TELEGEI

Home

Алексей Степанович Хомяков. Ескі мен жаңа туралы

Алексей Степанович Хомяков

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Алексей Степанович Хомяков. Ескі мен жаңа туралы

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамы: М. Әшімбаев, кеңес төрағасы Ә. Асқаров, жауапты хатшы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша шығарылды Құрасты...

ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

ЕСКІ МЕН ЖАҢА ТУРАЛЫ

А. С. ХОМЯКОВ

(Аударған Б.М. Сатеришинов) Елдің айтуынша, көне жылдары орыс жерінде барлығы да жақсы болған көрінеді. Ауылдарда сауаттылық, қалаларда тәртіп, сотта әділдік, өмірде тоқшылық болыпты. Орыс жері алға жүрді, өзінің адамгершілік, зерделік және заттай барлық күштерін дамытыпты. Оны басқа әлемге жат екі бастау сақтаған және бекіткен: халықпен ынтымақтағы өкіметтің билігі және таза әрі ағартушы шіркеудің еркіндігі. Сауаттылық! Бірақ Романовтар әулетінің алғашқыларының біріне орыс дворяндарының берген антының көшірмесінде (ол менің қолымда бар) князь Троекуровтың, ағайынды дворяндар Ртищевтердің және олардан азырақ танымал көптеген өзгелерінің тұсында қол қойылмаған, оның орнына сауатсыздық белгісін білдіретін айқыш тұр. − Тәртіп! Алайда маған таныс көптеген шалдардың есінде жасақшылардың (ясак) айқайы жөніндегі сарқылмас әңгімелер сақталып қалған; ал жасақшылардың айқайы /1/ Батыстағы сгі de guerre11 дегенмен бірдей, жөне бұл үндеу елдің маңдай алды қаласында үнемі шамалы ұрыс-керістің өзінде төбелеске немесе ақырына дейін шайқасуға дайын тұрып, көшеге атып шығатын дворяндардың жақтастарын, туыстарын және клиенттерін байланыстырып келді. − Әділеттілік! Бірақ князь Пожарский пара бергені үшін сотқа тартылды; көне мақалдар сол заманның соттарын әшкерелейтін айғақтарға толы; Михаил Федорович пен Алексей Михайловичтің жарлықтары жемқорлық және айыпталушыларды уәкілдерден алшақ ұстаудың жаңа шаралары туралы сол өндерді қайталай береді; қинау жалпыға ортақ қолданыста болды және әлсіз ешқашанда күштіні жеңе алмайтын. − Тоқшылық! Шамалы ғана жұт болса, адамдар мыңдап аштықтан қырылды, Польшаға қашты, өздерін татарлардың қанауына берді, өздерінің және болашақ ұрпақтарының өмірін қырымдықтарға және осы татарлар мен қырымдықтардан бір де кем түспейтін өздерінің туыс орыстарына сатты. Халықпен ынтымақтағы билік! Тек шеткергі өлкелерде ғана емес, Рязанда да, Калугада да және Мәскеудің өзінде де халықтың және атқыштардың бас көтерулері мейлінше әдеттегі құбылыс болды және патша билігі қандай да бір бейшара атқыштардың қарсы қойған кедергілеріне жиі ұрынып отырды немесе қандай да бір аяр дворяндардың ұсыныстарына көнді. Бірнеше ғана олигархтар Ресейдің тағдырын шешіп, іс жүргізіп отырды және өздерінің бас пайдаларына қарай тұтастай сословиелердің құқықтарын созып немесе кесіп тастап отырды. − Ағартушы және еркін шіркеу! Бірақ патриархтың өз мақсаты зайырлы билік сайлау ісіне араласқысы келісімен, осы зайырлы билікке қашанда тәуелді болды; бірнеше ондаған псковтықтардың абыройын төгіп, суға батырған псковтық архиерей монастырға қамалады /2/; ал смоленскілік епископ салтанатты тұрғаны үшін патриархтың ауласын сыпырып, оның аттарын күтеді /3/; Жүз басты Собор надандықтың, дөрекіліктің және пұтқа табынушылықтың мәңгі ескерткіші болып қала береді /4/, ал архиерейлік қызметшілерді ұрып соғуға қарсы жарлықтар бізге шіркеу иелерінің адамгершілігін ең төменгі және жиіркенішті күйінде көрсетеді. Сонымен көне алтын заманда не болды? Еріксіз күрсінуге тура келеді. Ізгілік пен бақытты ең алдымен Романовтардан іздеуіміз керек пе? Бұл жерде бізді Иоанн Грозныйдың бәрі басы /5/, оның жас кезіндегі жасаған аласапыраны, Василийдің азғындық патшалығы, Донскойдың немерелерінің зағип болуы /6/, сонан монғол озбырлығы, бөліністер, қырқыстар, абыройдан айрылу, Ресейдің варварларға сатылуы, қан мен шаңның қойыртпағы қарсы алады. Ресейде еліктеуге немесе құрметтеуге лайықты ешқандай игілік те, ешқандай ізгілік те жоқ. Қашанда және барлық жерде сауатсыздық, әділетсіздік, зорлық-зомбылық, өзімшілдік, қаналушылық, кедейшілік, бей-берекетсіздік, қараңғылық және азғындық болды. Халық өмірінің бірде-бір жарық сәтіне, жұбандыратындай бірде-бір дәуірге көз тоқтату мүмкін емес, және қазіргі уақытқа назар салынса, біздің отанымыздың көрсететін салтанатты кескініне көз тояды. Жақсы! Бірақ Языковтардың іздеп тапқан ауылдық хаттамаларымен /7/, Строевтің ашқан құжаттарымен біз не істейміз /8/? Бұл бұрмалаушылық емес, ойдан шығарылған нәрсе емес, жүйе түзушілердің болжамы емес; бұл айқын және бұлтартпас айғақтар. Ауылдарда ұйымдастырушылық пен сауаттылық болды ғой: помещиктердің билігі де, өкіметтік басқармалар да жоя алмаған жиындық және кәдуілгі келісімдердің қалдықтары сақталды. Қалақ тәртіп туралы, лауазымдардың азаматтар арасында бөлінуі туралы, мақсаты жоғары сот орындарына жетуді мейлінше жеңілдететін мекемелер туралы айқын айғақтарды біз қайда қоямыз? Солтүстік және орталық Ресейде күмәнсіз түрде болған аралық соттарды немесе барлық жерде болған сөзсайыс соты /9/ деген атпен белгілі формасы жағынан әдемі болғанымен, толық емес ауызекі көпшілік соттармен не істеуге болады? Шаруалардың тұрмысы мадақталатын әндерді қайтеміз? Бұл әндерді енді орыс шаруалары шығармаған болып шықты. Барлық құқықтардың осылайша дөрекі түрде бұзылуын құқық деп атауға болатын болса, крепостнойлық құқықтың жоқтығын не істейміз? Адамдар мемлекеттік қызметтің барлық деңгейлеріне өте алатын және жоғары атақтар мен құрметтерге қол жеткізе алатын мейлінше жетілген барлық сословиелердің тендігіне не болды? Біз мұның көптеген дәлелдемелерін білеміз және, тіпті орыстың көне заманының ең бітіспес жауларының өзі оған батыстық халықтардың алдында осыған қатысты артықшылықтарды мойындайды. Билік Ресейде таралған қаншама және соншама мықты жауларынан үстем болған өзінің өмір сүруінің айқын дәлелдемелерін береді, ал биліктің халықпен достығы Алексей Михайловичтің патшалығы тұсында аса маңызды мемлекеттік мәселелерді талқылау үшін барлық сословиелерден депутаттар жинайтын ескі дәстүрден аңғарылады. Ақырында, таза және ағартушы шіркеудің еркіндігі құдіретті сөздің кейбір билеушілердің ақыл-айлаларынан гөрі патшалықты қалыптастыруға ықпал еткенінен, біздің патриархтық жөне митрополиттік кітапханалардың байлығынан, рухани кітаптардан, дінтанулық пікірталастардан, Иоанның хаттарынан және, әсіресе, біздің шіркеудің Рим шіркеуіне берген тойтарысынан, тек орыстардың ғана емес, шетелдіктердің де біздің дін иелерінің басшылығына деген құрметінен көрінеді. Осыдан кейін бізге көне Русь туралы не ойлауға болады? Мүлдем қарама-қайшы екі көзқарас бұлтартпас айғақтармен бірдей акталады да, бірдей теріске шығарылады және бұл көне заманды ешқандай жасанды түрде қайта қалпына келтіру де, ешқандай жүйе де осы ескерткіштерге сай келмейді әрі олардың жан-жақты мағынасын толығымен түсіндіре алмайды. Осы шақ өтпелі кезең ретінде бізге соншама айқын көрініп тұрған сәтінде және болашақтың бағыты түгелдей дерлік өткен шақ туралы біздің түсінігімізге тәуелді болған кезде бұл мәселені шешусіз күйінде қалдыруымызға болмайды. Егер бұрынғы Ресейдің өмірінде ешқандай ізгі және жемісті нәрсе болмаса, онда бізге барлығын өзге халықтардың өмірінен, жеке теорияларымыздан, ағартылған тайпалардың үлгілері мен еңбектерінен, қазіргі заманғы ұмтылыстардан алуымызға тура келеді. Біз өзге жемістерді үй тағамдарымызға енгізіп, ешқандай ұрықты бойына сіңірмейтін жерді қайта аударып бұл іске батыл кірісуімізге болады және сәтсіздіктер барысында өз ұятымызды бұрынғыдан да жаман қылатындай етіп істей алмайсың деген оймен жұбатуға тырысатын боламыз. Егер де, керісінше, орыстың қадым заманы барлық ақиқат пен барлық ізгіліктің сарқылмас қазынасы болса, онда біздің еңбегіміз өз сипатын өзгертеді, барлығы бұрынғысынша оңай болады. Міне архив, міне ескі қағаздардың, келіссөздердің, сот шешімдерінің, жылнамалардың және т.б. жазбалары.Тек мұрағат күмбездерінің астына сынның айғағын енгізсе және ұмытылған сөрелер мен сандықтарда мүрделері шіріп жатқан заңдар мен мекемелерді патшалық кеңістігінде тірілтсе болғаны. Екі пікірді де қысқаша шолып шыққаннан кейін оның қайсысына да ыңғай беру қиын. Мәселе көп күрделі және шешімі табылуы қиын болып көрінеді. Қайсысы жақсы, көне Ресей ме әлде жаңа Ресей ме? Қазіргі ұйымдастырушылыққа бөтен стихиялар коп енді ме? Бұл стихиялар оған жаға ма? Ол өзінің түпкі тамырларының көбін жоғалтты ма және бұл тамырлар біздің өкінуімізге әрі оларды тірілтуге ұмтылуымызға тұра ма? Қазіргі Ресейді біз қалай көреміз: ол бізді әрі қуантады әрі қысылтады; ол туралы біз шетелдіктерге мақтанышпен айтамыз, ал кейде тіпті ол туралы өзімізбен сөйлесуге ұяламыз, бірақ ескі Русті тануымыз керек. Барлық ескерткіштерді қосып табу, егер мен қателеспесем, бұрынғыдағы сияқты қазір де, заң мен өмірдің арасындағы, жазба мекемелер мен халықтың кәдуілгі әдеттері арасындағы үнемі болатын сәйкессіздікке әкеледі. Бұрын да қазірдегі сияқты заң әдеттен бірде жақсы, бірде жаман болды жөне сирек орындалатындықтан бірде бұзылды, бірде қосымшалар арқылы түзетілді. Осы түсіндірмені ақиқат ретінде алсақ, орыс тұрмысындағы барлық өзгерістерді ұғындыруға болады. Біз көзге көрнекі қатынастардың қалайша оңай өзгеретінін түсіне аламыз және, сонымен бір мезгілде, бұл өзгерістердің, шын мәнінде, адамдар мен мекемелер арасындағы, мемлекеттің, азаматтар мен шіркеудің арасындағы қатынастарға қатысы аз екенін ұғына аламыз. Үлгі ретінде біз көне заманның алдында мақтана алатындай соңғы уақыттың ізгі заңдарының бірін және біз өкінішпен еске алатындай көне қаулылардың бірін алып көрейік. Ресейде азаптау жазасы жойылған кезде, ол Еуропаның барлық соттарында дерлік бар болатын, Франция мен Германияда ол туралы ұялмай айтып, оны қылмыскерлерді іздеу мен жазалаудың қажетті құралы ретінде ұйғаратын. Бірақ Ресейде біз азаптау болған жоқ деп айта аламыз ба? Ол бар, ол қажеттілік деп саналады, ол кез келген тергеуде бар, барлық соттарда бірден көзге түседі және таяуда тана астанада, мыңдаған көрерменнің жиынында, мемлекеттің жоғарғы шенеуніктерінің, патшаның өзінің көз алдында ол көңілді дауыспен жар салды: "Бұқтырылған балық жегің келмей ме?", − деп. Шаруалардың крепостнойлық жағдайын Петр Бірінші енгізді; бірақ еске түсірейік, олар өз жерлерінен тырп ете алмайтын, тіпті рұқсатсыз еш жерге бара алмайтын, сонымен бірге сот алыста, Мәскеуде помещиктердің қолында болатын, ал олардың қарсыластары қашанда болатын және бай, мемлекеттік шендердің жоғарғы баспалдағында орналасатын, − біз шаруалардың құлдығы заңмен мойындалмаса да, әдетте болғанын, Холоп бұйрығын /10/ бұзудың ешқандай қарсылық, ешқандай бас көтерудің болдырмағанын және Петрдің практикалық ақыл-ойына қажет емес және ұмытылуға жақын орынды жай ғана жоя салумен бірдей болып көрінгенін түсіне аламыз ба? Айғақтар мен жазба мекемелер осылайша өзара алшақтайды. Әрине, біздің әрқайсысымыз да әдеттің енгізген құлшылығының жиіркеніштілігі үшін жауапкершілікті заңның өз мойнына алуын, заңның аристократияның баяғыдан бой көрсетіп келе жатқан жымысқы пайдакүнемділігін сәулелендіріп, тамырлатып жібергенін, мүмкін оның шіркеу еркіндігін шектегенін өкінішсіз еске түсіре алмаймыз; бірақ сондай-ақ дворяндықтың күн санап әлсіреп, кеңейіп, өз қақпасын кез келгенге ашып жатқанын, өзін ауырсынғаны соншалық, оның өзі дворяндықтан демалысқа шығуға дайын екендігін де еске түсірейік; ал шіркеу болса, самодержавие жерінде өкіметтің өзіне деген селқостығымен қоршалғандықтан шен-шекпенді болған сайын жартылай зайырлы патриархтың тәуелді тұлғасына айналып барады. Романовтар әулетіне дейінгі Ресейдің шексіз бытыраңқылығы оны қазіргімен салыстыруға келмейді жөне сондықтан мен қашаңда Петрдің куә болған және бұрынғысының табиғи жалғасы болған Ресей туралы айтамын. Мен онда қазіргі күні сағат сайын бұрмаланып жатқан көптеген әдемі инстинкттердің сақталғанын білемін және қай кезде болмасын бізге шіркеу тазалығының, тендігі мен еркіндігінің қасиетті ақиқаттарын аяққа таптағанымыз үшін жауап беруге тура келеді; алайда заң олардың көрнекі өміріне араласпай тұрып, барлық жақсы бастаулар тек дамытылмай қалғанымен қоймай, осы халықтың өмірінде барынша бұрмаланып, бұзылғанын да мойындамасқа болмайды. Орыс патшалығы түзіліп, орныға бастаған сайын, бірте-бірте қоғамның бастапқы, таза және патриархалды құрамының іздері жойыла бастады. Қалалардың еркіндігі жоғала бастады, вечелердің үні өшті, мыңбасылардың (тысяцкий) / 11/ ара ағайындығы жойылды, жершілдік ұрлана басып кіріп, аристократия қалыптаса бастады, адамдар батпақтаған сияқтанып жерге бекітілді және адамгершілік ізгілік бұрынғы мазмұнынан айрылып, тек өлі формаларда ғана сақталды. Мемлекеттің бір мезгілде барлық бағытта қозғалуы мүмкін емес. Оның өмір сүруінің өзіне қауіп төнген сәтте, өлшеусіз кеңейе отырып және бұрынғы өзінің туылуын есінде сақтай отырып, болашақтан қорыққан кезде, тұлғалардың жекелеген және ұсақ пайдаларын ескерусіз қалдыра отырып, біршама ескірген әдеттер мен қағидаларды назардан тыс қалдыра отырып, пайдасыз ғұрыпқа айналған әдемі болмысты тауып алу үшін мемлекет бір мақсатқа ұмтылды, өзіне бір міндетті қойды және оны шешу үшін өзінің бар күштерін жұмылдырды: бұл міндет ыдыраған бөліктерді жұмылдырумен, өкіметтік байланыстарды орнықтырумен, коғамның бүкіл механикалық құрамын жетілдірумен сипатталады. Иоанн Үшінші солтүстік қалалардың еркіндігін тарылтады және барлық үлестер бояр тектерінің жалпы ретімен Мәскеуге тартылуы үшін жершілдіктің ғұрыптарын бекітеді; Иоанн Төртінші опричнинаны ойлап табады; Феодор Мәскеуде патриархтық тақты тұрғызады; Годунов адамдарды жерге бекітеді; Алексей Михайлович әскерді батыстық үлгіге келтіреді; Феодор Ресей үшін зиян және билік үшін пайдасыз болып қалған жершілдікті жояды және ақырында, олардың ерліктерінің бітірушісі болып көрінеді; ол үшін не жеткілікті мақтау соз таппайтын, не жеткілікті түрде даттай алмайтын, бірақ ұрпақтар тек разылықпен ғана еске түсіретін, еркі темірдей, ақылы асқан адам — Петр көрінеді. Оның ісі туралы мен талқылап жатпаймын; бірақ бір ескерте кететіні, оны Ресейдегі аристократияның негізін қалаушы деуге болмайды, өйткені Михаил Федорович пен Алексей Михайловичтің жер иеліктерін шартсыз сатуды отчинаға айналдыруы дворяндықтың заңды бастауының негізін қалады; дәл сол сияқты оны шіркеуді қуғындады деп кінәлаудың қажеті жоқ, өйткені оның тәуелсіздігі Царьградта еркін болғанымен, Мәскеуде енді еркін бола алмайтын патриархтық тақты мемлекет ішіне көшіруімен жойылған болатын. Егер XІX ғасырдағы Ресейді оның XVІІ ғасырдағы жағдайымен салыстырар болсақ, онда біз төмендегі түйінге келетін тәріздіміз. Мемлекет нығайды және ішкі күрессіз бірте-бірте жақсару мен саналылықтың мүмкіндігіне ие болды; ертеректе жойылған және ұмытылған бірнеше бастаулар заңмен сәулеленіп, нық негізге қойылды: өлім жазасынан бас тарту, қылмыстық құқықтағы адамсүйгіштік және белгілі әрі дұрыс жағдайларда төменгі сословие адамдарының мемлекеттік жоғары дәрежелерге дейін қол жеткізу мүмкіндігі, − міне осыларға жатады. Ақырында заң әдеттің ықпалымен халықтық өмірге еніп кеткен бірнеше кері пайдаланушылықтарды сәулелендірді және осы арқылы оларды жойған тәрізді. Қоғам үшін заңның адамгершілік тазалығы қаншалықты маңызды екендігін мен білемін; онда мемлекеттің барлық күшінің, болашақ өмірдің барлық бастаулары бой тасалап жатқанын мен білемін, бірақ кейде заңмен сәулеленген кері пайдаланушылық өзінің дәл осы дөрекілігімен түзету туғызады, сонымен бірге жаман әдеттің жайбарақат және жасырын оба сияқты дауасы жоқ дерт деп те пайымдаймын. Осылайша біздің уақытымызда біз үшін материалдық және адамгершілік тұрғыда, барлық мағынасында ауыр болып табылатын заңдастырылған құлдықтың жиіркеніштілігі таяуда жалпы және басқа шаралармен аластатылуы тиіс, сонымен бір мезгілде Петрге дейінгі шаруалардың илотизмі сияқты бұл бетке мәңгі шеркеу болып, ең болмағанда, пролетарийлер немесе жерсіз ағылшын қызметкерлерінің жағдайына әкеледі. Бөтен бастауларды мен мейлінше аз көремін: Үшінші Петрдің енгізген дворяншылдығының халықтық рухтың әрекетінен өзгергені соншалық, ол аристократиялық сипатқа ие болмайтыны былай тұрсын, жер иеліктерін отчинаға шартсыз айналдырудан және бояр тектерінің күшеюінен кейінгі Ұлы Петрге дейінгісінен де таза болды. Өмірде болса, ағартушылықтың ағымындағыдай: шектен тыс космополитизм, тұрпайы формалдылықты ығыстырумен, тіпті жеккөрушілікке дейін өтіп кеткен адамзатқа деген бейтараптылықпен қатар жүретін, еврейлік тоқмейілсумен және пұтқа табынушылық уайымсыздықпен шектесіп жататын зерделілік пен руханилықты қандай да бір ұйықтатумен қатар жүретін христиандықты рухани жетілдіруден және діннің жағымды бастауларынан алшақтау мен кейбір протестанттық ойлар. Мен біз жоғалтып алған кептеген әдемі стихиялар туралы айттым: бірақ мен оларға заң тиіспей жатып-ақ, олардың ғұрыптардың ықпалымен жойылғанын айтқан тәріздімін. Оларды алдымен халықтар өлтірді, кейін патшалар біржола көмді. Біз бәрі бір деп айта аламыз ба? Жоқ, онан да: "олар мәңгі есте, оларды мәңгі есімізде ұстаймыз", − деп айтайық. Комбасерес былай деп еді: "La desuetude est la plus juste et la plus amere crіtіque d'une loі"11 /12/. Бұл шындық, бірақ толық емес шындық. Мемлекет бірнеше ғасырлар бойы қоршаудағы жағдайда орналасса, көптеген заңдар мүлдем ұмытылып кете алады; бірақ бұл еріксіз ұмытылу заңға мін тағуды білдірмесе керек. Қажеттілікпен енгізілген жаман әдеттерге қарамастан, халықтың надандығына немесе биліктің шұғыл әрекеттеріне қарамастан ол әрекеттерден және қосымшалардан айрылса да, уақытша шарасыз болса да, ол ішкі жан-дүниеде өмір сүре береді. Христиандықпен ағартылған және ізгіленген орыс жанының осы жақсы инстинкттері, белгісіз болғанымен біздің бойымызда құпия өмір сүретін осы көне дүниені еске түсіру біз мақтана алатын барлық жақсылықтарды тудырып шығарды: өлім жазасын жою, Түркияның қойнауының өзінен Грекия мен грек шіркеуін азат ету, жасаған қызметіне немесе қарапайым ағартушылығына қарай тұлғалардың мемлекеттік тендер баспалдағы бойынша жоғарылаудың заңды жолдарын ашып беру, саясаттың бейбіт бағыты, халықтардың өмірі мен олардың өзара қатынасы негізделетін Христ заңдары мен ақиқатты жалғыз дұрыс заңдар деп жариялау. Біраз нәрсе істелінді; бірақ ежелгі заманнан аман қалған естеліктерде, аңыздар мен рәміздерде өмір суретін рухты серпілдіретіндей етіп істейтін нәрселер әлдеқайда көп. Ресейдің ішкі және сыртқы, үздіксіз күрестерін қадағалап, бүкіл осы әдемілік әлемі селт етпей тынып қалды. Мемлекетті қайта жаңғыртпағанда бәрі өлетін еді; мемлекет тірілді, асқан беріктілік толысып орнады: енді барлық бұрынғы бастаулар өзінің сарқылмас күшімен толысып, дами алады. Біз Батысты қуып жете алмасақ ұят болады. Ағылшындар, француздар, немістердің артында сүйенетіндей еш жақсылық жоқ. Олар артына неғұрлым ұзақ қараған сайын, олардың қоғамы одан сайын азғындай түседі. Біздің көне заманымыз бізге жеке өмірдегі, сот өндірісіндегі, адамдардың өзара қатынасындағы барлық ізгі бастаулардың.үлгісін береді; бірақ мұның барлығы мемлекеттік бастаудың жоқтығынан, ішкі қырқыстардан, сыртқы жаулардың қанаушылығынан басылып, жойылып қалып еді. Батыстың адамдарына барлық бұрынғыны жамандық ретінде ығыстыруға және барлық жақсылықты жаңадан қалыптастыруға тура келеді; бізге болса, көнені түсіндіріп, тірілтіп, оны өмір мен санаға енгізсек жетіп жатыр. Біздің болашаққа деген үмітіміз үлкен. Орыс тарихының алғашқы бастауларындағы талданатын бар нәрсені екі-үш ауыз созбен түйіндеуге болады. Варягтардан тұрған өкімет сырт жақты білдіреді; аймақтық вечелер − мемлекеттің ішкі жағын білдіреді. Бүкіл Ресейде атқарушы билік, шекараны қорғау, көрші державалармен қатынастар жалдамалы әскерге жетекшілік ететін бір варяг-орыс отбасының қолында болды; ақиқаттың соты, әдет-ғұрыптарды сақтау, ішкі басқарудың барлық мәселелерінің шешімі халық жиналысының қолына берілді. Бүкіл Ресейде, барлық жерде құрылым бірдей болды; бірақ өдет-ғүрыптардың барынша тұтастығын біз тек алшақ қалалардың арасында ғана емес, орналасуы жағынан да, пайдасы жағынан да, халықтың қоныстану элементтері жағынан да бір-біріне жақын Новгород пен Псков арасынан да таба алмаймыз. Ішкі байланыс қайда болуы мүмкін? Ешқашан мемлекеттің ортақ бір өмірімен тұрмаған, бір-біріне таныс емес бірнеше славян тайпалары кездейсоқ бірікті; олар халықтың арасынан шықпаған княздардың туыстығына, мүмкін саудадан түсетін пайдаға негізделген белгілі бір федерацияға бірікті: болашақ Ресей үшін қандай таяз стихия! Келесі негіз мемлекеттік ғимаратты ұстап тұруға лайықты еді, бүл дін мен шіркеулік өмірдің бірлігі; бірақ Грекия бізбен діні бір болғанымен, тек догматтың, тек ғұрыптың қағидаларын ғана жіберді, олар бізге мүлдем жат болып қалған жоқ па? Христиандықтың ықпалынсыз, оның тірілтуші күшінсіз орыс жері орнынан көтеріле алмас та еді; бірақ біз тек христиандық қана оны қалыптастырды деп айтуға құқымыз жоқ. Әрине, барлық ақиқат, қайырымдылықтың, өмір мен махаббаттың кез келген бастаулары шіркеуде болды, алайда жай шіркеуде ғана емес, жерге тән бастаулардан биік тұрған ағартушы шіркеуде болуы керек тәрізді. Ол еш уақытта да, еш жерде ондай болған емес. Пұтқа табынушылық және кәдуілгі тұрмыспен байланыста бола отырып, Батыста ол ұзақ уақыт бойы қараңғы және бей саналы, бірақ іскер әрі құрғақ-практикашыл болып келді; Шығыстан ажырай келе жөне өзін ұғынамын деп ол рационализмге ұрынды, тазалығын жоғалтып, өз бойына болашақ құлдыраудың зәрлі бастауын жинады, бірақ дөрекі адамзатты игеріп, оның материалдық және зерделі күштерін дамытып, әдемі, көз тартарлық болғанымен, құлдырауға бет алған әлемді, католицизм мен реформаторлық әлемді қалыптастырды. Шығыстық шіркеудің тағдыры басқаша болды. Ол индивидуалдық талқылармен ұзақ күресті, Мысырдың немесе Сирияның эллиндік және мистикалық философиясының тәкаппарлығымен толқыған ақыл-ойдың көзін сенімнің дұрыстығына ұзақ уақыт бойы жеткізе алмады. Ғасырлар өтті, ұғым айқындалды, ақылдың тәкаппарлығы сабырға келді, ақиқат белгілі бір формаларда жарқырап көрінді; бірақ Кәсіп сол кездері Грекияға өзінің әдемі күресі мен өз еңбегінің жемісін .жеуге жазбады. Қоғам ол кездері тарихпен айқындалған, логикалық, жағымды заңдармен анықталған, өнердің кереметтерінің, поэзияның салтанатының өткендегі ұлы даңқымен сәулеленген берік негізде өмір сүрді; дегенмен мұның бәрі − тарих, заңдар, даңқ, өнер, поэзия − христиандық рухтың қарапайымдылығымен, оның махаббатының ақиқаттарымен қайшы келді. Халық өзінің тарихынан ажырағысы келмеді, қоғам өз заңдарын қайта құра алмады; христиандық Грекияда өмір сүрді, бірақ Грекия христиандықпен өмір сүрген жоқ. Діннің қайнар бастауынан империя ұзақ уақыт сыртқы жауларға қарсы түру үшін ересен күш алып отырды; бұл қаусаған тән ұзақ уақыт бойы солтүстік варварлардың, Оңтүстіктің жауынгер фанатиктерінің және Орта Азияның тайпаларының тегеуірінді шабуылымен күресті; бірақ орнынан тұрып, жаңа өмір үшін түлей алмады, себебі ескіліктің қыңыр формалары христиандық ілімін толығымен қабылдауға қабілетсіз еді. Қоғамдық және мемлекеттік тұрмыстың тысқарылығымен әурешілік күрескен "шаршаған" ой шөл далаға, Мысыр мен Палестинаның далаларына, Кіші Азия мен Элладаның таулы қыраттарына кетті. Ең жақсы, таңдаулы жандар азаматтық өмірден өздерінің ішкі өмірінің сұлулығын өздерімен бірге ала кетті, өздері тұрғысы келмеген және өздері бағынғысы келмеген әлемнен алшақтай отырып, олар пайымдаудың, толғаудың, сыйынудың және рухани шабыттанудың жолын таңдады. Олардың тамырында қазіргі қоғам іске асыра алмаған барлық әсемдік пен асқақтық соғып жатты. Сол кездері Грекияның сырнайы, ән-жырдың қайнар көзі семіп қалды. Поэзия монастырға, монахтық тұрмысқа, нағыз оқшаулықтың болмысына көшті. Бірақ поэзиялық рухтың тазалығына қалайда бағыну немесе қандай да бір деңгейде табыну адамзат тегіне тиесілі болғандықтан, грек әлемі оны теріске шығарған адамдарға шексіз бас иетін болды. Монахтық ерліктің негізін қалаушылар мен ұлы ұстаздарына көрсетілгем құрмет өзінің соңынан көптеген еліктеушілерді ертті және біздің заманымызда Батыста жалған ақындардың көбейіп кеткені тәрізді, Шығыста да жалған монахтар көбейіп кетті. Барлық қоғамдарда адамдардың бір-бірінен бөлектену сипаты кеңінен таралып кетті; жеке пайдаларға деген ұмтылыс пен эгоизм гректердің ерекше сипатына айналып кетті. Отанын ұмытқан азамат пайдакүнемдік пен өзімшілдік үшін өмір сүрді; адамзатты ұмытқан христианин тек өзінің жанын сақтап қалуды күйттеді; өзінің әулиелігін жоғалтқан мемлекет өзінің адамгершілік ойын жоғалтты; кез-келген әрекеттен айрылып, тек догматтың өлі тазалығын ғана сақтап қалған шіркеу өзінің тірі күштерін сезіну санасы мен жоғарғы мақсаты туралы есінен айрылды. Ол адамзатпен бірге қайсыға түсіп, оны өтпелі өмірге араласудан бас тартуды үгіттеп, жұбатумен айналысты; ол өзінің бүкіл адамзат үшін ғимарат тұрғызу міндетін ұмытып та қалды. Құдайдың қалауымен ақиқат пен өмірдің ұрығын біздің Солтүстікке көшіру керек болған тұста Грекия осындай еді, оның христиандығы осындай еді. Византиялық руханият өз отандарында болмаған азаматтық өмірдің бастауларын Ресейде дамытуға шамалары келмеді. Мен айтып өткендей, бастапқыда монастырларды еріксіз сүйіп, Грекия бізге аскетизмге деген құштарлығымен, адамдарды өкіну мен жетілуге шақырған көзқарастарымен, оны қаламаса да қоғамға көнетін, ол жерде болған, бірақ болмаған жерде оны құра алмаған мемлекетке бағынатын көзқарастарымен көрінді. Дегенмен, осы жерде ол біздің разылығымызға ие болды. Ілімінің тазалығымен ол әдет-ғүрыптарды жақсартты, әртүрлі тайпалардың әдеттерін келісімге келтірді, бүкіл Русьті өзінің рухани тұтастық бұғауымен матап алды, адамдарды өзге, халық өмірінің жақсы кезеңіне даярлады. Мұның барлығы әлі де болса аз еді. Рюриктер үйінің қорғауындағы оңтүстік және солтүстік тайпалардың Федерациясы біртұтас бастаудағы құдіретті бүтіндікті құрай алған жоқ. Аймақтар жеке, төлтума өмір кешті. Новгород Киевтің жауларының жауы болған жоқ. Киев өзінің күшімен Новгородқа көмек еткен жоқ. Халық тұтастықты сұраған жоқ, оны қаламады да. Мемлекеттің сыртқы формасы онымен сіңісіп кетпеді, оның құпия, ішкі өміріне кіре алмады. Княздардың қырқыстары Ресейді тоздырып жіберді, бірақ облыстар жеңгендерге де, жеңілгендерге де бейтараптық танытты. Соғысқа шебер, намысшыл бір князь өз билігін таратуға, халық күштерін жұмылдыруға ұмтылған кезде (оның ниеті қандай болмасын өзімшілдік пе әлде жалпы игілікке деген құштарлық па), оған қарсы тек өзге княздардың билікқұмарлығы ғана емес, үнемі қанауға көнгенімен, тәуелсіздікке үйреніп қалған қауымдар мен облыстардың қызғаншақ еркіндігі де көтерілді. Оның бірі құқықта болса, екіншісі іс жүзінде болды. Тайпалық бастаулар басым болған, өзінің жеке саяси өміріне үйренген еркін, тәкаппар, өзімшіл Новгородқа ойына бүкіл Ресейді біріктіру деген ой кіріп те шықпады; варягтардың жауынгерлік мінездерін өз бойларына кездейсоқ қабылдап алған әлсіз Киев ұлы мемлекет идеясын іске асыра алмайтын еді. Монғол шапқыншылығына дейін ешкім де, ешқандай адам да, ешқандай қала да орнынан тұрып, былай деп айта алмайтын: "Мен Ресейдің өкілімін, мен оның орталығымын, мен оның күші мен өмірін өз бойыма жинағанмын". Азияның барлық тәжі мен тағын қиратып жіберген, егер өте алыс қашықтығымен құтыла алмағанда, бүкіл Еуропаны жойып жіберетіндей қорқынышты дауыл Шығыстан соқты. Болашақ Ресейдің көлеңкесі оны Калка маңайында қарсы алды және жеңілгенімен, бұл жеңілістен ұялмауға болатын еді. Құдай бірігу мен одақтасуға шақырып тұрғандай болды. Бірақ шіркеу үндемей қалды жөне күйреудің алдын сезбей қалды; халық бейтарап күйінде қалып, княздар өзара қырқысын жалғастыра берді. Жаза орынды еді, қайта туылу қажет болатын. Адамның ішкі дүниесі ұйықтап жатқанда зорлық құтқарушылықпен көзге түседі. Моңғолдардың екінші шабуылы Ресейге соққанда оның құлдырауы даңқсыз болды. Ол күйреуді ешқандай қарсылықсыз, тойтарыс беруге ықтиярсыз күйінде қарсы алды. Жылнамаларды оқи отырып, сол кездегі орыс қоғамының бытыраңқы құрамын терең бойкүйездік басып қалғандай сезінесің, ол одан ары қарай өмір сүре де алмайтындай көрінеді жөне монғолдар біз үшін бақытты кездейсоқтық болған тәрізді: өйткені бұл жабайы жаулаушылар барлығын қиратып, ең болмағанда, ешнәрсе қалыптастырғысы келмеген сияқты. Ол кездері, хандар Ресейдің бүкіл шығыс және оңтүстік аймағын қиратып жібергенде, оның батысы, ерікті немесе еріксіз түрде литва тайпаларының үстемдігін танығанда, ал солтүстік мемлекеттіліктің ешқандай ұлы идеясынсыз, өзінің ақылға сыймайтын саудалық, қарақшылық, шектелген және жергілікті өмірін сүріп жатқан тұста жаңа Ресей пайда болды. Дон мен Днепрдің жағалауларынан қашқындар, Волынь мен Курскінің бай аймақтарынан қуғындалушылар Ока мен Тверь жағалауларындағы, Еділдің жоғарғы ағысы мен Алаун қыраттарындағы /13/ орманға тығылды. Ескі қалалар тозып кетті, жаңа ауылдар пайда болды, жаңа қалалар құрылды. Солтүстік пен Оңтүстік араласты, бір-біріне енді, бос жатқан жерлер мен Мәскеудің жабайы жерлерінде жаңа өмір, бұрынғыдай тайпалық, округтік емес, жалпыорыстық өмір басталды. Мәскеу ешқандай шешуші сипаты жоқ, өткені де жоқ, жаңа қала болатын, әртүрлі славяндық отбасыларды араластыру − міне, осы оның артықшылығы болатын. Ол княздардың салған дүниесі тана емес, халықтың қызы да болды; ол өз бойына мемлекеттік тысқарылықты да ішкерілікті де енгізді және бұл оның күшінің құпиясы болды. Сыртқы форма ол үшін енді кездейсоқ бола қойған жоқ, керісінше тірі, органикалық дүние болды және өзге княздықтармен күрестегі оның салтанаты күмән туғызбайтын. Осы себепті бұл жас қалашықта (ол жылнамаларда келтірілетін орыстың көне сөздерінің әдетінше және қалалардың жершілдігі бойынша төзімді әрі тыныш қала болуы керекті) кенеттен княздардың ор намысшылдығы пайда болды және содан болар, халық та княздарды түсіне бастады. Мен Мәскеу княздығының тарихын баяндап жатпаймын; осыған дейін айтылғандардан оның (Мәскеудің) шайқастары мен оның жеңістерін оңай ұғынуға болады. Ол Ресей болу ниетін жарияласымен, бұл ниет орындалуы тиіс болатын, өйткені ол кенеттен княздың да, азаматтың да, митрополит түрінде берілген шіркеудің де ойынан шықты. Новгород қарсы тұра алмады, себебі қала идеясы мемлекет идеясына жол беруі тиіс еді; княздар да ұзақ қарсы тұра алмады, өйткені олар өз княздықтарында кездейсоқ болатын; монғолдар қиратып, жойып жіберген қалалардың қызғаншақтығы мен аймақтардың еркіндігі кедергі бола алмады, өйткені халықтың алған қанды сабағынан кейінгі оның инстинкті күштерді біріктіруге ұмтылды, ал орыс православиесінің жетекшісі ретінде Мәскеуге бет бұрған шіркеу адамдарды оның ізгі еркіне бағынуға үйретті. Жеңімпаздықтың себептері осында. Ал оның салдарлары қандай болды? Ресейдің жайылуы, материалды күштердің дамуы, аймақтық құқықтарды жою, қауымдық тұрмысты қанау, кез-келген жекелеген ойды мемлекеттің бағындыруы, мемлекет туралы ойды патша бейнесіне топтастыру, − Петрге дейінгі Ресейдің бақыты мен соры осы. Петрден бері жаңа дәуір басталады. Ресей осыған дейін бөтен болып келген Батыспен жұғысады. Ол сауда мен ағартушылық дамыған өзге жерлердің ықпалын сіңіру үшін Мәскеуден шекараға қарай, теңіз жағалауына қарай жылжиды. Бірақ бұл қозғалыс халық еркінің әрекеті емес еді; Петербург өкіметтің жалғыз қаласы болды және бола бермек және мемлекеттің ең орталығындағы мұндай бөлініс Ресейдің салауатты және зерделі дамуы үшін пайдасыз болмады және болмайтын тәрізді. Мемлекеттік билік өмірі мен халық рухының өмірі тіпті олардың жұмылу орнына қарай да бөлінді. Бірі Ресейдің барлық көрнекі күштерімен, барлық оның формалды өзгерістерімен, барлық оның сыртқы әрекеттерімен Петербургтан шығып қозғалады; екіншісі болашақ уақыттың, ақыл-ой мен сезімнің сипатын ақырындап тәрбиелейді, ол болашақта өз бейнесін тауып, инстинкттен толық, зерделі, айқындалған әрекетке айналуы тиіс. Осылайша, мемлекеттің заттай тұлғасы кез келген ішкі толқыныстан азат шешуші және айқын әрекетке ие болады және, сонымен бір мезгілде, халық рухының салқынқанды және жайбарақат санасы, өзінің мәңгі құқықтарын сақтай отырып, кез келген уақытша мүдделерден барған сайын алыстап және құрғақ практикалық тысқарылықтың зиянды ықпалынсыз дами түседі. Біз орыс тарихының алғашқы кезеңі қорғаушы сақшылардың бір тізбегімен қамтылған тәуелсіз облыстардың федерациясын білдіретінін көрдік. Қалалардың өзімшілдігі, бұл сөзден біз оның айқын мағынасын түсінбесек те, біз князь деп атаған варяг әскербасылары мен варяг әскерлерінің кездейсоқтығымен еш өзгерген жоқ. Тілдің тұтастығы барлық жердегі сияқты жеміссіз болды: мұның сабағын Элладаның ежелгі әлемінен көруге болады. Діннің тұтастығы өзінің қайта құрылу мүмкіндігінің жоқтығын сезіп, сенімнің өзі ығыстырылған жерден бізге келгендіктен адамдарды байланыстыра алмады. Монғолдың дауылы мен органикалық түрде құрылған Мәскеу княздығының билікқұмарлығы тайпалардың шекараларын бұзған кезде, Русь бір бүтіндікке жинақталған кезде − бөлшектердің өмірі жойылды; бірақ адамдар аймақтар мен облыстардағы өздерінің бұзық және шектеулі әрекеттерін тастағанымен, кезінде өз туған қалаларының байрақтарына: "Новгород пен Әулие София үшін" немесе "Владимир мен Құдай сүйген Богородица үшін" деген ұранмен ұмтылатын сүйіспеншіліктің сол бір сезімін осы жаңадан құрылған тұтастыққа әлі де болса көшіріп әкеле алмады. Осылайша, біздің тарихымыз шамалы болса да мақтана алатын 1612 жылдың өзінде еркін дінге ие болу патриотизмге қарағанда күштірек қимылдады, ал жасалған ерліктер бүкіл Ресейдің шамалы тана поляктарды жеңуімен тана шектелді. Дегенмен, ескіліктің барлық әдет-ғұрыптары, қалалар мен сословиелердің барлық құқықтары мен еркіндіктері мемлекеттің тығыз денесін қалыптастыру үшін құрбан болып кеткен кезде, материалдық билікпен қорғалған адамдар бір-бірімен емес, бір-бірінің қасында өмір сүре бастаған кезде қоғамдық азғындықтың жарасы шексіз тарала бастады және адамның барлық жаман құмарлықтары кеңістікке жайылды: аттары халықтың аузында келекеге айналған соттардың пайдакүнемдігі, аристократияға сұранған боярлардың атаққұмарлығы, жаңа папалық тақ қойғысы келген шіркеудің билікқұмарлығы. Петр келді де, асқақ жанның қандай да бір тылсым инстинктімен отанның барлық дертін көзбен бір сүзіп өтіп, мемлекет деген сөздің барлық әсемдігі мен әулиелігін сезініп, Ресейді қорқынышты, бірақ игілік әкелетін найзағайдай соқты. Бұл соққы ұры-соттар сословиесіне, өз отанын ұмытып, өзінің тегін ғана ойлайтын боярларға, қалалардан алым жинап, тек келелерінде ғана жанының аман қалуын іздейтін, бірақ шіркеуді, адамзатты және христиандық бауырластықты ұмытқан монахтарға қарсы бағытталды. Бұлардың қайсысына тарих ара түседі? Ресейді қайта құлпыртушының даңқына кептеген қателіктер көлеңке түсіреді, бірақ күшті сезіне білу және күшке қарай ұмтылдыру абыройы оның өзінде қалады. Оның қолданған құралдары заттай және дөрекі болатын: алайда рухани күштердің өкіметке емес, халық пен шіркеуге тиесілі екендігін ұмытпайық; өкіметтің міндеті олардың әрекетін ояту немесе қатаң болсын, жеңіл болсын зорлықпен оларды тоқтату ғана. Бірақ мемлекеттің мағынасын соншама қызу және күшті ұғынған адамның, өзінің бүкіл тұлғасымен қатар, барлық бағыныштыларын да соған жұмсаған адамның, сонымен бір мезгілде, күштің тек махаббат бар жерде болатынын, ал махаббаттың тек жеке еркіндік бар жерде ғана екендігін есіне де алмағанын қынжылыспен ойға аласың. Мүмкін, мен ескілік туралы күпір пікір айтқан шығармын; бірақ ол өзін айыптағанына мен кінәлі емес шығармын? Көне Ресей соның бейнесіне енетіндей, бұрынғы әдет-ғұрыптар да, шіркеу де ешқандай көрнекі бейне жасай алмаса, оларда қандай да бір немесе, тіпті бірнеше стихиялардың жетпей жатқанын біз мойындауға тиіс емеспіз бе? Ал ол солай болды. Күшті өзінен тыс жерден іздейтін қоғам, оның аурудың халінде екендігін білдіреді. Кез келген федерация өз бойына жалғыз ортақ бастауға деген үнсіз қарсылықты жасырады. Кездейсоқ федерация адамдардың бір-бірінен бөлектенуін, бойында дұшпандық болмағанымен, өзара сүйіспеншілік те жоқ бейтараптықты дәлелдейді. Адамзат дінмен тәрбиеленеді, бірақ ол баяу тәрбиеленеді. Сені жалпы санаға, адамдардың өміріне, іn succum et sanguіnem11 енем дегенше, көп ғасырлар өтіп кетеді. Христиандықты қабылдаған кездегі Ресейдің дөрекілігі бұл қасиетті ілімнің тылсым тереңдігіне бойлауға оған мүмкіндік бермеді, ал оның тәлімгерлері оның бастапқы сұлулығы сезімін жоғалтып үлгергенді. Сондықтан да княздар орыс жерін өзара қырқыспен тоздырып жатқанның өзінде, халық солардың артынан ерді; ал шіркеу қоғамдық қылмыстардың да болатынын ескермегендей, адамдарды жеке қылмыстардан алшақ болуға үндеді. Мұның барлығы болғанның өзінде де біз Батыстың алдында сансыз артықшылықтарға иеміз. Біздің бастапқы тарихымызға жаулап алушылықтың дағы жұқпаған. Қан мен жауласушылық орыс мемлекетінің негізі болған жоқ және аталар да немерелеріне жек көрушілік пен кек алудың аңыздарын өсиет етіп тастаған жоқ. Өз әрекетінің шеңберін шектей отырып, шіркеу де ешқашан өзінің ішкі өмірінің тазалығын жойған жоқ жөне өз ұлдарына әділетсіздік пен зорлықтың сабақтарын уағыздаған жоқ. Татарға дейінгі облыстық құрылымның қарапайымдығы адамзаттық ақиқатқа бөтен болған жоқ жөне әділеттілік пен өзара сүйіспеншіліктің заңы да патриархалдық деп атауға болатын осы тұрмыстың негізі бола алды. Енді, қазір, мемлекеттілікті құру дәуірі аяқталған тұста, сыртқы жауға алынбастай орасан зор бұқара бір тұтастықпен байланған кезде адамның әркімнің күші барлығына және барлығының күші әркімге тиесілі болатын қоғамда ғана өзінің адамгершілік мақсатына жететінін түсінетін уақыт біз үшін жетті. Осылайша, біз Батыстың кездейсоқ ашқан жаңалықтарын иелене отырып, бірақ Батыс үшін құпия болып қалған олардағы адамзаттық бастауларды біздің болашақ дамуымыздың жетелеуші жұлдызы − шіркеудің тарихы мен оның заңдарынан сұрай отырып, оларға тереңірек мән-мағына бере отырып және олар біздің тайпамыздың бұзылмаған индивидуалдылығы мен отбасылық байланыстардың қасиеттілігіне негізделгендіктен орыс өмірінің ертедегі формаларын тірілте отырып алға қарай батыл және қатесіз жылжитын боламыз. Сонда, адамгершілік және христиандық кескінді білдіретін облыстық патирархалдық тұрмысты мемлекеттің терең мәнімен байланыстыратын қоғамның өзіндік сұлулығында, ағартылған және түзу көлемдерде ежелгі Русь қайта тіріледі, бірақ өзінің кездейсоқ емес, саналы кейпінде, болмыс пен өлімнің арасында үнемі тербеліп тұратын қалпында емес, тірі және органикалық күштерге толы қалпында тіріледі.

Түсініктемелер 1. Дальдің сөздігінде ясак сөзі − сақшылық және танытушы ұран, белгі, маяк, лозунг, пароль немесе жалпы сигналды білдіреді. 2. 1650 жылғы Псков көтерілісінің себепкерлерінің бірі архиепископ Макарий туралы сөз болып отыр; жиынның шешімі бойынша ол бұғауланып ғибадатханаға отырғызылды (қараңыз, Соловьев С.М. Соч. М., 1990. Кн. 5. С. 473-475.). 3. Әңгіме салтанатты өмір сүргені үшін патриарх Иоаким бірнеше мәрте жазалаған смоленскілік митрополит Симеон (1670-1680 жылдары) туралы болып отыр. 4. 1551 жылғы орыстың шіркеулік Соборы жөнінде айтылып отыр. Онда "иосифляндардың" "нестяжательді" жеңуіне әкелген шіркеудің ішкі қайшылықтар аңғарылды. И.В. Киреевский бұл Соборды "орыстық бастаудың емес, шетелдік бастаудың жеңісіне әкелген бақытсыз төңкеріс" деп сипаттайды (Киреевский И.В. Полн. собр. соч. М., 1911. Т.1. С. 119-120.). 5. Бөрінің басы − опричниктің белгісі. 6. Василий І Дмитриевичтің патшалығы "азғындық" деп аталады, өйткені XІV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың басында Мәскеудің саясаты жергілікті боярлардың сатқындығына негізделді. Дәл осы кезеңде Дмитрий Донскойдың екі немересі − Василий Косой (1436 жылы Василий ІІ Васильевич оның көзін ойды) және Василий ІІ Қараңғының өзі (1446 жылы Дмитрий Шемяка көзін ойды) жанарларынан айрылды. 7. Н.М., А.М. және П.М. Языковтардың жинақтаушы қызметі. Бұл туралы қараңыз: Собрание народных песен П.В. Киреевского. Записи Языковых в Сибирской Оренбургской губерниях. JІ., 1977. т. 1. 8. Мемлекеттік және монастырлік архивтерден аса құнды құжаттардың орасан көпшілігін тапқан П.М. Строевтің археографиялық экспедициясы туралы айтылып отыр. 9. Дальдің сөздігі бойынша "талқылау тек сөз жүзінде өтетін" сот. 10. Крепостной (басыбайлы) шаруалардың ісін қарайтын сотты (приказды) 1704 жылы Петр І жойған еді. 11. Тысяцкий (мыңбасы) − халықтық қосынға жетекшілік ететін немесе сақшы полицияны меңгеретін ортағасырлық Рустегі жергілікті басқару жүйесіндегі лауазымды қызмет, Мәскеу мемлекетінде XV ғасырдан бастап жойылды. 12. "Азаматтық Кодекске" (1804) берілген Ж.Ж. Камбасерестің преамбуласынан келтірілген дәл емес сілтеме. 13. Валдай қыратының ежелгі атауы. Хомяков А.С. Соч. в 2-х томах. Т.1. //О старом и новом. // Работа по историософии. Москва: Московский философский фонд издательства "Медиум", 1994., С. 457-470.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙