Ақан-Зайра. I нұсқа
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
Ақындар, әншілер өмірінен алып жазылған алты суретті күйлі пьеса
Адамдары
А қ а н – ақын, сері, әнші.
З а й р а – Керей ішіндегі азырақ рудың байлау бір жерінің қызы. Мұсылманша жақсы оқыған, қиссашыл.
Ш а й м а р д а н — қыз ағасы. Зайраның иесі де сол.
Б і р ж а н, Ш о л а қ – ақын, әншілер. Біржан кәрі ақын.
Ы б ы р а й өзгелері бір құрбылас жастар.
Нұржан кітапшыл, молда сөзді.
Ш е р и – Торсан байдың саудагер баласы.
Т о р с а н — қырда саудасы мол жүрген, тұрмысы қала-шалау, саудагер бай.
А қ л и м а — Шеридің үлкен қатыны.
Айша— Шеридің қарындасы, қалаға аралас. Азын-аулақ орысша біледі.
Б ә к е н —Торсанның кіші баласы. Әке ығындағы үндемес бала.
Т ө р е — Абылай тұқымы, орысша әпесерлеу. Ояз тілмашы.
О я з — Торсан, Шери тамыры.
Қ у л а р — Торсан аулының әртүрлі кем-кетігін мазақ етіп, бай аулын күлдіріп жүретін қулары. Сақау, қыли, сыбызғышы, бәйітші...
Б о т п а й – Торсанның әрі туысы, әрі ақылшысы.
Д о с м ұ х а м б е т — Торсан балаларының ақыны. Шарғи кітапшыл.
А л т ы н а й — Зайраның шешесі.
Бәйбішелер, бөгде адамдар, қыз-қатын, нөкер жігіттер, бәйге атқа шапқан балалар.
Бірінші сурет
Айлы түн. Көп ауыл арасы. Әр жерде, алыстан шашырай жанған оттар елестейді. Бүкіл сурет бойында бір жердегі от сөніп, екінші жерден басқа оттар жылт-жылт етіп тұрады. Жайлау түні. Алыста көл тұнжырайды. Аздап шашыраған жас тоғайлар қарауытады. Жан-жақтан күзетші айтақтары, жылқышы айғайы, күзеттегі қыз-қатын әндері естіліп қалып тұрады... Бәрі де алыстан келген сораңдап, талмаурап жеткен дыбыстар. Бәрінде де арман сазының белгісі, ұйқылы-ояу күй бар сияқты. Осындай түн тынысының ортасында көп жастың асыр салған ойын-күлкісі біліне қалады. Желікті күлкі, шұбар топ: әні, әзіл-күлкісі араласқан күйде сахнаға жақындап келе жатады. Аздан соң алды жүгіре, ойнай келіп көрініске шығады. Топ ортасында Зайра. Қасында қыз-келіншек, араларында домбыралы ақындар, сал жігіттер. Бұл топта Нұржан, Ыбырай, Шолақ бар. Бұлардан оқшауырақ екі домбыраның үнін қосып, Ақан мен Біржан шығады.
К Ө Р І Н І С
З а й р а. Ақан қайда? Қайда жүр Ақан? Ойың не қызбайды осы?!
Қ ы з д а p. Бәсе, Ақан, Ақан келсе екен.
З а й р а. Думан тобы әнші-ақын. Қызық құмарту қызсын. Келіңдерші, бір сергіп шаттанайық... Ш о л а қ (Біржандарға). Мен білсем, Біржан аға, сендер қызбай ойын қызбайды.
З а й р а. Біржан аға, сіз шау боп қалғансыз ба, немене?
Д а у ы с т а p. Ақан, Ақан, Ақан келеді.
Б і р ж а н. Е, Ақан келсе көңілді ойын, көрікті жыр келеді.
З а й р а. Ақан кешігіп келді, ойын бұзар аламыз.
А қ а н. Жазалағың келсе кінәламай жазаласаң да құлақ қақпаспын, Зайражан. Қ ы з д а р. Ойын бұзарына ойын бастар айтқызайық... Жарастықты, көңілді ойынды Біржан әнмен бастасын. Ақан ән салсын... Ақан ән салсын...
А қ а н. Шын ба, не бұйырасың, Зайражан?
З а й р а. Түн неткен рақат, қиял түні еді. Мына сұрғылт жүзді ай жігіт кіміне табысқалы жасырына түн қатып, асығып барады. Есіңді онайтын түн, бірақ бекем бол. А қ а н. Айлы түн ғана емес, саялы түн, қалғыған сай, мұңлы дөңдер біздің ән-сауықпен тыныс алсын... Басталсын Зайра жайлауының сырлы түні. Жалғыз жортқан ай, менің мұңдасым, өзіме тілегендей оған да оң сапарын тілеймін. Жалғызға жалғыз дем берсін. Ол менің сүйенішім еді. Оны ұққаның мені де ұққаның болсын, Зайражан. (Жұрт көтеріп қуаныш қошамет етеді.)
З а й р а. Бір желікті ойын бастау сізге міндет болса қайтеді? А қ а н. Олай болса біз бұндайда серек құлақ дейтін бір ойынды ойнаушек... (Жұрт қостап шу етеді.) З а й р а (күліп). Жарайды ендеше, Ақан. Тым баяу көрінеді. Серегіменен қасқырлықты сол кісіге берейік. А қ а н. Жарайды ендеше. Мен өзім де тобынан айрылып жалғыз жортқан көк бөрі тәрізді ем (күліп), оған да қуан, бірдемені нәсіп етейін деген шығар. Төреңе құлдық. Ш о л а қ (ойнақыланып, күліп кеп). Олай болса жас бөрі, көкжал шолақ мен болайын, сері... Н ұ р ж а н (іле жөнеліп күліп). Е, ата ұлыңа үлесе келгенде қасқырлықты Қарауыл алды. Ал Керей итінді шығар. Б і р ж а н. Мен өзім кемпірінің төсегінен суынған, ұйқы қашып, кірпігі қатқан картаң шал, кәрі күзетші болайын. (Күліседі.) Ш о л а қ. Ендеше мына жер қасқырдың жатағы, басы аман, малы түгелінде ит-құстан аман болатұғын жеріңді тап, көш, Біржан, ешкі-лағыңды айдап. (Жұрт күледі. Көпшілікті бастап Біржандар кете береді. Қой-қозы және ит пен күзетші билерін билей кетеді. Сахнада Ақан мен Шолақ қана қалады). Бұл уақытта Шолақ екі тақияны қасқырдың құлағындай қып серейтіп, екі шекесіне байлап алған. Білекті сыбанып, балағын түрген, жалаңаяқ.)
К Ө Р І Н І С
А қ а н (Шолаққа). Ал, көкжал жалғызым, сен туғанда неге қуандым? Мен кәрі бөрі жар басында жатайын. Сен енді асырап бақ.
Ш о л а қ. Балақ жағынан бастайын ба? Қалай тиейін?
А қ а н. Қалай бастасаң олай баста. Әйтеуір ағаның қармағы бірдің өзін тілейді. Тек соны ұмытпасаң болды. (Шолақ жортып жөнеледі. Ақан қасқырдың ұлу күйі сияқты бір күйді тарта отырып үн қосады. Шолақ бір қызды алып қашып, өтеді. Арттағы жұрт у-шу боп жатады... Артынан бір жігітті сүйреп алып өтеді. Ол, бірақ бұл, жаңағы қызды тауып алып оңаша кетіп бара жатыр.) Ы б ы р а й. Е, тілеуің бергір, тіпті қасқыр қасқырдың ішіндегі ең адамы осылар екен. (Күледі.) Құдай қонағы. А қ а н (коса күліп). Ендеше жортқанда жолың болсын демессің бе, бар болғыр. (Күліседі. Сол уақытта Шолақ тағы да арттағыларды шулатып, иттерін үргізіп, азан-қазан қып, Зайраны алып қашып келеді.)
К Ө Р І Н І С
Зайра мен Ақан қалады. Шолақ қайта жортып кетеді. Енді көпке шейін оралмайды. Қуғын шу басқа жаққа, алысыраққа ауысып кеткен сияқты. Енді анда-санда алыстағы ауылдардың айтағы естіліп тұрады. З а й р а (күліп). Шолақ, қомағай қасқырмысың қалай? Жанекем қызынан сау-тамтық қалдырар емессің ғой.
А қ а н (тұрып, жақындап кеп). Көбін не қылайын, іздегенім бірің де...
З а й р а (кекетіңкіреп). Бірі болса іріктісін алайын деген шығарсың?
А қ а н. Ойын қасқыр десең де аузыңа құдай салған шығар. Шын қасқыр болма қойым бар. Сондықтан тілегенімді алмай, ілгенімді алушым ем.
З а й р а. Ойыннан от шығарайын деппең?
А қ а н. Ойыннан шыққан от емес. Екеуіміз тегі отпен ойнармыз деймін.
З а й р а. Мен енді сенің оң көзіңе ілінбей-ақ қояйын, одан да ойыныңды ойна.
А қ а н. Бұл дауың ба? Байлауың ба?
З а й р а. Ол өзіме істеген хұқүмім.
А қ а н. Ол хұқүмді Құлагердің тұяғы шешсін. Мен сені бүгін алып кетпекпін. Бір шалуға жарайтын керей аты жоқ. Шын қасқыр болам. Атым мына талдың түбінде тұр.
З а й р а. Ондай ойынға орын жоқ. Уафасыз достық өз өрісін өзі тауысқан. А қ а н. Ей, Зайражан! Құмарпаздан құмарлық жөнін сұрап нетесің, маскүнемнен ішкілік жөнін несіне сұрайсың? Би уафадан уафаны не деп тілейсің. Бүгінгі көзі, бүгінгі тілегі сенде, сол жетпей ме? З а й р а. Ей, Ақан, Ақтоқты досым еді, екеумізді сенің басың күндес етіп айырып еді. Мен сонда тағдыр ісі осы болды деп тоқтағам. Енді тағы ма? (Ақан, Зайра сахнасы екі-екі ауыз кінә мен талап, сонан соң дуэт түрінде жарыса айтқан ұғыспау сөздермен ғана біту керек. Жиыны алты ауыз өлең шамасы болса сол жетеді.) Тағдыр ісі осы болды деп тоқтағам, енді қажама!
А қ а н. Шының ба?
З а й р а. Шыным, бұл сөз осымен бітсін.
А қ а н (қолынан ұстап тартып). Жоқ, жүресің! Ақтоқты ғайып болды. Ендігі жарым сенсің. (Тартысады.) Әкетемін.
З а й р а. Әкете алмайсың, мен саған ырзалығымды бермеймін.
А қ а н. Ендеше қазір зорлықпен алдыға салып ап қашамын. Ең болмаса масқаралап кетем. (Жұлқынып сүйрейді.)
З а й р а (бұлқынып). Тарт енді, жетті. (Қолын жұлып алады.) А қ а н (сапысын суырып aп, maп беріп). Сен менікі едің, бірақ кетейін депсің. Ендеше басқаға бұйыртпаймын, жарып кетемін. (Құшақтап шалқайтып aп, сапыны сермей береді.) З а й р а (қорықпай, мырс беріп күліп). Ей, Ақан, мен әлдекім емеспін. Сен ақын ең, қадірлеуші ем. Абройыңды төкпейін, жатқа ұятты қылмайын. Басқа бір сөз айтайын! (Босанып шығып.) Есіңді жи!
А қ а н. Не айтасың? (Шолақ жортып келеді.)
З а й р а. Шолақ, сен Біржанды мұнда ертіп кел. (Шолақ кетеді.)
А қ а н. Оны қайтесің?
З а й р а. Өзгеге салайық, анау аға ақын еді. Екеуіміз оған жүгінейік... Не айтасың? А қ а н. Естиін. (Біржан келеді. Бір шетінен Досмұхамбет шығып қарап, тыңдап отырады.)
К Ө Р І Н І С
З а й р а. Жәнеке, мына Ақан басында мені тастап Ақтоқтыны әкетіп еді. Ол болса қаза тапты. Мені сонда күйдіріп еді. Басында мені неге еліктірді? Енді бүгін қайта қолқа сапты. Бір тойда екі жар бар ма? Мұның мойнында менің қарызым болса да, оның менде қарызы жоқ еді. Арамызға билік айт.
Б і р ж а н (Ақанға). Сен не айтасың, шырағым?
А қ а н. Не айтайын, осы Зайра сөзіне қарап билік айттыңыз.
Б і р ж а н (Зайра мен Ақанға кезек қарап тұрып). Ендеше ол күнде, Зайражан, сенің басынды бұл сарапқа салса, ертең бұның басын сен де сарапқа сал. Осында көп дәмелі ақын бар. Солармен бәйгіге түсіпсің. Озса, тәңір бұйрығы шығар дегенін қыл. Мінезің менен орай болса дақ түбі шешілмейтін не қисын бар?
Зайра. Сөзімді беріп қалып ем, болсын.
А қ а н (ибамен). Мен сізден әділет таппадым, Біржан аға.
Б і р ж а н. Жоқ, мен баса билік еттім. Байлау сол. (Нұржан, Ыбырай, Шолақ шығады, қолдарында домбыралары. Зайра солармен күлісіп, әңгімелесіп жайды баян еткендей болады. Аналар қуанышты желікті домбыраларын қыздыра бастайды. Ақан мен Біржан екшеле береді.).
К Ө Р І Н І С
А қ а н (күліп). Япыр-ай, қиюы қашқан дау болса да қиыстырып әкпеттіңіз-ау... Б і р ж а н. Шырағым-ай, жаман ағаңның алдына дау келмей, билік тимей жүрдағы. (Бұл уақытта қой-қозы болған жастар тобы шығады. Күліседі. Жұрт бірден бірге жаңа хабар есітіп, бір шеттен бір шетке айтысып жатқан тәрізді. Сонымен катар Нұржан, Ыбырай, Шолақ, екі-екі ауыздан Зайраға арналған даттау өлең соғады. Әндері біреу, сөздері басқа-басқа, бұлар домбыраны соқтырта әндетіп тұрғанда қой-қозы сол даттау күйіне қосылып қуана желіге билейді.)
Н ұ р ж а н (өлең).
Жасты жас сүйсе шарғыға муафық, ол сүннет
Уәжип, тең теңін, тезек қабын деген дұрыс нақыл.
Дос ажарын қайырса күфірлік етсе ол пайғамбар
Уағазына хылаф сүю Адам мен Хауа анадан қалған (деген сияқты). Ы б ы р а й. Асыл болсаң тандап тауып бірді сүй. Мені сүйе қой деп жалынбаймын, қолайыңа жақпасам мен екеш мені де сүйме. Тек, қарындасым, басынды бұлдай біл. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпегейсің (деген тәрізді). Ш о л а қ. Жетеңіз болса ерді сүй. Жұрт жетпей мақтамас. Жасың да, ақының да, батырың да менмін, мен жарыстан неге қалам. Сенің бәйгеңе түсуім бақ сынауым, жастығым саған артқан қарызым, сені осы жерден сынаймын (деген сияқты). (Осы үшеуі бастаған хор біраз әдемі. Бұл ән мен би уақытында Ақан оқшау отырып қалады. Зайра жырлап, билеп жүрген топтың ортасында жалғыз тұрады. Ақан қызғаныш күйі сияқты күйде мұңайыңқы отырады. Әндер аяқтала бергенде бір ерекше топ болып Айшалар шығады. Қасында Досмұхамбет, Ботпай және бір топ қыз-келіншек. Таныс емес moпmaр бірінен бірі іркіледі.)
К Ө Р І Н І С
З а й р а. Таныс болмасақ та құрбы көрінесіңдер, ойынымызға қонақ болыңыздар. А й ш а (күліп, өз тобының дәл ортасына тұрып). Ә, мен сендерге жат екем ғой. Досмұхамбет, таныстыр енді. (Осы бір ауыз ән атынан Айша мен Досмұхамбет.)
Д о с ұ х а м б е т. Мына Зайра Ақанға бой ұрған сияқты.
А й ш а. Не дейсің? Тамам ақын бастығы Ақан бәрінің шолуын бір шола ма? Біз кіріссек кем түсеміз бе? Д о с м ұ х а м б е т. Оны айтасың, әуелі нағашыңның кесірі емес пе Зайра. Намысты неге жібересің? А й ш а. Рас-ау, ендеше біз оны ешкімге бұйыртпаймыз. Біздің жесір нағашымның аруағын сындырмасын. Жүр, баста, мен араласам. Ақын құмар болса, сенен қайсысы артық дейсің, шырқын бұз. Д о с м ұ х а м б е т. Бәсе, мен тең ақынмын, неге оздырмаймын. Тіпті болмаса жатқа жібермеймін. Мақұл ма?
А й ш а. Бұзылғаны рас болса жазасын тартсын, дұрыс оның.
Д о с м ұ х а м б е т. (мақтау өлеңмен амандаса жырлайды). Күн астынан шыққан Күнікей сұлу деп рауайлар, рауайларында рауайа қылулар, түннен шыққан түн сұлу болыңыз. Асыл Айша, Шери мырзаның қарындасы. Саулығыңа, сапарыңа "құтты қадам", "сапары мүбәрак" айтамын дейді. (Екі жақ та күліседі.) Б і р ж а н. Қалғанын мен айтайын, мынау Ыбырай сен, анау жас пері Балуан Шолақ... Анау отырған Ақан сері. А й ш а. Ақан!?. Бұл жүрісім тіпті теріс болмаған екен. Құлақпен естігенді көз көреді деп, сері сіз екенсіз, есенсіз бе? А қ а н. Шүкір, шырақ. (Орнынан тұрмайды. Бір-ақ қарап қойып, екінші бұрылмайды.) А й ш а (ыңғайсыздау күйде Нұржанға). Бүл кісінің үнемі қалпы осылай мекен, көңілсізі несі?.. А қ а н (қарамастан). Тегі қуанышымыздан өкінішім көп болатын машығым еді, қарындасым... Зайражан, солай емес пе? (Зайраға телміре қарайды. Бұл уақытта Нұржан, Ыбырай, Шолақ тегіс Айшаға үйіріліп жайды баян етіп жатады. Біржан мен Зайра Ақанға жақын оқшауырақ.)
З а й р а (Ақанға). Мен мұңлы күйіңді сөккен кісі емеспін-ді тегінде.
А қ а н. Алдияр, үйтпесең Зайра дер ме ем...
А й ш а (ана жігіттердің сөйлеп тұрған сөздерін тастай беріп, Ақанға жақындап). Жастық үміт күлкілі болса жарастықтық емес пе. Мұңлылық кісі сүйсінетін күй емес шығар... А қ а н (бір қарайды да, жауап бермейді. Айша қиналып, тұтанып қалады. Ақан Зайраға). Қазым да, төрем де өзіңсің... А й ш а. Танымай көзіңнің еті өскен екен. Сен менің жеңгемсің... Бұл не қылған топыр, аулыңа Арканың бар серісін жиып.
З а й р а. О не дегенің?
А й ш а. Басынды сарапқа салғаның не. Иең жоқ па?
З а й р а. Мен оң жақтамын. Сыбағама тиген аз күндік жастық еркім өзімде. Оныма қол сұқпа. Және енем емес шығарсың. Кексе қатынша келмей, түріңе лайық жасша кел, таныс бол мына елмен. (Күліп.) Есіттік... (Ыбырай, Нұржан, Шолақ Айшаға үйіріле береді, Айша қарамай Ақанға қарай ентелей басып кеп.)
А й ш а. Жаңа есіттім, басыңызды бәйгеге тіккен екенсіз.
А қ а н. Бұны не деп ұқсам екен?
А й ш а (күйініп, шыдамсызданып). Сарапқа түспей-ақ осыны талассыз тандап алатын тұғыр болмас па еді? Сіз соған көнбеспедіңіз? (Жұрт тегіс екеуін тыңдайды.) А қ а н (Зайраға қарай түсіп). Тегіннен алғаннан көрі теріммен алғанды тәуір көруші ем. А й ш а. Сонда басыңды сарапқа салуың намыскерлігіңнен бе, жоқ намыссыздығыңнан ба? А қ а н. Бақ сынауым. Ер қайрағы егес деп білетін дағдым бар еді. (Айша тұрып қарап қалады.)
А й ш а (өзгеріп бойын жиып). Ендеше дұрыс батамды берейін, жолың болсын... А қ а н (азғана мысқыл еткендей). Осы қазақта қыз батасында күн болушы ме еді, шырағым, ә? (Жұрт ду күледі.)
А й ш а. Тілеулестігімді де көп көрдің бе?
А қ а н (мойнын бұра бере жылдам). Еп болмаса көп болмас. (Жұрт тағы күледі, Зайра, Біржан ойнайық, жүріңдер десіп топты бастап жүріп тегіс қайта желігіп ойнай, билей, ән сала кете беріседі. "Жарыс-жарыс, еркек ақындар жарысы, ақындар бәйгесі!" деген дауыстар көп естіледі. Зайра Біржанның иығына қолын асқан күйде. Ақан жұрт артынан жалғыздау кетеді. Айша сілейіп мұңлы, ойлы күйде толғанып қалады. Қасында Досмұхамбет.)
К Ө Р І Н І С
А й ш а (Досмұхамбетке). Әншейінде ауыз жаппас, той легенде өлең таппас... Неге жауап айтпадың мен үшін.
Б о т п а й. Ей, Тәңірі ақын, бақсы бір. Со да бағыңа сын боп па, Айшажан.
Д о с м ұ х а м б е т.. Бәсе десеңші.
А й ш а (жарыса екеуін де қаға беріп). Бағы бар бұ сын еселі сөзім кеткен соң. Ал мен де сынға түстім. Өйтсе алдыңғыларға қарай... (Аналардың артынан ұмтыла жөнеледі. Ботпай мен қыз-келіншектері ере кетеді.) Д о с м ұ х а м б е т. (жалғыз қала бере). Бәсе, жүрген аяққа жөргем ілінбей тұрушы ма еді?
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ
Екінші сурет
Шаймарданның үлкен үйі. Қалың жиын. Ортада Біржан, ол ірі ақын. Айналасында өңшең нөкерлі ақындар. Бәрі де сал киімді, үкілі домбыралы. Шетінен бәйгелердей баптанған сылқым серілер. Шымылдық ашыла бергенде өз нөкерімен Айша шығады. Оған жас ақындар түрегелісіп құрметпен қарсы алып, орын беріседі. Айша да би қонақ тәрізді.
1-д а у ы с. Ал енді жиын түгенделді.
2-д а у ы с. Ақындар енді бастаса екен думанын.
3-д а у ыс. Иә, міні, үйдің сырты толған жұрт, ынтығып тұр, түге.
Шаймардан. Уа, басталсын, басталсын енді ойын!
Б і р ж а н (екі-үш ауыз "той бастар" айтады). Шырқаған әнім дабылдай боп шықсын. Алғыр қыран, дәмелі жігіт болса сол дабыл үнінен тілеп ұшатын шабыт кезі болғанын ұқсын. Міне, мен Зайра көрсеткен бәйге түйеге әнімменен ту тіктім. Бәйгеден жал-құйрығы сүзілген көп сері озып келуге жарағаның осы туды жанап от (деген сияқты). (Жұрт біраз іркіліп қалғандай болады. Аздан соң Ыбырай бастап жөнеледі.) Ы б ы р а й. Ендеше іркілетін не бар? Еселі сөзді айту қарыз бопты. Пәленше деп тал бойым ұйымаса да және машығымда өзі іздеп келген болмаса, аяғымнан өзім іздеп бармайтын әдетім болса да, жігітке қыз қолқа салған бәйге екен, сен жүлдеге тиген күнде де, менің ала алмасым екіталай болатыны бар (деп жұртты күлдіре тоқтаған кез сөз болса). А й ш а (Ақанға). Мынау бір семіз сөз екен. Сіз айтуға лайық па өзі, қалай!.. Бірақ сіз де осы сарында сөйлесеңіз онда бәйге келіседі екен. (Жолдастарымен күліседі.) А қ а н. Менің де жәй көлденеңге айтатын сөзім осылай болушы еді. Бірақ Зайра жолы басқа. Өзге ешкімге айтпайтын сөзді ғана айтармын. Д о с м ұ х а м б е т (Айшаға). Ақан кешеден бері сенің бұғалығың мойныма түсіп қала ма деп қашып-ақ келеді-ау, Айша.
Б о т б а й. Бәсе, тіпті ылакта қашаған екен.
А қ а н (Зайраға қараған бетінде мыналар сөзін елеместен сөйлей береді. Айша тағы күйініп қалады). Бұлбұл бар гүлге ынтық. Паруана бар шамға ынтық, аһ ұрған Мәжнүн бопты Ләйлаға ынтық, соның бәрі ертегі емес, менің мұңдастарым, біреу байлығымен мақтанса, біреу бектігімен шіренсе, мен құба төбел қоңыр баяу әнімді өзіне тартқан Зайраммен мақтанар ем. Құрмет сөзімді тыңдар болса, арабтың жаман қара баласы құрлы зар жырын мен де айтар ем. Бір сия қамыс қалам болса да шер бұлағын көрсем барымды жазып шығуға шамасы да жетпес пе еді? (деген сияқты).
Д о с м ұ х а м б е т (Айшаға). Мұндасы Мәжнүн болған ырымы жаман екен. А й ш а. Бүгінінен түңіліп баяғының сағымына құрбан бола ма? Біз ондайын мақтай алмасақ керек, ә? Н ұ р ж а н (Зайраға). Ол Мәжнүн болам дегенмен сіз Ләйлі болуға көнбессіз. Көрер көзге де көр ақтарған мақтан емес. Дінге де ол қылап. Мен Нұржан басыммен оң көзіңе ілінсем деймін. З а й р а. Фзули, Науаилар зар еткен күллі мүһмин аттарын даттаған жеті ғашық болады. Хайласы шарғи деп оған ұрынғаныңды мақұл дей алмаспыз. Күфірлікке де санауға болар.
Н ұ р ж а н. Е, сен менің бойыма сыймай мекенсің? Мен өзгеден кембедім?
З а й р а. Сен Нұржансың ғой.
Н ұ р ж а н. А, солай ма, ендеше біз де сөйлеп көрелік. (Желдірмелете әнмен тақпақтай жөнеледі.) Надандар тура сөзден баһра алмайды. Шала молда дін бұзады. Шариғат шарты өлшеу біліп, мөлшер тануда. Шектен асқанның бәрі ысыраф. Ислам жолы да, ата нақылы да заманыңның хакімет, заманыңның озығын құрмет тұт дейді. Қобызын бірге құшақтап, ел-жұрттан кетіп қу дала, қу медиенді кезетін, Кербаланың шөлін кезгендей қаңғып кеткен Қорқытты сүй демейді. Зайражан, жетеңде болса сөз төркінін танырсың (деген сияқты айтады). А қ а н (іле жөнеледі). Адам құдайдың басынды жоғары алып жүр деп жаратқан пендесі, төмен қарай тұқырып аяғыңның астындағы жемнен басқаны көрме деген мақлұғы емес. Шашып қойған ырзығы бар. Соны ғана тер, тауық бол десең сен де дүмше молдасың. Мен менсінбейтұғынымды менсінбейім дейім, тілегенім болса бұйырмаса да аламын деймін. (Зайра күліп мақұлдағандай болады. Нұржан іркіліп қалады.) Д о с м ұ х а м б е т. Мыналар ақындыққа таласпай, аударыса-аударыса өртең шығып кетіппіз деген сияқты жарысамыз деп молданың бақшасына түсіп кетті ме немене? А й ш а. Иә, сіздер ұғымсыз тілмен кітапшылағанды машық қылады екенсіздер, жұрт үғатын болсын, болмаса орысшалауды біз де білеміз. Конечно, что на самом деле? Ш о л а қ (әндете шырқай жөнеліп). Тіршілік жастық маған тілеген сый болса, дүниесін азан-қазан қып өтемін. Батырмын, ел шабамын, байлыққа көңіл ауса айдап алам. Балуанмын, егескен балуан кез болғанда қабырғасын сындырғам. Ақынмын, әншімін, қыз жүрегінің тамыршысымын, көңілім ауған қиғаш қасты қуанта да, сүйсіндіре де білемін. Есің дұрыс болса сегіз қырлы жігітті тани біл (деп жұртты тегіс желіктіре, сүйсіндіре тоқтайды). А й ш а. Е бәсе, кісіні шын сүйсіндіретін ақын осындай болсын да. Бері келіңізші, Шолақ. (Шолақ күліп жақындағанда қасынан орын бергізеді. Және Ботбайға белгі етіп бір топ дүрия сыйлайды.) Мен таразы басында болсам Шолақты қостар ем.
Д а у ы с. Ендеше Шолақ озды да.
Екінші дауыс. Бәрінен жақсы айтқан Шолақ болды.
Д а у ы с т а p. Шолақ-Шолақ. Айша тауып айтты. Шолақ озды.
Ш о л а қ. Жоқ, жұрт, даурықпа. Мен оздым деп отырғам жоқ. Біржан аға, байлау сенікі, сен айт. (Біржан Зайраға, Ақанға қарап, іркіле береді. Ақан баяу, сөйлемейді.) З а й р а. Бәйге әлі қызбаған сияқты. Бап іздеп отырған жүйріктер бар. Әлі шаппай отыр деп білем. Б і р ж а н. Ендеше мен де шын сынды енді айтайын: бәйге өлең шығар деуге не болмасын. Ән мен өлеңін осы арада қатар бізге шығарған өзіңсің.
А қ а н (сергіңкіреп). Ендеше әуелі Досмұхамбет сөйлесін.
Д о с м ұ х а м б е т (бәйітше күйлі әнмен тақдақтап). Сөзімді ұғар болса, жүз сомдық ду базардың үлкен көпесі болмаса жарастығы бола ма, жәрмеңкені ірбіт шапқан байлар шатыр тігілмей шуы көтеріле ме, кітап тасынып өткен ғұламасы отырмай мәжіліс түзеле ме, жалтырағанмен мыс тиын ақша бола ма? Мысты алтын деп ah ұрмаңдар, жараңдар (деген сияқтыны термелей береді).
А қ а н (күліп). Анден артық тақиғажап даңлары yap...
Ыбырай (орнынан сілкініп тұрғандай қатуланып, Нұржан сөзін бөліп). Уай, Досмұхамбет, осы шайлап қалған дуадақша өстіп жаяулай беремісің? Жоқ, бір тоқтаймысың?
Д о с м ұ х а м б е т. Асырып айтсаң, мен қой дедім бе?
Ыбырай. Осы сен тоқтайтын болсаң мен үндемей-ақ қояйын. Тек осы бауамыңды қойшы, жарқыным. (Жұрт күледі.)
З а й р а, А й ш а. Ал, өзің, өзің айт.
Ы б ы р а й. Жоқ, мен жаңа сөз бердім. (Ақындарға.) Бәйге атанып жүріп тай орнына шаппайық. Мен Біржан атаған үлкен өрістен табыла алмай қалдым.
Ш о л а қ. Сонда да... шын қармансаң неге шықпасын.
Ы б ы р а й. Жоға, кел, жігітім, жұрт Шолақ дегенмен, шын Шолақ болайық. Шаманды білген де даналық деген, мен тоқтадым. А қ а н (домбырасын безілдетіп отырып, суырып салған өлеңмен осы арада шығарған "Сырымбетті" шырқай жөнеледі). "Түлеп ұштым Сырымбет саласынан, ғашық болдым ақ сұңқар баласына", мағұшқам дидарыңнан жаратқанның жамалын көрушем, жапанға жалғыз біткен сен бәйтерек ең, қонбаққа бұтағыңа үмітім бар еді. Күнімді түн еткен қайғы назым таңғы сағымнан сезілер деп ем, шерімнен сауыры қалың қара жер тебіреніп аһ ұрғызған жалғыздық зарым, мұңды шерім тілекке жетер деп едім. Бүл бір фердеден юз фердені би жай демеп пе ең. Енді дертімді шерткізе берме, мені ая, аямасаң да өзіңді ая, жамағат алдында ішті ақтармайық. Басымды бұдан әрі саудалама. А л т ы н а й (Ақанға). Қарағым, көп жаса, атағыңа өнерің сай екен. Сазыңды тыңдап бір жасардым ғой. Зайражан, сыйласаң осындай ағаны сыйла. Жап иығына мына тонды. (Жұрт ұйып қалғандай үнсіз. Зайра орнынан тұрып, Ақанның иығына кестелі тон әкеп жабады.) З а й р а. Лаһнте мин рахмет алла hep деген аяттан менің де үмітім бар. Айтқаныңа иланбады деме... Сенің мені тартқан күшің осы емес пе? Жүлде алған желаяғым сенсің. Мақтаймысың. Ақтадың. Д о с м ұ х а м б е т. (кекетіп, Айшаға). Дұспалдарын біз сезгеміз жоқ. Тәңірі бір серпілеміз бе. (Айша тыңдамайды, мұңайып үнсіз қалған.) Ш о л а қ (Айшаға). Бұлар сол аһ ұрдым, өлдім, талдым демесе көңілдері көншімейтін өнді ең бір қаусап тұрған күйрек немелер өзі. (Айша тыңдамайды.) Д о с м ұ х а м б е т. Олай болса терісі дүние боп, шөкиіп жиһан кезіп кетсеші... ғашықтықтан өртенгенін көрейік. (Күліседі. Айша тыңдамайды. Айша соңғы сөздерін есітіп ашуланып.) А й ш а. Қойшы, әрі, құдыққа құлан жығылса құлағында құрбақа ойнайды деп түге... шын бір кісінің өзіме осылай дегенін мен неге естімеймін осы? (Ақанға қарайды. Ол елемейді. Екі көзі Зайраға телміруде. Осьі күйлерді байқап отырған Досмұхамбет соға жөнеледі.) Д о с м ұ х а м б е т. Мүләйім сөз, маймақ жүрісті тәсіл еткен екенсің. Бір қосағың пері қызы деуші еді. Сол ақыл еткен шығар. Біз сенімен салыспай-ақ ығысайық, үйткені пері досың жалғыз ұлынды да сенен қызғанғаннан тілін байлап, мылқау етіп кетті деп еді. Мен соны жұртқа білдіруді міндет көрдім. Әйтпесе айтысып салысудан бой тартып ем.
А й ш a. Не деді? Не айтты? Перісі не? Не жұмбақ!?
Д о с м ұ х а м б е т. Өзі айтсын ендігісін. (Жұрт аңыра Ақанға қарайды. Онда үн жоқ. Басы төмен.) З а й р а. Неге ашуланбайды? Мойнына алғаны ма? Мен не күйге ұшырап барам осы?
Д а у ы с. Ақан неге сөйлемейді? Өзі неге жөнін айтпайды?
— Айтсын.
— Сөйлесін.
А қ а н (басын аз көтеріп). Жұрт өсегін сол жұрттың өзі айтсын. Менің атым бұл күнде талай еріккенге қолжаулық болған. Заманы кетіп бара жатқан Ақан кім аузына қақпақ болуға жарасын. Бірақ өтірікші, өсекшінің ақтаушысы ғана емеспін. Айтушының өзі дәлелдесін.
А й ш а. Бұл жауап емес қой.
Д о с м ұ х а м б е т. Бас алып құлақ тігісі жаман. Тегі осы сөз төркінсіз емес.
З а й р а. Бекер дей алмағаны ма шынымен?
Д а у ы с т а р. Ақанды мойындатты білем.
— Шын болғаны ғой.
— Сүрінтті ме дейім.
Шолақ (екіленіп, ескектетіп). Әттең тәңір-ай, қуушы көңіл аз ба еді осынша? Іштарлық етпесең, біз ұғыссақ етті. Досмұхамбет айтқан міні мекен серінің? Бізге бітпеген қасиеті емес пе еді? Өлеңімен, әнімен пері түсіреді екен. Сол кінә? Қазақта ондай кім туып еді дегенге не дер едік. (Жұрт Ақанға қайта сүйсінгендей болады.) Б і р ж а н. Ендеше не талас бар? Дарыған ақын, ән дарқаны. Тәңірдің берген бағына кім таласушы еді? Мен батамды осыған бердім. Байлау сол (деген сияқты айтады). З а й р а. Ендеше, Ақан, басынды көтер, бойыңды жи, өзің мұнда, бері кел. (Ақан тұрып қасына барып отырады.) Басында не ауыртпалық, жүрегінде не мұң бар, өзіңнен естиін.
Дауыстар. Жарайды, Ақан.
— Сыбаға осыныкі!
— Құтты болсын.
У-шу. Арада қуаныш биі. Жұрт тегіс Ақан мен Зайра айналасына үйіріліп, желікті топ-топ боп, масайрап қалады. Айша, Досмұхамбет, Ботбаймен берірек бөлініп шығады.
К Ө Р І Н І С
А й ш а. Мен мына Зайраны қазақы надан қыз деп менсінбеп ем, мынау серілік заманынан асқан бір мінез екен. Қимаймын.
Б о т п а й. Көргеніңнен көп екен көрмегенің деген.
А й ш а Дүниені алдым, қазақтан астым деген ағаларым қайда? Ізде шарасын, сөйлесін. Д о с м ұ х а м б е т. Бәсе, Шери қайда? Мынандай еркелік, серіліктің шырқын бұзса нетеді? (Досмұхамбет Шаймарданды алып шығып сөйлеседі.) Сайлаушы оязбен бірге Шери мырза келеді. Осы өлкедегі бар болысқа болыс-биді мырза дегенімен сайлап келеді. Шери осы жолы сені би сайламақ, сәлемі осы. Ш а й м а р д а н. Жасаған-ай, не дейсің? Шүйінші неге тілемейсің, аузыңнан айналайын. Ендеше құлы болайын мырзаның. Д о с м ұ х а м б е т. Жалғыз-ақ мына Зайра мырзаны он қабақпен қарсы алсын. Мырзаның ниеті үлкенде... Мыналардай бір күндік желік емес. Мынау бақсы-бәлгер ойнағы сияқты топырдан бой тартсын. Ш а й м а р д а н (ұмтылып барып Алтынайды ертіп келіп). Бес жылдан бері мал-дүниемді шығындап ылғи жеңіліп келем Сарыдан. Ұрлық-қорлығынан жер болып біттік. Енді міне Шери мырза мені би сайлайды дейді. Сенің үйіңе түспекші. Ниеті Зайрамен сүйек алыспақ дейді. Тараттыр мына тобырды. А л т ы н а й. Әкесі, ағасы жоқ. Ертең жатқа кетеді. Бес күндік қонақ, аз күндік дәуренің алдынан шықпай, күліп өткізсін дейтұғым. Топ иесі сенсің. Бірақ обалына қалма тек, жаным. (Бәрі кетеді.) Б о т п а й. Осының бәрін үйіп-төгіп, осы қыздың ауыл-отанын алса нетеді. Шериге кім таласар екен. Д о с м ұ х а м б е т. Ауыл-ауданына қыздың өзін қоса мырзалықпен сәнге қақалтып, осы қызды сол қағып әкпетсе қайтеді? А й ш а. Болды, осы байлау болсын. Шериді осыған қызықтырып көріңдер. (Нұржан жақындайды.) Д о с м ұ х а м б е т. Сізге айта алмай келген бір сөзім бар еді? Зайраны көре келген қыз көрушілердің көруші бастығы Айша еді.
Н ұ р ж а н. Қарағым, шын айтамысың? Кімге? Ағаңның бірі ме?
Д о с м ұ х а м б е т. Иә, Шери еді.
Н ұ р ж а н. Шери мырза ма? Ойпыр-ау, мені бұрыннан неге қуантпадыңдар?.. Мен құдай көктен тілегенімді жерден берсе... сүйінгеннен басқа не айтатын едім. (Досмұхамбетті ертіп кете береді. Қуанышты. Сол арада айттыру жай емес. Сайлау. Нұржан соған қызығады. Досмұхамбет Жүсіпке Шеридің сайлаушы оязбен бірге болыстарды сайлап келе жатқанын, бұны биік қойғанын айтады. Сайлау, сайлау). Бұның айналасы қуанады, ақсақалдар, ру басылар хоры. А й ш а (арғы топтан жырыла шыққан Шолақ пен Нұржанды екі қолымен катар құшақтап). Ақын тілесем сендер кімнен кем боласыңдар. Қыз іздеген сал, сері болсаң ар, менің басым кімнен кем бопты осы! (Өзі ылғи Ақанға телміре қарайды.).
Н ұ р ж а н. Қарағым, бір назарыңнан садаға өзге қыз.
Ш о л а қ. Менің шабытымды тартатын, ақ түлкідей ажарлым сенсің. (Айша екеуінің де мойнынан құшақтай береді. Бірақ көзі ылғи Ақанда. Анау өз қызығында. Соны көріп солқылдап жылап жібереді.)
ШЫМЫЛД ЫҚ
Үшінші сурет Түн. Көл жағасы. Бір жақта жартас. Соның өркеш-өркеш тұмсығы көлге тіреледі. Кел беті ай сәулесімен жарқырап шұбартып тұрады. Ай көрінбейді, тастың тасасында. Сахнаға Ақан, Зайра шығады.
К Ө Р І Н І С
А қ а н. Мені әлі күнге жатырқаған кісі сияқтысың. Япыр-ай, бұрын қалайша жақын сияқтанғанбыз осы. З а й р а. Бұрынғы күнімді не ұмыттым, немесе ол уақытта Ақтоқтыға ілесе жүріп үстірт еліккен болармын.
А қ а н. Енді маған үйрендің бе өзің? Танып болдың ба? Соны айтшы!
З а й р а. Таныдым-ау, бірақ...
А қ а н. Иә, ірікпей сөйлеші.
З а й р а. Таныған сайын көңілде жарықшақ бар. Бір жағынан қызығамын да, кітаптағыдай ғашық ғұшірет дариясына шомғым келеді. Бірақ сонымен қатар қобалжуым, тартыншағым да бар, миғұла болдым мен, Ақан! А қ а н. Ауыл-отаның жалғыз атты жарлыға қосуға көне алмайды, сол қобалжытады ғой.
З а й р а. Ол бір төбе... бірақ толқуым одан да емес.
А қ а н. Енді неден?
З а й р а. Менің жарым я сен боларсың, я сендей болар деп ойлаған емес едім. Қосағым сен болған күнгі өмір маған әлі күнге бұлдыр, мұнар ішіндегі бір нәрсе тәрізді. А қ а н. Шыныңды айтқаның да жақсы болды. Бұл менен құтылуың ғой. Бірақ мен енді (мұңайып) бойымды жия алмаспын, құлап кеттім. Қайраттан да айрылып қалдым. (Отыра кетіп.) Қайтермін... З а й р а (аяп). Мен дел-салдамын... Жүрегім жыртылып айрылған сияқты бір жағы саған жабысады, екінші жағы сені жатырқайды, қашады... (Үндемей тұрысқан соң.) Кешегі жұрт айтқан немене? Көзіме көрсетші. Ол не екен білейін. Біле отыра басымды байлайын. А қ а н. Ол афсана, Зайражан. Сондайға сене ме екен? Жын, пері, шайтан дегенді кім көріпті? З а й р а. Жоқ олай деме, олар бір адамға көрінеді. Мен өзім шайтанды әлденеше көрдім. Ылғи аятылгүрсі оқып қана қашырамын.
А қ а н. Жай бір елес қой.
З а й р а. Жоқ, сен мына араға отыр. (Отырғызып.) Шерт сазыңды. Мен әдейі осы түнде сенің сырыңды білейін дедім.
А қ а н (шошынғандай'). Мен сенен айрылмақпын ба әлде?
З а й р а (Ақанның домбырасына телміре). Әуелгі шартым... мынау... (Ақан аһ ұрып күрсініп, басын төмен салып толғанып қалады. Домбыра тарта береді. Баяу нотадан бастап бір сарынды өрлете, өсіре береді.) А қ а н (аздан кейін үн қосып өлеңмен шерленеді. Ән барған сайын үлкен мұңлы, шерлі саз бен бір салқын сырлы сарынға айнала береді. Мұнда фатальность, символика және ертегілік фантастика мазмұны бар. Өлең осылай өрлеген сайын қыз да сынып, елтігендей талмауси береді. Көлге, түнге қарап, елес күткендей болады). Сүйген жардың мекені алысқа шырқар ма, Иран бағы гүліндей қол жетпесім, саған жетер сапарымды қиындаттың ба? Сейфүлмәлікке берген қиын жолдың ішіндегі оң сапарын бере ме, Зылихадай аһ ұрғанмен мұратхасыл болар ма? Бұрынғы жәрдемші самұрық құс қанатыңды тоспайсың, ғайып тәсір мені не қылсын. Сұңқар боп ұшқан сорлы әнім, от мұхитынан өте алмай қанатың шарпылар ма, тұлпар боп жорытқан жел сөзім, каф қиясынан аса алмай төрт аяқтан тұралармысың. Ертегі ұшқыр кілемін берген жоқ, дию шамдалын қайда тыққанын мен білмеймін. Маған жәрдемші кім?.. Ынтызарым, өзің жәрдем етпесең ІІІаһбаздан айрылу шерін сардалада жалғыз ұлып, зар қып өтермін. (Зайра қалғығандай күйге телміріп ұйып отыр. Осы өлеңнің аяқ кезінде көл үстіне жеңіл мұнар түсіп, Зайраның бет алдынан елес ашылады. Алыста бір аққу пайда боп, қол үстін сыза келіп жағаға тоқтайды. Сілкінеді. Пері қызы боп шығады. Билейді. Ақан әні бұл кезде "Хорланға " ауысады. Тәтті мұңлы қоңыр баяу лирикаға айналады. Қыз билей жүре ымдар жасайды. Мың бұралып, поэзия, музыка музалас тәрізденіп канат қағады, қол бұлғайды. Алысқа шақырған сияқты. Ақанды жалғыз шақырғандай болады. Ақан бұл көрініске сырт беріп отырған, Бірақ әні бір мұңлы жоқтау түрінде, соған ғана бой ұрған қалыпта.)
Бір жансың қол жетпесте Қорлығайын,
Мағрып берген екен күн мен айын,
Мұратқа талпынсам мен жетемін бе,
Дариға, арманым көп неғылайын.
Уа, дариға, лаулек тас,
Бағдат-Мысыр, Шын-Машын, іздесем,
Қорлан табылмас!
(деген сияқты ән). (Билеп жүрген қыз Ақанды шақырғандай. Зайра сол кезде ояна береді. Ақанды бүре қысып, қымсына береді. Жабыса түседі.)
З а й р а. Кетемісің шынымен. Кетпе, тастама.
А қ а н (әнін тоқтата бере). О не, не дедің?.. (Ән тоқтасымен Зайраның көз алдынан пері қызы ғайып бола беріп, тұманға батады. Ақан үндемей сұлық түсіп, сұрланып қалады.) З а й р а (оянып, есін жиып). Япырай, тіксіндірді ғой. Қой, мен бой тартам. Мынандаймен мен тең келе алмаймын. Ақан, сен азатсың.
А қ а н. Не дейсің? Не болды саған?
З а й р а. Мен көрдім... білдім, болды...
А қ а н. Мен неге көрмейім?.. Өз ойындағы елесің... Қалғыған шығарсың.
З а й р а. Ненің елесі? Неге көрінді, кім ол?
А қ а н. Мен қиналуды, толғануды ғана білдім, басқа ештеңе көрген емеспін.
З а й р а. Жоқ, бүкпе сырыңды, түсіндір.
А қ а н. Жел сорым — шер қиялым аулақтатпаса менің сенен алыстататын дүнием жоқ.
З а й р а. Сол немене? Басқа сүйгенің жоқ па?
А қ а н. Басқа сүйгенім бар... Ол Құлагерім және тұйғыным — ақ нажағайым.
З а й р а. Оларыңда не сыр бар? Осы не күй өзі мына жеті түнде? Сенің басында не тұман бар?.. Құлагерің, тұйғының не? А қ а н. Тұман жоқ. Басқа сүйгеніңді айт дедің ғой. Бірінің серпіген қанаты, бірінің жүлде әперген тұяғы — менің қос қанатым, қияқ-шалғым сол екеуі. Ендігі қалған тірліктегі күшім мен бағым да, нақ сүйерім де солар деп ем. Бірақ саған олар күндес емес. З а й р а (өз-өзіне айтқандай). Мен Бәдиғүл Жамал — Сейфүлмәлік түнін көрмедім бе? Әлде мен талдым ба?.. Ыстық, рақат та сияқты. Жоқ, сонда да бекіне алмайым... баса алмайым...
А қ а н. Сені ұйқы жеңген екен.
З а й р а (Ақанға). Сен бара тұршы, мен есімді жинайын. (Ақан кетеді. Қыз жалғыз ыңырсиды, әндетеді.) Асықпашы, көлгір. Тоқташы, мені өзіңмен қоса еліктірме, ойландыршы... Елтігендеймін, маспын. Бірақ толған, толған, ояншы, ақыл-санам. Иә, шүу, бас, басшы, тартшы қолымнан, бұнда сағым, елес... дерттісі несі? (Сол кезде арттарынан жастар тобы кеп шығады. Ішінде Шаймардан, Досмұхамбет, Нұржан бар... Ойыншы, желікті).
К Ө Р І Н І С
Ш а й м а р д а н (Зайраға). Қарағым, сен мұнда ма едің. Мен де, ауыл-отаның да бұдан арғыны қостамаймыз. Қызық дәурен кешірдің. Енді сайлау, сайлау келді.
З а й р а. Не дейсің?
Ш а й м а р д а н. Біздің сайлау еді өткізетін ұлығын, бай-бағланың бір-ақ адам... Еркің менде болса, менің еркім сонда.
З а й р а (Нұржанға). Ұқтыршы...
Д о с м ұ х а м б е т. Асыр сауық салдық. Ата-ененің күрелгісі жаңа дәурен енді басталады.
З а й р а. Не дейсіндер? Менің ұйығаным Ақанның әні емес пе еді? Ш а й м а р д а н. Біз ақын мен бақсы шықпаған тұқымбыз. Теңің бұл емес. Балалыққа жол жоқ. Теңің мен қосағыңды басқадан күт. Міні, хабары келді.
З а й р а . Ол кім? Не айтар?
Д о с м ұ х а м б е т Ол Шери, Шери мырза! Шери
Бәсі бәсеке енді бітеді. Алтайдың ақ иығы тілеп ұшты бір сен деп. Қазақ баласының ұсынса қолы жетпеген асыл терегі, Торсан байдың ерке бағылан мырзасы... Шери, Шери мырза!.. (Топ түгелімен Шери мырза, Шери мырза деп жырлап ойнайды. Ақан салбырап шетте жалғыз қалады.) З а й р а (оңашалау, жалғыз өзі). Жастық дәурені осы түнмен тарқамақ па? Алдым не, ақ ноқта енді менен дәме етті ме? Болмайды. Жолыма суық лебі келеді. Болмайды. Қалай басам?.. Айналам түн, саңылау жоқ. Аяқты қалай басам?.. (Бұны топ қоршап әкетіп бара жатады.)
ШЫМЫЛДЫҚ
Төртінші сурет Үлкен үй. Ауыл күтулі, әбігер. Ерекше қонақтарды тосады. Алдын ала сый-сияпат, ырым-кәделерін алғандар өтіп жатады. Сандық ашып, жыртыс үлестіріп жатқан Досмұхамбет. Бұған таласа келіп, қолынан алалы шапан, тон киген, бұл құшақтаған үлкендер бар. Бастап қант алған, шай құшақтап, өрік-мейіз шашып кетіп бара жатқан бәйбіше, жеңгелер бар. Молдық, мырзалық белгісі. Көпшілік қуанышты, желікті. Бәрінің ауыздарында: Шери, Шери мырза, мырза! – дескен сөздер. Ақан көп ақын ішінде, бұлар баяу. Ішінде домбыра соқтырып, жыр айтып отырған Досмұхамбет ғана.
К Ө Р І Н І С
Н ұ р ж а н. Досмұхамбет, іркілме. Мырзаның алдын аршы, жолын тазалай бер. Алғандарың құтты, құтты болсын, құдалар. Бұл заман жаман заман деп кім айтады? Ірбіт шапқан, ой-қырды алған ояз-жандаралмен бастас боп, кезек қонақтасып бас силасқан заман бегі Шери бай, Шери мырза, соның шашқан шашуын терген аға-жеңге, қоңсы-қолаң текке қуанып жүр ме? Қай заманың осыдан артық екен. Осы сөзім рас болса, кәде алушы кәрі-жас, Жүсіпке, Зайраға қайырлы болсын айтыңдар. Д о с м ұ х а м б е т (жұртқа сый беріп жатып). Алыңдар, келіндер. Аткөпір қып жүретін біздің мырзаның дағдысы. Ақыным, соға бер. Кәдеге жарайтын өзің ғанасың. Сенің еңбегіңді мырзаның өзі ақтайды. Уай, жұрт жаңағы мына Нұржанның соңғы айтқанын ұмытпаңдар. Б і р і н ш і б ә й б і ш е (Жүсіпке). Қуаныш құтты болсын. Қол артқан жерің олқы емес. Е к і н ш і б ә й б і ш е. Тек ұзағынан сүйіндірсін (Оқшауырақ тұрған Зайраға бірнешеуі жиылып келгенде.) Шырағым, сен талғаған болсаң, ол таңдаған алтын айдар шоқ белбеу жар осы болады. Д а у ы с. Іздегеніңе сұраған деген осы. Болмаса кімнің қолы жетіп еді Шер биіңе.
Е к і н ш і д а у ы с. Ірбіт шапқан, Макаржы барған бай.
Б і р і н ш і б ә й б і ш е. Осы дуан-дуанның бар ұлығы аулына қонған, асына мәз боп жатады деген рас па екен? Д а у ы с. Рас емей. Осы күнде де, осы 6 болыста саймауға шыққан оязың Шери аулында он күннен бері қонақтап жатыр дейді.
Е к і н ш і д а у ы с. Ендеше ояз ұлық емес, Шери ұлықта.
Е к і н ш і б ә й б і ш е. Е, Керейдің бар болысын Шери сайлайды. Сол атаған кісі болады деп отырған жоқ па?
Н ұ р ж а н. Тек қазағымның өмір жасын ұзақ қылсын...
Б і р і н ш і б ә й б і ш е. Бәсе, қуан, Жүсіп, Зайра шырағым, сен де қуан.
З а й р а (қысылған, толқуда). Не деп шырық көбелек айналдырып барады мына жұрт. Не дермін, не істеймін. Менің ырзалығым сұралмай-ақ далада қалғаны ма? Д а у ы с. Қасында баяғы Абылай тұқымы, қазақ төресі, ояз, тілмашы, бір төре тағы бар дейді. Н ұ р ж а н. Келсін ол да. Өзі ылғи Шеридің емеурінімен жүреді десетін. (Зайра кетіп қалады.)
К Ө Р І Н І С
Т ы с т а ғ ы д а у ы с т а р. Мырза.. мырза келеді... Шери... Шери... Ү й д е г і д а у ы с т а р. Мырза... мырза кеп қалыпты. Шери мырза, Шери мырза. (Жұрт тегіс қақ жарылып тік түрегеліскен.) Бай келеді... мырза келеді... Шери мырза. Қасында төрелер, төре! (десе береді. Кіріп кеп жұртқа паңдана қарап төрге қарай басады. Отырысады.)
К Ө Р І Н І С
Т ө р е (Шериге, айналадағы жұртты көрсетіп). Сен екеумізге мыналар дикарша қарайды. О несі екен? Ш е р и (күліп). Бұлар өзі бір қазақы, ескі ел. Адамдар мен әдеттері де баяғы қан жеген ата-аналарынан алыс емес. (Күліседі.)
Т ө р е. Қан жеген? Оны неге жеген?
Д о с м ұ х а м б е т. Ас болат дейді ғой, төре-ау.
Т ө р е (Досмұхамбетке). Сен бұларға ақыл үйрет, ұрыс! Бізге бұлай сиырша қарамасын. Д о с м ұ х а м б е т. Рас-ақ... ендеше мына отырғанның бәрі ақын. Ылғи "сен тұр, мен атайын". Енді тіпті осылардың қаңтарылып қалуына жол бар ма, неге сөйлемейсіңдер, түге. Мына Шери мен төреге сәлем бергендерің қайда?
Д а у ы с т а p. Иә, бәсе, бұл не отырыс?
— Бәсе, мұндайда ақын бастамас па?
— Амандықта қолқа боп па, о несі? (Шери жолдастарынан Нұржан домбырасын алады. Шолақ та, Біржан да домбыра ұстайды. Нұржан айтуға ыңғайлана береді. Шери мен төре өз беттерімен әзілдесіп отырған. Шери мыналардың әзірлігін елемейді.)
Ш е р и (төреге). Сіз Зайраны осында шақыртпайсыз ба?
Т ө р е. Уа, уа бұ не шу... керек, керек, а өзі неге келмейді.
Ш е р и. Е, белгілі ғой. Ол да бір қараңғылық белгісі. Біресе топыр жиып, ойын-сауық құрады. Онда ұялмайды. А, біресе ұятты кісім болғансып тығылады. Бетін жасырып, көрінуден қашады. (Күледі. Жолдастары қошаметтейді.) Т ө р е (Шаймарданға). Ну, Шаймардан, сен Зайраны мұнда шақырт. Бізбен бірге отырсын. Как же иначе. (Сол кезде Зайра кіреді. Қасында қыз нөкерлері. Ол ұялып қымсынбайды. Мыналармен амандасады. Төре Шериге.) Однако, ол қорғанбайды. Это по-европейски. Шери (қомағайлана қарап). Иә, "товар на лицо", а товар жаман емес. Қалай ойлайсыз? Т ө р е. Сенің көзің өткір деп білем, губа не дура, ха-хаха! Ну ақындар! Бұлар немене ауыздарына су толтырып алғандай? Н ұ р ж а н. Су толтырып алғандай. Бәсе, ақындар, сендерге не болды, жарқындарым-ау...
Д о с м ұ х а м б е т. Өздері бүгін кірбең бе? Қалай? (Күліседі.)
З а й р а. Біреудің пысы басып отыр деймісіңдер? Айтар.
Б і р ж а н. Бәсе, тіпті бізді қууға айналды ғой мына жұрт.
Ш е р и. Дегенмен кінә сендерде. Алудан сендер, беруден мырзалар кеткен жоқ қой. Жел сөзді сонша бұлдап, езіп ішуші ме едіңдер. (Төре, Шери қатты күліседі.) З а й р а (қасындағыларға). Мен болсам мынадай мінезге қарағанда тіпті айтпас ем. Ақанды танығаным рас болса бір ауыз сөз айтпас.
Д о с м ұ х а м б е т (қасында отырып). Мен айтады деп білем.
З а й р а. Көрерміз. Ол сен емес.
Д о с м ұ х а м б е т. Ендеше, шырағым, осыны бәйге қылайық. Көрелік. Мені кемсініп жаралауың аз болған жоқ. Бірақ түбінде Ақаныңмен қоса жылап жүрсең менен көрме! Б і р ж а н (шырқап жөнеледі). Торсанның мырзасы, мырза Шери, қадамың құтты болсын. Бақ қарап, қыдыр дарыған баймысың, керейдегі бір құтым сен. Ойда орыс, қырда қазақ даңқыңды естіп, сыртыңнан сусап отыратын, аузынан уызы тамған асылымсың. Саған ұлығы қол артты. Мен не деп іркілейін. Кәрі ағаң алдында қанша айтса да қажымайды (деген сияқты. Шерилер бұны шала тыңдап өздері күлісіп отырған.)
Д о с м ұ х а м б е т. Бәрекелде, кәрі шор аяғым, сөйлесең осылай сөйле. З а й р а (Біржан туралы). Ой емініп қалған сорлы-ай, қалай бұраса солай жығылады-ау. Н ұ р ж а н. Мен сенің арқаңда қалтақтап тіршілік етіп жүрген жақыныңмын. Сенің сөзің ғана емес, жолыңа жан пида деген қарашымын. Біреуді хан, біреуді би, біреуді батыр деп мақтаған заман, ұрлық-қарлық заманы болатын. Адал жолмен, шариғат жолымен, абиүрмен мал алғаннан асқан қас батырым сенсің... бұтына тері шалбары қатып, иығын тар шекпен қажап жүрген қазақты да би мен текке бөледің, өлігіне ақырет бердің. Сенің еңбегің ер еңбегі. Шариғат та, жанат та осы. Ш е р и (төреге). Көрдіңіз бе, бізге ақша ғана, пайда ғана керек дейсің. А, ел өзі не дейді? (Күледі.) Жігіт қадірін біледі.
Д о с м ұ х а м б е т. Атамаңыз, міні, елдің сөзі осы да...
Ш е р и. Міні. Бұл жақсы айтады...
Ы б ы р а й (шырқай кетіп). Әттең тәңір-ай, бұл заман жорғалаудың заманы бопты ғой. Бөкен желісің болса да бөтен келсін дейтіндер болар. Сонда да саудагердің әкесін өлтіре ақша бер деген жүрісімнен тіпті танбаймын. (Шерилер тыңдамай төремен әзілдесіп күлісіп отырады.) Тиынға сатып алатын ба едің. Неге құштар болайын. Бұрынғы хан, төреңе де табынған емеспін. Бұныңа да жағынбаймын. Өлгенде ақырет берсе сол өліктің көріне күнәсін сатып, аларман боп күзге дейін қудалап, мүңкір-нәңкірдің бауырына апарып тыққан шығар. Ығына алып іліндірсе мінер көліктің көзі болсын дегені шығар. Жақсылық пен жамандық бас қазының алдында өлшенеді, деп көп молда өздерің емеспең ұзақша шулайтын. Бұл дүниеде кісілік безбенмен өлшенеді дегенге біз де көне алмадық.
Ш а й м а р д а н (кекетіп). Бәрекелде бұ сөз боп па?
Ш е р и (тыңдамай отырған бойында). Су татыған бірдеме шығар...
Д о с м ұ х а м б е т. Жаман қыз шешесінің артын шұқып ойнайды деп. (Жұрт тегіс Досмұхамбеттерді қошеметтеп күледі.) Өлмеңдер-ау, өлмеңдер... З а й р а (қасындағыларға). Жағынып, жалтаруды білмейтін, тіпті Ыбырайдыкі дұрыс.
Ыбырай (Ақанға). Е, жаратқан бар болғыр, тіпті неге төменшіктейін. А қ а н. Жұрт ұнатпай қалды. Бұның ылайық болмады білем. Мынау төре Абылай тұқымы. Асылдың жұрнағы емес пе? Ы б ы р а й. Е, бүйрегің солай бұрып тұрса өзіңнің. Шөре-шөреде мен-ақ қалайын тіпті. Д о с м ұ х а м б е т (Шериге). Бұнда ана Ақан отыр. Кеудесіне нан піскен жігіт. Соны ғана бір сөйлетші, төре... (Шери мен төре сөйлеседі.) Т ө р е. Ей, Ақан, сен немене бағанадан малшайт етіп, мыналарға очередіңді беріп отырғаның?
Ш а й м а р д а н. Ия, бәсе, бәсе. Ақан сөйлейтін кез жетті.
Д а у ы с т а p. Ақан айтсын, Ақан аға.
Ш е р и (Зайраға естірте, төреге). Ал Ақаныңның өлетін жері келді, төре. Мен білсем осы кісің ұраныңа табыла алмайды. (Күліседі).
Т ө р е. Айтады... баста, Ақан...
Д о с м ұ х а м б е т (Ақан қолына домбыраны бере беріп). Бұл кісі азамат қадірін біледі ғой, сіздерді неге сыйламасын. З а й р а (Шолаққа). Ақан жігіт болса, екеумізге де қыл мойынға тақаған жеріміз осы екенін білер. А қ а н (төреге қарап). Қаракөктің тұқымы асыл адам, атаңның аруағына қоңсы қонған даттаушы жыршың мен болам. Заманның аманында қазақтың тобынан торай шалдырмаған еліне қамқа болған асыл еді. Мен сол абыройдың ығыңда өсіп ем. Дәулет құсы бастан тайып, қарашы бет-бетімен сай өрлеп қара шаруаң жүдеп тұр еді. Мен елі көшіп иесі кеткен, көштен адасқан күшіктей атаңның жұртында жүр едім. Сені көргенім де бағым екен... саумысың.
Ш а й м а р д а н. Бәсе, міні дұрыс сөз.
Д о с м ұ х а м б е т. Е, көшелі кісі жол мен жөннен адаса ма? (Төреге.) Енді Шериге амандас деңіз.
Т ө р е. Ақан енді желісін үзбей тағы да шап, енді мына Шери мырзаны айт.
Д о с м ұ х а м б е т. Иә, Шериге, Шериге!..
А қ а н. Мырзаның көп мырзадан салты бөлек. Жұртым болса соны да мырза дей бер деуші еді. Шын мырзалық, шын асыл текті Шериден көрдім. Қазаққа келсе мырза, ұлыққа барса пашоттай, патомствоның өзі ұлық тәңірі госпадин тең едім деп жаны шыққыр қай қазақ айтады. З а й р а. Өз қанатынды өзің қырыққаныңды білмейтін жексұрын, бүдірің жоқ сорлы ма едің?.. А қ а н (әнін үзбей айтып келе жатып, Зайраның қабағын байқап). Сүйсінген жерімде келер-кетерімді білмейтінім де болушы еді. Шын мырзаның шұғыласы басқан болар. Ойдағымды ірке алмадым.
Д а у ы с т а p. Бұл таластан тайқып шықты.
Д о с м ұ х а м б е т. Е, әддін білмеген әлек деп неге Ыбырайшыласын.
Б о т п а й (Зайраға қарап). Бәсе, иесі келсе қоңсысы орын басатады деп, осылай болса керек қой.
Ш е р и. Жақсы айтты-ау осы, ә? Зайра, не дейсіз?
З а й р а (күйінген, қысылған түрде). Тілегені қарынына, өзі білсін.
Ш е р и. Ха-ха-ха. (Төре қосыла күледі.) Оны еске салғаныңыз ақыл-ақ. Бұл айтқаныңыз мынау екен ғой. (Бумажнигін алып, салмақтап, Ақанға лақтырмақ болады.) З а й р а (ұмтылып тоқтатпақ боп). Жоқ теріс ұқтың, ұят болар. Мен оны айтқам жоқ. (Шери күліп отырып, лақтырып жібереді. Ақанның алдына барып түседі. Бірнеше ақын ұмтылып ұмсынып қалады.) Д о с м ұ х а м б ет. Жерге түскен жетімдікі. (Ала бергенде Ақан өзі бассалады.)
А қ а н. Мен айтып, сен алатының несі. Бермеймін. (Қалтасына салып алады.)
Ш е р и. Өзің, өзің ал. Еңбек те, бумажник те сенікі. (Қарқ-қарқ күліседі.)
З а й р а (Ботбай қарағанда). Намысымнан садаға, ер ме десем тіленшімедің.
Ш е р и (Шаймарданға). Ендігі істің беті ашылды. Мә, мынаны сен ки. (Серілік знагын кигізеді.) Ш а й м а р д а н. Мал-басым жолыңа садаға, қарағым, енді өзің билеп, төстей бер. Алдыңнан шығар, жолыңнан басын тартар үлкен-кіші жоқ, Сенімен бәс таласатын ақынбеді, әне өзі де мына Зайра алдында абыройынан айрылып отыр. Д о с м ұ х а м б е т (Заира мен Ботбайға жақындап). Ақын бәсекесі деген оңай ма, ұят та боса тұрат та. Өзі бас салғанын көрмеймісің тұйғындай.
Б о т п а й. Ұят-ай...
Д о с м ұ х а м б е т. Япырай, Айшаның данасын-ай.
Ш е р и (Зайраға). Мені батыр қылғаныңызды қоясыз ба?
З а й р а (күліп). Жатырқасам бүйтер ме ем, о не дегеніңіз.
Ш е р и. Ендеше ықыласың мен шырайыңыз бізге ауса екен.
З а й р а. Мен сіздің ықтиярыңыздан қайда кетеді дейсіз.
Т ө р е. Уат, уат бұны мен түсінемін.
Н ұ р ж а н (Досмұхамбет иек қаққанда). Бәрекелде, қуаныш құтты болсын. Екі асыл шырақ жаратқанға біз де маспыз, мына отырған жұрт. Ала көңілі жоқ. Тегіс қуанады, есіктен төрге, сүйінші... Тұғырыңды жаңа тауып қуандың асылым, Шери мырза... А қ а н (күйіп-жанып, домбырасын тастай беріп, тұрып бара жатып). Адыра қалсын бүйткен ой-санам. Қайда қаңғып кеткенмін, шоқ-шоқ дейтін жан бар ма маған? Ы б ы р а й. Е, балалығыңды жаңа ұқтың ба? Бәрекелде-ай, мұншалық келтеме едің? (Жігіттері мен екеуі де өкініп, салбырап шыға береді. Арттағылар мәз боп күліседі.) Ш о л а қ (тұтанған күйінде). Уай жұрт, әлі сөз байыған жоқ. Енді бұл бәйге базарына барсын. (Әнші қатарына отырып, Ақанның домбырасын қолына алып.) Мына домбыраның көмейіне тығылып, айтылмай қалған сөз бар, мен соны жеткіземін. Переселеннің өгізін жүздеп алатын мені де мақтайды қазақ дурак. Кеудеме кірдің тасын көтерсем Мәди дейді. Бетін шаң басқан гауһарды мақтап не қылайық. Жалтыраған тиынды мақтайық. Соны салған қалтаны жақтайық. Зайра қыздың той тарқары сол болсын, қыздың байы жылқы екен сұм, ойбай.
Ш е р и. Мынау не деп қыртады. Шығар мынаны.
Ш а й м а р д а н. Тоқтат былжыраған сөзіңді, қаңғыған неме.
Ы б ы р а й. Шолақ шынды айтты, қаңғырғамыз жоқ, біз ел сүйген, елмен туысқан ақынбыз, қаңғырған мына саудагер Шери.
Д о с м ұ х а м б е т. Аш көзіңді. Болмаса көрерсің көресіні.
Ш о л а қ. Қысқарт енді, жорға құл, мойыныңды жұлып алармыз.
Ш е р и, Т ө р е. Не дейді? Не былжырайды, жоғалт көзіңді. (Атып тұрып ұрмақ болады. Төре мылтық суырады.) Ш о л а қ (төсін ұрып). Әдіре қал атып көр. Кім деп білесің, көзіңді ашып қара.
Ш а й м а р д а н. Шық, кет аулымнан, кет, өңшең бүлік.
З а й р а. Тимеңдер ақындарға, бұлар менің қадірлі қонақтарым, үй иесі бізбіз. Апа, айтшы бізбіз.
Ш а й м а р д а н (Зайраға). Шығарма үніңді... жетті.
Ш е р и. Құның төленген, менің алдымнан шығатын сем бе едің. Жетті енді, кетсін мыналар бұл ауылдан. Ш а й м а р д а н (Зайраға). Шығарма енді үніңді. Боларың болған, масқаралама мені. З а й р а (шешесіне). Япыр-ай, апатай-ай, шынымен-ақ осы торға шырмалдым-ау. Енді маған ерік бар ма, жоқ па, әлсіз, жалғыз панам. А л т ы н а й (бірге жылап). Жалғызым, тек бағың ашылғай-ақ та! Күнің не болады?.. Көзім жетпейді. Ерік мен байғұста ма. Көңілім тіксінеді. Я құдай, жалғызымның бағын аш.
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ
Бесінші сурет
Сахна бір отау, бір үлкен үйдің жартыларынан құралған. Араларында алаң бар. Отау Шеридің үлкен әйелі Ақлиманікі. Сонда Айша, Ақлима. Үлкен үйде Торсан. Оған Бөкен қымыз сапырып беріп отыр.
К Ө Р І Н І С
А қ л и м а (ашулы). Асайын деген екен сенің ағаң. Тәубәсынан жаңылған екен.
А й ш а. Жеңеше-ай, атты алысқа айдадың ғой. (Күледі.) А қ л и м а. Менің енді іркетін дәнекерім жоқ. Қайда әлгі Досмұхамбет! Ай, Досмұхамбет! (Досмұхамбет келеді.)
А й ш а (Досмұхамбетке). Немене, келе жатқаны шын ба?
Д о с м ұ х а м б е т (Ақлима жаққа жалтақтай тұрып). Ия, болар іс боп қалып еді, құрғыр. Келіп те қалды тіпті, несін жасырайын. А қ л и м а. Шақыр Ботбайды! (Досмұхамбет шығып кетеді.) Өткен күннің бәрі ұмыт деген екен. Ірбітке қолын жеткізген, Макаржіге апарған, банкі ашып берген менің аулым емеспеді? Менің арқам болмаса ішіп, жеп отырғаны кімнің мүлкі. (Досмұхамбет, Ботбай келеді.) Бар, ана атама менің сөзімді жеткіз. Керекуден екі жүз жылқы, үш ақ үймен келген қай келінді көріп еді, бұл өңірдің қазағы менен бұрын, менің шаңырақ түйеме мініп келетін қара қазақтың күң қызы менің теңім боп па? Не қазір алдырмай қайтарсын. Немесе мен бүгін төркініме хабар жібертем. Келіп бар жасау мүлкіммен мені алып кетсін. Басқа сөзді білмеймін. (Аналар кетеді. Айшаға.) Сен де маған дос-ақ екенсің. Қоздырған сен дейді, рас па, шыныңды айт. А й ш а (күліп, қысылып). Ашу алдында, ақыл соңында демеп пе еді. Неге мұнша тарылдың, жеңеше-ай. (Досмұхамбеттер Торсанға кеп сөйлесіп жатады). А қ л и м а. Жалтарма, сөзіме жауап бер. Саған да менің қадірім тозған екен. Солай ғой тегі.
А й ш а. Еркелікпен айтып қап ем.
А қ л и м а. Сондағы ойыншықтарың мен ғой.
А й ш а. Жоқ, жеңгем сенсің, басқаның керегі жоқ.
А қ л и м а. Көлгірсіме, алдама.
А й ш а (күліп). Шын айтам, жеңеше. Және анау ақындарды тұқыртып кетсін деп бір ашумен айтып қап ем. Алсын деген жоқ едім. А қ л и м а. Ендеше сөзіңде тұр. (Есік алдынан бір топ қыз, қатын өте береді, арасында осы ауылдың қулары: бірі сақау, бірі қыли, бірі сыбызғы шалған ақын, бірі дуана-бәйітші — барлық тобымен: "Келін, келін келеді! Келіп қалды, келіп қалды!" десіп, Ақлиманың есігінен өтерде, қымсынып ауыздарын басады.) Әй, не, есік қақты немелер! (Сырттағылар тұра қалады.) Бұ не шу? (Қулар майыса кеп, екі босағаға барып күлдірмек болады.) Тарт әрі. (Аналар тиыла қалады. Ақлима Айшаға.) Өтірік айтпасаң, ана әкеңе сен де бар. Тидыр, қайтарт. Болмаса төркініме кетемін. (Айша түрекелгенде.) Осыны істемесем әкемнен тумай кетейін. (Тысқа шығып қатындарға.) Жоғалт көздеріңді. Қуанғышын бұл немелердің. Кет үйлеріңе. Алғызбаймын. (Қатын-қыз ығысып жөнеліседі. Ойыншылар қалады. Ақлима соларға.) Маған күндес болуға жүрегі батып келетін неме ғой. Шери аулы қалай қарсы алады екен. Көрсетіңдер сендер, қарсы алыңдар. Өлер, тірілер жерлерің осы. Бүгінгі керегіме жарамасаң, атау кереңді ішкізермін түге. (Қулар репетиция жасағандай бірі сақауланып, бірі бәйітшілеп, бірі қылиланьт аз ғана құтыра бастайды.)
К Ө Р І Н І С
Торсан (жатқан қалпынан қозғалып басын көтеріп). Бір қырсық үшін Ақлимамнан айрылып құтымды шайқаушымем? Ақлимадан басқа келінім жоқ. Оның төркіні менің асқар белім. Құтырмасын, құдайын ұмытпасын Шери... Керегі жоқ... Д о с м ұ х а м б е т. Қатын сөзі бір сәрі. Қай қатын үстіне күндес алғызам деуші еді? А й ш а. Ақлиманың ашуы үлкен көрінеді. Мен ажарын көріп кеп отырмын. Отпен ойна демесеңші, Ботбай. Д о с м ұ х а м б е т (Торсанға). Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар. О да кедейдің баласы. Сүйегіңді қорлайын деппең, бай. Т о р с а н. Көмегім, елім, ұзын арқау, кең тұсауым Ақлиманың аулы. Маған дәулет бітірген Керей ме еді? О несі екен!! Керегі жоқ. Тыныштығым мен амандығымның садағасы. (Сахна алаңына Шаймардан, Нұржан, тағы бір топ, қыз ұзату, шу, үлкендер шығады. Құдалар. Торсан үйінен Айша, Досмұхамбет, Бәкен шығады. Олар жақындамайды. Құдаларды ешкім қарсы алмайды. Олар аңырған күйде Ақлиманың отауына жақындай береді. Ақлима бұл уақытта астына орындық қойып бергі шетте үйінің алдында отырған.)
К Ө Р І Н І С
А қ л и м а (жақындап келген құдаларға). Бұл үйге кірмейсіңдер. Үстіме күндес алдырып, тасталған қатын аталып, байтал тапқан күнімде кіргізсем де жетер. (Құдалар шайлыға береді. Айша кеп Ақлиманың қасына отырады. Құдалар дағдарып, Досмұхамбетке бұрылғанда.) Д о с м ұ х а м б е т (мойнын теріс бұра беріп). Өзіңнен зор шықса екі көзің сонда шығар... Е, сорым бар басым. Н ұ р ж а н (Бәкен мен Досмұхамбетке). Мына құдалар бай үйінің өзіне кіретін шығар, әлде. (Дағдарыс, аналар үндемейді. Құдалар солай қозғала береді.)
Д о с м ұ х а м б е т. Бай тыныштық алып жатыр. Кіруге болмайды. Ш а й м а р д а н. Бұ қалай... енді қайда? (Досмұхамбет дағдарғандық, белгісін жасайды. Қулар оның қозғалысын мазақ етеді.) Ендеше үй әзірленгенше осында отыра тұралық. (Өзі бастап жерге отырады. Өзгелер де біртіндеп отыра бастайды. Аздан соң қызыл торғын шымылдық желбіреп келінді желе жатады. Мына жақта үн жоқ. Ешкім қозғалмайды. Келін тобы тоқтайды.)
К Ө Р І Н І С
А қ л и м а (тым-тырыстан соң қулар мен Досмұхамбетке ым қағып). Бастаңдар, қуантыңдар ана бай орынды таңдап келген келінді. Неге тұрсың, түге! Д о с м ұ х а м б е т (бастайды, өзге қу қостап, бұзық беташар айта жөнеледі. Әні беташар, бұзылған сөздерді біреу ұлыған, біреу маңыраған, біреу жылаған, біреу күлген, бірі кісінеген тәрізді қып, қым-қуат, шым-шуыт етіп айтады.)
Өзің жатып күйеуіңді басқа соқпа, келіншек,
Алдыңғы түйең итіншек деп құрт ұрлама, келіншек,
Артқы түйең тартыншақ деп тұр-тұрлама, келіншек,
Кеткен дәурен келмесе, құр-құрлама, келіншек.
Айт келін-ау, айт келін,
Шымылдығыңды тарт, келін,
Сені тосып отырған
Өзге емес мына қарт келін.
Осы арада аз ғана енді тоқта, келіншек,
Қайда келдің, қайдасың күйің жоқта, келіншек.
Жылаймын деп жалғыз-ақ көзің жасын бұлама.
Мұнда күйеу болмаса өзге жоқ па, келіншек.
Айт келін, айт келін,
Шымылдықты тарт, келін,
Сені тосып отырған
Өзге емес мына қарт келін.
Баршаңызға бір сәлем.
(Шымылдық ашылмай, бөгеледі.)
З а й р а (беташар басталған жерде ұялып, сөздерін есіткенде шошып тұрған). Сұмдық -ай, не күйге ұшырап ем. (Шымылдықты ұстап босатпай тұрғанда өзгелер ашып жібереді.) Қ у л а р б ә р і қ а т а р ы н а н: С а қ а у қ у (қылғынып, бет-аузын бұзып).
Айпанадан ақ жүзім сіз көйесіз,
Жөн-жосықты биетін сіз төбесіз,
Ақ жүзімді көйгенің осы-ақ екен,
Кәніки, көйімдікке не бейесіз-ау-өй-өй!
Қ ы л и (ақшырайып, танауын ежірейтіп). Тайқар байдың үйіне кіріп келіп ем. Төрде ақ төсектің үстінде тайқардай ақ қыз отыр екен. Ол маған қарап жымың ете түсті, мен де оған қарап жымың ете түстім.
С ы б ы з ғ ы л ы қ у (жынды сүрей, киімі борша-борша).
Пайғамбарым тартқан сыбызғы болсаң,
Көк қойдың өңешімен қапталсаң.
Енді кеп маған тисең,
Сонда сенің не арманың бар, арманың бар-ау.
Б ә й і т ш і қ у.
Көрің қадір құдіретін,
Білсін таю сұңғатын,
Мұстафаның үммәтін
Әндім шариф қылдиа.
Сүйітші, иә, келін, сүйітші, иә. (Ақлима күліп отырады. Өзге жұрт та қошеметтейді, күледі. Зайра жылап бетін басады.) А л т ы н а й. Осы Зайра жаным жылап тұр-ау. Мына біреулер өзі өңшең сайқы мазақ па немене, құдай!? Ш а й м а р д а н (қарамай). Оң сапарын берсін. Қайтер дейсің, балдардың ойыны ғой жәй. Құтты орнына қондырсақ, болды да сол қызды. (Шери, төре, ояз шығады. Торсан да үйінен шығады.)
К Ө Р І Н І С
О я з (орта жерде Торсанға жақын). Бұнда не уақиға боп жатыр? Т ө р е. Міні, ваше благородие, бұның аты қазақ ботқасы. Ә, оны расхлебывать ететін кім? Ол (күліп) вопрос!.. О я з (Шериге). Эй, Шери, мен сені мұндай лабелас деп ойлағам жоқ. (Торсанға.) Ну, бай не ойлайды? Т о р с а н. Мен ырза емес, төре! Ана келін Ақлима да ырза емес. Мен Шериге ырзалық бермеймін. (Шериге.) Білдің бе, міні, алмайсың. Қайт қазір сөзіңнен, қайтар мынаны. З а й р а (өзі-өзіне, көзін басып, ah ұрып). Сорлы басым қайда кеп ем? Қара жерге кірсем етті. Т ө р е (ояз бен Шериге). Басы әке қарсы, Ақлима қарсы. Хал... өзі бір ойсыз істелген нәрсе. (Күледі.)
О я з (Шериге). Ну, сен не айтасың?
Ш е р и. Білмейім қандай ақмақтық болғанын. Осы күйден құтылсам екен.
О я з. Ақлиманың ағасы, әкесі почетный, влиятельный адамдар. Оларды ашуландырсаң, үлкен неприятность болар.
Ш е р и. Отказать етем бе?
Т ө р е. Көп қатын алған дейсің.
О я з. Ну-ка мечту, глупость. Көп қатын алудан қашсаң сені біздің бәріміз справедливо істеді дейміз, культурный поступок дейміз.
Ш е р и. Чепуха! Өздері ақымақ болмасын...
О я з. Мало ли бывает шуток.
Т о р с а н. Бол, әй, Шери, аулақ әкет аулымнан мына топырды.
Ш а й м а р д а н. Бұ сөздің беті қалай-қалай шалқып барады өзі. Шырағым Шери, бір деп білегіңнен, ер деп етегіңнен ұстағаным сен емеспең?
Т ө р е. Начинается!
Ш е р и. Керек емес. (Ілгері Зайраға таман басып.) Мен қата істеген екем. Айып менен. Бірақ мынау әке, мынау ұлық, барлық игі жақсы мені тыйды. Мен енді... руқсат еттім. (Зайра жылап жібереді.)
Ш а й м а р д а н. Сөз осы болды ма?
Т о р с а н. Болды енді. Тартып сүйген жар болмайды. Ей, Шаймардан, сен мені зорлықпен құда етушімең... Жаным, шаршатпа бізді енді... Ш а й м а р д а н. Олай болса менің де сөзім қысқа. Менің байлауым міні. Жердің үстімен кеп астымен қайтпаймын. Әкелдің. Енді есебін өзің тап: әне келінің. Не қылсаң о қыл. Мен, міні, кеттім. (Өз кісілерімен Зайра қасындағыларға.) Жүріңдер тегіс! (Жөнеле беріседі. Нұржан Шери қасында қалады.) Зайра, қал, шырағым!.. Кімнің жерін жерлесең, соның суын сула. Арсыз болмасаң абүйырлы болмайсың деп тұр ғой мыналар. Жетенде болса соны ұқ. З а й р а. Қорлық-ай не болдым, не болдым? Әкет мені. Апатай-ау, қорлады ғой бізді! Қайттім мен енді. Әкет мені. Ш а й м а р д а н. Жоқ, қал... Маған да керегің жоқ... Жүріңдер, жүріңдер. Өлсең сүйегіңді жоқтармын. Тіріде сені, міні, мен де қайта алмаймын. (Кетіп қалады. Зайра жалғыз тұрып қалады. Шымылдық жерде басылып қалады.) А л т ы н а й. Тірідей жер болдың ғой, жалғызым. Бүйткенше өлсең етті, қозытайым... Өлдің енді сен. Мен де өлдім. Жарығым, арманда кеткен жетімегім. Зарлы бейбағым... енді тірі қалма, өл. (Жылап тұрып төре мен Шериге.) Ендігі жалғыз арызым, қор болған жанның соңғы арызы. Ел деп келіп ек қой, мынаны енді қаңғыртпаңдар. Жетім еді, қарызы бар емес пе? Бұ да адамның баласы ғой. (Жай тұрған жұрт жағасын ұстаған, мұңайған. Қатын-қыз жылайды.) З а й р а (өзгелерде үн жоқ. Зайра өзіне-өзі). Құдайым-ау, не дейсің, апатай! Адасқан ит болған мен сорлыны енді несіне жоқтайсың, неге садаға қып кетпейсің?! Т ө р е. Қор әйел, күң әйел, мә саған. (Кері айналып кетеді. Ояз да, Шери де айналып жүре береді. Үміт етіп телміріп тұрған Зайра зар қағып жерге отыра кетеді. Оқ тиіп бүктеліп құлап түскендей.)
К Ө Р І Н І С
Ботпай мен Айша Торсанға келеді. Екеуі алдында сөйлескен.
Д о с м ұ х а м б е т. Бай, мына істің бір жауабы болады-ау осы! Енді бұның есебін тапқанымыз ақыл болар. Т о р с а н. Қайт дейсің маған? Керей деген баласы тағы шықты. Мал-дүние судай ақты ғой енді. А й ш а. Қор етпейік, әке... Шери басы азат қой. Басқа есебі табылмай ма! Жатқа кетпесін...
Т о р с а н. Уа, қайтейін мен. Байды жерден қазайын ба?..
Д о с м ұ х а м б е т. Мына Бәкеніңе әпер. (Торсан ойланып қалады.) Жатқа кетпесін. А й ш а. Менің де ойым сол еді. Ерден кетсе де, елден кетпесін. Бәкен, бауырым болсаң осыны сен ал. Ешкімнен басы кем емес.
Б ә к е н (ұялып төмен қарап). Әкем білсін... білмейім... Ұят болмас па?.. Т о р с а н (басын көтеріп). Болды. Шырағым, басымды пәледен құтқар... Осыны тіледім сенен. Ал. (Сөз шешілген сияқты. Айша мен Досмұхамбет Бәкенді ертіп алып, Зайраға жақындатады. Торсан Зайраға.) Шырағым, тұр. (Зайра тұрады.) Менің аулым деп келген екенсің, мынау да менің балам. Құдай қосса біз қостық. Осыныма ырза бол. (Бәкеннің қолын Досмұхамбет Зайраға созады. Зайра жылап сол қолымен бетін басып тұрып оң қолын Айшаға ұстатқан күйінде Бәкеннің қолына тигізеді. Бетіне қараған да жоқ. Сол қалпында бұларды алып Айша, Досмұхамбет кетеді. Торсан Ботбайға жұртты көрсетіп бұйрық етеді.)
К Ө Р І Н І С
Д о с м ұ х а м б е т. Уай, жұрт, мына бай бұйрығы... бұ да той... енді той болады... той. Қызыңдар... ойнаңдар. (Жұрт тым-тырыс.) Т о р с а н. Тойын жаса, атын да шаптыр. Жуып-шай енді, түге! (Жөнеле береді. Жұрт та үндемей тарай береді.) Қ у л а р (шулап). Уа, той, той! Қуан, кедей, қуан. Aт шабады... ат шабады... Бәйге, бәйге!.. (Өздері мазақы ойындарын ойнап, билей тарқай береді. Осы шудың аяғына Ақан, Шолақ кеп шығады, қастарында 3-4 кісі. Мына дабырды естіп тұрады. Екінші жақтан Досмұхамбет шыққан. Тыңдайды.)
К Ө Р І Н І С
А қ а н. Ә, той екен... Зайраны Керей шыны-ақ әкетті де!
Ш о л а қ. Бәйге дейді. Ат шабат дейді.
А қ а н (ойлана қалып). Солай ма? Ендеше қайтейін, төмен болса малым төмен шығар. Бағым темен емес. Соны көрсетейін. Бәйгесіне Құлагерді қосайық. Зайраға да, Торсанға да бір оқ атып, күйік тастап кетейік. Ш о л а қ. Бәрекелде... мұның ақыл-ақ. (Жөнеліседі. Айша шыға беріп, Ақанға телміре қарайды. Ақан елемей өтіп кетеді.) А й ш а (Досмұхамбетке кеп). Мыналар тағы не қып жүр! Әлі өзеурегені Зайра ма? Д о с м ұ х а м б е т. Ендігі ісі ерегес. Бағымды жарыстырам Торсан баласымен. Бәйгеден Құлагерді келтірем дейді. А й ш а. Ендеше, әй, мұнда келіңдер! (Екі жігіт келеді. Досмұхамбет үшеуіне.) Шеримен тайталасатын, бізге басын июдің орнына асқақ қарайтын кедейді мен көрейін. Бұл мына менің кегім. Құлагерді бәйгеден келтірмеңдер. Ұқтыңдар ма. Міні, біздің ауыл осылай жеңіп, осылайша қағады, қарсы келген мен жолда тұрғанды... Танып ал.
А н а ү ш е у і. Құп-құп дегеніңе. (Жорықтарымен бекінгендік белгі жасады.
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ
Алтыншы сурет Сахна ойлы-қырлы caр жота сияқты. Арғы көк аспан заднігі мен сол бергі жотаның екі арасынан бәйгеге шапқан аттар өтеді. Авансценаға көк шалғынды кішкене бұлақ ағып түседі. Сахна ашыла бергенде: "Ұста, ұста! Тоса бер! Тоса бер!" дескен қаскөйлер үндері естіле береді. Бір шеттен: "Қарауыл! Қарауыл!" деп ұран салған бәйге атқа шапқан бала Бөрібайдың үні естіліп келе жатыр. Баланың көк шыт байлаған басы және Құлагердің қос құлағы мен созулы кекілі көрініп өте береді. Сол арада жол кесушілер: "Сілейт, сілейт! Қақ! Қақ шекеден!" десіп екі жақтан шоқпар, сойылдарын көтеріп ұмтылады. Тегіс сермейді. Құлагер басы cap жотаға шыға бере құлап түседі. Бөрібай жотаның бергі бетіне ұшып түседі. Досмұхамбет бері шыға береді. Д о с м ұ х а м б е т. Ойында өрелік жоқ деген... біздің бір осылайша ойнайтұғынымыз да болады... Жат, жануар. (Қарқылдап күліп.) Уа, бәйге сенікі. (Сол кезде: "Керей, Уақ! Керей, Уак! Қыпшақ! Қыпшақ!" деген ұрандарды айтып 3-4 ат Құлагер келген жолмен шауып өтеді. Аттар шанжау-шанжау өте береді. Әрқайсысының артын ала көп топ болып, қалың ұран шақырған тартушылар дүрілдесіп өтіседі. Жылдамдатып Шери шығады.) Ш е р и. Алдыңғы атты тер басып кеткен екен, тани алмадым. Іздегенім ылғи Құлагер еді... қай-қай ат өтті осы? Біреуі әйтеуір анық біздің ел аты. Д о с м ұ х а м б е т. Ойбай, мырза-ау, ендігі алды ЬІрғыздың, Керейдің көкжалы ғой. Екіншісі тағы бір Дулат... Мынауың мінеки. (Күліп.) Мына жерде бір қатты қазық бар екен, соған сүрініп жығылғаны сорлының...
Ш е р и. Уа, қой енді қысыр кеңесті, не қып тұрсың.
Д о с м ұ х а м б е т. Жұмыс бітті деп тұрмын.
Ш е р и. Жоқ. (Қарап тұрып.) Мынау артқы аттар шоғы келеді екен. (Күн салып тұрып.) Ендігі бөтен аттар екен. Анау сайға, анау тастаққа қарай, теріске салып жіберейік. Істе соны! (Бәрі бөріктерін сол теріс жаққа қарай сілтей шауып, өзге аттардың бетін қисық бұрып әкетеді. Дүбір, ұрандар алыстап кетеді. Есін жаңа жиған Бөрібай сүйретіле барып, Құлагердің мойнын құшақтай жылайды. Аздан соң Ақан мен Шолақ шауып шығады.)
К Ө Р І Н І С
А қ а н. Құдай-ай, не дейді? Не дейді? Аһ, дүние жалған! Мынау неткен сұмдық еді! (Аһ ұрып кеп, талып жығылғандай боп, Құлагердің басын құшақтай, зар еңірей құлап түседі. Шолақ күйіп кеп, баланы тұрғызып алып.) Ш о л а қ. Уа, не болды, не болды, жарқыным! Не күйге ұшырадың, сорлы мұндар?.. Б ө р і б а й. Осы арада ұрып жықты, ұрып жықты. Бір қол кісі қаптап тұр екен.
Ш о л а қ. Уа кім, қандай ғана қырсық? Таныдың ба бірде-бірін?
Б ө р і б а й. Танымадым.
Ш о л а қ. Уа төбеңнен жорытқыр, тым болмаса қай ел екенін білдің бе?
Б ө р і б а й. Осы той қылған ауыл. Осы иттер. (Жылайды.)
Ш о л а қ (атып тұрып қамшысын білеп тұрып). Бәлем Керей, осыны ата кегім қылармын. (Айғайлап.) Уа, қайдасың, Қарауыл! Қарауыл! Құрып кеттің бе? Құрып қалғыр... (Ашуланып, сапысын суырып шаба жөнеледі.)
К Ө Р І Н І С
Ақан талмаусып, ыңырси береді. Ызақойы бір ерекше зарлы күйге таман айнала береді. Теңселіп, көзін жұмып, толғана отырып сөзсіз жыр шерткен тәрізді. Жассыз жылау, жоқтау сарыны. Сол сағатта қартайып, жүдеп, өңі қуарып, әжімдер тереңдеп, таусылып сөніп бара жатқан сияқтанады. Анда-санда: "Бөрібай, Бөрібай" деп қояды. Кейде Құлагердің басын сипағанда "Бөрібай, Бөрібай" деген сөзбен ұйқасып. алмаса береді. Аздан соң бір топты бастап, ақырын тұлан тұтып Шолақ шығады. Ел есіткен. Шолақпен келген топтың ішінде Торсан мен ояз бар. Артында стражниктері. Ш о л а қ. Уа көр, көр міне. Біздің ояз, біздің той иесі бай. Өлтірткен мына, Торсан, сенсің. Алдарыңнан өтілгенім осы. Енді Қарауыл құрып кетпесе, бәлем бақал ел шапқандай әлекті салармын.
О я з. Кім өлтірді, кім біледі?
Ш о л а қ. Міне, міне, мына бала адам емес пе?
Б е р і б а й. Осылар... мыналардың кісілері.
Д о с м ұ х а м б е т. Бала куәлікке жүруші ме еді. Есінен шатасқан ба өздері.
Ш о л а қ (тепсініп кеп). Сен не дедің, қайта айтшы.
Т о р с а н. Несі бар еді?
Д о с м ұ х а м б е т. Айттым сол, қайтушы ең.
Ш о л а қ . Мә, айтсаң. (Қамшымен тартып жібергенде Досмұхамбет тұмақтай ұшады.) О, жүзің күйгір өңшең. О я з. Бұ не, мен тұрғанда, шошқалығың бұл. (Стражниктеріне белгі береді. Шолақ олардың келе жатқанын көрмейді.) Ш о л а қ (Торсанға). Сауда қылмақ түгілі дүние алсаң па көзіңді ағызайын ба?
Т о р с а н. Қысқарт енді, қоңыз тергізіп жіберермін.
Ш о л а қ. Шықсын, шығар онда, бер кезекті жалғыз өзіме, өлігіңді бір төбе қып үйіп кетейін.
Т о р с а н. Ашып қара көзіңді.
Ш о л а қ. Ай, доңыз-ай, ызаң өтіп еді. Құнын бір-ақ берейін. (Taп береді ақырып.) О я з. Захватить, арестовать! (Стражниктер мен көп қазақ барлық жағынан қамай тұра қалады. Солдаттарда жалаңашталған қылыш, тапаншалар. Шолақты арест қып алып кетеді. Бәрі де кеткен. Бұрынғысынша ыңыранып теңселген Ақан отыр. Зар үні жым-жырттың ішінде үдеп кетеді. Сонда бір шеттен сенделгендей, есінен айырылғандай боп даланы өз бетімен кезген Зайра шығады. Жібек жібіндей ширатылған бір жіңішке ән, түпсіз терең шер-зар әнін о да сөзсіз термелеп келе жатқан сияқты. Жалғыз күңіренген Ақан енді үнін, зарын өрлете-өрлете өсіре келіп, аяғында ботасы өлген пар інгендей әрі күшті, әрі суық зарлы әнге басады. Азынағандай. Әннің басынан өз әнін токтатып, үздігіп талмаусығандай боп тұрған Зайра енді тал бойы ұйып, елти тыңдайды. Ақан Құлагердің туысын, өмірін және өлімін айтқан жоқтау зарды ақтарады. Қайырмасында "Бөрібай, Бөрібай!" деп қояды. Зайраның мағынасыз күлімсіреген жүзінде әлденемене, бұлдырға дәмесін артқанның белгісі бар. Өн-бойында бір өлі мен тірінің арасындағы жанның кейпі бар). З а й р а (талмаусып). Жаным-ау, жаратқан-ау. Мен бармын ба? Жоқпын ба осы? Ұйқыдамын ба, ояумен ба? (Көзі көк аспанға телміре береді. Бұның телмірген бет алдынан машықты аққу шығады. Сілкінеді. Қыз болады. "Құлагер "зарына қосшы болған зар-жылау күйін билейді. Шерменен мың бұралып, жүрегі пара-пара боп күйген жанның биі. Зайра соған қадалған күйінде көлденең жүріп, Ақанға жақындай түсіп.) Қайғың мені алсаң басыла ма? Мені мына қорлықтан әкетсең нетті? Кешпессің бе? А қ а н (бір қарап). Жоқ, менің күнім өтті, бітті. Кесілді жол, ұшты дүние. Бақыл бол! (Зайра жауап қата алмайды. Себебін сұрай алмайды. Басы төмен түседі. Көзі қырда.) Құлагер текке өлген жоқ. Ақанның бағы қайтты. Енді Ақан өлді!.. (Әнін, домбырасын кенеттен ұрып, домбыраны тасқа бір салып талқан етеді. Сол секундта Зайраның көз алдында пері қыз жер астына батып кетеді. Ақан тұрып, жағасын қос қолымен ұстап бір жаққа кете береді. Зайра шатасқандай алас ұрып, дағдарып кеп қыз батқан жерге телміріп тұрғанда сары жотадан Айша бастаған қулар тобы шыға келеді.) А й ш а (кетіп бара жатқан Ақанның сыртын көріп, ұмтылып басып). Ақан, Ақан сері!.. Ақан! Маған бірде-бір жол оң қабағыңмен қарамай кеткенің бе? Жарайды мені танымағаның көзіңнің қарайғаны, тіршілікте тұйыққа қамалғаның ғой. Өмірде сүйсең маған сүйенер едің... оған да дәрменіңнің жетпегені ғой... мен құр тұлыпқа мөңіреп жүргенім ғой. (Ақан бұрылмай кетіп қалады. Аз қарап тұрып Айша сұлық түсіп қап, артынан ашумен тез бойын жиып aп.) Ендеше садағам!.. (Бұрыла беріп Зайраны көреді. Ол кінәлі адам сияқты.) Ә, кінәлі мұндамеді? (Күледі. Сақылдап мазақ ете, ызамен күледі. Сонда бұның қасындағы қулар Зайраны жан-жағынан, жын перідей қоршап алып, бет-ауыздарын неше алуан сұм гримасалар жасап құбыжықтай құбылтып, адам ұқпас сөздерді, баяғы біріншідегі өлеңдері сияқты таласа, жарыса айтысып, сайтанша құтырынып билеп, сақылдап күлісе береді. Билері тәртіпті би емес, қиралаңдап, қисалаңдап неше алуан изломы, изгибы бар шым-шытырық болады. Зайра пері қызын, Ақанды іздегендей алас ұрғанда, мынандай гримасалар алдынан құлашты жайысады.) З а й р а (кенет қышқырып қалып, шатаса бастап). Пері... пері, өңшең пері ойнағы. (Сақылдап күліп, бет-аузын тыржыңдатып.) Мен де пері!.. (Аналардан асыра құтырынып жөнеледі.) А й ш а (шошынып шегіне беріп). Тоқта... тоқта!.. (Қулар тоқтай қалысады.) Жынданды... жынданды!.. (Шегіне береді. Зайра ойнақтап-ойнақтап жаңағы "пері ойнағы "деген сөздерін қайталай береді. Бір сәтте жұрттың көз алдында шашы бұрқыраған, киімі дал-дал боп айрылған, нағыз құтырған адам күйіне түсе қалады. Әрі-бері алас ұрып кеп, үздігіп құлап түседі.)
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру