл өтті. Бұл – өнімді еңбекті үлкен жазушының жиырма бес жылы. Осы жиырма бес жылдың ішінде Сәбит алпыс мың жол өлең мен поэма, алты роман, он шақты пьеса мен либретто, ғылыми-тексеру жағынан жеті кітап, толып жатқан мақалалар жазыпты. Егер Сәбиттің қаламынан шыққан бар еңбегін жинап бастырсақ, көлемі 15 баспа табақтан 30 баспа табаққа дейін болатын 25 том болар еді. Қалам деген қағаз бетіне қалай болса солай, ойнақтай бермейді. Көркем сөз миға күш, ойға жүк салып, жүректен толғанып қана шығады. Жылына үлкен бір том кітап жазып отырған Сәбит – қазақ совет көркем сөзіне көп еңбек сіңірген адам. Сәбит еңбектерінің бірнеше өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен, Сәбит – ақын, Сәбит – жазушы, Сәбит – драматург, Сәбит – әдебиет тексерушісі, Сәбит қазақ совет әдебиетін ұйымдастырушыларының бірі. Сәбиттің шығармалары әдебиетімізге берік негіздің бірі болып кіреді. Екінші, советтік Қазақстанның 25 жылдық өмірінде басынан қандай күрес күндері өтті, бұрын мал баққан қазақ елі тарихи қысқа
дәуірдің ішінде қандай ірі табыстарға жетті, осының бәрінің ізі Сәбит шығармаларына айқын түскен: ол – әйел теңдігі, ол – мемлекет ісін басқаруға жеткен батырақ, ол – колхоздасу негізінде өзгерген ел, ол – Қазақстанның өндірістері мен жұмыскер өмірі, тағы-тағылар. Қазақстанды артта қалған отар елден шаруашылық-мәдениет жағынан бірдей алға басқан ел ету үшін партиямыз бен өкіметіміз қандай шаралар қолданса, соның бәрі де желісін үзбей, Сәбит шығармаларынан толық көрініп отырады. Үшінші, жоғарыда Сәбит қашан да елімен бірге болған жазушы дедік. Соның әсері Сәбиттің шығармаларында да айқын. Сәбит қашанда қалың еңбекшінің ұғымына барынша түсінікті болуға тырысады. Сәбит шығармаларының көркемдік жағынан өсуі әрдайым қалың көпшіліктің мәдениетінің жоғарылауымен сәйкес келіп отырады. Көпшілікке түсінікті болам деудің кейде шығарманың сапасын түсіріңкіреп жіберген уақыттары да жоқ емес, бірақ мұның көпшіліктің халдарына қарайлау сияқты бас себебі де бар. Төртінші, Сәбит Горький бастаған совет әдебиетіндегі әрбір жаңа лепке қоян-қолтық келуге тырысқан ақын. Сәбиттің бұл талабы екі мәселеде өте айқын көрініп отырады: 1) бүгінгі өмірді, бүгінгі совет адамдарының ісі мен бейнесін көрсетуде, 2) жаңа мазмұнға жаңа түр іздеп, Маяковскийдің поэзиясына ұмтылуында. Айта кету керек, соңғы мәселе жөнінде Сәбит өзге ақындарымыздан үздік алда тұр. Сәбиттің бұл бағытының маңызы біздің әдебиет үшін өте үлкен еді. Өйткені, байшыл жазушыларды былай қойғанда, біздің қазақ совет жазушыларының өзінде ескі өмірді жазуға бейімділік көп. Бүгінгі емірді әдебиетімізге арқау етіп, мазмұнына қарай түр іздеуге тырысқан бағыттың маңызы, әрине, ерекше болмақ. Сәбит шығармаларының осы сияқты бірнеше негізгі ерекшеліктерін атап өткеннен кейін, енді соның әр саласын сөз қылатын болсақ, алдымен ақын Сәбитке тоқтауымыз керек. Сәбит поэзиясын тегінде екі дәуірге бөлген дұрыс сияқты. Бірінші дәуірі – 1920-1930 жылдар ақынның өсіп, ержеткен кезі. Бұл кезде Сәбит түр жағынан түгел бұрынғы шеңберде. Бірақ, идея-мазмұн жағы түгел жаңа. Бұл дәуір «Сұлушаш» сияқты өлеңмен жазылған романмен – үлкен қорытындымен аяқталды. Сәбит жұртқа совет әдебиетінің үлкен ақыны екенін танытты. Бұл дәуірдегі Сәбит поэзиясы жаңа тақырыпқа, жаңа идеяларға, күнбе-күнгі өмірді көрсетуге өте бай. Бірақ, көркемдік жағынан едәуір ақсап отырады. (Мысалы, «Жалшы», «Октябрь», поэмалары). Аздап солақай ағымның әсері тиген ақын бұрынғы ақындардан түр үйренуге де бармайды, яғни, бұрынғы түрлерді байшыл ақындардікі дегендей ыңғайы бар. Аздап ұлы Абайдың өзімен де даулы. Лириканы «еркек-әйелдің» ғана мәселесі деп қарап, оған да жуи бермейді. Әзір рабфактан алған ғана
білімі бар ақын озық орыс әдебиетін де меңгере алған жоқ. Мазмұны, түр арасыңдағы шалғайлықтарын пайдаланған ұлтшылдар Сәбиттің иығынан түспегілері келеді. Кейде олар. Сәбитті совет әдебиетінің өз тұрғыларынан да қыбын гауып соғады. Бірақ, түпкі тілектері және белгілі. Саяси және жалпы білімнің аздығы Сәбит шығармаларының түрін әлсіретіп, кейде идеясы мен мазмұнына да дау туғызып отырады. Бірақ, бұл кемшіліктер өсіп келе жатқан өнімді ақынның шығармасының жалпы нәтижесіне елеулі әсер ете алған жоқ. Ақын Сәбит үздіксіз алға басып, алған бағытын тереңдете, құлашын кең жая түсті. Сол алғашқы дәуірдің өзінде-ақ төменнен жоғары өрлеп, кемшіліктерін бірте-бірте жойып, қазақ совет поэзиясының ең іргелі ақыны болғанын көреміз: Оның ең даусыз дәлелі – жоғарыда айтылған «Сұлушаш» романы. Біздің қазақ совет әдебиетінің өмірінде елеулі екі кемшілік болғаны кімге де болса мәлім. Бірінші, әдебиет көзімен қарағанда сауатты, әдебиеттің алдына жарығын төгіп, жазушыға жәрдем беріп отыратын, большевиктік сын болмады. Ондаи сын қазірде өте әлсіз. Екінші, жазушылар арасындағы жік ауруы жазушы мен оның шығармасы жөнінде әділ пікір айтқызбай, әдебиетімізге үлкен бөгет жасап келді. Біреудің кемшілігін жасыра айту, енді біреудікін асыра айту сияқты жаман салт сүзек аурудай созылып, өте ұзақ жасады. Мұның салдары Сәбитке де, басқа ақын-жазушыларға да тиді. Із аңдып, кезін күткен ұлтшылдар осының екеуімен де қатты пайдаланды. Совет жазушыларның арасындағы ала ауыздықты пайдаланып, олар кезі кеп қалғанда, совет әдебиетіне шабуыл жасап отырды. Сол шабуыл астына ең көп түскен ақынымыз да осы Сәбит еді. Әлі белін бере қоймаған ұлтшылдар баспа маңын қоршап алып, Сәбиттің шығармасын бастырмай қамқорлығы арқылы Сәбиттің алғашқы жинағы дүниеге шыққан. Қызуы басылмаған жас ақын Сәбит, ұлтшылдармен біраз сойылдасып алып, 1925 жылы Москваға барды. Бұрын артта қалған елдің жас ақыны, бүгін совет әдебиетінің мәселесімен келіп отырған Сәбитті үкімет басшысының бірі қабылдайды. Ол жаңа бой жазып келе жатқан совет әдебиетінің егжей-тегжейімен танысып, ақылын айтады. Содан кейін Сәбиттің жинағы да басылып шықты. Партиямыздың даналық нұсқаулары біздің әдебиетімізге де, Сәбиттің өзіне де ерекше әсерін тигізеді. Ең алдымен, совет әдебиетінің сара жолына екі аяғын тап басқан қазақ жазушылары басын қосып, ұйымын құрды. Әдебиет тағдыры туралы әр ақын-жазушы оңаша ғана ойланбай, бірігіп қолға алатын іске айналдырды. Екінші, осы жылдардан бастап Сәбиттің шығармалары да жаңа бір бетке, күрделі көлемге шыға бастады. Ақын бұрынғысындай жаңа өмірдің бетімен
қалыңқырап кетпей, оның ішкі мағынасын терең ұғынуға тырысып, поэзияның желілі түріне көшті. Сәбиттің көп поэмалары осы кезде туды. Бұл дәуірдің алғашқы кезеңіндегі Сәбит поэмаларына схематизм, жалаңаш социологизм бола тұрса да, өмірді жаңа негізде қайта құрып жатқан совет адамдарының бейнесін жасап, ісін көрсетуде ақын бірте-бірте шеберлене береді. Рас, Сәбиттің бұл кездегі поэзиясында көзің бір түссе, айыра алмайтын суреттер, бір оқысаң, есіңде қала баратын дәлме-дәл теңеулер, тұлғалы бейнелер сирек кездеседі. Бірақ, ақынның идеялық тазалығы мен табандылығы көп кемшіліктерін жуып жіберіп отырады. Бұл дәуірдің кесек қорытындысы – «Сұлушаш» романы. Бұл Сәбиттің бұрынғы поэзиясының бәрінен жоғары, өте көркем жазылған, кең тынысты, серпінді ақындықтан туатын еңбек. Дарынды ақынымыздың терең толғануынан туған «Сұлушаш» қазақ совет поэзиясынын, іргесін бекітті десек, асыра айтқан болмасақ керек. Өйткені, бұл тек қана Сәбиттің, тұңғыш табысы емес, қазақ совет поэзиясының да ең күрдеді тұңғышы еді. «Сұлушаш» романында Сәбит поэзиясының халықтық түрін жаңа бір белге көтеріп тастады. Романның композициясы, тіл теңеулері, адамның ішкі дүниесін терең көрсетуі, идеялық астары түгел өскен әдебиеттің жақсы үлгілерімен келеді, ақынның піскендігін көрсетеді. Сәбит – мұнда әр сөзіне жауапты екенін әбден ұғынған суретші. Әсіресе, ерекше атауды керек ететін нәрсе – ақын ескі өмірге жаңа заманымыздың көзімен қарай алған. Тақырыбына жалпы адамгершілік идеядан туатын астар берген. Халқымыздың түсінігіне таныс материалды алып, теңдікке, азаттыққа ұмтылған жастардың сырт бейнесін шебер жасаумен бірге, ішкі қасиеттерін терең бере алған. Бұрын Сәбит лирикаға бой ұрмай келсе, «Сұлушашта» ол көзқарасын түгел өзгертеді, адам сезіміне терең бойлайды. Бұрын Сәбит Абай поэзиясына аз-кем солақайлықпен қараса, енді оның ізі де жоқ. «Сұлушаш» Сәбиттің Пушкин бастаған орыс халқының поэзиясы мен Абай сарынын бойына әбден сіңіргенін көрсетеді. Сондықтан да «Сұлушаш» сол дәуірдің кесек қорытындысы, ақынның кезекті табыстарының бірі ғана емес, ақынымыздың да, қазақ совет поэзиясының да жаңа белі болып қалды. Сәбит поэзиясының екінші дәуірі – 1930 жылдың бер жағында совет ақынының творчестволық жолын, идеялық және көркемдік мақсатын ізденуден басталады. Бұл кезде Сәбит Маяковскийге шұғыл бет бұрады. Жаңа мазмұн дегеніміз бұл кезде тереңдей түсті, енді соған жаңа түр іздейді. Бүгінгі істер мен бүгінгі адамдарды көрсетем деген ақын, әрине, орыс халқының революциялық әдебиетінен үйренуге міндетті. Сәбиттің тура Маяковскийге бет бұруы да кездейсоқ нәрсе емес. Бұл – заңды құшақ. Бірақ, «құлашың жетпесті құша алмайсың», революцияның үні
сияқты Маяковский оп-оңай меңгеріле қоймайды. Сәбит шығармалары біраз уақыт Маяковский поэзиясына сыртқы пафос жағынан ғана ұқсап жүрді де, ішкі үндестік едәуір уақыт табылған жоқ. Осы қатты іздену, ауыр толғану кезінде Сәбит толып жатқан ұсақ өлеңдер мен бірге «Көмір – коммунизм», «Алатау», «Қара айғыр» сияқты поэмаларын жазды. Бұл шығармаларының бәрінде де Сәбит бүгінгі өмірді суреттеп, бүгінгі еңбек ерлерінің бейнесін беруге қатты жан салады. Бүгінгісімен бірге совет дүниесінің ертеңгі күніне де шолғын жасайды. Талап сөзсіз үлкен, табыс әзір шағын, еліктеушілері көп. Бірақ, талант ізденсе, таппай тоқтаған емес. Сәбит, 1934-1940 жылдардың арасында талай жақсы өлеңдер мен поэмалар жазды. Бұл кездегі Сәбит поэзиясында мазмұнға түр сәйкес, сөз екшеліп шығады. «Известия» газетінде басылып шығатын «Майға сәлем», бірінші бәйгені алатын «Ақ аю» поэмасы, Маяковскийге арналған «Поэзия маршалы», «Сөз – советтік армия», «Колхоз күні», тағы тағылары қазақ совет поэзиясының үлкен табыстары. Өйткені, бұл шығармалар шын мағынасында совет поэзиясының қорына кіреді. Сәбиттің бұл кездегі шығармаларының ерекшелігі мен құндылығы неде? Ол, ең алдымен социалистік шындықтың суреттерін дұрыс бере алуында. Бұл шығармаларда жандайшаптың жарамсақтануы да жоқ, кеудемсоқтың үстірттігі де жоқ, шындық дәл, бейне дұрыс. Өзін-өзі өзгертіп, өзімен бірге өмірді өзгертіп жатқан, еңбек салтына кіріп болған совет адамдарының әрқайсысының өз тұлғасы, бұл адамдар әр топтың, әр еңбектің өкілі ғана емес, әрқайсысы ез орынында ойлайтын, қайғыратын, қуанатын, іс істейтін адамдар. Бұл ерекшеліктер бұрынғыдай тілек қана емес, шебер қолмен орындалған іс. Екінші, бұрын Сәбит халық көпшілігіне ұғымды, жақын болу керек деген тілекті орындаймын деп, шығармаларының көркемдік сапасын «қарапайымдық» халге қарай жақындатып алатын кездері болса, енді Сәбит сол көпшіліктің алдына шығып алып, оқушыларына қатар отырайық демейді, маған ер дейді. Әрине, мұның басты себебі оқушы көпшіліктің өз мәдениетінің өсуі арқылы әдебиетімізге қоятын тілектерінің өсуінде ғана емес, сонымен бірге жазушының өзіне-өзі қоятын тілектерінің де өсуінде. Мұның атын жазушы жаңа белге кетерілді деп те атауға болады. Бұл дәуірде Сәбит қазақ совет поэзиясының түріне де көп жаңалықтар енгізді, поэзиямыздың түрін байытты. Бір кезде ұлы ақынымыз Абай, Пушкин, Лермонтов поэзиясының әсерінен алынған көп түрлер кіргізсе, Сәбит те орыс революциялық поэзиясынан көп жаңалықтар алады. «Алады» дегенге қарап, әзір тұрған бір түрді алып, не ортаға, не шетке жеге салған екен деп ойлауға болмайды, әрине. Әдебиеттің түрін байыту – ала салумен бітпейтін жұмыс. Әрбір ұлттық әдебиеттің үнін бұзбай, сиқын кетірмей, басқаға ұқсатып алмай, жатсырап тұрмайтын жаңа түр
табу – үлкен творчестволық әңгіме. Сәбиттің бұл жөндегі табыстарын, енгізген жаңалықтарын, өз алдына үлкен әңгіме етуге болады. Сәбит – үлкен ақын болуымен бірге, көркем қара сөздің де үлкен жазушысы, романист. Сәбит бұл күнге дейін үлкен-үлкен алты роман жазды, осы кезде жетініш романын жазып жүр. 1929 жылы шыққан Сәбиттің бірінші романы «Адасқандар» жазушымыздың қара сөзге шеберлігін, тағы да көп нәрселер күтуімізге болатынын көрсеткен еді. Содан бері Сәбит «Теміртас», «Есіл», «Менің мектептерім», «Жұмбақ жалау» «Балуан Шолақ» романдарын жазды. Күткенімізге қарай көп берді. «Адасқандар» романы, қанша кемшіліктері бола тұрса да, сол кездегі байшыл жазушылардың жазғандарынан анағұрлым жоғары еді. Сәбитті күнде кекетіп, күнде сықақтап жүретін байшыл жазушылардың өздері ондай роман бере алған жоқ та. Өйткені, олар таптық үстемдіктен айрылып, болашағы буалдыр тартқан жазушылар еді. Сондықтан олар аяқтан алу, жұрт жүрегін улау жолына түсті. Идеясыз көркемдік жоқ, көркем әдебиет жоқ. Идея желісі қырқылған топ тұсаған аттай тоқтап қалған. «Адасқандар» жұртқа мәлім, Қызылорданың айналасында болған оқиғаға құрылған, өз дәстүрімен таза келген қазақ қызы мен қала мәдениетін өз құлқына қарай бұра ұғынған бай баласының арасындағы трагедиясын көрсетеді. Бұл – қала мен даланың арасындағы шалғайлық емес, аттары да аталып, дәл алынған екі жағдайдың қайшылығы. Жазушы болғанды көрсете отырып, болашаққа қорытынды айтпайды, ескерту, сақтандыру жасайды. Романның бас геройының бірі — Бүркіттің жүріс-тұрысын кейде керексіз-ақ тәптештей жазылғанын мінеп, көп адамдар жазушыға жүрегің соған бұрады деген сын айтты. Бірақ, көңіл қоя оқыған адам Бүркіттің қандай жоғарыдан басталып, қандай төменге құлайтынын көрмеске шарасы жоқ. Әр жазушының өз әдісі бар. Сәбит Бүркітті көрсеткенде, көпке дейін оқушыны «алдаусыратып» отырады. Жүрегі соған бұрадыау деп қалатының да рас. Бірақ, қорытынды Бүркітті біржола құлатып шығады. Солай болғасын, жаңағы айып – үстірт кесім. Аттаған санын тәлтіректеп, аяғында құлайтын герой, құлаған да, ерлікпен емес, адалдық жолында емес, өзін-өзі тонап барып, абыройын төгіп барып құлайтын герой, ол жазушының жан ашыры бола алмайды. «Адасқандарда» жазушының шын жаны ашитын бір жері бар. Ол – қазақ қызы. Оның аты Бәтес болғанмен, заты – қашаннан бері құмарлық болып келген қазақ қызы. Шынында әйел бостандығын теріс ұғынып, аяғы нәпсі құрбаны болған қазақ қызы аз болған жоқ, әлі де кездеседі. Азат заман дегеннің сырты емес, ішін ұқ дейді Сәбит қазақтың қызына. Бұл жөнінен Сәбит қазақ қыздарынан үлкен алғыс алуға тиісті.
Біздің сын «Адасқандардың» екінші бір бағытын байқамай өтті. Ол – романдағы «Алаш» адамдары. Күні кеше қазақтың еліне де, әйеліне де бостандық әперу үшін күресіп жүрміз дейтін «Алаш» адамдары романда не істейді? Бет перделерін алады. Совет құрылысының әйелге берген шын «бостандығына» бөгет жасайды. Совет заманында әйелді ескі әдеттің құрбандығы етеді. Сол арқылы «бәрі бос сөз» дегенге әкелгілері келеді. Сөз жоқ, Сәбит романының геройларын шын еңбекшілер арасында табатын еді. Ерлік те, құрбандық та, осы көздеген идеяға дәл келетін ел жастары да көп еді. Ескі мен жаңаның біресе тоғысып, біресе соғысып қалатын алғашқы кез ел жастарының көбінің басынан өтті. Романға осы жағынан тағылған мін, әрине, дұрыс. Дегенмен, романның қанша кемшіліктері бола тұрса да, ол – Сәбиттің қара сөздегі әрі алғашқы, әрі көрнекті табысы. «Есіл» романы әлі аяқталған жоқ, «Менің мектептерімді» мен мемуарлық очеркке жататын шығарма дер едім. Әртүрлі жақсы жасалған типтер, елдің бұрынғы халын дұрыс беретін суреттері бола тұрса да, бұл ұзақ өмірді ұзынынан шолитын әдебиетке жатады. Қазақ совет әдебиетіне құнды қор болып кірген Сәбиттің «Жұмбақ жалау» атты романы. Бұл – шын мағынасында үлкен еңбек. Қысы аязды, жазы жадыраңқы, қуанышты-қайғылы, ойы бар, қыры бар, жалықпай жаза беруден емес, қаламы ұшталған жазушының да ойланып барып, жеті өлшеп, бір кескенде, бере алатын шығармасы. «Жұмбақ жалаудың» желісі кең тартылған да, адамдар арасының тартысы әр түрлі шытырманға түсіп, аяғына дейін жалықтырмай, жетелеп отырады. Тартысқа түсетін адамдар да, олардың істері де біріне бірі жалғасып, қызықты шешіледі. Роман революцияның алдындағы жылдардан басталып, Октябрьмен аяқталады. Бұл – қазақ халқының өміріндегі бір үлкен белес. Ұлт қозғалысы пролетариат революциясының арнасына құйылды. Романның түпкі идеясы да осында. Осы идеясын жазушы әрбір адамдардың басына бөліп беріп, дұрыс алып шығады. Сәбит 1932 жылы «Теміртас» романын жазып еді. Оның мазмұны жалаңаш, құрылысы олақ, адамдары жұпыны келетін. «Жұмбақ жалауда» Сәбит сол кемшіліктерін толықтырады. Бірақ, бұл «Теміртастың» жалғасы емес, қайталау да емес. Толық көрсетіле алмай қалған үлкен тақырыпқа жазушының қайта оралып, жаңа тұрғыдан қарап ойдағы жерден шығаруға арналған еңбегі. «Жұмбақ жалау» Сәбиттің басқа романдарынан тек қана идеясымен асып тұрмайды. Жазушы ең алдымен үлкен тақырыпты тармақтанып жатқан үлкен мазмұн арқылы береді. (5, мазмұн бәсеңдемей, түйдектеліп шыққан. Жазушының тілі, теңеулері жақсы. Аздап солғын басталатын алдыңғы жағы мен соңғы «Сағит» бөлімі болмаса, романның орта кезі кесек жатыр. Ескі Петербург суреттері болмаса, басқа жағында суреттері
де ескі жұрт емес. Олай болса романға қойылатын басты тілектер дұрыс орындалған. Идея мен көркемдік арасындағы райластық шүбә туғызбайды. Романның бас геройларының бейнелері де әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен берілген. Демократиялық оқығандар арасынан шыққан Асқар, қазақ қызынан революцияға өз халінше қатынасатын Ботакөз, халық өкілі Амантай, кесір болыс Итбай, – бұлардың бәрі де толық образдар. Айта кету керек, демократиялық оқығандар арасынан шыққан геройдың образы қазақ көркем сөзінде бірінші рет осы романда жасалды. Мен өзім Асқар мен Ботакөздің бейнелерін де болғаннан гөрі болуға мүмкіндік жағы басымырақ біраз жерлері бар дегеннен басқасын айтпас едім. Екінші, романда солғын көрсетілген – орыс пролетариаты, большевик партиясының өкілдерінің бейнелері. Бұл біздің қазақ әдебиетінде әлі дұрыс көрсетіле алмай келеді. Толып жатқан Иван, Алексейлер бар да, бәрі де солғын. Бұл жалғыз Сәбит емес, бәрімізге ортақ кемшілік. Осы сияқты кемшіліктері бола тұрса да, «Жұмбақ жалау» романы – біздің қазақ совет әдебиетінің үлкен жеңістерінің бірі. Бұл романды қалың оқушы көпшілігі өте сүйіп оқиды. Қазақ халқының өміріндегі ең үлкен тақырыпты суреттейтін идеясы үшін, принцип көзімен қарағанда, үлкен шындығы үшін сүйеді. Мұны дәлелдейтін мынадай бір ерекше қызық жағдай бар. Роман дүниеге шыққан жылы Сәбит романды оқушылардан мыңнан артық мақтау хат, қуанған жұрттың алғысын алған екен. Ондай хаттар Ұлы Отан соғысының өн бойында майдандағы жастардан үзілмей келіп жатты. Ондай хаттар кәзірдің өзінде де батыста Берлиннен, шығыста Сахалиннен үзілмей келіп жатады. Біздің жас әдебиетіміздің өмірінде мұндай факт болған емес. Жазушыға кітабын оқыған, я болмаса сахнада көрген жұртшылықтың алғысынан артық қуаныш та жоқ, болмауы да керек. Жазушының көңілін өсіріп, қаламына қайрат беретін – осы жұртшылық алғысы. Көркем қара сөздегі үлкен табыстардың бірі «Балуан Шолақ» романы, бұл роман Мұхтар Әуезовтің «Абай» романымен бірге Қазақстан Орталық Партия Комитетінің қаулысында да аталды. Осының өзі-ақ «Балуан Шолақтың» үлкен мақтауды көтеретін шығарма екенін дәлелдесе керек. Қазақ халқының батыры Балуан Шолақтың кесек бейнесі мен оқыс істері, романның қызықтырып отыратын мазмұны. Сәбиттің бұл романын да жұртшылығымыздың сүйіп оқитын шығармасы етті, оның үстіне «Балуан Шолақ» Москвада киноға түсірілуге қабылданды. Мұның аты – қазақ жазушысының үлкен шығармасы көркем әдебиетке әбден қанық орыс оқушылары мен көркем өнердің шеберлеріне де ұнады деген сөз. Сын көзімен айтылған пікірлерді ескере отырып, Сәбит осы күні «Балуан Шолақты» киноға дайындап жатыр. Мен Балуанның ішкі дүниесінің
жалаңаштаулығы, қоғамдық көз қарасының тұтасып, өрістеп отырмауы, Шолақты көбінесе қара күшке айналдырып жіберетін жақтары бар деген бір ғана сын айтар едім. Сәбит Мұқанов әдебиетімізге әр саламен келетін өнімді еңбектің адамы дедік. Сәбит өз күшін драматургия майданында да байқады, оншақты пьеса, либретто жазды. Оның ішінен Қазақстан Академиялық драма театрының сахнасында көрсетілгені – «Күрес күндерінде», «Жеңіс жыры», Қазақстан Академиялық Опера театрында – «Алтын астық», «Гвардия алға!». Ең соңғы жазғаны «Шоқан Уәлиханов» орыс тіліне де аударылды. Драматургиядағы Сәбиттің табыстары поэзия мен көркем қара сөздегідей емес, өте шағын. Драматургия Сәбиттің оң жамбасына дәл келе алмай жүр. Сәбиттің драматургиядағы тақырыптары да ылғи жаңа, ылғи кезектегі мәселе болып келеді. Бірақ, соның көркем орындалуы – әлсіз. Жиырмадан артық пьеса жазған ұлы жазушымыз Горький өзі туралы былай дейді: «Мен жиырма шақты пьеса жаздым, мұның бәрі де аздыкөпті әлсіз байланыстырған көріністер ғана, сюжет желісі дұрыс тартылмаған, адам мінездері толық және айқын емес. Драма бастан аяқ бұрқыраған қимылды, әсерлі болуға тиіс» (Горький «Әдебиет жайында» 1934 жыл) Горький – «Күн балалары», «Соңғылар», «Егор Булышев» сияқты совет драматургиясының үлкен олжасы деп саналатын драмаларды жазған адам. Соны жазып отырып, өзінің драмалары жайында жаңағы пікірді айтады. Сөз жоқ, мұнда ұлы жазушының өзі туралы асқақ пікір айтпайтын ұлы әдеті де болу керек. Бірақ, сонымен қатар, Горькийдің бұл сөзінде әдебиеттің ауыр саласы – драматургияға қоятын үлкен шарттары да айқын. Горькийдің осы сөзі біздің Сәбитке әрі жауап, әрі шарт сияқты. Ұлы Отан соғысының тұсында Сәбиттің «еңбек өнімділігі» біраз төмендеп кетті деген дұрыс сын. Сәбит қарап отырған жоқ, әрине. Сәбит сияқты жазушы қаламын жинап қойып, қарап отыра алмайды. Ол толып жатқан өлең, очерктер жазды. Бірақ, Сәбиттің оқушылары сүйікті жазушысымен жиі кездесіп отыруға және ірі шығармалардың үстінде кездесуге дағдыланған ғой. Сондықтан, Сәбиттің соғыс кезіндегі «еңбек өніміне» қанағаттана алмауы орынды тілек. Совет жұртшылығының орынды тілегіне орнықты жауап ретінде, Сәбит осы кезде «Біздің заманның батырлары» деген жетінші романын жазып жатыр. Жазушының алдына қойған міндеті кең, алған жүгі өте ауыр. Роман Қазақстанның құрдасы болмақ, яғни, өткен жиырма бес жылдың ішін ұзынды-көлденең түгел шолмақ, әр алуан күрес үстінде өскен қазақ халқының бүгінгі ерлері көрсетілмек. Елі мен отанның
даңқын көтеру жолында ел мен майданда өнегелі еңбек, қажымас қайрат көрсеткен Совет дәуірінің ақиқаттары көрсетілмек. «Біздің заманның батырлары» жақын арада жазылып бітеді, елдің күткен жерінен шығады деген сенім де зор. Сәбит – қазір алды-артын түгел шолып, табыс қай жақтан келді, таптырмай жүрген не, тапшылық істеп жүрген не, осылардың жайын кең ойланып, соғыстан кейінгі жаңа дәуірімізге жаңаша кіріскелі отырған жазушы. «Балуан Шолақты» қайта құрып жатқанын жаңа ғана айттық. Осы кезде «Жұмбақ жалаудың» үсті-басы да айран-ала. Жұрттың мақтауымен бірге сынын да баса ескеріп, Сәбит елеулі шығармаларын үстінен түзетіп келеді. Бұл – үлкен ойлардан туатын, өзіне өзінің сыны күшейгендіктен туатын қасиет. Сәбит – бір дәуірден екінші дәуірге өсумен келе жатқан ұлы Совет дәуірінің үлкен жазушысы. Оның еңбектерінің қазақ совет әдебиетінде орны басқа. Сәбит – жалғыз ғана өз еңбектеріне жауапты адамның бірі емес, әдебиетіміздің тағдырына түгел ортақ жазушы. Ағаға қарап, іні өспек. Алдыңғы толқын ағалар болса, келесі толқын – сол інілер. Сондықтан, Сәбиттің алдына басқаларға қойыла бермейтін міндеттер қойылады, басқаларға ауыр келетін жүктер артылады. Қазір, әсіресе, Ұлы Отан соғысынан кейін, елдің мәдени тілегі бұрынғысынан анағұрлым өсті, әдебиетке, жазушыға қоятын міндеттері өсті. Дүниедегі ең озық совет әдебиетінің жазушысы деген ат біздің жауапкершілігімізді және арттыра түседі. Әдебиеттегі ағалықтан туатын тағы бірталай жауаптылық бар. Алдағы күнде ардақты жазушымыз осыларды қатты ескерер деп даусыз сенеміз. «Әдебиет және искусство», 1946 ж. II «Қазақ ССР тарихының» екінші томында – «Қазақ совет әдебиетінің тарихында Сәбит Мұқановтың еңбегі ерекше орын алады» делінген. Бұл – елу жасқа толғанын мерекелегелі отырған, іргелі жазушыларымыздың бірі Сәбитке тарихымыздың берген бағасы, халыққа танылған жазушының әдебиет майданындағы отыз жылдық мол еңбегіне берілген әділ баға. Қазақ совет әдебиетінің отыз жылдық өсу-өркендеу тарихында жазушы Сәбит Мұқановтың орны ерекше екендігіне ешкім таласа алмайды. Октябрь революциясының от-жалынды толқынында туған қазақ совет әдебиетінің алғашқы айқын дауысы – Сәбиттің дауысы еді. Бұдан 30 жыл бұрын, революцияның ұлы үніне араласа, қуаныш кернеген жүректен шыққан жас бір дауыс «Бостандық!» десе, бүгінгі Сәбит қазақ
совет әдебиетінің негізін қолынан қаласып, бар табысына кесек-кесек романдар, ұзақ желілі поэмалар сияқты үлкен енші қосқан, халқымыздың шын сүйікті, ең өнімді жазушыларының бірі. Мүмкін, бұдан 30 жыл бұрын жас ақынның «Бостандық!» деп салған айқайы онша алысқа бармаған шығар, қазір Сәбиттің мол дауысы Совет Одағына түгел таныс. Жазушы Сәбиттің тарихтан алатын ерекше орны – егіз екі саламен келіп, бір арнаға құятын жазушылық еңбегінің нәтижесі. Сол екі сала әр кезде жұбын жазбай қоса өріліп, жазушының отыз жыл бойы үзілмей келе жатқан ерекше қасиеті болып қалды. Оның бірі әдебиет қазынасына қосқан Сәбиттің өз шығармалары болса, екінші – қазақ совет әдебиетінің қозғалысын ұйымдастыру, басқару жағындағы еңбегі. Сәбит – еңбек бұқарасының өз топырағында өскен ұрық. Шевченко, Некрасов, Горький сияқты Сәбит те – қалың бұқараның өзінен өрбіген бұтақ. Сәбит поэзиясы бір дәуір Шевченко, Некрасов поэзияларымен сарындас сияқты әсер ететіні де, Сәбиттің басқа ақындарымыздан гөрі Маяковский дәстүрлерін тереңірек меңгергені де, партия ұрандарына сергектігі де, осындай таптық үндестіктен туады. Оның үстіне, Сәбит барлық тәлім-тәрбиені, саяси және мәдени білімді Ленин партиясынан алды. Сәбит шығармаларындағы таптық тілек пен идеялық бағыттың айқындық себептері де осында. Қазақстан топырағында болып өткен қоғамдық үлкең күрестерді Сәбит көлденең көзбен көріп, бейтарап суреттеген жоқ, совет жазушысының көзімен көріп, алға сүйрер өз ойын ұсынып отырды. Таптық күрестердің айнасы ғана болып қойған жоқ, ұраншысы да болды, еңбекші бұқара жұртшылықтың социалистік жаңа өмірін белсене бірге жасасты. «Шоқпыттың шаруасы», «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» («Батырақ») сияқты шығармаларында Сәбит өзіне таныс жалшы өмірінің бұрынғы халін суреттей келіп, қазіргі жалшының оянғандығын, жаңа өмірдің кірпішін қаласып жатқан жаңа адамның бейнесін көрсетеді. Бұл дәуірінде ақында олақтық та бар, оқыс кету де бар, бірақ ақынның не айтқысы келген адал ойы бұрмалауға жатпайды. Бұл шығармалардан дала жалшыларының бай есігіндегі итсалпақ сорлы күйін көрсек, «Сұлушаштағы» Алтай мен «Бүгінгі жалшыдан» тұрақты, сана, терең сезім сияқты адамгершілік ішкі қасиеттерді көреміз. Ақбөпе, Бәтес, Сұлушаш образдары арқылы әлеуметтік әр топтан шыққан қазақ әйелінің әр дәуірдегі бейнесін көрсең, Ботакөз арқылы революция жалынында пісіп-қатқан қазақ қызын көреміз. Шоқпыт пен «Бүгінгі жалшы» жазушыны «Сырдария» романындағы Сырбайға әкелсе, ол – ескі із емес, жаңа дәуірдің жаңа адамы. Сол сияқты, Гүлнар мен Айбарша да қазақ әйелінің бүгінгі өскен кезеңін көрсетеді. Сәбит творчествосының алғашқы он жылдың ішіндегі ден салмағы поэзияда жатады. Бұл дәуірде Сәбит прозаға араласқанмен әзір сенімді түрде кіріспегенін, жаңа жанрдың төсегін байқап қана жүргенін көреміз.
Сонымен қатар, шығармасының бұқара көпшілігіне түсінікті болуын көздеген ақын, халықтық ауыз әдебиеттің дәстүрлеріне көбірек бұрылды. Кезінде бұл заңды да, көпшілік үшін ұғымды да болды. Сәбиттің орыс халқының классикалық ұлы әдебиетін шұғылдана оқи бастағаны да осы дәуірдің ішінде. Маяковский сияқты революция ақынына ойысқаны да осы кез. Бірақ бұл дәуірін Сәбит халықтық поэзияның жақсы үлгілеріне көбірек сүйеніп аяқтайды. Қазақ совет поэзиясының, соның ішінде Сәбит поэзиясының бір дәуіріне қорытынды сияқты болып қалған «Сұлушаш» мұны дәлелдейді. Өлеңмен жазылған «Сұлушаштың» ерекшелігі де, кейін қайталанбаған, енді қайталанбас қымбатты шығарма болып қалғаны да осынысында. «Сұлушаш» қазақ совет поэзиясының екінші бір биік белге шығып қалғанын көрсетеді. Алғашқы он жылын ұсақ өлеңдерден бастап, ұзақ поэмалармен қорытқан Сәбит екінші он жылдық дәуірдің ішінде сан жағынан да, сапа жағынан да үлкен сындар көтере алатын кесек еңбектер берді. Бұл кезде Сәбит – тақырып шеңбері кеңіген, өзіндік стилін айқындап алған, совет әдебиетінің белгілі шеберлерінің бірі. Оқушы жұртшылығымызға мәлім Сәбит творчествосының бар ерекшелігі, өзіндік көркемдік қасиеттері осы дәуірде әбден сұрыпталып, тұрақты қалпын табады. Поэзия мен прозаны қатар өрістетіп, қазақ совет әдебиетіне Сәбиттің оннан артық поэма, бес-алты үлкен роман қосқан өнімді дәуірі де осы. Сәбит поэзиясының бұл дәуірдегі басты ерекшелігі – дарынды ақынымыз совет дәуірінің ең талантты ақыны Владимир Маяковскиймен толық үндестік тапқанында. Үлкен идеяларды ақын жаңа теңеулермен, көркемдік жаңа бір сапамен береді. «Майға сәлем», «Жемісті ағаш», «Ақ аю» «Ант тысяча», «Поэзия маршалы», «Колхозды ауыл», «Сөз – Советтік Армия» сияқты өлеңдер мен поэмалар Сәбит поэзиясының екінші дәуірде шыққан биігі. Сонымен қатар, бұл шығармалар сол дәуірдегі әдебиетімізге салмақты түрде кірген жаңа сапа болып, барлық ақындарымыздың алдына жаңа талаптар қойды, ауыз әдебиетінің байырғы үлгілеріне қарайлауы басым болып келе жатқан қазақ совет әдебиетін орыс халқының революцияшыл озық әдебиетінің жолына жетеледі. «Жол анасы – із» дегендей, талантты аға ақын өз қаламымен сол «ізді» салып берді. «СССР-ді етуге бөлшек-бөлшек Ойласа жау, Олармен күшті өлшеп, Көреміз бүгін Бізде күзет мықты. Жауға жерден бермейміз жалғыз вершок». деген сияқты Маяковский арнасымен келетін өлең Сәбиттен басталды да, қазір барлық ақындарымыздың шығармаларына кіріп қалды.
Іштей бірнеше түрге бөлінетін, шын мағынасындағы проза бізде революциядан кейін туды. Әңгіме, очерк, повесть сияқты түрлерінен бастап, көлемді романдар арқылы қазақ совет әдебиетінің бойын өсіріп, салмағын күшейткен ірі жазушыларымыздың бірі – Сәбит Мұқанов. «Адасқандар», «Теміртас», «Балуан Шолақ» сияқты бір қайнауы ішінде кеткен романдардан кейін, Сәбит «Жұмбақ жалау» (Ботагөз), «Менің мектептерім», «Сырдария» сияқты үлкен шеберге лайық романдар жазды. Бұл шығармалардан революцияның алдындағы жылдардан бастап осы күнге дейін қазақ бұқарасының басынан өткен күрес күндерін көреміз. Жазушы әр дәуірді өзінің дәл бейнесінде көрсету арқылы, шығармаларына тарихи шындық маңызын береді. «Жұмбақ жалауда» бұқара халықтың әр жігінен шыққан Асқар, Кенжетай, Амантайлар арқылы қазақ халқының Октябрь революциясына құшақ ашқанын көрсек, әлеуметтік өмірден қағажу қалған қазақ әйелінің сана-сезімі оянған кезін де көреміз. Қазақ қызы Ботакөз сол кездегі қазақ әйелінің бойына сиярлық шындығымен өсіп келіп, саяси күреске қатынасады. «Жұмбақ жалау» романының кітап оқушы көпшілікке ең ұнаған романдарының бірі болып қалғаны да сол кездегі өмір шындығы мен адал бейнелерін жазушының жақсы көрсете алғанында. Сәбиттің «Менің мектептерім» дейтін романында революция кезіндегі қазақ ауылының бейнесін көрсетуден басқа бір үлкен маңыз бар. Ол – жазушының проза жанрында Горький мектебінен оқып өскендігін көрсететін творчестволық жаңалық. «Менің мектептерім» алғашқы басылып шыққан түрінде Горький шығармасына сыртқы жақтарымен ғана ұқсаса, қазіргі қайта жазылып шыққан түрінде іштей көп байыған, образ жасауда, адам мінездерін ашуда жазушының көп тереңдегенін көрсетеді. Совет жазушыларының өзіне өзі қатар талап қойып, шеберлік күшін аямай төгіп, айрықша жауаптылықпен суреттеуге тырысатыны – осы күнгі өзіміздің өмір, социалистік еңбек майданындағы совет адамдарының еңбегі. Еңбектегі совет адамдарының әралуан образдарын жасауға арналған үлкен романдардың бірі – Сәбиттің ең соңғы жазған «Сырдариясы». Жазушы әрі қиын, әрі оқушы жұртшылықтың үлкен құрметпен қарайтын тақырыбын таңдап алған. Бұл тақырыпқа жұмсалған жазушы еңбегі де құрметті. Қазақ совет әдебиетінде әлі тың жатқан, талайларымыздың талай соғып, талай сыналатын, сынасатын тақырыбымыз да осы еңбек айналасындағы жаңа адамдар болады. Осы тақырыпты Сәбиттің басқалардан бұрын бастауы – коммунист жазушының батыл қимылына жататын, бағалай білуді керек ететін нәрсе. Сәбиттің бұл романында идеялық екі үлкен мағына бар: біріншісі -социализм елінде еңбек – азап емес, азаматтық абырой-атаққа жеткізетін
жаңа мағынасын тапқандығы: екіншісі – Ұлы Отан соғысының бар салмағын жапа-жалғыз көтерген совет халқының социалистік құрылысты тоқтатпай, қайсар қажырмен жүргізе бергендігін көрсету. Романның көркемдік жағында елеулі кемшіліктер жиі кездесіп отырса да, игілікті идеясы үшін жұртшылық оны қатал сынаған жоқ. Дегенмен жұртшылық аузынан адал да, әділ де айтылған сындарды жазушы қатты ескеріп, қазір романды қайта жазып шықты. Құрметті аға жазушының елу жасқа толған қарсаңында жұртшылық алдына салып отырған тартуы – осы «Сырдария» романы. Бізше, бұл – бұрынғы үстірттіктерінен арылған, еңбек жұртшылығына ой салатын, жақсысына қуанып, қисығын түзетуге жәрдем ететін, сүйсініп оқитын құнды шығармалардық бірі. Сәбитпен тұстас, я болмаса кейінірек шыққан қазақ ақын, жазушыларының одан ағалық қамқорлық көрмеген, тәжірибе алмағаны кемде-кем-ақ. Совет құрылысының қуат-құдіретіне қалтықсыз сенген жазушы Сәбит әр кезде, арқасын партиямыздың ұлы саясатына берік сүйеп, адал күшпен, алаңсыз, риясыз сеніммен совет әдебиетін жасасты. Сәбиттің әдебиет тарихындағы айрықша орны осындай үлгілі қасиеттерінен туады. Совет халқы – тез өсетін халық, біздің заман – тез өсіретін заман. Біздің оқушы қауым – сол совет халқы. Сол халықтың рухани тілегіне сай шығарма беруге міндетті совет жазушысы, бір кезде шыққан биігінде тұрып қалмай, жоғарылай беруге тиісті. Жазушылар көпшілігіне айтылар осы тілекті, халқымыз танып, елу жасқа толғанын тойлап отырған, бір майдандағы жолдасымыз, аброй-атаққа ортақ досымыз Сәбитке де айтамыз. «Социалистік Қазақстан», 1950, 23 май. III Біздер үлкен қадір-құрметпен, еліміз үшін де, еліміздің әдебиеті мен мәдениеті үшін де даңқ деп атарлық мақтанышпен Совет Одағының атақты жазушыларының бірі Сәбит Мұқановтың 60 жасқа толған мерекесіне жиналдық. Ұлы Отанына, ұлы совет халқына қажымайталмай, жалтақсызбұлтақсыз 40 жылдан астам ой еңбегін сіңірген үлкен дарынның тойына жиналдық. Бұдан 40 жыл бұрын ауылдағы жалшы болса, қазір әйгілі жазушы, белгілі қоғам қайраткері, академик Сәбиттің тойына жиналдық. Өткен дәуірдің қараңғылығы мен надандығынан, қоғамдық және ұлттық теңсіздігінен біз құтылғалы 40-ақ жыл болды. Біздің партиямыз
бен үкіметіміз сол ауыр заманда не қолына мылтық алып, не болмаса қалам алып, бүгінгі социалистік, ертеңгі коммунистік болашақ үшін алысқан қайраткерлерін әр кезде құрметтейді. Ал, біздіц Сәбит Мұқанов Ұлы Октябрь революциясының күні шыққаннан бастап-ақ советтік әдебиет жасау үшін алысқан азғана топтың ішінде, бармақ басымен саналатың топтың ішінде, алдыңғы сапта болды. Ондаған жылдарға созылған байшыл-ұлтшыл жазушылармен болған күресте Сәбитті біз ылғи алдыңғы қатарда көретін едік. Өздеріңізге мәлім – ұлтшыл жазушылар әрі көп, әрі сайдың тасындай ірі, піскен болатын. Білімі аздығына, қаламы төселмегендігіне қарамай, жас ақын Сәбит ешбір жағаластан тайсалған жоқ, сол күресте өсті де, ержетті. Жас советтің алғашқы дәуірінде басталған, кейін жеңіспен аяқталған сол күрес ең алдымен бүкілодақта болған ұлы күрестің бір тармағына айналды да, совет әдебиетінің тарихына айқын іздерін қалдырды. Сол кездегі тап тартысына, советтік дәуірді нығайта беруге барын жұмсаған жазушылар болашақ әдебиетіміздің тас іргесін де қалады, бағытын да белгіледі. Ұлы Октябрь революциясынан кейін қазақ совет әдебиетінің алдағы бағытын белгілеп, іргесін қалаған топтың бастығы Сәкен Сейфуллин болса, сол топтың ішінде Сәбит Мұқановтың да елеулі орны болды. Біздің қазіргі қазақ совет әдебиеті осы революциялық бағытта өсіп-өркендеді. Өйткені бұл топтың солақайлық бағыттағы үстірттігі бола тұрса да, олар бізді бүкіл одақтық әдебиеттен бөлек жайылу жолына тартқан жоқ, сол әдебиетпен қол ұстасып, құшақтаса өсу жолына тартты, содан үйренуге шақырды. Ұлттық әдебиеттердің тез өсіп-өркендеуіне, жалпы мәдениетіміздің тез өркендеуіне негіз болған бірінші жағдай осы болатын. Осы күресте жазушы Сәбит Мұқановтың да еңбегі аз болған жоқ. Менен кейін тыңдалар арнаулы баяндама, жазушылардың сөздері болғандықтан, мен Сәбиттің творчестволық өмірбаянына тоқталмаймын. Тек қана жазушы Сәбит Мұқановтың шығармаларындағы бір ғана ерекшелігіне тоқталғым келеді. Ол – Сәбит заманымызда болып жатқан социалистік ұлы өзгерістердің әділ айғағы ғана емес, сол өзгерістердің алдыңғы қатарлы қайраткерлерінің бірі. Сәбит шығармалары біздің заманның мыңдаған тақырыптарын қамтиды. Кейде мезгіл жүрісінің алдына шығып кетеді. Оның шығармаларының жақсы қасиеттері де осында. Сәбит шығармаларында кейбір кезде кездесіп қалатын кемшіліктер де осы асығыстың жемісі сияқты. Қазір қазақ совет әдебиеті Бүкілодақтық оқушыларға, одан асып шетелдердің кітап оқушыларына жетті. Бұл өзі – кешегі қараңғы қазақ халқы үшін де үлкен мақтаныш. Бізде шетелдерге кең тарап, дүние жүзіне түгел танылды дерлік бірінші еңбек – Мұхтар Әуезов жолдастың «Абай» романы, оған іле-
шала көп тілдерде басылған Сәбит Мұқановтың «Ботакөзі», «Менің мектептерім» – «Өмір мектебі», «Сырдария» романдары. Өзіміздің елде аса әйгілі жазушымыз Сәбит Мұқановтың шетелдерге де кең түрде таныс екенін, шетелдерден келген құттықтаулардан да байқауға болады. Осы еңбектері үшін халқымыздың сүйікті жазушыларының бірі Сәбит Мұқановты совет үкіметі Ленин орденімен наградтады. Көп ұлтты совет әдебиетінің атынан және оның алпыс жылдық мерекесіне жиналған партия-совет жұртшылығының да атынан Сәбит Мұқанов жолдасты үкіметіміздің жоғары дәрежелі наградасымен құттықтаймын. 1960 жыл СОВЕТ ДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ Совет драматургиясының сынға алар жақтарын сөз қылудан бұрын, мен төрт түрлі үлкен фактыларды ұмытпауымыз керек дегім келеді: — Совет драматургиясы отыз жылдық традициясы бар, идеялық жақтан дүние жүзіндегі ең озық, көркемдік жолы қалыптасып, бекіп келе жатқан үлкен драматургия екенін ұмытпау керек; — Дүние жүзінде театры, клубы көп ел Совет Одағы болса, біз сол театрларымызға репертуар іздеп, шет елдерге тәуелді халге түскен де емеспіз, түспейміз де; — Адамгершілік аңсап, ішкі-тысқы қанаудан, жалдаптықтан, арсыздықтан, заңға сүйенген қара қылмыстардан, правосыздықтан, отарланудан, құлдықтан құтылғысы келетін елдер ондай ұлы күрестердің елесін совет драматургиясынан ғана таба алады. Ол үлгілер дүние жүзінде басқа ешбір әдебиетте жоқ; — Драматургиямыздың олқылық жақтарын баса айтып, батыра сынасақ, ол совет драматургиясының идеялық және көркемдік жақтарын бұл күндегісінен анағұрлым жоғары көтеруге жағдайымыз барлығынан айтылады. Тез өскіміз келеді де, терең сын, батыл сын болғанын жақтаймыз. Осы жағдайларды әр кезде есте ұсталық. Совет драматургиясының идеялық және көркемдік дәрежесін бұл күндегісінен анағұрлым жоғары сатыға көтеру – тұтас алғанда, совет әдебиетінің қазіргі күндегі ең негізгі мәселелерінің бірі болып отыр. Өйткені, әдебиетіміздің әр кездегі шын жай-күйін анық саипаттай алатын СССР Жазушылар Одағының XII пленумында сөйлеген сөзі.
тұрақты белгі – сан емес, қашан да сапа болатыны кімге болса мәлім. Оның үстіне, бұл – жүздермен есептелетін совет театрларының, мыңдармен есептелетін совет көрермендерінің тілегі. Совет драматургиясының идея-көркемдік жағынан шыққан биігі де, я болмаса, олпы-солпылық жақтары да совет елдерінің әдебиеттерінде біркелкі емес, әртүрлі дәрежеде. Сонымен бірге, табыстарымыз бен кемшіліктерімізде толып жатқан тектестік те бар. Сондықтан, совет драматургиясына түгел ортақ бірнеше негізді мәселелер жайында пікір алысып, үзілді-кесілді шешетін уақыт жетті. Виссарион Белинский мен Алексей Максимович Горький сияқты ұлы ұстаздарымыз – драматургия әдебиеттің ең қиын жанры, ол әр әдебиеттің буыны бекіген кезде туатын жанр деген ойды әр кезде еске салып отырғандарын көреміз. Сол қиындықтарды біз әлі жоя алған жоқпыз, өскен драматургиядан тілейтін шеберлікті меңгере алған жоқпыз. Бұл жайды Украина совет жазушыларының съезінде А.Фадеев жолдас өте дұрыс сипаттады. Бұл айтылғандарға қосылатын тағы бір іргелі мәселе – әр дәрежеге жетіп, өсіп қалған кейбір ұлттық драматургиялардың тәжірибелерін қорытып, жөн сілтейтін де уақыт жетті. Мұны жаппай қолға алу ерте-ақ шығар, бірақ, кейбір ұлт республикаларының драматургиясы арнаулы сынға салуды көтере алатынына да шүбә болмасқа керек. Осы пленумда, яғни, совет драматургиясы жаңа бір кезеңнің қарсаңында тұрғанда жасалған А.Софронов жолдастың арнаулы баяндамасына мен осы тілектерді қойып, осы міндеттерді жүктемек едім. Бірақ, Софронов жолдастың баяндамасы бұл күнге дейін көпке белгілі жайларға да елеулі ешнәрсе қоса алған жоқ, көп сұрауымызды жауапсыз қалдырды. Өз жағдайларымызда да ішті пыстырып болған шұбыртпалы көп атауларды тізуден гөрі, соңғы кездегі көрнекті табыстарымызға қосылатын бір-екі шығарманың творчестволық жай-жапсарын тексеруге құрылған баяндама болса, совет драматургтарының творчестволық көп сұрауларына өнімді жауап берілген болар еді. Мен Софронов жолдастың совет драматургиясының алдында тұрған міндеттеріне арналған баяндамасынан, ең бері салғанда, мына мәселелердің көтерілуін күтіп ем: драматургияның тозығы жетіп, ескірген заңдары бар, ол заңдардың бүгінгі өмірге тар болып қалған шеңберлері, шарттары бар; Драматургияның бала кезінде, сонау ескі грек заманында тігілген бөрікті бүгінгі совет драматургиясына да кигізе салуға болмайды. Оның үстіне, қазіргі күнде драма, трагедия деген түсініктердің өзі өзгеріп кетті. Бұл түсініктерге «атам заманында» берілген сипаттар сол күйінде қала беруге тиісті емес. Бұл айтылғандардың беті ашылмауы совет драматургиясының өркендеуіне кедергі жасайтын жағдайға айналды. Идеясы жоғары, қоғамдық мәні аса зор, советтік драматургия жасай
отырып, драматургияның феодалдық, буржуазиялық үстемдіктер кезінде туған заңы мен теориясына бас иіп отыра беруге болмайды! Екінші жағынан, совет әдебиетінің қай жанрын алсаңыз да, ескі өлшеулеріне сыймайтын, өзіндік заңмен революциялық теория арқылы ғана өспек. Мысалға драмалық конфликт мәселесін алып қарайық. Драмалық тартыс арқауы (конфликт) жеке геройлардың арасында да, қоғамдық істегі күресте де өмірден туған шындық болуы керек те, ой мен сезімге жалғандық әсерін бермеуі керек. Және арқау оңай үзіле кетпей, тартысқа түскен сайын ширай беретін, өрістеп барып қана байламын табатын болуға тиісті. Осындай тартыстың түп-тамыры неде жатпақ, неден тумақ? Софронов жолдас: «Мұндай тартыстың тегі қоғам өміріндегі ескілік пен жаңалықтың соқтығысынан туады» деді. Бұл, сөз жоқ дұрыс ұғыныс. Бірақ, сол ескілік пен жаңалықтың, идея мен идеяның соқтығысы дегеніміз, ойға келсе-ақ орындала салатын нәрсе емес, көркем образдар арқылы, қимылға қарсы қимыл арқылы, ой мен сезімге өлшеп қондыру арқылы, орындалатын шарттар. Бұлай жалпылап айтқанда, әркімге де түсінікті көрінгенмен, мұнда творчестволық көп мәселелер жатыр. Пленум осы теориялық заң дегенді көркем шығармада қалай қолдану жөнінде драматургтерге жәрдем етуі керек. Өйткені, теориясыз алға басу деген болмайды. Драмалық тартыстың тегі қоғам өміріндегі ескілік пен жаңалықтың соқтығысынан туады деп, дұрыс айтқан Софронов жолдас, сол көзқарасын творчествоға айналдырғанда өзіне өзі қарсы келіп қалған. Мен Софронов жолдастың «Москва мінезі» деген пьесасын қазақ тіліне аударып едім. Егер ескі мен жаңа идеяның соқтығысы деп сол пьесадағы Потапов пен Северованы алар болсақ, осы екеуінің айналасында, өмірлік шын конфликтке қолдары жете алмай, тағы бірталай адамдар жүр. Дау-жанжалы аз, тез-ақ шешілуге тиісті мәселені қолдап созып, бекер-ақ ұзатып әкеткен. Кейде, конфликт болған себептен гөрі, содан туған туынды мәселелердің, я болмаса, қосалқы тақырыптардың ұшықиырына жету керектігі негізгі драмалық желіні әлсіретеді, ширатпайды, босата береді. Белгілі жай, пьесаға қатынасатын «адамдарды» басынан екіге бөліп алып, мыналар, міне, адалдарым, мыналар, міне, арамдарым, деу ешуақытта толық мінезді, ойлы, сезімді, сенімді образ жасауға жәрдем еткен емес; совет пьесаларының персонаждарына ендігі жерде келе де бермейді. Біз адам образын жасағанда ұлы Маркс сүйген халық мәтелін ұмытпасақ деймін. Менің сүйер нақылым – «Адамға бітер қасиеттің бірде-бірі маған да жат емес!» деген ғой Маркс. Шынында да, адамға бітер қасиетті дұрыс
ұғынып, оны нақтылы қоғамдық жағдайда дәл тауып бере алсақ, адамның бар қасиетімен, берілген образ олқы да болмас еді. Меніңше, совет адамының шын толық бейнесі – біз әулиелер мен пайғамбарлар суретін салатын әдістен біржола, түп-түгел құтылған кезде жасалады. Совет адамына даңқ та жат емес, даңққа құмарту да жат емес, ерлік те жат емес; қорқу да жат емес, ашулану да, ұрсу да, ұрыс есту де, сүю де, ойлау да, қалжыңдасу да жат емес. Совет адамының идеялылығы шөптің басы қимылдаса-ақ, сыр бергелі тұрған, я болмаса, азғана жаңбыр тисе-ақ, жуылып кеткелі тұрған беттің бояуы емес. Солай болған соң, арзан қамқорлық сияқты мінездердің біріне де орын болмауы керек. Социалистік өмірдің романтикасына көтеріле алу үшін адам образын сырттай да, іштей де, іспен де, сөзбен де толық сипаттай алатын болуымыз керек. Горький драмалық шығарманың тіл шеберлігіне қандай үлкен мән берсе, сахнадағы қимыл байлығына да сондай үлкен мән береді. Ал, адам образы да осы екеуінен құралады. Олай болса, өмір шындығының, қарама-қарсы идеялардың тартыстарын сенімді мағынада бере алатын образдар жасау мәселесіне бекер тоқталмаймыз. Драматургия ең алдымен образ мәселесі емес пе? Еске сала кетейін, ұлы сыншы Белинский драматургияның ең биік шыңы трагедия деген еді ғой. Бұл күнге дейін бұл көзқарасты теріске шығарған ешкім жоқ, теріске шығару қиын да болар. Осыған байланысты біздің советтік трагедия бар ма, жасауға бола ма? деген сұрау қойғым келеді. Я болмаса, драматургияның Белинский атаған биік шыңы (трагедия) бізде болуға мүмкін емес пе? Әлде бізде антагонистік таптар жоқтығы трагедияға керекті жағдайларды жоққа шығара ма? Мен Треновтың «Любовь Яровая» атты пьесасы мен «Чапаев» картинасының күші – трагедиялық жоғары сатыға көтерілгендігінде ғой деп ойлаймын. Сондықтан, бізде советтік трагедияны жасауға болады, жасалуға тиісті, деп жауап берем. Бірақ, совет трагедиясын жасау үшін трагедияның ескі түсінігінен безуіміз керек. Алдын біржола тағдыр болжап, кесіп-пішіп қойған, үміт етер саңлауы жоқ қапас өмір «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» деген сияқты, адам баласының лажсыздығын дәлелдеуге арналған идея, әрине, совет трагедиясының маңына да жанаса алмайды. Біз трагедияның қатал сындарға салатын ерекшеліктері мен романтикалық серпінін алуымыз керек. Мысалы, азамат соғысының батырлары Чапаев, Щорс, Аманкелді жайында жазылар драмалық шығармалар осы мағынада трагедиялық сатыға көтеріле алса, ойдағы жерден сонда шығар еді деп ойлаймын. Болмаса, Зоя Космодемьянская мен Александр Матросовтың, Мәншүк пен Әлияның өмірлерінде әрі үлкен романтика, әрі терең трагедиялар жатқан жоқ па! Бұл тақырыптарды, яғни, совет халқының осындай батырларының
образын жасауды мен трагедиялық биіктерден іздеу керек деймін. Әрине, жазушы геройларын қазаға ұшыратумен бірге, алға сүйрер идеясын да қазаға ұшыратып алмасқа керек. Өйткені, онысы өмір шындығына да жатпас еді, трагедияны ескі мағынасында түсінуден де аспас еді. Терең идеялы драмалық шығармалар жасауды сөз қылғанда, біздің ылғи атүсті қарайтын тағы бір мәселеміз бар. Ол – әр жанрдың езіне лайық тілектер қою керек екендігін ылғи ескере бермейміз. Мысалы, үлкен романдарға қойылатын тілектерді сахна өміріне арналған драмалық шығармаларға да қоя беруге болмайды. Өскен әдебиеттің әр жанры өз шеңберінде олқы соқпай отыруға тырысады. Бірақ атан жүгін тайға арту, роман тілектерін драмаға арту сияқты нәрселерге баспайды. Белинский драмалық шығарманың тақырыбы әрі нақтылы, әрі айқын, әрі жинақы болсын дейді; драмалық тартыстар негізгі идеяның айналасында өріліп отырсын деген талапты қояды. Біз кейде бір пьесаға ананы да кіргіз, мынаны да қос деген талаптар қоюымыз арқылы, шығарманың тереңдеу орнына, жайыла беруіне себепші боламыз. Осының арқасында, негізгі идеяң үнемі үзіліп отырғандықтан, шашылып-төгіліп, айқын жарқырай алмай қалады. Мен драмалық шығарманың кең де, таяз да болғанынан гөрі, жинақы да, терең де болғанын қолдағым келеді. Қырық құрау кетіп, жеріне жеткізбей, жол бойы шашып-төгумен тауысқан көп ойлардан гөрі, түйдектетіп, түйіп айта алған, сана-сезімге берік құйып кеткен аз ойлар артық. Совет адамдарының өмірі мен ісін жете білу, еңбектегі ерліктердің сана-сезімдегі түп тамырларын көркем түрде аша білу, совет драматургтерінің алдына бар салмағымен, бар мағынасымен қойылып отырған мәселе. Сонымен бірге, бұл – жазушылардың алдына қойылып отырған партиямыз бен халқымыздың талабы. Бір қалыптас «жауыздар», бір тұқымдас оппортунистер, біріне бірі ұқсас басқа геройлар жазушының шығармасына өмірден келіп кіріп жүрген жоқ, өз ойындағы схемадан келіп кіріп жүр. Чернышевскийдің «Ең көркем, дейтініміз – өзіміздің осы өмір болады!» дегенін енді тереңірек ұғынатын уақыт жетті. Чернышевскийдің уақытында болашақтың мүмкіндігі, я болмаса, арманды ойдың романтикасы сияқты алыстан елестейтін нәрселер біздің заманда әлдеқашан жүзеге асып, жаңа қоғамның күнбе-күнгі қолма-қол ісіне айналды. Сондықтан, совет адамдарының өмірін, өндірістік әртүрлі процестерін жете білу керек дегенді жазушы философиялық және творчестволық үлкен қорытындылар тұрғысынан ұғынуы керек. Біз осы өмірді білу керек дегеннің өзіне көркемдік жақтан таяз мән беріп келдік. Бұл жүйедегі ойымызды толықтыра түсу үшін, драматургия жанрындағы ескі «мектептер» әсерінің де бір қаралып өтуін дұрыс көрер едім. Европаның буржуазиялық мәдениетіне құлдық ұрудың бір түрі – әр ғасырдағы европа драматургтарына талғамай еліктеушілік
болады. Еліктеушілік бар да, «мектеп» бар, бұл екеуі екі ұғыныс. Еліктеушіліктің өзін жеткілікті күнә деп санар болсақ, «мектеп» одан да тереңірек әкетеді. Осының екеуінен де құлантаза арылып алмай, драматургиямыз өз жолын жат ықпалдардан тазалап алды деуіміз қиын болады. Европа драматургиясы мен орыс тілі арқылы Октябрь революциясынан бергі дәуірде танысқан ұлт республикаларының драматургтарына да батыстың сарындамашыл кертартпа романтизміне еліктеп жүргендері жоқ емес. Кей уақытта бұл «әсер» ұғынысынан шығыңқырап, «ауру» деген ұғынысқа қарай бейімделіп қояды. Сондықтан, Шекспирді құрметтеу Ибсенге еліктеу емес екендігін де ескертіп отыру керек сияқты. Партиямыздың Орталық Комитеті Октябрь революциясының отыз бір жылдығына арнаған ұрандарында әдебиет шығармаларының көркемдік сапасын жоғары көтеруді, жазушылардан шеберлігін тереңдетуді талап етті. Өз халімізше пленумның көңілін аудару үшін жоғарыда көтерген біраз мәселелер сол көркем сапаның жайы болар деп ойлаймын. Жоғарыда аздап еске салдық, қазіргі күнде бірталай ұлт республикаларының драматургиялары белгілі дәрежеде нығайып, арнаулы сын көтере алатын халге келді. Енді олардың өткен жолдары мен бастан кешкен тәжірибелерін қорытып, большевиктік сын арқылы жөн сілтейтін, өздеріндік табыстары мен кемшіліктерін атап көрсететін уақыт жетті. Бұл сын, бұл ағалық жәрдем ең алдымен әрі аға, әрі көсем, орыс әдебиетінен күтіледі. Біздің байқауымызша, қазақ, қырғыз, өзбек, әзірбайжан сияқты советтік шығыс елдерінің, совет дәуіріндегі драматургиялары екі арнамен өрістеп келеді: бір саласы мол қорлы халық фольклоры мен тарихи тақырыптарды меңгеру жағында болса, екінші саламен советтік бүгінгі тақырыптар сахнаға шықты. Бұл екі саланың тоғысар жері де бар, айрылысар жері де бар. Алдымен жасырмай айта кететін нәрсе, фольклор мен тарихи тақырыптарға келгенде, азды-көпті сүйсіне суреттеу, қызықтыра көрсету, бұл елдердің қайсысының әдебиетінде болса да күні бүгінге дейін бар: әрине, бір әдебиетте басымырақ, енді бірінде бәсеңірек, бір жазушыда тереңірек, енді бірінде таязырақ, бұлай көрсету бір тақырыптарда орынды болса, енді бір тақырыптарда пайдасынан зияны басым болып шыға бастады. Ескі тақырыптарды сахнаға шығару бір кезде өте керекті еді. Тарихи даму жолында бұған соқпай ете алмайтын болдық. Өзінің елдігін құрметтейтін ел ұзақ тарих бойында жасаған көркем қазнасын көшжөнекей шашып-төгіп, тастап кете бермейді. Әңгіме сол тақырыптарды жазушының бүгінгі күннің керегіне қай дәрежеде жарата алғандығында ғана.
Екінші жағынан, онша діндар болмағанмен, өз қараңғылығы өзіне мол жетіп жатқан, жаппайға жақын сауатсыздығын күні кеше ғана жойған қазақ сияқты халықтарды мешіт пен ишанның, молда мен қожаның ықпалынан шығарып алып, театрға, клубқа әкелу үшін, халықтың өзі жасаған ауыз әдебиетінің ез тұсында үлкен мәні болды. Жақсы үгіттің бір маңызы, оның түсінікті болуында болса, қазақтың ауыз әдебиеті мен ән-күйі совет театрының өте жақсы үгітшісі болды. Оның үстіне, қазақ эпосы, кейбір елдердің эпосынан гөрі басқарақ сарында, ақындар арқылы ауыздан ауызға кешіп, әсерлі қалпын жоғалтпаған эпос еді. Сондықтан, мәдениетіміздің өркендеу жолында, дәлірек айтқанда, белгілі бір дәуірде ескі тақырыптармен ауыз әдебиетінің нұсқалары, жаңа нығайып келе жатқан әдебиетіміз бен көркемөнерімізге жақсы жәрдемші, сенімді «одақтас» болды. Бірақ, қазіргі күнде ескі тақырыппен тоғысар шақтан өтіп, айрылысар шаққа жеткенімізді ұғынуымыз керек. Бұл жердегі диалектиканы түсіну онша қиын да емес. Өткен заманның сырты сұлу, құнары аз, өнегесі өзінен аспайтын өмірін суреттеуге машықтанып, мақтау естіп, сол жұртта ұзағырақ отырып қалған жазушылар, совет тақырыбына оп-оңай ауыса алмай жүр. Көп жазушыларымыз үшін бұл оңай да бөгесін еместігін көреміз. Бұл жөнінде кейбір қазақ жазушыларымен бірге мені де қатал сынға ала кеткен Сәбит Мұқанов жолдас дұрыстықты айтты ғой деп ойлаймын. Тереңірек ойлансақ, қазақ совет драматургиясының ала шабырлау халінің үлкен бір себебі осында жатыр. Осыған байланысты біздің сыншылар мен теоретиктерімізге, жекелеп айтқанда, Фадеев жолдасқа қоятын бір ғана сұрауым бар. Алексей Максимович Горький «Социалистік реализм әдебиеті социалистік тәжірибеден туады» дегені бәрімізге де мәлім. Мен бұл қағиданы былай түсініп келдім: әрбір шығарманың қандай әдіспен жазғандығын бұлжытпай айқындайтын нәрсе, шығарманың идеялық мазмұны. Былайша айтқанда, қандай шығарманы болса да социалистік реализм әдісімен жазылыпты деу үшін, ол шығарма турадан тура социалистік идеяның үгітшісі болуға тиісті. Социалистік идея қосалқы тақырып түрінде де емес, шығарманың негізгі арқауы болуға тиісті. Жалпы адамшылық идея, жалпы алғанда, прогресті идея дегендеріміз, нақтылы жағдайда социалистік идеямен бірге өріліп шығарылмаса, шығарманы социалистік реализм әдісімен жазылыпты деуге дәлел бола алмайды. Біздің сыншыларымыз бен әдебиет тарихын зерттейтін ғалымдарымыз Октябрь революциясынан бұрынғы орыс әдебиетінің ішінен жалғыз ғана Максим Горькийдің «Ана» атты романын социалистік реализм әдісімен жазылған деп табады. Ал, Октябрь революциясынан бұрынғы, орыс әдебиеті дегенімізге Горькийдің өзінен бастап, совет ақынжазушыларының талайы-ақ піскен талант ретінде кіріп кетеді.
Егер жоғарыда өз айтқандарымды өзім үстірт түсініп жүрмесем, тақырыбы ескі болсын, жаңа болсын, социалистік идеяда жазылмаған шығарманы социалистік реализм әдісімен жазылыпты деуге тіпті болмайды. Үйтпеген күнде, жазушыларға осы заманның тақырыбына жаз, осы күнгі өмірді көрсет деп, тақырып жағын тарылтудың да керегі болмас еді. Шығарма жалпы бір жақсы идеяның төңірегін жағалап жүрсе болғаны дер едік. Жоқ, олай емес, социалистік реализм әдебиеті идеялардан, революция жолындағы күрестерден, социалистік өмірді қолмен жасап жатқан совет халықтарының тұрмысынан туады. А.А.Жданов жолдастың да совет жазушыларының бірінші съезінде социалистік реализмге берген түсінігін мен осылай түсінем. Сонымен қатар, «социалистік реализм әдебиеті», «социалистік реализм тұрғысынан қарап жазылған шығарма» деген түсініктердің арасында дәл тепе-теңдік бола алмауға керек. Біздің көп сыншылардың социалистік реализмге берген түсініктеріне қарап отырсаңыз, айқындық әлі жеткілікті емес кейде қайшылықтар кездессе, кейде екі түрлі ұғымның арасында айырма қалмайды. Бұл жалғыз ғана драмалық, я болмаса, прозалық жанрдың мәселесі емес, әрі-беріден соң, бұл ұлттық бір әдебиетіміздің ғана мәселесі де емес. Бұл көп тілдегі совет әдебиетінің алдағы күнде өсу бағытын сұрау. Сондықтан, социалистік реализм әдебиеті дегенді қалай ұғынуымыз керек, соған барынша айқын түсініс берілсе екен деймін. Мен совет драматургиясының тағы бір мәселелеріне тоқтағым келеді. Қазақ совет жазушылары совет дәуірінің тақырыптарына сексеннен артық пьеса жазды. Драматург емес, прозаик дейтін жазушымыз Сәбит Мұқановтың өзі оннан аса пьеса жазыпты. Сөз жоқ, совет тақырыбына жазылған пьесалар өз тұсында өз міндеттерін белгілі дәрежеде атқарды да, баяғы тақыр – әлі тақыр, әлі түк шыққан жоқ деу үлкен қате болар еді. Тұтас алғанда, тақырыбы әлденеше рет асып жатуының өзі үлкен табыс: бұл драматургиямыздың бет алысының мәселесі болады. Бірақ, ешкім елемей, мән бермей өте беріп келе жатқан кемшіліктеріміз де жеткілікті. Мысалы, жоғарыда аталған сексеннен астам драмалық шығармалардың үштен екісі дерлік сахна бетін көре алған жоқ. Қалған үштен бірі сахнаға шыға алса да, ұзақ өмір сүре алмады. Бірі туғанша бірі өмір сүре тұрып, артқы бір пьеса туғанша, алдыңғы жазылған біреуі айла-шарық жасап келді, ақырында, қазақ совет әдебиетінің отыз жылдық өмірінің ішінде совет тақырыбына жазылып, сахнамызға бекіп тоқтап қалған бір пьесаны атай алмаймыз. Жасыратыны жоқ, қазақтың белгілі драматургтері деп саналатын жазушыларынан совет тақырыбына бірнеше пьеса жазбаған бірде-бірі жоқ. Ескі тақырыпқа орала береді дейтін Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсрепов сияқты драматургтердің де
ескі тақырыпқа жазғандары анағұрлым артып жатады. Бірақ, көркемдік салмақ, шығарманың құндылығын көтеретін шеберліктері ескі тақырыптарда болған соң, жаңа тақырыпқа жазғандары сахнаға тұрақтай алмаған соң, әр кезде заңды сынға ұшырасып отырады. Бұл жалғыз қазақ драматургиясына ғана, жалғыз қазақ жазушыларына ғана айтылатын сын емес, советтік шығыс елдеріне түгел ортақ жай. Пленумда еске салып жатқан себебім де осыдан. Қазақ совет драматургтерінің өндірістен, ауылшаруашылығынан, мәдениет майданынан таңдап алып жасаған образдарының бірде-бірі сахнаға бекіп қала алған жоқ. Өйткені, олар жасанды, бір схемамен жасалған салқын образдар болғандықтан, совет халқының көңіліне қона алмады. Тілек те бар, талап та бар, бірақ көркемдік шындық жете бермейді. Өзіміздің адамдардың образдары өзімізге жатсырап тұрған соң, оған совет көрушісінің де іші жылымайды. Шынын айтқанда, осы пьесаларымыздың көбінде драматургия заңының «әліп-биі» ылғи өз орнында әркезде айқын тұрады: идея да, ерлік те, еңбек те, алға қарап арман ету де бар сияқты, бірақ, драмалық тартыстың шындығы, адам образдарының сенімділігі, идеяның көркемөнер арқылы ойға қонып, бойды алар қасиетті жағы жұқа. Меніңше бұл кемшіліктер де совет халықтары әдебиетінің талайында кездеседі. Осы жайды қалай бағалауымыз керек? Меніңше, формализм деген ұғынысқа жататын бір хал осы деп білемін. Бірақ, бұл формализмнің жаман түрі. Өйткені, мұнда әңгіме сыртқы түр жайында емес, ішкі мазмұнды, идеяны білдіріп көрсету жайында: сыртынан қарағанда, советтік тақырып, советтік идея сияқтанғанмен, салмақтап көруге, халыққа ұсынуға құнсыз болған, құр ғана атына сүйеніп, сыртымен «советтік», сыртымен бүгінгі тақырып болып көрінетін нәрсе формализмнің бір түрі және жаман түрі деуіміз керек. Формализмнің бұл түріне де рақымсыз шабуыл жасау жөн. Ескі өмірдің қайғы-қасіретін, мұңы мен зарын, жеке адамның мүгедектігін көрсеткенде, сөзсіз елеулі табыстары бар қазақ драматургтері совет тақырыбына идеясы мен көркемдігі сай келген ірі шығармалар бере алған жоқ. Сондықтан, социалистік өмірді көрсетуге совет жұртшылығының алдында қарыздар болып отыр; әсіресе аты барларының қарыздары көп. Бізде совет халықтарының достығын көрсету жөніндегі бірнеше кемшіліктер әлі жойылмай келеді. Біздің драмалық шығармаларымыз арқылы ондаған Егор, Алексей, Иван Петрлер өтті. Олар бір шығармаларда орыс пролетариатының өкілі болып, қазақ даласына социалистік идеяның ұрығын шашу үшін алынған; берірек келе, совет халықтарының достығының бейнесі, ұлы орыс халқының, я болмаса басқа бір совет халқының, өкілі болып кіріп жүр. Бірақ, шынын айтуымыз керек, бұл «өкілдерден де» сахнаға бекіп, ойға қонып қалғаны жоқ әзірге. Ондаған
«өкілдер» бастарын жұртқа бір-бір иіп тарасып кетті. Бұ да әрбір еліміздің драматургиясында ұшырасып отыратын жай. Мысалы, халықтардың достығын көрсету үшін алынған «он екі Апостолдың» бірі Корнейчук жолдастың «Майданындағы» қазақ Шаяхметов та қонымды образ бола алған жоқ. Штейн жолдастың «Намыс заңы» атты пьесасындағы Кәримов та сенімді емес. Өз халқымыздан басқадан алған геройларымыз белгілі бір схемадан аса алмай, өсе алмай, көбінесе, сыртымен ғана көрініп жүр. Мұның бәрін айтып жатқан себебім – совет адамдарының ісі мен өмірін жете білу керек деген талаптарымызға совет халықтарының өмір мен мінездерін, әрқайсысының ұлттық ерекшеліктерін жете білуіміз керек деген талап қосылуға тиісті. Өйткені, қай тағдырдан алып қарасақ та, сахнамызда совет халқының достығын толық көрсете білу, совет жазушыларының үлкеи де, ардақты да міндеттерінің бірі. Бұл ең алдымен совет жазушыларының тақырыбы. Ең соңғы тоқталайын деген мәселем – ұлт жазушыларының драмалық шығармаларын ең ортақ тіліміз орыс тіліне аударып, орыс театрларының сахнасынан өткізуді бір тәртіпке салу керек демекшімін. Бұл біз үшін ең үлкен, ең керекті мектеп. Мен, қазақтың талантты драматургі Әлжаппар Әбішевтің «Бір семья» деген пьесасының жақсы жақтарын, шала аударылған күйінде байқап қалған А.Софронов жолдасқа үлкен рахмет айтамын. Сонымен бірге, Ә.Әбішевтің «Бір семья», «Достық пен махаббаты» сияқты, бұл күйіндегісінен де өсе түсуге мүмкіндігі бар шығармалардың орыс тіліне аударылып қана қоймай, орыс театрларының сахнасына да шығып тұруын үлкен тілек етер едім. Өйткені, тағы да қайталап айтам, совет халықтарының драматургиялық күштеріне жәрдем етуге, драмалық шығармалардың идея және көркемдік сапасын жоғары көтеруге бұл әрі нақтылы, әрі үлкен мектептердің бірі болар еді. 1949 ж. ЖОҒАРЫ ИДЕЯЛЫ КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ЖАСАЙЫҚ Осында жиналған қауымға түгел мәлім, әдебиет, көркемөнер, ғылым, кино, ән-күй сияқты идеология майданының бірнеше негізгі салаларын түгел қамтыған партиямыздың Орталық Комитеті мен Қазақстан Орталық Комитетінің қаулыларынан кейін мәдениет майданында күрт өзгерістер болды. Мәдениетіміздің әр саласы өз өміріндегі бай тәжірибелерін қорытып үлкенді-кішілі бөгесіндерден жедел арыларлық шараларын белгіледі: буржуазиялық батыс мәдениетіне құлдық ұрып бас июшілік, Қарағанды ақын-жазушыларының облыстық кеңесінде сөйлеген сөзінен қысқартылып алынды.
отансыздық, надандық, ұлтшылдық, партиясыздық, либеральдық, принципсіздік, сыбайластық сияқты хауіпті аурулардың өрістер жолын кесіп, ендігәрі қайталанбас шаралары істелді. Сонымен бірге, соғыстан кейінгі жаңа жағдайда кідіріссіз алға басудың айқын жолдары тартылды. Партиямыздың осындай ұлы шараларын іске асыру арқасында совет әдебиетінің тез өркендеп кеткенін көреміз. Мәдениет майданының негізгі салаларын салыстырып қарасақ, одақтық совет әдебиеті үздік озық орында дей аламыз. Өйткені сахна өнері, кино, радио сияқты салт-саналық ұйымдардың бәрінің ісіне де негізгі арқау – әдебиетте ғой. Әдебиет арқауы болмаған кино да, театр да болмақ емес. Соңғы бес жылдың ішінде жиһангерлік соғысқа, империалистік агрессияға қарсы, дүние халықтарының бұқаралық қозғалыстарына дем беретін көп еңбектер жазылды. Ұлы Отан соғысынан кейінгі ел еңбегін көрсететін үлкен романдар, повестер, пьесалар, кинофильмдер туды. Осындай озық әдебиеттің көрнекті бір тармағы қазақ совет әдебиеті. Қазақ ақын-жазушыларын тәрбиелеп өсірген партиямыздың отыз жылдық еңбегі ақталғанын қазіргі күнде толып жатқан айғақтармен дәлелдеуге болады. Былтыр Москвадағы өткен қазақ совет әдебиетінің он күндігі ұлт әдебиеттерінің ішінде ең жоғары бағамен етті десек, онымыз асырып айтқандық болмаса керек. Қазақ совет әдебиетінің таңдамалы шығармалары орыс тіліне аударылып, Москвада басылып шыға бастады. «Абай», «Ботакөз», «Миллионер» «Қазақ солдаты» сияқты романдар орыс тілі арқылы бүкіл одақ халықтарына таныла бастады. Бұлардың ішінен батыс елдерінің тілдеріне аударылмағаны да жоқ. Қазақ драматургиясының таңдамалы шығармалары Москва сахнасына қойыла бастады. Бұрын орыс тіліне аударылған ақындар Абай мен Жамбыл ғана болса, қазір Ғали Ормановтың, Жұмағали Саинның, Әбділданың, Асқардың, Қалижанның, Қасымның өлең жинақтары Москвада шығып жатыр. Бұл қазақ совет әдебиетінің идеялық және көркемдік жағынан өресі көтерілгендігін көрсететін фактілер. Сонымен қатар, қазақ совет жазушыларының халық алдындағы міндеттерінен атқарылмай жатқандары да аз емес. Әсіресе, еңбекшілер өмірінен ірі шығарма беру жағынан қарыздармыз. Әлі де шабандығымыз жетіп жатыр. Бірақ, қазақ совет әдебиетін Алматыдағы ақын-жазушылар ғана жасамайды, облыстағы, аудандағы, өндірістегі, колхоздағы барлық үлкен коллектив, кең қауым жасайды. Мәдениеті өскен қазақ халқы әр ғасырға бір ақыннан санап отыратын заманға енді оралмайды. Олай болса, Алматыдағы үркердей ғана бір топ ақын-жазушылардан басқалардың да әдебиет өміріне белсене қатынасатын уақыты жетті. Осыған байланысты ақын-жазушыларымыздың облыстық кеңесін өткізу жөнінде, біз, Қазақстандағы 16 облыстың ішінен Қарағанды облысын таңдап алып
отырғанымыз да әшейін емес. Бірінші, бұл Қазақстандағы ең өндірісті облыс. Екінші, Қазақстанның басқа облыстарымен салыстырғанда, бұл облыстың әдебиет күштері де молырақ. Шақырылып отырған облыстық кеңесіміз осы күштерді дұрыс басқарып, жазу еңбегіне түгел қатынастырып, елеулі шығармалар туғызудың жолын кеңесу үшін, сын, өзара сын арқылы кемшіліктерімізді жою үшін шақырылып отырған жиналыс. Осы тілектер тұрғысынан қарағанда, Әуезхан Көшімов жолдастың жасаған есепті баяндамасына, әрине, қанағаттануға болмайды. Әуезхан жолдас төрт-бес жылдың ішінде жасалған еңбектердің есебін берді. Төрт-бес жылды қосып айтпаса, Әуезхан жолдасқа ауыз толтырарлық есептің қисынын табу да қиын еді. Менімше, алдағы күнде бірінші кезекте қолға алатын, керек десеңіз, кезек күттірмей қолға алатын нәрсе – ақын-жазушылардың коллективтік бірлестікпен ойласып, жәрдемдесіп отыратын творчестволық орталық жасау. Ынтымағы біріккен әділ сын, өзара сын негізінде тілегі мен білегі біріккен әдебиет қауымы жасалмай тұрып, ақын-жазушыларымыздың әдеби еңбектеріне дұрыс басқарушылық жүргізуге де болмайды. Әдебиет қозғалысын дұрыс басқару үшін, кімнің не жазып жатқанын, қалай жазып жатқанын ұйым біліп отырумен қатар, ақын-жазушының кездесіп қалған кідірісі болса, қол ұшын беруге міндетті. Мұны істеу үшін ұйымның жұмысында творчестволық жоспар болу керек. Әуезхан творчестволық жоспар бар дегенді айтады. Қағаз жүзінде, Алматыға берілген бір жауап ретінде жазылған қағаз бар екені рас. Бірақ, оны творчестволық жоспарымыз деп орындалу жағын бақылап отырған ұйым да жоқ, орындап отырған ақын-жазушылар да жоқ. Ол аз болса, Жазушылар одағының мүшесі едік қой, жергілікті жердің әдеби өміріне жауап беруімізге тиістіміз ғой деп, өзара пікір алысқан жазушыларымыз да болмапты. Екінші, жас буынның арасынан қарасы байқалған жас қалам қайраткерлерінің әдебиетке келіп қосылуын Алматыда, Москвада отырып көре қоюға болмайды, жас кадрларды тауып алып, қорғаныш жасап, тәрбиелеп, әдебиетке тартатын біздің облыстардағы өкілдеріміз, облыстық, аудандық жердегі ақын-жазушыларымыз болуға тиісті. Ол үшін сол ақынжазушыларымыз оқу орындарымен, қабырға газеттерімен, әдебиет үйірмелерімен үздіксіз байланысты болуға міндетті. Үшінші, әдебиет халық қазынасы дейтін болсақ, сол халқымыздың қалаулы бір тобы жұмыскер табы емес пе? Жұмыскер табының Қазақстан топырағында ең қорлы жері осы Қарағанды облысы. Сол жұмыскер табына көркем әдебиетті қалай таныстырып отырмыз? Менімше, өте нашар, дәлірек айтқанда Қарағандының ақын-жазушылары биылғы жылдың ішінде жұмыскерлер арасында әдебиет кешін бір рет те өткізген
жоқ. Бұл кемшілік қана емес, саяси қылмыс, ақын-жазушымыз деген адамға ұят мінез. Төртінші, Қарағандының ақын-жазушылары осындағы барлық көркемөнер ұйымдарына әсер етуге, жәрдем етуге әлі кіріскен жоқ. Сонымен, Қарағанды ақын-жазушыларының алдың тұрған міндеттер екі саламен келуге тиісті: мұның бірі, Қарағандыдағы совет ақынжазушыларының облыс көлеміндегі әдебиет өмірін басқару жағындағы міндеттері; екіншісі, өздерінің шығармалық еңбектерін дағдылы қалпынан жоғары сатыға көтеру жөніндегі міндеттер. Облыс көлемінде әдебиет өмірін басқару үшін, ең алдымең не істегің келетінін анықтап, істеймін деген ісіңе негізгі желі жоспар жасауға тиісті. Енді творчестволық мәселелерге біраз тоқтағым келеді. Ең алдымен Қарағанды облысында бірнеше қабілетті жазушылар барлығын айта кетуім керек. Аллажар Теміржанов, Николай Пичугин, Мағзұм Тиесов, ақын Игенсартов бұлар қаламы ұшталған, шындап кіріссе, үлкен шығармалар бере алатын, белесіне жеткен, піскен ақынжазушылар. Бұлардың ізін баса, өкшелес келе жатқан тағы бір топ ақынжазушылар бар. Бір жағы жазуға көше алатын, енді бір жағы бұрынғы ауызша күйде айтатын ел ақындары да бұл облыста қомақты бір топ. Олай болса, Қарағанды облысында әдебиет өмірі бүл күндегіден анағұрлым жоғары сатыға көтеріле алады деп сенуіміз керек. Бірақ, жетпей жатқан не? Ол – жетпей жатқан, қазақша долбарлап айтсақ, әдебиеттік қауым, қоғам, ақын-жазушылардың арасындағы ұйымшылдық, орысша айтсақ – творческая среда – творчестволық орта. Демек, барлық әдебиет тарихымен бірге жасап келе жатқан, әбден сыналып, өзін-өзі ақтаған тәжірибе. Қарағанды ақын-жазушыларының арасында бұл жағдайдың жасалмауы тағы да басқара білмегендігімізге, енжарлыққа, ынтасыздыққа байланысты. Әдетте ісіміздегі кемшіліктерді түзетудің негізгі бір құралы большевиктік сын мен өзара сын болады. Қарағанды ақынжазушыларының арасында сын мен өзара сын өріс алмай қалған. Көшімов жолдастың баяндамасында да бұл жағы өте әлсіз болды. Сын мен өзара сын, бізге біреуді мұқату үшін керек емес, басқару-ұйымдастыруымызды түзету үшін әркімнің жазған шығармасындағы олпы-солпысы мен мінін түзету үшін керек. Творчестволық орта жасалудың негізінде большевиктік сын мен өзара сын жатуға тиісті. Қарағанды ақын-жазушылары қарап жатқан жоқ, ұлылы-кішілі еңбек жасап жатыр. Бірақ, соның бір де бірі жарыққа шыға алмай, бірнеше жылдың бойына тағдыры шешіле алмай, ал жарыққа шыққандары әлсіз болып келеді. Мысалы, көрнекті ақындарымыздың бірі Ғабдыман Игенсартов жолдастың «Лавадағы өмір» деген үлкен поэмасын алайық. Бұл – үлкен шығарма, жұмыскер өмірінен алынған, озық ақындардан
талап ететін тақырыптардың бірі. Бірақ, поэманың жақсы жақтарымен қатар, елеулі кемшіліктері де жоқ емес екенін ашып айтуымыз керек. Поэманың материалы реалистік әдіспен жазуды керек ететін болса, Исенсартов жолдас оны негізінде қазақ халық поэзиясының үлгілеріне сүйене жазған; поэманың «Лавадағы өмір» деген атына қарай, лаваның өмірін кеңірек алмай, тар сүрлеумен ғана, бірді-екілі адамның әрекетімен ғана қанағат еткен; Тойлан мен Әсия болмаса, өзге жұрт өрісті оқиғаға кірмей қалады, адамның өсуі, қиындықтарды жеңуі, техниканы меңгерулері тым оңай, тым тез. Осылардың бәрі қосылып, жап-жаңа тақырыпты ескі әдебиеттің мұрасына көбірек ұқсатып тұр. Менімше, Игенсартов жолдас өзін ел ақындарының қатарына қосады да, шын жаңа поэзияның тілектеріне салдыр-салақ, енжарлау қарайды. Бұл, әрине дұрыс емес. Игенсартов жолдас өсу жолдарын арт жаққа қарап іздемей, алға қарап ізденуі керек. Мағзұм Тиесов жолдасты алайық. Мағзұм әдебиетке ертерек бір араласып, он жылға жақын үзіліс жасап, соғыстан кейін қайта оралды. Бұл оралғанда, көп ойланған, көпті қорытып келген жазушы қатарында, елеулі еңбекпен келді. Мен әдебиеттен бірдеме ұғынатын болсам, Мағзұмның «Орыс ормандары» деген повестісі, алғашқы әкелген күйінде де енді бір өңдеумен түзеліп кететін және өмірлі шығармалардың қатарына қосылатын еңбек еді. Мағзұм ол еңбегін өңдеп болмастан бұрын аудартуға асықты да, аударушының шалағайлығынан болған көп кемшілікті өз мойнына алып қалды. Кінәнің көбі аударушыдан болғанын біле тұрып, оны Жазушылар одағының президиумына салып, повестің басын әлі күнге аршып алған жоқ. Сонымен біткен еңбек бітпегендей болып әлі күнге әрі-сәріде жүр. Мағзұм ол повестін сол күйінде тастап, орысша бір повесть бастапты («Гордость простого человека»). Онысы әлі аяқталған жоқ. Оны аяқтамастан «Асубай» атты повесін бастады. О да аяқталған жоқ. Бұларын аяқтауға Мағзұмға жылдар керек сияқты. Мағзұмның өз айтуына қарағанда хал-жайы осылай көрінеді. Көптен жазып келе жатқан Жұмағали Сәрсеков жолдас бар. Жұмағали, сөз жоқ көп еңбектенетін, ерінбейтін адам. Бұл – жазушы үшін өте жақсы қасиет. Жұмағали, әсіресе, сыншы ретінде, көп пайда келтірген, әлі де көп пайда беретін адам. Сонымен бірге, Жұмағали жолдас әдебиеттің әртүрлі жанрында жаза береді де, әлі күнге бір жанрға берік тұрақтаған жоқ. Сондықтан, неше жылғы еңбегі шашыранды болып жүр. Жұмағали очеркист пе, фельетонист пе, сыншы ма прозаик пе, драматург пе, бұл арасын айыру қиынға соғады. Әр жанрды жақсы меңгерген үлкен жазушылар болған да бар да, бірақ, ол бәріміздің қолымыздан келе бермеуі мүмкін.
Мен Жұмағали Сәрсеков жолдасқа бір жанрға берік тұрақта да, өзгелері қосалқы түрде жүрсін дегім келеді. Шыңында Жұмағалидың қаламынан шыққан еңбек тіпті аз емес көп, бірақ белгілі бір жанрдың салмақтанып, шоқтарылып қорға айналғаны жоқ. Мен Жұмағалидың соңғы жазған повесін оқып шығып, өз ойыма келген творчестволық кеңестерімді айттым. Пичугин жолдастың аяқталып келе жатқан повестімен қатар Жұмағалидың повесті де ойлаған жерден шығуына тілектеспін. Қарағандыдағы ақын-жазушылар жолдастық сын арқылы адал кеңестерін беріп тұрса, ол еңбек ойдағы жерден шығуға тиісті. Қарағанды облысында болсын, Қазақстан көлемінде болсын, Аллажар Теміржанов жолдас енді аға жазушылардың қатарында болуға тиісті. Асқар, Тайыр, Әбділдалардан гөрі кейінірек шыққанмен, Аллажар он бес жылдан артық тәжірибесі бар ақын. Аллажардың шығармалары әр кезде басылып, оқушы жұртшылыққа жақсы таныс болған, танылған ақынынымыз. Біріншіден, ақын-жазушының бар-жоғын еңбегі арқылы ғана көреміз. Оны ұйымнан гөрі, оқушы жұртшылық көреді, барды бар, жоқтыжоқ деп отыратын сол жұртшылығымыз. Аллажар жолдастың жинағы басылмай жатқанын мен Жазушылар одағының кінәсі деп танимын да, сонымен бірге соңғы он жылдың ішінде Аллажар елеулі еңбек берген де жоқ деймін. Аллажар енді құлашын кеңірек жаятын кезіне келіп қалды емес пе? Өзі негізінде бір-ғана жанрда жазатын ақын. Бұл арада «шабандықпен» ғана құтылуға да болар ма екен? Егер біз Мақсұт Байсейітов, Сафуан Шаймерденов сияқты жастарға кешірім көзбен қарасақ, Аллажар ол дәуірден өтіп кетті. Аллажардан жинақтан гөрі үлкенірек, желілі еңбектер күтеміз. Әуезхан Көшімов жолдастың басқару, ұйымдастыру жағындағы кемшіліктерімен бірге, оның шығармасындағы кемшіліктерді жолдастар дұрыс сынап шықты ғой деймін. Шынында да Әуезхан жолдас әлі аяғын кібіртік басады. Алған тақырыптарына тереңірек бойламай, үстірт қалпиды, ақын өз көзімен көрудің орнына жұртқа таныс, жалпыға ортақ болып кеткен жайларды өлең етеді, аз ойланады, қиналмай, толғанбай жазады. Әуезхан енді жастардың қатарына қосылмайды, шеберлік дегенді меңгеретін уақыт болып қалды. Поэзияда он-он бес жыл деген көп өмір. Біздің қазіргі ақындарымыздың ішінде өз шығармасы женінде қатты ойланатын, өзіне-өзі қатал сын көзімен қарап, шығармасының сапасы жөнінде көп іздену керек ететін ақындардың бірі осы Әуезхан жолдас. Аллажар мен Әуезхан жұртшылық алдына жинақтарын тосудан бұрын жаңа шығармалармен, көлемді еңбектерімен келуге тырысулары керек. Қойшыманов, Омарбаев жолдастардан да көптен бері үміт етумен
келеміз. Кеше Қойшыманов жолдас Жазушылар ұйымы мен оның өкілін дұрыс сынға ала отыра өзінің не жазып жатқанын да ұғындыра айтып кетуі керек еді. Қойшыманов пен Омарбаев жолдастар, он жылдың ішінде бір көрнекті еңбек бермеулеріңіз келіспей тұрған сияқты. Меніңше, мұның негізгі бір себебі – жазу мәдениеті, шеберлік дегендерге енжар қарауларыңызда болу керек. Басқару, жәрдем беру жоқтығын мойындаған күнде де, шығарманың жазылуы сіздердің өз қолдарыңызда емес пе? Сол шығармалар сіздерден тумай жатыр. Бұл екі жолдасқа арнап айтқаным емес, ұйым мүшелерінің саны бәлен дегенде кейде құр тұлыпқа меңіреп жүретін жайларымыз бар. Жиырма мен отыздың, отыз бен қырықтың арасында бір қарасын айқын көрсетпеген ақын-жазушы, енді қанша уақыт тілейтінін мен біле алмаймын. Жолдастар, бұл қатты ойланатын нәрсе. Құр санымен емес, сапамен ғана жасалады әдебиет. Сын, өзара сын жоқтықтан кімнің не істеп жүргенін білмейміз де, ұзақ уақыт есепсіз өтіп кетіп жүр. Өкіліміздің бұ да бір кемшілігіне қосылады. Осындай кемшіліктердің бәрі де жазушылардың өз талқысына көбірек салынып, сыналып отырса тез жойылар еді. Сын жоқтығынан кейбір жас ақындардың өз табысына өзінің мардамсып кеткенін көреміз. Оған мысал – Мұқышев Жолдас. Менімше, Мұқышев жолдастың қоғамдық мінездерінде едәуір оғаштықтар бар. Ең алдымен, бұл ақынымыз өзін совет ақынына лайық сыпайылық шеңберде ұстай алмайды. Кейбір мінездері деградация жағдайынан туатын богемщинаға ұштасып жатады. Әдеби еңбекте де, әлеуметтік еңбекте де ақын Мұқышевтің абыроймен аяқтаған іеі сиреп барады деуге болады. Өзін-өзі жұрт түсінбеген реуіште ұстау дейсіз бе, күнәсіз жәбірленген адам ролын ойнау дейсіз бе, ақын деген атын орынсыз пайдалану дейсіз бе, әйтеуір, Мұқышев жолдас совет жасына, совет ақынына лайықсыз прозалардың едәуірін бойына жинап алыпты. Мүмкін, Мұқышев жолдасты Жазушылар ұйымына мүше етіп оңай алғандығымыздың да содыры тиген болар, әйтеуір бұл жігіт бір талай әлеуметтік талқыға түсуді керек ететін сияқты. Сын, өзара сын сияқты партия құралын Қарағандының ақынжазушылары берік ұстаған болса, Мұқышев былай шығандап кеткен болмас еді. Енді оған айтарымыз, босқа сәнденуді қой, шырағым, адамды адам еткен еңбек дейді, ойланып, совет ақыны деген атыңды ақтайтын еңбекке отыр деуіміз керек. Әзірше, айта қаларлықтай үлкен еңбек бере қойған жоқсың деуіміз керек. Енді Әуезхан Көшімов жолдастың Қазақстан совет жазушыларына айтқан сындарына келейік. Менімше, Көшімов жолдас көп мәселелерді дұрыс көтеруге, қаттырақ қоюға бет алған сияқты еді. Онысын мен де дұрыс көріп едім. Бірақ, баяндамасын жасай келе, жасқаныңқырап
қалған сияқты болды. Сын жағын сөйлеушілер біраз толықтырмағанда, Қазақстан совет Жазушылар ұйымының басқару жағында елеулі мін жоқ екен деп қаларлық еді. Дұрысында олай емес, жолдастар, кемшілік өте көп: жергілікті жазушыларға түрткі салып, басшылық істеу жағы, творчестволық жәрдем көрсету жағы қанағаттанғысыз. Сонымен, жолдастар, облыс көлемінде әдеби өмірдің жанданып, жаңа сатыға көтерілуін шұғыл қолға алайық. Қарағанды облысында Қарағанды совет Жазушылары ұйымының бөлімі ашылып, оның қатары кеңіп, іргелі ұйым болуын жауапкершілігімізге алайық. Қарағандыдағы ақын-жазушыларымыз жауапкершілікті қатты сезініп, сын, өзара сын арқылы бір жағынан әлеуметтік міндеттерді мінсіз атқаратын болсын, екінші жағынан, идея мен көркемдігі сай шыққан шығармалар беретін болсын! Сентябрь, 1950 ж. «ЖАМБЫЛ» Тоңмойын заманның қитық-қырсықтары мен әр адымын аңдыған тосқауылдарынан өмірлік күшінен айрылып, әлсіреуге айналған халықтық дарын советтік дәуірдің көктеміне ілегіп, қайта құлпырып, қаулап кетті. Жетпіске келген кәрі ақын қайта жасарды. Аяқасты болған жалынды жыр жаңа күш тапты. Совет заманы әлі айтылмаған тың сездерге жол ашты. Ақын сөзі қоғамдық еңбекке айналды. Жас шағында, күшқуаты толыққан дер кезінде аз ғана рулардың шеңберінен шыға алмаған Жамбыл атағы тоқсанға жеткенде бүкіл Совет Одағына танылды. Бір кезде көк есек мініп, күңіреніп жүретін «Екей шалы» ұлы совет халқына Жамбыл ата атанды, жер-су асып даңқы кетті. Шашылған құмалақтай әр жерде домаланған бытыранды жер үйлі аз ғана ауыл – «Қарақастек» шалы Ленин қаласының қаһармандарына «Ленинградтық өрендерім!» дей аларлық биікке көтерілді. Ол правоны оған Лениннің ұлы заманы берді. Ол сөзді оған совет халықтарының бұлжымас достығы, берік шыңдалған бірлігі айтқызды. Үстінен қарпып айтсақ, тоқсанға келгенде халықтық поэзияның алыбы атанған атақты Жамбыл ақынның бір заманның шырғалаңдарында басталып, сөнуге айналған, советтік кең өмірде асқар биікке кетерілген ақындық жолы осылай елестейді. Сонымен бірге, бұл қазақ сияқты қос-қабат қанауда болып, тек қана советтік құрылыс арқылы күрт көтерілген халықтың да жолы. Николай Погодин, Әбділда Тәжібаев жазған сценарийдан да, режиссер Ефим Дзиган жасаған «Жамбыл» картинасынан да осыны көреміз. Ұзақ жасаған, өмірдің толып жатқан асуларына кездескен, революциялық ұлы кезеңдердің күрес-тартысына әр дәрежеде қатынасы
болған Жамбыл образын бір шығармаға сыйғызудың қиыншылығы да көп. Ондай үлкен өмірді кең көлемді романдар ғана қамти алады. Қысаң көлемді кинофильм сол үлкен өмірдің айқын да мәнді, елеулі де салмақты қорытындысы болмақ. Біздіңше, Жамбыл ақын туралы кинофильм жасаған авторлар мен режиссердің алдында екі түрлі көркемдік әдіс тұрады: екеуі де заңды, екеуі де қалай орындалғанына қарай бағаланатын әдістер. Біріншісі – ақын өмірінің кесек бір дәуірін алып, драмалық желінің сол дәуірдің алды-артын елестете алар мағынада шарпынды етіп жасау. Бұлай еткенде оқиғада тұтастық болғандықтан, алған тақырып әсерлі шығады, сюжет аттамаға ұрынбай, конфликт үздіксіз жамаусыз тұтаса өрістейді. Бірақ, алған дәуіріңе қарай, картинаны көрушінің ойында – Жамбыл жас шағында қандай болды екен, я болмаса, қартайғанда қандай болды екен, атақты жырларын қалай шығарды екен деген сияқты сұраулар ашық қалады. Өнерде көрушінің өз ойымен толықтыра беруге қалдырылатын сұраулардың тегі де осындай болмақ. Тек, авторлар алған оқиғалар мен жасаған бейнелер ол сұраулардың қалай шешілуіне дұрыс жөн сілтеп тұруы шарт. Екінші әдіс бас геройдың бар өмірін қамтиды. Ұзақ өмір бойында шешілуі табылмай, өрістей беретін тартыс тақырыбы болмайтындықтан, драмалық желінің тұтас болуын шарт етіп алмайды да. Әр кезеңнің ұлылы-кішілі оқиғалары бірінің-бірі заңды жалғасы есебінде негізгі геройдың іс әрекеттерін толықтыра береді. Аяқтап келгенде әралуан істе, әртүрлі халде көрінген, ой мен сезім толқындарында белгілі бір тұрақтылық тапқан характер, бейне жасалады. Бұл әдісті қолданғанда әр кезеңнен алынған оқиғалар кесек-кесек, новелла түрінде бас геройды әртүрлі халде көрсете алуға тиісті. Бұл талапты қалай орындағандары өз алдына сөз. «Жамбыл» картинасын жасаған творчестволық коллектив осы екінші жолды қолданып, ақын өмірін кең көрсете алған. Жеке бастың тағдырын қоғамдық күрестермен бірге өріп, бірінің-бірі көлеңкесінде қалмастай етіп көрсетуге тырысқан. Ақау кіре бастаған ескі мола құтсыз замандардың күзетінде қалғандай, айналасы жосылған құм... Көптің еңбегі аздың құлқынына бітеу кетіп жатқан дала бейнет жұртына еміренбестей безеріп жатыр. Үстем таптың бұл сүреңсіздікті өзгертер ойы да жоқ. Қайта сол ескілікті жамай береді, нығайта береді. Көңмен, қоқтықпен бүтіндей беретін ескі қорасындай, ескімен, тозғанмен бекітеді. Адам еңбегі жаңаны жасауға емес, ескіні сақтауға кетіп жатыр. Ескі ауылдың кейін тартар кертартпа бір шындығы да осында. Сол болмысты сақтау үшін бидің, тілі, балуанның, білегі, ақынның жыры да керек. Азулы мен тырнақтыға ырық бермей өткен беделді ақын Сүйінбай әл
үстінде... Енді оның орнын кім басып, кім «уәлі ауыз» болып қалады, бұл бұқара үшін де, байлар үшін де үлкен тартыстың әңгімесі. Дала бұқарасының қатты есептесер, айтқанына құлақ асар тілді бір тобы – еркіндік сүйер ақындары еді. Сүйінбайдан кейін сол «уәлі ауызды» өз ықпалындағы құйыршық ақыны Шаймағамбет ету үшін Қадырбай болыс атқа мініпті. Кәрі Сүйінбай батасын беріп, өз аузынан – менің мұрагерім Шаймағамбет – десе, Қадырбайдың арқа сүйері бекіне түспек. Бірақ, ақын сөзінің ел тағдырына байланысты екенін өз өмірінде көп кездестірген Сүйінбай мұрагерім деп жас Жамбылды атады, домбырасын Жамбылға берді. Бұл қылыққа Қадырбай тобының күйіне шамдануы әлі бойы көрінбеген жас ақынның байлар жағына қырын қарайтынын бір аңдатып қалады. Аз-кем олақтау жасалғандықтан, экранда турадан-тура Сүйінбайдың домбырасына таласу сияқты көрініп кететін оқиғаның мәнмазмұны сырт көрінісінен тереңіректе, әлеуметтік тартыста жатыр. Олай болса, драмалық түйін осы оқиғадан босатылып та кетті. «Жамбыл» картинасында аяғына дейін үзілмей келетін драмалық желі сол домбыраға байланысты. Әл үстінде жатқан ақын мұрагерім деп, домбырасын Жамбылға беріп еді, кейін ол домбыраны ақын қолынан патша чиновнигі тартып алды да, – Совет Армиясы иесіне табыс бетті. Домбыра күшті үнмен серпіле сөйлеп кетті. Енді ол домбыраның ақындық символы екенін де қалтқысыз танимыз. Ескі заманы ерік бермеген ақындық советтік дәуірде еркін шарықтап кеткені Совет заманының шындығы, үлкен мәні бар шындық. Картинаның бас жағында безеріп жатқан құтсыз даланың кейін жайнап кетуімен ақын жырының төгіліп кетуінде үндес жатқан үлкен мән бар. Бұл екеуін ән мен өлеңдей қоса өріп шығару – авторлардың творчестволық елеулі табысы. Көп соққы, көп тосқауылдан назалы ақынның бір күйден екінші күйге ауысар түйінді кезеңін авторлар есте қалар суреттеу арқылы бере алған. Көзге таныс, буалдырда сыз сезілетін жер үйде шалқасынан Жамбыл жатыр. Ақын жүзінен терең шер көресің. Патша чиновнигі домбырасын тартып алып, Шаймағамбетке берген. Бекболат сияқты азаттық жолында күрескер азаматтар айдауға кетті. Күнәсіз қара үйлі ауылдар өртеніп жатты... Жамбыл жүзінде осылардың қайғы-мұңы бар. Шарасыздыққа мойындаған кескін емес, ойға түйліккен пішін. Осы күйде жатқан Жамбылдың үйінде революция көсемі Ленин жазған «Еңбекші және қанаудағы халықтың праволарының декларациясы» оқылады. Дауысы азырақ қалтырап, бірінші кездесіп отырған үлкен сөздер ойына сыя алмағандай, бөгеліп оқыған жас бала Алғадай – Жамбылдың өз ұлы. Декларацияны оқи келе баланың дауысы бекінген сайын, Жамбылдың да кезі ашылып, ойы сергіп кетеді. Бұл арада авторлардың ойын дарынды артист Шәкен Айманов үлкен шеберлікпен толықтырған. Осы күннен Жамбылдың екінші дәуірі, ақындық талантының арман етер биігіне
көтеріле алған дәуірі басталады. Жамбыл өмірінің үлкен шындығы да осында. Ұзақ жасаған Жамбыл ақын бері алғанда қазақ халқының, әрі алғанда бүкіл Россия халықтарының бастарынан кешкен тарихи кезеңдерге кездесті. Картина сол кезеңдерге ақын көзқарасының қандай болғанын көп нәрселерді қамти көрсетеді. Бұл жөнінде авторларға схематизмге ұрынғандық жөнінен талай сын айтуға болады да, қамтуы аз деген кіна тағуға болмайды. Осыған байланысты, ең алдымен Жамбылдың ақындық бағытын қатал сынға салған екі оқиғаны еске алғымыз келеді. Оның біріншісі – Салтанат жайы. Егер жас ақын Қадырбайдың өлген итіне мақтау айтып, жарамсақ мінез көрсетсе, мүмкін, Салтанаттан айрылмаған болар еді, оның үстіне ел билеу тізгінін қолына ұстап, отырған тойдың кәріне ілікпей, шылауына ілігер еді. Арман-тілегі елімен бірге ақын ол қақпанды баспай – өзің өліп, итің аман қалса етті! – деді. Қадырбайға әзір серігі жалғыз домбырасы болып жүрген жас ақын теңесе алмас күштен ықтаған жоқ. Екінші, губернатор алдына ақындарды салып, болысбилер қошемет көрсетпекші болғанда, «мереке» шырқын бұзып, бұқара кірбеңін бүркемей айтып кеткен жалғыз Жамбыл. Бұл патшалыққа қарсылық сияқты ең үлкен айып қой! Жамбыл бұл қауіптен де бұғып қала алған жоқ. Бұл да Жамбылды өзге көп ақындарға ұқсатпайтын, бұқаралық бағытында тереңдік, табандылық барын ұғындыратын үлкен сыр. «Халықтық поэзия тек қана қайнаған өмірі бар, албырттығы мен ақ көңілділігі бар, адамгершілік қасиеттері толық, әулетті халықта өрістен алады», – дейді Чернышевский. Жаңағы келтірілген кездесулерде Жамбыл халықтық поэзияның да, қазақ халқының да Чернышевский айтқан қасиеттерін көрсетеді. Осы мінездерінен Жамбылдың әріден келе жатқан әлеуметтік беті танылады да, кейін совет дәуіріндегі жалынды жырларына заңды баспалдақ барын көресің. Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың тұсында Жамбыл ақынның халық тілегінде боларын одан бұрынғы әрекеттерінің өзі-ақ айтып тұр. Бірақ, сол тұста ақынның жеке қара басы тағы да сынға түсті. Генерал-губернатор ақындардан бұралқы сөз – бұзақы жыр айтпасқа қолхат алып жатыр. Қадырбай сияқты патшалықтың тыңшы-сақшылары найза ұшына Жамбыл сияқты елдің шын ардақтысын қадайды. Жамбыл бұл сыннан да иілмей өтті. Бармағын сияға батырып алып, қатар етіп басып-басып қалғанда Жамбыл жүзінде мазақтау ғана бар. Әрине, ондай ақын ұзамай тұтқынға алынады, күреске шыққан елінен ажыратылады. Жамбылдың сол тұтқында отырған күндері есте қаларлықтай жақсы, жаныңды қозғарлықтай жылылықпен жасалған. Күзетте отырған солдат Василий Власов орыс халқының терең мұңын аңдатарлық өлең айтып отыр. Өзі осында, ойы қанаудағы елінде екенін танисың. Қамаудағы Жамбыл сол мұңды ән сарынынан ұғынады. Ақын жүрегі сол мұңға
қосылмаса, ақын домбырасы сол әнге де қосыла алмас еді. Жамбыл сол үлкен мұңды, өз халқының мұңындай жан-тәнімен жақын сезінгендіктен, қазақы домбыра орыс әніне жатсырамай қосылады. Орыстың генералгубернаторы тұтқынға салып қойғанда, орыстың солдаты мен Жамбыл мұңы тамырлас екені танылады. Ұлттық достық басталады. Жасанды емес тамырлас, өмір тілегінен туатын достық басталады. Осы тұста келіп оқиғаға араласатын мұғалима әйелдің Жамбылды жақтап, күнәсіз жазаланып жатқан кедей ауылдарға жанашырлық көрсетуі әрі осы бағыттағы достықты әрі екі елдің бұқаралық қозғалыстарда бірге боларын толықтыра түседі. Кейін, революциялық күресте, одан кейінгі бейбітшілік өмірде бұл достардың әрекет жолдары социалистік мәдениет майданында, жаңа өмір құрылыстарында тоғысқанын көреміз. Революциядан бұрынғы заман халықтың дарынды ақынын ел мүдделерінен айырып жіберуге барын салған еді, советтік дәуір оны елдің барлық тіршілігіне белсене араласуға еркіндік берді. Әр өлеңі социалистік Отанының ұлы тілектерінен туып отыратын Жамбыл ақын бұл дәуірде өзінің барлық совет жұртшылығына танылған үлкен бейнесінде. Қайта жасаған кәрі ақын жаңа отырғызған әрбір бұтаның, жаңа себілген әрбір дәннің тезірек бой түзеп кетуін асыға күткендей дамылсыз да тынымсыз, жаңа өмірдің бау-бақшаларын кезіп жүр. Мәуесі төгілген колхоз бақшалары да, қала-даладағы әні мен жыры, ойыны мен күлкісі төгілген жастар да, қазақ даласын танылмастай өзгертіп жатқан үлкен-үлкен құрылыстар да ақын жанына арман еткен өмірінің, ұлы үніндей жылы тиетінін сезінесің. Арғы өмірінде тосын-тосқауылдардан қанатын серпе алмай келген ақынның бұл кезде нағыз халықтық мол үнмен, алыпқа лайық кең тыныспен сөйлеп кеткені мәлім. Хат танымайтын тоқсандағы қарт Ленин көсемімізге арнаған, Қызыл Армияның ерлігін, Отанымыздың күшқуатын жырлаған поэмалар, өлеңдер шығарады. Ақынның осы дәуірде шығарған мол еңбектерін елестете алатын «Ленинградтық өрендерім!» дейтін атақты жыры ақынның осы кезін елестетер мағынада картинаға да заңды кірген. Осы айтылғандарды қорыта келгенде, «Жамбыл» картинасын жасаған авторлар мен режиссерлер, картинаға қатысатын артистер коллективі қуанышпен құттықтарлық еңбек еткен деуіміз керек. Бұл ойымыз Қазақстанда кинофильм жасау жұмысы оңала қоймағандықтан, бірінші табысқа жасай салған мырзалық емес, істелген еңбектің заңды бағасы. «Жамбыл» картинасына қатысқан Шәкен Айманов, Құрманбек Жандарбеков, Қапан Бадыров, Ғарифолла Құрманғалиев, Нұрсұлу Тапалова сияқты талантты артистеріміздің творчестволық еңбектері ерекше тоқтап, даралап бағалауды керек етеді. Ең алдымен Жамбыл ролін ойнаған, Қазақстанның халық артисі Шәкен Айманов жолдастың
үлкен табысын құттықтауымыз керек. Бұл күнге дейін театр сахнасында, ара-тұра түсіп жүрген кинофильмдер Шәкен Айманов жолдас Жамбыл образындай шын мағынасындағы үлкен образ жасай алған жоқ еді. Шәкен жасаған образдардың ішінде Жамбыл – ең бірінші, ең елеулі жасалған образ. Жамбылдың жас шағынан бастап қарт шағына дейін созылып келетін картинада бірде жалынды жас, бірде байсалды ер – ортаны, одан кейін ақ сақалды қарт ақынның образын жасау, әр кезіне лайық ішкі мінез, сыртқы бояу табу көп ойландырарлық еңбек болуға тиісті. Кейде ісінде көрінсе, кейде ішкі құбылыстардың лебі жасанды болмай, сенімді шығуы үлкен таланттың қолынан ғана келмек. Біздіңше, барлық совет адамдарының ойы мен жүрегіне тірі Жамбылдың бейнесі қалай ұяласа, талантты сахна шебері Шәкен Айманов солай шығара алған. Шәкенге түгел сенесің, көп жерлерде бірге мұңайып, бірге қуанасың. Ленин мавзолейінің алдында, пионерлер арасында, Алғадай өлімін естігенде, көзіңе еріксіз жас та келеді. Шәкенге тағар жалғыз кінәміз – ән салар, өлең айтар жерлерінде әсерлі емес, көбінесе күңгірттеу шығады. Мүмкін, өлең мен әнге басқа дауыс салынса, ақынның образы бұдан да жарқынырақ шығар еді дегіміз келеді. Жамбылдан кейінгі айқын жасалған образ Шаймағамбет ақындікі. Талантты артистеріміздің бірі Ғарифолла Құрманғалиев жолдас өзіне берілген шағындау рольде үнемі жарқылдай шығады. Бұл – өзі жасайтын образдың қай көрінісінде болса да дүдәмалы жоқ, басынан аяғына дейін тұтас ойланып, ішкі-тысқы құбылыстарын сұрыптап ала алған артистің еңбегін көрсетеді. Жоғарыда Шәкенге қойған өз кінәміз кейде оны Ғарифолла дауысының басып кетуінен де туып отыр. Төкпелі жырға машық әншіге әлдеқашаннан меңгеріп алған әндері де кез келіпті. Шаймағамбеттің Қадырбайға еріп жүргенінен басқа мінездемесі болмағандықтан, Жамбылмен ән арқылы салғыласа кеткенде нағып төмен бағаланды деген ой туғызуы мүмкін. Бұл әрине, Ғарифолла Құрманғалиев жолдастың образ жасау әдісін түсірмейді, қайта жоғары бағалауды керек етеді, артисті экранға ұсынады. Қадырбай болыс, картинада бастан-аяқ Жамбылмен алысып өтетін бай адам, әлеуметтік бір таптың арнаулы өкілі. Бұл рольде сахна сынынан талай өткен дарынды да жалынды артисіміз Құрманбек Жандарбеков. Қадырбай әр көрінісінде бір жанжалдың басында жүреді. Сүйімбайдың мұрагерлігін өз ақынына алып беруге таласты, Салтанатты Жамбылға бермей қалды, патшаға қарсы қозғалыс кезінде Жамбылды қамауға алдыруға жанын салды, ең соңғы көрінісінде ол басқа жаққа көшіп кетіп барады. Қадырбай ролі Құрманбектің барлық шеберлігін көрсетуге емес, жарқын көрінетін қызу темпераментін көрсетуге ғана мүмкіндік береді. Өйткені оның барлық көрінісін бір беткейде, іштей емес, сыртпен ойнамасқа амал жоқ. Қадырбайда теріс азу, жанжалқой адамның характері
айқын да, әлеуметтік типтің бояулары жетпей жатыр. Қадырбай ролінде типтік толықтық жоқ, бұл – автордың біржақты жасаған образы. Бұл артисті сырт көріністері жағынан ғана сынға алатын образ. Сондықтан, артистің өзіне берілген образды қалай жасағанын кеңірек әңгіме ету де қиын. Қапан Бадыров пен Нұрсұлу Тапалова ойнайтын рольдерде артистік талантты көрсете алар өріс жоқ. Бұл рольдер қысқа-қысқа көріністермен аяқталып қалады. Әсіресе, Қапан Бадыров ойнайтын қазақ большевигі Боранбаевтың образы өріссіз болғаны жәбір. Оны Бекболат та толықтыра алмайды. Қайта осы екі рольді біріктіріп, революция қарсаңындағы әлеуметтік күрестерге белсене қатынасып, орамдырақ көрінетін бір образ жасаса, большевик бейнесі толығырақ шығар еді. Авторлардың, большевик образына баса зер салмауы – картинадағы елеулі кемшілік. Жамбыл қамауда отырғанда Власов оған бейімдестік білдіреді, болашақ қазақ большевигі де сонда келіп кетті. Осы тұста революциялық сарынның елеулі бір түйінін салуға кеш те емес еді. Кейін қалада көрсетілетін демонстрацияның алдында кейбір әрекеттер көріне алса, революциялық қозғалыс та қамтылған дер едік. Әсіресе, кейін республиканың басқарушылары деп көрсетілетін Власов пен қазақ большевигі Боранбаевтың образдары сенімді де сүйкімді шығар еді. Картинада олай болып шыға алмаған. Талантты актрисаларымыздың бірі Тапалова ойнайтын Салтанат ролі тіпті қысаң. Айналасы бір эпизодтың ішінде жас ақынды сүйгенін де, қосыла алмай айрылғанын да көреміз. Қатардағы адам емес, жалынды ақын Жамбыл сүйген қызын байдың тырнағынан жұлып алуға жанын да салмайды. Қыз да тағдырына бойсұнғандай қала барады. Оның үстіне бұл кезде Жамбылға болысар бұқара барын да көреміз. Осындай жағдайда Жамбыл мен Салтанат арасындағы лирикалық тақырыпты (түптеп келгенде бұл да әйел бостандығы ғой) соза түсуге, қазақ жастарының бас бостандығына ұмтылғанын толығырақ көрсетуге не кедергі болғаны түсініксіз-ақ. Тұтас алғанда «Жамбыл» картинасына жоғарыда берілген бағамызды жуып-шайып жібере алатын дәлел жоқ. Картина, сөз жоқ, үлкен табыс. Сонымен бірге, картинада кездесетін елеулі кемшіліктерін бүркей кетуді де әділет көрмейміз. Ол кемшіліктердің негізгілері мыналар сияқты: Бірінші – массовкада көрінетін бұқара халықтың сүреңі нашар. Бұқара кедей де болады, ескі-ұсқы да киінеді, бірақ, соның өзінде де ширақ жұрт па, босаң жұрт па, белсенді қимылға әзір ме, жоқ па, кездесіп жатқан оқиғаларға қалай қарайды деген сияқты толып жатқан сұрауларға өзінің сырт көрінісімен жауап беріп тұрады. Былайша айтқанда, бұқара елдің сипатын көрсетіп тұрады. «Жамбыл» картинасында бұқараның осы сырт көрінісі сүреңсіз, енжар берілген.
Қазақ халқының рухани бейнесі шектен тыс сүйкімсіз берілген. Бұл режиссерлардың қалай болса солай қарамайтын мәселесі болса керек еді. Екінші, жоғарыда ескерттік, большевик образдары түгел шықпаған (Власов, Боранбаев). Оның үстіне Жамбыл ақынның революция қарсаңындағы әрекеттерін большевиктермен тығызырақ та айқынырақ байланыстыруға болатын еді. Жамбылды большевик етіп көрсетудің, әрине, керегі жоқ, бірақ бұған қамқорлық етіп жүрген Власовтармен, қазақ большевиктерімен Жамбылдың жеке басының достасып кетуі де көп нәрселерді тұспалдап жатар еді. Авторлар осы ойға жақындап келіп, қайта айнығандай әсер етеді. Революция тақырыбына соққаннан кейін есте қаларлық көріністер іздеуге тиістіміз. Авторлар мұны бекер елемеген. Үшінші, Жамбылдың арғы-бергі дәуірінде де достық-тілектес серігі жоқ, айналасы тым жалаңаш. Ақынның жолы әлеуметтік күрестер арқылы салынғаннан кейін, ол жолда бұқарадан шыққан, бірге қуанып, бірге қайғыратын серіктері болуы керек те. Картинаның бас жағында не ауыр жазадан, не тіпті өлімнен құтқарып алған жас бала кейін Бекболат болуға да, Борамбаев болуға да әзір тұр ғой! Ұзамай, сол баланы қуғандардың да Жамбылды жақтайтынын көреміз. Осы топтардан Жамбыл айналасына арқа сүйер бұқара жинау керек еді. Жамбыл совет дәуірінде де жалғыз көрсетіледі. Жамбылдың алыптығы оның ауызша айтар ескі ақындық салтында қалып қоймай, советтік жазба поэзияның озық үлгілерін ұға алғандығында, совет ақындарымен қолдаса қимылдағанында. Сондықтан, бергі советтік дәуірде толып жатқан жас серіктері болғандығы бекер ұмтылған. Сүлеймен Стальский, Якуб Колас, Маршак сияқты совет елінің озық ақындарымен кең байланысты болғанын көрсете кету де артық емес еді. Якуб Коластың кабинетіндегі пешінде сырлы бояумен жазылған төрт жолды өлеңнің басында Жамбылдың аты тұр. Тек осыны көрсетудің өзі қандай жылы әсер етер еді! Төртінші – онкүндік тұсында Жамбылдың Москвада болған күндері бұдан гөрі салмақтырақ көрінер деп күткен едік. Жамбылдың Ленин мавзолейі алдындағы барлық ішкі-тысқы халі, жан-жүрегінің елжіреп еріп, толқындап тұрғаны, тұтас алғанда сол бір керініс көзіне жас әкеледі. Москвамен, Ленин атымен байланысты көріністер созыла беруін тілегендейсің. Мүмкін, осының салдары болу керек, Москва суреттері аздау сезіледі. Бесінші – одақтық және республикалық баспасөздің бір ауыздан дұрыс та қатал сынға алған үлкен кемшілігі – «Жамбыл» картинасының драмалық желісінде үзік көп. Конфликті оқиғалар созымды әрекеттер арқылы өрістемей тез-тез үзіліп кетеді де, кейде тіпті әсерін жоғалтып алады. Авторлар жоғарыда айтылған екінші әдісті шеберлікпен пайдалана
алмаған. Әлеуметтік мәні бар үлкен оқиғалар кәбінесе сырт көрінісімен елес береді де қызықтырмай, тартпай, басқаға ауысып кетеді. Н.Крюков, М.Телебаев сияқты аты бар композиторларымыз жазған музыканың да елеулі кемшіліктері бар. Оқиғаға сүйемел болып отыратын музыкада айқындық та, ажар да бар, бірақ «Жамбыл әні», «Салтанат әні» деп, картинаны көргеннен кейін үйіңе қарай ыңырси қайтар ән жоқ. Ән жағынан есте қаларлықтай композиторлардың жаңадан шығарғандары емес, құлаққа таныс қазақ әндері, қазақ күйлері. Осы ретте ең алдымен Жәкеңнің өз әні «Угай-ай» алынған болса, картинаны көрген совет халықтарының есінде қалатын сол болар еді. Қорыта айтқанда, осы сияқты мүмкіншіліктер толығырақ пайдаланылғанда «Жамбыл» кинокартинасы мазмұндырақ та көркемдірек шыққан болар еді. 1953 ж. АҚЫН ТУРАЛЫ СӨЗ I Асқар Тоқмағамбетов – қазақ совет оқушыларына ертеден танылған көрнекті ақын. Әдебиетімізде оның өзіндік беті, қалыптасқан стилі, өзіне ғана тән ақындық асқарлық шеберлігі бар. Асқар өлеңді 1920 жылдардан бастап жазды. Оның «Ленин суретіне» деген өлеңі – асылында, ақын творчествосының басы болып саналатын тұңғыш өлеңі «Еңбекші қазақ» газетінде 1925 жылы басылды. Асқардың тұңғыш өлеңдерінің Ленинге, Ленин бастаған ұлы идеяға арналуы, әрине, кездейсоқ емес-ті. Шынында да осы бір бала қаламнан туған шағын өлең Асқар жүріп келген былайғы жолдың – творчестволық ұзақ жолдың саяси бетін танытады. Асқар творчествосы облыстық, республикалық газеттермен тығыз байланысып жатыр. Оның ірілі-уақты шығармаларының қайсысы болса да оқушысына ең алдымен газет арқылы жеткен. Асқардың газеттермен осылай тығыз байланысты болуының айқын ізі, оның өз творчествосында көп байқалады. Асқар өлеңдері күнделікті өмір аса қажет еткен тақырыптардан туып, өз тұсындағы оқушы жұртшылықтың талғауы мен талабына орайласа кетеді. Оның оқушылар арасында кең танылуының да бір себебі осында жатса керек. Күнделікті газет оқушыларының талабымен қатты санасқан Асқар творчестволық жемісті де мол берді. Оның жиырма бес – жиырма жеті жылдық ұзақ творчестволық жолы бар. Асқар қаламынан, әр кезде өз қызметін артығымен атқарған ұсақ өлеңдерді былай қойғанда, ондаған
поэма, сондай очерк, әңгімелер, сатиралық шығармалар, аяқталмай жатқан бірер роман, повестер туды. Осы жылдардың ішінде Асқардың жиырмадан артық үлкенді-кішілі жинағы шықты. Осы бір жол – 1925-1952 деген сандардың арасындағы жәй бір сызықша емес, іздеулері, кейде артық кетіп, кейде кем соғулары бар, бұрылыстары мен қалтарыстары, байқаулары мен сәтсіздіктері де бар ұзақ творчестволық өмірдің күрделі жолы, жетістігі болса, кемістігі де байқалған жол. Алайда, қай кезеңде болмасын Асқардың саяси бағыты дұрыс ақын екенін көресің. Ол қашанда жаңа заманның жыршысы, жаңа адамды мадақтаушы. Асқар – ең алдымен тақырыпқа бай ақын. Социалистік қай күннің қай бір ісі, қай бір мәселесі болмасын ақын көңілінен жаңғырық үн тауып, ақын өлеңінен орын алып жатады. Октябрь революциясынан кейін бас бостандығын алған әйелдің сол өз правосын қорғау жолындағы күресі, ауылдағы тап тартысы, құлдық тұрмыс, мешеу етіп, ақыл-ойдан да, әлеуметтік істен де жырақ қалып енді заманы туған соң ояна бастаған жалшының қайта қалыптасу процесі де, коллективтендіру дәуірінің эпизодтары, алғашқы бесжылдықтардағы құрылыстар, СССР Конституциясы, Солтүстікке аттанған совет адамдарының қаһармандық істері, Ұлы Отан соғысы, әр кезеңдегі әр қилы болып көрінген ескілік қалдықтары – міне Асқар творчествосының жалпы тақырыптары осылар. Қазақ совет әдебиетінде сатира, фельетон жанрлары шынында Асқардан басталады. Бұл салада ол әлі де жалғызға жақын жазып келе жатқан ақын. Оның саяси лирикаларында болсын, не поэмалары мен сатиралық шығармаларында болсын, қысылмаушылық, еркіндік байқалады. Ол қазақ поэзиясында бар форманы орынымен пайдаланады. Асқар творчествосында форма мен мазмұн бір-біріне көлденең келмейді, шақтап тіккен, денеңе қонымды киімдей сыптығыр тұрады. Бұл, әрине тіл байлығын танытады. Асқар тілді ақын, ол совет адамдарының қаһармандық істерін көтеріңкі пафоспен жазса, ескілік қалдықтарын өткір тілмен шеней біледі. Бұл Асқардың ақындық бір ерекшелігі секілді. Тоқмағамбетов – үгіттің ақыны. Ол күнделікті науқанның қайсысын болса да үлкен пафосты лирикаға айналдыра алады. Соғыс уақытында, Асқар Гурьевте командировкада болған сапарында «Мұнай бер» деген өлеңін жазды. Үгіт екені атынан-ақ белгілі. Алайда, бұл шығарма кезінде оқушы арасында кең тараған, жатталып кеткен шығарма болатын. Асқарда мұндай шығармалар көп-ақ. Алайда, сол шығармалардың болашағы туралы сөз қозғасақ, ақын творчествосының әлсіздігі де осы ретте байқалып қалатындай. Әдетте, таңдамалы шығармалар жинағын ұсынуды ақынның
өз оқушысына өзінің творчестволық жолы туралы жасаған есепті баяндамасы деп қарау керек. Ондай жинақ осы бір ұзақ жолдың творчестволық байлам, түйіні. Сол жолдың кемшілік, жетістігі де осы бір шақта ашылады. Таңдамалы шығармалар жинағы бір жағынан оқушыға сол ақынның творчествосымен толығырақ таныстыратын болса, екінші жағынан ақынның өз алдына да тың талап, міндеттер қояды. Жиырмадан артық жинақ берген ақын архивіне осы принципті қадағалай отырып үңіліп, осы алдарыңа ұсынып отырған жинақты іріктеп алдық. Бұл жинаққа кірмей қалған Асқар шығармаларының ішінде кезінде тым тәуір деп танылғандары да бар. Алайда, олардың біразы бүгінгі күннің талабына сай келмейтін, заман сынына шыдай алмаған шығармалар. Асқардың көпшілік шығармаларының осындай ғұмырсыз, бала жаспен архивке ауысар себебі неде? Осындай сұрақ үстінде Н.А.Добролюбовтың – философияшыл ойдың да, данышпан жазушының да ұлылығы өмірдің ұсақ, елеусіз құбылыстарынан оның ең бастысын, ең маңыздысын ажыратып ала білуінде деген данышпандық сөздерін еріксіз есіңе түсіресің. Біздіңше, тақырыптың жаманы жоқ та, үлкен-кішісі, маңызды, маңызсызы болады. Күнделікті өмір тақырыбы да, заман тақырыбы да бар. Бұл екеуі бір емес. Күнделікті өмір тақырыбы сол күннің өзіне қажет болғанымен, көбінесе заман қажетін өтей алмайды. Заман көтерген мәселені қамти алмайды. Сол күннің батуы мен сол тақырып та өз маңызын жоғалтады. Шығар күн жаңа міндетпен келгендіктен, кешегі тақырып енді қайтып оралмайды да. Біздің ойымызша, Асқар заман тақырыбынан көрі, күнделікті өмір тақырыбымен аралас-құралас қонып жүрген ақын. Оның творчестволық жолы газетпен тығыз астасып жатқандықтан, ол көбіне өлеңді газет қарызын өтеу үшін жазады. Сол себепті Асқарда кең толғам, кең диапазон жоқ. Кұлашты кеңге сілтеп қалса, түбі көрініп, саяздап қалады. Күнделік тақырыпқа жазылған кей шығарманың заман қажетін өтеп кететіні де кездеседі. Оған, әрине, үлкен ақындық мәдениеттің болуы шарт. Асқар сөзсіз талантты ақын десек те, оның көбінесе ақындық мәдениеті жетісе бермейді. Кұлаштай салса, саяздап, тереңге тартса, қусырылып қалар себебі де осында. Өмірдің ішінде отырып тақырып таба алмаушылық немесе, ол баста бір жазып кеткен бір тақырыпты ығыр ете берушілік сияқты кеселдің де тамыры сонда жатыр. Асқар творчествосының қайсысы болсын халыққа түсінікті келеді. Ол – өз шығармаларын халықтық етіп, қарапайым етіп жазуға тырысатын ақын. Осындай принцип ұстаған оның кейде екінші бір кемшілікке де ұрынып кететіні бар. Асқардың кейбір шығармалары сол халықтық қарапайымдылық дәрежесінен көп төмен жатады.
Бір кезде ақындық жемісті мол берген Асқарда қазір ол қарқын бәсеңдегені байқалады. Бұдан Асқар келешегі осымен тәмам болды деген қорытынды тумайды. Ең алдымен, Асқар – Қазақстандағы маңдай алды фельетонист ақын. Осы тақырыпты оның ілгері тереңдей дамытқаны дұрыс. Партиямыздың XIX съезі біздерге – ақын, жазушыларға тамаша перспектива жасап берді. «Біздің жазушыларымыз бен суретшілеріміз қоғам ішінде орын алып жүрген кемістіктерді, кемшіліктерді, зиянды жағдайларды өздерінің шығармаларында түйреп отыруға тиіс, жағымды көркем образ арқылы жаңа типті адамдарды адамгершілік асыл, ізгі қасиеттерімен түгел көрсетуге тиіс, сөйтіп біздің қоғамымыздың адамдарын капитализм тудырған мерездер мен кемістіктерден сау мінездерге, дағдыларға, әдеттерге үйретуге көмектесуге тиіс. Сонымен қатар кинематографиядағы сияқты, біздің совет беллетристикасы мен драматургиясында да көркем шығармалардың сатира сияқты түрлері осы уақытқа дейін жоқ. Біздің совет өмірінде сатира боларлық материал жоқ деп ойлау дұрыс болмас еді. Бізге теріс нәрсенің, ірік-шіріктің, өліп-өшкеннің бәрін сатирамен өртеп отыратын совет гогольдері мен щедриндері керек» – делінді Совет Одағы Коммунистік партиясының XIX съезінде жасалған есепті баяндамада. Міне, партиямыздың бұл нұсқауы Асқар секілді оқушы жұртшылыққа танылған сатира саласының ақынының еркін қимылдауына кең жол ашып беріп отыр. Асылында, Асқар кемеліне енді келген ақын. Оның алдында жазылмаған талай саяси лирикалар, сықақ әңгімелер, поэмалар тұр. Оқылмаған талай беттер жатыр. Оқушы жұртшылық өзінің бір кездегі сүйікті ақынына сол шығармаларды жазар, сол беттерді оқыр деген ізгі үміт, тілеумен қарайды. II Асқардың «Ленин суретіне» дейтін өлеңі мен «Мысық пен шыбын» дейтін өлеңмен жазылған фельетонының арасында отыз жылдық бай да, мағыналы да өмір жатыр. Жиырма жасында комсомол ақыны аталып, жұртшылық көзіне шалынған Асқар кәзір елуге толды. «Біз жастар артыңда, Жолыңнан қайтпаймыз», деп, Ленин бабасына бірінші өлеңімен серт берген дарынды жас ақын отыз жыл бойында сол жолмен өсіп, идеялық ұлы майданның белсенді де беделді қайраткеріне айналды. Кәзір Қазақстанның көрнекті
ақындарының бірі болған Асқардың елу жасқа толғанын тойлағанда мәдениет жұртшылығы оның совет халқы алдындағы осы еңбегін бағалайды. Асқар Қазақстанның қай түкпірінде болса да кең таныстығы бар ақын. Ол – халқымыздың ең сүйсініп оқитын ақындарының бірі. Байтақ оқушыларының сана-сезіміне, жан-жүрегіне бұралаңсыз апарар жолды таба алған, өзінің шеберлігі қалыптасқан ақындарымыздың бірі. Комсомол ақыны атала бастаған Асқардың алғашқы шығармаларында да халықтық бейнелеулер мен теңеулердің тұрақты үлгілері бірден-ақ қоюырақ байқалып еді. Қалың бұқараның үстінен қарамай ортасында отырып ойланып, сол бұқараның күнделікті мұңмұқтажын өзіне дәл жететін тілмен, халықтық теңеулермен сипаттау – Асқардың бір өзінің ерекшелігі. Бір кезде жүзден тоқсан тоғызы хат танымайтын дала бұқарасы үшін бұл ерекшеліктің маңызы да үлкен болды. Социалистік құрылыс сияқты ұлы өзгерістердің әр кезеңін көшпелі елдің қалың бұқарасына «әліпбиден» бастап ұғындыру керек болғаны өзінен-өзі-ақ даусыз нәрсе. Олай болса, Асқардың бұл ерекшелігінің мәнісін түсіну де қиын емес. Сонымен бірге, оның аудармалап ойлаудан, жасандылықтан аулақ ақын екендігін де ұмытпауымыз керек. Ол – ұлттық төркіні айқын көрініп тұратын жатық бейнелеудің ақыны. Асқар кәзір ақын-жазушы үшін аса үлкен мағынасы бар жаңа кезеңге шықты: ақынның тәжірибесі толықты, сонымен бірге ақындық дарыны да толықты. Бұдан жиырма-отыз жыл бұрынғы қараңғы халық та жоқ. Әрбір ақын-жазушының алдында бүгінгі өскен қоғам – мәдениетті қоғам тұр. Ол осы советтік дәуірде қалыптасқан жас қоғам, ақын-жазушыға өз дәуіріне лайық жоғары талаптар қоятын жаңа қоғам. «Әліппе» дәуірінің артта қалғанын ескере алмаған ақын-жазушы артта қалады. Осы тұрғыдан қарағанда, әрбір ақын-жазушыға қойылатын талаптарды Асқардың алдына да қоюға міндеттіміз. Әсіресе, оның жоғарыда ескертілген ерекшелігіне байланысты талапты ұмытпауымыз керек: бір кезде тым «қазақы» оқушыларымыз үшін үлкен маңызы болған ескі теңеулердің енді әжетке жарамай қалғандары бар. Поэзияның әлеуметтік мәні өсумен бірге, мазмұны тереңдеуімен бірге, түріне қойылар талаптар да өз дәуіріне сәйкес болатынын ешбір ақын-жазушы ұмытпауға тиіс. Партиямыздың XX съезі идея мен көркемдік арасында шалғайластық болмауын бірінші талап етіп қойып отыр. Отыз жылдық үлкен дәуірдің ішінде болған қоғамдық ұлы өзгерістердің бәріне де үн қосып отырған Асқар ақынымыздың осы жағынан едәуір ойланатыны да бар. Кейде қарапайымдылық қуып, қарадүрсіндікке көбірек ұшырап жататын ақын-жазушыларымыздың аз еместігін еске алсақ, бұл ескертудің ешкімге де зияны жоқ.
Бірақ, бұл айтылғандарға қарап, Асқар поэзиясының түрі түгел ескіріп қалған екен деген қорытынды шығару үлкен қатеге соқтырады. Асқар өлеңдері, Абай қойған талапқа сәйкес, жүрекке жылы, тегіс те жұмыр, жатық келеді. Мысалы: Қалыпты қаз да келіп, қу да келіп, Үйрек жүр қөлеңкесін суда көріп, Шұбырып үйір-үйір қырдың аңы, Теңізге келіп жатыр мыңдап өріп... Шындап зер салсаң, ақындарымыз үшін Асқардан үйренетін көп нәрселер бар екенін осы төрт жол өлеңнен-ақ аңдауға болады. Әрең сүйреп әкеліп, күшпен сыналап қойған ұйқастар, мағынасы әрең аңғарылатын жолдар Асқар поэзиясынан кездесе бермейді. Бұл, біздіңше, үйренуге тұратын өнер: шеберлік мәселесі. Екінші, басқа ақындарымыздың пайдаланып жүрген өлең түрлерінен және теңеулерден безініп, ескінің айналасында қалып қойған Асқар да жоқ. Ескірген тақырыптар бар, ескірген теңеулер бар, газет күнделігінен туып, заман шындығына көтеріле алмаған шығармалар бар. Біз Асқардың 1953 жылы басылып шыққан «Таңдамалы шығармаларына» жазылған алғысөзде осыны ескерткіміз келген. Қазақ совет әдебиетінде Асқар сатиралық жанрды жалғыз сүйреп келеді деуге болады. Соңғы жылдарда фельетон, сатиралық өлеңдер жаза бастаған бір топ жастарымыз шығып қалғанымен, тұрақтағандары әлі аз. Асқар творчествосында сатиралық жанры ертеден белгі берсе, соңғы жылдарда едәуір қанаттанып қалғанын көреміз: «Әке мен бала», «Көкек», «Мяу мен Лен», «Лепірген қоян», «Мысық пен шыбын», тағы басқа мысалдары ақынның күнделікті өміріміздегі ескілікке, кертартпалыққа, надандыққа қарсы ең өткір құралды орынды пайдалана алғанын көрсетеді. Соңғы айлардың ішінде «Ара» журналына ауысқалы Асқардың сатиралық қаламы бұрынғысынан да ұштала түсті. Кәзір ол аға сатирик ретінде бір топ жастарды да баулып жүр. Журналға басылып жүрген сатиралық өлең, фельетондардың ішінде Асқардың қаламынан туғандары, әрине, оқшау тұрады. Жоғарыда Асқардың жаңа кезеңге шыққанын, толыққанын ескерттік. Сол толыққан кезеңіне қарай, толығырақ талаптар қойылатынын да ескертуіміз керек. Әдебиеттің әр жанрына да бейімі бар ақың «Алыстағы ауылда», «Асыл азамат» деген екі повесть, «Маржан қыз» деген киносценарий жазып жүр. Сатиралық қаламының өткірлене беруін, сол еңбектерінің сәтті аяқталуын тілейміз. 1953-1956
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ СЫНЫНЫҢ ЖАЙЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ ТУРАЛЫ Творчестволық кадрлары молайған қазақ совет әдебиеті дүние жүзіндегі ең алдыңғы қатарлы көп ұлтты совет әдебиетінің нығайған және өскелең отрядтарының бірі болып табылады. Өз дамуында орыстың классикалық әдебиеті мен қазіргі совет әдебиетінің озық тәжірибесіне сүйене отырып, қазақ әдебиеті ширек ғасырдан артық жол өтті және жазба әдебиеттің барлық жанрларында шығармалар жазудың күрделі тәсілдері мен түрлерін барған сайын мол да терең игеріп келеді. Егер Октябрь революциясына дейін бізде поэзиядан басқа бірде-бір есейген жанр болмағанын еске алсақ, онда өзінің нағыз жазба әдебиетінің тууы мен дамуы үшін қазақ халқы рухани күштерінің жан-жақты көрінуіне өріс берген советтік дәуірге ғана борыштар екендігі өзінен-өзі айқын. Сөйтсе де, ұлттық әдебиетіміздің тарихының балаңдығын жазушыларымыз бен ақындарымыздың творчестволық еңбектеріндегі сәтсіздіктер мен сүрінушіліктерді ақтау үшін пайдалануға болмайтындығын ескертуге тиіспін, өйткені, біріншіден, ширек ғасырдан аса уақыт ішінде үйрену, өз өнеріміздің шеберлігін игеру үшін әбден жеткілікті мерзім; екіншіден, біз дүние жүзіндегі ең сау, ең таза реалистік мектептен өттік. Біздің шығармаларымыздағы идеялық, көркемдік сәтсіздіктердің себебін басқа жақтан – творчестволық үйренуге немқұрайды қараушылықтан, жалқаулықтан, жазушының өзіне тиісті талапты қоймайтындығынан іздеу керек, ал бұл айтылғандар сайып келгенде өз өнеріміздің шеберлігін, өз өнеріміздің мәдениетін үстірт игеруге әкеліп соқтырады. Егер біз бұл кезеңнің мазмұнына тереңірек ой жүгіртсек, онда бірден-бір дұрыс қорытындыға келеміз – бұл кезең әдебиетіміздің жемісті реалистік бағытын ғана емес, сонымен бірге оның тарихи кең перспективасын да алдын-ала белгілеп берді. Бізде қалам қайраткерлерінің әдеби творчествоны өздерінің меншігі ғана деп қарамай, социалистік Отанға қызмет ету деп білетін үлкен қоғамы бар. Осы кезеңнің ішінде бізде әдебиеттің басқа ешкім емес, Лениннің ұлы партиясы өсірген және тәрбиелеген кадрлары туды. Қазақ әдебиетінің соңғы кезеңдегі табыстары бұдан он-он бес жыл бұрынғыдан гөрі әлдеқайда тиянақты әрі елеулі екендігін баса аңғартуды қажет деп санаймын. Бұл қуанарлық құбылыс бақытты кездейсоқтықтан, болмаса жазушылардың кездейсоқ «жолы болуынан» емес, әдебиетіміздің кадрларының өскендігінен келіп туды. Біріншіден, қазақ жазушыларының аға буыны деп аталатын, тәжірибемен және маркстік-лениндік теориямен молыққан, жетекші
тобы, қазір мазмұн жағынан да, түр жағынан да терең, бағалы шығармалар бере бастады. Екіншіден, Совет Одағының басқа жерлеріндегі сияқты, соғыстан кейінгі кезеңде біздің, әдебиетімізге де дайындығы бар, талантты жастар келіп қосылды. Және бұл жастардың теориямен жақсы қаруланған, өткенде де, қазір де ең озық әдебиеттің таңдаулы дәстүрлерімен, үлгілерімен тәрбиеленген кейбіреулері аға буынның тәжірибесін біраз толықтыратынын, жөндейтінін тағы да, баса айтуға керек. Жас кездің айқынырақ көретіні табиғи нәрсе, жастар сезімі өткірірек. Бірақ қалам ұстауға жеткілікті тәжірибе болмауы олардың кең және үлкен қорытындылаулар жасау үшін бар мүмкіншіліктерін тарылта береді. Қазақ совет әдебиетінде көркем жанрлардың әр дәрежеде дамыған, нығайған, кемелденген түрлері де және буыны әлі бекімеген, жас түрлері де бар. Егер өсу дәрежесі туралы үзілді-кесілді пікір айтуымызға қиындық келтірген бір нәрсе бар десек, бұл ретте, балалар және жасеспірімдер әдебиетін атауымыз керек. Бізде балалар жазушылары қазір аз емес, бірақ совет балалары мен жастарының өскелең тілегіне біздің творчестволық жауабымызды қанағаттандырарлық деп тануға болмайды. Балалар әдебиетін жасауда кейбір жазушылардың жекелеген табыстары бар екенін мен даусыз деп санаймын, бірақ менің көз қарасымша, бұл сол табыстардың тұрақтылығына шүбасыз сенуге жеткілікті негіз болмайтын сияқты. Сан тұрақты сапаға әлі айналған жоқ, ал өнер дегеніміз – ең алдымен, сапа. Бұл ретте бір ғана нәрсе күдіксіз де даусыз – Қазақстан жазушылары советтің жас азаматтары алдында қашаннан бері үлкен қарыздар. Қазақстанның малшылары мен балалары, әсіресе қазақтың колхозшы-шаруаларының балалары әлі ештеңеге кенеле қойған жоқ. Егер көркем әдебиеттің негізгі жанрлары проза, драматургияға келсек, онда қазіргі совет тақырыбын көтеруге біраз кенжелеушілікке қарамастан, қазақ совет әдебиеті тұтас алғанда биік талаптардың өрісіне, кемелдену өрісіне шықты. Әсіресе проза көбірек кемелденіп, салмақты да сенімді дамып келе жатқан сияқты және бұл жанрдағы табыстарымыздың тұрақтылығын оның күрделірек формалары – романдар мен повестердің басым жатқандығы арқылы-ақ көрсету қиын емес. Сөйтсе де, прозаның шағын түрлерінде төмен түсушілік барын атап көрсетпесек, бұл айтқандарымыз шынында да тура болмас еді. Прозаиктер санының өсуіне, біраз жас прозаиктардың келіп қосылғанына қарамастан, прозаның шағын түрлері – әңгіме, новелла, көркем очерк, скетч т. б. әлі де шындап толық дамып кете алған жоқ. Прозаның шағын түрлері соңгы он жыл бойына осындай халде, мен айтар едім өте ауыр халде қалып келеді және ең бататыны бұған тынышсызданып жүрген ешкім жоқ. Біздің сыншыларымыз прозаның шағын түрлерінің артта қалуының себептерін
ашуға, зерттеуге назар аудармай-ақ келеді, ал біздің бүкіл прозамыз осы шағын формалардан басталған жоқ па? Бізде прозадан кейінгі екінші орынды, менің көзқарасымша, драматургия алатын сияқты. Біздің театр өнеріміздің тууы мен дамуы, қазақ сахнасының талантты кадрларының тууы мен қалыптасуы осы драматургиямен тығыз байланысты. Біздің драматургия бүкіл одақтық аренаға алғашқы табысты қадамдарын жасауда. Біздің драматургиямыздың таңдаулы шығармаларын Б.Лавренев, А.Якобсон, А.Дроздов, А.Суров сияқты ірі совет драматургтары аударады. Егер Ұлы Отан соғысына дейін біздің драматургиямызда өткен күннің тақырыбы басым болса, қазір бұл жағдай мүлдем өзгерді, драматургия қазіргі совет тақырыбына бет бұрды. Бұл реттегі ең басты және шешуші жағдай сол – әдебиетіміздің басқа көптеген жанрларынан көрі біздің драматургияның ысылған творчестволық кадрлары бар. Біздің драматургия, соңғы кезге дейін душар болып келген және қазір де басынан кешіріп отырған үлкен олқылықтан құтылатындығына әбден сенуге болады. Егер барлық істің тетігін кадрлар шешеді десек, онда біздің драматургияның кешеуілдеген жағдайы жақсаратындығына мен өз басым сөзсіз сенемін. Біздің ақындарымыз көңілдеріне қанша ауыр алса да, меніңше, өзінің идеялық-көркемдік дәрежесі жағынан қазақ поэзиясы дәл қазір прозамыздан кейінгі орында қалып қойып отыр. Қазақтың жазба әдебиетінің басқа жанрларынан гөрі біздің поэзияның тарихы әлдеқайда ұзақ. Біздің поэзияның Абай сияқты ұлттық үлгілі мектебі бар, ал бұл мектеп орыстың революцияшыл-демократиялық поэзиясының идеялықкөркемдік негіздерін терең игерудің нәтижесінде келіп туған болатын. Қазақ ақындары Абай аудармалары арқылы өздерінің ана тілінде Пушкин және Лермонтовтың поэзиясымен советтік шығыстағы көптеген ұлт республикаларының ақындарынан әлдеқайда бұрын танысты. Бүкіл Совет Одағындағы сияқты біздің ақындарымыз да поэзияның жаңашылы В.Маяковский бастаған озық, революцияшыл ақындардан талассыз үйрене жүріп қалыптасты. Оларды зерттеп үйрене және аудара жүріп, біздің ақындарымыз поэтикалық нормалардың негіздерімен жеткілікті таныса алды. Поэзияның кадрлары сан жағынан – басқа жанрлардың кадрларын қоса есептегенде де, – олардан асып түсіп жатады. Ендеше өзіміздің поэзиямыздан қазіргі күйінен әлдеқайда кең құлашты, үлкен кемелдікті күтуіміз әбден орынды еді. Біздің поэзияның табыстары барын, кейде тіпті елеулі табыстарға қолы жеткенін ашық айта отырсам да, мен оған бұдан гөрі жоғарырақ талаптар қою керек деген пікірді жақтап қаламын. Жоғарыда аталған елеулі олқылықтарына қарамастан, қазақ совет әдебиеті бүкілодақтық және дүниежізілік аренаға, кемелденген, талапты оқушының алдына шығып отыр. М.Әуезовтың «Абай»
романының үш кітабы, С.Мұқановтың «Ботагөз», «Сырдария», «Менің мектептерім», Ғ.Мұстафинның «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Ғ.Слановтың «Кең өріс», Д.Әбілевтің «Алтай жүрегі» сияқты шығармалары, Ә.Тәжібаевтың, Жароковтың, Ормановтың, Мәуленовтың, Саинның және басқалардың өлеңдері орыс тіліне аударылды. Қазақ жазушыларының таңдаулы шығармалары дүниежүзінің көптеген тілдерінде, оның ішінде, ең алдымен, халықтық демократия елдерінің тілдеріне аударылды. Біздің жазғандарымыздың басқа емес, дәл демократиялық дүниедегі миллиондаған адамдардың жүрегінен үндестік табуы, біз үшін өте маңызды да құнды. Сөйтіп, біздің әдебиет бүкілодақтық және дүниежүзілік аренаға шығуда. Орыстың және дүниежүзілік классикалық, сондай-ақ совет әдебиетінің таңдаулы шығармаларының қазақ тіліне аударылғанын біздің рухани мәдениетімізге қосылған баға жетпес, мол үлес және оның мызғымас алтын қоры деп қарауға тиіспіз. Бұдан жүз жыл шамасы бұрын Абай бастаған бұл іс қазір, әрине, әлдеқайда кең өріс алды. Совет оқушыларының қазақ тіліндегі кітапханасы қазақтың төл әдебиетінен гөрі аударма әдебиетпен анағұрлым көп молықты. Қазақ тіліне Л.Толстойдың «Анна Каренинасы», Пушкиннің поэмалары мен лирикалық өлеңдерінің төрт томы, «Капитан қызы» повесі, Лермонтовтың «Уақытымыздың геройы» аударылды. Гоголь мен Тургеневтің негізгі шығармалары аударылып болуға жақын, Крылов (мысалдар), Грибоедов («Ақыл азабы»), Лермонтов (лирикасы және «Уақытымыздың геройы), Островский («Найзағай», «Таланттар мен табынушылар», «Мысыққа күнде той бола бермес»), Чехов (әңгімелер), Шекспир («Отелло», «Асауға тұсау»), Шиллер («Зұлымдық пен махаббат»), Гюго, Бальзак, Мериме, Д.Дефо, Жюль Верн, Свифт, Назым Хикмет («Махаббат туралы аңыз» және өлеңдері), Пабло Неруда (өлеңдері), халықтық демократия елдерінің жазушылары мен ақындарының жекелеген әңгімелері аударылды. А.М.Горький және В.Маяковский бастаған совет жазушылары мен ақындарының тамаша шығармаларын аудару ісінің жәйі бұдан да көрі тәуір. Соңғы он жылдың ішінде Горькийдің «Менің университеттерім», «Балалық шақ», «Ана», «Фома Гордеев», «Шыңырау түбінде», «Васса Железнова» сияқты шығармалары мен әңгімелерінің бір томдығы, В.Маяковскийдің «Владимир Ильич Ленин» поэмасы мен өлеңдері қазақ тілінде басылып шықты, Горькийдің «Кісі есігіндесі» аударылып жатыр. Горький мен Маяковскийді аудару Жазушылар одағының, әдебиет журналдары мен баспаларының жылма-жылғы іс жоспарынан орын алып отырады. А.Фадеевтің «Жас гвардиясы» екінші рет басылып шықты, М.Шолоховтың «Көтерілген тың» мен «Тынық донның» бірінші кітабы,
А.Толстойдың «Бірінші Петрының» алғашқы екі кітабы, Макаренконың «Ұстаздық дастаны», Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» мен «Дауылда туғандары», Новиков-Прибойдың «Цусимасы», Бубеновтың «Ақ қайыңының» бірінші кітабы, Бабаевскийдің «Алтын жұлдызды жігіт», Кожевниковтың «Нәрлі суы», Лацистің «Дауылының» екі кітабы, Полевойдың «Нағыз адам туралы повесі», Василевскаяның «Шұғыласы», Панованың «Кружилихасы», тағы басқа көптеген шығармалар қазақ тілінде басылды. Қазақ тілінде көркем әдебиеттің жайы жалпы алғанда осындай. Бұл фактылар нені көрсетеді? Бұл айтылғандар қазақтың көркем әдебиеті аударма арқылы өсіп, молығып қана қоймай сонымен бірге, халықтың бағалы игілігі әрі қалың бұқараны тәрбиелеудің маңызды идеологиялық құралы болғанын және оған қалай болса солай жауапсыз қараушылықты түп тамырымен құрту керектігін көрсетеді. Ендеше, Жазушылар одағы әдебиет сынының – біздің әдебиетіміздің болашақта бұдан да гөрі толығырақ дамуының жолын көрсетіп беруге тиісті ғылымның проблемаларын кеңінен талқылауға қоюы мүлде кездейсоқ емес. Меніңше, бізде әдебиет өмірінің осы саласында төзуге болмайтын, тіпті моральдық қылмысқа барып ұштасып жататын жағдай бар екенін үзілді-кесілді мойындайтын мезгіл жеткен сияқты. Екіншіден, сындық-теориялық ойдың мейлінше артта қалуына осынша төзген, болмаса өзінің көп жылдық тәжірибесіне мүлдем теориялық қорытынды жасамай-ақ, дами алған өскелең әдебиетті табу мүмкін емес Егер қажетті сын мен маркстік-лениндік ғылыми теорияны жеткілікті қолданғанда біздің әдебиетіміздің табыстары әлдеқайда жоғары әрі күрделі болатын еді, бұған мен шексіз сенемін. Егер теориясыз тәжірибе қараң екенін, бізде төл әдебнеттің материалына әдебиет теориясын қолдану толығымен жоқтығын, әдебиет пен өнердің тіпті ең басты мәселелері жөнінде бізде әлі күнге дейін немқұрайды үнсіздік барын әбден мойындасақ, онда әдебиет сыны туралы мәселе қоюдың қаншалықты кезек күттірмейтін маңызы бары өз-өзінен белгілі. Әрине, әдебиет сынының проблемаларын бүкіл совет әдебиетінің, сондай-ақ советтік озық сынның алдындағы жалпы міндеттерден қандай жолмен болса да бөліп алып қарауға болмайды. Өйткені, қандай да болса оңаша, дара алынған әдебиет үшін әдебиеттің ерекше теориясы болып көрген емес, болмайды да. Бұл ретте әңгіме бізде сындық ойдың әлсіз дамып отырғандығы, бізде әдебиет сыны – көп еңбек тілейтін, нағыз ғылыми творчестволық жұмыс ретінде жете бағаланбайтындығы жайында болып отыр. СССР Жазушылар одағының XIIІ-Пленумында жасаған «Әдебиет сынының міндеттері туралы» деген баяндамасында А.Фадеев жолдас әдебиет сыны мен теориясының проблемаларына арналған ондаған
ғылыми еңбектерді атады, ал біз дәл бүгін, біздің бүкіл әдебиетіміз, болмаса тұтас бір жанр туралы сөз етпегеннің өзінде, бір жазушының творчествосын, тіпті бір шығарманы сынап, талдауға арналған мұндай бірде-бір еңбекті атай алмаймыз. Фадеев жолдас атаған жалғыз еңбек және М.Әуезов пен С.Мұқановтың творчествосына арналған екі кітап жақсы атаққа ие бола қойған жоқ, шындап жарық көрмей жатып-ақ құрып кетті. «Сынау орнына мадақтау» – міне, бұл еңбектерге «Правда» газеті берген әділ баға осы. Сын туралы өткен пленумнан бергі төрт жылдың ішінде әдебиеттен әртүрлі ғылыми атақ, дәреже алған адамдардың саны аз емес, бірақ әдебиет туралы еңбектер сол баяғы күйінше әлі жоқ. Әдебиет туралы жазылған еңбектердің ғылыми атақ алуға жарап, ал өмірде пайдалануға неліктен жарамайтыны біз сияқты, ғылымнан шалғай адамдарға, әрине, түсініксіз. Тегі, біздің кейбір адамдарымыздың өз басы әртүрлі ғылыми атақ алуға тырысуы мен ғылым алдындағы жауапкершілікті сезінуінің арасында да дәл осындай алшақтық бар секілді. «Правда», «Литературная газета» және басқа көптеген орталық журналдардың беттерінде совет әдебиетінің аса маңызды мәселелері үнемі көтеріліп келгені және көтеріліп отырғаны белгілі, бірақ бізде соларға үн қоспайды, соларды өз шындығымызға, өз әдебиетімізге жанастыра алмаймыз. Қазақ әдебиетінде едәуір артта қалушылық барын біле тұра, біздің сыншыларымыз бен әдебиетшілеріміз сол артта қалушылықтың нақтылы себептерін зерттеп табуды және оларды жою ісінде көмектесуді әлі күнге дейін қажет деп санаған жоқ. Орталық баспасөз беттерінде ұнамды герой проблемасы, типтілік проблемасы, әдебиеттік шеберлік, әртүрлі жанрлардың өзіндік ерекшеліктері туралы тағы басқа көптеген мәселелердің төңірегінде дискуссиялар болды. Бірақ, біздің республикада бірде-бір баспа органы қажетті теориялық дәрежеге көтеріле алмады, Қазақстаннан үн қоса алмады, қазақ совет әдебиетінің көптеген аса маңызды мәселелерінің тым болмаса біреуі туралы дискуссия ұйымдастыра алмады. Ал, Қазақстанның көптеген жазушылары бұдан үндемей құтылды. Біздің совет әдебиетінің, теориялық майданында – орыстың ұлы ойшылдары, революцияшыл-демократтар – Белинский, Чернышевский, Добролюбовтың және марксизм-ленинизм классиктерінің аса бай сындық-теориялық мұраларын игеру жолында қазір ондаған адамдар еңбек етіп жүр. Бұл – жазушылар үшін де, сыншылар үшін де маңызы аса зор жұмыс. Бірақ, осы еңбектердің түсінікке жеңіл аудармасы қазақ тілінде мүлдем аз. Сабақ ана тілінде жүргізілетін қазақ мектептерінде Белинский де, Чернышевский де кеңінен өтілмейді, олар туралы мәліметті оқушылар естігенінен, ұзын құлақтан ғана алады.
Белинскийдің сын мақалаларының біздің ғалым әдебиетшілеріміз аударып шығарған шағын ғана жалғыз жинағы қателіктерге, өрескел бұрмалауларға толы, пайдалануға жарамсыз. Ең ғажабы сол – революцияшыл демократтардың сындық-теориялық мұрасын ана тілімізде кеңінен игеру үшін Жазушылар одағында да, баспаларда да, оқу орындарында болмаса ғылыми-зерттеу институттарында да жүйелі жұмыс жүргізілмей келеді. Марксизм-ленинизм классиктерінің әдебиет пен өнердің аса маңызды мәселелері туралы айтқан пікірлері әлдеқашанақ сапалы түрде аударылып, жеке кітап болып шығарылуға, сөйтіп әрбір қазақ жазушыларының қолынан тастамайтын кітабына айналуға тиіс еді. Бірақ мұндай кітап бізде әлі де жоқ. Бұл – біздің сындық ойдың дамуындағы үлкен олқылық, әдебиет теориясы саласында мұндай олқылығы бар әдебиет – озық ғылыми агротехникасы жоқ егін шаруашылығы сияқты. Ал бізде әдебиет сыны кадрларының жәйі қалай? Біріншіден, сыншылар бізде әрқашаннан-ақ жетіспейді, ал бұл жәй қазір де сонша көп өзгере қойған жоқ. Екіншіден, қазақ сыншыларының үміт күттірген алғашқы буыны бұл «жанжалы көп» саладан әлдеқашан және, тегі, біржола кеткен сияқты. Сірә, олар әдебиеттану ғылымы мен әдебиет сынының арасынан ешқандай тұтастық таба алмай, түрлі оқу орындарында, академиямыздың институттарында ғана істейтін әдебиет мамандары болып қалған сияқты. Олар әдебиетті ұнатады, бірақ оның қуанышына да, азабына да ешбір ортақтаспайды. Сыншылардың жас кадрлары бізге соғыстан кейінгі кезеңде жоғары дәрежелі оқу орындарынан келді. Бұлар – жоғары дәрежелі білім алған, көпшілігінің әдеби дайындығы бар жастар. Біз бұларға алғашқы буыннан гөрі көбірек үміт артамыз. Ахтанов, Букетов, Қирабаев, Сәрсекеев, Әлімқұлов, Қабдолов, Нұрқатов, тағы басқа жас сыншылар өздерінің жақсы дайындығы барлығын көрсетіп жүр. Бірақ өздерінің мүмкіндіктерін шындап ашу үшін оларда батылдық пен өз күшіне сенім аз, жеткілікті тәжірибе жоқ. Тегі, олардың өте аз жазатыны және, көбінесе, рецензиямен шектелетіні де осыдан болса керек. Бізде жас сыншылардың қызмет етуіне ешқандай бөгет те, тосқауыл да жоқ, бірақ жас сыншылар, олардан күткеніміздей, онша батыл, белсенді емес. Егер батыл қимылдаса, талаптанса, олар, сөз жоқ, анағұрлым терең, мол іс тындырған болар еді. Бірақ гәп біздің сынымыз кадрларының жастығы мен аздығында ғана емес. Бізде сыншының еңбегін – қоғамдық ойдың ең озық өкілі жасайтын, нағыз творчестволық қасиетті еңбек деп санайтын қажетті мәдени дәстүр әлі де болса жоқ. Міне, гәп осында. Бізде көпшіліктің таза эстетикалық талғауы туралы, адамдардың санасында совет гуманизмінің, адамгершілігінің, ізгілігінің принциптері берік тұрақтауы ушін шын
жүректен, жан-тәнімен қам жейтін адам аз. Бұл қамқорлықты, әсіресе, сыншылардан аз кездестіреміз. Сөз жоқ, біздің әдебиет сынымыздың мәдени-теориялық дәрежесі төмен болуы жоғарыда айтылған осы жағдайларға байланысты. Біздің әдебиет сынымыз көбінесе бірбет, тұрпайы болып келеді, оның кейбір жекелеген соққылары, мықты боксердің ұрғанындай, талдырып түсіреді. Біздің әдебиет сынымыз тайыз, ешқандай сабақ бермейді және көбіне сыңаржақ. Біздің сынымыздың бір шығарма туралы айтқан пікірі сол шығарманың маңынан ұзамайды, өзінің негізі идеясы арқылы әдебиеттің қандай болмасын жалпы творчестволық проблемаларын қозғамайды. Бүкілодақтық маманданған сын жекелеген кітаптар орыс тілінде шыққанда ғана біздің әдебиетімізге назарын аударады, бұл, әрине, өзінен-өзі түсінікті. Ал біздің жазғандарымыздың негізгі көпшілігі орыс тіліне аударуға келе бермейтіндіктен, жазушыға көмектесетін шын мәнісіндегі сынның көзіне түспей қалады. Творчествосы бірде-бір рет сынға, талдауға ұшырамаған авторларды ондап санауға болар еді. Біздің әдебиетімізді дамытуда, оның жас кадрларын өсіруде, әдебиетіміздегі үлкенді-кішілі қателіктерді жан-жақты және дер кезінде көрсету ісінде республикалық баспасөз атқарған үлкен жұмысты елемеу мейлінше әділетсіз де теріс болар еді. Бірақ біздің редакторларымыз кейде принциптіліктен, байыптылықтан мүлдем айрылып қалады. Республиканың жекелеген басшыларының кейбір жазушыларға деген қарабасының қатынасы өзгергенін байқап қалып және солардың ойлаған жерінен шығамын деп, редакторлар объективтік әділетті, шындықты оп-оңай құрбан ете салады, сөйтіп советтің озық жұртшылығының пікірін білдіруші газеттің биік беделін төмен түсіреді. Өз байлауларымыздың әділетті екенін көрсету үшін осы өткен 1953 жылы М.Әуезовтың «Абай» романы мен С.Мұқановтың өмірбаяндық романы «Өмір мектебі» қандай күйге ұшырағанын мысалға келтіруге болады. «Абай» романының бірінші кітабы 1942 жылы жарыққа шыққаннан бері, яғни, он жылдан астам уақыт бойына бүкіл совет баспасөзі, онын, ішінде біздіқ республикалық баспасөз және кейіннен халықтық демократия елдерінің баспасөзі де «Абай» романының идеялық-көркемдік қасиетін, оның үлкен де көркем полотно ретіндегі құндылығын талай рет жоғары бағалағаны белгілі. Шындығында да, советтің қалың жұртшылығы түгел танығанындай, «Абай» романы тек қазақ әдебиетінің ғана соны да кезеңді сөзі емес, сонымен бірге озық совет әдебиетінің тамаша шығармасы болып табылады. Ал дәл осы шығарма жайында баспасөз беттерінде өте зілді мақалалар жазылып, романды пайдаланудан шығарып тастау керек деген қорытынды шығаруға болатын пікірлер болды.
«М.Әуезов басты герой Абайдың образын теріс ашады... Біз Абайды көбінесе өз уақыттарын мақсатсыз, жұмыссыз өткізетін феодал-бай жастарының арасында көреміз... Қазақ халқының жексұрын жаулары болған, кейіннен нағыз буржуазияшыл ұлтшылдарға айналдырғандарды автор олар Абайға бейнебір әсер еткендей ғып, ұнамды геройлар ретінде бүркемелеп суреттеуге тырысады... Әуезов орыстың озық адамдарының образын жасау үшін жарқын бояулар таба алмайды... Олар өздерінің кейіптерін жоғалтқан, олар ұлы орыс халқының таңдаулы қасиеттерін бейнелей алмайды. М.Әуезов еңбекші халықты елемейді». Осыдан кейін зілді де көмескі мынадай қорытынды бар: «М.Әуезов романда орын алған елеулі бұрмалаушылықтарды жоюға тиіс». Міне, мұнда әрбір фраза заңның айбарлы тармағындай болмаса прокурордың айыптау сөзіндей естіледі. Совет әдебиет сынының принциптері мен біздің оны беталды түсінуіміздің арасында қаншалықты үлкен қайшылық барлығы және біздің қолымыздан бұрмалаушылық келетіндігі жайында тек осы бір мақала бойынша-ақ үлкен трактат жазуға болар еді. Роман әлі біткен жоқ, оның аяғы жазылып жатыр емес пе? Роман туралы үзілді-кесілді тиянақты пікірді біз оны автор бітіргеннен кейін ғана айта аламыз, ал қазір роман жазылу процесінде тұрғанда біз көп жылдық үлкен еңбегі табысты аяқталуы үшін авторға пайдасы тиетін және ол ескеретін пікірлерді айтуға тиіспіз. Осы тұрғыдан қарап, мен авторға романның толықтыруды керек ететін кейбір жайлары турасында өз пікірімді айтқым келеді. Біріншіден, меніңше, өз заманының озық әлеумет қайраткері әрі, қазіргі айтатынымыздай, ағартушысы Абайдың әрекеті онша белсенді емес. Одан халықтың қалың бұқарасын феодалдық-патриархалдық үстемдікке қарсы күреске үндейтін идеялар таралып жатқан жоқ. Екіншіден, Чернышевский бастаған орыстың революцияшыл-демократиялық қозғалысының идеялары қазақ даласына да келгені жайында романда жиі айтылады. Бірақ, осы идеялар дала өмірінде қандай әлеуметтік негіз тапты және Абайдың өзі сол идеяларды қаншалықты жүзеге асырды, әрекетке айналдырды – міне, осы мәселе әзірше көмескі. Базаралы мен Дәркембайдың әрекеттерінен, Тәкежанның екі мың жылқысын қырып тастаудан мен өз басым, қоғамдық күрестің ешқандай прогресшілдік лебін сезе қоймаймын. Мұндай әрекеттер даланың ірі байларына тән болатын, бірақ, дала кедейлері де сондай әрекеттер жасады деуге илану қиын. Үшіншіден, Абайдың кексе тартқан кездегі әлеуметтік қызметі де бұдан әрі де романда басты орын алуға тиіс. Егер «Абай» романының
үшінші кітабында Оспан туралы, ол өлгеннен кейін оның мұрасын бөлісіп алудағы дау-дамай туралы, болмаса Абайдың баласы Абдрахманға қыз айттыру, құда болысу туралы тараулар жоқ, болса, сірә бұдан келіп-кетер үлкен олқылықты ешкім сезе қояр ма еді. Қазақ халқының он тоғызыншы ғасырдағы үлкен ойшылы болған, орыстың демократиялық мәдениетіне өз халқын соншалықты тамаша әрі шебер жақындастырған Абайдың тағдыры, оның жан-жақты қызметі бізді бәрінен де көп қызықтырады, толғантады. Жазылып жатқан романға талай елеулі талаптар қоюға болады, бірақ үкім айтуға, әсіресе жазушыны қарусыздандыратын, оның қолынан қаламды тартып алатын үкім шығаруға бола қоймас деп ойлаймын. Республикалық комсомол газеті «Ленинская смена» тарапынан болған жағдайдың рабайсыздығы да бұдан кем болған жоқ. 1953 жылы, 25-апрельде бұл газетте С.Мұқановтың бұдан он сегіз жыл бұрын жазған жартылай көркем, жартылай мемуарлық кітабы – «Өмір мектебі» туралы «Ескілікке іш тарту» деген редакциялық мақала жарияланды. Бұл мақала «Абай» романы туралы мақалаға өте ұқсас болғандықтан, мен одан ұзақ үзінділер келтіруді қажетсіз деп табамын. «Ескілікке іш тарту» деген атынан да көрініп тұр, бұл мақала өткенді дәріптедің, тарихи шындықты бұрмаладың, феодалдықпатриархалдық ескілікті көкседің деп авторды ауыр айыптайды. Мақалада контекстен үзіпүзіп алған цитаталар талданып отырған кітаптың мазмұнын бұрмалап, теріс баяндау көп-ақ. Сөйтіп, газет өзінің бұрмалаушылық мақсатына қолайлы материалды қолдан жасап алады. Газеттің қолапайсыз дөкірлігі соншалық – «ол автордың жарлы-жақыбайларға, олардың жарық өмірге ұмтылуына тілектестігін «екіжүзділік сөз» деп атайды. Мақала осындай дөкір, тұрпайы сынға тән мынандай қорытындымен аяқталады. «Осыған бола қолға қалам алмаса да болатын еді». Міне, тып-типыл қылатын, аяусыз соққы. Бұл мақалаға бұдан әрі тереңдеу қажетсіз деп ойлаймын. Бірақ осы мақалаларға жазушылардың өздері қалай қарағанына назар аудармасқа болмайды. Ең алдымен, жазушылардың барлығы да бұған айран-асыр таңқалысты. Талай жыл бойына осындай «сынға» ұшырасып жүргендіктің салдарынан біздің қазақ тілінде осындай сын мақалалардың сипатын анықтайтын –«өлтіріп салыпты», «сойып салыпты» деген екі сөз пайда болды. Алғашқы жағдайда адам табан аузында сеспей қатады, ал екіншісінде де өледі, бірақ қоштасуға мұршасы келіп барып өлетін сияқты. Өткендегі қарақшылар мен ұрылардың жаргонынан алынған бұл сөздер біздің әдеби сөздігімізге қосарланбауы керек еді, бірақ солар текке қосарланбаған сияқты. Әдебиет сынын тұрпайы, бұрмалап қолданушылық туралы шолуды осымен бітіргім келеді. Бұл туралы жалықтырарлықтай әрі ұзақ сөз
еткен себебіміз әдебиет сынымыздағы ең басты кесел осы. Мұндай бұрмалаушылықтар жас сынымызды шыңдап, байсалдылықпен дамытуға мүмкіндік бермеді, сынды да, жұртты да адастырды, біздің реалистік эстетиканы бүлдірді, социалистік қоғамның гуманизм негіздеріне балта шапты. Ал мұндай жағдайда совет жазушылары қатты, келіспес қарсылық білдіруге керек. Біздің әдебиет сынымыздың басқа кемшіліктері туралы да немқұрайды жай тыныш қана сөз етуге болмайды. Біздің сынымыз кемшіліктерге тым төзгіш, кейде тіпті битарап, көреген емес. Әдебиет майданындағы елеулі кеселдерді ол кеш байқайды және әбден асқындырып алғаннан кейін барып араласады. Бізде аударма әдебиет төл әдебиеттен әлдеқайда басым екенін мен жоғарыда айттым. Ал осы аударманың жәйі қалай? Ашық айтам, аударманың жәйі бізде мүлдем нашар. Орыс тілінен қазақ тіліне аударатындардың көпшілігі көркемдік ойлаудан мүлде шалғай, әншейін әдеби ұсақ кәсіпқорлар. Олардың аудармалары, ең алдымен, жай кәдімгі түсініксіз. Өзінен-өзі түсінікті сөздер, ескі базарларда шаруалардың арбалары қалай тұрса, дәл солай орналастырылады, соның салдарынан көркем тілдің орнына құлаққа түрпідей естілетін сөз тіркестері мен сөздердің бей-берекет жиынтығы келіп шығады. Әрине, мұндай нәрселерді оқығанда эстетикалық рахат алу қиын екені белгілі. Поэзиядан басталық. Жоғарыда айтқанымыздай, Пушкинді аудару бізде барған сайын белгілі жүйеге түсіп келеді, мұны әбден құттықтауға керек. Бірақ аударманың жәйі онша айта қаларлықтай емес. Неліктен екені белгісіз, Пушкиннін, ең басты шығармасы «Евгений Онегин» романын аудару жас ақын Қ.Шаңғытбаевқа тапсырылды. Ол бұл романды нашар аударды. Бірақ біздің Жазушылар одағының ұнатуымен екі бірдей баспамыз бұл аударманы жөнді редакторлық өңдеусіз-ақ шығарып жіберді. Шаңғытбаев аудармасының бірде-бір жолы Пушкин поэзиясына ұқсамайтындығы жайында талай рет айтылды. Бұл – поэтикалық аударма емес, қалай болса солай ұйқаса салған арзан сөздердің жиынтығы. Бірақ дүние жүзі өнерінің енді қайтып тумайтын шығармаларының бірі осыншалықты аяусыз бүлдірілгеніне, сірә, бірде-бір сыншымыздың жаны ауырмаған болу керек. Ә.Тәжібаевтың («Руслан мен Людмила»), Т.Жароковтың («Кавказ тұтқыны», бірақ «Граф Нулин» емес), Қ.Бекхожиннің («Гаврилиада»), Ғ.Ормановтың («Мыс салтатты»), Т.Әлімқұловтың («Ағайынды қарақшылар» және «Бақшасарай фонтаны»), Қ.Аманжоловтың («Полтава») аудармаларын ақындарымыздың творчестволық үлкен табысы деп қарамауға болмайды. Әртүрлі кемшіліктері барлығына және қазақ өлеңінің Пушкин поэмаларын аударуда қолданылған формалары жайында даулы проблемалар барлығына қарамастан, Пушкин поэмаларының аудармасын, тұтастай алғанда, мен біздің
ақындарымыздың үлкен табысы деп санаймын. Олар біздің әдебиетіміз үшін де, сондай-ақ өздері үшін де үлкен игі жұмыс атқарды, өйткені өнердің тамаша шығармаларын аудару – бұл үлкен творчестволық мектеп, ол өз творчествоңды да молықтырады. Жалпы аудармаға байланысты бір мәселені айтыс ретінде көтергім келеді. Соңғы он жыл ішінде ақындарымыз өте жиі қолдана бастаған, шалыс ұйқасты, он бір буынды силлабикалық өлең маған ескірген тәрізді көрінеді. Абай оны ешқашан да пайдаланған жоқ. Меніңше, мұндай шалыс ұйқас өлеңнің құрылысын, әуезділігін көріне көзге сындырады және оның тынысын тарылтатын тәрізді, Абайдың шалыс ұйқастары оқушының эмоциялық түйсінуін күшейтеді, өлең өзінің әуезділігі мен ырғақтылығын жоғалтпайды, ақындық ой ыдырамай, өзінің сезімге тигізерлік әсерін тұтасырақ сақтап қалады... Мен Абайдың 7, 8, 9 және 10 буынды өлеңін қатты ұнатамын. Тегі, Абай мұны орыстың он тоғызыншы ғасырдағы реалистік поэзиясымен кеңірек танысқаннан кейін барып тапқан тәрізді. Мейлі шалыс ұйқаспен жазылсын, немесе онсыз-ақ болсын, өлең қиыстырудың бұл формасы өзінің құрылысы жағынан әсерлі, қуатты және интонациясы да бай. Ақын Т.Әлімқұловтың «Ағайынды қарақшылар» мен «Бақшасарай фонтанын» аударғанда осы форманы пайдаланған және оның аудармасы басқалардан гөрі түпнұсқаның рухына көбірек жақын. Қазақстанның бірталай жас ақындары да Пушкин поэзиясын аударуда өздерінің творчестволық өскендігін көрсетті. Мысалы, С.Мәуленов, М.Әлімбаев, Қ.Жармағамбетов, Ж.Өмірбеков, А.Шамкенов, Т.Исмаилов және басқалардың аудармасы – олардың күрделі нәрселерді жемісті аудара алатындыгына куә. Бірақ олар қазақ өлеңінің көнерген формаларына жоламаған жерде ғана аудармаларының сапасы әжептәуір жақсы екенін атап көрсету керек. Исмаиловтың «Олегтің қалқаны», Өмірбеков пен Ебікеновтың «Жаңғырығы» да – онша сәтті аударма емес. Бұл аудармаларда Пушкин олардың өздерінен биік тұрған жоқ. Бізде В.Маяковскийді аударудың жәйі тым ауыр. Бұл түсінікті де, оны силлабикалық өлеңге аудару қиын. «Менің өлеңдерімді аудару ерекше қиын, – дейді Маяковскийдің өзі де, – өйткені мен өлеңге кәдімгі сөйлеу тілін енгіземін». Пушкин мен Лермонтовты аудара жүріп, Абай өзі де үйренді, жаңа мазмұнға сәйкес жаңа өлең формаларын тапты. Ал қазіргі біздің ақындарымыз Маяковскийді аударғанда жаңа формаларды тым аз іздейтін тәрізді, соның салдарынан бар формалардың шеңберінен шыға алмай, соларды құбылта береді. Мен Маяковскийден жасалған аударманың бірде-бірін шын мәнісінде сәтті деп атай алмаймын. Маяковскийдің жекелеген жолдарының мағынасын бұрмалағаны үшін біздің кейбір аудармашы ақындарымызды кезінде «Правда» газеті
дәл сынады. Аудармамен жақынырақ танысу үшін бұл сынның әділдігін растап қана қоймайды, сонымен бірге бізден Маяковскийді аударудағы принципті түбірімен қайта қарауды талап етеді. Гәп жекелеген сөздер мен жолдарды аударудағы бұрмалаулар мен мүлт кетулікке ғана емес, ең бастысы сол, аудармада Маяковскийді тек оның өзіне ғана тән ақындық айқын стилімен түйсіне алмайсың. Біздің аудармаларымызда Маяковскийдің ырғағын мүлдем дерлік сезінбейсің, ал оның жалынды поэзиясының бұрқанған тынысы тек кейбір жекелеген жолдарда ғана сезіліп қалады. Біз Маяковскийді аударудың нағыз кілтін таба алмаған сияқтымыз. «Әдебиет пен искусство» журналының осы жылғы бірінші номерінде Т.Әлімқұловтың жап-жақсы мақаласы басылды. Бұл мақала Маяковскийді аударушылардың елеулі қателіктерін ашады. Мен өз тарапымнан «Советтік паспорт туралы жыр», «Бар дауыспен», «Владимир Ильич Ленин» сияқты күрделі шығармалардың аудармасы әлі де көп жөндеуді талап ететінін атап айтқым келеді. Ақын Т.Жароковтың қолынан тәуірірек аудару, өз аудармасын оқуға жарарлықтай ету келетін еді. Түпнұсқада өткір де айқын жететін сөздер мен ойлар аудармада солғын, көмескі тартқан, тіпті кейде түсініксіз болып кеткен. Меніңше, бұның бәрін Маяковский поэзиясы деп тану қиын. Әр жолға шашыраған сөздер қазақтың шалыс ұйқасты, 11 буынды өлеңінің бөлшектелген түрі емей, немене? Шалыс ұйқаспен келетін 11 буынды өлең тек көнерген ғана емес, сонымен бірге нағыз дәрменсіз форма екенін мен тағы да қайталап айтамын. Әрине, мен өлеңнің формасына емес, Маяковскийді аудару үшін лайықты форма таба алмаған көрнекті ақынымызға кінә таққым келеді. Ал оның мұны табуына болатын еді. Өнердің тамаша шығармаларының бірі – Грибоедовтың «Ақылдан азабы» нашар аударылған. Бұл шығарманың көптеген фразалары мен жолдары орыстың сөйлеу тіліне афоризм ретінде әлдеқашан енгені белгілі. Бұл афоризмдер сәл ғана өзгертілген күйде басқа тілдерге де ауысты. Маяковский сияқты Грибоедов та поэзияға сөйлеу тілін батыл енгізді. Бірақ олардың екеуінде де бұл көзге жат көрініп тұрған жоқ, қайта өлеңнің жалпы құрылысында жанды тұтастық туғызады, өлеңнің ырғағы мен ұйқасын бұзбайды. Қиындық детальдарда емес, ақындық ойды түпнұсқадағы поэтикалық сапамен бере білуде екені анық. Ал, біздің аударуымызда «Ақылдан азап» өз дәуіріне айтылған теңдесі жоқ өткір сатира емес, соның жүдеу көлеңкесі сияқты. Аудармадағы диалог сахнаға жарамайды, ол Грибоедовтегі өткірлігі мен дәлділігінен айрылған. Бұл – өлеңмен жасалған, болмаса прозамен жасалған аударма екенін анықтау қиын, дұрысырақ айтқанда, аудармашы авторға еліктегенмен, екі жағдайда да керекті дәрежеге көтеріле алмаған. Совет жазушылары мен ақындары – өткен замандарда жасалған бағалы,
үлгілі және прогресшіл нәрсенің барлығының тікелей мұрагерлері. Олар сол мұраны бүлдіруге жол бермеуге, оны қасиеттеп сақтауға тиіс, бірақ біздің сыншыларымыз тым төзімді екені айқын. Прозаның аудармаларында да кемшіліктер аз кездеспейді. Және қаншалықты өкінішті болғанмен, осы кемшіліктер Тургеневтің «Дворян ұясы» романының біздің таңдаулы прозаигіміз М.Әуезов жасаған аудармасында бар. Тұтас алғанда, «Дворян ұясының» аудармасы аудармашының өз прозасынан қилы төмен. Мысалы, М.Әуезов өз прозасында орыс адамына: «аз заманда ол өзі қайтыс болып», «әлі де ажары көрікті», «әлі күнге ерім жайлы қобалжумен еске алады» болмаса «япыр-ай» деген сөздерді тіпті де айтқызбас еді. М.Әуезовтың прозасында теріс сөз тіркестері тым сирек кездеседі, бірақ олар осы аудармада әжептәуір жиі ұшырасады. М.Әуезов сахна үшін Треневтің «Любовь Яровая», Гогольдің «Ревизор», Шекспирдің «Отелло», «Асауға тұсау» сияқты, тағы да басқа көптеген пьесаларды тамаша аударды. Бірақ «Дворян ұясының» аудармасынан қатаң творчестволық талап болғанын толық сезінбейсің. Ал «свет» «высший свет», «имение» деген сөздердің әлеуметтік мағынасы неліктен өзгеріле салынғаны түсініксіз. «Свет» және «высший свет» деген сөздер «өнерлі қоғам» болмаса «жақсылар арасы» болып, ал «имение» – біресе қыстақ, біресе қала мағынасында, «светская наука» – «сыпайылық ғылымы» делініп аударылған. «Жас гвардияның» Г.Сланов жасаған аудармасында да қателіктер барырақ. Түзетіліп, екінші басылуында аудармашы өз аудармасын стиль жағынан едәуір жақсартқан. Алғашқыдай емес, кітаптың соңғы аудармасында Слановтан гөрі Фадеевтің қолын көбірек танып отырамыз. Бірақ аудармада қателер, яғни, түпнұсқаны бұрмалау, өз жанынан қосу, теріс құрылған сөз тіркестері әлі де бар. «Тынық Донның» бірінші кітабының (аударған Н.Баймұхамбетов), «Петр Бірінші» романының екі кітабының (аударған X.Жабасов) аудармалары елеулі жөндеуді және қадағалап редакциялауды керек етеді. Біз қарап шыға алмаған басқа кейбір аудармалар туралы да осыны айтуға болатын сияқты. Мен «Капитан қызының» Ә.Тәжібаев жасаған аудармасын, «Уақытымыздың геройының» Ж.Саин жасаған, «Карменнің» (Мериме) Ә.Ипмағамбетов жасаған аудармаларын прозалық шығармаларды аударудағы үлкен табыс деп көрсетуді қажет санаймын. Бұл аудармаларда тек кейбір жекелеген еркін кетушілік пен болмашы кемшіліктер ғана ұшырасады. Біздің әдебиет сыны баса назар аударуға тиіс болған тағы бір елеулі мәселе бар еді. Ол – әдеби тіл туралы мәселе. Бұл мәселе жайында республикалық баспасөзде бірқатар пікір болды. Мен «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған екі мақалаға
– профессор М.Балақаев пен жазушы М.Әуезовтың мақалаларына тоқталамын. Профессор М.Балақаев әдеби тілдің тазалығын, оның объективтік заңдары мен нормаларын сақтауды әділ талап етеді. Оның кейбір жазушылар инверсияны дұрыс қолданбайды деген пікірі де әбден дұрыс. Балақаевтың келтірген мысалдары оның бұл реттегі кінәлауын мүлдем растай түседі. Шындығында да, сөз қолданудағы мұндай салақтықты, кейде тіпті ағат кетушілікті қазақтың көптеген жазушыларынан-ақ кездестіруге болады. Біздің бірқатар жазушыларымыздың қолдануында инверсия, яғни, сөздердің орнын алмастыру тұтас сөйлемнің болмаса фразаның экспрессиялық қасиетін күшейтпейді, қайта оны әлсіретіп, түсініксіз етіп жібереді. Бірақ құрметті профессор М.Балақаев М.Әуезовтың тіліндегі кемшіліктерді тіпті әдейі әсірелейтін сияқты және мейлінше әділетсіз қорытынды жасайды: «Бірақ оның сол шеберлігі соңғы кездерде еркіндікке айналып, оның тілі халық тілінен қашықтап барады... Әуезов біздің байқауымызша, терең мазмұнды ойды шатқалаңды қиын тілмен айтуды көркемдік деп те түсінетін сияқты...» Бірнеше ұсақ та нанымсыз мысалдар алады да, профессор мынадай пікірге келеді: «Осылардың бәрі автордың ана тілінің заңдарын елемей... тілдік нормадан ауытқып шығып та кете беретінін көрсетеді». Әуезов – сөзге қатаң талап қоя қарайтын жазушы екені белгілі және сыншының дәл осындай қорытынды жасауына керекті мысал оның шығармаларынан табылмайды да. Нөпір, нор сияқты, әлдеқашан ұмыт болған, жекелеген сөздер, әрине, тек жазушының шығармаларында ғана сақталады да, ал қазіргі сөйлеу тілінде қолданылмайды. Бірақ осыдан Әуезов тілдің нормаларымен санаспайды деген қорытынды жасауға бола ма? Әуезов біздің әдеби тілімізді жаңа мағынаға ие болған әдеби сөз тіркестерімен молықтырады, сөйтіп сөздердің ішкі мағынасын кеңітеді және тереңдетеді. Ал мұны тілдік нормаларды бұзу деп тануға болмайды. Профессор М.Балақаевтың мақаласына қайтарған өзінің жауабында М.Әуезов бұл мақаланың үлкен принциптік мәні барын алғаш мойындағандай болады да, пікір айту үстінде оны бірте-бірте мүлдем жоққа шығарады. Және оның ең басты тірегі – «Поэзиялық лексика жай лексика емес» деген бір ғана фразада. Мұнда поэзиялық лексиканың мәні не екенін саралап анықтау қажет, өйткені жай лексика дегенді түсінудің өзі қиын. Ал мұны сараламай тұрып, айтысу да қиын. Егер автор бұл ретте қазақ тілінің сөздік қорын немесе жазушылардан басқа барша жұртшылықтың сөздігін айтса, онда біз, тегі, автормен үлкен айтысқа түсетін сияқтымыз. М.Әуезовтың тілге тиек еткен бұл пікірін мына сөйлемінен де түсіну қиын. Әуезов жолдас былай деп жазады: «Кейде шешендік үшін поэзиялық синтаксистік, поэзиялық лексиканың соны сөздерден құралуы ерекше қызықты болады». Меніңше, «шешендік»,
«синтаксис» деген сөздер жағдайды тіпті қиындатып тұрған сияқты. Бұл сөздер мен фразалардың нақтылы мағынасына қарамастан, поэзиялық лексика аулақтануға тырысса, онда ол кедейленеді, ол бізді өмірден аулақ әкетеді дегім келеді. Мысалы, Салтыков-Щедрин сатирасының тілі жайында үлкен кітап жазылды, онда жазушының тіліндегі публицистикалық, ғылымитерминологиялық, кітаби-беллетристикалық және басқа лексика талданады. Бұл өте жақсы ғылыми еңбек поэзиялық лексика тұрмыста көп қолданылатын тілге, яғни Әуезов айтқандай «жай лексикаға» неғұрлым бай болса, жазушыға да соғұрлым жақсы екенін ыспаттай түседі. Щедриннің «рыцари беззаконной оплеухи», «убеждение затылка», «словесные подзатыльники» болмаса «у нас переменили губернатора и дали одного из сукиных детей Муравьевых» деген «поэзиялық емес» фразалары ұлы жазушының лексикасын зәредей де бұзбаған сияқты. Осыған байланысты менің қазақтың көркем әдебиетінде, айталық, публицистикалық, заңдық, медициналық, кеңселік – ресми лексика мен фразелогияның жоқтығы мейлінше қиындық келтіретінін айтқым келеді. Қажет болған уақытта біз бұл олқылықты әртүрлі ауыстырулармен толықтырамыз. Бізде қазақтың басшы қызметкерлері ана тілінде публицистикалық мақалалар жазуды мүлдем қойып кетті. Олар тым болмаса екі тілді (орыс және қазақ тілін) еркін игеруді мәдениетті адам үшін артық деп санайтын тәрізді. Олардың өздерін қазақшаға аудару қажет. Екіншіден, біздің қалаларда ата-анасы орысша оқи алмайтын, ал балалары қазақша оқи алмайтын семьялар аз емес. Ал олар өзара үй ішінде айтылатын азын-аулақ сөздермен ғана сөйлеседі. Қазақ жазушыларының балаларының басым көпшілігі өз әкелерінің шығармаларымен аударма арқылы ғана таныс. Ресми қағаздар, баяндамалар, т.б. қазақ тілінде қалай жазылатынын біз білмейміз, өйткені олар жазылмайды. Сондықтан да, советтің алдыңғы қатарлы адамы, басшы қызмет атқаратын қазақ туралы жазғанда біз ол үшін өзіміз сөйлеуге мәжбүр боламыз. Ал оның өзіне тән сөздер жоқ. Бұл мәселе жайында тек әдебиеттің мүддесі үшін ғана емес, жалпы ойлану қажет, публицистиканың, публицистикалық лексика мен фразеологияның жан-жақты қызметінің бәрін біздің күнделікті баспасөз бен саяси аудармалық әдебиет атқарып жүр. Бірақ, өкінішке қарай, тіліміздің дамуындағы осы олқылыңтарды сыншыларымыздың бірде бірі сөз еткен жоқ. Бізде сын өзінің кадрлары жағынан да, тәжірибесі жағынан да жас. Егер орыс тілінде әдебиет сыны мен теориясына байланысты үлкен ғылыми еңбектерді ондап санауға болса, ал бізде тым құрыса бір шығарманы жан-жақты талдаған мұндай жалғыз еңбек те жоқ. Ал ендеше әдебиет сыны туралы айтқанда біз күнделікті баспасөз беттеріндегі рецензиялар мен сын мақалаларды ұғынамыз. Бізге дәл қазір қолда бар мүмкіндігіміз
осы болғандықтан, сынның осы түрін жандандыру, оның мазмұнын тереңдету қажет. Біздің сынымыздағы тезірек жою керек деп санайтын кемшіліктер мен олқылықтар қандай? Біздің сынымыздың ең басты олқылығы оның схемалық стандарттылығында, шығармаға қоятын талаптары мен оны мақтауының бірсарындылығында дер едім. Мұндай сын жырдың өзіндік ерекшелігіне, оның заңдары мен нормаларына мүлдем соқпайды, шығарманың идеясы жайында шұбалтып айта береді, ал осы идея көркемдік жағынан қалай берілгені мүлдем сөз болмай қалады. Яғни, онда жұрттың бәріне мәлім жайлар қайталанады. Мұны сыншылар пікіріне басқа жанрлардан гөрі көбірек ілінетін драматургиядан мысал алып көрелік. Өткенгі және қазіргі сынға тән бір рецензияны, яғни, жас драматург М.Иманжановтың «Менің махаббатым» деген пьесасы туралы «Социалистік Қазақстан» газетінде (1953 жыл, 9 декабрь) жарияланған рецензияны мысалға алып қаралық. «Шүйгін өлке... Алатау жотасынан басталып, Балқаштың жазығына қарай көсіле жатқан алап – төрт түлік малдың қысқы-жазғы өрісі. Республиканың байтақ жерінің тап осы бір шағын ғана өңірін мал шаруашылығын өркендетуге бағытталған ой мен еңбектің дүкені десе болғандай. Ғылыми лабораторияларда жүргізіліп жатқан әр салалы зерттеу жұмыстары. Колхоз, совхоз өндірісінің бай тәжірибесі. Әрбір ғалымның, малшының творчестволық ойы. Осының бәрі бір арнаға құйып жымдаса келе, игі жаңалықтар ашып, социалистік мал шаруашылығымызды өркендете берудің кең қамтымды программасына бағалы үлес қосумен келеді... Міне, жазушы Мұқан Иманжановтың... «Менің махаббатым» пьесасы осы тақырыпқа арналған. Онда жергілікті жағдайға төзімді, етті, биязы жүнді «Алатау» қойының тұқымын сынау, өсіру тәжірибесі баяндалады. Қазақстан мал шаруашылығы жөнінен елімізде үлкен орын алатыны белгілі. Малдың басқа түлігімен қатар, әсіресе, биязы жүнді қой шаруашылығын өркендету республика еңбекшілерінің қазіргі баса назар аударатын мәселесі болып отыр...» Міне, мақаланың авторы Ж.Алтайбаев жолдастың негізгі пікірі осындай идеялық түйіннен келіп тарайды. Әрине, бұдан әрі конфликттің мәні, яғни, биология ғылымындағы ескі көзқарастардың өкілі профессор Еділов жас ғалым Кемеловтың ғылыми жаңалықтарына кедергі жасағаны жас ғалымның, сөз жоқ, жеңіп шыққаны сөз болады. Мен драматургиядағы мал шаруашылығы тақырыбын кемсітейін деп тұрған жоқпын. Бұл тақырыпқа әлі талай рет жазатын боламыз. Бірақ, шығарманың идеясы туралы біздің сыншымыздың мұндай түсінігі, әрине, мүсәпірлік қана. Негізгі конфликт
драматургиялық жағынан қалай шешілді және ол қаншалықты дәрежеде тың әрі типтік екендігі жайлы рецензияда бір ауыз сөз де жоқ. «Драма бастан-аяқ әрекетті, әсерлі болуға тиіс» дейді Горький «Пьесалар туралы» атты мақаласында. Қазіргі әлеуметтік тартысқа құрылған жаңа пьесаларда автордың азғантай да болса табысқа жетуі біз үшін маңызды, ал автордың таңдап алған осы тартысы әрекетті, қаншалықты өрбітетіндігі одан да гөрі маңыздырақ. Тартыс – бұл өзара қарама-қарсы екі күштің тартысы, драмалық шығарманың әсерлілігі тартыстың шынайылығына және оның эмоциялық өрбу үшін икемділігіне әсіресе байланысты. Бірақ біздің сыншымыз бұл мәселелерге соқпайды, тек өзі де түсінбеген идеяның төңірегінде шыр айналады. Тартыстың өрбуі өзінің идеясымен және шынайы көркем шешілуімен көрушіні қаншалықты еліктіріп тартып отыратындығы жайында ашық пікір айтудан сыншы жалтарды. Ал мен өз басым осы тартысқа да, оның схемалық түрде шешілуіне де енжар күйде қалдым. Ал бірақ тартыстың шынайылығын орағытып барып дәлелдеу үшін автор мынадай «салмақты» дәлелдер келтіреді: «...Ленин атындағы колхоздың қой фермасының меңгерушісі Сахан Нұрахметовтың «Алатау» қойының тұқымын өсіруге әзірлігі жоқ «Ақсай» колхозына бір қошқарды жасырып беріп, сол себепті онда қозы шығынының көбеюі, ал мұны осы істің басы-қасында жүріп Ақанның білмей қалуы... автордың өмірде болатын шындыққа байсалды көзбен үңіле білгендігінің белгісі деп қарауға болады». Сыншының қорытындысы мынадай: «Менің махаббатым» озаттықты, ғылым мен тәжірибенің дұрыс ұштастырылуын насихаттайды. Оның құндылығы да тақырыбының актуальдығында». Тақырыптың актуальдылығын қорғаштаған адам, әрине, жұрттың бәріне қашаннан-ақ белгілі жайларды қайталайды. Бізге осы актуальды тақырыптар қайткенде шебер, көркем де шынайы бейнелеуге болатынын аңдатарлық кенеулі ой керек. Мұндай стильде және мұндай дәрежеде, идеялықты дәл осылай жақтап, сыншы болмай-ақ қою керектігі туралы мен сөз етіп те тұрған жоқпын. Сынның авторы, тіпті, пьесаның «Менің махаббатым» деген аты жайында, бұл махаббат кімге болмаса неге арналған – ғылыми қызметке ме, қойға ма, әлде геройлардың біріне ме – міне, осы жайында да ойланбаған. Пьеса неге болсын өндірістік қатынаспен қарайтын адамдар жайында, дұрысырақ айтқанда, барлық нәрсенің иесі – совет адамының ойы мен сезімін көмескі қалдырған өндіріс жайында екені келтірілген үзінділерден мейлінше анық көрінеді, әрине, бұл дұрыс емес және бізді қуанта алмайды. Тағы бір мысал келтіремін. «Советский Казахстан» журналының 1953 жылғы екінші номерінде Ә.Тәжібаевтың «Гүлден, дала!» пьесасы туралы
филология ғылымының кандидаты А.Маловичконың мақаласы басылды. Пьесаның жақсы жағы туралы бұл мақалада айтылған пікірлер бұрын Жазушылар одағында да, республикалық баспасөз беттерінде де аталып көрсетілген болатын. Тек «Лениншіл жас» газеті ғана бұл пьесаны қатты сынға алды. Пьеса Жамбыл атындағы сыйлыққа ілінді, ендеше оның құндылығы тек әдебиет төңірегінде ғана танылып қойған жоқ. Осы пьеса туралы Маловичко жолдас былай деп жазды: «Гүлден, дала!» пьесасы қозғаған проблемаларының маңыздылығымен назар аударады, онда совет көрушісін толғантпай қоймайтын мәселелер көтеріледі. Пьесаның негізгі мазмұны – колхоздардың дамуының болашақ жоспарына партиялық, мемлекеттік тұрғыдан қарауды орнықтыру және колхоздарды дамыту мәселелеріне теріс, тараң тұрғыдан келуді сынау. Пьесаның негізгі тартысы да осы әртүрлі көзқарастардың соқтығысында. «Гүлден, дала!» пьесасының тақырыбы қазіргі совет әдебиетінде, оның ішінде драматургияда да соншалықты тың емес. Бірақ Ә.Тәжібаев пьесаға керекті материалды өмірдің өзінен алып, бұл тақырыпты өзінше шешеді, ол біздің шындығымыздан мейлінше типтік тән нәрселерді көре біледі, қорытындылаулар жасай алады». Және мынадай салмақты да жалпылама қорытынды бар: «Гүлден, дала!» пьесасында автор ұнамды характерлерді де, сондай-ақ Телғара Темірбековтың образында ұнамсыз сипаттарды да типтендіре алған». «Дружба народов» альманағының өткен жылғы алтыншы номерінде дәл осы пьеса туралы И.Горелова жолдастың; «Характерлер орнына тезистер» деген рецензиясы басылды. Атынан-ак, анық көрініп тұр, бұл рецензиядағы пікірлер Маловичконың, сондай-ақ барлығымыздың дерлік пікірлерімізге қарама-қарсы. Және И.Горелованың рецензиясын оқығанда біз мүлдем сасып қалғанымызды мойындауымыз керек. Бірақ біздің көзқарасымыз бен Москва сыншысының көзқарасы арасында принциптік айырма барын атап көрсету қажет. Біз үшін типтік болып көрінген нәрсе Москва сыншысы үшін мүлдем олай емес. Маловичко жолдас конфликтінің елеулі негізі деп тапқанның барлығын И.Горелова жоққа шығарады. «Бірақ әңгіме мынада, – дейді Горелова, – шындығында да мұнда ешқандай қайшылық жоқ, өйткені екі жақ та сайып келгенде колхозшылардың мүдделерін өтеуге тырысады. Сондықтан да Тәжібаевтың еңбекшілердің әл-ауқатын жақсартуды көздейтін идеяны артта қалған, сыналатын және түзеліп шығатын идея ретінде суреттейтін пьесасының тартысы соншалықты бір түрлі ғажап болып көрінеді». Меніңше, И.Горелова жолдастың колхоздың өндірістік міндеттері мен содан туатын тұтыну міндеттерін бір нәрсе деп санауы теріс. Тәжібаев пьесасындағы конфликтінің мәні де осында: біреулер
өндірістік міндеттерді, ал басқалар – тұтыну міндеттерін жақтайды. Бірақ, И.Горелова мына мәселеде дұрыс пікір айтады. Ол былай деп жазады: «егер авторға болмаса оның геройы Телғараға су қоймасын неге жасағың келмейді, деген тура да заңды сұрақ қойылса, олардың ешқайсысы да жауап бере алмайды. Қайткен күнде де, пьесада мұндай жауап жоқ». Бұл ретте мен сыншыға түгелдей қосыламын. Авторда мұндай жауап жоқ. Тартыстың негізі ретіндегі идеялық қайшылықтар күрделі де шынайы психологиялық мотивировка түрінде емес, жалаң схема түрінде беріледі. Сондықтан да И.Горелованың: «Ал, неліктен Телғара өз жерінің бұдан да жақсы жеміс беруін қаламайды. Жанастың жақсы үйде неге тұрғысы келмейді?» – деп сұрауы әбден орынды. Образдардың психологиялық терең ашылмауы, олардың әрекеттерінің психологиялық мотивировкасының жоқтығы табиғи түрде схематизмге ұрындырады. Егер менен Телғара сияқты колхоздың артта қалған председателі типтік пе, әсіресе Қазақстан үшін типтік пе деп сұраса, мен ие деп жауап берер едім. Біз кешегі емес, бүгінгі міндеттің дәрежесінде тұрған жақсы басқарушыларға үлкен мұқтажбыз. Бірақ осы артта қалған адамдар әдеби образға ауысқанда, жазушының міндетін оңайлатпайды, қайта керісінше қиындатады, біздің шындығымызды – жаңа мен ескінің, артта қалғанның арасындағы тартыс арқылы шынайы суреттеуді қиындатады, жазушыдан айқын да сара мотивировкаларды талап етеді. Бұл реттегі кемшілік тек қана Тәжібаевта емес, басқаларда да бар. Міне, сондықтан да, шындықтағы типтік нәрсе әдебиетте бұрмаланады, автордың ойындағы дұрыс та мінсіз нәрсе шынайы көркем бейнеге айналмайды. Сондықтан да біз өзіміздің көптеген шығармаларымыздың геройларын «таныс бейтаныс» (Белинский типтік геройды осылайша анықтаған) деп айта алмаймыз. Осы ретте бізде ұнамды геройлар әсіресе сәтсіз «Гүлден, дала!» пьесасындағы партия ұйымының секретары Арман, «Менің махаббатымдағы» Кемелов көп сөйлейді, әрекетті аз жасайды. Олар есте қалмайды, театрдан қайтып бара жатып, оларды ұнатқаныңды болмаса олармен немқұрайды қоштасқаныңды өзің де түсінбейсің. Бірақ сен қарапайым да айқын характер бере алмаған авторларға ренжіп қайтасың. Осыған байланысты мен Ә.Тәжібаевқа өзінің жаңа комедиясы «Дубай Шубаевич» қойылғанға дейін ондағы ұнамды геройлардың образдарын зер сала қайта қара деп кеңес берер едім. Пьеса тартымды, жақсы, комедиялық тілмен жазылған, ол бірінші картинасынан бастап аяғына дейін әсерлі. Бірақ пьесаның ұнамды геройлары туралы творчестволық талқылауда біз, тегі, онша талап қоя сөйлемеген тәріздіміз. Әңгіме, біріншіден, мынада – ұнамды геройлар сол оқиға болып жатқан коллективтен алынбаған, яғни сол ортаның табиғи алдыңғы қатарлы өкілдері емес, сырттан келеді. Мысалы, газет тілшісі жас жігіт. Сол
сияқты, басты геройдың туыс қызы да сырттан, оқуды бітірген соң келеді. Ал егер іс оларсыз, айталық, озық ойдың кездейсоқ өкілдерінсіз болып жатса, қайтер – деген сұрақ туады. Бұл сұраққа әзірше жауап жоқ. Екіншіден, негізгі тартыспен тұтаса қабыспаған, дұрысырақ айтқанда жасанды байланысқан бұл ұнамды геройлар өздерін белсенді көрсете алмайды, өздерінің алдында болып жатқан оқиғаларға әсер ете алмайды. Меніңше, осыны ескеру авторға пайдалы. Поэзия мен прозаға байланысты сын пікірлерге көшемін. Бірқатар көрнекті ақындарымыздың творчествосында бір маңызды кезең, поэзияның үлкен шығармаларына ауысу белгіленгенін атап айтуға керек. X. Ерғалиев «Біздің ауылдың қызы», «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Сенің өзенің» атты үлкен-үлкен төрт поэма, Т.Жароков «Жапанды орман жаңғыртты», «Қырда туған құрыш» поэмаларын, Д.Әбілев өлеңмен жазылған роман делініп жүрген «Алтай жүрегі» поэмасын жазды, ал драматургия жанрына ауысқан сияқты болып жүрген Ә.Тәжібаевтың жерлерді игерудің алғашқы көктеміне арналған «Комсомол сөйлейді» атты шағын поэмасын бітіруге жақын. Аттарынан да аңғарылып тұр, бұл поэмалар совет адамдарының еңбектегі үлкен энтузиазмын, олардың темір жол құрылысындағы, заводтар мен рудниктердегі табыстарын суреттейді, осы жаңа да игілікті құбылысқа байланысты, тұтас алғанда кейін қалып отырған поэзиямыздың жалпы дәрежесі төмендігін де атап көрсету керек. Біздің ақындарымыздың көтеріле бастағанын байқататын осындай творчестволық жаңа ұмтылу әдебиет сынының назарын аударуға тиіс еді. Бұл поэмалар жайында республикалық баспасөз беттерінде ақындар мен жазушылардың бірсыпырасы пікір айтты. Бірақ оларды не үшін сынайтынын, неге мақтайтынын ешкім де тура, бүкпесіз, ашық айтпайды. Бұл мақалада «игі талап», «күткен жауап», «актуальды тақырып», «елеулі тақырып», «шеберлікті көреміз», т.б. фразалар тым көп-ақ болады. Бірақ осының бәрін қайдан көретіні, неден сезінетіні жайында үндемейді. Бұл поэмалардың композициясы да, сюжет өрбуі де, геройлардың нақтылы образдары да әлі күнге дейін терең, зер сала талданған емес. Біз жаңалықты сезе білу керек деп жиі айтамыз. Ал, соны бір шығармада осы жаңалық бола қалса, біз өз тарапымыздан ештеңе білдіре алмаймыз. Біз оларды факт ретінде тіркейміз, ал кемшіліктерін жоюға жәрдемдеспейміз, онға тарта поэма – қандай поэзия үшін болса да әншейін нәрсе емес. Егер сәтті жазылған болса, оларды біздің поэзияның жаңа сөзі ретінде бағалау керек еді, өйткені бұл басқа ақындардың творчестволық өсуіне септігін тигізеді. Сыншылар тек рецензиямен ғана негізінен, мақтайтын, бірақ онша нанымды емес рецензиямен ғана тынды. Ал қызу пікірлер, толғанулар мүлдем болған жоқ. Біздің ақындарымыздың кесек шығармалар беріп жатқаны
және осының өзі творчестволық үлкен табыстарға апаруы мүмкін екендігі СССР Жазушылары одағының ұлт әдебиеттері жөніндегі комиссиясының да, поэзия комиссиясының да назарын аудармады, біз нағыз творчестволық кеңестер мен консультациялар ала алмадық. Ашып айту керек, бұл поэмалардың қай-қайсысында болсын кемшіліктер жоқ емес еді, айталық, біреуінде схематизмнің ізі, басқа біреуінде шикілік бар болатын. Бірақ, ұлт әдебиеттері жөніндегі комиссия мен поэзия комиссияның тарапынан творчестволық маман кеңес болғанда, бұл поэмалардың әрқайсысы-ақ жөнделіп, біраз тәуірленетін еді, сөйтіп бүкілодақтық көлемге шығатын еді. Алайда, бұлай болмады. Москва ақындарының кейбіреулері бұл поэмаларға баспамен шарт жасауға, сол шығармалардың жарауы, жарамауы тұрғысынан ғана қарады, ал біздің кейбір ақындарымыз москвалық жолдастардың әділ пікірлерімен санаспады. Осыған байланысты мен ұлт әдебиетін тек қолма-қол аударма арқылы ғана білу, пікір айту дер едім. Меніңше, шығарма туралы нағыз пікір түпнұсқаға негізделуге керек. Біздің сыншыларымызды бұдан басқа, ұнамсыз құбылыстар да аз толғантады. Меніңше, Қ.Әбдіқадыров, Ж.Сыздықов, А.Хангельдин, С.Бегалин, А.Тоқмағамбетов, С.Машақов, М.Хакімжанова, Малқаров, Оңалбаев сияқты ақындар және басқалар ақындық дауыстан көріне-көзге айырылып барады. Әрине, мен бұлардың ақындық дауысты жоғалтуы бір дәрежеде демек емеспін, бірақ осы біздің бүкіл поэзиямызға салқынын тигізеді. Нағыз белсенді жанр болғандықтан, мұндай бәсеңсу поэзияда әсіресе айқын сезіледі. Мұны комсомолдардың тың жерлерді игеруге аттануына арналған өлеңдерден тіпті анық көреміз. Бұл аса маңызды халықтық іс, тегі, біздің поэзиямызда жүректен туған отты сөз ретінде, ақындарымыздың жанындағы нағыз толқыну ретінде әлі суреттелмеген сияқты. Осы тақырыпқа жазылған өлеңдердің барлығы да шыншыл емес, нанымсыз, жасанды. Ақын Ж.Саин, негізінен, орыс, украин, қазақ халықтарының достығы туралы Отан соғысы жылдарында жазған өлеңдерінде айтқанымен ғана тынды. Ал оның Қазақстанға РСФСР мен Украинадан келген комсомол жастарға арнап «Кел, бауырым! Келші, көзім қарасы» деуі тіпті біртүрлі әсіре естіледі. Жас ақын М.Әлімбаев өзінің «Әке салтымен» деген өлеңінің 18 жолын (өлең небәрі 34 жол) Айша дастарханды дайындап қойып, жаңа қонақтарды күтіп отырғанын суреттеуге арнаған, ал қалған 16 жол қонақтың тост көтеруі жайында. Ол алғашқы бесжылдықта әкесі Амурға барғанын, ал өзі енді әкесінің сол дәстүрі бойынша Қазақстанға келгенін айтады. Осыдан кейін шарап ішіледі. Бұдан басқа ешқандай ой жоқ. Ақын Т.Әлімқұлов та бұрын құлазып жатқан даланы лирикалық суреттеуден артық ештеңе таба алмаған. Ол өлеңнің соңғы сегіз жолында ғана (барлығы 52 жол) трактор туралы, тың жерді қопару туралы айтады. Ал,
Аманшиннің өлеңінде алғашқылардан гөрі ой басым, бірақ көркемдігі соншалықты нашар. Мұның бәрі поэзияның көптеген кадрлары өз дауысын жоғалтып бара жатқанын, ал біздің сынымыз бұған немқұрайды қарайтынын көрсетеді. Біздің кейбір жазушыларымыз бен ақындарымыздың артта қалып қоюының себебі ап-айқын – олардың мәдени дәрежесі тым төмен. Жазушының жақсы жазуға ықыласы жоқ, болуға мүмкін деп ойламаймын, бірақ жақсы жазу үшін мәдениет керек, білім керек. Меніңше, біздің көптеген ақындарымыздың өз даусын жоғалтып бара жатқандығының себебі осында. Немесе жақсы дауысы бар әншіні біраз уақытқа дейін қатардан шығара тұратын – ангина сияқты басқа өткінші себептер де болуы мүмкін. Сыншылар осының барлығын зерттеуге, жазушыға дер кезінде көмектесуге тиіс. Жазушы қиындыққа ұшыраған кезде көмекке, әсіресе, ділгір болады. Ал, сыншы кемтар нәрсені мадақтаса, ол әдебиетке нашар көмек көрсетеді, бұл зиянды жұмыс, егер осындай көмек беделді газеттің тарапынан көрсетілсе, бұл әсіресе зиянды. Бірде-бір газет жаңа жаза бастаған ақындарға дәл осындай көмек көрсетті. Бұл газет 1953 жылы 17 ноябрьде, редакцияға түскен өлеңдерге шолу мақала берді. Шолудың тақырыбы – «Партия туралы ойлар» делінген. Көріп отырсыздар, бұл аса елеулі әрі көп нәрсе күттіретін тақырып. «Халықтың партияға деген сүйіспеншілігінің шегі жоқ, – деп жазады газет, – міне, сондықтан да халық өзінің жүрегінен жарып шыққан ең жақсы ойын, асыл сөзін, жалынды пікірін туысқан партияға арнайды». Бұдан әрі мақалада үзінділері келтірілген өлеңдерді бағалай келіп, газет былай дейді. «Бұл өлеңдердің бәрі партияға деген халық жүрегі махаббатының тасқынды күшін аңғартады». Осындай аса жауапты қорытынды жасау үшін газет қандай өлеңдерді мысалға келтіреді? Нені газет жүректен жарып шыққан жалынды сөзге санайды? Пікір мен мысалдың арасындағы нағыз алшақтық, міне, осында. Газет үзінділерін келтірген өлеңдердің бірде-бірін сәтті шыққан деуге болмайды. Бұл өлеңдер, негізінен, белгілі халық ақындарынан және Тоқмағамбетов, Орманов, тағы басқа ақындардан көріне көшіріліп алынған. Бір-екі мысал келтірейік: «Коммунистік партия Күн болып туды еліме. Октябрь таңын атқызып, Нұр орнатты жеріме. Бастауымен партия, – Өмірдің жеттің кеңіне»
Болмаса: «Астық пен малға шалқыған, Теңізге өлке тең болды. Өлкені басқан – өндіріс, Фабрика, завод, кен болды. Қуарған шөлейт, шөл дала Гүлденген баулы жер болды, Ұлы Отанда қыз бен ұл Еңбекте озық ер болды!» Мұның бәрі әншейін жай қайталаулар ғана емес, олақ түрде иеленілген басқа авторлардың өлеңдері. Ал енді бір өлеңде Н.Баймұхамедовтың әнші Роза Бағланова талай жылдан бері айтып жүрген текстінен тұптура алынған ұрлық барын да газет аңдамай қалған. Баймұхамедовтың текстінде былай делінген: «Партия қайда болса, жеңіс сонда». Осы жол әртүрлі вариантта бірнеше рет қайталанады. Ал газет балалық аңқаулықпен мынадай қорытынды жасайды: Зал Жүнісов «Мәңгі жаса, партия» деген өлеңінде: «Партия қайда болса, халық сонда, Халық қайда болса, даңқ сонда», – деп өлеңін терең пікірмен түйеді. Осының бәрі нені көрсетеді? Бұл ретте газет мүлдем жарамайтын нәрсені ойланбастан мақтаған, халтураны да айыра алмаған, тіпті ұрлықты да байқамаған. Менің тағы да бір сын мақалаға қысқаша тоқтағым келеді. Бұл мақала дайындығы мол сыншылардың бірі Т.Ахтанов жолдастың қаламынан шыққан, ал талданған шығарма – менің «Оянған өлке» романым. Кітап авторының көңілі үшін де мақаланың көлемі жетіп жатыр. Ол газеттің екі подвалын алған. Сыншы романды мейлінше мақтайды, әрине, жазушы атаулының мұндайды жаны сүйетіні белгілі. Мақала сауатты әрі мәдениетті жазылған, ал мұның жақсы аты сыншының өзіне. Сыншы кітаптан көптеген сәтті, жаңа нәрселер тапқан. Бірақ мен мақалаға қанағаттанбай қалдым. Айталық, мен сізге Қарағандыдағы мәдениет Сарайын мақтай бастаған екенмін дейік. Мен вестибюльдің мраморланғанын, бөлмелердің әдемілігін, хрустальды люстраларды, үлкен есіктері мен терезелерін, паркетін, т.б. суреттеймін, болмаса айтып беремін, бірақ бұдан сіз сарай туралы архитектураның шығармасы ретінде тұтас айқын түсінік ала алмайсыз. Сол сияқты Т.Ахтановтың мақаласы бойынша менде роман туралы тұтастай, айқын түсінік туған жоқ, өйткені автор романның
композициясы туралы, оның шебер немесе олақ құрылғаны туралы мәселені, сюжеттік желілердің өрбуі, образдардың типтілігі, дәуірді бейнелеудің шынайылығы туралы мәселені сөз етпеген. Ал мұндай негізгі элементтерсіз нағыз әдебиет сыны болуы, әрине, мүмкін емес. Сөйтіп, жалпы алғанда бізде сынның жәйі нашар. Мен әрине, бәрін де бірдей қамтыған жоқпын және көптеген қажетті де көрнекті нәрсені қалдырып кетуім де мүмкін, бірақ істің жайын өзгертіп жібере аларлық ештеңе таба алмағанымды мойындаймын. Біздің әдебиет сынының мәдени-теориялық дәрежесі төмен. Бұл – едәуір кенжелеп қалған жанр. Әдебиет сыны туралы баяндаманың әдебиет зертгеуші де, сыншы да, тіпті атымен теоретик емес маған тапсырылмағанның өзі-ақ мен айтқаннан анағұрлым көп жәйді аңғартады. Әдебиет майданындағы дөрекі әкімшілікті жою бізге әлдеқайда оңай, өйткені ондай нәрселер совет жағдайында ұзақ өмір сүре алмақ емес. Ал әдебиет сынының дәрежесін партиялық принциптілікке, ғылыми объективтік пен тереңдікке көтеру – көп үшін, еңбек, уақыт жұмсауды талап етеді. Ал біз бұл қиын жұмыстан бастартпауға тиіспіз. 1954 ж. ҚАЗАҚ СОВЕТ ПРОЗАСЫ ТУРАЛЫ Съезіміздің күн тәртібінде тарихи ұлы оқиғалар мен жеңістерге толы соңғы он бес жылдық өміріміздің ішінде қазақ совет әдебиетінің қалай өсіп-өркендегенін толығырақ қамту тілегімен қойылған әдебиетіміздің барлық негізгі жанрлары тұр. Бірақ, сайып келгенде, шешер мәселеміз біреу ғана. Ол – социалистік бай шындықтың әдебиетімізде қаншалықты терең де сенімді, идеясына көркемдігі сай мағынада көрсетіліп келе жатқанын анықтау, екінші сөзбен айтқанда, қазақ совет жазушыларының социалистік реализм әдісін қандай дәрежеде меңгере алғандықтарын анықтау. Егер осы мәселе өзінің әділ де дұрыс шешімін тапса, әдебиетіміздің шын жайы да белгілі болады. Жетістіктеріміз бен бірге кемшіліктеріміз де дұрыс табылады, алдымызда тұрған міндеттеріміз де айқындалады. Съезіміз де ойлаған дәрежеде өз міндетін атқарған болады. Әрине, бұл мәселенің шешімі бір адамның шамасынан да келмейді, бір баяндаманың шеңберіне де сыймайды. Бұл – көп болып, коллектив күшімен шешетін мәселе. Мен де сол көптің бірі болып, қазіргі прозамыздың жайлары мен міндеттері турасында сөйлемекпін. Бұдан он бес жыл бұрын өткен Қазақстан совет жазушыларының екінші съезіне біз жаңа ғана аяқтана бастаған жас прозамыздың шағын жанрымен, қысқа әңгімелермен, кейде аяқталмаған, аяқталса піспеген бірен-саран повестермен, бірді-екілі ғана роман деп танылған
шығармалармен келіп едік. Ол съезде біздің елеулі шығарма ретінде ауызға алғанымыз Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалауы», Ғабиден Мұстафиннің «Өмір мен өлімі», Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» дейтін ұзақ повесті еді. Әрбір әдебиеттің толық мағынада өскендігіне сенімді айғақ болатын үлкен роман мәселесі әлі алысырақта тұрған армандай қызықты да күдікті елестейтін. Ал, социалистік реализм әдісін қай дәрежеде меңгере алғандығымыз туралы ол съезімізде кеңірек сөйлесуге өреміз де жетпеген, батылымыз да бармаған. Бүгін біз екінші съездің тұсында жеке жазушылардың ғана мүмкіндігі сияқты сезілетін көркем проза жасау мәселесін ол кездегіден анағұрлым үлкен де өскен топ болып қолға алып отырмыз. Қазақ совет прозасының тұрақты қайраткерлері сан жағынан да, сапа жағынан да өсті. Бұдан он бес жыл бұрынғы жастарымыз есейді де, есейгендері күшейді, сенімді үміт күтетін бір топ жастар келіп қосылды. Екінші съездің тұсында біздің ұлттық мағынада ең берік сезінетін арқа сүйеріміз (тыл) бұрынғысоңғы поэзиямыз болса, қазір алдағы кезеңдерімізге сенімді арқа сүйеу бола аларлық қазақ совет прозасының үлкенді-кішілі түрлері түгел туды. Біздің жас проза өз әдебиетіміздің ең озық жанрына айналумен бірге ұзақ тарихы бар, піскен деп саналатын ұлттық прозалардың еңбектері біріне бірі тәжірибе, әрі мектеп, әрі түрткі болып, жақсы мағынасындағы бәсекелік сезімді тұтата алатын дәрежеге жетті. Қазір біз қазақ Совет прозасының кадрлары да, табыстары да әрі елеулі, әрі тұрақты деп жауапты түрде айта аламыз. Екінші съезге жас келген қазақ совет әдебиеті тұтас алғанда көп ұлтты еліміздің мәдени тарихынан өзінің келісті орнын алып отырса, қазақ совет прозасы орыс әдебиеті арқылы Одақтық және дүние жүзілік кең өріске шықты. «Абай», «Ботагөз», «Миллионер» сияқты шығармалар өз республикамыздың шеңберінен шығып, байтақ демократиялы дүниенің рухани қорегіне айналды. Қазақ совет прозасының табыстары – жазушыларымыз социалистік реализм әдісінің идеялық және көркемдік талаптарын қалай меңгере алғандықтарына байланысты. Социалистік реализм әдісі идея мен көркемдікті, мазмұн мен түрді бірінен бірін айырмай, тұтас талап ретінде қоятынын еске алсақ, әрбір шығарманың да құнды-құнсыздығы осы талаптың қалай орындалғанына байланысты болуға тиісті. Қазақ совет прозасының идеялық мазмұнымен, кең мағынадағы өмірге қаншалықты терең сұғынғандығын мына сияқты үстірт қарағанда сырт ақпарлармен де сипаттауды дұрыс көрем. Соңғы он бес жылдың ішінде бір ғасырдың тең жартысын түгел сипаттап, қазақ даласындағы әлеуметтік қарым-қатынастарды кең қамти келіп, бірінші буржуазиялық революция қарсаңымен аяқталатын, совет жұртшылығына кең таныстығы бар Мұхтар Әуезов жолдастың «Абай» атты төрт томдық романы жазылды. Бұл кең мағынасындағы совет жұртшылығынан қазақ халқының тарихи
ерекшеліктерімен терең таныстырған, ұлы ақынымыз Абайды танытқан, барлық совет әдебиетінің көрнекті табысы деп танылған шығармамыз. Даладағы сол әлеуметтік қайшылықтардың өсе келе, шиеленісе келе, революциялық шешім тапқанын Сәбит Мұқанов жолдастың «Жұмбақ жалау» атты романынан көреміз. Колхоздасқан еліміздің өскелең ойлы жаңашылдарын Ғабиден Мұстафин жолдастың «Шығанақ», «Миллионер» атты романдарынан көрсек, колхоздасқан еңбектің қандай ұлы күшке айналғанын Сәбит Мұқановтың «Сырдариясынан», Ғабдол Слановтың «Кең өрісінен» көреміз. Кейінірек тоқталатын бірде ауыр, бірде жеңіл кемшіліктері барлығын еске ала отырсақ та, бұл еңбектер социалистік бүгінгі өміріміздің жырлары, бүгінгі өмірге белсене сұғынғандықты көрсететін шығармалар. Осы дәуірдің ішінде Отанымыздың басынан өткен дүниелік мәні бар жеңіспен аяқталған тарихи оқиғалардың ең үлкені Ұлы Отан соғысы болса, бұл тақырыпқа «Жас түлектер» деген Әлжаппар Әбішевтің повесі, жас жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Курляндия» деген романы, жас жазушы Оразалинның «Жексен» атты повесі және «Қазақ солдаты» жазылды. Соғыс тақырыбы қазақ жазушыларына тосын да тың сынау болғанын еске алсақ, бұл шығармалардың тыңға ұмтылған жақсы талаптың жемісі екендігін бағалауға міндеттіміз. Қазақ совет жазушыларының көпке дейін жүрексініп келген, сондықтан әсіресе прозамызда көп жылдар бойы орны үңірейіп ашық тұратын тақырып жұмысшы табы, өндіріс өмірі болатын. Қазір Қазақстан жұмысшы табының өмірінен алынып жазылып, әдебиетке елеулі табыстар қатарында қосылған төрт романымыз бар. Ол басылып шыққан жылдарының ізін қуалай атағанда Слановтың мұнайшылар өмірінен алынған «Жанар тауы», Мұстафиннің «Қарағанды» романы, Әбу Сәрсенбаевтың балықшылар өмірінен алынған «Толқында туғандары» және «Оянған өлке» романы. «Қарағанды» мен «Оянған өлке» көміршілер өмірінің екі кезеңін суреттейді. Мен әсіресе әдебиетімізге Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірде келіп қосылған жас прозаиктарымыздың әралуан үміт күттіретін алғашқы табыстарын ерекше атағым келеді. Биологиялық ғылым майданындағы кертартпалықтармен күресу үстінде совет ғалымдары мен совет студенттерінің өмірін көрсететін Сафуан Шаймерденовтың «Болашаққа жол» атты романы, совет мектебіне политехнизация жолын ұсынған Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» атты повесі, Бердібек Соқпақбаевтың «Алыстағы ауылда» деген повесі прозамыздың совет жастары мен совет балаларының өмірін көрсетудегі олқылықтарын толтыруға арналған бірінші елеулі еңбектер. Бұл айтылғандардан шығарғалы келе жатқан менің негізгі қорытындым – Қазақстан жазушылары социалистік бай өміріміздің әр
саласына белсене де сұғына араласқан, совет әдебиетіне берік арқау болатын салмақты да соны тақырыптарды қамтуға тырысқан демекпін. Бұл қандай әдебиетте кездессе де, қуантарлық, өрістей беруін тілесерлік нәрсе. Ұлы Горькийдің сөзімен айтқанда XIX ғасырдағы буржуазиялық әдебиеттің өмірге өктем араласып, оған елеулі әсерін тигізуі үшін тұтас бір ғасыр, жүз жыл керек болған болса, қазақ совет жазушылары ол асуды өз заманының екпініне сай санаулы ғана жылдардың ішінде өтті дей аламыз. Бұған қоса айта кетуге тиісті деп санайтын тағы бір ойым, ол қазақ совет прозасында, осындай еңбектер арқылы бүгінгі қоғамымыздың алдында тұрған іргелі мәселелерін көтерумен бірге ертеңгі күніміздің талаптарын да қоса көтеруге ұмтылған, болашағы нәрлі сезілетін игілікті бағыт бар. Қазақ совет прозасы жанрлық жағынан да бұдан он-он бес жыл бұрынғы халынан анағұрлым кеңейді. Қазір бізде Сейтжан Омаров, Мұқан Иманжанов, Бердібек Соқпақбаев, Төлеухан Сағымбаев сияқты прозаның қысқа әңгімелер жазу жағында қаламдары қалыптасып келе жатқан бір топ жазушылар бар. Жазушылық өмірі тым қысқа болған, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Баубек Бұлқышев аз да болса айқын жарқ еткен көркем де өткір еңбектерімен прозамыздың публицистикалық саласын едәуір көтеріп кетті. Алдағы күнде туар үлкен еңбектердің барлаушысы есебінде саналатын көркем очерк саласы да қалыптасып келеді. Мұны мен қазақ совет прозасының жанрлық ішкі кеңеюі дер едім. Жоғарыда аталған шығармаларымыздың социалистік реализм әдісінің идеялық және көркемдік талаптарына толығырақ жауап беретіндері өрісті де өмірлі болып келеді. Ондай шығармалардың ішкі-тысқы оқушылары да көп, туа қартаймай, жаңғырып-жасарып, өмірлі екенін танытады. Сонымен бірге ондай шығармалар әдебиетіміздің алдағы күндердегі өсуіне де үлкен әсер ететінін аңдатады. Бұл ретте, одақтық көлемде (оның үстіне демократиялық елдерде де) қанша көп ауызға алынып, жете бағаланса да, екі съездің арасындағы жеке дара үлкен табысымыз деп біз Мұхтардың төрт томды «Абай» романына тоқтаймыз. Оның себебі құрметті жазушымызға тағы бір рет мақтау айтып, мадақтап қалғымыз келгендіктен емес, социалистік реализм талаптарына ең толығырақ жауап береді деп танитын шығармаларымыздың идеялық, көркемдік, шеберлік жақтарындағы ерекшеліктерін, озықтығын ұғынуда. Бұл әдебиетіміз бен жазушыларымыздың өсуі үшін, үйренуі үшін керек. Әрбір шығармаға айтылар баға түптеп келгенде не авторды мақтау, не жамандауға ғана сайып, әдебиетімізге берер нәрі сұйқылт болып шықса, оны пайдасыз қызыл сөз, жарамсақ пен жалтаңның күнделікті ұсақ кәсібі деуіміз керек. Қашанда қай заманда да жеке адамның еңбегінен туатын әдебиеттік шығарманың ерекше бір қасиеті – ол толғағы жетіп туған болса, өзінің идеялық күші мен көркемдігіне қарай қоғамдық, ұлттық,
елдік рухани қазынаға айналады, бірдің тәжірибесі көпке ортақ болып кетеді. Біз әрбір шығармаға осы тұрғыдан қарауға міндеттіміз. Қазақ совет прозасының басты табыстарымен таныстыруға кіріспестен бұрын мен көркем шығармаға социалистік реализм әдісінің қоятын идеялық және көркемдік талаптарына біраз көңіл аударғым келеді. Соңғы жылдарда одақтық көлемде де, біздің республикалық баспасөзде де жағымды образ жасау мәселесі, конфликт, композиция, тіл, идея, форма мәселелері жеке-жеке алынып сөз болып жүр. Бірақ, бұл мәселелердің әрқайсысы жеке алынып, басқалармен байланыссыз сөз болатындықтан, көркем шығармаға қоятын социалистік реализм талаптары тұтас күйінде көз алдыңа келе де бермей, кейде бытырап, шашырап бұлдырға тартады. Кейде шығарманың идеясы жақсы, тілі жақсы, не болмаса жақсы образдар жасаған деген сияқты біржақты көзқарастар көркем шығармаға тұтасынан қойылар үлкен талаптардың көпшілігін бүркемелеп кетеді. Меніңше, социалистік реализм әдісі шығармадан терең идеяны қандай талап етсе, көркемдік сапаны да сондай талап етеді. Мазмұн мен түрді екі айырып қарауға болмайтыны сияқты, идея мен көркемдік сапаны да екі айырып, бірі болса, екіншісі өзінен өзі өтеліп жататын нәрседей етіп қарауға болмайды. Әсіресе бірінің жолына бірін құрбан етуге болмайды. Шығармада жағымды образдардың қандай сенімді, қандай көп қырлы брлса, онымен, алысар жағымсыз образдар да сондай сенімді, тартысуға тұратын етіп жасалуы керек. Конфликт дегеніміз – екі түрлі, я болмаса одан да көбірек көзқарастардың іс жүзіндегі әрекетке айналған тартысы. Тартыс арқауының бір ұшын мықты қолға беріп, екінші жағын жарымжан біреуге тапсырсаң, бұдан ең алдымен ұтпай шығатын жағымды геройың болады. Бұлай болғанда біз үлкен әлеуметтік мәні бар тартыс орнына, орыс тілімен айтқанда «тышқандардың тырбаңдасуын» ғана бере алған боламыз. Автордың үлкен идеясы өмірдің әрбір кезеңіне, әрбір нақтылы деп аталатын жағдайға лайық сенімді күрестер, тартыстар арқылы өсіп келіп, ақтық нәтижесімен ойыңа ұялап қалады. Ал, тартыстың өзі шығарманың композициялық құрылысымен бірге өседі. Тартыстардың бұрмасы мен соқпасы әрі жеткілікті, әрі созымды болуы таңдап алған геройларыңа, талғап бере алған әрекеттеріңе байланысты. Образ іс жүзіндегі, әрекет туғызарлық ойлар арқылы жасалады. Тегінде әрекетсіз образ жоқ. Кейде біз көбінесе шығарманың идеялық мазмұнын тереңірек ұғынамыз да, көркемдік дегенді шығарманың тіліне ғана байланыстырамыз. Дұрысында көркемдік деген жалғыз ғана тіл емес, сонымен бірге композиция шеберлігі, оқиға желісінің сатылап жоғары өрлей беруі, тартыстардың дамуы, образдардың өсуі, эстетикалық шектерден шығып кетпеу сияқты мәселелердің барлығын қамтиды. Осылардың бәрі, мен айтып тұрғандай, олпылы-солпылы қарапайым
мағынада емес, теорияның терең де, толық мағынасында, бірінен бірін айырмай, бөлмей, бірімен бірін бүркемелемей, тұтас күйінде әрбір шығарманың алдына қойылатын талаптар. Ал, бұл талаптардың қай дәрежеде орындалуы жазушының идеялық және көркемдік күшіне байланысты, шеберлігіне байланысты. Мен ең алдымен Мұхтардың «Абай» романын атағанда социалистік реализм әдісінің идеялық көркемдік талаптарына ең толығырақ жауап беретін шығармамыз деп атаймын. «Абай» романдары қазақ совет прозасының қалыптасуына көмектесуімен бірге шығарма алдына қойылар талап дәрежесін жаңа бір биікке көтерді. Жазушылық өнерден сенімді үміті бар жасымыз да, жасамысымыз да «Абайдан» үйрене отырамыз, сүйене де отырамыз. Ең алдымен «Абай» романындағы образдың көбі-ақ, әсіресе Абайдың өзі, Белинский айтқан «таныс бейтаныс» (знакомый незнакомец) дәрежесіне көтеріле алған. Ақын Абайды әрқайсымыз қалай ұғынсақ, ішкі-сыртқы сипатымен қалай көз алдымызға әкеле алсақ, Мұхтар Абайды сол бейнеде көрсете алды. Сондықтан Абай алғашқы кездескенде-ақ мен сол халық көңіліне орнаған Абайыңмын деп тұрғандай болады. Оқушы жұртшылығы күдіксіз сеніммен қабылдады. Абайдың өз шығармаларынан, халық есінде қалған нәрселерден ұзақ жылдар бойында әрі үстемеленіп, тереңдеп, сондықтан қиындап та кеткен Абайдың ішкі дүниесі Мұхтар романында көп нәрселерден арылып, шынын тапқан. Абай әрі ұлы ақын, әрі өз заманынан биік тұрған қоғам қайраткері, бүкіл қазақ халқының болашақ тағдырын ойлап күйзелген және соған жөн сілтеген ұлы орыс халқымен бауырласуға шақырған адам екенін біз романның өнбойынан көріп отырамыз. Сонымен бірге, Абайдың арқа сүйер адамдары да қалың еңбек бұқарасының әр тобынан алынып, әрқайсысы сөз шындығымен, дараланған бейнесімен көрінеді. Дәркембай, Базаралы, Дәрмен сияқты адамдар лайымен тұнған феодалдық-патриархалдық болмыстың қазақ даласында әлі де берік тұрған қорғандарына өз заманына лайық әрекеттерімен қарсы аттанады. «Абай» романынан біз бұқара бас көтеруінің оқыс мінездерін де, әлсіздігін де көреміз. Ол даланың шындығы болатын. Мұхтар Абайдың өз образын, бұқара өкілдерінің образдарын даралай да кесек жасай отырып, қарсы жақты да әлсіретпеген. Абайға қарсы топтың ішінде үріп қалсаң, ұшып кете қояйын деп тұрған бір адам жоқ. Құнанбайдан бастап Тәкежанның баласына дейін созылатын тоңмойын бір топ барлық үстем ескілігімен қайнасып қалған күйінде Абайдың өмір бойы алысқан өз айналасы болса, Алшынбай, Бөжей, Қаратай және басқалар арқылы біз қазақ даласындағы феодализмнің беріктігін көреміз. Бұл бір жағынан заман шындығы болса, екінші жағынан, әлеуметтік
тартыстың қарама-қарсы күресушілерінің бір жағын оғаш күшті, бір жағын күресуге тұрмайтын әлсіз етіп шығармайтын дұрыс тәсіл. «Абай» романында Қодар өлімінің шын себебі болып шығатын әлсіз рулардың жерін тартып алу әлеуметтік тартыстың басы болса, сол тартыс төрт кітаптың өнбойында әлсіремей, ылғи қызықтырып, оқушыны еріксіз жетелеп отырады. Дәркембай, Тоғжан, Иіс кемпір, әсіресе, Абайдың өз тағдырына кейде жаның ауырса, кейде бірге қуанасың. Мен мұны жазушының композициялық шеберлігі, оқиғаны өсіре білуі, образдарын әрекет үстінде өсіріп, шын сүйгізе алғаны, не шын безіндіре алғаны деп танимын. Бұған жазушының кең тынысты, ойлы да образды тілін қоссақ, «Абай» романдарының бірсыпыра өзгешеліктері толығырақ ұғынған боламыз. Оқиға шеңбері жарты ғасырлық болса да, одан арғы бірнеше ғасырлардың шындығын да қамти отыратын кең жайылымды роман, түптеп келгенде, барлық қазақ халқының болашақ тағдырына байланысты үлкен бір идеяны ойыңа құяды. Ол – ұзақ ғасырлар бойында қоғамдық өркендеудің төменгі сатысында тұрып қалған қазақ халқының болашағы ұлы орыс халқымен достасуда, сол халықтың алға сүйрер мәдениетінде, ойында екендігі. Шеберлікпен өрбітіп әкеліп, шеберлікпен берілген идея әдейіліксіз-ақ, сығарлаусыз-ақ, сана-сезіміңе ұялап қалады. Өйткені, сол идеяның тартыс жолында жазушы сені талай толғандырды, талай мұңайтты да қайғыртты, енді сен сол идеяның жеңіп шыққанына бар сезіміңмен қуанасың. Әлеуметтік, таптық күрестердің стихиялы түрі өзін өзі сарқып болып, енді қазақ бұқарасының алдында революциялы дәуір тұрғанын сезінесің. Абайды біздің заманға жақындатар идеялық желі де осы. Әрине, «Абай» романдары алды-артымен байланыссыз өздігінен ғана туа салған жоқ. Оның алдында он бес-жиырма жыл ішінде өмір сүрген қазақ совет прозасының, соның ішінде Мұхтардың өзінің де тәжірибесі бар еді. Осы кезде шеберліктің көп сырларын меңгерген, кемелденген, дер шағында деп атарлық жазушыларымыз ол кезде жас та тәжірибесіз болғандарымен, прозаның жеңіл түрлерін едәуір меңгеріп қалып еді. Сәбит Мұқанов сияқты қазақ совет әдебиетінің іргесін қаласушылардың бірі ондаған мың жолдармен саналатын поэзиясымен қатар бірнеше роман да беріп тастаған. Қазақ романының төл басы деп саналатын’ «Жұмбақ жалау», «Абай» романының тууына әсер етті, жалпы алғанда прозамыздың өсуіне де әсер етті. «Жұмбақ жалау» романы қазақ совет прозасында да, оның ішінде Сәбит Мұқановтың өз творчествосында да өзінің елеулі орнын алады. Оның негізгі бір себебі – Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты прогресшіл ойшылдарымыздың арман етсе де, шешімін нұсқай алмаған әлеуметтік, таптық қайшылықтардын, сонымен бірге қазақ халқының барлық болашақ тағдыры пролетариат революциясы арқылы
шешілгенін біздің әдебиетте ең алдымен «Жұмбақ жалау» романынан көреміз. Абай мен Шоқанды жеке-жеке толғандырған, бірақ олардың көбінесе жекелеп алатын қазақ даласында әлі заманы тумағандықтан, жөнін де сілтей алмаған революциялық жолға «Жұмбақ жалаудың» бас геройы Асқар түседі. Шоқан мен Абай дәуірлері Асқарды революциялық биікке көтеретін әлеуметтік қарым-қатнастардың баспалдағы болады да, Асқар өзі Абай, Шоқандардың өзгерген жаңа жағдайдағы логикалық жалғасы болып шығады. Мен Асқарды да Белинский айтқан «таныс бейтаныс» кейіпкердің қатарына қосамын. Ауылдық мектептің жұпыны ғана мұғалімдігінен өсіріп алып шыққан Асқар қазір бізде бұқаралық қазақ интеллигенциясынан шыққан революционер образында берік қалыптасып қалды. Оның себебі бұл образдың өз дәуірінде толық бейне болып шығуында. Жазушы бас геройын оңай жолмен бірден-ақ қызарта салмай, басынан талай ауытқуларды кешіріп, дала санасының өзіндей баяу өсіріп, аяғында қалыптасқан революционер дәрежесіне көтереді. Жазушы оны белсенді әрекет арқылы да ішкі, сыртқы сезім, ой құбылыстары арқылы да толық әзірлеген. Асқар образында бұл айтылғаннан гөрі тереңірек те мән бар. Осы образ арқылы жазушы үлкен бір идеяны жақсы ашады: ол – революциядан бұрынғы қазақ халқы сияқты елдерге Асқар жүріп өткен жолдан басқа жол жоқ, басқа жолдардың бірде бірі бақытсыздық, теңсіздік, өгейлік шеңберінен шығара алмайды деген идея. Сәбиттің «Жұмбақ жалау» романы – өзінің ұзақ өмірлі еңбек екенін танытқан роман. Жазушы бұл романында социалистік реализм әдісінің талаптарына көп тұрғылардан толық жауап бере алды. Талап ретінде оңай қойылғанмен орындауы қиынға түсетін әлеуметтік, таптық тартыстар «Жұмбақ жалау» романында басты геройлардың тағдырына тығыз байланыстыра берілгендіктен кітаптың аяғына дейін әлсіремей, ой мен сезімге бірдей қонымды болып шығады. Сәбит бұл романында идеялық және көркемдік талаптардың өсуіне сай өз өскендігін де көрсетті. «Жұмбақ жалау» да бас геройдың серіктері де, қарсы жақтың адамдары да күресе алатын, күресуге тұратын, созымды тартысқа шыдасатын етіп алынған. Осындай басты қасиеттерімен, көп роман жазып ысылған, піскен жазушымыздың алдына енді одан да салмақтырақ талаптар қоюға болатынын да аңғарта, «Жұмбақ жалау» романы қазақ совет прозасынан өзінің үлкен орнын алып қалды. Менің бір қарсы боларым осы романның «Ботакөз» деп өзгерткен аты жөнінде. Сайып келгенде басты герой қазақтың қызы емес, ұлы болғандықтан және кітаптың негізгі салмағы лирикалық қосалқы тақырыпта емес, әлеуметтік тартыста болғандықтан, бұл аты кітаптың үлкен идеясын азды-көпті әлсіретіп тұрған сияқтанады. «Жұмбақ жалау»
екінші съезіміздің қарсаңында шығып, содан бері көп айтылып, жете бағаланып келе жатқандықтан, мен осымен ғана тоқтағым келеді. Мен жоғарыда қазақ совет прозасының социалистік өмірімізге өктем араласып, бүгінгі күнімізбен бірге ертеңіміздің мәселелерін де көтере бастаған бағыты барлығын ескерттім. Бұл сияқты болашағы нәрлі сезілетін игілікті бет бізде алдымен Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ», «Миллионер» атты еңбектерінен басталып, кейінірек «Сырдария», «Алғашқы айлар», «Болашаққа жол», «Кең өріс» сияқты роман, повестермен толықтанып келеді. Тұтас алғанда, реалистік өмір негізінде өрістеп келе жатқан қазақ совет прозасының бұл бағыт жаңа бір қырқасы. Айта кетуге міндеттіміз, бұл жаңалығымыз Ғабиден Мұстафин романдарынан басталады. Екі съездің арасындағы он бес жылдың ішінде үш роман берген Ғабиден Мұстафин осы дәуірдің ішінде қазақ совет прозасынан өзінің тиісті орнын алумен бірге әдебиетіміздің бетін бүгінгі өмірге бұруымызға да үлкен жетекші болды. Бұл – оның творчестволық биографиясындағы елеулі ерекшелігі. Басқа жаққа ауытқымай, бүгінгі совет шындығын жырлау екінің бірінде кездесе де бермейді. Оның үстіне, жазушының іздену талаптары тұтас бір бағытта болғандықтан, табысы да олқы емес. Ғабиден типтерді де, типтік жағдайларды да өзіміздің совет шындығынан алып өсіп келеді. Ғабиденнің «Миллионері» көп тілдерге аударылып, халық аралық кең арнаға шығып кетті. Бірақ мен өз қара басым социалистік реализм талаптарына толығырақ жауап беретін роман «Шығанақ» деп білемін. «Шығанақ», менің ойымша, біздегі көп жайларды ашады. Романның бас кейіпкері Шығанақтың өзі күріштегі, қызылшадағы, мал шаруашылығындағы еңбек адамдарының озық адамдардың жиынтық бейнесін береді. Сондықтан бұл – шын мағынасындағы типтік кейіпкер. Шығанақтың ұлттық бейнесі де, еңбектегі тәжірибесін ғылымға сүйеуге ұмтылған озық ойы мен табандылығы да әлеуметтік мағынадағы типтілікке жатады. Ең жақсысы – Шығанақтың еңбек әрекеттерінде, ойлау жүйесінде жасандылық жоқ, ол өзінің қарапайымдылығымен, колхозшыға тән шындығымен нанымды жасалған. Шығанақ мінез-құлық, психика, өмір сүру жақтарынан ұлттық дәстүрдің жақсы жақтарын бойына сіңірген, сонымен бірге ол шеңберде қалып қоймаған біздің дәуірдің озық еңбекшісі, сондықтан да ол колхозшы көпшілігіне өнегелі образ болып қалды. Жазушы Шығанақтың жаңашылдық жолындағы көп іздену, еңбектену жақтарын көрсетумен бірге қазақ колхоздарының нақтылы жайларындағы ескілік қалдықтарын да, көз бояу, құр айқай сияқты біздің жағдайда шын болған, колхоз өмірінің өсуіне кесірі тиген нәрселерді де батыл әшкерелей отырады. Меніңше, романның идеялық мазмұнын
«жаңашылдар мен ескішілдер» деген сияқты екі сөзбен аңғартуға болса, романдағы жағымды-жағымсыз типтердің бәрі дерлік өзінің жағдайында, өзінің уақытында нанымды алынған. Егістің түсімін арттыру сияқты жаңашылдар бастаған күресті ала отырып, жазушы шындық шеңберінен шығып кетпеген. Реалистік колхоз өмірінің өзіне тән тартыс шындығы бар да, аласұрған тасыр-тұсырымен келетін жалған пафос жоқ. «Шығанақ» осынысымен-ақ жалықтырмай оқылып шығады. Олай болса, жазушы алған идеясын жеткізе аларлық көркемдік шешімін тапқан. Сондықтан мен социалистік реализм әдісінің қоятын талаптарына «Миллионерден» гөрі «Шығанақ» толығырақ жауап берді деймін. Сөз жоқ, «Миллионер» колхоз құрылысының өсіп-нығаю жолындағы аса бір маңызды мәселесін көтереді. Ол қоғамдық меншік пен жеке меншіктің арасында біріне-бірі бөгеу болмай сүйеу болатын белгілі бір теңдестік шегі қойылуын талап етеді. Бұл жазушының байыған колхоздың шындығынан алып, ертеңгі күні барлық колхоздар үшін ұсынған идеясы, сеніп ұсынған болжалы. Колхоздың қоғамдық меншігі молайған сайын колхозшының жеке меншігін өсіре берудің қажеті азая беретінін біз бірталай озық колхоздардың тәжірибесінен көріп отырмыз. Колхоз мүшелерінің шаруашылық мұң-мұқтажын еңбек күнінің табысы артығымен жауып отырған колхоздарда жеке меншіктің жайыла беруі кейде сол еңбек күнінің өсе беруіне бөгесін жасайды. Егер жазушы Ахмет образын осы тұрғыдан алып, колхоздың қорланған мол табысына қарай еңбек күнінің салмағы ауырлағанын суреттеу арқылы жеке меншіктің бөгеу бола бастаған процесін көрсетсе, «Миллионер» ертеңгі күннің үлкен бір мәселесіне дұрыс прогноз жасаған болар еді де, Ахмет образы саяси мағынадағы типке айналар еді. Кітапта бұл идея тартыс желісіне кірмеген, ол идеяның жақтаушылары мен қарсыласушылары да жоқ. «Миллионердегі» тартыс желісі жаңашыл Жомарт пен тоқырап қалған Жақыптың арасына ауып кетеді де, үлкен идея, автордың өзі де сене алмай көтергендей, тартыс әрекетінен оңай шығып қалады. Социалистік өмірімізге өктем араласудың талабынан туған үлкен еңбектің бірі – Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романы. Мұнда біз сусыздықтан қысырап жатқан көп жерді ұйымдасқан колхоз еңбегі арқылы қоғам байлығына айналдырып жатқандарды көреміз. Жазушының адал ойы Ұлы Отан соғысының қиын жағдайларында да социалистік елде экономикалық мәдениеттік құрылыстар тоқтап қалмай, қайта, бейбіт еңбегімізге апатты содырын тигізген фашизмге қарсы кекті жігермен қарыштай беруін көрсету. Бұқара тіршілігін жақсы білетін жазушымыз сол ауыр жағдайда халықтық еңбек творчествосының іріұсақты, ескілі-жаңалы табыстарын да қамти отырады. Біздің елде канал қазу, плотина салу сияқты үлкен құрылыстардың жалпы халықтық
қозғалысқа айналғанын суреттейді. Колхоз өндірісін кеңейту, молықтыру көзімен қарағанда «Сырдария» романы қазіргі тың жерлерді меңгеру міндеттерімен де үндес шығады. «Сырдариядағы» бас геройлардың, бірі адал еңбектің адамы Сырбай Шығанақ сияқты о да типтік кейіпкерге айналып кетті. Шығанақ пен Сырбай типтес бір шалдар соңғы жылдарда басқа жазушыларымыздың пьесаларында да кіріп жүр. Совет еліндегі үлкен шындықтарды көрсету жолында «Сырдарияның» осындай мәні бар. Бұрын көшпенді, мал өсірумен ғана айналысқан қазақ сияқты халыққа бүгін егін егу, канал қазу, ауыл шаруашылығының жаңа техникасын меңгеру, шын мағынасындағы социалистік еңбектің озық өнегелерін бойына сіңіру барлық жерде бірдей оңайшылықпен табылып жатқан жоқ. Бұл мәселелер жөнінде бізде әлі де толып жатқан теріс ыңғайлықтар кездеседі. Совет Одағының озық аудандарында алдақашан кешіп өткен кезеңге айналған нәрселер біздің кейбір қазақ колхоздарында әлі жойылып болған жоқ. Қоғамдық меншіктен гөрі жеке меншігіне көбірек зейін аудару, жалқаулық, қыдырымпаздық, техниканы тез меңгеруге селсоқтық сияқты ескі ауылдың әдеттері әлі де көп күресуді керек етеді. Сондықтан, «Сырдария», «Кең өріс» сияқты социалистік еңбекті жырлайтын шығармалардың әлеуметтік мәні барлығын бағалай білуіміз керек. Социалистік өміріміздің ауыл шаруашылық саласының басты мәселелерін көтеруге арналған осындай бір топ шығармаларымыз болса, қазір жұмысшылар өмірінен алынып жазылған тағы бірнеше елеулі еңбектеріміз бар. Жазушыларымыз көмір, мұнай, балықшылар өмірі сияқты тақырыптарды алып, бір кезде тұтасынан тусып жатқан тыңды көтеріп келеді. Айта кету керек, жұмысшы өмірінің тақырыптарына тереңдей алған жазушылардың өкінбейтіні байқалады. Әлеуметтік озық таптың қай дәуірде де қандай күресте де алда отыратындығы жазушыларымызға прогресс жолындағы үлкен идеяларды беріп келеді. Ірі өндірістің ауыл шаруашылығын мол құдіретпен көтеріп әкететін ерекшелігі сияқты, жұмыскер табының өмірі әдебиетімізге де қорлы нәр болатындығын көрсете бастады: Аз уақыттың ішінде-ақ ауызға алынып, нанымды тип деп танылған жұмысшы образдары жасалды. Бұл өмірмен таныстығы жоқ қазақ оқушыларының рухани дүниесін кеңіте түсетін еңбектер туды. Жұмысшы тұрмысы біздің оқушыларымызға қандай жаңалық болса, жазушыларымызға да сондай жүрексініп барған жаңалық еді, қазір біз ол дәуірден өтіп, үлкен бір тақырыпты меңгере бастаған сенім үстіндеміз. Жұмысшы табының өмірін көрсетуге арналған еңбектердің ішінен қазақша және орысша басылып шығып, оқушы жұртшылығына кеңірек таныс болған Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романын
алғым келеді. Орталық және республикалық баспасөз орындарымен қатар оқушыларымыздың бағалауына қарағанда бұл роман көздеген мақсатын атқара алды деп білемін. Бұған дейін бірнеше роман жазып қаламы төселген жазушымыз бұл романында сенімді жасалған образдар берді. Арғы дәуірден калған мұра деп танырлық еш нәрсе жоқ жалаңаш далада Қарағанды сияқты алыптың қалай орнағанын көрсетті. «Қарағанды» романы совет жұмысшыларының бүгінгі дәуірі, онда сыйпатталатын совет адамдары. Романның Мейрам, Щербаков сияқты басты кейіпкерлері типтік талаптарға жауап бере алады да, роман өзі көркем шығармаға қойылатын идеялық және көркемдік талаптарымызға негізінде қанағаттанарлық жауап береді. Совет жұмысшыларының өмірін көрсетуде пионерлік жасаған бірінші романымызды оқушы жұртшылығымыз жақсы қарсы алды. Бұл кітаптың құндылығын сипаттайды. Бұл дәуірдегі қазақ совет прозасының бір ерекшелігі өмірге өктем, араласуында деп жоғарыда ескерткен едік. Осы өзгешелігімізді жас прозаиктарымыз туралы да айтуға әбден болады. Мұқан Иманжанов өзінің «Алғашқы айлар» деген повестінде қазір өте зор маңызы бар оқушыларға политехникалық білім беруді көтерсе, Сафуан Шаймерденов «Болашаққа жол» деген көпті үміттендіретін романында биология ғылымының майданындағы кертартпалықпен күресуді көтереді. Жас жазушыларымыздың бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов Ұлы Отан соғысы сияқты үлкен сында коммунистік партия тәрбиелеп өсірген совет жастарының қажыр-қайратымен бірге саналылығын суреттейді. Жас таланттарымыздың шығармалары арқылы Бозжанов, Добров сияқты ғалымдардың, Есей, Скориков сияқты совет жауынгерлерінің сүйкімді образдары келіп қосылды. Совет жастарының мінез-құлқын, санасезімдерін суреттеуде жас жазушыларымыздың әрқайсысында өзіндік ерекшелік жақсы білгендіктен, жақсы сезінгендіктен ғана туатын нәзік детальдау, балғын бояулар бар. Бұл біздің прозаға өте керектің бірі. Бұл айтылғандардан жасалғалы келе жатқан бірінші қорытындым – қазақ совет прозасы тақырып кеңдігі, өмірге өктем араласу, идеялық жақтарынан дұрыс бағытта және саты-саты өсу, тереңдеу жолында демекпін. Бұл біздің алдағы күнде де кеңейте түсетін, тереңдете түсетін бағытымыз. Сонымен қатар, социалистік реализм әдісінің идялық және көркемдік талаптарына қазақ совет прозасы түгел толық жауап бере алар дәрежеге жетті десек, не болмаса жоғарыда айтылғандардан сондай қорытындыға келер болсақ, онымыз әрі адастырғандық болар еді. Өсу жолында барлық совет әдебнетіне тән дұрыс бағытын тапқан қазақ совет прозасының әлі шеше алмаған творчестволық көп мәселелері бар. Мен әсіресе осы жақтарымызға денірек көңіл аударғым келеді. Біз идеясыздық, я болмаса
идеялық тұрақсыздық деп танырлық нәрселерден арылғанымызбен, идея мен көркемдік арасындағы, тығыз байланысты сақтай алмағандықтан, жақсы идеяның өзін жасытып алудан арылып болғанымыз жоқ. Социалистік реализм талаптарына толығырақ жауап береді деген болып табылмайды. Біздің бір жазушыларымыз типтік образ жасау жағынан молырақ табысты болса, екінші бір жазушымыз өрісті конфликт жасау жағынан табысты, үшінші бір жазушының басымырақ жетістігі басқа жағында. Оның үстіне, социалистік реализм әдісінің көп талаптарына жауап бере алмайтын, сондықтан, идеяны өз қолынан өлтірген шығармалар да бар. Толық мағынасындағы көркемдік арқылы берілмеген идея өлі туғанмен тең. Мұндайлардан біз арылып болғанымыз жоқ. Мен жоғарыда социалистік реализм әдісінің талаптарына біздің прозамызда ең толық жауап бере алатын шығармамыз деп Әуезов жолдастың Абай жайындағы романдарын атадым. Бірақ жазушының көп жылдық үлкен еңбегі қай жағынан алсақ та, толыққанды болып аяқталуына айтар түк тілегіміз болмаса, онымен өзіміздің өспегендігіміз дер едім, не болмаса, сезіне тұра, ықтап қалғандық дер едім. Мен өзім «Абай» романдарының басылып шыққан үш кітабына былтырдан бері айтып келе жатқан бірнеше тілегім бар, сонымды қазір де қайталағым келеді. Маған қазіргі кемеліне келген Абайдың қоғамдық қозғалыстардың басында болмай, көбінесе қасында болуы, бұқараның стихиялық қарсылықтарына керекті кезінде ғана келіп, арқа сүйеу болуы жеткіліксіз сияқты көрінеді. Мұны мен басты геройдың, әсіресе бұқара көсемінің орнындағы герой – Абайдың белсенділігі жеткіліксіз деген мағынада қойғым келеді. Екінші бізге жазушының өзі берген бір үлкен уәде бар. Ол – Чернышевскийдің шәкірттері, я тілектестері арқылы қазақ даласына революционер-демократтардың идеялары жетіп, Абай оны әлденеше рет ұйып тыңдап еді. Сол идеялар қазақ даласынан, яғни, бұқара арасынан қандай почва тапты. Сол ұрық себілді ме, себілсе, қалай өсті, Абай өз көзқарастарын қай дәрежеде өзгертті? Абай сияқты ақынды өз заманынан не биік, не төмен ететін нәрсе сол заманның қоғамдық қозғалыстарына көзқарасы болса, Абайдың осы жағы дала шеңберінде ғана қалып қоймауы керек. Абайға арналған бір цикл көп томды романның төртінші кітабы жазылып аяқталса да, әлі пікір алысқанымыз жоқ. Мүмкін, жазушы бұл сұраулардың жауабын сол қорытынды томында беріп те қойған болар, бірақ, мен өзім сезінген олқылықтарды айта кетуге міндеттімін деп санаймын. Оның үстіне, соңғы кітаптың журналда жарияланған алғашқы тарауларында ол жауап әзір жоқ екен. Басқа жазушыларымызға айтар сындарымыз бұдан анағұрлым ауырырақ та көлемдірек болатыны өзінен өзі түсінікті болса керек. Оның
себебі социалистік реализм талаптарын жете меңгере алмауымызға байланысты. Біз әсіресе, өзіміздің советтік дәуірді көрсетуге келгенде көбірек ақсаймыз. Жасаған образдарымыз сүйкімді де өмірлі болып шыға бермей жүр, олардың іс-әрекеттеріне оқушыны ойдағыдай қызықтыра алмаймыз. Көп жайларда срвет адамдарының өмірі сұрғылт шығады да, олардың сана-сезімдерінде қарапайымдықтан гері қарадүрсіндік басым танылып тұрады. Рухани таяз геройларды оқушы да ұната алмайды. Мысалға жоғарыда құнды шығармаларымыздың бірі деп бағалаған «Шығанақ» романынан бір үзінді келтірейік. Мұнда бірін-бірі сүйетін екі жас – Жанбота мен Амантай бір жерде былай сөйлеседі: «Жанбота таранып, қаранып тұрып-тұрып, суға қойып кетті. Амантай атып түсіп, бар киімін сыпырып алды. – Өй, әдепсіз! – деді Жанбота көре салып. – Сен әдепсіз! – деп Амантай киімді басып алды. – Мен неге әдепсіз? – Е, менің көзімше неге жалаңаштанасың? – Қашан сенің көзіңше? Жаңа келдің ғой жалақтап. – Жоқ, мен манадан бері көріп жатқанмын. – Көзің тойса, киімді бер. – Көңлім әлі тойған жоқ. Шық бері! – Сен көрген етімді шабақ жесе болмай ма! – Ендеше отыр солай, – деді де, Амантай киімді қолтықтап жүре берді. – Тоқта, тоқта! – деді Жанбота шыдай алмай. Амантай қайта оралды. – Не айтасың? – Сен қазақтың ескі салтын істедің. Лайық па осы бойыңа? – Өзгесін білмеймін, қазақтың осынысы ұнайды маған. – Мәдениеттен безіп пе ең? – Малталап езер уақытым жоқ... – Махаббат нәзік нәрсе, домбайыңа көне бере ме? – Жоқ, махаббат берік нәрсе. Балталасаң да, сынбайды. Кейбіреулер өңдеймін деп мойнын қылдай, сирағын шидей қылады да, сынып кетсе, ойбай сап отыра қалады. Менің махаббатым дөрекілеу болар, бірақ сынуға жоқ. Өмірге жетеді. – Әй, тентек, рас па осы сөзің! – деді Жанбота». Ғабиденнің «мойны қылдай, аяғы шидей» махаббатқа қарсы қояр жуан мойын махаббаты жазушының сүйкімді образ жасау ниетімен алған жастарын сана-сезім жағынан дөкір етіп, анайылыққа қарай бұрып әкеткен. Суға түскен қыздың киімін ала қашу да, одан кейінгі «лирикалық» диалог та соны қуаттайды. Бұл біздің адам өмірін балтамен жасау дәуірінен аттап өтіп, өткірдің жүзімен жасайтын кезеңге шықсақ та, оны меңгере алмағандығымызды көрсетеді. Эстетикалық шектерге мән бермей, қарадүрсіндікке, кейде тіпті дөрекі
натурализмге соғатын жайлар соңғы дәуірдің ішінде Сәбит Мұқанов жолдастың шығармаларында көбірек кездесіп жүр. Атап айтқанда «Балуан Шолақ» повестіндегі идеялық және көркемдік кемшіліктері осы натурализм жеңісі еді. Жазушының жағымды кейіпкер ретінде ұсынған басты геройы Балуан Шолақ ойсыз қара күш, ақты-қараны айыра алмай, күналыға да, күнасызға да орынсыз соқтығатын сотқар болып шықты. Аяқтап келгенде әлеуметтік күрестің саналы қайраткері деп суреттелетін Балуан Шолақ орыс пен қазақ халықтарының достығына содырын тигізетін жексұрын қара күш дәрежесінен аса алмады. Жұртшылығымыз ол кітапты қабылдаған жоқ. Әлеуметтік салмақты идеяға құрылған Сәбит Мұқанов жолдастың соңғы романы «Сырдария» да ысылған жазушымыздың жаңа биікке көтерілгенін дәлелдей алмайды. Кітапты көтеріп тұрған бүгінгі дәуіріміздің үлкен идеясы болса, ол идея көркемдік шешімін түгел таба алмаған. Романның көптеген жақсы жақтары бола тұрса да, соншалықты сәтті шығарма деуге қиналасың. Көп жерде романның композициялық жібі тіпті босап кетеді. Сюжеті бірде тартып, бірде жалықтырып жіберіп отырады. Автор өзі білгенінің бәрін де ретті, ретсіз кітабына тықпалай берген. Мұнда характерлерді ашуға септік етпейтін, негізгі сюжетті желіден алыстатып әкететін естеліктер де, аңыздар да көп. Негізгі басты геройлар да өз бойымен істе көрінбейді. Ал партия өкілдерінің образы тым солғын. Авторлық баяндаулардан, ұзақ-ұзақ диалогтерден әйтеуір олардың ақыл айтқыш, түзу ниетті басшылар екені сезіледі. Бірақ, өз ерекшеліктерімен іс үстінде дараланып, бедерлі көрінбейді. «Сырдарня» романындағы орыс адамы Полевой мінез-құлық, салт-сана, ойлау, сезіну, сөйлеу жақтарынан тура қазақтың бір шалы болып шыққан. Романның тілінде де сырдаңдық бар. «Өйтті», «бүйтті» деген құрғақ баяндаулар көп те, тартымды, бедерлі картиналар аз. Адам психологиясына сүңгіп кетіп, тебіренте толқытып отырар нәзік шеберлік сирек ұшырасады. «Сырдария» «Жұмбақ жалаудан» кейінгі жаңа бір биік ретінде қуанта алған жоқ, жазушы жолдастық сындарға да жеткілікті мән берген жоқ. Ойлап қарасақ, Сәбит басындағы осы сәтсіздіктердің бір ғана себебі барға ұқсайды. Ол себеп идеялық негізде де емес, Сәбиттің жекелеген қателік, кемшіліктері болғаны рас, бірақ оның әрқашан да саяси беті ашық, почвасы берік жазушы. Ол себеп шеберлік деген мәселенің төңірегінен келіп туатын сияқты. Сәбит халыққа түсінікті, қарапайым әдебиетті жақтаймын дейді. Бірақ, ол осы категорияларды теріс мағынада түсінеді де, шығармаларын қарадүрсіндікке ұрындырып алады. Сәбит бұл қате түсінігін түзеу жолында ойлануға тиісті. Ең алдымен бұл қате түсінік он-он бес жыл бойына оның талантына бұғау болып келгенін түсінуге тиісті. Социалистік эстетика халыққа түсініктілік дегенді көркемдіктің ең
биік шыңы деп түсінеді. Бірақ, бұл қарадүрсінділік емес, әлі қолымыз еркін жете алмай жүрген биік талап, үлкен шеберлікті тілейтін талап. Партиямыз совет адамының идеялық және мәдени дәрежесінің өскендігін, ал оның талғауы әдебиеттің ең жақсы шығармаларымен кемерлес келетінін үнемі ескертіп келеді. Ал, қарадүрсін шығармалар бүгінгі совет адамының талғауына татымайды. Әлжаппар Әбішев және Ғабдол Сланов жолдастарға мен бұдан да қаталырақ сын айтқым келеді. Бұл екі жазушымыздың прозаға қатынаса бастағанына жиырма жылға жақындап қалды. Әбішев творчествосының ден салмағы драматургияда болғанымен, ол проза жанрында да төртбес повесть жазған адам. Айта кету керек, республикалық және орталық баспасөз бетінде қатал сынға ұшыраған «Жас түлектер» повесі драмалық жанрға аударылып «Достық пен махаббат» деген пьесаға айналғанда сол сындардың жәрдемі тиюмен бірге кейде асыра сілтегендік болғаны да байқалды. Автордың идеясында совет жастарын қисық айна арқылы көрсету мақсаты жоқ екен. Дегенмен, Ұлы Отан соғысының ерлері арқылы совет жастарының қандай сынға да қайыспайтындығын көрсетуге арналған повесть әдебиетіміздің қорына қосылып қала алмады. Одан бұрын жазғандары да, кейін жазғандары да соған ұшырады. Біздің жазушы жұртшылығымызды ең ауыр ренжіткен Әбішев жолдастың ең соңғы жазған «Сахара сәулеті» және «Терең тамырлар» деген повестері. Көркем әдебиетке қойылар талаптардың өскен дәуірінде Әбішев жолдас біздің алдымызға қоғамдық шаруашылықты өсіру, молайту керектігі сияқты жалаң идеяны ғана әкеліп салды. Көркемдік, шеберлік деген жақтардан ойланбағандық көрсетті. Қандай дәрежеде нашар жазылғандықтың мысалдарын бұл екі еңбектің қай бетінен де оңай табуға болса да, ондайды қызықтау дәуірінен өттік қой деген оймен, мен ол мысалдарды келтіріп жатуды артық көрдім. Бірақ, жақсы жазылғандықтың мысалдары қиындықпен кездеседі. Әсіресе, соңғы «Терең тамырлар» деген повесті олай ет, былай ет деуге де келе бермейді, яғни, сынмен түзелердің қатарына қосу қиын. Көрер көзге жасанды конфликт, ашықтан ашық боямалау, өмірдің өз қайшылықтарының орнына оны жалаң схема түрінде ойдан жасау сияқты, социалистік реализмге қарсы келер тәсілдер Әбішев шығармаларының бәрінде де мол кездеседі. Әсіресе, қатал сындарға ұшырасқаннан кейін, одан сабақ алып, қатеңді іздеп табу деген жақтарда Әбішев жолдас әзір күткен жауабымызды бере алған жоқ. Соның салдарынан алғашқы ұсақ әңгімелері арқылы оқушыларын үміттендірген жазушымыз жиырма жылдан кейін ол үмітті босқа сайып барады. Жазушылардың табыстарына қандай қуана білсек, сәтсіздікке ұшырауына сондай қайғыра да білуіміз керек. Жазуға қабілеті бар адамның сәтсіздікке ұшырай беруін мен социалистік реализм әдісінің
идеялық және көркемдік талаптарына тереңдемеуде, керекті өнегені совет әдебиетінің тәжірибесінен іздемей, басқа жаққа ауытқуында деп ойлаймын. Біздің бірден бір творчестволық мектебіміз – ұлы орыс халқының XIX ғасырдағы реалистік әдебиеті мен қазіргі совет әдебиеті. Жоғары идеялылықты біз марксизм-ленинизм ғылымынан үйренсек, көркем әдебиеттің өзіндік ерекшеліктерін, шеберлік жолын А.М.Горький, Маяковский бастаған, осында отырған құрметті қонағымыз Шолоховтан, Леонов, Толстой, Фадеев сияқты социалистік реализм әдебиетінің озық жазушыларынан үйренеміз. Біздің кейбір жазушыларымыз үйрену, оқу, шеберлену деген жақтарда үлкен үстірттік жасайды. Оның аяғы үлкен көңілсіздікке соғарын жете бағаламайды да. Әлжаппар Әбішев жолдас өткен пленумда өзін әлі жанрын таба алмаған жазушылардың қатарына қосып еді, мен сол іздеген өнімді жанры драматургия ма деген қорытындыға келемін. Әлжаппар Әбішев жолдасқа айтқанды аз-кем өзгертіп Ғабдол Сланов жолдасқа айтуға болады да, ол екеуіне айтқанды әдебиетке олардан көп бұрын келген Мағзұм Тиесов жолдасқа айтуға болады. Сланов жиырма жылдық тәжірибесі бар, Совет дәуірінің үлкенүлкен тақырыптарына төрт роман берген жазушы. Жазушының барлық өмірін арнағаны әдебиет те, жанры бірыңғай проза. Сондықтан, ысылып шеберленер уақыты да жетті. Бірақ, Сланов жолдастың еңбектерінің өмірі қысқа, әдебиетіміздің қорынан оңай шығып қала береді, жасаған образдары есте қалмайды. Мысалы «Жанартау» мен «Кең өріс» (қазіргі «Шалқар») социалистік бай өміріміздің үлкен салаларына, жазушының аса жауапты қарайтын тақырыптарына арналған. Ал, тақырыпты меңгеру жағынан ешбір баяндамаға сия алмайтын кемшіліктері бар. Идея мен көркемдік арасында толып жатқан шалғайлық кездеседі. Автор тартыс желісін құру, образдарын ішкі-сыртқы мінездемелермен үнемі толықтыра отырудың орнына әзір тұрған схеманы өрлеп, шұбалта береді. Конфликт жасанды болғандықтан, өрістей алмайды да, кітап көлденең әкеліп қабаттастырған әңгімелермен өседі. Ұзақ желісі бар тартыстың бұрылыс-қалтарыстарымен бірге өсіріп отырмағандықтан, алған образдары басында қалай көрінсе, кітаптың аяғында да сол күйінде, өспеген, ашылмаған күйінде қалады. Басылып шыққан жаңа кітап ретінде бір шолып шықтың, енді қайтып оралмайсың. Оның себебі – роман жалған конфликтіге құрылған. «Шалқардың» басында Тасеген орманына жол салу мәселесі көтеріледі. Біреу жолды орманнан тура колхозға тарту керек дейді. Екінші біреу станцияға тарту керек дейді. Алғашқының екіншіге айтар қарсылығы – жол станцияға тартылса, орман аудан уысынан шығып кетеді дегенде ғана. Және автор осы жершілдік мәселесін қуаттап отыр. Жершілдік деген онша қуаттайтын, оның үстіне проблема етіп қостай көтеретін мәселе болып саналмайды.
Ал, жол салу деген елеулі конфликт те емес қой. Мұндай істерде образды өсіру де оңайға соқпайды. Көркем әдебиет жалаң ғана жақсы ниет, жалаң ғана идея емес екендігін жазушыларымыз жақсы білуге тиісті. Идея дегеніміз – көркем суреттер арқылы, тартыс әрекеттері арқылы жүзеге асырылатын мақсат. Ол мақсат көркемдіктің басты шарттарын орындау арқылы ғана іске асып, идеяға айналады. Оның түп тамыры шеберлікке әкеп тірейді. Ал қазіргі дәуірде шеберлікті өзіне өзі үлкен талап етіп қоймаған жазушы, сөз жоқ, қауіпті халға ұшырасады. Идеялы шығарма деген ең алдымен шын мағынасындағы көркем шығарма деген сөз екенін терең ұғынарлық уақыт жетті. Көркем болып көріне алмаған авторлық ниет ешуақытта да идеяға айнала алмайды. Проза жанрына келіп қосылғанына ширек ғасырдан асқан Мағзұм Тиесов жолдасқа да осыларды айтқым келетінін жоғарыда ескерттім. Оған қосарым «Құтқару» сияқты повесть өзің редактор болып тұрғанда ғана басуға болатын, тексеріске салып, сын айтуды көтермейтін нәрсе екен. Бұдан басқа бітірген еңбегін әлі көргеніміз жоқ. Әлжаппар Әбішев, Ғабдол Сланов жолдастар туралы бір айта кетерлік елеулі кемшілігіміз бар. Ол Жазушылар ұйымының ішіндегі әртүрлі сауықпаған жағдайларға байланысты, әдебиетке сонша жылдар еңбек сіңірген адамдардың шығармалары талқыға салынбай келгендігі, біз бұл жолдастардың әрбір шығармаларындағы кемшіліктерін кезінде айқын көрсетіп, сын жәрдемін берудің орнына, көңіл жықпайтын либералдық жасап, маңдайдан сипап келдік. Бұл жазушыға жолдастық жәрдем де емес, әсіресе адалдық емес, кімді болса да өсірмейтін нәрсе. Мен әлі де бұл жазушылардың не жазғандарын сонау басынан бастап тексеріп, адасқан жерлерін, ұғынбаған нәрселерін айқын-айқын көрсетіп беру керек деймін. Жазушының нашар жазғанын айта салу оңай да, одан құтылу жолын дұрыс сілтеу көп еңбекті керек етеді. Бұл – біздің ұйымның әлі күнге қолға ала алмай келе жатқан ісі. Осы айтылғандарға қарайлас кемшіліктер Мұқан Иманжановтың, Жәрдем Тілековтің тағы басқа бірталай жас прозаиктердің шығармаларынан да көп кездеседі. Біразының әлі қалыптаспаған жазушы екендіктерін ескере отыра, тегінде теріс бағыт алып кетпеулерін де ұмытпауымыз керек. Иманжанов жолдас «Алғашқы айлар» деген повестінде бүгін маңызы зор, оқушыларға политехникалық білім беру мәселесін сөз етеді. Ал, автордың осы ниеті идея дәрежесіне көтеріле алды ма деген сұраққа, не деп жауап беру қиын-ақ. Оның басты себебі – осы повестегі коллизияның жалғандығында. Автор оқуды жаңа бітіріп келген жас жігітті бүкіл ауылға, ондағы еңбек адамдарына қарсы қояды. Барлық істің бастамасы осы оқу бітіріп келген жас жігіт Жақыпбектен таралып жатады. Ал егер,
Жақыпбек бұл ауылға келмесе ше? Онда жаңағы көтерілген мәселенің бірде бірі шешілмейтін сияқты. Конфликт мәселесіне бұлай жеңіл қарауға болмайды. Оның үстіне Иманжановтың бойында жасандылық, сентиментализм, жеңіл күйректік, кейде сырты жылтыр, іші қуыс сөздерді қуалап кетушілік қалыңдап барады. Иманжановтың 1948 жылы шыққан жинағында «Гүл» деген қысқа әңгімесі бар. Осы әңгімені оқысаң, әлденеден Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романындағы Базаров есіңе түседі. Түсінбей, үстірт оқыған адамға «Әкелер мен балалардың» бар мазмұны мынау ғана: Базаров жолдасына еріп каникул кезінде деревняға келгенде, қолын жарақаттап алады да, өліп қалады. Ақыры бір төмпешік қабырдың үстінде күйінішті ата-ананы көресің. Иманжанов та да осылай. Бұл әңгіменің екінші абзацы. «Аты Арман еді оның. Атына лайық өзі де арманда кеткен, жастай қыршынынан қиылған жан еді» – деп басталады. Не сұмдық болып қалды деп әрі оқысаң, оқиға былай екен: сүйген қызы қысқы каникулға кеткенде, Арман деген жігіт лимонад ішіп, суық тиеді де, өліп қалады. Содан кейін қыз бен жолдасының күйініші, ақыры төмпешікке айналған мола, оның басында өскен гүл, молаға келген сүйген жары, сүйікті шешесі, адал досы... Бары осы ғана. Иманжанов жолдас бұл әңгімесінде не айтпақ болғаны маған жете алған жоқ. Егер бұл трагедиялық сарын болса, онда толып жатқан үстірт ұғынғандық, сырт еліктеушілік деуден басқа аты жоқ. Бұл әңгіме Иманжановтың жасырақ кезінде, 1940 жылы жазылған екен. Сол себепті ол туралы айтпаса да болатын еді. Бірақ, жазушы бұл әңгімесін сегіз жыл өткеннен кейін, 1948 жылғы жинағына да қосқан. Сентименталдық элемент Иманжановтың барлық еңбектерінен де кездесіп отырады. Бізге күдік салатыны да осы. Мен оған мұндай жалған трагедиядан, сентиментализмнен аулақ бол дегенді қатты ескерту керек деген қорытындыға келдім. Совет жастарының типтік ерекшелігі – күйректікте емес, өршілдікте, ашықтық пен турашылдықта, өмірлік қуанышты сезінулерінде. Кейбір жазушыларымыздың бүгінгі күн тақырыбына жазған шығармаларында халқымыздың социалистік өмір тереңіне батыл бойлап, соның сырын ашудың орнына бүгінгі күніміз жақсы, кешегі күніміз жаман еді деу сияқты көбінесе арзан тамашалаулар басым. Ал, несімен тамаша деген сұрауға Тілеков жолдас «Қайнар» деген повесінде былай жауап береді: «Бұлардың өзара терминдері «гектардан он, немесе он бес центнер астық» емес, «қойдан екі кило жүн». Сондықтан Сарқыт өзін ауыр артиллеристің орнына қойып, Құрманбайды «қол гранатшы» деп келемеждей бастап еді, оны Мария тоқтатып тастады. Өйткені, оның
көз алдындағы жүні қырқылып болған Еділбай тұқымдас құнан қой құйрығын зорға көтеріп, орнынан азар тұрды, салмағын өлшетіп көріп еді, сексен бес килограмм тартты. Оның бір кило күзем жүн беретіні даусыз. Оның өзі көп қойдың ішіндегі ең семізі, ең жүндісі болсын-ақ, бірақ, ол өзге бәсеңдерінің бәрі де жыл аяғына дейін өзіндей болып семіру мүмкіндігіне айғақ сияқтанады». Сонымен Тілековтың алған Еділбай қойы басқа қойлар үшін сүйкімді образ болып шыққан. Бұл, әрине, көркемдік бейнелеу жүйесіне жатпайтын, тіпті тілмаш арқылы әрең түсінерлік сөздер. Шығармасына мұндай сөздер кіріп кеткен жазушы өз шығармасының бетін өзі күйелеп жібергендей сезінуі керек. Бұл айтылғандар – өмір шындығын жан-жағынан қоршаулап, әр дәрежедегі биікке көтеріліп, тұтас алғанда жақсы өсіп келе жатқан қазақ совет прозасында кездесіп отырған дөрекі түрдегі кемшіліктер. Мұндай өрескелдік көбінесе, жалпы мәдениеті таяз, шеберлік талаптарын меңгере алмаған жазушыларымызда молырақ кездеседі. Ол табиғи нәрсе болғанымен, жазушылар арасындағы саяси және әдебиеттік мәдениетіміздің жоғарылауын қатты талап ретінде қоюды ескертеді. Біздің алдымызға қойылатын негізгі талап жиналыстарда ұтқыр да шешен сөйлеу мамандығы емес, көркем шығарма беру екендігін ұмытпасақ, ең алдымен, көркем шығарманың қалай жасалатынын үйренуіміз керек, екінші тілмен айтқанда, социалистік реализмнің идеялық, көркемдік талаптарын қалай орындауды, шеберлікті толық үйренуіміз керек. Ол мектеп – теориялық жағынан да, тәжірибелік жағынан да сенімді көп ұлтты совет әдебиеті. Біз қазір өмір шындықтарын да, әдебиеттік талаптарды да заңды баспалдақтарымен төменнен жоғары өрлей меңгеріп келе жатқан дәуірдеміз. Егер совет дәуірін көрсетуде, совет адамдарының типтік образдарын жасауда кемелдеп қалдық деп ойласақ, онымыз шындық болмас еді. Көріп отырсыздар, соңғы он бес жылдың ішінде жазылған отыздан артық роман, повестеріміздің ішінен толық мағынасындағы жағымды образдарды аз атап тұрмыз. Сан жағындағы табыстарымыз сапалық қасиетке түгел ауысып болған жоқ. Біріміз конфликт жасай алмасақ, біріміз іс үстінде өсірген образ жасай алмаймыз, енді біразымыз шындық орнына жасандылыққа, сырт бояушылыққа ұрынамыз. Ал, совет өмірін арзан бояулармен жалтылдатып көрсетушілер де, терең бойлай алмағандықтан сұрқылт көрсетушілер де, ылғи кемшіліктерді әсірелеушілер де, түптеп келгенде тамыры бір болып шығады. Бұлардың біріне кешірім, біріне сүйемел жасамай, бәріне де социалистік әдебиетіміздің қатал талап қоятын жолына түсуге жәрдем етуіміз керек. Дүниежүзілік әдебиеттің өткен ғасырлардағы классикалық шығармалары совет әдебиетінің өресі жетпес, мәңгі алдырмас асусыз
биік екен деп қарауға болмайды. Совет әдебиетінде қазірдің өзінде классикалық болып берік орнын алған шығармалар бар. Шекспирді, Пушкинді, Толстойды берген адам баласының дарын қоры өткен ғасырлармен сарқылып қалмасқа керек. Көп ұлтты совет әдебиеті бұдан былайғы дәуірде жаңа биіктерді талап етіп қоятынын сезінуге тиістіміз. Олай болса, алдымызға бүгінгімізден гөрі анағұрлым биік талаптар қою үшін шеберлік өнерін түгел меңгеруге міндеттіміз. Алдағы күнде қатал қойылатын мәселенің бірі осы. Совет әдебиетінің сондай қарсаңда тұрғанын еске алсақ, біздің басты жазушыларымыздың өздерінде де көп нәрселерді меңгере алмағандық барын баса айту керек. Жоғарыда аталған Әуезов, Мұқанов, Мұстафин жолдастардың сөз жоқ күрделі еңбектерінде де кемшіліктер барын ескерттік. Ол кемшіліктер менде де бар. Өзіңді өзің сынау әдебиет сынының бірден бір ғана жолы емес шығар деген оймен айтпағаным болмаса, мен де ылғи табыстан табысқа шүйгіп келе жатқан жазушы емеспін. Азды-көпті еңбектеріме қатал сын айтып, шеберлікті меңгере берудің жөнін сілтеген жолдастарға ықыласпен құлақ асармын деген уәде берем. Басты жазушыларымызға айтар сынды аяқтау үшін мен Ғабиден Мұстафин жолдастың еңбектерінде байқалатын, менің ойымша, жазушының өзіндік әдісіне айналып бара жатқан бір кемшілігіне тоқтағым келеді. Бақылай оқысақ, «Миллионердің» жаңашыл Жомарт пен кері тартқан Жақып арасындағы конфликті тартыстары кітаптың ортасына таяна бере сарқылып қалады екен. Сонымен бірге кітаптың бас жағында көтерілген тартысқа сеп боларлық мәселелердің бәрі де ешбір кедергісіз оңай шешіле береді. Ахмет идеясының айналасында тартыс тумайтыны сияқты, сараң табиғаттың бермесін алу жайлары да қиындықсыз домалай береді. Сондықтан повестің композициялық арқауы босап, аржағы екіүш айдың ішінде оңай істеліп қалған істерді тамашалаумен аяқталады. Повесть тартыстың шиеленісіп болар шегін тым ерте шешіп тастайды да, аржағын босаңсытып алады. Осындай жағдай «Қарағанды» романынан да кездеседі. «Қарағандының» үштен екісін оқып шыққаннан кейін аржағы алақанындағыдай ап-айқын: күрес-тартыстар аяғына дейін сүйрелеп отырмайды да, кейіпкерлердің мінездемелеріне де жаңалық қосылмайды. Олай болса, көрнекті жазушыларымыздың бірі Ғабиденнің шеберлік өнерін ізденер жолында қатты зерттейтін ісінің бірі конфликтік тартысты созымды етіп жасау әдістері сияқтанады. Осындай жағдайларға байланысты, әсіресе советтік бүгінгі дәуірді жазып жүрген жазушыларымызға ұлы Гогольдің мына бір сөзін ескерткім келеді. «Чем предмет обыкновеннее, тем выше быть поэту, чтобы из него извлечь необыкновенное» – дейді ол.
Ұлы реалистің бұл тамаша сөздерінің мәні біз үшін тіпті айырықша. Ол кәдуілгі дағдылы өміріміздің дәнін табу үшін жазушының шеберлігі жоғары дәрежеде болуын талап етеді. Менің ең соңғы тоқтағым келетін мәселем прозаның шағын жанры деп мәнін түсіріңкірей атап кеткен көркем әңгіме, очерк жайлары. Біздің прозаның бұл саласында Сейтжан Омаров, Иманжанов, Сағынбаев, Соқпақбаев, ара-тұра Әбішев пен Сланов, Тиесов жолдастар бар. Ал, Әуезов, Мұқанов, Мұстафин, Мүсірепов сияқты аға жазушылардың бұл салаға ат салыспағандарына он жылдан асып кетті. Омаров әңгімелерін заманымыздың пафосына құрады, әр түрлі тақырыпты кеңірек қамтуға тырысады. Иманжанов көбінесе жастар өмірінен алып жазады да, лирикалық сарынға бейімділігін байқатады. Соқпақбаев пен Сағынбаевтың әңгімелері мектеп балаларының өмірінен алынып, ара-тұра колхоз еңбегімен байланыстырылады. Прозамыздың жалпы беталысы сияқты бұл салада да тақырып шеңбері кеңейе бастады. Алайда, көркемдік талаптарының көзімен қарағанда прозамыздың осы шағын саласының жайы қанағаттандырмайтынын съезімізде елеулі әңгіменің біріне айналдыру керек сияқты. Әділін айтар болсақ, прозаның шағын саласы арқылы кірген есте қаларлық образдар, ертіп әкетерлік жақсы әңгімелер өте сирек. Бұдан он бес-жиырма жылдық жайымен салыстырсақ прозамыздың шағын саласында кейіншектеп қалғандық бар. Қателессем, түзетулеріңізді өтінем, тұтас алғанда бұдан он бес-жиырма жыл бұрын жазылған әңгімелердің сапасы қазіргі қалпымыздан жоғары сияқты көрінеді. Егер соңғы он бес жылдың ішінде төрт-бес автордың жазған әңгімелерінен құралған төрт-бес кітап әдебиет қорымызға берік қосылып өзінің тиісті орнын алған болса, мен мұны айтпаған болар едім. Ондай жайға әлі жеткен жоқпыз. Бүгінгі күннің үлкен пафосы деген адам арқылы берілмей, сырт тамашалауға, жазушының өз сөзімен берілуге қарай бейімделіп барады. Бедерлі образдар, есте қаларлық суреттер, өзгерген адамның інез-құлқын дәл бере аларлық, не кең шалқулар, не айқын штрихтар, детальдар аз. Омаров жолдас көбінесе сырттық пафосты қуалап кетеді. Иманжанов жақсы ойларын сентиментальдық мінездемелермен бүлдіріп қояды, Соқпақбаев кейде күтпейтін жерден шеберлік көрсетсе, кейде болмашыға сайып әкетеді. Сағынбаев жолдастың алғашқы әңгімелер жинағы 1948 жылы шығып еді, мен жаңылмасам, одан бергі алты жыл бос өтті. Тегінде жас жазушының алғашқы адымына жасаған мырзалығымыз зиянға шықты ма деп қауіптенем. Қазақ совет прозасының іргесін қалау ең алдымен осы шағын саладан басталған болатын. Мұхтар, Сәбит, Ғабиден он-он бес жыл сол салада өсті. Қазір олар үлкен прозаға бет бұрып кетті де, жас прозаиктарымызда белсенділік аз. Жаңа жаза бастаған кезде алақаның күнде қышынып
тұратын сияқты болушы еді, әлің келмес тақырыптарға да ұрыншақтау болатын сияқты едің. Менің жас прозаиктарымызға қояр бірінші кінәм – сол белсенділік тым жеткіліксіз. Оның аржағында жазушының арқасын қоздырарлық өмірден алынған материал кедейлігі жатыр ма деген қаупым да бар. Біздің жас жазушылардың көбі мектеп бітіріп шыққан беттерінде құрылыс жақтарына жақындамай, кеңсе маңайында, қалада қалып қойды. Жасанды тақырыптарға ұшыраса берудің бір себебі, әрине, осында жатыр. Осы жайлар біріне бірі қосақталып келіп шағын жанрды менсінбеушілік, мән бермеушілік деп бағаларлық жағдайға соқтырып отыр. Көркем әңгіме, очерк саласының кейіндеп қалуы, енді төзе бермейтін жағдайға айналғанын жете ұғынуымыз керек сияқты. Ең алдымен бұл әрбір үлкен жаңалықтарға тез жаңғырығып отыратын, жазушының белсенділігін арттыратын сала екенін бағалауымыз керек. Жақсы әңгіме, очерк беретін жазушылар басқа саладағы жазушылардан төмен бағаланбайды да, бағаланған да емес. Қысқа әңгіме жазып шеберленудің жанрға тұрақтау жолында да аса үлкен маңызы бар. Осының бәрі де көпке мәлім жайлар болса да, қысқа әңгіме, очерк саласын жете бағаламаушылығымыз әлі басым. Жазушыларымызда селсоқтық болса, ұйым ол жағынан қысталмайды да. Партияның XIX съезі мен Сентябрь Пленумінің бер жағында қысқа әңгімелер мен очерктер қос-қосымен туар деп күткен едік, ол әзір туған жоқ, біз әлі күтудеміз. Тың және тыңайған жерді көтеру деген Қазақстан өміріне үлкен жаңалық қана емес, Отан өміріндегі ұлы істердің бірі, тарихымыздың жаңа бір дәуірі. Отан көлеміндік үлкен істің жарымына жақынының Қазақстан еңбекшілері атқарып жатқанда бұған ешқайсымыз қызбағандаймыз. «Кәрілері табандап, жастары шабандап» деген сияқты, бұл істің жақсы ұраншысы бола алмай қалдық. «Социалистік Қазақстан» газетінде үшеу болып қол қойғанмен, Сафуан Шаймерденов жазған бір очеркпен, «Әдебиет және искусство» журналында басылған Соқпақбаевтың «Тыңға сапар» деген көлемді очеркінен басқа көңіл толарлық еш нәрсе туа қойған жоқ. Тыңға барып қайтқан оншақты жазушымыздың көбі әлі толғану үстінде сияқты. Өлеңдер циклі деген сияқты тыңды меңгеру тақырыбына жазылған көркем әңгіме, көркем очерктер циклі да басылып шыға қалса, ол повесть, роман қызметін атқарған болар еді. Біздің ұйым бұл шабандықтың барына мойындап қана қоймай, оны жоятын шараларды да іздестіруге міндетті. Әрбір шығармаға жеке-жеке тоқтауға шеңбері тар болғандықтан, шолу ретімен қорыта келгенде, қазақ совет прозасының өсу жолындағы табыстары да, кемшіліктері де осы айтылғандарға соғады. Қай шығарманың болсын жетістік-кемістік жақтарынан көптеген соны пікірлер, елеулі қосымшалар айтуға болады, бірақ оның бірі де жалпы
жайымызды өзгертпейтін сияқты. Сондықтан мен алдымызда тұрған міндеттерге қарай ойысамын. Қай әдебиеттің болсын алдағы кезеңге қояр талаптары сол әдебиеттің қандай дәрежеге көтерілгендігіне байланысты. Екінші съездің тұсында жастар қатарындағы жазушыларымыз қазір ысылған, тәжірибелі жазушылардың қатарына дер шағына кірді. Соңғы он бес жылдың ішінде жоғары дәрежелі білім алған жас таланттар қосылды. Ұлылыкішілі кемшіліктерімен бірге қазақ совет прозасының бұл уақытқа дейін жасаған шығармалары енді алдымызға кеңірек те, тереңірек талаптар қоюға берік негіз бола алады. Осы жайларымызды еске ала отырып, алдағы дәуіріміз үшін мен мынадай талаптар қойғым келеді: Бірінші, үлкен проза жасау жолындағы бетімізден таймай отыра, прозамыздың шағын саласын да жоғары дәрежеге көтеруді көпшілігіміз болып қолға алуға міндеттіміз. Үлкен еңбек жазу ара-тұра қысқа әңгімелер жазуға бөгет болмайды. Уақыт жағынан қарайтын болсақ, ең алдымен творчестводан басқаға кетіп жататын көп уақыттарды қысқарта білейік, ондай уақыт шығыны бізде әлі көп. Қазіргі қысқа әңгіме жазып жүрген жастардың біразы алғашқы буынның тәжірибесінен көз жазып қалып, коллектив болып көтерер істі оңаша арқалап, сыңаржақ атқарғандай болып жүр. Оларға тәжірибелі жазушыларымыздың қолғабысы керек. Үлкен еңбек үстіндемін деп Отанымыздың қайнаған өмірінен шеттеп қалу ешбір жазушыға да келіспейтін нәрсе. Өйткені жазушы қандай дарынды болса да, бір кезде қиыншылыққа, жасандылыққа ұшыраспай қалмайды. Бүгінгі шындықты кейін архивтен іздейтін болмай, бүгінгі өмірдің өзінен сұрыптап алуымыз керек. Әсіресе, алғашқы сәтті еңбектерімен көрінген Шаймерденов, Нұрпейісов сияқты жастарымыз прозаның бұл саласына белсене қатнасуға міндетті. Екінші, социалистік реализм әдебиетінің идеялық және көркемдік талаптарына енді терең бойлайтын кезеңге шықтық. Ол талаптарды қалай меңгере алғандығымыз тақырып талғаудан бастап шындықтан алынған конфликт жасай алу, созымды сюжет құра білу, нанымды образ жасау, түсінігі дәл образды тілді меңгеру сияқты, қорыта келгенде шеберлікті меңгеру мәселесіне тіреледі. Шеберлік – біздің алдымызда тұрған бірінші мәселе. Классикалық әдебиет жасау үшін ең алдымен классиктардың сөздерінен үйренуіміз керек. Олардың еңбектеріндегі үлкен шеберлікті меңгермейінше, үлкен әдебиет жасалмайды, тілек орындалмайды. Біз, қазақ жазушылары Толстойдың, Тургеневтің, Гогольдің, Чеховтың, Горькийдің мұрагерлеріміз, ең алдымен осы аталарымыздың шеберлігін меңгере білейік. Ұлттық шеңбердегі үлгілерді ғана мектеп еткен әдебиет қарқындап өсе алмайды. Ұлт әдебиеттерінің өркендеу жолы
барлық совет әдебиетінің, оның ішінде озық жазушыларымыздың тәжірибесіне сүйену арқылы ғана дұрыс өрісін табады. Орыс совет әдебиеті біздегі ең озық, көркем әдебиет. Біздің кешеуілдеп кіріскен тақырыптарымызға ұлы орыс халқының бүгінгі жазушыларынан ылғи өнеге алып отырамыз. Бұл үлкен мектепті ешуақытта естен шығармауымыз керек. Бірімізге біріміз қатал да әділ сын жәрдемін беріп отырсақ, қазақ совет прозасы алдағы дәуірде үлкен талаптарды көтере алатын кезеңіне шықты. 1954 ж. ӨНЕР ТУЫСТЫҒЫ I Тарихы тамырлас, тағдыры ұқсас екі халықтың – қазақ пен өзбектің ежелден бергі өзара қат-қабат байланыстарына мысал көп. Бірі аға, бірі інідей тете өсіп, Ұлы Сырдарияны қатар еміп ержеткен елдеріміздің өткеніне көз салсақ, талай-талай маңызды мағлұматтар бар. Торқалы тойда табысқан, жауларын бірге шабысқан, еркіндік үшін тізе қоса күрескен халықтарымыздың достығы ғасырларда шыңдалған. Кәрі тарихтың көп беттерінен-ақ нақ осы ынтымақтың, түбі бірге туысқандықтың айғағын аңғарамыз. Үйіміз іргелес, қойымыз қоралас, төсекте басы, төскейде малы қосылған елдерміз. Бәйгеге қатар ат қосып, көкпарды бірге тартысқан елдерміз. Еңбегіміз, еліміз, қуанышымыз, тілегіміз біріккен елдерміз. Халықтарымыздың ертедегі өмірі мен салт-санасы ауыз әдебиет нұсқаларында да өшпес із қалдырыпты. Қазақтың «Алпамысы» өзбектің де «Алпамысы» болып табылады. Бұл тамаша дастан көне дәуірдің шындығын елестетеді. «Алпамыс» өзбектің де, қазақтың да бөлек-бөлек халық болып құралуынан бұрын туған. Мұнда қазіргі қазақ пен өзбектің құрамына қосылған қоңырат тайпаларының басқыншы дұшпандарға қарсы қаһармандық күресі суреттелген. Фольклордың түрлі-түрлі жанрларынан да ұқсастық, ортақтастық табыла береді. Ерте кезде өзбектер домбыра мен қобыз тартқаны, үйлену тойларында жар-жар өлеңін айтқаны анық. Сан түрлі ертегілер мен көптеген мақал-мәтелден де осы екі халықтың тарихына, шаруашылық кәсібіне тән сарындарды танимыз. Ескі Шағатай әдебиеті мұралары да бірсыпыра ретте өзбек пен қазаққа бірдей ортақ болып саналады. Тек бұларға ғана емес, түркпенге
де, қырғызға да, қарақалпаққа да қатысты болатын нұсқалар аз емес. Осы халықтардан шыққан дарынды адамдар шығармалық еңбектерін бәріне де қанық шағатай тілінде жасағаны мәлім. Қазақ жерінде туыпөскен қожа Ахмет Яссәуиді тек қазақ тарихымен ғана тұйықтап қою әділет болмас еді. Ахмет Яссәуидің еңбегі қазақтың да өзбектің де көне әдебиеті тарихында қатар қарастырылуының ерсілігі жоқ. Қазақтың революциядан бұрынғы әдебиетіне Орта Азия классиктері шығармаларының мол әсері тиген. Соның ішінде өзбек халқының данышпан ақыны Әлішер Навоидың ғажайып туындыларын оқып үлгі алмаған ақын кемде-кем. Классикалық әдебиетіміздің шұғылалы шыңы – Абайдың да өзіне ұстаз тұтқан, талантына бас иген ақындарының бірі Навои еді. Навои шығармаларымен халқымыз ертеден-ақ таныс болған. Ел арасынан шыққан өнер иелері оның дастандарының сюжетін негізге алып, шығармалар жазып таратқан. Халықтарымыздың арасындағы экономикалық, мәдени, әдеби байланыс ғасырлар бойы үзілмеген. Қазақтың ақыны мен өзбектің шайыры шығарған жақсы жыр, өнегелі өсиет екі халықтың да рухани байлығына айналған. Бірақ Социалистік Ұлы Октябрь революциясына дейін қазақ пен өзбек халықтарының творчестволық күшін толық жарыққа шығаруына мүмкіндік болмады. Материалдық игілікті жасаушы еңбекші көпшілік үстем қауымның тепкісінде болды. Бір кезде іргелі де аумақты цивилизацияны тудырған елдердің бірі Орта Азия халықтары соңғы бірнеше ғасыр ішінде қараңғылық түнегінде күн кешті. Бұл жағдайды қазақтың XIX ғасырда өмір сүрген кемеңгер ғалымы Шоқан Уәлиханов қайғылы өкінішпен атап көрсетіп еді. «Мавереннагрда, ертедегі шығыстың (XIV—XV ғасырлардағы) ең мәдениетті, ең бай елінде, қазір надандық, кедейшілік деген қай жердегіден болса да күштірек болып отыр. Самарқанның, Ташкеннің, Ферғананың, Хиуаның тағы басқаларының кітапханаларын, Самарқандағы обсерваторияны татар вандализмнің және Бұхар инквизациясының рақымсыз қолдары мүлдем жойды, дін білімінен басқа білім атаулының бәріне де лағнат айтты». Шоқан Орта Азия халықтарының шын мәнінде азат, мәдениеті жоғары елдермен терезесі теңелуін аңсап еді. Қазақта «шешеннің сөзі ортақ, шебердің қолы ортақ» деген мақал бар. Өз халқын бостандыққа, бақытты өмірге шақырған, сол жолда бар өмірін сарп еткен ардагер ұлдар бір елдің ғана азаматы болып қалмай, басқа туысқан халықтардың да перзентіне айналады. Осы тұрғыдан алғанда, Фирыоуси, Навои, Низами, Абай, Ыбырай, Шоқан, Ахундов, Фұрхат, Мукими, Мақтымқұлы, Тоқтағұл, Тоғолок, Тоқай – біздің елдерімізге түгел қымбат, олардың асыл шығармалары қадірлі қазына болып табылады.
II Бүкіл еліміздің халықтары секілді қазақ пен өзбектің де тұрмысы мен мәдениеті Совет өкіметі жылдарында көркейіп өсті. Революциядан бұрын сауатсыздық жайлаған, экономикасы мешеу елдеріміз индустриялы озық республикаларға айналды. Қазақстан биыл күзде өз республикасының орнағанына 40 жыл толуын тойлағалы отыр. Осындай күнде кешегі өткенімізге көз жіберсек, қаншалық ілгері кеткеніміз анық көрінеді. Қазіргі Қазақстан шаруашылық дәрежесі жағынан алдыңғы қатарлы капиталистік елдердің көбін басып озды, Революциядан бұрын бізде бір де-бір театр, не жоғары оқу орны болмаған еді. Елдегі жағдай мүлде басқаша. Бұл күнде отызға тарта жоғары оқу орны бар, онда сан мыңдаған студенттер оқиды. Театрларымыздың табыстары да айтуға тұрарлық. Солардың ішінде ұлттық мақтанышымыз – Қазақтың Абай атындағы Ленин орденді опера және балет театры мен Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді Академиялық драма театрының зор игілікті жұмыстарын алдымен атаймыз. Бұл екі театрда қазақтың көптеген талантты өнерпаздары қызмет істейді. Олардың бірсыпырасы республикамызда ғана емес, бүкіл одақтық көлемде де әйгілі. Астаналық және облыстық, колхоз-совхоз театрларында ұлттық драматургия туындылары қойылады. Сонымен қатар театрларымыздың репертуарында бүкіл советтік драматургияның, әлемдік классикалық әдебиеттің де таңдаулылары бар. Осы ретте қазақ театрларында біздің өзбек досымыз Абдолла Қаһһардың «Ауру тістер», «Жаңа жерде» сияқты шығармалары қойылып жүргенін айту керек. Қазақ совет әдебиетінің де жетістіктері аз емес. Біздің әдебиетіміздің таңдаулы шығармалары Бүкілодақтық оқушыға танылып отыр. Мұхтар Әуезовтың, Сәбит Мұқановтың, Ғабиден Мұстафиннің, Ә.Тәжібаевтың, Ғ.Ормановтың, Т.Жароковтың тағы басқаларының шығармалары бүкіл көп ұлтты совет жұртшылығынан жақсы баға алғандығын айта аламыз. Қазақ совет әдебиетінің бірсыпыра романдары шетел тілдеріне аударылып, жержүзілік даңққа ие болды. Бүгінгі әдебиетіміздің советтік дәуірде, озық орыс әдебиетіне арқа сүйей отырып жасаған бай дәстүрі бар. Қазақ совет әдебиетінің іргесін қалаушылар: Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтардан бастап, бүгінгі соңғы буын жас жазушыларға дейін социалистік реализм туын жоғары ұстап келеді. Қазақ әдебиетінің барлық жанрында да маман, қабілетті кадрлары бар. Әдебиетіміздің алтын қоры жыл сайын жаңа шығармалармен толығып келеді. Қазақ әдебиетінің жоғарғы профессионалдық биікке жеткендігіне бүкіл совет әдебиетінің таңдаулы шығармаларының бірі болған «Абай
жолы» эпопеясы жарқын мысал. Бұл эпопеяға өткен жылы еліміздегі ең мәртебелі әдеби жүлде – Лениндік сыйлық берілді. Қазақ тіліне орыс әдебиетінің, жер жүзі классикасының жақсы үлгілері аударылып отыр. Сонымен бірге еліміздегі туысқан халықтар әдебиетінің де шығармалары оқушыларымызға таныс. Қазақстанның кітапханаларынан көптеген қазақ ақын-жазушыларының кітаптарымен қатар, жержүзілік әдебиеттің де шығармаларын табуға болады. Бальзак пен Толстой, Шекспир мен Мольер, Низами мен Навои, Шиллер мен Гюго, Байрон мен Гейне, Пушкин мен Тоқай, Мақтымқұлы мен Тоқтағұл сияқты әдебиет алыптары қазақша сөйледі. Өзбек әдебиетінен аударылған кітаптар қарамының өзі едәуір. Әлішер Навои шығармаларының бір томдығынан басқа қазақ тіліне аударылған кітаптар саны ондап есептеледі. Айбектің «Навои» романы республикамызда кең таралып кетті. Хамзаның, Ғафур Ғұламнің, Шараф Рашидовтың, Абдулла Қаһһардың, Асхат Мұхтардың, Миртемірдің, Зүльфияның шығармаларын оқушыларымыз ана тілінде оқиды. Ең соңғы кездің өзінде Ш.Рашидовтың «Дауылдан да күшті» романы, А.Қаһһардың «Қыштақ» повесі, А.Мұхтардың «Апалы-сіңлілері», өзбек ақындарының өлеңдер жинағы, өзбек балалар әңгімелерінің бір томдығы басылып шықты. III Қазақ-өзбек әдеби байланыстарын санап айтумен қатар, әлі де іске аспаған маңызды міндеттерді еске алуымыз қажет. Ең алдымен айтарымыз: осы кезге дейін қазақ-өзбек әдеби байланыстарының не бұрынғы, не қазіргі жай-күйі зерттелген емес. Түбегейлі терең монографиялар түгіл бұл тақырыпта мақалалар да жазылмаған деуге болады. Байыптап қарасақ, қазақ пен өзбек әдебиетінің фольклорлық ежелгі жазба әдебиеттің советтік нұсқаларында салыстырып қарарлық қызғылықты мәселелер толып жатыр. Ал осы проблеманы зерттеумен кім айналыспақ? Бұл жөнінде Қазақ ССР Ғыдым академиясы Тіл мен әдебиет институтының атына сын айтылуға лайық. Бауырлас халқымызбен ғасырлар бойғы мәдени қатынасымызды баяндайтын бір де-бір арнаулы еңбек тумапты. Біз білсек, мұндай еңбек өзбек тілінде де жоқ. Ендеше алдағы кезде Тіл мен әдебиет институттары арнайы қарастыратын күрделі тақырыптың бірі қазақ-өзбек әдебиеттерінің бұрынғы-соңғы байланыс тарихы болуға тиіс. Қазақстан жеріндегі өзбектердің, Өзбекстан жеріндегі қазақтардың әдеби, музыкалық фольклоры да жиналып, зерттелмеген. Мәселен, Өзбекстан жерін ежелден бері жайлап келе жатқан көп қазақтың көңіл бөлуге тұрарлық рухани дүниелігі жоқ деп ешкім де айта алмаса керек.
Мәселе соған көңіл бөлуде, ғылыми тұрғыдан талғап, татымдысын жұрт игілігіне жаратуда. Егер Өзбек ССР Ғылым академиясының Тіл мен әдебиет институты Өзбекстан қазақтарының музыкалық әдеби фольклорын, тілін, материалдық мәдениетін, азаматтық тарихын, өзбек пен қазақ әдебиетінің қатынасын зерттеумен шұғылданса игі жұмыс болар еді. Қазақшадан өзбекшеге, өзбекшеден қазақшаға кітап аудару әлі күнге дейін жүйелі түрде жүргізілмей келеді. Бұл жұмыста науқаншылдық, сыпайы мезіреттілік басым. Аударма ісіне мәні терең мәселе деп қарауымыз керек. Кей-кейде аударманың сапасыз шығуы, түпнұсқаның рухын, көркемдік құдіретін толық бере алмауы көбіне асығыс, атүсті аударылудан немесе оригиналға еркін түсінбеушіліктен. Екі тілді терең білетін аударушылар тәрбиелеу қажет. Ондай кадрларды қамқорлыққа бөлеп, халықтар арасын жақындастырушы насихатшылар деп бағалау шарт. Жүрдім-бардым, шалағай аудармаға жол берілмеуге тиіс. Кітапты аудару бар да, оны халыққа тарату, насихаттау бар. Баспадан шыққан кітаптарды қалың оқушыға неғұрлым тез әрі толық жеткізудің қамын да ойлау керек. Кей жерлерде керекті кітаптар табылмай жататыны да болады. Өзбекстанда қазақ кітаптарының қаншалықты қажет мөлшерде таралып жүргенін мен білмеймін. Бірақ көкейіме келген бір пікірді айтқым келеді. Ташкент қаласының орталық кітап дүкенінен ашылған қазақ бөлімнің жұмысы жандандырылса демекпін. Өйткені Өзбекстандағы қазақтың да дені Ташкент маңайында ғой. Бұл қазақ кітабын таратудың ұтымды әдісі болар еді. Әдеби насихаттың түрлі жолдары бар. Соның бір саласы театр арқылы жүрмек. Аударма пьесаларды сахнаға шығару да өте керекті жұмыс. Қазақ театрында өзбек пьесалары, өзбек сахнасында қазақ шығармалары қойылуы – халықтарымызды бір-біріне бауырластырудың тамаша тәсілі болмақ. Оның үстіне тағы да бір туысқандық тілек айтар едік. Өзбекстан қазақтарына қазақ драматургиясының туындыларын өз тілінде қоятын арнаулы не республикалық, не облыстық бір қазақ театры қажет-ақ. Әдебиет пен искусство шығармаларын халыққа таныстыруда теле видение, радионың атқаратын қызметі үлкен. Қазақ радиосы республика жазушыларының шығармаларымен қатар туысқан әдебиеттерімен де та ныстырып тұрады. Бізде ұйғыр, чечен тілдерінде арнаулы программа бой ынша әдеби-музыкалық таныстырулар ұйымдастырылады. Ал, Оңтүстік Қазақстанның облыстық радиосы өзбек тілінде хабарлар береді. Мұның бәрі де халықтар достығына, әдеби-мәдени ынтымаққа қажет шаралар. Өзбек радиосы да қазақ тілінде хабар беруді қолға алса, қазақ әдебиеті мен искусствосының озық үлгілерін Өзбекстанның үш жүз отыз мың қазағына ұдайы таныстырып тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Біздің өзбек достарымызға салар қолқамыздың бірі осы.
Қазақ әдебиетінің Өзбекстанда өткізілгелі отырған апталығы келешегі күрделі жұмыстың жақсы бастамасы. Бұл – Коммунистік партияның сара басшылығымен көсегесі көгерген, мәртебесі жоғары халықтарымыздың өскелең мәдениетінің мерекесі. Әдеби апталықтар – бір-біріміздегі, асыл мен ахықты, қымбат пен қадірліні достық сынға салудың, шын мәнінде өнер туыстығының белгісі болмақ. Әдеби апталықты біріншілер қатарында бастап, қазақ жазушыларын бұрын шақырған Өзбекстан жазушыларына қуанышты құшағымызды аша келетінімізді білдіріп, ұзамай өзбек бауырларымыздың бізге келуге әзірленулерін күтеміз. Сентябрь, 1960 ж. ӘДЕБИЕТ ТІЛІ ЖАЙЫНДА Соңғы кезде белді-беделді тіл ғалымдарының орфография, емле мәселелеріне тағы бір оралғандарын мәдениет жұртшылығы қатты ұнатып қалды. Күнбе-күн бақылап, байқай отырамыз дейтін газетжурналдарымызда астылы-үстілі кетіп бара жатқан жайлар барын көрді, «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде С.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Ә.Әбдірахманов, Т.Қордабаев жолдастар едәуір асқынып бара жатқан тымтырағайлықтар барын орнықты дәлелдеді. Қадірлі ғалымдарымыздың келтірген дәлелдеріне қосылмауға да болмайды, заңды талаптарын қолдамауға да болмайды. Қандай заң болса да қабылданғанша ғана талқыға түседі, қабылданғаннан кейін қалыптасуы керек. Тілді көркейте беру заңдарын, әсіресе, біз, жазушылар, қатты қадағалауымыз керек еді. Бірақ, шынымызды айтсақ, орфография, емле заңдарын елемеушілік біздің арамызда көбірек кездеседі. Ол заңдарды түгел білмейтіндеріміз де бар, дұрыс қолдана алмайтындарымыз да бар. Өзіміздің журналға бүйрегің қанша бұрғанымен, әділетке мойындауымыз керек, өз бетімен жайылу «Жұлдыз» журналында басымырақ болып отырғандығының бір себебі, дау жоқ, осында. Машинисткалар мен корректорлар бола тұрса да, ана тілінің байлығы мен тұрақты заңдарын дұрыс қолдана білу жазушылар үшін де басы артық байлық емес қой. Жоғарыда аттары аталған ғалымдарымыз негізінде сөздің таңбалануын таза ұстау талаптарын қойған. Мәдениетті ел үшін бұл келелі мәселе болып саналады. Осындай орынды талаптарға үн қоса отырып, мен әр сөзді өз орнына пайдаланып, сөйлемді дұрыс құрастыру жақтарынан азғана пікір айтқым келеді. Сөз сөзге жарығын да түсіріп тұрады, көлеңкесін де түсіріп тұрады. Біріне-бірі жарығын түсіріп тұратын сөздерден құралған сөйлем айтайын
деген ойыңды оқушыға дәл жеткізеді. Бұл арада ерекше ескеретін бір нәрсе – әр сөздің ой мен сезімге бірдей дөп тиіп жатуы, ең үлкен арман осында. Біріне бірі көлеңкесін түсіріп тұратын сөздер өз мағынасын дәл баспай, екі оқты болып, ауытқып шығады. Жазба сөз – бір өңкей әскер легі де емес, қой-сиыры аралас шұбаған көш те емес, теңіз толқыны да емес, жайнап тұрған бақша да емес, өмірге түгел ортақ ой-сезімді дәлірек те толығырақ бере алатын тіл байлығы. Бұл байлықты қалай болса солай пайдалану болашақ үшін үлкен қиянат. Аздаған мысалдар келтірейік. Ақын С.Қасиманов «Қазақ әдебиетінде» 3 августа жарияланған бір өлеңінде былай депті: «Шпал перне, қос ішектей жол шешен, Басқан сайын дабылынан туған жыр». Ақынның ойына жақсы бір теңеу келген. Домбыраның пернесін шпалға, екі шегін темір жолға теңегісі келген де, бірақ соны айта алмаған. «Домбыра» деген де, «темір жол» деген де сөз жоқ. Оның орнына ақын адамның аузына түспес «жол шешен» деген сөздерді өлеңге тығыпты. Жол шешен болғанда не болмақ, сақау болғанда не болмақ? Ақын: «Кемеңгер ел келістіріп керуенін, Табысымен толтырады олқымды» дегенімен, бұл өлеңдегі «олқылық» толмайды. Өйткені бұл – олқылық емес, сорақылық. Екінші бір жас ақын Е.Кенебаев: «Қанат бер талмайтұғын, күнді асайын», – депті. (Бұл да «Қазақ әдебиетінің» сол номерінде). Ана тілін жақсы білетін ақын «күнді асайын» емес, «күнге асайын» дер еді, «күнді асау» – күнді бесбармақша қылғып жіберу болып шығатынын абайлаған болар еді. Жазушылар арасында: – Сүйейін Әмуіңнің жағалауын, – деген өлең кептен бері қалжаққа түсіп жүр. «Күнді асайын» да сондай, сөзге мән бермегендіктен, жауапсыздықтан туған. Жас ақындарға қатты ұрыссақ та, ішімізден кеп кемшіліктеріне кешірім ете отырамыз. Әттең осындай кемшіліктер сақайып қалған ақындарымыздан да жиі кездеседі. «Қазақ әдебиеті» газетінің осы номерінде белді ақындарымыздың бірі болып келе жатқан Ғ.Қайырбековтың «Теңіз балладасы» деген поэмасы басылды. Поэма Қырым жағасында туған ескі бір аңызды байымдайды. «Қырым қызын» бұдан отыз жыл бұрын ақын Ғалым Малдыбаев та жазған еді. Ғ.Қайырбековтың балладасы
адам түсінбейтін бірдеңе болып шыққан. Оның себебі – ақын поэзиялық тіл байлығын тым сөлекет пайдаланған, оқи алмайсың. Балладада: «Қанаты суық мұздай құс... – Жалт қараса, айдынға Асылып қалған бір білек. – Толтырып жасқа уысты Сақалын жұлып шал қалған – Тұншықсаң теңіз суына Ақ сүтімді еме бер! – Махаббат атты құдірет Періште қылған соларды! Соғуын тияр құр жүрек, Өлмейтін жандар со мәңгі» – деген шумақтар кездеседі. Енді аздап осы жолдардың мазмұнын ұғынып қарайық, ойға, сезімге берер әсерін түсініп көрейік. 1) «Қанаты суық мұздай құс» деген не ертегіден, не бүгінгі өмірден әлденені меңзей ме? Жоқ. Не поэзиялық, не бейнелеу қажетіне жарап тұр ма? Жоқ. 2) «Жалт қараса, айдынға Асылып қалған бір білек». Айдын деп қамыссыз, батпақсыз, шалқар көлді айтамыз. Кейде көлемдірек келген жалтырды да айдын дей береді. Қайырбековтың қызы балладаның басында «теңізге батып тұншықты» болған. Сол күні қыз әкесі балық аулауға келсе, айдынға асылып қалған бір білекті көреді. Қос білекті кезек-кезек толқынға асып, жүзіп бара жатқан қыз болса бір сәрі, ал айдынға асылып қалған білек деген ақын көзіне қалай елестегеніне таңданасың. 3) «Толтырып жасқа уысты, Сақалын жұлып шал қалған», – деген екі жолды түсініп көрейік. Бұл әдейі қиындатпасаң, қиынға түсер ойдың төлеуі емес екендігі айдан айқын. Қызы суға кетіп қалған кәрі әке, сақалын жұлып қайғырып қала берген ғой. Бірақ, ақынның айтуынша шал сақалын уыстап алып жұлудың орнына көзінің жасын уыстаған, ақын «көзі жасқа толы кәрі әке сақалын жұлып қала берді» деген оп-оңай ойды екі жол өлеңге сыйғыза алмаған.
- «Тұншықсаң теңіз суына, Ақ сүтімді еме бер!» Мұны теңізде бала тауып қойған қыз айтады. Ақын теңіз суына тұншығып бара жатсаң, емшек емуге бола ма екен деп ойланбайды да. Ең болмағанда – «тұншығып кетпе теңізге, ақ сүтімді еме бер!» десе де бір сәт сөзге байланыспауға болар еді. 5) «Махаббат атты құдірет Періште қылған соларды. Соғуын тияр құр жүрек, Өлмейтін жандар со мәңгі!» Ақын бұл жолдарында «періште қылған соларды» деген сөздердің құлаққа естілер жағын да ескермеген, ойға қонар мағынасын да дәл жеткізе алмаған. Оның үстіне «сол» деген толыққанды сөзді «Со» деп шалағайландырудың да орны жоқ-ақ, бұл әшейін астамшылық. Тіл – аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз. Тілді ешкімге түрпілетпеуіміз керек. Әттең, ана тілінің байлығын салдамадан сақтап отыруға тиісті тіл ғалымдарының өздері де кейде қатты қынжылтады. Тіл тазалығы емле сауаты мәселесіне ат салысушы филология ғылымының докторы Ғ.Мұсабаев жолдас өзінің «Емле – тілдің жаны» деген мақаласында былай депті: «Ойлаңызшы, аңшы алдынан бұлаңдап қашқан түлкіні қуып келе жатқанда, жалпақ жатқан жарыққа кездессе, оның аты жүре алмай, сүрініп-қабынып, жіліншігін омырып, мерт болмай ма? Аңшы еріксіз тоқтап, кейіспен кейіп кетпей ме?» Ғалым емле қателеріне мән бермейтін, сауатсыз жазатын адамдарға барынша зілді сөз айтқысы келгені айқын. Бірақ, алған теңеуі созалық та сөлекеттеу шыққан. Теңеу, бейнелеу созалақтап кеткенде ойға да, сезімге де дөп тие алмайды, екінші, алған теңеулерің екі оқты ұғым тудырмауы керек. Мұсабаев жолдастың алған теңеуіндегі «жалпақ жатқан жарыққа кездессе» дегені, сөз жоқ екі түрлі бейне туғызады: біреуі – қайда болса да кездесе беретін жер жарығы. Ондай жарық жалпақ болса, ат сүрінбейді де, «жіліншігін де омырып» алмайды. Өйткені ондай жарықта жынды адам ғана түлкі қуады. Жарықтың екінші түрі, бұрын пәленшенің жарығы, түгеншенің жарығы деп те аталатын, шынында да жалпақ жататын жарықтар. Бірдемені бейнелегің келгенде екі оқты мағына беретін теңеулерден аулақ болу керек. Ғ.Мұсабаев жолдастың алған теңеуін оқып шығып, түсініп болғанша, оқушының көңілі «мерт» болуы мүмкін. Менің әсіресе қарсы болғым келіп отырғаны автордың «кейіспен кейіп
кетпей ме?» деген сөйлемі. Таяқпен таяқтамай ма, маймен майламай ма, ашумен ашуланбай ма, күлкімен күлмей ме дей беретін болсақ, не болғанымыз? Ана тіліне көрсеткен құрметіміз қайсы? Осы сияқты оралымы жоқ, оралғысы көп сөйлемдер ғылым докторы Б.Кенжебаев жолдастың «Сұлтанмахмұт Торайғыров» дейтін еңбегінде тіпті көп екен. Кенжебаев еңбегінің 27-бетінде былай депті: «Атомдар құралып тән пайда болады, яғни, тән түрлі атомдардан тұрады. Тән күйресе, атомдар ыдырайды. Тән күйрегенде ыдыраған атомдардың кейбіреулері жаңадан пайда болатын тәннің түрлі мүшесі болады да, кейбіреулері әуе болып, жел, құйын болып ұшып жүреді. Атомдар, олардың әуе, жел, құйын болып ұшып жүруі, бірнеше атомның жиналып, тән болуы, тәннің тозып, күйреуі, атомдардың бастапқы қалпына айналуы – әуе жел, құйын болып ұшып жүруі, дүниенің осылай құбылып, өзгеріп тұруы – бәрі құдайдың құдіретімен, тағы басқа төтенше күштің қуатымен болмайды, дүниенің өз заңымен, қажеттілік заңы бойынша болып тұрады.» Мен атом жайын зерттеген адам емеспін, бірақ осы айтылғандардың ғылыми жақтарының өзі де шалағай да шүбәлі сияқтанады. Кенжебаев жолдас бұл шұбалманы «Сұлтанмахмұт дүниені, табиғатты, болмысты материалистерше, диалектикалық жолмен түсінеді» деген ойын дәлелдеу үшін келтірген. Онысына сене де алмайсың, сенгің де келмейді. Замандас ғалымымыз өкпелесе де, айтпасқа амалымыз жоқ, мұның аты материалистік диалектиканы тым тұрпайы түсінудің маңайы болады. Ал енді автордың сөз құрау, сөйлем жасау жақтарына келсек, ана тіліміз үшін авторға біз өкпелеуіміз керек. Жоғарыда келтірілген үзінді Торайғыров ақынның дүниеге көзқарасын дәлелдеуге арналған болса, енді бір үзіндіні ақынның поэзиясына берілген тұжырындыдан келтірейік. Кенжебаев жолдас Сұлтанмахмұттың поэзиясын былай бағалапты: «Сонымен Сұлтанмахмұттың лирикасы поэма сияқты ұзақ болып, поэмасы лирикалы болып, лирикасы мен поэмасының арасы жақын жатады. Яғни, Сұлтанмахмұттың өлеңдері әлеуметтік лирика болып, сондықтан да көлемді, ұзақ болып келсе, поэмалары сюжетсіз болып, бірақ лирикалы болып, әлеуметтік лирика болып келеді». Бір сөйлемнің ішінде «болып» деген жарымжан етістік бес рет қайталанады! «Әлеуметтік лирика болып» – екі рет, «лирика болып, лирикалы болып» – үш рет! Қадірлі ғалым, сөйлем құру заңын әдейі бұзғысы келген адам да сізден асыра алмауы мүмкін. Ал енді Торайғыровтың поэзиясына берілген бағаның өзіне келсек, оны түсіну үшін, шынымыз осы, өз өреміз жете алған жоқ. «Өлеңдері әлеуметтік лирика болып, сондықтан да көлемді, ұзақ болып, поэмалары сюжетсіз болып, бірақ лирикалы болып, әлеуметтік лирика болып»
жатқан ақынды түсіну кімге де болса, оңай соға берер ме екен! Осынша бәленің бастары тоқайласқанда бірі мен бірі қалай тектесіп, қалай септесіп жатқанына таң қалғандайсың. Біз білген ақын Торайғыров тап осындай сияқты емес еді. Дұрысын айту керек, соңғы кездерде кейбір баспалар тарапынан әдебиет тіліне атүсті қарау етек алып бара жатқан жайы бар. Баспасөз орындарында шығармаға редактор қолы бата тигені байқалмайды. Қадірлі қалам қайраткерлері, ана тілін аяқ асты етуден тыйылатын болайық. «Социалистік Қазақстан», 1962, 16 сентябрь. КИНО ӨНЕРІНІҢ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕРІ Бұдан дәл бір жыл бұрын, ноябрь айынын, нақ осы күндерінде Партиямыздың жаңа Программасы мен КПСС XXII съезі белгілеген ұлы мұраттарға байланысты әдебиет пен көркемөнер қайраткерлерінің міндеттері жайлы Қазақстанның барлық творчестволық одақтарының біріккен пленумы өткен болатын. Республикамыздағы барлық творчестволық күштердің бас қосқан жиынында біз идеология майданының ең көлемді, ең маңызды саласындағы хал-ахуалымызды әділ ойласып анықтап алып, кітаптарымыздың, сурет өнерінің, драматургия мен кинодраматургияның идеялық-көркемдік дәрежесін арттыру мақсатымен жалғыз ғана осы мақсатпен ұйымдық басшылықты жетілдіру, жақсарту шараларын белгілеп алуға тырысқан едік. Бүгін біз Қазақстан Жазушылар одағы мен Кино қайраткерлері одағының ұйымдастыру бюросының біріккен пленумында жас кино өнеріміздің жеке басындағы жетістіктер мен кемістіктерді талқылай қарауға, қарағанда да, қадір тұта, қамқор көзбен, кірбеңі жоқ, жаны ашыр достың сын көзімен, арамдығы жоқ ақ көңілмен, жеке адамдардың басында болатын ұсақ-түйек күйкі-күйбең, жүз шайысулардың бәрін былай қойып, әділет тұрғысынан қарауға тиіспіз. Біздің жас кино өнеріміздің алдында тұрған келелі міндеттердің біздің бәріміз үшін маңызды, мәнділігі сонша, біз ешкімнің де оны даурықпа жамандауға салуына, одан қалды, кемсітіп, беделін түсіруіне жол бермеуіміз керек. «Асын ішіп, аяғына тепкеннен без». Ал, кино өнері, көркемөнердің барлық басқа түрлері тәрізді, халыққа рухани нәр жинап береді, сондықтан оған шексіз құрметпен, достық қамқорлықпен қараған абзал.
Кино өнерінің халін егжей-тегжейлеп анықтап, белгілі бір ұсыныстар жасауымыз үшін, істі қай тұрғыдан қарауымыз керек? Қарар тұрғымыз біреу-ақ. КПСС XXII съезінде қабылданған партиямыздың жаңа Программасында, КПСС Орталық Комитеті мен Қазақстан КП Орталық Комитетінің кино жөніндегі арнаулы соңғы қарарларында айдан анық айтып берілген. Көркемөнер еліктеудің солықтауы болмай, шын мәнісіндегі көркемөнер болғысы келсе, әлсіз де нәрсіз, әжуа болмайын десе, кемшілікке кеңшілік жасамау керек. Өйткені нағыз көркемөнер өзінің идеялық-көркемдік жақтағы талаптарын ешкімге ойыншық ете алмайды. Көркемөнердің аз ұлттың творчествосына деген арнайы жеңілдігі жоқ, қарадүрсіннен қара үзбесті қолдар хақысы да жоқ. Себебі, нағыз көркемөнер дегеніміздің өзі – белгілі бір халықтың, белгілі бір қоғамның рухани есею шағының жемісі. Сондықтан, біздің жағдайымызды алғанда, советтік және дүние жүзілік мәдениетке өнегелі үлкен мектебі бар көркемөнеріміздің қай түрінің болсын жастық шағы туындыдағы олақтықты ақтауға дәлел бола алмайды. Шын дарын иесінің жас шағына тән қасиет дандайсу мен дақпырт далбасасы емес, жалынды жайдарылық, жаңашылдық, романтика, өткірлік, өзін-өзі қатал сынап, өзін-өзі қатаң бақылап отыру болады. Ауыздықты ала қашқаннан гөрі сыпайылық жарасымды болмақ. Жастың бойынан парықсыз паңдық емес, өз өнерінің күшіне сенер мығымдық тапқан қандай жақсы. Жас деп отырғанымыз: совет кинорежиссурасының кейінгі буынына жататын Чухрай мен Тарковский, өзіміздің Сұлтан Қожықов, соңына бүкіл бір ұрпақ жас киноартистерді ерткен Олег Табаков. Олар творчестволық арын ешнәрсеге айырбастамайды. Бұл ұрпаққа «Солдат туралы баллададағы» Жанна Прохоренко, «Арылудағы» Тамара Семина, «Ашық аспандағы» Нина Дробышева жатады. Егер студия бұдан былай оның жастығы мен сүйкімділігін ғана місе тұтпай, мазмұнды, мәнді рольдер беріп, творчестволық өсуіне жағдай жасаса, өзіміздің Р.Мұхамедиярова да сондай дарынды жас сияқты. Біздегі және басқа ұлт республикаларындағы театр өнерінің даму жолындағы ең алғаш ду көтерілген кезін, яғни Октябрь революциясы жеңісімен бірден шешек атып, гүлденіп кеткен шағын еске алсақ, сонда ең басты еңбек сіңірген талантты жастар екен. Қазақ опера өнері туғанына екі жыл толмай-ақ, Москвада өткен тұңғыш он күндікте Совет Одағы халықтарының аса зор қошемет құрметіне бөленбеп пе еді! Дүниеге келгеніне небәрі екі-ақ жыл болған тәжік киностудиясы «Зумірет» фильмін жасап, оның бірінші категориямен бүкіл одақтық экранға қабылдап алынғаны да жұртқа мәлім. Мұндай мысалдар толып жатыр.
Көркемөнерде жастың жастығынан қорықпа, жасы жетпей қартаюдан қорық. Өнерпазға қарттық жоқ, жасара бер, жақсара бер, қайратыңнан қайтпа, бірақ пенсия жасына жеткенше шикі жас бола беруге де болмайды. Тұңғыш кинокартинамыз «Аманкелді» 1938 жылы шыққан екен: ширек ғасыр жасап келе жатқан жас кино өнеріміздің шынайы халжағдайы қандай, өз тұрғымыздан соны шолып көрейік. Соңғы екі-үш жыл ішінде орталық және республикалық баспасөз «Қазақфильм» жөнінде жапа-тармағай мақалалар жазып, жұмысқа пайдасы тиетін даусыз әділ сын пікірлер айтқанын былай қойғанда, кей біреулердің көкейінде осы біздің кино қайраткерлеріміз бен киностудиямыз жасаған бұйымтайлардың бәрі түкке аспай қалды-ау деген күдік те туған тәрізді. Бұл күдіктің жазушылар мен кино қайраткерлерінің кейбір тобында қаншама етек жайып, меңдеп алғанын осы пленумның алдындағы әңгімелер айқын көрсетті. Бұл жағдай мәселені әділ шешуді қиындататыны былай тұрсын, бұралаң бұлтарысқа ықтырып әкетіп, ісімізден нәтиже де, аброй да әпермей қалуы мүмкін еді. Ол аз болса, ең жаманы сынға қайдағы жоқ көңірсік көң-қоқыр, бас араздықтан туатын пыш-пыш өсек-аяң араласа жаздады. Бірақ біздегі кино өнерінің өткен жолына әділет көзін жүгіртсек, бүкіл одақтық мәні бар бірсыпыра кинофильмдер жасалғанын мойындамай болмайды. Олар, біріншіден, көркемөнердің түйінді мәселерін кеңінен қамтитын кесек туынды, екіншіден, өз заманының көркемдік биігіне көтерілген белді шығармалар еді. Мұның қатарына соғысқа дейін және соғыстан кейін жасалған «Аманкелді», «Абай», «Жамбыл», «Ботакөз» фильмдерін жатқызбақпын. Оған біздің киностудиямыз соңғы жылдары шығарған үш фильмді қоспақпын. Л.Әбдікәрімованың қатысуымен қойылған Боголюбовтың «Шабандоз қызын», жас режиссердың тұңғыш картинасы екенін ескере отырып, М.Бегалиннің «Шоқан Уәлихановын», сиқыр-миқырға барам деп былықтырып алған кәкір-шүкірін айтпағанда Ш.Аймановтың «Сүйікті докторын», ұшарға қанаты сау болғанмен, қонарға құйрығы жасандылау болып шыққан, С.Қожықовтың «Егер бәріміз осындай болсақ» фильмін осылардың қатарына жатқызуға болады. Бұл картиналар тақырыбының алуан түрлілігі жағынан да, көркемдік шешімі жағынан да біздің киностудиямыздың идеялық творчестволық тұлғасын айқын көрсете алады. Оншама мінсіз болмағанымен, жас кино өнеріміздің реалистік мұратқа ұмтылып отырғанын, творчестволық іздену бағытын баяндайды. Кино қайраткерлері заманымыздың түбірлі, көлемді жақтарын бейнелеуге жан сала құлаш ұрғанын аңғартады. Амал не, кейде біздің киностудиямыздың табаны осы тапжылмас тіректен тайғанақтап кетті. Әсіресе бүгінгі өмірімізді бейнелеуде ұлылыкішілі сәтсіздіктен шыға алмай-ақ қойды. Оны айтасыз-ау, кинодағы
кейбір тіс қаққан қайраткерлеріміздің өздері өмір шындығы деп қайдағы бір көзге қораш, майда-шұйда жасанды тақырыптарға әуес-ақ, сөйтіп жүргенде сәтсіздіктен-сәтсіздікке ұшырайды. Менің ойымша, кино қызметкерлері одағы мен киностудиямыздың басшыларының басты кемшілігі – соңғы жылдары коллективтің творчестволық күштерін дұрыс бағытқа мегземей, тақырып ұсақтығына, жалған жаңалыққа, кейде тіпті еріккеннің ермегіне жұмсап жүрген тәрізді. Шынымды айтсам, мен үшін ұсақ-түйек тақырыптан арзанқол жүлде алғанша, маңызды тақырыпта сәтсіздікке ұшыраған анағұрлым жарасымды тәрізді. Тіпті сол шөже тақырыптан да бәйге алып жүргендерді аз көремін. Осыған орай біздің баспасөзде, атап айтқанда, «Известия», «Советская культура» газеттері мен «Коммунист», «Советский экран» журналдарында және республикалық баспасөз беттерінде жазылған сын пікірлердің даусыз дұрыс екенін мойындауымыз керек. Кино қызметкерлері одағы ұйымдастыру бюросының кейбір басшыларының бұл сынға шамдана наразылық білдіргенін, оны талқылаудың үстірт өткенін, ең бастысы, пайдалы сынның не кино қызметкерлері одағының, не киностудиямыздың жұмысын жақсарту мүддесіне жаратылмай қалғанын айтпай кетуге болмайды. Түсіріле бастаған картинаны тоқтатып қоюдың қаншама қиын екенін білемін, мемлекет қаржысын ұстау жағынан да хабарым бар, бірақ таяудағы жылдардың жоспарында кесек дүниелік, алымды картиналардың болмауы өте-мөте жаныңа батады. Осы жағдайдың өзі кино өнеріміз құлдырап кетпесе жарар еді деген хауіп тудырады. Қазіргі айдан-анық жәйт мынау: қаражат жоспарын қайткенде де орындау үшін киностудия «орташа», «нашар» баға алған сценарийлердің өзін картина етіп түсіруге итере салады. Егер киностудиямыздың соңғы үш-төрт жылдағы жұмысын байқап қарасақ, ойымызға қуаныш емес, реніш кіреді, осыншама үлкен творчестволық коллективтің мүшкіл халге бой ұсынып, еті өліп кеткеніне, халық алдындағы жауапкершілігін сезіну орнына, енжарлыққа салынғанына қынжыласың, «Дауыл», «Жерге оралу», «Тыныштық», «Бір ауданда», «Әнші ауыл», «Алмастан да асыл», «Сенің достарың», «Ұлым менің», «Бір түні» және басқалар тәрізді толып жатқан картиналарды, менің ойымша, көркемдік шеберлік сезімінен, жауапкершілік сезімінен айрылу деп бағаламасқа амал жоқ. Осы картиналардың басым көпшілігін екінші қайтара көріп шыққаннан кейін мен өз көңілімнен наразылықан басқа разылық таба алмадым. Бұл картиналардың авторларының көңілдеріне келмесін, осылар социалистік реализм көркемөнерінің кезіне шыққан сүйелдей болып көрінеді. Көркемөнер ерінбеген етікшінің ермегі емес, социалистік қоғамның аса жауапты ісі деген қағиданы бұдан былай да бұлжытпай ұстасақ бәрімізге де пайдалы болар еді.
Біздер, әдебиет пен көркемөнер қайраткерлері, жаңа адамның жарқын бейнесін жасап қана қоймай, ескілік сарқыншағы атаулыдан түгел арылған сол жаңа адамның өзін қалыптастыруға, оның ақ көңіл, ізгі мінезін дамыта түсуге, көркемдік эстетикалық түйсік-талғамын жетілдіре беруге, совет адамының барлық ой, сезім құрылысын қалыптастырып шығаруға тиіспіз. Қынжыларлық бір жай: жоғарыда аты аталған фильмдердің көпшілігі керек жерінен шықпай, көздеген жеріне деп тимей жатыр. Жас кинорежиссурамызды осы төңіректе ауызекі ашық әңгімеге шақырғым келеді. Біздің киностудиямызда тариф-нарқы бар, яғни, танымал төрт режиссер, «нарқы» белгіленбеген, яғни, онша танылмаған бір режиссер (ол – С.Қожықов), және киностудияда үш жылдан он жылға дейін жұмыс істеп келе жатқан, бірақ, жас деп аталатын сегіз режиссер жұмыс істейді. Ал, қане жас режиссерлер, институтты өздеріңізбен бірге бітірген жолдастарыңыз бірінен соң бірі бірінші разрядқа ие болып жатқанда, сіздер қашанғы үндемей қала бересіздер, қашанға дейін жас бола бермексіздер? Әдебиетте де, көркемөнерде де жас күштерге есік кең ашылған жоқ па еді? Солай бола тұрса да, не кино өнерінің жалпы проблемаларын талқылауда, не тікелей кино жасау тәрізді нағыз тоқетер жерде дауыстарыңыздың өктем шықпай, ынжықтана беретіндеріңіздің себебі неде? Заманымыздың тақырыбын сіздер көтермегенде кім көтереді, батылдық пен ізденгіштік сіздерге тән болмағанда, кімге тән? Сіздердің өкпе, наразылықтарыңыз маған да менен басқа осы жиналыста отырған бірсыпыра адамдарға да мәлім. Бірақ біздің бәріміздің де сіздердің творчестволық жігерлі екпіндеріңізді, албырт, алғыр оймақсаттарыңызды естігіміз келеді, қолтықтан демеудің сәті сонда түспей ме! Сондай сөзді енді естірміз, жас өнерпаздық арман талабына демеуші болармыз деп сенемін! Белгілі режиссер И. Пырьевтің: «Дана дарын, жас өнерпаз жанымызда қатар кетіп барады, кейде тіпті оқ бойы алдымызда көресің» деген сөзін естеріңізге салғым келеді. Ол жай айта салған сөз емес, жаңалық ізденуге шақырған дабыл. Жоғарыда айтылған сөз тек кино өнері қайраткерлеріне ғана емес, бізге, жазушыларға да тіреп айтылған сөз екені өзінен-өзі белгілі. Өйткені ірге тасы қаланбай үй салынбайды. Ал, сценарий болашақ картинаның бас ұйтқысы, салынар үйдің іргесі екені – жұрттың бәрі мойындаған даусыз қағида. Егер сонау бір топ картина сүреңсіз, селсіз болды десек, оның кінәраты драматургияның жамандығында, оның обалы – түгелімен жазушылардың мойнында. Біздің қазіргі жалпы қазақ драматургиясы, соның ішінде кинодраматургия соғысқа дейінгімен салыстырғанда аса көрнекті ештеңемен қуанта алған жоқ. Сол дәрежеден асып кете алған жоқ. Егер А.Каплер: «Бізде фильмдердің ең кемі 80 проценті сценарийдегі әр түрлі
кемшіліктері жөнделмеген күйінде өндіріске беріледі» дейтін болса, оған моральдық жағынан ең басты жауапкер – мына біздер, жазушылар. Оның үстіне, біздің киностудия жұмысында сапасыз сценарийлердің проценті Мосфильмге немесе Ленфильмге қарағанда, әлдеқайда көп. Кейде картина түсіріліп біткенде, сценарийдің сүйегін, атақты оқымысты Кювьенің теориясына сүйене отырып, әр жерде шашырап, бытырап жатқан жерінен жиып құрастыруға тура келеді. Біздің киностудиямыздың сценарий бөлімінің анық мәліметтеріне қарағанда, 1956-1960 жылдары қаламақысы төленген шарттар бойынша жазушылар киностудияға 55 сценарий тапсырған, соның ішінде түсіруге қабылданғаны 13 екен. Бірінші, бұл он үштен он үш шалажансар фильм туды. Екіншіден идеялық-көркемдік сапасы нашар болғандықтан, аттай 42 сценарий жарамсыз деп танылды. Баспаға тапсырылып, мемлекет қалтасынан ақшасы төленген қолжазбаның 75 проценті түкке аспай қалуы дегенді әдебиеттің басқа ешбір жанрынан таба алмаймыз! Ал кинодраматургияда жарамсыз сценарий саны 75 проценттен де асады. Қаламдас бауырларым-ау, осыны айтқанда екі бетің қалай дуылдамас! Драматургтың өз творчестволық парызына, шеберлік талаптарына жауапсыз қарауы деген осы емес пе! Бұл өрескелдік, біз өз ісімізге жоғары талап тұрғысынан қараймыз деп әлемге бар дауысымызбен жар салып отырғанымызда, қалайша тап болып отыр? Ойланбасқа, толғанбасқа болмайды. Сәтсіздік дәл осы заман тақырыбына келгенде етегіңнен алса, ойланбасқа не шара? Біздер, жазушылар, коммунизм құрылысшыларының өміріне қаншалықты терең үңіліп, белсене араласып жүрміз, өз заманымызды жақсы білеміз бе, ең бастысы, адамның жаңа құбылыс, жаңа қасиеттерін көркем бейне арқылы қолма-қол түсіндіруге келгенде, драматургтың өзі еліміздің үдере өркендеу қарқынын, совет адамының интеллектілік өсу жайын байсалды ой елегінен өткізіп, жинақтап қорыға біле ме? – деген сұрақтар қазір қабырғасынан қойылып отыр. Осыған орай үш нәрседен хауіптенетінімді айтпай өте алмаймын. Біріншіден, өткен жылғы пленумда да айттым, оқушы, көруші қауым мен әдебиет, көркемөнер қайраткерлерінің кейбір тобының арасында мәдени өсу дәрежесіне келгенде кереғарарлық бар. Озат совет адамының мәдениэстетикалық талап, талғамының жазушының өзіне қоятын идеялықкөркемдік талаптарынан, ол жасаған шығармаларының дәрежесінен әлдеқайда озып кеткенін жиі көреміз. Көз жіберіп, көңіліңмен шолсаң, сынға ілінетін – суреткер. Егер өз шеберлігін шұғыл жақсартып кете алмаса ол суреткер көп ұзамай дағдарысқа ұшырайды. Суреткер болған соң, тек бір ұлттың мәдениет қажетіне жарасам болды деп ойламау керек, отызыншы жылдарғы адамдардың мәдени дәрежесін місе тұта бермеу керек. Нағыз сөз шебері ең озық мәдениеттердің тоғысқан торабында,
әрі ұлттық, әрі интернационалдық мәдениеттердің тоғысқан торабында болуға міндетті. Ұлттық қасиет интернационалдық дәрежеге көтерілгенде ғана парасатқа ие болмақ. Бұл – ұлттық кинодраматургиямызды советтік озық киондраматургия дәрежесіне көтеруіміз керек деген сөз. Әдебиет, сондай-ақ театр, музыка, радио, телевидение, әсіресе кино кең өріс алып отырғанда жазушының кешегі өткен белесте тоқырап қалуына болмайды. Екінші, біздер, жазушылар, көп уақыт бойына: «Осы заман тақырыбына бірдеме жазсақ болды баспа мен театр қағып ала береді», деп аңғал ойлап келдік. Ол дәурен өтті, бірақ ауру қалса да, әдет қалмапты. Осы заман тақырыбына жазылған сценарийдің ішінде киностудия жарамсыз деп тастағандардың бәрі – шетінен дәл осындай сүреңсіз, реңсіз, схема мен шаблонға құрылған нәрселер. Киностудия басшылары заманымыздың үлкен тақырыптарына жиіркенішпен қарайды деп даурығатын сол авторлардың шағымдары дәлелсіз екенін осыдан-ақ көруге болады. Заман тақырыбы сол шығармалардың әсем атында ғана болмаса, ішкі сарайында ештеңе көрінбейді. Идеялар шындықтың шынайы көрінісіне айналмаған жерде заман тақырыбы да, заман идеясы да болмайды, болуға мүмкін де емес. Үшінші, жалпы драматургияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кейбір жазушылардың әдебиеттің ең қиын саласы – драматургияға жеңіл-желпі, үстірт қарайтыны қынжылтады. Бұл жерде мен драматург болам деген талаптарына айып тағып отырған жоқпын, творчестволық жұмыста қайсар табандылығы жоқтығына, жазушының ең алдымен өз қабырғасымен ақылдасып алмай, киностудиямен шарт жасасып, қол қоя салатындығына, өз шығармасының әбден иін қандырып алудың орнына, ұят іске барып, студиямен жағаласа кететініне, бұл жағаласта жаға жыртуға дейін баратынына ренжимін. Мұндай жағдайды қою керек, біржолата қарасын өшіру керек. Бұл қырсықтан құтылудың бірден-бір тиімді де пәрменді амалы, менің ойымша, авторлармен шарт жасасқанда, оның жазбаша уәдесіне емес, бір қайнауы ішінде болса да, жазылған дайын сценарийіне сүйену керек. Аз да болса картина жасаудың тиянақты жоспары болуы үшін, киностудияда, сценарийлардың, бір қайнауы ішінде болса да, дайын қоры болуы қажет. Бір кезде киностудияның көркемдік жағын талқылайтын советі бір мәжілістің үстінде негізінде Қазақстан авторлары жазған он бестен астам киносценарийді жарамсыз деп тастағанын естігенде, бұл біздің жұмысымызда құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық екен деп жағамды ұстағаным бар. Кейбір жазушылар бұл фактіні «Қазақфильмнің» директорының теріс көзқарасынан, Ш.Айманов жолдастың енжарлығынан деп шуылдасты. Бірақ, осы жуырда жарамсыз деп табылған сценарийлердің бәрімен таныса келе: студия дұрыс жасаған екен деген анық қорытындыға келдім. Жазам дегендердің аты да керемет,
айдары да ғажап, қажеттің қажеті, бірақ аты бар да заты жоқ, сценарий шықпай қалған. Бірталай жастың, бірталай жасамыстың сценарийі жарамай қалыпты. Бірақ қайсысының болсын студияға кіна тағатын моральдық дәлелі болмасқа керек. Мен де осы тұжырымға келдім, осылармен танысшы деп, мен өтінген басқа жолдастар да осы тұжырымға келді. Қазақстан КП Орталық Комитетінің әдебиетші сыншылардан және басқа білікті адамдардан құрылған беделді комиссиясы да осы тұжырымға келді. Солай бола тұрса да, сөзіміз дәлелді болу үшін, кейбір сценарийдің қалай туғанын, қандай боп шыққанын айта кетейін. Өзінің сценарий бөлімінің орынды қарсылығына қарамай, киностудия Безуглов деген біреудің «Ақырын күттім» деген сценарийін қабылдап алып, шарт жасасқан. Сценарийдің басты кейіпкері жас дәрігер Сәуле жүрек ауруына дару табумен әуре. Айта кетейік, оны жер шарындағы қай халықтың қызы десең де бәрібір, оның өзімшілдігі сонша, коллективке арқа сүйемейді, ешкіммен ақылдаспайды, жападан жалғыз өзі мехнат шегеді. Бұл қара киімді ақ жіппен көктейтін көк иненің ісі емей, немене? Ол тіпті өзінің ауру екенін жанды қарғаға айтпай, бетімен жүрген бір жан. Сценарийдің оқиға желісі де, автор қаһармандық деп отырған кейіпкер трагедиясы да осындай жасанды, жалған шиеленіске құрылған. Мұның бос әурешілік екені көзі ашық адамның қайсысына болсын тайға таңба басқандай көрініп тұрса да, біздің киностудиямыздың басшылары сценарийді толық жарамды деп тауып, авторға 6397 сомды санап берген. Қолымызда Мосфильмнің творчестволық бірлестігі мен СССР Мәдениет министрлігінің көркемсуретті фильмдер жасау жөніндегі Бас басқармасы редакторының жауабы отыр. Онда бұл сценарий жазушы емес, жамаушының қолынан шыққан, кино өнеріне көрші қонбаған, тек сюжет құраудың ережелерінен хабары бар автордың далбасасы деп жазылған. Біздің жас авторымыз Сатаев та Қарағандының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өмірінен күлдібадам, көмескі бірдеме жазыпты. Турасын айту керек, оның «Шығыс адамдары» сценарийге мүлдем ұқсамайды. Автор материалды зерттеп, ізденіп, көркем ой елегінен өткізіп жатпай, жеке фактілерді сюжет құру ережелерінің қуыс-қуысына тықпалай берген. Автордың жанрға, өзі көтеріп отырған тақырыпқа, тіпті жазушы парызы дегенге селқос қарағанына қайран қаласың. Өздеріңізге мәлім, ол әдебиетке Құрманғазы жөніндегі сценарий вариантымен келді, консультация, қаржы-көмек атаулының талайын соқты, бірақ ештеме тындырған жоқ. Бұл жолы да солай жасады: сірә, сценарий бөлімі тарапынан мінеу-сынау туа бастасымен, өз қабілетіне өзі күмәнданып, сценарийді тиянақтамай тастай салған тәрізді. Сатаев жолдастың жазушылық жұмыста ең болмаса табанды болуын талап еткен жөн болар.
Басқа бір жас автор Б.Аманшиннің «Арғымақовтың ісі» атты сценарийі де дәл осындай, мораль мен тоғышарлық проблемаларын ойнатуға тырысқан, өзінше бір әурешілік. Егер өзіндік ой ұрығы, дүниені өз көзімен тану нышаны болса ғана әдебиетке жаңа келген жас автордың тұңғыш қадамындағы сүрінулерін кешіруге болар еді. Бірақ жоғарғы екі жігіттен ондайдың нышаны көрінбейді. Жазушы деген аты бар аға буынмен бұдан гөрі де қатал сөйлескім келеді. Киностудия белгілі ақын Қ.Бекхожиннің «Күн құрдастары» дейтін сценарийін жарамсыз деп тапты. Бұл бұдан бұрын Жасөспірімдер театрына инсценировка жасап берген «Ахан Ақтаев» поэмасының киноға аудара салған түрі екен. Турасын айтқанда, мұнда сценарий элементтері атымен жоқ. Автор жалпы драматургия дегеннің баршаға аян қарапайым қағидаларының өзін еске алмаған. Оның бар драматургия деп отырғанының өзі экскаватор, самосвал, каретка, т.т. сияқты техниканың кешегі жаңалықтары туралы ұзақсонар әңгімеге құрылған. Ал адамдары болса күйкі, шалағай халде қалып қойған. Автордың таңырқап, тамашалап отырған нәрселерінің бәрі оның суреттеп отырған тақырыбын, ортасын білмейтініне дәлел болған да шыққан. Бақсақ, киностудия жасаған шартын жеті рет жаңғыртқанда бүгінгі өндіріс адамдары туралы тәуір материал аламын деп дәмеленген, бірақ ол үміті заяға кеткен, өйткені, автор өз еңбегіне өндіріп түк қоса алмай қойған. Дәл осындай дағдыр біздің енді бір әйгілі драматургіміз Ә.Әбішевтің «Достық бәрін жеңбек» деген сценарийінің басына да тап болды. Бұл да белгілі өндірістік конфликт, көмір комбайнын ойлап табу, сол жолдағы зиянкестермен күрес, т.б. секілді автордың байырғы пьесаларын қайталау болған да шыққан. Оқиға қазіргі күндікі сияқтанғанмен, драманың конфликтілік негізіндегі материал еткен дәуірдің шындығынан алынғаны көрініп тұр. Сценарийдің ең басты кемшілігі ондаған адамдар тіршілігі, қарым-қатынас түрі – не жанашырлық, не жазғырарлық сезім тудырмайды. Бұл еңбекте адамдар қақтығысына шымыр оқиға, сюжет құрудағы автордың байырғы шеберлігі көрінбей қалған. Маған «бұнысы несі» дегізген бір сценарий – тағы бір тәжірибелі драмтург-романисіміз З.Шашкиннің «Немерелерім боладысы». Ол киностудиямен Теміртау металлургтары жайлы сценарий жазбақ болып шарт жасасыпты. «Теміртау» романының авторынан дәл осы тақырыпқа жақсы сценарий күту табиғи да нәрсе. Авторды Москваға бір айлық семинарға жіберіп, қасына тәжірибелі консультант қосып бергенде де, Теміртау металлургтері туралы сценарий шығара алмай қойдық. Оның орнына киностудия автордан Қазақбай қарттың ұлдарын үйлендіріп, одан кейін сөз жоқ немерелері болғаны жайлы олпысолпы бір сценарий әрең алған. Әрине, немере деген жақсы-ақ, бірақ
автор олардың әке-шешелері туралы, яғни, Қазақстан магниткасының құрылысшылары туралы жөні түзу сценарий беруі қажет еді. Міне, жолдастар, кейбір жазушылардың өз еңбегіне жауапсыз қарағандығына жекелеген мысалдар осылар, мұндай жағдайда киностудиямызға өкпе, кінә артудың орны да жоқ, айтуға хақымыз да жоқ. Меніңше, әділетсіз болды, қиянат етгі деген желеумен іске аспай қалған сценарийлар төңірегіндегі пайдасыз айтыс-тартысты енді доғарып, алдағы уақытта жазушылық парызды саналы түрде ұғынып, өз қызметімізге өзіміз құрметпен қарап, жұмыс істеуімізді ойластырған жөн. Сонымен қатар, қаптаған кәкір-шүкір жарамсыз дүниелердің бәрі кезінде киностудияның толығымен мақұлдаған, қабылдаған дүниелері екені, оған бұрынғы басшылары ең алдымен Сиранов жолдас кінәлі екені, ал студияның жаңа басшылары тек «неке бұзу» актылары үшін ғана жазықты болатынын атап айтқан артық емес. Студияның жаңа басшыларына деген жазушылардың ең үлкен дауы мен таласының өзі тек қана осы мәселеден туып отырғандықтан, бұл тәсілді де тоқтату керек. Бұл мәселені енді қайтып соқпайтындай етіп тындыру үшін Қазақстан КП Орталық Комитетінің комиссия қорытындысынан шағын бір цитата келтіре кетейін. Мұнда былай делінген: «Ж.Жұмахановтың «Келін», Хасенов пен Берковичтің «Біз есейдік», Войтоловскаяның «Гренадам менің», Аманшиннің «Арғымақовтың ісі», Шашкиннің «Немерелерім болады», Безугловтың «Ақырын күттім», Тарасовтың «Шығанақ», Сатаевтың «Шығыс адамдары», Ғабдуллиннің «Тамаша адамдар», Сәрсенбаевтың «Ар майданында», Әбішевтің «Достық бәрінен күшті», Бекхожиннің «Күн құрдасы», Спириннің «Оюнның оқиғасы», Снегин мен Аронның «Қар суы», Ахтанов пен Нұрпейісовтың «Теңіз сыры» сценарийлерімен танысып шыққаннан соң, комиссия мынадай қорытындыға келді. — Аталған сценарийлердің бәрі дерлік өзінің алғашқы алған мазмұнмүддесінен шықпаған, тақырыптары ұсақ. Қазақстан өмір шындығының ең басты проблемаларынан әлдеқайда алшақ жатыр. — Сценарийлердің көпшілігі кино талабының тұрғысынан өлшегенде шеберлік, мамандық сапалары төмен алынған, оқиға, әрекеттер жаттанды, жалған, адамдарының даралану, мүсінделу дәрежесі қанағаттандырмайды». Бұл, әрине, жазушылар тарапына айтылған қатал үкім, ауыр кінә болғанымен, барынша байыпты да әділ пікір. Бұл документте жасалған уәденің ірілігі мен нәтиженің ұсақтығы, тақырыптың жадаулығы, күйкілігі, арзанқолдық туралы айтылған бірсыпыра пікір бар. Олай болса, осы айтылғандардан айқын көрінетін бір нәрсе – біздің кино өнеріміздің кәдімгідей дамуына қажет басты мәселесі –
киносценарий мәселесі, басқа ештеме де емес. Бұл мәселені шешпейінше, өзге айтыла беретін мақсат түзулігі, талап дұрыстығы туралы әңгімеден пайда жоқ. Шарт бойынша жасалған сценарийлердің 75 проценті кәдеге аспау – айтуға ұят нәрсе. Мен жазушыларды осы мәселені қатты ойлануға, барынша батыл да жауаптылықпен ойлануға шақырар едім, өйткені біздің пленумның да ең басты мәселесі – шын мағынасындағы кинодраматургия жасау мәселесі болуы керек. Ал енді қазір түсіріліп жатқан фильмдердің сценарийлық сапалары мен алдағы уақытта сценарийларға заказ беру жұмысының жәйі қандай? Бұл мәселелер жөнінде де киностудияның жаңа басшыларының бетіне тура айтылатын бірқатар сындар бар. Біздің киностудия қазір үш картинаны – Бондаренколардың сценарийі бойынша «Жол торабы», Тәшенов пен Сацкийдің сценарийі бойынша «Ана туралы аңыз» және А. Галиевтің үш новелласы – «Алқа», «Сыйлық», «Жас жұбайларды» түсіріп жатыр. «Жол торабын» түсіріп жатқан Айманов жолдастың жұмысының сәтті болуына әбден тілектеспін, әйтсе де менің байқауымша, бұл фильмнің сценарийінде көптеген кемшілік бар. Аты кісі қызығарлықтай. Алуан мақсат, сан характер мен шытырман әрекет тартысы жол торабы атаулының барлығына тән құбылыс екені белгілі ғой, фильмнің аты да осыған меңзегендіктен де бейнелі дейміз. Алайда, сценарийде барлық әрекет ол айтқандай емес, ұсақ, әшейіндегі болмашы жәйттерге ойысып кеткен. Жедел жәрдем дәрігері Ғалия сол мекемедегі күнделікті құбылыс – машина жетіспеу, кезінде болмай қалу секілділерге таусыла ашуланып, ұзақ жабырқап, жедел жәрдем бастығы мен денсаулық орнының меңгерушілерін өңшең жайбасарлар, жазым болғандарға жаны ашымайтындар, бюрократтар деумен болады. Кәдімгі белгілі жәйттер – өзінікі ғана жөн, өзгелердікі теріс. Бұл сюжеттің іске байланысты жағы. Енді бір жүйесі бар – ол Ғалияның бұрынғы күйеуі мен Ғалияға ғашық бол жүрген судья Ескендірдің оқиғаға қатынасуымен негізделеді. Сценарий әжептәуір ширығып, еліктіріп-ақ басталады, не керек, сол қарқын ортасына да жетпей қалады. Ақыры бұл хикаяның тобықтай түйіні, айтайын дегені беймәлімдік пен бейберекеттікке ұласып, ұстатпай тынады. СССР Кинематография одағы ұйымдастыру комитетінің секциясында бұл сценарий қатал сынға ұшырағаны бізге мәлім. Сол комитет бюросының көшпелі мәжілісі де сценарийді қайта өңдеу керек деп тапқан. Әрине, мен біздің студиямыздың сценарийлер жөнінде өз пікірі болуын құптаймын, бірақ көбірек білетін мамандар пікір айтқанда оларды тыңдау да керек болады. Қазір болашақ фильмнің сценарий жауапкершілігін Айманов бүтіндей өзі алған көрінеді, оған мен сәт тілеймін, сонымен бірге бұл жұмыста
оның аса терең ойлануын, зершілдікпен мұқият ізденуін айрықша ескертемін. Ал енді «Ана туралы аңыз» сценарийіне келсек, меніңше, оның халі жаман болмасқа керек. Мұндағы қимыл-істің бәрі табиғи қалпында, сүйкімді де көңіл толтырарлық (тек аяғындағы әрі ерсі әрі жалған түйіні болмаса, әрине, оны өзгерту қиынға түспейді). Мен өз басым жас жазушы А.Галиевтің кинода жасап жүрген қызметіне аса үлкен күдікпен, хауіппен қараймын. Ол шамадан тыс көп жазғыш, байқауымша, сол жазғандары сәтті де емес. Оның үстіне ол өмірді біздің жазушылардың қай-қайсынан да кем біледі, адамдарды да білместен, жосықсыз суреттейтіні соншалық, қарап тұрып кісінің намысына тиеді. Оның екі новелласын, «Ұлым менің», «Газонды таптамаңыз» деген сценарийлерін екі қайтара оқып шығып, бұл жазушыға біздің өміріміздің шындығы деген, біздің өнеріміздің идеялық-көркемдік тұрғыдағы биік принциптері деген түк әсер етпейді екен деген өкінішті ойға келдім. Оның новеллаларының шындыққа мүлде үйлеспейтіні, мүлде жалғандығы соншалық, бұл автордың көркем өнерге қалай қарайтынын болжау мүмкін емес. Ол шығарманың идеясы болады-ау деп ойлап көрмеген, адамдарға эстетикалық тәрбие беру міндеті миына кірмеген кісі, егер идеясымағы болса, онысы әлдеқашанғы ескі анекдоттан былықтырып құрастыра салған бейберекет бірдемелерден туып жатады. Мысалға оның «Сыйлық» деген новелласын алайық. Бір колхозға оның өмірі туралы мақала жазбақ болып, бір журналист келеді. Колхоздың бұрынғы председателі (қазіргі председателі соның әйелі) журналист жамандап жазатын болар, мұның көңілін жібітейін деп ойлайды. Сөйтіп, ол қалаға қошқар әкеп, соны көшеде жетектеп келе жатады. Сценарийдің соңында новелланың геройы өз қошқарымен өзі сүзіседі. Маған бататыны – осы адамның сана-сезім жағынан қойға теңелгендігі емес, бұл арқылы жалпы совет адамын кемсіту болып табылатындығы. Адамға, коммунизм құрылысшыларына, талай-талай ғажайып істер істеліп жатқан Совет республикасының адамдарына мұндай жауапсыз көзбен қарауға болмайды. Жазушы адамдарды қорлап, ақымақ қылуды емес, олардың қасиетін көтеріп, интеллектік арттыруды көздеуге тиіс. Оның «Жас жұбайлар» новелласының негізі де қайдағы жоқ бірдемелерден, ойдан шығарылған нәрселерден құрылған. Әйелі басқа қалада оқып жатқан, бой-басында күтімі жоқ бір инженерге құрылысшы қыздардың жаны аши қалады. Олар инженердің әйеліне жасырын хат жазып, егер дереу келмесең, күйеуіңнен айрыласың дейді. Міне, негізгі конфликт осы, қалғандары жалған комедия үлгісімен жеңіл шешімге апаратын нәрселер. Галиев новеллаларымен байланысты киностудия басшыларына мынаны ескертуді қажет деп табамын: егер түсіру процесінде айтылған
жайлар мықтап тұрып түзетілмесе, қалың көпшіліктің талқысымен баспасөз бетінде қозғарлықтай аса үлкен де жағымсыз әңгімеге келетініміз сөзсіз. Ал біз бұдан аулақ болуымыз керек, лайым аулақ болайық. Баршаңызға мәлім, Галиев сценарийімен жасалған «Ұлым менің» картинасы барлық жерде баспасөз бетінде тіпті нашар баға алды. «Советский экран» журналы өлімші етіп тұрып сынады, әділ сынады. Онда былай делінген: «Фильм кинематографияның өңкей қоқыстарынан, бұрын киіліп, қазір әбден тозығы жеткен шоқпыттардан құрастырып тігілген. Өмірге деген өзіндік түк көзқарасы, ойы жоқ». Өкініші сол – осы баға Галиев қаламынан шықты дегендердің бәріне де ортақ. Соңғы уақыттарда заказ беріліп, 1962-1963 жылдары қолға алынады делінген сценарийлердің халі де оңып тұрған жоқ. Бұл сценарийлер төңірегінде де көптеген наразылық айтылып жүр. Көп реттерде олардың орындылары да бар. Шамасы студия сценарий жұтаңдығына ұшырап қалған соң, кейбір жауапсыз авторлармен де асығыс шарт жасасып қойған түрі бар. Мысалы, Зайцевтің «Кұмырсқа» сценарийі бізді қайта-қайта бәз-баяғы бір партизан балаға алып келе беруден аспайды және ол Тарковскийдің «Иванның балалық шағына» шендесіп жатса, бір сәрі-ау! Егер студияның Ұлы Отан соғысы туралы тақырыбына іргелі бір фильм жасағысы келсе, Совет Одағы батырларының саны жағынан қазақтар Одақ бойынша үшінші орын алатынын ұмытпауымыз керек. Нұркен Әбдіров Гастеллоның ерлігін, Сұлтан Баймағамбетов Матросовтың ерлігін қайталады. Советтік Шығыс әйелдері арасынан екі қазақ қызы Совет Одағының Батыры атағын алды. Трухиннің халықтар достығына арналды деген «Тынымсыздар» сценарийінен де көзге ұрып тұрған жаңалық сезілмейді. Қазақ қызы орыс жігітіне, корей қызы қазаққа тұрмысқа шығады. Мұнда махаббат тақырыбының тұрпайыланып, жалған интригаға күштеп телінгені соншалық, ол тіпті кісіні жиіркендіреді. А.Галиевтің студиямен шарт жасасқан «Газонды таптай көрмеңіз» атты соңғы сценарийі де, оның бұрынғы дүниелері сияқты, екі ұшты, түсініксіз әсер қалдырады. Мұнда үлкен құрылыс тақырыбы ұсақталып, жеке бір жайлардың төңірегінде қалған. Автор дүниеге есіктің саңлауынан сығалап қарағандай, байсалды жинақтау дәрежесіне көтеріле алмаған. Б.Соқпақбаев пен Залеранскийдің «Менің атым Қожа» сценарийі біршама тәуір әсер қалдырады. Сценарийдегі балалардың ата-анасы мен мектеп мұғалімдерінің характерлерін даралап, тереңірек бейнелей түссе, бұдан балаларға арналған қызғылықты фильм шығуы мүмкін. Алайда, сценарийде қазақ семьясына тән емес нәрселер де бейнеленген. Менің ойымша, авторлар сценарийін табиғи тартысқа құруы керек еді. Қазір жастар мен орта буынның өкілдері балаларын осы заманғы педагогика
талаптарына сай тәрбиелегісі келеді, атайлар мен әжейлер немерелерімен күні ұзақ қалғанда оларға ескіше ықпал жасайды. Әрине, олар мұны игі ниетпен жақсы көргендіктен жасайды. Бірақ, осынау игі ниеттің өзінде заман талабымен тартыстың бір ұшығы жатыр. Сценарий авторлары әзірге тақырып кілтін дәл таба алмаған сияқты. Жалпы айтқанда, сценарийлік вариант повестен солғын шыққан. Москваның кейбір кино қайраткерлері біздің жас жазушымыз Ә.Әшімовтың «Жазира» сценарийін табанын жерге тигізбей мақтап жүр. Менің ойымша, мұның бәрі әсірелеуден туған ғой деймін. Автор қазіргі күнге лайық келе бермейтін мәдениетсіздік пен жадау-жүдеулікті сценарийіне тиек етіп, лепірме ұрандармен істі оңай шешеді. Сценарийде әзірше типтік жағдай да, типтік кейіпкер де, тепе-теңдік те жоқ. Автор революциядан бұрынғы кезге тән анайы надандықты іріктеп алған да жабайылықты даттаудың, осы заманның идеясын білдірудің оңай жолын тапқан. Сценарийдің басты геройы Отынбай күні бойы ұйқыдан бас алмайды да, түнімен өзенді жағалап сенделіп жүріп алады. Мен бұл сценарий авторының талантты жас жазушы екенін білемін. Сол себепті де автор әлі де көп-көп еңбектенеді, сценарийін қайта жөндеп, тиісті дәрежесіне жеткізеді деп сенемін. 1962-1963 жылдарда өндіріске берілуге тиісті басқа сценарийлер де осындай халде. Идеялық-көркемдік сапасы жоғары шын мәнінде даяр тұрған туындылар атымен жоқ. Жоғарыда айтылғандардан біздің кино өнеріміздің дамуындағы шешуші буын сценарий мәселесі екені көрініп отыр. Осы мәселені біржолата түпкілікті шешпей тұрғанда, біз киностудияны кездейсоқ тақырыптар мен кездейсоқ авторлардың қалың тобырынан арылта алмаймыз. Қарадүрсін картиналар шығарғаны үшін киностудияны сынағанымен Қазақстанның бірде-бір жазушысы студия басшыларының кесірінен қозғаусыз жатып қалған бірде-бір құнды сценарийді атап айта алмайды. Іріктеп, сұрыптап аларлық ештеңе болмаған қысылтаяң жағдайда әркім-ақ біздің студия басшыларының кебін киер еді. Менің өз басым киностудияның жоспарында қомақты туындыларға заказ жасалмайтынын құптамаймын, республика өнеркәсібінің даму тақырыбын, немесе тың игеру тақырыбын ұсақтап, берекесіздендіріп жіберетінін құптамаймын. Мен студия тарапынан қазақ халқының рухани қазыналарына назар аудармай отырғанын дұрыс демеймін. Ал мұндай байсалды заявкалар жазушылар тарапынан да болмай отыр. Меніңше, жазушылардың кинодраматургия жанрына көзқарасын өзгерту керек. Бұл роман немесе поэма, пьеса немесе повесть сияқты маңызды әдебиет екенін, тіпті олардан да маңыздырақ әдебиет екенін айтуымыз керек. Жақсы сценарий экрандалып, жақсы фильм болып қана қалмайды, әдеби туынды ретінде де басылып шығарылады.
Екіншіден, кино мен театрларды ведомстволық мекемелер деп есептейтін теріс пікірден арылған жөн. Егер турасын айтсақ, осынау мекемелер Мәдениет министрлігінің қамтуында болғандықтан, біз, жазушылар, олардың мұң-мұқтажын біле бермейміз, бүкіл моральдық жауапкершілікті Мәдениет министрлігіне аудара саламыз. Бұл дұрыс емес. Драматург өз туындысын театрдан бөліп қарай алмайды. Халыққа көркем тәрбие беру майданын кино кеңірек те, тереңірек те қамтып бара жатқан қазіргі жағдайда жазушы шарт жасасып қоюмен іс тындырмайды. Жазушы киностудияға өзінің төл мекемесіне барғандай еркін баруы керек, ал киностудия да жазушыны құшақ жая қарсы алсын. Амал қанша, осы уақытқа дейін бұлай болған жоқ. Кейбір жолдастар бір-бірінін, еңбегін жоққа шығаруға дейін барды. Театрлар мен киностудиялар драмтургсіз күн көре алмайды, ал драматургтеде де оларсыз тірлік жоқ. Алдағы уақытта біз көп созбұйдаға салмай, киностудиямен де, республиканың театрларымен де творчестволық ынтымақ жасаудың тиімді бір түрін табамыз ғой деп ойлаймын. Мұндай ынтымақ болмайынша көркемөнердің жай-жапсарына жазушының моральдық жауапкершілігі дегенге түсіну қиын. КПСС Орталық Комитетінің соңғы қарарында, сол сияқты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімінде фильмнің сценарийлік желісін жасау бірінші кезекке қойылды. Киностудияда сценарий бөліміндегі редакторлар алқасын басқаратын бас редактор қызметі тағайындалды. Осынау үлкен мәніндегі творчестволық істі басқару қай драматург үшін де асқан құрмет болар еді. Бұдан былай сценарий мәселесі жұртшылық назарынан тыс қала алмайды, ол Жазушылар одағында да талқыланатын болады. Қысқаша айтқанда, жазушылар мен киностудия осы кезге дейінгі ресми қарымқатынасты қойып, бір-бірімен қоян-қолтық араласып кететін болсын. Біздің ұлттық жас кино өнерінің қалыптасу жолында жоғарыда айтылған, немесе айтылмаған кемшіліктеріне қарамастан, алда оның даму қарқыны жеделдей түсетініне мен кәміл сенемін. Біз тағы бір рет сөз таластыруға жиналып отырған жоқпыз. Мен, әрбір жазушы, әрбір кино қайраткері осында құр алақан келіп отыр деп ойламаймын. Мен де құр алақан келіп отырғаным жоқ. Менің көкейімде жүрген бір ойым бар, егер студия оны құптаса, сценарий жазуға отырамын. Әрбір драматург осылай жасайды ғой деп ойлаймын. Ендеше студия кинодраматургияны өрге бастыруға дайын тұруы қажет және оның перспективалық жоспарын жасағанда, бүгінгі қысылтаяң жағдайдың тар шеңберінде қалып қоймауы керек. Мен студия өзінің режиссурасын, сценарий бөлімінің жұмысын жақсартады деп сенемін, жазушыларды жылы шыраймен қабылдап, киноактер кадрларын даярлайды деп сенемін. Профессиялық мәдениеті болмайынша, профессиялық шеберлікті меңгермейінше талант өсуі де мүмкін емес.
Бұл жөнінде ең соңғы мәселе – жазушы-драматург пен кинорежиссердің творчестволық ынтымағы жайында. Осыдан бір жыл бұрын ғана біз кинорежиссерлер ебін тауып сценарий авторлығына жармасады деп, оларға ренжіп жүрдік. Ал, картинаны қоюшы режиссерлердің басым көпшілігінің бұған толық моральдық қақысы бар екенін фактілер айқын көрсетіп отыр. Көп жағдайда тәжірибесіз драматург студияға шикі дүние әкеледі екен де, оны болашақ фильмге драмалық арқау ету үшін режиссер автормен бірдей, тіпті одан көбірек те бейнеттенеді екен. Л.Леонов дәл тауып айтқандай, шын суреткер бір түйір бүршіктен жайқалып өсетін биік ағашты, оның тарамтарам бұтақтары мен жайқалған жапырақтарын, саялы көлеңкесін көре білетін жіті көзді болу керек. Режиссер осындай суреткер болса, онымен одақтасқан драматург ұтылмайды. Қазір совет киносының ірі қайраткерлері драматург пен режиссердың ынтымақтаса еңбектенгені абзал деген пікірлер айтып жүр. Менің ойымша, біз үшін нағыз жемісті жол осы. Біріншіден, ол кино ерекшелігін меңгеруге пайдалы, екіншіден, практикалық үйренудің ең жаңа жолы да сол, одан бой тежеп тартыншақтауға болмайды. * Біз бүгін кино өнеріміздің ахуалын, оның алғаш қаз тұрған қалпында, жалпы совет киноөнерінің дамуынан алабөтен бөліп алып талқылап отырған жоқпыз. Өйтсек мүлде дұрыс болмас еді. Біз киностудиямызды ұлттық киностудия ғой деп, кешірім жасап, оған жүктелетін парызды жеңілдете алмаймыз. Сол сияқты драматургтерімізге де ұлт авторлары деп қарап орынсыз кеңшілік жасай алмаймыз. Біз сценарий тапшылығының тауқыметін тартып отыр екенбіз деп, кино драматургтерге жүктелетін профессиялық шеберліктер тұрғысынан қойылатын үлкен талаптарға немқұрайды қарай алмаймыз. Көптеген кітаптардың, театр постановкаларының кинофильмдердің идеялық, көркемдік сапасының нашар болуы алдымен бізді, жазушыларды, ренжітеді. Мұның бәрі де біздің өнеріміздің барлық сырсипатын, шеберліктің ұңғыл-шұңғылын түгел меңгере алмауымыздан, дилетанттыққа ұрынуымыздан етек алып жүргендігі баршаға аян. Жазушыларымыз бен кино қайраткерлері жас кино өнеріміздің түйінді мәселелерін талқылауға белсене атсалысып, басы артық әңгімелерді тоқтатып, оның қаһарман заманымыз талап етіп отырған шырқау биікке көтерілуіне шындап көмектесетініне сенім артамыз. «Қазақ әдебиеті», 1962, 23 ноябрь.
ӨШПЕС ӨМІР Отан соғысы кезінде оқшау көзге түскен жазушы жастарымыздың бірі – Баубек Бұлқышев. Соғыстан бұрын ол әрнеге де тайынбай соқтығатын талабы бар да, қаламы ұшталмаған болатын. Ізденгіш те жігерлі ойға сұрау салып, жас қаламнын, тез ұшталып кетуіне әсер еткен Ұлы Отан соғысы сияқты үлкен көріктің дем алысы. Соғыс алдындағы соңғы жылдарда Баубектің өлеңдері көбінесе «Октябрь балалары» журналында басылып жүргендіктен, «Үлкендердің» назарын тарта қоймаған еді. Әр құралдың өткірлігін, әр күштің шамашарқын аяусыз сынар кезеңде жас талант серпіле сілтеп кетті. Ойлы жастың құнарлы сөзі бүкіл совет елінің құлағына жиырма бес жыл бірге, бір бағытта өсіп-өнген көп ұлтты елдің айнымас достығының үніндей естілді. Баубек заман біздікі дейді. Баубек майдандағы қазақ жастарының атынан сөйлейді. Тереңірек ойлансаңыз мұның екеуі де үлкен жауаптылықпен айтылатын сөздер. Ісіне де, күшіне еркін сенетін жас жазушы бұл жауаптылықтан тайынған жоқ. Заман жастардікі екені даусыз ғой, бірақ қандай жастардікі? Желбуаз, даурықпа жастардікі емес, Баубек сияқты өнімді еңбек иесі деп танырлық өнерлі де өнегелі жастардікі. Баубектің осы кітапшада басылып отырған мақалаларының қайсысын алсақ та, өте бір елеулі, ерекше бір мағыналы мәселелерді қозғайды. Оны қозғай алған жастың заман біздікі деуге де, жалпы жастар атынан сөйлеуге де әбден қақысы бар. Баубектің мақалаларын мен орыс тілінен қазақ тіліне аудардым, қызығып аудардым. Үлкен ойларды оқушы жүрегіне дәл жеткізетін әдемі тілмен бере білу – жазушының ерекше бір қасиеті. Баубекте осы қасиет бар. Еліне сөйлеген көпіртпе сөз емес, жансыз былжыр сөз емес, жас жүрегін жүз бұрап шыққан ойына орай оралымды тілі бар. Оның очерк, мақалалары үлкен шеберлікпен жазылған. Совет журналистжазушыларының алдыңғы қатардағыларының-ақ айта алатын сөздері. Баубек дүниелік мәдениетпен, әр ағымды философиямен жақсы таныс, ірі жазушы болғалы келе жатыр еді. «Қолында мылтығы, қалтасында қаламы. Елімізді қорлап, жерімізді ластап жүрген неміс-фашистеріне екеуі де тас шоқпардай тиеді. Қаламын Отан соғысының тілегіне бағындырып, Баубек қазір көркем очерк сүрлеуімен жазып жүр. Жеңіс күні жақындап келеді. Майданнан ширап қайтқан жазушы жастардың құлашын кең жайып, қанатын еркін серпер күндері де жақын. Осы тілек, осы үмітпен тағы бір жақсы, тағы бір жас жазушымыздың бетін ашқымыз келеді». Бұл жолдарды мен жүзтаныстығым болмаған жас жазушы туралы
1943 жылы жазған екенмін. Амал не, Баубек майданнан қайтқан жоқ, қаза тапты. Енді сол Баубекті еске алсам, көз алдыма аса бір дарынды жас келеді. Тұлғасына қызыға қарап қалар бір жігерлі жас болады ғой, Баубек маған солай елестейді. Терең ойсыз, үлкен идеясыз көркем шығарма жоқ. Баубек әдебиетке үлкен ойлармен, бірден таныла кететін, өз стилімен келе жатыр еді. Көркем очерк, мақалаларынан іргелі жазушы туып келе жатқанын танытар талап сирек кездеседі. Баубек мен үшін осындай сирек кездесетін талант еді. Баубектің аяқталмаған, мүмкін, үзіп-жұлып арпалыс үстінде жазған «Алматы – қалам менің» романынан да осыны көремін. Баубектің Ұлы Отан соғысы кезінде жазған очерктері қандай ескірмесе, сол кезде жазған аяқталмаған романы да ескірген жоқ; очерктерінде де, романында да жастар үшін аса терең ойлар бар, жігер бар, әсемдік бар. Баубектің бар жазғандарын бір жинақтап шығарғалы отырған «Жазушы» баспасына алғыс айтамын. 1965 ж. ХАЛЫҚТЫҢ ҚАДІРМЕНДІ ҰЛЫ Осыдан отыз жылдан аз-ақ астам бұрын, Қазақстанның енді ғана өркендей бастаған жаңа тұрпатты мәдениетінің көк жиегінде жұртшылыққа аты әлі беймағлұм бір жас жігіт бой көрсетті. Шын дарын екен, жас қайрат даңғазасыз – у-шусыз, едіреймей, елірмей, сыпайы да салмақты келді. Оның үстіне жас жігіт өзінің туған ағасы, ғылымның бірінші дәрежелі жарық жұлдызы, аса ірі филолог-ғалым Құдайберген Жұбановтың көлеңкесінде болды. Бірақ ағасының көлеңкесінде тұрып та, ол көзге айқын шалынды. Көлеңкемен қосылып кетер сұрғылт емес екен. Сол жас жігіттің аты – Ахмет Жұбанов еді, сол жас жігіт – бүгін біз, тек біз ғана емес, бүкіл Совет Одағының музыкалық және ғылыми жұртшылығы, туғанына 60 жыл, творчестволық, ұстаздық, ғылыми һәм қоғамдық қызметіне 40 жыл толуын тойлап отырған Ахмет Жұбанов, Ақаң. Қажырлы да қайратты, ойлы да білімді жас жападан жалғыз өзі дерлік, қазақ халқының рухани мәдениетінің көтерілмеген тыңын игеруге, қазақ халқының үні өшуге айналған музыкалық өнеріне қайтадан жан бітіруге, оның жаңа да жасаң мәдениетін туғызудың жолдарын іздестіруге бірденақ кірісіп кетті. Шәкіртінің музыкаға қабілетін жіті аңғарып, оның бойындағы талант
отының маздауына себепкер болған шала-сауатты мұғалім Әшіғалиевке мың да бір рахмет! Бізге Ахмет Жұбанов сияқты үлкен композиторды ғана емес, музыканы, музыка тарихын зерттеуші білікті ғалымды, республикамыздың мәдени өмірін жаңа жолға салысқан белді қайраткерді берген Ленинград консерваториясының абыройы арта берсін! Зерттеу жұмысымен айналысуға мүмкіндік берерліктей болмашы ғана жағдайлар жасалғаннан кейін бір-ер жыл өтпей-ақ, күлден шыққан фениксше, қазақтың ұлт аспаптар оркестрі пайда болды. Мен Ахмет Қуанұлының көп дауысты ұлттық оркестрді құруы – аса елеулі, сонымен қатар тарихи еңбек деп санаймын. Ең басты музыкалық аспаптарымыз – көне заман перзенттері домбыра мен қобыз Октябрь революциясына дейін өзара үндестік таба алмағаны кімге болса да мәлім. Ұлт оркестрінің кіндік атасы – Ақаң! Қазақ искусствосының Москвада өткен тұңғыш декадасы кезінде астаналықтардың біздің ұлттық оркестрімізге, оның ұйымдастырушысы әрі дирижері Ахмет Жұбановқа арналған риясыз сүйініштері әлі есімізде. Ал бүгінде сол оркестр советтің көп ұлттық музыкалық мәдениетінің ең құрамды бөліктерінің біріне айналып отыр. Бұл, сөз жоқ, біздің юбилярдың еңбегінің зейнеті. Бүгін республикамыздағы жүздеген ұлт аспаптар оркестрі өзінің негізін салған Ақаңның шығармаларын ойнайды. Кейін нағыз операны нысанаға алып, қазақ музыкалық театрын құру кезіндегі шалғай-шалыс таластар тұсында Ахмет Қуанұлының музыка саласындағы зерттеулері көрнекті, тіпті шешуші роль атқарды деуге болады. Опералық театр ашудың тарихи маңызын ол кезде жұрттың бәрі бірдей түсініп болмаған еді, көпшілігінде мұндай театрды құру мәселесін көтерген адамдардың қабілетіне деген сенім аз еді. Операға салынған қазақ әні мен қазақ күйлерінің өңі өзгеріп кетпей ме деп те қорқатындар болды. Міне, осы жайда ұлт аспаптар оркестрінің жұпыны ғана көрінісі, Ахмет Жұбановтың еңбектері мәселенің шешілуіне негіз болды. Яғни, жас ғалым қолға алған проблема жұртшылықты музыкалық жағынан тәрбиелеудегі ең қажетті деген біраз шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұл – сол дәуір жағдайында жаңа, әрі аса күрделі проблема еді. Ең алдымен халық композиторлары мен әншілері ғасырлар бойы жасаған, кең сахараның шар тарабында бытырап, шашырап, шашылып жатқан мұраны бір жерге жинақтап, үлкен қазынаға айналдыру қажет еді. Марқұм Затаевич бастаған істі аяқтау керек еді. Техникумның қабырғасында бұдан отыз жыл бұрын басталған, көп еңбектеніп, жан-тәнімен беріліп істеуді тілейтін осы бір жұмысты Ахмет Жұбанов Қазақстан Ғылым академиясының әдебиет және өнер институтының қабырғасында, қазақ музыка өнерінің қадірменді ақсақалы дәрежесінде аяқтады.
Көне музыкалық мұраларды жинастыру және жүйелеу, әсіресе Құрманғазының, оның тұрғыластары мен ізбасарларының шын мәнісіндегі ұлы туындыларын қалпына келтіру, Біржанның, Абайдың, Ақанның, Жаяу-Мұсаның, Ыбырайдың және басқалардың тамаша әндерін өмірге қайта әкелу жолында еткен аса жемісті еңбегі Ахмет Жұбановтың өзінің ғана емес, әріптестері Е.Брусиловскийдің, марқұм М.Төлебаевтың, Л.Хамидидің опералық шығармаларына да нәр берді. Халқымыздың осы бір ұшан-теңіз мұрасы болмаса біздің опералық искусствомыз да туа қоймайтын еді. Өйткені, тамырсыз байтерек болмауға тиіс. Көпшілікке белгілі, біздің опералық өнеріміз өзінің алғашқы адымдарын халық музыкасына сүйеніп қана жасады, бірақ сол қалпында қалған жоқ. Жыл өткен сайын өресі биіктей берген жас қазақ операсы әлем музыкасының классикалық және қазіргі заманғы үлгілерімен қоянқолтық өсуге бет алды. Бұл – қазақ композиторларының, жасының да, жасамысының да тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Қандай биік болмасын, көркемөнер әлденеше буын ұрпақтың күшжігерін талап етеді. Музыка өнерінің асқарына қол артқан жолымыздан жасамыс Ахмет Жұбановтан бастап, жас Ғазиза Жұбановаға дейінгі аралықтағы композиторлардың талайының ізін аңғарамыз. Музыкалық өнердің биік шыңына апарар соқпағы көп жолда композиторларымыздың бәрінің де іздері жатыр. Алайда ең зор асқақтық пен ең үлкен ізгілікті, тереңдік пен өрістілікті, қайғы-мұңның тұңғиығы мен ызаның күш-құдіретін мен өз басым А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Абайдың ариясынан айқын көремін. Осы бір асыл жамбыдай ізгі әуендегі музыкалық искусствоның биігіне жетелер күш басқа ондаған опералардағыдан әлдеқайда артық па деймін. Ахмет Қуанұлының композитор ретінде және ғалым ретіндегі творчестаолық сапары қиындықсыз болған жоқ. Талай бөгесіндер, талай оқаптар ұшырасты. Алайда Ақаң өзінің қажымас жігер-қайратының, тынымсыз еңбегінің арқасында бет алған жолынан бір елі де ауытқымапты! Ленинград консерваториясын бітіргеннен кейін бір-екі жыл өтпестенақ, ол қазақтың халық аспаптар оркестрін ұйымдастырады, музыкалық мұраларды жинастыру ісіне белсене кіріседі. Жеті жылдан соң Л.Хамидимен бірге «Абай» операсын жазады. Он үш жылдан соң Ахмет Жұбанов – Қазақ ССР Ғылым академиясын құрушылардың бірі. Ол Қазақстандағы ірілі-уақты көркемөнер мекемелерініқ барлығының – мұнық ішінде филармония мен консерватория да бар, – тұрақты ұйымдастырушылардың бірі болыпты. Анықтама-кітапшалардық айтуынша, Ахмет Жұбанов – опералық және симфониялық туындыларын қосып есептегенде, үш жүзден астам шығарманың авторы. Бұл аз еңбек емес!
Сонымен бірге Ахмет Қуанұлы он бір ғылыми еңбек жариялады және екі үлкен кітабы баспада жатыр. Академик А.Жұбанов – республикамыздағы бүкіл өнертану ғылымының жолбасшысы болып отыр. Композитор А.Жұбанов Ұлы Октябрь революциясының жылдығына арнап «Құрманғазы» атты опера жазуда. Либреттосын да өзі жасамақ. Бұл – Ақаңның жан-жақты талантының тағы бір қыры. Мен өз басым аталмыш операдан үлкен үміт күтемін. Бұл реттегі ойларымды Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Министрлер Советінде де ортаға салдым. Өйткені, Октябрьдің 50 жылдық тойына нақтылы да лайықты тартулар әзірлеу жолындағы қимылымыз тым сылбыр. Бір кезде жапа-тармағай жабылуды керек ететін жанталасқа ұшырап қалуымыз да мүмкін! Көріп отырсыздар, Ахмет Жұбанов сияқты үлкен композитор, білікті ғалымның творчестволық жолын тегіс қамтып шығу тіпті мүмкін емес деуге болады. Біріншіден, өзінің туындылары арқылы, сахна мен экран, эстрада мен оркестр арқылы, кітаптары арқылы көп жайды Ақаң өзі айтып келе жатқан адам. Екіншіден, юбилей күні – творчество адамы үшін ең ауыр күн болуға керек. Бар салмағын бүкіл денеңмен сезіне отырып, бір қалыптан шыққан мадақтауға, дәріптеуге толы құрғақ сөздерді тыңдау оңай емес. Еңбегінің тиісінше бағалануы, жұртшылықтың ыстық ықласы халық алдындағы, замана алдындағы, өзінің, бәлки, кей реттерде орнымен жұмсалмаған дарынының алдындағы жауапкершілігіңді сезінушілікпен тығыз байланысты. Өйткені барлық дарын халық игілігіне қызмет етуі шарт, ол жалғыз саған ғана тиесілі болмауға керек. Үшіншіден, композитор еместігімді былай қойғанда, мен музыка зерттеушісі де емеспін. Менің лексиконымдағы музыкалық терминнің саны екі-үшеуден аса қоймас, оның үстіне бұларды басқа жағдайларда қолданамын, бәлки тіпті жаңсақ мағынада қолданатын да шығармын деймін. Сондықтан юбилярымыздың қаламынан туындаған шығармалардың жетістіктері мен кемістіктерін талдау жағына аттап баспауым заңды. Сөзімдегі осы бір үлкен олқылық үшін қымбатты юбилярдан да, оған айрықша ізет пен құрмет керсетіп отырған халайықтан да ғафу өтінемін. Академик, доктор, профессор, көркемөнер қайраткері, көптеген ғылыми кеңестердің, редколлегиялардың мүшесі болып келген юбилярдың атақ-мансаптарын да тізіп жатпаймын, тіпті оның бірде қалалық Советтің депутаты болғандығын да айтпақ емеспін. Үлкен композитор, білікті ғалымның ізгі еңбегі жайлы бірнеше ауыз сөз айтуға ризашылығымды білдіргендегі мақсатым басқа болатын. Менің көңілімде музыкаға қатысты, езім бірден-бір ақиқат деп санап, – мүмкін балаңқы да шығар, – табынатын бір пікір бар: ән мен күйдің
әуеніне өлтитін жан біреудің өміріне қастандық жасамайтыны өз алдына, ешқашан да ешкімді қорламаса, жәбірлемесе керек. Біреуді қорлағанда, біреуге қол көтергенде, немесе біреуді өлтіргенде адам ешқашан да музыканы емес, былапыт сөздерді қолданады. Қанішер тіпті кішкене сәбиге қол жұмсағанның өзінде уытқа толы, «образды» сөздерді жұдырығымен бірге ала жүретін шығар деймін. Міне, осыдан келіп мен музыкалық тәрбие – жұртшылықтың мінез-құлқы мен салтсанасын таза жолға түсіруде шешуші мәні бар, адамның бойына ізгілік отын жағатын ең басты факторлардың бірі деген қорытынды шығарамын. Сондықтан менің музыка төңірегіндегі адамдарға, олардың еңбегіне деген ықылас-құрметім ерекше. Юбилярдың халық алдындағы, дәуір алдындағы тарихи еңбегінің мән-мағынасын ерекше атап көрсеткенде мен осы жағын жеткізіп айтуды ниет еттім ғой деймін. Сонымен, қымбатты Ақа, Сіз алпыстасыз. Шыққан асуыңыздың қорқынышты ештеңесі де жоқ екенін көріп отырсыз. Ол – адам мен өмірдің арасын алыстататын тас қорған емес екен. Ол – дүниеден бар тілегенің – көңілдің қымбаттысы, жүректің қалаулысы – рояль, яки жазу столымен екі араңа бөгесін бола алмайды. Қолыңыз әлі қалтырамайды, жаныңыз бен тәніңіздегі сырлы әуеннің үндестігі әлі бұзылмаған. Үйіңіз де күйге толы – жарым-жарты консерватория деуге болады. Достарыңыз бен серіктеріңіздің Сізге деген махаббаты кіршіксіз, көңілдері риясыз. Партия мен халық елеулі еңбегіңізді жоғары бағалап отыр. КПСС Орталық Комитетінің соңғы жылдарда өткен пленумдары және партиямыздың XXIII съезі біздің өміріміздің жаңа да нұрлы кезеңінің, творчестволық күш-қайраттың өрлеу кезеңінің, жемісті творчестволық жарыстар кезеңінің жаршысы болып отыр ғой деймін. Ақа, Сіз, жаңа опера жазу үстінде, қазірдің өзінде-ақ осы ұлы дүбір бәйгеге қосылып кетті деп санаймын. Қадірмен дос, бұл жарыста үлкен жеңіске жетуіңізге тілектес екендігімді білдіремін! Жеңіс, қалай болғанда да жеңіс! Достардың өзі күндейтіндей жеңіске жетіңіз! «Достарың күндесін» дегенде мен жаңсақ сөйлеп тұрғаным жоқ. «Күндеушілік пен бәсеке жарыс – апалы-қарындасты, туысы бір нәрсе, яғни жаман текті емес» деген А.С.Пушкин. Сондықтан әлдебіреуді, әлденесі үшін күндейтін жан сол адаммен жарысқа, солақай қимылдан бойын аулақ салып, тек қана жарысқа түссе деймін. Қадірменді Ақа! Бүгін біз Сіздің ақбурыл басыңызға ізет көрсетіп отырмыз, Сіздің басыңыз аппақ қудай болғанда жұртшылықтың осы қадір-құрметі тағы да қайталансын деген ізгі тілекті қабыл алыңыз! «Қазақ әдебиеті», 1966 жыл, 3 июнь.
АСҚЫНДЫРЫП АЛМАЙЫҚ, ДОСТАР! Ағаштың түбіне түскен құрт өрмелеп, жылжып басына да шыға алады. Басына түскен құрт түбіне де түсе алады. Бұл – тіршіліктің қай саласында болса да кездесе беретін, кезінде ескертетін таныс жай. Кезінде ескерілмесе, дәріленбесе, ұшықталмаса, кейін сол құрт сол ағаштың жемісінен шыға келеді. Бұл даусыз! Осы әлпеттес, ескерер кезі әбден жеткен ауыртпалықтар әдебиетіміздің әр саласында да тым жиі кездесіп жүр. Газет, журналдарымызда жарияланып жүрген, кейде тіпті оқу құралдарына «таңдап кіргізген» шығармаларға аузың тұшымайды: ой сезімі таяз, көркемдігі алабажақ, ойландырмайтын, сендіре алмайтын, қызықтырмайтын, әшейін ыза қылатын жасанды нәрселер етек алып барады. Мұндай дүниелер оқушылар тарапынан қандай наразылық туғызып жүргенін ескермей келеміз. Бұл бетімізбен кете берсек, әдебиетімізді қалай сүйреп бара жатқанымызға жаны ашымастың өзі болып шығатынымыз да даусыз. Қазақ әдебиеті қазір талап-талғам туын жоғарырақ апарып шаншатын дәуірде. Отан шегінен тыс елдерге танылған прозасы, поэзиясы бар әдебиет өзін-өзі дүниелік жарыстамын деп білетін кезі болады. Қазір біздің кітап оқушыларымыз орыс әдебиеті мен орыс тілі арқылы бүкіл дүние әдебиетімен, барлық Совет елдері әдебиеттерімен таныс. Таныс қана емес, сол әдебиеттердің бәрі де оқушының күнбе-күнгі рухани қорегіне айналды. Осындай жағдайға көркем әдебиет деп аталатын асыл қазынамызға жауапсыздық, талғамсыздық араласуы – үлкен өкініш. Әуелі соңғы айларда газет-журналдарда басылған өлеңдерден біраз мысалдар келтірейік. Бір ақынның «Жан көкем» деген өлеңінде мынандай жолдар бар: Жал құйрығын түйдіріп жүйріктің, Жүрексінсем сақадай үйіріп тым... Мұны көркемдік жағынан да, мазмұны жағынан да поэзия үйіріне қосуға болмаса керек. Үш буынды сөз бен төрт буынды сөз он бір буынды қара өлеңде ұйқаса алмайды: «Жүйріктің», «үйіріп тым». «Жүрексінсем сақадай үйіріп тым» дегені – сын айтуға болмайтын дөрекілік. Екінші бір ақында мынандай жолдар бар: Қазабат кезде қайсарлық рух танытқан. Теңіздер тектес ұл өседі екен-ау жақта бұл! «Қазабат» дегені «ғазауат» болар. «Ғазауат» – дін атымен көтерілген қозғалыс ұраны. Қазақ халқы дін атымен көтерілген қозғалысқа қатынасқан емес. Сондықтан ақын пайдаланған «қазабат» біздің тілімізге де кірген емес. Поэзия жасанды түсініктермен байымайды. Екінші, онсыз да бұлдыр-буалдыр жолдарға «жақта бұл!» деп инверсия кіргізуі орынсыз. Онсыз да сүрініп-қабынып, ақын ойын әрең түсініп келе
жатқанда «жақта бұлға» жеткенде құдыққа құлап кеткендей боласың. Екінші, бұл өлең «сөйлеп айтатын» түрдің нормасында жазылған. Бұл түрді алған екенсің, оның өзіне тән пластикалық толқындауы бар. Дыбыс спекторын да қалай болса солай қолдануға болмайды. Ішкі ырғақ еріксіз айдап әкеліп, салмақты түйінді ойына түсіріп отыруға тиісті. Мұны ұмытпау керек. Мүмкін, жете білу керек, сезіне білу керек десек те, қате десек те қате бола бермес. Үшінші бір ақын «Желдірме» деген өлеңінде жастарға баяғының қара надан молдасынша сын айтады: Шалбар киді кей қыздар Балақтарын тылтитып. Құйрығындай ешкінің ІІІашын кесті шұнтитып. Ресторанда билеп жүр, Мықындарын бұлтитып... Әйтеуір, арзан ұйқас қуалаған ақынның аузына мұның ар жағында сымпитып, жымпитып, жыртитып деген ұйқастар жатқаны қалай түспегеніне таң қаласың! Ақын қазақ қыздарына шалбар кимеңдер, шаштарыңды кестірмеңдер, билемеңдер дейді. Жастар тіршілігінде сынайтын мінездер жоқ емес. Ішімдігі бар, басқасы бар, өмірді ерте «қызықтап», кеш өкініп қалатын, жастық балғындығынан ерте айырылып, ерте қасаңсып қалатын жастар кездесетіні рас. Ал, мына сын – жаңалық біткенге қарсы кертартпа сарыны. Төртінші бір ақын «Анам» деген өлеңінде былай депті: Ұл-қызы, үйлі-баран... Алшақтады... Ол болса оң бейілін мол сақтады... Ақынның осынша қиналғанда айтайын дегені – оп-оңай-ақ нәрселер: «ана ұл-қыз өсірген ақ бейіл адам еді». Осыны айту үшін әдейі күшенбесең, күшенетін жер емес. Мұндағы «ол» – ана. Біздің тілде «ол» деп, орнына қарай, еркекке де, әйелге де айтылады. Ақын бұл жерде орнын таппай қолданған. Жақын арада инженер А.Т. жолдастың үйінде болдық. Баласы М. математик, қазақша білмейді, әрине. Шаштаразға кеткен келіншегі келгенше бала тынышсызданып, шешесі мен жеңгесіне қарап: «Галә қайда жүр, неге кешікті?» – деп сұрай береді. Екі-үш рет сұрағаннан кейін жеңгесі қалжыңдап: – Галәдан басқа сөзің жоқ па сенің? Қайда кетуші еді ол! – деді қазақша! – А, что! Мен олды коп-коп соз қыламын! – деді жігіт. Сөз қыламын деуге тілі келмейді. Жеңгесі сөз аяғын ол деп бітірген соң, жігіт соның ыңғайымен «олды» деп тұр. Күлдік те қойдық, кешірімпаз
әдетіміз бойынша кешірдік... Тек қана жігіттің шешесі күрсініп қойды. Ал енді, ақынға мұндайды кешіруге болмайды. Бесінші бір ересек ақынды «Қазақ әдебиеті» газетінде Мұзафар мен Мұқағали дұрыс сынға алды. Бұл ақынның «Дастарқан жыры» деген өлеңінде таң қаларлық өрескел жолдар бар: – Ақ шампандай бұрқылдаған бал қымыз, – Сәйгүлікті сауып ішкен жандардан... Бұл дастарқан бейнеті ғой нелердің... Дастарқанда қара қойдың басы алда... Маңдай тері төгілген сан тосанда... Қайран біздің бабалар сан жасанған... – деген жолдары өлең әулетінің біреуіне жанаспайды. Мұқағали дұрыс сынаған: «Өлеңнің өн бойында поэзия көркі пәс!». Әбдікәрім Ахметов сияқты естияр ақынымыздың мұндай өлең жазғаны қатты қынжылтады. Бұл – Мұзафар айтқандай, «ала бөтен ақауы жоқ» өлең емес, төрт аяғынан түгел ақсап жатқан өлең. Осы келтірілген өлең жолдарынан нені көреміз? Поэзиямыздың әр жеріне құрт түскенін көреміз. Мен бұл өлеңдерді биыл шыққан газетжурналдардан әдейі теріп алғаным жоқ, тым көп болғандықтан қармақсыз қолға өздері іліне кетті. Молайып барады екен. Жаны ашыр сыншы болса, қимылдар кезін өткізіп алмас деп сенемін. Тек, көтермешінің даурықпасы емес, сипалақ сын емес, өресі жеткенше білімді қатал болса да барынша әділ сын болсын. Енді, енеміз емшектес прозадан бірер мысал келтірейік. Жақында «Қазақ әдебиетінде» Ә.Нілібаевтың «Бұлбұл» деген новелласы басылды. Новелла қазақтың атақты әнші қыздары Күләш пен Бибігүлге арналған. «Алтайдың асқарынан құлай аққан күміс толқынды асау бұлақтың жасыл жағасы. Балғын жапырақты боз тал мен жасыл желек жамылған ақ қайың, айналасына бұтақ жайған биік бәйтерек пен жамырай өскен жас құрақ еркелей ескен самал желдің лебімен үкідей үлбірей қозғалып, баяу ырғала билеп тұрғандай. Үстіндегі ақ жібек көйлегі сұлу сусылдап самал желге желбіреген жас қыз енді ғана өсіп келе жатқан жіңішке де қысқа бұрымын қос қолда ұстап, осынау көркем көрініске қызыға қарап ұзақ тұрған еді. Келесі сәтте жас қыз елең етіп, бір әсем әуенді тыңдай қалды. Не деген ғажап үн!..». Ән салған бұлбұл. Тыңдап тұрған Бибігүл. Осылай барынша жоғары алынған сарында жас қыз әнмен «оңаша сұхбаттасып» тұр... Серуенге бірге шыққан ауыл қыздарынан бөлініп қалған... «Ақ таңның алтын сәулесі Алатаудың тәкаббар шыңдарына иек артып, айналаны асыл нұрымен жайнатып жіберген. Көшені бойлап ескен са мал көк жібек көйлегін көлбеңдете желпіп, үлбіреген алма бетін аймалай еркелейді. Күләш болса, қарақат көзі күлімдеп, іштей рахаттана күбірлеп,
Алатаудың каусар самалын кеуде кере жұтып, баяу адымдай түседі». Бұл Күләш... Іздену үстіндегі, әлденені таба алмай жүрген бір кезеңі. «Күләш орнынан тұрды да, жасыл шалғынды тізеден кешіп, бақ ішін тағы аралап кетті. Әнші де творчество адамы. Ең алдымен әнші өз Отанының азаматы...». «Күләш тағы орнынан тұрды. Екі қолын артына салып әрлі-бері жүрді. Салқын самал бәйтеректің жасыл жапырағын баяу қозғап, сұлу сусыл естіледі. Ол түрегеп жүрген қалпы тағы да ойға шомды». Осы арада бір «уһ!» деп алмасқа амал жоқ. Тым сұлу, жөнсіз сұлу... Татып көрмеген тәттіміз. Бұдан кейін Күләш Хамидиге Алябиевтің «Бұлбұлынан» кем түспейтін «Бұлбұл» әнін жазып беруді өтінеді, Хамиди жазады. Күләш орындайды. «Үлпілдек самалмен жеңіл желпінген асау Ертістің «ойыны» сезімін сергіткен Бибігүл қолын судан алмай ұзақ ойнаған» күні радиоқабылдағыш арқылы Күләш салған «Бұлбұл» әнін естиді. Ынтызарлығы сонша, көшенің ортасында тұрып тыңдап қалған. Бір ақсақал адам: – Балам, жолдан былай тұрсаңшы, арба қағып кете жаздады ғой!» дегенде ғана жас қыз қай жерде тұрып қалғанын аңғарған. «Апырмау, қанша жыл сарыла іздеген жоғы енді ойламаған жерде, көшеде кездескені ме?». Сонымен әңгіме түйіні «Күләш «Бұлбұл» әнін аялап өтсе, Бибігүл мәпелеп келеді...». Автордың өз сөздерін осынша ұзақ келтіргеніміз ырзалықтан емес, наразылықтан екені танылған болар. Онымыздың бірнеше себебі бар: Бірінші, алған тақырыбыңның ішкі сырын ашудың орнына үлпілдеген, үлбіреген табиғат сипатына сонша көп орын беруге болмайды. Оның үстіне мұндағы Алтай мен Алатау сипаттамалары біріне-бірі ұқсас. Жасыл жапырақ, самал жел, тағы-тағылары әнші қыздардың бейнелерін жауып кеткен. Және ылғи бірыңғай тәтті сөздермен берілген. Орыс әдебиетінің есейген кезінде айтылған «Айналайын, тым сұлу сөйлемеңізші!» деген сөз бар. Біздің жас авторға да осыны айтқан жөн болар. Оның үстіне тал, қайың, бәйтерек, жасыл құрақ, бәрі бір жерге өсе бермейді. Алтай мен Алатау табиғаты да біріне-бірі ұқсас емес. Жасыл жапырақ, самал жел қайда болса да бар екені рас, бірақ, өзіндік айырмасы да болмақ. Екінші, «қолын суға малып ойнап жүрген жас қыз»: «Апырау, қанша жыл сарыла іздеген жоғы көшеде кездескені ме?» – деп ойлайды. Жас қыз не себептен бірден «Бұлбұл» әніне құмартады. Не үшін «Бұлбұл» әні «қанша жыл сарыла іздеген жоғы» болмақ? Қаншы жыл бір әнді сарыла іздесе, ол қыз – қолын суға малып ойнамасқа керек. Күләш не үшін жасыл шалғынды тізеден кешіп, екі қолын артына салып жүр? Жас әйелдің екі қолын артына салып жүргенін кім көрген?
Көркем әдебиетке болсын, көремөнерге болсын, ешкім ортадан ойып түспейді. Өсу жолының баспалдақтары бар. Біз білетін Күләш пен Бибігүл де сол баспалдақтармен көтерілді. Әнші қыздардың екеуінің де «Бұлбұл» әніне ынтызар болуы сендіре ала ма? Жоқ, әрине. Ал, осы екі әнші қыздың әнге құмартудан басқа мінездері, жаны барлығы, тәні барлығы аңғарыла ма? Аңғарылмайды. Асанқайғы дұрыс айтқан: – Таза мінсіз асыл тас Су түбінде жатады. Таза мінсіз асыл сөз Ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан сөз, Жел толқытса шығады, Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады. Жазуға талаптанудың, көркем өнерге талаптанудың ой түбінде жатқан арманы қоғам тіршілігінің қозғауымен оянады. Күләш та, Бибігүл де «Бұлбұл» әніне құмартудан бұрын талай баспалдақтардан өтті, олардың жолына да жібек кілем төсеулі болмайтын. Қиналған, қуанған, сүрінген, жеңген кездері бар. Творчество адамдарының қуанғаннан жылар кезі, назаланғаннан күлер кезі болады. Сондай кездерде олар қандай екен?.. Күләш пен Бибігүл – көркемөнердің атақты адамдары, үлкен қайраткерлері. Олардың өмірбаяндарын азғантайға сайып, арзан танамоншақпен жылтырата салуға болмайды. Соңғы айтарым: осы «Бұлбұл» новелла ма, очерк пе? Толық мағынасында екеуі де емес. Көркем әдебиетке қосылатын новелланың өз логикасы, өз кілті бар. Өз түйіндеуі мен өзіндік шешімі бар. Ал очерк деуге тым жалаңаш, азды-көпті мазмұнын желбуаз сөздер көміп кеткен. Тағы бір прозалық әңгіме туралы пікір айтқым келеді. Әңгіме аты – «Бой тұмар», авторы – Аян Нысаналин («Мәдениет және тұрмыс», 1971 жылы, май номері). Шығарманы қай жағынан қай әдіспен талдауды ең алдымен сол шығарманың өзі нұсқап тұрады. Мен де «Бой тұмарды» өзі нұсқап тұрған әдіспен тексергім келеді. Ең алдымен құрылыс материалдарын, одан кейін құрылыстың өзін, ең соңында ие болып шыққан нәтижені айтпақпын. Әңгіменің құрылыс материалдары мынадай: 1. Ауылына келген жас жігіт – Елдостың елін-жерін сағынышы – 35 жол. 2. Әке мен баланың қысқа ғана отырысы – 32 жол. 3. Елдосты бала кезінде әкесінің бүркіт балапанын ұстауға апарғаны, жолшыбай атақты бір бүркіт әңгімесін айтқаны – 75 жол.
- «Тоғыз құмалақ» үстінде Елдостың космосқа ұшатын болғанын ашу – 25 жол. 5. Бас конструктордың оны космосқа ұшар алдында елге дем алып қайтуға жібергені – 14 жол. 6. Балалық шақтан аз ғана еске алыс – 7 жол. 7. Алтынай дейтін келіншектің үйіне барып жадырап қайтуы – 56 жол. 8. Аттанарда жақындарының жиналуы, әкесінің «Бой тұмар» тағып беруі – 8 жол. Барлығы үш бағаналап терілген журнал бетінің 250 жолы шамасында. Әңгіменің материалы мен қалай құрылғаны осы тізімнен-ақ көрініп тұрса да, құрылыстың әрбір бөлшегі өз мазмұнын аша кетуді керек ететін сияқты. Алғашқы 35 жолда жас жігіт сағынған ауылын, жерін аралап жүр. Тау... Өзен... Самал жел ...Тас түлегін сағынған самал сыбдыры... Әңгіменің отыз екі жолдық екінші бөлшегінде әке мен бала «Тоғыз құмалақ» ойнайды. Елеулі әңгіме жоқ. Елдостың жүзі жабырқау. Мінезі тұйық, бұйығы. Әкесінің бір кезде атақты құсбегі болғаны аңдалады. Қазір қартайған, жақ еттері суалған... Келесі 75 жолда Елдосты әкесінің бүркіт балапанын ұстауға апарғанда айтқан бір әңгімесі. Байдың әумесер баласы біреуден қояр да қоймай атақты бір «Саршолақ» деген бүркітті қалап әкеледі. Қансонар кезінде бүркіт шаңқылдап маза бермепті. Әумесер бала бүркітті қамшымен ұрыпты. Сол күні «Саршолақ» әумесерге бір түлкі, бір қасқыр алып беріп, содан кейін сорғалап келіп иесінің өзіне түседі. Иесі атының бауырына тығылады. «Қыран топшысы ердің күл-паршасын шығарып, аттың бел омыртқасын үзіп жіберіпті. Іздеушілер келсе, «Саршолақ» иесінің кеудесінен жүрегін суырып алып жеп отыр екен»... Сонымен бүркіт топшысымен соғып, ерді талқандап, аттың бел омыртқасын үзіп жіберген. Ол аз болса, аттың бауырына тығылған жігіттің жүрегін суырып алып жеген... Бұған әрине, бесіктегі бала да иланбайды. Бірақ, автор иланатын сияқты. Осы ойға сиымсыз ертегі арқылы Елдостың аспанға ұшуды арман етіп алғанын тұспалдайды: «Бұл айтулы ұшқыштың аспанға жолы тап осы кезде басталмағанына кім кепіл?» дейді. Замандас жастың космосқа ұшпақ арманын өмір шындығы арқылы, жігіттің жігер-талабы, табандылығы арқылы бейнелеудің орнына, қисыны жоқ болмашымен дәлелдеу – реализмнен алшақтасу деген сөз. Әкесінің баласына рұқсат бергені де қызық: 1. Сонымен ұшамысың? 2. Ұшамын. 3. Елге қашан оралмақсың?
- Білмеймін. 5. Мейлі, ұшсаң, ұша бер... Кім еді, әлгі ғарышқа ұшып жатқан көрінеді ғой. Сенің ата-бабаң кем туып па солардан?». Жігіт енжар. Қызу, рухтану, намыс сезімі дегендер жоқ. Аспанға емес, ауданға барып қайтардың төңірегі. Әңгіменің енді бір елу жолы Елдостың Алтынай деген келіншекпен оңаша үйде кездесуіне берілген. Алтынай бір кезде Елдоспен мектепте бірге оқыған. Қазір «жұтынып тұрған, толысып піскен келіншек. Күйеуі былтыр көкпарда өлген. Екі жас ұзақ әңгімелесті. Екеуі де жадырап қалды». Екі күннен соң Елдос жүріп кетті, аттанарда әкесі «ұлын құшақтап тұрып, кішкентай бой тұмар тағып берді. Бой тұмардың ішінде туған жердің бір шөкім топырағы бар еді». Сонымен әңгіме аты «Бой тұмар» болса, оған бергені осы екі жарым жол... Елдос еліне келгенде бір адаммен кездесіп ашылып сөйлеспейді. Космосқа ұшар адамның қызу, ақ жарқын, тәуекелшіл мінезі жоқ, бұйығы, жабырқау жігіт. Меніңше, бұл жігіт космосқа ұша алмай, қайтып келіп, мықтағанда жүк машинасына шофер болуға лайық. Алған тақырыбына ат үсті жауапсыз қарау әдебиет зерттеуші ғалымдарымыздың бірі – Сәйділ Талжановтың «Барақ батыр» деген мақаласында мол кездеседі («Мәдениет және тұрмыс», май, 1971). Сәйділдің мақаласы толып жатқан батыр Барақтардың біреуі Найман руынан шыққанын дәлелдеуге арналған. Ғалым адам ғылымға сүйеніп, өзі зерттеп, анықтаған пікір айтар деп күтесің. Сәйділ бірақ мақаласын бастай бере, шатастыра жөнеліпті. Не бәрі үш жол бойында Барақтың батырлығын, әділдігін, ақылдылығын мадақтай келіп, енді оның қайдан шыққанын таныстырғанда былай депті: «Ол – найман руынан сурылып шыққан, тірі жанға бас имеген, қанша шақырса да, тұқымдас бола тұра, Кенесарыға да ермеген жеке батыр». Сонда деймін-ау, батыр Барақ найман руынан суырылып шықса, Кенесарыға қалай тұқымдас болмақ? Әлде, Кенесары да найман руынан суырылып шықты ма екен? Тарихшыларымыз олай демейтін сияқты еді ғой?... Сәйділдің өзі келтірген материалдарда поляк А.Янушкевич былай депті: – «Барақ – хан тұқымынан, Шыңғыс әулетінен». Сәкен Сейфуллин «Көкшетау» поэмасында: «Барақ – арғынның, оның ішінде Қуандық ұлысының батыры» деген екен. Мұхтар Әуезов «Абай» романында Барақты найманның батыры деп еді дегендей тұспал жасайды. Мақаланың аяғында «батыр Барақ пен аға сұлтан Барақ бір кісі – найманның батыр Барағы» деген қорытынды жасалыпты. Дәлел қайсы? Мұндай қорытынды жасау үшін ғалым нені зерттеген,
не тапқан? Ондай мәлімет мақалада жоқ. Кімдікі дұрыс, кімдікі қате, Сәйділ оған да соқпайды. Аяқтап келгенде айтып отырғанымыз – Аягөздің аға сұлтаны болса, ол найман руынан шықпайды, әрине, Шыңғысхан әулетінен шығады. Тап осы батыр Барақ тарихымыз үшін керек пе, жоқ па, ол өз алдына мәселе, бірақ, тарихта болған бір адамның қайдан шыққанын зерттегің келген екен, қорытындың өз зерттеулеріңнің нәтижесі болу керек. Мен Барақтың қайдан шыққаны туралы таласқым келіп отырған жоқ, ғалымның өзі зерттеп, анықтамаған мәселе жөнінде қорытынды жасағанын қате дегім келеді. Әрине, батыр тауып бермедің деп наймандар да өкпелей қоймас... Сәйділ мақаласының бас жағында үш Барақ бар дейді де, қорытындысында біреуін қысқартып екеуін ғана қалдырады. Шынына келгенде, батыр аталған Барақ қай руда болса да болуы мүмкін. Мысалы, Қостанай облысы, Қараоба деген жерде «Барақ батырдың» моласы бар. Сәкен білетін, Мұхтар білетін Барақтар да болуы мүмкін. Түптеп келгенде, оның бірде-бірі тарихи проблема емес қой. «Тірі жанға бас имейтін, әрі ақылды, әрі мейлінше адал батыр» не істепті, қандай батырлық, қандай ақылдылық, адалдық істепті? Бұл жағынан зерттеуші не айтады? Соған келейік. Әлдеқалай Шәуешекке барғанда Барақ қаланың комендантына бас имепті. Құдайға ғана бас ию керек депті. Мұнысын бағалаған жөн. (Бірақ, бұл да Янушкевичте келтірілген факті). Барақ батыр жайында ел аузында аңыз бар екен. Сәйділ соны келтіреді. Аңыз не дейді? Бір күні Ағыбай батыр қырық жігітімен далада тай сойып, қазанда ет пісіп жатыр екен. Ағыбай ұйықтап қалады. Бұлардың үстіне кержорға ат мінген бір жас жігіт келеді. Екі рет ұйықтап жатқан Ағыбайдың бетін ашып қарайды. Екі рет қазанынан екі кесек ет алып, асап жібереді де, кетіп отырады. Жігіттер Ағыбайды оятып, масқара болғандарын айтады. Ағыбай жігітті қуып жөнеледі. Бір заманда қуып жетеді. Жігіт Ағыбайды тірі жанға есептемейді, кете береді. Ертеңіне бұлардың алдынан үйірлі құлан кездеседі. Жігіт құланның құлынын жерден іліп алып, тақымына басады да жүре береді... Тағы бір кезде тоқтап, Ағыбайға тамақ пісіруді тапсырып, қаруларын тастап, жігіт ұйықтап қалады. Қорлыққа намыстанған Ағыбай ұйықтап жатқан жігітті шоқпармен қос қолдап тұрып қақ маңдайдан переді келіп!.. Жігіт оянбайды да... кейін ет жеуге отырғанда «осы жердің масасонасы қалың-ау деймің маңдайымды шағып кеткен тәрізді», – дейді. Барақ батыр осы екен. Осылардан басқа оның батырлығын, ақылдылығын, әділдігін танытатын еш нәрсе жоқ. Бұл аңыз да «Бой тұмардағы» «Саршолақ» бүркіт жайындағы әңгіме
сияқты қисынсыз, қызықтырмайды да сендірмейді, тұспалдайтыны тағы жоқ. Осындай не көркемдігі, не маңызы жоқ, таяз ойдан туған болмашыны жазып, оқушының басын қатырудың не керегі бар? Біз біріміздің жазғанымызды біріміз қадағалай оқымайтын салтқа бой үйретіп алдық. Әсіресе, ұшырасып қалатын кемшіліктерге бейжай қараймыз. Батыра сын айту – басыңа бәле шақырумен бірдей деген көзқарастан да сау емеспіз. Іс жүзінде мұның дұрыстығы да жоқ емес. Дегенмен, жазушы қауымына кешірілмес бейжайлыққа, «жапалағым, сен тимесең, мен тимеге» құл болу – үлкен ұят. Бұл – жазушылар қоғамы болып, түгел қолға алатын ісіміз. Қай қоғам болса да, өз кемшіліктеріне өзі ие бола алуға міндетті. Олай етпесек, асқындырып алар кез алыс емес сияқты! АВГИЙДІҢ АТ ҚОРАСЫНАН БАСТАЙЫҚ «Бұдан былай огурци деп жазылатын болса, мен оны жемей-ақ қоярмын». Л. Леонов. Қай халықтың болса да қоғамдық өсу-өркендеу жолында көтеріле алған биігі мәңгілік болып ана тілінде сақталып отырады. Қай халықтың болса да ақыл-ой тереңдігі, сана-сезім сергектігі көп салалармен тармақтана, молыға келіп, тағы да сол ана тілінің алтын қорына қосыла береді. Ана тілі қорлана береді, ажарлана береді. Қай халықтың болса да басынан өткен дәуірлері, қилы-қилы кезеңдері ана тілінде із қалдырмай өте алмайды. Ана тілі ғасырлар бойында жасала да береді, жасара береді. Тіл диалектикасы – жасаған сайын жасара беруінде. Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады. Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің бірде-біріне көңіл аудармау – ең үлкен қылмыс. Салтыков-Щедрин ыза болады: ф әрпіне тілдерің еркін-ақ келеді. Солай бола тұра, неге «хунт» дейсіңдер? X әрпіне де тілдерің келеді. Солай бола тұра, неге «фуост» дейсіңдер? – деп ызаланады. Мен әуелі сол сөйлеусөйлесудегі дерекіліктерден бастағым келеді. Қазақстанның әр жерлерінде сөздің мағынасын бұзып сөйлеушіліктер бар. Солардан біраз мысал келтірейік.
«Өзіміз молдаға оқып едік, баламыз мектепке оқып жүр». «Қызым жетінші класс оқып жүр». Бұл сөйлемдер қайда, қайдан оқып жүр, нешінші класта оқып жүр деген сұраулардың жауаптары екенінде жұмыс жоқ, «Молдадан оқыдық», «мектепте оқып жүр», «жетінші класта» деуге тіл келмегендіктен емес, тіпті, түсінбегендіктен де емес. Бұл баяғы «біздің ауыл осылай сөйлейдінің» салдары. «Бұрын райкомтұғын. Осы күні совхоз боп қапты ғой», «болатұғын» деген сөздің бас жағы кесіліп қалыпты да, «болып қалыпты» делінетін сөздер ортасынан омырылған. Тегінде, осы «тұғынды» тастап, болатын, келетін деп жазу дұрыс-ау деймін. «Түске шекейін» мен «шекемдер» оп-оңай тұрған «дейіннің» айырбасы. «Әне ерде отырған со ма десем: міне ерде отыр екен. «Ән жерде, мін жерде» деп те айта береміз. Ана жерде, мына жерде делінетін ап-айқын оп-оңай сөздердің қалай бұзылып кеткеніне таң қалғандайсың. Менің бір қадірлі досым дастарқан үстінде – «жесей, ішшей, іштеңке ғымайды» деп отырады, әрі-беріден соң – «жемесің бар, кемесең етті» деп күштеңкіреп жібереді. Күнбе-күнгі сөйлеу әдетімізде «барғам, жазғам, айтқам» дей береміз. Осы сөздердің аяғын осылай доғару елеусіз кіріп алып, ең көп тарап кеткен әдет. Елеусіз кірген дерт енді елемесе есейе бермек. Сондықтан мұны елемеуге болмайды. Сөйлескенде де, жазғанда да – «барғанмын, жазғанмын, айтқанмын» – дейтін болайық. Мен «оңтүстік, солтүстік» деуге де қарсымын. Бұл да бұзып алған сөздеріміз. Мұның дұрысы «оңтұстық, солтұстық» болу керек. Түстік емес, тұстық. Оң тұсымызда, сол тұсымызда... Түскиіз емес, тұскиіз. «Күн осы күні мына тұстан шығады, мына тұстан батады». Түс кезі, түстік дейтініміздің өзіндік мағынасы бар. Сөйлеудегі осы сияқты ерсі мысалдарды топтап әкелуге болады. Мұнда әдейілік жоқ, әрине. Сөз бен сөйлемге, оның ар жағында ана тіліне мән бермеушілік бар. Олай болса, әдейілік жоқ болғанымен, ана тілінің алдындағы күнәда олқылық жоқ. Сөзді қалай болса солай пайдалана берсең, сөздің жүзі мұқалып, ұшы майрылады да, айтайын дегенің құлаққа қонбайды. Абай айтқандай, көңілдегі көрікті ойын айтуы келіспесе түкке тұрмай қалады. Жиырмасыншы жылдардың ішінде әдебиетімізге «қайдам» деген сөз кірді. Қазір ол көп жазушылардың еңбектеріне кіріп алыпты. Тіпті, орыс геройларына «қайдам» деген сөз беретін жазушыларымыз да бар. Бұл бір қия алмайтын құнды сөз емес, «қайдан білейін» деген сөздің заңсыз қосындысы. Бір сөздің соңғы әрпін жойып жіберіп (қайдан), басқа бір әріп қоса салсаң (қайдам), ол жаңа сөз болып шықпайды.
Сол жылдарда «құсап» деген бір құсық иісі келетін сөз қосылды: «ит құсап», «жазушы құсап», «адам құсап»... Адамға ұқсап, жазушыға ұқсап делінетін сөздердің тұрпаты бұзылды да кетті. Осы күнгі оқушы балалар ең алдымен қай сөздің қалай жазылғанына қарап оқиды. «Қайдам» дегенді «қайдан білейін», «құсап» дегенді «ұқсап» деген мағынада түсінетін болады. Оның ар жағы түсінікті ғой... Берірек келе – жазира, салиқалы, салауатты жыр, музыкалық хабар, қоғами, сыни пікір, мақамшылық өнері деген жаңылыс алынған сөздер қосылып келеді. Жазира – араб тілінде «арал» деген сөз. Оны біздің жазушылар гүл бақшалы жер үйек мағынасында алып жүр. Бұл дұрыс емес. Салиқалы деп мақтау үшін алдымен осы сөздің «салиқа» деген түбірі немене, соны білуіміз керек. Ондай түбір табылар емес. Ал, салиқалы деген сөздің өзін алсақ, бұл бір, ІІІахмет марқұм айтқандай – ухам сомнение, құлаққа жағымсыз, мағынасыз сөз. Салауатты жыр – тіпті өрескел алынған. Біз молдадан оқып жүрген кезімізде бейсенбі күні салауат айтқызатын: «Қайрауат, уа қайрауат, Бір алладан шафағат. Алламызға мүнәжат, Пайғамбарға салауат...» Сол салауат енді көркемдік түсінік орнына алыныпты. Поэзияның көркемдігін бағалау үшін салауатқа жүгірудің түк орны жоқ. «Музыкалық хабар» деген де дұрыс емес. «Хабар» өз мағынасын дәл басып тұрған орнықты сөз. Музыка арқылы ешбір хабар ала да алмайсың, бере де алмайсың. Ән тыңдайсың, күй тыңдайсың, қысқасы, ол хабаршы емес, көркемөнердің негізгі бір арнасы. «Музыкалық программа» деп алуымыз керек. Соңғы жылдардың бірінде «қоғами» деген термин алынды. «Қоғамдық» деген, өз мағынасын дәл басып тұрған сөзіміз барда құйрық жағын аравизм мен фарсизмге қарай бұлаңдатып тұрған «қоғамиды» неге алғанымыз түсініксіз-ақ. Осы «қоғами» алынғаннан кейін бір жас сыншы «сыни пікір» деп жазып еліктей кетті. Сонымен, аравизм мен фарсизмге қарай «қоғами» құйрығын екі рет бұлаңдатты. Тап осы «қоғами» керек емес. «Гәкку» деген бір әншілер тобын басқарып, телевидениеге шығып жүрген Әминә Нұғыманова қарындас «мақамшылық өнері» дегенді музыкалық термин ретінде жиі-жиі қолдана бастады. Тегінде ғылымдық еңбек жазып жүрген болар. Осынысына жұрттың құлағын үйрете берейін дегендей, ән салатын қыздармен шықса да, дауыстарын барқыраған әлдекімдермен шықса да, «мақамшылық өнерін» қайталап қадағалап қояды.
«Мақам», ең алдымен, құранды қалай оқудың сазы. Мысыр мақамы, Бұхара мақамы, Түркістан қазіретінің мақамы аталатын мақамдар болды. Ұйғыр халқында атақты он екі мақам бар. Бұл музыкалық әуендер екені даусыз. Бірақ қазақ тілінде «мақам» дегенді, әсіресе «мақамшылық өнері» дегенді кіргіземін деп ойлау әрі орынсыз, әрі өмірсіз талап. Өзімізде бар ән, күй, саз, әуен, әуез деен атаулар «мақамнан» анағұрлым түсінікті емес пе? Діңкеге тиіп жүрген тағы да біраз жеке сөздер, сөйлемдер бар: «О да кеп пе?», «Со ма екен кеген?», «Бұ да со ма?» дей береміз. Жазылған еңбектерде «кеген» деп жазғанды кездестіргенім жоқ. Ал енді «кепті», «бопты», «о да», «Бұ да», «со да», «со малар» екінің бірінде кездесе береді. «Ол», «сол», «бұл» дейтін жалғыз буынды сөздердің жартысын кесіп тастаған соң несі қалсын? Домаланып басы ғана қалмасқа шарасы не? Айтуға да, жазуға да жеп-жеңіл сөздер тал түсте қиянатқа ұшырап, бейшара болып қалды. Кейбір жазушыларымыз «содан соң» деген толыққанды, айқын мағыналы сөзімізді кескілеп-турап, «сосын» деп жазады. Бұларынан жаңа ұғыныс туып тұрған жоқ, бұрынғы бір дүдамалдау ұғынысты аша түсу де жоқ, мағынасы айқын сөздің тұрпатын бұзу ғана бар. Осы «сосын» Әбдіжәмілде көп, Асқар Сүлейменовте аяқ алып жүргісіз, Мұзафарда да баршылық. Көркем әдебиетте әрбір сөздің өз тұрпаты сақталуға тиісті. Тілге бай, тілі жақсы дегенде ешбір жазушы жаңадан сөз тауып, сонысымен бай, сонысымен көркемдікке жетпейді. Халқының тіл байлығында бар сөздерді дұрыс тұрпатымен пайдаланып, сол қордан алынған сөздерден жаңа теңеулер, жаңа бейнеулер жасау арқылы тілге бай, тілге шебер деп аталады. Әсіресе, дауысты дыбыстар мен дауысты буындарды кескілеу сөздің тұрпатын бұзумен бірге сөйлемнің ішкі ырғағын да бұзады. Ат жорғалап келе жатып, шауып кетсе, желіп келе жатып сүрініп кетсе, қалай көрер едік? Сөйлемнің ырғағын бұзу да соған ұқсайды. Тіліміздің қорында бар сөздерге жаңа мағына беру жолындағы табыстарымызға мен Ісләм Жарылғаповтың «көрермен, оқырман, аялдама» деп қосқандарын орынды да орнықты көремін. Мұхтар Мағауиннің «іріңді суы» да сондай, белгілі түсініктің мағынасын дәл береді. Бізде қақ аталатын, шалшық су, жайдақ су деп аталатын сулардың бәрін де іріңді су деген дұрыс көрінеді. Біраздан бері жалпы мағынасындағы искусство дегенді өнер деп атап келеміз. Ана тілімізде сақина, білезік соғуды да өнер дейміз. Арба-шана істеуді де, үй жонуды да, етік тігуді де өнер дейміз. Туындысы – өнерші. Дұрысында искусствоны басқа өнерлерден айырып – көркем өнер деуіміз керек. Оның ішіне сурет, музыка, сахна, экран, би өнерлері ғана кіретін
болсын. Көркем әдебиет деген сияқты көркем өнердің де өзінің асыл тегін көрсетіп тұратын атауы болғаны дұрыс. Енді азырақ кейбір жазушыларымыздың тілдеріне оралайық. Жұмақан Рамазанов деген біреу француз жазушысы Д.Бартонның «Тәсіл» деген қысқа әңгімесін аударып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялады (ЗО-Ү75). Жұмақан аудармасын «Жайма-шуақ» таң сәріде...» деп бастайды. Таң сәріде «жайма шуақ» болмайтынын білмейді-ау деймін. «Жайма шуақ» деп кешегі, не болмаса бүгінгі күннің райлық сипатын айтады. Тегінде мал жаюға болатын қысқы күннің шуағын айтады. Таң сәріге де, тұтас алғанда түн мезгіліне қатынасы жоқ. «Мен қашырымның құйрығын иісі бар мөлдір маталы жалбызбен майлағанмын», – деп жазады аударушы. Иісі бар мөлдір маталы жалбызы не болғаны сонда? Мөлдір деп суға айтылады, матаны мөлдір дегенді бірінші естуіміз! Көркем әдебиет кәсіпшілікті көтермейді. Қорлауды одан әрі көтере алмайды. Түптеп келгенде, ол кәсіп тоқталады. Қорланған өзің боласың. Әттең, әдебиетті оңай кәсіп көретін адамдар әзірше азаймай келеді. Жұмақан Рамазанов жалғыз емес, жүздердің бірі. Оралхан Бөкеев – үлкен үміт күтетін жас жазушыларымыздың бірі. Өнімді де ұтымды жазады. Тақырып шеңбері кең, айтар ойлары бар жазушы. Жақында оқырман қауымының тілегіне орай, Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығын да алды. Бірақ өзінің тіл қорына Алтай, Қытай қазақтарының ескіріп, топастана бастаған тілдері әсер еткен бе, қалай, Оралханның тілінде шұбарлық түйірпектері бар. Мысал келтірейік: «Пошымы, нәшіні, албаты, кейуана, мүрлеу, бебежік, тоқайрау, самырсытып, көргейлеп, бейқарар, бейнақақ, мауырт, сіңіртік, паруай...». Менің ойымша, бұл сөздердің бірде-бірі бүгінгі өскен әдебиетімізге де, тілімізге де орналаса алмайтын болар. Сол шұбарлық Оралханның сөйлем құруына да теріс әсерін тигізіп отырады. Мысалы: «Сұрқай сұсты... Сұп-сұры бұлт сықастыра... Садақбайдың ала-сапыран паруай жүзіне... Ауыл жақты қарауылдай байырқалып... Олардың сұп-сұр жүзі, арбиған арық қолдар мен сіңіртік сирақтар, көлгіреген аппақ кебіндері... Мен бағанағы әйелім әзірлеген кеспені еске алдым. Оны жездем жолдаған қаздың етіне пісіріп едік... Жесір әйелдің мұңдықты басы қалды...» Алдыңғы сөйлемдердің одағайлығы өзінен-өзі айқын тұрғандықтан, мен соңғы екі сөйлемге тоқталғым келеді.
Кеспені қаздың етіне пісірген едік деуге болмайды, Оралхан. Қазды жездең жібергенмен де болмайды. Кеспені етке салады. Сонда ол кеспе салып пісіргені қаз еті деген тамақ болады. Кеспе, іңкәл, құлақнан, күлшетай деп аталатын нандардың бәрі де етке пісірілмейді, етке салынады. «Жесір әйелдің мұңдықты басы қалды» деуге де болмайды. Ең алдымен мұңдықты емес, мұңды деп жазу керек. Сонда сөйлем «жесір қалған мұңды әйелдің» деп басталады. Екінші, сіздің сөйлем құрауыңызда әйелдің өзі емес, басы ғана қалған болып тұр. Сіздің айтайын дегеніңіз: «ері өліп жесір қалған мұңды әйел жалғыз қалды» емес пе? Бізде басылып шыққан кітаптарды кезінде оқи қою, әсіресе қолжазба күйінде оқып, өңдеуге жәрдемдесу сиреп бара жатқан әдет. «Писатель пописывает, читатель почитывает». Бір кезде Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабиден, Ғали, Асқар, Әбділда, Жақан, Тайыр – бәрінің де қолжазбаларын баспаға берілмей тұрып оқып шығып, айтысқа, пікір алысуға салушы едік. Осы аталған аға жазушылардың бірде-бірінің бір кітабы баспаға дейін оқылмай кеткен емес, өтірік айтқан болмауым керек. Академиямызда, университетімізде, педагогика институттарында әдебиеттің ірі мамандары бар. Тіл-әдебиет факультеттерінде болашақта ақын-жазушы болатын студенттеріміз бар. Біз солардың ортасына бір түспей, жазғанымызды баспаға ұсына алмайтын едік. Соңғы жылдарда осы игілікті әдет біржола тоқталды десем, мұным да жапқан жала бола қояр ма екен! Тарихи тақырыптарды еңсере жазып, еленбей қалмас еңбек етіп жүрген жазушы Ілияс Есенберлин. Оның еңбектеріне әр түрлі көзқарастар бар. Мен оны жақтаушылар жағындамын. Шынымды айтсам, мен оның «Қаһарын» ұнатпаймын. Ал енді «Алмас қылыш» – құнды шығарма. Әр ғалымдардың, зерттеушілердің бытыранды-шашыранды пікірлерін қорытып, шындығын тауып, көркем шығармаға айналдыру деген оңай да, арзан да еңбек емес. Ілияс ешкімді көшіріп қоймапты, қорытып алыпты. Бұл кітап жөнінде тарихшылар мен әдебиет тарихшыларына қоятын бір-ақ сұрауым бар. Ол сұрауым Қобыланды мен Қамбар батырлар жайында. Академик Әлкей Марғұлан бір еңбегінде Қобыланды мен Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырларын сегізінші ғасырда туған дегені бар. Ұлы Мұхтар Қобыландыны XIII ғасырға апарады. Бұрын-соңды жазғандардың бәрінде де солай. Мұхтар батырлар жырын екіге бөліп – үлкен батырлар, кіші батырлар жыры дейтін. Үлкен батырлардың басы Қобыланды болатын. Марқұм Мәлік Ғабдуллин де осы пікірде еді. Ілияс Қобыландыны да, Қамбарды да, Асан қайғы, Қотан, Қазтуған жырауларды да ХҮ ғасырға кіргізеді. Осыларымыздың қайсысы дұрыс, тарихшы жолдастар? Үндемей қалмағандарың дұрыс болар еді. Өз қара
басым мұндай әумесер ақымақ Қобыландыны (обалы Есенберлинге) қай заманда туса да қабылдағым келмейді. Мен тарихшы емес, әдебиетшімін. Сондықтан осы құнды деп санаған кітабымның ішіне кіріп кеткен ақауларына тоқталмақпын. Оларының өзі де аз емес. Әуелі ұсақтарынан бастайық. «Қиналуы да содан-тын» (30-бет). «Қыпшақ жері Жошының туы тігілген жері болуға тиіс-тын». «Қазақ жерінде қалған монғол басқыншылары аз-тұн» (32-бетте). «Шыңғысқан шапқыншыларымен байланысты-тын» (62-бет). «Қобыландының да бұны қаза етуі екі талай-тын». (116-бет). «Ол күндерде Қазының баласы, Темірдің әкесі Темірбай би тірі-тын». «Қашып құтылар ақылы бар-тын» (226-бетте). Сонымен «Ол күндерде қазының баласы, Темірдің әкесі Темірбай би тірі-тын...» Осы сөйлемдегі Қазының керегі бар ма? Жоқ. Темірдің керегі бар ма? Жоқ. Темірбайдың керегі бар ма? Жоқ. Онда неменеге қазбалап, сөз қылып отырсың демеңдер, маған керегі «тірі-тын». Көріп отырсыңдар, әлденеше сөйлемнің аяғы осы «тын»-мен тынады. Бұл енді сақалы болмаса да, шашы ағарған жазушыға келіспейтін де, кешілмейтін де кемшілік. Осынша көп сөйлемдерінің бәрінің аяғына келіспейтін бірдемені жазушы қалай алады? Сөзді ойнатамын деп алды деуге де келмейді, білмей алды деуге де келмейді. Бұл да баяғы «біздің ауыл осылай сөйлейдінің» салқыны болмаса қайтсін. Осы тұста ешкімнің аулында тіл академиясы жоқ. Ана тіліміздің академиясы қазақ деген халық, көше жүрсе де, бытырай жүрсе де, оқымаса да, ана тілін таза сақтаған дегенді ескерте кеткен теріс болмайдыау деймін. Ілияста мынадай сөйлемдер кездеседі: «Көгілдір далада, көгілдір аспан да»... (84-бет). «Көк балауса, жасыл шалғын» (217-бет). Өсімдік көгі мен аспан көгі бір түстес бола алмайды. Жердің өсімдігі көк балауса қалпында болса, шалғын жасыл бола алмайды. (Тегінде термин комитеті зеңгір, көк, жасыл деген атаулардың аздығы мен араласа беретінін ескеріп, осы мәселені бір қарастырса дұрыс болар еді. Орыс тілінде «шие түсті», «бөтелке түсті», «кофе түсті» деген қосымшалар бар ғой. Мүмкін, біз де сол маңнан бірдемелерді табармыз). Ілиястың мынадай теңеулеріне еріксіз күлкің келеді: «Егер әлем тоқты болса, бұл екеуі көкжал қасқыр еді ғой» (12-бет). Бату мен Құлағу көкжал болса бола берсін, бірақ әлем оларға тоқты бола алмаса керек. Әлем деп аталатын ұлы дүниені тоқтыға теңеу деген тым өрескел тұр. Екі жігіттің біріне-бірінің ұқсасатығын Ілияс мынадай теңеумен айтады: «Бір шыны аяқтағы екі тамшы судай ұқсас» (146-бет) – дейді. Екі тамшы судай ұқсас деген теңеу орыс тілінде қашаннан бар теңеу.
Ілияс соған «бір шыны аяқтағы» дегенді қосқанда теңеудің күл-талқаны шығыпты. Өйткені, бір шыны аяқтың ішінде екі жерде екі тамшы тұрғанын көз алдыңа әкеле алмайсың. Мұнысы – Жиһана хұкімни көрсәтти мұғаллақ» болып шығыпты. Ілиястың жай қарапайым сөйлемдерінде де тіл кедейлігі аз емес. Ілияс: «Бұны садақ оғының бер жағында шошайған екі қарыстай сабы көрсетіп тұр», – деп жазады. Оқтың ар жақ, бер жағы барына бірінші рет кездесіп отырмыз. Садақтың оғы бірдемеге тисе, сабағы (сабы емес) ар жақ, бер жағы демей-ақ көрініп тұрады. Болды ғой сонымен. «Қарашыңның жаны аузына келіп, енді шығуға таяу еді», – дейді жазушы (241бет). Мұнысы біреудің сөзі емес, автордың өзінің сөзі. Қарашыңның жаны аузына келгенін басқа біреу емес, автор өзі айтып отыр, тек аузынан қалай шығып кеткенін жазбапты... Оны жазса жан дегеннің немене екенін көріп қалар ма едік, әлде қайтер едік... «Барақ ханның ұлы Жәнібек сұлтан мен онымен үш аталас туыс Керей сұлтан». «Қара қазақ пен қазақ жерін жаулап алған ІІІыңғыс», – деп жазады автор 17-ші, 30-шы беттерде. «Жәнібек сұлтан мен онымен» деп жазуға болмайды ғой. «Үш аталас» дегені де үлкен орашолақтық. Сөйлемнің дұрыс құрамы мынау ғана: «Жәнібек сұлтан мен оның үш атадан қосылатын туысы Керей сұлтан». Ал енді «қара қазақ пен қазақ жерін жаулап алған Шыңғыс» деген сөйлемнен «қара қазағы» кім, «жай қазағы» кім екенін айыра алмадық. Шыңғысты таныдық, онысы Айтматов емес шығар... Сөйлеу, жазу жақтарымыздағы кемшіліктерімізді айта отырып, тіл мамандарына өтініш жасағым келеді. Амангелді, Қарагөз, Зілғара, Меңдіғожа сияқты адам аттарын Аманкелді, Қаракөз, Зілқара демей-ақ, естілу тұрпатында жазсақ қалай болар екен? Екі сөзден тұратын адам аттарындағы сол екі сөздің түбірі сақталса да, оқушы балаларға қ әрпінің ғ әрпіне айналатын реттерін бәрібір үйретуге тура келер еді ғой. К әрпі мен г әріптерінің арасында да осы бар. Мен тілші емес, тілді пайдаланушымын. Сол өз кәсібімнің мүддесінен қарағанда маған қ-ғ, к-г әріптерінің арасында едәуір әңгіме бар сияқты көрінеді. Термин комитетіне де айтатын өтінішім бар. Бізде толып жатқан сөздердің орыс тіліндегі түсінігі бар да, қазақ тілінде аталуы жоқ. Мысалы: тактичность, вежливость, учтивость, деликатность, обходительность, укоризно, укор, упрек, гордость, благородство, достоинство деген сөздерге атаулар табу өте қажет. Бұл түсініктердің көбін «ізгілік», «ізет», «адамгершілік», «сыпайылық» деген сөздермен, бір атауға бірнешеуін топтап сыйғызып келеміз.
Мұндай өте керекті түсініктердің қазақ тілінде аталуын іздестіргеніміз дұрыс болар еді. Орыс тілі – Отанымыздың тілі, Совет Одағына кіретін барлық халықтардың, ұлттардың бәріне ортақ мемлекеттік тіліміз. Сонымен бірге әр халықтың, әр ұлттың өзінің ана тілі бар. Ана тілін көркейте беру де әліппе, емле, оқыту, үйрету, сөйлеу, жазу – бәрінің де үлкен орны бар. КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары Леонид Ильич Брежнев жолдас Қазақстанға Халықтар достығы орденін тапсырғанда былай деді: «Совет Одағын мекендейтін барлық ұлттар мен халықтар өзінің ерекшеліктерін, ұлттық сипатының белгілерін, тілін, жақсы дәстүрлерін сақтап қала береді. Өздерінің ұлттық мәдениетін бұрынғыдан да гүлдендіру үшін олардың барлық мүмкіндіктері бар». Леонид Ильичтің осы айтқандарынан тіл, әдебиет қайраткерлеріне қандай үлкен талаптар қойылатынын тереңірек ойлансақ деймін. Мен бұдан жеті-сегіз жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне «Асқындырып алмайық, достар!» деген мақаламды жариялап едім. Ол мақалам да жоғары-төменнен де, аға жазушылар мен жас жазушылардан да ана тіліне жасалып жүрген жәбірлер жайында болатын. Егер ана тіліміз үлкен талаптарды көтере алмайтын, өспеген олақ тіл болса, бұл мақалаларды жазбаған болар едім. Жоқ, бұл бай тіл! Оралымды, ырғақты, теңеу-бейнеулері ерте туған тіл. Пушкин, Лермонтов шығармаларын XIX ғасырда-ақ көп елдерден бұрын аударуға жараған тіл. Біз Маркс, Ленин еңбектерін көп елден бұрын аудардық. Поэзияда Абай, Ілияс сияқты, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл. Мен осындай тілімізді таза ұстайық деймін. «Авгийдің ат қорасынан бастайық» дегендегі айтарым осы ғана. Мәдениетімізді Брежнев жолдас аңғартқан жоғарыға көтеру жолында ана тіліміз – ең сенімді, ең қадірлі құралымыз. АНА ТІЛІН АНАМЫЗДАЙ АРДАҚТАЙЫҚ Адам баласы маймыл бауырластарынан ажырасып, өзіне лайық тіршілік әрекеттеріне ауысуымен бірге тілі де туа бастаған. Ойдан – әрекет, әрекеттен – тіл; әрекет пен тіл ағалы-қарындасты егіздің сыңары екенінде дау болмаса керек. Батыс елдері христиан дінінің көзқарас, қағидалары бойынша әуелі сөз деп келді. Мұның орайы жоқтығын осы күнгі ғылым біржола дәлелдеп болды. Енді бұл қайта тірілмейтін, жерленген ұғым. Адам баласының «гомо сапиенс» аталатын дәрежесіне жетуі – оның ең алғаш көтерілген қырқасы. Өзіндік әрекеттері бар, қару-құрал жасай алады, отты пайдалана алады, мұнысына орай тілі де бар. Содан бері қанша уақыт, қанша замандар өтті, бұл мәселе әлі таласта: спорт тілімен айтқанда, қорытынды ойлар мен болжамалы ойлардың ара
қашықтығы қырық мың жыл мен екі жарым миллион жыл. Оның үстіне он миллион жылды меңзейтін тас куәліктер әлі де табылып жатыр. 1924 жылы Москвада өткен жержүзілік ғалымдар конкурсы адам баласы «гомо сапиенс» дәрежесіне жеткелі қырық мың жыл өтті деген байлам жасаған екен. Үстіміздегі XX ғасырдың археологиялық табыстары бұл байламды теріске шығарып келеді. Ыстық Африка мен мәңгі мұздықты Якутия қазбаларынан табылған адам сүйектері, адам қолынан жасалған қару-құралдар, әсіресе еңбек құралдары – тас шапқы, қайралған тас пышақтар – екі, екі жарым миллион жылдарды көрсететін көрінеді. Болжам аралары осыншалық алшақ болғандығы, әрине, әлі де көп ізденуді, анықтай түсуді керек етеді. Сонымен бірге сол қазба тастар ыстық-суық климаттардың қайсысында болса да адам баласы «гомо сапиенс» дәрежесіне бір кезде көтерілгенін толық дәлелдейді. Олай болса, дүние жүзіндегі барлық халықтардың тілдері де, мұның ішінде түркі тілі де бір кезден басталады. Барлық адамзат тілдері сол дәуірден бері өсіп-өніп, жасаған сайын жақсарып, толығып, байып, ажарланып келеді. Тіл біткеннің ұзақ жолы осы. Енді өзіміздің түркі тіліне оралсақ, соңғы кездегі ғылыми зерттеулер, әсіресе, Орхон-Енисей, Талас бойларында табылған сын тастарға қашап түсірілген руникалық деп аталатын жазулар біз үшін аса маңызды жайларды ашып отыр. Бірінші, бұл жазулар түркі тілінде екен. Екінші, сол жазуларда аталатын Күлтегін, Білке, Тоныкөктер қыпшақ қағандары, қыпшақ қолбасылары болып шықты. Үшіншіден, қашаннан бері түркі қағанаты деп келгеніміз, дұрыс ашылғанда, қыпшақ мемлекеті екен. Орхон-Енисей жазулары тасқа қыпшақ қолынан түсірілген. Қыпшақ мемлекеті жаңа жыл қайырудың ҮІ ғасырында құрылған. Сол кезде оның көркем әдебиетке жататын тілі де бар. Мемлекет құрамында оғыз, қарлұқ сияқты әлденеше тайпалар болғанымен, тілі – бір. Үш тулы қыпшақ деп те аталады. Кең шиыр Орталық Азияда қыпшақ құрамына кіретін елдер байыған, мал көбейген, бай өскен. Феодалдық қарымқатынастар толық есейген. «Әрі отыр, бері отыр» сиыспаушылығы да үдере берген. Оның үстіне қытай империясының қытықтай берген уасуасы арқылы қыпшақ мемлекеті шығыстық-батыстық деп аталатын екіге бөлінген. Қос-қабаттап кірген бүлкіншілік тұтас мемлекетті екіге бөлумен аяқталады. Осы жайларды сипаттайтын Орхон-Енисей жазулары былай сөйлейді: «Қытайдың тәтті сөзіне, асыл дүниеліктеріне алданып, түркі халқы, қырылдың, түркі халқы, жойылдың! Қытай қолында қандай ерлеріміз құл болып қалды. Қандай таза, қандай сұлу әйелдеріміз күң болып қалды! Біз мемлекетті халық едік. Қайда сол мемлекетіміз? Біз қағаны бар халық едік. Қайда сол қағанымыз? Енді бұл қорлыққа шыдап отыра бергенше, өзімізді өзіміз құртайық, қырылайық!».
Бұл, әрине, жігерлі жүректің тебіренісі, күреске шақырған ердің айтар сөзі. Сонымен бірге, бұл өскен тілге тән көркем әдебиет тілі. Әрі шешен, әрі көркем сөйлей алатын халықтың тілі. Будандаспаған, сыртқы әсерден таза тіл. ҮІ ғасырда осындай дәрежеге жеткен тілдің түп тамыры жаңа жыл қайырудың ар жағында, ой жетпес әріде жатпақ. Біздің кейбір ғалымдарымыз гундар дәуірі, түрік қағанатының дәуірі деп уақыт жағынан бірімен бірін кезектестіріп әкеледі. Дұрысында гундар мен қыпшақ тайпалары іргелес жасаған. Қыпшақ қағанаты гундардың мұрагері емес, заманы бір тұтас елдер деген дұрысырақ болар. Қалайда, тіршілігі, тілі, мәдениеті жағынан қыпшақ қағанаты өзіндік традициясы бар елдердің ордасы. «Білім және еңбек» журналының 1982 жылы шыққан 9-санында профессор Әуелбек Қоңыратбаев «Сақтар түркі тайпаларының атасы» депті. Көп ұзамай айнала беріп, «шынында гундар түркі тайпаларынын атасы еді» дейді екен. Маған ғалымдармен таласқа түсу оңай емес, сонда да бұл аталған екі «атамыздың» екеуіне де бой ұсынғым келмейді. Жалғыз Қоңыратбаевтан басқа ғалымдар бірауыздан нәсілі бір, тілі бір тайпалар этногенезі «гомо сапиенс» дәуірінің орта кезінде пайда болады дейді екен. Қоңыратбаевтың мақаласының аты «Этнос». Сол журналда, сол тұста, түрік нәсілдес халықтар Нұқтық үш баласының біреуінен тарайды деген мақала да басылды. Мұндай түбір, тамыры тереңде жатқан мәселелерге атағың арқылы емес, білімің арқылы соқтығысуың керек дегеннен басқа айтарың болмай қалады екен. Нәсілдестік, тілдестік деген тарихта ұғымдар бірер мың жылдардың ішіне сыймайды. Түркі тілдес үлкен елдердің бірі – көп тайпалы ұлы жүз үйсін. Үйсін дүние тарихына әлдеқашан кірсе де, оның тас куәгерлері енді-енді ашылып келеді. Талас бойынан адам басының бейнесін суреттеген тастың табылғаны ұлы жүз түріктерінің тіршілігіне көркем өнер де кіргенін куәландырады. Бейнеленген бас кімдікі болса да мейлі, оның жүзінен өзімізге таныс біреуді танығандай боласың. Бір кеңпейіл ақылды адам сенің не айтқаныңа сене алмаса да, оныңа кешірім жасап, жымиып, иә, айта бер дегендей тірі пішінде. Осы пішінді негативке алып, осы күнгі бір шебер суретші портрет жасаса, сөйлеп кеткелі тұр. Осы сияқты тасқа қашап түсірілген адам бетінің бейнелері шығыстық қыпшақ жерлерінен де табылып отыр. Бәрі, аңшы, құс, үй хайуандары да аз емес. Тарихшы, филолог ғалым Қаржаубай Сарқытқожаұлы шапырашты елінің жауға аттанардағы ұраны екен деп, мынандай төрт жолды өлең келтіреді: Бөрі басы - ұраным, Бөрілі менің байрағым. Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым!
Қыпшақ, үйсін тайпалары түгел арғы ата-бабаларын бөріден бастайтын аңыздары бар елдер. Әрине, жауға аттанарда аруақ шақыру керек, бабалар аруағына сыйыну керек. Академик Әлкей Марғұлан Орталық Қазақстан, Сарыарқа өзендерінің бойынан нақтылы адамдардың кескін-келбетін түсірген тас мүсіндер барын жариялады. Ойлы адам, ел билеген адамдардың киімдеріне дейін, қару-жарақтарына дейін болған күйінде жасалған дейді. Бұлар ҮІ-ҮІІ ғасырларда түсірілген. Сонау көне замандардан бізге жеткен қара сөздер мен өлең жұрнақтары, тасқа түсірілген адам бейнелері бізге не айтады? Сол кездердің өзінде-ақ түрік нәсілдес, түркі тілдес біздің барлық елдерімізде батырлар жырының бастамасы мен мүсіндік өнердің туа бастағанын айтады. Жалғыз тілі ғана емес, жайлаған жердері де, шаруашылық түрлерін, әдет-ғұрып, салтсана, ой-сезімдерінің белгілі дәрежеде жоғары болғандығын айтады. Кеп жасағыр біздің жас журналымыз «Білім және еңбек» соңғы жылдарда өткен дәуірлерімізден көптеген сенімді анықтамалар жариялады. Онысына алғыс айтуымыз керек. Ескерте кеткен дұрыс болар, менің жоғарыда айтқандарым өз зерттеуімнен туған қорытындылар емес. Менде ондай өнер жоқ. Бәрі де сонау Бичуриннен бастап, Маловқа, Кляшторныйға дейін созылып келе жатқан орыс ғалымдарының және ертелі-кешті айтылған шетелдік ғалымдардың зерттеулерінен туады. Олардың ойларын қорыта келе, оның үстіне, өз табыстарын жариялай бастаған осы күнгі өзіміздің ғалымдарымыздың сенімді ізденістерінен туады. Академик Әлкей Марғұлан, профессор Алтай Аманжолов, Әйтім Әбдірахманов, Қаржаубай Сартқожаұлы, Ізтілеуова, Шетін Жұмағұлов, тағы басқа жас ғалымдарымыз көне заманның көп сырларын сенімді түрде ашып келеді. Бір қызығы, бәрі де тарихшылар, филология ғалымдары. Біздің бейілді-беделді жазушымыз Мұхтар Мағауин қазақ поэзиясында арғы шетін Шалкиіз, Қазтуған ақындар арқылы ХҮ ғасырға апарып тіреді. Бірақ, осымен тұйықталады деген жоқ. Оның аржағында Сырдария бойында қырық шақты қалалар болғанын, ол қалаларда ән-күй, өлең-жыр боларын ескерген болу керек. X ғасырда музыка теориясын жазған ұлы ғалым Әл-Фараби тұр. Ол дүниежүзілік көлемде Аристотельден соң екінші ұстаз аталады. Ол біздің Эльбрус, біздің Хантәңірі, біздің, Гималай. Осы мен қыпшақпын дейтіндердің ғана ұлы атасы емес, барлық түпкі тілдес төрт тұстығымыздың бәрінің асқар биігі. Өйтені ол заманда шығыс-батыс түркі хандығына кірген елдеріміздің бәрі де қыпшақ аталған. XII ғасырда «Құлдар базары» арқылы қолға түсіп, ақырында Азербайжанның ұлы ақыны Низамидің бірінші әйелі болған қыпшақ қызы Аппақ оқымаған адам болғанымен, ішкі мәдениеті терең, өз елінің аңызертегілерің жырларын көп біледі екен. Низамидің атақты бес поэмасына алғысөз жазған Азербайжан ғалымы Рустам Әлиұлы – қыпшақ
қызы Аппақ Низамидің өз ақындығы ашылуына да, біздің әдебиетіміздің өсуіне де көп әсер етті, – дейді. Бұл – мағынасы терең, үлкен сөз. Ұлы ғалым Әл-Фараби де, бір елдің көркем әдебиетінің көтерілуіне әсер еткен қыпшақ қызы да қара тақырдан шыға алмаса керек. Біздің бұдан жоғарырақта айтқандарымыз ҮІ-ҮІІІ ғасырлардың тұсындағы жәйлар болса, Х-ХІІ ғасырлар одан бірер бел кейін келетін соның жалғасы болмақ. Шалкиіз ақын мен Қазтуған ақынның арғы жақтары меңіреу дала емес. Олардың бергі жақтары батырлар жыры, ғашықтар жыры, Бұхар жырау, Шортанбай жырау, Махамбет ақын Дулат ақын тағы басқалар арқылы ұлы Абайға келіп тіреледі. Бүгін біздің талқыға салғалы отырған әдебиет тілі жайлары да Абайдан басталуын заңды көрдік. Ұлы ақын Абай атамыз «қазаққа қара сөзден дес бермеген» шешен адам. Мектеп арқылы оқығаны көп болмаса да, тоқығаны көп философ. Ой көздері артта қалған алысты да, алда келер замандарды да болжай алған, кертартпа заманын қарғап өткен. Аяқтап келгенде, оның безінгені: Өңкей қырт, Несі жұрт, Бас қаңғырт! – қазақ даласының байлары, сөз ұқпайтын топас басшылары болады. Бұл бағытта Абайдың барлық ой-түйіні атақты «Сегізаяқта» ағыл-тегіл суреттелген. Ұлы ақын қарапайым сөздердің қалай мағыналы боларын, қалай уытты, қалай екпінді, қалай жылы, қалай суық болар сыр-сипатын ашып, ана тілімізге жан бітірген адам. Сондықтан да, Азербайжанның ұлы ақыны Низами сияқты Абайды да қазақ халқының әдеби тілі ғана емес, барлық мағынасында тілін түзеуші, барлық мағынада сөз қасиеттерін ашушы дегіміз келеді. Абайдың «көңілдегі көркем ой ауыздан шыға келе, өңінен айрылады» дегені бар. Біз сол көркем ойдың не себепті өңінен айрылатынын сөз еткелі жиналып отырмыз. Мүмкін, озық жазушыларымыздың еңбектері дүние, жүзіне, одан қалды бүкіл советтер еліне тарап отырған кезінде мұндай мәселені қозғау олқы да көрінер. Өйткені, біз тіл мәселесін этимология, синтаксис деңгейлерінде көтермекпіз. Өйткені біз Абайдың «Қайран тіл, қайран сөз наданға қадірсіз» деген зарлы да, зәрлі қайғысына тымақ жақындап келеміз. Өзімізді он жыл оқытуға шамасы келетін оқыған надандарға айтуға тура келеді. Сондықтаң Абай зарының салмағы бізге он есе ауыр түсу керек. Жазушы тілсіз, сыншы қырсыз дерлік кезеңге келіппіз. Әшейінде айтуға аузымыз бармайтын осындай ауыр сөздерді айтпасаң болмайтын кезеңге келіппіз. Көркем әдебиет, ең алдымен, қай тілде жазсаң, сол тілді жақсы білуді талап етеді. Соңғы жиырма жылдың ішінде біздің ана тілімізді жақсы білуден гөрі «білемін!» деушілер көбейіп барады. Сөйте отырып, ана тілін менсінбейтін, қалай болса солай бұралай беретін жауапсыздықтарын
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру