Жорж Батай. Ішкі тәжірибе
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жорж Батай — «Жорж Батай. Ішкі тәжірибе» (Көркем әңгіме). ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА
ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА
ІШКІ ТӘЖІРИБЕ
(Аударған Е.Абақан)
Қасаң қағидалы құлдықтың (және мистицизімкін) сыны
Ішкі тәжрибені мен әдетте тылсым тәжірибе, яғни шабыттану, масаттану, ойша қобалжу деп аталатын нәрсе ретінде түсінемін. Бірақ менің көз алдыма осыған дейін ұстануға мәжбүр болған тәубеге келу тәжірибесі ғана емес, сонымен бірге кез келген жақындықтан, кез келген сырдың тұспалынан азат болатын жалаң тәжірибе елестейді. Сондықтан да мен тылсым деген сөзді аса ұната бермеймін.
Сондай-ақ мен тар мағынасындағы анықтамаларды ұнатпаймын. Ішкі тәжірибе менің (менімен бірге барша адами тіршілік те) тыным таппай бәріне күмәнмен қарайтын (сұрақ қоятын) қажеттілік жағдайыма сай келеді. Мұндай қажеттілік діни нанымдарға қарамастан, өзінің қызметін орындап келген, бірақ енді нанымдар болмаған жағдайда оның салдары тым терең болуы мүмкін. Қасаң қағидалы алғышарттар тәжірибеге сай болмайтын шектерді анықтап береді, яғни білетін адам білген нәрсесінің көкжиегінен аса алмайды.
Мен тәжірибенің өзі апаратын жерге жеткізгенін қалаймын, оны көздеген мақсатқа жетелегім келмейді. Оның кеме ықтырмасына апармайтынын бірден айтайын (керісінше, ол адасатын жерге, мәнсіздікке апарады). Оның қағидасы білімсіздік болса екен деймін -бүл жерде мен христиандар әбден жетілдірген тәсілді қатаң мұқияттылықпен қолданамын (осы жолды таңдаған олар өз догмалары мүмкін еткен жерге дейін барған). Бірақ білімсіздіктен туындаған мұндай тәжірибе өзінің оған деген табанды адалдығын сақтайды. Тәжірибені мүлдем айтың жеткізуге келмейді деуге болмайды, - ол туралы айтқан кезде оған опасыздық жасай алмайсың, - бірақ білім әлемі қоятын сауалдар алдында, ол бұрын алған жауаптарын рухтан тартып алады. Тәжірибе ештемені ашпайды, нанымдар негізін қаламайды, оларды негізге алмайды.
Тәжірибе - болмыс туралы адамға мәлім болған бүкіл нәрсені қызбалықпен және мұңлы түрде сұрақ астына алу (сынау). Және де осы кезде адамға қандай да бір қабылдау қабілеті пайда болса да, ол "мен оны көрдім" немесе - "мен көрген нәрсе мынадай", сондай-ақ: "мен Құдайды, абсолютты немесе әлемнің тұңғиығын көрдім" деп те айта алмайды; оның айта алатыны мынадай нәрсе: "мен көрген нәрсе пайымнан жалтарады", - ал егер Құдай, абсолют, әлемнің негізі пайымының категориялары болмаса, олар ештеме де емес.
Егер мен табандырақ болып: "мен Құдайды көрдім" десем, менің көріп тұрған нәрселерім бірден өзгеріп шыға келеді. Ақылға қонымсыз белгісіздіктің орнында - алдымда жабайы еркіндік түрінде, мені жабайылық пен еркіндікте қалдыратын белгісіздіктің орнында-теологияның өлі объекты пайда болады және белгісіздік соған бағынады, өйткені Құдайдың кейпінде шабыттылықты ашатын қараңғы белгісіздік тұрады және де мені бағындыру міндеті оның өзін меңдеп тұрады (теологтың белгіленген шекараны бұза алуы, олардың қажетсіз екенін дәлелдейді; тәжірибе үшін олар алынып тасталуы қажет алғышарт қана болуы мүмкін).
Қалай болғанда да, Құдай жан сақтаумен байланысты және сол бір мезетте - жетілген және жетілмеген нәрсенің басқа да қатынастарымен байланысты. Бірақ, тәжірибеде аталған белгісіздікке қатысты менің сезімім жетілу идеясына (жүзеге асқан құлдыққа, "міндеттілікке") барынша қарсы болады.
...Басқаша айтқанда, шабыттануға немесе қайран қалуға жалпы тіршілікті арашаландыру арқылы қол жеткізуге болады. Бұл драмада өзіне опасыздық жасалса да бәрібір бізді сүйетін (сүйетіні соншалықты ол біз үшін жанын қияды), біздің кінәмізді өтеп, бізді құтқаратын Құдайға деген сенім коп уақыт басты роль ойнайды. Бірақ сенім жоғалғанмен драмаландыру мүмкін болмай қалады дей алмаймыз: шындығында да, ол - Інжілмен тәрбиеленбесе де, шабытқа сол арқылы жеткен басқа халықтарға да белгілі нәрсе.
Қалай болған жағдайда да, мына нәрсені айтуға болады: драмаландыруда қандай да бір құндылықтың кілті болады - ол қайсыбір күмәнсіз (шешуші) элемент түрінде көрінеді. Онсыз бұл драма емес, немқұрайлылық болар еді. Айталық, драма бізге жеткен кезде немесе біздегі адами қасиетті оятқан кезде, біз драманы жасап тұрған беделге жолығамыз. (Демек, егер бізде бедел, құндылық бар болса, онда драма да бар, өйткені беделге өте байсалды көзқарас қажет.)
...Лабиринт (немесе адами тіршіліктің композициясы туралы)
Адами өмірдің негізіне жетіспеу қағидасы алынған. Әрбір жеке адам басқаларды "болуға" қабілетсіз немесе лайықсыз деп ойлайды.
Емін-еркін айтылған өсек мен сияқтылардың мансапқұмарлығын жақсы сипаттайды; бір қарағанда түкке тұрмайтын өсек белгісіз бір биікке соқыр ұмтылысты байқатады.
Кез келген тіршілік иесінің жетілгендігіне оның жақындары тоқтаусыз дау айтады. Тіпті, сұқтанып қараған көзқарастың өзінде қандай да бір күдік жатқандай. ["Дана" әспеттеуден гөрі, төмендетеді; "даналық" идеясы қарапайым болуға кедергі жасайды, ең басты нәрсені ақтарып, көңіл қалдыратынның бәрін жасыруға мәжбүрлейді: "өнері" жоқ "дананы" қалай елестетуге болады? Мен қарапайым болғың келеді, жетілмеу сезімін жеңгім келеді. Мен өзімді жетілген адал шын дей алмаймын; тек қараңғылықта болғандықтан ғана өзімнің "ұмтылысыма" адалмын.] Қарқылдаған күлкі немесе жек көріп, бетті тыжырайту менің жасырған жетілмегендігімді білдіріп қоятын кез келген ыммен, сөйлеммен, қылықпен қатар жүреді.
Түннің бос кеңістігінде адамың жалғыздығы кездейсоқ байқалған сәтте, әркімнің және бәрінің де алаңдаушылығы ұлғайып, көбейе түседі. Адам болмаса бәрін де жасырып тұрған немесе, дұрысы, бәрі жоғалатын түннің де болуы екіталай нәрсе, ол - тіршіліктің болмауына барабар нағыз мәнсіз нәрсе болар еді. Бірақ бұл түнде адамның ештеңе тұрмайтынын, олардың түнді келіспеушілігімен толтыруы бекершілік екенін түсінген кезде түннің өзі де бостығынан арылады. Алайда, егер мендегі көзге ұрып тұрған "жеткіліксіздігім" немесе заттардың жетімсіз болуы ғана емес, сонымен қатар әлемде "болмыс" бар, "болмыстың" бір нәрсесі қалады деген табанды ұмтылыс болған болса, онда менің түнімді құдіретті жетілумен толтыратын нәрседен қалай бас тартуға болады, ал ондай нәрсе мендегі "болмыс" сырқатының көрінісі болып табылады. [Осындай "сырқаттың" біз құдіретті деп атайтын (құдіретті сырқап) нәрсемен маңызды байланысын мен енді байқап отырмын, бірақ бұл жағдайда бізді аяқталмағандық сезіміне бөлейтін мұңға байланысты құдіреттіліктің "жеткілікті" болуы мүмкін емес, яғни "аяқталған " нәрсені ойына елестетуде мүмкін елес.].
Әлемдегі болмыстың күмәнді болуы соншалықты, мен оны кез келген - менен тыс жерге орналастыра аламын. Қайсыбір ебедейсіз адам ең маңызды деген жұмбақты шешуге шамасы келмей болмысты адами "менге" тұйықтап тастаған. Расында да болмыс еш жерде жоқ болып шығады, мұның мәні құдіреттіліктің жеке болмыстардан құралған пирамида басындағы торға түсіп қалуында. [Алайда, болмыс "ұстатпайтын нәрсе", бірақ оны торда адасушылық ұстап тұр; бұл жағдайда адасушылық пайдасын тигізіп қана қоймай, ойдың шартына айналады].
Болмыс ешқайда жоқ.
Болмысты адам қандай да бір қарапайым, бөлуге келмейтін элементте тұйықтауы мүмкін еді. Бірақ, "өздіксіз" болмыс жоқ. Өздігі жоқ қарапайым элемент (электрон) өзіне ештеңені тұйықтай алмайды. Атауына қарамастан атом күрделі нәрсеге жатады, бірақ оның күрделілігі де қарапайым ғана біршама қарапайым болғандықтан атом "өздігі" арқылы анықтала алмайды. Сонымен, қайсыбір болмыс құралатын бөлшектердің саны оның "өздігінің" құрылысына әсер етеді: егер алдымен сабын, кейін жүзін ауыстыратын пышақ өздігінен көлеңкесін жоғалтатын болса, көптеген жаңа бөлшектері айырбасталып жататын машинаның жағдайы мүлдем басқаша болады, дәл солай, адам денесінің құрамы да өзгеріп турады (біраз жыл өткен соң біздің ағзамызда бұрынғы элементтердің біреуі де қалмайды). Мен болмыстың қайсыбір күрделілігі ой үшін жылдам өтетін көріністен әлдеқайда үлкен нәрсе болуы мүмкін деп болжай аламын, бірақ ондай үлкен нәрсе үшін сатылай өсетін күрделілік қандай да бір лабиринт болып табылады және ол соның қараңғылығында жол таппай, мәңгі жоғалады.
Губка біржасушалылардың тозаңына дейін ұнтақталғанда, көптеген жеке жәндіктерден құралған тірі тозаң жаңа губкаға айналады, осылайша жаңа губка қайта жасалады. Жеке алғанда сифонофордың жалғыз кішкентай бөлігі тәуелсіз атомды қурайды, бірақ құрамына осы бөлік кіретін тұтас сифонофорды қандай да бір бірлікті қурайтын болмыстан ажырату қиын. Таспақұрттардан бастап (құрттар, жәндіктер, балықтар, рептилиялар, сүтқоректілер), тіршілік иелері ортақ денемен байланысы бар жиынтық қурау қабілетінен түбегейлі айырылады. Таспақұрттарға жатпайтын жәндіктер (сифонофорлар, маржандар) жеке элементтері өзара берік байланыста болатын шоғырды құрайды, бірақ олар қауымды қурай алмайды. Ең жоғары сатыда тұрған жануарлардың, керісінше, денелері өзара байланыспаса да, олар бірге жүреді; қалай болғанда да тұрақты қауымға жиналған аралар немесе адамдар тәуелсіз денеге иелік етеді. Әрине, араның да, адамның да денесі тәуелсіз болатынына дау жоқ, бірақ олар тәуелсіз жәндіктер ме?
Адамға келер болсақ, олардың тіршілігі тілмен тығыз байланысты болады. Әрбір адам қиялдайды, демек тіл арқылы өзінің тіршілігін таниды. Адамның жеке тіршілігін анықтайтын көптеген адамға тән немесе адамға тән емес болмыстарға толы басына сөздер келе бастайды. Адамның болмысы өздерінің қалауынша өздерін "тәуелсіз болмыс" ретінде көрсететін сөздер арқылы жүзеге асады, ал шын мәнісінде олар "байлаулы болмыс" болып шығады. Қайталанатын сөздердің өзара алмасуын біраз уақыт бақылағаннан кейін, болмыстың лабиринт тәрізденген көрінісі бірден айқын болады. Білім деп аталатын нәрсе - көрші әйелді көршісінен артық біліп, атайтын басқа кім бар — жәндіктерден жиналатын және өзі құрамына кіретін бөліктері де нақтылы қайсыбір біржолғы жиынтықтардан құралып, бір сәтке пайда болатын тіршіліктен басқа ештеме де емес (өйткені, кез келген тіршілік қандай да бір композиция құрайды - атомның бірлігі ең қарапайым элементтерден құралады). Кәдуілгі және ұзақ мерзімді өзара байланыстың пайда болуы үшін бірнеше сөйлеммен алмасу жеткілікті: осы сәттен бастап, екі тіршілік біршама түрде өзара өтімді болады. Көршінің көрші әйел туралы білетін нәрсесінің кездейсоқ кездесуден айырмашылығы - тура өмір мен ажалдың айырмашылығындай нәрсе. Демек, таным белгілі бір сипаттағы тұрақсыз биологиялық байланыс ретінде көрініс табады бірақ, бұл байланыстың нақтылығы ұлпа жасушаларының байланысынан еш кем емес. Шынымен-ақ адамдардың өзара қатынасы уақытша айырылысуды жеңуге құзырлы. [Бүл пікірдегі танымның әлеуметтік байланыстың негізіне алынуы оның осалдығын білдіріп тұрады; шын мәнісінде бәрі бұдан әлдеқайда күрделі және белгілі бір мәнде мүлде бұлай болмай шығады. Жеке адамды басқа адамның тануы - бар болғаны қалдың, мәндік хабардың арқасында (мен бұл жерде хикметті діни әрекетті, құрбан шалуды, киелі саланы айтып тұрмын - таным тіліне осы әрекеттердің әсері күшті) мүмкін болатын қандай да бір тұрпайы байланыстың амалы ғана. Мен киелі нәрседен бастамай, танымнан бастағаным абырой болды, өйткені үйреншікті нәрседен бастаған дұрыс. Осыған орай өзімнің ғылыми шатпаққа батқаныма ыза боламын: мұндай түсіндірмелер, нобайы кейін берілетін хабар теориясының алдында болуы тиіс нәрсе. Адам баласы жалындаған мүмкіндікке толы ұғымды көпшілік мақұлдаған түсініктерге кереғар жүргенде, көпшілік мақұлдаған түсініктерге ғылыми деректерді қарама-қарсы қойғанда ғана игеретіні, әрине, өкінішті нәрсе. Ғылыми дерексіз ондай күңгірт сезімге, "көпшілік мақұлдаған түсініктерден " айырылған ішкі түйсікке қалай оралуға болатынын түсіне алмадым.].
Адам баласы - тұрақсыз әрі өзара өрілетін жиынтықтарда әрекет ететін кішкене бөлік. Мұндай жиынтықтар жеке өмірдің композициясын құрайды және соған кептеген мүмкіндіктерді сыйлайды (қоғам жеке өмірді жеңілдетеді). Егер таным тұрғысынан келер болсақ, онда жеке адамның тіршілігін жиынтық тіршілігінен бөліп алу - тар әрі түкке тұрмайтын мәнде ғана жүзеге асуы мүмкін. Тек байланыстардың тұрақсыздығы ғана (бұдан тұрпайы нәрсе бар ма: айырылысу қайсыбір байланыстың қымбаттығыңа қарамай, оны оп-оңай үзеді, тереңдей береді, мейілінше ұзаққа созылады) оқшауланған, өзімен-өзі өмір сүруге құзырлы тіршіліктің қиялымен ғана өмір сүруді мүмкін етеді.
Жалпы және тұтас алғанда ғаламның кез келген оқшаулануға қабілетті элементі - реттен тыс тұратын жиынтықтың құрамына кіре алатын қайсыбір бөлік ретінде көрініс табады. [Шындығын айтсақ, білетіндердің айтуынша ғалам көптеген галактикалардан (спираль тәрізді тұмандықтардан) құралады. Галактика сан жетпес жұлдыздардың композициясы болып табылады, бірақ ғалам галактикалардың композициясы ма? (Олардың ұйымдасқан жиынтығы ма?) Түсінудің шегінен тыс жататын мәселе әрқашан өзінен кейін көңілде күлкілер дақ қалдырады. Бұл - ғаламға, оның барша тұтастығына қатысты мәселе...] Болмыс - біршама тәуелсіз бөліктердің жиынтығы. Бұл екі қағида - өзінің құрамындағы элементтерге қатысты трансцендентті және олардың біршама тәуелсіздігі - кез келген "болмыстың" тіршілігін реттеп тұрады.
Осы екі қағидадан үшінші қағида туындайды және ол адамға қатысты салада билігін жүргізеді. Тәуелсіздік пен трансцендентті нәрсе өзгермелі қарама-қарсылығы болмысты екі ұшты жағдайда қалдырады: тәуелсіздікте тұйықталатын әрбір дербес болмыс трансценденттілікте барлық нәрсе болғысы келеді, ең әуелі - өзі дербестікке қадам жасаған композицияның барша тұтастығы болғысы келеді, кейін шамасын білмей, ғаламдық барша тұтастыққа айналғысы келеді. Алғашқыда болмыстың тәуелсіздікке ұмтылған жігері оны жиынтыққа қарама-қарсы қояды, бірақ ол оның құрамына кіруден бас тартып - өзін-өзі жоққа шығарып - солып қалады. Сол кезде болмыс жиынтықтың пайдасына тәуелсіздіктен бас тартады алайда, бұл уақытша нәрсе: тәуелсіздікке ұмтылатын жігер шамалы бір уақытқа ғана әлсірейді, біраздан соң бірден тепе-теңдікті қалпына келтірген болмыс жиынтыққа өзін және өзіне жиынтықты қайтарып береді.
Мұндай дербес болмыс - жеке алғанда қандай да бір бөліктерден құралады, демек, ол қандай да бір нәтиже, күтпеген сәттілік ғаламға тәуелсіздікке ұмтылатын жігер ретінде қосылады. Ол өзін-өзі құрап, тіршілік етеді, бірақ басқаларға билігін жүргізгісі келеді. Мұңның әсерімен әлемді бағындырсам деген қиялға бой алдырады. Өздік дегеніміз -кішкене ғана бөлік, күтпеген және мүлдем ақылға сыймайтын сәттілік, сөзбе-сөз айтқанда, басқа болуға, яғни барша тұтастық пен қажеттілікті аңсауға үкім шығарылғандай болады. Өздікті соңынан ертетін қозғалыс шынға жетем деген тілегін қоздырып - барған сайын күрделене түсетін композицияларға енгізеді және өң бойына мұң таратып, жоғары өрлеуге бірте-бірте мәжбүрлейді; бірақ ғалам болуға ұмтылған жігер түсініксіз ұшы-қиыры жоқ нәрсеге бағытталған мағынасыз шақырудан басқа ештеңе де емес. Ұшы-қиыры жоқ нәрсені таныммен қамту мүмкін емес, оны өзінің күмәнділігіне көзін жұмып қарайтын және іздегенін өз үстемдігінің қажеттілігіне тірейтін болмыспен де қамтуға болмайды (адам бүкіл нәрсенің өзегі өзінде болатынын білім арқылы дәлелдеуге талпынғанда білімнің үстемдігі - қажет нәрсе, сондай-ақ ол бәрін өзіне бағындыратын қайыршылық та, әркімді аңдып тұрған аянышты, болмай қоймайтын тағдыр, бірақ біз мұндай қажеттілікті өз білімімізді араластырып, ғаламға тән нәрсе деп есептейміз).
Биікке қарай қашу (адамның иеленетін нәрселерінен биік тұратын білім композициясына) "лабиринт" ішінде мүмкін болатын жолдардың бірі ғана. Бірақ, адасып кетуден қорықпай, "болмысты" іздегенде жүретін мұндай жолдан қашып құтылу мүмкін де емес. Біздер пана іздеген жалғыздық - жаңа адасушылық. Ешкім де әлеуметтік өмірге қатысудан тыс қала алмайды; әлеуметтік композициядағы әрбір соқпақ биікке, абсолютті білімді иеленуге жетелеп, шексіз биліктің қажеттілігіне айналады.
Шаршап, шалдыққанда болмаса, мұндай жолдан бұрылып кете алмайсыз. Бұл жерде бір жеркенішті қиындық бар. Биікке апарар жолда кедергілер кездеседі. Биліктегі жарыс қиналысты қажет ететіні былай тұрсын, ол көбіне түкке тұрмайтын шағыстырулар батпағына батып қалады. Шатасу, күмән, биліктің өзі - бекер нәрсе екенін сезіну, сайып келгенде бірінші төбенің үстінен әлдебір жаңа төбені ойдан шығаратын сарқылмайтын қабілет, міне, лабиринттің ақыл жетпейтін мәнін құрайтын нәрселер осындай. Біз ондай төбенің қай жерде орналасқанын да айта алмаймыз. (Белгілі бір мәнде ол бағындырылмаған күйінде қалды.) Оны бағындырам деген ынтаның немесе қажеттіліктің әсерінен есін жоғалтқан қайсыбір күдікті адам - басқа жоғары лауазымды замандастарына қарағанда, сол төбеге жақындау барады. Оның баурайында ессіздік, мұң, қылмыс күзетіп тұрады, бірақ еш нәрсе туралы нақты айтуға болмайды: жалғандық пен ұждансыздық одан алыстатады деп кім айтты? Осылайша күмәндану қорланудың құқықтарын бекітеді, бірақ көбінесе, бір қарағанда дұрыс болып көрінген бағыт айналма жол болып шығады.
Өрлеу барысында кездесетін мұндай былықтың тым қатал, дәлірек айтсақ, адамның зәресін алатын сипатына қарап, ешқайда өрлеп шықпаса қайтеді деген ойдың келуі күнә болмас. Оны кешіретін себептер де жетіп артылады. Олай болса, бір немесе бірнеше делдалға тағы да сенім артып көрелік: мен биіктен бас тартамын, оған басқа біреу шығады, мен оған өз билігімді тапсырамын; мұндай бас тарту өзіне айыпсыздықтың артықшылығын сыйлайды. Бұдан асқан жамандық жоқ. Мұндай бас тарту қажудың, шарасыздықтың белгісі: іздеген нәрсеміз биік еді, тапқанымыз мұң болып шықты. Шарасыздықтың қуысында болмаса мұңнан қашып құтылу мүмкін емес. Біздің бойымызды "жетілмеу" сезімі қайтадан билеп алады; қуыста тырбаңдап жатуды ұят санау - билікті басқа біреуге бере салуға түрткі болады (сол мезетте ұяттың ізі де қалмайды). Қажыған және ақылсыз адамдардың бәрі өзінің немқұрайлы болуымен және қажығандығымен ығыр ететіні түсінікті нәрсе: немқұрайлылық пен қажығандық түрлі алаяқтықтың өрісін кеңейтіп, сұмдардың көбеюіне жол ашады. Биіктің жанға бататын аңсауынан құтылу үшін, оның жалғандығын әшкерелеу қажет.
Жалқы адам баласы баршаға ортақ болмысқа қалай қол жеткізеді?
Адам айтқысыз қараңғы түн аяқталуға жақын қалған шақта, өмір өз нәрестесін болмыстың бәсіне лақтырып тастайды; сәби екі ересек адамды айналып жүреді: олар оның миына жетілу туралы қиялды сіңіреді (сәби үшін олар кішкентай құдай тәрізді болып көрінеді). Есейе келе, адам басқа ортаны шарлай бастайды: ата-ананы сенімнен айырған кезде біз, басқа адамдарға сеніммен қараймыз. Ересек адам баланың өз жақындарының тұйықталғандай көрінетін тіршілігінен табатын нәрсесін, өмір басталып, өркендейтін барлық жерден іздеп, әлек болады. Жалқы болмыс өзі тәріздес болмыстардың арасында жоғалып кеткенде, "болмыс" тұтастығына қамқор болуды оның өзегіндегі нәрсеге тапсырады. Оған ең қарапайым түрдегі бұлдыр сипатын сақтап тұрған баршаның тіршілігіне "қатысудың" өзі жеткілікті болады.
Адамдардың әлдеқандай орталықтарды табиғи айналуы біршама мықты әлеуметтік бірліктердің өмір сүруін анықтап тұрады. Турасын айтсақ, қала тартылыстың орталығы болып табылады; гүланалықты жасырып тұратын күлте тәрізденген ежелгі қала, патшаға немесе құдайға тұйықталады. Бірнеше қала біріккен кезде, олардың біреуі ғана орталықтың міндетін атқарады және басқалары оның пайдасына орталық болудан бас тартады; империя үстемдік пен құдіреттілік шоғырланған бір қаланың айналасында пайда болады; құдіретті үстем қаланы ғана айналу шалғай түкпірде жатқан, жалпылық болмыс мүшелері жойылып, сола бастаған қалалар тіршілігінің кедейленуіне әкеліп соғады. Осылайша, бірте-бірте жиынтық композициялар (алдымен қалалар, кейін империялар) жалпылық болмысқа жетеді (кемінде, соған ұмтылады).
Жалпыға бірдейлік, бәрібір жалпылық болып қалады, яғни оған теңесетін еш нәрсе жоқ (империяны жабайылармен теңестіруге болмайтындай). Жалпылық бәсекені жояды. Тең күштер тіресіп тұрғанда олардың біреуі басқаның есебінен күшейеді. Алайда, жеңіске жеткен күш жалғыз қалғанда оған өз тіршілігін анықтауға көмектесіп тұрған қарсыласы жетіспей тұрады. Болмыс сахнасына шыққан баршаға ортақ Құдай, жергілікті құдаймен салыстырғанда, ез қарсыластарымен күресіп жатқан қалаға кепілдік бере алмайды; ол жалғыз езі төбеде отырады, оны әлем жалпылығымен оп-оңай шатастырып алуға болады, ал ол "ездікті" қалауынша анықтай береді. Тарихи тіршіліктің барысында адамдар жалпылыққа айналуға арналған, бірақ тек өлгенде ғана жалпылық болатын осындай өздік үшін қызық күрес жүргізеді. ["Ажалы жеткен құдайлар" жалпыға ортақ құдайларға айналды. Әуелгіде яхудилердің Құдайы "жауынгерлер құдайы" болатын. Гегельдің пікірінше, еврейлердің күйреп, азып-тозуы олардың Құдайын ежелгі құдайлардың жеке, жануарлық сипатынан бас тартып, тұлғасыздың жағдайға, әуелгі - нұр жағдайына өтуге мәжбүр еткен екен. Яхудилердің Құдайы енді әскери тіршілікке сай көлмен, баласының өлімі арқылы шынайы жалпылыққа қол жеткізеді. Шайқас аяқталар шақта дүниеге келген киелі жалпылық — үзіліс — оның жаңаруын көтере алмады. Жалпыға ортақ құдайлар әлі жеткеніне соғыстан осынау ажалды жалпылықтың ұмытылуын қалады. Алла Тағала жаугершілік рухты қолдап, өзін-өзі құрбан етуден құтқарды. Ол христиандық Құдайдың жалғыздығын бұзды: оны соғысуға мәжбүрледі. Соғыстан бас тартқан кезде ислам солып қалады және сол мезетте христиандық Шіркеуі де әлсірейді.].
Жетілуді іздеген кезде, тіршілікті қандай да бір нүктеге тұйықтауға ұмтылған кездегідей адасушылықтың әсері байқалады: біз жетілмеуден басқа ешнәрсені тұйықтай да, таба да алмаймыз. Біз өзімізден Құдайды іздейміз, бірақ сол Құдай тіріле бастағанда, ол өзін өлтіруді талап етеді; біз Құдайды өлтіргенде ғана Оны тани аламыз. [Адамның тірі қалуы үшін қажет, аяқталмайтын құрбандық; біз Оны мәңгіге керіп тастадық, сонда да құдайдың құтты күні біз Оны керудеміз. Құдайдың өзі кереді. "Құдай, — дейді Фолиньодан шыққан Анжела (LV тарау), — өзінің сүйікті ұлын, ол ешқашан білмеген және ешкім ешқашан біле алмайтын қайыршылықпен сынады. Бірақ Болмыстың бәрі соның иелігінде. Ол бүкіл бар нәрсеге, субстанцияға ие және оның одан ажырағысыз болуын адам сөзбен айтып жеткізе алмайды. Солай бола тура субстанция мүлде оның өзінікі болмайтындай, Құдай оны қайыршы етті". "...оның одан ажырағысыз болуын адам сөзбен айтып жеткізе алмайды..." — қандай қызық сөйлем! Сонымен, "өздік субстанциясы" "иелігінде болу" тек қана "сөз" жүзінде ғана болады, ал мистикалық тәжірибе, көру - сөзден жоғары тұрады және ондай сөз оларды тек қайта жасай алады. Дегенмен де, тәжірибе мен көру ұмтылатын жағдайдан тыс нәрсе, таза пайымдық категория болатын иеліктен емес, "оны қайыршы еткен Құдаймен " сәйкестендіріледі екен. Иелікте болу көрудің парадоксальды екенін әсірелеу үшін ғана керек екен.].
Адам баласының өмірі қараңғыда адаса бастаған кезде, биіктің жалғандығы өте жақсы көрініп тұрады. Алдау қажеттілігі - тәуелсіз адами тіршілікті әлемге өзінің кұндылықтарын телуге итермелеп тұратын қажеттілік, - өмір тәртібінің бірден бұзылуына әкеп соғады. Ең әуелі, төбемен үзілді-кесілді қол үзудің алдында адамды — жетілуге ұмтылу жігері ғана емес, сондай-ақ жетілмеуге деген қандай да бір жасқаншақ, күмәнді әуестік сипаттап тұрады.
Біздің тіршілігіміз - болмысты аяқтауға деген (аяқталған болмыс жалпылыққа жеткен өзіндік болмыс болар еді) әбден торыққан талпыныс. Бізге сол талпынысты жасау бұйырмаған екен, біз шыдап бағамыз: ол бізді қараңғылықта адасуға мәжбүрлейді, алайда өмірде адасушылық аз ба! Біздің шексіз тіршілік етуге деген өзіміздің қалауымызға еркіндік беруге батылдығымыз жетпейді - ол бізде үрей тудырады. Бірақ, біздің қайыршылығымыз өзін жарқырап көрсеткен сәтте пайда болатын қатал қуаныш сезімі, одан да асып түсетін үрейге жолықтырады.
Болмыс жалпылыққа қол жеткізген биікке өрлеп шығу күрделі композиция болып табылады және ондағы орталық, жігердің айналасындағы элементтерді оз заңына бағындырады. Жетілуді аңсайтын ең әлді деген жігер, әлсіздеу жігерлерді жетілмеудің жағына қарай тынбай лақтырумен болады. Жетілмеу тек қана биікте ашылмайды, ол композиция орталығынан өзін құрайтын бөліктерді ығыстырған кезде де қылаң береді. Егер жетілмеуге бой алдырған болмыс жетілуге деген ұмтылысын сақтаған болса, ол биіктен дәмелі болады, бірақ сәттілік өз жағында болған және сәтсіздіктің дәмін татпаған ондай тіршілікті сыртынан ғана пайымдайды: жалпылыққа айналу ынтасы бойын билеген өзіндік болмыс биікке жеткенде, өзінен басқа ешкімге де трагикалық бола алмайды; оның әлсіздігі білініп қалғанда өздік болмыс "күлкілі" күйге түседі (соңғы жағдайда оның өзіне-өзі шыдамы жетпейді; әлсіздігін білген кезде өзінің ұмтылысынан бас тартып, оны ең әлдіге тапсыру қажет болғанда - оны биікте жүзеге асыру мүмкін еместігі айқындалады).
Адамдар құрастыратын композицияда биліктің бәрі айналасындағы элементтерді бейшара күйге түсіретін орталықтың қолында болады. Тек орталық қана күрделі әрі өз құрамындағылардан артықшылығы бар болмысты білдіріп тұрады. Өз иелігіндегі жиынтықта ол белгілі бір дәрежеде қасында жатқан аймақтарға (әлсіздеу орталығы болатын) да таралатын тартылыс күшін өз пайдасына асырады. Тартылыс билігі құрамындағыларды кедейлендіреді. Қалалар астананың пайдасына бірте-бірте ойрандалады (диалектінің күлкілі көрінуі).
Кенеттен болатын ауысулар, төмендеулер күлкі шақырады. Мен орындықты жылжытуым мұң еді... байыпты мырзаның жеткіліктігі оның түпкілікті жетілмегендігіне орын бере қояды (өтірікшілерге осындайды жиі қолданады). Бірақ, қалай болғанда да, өзім осылай құлағанда қуанамын. Күлгенде мен өз салмақтылығыммен қош айтысамын. Жеткілікті болуды күйттеуден бас тартқанда, мен өзімді біртүрлі жеңіл сезінемін. Бірақ, шындығына келгенде, ол мені алаңдатуын қоймайды. Егер маған ешқандай қауіп болмағанда ғана, мен одан құтыла аламын. Мен сәтсіздігі өзімнің жеткілікті болуға жұмсайтын күшіме дақ түсірмейтін адамға күлемін, өзін кім деп қиялдағанын құдай білетін және нағыз тіршіліктің жақсы атына кір келтірген (оның мәнерлерін маймылша қайталаған) бейшара кейіпкерге күлемін. Ең бақытты күлкі - сәби күлкісі. Өйткені бала есейеді, ал оның бойындағы маған күлкілі көрінген жеткіліксіздіктің орнын ересектердің жеткіліктілігі басатынын (әр нәрсе өз уақытында) мен біліп тұрмын. Баланың өмірі жеткіліксіздік тұңғиығына алаңсыз қаруға себеп болады.
Бірақ, күлкі де есейеді, күн сайын емес, сағат сайын өседі. Күлкінің бейкүнә түрі әлеуметтік композицияның ұмтылысымен тұспа-тұс келеді. Ол оны қолдайды, күшейтеді (ол ең әлсіз деген құрамындағыларды ысырып тастайды), күлкі өзі ынтымақты еткен адамдардың композициясын анықтап тұрады. Бірақ, күлкі тіршіліктің ең шеткі өңірлерін ғана қамтиды; күлкілі көрінетіндер ақымақтар не балалар (іші қуыс жәндіктер - өткен немесе әлі); дегенмен де, бір сәтте ол әкесіне немесе орталыққа жанама түрде тиеді - әкесі немесе орталық өздерінің жеткіліксіз екенін білдіріп қойса. (Бұл екі жағдайда да бірдей позиция күлкілі - жеткілікті болуға жөнсіз ұмтылу). Мұндай жанама тиюдің немесе толық төңкерістің болмай қоймауының көп мағыналылығы соншалықты, оның уақыт арқылы киелі саналмауы мүмкін емес еді - кез келген әлеуметтік композицияға қарсы салмақ ретінде оның негіздерін қирату мүмкіндігі бар болады; мұндай мүмкіндіктің жол-жораға да әсері бар: сатурналиялар мен карнавалдарда жоғарғы және төменгі нәрсенің орыны ауысады. [Ол жеткілікті түрде осындай жол-жораны анықтайтын сезімнің бататын тереңдігінде де, сондай-ақ көптеген карнавалдық тақырыптың билеушіні жол-жоралық түрде өлтіру тақырыптарымен киелі байланысында айқын сезіледі.].
Пирамидамен салыстырғанда әлеуметтік композиция орталықтың, биіктің үстемдігі ретінде көрінеді (әрине, мұндай сұлба тұрпайылау, дәл емес те). Төбе өз негізін үнемі бейшаралық халде ұстайды, күлкі толқындары пирамиданың жоғары жағынан ылдилап, басқадан төмен қойылғанның жеткілікті болуға деген ұмтылысына дау айтып, құлап жатады. Бірақ төбеден құлаған толқындар легі кейін қайтады, енді пирамиданың бойымен төменнен жоғарыға қарай басқа тізбек жүгіреді - осы ретте жоғары лауазымды адамдардың жеткіліктілігі сынға түседі. Біразға дейін мұндай кері кеткен қозғалыс төбеге жетпейді, бірақ ерте ме, кеш пе, оның да кезегі келеді. Расымен-ақ, қайсыбір мәнде жұқпалы тартылыс сансыз болмысты тұншықтыра бастайды: шындығына келсек, күлкі ешкімді тұншықтырмайды, бірақ күлкіден ішек-сілесі қатқан тобырды көрген кезде ше (бір қарағанда ешқашан түгелімен көрінбейтін)? Мен жаңа айтып кеткендей төбенің де кешті келеді. Бірақ, дау айту ағымы төбеден асатын кезде, қара түнде Құдайдың да ажалы жетеді.
Төбенің жырықтығын толық ашатын ақиқатты күлкі таниды: болмысты тоқтататын біздің жігерімізге лағынет айтылған. Жеңіл-желпі бұзылған көңіл-күйдің бетінен күлкі сырғып бара жатады; жырық түпсіз тұңғиыққа айналады. Түпсіз тұңғиықты да, бұзылған көңіл-күйді де сол баяғы қуыс билеп түр: болмыстың бекершілігі. Болмыс біздің ішімізде желдей желіп жүреді, оны ұстай алмайсың, ол әрқашан жетпей тұрады, өйткені біз оны өздік болмысқа тұйықтағымыз келеді, ал шын мәнісіндегі болмыс ұшы-қиыры жоқ нәрсені қамтуға ұмтылатын - ынта - қажеттілік болып табылады. Комедияның бүкіл мәнін түсінген кезде де, ештемені өзгертуге болмайды. Әртүрлі айланы қолдансақ та (қорлану, өзінен бас тарту, зерденің құдіреттілігіне сену), біз батпаққа бойлай береміз.
Адамды жеткіліксіздік сезімінен арылтуға көмектесетін немесе шексіз ұмтылыстардан бас тартқызатын ешқандай нәрсе жоқ. Қашуға деген қалау - адам болудан үрейленудің белгісі; бұдан екіжүзділік пайда болады. Мәселенің бәрі адамның адам болуға батылы жетпеуіне тіреледі. [Бұл мәнде біздегі адами тіршілік енді-енді қалыптаса бастады, біз әлі толық адам емеспіз.] Бұл жерде ымыраның иісі де жоқ: болмай қоймайтын түрде адам өзін жоғалтпай, өзіндік болмысын ұстанып, барлық нәрсе болуға ұмтылуы қажет. Осыны сезінгенде ол өзіне-өзі күлкілі болып көрінеді; демек, ол күлкілі болуды қалауы керек. Өйткені ол адам болғандықтан ғана күлкілі болады (бұл жердегі әңгіме кінәнің бәрі соларға артылатын комедиялық кейіпкерлер жайында емес), бұдан қашып құтылуға болмайды. [Бұдан мұңлы өзінен-өзі ыдырау, түпкілікті үйлесімсіздік пен сәйкессіздік — оларға шыдамдылықпен қарау керек және оларды жөнге шақырудың қажеті жоқ].
Ең әуелі бұдан қашуға болмайды. Адам жалғыз өзі болуға, сонымен қатар, барлығы да боламын деген жігеріне сай күресуі керек. Күресетін адам күлкілі де, трагикалық та емес, ондағы нәрсенің бәрі көтеріңкі күйде болады, ол өз жігерін білдіретін әрекетке бәрін де бағындырады (демек, ол моральға, өкімге сай өмір сүруі қажет). Бірақ бұл жерде бір қитұрқылықтың болуы мүмкін.
Адам, көз алдында күрделеніп бара жатқан композиция үшін күреседі және осы мәнде толығымен баршаға ортақ болмысқа жету қиындай түседі. Бірақ шайқастарда қол жеткізген жеңістері баршаға ортақ нәрсеге жақындата түседі (адам өмірінің ерекше бірлестіктерде өтуі, оның баршаға ортақ құндылыққа айналуын жеңілдетеді). Бірақ шайқастар аяқталған кезде - немесе өмір олардан бас тартқанда адамды асқан жалғыздық сезімі билейді, ал барлық нәрсе болуға ұмтылған жігері оны жан-жаққа тартады.
Сол кезде ол өзіне күші барабар жаумен емес, ештеменің өзімен шайқасады. Бұл шайқаста ол өзін Тілші идадағы бұқамен салыстырса да болады: ол біресе жасырынған ажалды әлсіздікке бой алдырып, жануарларға тән бейқамдыққа салынады, біресе елес тәрізденген тореадордың оның көз алдына ашып тастаған қуысқа қарай құтырына ұмтылады.
Бірақ ол шабуылдаған қуыс құбыжық ретінде осы күнәні оп-оңай мойнына алып, өзі некелескен жалаңаштық болып шығады. Адам айуан тәрізді ештеменің ойыншығы болуын доғарады, ештеменің өзі ол үшін ойыншыққа айналады - өзін өлтіретін қуыстан мас болған кезде шығатын күлкісімен жарық түсірген адам, ештеменің түнегіне құлап бара жатады.
1936, ақпан.
Түсініктеме
С алые.: Paul Langevin. La notion de corpuscules et d'atomes. Paris, Hermann, 1934, p.35.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру