TELEGEI

Home

Олжас Қасым. Бозбеткей

Олжас Қасым

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Олжас Қасым. Бозбеткей

Әдебиетке соңғы бесжылдықта қадам басқан жас ақын Олжас Қасымның бұл жинағына түрлі тақырыптағы өлеңдері еніп отыр. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тұсында жарық көріп отырған «Бозбеткей» кітабы – ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы. Кітап екі бөлімнен тұрады. Олжастың әр өлеңінің айтары бар. Ең бастысы – тұ...

І БӨЛІМ

Санамдағы ырғақтар

Көнекөзім (Элегия)

Дүбіріменен өмірдің,
Керуен – пенде көшкен көп.
Сүйегі асыл бабалар,
Жүрегімізден көшкен жоқ.

Үйіміз ауыл шетінде –
Жер бетіндегі еншіміз.
Бықия ақсақал біздерден,
Бөлектенбейтін көршіміз.

Баптайтын-дағы сұр атын,
Батпандай ойға бататын.
Таң ата сала тұратын,
Күн батар шақта жататын.

Бір құшақ отын әкеліп,
Маздатып пешті алатын.
Алаумен бірге лаулатып,
Көзіме шырақ жағатын.

Бойыма тарап әз үні,
От болып маздағаным-ай!
Маңдайындағы әжімі –
Жалғанның жазбаларындай.

Содан соң, атқа бағыштай,
Арқан өретін кендірден.
Атамнан тағы қалыспай,
Ой өретінмін мен бірден.

Қалмайтын мүлде тұрақтап,
Мезгілдер жатты алмасып.
Желісі кетті жырақтап,
Келешектермен жалғасып.

Көңілдің гүлін теруші ед,
Атамыз бүгін жоқ қолда.
Шындықты жақсы көруші ед,
Шын дүниеге кетті ол да.

Ертеңгі күнге сайланып,
Ұйқыға ерте жатамыз.
Шайменен бірге жайланып,
Мұң ішуші еді атамыз.

Сол күні сырнай — санаңмен,
Жайлы бір сазды жырладың.
Шұғылалы күндей баттың да,
Таңменен неге тұрмадың?

Мұң дәмін татырғаның ба?
Жүректі кеттің жылатып.
Шәй ұрттап отырғаныңда,
Сені ұрттап қойды-ау уақыт!!!

Жоғалған жылқы

(Абыройды іздеу)
Кемпірінен жөн санар әңгімені,
Қашан көрсең жайнайтын бал-бұл өңі.
Жоғалтып жақынындай жалғыз атын,

Шау тартып Шалғынбайдай шал жүдеді.
Сан адырды ат іздеп сабылады,
Сонымен өтті өмірі мағыналы.
Ауылдастар жүреді басу айтып,

«Қайғырмаңыз атыңыз табылады».
Күндер-ай, шыңға құлаш сермеп өткен,
Тұлпарым тұрағына келмеді, әттең!
Жоғалтқаным ат емес абырой еді,

Мені өмір өркешіне өрмелеткен.
Онсыз менің мұңым да, әнім бөлек,
Иектейді күйзелтіп жанымды әлек.
Таң атқаннан кеш бата оралсақ та,

Қайтсек те ақбоз атты табу керек.
Деп Шалғынбай тоналып шаттығынан,
Қобыздың сарынындай сапты бір ән.
Кім алып кетті екен ақбоз атты,

Кім әкеліп береді атты бұған?
Жүргенмен шара бар ма жиі налып,
Жылқыны әкетті ме құйын алып?
Шалғынбай шартарапқа аттандырды,

Ауылдың бар баласын жиып алып…
Маңдайынан сауылдап шер бұлағы,
Жадырап күлмейді шал ендігәрі.
Алқынып қанша қырат кезсе-дағы,

Ақбоз атты таба алмай келді бәрі.
Ойламады қария сабыр жайлы,
Қартайғанда қыратқа бару қайғы.
Жоғалған ат табылар бір төбеден,

Ал, жоғалған абырой табылмайды.
Шал жылқысын әр басқан ізден іздер,
Күрсініп күреңіткен күзден іздер.
Біз табуға талпындық, таба алмадық,

Әз ағайын сіздер де іздеңіздер…!

Төлеужан бұлағы

Өкінем, тұлпар мініп, шаппай кетсем,
Ауылға барып дәмін татпай кетсем.
Өлең маған өкпелеп қалатындай,
Төлеужан бұлағына соқпай кетсем.

Мен қайтем, алыстығын, шақырымын,
Сол жаққа бір баруға қақылымын.
Тұмса бұлақ жариялап жататындай,
Ағысымен жеткізіп ақын үнін.

Жағасында жайқалып жалбыр құрақ,
Шомылады суына балғын қырат.
Төкеңнің өлеңдегі бар ғұмырын,
Тоқтатпай тұрған сынды сол бір бұлақ.

Сөз айтып жымысқылау жалғанға өткір,
Бал бұлақ көзден емес ардан кеп тұр.
Өлеңімнен тұнықтық байқар болсаң,
Бұлақтың тұнықтығын алған деп біл.

Төсінде жусан шалқып, ермен билеп,
Айналаға әсемдік бергендей көп.
Сол бұлаққа барғанда Төлеужанды,
Қайтамын көрмесем де көргендей боп.

Ол оның тағдыры шығар...

Ақ қарды еріді дейміз,
Мүмкін ол жылаған шығар.
Ақ нөсер төгілді дейміз,
Ол мүмкін, құлаған шығар.

Бұлақтар жөңкілді дейміз,
Сылқылдап күлгені шығар.
Құмдарды сырғиды дейміз,
Ол оның жүргені шығар.

Бұталар сыңсиды дейміз,
Ол әнді шырқаған шығар.
Қаңбақты жел қуды дейміз,
Жел оны жұмсаған шығар.

Керілген кемпірқосақтар,
Аспанның білегі шығар.
Самсаған сары жапырақтар,
Ағаштың жүрегі шығар.

Бұлттарды ауады дедік,
Олардың жүзгені шығар.
Ай бетін дақ басты дедік,
Адамның іздері шығар.

Түн келсе қараңғы дейміз,
Мезгілдің бар мұңы шығар.
Ақынның өлеңі дейміз,
Ол оның тағдыры шығар?!

Сұрақ белгі?

Тағдыр оған тау қылып сынақ берді,
Атам бірақ, әлінше шыдап көрді.
Бұрындары леп белгі сияқты еді,
Ал, бүгін аумай қалған сұрақ белгі.

Ол тұрғанда арман жоқ менде бөтен,
Өмірін өлеңіммен тербеп өтем.
Жерге қарап бүгіліп жүреді атам,
Дегендей түптің-түбі жерге кетем!

Жанымызға мәңгілік тұрақ бар ма?
Ілгері шығарғанмен мұратты алға.
Жастық шағың — леп белгі, бір күндері,
Леп белгілер айналар сұрақтарға.

Телпегін таршылықтың басқа киіп,
Еңсесін түсірмейтін басса күйік.
Сауалы таусылмайтын қайран уақыт,
Адамды да сұрақ қып тастады иіп.

Ғұмыр-ай, бағынтасың соныңды ұқтым,
Кеудеме шегендедің өмірлік мұң.
Талай жыл шойын жолдың бүккен белін,
О, мезгіл атамның да белін бүктің.

Қалай ғана бұзармыз тұзақты бұл,
Жанымнан өшіре алман сызатты бір.
Леп белгілер өшеді парақтардан,
Сұрақ белгі сүреді ұзақ ғұмыр.

Мен едім даусын көкке жеткізген ұл,
Тұсымнан дауылыңды соққыз небір.
Шаңырағыңа шалқайып келгендерді,
Есігіңнен еңкейтпей өткізбе өмір.

Тыңда біраз, боз дала құлақ қойып,
Уақытыңды жоқтама жылап қойып.
Сұрақ беріп мені өмір қинады көп,
Мен де өмірге кетермін сұрақ қойып..

Айтылмайтын ақиқат

Бұл - жазбаған заңдылығы ғаламның,
Мен осыдан бір ақиқат таба алдым.
Ауыз емес, ауызынан әуелі,
Екі көзі сөйлейді екен адамның.

Осы болар, көксегені себебі,
Өтірікті шындық ғана жеңеді.
Көздер емес, көзден бұрын ғашықтың,
Кім екенін көкірегі көреді.

Шатастырма деп жүрмеңдер сен елді,
Таяз ғана күндейді екен тереңді.
Саусақ емес, саусағыңмен жазбайсың,
Санаңмен жаза аласың өлеңді.

Қосса деймін көрбілтелеу жол бізді,
Арман болсын ең әуелі сенде ізгі.
Тілек емес, тілегіңмен таппайсың,
Жүрегіңмен таба аласың сол қызды.

Жанымызға шырматылар ой сіңбе,
Қателіктер кезіккенмен кей ісіңде.
Ойың жетпей қалған жерге қарағым,
Бойымменен жете аламын дейсің бе?

Алдымызда талай мұрат – шақырым,
Мен де жетем, жетсе егер батылым.
Қадамыммен бара алмаған өлкеме,
Жанарыммен жүріп барам ақырын.

Сыныптастарды аңсау

Ойымыз төңіректес ғұрыптастар,
Мұң-шерді қабағынан сырып тастар.
Алыста, Алматыда жүргеннен соң,
Сендерді көп аңсаймын сыныптастар.

Жырымды баспасөзден оқырсыңдар,
Жаныма әрқашан да жақынсыңдар.
Мектепте бір партада отырушы ек,
Қазір қандай партада отырсыңдар?

Бөлінбес бөлшегіндей жүрегімнің,
Өлшенбес өлшеміндей тілегімнің.
Мектепте біткенменен сабағымыз,
Сабағы бітпейді екен мына өмірдің.

Секілді көрінесіңдер тау шыңдары,
Тірліктің тергер бізді әр сындары.
Есебінен қашушы ем мұғалімнің,
Есебі шіркін, тағы таусылмады.

Кісілерге қалада ұнадым кей,
Кейбіріне бұйырам дүр әмірдей.
Мектепте арқамыздан қағатұғын,
Арқадан қақпайды өмір мұғалімдей.

Сендерді ел ибалы қыз, текті ұлым дер,
Қай тұста жүрсеңдер де тоқ күліңдер.
Мектепті бірге оқып бітіргендер,
Бұл менің сағынышым деп біліңдер.

Адымдар

Қашыққа қадам жасар қадым дәурен,
Жұлдыздар қапталынан ағындаумен.
Өткен жыл келешекке ілеседі,
Аяғында адамның адымдаумен.

Аман ба, сәруар сәтті сағынғандар,
Боз таңға бозторғайдың әнін жалғар.
Күте тұр, болашағым бозбала үміт,
Мен де де бір айрықша адымдар бар.

Бәйге өмір бәсекесін асырды әрмен,
Тұлпардың тұяғында тасырлаумен.
Біз осы қанша мәрте қатарластық,
Адамнан адым озған ғасырлармен.

Сәби шақты сары ауыз санаға алам,
Еңбектеп босағаны жағалаған.
Өмірін де адыммен бастап алып,
Өлімге де адымдап барады адам.

Арындап көрмеп едім көптен бері,
Жалындап шалқи түсті от мендегі.
Құлау, тұру, ақыры жету екен,
Адам менен адымның жеткен жері.

Күймесінде күндердің кетті керуен,
Өткеннің өкшесінен тепкілеумен.
Мен алғы тәуліктерге сапар шегем,
Адымдар аптықпасын деп тілеумен.

Бикен әже

Адам мәңгі емес жердің тұрғыны,
Содан болар көңілде көп кірбіңі.
Сексен жастың сеңгірінен асқанда,
Бақи жаққа аттанды әжем бір күні.

Тағдыр оның таспа тілген жонынан,
Соғыс қуған байғұс әжем соңынан.
Өлең құрап отыратын әжемнен,
Өлең жазу маған солай дарыған.

Құшағына томпаң қағып енгенмін,
Таяқ жеген сәттерімде жерден мың.
Мен мектепке бармай тұрып әуелі,
Асыл әже тәрбиесін көргенмін.

Солдырмады ол көңілінің гүл бағын,
Шешті талай замананың жұмбағын.
«Онегинін» аңсайды ма кім білсін,
Онегиннің оқитұғын жырларын.

Бар ауылдың бағы еді сол әжем,
Тумысынан мейірімі мол әжем.
Ауырлыққа мойымаған нар әжем,
Әжемменен өскен менің дәрежем.

Мінездерден жұрдай еді жаттанды,
Сүйді атамды, сүйген емес мақтанды.
Бикен әжем бұл жалғаннан өтсе де,
Түйсігімнің түкпірінде сақтаулы.

Шабақтардан жөн сұрау

Қым-қуыт қала ауылдың кезіне зар ғып,
Ащынып жатқан Ащысу өзіңе бардық.
Бір топ құрдаспен өзенім суыңа түсіп,
Салқындылығын өмірдің сезіне қалдық.

Іздесең таппай қоятын шақ бұл әдемі,
Жолдар да саған жетпестен шапқылап өлді.
Кезерген кеуде мүлгіген тірлікті ысырып,
Өзен боп енді өрекпи аққым да келді.

Буырқанып бойда бұлақтай тарап қаным бір,
Етпеші дедім Жаратқан ғажапқа ділгір.
Біздегі тірлік: «Ағысқа қарсы жүзу» деп,
Судың түбінде сүңгуір шабақтарым жүр.

Үрікпеңдер менен асатын қазаным да жоқ,
Суыңнан келдім сұрауға: «Тазамын ба?» деп.
Шабақтарым-ай, бұл судың иесі өздерің,
Бекіре, шортан, тулаған сазаның да жоқ.

Қараймын кейде сендерге аянышпенен,
Аянышымды жаныма таяныш көрем.
Бұл өмір өзі ағыс қой алқынып аққан,
Жөн сілтеңдерші ағайын қай ағыспенен?

Болғаның мұнда шабағым үлкен құт дер ем,
Қанаттарыңды тұмаға сүрт ерлікпенен.
Өз перзенттерін Ащы өзен кішкене десе,
Мен онда шабақтарымды үлкен қып көрем.

Келермін қайта уақыттың кемесіменен,
Деді олар маған: «Толқынмен егесіп өлем».
Дүниедегі ірілік һәм ұсақтықтар,
Өлшенбейді ғой олардың денесіменен.

Көз салам кейде сендерге аянышпенен,
Аянышымды жаныма таяныш көрем.
Бұл өмір өзі ағыс қой алқынып аққан,
Жөн сілтеңдерші ағайын қай ағыспенен???

Сырғанақ

Түсіріп баурайына көлеңкесін,
Көрсетіп ақша бұлтқа желең төсін.
Бала кезде сырғанақ тепкен қырат,
Көтеріп тұр ма әлі зор еңсесін.

О, сонау көкжиекте билеп арай,
(Түспессің оны көрсең күйге қалай?).
Күні бойы сырғанақ тебемін де,
Кешке жақын қайтушы ем үйге қарай.

Биіктен қызыл щолған қырғидаймын,
Әйтеуір сырғанақты бір қимаймын.
Арғымақ – шанамменен өр биіктен,
Зыр қағып төмен қарай құлдилаймын.

Өстік біз ойлар емес, ойын бағып,
Ойынға есейгенше тойынбадық.
Өмір ғой сырғанақ та біреуі озып,
Біреуі кетеді екен кейін қалып.

Аяз – қыз бөрте беттен сүйіп көрді,
Қыс – атам ақ шапанын киіп келді.
Осылай үйрендім мен төмендеуді,
Осылай үйрендім мен биіктеуді.

Үйіріп төрт мезгілдің жылғалары,
Жастығымнан алысқа ырғады әрі.
Өзіммен бірге ойнаған ұл-қыздарды,
Сырғанатты уақыттың сырғанағы.

Мектепте оқи жүріп ойын қудым,
Бүгінде ойын қойған, зейінді ұлмын.
Сол кезде балалықтың асқарынан,
Сырғанап кеткенімді кейін білдім.

Қазақтың монологы

Қалмады қайтейін мен басқа амалым,
Есемді өткен күннен сұрамадым.
«Ақтабан Шұбырындыда» ақсамадым.
«Алқакөл Сұламада» сұламадым.

Жаратқан өмір бердің мың рахмет!
Жауымды жапан түзде жамыраттым.
Шыңғыстауда еңсемді шыңға тіреп,
Аңырақайда қалмақты аңыраттым.

Денем қалып кетсе де бір төбеде,
Жанқожа батыр болып жан алыстым.
Үш жүздің басын қосып Күлтөбеде,
Сағасына құйғанмын ақ Арыстың.

Дәуірдің дидарынан сырғып ағып,
Қондым мен боз ордамды өрге тіге.
Кемедей көлденеңнен мұзды жарып,
Жебедей қадалдым кеп жендетіме.

Мен өмірге жалғандым өлмеу үшін,
Мәңгілік тұрмаса да баста жалған,
Қаламымды қаныма батырып ап,
Қазақпын тарихымды тасқа жазған.

Қашықтықтарға ғашықтық

Ертеңіме ер болар деп ел сенген,
Ел сенген соң ерен бір күш еңсергем.
Менің мынау ғашықтығым ғаламға,
Қашықтықпен өлшенген.

Армандардың таңы күтіп алда сан,
Алдағы сан мезгілдерге жалғасам.
Келешекке көз жіберу бей мүмкін,
Қашықтыққа ғашық бола алмасаң.

Бұл сөзіме мейлі нанбас, нанасың,
Жалқы әлемнен іздеп жүрмін жарасым.
Жалғап тұрар бойжеткен-жыл бар менде,
Қашықтық пен ғашықтықтың арасын.

Бізді бір күн басқа ғұмыр күткенде,
Таусылады ырыс-бақыт құт менде.
Пасықтарға жол ашылар, күн туып,
Қашықтықа ғашық болу біткенде.

Ақын болып өлу

«Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның»
М.Мақатаев
Өлең жолын қусаң досым, тегінде,
Нажағайдай жырыңменен жақ шырақ.

Ақын болып келген жақсы өмірге,
Ақын болып өлген одан жақсырақ.
Түбі бәрі бейіт жақты бетке алар,
Бет сипармыз қабір нұрға толсын деп.

Өздері ұзақ өмір сүрмей кетті олар,
Өлеңімнің өмірі ұзақ болсын, - деп.
Кеңістіктен жаңғырыққан мәңгі үні,
Қала – өмірдің ашылмаған даңғылы.

Сол ақындар жазды жазар дүниені,
Ал, олардың жазылған жоқ тағдыры.
Қалар жұртың баз кешкенде зар илеп,
Сонда саған кімдер келіп бас иед.

Өлең үшін өлген қандай ғанибет!!!
Өлу үшін туған қандай қасірет!!!
Сезбейді ғой зәулім мазар сал мейлі,
Өмірде жоқ, тек көңілде бар олар.

«Тірі кезде ақын болып қал», - дейді,
«Өлгеннен соң ақын болған» ағалар.
Өлең жолын қусаң досым тегінде,
Нажағайдай жырыңменен жақ шырақ.

Ақын болып келген жақсы өмірге,
Ақын болып өлген одан жақсырақ.

Ертіске емірену

Толқыны күнмен арбасып аққан,
Өсірген мені сері өзен.
Саған келемін Алматы жақтан,
Кепкенде жырға кенезем.

Қиял тұлпармен құйғытып өтем,
Жас тұндырасың көзіме.
Бұйра толқынның бұйрығы ма екен?
Досым да кеткен өзіңе.

Тігіле қалар құлағым түнге,
Шық моншақ шерім жосылып.
Ертіс менімен жыладың бірге,
Ормандарыңмен қосылып.

Сұп-суық суын кеудеме шашаып,
Ертіс қой мені жылатқан.
Қолымнан тартып, кеудеге басып,
Семей анам кеп жұбатқан.

Семейтау маған мейірім берген,
Айтатын бізге сыр көне.
Жүрегімдегі иірімдермен,
Жыр жазып ктеме жүлгеңе.

Жұлдыздай нұрды тамызып көктен,
Әңгімеңді бір айтып бер.
Анау жылдары ағызып кеткен,
Балалығымды қайтып бер!

Майдангер атамен әңгіме

Түртпектеумен түні бойы, күндіз де,
Мың сан күдік маза бермей жүр бізге.
Ата, сіздер қанмен жазған тарихты,
Біз қаламмен қайта жазып жүрміз бе?

Тыныштық қой, арманымыз әр күндік,
Дей алмаймыз жалындарға шарпылдық.
Ата, сіздер жасап кеткен ерлікті,
Біз өлеңде жасай алмай шарқ ұрдық.

Уақыт таяу, сүрлеуімен жүргізгіз,
Қайратыңның қаһарынан нұр жүзгіз.
Ата, сіздер жеңіп келген жаулардың,
Жалауларын желбіретіп біз жүрміз.

Сізге, тағы айтар болсам бір шағым,
Жайма шуақ күйіңізді құртамын.
Ата, сіздер қорғап берген жерлерді,
Өзгелерге арнап жатыр ұрпағың.

Арнасам да батыр баба лағыл жыр,
Тауыңызды тентек ұлың шағып жүр.
Сіз ерлікпен тағып келген орденді,
Бізде көбі ерліксіз-ақ тағып жүр.

Абзал ата, маған сәл-сәл мұң шаққыз,
Көкірегіңе көктемдерден гүл таққыз.
Сіз соғыстан жұқтырдыңыз сырқатты,
Қазір біздер соғыспай-ақ сырқатпыз.

Дәл өзіңдей таба алмаспын сыйлы адам,
Кеңдігін-ай, кең далаға сыймаған.
Батырлықты «боевик» деп ұғамыз,
Сіздің кезді көргеннен соң кинодан.

Тұлпарға да мінген жалғыз аяқпен,
Аюға да хат танытқан таяқпен.
Ата, сіздер алып берген жеңісті,
Ұрпақтарың сезінбейді-ау, әй, әттең…

Болашағымның болмысы

Есігімді аштым оған себебі,
Тереземе көз де талмай төнеді.
Тірлігімнің кесіп берген тұсауын,
Сенем оған, келе жатыр, келеді.

Самал болып соғар ма екен сабаттан?
Күлкіме еніп білінер ме қабақтан.
Алыстағы арманымды арқалап,
Жолаушыдай түсер ме екен ол аттан?

Дариямен ағар мүмкін, аптығып,
Тағдырымнан туындатып тәтті үміт.
Көшпелідей көшер ме екен кеудеме,
Бұлттарды буырқантып ақтүбіт.

Жолында оның қаза тауып қанша арман,
Мүмкін ол бір өзен шығар жар жалған.
Жамалында жарық күннің нұры ойнап,,
Бойжеткен боп ұшырасар қарсы алдан.

Басыма онда қонақтамас басқа үміт,
Қиялымды күтем таудан астырып.
Тұлпар болып босағама байланар,
Тасыр-тұсыр тұяғымен тасты үгіп.

Құшағымды аштым оған себебі,
Дүниенің сол ғой маған керегі.
Мен әрдайым болашақтың болмысын,
Дәл осылай елестеткім келеді.

Табиғат теноры

1

Бұлттардың төбесінен сағым аунап,
Жөңкіліп көлеңкелер жамыраған.
Көңілім көкжиектің әнін аулап,
Күй тартып, алаңқайлар аңыраған.

Қария тау қасіреттен мүжілгендей,
Қарайды қияндарға жанар салып.
Тәкаппар теңіз жатыр жүзін бермей,
Жел арқылы жапанға хабар салып.

Монтиып момын жота көлбейді алда,
Қалғиды мәжнүн тал да қатарымен.
Өзеннің бұралаңы өрлейді алға,
Сүйісіп алтын күннің шапағымен.

Дауыл тұрса қаһарлы өрлі екпінмен,
Көлбеңдейді кедейдің қарашасы.
Сөз салып ауызыма сөйлеттірген,
Табиғаттың ғажайып тамашасы.

2

Тыныштықты қуалайды тым әрі,
Шоқ қайыңның жапырағы селдіреп.
Таңғы шықтар тал түбіне тұнады,
Құрайлайдың көздеріндей мөлдіреп.

Гүл басыпты жас денесін қыраттың,
Құзар шың тұр бұлтқа басын матырып.
Көзедегі сарқынындай шұбаттың,
Өзен жатыр ақ көбігін сапырып.

Табиғатқа шаң-тозаңын дайындап,
Керуендейді бұраң тартып жал құмдар.
Қара жердің қасиетін мойындап,
Бас изейді текесақал шалғындар.

Жел жүгіріп жазықтармен жарысты,
Сұрқай бұлттың сұқытына қарамай.
Ормандарға кеп теректермен табысты,
Жан анасын аңсап жеткен баладай.

Таңғы самал маң далаға тарап тұр,
Көкірекке көк қаршыға – ән дарып.
Күн жанарлы таң анашым қарап тұр,
Бар назарын дүниеге аударып.

Шырша

Беу, шырша ойға біткен, тауға біткен,
Сен емес сай-саладан сауға күткен.
Меңіреу дүние біздерді мезі еткенде,
Төңірегіңе қарайсың паң қалыппен.

Тас бетіне қына боп жасың кепкен,
Жасыл еткен ғұмырың асыл неткен!
Боямасыз жалғаннан бояу таппай,
Сабағыңда мүлгиді жасыл көктем.

Мен мәңгі арман іздеп күн санайын,
Жас жаным тұрақ тауып тұрса дәйім.
Бояуын күнде өзгерткен өмірдегі,
Бояуын мүлде өзгертпес шыршадайын.

Алматы

О, Армысың Алмалы қала!
Орман-ойлардан есілген өлең.
Тербелсін мәңгі төсіңде денем,
Талыңды қиған опасыздарды.

Кештеу болса да кешірмеген ең.
Таңыңда тұрып, тұнық шық көргем,
Желіңе зармын ұйытқып келген.
Алатауыңа сәжде қылайын,

Балапан-ойға биіктік берген.
Құмарға бөлеп құндақтағы әні,
Бұлақтар қолын бұлғап қалады.
Өрлігі биік өзендеріңдей,

Жүрегім менің тулап барады.
Бойың да аулақ сараңдықтардан,
Адамдар сенен адалдықты алған.
Құралған шебер шаһармысың сен,

Жақсылық пенен жамандықтардан.
Өлең оқимын есіле тұрып,
Ғашық еткенсің кешіңе тұнық,
Қызғалдақ қыздар кетіп барады,

Алмаларыңды төсіне тығып.
Қаласың ұлы, талғамы бекем,
Алматым – аппақ арманым екен.
Сая боп өтші, аялап өтші,

Ақындарыңды Алмалы мекен.

Ит туралы элегия

Үйшігімен өлшенбейтін әлемі,
Көкжалдарға келетұғын ал өңі.
Жан қаппаған қатуланса қан қапқан,
Дауылмінез төбет итім бар еді.

Жеті күшік арасынан таңдап ем,
Жеті қазына бірі ғой деп алған ем.
Азан емес, қазаныма шақырып,
«Алыпсоқ» деп ат қойған ем сонда мен.

Күннен-күнге бой өсірді, жетілді,
Секеңдеді, ойнақтады, секірді.
Адамменен дос болғысы келді ме?
Ол иттермен «дос» болмаған секілді.

Саялайтын көлеңкесін желектің,
Бітімінен байқалатын зор екпін.
Басқа иттермен шатастыра алмайсың,
Үрісі де жүрісі де бөлек тым.

Қанша қарда, қансонарда із кестік,
Түлкі соқтық, ақ боранда мұз кештік.
Уақыт шіркін дегеніне көндіріп,
Бір ауылдан бір ауылға біз көштік.

Мезгіл желі бара жатты күзді өрлеп,
Атыраптың топырағын сыз көмбек.
Күшік-күнін іздей ме екен кім білсін?
Ит ауылды сағынатын бізден көп.

Есі де оның ескі жұртқа кетті анық,
Тырналар да тыраулады топтанып.
Артып кеткен жан аптығын басуға,
Тартып кетті туған жерін бетке алып.

Симады ма мынау марғау фәниге,
Екі апта өтті оралмады ол үйге.
Күдік жайлап көкірегімді өртеді,
Далатектім келе ме, әлде келмей ме?

Оралмады ол. Сағыныштан сыр бөліп,
Өне бойды батпан-батпан мұң көміп.
Көрші ауылдың тентектері оны ұстап,
Өлтіріпті итаяқтан у беріп.

Иттік – өмір, абалай түс, мәңгі ұлы,
Қайсарлығың қалтарыста қалғыды.
Алыпсоқты алып соқпай ажалы,
Алыпсоқты алып соқты-ау тағдыры.

Бітсе-дағы ажал құшқан ит күні,
Алыпсоқ боп ұлыма жел ұйтқыды.
«Мен өлгем жоқ. ӨЛТІРЕДІ БІЗДЕРДІ,
ҚОҒАМДАҒЫ АДАМДАРДЫҢ ИТТІГІ»,- деп еді.

Бағдаршам

Тәртіппен ғана сабылсын,
Қалада ғұмыр сүргендер.
Бағдаршам саған бағынсын,
Бағдарын таппай жүргендер.

Игі жолдарды тұсама,
Тынытық үшін таң атыр.
Мен сынды «Жаяу Мұсаңа»,
Жасыл шамыңды жаға тұр.

Жол жиегімен жай басып,
Тұрармын ылғи келіп мен.
Қызыл шамыңды жаққанда,
Өтермен бір күн көлікпен.

Бағайын қала күн, айын.
Аңысын аңдып заманның.
Әзірше жүре тұрайын,
Бағдаршамы боп адамның.

Жапырақ

Сағымдарға бөккенде атырабым,
Сағынышты жаныма шақырамын.
Мен ол қыздан үзгенде күдерімді,
Ағаш та үзіп жатты жапырағын.

Айрылып торғын төсті бақ гүлінен,
Қарағайлар тозаңын қақты кілең.
Ұшырғанда жүректен мұңның әнін,
Жапырағын тал ұшырып жатты білем.

Санамызға самарқау сәт келгесін,
Қаңтарлардың күтеміз ақ кемесін.
Өн бойымды тоңдырды күздің желі,
Жапырақтың солдырды пәк денесін.

Мезгілдің меңзеуімен жыл ығысып,
Күз- жеңгеймен барамыз ұғынысып.
О, жапырақ сен ұштың мәжбүрліктен,
Менің де ұзады алыс күнім ұшып.

Амал жоқ, жасар едім саған көмек,
Жаным - дала жапырақ маған керек.
Қорқамын мен тағдырдың табанына,
Сен секілді тапталып қалам ба деп.

Жә, жарар қанатыңды өмір шыңдар,
Аспанның жанарынан төгілсін зар.
Мүрдеңді ақ ұлпа қар көме жатар,
Кемсеңдеме қыс дейтін көмушің бар.

Егіліп, жыладың ба қырға құлап?
Тауларға кемсеңіңді тыңдатып ап.
Жабырқап әр жыл сайын отырамын,
Ағаштан жамыраса мың жапырақ.

Ағзам менің - жайқалған атырабым,
Ағзамды ойлап әр күні аһ ұрамын.
Өзімді ағаш па деп ойлап қоям,
Түз желіне ұрлатқан жапырағын.

Әуелден нәп-нәзік боп түзілгенсің,
Демеймін беймезгілде күзің келсін.
Әй, қиын ағаш құрлы бола алмаймыз,
Жүрек дейтін жапырақ үзілгесін.

Аққора

Беу, дүние уақыт сондай жүрдек пе еді?
Түрленді ауылымның қыр-бөктері.
Аққорам, киелі өлкем, топырағыңда,
Өмірге кімдер келіп, кім кетпеді?

Ауылым ыстық, беткей, қолатымен,
Тірлік кешіп келеді зор атымен.
Боз төбе мен Бидайық арасында,
Төлеужан желген шығар торы атымен.

Мезгілден «есейтші» деп кім сұраған,
Кездер-ай, серуендеген, тыншымаған.
Ауылда кітап оқып жатқан шығар,
Оқушы болған кезде Тұрсын ағам.

Аққора алыстарды жақын етті,
Меймандар ауыл дәмін татып өтті.
Бір кезде асық ойнап, шыбық мінген,
Бауыржан Жақыпты үлкен ақын етті.

Өзінде жатқандайын бар мағына,
Ізгілік нұрын септі әр жанына.
Ауылым – анам сынды күре жолмен,
Шығарып салды мені арманыма.

Шықпасам биігіме бағалар кім?
Асқарын адалдықтың таба алармын.
Аққорам «ізін жалға» деп тұрғандай,
Ауылдан шыққан асыл ағалардың.

Шаку апа

Кей-кейде ауық мұңға кезек беріп,
Байқалып болмысынан өжет көрік.
Шаку апа жүретін әр қыратта,
Тынбастан қап арқалап, тезек теріп.

Егесіп Жаратқанның жаңбырымен,
Белдесіп барқыт белдің шалғынымен.
Арманын асқар тауға аттандырып,
Алагеуім жолығар таң нұрымен.

Көңілінен беймәлім күй ақтарып,
Мезгілдерден мезгілге сый ап барып.
Бәрін түгел білетін бел-белестің,
Ауылдың геологы сияқтанып.

Апаға күн сәулесі тарайтұғын,
Таппайтын тезекші апа талай тыным.
Ауылдың бар сиыры сезуші еді,
Тезегінің кәдеге жарайтынын.

Тезексіз таңы атып, кеші өтпейтін,
Ертеңін елден бұрын есептейтін.
Қартайғанда жатпай ма үйінде деп,
Оны ауыл әйелдері өсектейтін.

Жүретұғын бойынан екпін есіп,
Қиындықты жеңетін тек күресіп.
Денсаулығы сыр бере бастаған соң,
Шаку апа Семейге кетті көшіп.

Оны іздеп әлдеқайдан жел үреді,
Тезекке толды ауылдың төңірегі.
Тезек термек түгілі көбі бүгін,
Деретке шығуға да ерінеді.

Ойларға шомам кейде тұншығып мың,
Көктеуі үшін балғын бір шыбықтың.
Бәріміз де сол апа сияқтымыз,
Тезегін теріп жүрген тіршіліктің.

Сауал

Сұлулықты сүйіп тіпті,
Сұрықсызды жойғанбыз.
Неге біздер биіктікті,
Шыңға таңып қойғанбыз?

Қыстан кейін көктем дейміз,
Жаздан кейін күз дейміз.
Неге біздер мөлдірлікті,
Судан ғана іздейміз?

Кеудемізді мұң басыпты,
Жүдеу өмір қалқасында.
Талай шындық шыңға шықты,
Өтіріктің арқасында.

Жалындарды суындырды,
Жанғандардың шоқ болуы.
Ақылдыны буындырды,
Ақымақтың көп болуы.

Жолдас етіп пасықтықты,
Түсіп кеткен еңседейміз.
Неге біздер ғашықтықты,
Қашықтықпен өлшемейміз?

Неге көбі ақындықты,
Өлең жазу деп ұғады.
Қорқақтарға батырлықты,
Көрсетеді өмір әлі.

Ей, шулы қала!

Қабатты үйіңмен жерге тесілме,
Биіктік көрет сен елге.
Баспалдағыңмен өрлетесің бе?
Түсіресің бе төменге?

Базарда жүрген дүйім жұртыңның,
Базары тарқап кетпесін.
Бағаналарға үйір бұлтыңның.
Көзінде көктем көктесін.

Ауылда, шіркін әкем көңілді,
Қалада ұлы жырласа,
Сүймеймін сенің пәтерлеріңді,
Пәтерде қызым тұрмаса.

Бір жаққа бізді топтап ысырды,
Жолымды қала оңдаса.
Ұната алмаймын автобусыңды,
Баратын жерім болмаса.

Мақтана алмаймын жұртқа көпіріп,
Базына жатыр санада,
Қою сырадан ұрттап отырып,
Мұң шақсам ба екен ағама.

Мақсатты талай еңсеремін ғой,
Өзіңде тағдыр-талайым.
Алматы саған еркелеуім ғой,
Мен сүймей қайда барайын?!

Күл

Қарасаң күрсіндірер күлгін өңі,
Күйген соң пеш ішінде күлдіреді.
Күл күйін кешпеген соң тіршілікте,
Қадірін жарықтықтың кім біледі?

Адам үшін тіккендей құрбанға өзін,
Құртты оның қауқарлы қол жылдам көзін.
Аңсайды пеш қойнында күйіп жатып,
Отын боп, отқа айналмай тұрған кезін.

Ал, қазір бар ғұмыры тоқтай қалған,
Қайғырып қайран күнін жоқтайды әрман.
Қайтарып бере алмайды қатігез қол,
Жалынды жастық шағын отқа айналған.

Тумады көкейдегі буаз бақыт,
Суыта бастағандай күн аздатып.
Өшкісі келмегендей өздігінен,
Шоқтанып жатып алды біраз уақыт.

Өзінен кім аясын басқа мұны,
Тұрмайды ешкімнің де баста күні.
Тірлікке әлсін-әлсін жылу беріп,
Байғұс күл жанып-жанып өшті ақыры.

Жалынды жастық шақтай лаулай жанған,
От болып енді қашан баурайды алдан?
Қайран, күл мен де өзіңмен өзектеспін,
Адамның тағдырынан аумай қалған.

Хафиз емені

Өткен күнің ескерткіш деген бар-ды,
Ол тарихың замандас сенен де арғы.
Ес білгелі есейткен ескі ауылда,
Бүгінде ел қалмады, емен қалды.

Сан ұрпақ санасына ақыл еккен,
Заманның запыранын татып өткен.
Ауылда бой көтерген сол еменді,
Ардагер ұстазымыз Хафиз еккен.

Көп кісінің ішінде кемеліндей,
Ұстаздың өсиетін жұрт ақтады.
Елеусіз өткен шалдың еменіндей,
Тереңнен тамыр тартты ұрпақтары.

Кетпейді сал-күндердің бәрі есімнен,
Алыппын сол атаның кәдесін мен.
Атырапта мыңғыртып мал өсірмей,
Топыраққа мың бір түп тал өсірген.

Еменнің қалқасында құс та ойланар,
Жаз жайлап, ұясында қыстайды олар.
Таң қылаң берген сәтте емен шалдың,
Еңсегей еңсесіне ұқсай қалар.

Өскенше қарт еменді суарды әр күн,
Кісі де аз кәрі еменнің ұғар парқын.
Хафиз шал жер астынан еменінің,
Тамырын ұстап тұрған шығар, бәлкім...

Бозбеткей

Аспаны қарайды оған көккөзденіп,
Үстінен жамырайды көп кезбе бұлт.
Монтиып, момақансып жатырсың ба,
Бозбеткей, бозаң тартып, боп-боз болып?

Бозбеткей болмысыңмен бөлектеусің,
Сан жолдан арпалысып сен өткенсің.
Өзіңді тым тәкаппар сезерсің- ау,
Далиған дидарыңнан жел өпкесін.

Құлазып көп іздеймін кейде сені,
Көңілім күмбірлеген күй кешеді.
Туғаннан төскейіңде өскен соң ба,
Мінезім де өзіңмен үйлеседі.

Қайда екен сол бір іңкәр, арайлы шақ?
Айқасқан бауырыңда талай құшақ.
Селеуің де ағарып кеткен шығар,
Тағдырлар сырғанаған самай құсап.

Көңілден сенде жүрген кез кетпейді,
Жырлар ем, әспеттер ем сөз жетпейді.
Бозбала дәуренімді аңсағанда,
Бетке алып кетсем, шіркін бозбеткейді.

Қос көкжал

(Баллада)
Ақ боран тұтастырып көк пен жерді,
Қыс өтті, тағы міне, көктем келді.
«Шыңғыс, Машан, Сармырза, Самай жақты,

Көкбөрі дүрліктірді көптен бері».
Деп біздің көрші атамыз тебіренді,
Самайынан ыстық тер төгіледі.
Аң қуған ауылдастар әңгімесі,

Аңыздай жыр қылады бөрілерді.
Білесіздер, бұл жақтың қысы қатты,
Сондықтан аңшылардың мысы қатты.
Аңшы аға Алтыапаннан әрі асқанда,

Азулы қос арланды ұшыратты.
Ұсынса мүлт кетпейтін атқанында,
Жайратты Қараөзектің шатқалында.
Терісі қос бөрінің қанжығада,

Оралды күн ұяға батқанында.
* * *
Бұл жағдай бек көрінер тосын елге,
Көп болса көкжал қойды өсірер ме?

Мұхтардың атышулы «Көксерегі»,
Аңшыға олжаланған осы жерде.
Мінекей, бір өңірдің өмірі бұл,
Деп атамның таратты көңілі нұр.

Содан бері өтсе де дәл тоқсан жыл,
Жалғасып келеді әлі бөрі-ғұмыр.
Тағылым күттік біздер әр істерден,
Сол жылы Әуезов кеп танысты елмен.

Бірер жыл Мұсатайдың ауылында,
Шәкірт қып балаларға ол дәріс берген.
Алдыға жайып салдық көп себепті,
Санасына жұрттың нұр сепсек етті.

Бағамдап Мұхаңдайын нар жазушы,
Содан соң жазған екен «Көксеректі».
Ақиқат анығы сол бір деректің,
Шын аты «Күржік» екен Көксеректің.

Кез болған Алтыапанда екі көкжал –
Жұрнағы емес пе екен сол бір тектің?!

Басқа айна

Өзіңе өз бейнең ұнай ма?
Уақытқа сыналған өткен бір.
Мөп-мөлдір болғанмен бұл айна,
Көрсетпес жанымды мөп-мөлдір.

Көрсетпес іштегі тереңді,
Күдікті көрсетпес ойдағы.
Сыртымнан сұқтанғыш ол енді,
Бейнеме сұқтанғыш бойдағы.

Миымда сан мезгіл түнеді,
Түсінбес сол айна жанымды.
Жасырып тұрады үнемі.
Түйсікте тұтанған жалынды.

Сырт жағын көрсеткен үр жаным,
Мақсатын білдірмес бұл жүрек.
Беймаза, бос өткен жылдарым,
Жатады санамды тілгілеп.

Тіршілік етпестен нанымды,
Барымды жасырып тастай ма?
Тән емес ұғатын жанымды,
Керек боп тұр маған басқа айна.

Аңсатқан бетегелі, беткейлі өңір

Аңсатқан бетегелі, беткейлі өңір,
Жаныма керек етем от кейде бір.
Мен сенің баурайыңа барар шақта,
Гүл атып, көкірегімде көктейді өмір.

Кеңдік бер асқақ еңсе, арайлы аспан,
Шуағым тіке саған қарай қашқан.
Күйдірген көгімдегі күн-жарықтық,
Әуелі тек өзіңе қарайласқан.

Аңқылдақ, алып далам піл сауырлы,
Желіңнен үйрендім ғой мұң шағуды.
Мен мына тіршілікке тіл қатам деп,
Жапырып, жарып шықтым құрсағыңды.

Бойыма жақсылықты жиып берген,
Қол бұлғаймын мен саған биіктерден.
Туғанымнан осынау күнге дейін,
Бір жасап келем әлі сүйікті елмен.

Шаңырақ

Тас төбемде сән құрды тағы да күн,
Нықтаушысы үйімнің – шаңырағым.
Бар қазақтың панасы болған едің,
Түндігіңе түнетіп тәңір әнін.

Мейлі, бәрі ескірмес ғұрып болсын,
Керуенің мол жүгін жиып қонсын.
«Қарғыс айтса қабырғаң құласын деп,
Алғыс айтса шаңырағың биік болсын».

Деп бабалар жүзінен мұң есіле,
Жерошақтың шомылып күйесіне.
Қашан да сенім-салтты санада ұстап,
Бас иген шаңырақтың киесіне.

Қош, дейік заман жүйрік, өтті күнім,
Төменге құлдилайды тектілігім.
Абайдың алты қанат ақбоз үйі,
Алты бөлме үй болып кетті бүгін.

Өмірді айналдырған өнегеге,
Түсінбей кеттік біздер неге-неге,
Уықты айырбастап кірпіштерге,
Түндікті айналдырдық терезеге.

Мезгіл желі соғады аңырап кеп,
Сорлы жүрек өткенін сағынад көп.
Арманым бар өмірдің уығына,
Орналассам деп едім шаңырақ боп.

Анашым

Міне, мен кеңге жайдым қанатымды,
Ардақтап келем және ана тілді.
Анашым ұқсатамын шаштарыңа,
Қоп-қою күнді ысырған қара түнді.

Ауылда шыққан шығар күз беткейге,
Беткейге мен ұнатқан қыз беттей ме?
Кешегі студенттік шағыңызды,
Барамын ЖенПИ жаққа іздеп кейде.

Өмірдің қызығын да, бәрін көріп,
Мойыма, қайран ана, жаның берік.
Ұстаздық ұстыныңды көкке өрлетіп,
Жүрмісің балаларға тәлім беріп.

Алматыдай шаһарда аз болмадым,
Өзіңе көңілдегі сазды арнадым.
Көзіңе түсіп жүрген шығар бәлкім,
Газет пен журналдарға жазғандарым.

Ақтармын маған деген сеніміңді,
Көркейтіп пейіліңді, көңіліңді.
Қолыңды жылы суға батырармын,
Ауылға алып барып келініңді.

Әке

Өзіңді өмір сүрем арға балап,
Жай табам, сабырға еріп, сонда ғана-ақ.
«Мен қашан келеді» деп жүр ме екенсің,
Әкетай шұбатылған жолға қарап.

Бұлттардан саулығыңды сұрадым мен,
Жүрміз біз қапталдасып мың ағынмен.
Бір жылың өткен сайын сахи әке,
Маңдайың өрнектелді бір әжіммен.

Найзағай боп көріндің жарқылдайтын,
Дауысын жаңғырыққан жар тыңдайтын.
Алатау боп көріндің асқақтаған,
Өзен болып көріндің сарқылмайтын.

Түзу боп ұшқан түтін түндігіңнен,
Тірлікке тіл қатасың шындығыңмен.
Мың мәрте тәубе етемін бір Аллаға,
Тарағаным үшін де кіндігіңнен.

Келемін ұнармын деп сүйікті елге,
Күпісін ақындықтың киіп мен де.
Жаратқан қолдап жүрсе дәйім ұлын,
Атыңды шырқатамын биіктерге.

Ақсу – адам айнасы

«Тұнжыраған торғын түн,
Төндім сұлу суына.
Таңырқап тау-тас тамсанып,
Жымиды жұлдыз мұңыма».

Ілияс Жансүгіров
Толқыған кейде кемерден асып,
Толқын ойнатып жанарда.
Ілияс ақын өлеңге ғашық,

Тебіренді-ау талай жағаңда.
Санама бірден жайғасып алған,
Өзенге сондай жақынмын.
Адамдығының айнасы болған,

Төсінде туған ақынның.
Көзіңнен өмір көрем бүгін мен,
Жүлгеңмен уақыт сүйреттің.
Тағдырдан біткен тереңдігіңмен,

Терең болуды үйреттің.
Тосқауылдармен тоғысқан егес,
Төсіңде тоят тапқандай.
Арнаңнан сенің ағыстар емес,

Алыптар туып жатқандай.
Жартастың сірі кеудесін өбіп,
Жаныма жақтың мың алау.
Таяздар сенен бейнесін көріп,

Тереңдеп кеткен шығар-ау!!!
Мейірім жеңеді әлемді
Әділдік тайған ба тағынан,
Шаттықтар жол беріп шерлерге.

Бәрі де жеріген қағынан.
Ойлаймын мейірім өлген бе?
Қала да аяуды білмейді,
Ауылдан келген сол тұрғынды.

Иттер де шынайы үрмейді,
Таниды бұл жалған кім-кімді?
Шарпыған дерт қой бұл сан елді,
Зұлымдық толып тұр алда сан.

Мейірім жеңеді әлемді,
Білмеймін бірақ та ол қашан???

Пәтер

Өмір солай жолдаған соң,
Қайтіп, қалай бармайсың.
Өз пәтерің болмаған соң,
Тыныш ұйықтай алмайсың.

Тағдыр солай жолдаған соң,
Тағам оған аз айып.
Өз төсегің болмаған соң,
Түс көрмейсің ғажайып.

Басқа амалың қалмаған соң,
Аз ұйықтап, іш алдайсың.
Өз баспанаң болмаған соң,
Дұрыс тамақ іше алмайсың.

Баспана алу арман ғой деп,
Туысқанға бармайсың,
Өмір өзі жалған ғой деп,
Өзіңді өзің алдайсың.

Екінші бөлім: ЖАНАРДАҒЫ ЖҰМБАҚТАР

Қыз қуу

Мен осы қағидаға сеніп өтем,
Зердеме ой жуымайды жөні бөтен.
Бұрында қыз қууды ойын деппіз,
Қыз қуу ойын емес,өмір екен.

Тағдырың кейде осылай сынатса бақ,
Сертіңнен қаша алмайсың құлатса да ат.
Ер жігіт қыз соңынан қиқу салар,
Сол сұлуға жетуді мұрат санап.

Сол шақта кемпір күліп, шал сынайды,
Ар алдында апайтөс жан шыдайды.
Қызға жетсең қуаныш қарсы алады,
Ал жетпесең өкініш қамшылайды.

Кең далада жойқын бір жырды естіріп,
Келбетінен таулардың нұр көштіріп.
Ақ отауға әкешім алып қашқан,
Тұлпарына анамды мінгестіріп.

Кер күлігім тосуда таң азанын,
Жан азабын қайтейін, тән азабын?
Мен өзім де қыз қуу ойнаудамын,
Құштарлықпен құп алып дала заңын.

Мінсіз біткен бұрымдым алдан жолық,
Күн - түні көкірегімде салған жорық.
Ару болса жетерміз желе жортып,
Кейде бұлар қашады арман болып.

Бәсірелеп бәсімді қойып өтем,
Жетпесеңдер қу қыздар сойыл екен.
Қыз кейпінде соңынан жүгіртетін,
Өмір өзі қыз қуу ойыны екен.

Қолсағат

Дедің бе дүниедегі сыйлы адамым,
Ұсындың көңіліңнің қилы амалын.
Санамнан сырғыр емес сандуғаш қыз,
Қол беріп, қолсағатты сыйлағаның.

Сен десе менде қанша тағат қалды,
Тұтаттың кеудемде өшкен сан оттарды.
Есептеп жүргендейін қоңыр сағат,
Екеуміз сайран құрған сағаттарды.

Шәрбатын сезімімнің татып тым көп,
Жаныма жақындайсың жақұт-нұр боп.
Уақыттың қадірін біл, қадірлім-ау!
Білмесең, сырғып кетер уақытпын деп.

Тал бойың нәзік күйге толы шығар,
Жігітті жанарыңның оғы сынар.
Сағатымның «тық» еткен дыбысында,
Жүрегіңнің «лүп» еткен соғысы бар.

Біздерге ұсынды ғой төрін ол да,
Жердегі ғашықтардың жолын оңда.
Білегімде берік боп сағат тұрса,
Дәл солай жан-дүниеме берік орна.

Жүрегім дүрсілдесе қанша қатты,
Сырғалым сыйлай білдің сонша бақты.
Жоғалтып алам ба деп қорқам сені,
Жоғалтып алған күні қолсағатты.

Мен сүйген қызды көргенде!

Сауырына сәуле төсеген сырғалы емендер,
Тәңіри биікте тербелгіш туған өлеңдер.
Құдіреті күннің мол сіңген әр кірпіктерін,
Найзағайлардан жарқ еткен нұрға бөлеңдер.

Мен сүйген қызды көргенде!
Қызылжалқын жалын шашырап кереге тастан,
Бұлт тақиясын заңғар тау төбеге басқан.
Жасыл көктемдер жасантқан жазира жүзін,

Кемпірқосақтармен зерлесін керемет аспан.

Мен сүйген қызды көргенде!
Шуақ көтеріп Шыңғыстау бүккен ақ басын,
Абыройлы анам шаттықтың күткен аптасын.
Аққайыңтүсті реңі бар арда мойнына,

Түннің көзінен төгілген шық қонақтасын.

Мен сүйген қызды көргенде!
Шөлдесем оған шөл болам таңдай кептірткен,
Ауылы оның шақырымдар шалғай боп біткен.
Ақадал анам ең ізгі қасиетіменен,

Мен сүйген қызға бағыштап аркөйлек тіккен.

Мен сүйген қызды көргенде!
Аруыма сонда аптығым “асық” деп қалсын,
Ауылына жетсең жүрегің басып тоқтарсың.
Өлеңімді оқып өңді қыз өзгеге берші,

Өзіне өзі мың мәрте ғашық боп қалсын!!!

Пойыздағы ой

Деуменен бір келгенде көрсем оны,
Көзімде тау қозғалып, көл шөгеді.
Мендегі тебіреністің белгісіндей,
Әйнектен теңіз-дала теңселеді.

Сезімге қоя алмаймын бұғалық сап,
Барғанда кім бар маған құрақ ұшпақ?
Астана қыз секілді қарсы алатын,
Қыз секілді тұратын шығарып сап.

Төгер ме, кеудесінен мол ырысын?
Оны мендік тағдырдың жолы білсін.
Барамын Астананы көру үшін,
Немесе бір аруын өбу үшін.

Жаратқан бұл бақытты көптей көрме,
Сынық үміт сыртымнан шеттей берме.
“Жол мұраты – жету” де мұрат емес,
Өзіңнен өзге мұрат жоқ қой менде.

Аспаны айтарыңды айта кет дер,
Сол бойда солған гүлім қайта көктер.
Мауқын бір баспайсың ба маңғаз ұлдың,
Бойжеткен Есіл бұрым, Бәйтерек-бел.

Арманым аяқтанбай ақсап қалған,
Мені талай күтерсің составтардан.
Ризамын ұзақ біткен рельстерге,
Жүрегіңнің жолына бастап барған!

Кеудемнен далатыныс күйді естіріп,
Күн болып көкжиекте күйді ескі үміт.
Қайтып барам пойыздың жүрісімен,
Жүрегімнің дүрсілін үйлестіріп…

Өткінші жаңбыр

Даланың шөлін қандыр деп,
Аспаннан жауын төгілген.
Сұрадың қандай жаңбыр деп,
Өткінші жаңбыр дедім мен.

Бір діріл ойнап денеңде,
Мұңның пернесін бастың ба?
Өткінші жаңбыр төбеңде,
Өткінші өмір астыңда.

Бұлт омырауын сауғанда,
Сұрамай ешбір себебін.
Өткінші жаңбыр жауғанда,
Қолшатырыңмен бөгедің.

Тағдырлас ару тағдырды,
Мәңгілік емес деп білші.
Қолшатырыңмен жаңбырды,
Бөгемесең де өткінші.

Өзге өлкеге көшсек те,
Табиғатқа біз не істейміз?
Өткінші жаңбыр кешсек те,
Өткінші сезім кешпейміз.

Шындық бар ма деп рас, мұнда,
Езуіңді еркем жимадың.
Өткінші жаңбыр астында,
Өлмейтін мұрат сыйладың.

Төсіне түрлі гүл сіңген,
Дүние түгел тыншыды.
Жүрегіңдегі дүрсілден,
Жеңілген жаңбыр тырсылы.

Тереземізді жиі ұрып,
Өткінші жаңбыр сан жаусын.
Тамшыдай көзге жиылып,
Өткінші болмай қалғансың…

Жатақхана

Келдік біз «оқимын» деп сенімменен,
Қиялға талай шапты көңіл-дөнен.
Көшеді бастан өткен бұлттай болып,
Кезіміз бір бөлкені бөліп жеген.

Сырғиды дидарлардан күндер керім,
Үлгермеген шақтарың, үлгергенің.
Білесің бе, досым-ау жүруші едік,
Қыздарына ғашық боп бір бөлменің.

Уақыт бұл жылдар бойы жыр қылатын,
Сырыңды ұрлайды әлі сұңғыла түн.
Қалармыз ұлы өмірге жыр кірпішін,
Болармыз болашақта бір-бір ақын.

Қағарсың басқа жаққа қанатыңды,
Аударып сан тарапқа санатыңды.
Бір көрпенің астында ұмыт қалар,
Жамылып жатқан сәттер қара түнді.

Белгіңді сап мезгілдің тақтасына,
Сапарлаймыз арманға қатты асыға.
Бір күні аттанамыз вахтамыздан,
Кен іздеп келешектің шахтасына.

Дейміз-ау, қу қыздарға құштар шақты-ай,
Жаратқан теріс кеткен тұстан сақта-ай.
Ертең өмір қинайды-ау, күш көрсетіп,
Первашқа күш көрсеткен старшактай.

Атақты іздеп барсам шатақ табам,
Керек болса келеді атақ маған,
Деп мақтантып қоятын қайран ұям,
Сенен де кетіп барам жатақханам!

Ерін

Шаттанғым – ақ кеп тұрғаны,
Лапылдаған отқа айналдым.
Ерініңнен өптім-дағы,
Өз – өзімді таппай қалдым.

Болмысыңды ұғынғандай,
Тек бір маған сенші-дедім.
Ерніңнен шырын балдай,
Ерніме енші бердің.

Көңілім саған құлшынар ма?
Көкірегімді басты ма елес.
Ерініңіз құлпынай ма?
Тәтті де емес, ащы да емес.

Жігерімді ұйытты үміт.
Еңсемді әрі биіктеттің.
Өзіңді мен сүйіп тұрып,
Өмірді де сүйіп кеттім.

Махаббатты қиын дер ем.
Ақ жолыңда өлсем мейлі.
Бірақ, сені сүю деген.
Сүйісумен өлшенбейді.

Қарашық

Пейілдің содан өзге жоқ тілеуі,
Көрген бетте көзіммен өптім оны.
Қиылғанда құйылған санама нұр,
Ол жанар отты еді, өткір еді...

Түкпіріндей тұңғандай дара сыры,
Әлемнің сонда дерсің бар асылы.
Жанары жанарыма жалын тасып,
«Қарашы» деп тұрғандай қарашығы.

Сәулесін себезгілеп жан жағына,
Іңкәрлікпен қарады таңға бұла.
Қап қара қойнауына шақырады,
Сыйдырып әсемдікті аумағына.

Сол түні дариядайын ой кешкім кеп,
Қоп қою қарашықпен сөйлестім көп.
Шарасына байланған шер- шеменін,
Тарқатты мейлі сенер, сенбессің деп.

Тағдырдан қарша борап сынақ тіптен,
Бір көзден жылытар деп шырақ күткем.
Жылатып кеткен мені еркек- ғұмыр,
Мен жассыз қарашықпын жылап біткен.

Түбіне көз айнаның үңілдіріп,
Сығалайды тұңғиық түбінде үміт.
Бір түнінде тағы өмір талап кеткен,
Кірпігінде өксиді құлын қылық.

Махаббатым едің ғой күткен асқақ,
Жастығына көзіңді сүртпе жастап.
Қай жаққа қарай қалдың қарашығым,
Жоғалған жүрегіме нүкте тастап.

Салынбаған сурет

Жабырқатса жалқы мұң жаным жүдеп,
Шыдам іздеп сыңсытар әнін жүрек.
«Сүйгенімнің суретін салып бер»-деп,
Бір жігіт суретшіге жалынды кеп.

«Онда маған мойныңды бұр қарағым,
Сырғалы қыздары көп бұл қаланың».
Сұлулықтан сыр тартып суретші отыр,
Әрлі берлі теңселтіп қылқаламын.

«Пай-пай шіркін, сүйгенің тым бейнелі,
Тылсым жаққа шақырып үндей ме өңі.
Бұрымында бұйығып ғұмыр жатыр,
Келбетін кестелеп тұр гүл көйлегі.

Жанары жүзіндей ме, ақ алмастың,
О, махаббат, сыздаған жарамды аштың.
Суретші аға бірауық ойға сүңгіп,
Деді, мен бұл суретті сала алмаспын.

Таңдады екен өзі бір жолды қандай?
Салмаған ба суретін өңнің ондай.
Бозбала келген ізбен кері қайтты,
Сан мәрте өтінсе де көндіре алмай.

Құдіретке айыбын тағар ма адам?
Сауал тастап әрбір көз қарар маған.
Кінәлі салынбаған сурет пе екен,
Жоқ, әлде суретші ме сала алмаған?

Артыңда жасырынған шымылдықтың,
Суретшінің кешірек сырын ұқтым.
Келбеттердің кескінін келтірсе де,
Суретін сала алмапты-ау сұлулықтың.

Таңында талықсырап ой арманның,
Суреткерін сағынып оянғанмын.
Әлі де біз көрмеген суреттер мен,
Әлі де біз көрмеген бояулардың.

Өң мен түс

Өңімде қосылмай қалып,
Түсімде қосылам оған.
Өң мен түс арасында жүр,
Қардидар осынау адам.

Өңімде айта алмағанды,
Түсімде айтамын оғай.
Сол ару теңіз- жанымның,
Тереңін шайқады қалай?

Өңімде көрінер мұңды,
Түсімде болмашы күлген.
Парасат патшалығы боп,
Кеудеме орнашы бірден.

Өңімде қоштасу қиын,
Түсімде қоштаса берем.
Дүрбелең дүниені онсыз,
Мен мүлде басқаша көрем.

Өңімде бармаған белес,
Түсімде бағынды бізге.
Қиырдан алдаған елес,
Жалғады жанымды күзге.

Жүрекке жүрмеген әмір,
Түс көрсем жүреді неге?
Түсініп мендегі халді,
Күрсініп түн егіле ме?

Бозкөйлек бойжеткен әні,
Жанарға байланып өтсе.
Кешегі түстердің бәрі,
Өңіме айналып кетсе.

Түн іші
Жайсыз түс көрсең.
Ешкім де демейді жаман.
Түстегі жаманшылықты,

Жақсыға жориды анам.
Қайтемін қиырға кетсең,
Сені аңсар өлі түн анық.
Болмасты болатын етсем,

Анама жорытып алып.

Жалғыз тал

Қосылмайтын адамдайын қатарға,
Жалғыз талым иен далада жалқы өскен.
Жетімдігін сездірместен жапанда,
Мұңдасатын әрбір таңмен, әр кешпен.

Төрт мезгіл де жасамайтын жалған өң,
Бастан күндер өткергендей не түрлі?
Өмірдегі жалғыздық та Алла мен,
Сол бір талға жарасатын секілді.

Жалғыз талдың ести ме екен өксігін,
Жағдайына таға алады кім айып?
Құшақтасып қыз бен жігіт кешқұрым,
Тұратұғын тал қасында мұңайып.

Еңсе тіктеп, еңкеймейтін өмірі ол.
Ертеректе тал көрікті, асқақ-ты,
Жапырақты киімдерін долы жел,
Тыр-жалаңаш шешіндіріп тастапты.

Жел тоқтаса ол да тына қалады,
Тыныштыққа жаны үйреніп алғандай.
Жаңбыр жауса тал да жылап алады.
Тағдыр оған ауыр салмақ салғандай.

Егіледі сол баяғы мекенде,
Еліте алмай жел ойнаған күйге түк.
Жалығыз тал тұр жанындағы екеуге,
Жалғыз қалмау керектігін үйретіп.

Сағындырдың, сағындырмадың...

Өлең тулаған осынау қасық қанымда,
Жақтырмаймын беймезгіл тасып-толуды.
Үйреттің де өзіңе ғашық болуға,
Үйретпедің өзгеге ғашық болуды.

Аққанат құстай ұшырып лебіз көңілден,
Жан дүниеме бір ләззат керек дермісің?
Сүйгіздірдің де уыздай сезімдеріңмен,
Сүйгіздірмедің басқаның ерек болмысын.

Күндер зуылдап парағын ретпен қаққанда,
Аңсатады екен алыстан бауыр да неткен!
Сағындырдың да ауылыңа кеткен шақтарда,
Сағындырмадың біреуді ауылған кеткен.

Нұрлы дидардан бір жанның мұратын көрем,
Деміңнен маған шұғыла тарайды керім!
Өртеп кеттің де алаулы қуатыңмен,
Өртеп кетпедің өзгенің арайлы өңін.

Жолаушы емен сен жаққа жолдан бұрылған,
Сәулесін шашып тұр бүгін айдай арманым.
Мен саған ғана байлаулы болғандығымнан,
Бір ерке қызға бағымды байлай алмадым!

Анар

Тақсам ба екен мойныңа дала шығын,
Дейсің бірақ, даланың баласымын.
Жанарыңнан жатырқап мына менің,
Анарыңа қадалған қарашығым.

Ірікілетін сан ойым ішімдегі,
Кеудеңдегі бұлқынған күшің бе еді?
Сол анарың сонау бір Семейдегі,
«Қыземшек» тауын еске түсіргені…

Анар деп басталатын асыл атың,
Көкірегіңе самал жел асылатын.
Шархатпен көмкерілген шағи көйлек,
Төсіңдегі дөңесті жасыратын.

Қою шашың өрнекпен өрілетін,
Арқаңа толқындана төгілетін.
Әйелдік қасиетің мен бар болмысың,
Анарыңда жатқандай көрінетін

Қымтап қойсаң денеңе қуатыңды,
Еркек көзін басқаға бұратын-ды.
Жолыққанда өзіңмен еріңдерім,
Атыңды жүз қайталап тұратын-ды.

Төсегіңнен тұрғанда ертеменен,
Төсіңе күн телміріп ентелеген.
Сен де әлі қойныңа құлатарсың,
Өмірге әкелгенде тентек өрен.

Бөбегің қойныңнан бал жұтар керім,
Бебеулетіп бойыңнан құт әндерін.
Бар әлемді тербетіп отырарсың,
Анарыңнан аңқытып жұпар лебін.

Содан соң ұйқысырап көз ілерсің,
Мейірімнің шуағына көмілерсің.
Анардың шын бағасын ей, адамзат!
Анаңның құшағында сезінерсің.

Жетпеген арманым

Қыпша бел бұралады талдай болып,
Өлеңіме тұрады маңдай беріп,
Аумақты жанарынан ая көрем,
Бойына қона салған қандай көрік?

Алмаймыз алдымызда гүл жатса да,
Жүреміз қолтықтасып бір бақшада.
Мен оны тек қуантып жүрермін-ау,
Ашпайды ол есігін кеп мұң қақса да.

Таңымда көзіме оттай басылса шық,
Жатады аруыма күн шашу шашып,
Махаббаттың ең ізгі кейіпкері,
Құлайды көкірегіме басын басып.

Қашан да бұл дәуреннің өрті басым,
Секілді сол бір ару жеңсік асым.
Арманға жетпей жүрмін деген едім,
Жетпей жүрген арманым сен шығарсың.

Менің драмам

Қарындас шақырам кел бермен,
Жүріңіз көрейік драма.
Өзіңді табасың сол жерден,
Айтпаймын өзгесін сұрама.

Жоқ деме, қуаныш, шаттығы,
Неліктен туынды мұңдылау.
Өзге адам болғанмен авторы,
Өмірімнен алынған құрбым-ау!

Өзіңмен келер ме сай тұлғам,
Дей алман алмастай өткірмін.
Актердің аузымен айтылған,
Ол менің сөздерім деп білгін.

Болсақ ше мәңгіге бірге біз,
Демегін жігітім айныды ой.
Комедия боп жатыр күлмеңіз,
Күлмеңіз күлкі де қайғы ғой.

Көңіліңіз маған бұл күмәнді,
Сезімде болдық па бөтен біз?
Режиссер шешімін шығарды,
Сіз қашан шығарар екенсіз.

Айтпаймын өзгесін сұрама,
Өзіңді табасың сол жерден.
Жүріңіз көрейік драма,
Қарындас шақырам, кел бермен.

Құлазу

Жылғалар жолын тапты сан адасып,
Толқындар арнасынан барады асып.
Тау да өзенге төнеді, еміреніп,
Арасында қалса да ара-қашық.

Бұрын біз де осылай асығушы ек,
Бірімізге біріміз бала-ғашық.
Өкінішті. Біз қалдық табыса алмай,
Өткелінде тағдырдың тоғыса алмай.

Жүректерде маздаған, алаулаған,
Сезімдердің бейне бір шоғы ұшардай.
Сол баяғы қалыпта біз өбіскен,
Ақ қайың тұр иіліп болысардай.

Кіретінбіз қаптаған тораңғылға,
Біз жоқта өзгелер де оралды ма?
Мен сенген махаббаттың соңғы үміті,
Санаңның сүрлеуінде жоғалды ма?

Екеуміздің кейіпке ене қалды,
Ағаштар жапырағынан тоналды да.
Дейтінсің, «романтиксің, татымды ұлсың»,
Сол кеште келгейсің деп шақырдым шын.

Қазір алыс жүргенмен дегдар бейнем,
Бәрібір көңіліме жақын жүрсің.

Қайшылық

Жайраң қағар сәттері бар мұңның да,
Жәудіркөзім жалған емес, тоқ күлсең.
Бір әкенің қызы болып тудың да,
Бір ақынның өлеңі боп кеттің сен.

Серуендесек екеумізді қимай бақ,
Мұңға батып кетуші едің әз үндім.
Бір сорлының маңдайына сыймай қап,
Бір бақтының маңдайына жазылдың.

Тағдыр солай заманыңды жазғырма,
Кемдік етсем, кермиығым кешіргін.
Бір жүрекке есіміңді жаздың да,
Бір жүректен есіміңді өшірдің.

Көшесімен жүрсең-дағы қаланың,
Көңілімді өміріңе жол қылдың.
Бір жанардың тұтаттың да алауын,
Бір жанардың қоламтасын сөндірдің.

Болмысына еніп кеткем тек күздің.
Көкейімді жегідейін кемірді ой.
Өкпе айтуға қақымыз да жоқ біздің,
Қайшылықтан құралатын өмір ғой.

Емтихан

Жүректі сонда сөйлеткем,
Шыға алу үшін талаптан.
Емтихан алды бойжеткен,
Махаббат дейтін сабақтан.

Кетірмей естен бұл шақты,
Сәттерді сонау санадым.
Оқытқан да жоқ кітапты,
Оқыдым оның жанарын.

Жатқандай нақты сонда мән,
Құрақтай балғын желкілдеп.
Бір сынақ берді ол маған,
Сүюге мысал келтір деп.

Санаға жетпей жаңа ақпар,
Бұл сауал аздап тұсады.
Сауалға жалғыз жауап бар,
Өзіңіз дедім мысалы.

Сынағым берді жемісін,
Керемет болды ой, неткен!
Үнсіздік деген – келісім,
Енді үнсіз қалды бойжеткен.

Алаулап кетті от денем.
Түсінбес жайды өзге ешкім,
Тағдыр жолында көптеген,
Емтихандарға кездестім.

Қуанам өте сол үшін,
Бастадым ердің оң ісін.
Бұл менің – алғаш жемісім,
Бұл менің соңғы жеңісім.

Сақина

Желкілдегенқыз едің, желік қуған,
Жаныңа сұлулықты серік қылған.
Сезім атты есікті серпіп ашып,
Алдыңа жігіт-өмір келіп тұрған.

Күлімдеп күн төгетін шұғыла, нұр.
Жан бүршігі гүлдейтін жылына бір.
Мендегі сол жылдардың шуағына,
Қаргөзім, кел-дағы жылына жүр.

Бір болдық сезім әнін таңға астырып,
Махаббат құжатына мөр бастырып.
Реңіңде байқалып алғаш қылық,
Жүрегімде тұтанды алғашқы үміт.

Көздеріңмен кетуші ең шолып көкті,
Еркелік те өзіңе еліктепті.
Алақанға қондырсам деген едім,
Тоғыспайтын тағдырлар бөліп кетті.

Орнына түспесе де ойым әрең,
Қажыр берді қасиетті бойыма өлең.
Бір көріп гүл беруге бала ғашық,
Барып ем некелесу тойыңа мен.

Шек қойып бойжеткеннің бал шағына,
Жігітің бойдақтықтан шаршады ма?
Бақиға дейін бірге болайық деп,
Сақина салды сүйрік саусағыңа.

Жігіт ек тұлпардан да алған ноқта,
Жаншылып табанымыз қалды-ау шоққа.
Саусағыңа сақина салған жігіт,
Сау басыңа сақина салған жоқ па?

Алдардың айласындай алда ма үміт?
Бара ма бар жігерің талдай сынып.
Әй, қыздар, қыз күніңді қызықтап қал,
Саусағыңа сақина салмай тұрып.

Үшін

Еске алма өткен күндерді,
Жаңа өмір өткеру үшін.
Мен саған беттегім келді,
Сен менен кетпеуіңүшін.

Келмейді көлемге сыйғым,
Ойымды билеуім үшін.
Мен сені өлердей сүйдім,
Сені ешкім сүймеуі үшін.

Мұң сұрап алайын күзден,
Күйіңді ұғыну үшін.
Тоңуды үйрендім түзден,
Саған кеп жылыну үшін.

Аялар көзіңді көзім,
Мөлдір жас төгілмеу үшін.
Жеңемін өзімді өзім,
Өзгеден жеңілмеу үшін.

Батпан мұң басса да көнем,
Өрімтал өмірімбісің?
Сенбеймін басқаға сенен,
Тек саған сенуім үшін.

Батырдым тереңге сені,
Таязды кешпеуің үшін.
Көшірдім өлеңге сені,
Кеудемнен өшпеуің үшін.

Тірі өлік

Көрсе-дағы көрмейді ол,
Бар жатып бармайды.
Осы тоқтам жөн дейді ол,
Әйтпесе өзін алдайды.

Сүймейді оны, сүйген бұрын,
Өпкен қазір өппейді.
Еске алмайды тиген күнін,
Өмірде оны жоқ дейді.

Жасап еді мол құрметті,
Аяулы жоқ сол түннен.
Өмірде оны өлтірмепті,
Тек көңілде өлтірген.

Сол қыз шықса көлденеңнен,
Қайсар жігіт қашып өт.
Өмірде сен өлмегенмен,
Сезімде өлу қасірет.

Бола алмапты ол сенімге адал,
Жүр тағдырдан мұң еміп.
Мынау қараң өмірде бар,
Көңілде жоқ тірі өлік.

Мінездердің музейі

Әлденені қиялдайды,
Ол еңбекке жарлырақ.
Көбінесе ұялмайды,
Ұяты да бар бірақ.

Кейде мені кінәлайды,
Сынар кезде сынайды.
Шайпаулығы ұнамайды,
Аңқаулығы ұнайды.

Шыдамсыздау жүрегі де,
Ауырлыққа шыдайды.
Жылағансып күледі де,
Күліп тұрып жылайды.

Ұйқы оны арбаса да,
Тұрады ғой ол ерте.
Еркетотай болмаса да,
Онан асқан жоқ ерке.

Ұзын шашын күзеді көп,
Өсеріне сенеді,
Мінездердің музейі деп,
Атап кеттім мен оны.

Мән

Шығамыз жаз қойнына қыс бұққанда,
Сәруар көңіл сәулешті құштық қарда,
Досым сен дүниені ыстық дейсің,
Қалқатайдың қойнынан ыстық бар ма?

Сен менен сұра қалқам, жуықтарда,
Білесің бұл өмірді шын ұққанда.
Досым –ау, табиғатты суық дейсің,
Көңілдер суынғаннан суық бар ма?

Ал, енді көңіліңнен наз ақтарма?
Сырымды тыңдап қалғын аз-ақ таңда.
Бір жылдай ойлап жүріп жазғаныңды ел,
Бір жолын білмегеннен азап бар ма?

Қашамын масаттану, мақтанудан,
Сыйлықты жек көремін жатқа бұрған.
Ләззат жоқ, сәулесі мол көкіректің,
Ең терең түкпіріне сақталудан.

Вальс биі

Сездіретін жан ыстығын,
Бұл орайдан қалысты кім?
Ұнатпаймын бишілерді,
Ұнатамын вальс биін.

Қыз төсіңе төс тірейді,
Алма мүлде еске үрейді.
Көздеріңді жұмған сәтте,
Кірпігіңе кеш түнейді.

Кетпесе екен сенім алдай,
Қыз көңілін жеңіп алмай.
Сүйріктейін саусақ қандай,
Бұраң қаққан белі қандай?

Жанарыңа сый боп кіріп,
Ару ғажап күйде қалар.
Құшағыңда билеп тұрып,
Жан-дүниеңді билеп алар.

Жолығыстым абайламай,
Қызығына бұл ғаламның.
Жүректердің талай-талай,
Лүпілдерін тыңдағанмын.

Қалай биді тәмамдармын,
Айтшы Алаштың қаракөзі.
Әлі бидің сан алуанын,
Үйретеді заман өзі.

Солайша еңсеңді биік етесің

Солайша еңсеңді биік етесің,
Сүймейсің, сыртымнан сүйіп өтесің.
Жанардың жасынын ойнатасың да,
Жүректің соғысын жиілетесің.

Жұлдызың жоғары айқабақ керім,
Есімде сезімді шайқап өткенің.
Көресің, кетесің көрмеген болып,
Бұрында сен мені байқамап па едің?!

Мен жоқта жалғаннан тарыққандайсың,
Жаныма сәулеңді төгіп болмайсың.
Бір жолдан ертерек жолаушы болып,
Сен маған бұрын да жолыққандайсың.

Өзгелер құшағын жаяр ма маған.
Тағы да көріндің таяуда маған.
Кінәлап келемін әр күн өткелі.
Өткінші-сезімді аялдамаған.

Кепкен бір көңілдің кенезесі ме ең?
Бітпейді қарғашым өлең осымен.
Үйіңнің маңынан өткен кезімде,
Қарай қал зердеңнің терезесінен.

Алтыбақан тепкенде

Алған уақытта көктемнен от дене желік,
Көктеммен бірге көркем қыз көктеген едік.
Шоқ төге бастағаныңда сәуір-кеудеме,
Көктөбе жаққа желпініп беттеген едік.

Ол кезде бізге Алатау еміреніп тұрған,
(Сені көріп тұрған көк аспан мені көріп тұрған).
Самарқау келіп салқындау самал өпкенде,
Қарағай біткен қапталда тебіреніп тұрған.

Екеуміз ғана қалғандай жалқы жапанда,
Жел соға кетіп жүзіңді қалтыратар ма?
Жоңышқа басқан жолменен қол ұстасып ап,
Содан соң бірге барғанбыз Алтыбақанға.

Бұл сапарымыз ұласып оң ниеттермен,
Теңесіп кетіп едік қой көкжиектермен.
Шайқалып барып қырғидай құлдилағанда,
Жігіт жоқ шығар көзіңнен мендей от көрген.

Әлпетімізді сағымға сабалатыппыз,
Тіксініп ғашықтарыңа қарама тік құз.
Ақсары ару екеуміз биікке емес,
Арман көгіне әуелеп бара жатыппыз...

Күншығыс жақтан аппақ таң шалқып атарда,
Жалғыз қалғандай сезінсең жалқы жапанда.
Мына адамдарға биіктен бір қарап қайтқын,
Тағы бір күні барайық Алтыбақанға.

Әлгі қыздың әуресі

Таныстырып жүрмін дәйім оны елге,
Сол секілді болмысымның байтағы.
Жылытсын деп жаурап тұрмын дегенде,
«Жылы киім киіп ал»,- деп айтады.

Сылқым – талдар бізге қарап айтады ән.
Қашар кезде қара түннен күн жырақ.
Қамқорымдай сол аруға қайтадан.
Тұмауратып тұрмын деймін тұнжырап.

Осындайда қыз шіркінде тапшы ма ой?
Солай десе жігіт қалай күштейді?
«Тұмауыңды жұқтыр» десе жақсы ғой,
«Аптекадан дәрі алып іш»,- дейді.

Қырсықтыққа ұласады әр ісі,
Бірақ, оған бұйрық, әмір жүрмейді.
«Тұмауратқан» көңілімнің дәрісі,
Өзі екенін біле тұра білмейді.

Күншырайлы болар-болмас күлгенде,
Сыланумен өтер ме екен әр кеші?
Маған ылғи маза бермей жүрген де,
Әнтек күлген әлгі қыздың әуресі.

Этюд

Аспанның төсінде тебіскен арай,
Бұлттардан нұр атылып.
Қойлардың соңынан өріске қарай,
Қою шаң шұбатылып.

Үр сұлу шықты үйден нұрлана қарап,
Бұрымын күнге сүйгізіп.
Табиғат қанығар сырға ғаламат,
Әжесі жүрмесін біліп.

Көл бетін шиырлап жүзеді аққу,
Тазалық тамшысын ішіп.
Қойшының көңілі шырқайды гәкку,
Қолынан қамшысы түсіп.

Жігіт те келеді уәделі жерге,
Қойнында қуаныш әні.
Ару қыз шығады мәуелі белге,
Гүл толы бұла құшағы.

Шал салып айғайға ұлын іздейді,
Қыздарға бір бармағандай,
Кемпір де үздігіп қызын іздейді,
Өзі де қыз болмағандай.

«Бір болсын өмірде жұлдызымыз»-деп,
Қос ғашық сырласып тұр міне.
Шал менен кемпір де ұл-қызын іздеп,
Достасып алады бір күні.

Балмұздақ қыз

Бөлмеңде отырсың ба жалғыз-жарым,
Ешқашан көңіліңе қонғызба мұң.
Сен қазір ерігішсің, суықтаусың,
Бірақ та, тәп-тәттісің балмұздағым.

Бір ұстаздың жүзінен шуақ алдың,
Көзіне түстің бәлкім бір ағаңның.
Аулақтағы анаңды сағындың да,
Әкеңді ойлап тағы да жылап алдың.

Осылай арманыңнан әрі асасың,
Сабаққа таңмен тұрып таласасың.
Дәрісің болатын жер таппай қалып,
Алматыда сен талай адасасың.

Балмұздақ көңіліңнің сиқы қашты-ау,
Бойыңды бір ай болды күйкі басты-ау.
Курс сайын боларсың еріншектеу,
Курс сайын боларсың ұйқыбастау.

Сөйтіп сен курсқа өсіп, жай табарсың,
Жел тербеген теректей шайқаларсың.
Өзіңе біреу айтқан осы сөзді,
Өзіңнен кейінгіге қайталарсың.

Қоңыр қыз

Қоңыр күзде туған қыз, қоңыр күзде,
Қоңыр мінез жазыпты-ау, тәңір сізге.
Қоңыраулы бақтардан әніңді ізде,
Қоңыр төбе басынан сәніңді ізде.

Қоңыр күзге қоңыр қыз табынар ең,
Табынар ең таңырқап мағынамен.
Көкейімде мөлдіреп тұнып қалды,
Қоңыр кеште шырқаған қоңыр әуен.

Күз секілді іңірге ілбіп келдің,
Кірпігіңнен сезілді-ау сыр бүккенің.
Қыр жамылған қураған жапырақтай,
Мұң жамылған қаракөз мұңлық па едің?

Қобыз-жүрек тербеген көңіл нала,
Қоғажайда тосқандай қоңыр бала.
Қоңыр ару мен сені есіме алам,
Қоңырауын қаққанда қоңыр дала.

Көремін жүзіңді

Мүлгіген мимырт бір ормандардан да,
Ішіне сыр бүккен қорғандардан да,
Жүзеге аспаған армандардан да,
Көремін жайдарлы жүзіңді.

Соқпаған, соғатын дауылдардан да,
Жаумаған, жауатын жауындардан да,
Аулақта билеген сағымдардан да,
Көремін жайдарлы жүзіңді.

Көзіміз жетпеген тереңдерден де,
Еңсесін тіктеген емендерден де.
Жазылмас, жазылар өлеңдерден де,
Көремін жайдарлы жүзіңді.

Ізгілік біткеннің жамалынан да,
Өсімдік біткеннің сабағынан да.
Қатулы жандардың қабағынан да,
Көремін жайдарлы жүзіңді.

Ұзаққа көсілген дастандардан да,
Аяғым талатын асқарлардан да,
Ағысы бөлекше басқа арнадан да,
Көремін жайдарлы жүзіңді.

Жанымның жазылмас дерті едің,
Өзекті өртеген өрт едің.
Көремін әлемнің жүзінен.
Ертеңім!

Іңкәрлік

Сәбиден бетер қылығың,
Бұрыннан таныс бұрымың.
Мен иіскемеген мойныңды,
Жел иіскеп кетті-ау сұлуым.

Дәрменсіздік пе қаруым?
Санаңның сезбей жарығын.
Бір сүйе алмаған ерніңді,
Күн сүйіп кетті-ау аруым.

Сәуле боп бетке тарадың,
Былғамай өтші жан арын.
Мен сипамаған шашыңды,
Түн сипап кетті-ау қарағым.

Жыл жылжыса да ай кейін,
Табады сені мәрт ойым.
Мен таға алмаған алқаны,
Ай келіп тақты қайтейін.

Көбелек көңіл ұшып жүр,
Сырыңды соған түсіндір.
Мен құша алмаған кеудеңді,
Керімсал самал құшып жүр.

Өзіндік өрнек, үлгіңмен,
Жүресің бе екен кім білген.
Сөзіңнен ұқпағанымды,
Көзіңнен ұғып тұрмын мен!!!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙