Таңғы қонақ
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Таңғы қонақ» шығармасы.
Махаббатты туған жерге арнашы,
басқа жаққа бакыт іздеп бармашы.
Өзге жердің патшасынан биітеу
туған жердің карапайым шаруасы
Тұрсынзада ЕСІМЖАНОВ
Қара жерге салмақтың дүрс-дүрс түсіп келе жатканы ап-анық сезілді: Айдан бүкіл тұрқымен құлаққа айналып тыңдай қалды – нық қадам тастап келе жатқан адам табанының жерге қадалуы; салмақты-ақ, ер адамның аяқ алысы екені бесенеден белгілі. Дүбір тіпті таялып келді. Маң төбет Қойтан «Әуп» деп үн қатты да, гүр-гүр етіп екі-ұш рет үрді, сол аралықта қарлығыңқы таныс дауыс шықты. Одан әрі Қойтан үн қатқан жоқ. Аяқ дүсірі есікке жақындасты. Айдан басын көтеріп, жан-жағына қарады: бөлме іші ала шұбар жарық екен, ашық-шашық жатқан балалары түйе құмалағындай шашылып, әр жерде біреуі қалың ұйқы құшағында пыс-пыс етеді; еңгезердей Ақан іргеге қарап қимылсыз қалған. Көз киығын тастап, оятсам деген ойға келді де, ол ниетінен тайды: отырған жерінде төсек устінде бас жағына шешіп қойған жеңсіз қара камзолын киді. Осы аралықта сыртқы есік қағылды: дүрс-дүрс жұдырығымен ұрғылады, үлкен қос шығыршықты сылдырлатты. Қойтан қақпаға барып, екі-ұш дүркін қаhарлана үріп жіберді. Таңғы қонақ сырттан тіл қатты. «Айдан, а-Айдан! Құрдас-әй-й!» деген жуан дауыс шықты. Гүр-гүр етеді: өзінше сөйленіп жүр. Көрші бөлмелерден де дыбыс шыға бастады: Қожанияз қақырынды, Ақан жеңіл көрпені серпіп тастап, «Ә-ә, кім-әй ол» деп дауыстады. Айдан қақпаға жақындап қалған екен. Ақ көйлек, балағы шұбатылган ақ дамбалмен ентелеп, Ақан да сыртқы есікке жетіп келді. Төбеге жете қабыл биік емен есік анау-мынау еркекке де көтертпейді – қара зіл: сіңір денелі Ақан қос қолдап итере бастағанда, шаршы иықты аласа бойлы Қожанияз жуан тіреуді жұлып алды. Қақпадан адам сиярлық саңылау ашылды: тақырбас жалғыз жаяу сүметіліп ішке ене берді. Шошайған ұзын сақал да, қысқа бұйра сақал да мезгілсіз келген адамға қадала қалды: шырамыта түсті – Қоныс. Айдан еркектерді кимелей ығыстырып, Қонысқа тақалып келді.
– Құрдаспысың, немене таң атпай Қоңырша қуып жібергеннен саумысың? Сүметіліп не ғып тұрсың? Ә-әй, үстіңнен су тамшылап тұр ғой...
Таңданғаннан Айданның көзі алақандай болды: бас киімі жоқ, күпісі де, бұтындағы шалбары да су – тамшылап тұр, тұтас жапқа тоғытып алғандай; денелі еркек дірілдегенін сездірер емес, еркін адымдап таяна берді.
– Саламаликім, – деді төмен қарап, жанарын көтерген жоқ.
– Ιшке кір, ішке кір. Қожеке, отын әкел. Ә-әй, қайдасың, мына бала тоңып қалды ғой, – деп Ақан Қонысты бөлмеге қарай ыңғайлады. – Киімдерінді шеш, іш киіміңді де. Денеңе жабысып қалыпты ғой, тіпті. Ой, сорлым-ай, не болды өзі...
Қоныс жауап қатуға асықпады: Айданның ізіне еріп, кең бөлмеге өтті. Қарсы алдынан Елеусін кездесті. Қоныс көзінің астымен қарады. Баланың сәлемімен ісі болған жоқ, пұшпағынан су сорғалап ошақтын капталына барды: түрегеліп тұрып- ақ, аяғындағы шерім етігін сыпырып тастады. Есік көзінде жұп етік мыжырайып шөгіп қалды. Айдан Қоныстың сырт киімдерін шешіп алды да, табалдырық аузына тастай салды; көйлегін шешкен соң, иығына Ақанның түйе жүн шекпенін жапты. Төрдегі көлемді ағаш кереуеттің аяқ жағынан жуылып, текшеленіп қойылған ішкиімдерді суырып алды. Тізкиімнің бауын барлап көрді де:
– Киіп ал. Қоңырша «Тоңдырып тастапсың» деп басыма әңгіртаяқ ойнатар. Ары қарап тұрып ки. Балалар бар, – деді. Қоныс қорбаңдап киініп алғанша, ошақтың оты да маздап жана түсті: тартқыш-ақ екен, гуілдеп ала жөнелді. Қожанияз от жағудың шебері: сарта жүгініп, құп-құрғақ сексеуіл томарларын реттестіріп қалап еді, қып-қызыл жалын маздап көтеріле түсті. Түнгі төсек жиналып, қайта көрпешелер жайылды. Лезде қазандағы су қайнады. Айдан бүйірлі қара мыс шәйнекті қайнаған суға толтырып алды да, бүйірін тақап қойды, ақ-қуманды шайып, шай салды. Тұнжырап, сарғыш кірпіктерімен от көсеп, мойнын ішіне тартып, пештің қуысында үн-түнсіз отырған Қонысқа:
– Қане, көйлекті шеш. Арқаңды мына шоққа қақта. Ерте көктемнің ызғары бар: сүйектен өтеді. Тамыр бойлап ұялаған желді ыссы леппен қуып шықпаса, орнығып қалады. Бол, тез... – деп Айдан әмір ете бастады. Шоқ ошақтың аузына лақшынға тартылды. Қонысқа Ақан да көз астымен қарап қойып, тілге кеді.
– Берекең қашып, жаурап қапсың ғой. Немене, киіммен шомылғаннан саумысың? – деді. Қоныс ойлана отырып, жан адамға көз қырын да салмастан, төмен қарауымен марғау қимылдап, бөз көйлекті шешті. Лақшының алдына Айдан шағын көрпешені қабаттап төседі. Қоныс қақпақтай жауырнын шалқалай жатып, сексеуілдің маздап тұрған қып-қызыл шоғына біресе алыстан, біресе жақыннан ерсілі-қарсылы төсей берді. Қалың жон терісі қақталған мыстай қызарды. Басын да, аяғын да отқа ұстады. Қызынып, әл жинап алған соң, Айдан Қонысқа әзілдеді:
– Құлақшының көзіме түспеді, Иығында тек басың бар еді, өзі... Жауын жаумай жаурап жүргенің не?
Ізді-ізінен желдетіп бірнеше шыныаяқ шайды ыссылай ішіп жіберген соң, Қонысқа қуат ене бастады. Қыршаңқы тіліне де сөз орала түсті.
– Бастың өзі су түбінде қала жаздады. Құлақшынды жайын жұтты ма, ылайға батты ма – таба алмадым. Тұншығып, бірнеше ұрттам су жұтып, қалқып шықтым.
Дастарқан төңірегіндегілер құлаққа айналып, Қоныстың аузына үңілді. Оқиға былай болған екен... Қоныс түнгі кезектегі сушы еді: іңір қараңғысы қоюланбастан-ақ, ол алқапты қабылдап алды. Шелдің бәрін көзден өткізді, өкше бөгетті бекітті. Судың ағысын аңдап, қанша жерді толтыратынын болжады. Шелді жағалап, асықпастан жіті тексеріп отырды: су тесіп кетсе, құмға қашады. Бір ұрттам Дәуденнің ұйық аралас суы боз топырақтың қаны мен жаны – қызара бөртіп шыға келеді. Су да кезек: уақытпен есептеледі, ретпен беріледі. Судан кешіксе, егістің мезгілінде егілмей кешігетінін алақанын мүйіз басқан атайы диқан Қоныс анық біледі. Биік шелденген алқаптағы су айсыз түнде жұлдыз жарығымен ағараңдап көзге ұрады: биік жерлері төбе-төбе болып қарауытып көрініп тұр. Толған алқаптың құлағын байлап, жаңасына құлақ қаратып таңды атырды. Тегіс үш алқап көмекші келгенше, суды көтеретін болғандықтан, Қоныс құм жақтағы шелді жіті көзден өткізді де, отбасына аңсары ауып, қайтуға ниеттенді. Ауыл да көз ұшында: Арқаштың үстімен келіп тұрған үлкен арнаның көпірінен айналып өтсе, көз көрім жер жүруі керек. Жап енділеу болса да, қолайлы тұстан ауылға қарай түстікке қарғып өтуді жүрегіне түйеді. Көлемді диқан белді құлақ ауызға шаншып, өткел іздей бастады. Арғы жағада бір шоғыр шөп өскен тұсты секіруге ынғайлы деп тапты: қолы жетсе, бұтадан ұстап, өтіп те алады. Қоныс шел үстімен ерсілі-қарсылы бірнеше рет жүріс жасады: көр соқпақ пайда болды. Қарғитын тұсын көздеп, шегініп барып, екпін ала жүгірді, жаптың жиегіне жете бергенде, топырақты тұлпарша теуіп жіберіп, көкіректі кере жоғары көтерілді, аяғын да бауырына жинап алып ұшты. Жиектің жанбауырына қос табаны қосыла түсті, ауыр кеуде сәл шалқақ келіп, кейін қарай салмақ ала берді; жалма-жан үміт артқан ақбастарына аш буркітше он саусақты салды, қысымдап тартып қалды. Жойқын күшке тап болған түбі бос қурап тұрған шоғыр шөп шіріген көне тамырымен қопарылып, қолына келді; бес жарым пұттық салмақпен Қоныс аузы-мұрнынан шыға суға толып тұрған терең жапқа шалқалай түсті, сол сәтте батып та кетті. Алдымен қалқып көне құлақшын шықты, жылжып ықты да, су астынан өре көтерілген иесінің толқынына араласып шөге жөнелді. Қоныс жарға ұмтылды. Судан сүйретіліп шыққан Қоныс көз ұшындагы ауылға бір назар тастады да, таяудағы дәу қапқалы кесек үйге қарай жылжыды.
– Наның бүтін екен, – деді Қожанияз. – Су астында үйелеп қалсаң, кім табады. Жаптың ұлтаны ұймақ қой − желімдей жабысады. Қайраттылығыңның арқасында қалған екенсін.
Шайдан соң, Қоныс қазан көтеруге қарамады − үйіне асықты. Оған аяқкиім кигізу үстінде тартыс туды. Қоныс Ақанның көне шерім етігін кие бастағанда, Қожанияз тіс-тырнағымен қарсы шықты. − Менің жаңа шоқайымды ки: ұлтарағына тары топан төсегенмін. Қой жүні шұлғауымды оран − аяғың от болып тұрады. Ертеңге шейін шешпе − қой жүні денедегі ызғарды сорып алады. Табаннан тоңсаң, жігіттіктен де айрыласың... Қоныстың алдына қайқы тұмсық жаңа шоқайды тізіп қойды. Ойлануына мұрша берместен, аяғына ақ шұлғаулы орай бастады. − Киімдерің қала берсін, «Айдан тонап, шешіп алды» деп айтарсың Қоңыршаға, − деді Айдан есікке беттеген таңғы қонағына әзіл-шыны аралас күле қарап. − Сорпалық ет апарып тастармын, қолыңда салпылдатып жүресің бе; аман қалғаныңа көзайдын айта барамын ғой құрдасқа. Елеусін естияр адамдардың бауырмалдығына таңырқап, адал жанды анасына да, әкесіне де, өзбек қарты Қожаниязға да, қара күштің қабы Қонысқа да сүйсіне қарды: бірін-бірі сүйеп, демеп, барын алдына тосып отырған жандардың ықыластары балауса миында, балғын санасында мәңгі орнап қалды. «Шіркін, Ызмұхширдың адамдары бауырмал ғой, − деп ойлады Елеусін. − Бір-бірінен жандары шығарда бөлек − қырық құрау ұлттан құралса да, еңбек үстінде, турмыстың соқтықпалы тар кезеңдерінде жалындап шыға келеді. Тастүйін, бір атаның перзенттеріндей.»
Елеусін мектепке жиналды.
«Қәтеп» ауылы,
1998 сиыр жылы, наурыз
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру