TELEGEI

Home

Арылу

Сержан Закерұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Арылу

Сержан Закерұлы шығармаларында психологиялық бағыттағы ойларымен адам жанына бойлайды. Кейіпкерлердің мінезі мен ерекше ой-толғамдарына барлау жасай отырып тілдеседі. Адам санасына салынған қоғам салмағына ерекше тоқталады.

(әңгіме)

«Толстойдың тақсыреті» есіме оралған сайын арпалыс күй кешем. Менде диалог бар. Диалог емес монолог... Бәрі де пенде ғұмырдан басталған. Жол екіге айырылады. Жол айырықта тұрып дал болам. Күш тең түседі. Күн күңгірт тартып барады екен. Өз басым күз айларын ұнататын едім. Дәл қазір күздің сылбыр жаңбырындай жаным да сылбыр тартып барады.

- Кім ол?

Беймаза сұрақ.
Ол тіл қатпады. Дәл басып айтатын мардымды жауап та жоқ.

- Білмеймін. Танымаймын – міңгірлеген болдым.

- Сен артыңа қарашы, іздер өшіп барады, - деді ол жүрегі күйіп, талықсып бара жатып. Жүрегінің күйіп, талықсып бара жатқанын қайдан сезіп тұрмын?! Артыма қарадым. Тірі пендені қойып сайтанның сағымы да көрінбейді. Осы ібіліс ойдан арыла алмай келе жатырмын. Түбі мен тасқа тіл бітіретін шығармын. Соңымнан қалмай жүрген елесті бүгін түлен түртіп өзім іздедім.

- Мен Толстой емеспін, – дедім артыма жалт бұрылып. Көзім бұлдырап кетті.

- Мен ақша іздеп жүрмін, алтын іздеп жүрмін! – дедім ызалы күйде тағы да артыма бұрылып. Сұлу күлкіні көріп тұрғаным жоқ. Мәрмәр тасты қалап қойғандай әппақ тістерге ғана көзім түсті.

- Ақша! – деп сылқылдап күлген Ақсары қызды енді байқадым.

- Сен қайдан пайда болдың? – деген сыңайлымын.

Ол ренжіп қалды. Менен озып барады.

- Мүмкін, сен Толстой шығарсың, – деді Ақсары қыз. Жүрегім дір ете қалды. Кілт кері қайырылдым.

- Мен Толстой емеспін ...

Сыбырлап келем.

Мен сөйлесетін, тілдесетін бір дара жүректі, жалғыз жүрегі бар адам таптым. Біз сөйлесіп отырмыз. Оны қалай тапқанымды айтсам, бос мылжыңға уақыт жоғалтқан болар едім. Ол көп күлмейді. Бұрын жүрегі жоқ адамнан қорқатын едім. Қателесіппін. Дәл қазір жүрегі көп адамдардан қорқамын.

Біз сөйлесіп отырмыз.

- Сен қуанып отырсың ғой, – деді Ақсары қыз.

- Жоқ! Мен тыныштық іздеп отырмын, – дедім.

Ақсары қыз бетіме аяп қарағандай болды. Ұзақ үнсіздікті қалта телефоным бұзды.

- Ия!

- Ақша таптың ба?

- Ақша, – деп қарқылдап күлдім.

Күлдім де телефонымды қалтамның терең түкпіріне алынбастай етіп тығып тастадым. Ақсары қыз күлді.

- Сен ақша іздеп жүр едің ғой...

- Жоқ. Мен тілдесетін адам іздеп жүрмін.

- Жұмыр жердің беті толған адам емес пе? – деді Ақсары қыз.

- Маған қыз көктемнің қытықты күлкісін елестетші, – деппін түйеден түскендей.

Ол төмен қарады. Біз ұзақ үнсіздіктен кейін екіге айырылдық. Хат жазысып жүріп сол елестен арыла алмадым. Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы»-нан көшірме жасап жүргендейміз. Ақсары қыздың хаты менің өзегіме дәл тиіп жүрді. Бұл ұялы телефонмен жазысқан өте қысқа хаттар еді.

«Сіз бүгін ешкіммен тілдеспеңізші...» сәлеммен Ақсары қыз.
Ұйқымнан оянғанда осы хабарламаны оқыдым.

Күздің алғашқы күндері басталғанда жаныма бір жарық түскендей қатты қуанам. Терезеден тысқа телмірем. Адамдар бір жаққа асығып жатыр. Мен де көшеге шықтым. Ешкіммен тілдеспеуге тырысып саябаққа да жеттім. Ойлардың адам миына шабуылға өтетіні қалай? Шамалы ойланбауға тырысып көңілімді басқа жаққа аударып жан-жағыма қарадым. Ешнәрсе көрмедім. Саябақтағы көлшікте екі аққу адамдардың қолынан тамақтануды үйреніпті. Жаным ашыды. Шылым шеккім келіп кетті.

- Бұл аралда бір періште бар, - деді әлде бір егде дауыс.

- Періште... Олар періште тағдырдан бәсіресіз қалған, – дедім.

Тағы да шылым тұтатыппын. Сол жақ қапталымда қыз бен жігіт бір-біріне жабысып қалғандай бүкіл дүниені табандарымен таптап, тек екеуі ғана өмір сүріп жатқандай ұзақ сүйісті. Әлде бір саябақ қызметкерлері көлшіктегі екі аққуды ұстап торға қамап алып кетті. Бәлкім, жылы жаққа, өз Отанына жіберетін шығар. Көлшік суы демде тартылып сары ала жапырақтар жалған айдынның тәнін жасырғандай бетонға жабысып қала берді.

- Дала заңының осыншама оңай болғаны ма? – дедім гүбірлеп.

- Жоқ бұл дала заңының зынданға түскен бір мөлтек сыры ғой, – деді тағы да егде дауыс.

Жан-жағыма қарадым. Адамдардан басқа бөтен ештеңе байқамадым. Сол қапталымдағы қыз бен жігіттің айқайласып тұрғанын көрдім. Бір-бірінің бетіне түкіріп екіге айырылып тайып тұрды. Күлдім. Ішімнен күлдім. Ту сыртымнан әлдебіреу келді де, алақанымен көзімді басып алды. Ақырын қолынан ұстадым. Ақсары қыз екен.

- Қалайсыз? Дәл таптым. Менің түйсігім алдамайды екен, – деді Ақсары қыз.

Үнсізбін.

- Сізге не болған? Көңіл күйіңіз жоқ па? – деді ол.

Басымды шайқадым.

- Ә, ұмытып барамын. Сіз бүгін екі рет сөйледіңіз, – деді ол сәл ойлана.

Мен таңдана қарадым. Менің манағы біреумен сөйлесіп қалғаным есіме түсті.

- Кім ол? – дедім.

Даусым қаттырақ шығып кетті.

- Білмеймін? – деді Ақсары қыз.

Тағы да үнсіздікке шомдық.

- Сіз маған үйленіңізші, – деді Ақсары қыз тосыннан тіл қатып.

Оған жалт қарадым. Бірақ таңғалғам жоқ. Ақсары қыздың жанарынан төгілген ыстық жасы қолымның сыртына тамып кеткенде ғана жылап отырғанын байқадым. Мен оның қолын қатты қысып ұстап отыр екенмін. Жай ғана қарадым. Ол нұрланып, сұлуланып кеткендей көрінді. Тағы да ойға батып барамын...

- Сен кімсің? – дедім.

Мақсатсыз сұрағыма қатты өкіндім.

- Мен... мен адам емеспін, – деді Ақсары қыз сұрағыма кектене жауап қайтарып.

- Сен адамсың, бірақ пенде емессің... періштесің, солай ғой? – дедім.

Ол сәл жымиды.

Біз көп уақыт дидарласпадық. Мен біршама уақыт өзімді бөлмеде тұтқында ұстадым. Адам тірлігінің алдамшы екенін түсіндім. Біз алданып өмір сүреміз. Еріксіз және ерікті түрде өз-өзімізді алдаймыз. Бұл күндері өмірдің өзгеріссіз алдау мен алданудың арасында өтіп жатқаны болмаса ешбір құбылыс байқалмады. Ақсары қызды сағынғандай болдым. Іздедім. Көше бойлап келе жатырмын. Қыздар өте сұлу көрінді маған. Бірақ Ақсары қыздай баураған ешкім болмады. Мен іздеп барғанда Ақсары қыз жұмысындағы өсіріп жүрген кактус гүлін суарып тұр екен. Терезенің алдында оған қарап сәл тұрдым. Мейірлене қарадым. Махаббатпен көз тіктім. Әудем уақыттан соң менің келіп тұрғанымды байқады. Оның шаштары бұйра толқын жасап, кеудесіне төгіліп тұр. Керік қасы дірілдеп кеткенін сезіндім. Жай ғана қолын көтеріп маған таңғала қарады. Артыма жасырып тұрған гүлімді байқап, еркелегендей езу тартты. Гүлді ишара жасап ұсындым. Ол жүрегімен күлді. Бір-бірімізге қарап ұзақ тұрыппыз. Бүгін оның қатты қуанғанын көріп көп ойландым.

- Сен өзгеріпсің, – деді ол еркелей тіл қатып.

- Ия, өзгердім. Сен мені өзгерттің, – дедім.

Ғажап. Ақсары қыздың саусақтарының ұшынан ұстасам, оның бүкіл денесі дірілдеп сала береді. Ерніне көзім түсті. Тым үлбіреп тұр. Ып-ыстық сияқты сезілді.

- Мен адамдардың ортасына қайтып оралдым. Өмірдің мың құбылатыны қалай? – дедім оған жалынышты күйде. Ол жай ғана күлді. Терең ойға шомды. Біз сөйлесіп тұрғанда қасымызға толықша келген домалақ қыз келіп қосылды.

- Привет! Қалайсыңдар. Менің атым Айнұр, – деп бетімнен сүйіп алды.

Бетімнен қалай сүйіп алғанын сезбей қалдым. Ақсары қыздың жұмыстасы екен. Сөзі мен қимылын аңдап бола алмайсың. Ақсары қыз Айнұрға қарап жымиып қана тұр. Айнұрдың сұрақтарына қалай, не деп жауап беріп тұрғанымды сезбей де қалдым. Біз қоштастық. Олар жұмыстарына кірісіп кетті. Адамдар осындай мейірімді болады екен-ау. Үйге тез оралдым. Айнаның алдына барып алып өзіммен сөйлесіп тұрмын. Бетімде қып-қызыл еріннің табы қалыпты. Орамалды алып сүртіп тастадым. Өкіндім. Дәл осы сәттен бастап қыздарды екіге бөлдім. Қыздардың ернінен сүю оңай екенін білетін едім. Ал олардың жалаңаш тәніне сұқтана қараған көзіме кектендім. Неге? Неге?..

- Сен одан көп нәрсе ұттың, – деді тағы да егде дауыс.

Жүрегім дір ете қалды.

- Мүмкін... – дедім. Бөлме іші тым-тырс. Сағат қана бүкіл ғұмырды қинала

сүйреп, найза тілдері жаныма қадалып жатыр. Шық-шық еткен даусы мені тағы да масқаралап тұрғандай болды.

- Неге уақыт кері оралмайды екен, – дедім күрсініп.

Ойлана көзімді жұмғам.

- Сен бір заңның бар екенін түсіндің,– деді егде дауыс.

Орнымнан ұшып тұрып жан-жағыма қарадым. Түн ортасы болып қалған екен. Бөлме ішін ай сәулесі болар-болмас жарық қып тұр.

- Қандай заң? – дедім.

- Ол періштелер заңы. Сен бір періште қыздың тұңғыш еркегі болып қаласың. Ал, оның екінші рет бөтен еркекке тәнін көрсетуіне жол беріп алма. Бұл жазылмаған заң, – деді егде дауыс.

Сөзінің соңын жұтып алғандай болды. Көз алдыма Ақсары қыз елестеді. Мең-зең болып отырғанымда, қалта телефонымның даусынан жүрегім тас төбеме шықты. Хат келіпті. «Ағатай, қайырлы кеш! Жексенбі күні дәл осындай уақытта мені үйіңізге қонаққа шақырыңызшы. Мен әппақ көйлек киіп барамын. Кешіріңіз... Өтінем»: сәлеммен Ақсары қыз. Көкірегімді алай-дүлей сезім билеп алды. Көз алдымнан өткен күндердің елесі көшіп, былғанған тәнімнің жаныма жасаған азабын кешкендей дел-сал күйде ұзақ отырдым. Балконға шығып айға қарадым. Айдың бетіндегі тыртықтарды бүгін анық байқадым. Ақсары қыздың мазасы әбден қашты. Аядай бөлмеде ақ көйлекті киіп арлы-берлі жүрді. Осы сезімдерінен қорқып жүрегі тарсылдап еді, бірақ өзіне беймәлім әлемнің сырлы жұмбағы батылдандыра түскендей көзін жұмып тұңғиықтың сырына үңілді. Жігіттің құшағына құлағанды қалады. Жанымен қалады. Мен ұзаққа дейін көз ілмедім. Ішімді тырмалаған ескі мұңдар тұншықтыра түсті. Өзімді қор санадым. Таң ата ертемен тұрдым да, календардың бүгінгі және жексенбі күнін қызыл түсті қаламмен белгілеп тысқа шықтым. Күн жұма. Бар ойым мешітке барып жанымды тазарту болды. Терең ойға бөгіп алып келе жатырмын.

- Привет! Қалайсың? – деп қарсы алдымнан Айнұр шыға келді.

Бетімнен сүйіп үлгірді. Бетімді алақаныммен сүртіп тұрмын.

- Қалай жағдайың? Қайда барасың, сұлу жігіт? – деп қиылды Айнұр.

- Мешітке, – дедім жай ғана.

- А, дұрыс. Уақытың болса бір жерге барып сөйлесейік, – деп қолымды

қысып ұстады.

- Кешір, бүгін уақытым...

Сөзімді аяқтап үлгірмедім.

- Мені қыдыртпайсың ба? Саунаға барайық, – деді Айнұр.

- Не үшін? – дедім жорта тіл қатып.

- Бірге шомыламыз, демаламыз...

Мен қарқылдап күлдім. Бар даусыммен қарқылдап күлдім. Айнұр аң-таң болып маған қарап тұр. Әлі күліп тұрмын.

- Мені біреуге ұқсатып тұрған жоқсың ба? Мүмкін, сені төсекке шақырармын, – дедім ызалана. Құлағым керең боп қалғандай шыңылдап

кетті. Ол менің соңымнан айқайлап тұрғандай болды. Шанағым жасқа толып кетті ме, көз алдым көлегейленіп жаяу жүре бердім, жүре бердім... Ызаландым. Мешітке кіріп молламен неке туралы сөйлестім. Ұзақ сөйлестім. Жан дүнием жеңілдеп өмірге құштарлығым еселеп артқандай болды. Үйге келіп жексенбіні күттім. Түн. Тым-тырс түн. Есіктің қоңырауы шырылдады. Ойланбай аштым. Әппақ көйлек киіп, басына ақ орамал байлаған Ақсары қыз келіп тұр. Ұзақ үнсіз отырдық. Осы жұмбақ сезімнің асқақ болатынына қайран қалдым.

- Мені құшақтаңызшы, – деді ол.

Қасыма келіп отырды да иығыма басын қойды. Үнсіз құшағыма қыстым. Құмарлық дейтін сайқал сезімнен өзімді алғаш қорыдым.

- Сізді бақытты ете аламын, – деді Ақсары қыз.

Ернінен сүйдім. Оттай жанған екі беті балбырап, денесі дір-дір етеді. Бүкіл дүниені тәрк етіп ұзақ сапарға кетіп қалғандай күй кештім. Періштенің әппақ денесі анасынан туған қалпында менің ақымақ көздерімнің алдында үлбіреп жатыр. Ақырын келіп көрпе жаптым. Ол жылады.

- Менің денемді неге көрдіңіз, – деп солқылдап жылады.

- Періштем! Ертең мешітке барып неке оқытамыз, – дедім де терезеден

сыртқа телмірдім.

- Мені жек көріп тұрсыз ба? – деп алақанымен маңдайымды сипады.

Мен әлі тысқа телміріп тұрмын. Ол төсекке барып жатты да балғын ұйқыға бас қойды. Оның ақырын ғана пысылдаған танауы мен бүлкілдеген тамағына қарап ұзақ отырдым. Таңның тез атуын күттім. Оның періште ғұмырын алаламай, тым алысқа кетіп қалғым келді. Бірақ оны адамдардан қызғандым.

Ол оянғанда мен Алладан дұға тілеп отырған едім...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙