Ұлым, саған айтам
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жұмекен Нәжімеденов
ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ
ҰЛЫМ, САҒАН АЙТАМ
ЖАЗУШЫ
СЕНЕН АРТЫҚ БАҚ СҰРАП… Сенен артық бақ сұрап отырғам жоқ, бір түрлі – сенің кезің жақсырақ болатұғын сықылды. Литфондыға жұрт бірден, танылмайтын сықылды. Қатал бастық күттірмей қабылдайтын сықылды. Үкімге емес, адам бір назға құлар сықылды. Бүгінгіден жаман жыр аз жазылар сықылды. Бүгінгіден екі әлем жақын тұрар сықылды. Бір ас-үйде екі әйел тату тұрар сықылды. Пысық жары тас түлек, күйеуіне бір түрлі, ақшаны аз таптың деп кінә артпайтын сықылды. Бәрі көрген көзінен тойым тартар сықылды. Өтірікшінің сөзі де қою тартар сықылды. Сенің күнің өрлейді, күндеуге де болады-ау... осыншаны көрмеуім маған тіпті обал-ау.
САН ОЛАҚТЫҚ… Сан олақтық, сан «қырсық» құтқармапты қайдан да. Кірісіп ем алғырсып осынау бір майданға. Тану үшін бір қарап ақыл сыртын айла ішін, керек екен жырға да, бес қаруы сай кісі. Мынау келген қай жасық демесін деп бір текті, тәуекелдің найзасын тәңіріге сілтеппін... Ұйқас деген мылтықты жойдың десе, сыны — шын. Майырылып құртып тұр, теңеу деген қылышым. Барын жойған тойменен солдатқа мен барабар. Әйтеуір сол ой деген гранатам ғана бар. 1969, 1982 КҮШ БЕРГЕН ӨМІР МАҒАН ДА… Күш берген өмір маған да, ағайын, өзің білесің: жартысын жойдым жыр есіп, жартысын жойдым күресіп.
Толтырған сия қаламға толтырғам құйып әр түсін: жазуға кетті жартысы, сызуға кетті жартысы. ТЫНБАДЫМ МЕН АҚ ТАҢҒА… Тынбадым мен ақ таңға, бар жүйкемді оятып, сөзді оңай тапқанмен, орнын таппай қоятын. Іздеймін тағы жақпаса, азабына төзермін. Сөздің орнын таппасам, табылар емес өз орным. ТЕЗ АШЫЛҒАН КӨКТЕМГІ… Тез ашылған көктемгі гүл-бақ ең сен, оңбай жүр: гүл-бақ едің, көп болды, бұлбұл құсың қонбай жүр. Қары ашылған көктемгі тау едің сен — таппай жүр: тау шыңы едің көп болды, ақша бұлтың соқпай жүр. Кеш бүр жарған көктемгі шыбық ем мен бір жыңғыл, жас бұтақ ем, көп болды, маған қонып жүр бұлбұл.
Тау сықылды дақпырты төбе едім жай далбаса, менде жоқ тек ақ бұлтың, көлеңкесі болмаса... 1969, 1982 ТЕЗ АШЫЛҒАН КӨКТЕМГІ… Тез ашылған көктемгі гүл-бақ ең сен, оңбай жүр: гүл-бақ едің, көп болды, бұлбұл құсың қонбай жүр. Қары ашылған көктемгі тау едің сен — таппай жүр: тау шыңы едің көп болды, ақша бұлтың соқпай жүр. Кеш бүр жарған көктемгі шыбық ем мен бір жыңғыл, жас бұтақ ем, көп болды, маған қонып жүр бұлбұл. Тау сықылды дақпырты төбе едім жай далбаса, менде жоқ тек ақ бұлтың, көлеңкесі болмаса... 1969, 1982
ЖАМАНШЫЛЫҚТЫҢ БЕЙНЕСІ — … Жаманшылықтың бейнесі — күн көрістердің шатағы, күн көрулерден кейде осы күншілдік шығып жатады. Күншілдерге, өмір, бір ой бер, қиыныңа қарай баста да. күн көреміз деп біреулер күн көрсетпейді басқаға. ЕС, ЕС, САМАЛ, ЕС ҮДЕП… Ес, ес, Самал, ес үдеп, есіп, есіп тоқташы, қиратайын ба осы деп қимылдаттың шөп басын. Күштісің-ау жеңілге, ауыр болғың келеді. Білем, Самал, сенің де дауыл болғың келеді... ЕҢБЕК ҚЫП КҮН-ТҮНІМЕН… Еңбек қып күн-түнімен елім, сені сүйгенмін. Бір қызыңнан туып ем, бір қызыңа үйлендім. Жыңғылыңның түбірін жағып, жасап бата-емін, Ат қойыпты бір ұлың, бір ұлыңа әкемін.
Әлсіз отпын әлі мен, жайымды айтсам сенер кім?! …Бір сайыңда жанып ем, бір төбеңде сөнермін. 1969, 1982 ДҮНИЕ ДЕГЕН ҮЛКЕН СӨЗ… Дүние деген үлкен сөз: күн ұрғанда шекені, жапырағын бүркенсең, бір ағашы-ақ жетеді. Дүние деген сөз ұлы, ұлы сөзден талай бір, өлсең, көмуге өзіңді қарыс жері жарайды. Ал, осындай әлемге бір кездері, сенер ме ең: тарлық көріп біреулер сыймай етті дегенге! 1969, 1982 ОТАН ҮШІН СОҒЫСТЫҚ, ҚАН ТӨГІСТІК ЖЕР ҮШІН… Отан үшін соғыстық, қан төгістік жер үшін, от басы үшін соғыстық — соғыстың ең берісі. Күрес көп қой тірлікте, соғыстың да түрі көп, от басы үшін соғысу тұр-ау соның бірі боп.
Отан үшін, сондықтан, мылтық ұста десем мен, от басы үшін жөн шығар күресуің көсеумен. Бізде кейде, не шара — таңданып көр, күліп көр, қырып кете жаздайды көсеуі бар жігіттер. Ал, жігіттің қаншалық ер екенін шынайы, көсеу емес, қолына найза беріп сынайды. ДАЛА, САҒАН ҚАРАСА… Дала, саған қараса менің көзім қарасын. Тұманыңда адасам, керек болса адасу. Орман, саған қараса, менің көзім қарасын. Соқпағыңмен адасам, керек болса адасу. Адасайын мен де енді, ал, адасшы, жаным-ай. Адаспасам, көп жерді өтетінмін танымай. 1969, 1982 ҚАРА ШАШЫҢ — ҚАРА ОРМАН… Қара шашың — қара орман, қара көзің — қара су. Су мен орман арасын таныған жөн адасып.
Бір білегің— Ақ Жайық, Ақ Еділ — бір білегің. Екі ақ білек мойныма оралғанын білемін. Ернің — бұлақ көкпеңбек, дірілдей ме, немене; келмей кеттің көптен деп, бұртияды төбелер. Туған өлкем, жетесің, теңе қандай теңеуге: сен ару боп кетесің, мен ақын боп келгенде. 1969, 1982 ТЕҢІЗДЕН ӨТЕ АЛМАДЫМ… Теңізден өте алмадым, тереңдігі — сылтауым. Шығамын деп ем, алда әне мұнарытып тұр тауым. Қыруар іс бар анда әлі, іс бітірмедім бір тәуір. Жақсы жыр жаза алмадым, қиындығы — сылтауым. Түңілтіп келем, түңілтіп, үміт еткендер ұрсып жүр. бітіре алмасам бүгін түк сылтауларымның қырсығы...
МЕН — ЖОЛ БОЛСАМ, АСЫҚҚАНҒА НЕҒҰРЛЫМ… Мен — жол болсам, асыққанға неғұрлым, келер еді ұзақ болып көрінгім. Бастар едім көбіңді үлкен мақсатқа, адастырып кетер едім көбіңді. 1969, 1982 АУЫЛҒА АЯҚ БАССАМ ЖҰМСАП КЕТЕМ… Ауылға аяқ бассам жұмсап кетем, шегіне домбырамның үн сап бөтен. Бірдеңе айтсақ па екен анау шалға, әлде айтуды ойлап қана тынсақ па екен. Әйтеуір жұмсап кетем, жұмсап кетем, көңілде ұят бөтен, ынсап бөтен. Ауылдың кемшілігін көрмеу үшін, тарс қылып екі көзді жұмсақ па екен. Ит біткен қуып үріп тірсектете... осылай у-шу қылып жүрсек пе екен. Боз үйді мына біреу орап өтіп, күркеге әне біреу кірсек пе екен…
Осымен осы жырды түйсек пе екен, өлең де көп көпіртсек күйсеп кетер. Мына жадау күркеге кіре салып, кір-қожалақ бір ұлын сүйсек пе екен... ҮГІЛІП, ҰШЫП ӨЛЕҢ-ГҮЛ… Үгіліп, ұшып өлең-гүл, орнына шөп өссе анық, гүл-өлең жазған кезіңді отырасың еске алып. Ақтайын десең бір ойды дәндері ұшып, қауызы қап, жақтайын десең біреуді жалғыз сөз түспей ауызыңа. Қайратың таппай кепілдік, көзіңе ойың: түңіл деп. Бітіріп жатқан секілді жетістігіңді мінің жеп. Жыр өспесе, ақындық шөлейт деші — бәрібір. Достым, тек мұндай сәтіңді көбейтпесін «тәңірім». 1969, 1982
ӨРІСТЕН ҚАЙТПАЙ ЖАТАДЫ… Өрістен қайтпай жатады нар қоспақ-шабыт, қасқа бір, қайғы-мұң деген ботаны белдеуге тіздеп тастадым. Нүкте-қазықты сіңіріп, байладым асау ой басын: айқайынан сыбыры мықты екен деп ойласын. Тері теңеуді іи қылдым, сөздерімді есіп шылбыр ғып байладым есек-пиғылды, бақыртпау үшін қылғынтып. Жүйріктер ытып жүр әне, атылып шығып тасадан, қуамын, тағы қуамын,— ұйқастарымды қашаған. Образ-сарай сиқырлы, алдым мен соған көшіп кіріп. Тек анау шынжырлы итімді біреулер жүр-ау өшіктіріп... 1969, 1982 КӨГЕН КЕРІП, ҚОЗЫ АЛЫП… Көген керіп, қозы алып, өстік біздер мұздап-ақ айлы түнде, бозамық шық үстінен із қарап,
Адасып ек көп ізден, өгіз мініп, дегенмен өмірден кеп өгізбен, құр ат міндік өлеңнен. Қар талдырып, не керек, өмірден бір үздігіп, киіз басып келген ек, өлең бастық біз бүгін, Шыбық осса арқаны налымаушы ек тұншығып, бүгін жаман батады жалғыз сөзі сыншының. Мыңқ етпеуші ек қараңыз: балшық бассақ ат ұстап, Бүгін шаршап қаламыз бір жиынға қатыссақ. Жанды күттік мәпелеп, жыр-қиын деп зар илеп, бала бізде әкеден күтімдірек әрине. Сенде бір күн білгір боп ақыл айтып ұлыңа, ауыр кезде тудым деп тиерсің-ау, жыныма.
МЕНДЕ ҮШ ҚЫЗ БАР —… Менде үш қыз бар — үшеуін ұшырармын, үш жаққа, шыдай алмай құда мен күйеу салған қыспаққа. Төртінші боп өзің де жөнелерсің тіс қақсаң, біздің үйдің келінге кесесін де ұстатпай. Дастарқаным жаюлы қалмаса екен деген ғой, еккен гүлім төріме — солмаса екен деген ғой. «Жердің серіктері» ұшып қайта қонбас, біздің үй космодром сықылды болмаса екен деген ғой. Ұшса — алыс, ұшатын оқ ұшқалы керемет, «Жер серігі» қонбай жүр, тез ұшқаны не керек. Кораблі қонбайтын космодром болғаннан, іздеп қонар құстарға ұя болғым келер ед.
МЕНІҢ-ДАҒЫ ШАШЫМА ҚАЛЫПТЫ ҒОЙ АҚ КІРІП… Менің-дағы шашыма қалыпты ғой ақ кіріп, өрмекші жүр көзімнен айнала тор лақтырып. Қарашы енді, маңдайым шұбырған көп жол болған, кәріліктің аулына барад дейді ол жолдар. Сол жолға мен түспес ем, жөнім де жоқ асығар, қыздар жәйлі жырларым әлі талай басылар, әке болған кісілер ойлайды екен ел жайлы, әке болған кісіге жас болуға болмайды.
1969, 1982 САНАМАҚ Кел, кел, ұлым, бермен кел мойныма кел, кел асыл, асыл, көрейікші екеуміз туыс-туған санасып: сен әкеңді білесің жазбаса да тілдей жыр, мен әкемнің сүйегі қайда қалды — білмеймін, сенің шешең жүр үйде ақыл айтып тарынып, менің шешем ауылда аты Қайғы-Кәрілік. Сенің екі апаң бар: бірі — ұйқы, бірі — ойын, үш апа бар, ал, менде: шабыт, сана, уайым. Сенде жалғыз қарындас — еркелігің ол әне, менде жалғыз қарындас: жаңа жырым болады. Ұйқы — апайың әлдилеп, үлбіреді керемет, ойын-апаң ән-күймен күлдіреді керемет. Қарындасың — Еркелік, екі көзі жылтырап, қанша тырбыңдағанмен шыға алмапты қырқынан.
Шабыт-апам біраздан жоламай жүр, жоламай, Сана-апайым басқаны жағалай жүр, жағалай. Үшінші апам — Уайым, уһ, жаным-ай, күйем бе, Жыр-қарындасты ұзаттым журнал атты күйеуге. Менен сенің тумаң көп, көрдің бе, ұлым, сүйенген, ал мен қалдым Жалқаулық деген жалғыз жиенмен. 1969, 1982 ОЙЛАНАРСЫҢ ШЫНЫМЕН ӨМІР ЖӘЙЛІ… Ойланарсың шынымен өмір жәйлі, бір ынжық уәде берген бастығың қалған шақта күмілжіп. Ойланарсың ашына алып беттен, сені аттап, сенген досың сертінен тайып кеткен сағатта. Өткеніне өкініп,
түзетем деп әкеңді, болдырам деп болмасты көбейтерсің қатеңді; көңлің қалып бәрінен, көбік қауып —тоярсың, қателікті содан соң қате деуді қоярсың. Ұғынарсың жарайды: өз әлінше мықты ағып, бұл жолдардың талай бір қатеден соң шыққанын. Сосын барып екеуміз қайтадан бір кездесіп, өмір жәйлі тағы да ой пішерміз, сөз кесіп, Әзір осыны ойлай тұр, оңаша үй бар анда бір, екіншіде айтармын білгенімнің қалғанын. ЖАЙДАҚ ҚЫРДАН ТҮҢІЛСЕҢ — ГҮЛ ӨСЕДІ БІР КҮНІ… Жайдақ қырдан түңілсең — гүл өседі бір күні, қайраттыдан түңілсең— күреседі бір күні. Мына заман артқанда бойға — бейнет, ойға — сын, күш-қайратты түңіл деп беріп пе екен, ойлашы.
Көп түңілсең момыннан — ашу шығар бір күні, көп түңілсең тұнықтан — тасу шығар бір күні. Мына заман артқанда бойға шыдам, ойға сын — күш-қайратты түңіл деп берген жоқ қой, ойлашы. Үміт етем тастардан асыл шығып қалар деп, үміт етем қастардан: досым шығып қалар деп. ЕКІ ҮЙІМІЗ БОЛҒАНМЕН БІРГЕ ӨСІП ЕК ЕКЕУМІЗ… Екі үйіміз болғанмен бірге өсіп ек екеуміз, екі қамшы ап бір тайға мінгесіп ек екеуміз. Ертегіден естіген «дәу перінің» күшімен, бір кеуделі,— ойнаушы ек — екі басты кісі боп. Екі басты кісі боп бітіріп ек мектепті, қуа-қуа тірлікті жеті басты боп кеттік. Кітап жиып қалада кісі болып мен кеттім, кілем жиып далада кісі болып ол кетті.
Биыл іздеп көріп ем — ұмытыпты, жорта ма, соңғы модамен тіккен костюмімнен қорқа ма, Жақындады сақтана ұрып қалар секілді, ол — мақта да, мен күйе, жұғып қалар секілді. Ұғыспақ боп елді айттым — қостамады көріне, жымиды құр: сен елден не білесің деді ме. Ұғыспақ боп жырды айттым — қостамады көріне, жымиды құр: соныңның керегі не деді ме. Кінәлі емес шығар ол, мен де емеспін, өкіндім: айрылыппын бір достан арқасында оқудың. Енді отырмын, оқушым, мұңымды айтып саған жәй, бір досымды жоғалтып, бір досыма сене алмай.
БОЛМАЙТҰҒЫН САНАСУ, БОЛМАЙТҰҒЫН ЕСЕБІ… Болмайтұғын санасу, болмайтұғын есебі бірімізге біріміз кереметтей дос едік. Сіздің үйде сынатын біздің үйдің кесесі, біздің үйде тозатын сіздің үйдің төсегі. Қонақ келсе бір келді, өзіміз де бір барып, шарап ішсек бірге іштік үлкендерден ұрланып. Кезек қонып жүргені бір домбыра екі үйге, бір самаурын екі үйде кезек қайнап тұрғаны. Енді бүгін не болды, не болды енді деп мені мазалайды бір сұрақ, сен емессің өкпелі, мен де емеспін өкпелі, қанша болды санашы, біздің үйдің кесесін сен ұстамай кеткелі?!
Менде пәтер бүгінде, сенде де бар от басы, тартпағалы ат басын қанша болды, тоқташы. Қатысамыз қатыссақ аңдысып кеп, арада көше де емес, жатқандай шахматтың тақтасы. ТЕНТЕКТІКТІҢ ТҮР-ТҮРІН ТАБА-ТАБА ӘР КҮНІ… Тентектіктің түр-түрін таба-таба әр күні, отырушы ем мен кейде саған қарап сарқылып. Киінуші ең еркекше, «жігіт» едің оңды аса, фамилияңның соңында «а» тұрғаны болмаса. Қуатты едің, не керек, іштен шалып жамбасқа ап тәйкесінен түсірдің талайларды жармасқан. Көрген көңіл көркіңді болмайтұғын орта тым, ұнатқандар қасыңды — қайратыңнан қорқатын.
Кейін қысқа сары шаш бұрымың боп кетіпті, қырып-жойып қыз деген «қырық індет» жетіпті. Бір жігітпен күресте жығылыпсың сен мықтап, сол жығылу, жығылу, жығылу боп кетіпті. Бір партада отырдық, бір сиядан батырып, бірімізден біріміз көшіруші ек қатырып... Серігім ең сері қыз, енді отырмын ұғыншы, өнер деген мектептің класында «бірінші». Қиындау боп жүр қазір, қиын болып жүр әлі замананың заңы көп есептерін шығару. Ауыспай жүр үйткені бар уақыт, бар айла өмір деген білгіштің дәптеріне қараудан...
ЫЛҒИ ҒАНА СЕН ЖӘЙЛІ ОЙЛАЙ БЕРГІМ КЕЛЕДІ… Ылғи ғана сен жәйлі ойлай бергім келеді, — секілдісің менің бір соңғы жазған өлеңім. Қайталаймын ішімнен есіміңді сенің кіл, қайталаған секілді сәтті шыққан жолымды. Кезек қағып етекті екі тізең бұлтылдап, кетіп қала көрмеші құлағымнан күлкіңді ап, сырлас едік екеуміз, құрдас едік біз кейде, сол шақты енді мен мына қиялымнан іздеймін. Өткен күндер — жазылған өлең болса — ол ескі, жаңбыр астында қалған із сықылды көмескі. Бүгін көрсем танымай қаламын-ау мен сені, бұдан он жыл бұрынғы қағазындай кеңсенің. Қиялымда дегенмен тұрсың күліп сен әлі сол күлкіңнің өзі де күрсіндіріп болады.
Қайталаймын ішімнен есіміңді сенің кіл, қайталаған секілді сәтті шыққан жолымды. Қайталау да керек-ау, кірпігіңнен шық құлап, қарындастың қадірін білу үшін мықтырақ. Сұрама тек кімсің деп, қос жанарың жаудырап, сұрақ дос қой ақынға, сұлуларға жау бірақ. Қиялымда тұра бер, бұрып кетпе бойды әрі боз жусандай, о, менің бозбалалық ойларым! ДОСТЫҚ Тентек едік екеуміз, бақытты едік содан да, бір қайнап ек қиындық, тұрмыс атты қазанда. Сен албырт ең, мен жасып тұнып жүрмін, туысқан, бір тай қазан су құсап қайнап-қайнап буы ұшқан.
Тентек едік екеуміз, бақытты едік, содан ба, еркеледік екеуміз шалғын құсап самалға. Сен өттің ғой зырқырап майдан құсап болған бір, оғы кеткен атылып мылтық құсап мен қалдым. 1969, 1982 БІРІМІЗДІ БІРІМІЗ ЖАТА ҚАЛЫП КЕМІТТІК… Бірімізді біріміз жата қалып кеміттік, мін қазыстық жата қап, сонымен біз нені ұттық. Бірімізді біріміз жаман дедік, жаман деп үшінші бір жаманның жүрер жолын кеңіттік. Жақын болса болсын деп екеуміздей әр адам, үшінші бір ағайын арамыздан қараған. Қос қабырға сықылды суый-суый ақыры: үшінші бір қабырға пайда болды арадан.
Тамырыңның лүпілдеп тұрған жерін тап басып, айтайыншы бір ақыл, жақсын мейлі жақпасын: ғашықтықта, достықта, қастықта да — екеу бол, «тәңірім» сені сақтаса — үшіншіден сақтасын. 1969, 1982 ЖҰЛМАЛАСА БІР СИЫР ГҮЛ-БАҒЫМДЫ МӘУЕЛІ… Жұлмаласа бір сиыр гүл-бағымды мәуелі, бұрмаласа бір қыңыр жырларымның әуенін, саған айтқанша асығам бір жиында мақталсам, бір жиында сыналсам саған айтам әуелі. Сен көрсе деп асығам жан көрмеген қырымды, ақылымды аңғырттау, ойларымды кіл ынжық. Ашылмайтын қоймамды саған ашам, ақтарам өзге түгіл өлеңнен жасыратын мұңымды;
үйі бөлек сен менің екінші бір менімсің, көрмеген жан сен болып не біледі, не білсін. Мен альпинист болғанда, ұмтылатын шыңым — сен, саған қарап түңілем биіктіктен түңілсем. Мынау біздің ғұмырды домбыраға теңедім, сен — астыңғы ішек болсаң, үстіңгі ішек — мен едім. Менде үн бар мұңдылау, сен де тіл бар қырғилы, егіз ішек боп екеуміз шертіп едік бір күйді. Барыс құсап қашатын түгі түстес қамысқа, саған қашам біреумен бет жыртысып қалыссам. Бәрі сонда маңайдың көк теңіз боп сен маған қарыс қара жер болып көрінесің алыста…
БІР ПӘТЕРДЕН БІР ПӘТЕР ІЗДЕП КӨШІП БІЗ БАСТА… Бір пәтерден бір пәтер іздеп көшіп біз баста, екеуміз де сенуші ек шын достықты бұзбасқа; бір пәтерден бір пәтер төменірек боп шығып, бекітетін достықты іреніш пен жоқшылық. Содан кейін: ептеп кітап жинадық терді төгіп, жан салып, жарымыздың жүзіне күлкі үйірілді, қан шауып. Пәтер алдық тұрақты, аяқ-табақ құралды, келіншектер бір-бірін ұқпайтынды шығарды. Содан кейін: тауып жүрдік көз жұмып Жазушылар Одағын, содан кейін не болсын, болды-дағы болары: атақ деген бір күні бомба түсті-түнерді, достық деген қамалды быт-шыт қылып жіберді.
Сол қамалдың-достықтың орынына ақыр біз дипломатия деген күрке салып жатырмыз. КӨРПЕ, ЖАСТЫҚ СУЫРЫП БЕЗЕК ҚАҒЫП… Көрпе, жастық суырып безек қағып, сен сөйлесең сенеді кезек талып. Шайын құйып шамасын қылтылдатып, қазанының астына тезек салып. Кіршіксіз жан сенгіш қой өтірікке, сенеді деп сөйлейсің көпіріп кеп. Өтінеді аңқаулық, адалдықтар: «айналайын, қонып кет, отырып кет!» Ылғи сәби қайтеді қате көріп, қатем жоқ деп қайтасың мәпеленіп. Сәби-жанды аулыңды көрген шақта, «Сақалыңды» сипайсың әке болып. ШАЛ Ұрсысып кемпірімен, салып әнін шал отыр ұстап әзір шаңырағын. Қыз өссе ойлайды кеп, ойлайды кеп, бір ұлы кездессе деп шаруаның.
Ұрсысып кемпірімен тағы да бір, ақ бұлттай сәскедегі аңырады. Ұл өссе ойлайды кеп, ойлайды кеп, бір қызын әперсем деп шаруаның. Ал өзге ой жатады өзі өсіп, үстеп, өмірде: ширатылыс, есілісте. Жүргені ұл тумастан қамшы саптап, келіні түспес бұрын бесік істеп. Біткесін мақалдардың бәрі айтылып, аңырып ақ бұлт құсап қарайтыны: Күткені келе ме деп, келе ме деп, ұстауға шаңырақты жарайтын ұл. Содан соң шаруасын құрт бітіріп, бір сыбап алады да жұртты түріп, ұрсысып кемпірімен тағы да бір, шалыңыз кетеді өліп шырт түкіріп...
1969, 1982 ЖҮРЕ БЕРСЕҢ, ЖҮРЕ БЕРСЕҢ ДАЛАМЕН… Жүре берсең, жүре берсең даламен, алма бақ бар, шақырады ол ынтық қып. Оһ, шіркін-ай, бір сайранды салар ең, күзетшісі болмаса егер мылтықты. Жүре берсең, жүре берсең даламен, ару қыз бар, ынтықтырар ол да аса. Оһ, шіркін-ай, бір жасанып қалар ең, Жөтелі көп қарт шешесі болмаса. 1969, 1982 ЖАСАЛАТЫН ЖАМАНДЫҚТАР КӨП БІЗДЕ… Жасалатын жамандықтар көп бізде, жамандықтан да әрегірек кісіге. Жасалатын жақсылық та көп бізде жақсылықтың керегі жоқ кісіге. Сөкпе мені, артық айтсам, сөкпе, елім, сүйеніш жоқ берері көп кісіге. Айтатұғын ақылым да көп менің, сол ақылдың керегі жоқ кісіге.
1969, 1982 ҚИРАТ, КҮЙРЕТ, БЕЛГІ БЕРДІМ, ҚАС ҚАҚТЫМ… Қират, күйрет, белгі бердім, қас қақтым: ал, көк өзен майданыңды бастат бір. Ыза қылу үшін сені табиғат, қойтастарды жолыңа үйіп тастапты. Ал, өлеңім, өкіріп шық, күйрет бір тосқауылды қоям саған сирек бір. Оп-оңай-ақ озу үшін бәйгеде, есектерді жарысуға үйреттім. Тастарың не: кесек, кесек, кесек құр, қастарың не: бақай қағыс, есеп құр. Ал, көк өзен, өкпелеме қойтасқа, ал, жүйрігім, кінәлама есекті. 1969, 1982 НЕ ЖЕТПЕЙДІ, ЖЕТПЕЙТІН ЗАТ КӨП ДЕЙДІ… Не жетпейді, жетпейтін зат көп дейді, біреуге атақ, біреуге орын жетпейді. Не жетпесе — соны көбейт, уақыт, көбейткеннен сенің түгің кетпейді.
Өссе біреу осы күні қарқындап, қалатындар болмай ма оның артында?! Биіктікке басталса бір талпыну, басталып жүр етектерден тарту да. Көп болсыншы креслолар-пенсионер, содан құны түспейтұғын болса егер. Жағымпазға он бес-жиырма бастық бер, арызқойға отыз-қырық кеңсе бер! КӨЛГІРЛІКТЕР ТУРАЛЫ ТЕК КӨЛ АЙТСЫН… Көлгірліктер туралы тек көл айтсын, Биіктіктер туралы, тау, Сен айтшы. суайттықтар туралы айтса – су айтсын, Қаталдықтар туралы айтса – шың айтсын. Құлан айтсын, айтса қырдың қайғысын, жылан айтсын жымысқылық жәйлі шын. Қыран айтсын аспан жайын, бозторғай, өзің айтшы бұта жайын, байғұсым.
1969, 1982 ҚАСТЫҚ КӨП-АУ ЖАЛҒАНДА… «Қастық» көп-ау жалғанда, жатам күліп, ерлер жәйлі ел айтқан мақалды ұғып. Атын берді, берсе өмір, белеңі бар, досын берді, берсе өмір, қатал қылып. Жеңгесімен көп қыздың амандастым, жаулықтыдан жау шықса — жеңе алмаспын… Мен үйленіп қойғасын, қарашы енді, қыздар жақсы боп кетті маған қас қып. Жастық — асау тай сын-ды бастықпаған, тайды да асау дегізген жастық қана... Өнерімді сыйлайтын бір азамат түсіп қалды орнынан қас қып маған. Тағдыр талай көрсетті қатал қылық,— «қылыштың құрығында батар қыры». Өмір солай деп қойып жатам күліп, қанжарымен қастықтың сақал қырып.
1969, 1982 МЕЗГІЛ ӨЗІ АЛДАСА… Мезгіл өзі алдаса, алданайық, тайсалма. Ұйқы қайда болмаса, болады екен ой сонда. Шылым тарттық сол үшін, ойлау үшін ұдайы. ойлау содан борышым, ой дегенің — уәйім. Заман жақсы, ел өсті, тұрмыс кетті оңдалып. Қайғысыздық емес тек қарынның тоқ болғаны. Сонда да бар жан нелер, сонда да бар бір қайғы: ойланбайтын пенделер ойландырмай тұрмайды. Уәйім бар, шыдайын, уәйімнің көп түрі. Ең мықты бір уәйім — уәйімнің жоқтығы... 1969, 1982 ҚАЙДА КЕТТІҢ, ҚАЙДАН ІЗДЕП ТАБАЙЫН… Қайда кеттің, қайдан іздеп табайын, қайда кеттің, алыс қиял, пәк үміт. Жан түрлі ғой: кейде отырам ағайын, алданудың өзін-дағы сағынып.
Алданыштар, қайда кеттің, қайда ығып, ақша бұлттар көтерілші, көтеріл. Көп досыма кездесуден қаймығып, мен де сенше алыс тартып кетемін. Ақ бұлттарды сағынбай ма оңды адам, бас изейді анау аппақ сыңар шың. ...Өкпелейсің, өкпелейсің сен маған, өкпелесең сенетұғын шығарсың?! ӘЛІ БІРАЗ ЖҰМЫС ЕТ, ӘЛІ БІРАЗ ҚАТЕЛЕС… Әлі біраз жұмыс ет, әлі біраз қателес, өз дұшпаның өзің бол, өз ойыңмен жат, егес. Алтын балық емес қой даңқ деген ау салар, не ұстап ап өрістен жайдақ мінер ат емес.
Әйтеуір бір білерім: машақат тап, машық тап,— бұдан әрі сұрама, желкемді көп қасытпа. Кен болса ол — кен шығар алынатын мысқалдап, Көл болса ол — көл шығар жиналатын қасықтап. Әлі біраз жұмыс ет, көсіле біл, күйе біл, тапсырамын өзіңе мына сені ие ғып. Даңққа сен асықпа, төбе ғой ол, қарттықта қайғырып бір шығатын таяғыңа сүйеніп. АТАҚ ДЕГЕН НЕМЕНЕ… Атақ деген немене? Ақ жорға ма деп қалам, әр тақымда бір шауып, бір қазыққа тоқтаған. Мен де мінем демеші, дұрыс болса топшылау: кісі мінер онда енді бүтін арқа жоқ шығар.
Байлық деген немене? сараңдық па деп қалам, жайған қолға тоқтамай, жұмған қолға тоқтаған. Мен де болам демеші, екі көздің құны не: екі көзің бітсе егер жан қалтаңның түбіне. Бақыт деген немене? сұлу қыз ба деп қалам, әр жігітпен бір билеп, бір жігітке тоқтаған. Менімен де бір билеп кетпеді деп күймеңіз: шақырушы көбейсе шықпайды ғой биге қыз.
АҚЫНДЫҚТЫ ҚАЙТСЕМ ЕКЕН МЫНА САҒАН БІТПЕГЕН… Ақындықты қайтсем екен мына саған бітпеген, батылдықты қайтсем екен мына маған бітпеген. Майлап алып жағар ма еді қайғы-мұңды сендегі, байлап алып сабар ма еді қаймығуды мендегі. Сұлулығың жесір ғой ол, ақылдыға бітпеген, ұлылығың, кесір ғой ол, адал жанға бітпеген, Қыңырлықпен бөліп бәрін әділетсіз табиғат, соған қарап таңдануды екеумізге жүктеген. СҰЛУ ҚЫЗДЫ СҮЙГЕН КЕЗДЕ ҚҰШЫП ҚАЛ… Сұлу қызды сүйген кезде құшып қал, сұлу гүлді тиген кезде құшып қал. Қонақтарым күткен кезде келіп қал, жомарттарым, сұрағанда беріп қал.
Сұлу қызың бір жылар да жат болар, Сұлу гүлің бір қурар да шөп болар Тым кешігіп келген қонақ аш қалған... бар қасірет кешігуден басталған. 1969, 1982 МІНЕ, БІР ҮЙ ТҮСЕ БЕР… Міне, бір үй түсе бер, келген жоқсың молаға. Жолда жүрген кісі егер үй таңдаса оңа ма. Сықырлауық қақпа бар, кір тезірек, бәрі үйде. Бала деген қаптаған шығады өріп, әрине. Қарап саған сүзе бір, дауаламай жүрегі, аздан кейін тізеңе қонар келіп біреуі. Ал, кәрілеу шешесі бәрін қуып дүр сілкіп, қымыз құяр, кесесін бармағымен бір сүртіп. Келгенінше шамаға, Көрінбе ірі, байқа әлі. Жүргеніңді қаладан калпағың-ақ айтады.
Дастарқан мол онсыз да, қайсібірін асарсың: түнде жортқан жолсызда жолаушыдай сасарсың. Домбыра тұр тұсында, бұрауын көр көтеріп. Жөн сұраса қысылма, қонақпын де — жетеді. Ал, кетерде... сезімге ауыр тиер — қиын бұл, үмытпассың өзің де бір баласын сүюді. 1969, 1982 СОНДА БІЗДІҢ АУЫЛҒА… Сонда біздің ауылға жақын еді-ау көлшік бір. Сен шықтың су алуға, ат суғара мен шықтым. Құстар ұшты дүрлігіп, суық тамшы бүркіп бір. Шелегіңнің сылдыры Бозжорғаны үркітті. Сол бір көл сүт секілді көрініп ед,— аңсау ма: ақшылдығы бетіннің көлге ұқсады дәл сонда. Көл секілді сырымды біл дей алмай сен тұрдың. Бұлт секілді бұлыңғыр үндей алмай мен тұрдым.
Ұяң едің сен де тым, айта алмадым мен де түк. Шымыр етті көл беті Шөкім бұлтты тербетіп. «Би алаңы» қазақтың көл жағасы деп алып, сен жетектеп боз атты, суды қайттым мен алып. АҚ ЖАУЛЫҒЫ СЕКІЛДЕНІП ҚАРЛЫ ШЫҢ… Ақ жаулығы секілденіп қарлы шың, жүн түтетін мұнар құсап қалғысып, бармысың сен, айналайын ақ шеше, опырық тіс тентек әже, бармысың. Жасағанға арнап жарты қарғысын, Қайнайтұғын күйік қысып, зар қысып, бармысың сен, шынашақтай кәрі әже. Қутыңдаған қызыл әже, бармысың. Әскер-ұлға арнап бүкіл алғысын, мұң шертетін ошақ қазып, қан құсып, бармысың сен, арық шеше жылауық, жіп иіргіш жадау әже, бармысың.
Жаңа қонған жапалақтай жарға ұшып, жасыратын «жоқ» пен жауып «барды» шын, бармысың сен, сараң шеше құдайдай, май былғағыш момын әже, бармысың. Бармысындар айналайын шешелер, өрмегіңді көп үзіп ем, кеше гөр... Арашашы болыңдаршы өздерің, аулын жігіт ұмытыпты десе егер. 1969, 1982 ӘЖЕ Қарынға сап сары май сақтайсың ғой маған деп, отырсың ғой күнде сен балам келіп қалар деп. Машинаға көрінген кеп қалды деп жүгіріп, көрінгенге үзіліп: балам, балам, балам деп. «Қырық бір тас» дорбада күнде шешіп, күнде ашып,, отырсың ба ойдағы «әулиеңмен» ымдасып? Сүт бетінде қаймақты көрген сайын мені ойлап,... қырқып алып шетінен шәйға салып бір қасық.
Сол баяғы күтумен, сол баяғы жер үймен, қажыды ма қолдарың ақ шашыңды өруден. Қажыды ма көңілің түс көрумен түнімен, ертесіне сол түсті жақсылыққа жорумен. Ал, өзім ше? Көрінген қарасынға тартамын, сенімі бар көңілде күдік, үрей бар тағы. бір жымиған жігітті жылынамын дос етіп, бір шәй берген кемпірді алданамын шеше етіп. Тірлік солай болып тұр, жағдай солай, қайтейін, күту, күту ғұмыр бір, күту екен әйтеуір. Бір мұңайып алам да хат жазамын мен саған,
ІІ Қалың елді қақ жарып, «беделімді өсіріп», бардым талай, қарт ана, қайтайын деп көшіріп, ермей қалдың сен маған, көнбей қалдың — қинадың, жалғыз ұлды қидың да, жалғыз қырды қимадың. Мен жіберген аз пұлды таңдайыңа түйір ғып, көсеге ғып отырсың жалғыз қара сиырды. Астананың самала-шамдарына, баяғы шым-үйіңнің түтінін ауыстыруға аядың. Жаулығыңның бір ұшын иығыңа асып ап, үш шығасың күніне Қызылоба басына, асықпадың бірақ та біздің төрге, қарт ана, бір-ақ рет шығуға шөбереңді арқалап. Сен отырсың баяғы бөстегінде ешкінің, мен отырам кафеде шампан ұрттап кешқұрым. Сен, саласың сақсиян-құраныңды оқып ән, ал, мен қайбір жиында президиумға отырам. Шеген үйді сен тұрған ойлай-ойлай ми алаң, сонда өзімнің паркетті пәтерімнен ұялам. Төрді сайлап едім мен, неменесін іркемін, отыратын өзің жоқ — үңірейіп тұр төрім.
Әй, қартым-ай, қартым-ай, туған жер деп... кетпедің, туған жерді сен титтей Қызылоба деп пе едің.. 1969, 1982 БӨЗ ӨТЕДІ ДЕСЕДІ МАТАЛАРДЫҢ АТЫМЕН… Бөз өтеді деседі маталардың атымен, сөз өтеді деседі аталардың атымен. Таудың атын қойып ап титтей төбе-үрпекке, түйе қылып түймесін өткізіп жүр жұрт ептеп. Өткізіп жүр көп істі жұмыс қып көп сатымен, өткізіп жүр соғысты тыныштықтың атымен: көгершіннің қанатын желпуіш қып жау мына жанап-жанап кетіп жүр сенің туған аулыңа. Қой терісін жамылған жамандайды ел қасқырды, қыз шәлісін жамылып талай дұшпан басқа ұрды. Адастырып ақылды қинайды екен адамды, жақсылықтың атымен өтіп барлық жамандық.
Бүйте берсе бүгінде матаға да сенбессің, бүйте берсе түбінде атаға да сенбессің, Не жақсылық дейсің бұл, көңіліңе жара сап, жақсылықтың өзіне күмәндана қарасақ. 1969, 1982 АҚЫЛДЫНЫ КӨРСЕҢ СЕН — БІР СӨЗІНЕ ЖАРАП ҚАЛ… Ақылдыны көрсең сен — бір сөзіне жарап қал, енді қайтып сен оны көресің бе, қарап қал. Ақымақты көрсең сен — күліп опа таппайсың, үйткені оны «құдай» да күліп тұрып жаратқан. Қайғылыны көргенде көз жасыңды сүртіп өт, күңгірт тартқан көңілі бір сүйеніш тұр тілеп. Айналаға көрінбеу үшін ерсі-түрпі боп, бақыттыны көргенде күліп бұрыл, күркіреп асып-тасқан көңілі бір қошамет тұр тілеп. 1969, 1982
МЫНА ҚОНАҚ МЕНІ ӨЛТІРМЕЙ ЖЕРЛЕП ТҰР… Мына қонақ мені өлтірмей жерлеп тұр, ептеп ішті: ағыл-тегіл тер кетті. Мен отырмын — мылжыңымен қонақтың домбыраның екі ішегін ермек қып. Оңаша бір кешім еді жыр жазаар, қашан ғана бітер екен бұл «базар»! Мен отырмын азар шыдап, қарашы: құлап түскен бокалымда сынды азар. Қайдан келді, неткен бәле бұл өзі? шылым түтіні сақина емес, білезік. Бұрыш сеуіп кетті біреу миыма, көмейіме құйды біреу күл езіп. О, жалғыздық! Жаман деген кім сені, дәл сол адам біздің үйде тұрса еді; Мына мылжың келер еді-ау оған да, о, жалғыздық, жаман деген кім сені...
Тыңдаушы еді тойып алған ер нені, мен болдым-ау езіп жейтін ермегі. Шын беремесе дым бермейтін «құдайым» жалғыздықтың өзін түгел бермеді, ...жартылықтың өзін бүтін бермеді. 1969, 1982 АСЫЛЫ БАР МЕНДЕ ОЙДЫҢ… Асылы бар менде ойдың, не деп айтам, кім деймін: ән етуге келмейді, күй шығара білмеймін. Қыңыры бар менде ойдың қалай айтам? Күл мейлің: сыр етуге келмейді, сурет сала білмеймін. Қалай айтам, айтам ба, ойым ауыр бейне өлім. Кей жолдарым қайқандап, мертігіп тұр кей жолым. Айтсам ой көп масқара, көбігі жоқ, ақ қағаздан басқаға көбі — шын... тіл қатпадым сол үшін. 1969, 1982
ЖАСЫРМАЙТЫН СӨЗІМ БҰЛ… Жасырмайтын сөзім бұл, айтпасам да мақтана: бір мінімді өзімнің қазып аппын шахтадан. Ырқына еріп сезімнің арман ойлап, қауып қып, бір мінімді өзімнің домбырадан тауыппын. Адал шыным — анық бұл, күңгірт шықты дегенмен, қоймай жазып, алыппын бір мінімді өлеңнен. Ой — кенім боп, ой — ән боп, ойдан бәрі бас апты. бір мінімді жоям деп, екіншісін жасаппын. Мінім көп-ау, байқайым, сіңіп қапты бояуы, қайсыбірін айтайын, қайсыбірін жояйын... ІСІ ӨНБЕСЕ ТҮРТІНІП… Ісі өнбесе түртініп, өндіртем деп жұрт әуре,— дәукестерден бір күні кұтыларсың сылтаумен. Төгіп сөздің түр-түрін жөнелетін былғалай, көк мылжыңнан бір күні
құтыларсың тыңдамай. Көріп жүрміз қыз атын жүрсе біреу бұлдамай, ондай қызды ұзатып құтылады, бұл да оңай. Керегі не ренжіп, тапты да заң үкімді, жаман әйелінен жұрт әлиментпен құтылды. Жаман болсаң — аз өкпе, өкпе артасың қас қылып жаман жырдан газетке құтыламыз бастырып. Сыншы деген бауырға ұнап жүрміз, шүкірлік. Ал, оқушы дауынан жақсы жазып құтылдық. Бәрін қиын сезінбе, түк емес бәрі, расында: көлеңкеңнен-өзіңнен құтылудың қасында. 1969, 1982 КҮДІКТЕНДІМ БҰРЛЫҒЫП… Күдіктендім бұрлығып, газеттерге бекерге шықпай қалса бір жырым, жаман жаздым ба екен деп.
Мұны да енді жыр деші: күдіктендім, бекерге суып кетсе бір досым, ренжіттім бе екен деп... 1969, 1982 ҚАЙТАЛАП ЖАЗ, ҚАЙТА ТУ… Қайталап жаз, қайта ту, туған болсаң асығып, бір сөзім бар айтатын сыншылардан жасырып. Еккен болсаң тегінде жыр егінді жаңадан, сабақ керек егінге, керегірек дән одан. Шабыты бар дегенге сөзден сөзді асырып, төгілем деп өлеңде қалып жүрсің шашылып. Бақбақ сын-ды келеді аз қуаныш, аз қайғы: жел үп етсе өлеңің ұшып кете жаздайды. Ұқпайсың-ау, келесі жолды жазсам жазғырып: ақын еткен сені осы ұятыңның аздығы. Жалтыр сөзге талпынба, ой мен шындық одағы, Бір көргенге алтыннан жез жалтырлау болады.
Сөздерімді семіз ғып қойсам дейсің, сенер жұрт. Толқытатын теңізді дауыл да емес тереңдік. Буырқану — не теңің, асып-тасып, иланшы: тасып қайда кетеді тас табаққа құйған су?! 1969, 1982 ҚАРА ЖІПТЕР ТҰЗАҚ БОЛСАМ ЕКЕН ДЕП… Қара жіптер тұзақ болсам екен деп, қара жолдар ұзақ болсам екен деп, тыртыспаған сияқты. Асқар таулар биік болсам екен деп, айдын көлдер тұйық болсам екен деп, қырқыспаған сияқты. ...Біз де, достым, білсек еді ұятты. МЕН ҮЙРЕНДІМ КҮЙІНУДІ КҮЙРЕП БІР… Мен үйрендім күйінуді күйреп бір, тағдыр маған жастан дауды үйретті. Тамсандым мен дәмін татып бейнеттің: тағдыр маған мастанбауды үйретті.
Мен үйрендім өзімді-өзім сүйреп бір, әр асулар — жалтаңдауды үйретті. Менің ізім сызық болды ирек сір: адасулар — жол таңдауды үйретті. Қыз-бозбала қызығынан әлі де, бос қалмауды үйретіп жүр өлеңім. сене-сене, сене-сене бәріне дос таңдауды үйренбей-ақ келемін. МАҚТАЙМЫЗ КЕП ӨЛГЕНДІ… Мақтаймыз кеп өлгенді, мақтаймыз-ау төкпелеп, Мақтаймыз кеп жазғанын тірісінде өтпеген. Жорғалаймыз алдында табытының, сол өлік тұрып кетер секілді некрологқа өкпелеп. Мені бүгін бір досым мақтап жазды, секірді жолдан-жолға сұлу сөз, бәле ғой бұл, не тірлік шошып кеттім: «мен осы өлгенім жоқ па екен» деп, өйткені кей мақтаулар некролог секілді.
1969, 1982 БҮЛДІРСЕҢ ҮЙ ЖЕТЕДІ, БҮЛДІР ДЕДІМ… Бүлдірсең үй жетеді, бүлдір дедім, сындырсаң, үйретемін, сындыр дедім. Жасаған саған, балам, қиянатым: тікенге табаныңды тілдірмедім. Мына қол күрек ұстап, күй білгелі, ешкімге шерткізбедім, тидірмедім. Жасаған саған, балам, қиянатым: өкшеңді ыстық құмға күйдірмедім. Өркеші қара шыңдай қатты, айыр тік, түйеден үйретпедім атты айыртып. Мен саған үйретпедім, кешір, ұлым, кешқұрым қозы алдырып, лақ қайыртып. Іргені көрсетпедім түннен түрген — күдіктен, кірлен, көңіл, кірлен, кірлен: білмеймін қалай адам боларыңды шыр етіп шыбық жемей бір кемпірден.
1969, 1982 АДАСА БЕР, ШОҚ ЖҰЛДЫЗ, АДАСА БЕР… Адаса бер, шоқ жұлдыз, адаса бер, адаса бер, ақ жұлдыз, адаса бер, Қой санаған қойшыдай астроном сені бір күн табады, адаса бер. Жоқ асылдар, тып-тыныш жата берші, қорғасындар, тып-тыныш жата берші, Қара жердің калтасын тінтіп бір күн Кенші тауып алғанша, жата берші. Белгісіз ой, жүректе жүре тұршы, бедерлі өлең, қойнымда жүре тұршы, Менің-дағы шаңымды қағып мезгіл, іздеп тауып алғанша бір оқушы. 1969, 1982 ЖЫРЫМ ЖОҚ, СЕН АЙТҚАНДАЙ, МИ ҚАТЫРАР… Жырым жоқ, сен айтқандай, ми қатырар, табиғат жыр сый етсе – сыйға тұрам. Кей мезгіл жүнжіп кетсем езді көріп, бір қарап қайраттыға ширатылам.
Қөңлімде көрікті үннің «зираты» бар, Шерткізсең домбыра әкеп күй – қатырам. Мен тұрсам шындық болып сөзге тұрам, мен тұрсам пікір болып миға тұрам. Ән-жырдың қоймасы едім игі аты бар, ой-дәрі, ұшқын-ыза тиді – атылар. Қамал ем, жеңер болсаң – қайратпен жең, қамал ем, алар болсаң – қиратып ал! 1969, 1982 ТҮНІМЕН ЖЫР ЖАЗҒАНДА ШАРШАП, ТАЛЫП… Түнімен жыр жазғанда шаршап, талып, ойларың жүгіреді әр саққа анық, Бір ойың жетелейді Ғамзатовқа, бір ойын, жөнеледі Маршакқа алып. Бір ойың Абай, Тоқай, Мақтымқұлы, бір ойың Есенинге қапты ұмтылып. Бәрінен бата тілеп отырғанда лай ғып өз жырымды аппын тұнық.
Ойлардың бақыт деп ек тереңдігін, саяздап кетті бірақ өлеңде ұғым. Тұндырып лайларды мөлдіретіп, тереңнің түбін іздеп келем бүгін. 1969, 1982 ІСТЕЙ АЛМАЙ ҚОЙДЫМ-АУ ЖҰМЫС МҮЛДЕ… Істей алмай қойдым-ау жұмыс мүлде, әр сөзді аңдып отырмын қыл үстінде. Ұшып-ұшып түседі парақтарым, жымысқы жел жүгіріп тыныш түнде. Түндер жүзіп барады түн үстінде, өнбей қойды, өнбеді жұмыс мүлде. Мен – зергермін асылды құмнан соғар, керегі жоқ алтынның, күмістің де. Күңкіл ақыл, кер сөзді аз ұқпаппын, ақымақтан да ақыл ап – азып қаппын. Енді ойландым: көп топтан көшіп шығып, көз көрмеген бір сайға қазық қақтым.
Көшіп кеткен жазудай тақтайдағы, көшіп кеткен жұртын жұрт мақтай ма әлі?. Бір сұлумен бейтаныс білісіп қап, бейтаныс бір белдеуге ат байладым... 1969, 1982 ЖӘЙ АҚЫН ЖАҚСЫ АҚЫНМЕН АРАЛАСЫП… Жәй ақын жақсы ақынмен араласып, біреулер қатарыңнан барады асып. Сыншылар сынағанмен, сен де кейде жа-жақсы жазатынсың «қара басып». Теңеулер, образдар араласып, келіп ең сен де өнерге дара басып. өлеңде шешіп едің бәтіңкеңді – құтылып кетті біреу ала қашып. Сыртыңнан, бүйір тұстан әлі аңдыған біреулер жүр, әнеки, қараң-құраң. Андатр бөркің бар-ды жырда сенің, – қашып кетті біреу ап қараңғыда.
1969, 1982 БІРІ СӨЗІН, БІРІ ӨЗІН БЕРІЛЕ ӨҢДЕП… Бірі сөзін, бірі өзін беріле өңдеп, беттен ажар, өлеңнен жол үнемдеп, ақындар мен арулар жүріп жатыр, бірі – шебер, бірі – әсем көрінем деп. Толып кетті дей көрме ақтабан-жыр, солып кетті дей көрме мақтаған гүл. Екеуі де қызыққыш, қызылға үйір, екеуі де сүйеді мақтағанды. Беттен ажар, өлеңнен нәр таймасын десең егер, үйретем жарты айласын: екеуін де мақтай бер десең егер ақын өссін, арулар қартаймасын.
1969, 1982 МЕНІҢ АРМАНЫМ
Күз күндері, не суық қыс күндері, істеп жүргенде әйтеуір іс мүдделі, ажал шіркін аяңдап жетсе-ау маған, кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп. Сыншылардың ұрсуын, тамсануын, алдан күтіп қалса-ау бір қанша жырым, бір жинағым басылып үлгіре алмай, машинкаға берілмей қалса бірі. Не бір түнде құйылып, қара кәріп, көп ұйқас отырғанда қамап еріп, кетсем өліп нүктеге жете беріп, жан таппаған бір теңеу таба беріп. Өліп кетсем қағаздан жалыққанша, өлтірмеймін дегенмен шабыт қанша, Сия қалса сауытта, толып қалса, шамым қалса бас жақта, жанып қалса.
Не ащы айтып біреуді тызылдатып, не біреулер өзімді қызулатып, не ұзақ жол үстінде өліп кетсем, не бір нашар жолымды сызып жатып. Әдетте бір ызғарлы қыс күндері, істеледі қызумен іс мүдделі, сондай шақта ажалым жетсе-ау менің, кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп. САҒАН АЙТПАЙ КІМГЕ АЙТАМЫН МҰҢЫМДЫ… Саған айтпай кімге айтамын мұңымды, мұң дегенің бұлт секілді бұлыңғыр: ай сықылды бір ақиқат, бір шындық батып кетіп, батып кетіп, шығып жүр. Айтатыным ақыл боп жүр үйткені, тыңдаған жан мақұл деп жүр үйткені: өз есігім қысты талай қолымды, аз ауламда қапты талай ит мені.
Қызық-қызық сөйлейді адам, күйінбе, бұзып-бұзып сөйлейді адам, күйінбе. Безе алмадым тілі тиді деп құрбымнаң ит қапты деп безе алмадым үйімнен. Өмірімді өтер күнмен күйттедім, көңілімді көтерумен күйттедім. Мен үшін сен кішкенесің, ел үшін мен сенен кішкенемін өйткені... КӨП ЕМЕС-АУ САҒАН АРТАР МІНДЕТІМ… Көп емес-ау саған артар міндетім, ең оңайы: өзіңе-өзің жүр жетіп. Бір өлеңін жатқа оқысаң Абайдың, сол болады еліңе еткен құрметің. Көп емес-ау саған артар міндетім, ең қиыны: өз халқыңды біт жетік. Жақсы білсең Құрекеңнің бір күйін ол да сенің еліңе еткен құрметің.
Өз мініңді тексере алсаң қолға алып, сол болады халқың жәйлі толғану. Ақырында... Жазғандарын әкеңнің өз тілінде оқи алсаң болғаны.
СЕН ТУҒАНДА КӨКТЕМ ЕДІМ, КӨРІКТІ ЕМ… Сен туғанда көктем едім, көрікті ем, енді мені ұрады жұрт бөрікпен. Бір сүйініш келді-ау, деп ем – келді шын, сонда мені сүйіндірген сенбісің? Бір күйініш келді-ау деп ем – келді шын, сонда мені күйдірген де сенбісің?! сенсің, ұлым! Айдарымнан жел ескен, жел ескені: ұлым бар деп емес пе, ал, қалғанын шарап жуды – жоқ есте. Алайықшы, нені айтсақ та, сенісіп, – бәрі, бәрі тек сен үшін, сен үшін. Тәңіріден тәуір жан боп келіп ем, нашар болып аттанам ба тегі мен?! Ертең өзің де ойлайсың ғой, ал, әзірше ақыл тыңдап көкжиегің кеңісін: әзірше мен ойланайын сен үшін...
1969, 1982 ТӨСЕГІМДЕ ТҮНІ БОЙЫ ӨРТЕНСЕМ… Төсегімде түні бойы өртенсем, қайғым жалғыз: кім боласың ертең сен. Көп жасасам күйігіңді көрем бе, арманда кетер ме екем ерте өлсем, кім боласың, кім боласың ертең сен?! Тебірен тау, толған теңіз, жер, теңсел, – суымадым түні бойы өртенсем. Бүгін менің алақанымда отырсың, қайда ғана отырасың ертең сен, кім боласың, кім боласың ертең сен?! Ұл дегенде ұртым толды, жарығым, кішірейме, зор үміт пен зор ұғым! Кім боласың, кім боласың ертең сен, кабак па, әлде президиум ба орының, – кішірейме, зор үміт пен зор ұғым!
Сенейінші, желкесінен бір достың қараңғыда пышақ ұрып жүрмессің? – Сенің үшін түндер өттім, жыр кештім, аталастым, ажырастым, бірлестім, ағайыннан араша іздеп жүрмессің?! Тебірен, тау, толған, теңіз, жел, теңсел! Біле алмадым, сөне алмадым өртенсем. Күйігіңді тартар ма екем көп жасап, арманда боп өтер ме екем ерте өлсем, кім боласың ертең сен?! 1969, 1982 ҚҰЛАҚ САЛШЫ: ЕТІКШІ БОЛ, БОЛ БАСҚА… Құлақ салшы: етікші бол, бол басқа, қолың созба болмасқа. Ыңғайыңа көнетін іс – сенікі, Келетін іс сенікі оң жанбасқа.
Жиһангер бол, жауынгер бол, бол басқа, сенің жаның қымбат емес жолдастан. Бір арамза сүйеп қалған басыңды, бір адал жан қырқып алса болмас па. Әкім болсаң – әділ жол бар, ал баста, әкім болсаң – желкеңде тұр алдаспан… Салу керек етікшіге ескерткіш, жер үстінде жаман әкім болмасқа. СЕНІ БОСҚА АТАЙМЫН-АУ ЕР ДЕП МЕН… Сені босқа атаймын-ау ер деп мен, жоқ нәрседен шатақ шықты шырағым. Шешең қолын құтқарғанмен жөргектен, азан-шудан құтқармадың құлағын. Қулау бастық құтылатын өсіріп адамынан ақыл-үгіт қонбайтын: біз де сені жігіт қып тез өсіріп, «құтылмасақ» болмай тұр.
БАРЛЫҚ ЖЕРДІ ҮЛГЕРЕР ЕМ ЖАСЫЛ ҒЫП… Барлық жерді үлгерер ем жасыл ғып, саған да бір жұмыс тұрсын демесем. Табар едім жердегі бар асылды, саған да бір жұмыс тұрсын демесем. Арамдыққа қарар едім көндігіп, ұлым менің адал болсын демесем. Тауысар ем мына нанды мен бүгін, қақ жартысы саған қалсын демесем. САҒАН АРНАП ӨРІЛГЕН СОЛ ҚАМШЫНЫ… Саған арнап өрілген сол қамшыны бермей кетті ат мінген бір ер шіркін. Саған деген Сақа бар-ды, дәл шыным: баласы алып жойып кетті көршімнің. Жоғалды көп ықыласы құрбының, оны өзімнің аңқаулығым жоғалтты. Жоғалды енді саған жазбақ бір жырым, оны өзімнің жалқаулығым жоғалтты.
Саған... саған деген ыстық сезімді Ақыл! Ақыл! деген бір шал тоқтатты. Саған... саған айтам деген сөзімді Сабыр! Сабыр! деген бір шал тоқтатты... БӨРТЕ ҚАЙЫҢ, КӨРСЕМ ДЕЙМІН МЕН СЕНІ… Бөрте қайың, көрсем деймін мен сені, бүршік жарған кездеріңде теңселіп. Балғын сұлу көрсем деймін мен сені, ғашық болған кездеріңде теңселіп. Аспан сені, көрсем деймін ылғи да түс кезінде, күн төбеден нұр құйған. Өз орныңнан көрсем сені, стөлім, өз ұяңнан көрсем деймін, құс, сені!..
ОҢ ЖАҒЫҢДА ІЛУЛІ ТҰРҒАН ЖЕРДІҢ КАРТАСЫ… Оң жағыңда ілулі тұрған жердің картасы, өзендері тентектеу – кететіні бар тасып. Сол жағыңда іліулі Лениннің бейнесі, – сенің тілің шықты осы суретпен «сөйлесіп». Оң жағыңда ілулі туған жердің картасы, самал сипап жатады көгалының арқасын. Сол жағыңда Ильичтің суреті тұр ілулі, – содан үйрендің-ау сен сүйкімді боп күлуді. Оң жағыңда ілулі Отаныңның картасы, жұдырығын жауларға түйіп жатыр әр тасы. Сол жағыңда ұлы адам рамкада бояулы, – мейірімнің шуағы жүзінде әлі ояу жүр.
Адам болсақ біз осы – мейірімнің арқасы, ақын болсақ біз осы – туған жердің арқасы. Лениннің бейнесін көшір ұлым, көзіңе, жақсы білгің келсе егер Отаныңның картасын. ДОМБЫРАНЫҢ ІШЕГІ МЕН ПЕРНЕСІ… Домбыраның ішегі мен пернесі, мақал менен өлеңді бабаң еккен жерге осы. Суырып сап солардың айтқан сөзін табанда Ұялып қап жүрмін мен он күн ойлап таба алмай. Қелген жауды алыстан өзін-өзі зор тұтып, шұбыртып-ақ қайтарған шоқпарымен қорқытып. Бабаң байтақ даланы сойылмен-ақ қорғаған, қорғай алмай жүрме сен зеңбірекпен, бомбамен Домбыраның ішегі мен пернесі. 1969, 1982
ДОП
Ақтарылып алайын, ақтарылып, қиял деген бір жүйрік атқа мініп. Оқып жатқан әзірге сен емессің, сен емессің бәрібір жатқан ұғып. Ақтарылып алайын, ақтарылып, сен жоқсың ғой бәрібір жатқан ұғып. Жырдың добын тебейін зырқыратып, оқушының көңілін қақпа қылып. Қатал уақыт-таразы, төтелетіп сол добымды тебемін көтере тік: бәлкім біреу байқамай ұғып қалар, бәлкім бір доп аңдаусыз кетер өтіп?! 1969, 1982 ЖЫР ЕСТІ ЕКПІНІ БОП ТАУ-САМАЛДЫҢ… Жыр есті екпіні боп тау-самалдың, ал, тыңда жырға шын-ақ ауса жан бір. Бітесің сен өкпелеп қай мініме, мен жөндеп қай мінімді тауса алармын.
Көңілің болса сенің аңсаған жыр, жыр жазып берейінші мен саған бір. Сен оқып үлгіресің қай өлеңді, мен жазып қай сырымды тауса алармын. Сонда да оқисың сен қажып-талып, сонда да жазамын мен шабыт жағып. Жалғыз сен тауысардай бәрін оқып, жалғыз мен үлгірердей жазып бәрін. 1969, 1982 ТАСТАР ЕҢ БӘРІН... Тастар ең бәрін, тепкілеп көмер ең жырды, таба ғып: «көрдің бе, қойып кетті» деп біреулер сөйлеп қалады. Етесің еңбек безілдеп, жазып та жазып жаңа жыр өзің бір біткен кезіңде, кітабың бітпей қалады. Жүресің солай, көнген боп жетегіне бір үміт. Өлеңіңе қарап «өлгенмен», өміріңе қарап тіріліп. 1969, 1982
ҚАНША МАҚТА ТЕҢІЗДІ — ТОЛҚЫМАСА АМАЛ НЕ… Қанша мақта теңізді — толқымаса амал не, қанша мақта сөзіңді — балқымаса амал не, ауға түскен ақсазан — бұлқымаса амал не. Думан, думан дегенің — ас боп шықса амал не, досым, досым дегенің — қас боп шықса амал не, асыл, асыл дегенің— тас боп шықса амал не. Бәріне де көнесің, амалың не, жақсылар, көнсең мұның бәріне — көнбейтінің жоқ шығар?! ҰЙҚТАҒАНДА СЕН ТЫНЫШ… Ұйқтағанда сен тыныш шыбын деген бәле бір: алақаным желпуіш болып алды әдемі. Қауіптенем бір түрлі, қауіптенем, әйтеуір: Мен қорғаған ұйқыңды бомба бұзса қайтемін!
Дірілдейді ет жүрек, дірілдейді, әйтеуір: шыбын қонбаған бетіңе оқ қадалса қайтемін. КЕН ҚҰСАП АЛЫНҒАН… Кен құсап алынған тереңге бұрғы сап, тебіреніп жазылған бір шумақ жыр құсап. Келдің сен, жоқ менде айтар сөз түрленіп, тандайым кепкенде бір жұтым су болып. Келдің сен... күткен көп жыр томым боп келдің: бүгінім біткенде, ертеңім боп келдің. 1969, 1982 МЕНДЕ БАР БІР АУРУ… Менде бар бір ауру, қайтесің, сұрама. Дәрісі тұмаудың ем болмай тұр оған. Бір жарам бар әлі, жара ма? Сұрама. Дәрісі жараның ем болмай жүр оған. Жылы сөз асырап жүр мені, сонан ба – жасыра-жасыра ұлғайды жарам да.
Ауырдым тегі мен, бәр-бәрін сезем деп, жазбаса сені мен мезгілдің өзі емдеп. 1969, 1982 ОЙ НЕТКЕН КӨП ЕДІ… Ой неткен көп еді, ой мен ой белдесіп, ой айтам дегелі маза жоқ менде осы. Босаға бөстегің меншік қып көп-көрім бір күшік өскелі балағым жоқ менің. Тұрмысты, тірлікті, аз өтіп, көп білген, шыққалы бір мықты, мықты боп кеттім мен. Ешкімді жеңбедім, жықпадым белдесіп: ұлым, сен келгелі бір ұл бар менде осы... ҚАҢҚУ СӨЗ ҒОЙ ДЕСЕҢ ДЕ… Қаңқу сөз ғой десең де, қиын содан арылу: жаман болсаң, шешеңді тілдейді жұрт, жарығым. Қылмыс көрер қатеңді, қате етпесең – және ойла: жаман болсаң, әкеңді тілдейді жұрт, абайла.
Абайлай гөр, Тегінде ұқсаған жөн мықты ұлға. жақсы болсаң, еліңді мақтайды жұрт, ұқтың ба? Жүрегімді жейді үрей қанын ішіп оймақтап. Әке-шешең – мейлі ғой... ел намысын ойлап бақ. 1969, 1982 БҰТАҒЫН СЕРПІП ҚАЙЫҢНЫҢ… Бұтағын серпіп қайыңның құлағанын көрмесең деймін, Ұлын ана уәйім ғып жылағанын көрмесең деймін. Моласыз мүрде – ауыр бұл,– жүзін көрмесең деймін. Жеріңнен қас жауыңның ізін көрмесең деймін. АНАУ КЕЗДЕ ТҮС БОЛЫП… Анау кезде түс болып, маған енген нан саған енбесе екен, іштегі бір тілегім аңсаған. Найза, қылыш түске еніп, кектен жүдеп, қаусаған, Шаппаса екен тістеніп бізге шапқан жау саған.
Күдік ойлап бостан-бос, дұшпанына теліп бір, менен безіп кеткен дос сені тапса – болыпты. Даңғаза боп басым құр, ойдан өтіп ең қауып, мен іздеген асылды алсаң екен сен тауып. Жыр айтып бір сарынды, арасында жөргектің қартайса екен жарым да сенің ұлыңды ермек қып. ТЫНЫШТЫҚ ДЕП ҚҰР ЖАТПА… Тыныштық деп құр жатпа, әлі соғыс секілді. Мылтық даусы бір жақта алыс-алыс секілді. Ішіне ыза от түсіп, ұмтылып алған секілді, бір жауыздық оққа ұшып, мылтығы қалған секілді. Бір жауыздың иті де құтырып алған секілді. Өшкенімен Гитлер, түтіні қалған секілді. Сен жыласаң нан ұстап, асылық мүлдем секілді: бір құрдасың алыста ашығып жүрген секілді.
1969, 1982 АСПАН АШЫҚ… Аспан ашық, шүкір ғой, қайғыдан ел құтылды. Қара тастың түтіндей салмағы жоқ сықылды. Қара шың да түйіліп қарамайтын сықылды, сараңдар да тиынын санамайтын сықылды. Әттең күннің, санаулы қысы бардай әлі де. Көк мылтықтық анау бір сұсы бардай әлі де... 1969, 1982 БІР ӨЗІҢЕ ЕКІ ЖАҚТАН ҮЗДІГІП… Бір өзіңе екі жақтан үздігіп, екі жақтан сені ғана қыздырып, жатушы едік арамызға сені алып, бөлек төсек салдық саған біз бүгін. Тіпті бөлек кететініңді ертеңгі ойлағанда көкірегім өртенді. Бүйіріме қадалып жүр бір шаншу, – тұйығынан жел соғады көрпемнің.
Өстің енді, бөлек жаттың, қарашы: өсу, өсу, өсу деген шамасы, осылайша алыстатады екен-ау адамдар мен адамдардың арасын. 1969, 1982 ВОДОЛАЗ БОЛЫП ЖАСЫРЫНЫП… «Водолаз» болып жасырынып, ой деген терең теңізден, көп сүңгіп, маржан-асылды мен таппадым, сен ізде. Теңізде нем бар, теңізде! Альпинист болып тегі ізгі, шыңдарға шығар жол іздеп, мен таппадым, сен ізде. Дәрігер болып сезгір бір Іздедім, әттең, негізгі күре тамырын мезгілдің мен таппадым, сен ізде... 1969, 1982 ҰЛЫМ, МЕНІҢ ТҰЙЫҚ БОП… Ұлым, менің тұйық боп, тындырғаным шамалы, жырым жетсе биікке, өзім жетпей қаламын.
Көп жүйрікті тергер де ем, «шабыс па осы» деп кейде, ақылым жеткен жерлерге қызыл тілім жетпей жүр. Мені де демеп топ алды, сөйлер ем-ау білгірсіп: Жібермей қойды оған да сыпайылық деген бір қырсық. Жібермей жанға ақымды тұрар ем тікенше қадалып бір: болсам мен бұдан да ақылды, бұдан да болсам талантты. ЕРСІ ДЕМЕ, ТУЫСТАР… Ерсі деме, туыстар тоқсан қабат бұлт болып, тоқсан түрлі ой миымда жатып алды бүктеліп.
Бұлтсыз ашық тұрады кейде Алатау шоқтығы, бірақ менің басымның ойсыз тұрған жоқ күні. Алатаудың басына қаншама ауыр қонса бұлт, менің қара басыма ой қонады соншалық. Түйіліп кеп жауа алмай кетті көп бұлт, тегінде тамшы жырсыз көп ойым тарап кетті менің де. 1969, 1982 ЖАҚ АШПАЙМЫН БІР СӨЗДІ АЙТУ ҮШІН ОЙЛАНЫП… Жақ ашпаймын бір сөзді айту үшін ойланып, бір тал гүлді сындырмау үшін өтем айналып. Ал, кей жігіт менімен кетісіп жүр бәрібір, ал, кей жігіт менімен шекісіп жүр бәрібір.
Жүрмей қоям: ешкімнің түспеу үшін алдына, жүріп кетсем талайды мен де артыма қалдырам. Ал, кей жігіт менімен кетісіп жүр бәрібір, ал, кей жігіт менімен шекісіп жүр бәрібір. Даулайтынын жұрт менен даулап алсын дегенмен, жаулайтынын жұрт менен жаулап алсын дегенмен, тапсырмасам Пегасты бір пысыққа өлермен, менің жәйім болмай жүр, достым, мына өлеңде. ТҮБІНДЕ Жыл құсындай келген ой қайтпас үшін, асылы бір қызуың жатқаны дұрыс екен жасырын. Бір сұлудың аулында жүргені жөн дүрілдеп, қазығыңнан ат кетіп қалмас үшін түбінде.
Гүрлеп аққан бұлағың кеппес үшін тандыр боп, бір Алатау айбат қып тұрғаны жөн алдыңда. бір досыңның сен үшін жүргені жөн дірілдеп, қонақ кетіп төрің бос қалмас үшін түбінде. Түнде үйінде көлеңке жортпас үшін қараңдап, бір қабаған итіңнің болғаны жөн қораңда. Шамы жанбай шабыттың алыс қонса жыр аулы, домбыраңның құлағы болғаны жөн бұраулы. ЖЕҢІС Тұңғыш жырдың өзі де басылудан басталып, ақын етіп әп-сәтте бір көтеріп тастады. Кейін бастым көңілімді — ақын деген аты шын, бір мықтыны сынаған жиналысқа қатысып.
Махаббатым бір қыздың ықыласынан басталып, жігіт етіп жіберді уақытта қас-қағым. «Қыздар мені сыйлайды» деген есер-желікті бір сұлуға ақыры үйленумен жеңіппін. Айтайыншы шынымды кездерімді сүрінген, жеңіп жүрдім тіземді қағып-соғып тұрумен. Жеңу деген бәле бір... жеңу болып біреуді ойламайтын ойымды ойлайтын ғып жіберді. «...Жеңді! Жеңді мынау» деп жұрт айқайлап келеді, ал, мен енді оларды үндемеумен жеңемін. ЖІГІТ БОЛЫП БЕЛ БУЫП, БЕКЕМСІНСЕҢ… Жігіт болып бел буып, бекемсінсең, қандай қызға үйленер екенсің сен? Мүмкін бір қыз ілесіп келер саған, мүмкін еріп біріне кетерсің сен?
Өзіңе ерсі көрініп бұрынғы ісің, бірін сүйіп таңдарсың, бірін құшып. Ауыл барсаң ала гөр ауыл жақтан, не болмаса қаланың бұрымдысын. Ұрыспайтын болса екен өре тұрып, ал әйтеуір өзіңе сенетінін: енесіне шанышқы ап шаппайтынын, қонақ келсе шәй қойып беретінін. Жиырма жаста тұрғанмен ол атылып, сұлулығы: жақсы ана болатыны. Маңдайынан қасықпен қонжитпасын, етегіне кетсе ұлың оратылып. Тап келеді қандай қыз? Сыйы бөтен қандай қыз бар өзіңді сүйіп өтер? Көетергенмен өкшемді көре алмадым, алғы күннің ауласы биік екен.
1969, 1982 АМАНАТ Командировка мені сүйреп кетті, паровоз түтін биін түйдектетті. Шешеңе жұма жуар кір дайындап, қырғыш қылып қайтармын бүйрек-бетті. Аяқ киім ауыз-үйде араласып, шарап тасып жүрмеңдер, тамақ асып, Кимесін кебісімді біреу келіп. біреу кеп қолжазбамды қарамасын. Ертек айтып, журналдан сурет кесіп, отырыңдар шешеңмен құрметтесіп. Сүлгім қалды ілулі «ванныйда», біреу келіп қол сүртіп кірлетпесін. Енген кісі есікті сұрап ашып, тым еркіндеп кетпесін сынағасын: кілті жоқ деп шкафтан кітап ұрлап, домбырамның құлағын бұрамасын.
Қашан келем, білмеймін, айлап кеттім, мұз сықылды уәдем тайғақ боп тұр. Бір серт пенен бар еді бір сенімім, соны есікке күзет қып байлап кеттім... ЖҰМЫС БАБЫ ҚУДЫ МЕНІ САН ҚАЛАҒА, САН САҚҚА… Жұмыс бабы қуды мені сан қалаға, сан саққа, жүрген адам секілдендім, сырт көздерге, жан сақтап, Жұмыс күйін күйттедім мен, ұқсап кезбе-бақсыға, өз бабыңды табу үшін, бағу үшін жақсылап. Талай болды жүрмін елде: күтім күйлі, сөз күйлі, Ал, сен үйде дастарқаннан орын сақтап, еңіреп үйрендім мен тағамынан ұялмауға өзге үйдің. қорып жүрсең болғаны папам отырады деп. 1969, 1982
КЕТТІМ ІЗДЕП БІР ҮМІТ… Кеттім іздеп бір үміт, жүрегімді жыр езіп... Құлап түссең сүрініп, сүйеуші жоқ, тұр өзің. Көрші бала кемітіп, танауыңды «сынаса», «папалама» сен үйтіп, өзің жұбан — жыласаң. «Папалама», шыным бұл, мен алыста тұрамын: өзің шаққан шыныны өзің жина, шырағым. Өзін, үйрен, сескенсең, бос қалудан қаңырап, өзің үйрен өскенше, ал өскен соң, тағы да демесінші түрленіп бір дұшпаның тар, сасық: «адам болып жүргені әкесінін, арқасы». ҰЗАҚ ЖОЛДАН ЖИРЕНІП… Ұзақ жолдан жиреніп, құлазыса көңіл-күй: баласы бар үйге бір таңдап түсем мен ылғи. Сүйемін кеп асыға, иіскеймін жәй таппай бір баланың басынан, шешесіне байқатпай.
Жұлқынады жүрегім, мен көнбей өз ырқыма: жылап жатса біреуі — жұбатпақ боп ұмтылам. Қонақпын деп жарбиып төрді алғанмен, бүкіл бұл, балалы үйдің барлығы өзім үйім сықылды. Дастарқанға мөлиген көз жоқ бүгін, бай бүгін. Тек баласы жоқ үйден шығасың да қайғырып. Қайтқан жөн-ау тыңайып үйден кетіп тағы бір, білу үшін, жылауық өз ұлыңның қадырын. ҚИНАР ӘЛІ СЕНІ ШЫН… Қинар әлі сені шын, қиындық бар не түрлі, қиын боп тұр мен үшін өз үйіме жетуім. Интервью болар ма газетшіге, біл тағы: қиын боп тұр одан да бір мықтымен тіл табу. Өтсем деймін ток секілді тыз етіп қиындықтан осы бір; тұрмын міне күзетіп бір бастықтың есігін.
Ауға түскен сазандай бұлқынасың тар көздерден өте алмай: бір есіктен безе алмай, бір есікке жете алмай. Асығамын мен саған, саған балам, тасып қан, жақсы өлеңдей, оқушы жүрегіне асыққан. 1969, 1982 ҮЙДЕН АЛЫС ШЫҚҚАНДА ЕКІ АМАНАТ ҚАЛДЫРАМ… Үйден алыс шыққанда екі аманат қалдырам, бірі, ұлым, өзіңсің, екіншісі — домбырам. Екі асылым — екеуің, жүдеп жүрмін ішімнен, мен ауылдан шыққалы сендер шықпай түсімнен. Иіскеп жүрем түн бойы мандайыңнан, жалғызым, шертіп жүрем түн бойы домбырамды алғызып. Әлдекімдер сені ұрып жүреді ылғи жылатып, домбырамды жүр біреу дың еткізіп құлатып.
Сен, әрине, оянсам жоқ боласың, шырағым, үні бірақ қос ішектің құлағымда тұрады. Асығамын содан соң үйге, бітіп шыдамым, поезбен кеп, қайтуым — самолет боп шығады. Есік қағам мен ылғи асыққаннан кешігіп, қағам сонда күй менен махаббаттың есігін. Кекіліңнен сипамас бұрын сонда мен сенің сипап көрем қос ішегін домбырамның, кеш, ұлым.
ЖАЛҒЫЗ
Мықтылардың барлығы жалғыз екен дегенге, жалғыз ұлым мен сені қосып жүрмін өлеңге. Сенің жалғыздығыңнан үміт етем кейде аса, сәби жалғыз бола ма, құдай жалғыз болмаса. Жақсылардың барлығы жалғыз екен дегенге, жанып-күйіп, мен сені қосып жүрмін өлеңге. Сенің жалғыздығыңнан шошынамын мен кейде, құдаймен де сені онда салыстырғым келмейді. ЖАЛҒЫЗ ҚАРА ШЫҢ ЖАТЫР КӨКЖИЕКТЕ ТҰРАҚТАП… Жалғыз қара шың жатыр көкжиекте тұрақтап, жалғыз ауыз сөз құсап, не оқ құсап бір атқан. Қайраттылық жөнінен, сен де осы шыңға ұқса, қайырымсыздық жөнінен ұқсай көрме бірақ та.
Жалғыз емен жартасқа өсіп қалды тұрақтап, жапырағын жел ұстап мінбек дейді құлақтап. Жалғыз ұлым, еліңнен емен құсап тұрақ тап, жалғыз қалма түбінде емен құсап бірақ та. Жалғыз шыңды көрсем мен — сені ойлаймын әйтеуір, жалғыз емен керсем мен — сені ойлаймын әйтеуір. Жалғыз ұлды көргенде жалғыз ой жеп кеудемді: жалғыз емен, Жалқы шың, аяп кетем сендерді. ӘЛДЕ СЕНІҢ ТІЛІҢ БЕ, ЖЫРЫМ БА, ӘЛДЕ ҚЫЗДАР МА… Әлде сенің тілің бе, жырым ба, әлде қыздар ма, бір сұлулық түбінде ұрынады-ау ызғарға... Үйретем деп саған тіл қара тер боп болмасқа, сұлуларға жыр арнап «бүлінемін» мен қасқа.
Алатау ма, ән бе әлде, арманы ма ақынның,— бір биіктік бәрінен биік өсер ақыр күн. Әйтеуір бір сұлулық жанатұғын секілді, әйтеуір бір биіктік қалатұғын секілді.
1969, 1982 АЙТАСЫҢ-АУ, АЙТАСЫҢ
Әй, ағайын, ағайын-ай, білмегесін айтасың, асықпашы, мезгіл-дауыл мені де бір шайқасын. Ненің қалып, не қойғанын көресің ғой сонсоң да, әй, ағайын, ағайын-ай, тым асығыс айтасың. Алма ағашы шығармын мен түйін салған шықта алғаш, мезгіл-дауыл бір сіліксе мүмкін менен түк қалмас. Бүгін менің бір жемісім түсіп кетті үзіліп, мүмкін ертең бәрі түсер, бәрі түсер, түк қалмас. Бәлкім мына шып-шып еткен мөлдір-мөлдір тамшылар, қағып төгер суың емес, қажып тапқан бал шығар? Асықпа, аға, мезгіл-дауыл мені де бір шайқасын, әй, ағайын, ағайын-ай, тым асығыс айтасың.
1969, 1982 СӘЛ ШЫДАЙ ТҰР, АҒАЙЫН, МЕН ӨНЕРДЕ ЕНШІ АЛАМ… Сәл шыдай тұр, ағайын, мен өнерде енші алам, ұқсамайтын ешкімге жаңадан бір жол салам. Сай қуалап, жұрт құсап, соқпақ қуман жымысқы, басқан ізін ешкімнің аңдымаспын тіміскіп, керек болса, ағайын, нағыз бұлақ, нағыз ән,— қара шыңның төбесін тесіп тұрып ағызам. Сәл шыдай тұр, ағайын, мен түбінде енші алам, алтынға кім қызықса — бәрін жиып бер соған, Маған темір күрек пен болат қайла бер мықты — көрсетейін көкесін қайсарлық пен ерліктің.
Сәл шыдай тұр, Мен ертең өз тайыма ер салам, қартайды ғой Пегасың, кім қызықса — бер соған. Жақсы өлеңді достарым жазсын менің жан сала, мықты өлеңнің көкесін керсетейін мен саған. 1969, 1982 МЕЗГІЛ Шайқап ішіп дүрілдеп, жүрген әкім кешегі, сол ауылда бүгінде қарауылшық деседі. Шындық іздеп, үздігіп, әр кітапты бір үңгіп: кешегі оттың біз бүгін күлін көсеп жылындық. Таласамыз өжетсіп: жұрт көңілін қомсынтып, кеше шыққан газеттің жыртығына қол сүртіп. Мезгіл қатал, ендеше: мынау төсек-көрпемде жоқ едің-ау, сен кеше, жоқ боламын ертең мен.
ЕШКІМНЕН ҚОРЫҚПАЙ-АҚ КҮН КӨРЕМІН… Ешкімнен қорықпай-ақ күн көремін, біреуді мен де өлтіріп тілдер едім: әу десем өзің түсіп есіме ұлым, тиер деп бір кесірім үндемедім. Ешкімге жағынбай-ақ күн көремін, мен де бір мықты адамды күндер едім: өзімді өртеп жүрген осалдығым көрініп қала ма деп үндемедім. Ақым жоқ алынбаған тілде менің: анекдот айтып та күн көремін. Көпірме – бұлағы емес, туған жердің тауларына еліктеп үндемедім. Ешкімнің іздемеймін кешірімін, маған клуб, кеңсенің есігі бір. Бөсер ем-ау шалқып бір, сондай кезде жаман жырым түседі есіме, ұлым.
БҮЛКІЛДЕП КӨМЕЙІМЕ КЕЛІП-ҚАЙТЫП… Бүлкілдеп көмейіме келіп-қайтып, шындығым бір детальмен толықпай тұр. Дүниеге сен келгелі көңілімде бір қауып бар секілді сен ұқпайтын. Сырыма лай қонып мөлдір деген, күледі кей сөздерім көлгірлене. Дүниеге сен келгелі көңілімді бір нәрсе қорқытады мен білмеген. Шаттықтан сен келгелі татып бір-ақ, төсектен бал-қиялға батып тұрам. Сескенем сен келгелі сәл нәрседен, үйткені болып кеттім бақыттырақ. 1969, 1982 КӨҢІЛДІ ҰШҚЫН ЕНСІН ДЕП ІШКЕ ДЕ ЕРЕК… Көңілді ұшқын енсін деп ішке де ерек, шарап құйдық бокалға үстемелеп. Қызып тұрып қызулы қойдық бір ат, қомсынбадық біз сені кішкене деп.
Көп есімнің ішінен ұстап алып, бердік саған есімін күшті ағаның: көк семсердің болатын қидық саған, қидық саған ақ жүзін ұстараның. Семсер-сынды ерке бол – болады рұқсат, көнбіс болма кебісше, жаялықша. Ердің есімін бердік, байқа, бала, елдің ұлы болсын деп соған ұқсап... СЫР Сенің әкең ешқашан тарылмады, тарылмады сен үшін барында әлі. Кетсе егер кемшілік көп ісінен, кетті бәрі ойлаудан қарын қамын. Бәрін көрді, бүгінде көбі ескірген, бәрін көрді, тек көрген емес күндеп. Өзіңді көтерді тек төбесіне, қарыннан жоғарырақ боп өссін деп.
ЖЕТКЕНІНШЕ БОЙДАҒЫ ДАРЫН, БІЛІМ… Жеткенінше бойдағы дарын, білім, кетпесем деп әркімге жалындырып, Қолдағыны мен сенен аямадым, аямадым өзіңнен барымды, ұлым: Өсірсем деп арманшыл адам қылып, білгенімді ағыттым саған бұрып. Бола алмадым мүмкін мен сүйікті әке, ұстаз болу үшін де табанды бір. Сабыр ұстап, сана ойлап, алтындай тұл, бәлкім болған шығармын салқындау тым? Кекіліңнен тым сирек сипадым ба, «айналайынды» аз айттым бәлкім, бәлкім. Менің ісімді ақыл де, қиқасын де, біреу бірдеңе дер деп сескенбедім, қатал болдым жүз рет, өскенде елің мандайыңнан бір рет сипасын деп.
1969, 1982 АСЫҒАМ, АСЫҒАМЫН… Асығам, асығамын, барында үміт дара барып тапсам деп дарындылық. Асығам, ертеңіме асығамын, алсам деп тез-тез жетіп бәрін біліп. Асығам, асығамын, ұлым, тыңда. кім білген, мен шығармын ірі тұлға? Асығам елден ерек өлімге де, тезірек білгенімді ұмытуға. Жоқ-жоқ, мен жәйімді айтып кемсеңдемен, сырымды саған айтам ел сенбеген. Деп едім бұрын өлсем өз жырымнан, ертерек өз тілімнен өлсем деп ем! Әйтеуір бір ұлының елесі ұрып, жүргем жоқ сол боламын деп есіріп. Әйтеуір кетсем деймін молдау айтып, әйтеуір өшсем деймін сені өсіріп!
1969, 1982 ӘКЕҢ ҚАЗІР БІР ОРҒА АТЫ ҚҰЛАП… Әкең қазір бір орға аты құлап, тарығып тұр әркімнің ақылын ап; содан шығар: жау жоқта батылырақ, үндемеген кезінде – ақылдырақ. Көкірегін кермек ой – күйік тіреп, ащы сөзді алыпты сүйіп, тілеп: теңесер жан жоқ жерде иықты боп, сүйе алмаған кезінде – сүйікті боп. Әкең талай ызадан дірдектеді, талай үміттен қалды кірлеп көңіл. Жетіскеннен деп пе едің осыны айту, жетіскеннен жыр жазып жүр деп пе едің?! 1969, 1982 АЛА АЛМАҒАН ЖАУ БІЗДІҢ МЕКЕНДЕЙ БІР… Ала алмаған жау біздің мекендей бір, мекендей берік болсаң екен деймін. Жақсыңның бәрін өзім мақтан етіп, жаманыңды көрмесем екен деймін.
Саған мұным қаталдау жетер, мейлі, бұл тілегім кетпес-ау бекер деймін: Ылғи сенің тойыңда күй тартқанмен күйігіңді тартпасам екен деймін. 1969, 1982 ЖАТПАСАМ АЛТЫН АРШЫП, КҮМІС КҮРЕП… Жатпасам алтын аршып, күміс күреп, Қайтейін, алған емен тынысты көп. Мына ми жаңа ой тілеп тыншымайды, тынбайды қолым жаңа жұмыс тілеп. Тың әуен аулаймын деп құлақ алаң, жаңа сөз жазамын деп мына қалам. Жұлдыздай бұлтта адасқан жылт-жылт етіп теңеулер өтіп жатыр ұнамаған. Әурелеп кеттім білем бір істі көп, жел құсап жыртық үйді тіміскілеп. Тілейді тың көрініс екі көзім, екі аяқ жаңаша бір жүріс тілеп.
Ескі ойдан шыға ала ма босап адам, бір ерлік – бір ессіздік жасамаған. Әйтеуір бір ессіздік етсем деймін, бір жылжып кету үшін осы арадан. 1969, 1982 АЙНАЛАНЫ ЫЗҒАРЫМЕН ШАРПЫҒАН… Айналаны ызғарымен шарпыған, суығымен ұрып кетер сұқтансаң – бұлтқа еліктеп қалыңдар ем, бұлт болсаң, нөсерлету керек екен артынан. Жаһаннамға жалғыз қада-тіреу боп, айналаға салғырт қарап түнерген, шыңға еліктеп асқақтар ем, шың болсаң, аттап кетпеу керек екен біреулер. Көк аспанға күркіреп ауар жәй, бұлт рухын жұтар едім ауамдай. Қайбір бұлтша түнеріп кеп, түнеріп, өтем бе деп, қорқамын мен, жауа алмай.
Пірім, достар, талас мейлің, көн мейлің: шың секілді мен де ешкімге көнбеймін. Шың секілді асқақтар ем, бір күні біреу аттап кетпесіне сенбеймін. 1969, 1982 ТОПЫРАҚ Жазар едім гүл-өлең сызылдырып бұл несі: Соғып өтсе боз қырау — үзілді гүл сүлдесі. Емен-өлең жазар ем, ағаш-ау ол еменің, ағаш болып кетеме деп қорқамын өлеңім. Жазар едім шың-өлең асқақтатып, астырып, шошытады шыңдардың шыны-суық тастығы. Жазар едім көл-өлең, пәк болғанмен көл өңі, көлің су ғой, су болып кетер деймін өлеңім.
Бәрі саған бітеді момын далам, бұл да заң, ызың-ызың жел-құзың досым сын-ды бір мазаң. Гүл мен емен, көл мен шың — бәрі сенде топырақ, саған ұқсап, сондықтан, қоңыр-шұбар жыр жазам.
1969, 1982 СІРӘ, САҒАН ҰНАЙ АЛМАС БҰЛ АҒАҢ,— …
Сірә, саған ұнай алмас бұл ағаң,— кұтылмаспын өсек, ғайбат, бопсадан: әдейі арнап ұнамасын деп саған, ойымды айттым өз көңліме ұнаған. Сен ақылды болсаң екен, міне — арман, Үміт, сүю, түңілуден құралған. Жақсы жанның ұнатқаны — тілегім, қауіптенем жамандарға ұнаудан. Сен әуелі тереңірек көр, үңіл, ілер болсаң — биіктіктен көріп іл, әрбір жолым қиынырақ қиысса, қиындыққа жасаған бір жорығым. Тек әйтеуір, асықпашы, байқа әлі, қарап көрші, қарап көрші қайта алып. Тілге көнбес нәрселерді кейде мен емеурінмен, иегіммен айтамын.
Көркемдікті жасырамын мен кейде, түк қалдырмай көз көретін деңгейге. Мен түгілі табиғат та, асылын тереңірек, тереңірек көмбей ме?! 1969, 1982 ОЙ ТҮТІП, СӨЗ ЕСІП… Ой түтіп, сөз есіп, құясың сырға мұң. Кезесің, кезесің Абайдың жыр-бағын. Шабасың, таласып шықты анау алға кім? Таласпа, аласың Абайдан қалғанын. Абай-ай, әй, тіпті берген-ау берерін. Айтарын айтыпты, алыпты керегін. Көп нәрсе қалыпты оған да көрінбей: қыз қапты өрімдей, шешілмей дау қапты. Қанша Абай күрессін, жығылмай анық бір, бір жаңа, бір ескі күншілдік қалыпты.
Жанғырық қайталап даңқты танытты. Кеткенмен тау-талант, бұлттары қалыпты. Тек қана... азғана таңданам, таңғалам: Сол Абай жазбаған жақсы өлең қалмаған. 1969, 1982
СЕНІҢ ҒАНА КӨЗІҢМЕН АЙНАЛАҒА ҚАРАСА…
Сенің ғана көзіңмен айналаға қараса, көк әйнектен көргендей жайнар еді бәрі аса. Жаман кісі, жаман іс, жаман пиғыл болмас ед,– сенің ғана көзіңмен бәр-бәріне қараса.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру