TELEGEI

Home

Қазақ тарихы. 1-кітап

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қазақ тарихы. 1-кітап

Мәшһүр Жүсіп Көпеев ел тарихын көп білетін шежіреші ретінде танымал. Шығармаларында әлеуметтік, адамгершілік мәселесін ашып көрсеткен. Адам бойындағы теріс қылықтарды сынаған, адамның мінез-құлқындағы жақсылық пен жамандықты салыстыра бейнелеген. Достық, ақыл-ой, ақыл туралы жазған ғибратты сөзде...

ҚАЗАҚ ТҮБІ

(БІРІНШІ НҰСҚА)

[1.1 мәтін] Адам Ата, Хауа Ана - күллі адамзат осы екеуінен өрбіп-өнген. Бұл Адам Ата мың жасап, өз ұрпағының қырық мыңға саны жеткенін көріп өлген. Бел баласы Шиш (Шит) тоғыз жүз он екі [912] жыл жасап өлген. Оған бел бала - Ануш (Анош, Анфш). Бұл Ануш та тоғыз жүз он екі [912] жыл жасап өлген. Мұның бел баласы Қайнар (Қинан) сегіз жүз қырық [840] жыл жасап өлген. Қайнардың бел баласы Майлыауыл (Михайл, Майхауил) тоғыз жүз жиырма [920] жыл жасап өлген. Майлыауылдан туған Жарты тоғыз жүз алпыс [960] жасап өлген. Бұл Жартыдан бүтін болып Ыдырыс (Идрис) пайғамбар туған. Бұл жалғанның жүзінде төрт жүз жыл [400] тұрып, тірілей аспанға ұшып, өрлей-өрлей Ұшпаққа барып, сонда тұрып қалған. Бұл Ыдырыстан мұнда қалған бала - Мұтұшалық. Мұның қандай жасағанын білген жан жоқ. Қазақтың айтып жүрген: Нұх пайғамбар дарақтан кеме жонған, Кемесінің түбін тышқан тескен, - деп жүрген жарапазаны,- осы жарықтық. Мұның заманында бұл дүние малға да, басқа да толған. Онан соң қайтып ондай толған, жетілген емес. Тіпті дүниенің жүзіне сыймай кететін болған соң, Топан суы тасып, бір наубіт болған. Бұл Нұх пайғамбардан үш бала қалған: Хам, Сам, Жаппас (Жаббас). Хамның ұрпағы: Һинді, Зеңгі, Хабаш. Көмірдей қара жұрттың бәрі мұнан өсіп-өнген. Сам ұрпағы - Араб, Ажам. Жұлдыздай көп пайғамбарлар арабтан шыққан. Тарихтарда зор атақ алған патшалар Ажамнан шыққан. Бұл айтылғаннан басқа Адам ұрпағы Жаппастан өрбіп-өнген. Тарихтан көрген, атын білетіндеріміз: Түркі, Хазар, Сақлаб, Рус, Минкі (Мың). Шын, Кимари, Тарыф (Тарых) - бәрі де алды-алдына ел болып, жұрт болып, өсіп-өнген. Бұл Жаппас ұрпағы ең жасы үлкені Түркіні хан көтеріп, соның аузына қараған. Мұның тұқым нәсілінен болған ханлар «хақан» аталды. Түркі заманында көшіп-қонып жүретұғын жұрт болды. Өзі Ыстықкөлді ұнатып, сонда тұрақтады. Қазақ: «Жолым үй» - дейді. Керегесі жоқ қос, баспаналары болды. Бала-шаға, ұрпағы көп болды. Түтік деген баласын көзі тірісінде орнына отырғызып, өзі «Барса Келмеске» кетті. Түтік те тұрақты, табанды патша болды. Асқа тұз салуды осы Түтік ұғындырды. Бұлардың заманы Ажам патшалары Кеймарыспен тұстас болды. Бұл Түтік екі жүз қырық [240] жыл жасап, Еділше дейтұғын баласын орнына отырғызып, ата-бабаларын іздеп кетті. Бұл Еділше де көп жасап, орнына Деббақой деген баласын отырғызып, алды-артына қарамай, о да жөнелді. «Деб» - деген сөзі «тақ үсті», «Бақой» - дегені «ұлыстың ұлығы» дегені екен. Бұл Деббақой баласы Киік ханды орнына отырғызып, жөнеліс қылды. Киік хан баласы Алыншыны (Аланшыны, Алтыншыны) орнына ие қылып, баратын жағына бет түзеді. Нұх пайғамбардан Алыншы заманына шейін жұрт әуелден мұсылман (пұсырман) еді. Алыншының заманында алаң болды. Алаңдықпен тұрмады, ылаң (елең) болды. Ата-бабаларының жол-жобасынан айрылды. «Ит семірсе, иесін қабар» - дегендей күй болды. Жанкүйер жақсы көретұғын жандары өлсе, қуыршақ жасан, астың алдын соның алдына қоятұғын қылып, құшақтап, сүйіп, әркім ойына келгенін қылып, жұрт бұзалаңдары бара-бара сол қуыршақтарға шоқынатын, табынатын болды. Алыншы ханның қатыны егіз бала тапты. Екеуі де еркек ұл болып туды. Бірінің атын -Мұғол (Моғол), бірінің атын - Татар қойды. Бұлар өсіп ер жеткен соң, өзіне қараған ел-жұртын екі балаға енші қылып бөліп беріп, екеуі екі жұртқа хан болды. Татар ханлығы жеті атасына шейін келді. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймақшы емес». Мұғол, Татар балаларының бір-біріне жаулығы қазақ пен қалмақтай болды. «Мұғол» мәнісі - «мұңлы, қайғылы» деген сөз деседі. Бұл Мұғол ханлығы тоғыз атаға шейін келді. «Түркі халқының ішінде әр нәрсені тоғыз-тоғыздан қылу, санның толығы -тоғыз» - деп, сондықтан болған деседі. Мұғол көп жыл патшалық қылды. Төрт баласы болды: Қарахан, Өзхан, Көзхан, Көрхан. Мұғол Қарахан деген баласын орнына отырғызып, хан көтеріп, «Шүу!» - деп, зып ете түсті. Қарахан ірі дөкей хан болды. Ол заманда: «Ертағы», «Кертағы» - дейді екен. Бұл заманда: «Ұлытау», «Кішітау»- дейді. Жаз болса, сол жерлерді жайлады. Қыс болса, Қарақұм, Сыр суының жағасын қыстайды. Қарахан заманында бір пұсырман жан «емге іздесе, табылмайтұғын» еді. Қарахан бәйбішесінен бір ұл бала туды: айдан әдемі, күннен көрікті, судан сұлу. Үш күн, үш түн емшек ембеді, туған шешесінің қарасын егіз екі көрмеді. Тек шешесінің көзі ілініп кетсе, түсіне кіріп:

— Ай, анажан, мені өлмесін, жасасын десең, Құдай бар, соны «Бір!» - біл, пұсырман қауымында бол! Бұл айтқанымды мақұлдамасаң, өлсем, өлемін, олда-білда сенің емшегіңді ембеймін!- деді.

Анасы баласын өлімге не ғып қисын:
Құдай бір!- деп, бірлігіне сенім келтірді, бала емшек емді.

Анасы түсінің мән-жайын жанға айтпады, жасырды. Алыншы хан заманынан бері қарай бір пұсырман жоқ еді. Баласы пұсырман болса, әкесі өлтіріп тастайды, әке пұсырман болса, бала өлтіріп тастайды. Ол шақта Мұғол жұртының рәсім-ғадеті бір жасқа толмай, балаға ат қоймайтұғын еді. Бала бір жасқа толды, басқаның баласының он жастағысындай толық болды. Қарахан жұртқа сауын айтып, ат шаптыратұғын зор тамаша той қылды. Той күні баланы мерекеге келтіріп:

— Мына баланы сынап, ат қойыңдар! - дейді.

Бала жұрттан бұрын өзі сөйлеп қоя берді:

— Атым - Уыз, лақабым - Қысырау!- деді.

Естіген, көрген жұрт таң қалды:

— Бір жасар баланың сөйлегенін кім көріпті?! Мынау өзі туысы бөлек бала болды. Өрісі ұзарған, жаны жайылған, өзі өмірлі, зор бақытлы патша болады екен!- десіпті.

«А!» - деп тілі шыққанда:

— Алла, Алла!- деп, тілі шықты дейді.

Естіген жанның бәрі:

— Жас бала тілі орамға келмегендіктен, өзіне айтуға оңай болғаны сол ғой! - деседі дейді.

«Алла»- араб тілі. Жеті ата, жетпіс пұштында (поштонда) араб тілін Мұғол жұрты естіген емес. Құдай өзі Уызды жаратуда уыз қылып жаратқан екен. Уыз ер жетті, жігіт болды. Қарахан өзінің бір туысқан інісі Көрханның қызын алып берді. Уыз кісі жоқта қатынына айтты:

— Айдай әлемді, сені, мені жаратқан біреу бар, оның аты - Алла, сен соны «Бір!» біл! -деді. Қатыны:

— Ол жағымда, бұл жағымда естіген сөзім емес. Жұрт айтпаған сөзді айтпаймын!- деді.

Уыз бел шешіп, қойнына жатпай кетті. Жұрт аузында сөз бола бастады:

— Уыз қатынын менсінбей, жақтырмай, қойнына жатпай кетті!- десіп.

Бұл сөз Қараханның құлағына тиіп:

— Оны менсінбесе, онан да сұлу қыз алып берейін! - деп, тағы өзімен бір туысқан Көзханның қызын алып берді.

Оған да айтып еді, о да: «Алдыңғы арба қайдан жүрсе, соңғы арба соның ізімен жүреді»-деген бар ғой, солай болды. Мұның да қойнына жатпай кетті. Айлардан ай өтті, жылдардан жыл өтті. Уыз бір күн ит жүгіртіп, құс салып, күні бойы аң аулап, үйіне қайтып келе жатса, әкесінің інісі Көзханның тағы бір бойжеткен қызы көп қатындармен, өзімен бастас қуыршақ дос қыздарымен бірге көлге кір жуа барып, қайтып келе жатқандарында Уызға оқтай ұшырасып, Уыз қызды оңаша шетірек шығарып, бұрынғы қатындарымен тұз еңбегі жараспағандығын айтты:

— Сен менің айтқаныма көнсең, айдауыма жүрсең, мен өзіме басыбайлы жолдастыққа сені алар едім!- деді.

— Жарайды, сен: «Өл!» - десең, өлейін; «Тіріл!» - десең, тірілейін! Сен өлген жерде бірге өлейін!- деді.

Үйге келе әкесіне кісі салды:

— Әкем маған қатын алып беретұғын болса, өзім сүйген пәлен қызды алып берсін!- деді.

Әкесі:

— Жарайды, мен жалғызымнан не жанымды аяймын?! - деп, зор тамаша той қылып, өзі сүйген қызды алып берді.

Уыз мұны жанындай жақсы көрді. Бірді-екілі жыл өтті. Бастапқы екі келін төркіндеп келген әйелдердей: «Ханның келін-кепшегі» - дегенге мәз болып, сопайып отырып қала берді. Уыз өзінің бала күнінде төсекте бірге жатысқан, асық ойнап, сақа мен деней атысқан, бір үзім нан болса, бөліп татысқан құрбы-құрдастарымен: «Елсіз жерден аң аулап келеміз!»-деп кетісті. «Аң көздің құрты ғой», көрінген аңды қуа-қуа ел-жұрт ойларынан шығып кетіп, жуырда қайта қоймай, кешікті. Қарахан баласы жуырда келе қоймаған соң, іші пысты. Қатын-қалаш, келін-кепшектерін қонаққа шақырып, «шөлен (шолан) тамақ» деген тамақ берді. Хан бәйбішесінен сұрады:

— Біздің Уызжан бастапқы алып берген келіндерді қалай ұнатпады екен? Соңғы келіннен екеуі де көш ілгері өңді ғой!- деді.

Бәйбіше:

— Жастар өзі біледі де, мен қайдан білейін, - деді.

Қатын-қалаштан араға кісі жүргізіп, келіндерден сұратты. Бұрынғы екі келіні айтты:

— Мына жақта «Біреу» бар. Мен бұл әке-шешеден туғаным жоқ, сонан туғанмын. Сендер де соны: «Бір!» - деп біл, «Бар!» - деп біл! - деді. Біз бала бастан, құлын жастан: «Осы бәйбішеден туған»- деп естіп едік. Көрінбеген Біреу бар, мен сонан туғанмын! - деген сөзіңе нанбаймыз, бұл тіліңді алмаймыз! - дедік. Сондықтан бізді жек көрді. Соңғы алған нақсүйер тоқалы айтқанын қылып, айдауына көніп, тілін алған соң, оны жақсы көргендігі сол! - дейді.

Қарахан бұл сөзді естіген соң, жұртын жиып, көпке есіттірді. Көп жағасын ұстап, шошыды:

— Мынау бір жұрт естімеген сұмдық екен! - деді. - Мынау жұртты бұзар, мұның қарашығын батырып, көзін жоғалту керек!- десті.

— Жә, бәсе! - деп, сөзді осыған қойды, - Мұны елге жуытпай, түзде жүргенде, жайын табайық!- десіп, Қарахан атқамінер азаматқа:

— Үйде бір жан қалмасын! - деп, жарлық қылып, қосын қылып аттана бастады.

Бұл сөзді Уыздың соңғы алған қатыны естіп, Уызға хабар жіберді: «Әкесі өлтіргелі, қарашығын батырғалы бара жатыр. «Қатын-ердің жеті дұшпаны» - деген. «Үйде қатыным қалады - ау!»- деп, алаңдамасын, басының қамын қылсын! Өзі тірі болса, қайда барса, бір қатын табылар!- деп.

Бұл хабар барған соң, Уыз да елге кісі шаптырды:

— Әкем мені өлтіргелі келеді. Мен деген - маған келсін, әкемді көксеген - әкеме барсын!-деп.

«Партия»- десе, жаны құмар бурыл бас, көктұқыл қауқылдаған шалдар Қараханға қарай гулесіп жөнелді. «Жас-жастың тілеуі бір, жібектің түйіні бір!»- деп, жастар, замандастар, құрбы-құрдастар Уызға барды. Қараханның туысқан бауырларының бала-шаға, өндірдей жастары көп еді, көтеріле бәрі Уызға кетті. Уыз оларға: «Айғыр» - деп, ат қойды. «Айғыр» - түркі тілі, мәнісі: «шап етіп, жабысқыш» - деген сөз. Ұйғыр деген халық - солардың жұрағаты. Әке мен бала айдалада ұрыс-төбелес бастап соғысты. Бір болысушы жанға көрінбей келіп, Уызға болысты. Болысқандық белгісі сол, Қараханға оқ тиіп, аттан мұрттай ұшты. Ол заманда «оқ», «жақ» дегенді жұрт көрмеген, білмеген нәрсе. Қарахан халі бітіп қалған соң, қасындағылар үркіп, шошып қашты. Уызға ергендер сол бойымен топтанып келіп, Уызды атасының орнына таққа отырғызып, хан көтерді. Уыз хан болған соң:

— Алланы «Бір!» - деп біліңдер! Пұсырман болдық дендер! - деп, тілін алғанды сыйлады, тілін алмағанды өлтірді, қинады.

Қараханға қараған, бағынған ел де көп еді, бағынбаған ел-жұрт та көп еді. Соларды өзіне бағындырып қарату үшін қосын жасап, аттанып: «Пұсырман болдық!» - дегендерін аман қойып, сыйлап, болмағандарын шауып, шаншып, талап, өздерін өлтіріп, «қызын - қатын, қатынын-отын, ұлан-ошағын жетім қылып», пұсырман болғандарға олжа қылып үлестірді. Пұсырмандыққа мойындағандары Уыз ханға бағынды. Мойындамаған тоң мойын шу асаулары Татар хандарына барып, қорғалады. Татарлар да көп жұрт болып, өсіп-өніп, Шүршітке жақын маңайлас отырушы еді. Шүршіт деген көп жұрт, кент салған, шаһар салып, атар-шақар болған. Қытайдың темірқазық жағында. Һинд, тәжік: «Шын» - деп атаған. Патшаларын «Фағхор» («пағпоур») атап, «Фағқор-Шын» - аталған мақтаулы жұрт болған. Уыз хан аттанып, Татарды шапты. Татар көп қосын жасап ұрысты. Уыз қолы басым болып, Татар қосыны бәсең болып, Уыз жеңді. Олжа көп түсті. Айдап қайта қоятұғын мал емес, тастап кетуге көзі құрғыр қимай, көпте не жоқ, бір шебер кісі екі аяқты арба жасады. Арбаға: «Қаңқ-қаңқ» - деп ат қойды. Жүргенде, қаңқылдағанынан - оны жасаушыны «Қаңқылы» - деді. Бұл күнгеше ат қалды. «Қаңлы» деген жұрт - соның ұрпағы, жұрағаты. Уыз хан жетпіс екі жыл мұғол-татармен жауласып, жетпіс үш жылда бәрін өзіне бағындырып, Пұсырман қауымына кіргізді. Сонан соң жүріс қылып, Қытайды алды, Шүршітті алды, Таңғұтты алды. Таңғұтты тәжік: «Дибет» - деп те айтады. Сонан кейін барып Қарақытайды алды. Қарақытай атанғаны - кісілерінің өңі-түсі Һинді халқындай қара түслі болады екен. Һиндістан мен Қытайдың аралығында болады екен. Бұлардан әрі дүние айналған мұхиттың жағасында заңғар биік тауларда қоныс, тұрақ қылған жұрттар бар екен. Патшаларының аты «Итбарақ» екен. Солармен соғысты. Итбарақ хан басым шықты да, Уыз қосыны бәсең тартып, жеңіліп бара жатқан соң, қашты. Ұрысқан жерінің бір жағында ағатұғын екі дария бар еді. Сол дарияларды көрген соң Итбарақ хан қосыны қайтып кетті. Уыз хан қосыны есін жиып, етегін жауып, демалып, қашқан-босқан, қалған-құтқанын жинады. Ол заманда соғысқа аттанғанда, қатын-қалаш, бала-шағасын қалдырмай, бірге алып жүреді екен. Уыз ханның бір өзіне жағымды жігіті бар екен. [Ол] соғыста өлген екен де, қатыны қашып құтылып, ел соңынан келіп, үйірін тапқан екен. Өзі буаз екен, толғақ тұтып, баспаналауға үй жоқ, бір іші қуыс, шірік ағаштың ішіне қорғалап, босанып ұл тапты. Ол заманда іші қуыс шірік ағашты: «Қыпшақ» - деп атайды екен. Уыз хан бұл баланың атын «Қыпшақ» қойып, өзі бала қылып алды. Осы бала өсіп, жігіт болған соң, қолбасы қылып, көп жігіт-желең беріп, Орыс, Ұлақ (Олақ), Башқұрт, Мажар жақтарына жауласуға жіберді. Бұл айтылған жұрттар «Тең» деген судың бойында болады екен. Қыпшақ келіп, Орыс, Ұлақ, Башқұрт, Мажарды - өзіне қаратып алып, үш жүз жыл патшалық қылды. Бұған қараған ел «Қыпшақ елі» атанды. Тең, Еділ, Жайық,- осы үш судың өлкесінде төрт жүз жыл тұрақ қылып, тарихларда «Дешті Қыпшақ» атанды. Уыз хан Итбарақ ханнан жеңіліп қашқандығын ар-намыс көріп, он жеті жыл арада өткеннен кейін, қайта қам қылып, аттанып барып, ұрысып, Итбарақ ханды өлтіріп, елін жебір-жесір қылып шауып: «Пұсырман болдық» - дегеніне тимей, болмағанын қырып, қиратып, ордасына қайта келіп түсті. Сондағы «Орда» деп жүргендері - керегесіз ағаш шаншып, кигіз жапқан жолым үй. Уыз хан Мұғол, Татар елінің азаматын жинап, Талас, Сайрам, Ташкентке аттанды. Ол заманда бұл айтылып отырған шаһарлар шаһар болып ат атанған емес. Басы Қожакент, аяғы Өзкент - Шыршықтың бойында «тоқсан мың үйлі Қыбырай Дүрмен» деген жұрт бар екен. Бір шеті: Шымкент, Сайрам; бір шеті - Түркістан,- «Қырық қақпалы Қарашық» аталған жұрт бар екен. Отырықшы болған халықты «Кент халқы» деп атайды екен. Не десе, о десін. Осы айтылған жер - суды, отырған жұртты – бәрін өзіне қаратып, алты айда апа-сапа қылып, Зарафшан, Аму суының бойындағы жұртты жайластырып, Құндыз, Талқан, Балқ, Бадахшаннан арман асып, Ғұр (Ғур) уалаятының үстіне барды. Зымыстан қыс түсіп, күн суық болып, қар қалың жауып, қосы-қолаңды қосын жүруге жол ауырлық қылып, жұрт жүдеубас болайын деді. Өктеп отырып жүріп барып, Ғұрды алды. Жыл (жел) шығып, жаз болды. Қосын санына қараса, бұрынғыдан аз болды. «Бұл қайда қалды?» - десе, қардан жүре алмай,тау арасында қалған екен. Жаз шыққан соң келіп қосылды. Хан оларға:

— Сендерге қарлық тисін!- деп, қарғады.

«Қарлық» деген жұрт солардың жұрағат, үрім-бұтағы дейді. Бұл күнгі атымен атай берейік. Кабул, Ғызойын, Кашмир дейді. Алды бәрін өзіне қаратып. Балқ, Бадақшан үстімен Бұхара, Самарқан топырағын басып, қайтып келіп, Мұғолстан жұртына орнықты. Бір жыл жатып, тынығып, екінші жыл Иран, Шам, Мысыр жұртын ойға алып аттанды. Ол күнде Талас бойы отырықшы жұрт болған екен. «Талас»- шаһарға қойылған ат екен. Таласта жатып алды. Артын қоғамдап жинағанда, жұрттан кейін қалған бір үйлі-баранды болған, өзі жалғыз үй қалған біреуді тауып ап келді.

— Не ғып қалдың? - дегенде:

— Өзім аш болдым, ат-тоным жоқ, жалаңаш болдым. Қатыным екіқабат еді, босанып, бала тапты. Қалжаға жеуге - сойып жерлік мал жоқ. Емшегінен сүт шықпай, баласын жарытпады. Сөйтіп алақтап тұрғанда, бір шүиебөрі анадай көз алдымда бір қырғауылды алды. Жүгіріп бардым, шүиебөрі қаша жөнелді, қырғауыл қала берді. Алып келіп, қатыныма қалжа қылып, етін асып беріп, сорпасын ішкіздім. Емшегінен сүт шығып, баласын жарытты. Сонан кейін сіздің жігіт-желеңдеріңіз оқтай ұшырап келіп, жеткенім-ақ осы!- деді.

Уыз хан бұған ат, азық, ешкі, лақ, қой, қозы беріп:

— Енді сен шұбатылып жүрмей-ақ қой, қал аш!- дейді.

Сонан «Қалаш» атанып, бұ да өсіп-өніп, көп жұрт болды, «Қалаш елі» атанды. Бүгінде «Халаж»- деп атайды. Мауралнаһрда үрім-бұтағы көп жұрт болып өсті. Аймақ елімен аралас болады. Қорасанда, Ғирақта да халаждар бар. Ол шақта Иран, Тұранда атақты патша жоқ (иоқ) еді, Кеймарыс өліп, һушаң (Хоушаң) таққа отырмаған күні еді. «Өз үйіне әркім өзі қожайын. Үй басы - қара хан» аталған заман еді. Бассыз елді баудай орып, қирата берді. Ғирақ, Ғараб, Әзербайжан, Армен, Мысыр, Шамға шейін алды. Бір заманда дәуірі жүрген, бақталайы жоғары өрлеген патша болды. Уыз хан Шам аймағында тұрғанда, алтыннан жақ жасатты, күмістен оқ жасатты. Өзі жақсы көретұғын, күндіз-түн қасынан қалмай бірге жүретұғын бір жігітінің қолына берді:

— Қасыңа жан ертпе, жалғыз кет! Құс ұшпас, құлан жортпас шөлге шығып, алтын жақты жерге көм! Көрінген тауып алып кетерлік болмасын. Үш оқты да сондай бір жерге көм. Екі арасы алыс болсын!- деп, бұйырған соң, бұл жігіті айтқанындай орындап келді.

Бір жыл өткен соң, бәйбішеден туған үш баласын шақыртты. Бірінің аты - Күн, бірінің аты - Ай, бірінің аты Жұлдыз екен.

— Үшеуің жігіт-желеңді көп қылып, көттеріңнен жүргізіңдер! Бір шөл, суы жоқ құм бар дейді. Аң көп жүреді дейді. Сонан барып аң аулап келіңдер! Аң қуалап, арсалаңдап, көздерің далада болмасын! Инесін жоғалтқан қатындардай екі көзің жерде болсын! Сынық (сытық) ине, сыдырым (сидам) таспа табылса, тастамай үйге алып келіңдер. Жерден табылған нәрсе ырым болады. Бақ-талайларыңды сынау үшін жіберіп тұрмын! -деді.

Бұлар кеткен соң тоқалдан туған үш баласын шақырып алды. Бірінің аты - Көк, бірінің аты - Тау, бірінің аты - Теңіз екен. Алдыңғы балаларына айтқан сөзді айтып, бұларды да аң аулауға жіберді. Бірсыпыра күн түзде жүріп, Ай, Күн, Жұлдыз алтын жақты тауып алысып, адам көрмеген аңдарды мұрнынан тізіп, үйіп-төгіп алып келісіп, әкелерінің алдына қойды. Соңғы кеткен балалар да:

— Күмістен жасалған үш оқ тауып алдық! - десіп, бірсыпыра аңмен олар да әкесінің алдына ап келіп қойды.

Хан балаларының оқ, жақ тауып алғанына қуанып:

— Бағым, тағым айдалада қалмайды екен, балаларымда қалады екен!- деп, ел-жұртын шақырып шүлен тамақ беріп, алтын жақты тауып ап келген үш баласына берді. Үш күміс оқты оны тауып ап келген балаларына берді:

— Жақ тауып алған сендер хан боласыңдар! Мына оқ тауып алған сендерге нөкер болады! - деп, алған жұрттарының бәріне өздерінің ішінен іске татырлық бас сайлап:

— Өзгең осының аузына қарап тұрыңдар! Сонда жұрттықтарың жоғалмайды!- деп, өзінің туған жұрты, кіндік кесіп, кір-қоңын жуған жұрты Мұғылстанға қайтып келіп түсті:

— Бала-шағаммен, қоңсы-қолаң, құл-құтаныммен, аймақ-отаныммен көп жұртты аралап, жаманын жазалап, жақсысын саралап, аман-есен келгеніме той беремін!- деп, ұлығ зор той, тамаша жасамақшы болды.

Сонда сол тойда жұрт көзіне түсіру үшін, уық, шаңырақ, керегелі кигіз үйді жасатты. Ағаш біткеннің басын алтынды қылып, аяғын күмістен жасатты. Лағыл, иақұт (жақұт), зумурат, фируза, дүр. Бұл тастардан сол үйге қадалмай, орнатылмай қалғаны жоқ (иоқ).

Әбілғазы (Әбуалғазы) хан сөйлеген шежіреде жазылған (иазылған) сөз:
Бір үй тікті алтыннан (алтындан), ол шаһар - иар.
Кім ол үйден (үйдің) пілік (філік) үйі қылды ғар.
Тоғыз жүз (иүз) жылқы (иылқы), тоғыз (тоқұз)

мың қой өлтірді.
Былғарыдан (бұлғарыдан) тоқсан тоғыз саба қылдырды.
Тоғызға (тоқұзыға) арақ, тоқсанға қымыз толтырды.
Барша нөкерлерін (ноғарларын) шақырып келтірді.

Әуел басы алты баласына көп өсиетті, үлгілі (үлгөлі)
сөздер сөйледі.
Анан сұратон билеріне жол-жоба, ақыл-таразы.
Ақылға билетіп сөйлеген сөзге әркім-ақ,

Риза (ырза) болмақ!- деп, солайша өнеге үйретті.
Әрқайсысының еңбегіне, қызметіне лайық.
Сыйлар сыйлап, бас болуға жарарлығын бас.
Оған қол болуға жарарлығын қол.

Аяқ болуға жарарлығын аяқ.
Әркімнің (һәркімнің) сыбағасын, орны-орнымен жобалады.
Балаларына және кеп:

— Жасы үлкен үшеуің алтын жақ тауып келдіңдер. Өздеріңе байлап едім, бұзып, бөлшектеп алдыңдар, аттарың: «Бұзық» - болсын! Сендерден болған үрім-бұтақты: «Бұзық»- атасын. Мүйізді қошқар бола туасыңдар. Екі қошқардың басы бір қазанға сыя ма? Бір атадан екеу тусаңдар, біріңді-бірің мүйіздеп, бақ күндестікпен әуре боласыңдар. Үш оқ тауып алып келген үш бала - ол пенде жұмысы емес, Алла жұмысы. Жақ - патша есепті, оқ - жақтың атып жіберген жұмыскері. Жақ оқты қалай нұсқап атса, оқ солай кетеді. Мен өлген соң, Күн хан таққа мініп, менің орнымда отырып, әділдік қылсын! Сонан былай Бұзық тұқымының іске жарарлығы хан болсын да, хан болмағаны оң қол болсын! Үш оқ тұқымы сол жақта отырсын, сол қол болсын! Бір түйеде екі өркеш: бірінсіз бірінің күші бола ма? Бір биеде екі емшек: бірінсіз бірінің сүті бола ма? Осы сөзді ұмытпаған - оңбақ, мұны ұмытқандар - тоңбақ!

Уыз хан жүз он алты жыл патшалық қылып, Хақ - Рахметке барды. Уыз ханның тұңғышы Күн хан патша болды. Ұйғыр елінен бір Құлқожа (Қылқожа) деген кемеңгері бар еді. Соның қас-қабағының ыңғайымен іс қылды. Күн хан атасы жасатқан алтын орданы тіктірді. Тоғыз жүз жылқы, тоғыз мың қой сойдырды. Былғарыдан тоқсан тоғыз саба тіктіріп, тоқсанына қымыз, тоғызына арақ толтырды. Жұртына қырық күн шүлен тамақ беріп: «Ата көрген оқ жонар. Ана көрген тон пішер!»- деген сөзді орнына ақтан тигізген оқтай келтірді. Кигіз үйді қолдан жасатып, жұртқа өрнек-өнеге қылған Уыз хан болғандықтан: «Кигіз туырлықты, Уыз үйлі» - атанып қалды. Және: «Түркіден дәл өзіме шейін тоғыз атаға хандық үзілмей келді. Және өзімнен кейін тоғыз атаға толғанша үзілмейді!»- деп, «тоғызды» толық сан қылды. Қазақта киіт те тоғыз, сыйыт та тоғыз - сонан жол-жоба болып қалды. Уыздың алты баласынан - жиырма төрт немере болды. Бұл айтылған балалар - немерелер қадірлеп, қастап алған қатындарынан . «Қума (Тұма, Құма)» - деп, айтылатұғын қатын да болады екен. Оны қатын есепті алған емес: олжаға түскен соң, сұлулығына қызығып, басқаға қимай, жинай береді екен. Мұндайдан болғандары биттей быжынап, құрттай құжынап толып жатыр. Балаларының аттары: Күн хан, Ай хан, Жұлдыз хан, Көк хан, Тау хан, Теңіз хан. Күн ханнан төрт бала: Қали, Баят, Алқаүйлі, Қараүйлі. Айханнан төрт бала: Ұшат, Қонақ, Дудорға, Дөкір (Дүкір). Жұлдыз ханнан төрт бала: Салар, Әміре (Емұр), Алажұнтты, Өзкер (Үркер). Теңіз ханнан төрт бала: Екдұр, Бектұр, Ауа, Құниқа (Қанық). Көк хан, Тау ханның балаларының аты жазылмапты. Қумаларынан болған бел балалар: Кене, Көне, Гүрбат, Керейлі (Гирайлы), Сұлтанды, Оқты, Көкті, Сушыл, Арасан, Жұртшы, Жамшы, Тұрымшы, Қойсорқы, Қошық, Қазығұрт, Қырғыз, Лақай, Тикен, Лала (Лаккал), Мүрдем, Шот. Бұл шежіреден біздің алып отырған үлес-сыбағамыз: Уыз хан балаларына өз пайым-парасатымен көзіне көрінген нәрсенің толымды, жарамдысын ат қылып қоя беріпті: «Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз»- деп. Сол аттар күні бұл күнге шейін біздің қазақта айдың басында туған баланың атын «Айбас» қояды. Таң ата туған баланың атын «Таңатар» қояды. Күн шыға туса «Күншығар» қояды, түн ортасында туса «Түнқатар» қояды. Көл басында туса «Көлбай» қояды. Тау басында туса «Таубай», жайлауда туса «Жайлаубай», қыстауда туса «Қыстаубай», күзекте туса «Күзекбай», «Күзеубай», Есілде туса «Есілбай», Нұрада туса «Нұрабай». Уыз ханнан ұстап қалған өрнек-үлгісі - осы. Екінші өрнек-үлгісі - кигіз үй. Бір нәрсені біреу іздеп таба алмай келсе: «Осы Уыз үйлі Айдаболдан таппағаның ба?»- дейді. Үшінші орнек-үлгісі- топырлатып жылқы сою, қой сою, қара сабаға қымыз толтыру. Төртінші өрнек-үлгісі - тоғыз-тоғыздан сый-сияпат, өлген өлігіне мал шығарса да -тоғыздан. Байлар өлсе, жаназаға барып келушіден: «Неше тоғыз шығарыпты?»- деседі. Арғы атамыз-ер Түрік. Екінші буын атамыз-Мұғол - Маңғолыскейге қосыламыз. Үшінші буын атамыз - Уыз хан. Ай мен Күн, Жұлдызына таласпай-ақ қоялық. Үш оқты бізге қимай ма? Біз неге бұл күнгеше: «Үш жүз» атанып, «Үш Алаш» атанып жүрміз? Қазақтың бұрынғы «қаздай қалқып, үйректей жүзіп», өз бетімен жүрген күні аса мақтаулы, жақсы еді. Орысқа бағынып қараған соң, сарт-сауанның өлімнен басын қорыттап (құрттап) қашқан қаңғырмасы, ноғайдың солдаттықтан қашқан ношалшігі (пошелшігі): «Сендер енді орыс боп кетесіңдер, кітаптың айтқанын қылмасаңдар?!»- деп, тамақ асырап, күнелту үшін қазақты әурелеп, көк ми қылып жіберді. Жетпіске жетіп, жер таянып отырған біздердің тумай тұрып қалған күнімізде неміс жұртынан шыққан Василий Василеич Радлов қазақ әдебиетін жинап бастырған екен. Біз жазайық деп отырған сөзіміз сонан алынған. «Қазақтың түбі» - деп, Василий Василеич Радлов баспаға бастырған. *** [1.2 мәтін] «Бір Алтынбел деген хан болған. Ханның жалғыз ұлы бар еді, аты - Қайшылы хан. Сонан басқа баласы жоқ еді. Бір күндерде ханның қатыны құрсақты болды. Бір уақытта бір қыз бала келтірді: «Ай дейін десе, аузы бар, күн дейін десе, көзі бар.» Ол қызды тапқан шешесі қызын көріп, көркінен талып қалды. «Сондай бір қыз келтірді!»-деп, ханға айтады. Хан балгер, бақсыларын алдырып:

— Осы туған баланың бақ-талайына бал ашыңдар! - деді.

Балгерлер бал ашты:

— Бақ-талайы зор, бұрын ешкімнен мұндай бала тумаған. Бұған екі нәрседен қатер бар: Осы қыз он бес жасқа жеткенде, ер ұл табады. «Ол қайдан табады?»- десең, не желден табады, не күннен табады. Бұған күн көрсетпей, жел тигізбей, бағу керек!- десті.

— Не желден, не күннен бұл баланы күн көрмейтұғын, жел тимейтұғын қараңғы жерге бақтырыңыз!- деді.

Хан да:

— Өзім де осыны ойлап едім!- деп, адамға көрсетпей, кісі көрмесін - деп, жасырын асыратты.

Сонан соң ханның қатыны бір кемпірді шақырды. Кемпірге жылына жүз ділда берді. Кемпір баланы алып, қараңғы темір үйге салып асырады. Қыз түтіктен су ішіп, түндіктен (түндүктен) Күннің өзі емес, сәулесін көріп, он бес жасқа жетті.

Бұ қыз бір күндерде кемпірден сұрайды:

— Сен қайда барып жүрсің?

Кемпір айтады:

— Ей, балам, бір жарық дүние бар. Бұ жарық дүниеде әкең бар, шешең бар, талай жандар бар. Анда [сонда] мен барамын.

Қыз айтты:

— Ай, енеке, ешкімге айтпайын, маған со жарық дүниені көрсетші!

Кемпір айтты:

— Жарайды, ешкімге айтпасаң, көрсетейін,- деп, кемпір бұ қызды тысқары шығарды.

Шығарғаннан соң, о қыз бұ жарық дүниені көріп, өне бойы балқып, есі ауып, талып қалды. Сол тысқары шыққан күндерінде оған Алла тағаланың көзі түседі. Алланың әмірімен со қыз құрсақты болды. Бір күндерде іші өсіп, зорайды. О қыз буаз болғанын кемпір білді:

— Енді мені өлтіреді!- деп қайғы жеді.- Енді мені өлтірсе де, қаным ақ, ханның қатынына айтамын!- деді.

Кемпір келіп, ханның қатынына айтты:

— Қызыңыз құрсақты болды. Еш адамға көрсеткенім жоқ. Өлтірсең, қаным - ақ. Тірі қалсам, жолым - ақ!

Ханның қатыны айтты:

— Сен онан басқа не қылдың?

Кемпір айтты:

— Қылғанымды жасырмаймын. Менің қылған жазығым - бір-ақ рет жалынған соң тысқары шығарған едім. Шыққаннан бері қарай құрсақты болды.

Ханның қатыны айтты:

— Сен жамандық қылмаған болсаң, ханға жауабын мен өзім берейін!- деп.

Солай айтып ханға барды. Ханға келіп айтады:

— Қызыңыз құрсақты болды - Алланың әміріменен. Оны еш адам көрген жоқ!- деді.

Хан айтты:

— Олай болса, өлтір оны!- деді.

Қатыны айтты ханға:

— «Хан қызын өлтіріпті!»- деген атақ жаман болар.

Хан айтты:

— Қатын өлтіруге қызын қимады. Бір алтындатқан әбдіреге салып, аузын жауып, кілтін сыртына байлап, ағып жатқан дарияға салып, қоя берді. Бұл қыздың аты - «Алмалы-Көрікті» еді. Салып жіберген дариясы - ұзын аққан Ертіс.

Сол судың бойында көшпелі болып жүрген Қалмақ деген жұрт бар екен. Домбауыл деген мерген, Шабасоқыр деген түрікпен қарауылшысы мен екеуі аң аулап, елсіз, күнсіз су бойын жағалап жүр екен. Шабасоқыр түрікпен күндік жерден көреді екен де, түстік жерден есітеді екен. Дарияның ортасында ағып келе жатқан әбдірені көрді:

— Ай, жолдас, дарияның ортасында судың ағыны еріксіз айдап, бір нәрсе ағып келе жатыр!- деді.

Домбауыл мерген айтты:

— Көкте тәңірім жар болса, біз оны алармыз. Ала қалсақ, сен ішін аламысың, тысын аламысың? Күн бұрын үлеселік, қолымызға келген соң, қызықты нәрсе болса, бірімізге біріміз қимай, таласып, араз болармыз!

Шабасоқыр түрікпен айтты:

— Менің көзім жалғыздық қылмаса, жарқ-жұрқ етіп, алтын мен күмістей күнге шағылысып келеді. Не болса да, мен сыртын аламын!- деді.

Домбауыл мерген айтты:

— Мен ішін аламын, не шықса, ол шықсын. Мейлі дәнеме шықпасын, бағымды байқаймын!- деді.

Жақындап келген соң, алтын әбдіре екендігін таныған соң, жібектен жіп есіп, оққа байлап, атпақшы болғанда, Шабасоқыр түрікпен қарауылшы:

— Қия ат, қия ат!- деді.- Туралап атпа, ішінде жанды нәрсе бар болса, оқ тиіп, өліп қалар!-деді.

Сол: «Қия ат!»- дегендігінен, «Қият»- атанып кетіп, мұның үрім-бұтағы өсіп-өніп, көп ел болды. Қобыланды батырдың жырауында: «Қалың Қыпшақ: Қияттан, // Озушы едің жарыста!»- дегендегі Қият - Шабасоқыр Түрікпеннің ұрпақ жұрағаты. Тура атпай, қия атып, оқ барып әбдіреге қадалған соң, шыжыммен тартып алып, әбдіренің аузын ашса, он төртінен туған айдай бір қыз жатыр. «Он төртінен туған ай» далада қалды, бір қыз! Бұл екеуі көрген соң, көркінен есі ауып, талып қалды. Ауыздарынан су ағып, мұрындарынан сіңбірік төгіліп, естерін жиып, өзі-өзіне келген соң:

— Не кісісің? Не еткен жансың?- дейді.

Қыз айтты:

— Мен Алтынбел деген ханның қызымын. Туғаннан маған жарық дүние көрсетпей, түтіктен су, түндіктен нәр тастап, темір үйге асыраған екен. Мен: «Жарық дүние бар!»-деп естіп, бір көруге іңкәр болып, он бес жасымда жарық дүниеге шықтым. Жарық дүниені көрген соң, сілейіп талып өліп қалыппын. Бұ дүниеде бар жазығым-сол. Сонан кейін кідірмей, құрсақты болыппын. Әкем естіп: «Өлтірсін!»- депті. Өзімді көтеріп тапқан шешем өлтіруге қимай: «Қайда кетсе де, тірі кетсін!»- деп, осы әбдіреге салып, суға ағызып қоя беріпті.

Домбауыл мерген айтты:

— Сені біз аламыз, бізге тиемісің?

Қыз айтты:

— Осы ішімдегі пәледен құтылған соң, тиейін! - деді.

Домбауыл мерген:

— Жарайды!- деді.

Ерлі-байлы кісідей болды. «Піс[кен] астың күйігі жаман», - деген бар ғой, Домбауыл мерген шыдамсыздық қылды. Көзі жәудіреп, емшегі бұлтиып, қасында қыз жатқан соң, зорлық қылды. Алмалы-Көріктінің балдағы шарт етіп сынып кетті.

— Бұл жұмыс үшін маған өкпелеме! «Өзі буаз, өзі қыз - ораздыға кез болады!»- деген екен. «Бағымды сынайын!»- деп едім. Бақытты екенмін!- деп қуанды.

Мезгіл уақыты да таянып қалған екен, Алмалы-Көрікті ер ұл бала тапты, сұлулығы шешесінен де асып туды. Бір қолы жұмық туды, уысы тола қан екен. Пайғамбар тарихынан бес жүз елу тоғызыншы жылда, қазақша доңыз жылында Моғылстанда жарық жалған дүниенің жүзіне келді.

— Мұны тапқан шешесі өтірік емес, шын қыз болып шықты. Бұлтарма, жалтармасы жоқ, еркек көрмей, тапқандығына біз куә болып, ақ мылтықтың, міне, аузын жаладық!- деп. Қалмақ анты ақ мылтықтың аузын жаласады екен. Шабасоқыр түрікпен мен Домбауыл мерген баланың атын «Шынқыз» қойды.

Бала жасында не деп атаса, сонымен атанып кетеді ғой: «Шынқыз» атанып кетті.

— Енді қаңғып далада жүрмейік!- деп, еліне келді.

Бала қыздан қылықты болып, ұлдан құлықты болып, бөтен жат бала болып өсті. Мергенге басыбайлы қатын болған соң, алты айда бір бала, алты айда бір бала таба берді. Бұлардың аты: Бөденетай, Бүргелтай, Жөргемтай болды. Ойнауға жарап, ойын баласы болғанда, ана үшеуі бірыңғай ойнайды, Шынқыз өзі жапа-жалғыз жүріп, бірыңғай ойнайды. Сонда Алмалы - Көрікті айтып отырады дейді:

— Бұланға ерген таза жерге аунап ойнайды, // Доңызға ерген балшыққа аунап ойнайды!-дейді екен.

Шынқыз оннан асқан шағында бұл елдің бұрынғы патша болып тұрған патшалары өлді. Жұрт патша қоюға жақсы кісіні таба алмайды: «Бала да болса, сол Шынқызды патша қоялық!- деп, патша қылады,- Өл деген жеріңде өлеміз! Қал деген жеріңде қаламыз!»-десіп, ақ мылтықтың аузын жаласты. Бұл Шынқыз патша болып, әділ болды, зорлық-зомбылық жоқ болды, ұрлық, өтірік жоқ болды. Жұртқа бұл жағымды, сүйкімді болды. Бөденетай, Бүргелтай, Жөргемтайл ар-ұялас туған күшіктер, ұяластығын қылып, шабаланып, шәуілдеп үріп, мазасын ала бастады:

— Бұ - атасы жоқ бала. Мұны патша қылмаймыз! Біздің атамыз бар. Біздің бірімізді патша қылыңдар!- деп, ұрыс-қағыс, төбелесуге айналды.

Сонан соң Шынқыз:

— Мен жалғыз едім де, бұлар үшеу-төртеу. Мына көп ел және бұлардың қандасы. Қой, бір күн ұйықтап жатқанымда жазым қылар!- деп, қашпақшы болып, шешесінің қасына келді. Айтты:

— Ай, шешем, кетемін қашып. Мына үш жаман балаң мені өлтіретұғын болды!- деді. Шешесі сұрады:

— Енді, балам, қайда барасың? Барған жеріңді маған айтып кет. Мен сенің өлі-тірі хабарыңды қайдан білемін?!- деді.

Шынқыз айтты:

— Қайда барайын? Ұзыннан ұзақ ағып жатқан судың басына барып, атамның ел-жұртының тұсына барып, сонда жатамын. Атам судың ар жағында болса, судан өтсем, өтермін. Өте алмасам, судың бер жағында жатармын. Ай, шешекем, менің өлі-тірі хабарымды мен білдірермін. Саған осы ұзын ағып келген судан құстың жүнін салып тұрармын. Құстың жүні өтіп тұрар. Өтіп тұрса, менің тірі болғаным. Құстың жүні ағып өтпесе, менің онда өлгенімдағы!- деп, уәде қылды да,- Аман бол, шеше!- деп, кетіп қалды.

Сол кеткеннен мол кетіп, суды өрлей-өрлей барып, атасының елінің тұсына келіп, судан өте алмай, бер жақта жатып қалды. Аң атып, құс атып, аң терісінен үй қылып алды. Құстың жүнін таудай қылып үйіп қойды. Желмен ұшып, бұрқырап, суға түсіп жатады, шешесі тірілігін біліп тұрды. Шынқыз кеткен соң, ел патшасыз болды. «Кімді патша қыламыз?»- деп, дағдарды. «Осы қатынның баласы жақсы болушы еді»,- деп, Бүргелтай деген баласын патшалыққа сайлады. Оны жаратпай, Бөденетайды қойды. О да сол болды, ұры-қары көп болды. Бұлардың тілін: «Мынау хан екен-ау, тірі жан екен - ау!»- деп, адам алмады. Өздерін кісі санына санамады, жұрт жұрт болудан қалды. Жұрт болып бір жерге жиылып, кеңес құрды:

— Біздің патшамыз әділ болмады, жаман болды. Ол жұртты тұтып тұра алмады. Шынқыз хан патшамыз тұрған уақытта жұртымызда ұрлық, өтірік, өсек, зорлық, зомбылық жоқ еді. Еліміз тоқ, қайғы-уайым жоқ, мал-басымыз бәрі көп еді, қазір азды, азайды. Еліміз азайып, азып таусылатұғын болды. Мына көк жамандар патша бола алмас. Со Шынқызды іздеп табайық,- деп ақылдасты.

— Мұны қайдан табамыз? Қайда кеткенін кім біледі?

— Оны бір білсе, шешесі біледі, онан сұралық!

Жұрты жиылып, со шешесінікіне келді, айтты:

— Шынқыздың қайда кеткенін білемісің?- деді.- Мына жаман балаларың патша бола алмады. Жұртты бүтін тұтып тұра алмады. Шынқызды іздейік десек, біз қайда екенін білмейміз. Сіз соны білсеңіз, айтыңыз, сіз білерсіз!

Шешесі айтты:

— Мен айтайын. Барсаң-дағы , тауып алсаң-дағы, мұнда келмес. Келсе, түзу жөн сілтейін! Осы ұзын аққан Ертісті өрлеп жүре беріңдер! Осы судың бойында Шынқыз бар. Табарсыңдар, барып, жалынсаңдар, келер! Жаман сөз айтпаңдар. Көптен кісі көрген жоқ, шошып кетпесін!

— Жарайды!- деп, жиырма бес азамат,- бәрі жақсы кісі, іздеп кетті. Бір күндерде Шынқыз жатқан жеріне келіп жетті. Аң терісінен қылған үйін көрді. Таудай қылып үйіп тастаған құстың жүнін көрді. Орнатып қойған ат байлайтұғын діңгегін көрді:

— Шынқыз осында екен!- деді,- Өзі жоқ екен, аң аулағалы кеткенін білді,- Бізді көрсе, қашып кетер. Аттарымызды жасырып, өзіміз құстың жүнінің арасына кіріп, жасырынып жаталық!- деп, жатты.

Бір заманда Шынқыз келді. Діңгекке:

— Хан келді, хан келді!- деді өзі.- Ханның атын ұстаңыз!- деді. Аттан түсті. - Ханның атын байла!- деді өзі. Өзі байлады. Аты - Керкудан деген аң екен, мүйізді болады екен. Үйіне қарай жөнелді:

Ханға есік ашыңыз!- деді өзі.
Өзі есікті ашып үйге кірді.

— Тор алдына ханға төсеніш төсеңдер! - деді өзі. Тағы өзі төсеніш төсеп отырды.

— Ханға ас ап келіп, алдына қойыңдар!- деді өзі. Өзі даярлап, түрлі тамақты алдына қойды. Өзіне - өзі: «Алыңыз, тақсырлап» отырып, ас жеді.

— Ханға төсек салыңдар!- деді өзі. Өзі төсек салып жатты.

Жатып қалған жерінде жиырма төрт кісі: «Ұстап аламыз!» - деп, келіп бас салды. Жиырма төрт кісінің бірін олай лақтырды, бірін былай лақтырды.

Кісілер айтты:

— А, тақсыр хан, «құлдық қыламыз!»- деп, жалынып - жалпайып келдік! Шешең жіберді. Сіз кеткен соң, ел ел болудан, жұрт жұрт болудан қалды. Кейінгі інілерің ер жеткен болды, ер жеткені құрысын, кер кеткен болды. Ашуыңызды басыңыз, райдан қайтыңыз! Жүріңіз, патша болып, орныңызға тұрыңыз!- деген соң, бұларға еріп жүрді.

Еліне алып келді:

— Бұрынғы орнына хан қыламыз! - дегенде, соңғы байдан туған үш інісі:

— Мұны патша қылмаймыз! Бұл кетсін, кетпесе, мұны өлтіреміз!- деді.

Сонан соң жұрт жиылып, кеңес құрды:

— Мұны қайтеміз. Мұны патша қылсақ: «Өлтіреміз!»- дейді. Өздерін патша қылсақ, жұртты тұтып тұра алмайды. Мұның қайсысын патша қылса да, шешесі білсін!- деді. Шешесіне үшеуін жіберді:

— Төрт баласының қайсысын патша қылса, біз соған разымыз!- деді.

Төрт баласы шешесіне келді, бірісі: «Мен боламын!»- деді. Төртеуі таласып келді. Төрт баласына шешесі айтады:

— Бәрің де менің баламсың!- деді. - Сендер таласпаңдар! Мен төртеуіңді әділ сарағат (шариғат) қылайын! Мына сағымға садағыңды іл! Сағым қайсыңның садақтарыңды көтерсе, соның патша бол!

Төртеуі апарып сағымға садақтарын ілді. Үшеуінің садақтары жерге түсіп кетті. Шынқыздың садағын көтеріп тұрды сағым. Астынан тіреу жоқ, үстінен байлау жоқ. Со жерде қатын сол жұрттың бәрін жиып алып:

— Мынаны көріңдер!- деді.- Бұл бала Алланың (Алданың) әмірімен бала болған. Мұның, сол Алланың әмірімен сағым садағын көтеріп тұр. Мұны патша қылыңыз! Анау үшеуі зорлық қылса, оның үшеуін де өлтіріп, қарашығын батырыңдар! Жұрт, сендер кепсіңдер ғой, зорлық қылдыртпаңдар!- деді.

Сол жерде Шынқыз хан болып, «Шыңғыз хан» атанды. Бара-бара: «Сағымнан пайда болған, садағын сағымға ілген Шыңғыс хан!» аталды. Қашып кеткені он үш жасында еді. Жиырма жеті жасында, барыс жылы, таққа отырды. Күн асқан сайын дөкейленді: «Хандардың ханы» болды. Бір заманда Құдайдың бір бөлек жаратқан жаны болды. Өзі бір жақсы қатын алды. Үш ұл, бір қыз тапты. Сол патша болып тұрғанда, тамам патшадан артық болды. Ешбір жауға алдырмады, жұртына қайғы салдырмады. Сонан соң: «Сондай бір жақсы патша бар!»- деп, Рум шаһардың кісісі келіп: «Бір баласын бізге бер!- деп, сұрап келді, - оны біз патша қыламыз!»- деп. Рум шаһарына берді бір баласын. Қырым шаһарынан кісі келді: «Шыңғысханның бір баласын біз патша қыламыз!»- деп. Ол бір баласын алды. Патшалыққа халифа жұрты келді: «Бір баласын біз де патша қыламыз!»-деп, оған бір баласын берді. Онан соң: «Сол Шыңғыстың бір баласын біз де аламыз!»- деп, Орыстан келді. Оған ұл баласы қалмаған соң, «Ақбибі»- деген қызын берді. Оны: «Патша қыламыз!» - деп, Орыс алып кетті. Бұл Шыңғыс хан ақылды, данышпан, терең ойлы адам болды. Қанша жұртты қырып, қиратып алып жүргенде, ешкімнің дініне қарсылығы болмаған. Бұхарай-Шәріфке барып, дін жайын сұраған:

— Құдайдың бірлігіне, барлығына, күштілігіне өзім әбден сенулімін!- деген.

Намаз, ораза, зекетке қарсылық айтпаған. Жалғыз-ақ: «Қағба тасы»- деген сөзге:

— Өзі осындай айдай әлемді жаратқан Құдай болады да, бір-ақ үйден табылады деген сөз ғақылға сыймайды!- деген.

*** [1.3 мәтін Қазақ хандары] Бұрынғылардың айтқан сөзі: «Арғы атаң сенің - Шыңғыс хан, //Пайда болған сағымнан». Садағын сағымға ілген Шыңғыстың тұңғышы - Жошы хан, екіншісі - Шағатай, үшіншісі - Үгідей, төртіншісі - Толы хан. Жошы ханның баласы - Батухан, лақабы «Сайын хан»: осы атпен аталып кетті. Сарытаудан [«Саратов» - қазіргі атауы - Е.Ж.] төмен, Аштарханнан жоғары [қазіргі «Астрахань»-Е.Ж.], Еділге маңайлас жерде алты жүз елу бір [651] шамасында бір шаһар салдырып, өзі бітіре алмай, немере-шөберелері заманында толық шаһар болып, «Сарайшық шаһары» атанып, «Ұлы орда», «Алтын орда»- деп, Жошы ұлысына кіндік болып, екі жүз отыз төрт [234] жылдан соң жарап (харап) болды. Бұл күнде оның орнында немістің бір кішкене қаласы бар: «Сәриғин» [Царицын -Е.Қ.] деп атайды. Бұл Сайын хан ұрпағынан - Орыс хан. Орыс ханнан - Құйыршық хан. Құйыршық ханнан -Барақ хан. Қазақ ханлары (хазарлы) болған - осылар. Барақ ханнан - Жәнібек хан. Қазақ жұрты білетұғын Жиренше шешенмен бастас болған «Әз Жәнібек» - осы. Тоғыз баласы болған. Ақназар - Қасым ханның баласы. Жәнібек балалары: Ираншы (Ераншы), Махмұт, Қасым, Мухаммед, Жаныс, Таныс, Үсек, Жәдік, Мұрындық. Жәнібектің өзінен соң Қасым болды, бұл өзгесінен басым болды. Ата-бабаларынан бақты, даңқты болып, Жошы ханның өзінен соң Дешті Қыпшақты меңгеріп, билеген осы Қасым хан болды. Қазақ жұртының аузында: «Қасым ханның қасқа жолы»- деп атанып қалды. Тоғыз жүз отызда [930] Сарайшықта өлді. Қасымнан соң баласы Ақназар хан болып, бұл Ақназар өзбек ханы Шайбаныларды жеңіп, ноғай ханы Көшім ханды қорғалатып, орысқа тығылдырып, ол уақыттағы орыс князы төртінші Иван Ақназарға елші салып, сауда араластырып, керуен қатынастыру үшін елдесіп, Ақназар қазақты Қасым хан тұсындағы қалпына бір келтірді. Сарайшықтан көшіріп, ата-бабалары отырған тақты Ұлытауға орнатты. Ақназар өлген соң, ноғай бір жағынан жау болды, өзбек бір жағынан жау болды, қалмақ бір жағынан жау болды. Әз Жәнібектің бір баласы Жәдік деп айтып едік қой. Жәдік балалары: Таһир хан, Шығай хан, Тоғым хан еді. Жәнібек хан өлгеннен кейін, Мұрындық хан болған, Жәдік те хан болған. Бұлар басқарып, дәнеме қыла алмаған. Жәдік хан өз ажалынан өлген. Мұрындық ханды жер аударып, Самарқанға қаңғып барып өлген. Ақназар өлген соң, Жәдік баласы Шығай хан хан болды. Бұл ұзақ тұрған жоқ, өлді. Бұл өлген соң, Шығай баласы Тәуекел хан болды. Тәуекел ханның ат арқасына мінген заманында Бұхара, Самарқан ханы болып тұрған «Жақсы Ғабдолла» ханды өлтіріп, оның баласы Ғабдолмүмин ханды да өлтіріп, Мауралнаһрге қожайындық қылып. Ол уақыттарда Сауранда да бір хан, Сунақта да бір хан, Отырарда да бір хан, Созақта да бір хан,- әр күл төбенің басында тауықтың қоразындай қоқырайғандардың бәрін көк ерім бос шөптей, оп-оңай жұлып алып, Имамқұлы хан үш қабат соғысып, түк өндіре алмай. Ташкен, Түркістан, Андижан, Марғұлан, Самарқан - бәрін өзіне қаратып алып, орданы Ташкентке алып барып орнатқан. Тәуекел хан өлген соң, бақ тайыңқырап, бет қайтып, мыжың-тыжың дау болды. Тәуекел ханмен бір туысқан Есім хан ат арқасына мініп, Түркістанға тұрақтап, сарт-сауан, өзбекті (өзбекте) ұстай алмаса да, қазақты қаңғыртпай, бытыратпай, «Қазақ ханы» атанып тұрып қалды. Өзбек ханы Имамқұлы хан да аттанып келіп, Есім ханмен де үш-төрт қабат соғысып, ала алмай, қалжырап қайта берді. Ташкенді билеп тұрған Қатаған ханы хан Тұрсынмен соғысып, Қатағанды қырып, хан Тұрсынды өлтіріп, қырық қыз олжалап, алып қайтты. Сондағы олжаға, үлеске түскен қыздардың екеуі хан Тұрсынның өз қызы болып шықты. Біреуін Есім хан өзінің бел баласы Салқам Жәңгірге байлады. Біреуін жан жолдасы, «Тоқал-Арғыннан» шыққан Шақшақ батырдың баласы Қошқар батырға байлады. Біреуін Алтай, Тоқаның Тоқасы алды, біреуін Қаракесек Байбөрі алды. Біреуін Бұлбұлдың Шаншары алды, біреуін Тобықтының бір батыры алды. Сол қыздардың аттары: Дәулетбике, Оразбике, Нұрбике, Қоңырбике, - бәрі-бәрін орналастыруға мен солардың ішінде жүріппін бе? Естігенімді айтамын. Тоқа, «Қаратоқа» атанған ол Дәулетбикені алған. Онан туған үш бала: Айтқожа, Барғана, Сатыпалды. Шаншар Нұрбикені тоқалдыққа алған. Мұнан туған балалар: Тілеуке, Бертіс. Салқам Жәңгір алған қыздан туған - Әз Тәуке. Қошқар батыр алған қыздан туған -«Шақшақұлы Жәнібек» аталған, өр Жәнібек деген осы кісі. «Еңсегей бойлы ер Есім» атанған Есім - осы. «Есім ханның ескі жолы»- деп, қазақ жұртында айтылып қалған сөз осыдан қалған. Есім хан өлген соң, қазақ тағы жүдеубас болып, Ташкеннен айрылып, Түркістанда тақ қалды. Еңсегей бойлы ер Есімнің бел баласы Салқам Жәңгірді хан көтерді. Бұл кезде қалмақ қоңтажысы күшейіп, қазаққа дамыл бермеген, «қысқа күнде қырық шапқан», соғыста қалмақтың иығы аса берген. Жоңғарлар жеңгенде, қазақты ойсыратып шауып, шаншып, талап жүрген. Қазақ сонда қатты қырғынға ұшырағаннан кейін де, іле-шала қайтадан жиылып, қалмаққа аттанып, қан төгіп соғыса берген. Бұл кезде қазақтың көрсеткен қайрат-жігері адам айтарлық емес. Әз Тәукенің заманында: «Күл төбеде күнде кеңес»,- деген сөз мақал болды. «Кері кеткен елдің кеңесі көп болады. Кедей елдің көш басшысы көп болады»,- деп, сол заманда айтылған сөз болса керек.

* * * [1.4. мәтін] «Ақтабан шұбырынды» бір мың жеті жүз жиырма үшінші жылы болған. Бір мың алты жүз қырық үште [1643] Қоңтажы көтеріліп, қалмақ аса дәуірлеген. Бір мың жеті жүз жиырманың [1720] шамасында Қалдан Шерін Ташкентті билеп, тағын сонда орнатып, «Құба қалмақтың ханы» атанып, тамам қалмақтардың хандары Қалдан Шеріннің аузына қараған деседі. Қазақтан бақ тайған соң, Ұлы жүз Қожантқа бағынды, Орта жүз Самарқанға бағынды, Кіші жүз Хиуаға қорғалады. Қазақтың қазақ болғаннан ата қонысы Сарыарқа болған екен деседі. Бір жерде табан тіреп, ірге теуіп отырып көрген жұрт емес. Орта жүз бөденесі жоқ, тауығы жоқ, есегі жоқ, сарт күнелткен жерде күнелте ала ма? Арқаға қарай ауды. Сол ауып келе жатқанда, қалмақтың шабыншылығына ұшырады. Талай уақиға болған шығар. Әркім өз ата-бабасының айтып отырғанын естиді ғой. Айдабол, Күлік деген елден Күліктің тұңғышы Тілеуімбет: «Қашпаймын!»- деп, он алты баласына көсемдік қылып, бірі қалмай қалмақтан қырғын тапқан. Қаржас: Жаулыбай деген аз ғана ру ел бар. Олар да сол жолы қырғын тапқан. «Қаржас cap садақ қонысы» атанған батырлар бала-шаға, үрім-бұтағымен сол жолы қырылып қалып, екі немере қалған: Есенаман, Жарқын деген. Кім де болса сол жолғы қырғын ұшына тигендей болып, қалғандарының да өсімі аз болды. Тобықты Әнет бабаң да төбенің басында шоңқиып отырып қалған. Құдай рақмет қылсын, кісі - сол:

— Маған қарамаңдар, өздерің құтылудың қамын қылыңдар!- деген соң, тастап кетті ғой! Болмаса, көзі қиып, кісі тастап кетерлік кісі ме?

Әрі жұтқа, әрі жауға ұшырап қалып, қалған тамтығы жаяу шұбырып, Арқаға келіп қалған. «Олардан бұрын бұл Арқада, Он екі Қазылық, Ой Түндікте Найман бар екен, Арғыннан: Қанжығалы, Бәсентиін бар екен»- деседі. Жүдеп-жадап келген ел Найманнан қырық биені бір түнде сойып алып, жалап-жұқтап жеп қойыпты. Найман: «Бұл қырық бие -еруліктерің. Енді өзімізге рұқсат (ұлықсат) қылыңдар!»- деп, өрге қарай ауа жөнеліпті. «Жеті Момын» отырып қалып, шауып, талап алған емес, жан жалғау, тойынғанша шет пұшпақтап, азық қылыпты. Қанжығалы абыз Шомақтың қызын Қазыбек тұңғышы Қонайға, беретұғын мал бар ма, бата-сатасыз алып берген деседі. Сол Қонай қыршын жасында өліп қалып, Шідерті өзенінің бойындағы «Қонай тамы» деген жер аты - сол Қонайдың көмілген жері екен деседі. Қанжығалы, Бәсентиін Баянаулаға келіп, Сүйіндік келген соң, бұлар онан да сырғып, бірі тоғайға, бірі Ақкөл, Жайылмаға шығып кеткен деседі. Ащы өзенінің Баянаула жағында «Шомақ көлі» - деген көл бар, «Әліқұл» - деген адыр бар. Қанжығалы абыз Шомақ қонысы екен. «Көлден шоқысы» деген шоқы Апай, Бөрі Бөрінің бес баласының бірі -Қыңыртас, Апай. Cap қазақ қонысы. Молдабай қажы, Баймолда қажы деген балалары болды. Қыңыртас сыртындағы Қарадыр - Қанжығалы: Әжібай, Тай-теке, Сасық, Бидайбай (Бұйдайбай) батырдың қонысы болған. «Сасықтың Сары атының қуысы»,- деп, бұл күнгеше айтылады. Нағжан деген қызын Малқозы: Төлепбай баласы Байжанға атастырып. «Қыз күнінде Боштай аламын деп, Жаяу Мұса Боштайдан пайда болған»- деседі. Арыстанбайдың Имамбегінің тоқалы - Бибінің келіншек күнінде Жаяу Мұсаға айтқан өлеңі:

Болғанда Байжан, Тайжан, Жанан, Шекей,
Ақырында тоқтатқан жорға Бекей.
Зинадан пайда болған Жаяу Мұса
Басады-ау: «Сал болдым!»- деп, некей-некей!-

Деген соң: «Сылқым Жаяу, сылқым Жаяу!»
Жетпейді он екіге жылқың, Жаяу!
Темірболат жасығы - күнелткенің,
Қай жеріңнен келеді күлкің, Жаяу?!

Тон киген былғарыдан (бұлғарыдан)
Жаяу тоңбас, Жеңгесін зина қылған Қали оңбас.
Далбаға төрт бөлек қып, тұз ұрса да,
Ұрлығы мен ойнасын, сірә, қоймас!

[Осы тұстағы қосымша жазған Жолмұрат ескертуі - Е.Ж.]: «Төлебай: Олжабай, Орман. [Олжабай]: 1)Дәулет, 2)Бектен, 3)Үйсінбай, 4)Маябай, 5)Жалаңтөс батыр. [Дәулет]: 1)Арыстанбай, 2)Марғұлан. [Арыстанбай]:1) Жанғұлан, 2)Дүржан, 3) Имамбек. Орман-Төбет: Байжан, Тайжан - [Байжан]- Жаяу Мұса. Имамбек пен Жаяу Мұса - екеуі құрдас, сондықтан қажы мен бәйбішесі екеуі Мұсаның жанына тиіп, сықақ қыла беретін болған. Марғұлан, Дүржан, Жаяу Мұса, Имамбек төртеуі Боштай ауылымен мәңгі ұстасып өткен. Бір сайлауда Боштайдың Хұсайын деген баласын генерал еріксіз сайлағанда:

— Мына тік мұрт жандаралың Хұсайынды құстай ұшырып, Мұстафаға ергенді жерге қаратқаны несі?!- депті. Мұстафа - әнде айтылатын «Бүркітбайдың Мұстафасы» (қажыдан естідім).»

2 мәтін

ҚАЗАҚ ТҮБІ

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

[2.1. мәтін] Первый человек - Адам Ата топырақтан жаратылды. Второй человек Нұх пайғамбар Топан суынан үш баласы, үш келінімен аман қалды. Басқа қалғандар[ы] бәрі қырылды. Нұх пайғамбардың үш баласынан өрбіп-өніп өсті: Хам, Сам, Иафас. Бұл үшеуін өзі тірісінде үш жаққа жіберді. Хамды һиндстан жаққа, Зәңгі Хабаш қара түсті жұрттар мұның нәсілінен өсті. Самды оңтүстікке: Иран, Зминге жіберді: Ғараб, Ғажам мұның нәсілінен өсті. Иафасты солтүстікке жіберді. Мұның нәсілінен отыз алты түрлі жұрт өсіп-өнді. Сегіз баласының аты тарихшыларда қалды: Түркі, Хазар, Сақлаб, Рос, Мың (Мен), Шын, Кимер, Тарф. Бұл Иафас тұңғышы Түрікті өз үрім-бұтағына хан сайлады. Басқа балаларына: «бұлар бағынып қараңдар!»- деп бұйрық қылды. Сонымен Түркі первый (перуай) хан атанған, ханның толық дөкейі болды. Бұл Түркі ақылды, милы, әдепті, ибалы жан болды. Сонда ұнатып орныққан жері - Ыстықкөл болды да, керегесіз төбе қосты баспана қылуды бұл Түркі шығарды. Төрт баласы болды. Тұңғышы- Түтік. Бұл Түтікті өз қолынан хан сайлап, үрім-бұтағына басшы қылып, ақырет сапарына кетті. Түтік ғақылды, дәулетті, жақсы патша болды. Түркі жұртында көп жол-жобаны жұрт көзіне түсірді. Fажам патшаларының әуелі - Кеймарыспен замандас болды. Күнлерде бір күн аң аулап, киік етін жейді, аузына сүйкімді тиді. Сөйтсе, ол жер тұзды жер екен. Тұз асты ләззатты қылатұғынын сезіп, асқа тұз салуды бұл Түтік шығарды. Екі жүз қырық жыл жасап, баласы Елші ханды орнына отырғызып, «барса келмеске» кетті. Елші хан көп жылдар патшалық қылып, астарын (ашларны) асап, жас жасап, баласы Деббақой ханды орынға отырғызып, бабаларының соңынан бұ да барды. Баласына «Деббақой» деп ат қойғаны: «Дептің» мағынасы - «тақ үсті», «бақой» мағынасы - «ас ағасы»- деген екен. Бұл Депбақой көп жылдар (иллар) патшалық қылып, достысы күлгендей, дұшпаны жылағандай іс қылып, баласы Киік ханды орнына отырғызып, «көші қоны жоқ жайлы орынға» бұ да барды. Киік хан а[та] тақытында отырып, неше жылдар дадғыдыллық қылып, баласы Алтыншы ханды орнына қойып, «халық баратұғын орынға» барды. Алтыншы хан көп диллар (жылдар) елге патшалық қылды. Нұх пайғамбар заманынан - бұл Алтыншы ханның заманына шейін Иафас үрім-бұтағы мұсылман еді. Алтыншы заманында - жұрт - абадан, ел дәулетті болды. Өзбекте айтыла қалған сөз бар: «Ит семірсе, иесін қабар»- деген. Әркімнің бір сүйері өлген болса, иа ұл, иа қыз, на аға, иа іні, - соған ұсатып (ұқсатып) үйлерінде қуыршақ жасап, өзіне бөлек сыбаға ас қойып, соны құттықтап сүйіп, солай қыла-қыла өршіп, ұлғайып, шытпырситлық (пытшырситлық) күшейді. Бұрынғы ата-бабаның ізінен, соқпағынан айырылды. Алтыншы хан екі баласы егіз туып еді. Бұрынғы туғанының аты - Татар, соңғы туғаны аты - Мұғыл. Алтыншы хан қартайған соң, елін екі баласына бөліп беріп, бұл екеуі бірімен-бірі тату-тәтті болып, екі жерде патшалық құрды. «Татар кім болды?»- деп, ешкім сұрамайды. Біз Мұғыл кім болғанын таратайық. «Мұғыл» мағынасы: «мұңлы, қайғылы»- делінген сөз. Бұл Мұғылдан тоғызыншы атаға дейін ханлық үзілмей келді. Әуелі - Мұғыл хан, ақыры - Елхан. Түркі халқының ішінде рәсім, үлгі, өрнек болып қалды. Әр нәрсені тоғыз-тоғыздан қылмақ. Ол «тоғызы» Мұғылдың тоғыз ханының соқпағы. Мұғыл хан көп жылдар патшалық қылды. Төрт ұғлы бар еді: Қарахан, Өзхан, Көзхан, Көрхан. Мұғыл хан Қараханын өз орнына хан сайлап кетті. Қарахан атасынан соң тамам елге патша болды, Ұлытау, Кішітауды жайлады. Қыс болғанда, Қарақұм, Сыр суының жағасын қыстады. «Қарахан заманында жұрт сондай кәпір болды, орталарында бір пұсырман қалмады»- десе, өтірікші болмайды. Қараханның бәйбішесінен бір ұл туды: көрерге көркі ай-күннен әдемі болып туды. Үш күн, үш түн емшек берсе, ембеді, анасының қарасын егіз-екі көрмеді. Жұрт дағдарды, састы. Құдайдың құтты күні бала шешесінің түсіне кіріп:

— Ай, анажан, мұсылман (пұсырман) бол! Сені, мені жаратқан Біреу бар, сен соны: «Бір!»- біл. Сен солай қылсаң, емшегіңді емемін, әйтпесе ембестен, тіл тартпай өлемін!-деген соң, шешесі баласын өлімге қимағандықтан, баланың айт дегенін айтты.

Бала сонан соң шешесін емді. Бәйбіше көрген түсін, мұсылмандығын (пұсырмандығын) жанға айтпады, жасырды. Ол шақта Мұғол жұрты сондай бұзылған еді. Атасының мұсылман екенін білсе, баласы өлтірер еді. Баласының мұсылман болғандығын білсе, әкесі өлтірер еді. Және Мұғыл жұртының заңында бала бір жасқа толмай ат қоймайтұғын еді. Бір жасқа әбден толғанда, топ ортасына қойып, көпке сынатып, сөйтіп ат қойғызады екен. Бала бір жасқа толған соң Қарахан елге сауын айттырып, зор той қылып, баланы мерекеге алдырып:

— Кәне, бұған лайықты ат тауып қойыңдар!- дегенде, бала жұрттан бұрын өзі сөйлеп:

— Менің атым - Уыз,- дейді.

Жиылған жұрт айран-асыр қалып:

— Бұл бала өз атын өзі қойды. Мұнан жақсы ат бола ма, мұның аты: «Уыз» болсын!- бір жасар баланың сөйлегенін ырым көріп, - Бұл өрісі ұзаған, жаны жайылған, өрісі кеңіген, ұзын өмірлі, толық дәулетті патша болады екен! - десті.

Сонда Уыздың тілі шыққанда: «Алла! Алла!» - деп қақсап айтып жүретұғын болыпты. Жұрт «Алла!»- деген сөздің не екенін де білмейді: «Тілі шықпаған бала аузына не түссе, соны айтады ғой!»- десіп, аңыз қылысыпты. Уызды Құдай тағала жаратылыста шын уыз қылып жаратқан екен. Ержетіп жігіт болған соң,әкесі өзінің кенже інісі Көрханның қызын алып берді. Уыз оңашада қызға айтты:

— Айдай әлемді, сені мен мені жаратқан Біреу бар, соның аты - Алла, сен соны: «Бір!»-біл!- дейді.

Қыз:

— Не оң жақта, не бұл жақта мұндай сөз естігенім жоқ, айтпаймын!- дейді. Уыз оның қойнына жатпайтын болды. Ханның құлағына тиді: «Балаңыз келіншегін сүймейді»- деген сөз.

Олай болса, қыз табылар, - деп, Көзхан деген інісінің қызын айттырып, алып берді.

Уыз оған да айтып еді, о да:

—Елде-жұртта жоқ сөзді айтар жайым жоқ! - деп, тілін алмады.

Оны да жаратпай, қойнына жатпайтын болып кетті. Уыз өзі аң аулауға шығып, қайтып келе жатса, көл басында көп қатын - қыздар кір жуып, суға шомылысып жатыр екен. Уыз оңаша шеткері түсіп, бір қызды шақырып алып сөйлесті:

— Әкем маған екі қатын алып берді, екеуі де менің тілімді алмады. Сонан соң мен екеуін де жақтырмай, қойындарына жатпайтын болдым. Сен менің айтқаныма көнсең, айдауыма жүрсең, сені жолдастыққа ұнатып алар едім!- деген соң:

— Жарайды, сен не бол десең, мен сол болайын, қазылған жолыңда, шашылған топырағыңдамын!- дейді.

Сонан соң Уыз әкесіне сөз салды:

— Маған өзім сүйген қызды алып берсін!- деп.

Сонан соң әкесі ол қызды алып берді. Уыз мұны жанындай жақсы көріп сүйді. Арада бірнеше күндер өтті. Уыз көп жігіт - желеңмен ұзақ жерге аң аулай кетті. Қарахан келін-кепшек, қатын-қалаш, құл-құтандарының басын қосып, қонақ қылды. «Ішкен мас, жеген тоқ», мәре-сәре болып отырғанда, бәйбішесінен сұрады:

— Біздің Уызжан бастапқы екі келінді не пейілінен жақсы көрмеді, соңғы келінді қалайша артық көрді екен? - деп.

Бәйбішесі:

— Мен қайдан білейін, келіндер өз қылығын өздері білетін шығар,- дейді.

Хан келіндерінен сұрады, дөкей келіні:

— Балаңыз: «Мұсылман бол!»- дейді. - Бір жақта Біреу бар, соны: «Бір!»- деп біл!- дейді. Біз тілін алмадық, соңғы келініңіз «ашса аясында, жұмса жұмырында болды», сондықтан оны жақсы көрді де, бізді жек көрді,- дейді.

Қарахан бұл сөзді естіген соң, бастастарын шақырып:

— Мұндайды естіп, білгендерің бар ма?- деп сұрады.

— Жоқ, жоқ, мынау бір кісі есітпеген сұмдық екен!- деп, үрпиісіп, шошып қалды.

— Сірә, мұның көзін жоғалтпасақ, мәнісі болмас, жұртты бұзар!- десіп, сөзді осыған байлап:

— Мұны түзде жүргенде, қарашығын батырайық, жоқ қылайық!- деп, жұртына жар салдырды:

— Аңға шығамын. Мен деген үйде отырып қалмасын!- деп.

Бәйбіше мұны сезген соң, Уызға кісі шаптырды: «Әкесі өлтіруге барады, басының қамын қылсын, қашсын!»- деп.

Уыз мұны естіген соң, о да елге кісі шаптырды:

— Мені деген маған келсін, әкемді керек қылған әкеме барсын!- деп.

Қараханның інілері бала-шағалы, өскен-өнген еді. Тамам немерелер көтеріле Уызға қосылды. Оларды Қараханнан бөлек жайылады деп, ешкімнің ойына келмеген еді. Уыз бұларға: «Айғор!»- деп ұран шақыртты. Мағынасы: «жабысқыш»- де¬ген сөз екен. Және үйірін таныған айғырдай оқыра түсті деп сүйіп қойған ат болды. Партия десе, жаны құмар, қауқылдаған шалдар Қараханға жақтасты. «Жастың жасқа тілеуі бір, // Жібектің түйіні бір» - десіп, жастар Уызға қосылды. Жапан түзде айғайласып ұрысты, қарсыласып тұрысты. Баршаны жоқтан бар қылған жалғыз Құдай Уыз жаққа болысты. Қараханға оқ тиді, кім атқанын білмеді. Ол заманда оқ деген, жақ деген нәрсе - зым-зия жоқ нәрсе. Қарахан өлді, оған ерген бықпырт болып бүлді. Түге[л] уызы ауызынан шыққан жастар Уыз ханды алып келіп, таққа отырғызып, хан көтерді. Заман: «Уыз хан заманы»- деп, жар шақыртты. Уыз хан өзіне бағынған елдің бәрін мұсылмандыққа көндірді. Мұсылман болғанды сыйлады, болмағанды шапты, талады. Уыз ханның жүрген-тұрған тарихын жазуға аз ғана қалған өмір жарамайтұғын болды. Жүз он алты жыл патшалық қылды. Бір күн үйде жайланып отырған жоқ. Бетіне жан қарсы келмеді. Алты ұлды, жиырма төрт немерелері болды. Бәрі де ат арқасына мініп, «жау жаулауға» жарады. Бәйбішеден үш ұл, аттары:Күн, Ай, Жұлдыз. Тоқал қатынынан үш ұл, аттары: Көк, Тау, Теңіз. Бұл алты баласын сынамаққа аң аулауға бұйрық қылды. Бәйбішеден туған: Күнді, Айды, Жұлдызды - күншығыс жаққа аттандырды. Тоқалдан туған: Көкті, Тауды, Теңізді күнбатыс жаққа аттандырды. Бұлар ұзап шығып, кеп күн жүріп, күншығысқа барған: Күн, Ай, Жұлдыз жазы жапан далада бір алтын жақ тауып алып, көп аңмен атасына аман-есен келіп, үйіріне қосылды. Күнбатысқа барған: Көк, Тау, Теңіз - бұл үшеуі үш оқ тауып алған екен. Қанша кеп аңмен бұлар да келіп, атасының алдына қойды. Уыз хан алтын жақты да, үш оқты да ертерек уақытта өзі көмдірген екен: «Балаларым тауып ала алар ма екен? Жоқ, ала алмай, жерде қалар ма екен?!»- деп. Балаларының тапқандығын ырым көрді. бұлар шаттанып, зор мереке той қылды. Сол тойының фолантын Әбілғазы баһадүр ханның шежіресінде жазған форымы. Тойға тігуге кигіз үй жасатқан екен: кереге мен уықтардың басын алтындатып, керегенің көктерін лағыл, жақұт (иақұт), зүмрәт, фируземен көктеткен екен. Алғаш кигіз үйдің жасалған күні - сол күн екен. Онан бұрын дүниеде ешкім жасамаған екен. Сол үй, һәм сол той туралы айтылған сөз:

Бір үй тікті алтыннан шаһариар.
Кім ол үйден філік үй қылды?
Тоғыз жүз жылқы, тоғыз мың қой өлтірді.
Былғарыдан тоқсан тоғыз қос қылдырды.

Тоғызға - арақ, тоқсанға - қымыз толтырды.
Барша нөкерлерін шақырып келтірді.

Алтын жақ тауып алған балалар біріне-бірі қимағандықтан, үш бөліп алған екен де, үш оқ тауып алғандар жасы үлкеніне байлаған екен: «Дүние зәру емес, біріңе-бірің қимай, үлесіп алғандықтарың - алтынның жүзінің ыстықлығы - егер алтын жолда жатса, қызыққандықтан, періште де періштелігін былай қойып, алтынды алса керек. Сендердің атың: «Бұзық»- болсын және сендерден өрбіп-өнген жұрағатты: «Бұзық»- деп атасын. Әрқайсың әр жұртқа бас болып, жан сақтамасаңдар, үш үйің бір жерде тату-тәтті отыра алмайсыңдар. Ылғи қошқар болып туасыңдар. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыя ма?»-депті.

— Міне, үш оқ тауып алып, біріңе-бірің қиып, байладыңдар! Сендерді және сендерден өрбіген жұрағатты: «Үш оқ» - аталсын,- деген екен, - Жақ оқты қалай тартып жіберсе, оқ солай кетеді. Жақ тауып алғанның тұқымы хан сайлансын да, оқ тауып алғанның тұқымы оған нөкер болсын! - деп, өзі тірісінде Күн ханды хан сайлаған екен,- «Бұзықтың» іске жарарын хан сайлаңдар да, «Үш оқ» тұқымы оған нөкерлікке бас бұрмаңдар!- деп, бата берген екен.

Хан тұқымын хан болғандар өздері де жерде қалдырмас, тарихшылары да бар шығар. «Үш оқ» тұқымынан біздің қазақ нәсілі өрбіп-өнеді. Оның шындығына көктен түскен төрт кітаптан дәлел іздейміз бе? Қазақтың: «Таубай, Теңізбай, Көлбай, Адырбай, Бұдырбай,-деген аттарының өзі-ақ растайды. Және қазақ Уыз нәсілі екендігіне кигіз үйі айтпай танытып, сұрамай білдіріп тұр. «Уыз үйлі елден табылмағаны ма?»- деседі. Бұл Уыз ханның заманын білем десең, Киәміріш өліп, һошыңның таққа орнықпаған заманы еді деседі. Уыз ханның бір нөкері Қарақытайдың ханы Итбарақ хан соғысында өліп, буаз қалған қатыны іші қуыс шірік ағаштың ішінде босанып, ұл тауып, Уыз хан ол баланың атын: «Қыпшақ»- қойып, өскен соң өзін батырбасы қылып, көп қосынмен Орыс, Ұлақ, Башқұр, Мажар жағына жіберіп. Бұл көп жұртты бағындырып, үш жүз жыл патшалық дәурен сүріп, сонан Еділ, Жайық, Ертіс, Сырдария аралығындағы дала «Дешті Қыпшақ» - атанды. «Қытай көп пе, қыпшақ көп пе?»- делінген сөз осы қыпшақ заманында айтылған сөз екен. *** [2.2. мәтін] 1499-да Әбухайыр немересі Шейбани хан Әмір Темір нәсілінен Бұхара, Самарқанды алып, 1508- де Ташкентті алмақ болғанда, Ахмет Алашы, ағасы Жаңамұхаммед екеуі Ташкент ханы Өртөбеде Шейбанимен соғысқанда, қазақтар:

— Шыңғыс тірі күнінде бізді Жошы ұлысына беріп еді. Шағатай - біздің ханымыз емес, тәжік, сарт туысқанымыз емес. Өзбек болса, өз ағам, сарт болса, садағам!- деп, Шейбани ханға қосылды. Сол соғыста Шейбани хан жеңді.

[Бет шетіндегі жазу - Е.Қ.]: Баянауылда Бас Шілікті қыстаған «Толаш жұрты» деген жер аты бар. Қара бұжыр Толаш батыр,оның үлкен ұлы Тайсары қыстауы «Аяқ Шілік». *** [2.3. мәтін Сахабалар тарихы] Замандардан заман өткенде, бұрынғылар өліп таусылып қалғандарға нәубет жеткенде: «Араб жұртынан бір Мұхаммед деген пайғамбар шығыпты»- деп, әуезесі айдай әлемге жайылып кеткенде. Түркістан аймағынан, Түркі ұрпағынан Үшоқ нәсілінен «Тоқсан екі баулы Қыпшақ» атанып тұрған заманда тоқсан екі батыр атқа мінді дейді: «Сол пайғамбарды барып көрелік! Жақсы болса, жанына жолдас болып ерелік!»- деп. Мінген көліктері - ат, ұстаған қарулары - бір-бір сойыл. Құрғақ шөлмен жүріп барса, Мұхаммед пайғамбар екі соғысты мұнан бұрын өткеріп, үшінші соғыстың үстіне барған екен де. Жан-жақтан ереуілдеп шаң шығады екен де, шаңдатып келе жатқандар кәпірлер тобына қосыла береді екен. Мұсылманға үйден шыққан өздерінен басқа ешкімнің шаңы қосылмайды екен. «Күншығыстан бір шаң шықты, о да кәпірлерге қосылады ғой!»- деп тұрысып еді. Бұл шаң кәпірлерге бармады, мұсылмандар тобына келіп килікті. Ан хазіретіміз[ге] Мұхаммед Мұстафа ғалайссалам ғараб тілімен сөйлеп еді, білмеді, парсы тілімен сөйлеп еді, білмеді. Хазірет Әбубәкір Сыдық разиаллағына көлденеңдеп жетіп келді:

— Иа, Расул Алла - дейді,- Менің атам Қыхафа (Қыжафса, Қыпшақ) Түркістаннан келген екен. Бұлар Түркістан жұртының саяқтары болса керек. Түркі тілімен айтсаңыз, білер!-дейді.

Түркі тілімен сөйлеп еді, бастарын изеп, шұлғып оқырана түсті:

— Өзіміз әдейі сізге: біріміз - оқ, біріміз жақ болып, қазылған жол, шашылған топырағыңызда арқамыз соқпақ, басымыз омақа болсын!- деп келдік!- деп, кәпірге қарай лап қоя шауып, дүрсе қоя берді.

«Кірген жерін-есік, шыққан жерін тесік»- қылып, лездің арасында апа-сапа: кәпірлер -қой, бұлар бір оған тиген топалаң есепті болып, көп кәпір мұсылман дініне кіріп, бұрын соң көрмеген тамаша майдан болды. Сонда бұлардың батырбасы, азаматы - Ақкөсе екен де, оған таяулары: Мәлік, Ақтам, Құтқожа, Имамбайыр - дегендер екен.

Сонда пайғамбарымыз шаттанған (шадланған):

— Алла түргі хайри мин үмматы!- дегенде, Сүлеймен парсы сахаба ұғып алып:

— Алла түркі,- дегенде, Ақкөсе бабамыз ұғып алған екен.

Сонан кейін бұлар қалған өмірін пайғамбар қасында өткізіп, ансарылардан саналған екен. «Мұһажирин ансары!» деген - Құм Құбыла ұруы. «Құм» ел аты емес. Меккеден пайғамбарды іздеп қажылық қылып көшкендер: «Мүһажирин»- аталған екен де, пайғамбарға болысып күш-көмек бергендер: «Ансары» - аталған екен. «Уалсабқұн лаууалүн мен әл-Мүхажирин уа әл-ансары. // Бәйгенің озып алдын алған «Мұһажирин» мен «Ансарылар», - делінген сөз екен. Ақкөсе мен Мәлік екеуі бір ағайынды, Нәзір деген әкелерінің аты екен. Мәліктен - Әнес туады да, сол Әнестің үрім-бұтағынан: Түрікпен, Қарақалпақ, Қазақ тарайды. Ерте заманда бұрынғы ата-бабаларымыз: «Біз Ақкөсе сахабадан екенбіз»- деп жүргені пайғамбар дүниеден қайхқаннан кейін: «Мұныхтырса» (Мохтырса) деген кәпірмен соғыс ашамыз!»- деп, хазірет Ғұмардың халифа күнінде Ақкөсе, Имамбайыр, Құттықожа -сахабалар Қаратауда шаһид болып, зиараттары сонда болғандықтан: «Ақкөсе сахабамыздың моласы»- деп, зиарат қылғандықтан: «Соның ұрпағымыз»- деп жүргені -сол екен. Бұл күнде Қаратаудың күнбатысында. Ол кісіні: «Домбы ата» - десе, жұрт біледі. Басқа жұрттан шығып тарих жазушылар мұндай қайдан шығып, қайда барып, ұшырасқанын білмейді де: «Әнес пен Мәлік хазіретлері - Ғараб. Қазақ өзін Ғарабтан туғызып, пайғамбарға туысқан, бауыр болғысы келеді»- дейді. Мына мен Мәшһүр Жүсіп Көпеев алпыс бес жаста [1923 ж.- Е.Қ.] осы сөзді жазып отырмын. Бақсыдай бал ашып, түлкідей түс көріп, жауырын жағып, құмалақ салып айтып отырғаным жоқ. Мен де нұсқалардан көрумен, кәріқұлақтардан естумен өз білгенімді шамам келгенше қорытып, шыңдап, теңдеп айтып отырмын. *** Бұл қазақ деген кеше мен бүгін қойылған ат емес, заман заман болғаннан айтылып келе жатқан ат. Араб (Ғараб) тілінде: «Хузахи»- деп жазылған, шағатай түркісінде: «Хазах» (Хазам)- деп жазылған, өзіміздің қазақ тілінде: «Қазақ»- деп жазылған (иазылған). Ақкөсе сахаба пайғамбардың туын ұстап жүріп, жауырындағы нәбуот міһірін (мөрін) көрген. Ахтам сопы хазірет Ғалы үшін басын берген. Ташкент шаһарындағы Жанаділ патшаның Мақатіл деген балуанына оның қиссасы (қысасы) мәшһүр Ұмғыров. Әнес ұрпағы кім болғанын, оны өз алдына сөйлеп таратамыз. Сонда пайғамбарымыз бұл тоқсан екі батырдан сұраған екен:

— Сіздер не дінде боласыздар?- деп.

Сонда бұлар айтқан екен:

— Біздер дін-сінді білмейміз, ораза жоқ, намаз жоқ, Құдай деген жанбыз. «Озған пайғамбар»- деген бабаларымыз осылай үйретіп кеткен!- десіпті.

Осындай ұғылмаған сөзден біздің қазақ: «біздің бабамыз - Озған пайғамбар екен»- десіп те жүрді. Сөйтсе, онысы Уыз хан екен. Тарихларда Уыз ханды: «Оғұз хан» - деп сөйлейді. Уыз хан балаларына өз ойымен: «Күн», «Ай», «Жұлдыз», «Көк», «Тау», «Теңіз» - деп, ат қойыпты. Сол ат хала бұл күнгеше біздің қазақта айдың басында туған баланың атын «Айбас» қояды, таң ата туса Таңатар қояды. Күн шыға туса Күншығар қояды, түн ортасында туса Түнқатар қояды. Көлде туса - Көлбай, тауда туса - Таубай, жайлауда туса -Жайлаубай, қыстауда туса - Қыстаубай, күзекте туса - Күзек. Уыз ханнан алған өрнек, үлгісі осы.

Және кигіз үй, «Уыз үйлі елден таба алмадың ба?»- деп сөйлегені.
* * *

[2.4. мәтін Ер Едіге] Қазақ түбі Мұғол, Татардың Мүғылынан- арғы атасы Түркі болады. Уыз ханнан, «Үш оқ» тұқымынан. Отырықшы ҺӘМ көшпелі халық болды, хұштар жауынгер болды. Мұхаммед пайғамбар уақытында Ақкөсе сахаба, Мәлік сахаба, Нәзір балалары өз аяғынан барып, дін ислам жол-жобасын үйреніп, Ахтам сопы, Имамбайыр, Құттықожа- тоқсан екі кісі пайғамбар дуасы тиіп, тоқсан екі ру ел болды. Осы сөз жазылған шежіреде жазылған. Қышафаұғлы хазірет Әбубәкір Сыдық разиаллағани. Мұның баласы Мухаммед халифа патшасы болған. Мұның баласы Сұлтан ұлт, мұның баласы - Сұлтанфайыз, мұның баласы Абуалқас, мұның баласы - Сұлтанқиұр. Мұның баласы - Сұлтанхаким, мұның баласы - Сұлтансағи. Мұның баласы - Жалелдин (Жалалалдин), мұның баласы - Шылайқыбаби. Мұның баласы - «Бабай түкті шашты» [Ғ]ази». Мұның ұғлы - ер Едіге Тоқтамыс ханға нөкер болған. Бұл «Бабай түкті шашты Ғазиз (Әзиз)»заманында бұрқыраған диуана болған екен. Қаратауда «Мың жылқы» деген тауының бауырында бір бұлақты мекен жай қылып жүріп, күнде таң намазын күн шығармай, сол бұлақтың басында оқиды екен. Бір күн[і] алагеуімнен келсе, жалаңаш үш қыз суда ойнап жүр екен. Соның біреуіне диуананың назары түсіп, диуана да есі ауып талып қалыпты, қыз да қалпақтай түсіпті. Сөйтсе де олар пері қыздары екен. Жанындағы екі сау қыз талып қалған қызды көтеріп ала жөнеліп, өздерінің жұртына алып барыпты. Қыз есін жия алмапты. Перінің патшасының қызы екен. Патша балгер, бақсыларын жидырып, бал аштырыпты, сонда бақсылары айтыпты:

— Адамзаттан шыққан бір әулиенің назарына ұшыраған екен. Сол әулиенің өзі үшкіріп жазбаса, басқадан жазылмайды!- депті.

Сонан соң пері патшасы күшті ұшқыр ұшқыштарын жіберіп, Бабай түкті шашты Ғазизді алдырыпты:

— Мына баламды оңалтып, сауықтырып беріңіз!- деп жалынып-жалпайыпты.

— Бұлар менің дәрет алатұғын суыма барып, жалаңаштанып суға түскендігінен менің есім ауып, бір намазым қаза болды. Сол намазымның орыны қияметке шейін толмайды. Соны қайтесің?!- деген соң.

— Осы баламды басы бүтін алыңыз!- деп, қызын беріпті.

Перілерге бұйырып, бұлақтың басына апарып салдырыпты.
Қыз өмірінде диуанаға жалаңаш денесін көрсетпепті. Бір күн[і] диуана:

— Жалаңаштан, денеңді көремін!- деп, қиғылықты салыпты.

Қыз:

— Болмайды, онан соң екеуміздің жолдастығымыз ада-күде таусылады!- депті.

Диуана да диуанашылық мінезі қысып:

— Жалаңаштанып, маған бір көрін!- деп қоймаған соң, қыз:

— Енді мен саған жоқпын. Мен сенен екіқабат буаз едім, ер ұл тапсам керек еді. Сонан соң көрінуіме дұрыс еді. Оған шыдамай, асықтың. Қой, хош аман бол! Мына ішімдегі баланды туған соң, осы бұлақтың басына ап келіп тастап кетем. Белгісі - алтыннан шүмегі, күмістен түбегі болар! - деп, жөнеле беріпті.

Сонан соң диуана қаңғып кетіпті. Сол баланы қыз айтқан күнінде ап келіп, су басына тастап кеткен екен. Бейуаз біреу тауып алып, алтыннан шүмегі, күмістен түбегі болған соң, Түркістандағы Тоқтамыс ханға апарып беріп, Тоқтамыс асырап бала қылып өсірген екен. Қазақтан шыққан ер Едіге осы екен. Әкесі - Бабай түкті Шашты Ази әулие, шешесі пері қызы екен. Бабай түкті Шашты Ази әулие өзін сол бұлақтың басына қойдырған екен де, ер Едігеде өзін сол Бабай түкті Шашты Азиының қасына қойдырыпты. Олардың сол орында екендігін Жалаң аяқ Әшдүр (Әздер) сөйлеп, ол әулие де өзін сонда қойдырған екен. Мұның бәрін бастан-аяқ сөйлеп әңгіме қылған - Қуандықтан шыққан Арық Қоңырбай. Ақпан, Байыштың Ақпанын һәм өзін сол араға қойдырып еді деседі. Ер Едігенің ертегісін сөйлеймін деушіге бір қап жан керек болса керек. *** [2.5. мәтін] Әбубәкір Күлбабаның заманында: «Отыз екі баулы Өзбек»- атанған деседі. Өзбектің үш баласы болған: Мың, Жүз, Қырық. «Адам Атадан бұ заманға шейін пәленнің баласы пәлен, түгеннің баласы түген!»- деп сөйлеуші өтірікші, жалғаншы болса керек. «Лынссап кізабуи»(алынсап кизабон)- деп сондайларды айтса керек. Қай тұқымнан, қай нәсілден шыққандығын айырып, дәлелімен айтып отырса, оның өзі де - толық білім. Әуел басы «Тоқсан екі баулы Қыпшақ»- атанған Еділ, Жайық, Ертіс, Сыр - төрт өзеннің аралығында, сондықтан «Дешті Қыпшақ» атанған, онан соң, «Отыз екі баулы Өзбек» атанған. Өзбек заманында отырықшы халық болған. Өзбектің үш баласы болған. Заманындағы бір ханға біреуі мың ділда берген, біреуі жүз ділда берген, біреуі қырық ділда берген. Сол себепті: «Мың, Жүз, Қырық»- атанған. Мыңнан өрбігендер отырықшы халық болған. Жүзден өрбігендер көшпелі халық болған. Сол жүздің ұрпағынан Қазақ шыққан. «Жүз» деген де аталарының аты болған. «Қазақ» деген де аталарының аты болған, «Алаш» деген де аталарының аты болған. Сонымен келіп Алаш - Алаш болғанда, Алаша хан болған заманда руының (ұруының) атын «қазақ» қойып, ұранының атын «Алаш!» қойып, «Ұлы жүз», «Орта жүз», «Кіші жүз»- деп үшке бөліп, «Үш жүз» атанған. *** [2.6 мәтін Алаша хан әңгімесі] «Қырық сан Қырым, отыз сан Рұм, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ноғай,- бүлгенде (бүлінгенде), Ормамбет хан өлгенде»- делінген бір заман болған екен. Сол заманлардың тұсында: Қондыгер, Құбан, Қотан, Қоғам - дегендер болған екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би»- деген бір би болған екен. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі екен дейді. Осылардың заманында қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан деген хан сол уақыттарда Бұқарада тұрып, уақытында Бұқараны түгел билеп, осы күнгі бір өзінде он бес азаншы жұма күні азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып алып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, өзі сауысқанның аласындай ала туып, сонан бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп:

— Бұл балаңды балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр! Мынау өскенде, жұртыңды ала қылып, ала тайдай бүлдіреді!- деген соң, хан қырық жігітке бұйырыпты:

— Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер! Өлсе, өлсін; өлмесе, өз бетімен қаңғып күнін көрсін!- деп, жер аударыпты. - Зинақар қайтып бұл жұртты мына қатын мен баланы да көрмесін, сендер де көрмеңдер!- деп.

Сонда бұл бала Майқы биге ұшырап, Майқы би қасына өз баласы Үйсін батырды жүз жігітпен қосып:

— Қаратаудан әрмен (арман) қарай асыңдар. Ұлытау, Кішітау деген таулар болады. Қаракеңгір, Сарыкеңгір деген бұлақтар болады. Сол жайларды барып, ірге теуіп, салық салыңдар! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар! -деп, - Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар!- деп, батасын беріп, қоя берген екен.

«Болар ұлан боғынан»- деп, бұлар бір-екі жылдың ішінде көзге түсіп, ауызға іліне бастады. Ұйқыны бұзып, жылқы алды, күймені бұзып, қыз алды. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды бола бастады. Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай қайратты, батыр болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естіді. Қотан, Қоғам, Қондыгер, Құбан, Майқы билерге елші жіберді:

— Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны? Баламды өзіме алып келіп берсін де, менен не қалағандарын алсын!- деп.

Сонан соң бұлар жүз жігітпен Қотанұлы Болатты жіберді:

— Сендер барып шақырып келіңдер!- деп.

Бұлар келген соң, бұларға еріп қайту былай тұрсын, өздерін жібермеді. Және келгендер қайтқысы келмеді. «Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын», көкектен басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ, сарттың отыны мен көмірін тасып бергеннен басқа көрер қызығы жоқ елден не аламыз?- деп. Сонан соң хан тағы қайта-қайта кісі салдырып қоймаған соң, Қоғамұлы Алшынды жүз жігітпен жіберді:

— Сендер барып жатып алмаңдар, шақырып келіңдер!- деп.

Олар да қайта алмады:

— Дені сау жас азаматқа жалғанның қызығы мұнда екен!- деп.

— Ішкені - жылқының сүті, сапырылулы сары қымыз, жегені - қазы - қарта, жал - жая -жылқының еті. Құдайдың құтты күні құшқаны - сұлу қыз - келіншек бұларда! - [деп], орнығып тұрып алды.

Бұл сөзге дәлел боларлық бір сөз - Бұхарай - Шәріптен кеше Мұса, Секербай заманында бір «Тентек ишан» - деген ишан келіп, Бұхараға қайта барғанда, халық сұраған екен:

— Тақсыр, не көрдіңіз? - деп.

Сонда Тентек ишан айтыпты:

— Сахараға бардым, мұнда көрмеген төрт нәрсе көрдім: бағылан семіз қозы, сары қазы, сапырулы қымыз, сәулетті қыз! - деген екен.

«Тоқсан ауыз сөздің түйіні бір» - деп, сөздің мылжыңын қойып, тұрғысын айту керек. Бұлар енді: «Ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік!» - деп, баяғы ала баланы алашаға салып, хан көтерді. Оған: «Алаша хан» - деп, ат қойды. «Әуелгі келгенді - Ұлы жүз, оның басы - Үйсін: «Ұлы жүз: Үйсін» - деп ат қойды. Ортаншы келгенді - Орта жүз, оның басы - Болат, оған Ақжол, «Орта жүз: Ақжол» - деп ат қойды. Соңғы келгенді - Кіші жүз, оның басы - Алшын: «Кіші жүз: Алшын» - деп ат қойды. «Жауға шапқанда, «Алаш!» - десіп шабайық!» - деп, «Алаш!» - деп ұран шақырды. Кеше: «Алаш - Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз - ағаш, ұранымыз: «Алаш!» болғанда, Үш жүздің баласы Қазақ емес пе едік?!» - деп айтылған сөз сонан қалды. «Сонда Болат ел шапқанда, соғысуын[да] жан аянбай соғысады екен, олжа алғанда, алмайды екен. Затында, сүйегінде абыздық бар екен. Сонан: «Болатқожа» - атанған екен!» - деседі. «Және қайда барса, жолы ақ болғандықтан, «Ақжол» атанған екен!» - деседі. «Бұрынғы аты - Ақарыс екен!» - деп сөйлейді. Қазақтың бетімен жайылған қойдай емін - еркін өз тізгіні өзіне тиіп, қатын керек болса, ноғайлардың қызын еріксіз, сұраусыз алып кете бергендіктен, ноғай халқы қазақты бұл күнгеше жек көріп кеткені сол! - дейді. Қалмақ ежелден атасының асындай болған, онан олжаға ұл түссе, «құл» - дейді де, қыз түссе, «күң» - дейді. *** [2.7 мәтін Алаша хан ұлы Жошы хан әңгімесі] Бетпақ шөлінде: «Таңбалы Нұра» - деген жер бар. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Үш жүздің баласы қазақтың таңбаларында талас болса, сол тастан барып қарасады. «Алаша ханның тұсында басылған таңба» -деседі. Алаша ханның тамы Қаракеңгірде, өзеннің күнбатысында. Ташкент, Түркістан ұсталары жасаған, күйдірген қыштан салынған. Өзінен қалған нәсіл, тұқым жоқ, жалғыз баласы Жошы бала күнінде аңға шығып, аты құланмен елігіп, желігіп, бала атына ие болып тоқтата алмай, жығылып, аты сүйретіп өлтірген. Сонда қасында бірге шыққан жігіт-желеңі ел бетін көре алмай қашып зым-зия жоғалып кеткен.

Аңға кеткен бала келмеген соң, хан да, жұрт та түсінген:

— Бұ бала енді жоқ болды. Кімде-кім баламның өлімін есіттірсе, басын аламын! - деген.

Сонда бір Кетбұға деген домбырашысы бар екен, күй тартады екен. Бір күн[і] домбыра тартқанда, домбыраның күйімен баланың өлгендігін сездіріпті:

Алаша хан, Жошы хан,
Ақсақ құлан жосыған.
Құлан теуіп өлтірді - ау
Бұйрығын Хақтан келтірді - ау! - деп.

Хан:

— Кетбұғам, сенің домбыраңның даусы бұзылды - ау! Біліп отырмын, сен домбырамен айтып отырсың:

«Алаша хан, Жошы хан,
Ақсақ құлан жосыған!»
Мен кеще кісі болмасам,
Ханның жалғызының жайрап қалғандығы –

Дәл келеді - ау осыған! –
деп, ханның аузынан шыққанда, жұрт шулай қоя берген:

— Алдияр тақсыр, өз аузыңыздан естідік! - деп.

Сонда хан:

— Мұның өшін құланнан аламын! - деп, жұртқа сауын айттырып, ат жараттырған екен. Қыз, бозбаланы жидырып, ор қаздырған екен. «Құлан өтпес» - деген су сонда құлан үшін қаздырған оры екен.

Сонда құлан қуғанда, жұрт көзіне түскен құланнан бес-ақ құлан құтылыпты. Шу бойында сол құланның құтылған жері - «Бесқұлан» - деген жер аты болып қалыпты. Екі жүйрік ат бар екен: құланды қойдай иіріп соғатұғын. Бірі - «Еңкейторы» - ат, бірі - «Аққабақ» деген ат. Еңкейторы ат өлген жер «Еңкейторы» аталыпты да, Аққабақ ат өлген жері «Аққабақ» -атаныпты. Сонан соң бес құлан аман қалыпты. «Еңкейқабақ - құлан жалақ» - деген жер аты болып қалыпты.

Баласы өлгенде, келіні оң жақта отырып қалған екен.

— Баламды жоқтатамын! - деп, келінін оң жағына түсіртіпті.

Баласының бір санын тауып алып, соған там салдырыпты.

Онан соң Алаша ханның тамын келіні салдырыпты. Атасының тамын өзеннің жел жағында бір мұралтайдың үстінен салдырыпты. Өз тамын өзеннің ығынан ойпаң жерге салдырыпты:

— Атам тамына көрініп тұрмайтын жерде болсын! - деп.

Жалғыз баласы өлгендігіне күйініп, Алаша хан жазғытұрғы жас төлді тасып жатқан өзеннің бір жағына иіртіп, енесін бір жағына иіртіп: айғырды азынатып, биені кісінетіп, сиырды мөңіретіп, қойды маңыратып, түйені боздатып:

— Жан-жануар да мендей болсын, аңырасын, аңырасын! - деп, өзі ас-су ішпей, төсектен басын көтермей, жатып алған екен.

Ханымы келіп:

— Хан, тақсыр, есік алдында екі даугер келіп тұр, - дегенде,

— Дауы не екен, сұрадың ба? - депті.

— Сұрадым: біреуі екінші біріне ат басындай алтын аманат сақтатқан екен. Бірнеше заман өтіп, ұмыт болуға таянған шақта алтын иесі келіп, аманатын сұраса, сақтаған кісі: «Бермеймін: көзім, қолым үйреніп бауыр басып қалыппын!» - дейді екен. Дауы осы екен, -депті.

Хан:

— Былшылдамасын: кімде-кім болса, аманатты сақтар болар (болұр), иесі сұрай келсе, өзіне қайырар болар! - дегенде, ханымы:

— Құлдық, тақсыр, төреңізге! Бұл бала Жасаған Иемнің сіз бен бізге сақтатқан аманаты емес пе еді?! Аманатын иесі өзі алды, өзінікін өзі алғанға кісі өкпелей ме екен? - деген соң,

— Сенікі дұрыс, менікі бұрыс екен, білмегендік, адасқандық екен! - деп, басын көтеріп алып, сабасына түсіп, мал баласын жамыратып, табыстырғанда, бір боз інген ботасын алмай жеріп, жонға шығып кеткен екен.

Хан:

— Осы бота аштан өлсе, обалы мойнымда қалады-ау! - деп, - Осының ботасын алғызғанға қалыңсыз қыз берер едім! - деген соң, баяғы Кетбұға хан баласының мән-жайын домбыраның күйімен шертіп, інгенді есінен тандырып, мас қылып, Бозінген әулігіп, елітіп ботасын алған екен. Сонан сол күй: «Бозінгеннің күйі» - атанып, біздің бала күнімізде тартымпаз шалдар болушы еді. Мұңлы - зарлылар домбыраның күйіне балқып, жылап отырушы еді. Қызылтаудағы Қақсалда: Отынбай деген шалдың тартымпаздығын жұрт тамаша қылушы еді. «Бозінгеннің күйі», «Бозайғырдың күйі», «Орыс Қазанды алғанда, қатын-қызының жылап-шулаған күйі», «Алшағырдың ащы күйі», «Тәттімбеттің сылқылдағы» - деп домбырашылар тартушы еді. Жұрт сүйсініп тыңдаушы еді.

[2.8 мәтін ] Бұ да бір сөйлеушінің сөзі.

Өзбек хан өлген соң, оның баласы Жәнібек хан болған күнінде қазақты 3-ке бөліп, Ұлы жүзге Үйсінді дадқа сайлап, Жалайырды оған көтермеші қойған екен дейді. Орта жүзге Арғынды дадқа сайлап, Найманды оған көтермеші қойған екен дейді. Кіші жүзге Алшынды дадқа сайлап, Жаппасты оған көтермеші қойған екен дейді. Сонда қазақта 2 - ақ кісі болған екен. Бірі - батыр, бірі - би. Батыр елге бақташы, күзетші, биі - қара қылды қақ жарып төре беретұғын бітімші. Батыр елін жауға бермейді екен де, би елін дауға бермейді де, батыры бар ел жаудан қорықпайды, шешені бар ел даудан қорықпайды деседі екен. Және өздері сол заманда аңыз қылысып, жұрт аузында сөз болған екен. Батыр деген 1 барақ ит, 2 қатынның бірі табады. Би деген ақ шариғат. Ілуде 1-ақ қатын табады, - деседі екен. Жұрт аузына ілініп, зор атақпен аталған Ұлы жүз Үйсін атасы болған Майқы би екен: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы - Майқы би» - делінген екен. Арғын да өз тұсында би аталған екен. Әр жүзден би шыққан шығар. Үйсін Төле биден дөкей болып би шыққан жоқ. Сол Жәнібек хан 3 жүздің баласынан шыққан билердің бітімін түрлі жұрттардың мықты қазыларының бұйырған бұйрықтарымен салыстырғанда бұлардың кітапқа қарап айтқан сөздерінен қазақ билерінің өз аузымен айтқан сөзі асыл шыға беріпті. Сонда Жәнібек хан айтқан деседі:

— Қазағым қазы-ақ екен, жүрегі қазы-ақ екен.

Сонан қазақ атанған екен деседі. Қазақ жұртының сөзінің кісі - ақ екен, жақсы-ақ екен, -деп келеді. Антұрған - ақ екен, безер-ақ екен, қу-ақ екен, шіркін, ұры-ақ екен, - десіп келеді. Асыл - да залал жазбайын, һынада іле жазмақ орысы келеді. Қазақ деп бұ да бір тарих жазушыларының сөзі. Қазақ болмай азап болмас, тамақ болмай, тасу (таш) болмас. Ит балалап сауын болмас, екі даугер үй болмас, қас төреде бауыр болмас. Қазақтың жаны азабында, наданның жаны дозағында. Осы сөздер де тегін ауыздан шыққан сөз емес. Қас төреде бауыр болмас дегені алдияр ұранды төрені айтқаны емес. Әділ биде ата жоқ, тура биде туған жоқ. Туғанына бұрған биде иман жоқ, қас төре деп шын әділдік қылушы биді айтқаны. Наданның жаны тозақта дегені - наданның надандықпен қылған жұмысын азап пен дозаққа салғандығы ғой. Болмаса наданға қамшы ұрып пешке салып жағып жатқан ешкім жоқ қой. Осы сөзді жұмбақ шешкендей шешкен жандар 33-те мәшһүр болып кетті, Ташкенттен жазған хатында Мухаммед Әмен Жүсіпұғлы еді. Күнәң жоқ болса, күн есепті, жазығың жоқ болса, жер өрте, - деп еді. Мына біз жоқта барды шатып белшемізден батып отырмыз. *** [2.9 мәтін] 23 жасымда жылан жылы, Атбасар уезіне қараған Мейрам Жанайдароф еліне барып 1 қыс, жаз жұрт бас қосқан жиында сөйлеп, Баянаула, Қызылтаудан Мейрамға 1 шешен келіпті, - деп жұрт аузында шешен атанған Мәшһүр еді. 3 жүздің баласын араладым. Инжарай Шариф, Ташкент, Түркістандар шаһарлары әр жүзден шыққан жүйріктермен жолдас болдым, қай жерде болса да: «Бәрекелді-ай, туысымыздай бар екен! - деді...

3 мәтін

НҰХ НАУРЫЗ ТАРИХЫ

[3.1 мәтін] Естіген құлақтың жазығы жоқ. Құрттай бала күнімізде жарапазан айтатұғын шалдар айтып жүруші еді:

Нұх пайғамбар дарақтан кеме пішкен,
Ол кеменің тақтайын тышқан тескен,

- деп. Бұл - естіген сөз. «Құлақ естігенді көз бір көрмек». Бұл күнде көзіміз көрген нәрсені ойға салып жорысақ, Топан суы тасып, дүние жүзін бір қаптағандығы айдан жарық, күннен анық көрініп тұр. Аспан, көк, жер, су жаралғаннан бері қарай жоғарғы әуеде құстан басқаның ұшқанын естідіңдер ме? Жоқ, жоқ! Суда балықтан басқаның жүзгенін естідіңдер ме? Жоқ, жоқ! Міне, енді бұл күнде адам - зат аэроплан (айырплан) жасап алып, әуеде құстай ұшпады ма? Су астымен жүретұғын кеме жасап алып, дарияларда балықтай жүзбеді ме?! Бұларды не деп ойлайсың? Бұл - дүние тұрған сайын, адамзаттың ақыл - ойы артылып, ғылым - білім күшейгені. Ендеше не нәрсеге болса да, бұрынғылардың ақыл-ойы жетілмей, кемеліне келмей тұрғандағы айтқанына нанбаңдар!

Жарапазаншы шал айтты деп, Топан суы болғандығына нанып тұрғаным жоқ. Өз көзім көрген нәрседен танығандығымды білдіріп айтып тұрмын. Сол Топан суының болғандығын, тау біткеннен қырық кез асқандығын: жер айтып тұр, су айтып тұр, тау-тас айтып тұр! Жердің айтқандығы - талай жерлерде судың еріксіз айдауымен үйіліп, жиылып, төбе-төбе болып қалған құмдар бар: «Қызылдың құмы», «Қара құм», «Жеті қоңырдың құмы» - аталған. Судың айтқандығы - адамзаттың ептейсіз көп қырылғандығынан, көз жастары ащы теңіз, сор болып қалған. Тау айтқандығы: «Алғаш құрғақтық тауып, қылтиып көрінген мен едім!» - дейді Ұлытау, тау тұңғышы болғандықтан Ұлытау атанғандығы сол. Онан кейін тарбайып-тарбайып, адыр-бұдыр болып көрінген мен едім дейді Тарбағатай мен Шыңғыс таулары. Тау біткеннің бәрі судан шыққанда, су астында тұншығып қалып, есепсіз көп жыл көрінбей қалып; «Ең соңынан шыққан тау кенжесі мен едім», - дейді Баянаула. Оны көрген, ішін аралап жүрген біз: «Рас-ау, рас!» - дейміз. Неге десең: ұзыны - жиырма бес шақырым, көлденеңі - он бес шақырым. Бір өзінде жеті көл бар. Бұл көлдерден басқа бастарының төбесінде кішкене-кішкене көлшімектер толып жатыр. Баянауланың қаласының темірқазық жағында он екі шақырым жерде бір «Найзатас» деген тас бар. Анадайдан көрген кісі: «Бір бөріктей!» - деп ойлайтұғын. Сол Найзатастың төбесінде тоғыз бөлек тұмарлы Көкше бар. Араларында: қарағай, қайың, арша; бұлақ, шабындылық шөп толық. Баянауланы көрген, аралап жүрген кісіге су астынан шыққандығын тауы, тасы өзі сөйлеп айтып тұр. Он екі айды бір жыл дейді. Бір жыл бір кісінің өмірі есепті. Бір Құдайдан басқаның бәрі бірінен бірі туып, өсіп-өнбек. Туып, өсіп, өнетұғынның бәрі де қартаймақ, өлмек! Көк -байы да, жер - қатыны. Солай болғаны үшін: «Көктен жаудырсын, жерден өндірсін!» -дейді. Аспанда бұлтқа бұлт шағылысады, сөйтіп жаңбыр жауады. Жаңбыр көп жаумайтын жылы: «Бұлт қысырап қалды» - деп, күн бұрын айтып отырушылар болады. Жаралған: жанды, жансыз - бәрі де жұп жаралған. «Жұп» мәнісі - «ерлі - байлы» - деген сөз. Жыл - өзі. Жазғытұрым - жаңа туған жас бала. Үш айға шейін солай. Үш айдан соң жігіт болып жетілгені. Ол өмірі - үш ай. Онан кейін: егде, мосқал, бурыл бас болғаны. Мұндай болған уақытын: «күз күні» - дейді . Бұл өмірі де - үш ай. Онан кейін: «қыс - зымстан» -деп атайды. Қар астында қалғандығы - ол - өлгені. Он екі ай бітумен бір жылдың өмірі бітеді. Жыл басына кесілген өмір он екі айдан аспақ емес. Он екі ай бітіп, бір жылдың өмірі таусылды. Енді жаңа жыл туады. Бұл - туатұғын - былтырғы өткен жыл емес. Онан басқа, бөлек жыл. Бұл жыл басында туатұғын күн де бұрынғы күн емес. Күн бүгін туған -жаңа күн. Сол жаңа туған жылын, жаңа туған күнін құттықтап, қуанып той қылса, сол жыл да, сол күн де бұл құттықтаған, қуанғанды қолтығына қысып, құшағына алып сый-құрметпен, қызық дәуренмен өткізуге міндетті, борышты. Бұл наурыздама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазықұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, «салт атты, сабау қамшылы» болып судан шыққан. Тышқандай сүмірейіп шыққан соң, тамақтарынан ас жүрмеген: - Енді біз тірі болғанда, неменеге жараймыз?! - деп, уайым - қайғыда болған. Сонан соң бір үйретуші табылып, арақ жасап ішкен. Арақ ішкен соң: «Ішкен мас, жеген тоқ, уайым да жоқ, қайғы да жоқ» - бұрынғы күннің жаманын, жақсысын ұмытқан. Өздерінің аман қалғанына қызық, мереке, той жасаған. Сөйтсе, сол күнде ай есебімен санағанда, «Мұхарамма» айының оны екен де, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале бір уәжібіне кірген күні - бірінші хамале болып табылған. Нұх пайғамбардың тұңғышы - «Сам» деген баласы. Ғараб (араб), Ғажам - сол Самның ұрпағы. Біреуі ай есебін ұстап, жыл басын: «Мұхарамма» - деп санап, оның оны: «Ғашура күні» - деп, мейрам қылып ұстап қалған. Біреуі - Ғажам жұрты, бұл жұлдыз есебін ұстап: «Бірінші хамале - жыл басы» - деп, мейрам қылып ұстап қалған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен марттың тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне тұпа-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ: «Бұхар есебі» - дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген. Ай да - он екі, жыл да - он екі. Он екі жылдың басына он екі хайуанды ие қылған. Оған ат қойып, айдар таққан. Жыл деген өзі - диірменнің (тиірменнің) белағашындай айна - лып тұратұғын нәрсе. Жер де айналады (айланады), Көк те айналады, Ай да айналады, Күн де айналады, күндіз, түн де айналады. Сол айналатындығынан: бірінің соңынан бірі келіп тұрады. Жыл да солардай айналады. Жылдың белағашында он екі шабақ бар. Он екі шабақта он екі тақ бар. Он екі тақтың әрбіріне бір жуан ие отыруға жиырма жетінші жылдың жиырма екінші мартта жүріс қылып жүрген жорықшы күн хамале бір уәжіне енді. Бірінші хамале болып, қоян таққа мінді. Сонан бері қарай: «қоян» - деп, газетке жазылып жүр. Дәнемеге жарамас, есепке кірмес. Оның аты неге жазылады? Оның жыл билегендігі, іске жарағандығы сол, жұрт қоянша қорқақ болып, шөптің басынан өрген қойдай, тек желп етіп жел тұрса, үрейі ұшып, зәресі кетіп: «Ал, жұт болады!» - деп былшылдайды. Жұт түгіл, дәнеме де болмайды. Қоянның қорқақ қылып айтқызып тұрғаны. Және қоян жылды кісі өмірінде үрей, қояндай қорқақ келеді. Енді келер алдымыздағы жиырма сегізінші жылдың мартының жиырма екінші күні жыл белағашы айналып, қоян тұрған тақ астына ұлу таққа отырады. Бір жылға сол ие болады. Сонда бұрынғы отырған астына кетіп, оның орнына екінші тақ үстіне шыққандығын – жанды да - балық біледі, жансызда Самарқанның көк тасы біледі. Балық білетұғындығын сонан байқаған. Наурыздама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп –тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» - деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» - деп. Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай - Шәрифте Fабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым. Ұдайымен жүреміте үш кісіні жыққанға бір шапан бәйге, дәл сегізінші күн: «Мазар Шариф» - деседі. Қожа Баһауалдин әулиенің басындағы хауызға қант төгіп, суды қант татытып, жұрт жабыла ішіп, «той тарқар» болады. Біздің қазақ жұрты үлгіні сол Бұхара жұртынан алған екен. «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!» - десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадір - құны астан, тойдан ілгері болады екен. *** [3.2. мәтін] Шоң, Торайғырдың әкесі Едіге би - үштің біріне қосылған кісі. Ер Едіге, Әз Едіге, Би Едіге. Ер Едіге - Тоқтамыс ханның заманында болып, ертегі болып айтылып жүрген. Әз Едіге Кіші жүзден шыққан. Асан қайғы, Қазтуған, Орақ, Мамай, Телағыс, Шора батыр, Әз Едіге - бұлар: «Үрім-бұтақ жұрағатымызды орыс жұртының келемежінде қалдырмаймыз!» - деп, ауып кеткендер. Би Едіге - Айдабол Пәлі (Ғалы) - Төлебайдың баласы. Едіге би Баянауланың бауырынан жүз кісі болып, атқа мінді дейді: «Қызылтауда Сәти тасында отырған Мырзақұл баласы Сәти мырзаға барып, наурызды қылдырамын!» - деп. Барса, Тәти мырза үйде жоқ екен. Қарсонар болған соң, бүркіт алып, шығып кет - кен екен. Баяу деген бәйбішесі бар екен, «бес берекенің біріне» қосылған бәйбіше екен:

— Мырзаңыз ас-суды алып кеткен жоқ. «Зәуіде келе қалса, мені жоқтатпа!» - деп, тапсырып кетті! - деп, «ас та төк, шаш та төк» қылыпты. - Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейін наурыздама қылдыра келдіңіз! Ұдайымен сегіз күн қылмаған соң, мұның қылуға не сәндігі бар?! - деп, сегіз күн күтіп, сыйлап, бір күнінен бір күнін асыра беріпті.

Тәти мырза алдырған түлкілерінің ішінде бір қара түлкісі бар, наурыздаманың үстіне келіп қалыпты. Қара түлкі алдырып келгеніне бір қуанып, «Наурыздама қылдырамын!» -деп, Едігенің келгеніне екі қуанып:

— Бұл наурыздама Баяудікі болды. Мен ұрғашы наурыздама - сына ортақтаспаймын! -деп, басы Едігенің өзіне түйе бастатқан тоғыз, онан кейінгісіне: біріне түйе, біріне ат, жүз кісіден бір кісіні құр қойған жоқ. Ең аяқ атшыларға бір-бір матадан үлестіріп: - Міне -менің наурызым! - деп, сый қылыпты.

Міне, сондай жақсы күнде тасып кетіп алған дуа ұрпағынан Шорман шығып, Мұса шығып, байлық, беклік таласа қоса шығып, жалпақ Сүйіндікке құт ауыл, ұйытқы ауыл болып, тұр. Бұл күндегі пәленшекем, түгеншекемнің пейіліне қарағанда, тағалы торы тай ұстап тұра алмайтұғын пейіл бар. Атасына, ба - басына тиген дуа. «Құдай берген дәулетің // Тепкілесең, кетпесін!» - деген осы екен. Оңған, ілгері басқан біреуді: «Шіркін атасына, бабасына дуа тиген тұқым ғой!» - дейді. Едіге би жүз кісімен еліне қайтты. Екі ауланың арасынан аспақ болып, Мырзашоқы маңайы, Қарөзек деген жерге: «Ат шалдырайық» - деп, түсіп отырып, жолдастарынан сұрады дейді:

— Тәти артық па, мен артық па? - деп.

Қасындағы аузына май жұқпайтұғын қу ауыздар:

— «Малда ақыл жоқ, итке бітеді. Жүнде ақыл жоқ, к...ке бітеді.» - демеді ме? Сіз артықсыз! - десті дейді.

Едіге би долданып, жарылып кете жаздап, қасындағыларға ұрысты дейді:

— Сен, иттер, ауыздан ішіп, арттан түсіп қалатыннан басқа нені білесіңдер?! «Тойдық, кенелдік, қарқ олжаға (белсемізден) белшемізден баттық!» - деп мазаттанып келесіңдер ғой! Әне, білмегендіктерің! Мен қорланып, жүдеп келемін. «Қалайша?» - десеңдер, мен сегіз кісіні бір түн осындай қылып күте алам ба? Бұл жүз кісіні сегіз күн күтті ғой! Бір күнінен бір күнгісін асырды ғой! Аш болсаң, менің қасымда біреуің қаласың ба? «Осы қылықты не үшін қылды» - деп ойлайсыңдар? «Жанқозының жалпақ кедейін есінен (қалғысыз бір қылайын!» - деп қылды. «Өзінде асың болса, біреуде қасың бар ма?» - деген сөз бар емес пе?!

Өзі шарт жүгініп отыра қалды: «Ал, мен бата қылайын, сендер бірің қалмай: «Амин!» -деңдер! - деп, көзінен жасы бұршақтай домалап отырып, - А, Құдай, халқымды, жұртымды өзімнің тұсымда бай қылмасаң да, балам Шоңның тұсында бай қыл!» - деп бата қылған екен. Сол батасы қабыл болып, Шоңның тұсында: «Жанқозының жалпақ байы» - атаныпты. Едігенің тұсында: «Жанқозының жалпақ кедейі» - атанған екен. Басы Шоңның өзі бай, Бәзіл де бай, Бәрмен де бай, Ақын да бай, Батыр да бай, Ақпан да бай, Ботпа да бай, Лаба да бай, Саба да бай, Шапат да бай, Апат да бай, - бай емесі жоқ. Шоң бидің тұсында Жанқозыға бір жайлау – да жүз отау түсіпті. *** [3.1. мәтін] Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы -наурыздама. Ол күні қожаларға оқытатұғын, наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратұғын ол кітаптың атын: «Саддама» - дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Амин!» - деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айтқандай келіп халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп бере - келі болады. Мал сойып, наурыздама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып: «Ауылға татырамыз!» - деп, басын сақтап қояды. Байлардың бәйбішелері ірімшік пен майдан жасап, қарын-қарын жент сақтайды. Қысты күні: «Бұл жентіңізді қашан бастайсыз, бізге қашан татырасыз? - деушіге: «Шырақтарым, әлі Самарқанның көк тасы жібігенде, бұл жент те өзі балқып, босайды. Сонда бас - таймын! Осы күнде қайыршақтай қап-қатты пышақ өте ме?» - деуші еді. Міне, мен осы жентті жасатып, дәл наурыз деген күн бастатып көрген кісімін. Айтқаны-айтқандай! Қазақта: «Тас» - деген, «Тастыбай» - деген кісі аттары болған. Олардың келін-кепшектері: «Тас» - деп, атай алмай, «Қайыршақ» - деп сөйлеп кеткен. Қазақта «Наурыз» деген де кісі аты болған. Келін-кепшектер атай алмай: «Ұлы күн» - деп, «Ұлыстың ұлы күні!» - деп кеткен. «Ұлыс» - Түркінің ата-бабаларынан қалған ескі тіл. Біздің қазақта: «Ұлыстың ұлы күні» - Наурыз. «Айт» - араб тілі: ол өзі араб мейрам қылған күн. Арабша: «Ғайеде» - деген сөз. «Мәнісі не?» - деп сұрасаң: «Құдайға қайтқан күн» - деседі. Мұның өтірігін сонан біл: Құдайға бір-ақ күн қайтып, өзге күнде далаға лағып (ұлағып) кетпек пе екен?! «Елді, жұртты оңға бастаймын! Ілгері басуына, мал басы өсуіне тілеулес боламын!»-деушілер... осы наурызды құрметтеп: «Ұлыстың ұлы күні» - атандырып, той-тамаша қылдыруға тырысуы керек.

4 мәтін

[ГЕОГРАФИЯЛЫҚ МӘЛІМЕТТЕР ТУРАЛЫ]

Жағырафияда Тян-Шан таулары дейді. Қазақша - Алатау, Хантәңірі, Теріскей Алатау, Ақшырақ, Көкжал тауы, Күнгей Алатау, Іле тауы, Жоңғар тауы, Шу, Іле таулары. Ескендір тауы, Талас тауы, Шатқал тауы, Піскем тауы, Үгем (Өкем) тауы, Ферғана (Парғана) тауы. Сыр дариясының басы - Тян-Шан тауларынан басталады, Арал көліне құяды. «Шатқал» -өзен аты. Бұл өзеннің бойындағы тауларды: «Шатқал таулары» - дейді. Ыдырыс пайғамбар зираты сонда. Оны «Ышқаш бап» - дейді. Піскем, Өгем - екі өзен. Мұның бойындағы тауларды: «Піскем таулары», «Өгем таулары» - дейді. Көксу - өзен, басы Шатқал тауларынан ағады, «Найза», «Қызыл», «Сәңгінүр» - деген таулар жолында болады. «Шарбақ» - деген жерден: Піскем, Өгем, Көксу - үшеуі қосылып: «Шыршық» атанады. Шыршықтың басы - Қожакент, аяғы - Өзкент - Сырдария басына құяды. Бұрынғы заманларда Шыршықтың басынан аяғына шейін там үйлі жұрт жағалай отырғанда, «Тоқсан мың үйлі Қыбырай Дүрмен» - атанған. Осы Шыршықтан жеті өзен ағызып, сол жеті өзеннің бойындағы ел: «Үй қара ағаш Ташкент» атанып отыр. Бұрынғы заманда: «Шаш шаһары», - деп атанған екен. Жағырафияда Памир таулары дейді: Алай (Алтай) тауы, Қисар, Күләб (Колаб) таулары, Жиделі, Байсын таулары, Құндыз, Талқан таулары, Амудариясының басы осы таулардан басталады. Бұл Амудария да Арал көліне құяды. Еділ, Жайық - бұл екеуі Орал тауларынан басталып, Каспий теңізіне құяды, Аштархан теңізі аталады. Ұзындығы төрт мың шақырым Ертіс басы Алатаудың ар жағындағы Қытай тауларынан шығып, Обқа құйып, Обтың басы Алтай тауларынан шығып, екеуі де барып, Мұз теңізіне құяды.

5 мәтін

[ҚОЖА АХМЕТ ИАССАУИ ТУРАЛЫ]

Сайрам қаласының [мешітін]дегі тас бағанды кім орнатқанын жазайын. Ерте заманда Алатау, Қаратаудың аралығында Әулиеата мен Шымкент, Сайрамға маңайлас жерде «Қырық қақпалы Қарғалық» - атанған шаһар болыпты. Оның билеуші бастығы Ысқақ бап деген батыр болыпты. Мұның заманында қалмақтан Сауыр тонды Өтеміс деген батыр шығып, орталарында көп соғыс болып, ақырында Ысқақ бап Сауыр тонды Өтемісті байлап алып, тірідей қорғанның бір бұрышына қалап жіберіпті. Сол қорған бүгінге шейін [бар] деседі. Тас бағанды мешітіне, қорғанына сол Ысқақ бап өзі көтеріп әкеп орнатқан екен: «Күшінің белгісін кейінгі заманның адамына көрсетемін!» - деп. Бір тас бағанды Сайрамда бір мешітке орнатқан дейді: «Ыдырыс пайғамбардың намаз оқитын жері екен!» - деп. Бір тас бағанды Қоқанды билеп тұрған күнінде Мәделі хан алдырған екен дейді. Үйіне жетпей, өліп кеткен. Бұл Ысқақ баптың бел баласы - Ибраһим ата: Сайрамның күншығысында ақ күмбез. Бұл Ибраһим атаның бел баласы - Қожа Ахмет Иассауи: Түркістандағы ақ күмбез. Қожа Ахмет Иассауиге күмбез жасаған - Әмір Темір Көреген. Сарт халқы жек көргеннен: «Темір ләң» - дейді. «Ләң» - сарт тілі, сарт тілінде «ләң» - деп, ақсақты айтады. Бір аяғының шолақтығы болса керек. «Өзінің түбі тегі - Қыпшақ Әмір Тағай батырдың баласы» - дейді. Өзі көп жұртты билеп бағындырып, өзіне қараған төлеңгітінің пысық ширағы төре сайлап кетіп, иман, жаназа білетұғын қожа сайлап кетіп: «Тірінің жабдығы -төреде, өлінің жабдығы қожада болған». Сондықтан қожа мен төре тұқымдары қожайын болып жүргені - сол.

6 мәтін

ОЙ ТҮНДІК ПЕН БЕЛЕҢДЕ...

«Ой түндік пен Белең» дегендегі - «Белең» қай жер? Бұрынғы заманда Түркістанда Талмас ата деген әулие болған. Үш қатыны болған. Бәйбішесінің аты - Болған, тоқалының аты -Белең. Ана кенже тоқалының аты - Ақбикеш. Болған ана - Сарысудың бас жағында, Белең ана - Сарысудың аяқ жағында. Ақбикеш - Қаратауда, Сауысқандық асуына маңайлас. Үш қатынды үш жерге қондырып, өзі құс салады екен. Ертең ертеменен Қаратаудағы Ақбикештікінен шығып, Сарысуды жағалап, Белең анаға түстеніп, күн бата Болған анаға қонады екен. Ертең ерте аттанып, жолда Белең анаға түстеніп, күн бата барып, Ақбикешке қонады екен. Өмірін құс салумен өткізіпті. Құсқа құмарлығы сондай: «Қаршығам - ұлым, ителгі -қызым» - дейді екен. Бәйбіше, тоқалға кезек аудармай, қонып, өмірінде Белең анаға қонбаған екен. Бір күн[і] Болған анаға қонуға келе алмай, Белең анаға қонып қалыпты. Болған ана Белең анаға қонып қалғанына долданып, ессіз болып, суға с...п жіберіпті: «Шомылатұғын суын арамдайын!» - деп. «Су түсі сарғылтым болып кетіп, «Сарысу» атанғаны сондықтан!» - деседі. Болған ана, Талмас ата молалары Сарысу бойында, екеуі бір жерде болған дейді. Көмілген жері - «Болған ана» - аталып қалған. Белең ана өзі мекен қылған жайында, Сарысу бойында қалған да, «Белең» атанып, бұрынғылар «Сарысу» демейді екен, «Белен» - деп айтады екен. Ұлытау, Кішітаудың о жақ, бұ жағынан жеті өзен Сарысуға құяды: «Жеті Кеңгір» - дейді. Сол өзендер құйған жерді «Қаражар» - дейді. Сонан төменгі жерді «Белеңнің бойы» -дейді. Ақбикеш Қаратауда өліпті: «Басымды Темірқазыққа қаратпа, аяғым Әзірет Сұлтанға қарай созылады. Күнбатысқа да қаратпа, аяғым Талмас атаға қарай созылады!» -деп, өзінен тікесінен - тік, тік тұратұғын қылып көмдірген. Моласын да шошақ... қылдырған.

7 мәтін

[ҚОРҚЫТ ЖӘНЕ ШЕЖІРЕ ДЕРЕКТЕРІ]

Қорқыт ең алғаш бақсы болған кісі, түбі - қалмақ. Мұғажар деген жер аты, Орынбордың оңтүстік күншығысында. «1723 - жылда «Ақ табан шұбырынды болды», - деп, «Еңлік-Кебекте» айтқан Мамай - Тобықтының бір табының атасы, өзі Жұмағұл баласы. Мырза, Мамай - екі кісінің аты. «Қабекең» - Кеңгірбай биге қойылған ат. Қабай делінген Абай дегендей жуантаяқ Тобықтының бір тап елінің аты. «Қанжығалы Боқтыбайдың жасауын ұрлаған осы Мырза, Мамай екен» - деседі. Тобықты Құнанбайдың бір шешелері «Елетан (Елти) қатын» - атанған. Ақындылық, өлеңшілік -сонан үзілмейді деседі. Бұл Елетан (Елти) қатын - Өскенбайдың шешесі. Ақын Мәшһүрдің әкесі Көпей, оның әкесі Сермұхаммедтің әкесі - Ақжігіт абыз. Ақжігітті тапқан қатын Бөктік бәйбіше - Қыпшақ:Қатықұлақ мергеннің қызы. Бұл бәйбіше де «Елти қатын» - атанған. Сексенайдың шешесі, Елти қатын - Ырғызбайдың қатыны.

Ырғызбай, Жігітек, Боқкөт үшеуі - Олжабайдың балалары.

Қожа Сағит қожа Ақынбайдың қызы Айбөпеге құштар болғанда, Ақынбайдың малшылары: Ыстықмұрт: Шонды - бай, Қазымбет дегендерді дүниеге әбден қарық қылған. Сонда қасындағы жолдасы Тоқтауыл Шанабай деген. Түнде қызға ер - кектік қыла алмаған соң, қыз:

— Сағынған екенсіз. Сағынсаң да, қағылған екенсіз! Екі кісі құшақтасып жатқан соң, бірі астында, бірі үстінде болмаған соң, сәйкес болмайды! - деп, қыз қожакеңнің үстіне шығып итеңдепті.

Қожа қыздың астынан құтылған соң, түн ішінде жөнеліп, жолшыбай зарлап, пірлеріне сыйынып жылағаны бар.

8 мәтін

[САХАБАЛАР ТАРИХЫ ҚАЗАҚ ҚАЖЫЛАРЫ]

(БІРІНШІ НҰСҚА)

[8.1 мәтін Қазақ қажылары (1 үлгі)] Біздің бұл құлақ есті - ген жерде Уақ Нүркен байдан бұрын қажыға барған кісі жоқ. Ол кісі тоқал қатынымен кетіп, Семей қаласы, Аягөз, Піспек, Тоқпақ, Алматы, Әулиеата, Ташкент, Бұхар жолымен төрт жыл жүріп, аман-есен барып келген.

Заманасындағы Жанақ ақын айтқан:
Ар жақта аты шыққан Нүркен бай,
Ішкені алтын аяқ, ақ құйрық шай.
Байлығы алты алаштан асып кеткен

Жылында құлындайды жеті жүз тай.

Сол Нүркеннен соң қажыға Күлік Самай сопы мен Баян қаласынан дуан аузы алғаш ашылғанда, указ болған Байжан хазірет екеуі кетіп, екеуі де сол жақта өлген. Осыны жазып отырған Мәшһүр Жүсіп - солар кеткен жылы туған бала. Осы күні алпыс бесте, өмір бойы жұмысы, қағазға салғаны - шимай кесте. Бұлардан соң үшінші қажыға барған кісілер: Тобықты Құнанбай, Айдабол Қишыл, Қыстаубай; Малай, Жәдігерден - Егізек Жанайдар батыр. Аққұм, Қосқопадан - Төртуыл Шекшек қажы, Есіл бойындағы Қыпшақтан Шонтыбай, Батырқожа. Сілеті бойындағы Қыпшақтан Құрманбаласы Хасен қажы; Мамбет, Тоқадан -Ізден, Сазан ұрпағынан - Мұхаммедсәлім қажы, Егізек, Жанайдармен бірге барған Сұлтан қожа, Қыпшақ Қыстаубаймен бірге барған Жәмек қо[жа], Файзолла ишан. Құнанбай қажымен бірге барған Алтай Ешмұхаммед қажы, Алдажұман шөбересі, Бәсентиін Апай, Бөрі - Құдияр қажы. Бұларды қалдырмай жазып жатқаным: тірі қайтып келгендерінің бәріне де жолығып, сөйлесіп, мән - жайына әбден қанық болғанымды түсіндіру үшін. Көкшетаулық Атығайдан Қожахмет қажы бар, Кіші жүзден: Нұрпейіс хазірет, Досжан халфе. Бұлардың қажыға барған жылы - 1872 жыл. Орта жүзден жиырма кісі болыпты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Мұнан бұрын қазақ бүйтіп бас қосып, қажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып, арасын айырмай тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері де көзге түсерлік әр таптың қасқа жайсаңы - көрген таңырқарлық болыпты. Қазақ байғұстың салпиған тымағының құлағын, сүйретілген тонының етегін, саптама етігінің қонышын, аңқиған аузын көрген соң, көрген қызығып, сұқтана бастайды ғой. Ноғай дәлилі мен сарт дәлилі таласыпты. Ноғай дәлилі: «Бұлар - Мәскеудік, мен -Мәскеудіктердің сайланған дәлилімін» - деп. Сарт дәлилі: «Бұлар - Бұхартіл, мен -Бұхартілдердің сайланған дәлилімін!» - деп. Сонан соң Мекке бастығын «шәриф» - дейді екен де, Медине бастығын «шейх» - дейді екен. Олар алдына алдырып сұрапты:

— Сіздер мәскеудік боласыздар ма, жоқ Бұхартіл боласыздар ма? - деп. Сонда қажы басы Құнанбай екен, ол кісі сөйлепті:

— Біз мәскеу, сәскеубеңді білмейміз. Бұхартіл, сұхартіліңді де білмейміз. Тіріміздің билігі - «Аллажар» ұранды төреде, өліміздің билігі - «Алла» ұранды қожада. Жайылуы мал сықылды, жусауы аң сықылды, Сарыарқа деген жерде бетімен қаздай қалқып, үйректей жүзіп, өніп - өскен «Қазақ» - деген жұрт боламыз, - депті.

— Қазақ деген де жұрт болады-ау екен, - деп, аң-таң қалысып, тарих ақтартып, шежіре қаратыпты, таба алмапты. Құптаны (құтпаны) жоқ біреу айтыпты:

— Бұл табылса, Бағдат Шәрифте Имам Ағзам кітапханасы бар. Бұрынғы мұсылман халифалары ескі тарихтарды соған қойма қойдыратын, сонан табылар, - деп, Бағдаттан іздетіпті.

Бұлар ортасынан Кіші жүз Досжан халфені жіберіпті. Барғандар: «Табылды: қазақ деген жұрт Әнес ибн Мәліктен өрбіген екен», - деп, нұсқа көшіріп алып келіп, сонан бұл жүз жиырма кісі ортасынан расход шығарып, «Қазақ тәкиесі» - деген тәкие салдырып, Құнанбай атына жаздырып: «Және оған шайхы Арғыннан тұратұзғын болсын» - депті. Бұлардың қажыға барған жылы қара киік жылы еді. Қишыл қажы қажыға кеткенде екіқабат қалған тоқалы ұл тауып, атын Мекебай қойған. Сол Мекебай елуден жасы асты. Біздің бұл Баянаула, Қызылтау жып-жылтыр мұз болып, жылқы біткен Сілеті (Тініке) Шолақ деген жерге кетіп, тоқты қысыр қалмай, мал семіз, күйлі шығып, «Маймұз» - атанған. Ол күнде «екінің бірі, егіздің сыңары» - сөйлеп айтып жүруші еді. Бұл күнде алай-түлей, ұйқы-тұйқы аласапыран заман болып, бүтін естінің өзі де қалған жоқ. Жарым естілер шала-шарпы білгенінен айрылып қалды.

1923 ж. *** [8.2. мәтін Сахабалар тарихы] Замандардан заман өткенде, бұрынғылар өліп, таусылып, қалғандарға нәубет жеткенде: «Араб жұртынан бір Мұхаммед деген пайғамбар шығыпты!» - деп әуезесі айдай әлемге жайылып кеткенде, Түркістан аймағынан, Түрік ұрпағынан, Моғол нәсілінен, «Тоқсан екі баулы Қыпшақ» - атанып тұрған күндерде әр рудың адамынан тоқсан екі батыр атқа мінді дейді: «Сол пайғамбарды барып көрелік. Жақсы болса, жолдас болып, жанына ерелік», - деп. Мінген көліктері - ат, ұстаған қарулары - бір-бір сойыл, құрғақ шөлмен жүріп барса, Мұхаммед пайғамбар екі соғысты мұнан бұрын өткізіп, үшінші соғыстың үстіне барған екен. Жан-жақтан ереуілдеп шаң шығады екен де, шаңдатып келе жатқандар кәпірлер тобына қосыла береді екен. Мұсылманға үйден шыққан өздерінен басқа ешкімнің шаңы қосылмайды екен. Күншығыстан бір шаң шықты, бұл шаң кәпірлер тобына бармады. Мұсылмандарға тұп-тура келді. «Бізге болысуға келген ғой!» - деп, арабша сөйлеп еді, білмеді. Парсы тілмен сөйлеп еді, білмеді. Әбубәкір Сыздық көлденеңдеп келіп:

— Тақсыр әкем, Қақафа Түркістаннан келген екен. Әкемнің айтуына қарағанда, бұлар Түркістан адамы, түркіше айтсаңыз, білер, - деген соң, түркіше сөйлеп еді, бастарын изеп, шұлғып, оқырана түсті:

— Өзіміз әдейі сізге біріміз - оқ, біріміз жақ болып, қазылған жол, шашылған топырағыңызда арқамыз - соқпақ, басымыз омақа болсын деп келдік, - деп, кәпірге қарай лап қоя шауып, дүрсе қоя берді.

Кірген жерден есік, шыққан жерін тесік қылып, ілездің ара - сында апа-сапа кәпірлер -қой, бұлар бір оған тиген топалаң есепті болып, көп кәпір пұсырман дініне кіріп, қарқ олжаға әбден кенелді. Сонда бұлардың батыр басы, азаматы Ақкөсе екен. Оған таяулары: Мәлік, Ақтам, Құттықожа, Имамбайыр, Ерқоян - деген дер екен.

Сонда пайғамбар бұлардан сұраған екен:

— Сіздер қай дінде боласыздар? - деп, бұлар айтыпты:

— Біз дін-сінді білмейміз, ораза жоқ, намаз жоқ, Құдай деген жанбыз, - депті. - «Озған пайғамбар» - деген бабаларымыз осылай ұқтырған екен, - десіпті.

Осындай ұғына алмаған сөзден біздің қазақ: «Озған пайғамбар ұрпағымыз» - десіп те жүрді. Сөйтсе, онысы Уыз (Оғыз) хан екен. Кигіз үйді сол Уыз хан жасатып: «Кигіз туырлықты қазақ байдың баласы, Уыз үйлі» - атанып жүрді. Сол соғыста пайғамбар шаттанып: «Әлтүркі хайыр мен үмбеті» - деген екен деседі. «Менің үмбетімнің ең жақсысы - түркі халқы» - деген сөз дейді. Сонан кейін бұлар қалған өмірін пайғамбар қасында өткізіп, «ансары» - атанған екен. «Мұһажырын ансары» - деген қауым қыбыланың ру, тұқым аты емес. Меккеден пайғамбарды іздеп көшкендер «Мұһажырын» - атанған. Пайғамбарға соғыста болысып, күш-көмек бергендер «ансары» атанған. «Далсабтұн алал ұллынмен әл-мұһажырын уа әл-анзар» - бәйгенің озып алдын алған Мұһажырын мен Ансарылар», - делінген сөз. Ақкөсе мен Мәлік - екеуі бір ағайынды, Нәзір деген әкелерінің аты екен. Мәліктен Әнес туады. Сол Әнестің үрім-бұтағынан: түрікпен, қарақалпақ, қазақ тарайды. Біз білмейтін өскен-өнген ұрпағы да бар шығар. Біздің бұрынғы ата-бабаларымыз: «Біз Ақкөсе сахабадан екенбіз», - деп те жүрді. Пайғамбар дүниеден қайтқаннан кейін «Мұғерраса» (Мохтрса) деген кәпірлермен соғыс ашамыз!» - деп, хазірет Ғұмардың халифа күнінде Ақкөсе, Имамбайыр, Құттықожа сахабалар Қаратауда шаһид болып, зираттары сонда болғандықтан, «Ақкөсе сахаба бабамыздың моласы» - деп зиарат қылғандықтан, «Соның ұрпағымыз» - деп жүргені сол екен. Бұл күнде Қаратауда зиараты, ол кісіні «Домбы ата» -дейді. Ертегі қылып сөйлеушілер: «Ақкөсе сахаба Ерқоян деген жолдасымен екеуі шаһид болған» - дейді. «Ақкөсенің басы домалап қашқан, жер тесіліп, жол берген», - дейді. «Жердің астымен барып, сол басы Зәмзәм Шарифтен шыққан» - дейді. Осы күнде бастың жер астына түскен жері құдық сықылды қып-қызыл қия тас. Зиаратқа барушылар арқанмен байлап, кісі түсіреді. Түскен кісінің айтып шыққан сөзі: «Барып түскенде, тасқа түстік, - дейді. - Бір су ұзыннан - ұзақ күнбатысқа қарай ағып жатыр, - дейді. - Сол су да жүре береді. Жағалап кісі жүрерлік құрғақ тасты жер бар, - дейді. - Жүріп ұшығына кісі жетерлік емес. Жоғарғы жақтан салбырап тұрған мұздың сүңгісіндей сүңгі, жұлып алсақ, қолға келеді. Жер астында тұрғанда мұз еді, жер үстіне алып шықса, қазір (хызыр) тас болып қата қалады». Бұрынғы заманда бір адам таяғын тастапты, таяқ ағып кете беріпті. Сол адам жер үстіне шығып, таяғын іздеп Меккеге барыпты. Таяғы өзінен бұрын Зәмзәм Шәрифтен барып шыққан екен. Бұл судың бір ұшы сонда қатынасатұғындығын сол сөйлеп кетіпті. «Қырым жұртының кісісі едім», - деп, бір Ғабдолхамит әпенді деген семіз әпенді сөйледі: «Осы кісінің жұрағаты едім» - деп. Домбы атаның үстіне кірпіштен там салды. «Бұл жарты денесі» - дейді. «Денесінің жартысы суда қалған, денесіне қол тигіземіз, кескілейміз деп келген кәпірлерді су ағызып алып кеткен» - дейді. Өзіміз нандық. Он азамат көтере алмаған тасты Ғабдолхамит әпенді жалғыз өзі көтеріп кетіп жүрді. Имамбайыр сахабаның зираты қазақта, Құттықожа сахаба мен Ерқоян зираты да соларға маңайлас жерде. Ақтам сопы Ташкенттің патшасы Жанеділдің палуаны Мақатылға: «Мен іздеген Ералыңмын» -деп, өз басын қолдан берген. Ералының намазда тұрған уақыты екен, намаз үстінде барса, ол намазын бұзбайды. Бұл басын кесіп алып жүре береді» - деп. «Сөйлей берсе сөз таусылмайды, Сарт құрымай, без таусылмайды.» Қанша естігенмен, құдақтың қарны жоқ тоятұғын.

9 мәтін

[САХАБАЛАР ТАРИХЫ, ҚАЗАҚ ҚАЖЫЛАРЫ]

(2 НҰСҚА)

[9.1. мәтін Сахабалар тарихы ] Замандардан заман өткенде, бұрынғылар өліп таусылып, қалғандарға нәубет (наубат) жеткенде, «Араб жұртынан бір Мұхаммед (Мақамбіт) деген батыр шығыпты!» - деп, әуезі айдай әлемге жайылып, Түркістан аймағынан, Түрік (түркі) ұрпағынан, Үшоқ нәсілінен, «Тоқсан екі баулы Қыпшақ» - атанып тұрған күнде «әр рудан біреу болса, ру түгел болмақ» десіп, тоқсан екі батыр атқа мінді дейді: «Сол Мұхаммедті барып көрелік. Батырлығы шын болса, жолдас болып жанына ерелік!» - деп, мінген көліктері - ат, ұстаған қарулары - бір-бір қатқан көк сойыл, құрғақ шөлмен жүріп барса, айтқан Мұхаммед мұнан бұрын екі соғысты өткізіп: бірінде жеңіп, бірінде жеңіліп, үшінші соғыстың үстінде тұр екен. Жан-жақтан ереуілдеп шаң шығады екен де, шаңдатып келе жатқандар кәпірлерге қосыла береді екен. Мұсылмандарға бір өздерінен басқа ешкімнің шаңы қосылмайды екен. Бір шаң тағы шықты. Бұлар кәпір тобына бармады, мұсылмандардың тобына барды. Араб жұрты: мінгені - түйе, көбі жаяу - жалпы, қарулары - бір-бір шолақ қылыш; мылтық, найзаны ұстап көрмеген. Ең алғаш ұрыс-төбелеске шыққанда, үш жүз он үш [313] кісі -жасаққа шыққан. Бәрінің ортасында көлігі - жетпіс түйе, екі ат, алты сауыт, сегіз қылыш, басқасының қолында тұтам тобылғы да жоқ. Бұлар тоқсан екі батыр - тоқсан екі аттың дүсірі жерді қозғалтқандай болыпты. Бар білгені: «Мұхаммед қайсы, Мұхаммед қайсың?!» - десе керек. Бұлардың тілін, не айтып, не қойғанын білер жан жоқ. «Мұхаммед анау» - десек, өлтіріп тастай ма?!» - деп, қорықса керек. Сонда төрт жардың төбе ағасы Әубәкір ағай пайғамбардың қасына жетіп келіп:

— Әкем Кәбаба: «Түркістандықпыз!» - деуші еді. Сол әкемнің айтуына қарағанда, бұлар Түркістан жұрты, Түрік (түркі) адамдары болса керек! - деген соң, Мұхаң түрік (түркі) тілімен сөйлескен екен. Бұлар оқырына түсіпті:

— Өзіміз сізге ұзын құлақтан естумен асық болып, біріміз оқ, біріміз жақ есепті қазылған жол, шашылған топырағыңызда болғалы келдік! - десіп, кәпірлерге қарай лап қоя шауып, дүрсе қоя берді дейді.

Жалаңаш түйе бағып, өмірінде қыл құйрықты жылқы көрмеген сорлы араб аттың дүрсілінен қорқып, үрейі ұшып, зәресі кетіп, топалаң тиген қойдай, бықбырт тиіп, жылқының жусау тезегіндей болды дейді. Бұлардың батырбасы, көкжалы - Ақкөсе. Оған таяулары - Мәлік, Ақтам, Құттықожа, Имамбайр, Аққоян - дегендер екен. Сонда пайғамбар жарықтық шаттанғаннан (шадланғаннан):

— Алла түркі хайыр ғымин үмметі! - дегендігін Салманпарыс деген сақаба әзіреті сұлтанға сөйлеген екен. Қазақшасы - «Түркім келді - көркім келді», - деген екен.

— Сонда пайғамбар бұлардан сұраған екен:

— Сіздер не дінде боласыздар? - деп.

Бұлар айтқан екен:

— Біз дін-сінді білмейміз: ораза жоқ, намаз жоқ, Құдай деген жанбыз! - десіпті. - «Озған пайғамбар» - деген аталарымыз оқыттырып кеткен екен! - депті.

Осындай ұғылмаған сөзден біздің қазақ: «Озған пайғамбардың ұрпағымыз!» - десіп жүрді. Сөйтсе, онысы Уыз хан екен. Бұл қазақтың түп - тегі Уыз ханнан өрбіген нәсілден өсіп-өнген жұрт екен. Ол Уыз хан шежіресі - Әбілғазы Баһадүр хан сөйлеген шежіре. Сонан кейін бұлар қалған өмірін пайғамбар қасында өткізіп, «Ансары» - аталған екен. Пайғамбарды іздеп, Меккеден Мәдинаға көшіп келгендер «Мұһажырын» аталыпты: «дін іздеп, қонысынан ауғандар» - дегені. Салт басты, сабау қамшылы болып көмекке келгендер «Ансары» аталыпты: қазақ тілінде: «көмек берушілер» - делінген сөз. «Көптеген қонақ аттандырады, // Көмектеген жауды қашырады!» - деген сөз сол күн[нен] айтылып қалған сөз екен. Ақкөсе - ағасы, Мәлік інісі екен. Мәлік баласы Анас жетім қалып, пайғамбарға басыбайлы жұмыскер болып, алғысты көп алған жан екен. Қатын алыпты, жарлы болыпты. Жарлылығын шаққандай қылып сөйлегенде: « Бас екеу болмай, мал екеу бол - майды» -деген екен. «Біреуден екеу жақсы, // Екеуден үшеу жақсы, // Үшеуден төртеу жақсы!» -деген екен. Сонымен қатынды екеу қылыпты, «баяғы жарлы - әлі жарлы» бола беріпті. «Екеуден үшеу жақсы» - деп еді ғой!» - деп, қатынды үшеу қылыпты. Сонан соң бұл қатындар жіп иіріп, қаражаттан асқан пұлына бір лақ сатып алып, ол лағы ешкі болып, егіз лақ тауып, алғашқы сауған сүтін пісіріп, пайғамбарға алып барғанда:

— Бұл не тамақ? - дегенде:

— Уыз деген тамақ, тақсыр, уыз. Батаңызды бере гөр! - деген екен.

Содан кейін басы да өсіп, малы да өсіп, Басыра деген жерге көшіп шығып кетіп, ұзын өмір жасты, малды - басты болып, жүз жиырмадан жасы да асып, бала саны да асып, сахабаның серке жияр сарқыншағы болып, һарон Рашид халифа күнінде алдына алдырып сөйлеткен екен. Толып жатқан тұқым-жұрағатын қайдан біле береміз? Әнестен (Анастан) - Жабал, Құрақ. Жабалдан - Мағаз, Мұрат. Мағаздан - Бұхарбай, Сейіл. Бұхарбай, Сейілден - Ақшолпан, Аққурай. Бұлардан -Аламан. Аламаннан - Алаш. Алаштан - Сейіл - хан, Жайылхан. Сейілханнан - сегіз арыс Түрікпен. Жайылхан - нан - Майқы. Майқыдан - Өзбек, Сыбан. Сыбаннан - Айырқалпақ. Айырқалпақтан - Қазақ, Созақ. Созақ ұлы - Қарақалпақ. Қазақтан келіп; Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс тарайды. Құтан, Қоғам, Науан, Шуан, Ақсақкелімбет, Қаракелімбет, Сарыкелімбет - делінген аталар бар. Қазақ пен үш арыстың аралығында өткен аталар ғой! - деп, аңыз қылыстық. Бұл күнге шейін сөзді бір араға қоя алғанымыз жоқ. *** [9.2. мәтін Қазақ қажылары (2 нұсқа)] Біздің бұл қазақта тасқа таңба басқандай, анық шежіре жоқ. «Оқуға сенген ұмытшақ» - деп, оқуды керек қылмаған. «Жазуға сенген жаңылшақ» - деп, жазуды керек қылмаған. Оқу, жазу жоқтығынан жазылған шежіре болмаған. Естігенін ұмытпайтұғын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, «ұқпа құлақ» жандар болған. Сондай жандардың айтуымен «кеудесі хат, естігені, көргені жат» болған қариялар кейінгіге ауыздан ауыз алып айтумен үлгі - өсиет қалдырған. Біздің қазақта шежірені басқа жұрттан ақтарып, тінттіріп таптырып алған кім екенін сөйлейік. Қазақ қазақ болғанда, бұл қазақта қажыға ілкі бастап барған Уақ - Нүркен (Нүрикен) бай. Тоқал қатынымен барып, төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда қайтып, аман-есен елі - не, жұртына келген. Сол Нүркеннен соң екінші қажыға барушы - Күлік Самай сопы, Баянаула дуан болып, аузы ашылғанда, указ болған ноғай Байжан хазірет -сол екеуі болған. Екеуі де сол жақта өлген. Солардың кеткен жылы қой жылы еді. Мың сегіз жүз елу сегізінші жыл [1858] болса керек. Осы сөзді жазып отырған Мәшһүр - Жүсіп (Иусіф) дәл сол жылы туған бала. Осы күнде жетпіс жаста отыр. Бұл қазақтан үшінші қажыға барушылар: Тобықты Құнанбай, Айдабол Қишыл, Қыстаубай; Ақмоладан - Аққұм, Қосқопадан Шекшек қажы, Атбасардан - Ейкезек Жанайдар, Есіл бойындағы Құлан Қыпшақтан - Шонтыбай, Батырқожа молда балалары. Сілеті бойындағы Қыпшақтан - Құрман баласы Хасен (Қасен) қажы, Мамбет, Тоқадан -Ізден, Сазан ұрпағы Мұхаммедсәлім қажы. Өр Алтайынан - Алдажұман немересі Ешмұхаммед қажы, Ертіс бойындағы Апай, Беріден - Құдияр қажы. Көкшетаулық Атығайдан - Қожахмет қажы, Егізекі Жанайдармен бірге барған. Сұлтанқожа қажы Қыпшақ Қыстаубаймен бірге барған. Жамек қожа Байзолда (Файзолда) ишан. Бұларды қалдырмай жазып жатқаным - тірі қайтып келгендерінің бірсыпырасына ауызба-ауыз [ауызма - ауыз] сөйлесіп, мән-жайына әбден қанық болғанымды түсіндіру үшін. Орта жүзден жиырма кісі болыпты, Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан қалпе бар дейді. Қазақ мұнан бұрын бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып, арасын айырмай, тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері де көзге түсерлік әр таптың қасқа жайсаңы болғандықтан, көрген таңырқарлық болыпты. Қазақ байғұстың салпиған тымағының құлағын, сүйретілген тонының етегін, аңқиған аузын көрген соң, көрген қызығып, сұқтана бастайды ғой.

Ноғай далилі мен сарт далилі таласыпты. Ноғай далилі:

— Бұлар Московтік (Масковдік), мен Москов кісісімін! - деп.

Сарт далилі:

— Бұлар Бұхартіл, мен Бұхартіл кісісімін! - деп.

Мекке бастығын шәріп (шарип), Медине бастығын шайқы дейді екен. Екі шәріптің шәріптері, шайқылары бас қосып алдарына алдырып сұрапты:

— Сіздер Мовковтіксіздер ме, жоқ Бұхартілсіздер ме? - деп.

Сонда қажыбасы Құнанбай екен. Ол кісі сөйлепті:

— Біз Масков - сасконді де білмейміз, Бұхартіл -сұхартіліңді де білмейміз. Тіріміздің билігі «Алдияр» ұранды төреде, өліміздің билігі «Алла» (Алда) ұранды қожада, жайлауы мал сықылды, жусауы аң сықылды, бетімен өскен қазақ деген жұрт боламыз! - депті.

— Қазақ деген де жұрт болады екен-ау! - деп, аң-таң қалысыпты. Тарих ақтарып, шежіре қаратыпты. Таба алмапты.

Күптені (күтпені, көтені) жоқ бір бурыл бас сөйлепті:

— Бұл тарих табылса, Бағдад Шәріпте (шарифта) «Имам Ағзам кітапханасы» дегенде бар: жау таламаған, ешқайда шашылып бытырамаған. Табылса, сонан табылады, - деген соң, Бағдад Шәріпке желмая мінгізіп, кісі жіберіпті.

Бұлар өз ортасынан Кіші жүз Досжан қалпені жіберіпті. Барған кісілер: «Табылды, «Қазақ» - деген жұрт Әнес (Анас) сахабадан өсіп-өніп өрбіген екен» - деп, нұсқа көшіріп алып келіп, сонан кейін бұл жүз жиырма кісі ортасынан расход шығарып, «Қазақ тәкиесі» - деген тәкие салдырып, ол үйді Құнанбай атына жаздырып: «Мұнан былай қазақтан келген қажы осында түсетұғын болсын, - деп, - қазақтың өзінен ие болып бір шайхы тұратұғын болсын!» - деп. Сонан былай (бұлай) қазақ та ел - жұрт екендігі, мұсылман екендігі әйгіленген. Бұлардың қажыға барған жылы баяғы жұт «қояннан» бұрын қаракиік жылы еді. Қишыл қажы қажыға кеткенде, қатыны буаз қалып, ұл тауып, атын Мекебай қойған. Сол Мекебай тірі, елу үш жасқа аяқ басты. Баянаула: Қызылтау жып-жылтыр мұз болып, жылқы біткен тинге (тінке) Шолақ Сілетіге кетіп, қара мал семіз күйлі шығып: «Маймұз», - атанды. Ол күнде екінің бірі, егіздің сыңары біліп сөйлеп, айтып отырушы еді. Бұл күнде алай-түлей, ұйқы-тұйқы аласапыран заман болып, бүтін естінің өзі де қалған жоқ. Жарым есті[лер] шала-шарпы білгенінен айрылып қалды. Құнанбай қажының қажыға барған жылы - 1874-інші жыл, өзінің өлгені - 1885-інші жыл, 81 жасында, тауық жылы өлді. Бұл Меккедегі тәкие әуел Құнанбай атына жазылған. Арғын атында болғандықтан, Орманшыдан барған Хасен шайхы даулап алған. Онан кейін тоқал Арғыннан барған Ешмұхаммед даулап алған. Бұл күнде Кіші жүз Досжан қалпе атына жазылып қалыпты. Ақкөсе мен Мәліктің әкесінің аты - Нәзір екен. Ерте заманда бұрынғы ата-бабаларымыз: «Ақкөсе сахабадан екенбіз», - деп жүрді: [әйтеу]ір біреуден біреу естіп айтулары бойынша. Пайғамбар дүниеден қайтқаннан кейін хазірет (әзіреті) Омар халифа күнінде жетпіс мың сахаба аттандырған екен: Алатау, Қаратауда: «Мыстанкөз» - деген кәпірдің жұрты бар. Соларды мұсылман қылмай қайтпаңдар!» - деп. Сонан солар бытырап, бөлек-бөлек [ке]тіп, төрт мың төрт жүз қырық төрт [4444] жыл жасаған қожа «Қағбалахабар» атанған сахаба Бұхараға жиырма төрт шақырым жерде шаһид болыпты. Қайсысын тауысып сөйлейін. Ақкөсе, Имамбайыр, Құттықожа, Аққояндар Қаратауда шаһид болып, молалары Қаратауда. Бұл күнгеше әлі жоғалмаған. Имамбайыр - Қарнақта, Ақкөсе - Қарнаққа жақын бір сайда. Бұл күндегілер: «Домбы ата» - деседі. Кәпірлер басын кескенде, кесілген басы өрмелеп, Мекке, Мединеге қашады. Көп ұзамай бір тесікке түсіп кетеді. Сол тесіктен су тасып шығып, кәпірлерді сел қаптап, су ағызып науыт қылады. Сол бастың түсіп кеткен жері бұл күнге шейін тесік. Зиарат қыла барғандар беліне арқан байлап кісі түсіреді. Сол түскен кісінің айтып шығуы: «Қып-қызыл қия тас», - дейді, - «Су күннің батысына қарай ағып жүре берген. Жағалап жүре берсе, кісі жүре берерлік құрғақ жол! - дейді, - жарық сәуле жоқ, шаммен жүрмесе, жүре алатұғын емес, - дейді. - Жоғарғы жағының биіктігі - кісі бойы, - дейді, - мұз болып қатқан сүңгі бар, - дейді, - қолмен біреуін алсақ, түбімен қопарылып, қолға келеді, - дейді. Қойнына салып, жер үстіне алып шығады, тас болып қатып қалады.» Біреуден естіген «дейді» сөз емес, көзбен көріп, қолмен ұстап айтқан сөз. Бұрынғы заманда бір диуана сол суға таяғын тастапты. Сол таяғын іздеп Меккеге барыпты. Барса, таяғы сондағы жандардың қолында жүр дейді: «Зәмзәм Шәрифтен (шәріптен) алдық!» - десіпті.

Қырым жұртынікі:

— Мен осы Ақкөсе ұрпағымын! - деп, Ғабдолхамит деген бір семіз әпенді үстіне күмбез тұрғызыпты. «Бұл - жарты денесі, - дейді, - жарты денесі суда қалған, ұят жерін жұрт көзінен жасыру үшін!» - дейді. Өзіміз нандық, нанған үшін жазып отырмыз. Аяқ жағы - су ағар, судың жолы. Бұрынғы ата - бабаларымыз: «Мынау - Ақкөсе сахаба бабаңның моласы» - деген соң: «Бабамыз - деп, - біз соның үрім-бұтағымыз!» - деп кеткені сол екен. «Қазақ түбі - Әнестен екен» - деп, Тобықты Құнанбай, Кіші жүз Нұрпейіс хазірет айтып келген - солар. Біздің айтатұғынымыз: «Естіген құлақтың жазығы жоқ».

Басқа жұрттан шығып тарих жазушылар мұндай қайдан шығып, қайда барып ұшырас[а] білмейді: «Әнес ибн Мәлік хазіретлері - араб. Қазақ өзін арабтан туғызып, пайғамбарға туысқан бауыр болғысы келеді» - дейді. Мына, мен, Мәшһүр Иосиф Көпейбаласы, осы сөзді жазып отырмын. Бақсыдай бал ашып, түлкідей түс көріп, жауырын жағып, құмалақ салып айтып отырғаным жоқ. Нұсқалардан көрумен, кәріқұлақтардан естумен өз білгенімді шамам келгенше қорытып, шындап, тыңдап айтып отырмын. Бұл қазақ деген кеше мен бүгін қойылған ат емес, заман - заманнан айтылып келе жатқан ат. Араб тілінде: «қызах» - деп жазылған (иазылған), шағатай, түркісінде: «хызах» - деп жазылған. Өзіміздің жуан тілде: «қазақ» деп жазылған. Әуел басы Нұх пайғамбардан тарап бөлінгенде, Жаббас деген баласынан - Түрік, онан-Түтік, онан - Деббақой, онан - Кесік, онан Еділше, онан - Алтыншы, онан - Мұғыл -Татардың Мұғылынан. Онан - Қарахан, онан - Уыз хан. Осы Уыз ханнан өрбіп-өнген нәсілден тарадық. Кигіз үй сол Уыз ханның жасатқан үйі. «Кигіз туырлықты қазақ, уыз үйлі» атанғандығы сондықтан. Ол Уыз хан балаларына: «Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз» - деп ат қойған. Қазақ күні бұл күнге шейін сол аттардың ізіменен келеді. Айдың басында туғанын - Айбас; таң ата туса, Таңатар, күн шыға туса, Күншығар, түн ортасында туса, Түнқатар, көлде туса, Көлбай, тауда туса, Таубай, жайлауда туса, Жайлаубай, қыстауда туса, Қыстаубай, күзекте туса, Күзек - Уыз ханнан алған өрнек, үлгі - осы. «Түріктен тоғыз атаға шейін хандығым үзілмей келді!» - деп, киіт те тоғыз, сыйыт та тоғыз, құн да тоғыз. Осы тоғыз - тоғыздан бөлетұғын жол-жоба сол Уызханнан қалған. «Пейіштің қақ төрінен тимесе де, // Орын-морын тимей ме босағадан?» - деп, баяғы «Шәкір -Шәкіраттағы» кемпір – шал айтқандай, бізге Күн, Ай, Жұлдызды қимаса да, Көк, Тау, Теңізді көпсіне ме? Қазақтың бетімен жайылған қойдай емін-еркін, өз хізгіні өзінде жүрген күндерінде, қатын керек болса, ноғайлардың қызын еріксіз, сұраусыз алып кете бергендіктен, Ноғай халқы қазақты бұл күнгеше жек көріп кеткені - сол. Қалмақ ежелден атасының асындай болған.

10 мәтін

ҚАЗАҚ ХАЖЫЛАРЫ

(ҮШІНШІ НҰСҚА)

Ескі тарихи сөздерде осындай бір сөздер де айтылады. Хазірет Ғақаша сахаба Ан хазіретіміздің он жеті [17] орында туын көтеріп еді. Мұнан сүйікті сахабасы болған жоқ еді. Ғақашаның баласы - Зайырмардан. Зайырмарданның ұғлы - Мәлік. Мәліктің ұғлы хазірет Әнес (Анас) сахаба атамыз. Хазірет Әнестің ұлы - Мағаз. Мағаздың ұлы - Жабал. Жабалдың ұлы - Сеһил [Сейіл]. Сеһилдің ұлы - Ақшолпан илан Аққурай. Ақшолпаны қазақ: «Ақша хан» - деп те айтатын болса керек. Аққурайдан - Сейілхан, Жайылхан туды. Сейілханнан - сегіз арыс Түрікпен туды. Жайыл - ханнан - Ақкелімбет, Ақкелімбеттен Майқы туды. Үш жүздің түп атасы - Майқы би. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы - Майқы би» - деген сөз тарихтарда айтылады. Майқыдан - Аламан, Аламаннан - Алаш туды. Алаштан - Өзбек пен Сыбан. Сыбаннан - Айырқалпақ, Өзбектен - Қарақалпақ туды. Айырқалпақтан - Қазақ, Қарақалпақтан - Созақ туды. Он екі ұранды Алаш дегеннің мәнісі, «Сарт, сауан; Естек, Ноғай, он санлы Ормамбет» - деп айтамыз. «Хазірет Әмір Темір Көреген хан» - бар деп, ... қылып, дін ғылымын үйретіп, мұсылманлықтың тәртібін көрсетіп, шаһар Бұхара уалаятын... ғылым, дінге ишарат еткен еді. Ормамбет ханымыз ислам дінге дағуат айтып... әуелгі ұлының аты - Ақарыс, ортаншы ұлының аты - Бекарыс, кіші ұлының аты - Жанарыс. Ақарыс дегеніміз - Ұлы жүз: Үйсін: Ботпай, Сіңмір, Сиқым, Жаныс, Қаңлы, Манашы, Ошақты, Жалайыр туды. Жанарыс деген кісіден: Құтан, Қоғам, Ергенекті туды. Құтан байдан - Қарақожа, Дарақожа туды. Қоғамнан Қырғыз туды. Ергенектіден: Уақ, Керей туды. Қарақожадан: Арғын, Найман туды. Дарақожадан - Қоңырат, Қыпшақ туды. Төрт арыс - Орта жүздің бел баласы. Керей, Уақ күң қатынынан туып еді. Оның үшін: «Орта жүздің және руы» - деп айтады. Арғын бабамыздың Әргүл деген бәйбіше қатынынан Мейрам сопы туды. Онан: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Болатқожа туды. Арғын бабамыздың Момын деген тоқал қатынынан: Ақжолсопы, Қызылсопы, Қарасопы, Сарысопы туды. Ақжолсопыдан: Тобықты. Қанжығалы; Қызылсопыдан: Бәсентиін туды. Қарасопыдан - сегіз ата Қарауыл туды: Атық, Жауар, Міртік Сары, Есембай... Сарысопыдан - Аманжол, Көпей. Аманжолдан он екі атаның ұлы: Дәуіт, Атығай туды...

11 мәтін

[САХАБА ҰРПАҒЫ]

(1 ҮЛГІ)

Бұл қазақтың түп тегі Уыз (Оғыз) ханнан өрбіген нәсілден өсіп-өнген жұрт екен. Ол Уыз хан шежіресі - Әбілғазы (Әбуалғазы) баһадүр хан сөйлеген шежіре. Содан алынған сөздер. Біздің бұл қазақта тасқа таңба басқандай анық шежіре жоқ. «Оқуға сенген - ұмытшақ» -деп, оқуды керек қылмаған. «Жазуға сенген - жаңылшақ» - деп, жазуды керек қылмаған. Оқу, жазуы жоқтығынан - жазылған шежіре болмаған. Естігенін ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен, кеудесі - хат, естіген, көргені - жат болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауыз алып, айтуымен үлгі - өсиет қалдырған. Біздің қазақта шежірені басқа жұрттан ақтарып, тінттіріп, таптырып алған кім екенін сөйлейік. Қазақ - қазақ болғанда, бұл қазақта қажыға әуел бастап барған Нүркен бай тоқал қатынымен барып, төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда қайтып, аман-есен келген. Сол Нұркеннен соң екінші қажыға барушы - Күлік Самай сопы, Баянауладан дуан болып, аузы ашылғанда, указ болған ноғай Байжан хазірет, - сол екеуі болған. Екеуі де сол жақта өлген. Солардың кеткен жылы қой жылы еді, мың сегіз жүз елу сегізінші [1858] жыл болса керек. Осы сөзді жазып отырған Мәшһүр Жүсіп - дәл сол жылы туған бала -осы күнде жетпіс жаста [1928] отыр. Бұл қазақтан үшінші қажыға барғандар:Тобықты Құнанбай, Айдабол Қышыл, Қыстаубай, Жәмек қожа, Файзолла ишандар. Бұлардың қажыға барған жылдары - баяғы жұт «Қояннан» бұрын Қаракиік жылы еді. Қышыл қажыға кеткенде, қатыны буаз қалып, ұл тауып, атын Мекебай қойған. Сол Мекебай тірі, елу үш жасқа аяқ басты.

12 мәтін

[САХАБА ҰРПАҒЫ]

(2 ҮЛГІ)

Ақкөсе -. екі ағайынды кісі: інісі - Мәлік. Мәлік баласы Әнес жетім қалып, пайғамбарға басыбайлы жұмыскер болып, алғысты көп алған. Әнестен - Жабал, Тұрақ, Жабалдан -Мағаз, Мұрат. Мағаздан - Бұхарбай, Сейіл. Сейілден - Ақшолпан, Аққурай, бұлардан -Аламан. Аламаннан - Алаш, Алаштан - Сейш - хан, Жайылхан. Сейілханнан - сегіз арыс Түрікпен. Жайылхан - нан - Майқы. Майқыдан - Өзбек, Сыбан. Сыбаннан - Айырқалпақ. Айырқалпақтан - Қазақ, Созақ. Созақұлы - Қарақалпақ. Қазақтан: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс тарайды. Құтан, Қоғам, Науан, Шоуан, Ақсақ Келімбет, Қара Келімбет, Сары Келімбет - делінген аталары бар. «Қазақ пен үш арыстың арасында, аралығында өткен аталар ғой!» - деп, аңыз қылыстық. Бұл күнге шейін сөзді бір араға қоя алғамыз жоқ. Осы сөздердің барлығы Мәшһүр Жүсіптің екінші томынан алынған сөздер.

13 мәтін

[САХАБА ҰРПАҒЫ]

(3 ҮЛГІ)

Хазірет Аныс (Әнес) ризалығына (ризылағына) тарайтын нәсілі. Бұл кісіден туған бала аты - Жабал. Мұның ұғлы - Мағаз (Мұғыз). Мұнан -Шұһайіл. Мұның ұлы - Ақшолпан илан Қорай. Мұның ұлы - Аламан. Мұның ұлы - Алаш. Бұдан үш ұл: Сейіл - хан, Жайылхан, Елхан. Сейілханнан - сегіз арыс Түркімен. Елхан - түрік жұрт Қондыгер. Жайылханнан - Майқы би. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы - Майқы би», - деп, нақыл болған - осы кісі. Майқы биден туған бала Өзбек илан Сыбан. Сыбаннан туғаннан -Айырқалпақ. Мұнан туған - Қазақ илан Созақ. Созақтан туған бала қырт қалған. Қазақтан туған бала: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Ақарыстан - Ұлы жүз, Жанарыстан - Орта жүз туыпты. Бекарыстан Кіші жүз болды. Қаракелімбет, Сарыкелімбет, Ақсақкелімбет; Надан, Шудан деген аталар бар. Қайсысы ыхдым, қайсысы соң екенін шежірелерден қарап таба алмадық. Мұнан кейінгі ата - Ақжол. Мұның баласы - Қарақожа. Мұның баласы - Арғын. Бәйбішесінің аты - Аргүл. Мұнан - Құтан, Бұтан. Бұтан жасында өліп қалыпты. Мұнан нәсіл тап-таза болыпты. Құтаннан Мейрам сопы жалғыз. Қарашаш деген бір қарындасы болыпты. Мейрам сопының бәйбіше қатынынан: Қуандық, Сүйіндік; тоқалдан - Бегендік, Шегендік. Бәйбішесімен бірге үйінен келген күңді Мейрам сопының өзі аяқ салып алған. Онан -Болатқожа туған. «Бес Мейрам» атанған - осылар болады. Арғынның [төртінші] тоқалының аты - Момын. Мұнан: Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Арықсопы, Нәдірсопы. Ақсопының баласы - «Толы - бай» ұранды - Қанжығалы менен «Маябоз» ұранды -Тобықты. Қарасопының баласы «Қарақан» ұранды - Қарауыл менен «Бар - лыбай» үранды - Бәсентиін. Сарысопының баласы - «Ошыбай» ұранды - Атығай, он екі атаның ұғлы -Дәуіт. Арғын бабамыздың жүз алты жасқа келгенде алған тоқалынан туған - Тәнбіс сопы. Орынборға қараған -«Тоқал Арғын». Бұларды «Шал (шар) жетім Шақшақ» дейді. Тоқалы ит аты екенін және «Төрт жалғыз» атанған баласы бар: Ақташ, Айташ, Қағыш, Бұғыс -дейді. Асылы Арғын 12 атаның ұғылына қарайды. Жұрт білетіні: «Алты атаның ұғлы -Арғын», - десіп сөйленеді. Сол үшін: «Арғын болдың, әркім болдың» - деген. Мейрам сопыдан туған - Сүйіндік. Мұнан туған бала - Шуманақ, Мәжік. Шуманақтан туған бала: Құлболды. Мәжіктен - Малай, Жәдігер. Құлболдыдан туған бала: Айдабол, Күлік. Айдаболдан туған бала: Малқозы, Жанқозы, Қарақозы, Аққозы. Тоқалдан: Тайгелтір, Қошетер. Қош[етер] қатынынан - Қожакелді. Жанқозыдан туған: Едіге, Еламан; тоқалдан: Малкелді, Ел - келді. Еламаннан -Тұрсынбай, Шонты. Тұрсынбай үғлы - Боштай, Қияр. Ортаншы қатынынан - Баймұрын... Мәшһүр айтса, Сүйіндіктен: Мәжік, Шуманақ дейді. Ералы Саққұлақоф айтса, Сүйіндіктен: Оразкелді. Оразкелдіден: Шуманақ, Мәжік. Қайсысы дұрыс, сұрап білерсің.

14 мәтін

[САХАБА ҰРПАҒЫ]

(4 ҮЛГІ)

Бір нұсқа шежіреде Уаллааағлам барша жер жүзіндегі адамзаттың атасы - Адам ғалайхсалам. 2 - хазірет Нұх ғалайсалам. Нұхтан 3 бала болған: Хам, Сам, Яфас. Барша таралған 1) Яфастан Түрік. Түріктен бала 1) Қырұм 2) Қытай 3) Қалмақ 4) Қызылбас. Холсу, Дағыстан, Түрікмен, Станбол, Қоқанда, Ташкентте, Үргеніште яжұм мынахожым баршамыз сарт, ноғай; Тарылық, Қазанлық, Мешер, Башқұрт, Естек, Құлмендік, Тобылдік, Шеркеш, Өзбек. Өзбектен: қазақ пен қырғыз. Бұқардан арғы халықы Тауариқ кітабы айтады: " Мір Мырза Қайдар қазырет басқандар". Өзіміз Бұқарда оқып, көрдік. Көрдім. Парсыша жазылған екен. Ол кісі шаһарда өлсе керек. Ғабдилуәлі марқұм нақлият бин ғабдрахин. Қазақ қазақ халқының асыл нәсілі нәсілінен екен.1) әуел атамыз Нәзір ұлының Құлнәзірден Мәлік. Мәліктен Әніс. Әністен аттары Магадан, Ақшолпандар, Аққурай. Оның ұлы Аламан, Алаш. Оның ұлы Сейілхан, Жайыл - хан. Сейілханнан сегіз арыс түрікпен. Жайылханнан Майқы би. Майқы биден: Үшкіз, Сапиаз, Өзбек. Сарттан қыз алған шаһарда қалған - Сапиаз, онан Айырқалпақ. Айырқалпақтан Қазақ пен Созақ. Созақтан Қарақалпақ. Қазақтан Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс. Ақарыстан Ұлы жүз Үйсін, Жалайыр, Сіргелі, Қаңлы, - бұл төртеуін "ұлы" дейді. Орта жүз Жанарыстың баласы Қарақожа, Ақтамқожа, Ерқожа, Момынқожа, Смағұлқожа, Құнымқожа, - бұл алтауын Орта жүз деп атайды. Жанарыстың үлкен ұлы Қарақожадан Ақжол. Ақжолдан Арғын. Арғыннан Құтан сопы. Құтаннан Ақсопы, Арықсопы, Сарысопы, Қарасопы, Момынсопы, Имансопы, Мейрамсопы. 1) Ақсопыдан Қанжығалы. 2) Арықсопыдан Бәсентиін. Сарысопыдан Тобықты. Қарасопыдан Тарақты. Момынсопыдан Мейрам. Мейрамнан Сүйіндік пен Қуандық. Бәйбішеден Бегендік, Шегендік. Тоқалдан Үткіліп сопы. Оның ұлы Өсімбай, Дауал (Далал). Өсімбайдан Айрымын. Айрымыннан Бөлтірік, Шағыл. Ақтамқожадан, Аққебектен Мойыл Сары абыз, Құлан мен Қыпшақ. Қытай қыпшақ, Қара қыпшақ, Сары қыпшақ. Қара қыпшақтан Қобыланды. Қобыландыдан 5 ұл туды. Үлкені Тоқтар Жолұлының Қыпшақ, Ұзын, Бөрі, Көлденең Сыр Қыпшақ дейді. Амандал қожадан Найман. Смағұл қожадан Оспан Керей. Қосым қожадан жаушыл Уақ, Атығай, Қылақай. Оның баласы Құдайберлі. Бәйімбет, Бөкеш, Бәйкебай, Доныс. Бәйкелтайдан Ақкиөк Құлан, Бойы Қосан (Сойы Қосан), Тайлақ, Мосыл, Есенаман. Әйкесат. Есенаманнан Қоян, Атығай, Бағыс туады. Үш жүзді Тығсылай Баныс Айның жынысы қазақтың әсілі ұйынсыл түріктен мұсылман дінді, Уыз үйлі, кигіз туырлықты, үш уықты мағлұм болған. Көшер, Қонар, Жұмағали болып Жорнап Нәбин Мір Ахмед Мұстафа Салы Алсе ғалайхсалам замандарда бабамыз Ғақаша бин Нәзір үйіне сақафа Әніс бин Мәлік, ҺӘМ Ақталы сопы, о һәм Имампайз сақафа ұшбулардан хасыл болған ұлдар көбейіп хазірет Әбубәкір Расылаллаға ненің Шолай (Шорай) Қыбамның (Қиамның) заманда 32 баулы Өзбек атаның үлкені болып, онан соңғы 100 болып, 3 жүздің бірі қазақ таралған рулар сондағы рауаят (Дауаят) қылу алар кім. 40 сан қырым жұртынан 10 сан Оймауыт, Құба қалмақ 10 сан сай Ноғай Ормамбет би халқы Дәшіт қыпшақ Сарыарқаларыны отан тұтқан заманларда Түркістан атырафында 32 баулы Өзбектің ұруынан бірар жамағатлар көшіп, қонып отан тұтқан екен. Мәзкүр қырым елінің ханларын, бір ханның баласы анасынан туғанда ала болып туады. Бәйбішенің күндеп күншілік еткен екен. Соның тілін алып, ала болып туған баланың елді ала тайдай қылып бүлдіреді деген соң, бәйбішенің тілін алып хан жарлық етіп, 40 кісіні қосып, Сыр суынан өткізіп тастаған екен. Бұл бала сақалда 10 сан Ноғай Ормамбет елінің ішінде өсіп өніп, халыққа мәшһүр болып өнерпаз болған екен. Баяғы хан баласының өнерін естіп, өз баласы екенін біліп алдырсам екен деп маслиқат қылып түрік тайпаларын жинапты. 75 үй көшіп қонып жуықтайды. Сол жамағатларда Қотанбай деген бай бар екен. Сол екеуін шақыртып алып ақылдасып, Қотанбайдың үлкен баласы Үйсін батырды 100 жігітке басшы қылып хан баласын іздетіп жіберіпті. Ол 100 жігіт Сыр суынан өтіп, хан баласына қосылып, Сарыарқаның қызығын қимай тұрып қалыпты. Енді 3 жыл өткен соң хан тағы да Қотанбай мен Майқы биді шақырып алып ақылдасып, 100 жігітке басшы етіп Қотанбайды 2 баласын мырзаға жіберіпті. "Ағаң мен хан баласын алып кел" - деп. Бұл 100 жігітилар бұларға қосылып тұрып қалыпты. Енді бұлар ҺӘМ халқымен жау болып жылқы алған. Болат мырза олжа алмайды екен. Кісі ақысы қиын болады деп. Сол себептен Болат қожа атанған екен. Мұнан соң 3 жыл өткен соң тағы да хан маслиқат қылып, Қотанбай мен Майқы биге ақылдасып 100 адамға бас қылып Алшын мырзаны жіберіпті. Бұл 3 батыр нөкерімен жатып әр елден жылқы алып, теңдік бермейтұғын бойдақ болған соң, "Қазақ зиянды" атанған. Ноғайлардың қорлықты бойдақ деген мәнісі (мына) еркінің тауым байсыз, қағусыз деген мағынада екен. О ҺӘМ солай уақытын қыр артады, ноғайлының елінің қыздарын ықтиярсыз тартып алып қатын қылған екен. Ноғайлардың қазақты жамандай беретіні сол екен. Батырлары ноғайға көп қиянат жапа қылған екен. Ноғайлар үй қылып енші беріп. Қайтадан ноғайлының ханы Тоқтамыс ханды Едіге батыр өлтіріп, елін шапқан екен. Ол белгілі. Және сол жігіттердің басы бірігіп көбейген соң; «Біз сізді хан көтерейік, - деп, - Біз сізді қолбасы қылайық ҺӘМ ұран қойып, аруақ шақырайық», - деп бәтуа қылғандар манағы бұрынғы келген 100 жігіт Үйсін батырын Ұлы жүз деп, Сыр суының басын орай қондырып, соңғы келген 100 жігітті Алшын мырзаны 100 жігітімен Сыр суының аяғына қондырыпты. Ортаншы келген 100 жігітті Болат мырзаны Сыр суының орта жерінен қондырып, Орта жүз ат қойыпты. Ақ кигіз жайып, алаша төсеп, жиналып, манаты Алаша баланы хан көтеріп, Алашы деп ат қойып, әр жерден қосылдық, ел болдық, Алаш деп ұран шақырып кешегі Алаштың Алашы болып, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз үш жүзге бөлініп, Қазақ атанған жері осы дүр. Бұлардың туысқаны өсіп ел болды. Өскені жау жолында жау қырып, көбінен тұқым қалмады. Ұлы жүз Үйсіннен тұқым қалды. Орта жүз Болат мырзадан тұқым қалды. Өзгесі Қарақалпақ, Қырғыз, Қызылаяқ, онан мұнан қашқан шыр ма тыр ма болып кетті. Енді Болат қожадан 2 ұл қалды: 1)Аққожа, 2) Қарақожа - деген. Аққожадан Найман мен Қоңырат. Қарақожадан Арғын мен Қыпшақ туады. Арғынның Аргүл деген бәйбішесінен Мейрам туады. Момын деген ортаншы әйелінен Ақсопы, Қарасопы, Қарауыл мен Бәсентиін туады. Сары сопы атынның ұлы туыпты. Төлеке Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек Момын тоқалдың қоңсы, қатын алып берген, енші берген кірмесі 4 ұруы болып, 7 Момын деп осыларды айтады. Бұл Керей мен Уақты желкілдеген 7 ұруға һәм қосады. Әуел басшы 7 жігіт Асан қайғының елі Жиделі -Байсынға жерінен келген екен. Сол 7 жігіт 3 жүз болып алыпты Орта жүз Керей мен Уақты алды дейді.

15 мәтін

[САХАБА ҰРПАҒЫ]

(5 ҮЛГІ)

Қазірет Ғақаша Сақапа ән қазіретіміздің 17 ұранды туын көтеріп еді. Мұнан сүйікті сақапа жоқ еді. Ғақашаның баласы Зайрымдан Найрымның ұлы Мәлік. Мәліктен қазірет Әніс сақапа атамыз рази (лазы, разы) Аллаға не қазірет Әністің ұлы Мағаз. Мағаздың ұлы Жыл. Жылдың ұлы Сейіл. Сейілдің ұлы Ақшолпан, емді Қоралы (құралы), Ақшолпан. Қазақ айтады: "Қоралдан Сейілхан мен Жайылхан туады. Сейілханнан 8 арыс түрікпен туады. Жайылханнан Ақкелімбет туады. Ақкелімбеттен Майқы туады». Үш жүздің түпкі атасы -Майқы би; түгел сөздің түбі бір"., - деген мақал тауариқларда мұнан қалды. Майқыдан Аламан туады. Аламаннан Алаш туды. Алаштан Өзбек илан Сыбан туады. Сибаннан Айырқалпақ туады. Өзбектен Қарақалпақ туады. Айырқалпақтан Қазақ туады. Қарақалпақтан Созақ туады. Енді 12 ұранды дегеніміздің мағынасы, сарт - сауан, естек, ноғай, 10 сан Ормамбет деп атайды. Әмір Темір Көреген бар деп айтамыз. 9 елін қылып дер ғамын әдкір топ османлықтың тариқан (тартбын) көрсетіп шаһар бастары ұлбат, аламан атпақ, ғылым дінге ишарат етпек алды. Ормамбет хан ислам дінге дағуат етіп, әмір шырайы ұтаслым айтады. Мешіт медіресе салып, шаһарын Бұлғаринуа мәлім ғұламалары шығып ғалымның бағызын сонан шықты. Ноғайдың атасы Әмір Темір деседі. Атамыз Қазақ деген кісіден 3 ер ырғыз қыз туды. Аты (атта, атса) Мекілоғлының аты Ақарыс, ортаншы аты Бекарыс, кіші ұлының аты Жанарыс. Ақарыс дегеніміз ұлы жүз Үйсін Жұтпай (Ботпай) Шығыр, Сиқым, Жамсы Хангелді, Манасы Ошақты, Жалайыр туды. Бекарыс деген кісіден Қотан , Қоғам, Ергенікті туды. Қотаннан Қарақожа, Дарақожа туды. Қоғамнан Қырғыз туды, Ергенектіден Уақ бен Керей туды. Қарақожадан Арғын мен Найман туды. Дарақожадан Қоңырат пен Қыпшақ туды. 4 арыс Орта жүздің бел баласы Керей, Уақ күң қатынынан туып еді. Соның үшін Орта жүздің 7 ұру деп айтады. Арғын бабамыздың кіші әйелінен Ақжолсопы, Қызылсопы, Қарасопы, Сарысопы туды. Ақжолсопыдан Тобықты мен Қанжығалы, Қызылсопыдан Бәсентиін туады. Қарасопыдан 8 ата Тарақлы туды: Атығай Жауал, Мұқыл, Сары, Ирымбай, Жоныңгірше, Жақсылық, Қараша болады. Сарысопыдан Аманжол мен Ноқай (Нотай). Аманжолдан 12 атаның ұлы Дәуіт, Атығай туады. Малайдар шеткі Уақтан мал төлеу үшін алынған бала екен. Дәніш, Жолықпас ұруларынан мал төлеуі үшін алынған қыз екен. Алшынбай белгілі би. Итемген, Сарбек мұның баласы Жұман. Жұман баласы Құсайын молданы көрдік. Бұқарда оқып жатып хажыға барып өлді. Алшынбай мен Итемген -Бәзілдің құрдастары.

16 мәтін

[САХБА ҰРПАҒЫ]

(6 ҮЛГІ)

Қазақ түбі - Мұғыл, Татардың Мұғолынан. Арғы атасы Түрік болады. Уыз ханнан, үш оқ тұқымынан. Отырықшы һәм көшпелі халық. Хұтттар жауынгер болды. Мұхаммед пайғамбар заманын - да Ақкөсе, Нәзір баласы Аныс, Мәлік баласы Ақтамсопы, Амам -байыр, Құттықожа. Мәлік - Нәзір баласы. Әубәкір Күлбабаның заманында 32 баулы өзбек атанған. Өзбектің 3 баласы болған: Мың, Жүз, Қырық. Соның Жүзінен шыққан Қазақ. Мұны әңгіме қылып сөйлегенім, 40 сан Қырым атанған уақыт 40 сан, 10 сан Оймауыт, 9 сан Торғауыт, Құба қалмақ, Қара қыпшақ, 10 сан Ноғай, Ормамбет, Дешт Қыпшақ. Шамалап айтқанда уақыты 789 -810-ншы жылдарда Түркістан аймағында 32 баулы өзбек ұриямынан азғана көшпелі халық болды. 40 сан Қырымнан шыққан бір ханның баласы шешесінен туғаннан ала туды.( 1387 -1412 ж.) 3 оқ нәсілінен 500 -600 үй көшпелі жұрттың ішінде Майқы би, Қотан бай деген кісілер болды. Болат - Қотанбайдың баласы. Өзгелері ел талағанда Болат шаппайды да, алмайды. Сол себептен басқалар мұны дәнеме де алмайды деп Болат қожа атаған. Алшынды 100 жігітпен жіберді. Сонан соң Қазақ атанды. Қазақ деген ноғайлардың ескі тілінде «бойдақ» деген. Қашақ, қолға түспейтін қулар дегені. Ескі түркі тілінде өз еркімен жүретін жұрт деген сөз. Сол жақта бойдақ жүрген қазақтар ноғайлардың қатын-қызын еріксіз алып кете берген. Ноғайлар бұл күнгеше қазақты жек көреді. Түркістанда Тоқтамыс хан Ноғайдың ханы. Оны қазақ өлтірген - ер Едіге. Жалғыз баласы - Нұралы. Қазақ ежелден әлі жеткенін итше талайтын бассыз, баусыз жұрт болған. «Қазақ болмай азап болмас», - деп басқа жұрт мақал қылған. Қырғыздың қатындары күні бүгінге шейін балаларын: «Қасақ алғыр», - деп қарғайды.

17 мәтін

[САХАБА ҰРПАҒЫ]

(7 ҮЛГІ)

Біздің Баянаула, Қызылтау жып-жылтыр мұз болып, жылқы біткен Сілеті, Жаңа Шолақ деген жерге кетіп, мал семіз, күйлі шығып, «Маймұз» атанған. Ол екінің бірі егіздің сыңары сөйлеп айтып жүруші еді. Бұл күнде алай-түлей, ұйқы-тұйқы, аласапыран заман болып, бүтін естінің өзі де қалған жоқ. Жарым естілер шала-шарпы білгеніннен айрылып қалды. Бұл Аныс бен Мәлік Ан хазіретімізге жарлылығын шаққандай қылып сөйлеген соң Ан хазіретіміз: «Алтымсоралрызық ба алыққаш», - деген екен. Бас екеу болмай, мал екеу болмайды. Бас құралмай, мал қораламайды делінген сөз сол күннен қалған дейді. Жүремете бірінің үстіне бірін үш қатын алып, ешкі сатып алып аулақтап. Сонда соның алғашқы уызын широп, пайғамбарға алып барып, батасын алған екен деседі. Сонан кейін бас та көбейіп, мал да көбейіп, өзін өмір жасты , малды, басты болып, Басыра деген жерде отын-жай қылып, жүз жиырмадан жас та асып, бас та асып, сахабаның ахыр тахыры сарқыншағы болып, һарон Ар Рашид халифа алдырып сөз сұраған. Аныстан Жабал, Құрақ. Онан Мағаз, Мұрат. Онан Бұхарбай, Сейіл. Онан Ақшолпан, Қурай. Онан Аламан, Алаш. Алаштан Сейілхан, Жайылхан. Сейіл ханнан 8 арыс түрікпен. Жайылхан - нан Майқы. Майқыдан Өзбек, Сибан. Сибаннан Айырқалпақ. Онан Қазақ пен Созақ. Созақтан Қарақалпақ. Қазақтан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Көзінен көріп, қолынан туғызған ешкім жоқ. Айтушылардың айтуы. Аныстың өзін де бір нұсқада Алаш деп айтады. Нағылса да Алаш деген атаңның аты, Қазақ деген де атаңның аты. Қайсысы бұрын, қайсысы соң, ол жерін бір Алла біледі. Біздікі ұзын ұрға, шып-шырғасын шығармай сөйлеуге жай жоқ. Хазірет Аныс риза Алланың оғлы Жабал. Аның оғлы Мағаз. Аның оғлы Сейіл Аның оғлы Ақшолпан илан Қорай. Қорайның оғлы Аламан. Аның оғлы Алаш. Аның оғлы Сейілхан, Жайылхан, Елхан. Сейілханнан 8 арыс түрікпен. Елханнан Түрік жұртында Қондыкер. Жайылханнан Майқы би. Майқы бидің оғлы Өзбек илан Сибан. Сибаннан туған Айырқалпақ. Аның оғлы Қазақ илан Созақ. Созақ оғлы Қарақалпақ. Қазақтан туған Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Ақарыстан Ұлы жүз, Жанарыстан Орта жүз, Бекарыстан Кіші жүз. Қара Келімбет, Ақсақ Келімбет, Сары Келімбет, Науан Шоуан деген аталар бар. Қайсысы мықдым, қайсысы мохыр екендігін көп шежірелерден қарап таба алмадық.

18 мәтін

ШЫҢҒЫС ХАН ҰЛЫ ЖОШЫ...

Шыңғыс хан ұлы - Жошы хан. Бұл Жошы ханның балалары: Бату хан, лақабы "Сайын хан"; бір баласы Шайбаны хан; бір баласы Тоқай Темір; бір баласы Бөрке (Берке) хан. Бұлардың заманында Мауралінхрдегі Дешті Қыпшақ үшке бөлініп: Ақ Орда, Көк Орда, Алтын Орда атанды. Алтын Ордада Бөрке хан болды. Ақ Ордада Шайбанхан хан болды. Көк Ордада Тоқай Темірхан хан болды. Тоқай Темірден Өз Темір, мұның ұлы Хожақол (Хожафул), мұның ұлы Бадақол, мұның ұлы Орыс хан. Мұның ұлы Құйыршық хан, мұның ұлы Барақ хан, мұның ұлы әз Жәнібек хан, мұның ұлы Жәдік хан, мұның ұлы Шиғай хан, мұның ұлы Есім хан. "Еңсегей бойлы ер Есім" атанған, "Есім ханның ескі жолы" деп артына үлгі қалдырған. Есім ханнан Салқам Жәңгір - Салқам Жәңгірден әз Тәуке. Әз Тәукеден Болат Хан. Болат ханнан Аболмәмбет. Сәмеке - Салқам Жәңгірдің екінші қатыны Ғайша ханымнан, қатаған ханы хан Тұрсынның ұлы. Мұнан туған Уәлі Бақы. Бұл Уәлі Бақы әз Тәукемен таққа таласып, жеңіліп қалған соң, Үргеніште нағашысы Ғайып ханға қашып кетіп, онда барып, қатын алып, тұрып қалып, жалғыз бала туып, атын Абылай қойған. Бұл Абылай Жолбарыс атанып, ұлғая бара Қанішер Абылай атанған. Бұл Қанішер Абылайдан жалғыз бала туып, Көркем Уәлі атанған. Мұнан бір жас бала Сабалақ атанып жүріп, Абылайлап жауға шауып, Абылай атанған. Арғы тегі Еңсегей бойлы ер Есімнен, бергі тегі Қанішер Абылайдан шыққандығы білін - ген соң, жұрты басына көтеріп, хан сайлап, атақты Абылай хан атанған осы кісі. Абылайдың әкесінің атын ешкім білмейді. Уәлі Бақы атанған Уәлінің мұнда қалған бір қанынан Сұлтанбет төре, мұнан Ханқожа төре, мұнан Арынғазы төре, мұнан Бастамы төре. Сұлтанбеттің бір баласы - Нұралы. Нұралы баласы - Серғазы. Осының бәрін шежіреден көріп жазған сөз емес, естуімен жазылған сөздер. Құлақпен естіген танық. Абылай хан өлген соң, орнына бел баласы Уәлі хан болған, жүз беске келіп, алжып өлген. Асын Ошақты көлде берген. /24/ Абылай ханның асында Еламан баласы Тұрсынбайдың атқа шапқаны анық. *** Уәлі ханнан соң бәйбішесінен туған баласы Абайділдәні хан қойған. Осы Абайділдәнің бәйбішесінің баласы Болаттан - Сұлтанғазы төре. Уәлі ханның Айғаным деген тоқалынан - Шыңғыс төре. Сұлтанғазы мен Шыңғыс баласы Шоқан ұрысқа қолбасылық қылып, Ташкенді орыс алғанда Шернейн жанаралмен бірге тұрып, бірге жүрген. Айғаным шапшаң шыр тоқал атанған. Ақындардың аузына құдай салады деген. Мағжан Жұмабай баласы айтқан: «Уәлі ана тоқал қатынмен басы қатқан», - деп расын айтқан.

19 мәтін

ОРЫСТАР ШЫҢҒЫС ХАНДЫ...

Орыстар Шыңғыс ханды Темучин хан дейді. Шыңғыстан Жошы хан, Сайын хан, әз Жәнібек хан. Өспек Жәдігер ханнан Шығай хан, Шығай ханнан Ондан, Есім, Тәуке. Ондан ханнан Тойыр, Көшек. Мұнан Бөкей хан, мұнан Құдайменді, мұнан Тұрсын хан, мұнан Барақ. Көшектен Әділ, Саңқай. Бұл Саңқайдан Жошы, Жабай. Әділден Досалы. Есім ханнан Жәңгір хан, Тәуке хан: Тәуке ханнан әл - Мұхамбет, мұнан Болат, Әбулфейз. Болаттан Сантемір, мұнан Құдайменді, мұнан Әкім, мұнан Әзжан. Шахмұхамедтен Есім, мұнан Құдайменді, мұнан туады Қоңырқұлжа, мұнан Жәңгір төре. Жоғарыда Есім ханмен туысқан Тәукеден Сәмеке. Сәмекеден және Есім, бұл Есімнен Жәңгір сұлтан, Мәмбет. Жәңгірден Уәли, бұл Уәлиден қанішер Абылай, бұл қанішер Абылайдан Уәли Бақи, мұнан келіп Абылай хан шығады. Салқам Жәңгір - Көркем Уәли -Қанішер Абылай. Барақ, Көшектің Барағынан: Шығай, Дайыр, Жанбаба, Бөкей хан, Маман хан. Қожа Дайыр балалары Атбасарда, Ақмолада. Маманнан Ағадай, Көгедай, Есіргеп, Бегедай. Шама төреден Босқын, Есім, Қаратышқан, Жәңгір, Уатай, Досым, Самұрат, Есехан, Сыздық. Жәңгірден Досмақ, онан Қажеке. Барақтың бір қатынынан Ханбаба төре, Маман, Тахыр, Бөкей - төрт бала болған. Ханбаба ұлы Қылыш төре, мұнан Ибраһим, мұнан Хоныс - бұл тұқымдар бура елінде мадасында жазылған, Міншір Бөкей хан болып, мұның ұлы Шыңғыс төре, мұнан Жамантай хан төре. Төлебай тарауы Қосқұлақ Төлебай, Лапаң Сары Төлебай, Еламан, Едіге. Ырыс тоқалдан -Елгелді, Малгелді. Жолан - Қосқұлақ баласы. Еламаннан Мәулікбай. Бешеден Атан, Жәуке, Тұрсынбай, Шопты, Көрлі, Текебай. Міндібеке Қарақалпақ қызы, тоқалдан Бутон, Нұралы, Жауқашар, Бақыбай. Еламан заманын - да ақылдымыз Еламан атанған. Атан жастай өліп, қатынын Жәуке алып, онан баланы Езден қойып, онан Өтеміс туған. Өтемістен Белгібай жалғыз, Белгібайдан Ахметбет жалғыз. Ол тұқым сонымен бітті.

20 мәтін

АТАСЫНЫҢ АТЫ БІЛІНБЕЙ, ӨЗІ АТЫ ШЫҚҚАН ЕРЛЕР

[20.1 мәтін] Әуелі - Адам ата: оның атасының атын білуші жоқ. Қайдан білсін: первый (перуай) человек болып, топырақтан жаратылды?! Екінші - хазірет Ғайса пайғамбар, оның атасының атын білуші жоқ, қайдан білсін?! Құдірет шеберлігін көрсету үшін он үш жасар қыздан атасыз туғызды. Үшінші - Хызыр пайғамбардың атасының атын білуші жоқ. Атасы бар шығар, бірақ атын анық біліп, сарт еткізіп айтушы жоқ. Төртінші - Ескендір Зұлқарнайынның атасының атын білуші жоқ. Бесінші - Шыңғыс (Шыңғыз) ханның атасының атын білуші жоқ. Бағзы бір: «Ата білемін» - дегендер: «Есугей Баһадүрдің баласы» - дейді. Ол бекер: Есугей (Писугей) - қалмақ. Бір қалмақтың баласын осынша жұрт қалайша төбесіне көтереді?! Стамбулдағы Ғұшмани (Османи) нәсілінен басқа, бұл Азиядағы хандардың көбі - Шыңғыс нәсілінен. Россияда - граф, ноғайда - князь, қазақта -төре, бәрі Шыңғыс нәсілінен. Есугей баһадүрден қыз туып, ол қыз он бес жасқа жеткен - де, отырған үйінің ішіне сағым түсіп, сол сағымнан буаз болып, бір ұл тауып[ты]. Ол бала он үш жаста жетімлікпен жиһан кезіп, жиырма (икірма) жеті жаста (иаста) Алла тағала бақ-талайын өзгеден артылтып, Шүршітке хан болып, жүріс (жүрдіс) қылып, дүние жүзін алып, «Шыңғыс» («Шыңғыз») - деп ат атанды. Мағынасы «хандардың ханы» - деген сөз. Сондай атасыз, Құдайдың құдіретінің шеберлігімен сағымнан пайда болғанына заманындағы халықтың көзі жетіп, соның үшін тұқым-тұқымын жұрт басына көтеріп кетті. Кеше Әмір Темір қанша жұртты алғанда, бұл Шыңғыс нәсілінен болған хандарды (ханларды) өлтіргенде, және орнына сол Шыңғыс нәсілінен екінші біреуін хан сайлап жүрді. Бұл Шыңғыстан бері қарай бір кітапта мәшһүр мағрұф болған хандар - баршасы Шыңғыс ханның нәсілі. Дүниені алған һулаку - мұның немересі. Заты қарадан болғандықтан, Әмір Темір қанша жұртты алса да, хан аталған жоқ. Жақсы (ихсы) көргендер: «Әмір Темір - көреген» - дейді. Жек көргендер: «Темірлің» - дейді. Кім болса, ол болсын, жаман кісі болған жоқ. Жұрт аузында аты қалды, дүниеде қанша қылған жақсылықтары қалды. Алтыншы - Алаша ханның атасының атын білуші жоқ. Жетінші - Асан Қайғының атасының атын білуші жоқ. Сегізінші - Жиренше шешеннің атасының атын білуші жоқ. Тоғызыншы - Абылай ханның атасының атын білуші жоқ. Өзі басына қойдырған тасында: «Абылай бин Сүйеніш хан» - деп жазыпты. Ол Сүйеніш қай жерге хан болғанын, қайда жүріп хандық қылғанын ешкім білмейді. Осындай атасының атын адам білмей, өз аты жұртқа шығып кеткен жандар көп болады. Бағзы біреуден сұрасаң, «Білмеймін» - деуді өлім есепті көреді де, бәріне де ата табады. Қыпшақ Қорлыбай бидің баласы Досболдан, «атаға жүйрік» дегенмен, күншығыс жұртының біреуі ата сұрапты. Сонда өзінен Адам атаға шейін сырғытып айта беріпті. Адам атаға барғанда:

— Адам атасы кім? - дегенде,

— Адам атасы - Арсалаң! - депті.

Естіп тұрған ғауамлар:

— Жарықтықтың атаға жүйрігі-ай: Адам атаның атасының атын да білед[і] екен! Мұндай атаға жүйрік жан тумас! - десіп, дүркірей-ақ жөнеліпті. Ол кісінің айтуы:

— Қазақ, Қалмақ, Қарақалпақ, Естек, Орыс - бәрі бір ағайынды екен, ең кенжесі Орыс екен. Баланың кішісі болған соң, еркелетіп: «Басы ауырады!» - деп шашын алдырмаған екен. «Шөметейі ауырады!» - деп, кестірмеген екен. Сол себептен орыс жұртының шашын алдырмай, кестірусіз кеткені! - депті.

«Білімі жеткендікпен тауып айтты!» - деп, бірсыпыра жұрт ұғып алғандықтан, жұрт аузында бұ да сөз болып қалды. Пәленнің атасы - Пәлен, Түгеннің әкесі - Түген. Сонымен «Адам атаға шейін апарамын», - деушілер «Адам атасы - Арсалаң» - деушімен бір мектептен оқып шыққандар болады. *** [20.2 мәтін] Қазақ жұртында бір сөз бар: «Ерден нәзір тимей, есек базарына делдал болуға жарамайды» - десіп келеді. Оның мәнісі: «Кім кім болса, әулиелердің жәрдемі тиіп, қолдауыменен кісі болады!» - дегенге келтіреді және мұнысына орын табады. Бұрынғы замандарда Бұхарай - Шәріфте бір Құтып (Қатиф)әулие болған екен. Сол әулиенің ер жетіп азамат болған жалғыз баласы болыпты. Күндерде бір күн Бұхар ханының ақтаяқтары Құтыптың баласын бір жаман іс қылған орыннан ұстап алып, патшаға алып бармақшы болғанда:

— Әуелі тақсырдың өзіне алып барып, алдынан өтейік. Сонан соң ханға алып барайық. Тұрсадан тұрса, бұл жерден алып кетсек, баласының мінезін білмей, бізді қарғар! - деп, баланы атасына алып барыпты.

— Бала, қылғаның рас па? - дегенде, танбай, мойнына алыпты. Сонан соң Құтып:

— Мұны бүгін маған беріп кетіңдер, ертең қолдарыңа берейін! - деп, ақтаяқтардан алып қалыпты.

Ақтаяқтар кеткен соң, Құтып басын төмен салып, мұрақпа қылып, қырық шілтенді түгелімен жинап алыпты:

— Бұхараның осы тұрған ханы өлген соң, орнына хан сайлауға қолтықтап, қолдап жүрген кісілеріңді маған қазір (хазір) алып келіңдер, көремін! - депті.

Сөйтсе, қырық шілтеннің он бесі сол тұрған ханның бір баласын қолтықтап, қолдап: «Хан болуға осы лайық (илайықты)!» - десіп жүреді екен. Он төрті бір қазының баласын қолтықтап, қолдап; «Хан болуға осы лайықты!» - десіп жүреді екен. Енді қалған он бірі -Әмір Темірді қолтықтап, қолдап: «Хан болуға осы лайықты!» - десіп жүреді екен. Ол Әмір Темір өзі Самарқандылық, Қыпшақ: Әміртағай деген батырдың баласы екен. Бұхарада оқу оқып жүрген күні екен. Әуелі он бесі ханның баласын Құтыпқа алып келді. Құтып ханның баласын оңаша алып:

— Мынау отырған - менің жалғыз балам. Бір жаман іс қылып, өзі мойнына алды, осыған не бұйырасың? - дейді.

Ханның баласы:

— Өзіңіз білесіз де, тақсыр, - дейді.

— Өзім білген нәрсені сенен сұраймын ба? Кет көзіме көрінбей, жоғал, шыққың, шыққың! - деп, қуалап шығарды.

Онан соң он төрті қазының баласын алып келді. Оны да оңаша алып, хан баласына айтқандай айтып еді.

— Тақсыр, шариғат біледі де, - дейді.

— Шариғат жұмысын сенен сұраушы ма едім? Шариғат иесі сен бе едің, отырма, жоғал! -деп, оны да қуып шығарды.

Сонан соң он бірі Әмір Темірді алып келді. Әлгі екеуіне айтқан сөзді бастан аяқ бұған айтып еді.

— Сіздей жақсының баласы мұндай істі қылған болса, өзі мойнына алса: «Атадан ұл туса игі. Ата жолын қуса игі. Ата жолын қумаса, барынан да жоғы игі!» Мұның төресі - осы сөз, - деп, ұшып түрегеліп, Құтыптың ілулі тұрған қылышын жалма - жан суырып алып, баланы көк желкесінен бір-ақ шауып, басын жерге түсірді дейді.

Құтып:

— Африн қолыңа, рахмет сені тапқан қатынға! - деп, қырық шілтенді шақырып алып:

— Жай қолдарыңды, бер бұған баталарыңды! Балам, аяғың жеткенінше, жүр! Қолың жеткенінше, тұт! Дүниенің төрт бұрышын қарышта, бетіңе жан келмесін! - деп, бата берді дейді.

Қырық шілтеннің он бесі мен он төртіне айтты:

— Сендердің адам болады, іске жарайды дегендерің қуыс қурай екен. Біреуі: «Өзің білесің», - дейді. Ол - адамның барып тұрған жаманы: ар жағында айтарлық дәнемесі жоқ болған соң: «Өзің білесің», - дей салады. Біреу адам деп, ғақылдасқан соң, тисе - тимесе де, бір төте сөзді айтып қалу керек: тисе алады, тимесе, сол жерде қалады. Екіншісі: «Шариғат біледі», - дейді. Шариғат білетұғынын кім білмейді?! Оның да бөтегесінде дәнеме жоқтығы: өзі біреуге сүйенейін деп тұрған жасық жұрт ұстауға жарай ма?! Би қайратқа бағыс (быһыш) жоқ»! - деген.

Міне, қайратты ердің жұмысы: «Халыққа әшкере қылмай, жұртқа масқара қылмай, көпке өлтірткенше, өзің өлтір!» - деп, өлтірді де, салды. «Әмір Темірдің Әмір Темір болып жүргені - әулиелердің нәзірі түскен екен, қырық шілтен ғайып ерендер қолдаған екен!» - десіп келеді. Әмір Темір Көрегеннің шешесі - «Мұхтасар - Әлуқая» - кітабының Мұсаннығы Сыдыр әл Шариғаның қызы. Ұстазы ғұлама Тіптазаны пірлері Бұхарай - Шәріпте Міргүләл қожа Бәһауалдин мен екеуі бір пірден шыққан. Һәм пірі сегіз жасар күнінде намаз жамиғатқа ең әуел хафатын (хұтпа) намазына барған екен. Үйге қайтып келген соң, шешесіне айтыпты:

— Жұрттың не жыны бар екенін білмеймін, мешітке кірісімен, Қағба - Алланы көріп, құлақтарын қаға бастайды. Мен Имам әлһамды оқып болып, сүре қосар кезде әрең көріп, сонда құлағымды қақтым! - депті.

Өз ойында ойлаған екен: «Намаз оқығандардың бәрі де мешітке кірісімен Қағба - Алланы көреді ғой! Соны көріп, құлақ қағады ғой! - деп. «Қағба - Алланы көрмей, құлақ қақпаймын!» - деп, қалшиып, қақпастан тұрып қалады екен. Сонан соң Қағба - Алланы көрген соң барып, құлақ қағады екен. Шешесі баласының бәтін көзі ашық екенін біле қойды дейді.

— Балам, мешітке баратұғынлардың бәрі де түні бойы ұйықтамай, таң атқанша Құдайға жылап шығады. Сол үшін кірісімен, кешікпей, көріседі. Сен түні бойы ұйықтап жатасың. Сол себеплі кірісімен көре алмайтұғының - сол! - дейді.

Қайтып бала өмірінде түнде басын төсекке салмайтұғын болды дейді. «Әмір Темір Көреген» - атанғанның себебі бұл - дейді. Мағынасы: «Көргіш, көрімпаз» - деген. Және өзі Хызыр пайғамбарды дүниенің қай шетінде жүрсе де, үйде отырып көріп отырады екен. Хызырдың бет алған жағына аттанады екен. Татар деген жұртты қырып, шаһар Бұлғарыны жермен-жексен қылып, Ескендір Зұлқарнайыннан қалған бір зеңбірек бар екен. Соны Бұхарға алып кеткен еді» - деседі. Сол бет алған жорығында Орыс жұртының Владимир деген қаласына барғанда, шылауынан хазірет Хызырдың кетіп қалғанын көріп, орыс жұртымен елдесіп, ұрыспай қайтқан екен. Татар Қырымнан күшті жұрт болып, шаһар Болғар зор шаһар болып, қай жұртқа болса да, иығы асқандығын қылып тұрған уақтысында Татар мен Болғарының дүниеде атын ғана қалдырып, өзін жоқ қылып жібергендігі: «Ай мен Күндей: һәммеге бірдей» - әшкере анық сөз. Сол үшін татардан шыққан сөз білемін дегендер Әмір Темірді неше саққа жүгіртіп жамандайды. «Әмір Темір Көрегеннің» - ақыретте қандай боларын білетұғын ол ауылға барып келген ешкім жоқ. Дүниеде қылған ісінде салдырғаны - мешіт, медіресе. Шаһынша әулие хазірет сұлтан Әлғарфин қожа Ахмет Иссауидің үстіне күмбез салдырған. Ташкентте «Зеңгі ата» - деген әулиенің үстіне күмбез салдырған. Сонда ол екі күмбездің кірпішін Сауран деген жерден құйдырған. Әр екісіне жаяу кісі қаз-қатар тұра қалып, бір қолдан бір қолға беріп, кірпішін солай жеткізген. Бұхарай - Шәріпте һидая хуанларға дәйеге деген уазифа тығын қылған. Бұхарай - Шәріптің намаз оқылатұғын зор мешітін Әмір - Темір салдырған. Бұл кісінің заманында Мірсейіт, Шәриф хазіретлері илан ғұлама Тіптазаны әм сахабат болып, миназертлер қылысып, кейінгілерге қанша үлгі қалдырған?! Бұхарай - Шәріптің осы күнгі қорғанын Әмір-Темір салдырған. *** [20.3 мәтін] Һулаку заманында Қазыхан хазіретлері фолант қылып кетуі бойынша Түркістан Һәм қадимнен келе жатқан зор шаһар еді: бір шеті - Алатауда, бір шеті -Қаратауда. Осы күнде Сайрам суының күнбатысында «Ат бұлағы» - деген жер ат базары еді. Түркістанның күнбатысында «Теке суы» - деген жер қой базары еді. «Қырық қақпалы Қарашық», - атанып еді. Сол Түркістанды харап қылып, быт-шыт қылып жіберген -һулаку. Мұның зардабынан: «Құндыгер, Құбаң - деген ел дін исламның шегесі, мұсылманның паналайтұғын жері» - деп, халифа жұртына ауып кетті. Ол заманда халифа Ғаббасияның сарқыншағы серке жияр сықылды сұлтан Ғалауалдин халифа заманы еді. Ер Тұғырыл барып, қолбасы болып, жауын жаулап, жұрт алып беріп, ер Тұғырылдан соң, мұның баласы Ғұшманғази (қазы) қолбасы болып, ақырында сұлтан Ғалауалдин өлген соң, Ғұшманғази халифа болды. Сонан осы күнге шейін халифалық - Ғұшманғази әулетінде қалды: «Ғұшмания» - деп айтылатұғын себебі - бұл. Бұл кісінің асыл нәсілі түркі жұртынан екендігіне «Ғұшмания түркісі» - деген сөз қарина мұқлия. Бұл Ғұшманғази халифа болмай, жаңа талап ат арқасына мініп: «Жау қайдалап» жүрген күнде бір үйге мейман болды дейді. Сөйтсе, сол үйде бір құран қабы бар, қабының бауы бар, жоғары асулы тұр екен.

— Бұл не нәрсе? - деп сұрады дейді.

Үй иесі:

— Бұл Құдай сөзі - Құран кәрімалла деген - осы, - дейді.

— Ендеше Құдай сөзі Құран тұрған жерде шіреніп, ширатылып отыруға жарамайды, тек түрегеліп тұрсақ керек екен! - деп, таң атқанша қақиғаннан қақиып тұрды дейді: екі қолын қусырып, Құранды көрген соң, Құдайдың өзін көргендей иіліп.

Ертең таң атып, ол ауылдан былай шыққан соң, алдынан ақ сақалды Бабай ұшырады:

— Балам, сен бүгін түнде Құдай сөзі Құранды ұлығлап, тікеңнен-тік тұрып шықтың -ау! Ол еңбегіңді Құдай жеп кетпейді. Өзің ту көтер де: «Ғұшман!», «Ғұшман!» - деп, жауға шап. Қиямет қайымғаша Ғұшман атың дүниеде қалды. Енді мұнан былай заманның ақырына шейін сенің тұқымың жұрт ұстайды! - деп, батасын беріп, жөнеле берді.

Сөйтсе, Хазіреті Хызыр екен. Пайғамбар заманынан бас хазірет Ғұмар - ғаділ патша. Онан соң Омаиилдин болған халифалар, онан соң Ғаббасиядан болған халифалар да - бәрі де талап қылып, Стамбулды фатих қылып, Айя - Софияда намаз оқимыз дескен екен. Өйткенмен еш қайсысына алуға несіп болмаған екен. Ақырында ер Ғұшман ғазиінің әулетінен сұлтан Фатих атлы халифа фатих қылып Стамбулды алып, Айя - Софияда бес уақыт намаз оқытқан сол ер екен. Онан бұрын халифалық та әр шаһарға, әр тұқымға көшіп жүріпті: Шамда, Бағдатта, Мысырда, ең аяғы Бұрсада. Ер Ғұшманнан соң халифалық басқа тұқымға көшуін ұмытты. Сұлтан Фатихтан соң халифалық Стамбулдан басқа жерге қоныс аударуын ұмытты.

Қазақ халқының қариялары:

— Біз үш ханның баласымыз, - десіп сөйлейді, - Сейшхан, Жайылхан, Елхан. Сейілханнан - сегіз арыс Түрікпен. Жайылханнан - Майқы, Майқыдан туған: Өзбек илан Сыбан. Өзбектің үш баласы бар: үлкені - Мың, ортаншысы - Жүз, кенжесінің аты - Қырық дейді. Сыбаннан: Қазақ пенен Созақ. Созақ баласы - Қарақалпақ. Қазақтан: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Үш жүздің баласы, Қазақтың атасы, осы үшеуі екен деп айтысады. Ел ханның балалары - Қондыгер жұрты. «Ол қайда?» - десең, халифа қол астында «Қондыгердің ауыр қолы» - деп айтылатұғын бұрынғының сөзінде бар емес пе? - дейді. Түрікпен дегеннің мәнісі - Қондыгер жұрты ауып кеткенде, бұлар мұнда қалғаны үшін маңайындағы сарт-сауан: «Түркі мында - деп, түркілерден қалғандар», - деп, сонан Түрікпен атанып кеткен деседі. «Мал - арыстанның ауызында, түрікпеннің түбінде» деп айтылатұғынлығы, түрікпеннің жігітлері аса ер, мықты болып, басқа жұртқа мал сіңіртпесе керек. Сол себептен: «Түрікпеннің түбінде» - деп сөйленсе керек деседі.

Және қазақ жұрты ескіден бір сөз сөйленсе: «Бұрынғы ноғай, қазақ заманында» - десіп келеді. «Бұл ноғай, қазақ демектің мәнісі немене?» - деп, қариялардан сұрасақ: «Ноғай, Қазақ әуелінде бір тұқымдас болған», - дейді. Сол қазақпен тұқымы бірге болған ноғайлар: Қызлар ноғайы, Құндырау ноғайы, Аштархан ноғайы, Қара ноғай, Қырым ноғайы, Орал тауындағы Естек - қадимнан келе жатқан ноғайлар - осылар!» - дейді. Онан соң: «Мынау Қазандық», «Көшер ауылы», «Мешер ауылымыз» - дегендер - бұлар татар. «Татар, қолына дәнеме түспесе, бір нәрсені сатар» - деген сөзден қашып: «Біз де ноғаймыз!» - десіп келеді. Олардың: «Ноғаймыз» - демегі: «Зікіралши лұқұға фи сыхыпта ғира бытырық әл мішекле» - дейді.

Және бір әңгіме айтады:

Ан - хазіретіміз салиалла ғалайссалам өзі тірлігінде жеті құран жаздырған екен: «Жеті ықылымға үлестіремін!» - деп. Сонда ең әуел бірін Fарабқа беріпті. Ол қолына алып, көзіне сүртіпті. Бірін Ғажамға берген екен, ол қолымен алсымен, төбесіне қойыпты. Бірін Өзбекке берген екен, қолына түсісімен, қойнына тығып жіберіпті. Онан соң бірін Татарға берген екен, аларын да білмей, алмасын да білмей: «Бір айналып келіп, жүрерде алып кетейін!» - деп, мешіттің терезесіне қойып кетіпті. Қытай, һиндістан, Қысыр - Рум - бұл үш жұртқа үш құран берген екен. «Мұның тілін біліп жатқанымыз жоқ, не қыламыз?» -деп, өзіне қайыра беріпті. «Біреуі өзімде тұрсын», - деп өзі сақтап (сақлап) қалыпты. Манағы Татар мешітке қайта келсе, құран жоқ. «Терезенің тұсынан бір сиыр өтіп бара жатқанда, көріп, менің сыбағама тиген құранымды жеп қойды!» - деп, сол сиырдың иесімен жатып дауласып, төбеге шығып, төреге барысып, сиырды сойып, ішінен қараспақшы болыпты. Сиырды сойып, ішін жарып, шек-қарнын ақтарып отырғанда, сиырдың бір тоғайрақ деген қарнын көре салып: «Әне-әне, сиясы өшіп қалыпты. Қағаздары қалыбында тұр!» - деп. «Ол қағаз емес, Құдай жаратқан өзінің дүниесі», - десе де, ызаланып болмапты. Сонан соң қасында отырған сахабалары Ан хазіретімізден сұрасыпты:

— Ғараб алды, көзіне сүртті. Ғажам алды, төбесіне көтерді. Өзбек алды, қойнына тықты. Аналар: «Тілін білмейміз» - десіп, қайырып тастады. Мына біреу айрылып қалып, мұнша дау болды. Мұның мәнісі қалай? - деп.

Ан - хазіретіміз салиалла ғалайссалам айтыптылар: -Ғараб: «Өзімнің көзім!» - депті. Менен соң дін өзгеріп, нұсқа ғалатқа айналса, ғараб түзетеді, - депті, - Көзіне сүрткені сол! - депті. Ғажам құранды төбесіне көтерді: мұнан ғалым көп шығады. Ғылымды басына көтеруші бұлар болады, - депті. Ғалымның ең перуайы хазірет Имам Ағзам ғажамнан шықты. Өзбек алып. қойнына тықты. Бұлар Құранның қара затын оқи білмесе де, қасиеті жүрегінде қалады. Бұл жұрттан әулие көп шығады, - депті, - Онан соңғылардың не болғанын кейінгі өз тұсындағылары көре жатадыдағы! - депті. Ғараб, Ғажам, Өзбек - сол үш жұрттан басқаның хақында пайғамбарымыз дәнеме демепті. «Құранның тілін білмейміз, оны қайтеміз?» - деген жұрттар көктен түскен кітаптың бірде-біріне тоқтамай, өз ойынан оқу жасап, өз бетімен кетісті. Оны көзбен көріп тұрмыз. Заманымызда болғаны - көзбен көрген есепті де. Татарлардың арасында Шуаш, Шерміш, Әрмұқша, - пәлен-түген деген, ру-ру, ата-анасының тұқымы бар. Олар бүгінге шейін: «Құран сиырдың ішінде қалған. Молдалар өз ойымен жасап алып, жоқ сөзді сөйлейді», - деп, қанша айтылған уағыз - насихатқа түспей, миына кірмей, бірінен-бірі сыбырласып сұрайды: «Хазірет не айтты, не шешлі?» -деп. Қазан жұртында бір молда шәкірттеріне «Мұхтасар», «Алуқаядан», кітап «Әлбихтан» дәріс беріп отыр екен, Рабы фәсілі екен. Сонда махалласының бір байшыкеш саудагері молдада бір жұмысы болып, дәріс үстінде келіп қалған соң, балалар сабақ алып шыққан соң, болсын деп, молда ол байғұсты тоқтатып, отырып қалыпты. Балалар да дәрісін бітіріп шығыпты, бай да жұмысын реттеп (ирәтлеп), үйіне қайтыпты: «Бүгін хазіреттің мәжілісінде болып, балаларының сабақ алғанын тыңдап, хазірет һәм бек матұр айта, балалар һәм бек матұр тыңлы. Бұрынғы молдалар не оқыған, не білген? Олар - ағаш басында жүргенлер. Хазірет бүгін: «Раббы харам» - дейді. Міне, мен құлағымнан естідім». Кеш артындан түгелдеп, өзі балық жалдап екен. Балық жуып алып сатушы екен. Мұның өзі һәм иарам екен, ақшасы һәм иарам екен! - деп, балықларын далаға апарып төктіріп тастатыпты (ташлатыпты). Хазіреттің қасында отырып, бір мәселе естіп шығамын!» -дегендегі олжасы.

21 мәтін

[ҮШ ХАННЫҢ БАЛАСЫМЫЗ...]

Мәшһүр Жүсіптің шежіре жинағынан алынған сөз.

Біздің қазақ халқының қариялары: «Біз үш ханның баласымыз» - десіпті: Сейілхан, Жайылхан, Елхан (Айылхан). Сейілханнан - сегіз арыс Түрікпен, Жайылханнан - Майқы. Майқыдан: Өзбек пен Сыбан. Өзбектің үш баласы болған: үлкені - Мың, ортаншысы - Жүз, кенжесі - Қырық. Сыбаннан: Қазақ пен Созақ. Созақ баласы - Қарақалпақ. Қазақтан: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. «Үш жүздің баласы, Қазақтың атасы - осы үшеуі екен» - деп айтысады. Елханның балалары -Қондыкер жұрты, ол қайда десеңіз, Сламбол [Стамбул - Е.Қ.] халифасы қол астында.

22 мәтін

«ҒҰШМАНИЯ» ТАРИХЫ

«Ғұшмания» аталған түркінің баба уаждадлары: оғуз түркіменлерінде Қайы шығпасынан бәдәуи көшпелі тіркек тімкіз улан бір қыбыла еді. Шыңғыс (Шыңғыз) уақытына қыдыр иали мың хана дін лұрға бір қыбыла өлместер (улмішлер) Сүлеймен Шахұғлы арты ғырыл діндар сұлтан Ғұлайалдин өл[г]ен [соң], татар, монғол әскерін (ғаскерін) тар-мар қылып, 670 - те опат өліп, ұлы (ұғлы) Ғұшман Ғазиыны орнына қалдырмыш. Ол күнде тұрған жері Анкарада (Анқарада) болмыш. Сұлтан Ғұлауалд[ин] өлгеннен (өледин) кейін, оның орнына таққа, өлтіріп, Халифа болған дейді. Ескі тарихлар баяны бойынша Быжнаклар - Оғуз ханның төртінші ұлы Көк ханның екінші ұлы. Быжнаққа дініне мініп, түркілерді: түрік, түрікпен, қазақ, қарақалпақ. Тұқымдас жоталысы (жүдәлісі) - түрік, түрікмендер. Жұрыны - қазақ, қарақалпақтар. Бір уақыт Иран мемлекетіні, һиндустане қыдыр кеңейтміш ұлан мәшһүр Нәдір шақ Афшар есімлі бір түрікпен қыбыласынан нышат етміш бір түрік еді. Кешегі Исатай батырға жолдас болған Махамбет батыр: «Осы Нәдір шақ жұрағатымыз» -дейді екен. Манжұр - татардың бір атасының ұлы. Бұ күнде саламат алған Қытай патшалары Манжұр тұ[қ]ымынан. Татар ұлы бір түрік дүр патша сарайыны қоршаған. Татар шаһары - дүр асыл Қытай шаһары. Татар шаһары Харжинда дүр. Қытайда жетпіс (итміш) миллион мұсылман бар деседі. Қытай патшасының пайтақты Пекин шаһарында отыз бес мешіт жайы бар дейді.

23 мәтін

ШЕЙБАНИ ХАН

1499-ыншыда Әбілқайыр немересі Шейбани хан Әмір Темір нәсілінен Бұхара, Самарқанды алып, 85(58)-іншіде Ташкентті алмақ болғанда, Ахмет Алашы, ағасы Жаңамұхаммед екеуі Ташкент ханы, Ортөбеде Шейбанимен соғысқанда, қазақтар:

— Шыңғыс тірі күнде бізді Жошы ұлысына беріп еді. Шағатай біздің ханымыз емес, тәжік-сарт туысқанымыз да емес. «Өзбек өз ағам, сарт болса, садағам» - деп, Шейбани ханға қосылды. Сол соғыста Шейбани хан жеңді.

24 мәтін

ҮШ ЖӘНІБЕК...

Және бір сөз - көп ортасына салатұғын. Біз бұрыннан естуші едік: «Үш Жәнібек болған, -деп, - Бірі - Әз Жәнібек, бірі - Өр Жәнібек, бірі - Қыз Жәнібек. Әз Жәнібек, Жиренше шешеннің заманындағы хан Жәнібек, Ноғайлының ханы болған, Жайық бойында ордасы болған. Мұның хан күнінде қазақ та бұған қараған», - деседі. Өр Жәнібек - Шақшақ немересі. Жәнібек қалмақтың ханы - Қалдан Шерінмен замандас болған. Қыз Жәнібек - Керейден шыққан, өзін өмірінде жан ашуландыра алмаған, орысқа бағынбаған. Бодамсыз Керейді бастап, аудырған. Осы Қыз Жәнібек бара бетінде жолшыбай жолаушылықта қаза тапқан. Бұл үшеуінен басқа «Жәнібек» атты қазақтан көп шықты. Күні бүгінге шейін батыр атанбаған қазақ бар ма? Кеше Николай заманында партия салдарымен бір шыбынға әлі келмейтұғын кәде көрместерді де атын атай алмай, «батыр, батыр» - десті. Керейден шыққан Жәнібек - арғыдағы кісі, Тіленші би - мұндағы кісі. «Бұл екеуі бас қосып сөйлесті» - деу жалған сөз болады. Абайдың бұрынғы сөздері ем дәрідей көзге тотия еді. Көбейіп бара жатқаны - бұрынғы тәттілігін бұзбаса, түзеген жоқ. «Қарын тойса, қарта да бір нәрсе сасиды» - деген бар емес пе? Орысша оқымаған білмегені де переводчик болуға айналған.. «Аруақ қартайса, жын болады» - деген - осы. Қазаққа қазақ ертегісі таңсық, пароходта жүрген бұзғышлардың әңгімесінің мыңының құны жоқ. «Ат пен есектің ақыры бір болса, мінездес болады» - деген сөз - сүттен ақ, айдан жарық.Бас қосқанның көбі жетілмеген, піспеген шіп-шикі бала болған соң, бұрынғы жетілді, пісті деген мың сөзі де баланың сөзі болып кетті.

25 мәтін

ҚЫРЫМ, НОҒАЙДАН БІР ӘҢГІМЕ

Қырым «қырық сан Қырым» атанған. Бақшасарай шаһарын мақар хүкімет етіп Қажыкерей (Хажыгерей) хан әулеті биледі. Ноғай ордасы, Жайық суы бойында «Сарайшық шаһары» атанып, «Ақ орда» һәм атанған - Әз Жәнібек ханның жұрты. Қазақты Дәулет, Барақ Құйыршық баласы билеп-төстеп, «Қыпшақ» атанған. «Қалың қыпшақ Қияттан озушы едің жарыста!» - деп, Қобыланды батырдың атына айтатұғын сөзі. Ер Көкше, ер Қамбар, ер Қосай батырлар - мұнан шыққан. Ноғай, қазақ «Ормамбет елі» атанған. Біреуі - Қазан, біреуі - Сарай, біреуі - Сібір: Тобылдық кірменлиналар ( кірме киншалар).

26 мәтін

ХУЛАКУ ҚЫРУШЫ

Хулаку (һылаку) қырушы деген бір заман болған. Сонда бұл Хулаку қосын тартып, Ферғана (Ферғауа) заманын харап қылған. Сол жүрісінде бір шаһарды барып қамап тосады екен:

— Елші жіберсін маған! - дейді екен.

Елші келсе:

— Мені бұл жерге кім ап келді? - дейді екен.

Елші:

— Сізді бұл жерге Құдай әмірі ап келді, - дейді екен.

— Ендеше сол Құдай: «Сені өлтір де, елін қыр!» - деп ап келді, - деп, елшіні өлтіріп, елін қыра бастайды екен.

Бұхарай Шәріфке барып тосыпты (түсіпті), елшілікке баруға жан шықпапты, жан тәтті ғой. Сол уақытта Имам Қазы хан он екі жасар бала күні екен:

— Елшілікке мен барайын. Маған бір нар беріңдер мінуіме, екі зор кебеже теңдеп беріңдер, бір зор теке өңгертіңдер! - депті.

Нарға мініпті, екі кебежені теңдепті, текені алдына өңгеріпті. Қозы қарап жүрген балалардай қаңғып, Хулакуге барып, қарсы алдында нардан түспей тұрыпты.

— Не ғып жүрген баласың? - дегенде,

— Елшілікке келдім, - депті.

— Еліңнің кәтталары қайда? - дегенде,

— Елімізде нардан кәтта ешкім табылмады, - депті.

— Қарны жуан, құрсағы құшақ билері қайда? - дегенде,

— Кебежеден қарынды табылмады, - депті.

— Ақсақалы қайда? - дегенде,

— Мынадан сақалы артық кім бар дейсіз? - депті.

— Тіл білетұғын, жауап берерлік жаны қайда? - дегенде,

— Мен тіл білсем керек, жауап берсем керек! - депті.

— Жарайды, олай болса, мені бұл жерге кім ап келді? - дегенде,

— Сізді бұл жерге біздің бұзылған пейіліміз ап келді. Құдайымыздың қыл дегенін қылмадық, пайғамбарымыздың әмірін алмадық! Ұрлық, зорлық, өтірік - үшеуі бізді биледі. Сонан соң: «Оларға билеткенше, өзім барып билейін!» - деп сіз келдіңіз. Біздің қылығымыз орынсыз, сіздің келуіңіз орынды жұмыс, - депті.

Хулаку жауабына риза болып:

— Балам, қалағаныңды ал! - дегенде,

— Бір өгіздің терісінің аумағындай жер берсеңіз болады, - дегенде.

— Бердім, балам, бар жеріңді өлшеп ала ғой, қалғаны да маған жарар! - депті.

Бала аман келген соң, халық-жұрт қуаныпты. Алған қолқасын айтқан соң:

— Ай, бәрекелді! - деп, күйініште болыпты. - Тым болмаса, сондай хан: «Қалағаныңды ал!» - деп, өзі айтып тұрғанда, бүтіл Бұхараның үштен бірін сұрасаң еді! - деп.

— Жоқ, олай демеңдер, «Бір балаға мұнша жер немене керек?» - десе, онда мен не демекпін? Бір дәу миқ өгізді сойыңдар! Құдай тәбәрік отғылы хазірет Мұса кәлималла заманында сасқан, дағдарған жұртқа: - «Ан тазе ахжүф абқырат» - демеді ме? Соның терісінен таспа қылып, үзбестен шар айналдыра тіліңдер. Сол таспаның жеткен жерін маған байлар. Хан ғой, екі сөйлемес, уағдасынан аса алмас, - деген соң, жалма-жан жиылған көп бір дәу мет өгізді сойып, терісін үзбестен таспа қылып, тартқан екен: күллі Бұхараны орауға жетті дейді. Сөйтіп Бұхарай Шәріп Хулакуден аман қалған екен.

Мұның артынан Әмір Темір Көреген сол таспаның планымен (шүленімен) қорған соқтырыпты. Сол қорған төрт бұрышты да емес, дөп - дөңгелек те емес, таспа планымен жүргізілген: қиқы-жиқы. Имам Қазы ханның өзін даруаза Мазар Шәріфке жақын жол бойына қойып, басына мешіт, медресе салдырып, басына шынар ағашын ектіріпті. Екі соқыр түбінде отырады. Бұл күнде ол зат Шәрипті «Сахып Бұхара» - дейді. Бұхарай Шәріптің әмірі ол кісінің тұсынан өткенде, аттан түсіп жаяулап өтеді. Сөзді сөз түртіп шығарады: «Құлақ естігенді көз көрмек.» Орыс та болса, бір ауыз сөз жұрт аузында қалды. Колпаковский айтыпты деген сөз бар ғой: «Қазақтың ұрлығына дауа жоқ, қазақ - орыстың зорлығына дауа жоқ» - деп. Сол айтқандай, қазақтың ұрлығы, қазақ-орыстың зорлығы «коммунис» деген көрмеген, естімеген бір жұртты үстімізге алып келді. «Үстіңде патша тахсыретлары (хазіретлері) тұрғандығына шүкірлік қыл!» - деген тілді алмап ең дер, тек соғыс болса, басқа жұрттың жеңуіне тілеулес болушы ең дер! Құдай тілеуіңді берді, тағы Құдайға: «Не қылдың?» - деп, өкпелемекшісің. Құдай сөзі Құран құлақтарыңа кірмеді. Пайғамбар сөзі, Хадис Шәріф құлақтарыңа кірмеді. Бұл екі сөз жақпаған соң, орыс тілімен айтып еді, оған тоқтамадыңдар. Енді сендерге шайтан тілімен айтпаса, болмайтұғын болды!..

27 мәтін

ЕР ЕДІГЕ

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Қазақ жұртынан Едіге деген ер шықты.
Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен.
Ел шетіне жау келсе:

«Мен шығайын!» - дер екен.
Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен.
Өзінен бір жасы үлкен болса,

«Ғазизім, сіз білесіз», - дер екен.
Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен.
Өзінен бір жасы кіші болса,

«Ботам, сен тұра тұр,
Мен айтайын», - дер екен.
«Едіге деген ер дүрмін,
Үзілмес жібек кендірмін.

Өзі білмегенге,
Білгеннің тілін алмағанға –
Еменнен шоқпар шекесіне
Шық еткізетұғын мен дүрмін», - дейді екен.

Алтыннан шүмегі, күмістен түбегі бар бесікте жатқан бала күнінде біреу тауып алып, Түркістанда Тоқтамыс ханға апарып беріп, сонан Тоқтамыс асырап, асық ойнап жүрген бала күнінде ол Тоқтамыстың берген төресін бұза берген екен. Мұның әңгімесі қазақта бір үлкен кітап еді. Бұл күнде ескі сөзді жұрт ұмытып, тыңдаушы жоқтығынан айтушы азайып кетті. Бір бұзған төресін сөйлейік. Тоқтамыс заманында бір адамның жеті баласы бар екен. Өзі өліп, жалғыз ешкісі қалып, жеті баласы қалыпты. Сонда тірі жүрген ешкіні тірідей жетеуі үлесіп алып, меншіктесіпті. Басын біреуі алыпты. Екі көзін біреуі алыпты. Төрт аяғын төртеуі алыпты. Өзге денесін біреуі алыпты. Сонда бұл ешкінің ең кенжесіне тигені артқы аяғының біреуі екен. Сол кенженің сыбағасына тиген аяғы ақсап, оған бұрыш, тотыяйын салып, шүберек орап қойса, сол шүберек біреудің шығарып тастаған күлін басуменен, ішінде қалған оттан тұтанып, сонан барып, біреудің егініне жайылып тұтанған шүберектен от алып, егін өртеніп кетіп, егін иесі жетеуімен дауласып, Тоқтамысқа келсе, Тоқтамыс хан шүберек орағанды кінәлі қылып, егіннің төлеуін жалғыз соған бұйырыпты. Ол бейшара зарлап, ботадай боздап келе жатқан соң, асық ойнап жүрген Едіге сұрапты. Сонан ол бастан-аяқ әңгімесін айтқан соң, жетеуін бірдей шақырып алып:

— Хан мұның төресін білмей берген екен. Мұның төресі ол емес, мынау: бас бастамаса, көз көрмесе, сау үш аяқ жүрмесе, өзі жүруге жарамай қалған, көтеріп жүрген ақсақ аяқ қайда барады? Мұның төлеуіне бұл кінәлі емес. Бастайтұғын бас иесі, көретұғын көз иесі, жүретұғын сау үш аяқ иесі - солар кінәлі (виноват), - дейді.

Мұны бұлар қайта Тоқтамыс ханға барып айтып, жұрт бұл сөзді қостапты. Неше жерден Тоқтамыстың төресін бұзып, төре бере бергеннен, Тоқтамыс хан қиянат қылып, сол қиянатын сезіп, қашып кетіп, ақырында айналып келіп Тоқтамыс ханды шапқанда, Тоқтамыс қашып, жалғыз баласы Нұралыны:

— Осыны өлтірмей қайтпа! - деп, соңына салып жіберіп, бір қопаның ішіне жалаң аяқ кіріп кеткенде, аяғын қамыс жаралап, сол қанаған қанның ізімен барып тауып өлтірген. Сонда Нұралы кетерінде: «Тоқтамыстың бір қызын маған қой!» - деп, әкесіне тапсырып кеткен екен. Тоқтамыстың ханымы мұны естіп, әкелі-балалы екеуін араз қылу үшін, сол қызды жасап түрлентіп, Едігенің өзін қызықтырып:

— Бала сіздей болғанша, неше қыз табылмайды?! Бұл менің балам, өзіңізге лайық бала! -деп, қызын Едігеге қосып.

Сонан Нұралы қайтып келгенде, өзі меншіктеп кеткен қызды әкесінің алып қойғанына өкпелеп, әкесін керек қылмай, тастап кетіп қалған. Сол Тоқтамыстың елін шапқанда, Тоқтамыстың бір күңі жаңа босанып, еркек бала тауып жатыр екен. Жаңа туып жатқан жас нәрестені аяп, бір құла бие берген екен: «Сүтін сауып ішіп, балаңды асыра», - деп. Сол бала ер жетіп, Кейқуат атанып, ат арқасына мінгенде, Тоқтамыстың қанын іздеп, Едігеге қарай бет алып жүрді дейді. Едігенің қартайған кезі екен. Кейқуат қарсы ұшырап, қаруласайын дегенде,

Едіге айтқан екен:
Қулық туған құлаша
Ат боларын білмедім.
Күңнен туған Кейқуат

Жат боларын білмедім.
Қулық туған құлаша
Ат боларын білгенде,
Күңнен туған Кейқуат

Жат боларын білгенде,
Ноқтада басын кеспес пе ем?
Жөргекте көзін теспес пе ем?! –
деген екен. Сонан соң Кейқуат:

— Мен туып жатқанда: «Баланды асыра» - деп, құла биені беріп кеткен жақсылығың бар еді. Сол үшін саған қару жұмсамайын. Қатын болсаң, күле-күле жүрерсің. Ер болсаң, шабыңнан жарылып өлерсің! - деп, жүре беріпті.

Сонан соң Едіге:

— Әй, бәрекелді! Әттеген-ай, сол шаранаға былғанып жатқанда, мұның көзін жоғалтып кетсем, маған бұл тосу болмас еді-ау! Осы сөзін өткізіп кеткені ұрғаннан жаман болды-ау! - деп, құса болып жарылып өліпті.

Нұралы қатын алып, балалы болған екен. Сонда Нұралының келіншегі жас баланы бесікке бөлегенде, жөргегінің арасына шеңгел төсеп бөледі дейді. Бала шырылдап таң атқанша жылап шығады дейді. Сонда Нұралы:

— Бала неге жылай береді? - деп сұраса,

— Жөргегінде тікенек ол - пұл бар шығар. Сонан тынышсызданып жылайтұғын шығар, -дейді екен.

Онда Нұралы айтады екен:

— Жөргегін тазалап, тікенек, ол-пұлын арылтып, неге бөлемейсің? - деп.

Онда келіншегі айтады екен:

— Уай, тәйірі-ай, әке Едігедей-ақ болар, бала Нұралыдай - ақ болар. Нұралы Едігеге не көрсетті? Бұл саған не көрсетер дейсің?! - дейді екен.

Мұны келіншегінен естіген соң, Нұралыға ой түсіп, аттанып, Кейқуаттан барып әкесінің кегін алды дейді. Едігенің өзінің тұрақ қылған жері Ұлытау, Кішітау екен. Өзі тірісінде өсиет қылған екен:

— Мен қашан өлсем, сүйегімді Қаратаудың Мыңжылқы деген тауының түбінде Созақ деген қорғанның күнбатысында Бабай түкті Шашты Ғазиз (Әзіз) атам бар, соның қасына апарып қойыңдар, - деп.

Сол өсиеті бойынша, ер Едігенің сүйегі сол жерге қойылған екен. Бұл сөзді кеше Жалаң аяқ Ашдүр айтып, ол кісі де өзін сол жерге қойдырған екен. *** Кеше Қуандықтан шыққан Арық Қоңырбай Айқожа ишаннан халфе болып шыққан; Ақпан, Байыстың Ақпанымен екеуі барып, Түркістанда мырза Фаиасын билеп тұрған заманда сарт - пен дауласып; «Жалаң аяқ Ашдүр қазақтан шыққан әулие, Керейіт Сары сопының баласы еді - деп, - сүйегін Арқаға алып барып қоямын!» - деп, сартты сөзден жеңіп, көрін ақтарып, Жалаң аяқ Ашдүрдің денесі шірімей, сасымай көмілген қалпында жатыр екен дейді. Қол созып ала бергенде, ашық тұрған күн алай-түлей боран болып кеткен соң: «Қойылған жерінен қозғағанын аруағы жаратпады-ау!» - десіп, қайта жауып, үстіне белгі тұрғызып, сонда Арық Қоңырбай Ақпанға айтқан екен:

— Мен сенен бұрын өлемін, мені осы жерге қойыңдар! - деп. Өзінің өсиет қылуымен алып келіп, Ақпан Арық Қоңырбайды да сол араға апарып қойыпты.

Ол жерде Бабай түкті Шашты Ғазиздың барлығын Едіге айтыпты. Ол екеуінің барлығын Жалаң аяқ Ашдүр айтыпты, Жалаң аяқ Ашдүрдің барлығын Арық Қоңырбай айтыпты. Арық Қоңырбайдың анық сол жерде екенін, міне, біз айтып отырмыз. Осындай біреуден-біреуге мирас қалып келе жатқан сөз. Тоқтамыстың сегіз ұлы сегіз жаққа қашып кеткен. «Ешкі егіз, бір нәрсе сегіз табады» -дегендей, саны сегіз болғанмен, дәнемеге жарамаған. Тоқтамыстың түбіне жеткен Едіге екендігі қашқан сегіздің сөздерінен мағлұм. Еділ-Жайық бойында орыс орманының ішінде жүргенде біріне бірі айтысады екен: «Еділ қатса, кім өтпейді, Едіге өлсе, кім қайтпас дейсің», - деп. Едіге мен Нұралының уақтысында бұлар Түркістанды көре алмаған. Қазақ жұрты әңгіме қылып айтысқанда: «Үш Едіге өткен екен: «Әуелі - ер Едіге, онан соңғы - әз Едіге, ең ақыры - би Едіге. «Едігенің майлы жұрты» - атанған уақытысы - би Едігенің заманындағы сөз еді!» - десіп келеді. Ол би Едігені де сөйлейміз.

28 мәтін

ЕР ЕДІГЕ

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

[28.1 мәтін] Ер Едігеден естігенімді сөйлейін. «Ер Едігенің сөзі» - деп, қариялар тақпақ қылып айтып отырушы еді: Едіге деген ер екен, Елдің қамын жер екен. Ел шетіне жау келсе, «Мен шығайын!» - дер екен.

Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен.
Өзінен бір жас үлкен болса:
«Әзизім, сіз білесіз!» - дер екен.

Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен.
Өзінен бір жас кіші болса:
«Ботам, сен тұра тұр, мен сөйлейін!» - дер екен.

Едіге деген ер дүрмін,
Үзілмес жібек кендірмін.
Өзі білмегенге,
Білгеннің тілін алмағанға:

«Еменнен шоқпар шекесіне
Шық еткізетұғын мен дүрмін!» - дейді екен.

Қазақ «Үш жүз» - деген атқа ілінбей, елдің жұрттығы көзге көрініп, білінбей жүрген күнде қазақ ортасында «Бабай түкті шашты Әзиз» - делінген диуана болыпты. Қаратау маңайында Мыңжылқы деген таудың бауырында бір бұлақты дара алып, намаз оқуы үшін меншікті мекенжай қылып жүріпті. Бір күн[і] таң сәрінен алаң-қарақта дәрет алайын деп келе жатса, үш жалаңаш қыз суға шомылып, біріне-бірі су шашып ойнап жүр дейді. Бұрын жалаңаш әйел көрмеген диуана қалпақтай түсіп талып қалыпты. Манағы үш қыздың бірі де қалпақтай түсіпті. Сөйтсе, олар пері патшасының қыздары екен. Аққу болып, сау екі қыз талған қызды көтеріп алып ұшып кетіпті. Еліне, жұртына апарған соң, бақсы -балгерлерін жидырып, бал аштырған екен:

— Адамзаттан шыққан әулиенің назары түскен екен. Сол әулие өзі жазып босатпаса, басқаның қолынан келмейді! - деген соң, ұшқыр перілерді жұмсап алдырыпты:

— Тоқтылық тоны жоқ, жалаң бұт, жалаң аяқ. Өн бойында көрген жан жиренбейтін жері жоқ, кісі көрерлік түрі жоқ, бір сұмпайы! - дейді, - Құдай жұмысын түсірген соң, амал бар ма?

— Мына қызымды жазып, оңалтып беріңіз! - депті.

— Менің сенің қызыңда не ақым бар? Өзіңде не ақым бар? Бұлар дәрет алатұғын суыма шомылып, суымды арамдап кетті. Және мен талып қалып, сол таң намазым қаза болды. Өмірімде бір намаз қаза қылған жоқ едім. Соның орнын толтыр! - депті.

— Олай болса, бір қара тоқты есебінде осы қызым[ды] өзің ал! - деп, қызын диуанаға қосып, екеуін бұлақтың басына апарып тастатыпты.

Мынау қатынды болып оңған жері жоқ. Анау байлы болып, не қызық дәурен сүрді дейсің? Ұйқы-тұйқы, қиқы-жиқы, мыжықы-тыжықы бір өмірдағы. Диуана:

— Баяғындай жалаңаштанып, денеңді көрсет! - деп, қиғылықты салыпты. Пері қызы өзге тілін алса да, бұл тілін алмапты. «Еркек ашуланса, жаман болар!» деген бар ғой. Диуана тұра сала сабапты. Тұщы етіне ащы таяқ өткен соң:

— Менің жалаңаш денемді көрген соң, өзің сілейіп, талып қалатұғын едің. Оны білмедің. Мен сенен бала тапсам, мендегі нұр, жарық сәуле сол балаға кететұғын еді. Сонан соң көруің керек еді. Оған шыдамадың, асықтың. Енді мен саған жоқ, сен маған жоқсың. Мен сенен екіқабат жүкті болған едім. Еркек ұл туады. Туысымен бесікке бөлеп, осы судың басына ап келіп тастаймын. Алтыннан -шүмегі, күмістен - түбегі: белгісі сол болар! -дейді де, аққу болып ұшып кете берді дейді.

Диуана мұны елең қылып күзетіп жүре ме? Қыз баланы уәде бойынша бесігімен алып келіп, тастап кетті дейді. Үстіне кез болып тауып алған біреу Түркістанда ноғайлының ханы Тоқтамыс ханға апарып беріп, Тоқтамысқа асыранды бала болып, соның қолында өсіпті. Мұны ертегі қылып сөйлеушілер әр түрлі сөйлейді: «Ақымақтың тізгіні - құлағы. Ғақылдының тізгіні - көңілі. Ақымақ не нәрсені естісе, естігеніне қанағат қылады: қатықтай қатып, сүттей ұйып, тұра қалады. Ғақылды не нәрсені естісе, естуіне қанағат қылмайды, ғақылына салып, көңілінің дауалауына тоқтайды.» Бұрынғылардан қалған өңулі (оңулы) сөз бар: «Батыр деген - бір барақ ит. Екі қатынның бірі табады. Би деген - ақ шариғат. Ілуде бір-ақ қатын табады!» - деген. Осы Едігені Тоқтамыс ханның төресін бұзып, төре беретұғын би де қылып қояды. «Бетіне жан пар келмейтұғын ер де, батыр да қылып қояды. «Екі қылыш бір қынға сыймайды. Екі тілеу бір көңілге сыймайды.» Мен өзім Еді - гені ер деп, батыр деп, әбден білемін. «Билік айтты» -дегенге нанбаймын. Кім болсын, ол болсын, Тоқтамыс ханның: «Өзіңнен тумай ұл болмас, // Сатып алмай құл болмас!» - деп, көзін жойылтуға қастық ойлағанын біліп, сезіп қалып, қашқаны рас. Сонда артынан: «Шақырып кел!» - деп, Кеңестің ұлы Кеңжанбайды жібергенде, ер Едігенің Кеңжанбайға айтқан сөзі: Кеңестің ұлы Кеңжанбай Ақылың жоқ...Жанбай. Хан емес ол қаям ғой, Кім екені маған аян ғой! Өзің аман қайтса[ң], Барып оған айтса не? Бұ барғаннан барармын, Сатемір ханға барармын.

Қанша жолдас болса да,
Керегінше алармын.
Қайтып келіп еліңе
Тебінгіден тер келіп,

Қабырғадан қан келіп,
Бүліншілік салармын.
Күнікейдей көріктіңді,
Тінікедей тектіңді

Неке қимай, мал бермей,
Қатындыққа алармын!
Суарып қанмен жеріңді,
Бүлдіріп шауып еліңді,

Қылышымды суарып,
Жосадай қанға малармын! –

деп, жүре берген екен. Осы келе жатқан бетінде қалмақтан шыққан Қаратобын алып Сатемір ханның қызын алып барады екен. Соған кез болып, Қаратобын алыпты өлтіріп, қызды айырып алып, Сатемір ханға барған соң, Сатемір хан Едігеге қызын беріп, жер қайысқан қол алып келіп, Түркістанды шапты, талады. Тоқтамыс хан басын алып қашып кетті. Сегіз ұлы бар екен, олар да қашып кетті. Сонда ер Едіге қатынды болған соң, бала туып, баласының атын Нұралы қойып, сол Нұралы Түркістанды шапқанда, өзімен бірге екен. Жалғыз баласы Нұралыны:

— Тоқтамыстың басын кеспей, көзін теспей, қайтушы болма! - деп, соңына салып қоя беріпті. Сонда Нұралы әкесіне қатты тапсырып айтып кетіпті:

— Тоқтамыстың екі қызының бірін өзің алсаң, бірін маған қой! - деп.

— Жарайды, балам, Тоқтамыстың қарашығын жер үстінде қалдырмасаң, болады! - депті.

Тоқтамыстың ханымы мұны естіп, әкелі-балалы екеуін араз қылу үшін екі қызын бірдей Едігенің қойнына салып, бауыр бастырып, өзінікі қылып меншіктетіп қойыпты. Сонда Нұралының өшігіп іздегені сондай, Тоқтамыс қайда қорғалап барса, жанын қоярға жер таптырмапты. Ол заманда Әмір Темір көреген бар екен. О да Тоқтамысты қорғалата алмапты. Тоқтамыс сол қашқаннан қашып, Ертіс өтіп кетіпті. Бір қопаға барып қорғалапты. Жалаң аяқ екен, аяғын қамыс тіліп, қанап, сол қанның аққан ізінен бұлжытпай тауып алып, өлтіріп, қопаның жағасына сүйретіп алып шығып көміпті. Бұл күнде сол қопаны «Баян қопасы», - дейді. Басында бір оба бар, «Тоқтамыстың қара обасы», - дейді. Бұрынғы заманда сол обадан Тоқтамыстың үзеңгісін тауып алғандар болып: «Үзеңгінің кеңдігі - бұл заманның атының басы сыйып кететұғын екен!» - дескен екен. Керекуге жүз елу шақырым жерде «Шот» - деген қала бар. Соған ұрымтал маңайлас дейді. Нұралы аман-есен қайтып, әкесінің Тоқтамыстың екі қызын бірдей алып қойғанын естіп, әкесін көрместен, араз болып кетіпті. Тоқтамыстың ханымы ойлағанын орынға келтіріп, әкелі-балалы екеуін өмірінде бірін-бірі көрместей қылды. Жә, бұл Түркістанды шауып талап жатқанда, Тоқтамыстың бір күңі жас босанып, ер ұл тауып жатыр екен. Ер Едіге соны көрген соң:

— Байғұс мүсәпір, балаңды өлтіріп алма! - деп, қулық құлындаған құла биені беріп кеткен екен. Сол биеден туған құлын ат болып, күңнен туған ұл азамат болып, және сол баланың аты Кейқуат болып, Едігенің қарта[я] басқан кезі болып, жалғыз баласы Нұралы қайтып қарасын көрместей болып кеткенін әбден біліп, Тоқтамыстың кегін Едігеден алу үшін Кейқуат атқа мінді дейді. Сонда Едіге мен Кейқуат кездесіп қалғанда, Едіге сөйлеген екен:

Ай, бәрекелді, қап, әттеген-ай!
Қулықтан туған құлаша
Ат боларын білмедім.
Күңнен туған Кейқуат

Жат боларын білмедім.
Қулықтан туған құлаша
Ат боларын білгенде,
Күңнен туған Кейқуат

Жат боларын білгенде,
Ноқтада басын кеспес пе ем,
Жөргекте көзін теспес пе ем?! –
деген екен дейді.

Сонда Кейқуат:

— Мен шаранада жатқанда, шешеме: «Балаңды өлтіріп алма! » - деп, құла бие берген екенсің. Қартайған екен ғой деп қорлап, саған қару жұмсамайын! Қатын болсаң, күле-күле жүрерсің. Ер болсаң, шабыңнан жарылып өлерсің! - деп, жүре берген екен дейді.

Енді Едіге қанша жүреді дейсің, шабынан жарылып өлді ғой! Едігенің өлгеніне кім күйінеді?! Тоқтамыстың екі қызы жас тоқалдар, шешесі мен - үшеуінің ойлағаны қабыл болды. Пендеде жалғыз-ақ Нұралының келіншегі, Едігенің келіні сол күйінді болды дейді. Байына пәлен-түген деуге бата алмайды. Сонда бұл келін пақырдың бесікте баласы бар екен. Өшін баладан алатұғын болды. Баланы бөлегенде, жөргегіне шеңгел төсеп бөлейтұғын болыпты. Бала түні бойы үйықтай ала ма, зар-зар етіп, шырылдап, қақсап зарлап жатады дейді. Нұралы келіншегіне:

— Бала мұнша неге жылауық болып кетті? - дейді. Онда келін - шек:

— Кім біледі, жөргегіне шеңгел араласып, кетті ме? Сондықтан жыламаса, дені сау, ауруы жоқ - дейді.

— Шіркін, баланы күтпейсің, шеңгелін арылтып, тазалап, аршып, бөлесең болмай ма? -дейді екен.

— Бала қанша болғанмен, Нұралыдай-ақ болар, әке Едіге - дей болар. Нұралы Едігеге не көрсетті? Бұ да саған не көрсетер дейсің?! - депті.

— Япырым-ай, менікі адасқандық екен ғой. Қойынымда құшақтап жатқан қатыныма ерсі көрінгені тамам жұртқа да сондай ерсі көрінген қылық екен ғой! - деп, тұра аттанып, Кейқуаттан әкесінің кегін алыпты дейді.

Баяғы Тоқтамыстың сегізі Еділ өтіп кеткен екен. Олардың қолынан не келеді? «Осы сендер айғырдың боғындай үйіліп - төгіліп, не ғып жүрсің?» - деушілерге:

— «Еділ тоңса, кім өтпес?! Едіге өлсе, кім қайтпас дейсің?!» - деген сөздері мәтел болып, Еділ бойындағы жұрттың аузында қалыпты.

Ер Едігенің өзі тұрақ қылған жері - Ұлытау, Кішітау екен. Өзі өлерінде Ұлытаудың басында отырып, Кейқуаттың сөзінен құса болып, жарылып өлген екен. Сонда өлерінде айтқан екен:

— Мені бұл жерге жер қазып көмбеңдер! Қорған тас қалап қойыңдар! Нұралы жер үстінде бар болса, «ат айналып - қазығын, тиірмен айналып, шүмегін табар», - дегендей, бір табар. Сонда мені Қаратаудың бауырында, Қарақалпақ атасы Созақтың қара обасының қасында, Бабай түкті шашты Әзи[з] атам бар, соның қасына апарып қойсын! - дегенімен денесін сонда апарып қойған екен. Ұлытаудағы аманат қойған жайын «Ақмешіт әулие», - деп, атап кетіпті. Бұл сөзді кеше Керейіттен шыққан Сарысопының баласы Жалаңаяқ Әудер (Әздер, Ашдүр) сөйлеп, ол әулие де өзін сол жерге қойдырыпты.

*** [28.2 мәтін Жалаңаяқ Әудер әулие] Күні кеше Қуандықтан шыққан Арық Қоңырбай Айқожа ишаннан халфе болып шығып; Ақпан, Байыштың Ақпанымен екеуі:

— Бұл Жалаңаяқ - біздің қазақтан шыққан әулие. Мұның сүйегін бұл жерге қоймаймыз, Сарыарқаға апарып, Қазақ ортасына қоямыз! - деп, Сарт жұртымен дауласып, сол замандағы қазы, мүфтилерден хат, мөр алып, - сүйегін Арқаға алып кетеміз! - деп, көрін ақтарған екен: «Жалаңаяқ Әудердің денесі шірімей, сасымай, сап-сары болып, көмілген қалпында жатыр екен!» - деседі. Қол созып ала бергенде, ашық тұрған күн алай - түлей боран болып кеткен соң:

— Қойылған жерден қозғағанын Құдай да болса, аруақтың өзі болса да, ұнатпады-ау! -деп, қайта жауып, үстіне белгі тұрғызып, сонда Арық Қоңырбай Ақпанға айтқан екен:

— Мен сенен бұрын өлемін. Мені осы жерге алып келіп қойындар! - деп.

Өзінің өсиет қылуымен Ақпан Арық Қоңырбайды сол араға апарып қойыпты. Сол жерде Бабай түкті шашты Әзиздің барлығын ер Едіге айтыпты. Ол екеуінің сол жерде екенін Жалаңаяқ Әудер айтыпты. Жалаң аяқ Әудердің барлығын Арық Қоңырбай айтыпты. Арық Қоңырбайдың анық сол жерде екенін, міне, біз айтып отырмыз. Осындай біреуден біреуге мирас қалып келе жатқан сөз. Жалаңаяқ Әудер жалаң бұт, жалаң аяқ жүреді екен. Бір үй тола отырған қыздарға:

— Қайсыңның үстіңе с...? - деп, т... н ұстап, - шаптырамын! - дегенде, қыз біткен үркіп қашып шыққан екен де, бір қыз етегін тосып, алдына отыра қалған екен. Осы қыздан Көшен туып, «Көшен қарауыл» - атанған. Атығайдан - Дәуіт жалғыз. Дәуіттен он екі ұл туып: «Он екі атаның ұлы - Дәуіт» атанған. Ең үлкені - Дандай. «Дандайсыма» - делінген сөз осыдан басталған.

[Ке]ше Тұрлыбек заманында қария болған кісі, Керей Мұсат (Мүсірет), би атанған, өз әкесінің атын [и]т білмейді. Керейден шыққан Қыз Жәнібектен пайда болған екен деседі. [Сол кі]сінің айтуы бойынша. ..алыалы болысты Наурызбайдың баласы еді деседі екен. Оны Тінәлі - Есімбай айтады екен. Сүйін, Жарқынның баласы Ажақайжүсіп деген Төменгі Алтайда. Заманындағы қариялар мұны: «Кенесарының баласы » - деседі екен. Қазақ ішінде осы сықылды ұсақ сөздер көп болады. Бұрынғылардың: «Ат - биеден, алып анадан туады» - дегені бекер болмайды. Қашан да болса, жақсы бала жақсы ұрғашыдан туады. Төменгі Алтай деседі; «Әлике», «Байдалы» атанған екі ру ел бар. Сол Байдалыдан: Аққошқар, Сайдалы, Сүйін, Жарқын аталған байлар шыққан. Кеше Кенесарыға төлеңгіт болып, соның ашса аясында, жұмса жұмырында болған. Сол Сүйін, Жарқынның Жарқыны Кенесары қырғыздан қырғын тапқан жолы қырғыз қолына тұтқындыққа түскенде:

— Сүйін, Жарқынның Жарқыны мен едім! - деген соң:

— Мұны өлтірмендер. Елін тапса мейлі, мұнда тұрып қалса мейлі! - десіпті. - Жасымнан жолдас болып едім. Құтылдым ғой деген кісідей қайдан ел іздейін?! Тіріде тілеуім біріккен жолдас едік. Өлсем, молам бірге болса болады! - деп, қалыпты. Қалған өмірін Қырғыз ішінде өткізген жан. Бұрынғыларда осындай та - тулар болады екен.

29 мәтін

[ҚАЗАҚ ХАНДАРЫ]

(1 ҮЛГІ)

[29.1 мәтін Алаша хан әңгімесі] Қырық сан Қырым, отыз сан (нышан) Рум, он сан Оймауыт, тоғыз сан Тор[ғауыт], он сан Ноғай бүлгенде, Ормамбет би өлгенде, Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. «Ала тайдай бүлдірді» - делінген сөз сонан қалыпты. Сол заманда Қондыкер, Құбан, Құтан, Қоғам дегендер болыпты. «Түгел сөздің түбі бір. Түп атасы - Майқы би, - деген болыпты, - Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі», - дейді. Қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан деген Бұхарада тұрып, осы күнгі бір өзінде он бес азаншы азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, сауысқанның ала [сындай] ала туып, бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандығын [іштарлық] қылып, күндеп:

— Бұл балаңды балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр! Мынау өскенде, жұртыңды ала қылып, «ала тайдай» бүлдіред[і]! - деген соң, хан қырық жігітке бұйырыпты:

— Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі (ары) өткізіп қоя беріңдер. Өлсе, өлсін, өлмесе, өз бетімен қаңғып, күнін көрсін! - деп, жер аударыпты, - Зынаһар қайтып бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер! - деп.

Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап, күнелтіпті. Бала өз асын [өзі] ішерлік болған соң, ешкімін [жақтырмай...] дәл он екі жасында аң аулап жүрген Майқы бидің баласы [Үйсінге] оқтай ұшырап кез болып, бір ауыз тіл қатпапты. Бала қала беріпті. Үйсін үйіне [барға]н соң, Майқы биге сөйлепті:

— Бір ағаштың көлеңкесінде отырған баланы көрдім. «Ай дейін десем, ауызы бар. Күн дейін десем, көзі бар». Көрген кісі қызығып, «бір қасық жұтып жіберерлік». Жалғыз-ақ айыбы тілі жоқ екен! - депті.

Майқы би өзі ақсақ: өмірі арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмайды, жаяу кісіге тартқызады екен:

— Мені арбамен алып барыңдар, көрейін! — деп, барыпты. Бала Майқы биді көргеннен ұшып тұра келіп:

— Ассалаумалейкум, хан біткеннің қазығы, Бұқара жұрттың азығы! - деп, сәлем беріпті.

— Әлейкімүссалам, әмісе аман бол, балам! Болайын деп тұрған ұл екенсің, қолына алып, қайырып салушының жоғынан тұр екенсің! Кел, балам, қасыма мін! - деп, арбасына мінгізіп, үйіне [алып кел]іп:

Төрткүл ошақ қаздырып,
Төбел бие сойдырды,
[Тө]менгі елді шақырды.
Жорға бие сойдырды,

Жоғарғы елді шақырды.
Ала бие сойдырды,
Аймақ елді жи! - деді.
«Ердің ері, егеудің сынығы»,

- деп, баласы Үйсінді бас қылып, жүз жігіт қосып берді:

— Қаратаудан әрмен (арман) қарай асыңдар. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар. [Қ]аракеңгір, Сарыкеңгір, Жездікеңгір, Айдаһарлы, Құдайберді деген жерлерге барып, ірге теуіп салық салыңдар! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жер болуды ойлаңдар! Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар! Хан әділ болса, басынан бағы таймайды. Қарашасы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді!» - деген - [деп, батасын беріп жөнелтті] жіберді дейді.

[Бұл жорықшылар Қаратау]дан асып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, [Май]қы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқыны бұзып, жылқы алды, күймені бұзып қыз алды. Көш елді көш - жөнекей шапты, еру елді отырған жерінде шапты. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды бола бастады! Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естіді, Құтан, Қоғам, Қондыкер, Құбан, Майқы билерге елші жіберді:

— Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені - не қылғаны?! Баламды өзіме алып келіп берсін, менен қалағанын алсын! - деп.

Сонан соң бұлар Қотанұлы Болатты жіберді жүз жігітпен: «Сендер барып, шақырып келіңдер!» - деп. Бұлар келген соң, бұларға еріп қайтуды керек қылмады. Өздерін жібермеді. Және келгендер қайтқысы келмеді:

— Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын, көкектен басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ, сарттың отыны мен көмірін тасып бергеннен басқа көрер қызығы жоқ елден не аламыз? - деп.

Сонан соң хан тағы қайта-қайта кісі салдырып қоймаған соң, Қоғамұлы Алшынды жүз жігітпен жіберді:

— Сендер барып жатып алмаңдар, шақырып келіңдер! - деп.

Олар да қайта алмады:

— Дені сау жас азаматқа жалғанның қызығы мұнда екен! - деп.

Ішкені - жылқының сүті, сапырулы сары қымыз, жегені - қазы-қарта, жал-жая, жылқының сүр еті. Құдайдың құтты күні құшқаны - сұлу қыз, келіншек. Бұлар да орнығып тұрып алды.

— [Біз] енді ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт [көзіне түсірейік!] - деп, баяғы ала баланы алашаға салып, хан көтерді. Оған «Алаша [хан» - деп] ат қойды.

Әуелгі келген жүз жігітті, оның бастығы - Үйсін: «Ұлы жүз Үйсін» - ат қойды. Ортаншы келген жүз жігіт, оның бастығы Болат, оған «Ақжол» деп ат қойып, «Орта жүз Ақжол» - ат қойды. Ең соңғы келген жүз жігіт, оның бастығы - Алшын, «Кіші жүз Алшын», - деп ат қойды. «Жауға шапқанда, «Алаш» десіп шабайық! - деп, «Алаш» деп ұран шақырды. Кеше: «Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз - ағаш, ұранымыз «Алаш» болғанда, үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!» - деп айтылған сөз сонан қалды. «Болатқожа» дейді, «Ақжол» дейді, - екеуі бір кісінің аты. Өзінің шын аты - Жанарыс екен деседі. Жұрт ауызында «Ақжол» аты қалған. Ұлы жүз ұраны - Бақтияр, Кіші жүз ұраны -Алдияр, Орта жүз ұраны - Ақжол. «Естіген құлақтың жазығы жоқ». Мен естігенімді жазамын. Біліп жазушыға таласым жоқ. «Сөздің өтірігіне нанба, келісіне нан. Өтірікке нанса болар, келісін тауып айтушы болса!» - деп, Әз Жәнібек хан айтқан. Қазақтың бетімен жайылған қойдай емін-еркін, өз тізгіні өзіне тиіп, қатын керек болса, ноғайлардың қыздарын еріксіз, сұраусыз алып кете бергендіктен, ноғай халқы қазақты бұл күнгеше жек көріп кеткені сол дейді. Қалмақ ежелден атасының асындай болған. Онан олжаға ұл түссе, «құл» дейді, қыз түссе, «күң» дейді. *** [29.2 мәтін Алаша хан ұлы Жошы хан әңгімесі]... Бетпақ жолында, «Таңбалы Нұра» деген жер бар. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Үш жүздің баласы қазақтың таңбаларында талас болса, сол тастан барып қарасады. «Алаша ханның тұсында басылған таңба» -деседі. «Мұнан бұрын «сағымнан пайда болған» Шыңғыс хан да тоқсан екі баулы Қыпшаққа таңба үлестіріп, ұран қойып берген екен!» - деседі. Алаша ханның тамы Қаракеңгірде, өзеннің күнбатысында. Ташкент, Түркістан ұсталары жасаған күйдірген қыштан салынған. Өзінен қалған нәсіл тұқым жоқ, жалғыз баласы Жошы бала күнінде аңға шығып, аты құланмен елігіп, желігіп, бала атын ие болып тоқтата алмай, жығылып, аты сүйретіп өлтірген. Сонда қасында бірге шыққан жігіт-желеңі ел бетін көре алмай қашып, зым-зия жоғалып кеткен. Аңға кеткен бала келмеген соң, хан да, жұрт та түсінген:

— Бұ бала енді жоқ болды. Кімде-кім баламның өлімін есіттірсе, басын аламын! - деген.

Сонда бір Кетбұға деген домбырашысы бар екен, күй тартады екен. Бір күн домбыра тартқанда, домбыраның күйімен баланың өлгендігін сездіріпті:

Алаша хан, Жошы хан,
Ақсақ құлан жосыған.
Құлан теуіп өлтірді-ау,
Бұйрығын ақтан келтірді-ау! –

деп, тартады дейді күйді.
Хан:

— А, Кетбұғам, сенің домбыраңның дауысы бұзылды-ау! Біліп отырмын: сен домбырамен айтып отырсың:

Алаша хан, Жошы хан,
Ақсақ құлан жосыған!
Мен кеще кісі болмасам,
Ханның жалғызының жайрап қалғандығы

Дәл келеді-ау осыған! –
деп,ханның аузынан шыққанда, жұрт шулай қоя берген:

— Алдияр, тақсыр, өз аузыңыздан естідік! - деп.

Сол уақыт: «Құлан шуы» делінген уақыт екен. Малдың балалап, аң да, мал да төлін төгіп жатқан кезі екен. Хан жарлық қылды:

— Төрт түлік малды баласынан айырсын. Жаңа туып жатқан жас төл енесіне жамырамасын! Хайуан да мендей аза тұтсын!

Өзі ас-су ішпей, төсегінен басын көтермей, теріс қарап жатып алыпты. Өзі «қара қылды қақ жарған» әділ екен. Екі даугер келсе, ұйқыда жатса [да], шошып оянады екен. Ac ішіп отырса, аяғын жерге қоя салады екен. Сол екі даугердің көңілін дауалатпай, ішкені ас болмайды екен. Ханымы кіріп келіп:

— Тақсыр, есік алдында екі даугер келіп тұр! - депті.

— Дауы не екен, сұрадың ба? - депті.

— Сұрадым: біреуі бөтен жұрттың жолаушысы екен де, біреуі өзіміздің күнде көріп жүрген Жонбас екен. Жолаушы ұзын жолға кетіп бара жатқан: «Қайтарымда алармын», -деп, Жонбасқа ат басындай алтын аманат қалдырып кеткен екен. Сол жолаушы барған сапарынан қайтып: «Енді алып кетейін» - десе, Жонбас бермепті: «Баяғыда сенікі болғаны не керек? Менің көзім, қолым үйреніп, бауыр басып қалыппын, бермеймін!» - дейді екен -депті.

Хан:

— Былшылдамасын, берсін. Кімде-кім болса, аманатты сақтар болар, иесі сұрай келсе, өзіне қайырар болар! - дегенде, ханымы:

— Төреңізге құлдық, тақсыр! «Хан екі сөйлесе, қара болады. Қара екі сөйлесе, қатын!» -деген. Бұл бала жасаған Иемнің сіз бен бізге сақтатқан аманаты емес пе еді?! Аманатын Иесі өзі алды. «Өзінікін өзі алды» - деп, өкпелегенмен, өкпе жүре ме?! - дегенде, хан басын көтеріп алыпты:

— Сенікі дұрыс екен де, менікі бұрыс екен! - деп, сабасына түсіп, отын оттап, суын ішіп, мал баласын жамыраттырыпты.

Сонда бір боз інген жеріп, ботасын алмапты, хан:

— Осы бота аштан өлсе, обалы мойнымда қалады-ау! - деп, - Осының ботасын алғызғанға қалыңсыз қыз берер едім! - деген соң, баяғы Кетбұға бес саусағын сірімен қаптап алып, күй тартып, хан баласының мән-жайын домбыраның күйімен сөйлеп, естіген жұрт та езіліп, су болып ағыпты. Інген де есінен танып, балқып кетіп еміреніп, ботасын емізіпті. Сол күйдің аты: «Бозінгеннің күйі» - аталып қалыпты.

Бала күнімізде Қызылтауда екі шал тартымпаз еді. Біреуі - Күлік Ақай Қиялша; біреуі -Қақсал Отыншы. Сол екі шалдан соң үш жүздің баласында солардай күй шертетінді көргенім де жоқ, естігенім де жоқ. Сонда тартымпаз шалдар: «Бозінгеннің күйі», «Бозайғырдың күйі», «Орыс Қазанды алғанда, қатын-қызының шулап жылаған күйі», «Алшағырдың ащы күйі», Тәттімбеттің «Сылқылдағы» - деп, тартушы еді. Жұрт сүйсініп тыңдап, аузынан суы ағып, мұрнынан боғы ағып, жылап отырушы еді.

Хан:

— Енді мұның өшін құланнан аламын! - деп, жұртқа сауын айттырып, ат жараттырды. Қыз, бозбалаға ор қаздырды. Бозбала кетпен алып, жер шабады, тамағын, сусынын қыздар даярлап беріп тұрады. «Құлан өтпес» - деген су құлан үшін қаздырған ор екен. Сонда құлан қуғанда, жұрт көзіне түскен құланнан бес-ақ құлан құтылыпты. Шу бойында сол құланның құтылған жері «Бесқұлан» атаныпты. Екі жүйрік ат бар екен, құланды қойдай иіріп, соғатұғын: бірі Еңкейторы ат, бірі Аққабақ. Еңкейторы ат өлген жер «Еңкей» атаныпты. Аққабақ ат өлген жер «Қабақ» атаныпты. «Еңкей», «Қабақ», «Құлан жалақ» -деген жер аты болып қалыпты.

Баласы өлгенде, келіні оң жақта отырып қалған екен:

— Баламды жоқтатамын! - деп, келінін оң жағына түсіртіпті.

Баласының бір санын тауып алып, соған там салдырыпты: «Жошы ханның тамы», - дейді. Онан соң Алаша ханның тамын келіні салдырыпты: өзеннің жел жағында бір мұралтайдың үстінде. Келін өз тамын өзеннің ығынан ойпаң жерге салдырыпты: «Атам тамына көрініп тұрмайтын жерде болсын!» - деп.

Жетікеңгірді жайлап, қыстап жүретұғын бір Найман сөйледі:

— Алаша ханның тамының жоғарғы жағынан бір кірпіші түсіп еді. Жазуы бар екен: «Хысырау хан ханымының аты «Ханбибі» - деп жазылған екен, - дейді.

Қазақтың қазақ болып, көзге түсіп, ауызға ілінгені осы Алаша ханның хан болып, басын қосып, біріктіріп, орын тептіруінен болған. Сонан бері Алаш ұранды қазақ байдың баласы жанжал (жаңжал), ұрыс, төбелес болса, «Алаш, Алаш», - деп айғай салса, естіген қазақта ес қалмайды. Мұнан соң бұл қазаққа Асан Қайғы хан болған. Ол орнығып, табан теуіп тұра алмаған. «Бұл Сарыарқаны кәуір алады, моламды кәуірдің атының аяғының астында қалдырмаймын!» - деп малды үш жыл ту қылып, Жиделі Байсынға ауып кеткен. Сонан соң бұл қазақ Ноғайлының ханы Әз Жәнібекке қараған. Ол қазақты өз заңына, бетімен жайылған қалпына жіберген. Ұлы жүзге: «Үйсін аға», - деп, Үйсіннен датқа сайлап, Жалайырдан көтермеші орынбасар сайлаған. Орта жүзге: «Арғын аға» - деп, Арғыннан датқа сайлап, Найманнан, - оған көтермеші орынбасар сайлаған. Кіші жүзге: «Алшын аға» - деп, Алшыннан датқа сайлап, Жаппастан оған көтермеші орынбасар сайлаған. Қарап отырғанда бір бос әңгіме. Шын - өтірігін Құдайдан басқа білуші жоқ. *** [29.3 мәтін Қазақ хандары] Әз Жәнібектің тоғыз ұлы болған: тоғыздың бірі - Қасым хан. Бұл тақты Сарайшықтан көшіріп, Ұлытауға орнаттырған. Қазақты қатарға бір қосып кеткен - осы Қасым хан. Қазақ ортасында «Қасым ханның қасқа жолы» - делінген сөз үлгі өсиет болып қалған. Қасым хан өлген соң, балалары баққа, таққа таласып, ноғай, өзбек, қалмақ - үшеуі үш жақтан жау болып, быт-шыт болыңқырап, Қасым ханның бел баласы Ақназарды хан көтеріп, бұл Ақназар «қайратты, батыр хан» атанып, өзбек ханы Шибаниларды көтінен пыстырып, Ноғай ханы Көшім ханды қорғалатып, үйінен шыға алмастай қылып, орыстың ол уақыттағы патшасы Төртінші Иван Ақназарға елші жіберіп: «Жауласпайық, сауда араластырып, керуен жүргізіп, тұрысайық!» - деп, Ақназар қазақты Қасым хан тұсындағы [қалпына] бір түсірген [е]кен. Ақназардан соң Шығай хан хан болып, бұл аталарындай болмай, осалырақ туған жан болып, қазақ ұйқалақ-құйқалақ болыңқыраған. Шығай хан баласы Тәуекел хан болып, Тәуекел өзбек хандарымен жауласып, мұның қосыны - күшті тамақ жеп жүрген қазақ, өзбек хандарының қосыны - «біттей бөдененің бір санына күпті болдым» деп жүрген сарт, қазақпен қағысуға шыдай ала ма?! Тәуекел хан Ташкен, Түркістан, Әндіжан, Самарқан бәрін [д]е өзіне қаратып алып, тақты Ташкентке көшіріп, орданы Ташкен қылып, тұрып алған. Тәуекелден соң «Еңсегей бойы ер Есім» хан болып, өзі Түркістанда тұрып, Ташкенте Тұрсын ханды ие қылып тұрған күнінде, Имамқұлы хан деген хан өзбекке хан болып, Бұхараны билеп, «Еңсегей бойлы ер Есіммен үш рет соғысып, Түркістан, Ташкенді ала алмай, жеңіліп, қайта берген. Есім ханнан кейін қазақ тағы жүдеу бас болып, Ташкеннен айырылып қалған. Қазақ Есім ханнан соң оның бел баласы Салқам Жәңгірді хан көтерген. Бұл кезде қалмақ қоңтажысы күшейіп, қазаққа дамыл бермеген, қысқа күнде қырық шапқан. Соғыс болса, қалмақтың иығы аса берген. Жоңғарлар жеңгенде, қазақты тырп ете алмастай қылып, ойсыратып шауып кете берген. Қазақ сондай қатты қырғынға ұшырағаннан кейін де іле-шала қайтадан жиылып, қалмақпен соғыса берген. Бақытты ханы жоқ, тайсалмас батыры жоқ көп жаманның жиылып, төбелесе бер - генінен не өнеді?! *** [29.4 мәтін Әз Тәуке заманы] Салқам Жәңгірден соң Әз Тәуке деген хан болды. Мұның өзі ақылды, табанды кісі болды. «Байсалды айғырдың үйірін ат жақтайды» - деген қалыппен хандық қылды. «Күлтөбеде күнде кеңес» деген сөз - осы әз Тәуке заманында айтылған сөз. «Кері кеткен елдің кеңесі көп болады. Кедей елдің көш басшысы көп болады» Бұл сөз де сол заманда айтылған сөз болса керек. Тарих ақтарғандар бір мың алты жүз қырық үште [1643] қалмақ дәуірлеп көтерілді деседі. Мың жеті жүз жиырма үште Қалдан Шерін Ташкентті билеп, тағын Ташкентке орнатқан деседі. Бұл қалмақ дәуірі көтерілген кезде Ұлы жүз Қоқантқа (Қожантқа), Орта жүз Самарқанға, Кіші жүз Хиуаға қарап кетті деседі. Ақтабан шұбырынды Орта жүздің басынан кешкен уақиға болса керек. Ұзын-ырға (ұрға) мөлшермен есептеушілер: «Мың жеті жүздің жиырмасының [1720] шамасы ма, қалай?» -дейді. Ұлы жүз Жоңғарияға қарап қалды да, Орта жүз жұттан қашып көшіп, жаудан қашып босып, әрі жұтқа, әрі жауға ұшырап қалған, тамтығы Арқаға келіп қалған деседі. Олардан бұрын бұл Арқада: Он екі Қазылық, Ой Түндікте Найман бар екен деседі, Қанжығалы, Бәсентиін бар екен деседі. Ауып, жүдеп-жадап келген ел Найманнан қырық биені бір түнде сойып алыпты. Найман: «Бұл қырық бие еруліктерің болсын, өзімізге рұқсат (ұлықсат) қылыңдар!» - деп, өрге қарай көше жөнеліпті. «Жеті момын» отырып қалып, шауып, талап алған емес, жан жалғау, тойынғанша шет пұштақтап азық қылыпты. Қанжығалы абыз Шомақтың қызын «қолынан емес, жолынан алғандай» алып, Қаз дауысты Қазыбек тұңғышы Қонайға қосып, сол Қонай жастай өліп қалып, Шідерті бойындағы «Қонай» соның атында Қонай атанып қалған дейді. Сонан соң Қанжығалы, Бәсентиін Баянаулаға келіп орнығып, Сүйіндік келген соң, бұлар онан да сырғып, Ақкөл Жайылма, Тоғайға түсіп кетеді. *** Ақтабан шұбырынды. Алқакөл сұлама. Жұттан, жаудан жаяу басын алып қашқан ел шұбырған шұбырындысы аппақ сүрлеу болып қалады екен де, табандары таздың басындай жалтырап қалады екен. Жатқанда, алқа қотан айнала жатады екен. Семіздерін ортасына алып, қорғап, күзетіп жатады екен: «Басқа бөтен жат ру ұрлап, сойып жеп қоя ма?» - деп. Тобықты Әнет бабаң төбе басында қалған. Он алты ұлды Тілеуімбеттің қырылып, жойылғандығы сол күндерді қалай ұмыттырсын?! Сонда бір мерген он бес ауылды асырауға жарады. «Бір көк ала бие он бес ауылды асырауға жарады дейді. Көк ала биенің иесі айдалаға елсізге апарып, күні-түні бұтынан қол айырмай сауып, сүйретпелеп, сүтін үйге ап келіп, сабаға құйып, он бес ауылды тарықтырмады дейді. Бір күн елсізде биесін сауып отырса, төрт атты кісі тұпа-тура келе жатыр дейді. Тұрып кетейін десе, иіп тұрған бие сүт[і] жерге саулап кететұғын, тұрмайын десе, ана кісілер келіп қалатұғын. Қайтерін білмей, састы. Жұдырықтай тасты жерден алып:

— Көз болсаң көнекке, тіл болсаң тасқа! - деп, сүттің ішіне тастай беріп, көнегінің бетін жаба қойды дейді.

Төрт кісі келіп:

— Мана біз көргеннен биеңнің бұтында отыр едің. Сауып отыр ма едің, жоқ, ұйықтап отыр ма едің? - дейді.

— Не сауып отырайын? Өзінің кісі көрінсе, имейтұғын жаман мінезі бар еді, сендер көрінгеннен имей-ақ қойды. Соны: «Иер ме екен?» - деп отырдым дейді.

— Бәсе, солай ғой, әйтпегенде, біз көргеннен сауып отырған болсаң, ендігі өзен болып ағып жатарлық болып еді, - деп, жүре беріпті.

Олар бұлай кетісімен, сүтті сүйретпеге қосса, көнек түбіндегі жұдырықтай тас төрт бөлініп қалған екен дейді. «Адам тілі тас жарар, тас жармаса,бас жарар!» - деген сондайдан айтылып қалған сөз екен деседі.

30 мәтін

[ҚАЗАҚ ХАНДАРЫ]

(2 НҰСҚА)

[30.1 мәтін] Әз Жәнібек Ноғайлының ханы болған. Қазақ та бұған қараған. Онда ол қазақты өз еркімен ата-бабасының ғұрып-ғадетімен ұстаған. «Арғынды дадха сайлап, Найманды оған орынбасар, Үйсінді датқа сайлап, Жалайырды оған орынбасар, Алшынды датқа сайлап, Жаппасты оған орынбасар қылыпты» - деген бір бос әңгіме бар. Шын-өтірігін Құдайдан басқа кім біледі? Әз Жәнібектің тоғыз ұлы болған. Мұның бел баласы Қасым хан тақты Сарайшықтан көшіріп, Ұлытауға орнаттырған. Қазақты қатарға бір қосып кеткен осы - Қасым хан. «Қасым ханның қасқа жолы» орысқа қарағанша, үзілмей, жоғалмай келген деседі. Қасым хан өлген соң балалары баққа, таққа таласып, ноғай, өзбек, қалмақ - үшеуі үш жақтан жау болып, быт-шыт болыңқырап, Қасым ханның бел баласы Ақназарды хан көтеріп, бұл Ақназар өзбек ханы Шейбаниларды жеңіп, Ноғай ханы Көшім ханды қорғалатып, орысқа тығылдырып, орыстың ол уақыттағы патшасы Төртінші Иван Ақназарға елші салып, сауда араластыру, керу - ен жүргізу үшін елдесіп, Ақназар қазақты Қасым хан тұсындағы қалпына бір келтірген Ақназардан соң Шығай хан хан болып, мұның тұсында төмендеп, бәсең тартып, Шығай хан баласы Тәуекел ханның тұсында қазақ өзбекпен жауласып, ақырында Ташкент, Түркістан, Әндіжан, Самарқан - бәрін өзіне қаратып алып, орданы Ташкентке көшіріп, қазақтың хан ордасы Ақтабан шұбырындығаша көшіп, Ташкенте болған. Тәуекелден соң Есім хан хан болып, мұның дәуірінде қазақ хандығы күшейіп, өзбек ханы Имамқұлы хан үш қабат соғысып, Ташкент, Түркістанды ала алмай, жеңіліп қайта берген. Есім ханнан кейін қазақ тағы жүдеубас болып, Ташкеннен айрылып, оқшауырақ болып қалған. Қазақ Есім ханнан соң, оның бел баласы Салқам Жәңгірді хан көтерген. Бұл кезде қалмақ қоңтажысы күшейіп, қазаққа дамыл бермеген: «Қысқа күнде қырық шапқан». Соғыста қалмақтың иығы аса берген. Жоңғарлар жеңгенде, қазақты тырп ете алмастай қылып, ойсыратып шауып кетіп жүрген. Қазақ сондай қатты қырғынға ұшырағаннан кейін де іле-шала қайтадан жиылып, қалмаққа аттанып, қайтадан қан төгіп, соғыса берген. Бұл кезде қазақтың көрсеткен қайраты, жігері адам айтарлық емес. *** [30.2 мәтін Әз Тәуке заманы] Әз Тәукенің заманында: «Күлтөбеде күнде кеңес» - деген сөз мақал болып қалған. «Кері кеткен елдің кеңесі көп болады, кедей елдің көшбасшысы көп болады» - сол заманда айтылған сөз болса керек. Ақтабан шұбырынды. 1723- де Қалдан Шерін Түркістан, Ташкента түгел билеп, пайтахтың Ташкенте қылған деседі. Қалдан Шерін көтерілгенде, Ұлы жүз Хожантқа, Орта жүз Самарқанға, Кіші жүз Хиуаға қорғалады. «Ақтабан шұбырынды» - сонан Арқаға қарай ауғанда болған әңгіме болса керек. Ұлы жүз Жоңғарияға қарап қалды да, Орта жүз жұттан үркіп көшіп, жаудан қашып босып, әрі жұтқа, әрі жауға ұшырап қалған. Тамтығы Арқаға келіп қалған. Олардан бұрын бұл Арқада: Он екі Қазылық, Ой Түндікте Найман бар болса керек, Жеті момын: Қанжығалы, Бәсентиін бар болса керек. Ауып, жүдеп келген ел Найманнан қырық биені бір түнде сойып алып. Найман: «Бұл қырық бие еруліктерің. Енді өзімізге рұқсат қылыңдар!» - деп, өрге қарай көше жөнеліпті. Жеті момын отырып қалып, шауып талап алған емес, жан жалғау, тойғанынша шет пұшпақтап азық қылыпты. Қанжығалы абыз Шомақтың үйлі-баранды, балалы-шағалы болған күндері екен. Қазыбек тұңғышы Қонайға Қанжығалы абыз Шомақтың қызын «қолынан емес, жолынан» алғандай алып беріп, сол Қонай жастай өліп қалып, Шідертідегі «Қонай шоқы» сол Қонайдың өлген жері еді деседі. Сонан соң Қанжығалы, Бәсентиін Баянаулаға келіп, Сүйіндік келген соң, бұлар онан да сырғып, Ақкөл Жайылма, Тоғайға түсіп кетеді.

31 мәтін

[ҚАЗАҚ ХАНДАРЫ]

(3 НҰСҚА)

[31.1 мәтін Алаша хан әңгімесі ] Қырық сан Қырым, отыз сан Үрім, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ноғайлы бүлгенде, Орманбет би өлгенде, Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. «Ала тайдай бүлдірді», - делінген сөз содан қалыпты. Сол замандарда: Қондыгер, Қобан, Қотан, Қоғам дегендер болыпты. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы - Майқы би» - деген болыпты. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі дейді. Қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан хан деген Бұхарада тұрыпты. Осы күнгі бір өзінде он бес азаншы азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмаған. «Қызыл аяқ» деген бір елді шауып, ат көтіне салып әкелген бір қызға аяқ салып, онан бір бала сауысқанның аласындай ала туады. Бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандықтан, іші тарлық қылып күндеп:

— Бұл баланы «балам» деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр. Мынау өскенде жұртыңды ала қылып ұстайды, еліңді ала тайдай бүлдіреді - деген соң, хан қырық жігітке бұйрық беріпті:

— Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер. Өлсе, өлсін, өлмесе, өз бетімен қаңғып, күн көрсін - деп жер аударды, - зинхар қайтып бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер, - депті.

Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап, күн көріпті. Бала өз асын өзі алып ішерлік болған соң, ешкіммен ісі жоқ, өз бетімен қаңғып кетеді. Дәл он екі жасында Майқы бидің баласы Үйсінге оқтай ұшырап, кез болыпты. Оған бір ауыз тіл қатпайды. Үн-түн жоқ қала беріпті. Үйсін үйіне барған соң, Майқы биге сөйлепті: «Бір ағаштың көлеңкесінде жас баланы бала көрдім. Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, көрген кісі қызығып, бір қасық сумен жұтып жіберерлік. Жалғыз айыбы - тілі жоқ екен», - депті. Майқы би өзі ақсақ екен. Өмір бойы арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке жектірмей, жаяу кісіге тартқызады екен.

— Мені арбамен алып барыңдар, оны мен көрейін - депті.

Бала Майқы биді көргеннен-ақ ұшып тұра келіп:

— Ассалаумалейкүм, хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы - деп сәлем беріпті.

— Уағалейкүмүссәләм," әмісе аман бол, балам. Болайын деп тұрған ұл екенсің, қолына алып салушының жоқтығынан кем болып тұр екенсің. Кел, балам, қасыма мін - деп, арбасына мінгізіп алып, үйіне алып келіп:

Төрткүл ошақ қаздырып,
Ту бие сойдырып,
Төменгі елді шақырды.
Ала бие сойдырып,

Аймақ елді шақырды. «Ердің ері, егеудің сынығы» - деп, баласы Үйсінді бас қылып, жүз жігіт қосып берді.

— Қаратаудан арман қарай асыңдар, Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңгір, Жездікеңгір, Құдайберді деген жерлерге барып, ірге теуіп, салық салыңдар. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады. Сендер қарашы боласыңдар. «Хан әділ болса, қарашысы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді» - деген, - деп, батасын беріп, жүргізіп жіберіпті.

Ақтау, Ортаудан асып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Майқы бидің айтқан жеріне келіп, ұйқыны бұзып, жылқы алды, күймені бұзып, қыз алды. Көш елді көш-жөнекей алды, ерулі елді отырған жерінде шапты. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды болды. Сатусыз дүние, қалыңсыз қатын ала бастаған соң, ел болмасқа немене. Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан ес - тиді. Қотан, Қоғам, Құндыкер, Қобан, Майқы билерге елші жібереді.

— Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені несі? Баламды өзіме әкеп берсін. Менен қалағанын алсын! - деп.

Сонан соң бұлар Қотанұлы Болатты жүз жігітпен жіберді:

— Сендер барып, шақырып келіңдер! - деп. Бұлар келген соң, бұрынғы келгендер:

Қайт деген сөзді айтпаңдар, өздерің де қайтпаңдар дейді:
Аты бестісінде қартаятын,
Жігіті жиырма бесте қартаятын,
Көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ,

Еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын,
Тымақты тақияға айырбастайтын,
Пышақты қасыққа айырбастайтын,
Тары менен бидайдың нанын жегенге,

Жаман көженің суын ішкенге құтыратын,
Бөдененің бір санын жегенге күпті болатын

Сарттың жаз болса тұзын, қыс болса отын мен көмірін тасығаннан басқа қызығы жоқ жерде не ақыларың қалды? - деген соң:

— Рас-ау, рас! - деп, шақыра келгендер қайтпай қалып қойыпты.

Қызыл Арыстан хан қайта-қайта кісі жіберіп болмаған соң, Қоғамұлы Алшынды бас қылып жүз кісімен тағы жібереді. Он үш ақсақал қосты. Есеп саны үш жүз он үшке жетсе, дүние жүзі жиылса да, бетіне шымайды - деген. Үндемесе де, үйден шықпаса да, «Бабыр еңбек» - дегендей, ақсақал үйде жатып, жұмысты жайлап жатты. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы - Майқы би» аталған кісі осы болса керек. Бұлар енді біз ел болғанымызды, жұрт көзіне түсірейік деп, баяғы ала баланы алашаға салып, Ұлытаудың басына алашамен көтеріп шығарып, хан сайлапты. Оған: «Алаша хан», - деп ат қойыпты. Бастапқы бірге келген жүз жігіттің бастығы - Үйсін. Бұл: «Ұлы жүз Үйсін» аталды. Түп қазығы - салықшы. Жауға шапқанда, бұлар шаппасын тас-түйін болып тұрсын депті. Ортада келген жүз жігіттің бастығы - Болатқожа. бұлар «Орта жүз» - деп ат қойысыпты. Бұл орта жүз - тосқауылшы. Орта буын - да жүрсін, ханның бақташысы болсын депті. Бұл «Орта жүз Ақ жол» аталсын дейді. Соңғы келген жігіттердің бастығы - Алшын. Жаудан беті қайтпайтын жау жүрек, қарсы алдында жүріп, жан қадірін білмейтін, бұлар кезеуілші болып, ең алдында жүріп жауға шабатын болсын. Бұған «Кіші жүз Алшын» деп ат қойды.

Қазақтың «Үш жүз» аталған жері - осы. *** Бұрынғы заманда қазақтың «Жүз»деген,«Алаш»деген атты руға қойған аты болған екен. «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда, «Алаш, Алаш!» - деп шабыңдар! «Алаш» демегенді әкең болса да, ұрып жыға беріңдер», - деп, бата қылысты. Кеше: «Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз - ағаш, ұранымыз - Алаш болғанда, Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!» - деп айтылған сөз содан қалған. Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып көзге көрініп, ауызға іліккен емес. Өз алдына отау тіккен емес. Әр жұртқа қоңсы болып жүрген. «Болатқожа» - дейді, «Ақжол» - дейді: екеуі бір кісінің аты. Өзінің шын аты - Жанарыс екен. Жұрт алдында Ақжол аты қалған.

Ұлы жүз ұраны - «Бақтияр»
Кіші жүз ұраны - «Алдияр»
Орта жүз ұраны - «Ақ жол».

Ескерту: Естіген құлақтың жазығы жоқ. Мен естігенімді жазамын. Біліп жазушыға таласым жоқ. Сөздің өтірігіне нанба, келісіміне нан. «Өтірігіне нанса болар, келістіріп айтушысы болса» - деп әз Жәнібек айтқан екен. Қазақтың емін-еркін өз тізгіні өзіне тиіп тұрған кезде қатын керек болса, ноғайлардың қыздарын еріксіз, сұраусыз алып кете бергендіктен ноғай халқы бұл күнгеше шейін жек көріп кеткендігі сол дейді. Қалмақ ежелден атасының асындай болған. Онан олжаға ұл түссе, «құл» дейді, қыз түссе, «күң» дейді. *** [31.2 мәтін Алаша хан ұлы Жошы әңгімесі] Бетпақ далада «Таңбалы Шұбар» - деген жер бар. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Қазақтың таңбалары талас болса, үш жүздің баласы сол тастан барып қарасады. Алаша ханның тұсында басылған таңба деседі. Мұнан бұрын сағымнан пайда болған Шыңғыс хан да тоқсан екі баулы Қыпшаққа таңба үлестіріп, ұран қойып берген екен деседі. Алаша ханның тамы Қаракеңгірде, өзеннің күнбатысында. Ташкент, Түркістан ұсталары жасаған, күйдірген кірпіштен салынған. Өзінен қалған нәсіл, тұқым жоқ. Алаша ханның жалғыз баласы Жошы бала күнінде аңға шығып, аты құланмен елігіп -желігіп, бала атына ие бола алмай, аттың басын тоқтата алмай, жығылып, ат сүйретіп өлтірген. Қасында бірге шыққан жігіт-желеңі ел бетін көре алмай қашып зым-зия жоғалып кеткен.

Аңға кеткен бала келмеген соң, хан да, жұрт та түйсінген:

— Бұ бала енді жоқ болды, кімде-кім естіртсе, басын аламын! - деген.

Сонда бір Китбұға деген домбырашы бар екен, күй тартады екен. Бір күні домбыра тартып, домбыраның күйімен баланың өлгендігін сездіреді.Сондағы домбыраға тартқан күйі:

Алаша хан, Жошы хан,
Ақсақ құлан жосыған,
Құлан теуіп өлтірді-ау,
Бұйрығын ақтан келтірді-ау, -

деп тартқан екен.
Сонда хан айтқан екен:

— Кетбұғам, сенің домбыраңның даусы бұзылды-ау! Біліп отырмын: Алаша хан, Жошы хан,

Ақсақ құлан жосыған - деп.
Мен кеще кісі болмасам,
Ханның жалғызының жайрап қалғандығы
Дәл келеді-ау осыған, -

деген екен.

Бұл сөз ханның аузынан шыққанда, жұрт шулап қоя берген: «Алдияр тақсыр, өз аузыңыздан естідік» - деп. Сол уақыт «құлан шуы» - делінген уақыт екен. Малдың балалап, аң да төлін төгіп жатқан кезі екен. Хан жарлық қылды:

— Төрт түлік малды төлінен айырсын, жаңа туып жатқан төл енесіне жамырамасын, хайуан да мендей аза тұтсын, зарласын! - деді. Өзі ас-су ішпей, теріс қарап жатып алды.

Өзі қара қылды қақ жарған әділ екен. Екі даугер келсе, ұйқыда жатса да, шошып оянады екен. Ac ішіп отырса, аяғын қоя салады екен. Сол екі даугердің көңілін дауаламай, ішкені ас болмайды екен.

Қатыны келіп:

— Тақсыр, есік алдында екі даугер келіп тұр, - депті.

Хан төсектен басын жұлып алғандай:

— Дауы не екен, сұрадың ба? - депті.

Сұрадым, біреуі бөтен жұрттың жолаушысы екен, біреуі - өзіміздің күнде көріп жүрген Жонбас екен, жолаушы ұзын жолға кетіп бара жатқанда: «Қайтарымда алармын», - деп, Жонбасқа ат басындай алтын қалдырып кеткен екен. Сол жолаушы барған сапарынан қайтып келіп, енді алып кетейін десе, Жонбас алтынды бермепті: «Баяғыда сенікі болғаны не керек, енді көзім көріп, қолым үйреніп, бауыр басып қалыппын, бермеймін!» - депті.

Хан:

— Аманатты сақтар болар, иесі сұрай келсе, өзіне қайырар болар, былшылдамасын, берсін. Мен айтты, - дегенде. Ханымы:

— Төрелігіңізге құлдық, тақсыр. Төреңізге құлдық, тақсыр! Хан екі сөйлесе, қара болады, қара екі сөйлесе, қатын болады деген екен. Бұл бала Жасаған Иемнің сіз бен бізге сақтатқан аманаты емес пе еді?! «Аманатын Иесі өзі алды, өзінікін өзі алды» - дегенмен, өкпе жүре ме? - дегенде, хан басын көтеріп алыпты:

— Сенікі дұрыс екен де, менікі бұрыс екен! - деп, сабасына түсіп, оттап, суын ішіп, мал баласын жамыратыпты.

Сонда бір боз інген жеріп, ботасын алмапты. Хан: «Осы бота аштан өлсе, обалы маған, менің мойнымда қалады-ау - деп, - Түйенің ботасын алғызғанға қалыңсыз қыз беремін -деген соң, баяғы Кетбұға бес саусағын сірімен қаптап алып, күй тартып, хан баласының мән-жайын домбыраның күйімен сөйлеп, естіген жұрт та су болып ағылыпты. Інген де есінен танып, балқып кетіп, еміреніп, ботасын емізіпті. Сол күйдің аты: «Бозінгеннің күйі» атанып қалыпты. Бала күнімізде Қызылтауда екі шал тартымпаз еді. Біреуі - Күлік Ақай Қиялшы, біреуі -Қақсал [Отыншы]. Қазақтың қазақ болып, көзге түсіп, ауызға ілінгені осы Алаша ханның хан болып тұрған кезі. Қазақтың басын қосып, біріктіріп, орын тептірген де Алаша хан. Сонан бері «Алаш» ұранды Қазақбайдың баласы жанжал, ұрыс-төбелес болса, «Алаш-алаш» - деп айғай салса естіген қазақтан ес қалмайды. Мұнан соң бұл қазаққа Асан Қайғы хан болған. Ол орнығып табан тіреп тұра алмаған: «Бұл Сарыарқаны кәпір алады, моламды кәпірдің аяғының астында қалдырмаймын» - деп, малды үш жыл ту қылып, Жиделі - Байсынға ауып кеткен. Сонан соң қазақ ноғайлының ханы әз Жәнібек ханға қараған. Ол қазақты өз заңына, бетімен жайылған қалпына жіберген. Ұлы жүз Үйсін аға деп, Үйсіннен датқа сайлап, Жалайырдан көтермеші (орынбасар) сайлаған. Орта жүзге Арғын аға деп, Арғыннан датқа сайлап, Жаппастан оған датқа сайлап, Найманнан оған көтермеші сайлаған. Кіші жүзге Алшын аға деп, Алшыннан датқа сайлап, Жаппастан оған көтермеші сайлаған. Қарап отырғанда бір бос әңгіме. Шын –өтірігін Құдайдан басқа білуші жоқ. *** [31.3 мәтін Қазақ хандары] Әз Жәнібектің тоғыз ұлы болыпты. Оның бірі - Қасым хан. Бұл тақты Сазайшқадан [Сарайшықтан - Е.Қ.] көшіріп Ұлытауға орнаттырған. Қазақты қатарға қосып кеткен осы - Қасым хан. Қазақтың ортасында «Қасым ханның қасқа жолы» -делінген сөз үлгі, қасиет болып қалды.

Баласы Жәнібектің сардар Қасым
Қазақтың біріктіріп, құрап басын.
Осы жер ата қоныс мекенің деп,
Найзамен сызып кеткен шекарасын.

Қасым хан өлген соң балалары баққа-таққа таласып, өзді - өзді жұлқысады. Ноғай, өзбек, қалмақ үшеуі үш жақтан жау болады. Өзара быт-шыт болыңқырап, Қасым ханның бел баласы Ақназарды хан көтеріпті. Ақназар қайратты батыр атанып, өзбек ханы Шайбаниларды к...н пістіріп, ноғай ханы Көшім ханды қорғалатып, үйінен шыға алмастай қылады. Орыстың сол уақыттағы патшасы Иван: «Ақназарға елші жіберіп жауласпайық, сауда жасап, керуен жүргізіп тұрысайық» - дейді. Ақназар қазақты Қасым хан тұсындағы халіне түсірген. Ақназардан соң Шығай хан болып, бұл аналардай мықты болмай, осал болады. Бұдан кейін Шығай баласы Тәуекел хан болады. Тәуекел өзбек хандарымен соғысып, оларға қатты соққы береді. Сарт қазақпен соғысуға шыдай алмай, әлсірейді. Тәуекел хан Ташкент, Түркістан, Әндіжан, Самарқан - бәрін өзіне қаратып алып, тақты Ташкентке көшіріп, орданы Ташкент қылып тұрған. Тәуекелден соң Еңсегей бойлы Есім хан болады. Түркістанда тұрып, Ташкентке Тұрсын ханды ие қылып қояды. Сол күнде Иманқұл хан деген өзбекке хан болып, Бұхараны билеп, Еңсегей бойлы ер Есімнен үш рет соғысып, Түркістан, Ташкенді ала алмай жеңіліп қайта берген. Есім ханнан кейін қазақ жүдеу бас болады. Ташкеннен айырылып қалады. Есім ханнан кейін оның баласы Салқам Жәңгірді хан көтерген. Бұл кезде қалмақтың Қоңтажысы күшейді. Қазаққа дамыл бермей, тыныштық көрсетпейді. Қысқа күнде қырық шапқан. Соғыс болса қалмақтың иығы аса берген. Жоңғар жеңген жерде қазақты тырп ете алмастай қылып, ойсыратып, шауып кете берген. Қазақ сондай қатты қырғынға ұшырағаннан кейін іле-шала қайтадан жиылып, қалмақпен соғыса берген. Бақытты ханы жоқ, тайсал - мас батыры жоқ, көп жаманның жиылып төбелесе бергенінен не өнеді? *** [31.4 мәтін Әз Тәуке заманы, Ақтабан шұбырынды] Салқам Жәңгірден кейін әз Тәуке деген хан болады. Мұның өзі ақылды, табанды кісі болады. «Байсалды айғырдың үйірін ат жақтайды», - дегендей халықты жақсы басқарады. «Күлтөбеде күнде кеңес» - деген сөз осы әз Тәуке тұсында айтылған сөз. «Кері кеткен елдің кеңесі көп болады. Кедей елдің көш басшысы көп болады» - сөз де сол заманда айтылған сөз болса керек. Тарихты ақтарғандар 1643 жылдарда қалмақ дәуірлеп көтерілді деседі. 1723 жылдарда Қалдан Шерин Ташкентті билеп, тағын Ташкенте орнатқан деседі. Қалмақ дәуірі көтерілген кезде, Ұлы жүз Қожан шахқа, Орта жүз Самарқанға, Кіші жүз Хиуаға қарап кетті деседі. «Ақтабан шұбырынды» Орта жүздің басынан кешкен уақиға болса керек. Мөлшермен есептеушілердің айтуына қарағанда, 1727 жылдар ма қалай? Ұлы жүз Жоңғарияға қарап қалды да, Орта жүз жұттан, жаудан қашып, көшіп, босып, әрі жұтқа, әрі жауға ұшырап қалған екен. Тамтығы Сарыарқаға келіп қалған. Бұлардан бұрын Арқада: Он екі Қазылық, Ой Түндікте наймандар бар екен деседі. Қанжығалы, Бәсентиін бар екен деседі. Ауып, жүдеп келген ел Наймандардың қырық биесін бір түнде сойып алыпты. Наймандар: «Бұл қырық бие еруліктерің болсын, өзімізге рұқсат қылыңдар», - деп, өрге қарай көшіп кетіпті. Жеті момын отырып қалыпты. Зорлық жасамапты. Қанжығалы Абыз Шомақтың қызын қолынан емес, жолынан алғандай алып, Қаз дауысты Қазыбектің тұңғышы Қонайға қосыпты. Шідертінің бойындағы Қонай жастайынан өліп, Шідертіде өзенінің жағасына қойыпты. Шідертінің бойындағы «Қонай» суының аты «Қонай» - атаныпты. Қанжығалы, Бәсентиіндер Баянаулаға келіп орнығыпты. Сүйіндік келіп қоныстана бастаған соң, бұлар одан да сырғып, Ақкөл, Жайылма түсіп кетеді. Жұттан, жаудан басын алып қашқан елдің жаяу шұбырған шұбырындысы аппақ сүрлеу болып, табандары таздың басындай жалтырап қалады екен. Жатқанда, алқа қотан айнала жатады екен. Семіздерін ортасына алып, қорғап жатады екен: Басқа бөтен жат рулар ұрлап, сойып жеп қоя ма? - деп. Тобықты Әнет бабаңның төбе басында қалғандығы, он алты ұлды Тілеуімбеттің қырылып, жойылғандығынан еді. Сол күндерді қалай ұмыттырсын?! Бір жігіт он бес ауылды асырауға жарады. Бір көк ала бие он бес ауылды асырауға жарады. Көк ала биенің иесі айдалаға елсізге апарып, оның бұтынан шелек айырмай сауып, сүйретпемен сүтін үйге әкеліп, сабаға құйып, он бес ауылды тарықтырмады дейді. Бір күн елсізде биесін сауып отырса, алыстан төрт атты кісі тұп-тура келе жатыр еді: тұрып кетейін десе, иіп тұрған биесінің сүті жерге саулап кететұғын, тұрмайын десе, ана кісілер келіп қалатын. Қайтерін білмей, сасыпты. Жұдырықтай тасты жерден алып: «Көз болсаң, көнекке, тіл болсаң, тасқа» - деп, сүттің ішіне тастай беріп, көнектің бетін жаба қояды.

Төрт кісі келіп:

— Мана біз көрінгеннен биенің бұтында отырдың, сауып отыр ма едің, жоқ, ұйықтап отыр ма едің? - дейді.

— Не сауып отырайын, өзінің бөтен кісі көрсе, иімейтін жаман мінезі бар еді. Сендер көрінгеннен иімей қойды. Бие иір ме екен деп отырмын, - деді.

— Бәсе, солай ғой. әйтпегенде, біз көргеннен бері сауып отырған болсаң, ендігі өзен болып ағып жатарлық болды, - деп, жүре беріпті.

Олар кетісімен, сүтті сүйретпеге құйса, көнек түбіндегі жұдырықтай тас төрт бөлініп кеткен екен дейді. «Адам тілі тас жарады, тас жармаса,бас жарады!» - деген сөз осындайдан қалған көрінеді. «Сөз сөзден туады» - дегенге дәл келеді. Шоң, Торайғыр билер және Тайкелтір бидің Өрік деген тоқалынан туған Өтеп сақау бар, Торайғырдың атшысы Ыстықмұрат Ерсары бар. Қаракесекке бітімге бара жатып қоналқаға бір ауылға жақындап қалғанда, кісінің басындай бір ақ тас көреді. Доп - домалақ, жып - жылтыр. Көрген соң айнала тұра қалып тамалашасып, бірінен - бірі алып, көріп таңданады да, жөндеріне жүре береді. Ауылға барып қоныпты. Бір-екі көкала бас ботаны, бір–екі ақ қара бас марқаны тамаша қылып таңданысыпты. Бұлар аттанғанша бота да, марқа да пышаққа ілініпті. Сонан бұлар әңгіме қылысыпты: «Мына екі ботаны да, мына екі марқаны да біздің көзіміз атып шықты. Кешегі тас қайтты екен», - десті. Ауылдан аттанған соң, ерінбей, жалықпай, әдейі тасты барып қараса, ортасынан қақ жарылып қалған екен.

32 мәтін

ЕСІМ ХАН

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Еңсегей бойлы ер Есім Түркістанда қазақ ханы болып тұрған күнде, Ташкентте Тұрсын хан Қатаған деген жұртты билеп тұрды. Тұрсын хан анттасып, Есім ханмен ата - бата қылысты бір-бірімен жау болмасқа:

— Күнбатыс Бұхара, Қоқан, Самарқанмен жауласуға мен қарсы тұрайын! Сен күншығысқа қосын қылып аттан, ұзын аққан Ертістің басынан кір, аяғынан шық! - деген соң, мың кісі қосын алып, күншығысқа бет қойды.

Ол күнде Шу мен Сарысудан асқан соң, ұзын аққан Ертіске шейін елсіз, жыртылып айрылған аңнан басқа дәнеме жоқ екен. Шідертінің өзеніне келіп: «Тынығайық», - деп, қос тігіп жатты.

Сонда «Шүршіт қырған» биігінен қарауылшылары:

— Қара көрінді! - дейді.

— Елсіз, күнсіз далада кім жүруші еді?! - деп, аттарын қоя беріп, қаннен-қаперсіз (қаннан қабарсыз) жата берді.

Сөйтсе, ол көрінген қара қалмақ қарауылшысы екен. Бұлар бейғам жатқанда, түп көтере аттарын тиіп алып кетіп, айдалада мың кісі жаяу қалды.

Мінгені Есім ханның Алабел-ді,
Бойында Шідертінің қара көрді.
Көрінген сол қараны: «Кертағы» - деп,
Аттарын шідер салып, қоя берді.

Бұл өлең - сол күннен бері қарай қазақ ортасында жоғалмай айтылып келе жатқан өлең. Аттарынан айрылып, сол мың кісі сол жатқан жерінде он күн жатты. Он күн өткен соң, Есім хан бас көтеріп сөйледі:

— Азаматтар, шоралар, біз бүйтіп жатпайық. Міне, мен жортар аттың он күнде барған жеріне бір күнде барамын! Маған еруге жарайтұғының бар ма?! - дейді. - Ол қалмақ он күндік жерге бармай, орнықпайды, не Қоқиярдың (Кокиердің) көліне, не Балқаштың теңізінің қопасына барып бекінді! - дейді.

Біреу тұрып айтты:

— Мен жортар аттың он күнде барған жеріне бес күнде баруға жараймын! - дейді.

Біреу тұрып айтты:

— Жортар аттының жетіп барып қонған жеріне мен де барып, қона беруші едім. Мен он күнде баруға жараймын! - дейді.

Екі-ақ кісі белсеніп шықты. Еңсегей бойлы ер Есім айтты:

— Міне, мен бүгін жүремін, со қалмақтың барып бекінген жеріне бүгін барамын. Бес күнде келетұғын сізді де тосамын, он күнде келетұғын сізді де тосамын! Және Көкала қолыма тиіп, үстіне мінсем, жауға тиемін! «Ұзын оқты Оннан (Ондан) бол. Қайдан болсаң, сонан (соннан) бол!» - деп, айғай - сүрен саламын. Көкала астыма тисе, қалмаққа тағалы торы тай тастамаймын! Сонда екеуіңе қолыңа тигенді ұстатамын, мінесің! ... қал!» - деп, қоштасып жөнеліп берді.

Сол күн барды. Барса, қалмақ бір қалың жыныс қопаға бекінген екен, айнала қос тігіп, ат біткенді қопаның бір аралына салған екен. Күндіз жанға көрінбей жатады, түн болса, қопаны аралайды. Іздегені Көкала, қолына түсіре алмады. Тоғыз күн қопаны аралады, Көкаланы көре алмады. Оныншы түн болғанда, жан ұшырып, шарқ ұрып жүрсе, қалмақтың жайсаңы қопаның қалың ортасына қосын тігіп, Көкала ер-тоқымы үстінде, қостың босағасында, шылбырын үйге кіргізіп, ұстасып отырады екен: «Бұл, айғай шықса, тыныш тауып тұра алмайды, онан соң, қолға түсуі жоқ» - деп. Қалмақ өздері тамақтарын жаңа жеп болып, жауырынды отқа салып, қарасып отыр екен. «Жауырындары не дер екен, тыңдайын, - деп, Көкаланың артына келіп тұра қалдым», - депті.

Сонда жауырынға қарады да:

— Еңсегей бойлы ер Есім дәу де болса, келген шығар: «Көкала қайдан қолыма түседі?!» -деп, шарқ ұрып қопаны аралап жүрген шығар! - десті.

Он да біреуі:

— Жауырын былшылдай береді, бұл иттің: «Есім хан Көкаланы іздеп жүр», - дегеніне он күн болды! - депті.

Бірі қарай салып жауырынға:

— Ой, Есімің Көкаланың не алдында тұр ғой өзі, не артында тұр ғой! - деп. - Шыға сала біреуі қарар дегендей, Көкаланың бауырының астына кіріп, отыра қалдым! - депті.

Жалма-жан біреуі жауырынға қарады да:

— Ой, осы Есімің Көкаланың үстінде отыр ма, астында отыр ма? - десті.

Жалма-жан ұшып тұра келіп, шылбырдың түбінен қиып жіберіп, Көкаланың үстіне мініп алдым да, салдым айғайды. Аман бол, бар мінкішті қопадан қудым да, шықтым! Екі жолдас та бір - бір ат ұстасып мінген екен. Баяғы қалған көп жолдас та жаяу осылай қарай шұбырған екен де, кісі басы бір-бір таяқ кесіп алып, жерге үйген екен: «Қаншамыз өліп, қаншамыз қалғанымызды осы таяқтан білейік!» - деп. «Сондықтан сол жер «Мыңтаяқ» -атанды» - дейді. Сол жүргеннен бәрі бас қосып алып жүріп, Ертіс түсіп, әр түрлі бөтен жұртпен соғысып, өлгені өліп, қалғаны қалып, мың кісіден қырық кісі қалды дейді. «Ер игісі қос табар», -деп, еліне жақындап қалғанда, естіді дейді: Тұрсынхан мұны алдап, қаңғытып жіберіп, Түркістанды шауып, талап, олжалап алып қойғандығын! Мұны естіген соң, Есім хан жынданды дейді. Қасындағы жолдастарын өлтіре жаздапты. «Байлап қояйық!» - дегенде, қырқын қырық жерге домалатып, бықпырт тигендей қылыпты. Біраздан соң сылқ етіп құлай кетті. Әрі-бері жатып, басын көтеріп алып:

— Маған не болды? - депті.

— Сіз жындандыңыз, - десіпті.

— Онда неге мені байлап қоймадыңдар?! - депті.

— Әліміз жетпеді, - десіпті.

— Осы отырғандар бәрің жабылдыңдар ма?

— Жабылдық.

— Шамаларың... келмеді ме?

— Шамамыз келмеді.

— Бір кісі жынданса, қырық кісінің әлі келмепті. Осы отырған қырық кісі жынданса, дүние тола жанның шамасы келе ме?! Кел, бәріміз көтеріле жынданайық та, осы бетімізбен Ташкентке кірелік! - деп, лап қоя шауып, Ташкентке кіріп, көзіне көрінгенді қырып, хан Тұрсынды өлтіріп, Қатаған деген елден шөметейінен с...н бала қалдырмай, Қатаған атын жоқ қылды дейді. «Қатағанның хан Тұрсын. Қай неткенді ант ұрсын!» -деген мақал сонан былай қарай жұрт аузында қалды деседі.

33 мәтін

ЕҢСЕГЕЙ БОЙЛЫ ЕР ЕСІМНІҢ ЕРТЕГІСІ

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Қазақ жұртының бұрынғы үлгілі билері сөз бастағанда: «Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы», - деп сөйлейді екен. Сол Есім хан Әз Жәнібектің тоғызының бірі Жәдік ханның немересі екен. Қазақ жұртына хан болып тұрғанда пайтахтысы Түркістан шаһары болған екен. Мұның заманында Ташкентте Қатаған деген жұрттың ханы Тұрсын хан Есім ханға елші салып: «Екеуміз тату-тәтті балдай боп тұрысалық. Күнбатыстан келген жауға мен төтеп берейін, күншығыс жақтағы жауға сен кедергі болып тұр. Менен қосын ал, жабдық ал, азық ал, сөйт те ұлы Ертістің басынан түсіп, аяғынан бір-ақ шық. Сонан бергі жер өзімізге қарап қалсын!» - деген соң, Есім хан: «Жарайды, болса, болсын. Мен сенен қосын да алмаймын, азық та алмаймын, жабдық та алмаймын. Өз күшім өзіме жетерлік, тек сен менің қалған жұртыма көзіңнің қырын салып тұрсаң болады», - деп, Тұрсын ханменен уағдаласып, мың кісімен күннің шығысына қарай жүріп кетті: «Ұлы Ертістің басынан түсіп, аяғынан бір-ақ шығамын!» - деп. Сарыарқаны қақ жарып келе жатқан бетінде Шідерті деген өзеннің бойында бір жалғыз қара көрді дейді. «Елсіз жерде не қылған жан жүреді? Бұл аң шығар, аң болса, ірілеу көрінеді, кертағы шығар», - деп, аттарына шідер салып, аунап-қунасын деп қоя беріп, қаннен-қаперсіз жатып алыпты. Сөйтсе, ол көрінген қара кертағы емес, қалмақтың қарауылшысы екен. Бұлар бейғам жатқанда, аттарын қуып, түп көтере алып кетті дейді. Айдалада: «Дат!» - деп, жаяу шоңқиды да қалды. Мінгені Есім ханның Алабел-ді, Бойында Шідертінің қара көрді. Көрінген сол қараны: «Кертағы» - деп, Аттарын шідер салып қоя берді. Жаяу олай жүгірді, бұлай жүгірді. Ана төбеге бір шықты, мына төбеге бір шықты. Шыққанмен немене, ұшайын десе қанат жоқ, жау көтінен қууға жалғызында да ат жоқ. Сайын далада төгіліп, жатты да қалды. Тоғыз күндей олай толғасты, бұлай толғасты. Дәнеме таба алмады. Оныншы күн болғанда, Еңсегей бойлы ер Есім хан:

— Кел, жігіттер, жапанның сары даласында жатып өлмелік. Менімен жау соңынан баратын, маған серік болатұғының бар ма? - дегенде, бәрі шулап қоя берді:

— Жалғызымыз қалмаймыз, бәріміз де серік боламыз, сізден айрылған соң, айдалада аштан өліп қаламыз. Онан да сенің соңыңда шұбырып жүріп өлейік! - десті.

— Маған серік болғанда, мен атты кісінің аяңдап отырып он күнде жеткен жеріне бір –ақ күнде барамын.Кәне, сондай жүріске жарайтұғының бар ма? - дейді.

Сонда біреу тұрып айтты:

— Мен бес күнде барсам керек, - дейді.

Және біреу тұрып айтты:

— Мен он күннің өзінде барсам керек, - дейді.

Өзгесі:

— Атты кісінің он күнде барған жеріне алдымыз айында, артымыз жылында жетсек, жаман ба? - десті.

Сонда Есім хан:

— Кел, батырлар, ер басына бір-бір таяқ алыңдар. Және кісі басына бір-бір таяқты бір жерге жинап салыңдар! Жаудан аман-есен қайтқандарың таяқ жиып, салған жерден бір-бір таяқтарыңды алып өте беріңдер. Кісінің қаншасы қалып, қаншасының қайтқандығын кейінгісі есебін сонан білетұғын болсын! - дейді, - Міне, мен бүгін бұл жерден жөнелсем, сол қалмақтың он күн ұдайымен жүріп отырып барған жеріне кешке қонаға барамын. Он күндік жерге барған соң, ол қалмақ та көшпейді, жатады: «Жаяу кісі он күндік жерге өмірінде келе ме?» - деп. Мен барғанмен, жауға да тимеймін, жанға да тимеймін, бес күнде келетұғын сені де тосамын, он күнде келетұғын сені де тосамын. Дәл он күн болғанда, сол екеуі келіп жетті-ау деген кезде, астыма Көкала түссе, түн ішінде айқайлап жауға тиемін. Көкала астыма түспесе, онда бәрің де аман болыңдар, көріскеніміздің алды-арты осы деп біліңдер. Қой, қош аман болыңдар! - деп, Есім хан екі етегін беліне түріп алып, қалмақтың із өкшесіне түсіп жөнеліп берді.

Оның соңынан ана екеуі де жүрді. Айтқанындай, шыққан күнінің күн батып, қас қарайып, сам жамыраған кезінде қалмақтың он күнде зорға жетіп жығылған жеріне жетіп барды дейді. Барса, қалмақтың ауыр қолы бір қопаға бекінген екен. Қопаны айнала жағалай иін тіресіп қостарын тігіп, жаудан түскен атты да, өз аттарын да қопаның ішіне кіргізіп жіберіп, отты самаладай қылып өртеп, қағанағы қарық, сағанағы сарқ болысып жатыр екен. «Бетегеден биік, жусаннан аласа» болып, жалғыз шөккені бетіне ұстап, айсыз қараңғы түнде қопаның қалың ішіне кіріп кетіп, түні бойы аралап, Көкаланы ұшырата алмады. Таң атқан соң қопаның бір түбек, берік жерін тауып алып, қалмақтың бір атын азыққа сойып алып, шақпағы кісесінде, аттың қарынын қазан қылып, емін-еркін ыстығын қылып, ішіп жата берді. Түн болса, қопаның ішін қақ жарып аралап, Көкаланы іздейді, күндіз жатады Сонымен тоғыз күнді өткізді: «Бүгін Көкаланы қолыма түсіріп алып, түн ішінде жауға тимесем, келген екі жаяу менен күдер үзіп, қалмақтың өзіне келіп, пенде болып, шынын айтып қойса қорыққандықпен, онда бір масқаралық болды ғой!» - деп, оныншы деген күннің түнінде жан ұшырып, қопаның ішін шарқ ұрып келе жатса, қалмақтың ханы қосын қопаның қақ ортасындағы аралға тігіп, Көкаланы ер-тоқымымен түн болғанда, босағасына басын кіргізіп, қостың ішінде шылбырынан ұстасып отырады екен. «Егер айқай шықса, не нәрсені болса да шыдатпай, тас-талқан қып, үзіп кетеді! - десіп. Есім ханның Көкаласының даңқы қалмаққа бұрын әбден танымал болған екен. Сонда қостың ішінде отырған қалмақтар ет жесіп отыр екен. Етті жеп болып қолдарындағы пышақтары тегіс жерге түскен соң, қалмақтың біреуі жауырынды алып қарады да:

— Япырмай, - дейді, - Еңсегей бойлы ер Есім дәуде болса келген шығар. Осы күнде аралап: «Көкала қайда?» - деп, алақтап жүрген шығар дейді, - дейді.

Дәл осы сөзді айтқанда Есім хан: «Көкаланың артына тақау тұр едім», - депті.

— Кәнеки, рас па? - деп, жалма-жан біреуі алып қарады дейді:

— Еңсегей бойлы ер Есім Көкаланың алдында ма, артында ма? - дейді.

«Сонда қылп етіп қалдым: шығып қарайды ғой!» - деп, Көкаланың бауырының астына кіріп отыра қалдым», - депті. Мені сонша жерге жаяу келеді деген, ондай болып жүреді деген ойларында дәнеме жоқ. Жауырынға түскенін айтысып, әзілдей қылысып отыр. Және біреуі алып қарады дейді:

— Сендер нені айтып шатып отырсыңдар? Еңсегей бойлы ер Есім Көкаланың не астында, не үстінде ғой өзі?! - дегенде:

«Енді шығып қарайды ғой деп, шылбырдың сулыққа тақалған жерінен қиып жіберіп, Көкаланың үстіне мініп алдым да тұра қалдым: «Енді не дер екен?» - деп.

Сонда жауырынды бірі алып қарады да:

— Шылбыр қалды да, Көкала кетті ғой! Нанбасаң, тартшы шылбырыңды, - дейді.

«Ол шылбырын тартып қалды да, мен айқай салып, қопаның ішінде жатқан дөңгелек тұяқтан дәнеме қалдырмай қудым да шықтым», - депті. Соңынан келген екі жаяу да жолын тосып жатыр екен. Бір-бір атты олар да ұстасып мініп, есен-аман көп жол достарына келіпті. Баяғы таяқ кесіп салған жері «Мыңтаяқ» атаныпты. Сол сапарында ұзақ жүріп кетіп, жолдастарының қалғаны қалып, қайтқаны қайтып, өлгені өліп, ең ақырында қырық кісіменен қалыпты. Түркістанға қайта бет қойып келе жатып, жолай естіпті. Тұрсын хан қосын тартып келіп, иесіз қалған елді шауып, жебір-жесір қылып, жаман қырғын таптырып, Түркістанды өзіне қаратып алып қойған екен. Еңсегей бойлы ер Есім мұны естіген соң, долданып, өз-өзінен алас ұрып, жынданып құтырды дейді. Жанындағы жолдастары осынша ұстап байлаймыз десе де,шамасы келмей, алайғысын олай, бұлайғысын бұлай лақтырып, қырық жолдасы бәрі де қалжырап, алқынып дем алысып отырған соң, Есім хан өзінен - өзі басылып, сылқ түсіп жатты дейді. Әрі - беріден соң басын көтеріп алып:

— Мен не болдым? - деп сұрады дейді.

Жолдастары:

— Сіз құтырған есепті болдыңыз, жаман бүліндіңіз, - дейді.

— Онда неге мені байлап тастамадыңдар? - дейді.

— Бәріміз жабылсақ та, шамамыз келмеді, - десті.

— Жалғыз маған ба? - дейді.

— Жалғыз сізге бәріміз жабылсақ та мұршамыз келмеді, - дейді.

— Олай болса, мен бір құтырғанда, қырық кісі шыбын құрлы болмаған болса, бәрің мендей құтырсаң, дүние жүзі кісі болса да, қырау құрлы болмаса керек. Кел, батырлар, қырық біріміз құтырған бойымызбен барып, Ташкентке қол қоялық. Ал, жүріңдер! - деп, Ташкент шаһарына қарай бет қойып, сол қызуланып көтерілген екпіндерімен барып кіріп кетіп, Тұрсын ханды итше тепкілеп, қорлықпен өлтіріп, Қатаған деген халықты жаман қырды дейді.

«Қатаған ханы хан Тұрсын, қай неткенді ант ұрсын» - деген мақал сонан қалды деседі. Сонан соң Қатаған деген ат жоғалды. Бірлі-жарымды қалғаны болса, Қаңлы, Шанышқылыға сіңіп кетіп, сонан қалған елдің тұқымы сол екі елдің ішінде қорғалап қалыпты деп айтылады. Ашаршылық болып,төмен тартар сауынның қажет уақытында, сол Көкала бір балалы малға сатылып, «Есім ханның Көкаласы, ол да бір балалы мал болыпты» - деген сөз сонан қалды. Сол үшін қазақ халқы: «Басын айырдан к...ті айыр» - деседі. Қасым хан деген ол - Әз Жәнібектің бел баласы. «Жошы ханнан соң, көп жұрт алған кісі осы Қасым хан еді» - деседі. Бұл Һәм қазаққа хан болған кісі. Жалғыз қазақ емес, ақырында көп жұртты биледі.

34 мәтін

БҰЛ ҚАЗАҚ, ҚАЙ УАҚЫТТА «ҮШ ЖҮЗ» АТАНҒАН?

(БІРІНШІ НҰСҚА)

[34.1 мәтін] Қазақ жұртында ауызда сөйленіп жүрген бір сөз бар: «Кеше Алаш Алаш болғанда, // Алаша хан болғанда, // Үйіміз ағаш болғанда, // Ұранымыз «Алаш!» болғанда» - десіп келеді. Оның мәнісі Бұхара хандарынан: [Қызыл арыстан] хан қазақ ханы болып тұрған күнде бәйбішесінен бала болмапты. Қызылбасты шауып, соның ханының қызын олжалап алып келіп, аяғын салған екен дейді. «Аяғын салды» деген сөз некесіз (неқақсыз) алғанды айтса керек. Сол қыздан бір ер бала туыпты. Өзі сауысқанның аласындай ала туыпты. Бәйбіше қатынға айтты:

— Бұл бала өскенде, жұртыңды ала қылып, өзіңе жау қылады. Мұнан осы күнде құтыл! -депті.

Хан бәйбішесінің тілімен қырық жігітті шақырып алып, арымас ат, тозбас тон, таусылмас азық беріп:

— Осы баланы менің хүкімім жүрмейтұғын жерге алып барып, сақтап (сақлап) өсіріңдер. Бұл Бұхараны (Бұхарды) бұл бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер! - деп, жер аударып.

Сол қырық жігіт баланы алып, Сыр дариясынан өтіп, Алатау, Қаратаудың аралық жеріндегі жайлап, көшіп жүрген жұрттың ортасына келіп, бір жайды мекен қылып, баланы асырап, өстіріп, бала он екі жасқа жеткен соң, қырық жігітпен баланың ісі болмай, баламен қырық жігіттің ісі болмай, бет-бетіне кетіпті. Сол заманда ол жерлерде Қотан, Қоғам, Құндыгер, Қобаң, - деген төрт атаның ұлы ел бар екен. Сол елдің ішінде: «Түгел сөздің түбі бір // Түп атасы - Майқы би» - деген би бар екен. Ол Майқы бидің Үйсін деген баласы ит жүгіртіп, құс салып жүріп, он екі жасар балаға кез болыпты. Бала бұл Үйсінге тіл қатып сөйлеспепті. Тілі жоқ, мылқау кісідей, бедірейгеннен бедірейіп отырып қала беріпті. Кеш болып, қас қарайып, Үйсін батыр аулына қайтып, әкесі Майқы биге айта келіпті:

— Даладан бүгін ағаштың түбінде отырған бір бала көрдім. Айдары аш беліне түседі. «Ай дейін десем, аузы бар, Күн дейін десем, көзі бар» . Бір қасық сумен жұтып жібергендей. Бірақ не керек, тілі жоқ екен, құлағы да естімесе керек. Егер тілі мен құлағы болғанда, дүниеде ешкімнің қолына түспейтұғын, ексе бітпейтұғын, қуса жетпейтұғынның өзі екен! - дейді.

Майқы би аяғы ақсақ, арбамен жүретұғын кісі екен:
Ертең мені арбаға салып алып барыңдаршы, көрейін! - депті

Ертең таң атқан соң Майқы биді арбаға мінгізіп, баланың отырған жайына алып барған екен. Бала ұшып түрегеліп:

— Ассалаумағалейкум, тамам ханның қазығы, бұқара жұрттың шірімейтін, сасымайтын, таусылмайтын азығы! - дейді.

Онда Майқы би:

— Уағалейкумассалам, құрсақта жатып, несібесін алыстан тілеп туған балам, болайын деп туған ұл екенсің! Болатын жеріңе жете алмай тұр екенсің! Кел, балам, қасыма мін! - деп, баланың маңдайынан тауап қылып, арбасына мінгізіп, аулына алып келіп, қой сойып, асықты жілік ұстатып, ол күн мейман қылып, ертең таң атқан соң, баласы Үйсінді шақырып алып, жүз жігіт жолдас қосып:

— Мына баланы алдарыңа салып, ту қылып ұстап, жыға ғып бастарыңа шаншып, Қаратаудан әрмен қарап асыңдар! Шу деген, Сарысу деген екі өзен бар, соны кесе көлденең басыңдар. Ұлытау, Кішітау деген тау бар. Соның о жақ, бұ жағында қарақалмақ Қатысыбан деген жау бар. Есіл, Нұра деген екі өзеннің арасында Тоғанастың тоқсан екі көлі бар. Оның бойында он сан ноғай Ормамбеттің елі бар. Сол екі жұрттың аралық жерінен килігіп, «Тас түссе, таңдайыңнан, алтын түссе, маңдайыңнан», үш жылғаша бақ талайыңды байқаңдар! - деп, бата беріп аттандырды дейді.

Бұлар сол жүргеннен жүріп, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жездікеңгір, - үш Кеңгірдің бойына келіп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен үш жылдың ішінде алдарына мал салып, үстіне үй тігіп, өз алдына ел-жұрт болды дейді. Сонан соң Майқы би Ақжол дегенді жүз жігітке бас қылып:

— Соларға барып қосыл! - деп, жіберді. Олар да келіп, бұларға қосылды. Оның артынан жүз жігітке бас қылып, Алшын дегенді жіберді. Олар да келіп, бұларға қосылды. Баяғы Бұхарадан шыққан қырық жігіт, олар да іздеп (ізлеп) келіп тапты. Өз жұртына өкпелеген, онан қашқан, мұнан қашқан, - бәрі бұларға келіп тығылып, өз алдына бір жұрт болды дейді.

— Кел, енді ортамыздан хан сайлайық! - деп, алашаға салып, баяғы ала баланы хан көтеріп: «Алаша хан» - ат қойды дейді.

«Алаш!» - деп, өздеріне ұран қойды дейді. «Жауға шапқанда: «Алаш, Алаш!» - деп, шабалық! Өз кісіміз екенін сонан білейік!» - десіп, әуелгі келген: «Ұлы жүз Үйсін» -атанды. Ортадағы келген: «Орта жүз» - атанды. Соңғы келген: «Кіші жүз» - атанды. «Үш жүздің баласы - Қазақ» - атанып, әр руға таңба үлестірді. Сол таңбаларын тасқа басып: «Талас болса, сонан қарасайық!» - десіп, үш жүздің баласы қазақтың таңбасы сол таста. Бұл күнде ол жерді «Таңбалы Нұра» - дейді. Қазақ атында болған жұрт Алаша ханның аузына қарап, Үш Кеңгірдің бойын жайлап, қыстап жүрді дейді. [34.2 мәтін] Алаша ханның Жошыхан деген жалғыз баласы болыпты. Құлан қуамын деп, бала астындағы аты желігіп, құланның әңгісіне еріп, қазасы сонан болып, бала аттан жығылып, құлан теуіп өлтіріпті.

Алаша хан, Жошы хан,
Ақсақ құлан жосыған.
Құлан теуіп өлтірді,
Бұйрығын ақтан келтірді, -

дейтұғын сөз сонан қалған.

Сонда хан жалғыз баласы өлген соң, төрт аяқты хайуан малды баласын анасынан айырып:

— Мен де зарлап қалдым. Хайуан мал да менімен қосылып, аза тұтсын! - деп, бірін-біріне жамыраттырмай, сегіз күн, сегіз түн ас-су ішпей, теріс қарап жатып алды дейді.

Сонда ханның ханымы Хан бибі келіп:

— Тақсыр, есіктің алдында екі даугер ғарыз қор келіп тұр дейді, - дейді.

— Не дауы бар екен? - дейді.

Ханым айтты:

— Бір кісі біреуге ат басындай алтын аманат қойған екен. Сол аманатын келіп сұраса, сақтаған кісі: «Қолым үйреніп, көзім меншіктеп, бауыр басып, өзімдікі есепті болып кетті. Саған бермеймін», - дейді екен де, алтын иесі: «Аманатымды алмай кетпеймін!» - дейді екен. Дау-жанжалдары осы екен, - дейді.

Хан жарлық қылды:

— Берсін, былшылдамасын, аманатты сақтар болар, иесі келген соң, бас бұрмай, пәлен -түген демей, берер болар! Біреудің аманатында не ақысы бар екен? - дейді.

Ханым:

— Төреңізге құлдық, тақсыр, бұл бала Құдайдың аманаты емес пе еді?! Сіз бен бізге біраз күн сақтатты. Керек болды, аманатын өзі алды. «Аманатыңды неге аласың?» - деген дауыңыз емес пе бұл қылып жатқаныңыз?! - дегенде, хан басын көтеріп алды:

— Уа, менікі қате екен. Құдай өзі пұлсыз, сатусыз берді, құнсыз алды. Оған менің қарсылық қылуым жарамайды екен. Жамыратсын мал біткенді! - дегенде, тамам малдың жас төлі енесіне табысқанда, бір боз інген жеріп, ботасын алмады дейді.

Сонда хан:

— Осы бота енесін еме алмай, аштан өліп кетсе, обалына мен қалдым-ау! - деп, - осы інгенге ботасын алғызған кісіге қалыңсыз қыз берер едім! - дегенде, бір домбырашы шал қолына сірі тігіп, саусақтарын сауаттап алып, домбыра тартып, күй шертіп, інгенді мас қылып, есінен жаңылтып, ботасын алғызған екен. «Боз інгеннің күйі» - деп, қазақ домбырашылары күй тартушы еді. Сонда сол інген шыққанда тартылған күй екен. Хан сонан соң жұртқа сауын айтып, ат жараттырды: «Пәлен айдың пәлен күні аңға шығамын, құланның тұқымын қоймаймын. Құлан қууға ат жаратсын!» - деп.

Айтқан күнінде өзіне қараған ел-жұрттың ығай мен сығайын жиып алып, көрінген құланды қудырып, ұрып жыға берген екен. Көздеріне көрінген құланнан бес құлан құтылып, Шудың ну қамысына кіріп кетіп, сонан сол жер: «Бесқұлан» - атанды. «Еңкей», «Қабақ», «Құлан жалақ» - деген жерлер бар. «Еңкейде» еңкейген торы ат өлген, «Қабақ» -деген жерде Аққабақ ат зорығып өлген. «Құлан, Жалақ» - дегені екі жүйрік ат соңынан қалмай қуып жүрген екеуі бірдей өлген соң, Құланның дем алып, ащы жалап тұрған жері еді деседі. Жошы хан деген баланың бір сирағын тауып алып, соған Алаша ханның өзі там жағына алып келіп қондырып, сол келін байға тимей, сол бойымен отырып қалған. Алаша ханның тамын сол келін салдырған. Өзіне там салдырғанда: «Атамның тамының төбесі көрінбейтұғын жерге салыңдар!» - деп, өзеннің күншығысына, Алаша ханның тамынан анадай алыс бір ойпаң аласалау жерге салдырған: «Атамның тамынан төменірек аласа жерде тұрсын!» - деп.

35 мәтін

БҰЛ ҚАЗАҚ,ҚАЙ УАҚЫТТА ҮШ ЖҮЗ» АТАНҒАН?

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

[35.1 мәтін] Қырық сан Қырым, отыз сан Рум, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, қырық сан Қарақалмақ-Қатысыбан, он сан Ноғай бүлгенде, Орманбет (Ормамбет) би өлгенде, Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. «Ала тайдай бүлдірді», - делінген сөз сонан қалған деседі. Жұрт аузында бір замандарда осылай сөйленген. Сол замандарда Қондекер (Құндақар), Қобан, Қотан, Қоғам дегендер болыпты. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы - Майқы би» - деген болыпты. «Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі екен!» -деседі. Сол замандарда қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан хан Бұхарада тұрып, хандық қылған екен. «Бір өзінде он бес азаншы жұма күні азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен!» - деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып алып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, өзі сауысқанның аласындай ала туып, бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп:

— Бұл баланды «балам» деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр! Мынау өскенде, жұртыңды ала қылып, «ала тайдай» бүлдіреді! - деген соң, хан қырық жігітке бұйырыпты:

— Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі (ары) өткізіп, қоя беріңдер. Өлсе, өлсін, өлмесе, өз бетімен қаңғып, күнін көрсін! - деп, «бадаре» қылыпты деседі, онысы «жер аударыпты» дегені, - Егіз - екі қайтып бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер! - деп.

Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап, күн кешіпті. Бала өз асын өзі алып ішерлік болған соң, өзінен басқа жанды жақтырмай, керек қылмай, тағы болып, жалғыз жонға шығып кетіпті. Тобылғыдан жақ қылып, жүзгеннен оқ қылып, көзіне көрінгенді қорек қылып, атып жеп, оғын құралайдың көзінен өткізетін мерген болыпты. Дәл он екі жасында аң аулап жүрген Майқы бидің баласы Үйсінге оқтай ұшырап, кез болып, ләм-мим бір ауыз тіл қатпай, қала беріпті. Үйсін батыр үйіне барған соң, әкесіне сөйлепті:

— Бір ағаштың көлеңкесінде отырған бала көрдім. «Ай дейін десем, аузы бар, күн дейін десем, көзі бар», көрген кісі қызыққаннан, «бір қасық сумен жұтып жіберерлік» келбеті, сымбаты бар, құсбегі пішіп тіккен томағадай құнысып тұрған бала. Өзінде Әзірейілдің анық бір түгі бар, маңайына жан батып бара алмаса керек. Жалғыз-ақ айыбы - тілі жоқ екен! - депті.

Майқы би өзі ақсақ: өмір бойы арбамен жүреді екен. Арба - сын көлікке салдырмайды, жаяу кісіге тартқызады екен:

— Мені арбамен алып барыңдар, көрейін! - депті, - Баяғы «сағымнан пайда болған» Шыңғыстың шын ұлын да көріп едім. Мынау сонан соң жалғанға жалғыз қара болып келген жан екен! - деп, барса, бала Майқы биді көре сала, ұшып тұра келіп:

— Ассалаумалейкім! «Хан атаулының қазығы, қара бұқараның азығы!» - дегенде, Майқы би:

— Әлейкімүссалам! Әмісе аман бол, балам! Сәтті күні туған ұл екенсің, жеріңе жетпей тұр екенсің! Кел, балам, қасыма мін! - деп, үйіне алып келіп:

Төркіл ошақ қаздырып,
Төбел бие сойдырып, -
Төменгі елді жидырып;
Жорға бие сойдырып,

Жоғарғы елді жидырып;
Ала бие сойдырып,
Аймақ елді алдырып.

Баласы Үйсінді бас қылып, атқа мінгізіп, «ердің ері, егеудің сынығы» дегендей, іріктеп, таңдап, жүз жігітті қасына қосып:

— Мына баланы жыға қылып, бастарыңа шаншыңдар, шеп қылып, беттеріңе ұстаңдар, ту қылып, төбелеріңе көтеріңдер! Қаратаудан арман (әрмен) қарай асыңдар, Шу мен Сарысуды көктей өтіңдер. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Айдаһарлы, Құдайберді деген жерлер бар. Соған барып, салық салыңдар! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар! Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар! «Хан әділ болса, басынан бағы таймайды, қарашысы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді!» деген, - деп, батасын беріп жөнелтіпті.

Бұл жорықшылар Қаратаудан асып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқыны бұзып, жылқы алды, күймені бұзып, қыз алды. Көш елді көш-жөнекей шапты, еру елді отырған жерінде шапты. Асулы қазан, тігулі үйге дап - даяр ие болып орныға бастады. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды болды. Сауынсыз да дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естіді. Қотан, Қоғам, Құндыкер, Қобан, Майқы билерге елші жіберді:

— Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны?! Баламды өзіме алып келіп тапсырып, менен қалағанын алсын! - деп.

Сонан соң ақсақалдар жүз жігітпен Қотанұлы Болатты жіберді: «Барып, шақырып келіндер!» - деп. Бұлар келген соң, бұрынғы келгендер:

— «Қайт» - деген сөзді бізге айтпа, өздерің де қайтпа! Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын; тауықтан басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ; еркегі ат болатұғын, әйелі жат болатұғын, тымақты тақияға айырбастап, пышақты қасыққа айырбастап; тәлімі бидайдың (бұйдайдың) нанын жегенге, тары көженің суын ішкенге әлдеқандай көріп, мас болып, біттей бөдененің бір санын жеумен күпті болып қалатұғын сарттың жаз болса тұзын, қыс болса отыны мен көмірін тасып, бейнет тартқаннан басқа көрер қызығы жоқ жерде не ақыларың қалды?! - деген соң:

— Рас-ау, рас! - деп, шақыра келгендердің өздері де қайтуды керек қылмады.

Қызыл Арыстан хан қайта-қайта кісі жібере берген соң, Қоғамұлы Алшынды жүз жігіт қосып тағы жіберді, он үш ақсақал қосты: «Есеп сан үш жүз он үшке жетсе, дүние жүзі жиылып, жау болса, бетіне келе алмайды!» - деп айтылған сөз бар еді, - деп. «Үндемесе де, үйден шықпаса да, Бабыр еңбегі» - дегендей, ақсақал шал жұмысты жатып, жайлап жатса керек. Бұлар да кеп, орнығып тұрып алды.

— Енді біз ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік! - деп, баяғы ала баланы алашаға салып, Ұлытаудың басына алашамен көтеріп шығарып, хан көтерді. Оған: «Алаша хан», - деп, ат қойды. Бастапқы бірге келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы Үйсін - Ұлы жүз - Үйсін атады.

— Түп қазық салықшы: жауға шапқанда, бұлар шаппасын, тас - түйін боп тұрсын! - десті.

Ортаншы келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы - Болатқожа.

— Бұл жүз жігіт тосқауылшы, орта буында жүрсін, ханның бақташысы есепті болсын! -деп, оны: «Орта жүз - Ақ жол» - атады.

Соңы келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы - Алшын.

— Беті қайтпаған, жаужүрек, жан қадірін білмейтұғындар. Бұлар кезеуілші болып, қарсы алдында жүріп, жауға шабатұғын осылар болсын! - деп, «Кіші жүз -Алшын» - ат қойды.

Кезеуілші қашса, тосқауылшыға тосқауылшы қашса, салықшыға; салықшы қашпайды тұрған-тұрған жерінде өліп қалуға көндімбай көнтерілерді қойса керек. Қазақтың: «Үш жүз» аталған жері - осы. Бұрынғы заманда қазақтың «Жүз» деген де аталарының аты болса керек. «Алаш» деген де аталарының аты болса керек. «Жүз» деген атты - руға, «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда, «Алаш, Алаш!» - деп, шабыңдар! «Алаш, Алаш!» - демегенді әкең де болса, ұрып жық! - деп, бата қылысыпты. «Кеше Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз - ағаш, ұранымыз - Алаш болғанда, Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!» - деп айтылған сөз сонан қалды. Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып өз алдына отау тіккен емес. Әр жұртқа бұратара қоңсы болып жүрген. Біреу: «Болатқожа» - дейді, біреу: «Ақжол» - дейді: екеуі бір кісіге аталған ат деседі.

«Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс - үш жүздің аталарының аты» - деседі. Ақсақкелімбет, Қаракелімбет, Сарыкелімбет, Науан, Шуан - деген аталар бар» - десіп жүрді. Бірақ олардың ар жағы кім, бер жағы кім екенін біліп сөйлеуші жоқ болды. Түбірлі сөз қылып, туынды қылып айтушы болмаған соң, біз ондай сөзді нұсқа қылып сөйлеуге еріншектік қылдық. *** [35.2 мәтін] Бетпақ шөлінде «Таңбалы Нұра» - деген жер бар. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Үш жүздің баласы қазақтың таңбаларында талас болса, сол тастан барып қарасады. «Алаша ханның жарлығымен басылған таңба» - деседі. Қазақтың тап-табының таңбалары да басқа, ұрандары да басқа:« Ақжол » ұранды Арғын, «Қаптағай» ұранды Найман, «Ойбас» ұранды Қыпшақ, «Алатау» ұранды Қоңырат. Көз таңбалы Арғын, ергенек таңбалы Найман, әліф (алып) таңбалы Қыпшақ - деп сөйленеді. Алаша ханның тамы Қаракеңгірде, өзеннің күнбатысында бір мұралтайдың үстінде. Өзінен қалған нәсіл-жүрағат жоқ. Жалғыз баласы Жошыхан бала күнінде аң аулауға шығып, түзде жүргенде, бір ақсақ құланды қуамын деп, көп құланның ортасына түсіп кетіп, аты құланмен қабат елігіп, желігіп, бала атына ие бола алмай, тоқтата алмай, жығылып, құлан ортаға алып осқырып, тарпып өлтірген. Қасында бірге шыққан жігіт-желең ел бетін көре алмай, қашып, зым-зия жоғалып кеткен. Аңға кеткен бала келмеген соң, хан да, жұрт та түйсінген:

— Бұл бала енді жоқ болды. Кімде-кім баламның өлімін естіртсе, басын аламын! - деген, -Өліміңді өшпендің есіттірсін, - деген деп.

Сол заманда ханның бір Кетбұға деген домбырашысы бар екен, күй шертеді екен. бір күн домбыра шертіп отырып, домбыраның күйімен баланың өлгендігін шертіпті:

Алаша хан, Жошыхан,
Ақсақ құлан жосыған.
Құлан теуіп өлтірді-ау,
Бұйрығын ақтан келтірді-ау!

Хан:

— Е, Кетбұғам, сенің домбыраңның дыбысы қалай жаман-жаман шығады? Біліп отырмын, сен домбырамен айтып отырсың:

Алаша хан, Жошыхан,
Ақсақ құлан жосыған.
Мен кеще кісі болмасам
Ханның жалғызының жайрағаны

Дәл келеді-ау осыған! деп отырсың ғой! - дегенде, жұрт шулай қоя беріпті:

— Алдияр, тақсыр, өз аузыңыздан естідік! - деп.

Сол уақыт - «Құлан шуы» делінген уақыт екен. Малдың балалап, аң да, мал да төлін төгіп жатқан кезі екен. Хан жарлық қылды:

— Төрт түлік малды баласынан айырсын! Жаңа туып жатқан жас төл енесіне жамырамасын! Мен аңырап, зарлап қалдым, хайуан мал да мендей азалы болып азынасын, зарласын! - деп, төрт түлік малдың жас төлін қара жардың бір жағына, енесін бір жағына бақтырды.

Ел күйзелді. Өзі ас-су ішпей, дым сызбай, төсектен басын көтермей, теріс қарап жатып алды. Алаша хан өзі «қара қылды қақ жарған әділ» екен. Екі даугер келсе, шошып оянады екен, ас ішіп отырса, қолында отырған аяғын былай қоя салады екен. Сол екі даугердің көңілін дауалатпай, ішкені ас болмайды екен. Ханбибі деген ханымы бар екен. Асығып-үсігіп, аптығып, сасқан, босқан кісідей кіріп келді. Теріс қарап жатқан хан:

— Бұ қайсың? - дейді.

— Мен Ханбибі! - дейді.

— Біреу қуып келгендей, ентігіп тұрсың ғой! Жаймысың? - дейді.

— Жайдан-жай кісі солай кіре ме екен? Есік алдында екі даугер кіре алмай тұр екен. Соны айтайын деп келдім! - дегенде,

— Дауы не екен, сұрадың ба? - депті.

— Сұрадым. Біреуін танымаймын, мен көрмеген бөтен жұрттың жолаушысы. Біреуі -өзіміздің күнде көріп жүрген [Ж]елдібастың інісі Жонбас. Жолаушы ұзын жолға кетіп бара жатқан мүсәпір: «[Қа]йтарымда алармын» - деп, Жонбасқа ат басындай алтын аманат сақтатып кеткен екен. Сол мүсәпір барған жолынан қайтып: «Енді алып кетейін!» - деп сұраса, Жонбас бермейді дейді: «Баяғыда сенікі болғаны не керек? Менің көзім үйір болып, бауыр басып қалдым, бермеймін! Жеңген жеріңде ал!» - дейді екен. Дауы осы екен! - депті.

Хан:

— Былшылдамасын, берсін! Аманатты әркім-ақ сақтар болар, иесі сұрай келсе, өзіне қайырар болар, бар, айт! - дегенде, Ханбибі:

— Төреңізге құлдық, тақсыр! «Хан екі сөйлесе, қара болады. Қара екі сөйлесе, қатын» -деген. Бұл бала Жасаған Иемнің сізбен бізге сақтатқан аманаты емес пе еді?! Аманатын Иесі өзі алды: «Өзінікін өзі алды!» - деп, өкпелеу дұрыс па? - дегенде, хан басын көтеріп алыпты:

— Сенікі дұрыс екен де, менікі бұрыс екен! - деп, сабасына түсіп, отын оттап, суын ішіп, мал баласын жамыраттарыпты

Сонда бір боз інген жеріп, өз ботасын өзі алмапты. Хан:

— Осы бота аштан өлсе, обалы менің мойнымда қалады-ау! - деп. - Осы інгеннің өз ботасын өзіне алғызғанға қалыңсыз қыз берер едім! - деген соң.

Баяғы Кетбұға бес саусағын сірімен қаптап алып, күй шертіп, хан баласының мән-жайын домбыраның күйімен шерткенде, естіген жұртта ес қалмай, езіліп, су болып ағып, інген де есінен танып, елтіп, балқып кетіп, еміреніп, ботасын емізіпті. Сол күйдің аты: «Бозінгеннің күйі» - аталып қалыпты. Бала күнімізде Қызылтауда Айдабол, Күліктің Күлігі Ақай Қиялша деген шал тартушы еді, Қақсал Отыншы деген шал тартушы еді. Олар тартқанда, естіген жұрт ботадай боздап, інгендей еңіреп, мұрнынан боқ, көзінен жас сорғалап жылап отырушы еді. Домбыра тартып, күй шерте[тұ]ғын шалдар: «Бозінгеннің күйі», «Бозайғырдың күйі», Орыс Қазанды алғанда, қатын-қызының шулап, жылаған күйі», «Алшағырдың ащы күйі» Тәттімбеттің «Сылқылдағы» - деп тартушы еді. Бұл күнде бәрі құрыды, құлаққа ұрған танадай болды.

Хан:

— Енді мұның өшін құланнан аламын! - деп, жұртқа сауын айттырып, құлан қууға ат жараттырды.

Қыз-бозбалаға ор қаздырды. Бозбала кетпен жер шабады, қыздар боз[бала]ларға тамақ, сусын даярлап беріп тұрады. Ақ бата жоқ, мына жақта Біреу... бар деген ешкімнің ойында жоқ. Ерік-ықтияр әркімнің өзінде. «Қаздай қалқып, үйректей жүзген күн». Құлан үшін қаздырған ор бұл күнде «Құлан өтпес» - делінген өзен атанып қалды. Құланның олайғысын олай, бұлайғысын былай (бұлай) қуғанда, жұрт көзіне көрінген құланнан бес-ақ құлан құтылыпты. Шу бойында сол жер «Бесқұлан» атанып қалды. Екі жүйрік ат бар екен: құланды қойдай иіріп соғатұғын, бірі - Еңкейторы ат, бірі - Аққабақ ат. Еңкейторы ат өлген жер «Еңкей» аталған, Аққабақ ат өлген жер «Қабақ» аталған. «Еңкей», «Қабақ», «Құланжалақ» - жер аты болып қалған. Баласының бір санын тауып алып, там салып, ол там - «Жошыханның тамы» атанып қалды. Онан соң Алаша хан өзі ажал жетіп өлгенде, оған тамды келіні салдырыпты. Өзеннің сыртынан бір мұралтайдың үстінен келін өз тамын өзен бойы - нан ойпаң жерге салдырыпты: «Атам тамына көрініп тұрмасын!» - деп. Келін болсаң, осындай бол! Міне, ибалы келін тірі күнде қаралдысын атасына көрсетпей именіп иба қылғандығын өлгенде де, кейінгі қалған жұртқа айта қалғандай қылғандығы! Құдай рақмет қылсын! Нармамбет марқұм (мырхұм):

Именіп иба қылар келін бар ма,
Ол именсе, ел ем ей, жының бар ма?!
Тоқсан екі толғансаң: «Тозбасын!» - деп,
Артыңда тілеу тілер елің бар ма?!

36 мәтін

БҰЛ ҚАЗАҚ ҚАЙ УАҚЫТТА «ҮШ ЖҮЗ» АТАНҒАН?

(ҮШІНШІ НҰСҚА)

Алаша хан екі қатын алған кісі дейді. Үлкен қатыннан бала тумай, кіші қатыннан 70 жасқа келгенде, бір бала туып, атын Жошы хан қойған. Шыңғыс ханның Жошы деген бір баласы болған екен. Сол Жошы хандай болар ма екен деп. Алаша ханның Домбауыл деген мергені болған. Түп-тегі - Қыпшақ. Жошы хан жеті жасқа келгенде, бір күні Домбауыл мергенге:

— Аңға шығайық, маған бүгін құлан атып бер. Құлан атқаныңды көргем жоқ,- деп, болмай мергенді аңға, құлан атуға алып шыққан екен. Елсіз далада келе жатса, құланның мың қаралы көп тобы көрінеді. Домбауыл мерген балаға айтады:

— Бұрынғылар айтушы еді: "Қалың тобын атпа, қағар киелісі болады!" - деуші еді.

Бала болмай:

— Біреуін атып бер! - деп, болмаған соң:

— Ал,ендеше мен атайын, сен екі атқа ие болып, күтіп тұр! - деп, бұғып, атуға жөнелді.

Мерген барып атады. Мылтық даусынан шошып, үркіп, қаптап жөнелгенде, ат ұстап тұрған баланың үстін басып, ат пен бала құланға араласып, көп құлан атты да, баланы да еліттіріп алып кетіп, екі атты да, баланы да өлтіріп, быт-шыт қылып жеп кеткен. Артынан қарап, бірнеше уақыттан кейін баланың бір жалғыз сирағын тауып алып, соған арнап там салған. Ханның аттарының аты: "Еңкейторы" аты, "Аққабақ" аты, дәлғыр торы аты. Ел болып, хан жарлық қылып:

— Құлан менің тұқымымды құртты, мен құланның тұқымын құртамын! - деп, өзіне қараған барлық халқын жиып,құланды жинап, ... қыратын ор қаздырған. Осы күнге "Құлан өтпес" деген өзен сонан [қалған]...

Сонда көзге көрінген құланнан бір топ құлан көптен құтылып бара жатқан соң, Домбауыл мерген Аққабақ пен Еңкейторы атты, бірісін мініп, бірісін қос атқа алып, бірнеше жолдаспен құланның соңына түсіп, бір сөтке қуып, бәрін қырып, ең аяғында бес құлан құтылады. Бір үлкен көлдің суалған орнына барып, қыр-сорын жалап тұрады. Екі ат ұшып ... өледі. Қайтып келе жатып жолда екеуі екі жерде өледі. Екі аттың өлген жері аттар атымен аталып қалған: "Аққабақ», "Еңкейторы" аты - бүгін бар ат. Бес құлан құтылған жер "Бес құлан" аталған. Алғашқы Жошыхан өлген кезінде бірнеше күн уақтар хабар болмаған. Хан да, ел де, -барлығы түсінген. Сонда хан халқына жарлық қылған:

— Кімде кім баламның [өлімін] есіттірген жанды аузына қорғасын құйып өлтіремін! - деп.

Деген соң ешкім білсе де, есіттіре алмаған. Ханның Кейітбүғы деген әнші-күйшісі, домбырашысы бар екен. Бір күн күй тартқанда, былай деп тартқан:

Алаша хан, Жошыхан,
Атқан құлан жосысқан.
Жошы ханның тағдыры
Дәл кездесті осыған.

Құлан теуіп өлтірді-ау,
Бұйрығын ақтан келтірді-ау! –
деп, тартады дейді. Алаша хан сонда Кейітбұғаның қасында отыр екен:

— Е, Кейітбұғам, сенің домбыраңның даусы боздады-ау! Сен домбырамен айтып отырсың-ау:

Алаша хан, Жошы хан,
Атқан құлан жосысқан.
Құлан теуіп өлтірді-ау,
Бұйрығын ақтан келтірді-ау! –

деп отырсың! - дегенде, жұрты, елі шулай қоя берген екен:

— Міне,тақсыр, өз аузыңыздан есіттік! - деп.

Сонан кейін хан өзін - өзі өлтіре алмай, Кейітбұғаға тап беріпті:

— Сен тартып домбырамен есіттірдің! - дегенде, Кейітбұға:

— Мен емес,тақсыр, домбыра ғой! - дегенде, хан айтқан екен:

— Сертім пісінсін! - деп, домбыраның тесігінен құйған екен. Сонымен ханның серті орындалған екен.Мал баласын жамыраттырып жібергенде, бір боз інген жеріп, ботасын алмапты. Хан сонда:

— Осының бота[сын] алғызған кісіге қалыңсыз қыз берер едім! - дегенде, баяғы Кейітбұға бес саусағын сірімен қаптап алып, домбыра тартып, жақсы тартқаннан, інген балқып кетіп, еміреніп, ботасын алыпты. Сол күйінің аты бүгінге шейін "Бозінген" күйі атанып қалды.

37 мәтін

[ХАНДАР ТІЗІМІ]

Хандар аты: 1. Уыз хан. 2. Шыңғыс хан. 3. Еңсегей бойлы Есім хан. 4. Қасқа жолды Қасым хан. 5. Тәуке хан. 6. Тәуекел хан. 7. Алаша хан. 8. Абылай хан. 9. Қасым хан.

10.Кенесары хан. 11. Ормамбет хан.

Заманында хан болып, халыққа аттары қалған хандар орыстың оразасындай бірде бар, бірде жоқ. Аты шықпаған, тауықтың әтеші сықылды, көті бос көдедей болымсыздардың болғаны не, болмағаны не?! Оларды айтып не, айтпай не?! "Аты шықпаған жігіттен аты аталған төбе артық" деген бар емес пе?

38 мәтін

[ҚАЗАҚ, ҚАЛМАҚ ХАНДАРЫ]

Абаділда хан орыс қолына тұтқын болып, 8 жыл Итжек - кеннен әрі кетіп, қайта тірі келгенде, Орынбай ақынның айтқан өлеңі:

Бозайғыр былтыр өтті-ау елдің жұты,
Қалада 5 сом болды-ау ұнның пұты,
Орта жүз ырысың бар жұрт екенсің
Хан келді Абайділда елдің құты.

Тақсыр, сізге зар болдық былтыр күзден
Үйде жатқан жамандар күдер үзген.
Былтыр кеткен кісідей келдің биыл
Енді қырсық тарқады Орта жүзден.

Хан келді-ау деп қуанды ғаріп жаным
Тәңірім жебесе бейнет жоқ ердің қамын.
Әр байталың әр жаққа тозып кетті – ау
Өзің жиып алмасаң, арғымағым.

Кенесары, Наурызбай қырғыздан қырғын тапқан жыл жылқы жылы еді. Арқада жұт болып, сол жұттың аты Бозайғыр атанған.

Қазақша мекіре балық, арабша абадам, орысша сирены.

Бұл мекіре балықтан ұл туғанда Шайхы Бұрхы әулие туған, атасы - адамзат. Онан соң Асан Қайғы бір қызын алып, онан жалғыз жетім Жанәлі туған. Бір еркегін Ескендір Зұлқарнайын ұстатып алып, о да адамзаттан хатон алып, бала-шағалы болған. Кіші жүз ханы Әбу Әлхайыр, Орта жүз ханы Сәмеке екеуі өзді-өзі жау болып, қазақтың берекесін қашырып, ақырында Әбу Әлхайыр қазаққа құны-пұлы болмай бара жатқанын сезіп, орысқа бағынып жан сақтауды ойланып, орысқа қарап бағынған. Бір мың алты жүз он тоғызда (1619) жоңғар ханы Алтын ханға атаман Василий Томентич, десятник ат басын тіреп барып елдесіп, орыс жұртына шайды осылар алып келген. Бір мың жеті жүз жетпіс сегізінші (1778) жыл Абылай ханның Орта жүзге хан болған шамасы. Бір мың сегіз жүз жиырма бірінші (1821) жылда Уәли хан өліп, асы берілген шамасы. Қалмақтарға да әртүрлі ат қойылса керек. Жоңғар деп құба қалмақты айтса керек. Мұның ханы Қалдан Шерін - Батыр баласы. Қара қалмақтың ханы - Қоңтажы. Орыс историясында «хан тайшы» делінеді. Он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, - бұлардың ханын «Кәрі Аюке Тапсире» - деседі. «Қоңтажы», «Аюке», - бір-ақ кісінің аты болмайды. Шүршіт ханын ежен атағандай, хан болғандарына айтыла берсе керек. Қазақта мұндай үзілмей, бірінен соң бірі болып тұратұғын хандық жоқ. Анда-санда қолдарына хандық тиіп, көтеріліп қалады да, ұзамай тағы быт-шыт болады. Қазақтың өз сыбағасына арналып, хан болғандар: Әз Жәнібек баласы Қасым хан, мұнан Ақназар хан, мұнан Тәуекел хан, мұнан Есім хан. Еңсегей бойлы ер Есім - осы. Қатаған ханы Тұрсынды өлтірген. «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Күлтөбеде күнде кеңес» аталған әз Тәуке. Олардан соң қырық сегіз жыл хан болып билеген Абылай хан. Қазаққа заң-закон жасап, халық қатарына қосқандар - осы айтылған хандар. Алды-арты жоқ «Алаша хан» - деген бір хан билеген. Қазақтың үш жүзге бөлініп, Ұлы жүз Үйсін, Орта жүз Арғын, Кіші жүз Алшын» - атанғаны Алаштың ұран шақырып, «Алаш - Алаш болғанда, // Алаша хан болғанда, // Үйіміз - ағаш, ұранымыз Алаш болғанда!» - деп айтатын заманы сол!

39 мәтін

ҚАСЫМ ХАННЫҢ...

«Қасым ханның қасқа жолы» - деп, ат қалдырған Қасым хан Жиренше шешеннің замандасы, Әз Жәнібек ханның бел баласы. Шыңғысұғлы Жошыдан соңғы жұртты ала жаулы қылмай билеп, қазақ ханларының перуайы, дөкейі атанған. һижриттен тоғыз жүз отызда өлді, Сарайшықта мыдфон. Сонан соң бұл Жәнібек ханның шөберелерінен Еңсегей бойлы ер Есім хан Түркістанда қазақ ханы атанып, Қатаған ханы хан Тұрсынды өлтіріп, Қатағанды қырып, Қатағаннан қалған нәсіл тұқым Қаңлы, Шанышқылы деседі. Есім ханнан - Жәңгір хан. Жәңгір ханнан - Тәуке хан. Бұл Тәуке де терең ойлы, толық милы дөкей ірі хан болды. Мұның заманында Ұлы жүзде - Төле би, Орта жүзде - Қазыбек би, Кіші жүзде - Алшын Әйтеке [би] болды. Бұл Тәуке хан бір мың бір жүз жиырмада [1120] опат тапты. Тәуке ханнан соң Ташкенте Үйсін Төле би хандық қылды. Тәуке ханнан Болат хан, мұнан Әбу Әл Мұхаммед хан. Түркістанды билеген Әбілмәмбет хан - осы кісі. Мұның алдында Сәмеке хан болды: «Әбілмәмбет, Сәмеке» - атанды. Әбілмәмбет баласы - Айқожа. Әкесінің атын жан білмейді, Абылай хан осы Әбілмәмбет заманында көзге түсіп, ауызға ілінді. Бұлардың заманы 1148 -1554 - һижрие [1734 -1740] еді. Шыңғысұғлы Жошы ханнан - Бату хан, онан - Сардам (һәрдім) мұның екінші аты - Орда, Ақ орда аталған. Мұның нәсілінен: Тоқтамыс хан, Орыс ханлар шыққан. Бөкей хан, ибн Нұрғали хан, ибн Әбілхайыр хан, ибн Аша хан. Орысқа осы Әбілқайыр (Әбу Әлхайыр) хан заманында Кіші жүз елі бұрынырақ бағынған. «Бөкейлік» - атанған себебі сол: «Сарынжип Бөкей» - деген бір өлең болған. Бөкей баласы - Жәңгір хан, мұнан соң хан аты құрыды. Жәңгір баласы Ғұбайдолла төре Петрбурда тұрған.

40 мәтін

[«ҚАЗАҚ» АТАУЫ ]

Үзінді сөз. Бұл «Қазақ» деген ат - кеше мен бүгін шыққан ат емес, заманнан заманын айтып келе жатқан ат. Араб тілінде: «Қызбағ»(Қыфбам, Қахбам) деп жазылған. Шағатай түркісінде: «Хызағ» - деп жазылған, өзіміздің жуан тілде: «Қазақ» - деп жазылған. Әуел басы - Нұх пайғамбардан тарап бөлінгенде, Жаббас деген баласынан - Түркі, онан - Түтік, онан кейін бірнеше аталардан соң Уыз ханға келіп қосылады. «Кигіз туырлықты Қазақбайдың баласы, Уыз үйлі қазақ» - дейтін мақал сөздер Уыз ханнан, сол уақыттан, сол замандардан айтылып келе жатқан сөз.

41 мәтін

[ҚАЗАҚ АТАУЫНА БІР ДЕРЕК]

Өзбек ханның офатыдан кейін Жәнібек хан көшпелі елді үш қосыма тұқым етіп, Ұлы жүзге Үйсінді датха қойып, Жалайыр намзаты атанып, Орта жүзге Арғынды бек етіп, Найман намзади ғып, Кіші жүзге Алшынына қойып, Жаппасы зарнаядашы қылмақ-ды. Хакімкештіне аларина ормыт. Бұлар бұрынғы ғақыл иелерінің ғұрыфдарымен хакім қылып, сол хакімлары шариғат, мүфти, қазының бәрінің фәтуасымен бірдей шыққанлықтан: «Бұларға қазы, мүфти керекдігі жоқ. Өзлері қазы екен, тыхиқақ қазы дүр», - демек мақалда «Хазы-ақ» деген сөзден қазақ атанған деб бір Тауарих сөйлеген. «Кісі-ақ», «жақсы-ақ», «адам-ақ» мақтауда, «антұрған-ақ», «безер-ақ», «қу-ақ» екенсіз дейді боқтауы. Қазақтың үш жүзге бөлініп, 750 - 800 һижрит ораларанда олүр. Ақылды зарила иазмайыб, сына да іле иазмақ. Лазым қазақ диб. «Тауарих хамса шарқи» делінген Тауарихында Қасақ хақында 6 түрлі сөз сөйлеп, бұл толса осы ақыл сабақларың ең ақды зор шахырарлық ел деген аштар деген хан Жәнібектің аузынан шыққандықтан қазақ атанған.

42 мәтін

КІШІ ЖҮЗ: ТАБЫН, ТІЛЕУ

Ескі сөз, үзінді сөз. Кіші жүз: Табын,Тілеу, - екеуін алыпты. Ұлы жүз Қаңлы, Шанышқылы, - екеуін алыпты. Тама жалғыз дат қалыпты. Үш жүз: «Балаға ат шаптырып Таманы қай аты озғанымыз алайық», - деп уағда қылып, ат шапқанда Кіші жүздің құла қасқа аты озып, Таманы Кіші жүз алыпты. Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, Керей, Уақ, Тарақты. Тарақты - қыздан туған жиен. Орта жүз 7 арысты болғаны үшін. Абақ Қарақ, Жалайыр, Қаңлы, Шапырашты, Дулат таңы, Шанышқылы, Сіргелі, Ошақты, Обан Модан (Судан), үлкен Сейіт, кіші Сейіт, Азғақ, Арық, Қарақойлы, Аққойлы, Төлегін. Алшын, Жаппас, Адай, Біршіт, Нәзір, Жолан, Жағалбайлы, Күдері, Керейіт, Тама,Табын, Тілеу - Кіші жүз тараулары. Арғын әкесі - Қарақожа, оның әкесі Болат қожа, оның әкесі Құтанбай, оның әкесі Науан, оның әкесі Фауан, оның әкесі Құтбан софы, оның әкесі Өзбек, онан әрі Ғақаша, Ғақашадан анығын кім біледі. Барлық қазақ ұраны «Алаш». Үйсін ұраны - Бақтияр, бізге ұран - Ақжол, Алшын ұраны -Алдияр, Найман ұраны - Қаптағай, Қыпшақ ұраны - Ошағай, Керей ұраны - Ожыбай, Уақ ұраны - Жаубасар, Қарауыл ұраны - Қаратай, Атығай ұраны - Бозабай, Бәсентиін ұраны -Барлыбай, Қанжығалы ұраны - Толыбай, Сүйіндік ұраны - Төртуыл, Қаракесек ұраны -Қарқабат. Төренің ұраны - Арқар. Абылай оның арғы жетінші атасы Қанішер Абылай, ең арғы атасы Шынқыз хан. Шын қыздан туғаннан Шынқыз хан деп аталған. «Садағын сағым көтерген. Садағын сағымға ілген шын қыздың шын ұлы ма екен» деген мақал сонан қалыпты. Бұрынғы қазақ ақындарының бір ауыз өлеңінде мынадай қалған өлеңі бар:

Сағымнан пайда болған Шынқыз ханды
Өскен соң балалары дүниені алды.
Баласын әрбір жұртқа патша қылып,
Тұқымы патшалардың сонан қалды.

43 мәтін

[КІШІ ЖҮЗДІҢ ҰРАНДАРЫ]

Кердерінікі - «Қожахмет», Таманікі - «Қарабура», Табындікі - «Тостаған». Жағалбайлы ұраны - «Елди-ей, бөлди-ей», Тілеу ұраны - «Арғымақ», Керейіт ұраны - «Ақсақал». Байұлынікі - ру - ларында: Беріш ұраны - «Ағадай», Адай ұраны - «Адай», Ысық ұраны -«Бәйтерек», Алаша ұраны - «Байбарақ», Масқар ұраны - «Қаратай». Тана ұраны - «Тана», Байбақты ұраны - «Дәуқара». Алшын мен Жаппас ұраны - «Баймұрат», Қызылқұрт ұраны - «Жиенбай». Әлімұлында мынадай ұрандар бар: Кете ұраны - «Майлыбай», Шөмекей ұраны - «Дәуіт» (Дуите), Шекті ұраны - «Бақтыбай», Қарасақалдың ұраны - «Алдияр». Кіші жүз үш бөлімге бөлінеді: Әлім, Әлімұлы, Байұлы. Бұлардың үшеуі бірігіп, «Алшын», - деп аталады. «Үш Алшын» - деп сөйленеді. «Жеті ру» - мыналар: Тама, Табын, Кердері, Керейт, Рамадан, Жағалбайлы, Тілеу. Байұлы он екі атаға бөлінеді: Шеркес, Сыйық (Сыпық), Тана, Байбақты, Масқар, Қызылқұрт, Алаша, Адай, Беріш, Таз, Жаппас, Есентемір. Алдыңғы жетеуі - «Үш сыйық» атанады: Қыдырсыйық, Бақытсыйық, Сұлтансыйық. Байұлының ішінде «Алтын» деген бір ру бар. Алтын қатынның аты екен. Алтыннан өрбіген тұқым Алшын Жаппасқа кіреді, - «Алтын - Жаппас» деседі. Әлім - алты а[та]. Және де Әлімге: Шөмен, Шөмекей, Кете, Ожырай, - деген рулар қосылады. Бұлардың бәрі Әліммен бірге Қараке... Шекті, Назар, Шүрен, Тілеу, Қабақ, Қарасақал - Әлімнен бөлінеді. Кете, Ожырай, Шөмен - нағыз Әлімнен шықпаса да, Әлімге қосылып, жоғарғы рулармен бірігіп: «Әлімұлы» - деп аталады. Әлімұлы тұтасымен:Темір, Ырғыз, Қазалы уездерінде болады. Асан қайғы, Қазтуған, Орақ, Мамай, Телағыс, Шора, Едіге - пәледен қашып құтылған -осылар. Үштің біріне қосылған Әз Едіге Кіші жүзден шыққан.

44 мәтін

[БҰХАР, САМАРҚАНТТЫ ҚАЗАҚ ШАПҚАНДА...]

Бұхар, Самарқанды қазақ шапқанда, Айдабол Баян, Көшен дегенді олжалап алып келген. Өзін бала қылып жүргізіп, тұрғызып тұрған күнінде Бұхар шығып, барып келгенде:

— Шешемді көрдім, інімді көрдім. Көшеде қаңғып жүр екен. Сізден батып алып келе алмадым, - дегенде:

— Ай, балам-ай, сені мен еске жарай ма деп жүр едім Ол екеуін алып келсең, шешеңді мен алсам, сен менің балам болар едің. Енді барсаң, алып кел, тастама, - деген соң, енді барғанында алып келді інісі Досақ пен шешесін.

Осы күнгі жүрген Баян, Көшен, Досақтың ұрпағы. Көшеннен - Қосағал, Садақтар. Көшен баласы - Шылған, онан туған - Жауқашар. «Құдайдан қорыққан, Құсайыннан қорықпан». Тоқсан үште алшын Баймағамбет, Әлібай молда Сары Бекжау балалары мал үшін жанын сатқандар: Темірболат, Әбділдә, Ділдәш, Есжан, Досжан, Мұсабай, Далабай, Малдыбай қажы.

45 мәтін

[ҚАРҚАРАЛЫ ТӨРЕЛЕРІ]

Тимушын - Шыңғыс. Жошы ханнан Сайын хан... әз Жәнібек хан: 1) Осак (Өсек), 2) Жадик. Шығай хан: 1. Ондан, 2. Есім хан (В), 3. Тәуке(Б) Ондан ханнан Қайнар Көшек; мұнан Бөкей; мұнан Хұдайменді; мұнан Тұрсын; мұнан Барақ (А), Көшек. Көшектен Әділ, Саңқай. Әділден Досалы. Саңқайдан: І.Жошы, 2. Жабай. Есім (В) ханнан: Жәңгір хан, Тәуке хан. Тәуке ханнан: Әлмұхамбет, Шаһмүхамбет (Ә), Болат хан. Болат ханнан Аболмамбет, мұнан Болат, Әбулфейс. Болаттан Сәтемір, мұнан Хұдайменді, мұнан Ақым, мұнан Әзхан. («Шұбартауда болысында», - жол астынан жазылған сөз - Е.Қ.) Шаһмүхаммедтен (Ә) Есім, мұнан Хұдайменді, мұнан туады Қоңырқұлжа, мұнан Бигәлі, мұнан Жәңгір төре. Есім ханмен туысқан Тәукеден (Б) Сәмике, Сәмикеден және Есім. Бұл Есімнен (В) Жәңгір, Сұлтанмәмбет. Жәңгірден Уәлі. Бұл Уәліден Қанішер Абылай. Бұл Қанішер Абылайдан Уәлі, Бақы. Мұнан келіп Абылай хан шығады. Салқам Жәңгір - Көркем Уәлі - Қанішер Абылай. Барақ, Көшектің Барағынан (А): 1. Сығай, 2. Дайыр, 3. Ханбаба (Ж), 4. Бөкей хан (Г), 5.Маман, 6. Ханғожа. Дайыр балалары Ақмола, Атбасарда. Маманнан: 1. Ағадай, 2. Көгедай, 3. Досалы, 4. Есіркеб, 5. Бигедай. Аблайханоф Шаматөреден: 1 .Босқон, 2.Ишим,З.Қаратышқан, 4. Жәңгір, 5. Уатай, б.Досым, 7. Самұрат, 8. Исахан, 9.Сыздық. Жәңгірден Досмақа, мұнан Қажике. Бөкей хан (Г). Бірінші хатонынан: 1. Көксал, 2. Шыңғыс, З.Батыр, 4.Байыр. Көксалдан: 1. Әлі, 2.Тонғаш. Шыңғыстың (F) бірінші қатыны Ділдекейден: І.Жамантай - Тұрсын. Жаман - тайдан: 1. Саржан, 2.Төлөк, 3. Самырат, 4. Жаман, 5. Бөбекбай. Төлөктен: 1. Бекжан, 2. Шаншар, 3. Ханғожа . Бөкей ханның (Дұрысы Шығай (Г) ханның - Е.Қ.) екінші хатоны Жикефардан: 5. Махмоджәуіт, 6. Жәнібек, 7. Жәңгір, 8. Көшкімбай, 9. Жанай, 10 - шы Асан. Ділдекейден (F): 2-нші Сұлтан, 3-нші Ормақан, 4-нші Әбділда, 5. Жолды. Сұлтаннан Әбді, онан Мұсақұл. Ормақайдан Бикіш. Әбділдадан Маужан, Жадай, Сыдық. Бөкей хан (Г): 2-інші хатонынан: Батыр, Байыр. Батырдан: 1. Әшімтай, 2. Рүстем, 3. Бексұлтан, 4. Мырзатай. Мырзатайдан Нұрмұхаммед. Нұрмұхаммедтен Әлихан. (Сол жолдың астыңғы жағында «1903 жылы 30 жаста», одан төменірек «тоқырауын» сөздері жазылған. -Е.Қ.) 3-інші хатонынан (Г): 1. Уәлі, 2. Есім, З.Тәуке (Е). Есімнен: 1. Сығай, 2. Саңқай. 4-інші хатоннан (Г) 1. Сұлтанғазы (Д) 2.Әбілғазы. Сұлтанғазыдан (Д) бәйбішесінен: 1. Хұдайменді, 2. Оспан [8], 3. Омар, 4. Сыдық, 5.Әбу. Хұдаймендіден Қасым, мұнан Нүрыш. 2-інші (Д) хатонынан: 1. Ханғожа, 2. Бабахан, 3. Дайыр. Ханғожадан Бекжан, онан Ханафия.

Бөкей хан (Г): 5-інші хатоннан: (Г) 1. Әліке, 2. Әбет. Әликеден Нүрфейс. Әбетдан: 1. Машатай, 2. Нұралы. Бөкей ханның 3-ші хатонынан тоуған (Е) Тәукеден: 1. Құсбек, 2.Түбек, 3. Арыстамбек, 4. Қашқымбай, 5. Молдахан. Арыстанбекдан Мейірхан. Бұлар Кентда болады. Ханбаба оғлы (Ж) Досан, мұнан Қылыш төре, мұнан Ибраһим төре, мұнан Иүніс төре. Бұ әулатлар Бура елінде, Өскемен оязында.

Бұл Ханбаба (Ж) Баянауланың күншығысында жер аты «Хан-баба» делінеді.
46 мәтін

[ХАНБАБАНЫ...]

Қанбабаны Ханбаба деген төреден ат-шафан жолын беріп, Малқар баласы Қарфиқ алоб қалған. Қозған Қабыл балалары байлықбин қоныс қылып, оның тұқымын дүние беріп, қара орыннан тайдырған.

47 мәтін

[АҚ ТУЛЫҚ ТӨРЕ ШЫҒАЙ]

Ақ тулық төре Шиғай хан оғлы Оннан ханнан. Мұның оғлы Тұрсын хан Хұдайменді төре Бөкейінің: бірінден Барақ, бірінен Көшек. Көшек төре тұқымы Найманда. Барақның бір хатынан: Ханбаба төре, Маман, Таһир, Бөкей. Ханбабадан Досан, мұнан Қылыш төре. Бұлардың тұқымы Өскемен атырафында, Бура елінде.

Маман, Таһир, Бөкей төрелер әулеті Қарқаралы елінде иортлары.
48 мәтін

[ТОҒАЙ, МАРАЛДЫ БОЙЫНДАҒЫ ТӨРЕЛЕР]

Тоғай, Маралды бойындағы төрелер Қанқожа, Бопының әкесі Татен төре Шоң, Торайғыр заманында болған. Тоғай бойына төрелік қылған. Татен әкесі Орыс төре көзі шегір, өзі сары болған соң, Орыс атанып кеткен. Бұрынғы аты Наурыз екен деседі. Бәсентиін төре қыламын деп әкелген екен. Қанқожа баласы Арынғазы онан басталатын.

49 мәтін

[НАН АТҚАН (МАНАТ ХАН ҰРПАҒЫ]

Манат хан баласы Баһир төре Арқаға келгенде, Маңғыт деген төлеңгіті болып, ол Маңғыт Қаракесектен Едірей Мыржықта қыстауы болып, «Маңғыт жұрты» деген жер аты бар. Маңғыт баласы Естекбай Ханбаба[ны] (Қанбаба) қыстап, ол Ханбаба да Естекбай жер аты болып қалған. Естекбай - Апай: Сарқазақ қызын алып, онан туған балалар: Сәрсенбі, Бесмолда, мұнан Зында. Қызылтауда Орманшы ішінде төрелер бар. Мұса, Секербай заманында бір Маман төре деген дуанбасы орнына «должондыққа» тұрып жүрді. «Бұл төрелер Манат ханның тұқымы» - дейді. «Манат хан - Манат ханды нан атқан», - деген қарғысқа ұшыраған деуші еді. Бұхарай - Шәрифтей шаһардың көшесінде бір наубай басына нан қойып келе жатса, мергендігін көрсетуге, жалғыз нанды басына қойдырып, соны атып түсірген екен. Сонан «Нан атқан» атанған екен. Естекбай деген төлеңгіттері болды. Естекбай балалары: Сәрсенбі, Бесмолда.

50 мәтін

[АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ]

Қазақтың ең алғаш көрген жұты - Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама. Ол жұтта Алтай Қанжығалы Біспек байдың жылқысын бағып аман шыққан. Күннің суықтығынан тайыншаның маңдайы қарс айрылған, киіз үйдегі шойын қазандар қақ жарылған. Онан соңғы көрген жұты - мешін жылы, оған биыл жетпіс бір жыл. Атығай, Қарауыл жұтаған - жылқы жылы. Ол жұттың атын - «Бозайғыр» деп атаған, оған биыл алпыс бір жыл.

51 мәтін

СҮЙІНДІК ОЛЖАБАЙ БАТЫР ЕРТЕГІСІ

Әз Тәукенің тұсында үш жүздің баласы оңтүстіктен шөлейтке қарай жайлайды екен. Сырдың бойын жағалап, Жетісу, Алматы, Қапал тауларын өрлей отырады екен. Орта жүздің қыс қыстауы шүйгіген Сыр бойы да, жаз жайлауы Арқаның жоны екен. Сол кезде Орта жүз қазағы Есіл мен Ертіс арасын қуалай шөлейтке келіп, мал семіртіп отырғанда, Қайдауыл дейтін өзеннің бойында дүниеге ер Олжабай келеді. Әкесі Толы би - Айдаболдың немересі. Үргеніш, Қоңырат еліндегі нағашысына кеткенде, бәйбішесі Айбике босанып, күйеуі жоқта туған соң; " Бұл олжа бала", - деп, атын Олжабай қойған. Қап түбінде болат қылыш жата ма, Олжа бала, жас күнінің өзінен - ақ талпынып, алмастың асылындай болып өскен екен. Олжа албырт беті ме қатты, хан-сұлтанның балалары кездескенде, біріне - бірін түйеді екен. Бір кезде аста-тойда алдын бермей, жолды алып жүрген Құлынкөк атты қалмақтың жауы ел шапқанда, бірге алып кетеді. Толы би он төрт жасар баласын нағашысы Қаракерей Қабанбайға жіберіп, Нарқызыл аттың енесінен туған Тайбурылды қалауға сұратады. Олжа қасына ешкімді алмай, үйінде сүт еміп тұрған Тайкөкке отырып, қолына сарқамысты садақ алып: "Қаракерей Қабанбайдың елі қайсы?! - деп, тартып кетеді. Олжа бала талай күн жүріп, нағашысының елін сұраумен іздеп келеді. Қалмақтың жаулары бар ма деп аңдиды. Бір күні елсіз қалың орманға кіріп, күні бойы ел таба алмайды. Күн қара, жаңбыр жауып, кеш түсіп, түн болады. Бала күн бойы жүріп шаршаған соң, бір ағаштың түбіне келіп түседі де, Тайкөктің аяғын тұсап, шалқасынан түсіп жатады. Әлден уақытта байқаса, аты осқырады. "Неге осқырады?" - деп, басын көтеріп қараса, анадайдан бір-екі от көз жалтырап жақындаған болады. Олжекеңнің қолында садақ пен сары ала қамшыдан басқа дәнеңе жоқ. Малдасын құрып, қамшысын бүктеп, бір қолына сары ала қамшы, садақ алып отыра береді. Әлгі от көз таянып қасына келсе, орманның ішінде жүретін бір қабылан екен. Олжекеңнің қарсы алдына келеді де, бүгесінен түсіп, көзін Олжекеңнен айырмай жата береді, тап бермейді. Олжекең де одан көзін аудармай қамшысын бүктеп, садағын қасына алып отыра береді. Түн қап-қараңғы: екеуі сол қарасқаннан күн шығып, сәске болғанша қарасады. Күндіз әлден уақытта қабылан тұрады да, артына бір қарап жүре береді. Қабылан кеткен соң Олжекең Тайкөктің тілін қатырады да, біраз шалдырып, ел іздеп жортып кетеді. Келе жатса, бір су бойында бір қараша үй көрінеді. Үйге келіп, атын белдеуге байлап, кіріп келсе, үйде бір кемпір отыр екен. Олжекең екі күндей нәр татып, ел жүзін көрмеген. Кемпір:

— Е, балам, түсің қашып, түн қатып жүрген қай баласың? Еліңді жау шауып жалғыз қалған бала емессің бе? - дейді.

Олжекең:

— Е,шеше, елімді шапқанмен қоймай, әкем телі қылған тоғыз жесірлік Құлынкөк атты да бірге әкетті. Жапанның түзінде жалғыз қараша үйде отырған өзіңіз кімсіз? - дейді.

Кемпір:

— Е, шырағым, ел, руым Найман еді. Елімізді құба қалмақ шауып, солардың жосығынан қалып отырған жанмын, - дейді. Кемпір сәуегей балгер екен. Олжаға бал ашып:

— Шырағым, "ер - қанаты - ат" деген, тұлпарыңды әкеткен - құба қалмақтың жауы. Сен бұрын тойға шықпаған албырт бала екенсің, бірақ аруағың күшті, жұлдызың жанып тұр. Бір кезде қайтсең де құба қалмақтан кек аларсың! - депті.

Он төрт жасар Олжа нағашысы Қабанбайға барып, тартуға Тайбурыл мен ақ сауытты киіп қайтты. Қаракерей Қабанбайдың қартайған шағы екен. Олжаны үш рет иіскеп, бейіл салғанекен. Олжекең ақ сауытты киіп, Тайбурыл мен нағашы қосқан бір жігітпен келе жатқанда, бір тайпа қырғыз еліне жолығады. Қырғыздың бір жақсы адамы Олжекеңнің түріне қарайды да, біраз әңгімелескен соң:

— Шырағым, "Аталы жұрт ару ел", - деген, "Елге ел қосылмаса да, адамға адам қосылады", - деген... Сақау ақын былай бастайды:

Қадір, Жаппар медет бер,
Он екі мүше тіліме.
Дария теңіз асылтып
Сөзді құйылт есіме.

Бір әңгіме бастайын,
Әз Тәукенің тұсында
Қарлығаштай қайырылысқан
Қалың қазақ ел екен.

Байсынға барса, мал бөгеп,
Жататұғын кез екен.
Құлыны қыбы бөрте екен,
Бурасы желкең екен.

Бөрте қозы өсірген
Байсындай шүйгін бар ма екен?!
Еділ, Жайық есіліп,
Ойнап жатқан су екен.

Ертіс, Еділ мөлдіреп,
Мейір қанар нар екен –
Қырдың жүні қоңыр тау
Аса бір асу бел екен.

Алатаудың арқасы
Ақ бураның құмындай,
Сырдың бойын жайлаған
Қалың қоңырат елі екен.

Желмаясын желдіртіп,
Нар түйесін боздатып,
Байтақ жатқан Сыр бойы
Шүйгіп жүрген халық екен

Бұл байтақты шарлаған,
Толы бидің баласы –
Ер Олжабай жас екен.

Әңгіме соңында берілген ескертпелер: Марғұлан Әлкейден Байбатшан Сердәліге тапсырмақ... сөзден өлеңде айтылған деп берген. Бұл шағында 1865 жылдан шамасында болған Бекижанов Байбебек 29.VІІІ.1939 жыл Баянаульски район № 10 Кызылкурган Баянауыл ауданы 10 ауыл Советіндегі бұрынғы тұрағы. Сердәлі ескертпесі: "Бұл ертегі Мәшһүрдің жинағынан көшіріліп жазылды. Өлеңге айналдырғанда өз желісімен жырлау керек. Осындағы тәрізді жырға айналдырғанда - жер, су , тау-тасы көп келіп отыруы керек. Әсіресе батырдың өзі сүйген жерлері - Жиделі Байсын, Үргеніш, Сырдың бойы, Алатау, Арқаның жері жақсы суреттеліп, өлеңге кіретін ел аттары: Атығай-Қарауыл, Бабасан бағын, Орманшы, Күлік, Айдабол, Қаржас, Қаракесек, /Жалпы Сүйіндік/, Қыпшақ, Қоңырат, Қаракерей, Найман, Дулат, Үйсін. Жырда көп жолыққан жер аттары: Үргеніш, Хиуа, Жиделі - Байсын, Ақмешіт Сырдың бойы, Алатау.

52 мәтін

ЕҢСЕГЕЙ БОЙЛЫ ЕР ЕСІМНЕН

Еңсегей бойлы ер Есімнен Салқам Жәңгір. Салқам Жәңгірден әз Тәуке. Әз Тәукеден Болат хан. Болат ханнан: Әбілмәмбет, Сәмеке. Салқам Жәңгірдің бір қатынынан Уәлі Балқы жалғыз, мұнан Қанішер Абылай жалғыз. Қанішер Абылайдан Көркем Уәлі жалғыз. Мұнан Әбілмәнсұр жалғыз. Әз Тәукенің болып тұрған күнінде баққа таласып, таққа таласып, өз тұқымынан көп жанның қанын ұрттап, Қанішер Абылай атанған. Үргеніште нағашысы Қайып ханның қол астына қашып кеткен. Абылайдың әкесінің аты Сүйініш қожаның әкесі Әбілфейіз.

53 мәтін

[ТӘУКЕ ХАННЫҢ МОЛАСЫ]

Бестеректің түбінде
Бес үйлі Ағыс демесін.
Бес Мейрамға білдірмей
Басып жеймін демесін, -

деп айтатұғын Боздақ би Жаман Далбада батырдың Бисанының қыстауының оңтүстігінде Қаратомардың басында өзі Ағыс та, Бестеректің түбінде өлген екен. "Сүйіндік жерінің шетіне апарып қойыңдар! " - деген өсиетімен сол араға қойған. 1910-ншы жылында жаз күнінде ел жайлаудан қайтар кезде барып зиарат қылдық. Тас тамы бар екен, жер болып қалыпты. Далбаның ту сыртында Үшқағылдың оңтүстігінде, Жанеме деген жердің күншығысында, бір жонның үстінде бір қотан қойдың орнындай бір көп тас үйілген обада, қақ ортасында бір бұлақ бар. Дуам суалмайтүғын құдай жаратқан бір тамаша. Көрген кісі таң қаларлық, көрмеген кісі онда су бар деп ойлайтұғын. *** Әкесі Аманжол он жеті қатын алған. Өзі жеті ұлдың кенжесі Қожан тентек жеті қатын алған. Қара Шордың Шоры Шідерті бойында "Қожан шаты" атанып қалды. 1911-нші жылында июнь-июль айларында қырық-елу күн жасында ақ қос тігіп отырып, күшік қаракиік жылында халық жұртқа айта қалғандай жарастықты іс болды. Аруахлардан көп шарапат көрдік. Және Тұрсын хан мен Шегір тамының қасында қара кесектен бір мола бар. Қол кірпіштен соққан, атын ешкім білмейді. Тәуке ханның моласы сол жерде, өзеннің жел жағында бір оба. Жалғыз ғана басына қойған тасын әркім әр жерге алып кетіпті.

54 мәтін

[АБЫЛАЙ ХАН ДӘУІРІ]

(БІРІНШІ НҰСҚА)

[54.1 мәтін Абылайды көзге түсуі (1 үлгі)] Жиырмаға жетпеген жас Абылай хан қасында Оразаулық деген сарт жолдасы бар, Есіл бойында Атығай, Қарауыл деген елге келіп, Дәулеткелді байдың жылқысын бағып, жылқышы болып жүріпті.

— Атың кім? - деп сұрағанға:

— Атым Сабалақ! - депті.

Бай бәйбішесіне айтыпты:

— Өзге жалшыдай көрме, мұны, күте гөр! Бойында қасиеті бар екен. «Қалайша?» - десең, алты күн, алты түн аш жүрсе де, өз қолымен бір ас құйып ішпейді. Және жарты аяқ ас ішсе де, сарқытын біреуге бірмей, ішпейді. Және жерге бір отырмайды. Дәнеме таба алмаса, киімін шешіп, астына салып отырады. Және түзге отырғанда, ұрғашыдан да ибалы, бір қырдың астына барып отырады, не болмаса, киімін басына бүркеніп отырады. Және өзі ұйықтап жатқанда, үсті жап-жарық болып тұрады, жанып тұрған шам шырағы болса керек! - дейді екен.

Сол уақытта қазақтың жылқысын түп көтере Қара қалмақ Қатысыбан деген жау алыпты. Қазақ: «Қыл құйрық!» - деп, көтеріле аттаныпты. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұғлы Жәнібек, Көкжарлы көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары, Керей, Уақтан шыққан Сары, Баян, - бәрі аттанып, қалмаққа барса, қалмақ шеп құрып, айналасын қорған қылып, шептің аузына жайнатып жасау төгіп, қыз-келіншек қойып, қазақтың батырлары жасауға қызығып шапса, ар жағында бұғып жатқан мергендері атып тастап, қалмақ қазаққа алдырмапты. Неше күн жатып, «сасық қамал» болып, қалмақтан жылқысын айыра алмай, «салы суға кетіп», қайтпақшы болыпты. Сонда жылқының соңынан қалмай қуған жылқышылардың бірі Сабалақ қазақтың қайтарына көзі жеткен соң, көптен оңаша шығып, атынан түсіп, шүберек белбеуін құрығының басына байлап, ту қылып, қалмақтың қамалына: «Абылай!» - деп, жалғыз барып кіріп кетті дейді. Құданың құдіретінің шеберлігінің тамашасы - өзіне атса, оқ өтпейді, шапса, қылыш өтпейді. «Кірген жерін - есік, шыққан жерін тесік» қылып, жападан-жалғыз өзі қалмақтың қамалын бұзып, жылқының жусау тезегіндей топырлатып тастаған соң, қазақтың батырлары тұс-тұсынан кіріп, қалмақты жебір-жесір қылып, шауып, талап, шаш етектен олжаға қарық (ғарық) болысып қайтысыпты.

Жауды жеңіп, көңілдері тынған соң, Арғын, Найманның батырлары:

— Кеше бізден айтылмаған аруақ, шақырылмаған ұран қалған жоқ, бәрі дәнемеге жарамады. Бұл өзі жалғыз болса да, тегі, заты кім екені белгісіз болса да, бәрімізден бақ талайы жоғары, аруағы күшті екен! Бұрынғының сөзі бар еді: «Қой асығы деме, қолайыңа жақса, сақа қой!» - деп еді. Кел, осыны хан көтерелік! - деп, әу десіп, Атығай Есенаман байдың еркесіне алып келіп, ақ отау көтеріп, алты қатын алып беріп, ақ кигізге салып, хан көтерген екен.

Тобылбай бидің баласы Арыстан ақын қолға түскенде, Кенесары ханға айтқан:
Кене хан, жақсы көрсең, қарашыңмын,
Жек көргенмен, өзіңнің алашыңмын!
Атаңа алты қатын алып берген -

Атығай, Қарауылдың баласымын! – деп, сонда өзін өлтірткелі отырған Кене хан көзінің жасын төгіп-төгіп жіберіп:

— Батыр, қалағаныңды ал! - деп, астына ат, жетегіне түйе, мойнына берен мылтық, қасына отыз жігіт жолдас беріп, еліне алып барғызып салған екен.

Абылай ханның қазаққа алғаш хан болған жері - осы. Өзі өлгенше, өмірі қартайғанша тұрағы Көкшетауда болған. Ол сөз де Арыстан ақынның өлеңінде бар:

Қылады Макар жиде [Макаров жәрмеңкесі -Е.Қ.] байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін,
Хан болды қырық сегіз жыл Көкшетауда.

Бұл Сарыарқаны бұрынғы уақытта Ноғайлы билеп-төстеп, қоныс қылған екен. «Он сан Ноғай болғанда, Ормамбет би өлгенде, сол Ормамбеттің елі бір алаша тайдан бүлініпті!» -деген сөз бар. Сонан соң қалмақ билеп-төстеп, мекен қылған екен. Қарақалмақ Қатысыбан қоңтажының тұсында: «Он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, Аюкенің ауыр қолы» -атанған тұста, құба қалмақтың ханы Қалдан Шерін тұсында, қалмақтың құтын қашырып, Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай хан екен. Абылай заманында сүрген дәуренді Қазақбайдың баласы - Абылайдан бұрын Адам Атаға шейін көрген емес, Абылайдан соң бұл заманғаша көрген емес.

Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,
Бұл сөзім білгендерге таң болыпты.
Жігіттер, құлақ қойып тыңдасаңыз,
Қазақта Абылайдай хан болыпты!

деп, өлеңге шыққан Абылай - осы.

Қазақ жұртында мақал болып қалды: «Аң алмайтын жаман құс - ат еңбегі, Абылайдан басқа төре - ет еңбегі!» - деп. ***

[54.2 мәтін Абылайдың тұтқын болуы (бірінші нұсқа)] Қалдан Шеріннің Сәру деген інісін жорықта кез болып, Абылай өлтірген екен. Қалмақтан шыққан Сына батыр Қалдан Шеріннен қашып, Абылайға келіп қорғалаған екен.

— Кісімді өзіме қайырып берсін! - дегенде, Абылай:

— Қолынан келгенін менен аямасын! - деп, бермей қалған екен.

Бұл туралы Қалдан Шерін қалмақтың өзінен басқа қоңтажысы болсын, Аюке болсын, -баршасына ат шаптырып, «Сүзекінің қолы» деген қол аттандырыпты.

— Көктің астында, жердің үстінде Абылай бар болса, қоймасын, ұстап алыңдар! - деп, және қалмақтың жайсаңдарына жарлық беріпті. - Абылайды тірі ұстап алып келгендеріңе Аюкенің қызынан туған Топыш сұлуды қалың малсыз беремін! - деп.

Көкшетауда бүркіт салып жүргенінде, қалмақтың бір жайсаңы Абылайды ұстап алып кетіпті, жанындағы жолдастары білмей қалыпты. «Абылайды тірі ұстап, алып келе жатыр!» - деген соң, Қалдан Шерін жарлық қылыпты:

— Абылайды маған көрсетпей, жеті күн, жеті түн зынданға салыңдар, ас-су бермеңдер, аш сақтаңдар! Сегізінші күн зынданнан шығарып, айдалаға бір ақбоз үй тігіп, соның ішіне жалғыз қойыңдар да, бір аяқ қара суға тобықтай тоң май салып, алып барып, қолына ұстата қойыңдар! Тобықтай тоң май қара суға ерімес. Ұрттап жіберейін десе, аузына бармас. Қара болса, аяқтағы суға қолын салып жіберіп, майды аузына бір-ақ қағып қояр. Егер ақсүйек болса, аштан өліп бара жатса да, майды керек қылмас! Мұны осылайша сынайық, - дейді.

Ханының айтқан жарлығын айтқанынша қылып, зынданға салып, сегізінші күн дегенде, ақбоз үйдің ішіне жападан-жалғыз отырғызып қойып, бір аяқ қара суды ішіне тобықтай тоң май салып, апарып қолына ұстатты.

Абылай суды ішіп еді, май не ерімеді, не аузына бармады.

— Үрсем, кетпейтұғын неме едің, өпкенмен, келетұғын емессің ғой! - деп, қолындағы аяқты, - Бар ендеше! - деп, аспанға бір-ақ атты дейді.

Көріп тұрған жігіт-желеңдер Қалдан Шерінге айта барды дейді.

— Мұның затында бір асылдық бар қу екен ғой! - дейді.

— Енді бір төрт жендет жалаңаш қылыш алып: «Ханнан жарлық болды, қарадан жабдық болды, сіздің мейманаңыз толды. Құдайдың сізге бұйрықты жазуы осы болды!» - деп, қылышпен шабуға дүрсе қоя беріңдер! Біреуіңнің астыңа тығылып, басын қорттаса, шауып, өлтіріп тастаңдар! Егер cap қасқа текеше қасқайғаннан қасқайып отырып қалса, шаппаңдар! Тағы қайтып келіңдер, не көргендеріңді айтып келіңдер! - дейді.

Қалдан Шеріннің айтқанын түгел орнына келтіріп, жендеттер жетіп барғанда, қаперіне дәнеме келтірместен, қабағын қағып, жасқанбастан отыра берді дейді.

— Жүрегі тас па, мүйіз бе, түсі де қашпады! - десіп, айтысып келді дейді. Қалдан Шерін тоқсан саркардасын жиып, бәрін өзінен артық жасап киіндіріп, бір үйдің іші лық тола қатар түзеп отырып, өзі орнында отырмай, көп саркарданың бірі есепті болып, бұлардың арасына кіріп отырды да:

— Абылайды осы үйге шақырып келіңдер, ешқайсың қағылып, орын бермеңдер! Қара болса: «Бос жер - босаға ғой!» - деп, босағаның қасына, оттың басына, бала күндегі отырып өскен жеріне отыра кетер! Ақсүйек болса, баса көктей жоғары өтіп, төрден отырып, мені айтпай танып, сұрамай білер! - дейді.

Бұлар мұнда ретін түзеп отырысып, Абылайды шақырып келіп, үйге кіргізгенде, жан-жағына жалтақтап қарамастан, тақтың үсті бос тұрғанын көріп, тұпа-тура барып, таққа мініп, Қалдан Шеріннің отыратұғын орнына отырды. Ол тақтың үстінде қалмақтың табынатұғын тасы, хандарының Құдай деп сыйынатұғын қуы болады екен де, оның қақ қасында Қалдан Шеріннің орны болады екен. Қалмақтар Құдай болмысының қасына отырғанын ауырлап:

— Ол жерге неге отырасың?! - деп, қауқылдасты.

— Бұл орын Қалдан Шеріндікі еді. Оның құты қашты да, менің аруағым басты да, өз орнында өзі отыра алмай, босып кетті. Енді бұл жерге мен отырмағанда, шайтан отыра ма?! - дейді.

Қалмақтар біріне-бірі қарасып:

— Бұл сөзге не айтамыз? «Сөз тапқанға қолқа жоқ» - деген осы екен-ау! - десті.

Сонда Қалдан Шерін өзін танып қойғанын біліп:

— Уа, Абылай, Сәру қайда? - дейді.

— Жақ тартушы көп болды, жаман аты бізде қалды! - дейді.

Екінші қабат Қалдан Шерін және сұрады:

— Сәру қайда? - деп.

— Сәрумін деп Сәру айтпады, Кеспеймін деп, қару айтпады, - дейді.

Үшінші мәрте және сұрады:

— Сәру қайда? - дейді.

— Көрінбеген Сәруді іздегенше, көрініп тұрған өзіңді ізде! - деді.

Қалдан Шерін саркардаларына:

— Бұл не дегені? - дейді.

— Өзің қарап отырып, тағыңнан айрылып қалдың. Осы күнде тақ үстінде мен отырмын да, көп қара бұқараның бірі есепті сен отырсың. Осы сағатында басыңды алдырсам, кім менің алдыма шығады? «Жарлық менде, жабдық сенде болды!» деген сөзі десті, - дейді.

Сонда Қалдан Шерін Абылайды пенде қылып алдырғанына, сынаймын деп орнына шығарып алғандығына пұшайман болып, ұшып түрегеліп, Абылайдың келіп қолын ұстап, жарасып, елдесіп,Топыш сұлуды Абылайға беріп, қазақтан не заманда олжаға түскен, өсіп-өнген бірталай жанды азат есепті қылып, Абылайға қосып, рулы ел қылып, көшіріп қайтарған екен. Осы күнде белгілі ата жоқ: «Кімсің?» - десе, «Төлеңгітпіз» - дейтұғындар -солардың тұқымы. Қалмақ жұрты Қалдан Шеріннің бұл қылығын ұнатпай: «Топыш сұлуды өзіміздің біреуімізге бермей, Абылайға берді!» - деп, араз болысып, ақырында қалмақ Қалдан Шеріндей ханын өздері өлтірген. Қалдан Шеріннің ханымы - Қарабас ханым, онан туған Ай - жан жалғыз. Әкесінің орнына соны сайлап, үш жылға жеткіз - бей, екі көзінен айырып, соқыр қылып, қаңғытып қоя берген. Аюкенің қызынан туған: Қырғын, Күш деген екі бала Абылайды жезде көріп, Топыш ханымды ана көріп, бірнеше үй өздеріне ерген қалмақпенен Абылайға келген. Сонан соң қалмақ бүлінген, ақырында шүршітке қарай ауып кетіп бара жатқанда, балалары жылағанда, айтады дейді:

- Қу, мұрдар, неге жылайсың,

Сорқара, Сортың бар ма?
Сөрелеп жайған етің бар ма,
Конек, Долағайың бар ма,
Көнекте тұрған қымызың бар ма?! –

деседі дейді. «Сорқара, Сорты» - деген, «Көнек, Долағай» - деген Сарыарқаның сауырысы, шөбі шүйгін жерлері болса керек. *** [54.3 мәтін Жәнібек батырдың түсін Абылайдың жоруы (бірінші нұсқа)] Абылай хан Қара қалмақ Қатысыбанға қол жиып, шеру тартып барғанда, қалмақтың ханы Абылайға кісі салды дейді:

— Абылай мен екеуміздің таласымыз дін емес, дүние ғой. Дүние үшін жұртымызды қырылыстырмайық. Мен жекпе-жекке өзіме қараған қалмақтан бір сырттан тауып шығарайын, Абылай да өзіне қараған қазақтан (елінен): «Осы сырттан-ау!» - деген біреуін таңдап шығарсын! Менің кісім Абылайдың шығарған кісісін күші асып, өлтіріп кетсе, малдан, жаннан Абылай безіп шықсын, біз олжа қылайық. Абылайдың кісісі менің кісімді күші асып, өлтіріп кетсе, малдан, жаннан қол жуып, екі қолды төбеге қойып, біз шығалық, Абылай олжа қылсын! Уағда осы болсын! - деп.

Абылай хан:
Жарайды, болса, болсын! - депті.

Қалмақтың бұрыннан белгілі бір сырттаны бар екен, жолбарысты құйрығынан ұстап алып лақтырады екен және жерге бір-ақ қойып өлтіретұғын күші бар екен. Абылайда өйтіп сыналған белгілі сырттан жоқ екен. Өзінің сынауы бойынша, Шақшақ немересі Жәнібекті шығармақ болды дейді. Жәнібектің туған шешесі Есім хан өлтіретұғын Тұрсын ханның қызы екен. Ташкентті шапқанда, Шақшақ батыр Есім ханның батырының басы екен. Тұрсын ханның бір қызын Есім хан баласы Жәңгір ханға олжалап алып бергенде, бір қызын Шақшақ батыр баласы Қошқар батырға олжалап алып беріп, Жәнібек сонан туып, сонда Жәнібектің шешесі Абылайға айтып тапсырып қосқан екен:

— Аттың сырттаны жауһарлысын үш жыл іздетіп, зорға таптым. Ағаштың сырттан жауһарлысын үш жыл тарап зорға таптым. Адам сырттанын мырза Құдай бір күн төсекте жатқан түсімде берді. Осы жолы алып барып, ненің сырттаны болса да, бір айқастыр! -деп.

— Ертең қалмақтың сырттанына сен шығасың! - деп, оған айтып қойды дейді.

Сол түнде жатып, Жәнібек бір түс көріп, түсінен шошып оянып, түн ішінде қосын жығып, еліне қайтпақшы болып: «Ханға айтып кетейін!» - деп, жетіп келсе, Жәнібектің түсінен қорқып оянғанын хан да түсінде көріп: «Маған келмей кетпес-ау!» - деп, басын көтеріп, тосып отыр екен. Таң жаңа сәуле беріп, ондағы - мұндағы көрінерлік мезгіл екен:

— Батыр, жай ерте келдің бе? Асып-үсігіп бір нәрседен қысталып жүрсің бе, немене? -дейді.

— Тақсыр, бір жаман түс көрдім. Сол түсімнен қорыққаннан: «Осы жолы өліп кетсем, тұқымсыз кетермін!» - деп, қайтуға ыңғайланып, сізге білдіріп кетейін, - деп, жүрегім аузыма тығылып, әрең келдім, - дейді.

Хан сонда атшысын «Шыйеш» - дейді екен:

— Шыйеш! Мирақор! - деп шақырды, атшысы:

— Алдияр, тақсыр, - деп, жетіп келді.

— Уа, менің қарт Бөгенбай берген Нарқызыл жирен атымды есіктің алдына алып кел! -дейді.

Ханды онан басқа ат көтеріп жүре алмайды екен. Мирақоры атты есіктің алдына алып келгенде, Жәнібекке:

— Жай қолыңды! - дейді.

Жәнібек қолын жайып, ұшып тұра келгенде:

— Жақсы түске де садақа, жаман түске де садақа», - деп еді. А, Құдай, осының түсін мен неге жорысам, сен соған қабыл қыл! - деп, жирен атты: «Түс садақасы» - деп айтып, жалма-жан сойдырып, талатып жіберді.

— Айт, батыр, енді түсіңді, - дейді.

— Түсімді айтсам, тақсыр, қалмақтан жекпе - жекке пәленше деген жайсаңы шықты да, бұл жақтан мен шықтым. Екеуміз шартпа-шұрт болып қалғанда мені ол найзамен шаншып түсірді. Кеудеме атша мініп, тамағымнан кесуге ыңғайланғанда: «Енді бауыздап тастайды-ау!» - деп, кеудеме көз салсам, қарасам, он емшегімді бір айдаһар жылан еміп жатыр екен, сол емшегімді бір айдаһар жылан еміп жатыр екен. Шошып, ояна келсем, түсім екен. Көрген түсім осы, - дейді.

— Түсің түс-ақ екен: мұнан жақсы түс бола ма?! Түсінде сені ол шаншып түсірген болса, өңінде оны сен шаншып түсіреді екенсің. Түсіңде сенің кеудеңе ол мініп жүрген болса, өңіңде оның кеудесіне сен атша мінеді екенсің. Түсінде сенің тамағыңа ол қылыш даярлаған болса, өңіңде оның тамағына сен қылыш даярлайды екенсің. Оң емшегіңді еміп жатқан айдаһар жылан - өзіңнен туып, үстіңе бала ойнақтайды екен, өзі асқан айдаһар ер болады екен, батыр атанады екен. Сол емшегіңнен айдаһар еміп жатса, өзіңнен бір қыз туып, онан туған жиен о да айдаһардай ақырып туады екен. Ұлдан туған ұрпағың, қыздан туған жиенің тұлпар мініп, ту ұстай туады екен. Осынша өсіп-өнейін деп тұрсың. Сен қалай өлесің, бар, жекпе-жекке кіре бер. Жүсіп пайғамбардың түсі болсын да, Жақып пайғамбардың жоруы болсын! - дейді.

Хан түсін қолмен қойғандай жорыған соң, бір жағынан атын сойып таратып жатқан соң, Жәнібектің қорқынышы қашып кетті, жүрегі тасып кетті, қайрат-қуаты бұрынғысынан да басым болып асып кетті. Сол жерден атын алдырып мініп:

— Жекпе-жек! Жекпе-жек! - деп айғайлап шыға шапты дейді.

Қалмақтың жайсаңы құты қашып, аяғын тәлтіректеп басып, найзасын қалай толғарын білмей, өзінен-өзі қалбалақтап, сасып, айқасып қалған қарсаңда Жәнібек батыр шаншып түсіріп, үстіне аттай мініп, тамағынан қылышты тигізер тигізбесте шалқасынан жатқан қалмақ:

— Тоқта! - дейді, - Түнде сен де көріп едің, мен де көріп едім. Сені мен алып едім едім-ау, табанымның астына салып едім-ау! Сенің түс жорушың жақсы жорығандықтан, менің түс жорушым ретін тауып айта алмағаннан алып кеттің - ау! - дейді.

Сонда Жәнібек басын кесуге қимады, қолынан ұстап жетектеп, Абылай ханға алып келді. Өзі өскен-өнген жан екен, он бір ауыл екен. Сол он бір ауылға тимей, өзге қалмақты тұттай жалаңаш тонап алып, олжа қылып қайтыпты дейді. Жан болса, осындай болсын! *** [ 54.4 мәтін Қырғызға жорығы, Тұрсынбай батыр] Абылай хан және бір жорыққа аттанғанда, құс ұшпас, құлан жортпас Бетпақтың Сары даласында бір қара ала атты кез болды дейді.

— Кімсің? - деп, жөнін сұрағанда:

— Көн етікті демесең, көпке татыр өзім бар, көн садақты демесең, көпке тиер сөзім бар. Мен - Балта керей Тұрсынбай! - дейді.

— Бәрекелді, атыңа қанық едім, жүзіңе танық едім, батыр, жорықтас болайық, олжалас болайық, - дейді.

— Жалғыз жүрсем, жан-жағым толып жүруші еді, көп ортасына кірсем, жабыланып кетуші едім. Сізбен бір сапар жолдас болайын, - дейді.

Ханмен қосылып, Алатауға қарай бет қойып, бірге жүрді. Бір өзен аққан судың бойында көп мола бар екен. Абылай хан Балта кере Тұрсынбай батырға айтты:

— Анау тұрған бейітте бейіт ағашы бар ма екен, байқап келші! - деді.

Батыр барып, аралап келді де: «Жалғыз-ақ көрде бейіт ағашы бар екен, өзгесі тас екен», -деді. Хан еш нәрсе демеді. Алатауға барды, қырғыз болсын, қалмақ болсын, ел шабысқан жоқ. Түзден ер басына бір түйе, бір аттан олжаласты. Қыс түсіп кеткен соң, асығып қайтты. Піскен тамақ таусылды, мал сойып, ыстық қылып ішуге отын табылмады. Қол ашығыңқырап, жүдеп, баяғы көп моласы бар суға қонаға жетеміз ғой десіп келе жатады. Абылай хан көп қолға білдірмей, екі жігітті ілгері оздырды:

— Бүгін қонатұғын жерде бір көрде бейіт ағашы бар деген. Ерте жарық барда соны тауып алып ақтарып, біреуің қайта өзінікіндей қылып, бетін жауып тегістеп, адам ашпағандай қылып қойыңдар. Түн болған соң, мен: «Бейіт ағашты алып кел!» - деп, Балта керей Тұрсынбай батырды жіберейін. Көрді ақтарып, бейіт ағашты ала бергенде, «Өлген менің көрімде әкеңнің көз құны бар ма еді?» - деп, ал жағасынан. Шошыр ма екен, шошымас па екен, батырлығын сынайық, - дейді.

Хан жарлық қылған соң, екі жігіт ілгері озып барып, бірі ақырет оранып, ішіне түсіп жатып, бірі қайта жымпитып, өзінікіндей қылып жауып тастап, екі атпен өзі бір сайға барып, жасырынып жатты. Қас қарайып, сам жамыраған мезгілде қол судың бойына келіп қонды. Ыстық қылып ішейін десе, тамызық жоқ. Абылай хан Балта керей Тұрсынбайға:

— Баяғы өзің көрген бейіт ағашты сен тауып алып келмесең, бұрын көрмегендер қараңғыда барғанмен таба алмайды ғой - дейді.

— Мен барып алып келейін! - деп, бара сала-ақ тас-талқан қылыпты, бейіт ағаш сау етіп, ішіне түсіп кеткен соң, қолын созып, жиып ала бергенде, көрдің ішінде жатқан:

— Өлген менің көрімде әкеңнің құны бар ма еді? - деп, жағасынан шап беріп, ұстай алғанда:

— Уай, енеңді... Сен шала-жансар өліп жатқан неме болсаң, мен шын өлтіріп кетейін, өлген кісі өліп көрде жата берер болар. Тірі кісі бейіт ағашын алып, жаға берер болар. Өлі саған бола тірі Абылай аштан өле ме? - деп, үстіне міне түсті дейді, жалма-жан қаруын суырып жатыр дейді, - Басын шауып тастайын! - деп.

Шын өлтіретұғынына көзі жеткен соң, астындағы батыр жалынды дейді:

— Мен өлі емеспін, тірі кісімін, сізді сынамаққа хан бұйырып еді - деп.

— Солай десейші, мен шын анық өлмей, шала жансар жатқан бірдеме ғой деп ойлап қалдым, - депті.

Бәрі бас қосып, бейіт ағашты алып келіп, ыстық қылып ішісіп отырғанда, хан:

— Пенде болып, ешнәрседен қорықтың ба? - деп сұрағанда.

— Тақсыр, неге қорықпайын, он алты жасар күнімде әкем пәлен ханға нөкерлікке берді: «Осы баламды батырлыққа баулап бер», - деп. Сонда ханның жылқысын бақтым. Жарқырап жаз шыққан соң, күркіреп көк шыққан соң, бір ақ боран болып, жылқы ықты. Жылқыменен бірге мен ықтым. Үш күн, үш түннен соң, күн шайдай ашылды. Жылқы жусады, мен де аттан түсіп, жата қалдым. Көзім ілініп бара жатса, өн бойым мұздай болып, шымырлап бара жатқан соң, көзімді ашып жіберсем, білектей қара шұбар жылан ауызымның үстінен артылып түсіп бара жатыр екен. Аузымменен қауып қалып едім, басы бір бөлек, құйрығы бір бөлек екі жағыма бөлініп түсіп қала берді. Ортасын жұтып жібердім, қорықпасам, жыланды жеймін бе, өзімнің жан болып, қорыққаным-сол! - деді.

— Бәрекелді, батырлығыңа болайын, қатты қорыққан екен.

Бұрынғы заманда батыр деп осындай жандарды айтады екен. Бұл уақытта торғайға әлі келмейтұғын бөдененің жұмыртқасындай немелерді батыр, батыр дейді. Онысы қанды шелек, көк тақым ұры. Кигеніне қарасаң қуыс қурай... *** [54.5 мәтін Қазыбек би елшілігі (1 үлгі)] Абылай хан қазаққа хан болып тұрған күнде Қалдан Шерінге елші жіберген екен. Сонда Қалдан Шерін ханымы Қарабас ханымға:

— Қазақтан елшілікке келгендерді аралап көріп, ішінде бітім алып қайтуға тұрарлық кісісі болса, сынап, маған алып кел! Бітім алып қайтуға тұрарлық кісісі жоқ болса, мені көрсетпей, қайырып жіберіңдер! Жөні түзу, сөз білерлік біреуін жіберсін! - деп, - деген соң.

Қарабас ханым төрт кісіні таңдап, Қалдан Шерінге алып барды дейді: Бірі - Қаз дауысты Қазыбек, бірі - Айдабол баласы Тайкелтір би, бірі - Балта керей Тұрсынбай, бірі - Шар жетім Шақшақ Жәнібек.

Сонда Қалдан Шерін ханымынан сұрапты:

— Бұларды не сынмен алып келдің? - деп.

Сонда Қарабас ханым айтты дейді:

— Мынау отырған Қазыбек ұйықтағанда, екі қолын екі жаққа, екі аяғын екі жаққа жіберіп, керген төстіктей жатады екен. Оның мәнісі, дүниенің төрт бұрышын тірей туған ұлмын дегені. Қара бақайына шейін құт екен, өлгенде, арулаған жерін басып өткен ел бай болар! - дейді, - Мынау отырған Тайкелтір кішкене тілінің ұшы екі айырыла біткен екен. Өнері қара санынан келеді екен. Айыр көмей, темір жақтың өзі екен. Екі жақты, бір тілдіге сөз бермейтіннің өзі екен дейді - дейді, - Мынау отырған - Балта керей Тұрсынбай құлағы жоқ шұнақ, құйрығы жоқ шолақ екен. Ерлігінен де міні жоқ, еңбектілігінен де міні жоқ. Жалғыз-ақ айыбы жауы желкесінде екен, онан басқа қорқар нәрсесі болмаса керек дейді, -дейді. - Мынау отырған Жәнібек, екі аяқты, бір бастының сырттаны екен, өзінің оққағары бар екен. Күнінде ыңыршағыңды отқа жағып, бақайшағыңның майын шағатұғын осы екен дейді, - дейді.

Сонда Қалдан Шерін:

— Мұны осы жерде өлтіріп тастасақ болмай ма? - дейді.

Сонда ханымы айтты дейді:

— «Ханның ақылы баланың шөметейімен бір бәс!» - деген осы екен-ау. «Қазақ, Қалмақтың тыныштығы болсын! - деп, - елші жіберсін!» - дейсің. «Келген елшіні өлтірсек, қайтеді?» - дейсің. Осы отырған төртеуі дүниенің төрт тіреуі сықылды кісі емес пе?! «Атса, мылтық өтпейтұғын; шапса, қылыш өтпейтұғын; отқа салса, күймейтұғын; суға салса, батпайтұғын» - деп, осындай жандарды айтады депті, - дейді.

Қалдан Шерін сонда бұл төртеуіне, ер басына тоқсан жесірді долгсыз берген екен. Бұрын қазақ, қалмақ арасында шабыншылықтарда түскендерді мал беріп, сатып алады екен. Бұл жолы бұлар сатусыз алып қайтты дейді. Сонда бір келіншек қатын Қазыбекке:

— Би ағалар-ау, мен қалып барамын! - деген соң, Қазыбек Қалдан Шеріннен сұрап алған екен дейді.

*** [54.6 мәтін Батырлар тізімі (бірінші нұсқа)] Абылай ханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ ұлы Жәнібек, Көкжарлы Көкжал Барақ," Жауды көп қашырады, жақсы аты Бараққа қалады" деген Барақ батыр - осы; Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары,

Абылайдың мінгені ыңғай сары,
Айғайласып келгенде жердің тары.
Абылайды сан қалмақ қамап жатыр,
Туыңды ала шаба гөр, Малайсары! –

дейтұғын Малайсары - осы кісі, Балта керей Тұрсынбай, Тарақты Байғозы, он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай, Малай Жәдігерден Жауғаш, Биғаш, бөрі тонды, бөрте атты, бөрі бас Орманшы Ақсары, Шотана, Қозған Бекше мерген, қарауылшысы Әлтеке - Сарым Жидебай, Уақ Сары, Баян,

Ғақыл тұрмас қашқанда,
Дегбір тұрмас сасқанда.
Баяндай ерді көрмессің,
Бұрылып жауды шанышқанда.

Үйде батыр көп еді.
Жау жолында Баяндай көзге тұсетұғын жоқ еді, - делінген Баян батыр - осы.

Бұл айтылған батырлардың бәрі де ербикейше бұзау жарып, батыр атанған емес. Жалғыз жүріп қалмақтың қамалын бұзған батырлар. Қазақта батырда Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ. Үйсін Төле биден асқан би жоқ. *** [54.7 мәтін Абылай тұсындағы заң-жоралғылар (бірінші нүсқа)] Абылай ханның хан болып, дәуірі жүріп тұрғанда, құнға кесім қылдырған, тамам талас сөздің үстінен қаратып, бітім айтқызып билік қылдыратұғын Баян Күлік Шобалай баласы Жаңа батыр би екен. Бұл кісінің құнға қылған кесімі: қара құн - жүз жылқы, он екі жақсы. Сүйек құны - елу жылқы, алты жақсы. Өнер құны - тоқал құн болады, тоғыз жақсы. Жақсы дегеннің басы -жетім, қалы кілем, қара нар, мылтық сондаймен тоғыз болады. Ұрғашының құны, еркектің бір көзінің құны: елу жылқы, алты жақсы. Аттың құйрығын кескен ұрыға бір жылғаша билік айтпайды екен, босаға күзеттіреді екен. Босаға күзеттіргеннің мәнісі, сол атының құйрығы кесілген үйден бір жылғаша кісі өлсе, ат құйрығын кескен ұрыға кісі құнын тарттырады екен. Шідер ұрлаған ұрыға, шідері қайыс болса, үш атқа үш балағын салып, үш ат үзіп кете алмаса, ұрыға үш ат айып салады екен. Біреудің малын ұрлап жеп қойған болса, ол ұрының мойнына арқан салып, мал иесінің қолына береді екен. Мал иелері атқа мініп алып, тақымына салып сүйрей жөнеледі екен. Өлшеулі жер болады екен. Мерзімді соған шын тартылсын деп бұйрық қылады екен. Бірінен соң бірі кезекпенен үш кісі үш басқа тартады екен. Өлсе, өліп кетеді, өлмесе, өлмей қалғанды салауат деп қоя береді екен. Солай тартқанда адамның мойыны жарты кез ұзарып кетеді екен дейді. Ойнас қылғанды, мойнынан арқан тағып, қырық қысырақтың құйрығына байлап қоя береді екен. Сонан соң жылқы үркіп сүйретіп, быт-шыт қылып өлтіреді екен. Бұрынғы уақытта өрнекті хан, үлгілі билердің тұсында барымта бар екен. ұрлық атымен жоқ екен. Ел шауып, олжалап, қыз болсын, қатын болсын алады екен. Ойнас деген нәрсені білмейді екен. Мұндай жамандық қылғанды қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым кигіз ілдіріп, ақырында барып, мойнына арқан тағумен өлтіреді екен. Бір тоқтының дауы болса, бір тап ел түгелімен атқа мінеді екен. Тайлы - таяғына шейін қалмай шынға жүреді екен. Өтірікке жүрмейді екен. Онан соң бұлардың даулы кісісінің елі де түгелімен тайлы-таяқтысына шейін қалмай атқа мінеді екен. Екі жағы екі түйе бастатқан тоғызды заманындағы билердің босағасына алып келіп байлайды екен, араларынан дау шыққандығының айыбы деп. Сонда ұры мойнына алмаса, көрген білген ешкім жоқ болса, жанға салады екен. Жан берсін, жан бермесе ұры болсын дейді екен. Сонда мал иесі ел ішінен ұры шыққан таптан бір адал сенімді кісісін ұстайды екен. Онда ол жанға ұсталған кісі өз руынан үш сенімді кісіге жабысады екен: "Менің алдымда пәленше мен түгенше жүрсін, - деп, - сонда шығамын, әйтпесе шықпаймын", - деп. Егер де сол тоқтыдан мал иесінің ұры деп жабысқан кісісі ақ болып, шындығы білініп адалдыққа айналса, шын көзі жеткен соң ұры деп өлтіруге бермейді екен. Жанға ұсталған кісіні тірідей арулап жуып, ақ кигізге орап моланы үш айналдырады екен. Алдымда пәленше жүрсін, түгенше жүрсін деген кісілері алдында солар жүреді екен. Жанға өтулерінің үлгі - өрнегі осылай болады екен. Бұл заманда қозы жаурын, қой бұтты, қуық басты, үрген қарын сықылды домаланған билер жанға салған болады. Мешітке кіріп , аят оқып жан бер дейді. Ант айттыратұғын моллаға жиырма тиын күміс жан садағасы деп береді: "Тақсыр, жегеннің ішінде өзіміз де бар едік. Бұл заманда кемдігін кім беріп жатыр", - деп жүре береді. *** [54.8 мәтін Орысты шаппақ болғанда Бұхар жыраудың өлеңмен тоқтау салуы] Қаржас Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау деген қария болған екен. Заманындағы сыншылар ол кісіні «Көмекей әулие» дейді екен. Көмекейі бүлкілдеп сөйлейді де отырады екен. Қара сөз жоқ, аузынан шыққан сөзінің бәрі жырлаумен шығады екен. Сол Бұқарекең Абылай ханға айтқан екен:

— Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, кеше Еңсегей бойлы ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның бір түстігіне де жарамайсың, - деген екен.

Абылай хан бір жаққа аттанарда Бұқарекеңді алдырып, Айдың, күннің сәтін сұрайды екен, сәуе керіп бер дейді екен. Сонда Бұқарекең:

— Сары бура келіп, сенің туыңның түбіне тұрып, пәлен жаққа қарай шабынды, - дейді екен.

Сол айтқан жағына бет алып аттанса, шауып, жаншып алып келеді екен. Егер Сары бура келіп, туының түбіне шөгіп, мойнын салып жатып алды десе, аттанбайды екен. Ол заманда Сарыарқада орыс деген жұрттан нышан жоқ екен. Абылай ханға сәлемдеме беріп:

— Өзіңе қараған жұртты бізге жау қылма, - деп, сыйлап тұрады екен. Олай - бұлай жүрген саудагерлері Абылайға тарту-таралғы беріп, ешкім тимеске хат алып кетеді екен. Абылай заманында болған шайырлар айтқан екен:

Абылайдың атасы - Әбілфейіс,
Хан баласы төсенбес етке киіз.
Аузы түкті орыстан алым алып,
Абылайға шықты ма екі мүйіз, -

деген екен. Алматы, Аягөзге саудагер жіберемін, соған жол берсін деп сұратқанда, Имамқұстан шығып, Ертіс жағалап, Семейге шейін баратұғын қара жолды Абылайдың «сонымен жүрсін» деген бұйрығымен қара жол болған екен. Сол үшін Ертістің бергі жағындағы көлденең жолды «Абылай жолы» дейді. Жәрмеңкелік жер сұрағанда, Есілдің бойынан Қызылжарды берген екен. Атығай Дәулеткелді байдың қыстауы екен. Сонан соң Дәулеткелді бай:

— Жерімді орысқа берді, - деп өкпелеп, Жиделібайсынға кетемін, - деп, ауып кетті.

Соның тұқымына Тәшкентте жолығып сөйлестік, Көтенші деген Қоңыраттың ішінде өсіп-өніп кеткен екен. Қызылжарда «Абылайдың ақ үйі» деген сонда салынған үй екен. Аузы түкті кәуірді айтқанына көнгізіп, айдауына жүргізіп тұрған күнінде үш жүздің баласын кемеңгер билерді жинап ақыл сұрады:

— Сары жаудың бәрі жау деп еді, қуықтай басы бүріскен, ешкідей көті шүрішкен, көрер көзге оп-осал болса да, қулығы көз жеткісіз терең көрінеді. Сарыарқаға қызығып күндердің күні болғанда қызыл қарын, жас балаға күн көрсетпес. Алаш ұранды қазақты жиып алып; «Қыл құйрық» - деп аттанып қырып тастасақ қайтеді, - деп.

Сонда билердің бірде-бірі ханға бір ауыз жауап қайтара алмағанда тоқсан үш жастағы Бұқарекең ханға толғап сөз айтыпты. ***

[54.9 мәтін Самарқан жорығы, Абылайдың түс көруі] Абылай хан өзіне-өзі емін-еркін келген соң, ата жұртым Бұхараны аламын деп, үш жүздің баласы қазақтың "сен тұр, мен атайын" деген батырларын жиып аттанды. Мұнан барғаннан әуелі Түркістан барып, оған өзінің бел баласы Сыдық сұлтанды ие қылды. Шымкент, Сайрам барып, оған Fабдалрахман деген сартты қойды. Ташкент барып, оған Мырзаахмет деген сартты қойды. Ташкентті кеше орыс алар уақытысында бір Мырзаахмет деген және биледі. Бұл Мырзаахмет қартайып алжып өлсе, жаңада өлді. Абылайдың қойған Мырзаахмет дегені - мұнан көп бұрын өткен кісі. Онан Созақ үстіне барып түнеп жатқанда, Қоңырат елінде бір байдың келіні ұл тауып, атын Абылай қойған екен. Бұл Абылай да өсіп-өніп, бір тайпа ел болыпты. Абылай хан онан өтіп, Самарқан шаһарының бет алдына, Жұпар қорығына барып түсіпті. Сол түні қасындағы қариясына:

— Бүгін сәуе көр, - депті.

— Мен де қарап жатпайын, жұрт билеген хансың ғой, өзің де көр, - депті.

Ертең таң атқан соң, қария мен хан бас қосып отырып, көргендерін айтысыпты. Әуелі хан айтыпты:

— Бүгін түнде түсімде бір жолбарыс шатырымның алдына келіп шөкті, басын бір көтермеді, төмен салды да жатты. "Бұ не қылғаны?" - деп, қарап едім, әлгі жолбарыс дегенім аю болды. "Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып қалды?" - деп, қарап едім, қасқыр болды. Онымен де тұрмады, қоян ба, қарсақ па, сол сықылды болған уақытта оянып кеттім, - дейді.

Онда қария айтты:

— Мен көргенімді айтсам, Бұхардағы тамам әулие Самарқан дарбазасының түбіне келіп шөкті. Ол Самарқанды саған алғызбаймын деп келгені. Өзің көрген жолбарыс - өзіңнің бақ-талайың. Бақ-талайыңның жетіп жығылған жері - осы болғаны. Енді мұнан былай бақ-талайың көтерілмейді. «Баяғыдан бері Абылай жүріп-жүріп сарттан өліпті» деген атқа ұшырамай, ұрыспай, соғыспай, осы жерден тып-тыныш қайта ғой. Қарасаң аю болғаны: сенен соңғы баланың заманы "аю заманы" деген заман болады. Аюдай алысып өтеді. Онан қарасаң қасқыр болғаны: немере ұрпақтарың заманы, "қасқыр заманы" деген заман болады, қасқырша жұлысып өтеді. Онан қарасаң, түлкі болғаны: шөберең заманы, "түлкі заманы" деген заман болады. Түлкіше жортып жүріп жан сақтайды. Онан қарасаң, қоян болғаны. Онан соңғы заман қоянша қара кебек қылып, қорғалап жатып, жан сақтайды. Онан соң заманның не боларын құдірет өзі біледі. Қарсақ болар, күзен болар, ең аяғы тышқан, бақа - шаян, құрт-құмырсқа болып, дүние сөйтіп тозып, таусыладыдағы, - дейді.

Сонан соң хан бұл сөзге құлақ қойып, Самарқан шаһарына елші жіберді:

— Ұрысым, соғысым жоқ. Әулиелерді зиарат қыла келдім. Осы жерден қайтамын, - деп.

Самарқан,Бұхара жұрты қорқып тұр екен. Мұнан бұрын қосыны қазақ болып, он үш патша ол шаһарларды алған екен. Қосыны қазақ болды дегенше, бұ дүниепаз сарттарға азап болады екен. Абылай ханнан бұл сөзді естіген соң, Самарқан халқы қуанып, тарту-таралғысымен келіп, ханды көріп, Абылай хан сонда Самарқанның көк тасынан басыма қойдыратұғын, жазу ойдыратұғын тас қазып аламын деп, ұста жинап, тас қаздырды. Сонда Абылайдың бақытысына шыққан тасты Самарқан халқы көріп, ханнан сүйінші сұрады: "Бұл тас әмір Темірден соң, еш - кімге шықпаған тас", - деп. Сол тасқа атын сол жерде ұсталарға жаздырыпты: "Абылай ибн Сүйеніш хан", - деп. Сол сапардан қайтып, Ташкентке келіп Мырзаахметтің қызын алып енді ұрыс, соғыс жоқ деп, Орта жүз бен Кіші жүздің батырларын рұқсат беріп, жерлі жеріне, мекенді суына қайтарыпты. Үш айдан соң өзі Ташкенттен Арқаға қарай шығыпты. Қасында біраз төлеңгіт пен Үйсін, Дулаттың жалға етектері бар. Мұны Шымкенттегі Ғабдалрахман сарт естіп, Тұрбат, Сұлтанрабат, Қарабұлақ, Маңкенттегі егінші сарттарды жинап алып, қосын қылып, Абылай ханды қамапты. Сонда Дулат халқы қашып кетіп, "жалға етек Дулат" атаныпты. Боза ішіп, дулағаннан басқа өнері аз, тұзсыз көженің күшінен біткен жасық халық қой. Ханның қасындағы төлеңгіттердің бірсыпырасын қырып тастапты. Ханның өзіне қол тигізуге бата алмапты. Сонда хан Арыс деген өзеннің бойында; бір қырдың басында тұрып, жолдастарын тарқатып жібергеніне пұшайман болып, бармағын шайнады дейді.

Сонда бір қария айтқан екен:

Етек пенен жең болған, Ежелден саған ел болған Орта жүзден кісің жоқ. Найзасының ұшы алтын Кіші жүзден кісің жоқ. бұлар қарап тұрғаннан Басқа ісің жоқ, - депті. Сонан соң Абылай сол Арыстың бойында бір қорғанға түсіп, алпыс сегіз жасында, жұма күні дүниеден қайтып, сол жер осы күнде "Хан қорғаны" атаныпты. Сүйегін теңге салып, Түркістан шаһарындағы хазірет сұлтан Алғарфин әулиенің күмбезіне алып келіп қойыпты. Есіткен күні жұма күні екен, Сарыарқаға қырық күн бұрын естіліпті. "Бүгін қырқы ", - деп, ордаға жиылып, бала - шаға, үй-іштеріне жұма күн жиылып есіттірген екен. Артынан қасындағылары келген соң; "Қай күні өлді?" - деп сұраса, үйіне есіттірген күні өлген екен. Өлмесінен қырық күн бұрын өлді деген хабары Арқаға келіп қалғаны. Абылай хан өлгенде, Созақ деген кентте Жалаң аяқ Алұрдұр [Ашдүр, Әздер -Е.Қ.] үш күн, үш түн жылаған екен. Маңайындағы сарт-сауан:

— Тақсыр, бір қазақ өлді деп, мұнша неге бүліндіңіз? - дегенде. - Есіл Абылай Сарыарқада өлмей, сарттың қорғанында өлді - ау! Енді хандық қорғанда қалды. Сол үшін жылаймын! -деген екен.

Айтқанындай, содан соң қазақ ортасына хандық жоқ, сарт билеп кетіпті.
Бес қойға алған өгізді
Тегін дерсің, - деп еді.
Егін егіп, тарының

Сөгін жерсің, - деп еді.
Жалаң аяқ сарттарды
Бегім дерсің", - деп еді,

деп, ноғайлыдан шыққан Мөңке бидің айтқаны дәл келіпті де, тұрыпты. Мұнан соң "балапан басына, тұрымтай тұсына" деген заман болды. Баяғы атам заманындағы Бұхарекеңнің: "Қала салады, орыс алады", - деген жерлеріне Абылай ханның немересі Кенесары заманында салынып, Кенесары, Наурызбай барымташыдай шеттеп, жырмалап жүріп, екі мыңға анық толмайтұғын жігіт-желеңмен оған бір тиіп, бұған бір тиіп, басы-көті сегіз жыл бір ауылға болса да хан атанды.

Ереймен, Есіл басы тау болыпты,
Кәпір көп, мұсылман аз, қау болыпты.
Саржан мен Қоңырқұлжа құда болып,
Орыс пен Кенесары жау болыпты.

Төскейде мал жатады қау болғанда,
Жігітке кедейлік жоқ сау болғанда.
Ұшқан құс, жүгірген аң өте алмады,
Орыспен Кенесары жау болғанда, -

деп, бұрынғы ақындардың өлеңінде айтылған. *** [54.10 мәтін Абылай әулеті (бірінші нұсқа)] Абылай ханның Қарауыл қызы, алғашқы алған бәйбішесінен ұл жоқ, жалғыз қыз болды. Ол - Жамантай ханның шешесі. Онан соңғы қатыны - Қарақалпақ қызы. Онан туған: Уәлі хан, Жәңгір сұлтан, Ғаділ сұлтан, Ешім сұлтан. Сарт қызы қатынынан: Рүстем сұлтан, Шеген сұлтан, Сыдық сұлтан, Бопкір сұлтан, Ғабдолла сұлтан.

Қожа қызы қатынынан: Қосым, Аруұқ (Арық), Тоқ.
Және Қарауыл қызы қатынынан: Шығай, Тағай, Шөкі.
Аюке қызынан туған Топшы ханымнан - Қасым хан жалғыз.
Қалмақ құмашы қатынынан туған - Төлек жалғыз.

Және Қалмақ құмашынан - Шама төре жалғыз.

Жеті ханымнан он сегіз ұл болды. Осының ішінде "Абылай - лап" жауға шапқан - Қасым ұрпағы. Бұхарекең айтпап па еді:

Ағар дария су кетпес,
Қалмақтан алсаң,
Маһи бір зайып
Сүйегіңді жоғалтпас, - деп.

Абылайдың бел баласы, Уәлі ханның бәйбішесінен: Ғаббас (Аббас), Хамза, Ғабидолла(Ғұбайдолла, Абайділла), Бегәлі.

Абайділда, Аббастың елін жайлап,
Бес жорғасын өлтірдім кісі байлап.
Ханнан алған сұлуым өліп қалып
Қара күңмен келемін сорым қайнап, -

дейтұғын Қамбар Жанақ ақын.

Айғаным деген тоқалынан - Көкшетаудағы Шыңғыс төре. Әділ баласы - Нұралы, онан -Тезек төре. Абылай хан өлген соң, Уәлі хан хан болды, Абайділда хан хан болды. Бұлар тек хан атына зар болды."Қала салмаймын, бағынбаймын деп айтасың" - деп, Абайділда ханды Баянаула деген таудан орыс ұстап алып кетіп, Көкшетауға Уәлі ханның тоқалы Айғаным қала салдырды. Баянаулаға Шоң би қала салдырды. ***

[54.11 мәтін Абылай аспаған сары бел (1 үлгі)]
Ғаламда он сегіз мың жан болыпты
Бұл сөзім білгендерге таң болыпты.
Әлеумет құлақ салып тыңдасаңыз

Арқада Абылайдай хан болыпты.

Сол Абылай хан Алатаудағы қырғыз - қалмаққа аттанып бара жатқан жолында өрдегі Қаз дауысты Қазбек бидің елінде бір асқа кез болып, сол аста тұрғанда Шаншар деген елдің жылпоз балалары аңыз қылысыпты. "Анау тұрған ханның басындағы бөркін қағып түсірер ме еді?!" - деп. Сонда Қаз дауысты Қазыбектің еншілесі Мұртаңдайлы Балапан дейтұғын арт жағынан барып, аңдаусызда ханның арт жағында тұрып, шыбықпен басындағы бөркін қағып түсірді дейді. Хан дәнеме демеді, жерге түскен бөркін басына қайта алып кимеді деді: «Қалған бойымен жер - де қала берсін», - деп. Замандардан заман өткенде Қаракесек, Төртуылдың базаршысы Қызылжарға базаршыға барғанда, сол басынан бөркін қағып түсіргенді сөз қылып қозғап, Төртуылдан Ботақан дегенді, Қаракесектен Жанай дегенді байлап алып қалды дейді.

Қазымбеттің баласы Жанай, Жанай
Ортаншысы – Атымбай
Кенжесі – Анай
Қараұзақ пен Сарыорақ

Қарақалфақ Құлтекесін
Сұраймын әлде қалай, -

дейтұғын өлеңге қосылған Жанай, соқырт бел баланың әкесі Қаз дауысты Қазыбектің немересі. Ботақан байланғанына ызаланып, долданып, ас-су ішпей, тұтқында жатып өліпті де, Жанай байлаулы отын оттап, суын ішіп жата беріпті. Базаршы келген соң Қаракесек, Төртуыл намыс қылып көтеріліп, Қаз дауысты Қазыбектің бел баласы, жиылысты дейді, Бекболаттың алпыс бестегі күні екен. Едігенің жиырма бестегі күні екен. Сол күнде Бекболаттың қыстауы Жаман Далбада, батырдың бұл соның отырған жер екен. Едіге бидің қыстауы Жақсы Далбада, Қарағайлыбұлақ деген жер екен. Бекболат пен Едіге атқа мініп, бес Мейрамның баласына ат шаптырып, қол жиды дейді. "Абылайды шабамыз?" -деп. Күлік Шобалай баласы Жаңа батыр биге кісі жіберді дейді: "Дәуегей болып жүрсін!" - деп. Жаңа батыр бидің қартайған кезі екен. Өзі жүрмеді дейді. Баласы Жанақты жіберді дейді: - Бекболат пен Едігеге сәлем де, Ханын жаулаған қалмақ оңбаған, Ханын шапқан қара оңбайды деген. Әділі би ұрыс қылмасын, Бітім қылып жарассын. Арашашы бол, -деп,қосты дейді. Бұл хабарды естіп, Керей, Уақ үркіп ішке түсіп кеткен екен. Керейді кеше Тұрлыбек ат арқасына мінген соң, іштен алып шығып, қалың Шұбарға орналастырды. Уақ сол бойымен іште қалды. Мейрам болып атқа мініпті, сонша ауыр қол келді деп естіген соң, Абылай Көкшетаудан қозғалып Жолдыөзекке қарай көшті дейді.

— Мұның басшысы Бекболат дәу де болса Абылайдың басын алмасам, не қара қазанын қақ жармасам, әкем Қазыбектің аруағы ұрысты деп ант айтып, атқа мінген шығар. Қара қазанды жұртқа тастап көшіңдер! Жұртта қалған қазанды қақ жарып, ашуы басылсын, серт сынсын. Үйіле мұның ішіне он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай бар шығар, туын қадамай оның ашуы басылмайтұғын. Сиыр атаулыны жұртқа тастап кетіңдер, соны сойып қандансын. Онан соңғысы жайы белгілі, жарасып бітімге көнген, - дейді де, қара қазанды жұртта қалдырып, сиырды қалдырып, Атығай, Қарауыл қопарыла көшті дейді.

Ауыр қол Абылайдың Көкшетаудағы қоймасын талап, сиырды сойып, туларын қандасып, мәре-сәре болып жатты дейді. бұлар елші жіберелік десіп, ақылдасып, Орманшы Ақсары, Шотананың Шотанасын Абылай ханға елшілікке жіберді дейді. Шотана батыр Абылай ханға барып келіп, Бекболат пен Едігенің алдында отырып сөйледі дейді:

— Ханға бардым, алдияр деп, сәлем бердім. Жол болсын, алай болсыннан соң, Мейрам болып атқа мінді үш мың кісі қол келді. Бекболат пен Едіге жіберді. Байлауда өлген Ботақанның құнын берсін. Жанайды босатсын. Мың кісінің жолына ер басына жетім бастатқан тоғыз берсін. Қалған мың кісіге мың ат, мың шапан берсін. бұлар көнбесе тұрысатын жерін айтсын дейді, - дедім дегенде, Бекболат Шотананы арқаға қаққан екен:

— Тауып айтқан аузыңнан айналайын, сені тапқан қатыннан да айналайын! - деп.

— Не дейді, не дейді депті, - дейді.

— Ертең Жолдыөзектің бойынан табысайық, - деді десті.

Олжабай батыр:

— Мені бұл қосында бар ма деп сұрады ма, - депті.

— Сұрады, бар дедім, - депті...

— Ендеше бізбен ұрыса алмайды. Пәлен сарттың қорғанын қамағанда даруазасы қалайы мен қорғасыннан екен. Соған ешкімнің қолы батпағанда, туымды Абылайға ұстатып, қайта аттан түсе қалып шапқылағанда, қорғасын, қалайыны илеген нандай турадым. Сонда артыма қарасам, Абылай хан қалш-қалш етіп тұр екен. Менің аруағымның күштілігінен бойын тоқтата алмай тұр екен. Енді бізбен қарсыласуға ол сарт бойын тоқтата алмайды, - депті дейді.

Ертең таң атқан соң шеру тартып шыққан көп қосын көрінбеді. Бір-екі кісі келе жатыр.

— Бұл кім? - десіп, қарасып тұрса, Абылай ханның өзі мен Балта керей Тұрсынбай батыр, - сол екеуі екен. Екеуден-екеуі келе жатқанын көрген соң, Бекболат, Едіге екеуі атқа мініп алдынан шықты дейді.

Сонан Қозған Күлеке, Бекшенің Бекшесі мерген атанған кісі екен. Атқан оғын құралайдың көзінен өткізеді екен.

— Бұл сартты атып тастайын, - деп, мылтығының сирағын құрып тұра қалғанда, Жаңа батыр бидің баласы Жанақ жүгіріп келіп:

— Атпа! - деп, шап беріп ұстай алды.

Хан анадайдан мұның бәрін көріп келеді. О л жақтан Абылай хан мен Балта керей Тұрсынбай келеді. Бұл жақтан Бекболат пен Едіге барды. Сәлемдесіп, Абылай сөз бастап көтергенде: "Өзің көтіме қолды салғанда, өзің деп туғанда". Күлік Көтеш ақынның бала күні екен. Билерді сөйлетпей, көлденеңдеп барып өлеңді қоя берді дейді:

Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,
Есіл ер жазығы жоқ, неге өлтірдің?!
Хан басың қарашыңмен даулы болып,
Үстіне ақ ордаңның қол көтердің.

Абылай, күйіп кетті салған қалаң,
Мейрамға не еді сенің жапқан жалаң.
Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң
Болады ертең жесір қатын-балаң, -

деген соң, хан сөзге келмей жарасып, бітім қылып солардың айтқанын айтқанындай қылды дейді.

— Мылтық құрған кім еді? - деп сұрады.

— Қозған Бекше мерген еді, - деген соң.

— Талай жорықта бір жүріп, бір туған жолдасы еді. Кісіні кісі жоқ жерден-ақ өлімге қия береді екен-ау, - деп, - мылтығыңның аузы қырсық баспасын, - деп, оның мылтығының аузына түйе байлады дейді.

— Жүгіріп келіп ұстаған кім еді? - деп сұрады.

— Жаңа батыр бидің баласы Жанақ еді, - деген соң.

— Жаңа батыр арашашыға қосқан ғой, олар құдай жаратқан шын би ғой. Қазақ ішінде ат шаптырған ас болса Жаңа батыр бидің босағасына түйе бастатқан тоғыз байлансын! Сол кісі осы ас ас болды десе ат шауып, ас тарқасын. Айтпаса ат шабылма - сын, ас тарқамайтұғын болсын ! - дейді, және ол заманда қаралы үйдің босағасында бір найза жылына шейін қысы-жазы шаншулы тұрады екен, - Сол найзаны жылын бергенде Жанақ батыр сындырып, бір ат, шапан оның жолы болсын! , - дейді, дейді.

Сөйтіп хан қарашысымен жарасып, ойнап-күлісіп қайтқан екен. «Абылай аспанға сары бел» атанған жері осы екен. Төртуыл ішінде жүрген Төлеген қожаның өлеңінде бар:

Кешегі өтіп кеткен хан Абылай,
Соғыпты құбыладан ескен желдей.
Сонау бір сары белден аспадым деп
Кетіпті арман қылып біздің елдей.

Көліне тимегеннің қонған болып,
Шоң биім үйде жатыр қорған болып.
Атадан он үш жаста жетім қалған
О да жүр жұрт иесі Шорман болып.

Бояудың бастық ісі гүлден
Жақсы ма тума күні қадір түннен
Нұрқан менен болғанда Шоң мен Шорман
Бұзықтың басы бурыл, бүлік кімнен?!

Ақжардан қонушы едің жақындасып,
Ойнаушы ек бауырындай тақымдасып.
Араз-қораз жоқ болып
Ашу-өкпе жайлауда.

Отырушы ек ақылдасып,
Қонушы ек ауыл-ауыл боп араласып.
Ойнаушы ек ат пен тойда сабаласып,
Төрең, қыз-бозбала бас қосып паналасып.

Жүруші еді түн жамылып тоғайды
Төрең Нұрқан болғанда, биің Бапан,
Алдың жалды ат пенен шолақ шапан.
Жабағылы биеге арба салып

Қоскелді көшуші ең қопаң – қопаң
Сол Төлеген қожаға Қаржастың Немелтай деген ақыны айтты дейді:
Ассаламағалейкум, Құтпан қожам,
Шалдары шалжа ойнап ұтқан, қожакем.

Төрт биенің сүтіне наз қыласың,
Төрт ауылды қорыта тұтқан, қожам.
Сонда қожа айтты дейді:
Сондадағы пейілің кең жарлы едің,

Кеше Шекті байдың алалысы құрығанда
Тама талас ішінде сен жарлы едің,
Сондадағы пейілің кең жарлы едің.
Кеше Шекті байдың алалысы құрығанда

Сондадағы ішінде мен бар ма едім?! – дейді дейді. Мұның мәнісін Шекті байдың алалы жылқысы бір жұтта түк қалмай жұтап қалған. Бұл Немелтай ақын соның немересі екен. Қожа қыстаған жылы бір төрт ауылдың шалдары өз ажалынан өліп, басы жұтаған екен. Немелтай өлеңмен соны айтқанда, қожа соңғы сөзді айтып тоқтатып кетті дейді.

55 мәтін

[ЖАҚСЫ ЖАНАЙДАР]

(1 ҮЛГІ)

Күлік баласы Тілеуімбет, мұнан туған - Күнту, мұнан туған - Жанайдар. Бұл Жанайдар -Абылай хан заманында жас бала. Жұрт аузында «Жақсы Жанайдар» атанған. Сол заманадағы Инжарай Шәріп [Бұхар - Е.Қ. еск.] ханы Арқадағы Абылай ханға елші жіберген: - Май қатығын тауып берсін, - деп.

Сонда Абылай хан Күлік Жәнке батыр биге кісі жіберген:

— Бір ауыз сөзіме жауапты түзу тауып берерлік жан тауып жіберсін, - деп.

Сонда Жәнке батыр би өзінің сынына келгендіктен, он төрт жасар бала Күнту баласы Жанайдарды жіберген. Сонда Жанайдар Абылай ханға:

— Алдияр, - деп кіріп барғанда, отырғызбастан сұраған:

— Балам, май қатығы не болады? - деп.

Сонда Жанайдар кідірместен жауап қайтарыпты:

— Бұрынғылар айтпап па еді, «Халық айныса, хан түзейді. Май айныса, түз түзейді» - деп. Халық қатығы - ортасындағы ханы болады да, дүниедегі тәмәм тамақтың дәмін кіргізетұғын май қатығы - тұздағы, тақсыр! - деген.

Бұл сөзден Абылай хан Бұқар ханы тұз сұратқандығын біліпті. Үш жүздің баласы қазақтан түйе жидырып, қырық би және Жанайдарды атшы қылып қосып беріп, көп тұз тиеп жібереді. Барған қырық биді Бұхар ханы сыйлап күтті. Қайтарар кезі болғанда Бұхар ханы сұрады:

— Абылай артық па, мен артық па? - деп.

Қырық биі айтты:

— Сіз артықсыз, сіздің тегіңіз де асыл, сіздің жеріңіз де асыл. Өзіңіздің асылдығыңыз -Бұхардай шаһарда, алтын тақтың үстінде сары ала алтынға малшынып отырсыз. Жеріңіздің асылдығы - сіздің жеріңізде етікпен намаз оқуға жарайды, - десті.

Бұхардың ханы сұрады:

— Абылайдың осы отырғандарыңыздан басқа жіберген кісісі бар ма еді? - деп.

— Қоста бір атшы бала бар, он төртте.

— Ендеше соны шақыр.

Оны шақырып келді.Бұхар ханы айтты:

— Әй, балам, мен артық па, Абылай артық па?

Бала айтты:

— Абылай артық!

Бұхар ханы:

— Абылай менен қалайша артық болады? - деді.

Бала айтты:

— Абылай атасы садағын сағымға көтерткен. Нұрдан пайда болған.Сіздің атаңыз -Ақмаңғыт, Тоқмаңғыт. Біздің қазақтың балалары ойнағанда: «Маңғыт, аузыңа саңғыт» -деп ойнайды. Түбі - тегің Маңғыт жақсы болатұғын болса, ауызға ой деп алынбас еді, -деп бала жауап қайтарыпты.

— Балам, Абылайдың тұрған жері асыл ма, менің тұрған жерім асыл ма? - дейді.

— Сіздің өзіңізден Абылайдың өзі асыл, жеріңізден жері асыл. Сіздің жеріңіз асыл болатұғын болса, суды Самарқанттан алдырып ішер ме едіңіз, тұзды Сарыарқадан сұратар ма едіңіз? Абылайдың тұрған жері - Сарыарқа. Екі басса, бір бұлақ. Ағар суы бал татиды, ақ шабағы май татиды. Екі басса, бір тұз. Бір үйінен бір үйі тұз сұрамайды, - дейді.

Бұхар ханы сөзіне ырза болғандықтан, қырық биге сыйлағаны жалғыз балаға бергеніне тең болыпты. Баланың «Жақсы Жанайдар» атанған жері бұл. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» - деген осы. Басына бақ қонбағандықтан атағы шықпады. Бұл Жанайдар бір жақтан үйіне келсе, бәйбішесі бір еркек бала тауып, бесікке бөлеп жатыр екен.

— Қатын, қатын! Кеудесін ақырын, бос таңа гөр. Кеудесі толған Алланың зікірі екен, -депті.

Сол баласының аты - Өтеміс. Жәңке батыр өмірінде Жанайдарды үйге отырғызбапты. Үш жүздің ортасында болған бас қосуға жіберіп отырады екен. Қайда барса да, шешендігімен судан қаймақ қалқығандай бола беріпті. Бір жиын топта Қуандықтан шыққан Байдалы би Жанайдардың сөзіне сөз тауып айта алмаған соң, кемітіп:

— Осы неменің әкесінің аты Күнту ме еді, Қиту ма еді? - депті.

Сонда Жанайдар:
Ерім бар-ды ыңыршақ,
Атым бар-ды тобышақ.
Әкем аты Күнту болсын, Қиту болсын,

Оның маған не керегі бар?
Ақылым бар бір құшақ, - деген екен.
Құдай рахмет қылсын «Жақсы Жанайдарға!»
56 мәтін

[ЖАҚСЫ ЖАНАЙДАР]

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Бұхар хан[ы] Абылай ханға айтты:

— Маған қызын жіберсін!

Қырық биі мен қызын жібереді: алты қанат ақ үй менен, он нарға жүк артып.
Бұхар ханы қырық биден сұрады:

— Абылай тегі асыл ма, менің тегім асыл ма? Қырық би айтты:

— Сіздің тегіңіз асыл, сіздің жеріңіз асыл, ише өзіңіз асыл. Сіздің жеріңізде етікпенен намаз оқуға жарайды.

Бұхардың ханы сұрады:

— Жолдасыңыз бар ма қасыңызда?

— Бір атшы бала бар, он үште бала, - дейді. Хан:

— Оны шақыр, - дейді. Шақырып келді. Бұхар ханы айтты:

— Ай, балам, - дейді, - менің тегім асыл ма, Абылайдың тегі асыл ма?

Бала айтты:

— Абылай тегі асыл. Хан:

— О, неге? - дейді. Бала айтты:

— Абылай атасы нұрдан пайда болған, садағын күнге асқан. Сіздің атаңыз Қоқандық қара сирақ сарт еді.

Бұхардың ханы қырық биге сыйлап бергені жалғыз балаға бергеніне тең болды.
57 мәтін

[АБЫЛАЙ ЗАМАНЫНДАҒЫ ОРЫС ЕЛШІЛЕРІ]

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Абылай хан заманында орыс жұртынан отыз кісі елшілікке келіп, қыс түсіп кеткен соң, қазақ ішінде қыстап қалып, Малай Жәдігер Қойлыбай бай бір қыс жүз ақ қара бас қой сойып күтіп, қыстан ашықтырмай, тарықтырмай шығарған екен. Ұлығына барған соң, ұлығы:

— Қазақ жұртының бір-біріне сыйының алды не болады? - дегенде,

— Қазақ рәсімінде «жетім» болады, - деген соң, Қойлыбайға бір қыз сый қылған екен, және ит терісіне жазып, алтындаған уағданама берген екен.

Сол қыздан екі бала туып, Малтабар, Қосжетер деген осы күнде өсіп-өніп, өз алдына ауыл болыпты. Терісаққан бойында, Тасбекеттен төменірек - Тәки қажының ауылдары. Сол Қойлыбайдан - Тілеуқабыл. Тілеуқабылдан: Әділ, Еділ, Елемес, Жаманқара, Шешенқара. Бұлардың қыздары «Қуыршақ ұзатқанына» ту бие сойып, той қылған екен. Боз биені бірыңғай саудырып:

— Етіміз ақ болсын! - деп, сүтіне шомылған екен. Сондай кесірден сол дәулеттің аяғы мыж-тыж болып, сол қыздар кемпір болған күнінде керіс тірей сұрап жүргенде, жаслықтағы ырыс - дәулетке кесір жұмыс қылғанын естіп, білгендер:

— Саған не қылса, обал жоқ! - деп, таяқпен түртіп кететұғын болыпты.

Бұланбайдың бәйбіше қатынының балалары: Байзақ, Жанзаққа ұзатылып еді дейді.

Әкем аты - Шағырай, атым - Балдай,
Бұланбайдың жылқысы қара жар[дай],
Шиқұтыны бойымда дамбалым бар,
Әлің келсе, тістеп шеш, Қарақалтай! -

дейтұғын Бұланбай Қалқаманнан шыққан, дүниенің ақыры осылай.
58 мәтін

[АБЫЛАЙ ЗАМАНЫНДАҒЫ ОРЫС ЕЛШІЛЕРІ]

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Қойлыбай, Шағырайдың Қойлыбайының баласы. Әкесі Қойлыбай бай болған күнінде ақ патшадан отыз орыс Абылай ханға елшілікке келген. Қар жауып, қыс түсіп кеткен соң:

— Осы отыз мейманды бірінен-бірін айырмай, бөлектемей, ала қыстай күтіп, аман-есен аттандыруға қайсың қонаққа аласың? - дегенде, Қойлыбай бай:

— Өмірінше боламын десе де біздікінде болсын, - деп, құдайдың құтты күні бір ақ-қара бас қой сойып күтіп, қыстан ашықтырмай, тарықтырмай шығарған екен.

Ақ патшаға барған соң:

— Қазақ жұртының бір-біріне сыйының алды не болады екен? - деп сұрағанда.

— Қазақ рәсімінде «жетім» болады екен, - деген соң, Қойлыбайға бір қыз жіберген екен, және ит терісіне алтындатып жаздырып, достық (дослық) хат жіберіпті.

Сол қыздан екі бала туып, бірінің аты - Малтабар, бірінің аты - Қосжетер. Осы екі баланың тұқымы осы күнде өсіп-өніп, өз алдына ел-жұрт болыпты: «Орыс ауылы» деседі. «Орыс ауылы» атанғандық мән-жайы - осы. Терісаққан бойында, Тасбекеттен төменірек -Тәки қажының ауылдары. Тілеуқабыл [Қойлыбайұлы - Е.Ж.] мырзаның өзінің белінен бес бала: Әділ, Еділ, Елемес, Жаманқара, Шешенқара.

— Өзім өлгенде алпыс келінге «Атамдатып» , жоқтатамын! - деп, қалмаққа да, қырғызға да, шүршітке де қатын алып беріп, мал малдандырып, жан жандатқан.

Өзі тоқсан үшінде өлген, алпыс келіні «Атамдаған». Бұл күнгі Тілеуқабыл тұқымының көбі: қалмақ, сарт, қырғыз, шүршіт, анық қазағы аз. Тілеуқабыл мырзаның өз кіндігінен байлық қашқан. Себебі Жаманқара, Шешенқараның қыздары «қуыршақ» ұзатқанына ту бие сойып, той қылған екен. Ақ патшадан келген алтынды қағаздарды турап-турап «қуыршаққа» киім қылған екен. Аппақ шаңқан боз биені бірыңғай саудырып: «Етіміз ақ болсын!» - деп, боз биенің сүтіне шомылады екен. Сол қыздар - Ақиіс, Қалқаман Бұланбай байдың бәйбішесінің балалары: Байзақ, Жанзаққа ұзатылып еді дейді. Ол Бұланбайдың байлығы өлеңге қосылған:

Әкем аты - Шағырай, атым - Балдай,
Бұлақемнің жылқысы қара жардай,
Шиқұтыны бұтымда дамбалым бар,
Әлің келсе, тістеп шеш, Қарақалтай!

Бұрынғы заманның байлары қыздарына шиқұтыныдан дам - бал кигізеді екен. Жаугершілік болып: «Еріксіз жұмыстаймын» - деген жанның түсе қалса, дамбал сыртынан жұмыстамақшы болса кедергі болуға әбден сенімді бұйым болғандығы сондай. «Бұланбайдай, // Бұланбайдың жылқысы қара жардай» - деп, ауызға ілінген жылқы Ерейменнің сыртындағы Қарағайлы шоқыға келіп, қаны-жыны сонда қалып, тағалы торы қайтып бармай[ды екен]. Тілеуқабыл мырзаның немере, шөбере қыздары Бұланбайдай байға келін болып түскен келіншектер кемпір болған күнінде арқасына қап салып, қайыршы болғандығын жұрт көзі көріпті. Екі дәулетке бірдей кесірі тиіпті. Жаслықтағы ересен біткен дәулетке ерсі жұмыс қылғандығын естіп, білгендер:

— Саған не қылса да, обал жоқ! - деп, таяқпен түртіп кететұғын болды дейді.

Дүниенің басы-анау, аяғы - мынау.

Күлік Байғана мырзалығын Күлік шежіресінде сөйлеп өттік. Қанжығалы Төлеген мырза ас-жиынға алты атанға қымыз артып барады екен. Жазғытұры таудан көшерде қыстауына қырық сан қалдырып кетеді екен. Мырзалығын сынамақ үшін көш-жөнекей кез болып қалған қонақтарға көшін тоқтатып, биесін байлатып, тайлақ сойып, биесінің сүтіне ет асып береді екен. Қаракесек Баймұрын мырза, Ақбура Қарқынбай мырза, Қаржас Мырзағұл баласы - Тәти мырза. Бұл айтылған мырзалардың қылған істері - бәрі жат, бөтен жұмыс. Өз тұсымыздағы адамзаттың құлақ есіткенде, мырзасы Тобықты Құнанбай болды.Ол кісінің мырзалығын бір рысале (ірсәле) қылып сөйледік. Қожа, молда, дуагөйге мырзалық қылған да Шорманұғлы Мұса болды. Құдай үшін, Құдай жолына, Құдайды өзінен артық ұстап, мырзалық қылған - Қоңырқұлжа төре немересі, Бикелі баласы Жәңгір болды, - бұлардың бәрінікі - мақтан емес, ақтан! Ақтан үшін емес, мақтан үшін мырзалық қылған әр жерде бар шығар. Олардікі орыстың оразасы сықылды. Өзім ат арқасына мініп, үш жүздің баласын көріп жүргелі Күлік Әкімбек Алда - бек баласындай, Қаракесек ішінде, түбі-тегі қожа Құрбан қожа Жүсіп (Иосиф) қожа баласындай, - осы екеуіндей сахиды бала жасымнан бұл күнгеше көргенім жоқ.

59 мәтін

[ҚЫРҒЫЗҒА БАРҒАН БАТЫР]

Бір батыр қырғызға барыпты, әкесінің Мандық деген батырдың [1] кегін алуға. Батырдың қатыны өлерін біліп: «Барма!» - дейді, жылайды. Батыр қатынының тілін алмайды. Сонда қатыны айтты:

Азаматтар, шоралар,
Ақ шалмалы қожалар,
Төбе жатса теңдесім,
Шыбышықтай сырласым,

Бозторғайдай мұңдасым [2],
Он бесің бірдей құрдасым.
Бір сөзім бар, айтамын,
Айтамын да, қайтамын.

Мына да (міне де) жалғыз тілді алмас,
Шарам бар ма, қайтемін?!
Мен Шанышқылыдан келгелі
Бір азғантай күн болды,

Жарық күнім түн болды.
Мені тастап кеткенің
Өз бойыңа [3] мін болды.
Бұ барғаннан барарсың,

Сарысудан өтерсің,
Көкшетауға жетерсің
Бәрінен де өтіп кетерсің.
Құл[а] торы атқа мінерсің,

Еліне бұйрат [4] саларсың!
Өзің бір жеке батырсың.
Айтқан тілді алмасаң,
«Әкем!» - деп, жоқтар қызың жоқ,

«Атам!» - деп, жоқтар ұлың жоқ,
Айтқан тілді алмасаң,
Жау жолында [5] қаларсың!

Қатынының тіліне болмады, он бес құрдас жігітпенен Қырғыздың еліне жөнелді. Қырғыздың еліне келді, келді де, жылқыға тиді. Зырылдауық [6] тартты, жылқыны қуып алды. Батыр:

— Он бес жігіт тұра тұр, - дейді. - Мен барып көріп, жауды байқайын, жау тоқсан бар ма екен? - дейді [7].

Барды батыр, сексен күзетші жасанып тұрған тосқауылшысы бар екен [8], он бес жігітке қайтып келді: «Жұрт бейғам екен, тосқауылшысы жоқ екен!» - дейді. Он бес жігітпен жылқыны қуып жөнеле берді. Жасанып, аңдып тұрған сексен кісі бірдей ат қойды. Он бес жігітке жылқыны қуғызып, қоя беріп, сексен кісімен жалғыз өзі айналыс қылды. Сексен кісінің бәрін түсірді, шаршады [9]. Күн шыққанда, сауыттың түймелерін ағытып, желпіп тұрды. Сонан соң алыстан бес жолаушы жайына кетіп бара жатқан көрінді. Омырауының түймесін салмастан, батыр сол жолаушының атын алып қайтуға қызығып шапты [10]. Төртеуін өлтірді, бес кісінің біреуі қалды. Бес кісінің қалған біреуі айтты:

— А, жас, сен де жас, мен де жас [11]. Сен де өлерсің, мен де өлермін. Мен қанша жаман болғанмен, бір кісілік құным бар шығар. Кел, елсізде екеуміз өзді-өзімізді олжа көрейік, қайт [12]! - дейді.

Батыр оның сөзін тыңдамады, барды да, шанышты найзамен көк желкеден, ол жігіт батырды жалаңаш өндіршектен шанышты. Найза шанышқан жерден суырылмады. Темірге тақалған жерден қарағай омырылып, темір өндіршекте қалды. Барды, әлгі кісіні тағы да өлтірді. Найзаның темірін суыра алмаған бойымен он бес жігітке қайтты. Он бес жігіттер өндіршектегі найзаны көріп, қорқып қашты. Батыр олардың қашқанын көріп, артынан қуып келді. Қуып келіп бұ он бес жігітті шақырып айтты:

Деген соң: «Айда-сайда, айда-сайда»,
Біздерге баяғыдай дәурен қайда?!
Тарта тұр атың басын, он бес жігіт,
Біздерден суырылмайды тиген [13] найза!

Құла торы ат шапса жүйрік, жетті дейді,
Дүниеден біздей жалғыз өтті дейді.
Он бесі ақ найзаны көргеннен соң,
Үріккен қойдай үрпиіп кетті, - дейді.

- Құла торы ат, шапса жүйрік, жетер ме еді,

Дүниеден біздей жалғыз өтер ме еді?!
Мандықтан алтау болып, туған болсам,
Басымнан: «Ой, бауырымдап» кетер ме еді?!
Құла торы ат екіленіп желді дейді,

Жалғызға тар жерде өлім берді дейді.
Жалғыздың ащы даусы шыққаннан соң,
Он бесі қол ұстасып келді дейді.

- Хайуанда - есек, адамда сартты, - дейді,

- Дүниеқорлар көп бейнет тартты! - дейді.

Он бесі бірдей келіп, бұл найзаны
Жиылып, табан қойып тартты дейді [14].

- Көкшетау жолда тұрған, үстінен өт,

Жігітке қанағатсыз - арзан бейнет [15].
Шыбын жан ақ найзамен шығып кетер,
Тоқтай тұр, сірә (сыра)[16], тартпай, он бес жігіт!
Жайлайды Шаған бойын біздің ауыл,

Біздікі бергі шеткі қызғыл ауыл.
Құдайым жау жолында өлім беріп,
Қайтейін жоқтығынды, қайран, бауыр?!
Құла торы ат жүйріктігің кие болды,

Беттері қатынымның шие болды.
Үйіткен [17] күшік сықылды қу бас
Мамай, Иесіз қалған ауылға ие болды.
Садағыма салғаным шайгезден оқ,

Өте шықтың қайтейін, дүние боқ!
Жау жолында Құдайым өлім бердің,
«Әкекем!» - деп жыларға қызым да жоқ,
Садағымды сайладым [18] шәйгез оққа,

Арқам күнге күйеді жейдем жоққа.
Алдында аға, артында інісі жоқ,
Қыз бермеңіз, ағалар, жалғыз боққа!

Сонан соң батыр өлді, он бес жігіт қайтты жеріне. Сонан елдеріне келгенде, батырдың қатыны алдынан шығып, он жігітті көріп айтқаны:

Беу, қарағай бүрленіп бітер тауға,
Он бес жігіт аттандық қырғыз жауға.
Былтыр кеткен жорықшы биыл келдің,
Жандай құрдас, бере гөр бізге сауға!

- Беу, қарағай бүрленіп бітер тауға,

Он бес жігіт аттандық қырғыз жауға.
Саған қарар, жеңеше, бетіміз жоқ,
Жалғызыңды алдырып келдік жауға! –
Құлағы құла торы аттың серек-серек,

Сен он бес ұл жалғыздан жүрдің бөлек [19].
Бастап барған басшыңды жауға алдырып,
Бұл елге он бес қатын неме керек?!
60 мәтін

БЕРДІҚОЖА

(1 НҰСҚА)

Шанышқылы Бердіқожа батырды бір дұшпаны өлтірейін деп жатқанда, айтты дейді:

Рудан жалғыз болдым шешендігім зая,
Аймағым аз болды, еңбегім зая!
Екіден кіші балам ер жеткен соң,
Бәлем, Қаратал, Қояндыға қонысыңды тая! - деген екен.

Сол айтқанындай, екіден кіші баласы ер жеткен соң, Бердіқожаны өлтірген екі ағайынды: біреуін Қаратал, Қоянды деген жерде өлтіріпті, бірін Бұхарай Шәріптей шаһарға қашып барған жерінде соңынан қалмай қуып барып өлтіріпті. Онан соң кеше көзіміз көрген кісіде Тәнті мырзаны бір началһниктің зұлыма шаққандығыменен екі жыл жарымға бір жаз Уискийге жер аударып арестан (рситан) киімін киіп, кетіп бара жатқанда, артынан екі бекет жерден Рахмет Алдабеков қуып барып амандасып тұрғанда, Тәнті мырза айтты дейді:

Тілеулесі жоқ ердің тілеуі зая,
Туысқаны жоқ ердің еңбегі зая –

деген екен. Сол айтқандай, тілеулесім де жоқ еді, туысқаным да жоқ еді. Сол екеуін жоқ қылған Құдай емес еді, өзім едім. Тілеулесім жоқтығы - жан ашып, тілеулес болатұғын өзімнен шыққан дуагөймен қас болып едім де, туысқаным жоқтығы - жақсы ат алу үшін өз ағайыным - Орманшы баласын ренжітіп ұстап едім. Сол мінезімнен таптым. Онан басқа ешкімнен де көрмеймін! - деген екен. Қанша айтқанмен: «Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады», «Бір биеде екі емшек: бірінен соң бірінің сүті жоқ.» «Бір түйеде екі өркеш, бірінен соң бірінің күші жоқ.» Жалғыз жүріп болғандық дәнемеге тұрмаса керек. Қазақ мақалында да бар: «Құлан қағынан жерісе, қаңғырып жүріп шөлде өлер. Жігіт елінен жерісе, тірі жүріп-ақ, күнде өлер!»

61 мәтін

БЕРДІҚОЖА

(2 ҮЛГІ)

Абылай хан заманында Шанышқылы Бердіқожа батырды жерге таласып, кектесіп жүріп, руы аздығынан өштескен дұшпан, өсіп - өнген ру туғаны, көптігінен ұстап алып өлтірейін деп жатқан екен:

Туысқаны аз ердің ерлігі зая.
Тілеуқоры жоқ ердің еңбегі зая.
Екіден кіші балам,
Ер жеткен соң, бәлем,

Қаратал, Қояндыға қосыңды тая! –
деген екен.

Сол айтқаны айтқандай болып, екіден кіші, үшінші баласы ер жетіп, ат арқасына мінген соң, әкесін өлтірген екі ағайынды неме екен, сол екеуінің бірін Қаратал Қояндыда өлтіріп, бірі қашып: «Бұл Арқада болсам, мені тірі қоймас» - деп, Бұхар кеткен екен. Соны қоймай қуып барып, сол Бұхарда жүрген жерінде өлтіріпті. Бердіқожаны жоқтаған жоқтауында айтылған екен: Мінгені Бердіекемнің қара алаяқ, Жау, шіркін, кескілепті-ау (кіселепті-ау) аямай-ақ. Бердіқожа батыр балаларын сынағанда, былайша сынайды екен. Үйелмелі-сүйелмелі үш баласы болыпты, бір-бірімен те - телес туған.

Бір пышақты сабын жерге тіреп, ұшын жоғары қаратып, балаларына:

— Ана жақтан домалап келіп, мына пышақтың үстінен өтіңдерші, - дейді екен.

Үлкен екі баласы домалап келуін келіп, дәл пышаққа жақын келгенде, тайқып-жалтарып аунайды екен. Екіден соңғысы пышақпен жұмысы жоқ, жалтармай-бұлтармай аунайды екен. Пышақты өзі жалтартады екен. Өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына айтқан екен: - Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріңе көм де, соған там салып, «Бердіқожа тамы» атандырыңдар. Мені есіне алғандар дұға қылып өтер, - деп. Дағанделі өзенінің жағасына там салыпты, шошақ мола күні бұл күнгіше құламай тұр деседі. Дағанделі өзені Қарқаралыға қараған елдің шетінде, Көкшетау, Дуана тауларынан көрініп тұрады. Жүргіншінің қара жолының үстінде, Жетісу барғандар: «Қозы Көрпеш-Баян тамын көрдік, Шанышқылы: Бердіқожа тамын көрдік», - деседі. Тауыңның Арқар деген аты - Құлжа, Жігіттер, атқа түйе тегін олжа Хан Абылай аттанады дегенді естіп, Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа! - деген батыр осы!..

62 мәтін

[АБЫЛАЙ ХАН ЖИЫРМА ЖАСЫНДА...]

Абылай хан жиырма жасында хан сайланып, ханлығына орыс патшасы қол қойып, қытай патшасы өзінің Ежен атын беріп, қырық сегіз жыл Көкшетауда табаны таймай, бағы қайтпай хан болып тұрып, алпыс сегіз жасында, жұма күн, Арыс деген өзеннің бойында, сарттың қорғанында қаза тауып, сол қорған "Хан қорғаны" аталып қалды. Сүйегін Хазірет Сұлтан әулиенің күмбезіне ап келіп қойған, үстінде жазулы тасы бар: "Ат жаманы жорға болады. Адам жаманы молда болады".

63 мәтін

[ЕРТІС БОЙЫНДАҒЫ ҚОЖАЛАР]

Біздің қазақта қожа деген бар. «Бұл қожа дегенің кім?» - деп сұрасақ: «Пайғамбар әулеті» - дейді. Қылып жүрген ісіне қарасаң, қара қазақтан 10 аз сан ғой, 100 есе, 1000 есе жаман. Қой, пайғамбар әулеті мұндай болмас, мынаның затында, түбі-тегінде бір шатақ бар шығар деп, ақың бардай іздер деп, қағыстырып сұрастыра келсең, түпсіз-тексіз әлденеме болып шықты. Осы күнгі Жебірей, баяғы замандағы Жақып, Жүсіптің үрім - бұтағы оны танытып тұр, өздерінің аты және тұтқан жолы танытып тұр. Ертіс өзенінің бойында қожалар бар. «Кімнің ұрпағысың?» - деушіге: «Омар, Оспан тұқымымыз» - дейді. Біздің қазақ оны баяғы пайғамбар 4 жар болған Омар, Оспан тұқымы екен деп, ол береді. «Сұрай-сұрай Мекке барасың» дегендей сұрай-сұрай келсек, ол Омар, Оспан емес. Қазақ орысқа қарап, бағынғаннан кейін пайда болған Омар, Оспан екен. Біреу естек дейді, біреу орыс дейді, жалғыз басты жігіт Тоғай бойына келіп, қыпшақ ішіне үйір-шүйір болыпты. Қанша үйір боламын дегенмен туысқан-туған болып кету қиын ғой. Жалғызсырап алақтап жүріп, жаяу сал тартып келгендердің ішінен маған әне бұл бауыр -туысқан болайық деп бір жігітті алып қалып, оған Оспан деп ат қойып, екеуі елден аулақ оңаша жатып, Омар ұрлыққа кетеді де, Оспан салықта қалады. Омар ұзаңқырап жүріп кетіп, кешігіріңкіреп келген соң, аштыққа шыдамай, бір жаққа қаңғып кетеді ғой деп келсе, салықта жатыр екен. Ешқайда кеткен жоқ екен.

— «Қарның ашып қалды-ау, саған қиын да болған шығар», - десе.

— Жоқ, тамағым тоқ, аш емеспін, - депті.

— Байғұс қалай күн кешірдің? - десе.

— Бір тәтті тамақ кез болып, кенеліп жүрмін, - депті.

Табылған тамақты зерттесе, суға кетіп өліп, қайраңдап қалған адам аты екен. Соны ненің аты екенін таныған да жоқ екен. Сонан соң, ұрсып, қойдырып: «Бұл өзіңдей кісінің аты суға кетіп өлген», - деп, танытыпты. Сол күнде Қыпшақ Ертісбай, Есілбайдың Ертісбайы Омардың қияфатын ұнатып: «Сен бұлай жүрме, маған серік бол, сені мен қожа деп жолдас қылайын, атыңды Омар қожа дегізейін», - деп, ауылына шақырып алып. Барып, қатын алып беріп, мал малдандырып, жан жандандырыпты. Ертісбай өзі 7 ағайынды екен, 2000 жылқылы бай екен, жігіт - желеңі сай екен. Жетеу болған соң ақ жеті лайт болуы дайын тұрған. Ішіндегі көкжал көк шолағы Ертісбай екен. Өзіне кісі қаны қой қанынан оңай болса керек: «92 кісінің қанын осы қолыммен ұрттадым. Жүзге сегіз-ақ жетпей қалды», - деп отырады екен деседі. Билікті, жарлықты Омар қожаға беріп: «Жарықтық ата пірдің нағыз әулеті ғой», - деп, Ертісбай айтып отырған соң, жұрт қатықтай қатып, сүттей ұйып, таудай қақиып тұра қалады екен. Ол замандарда қытай мен орыстың шекарасы Тұзқала екен. 60 солдат, ішінде жасауылы бар, Тұзқалаға тұру үшін бара жатқан. Ертісбайға қонақ болыпты. Ақ падшаға берген сыйымыз иа фатам деп тобынан таңдап, 60 қара көк ат сыйлапты да, жасауылдың өзіне 2 қара көк сыйлапты. Сонан жасауыл ақ падшаға қазақта да осындай шын ықыласымен бағынған жан болады екен деп мақтап жазу жіберіпті. «Шаққан өлтіреді, мақтаған жеткізеді» деген бар ғой. «Не қалайды екен, қалауын айтсын», - дегенде, бір шеті Ертіс суы, бір шеті Көкөгіз жабысқан, бір шеті Шот деген қалаға шейін жер олжа етіп алыпты да, Ертісбайға ит терісіне жазылған бір қағаз, 12 үйдің сыбағасы деп, мұның ішінде Омар, Оспан бар. Осының бәрін патша болып тауып беріп қылдырып жүрген Омар қожа екен. Ертісбай жігіт аттандырады екен де, ол жігіттері жылқыны түп көтере айдап келіп, Ертістің бір түбегіне кіргізіп жібереді екен. Сонан соң Омар қожаға хабар береді екен. «Жұлдыз жиі, бұлт қалың атқа мінбесеңіз болмас», - деп. Басқа жан не айтып, не қойғанын сезбейді де, білмейді. Омар қожа барып сегіз сыбағаға бөліп, жеті баласына жетеуін, ішіндегі көзге түсер фұлды - құндысын қожа қаласа, көне береді. Ертісбай сыртына шығармайды, ішінде өзіме-өзім қылдым-ау дейді екен. Және жерге қожа еркіндеу, өктемдеу, бәрінің есебін тапқан. «Өзім мен болмасам саған мұндай өтер білім қайда дегендейін» қылып жүреді екен. «Әй, бәрекелді-ай, қап атыңнан», - деп жүргенде, қыпшақтың бір қадірлі Омар қожаның тілі тиді дейді. Қыпшақ болып тарпа бас салуға Ертісбайдың ажарына қарады да, қыпшақ болып Ертісбайға кісі жіберді дейді: «Ойбас ұранды қыпшақтың Шомақтан қаларымыз жоқ. Ертісбай қожасын бүйтіп қожаңдатпасын, не бізбен болсын, не естектімен болсын», - деген соң, Ертісбай: «Қожам жайын өзім табайын, - деп, - мен жаман болсам да, жақсы болсам да, қыпшақтан тудым ғой, қыпшақ қайда болса, сондамын», - деп қайырып жіберіпті. Дәл сол күнде Омар қожаның Лата, Жұмагүл, Қарман деген 3 баласы бар екен де, үшеуі бірдей қорасаннан жалф ете түсіп ауырып жатыр екен. «Жұлдыз жиі, бұл қалың» деуші келді. Омар қожа асығып-үсігіп, ат ерттете бастады. Қатыны: «Бармаңыз жұлдызы да құрысын, бұлты да құрысын. Мен бір жаман түс көріп, шошып ояндым. Не өзіңе, не мына 3 балаға қатер көрінді», - деп, тоқтатқан екен. Тоқтауын тоқтаса да, отыра алмапты: «Түс деген түлкінің боғы» деген. Осы ит не былшылдайды», - деп ат - тана жөнеліпті. Қатыны ойбайлап неше қабат шақырып алып, аттан түсіріпті. «Қойшы, бүгін нағылсам да мен үйде отыра алмадым», - деп жөнеліп беріпті. Сөйтсе, көзін жоғалтуға шақырған екен. Отырған жерінде кофаның бетіндей жабыла түсіпті. Бірін олай лақтырып, бірін бұлай лақтырып, қырау құрлы көрмей бәрін жеңуге айналыпты. Сөйтсе, Ертісбай өзі талдың ішінде бұғып тұр екен, аналардан күші асып бара жатқанын көріп, тұра ұмтылып шыға келгенде: «Досым, сенен болған қылық екен ғой, енді болмас, болмас», - деп сылқ етіп құлай кетіпті. Бұрынғы заманның әдеті кісі өлтірсе, қанын ұрттамай қоймайды екен. Егер қанын ұрттамаса, есалаң ауру, қорқақ болып кетеді екен. Қанын ұрттаса дәнеме көрмеген, білмеген кісі - дей орнықты болып жүре береді екен. Омар зым-зия жоғалып, балалар аман-есен жазылып, бір Жұмагүл деген баласы пысық, қайраттылау болып көрінген соң осы жай жатпас деп, өтірік жала қиянатпен каторге жіберіпті. Ол барған жерінде тіленіп солдат болып, офисерлік оқуға кіріп, көп кідірмей 500 солдатқа офисер болып, зергер Тұзқалаға жол күзету үшін келіп тұрып алыпты. Қыпшақ болып бас қосып, аяғына барып жығылып, ұшы-қиыры жоқ дүниені аямай төгіп: «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», - дегенді айтып, қызметтен шығарып алыпты. Латадан Шоқыбай туып, өз заманында Керекудің көп алыпсатарының бірі болып жүргенінде, қырдан келген бір қалашының барлық тері-терсегін, шекпен, киіз, алаша, ол-пұлын алып, ылғи пұрансоздың [француздың -Е.Қ.] қағазын уыс-уыс қылып берген екен де, ол байғұс көп ақшаға саттым деп мәз болып, қала берген екен. Ертең дүкенге келіп, керек-жарағын кездетіп, ақша беруге келгенде, сонда біліпті кімге сатқанын. Ол ақшаны кім бергенін атын да білмейді, түсін де танымайды. Ертең базарға жиналған жаннан құр сұрау салып жүрді де, сатқан ізтес ебетейсіз көп болса керек. Сонда білгені сол болыпты: «Менікін ол алып, оның бергенін мен алып, әпкел қолыңды мә береке деп қол соғысып қалғанда бір саусағы бүкір екен, алақанға кіріп кете жаздап еді», - деген соң білген. Біреу: « Бұл Лата баласы Шоқыбас екен», - деп. Сонан барып барып шыққан екен де, анау жұрт алдында аласы сыйын түгел алған екен. «Бір әкеде инім бар еді менің?» -деп. Сол сөз көптің аузында мәтел болып қалыпты. Сол Шоқыбастың баласы Бижан. Омар қожаның бір Дайыр деген немересі Керекуге келіп, 5 арба үн сатып қайтып бара жатқан бір мұжықты, қасында бір жас баласы бар екен, -екеуін бірдей өлтіріп. Сарыөзек деген жерде әкесін өлтіріп жатқанда, Күзенбай деген жолдасы баланы ұстап отыра қалғанда баланың шыңғырып жылаған даусының ащылығынан Күзенбайдың құлағы тарс бітіп саңырау болып қалып, өмір бойы жазыл -май кетіпті. «Бір пәуеске, оған 5 арбаны қосып, бар сайманды өртеп жіберіп, қалтадағы ақша мен 7 атты Дайыр олжа қылды да, мен екі құлақтан айрылып, есалаң болып қалдым. Алған ол - жам сол», - деп. Сол Күзенбайдың былшылдап көрінгенге сөйлеп жүргендігінен қалған сөз. Соны жазғаным Бәсентиіннің қожасының шежіресі сұрай - сұрай келсең, анық пайғамбар әулеті болып сарт ете түседі екен. Бұл сөзбен қоса қыпшақ Ертісбай, Есілбайды сөйлеген едік. Ертісбай атына алған жерден айрылып қалыпты. Бір орыс есебін тауып, ол қағазды алып, қайырып бермей кетіпті. Есілбай атына жазылған жер өздерінде қалыпты. Сондағы қағаздағы аты бар үйлердің ортақпыз деседі. Құдайдың бұ да бір шеберлігі. Сол Ертісбайдың немересі Мұстафа баласы Тоғай бойының бір деген кісісі болып, жұрт аузына ілініп тұр.

64 мәтін

[«КНЯЗЬ АРЫҒЫ» АТАУЫ МӘНІСІ]

Шу ауданы Қырғызстанмен шектес, Жетісу орталығы Алматыдан 250 шақырым. Шу ауданында 17 ауыл қазақ, 11 поселке орыс бар, - барлығы 7 болыс ел, халқы 72 мың. Базарлары - Піспек (Пішпек), Тоқпақ. Шу - өзеннің аты, Алатаудың теріскейінен, Ыстықкөлдің күнбатыс жағындағы Алатаудан басталады. Әуелі күншығыс терістікке қарай ағып, Ыстықкөлге төніп келіп, жалт беріп, күнбатысқа қарай бұрылады. Ұзындығы мың шақырымнан асады, көлденеңі - он бес сажин (сатин, сашин), алпыс сажыны (сазин) бар жерлері бар. Нарын уезінен (үйезінен) басталып, Піспек уезін жарып өтіп кеткеннен кейін, Әулиеата, Түркістан, Ақмешіт үйезінің жерлерін аралайды. Қарқаралы, Ақмола, Атбасар үйезінің елдері де пайдаланады. Аяғы - Саумалкөл, Телікөл таталардан (табалардан) өтіп, Сарысудың аяғымен астасып, «су аяғы - құрдым» болады. Өне бойын ар қамыс. Іші толған жолбарыс болады. Бетпақ даласы мен Шу өзенінің аралығындағы құмды «Мойынқұм» дейді. Жоғарғы Алатау жағындағысын «Құрманқұмы» деп атайды. Теріс - өзен аты, Шатқал - өзен аты. Хантәңірінің биіктігі - бес жарым шақырым. Хантәңірі, Теріскей Алатау, Ақшырақ, Көкжал тауы, Күнгей Алатау, Іле тауы, Жоңғар тауы, Шу таулары, Ескендір тауы, Талас тауы, Шатқал тауы, Піскем тауы, Өгем [Үгем] тауы, Ферғана тауы, Петр Великий тауы, Даруаз тауы, Баниш тауы, Раушан (рушан) тауы, Шоғнан тауы, Памир тауы, Алай тауы, Түркістаншыны тауы, Нұра тауы, Іле тауы, Зарапшан тауы, Хасаркулап тауы. Шатқал - өзен аты. Бұл өзеннің бойындағы тауларды Шатқал таулары дейді. Піскем де -өзен, Өгем де - өзен: бұлардың бойындағы тауларды: Піскем тауы, Өгем тауы дейді. Көксу - өзен. Осы үш өзеннің түйіскен жерін «Шарбақ» дейді, үшеуі құйған соң: «Шыршық» атанады. Шыршықтың Қожакент басы болады да, аяғына шейін там үй салып, «Тоқсан мың үйлі Қыбырай Дүрмен» атанған екен. Бұрынғы патшалар Шыршықтан арық ағызып, арықтары - өзен. Осы күнгі Ташкен шаһары жеті арықтың бойында. Еккен ағашы көптігінен үйлері көрінбегендіктен, «Үй қара ағаш Ташкен» аталған. Первый Александрдың інісі Константин басын Шыршықтан шығарып, аяғын Сырдарияға жеткізіп, «Жетіарықтан» қалған шөл жерлерді абад қылып, «Князь арығы» деген атағын қалдырған. Мәшһүрдің Ыдырыс пайғамбарды өлең қылып сөйлегенде: «Князьдің қылған абад бақ ағашын», - дейтұғыны - сол. Бұл жалғыз бұл емес, талай шөлді сондай қылып, абад қылып, Құдай рақмет қылсын - Константинге, оны айтқан Мәшһүрге! 1825-інші жылы, 19-ыншы ноябрьде Бірінші Николайдың ағасы Бірінші Александр өлді. Орнына бұрыннан келе жатқан заң - әдет жолымен Александрға тетелес інісі Константин таққа мінбек еді. Бұл қатынды патша салты бойынша ақсүйектен алмай, мұжық қызын алған болғандықтан, орыс жұртының бірсыпырасы: «Патшам» - деп, Константинге, бірсыпырасы оған тете інісі Николайға жан берді. Константинге жақтасқандар қырғын тауып, жеңілді. Сол күндері 14-інші декабрьде болғаннан «Бұзылғандар» деп, «декабрист» атады. Константинді, оған жақтасқандардың басты-бастысын жер аударып: «Еуропада тұрмасын!» - деп, Орта Азияға бұйырып, Ташкен жаққа жіберді. Ол күнде Ташкен - Қоқан хандарына қарап тұрған күндері. Мұжық қызын алғандығы беті - не шіркеудей болып, таққа отыра алмай қалғандық күнәсына капарат төлеп құтылу үшін, қай жерде шөл болса, Сырдариядан су ағызып, егін-жай, бау ағаш - жалғанның ұшбағындай қылды. Бұл күнде ол суларды «Князь арығы» дейді.

65 мәтін

[БҰХАР, ҚОҚАН ХАНДАРЫ ТУРАЛЫ]

(БІРІНШІ НҰСҚА)

[65.1 мәтін XVІІІ -XІX ғғ. Бұхар хандары] Олардың бұл Россияға табиғ (тәбі) болған уақыттағы ханлары хан тұқымынан емес, қара сүйектен. Бұхар ханларының әуелі Данияр би [Мұхаммед Даниал би Аталық (1759 -1785) -Е.Қ.] Ақмаңғыт, Тоқмаңғыт -Шарсыбыздан [ Шахри Сябз қаласы - Е.Қ.] көтеріліп келіп, Әбілфейіз ханды (Әбілғазы ханды) шаһид қылып, кім көрінген бір билеп, ақырында Данияр биді таққа отырғызып, би атымен билеген. Бұл кісі жуас, «қой аузынан шөп алмайтұғынның» өзі екен. Мұның заманында түрікмендер келіп, Хазірет Имам дарбазасының аузындағы мазарстанда жайылып жүрген қасапшыларының қойын талап кетеді екен. Сонда қасапшылар келіп, Данияр биге ғарыз қылады екен:

— Тақсыр, қасап қылуға базардан алған қойларымызды түрікмендер тартып алып кетті! -деп.

— Қай жерге жайып жүр едіңдер? - дейді екен.

— Хазірет Имам дарбазасының аузына жайып отыр едік, - дейді екен.

— Қойларыңды арықтың алдына әкеп жайсаңдар болмай ма? - дейді екен.

Бір жыл[ы] қозапаяның шығысы кем болып, онан алатұғын салығы аз болыпты. Сонда салық салып, зекет жинаушылардан:

— Қозапаяның салығы қайда? - деп сұрағанда.

— Биыл қозапая шықпай қалыпты, - дегенде,

— Қозапая шықпаса, жүн егетұғын ғой! - депті.

Осы біліміменен-ақ, жұрт қолына алып, таққа отырған соң, тақтың қасиетімен неше жыл Бұхарды билеп тұрыпты. Баласының аты Шаһмұрат екен. Қазақша Самұрат деп шақырады екен. Онан басқа балалары толып жатыр. Толып жатқанмен, аты шықпағанды қағазға жазғанмен, жер алдырғаннан басқа, түсер дәнеме жоқ. Бір күн[і] Данияр бидің алдына екі даугер келіп, дауын айтыпты. Би әбден тыңдап болған соң:

— Айнам, сенікі де дұрыс, айнам, сенікі де дұрыс! - деп, екеуі - не де солай жауап қайырыпты.

Сонда бәйбішесі:

— Оның кепесін күйдірдіңіз ғой! Бірінікін дұрыс, бірінікін бұрыс қылсайшы, сонда дау бітеді ғой! Екеуінікі де дұрыс болды. Дауласып келгенде, неменеге дауласты бұлар? -дейді.

Сонда Данияр би айтыпты:

— Самұраттың анасы-ау, сенікі де дұрыс! - депті.

Бұрынғы заманның қариялары біреуге алғыс бергенде:
Арқадағы Абылайдай бол,
Бұхарадағы Даниярдай бол!
Қойсоймастың ойын берсін,

Қу тілдінің қойын берсін!
Байғұнды - Бапақтай бол,
Азнабай - Сапақтай бол! –
деп, батаға қосатұғын Данияр осы кісі.

«Бұхар жұрты бұзылды» деп атаққа шыққаны осы кісінің заманында екен. Бұл Данияр би жуас болған соң, ғымалдар, қазылар, мүфтилер, зекетшілер өз еркімен іс қылып: «Данияр би сөйтіп жатыр, Данияр би бүйтіп жатыр!» - деп, халықты қанап ала берген екен. «Ойма тазға он теңге, қырма тазға қырық теңге, сал к...ңді керсенге! Сыйса да бер бес теңге, сыймаса да бер бес теңге!» - деп айтылған сөз - сол замандағы Бұхардың салық салатұғын салығы, салықшыларының сөзі екен. Атын атап, атап айтып тұр ғой. Бере берсеңдер, -десіп, қара бұқараны солайша қанайды екен. Сол замандарда сарттың ханы, биі, ишан, патшалары мергендерімен құс атуға шығып, бірнеше түрлі құстарды атып, бір жерге үйіп:

— Енді мұны бөлісейік! - дегенде, бір қазақ ұшып түрегеліп:

— Мен бөліп берейін, - депті.

Наша тартып, зоқ қылысып отырған қулар:

— Біздің кәйпіміз тарап кетеді, кәйіпсіз қазақ сен болсаң, бөліп бере ғой! - десіпті.

Сонда қазақ былайша бөліпті:

— Хан сыбағасы - қасқалдақ, би сыбағасы - безгелдек. Үлесіме - үш үйрек. Былай жатшы, дуадақ! Өз сыбағам - қоңыр қаз. Екі сартқа - бір тартар, аққуды байғұсың артар. «Жік жерде қалмасын, ешкіге сарт сатамын», - деген. Торғайдың ие ағасы, ие тағасы, бұлдырықтың, бөтегесін сорлы қазақ жалмасын! - деп, қасқалдақ, безгелдек, тартардан басқаны қазақ жинап ала бастағанда.

— Бәрін бір өзі алып қойды ғой! - дескен екен.

Патша:

— Атын атап - атап алды той, алса, алсын! - деп, отырып қала беріпті.

Самұрат [Шах Мұрат (1785 -1800) - Е.Қ.] ер жеткен соң, атасынан:

— Билігіңізді маған беріңіз! - деп, сұрап алып.

Қазыларының қарнын жарып, мүфтилердің көзін тесіп, бір жылдың ішінде Бұхарды бір түрлі күйге салып, «атын атап ала берсін» дегенді қалдырыпты. Мешіт, медреселерді жаңғыртып, түзеттіріп, дін ісін көтеріп, өзі ишан жиып, Алланың мүриді, Шығыр Халифаға қол беріп, әулиелер қатарына қосылып, «Шаһмұрат ғұлама» атанды. Қыпшақ Оташы деген рудан Мианкаллығы [Мианкал жер аты - Е.Қ.] Аллажар сопы. Ол зат Шәриф. һәм бұл кісінің заманында ишан жиып, Аллаға мүрид болып, төрт кітап таснап (тасниф) қылды. Шайхы, молда, хазіретлері һәм ишан жиып, Алладан халифа болып шығып, үлкен зор ұлық, әулие болып, осы күнде Шайхы, молда жиып, Аллазығыр халифа Шаһмүрат ғұлама бәрі бір жайда үлүг зиаретке болды. Бұхарай - Шәрифте мизам шәриф айында сенбі күні Бұхар халқының тайлы-таяғына шейін қалмай, таң намазын сол зиареткеде ада қылып, уағаздар, уағыз айтады. Шаһмұрат олардан соң Әмір Қайдар [Әмір Хайдар (18001826) - Е.Қ.]болды. Қазақ: «Мінайдар патша» - деп сөйлейді. Бұл кісі де ғұлама досыт, ғылым ахуалын көтеріп, дін ісіне рух беріп тұрды. Әмір Қайдардан соң, Мирзаралла Батырхан [ Әмір Саиид Насраллах хан (1827 -1860) -Е.Қ.] хан болды. Хан аты осы кісіге қойылды. Онан бұрынғылары би атымен билеп тұрды. Араларында атағы шықпай, бір жыл, жарым жыл болғандары бар. Атын ешкім білмейтұғын болған соң, сөйлеп те керегі аз. Бұл Батырхан «Батырхан десе, батыр хан» дегендей болды. Бұл кісінің ханымынан ұл болмады, не тапса, қыз таба берді. Өзі бір жұртқа аттанарында ханымға айтты дейді:

— Егер осы ішіңдегі ұл болмай, қыз болса, өзіңді де өлтіремін, ішіндегі қызыңды да өлтіремін! - деп, ренжіп аттанды дейді.

Хан кеткен соң, ханым бір түнде босанды, қыз тапты дейді. Ханымның анасы тірі екен, анасын алдырып:

— Мұны қалай қыламын? Хан солай деп, хан қаһар қылып кетіп еді! - деген соң, ханымның анасы жігіт-желең жіберіп, іздетті дейді:

— Бүгін босанғаннан ұл тапқан қатын болса, мына қызды соның орнына беріп, оның ұлын алып келіп, мұның бауырына салыңдар! - деп.

Сөйтсе, түбі қазақ: Арғын бір қасапшының қатыны ұл тапқан екен. «Ханның ханымы сұратты» - деген соң, қызды алуға бата алмады, қорықты, ұлын беріп жіберді дейді. Қызды ханымның анасы алып, асырады дейді. Бала талпынып, отыруға жараған шақта Батырхан үйге келгенде:

— Сүйінші! - деп, баланы алдынан алып шыққанда.

— Ханымға жан керек болған екен, ұл табудың есебін оңай - ақ тапқан екен! - деп, іші білді де, сыртына шығарып, дәнеме демеді.

Атын Мұзафар қойып, бала қылып асырап, өсірсе де, маңына көп жолатпай:

— Өзім өлсем, орныма сонда келіп ие болар. Онан беріде менің қарамды көрмесін! - деп, -Кермене деген жерге барып тұрсын! - деп, тірілікте маңына жуытпай, ажалы жетіп, Батырхан өлген соң, Мұзафар хан [Әмір Саиид Мұзаффар ад - Дин хан (1860 -1885) - Е.Қ.] болды. Бұл кісі бұрынғы ата - бабаларындай болмады. Білімі көп, хайлалы, ұрғашы жандылау. Күнде бір қыз алуды әуес көріп, «баяғы күнде бір қыз алып жатып, ертеңінде өлтіретұғын «Мың бір түннің» әңгімесінің ішіндегі патшадан соңғы әйел халқының мазасын алған патша осы кісі болды!» - деп айтысады. Бұл кісіден соң, Ғабдолахид хан [Сайд Абд ал - Ахид хан (1885 -1910) -Е.Қ.] болды. Оны[ң] жұрт не болғанын көріп тұр.

*** [65.2 мәтін XVІІІ -XІX ғғ. Қоқан хандары] Қоқанда әуел хан атанған Шаһрух ибн Ашур ибн Шаһрух хан мың бір жүз жиырма бірде (1121) тахта кешіп, кәміл он екі жыл патшалық қылып, жылусының он үшінші сенбісі опат. Ғабдалрахимбек, Ғабдалкеримбек, Шадыбек намынде үш ұлы қалып, ағасы Мысындене Ғабдалрахимбек жылысы айлады. Бұ - дағы он екі жыл хандық қылып, 1136-ыншы жылы опат айдап, біреуі - Ғабдалкерим тақты кешті. Он сегізіне хандық қылып, 1163-інші опат. Ұлы Ғабдырахман атасы және отырды. Ендігісі мыж-тыж: бірін-бірі түсіріп, бірін-бірі өлтіріп, тоғыз айдан соң мұны түсіріп, орнына біреу оны түсіріп, және біреу мұнымен он екі жыл өтіп, 1188 - де Ғабдалкерим ұлы Ғабдалрахман баласы Нарбота ханды тақта жылұс айылды. Отыз алты жыл хүкмет қылып, 1213 – де опат. Ферғана хандарында боз атты ұзақ тұрмыс жоқты. *** Түбі тегі кім екені белгісіз, бір ағаш басынан тауып алған, алтынды жабдығы бар, бесіктегі бала, сол өсіп, жұрт алып, хан болып таққа отырып, соның үрім-бұтағы Қоқан жұртына хан болған. Бұрынғы хандарының не қылып, не қойғанын мәңгі бақи барша білімінің иесі жаратқан Құдай өзі біледі. Біз кеше ата-бабаларымызбен замандас болған хандарының не қылған ісін көзбенен көрген жандардан естуімізбен біраз сөйлейік. Ғалымхан, Ғұмырхан, Шерәлі хан. Олардан соң Мәделі хан [Маадил хан -Е.Қ.] таққа отырып, Ферғана заманын билеп тұрғанда, қылатұғын ісі Қоқанда жаллапларды жидырып, бір үйге қамап, енеден жаңа туғандай жалаңаштап. Шерғалы хан [Шир Али хан -Е.Қ.] 1221 - де Қырғыз, Қыпшақтың қазақтары алдында шаһадат дәрежесі болды. Бес ұлы қалды: Сарымсақ бек, Сұлтан Мұрат, Хұдйар хан, Молда хан, Сопыбек, - бұл екеуі бір қатыннан. Қатындарының әр екісі Қырғыз қызы еді. Нарбота хандан Ғалымхан, Ғұмархан [Омар хан -Е.Қ.] о бір қатындан Рыстымбек, Қажыбек. Намында бір-біреуі қалмыш дүр шермен - де ойнатқан екен. Оның ішіне еркектен екі ойыншыны кіргізіп, олардың көзін тарттырып қойған екен. һәмма ишандарды жидырып, бір хауызының үстіне бір ағаш тастап:

— Сонан өтіңдер! - деп, әмір қылған екен. Баршасы өте алмай, суға жығылып, бір-ақ ишан аман-есен өтіп кеткен екен.

— Жалғанда бір ағаштан өте алмасаңдар, ақыретте қыл көпірден қайтіп өтесіңдер?! - деп, һәммасын сарбаз қылыпты.

Қазақша переводы - ғаскерше қызметіне алыныпты. Нарбота ханнан кейін әуелі - Ғалым хан болады. Ол мейлінше залым хан болады. Онан кейін Ғұмар хан болады. Бұл ғаділ [«әділ билеуші» мағынасында -Е.Қ.] хан болады. Ғұмар хан өлген соң, баласы Мәделі хан болады. Түркістанға келіп, Әшірмүхаммед ахонның екі ұлын «ақ үйлі» қылып алып кеткен екен. Әшірмүхаммед ахон Бұхарадан келіп, махзұмларды Мәделі алып кеткенін естіп, артынан барғанда, Мәделі хан:

— Тақсыр, мені жақсы көресіз бе, балаларыңызды жақсы көресіз бе? - дегенде, Әшірмұхаммед ахон:

— Ау, жақсылар-ау, Мәделі хан хира екен, сені басыма орайын ба, өз балам өзіме жақсы. Сен өз атаңа жақсысың да, әркімнің өз баласы өзіне жақсы да! - деген екен.

Мәделі хан бұл сөзіне қайыл болып:

— Құлдық, тақсыр! - деп қол қусырып, балаларын өзіне көп дүниемен қайыра берген екен.

Сонан көп адамдар бұл кісіге бығит қылып, Қоқан жұртына мәшһүр болып қайтқан екен. Мұның соңында Әшірмұхаммед ахон Бұхараға қайта барғанда, Бұхара ғалымдары хасадлік (қастық) қылып, әмір Бұхараға арыз (ғарза) беріпті:

— Бір түркістандық қожа қойдың сұғын халал деп жегізіп жүріпті. Соны хытсапқа алдырсаңыз! - деп.

Оның себебі бұл кісі қозының мәйегінің халаллығына пәтуа берген екен. Әмір Бұхара әмірі Нәсіралдин Баһадүр хан бұл кісіні алдырып:

— Тақсыр, неменеге қойдың сұғын халал деп пәтуи бердіңіз? - дегенде,

— Қазынаңызда пәлен кітап бар ма? - дегенде,

— Бар, - дегенде.

— Алдырыңыз! - депті.

Сол кітапты алдырып келсе, «Бисмилла!» - деп, бетін ашқан жерінен: «Ланғыныхта зашырбыт сынхыла!» - деген мәселе шыға келіпті:

— Мені, тақсыр, айыпқа бұйырсаңыз, бұл мәселені жытһадынан шығарған мешітті ғайыпқа бұйырыңыз! - дегенде, хан:

— Құлдық, тақсыр! - деп, қайыл болған екен.

— Бұхараның нанының харамлығына пәтуа тауыб берейін бе? - дегенде.

— Мағзор, тақсыр, қоя көріңіз! - деп, жалынып, көп нығамлар берген екен.

Сол бізрік Түркістанда шыңқал мазларда мүбһем болып жатыпты. Бұ дүние сондай бір би опа дүние екен де, бал ал ары кінна махзұм кішік фыхзомне Қыпшақ заманында Имамберді деген өлтірткен екен. Артынан көп кешікпей, қыпшақ Фұтрете табиб Имамбердіні таяқ астында өлтіріп, өзі фейіс екен. Мәделі хан өзінің өгей анасы Ғұмар ханның кішік ханымы Аптапайымға ғашық болып:

— Соны аламын! - деп, - Рауаят тауып бер! - деп, қанша ғалымдарды өлтіріп, ақырында алып, Бұхарадан Баһадүр хан қосын қылып келіп, Мәделі ханды өлтірген екен.

Бұл Мәделі ханның дәуірі жүріп кеткен соң, Ширалы хан Қырғызға қашып шығып кетіп, қырғыздан қыз алып, Құдияр хан туып, Мәделі хан өлген соң, Мұсылманқұл шолақ Құдияр ханды алып келіп, таққа отырғызып, хан көтеріпті. Бұл Құдияр Мұсылманқұл шолақтың көтермелеуімен он үшінде хан бо[лды]. Сонан соң Фер[ғана] табиб Мұсылманқұл шола[қты] өзі өлтірткен. Он жеті жыл хандық қылып, Молдабек [ Шир Али ханның баласы Молда хан (Мәлла хан) - Е.Қ.] көтеріліп кетке[н] соң, қырғызға қашып шығып кетк[ен]. Онда да жан сақтай алмай, Бұхарай -Шәрип барып, Батырханға нөкер болып, Молдабек өлген соң, Батырханға... Қоқанға және келіп, хан болып, он төрт жыл тұрды. Құдияр ханмен ата[сы] бір, анасы басқа Молдабек есімлі бірадарды Ташкентке хакім қойыпты. Сонан соң бұл Молдабек Құдияр ханмен жау болып, қосын қылып барып, ұрысып, тап келтіре алмай, Бұхараға қашып барып, Бұхарадан көмек алып келіп, Қоқанды алып, Құдияр хан қашып, қырғызға шығып кетіпті. Молдахан Қоқанды алған соң, дін ісін маруж қылып, ғұлама аталып, ғалымларға сәруаршылық қылып, Қоқанның бұрынғы фысатлықларын қойдыра бастаған. «Молдалардың ұрған жері отқа күймес, қамшысы тиген жеріңе ағырық тимес!» - дейді екен. Молдахан молдалардан жылап келгенге беретұғын жауабы сол екен... Ептейсіз молдаларды құтыртып жібергендігі өзінің басына жетті. Онан басқа жазығы жоқ. Қоқан жұрты Молдаханды өлтірген екен. Сонан соң Қыпшақтан Молдағалымқұл [Молда Әлімқұл - Е.Қ.] шығып, Қоқанды ғарат қылып, Молдаханды өлтіргендердің баршасын иашызына бұт қылып, Қоқанды, Ташкентті билеп, кеше Россия әскерімен барған заманда Мыңбайқұл мен екеуі тізе қосып, көп соғыстар қылып, ақырында Молдағалымқұлды Ташкент соғысында Шортөбе деген жерде өзінің бір жігіті атып өлтірген. Мыңбайқұл Шымкент үстінде шаһитлік дәрежесіне машраф болған. Сонан соң Құдияр хан Қырғыз ішінен шығып келіп, және екінші мәртебе Қоқан жұртына хан болды. Құдияр ханның Қоқанға хан болғанда, қылатұғын ісі өзіне табиғ уалаятлардан бөдене жидырар екен. Ишфыра [Аспара -Е.Қ.] деген жерден бөдене алдырыпты, әр жерден сондай бөденелерді жинатып алдырып, ұрыстырып, таластырып, тамаша қылады екен. Кірекешлерінің нар бураларын жидырып алып, бура таластырады екен. Қаймақ сатқаннан да салық алады екен. Халықтан сондай қыстап, пұл жымығлап алып, оны құмарпазлыққа сарқ қылады екен. Ақырында тақ үстіне отырып ұрысуға жарамай, жүз солдаттың алдына түсіп, айдалып, ақ патшаға алып кетіп бара жатқан жерінен Кіші жүздің батырлары отыз жігітпен барып, ұрыс-төбелес қылып, орыстың қолынан алып, Мұсылманабадқа қашырып жіберген. Отыз жігіт айлық жолға алып барып, мемлекет Россиядан шығарып салған. Қаңғып барып бір жерде өлді де, ныһайты он жігіт бақпағанның жазасын жалған дүниеде көп тартты. «Ер тағайына тартады» - деп, нағашысы қырғыз болған соң да, не оңсын?!

** * [65.3 мәтін Мұсабек көтерілісі] «Ақ жалау барда малым бар деме, Ғазірейіл барда жаным бар деме!» деп, мақал болған осы айтылған Бұхара, Қоқан хандарының заманы еді. Сонда бұлардың өзіне қараған көшпелі жұртқа қылатұғын ісі зекетші шығарып, зекет алдырушы еді. Сонда қазақтың қызынан да зекет алды. Бұлар: «Мал есебінде күйеуге беріп, қанша мал алады», - деп, жолын тосып тұрып, малын шұбыртып санап, сол көшкен ауылда қанша бойжеткен қыз бар, соны құрттай санап, қалың малы «қырық жеті мал» - деп, сол есеппен қыздан зекет ала бастаған соң, қазақ бойжеткен қызға қатын киімін кигізіп, мұны сарттың зекетшілері біліп: «Қатын екенін, қыз екенін ем - шегінен танимыз!» - деп, жаулықты әйел көрінсе, емшегін ұстап, байқап өткізетұғын болды. Кеше Қоңырат деген елде: «Көктің ұлы Сапақ» - атанған кісі болды. Соның інісі Мұсабек датханың ат арқасына мінген күнінде Қоңырат деген елдің көшін шұбыртып санап, әлгі айтылған ретті істі зекетшілер қылып тұрғанда, түйе жетектеген бір бәйбіше қатын Мұсабекке ұрысты:

— Ай, сен, жаман Мұсабек би, сен бері кел! - дейді.

— Бастапқы ханның тұсында

Арғымақ міндік ноқталап,
Соңғы ханның тұсында
Шәрке бір кидік соқталап! –

деген осы екен-ау! Кеше сенің ағаң Сапақ үйінде отырып, Бұхара мен Қоқанның ханына айтқанын қылдырушы еді. Соның шыққан жерінен сен де шықтың ғой! Сенің тұсыңда көрген күніміз мынау болса, қартайған күнімізде қыз-келіншек орнында болып, құрып, суалып қалған емшегімізді әр сартқа бір уқалатып қойғаның! Сені тапқан қатын ит те: «Ұл таптым!» - деп, қуанды-ау! Бүйтіп ауыртып тапқан артымның садағасы кет!» - деп, бәйбіше атын санға бір ұрып, жөнеле бергенде, Мұсабекте ес қалмады, ажар, түр қалмады.

Есі шығып кетті, үстіндегі киімін дал-дал қылып, жұлып - жұлып тастады да:

— Ал, бозбала, бір күн туыппыз, бір күн өліппіз! Өлген өлген жерде, қалған қалған жерде! - деп, сартқа қол қоя бастады.

Сол-ақ екен, қазақ басына бір сарт қайдан табылсын?! Көбі жерді сабады, Түркістан, Ташкент, Шымкент, Сайрам, - бір күннің ішінде тас-талқанын шығарып, сонда қашқан сарттар: «Алаш, Алаш! - деймін-ау!» - деп қашады дейді. Сонан соң қайтіп қазақ ішіне зекетші шығуын қойды. Пәлі, бәйбішеге де рақмет, Мұсабекке де рақмет! Бәйбішеге қалай рақмет айтса да, айтуға тұрарлық: Мұсабектің қолынан ашуланса, осындай іс келерлігін біліп ұрысқандығына! Өтіп кеткен ертегіні сөйлеп жатқаным, «Бір сөзді айтпай, бір сөз еске түспейді» - деп, етімнен өтіп, сүйегіме жеткендіктен, заманымда кісісін тауып, ұрсарлық бәйбішенің жоқтығына, Мұсабектей жаннан кешіп, долданып, қайрат қыларлық еркек болып, ұл тумағандығына мен де долданып, үйде жатып, екі көзіме әлім жетіп жылап жатқаным ғой! Атын несін айтайын, ешкім ұрыспай-ақ бір ер дін жолына, қазақ намысына қайрат қылып, жаннан кешіп, отқа кірді. А, Құдай, сол ердің тілеуін бер, ойлағанына жеткіз! «Елді елге ер теңейді!» - деген сөз бар еді. Сол айтылған ер осы болған еді де! - деп, Құдайдан жақсылық күтіп тұрған жылаудардың біріміз. Менің өз үйімде өзім отырып жылағанымды кім біледі, осындай бұрынғы-соңғыдан сөз қозғап, өткен күнгі сөзбен келіп, көзге түсірмесем?! Сол сартқа Қоңырат қол қойған күні дүйсенбі (дүйсене) күн екен. Уағдаласып қойғандай, дәл сол күні исі (асы) қазақ сартқа бірден жұмылып қол қоя бастады дейді. Сонда қолға түскендері - қазақ екенін, сарт екенін айыруға: «Бидай деп айтшы!» - десе, сарттың «бидай» деуге тілі келмей: «Бұғыдай» - дей беріпті. Сарт екенін сонан біліпті.

66 мәтін

[БҰХАР, ҚОҚАН ХАНДАРЫ ТУРАЛЫ]

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Бұхар, Қоқан хандарынан біраз сөйлейік. Олардың бұл Россияға тәбі болған уақыттағы хандары хан тұқымынан емес, қарасүйектен. Бұхар хандарының әуелі Даниял би [Мұхаммед Данииал би Аталық (1759 -1785) - Е.Қ.] Ақмаңғыт, Тоқмаңғыт, кейінгісі Шарсыбыздан [Шахри Сябз (Кеш) қаласы -Е.Қ.] көтеріліп келіп, Әбілфейізді (Әбілғазизді) ШЭҺИТ ҚЫЛЫП, Даниял биді таққа отырғызып, би атымен билеген. Бұл кісі жуас: «Қой аузынан шөп алмайтұғынның» өзі екен. Мұның заманын - да түрікмендер келіп, Хазірет Имам зиратындағы қабір арасына шыққан шөптерге жайылып жүрген қасапшының қойын талап кетеді екен. Сонда қасапшылар келіп, Даниял биге арыз (ғарыз) қылады екен:

— Тақсыр, қасап қылуға базардан алған қойларымызды түрікмендер тартып алып кетті! -деп.

— Қай жерге жайып жүр едіңдер? - дейді екен.

— Хазірет Имам дарбазасының аузында еді, - дейді екен.

— Қойларыңды арықтың алдына жайсаңдар болмай ма? - дейді екен.

Қой деген малдың жерден жайылып, шөп жейтұғынын да білмейді екен. Бір жылы қозапаяның шығысы кем болып, онан алатын салығы аз болыпты. Сонда салық салып, зекет жинаушылардан:

— Қозапаяның салығы қайда? - деп сұрағанда.

— Биыл қозапая шықпай қалыпты, - десті дейді.

Онда айтты дейді:

— Қозапая шықпаса, жүн егетұғын ғой, - депті.

Жүннің малдың [малдан] шығатұғынын да білмегені. Жұрт қолына алып, таққа отырғызған соң, тақтың қасиетімен неше жыл Бұхарды билеп тұрыпты. Баласының аты «Шаһмұрат» екен, оны қазақша «Самұрат» - деп, шақырады екен. Онан басқа балалары толып жатыр. Толғанмен, аты шықпағанды қағазға жазғанмен, жер алдырғаннан басқа, түсер дәнеме жоқ. Бір күні Даниял бидің алдына екі даугер келіп, дауын айтыпты. Би әбден тыңдап болған соң, берген төресі:

— Айнам, сенікі де дұрыс! Айнам, сенікі де дұрыс! - деп, екеуі - не де солай жауап қайырыпты.

Сонда бәйбішесі:

— Оның кепесін күйдірдіңіз ғой! Бірінікін - дұрыс, бірінікін бұрыс қылсайшы, сонда дау бітеді ғой! Екеуінікі де дұрыс болды. Дауласып келгенде, неменеге дауласты бұлар? -дейді дейді.

Сонда Даниял би айтыпты:

— Самұраттың анасы-ау, сенікі де дұрыс! - депті.

Осы күнге шейін Қазақ жұртында аяғы тұрақтамаған сөзді «Самұраттың анасы, сенікі де дұрыс» - дей салған сықылды сөз екен! - десіп келеді. «Бұхар жұрты бұзылды» деп, атаққа шыққаны осы кісінің заманында екен. Бұл Даниял би жуас болған соң, ғамаладар, қазылар, мүфтилер, зекетшілер бет-бетімен кетіп: «Даниял би сой деп жатыр, Даниял би бүй деп жатыр!» - деп, халықты қанап ала берген екен:

Ойма тазға он теңге,
Қырма тазға қырық теңге,
Сал к...ңді керсенге!
Сыйса да бер бес теңге,

Сыймаса да бер бес теңге! –
[деген] сол замандағы Бұхардың салық салатұғын салықшыларының сөзі екен.

Самұрат [Шах Мұрат (1785 -1800) -Е.Қ.] ер жеткен соң, атасынан: «Билігіңізді маған беріңіз!» - деп, сұрап алып, қазыларының қарнын жарып, мүфтилерінің көзін тесіп, бір жылдың ішінде Бұхарды бір түрлі күйге салып, мешіт, медреселерді жаңғырттырып, түзеттіріп, дін ісін көтеріп, өзі ишан жиып, Алланың мүриді Шығыр халифаға қол беріп, әулиелер қатарына қосылып, «Шаһмұрат ғұлама» атанды. Қыпшақ Оташы деген рудан Мианкаллиғы [Миианкал жер аты - Е.Қ.] Аллажар сопы. Ол зат шәриф. ҺӘМ бұл кісінің заманында ишан жиып, Аллаға мүрид болып, төрт кітап тасниф қылды. Шайхы, молда, хазіретлері һәм ишан жиып, Алладан халифа болып шығып, үлкен зор ұлығы, әулие болып, осы күнде шайхы, молда жиып, Алла сығыр халифа Шаһмұрат [ғ]ұлама бәрі бір жайда ұлығ зиаретке болды. Бұхарай Шәрипте рамазан шәриф айында, сенбі күні Бұхар халқының тайлы-таяғына шейін қалмай, таң намазын сол зиареткеде ада қылып, уағызлар уағыз айтады. Шаһмұрат ғұламадан соң, Әмір Хайдар [Әмір Хайдар (1800 - 1826) -Е.Қ.] болды. Қазақ: «Минайдар» - дейді. Бұл кісі де ғұлама досты, ғылым ахуалын көтеріп, дін ісіне рух беріп тұрды. Әмір Хайдардан соң, Мырзыралла Батырхан [Әмір Саид Насроллах хан (1827 -1860) -Е.Қ.] хан болды. Хан аты осы кісіге қойылды. Онан бұрынғылар би атымен билеп тұрды. Араларында атағы шықпай бір жыл, жарым жыл болғандары бар, атын ешкім білмейтұғын болған соң, сөйлеп те керегі аз. Бұл Батырхан «Батырхан десе, батыр хан дегендей» болды. Бұл кісінің «Аптапайым» -деген ханымынан ұл болмады, қыз көп болды. Өзі бір жорыққа аттанарында ханымына айтты дейді:

— Егер осы ішіндегі ұл болмай, қыз болса, өзіңді де өлтіремін, ішіңдегі қызыңды да өлтіремін! - деп, ренжіп аттанды дейді.

Хан кеткен соң, ханым бір түнде босанды, қыз тапты дейді. Ханымның анасы тірі екен, анасын алдырып:

— Мұны қалай қыламын? Хан солай деп, қаһар қылып кетіп еді! - деген соң, ханымның анасы жігіт-желең жіберіп, іздетті дейді:

— Бүгін босанған, ұл тапқан қатын болса, мына қызды соның орнына беріп, оның ұлын алып келіп, бауырына салыңдар! - деп.

Сөйтсе,түбі қазақ: Арғын бір қасапшының қатыны ұл тапқан екен. «Ханның ханымы сұратты» - деген соң, қызды алуға бата алмай, қорықты, ұлын беріп жіберді дейді. Қызды ханымның анасы алып асырады дейді. Бала талпынып отыруға жараған шақта Батырхан үйге келгенде:

— Сүйінші! - деп, баланы алдынан алып шыққанда:

— Ханымға жан керек болған екен, ұл табудың есебін оңай - ақ тапқан екен! - деп, іші білді де, сыртына шығарып, дәнеме демеді. Атын «Мұзафар» қойып, бала қылып асырап өсірсе де, маңына көп жоламай:

— Өзім өлсем, орныма сонда келіп ие болар! Онан беріде менің қарамды көрмесін! - деп, -Кермене деген жерге барып тұрсын! - деп, тірілікте маңына жуытпай, ажалы жетіп, Батырхан өлген соң, Мұзафар хан [Әмір Саид Мұзаффар ад - Дин хан (1860 - 1885) -Е.Қ.] болды.

Бұл кісі бұрынғы ата - бабаларындай бола алмады. Білімі көп, хайлалы, ұрғашы жандылау, күнде бір қыз алуды әуес көріп: «баяғы күнде бір қыз алып жатып, ертеңінде өлтіретұғын «Мың бір түннің» әңгімесінің ішіндегі патшадан соңғы әйел халқының мазасын алған патша осы кісі болды!» - деп айтысады. Бұл кісіден соң, Ғабдолла[шыд] хан [Сайд Абд ал -Ахид хан (1885 -1910) -Е.Қ.] болды. Оны жұрт не болғанын көріп тұр. Батырхан заманындағы қара халықтан шыққан Абдырманик татардың әңгімесі.

67 мәтін

[БҰХАР, ҚОҚАН ХАНДАРЫ ТУРАЛЫ]

(ҮШІНШІ НҰСҚА)

[67.1 мәтін XVІІІ -XІX ғғ. Бұхар хандары] Мен өзім жиырма тоғыз жасымда Бұхарай Шәрифке барып, салт атты, сабау қамшылы болып жүріп, тоғыз ай тұрып қайттым. Қазақ тілін білмейді екен. Бір-екі айда өздерімен сөйлесуге жарадым. Біз, қазақ, біреумен әңгімелеспей отырсақ, ішіміз пысады. Көкнәр ішіп, наша тартып, меңірейіп отырған шалдарымен кептесіп (кәптәсіп) те қоямыз. Сонда жан болып, шаһардан шығып, олай -бұлай жүрмеген, дәнеме көрмеген де көп болады екен: «Бидай қандай ағашқа шығады?» -деп сұрайды. «Қараөткел барған, Қоянды жәрмеңкесіне барған байбатшаларымыз бір «ірімшік» деген тәтті жеміс ап келіседі. Соның ағашын ап келсе, бұл жерге шықпай ма?» -дейді. «Нұратаудан әрі тау бола ма?» - дейді. Бас ауыртатын сөзі толып жатыр, қайсыбірін былшылдайын. Қол оқпен қозы жауырын Бопы атады, Мылтықпен Құдайменде қиратады. Соғыста тамам төре жүргенінде Шатырда жаман Көшек тек жатады. Сол Көшек - Кенесарының ағасы, Қасым ханның баласы. Батырхан тұсында Бұхараға барып, сонда тұрып қалған екен де, Әбілмансұр, Ешмағамбет деген балалары Ғабдоллахид таққа отырғанда, тоқсаба дейді, ешағасы дейді, орынға ие болып, көп сарттың бірі болған екен, үйір-шүйір болдық.

Бала күнімізде естіген сөз еді. Шалдар бата қылғанда:
Арқадағы Абылайдай бол!
Бұхардағы Даниярдай бол!
Байғұндай, Бапақтай бол,

Азнабай, Сапақтай бол!
Боқтыдай бай бол,
Байкелді, Бостандай мырза бол!
Қойкелдінің қойын берсін,

Қойсоймастың ойын берсін!
Тоқаның жылқысын берсін,
Ақылдың құлпысын (құлғысын) берсін! –

деуші еді. Соны естігеннен былай: «Бұхардағы Данияры қандай жан болған екен?» - деп, кәрі құлақтардан ақымыз бардай, қадала қалып сұраймыз ғой. Сонда Данияр биді әңгіме қып, сөйлеушінің айтуы: Осы өзіміздің қазақ сықылды «Ақмаңғыт», «Тоқмаңғыт» аталған жұрттар болады екен. Сарсебіз [Шахри Сябз қаласы - Е.Қ.], Қарсықұзар жақтан келіп, осы Бұхараны шауып шаншып, жаншып, талап, өз орталарынан Данияр биді [Мұхаммед Данииал би Аталық (1759 -1785) - Е.Қ.] таққа отырғызып, би атымен билеген екен дейді. Данияр әкесі -Хұдаяр (Құдияр), қазақ оны Құдияр дейді. Құдияр әкесі - Құдайқұл. Құдайқұл әкесі -Келдиар. Келдиар әкесі - Шаушы. Аттарының мазмұны осылайша. Бұл Данияр би жуас, момын, «қой аузынан шөп алмайтынның» өзі екен. Мұның заманында түрікпендер келіп, Хазірет Имам даруазасының аузында мазарстанға жайып тұрған қасапшының қойларын қуалап кетеді екен. Қасапшы байғұстар билеп тұрған ханы Данияр биге жылап келіп айтады екен. Онда оларға беретұғын жауабы:

— Иттер-ау, қойларыңды мына арықтың алдына неге жаймадыңдар?! - деп ұрсады екен.

Бұхараға жіті төмен қарайды: Қаракөл, Ордазы, Данкен (Даңен) Ғыждуан, Кермене. Бір жыл егін зекетін жинап келгендер:

— Мақта зекеті жоқ! - десіпті.

— Ол неге жоқ болды? - десе.

— Қозапая шықпай қалыпты, - дегенде.

— Қозапая шықпаса, жүн егетұғын ғой! - деген екен.

Осы білімімен отырып-ақ Бұхара жұртын көп жыл билеп тұрыпты. Баласының аты Самұрат екен. Бір күн[і] Данияр бидің алдына екі даугер жүгінісе келіпті. Би әбден сөздерін тыңдап болған соң:

— Айнам, сенікі де дұрыс! Айнам, сенікі де дұрыс! - деп жауап қайырыпты. Бәйбішесі қасында отыр екен:

— Бұл жазғандардың кепесін (қиғасын) күйдірдің ғой! Екеуінікі де дұрыс болса, дауласып, сіздің алдыңызға келе ме? Бірінікін - бұрыс, бірінікін дұрыс десеңші! - депті.

Ол сөзге айтқан жауабы:

— Самұраттың анасы-ау, сенікі де дұрыс! - депті.

Осы жуастығынан қазылар, мүфтилер, зекетшілер бетімен кетіп, әркім ойына келгенін істей берген екен: «Данияр би сөйдеп жатыр, Данияр би бүйдеп жатыр!» - деп, халықты қанап, ала берген:

Ойма тазға он теңге,
Қырма тазға қырық теңге,
Сал к...ңді керсенге!
Сыйса да бір бес теңге,

Сыймаса да бір бес теңге – сол күндерде айтылған сөз екен. «Атын атап-атап айтып тұр ғой, бере беріңдер!» - деп, жол-жоба болып қалған екен. Сол замандарда сарттың ханы, биі, ишан, патшалары (падшалары) мергендерін көп қылып, құс атуға шығып, Қаракөлдің құсына жау тигендей бықпырт қылып, құс біткенді бір жерге үйіп қойып:

— Енді мұны шеберлеп болу керек! - дегенде, бір қазақ ұшып тұра келіп:

— Жүдә, жақсы бөлуді мен білемін! - депті.

Насыбай атысып, қорқор тартысып отырған қулар:

— Біздің кәйпіміз ұшып кетті, боқтың иісін білмейтін, кәйіпсіз қазақ, бөле қалың! - депті.

Сонда қазақ:

— Хан сыбағасы - қасқалдақ. Би сыбағасы - безгелдек. Үлесіме - үш үйрек! Бұлай жатшы, дуадақ! Өз сыбағам - қоңыр қаз. Екі сартқа - бір тартар. Аққуды байғұсың артар! «Жік жерде қалмасын. Ешкіге сарт сатамын!» деген. Торғайдың иә ағасы, иә тағасы, Бұлдырықтың бөтегесін - сорлы қазақ жалмасын! - деп, қасқалдақ безгелдек, тартардан басқаны қазақ жинап ала бастағанда:

— Қызыңа сі..., қазақ, бәрін өзі алып қойды ғой! - дегенде, бір кемеңгері:

— Бәтшағар атын атап-атап алды ғой! Алса, алсын! - депті.

Данияр бидің он бір баласы бар еді. Бір Самұраттан басқасы дәнемеге де жарамады. Мың бір жүз елу тоғызда [1159] Данияр би «Данияр би!» - атанып, мың да бір жүз тоқсан екіде [1192] өлді. Самұрат [Шах Мұрат (1785 -1800) -Е.Қ.] деген баласы би аты - мен орнына отырды. Әкесі тірі күнде, сол замандарда Бұхарай Шәріфте ишан Жипалла атанған бір ишан шығып, шын аты «Наурыз» екен. Бұл Самұрат ишанға қол тапсырып, ол ишан мұның бағып-қағу тәрбиесін Сапар халфе деген қалфесіне тапсырып, ол қалфе:

— Өзіңді-өзің кемдікке, қорлыққа сал! - деп.

Соның бұйыруымен жаяу кіре жүк таситұғын кірекештік қылып, жұрт мұны: «жынды болды!» - деп.

— Қолыммен бейнет қылып, ауқатымды сонымен кешіремін! - деп, пышаққа қын тігіп сатып, Данияр өлген соң, «жынды» десе де, мұнан артық қолайлысы табылмаған соң, көп ұнатып, Құдай қалап, таққа отырғызған екен.

Данияр бидің билеп тұрған күнінде Бұхара мен Самарқанның аралығында Миианкал деген жерден, Қыпшақ Оташы деген елден Теміриар баласы Алдияр (Аллажар) деген зекетшінің бастығы болып, дөкей Бұхараның өзінде тұрып, «жалғанның жарты пәлесі» болып, тамам зекетші мұның қол астында, күндіз салық-налог жинатып, түн болса ұрлыққа аттандырып, қырық жігітті ұрлыққа жалаңдатып қойған екен. Бір түн[і] Алдияр қырық жігітімен барып, жұрт шырт ұйқыда жатқанда, бір байдың қазына жасауын қопарып жатқанда, қатын-бала жатқан үйден бір бала жылады дейді. Сонда баланың шешесі оянып:

— Қарағым, жылама, жылама! Сенің жылаған дауысыңды естісе, Алдияр келіп қалар! -дегенде, бала жылағанын қоя қойды дейді.

Сонда мұны Алдияр естіп түсінген екен:

— Менің залымдығым әбден асып кеткен екен! Жылаған бала уанғандай болған екенмін! -деп, өзінен-өзі түңілді дейді. Ертең таң атқан соң:

— Қой, мен тәубе - таупыққа кірейін! - деп, ишан Жипаллаға келіп, ол кісі:

— Маған бала болатұғын пиғылың шын болса, қасап базарына бар! Бір қойдың бас-сирағын, шек-қарнын түгел алып кел! Қапқа салма, бір нәрсеге орама! Боқты қарынды төбеңе қойып, онан қалғанын мойныңа асып, бірін қолыңа ұстап, бірін аузыңа тістеп, сөйтіп ап кел! - дегеннен кейін, бұл тапжылтпастан, бұртартпастан соны қылып, келтірді дейді.

Көрген жұрт мұны да: «Жынданып кеткен екен!» - десті. Не болса да, сол күн болды. Қазақ ішінде айтылып жүрген «Сопы Алдияр» деген кітап - осы кісінің сөйлеген сөзі. Қайсыбірін санап отырайын. Ишан Жипаллаға, оның қалфесі шайхы улема (емла) Сапар қалфеге мүрит мұқылас болғандары «жынды» атана бастады. Себебі бұрынғы әулиелер ақ шапан кигізіп, ақ сәлде оратып, домалақ-домалақ тасты жіпке тіздіріп, мүлгітіп, шұлғытып бақылайды екен. Ұят-ардан, намыстан кештіріп, жұртқа сүйкімді көрінетін жұмыстан бездіріп, қара малайлар қылатұғын жұмысқа көніктіріп, солай бағады екен. Жынды көбейді. Бұл жындылар көбейіп алған соң, өзін аямаған кімді аяйды? Әуел басы құсбегінің қарнын жарды. Қазы, мүфти, ишан, патшалардың көзін ойып алды. Құлақ-мұрынын жұрдай қылды. Самұратқа «Шатмұрад уллама» деп ат қойды да, жұртты Құдай жағына үйір-шүйір қылды. Бұхара жұрты Данияр заманында бір қилы болды да, Самұрат би заманында бір қилы болды. Жә, мұнымен бұл дәуір де өтті, кетті. Бір мың екі жүз он бесте [1215] ережеп айының он үшінде алпыс үш жасында, жұманың түнінде Самұрат би жөнелді. Қалға (қалфе) Ниязқұл түрікпен, Мұсахан Даһабиді делінген аудырлар - сол заманда ат атанған кісілер. Самұраттан соң баласы Минайдар таққа отырды. Бұл Минайдар да би атымен биледі. Бұл Минайдар [Әмір Хайдар (1800 -1826) - Е.Қ.] бір мың екі жүз қырық екіде [1242] қолдан ұзатылып: Хасенхан, Ғұмархан, Ғабдоллахан, Насыраллахан, Зыбирхан, Жәңгірхан деген балалары қалды. Минайдардан соң Хасенхан орнына отырды. Онан кейін Ғұмархан отырды. Бұлар аты аталып, нұсқа қағаз үстіне жазылғаннан басқа түк бітірген жоқ. Бұл екеуінен Насыралла хан [Әмір Сайд Насраллах хан (1827 -1860) -Е.Қ.] болып, Мір Насыралла Баһадүр хан таққа отырып, «Батырхан» атанды. Жауға батырлық қылған жері жоқ. Бисақал патша балаларға, он үш - он төртке жасы толмаған қызалақтарға батырлық қылғаннан заманындағылар жамандап сөйлеуге аузы бармай: «Батыр, батыр!» - деп, Батырхан атанғандығы сол. «Батырханмен құрдас едік» - деген сарттың талайымен кәптесіп, әңгімесіне қанық болғандымыз. Болған көп әңгімесінің бірі бір мың екі жүз елу төртте [1254] Ингилиз [ ағылшын] Кәбіл (Кабул) шаһарына басып, жаншып, кіріп келгенде, Кәбілді бұрын билеп-төстеп тұрған ханы Достымұхаммед хан бала-шаға, қатын-қалаш - үш мың кісімен қашып, Балх, бір Хұсанға келіп, онда тұрақтай алмай, Бұхараға келіп, Мір Насыралла Баһадүр ханға бір құл алып келіп тартуға тартқан. Достымұхаммед ханның Ұзалхан деген баласын көріп қызығып, аузынан суы ағып, патшалыққа сұраған. Достымұхаммед хан Ұзалханы бермеген соң, тартуға берген құлын өзіне қайырған. Екі арасы жауласуға айналып (айланып), Достымұхаммед хан: «Қажыға барамын!» - деп шығып кеткенде, Мір Насыралла Баһадүр хан Амударияның бойынан алдынан тостырып, қайтарып алып келген. Бұхарада мейман тұтқаулықта тұрып қалып, екінші қабат тағы шығып кетіп, Сарсебізге [Шахр Сябз -Е.Қ.] барған жерінде әскер жіберіп, екі жақтан көп кісі набыт болып, байлап-матап алып қайтқан. Ол уақытта Бұхарай Шәріфте ишан Сақыпзада махаллалары Маракенде зор ишан болып, диуанасы, жындысы көп, соған келіп қорғалап, жан сақтап қалған. Сол Мианқадыр Сақыпзада ишанның қонағындай болып жүріп, бірнеше қосшы-қолаңшысымен әйел киімін киіп, іңір қараңғылығында дарбазадан шығып, Сарсебізге барып, оны билеп тұрған Қожамқұл би көп жабдық, жігіт-желең беріп, қайта барып Кәбілге кіріп, Ингилизбенен [ағылшынмен - Е.Қ.] жарасып, татулыққа айналып, һерат [Герат -Е.Қ.], Балх шаһарларды өзі билеп-төстеп, патшалық орнына отырған. Батырханның ханымы не тапса, қыз таба берген, еркек перзент болмаған. Хан өзі бір жорыққа аттанарда ханымы екіқабат екен, айтып аттанды дейді:

— Осы жолы қыз тапсаң, қызыңды да, оны тапқан өзіңді де өлтіртемін, қарашығыңды батырып, көзіңді жоғалтамын! - деп, аттанды дейді.

Хан кеткен соң, ханым босанды, қыз тапты дейді. Ханымның анасы тірі екен. Анасын шақыртып алып:

— Мұны қандақшын қыламын (қыла ман)! - депті.

Анасы жігіт-желең жіберіп:

— Бүгін босанып, ұл тапқан қатын болса, ұлын алып келіп мұның бауырына салыңдар да, мына баланы соның құшағына апарып беріңдер! - депті.

Сөйтсе, түп - тегі қазақ, бір Арғын бір қасапшының қатыны ұл тапқан екен. «Ханның ханымы сұратты!» - деген соң, кідіріп қала ала ма, беріп жібереді. Ап келіп, бауырына салып, бала қылып алды. Бала талпынып отыруға жараған шақта хан келді.

— Сүйінші! - деп, баланы көтеріп алып шыққанда:

— Ханымға жан керек болған екен, ұл табудың есебін оңай - ақ тапқан екен! - деді. Іші білді, сыртына шығармады, - Әйтеуір мен өлген күнде орныма келіп, иелік қылар! - деп, Керменеге жіберді.

Сонда асыратты. Атын «Мұзафар» (Мұзапғар) - деп атады. Өзі өлгенше, өмірі қартайғанша егіз - екі қарасын көрмеді. Алпыстан жасы асып, бір мың екі жүз жетпіс жетіде [1277] рабиғы алахыр айында жұманың түнінде Бұхарай Шәріфте опат болып, әкесі Минайдар ханның құсбегі болған, Әкім құсбегі салдырған «Медересе Ғалия» деген медреседе, Минайдардың қасына қойылды. Орнына Мұзафар (Мұзафғар) отырды. Мұзафардың [Әмір Саиид Мұзаффар ад - Дин (18860 -1885) - Е.Қ.] не қылып, не қойғанын бұл заманның жандарының «екінің бірі, егіздің сыңары» біледі. Мұзафардың тұңғышы - Ғабдолмәлік. Бұхара, Самарқанды орыс алғанда, әкесімен жау болып, Сыздық төремен екеуі тізе қосып соғысып, орыстың зеңбірегінің күрс-күрс даусын естіген соң, Ғабдолмәлік Афған жұртына, Сыздық төре Қашқар жұртына қашып кетті. Ғабдалғытаж деген баласы Петрборға орысша оқуға кетті. Бір мың үш жүз үшінші [1303] жылда сапар айында жұма күні өліп, орнына баласы Ғабдалахыр отырды. Мұзафардың өлген күні - Ғабдалахырдың [Саиид Абд ал - Ахид хан (1885 -1910) -Е.Қ.] таққа отырған күні. Ғабдалахыр өзі бір мың екі жүз жетпіс бесте [1275], бір мың сегіз жүз елу тоғызда [1859], он алтыншы мартта туған еді.

Бір мың сегіз жүз алпыс бесте [1865] Ташкенді орыс алған. *** [67.2 мәтін XVІІІ -XІX ғғ. Қоқан хандары] Қоқан ханлары: «Алтын бесік» ұрпағымыз», -дейді. Алтыннан бесігі бар бір баланы ағаш басында асулы тұрған жерінен тауып алып, Өзбек тұрғауайдан шыққан Бабыр бидің айла-қулығымен сол баланы өсіп жігіт болғанда, бір ауылға болса да хан сайлап, соның тұқымы «Алтын бесік» аталған. Кісі білмейтінін айтқанмен түк өнбейді, Нарбота деген біреуі Қоқанда отыз алты жыл хандық қылып, осы Нарботадан: Ғалымхан, Ғұмархан, Қажыбекхан - үш бала қалып: Нар -ботадан кейін Ғалымхан хан болған. Ғалымхан өлген соң, бір туысқан інісі Ғұмархан хан болған. Ғұмархан өлген соң баласы Мадалы (Мәделі) хан болып: «Балахан» атанған. Сонда бұл Балаханның қылатұғын ісі - Қоқанда жәлептерді (жалабдарды) жидырып, енеден жаңа туғандай, жап-жалаңаш қылып, бір үйге қаматады екен. Еркектен екі ойыншыны көзін тарттырып, көп жәлептің (жалуаптың) ортасына кіргізіп, сырнай, керней тарттырады екен де, шерменде ойнатады екен. Өзі жоғары ариктің үстіне шығып, тамашалап отырады екен. Бір хауыздың [үстіне] жалғыз ағаш тастатып, ишан атаулыны жидырып: «Соның үстінен суға жығылмай от!» - деп, жарлық қылады екен де, өте алмай суға жығылғандарды: «Жалғанда жалғыз ағаштан жүре алмай жығыласыңдар, ақыретте қыл көпірден қалай өтпекшісің?!» - деп, сарбаздыққа алады екен. Онысы соғысқа даярлауға солдаттыққа алғаны. Кереметпен болса да, өнермен болса да, бір ишан етіп шығыпты деседі. Мадалы хан өзінің тоқал шешесі Афтапайымды қатындыққа алу үшін: «Рауаят тауып бер!» - деп, қанша ғалымдарды (ғалымларны) өлтіріп, ақырында алып[ты]. Мұны естіп Бұхарай Шәрифтен Әмір Насыралла Батырхан көп қосынмен келіп, Мадалы ханды өлтіріп, жебір-жесір қылып, жаман шауып, шаншып талапты. Қатын-қызда ерік жоқ, айтуға ауыз, жазуға жансыз қалам ұялатұғын жұмыстарды жұмыстап, алып жүруге көнбейтұғын саймандарды тас-талқан қылып қираттырып, жазығы жоқ, қазынаға жиылған кітаптарды да қылышпен шапқылатып, туратып. Сонда оқуын, жазуын танымаса да турап науыт қылуға көзі қимай қазақтар олжалап алып кеткен кітаптардан жалғыз - жарым қазақтардың қолында қалған кітаптар бар. Бұл хадшаның болғаны бір мың екі жүз елу алтыда [1256] болған оқиға. Әмір Насыралла Қоқанда бірсыпыра тұрып, бұрын Самарқанд уалаяты болып тұрған. Маңғыт Ибраһим паруанашыны Қоқанға әкім қойып: «Кісі өлтіруге еріктісің!» - деп, атақты Афтапайымды қатындыққа және Мадалының бір жас баласын: «Патша болғанда, мынау қолға түспейтұғын патша болады!» - деп, Бұхараға алып қайтқан. Сонда сарттардың кәптескенде( кәптасқанда) айтатұғын сөздері: «Хазірет Мирһаңир інүд хазір росра микірд бығдап лам бол рамигр» - деп, құлақ жаңғырықтырыпты. Бұхараға алып барғаннан кейін: «Жүйріктің тері кеппес, сұлудың ортасы шірі - ген қара елтірісі кеппес» деген сөз шын сөз ғой, қанағатсыздығы білініп қалып, Батырхан Афтапайымды жоқ қылып, қарашығын батырыпты. Батырханның мұндай қылып кеткенін естіп, Қыпшақтан «Пүсырманқұл [Мұсылманқұл -Е.Қ.] шолақ» деген шығып, қырғыз, қыпшақты жинап алып. Fұмархан өзі хан болған күнде ата[сы] бір, ана[сы] басқа Қажыбек деген бауырын қырғыз жұртына жер аударып жіберген екен. Ол қырғызға төре болып тұрып, екі қатын алған екен де, бір қатыннан Шерғалы туған екен де, бір қатыннан Моллабек туған екен. Пұсырманқұл шолақ сол Шерғалиды алып келіп Қоқанға ха[н]дыққа отырғызды. Ибраһим паруанашы басын алып қашып зорға құтылды. Онан басқа Маңғыт, Саңғыт, Таңғұт, Тәжіктен көп Бұхаралық қырғын тапты. Шерғали хан хат атымен қанағаттанып тұрып қалды да, жарлық-жабдық бәрі Пұсырманқұл шолақта болды. Аяғы шолақ болса да, қолы ұзын болды. Пұсырманқұл шолақ қосын жинап, қырғызға аттанып кетті. Мұны Батырхан естіп, баяғы Ғұмарханмен бір туысқан Ғалымханның Мұратхан деген баласын Сарсібезден таптырып алып, шағын ғана ер, ептейлі жігіт-желең беріп, ұрланып барып кіріп, жанға сездірмей, жайын таба қойдырып жіберді. Мұратхан Батырханның айтқанындай, дүйсенбі күн тақ үстінде отырған Шерғали ханды өлтіріп, өзі таққа отырып, Қоқан жұртының басты-бастысын шақыртып алдырып, өзінің хандығына, олардың бағынғандығына уәделесіп жатқанның үстіне Пұсырманқұл шолақ келіп қалып, Мұратханды, оған еріп келгендерді бірін қоймай, тып-типыл қылып, бейсенбі күні Шерғали ханның баласы Құдиярханды он үш жасында Қоқан тағына отырғызды. Мұратханның хандығы толық екі күнге де жеткен жоқ. Құдиярхан - қазақтың қой қамайтұғын қорасының үстіне ағаш басына байлап қойған қарақшы. Басқарып, бәрін жайлап орындайтұғын Пұсырманқұл шолақты Құдиярхан қарашығын батырып жоқ қылды. Құдиярхан Қоқанға хан болған соң, ата [сы] бір, ана[сы] басқа жас өлген ағасы Моллабекті (Маллабекті) Ташкенге Беклер бегінің орнына қойды. Бұл Беклербек деген Ғұмарханның тұсында, оның баласы Мадалының тұсында Ташкенде тұрып, Ақмешіт, Қазалы, Түркістан, Ташкентгі билеп, қызыл судай жүрген. Ташкентте бір медресе салдырған: «Медресе Беклербегі» дейді. Түбі-тегін жан білмейді. «Бала күнінде Омарханның сүйкімді батшасы (байбатшасы) еді» - деседі. Кәмелетке (камалатқа) келген соң, Омарханның өзі тірі күнінде Афтапайымды меншіктеніп кеткен қу еді деседі. Моллабек көтеріліп, Құдиярханмен жауласып, қосын қылып барып соғысып, жеңіліп қалып, «салт басты, сабау қамшылы» болып, Самарқан, Бұхара жағына қашып, сасып, Самарқанға барып, бір медресеге қорғалап, жан сақтап, кітап жазып сатып, ауқат кешірген. «Өлмегенге өлі балық» дегендей, Батырханға барып, «Қоқан десе, Батырханның жаны қас», көп қосын беріп, бұл шеру тартып келіп қалған соң, Құдиярхан қашып, қырғызға шығып кеткен. Баяғы Пұсырман шолақ шалдікіндей, қолымен уқалап тұрғызып, Қоқан тағына Құдиярды отырғызғанына он жеті жыл болған екен. Моллабек Қоқанға хан болып тұрып, Бұхара, Самарқанда қаңғып жүргенде оқыған «Мұқтасар» бұйрығымен жүргізіп, тұрғызамын деп, ерік, ықтиярды молдекеңдерге беріп, олардың «ақ дегені - алғыс; қара дегені - қарғыс!» Молда билеген соң, жұртқа «таң атырып, күн шығара ма?» Қол бергенде бір нәрсе қоса бермегенді: «Пәтшағар, құр қолыңды бересің, онан не түседі? Бір нәрсені қоса бермейсің!» - деп, жалаңаштап, жалпақ к...ке дүре соғып, май табанын тілдіріп, түз септіретін болды дейді. Молдалардан жылап келгендерге Моллабектің беретұғын жауабы: «Молдалардың ұрған жері отқа күймес! Қамшысы тиген жеріңе ауру жоламас!» - дейді екен. Ептейсіз (ебетейсіз) молдаларды құтыртып жібергендігі басына жетіп, молдалардан таяқ жеп, жәбір-жапа көргендер Моллабекті өлтіріп, көзін жоғалтып, тыныштық тапты дейді. Сонан соң Қыпшақтан «Моллағалымқұл» деген шығып, Қоқанды шауып, шаншып, талап: «Сарт иттің қайсысын қойсаң да, оңдырмайды!» - деп, өзі Қоқан тағына отырып, билеп, төстеп. Орыс әскері Ақмешіт, Түркістанды алған заманда Шымкент, Сайрам үстінде Қыпшақ: Мыңбайқұл (Байгел) мен екеуі көп соғысып, астында қояндай ақбоз аты бар Мыңбайқұл оққа ұшып, шейіт (ШӘҺИД) болды дейді. Сонан соң Черняев жандарал сегіз жүз[де] Ташкентке барып, тағы Моллағалымқұл Ташкеннің Қыбырай, Дүрмен, Ниязбек бұлағы жағында Черняев жандаралдың әскерімен соғысты дейді. Моллағалымқұл:

— Оқ тисе, әуелі маған тисін! - деп, қосынның алдында жүреді екен.

— Бұл тірі тұрғанда, бізге дамыл, тыныштық жоқ! - деп, Моллағалымқұлдың жан жолдасы деп ертіп жүрген бір жігіті артында жүріп, Моллағалмқұлды атып өлтірді, «Шортөбе» деген жерде дейді.

Моллағалымқұлдың өлгенін естіп, «Есектің өлгені - итке той» - дегеннің кері келіп, Құдиярхан қырғыздан келіп, Қоқанға хан болып тұрды дейді. Қоқанға хан болатын жарықтықтың хан болып тұрғанда, қылатұғын ісі - өзіне қараған жұрттардан бөдене жидырады екен. Аспара, Меркенің Аспарасынан мың бөдене алдырған екен. Тары шаштырып, бөдене таластырады екен. Кірекештердің нар бураларын жидырып алып, бура таластырады екен. Серке сүзістіріп, қошқар сүзістіріп, тамаша қылады екен. Қаймақ сатқаннан да салық алады екен де, халықты, жұртты қанап, алған пұлды сондайлыққа жұмсайды екен. Ақырында бір шеті - Андижан, Марғұлан, бір шеті - осы Қожант, Ұратөбе замин, - сондай жерді билеп төстеп тұрып, бір мың екі жүз тоқсан екінші [1292] жылда тақ үстінде отырып, ұрысуға жарамай, жүз солдаттың алдына түсіп, айдалып, ақ патшаға алып бара жатқан жерінен Кіші жүздің батырлары ұрыс, төбелес қылып, тартып алып, отыз жігіт жолдас қосып, орысқа қарамайтұғын жерге жеткізіп, айлық жолға апарып салып, отыз жігіт еліне қайтыпты. Жанында өзімен бірге еріп шыққан үй жолдасы, бір жолдасы бар екен. Былай шыққан соң, ол жолда - сын өзі өлтіріп, жалғыз бас қаңғырып кетіпті. Қаңғып барып бір жерде өлді де, он жігіт бағуға жарамаған төбет неге жарамақ? «Ер тағайына тартады» деп, нағашысы қырғыз болған соң да, не оңсын?! Сол отыз жігіттің бірі жер ауып жүріп, Ташкент шаһарында Қыбырай, Дүрменде, Ақпан мыңбасы Тынымбай баласының үйінде бізбенен бірге бір ай бастас болып жатты. Аты Бермес деген жігіт екен. Қараторы, делбелше киіп, кеспелтек толық, құсбегі пішкен томағадай қолайлы жігіт екен. Құдиярхан әңгімесін сонан қандым. *** [67.3 мәтін Мұсабек көтерілісі] Осы шежіреде сөйленген ханлардың заманында Сарыарқа қазағы орысқа бағынып қараған. Алатау, Қаратау, Сырдария, Амудария (Амидария) алабындағы қазақтар сарт хандарына бағынған. Олардың қосынының аты «Ақжалау» атанған. «Ақжалау барда малым бар деме, Әзірейіл барда жаным бар деме!» - делінген сөз сол заманда айтылған. Сонда сарт патшалары өзіне қараған қазаққа жүз, екі жүз зекетші аттандырады екен. Қазақтың малын шұбыртып санап, зекет алады екен. «Қазақ қызы мал есебінде, Қырық жеті қалың малы», - деп, қыздан да зекет алады екен. Зекетші шықты дегенде, бір нәрсені бермес жағына қазақ қандай тырысады. Зекет бермес үшін, қыздарға жаулық салындырып, қатын киімін кигізетұғын болыпты. Сарт ол қулыққа түсіне қойып, емшегін ұстап, қатын екенін, қыз екенін - сонан айыратұғын болыпты. Қоңыраттың «Көктің ұлы» атанған бір елін көш - жөнекей қанап тұрғанда, «Көктің ұлы» атанған Сапақ датқа өліп, інісі Мұсабек ат арқасына мінген күні екен. «Датқа» - деген орысша айтқанда «пристав» (пиристов) орнында болса керек. Тек қатын көрінсе, сарттар емшегін уқаламай өткізбейді дейді. Сонда бір түйе жетектеген бәйбіше Мұсабекке келіп, долданып ұрысты дейді:

— Әй, сен жаман Мұсабек би, сен бері кел! - депті.

Бастапқы ханның тұсында
Арғымақ міндік ноқталап!
Соңғы ханның тұсында
Шәрке кидік соқталап! –

деген осы екен-ау! Күні кеше сенің ағаң Сапақ үйінде отырып, Бұхар мен Қоқанның хандарына айтқанын қылдырушы еді. Соның шыққан жерінен сен де шықтың ғой! Сенің тұсыңда көрген күніміз мынау, қартайған күнімізде құрып суалып қалған емшегімізді әр сартқа бір уқалатып қойғаның! Сені тапқан қатын ит те: «Ұл таптым!» - деп, қуанды-ау! Бүйтіп ауыртып тапқан а...ымның садағасы кет! - деп, астындағы атын борбайлап -борбайлап, жөнеле бергенде, Мұсабек қап-қара түтін болып кетті.

Үстіндегі киімін дал-дал қылып жұлып тастады да:

— Кел, бозбала, бір күн туыппыз, өлуіміз де бір күн болсын! - деп, сартқа қол қоя бастады.

Сол-ақ екен қазақ басына бір сарт қайдан табылсын, көбі жерді сабады, көзіне көрінген сартты қазақ қыра бастады. Түркістан, Ташкент, Шымкент, Сайрам, Солтан Рабат, Тұрбат, Қарабұлақ, Маңкент - бір күннің ішінде апа-сапа қылды да, сол күн дүйсенбі екен, уәделесіп қойғандай, сол дүйсенбі күн сартқа қан жауды дейді. Сонда қашқан сарттар: «Алаш, Алаш деймін-ау!» - деп, қашады дейді. Қолға түскендерін «сарт екенін, қазақ екенін айыруға: «Бидай - деп айтшы!» - десе, жалғыз күнде тілін қалай түзетіп, ыңғайлы қылып ала қойсын, сарт байғұс «Бығдай» - десе керек. Сонан соң қайтып қазақ ішіне зекетші шығуын пышақ кескендей қойды дейді.

Мұсабекке де рақмет, оған ұрысқан бәйбішеге де рақмет!
Көктіңұлы Сапақ, Құдай рақмет қылсын оған!

*** Сапақ болып тұрған күнінде Қоқан ханы қонаққа шақырып, Қоқанға барған екен. Хан, қазы, мүфти, ишан (еші) ағасы, тоқсабасы, - бәрі бас қосып, кәп жасап отырған үстіне барып, етігімен төрге барып отырды дейді. Сарттар етігін тастамай, барып отырғанын ерсі көріп, өз тілдерімен қазақты жамандай бастағанда, ханы тұрып:

— Қазақ боқтың (поқтың) исін біле ме? - депті.

Онда Сапақ:

— Рас айтасыз, тақсыр, қазақ үш күнде, төрт күнде бір жерден көшіп, бір жерге қонады. Түзге отыра барса, мұрнын желге төсеп отырады. Сонан соң ол қалай білсін?! Сарт сорлы боқ үстіне тұрып тышқан қазақтың айғырындай жеті ата, жетпіс пошты (пұшты) тышқан тыштымханасынан басқа барар тауы, басар жері жоқ. Боқ иісін сарт білмегенде, кім біледі дейсіз?! - депті.

Қоқан ханы отырып:

— Жылыңыз не? - деп сұрапты.

— Жылым - ит! - депті.

Қоқан ханы:

— Қодас һәм есек берейін екен! - депті. Онысы: «Өзі де ит пішінді екен !» - дегені екен.

Біраз отырған соң:

— Тақсыр, өз жылыңыз не еді? - депті.

— Біздің жылымыз - мұрых! - депті, «тауық» дегені екен.

— Манағы шоқып отырғаныңыз сол екен ғой! - дегенде, Қоқан ханы ұялып, қып-қызыл боп терлеп, құр шықпаған жаны қалыпты.

Сарт басы қосылған жерде қазақты жамандамай отырса, іші жарылады ғой! Өз әйелдерінің бүркеніп, жасырынып, нама харамға (харамға) көрінбейтұғындығын, қазақ әйелінің жасырынбайтұғындығын кәптесті дейді. Онда Сапакең айтыпты:

— Сарт әйелі бетін бүркеп жүреді, неше түрлі пәлені к...не тіркеп жүреді. Біздің қазақ жұртының әйелі бетін ашып жүреді. Әр нәрседен анадай аулақ қашып жүреді! - депті.

68 мәтін

[«КӨКАЛТАШ» АТАУЫ ТУРАЛЫ]

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Бұхарай Шәріпте Жақсы Ғабдоллаханның [шейбанилық Бұхар ханы Абдолла хан (1534 -1598) -Е.Қ.] оң қол уәзірі Арғын руынан «Құлбаба» деген. «Құлбаба сопы» атанған, жүз елу хыжырасы бар, екі тұбқалы «Көкалташ» медресесін салдырды. Ташкентте ҺЭМ бір медресе салдырды. Тиму Шарасу (Тыйым, Ұшар су) базарын құрдырды. Сол қол уәзірі Мұхтасар Қасым, Fаждуанмен екі аралықтағы көпірді салдырды. «Мұхтасарпұлқасым» делінеді. Ғабдолла ханның өзі қос медресе[ні] «Ғабдоллла хан» - атандырып, екі зор медресе салдырды. 986 - 991 бозманларда (жүзменлерде) Бұхарада жүз он бір (111) ғыдыд хыжыралы, екі тұбқалы Мерғараб медресесін, мұның тақау алдыңғы заманларында 932 -де Мерғараб батыр салдырды. Арабтан келген батыр еді. Шатесмағұл тарап дінге міндет болып келген. Нәжімшаны, иа рақмед Алла жаһанында өлтіріп, әскерін қырып, сонан түскен олжамен салған. Қанқа Нақышпен дей отырмын. Ғимарат мешіт мығақ Ғабдолла хан ұғлы Ғабдолғазиз хан аталарындан дүр. Ханқа Нақышпендие бұл күндерде Пай Астана (фаясына) деп аталады. Астрахан хандарындан, Имамқұл хан баласы Ғабдолғазиз хан. Бұхарай-Шәрипте мырза Ұлықбекке қарама-қарсы медресе Зірістанды салдырды. Рахстанда медресе гос. фонды (косфинди) салдырды.

69 мәтін

[«КӨКАЛТАШ» АТАУЫ ТУРАЛЫ]

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Бұхарай Шәріпте «Жақсы Ғабдолла хан» атанған хан болған. «Қос (қош) медресе -Ғабдолла хан» аталған медресені салдырған. «Тыйым (Тиму) базары» дейді, шаһи, батсайы сатылатұғын, төбесі жабық дүкендерді салдырған. «Ғабдолла хан салдырды мың бір рабат: әуелі - Қайыркүш (Қайыркөш) , ақыры - Хамрабат» - атағы қалған. Сарыарқадан, Еділ, Жайықтан туып, сонан қырық жігітпен барып алған екен. Сонда Арғын екеуі бір емшектен сүт емген: балдай тату, жандай құрдас екен. Бір емшектен сүт емгенді «Көкалташ» дейді екен. Ғабдолла хан болғанда, оң қол уәзірі болып, «Көкалташ» медресесін салдырған екен де, сарттар: «Құлбаба» - деп атап кеткен екен. «Һижыриттың тоғыз жүз алпыс тоғызында Муатғытбір Бұхарай Шәріп ханы Ғабдолла ханның Мұхаммедғалия бибі болғандығы қой жылы еді», - деп, Әбілғазы (Әбуалғазы) хан шежіресінде айтылған. Ақбура Қайыпханды Қарасуда аренчик болып тұрған күнінде он бір кісі Сырым-Жансары үрылары малын алып келгенде, қуып келіп жазғытұрым ашаршылықта қонып отыр дейді. Зауатта тұрған қант-шай, бауырсақты үйіп - төгіп отырғанда, әкесі Мәдібек кіріп келіп, бір-бірлеп санап:

— Қонақ он бір, мал - жалғыз ат, жалғыз сиыр, ту, енеңді-ақ сі... ін, Қайып! - деп, шығып жүре берген екен.

Сол айтқандай, кісі біреу-ақ, ат үшеу. Көкалташ - «Құлбаба» - Арғын. Үрім-бұтағы өсіп-өнгендіктен, Арғын атын айдай әлем білді. Бұл Арғынның көмілген жері Әзіреті сұлтанның ақ күмбезінің күншығысы, «Арғынның ақ сарайы» аталған... Бұрыннан құлақта бар сөз еді: «Бұхарай -Шәріпте Көкалташ медресесін Ғабдолла ханның оң қол уәзірі салдырғаны, түбі-тегі Арғын екен!» - деуші еді. Ғыждуанмен екі аралығындағы көпірді Ғабдолла ханның сол қол уәзірі Мүхтасарқасым салдырған. Сарттар: «Пұл Мұхтасар Қасым», - деуші еді. «Бұхараның Тыйымшаһар субынасын Ғабдолла хан өзі салдырды да, Ташкенттегі Тыйымшаһар субынасын Ғабдолла ханның оң қол уәзірі салдырыпты», - делінген сөз. Сол оң қол уәзірі Арғын бабамыздың өзі болып шықты. «Көкалташ» атанғаны Ғабдолла хан мен екеуі бір күнде туып, екеуін Арғынды тапқан қатын емізіп, оң емшегін аузына салып отырып:

— Бірінің аты - «Ханбаба», бірінің аты - «Құлбаба» болсын! - депті.

Ханбаба хан болған соң: «Насыралдин Әбузахар Ғабдолла хан» - деп, теңге соқтырып, таңба бастырыпты. Құлбабаны «Көкалташ» атапты. Ол сөзінің мәнісі: «Екеуміз бір емшектен сүт еміскен едік», - дегені екен. Өз әкесі Қарақожа: «Арғын» - атаған екен. Қазақ «Көкалташты» да білмейді, «Құлбабаны» да білмейді, «Арғын» десе, әркім біледі. Өсіп-өнгендіктен, Арғын аты айдай әлемде айқын болып қалды. «Тоғыз жүз алпыс тоғызда Ғабдолла ханның биі болған» - деп, Әбілғазы хан шежіресінде сөйленген. «Және сол жыл - қой жылы еді», - депті. Тоғыз жүз сексен бесте Ташкентте Көкалташ медресе мен Тыйымшар субына қылғанын «Сопы Құлбаба», - деп, Мыстыға далызбан Дешһабалдин сөйлеген. Түркістанда Әзіреттің ақ күмбезінің күншығысын Fабдолла хан заманында өзіне меншікті қылып алғандығын «Арғынның ақ сарайы» атандырғанын Мәшһүр - Жүсіп Көпейбаласы сөйлеп отыр. Арғыннан жүз жылқымен апарғанды сонда қояды. Жалғыз - ақ Қазыбек, Жәнібек өздерін екі босағасына қойдырған.

70 мәтін

[ЖАҚСЫ ҒАБДОЛЛА ХАН]

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Еділ-Жайық бойында қасында қырық жігіті бар, жүз ат айдап Түркістан шаһарына барды. «Басы кәле (гүл) еді, қазақша «таз Әбділ» деп, бала күнінен аты ұшқанның бірі еді. Жүз атын түгел алатұғын алушы шықпады. Бір-бірлеп сатса, әркім аларлық ыңғайы болған соң:

— Бұл жарықтығымды әр сартқа жұлмалатып әуре қылғанша, онан да хазірет сұлтан Әлғарфин әулиенің шырақшысына талатайын! - деп, күмбезге алып барып, ашық жайына қамап, талатып жіберді.

Сол түн жатып Ғабдоллакәл түс көрді. Түсінде Шаһынша әулие, Қожа Ахмет Иасауи, тоқсан тоғыз мың машайық, сексен сегіз пәруәр, жетпіс мың абдал, он екі мың мүфти, қазы, жиырма жүз мүрәррси, он екі мың қосшы, он төрт мың хадім, он алты мың бөгеуіл -түп-түгел бас қосып, бір зор зиапат мәжіліс құрылып жатқанын көрді. Сонда бұл хазіретке келіп жатқан қонақтар. Үргеніштен Шаһуан Ахмет, Бұхарадан Баһауалдин, Ғыждуаннан қожа Жиһан, Ташкенттен Хазірет Имам. Сол Ферғана замин Мәуралнаһрда жатқан әулиелер бірі қалмастан қонаққа келісіп жатыр екен депті. Сұлтанның оң қолында бір кісінің орыны ашық қалды. Өзге күмбездің іші-тысы лық толыпты. Бір уақытта бір зор деген әулие келіпті. Бұрынғы келгендердің бәріне отырып көріскен екен. Бұл кісіге хазірет Сұлтан тұра келіп, көрісіп, әлгі ашық тұрған жерге отырғызыпты.

— Бұл кім? - деп сұрасса, дін Хорезм шаһидларынһщ төресі шайхы Нәжмалдин Күбірей ерген. Сонан соң бұл кісі сөз бастапты:

— Үргеніш, Бұхар, Самарқанд, Жұпар, Хожант пенен Қоқан, Әндижан, Марғұлан, Ташкент, Түркістан - мұсылман қолынан кететұғын болды. Қаншама әулиелер аяқасты болып барады. Қазық бас, қызыл аяқ тәжіктің қолынан бұ дүние ойнатып, бура таластырғаннан басқа дәнеме келмейді. Сенің өзбегінде жұрт ұстауға лайықты ешкім жоқ па? Соған біреуді сіз ұнатып, сайласаңыз! - деп, бәріміздің бас қосқанымыз сол! - дейді.

Сонда Ғабдолла:

— Мен босағада отыр едім, - депті.

Хазірет сұлтан:

— Мына бала соған әбден жарайды! - деп, мені көрсетті, - депті.

Шайхы Нәжмалдин Күбірей айтыпты:

— Бұл бала мұнша жұртты басқаруға қалай жарайды? Ауыр қолы бар ма, шашып-төгіп қол жинап алатұғын пұлы бар ма? - дейді.

Онда хазірет Сұлтан жауап қайырыпты:

— Мұның өзінің жанкүйер қырық жігіті бар, ертеңмен туының түбінде тұратұғын екі жүз жігіт беремін. Арыстан (Арыслан) бапқа барады, ол кісі екі мыңды қосады. Қошқар атаға барады, төрт мыңды қосады. Хазірет Имам сегіз мыңды қосады, пәлен - пәленді қосады, түген-түгенді қосады - деп, Бұхараға барғанша кісісінің санын жүз мыңға жеткізіпті. Сонан соң Бұхараны алады. Бұхара бұзылса, дүниеге сыймайды, дүние бұзылса, Бұхараға сыяды. Бұхараны алған соң, бетіне ешкім келе алмайды. Сол айтқан жеріңіздің бәрін алады да, қояды. Тұр, балам, жай қолыңды! - дегенде, ұшып тұра келдім.

Хазірет Сұлтан қолын көтерген соң, тамам әулиеден жалғызы қалмай, қол көтерді.

— Қайырға (хайырға) көш (күш) қыл, қайырға көш қыл, қайырға көш қыл! - деп, үш айтып, бетін сипады.

Ояна келсем, түсім екен, жүрегім қолды-аяққа тұрғызбай, алып ұшып барады. Түс көрдім деп жанға айтпадым.

— Жүр, жігітлер, Арыстан бап әулиеге зиаратқа барайық! - дедім.

Аттанып шаһардан шыға бергенімізде екі жүз жігіт көшпелі қазақтан гулесіп келіп қалды:

— Арқадан Ғабдолла хан келеді, - дейді - Бұхарды алады! - дейді. - Соған нөкер боламыз! - деп, екі жүз қырық кісі болып, Арыстан бапқа барсақ, екі мың кісі жиылып, алдымыздан тосып тұр. Оның сөзі де:

— Осы Арқадан Ғабдолла хан келе жатыр, - дейді. - Бұхарды алады! - дейді. - Соған жігіт боламыз! - десіп жиылғандар екен.

— Қайыр, түсімде хазірет сұлтан Әлғарфин әулиенің айтқаны өңімде бәрі алдымнан тосып, жолығып, ауыр қолмен Бұхарай - Шәріфке бардық та, кірдік! - депті.

— «Қайырға көш қыл!» - деп еді, - деп, ең алдымен бір рабат салып, соның атын: «Қайыркөш» - қойған екен, хала бұл күнгеше бар.

«Ғабдолла хан салдырды мың бір рабат. Әуелі - Қайыркөш, ақыры - Хам рабат!» -делінген сөздің мәнісі осы екен. Сонда хиыс тасып, тас тасып, лай тасып, безер болған соң, есегі жүрмегенде, сарттар айтқан екен:

— Арқаң иағыр болса, сағырың саламан. Сағырың иағыр болса, бығырыңа саламан! Ғабдолла хан тірік бару: саған өлім жоқ, маған тыным жоқ! - дейді екен.

«Хам рабат» дегеннің мәнісі, Ғабдолла хан соның іргесін жаңа көтертіп жатқанда, диуана Мәшірап кез болып:

— Хиыс берген - хиысын алар, тас берген тасын алар! Ғабдолла менің қа...ды алар! - депті.

Соны естіп, Ғабдолла хан:

— Маған сонан сауап жоқ екен! - деп, салдырмай, шала тастап кетіп, ақыры сол болған себептен және шала қалғандықтан: «Хам рабат» - атанған екен.

Сұлтанның күмбезінің алдында жеке тұратұғын кішкене күмбезді Ғабдолла хан салдырған екен. Сонда диуана Мәшірап:

— Ғабдолла хан - иамақшы! - деген екен.

Бұл сөздің мәнісі: «Әмір Темірдің қылдырған ісінің қасында мұныкі былғарыға көн жамаған есепті!» - дегені екен.

Айтқанындай, бұл күнде құлап қалды.

Ғабдолла хан бір жорықтан қайтып Бұхарай - Шәрипке жақындаған шақта Бұхараның мұнаралары көрінген соң, диуана Мәшірапке:

— Тақсыр, аман - есен Бұхараны көргеніміздің қуанышына бір нәрсе деңіз! - дегенде, диуана:

— Әлхамдулла, Бұхарай - Шәрип нымұд кір сіңген, дуаншин, кібұд! - дейді. -Құдайшүкір, Бұхарай – Шәріп көрінеді тас қо...мен, екі көк жұм...ғымен - депті. «Кірсіңген» - деген[і] -Қызыларыстан ханның мұнарасы, «дуаншин, кібүд» дегені Мирғарабтың екі көк күмбезі.

Тағы бір күн[і] Ғабдолла хан диуана Мәшірапке:

— Тақсыр, сізге бір телпек даярлап қойдым, сәлдеңізді тастап, басыңызға киіңіз, жарасады! - деген соң, диуана сәлдесін алып қойып, телпекті басына киді.

— Телпектің жарасқандығына бір нәрсе деңіз! - дегенде, диуана:

— Әмірің ілтипаты сәлдемді телпекке төндірді. Есегімнің қалпағы тік қайырылып тұрғанға сәлдемді - дейді.

Қош (Қос), медресе Ғабдолла хан Ракстанға келетұғын ұзын күндердің екі тарапында һәм Мірғарап илан, Зіріңкіреннің аралық жерінде Тыйым (Тиму) Бұхараны Ғабдолла хан салдырған. Медіресе Көкалташты бұл Ғабдолланың оң қол уәзірі салдырған. Ең алғаш қойған кірпішін хазірет Қызыр (хызыр) қалаған. Сол үшін Көкалташта сытқамыт қылған адам не бай болып, не әулие болып, не молда болып шығады, құр алақан шықпайды. Бұл Ғабдолла хан заманында «Арғын би» атанып, тамам хандардың арасына елшілік жүрген екен. Хазірет сұлтан Әлғарфиннің күншығыс бұрышында екі бөлмелі кең сарайдың ішін сатып алып:

— Кейінгі менің ұрпағым осыған қойылсын! - деп, өсиет қылуы бойынша, «Арғынның ақ сарайы» атанған.

Ғабдолла ханның опаты Бұхарада болып, Әбдімомын деген бір жаман бала туып, сол сықылды атасымен жау болып, оның үстіне қазақ жұрты Тәуекел ханды (Түгелханды) хан көтеріп, ол бір жағынан жау болып, екі ауру бірден келіп, құса болып, өліп кетті. Тұқымы мәз болмады: «Жынның малы - жынға, құнның малы құнға кеткені» есепті болды. Бар сонымен. *** Ғабдолла хан дәуірі жүріп тұрған заманда Бұхарадан шығып, Самарқантқа қарай бет алып келе жатып, бір жерде түстеніп, көлік шалдырған екен. Сонда хан ұйықтап кетсе, Мәлік деген бір құлы күзетіп ояу отыр екен. Ұйықтап жатқан ханның мұрнынан шыбын сықылды бір нәрсе ұшып шығып, бір аяқта тұрған судың бетіне сабы сүйек пышақ қойған екен. Соған барып қонып, жорғалап өтіп, ар жағында жердің бір тесігіне кіріп кетіп, қайта шығып, бағанағы аяқтың бетінде тұрған пышаққа қонып, онан ұшып келіп ханның мұрнына кіргенде, хан түшкіріп оянып түрегелді дейді. Құлына айтты:

— Жаңа көзім ілініп кеткенде, бір түс көрдім. Түсімде бір дарияға ұшырадым, үстінде жартысы сүйек, жартысы темір көпірі бар екен. Көпірден өтіп, бір жердің астына түсіп кетсем, жердің асты толған құм көзе, әрқайсысының іші алтын ділда - мен толық. Алтын бұлай тұрсын, құм көзенің санын кісі біліп болар емес. Соны көріп, қайта шығып, баяғы дарияға келіп көпірден қайта өтіп, осы жатқан жеріме жеткен кезде оянып кеттім! - дейді.

Құл:

— Жақсы түс екен, - дейді. Өзінің не көргенін ханға сездірмеді, ішіне сақтады. Әрі-беріден соң қосын жөнелерге келгенде, құл өтірік ауырып, атқа жүре алмайтұғындай болып, дөңбекшіп, алас ұрды:

— Менің жанымды қинап, қозғай көрмеңдер, бір сусын қойып басыма, тастап кетіңізлер! Өзім оңалып, жазылған соң, арттарыңыздан күн-түн қатып жетейін! - дейді.

Хан:

— О да жарайды екен! - деп, құлды біраз сусын хорегіменен сол жерге қалдырып кетті.

Қосын жөнеліп, әбден оңаша қалған соң, Мәлік құл тұрып, бір қару алып, манағы шыбынның кірген тесігін үңгірлеп қазып, жердің астына түссе, адам айтар емес, көп құм көзе, іші тола алтын есебі жоқ. Аузын бітеп қойып, тезбе-тез бір елге барып, кісі жалдап алып, он бес шақырымдай жерден тамақ ішіп, жеп, тұрағын асхана жасатып, әлгі алтынның табылған жеріне бір рабат салды. Жетпіс құлаш шыңыраудан су шығартып, оның төбесін жаптырып, айналасына хиыс таспен шегендетіп, қиямет-қайымғаша бұзылмастай қылдырып, сонда лаймен қосып басуға сабан шақ келмей, дағдарып тұрғанда, көп түйеге зығыр (зығпыр) артқан бір керуен кез келіп, зығырын (зығпырнын) бір қабына бір қап алтыннан беріп, алып, сабан орнына салдырды. Жұмыс бітіп, аяқтап келген кезінде алтын түгесіліп, жұмыскер тарқап кетіп, дүние, қаражат таусылып, салдырған рабатпен Мәліктің соқа басы қалды. Хиыс пен тас кеміргенмен тамақ бола ма, рабат иесіз қалып, өзі тамақ іздеп, тіленшілік қылып, қаңғырып кетті. Кедейлік қылып, Ташкент келіп, бір зор байға қонақ болды. Бай жөнін сұраған соң:

— Екі бірдей дәулеттен айырылып, қаңғып қалған сорлы мен! - деп, шынын айтты.

Сөйтсе, бұл бай баяғы зығпыранның қожасы екен. Алтынды аямай берген соң, довернайлары сатып, алтынды байға түгел ап келіп берген екен. «Батпан құйрық, не ғып далада жатқан құйрық?» - деп, зығпыранның бұрынғы сатылатұғын құн бағасын өлшеп алып, артығын бір үйге жинатып, үйдіріп қойған екен: «Иесі кез болса, өзіне берермін-ау!» - деп. Сол алтынның иесі осы екенін білген соң:

— Енді қолыңа дүние түссе, орынсыз далаға баяғыңдай шашар ма едің? - депті.

— Жоқ, қайдан шашайын, тақсіретін тарттым ғой! - депті.

— Шашпайтын болсаң, мен дүние берейін! - деп, сол артық келген алтынды өзіне қайыра беріпті.

Алтынды меншіктеп қапқа салып алып жатқанда:

— Бір асханасы шала қалып еді, соны салдырмасам, өзге неге далаға шашайын?! - депті.

Бай күліп:

— Ту, дуасыздың өзі екенсің, Ғабдолла сықылды ханның несі - бесіне қиянат қылғаныңнан саған бұйырмай жүргені сол ғой! - депті.

Сонан бұл Мәлік құл қайта барып, рабатының кем-кетігін бітіріп, керуен паналайтұғын баспана болып, бұл күнге шейін бар. Ол жерді «Мәлік шөлі» дейді. Ол алтыннан ол құлдың онан басқа көрген хызыры (шызыры) болмаса керек. Не керек, Ғабдолла ханның қызметінде ондай неше мың құл бар шығар, қайсысының атын кейінгі жұрт біліп жатыр. Аты қалған дүние деген осы. «Мәлік шөлі» атанып, бұл сорлының аты бұл күнгеше жоғалмай қалды.

71 мәтін

[ЖАҚСЫ ҒАБДОЛЛА ХАН]

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Жақсы Ғабдолла ханның тарихы Сарыарқадан. Еділ-Жайық бойындағы төрелерден - тегі, түбі. Өзі мейлінше бай екен, дәулеті сай екен. Қырық жігіт жолдас алып, сейіл салтанатпен жүреді екен. Қырық жігітін ертіп алып, Түркістан базарына сатуға жүз ат айдап барыпты. Жүз атын айырмай, бірден көтеріп алатұғын бай болмапты.

— Байлау, матау көрмеген жануарларды әр сартқа бір жұлмал [атпайын], қорлыққа салмайын! - деп, - Әзіреттің қазанына, салғаным! - деп, қожа... талатыпты.

Түнде түс көріпті. Түсінің түрі мынау: Түркі сұлтаны Қожа Ахмет Иассауи әулие тоқсан тоғыз мың маша[йық], сексен сегіз сәруар, жетпіс мың абдал, жиырма екі мың мүфти,... жиырма жүз мударис, он екі мың қосшы, он төрт мың қази..., он алты мың бөгеуіл. «Бөгеуіл» - деп, аспаз, ас жұқпайтұғынды айтады: «Аз асқа бөгеуіл болма, әзірейілге жасауыл болма!» - дегені сондықтан айтқан. Қоқырас хан, Ілияс хан, Шорпұған хан... қожа хан, Жолбарыс ата, - бәрі түп-түгел қонақ күтіп жатыр дей[ді]. Қонақтары: Шымкенттегі Қошқар ата, Ташкенттегі Әзіреті Имам, Бұхарадан қожа Бауадцин, Үркенжіден балуан (Шаһуан) Ахмет - тамам атақты әулие. Әзіреттің оң жағында бір кісінің орны бос қалды дейді. Сол бос қалған орынға Шайхан Нажмидден Күбіра келіп отырып [ты]. Бәрінің де қолын Әзіреті сұлтан отырып алған екен. Бұл кісіге түрегеліп көрісіп, оң жағындағы орынға отырғыз[ыпты]. Бұл кісі отыр . Осымен сөз бастапты:

— Мынау Бұхар, Қоқан, Балқ..., күллі Ферғанадан, Хорезм (Қауаризм), Қорасан Қызылбас, Қызылаяқтың талауына түсіп, Тәжік, Таңғұттан ұстап тұрарлық ұл тумад[ы]. «Тәжікте бар күмәнім, өзбекте бар иманым!» - деп, қожа Бауаддин айтқан екен. Өзбегіңде жұрт ұстарлық бала жоқ па? - дегенде,

Әзіреті сұлтан:

— Бар. Анау босағада тұрған бала. Өзі таз. Онысы - таз емес, жаратылыста қоса жаратылған алтын тәж! - деп, мені көрсетті.

— Оның нең? Қосыны бар ма, байлығы бар ма, жігіт-желеңі бар ма? - дегенде:

— Бар! Өзінің сақадай сайланған қырық жігіті бар. Екі жүз жігітті мен беремін. Екі мыңды Арыстан бап береді. Пәлен мыңды Қошқар ата береді. Пәлен мыңды Әзіреті Имам даярлап жатыр. Күннің көзін, жердің жүзін тұтылдырған әскермен жүреді. Тұр, балам, жай қолыңды! - деді.

Ұшып тұра келіп қолымды жайдым.

— Қайырға күшті (көшші) қыл! Қайырға күшті қыл! Қайырға күшті қыл! - деп, үш айтты. Ояна келсем, түсім. Жүрегім аттай тулап, алып-ұшып барады. Түсімді жанға айтпадым.

— Арыстан бапқа зиаратқа барамын! - деп, аттандым.

Түркістаннан екі жүз жігіт ерді. Арыстан бапқа барсам, екі мың жігіт сайланып тосып тұр:

— Арқадан «таз Әбділда» келеді! - дейді, - Бұхараны алады дейді, - деп. Әр шаһарға барсам, осындай күннің көзін, жердің жүзін толтырған қосынмен Бұхараға кірдім. Түсімде атын құлағым есіткен жердің бәрін өзіме бағындырып, биледім! - деп сөйлеген екен.

— «Қайырға күшті (көшші) қыл!» - деп еді - деп, ең алды Бұхарай - Шәріфтен бір рабат салдырып атын: «Қайыркүшті» - қойған. Бұл күнгеше «Қайыркүшті» (Қайыркөшті) аты жоғалған жоқ. Бұхарай Шәріфте «Қос медресе - Ғабдолла хан»деп, қарама - қарсы екі медресе салдырды. Шаһи, патсайы сатылатұғын Тим базарын салдырды. «Ғабдолла хан салдырды мың бір рабат. Әуелі «Қайыркүш», ақыры «һам рабат!» - деген атағын қалдырды. Оның хам болып, шала-шарпы қалғандығы Шан Машырап диуана айтқан екен:

Қиыс берген қисын алар,
Тас берген тасын алар!
Ғабдолла хан менің тас...ымды алар! –
деген екен.

Бұл сөзді естіп:

— Әйтеуір маған тиер сауап жоқ болса! - деп, шала бойымен қалдырған екен де, рабат салдыруын қойған екен.

Ғабдолла хан заманында есек пен сартта дамыл, тыныштық болмапты: күн демей, түн демей, қыш тасып, тас тасып! Сонда сарттар есегіне кейіп ұрсады екен:

— Қызыңа сі...йін, есек! Арқа-басың иағырыңа салармын! Иағырың ағырса, сағырыңа салармын! Сағырың ағырса, бағырыңа салармын! Ғабдолла хан тұрғанда, менге (маған) өлім иоқ, санға (саған) тыным жоқ! - дейді екен.

Шан Машырап диуананы Ғабдолла хан қосынынан қалдырмай алып жүреді екен. Қосын бір жаққа барып, Бұхараға қайтып келе жатқанда, шаһар көрінгенде, Ғабдолла хан:

— һа, диуана-еке, шаһардың көрінген саулығына бір өлең айтыңыз! - дегенде, айтқаны:

Әлхамдилла, Бұхарай Шәріф,
Нәмүдкер сіңген дуа иешім кібөд.

Ол сөздің переводы: «Құдая шүкір, айналайын Бұхарай Шәріп көрінеді: тас қо...ымен, екі жұ...ғымен - депті. Олай айтқандығы: ең алғаш көрінгенде, Бұхарадан бәрінен бұрын қызыл Арыстан хан салдырған мұнара көрінеді. Оның түбінен Мирғарабтың медресесінің екі көк күмбезі көрінеді. Әулиенің аузына Құдай салады ғой. Осы күнде сол айтқаны болды. Сол үшеуінен басқа Бұхарада не қалды дейсің?! Fабдолла хан Әмір Темірді еліктеп, Әзіреттің күмбезінің алдынан бір күмбез жасатыпты. Сонда Шат Машырап диуана айтқан екен:

— Ғабдолла хан бір иамақшы да - деп.

Сол күмбезді біз де көрдік, құлап қалды. Отыз жасымызда бар еді. Бес жыл Арқада тұрып, алтыншы жылда қайта барсақ, орнында бір кірпіш те жоқ.

Әзіреті сұлтанның күмбезін көргенде, Шат Машырап диуана айтқан екен:

- Хақ топырақ пендеге

Алтын-күміс не пайда?
Сахи қылған жұмысқа
Пышиманлық (мұсылмандық) не пайда? –
депті.

Құлақ естіген сөз: «Атау-кере, көр кебін болмайды. Періштенің мұнымен сомасы толмайды! Хатта қалсын, хатта қалса, артта қалсын!» *** Жиырма тоғыз жасымда опадар жылы тоғыз ай Бұхарай Шәріфте тұрдым. Ол күнде бір жасымды ілгері санап жүретұғын күнім. «Пайғамбар жасына жеткенше, бір жасыңды ілгері сана!» - деген сөзді ұстап. Сол күнде естіген сөз. Бұхарай Шәріфте жақсы Ғабдолла хан болып тұрғанда, Ғабдолла ханның оң қол уәзірі аттан түсе қалыпты. Ол түскен соң, ханы, төлеңгіті - бәрі тоқтап тұра қалыпты. Лай балшыққа көміліп жатқан бірдемені алып, атының жалына лайын сүртіп, кісесіне салыпты. Атына қайта мінген соң, хан сұрапты:

— Немене жұртты бөгеп, осынша азаптағаның?! - дегенде:

— Тақсыр, бір пұл - депті.

Сарт жиырма тиын күмісті «теңге» - дейді. Оны айырбасқа салғанда, алпыс алты пұл болады. Тырнақтың көлеміндей қола ма, немене?

Хан:

— Бір пұлға осынша әуреленіп! - дегенде:

— Тақсыр, дүние деген бір пұлдан. Мен осыған бір медресе салдырамын! - депті.

— Қап, сен осыған медресе салдырсаң, осы шаһардың қалаулы жерінен оған орын берейін! - депті.

Бір пұлға тауықтың бір жұмыртқасын сатып алып, ол ұрғашы тауық болып шығып, тауықты өсіріп, саудаға жүргізіп, жиырма бес жылда бір үй толтырарлық алтын болыпты. Көкалташ медресесін салдырыпты. Сол күнде естіген едік. Ғабдолла ханның оң қол уәзірі - Арғын екен де, сол қол уәзірі Мұхтасар Қасым екен. Артында ат қалдыруға бірі Көкалташ медресесін салдырып, бірі Ғыждуан мен Бұхараның аралығында көпір салдырып: «Пұл Мұхтасар Қасым» атанып қалды. Уа пұл -«көпір» делінген сөз. Біз ол күнде: «Арғын ұрпағынан шыққан біреу ғой» -деп ұғынған едік. «Сұраса келе, қарын бөле шығады» - дегендей, шежіре тарих аударып, төңкере келе Арғынның өзі болып шықты. «Көкалташ» делінгені - «Емшектес, бір емшектен сүт еміскен, тумаса да, туысқандай болған» - дегені екен. Шаһабалдин жазған (иазған) тарихында: «Хырзағысы уәзірі сопы Құлбаба салдырған» - депті. Пәлен сопы, түген сопы қазаққа қойылатұғын ат қой. Немересінің атын - Мейрам сопы, бел балаларының атын: Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Арықсопы, Нәдірсопы қойып жүрген Арғын ақсақалдың өзі ғой. Бұлар Момын деген тоқалынан, жүз алты жасында алған Айнакөз деген тоқалынан туған. Баласының атын Тәнбісопы қойып, оның ұрпағы «Тоқал Арғын» аталған. Екі шекті «Шар жетім Шақшақ» қой. Ғабдолла хан атаған «Көкалташ» атын ешкім білмейді. Сарт атаған «Құлбаба» атын да ешкім білмейді. Ұрпағы, үрім - бұтағы өсіп-өнгендіктен, Арғын атын айдай әлем білді. Әзіреті сұлтанның күмбезінің күншығысы бөлмелерін: «Арғынның ақ сарайы» - дейді. Қолы жетіп тұрған күнде өзіне меншіктеп арнап алған. Дене тұрағы сонда болса керек. Арғын ұрпағынан үлкен атақты, даңқты жандарды жүз жылқымен алып барып, сонда қояды. Біз білген жаннан: Шақшақ ұлы Жәнібек, Шаншар ұлы Қазыбек, Тәтті мырзаның үш баласы: Күшік, Байкісі, Жанкісі; Қаракесек - Шаншардан шыққан Жарылғап; Күлік Айбас бай, Айдабол Ақпан бай, Шоң би. Осының бәрі де жүз жылқымен апарылғандар. Біз білмеген Қуандық, Қаракесек байларының талай шонжарлары бар шығар. Түркістанда бір қожа бар деп, оған апарып жүрген жоқ. Бабалары сонда болғандықтан, «Арғынның ақ сарайына» апарып жүр екен. Арғын атасы Қарақожа - Ташкенттің тап ортасында. Мейрам бабаларымыздікі - Ташкенттің ар жағында. «Мейрам көлі» атанған. Бұл екеуінің аралығында Арғын айдалада қалмақ па екен? Бұрынғылар айтқан: «Түз - май қатығы. Өлең-жыр - сөз қатығы» - деген. Қазақтың қара сөзіне бұрынғы ақындардың өлеңі: «Ханнан - қазық, биден тоқпақ болғандай» - дәлел болады. Көтеш ақыннан - Уақ-Жарқын би сұраған екен:

— Бұл ақындық ата-бабаңызда бар ма еді, Нағашыңызда болған ба? - деп.

Сонда Көтеш ақын айтқан екен:
Қазақта Арғын аға болған зерек,
Басқадан ол кісінің жөні бөлек.
Арғынның түп атасы - ақын Құтан,

Біздерден өлеңге ұстын болса керек.

Бізде Құтан атты екі ата бар. Бірі - Құтан, Қоғам, Қондыгер, Қотанның - Құтаны. Бұлар -«Үш жүз» атанбай тұрғандағы аталар. Қондыгер қалифа (халифе) жұртына ауып кетсе керек. «Құндыгер ханы - қалға (халифа)» - деп, Шортанбай қожаның айтқаны бар. Бірі - Құтан, Бұтанның Құтаны. Бұл екеуінің шешесінің аты - Аргүл, әкесінің аты - Арғын. Бұтан жасында өліп қалып, онан нәсіл - жұрағат жоқ. Құтаннан - Мейрам сопы жалғыз. Қарашаш деген бір қарындасы болған дейді. бұлар да бұрынғы ақындардың өлеңін дәлел қылады:

Сұрасаң, арғы атамды - ер Құтанды,
Сұлтанбек әзизден ол бата алды.
Мейрам - ұлы, Қарашаш бір қыз туып,
Қуандық, Сүйіндік - ұлы боп, сонда атанды.

Арғын бабамыз тоғыз жүз алпыс тоғызыншы һижыритте: «Муеғатабыр Бұхара ханы жақсы Ғабдолла ханның мығтымд ғалия биі болғансына қой жылы еді» - депті. Осы сөз Үргеніште жиырма үш жыл хан болып тұрған Арабхан баласы Әбілғазы хан шежіресінен алынған сөз болса керек. Жас күнімде өзім жазып алған сөз. «Байдаланың Мұстафасына жазып берген шежіреңізде бар ма екен!» - деп, Ғайса баласы Мақұл 1928-інші жылда Баянаулада өзіме көрсетті.

72 мәтін

[АУҒАН ЖҰРТЫ]

Бұл Ауған жұрты - әр рудан құралып, жұрт болған ел. Біз білгенде, Жиделі Байсын атына қызығып, Асан Қайғы барған, анан суратон Қазтуған барған, Орақ, Мамай барған, Телағыс барған, Тама Шора батыр, Кіші жүзден шыққан - Әз Едіге. Жиделі - өзен аты, Байсын - тау аты. Тау болғанда, тамаша тау: ел қай жерінде, мал қай жерінде жүргенін жан білмейді. Ел-жұртының көбі - Қазақ: «Байсын», «Қоңырат» атанады. Шаһарлары: «Балық», «Бадақшан», «Құндыз», «Талқан» - атанған жерлері болады. Қырғыз Лақайдың Лақайы сол Құндыз Талқанда, ақсақал билейді. Досмахамбет ағылшын пәрменінде болып, өз жұртына ие болуға жарап тұрды. Абзалхан деген баласы болды, өзінен кейін немересі Әбдірахман хан жұртын жақсы басқарды. Өзінен соң баласы Абиболла хан орнына отырды. Абиболла ханды 1919-шы жылда Жалалабад қаласы маңайында өлтірді. Кім өлтіргені білінбеді. Ағылшын Әбдірахман ханның Насыролла деген баласын орнына отырғызбақшы болды. Ауған, Афғанның өз білімпаздары Амануалланы сайлап, Ағылшын соғыс ашып, бұл соғыста Ағылшын жеңіліп, Амануалла иығы көтеріліп, 1921-інші жылы Кеңес өкіметімен шарт жасасып, Түрікпен, Иранмен шарт жасасып, толықтыққа айналды. Жүз елу жылдай Ағылшынға қорғалама, қоңсыдай болған. Ауған, Афған жұрты дәл осы күнде айдынды жұрт болды, Кеңес үкіметінің құлдықтан құтқаруымен.

73 мәтін

САРЫАРҚА ТАРИХЫ

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Әркім білімі жеткен жерден сөйлеу керек. Осы біздің үй салып, отын-жай қылып отырған жерімізден бізден бұрын неше жұрт (иұрт) келіп, неше жұрт кеткен. Өзіміздің тақау алдымызда иеленген жұрттарды «кәрі құлақты», өзінен құлағы бұрын жанлардан естуімізше, Мық (Миық) деген бір жұрт өтіпті. Ол моғол нәсілінен болса керек. Шерміш деген бір жұрт өтіпті, ол татар нәсілінен болса керек. Бұлардан соң ноғай-қазақтың ноғайы иеленіпті. Олардан қалған белгі бар, әр жерде қалған үлгі бар. Күншығыс жағы ашық, намаз оқылатұғын, құбылаға түрі (тұры[сы]) тура дәл келген тас қорғандар бар. «Ол ноғайлының қалмақ қамаған күнде намаз оқу үшін тастан жасаған қорғаны екен», - деп айтысады. Сарыарқада жары терең, суы аз өзенлер (өзендер) сол замандағы ноғайлардың егін салу үшін қазған арығы екен. Шідерті деген өзеннің аяғында «Ақжар», «Сасай» деген жерлер ноғайлардың, кент салып, тақ құрған Бұхар, Қоқан хандарының (ханлирының) арығы (әрікі) сықылды орда жасатқан жері екен. Өлеңтінің аяғында: «Қара оба», «Сары оба» -деген екі тебе Қарабай, Сарыбай деген екі байдың қоныс қылған мекені екен, топырақтан үйдіріп жасатқан. Есіл, Нұраның арасында: «Тоғанастың тоқсан екі көлі» - атанған көлдер ноғайлардың егін жайлары екен. Қызылмола, Сұлутам, Сырлытам, Хансүйегі деген жерлер сол замандағы ноғайлардың қадірлі өліктерінің моласы екен. «Он сан ноғай бүлген соң, Ормамбет би өлген соң», бұл Сарыарқаны Қарақалмақ Қаттысыбан деген жұрт иеленіпті. Қалмақ деген жұрт қадірсіз пұлсыз кісісі өлсе, далаға апарып тастайды екен. Ақ ит жесе: «Иманды болды, бейішке (беһишке) барды!» - деп, біледі екен де, қара ит жесе: «Имансыз болады, тозаққа барады!» - деп біледі екен. Қадірлі, құнды, пұлды жайсаңы, не бек, не байлары өлсе, жасап, киіндіріп, қойдың бір санын мойнына байлап, екі нанды қойнына тығып, бір құмырша суды басына қойып, жаназалайды екен. Жаназасы: қалмақ тасқа табынады, ер басына бір тас болады. Сол тастармен бастырып, көп тасты үстіне үйіп кетеді екен. Сарыарқадағы оба дейтұғын үйілген көп тас қалмақтың өлгеніне шығарған жаназасы екен. Аса қадірлі хандарына, жайсаңдарына көп кісі жиылып, көп тас үйіледі екен де, орта қадірлісіне өз шамасынша, онан төменгісіне озінің құны,пұлына қарай, жиылған кісінің шамасынша тас үйіледі екен. Бағзы бір қадірлісіне адам сорты сықылдандырып сын тас қояды екен. Қай жерде болса да, күйген кірпіштен жасалып, жермен - жер болып кеткен қызыл кірпіштер ноғайлардың моласы да, тастан үйілген обалар - қалмақтардың моласы. Мұндайын білмей: «Бұрынғы ноғайлы мен қалмақтың қойған қоймасы! - деп, - дүние тауып аламыз!» - деп, қазып әуреленген көп болды. Өлген қалмақтың сүйегі табылды. Ондай – мұндай өзімен қойған құмырша сықылды, аяқ сықылды, білезік, сырға сықылды ат - тұрмандар шығып жүрді. Шыққанымен іске жарап, бейнетіне тұрған дәнеме жоқ. Біздің қазақ бұл Сарыарқаға келіп, ие болғаны - Абылай хан заманынан аз-ақ ілгері. Бұл қазақ иесіз жатқан жерге текке келіп, ие болған жоқ. «Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен», жаннан кешіп, кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек замандарында қалмақпен жаудай алысып, жаттай салысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз сарбаздары жау жолында оққа ұшып, өлгені өліп, қалғаны қалып, сөйтіп алған жері еді. Баянаула тауында «Жасыбай асуы» - сол Жасыбай, қазақтың батыры, қалмақпен атысып, оққа ұшып, сол жерге қойғаннан, «Жасыбай» атанған. Қызылтаудың бауырында: «Қалмақ қырған» деген жер - қалмақтың қазақтан ақырғы қырылған қырылысы. Жасыбай оққа ұшқан жолы ер Олжабай бас болып аттанып, қалмақты сол жерде қойдай қамап, иіріп қойып қырып, сонан: «Қалмақ қырған» атанған. Сонан соң қайтып қалмақ бұл Арқаны көре алған жоқ. Мен өз атым - Иосиф (Жүсіп), әкем аты - Көпей, оның әкесі - Сермұхаммед, оның әкесі -Ақжігіт, оның әкесі - Бесім. Оның бабасы Тілеуімбет. Осы Тілеуімбет деген кісі, он бес ұлы соңына еріп, қарақалмақ Қатысыбанмен соғысып, бәрі қалмақтан өлген. Он бес ұлдың ең үлкені - Аспантай, онан соңғысы Амантай - екеуі алдымен оққа ұшқан. Сонда Орманшы: Тайлақ батыр қалмақтың қалың тобын қақ жарып кіріп кетіп, он бестің үшеуін алып шыққан. Сары атты Сексен батыр, астында сары аты бар, бір жүкті түйені жүгімен алып шыққан. Ол түйенің жүгінде бесік бар екен, кебеже бар екен. Бірі - бесікте, бірі кебежеде - екі еркек бала бар екен. Бірінің аты - Бесім, бірінің аты - Қойтан. Жүкті түйені алып қашып жүргені: «Осы екі бала жау қолында қалады-ау!» - деп, бұларды жаудан айырып алу үшін, түйені жетелей қашып, келген қалмақтарды қайта қуып, сөйтіп құтқарған екен. Егер Тайлақ пен Сексен болмағанда, Тілеуімбеттен тұқым қалмаса керек екен. Сол Бесімнен өсіп-өнген нәсілден келіп, мен мұны сөйлеп тұрмын. Мұны ұмытпай жүргенім осындай ата - бабам қалмақтан не үшін қырылды? Кейінгі үрім-бұтағына жер -су алып беремін деп қырылды. Жалғыз менің ата-бабам емес, жер-суға таласып, көп қазақ қырғын тапты. Бұл Сарыарқа біздің қазаққа атасының құны болып, олжа болып еді. Біреу біреуге: «Соңымнан қалмастай, атаңның құны бар ма еді?!» - дейді ғой. Сондай-ақ: атамның құны болған үшін, жер-судан айрылып қаңғып, қоныссыз жүргеніме ішім күйіп, өлсем, ойымнан кетер емес. Баянаулада Жалаңтөс деген асу бар. Ер Олжабайдың қалмақ заманында қоныс қылып, жападан жалғыз қыстап отырған жері. «Шойынды көл» деген көл, Жасыбайды өлтірген қалмақтардың Олжабайдан ұйлығып қашқанда, аяқ-табақ ыдыстарын бір араға үйіп-төгіп тастап кеткен жері. Сонан әркім бір нәрсе тауып алып «Шойынды көл» атанған. Жалаңтөс - Олжабайдың бел баласы, ол жерге Жалаңтөс деген баласын ие қылып, өзі Избушка деген асудың аузын қыстаған. Осы айтылған жерлердің бәрінен қазақты жебір-жесір қылып, еріксіз айдап шығарды. Қалмақтан қазақ алды қанын шашып, Бостан-бос ие болды орыс басып. Біз жүрміз зорлық пенен зомбылықта Асудан асқан сайын жылап асып. Біздің қазақты үшке бөлсең, екі есесі жоқ есебінде. «Ол қалайша жоқ?» - десең, жер-суын: «учаске» - деп, бір алды, «войсковой» - деп бір алды. Бұл екі алыспен ағашты, шабындылы жерден қазақ айрылды. Суырша жонға шығып, жан сақтап жүр еді: «Егінге лайықты!» - деп, ол жан сақтап жүрген жерлерін мұжық келіп және алды.

Жер-судан айрылып қалған соң,
Еркекте ақыл қала ма,
Өз қонысынан ауған соң?!
Ұрғашыда ақыл қала ма

Біреуден сауын сауған соң?!

Ақылдан айрылып қалып, шаруа малынан береке қашып, оның үстіне алым-шығын, земский сбор деген қабаттап, ел аралаған началһник, шенеуліктердің жалдап мінген аттарының майын төлей алмай, қаңғып кетіп. Петрбор, Мәскеу барсаң, орыстың малайы -қазақ. Макаржи, Ірбіт барсаң, ноғайдың малайы - қазақ. Бұхар, Ташкент барсаң, сарттың малайы - қазақ. Сол малайлықта жалғыз-жалғыз болып қаңғып кеткендер ауырса, кім сусын беріп, кім басына жастық қойып, оған иман айтуға кім даяр тұрады? Өлсе, кім жаназа шығарады? Осындай кемшіліктен тірімізге - иман, өлгенімізге жаназа жоқ болып, адам тәрбиесінен қалдық. Бір жерде бір қазақты мұжық атып тастаса, қазақ өлгенін қолына алып көміп, мұжық үйінде қаннен-қаперсіз (қаннан хабарсыз) тыныш отыра береді. Егер бір қазақ бір уряднике қарсы келсе, атқанын атып, айдағанын айдап, қазақты қойдай тізіп, қозыдай көгендей бастайды. Патшаға оқ атып, қылыш суырған бір қазақ жоқ. Урядникке, чиновникке (шинаулікке), началһникке ақша бергендер, кісі өлтірсе де кешуі болып, үйде қалып жатыр. Ақша бермегендер сүттен ақ болса да,атылып, айдалып кетіп жатыр. Дүниенің жүзіндегі болған уақиғаны айтып тауыса алмаймыз, көзіміздің көргенін айтайық. 1898-інші жылда қазақ ішінде бір «Семіз ишан» деген жақсы дианатлы, жасы алпыстан асқан Меркамалдин атты (атлы), заты - Шараф, [Бұхарлық -Е.Қ.] Павлодардың хабасханасында бір қыс жатып, көп жатқаннан, жүрмеген, тұрмағандықтан, аяғына синға (сиңға) - деген науқас жабысып, сол науқастан хабасханада жатып өлді. Сол кісінің жазасының жоқтығы (иоқтығы) Құдайға болмаса, пендеге залалгер де емеслігі Ақмола, Семей - екі облысқа қараған қазақтарға «айдан - жарық, күннен - раушан!» Үшбу өткен қыста Шақшақ елінің қазағы бір Тоқтым деген Павлодардың хабасханасында өліп, үш күн көмусіз жатты. Далба елінің он екі кісісін қатын–қалашымен қабат улатып, шулатып: «Уряднике қарсы келдің!» - деп, қойдай тізіп, қозыдай көгендеп, Павлодардың хабасханасына апарып салды. Петропавловский шаһарына «Шаһар тілі» болып атағы шыққан Тәнті мырза екі жыл жарым (иарум) бір жаз войскіге айдалып барып, сол жолдан зыхметланып ауырып келіп, үйінде өлді. Қызылтауский елінің алты жігіті нақақтан сегіз жылға жер аударылып, өлгені өліп, қалғаны қалып, жалғыз-жарым тірісі қайтып келді. Мың сөзден бір сөз, біздің қазақтың үштен бірінің жоққа тантық (тәндік) болғаны -билеуші (билетуші) хакімлерде ғаділетшіліктің жоқтығынан. Жұртты жеген залымдар ақшаны беріп-беріп ақталып қалып жатыр да, ақша бермегендер: «Ісім ақ, Құдайым жақ!» - деп, «Жалаң Құдайға сенсең, жаяу қаласың!» дегеннің кері келіп, дүниенің о шеті мен бу шетіне кетіп жатыр. Қазаққа зорлық қылғанмен: «Біреуге не қылсаң, алдыңа сол келеді!» -деп, өзінен зорлар шығып, ғаламға күлкі болып жатыр. Кәне, біздің қазақ бір ауызға қараса, жаны ашып, жақсы ұстайтұғын ұлық не болып, үстінен қарап тұрса, ортасына әр түрлі машиналы заводтар орнаса, жалған дүниеде қазаққа не зәру (зәрурет) кереклі нәрселер сол заводтан жасалып шығып тұратұғын болса, пайда тілеп, мал табамын дегендер сол заводқа қызмет қылса, байлары сататұғын малын, қыл-қыбырын, жүн-жүбірін, - базарға апаратұғынының бәрін сол заводқа берсе, қазақтың нәрсесін санап, өлшеп алып тұратұғын смотрительдер болса, қазаққа не керекті хысәплеп беріп тұратұғын санға жүйрік басқарушылар болса, сонан соң бұл қазақ ешқайда қаңғырмайды, бөтен жаққа бармайды. Не іздейді: дініне өзі ие болған соң, жер-суына өзі ие болған соң, не мұқтажы, керегі өз ортасынан табылған соң?! Үш жылда қазақ бір түрлі ел-жұрт қатарына қосылып қалады. Қазақта бір залалды жұмыс жүр. Ол не десеңіз: көшпек - қонбақ. «Ол қалайша залал?» -десең, көшіп, қонудың ретін (ирәтін) білмегеннен. Қазақ өзіне керексіз нәрсені жияды: сатса, дәнемеге тұрмайтұғын. Жоқ, олай емес, керекті зәру нәрсені жинап, зәру емес нәрсені жиюдан тыйылу керек. Қазақ көшуді көп қылады, бір жерде тұрақтап отыруы аз. Мұнымен жүріп қазақтың басы бірігіп, ынтымағы қосылмайды. Қазақтың көшуі аз болып, бір жерде отыруы аз болса, он бес күн, яки болмаса бір ай болса екен. Сонда бір жазға он екі күн, не алты күн көшу болады. Бір ауылнай ел қыс болса, арасына басқа жанның тұмсығын сұқтырмай, ыңғайлас, жалғас, тұтас қыстау керек. Жаз болса, жайлауда да арасына жан жолатпастан тұтас жүруі керек. Қазақтың көшіп, қонуын бірден қойдырамын деу қазаққа пай - далы болмайды. Көшіп - қонуының өзіне ғылым, білім мен оқу үйреткендей бір үйретуші керек. Есебі (себебі) қазаққа шаһарлы жердің ишан, ришлары шикілі секілді. Орыс жұртының городниша төресі секілді (шикілі) бір мұхехытисып (мұрақап Тасип) керек. Оның өзінің қасында сайланмыш ғылымды, білімді адамдары болсын. Қазаққа үлкен пайда - партия жоқ болса. «Ол партияны қалай жоғалтудың есебін бұл залалға бізден бұрын кірушілер (кіркушілер) тапты ғой!» - деп ойлаймыз. Екінші пайда - ұры тыйылса. Ұрының тыйылуы - ұрының мініп жүрген аты тексерілсе. Сол ат кімдікі, мейлі ұрыға басы бүтін сатқан болсын, мейлі майын берген болсын, ұрының ұрлығына ұрыдан жаман ат иесін күйдіретұғын болса, сонан соң ұры тыйылады. Осы күнде қазақ жұртын бүлдіріп, бұзып бара жатқан - қазақтың өз ортасынан шыққан байлары. «Ол қалайша?» - дейсің. Алым шығыннан қысылып тұрған нашарға он теңге ақша береді: «Пайдасы бір тайынша», - деп. Бес теңге береді: «Пайдасы бір қой» - деп. Сол он теңге мен бес теңге нашарда тұра береді. Неше жыл болса да, бұл бір тайынша мен бір қой алуын ұмытпайды. Он жылда он тайынша, он қой алды. Ақырында сол нашар тайынша тауып, қой тауып беруге шамасы келмей бара жатқан соң, баяғы берген он бес теңге үшін жалғыз атын алып қойды. Нашардан: «Он теңгенің пайдасы» - деп, жыл басына алып тұрған тайыншалар өгіз болғанда, елу теңгеге сатылды. Қойлар ендігі жыл тауып беретұғын несие ақшаға еркек қой болып, он теңгеден сатылды. Ат семіртіп, қырық теңгеге сатылды. Байдың он бес теңгесі он жылда алты жүз қырық теңге болды. Осындаймен малын өстіріп, ақшаны көбейтіп, топтал (топлап) жинап алған соң, өзіне десятниктік тимейтұғын жаман ақшаны қалай сақтаудың есебін таба алмай, біреуге жел береді: «Сен пәленшемен талас ақшамен, атпен болсын, - деп. - Өзіңдікі таусылған соң, менікі өз қолыңдағыдай» - деп, әуелі оның өзін жеп тауысып алады. Онан соң оған жақтас болғандарды қабат құртады. Және бұл онымен де қарап тұрмайды, майға піскен дөнен бесті базарға салса, отыз теңге болмайтын аттарын ұрыға үш атқа сатады. Сатуға қимайтұғын аты болса, ұрының бір барып келуіне бір атқа майын сатады. Солайша қылып мал таптыратұғын жемтіктес ұрысы болады. Ол ұрыны бір жерде біреу қағазға тіркесе, не біреу малын танып, ұрыменен дауласса, ақшасын араға салып, абыройын салып, ұрыны арашалап алып, айырып жібереді. Бұл өзі андымалап сауда қылады. Сонда қайда ұры болса, соған береді. Базарға мал айдайтұғын уақытын айтып: «Сонан қалдырмасаң, болады!» - деп, ат жетер, құлақ естір жердегі ұры мұның жимашысы болады. Қазақ және мұны қостайды: «Пайданы бай қылады деген - осы!» - деп. Хасыл ұрының тыйылу тетігі - байда. Байды еркіне жібермей, қыспаққа алса, ұры да тыйылады, партия да тыйылады. Ұры жаяу ұрлық қыла алмайды, атпен жүріп ұрлық қылады. Ат байдан табыла береді. Партия болғандар да кедейден дәнеме табылмайды, байдың желігуімен, жел беруімен партия болады. Бай үш түрлі болады. Бір бай бар - парақор, бір бай бар - жалақор, бір бай бар - зинақор. Парақор болған байдың белгісі: біреу ат майын сұраса, не қарызға ақша сұраса: «Пәлен уақытта кел, - деп, - сонда бір ат мінерсің, не сұраған ақшаңды аларсың», - деп, уағда қылады. Ол айтылған күннен бұрын сол ат майын сұраған, ақша майын сұраған кедейдің іске жарарлық бір нәрсесі болса: «Мынауың бізге керек еді, берсең қайтеді? - деп, сипақтатып сұрайды. Сонан соң ол сорлы: «Бермесем, берем деген атының майын бермей қояды ғой», - деп, амалсыз береді. Бір қожа, молда келсе: «Аллаһи амин, тақсыр, бір ат зекет» - деп, бата қылдырады. Сонан соң бұл қожа, молданың бойында кісіге жарарлық бір нәрсесі болса: «Тақсыр, мына бір нәрсеңізді көзіңіздей көріп жүрейік, біздің балаларға тәбәрік қылсаңыз, қайтеді?» - дейді. Амалы бар ма: «Ат беремін!» - дегенін естіп тұрған соң, өзі жалаңбас қалса да, басындағы сәлдесі болса да, береді. Егер бермесе, ол аты ақырында не тай болады, не қой болады, тіпті болмаса: «Ол кісіге деп арнаған жылқымыз өліп қалды!» - деуден де ұялмайды. Жалақор болған бай болыс, биді өз қолынан қойған кісі есепті болып, өтірік жала қылып, нашарлардан мал даулап, өтірік кесім қылдырып, сиаз (съезд) сайын нақақтан мал төлетіп алып, нашарларды қан қақсатады. Және ол өзі үйінде отырып: «Біздікінен пәленше мен түгеншелер де мал сойдырып жеп кетті. Қымызды солар тауысып кетті. Шай-қантты көп алып едік, қонақ қатты болып шыдатпады», - деп көрінгенге жарлап отырады. Зинақор болған бай малшы жалдаса: «Көркем қатыны бар ма, иә бойжеткен қызы бар ма?» - сондайдан ескеріп жалдайды. Құдайы зікуаты болса да, не сұлу алған, не тоқал алған қожа, молдамен үйір-шүйір болып, соған береді. Бұл үш түрлі байлармен өзіне лайық мінездес қожа, молда үйір-шүйір болады. Байдың ыңғайына жүріп, айтқанын қылып: «Қуға қу апақ-сапақта айқасып, қараңғыда табысады» -дегендей, олардың өзіне ыңғайлас қожа, молдасы болады. Бұрынғы уақытта қожа, молда аз еді, қажы деген, ишан деген атымен жоқ еді. Құлақ естіген жерде біздің бұл Орта жүзден қажыға ең әуелі барған Уақ Нұркен бай еді. Бұхара жолымен барып, төрт жыл жүріп келген екен. Онан соң Баянауладан қой жылы кеткен екен: Бірі ноғай Байжан хазірет деген кісі, бірі қазақ Самай абыз деген кісі.Соған биыл қырық тоғыз жыл болды. Ол екеуі де сол жақта өлді. «Елу жылда ел жаңа» - дегеннің мәнісі мұндай екен. Дәл осы күнде ит сегіз күшік тапса, біреуі-ақ ит болып, енесінің соңынан ереді. Өзгесі қажы ма, ишан ба, халфе (қалфе, халифа) ма, қожа ма, молда ма, - не екені белгісіз болып кетті. Бұл айтылған затлардың аз күнінде қазақ бай да еді, пейілді де еді, ашу-аразы жоқ, тату-тәтті еді. Осы күнде қажы, ишан, қожа, молда көбейген соң қазақтың араздығы сол шамада болды. Екі ағайынды кісінің баласы бірінің өлігіне бірі барыспайтұғын болды. Ойлаймын: «Осы затлар көп болып, шарапат иесі болып, жұртты түзегені жоқ, ыңғайы бұзды-ау!» - деп. Ақ қағаздың жүзінен қара танып, ақ пенен қараны айырып халал ниетпен тұрған бір қожа, молда жоқ. Сияның қаралығы қандай болса, іші[н] сондай қаралықпен толтырып алып, партия басы болып, өсек жүргізуге әбден жетік. Қай жерде қажы көрсең, партия басы, қай жерде ишан көрсең, партия басы, қай жерде халфе көрсең, партия басы, қай жерде қожа, молда көрсең, партия басы. Бұл күнгі қожа, молда қазақтың соңына ереді, қазақ малдың соңына ереді. Мал далаға өреді, сонан соң жұрт қалай оңсын, қалай түзелсін?! Хайуан малды мал иесі өз соңынан үйретіп, жүргізіп алса, сонан ол мал біткен бай болғансыған хырсылар қожа, молданың соңына ерсе, ол қожа, молда Құдай сөзі құран мен пайғамбар сөзі хадис шәріптің соңына ерсе, сонан соң жұрт әбден жұрт болып, бір түрлі түзулікке айналар еді. Қазақ ішінде жүрген қожа, молда не оқыды, не білді? Әуел оқығанда, «Әліпби» оқыды, оның мәнісін білумен жұмысы жоқ. Онан соң, «Абжад» оқыды, оның мәнісімен жұмысы жоқ. Онан соң «Иманшарт» «Әптиек», «Қуран» оқыды, онан соң: «Бідуам», «Ақырзаман», «Кесік бас», «Жүсіп-Зылиқа», «Сейфулмәлік», «Көрүң қадір». Бұлардың бәрін оқыған соң: «Шар кітапты оқысаң, әр кітапты оқырсың!» - дегенменен Шар кітап оқыды. Онан соң Ғараб оқыды, Парсы оқыды, - бәрінің қарасы - мағына оқыған, білгенін көңіліне тоқыған жалғыз еді. Жоқ, өңшең қараны оқумен ақ жүрегі қап-қара болып алып, басына сәлде орап: «Мен хазірет болдым, мен халфе болдым!» - деп, жұртты бұза бастады. Біздің қазақ жұртында бала оқытып жүрген екі молда молдалық салыстырыпты. Сонда бірі: «Әліп син әбіге сәкін аб жин син, жадалға сәкін, жәд, абжад» - депті. Онда екіншісі: «Әліп екі усын ан әліп екі а син, ин әліп, екі үтір ун, ан, ан, ун» - депті.

Отырған жұрт:

— Міне соңғысы дөкей молда екен: бір әліпті неше саққа жүгіртіп жіберді ғой! - десіп, шулай қоя беріпті. Сонан:

— Пәленшенің молдасы молда-ақ екен, терең оқулы екен, пәленше молданың ауызын ашырмады! - десіп мақтасып, қолдан - қолға түсірмей кетісіпті.

Әне, қазақтың бір нәрсені танып, қадіріне жетуінің ніһаяты. Әлі осы күнге шейін солай: Бұхар барғаны - жұпар барғаны. «Оқу, оқу!» - деп, өліп-өшіп, ынтасы құрып барады, ғылым, біліммен, мағына жөнінен бір ауыз білген дәнемесі жоқ. Ғалым үш түрлі: нан ғалым, тән ғалым, жан ғалым. Нан ғалымнан талап әуел баста оқуды Құдай үшін іздеген емес, молдаларының төрде отырып, сыйлы болғанын көріп, тамақ тойғызу үшін, тегін ас, тегін тамағы бар мешіт, медресені қыдырып, қай жерде қай ишанның көжесі мол десе, соған қаңғыра береді. Есі - дерті тамақта болып жүріп, оқыған оқу, өмір бойы оқыған-білгенін қарынының қамына жұмсайды. Оңдайлықпен оқып, молда болғандар: «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып», ат тезегін қалайша төңкеріп, аударудың ғылымына әбден мәһір болады. Тән ғалым мағына білумен жұмысы жоқ, сарафа, наху, мантық оқып, талас - ежешке (егеске) әбден ұста болып: «Пәлен қай байдан, пәлен не сыйғада, пәлен қай қызиядан! -деп, - Суғыры қайсы, күбірі қайсы, музығ не нәрсе, мухмол не нәрсе?» - деп, мәжілісте өзінен басқаны сөйлетпеске ұста болып, мұнымен барып бір жерге халфе, не бір жерге хазірет болып тұрып, наху, мантықтың қағидасын екі кісіні араз қылып, ғұмырында бірін -бірі көрместей жолға салып жібереді. Хақ жолға, таупық, һідәйтке жұртты бастаумен жұмысы жоқ. Бір мәхалланы екі партия қылып ұстап: «Құран ғатымда солай деген, хадис шарифта бұлай деген» - деп, наданларды қара сөзбен мас қылып, адастырып, есінен жаңылыстырып әуре қылады да жүреді. Жан ғалым - Алла тағаланың фазыл уа кәррәміне алынған пендесі. Нанмен де жұмысы жоқ, ат көтеріп, атақ шығарумен де жұмысы жоқ. Оңаша халуат жай табылса, жаны сонда сая тауып, «Каламалланы» оқып, мағынасын мәлә қате қылып, «ішпей мас, жемей тоқ». Оның қасында бай да бір бас, күшік те бір бас. Ешкімді лытғатына алмай: «Он сегіз мың ғаламды жаратушы (иаратқушы) Құдайым бар, не ғамым (қамым) бар?!» - деп, отыра береді. Ғылым, білім деген, мағына деген осындай кісіден табылады. Не нәрсенің мүжәсін қойып, хақиқатына өтуге сәғә уа жаһаты болады. Дымың табылмас бұл нашалық кісі - жаһан айуаны, кең дүр халі ермес осы күнгі қазақтың оқып жүрген оқуы - өзінің ел көшкендегі сиырына арба салып көшкен көшуі сықылды айқай-ұйғай, у-шу, құр дауыс. бұлар бір жаңа усули жәдит шығару керек, заманымыздағы пароход, отарбаның жүрісі сықылды. Ойлаған мақсатқа тез жеткізетұғын балаға жиырма тоғыз әріпті (харіпті) танытқан соң, ғылым-білім білдірудің жаһатында болу керек. Жаңа низам шығарғанда, қазаққа пайдалы жұмыстарды низамға қоса тіркеп, бұйрықпен түсіру керек. Бірінші пайда - партия қалуы. Екінші пайда - ұрының тыйылуы. Үшінші пайда - байлардың өзіне тоқтау, тыю болуы. Төртінші пайда - ишан, қажы, қожа, молданың бұрынғы адасу еркіне жіберілмеслігі. Бесінші пайда - балалардың оқуына усули жәдит, жаңа тәртіп берілуі. Алтыншы пайда - көшіп-қонудың өзіне тағылым үйретуші шығуы. Жетінші пайда - қазақта бір үйден бір үй от алатұғын рәсім бар, даладан қазатұғын жерошақ деген бар. Осы екі жұмысқа тыю, тоқтау салу және қойшылардың далада от жағып, сүт пісіретіні - не тоқтау шығару. Осыларды қылмағанға кісі құнындай ауыр жаза кесу. Сегізінші пайда - қазақтың: «жанға шығу», «жан беру» - тариқасын бұрынғы өзінің ата-бабасының ғұрып - мірдемінше: «жанға» өтетұғын кісіні «тірілей» жуып, кебінге орап, ақ кигізге салып моланы үш айналдыратұғын (айландұратұғын) қылу, алдында үш жақсы кісінің жүруімен. Сегізінші [тоғызыншы - Е.Ж.] пайда - өлгенге де, туғанға ас, той деген турасын қазақтың бұрынғы ата-баба заңынша: «Туған - тойсыз болмасын, өлген - ассыз болмасын!» - деп, жаңа низамда оны да низам қылып шығару [керек]! Күнінде қазақ жұмысқа жараса, жылқымен жарайды. Бұл екі жиылыста жылқының жүйрігі сыналды. Тоғызыншы [оныншы - Е.Ж.] пайда - қазақты бұрынғы ата - баба рәсімімен, солардың жақсы үлгісімен жүргізіп, тұрғызса, қазақ сонда көңілді, ықыласты болып, бір түрлі жақсылыққа рағбәтлі болады. Абылай хан заманында қазақтың не қылып, не қойғанын өз білгенімше жаздым. Сол күндегіден артық қазақтың оңған жері жоқ. Адамның іздеген көңілдегі нәрсесі бірден қолына түспейді. Көп жаманды жинаса, соның ішінен бір керекті ләббә табылады. Сондай-ақ менің сөзімді мылжың екен - демей, тыңдай берсең, бәрі бірдей жарай бермесе де, бір жарарлық сөз табылар.

74 мәтін

САРЫАРҚА ТАРИХЫ

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Сарыарқада Нұра деген өзен бар. Ұзындығы - бес жүз шақырым. Басы - Қарқаралы тауының күнбатысынан, аяғы - Қорғалжын қопасынан кесіп өтіп, теңізге құяды. Бір өзіне жеті жүз өзен құяды. Сол Нұраның екі жағы - есебі жоқ көл, жазғытұры су тасығанда, сол көлдердің бәрін толтырып, қайта Нұраның өзіне құйып, июнь, июль айларында Қорғалжынға әрең жетеді. Сол көлдер бұрын Ноғайлылардың егін жайы екен: суарып салатұғын болған екен деседі. «Есіл мен Нұраның аралығында Тоғанастың тоқсан екі көлі бар», - деп сөйленеді. Құм емес, шел емес, бәрі - егін-жай, қара топырақ. Бетеге мен көде, жауылша, шағыр, жу - сан, изен. Мың тоғыз жүз алтыншы жылда он бесінші мартта Николай заманындағы көрген қысымшылық, қорлық, зорлық ой толқытып, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қазақтың осы күнгі әңгімесі» - деп, сөйлеп, «Сарыарқа» - деп ат қойып, баспаға бастырып, ол сөз Хусайынов (Хасенов) баспаханасынан сотқа алынған. Сонда Сарыарқаның кімдікі екенлігі екенін әйгілеу үшін жазған. Күнбатысы - Сырдария, күншығысы - ұзын аққан Ертіс. Оңтүстігі - Жетісу (Семиречинск) өзен. Солтүстігі - Еділ, Жайық. Осы төрт судың арасы заман қадымда тауарихларда «Дешті Қыпшақ» атанған. Ол Қыпшақ өзі Уыз хан заманында іші қуыс шірік ағаштың ішінде туып, аты «Қыпшақ» қойылып, өсіп жігіт болған соң, Уыз хан оны қолына түсіріп, қолбасы қылып:

— Қытай, Қалмақ, Олақ, Шығмуруа, Мажарды жаула! - деп жіберіпті.

Мұның бәрін қырып-жойып, өзіне қаратып алып, осы төрт судың бойында бір шеті Амудариясына шейін билеп-төстеп: «Қытай көп пе, қыпшақ көп пе?» - деп мақал болған Қыпшақ - осы. Сонан бері неше жұрт келіп, неше жұрт кеткен. Ақыр аяғы Миқы (Мық) деген бір жұрт иеленіпті. О да кетіпті. Шерміш деген бір жұрт иеленіпті. О да кетіпті. Бұл екеуінен соң Ноғай – қазақтың Ноғайы иеленіпті. Олардан қалған белгі бар. Күншығыс жағы - ашық: намаз оқылатұғын құбылаға тура дәл келген, тас қорғандар бар. Ол Ноғайлының қалмақпен соғысқан күнде намаз оқу үшін тастан жасаған қорғаны деседі. Сарыарқада жары терең, суы аз өзендер - сол замандағы ноғайлардың егін салу үшін қазған арығы деседі. Шідерті деген өзеннің аяғында Ақжар, Сасай деген жер - Ноғайлардың хандарына орда қылып, тақ орнатқан жері. Орманбет хан сол жерге тақ орнаттырған екен деседі. Ол уақытта Ноғайлының байлығы (байлық) да сондай болыпты. Бір күнде қырық саба, елу саба қымыз толтыратұғын үйлер болған екен деседі. Сол Орманбет:

— Адам - баласы, жер-анасы. Ана емшегін ембей, асқа жарымайды! - деп, халқына егін салуды машық қылдырып. Бұл күнде: «Ақкөл, Жайылма деген көлдер егін орны екен», -деседі. Есіл, Нұраның аралығында «Тоғанастың тоқсан екі көлі» атанған көлдер бәрі егін орны екен деседі. О л заманда егінді кетпен шотпен салады екен. Бір бидайды қақ жарып, бір уыс бидай шашқандар болған екен. Ноғайлының байлықтан асып, тасқандығы сондай: «Қымыз өзені деген өзен ағызамыз!» - деп, Көкшетау, Қызылжар жақта «Қылшақты» деген өзенді қазып, өзен қылып, қымыз құйған екен. «Ертіс жағасында Қымыз өзені қыламыз!» - деп қазып, қымыз ағызғаннан бұл күнде «Ақсу» атанған екен деседі.

Ол күнде қазақ ел болып, жұрт болып, ауызға ілініп, көзге түскен жоқ. Бура-тара қайда барса, жалғыз үй. Өзі бай, құл - құтаны көп. Қазақ аты жоғалмай, көрінген жұрттың ішінде кірмесі, қоңсысы болып жүреді екен. Өлеңтінің аяғында: «Қараоба», «Сарыоба» - деген екі төбе бар. Түбі-тегі қазақ: Қарабай, Сарыбай деген екі байдың қоныс қылған мекені екен. Сол Сарыбайдың жалғыз қызы Баян сұлудың туған жері Баянаула тауы екен дейді. Туған жері сол болғандықтан, тау аты «Баянаула» аталып қалған. Осы қыздың қарқарасы түсіп қалған жері «Қарқаралы-Қазылық» аталған. Домбырасы мен бет моншағы түсіп қалған жері «Домбыралы», «Моншақлы» аталған. Жамшысы түсіп қалған жері -«Тоқырауын», «Жамшылы» аталған. Сандығы түсіп қалған жер «Алтын сандық», «Ақшатау» - аталған. Өлең айтып, той қылған жері «Өлеңті» аталған. Аттарының шідері түсіп қалған жері «Шідерті» аталған. Аттарының арқасы жауыр болған жер «Жауырбұғы» аталған. Жаудан қорқып, тау-тауды паналап, жасырынып, көшіп жүргенде, көші асқан жерлер «Көш от» аталған. Көшіп бара жатқанда, босағасы түсіп қалған жер «Босаға» аталған. Қайыр, бұл Сарыарқадағы жер аты - бәрі қазақтың ата - бабасының аттары. «Он сан Ноғай бүлген [бүлінген] соң, Ормамбет би өлген соң», бұл Сарыарқаны қарақалмақ Қаттысыбан иеленіпті. Қырық сан қарақалмақ Қаттысыбан ханының аты -Қоңтайшы. Қазақ оны: «Қоңтажы» деп сөйлейді. Қалмақ деген жұрт өлген кісісін киіндіріп, қойдың бір санымен, бір-екі нанымен, бір құмыраша қатықпенен айдалаға апарып тастайды екен. Сол басындағы тамақтарын ақ ит келіп жеген болса: «Иманды болды, бейішке барды!» - деседі екен. Қара ит келіп жеген болса: «Имансыз болды, тозаққа барды!» - деседі екен. Төрт таспен жан-жағын қоршап, жер қазып қоя салады екен. Ит келіп еш нәрсесін жемеген болса, жаназалайды екен. Жаназасы - қалмақ тасқа табынады. Жан басына бір тас болады. Сол табынып жүрген тастарымен бастырып кетеді екен. Сарыарқадағы «Оба» дейтұғын, үйілген көп тас қалмақтың өлгеніне шығарған жаназасы екен. Аса қадірлі хандарына, жайсаңдарына көп кісі жиылып, көп тас үйіледі. Орта қадірлісіне өз шамасынша, онан төменгісіне өзінің құны-пұлына қарай жиылған кісінің шамасынша тас үйіледі екен. Кейбір қадірлісіне кісі пішінін салып, сурет қылған сын тас орнатады. Ол соның өзінің тірлігінде табынып жүрген құдайы деседі. Қай жерде болса да, күйген кірпіштен жасалып, жермен - жер болып кеткен ноғайлардың моласы, тастан үйілген обалар - қалмақтың моласы. Мұндайын білмей, бұрынғы ноғайлар мен қалмақтың қоймасы деп, дүние тауып аламыз деп, жер қазып, әуреленген көп болды. Өлген қалмақтың сүйегі табылды. Ондай-мұндай өзімен қойған құмыраша, аяқ-табақ, білезік, сырға, ат тұрмандар шығып жүрді. Шыққанмен іске жарап, бейнетіне тұрған дәнеме жоқ. Біздің бұл қазақ Сарыарқаға келіп, ие болғаны, Абылай хан заманынан аз-ақ ілгері. Бұл қазақ иесіз жатқан жерге текке келіп ие болған жоқ. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек замандарында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаудай алысып, жаттай салысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз, сырбаздары жау жолында оққа ұшып өліп, сөйтіп алған жері еді. Баянаула тауында Жасыбай асуы аталған. Жасыбай - қазақтың батыры, қалмақпен атысып, сол асудың үстінде оққа ұшып өлген. Сол өлген жеріне қойылған. Жасыбай оққа ұшқан соң, ер Олжабай Шойынды көлдің басында үйіліп-төгіліп жатқан қалмақты тау асыра қуып, «Қалмақ қырғанда» барып жетіп, қойдай қамап қырған. Сол себептен «Қалмақ қырған» аталып қалған. Сонда Олжабайдың жолдасы - Төртуыл Баймұрат еді деседі. Мен өз атым - Жүсіп, қырық тоғыз жаста отырмын. Әкем аты - Көпей, жылы барыс еді, жетпіс үш жасында барыс жылы өліп, Баянаулаға қойылды. Оның әкесі - Сермұхаммед, жетпіс асып өліп, Қызылтауға қойылған. Оның әкесі - Ақжігіт, қырық тоғыз жасында өліп, Көкшетау бауырында «Қыздың қарасуы», «Шүртек-қарағайға» орамдас, маңайлас «Қоскөл», «Сарыкөл» - деген жерлерге қойылған. Оның әкесі - Бесім, қартайып өліп, Ұлытау, Кішітаудың «Тілеуғабыл» дарасының жоғарғы өре басына қойылып, сол жерлер «Бесімнің бес саласы» аталған. Оның әкесі Тілеуімбет - Айдабол, Күліктің Күлігінің тұңғышы. «Он алты ұлды Тілеуімбет» аталған. «Арғында - Тілеуімбет, Алшында -Жолымбет» - екеуі ауызға ілініпті.Ерлікпен, билікпен, оңдылықпен емес, қияңқы, сотқар, төбелескек болғаннан болса керек. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» жорығында өзі жұтап, жүдеп-жадап келе жатқан қазақтың көшіне қарақалмақ Қаттысыбан жолығып. «Көшкен жұттан құтылады, қашқан жаудан құтылады!» - деген деп, інісі Наурыз «алты ұлды Наурыз» аталған екен, ол қашып құтылыпты. Он алты ұлы ат арқасына мініп, соңына еріп жүрген соң, «үй тентек, айран көздік» қылып, қалмақпен соғысып, қалмақ көп те, қазақ аз, бір емшектес бауыры тастап кеткен жанның маңайында кім қалды дейсің, қызыл көтен қылып, қынадай қырып жатса, жан сауғалап қашып шыққан балаларын отағасының өзі қайта қуып, жауға тығады дейді:

— Ой, шіркін, жаудан қашып: «Тірі жанмын!» - деп, қатын қойнына барып жатқаннан өлгенің артық! - деп, басы отағасының өзі болып, - бәрі қырғын тауыпты.

Он алты ұлдың тұңғышы Аспантай екен: алдымен оққа ұшып, онан соңғысы Амантай екен: «Ой, бауырымдап» барып, оны құшып, онан соңғыларының атын жан білмейді. Сол жолы бықпырт тиіп, Орманшы Бапке, Тайлақтың Тайлағы уыз жас күні «Бала батыр» атанып жүрген кезі екен. Үш немерені жау ортасынан арашалап айырып алып шығыпты. Күліктің Дәулет деген тоқалынан туған Сексен де батыр кісі екен. «Сары атты Сексен» атанған. Бір жүкті түйені жүгіменен ала қашып құтылыпты. Ол түйеде: бірі - бесікте, бірі кебежеде екі бала бар екен. «Сол балалар қалмақ қолында қалады-ау!» - деп, алып қашып жүргені сол екен. Егер Тайлақ пен Сексен болмаса, Тілеуімбет деген елден дүниеде иамшан болмаса керек. Бұл бес бала немерелер болса керек. Тайлақтың алып шыққаны: Айтқожа, Күнту, Жаңабай. Сексеннің алып шыққаны: Бесім, Қойтан. Сол Бесім деген кісі -ден өсіп-өнген нәсілден келіп, мен мұны сөйлеп отырмын. Ұмытпай жүргенім, осындай ата-бабам қалмақта не үшін қырылды? «Кейінгі үрім-бұтағына жер-су алып беремін!» - деп, қырылды. Жалғыз менің ата-бабам емес, жер-суға таласып, көп қазақ қырғын тапты. Қаржаста бір «Жаулыбай» атанған ел бар. Сол Қаржастың тұңғышы екен. О да сол жол[ы] қырғын тапқан. Сатылған балалары: Қоныс, Мәмбеттің Қонысы балалары да сол жол[ы] қырғын тапқан. Ұшынған, қағынған бір жол. Ата-бабалары жауда қырылғандардың кейінгі ұрпақ-жұрағаттарының да өсімі аз болды. Жауға араласпағанның ұрпақтары өсіп-өнді. Бұл Сарыарқа біздің қазаққа «атасының құны» болып, олжа болып еді. Біреу біреуге: «Менде атаңның құны бар ма еді?!» - дейді ғой. Сондай-ақ атамның құны болған үшін жер-судан айрылып қаңғып, қоныссыз жүргеніме ішім күйіп, өлсем, ойымнан кетер емес! Баянаула тауын қалмақтан еріксіз тартып алған Жасыбай мен Олжабай еді. Жасыбай өлді де, Олжабай қалды. Жасыбай асуының аузына Жалаңтөс деген баласын қыстатып, Олжабайдың өзі «Ізбөшке» [избушка] деген асудың аузына қарсы қыстап еді. Дүние деген, шіркін, көшпелі екен: қазақтың тұлпар мініп, ту ұстаған кейінгі үрім-бұтағына олжа салған батыры ең, ақырында мұжықтың поселкесінің аты болды. Ереймен тауында «Олжабай қаласы» атанған қала - сол ер Олжабайдың өлген жері. Қазақ заманында «Олжабай сөресі» атанған. Олай аталуының себебі, сүйегін ол жерге көмбеген, құрт жаятұғын сөредей сөрелеп қойған. Ақырында Әзіретке апара алмай, Көкшетау маңайына қойған деседі. Мың сөзден - бір сөз. Ата-бабасының қаны қойдың қанындай ағып, алып берген жерінен үрім-бұтақ балалары көзінің жасын төге-төге қаңғып кете берді де, бет-аузы түксиген, басы қуықтай бүріскен, к...ті ешкінің к...тіндей шүршиген бір жұрт иесіз жатқан жердей иелене берді. Қалмақтан қазақ алды қанын шашып, Бостан-бос ие болды біреу басып. Біз жүрміз зорлық пенен зомбылықта, Асудан асқан сайын жылап асып. Біздің бұл Сарыарқадағы қазаққа: «Қазақ, бізге бағын, қара! - деп, - Ақ патшадан жарлық алып шықтым! - деп, Иван Семеныш (Семенович) [полковник Карпачеев -Е.Қ.] деген полковой (бөлкебай) келді.Сонда онымен таласа Қытайдан да елші келді: «Қазақ саған қарамайды, маған қарайды!» - деп. Ол екеуінен басқа қазақтың өзі ішінен Кенесары, Наурызбай деген шықты: «Бұл екеуіне бағынбаңдар! Өзімнің соңыма еріңдер!» - деп. Онда олар айтты:

Бағынба, қазақ, орысқа!
Бағынсаң, қазақ, орысқа,
Осы бастан амандас
Сарыарқа деген қонысқа!

Береке кетер асыңнан,
Билік кетер басыңнан!
Негеннен неген күйерсің,
Күйдіруші табылып.

Көршілес жақын қасыңнан.
Қызығып тұрсың байқамай,
Күйгеннен зарлап айтам-ай!
Көрінісі орыстың

Текеметтің түріндей.
Ойлағаны жамандық
Жарадан аққан іріндей!
Абақты деген үйі бар,

Қазулы даяр көріңдей!
Қызыл қарын жас бала
Обалына қаларсың!
Кейінгі үрім – бұтақтан

Қарғыс, бір нәлет аларсың!
Ап кетейін бір жаққа
Соңымнан ерші, ерінбей!:
дейді.

Сол замандағы қазақ жақсылары кеңесті де, Кенесары, Наурызбайдың сөзін қостамады. «Жерімізге тимесең, солдат алмасаң, саған қараймыз! - деп, - ғадалатшілігі бар!» - деп, ақ патшаға өз ықтиярларымен қарап бағынды. Ит терісіне жаздырып уағда хат алды: «Қазақтың жер-суына залал қылмаймыз, солдат алмаймыз!» - дегенін жаздырып. Баянаула тауына Шоң биден сұрап, қала салды. Көкшетауға Уәли ханның тоқалы Айғаным ханымнан сұрап, қала салды. Сөйтіп Сарыарқаның пайдалы жақсы жерлеріне қала сала бастады. Осы күнде байқап қарасақ, қазақты үшке бөлсең, бір есесі жоқ есебінде. Ол қалайша жоқ десең, қазақ жерін қала салумен бір алды. Онан соң: «Бастықтардың уазипасы (узиғасы)» -деп, ағашты, шабындылы жерлерді: «Учаске войсковой», - деп ат қойып ала берді. Қазақ өз жерін өзі тастап кетуге көзі қимай, неше жыл бозы менен көгіне ақша төлеп, қысы-жазы малының қорегі үшін сатылып, кедей болды. «Бүйтіп сатып жеп, қалайша күн көреміз?» - деп, суырша жонға шығып қыстап еді. Ол жан сақтап, күн көріп жүрген жерлерін мұжық келіп: «Егінге лайықты» - деп, ол алды.

Еркекте ақыл қала ма
Өз қонысынан ауған соң
Ұрғашыда ақыл қала ма
Біреуден сауын сауған соң! –

дегендей, ақылдан айрылып қалып, шаруа малынан береке қашып, оның үстіне алым, шығын, «Земский сбор» деген қабаттап, ел аралаған началһник, чиновниктердің жалдап мінген аттарының майын төлей алмай, кедейліктен қаңғырып, шұбырып кетті. Бұхар, Ташкент барсаң, сарттың малайы - қазақ. Петербург, Мәскеу барсаң, орыстың малайы -қазақ. Ірбіт, Макаржи барсаң, ноғайдың малайы - қазақ. Сол малайлықта жалғыз - жалғыз болып кеткендер ауырса, кім сусын беріп, кім басына жастық қойып, кім оған иман айтып, жаназа оқуға даяр тұрады?! Осындай кемшіліктен тірімізге иман, өлімізге жаназа жоқ болып, адам тәрбиесінен қалдық. Бір жерде бір қазақты мұжық атып тастаса, қазақ өлгенін қолына алып көміп, мұжық үйінде қаннен-қаперсіз (ханнан-хабарсыз) тыныш отыра береді. Бір қазақты бір қазақ-орыс пышақтап жарып тастаса, қазақ-орысқа сот жоқ, көшеде ойнап-күліп жүре береді. Қазақта бір мақал бар: «Батыр деген бір барақ ит. Екі қатынның бірі табады. Би деген-ақ шариғат. Ілуде бір-ақ қатын табады!» Сол айтқан билер Ұлы жүзден шықты: Үйсін Төле би. Орта жүзден шықты: Арғын Тәйтеке би. Кіші жүзден шықты: Алшын Әйтеке би. Солардай әр таптан Құдай жаратқан билер шықты. Ең ақыры Кеше Россияға бағынған заманда Шоң билер болды. Ол қазақтың ортасынан Құдай жаратқан билер шығып тұрған заманда бұзықтық жоқ болды. Ұрлық-қарлық, өтірік-өсек дәнеме болмады. Талас-тартыс, дәнеме жоқ, халық қандай пейілді болды?! «Қой үстіне торғай жұмыртқалаған» заман болды. Кеше Шоң би тоқты ұрлаған ұрыны тарттырып өлтіртті. Төрт қари бөз ұрлағанды тарттырып өлтіртті. Жеті ұрыны бір көлдің басында тарттырып өлтіргеннен, сол көл «Ұрының көлі» атанды. Біздің қазақ бұл Россияға қараған соң, болыс деген шықты, ауылнай деген шықты. Сонда: «Болыс болдық», «Ауылнай болдық» - дегендерге заманындағы қариялар айтады екен:

Болыс болдым дегенше,
Орыс болдым десейші! - деп.
Ауылнай болдым дегенше
Ауыл айналған (айланған) ит болдым десейші! –

деп.

Сонан соң бұл болыстық, ауылнайлық сайлауменен болатұғын болды. Ол сайлау шар салумен болатұғын. Ол шарда тас көбейтуге партия деген жын шықты. Сонан соң жұрт құрып, су түбіне кете бастады. Су түбіне сол кеткеннен әлі кетіп бара жатыр.

75 мәтін

САРЫАРҚА ТАРИХЫ

(ҮШІНШІ НҰСҚА)

[1907 жылы Қазан қаласында басылған «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабы көшірмесі] Күнбатысы - Сырдария, күншығысы - ұзын аққан Ертіс, оңтүстігі - Жетісу (Семиречинский) өзені, солтүстігі - Еділ, Жайық. Сол төрт судың арасы - заман қадимда «Дешті Қыпшақ» атанған. Қыпшақ жұртының қонысы еді. Сол Қыпшақтан тоқсан екі ру ел тарайды. «Қытай көп пе, Қыпшақ көп пе?» - деп, мақал болған себебі сол. Сонан бері неше жұрт келіп, неше жұрт кеткен. Ақыр аяғы бір Миқ (Мық) деген бір жұрт иеленіпті, о да кетіпті, Шерміш деген бір жұрт иеленіпті, о да кетіпті. Бұл екеуінен соң ноғай-қазақтың ноғайы иеленіпті, олардан қалған белгі бар, әр жерде қалған үлгі бар. Күншығыс жағы ашық, намаз оқылатұғын құбылаға төрі тура дәл келген тас қорғандар бар. «Ол Ноғайлының қалмақ қамаған күнде намаз оқу үшін тастан жасаған қорғаны екен!» - деп айтысады. Сарыарқада жары терең, суы аз өзендер сол замандағы ноғайлардың егін салу үшін қазған арығы екен. Шідерті деген өзеннің аяғында «Ақжар», «Сасай» деген жерлер ноғайлардың, кент салып, тақ құрған Бұхар, Қоқан ханларының арығы (арикі) сықылды, орда жасатқан жері екен. Өлеңтінің аяғында: «Қара оба», «Сары оба» - деген екі тебе Қарабай, Сарыбай деген екі байдың қоныс қылған мекені екен. Бұл екеуі - қазақ байлары. Сол Сарыбайдың жалғыз қызы Баян сұлудың туған жері - Баянаула тауы. Бұл таудың аты «Баянаула» қойылған себебі «Баян ауылы» деп аталып кеткеннен. Сол қыздың қарқарасы жоғалып, түсіп қалған жері: «Қарқаралы - Қазылық» аталған. Домбырасы мен бет моншағы түсіп қалған жер: «Домбыралы», «Моншақты» аталған. Жамшысы түсіп қалған жер: «Тоқырауын», «Жәмшілі» атанған. Сандығы түсіп қалған жер: «Алтын сандық», «Ақшатау» аталған. Өлең айтып, той қылған жері «Өлеңті» атанған. Аттарының шідері түсіп қалған жер «Шідерті» аталған. Аттарының арқасы жауыр болған жері «Жауырбұғы» аталған. Қайыр (хайыр), бұл Сарыарқадағы жер аты бәрі - қазақтың ата-бабасының аттары. Есіл, Нұраның арасында: «Тоғанастың тоқсан екі көлі» - ноғайлардың егін салған көлдері. «Қызыл мола», «Сұлу там», «Сырлы там», «Хан сүйегі» - деген жерлер сол замандағы ноғайлардың қадірлі өліктерінің моласы екен. «Он сан ноғай бүлінген (бөліскен) соң, Ормамбет би өлген соң» бұл Сарыарқаны қара қалмақ Қаттысыбан деген жұрт иеленіпті. Қалмақ деген жұрт өлген кісісін қойдың бір саны менен, бір - екі нанменен, бір құмырша суменен далаға апарып тастайды екен. Сол басындағы тамақтарын ақ ит келіп жеген болса: «Иманды болды, пейішке барады!» - деп біледі екен. Қара ит келіп жесе: «Имансыз болды, тозаққа барады!» - деп біледі екен. Ит келіп, еш нәрсесін жемеген болса, жаназалайды екен. Жаназасы, қалмақ тасқа табынады, кісі басына бір-бір тасы болады, сол тастарымен бастырып, үстіне үйіп кетеді екен. Сарыарқадағы «Оба» дейтұғын үйілген көп тас қалмақтың өлгеніне шығарған жаназасы екен. Аса (жыса) қадірлі хандарына, жайсаңдарына көп кісі жиылып, көп тас үйіледі екен де, орта қадірлісіне - өз шамасынша, онан төменігісіне өзінің құны-пұлына қарай, жиылған кісінің шамасынша тас үйіледі екен. Бағзы бір қадірлісіне адам сорты сықылдандырып сын тас қояды екен. Қай жерде болса да, күйген кірпіштен жасалып, жермен - жер болып кеткен қызыл кірпіштер - ноғайлардың моласы, тастан үйілген обалар - қалмақтардың моласы. Мұндайын білмей: «Бұрынғы ноғайлы мен қалмақтың қойылған қоймасы - деп, - дүние тауып аламыз, - деп, жер қазып әуреленген көп болды. Өлген қалмақтың сүйегі табылды, ондай-мұндай өзімен қойған құмырша, аяқ, білезік, сырға, ат тұрмандар шығып жүрді. Шыққанмен іске жарап, бейнетіне тұрған дәнеме жоқ. Біздің қазақ бұл Сарыарқаға келіп, ие болғаны Абылай хан заманынан аз-ақ ілгері. Бұл қазақ иесіз жатқан жерге текке келіп ие болған жоқ. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай (Бөкенбай), қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұғлы Жәнібек замандарында жаннан кешіп, сусын орына қызыл қан ішіп, жаудай алысып, жаттай салысып, күні-түні алысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз сырбаздары жау жолында оққа ұшып өліп, сөйтіп алған жері еді. Баянаула тауында Жасыбай асуы, сол Жасыбай қазақтың батыры қалмақпен атысып, оққа ұшып, сол өлген жеріне қойылғаннан «Жасыбай» атанған. Қызылтаудың бауырында «Қалмақ қырған» деген жер - қалмақтың қазақтан ақырғы қырылған қырылысы. Жасыбай оққа ұшқан жолы ер Олжабай бас болып аттанып, қалмақты сол жерде қойдай қамап, иіріп қойып қырып, сонан «Қалмақ қырған» атанған. Сонан соң қайтып қалмақ бұл Арқаны көре алған жоқ. Мен өз атым - Жүсіп, қырық тоғыз жаста отырмын. Әкем аты - Көпей, жылы - барыс еді, жетпіс үш жасында, барыс жылы өліп, Баянаулаға қойылды. Оның әкесі - Сермұхаммед, жетпістен асып өліп, Қызылтауға қойылды. Оның әкесі - Ақжігіт, қырық тоғыз жасында өліп, Көкшетау бауырында «Шортаң қарағай, Қыздың қарасуы» - деген жерге қойылды. Оның әкесі - Бесім, қартайып өліп, Ұлытауда Бес саланың өре басына қойылды. Бұрынғы заманда Ұлытаудан теріскей жағына қарай ағатұғын сайларды «Бесімнің бес саласы» деуші еді, тірі күнінде өзінің қоныс қылған жері болған үшін. Оның әкесі - Тілеуімбет. Осы Тілеуім - бет деген кісі он бес баласын соңынан ертіп алып, Қара қалмақ Қаттысыбанмен соғысып, он бес ұлдың ең үлкені Аспантай алдымен оққа ұшып, онан соңғысы Амантай, о да оққа ұшып: «Бірінен-бірі қалмаймыз!» - деп, бәрі сол жолы қырылған. Сонда Орманшы Бапке, Тайлақтың Тайлағы батыр кісі екен, қалмақтың қалың тобын қақ жарып кетіп, он бестің үшеуін алып шығып, сары атты Сексен батыр, астында сары аты бар, бір жүкті түйені жүгімен алып шығыпты. Ол түйенің жүгінде бесік бар екен, кебеже бар екен: бірінің аты - Қойтан. Жүкті түйені алып қашып жүргені: «Осы екі бала жау қолында қалады-ау!» - деп, бұларды жаудан айырып алу үшін, түйені жетелей қашып, келген қалмақтарды қайта қуып, сөйтіп құтқарған екен. Егер Тайлақ батыр мен Сексен батыр болмағанда, Тілеуімбет деген кісіден тұқым қалмаса керек. Сол Бесім деген кісіден өсіп-өнген нәсілден келіп, мен мұны сөйлеп турмын. Ұмытпай жүргенім, осындай ата-бабам қалмақта[н] не үшін қырылды? Кейінгі үрім-бұтағыма жер-су алып беремін деп қырылды. Жалғыз менің ата-бабам емес, жер-суға таласып, көп қазақ қырғын тапты. Сол себепті бұл Сарыарқа біздің қазаққа: «атасының құны» болып, олжа болып еді. Біреу біреуге: «Соңынан қалмастай, атаңның құны бар ма еді?!» - дейді ғой. Сондай-ақ «атамның құны» болғаны үшін, жер-судан айырылып, қаңғып, қоныссыз жүргеніме ішім күйіп, өлсем ойымнан кетер емес. Баянаула тауын қалмақтан еріксіз алған Жасыбай мен Олжабай еді. Жасыбай өлді де, Олжабай қалды. Жасыбай асуының ауызына Жалаңтөс деген баласын қыстатып, Олжабайдың өзі «Ізбөшке» (Избушка) деген асудың ауызына қарсы қыстап еді. Дүние деген, шіркін, көшпелі екені осы екен! Қазақтың тұлпар мініп, ту ұстаған, кейінгі үрім-бұтағына олжа салған батыр ең! Ақырында мұжықтың поселкесінің аты болды. Ереймен тауын[да]: «Олжабай қаласы» атанған қала - сол Олжабайдың өлген жері. Мың сөзден – бір сөз. Ата-бабасының қаны қойдың қанындай ағып, алып берген жерінен үрім-бұтақ балалары көзінің жасын төге-төге қаңғып кете берді де, бет аузы түксиген, басы қуықтай бүріскен, к...ті ешкінің құйрығындай шүршиген бір жұрт иесіз жатқан жердей иелене берді. Қалмақтан қазақ алды қанын шашып, Бостан-бос ие болды біреу басып. Біз жүрміз қорлық пенен зомбылықта Асудан асқан сайын, жылап асып! Біздің бұл Сарыарқадағы қазаққа: «Қазақ, бізге бағын, қара! - деп, - ақ патшадан жарлық алып шықтым!» - деп, Иван Семен[ов]ич деген полковой келді. Сонда онымен талас қытайдан да елші келді: «Қазақ саған қарамайды, маған қарайды!» - деп. Ол екеуінен басқа қазақтың өз ішінен Кенесары, Наурызбай деген шықты. Онда олар айтты: Бағынба, қазақ, орысқа, Бағынсаң, қазақ, орысқа, Осы бастан амандас Сарыарқа деген қонысқа!

Береке кетер асыңнан,
Билігің кетер басыңнан!
Негеннен-неген күйерсің,
Күйдіруші табылып.

Көршілес жақын қасыңнан!
Қызығып турсың, байқамай,
Күйгеннен зарлап айтам-ай!
Көрінісі орыстың

Текеметтің түріндей!
Ойлағаны - жамандық,
Жарадан аққан іріңдей!
Абақты деген үйі бар

Қазулы даяр көріңдей!
Қызыл қарын жас бала
Обалына қаласың!
Кейінгі үрім – бұтақтан

Қарғыс бір нәлет аласың!
Ап кетейін бір жаққа
Соңымнан ерші, ерінбей!

Сол замандағы қазақ жақсылары кеңесті де, Кенесары, Наурызбайдың сөзін қостамады және қытай елшісіне сөйлеспеді. «Жерімізге тимесең, солдат алмасаң, саған қараймыз, -деп, - ғаділетшілігі бар, - деп, ақ патшаға өз ықтиярларымен қарап бағынды. Теріге жаздырып, уағда хат алды: «Қазақтың жер-суына залал қылмаймыз, солдат алмаймыз!» -дегенін жаздырып. Баянаула тауына Шоң биден сұрап, қала салды, Көкшетауға Уәли ханның тоқалы Айғаным ханымнан сұрап, қала салды. Әлхисса, Сарыарқаның пайдалы жерінің бәріне де қала сала бастады. Осы күнде байқап қарасақ, қазақты үшке бөлсең, бір есесі жоқ есебінде. «Ол қалайша жоқ?» - десең, қазақ жерін қала салумен бір алды. Онан соң «Бастықлардың уазифасы», -деп, ағашты, шабындылы жерлерді: «учаске войсковой» - деп ат қойып, ала берді. Қазақ өз жерін өзі тастап кетуге қия алмай, неше жыл «бозы менен көгіне» ақша төлеп, қысы жазы малының қорегі үшін сатылып, кедей болды. «Бүйтіп сатып жеп, қалайша күн көреміз?!» - деп, суырша жонға шығып, қыстап еді. Ол жан сақтап, күн көріп жүрген жерлерін мұжық келіп: «Егінге лайықты», - деп, ол алды.

Еркекте ақыл қала ма,
Өз қонысынан ауған соң,
Ұрғашыда ақыл қала ма,
Біреуден сауын сауған соң?!» -

дегендей, ақылдан айырылып қалып, шаруа - малынан береке қашып, оның үстіне алым, шығын, «земский сбор» - деген қабаттап, ел аралаған начальник, чиновниктердің жалдап мінген аттарының майын төлей алмай, қаңғып кетіп, Петрбор, Мәскеу барсаң, орыстың малайы - қазақ; Макаржи, Ірбіт барсаң, ноғайдың малайы - қазақ; Бұхар, Ташкент барсаң, сарттың малайы - қазақ. Сол малайлықта жалғыз – жалғыз болып кеткендер ауырса, сусын беріп кім басына жастық қойып, оған иман айтуға кім даяр тұрады? Өлсе, кім жаназа шығарады? Осындай кемшіліктен тірімізге - иман, өлгенімізге - жаназа жоқ болып, адам тәрбиесінен қалдық. Бір жерде бір қазақты мұжық атып тастаса, қазақ өлгенін қолына алып көміп, мұжық үйінде қаннен-қаперсіз (қаннан хабарсыз) тыныш отыра береді. Бір қазақты бір қазақ -орыс пышақтап жарып тастаса, қазақ - орысқа сот жоқ, көшеде ойнап-күліп жүре береді. Қазақта бір мақал бар еді: «Батыр деген де бір барақ, екі қатынның бірі табады. Би деген -ақ шариғат, ілуде бір-ақ қатын табады » - деуші еді. Сол айтылған билер: Ұлы жүзден шықты: Үйсін Төле би, Орта жүзден шықты: Арғын Тәйтеке би, Кіші жүзден шықты: Алшын Әйтеке би. Солардай әр таптан Құдай жаратқан билер шықты, ең ақыры кешегі Россияға қараған замандағы Шоң билер болды. Ол қазақтың ортасынан Құдай жаратқан билері бар заманында бұзықтық жоқ болды, ұрлық, қарлық, өтірік, өсек, дәнеме болмады. Талас, тартыс, дәнеме жоқ, халық қандай пейілді болды, «Қой үстіне торғай жұмыртқалаған» заман болды. Кеше Шоң деген кісі тоқты ұрлаған ұрыны тарттырып өлтіртті, төрт қари без ұрлағанды тарттырып өлтіртті. Жеті ұрыны бір көлдің басында тарттырып өлтіргеннен, сол көл «Ұрының көлі» атанды. Біздің қазақ бұл Россияға қараған соң, «болыс» деген, «ауылнай» деген шықты. Сонда: «болыс болдық», «ауылнай болдық» дегендерге заманындағы қариялар айтады екен:

Болыс болдым дегенше,
Орыс болдым десейші!
Ауылнай болдым дегенше,
Ауыл айналған ит болдым десейші! –

дейді екен. Сонан соң бұл болыс, ауылнайдың сайлауменен болатұғын болды, ол сайлау шарменен болатұғын болды. Сонан соң жұрт құрып, су түбіне кете бастады, су түбіне сол кеткеннен әлі кетіп бара жатыр.

ҚОСЫМША

ЖҮСІПҰЛЫ ЖОЛМҰРАТ

76 мәтін

МӘШҺҮР ЖҮСІП ӨМІРБАЯНЫ

Мәшһүрдің әкесінің шын аты - Көпжасар. Бір әкеден үш - төрт ағайынды туып, ішіндегі кіші қорашы болғандықтан, қазақтың әдетінде кенже туған құлынды, кенже туған қозыны: «көпей құлын», «көпей қозы» - деп айтатын, баланың да кішісін: «көпеш», «көпей» - деп атап кететіндіктен, «Көпжасар» аты қалып, «Көпей» - деп атап кеткен. Үш-төрт ағайындының ішіндегі кішісі, қорашы болған соң, «Кенже мырза» болып, салдық қылып, «мырза» атануға әкелері Сермұхаммед ақсақалда байлық жоқ, дәулеті кем, нашар болыпты. Мұнан кейін Көпей сопы бәрінің кішісі болып, әр сыбағадан кемдік көре берген соң:

— Бүйтіп қорлық көріп жүргенше, бір алыс жерге барып, оқу оқиын! - деп, 18 жасында өз үйінен өзі қашып, жапа-жалғыз жөнеліп, Қызылжар қаласына барды.

Осы күнгі Петропавлдың облыстық қаласы. Онда барған соң: «Оқу оқиын! » - деп, медресеге кіріп, молданың алдына біраз уақыт отырғаннан кейін, ауырып қалып, 4 -5 ай ауырып жатып жазылады. Үйден алған аз қаражаты жолда жүру мен ауырып жатқанда ұстаумен таусылып біткен соң, қайтадан қаражат тауып алу үшін, сол қалада туратын Ахмет жәудір деген ноғайға қара малайлыққа жұмыскер болып тұрады. Сол тұрғаннан мол тұрып, жалшы болсын, жақсы болсын, тетігі ноғайлардың қолында болып, ноғайлары босатпай, Бұхар, Ташкен, Түркістанға ұзын жолға да алып кетіп жүретін болады. Ол уақыттарда Бұхар, Ташкен, Қоқан Россияға бағынбаған, қарамаған күні. Орысқа қараған қазақ пен сарт жауласып тұрған кезі. Ташкен, Түркістан арасында сарттың «ақжалауы» [әскері - Е.Қ.] керуенді, бұларды қамайды. Заманында мақал болған: «Ақ жалау барда малым бар деме, Әзірейіл барда жаным бар деме!» - деген. Ол уақытта қазақпен сарттың өштігі сондай: қолға түссе, бірін-бірі өлтіру, талап алу. Сонда «ақжалаудың» қосының айтқаны:

— Араларыңда қазақ бар ма? «Осында қазақ Көпей деген саудагер бар!» - дейді. Қазақ Алтай Алдажұман Елікбайдың жүгі бар!» - дейді. Соны тауып бер, өзін өлтіреміз, жүгін талаймыз! - деп.

Бұл Ахмет жәудір ноғайлар да - мұндай қыларын біліп, Ташкеннен бері қарай шығарда Көпейге әйел киімін кигізіп, басына ақ жаулық салдырып, Ташкен шаһарының патша балаларына салдыратын шашты басына орнатып, ... түйенің үстіне отырғызып алған екен. Сонда Ақжалаудың қосынын шындап тінткендігі сондай, түйенің үстінде отырғанда, киімнің сыртынан ... былқ еткен соң және жаулықтан шашы бұрқырап көрініп тұрған соң, әйел екен деп, сонда тоқтапты, Құдай сақтап, астын ашып қарамапты. Ахмет жәудір деген ноғайды айбалтаның сыртымен бірнеше рет нұқып-нұқып жіберіп, қылышты тамағына таяп-таяп:

— Бауыздаймын. «Осында қазақ Көпей саудагер бар!» - дейді. Соны сен білесің, айт шыныңды, тауып бер жылдам! - деп.

Өлтіруге көнді, айтпады:

— Бар болса, өзің тауып ала бер! - деп.

Айтпаған себебі неге десеңіз, қазақ Көпей саудагер табылса, керуен таланса, ноғайлардың мал-мүлкі бірге таланады. Және де қимайтын қиын жолдас болғандықтан, сонан аман құтылып, Арқаға келіп, он сегізінде ноғайларға қолға түскеннен, 40 жастан асқанда, ноғайлардан рұқсат алып босанады. Ата-анасы өліп және бір ағасы өліп: «Үйі иесіз, жеңгесі жесір қалды» - дегенді естіп, туған жеріне, өскен еліне қайтпақ болып, ноғай байлары рұқсат бергенде, еншісіне, еңбегіне: «қоста қалған остатка еншің болсын!» - деп, қалған остатканы түгел берген. Сол жүрген бетінде өзінің еңбегі, табысымен қалың беріп, 40 жасында әйел алып, мұндағы туысқандарына келіп қосылыпты. [Мәшһүр Жүсіп сөзінен үзінді]: «Әкеміздің үйлі-баранды екі ағасы, бір інісі болған соң, қазақша: «Бай жігіт болдым!» - деп, жер-су алмақшы болып, Қаракесек, Сүйіндік арасынан Желтау, Шоқпардың маңайынан Күйеушоқының басында бір жаз жайлап жатып, үй-қора салып, пішен шаптырып, егін-жай қылмақшы болып, су ағызып, бір жаз ойына алғанын істеп, қолдағы сауда малынан жігі бөлек 100 сиыр, 400 қойды Қараөткел базарына айдап барып, арзан бағаға сатуға көзі қимай, қайтадан келіп, қарға салыпты. Біздің үш жасымыздағы «Тауықтың жұты» соғып, сиыр қотырмен алысып, қотырдан сиырдың күші аса алмай; қой аппақ қармен, боранмен алысып, ақ қар қойды жеңіп қырып, қырылып; жұтап, жылқы жонда жұтап, Күйеушоқының түбінде малдан тап-таза болып, күйеуше шоқиып отырыпты да қалыпты. Сонан кейін қыс ішінде Қызылтауға Ашамайтасқа көшіп барып, қалған қанша мүлікті Қаракесек Балықбай ешкімнен сұрамай-ақ олжаланып пайда қылып кетеді.» Бұл оқиғалары 1861 жылдың шамасы, Мәшһүр Жүсіптің үш жастағы күні. Бар малын «Тауықтың жұтына» беріп, Көпей сопы бір ат, бір сиырдан басқа малынан түгел айырылып, қыс өтіп, жаз шыққан соң, Қызылтаудан көшіп, Баянаула қаласына келіп орнығады. Мәшһүрдің үш жастағы күні. Көпей сопының Қызылтаудан Баянаулаға көшкендегі мақсаты: «Адамға - мал, дүние жолдас емес; ғылым жолдас екен! Бейнетпен жинаған көп малдан не пайда, қандай рақат көрдім?!» - деп, Баянауланы қалалы, кентті жер көріп: «Мешіт, медреселі жер ғой, молдасыз болмас, молда болса, оқусыз болмас. Мешіт, медресе бар жерді жағалап, өзім мешітте намаз оқып, Мәшһүрді, тілі шығып оқуға әлі келетін күн болса, оқу оқытайын!» - деген оймен көшіп келеді. Келгеннен кейін Баянаула қаласынан Захар Гришков деген қазақ-орыстың төрт бөлмелі ағаш үйін огородымен (абыротымен) түгел сатып алып, бұздырып, қаланың иығынан: «Мешіт салынады» - деген жердің қасына тасытып, қотарып салмақшы болады. «Тауықтың жұты» соғып, бір ат, бір сиырдан басқа малы жоқ, бала жас, қысқа қолды болып қалған адамға бір жыл, жарым жылдың ішінде бітіп-тына қою оңай бола қоя ма? Үйі салынып бітпей, арада бір-екі жыл уақыт өтеді. Қаладағы үйі салынып біткенше, екі -үш жылдай қаланың жел жағында, қалаға бес шақырым жерде Қызылағаш, Бұзаутас деген жерді қыстайтын: Асубай, Жұмабай, Садырбай, Сегізбай деген жатақтармен ауылдас болып, екі-үш жыл бірге қыстап отырады. Мәшһүр Жүсіптің жас шамасы бес жасқа жеткен болады. Мәшһүр Жүсіптің әкесі Көпей 18 жасынан 40 жасына дейін 22 жыл жат жерде барлық жас уақытты, қызықты өмірін жалшылықта өткізеді. 40 жасында әйел алып, үйлі-шаруалы болып, туған жері, өскен елі Қызылтауға келіп, туысқан-туғандарын әрең тауып қосылып, 4 жыл тұрғаннан кейін 45 жасында «Тауықтың жұты» соғып, Қызылтаудан көшіп, Баянаула қаласына келіп, үй сатып алып, мешіт, медресені жақтайлап, жақын отырып, жатақ жатып, «жатақ» атанып, сол тұрғаннан сол тұрып, Мәшһүрдің 1516 жасына дейін сол жағдаймен өмірін өткізеді. Оқуға қашып, ойға барып, Сырға барып оқымақшы болып, бар бітірген оқуы - хат танып, түркі тіліндегі мынадай шағын кітаптарды ежелеп әрең оқитын болады. Со оқитын кітаптарының аттары: «Сопы Алдияр», «Хикмат бақырған», «Фазайыл шуһір», «Зүбдәтіл», «Мәсәйіл» - осыларды ептеп қана ақырындап оқитындық білімі болған. Басқадай болған - толған, болыс, би болған, бай болып, еңбек қанаған жері жоқ. Қайта өзінің еңбегінен басқа біреулер пайдаланған жерлері болған. 46 жасында Баянаула қаласына [1863] келгеннен өзгермей қалған. Өмірін де сол Баянаула қаласында өткізіп 73 жас мүшелінде қайтыс болып, жұмысы бітіп, Баянаулаға қойылды. Қайтыс болған жылы -1891 жылдары. Мұның әкесі Сермұхаммед 70 жастан асып өліп, Қызылтауға қойылды. Мәшһүр Жүсіп те әкесінің жасы 73 жасында қайтыс болды. Баянаула тауының солтүстік жағы - Баянаула қаласынан 80 шақырым жерде. Өзі өтерінен 3 жыл бұрын зиаратын өзі айтып, өз көрін жасатып, үй салдырып, сол үйіне қойылды. Өзі тірі күнінде айтып күлдіретін: «Жетпіс үшке дейін - балталасаң да өлмеймін. Жетпіс үштен әрі - жетелесең де, жүрмеймін!» - дейтін. Айтқан сертіне жетті, планын дәл орындады. Айтқан сөзі айтқанындай шын болды. Өтірік бекер айтқан жоқ, тірі күнінде шыншыл еді, ақыры рас болды. Мәшһүрдің үшінші әкесі - Ақжігіт абыз 49 жасында қайтыс болып, Көкшетау бауырында: «Шүртік қарағай, Қыздың Қарасуы» - деген жерге қойылды. Төртінші әкесі Бесім ақсақал қартайып өліп, Ұлытаудың өре басына қойылды: Тілеуқабыл дарасының бас жағында, Ұлытаудың теріскей беті: «Бесімнің бес саласы» - атанған күндері болған. Өзінің тірі күнінде қоныс қылған жері, мекені болған үшін. Бесім, Ақжігіт, - бұл екеуі өздерінің айтуы, өсиеті бойынша қойылған. Бесім әкесі Тілеуімбет қазақ-қалмақтың жауласып жүрген уақыттарында 16 ұлымен Қарақалмақ - Қатысыбанмен соғысып, 16 ұлдың бәрі соғыста өлген. Бесім сонда бесікте қалған бала екен. Бесім ақсақалдың Ұлытауға қойылғанын, оның әкесі Тілеуімбеттің 16 ұлымен қалмақтан қырылғандығын Мәшһүр Жүсіп 1905 жылдары жазған: «Сарыарқа тарихы»[Әңгіме 1907 жылы басылған «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабы жайында болып отыр. - Е.Ж.] - деген үндеу сөзінде бір сөздердің қисынынан айтып кетеді. Мұнан басқа да Мәшһүр Жүсіп өзінің шыққан руы, туған қазақ, қазақ ішінде орта жүз Арғын, бері қарай өзіне дейін өлеңмен де айтып жазып кетеді. Мәшһүрдің ата-баба, түп тегі, шыққан табы, руы, жөні туралы білетін баяндауым - осы. Бұл жазылған сөздер қағаз жүзінен, көзбен, құлақпен ауызекі естіген сөздерім. Бұлардан басқа қағаз жүзіне жазылмаған әр түрлі тұрмыс оқиғалары, бұлардан басқа тап тартысына қатысқандығы, дін туралы, молдалармен күресуі, дін жұмыстарына көзқарастарының өзгерісі, дүниені өте сән ұстап, салқын қарайтындығы, осы сияқты жағдайларды істеген жұмыстарын көрсеткен еңбектері жазылды. Мәшһүр Жүсіптің ата-бабалары туралы өлеңмен сөйлегені. Бұл өлең қазақ халқының уақыттарында аты шыққан жақсылары туралы жазған шығармасынан үзінді: мына ең бастағы бір ауыз өлеңі Қажымұқан балуанға жазған шығармасынан үзінді:

Орта жүз: Қоңырат, Қыпшақ, Арғын, Найман,
Дүниенің төрт бұрышына қанат жайған.
Біздердің түп атамыз - ақын Құтан,
Деушіге: «Ақын болған Мәшһүр қайдан?»

Екінші бөлім: екінші түрде мынадай айтады:
Төрт арыс, Орта жүздің шын баласы,
Арқаның толған елге сары даласы,
Қарақожа бабамнан Арғын туып,

Дәулетке сондай толған айналасы.
Онан соң Мейрам сопы бабам өткен,
Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендікпен.
Бес бала Мейрам сопыдан туған екен,

Қаракесек - анасы басқа тектен.
Сүйіндіктен тарайды бір-бір санап,
Мәжік пенен Суғыншы, ер Шуманақ.
Бір халқым:Малай, Жәдігер жатыр өрде,

Туыпты Құлболдыны Құдай қалап.
Құлболды - сол бабамыз әулие өткен,
Айдабол, Күлік, Тұлпар онан біткен.
Жанболды Құлболдыны көп ренжіткен,

Жасы үлкен ағасы екен бұрын жеткен.
«Жанболдыға жар кешу береді!» - деп,
Ақбоз атпен сол ағып Сырға жеткен.
Күліктің ең үлкені - Тілеуімбет,

Қайратты, қайсар екен қайтпаған бет
Бір өзінен он алты ұл туып, өсіп,
Соғысып көп қалмақпен болыпты мерт.
Он ұлдың бәрін де қалмақ алған,

Мен өтірік айтпаймын, сөзді жалған.
Бесім, Қойтан, - екеуі тірі қалып,
Мінеки, біз солардан нәсіл қалған.
Ақжігіт сол Бесімнің бел баласы,

Толықсып бірдей өскен мал мен басы.
Екінші атам аты - Сермұхаммед:
Санжасар, Көпей, Мағрұб - өз баласы.
Дүниеден кім қалады өтпей, көшіп,

Құтыла алмас уақыттан жүрген тосып!
Солардың біз қалған бір жұрағатты:
Көпеев - фамилиясы, Мәшһүр Жүсіп, -

деп,ақын өзі ата бабаларының кім екенін, түбі-тегін, бірнеше ата-бабаларын - өзіне дейін өлеңмен де, қара сөзбен де толық жазып кеткен. Басқадан сұрайтын ештемесі жоқ.

Мәшһүр Жүсіптің ата-тегі, шыққан руы туралы түсіндірме Қазақ ішінде - Орта жүз, Орта жүз ішінде - Арғын. Арғын ішінде-Мейрам, Мейрам ішінде -Сүйіндік. Сүйіндік ішінде - Айдабол, Күліктің Күлігінен. Күліктен Мәшһүрге дейін жеті ата болып келеді. Бұл жоғарыда аттары аталған адамдарды, шыққан табы, туған елі, өзінің ата-бабалары екендігін Мәшһүр Жүсіп өзінің жазған шығармаларында, кейбір өлеңдерінде өлеңмен айтып, дәлелдеп беретіндігі бар. Өлең мынадай:

Біздердің арғы атамыз - ақын Құтан,
Деушіге ақын болған Мәшһүр қайдан?
[«Ақын Құтан» дегені Мейрам әкесі - Жолмұрат түсіндірмесі].

— деп ақын өзінің ақындығы, арғы бабалары туралы жазған. Бұл өлең 1925-жылы Баянаула қаласында Қажымұқан балуанға жазған шығармасынан. 1925 жылы Қажымұқан балуан Баянаула қаласына келіп, халыққа ойын көрсетіп, Мәшһүр Жүсіп те Қажымұқанмен алғашқы рет танысады. Бірі-балуан, бірі ақын, - екеуі бір пәтерде бірге жатып, танысып, Қажымұқанның көрсеткен ойындарының бәрін өлеңмен сөйлеген: ойын күнінің ертеңінде.

Мәшһүр Жүсіптің қай жылда, қай жерде туғаны туралы түсіндірме Мәшһүр Жүсіптің туып-өскен жері - Сарыарқа: Баянаула, Қызылтау деген екі таудың Қызылтауында қыс күнінде қыстауда, қазақша жыл аты «Қой» деген жылында, арабша: «Ережеп» айында, жума күні, түс, бесін уақытында 1858 жылында жалған жарық дүниенің жүзіне келеді. Туғаннан кейін сол уақыттың ғұрпы бойынша азан шақырып: «Адамжүсіп» - деп ат қояды. «Мәшһүр» - деген атты сегіз жасынан-ақ халқы сүйіп, сол күндегі Баянаула дуанының дуанбасы, халық ағасы болып тұрған Мұса Шорманұлы лепес қылып, қосқан. Ақын өзі «Мәшһүр» - деген аттың бұрынғы «Жүсіп» - деген атына қалай қосылғандығы себебін 46 жасында адамдардың мінездерін сипаттап сөйлеген шығармасында былай деп айтып кетеді:

Жасымда қойылған ат - Адамжүсіп,
Жұрт кеткен сүйгенінен: «Мәшһүр» - десіп.
Қолына қағаз, қалам алған шақта
Кетеді қара сөзге желдей есіп –

деп,халық ұнатып, көпшілік сүйіп қойған ат екенін өзі бірнеше шығармаларында жазып кеткен дәлелдері бар. Мәшһүрдің әкесі Мәшһүр туғаннан кейін Қызылтауға үш жыл қыстайды. Үшінші қысында «Тауық» деген жылы, 1861 жыл[ы] Сарыарқада, оның ішінде Баянаула, Қызылтауда қыс қатты, жыл ауыр болып, ел жұтап, төрт түлік малдары қыстың суық, қатты жел боран, қалың қар, жаңбыр аралас жауып, мұз болып, қыстың осындай түрлі апаттарынан қырылып, өліп, таусылып, Мәшһүрдің әкесі Көпейдің де малдары жұтап қалып, қолында бір ат, бір сиырдан басқа мал қалмайды. Мұнан кейін қыс өтіп, жаз шыққан соң, Қызылтаудан көшіп, Баянауланы қалалы, кентті жер көріп, Баянаулаға келіп орнығады. Баянаула қаласынан Захар Гришков деген орыстың үйін сатып алып, жаңа жерге аударып, мешітке жақын жерге салғызбақшы болады. Дегенмен қолда сома (сумма) жоқ, күш аз: бір ат, бір сиырдан басқа малы жоқ. Жұмыс істеп, қайрат қылып, күш көрсететін бала дейтін бар азамат баласы Мәшһүрдің үш жастағы күні. Сөйтіп қолдың қысқалылығымен сол үйдің орындалып, салынып болуы 2 -3 жылға дейін созылады. Үй бітпеген соң, қалаға қыстай алмай, қаланың жел жағында бес шақырым Қызылағаш, Бұзаутас деген жерді қыстайтын, руы Қаржас ішінде Сатылған деген таптан: Асубай, Жұмабай, Садырбай, Сегізбай, - деген жатақтармен 2 -3 жыл бірге қыстап отырады. Осы тұрмыс жағдайларымен Мәшһүр өсіп, бес жасқа жетеді. Мәшһүр Жүсіп осы сияқты бала күнінде тұрмыстан көрген кемдіктерін, Қызылағаш, Бұзаутасқа қыстағандығын өлеңмен былай деп жазады:

Жылым - қой, тауық жылы мен үш жаста,
Кәріплік (ғаріплік) бұл жалғанда біздің баста.
Айырылып ел жұртынан көшіп әкем,
Қыстаған Қызылағаш, Бұзаутаста.

Баянтау қаласына болдым жатақ,
Емес қой «жатақ» - деген - сол жақсы атақ.
Атасы басқа румен ауылдас боп,
Әртүрлі кішкентайдан көрдік шатақ, -

деп, ақын жасында көрген кемшіліктерін өлеңмен бірсыпыра толық дәлелдейді. Осы бес шақырым Қызылағашта қыстап отырып, Баянаула қаласында бала оқытып жатқан Нәжімеддин хазіретке Мәшһүрді оқытпақшы болып, қыстыгүні астына мінген аты - торы ат, артына мінгестіріп апарып бермек болады, «балам жас-ау, үй[ді] қия алмайды-ау!» -деген ойында дәнеме жоқ. Жалықпайтын жалғыз торының арқасына отырып, әкелі-балалы екеуі сондай жарасып, көрген жан таң қалып, таңырқанып күлгендей болып, буынып, түйініп, қысылып, қымтырылып, хазіреттің алдына келеді. Ол уақытта Көпей сияқты кедей, нашар адамның бір дуанның указной хазіретінің алдына келіп жетіп, оқуға баласын орналастырудың өзі қиямет күнінде қыл көпірден өткеннен оңай ма?! Әкесі Көпейдің мінген аты «Жалықпас торы» ат, артына Мәшһүрді мінгестіріп алып келіп, хазіретке таныстырып, тапсырып, онан басқа бір жақын таныс үйіне апарып, жатып-тұру, тамақ ішу жағдайларын тапсырып, Мәшһүрге де:

— Сен осы үйде қаласың, осы үйде жатып, оқу оқисың! - деп айтып, түсіндіріп, өзі үйіне қайтпақ болып, атына мініп, хазіреттің үйі тұратын үлкен көшемен ақырын аяңдап жүріп бара жатып, қаланың шетіне шыға беріп, көзінің жанарында сәулесіндей жалғыз баласы, көзінің ағы мен қарасы, өзі жас: бес-ақ жаста: «Қарағым қайтіп оқиды, үйренбеген жат үйде қалай жалғыз жатады? Кімге еркелейді?» - дегендей пікірлер ойына түсіп кетіп, іші бұрылып: «Әлде менің артымнан қарағым қарап тұр ма?!» - дегендей неше түрлі ойлар ойын толқытып қаланың шетіне шыға беріп, қимай мойынын бұрып, артына бір қарайды. Қараса, әлгі айтып келе жатқан жалғызы ақырын ғана аяңдап, томпаңдап, бүлк-бүлк жүгіре басып, осылай жүруден басқа еш нәрсеге әлі келмей, дауысын шығарып жылауға, иә болмаса дауыстап әкесіне тоқта деуге бата алмай, келе жатқан түрін көре сала, Көпей сопының ойына бұрынғы ата-бабаларымыздың мына бір өлең сөзі түсе кетеді: «Баланы-жастан, қатынды - бастан», Балаңды аясаң аяма; аямасаң ая» - деген мәтел сөзді ойына тоқып алып: «Мұны аяп қарағым, шырағым, айналайын, келе ғой деп алдыма алып, атқа мінгізсем, мінген бойымен еркелеп, үйге барар, оқу оқымас, үйден шықпас! «Үйде өскен бұзау өгіз болмас!» - деген оймен түсін суытып, ызбарланып, зілді дауыспен:

— Кейін қайт, қал, оқу оқы! Сені: «Оқысын!» - деп қалдырдым. Бағана айтқаным қайда?! -деп, бишікпен бір-екі рет жасқай, сипай ұрып, қорқытып, қайта кейін қоқайып айдайды.

Мәшһүрдің манадан: «Әкеме жетсем, торы аттың үстіне мініп, әкемнің алдына бір отырсам, жаяу жүріп шаршаған бейнеттен бір құтылсам!» - деп, лепіріп, ұрлап келе жатқан ойы, үміті бекер ойлағандай болып шықты. Жақсы көріп, асқар таудай көңіліне медеу, тиянақ, сүйеніш, пана көретін әкесі жақсы сөз, жылы жүзбен: «Кел, қарағым!» -деп, бұрынғыдай торы аттың үстіне мінгізіп, алдына отырғызуы былай қалды. Айдаһардай ақырып, түсін суытып, қабағынан қар жауғандай болып, онымен қойсын ба, арқасына бірер қабат ақырындап бишіктен сыбаға берді. Арқасына бишік тиген соң, бетін бұрып алып, келген ізімен қайта салып, бағанадан бергі шаршаған бүлкіл бүлкіл ме? Бүлкілдің үлкені сүлкіл жаңа болды: сәйгел қуған тайыншадай әкелі-балалы екеуі: бірі қуып, бірі қашып, бағанағы көрген медресеге жетіп келсе, үлкен қақпа жабулы тұр екен. Қақпаны ашатұғын шама қайда?! Қақпаның астынан еңбектеп еніп, жаны қалғандай болады. Енді қайтіп мұндай әкесінің соңынан жүгірмейтін болады. Осы көрген тұрмыстарын, бастан кешірген оқиғаларын, Мәшһүр өзін бес жастан бастап оқуға бергенін, сол уақыттарда, сол жастарында көрген кемшіліктерін - барлығын ақын өзі суреттеп, дәлелдеп өлеңмен жазады: Артына мінгестіріп алып келді, Бес жаста бес шақырым жерге берді. Ал, әкесі қайтқанда енді үйіне, Соңынан жүгірмей ме жас бала енді?! Атамыз дін жолына белін бұған, Бұл Мәшһүр сол секілді ерден туған. Көшенің қақ басынан қуғанынан Жеткенше медресеге атпен қуды. Басқа қамшы тиген соң жаман састым, Қорғалауға жер таппай, әлден қаштым. Медресеге қуып кеп бір-ақ тықты, Қайтып: «Әкем!» - деместей, амандастым. Ұмытпаймын: торы ат бар сонда астында, Атамыз шын ниеті дін қасында. «Кел, түйебас қылайық!» - деп, балалар, Біз жатамыз бәрінің ең астында, - дейді ақын. Сол кезде өзі жас, қасында өзінен басқа туысқан-туған, аға - іні, апа-қарындасы, жанашыры жоқ, көп баланың ішінде жалғыз. Олардың неше түрлі істеген келемеж, тәлкек -талқысына, ыза-қорлығына шарасыздан көнеді. Бұл кемшіліктер өзінің қылмысынан, иә бір пейілінен көрген емес, зеректігінен тапқан сазасы. Жазығы - нашар кедейдің баласы. «Болат пышақ қап түбінде жатпайды» - деген бұрынғының сөздері осындайдан айтқан сөз ғой! Өзінің жігер, талабының арқасында талай кедергі қиыншылықтың арқан жібін кесіп, оқып, адам білерлік те кісі болып шығады. «Болат майырылмайды, асыл жасымайды, қайратты қажымайды» - деген сөзді растайды, танытады. Нәжмеддин (Нажмалдин) хазірет Мәшһүрді алдына отырғызып, «Агузы бисмилланы» айтқызып, оқытып көрген жерден әкесі Көпейге айтады:

— А, сопы, балаң Бұхарай - Шәріптің баласындай екен. Ана отырған балалардың оқып отырғанын естумен біліп, көрумен танып кететін түрі бар. Бұрынғы ата-бабаларымыздың айтқан сөздері бар еді: «Шар кітапты оқысаң, әр кітапты оқырсың!» - деген. Бұл баланы Шар кітаптан бастап жатқа қақсатып қояйын! - деген соң,

— Құп болады, тақсыр, - депті.

Шар кітаптан бастап оқытып, өзі парсы тілінде, парсы кітап не үйретсе, мәнісімен қоса үйретіп, жатқа айтқызып, жатқа дағдыландырып, не естіген, білгенінің бәрін түгелге жаттап, дағды алатын болады. Оқуға өте зерек, ұғымды, бір сөзді екі айтқызбайтын өткір болады. Сонда бастап оқытқан кітабының аты: «Шар кітап» және «Михат» оқығаны былай тұрсын, барлығын бастан-аяқ мәнісімен жаттап алып, өлеңдей жатқа соғып, қоя беретін болады. Жас күнінен парсы тілін оқығаннан парсы тілін өзіміздің қазақ тілінен артық білетін болған. Араб, парсы, шағатай, түркі тілдерінде өте жетік болғандығын Мәшһүр Жүсіп өзі өлеңмен былай дәлелдейді:

«Мә» - ні оқыған жоқ менен басқа бала,
Араб, парсы, - өлеңдей жатқа және.
Самардай қақсағаным - бар жазығым,
Үш жылдай жер аударды ата - ана.

Ақын бұл өлеңде өзінің жоғарыдағы айтылған тілдерге жетік екенін, өзінің өткір, зейінді, ашық пікірлі болғандығын көрсетеді. Ата-анасының: «Оқу оқысын!» - деп, баласынан келешекте үміт күтетін болғандықтан, үйге отырғызбай, оқыту үшін, жастығына қарамай, басқа жерде басқа ауылдарда бала оқытып жатқан молдалар болса, бес жасынан бастап дамыл бермегендігін айтады. Мәшһүр Жүсіп өзінің жігер, қайрат, талабы, талантының арқасында бес жаста он жастағы баладай болып, өзінен бірнеше жас үлкен балалардың не істеп, не қойғанын, не оқығанын біле бастайды. Бес жасында ата-анасынан бөлініп, бөтен жерге, бөтен үйге жатып - тұрып, киер киім, ішер ас, жатар орын, - әр түрлі кездескен кемшілік жағдайлардың қиындығы - кедейдің баласы. Үш жасында «Тауықтың жұты» соғып, бір сиыр, бір аттан басқа малдан тақыр-таза болып қалған кезі, қанша бапты болады?! Жыртық көйлек, шоқпыт шапан, жабағы бөстек төсек..., қатқан қара нан, тостаған толмаған шикі көже, - осылардың өзі тарықтырмай табылып тұрса, жалғанның жарым ырысы емес пе?! Мәшһүр Жүсіп осы сияқты көрген кемдіктері тұрады өлеңмен былай деп жазады:

Алды-артымда серік жоқ, жалғыз өстім,
Бес жаста кәріптікке (ғаріплікке) тұтқын түстім.
Жаға кір, [жоқ] атаулы бізде қонақ,
Жең дал-дал, түте-түте болып өстім.

Ac келмейді алдыма толық аяқ,
Бес пен алты, жетіде жүрдім саяқ.
Қайда басы құралған көп баладан
Тойып жүрдім жеуменен күнде таяқ, -

деп, ақын бала жасында көрген қандай кемшілігін өз аузынан толық дәлелдеп береді. Сөйтсе де осындай кездескен ауыр тұрмыс, қиындықтың бәріне де көніп, қажымас қайрат, жалықпас жігер, өткір зейін, күшті сезімнің қуатымен бәрін де жеңіп, оқи береді. Мәшһүр мұның бәрінен қиын нәрсе - өзінен үлкен көп балалардың қағу - соғуы, ұрсу, зекіруі сияқты тәлкегі, талқылары қиын болды. Басқа көп балалардың Мәшһүрге өшігуі себебі -Мәшһүрдің зерек, зейінді, ұққыш, ұғымдылығы, олардың ұқпағанын ұғып, білмегенін біліп, сайрап айтып беретіндігі. Хазірет, халфелері оларға ұрсады. «Анау отырған Көпейдің бес жастағы баласы құрлы дәнеме ұқпайсындар!» - деп ұрсатын болғандықтан, оқудан босанып, далаға шыққан уақыттарда медреседегі балалар түгел Мәшһүрдің соңына түседі: «Осы-ақ бізге бір пәле болды: қарғадай қақылдап, сырнайдай тақылдап, білмейтіні жоқ, самардай қақсайды да отырады!» - деп, ұрысқаны ұрсып, ұрғаны ұрып, жекіп, нұқып, «ақ түйебас» аунатып, домалатып, қолдарынан келген мазақ, келемеждерін түгел көрсетеді. Кейде жылатып, кейде қинап, басынан - мәути, құлақтан ұшыр алғызу мен зорлық, қорлық, - бәрін көтеріп, бес-алты жастың қызық шағын осылай басынан атқарады. Келесі жеті жастың дәуірі де осы жобамен і орындалады.

Мәшһүрдің балалық шағы: 5 -6 жастарының шамасында оқылатын
оқуларының оқыту әдістері

Ол уақыттарда жас балаларға әуел бастап оқуға түскенде, әліф, әбжат, иман шарт, еже, сүре - деген оқуларды бастап оқытады. Бұл оқулардың кітап болып басылып шыққаны балаларға жеткіліксіз болғандықтан, «әліф», «әбжат» - деген оқуларды хазірет, молдакеңдер өз қолдарынан жазып, жас балалардың қолдарына бір-бір парақ қағазға жазып ұстатып, арабтың жиырма тоғыз әрпін[ің] (харпын) жеке-жеке таңбаларын бірін төмен, бірін жоғары - қайқайтып, еңкейтіп, оның үстіне ноқат, үтір, секін, тәшдит, - асты, үсті дегендерді қабаттап, жас балалардың басын қатырып, миын шатастырып, балалар оқуға ынталанып, талаптанып, көңілденіп, қызығып оқудың орнына жиреніп, жалығып, көңілсіз, еріншек болады. Оқыту әдістері осындай ауыр болғандықтан, «әліф», «әбжат» -деген оқуларда балалар екі-үш жыл уақыт өткізеді. «Еже, сүре» - деген оқуларда тағы бірнеше жыл уақыт кетеді. Мәшһүр Жүсіп бұл оқуларды оқымай біліп, оқи алмаған, ұға алмаған, біле алмаған балаларға мынадай тақпақ жазады, оны оқытушы қожа, молдаларды да қоса жамандайды:

Әліппе мен әбжат,
Қарамаймын әрмен жат.
Әптиек пен иман шарт,
Сені оқытқан қожа сарт.

Ұға алмасаң, балалар,
«Басқа келген пәледен

- деген құлақ садаға!»

Зекеті оның тулақ шарт, деп, тақпақтап жүріп, бес жас пен алты-жеті жас - Баянаула, Қызылтауда өткізеді. Қызылтауда Төртуыл халфеден бір қыс оқып, Дұржанбай молда, молда Бибі - деген бір әйел молданың езбе мылжыңдарымен жүріп, 2 -3 жыл өмір өткізіп, бірде қатты, бірде тәтті, бірде бар, бірде жоқ, бірде аш, бірде тоқ, «өгіз өлмес, арба сынбас» - деген жағдаймен уақыт өткізеді. Бұл екі-үш жылдың ішінде кездескен түрлі бейнеттерге қажымай, жалықпай, өз қатарындағы балалардан жеке қара артық, озық болып оқиды. Ақылды, алғыр, ұғымды, өткір, зейінді болады. Жоғарыда айтылған бес жастан бастап көрген ауыр бейнет пен екі-үш жыл өмірін өткізіп, сегіз жасқа жетеді. Сегізден тоғыз жасқа қараған уақытында Қамар хазіретке кездеседі. Қамар хазіреттің түбі - тегі - Кіші жүз ішінде Бөкейлік руынан. Жас күнінен Бұхарай - Шариптен оқып, дін ғылымының бірсыпырасын бітірген адам. Уақытында Бұхарада «үштің бірі» болып, дәм бұйырып, Арқаға келіп, Орта жүз ішінде Ақмола облысына қараған Қыпшақ: Жар ауылдарында бірнеше жыл тұрып, Керей дуанбасы Тұрлыбектің қолында бірнеше жылдар тұрған. Онан кейін Омбы облысында «Областной ахон» - болып тұрған уақытында Мұса Шорманов дуанбасы болып, Омбыға барып, губернатор, князьдарға жолығып, таныс болып жүріп, аузы жеткендіктен, Баянаулаға сұрап: «Біздің Баянаула халқында дін жолын, дін ғылымын үйрететұғын жақсы ғалым жоқ!» - деп, сұранып, губернатордың бұйырып жұмсауымен дәм-тұз топырағы тартып, Баянаула қаласына келіп тұрған. Қалған өмірін Баянаула қаласында өткізді. Қамар хазірет сол уақытта Баянға келгенде, 59 жасында семьясындағы бар жаны төртеу: әйелі - Бибі Мариям, еркек баласы: Әбдірахманмағзум, қызы - Хуршидмаһи. Қамар хазіреттің Баян қаласына келген жылдары - 1866 жыл, Мәшһүрдің сегіз жастағы күні. Қамар хазірет алғаш келген жылы оқушы балалар жиналмай, медреседе ол жылы бала оқытпайды. Ол жылы Баянаула қаласында жай қыстап тұрады. Мәшһүрдің әкесі Көпейдің: «Қамар хазіреттей молданы Құдай қайдан қолға бересің?» - деп, көктен тілеп отырғанда, іздегенін Құдайы жерден берген соң, көп кешікпей апарып, Мәшһүрді алдына отырғызады. Ол жылы хазіреттен үш кісі оқиды. Біреуі - Құлболды ишан баласы Фазылмагзум, біреуі хазіреттің өз баласы, біреуі - Мәшһүр Жүсіп. «Осы үшеуі Дұржанбай молда, Төртуыл халфе, молда Бибі, - олардың: «Әліпбиін», «Еже» сүресін тауыстым ба?» -деп жүргенде, «Алдыңнан әлхам шықсын!» - дегендей, өмір бойы таусылмайтын бір «дөйдөйге» жолығады. Мәшһүр Жүсіп енді оқуға да, оқытушыға да жариды. Тұнып жатқан бұлақтың көзі ашылып, ағатұғын мезгілі жетті. Мәшһүрдің ұқыпты, ұғымды, құлықты... өткір зейін, тапқыр ойының арқасында хазіретке сондай жағымды болып, хазірет өз баласынан кем көрмейтін болады. Мәшһүр де өз әке-шешесінен артық сыйлайтын болып, екеуінің ықыласы, махаббаты (мұхаббаты) сондай тәтті болғандықтан, бұрын көрмеген, білме - ген адамдар: «Хазіреттің өз баласы екен!» - деп ойлайтын болған. Ол уақыттарда Сарыарқа, Баянаула төңірегінде қолжазбамен жазылған, яки баспаға басылып, халық арасына түгел тарап баспақшылардың жетпеген аз кезі. Бұрын бұл жақта естімеген, көрмеген төрт түрлі өлең қиссалар хазіреттің үйімен бірге келеді: «Қозы Көрпеш, Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Төрт жігіттің өлеңі», тағы бір қиссалар бірге келеді. Бұл қисса өлеңдерді Мәшһүр Жүсіп көргеннен-ақ жазып алып, жатқа айтып, тоғыз жастағы күні сырнайдай сылдырлап, бұлбұлдай сайрап, мөлдіреп аққан бұлақтай қайнап, естіген тыңдаушыларының құлағының құрышы қанып, ауыздарынан сілекейі ағып, таңырқанып,тамсанып, ықыласы мен алғысын, баталарын береді. Мұнан кейін үлкен-кіші, еркек-әйел, жас-кәрі, - көрген жан бәрі тамашалап, сөз қылып, дулап-шулап: «Көпейдің бір баласы - сайрап тұрған бір бұлбұл. Сөйлеген сөзі, айтқан өлеңі кісінің мейірін, құлағының құрышын қандырады. Ағып тұрған бұлақ, жанып тұрған шырақ!» - деп, көрген, естіген жанның бәрі біреуден-біреу естіп, көрмеген адамдар көруге құмар болып, сегіз - тоғыз жасында-ақ көрген жанды магниттей лебі тарта бастайды. Басқа балалардың әке-шешелері балаларына үлгі-өнеге қылып, айтатын болады: «Ана Көпейдің өздеріңнен кіші жас баласы құрлы дәнеме ұқпайсыңдар. Сондай неге болмайсыңдар?! - деп, үлгі-өнеге қылып айтады. Сол уақытта жас бала болса да, жас бала демей, тоғыз жастағы баладан тоқсандағы қариялар қызық көріп, баласынбай, көңілге алып, көзге іліп, құлақ салып, айтқан сөздерін тыңдап, үміт күтетін болады. Сол уақыттарда Мұса Шорманұлының Баянаула дуанына қараған халыққа аға сұлтан дуанбасы болып тұрған күні екен. Бір күндерде Баянаула қаласына келіп, бірнеше күн жатып, Қамар хазіреттің үйіне келіп, хазіретке сәлем беріп, амандасып, қонақ болады. Қасында бірнеше адамдары бар, әңгіме мәжіліс құрады. Сөзден сөз шығып, біреуден-біреу естіп, Мұса дуанбасының құлағына естіліп: «Осында Көпейдің бір кішкене баласы бар. Білмейтін сөзі, айтпайтын өлең, қиссасы жоқ, сайрап тұрған бір бұлбұл!» - деген сөзді естіп, бір Мұса емес, бірнеше адамдар біліп: «Ол баланы шақыртып алғызып, өзін көрейік, сөзін естиік!» -деп, сол мәжілісте Мәшһүрдің әкесі Көпей де бірге отырған екен. Ол кісі жылы жүзді, жұмсақ сөзді, таза құлықты болғандықтан, уақытындағы қариялар ол кісіні: «сопы» - деп айтысады екен. Мәшһүрдің әкесі Көпей сопыға Мұса дуанбасы айтады:

— Сопы, сіздің бір балаңыз: «Әңгімешіл, қиссашыл, өлеңді, қиссаны жақсы айтады» -дейді. Сол балаңызды алдырсаңыз қайтеді? Өзін көріп, әңгімесін тыңдайық! - деген соң, Мәшһүрді шақыртып алғызады. Келген соң Шорманұлы дуанбасы Мұса Мәшһүрге қарап:

— Шырағым, бері кел, мына жерге отыр, - деп, өзіне жақын тор алдына отырғызып, -шырағым, Жүсіп бала, сені: «Жақсы өлең, қисса біледі!» - дегенмен шақыртып алғыздым. Кәне, қандай өлең, қандай қиссалар білесің? Білгендеріңді айтшы! - дегенде.

Мәшһүрде тоқтау, жалығу, еріну, мүдіру, кідіру болмайды. Жарық шамдай жайнап, мөлдіреп аққан бұлақтай қайнап, тасыған судай төгілдіріп, маржандай тізілдіріп, бұлбұлдай сайрап, тыңдаушылардың көңілі әбден жайрап, таңырқантып, тамсантып, мейірлерін қандырды. Мұса мырза бір дуан елді ауызына қаратып, бойын меңгеріп, тегін меншіктеп жүре ала ма?! Ел сыярлық, ер сынарлық, ел ұстарлық өнер-білімі, ақыл-айласы болғандықтан, «Мұса мырза!» - атанбақ қой! Сол мәжілісте Мәшһүрді шын көңілімен, сын көзімен қарап, сынап, ұнатып, сол мәжілісте болған көпшілік алғыс айтып, Мұса мырза Мәшһүрдің әкесі Көпейге айтады:

— Сопы, мына балаңа мұнан былай бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен! - деп лепес қылған екен.

Бұрынғы «Жүсіп» - деген атына «Мәшһүр» - деген аттың алғаш қосылуы Мұсаның: «Мәшһүр» болады дегенінен соң-ақ «Мәшһүр» аты қосақтала бастайды. Міне, бұрынғы ата-бабаларымыздың: «Жақсы лепес - жарым ырыс!» - деп айтатындығы осындай сөздерді айтады. «Мұса мырза Мәшһүр болады, Мәшһүр деп атап кетті!» - деп, көпшілік: «Мәшһүр бала» - деп атай бастаған. Бұрынғылардың үлгі сөзі: «Жорға -жүрісінен пұл болады. Жаман жүрісінен құл болады» - дегендей, жүрген жүрістен, тұрған тұрыстан, сөйлеген сөзден, мінез-құлқынан адам баласы көп алдында сыналмақ. «Көптің алды - құрған тез. Көптің ауызы - Құдайдың қаламы» - деп те айтады. «Мәшһүр Жүсіптің басындағы тақиясына қадаған үкі[ні] не себепті таққан?» - деушілерге жоғарыда айтылған мәжілісте Мұса:

— Мұнан былай балаңа үкі тақтыр! - деп, Көпейге айтқан соң, сол мәжілісте-ақ хазіреттің бибісі Мария өз қолымен жалғыз қызының басындағы бөркінің қадаған үкісінен бір шоқ үкі алып:

— Қарағыма ырымды, құтты болсын! - деп, - Мырзаның лепесі, көптің батасы қабыл болсын! - деп, таққан екен.

Үкі тағылу себебі, «Мәшһүр» - деген аттың қойылуы, - екеуі бір мәжілісте бір адамның айтқан лепесінен тағылған, аталған. Бері орта жасқа келгенде, бұрын көрмеген, мән-жайын білмеген адамдар:

— Басыңыздағы үкіңіз не, неге тағасыз, себебі не? - деп сұраушыға беретін жауабы:

— Үкіні неге тағады, білесің бе? Жүйрік атқа тағады, қыран құсқа тағады, сұлу қызға тағады. Мені өзің солардың біреуінен кем деп отырсың ба?! Сегіз жасымда Мұса мырза:

«Тақ!» - деп, лепес айтқан үкім,
Мариям анам өз қолымен таққан үкім!
Таңырқап, танымайтын - жек көрсе де,
Басыма бақ құсындай жаққан үкім! –

деп, жауап беретін еді. Бұл уақыттары Мәшһүрдің сегізден тоғызға аяқ басқан шағы. Мәшһүр Жүсіп өзі осы жоғарыдағы айтылатын уақиға жағдайларын өлеңмен былай деп сипаттап жазады: Нұр болғыр жатқан жайың, қайран Мұса, Балалар, шамаң келсе, маған ұқса (ұса)! Жазылған хат жүзіне өлеңменен Қазаққа еш (һеш) болмаған өлең-қисса. «Тарғын» мен «Қозы Көрпеш» шықпай ма енді, Кім білген оқып бұрын мұндай тілді?! «Өлеңі төрт жігіттің» - қосақталып, Хазіреттің үйіменен бірге келді. Көргеннен оны Мәшһүр жазып алды, Соқтырып жұрт алдына жатқа салды. Аузынан сілекейі шұбырумен Тамаша естіген жан аң-таң қалды. «Сөйле!» - деп, ұмтылып тұр біздің өңеш, Тілім тағы тақылдақ, көмес емес. «Көпейдің бір баласы қақсап туған», - Деп сол күн жұрт аузында болдым кеңес. Бес жаста қалам ұстап жаздым хатты, Бұ дүние тастай маған келді қатты. Сегізден тоғызға аяқ басқан шақта Мұса еді қосақтаған «Мәшһүр» - атты, - деп, ақын бес жасынан бастап бес шақырым жердегі оқуға бергенін, сол уақыттарда көрген жақсы, жаман бастан кешкен уақиғалары тура[лы] жазған шығармасында түгел айтып, толық көрсетеді. Сегіз-тоғыз жасарында Баянаула қаласында Қамар хазіреттен оқиды. Үшінші жылы хазіреттің үйін Шорманның Мұстафасы болыс, Мұсасы дуанбасы болып тұрған күні өз қолдарына көшіріп алады. Хазіреттің үйі сол барғанында олардың қолында екі-үш жыл тұрады. Тағы да Мәшһүрді әкесі бес жасында бес шақырым жерден оқуға оқытқызады. Енді Мәшһүр өсіп, он жастағы азамат болған шағында бес күндік жерге апарып беруге еріне ме, бір көк қасқа құнанға мінгізіп, Шорман ауылындағы хазіретке тағы алып барады. Хазіреттен басқа молда Жүніс деген өздерінің бұрыннан меншікті молдасы бар екен: ауыл аймағының ұсақ жас балалары сонан оқиды. Мәшһүрге Баян қаласындағыдай хазіретті жеке меншіктеуге болмады. Хазірет бір күн бар, бір күн жоқ, бір күн аста, бір күн тойда. Хазіреттің улы жиырма жастағы күні, ол Шорманның көп мырзаларының тобына араласып, кетті. Баянаула қаласындағы екі-үш жыл сабақтас, жолдастықты ұмытып бара жатқан тәрізді болды. Хазіреттің әйел баласы Хуршидмани құрдас, замандас болғанмен, ұл мен қыз бірге жүре ала ма? Жасынан бұралқылыққа үйренген Мәшһүр Шорманның көп тобының ішінде жалғыз қаңғиды. Кейде молда Жүністің алдына барады. Барғанымен оған көңілі толмайды. Қамар хазіреттен екі-үш жыл үйренген оқумен молда Жүністің де, шәкірттерінің де ауызын аштырмайды. Көп шәкірттермен арасында егес, ерегіс болады. Көп балалар оқудан молданың алдынан шыққан бос уақыттарда ұйымдасып алып, Мәшһүрді жалғызсыратып: «Қойға кірген ешкідей «Ақтүйебас», ал төбелес қылайық!» - деп, қолдарынан келген келемеж, мазақтарын істейтін болды. Сол уақыттарында жас шағында осы сияқты жеке жалғыз жүріп көрген бейнет, кемшіліктерін ақын өзі өлеңмен толық дәлелдеп жазады. Бұл өлең өзінің бес жасынан бастап, оқуға берілгеннен баяндап жазған шығармасынан өз қолжазбасында 500 жолға жақын.

Қыс өтті, жер жібіді, жердің үсті,
Қаладан хазірет үйі елге көшті.
Мұстафа-болыс, Мұса - дуанбасы,
Шорманның ордасына барып түсті.

Дүниеде табылған соң мұндай молда,
Атамыз не сақтасын бізді қолда?!
Бір көкқасқа құнанға мінгізді де,
Апарып тастап кетті тағы сонда.

Мұстафа Шорманұлы өзі болыс,
Ұстаған молдасы бар: молда Жүніс.
Күтуге хазірет үйін міндеттеніп,
Бір жазша іргесінен берген қоныс.

Хазіреттен оқымайды ұсақ бала,
Бала жоқ менен басқа бөтен және.
«Мұқтасар», «Шар Хабдолла» - қоса оқимын,
Оны місе тұтпаймын, деп: «Аз ғана!».

Хазіреттің он жас үлкен ұлы менен,
Және артық қадір құны пұлы менен.
Шорманның көп тобына қосылған соң,
Мен қалай бір жүре алам оныменен?!

Мәшһүрдің жас шамасы тоғыз кезі,
Менімен түйдей құрдас жалғыз қызы.
Ұл мен қыз бірге жүріп көрген бар ма,
Қаңғыды тағы Мәшһүр жалғыз өзі.

Үй тола бала оқытқан молда Жүніс,
Барады қаңғып Мәшһүр қылып жүріс.
Барғанмен онда бейжай (мей-жай) отыра ма,
Шықпай ма айтысумен жанжал керіс?!

Ауызын: «Ә!» - дегізіп аштырмаймын,
Айтысуға келгенде, бастырмаймын.
Хазіреттен естіп-білген жат сөзбенен
Бала түгіл, молдасын бастырмаймын.

«Әй, сені ме?» - деуменен кіжінеді,
Мәшһүрдің өзі не еді, сөзі не еді?
Тамам бала оқудан шығып алса,
Жазған Мәшһүр тапталып езіледі.

«Ал, қылайық, - деседі, - ақ түйебас»,
Мәшһүрдің бір шықпайды көзінен жас.
Ең аяған астынан тұрғызып ап,
Бар болған болысқаны:

«Ал - дейді - қаш!»
Маған сонда жоқ шығар тимеген қол,
Мұстафада бықыған ұл мен қыз мол.
Бір Ақбура, хазіреттің малшысы бар,

Адамзатта аяйтын жалғыз - ақ сол!
Мәшһүр Жүсіптің 10 жас шамасында істеген күлдіргі сөзі

Баянаула қаласының мешітінің азаншысы кәрі, өзі көксау, ноғай азаншы болады.Намаз уақыттарында мешіттің мұнарасынан шығып, азаншы азан шақыруға барған уақыттарында Мәшһүр Жүсіп азаншыға көрінбей, жасырынып барып, азан шақыру айғайына кіріскен уақытта Мәшһүр Жүсіп артында тұрып азаншының үстіндегі шапанының артқы өңіріне екі жанына тұрған жеріне түкіріп, сіңбіріктерін білгізбей жағып қояды да, ол азанын айтып болмастан бұрын түсіп шығып кетіп жүреді. Осындай бірнеше рет келемеж істейді. Бір күндерде азаншы сезіп қалып, Мәшһүрге ұрсады:

— Сен неге менімен ойнайсың, мұнараға неге шығасың? - дегенде, берген жауабы:

— Сіз өзіңіз айтасыз ғой: «Азан шақырғанның сауабы зор, азан шақырған адамның денесі тозаққа күймейді!» - деп. «Сіздің денеңіз тозаққа күймейтін болса, азан айтқан уақытта мен де сізбен бірге тұрсам, менің де денем тозаққа күймейтін болар», - дедім.

— Ой, ақымақ, мен саған осы жерде тозақ бар деп қашан айттым?

— Ой, тақсыр, әнеугі жума күні біздің үйден шай ішіп, атам - мен әңгімелесіп отырғанда, тағы өзіңіз айттыңыз ғой, ұмытып қалдыңыз ба? «Азан айтқан адамға азан дауысын естігенде, періштелер рақмет айтады?» - деп. Мен сонан бері ойлап жүргем: «Сіздің періште бар шығар. Азан айтқан уақытта сізге періштелер көрініп тұратын шығар. Мен де сіздің артыңызда бұғып жақын тұрсам, көремін бе?» - деп ойлаған едім.

Азаншы мұнараның полында, аяғының астында былғаныш қақырық - түкіріктерді көріп:

— Мына жерге неге түкіріп былғайсың?! - дегенде,

— Ой, ата, наныңыз: мен түкіргенім жоқ. Мен қақыратын - жөтел ауруым жоқ қой!

— Енді сенен басқа адам жоқ, шайтан түкірді ме?

— Періштелер түкірген шығар.

— Ей, ақымақ, күнәға шомдың, тәубе қыл, тәубе!

— Тақсыр, олардың аузы жоқ бола ма? Лакен адам секілді түгел, енді қалай болушы еді?

— Ей, ағымағы, пышыратмаң, шашмаң иап ағызыңны!

— Менің ауызым да, айтқан сөзім де, - бәрі сізге жаман болды ма?

— Ей, ақымақ, саңа (саған) сөйлесіп болман. Ғалымдығы шонтах, ғамалы шайтан дүр, пиғылдары айтқан сөзлерінің жалған дүр. Тез өтің, жоғал, кетің, кетің! - деп кетіреді, мұнарадан түсіреді.

Мәшһүр Жүсіптің 9 -10 жастарының шамасында өзінің әкесіне айтқан
күлдіргі сөзі

Мәшһүр Жүсіптің 9 -10 жастарының шамасында әкесінің ме - кен қылып, көшіп, қонып, жайлап, қыстап жүрген жері - Баянаула тауының Баянаула қаласының маңайы. «Ертегі байсыз бол - майды, тау сайсыз болмайды» - дегендей, тау болған соң, көшіп, қонып жүретін кезең асу дараларында құз, қия, қиын қыспақ, ойлы-қырлы, кедір-бұдыр жағдайсыз тасты жерлер де кездеседі. Қыс күндерінде Баянаула қаласына қыстап, жаз күндерінде малдың жайылымы, шаруаның жағдайы үшін тау саласын саялау үшін, «Шаруа көшсе, байыйды» - деген әдетпен көшпелі қазақтың баласы жаздың жақсы жылы күндерін көшумен, әрбір жаңа қоныстарға қонумен өткізеді. Осындай көшіп, қонатын жағдайлары бір кездесіп Баянауланың 4 -5 үй жатақтары бірлесіп, біреуі Көпей, соның үйі Баянаула тауының «Жасыбай асуы» - деген асуынан асып барып, таудың ар жағына жайламақ болады. Асудың қиын-қия, тасты жерлеріне келгенде, жүкші көліктер жүктерін өрге қарсы тарта алмай, жүктері көліктерімен ерегіскендей кейін қарай тартып, жібермей, көліктер жүктен көштері аса алмаған соң, шегініп, шалқалап, қиқаңдап, жүрмей тұрып алады. Көпей сопы көштің басшы ақсақалы жер жүзіндегі барлық әулие-әнбиеден, аруақ-пірлердің аттарынан түк тастамай, сыйынып, жәрдем, медет сұрап, қолына таяғын алып, тіреніп, өрге қарай тырмысып, ең алдыңғы тұрған аттың басын жетектемекші болып, шылбырынан ұстап:

— Иа, пірлерім, медет бере гөр! - деп, тарта бергенде, жүгі кейін тартып, өзі жүргісі келмей тұрған ат: «Сенің жетелегеніңе жүргім келмейді!» - дегендей, шегініп, шалқалап тартып қалып, Көпей сопыны жақсылап тұрып жамбасынан жатқыза жалпақ тасқа келістіріп бір соғады. Сонда Көпей сопының қасында көмектесіп, көлігін айдасып жүрген азаматы, тұңғыш баласы Мәшһүр Жүсіп 9 -10 жастағы кезі. Әкесі жығылып жатса, қасындағыларға қарап күліп:

— Әкемнің медетін қара, медеттердің қолдағаны қызық екен! Жалынып, жәрдем сұраған кісіні тар жерде тасқа жығып құлатады екен-ау! - Мәшһүр Жүсіптің әкесіне айтқаны: -Әке, пірлеріңіздің медеті тіпті күшті екен: тар жерде сүйеудің орнына оңдап жықты ғой өзі! - дегенде, Көпей сопының кісі сөзіне ашуланбайтын мінезінің жұмсақтығы сондай:

— Ой, аузыңнан ғана айналайын: айтсаң, айтқаныңдай болды - ау! - деп күлгеннен басқа бөтен ешбір сөз айтпады, - деп ақын жасында көрген бейнеттерін өз қолынан жазып кетеді.

Бұл жүріспен сол ауылда екі-үш жыл уақыт өткізеді. Онан кейін хазірет үйі Баянаула қаласына келіп, өзіне арнап үй салғызып, орнығып тұрады. Мәшһүр әлі оқу соңында: «Бір жылда аз, бір жылда көп, бірде бар, бірде жоқ», - деген тұрмыспен уақыт, жағдай, өмір өткізіп, ол күндегі оқыту жолының тәртіпсіздігі - халықтың көшпенділігі, екінші жағынан қолдың қысқалығы. Мәшһүрдің оқығысы келсе де, оқытушы орнықты қолына түспей, бір жағынан тұрмыс жағдайдың, кедейлік кемдігінен әрбір түрлі кемшіліктер кездесетін болғандықтан, көп уақыттары босқа өткендей болды. Дін ғылымы, дүние ғылымы болсын, ол ғылымдарды тез арада оқып, біліп, үйреніп ала қою - даладан бір бос нәрсені тауып ала қойғандай болмайды. Ескі ғылым жолында былай деп мысал айтады: «Ғылымды жете біліп үйренушіліктің қиындығы - инемен құдық қазып, су шығарғандай!» - депті. Ғылым оқып бітіріп, ғалым болып шығу үшін алты шарт керек. «Бірінші - зеректік, екінші -хырыстанып, шұғылданып соңынан түсу. Үшінші - сабырлы болу, төртінші - толық жеткілікті қаражаты болу. Бесінші - жақсы оқытушы жақсы болуы, алтыншы - көп уақыт жалықпай, соңына түсіп оқу» - дегендей, жоғарыда айтылған шарттардың бірі болса да, бірі болмай, ғылым оқушыларға қиыншылық, келіссіз жағдайлары көп кездеседі. Мәшһүрге де жоғарыда айтылғандай, бірнеше кемшіліктер кездескен болады. О күндерде Сарыарқа көлемінде оқуға лайықты түрлі кітаптар басылып шығатын баспахана жоқ. Қазақ тілінде оқитын кітаптардың жоқтығы. Ол уақыттарда бірлі-жарым оқитын кітаптар Бұхар, Ташкеннен басылып шығады, оларды: «Шар баспасы» - дейді. Оқитын кітап, құрал аздығынан, бағалары өте қымбат, нашар кедейдің балалары сатып алуға көбінің қолы, пұлы жетпейді. Үлкен ат басындай көк Құран, оның бағасы - бір дөкей ат, яки он қой. Әптиек бағасы - қозылы қой. «Сопы Аллаиар», «хикмет Бақырған», - бұлардың бағалары -бойдақ қой. Кедейдің баласы қой мен атты - киім мен тамағына өзі таба алмай жүріп, қалай кітап сатып алады? Осындай оқу құралының қымбат жетімсіздігінен көрген кемдігін, кедейлігін Мәшһүр ақын өз қолынан өлеңмен мынадай жазып кетеді. Әкесінің жасында ноғайларға жалға жүргендігін, әкесі де, өзі де кедей болған. Өзінің он-он бес жастарының шамасында көрген жағдайлары екендігін, осы жастарында қандай кітап, қалай оқығанын суреттейді. Бұл суреттеу өлеңі өзінің үш жасынан бастап сипаттап жазған шығармасынан, шығармасының басы: «Жылым - қой, тауық жылы - мен үш жаста», - деп басталған. Өз қолжазбасында 200 жолдан астам:

Болмаған қолы толық дүние малға,
Жасында ноғайларға жүрген жалға.
Кітабы бізге әперген: «Мұхаммедия»,
Өзі ескі, және жыртық далба-далба.

Болар ма мұнан артық қара қасқа,
Кісі еді болған үйір көзі жасқа.
Әперді үш теңгеге бір «Мұқтасар»,
Кітап жоқ енді бізде онан басқа.

Жалғыз-ақ көк Құран бар ат басындай,
Біз - бала жаңа өспірім жауқазындай.
Ол күнде - «Сопыалдияр», «Шархы» - бізге
Көрінді қолға түспес дүр тасындай.

Бізге дерт бала жастан болды пайда,
Жүрдік те телміріп көз әр бір жайда.
«Қисса-ал әнбияны» бізге алуға
Шарық қайда, шіркін дүние, шама қайда?!

Баспаның ең алғашқы шыққан кезі,
Он бес қой, иә толық ат - Құран өзі.
Әптиек қозылы қойдан сатылады,
Оқуды көргені сол қазақ көзі.

Мұнан кейін 1870 жылдан бастап Қамар хазіретте, Мәшһүрдің әкесі Көпей де ұзақ уақыт Баянаула қаласында орнығып тұрады. Мәшһүр Жүсіп Қамар хазіретке сегіз жасында кездескеннен он бес жасқа дейін 7 жыл жолдас болып, дін ғылымын, араб, парсы, түркі кітаптардан оқып, жақсы білім алады. Араб, парсы, шағатай, түркі тілдерін жақсы біледі. Мәшһүр Жүсіп он бес жастан бастап, ақындық, өлең жазушылыққа толық кіріседі. Жазған шығармалары халық ауызына алынып, көптің көзіне түсе бастайды. Жазған өлеңдері көпшілікке өте ұнамды, қызықты болады. Ақын өзі жазған бірнеше шығармаларында ақындық өлең дарығандығын былай деп жазады:

Жабысты маған өлең он бес жаста,
Жұрт айтты: «Не қыласың, - дейді, - таста!»
Дегенмен, қоя алмадым үйренген соң,
Сотым жоқ қылған жұртқа мұнан басқа.

Шүкірлік, бергеніңе, Құдай патша,
Он бесте шаптым жеке жүйрік атша!
Бір күндер ұйықтап жатқан мезгілімде
Кеудеме өлең толды: сызған хатша!

Сол уақыттарда жазған шығармаларының тақырыбы көпшілігі - сол күндегі мінез, пейіл жүріс-тұрыс, көшу - қону, жаз бен қыс, айт пен той, ас жиын, қыз ұзату, құда түсу - сияқты халықтың күнделікті тұрмысынан көзінен көріп, тәжірибе алып, - осыларға байланысты түрде жазады. Жазған шығармалары көпшілікке, халық ауызына ұнағандықтан, жалпы халық сүйіп, «Мәшһүр» - деген атақ береді. Сегіз жасында Мұса Шорманұлының айтқан лепесі анықталып, халыққа жайылады. Мұнан кейін Мәшһүрдің ақындық, жазушылығы, шешендігі, шеберлігі, сахи серілігі, турашыл беттілігі, жігерлі адамшылығы халық көзіне түсе бастайды. Әр таптың жақсы басшысы деген адамдары қолына ұстауға құмар болады. Мәшһүрдің жазған хат, өлең шығармаларын оқыған алыс басқа дуанның адамдары: «Өзін бір көрсем-ау!» - деп құмарланатын болған. Бұрын сөзін, даңқын естіп, өзін соңынан көрген адамдар: «Естуіміз көруімізге лайық болды!» - деген. 1874 жылы он алты жасында өзінің туған елінің адамы - Әкімбек деген бай: «Жалғыз баласы Қабылбекті оқытам!» - деп, әкесінен сұрап алып, баласын оқытуға алып кетеді. Әкімбектің жайлауы, жаз жайлап отыратын көлі Ақмола облысы, осы күнгі Еркіншілік ауданының ішінде, «Ақшакөл» - деген көл екен. Мәшһүрдің әкесінің үйі белгілі: Баянаула қаласының бір жатағы. Баймен бірге көшіп жүріп, жайлауға жететін шама қайда, көп жатақтың бірі болып қала береді. Бай көшіп барып, жайлауына орныққан соң, Мәшһүрдің әкесі баласын көруге, байға амандаса, жатақта жатқан ел жайлаудағы елді көруге серуенге шыққандай болып барады. Барып, бірнеше күн жатады. Бір күндері үйіне қайтпақ болғанда, Әкімбектің сыйлап [берген] малдарының түрін Мәшһүрдің сипаттап жазғаны: Әкімбек он алтымда алып кетті, Жалғызы Қабылбекке ұстаз етті. Басында Ақшакөлдің жаз жайлауда Әкемді он жылқымен бір жөнелтті. Бозжорға ат қызыл ауыз, өзі шұбар, Көп мінген саяқ (исақ) ермек, тағып тұмар.

Ең аяғы жылқының - бір торы тай,
Жөнелтті 10 жылқымен ұмар-жұмар.
Бергені келер жылы онан басқа:
Ақ түйе, көзі шағыр ат, торы қасқа.

Екі жыл Әкімбекте бала оқытып,
Он сегіз тұрып сонда, жеттім жасқа.

Ақын өз көзімен көріп, қолынан атқарған жұмысын кейінгіге ұмтылмайтын қылып жазып кеткен. Мәшһүрдің өзінің үш жасынан бастап, ер жетіп азамат болғандағы мінездерін сөйлеген шығармасынан. Әкімбек қолында екі жыл тұрады. Әкімбектен екі жыл ішінде қырық шамалы бас мал пайдаланады. Жоғарыда айтылған үш жасында Қызылтауда «Тауықтың жұты» соғып, Баянаула қаласына он бес жыл жатақ болып отырып қалған. «Тауықтың жұтының» - алған малын Әкімбек төлеуін толық төлеп, есесін толтырады. «Орта шаруалы үй» - қатарына қосылып, көшіп-қонып, жаз жайлауға шығып, жайлаудағы ел қатарына қосылып, «жатақ» - деген жаман аттан құтылады, құтылғандай болады. Әкімбек бай: «Қабылбегім жалғыз, маған бала бол, Қабылбекке аға бол! Сүйіндіктен өзің сүйген қызыңды алып беріп, қолыма ұстайын! » - деп, көп айналдырады. Дегенмен Мәшһүрдің әке-шешесі қиып бере алмайды. Мәшһүр Жүсіп ер жетіп, ат арқасына мініп, Баянаула дуанының халқы, еліне таныс болады. Әрбір орынды, аталы жерден тәуір қыздарды алмақ болып, талайына өлеңмен хат жазып танысады. Әке-шешесі болмай, басқа бір аталы жерден әйел алып береді. «Ата-ана балаға сыншы» - деген, сол сындары дұрыс болып, «пәленше-түгеншелер» туып, өсіп, ақыры әйел шаруасы сонымен бітіп тынады. Мұнан кейін екі әйел алады. Бұлары баянды, байырлы болмайды. Мәшһүр Жүсіптің алғашқы алған әйелі 1915 жылы қайтыс болады. Бұл әйелінен ер жетіп өскен үш еркек, екі әйел балалары болды. Жас уақытында өлгендері бар. Бұл әйел өлген соң, Мәшһүр Жүсіп екі жыл әйелсіз тұрады. Мұнан соң Айдабол ішінде өзінің бұрын дос ниеттес жақын болған адамы, орташа ауқатты, ұлды-қызды, жақты-жанды орынды жердің адамы бір бойжеткен қызын, қыз өзі ықтияр болған соң, ешбір силетсіз Мәшһүр Жүсіп сұрамайынша, қалың малсыз: «Алмаймын!» - десе де, болмай әкесі мен қыз өздері ризалығымен өз қолынан ұзатып, мінген ат, артқан түйе жасауымен Мәшһүрге әкеп береді. Бұл әйелмен екі-үш жыл жолдас болады. Мәшһүрдің бұл әйелді алған жылдары - 1917 жылдар. Сол уақыттарда Мәшһүрдің жас шамасы - 59 жас мөлшері. Бұл әйелмен екі-үш жыл жолдас болып уақыт өткізіп жүргеннен кейін, ешбір кінәсыз, ашу, аразы жоқ, өз ризалығымен өз қолынан келген дүниесімен қайтадан үйіне апарып салғызады. Өзінің тұстас, бастас адамдары:

— Мұныңыз қалай, ешбір кінәсыз неге апарып тастадыңыз? - деп сұраушыларға беретін жауабы:

— Оның ойнап күлетін жас өмір, жас шағы. Менің қартайып тоқтаған уақытым. Келешегі бар, жас өміріне кеселім тимесін! - деп босаттым! - деп жауап беретін еді. Және де айтатын еді: - «Онегин, Татьяна» әңгімесін байқамадыңдар ма? Жас пен кәрі еш уақытта да жолдас болып, жақсы өмір, қызық дәурен сүре алмайды.

Екінші былай деп те айтатын сөзі бар еді:

— Бір қартайған кәрі төбет ит болатын. Бір өлген өлексе жемтіктің басында жатады. Өзінің тісі өтпейді, жей алмайды. Жейтін иттерді қорып, итаршы болып, әуре болатын. Сол сияқты болмайын дедім, - дейтін. Бұл әйелдер туралы бұрынғы өткен замандардан неше түрлі оқиғаларды қозғап, бірнеше қызық әңгімелермен аяқтайтын. Мұнан кейін Мәшһүр Жүсіп Аймауытовқа бір жазған өлең хатында әйелсіз қанша уақыт отырғандығын, әйелмен жақындық Мухаммед жұмысынан қалғандығын өлеңмен былай деп жазады:

Тақымым үйренген ат ерте мінген,
Қоян жыл, елу жеті жасымда өлген.
Соған, міне, болыпты тап он үш жыл,
Құр білте май таусылып, оты сөнген.

Сату, сою жағына жарамаспын,
Жолда жатса, көз салып, қарамаспын.
Енесінен түңілген жас қозыдай,
Жынысы әйелге: «Ит тиген арам» аспын.

Қан шығармай кесетін ара бар ма, Жау менен жұт алған жоқ, шара бар ма?! Ұрып-таяқ, айтқанмен сөз өте ме, Босаға ұстап туратын балаларға?! Ақынның бұл өлеңінен білуге болады: неше жыл әйелсіз отырғандығын, неше жасында әйел махаббатынан мүлде көңілін суытқандығын айтқаны.

Мәшһүр Жүсіптің 20 -25 жастағы шағы Мәшһүр Жүсіп серілік құрып, жалғыз жүріп, Сарыарқаның жерін, суын шолып, түгел аралап көреді. Әр таптың, әр дуанның аты, атағы бар адамдарымен жолығып, танысып, пікір алысады. Қарқаралы дуанында заманында халқына қария, үлгі болған, көпті көрген көне, қажыға бірнеше рет барған Жүсіп қажы, Бер - далы қожамен танысады. Атбасар дуанында Әлике Байдалы, Аққошқар Сайдалы тұқымдарымен танысады. Атбасарда Мейрам қажы Жанайдар батыр баласымен танысып, көп уақыттар бірге болады. Бұл Мейрам қажы заманында қария, шежіре сөзге шешен, қазақша, орысша екі тілді жақсы білетін болып, шығыс халқының, оның ішінде қазақ халқының бұрынғы өткен шешендер, ақындар, үлгілі билер, атақты батырлар, данышпан хандардың тарих, әдебиет мура сөздерін зерттеп, көп жинаған адам. Бұл кісіге заманында Мекке, Мединеде Араб жұртының жиһангездері, саяқ ғалым адамдары Ташкен, Түркістан, Бұхара жұртының зерек, ғалым адамдары тарих, әдебиет мураларын жинаған білгіш, білімділер келіп, қолында тұрып, сондай адамдардан мура сөздерді көп пайдаланған. Ұлы орыс халқының атақты Василий Васильевич Радловтың жинаған, баспаға бастырған кітабын, әдебиет сөздерін қолына ұстаған адам. Мәшһүр Жүсіп бұл кісіге жиырма үш жасында, 1881 жылдары кездесіп, үйір болып, танысып, көп уақыттар: жазы-қысы қолында тұрады. Екеуінің: Мәшһүр мен Мейрамның қарастыратын жұмысы - кітаптарын, әдебиет мура сөздерін зерттеу болған. Мәшһүр Жүсіп өзінің 2-томының 236 - бетінде былай деп жазады: «Василий Васильевич Радловтың «Қазақ түбі» - деп, жинаған, «баспаға бастырған сөзі» - деп жазған сөзі өз қолжазбасында 10 бет.» Бұл сөзді Радловтың әдебиет кітабын оқып, онан үлгі әдебиет сөздерін пайдаланғанын дәлелдейді. Мәшһүр Жүсіп бұрынғы өткен ғасырлар бойындағы қазақ халқының үлгілі хандар, билер, батырлар, шешендер, ақындардың айтыс, өлеңдерін, әдебиет мұра сөздерін зерттеп жинау негізгі бір әдеті болып, әдебиет мұра, тарихи сөздерді көп жазып қалдырады. Абылай хан тарихын Мәшһүрден артық жазған кісі шамалы деуге болады. Мәшһүр Жүсіп бірінші томның 358 - бетінде мына сөздерді жазады: «Василий Васильевич Радлов жинағаннан, орысша басқаннан көшіріп алған, жазған Мәшһүр Жүсіп Көпей баласы» - дейді. «Тарғын батыр», «Сайын батыр», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақбала қыз, Қожаберділерді» - Бөкейханов Әлихан сонан көшіріп алып, бастырып жүр.» - деп жазады. Қазақ әдебиетінің бірнеше сөздерін егер Радлов жинап алмағанда, бұлардан бұл күнде тамтық қалмайтын еді», - дейді. Мәшһүр Жүсіп өзінің бірінші томының басындағы: «Бұрынғы уақыттағы қазақ халқының қыз ұзатқан уақытында қызды әкесінің үйінен жөнелтейін деп жатқан уақыттарында қыз ұзатылып, келіншек болып, қайын жұртына келген уақыттарында жас жігіттер мен қыз-келіншектер жиылып, екі жақ болып, ұзатылатын қызға айтатын: «Жұбату», «Жар-жар», - өлеңдерін Радловтың жинаған әдебиет кітабынан алғандығын, Радловтың әдебиеттерімен танысқандығын көрсетеді. Мәшһүр Жүсіп мұнымен қабат Ақмола дуанында Қоңыр құлжа төре тұқымдарымен, Жәңгір төремен танысады. Жәңгір төре де сөзге шешен, ұғымды, ұқпа құлақ қария, сауатты адам болған. Ақмола дуанына қараған Қама Жапар елі, атақты Бөгенбай (Бөгембай) батырдың немересі, жүз жасаған Саққұлақ, заманында: «Орта жүзге шежіре» - атанған қариямен ауыз жолығып, тарих жағынан, қазақ әдебиет мура сөздерін алады. Көкшетаудағы Абылай тұқымы көп төрелермен танысады. Сыздық төре Кенесары ұлымен Ташкен шаһарында, тағы басқа жерлерде бірнеше рет кездесіп, сөйлескенін өзі томдарының бірнеше жерлерінде жазып кеткен. Атығай-Қарауылдан - Ақан серімен жолығып, танысады, пікір алысады. Бір емес, бірнеше уақыттар кездесіп жүрген болады. «Ақан сері Құлагер өлген соң, бұрынғы серілік мінезді қалдырып, көп бас қосқан ас, жиын, тойға жүрмейтін, бармайтын болып, дүние махаббатынан мүлде көңілін суытты» - дейді. «Құлагер өлген соң, Ақан серінің басынан бақыты тайды. Ақан сері - адамзаттың сұңқары, қызыл тілдің ділмары, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі», - дейтін еді. Ақан сері заманында қырық қызға өлең жазып, бәріне де ұнаған - дейтін. «Ақан серінің аққу құсқа жазған өлеңі» - деп, бірнеше өлендерін және де мына өлеңдерді атайтын еді. Ақан серінің Ақтоқтыға айтқан өлеңі:

Ақтоқты, кеткенің бе шыныңменен,
Бал берген талай жерде тіліңменен.
Басыңды Сарымида кесіп алып,
Өмірімше даулассамшы құныңменен!

Бұл өлең мазмұны Ақтоқты Ақан серіменен біраз уақыттар ойнап-күліп, дарияның толқынында қалған бала[ша] зарланып ән ш[ыр]қап жүріп, ақырында басқа біреумен ыңғайласып кеткендіктен айтқан болу керек. Ақтоқтының тиген байының бір аяғы сылтыма шолақ ақсақ екен. Оған Ақан сері былай деп өлең жазған дейтін еді.

Ақан серінің: «Ақтоқтыға бір түрлі айтқаны» - деп, мынау өлеңді айтады:
Ақтоқты, бәрекелді тапқаныңа,
Бір меруерт, бір маржанды таққаныңа!
Құдайдан бұдан артық не тілейсің,

Шолақ қасқыр түсіпті қақпаныңа. «Ақан серінің Ақтоқтыға мақтау ретінде айтқаны» - деп, мынау өлеңді айтатын еді:

Тал бойың - Құлагердің сағағындай,
Тамағың - піскен алма сабағындай.
Қаз мойын, мөлдір екен қарақат көз,
Иегің ителгінің тамағындай.

Ішінде өз жұртыңның еркелейсің,
Айдынның ақ қайраны, шабағындай.
Осынша жүрегімді жандырғанша,
Не етеді ұл боп тусаң, қарағым-ай?! –

деп, бұдан басқа тағы бірнеше Ақан серінің мынау өлеңдерін айтатын еді: 1. «Торыны таңға байлап мінген қандай?» 2. «Қарағым, асыл тасым сағаттағы.» 3. «Көпестер пұл сатады пайдаменен.» 4. «Ауылыңды аралаймын Кербезкермен.» 5. «Асыл зат, қоңыр қазым көлге тартқан.» 6. «Қолыма ұстағаным - алтын балдақ.» 7. «Ғизатлу, хат жазамын қара сия.» Ақан серінің 40 қызға 40 түрлі айтқан өлеңін, Құлагерді мақтап, жоқтап жазған өлеңдерін айтып, Ақан серіні[ң] әйел мақтау өлеңіне көп ақындардан: «Аузы епті» - деп мақтап, өзінің оған бірнеше уақыттар кездескенін айтқан еді. Мәшһүр Жүсіп халық аралап жүрген бетінде тал ай ақындармен кездесіп, айтысып жүреді. Қаламмен жазып айтысқанда, бетпе-бет айтыспайды. Қаламмен жазып айтысқанда, ешкім пар болған жоқ. Қолына қалам алып, жазғанда, жаттап алған өлеңдей жазады, қолында бөгелу жоқ, аяқтап бір-ақ тоқтайды. Ойлану, толғану болмайды.

Өзінің бұлай жазатындығын мынау өлең дәлелдейді:
Жасында қойылған ат - Адамжүсіп,
Жұрт кеткен сүйгенінен: «Мәшһүр!» - десіп.
Қолына қағаз, қалам алған шақта

Кетеді қара сөзге желдей есіп.

Ақын бұл өлеңде өзінің қолына қалам алса, тасып көтеріліп, аузынан сөзі құйылып, тасыған судай ағып, соққан желдей есіп сөйлейтіндігін көрсетеді. Мұнымен қабат «Жүсіп» - атына «Мәшһүр» - деген атты халқы сүйіп қосқан ат екенін дәлелдейді. Ол уақыттарда халықтың салт-сана, әдет-ғұрып, ресім-ережесінде: «Өлгенге - ас, туғанға -той», ұлы жиын, көпшілік бас қосатын жерлерде ғылыми сөзден: өлең-жырлар, мақал, тақпақ; тарихи үлгілі қара сөзден: халық аузына, халық көзіне мәлім болып, көпшілік ұнатып, халқы сүйіп, Сарыарқаның халық ақыны «Мәшһүр» - деген толық атақ береді. Мәшһүр Жүсіп он - он бес жасынан бастап, өлең жазып, хат жазарлық болғаннан-ақ халық әдебиетін, халық аузынан да, қағаз жүзінен де жинай жүреді. Өз ойынан, өз философиялық жазуы қандай болса, халық фольклорын да сондай жинаған жинаушы болған. Мәшһүр Жүсіптің тарихи әдебиетші, фольклорист екендігі томдарындағы жазылған сөздерден білуге дәлел болады. Өзінің жазған кейбір сөздерінде былай деп жазады: «Үш жүздің бір баласы қазақтан шыққан қария шешен, сөзге ұста, тапқыр, ойшыл, «кеудесінің есігі бар, құлағының тесігі бар», көзі - жіті, көңілі - қырағы; бір тіл емес, әр тілді білетін, оқыған, тоқыған, жүйрік білгіш адамдармен ойда, қырда, талай жерде жолығып, талайына сөйлестім!» - дейді. «Мен өзім ата білген, шежіре болған бұрынғының көне қарияларына көп сөйлестім. Қаракесек ішінде Бердалы қожа, Қанжығалы: Қарт Бөгембайдан шыққан Саққұлақ, - сондай жұрт аузында шежіре атанған қариялардан естіген сөзім. Кітап болған шежірені сұрасаң, Деш Хорезм, Үргеніште болған Әбілғазы (Әбуалғазы) баһадүр хан шежіресін құрттай бала күнімде оқып көрдім. Рауе зате алзин, Күбірей алади, Шахнамаларды, Науаиды, - бәрін ақтардым. Түркі жұртынан шыққан: Мерғалым, Шеризат, Хыралдин, Әмір Науаиінің күллісі қолымда. Бала жасымнан Мұса мырза Шормановпен таныс - тым. Харахи Шариптен, хатымгерде болып шыққан Қамардин (қамаралдин) мен Жомарт хазіреттің мәжілісінде болдым, өмір кешірдім. Мұны жазғаннан мақсатым мақтан үшін емес, ақтан үшін!» - дейді. Қайдан қалай тәжірибе алғанын көрсетеді. Мәшһүр Жүсіп жасынан халық аузынан, қағаз жүзінен жинаған үлгілі сөздерін өз аузы, өз қолынан жазған мақала, әдебиет, бірнеше сөздерін жиып, 1880 - 1885 жылдар - сол уақыттарда Омбы қаласында шығатын «Дала уалаяты» - деген газетке бастыруға беріп тұрды. Сол уақыттардан бастап газет, журнал, әдебиет сөздерімен жақсы танысады. Мұнан кейін Мәшһүр Жүсіп Сарыарқада тұрып, Сарыарқаның сахарасын шолып көріп, біліп алғаннан кейін жасынан дала, ауылдық жерде, ел ішінде жүріп алған үлгі-өнеге, тәлім-тәрбиесіне, ғылым-біліміне қанағаттанбай, көңілі толмай, қайтсе де басқа бір шаһарлы, дүкенді жерден оқып, үлгі-өнеге көрмейінше толқыған ой, лепірген жүрек алып-ұшып, қатын-бала, мал-жанын, ел-жұртын тастап, серілікпен, ерлікпен жапа-жалғыз жүріп, сабаз бейнет шегіп, сайрандап, сахилықпен, жігер-талаппен жаһан кезгендей жиырма тоғыз жасында, 1887 жылдар Бұхар, Ташкен, Түркістан шаһарларына барды. Мәшһүр Жүсіптің бұлай бару себебі - жоғарыда айтылған шаһарлар - Араб жұрты, Стамбулдан (Иссамболдан) соңғы Орта Азиядағы мұсылманның көпшілігі мәдениетті бұрынғы өткен ғасырларда Азия хандарының тақ құрған жерлері болған үшін. Ол барған жылы Бұхарада бір жыл тұрып оқып, білімін толықтандырып, араб, парсы, шағатай, түркісінің тілдерін, тағы басқа жат тіл, жат сөздерді жақсы, жете түсіне біліп, Өзбек, Тәжік, Қызылбас, Сарт, - бұлардың тілі, әдет - ғұрыптарын да жақсы түсінеді.

Мәшһүр Жүсіптің Бұхара, Ташкент, Түркістан шаһарларына барған[да]
істеген еңбектері

Орта Азияның атақты данышпан ғалымдары болған уақытында ғылым химия, ғылым сымия ғылымдарының әдебиетін, кілтін ашқан Әбу Ғалы-Сина, Әбу Харыс, Сақырат [Сократ] хакім сияқты ғалымдарының жазған ғылыми кітаптарын оқып көріп, еңбектерімен танысып, білімін көтереді, көптеген тәжірибелер алады. Иран ғалымдарының, шайырларының күштісі болған Шайхы Сағдидің жазған кітаптарын оқиды. Әбілғазы (Әбуалғазы) баһадүр хан жазған шежіресін оқып түсінеді. Шағатай түркісі тіліндегі әдебиеттермен танысады: «Мың бір түн», «Шаһнаме», Науаи, Фердауси, Сайқали, Низами - кітаптарын түгел оқып, осы кітаптардың қолға түскенін сол барған жолында алып қайтады. Сол жылдар Бұхарада оқып тұрған уақытында Ташкен қаласынан шығатын газеттерге өлең, мақал, тағы басқадай түрлі сөздер беріп тұрады. Ол уақыттарда газетке сөз беру, газет оқудың өзін үлкен күнә, қылмыс, обал, ауыр айып, халықтың әдет-ғұрпында өте жек көретін болған. Сондықтан сол күнде Мәшһүрдің өзімен бірге оқитын замандас адамы Молдағали Күзембайұлы Мәшһүрге былай деп тоқтау өлең жазады:

— Газетке сөз беру, елең жазу сізге ұят, ұнамайды, қойыңыз! - дейді, - Дін жолында жүрген адам, дін жолын ашу, дін ғылымын шашу керек! - деп өктейді.

Осы туралы екеуі айтысады. «Екеуінің айтыс өлеңінің барлығын жазудың қажеті болмас» - деп, газет хақында жазған екі-үш ауыз сипаттамасы жазылды: Молдағали.

Лұбайттай шағырлықпен атың шыққан,
Мың сан ақын сіздерден қойдай ыққан.
Самарқан, Бұқар, Ташкен, - бәрін кезген,
Су жұқпас, сұм жігітсің, жұртты құртқан.

Жасыңнан сен түрлендің әрбір түрге,
Бұхар келіп, қол бердің қандай пірге?!
Тоғыз айда дін ғылымын сен бітіріп,
Енді пособлять қылып турсыз редакторге.

«Уазипаңыз сіздердің - деген - шашма қылық»
Қараңғы бейнелерге шам жақпақлық.
Һу жауһар уақытыңызды зайғы қылып,
Хайынтор газеттерге сөз жазбақлық, -

деп, Молдағали «ұят» - деп масқаралап дәлелдеп көрсетеді.

Жолмұрат түсіндірмесі: «Лұбайт-шағыр» - деген бұрынғы ерте заманда өткен шағыр ғалымның аты болу керек. Қазақша: «Пәленше ақынның ақындығындай» - деген сияқты мақтау сөз.»

Мәшһүр Жүсіп оған тоқтамайды, былай деп жауап қайырады:
Лұбайттай шайыр болдым заманымда,
Тапталған талай ақын табанымда.
Ісіндей істің бәрін бітірсем де,

Бойыма су жұқпаған жаманмын ба?
Мен оқып шыға алмадым биік өрге,
Қол беріп, қыла алмадым қызмет пірге.
Албаракат фи әлхаракат мазмұнымен

Кірістім бос тұрмасқа редакторге.
Күйіндің маған, бала, жаның ашып,
Қажыдық әр өнерден біздер жасып.
Дін шашпақ - пайғамбарлар сыбағасы,

Ол жерге не қыламыз тайталасып?

- деп, Мәшһүр сөзін аяқтайды. Мәшһүр Жүсіп бұған жауабын толық қайырады, тілін алмайды. Өз пікірінше қайтпайды, газетке сөз жазудан тоқтамайды. Келесі жылы Бұхарадан қайтып, Түркістандағы атақты Қожа Ахмет Иассауидің басындағы Әмір Темір салдырған көк күмбезін көріп тамаша қылады. Түркістан шаһарында бірсыпыра уақыт болып, бірнеше қария, ғалымдармен танысады. Онан бері Арқаға қайтып келе жатып, Сырдария облысының халқын, жерін, суын аралайды. Атақты ақын, ғалым Майлықожамен жолығып, танысады. Жеті атасына дейін тұқымынан ақындық үзілмеген дуана қожа Көшек [ұлы] Күдері қожа тұқымдарымен танысады. Онан бері Арқаға қайтып, Шу мен Сырдан қабат өтіп, Ұлытау, Кішітауды басып, Есіл мен Нұраны жайлап, қыстап мекен қылған: Алтай, Найман, Қоңырат, Қыпшақ - елдерін аралап, саяхат, серілік құрып, сайрандап, қырым мен қияға, тұрғыға көз салған қырандай ұшқыр ой, өткір зейін, күшті сана-сезімнің толықтыруымен Сарыарқаның кең байтақ ен жатқан кең даласын аралап қақ жарып, туған жері, өскен еліне келіп орнығады.

Мәшһүр Жүсіп Бұхар, Ташкен, Түркістан қалаларын түңғыш барып көріп аралап қайтуды өзінің серілік талапты жігерінің күшімен, болмаса байлықпен, яки біреудің жұмсауымен, не біреудің шақыруымен, немесе біреуге жолдас болып барған емес. Жүргіш, көргіш, сезгіш ойдың талаптылығымен - бұрын көрмеген жат ел, жат жерден көріп, біліп, үлгі-өнеге, тәжірибе алу үшін еді. Ақын мұнан кейін де Бұхар, Ташкен, Түркістан шаһарларына екі рет барып қайтады. Бұл шаһарларды үш қабат аралап келген. Алғашқы баруы - 29 жасында. Ақын бұл жүрген – тұрған жерлерінде көрген, білген уақиғаларын бастан-аяқ өлеңмен сөйлеп кеткен. Алғашқы барғанын «46 жасында сөйлеген[і]» шығармасында былай деп жазады:

Мәшһүрден келе жатыр өнер қайнап,
Бұлбұлдай қапастағы тұрған сайрап.
Самарқан, Бұхар, Ташкен, - бәрін кезген
Жасымда бір кез отыз Тәңірім айдап.

Жалғанды жазғыз кезген басым еді,
Бір асыл қолға түспес тасым еді.
Зиарат Ышқыш бапқа бұл барғаным –
Жылым - қой, отыз жеті жасым еді.

Үшінші жол барғандығы туралы мынау өлеңі айтады:
Ташкентке қырық тоғызда тағы бар дым,
Cay көріп ұстаз пірді, мәз боп қалдым.
Молда Ақпан сау-сәлемет аман екен,

Бір кітап жетпіс сомдық память алдым.

Сол уақыттарда ақшаның 5 сомы - бір қой күнінде 70 сомдық бағасы бар кітап - «Хамса Науаи» кітабы, «Молда Ақпан деген жолдасынан алған - память алдым». Соңғы екі ауыз өлеңі 37 жасында барғаны туралы жазған шығармасынан: өз қолжазбасында 500 жол шамасында. Мәшһүр Жүсіп Бұхар, Ташкен, Түркістан шаһарларына неше қабат барып қайтқандығы туралы бес-алты түрлі ескерткіш память есепті шығармаларын жазып қалдырады. Осы жүрген жолдарында әрлі-берлі өтіп жүріп, Сырдария өлкесінің де бір - сыпыра жерлерін аралағандығы сарт, ноғайға қарсы жазған шығармасында былай деп жазады:

Сырдария облысында бес жыл жүрдім,
Үш жүзге өнер шашып, үлгі бердім.
Жетпеген күші аузына ақындардың
Әр жерде қаңғып жүрген сөзін көрдім.

Ақын мұнан кейін 65 жасында 1923 жылдары төртінші рет тағы бармақ болады. Ондағы себебі -1921 жылы Ташкенде 14-интернат мектебінде мұғалім болып тұрған Әмен деген баласын бір кісі жарып өлтіреді. Соның басына барып қайтпақ болып, төте жолмен, көлік күшімен жүрмек болады. 1924 жылдың күзгі сентябрь айында пар ат пен бір түйеге азық -түлік, құс-қолаң - жол жабдығын артып, үш кісі жолдас болып шығып бірнеше күн жол жүріп, жүрген бетінде елсіз жерлер кездесетін болғандықтан: «Ол жерлерде жол тосатын банды - қашқындар бар, жол қауіп[ті] (хауыс), жүрмеңіз! - деп, жолдағы кездескен дос-жарандардың айтуымен бармай, қайтып келеді. «Сол жолға жүрейін деп, жұртқа өзі айтып күлдіретін мынау өлеңді мен айтпағанмен, басқа біреу айтасыңдар. Сендерге айтқызғанша, өзім айтайын!» - деп айтқан өлеңі:

Мәшһүр кетіп барады
Түркістан, Ташкен - базарға.
Алпыс бесте жол жүріп,
Құдайға мұндай жазар ма?

Қысқа күнде қырық с...іп,
Тап енеңді с...йін!
Жетерсің елге әзерге, -
деп, өзі айтып, өзі күлдіріп отырушы еді.

Мәшһүр Жүсіптің ол уақыттағы саясат ағымдарына көзқарасы Мәшһүр Жүсіп 1895 -1900 жылдардың ішінде саяси маңызды мақала, өлең шығармаларын жазады. Көбінесе халықтың күнделікті тұрмыс жағдайына байланысты күнделікті болып жатқан халықаралық жағдайлардан сезім алады. О күндегі халықаралық жағдайлардың ең қолайсызы - тәртіпсіз, әкімшілік жаулықтардың, уезной началһник, чиновник, атаман, пристав, милиция, жандарм сияқтылардың қазақ халқын бірнеше праволардан қысып ұстап, қазақ халқының неше заманнан ғасырлар бойы қыс қыстап, жаз жайлап, мекен қылып, күн көріп, жан сақтап отырған ең қолайлы шұрайлы, жалғанның бесігіндей жаз шілдеде күн өтпейтін, ызғарлы қыстың желі өтпейтін, түндіксіз үйдей, төрт түлік малдың атасы өсім кіндігіндей жақсы жерлерін сұраусыз, келісімсіз зорлықпен тартып алып, «учаска войсковой» - деп ат қойып, ала беруге салынғандығын, егінге қолайлы жерлерін крестьян алып қоныстанып, егін салып, қазақ халқы қаңғып, ауып, талып, жауға, жұтқа, түрлі апаттарға ұшырап, қысқы - жазғы екі қонысынан бірдей айырылып, төрт түлік малының өсімі-өнімі, берекесі кетіп, күнкөрісі, шаруашылық, тіршілік, тұрмыстың бәрінен де кемдік көріп, соққы жеп, патша үкіметінің отаршылық қоршауына, қыспағына алғандығын сезеді. [Е] Смайылов, [Қ] Жұмалиев жолдастардың 9-класқа арнап жазған хрестама[тия] кітабындағы сөздерінен үзінді: «Осы жағдай туралы 1901 -1902 жылдары атақты Абайға да хаттар жазады. Жоғарыда айтылған патша үкіметінің көпшілік еңбекшіл, езілген бұхара халыққа істеп отырған саясат, қиянаттарын айта келіп: «Осы уақиғаларға қандай түрде болса да, қарсы шара қолдану керек! - деген ойын айтса да, Абай бұл хаттарына қай түрде болсын жауап қайырмаған, басқа ешкімге әшкерелемейді. Хаттарды тығып ұстаған!» - дейді. Мұнан кейін Семей қаласынан 1903 жылы полициялар келіп, Абайдың үйін тінткен. «Тінтудің бас себебі - Мәшһүрдің жазған хаттары туралы» - деп айтады. Мәшһүр Жүсіп бұл ойы туралы жалғыз Абай емес, әр жерде өзінің ниеттес, жақын, сырлас адамдарының бәріне де ақылдасып айтса да, бәрі де іштерінен: «Дұрыс!» - деп ұнатса, дегенмен патша үкіметінің бетіне қарсы шығуға бата алмайды. Мәшһүрге де: «Байқаңыз, сақтаныңыз!» - деген ақылдарын айтады. Достары олай дегенмен Мәшһүр Жүсіп өз пікірінен қайтпайды, қажымайды. Өз қолынан келер қуат-күші, қаруы қалам мен қағазды серік қылып, белсеніп жазуға кіріседі. 1900 жылдан бастап саясат жазушылығына қатысып, ел аралап, өзінің шамасы келгенше үгітін жүргізеді. Ноқта кесті, көнбіс, көк есек, көк етті, көнтерлі (көн терілі) болып қалған қараңғы жұрт көтеріліп, көмек бере алмайды. 1904, 1905, 1906 жылдары Мәшһүр Жүсіп: «Хал-ахуал», «Сарыарқа кімдікі», «Тірілікте көп жасағандықтан, көрген бір тамашамыз» - деген саяси үгітті шығарма өлең кітаптарын жазып, 1907 жылы үшеуін де Қазан қаласындағы Хүсайынов баспаханасына тапсырып, үшеуі де басылып шығады. Бұл үш кітап басылып шыққаннан кейін қораға байлаған қарғылы сақ төбеттей Николайдың цензура тыңшылары сезіп қалып, Мәшһүр Жүсіпті ұстамақ болып, емен талқы, темір қоршауға алмақ болады. Дегенмен қырағы көзді сезгіш Мәшһүр Жүсіп күн бұрын алыстан сезіп, жылысып, ақша қарда айласы асып, сонардан құтылған алпыс екі айлалы алтайы қызыл түлкідей бұлаңдап, әр бір биік, құрғияларды ерте алып қойғандықтан, қолға түспей, халқына беделді, қадірлі, құнды, бағалы болған үшін, көпшілік халқы тасалап, бір жер емес, әр жерден әр дуанның халыққа беделді басты адамдары себептей болып, қоршаудан аман қалады. Мәшһүр Жүсіп сөздерін тексеруге алғанда: «Патшаның ба - сын жамандап, патшаға тіл тигізген жоқ екен», - деп тапқан, - Басқа ұлық атаулыны жамандаумен, олардың қылмыстарын айту - мен жазалы болмайды,» - дескен. Солай аяқтап қалдырған дейді. Мәшһүр Жүсіп мұнан кейін де халық аузынан жинаған фольклорын, өзінің шығарған әр түрлі саяси маңызды мақа[ла]ларын қосып, көптеген жинақ сөздерін Қазан қаласына белгілі баспаханаға тапсырады. Мәшһүр Жүсіптің бұл жинақтарын патша үкіметінің сақ тыңшылары біліп қойып, басуға рұқсат бермей, тоқтатып, оның үстіне бұрынғы үш кітабын басып шығарғаны үшін Хұсайынов баспаханасынан 14 қалам иесін сотқа тартқан. Бұл уақиғаларды естігеннен кейін, Мәшһүр Жүсіп Николайдың мойындарына жезден қарғы тағып, зерделі шекпен киген тыңшы атаулының барлығын: «Мәдениет, әдебиет, ағарту істерінің, еркіншілік, бостандық дәуірдің қара пәлесі, басқыншы, кертартпасы!» -деп, мүлде көңілін суытады. Жауыз әкімдердің бұл сияқты жауыздық, зұлымдық істеген істеріне ызаланады, долданады, жазудан жалықпайды. Мәшһүр Жүсіп мұнан кейін де 1913 жылдары «Айқап» журналдарына бірнеше маңызды мақала, сөздерін беріп, басылып шығып жүрді. Бұл мақалаларында қалың бұқара қазақ халқын ұлы орыс халқының үлгі-өнеге, мәдениетіне шақырушы болды. Мәшһүр Жүсіп 1905 -1906 жылдардан бастап, 1910 жылдарға дейін саясат жұмысына аянбай, қолынан келгенінше кірісті. 1915 жылдардан кейін көп жазу, көп жүріп-тұрудан, алыс жерге: Ташкен, Түркістан сияқты алыс қалаларға барудан жалығып, Сарыарқаның басқа дуандарын аралаудан тоқталып, жасы елу бестен асып, баяулап, денесі семіздіктен ауырлап, салт атқа мініп жүре алмайтын болып, пар ат жектіріп, арбамен, қасына жолдас алып жүретін болды. Павлодар облысы, Баянаула көлемінде ғана шақырған ықыласты адамдарына ғана баратын болды. Мәшһүр Жүсіп 1910 -1915 жылдардан кейін жасынан халық аузынан жинаған қазақ халқының әдебиет, фольклорын, бұрынғы тарихи мура сөзде[р]ін: Уыз (Оғыз) хан, Шыңғыс хан, Әз Жәнібек, Абылай хан, Кенесары, Наурызбай, Қобыланды, Шора, Сайын, ер Тарғын, ер Төстік, Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Асан қайғы, Жиренше шешен, Алдар көсе, - осындай тағы бірнеше саяси маңызды уақиғаларды, үлгілі, шешен, сөз тапқыр, заманында халқына үлгі-өнеге болған. Осы қағаздың жоғарғы бетіндегі 14 қалам иесін Хұсайынов баспаханасынан сотқа тартты деген сөзді Мәшһүр Жүсіп өзінің бірінші томының 1043 - бетінде 1911 жылы өз қолынан жазған қолжазбасы бар. Өткен өмір, көрген дәурен не екенін, қалай өткізген уақытын былай деп жазады: «Түннен қараңғы, қайғы, удан ащы қасірет, қорғасыннан ауыр түңілу ортасында жүріп, теңізден терең ойға шомылғаны!..» - деп жазып кеткен өз қолынан, өз аузынан толық дәлелі. Үлгі-өнеге болған әділ билердің мақал, тақпақ, күлдіргі, өсиет сөздерін, атақты ақындардың түрлі ұнамды, әсерлі, құнды, бағалы, жақсы айтыс өлеңдерін жазып, жинап, өз жанынан өз білген ғылыми әдебиет сөздерін қосып, бала жасынан жинаушылық өзінің ерекше бір жұмысы. Бұл тәжірибелерін, бұл еңбектерін (жазда) жазған сөздері айқын, анық дәлелдейді. Ұлы орыс халқының атақты ақыны, данышпан ғалымдары: Пушкин, Керлов, Радловтардың кітаптарда жазған сөздерін оқып көріп, тәжірибе алады. Жоғарыда айтылған сөздердің кітап болып шыққан, қағаз жүзінен алғаны бар, көпті көрген көне, ұқпа құлақ, кеудесінің есігі бар, құлағының тесігі бар, сөзге ұста, шешен, шежіре қариялардан естіген сөздерін өз жанынан араб, парсы, түркі ғалымдарының өз тілдерінде жазған ғылыми әдебиет кітаптарынан алып, қазақ тіліне аударып, өз жанынан бірнеше көптеген ғылыми әдебиет философиясын жазып, басын қосып, кітап қылып, кейінгіге, арттағыларға мура қалдыру үшін жалықпай жазуға кірісіп, кітап қарап, кітап жазуын өзі өлгенше қойған жоқ. Мәшһүр Жүсіптің бұл жазған еңбектерінен азы-көбі аралас өз қолымен жазған жеті бөлек кітап болып, қазірде бұл кітаптарының төртеуі Алматы қаласы, Қазақстан Ғылым академиясының қарамағында сақтаулы. Қайдан алғаны, кім тапсырғаны белгісіз...

Мәшһүр Жүсіптің бұқарашыл еңбегі мен ерекше қызметі Патша үкіметінің дәуірі жүріп, тасып, толып, айбатынан аспандағы Ай қорқып, көлеңкесінен көктегі күн қорқып, «қылышынан қан тамып, найзасынан зәр тамып» тұрған күнінде көптеген оқығандар, не білімді шайыр менен шешендер бір де бірі айтпағанда, жазбағанда, айқын түрде қорықпай, именбей, 1906 жылы [дұрысы 1907 ж. -Е.Қ.] «Сарыарқа кімдікі еді» - деген қазақ халқына ұран, үндеу жазып, үгіт таратты. Ақын жазды: «Өзінің туған жері, өскен елінің, қазақ халқының күнделікті күнкөріс, тұрмыс жағдайы жерге байланысты екенін, сол күн көріп, жаз жайлап, қыс қыстап, мал өсіріп, мекен қылып, жан сақтап отырған жерлерінің ең шұрайлы, қонысқа пайдалы, шаруаға берекелі, жалғанның пейішіндей не аяулы, қыс болса, жел өтпейтін, жаз болса, күн тимейтін қазақ халқының бірнеше ғасырлар бойы мекен қылып отырған қоныстарын «учаске войсковой» - деп ат қойып алып, онымен қоса қабат: «Бастықтардың уәзипасы» -деп, ағашты, шабындылы жерлерді, қайнар бұлақ, тұщы өзен, көлдерді, егінге қолайлы жерлерді, жер сауырындай бетегелі белдерді - түгел тартып алып қойғандықтан. Олардың осындай тартып алып қойған жерлеріне, егіндеріне жазатайым қазақтардың малы түсетін болса, түскен малдың басынан артық шығын төлеттіреді. Немесе түскен малдары бүтіндей қайтарылмайды. Мұның арты дау-жанжал, барымта, ұрыс-керіс, ұрлық, зорлық, шабыншылық. Аяғы - атылу, айдалу, кісі өлу - «тоғыз» құ[ны] тоқсан түрге бөлінеді. Қазақ халқы ата мекен, жерін, суын қиып тастап кете алмай, бірнеше жыл шөбі мен суына ауыз от, доход төлеп отырғандығы үшін, жоғарыда айтылғандай, бірнеше түрлі қиыншылықтар кездесіп, оның үшін алым-шығын земский және қабаттап, ақша тауып төлей алмай, кедей болып, көбі қаңғып ауып кетті. Қазақ халқын шамалап қарасаң, қалғаны - үштен бірі жоқ есебінде. Осы сияқты бассыз зұлымдық, зорлыққа тыю, тоқтау салған тергеуші, теңеуші, «Мұның қалай?» - деп, тексерген бір әділ үкім көре алмаймыз. Осындай теңсіздік, зорлық пен қорлыққа шыдай алмай, шыдағаны былай тұрсын, күн көріп жан сақтауға пана таба алмай, азып, тозып, қаңғып кетті. Қазақ халқын осы күнде үшке бөліп қарасаң, екі есебі жоқ есебінде. «Бұлар қайда кетті?» - десең, - Петербург, Мәскеу барсаң, орыстың малайы - қазақ. Ербіт, Макаржи барсаң, ноғайдың малайы -қазақ. Бұхар, Ташкен барсаң, сарттың малайы - қазақ. Сол малайлыққа жүргендер не теңдікке қолы жетеді? Аузына, басына жастық қойып, кім тәрбиелейді? Сусын беріп, кім күтеді? Өлсе, жаназа оқып, кім дұрыстап көмеді? Осы сияқты кемдік пен кемшіліктен: тірімізге теңдік, өлгенімізге иман, жаназа жоқ болып, адамшылық қатардан, тәлім-тәрбиеден қалдық!» - деп, ақын өз заманында анық өз көзінен көрген кемшіліктерін жылдан-жылға, күннен-күнге кетіліп, кеміп, әрекет аралап азайып, талан-тараж халыққа түсіп, таусылып, туған жері, өскен елінің басынан бағы тайып, мұнарланған мұңы, тарыққан, зарыққан, кешірген кемдігін жазды. Ол жазды өз тұсындағы туған жері, өскен елінің бостандық, еркіндік, теңдік дәуренінен айрылып, салтанатты Сарыарқаның халқы, жері, суы жауыз патша үкіметінің залымдық қоршауына түскенін көріп, біліп, адам баласының күнкөрісі, күнделікті тіршілігі ең алдымен жерге, қонысқа байланысты екенін, жақсы жері, кең қонысы, бостандық правосы болмайынша адам баласы ешқандай жақсы тұрмысқа жете алмайды, қызықты өмір жасай алмайды деуге болады. Дүниедегі тіршіліктің бірнеше тәжірибелері жер мен суға, олардан алатын өсім, өнім, береке кіретін, кіріс жағдайына байланысты. Олай - бұлай да адам баласының жан тіршілігіне ең керекті мүліктің бірі жер болуға мүмкін. Біздің қазақ елінің арасында әдет - аузында сөз: «Ата мекен қонысты әкесінің басынан, қойнындағы қатынынан кем көрмейтін», қашаннан қанына сіңген бір әдет. Қысқартып айтқанда, жерден шықпайтын асыл бар ма, жерден табылмайтын зат бар ма? Жерді жолын тауып, жөнін тауып пайдалана білсең, азаймас азық, таусылмас кен, сақтаулы мүлік, қарулы қазына. Бағасын, қадірін, құнын білген адамға жерден асыл қазына жоқ. Мәшһүр Жүсіп сондықтан туып өскен жері - қазақ халқының Сарыарқа сияқты асыл қазынасынан - бейғамдық пен қараңғылық, жалқаулық пен аңқаулықпен білмей, сезбей, қасқыр талаған қой мысалды жыртқыш хайуандар талап, жұлып жеген жазықсыз хайуандар тәрізді жауыз патша, рақымсыз ұлықтардың қоршауында Сарыарқаның талауға түсіп жатқанын көріп, жалпы қазақ халқының сана сезімін оятып, туған жері, өскен елі келешегі, тіршілігі, өмірі үшін зор саяси маңызы бар еді. Мәшһүр Жүсіп кең байтақ, ен жатқан Сарыарқаның даласын, Еділ, Жайық, Есіл, Нұра, Ертіс сияқты сулары шекер балдай, тұрмыстың төрт құбыласы: Баянаула, Бурабай, Көкшетау, Ұлытау мен Кішітау - Сарыарқаның барлық атақты, қадірлі жерлерінің бәрі қолдан кетіп, қазақ халқының атамекен қонысынан айрылып, азып, тозып, Сарыарқаның сәні кетіп, күннен-күн құлдырап, қолдан кетіп бара жатқанын Сарыарқамен сөйлескендей, ақын ойланады, толғанады. Қиядан ұшқан қырандай қырымға көз жібереді, озған заман, өткен күндер ойына түседі:

Кең байтақ ен жатқан, Сарыарқа,
Салтанатты, Сарыарқа!
Сағымданған, Сарыарқа,
Сәулеленген, Сарыарқа,

Сандалы едің, Сарыарқа!
Кең қонысың - кең Арқа,
Сан жеткісіз Сарыарқа.
Суың - шекер, бал Арқа!

Майда шөбің май арқа!
Кеуделі биік, бел Арқа,
Малы басың сай Арқа!
Төрт түлікке бай Арқа,

Қора-қора қой Арқа,
Маңырап тұрған мал Арқа!
Төңірегі төл Арқа!
Дәл осы менің тұсымда

Сәнің кетті неге, Арқа?!
Құтың қашты неге, Арқа,
Не себептен, Сарыарқа?!

- деп, Сарыарқамен сөйлескендей терең ойға түседі. Сарыарқа әуелде кімнің жері, кімнің қонысы, кімнен кім алды, тегін олжа болып па еді? Оңайлықпен беріспей, талай қиын таудан асып, неше күдер белден асып, қызыл қанды судай шашып, оғын атып, жағын тартып, қылыш шауып, найза шаншып, не сабазы, не сырбазы, не маңғазы, не шопаны, не шолпаны - сен, Сарыарқа, қоныс үшін, мал-жаны құрбан болып, ата-бабаларының құныкері құнындай, қойнында құшақтаған жесіріндей болған - Сарыарқа! Қазірде кімге олжа болды, кім пайдаланды?! Сөйтіп алған Сарыарқадан қазақ халқы бұ күнде неге тектен-текке, бостан-бос айрылды. Неше ғасырлар бойы қоныс қылып отырған мекенінен айдап, қуып шығып, айту жоқ, сұрау жоқ, ақы жоқ, пұл жоқ, ерік жоқ, ықтияр жоқ -переселендер келіп, меншіктеп қоныстанып, қала сала бастады. Бұл айтылған жағдайлар ақынның жүрсе, жүрегінен, ойласа, ойынан кетпейтін, ақынның жүрегінде жазылмайтын жара, арылмайтын арман болды. Халқының сүреңсіз, сұрғылт тартқан бейнесін көріп, шаттықсыз шырайын, ұйытқысыз орайын, келіспеген кейпін, ата-мекен қоныстан айрылғанын: «Ата-бабасының қонысынан айрылдым!» - деп санап, ақын жүрегіндегі арманын өлеңмен былай деп жазады:

Қалмақтан қазақ алды-ау қанын шашып,
Бостан-бос ие болды-ау біреу басып!
Біз жүрміз зорлық пенен зомбылықта
Асудан асқан сайын жылап асып, -

деп айтқаны Баянаула тауында бір кезең биік асу бар: арба жүре алмайтын, салт атпен асып жүреді. Сол асудың атын «Жасыбай асуы» - деп атайды. Себебі қазақ пен қалмақ Арқада ақырғы рет соғысқан жолы қалмақ мергендері бұрын келіп бекініп, бұғып жатып, аңдаусызда Жасыбай батыр келіп қалғанда, мылтығын құрып жатқан мергендер бәрі бірден оқ жаудырып, Жасыбай батыр оққа ұшып, сол жерде өлгендігінен, сол жерге қойылған, «Жасыбай асуы» - атанған. Моласы тастан жасалған, жер болып қалған. Бұрынғы көргендер білетіндердің айтуымен: «Жасыбай батырдың моласы» - деп айтысады: «Асудан асқан сайын жылап ассын!» - деп, сол асудан асып жүрген уақыттарда Жасыбай сияқты батырдың өлгендігі, сол соғыстарда қазақ халқының басынан кешкен қайғылы қара күндер есіме түсіп жылаймын!» - дегені. Осы сияқты бірнеше ерлері, елдері Сарыарқа үшін, ата мекен қонысы үшін сан рет соғысып, қырылып, жойылып, қандарын төгіп, алған Сарыарқа бірнеше ғасырлар бойы біздің қазақ халқының ата мекен қонысы еді. Ең соңы кешегі Абылай хан заманында Қара қалмақ Қатысыбанмен, қалмақ қоңтажысы, жоңғарлармен неше мәртебе соғысып, қырып та, қырылып та, неше түрлі қиын - қыстау күндерге ұшырап, бұлардан басқа Орта Азияның:Қоқан, Ташкен, Түркістан - бір-бір қалаларды билеп, хан боп атанып, тауықтың қоразындай қоқиған, көті бос көдедей көп хандарының қалайша пұлынан қорғап алып қалған Сарыарқаны бұл күнде әділетсіз патша үкіметінің тегіннен тегін отарлап, олжалап отырғанын, қазақ халқының бостандық, еркіндік, теңдік, тәуелсіз елдіктен қалғанын көріп қайғырады. Мәшһүр Жүсіптің «Сарыарқа кімдікі...» - деген Сарыарқа тарихын жазған кітабынан үзінді. Қазақ халқының алғашқы Орыс патшасына қарамақ болған уақыттарында елшілікке Иван Семеныч деген полковник келеді. Онымен таласа Қытайдан да елші келеді. Бұл екеуінен басқа қазақтың өз ішінен Кенесары, Наурызбай шықты. Сонда Кенесары, Наурызбай қазақ халқына айтты: «Өз еркіміз өзімізде, жер - суымыз, бас - мал билігіміз өзімізде, басқаға бағынышты болмай, өз алдымызға жеке тәуелсіз табанды еркін ел болайық!» - деп, барлық қазақ халқын үгіттеп, «Патша үкіметіне бағынба!» - деп, патша үкіметіне қарсы көтеріліске шақырды. Ол күндегі қазақтың атқамінер арамтамақ қулары өз қарақан бастарының қамын ойлап, көпшілік еңбекшіл қара бұқараның қамын, келешегін ойламай, аз күндікке алданып, аз нәрсеге жалданып, зерлі шекпен, медальға сатылып, патша үкіметінің алдау, арбау, айласына еріп, Кенесары, Наурызбайдың тілін алмады. Қазақ халқының ынтымақсыз, алауыз екі жақ болғандығынан Кенесары, Наурызбайдың өрісі ұзай алмады. Оларға бір жақ емес, төрт жағынан жау шықты. Ақыр соңы Алатаудағы қырғыз: Жанқараш, Жантай балаларының қолында өлді. «Кенесары, Наурызбайдың қазақ еліне: «Патша үкіметіне бағынба!» - деп айтқан тақпақ сөздері» - деп, ақын мына сөздерді жазады (Сарыарқа тарихын жазған кітабынан үзінді).

Бағынба, қазақ, орысқа,
Бағынсаң, қазақ, орысқа,
Осы бастан амандас
Сарыарқа деген қонысқа!

Береке кетер асыңнан,
Билік кетер басыңнан!
Неге некен, неген күйерсің!
Күйдіруші табылып,

Көршілес жақын қасыңнан.
Қызығып тұрсың байқамай,
Күйгеннен зарлап айтам-ай!
Көрінісі орыстың

Текеметтің түріндей,
Ойлағаны - арамдық,
Жарадан аққан іріңдей! –
деп, патшаның зұлымдығын айтады:

Абақты деген үйі бар,
Қазулы даяр көрі бар.
Қызыл қарын, жас бала
Обалына қаласың.

Кейінгі үрім – бұтақтан
Қарғыс бір нәлет аласың!
Құтқарайын сендерді,
Соңымнан ерші, ерінбей! –

Кене хан бұлайша дегенмен, қазақ халқының өлгендегі жауы жуандары, сатынды, арамтамақ қулары бұларға ермеді, тізгінін бермеді. Қайта патша үкіметіне қосылып, Кенесары, Наурызбайға қарсы жау болды. Мәшһүр Жүсіп Сарыарқа тарихын айта келіп, онымен бірге өз тұсындағы болып жатқан саясат ағымдарының бостандық, ерік, ықтияр, әділдік, теңдік, тегісшілдік тұрмыстардан көрген кемшіліктерін айта келіп, оның ішінде жер, су, қоныстың қиын, қыспағын өте-мөте айқын сөйледі. Осы күнгі: Ақмола, Атбасар, Қарағанды облыстарының жерін басып ағатұғын: Есіл, Нұра дейтін екі өзенді, Арқада шұрайлы жер сауыры, мал кіндігі, ел қонысы-шаруашылықтың сан жеткісіз саласына сапалы көрік берген Есіл, Нұра - екі өзенді арман етіп, ақын былай деп өлеңмен жазады:

Айрылған біздің қазақ Нұрасынан,
Атаның қоныс қылған мурасынан.
Законды жылқышы мен қойшы білді,
Үйреніп мал қамайтын қорасынан.

Ақша үшін аузы ашылған жүз қараның
Сөзі жоқ айтар түзу турасынан.
Әр түрлі қысымшылық болып еді,
Сасқандай Жүсіп жаңылып тәубесінен.

«Ұлыққа мынау жерің керек» - десе,
Әркім-ақ жылап кешті ұясынан.
Ұлыққа бізден барып, арыз айту
Шыңның да қиын еді қиясынан.

Қазақтан баса көктеп жер алуды
Әдет қып алып еді крестьян.

Ақынның бұл өлеңінде қазақ халқының қандай қонысынан қалай айрылғандығын, жүзқара, жалмауыз ұлық атаулының ақшаға, параға сатылып, түзу істі қисыққа бұрушылығы уақытындағы халқының есінен қалмайтын қиыншылық көргендігін, ақылынан жаңылып сасқандығын, ата мекен қонысынан ықтиярсыз айрылып, жылап көшкендігін, ұлыққа барып, аузы жетіп, арыз айтудың қиыншылығын, баса көктеп әлі жеткен арам пейілдер нашар, кем - кетікті талап, тартып алу сияқты неше түрлі жебір лікті көрсетеді.

Есіл өзені туралы жазған өлеңі Айрылған біздің қазақ Есілінен, Өзінің болған емес кесірінен. Жер мүлкі шаруаның қызықты еді Қойнында құшақтаған жесірінен. Адасып осы күнде қазақ қалды Бұрынғы ата-баба рәсімінен, Жылқыға керек жерге егін салып, Жер жыртып, мұжық қалмас кәсібінен. Жайлауы баратұғын тарылған соң, Айрылды мал да, жан да несібінен. Мұжықтың кесірінен жұт көбейіп, Кеміді төрт түлік мал өсімінен. Зынданда не сабаздар нақақ жатыр, Ұлықтың қылған зорлық кесімімен, - деп, ақынның бұл өлеңінде Есіл, Нұра сияқты Сарыарқаның сауыры, жер шұрайының негеннен неген, тегіннен-тегін, ешбір қандас жазықсыздан айрылуы. Бұл сияқты жақсы қоныстың - қойныңдағы әйелден де сүйікті екендігін, қазақ халқының бұрынғы ата - бабасының қоныс мурасынан, әдет-ғұрып, ресім, жөн-жоба, бостандық - еркінен айрылғандық, қысқы-жазғы дала сүйетін ұзын аяқты - жылқы малдың қонысына егін салынып, төрт түлік малдың өрісі тарылып, өсімі кемігендігін, нақақ күнәсыз адамдардың, бейуаздың, момын шаруалардың, жауыз әкімдердің салған зорлық, пәлесінен, кесірінен кесім, қылмыс көргендігін толық дәлелдейді. Мәшһүр Жүсіп 1905-жылдардан 1910 - жылдарға дейін саясат жұмысына аянбай, қолынан келгенінше кірісіп отырды. Мәшһүр Жүсіп бұрынғы өткен дәуірді, ескі салт-сананы дәріптеп көксемеді. Алдағы келешектегі, өз тұсындағы болып жатқан саясат ағымдарына көз салды. Өзінің уақытындағы басылып шығып жатқан газет, журнал, саясат, - баспа сөздермен танысып оқып-біліп, сөз алып, сөз беріп, күнделікті шет, алыс жерлердегі саяси уақиғалардан хабар алып отырды. Ұлы орыс халқының 1905 жылы көпшілік еңбекшіл бұқарасының - жауыз патша үкіметінің қанау, езушілігіне қарсы көтеріліс, топ жасап, қарсы шыққандығынан хабар алып, бейғам жатқан қазақ елінің сана-сезімін оятып, Сарыарқа тарихын қозғап, уран салып, қазақ халқының қалың бұқарасын үндеуге шақырды. Өзі бұл көтеріліс туралы шығыс елдерінің қай жерде не түрлі жасаған саясаттарына пікірін толық қосып отырды. Патша үкіметінің бұл 5-октябрьдегі көтерілістен қауіп ойлап, көпшілік еңбекшіл бұқараның көтерілісін тоқтатып басу үшін, алдап айламенен 1905 жылдың 17-октябрь күні жалпы ресейлік қол астындағы әрбір ұлттардың бәрінен депутат шақырып, Петербург қаласына жалпы Ресейлік жиылысқа -думаға шақырып, өтірік манифес жариялайды. Бұл жиылыс, бұл манифес рас, шын жұмыс екен деп, алғашқы бетін - де көпшілік нанып, дәмеленіп, үміттеніп қалады. Мәшһүр Жүсіп те бұл манифеске нанып, шын манифес екен деп: «Бұл думаға депутат болып баратын кісілеріңді – еңбекшіл бұқараның пайдасын сөйлейтін, мұң-мұқтажын жоқтайтын таза, түзу, әділ адамнан сайлаңдар!» - деп, манифес туралы жазған өлең шығармасында былай деп жазады:

Сөктелген тарыдай боп ақталындар,
Бәйге алсаң, бұл жарыстан, мақтаныңдар!
Қулардан шекпен киіп, наград алған –
Мұсылман, мұнан былай сақтаныңдар!

Ер болсын уағдасын бұзбайтұғын,
Алданып іс құрметке қызбайтұғын.
Пайдасын ел-жұртының түге[л] ойлап,
Жұрт қамын түптен тартып ойлайтұғын.

Кеңшілік мемлекетке патша берді,
Қарақшы, бас қосуға, қылды жерді.
Пайдасын үрім-бұтақ ойлайтұғын
Сенімді, жіберіңдер, бұған ерді!

Манифестің көп ұзап өрістемей, «аты бар, өзі жоқ» - қып, халыққа өтірік елес екені сезілген соң, көпшілік үмітін үзіп, түңіле бастайды. Көппен бірге Мәшһүр Жүсіп те түңіліп, «манифес бар» - деген сөзден бүтіндей күдерін үзіп, былай деп жазады:

Түңілді есіткен жұрт мұнан таза,
Дәңге (дәнеңе) жоқ - білмегенге, білгенге - аза.
«Манифес бар!» - деушілер тұтқын болып,
Кесілді еш себепсіз оған жаза, -

деп, ақын өзінің: «манифес бар» - деген сөзден түңілгендігін, дәнемені білмейтін, сезбейтін қараңғы наданға ештеңе емес, көңіл көзі ашық, білімді адамдарға манифес шын болмай, өтірік болуы, өтірік жариялануы үлкен ауыр қайғы болды. «Манифес бар!» - деп, манифес туралы сөз айтушылар тұтқын болып, оларға себепсіз, күнәсыз жаза кесілгендігі дәлелден [е]ді. Мұнан кейін ақын патша үкіметінің де, оның ел билеген жауыз ұлықтарының бәрінің істейтіні жауыздық, қиянат, еңбекшіл бұқараны езу, жаншу, алдау, арбау, қанау, талау екенін көріп, сезіп, олардан рақым, үміт, жақсылық күтуден күдерін үздіріп, олардың кем-кетік, жетім-жесір, ассыз нашарларға істеген қиянаттарын, арамдық, арам пейілдерін көріп, олардың істеген түрлі қиянаттарын, арамтамақ ұлық атаулының айыптарын аямай-ақ әшкерелеп, беттеріне басып, сөзден соққы беріп отырады. Мәшһүр Жүсіптің өз заманындағы ұлықтардың еңбекшіл бейшара, момын шаруаларға істеген қиянат, айыптарын аяусыз әшкерелеп, беттеріне басып жазған өлеңі - «Хал ахуал» нан:

Қызыл гүл, жасарсайшы солып жатқан,
Әр нәрсе шағымызда болып жатқан,
Үлгісі чиновниктер осы болып,
Қасқырша ауыз салып, жұлып жатқан.

Құрметті ел билеген әкімдер де,
Жыландай зәрін төгіп, сорып жатқан.
Бас алып, мұңлы, зарлы бейшараны
Бүркіттей тырнағымен бүріп жатқан.

Жатырмыз бір қараңғы ұзын түнде
Көрінбей жарық сәуле, бір таң атқан.
Артық қып таксиядан доход алып,
Екінші частный сбор мойынға артқан.

Бейшараны желкелер стражник,
Таба алмай кедей ақша жапа тартқан.

Ақын бұл өлеңде мынаны айтады. Біздің бұл уақытымызда, бұл шағымызда қайтіп дүние жарасып, жасарсын, қалай гүлденіп, қалай [к]өркейсін? Аңдып тұрған арамдық, жанып тұрған жауыздық, түннен қараңғы тұман басып жатқан пәле, жан сусындар жақсылық жоқ. Шенеуліктері қасқырша талап, жұлып жатқан, әкімдері аямай, зәрін түгел шаққан жыландай сорып жатқан мұңды, зарлы бейшараны бүркіттей тағы басқа тырнақ есепті айуандар тәрізді тырнағымен бүріп, қысып жатқан. Қараңғы түннен де қараңғы бір ұзақ қараңғылықта жатырмыз. Жарық сәуле, таң атқандай бір теңдік, бостандық көре алмаймыз. Таксиядан артық қылып алым - шығын, частный сбор жинаушылар ақша таба алмаған кедей бейшараларды стражы Николайдың ұрып-соғып, желкелеп, жәбір көрсететін олардың неше түрлі істеген қиянаттарын, жебір мінездерін жыртқушы, жекірдің, рақымсыз, мейірімсіз айуандардың мінезінен де жаман деп теңеп балағаттайды. Ауылнай мен билер туралы былай деп жазады:

Жалаңдап аждаһадай ауылнайлар,
Беліне ақ кигізден күйек байлар.
Цифрын бес тиынның бес теңге деп,
Кедейдің хат білмеген соры қайнар.

Мойнына сары жезден қарғы тағып,
Алдына неше түрлі даулар барып,
Күшіген, қарақұстай билер отыр
Жемтігін өлексенің қоршап алып.

Осындай арамтамақ жеген бәрі,
Сақтанбас: «Обал ғой!» - деп, жеткен әлі.
Жалықпай айта берсем, толып жатыр
Бұ күнгі заманада жұрттың хәлі.

Ауылнай атаулыны: «аждаһадай» жалаңдаған, жалмауыз, беліне кигізден күйек байлағандай, мойындарына барлап, біліп, ауыл айналған итке ұқсап, ауыл айналып, бес тиынның цифрын бес теңге деп, хат танымаған қараңғы момын шаруаларды аямай алдап жейтін жалмауыз деп, билерді мойындарына сары жезден қарғы тағып алып, байлау үшін мойнына қарғы таққан ит сияқтанып, өлген өлексенің, жемтіктің басына үймелеген күшіген, қарақұстарша қанға үймелеген қарға, сауысқандардай - алдына келген дау істеріне әділ төре, түзу билік айта алмай, параға бір тойған тамаққа сатылып, момынның еңбегін залымдарға бұрып беріп, кісі ақысын, бейшара жетім - жесір, кем-кетіктердің еңбегін арамсынбай, обалсынбай, ұятсынбай жейтін жауыз, надан, пасықсындар!» - деп айыптап, аяусыз әшкерелеп, беттеріне басады. Байларға ерген, байларға жарамсақтанып жүрген кедейлерді де сөгеді:

Жыртылды байға ерумен кедей таңы,
Көшінен адастырып байдың шаңы.
Көпіріп үйде отырып күжілдейді.,
Жігіттің қоразданған кей бір паңы.

Жаз болса ауыл үй боп, ыңғай қонып,
«Қызық қой бұл жүрген, - деп, - мұндай болып!»
Өңешін жылтыратып көп кедейлер
Айрылар ат-тонынан жұрдай болып.

Біреуі пана қылып сүйегенсіп,
Мәз болып отырғанға саумал ішіп,
Мырзасы - қасына ерген нашарына
Шығынды баса салар сырттан пішіп.

Ақын бұл өлеңде байларға ерген кедейлерді - байлардың оларды өтірік бер жағымен, тілдерінің ұшымен ғана, ақырын айламенен алдап ұстап: «Уай, шіркін, пәленше, түгенше өзіміздің еншілес, емшектес туысқанымыз сияқты, онымен біздің араларымызда бөтендік, басқалық, бөтен ой, жаман пейіл, жат мінез жоқ қой! Көлік майы, сауын сүті, киім кірі, еңбек тері, қысқы қызыл, жазғы саумал бір-бірімізге сатусыз, ақысыз, пұлсыз, тоқтаусыз, санаусыз, есепсіз ғой! Баяғы ата-бабамыздан бері қарай дәм - тұзымыз араласқан, бірге өсіп, біте қайнағандай, жүрегі дос, сырлас, сапарлары жақын көршіміз!» - деп, қасына ертіп, паналатып, пана болғансып, қолына ұстап, қолдаған болып, көр көкірек, көрсеқызар, ұр да жық, ожар, ұрыншақ жігіттерді елертіп, елтітіп, есін шығарып, пысыған байлардың сықақтап: «Май берген баладай» - алдап, сөз арағын ішкізіп, мас қылғанына мәз болып, жоғарыда айтылғандай, құрғақ қу сөздермен семіртіп, аз пұлмен көп еңбектерін тегін пайдаланып, барымта, партия сияқты алым, шығын бөлінетін жерлерде сыртынан өлшеп, пішіп: «Өзіміздің пәленше ғой, ол менің айтқанымнан шықпайды!» -деп, орынсыз билеп жіберетіндіктен, байға жаранып, жарлының жарты ақысы кетер тіпті дегендей. Қысқы қызыл, жазғы саумалына сатылып, ішкен-жегені мұрнынан шығып: «Байға ерем!» - деп, «Аттыға ерген жаяудың тақымы талып, таңы жыртылыпты» -дегендей, ең аяғы ел көшкенде, байдың көшінің артында отырғандықтан, көшінің шаңы басып, үстін кірлеткеннен басқа келтіретін кіріс, табатын табыс, бар дейтін пайда жоқ. Текке терлеп, алдағанға еріп, әуре болып, алары жоқ, алаңдап, далаңдап босқа жүрген кедейлерге айтқан үгіті. Байлардың азғырғанына, алдағанына ермеңдер, еңбектеріңді босқа, тегін жібермеңдер! - деп, кедей шаруаларды - жаны ашып, жақын тартып, айтқан ақылы, істеген достығы, көрсеткен қамқорлығы.

Тірлікте көп жасағаннан, бір көрген тамашамыз» - деген поэмасынан
Ад[ам]да - бас: ауыз бен тіл болмаса,
Өз тілің - өзіңе жау ел болмаса!
Бейпіл жас ағып көзден жылауменен

Сай-сайдан ағып дария сел болмаса!
Мен ғашық уыз жаста болдым күнге,
Күн қашан тіліңді алып, жүрген жөнге?!
Бойыма бір сіңбеді асым тарап,

Құрғыр күн батып кетіп, қылды харап.
Жете алмай, күн артынан, қанша қуып,
Қадалып қарай қалдым, көкке қарап.
Ай-аспанда, мен жерде, - болдым құмар,

Құмарлықтан емеспін көзді жұмар.
Анда-санда көрініп қалады Ай,
Ай көрінсе, болады көңілім жай.
Менің көңілім әрқашан Айда болған,

Өзге жұлдыз, кәне, Айдай қайда болған?!
Сүйегіммен кетеді өлсем бірге
Он «бесімде» бұл менің пайда болған.
Бұлттар өркеш-өркеш мұнарланған,

Көңіл бар көктегі айға құмарланған.
Меңдей бұлт, көрінбей, бетін баспа,
Түлкідей бүркіт алған жұмарланған.
Телміріп тек күн батса Айға қарап,

Мен Айға телмірмеймін жайға қарап.
Асық ойнап, пай салдым, Ай болсаң да,
Алатұғын отырмын пайға қарап.
Ақынның бұл өлеңінде саясат түрде

маңызы Ақын бұл өлеңінде саясат түрдегі маңызы - жас шағынан ақиқат туралықта, әділдік, аға[р]ту істеріне, ғылым-білім, мәдениет, әдебиет, игілік жұмыстарға құмарлығын [жазады]. «Бұл ойлаған мақсатыма жетудің арманы жүрегімде жазылмас жара, көңілімнен кетпейтін, бойына ішкен асым сіңбейтін ең күшті арман болғанын Ай менен Күннің бетін бұлттар басып, олардың басқан бұлттан, қараңғылықтардан айығып, ашылып, жарық беріп, нұр сәулесін шашқанын, бүкіл дүниенің жүзіндегі жанды - жансыз заттардың барлығы да жаны сүйіп, жақсы көргеніндей, әділдік, ақтық, ғылым, білім, мәдениет, ағарту жұмыстарының өркендеуін бала жасымнан-ақ сүйемін. Осы жолдан қайтпаймын, қажымаймын, өлгенімше осы бетпен кетемін. Анда-санда біраз ғана жарық сәуле, жақсылық, теңдік, әділдік жұмыстар көрсем де, Ай мен Күннің бұлтсыз күндерде бұйырған жарығындай көңілім жадырайды. Ай мен Күннің беттерін қаптаған қара бұлттар, қараңғы түндер, мұнар мен тұмандар қанша басқанымен, мәңгі басып тұра алмайды, жоқ қылып, жойып жібере алмайды. Сол сияқты әділдікті жауыздық, қиянаттар мен қараңғылықтардың күші жетіп, жеңе алмайды, - деп сенемін!» Ақын қалың бұқара қазақ халқы қараңғы түнде, қамауда ұйықтап жатқан сияқты. Жалғыз өзі ояу аспандағы Айға қарап, телміріп отырған сықылданып ойланып: «Менің бұл сияқты емес, бейғам жатқан халқыма бостандық, азаттық таң қашан туар екен?! - деген оймен айға қарап сөйлескендеймін. Бір айдың жартысы - қараңғы, жартысы - жарық болғанындай, жақсылық пен жамандық, бұлар да егіз деп сенемін. Батып кеткен Күн мен Айдың ертең қайта туып, қайта шығып келуінен үміт күткендей басымыздан неше талай қиын-қыстау, қараңғылық, жауыздық күндерін өткіздік. Енді менің бұқара халқыма да Ай мен Күндей, әлемге бірдей нұр сәулесін шашып, бостандық, азаттық таңы туып, қандай жарық болар екен?!» - деп, аңсаған пікірін, күткен үмітін айтқан. Ақын бұл сияқты көңіліндегі көздеген мақсаттарын, ойындағы үміттерін, аңсаған арманын өзінің бала жасынан ғылым, білімге құмарлығын бірнеше сөздерінде өлеңмен айтып кетті: Құмарым менің жастан - ғылым-білім, Айтпасам да, бұл сырды білді елім. Су ішсем ауыздықтан, қанар мейірім, Сол үшін басқа сөзге бармас тілім. Ақын оқып үлгі-өнеге, білім алудың тәртібі, жолы тар, қиын, ауыздықтап қаңтарған аттай, ауыздықпен су ішкізген ат сияқты, ерік ықтиярлы түрде емес, еркін оқи алмайтындығын, ғылым - білімге право, бостандық жол жоқтығын, сондықтан басқадай бөтен сөздер айтуға тілім бармайды деген пікірін айтумен қабат қазақ халқын ғылым, білім, мәдениетке шақырушы болады. Өнерге, ұмтылмайды, ғылым-білім, Сол үшін басқа жұртқа болдың телім. Айтар жер талай-талай келіп еді, Қайтейін, бөтені жоқ, бәрі өз елім?! «Ғылым-білімге талаптанып, ұмтылмағаннан, мәдениетсіз қараңғылықта надан қалғандықтан, ғылымды, білімді өнерлі басқа жұрттарға телім, үлес, олжа болдыңдар! Өзімнің туған жерім, өскен елім қазақ халқым болған соң, сендерге жамандап не айтайын?!» - деп, жаны ашып аяп, қимайтындығын көрсетіп, онымен қабат қазақ халқын ынтымақ, ауызбірлікке шақырады. «Ынтымақсыз, алты ауызды, ала болғандықтан, зорлық, озбырлық, ұрлық, өтірік өнер емес, бұларды істеген үшін бастарыңа талай кемшіліктер, қорлықтар келген жоқ па?!» - деп, өткен күндерін естеріне салып ескертуші болады. Ол туралы былай деп жазады: Қазағым, өнер емес ұрлық-зорлық, Қыласың бір-біріңе неге озбырлық. Болғаннан алты ауызды, ынтымақсыз, Басыңа келген жоқ па талай қорлық?! - деп, аяушылық ақылын айтады. Алты ауызды, алалық, ынтымақсыздығына қамығады, қайғырады. Мәшһүр Жүсіптің көптеген шығармаларының ішінде мынадай сатиралы, сықақ сөзді өлеңдері көп кездеседі. Мысалы: «Қарғамен айтысқан» шығармасы, «Қаршыға мен бұлбұлды» айтыстыруы, «Шайтан саудасы» деген шығармасы, «Бай мен кедейдің айырмасы, «күндіз бен түннің айырмасы», адамдардың мінез-құлықтарын сипаттап жазғаны, «Дүниенің жұмысы - дүниенің ойыны» - деп жазғаны, 12 жылды жұмбақтап жазғаны. Мәшһүр Жүсіп қожа мен ишан, молдалардың мінездерін қарға мен тауықтың мінездеріне теңеп сипаттауы. Қожа, молда, ишандардың, хазіреттердің мінез-құлықтарын, істеген жұмыстарын қарға мен тауықтың мінез-құлқы қылып: «Оларды қарға мен тауықтың мезгілсіз, жөнсіз, жолсыз қарқылдап, барқылдап, бас ауыртқан дауысы!» - деп мазақтайды. Бұхар, Ташкеннен, Түркістан мен Сыр бойынан Сарыарқаға қаңғып келіп, әулиесіп: «Әулиенің, әнбиенің әулеті, тұқымымыз!» - деп, шұлғып, мүлгіп, сызылып, малын бағып, тыныш жатқан қазақ елін, момын шаруаларды алдап, арбап, тегін мал табуға салынған әдеттерін қарға мен тауықтың мінезіне ұқсатып жазғаны. «Қарғамен айтысқан» - шығармасынан, өз қолжазбасында 200 жолдан асады:

Түн ұзап, қас қарайып, болды қазан,
Бес намаз, жанның пірі - иман, азан.
Арбаға ала қарға қонып алып,
Қарқылдап ертеден-кеш алды мазам. –

Тұғырың, қарға, сенің тартқан арба,
Қақсайсың ертеменен, жының бар ма?
Немене айтып тұрған былшыл сөзің,
Айт маған, анық қылып, ала қарға!

«Ертенді-кеш қарқылдап, жұрттың тыйышын, мазасын аласың, сенің айтқан мылжың сөзіңе түсіне алмай, басым қатты. Неменеге мезгілсіз бақырасың? - дегенде, қарғаның берген жауабы:

Кім жетер бұл заманда жасап жүзге,
Парағат бұйырмаған Құдай бізге.
Қысылып бір жанымнан қақсап тұрмын,
Килігіп қалғаннан соң суық күзге.

Мәшһүрдің қайтарған жауабы:
Кім тігер: «Сен тоңды!» - деп, ақ шатырды,
Көңіл қорқақ болса да, қол батыр-ды.
Осынша жұрттың тыйышын кетіресің,

«Арқаға кел», - деп, сені кім шақырды?

Осынша жұрттың тыйышын алып, мазасын кетіргендей сендерді: «Арқаға кел» - деп, кім шақырды? - деп сөгеді. - Айтқан сөздерің істеген істеріңе ұқсамайды. Арамдық, залымдық, арам қиянатқа жақын, жүйріктерің жемтікке үймелеген қарғадай, боқтыққа үймелеген тауықтардан бетерсіңдер, - деп өлеңмен былай деп жазады (Бұл өлең 46 жасында сөйлеген сөзінен): Сақал шықты, өкпелеп жүрсек мұртқа, Ішкі зардап ұлғайып, шығып сыртқа. Қызыл көрсек, шабамыз айлық жерден, Үймелеген қарғадай көшкен жұртқа. Қожа, молдалардың біреу өле қалса, соның өлігіне арналған малдарынан үлес, олжа алу, сход пен мұстақтарын пайдаланып, өлген адамның басына жемтікке жиылған қарақұс, қарғалардай жиыла қалатын мінездерін сипаттап сөгеді. Оларды жемтікке үймелеп жиылған қарақұс, қарға қылып көрсетеді. Мәшһүр Жүсіп қожа, молда, ишан, қажы хазіреттерді, - олардың мінездерін, істеген істерін сипаттап жазған. Қожа, молда, ишан, қажы, хазіреттерді, - олардың еңбекшіл, момын шаруаларды алдап, арбап істейтін қиянаттарын көріп, оларды сөгіп, айыптарын беттеріне басып, өтірік, алдаушы, көз бояушылық надан, аңқау, қараңғы бейшара, момын шаруаларды теріс үгіттеп, алдап, еппен еңбексіз, бейнетсіз оңай мал табудың айласына салынғандығын, олардың арам пейіл, алдауыш бірнеше айыптарын бетіне басып, аяусыз әшкерелеп, олар жайында көптеген, бір рет емес, бірнеше рет жазған шығармасында оларды өлеңмен түйреп, шаншып, сөгіп былай деп жазады:

Өсекті қожа менен молда айтады,
Қожа, молда өсекті оңды айтады.
Араз ғып, балдай тату ағайынды
Өстіріп дау-жанжалды зорайтады.

Ғайын істі балгер мен бақсы айтады,
Құмалақпен, тамырмен тапса айтады.
«Бізді жалған айтты деп, ойламас!» - деп,
Ишандар мен қажылар жақсы айтады, -

деп, олардың өтірік, өсек айтып, екі тату адамның арасына шағыстырып, сөз жүргізіп, дау-жанжалды зорайтып, көбейтіп, молайтып, барымта, партия, пәленің неше атасын туғызып, азғырып, аздырып, береке, бейбітшілікті жойып: «Екі сұңқар таласса, құзғын, қарғаға жем түседі» - дегендей, араздасқан, жауласқан адамдардың арасынан пара алып, пайда тауып, түлкінің құйрығындай бұлаңдап, өтірікпен алдап, шындық, әділдік, туралықты, түзулікті дұрыс айтса да, ақты-қараға, бетін - параға, арын-ақшаға бұрып, ат пен асқа сатылатындығын айта келіп, онымен бірге бақсылық қылып, бал ашып, құмалақ салып, тамыр ұстап, таспиық тартып, шын сөздің орнына, көре-біле тұрып, өтірік айтып, алдайтын алдауыш мінездерін көңілдеріне қарамай, қаймықпай, аяусыз әшкерелеп, беттеріне басады. Ташкен, Түркістан, Сыр бойынан қаңғып келіп, басына ақ сәлде орап, аузы-басын түк басқан, беліне түскен бес қадақ бурыл сақалы бар діңкиген дығырдай сарт көрінсе, пір тұтып: «Ишан піріміз!» - деп, қол беріп, бала болып, әзиз әулие көріп, қазақ байғұс аппақ майын, қой мен тайын: «Садақа, назир!» - деп, даярлап әуре болғанын, осындай бірнеше қулық, айла, амалмен аңқау, момын елін алдап, тамақ, жем қылатындығын, онысымен жай жүрмей, қулық, сумдық, пәлеге кірісіп, пәле жасап жүретіндерін өлеңмен түйреп, былай деп жазады:

Жасымнан өнер іздеп, көңіл бөлдім,
Мән-жайын қожалардың көріп келдім.
Өгізтаулық сарттарды: «Қожа!» - дейсің,
Қазақ-ай, мен өлгенде, сенен өлдім!

Қиянаттары туралы мынадай жазады:
Ішер ас пен, сатылып, мінер атқа,
Біле тұрып кірісіп қиянатқа.
Сыр бойынан қаңғып кеп әулиесіп,

Бұл қазақты қалдырды жаман атқа.
Өгізтаулық сарттардың: «Ишан, қожамын!» -

деп алдап, әулиесіп, Ташкен, Түркістаннан; Қаратау мен Сыр бойынан қаңғып келіп, момын қазақ елін алдап, жем қылғанына шыдап отыра алмай, қамығып, қайғырып, олардың тағы бірнеше сұм, сұрқия, сорақы, сұмпайы қылықтары, салқын сопылықтары туралы, жұртты пір болып бастап, пейішке апармақ болып, қолдарына ақшаның есебін қағатын шот сықылдандырып, күнә мен сауаптың есебін алатын шот сияқты әр түрлі моншақ тастарды бір метр жіпке тізіп алып, қолдарына ұстап, біріне-бірін сарт - сұрт соғып, басын біресе шұлғытып, біресе мүлгітіп, аузын қыбырлатып, қолын жыбырлатып, мезгілсіз дамыл-дамыл көп намаз оқуы, тағы бірнеше көпшіліктің көзін бояушылық істері туралы өлеңмен сипаттап жазған:

Жылау жоқ, бір күн сахар, көзді жастап,
Пейішке апармақ боп жұртты бастап.
Басымды бір шұлғытып, бір мүлгітіп,
Тәспіні жыбыр-жыбыр серпіп тастап.

Мөр басқан ұзын, ұзақ қағазым бар,
Оқитын мезгіл-мезгіл намазым бар.
Көп пайдасын ойлаған бір қайғым жоқ,
Дүние үшін ашуым бар, аразым бар.

Басыма сәлде орадым ақ домалақ,
Қолымда есеп алар бар құмалақ.
Келіндей жаңа түскен сызыламын,
Қой-қозы келе берсе сол жұмалап.

Дәретсіз өмірімде жер баспаймын,
Аузымды жұрт көзінше бір ашпаймын.
Сопылық, тақуалығым жұрт көзінше
Арақтан оңашада мен қашпаймын.

Ерте-кеш есі-дертім - жылқы, қойда,
Алдауыш таяғым бар түгел бойда.
Қайда барсам отырам алаң болып:
«Осы үй маған не берер?» - деген ойда.

Айналайын жайнамаз - ұзын желім,
Ақ тәспімді көргенде, шұлғиды елім,
Бөтен бастақ несиен сөз айтпаймын,
Баладай зорға шыққан жаңа тілім.

Бір шынға он өтірік қосып жамап,
Алды-артын надандардың орап, қамап.
«Пәлен депті тәпсірде, сөй депті» - деп,
Өтірікпен нандырам жүндей сабап.

Ақын олардың бояма, көзбояушылық мінездерін айқын, анық көрсетеді. Олардың кім екенін, не істейтінін көпшілікке әшкерелеп айтып береді. Қайткенде, момын шаруаларды олардың алдауына түспеуін көздейді. Момын, қараңғы шаруаларды: «Олардың өтірік алдағанына нанба!» - деп, үгіттейді.

Мәшһүр Жүсіптің «Қаршыға мен бұлбұлдың айтысы» - деген шығармасынан. «Қаршыға мен бұлбұл айтысы» - деген шығармасында саяси әсерлі түрде былай деп жазады: «Қаршыға мен бұлбұл - екеуі бір күндерде кездесіп, жолығып сөйлесіпті. Екеуі бастарынан кешкен уақиғаларын, істеген істерін, көңілдеріндегі мақсаттарын айтысыпты. Әуелі басынан кешірген уақиғасын, көрген-білген тәжірибесін, көңіліндегі мақсатын бұлбұл айтыпты: «Аз күндік жалған дүниенің тіршілігінде менің құмарым қызыл гүлге, соның шығысына, тұрысына, әдемілігіне, жаратылысына, бау - бақша, райқан, гүлстанға құмармын. Осындай жақсы жайларда таза жүріп, мезгіл-мезгіл, ауық-ауық, кейде қатты, кейде тәтті жан сүйсінерлік тәтті әнмен, ащы күймен қайғылы көңілдің қапасы кетіп, мұңды, шерлі көңілдің шерін тарқатып, көңіл ашылғандай, тәтті, нәзік әнмен бұқара халыққа үлгі-өнеге, өнер шашып, халық аузында, халық алдында көптің көзіне: «бұлбұлдай сайрап» - деген жақсы ат қалдыруды сүйемін. Көпшілікке еңбек ету, қызмет қылу үшін ғылым, білім, мәдениет, тәлім-тәрбие көрсету үшін, «күндіз күлкі, түнде ұйқы» көрмей, ұзын түндердің ұйқысын түгел ұйықтамай, аз ішіп, аз ғана жеп, қанағат, рақым, мейірім, жылы жүз, жақсы сөзден үлгі беруді сүйемін», - дегенде. Қаршыға айтады: «Бұлбұл деген атағыңа, даңқыңа қар[а]ғанда, атақ - атыңа ақыл, білімің лайық емес, ақылың тіпті аз екен. Бір болымсыз қызыл гүлге құмар болып, ұйқы-күлкіңді, ақыл-ойыңды бөліп, өз қарақан басың үшін емес, көпшілік бұқара қауым, қалың елдің қамы үшін азаптанып, әуреленбей-ақ, сайрамай, зарланбай мен сияқты бейнет қылмай, үндемей-ақ, әлің жеткенде басып жеп, еңбексіз, бейнетсіз, рақымсыз болсам да, көпшілік жұрт менен қорқып, қадірлеп, құрметтеп, қолдан-қолға түсірмейді. Рақымсыз, аяусыздықпен біреулердің айтқанын орындап, менің алған мақтауым, атағым сенен артық, - дегенде, бұлбұл өлеңмен мынадай жауап қайырады:

Бір ұрттам қан ішерсің, бір құс алсаң,
Сен ақымақ тамақ үшін болған сарсаң.
Әркімге тамақ үшін құл болғанша,
Онан да жақсы емес пе, өліп қалсаң?!

- деп, ақын қаршығаның рақымсыз, мейірімсіз қанаушылық, езушілік сатынды, жауыз тіршілігін: «Мұнан да сенің өлгенің, барыңнан жоғың жақсы емес пе?!» - деп, өлімге теңеп масқаралайды. Қаршығаны қаншыл, қанаушы, қан сорғыш, сатынды, ішкен-жеген тамақтың,құлқынның құлы, бір құлқын үшін орға да, торға да, қолға да, отқа да, суға да түсетін үлгі-өнегесіз, жауыз, жексұрын жегіштердің бейнесінде көрсетіп, бұлбұлды халыққа пайдалы, көптің сүйетін, көпшілікке үлгі-өнегелі, ғылымды, білімді, мәдениетті, ағарту жолының адамының бейнесінде көрсетіп, бұл екеуінің сипаттарын айта келіп, қаршыға сияқты күнделікті бір жейтін жем үшін торға түсуші болмаңдар, бұлбұл сияқты көпшілік сүйетін, көпке пайда келтіретін, халық аузында аттарың үлгі-өнеге, жолдарың қалсын! - деп, халық үлгі алатын болсын! - деп, мен өзім де бұлбұл сияқты көпшіліктің қамы, еңбекшіл бұқараның мұңы, кемшілігін жоқтап жырлаушымын! - деп, бұлбұлдың айтқанындай, ақын сөзін өлеңмен аяқтайды:

Жаратқан бір Құдайға жетер датым,
Зарланған ұзын түндер мүнажатым.
Жетпесе бір мұратым, кете берсін,
Ғаламға дастан қалған бұлбұл атым.

Мұратым бітпесе де, көңіліме тоқ,
Қарға мен сендей қаңғып, жемеймін боқ.
«Шіркіннің қаршығадай сайрауын-ай!» -
Деп айтқан бір қазақты естігем жоқ.

Құс болсаң, бозбалалар, бұлбұлдай бол,
Табылар іздегенге бір қызыл гүл!
Ет үшін бір-екі елі торға түскен,
Тіл алсаң, бола көрме қаршыға сол! –

деп, өсиет өлеңін аяқтайды ақын.
Мәшһүр Жүсіптің «Күндіз бен түннің айырмасы» деп теңеп сипаттауы

Мәшһүр Жүсіп «Күндіз бен түннің айырмасы» - деген шығармасында былай деп жазады: «Түн ұйқысы адам баласының жан тыйыштығына, дем алуына, тынығуына бір тыйышты, қолайлы уақыт болғандықтан, түнде тынығып, ұйықтаған уақытта күндізгі ойлаған ой, істеген жұмыс, көрген бейнет, - бәрі ойдан шығып кетіп, бір қауіпсіз, алаңсыз бір тыныс алып, жақсы шырт ұйқыда жатқан уақыт - бір қымбат, қызық дәурен, рақат өмір. Күндізгі көретін, жүретін, туратын, істейтін, алас ұрып, жан таласып, жан қинап, маңдайыңнан тер ағызып, ыстыққа күйіп, суыққа тоңып, қиынына қиналып, азабына алданып, уайымына ойланып орындайтын жұмыстардың қайғысынан құтылып, миың тынығып, денең шынығып, айтып ауыз келтіре алмайтын өлшеусіз зор тыйыштыққа жеткендей тәтті ұйқыны жалғанның пейіші. Пейіш демектің өзі де жанның тыйыштығы, жаның рақат табатын уақыты болса, айтып жүрген пейіштің өзі - сол. Ерте заманнан халық аузында айтылып келе жатқан пейіш, тозақ дейтін екі орынның аты: біреуі - пейіш, біреуі - тозақ. «Пейіш - жанның жайлы, рақат, тыйыштық орыны, тозақ -жанның жайсыз азап, бейнет көретін орны» - дейтін. Олай болса, ол екеуінің өзін ана көрінбеген дүниені қоя тұрып, осы дүние құрылысында да тіршілікте бір кездескен жақсылықты жаратылыстың айта қалғандай бірнеше көптеген жақсылықтарын[ың] - бір жалғанның жұмағы. «жалғанның пейіші ғой!» - десіп, теңеу сөздер сөйлеседі. Бір жаман жан түршіккендей жаман нәрселерді, бір қиын - қыспақ, тарығатын, таршылық жағдайларды - «өзі бір жалғанның тозағы ғой!» - десіп айтысады. Жаның қай жерде тыйыштық, рақат, сая тапса, жалғаннан жалғанға жалғап жүрген пейішің - сол. Жаның қай жерде ауыр азап, қатты қайғы, бейнеусіз бейнет көрсе, жалғанды жалған деп, жанға жалғап, тозақ деп, тұзақ деп, айтып жүрген тозағың - сол. Ақын жоғарыда айтылған пейіш, тозақ деген сөздерді айта келіп, онымен қабат тіршілік өмірдің қуанышы, шаттығын пейіш бейнесінде, уайым, қайғы, ренішті тозақ бейнесінде көрсетіп, тұрмыстың тұзағына, тозағына түсіп қалмай, бейбіт - шілік пейішіндей болыңдар деген үлгі өлеңін жазады. «Күндіз бен түннің айырмасы» - деп жазған.

Жалғанның тозақ пенен пейіші бар,
Бір күн тыйыштық, кей бір күн кейісі бар.
Кейісі тозақ болғанда, тыйыштық - пейіш,
Міне, осындай муафиқ келісі бар.

Таң атып, күн шыққан соң, тыйыштық қашар,
Байлы, жарлы, - бәрі отырмай, тыпырласар.
Жоқ жүрер кешке ішіп жер ауқат үшін,
Бай да отырмас: «Бар ғой», - деп, - ораза ашар.»

Дені cay жас талпынып, қыбырласар,
Білінбей кімнің байы, кімнің нашар.
Біреу өзін бұқтырып жер түбіне,
Біреу өзін әуре ғып аспанға асар.

Ақшалы бай жүреді төмен бұғып,
Қолдан кетсе бір тиын, жаны шығып.
Көрінген жан: «Бір нәрсе сұрайды ғой!» -
Деуменен өзін-өзі інге тығып.

Елден, жұрттан дүниесін қашырғаны,
Өзін-өзі түнекке жасырғаны.
Кедей байдан тіленіп борыш алғаны, -
Өз-өзінен дарға [сол] асылғаны.

Бұл дүние құтқармайтын тозақ болды,
Бейнеттіге құрғыр күн ұзақ болды.
Тыйыштық жан біткенде болмаған соң,
Есебі күндіз өзі тозақ болды.

Түн қандай? - пейіш есебінде
Түн болса, алар тыйыштық біраз жатып,
Шаршағаннан сілесі әбден қатып.
Қол-аяғын ұйқы жау жіпсіз буып,

Сүйретіп алып соғар табандатып.
Бай, жарлыға, - бәріне бірдей ұйқы,
Жым-жырт болар күндізгі ұйқы-тұйқы.
Жан біткен жерге жамбас (жанбас) жабыстырар,

Жалғызы жоқ күндізгі қиқы-жиқы.
Ұйқыменен болады бәрі де мас,
Мастықпенен жастыққа қояды бас.
Түн - пейіші жалғанның - білген жанға,

Тағы мұнда және бар бір дәурен жас.
Көз танысың кез болса, көш-жөнекей,
Сүйіп алсаң, суырылар тіл көмекей.
Түсін ашпай қояйын ендігісін,

Ағызбайын ауызыңнан құр сілекей.
Мұнан да бар қасыңда жақын тозақ,
Қоймағанмен не керек атын тозақ?!
Екі көңіл бір жерден шықпаған соң,

Әр мінезі замһарир қатын тозақ.
«Замһарир» - араб тілі: «Сұйықтың қаттысы, күштісі» - деген сөз.

Мәшһүр Жүсіптің көптеген шығармаларының ішінде суреттеу жағынан да, көркемдік жағынан да ерекше әсерлі, саяси маңызды шығармаларының біреуі - «Шайтан[ның] саудасы» - деген шығармасы. Бұл шығармасының тақырыбы саяси түрде мынадай суреттейді. Бір күн[і] көпшілік жұрт жиылған базарға келе жатса, Ғайса пайғамбарға шайтан малғұн жол үстінде кездесіп жолығыпты. Шайтанның 10 қашыр, 5 есекке артқан жүгі бар екен. Шайтаннан Ғайса пайғамбар сұрапты:

— Ей, малғұн, қайда барасың? - деп.

Шайтан айтады:

— Мына көпшілік жиналып барып жатқан базарға барамын, - депті.

Онда Fайса айтыпты:

— Базарға жұрт барса, нәрсе сатып, мал, май, тай, қой деген - дей бірнеше түрлі заттар сатып, біреу алып, біреу беріп сауда істейді. Бостан-бос, тектен-текке қаңғып, сен не аласың? - дегенде, Шайтан малғұн айтады:

— Неге мен текке барамын? Менің бір басыма жететін нәрсем, жүгім бар: 10 қашыр, 5 есекке артып келемін, - дегенде, Fайсаның айтқаны:

Есекті қашыр менен танып турмын,
Өтірікті шындай қылдың, нанып тұрмын.
Біле алмай артқан жүгің не екенін
Тамаша, хайран - асыр қалып тұрмын, -

дегенде, Шайтан малғұн әкеле жатқан жүктерінің аттарын айтып береді. Есектерге артқаным: өтірік, қулық, айла, алдау, арбау, зорлық, тәкаппарлық, күншілдік, - осылар, -дегенде, Ғайса айтады:

— Ей, малғұн, киер киім, ішер ас, тамақ емес, бұларыңды кім алады, кім керек қылады? -дегенде, малғұн қалай өткізетіндігі туралы өлеңмен мынадай жауап береді:

Базарға айдап барып салсам қатар,
Алдымен жетіп келер алыпсатар.
Түк қоймай өтірігімді талап алып,
О да алдап, көрінгенді, дәмін татар.

Көтерме өтірікпен менен алған,
Бар күшінше олар да сөйлер жалған.
Кім болса, бұл заманда, сол ап кетер,
Қор болып, қашан өтірік, жерде қалған?!

— Базарға барған жерден ең алдымен сауда істейтін саудагерлер, біреуден алып, біреуге сатушы алыпсатар атаулы жетіп келіп, өтірігімді таласып, талап алып кетеді. Бұдан бұрын өтетін нәрсе болмайды. Бұдан бұрын талай істеген жұмысым, көрген тәжірибем. Нанбасаңыз, тақсыр, бірге жүріп, көзіңізбен көріңіз, - деп, өтіріктің орнын тауып, кім алады, қалай сататын[ын] түгел айтып, сендіреді. Базарға барсымен, айтқанындай лезде апа-сапа, ұйқы-тұйқы, опыр-топыр, шаң-шұң, у-шу - тез өткізуі көз ашып жұмғанша оп-оңай орындап бітіретіндігін көрсетеді:

Мұнымен шайтан лағын базар барды,
Он бес көлік жүкпенен топты жарды.
Лезде апа-сапа қылды бәрін,
Ұйқы-тұйқы, көбейтіп, дауды шарды.

— Зорлығымды елді, көпшілік бұқара халықты жылатқан, зарлатқан қанаушы, талаушы, зорлықшыл, жауыз ұлықтар, жебір әкімдер түк қоймай таласып алады! - деп, олардың халықтан талап, тартып, қорқытып, зорлық, зомбылық қылып, момын шару - аларды, кем-кетік, жетімді, жесірді, кедей шаруаларға орынсыз, жазықсыз, жолсыз істеген қиянаттарын көріп, зорлықтың түп негізі не екенін, қайдан алғандығын айта келіп, оларды аяусыз әшкерелеп, айыптарын беттеріне басып, ақын былай деп жазады:

Шаршарсың базар барсаң, басың қатып, Сөйлеп тұр өз білгенін әркім шатып. Жұрт билейтін ұлықтар зорлығымды Алады таласумен пұлға сатып. Неге болыс болады малын сатып, Әбден болып алғанша жанталасып?! Текке тиын біреуге кім береді, Зорлықпенен алмаса үкімі асып?! Қарсы келсе бетіне, басын шайнар, Құнсыз, пұлсыз кедейдің соры қайнар. Өзі апарып, ұлыққа, тығар малын, Ішпес-жемес, «Шық бермес Шығайбайлар!» -деп, шайтан малғұн зорлықты кімдер алғанын, кімге сатқанын орындайды. Мұнан кейін күнделікті қарны тойғанға мәз болып, мастанып, үлгі-өнеге, өнер-білім, тәлім-тәрбиеден дәнеме жоқ, жарлы, жалшы, малшы, құлшы, жетім-жесірдің еңбегін жеп, момын шаруаларға айғырсып, ақырып, араққа мас болған пьянщик - тердей - надандық, тәкаппарлықтың арағының мастығынан айыға алмай жүрген қайырсыз, қайырымсыз, рақымсыз надан, сасық, бықсық бай атаулыны аямай қаймықпай, аяусыз, айыптарын бетіне басып, оларды арлан тазының артына теңеп, масқаралап, ақын былай деп жазады:

Томпитып қалтасына жүрген сыймай,
Беруге ешбір жанға көзі қимай,
Тәкаппарлық шайтаннан көтерме алып,
Дүрдиер өз үйіне өзі сыймай.

Сиырдай қатып жүрер, дәл болған құрт,
Көмейде жоқ бос сөзбен толтырып үрт.
Ентігіп желбіреумен екі танау:
«Семіз, - деп, - құр көрумен айтсын, - деп - жұрт.»

Жүргенін білмес өзі батпақ, саздап,
Үлкендік айтып қояр аздап-аздап.
Арлан тазы бұтындай бұлтиюмен
Едірейіп екі көзі шыға жаздап!

Мұнан кейін күншілдік туралы ақын былай деп жазады: «Менен күншілдікті күншіл молдалар алады. Күншілдікте, біреуді күндеуде дүмше молдалардан күншіл адам болмайды. Адам баласының араларында әр түрлі күншіл, күндеушіліктер көп болады. Біреулер баққа күндес, біреулер малға дегендей, ғылым туралы да күндеушілік өте күшті болады. Өзінен басқа біреудің үлгі-өнері, білімі артық бола қалса, көре алмай күндейтін, ғылым, білімді өзінен басқаға қимайтын надан, сасық, дүмше молдакеңдер алады», - деп, олардың күншілдігін қайдан алғандығын мынадай жазады:

Базарға алып барса, не қалады,
Қараумен әр нәрсеге көз талады.
Білетін күншілдіктің қадір – құнын
Оқыған көп оқуды молда алады

- деп, молда атаулының жебір, жексұрын, сұм, сұрқия қылықтарын сипаттап айтып береді.

Мұнан соң ақын шайтанның Ғайсаға бес есек жүгінің не ек[ен]ін, қалай сататынын, кім алатұғындығын айтқаннан кейін, Ғайса былай дейді:

— Бес есек жүктің орнын таптың, саттың, 10 қашыр жүгің не нәрсе, қалай сатасың? - деп сұраған. Ғайса айтты:

Тоқта, малғұн, болды! - дейді,
Айтқан сөз бәрі орынға келді, - дейді.
Апарып оны қайда өткізесің,
Он қашыр толып жатқан пұлды? - дейді.

Онда шайтан малғұнның берген жауабы:

- Ол бір жүк - шиыр емес, соны, - дейді,

- Бұлардан он есе артық құны! - дейді.

- Бұ жерде алушы жоқ, шаршамайын,

Өткізіп қайтқанда айтам оны, - дейді.
Алдынан алушылар даяр жетті,
Қолдан-қолға түсірмей, талап кетті.
Қайтқанда, тағы ұшырады Рухоллаға,

Мән-жайын саудасының кеңес етті:

- Бес есек өзді - өзінің орнына өтті,

Жүк еді он қашырда бір ретті.
Артқанымның бәрі де тамих еді,
Біреуін тіленшілер талап кетті, -

деп, - жүктерінің бәрін де өткізіп, ең соңында тамиғтың барлық қалғанын: қожа, молда, ишандар, сопылар көтеріп, таласып, талап алып кетті! - деп, олардың: «Елді, халықты жеп, кезіп жүріп үйден-үйге қыдырып өткіземіз! - деп, істеген тіленшілік пейілдерін, иініне қоржын салып, қайыр тілейтін панасыз, бейшаралардың жүріс - тұрыс форымына ұқсатып теңейді. Олардың неше түрлі жаман мінездерін өлеңмен түйреп былай дейді:

Иініне ала қоржын салған алды,
Қайыр сұрап, жұрт тыйышын алған алды.
Пірге қол берген: ишан, сопы, бірадарлар
Жұрттан пұл жинап, қажыға барған алды.

Бір қашыр жүк бәріне түгел жетті,
Тоғызы өтпей біраз тентіретті.
Қожа, молда, ишандар елді жеген,
Дағдырып тұрған шақта сол сап етті.

Ақсақал, қажы, қожа - саттым шалға,
Бейнетпен мал таппаған жүріп жалға.
Қожа, молда көтеріп алды бәрін,
Еңбексіз тапқан жұрттан тегін малға.

- Біз үйде қалай шыдап жатамыз? - деп,

- Мұны алсақ, қарқ олжаға батамыз! - деп,

- Шайтаннан көтерме алған бұл тамиғты

- Қыдырып, үйден-үйге сатамыз! - деп.

Еңбексіз, бейнетсіз, халықтан хайла менен тіленшілік қылып, тегін олжалап, мал табатындығын, еңбекшіл, момын шаруаларды бірнеше түрлі еппен алдап, басын айналдырып, жем қылатындығын арамтамақ құлықтарын еңбекшіл бұқара көпшілікке әшкерелеп, оларға сөзбенен өткір түрде соққы беріп отырды. Қожа, молда, ишандардың бастарына ақ шалмалы сәлде орап, сәлденің құйрығын түлкінің құйрығындай бұлаңдатып, қолдарына тас ұстап, қолдарын қыбырлатып, ауыздарын жыбырлатып, тәпсіні оңды-солды күнә мен сауаптың есебін алатын шот қылып, қараңғы, аңқау, надандарды теріс үгіттеп, қисық жолға бастап, көпшілікке зиян істегеннен басқа тигізер пайдаларың жоқ, бұлардың істейтін арамдық, жауыздық пәлелерін ұры - қары, қарақшылар да істемейді, - деп, оларды ұры-қары, жүлік, бұзақылардан да жаман, көңілдеріне шайтан ұялаған, жайнамаздарың - торғайға құрған қылдан ескен желі тұзақ, жем шашып торға түсіру үшін қойған айла! - деп, өлеңмен түйреп жазады:

Басына дағарадай сәлде салды,
Жұрт қоршап: «Ой, тақсыр!» - деп орта[ға] алды.
Түлкінің құйрығындай бұлаңдатып,
Құйрығымен сәлденің тапты малды.

Тәпсіні жыбыр-жыбыр серпіп тастап,
Наданды қисық, қыңыр жолға бастап.
Онысы - жерге шашқан бидай, тары,
Торғайды келуі (келсін) үшін торғай бастап.

Бұлардың қылған ісін қылмайды өзі,
Құйылған кеудесіне шайтан қоры.
Мола қылып жайнамазды жайып жатыр,
Әлғауам, кәлһуамға жайған торы.

Мал табу бәрінің де болып қасты,
Мал сойғыш мырза болып, қазан асты.
Жұрттың басын сиқырлап айналдыру
Мақсаты сол: мойнына құран асты.

Ақын қожа, молда, ишандармен олардың жаранып, жағынатын байларымен өмір бойы жалғыз алысып арпалысып, айтысып: «Олар көп те, мен жалғыз. Қатын, балам да -олардың жақтасы. Олардың мені жек көруі менің оларға қосылмайтындығым, олармен елдеспеуім, икемге көшіп, иілмейтіндігім - еменнен қатты, қара тастаймын, олар мені қайырсыз қара тастан да жек көреді!» - деп, жалғыздығын айтады. «Бірақ қас болғанмен, саңылаусыз, санасыз, сенімсіз, керексіз тас емеспін: «Тесік тас жерде қалмайды» - деген сөз бар еді. Менің айтқан тілімді алмасаңдар да, сөзімді сендер керек қылып тыңдамасаңдар да, ұқпасаң да, күні туса, бір тыңдаушы табылар, құлағына бір ілуші болар. Бес жасымнан, он жасымнан қалам ұстап жазған сөзім, істеген еңбегім далада қалмас, - деп сенемін» - деп, күткен үмітін, басынан кешірген тәжірибелерін былай деп жазады:

Ежелден болып өстім байға ош, қас,
Қожа, молда, ишандар, - бәрі бір бас.
Қатын, бала солармен қабат бірге,
Далада жалғыз қалған мен - тесік тас.

Кісі боп шықпасам да өзім қырға,
Айтқан сөзім құлаққа болды сырға.
Сусынын қандырарлық болдым кеңес
Еділ, Жайық, Ертіс пен Шу мен Сырға.

Дүниеде көрдім бәрін бар не қатты,
Бес жаста қалам ұстап, жаздым хатты.
AT беріп, ақша беріп, шашқаным жоқ
Жүзіне жалған дүние «Мәшһүр» атты.

Мен өзім өз сөзіме уанамын,
«Ләйлі» жоқ, қоржын да жоқ, диуанамын.
Көрінбесем, илаһи, көрінбейін,
Ешкім керек қылмаса, қуанамын, -

деген сөзбен ақын сөзін аяқтайды. Бірақ та ақынның сөзінің саяси маңызы - бастан кешкен уақиғаларын, күнделікті көрген тәжірибелерін айтумен қабат: «Мен өзім сондай көзге ілініп, ауызға алынбасам да, оны арман қылмаймын, ешкім керек қылмаса, тіпті жақсы қуанамын. Дүниедегі қатты тәтті, жақсы - жаман, - бәрін де көрдім, бес жасымнан қалам ұстап, он жасымнан өлең жаздым. Туған жерім, өскен елім - Сарыарқа. Қазақ халқым сүйгендіктен: «Мәшһүр» - деп, Жүсіп атыма «Мәшһүр» - деген атты өздері қосып қойып еді. Болмаса мен көпшілікке ат беріп, ақша беріп, болмаса басқадай бір жамандықпен тағылған, қойылған ат еместігін айтады: «Ләйлі» - деген қыздың ажар, көркіне «Мәжнүн» - деген жігіт ғашық болып, соның түсін, си - патын бір көргені аз болса, жыл, он екі айға азық болып, көп болса, бар өміріне жететіндей, ішпей - мас, жемей - тоқ: ермек, алданыш болғаны сияқты, мен де өз сөзіме уанып, қуанамын. Бірақ та менің сөзімнің қараңғы, надандарға керегі, қадір - құны болмағанмен, сөз қадірін танитын адамына жолықса, құлаққа тағылған сырғадай құлағында ілініп, құлағынан түсіп, еш уақытта да жерде қалмайды, - деп сенемін!» - деген үмітін көрсетеді. «Басқа алыс жерлерге, жат елдерге жетпесем де, Еділ, Жайық, Ертіс, Шу мен Сырдың аймағындағы елдерге осы төрт судың орталығы Сарыарқаның - қазақ халқыма тыңдарлық, үлгі боларлық сөз жаздым - деумен бірге өзінің қожа, молда, ишан, қажы, байлар мен ұлық атаулымен қарыс (тарс)- қастан болып, өле - өлгенше олармен елдеспей өткендігін айтады. Мәшһүр Жүсіптің ұлықтарды сынап жазғаны: Мәшһүр Жүсіп өз тұсындағы ел билеген, ел жеген ұлық ата - ұлыны, олардың момын шаруалар, еңбекшіл, бұқара халықты қанаушы, езушілік мінездерін бірнеше шығармаларында айып - тарын әшкерелеп, беттеріне басып, оларға қарсы болып, өткір тіл, өлең, жырмен соққы беріп отырды [«46 жасында жазғаны» шығармасынан үзінді]:

Жұрт жайылып, ұйлыққан қойдай болып,
Иесіз жүрсе, күні айт пен тойдай болып.
Ел билеуші қасқырдай күнде талап,
Жүрген жері у мен шу, ойбай болып.

Екі даугер бір-бірін сөзбен ұрып,
Шарылдаған бақадай дымы құрып.
Етін шайнап, сүйегін күл-күл қылар,
Зәрін төгіп жыландай, билер сорып.

Ақын мұнан басқа да көптеген шығармаларында да оларды критикалап жазғаны да бар. Қожа, молда, ишандар, хазіреттерді, олардың істеген арампейіл, жауыздықтары туралы бірнеше шығармаларында оларды бірнеше сөздермен сөгіп, сөзбен соққы беріп отырды:

Пәленің басы - хазірет мешіт баққан,
Ораза, намазшылар оған жаққан.
Заман түрін танымай, әуреленген,
Мерт болар арыстандай Айға шапқан, -

деп, олармен елдеспей, үйлеспей, олардың пікірлерін, істеген істерін ұнатпай, өмірі олармен қарсы болып өтті. Мәшһүр Жүсіптің байларды жек көретіндігі, олардың кедейге істеген пейілдері туралы көзқарасы Кедей жұмыскердің ақысын жеп, еңбегін қанаушы, надан, тәкаппар, сараң, сасық, бықсық бай атаулыны өлеңмен арлан тазының артына теңеп жазып, олармен өле-өлгенше өш, қас, араз болып өткендігін, өзінің ол пікірлерін мынау өлеңдері дәлелдейді:

Бай көрінсе, қарайтын көз алартып,
Бір нәрсе бар желкемде тұрған тартып.
Қайда жүрсем, кем-кетік кедейге өшпін,
Ниетім құрып асына, сол құмартып.

«Бармайын, - деп, - байларға көзім сатып,
Өлсе, іші ерімес мүздап қатып.
Ықыласты кез келсе кедей үйлер,
Аз асына ортақ боп қалам жатып, -

деп, ақын мұнан басқа да тағы ішіп-жеуге көзі қимай, тырнақтап арын сатып, жанын жалдап, мал жиған сараң байлардың малдары жұтқа кездесіп, жұтап жатқанда, олардың қысылмаған кеңшілік уақыттарда кедейлерге қайырым қылып қараспайтынын, «Бір малын сат!» - дегенде, кедейге бағасын қымбаттатып, құндап, пұлдап, артық баға сұрайтындығын, ішпей-жемей, көзі қимай, жиған малдарын қар мен мұз, суық пен боран ықтиярсыз, сауда - сыз алып, қар мен мұздан қанша ақша санап алып жатыр? - деп, оларды кекеп, кемітіп, критикалып жазған өлеңі. Бұл өлеңдері - 1919 жылы, жылқы жылғы жұт туралы жазған өлеңінен үзінді: Арық өліп, семіздер арып жатыр, Күні жеткен күнінде барып жатыр. «Сат!» - дегенде, кедейге бұлдаушы еді, Қардан санап, қанша ақша алып жатыр? «Байларды қар мен мұз қақалтып, шашалтып жатыр», - деп жазғаны:

Қыс өтіп, жаздың күні тақалғанда,
Жауғанына қар жұрттан ақы алғанда.
Ішпей-жемей мал жиған сараң байлар
Қар мен мұзға шашалып, қақалғанда.

Байлардың малдары жұтап, әуре болып, бейнеттеніп жүретіндігі - олардың жан иманын, ынтасын малға қатты салатындығы. Өзінің олардай әуре болып, мал жимайтынын, байлардай менің жинаған малым жоқ. Қай түрлі жұт болса да, менің нем өледі? - деп жазғаны:

Нәпсімді өмір бойы тыйғаным жоқ,
Тығылып, тар есікке сыйғаным жоқ.
Қой болсын, қоян болсын, ақ қар болсын,
Өле ме, енем ...ын жиғаным жоқ! –

деп, ақын мал жимайтындығын, бай болмағанын дәлелдейді.

Қой жылы, қоян жылдары және басқа жылдарда қар қалың жауып: «Ақ қар жұты» -делінген жұттар болған. Сол себепті айтқаны. Ақын бұл сөздерінен басқа өтер алдындағы, ең ақырғы рет қоштасу өлең[ін]де де оларға өле - өлгенше жақын емес, жау екендігін, дос емес, қас екенін өтер алдындағы 73 жасында жазған шығармасында былай деп жазады:

Ей, Мәшһүр, туа қастас болдың баймен,
Бай көрінсе, қашушы ең қолат саймен.
Байдың түбі боларын біліп мұндай,
Сөйлесіп қойғасың ба бір Құдаймен?!

Онан соңғы бір қасың - қожа, молда,
Олармен елдеспедің бұрын - сонда.
Жамандап, бас - басына, өлең жазып,
Жазған сөзің әр жерде жүрді қолда.

Қажы менен ишандарды түйрей шаныштың,
Бәрінен бойыңды аулақ салып қаштың.
Аза бойың тік тұрып осылардан,
Арапшы, жек көрсетер бар ма албастың?! –

деп, ақын оларды жын, шайтан сияқты жек көретіндігін дәлелдейді.
Мәшһүр Жүсіптің сахилық, серілік туралы түсінігі

Мәшһүр Жүсіптің сахилық, серілігі өте күшті болған адам. Атты қой есебінде ұстаған. Бір нәрсеге көңілі соқса, арзан-қымбатына қарамай, аз-көп деп санамай, алуға тартынбайды. Көңіліне, көзіне ұнамаған нәрсеге көз салмайды, керек қылмайды. Бұл сахилық, серілік мінездері туралы өзі ер жетіп, ат ар[қа]сына мінгеннен кейін жас жігіттік уақытындағы істеген, көрген уақиғаларын өлеңмен сипаттап жазған шығармаларында жазған сөзінен көрінеді:

Не болса да, дүниеде қалсын бір ат,
«Байлық мұрат емес қой, жоқтық - ұят!»
Тауық жылы жұтынып жұрт тұрғанда,
Жиырма бес тайыншаға алдым бір ат.

«Тауық» - деген бір жылда қыс - қатты, жыл ауыр болып, жұтап, халыққа малдың тәтті, қымбат тұрған жылында 25 тайынша беріп, Атбасар дуанына қараған, Алтай ішінде Тоқа деген елден өз табында аста, тойда бәйге бермей жүрген, бір жағы беделімен бір қарагер ат сатып алады. Бірнеше жылдар қолына ұстап, мініп түсіп, талай аста, тойда шауып, бәйгеге қосып, алдында келіп, бәйге де алып жүрді. Осы атын тағы Атбасар дуанына қараған Шу бойында мекен қылып тұратын, өзі - Найман, мың жарым жылқысы бар Байнабай деген байдың баласы Қопабай қолқа қылып, сұрап алып: «Менен төрт түлік малдан басқадай бұйым дүние жағынан не аламын десеңіз, қолың қағусыз болсын!» - деп, Мәшһүр Жүсіп Бұхар, Ташкенте бара жатқан жолында орнына басқа ат беріп, қалап алып қалады. Мәшһүр Жүсіп ол жылғы Бұхар, Ташкенге барып, қыстап, келер жылы қайтып, Сарыарқаға келе жатып, жолында отырған былтырғы жылы астынан 25 тайыншаның атын қалап алып қалған Қопабайдың үйіне бармай, түспей, соқпай кетеді: «Былтыр астымдағы атымды қалап алып еді, соны сылтау қылып келді - деп айтар!» - деп. «Дүние қуғандай болып, бір аттың соңынан қайдан барайын?!» - деп, артынан бармағанын, Қопабайдың астынан қолқа қылып алғанын - шығармасында былай деп жазады:

«Жеті өгіз» - деп, Найманға аты барып,
Мәшһүр даңқы дүниені кеткен жарып.
Байнабайдың баласы, ол – Қопабай
Қолқа қылып, астымнан қалап алып.

«Дүние, саған мен кеттім көзді салмай,
«Бар-ау, жоқ-ау!» - деп, тіпті ойыма алмай.
«Бір ат бердім дегендей болмайын» - деп,
Шу бойында аулына кеттім бармай.

Бір белгі бұл жалғанға қалдыра алмай,
Отырмын енді ешкімді нандыра алмай.
Талай байлар мұңайып қала берген,
Беріп тұрған дүниесін алдыра алмай, -

дейді ақын. Талай байлар үйіне шақырып:
«Ат мініп, шапан киіңіз!» -

деп, мал-мүлкінің не аяулы жақсысын бергенде, керек қылмай, алмай кеткен мінездері болған, соларын айтқан. Міне, Мәшһүр Жүсіптің серілігі, мінезі, көңілі түскен, ұнаған нәрсені қымбатсынбай, қиынсынбай, шашып-төгіп беріп алатындығы, беретіндігі. Көңіліне ұнамаған нәрсені керек қылмай кететіндігі. Мүмкін біреулер айтатын да болар: «Жұрт жұтап жатқан жылы 25 тайыншаны Мәшһүр қайдан тауып береді? Мәшһүр ақшаға өсім алып, тайынша, қой жинаған саудагер шығар?» - деп. Оған дәлел өзінен-өзі көрініп тұр. Дүние қуып, мал жиған сатынды саудагерлер 25 басты бір басқа айырбас қылмайтындығы дәлелдейді. Сол сияқты құнды, бағалы атын ақшаға, яки пәлендей малға, - деп, баға кеспей беруі нені көрсетеді? Дүниеге көңіл қойып, көзін салмайтындығы, дүниені ынтасын салып жимайтындығы туралы ақын былай деп жазады:

Келгенді талай құтты, талай сүтті,
Жалғанды, қанша ойнаса, Мәшһүр ұтты.
Мал жиып, бай болайын демегеннен,
Өмірде көрмей өттім қыс пен жұтты.

- деп, ақын дүниені қадірсіз, құнсыз сәл ұстайтынын, көңіл қоймай, керек қылмайтындығын көрсетеді.

Мәшһүр Жүсіптің сахилық, сері, екпінді, жомарт, бір бетті, қолы ашық, ашық мінез - бала жасынан бар әдеті. Серілік құрып, ат жақсысын мініп, киім жақсысын киіп, жүйрік аттардың та - лайын ұстады. «Ақжал», «Ақшеке», «Шұнақкөк» - деген жүйрік жақсы аттары болды. 25 тайыншаға алған Қарагер атымен 5 қасқыр соқтырды. Баянаула дуанының ат шабыс бәйгелеріне қосып, бәйге алып та жүрді. Жүйрік тазы, бүркіттердің талайын ұстады. Бір бүркітті 5 жыл салғызып, Ақтау, Ортау, Бұғылы, Тағылы, Қаражал, Маутан, Наршөккен, Қосағаш, - деген тауларға барып, көптеген түлкі алғызып жүрді. Жоғарыдағы айтылған таулар - түлкінің мекені, ойнағы болған жерлер. Осы күнгі Қарағанды облысының жерлері, Қарағандының оңтүстігі. Дүниені төгіп-шашып, судай сапырып, жинауға, көбейтуге көңіл қоймайды. Қайта қолына түскен нәрсені шашу, төгу, ат демей, тай демей, қой демей беру. Жақсы шапан, жаңа көйлек, ақбауыр қара былғарыдан тіккізген жарма қоныш саптама қара етіктердің талайын: Әбжалап, Иса сияқты панасыз кедейлерге бірнешеуін берді. Өзім ес білгенде, өзім көргенде, қолында оннан артық жылқы болған жоқ. Сонан көңілі сүйген, ықыласы түскен кісіні кездесіп, беретін, бетіне кез келсе, біреуін беріп жібереді. Өз көзіммен көргенімде мынау адамдарға ат беріп жүрді: көксау Жақыпбай, Салық, Ажмағамбет, Аймұрат, Олжамұрат, Шұғайып, Еспақ, Мұсақ, Төкен, Бопкен, Құлшәріп, - осылар бәрі де ат берген кедейлер. Бұл адамдар не туысқандық жағынан, не құдандалы, не тамыр болып, алысып, берісіп, теңдесіп жүргендіктен емес, бәрі де кедей шаруалар, өзінің ықыласы түсіп, көңілі сүйіп берген адамдары. Егер де көңілі сүймей, ықыласы түспесе, сұрап, не пұлыңа сатып ала алмайсың. «Сол ат берген адамдардың бір орында керегі болар, яки нәрсесін мен де алармын!» - деген ойдан ешқандай сілетсіз, сылтаусыз, міндетсіз кедейлер. Оларды басқа Мәшһүр сияқты адамдар ат-шапан бермек түгіл, үйінің маңайынан жүргізбейтін, үйлерінен бір аяқ ас бермейтін, үйлеріне қондырмайтын жан екен деп көңілге алып, көзге ілмейтін адамдар. Осылардың біреулері күндіз келіп жолығып, қайтпақшы болса, жібермейді, әңгімелесіп: «Жат осында, от ала келіп пе едің?!» - деп, қондырады. Жоғарыдағы айтылғандай, аттарды, бір айыбынан, не бір ақауынан бермейді. Өзінің беретін бетіне кез келсе болды, жүйрік, жорға, жақсы, жаман есеп емес. Дүниені алғысы келмесе, алмайтын, жүрегі қозғалса, бәрі бір төбесінен төмен толтырса да, алмайды, керек қылмайды, бәрібір бір ықыласты, дос, жақын, жақын адамдарын үйіне шақырып апарып, қонақ қылып: «Тамыр болайық таныс, дос, жақын жүрейік!» - деп, алдына салып: «Бар мал, мүлкін аямай ал!» - деген адамнан - басқа дүниесін алмай, бес сомдық қана құны бар бір бытыра мылтығын алады. Ол алған мылтығын ертеңіне біреу сұрап алып кетеді. Осы сияқты бастан кешірген жұмыстарын өзі өлеңмен былай жазып кетеді.

Дүниеге бір кетпеген біздің ынтық,
Жерім жоқ кем-кетік боп, болған тыртық.
Алдыма бар дүниесін салған жерден,
Аламын, дәнеме алмай, бір-ақ мылтық.

Ат пенен түйе алмай ма менен өңге,
Жерім жоқ бір күн беттей шыққан дөңге.
Ат, түйе алмай, айтайын, алған мылтық
Азар болса, құны бар сегіз теңге.

Оны тағы кетеді біреу алып,
Қалтаға көрген емен ақша салып.
Дүниеден осыменен өтті өмір,
Бүгінгі алған бір жерде ертең қалып.

Көп алдым, атасы өлсе, атамасын,
Көз қиып, қалың малға матамасын.
Атымды «Мәшһүр» деген үш жүз білді.
Дүниеде мұнан артық не табасың?!

- деп, ақын өзінің дүниеге көзқарасы, дүниенің аз-көбін, жақсы-жаманын елемейтіндігін көрсетеді. Дүние үшін уайым - қайғы қылмайтындығын айтады. Мәшһүр Жүсіптің мұнан басқа да дүниені жимай, көңіл қимай, шашып-төгіп бергіш, қолы ашықтық мінезінің бір түрі 3 - томның 58 - бетінде өзі жазып кеткен 1920 жылдың жазында істеген жұмыстары, алдыңғы 1919 жылғысы. Жылқы жылының жұтының арты, жұт соғып, мал азып, халыққа малдың тәтті болып, қалған жылы. Бір жаздың ішінде нашарларға 20 қой үлестірген, өз қолында қалғаны - бергенінен аз қалған. Сол жаздың аяғы, күзгі сентябрь, октябрь айларында Баянаула ауданының райондық орындаушы комитеті елге шығып, халықтан мобилизация ретінде мал жинап, елді аралап жүріп, Мәшһүр Жүсіптің отырған ауылына да кездесіп, ауыл малдары[н] да жинатып, қой малдарды көгенге көгендетіп, бес қойдан біреуін алады. Сонда Мәшһүрдікі деген көгенде 13 қой жатады. Комиссар Разимбург қасында бірнеше жолдастары бар, Мәшһүрдің көгеніне де кездесіп:

— Мынау көгеннің иесі кім? - деп, ауыл адамдарынан сұрағанда,

— Бұл Мәшһүр деген кісінікі, - дейді. - Ол кім, өзі қайда? - дегенде, - Осында, үйі - анау! -деп, үйін көрсетеді.

Комиссар Разимбург өзі барып, есіктен қарап, көреді: Мәшһүр Жүсіп малмен де жұмысы жоқ, «мал, мал!» - деп, шулап жүрген елмен де жұмысы жоқ, көзінде әшкесі (очкиі), қолында қаламы, алдында үстел мен қағазы, еш нәрседен қауіпсіз, қағазын жазып, отыра береді. Разимбург үйіне кіріп, үйдің ішіне, жан - жағына қарап, көз салып 5 минуттай тұрып, қайта шығып кетеді. Мәшһүрден ләм ешқандай бір жауап сұрамайды. Керегенің басында ілулі тұрған қос ауыз мылтығына да тимейді, көгендегі қойына да тигізбейді. Өрттен аман қалған бір түп кәде сияқты қала береді. Басқалардан, кім болса, ол болсын, көзіне түсіп, қолына ілінгенін тастамай, опыр-топыр қылып алып кетеді. Біреулер қашып қалды, біреулер сасып қалды, біреулер тасып қалды, біреулер жасып қалды.

Mәшһүp Жүсіптің ашық, мінезді, күлдіргі сөзділігі Мәшһүрдің ашық мінезді, күлдіргі сөзділігі - отырған жерін - де күлкіден ауыз жиғызбайтын, сөзден сөз туғызып отыра - тын. Жазған кітаптарында, әр түрлі әңгіме сөздерінде бірнеше күлдіргі сөздерді жазып кеткен. Нанбаған адам болса, жазған сөздерінен көруге болады. Ойын-сауық, күлкі сүйетін адамның адамдық белгісі - сөз сөйлеумен, тілмен айтысумен орындалады. «Егер тілің жоқ болса, сен де, тілсіз хайуан да бір есепті. Адам болып жаралған соң, сөйлесіп, білісіп, күлісіп отыру керек, - дейтін. Тәтті ән мен ащы күйді, сұлу өлеңдерді сүйетін. Осы күнгі Қарағанды қаласында тұратын халық ақыны, композиторы Қали Байжановты да бір қыс қолына ұстап, 1915 жылдары ат мінгізіп, шапан кигізіп қайтарған. Күлдіргі сөз айтып, көңіл ашып күлдіріп отыратын адамдарды жанындай жақсы көретін. Үлгілі, ескі билердің, хандардың, атақты батырлардың әңгімелерін тыңдайтын. Ақында: Абайдың, Ақмолданың, Ақан серінің өлеңдерін жазып та, айтып та жүретін. Олардың өлеңдерін сүйетіндігінен, Абайдың, Ақмолданың өлеңдерінен жазылған сөздері кітаптарында бар. Абай мен Ақмолданы сүйетіндігі туралы бір жазған сөзінде былай деп жазған:

Ақында Ақмолда мен айт Ибрайды[Абайды],
Үлгісін өнер-білім жұртқа жайды.
Өзгесін жинап салып, жауып-ақ қой,
Бай болмаған - бай болса, былғар сайды, -

деп, ақынның жүрегі сүйетіндігін өлеңмен дәлелдейді. Ақан серіні: «Әйелдерді тартқан магниті бар, әйелдерді суреттеу жағына шеберлігі күшті» - деп айтатын еді. Абай өлеңдерін де үлгі қылып, көп айтушы еді.

Мәшһүр Жүсіптің дін жолына көз қарасы Мәшһүр Жүсіп жас шағында дін оқуын оқып, дін жолында жүргенімен, дін ғылымын жақсы түсіне білсе де, дін жолының тәртібіне салынбады, басқа қожа, молдалардай мешіт, медресе ұстап, бала жинап оқытып, ат, түйе, тай, қой жинамады. Басқа қожа, молдалардай халықты алдап, арбап, қорқытып, үркітіп, бергенге - жумақ, бермесең, тозақ деп, басқалардай алдаушылыққа салынып, білген ғылымын дүние табу үшін қару, құрал қылып, қараңғы, момын шаруаларды алдамады, жемеді, тимеді. Басқа қожа, молда, ишандардай мешіт, медресені жақтап, мешіт, медресені сылтау қылып, байларға, билерге, болыстарға жаранып, жағынып, олардың ыңғайына жүрмей, партиясына кірмей, олардың сөзін сөйлеп, сойылын соқпады, айтқанына көнбеді, айдауына жүрмеді. Оларға қолынан келгенше қас болды. Оларды көзінше де, сыртынан да, кезі келген жерінде сөкті, қошеметтемеді. Оларды сүймейтіндігі туралы осы өмірбаянның жоғарғы сөздерінде өзінің шығармаларынан бірнеше сипаттау, дәлелдерін көрсеттік. Мәшһүр Жүсіп сүйетін адамын бай, кедей демейді, сахи, сері, ақжүрек, шыншыл, әділ адамдарды сүйеді. Бай болып, сараң болса, ұлық болып, жауыз болса, - онымен еш уақытта жолдас болмады. Басқа қожа, молдалардай байлардың, болыстардың қолтығына кіріп, оларды арқаланбады, олардың қолына тұрып, баласын оқытпады. Басқа қожа, молдалардай мешіт, медресе жақтап, айт намаз, жұма намаз оқып, халықты шақырып, дін жолына үгіттеп, ақша жинап, дүние түсіруге салынбады. Осындай олардың басшылық қылған жиылыстарына бармады, қосылмады. Басқа қожа, молдалардай қолына таспиқ ұстап, басына сәлде орап, мойнына құран аспады. Басқа қожа, молдалардай, біреу өле қалса, жемтікке үймелеген қара құстай аттана шаппады. Шақырса да, көңілі түспесе, бармады. Олардың істеген істерін ұнатпай: «Әділдік жоқ, яки бұрмалаушылық, көз бояушылық», - деп сөгіп өтті. Мәшһүр Жүсіп бері орта жасқа келген уақыттарында дін жолына мүлде қарсы шықты, мына сияқты жұмыстар істеді. Тілін алған адамдарға підия оқытуды қойғызды. 1916 жылдан бастап, ораза ұстамады, айт шалмады, намаз оқымады. Оқыса, жалаңбас, жалаң аяқ оқыды. Сопылық қылып, сызылмады. 1916 жылдан бастап оразаға амандасып, былай дейді: «Енді, ораза, маған өкпелеме! Баяғыдан бері ұстадым, ұзақ күндерде қарынымды ашырып, ыстық күндерде шөлдеп, қысқа таңдарда отыз бабын Тарауығыңды оқумен атқыздым. 9 -10 жасымнан бар қызықты жас өмірімді саған жұмсап, қызмет қылдым. Санасам, 50 жыл болыпты. Жас күнімде, күш-қуатымның бар күнінде айтқаныңа көндім. Енді, міне, қартайдым, күш-қуатым азайды. Енді сені ұстауға, сенің айтқаныңды орындамақ түгіл, өз басымды алып жүрсем, жаман емес. Бұрынғылар айтқан: «Дәрігердің дәрігері - дерт қоспаған», - деп. Сол айтқандай, сені ұстап, сауап таппақ былай тұрсын, дұрыстап ұстай алмай, обалыңа қалармын!» - деп қорқамын. Пайғамбарың ұстаған, Ораза мен мойныңа қарызбын, парызбын» - дейтін болсаң, пайғамбардың өзі де бар өмірінде сегіз-ақ жыл ораза ұстады. Және де ол сегіз жыл оразаның өзін Мекке, Мединеде тұрып ұстады. Мекке, Мединеде күн де 12 сағат, түн де 12 сағат ауыспайды. Мен ұзақ күндерде 20 сағат ұдайымен ораза ұстаған күндерім болды. Қой, ораза, енді маған өкпелеме, риза бол, қанағат қыл. Пайғамбардың өзі алпыс үш-ақ жыл өмір жасады: 23 жыл намаз оқыды, 11 жыл қажы қылды. Сегіз-ақ жыл ораза ұстады. Әділ шариғатыңның жолына қарасаң, пайғамбардың айтқаны рас. Істегені парыз болса, мен парызды асуымен орындадым: 40 жыл еңбек істедім. Жарылқайтын болсаң, сол еңбегімді есіңе ал! Қарғайтын болсаң, тағы өзің біл, - қашанғы о дүниеде жарылқағаннан бұрын, бұ дүниеде шаршатып, шөлдетіп бітірдің. Бұрынғылардың айтқан бір сөзі тағы тура келді: «Ораза ұстаған да - жанның қамы; ораза ұстамаған да жанның қамы» - деп. Біреулер: «О дүниеде жаныма пайдасы, себебі тие ме?» - деп, ұстайды. Біреулер: «Бұ дүниеде ыстыққа шөлдеп, суыққа тоңып, қарынымды ашырмайын! Ұстамасам, жанымның тыныштығы!» - деп, ұстамайды. Енді, ораза, қой, қош аман бол! Енді жердің үсті, көктің астында сені ұстайтын Мәшһүр жоқ!» деп, - оразаны жөнелттім! - дейтін. «Ораза неге ұстамайсыз, намаз неге жалаң бас оқисыз?» - деп айтушыларға беретін жауабы: «Ораза ұстамау туралы айтқан жауабы жоғарыдағы айтылған сөздермен аяқталды. «Намазды неге жалаңбас оқисыз, басқалар бастарына сәлде орап оқиды.» - деушілерге беретін жауабы: «Намаздың басқа шарттарын мүлтіксіз түгел орындап бітіріп, жалаңбас оқу мен сәлде орауды жоқтаған екенсің де. Бұларың - «Жығылып жатып, сүрінгенге күлген» - сендер болдың. Сәлде орау өзі не нәрсе? Сүннет қана, қазақша айтқанда - көркемдік үшін ғана - әдемі көріну үшін. Мен күйеу алатын бойжеткен емеспін. Намаз оқығың келсе, басындағы жыртық бөркің болады, тіпті дәнемең жоқ болса, жалаңбас оқысаң да, бәрі бір. Жалаңбас оқыған намаз-намаз болмайды!» - дегенді көргенім де, естігенім де жоқ. Басына бес метр бөзді орап алып, тауықтың әтешіндей, ақырған қоразындай қоқырайған қожа мен ишандарың-ақ орай берсін сәлдені! Сәлде жайын солардан сұраңдар, солар жақсы біледі, - деп, сөздерін аяқтайтын еді. Сендер, қараңғы байғұстар, қожа, молда, хазіреттердің алдап айтқан сөздеріне нанып, көздеріңді жұмып, шұлғып, мүлгіп отырғаннан басқа айтарлық сөз қайтаратын жауаптарың жоқ. Алдап айтқан бір ауыз сөзіне бір қойларыңды беріп, қойыңды бермесең, тозаққа күйесің десең, соған әрі қорқып, аттарыңды мінгесіп: «Алла, пірім, әулием!» -дейсіңдер, Әулиелерің не істеп, не бітіріп жүр, оны көрмейсіңдер! Өздері надан, қараңғы халықты алдап, арбап, қойы мен тайын жинап алғаннан басқа бітірген жұмысы қандай?! Мәшһүр Жүсіптің өлген адамға підия оқытпауы, өлген адамға арнап ақша жинап, бетін жауып, дастарқанға қойып, құран оқу - жұмыстарға қарсы болуы 1912 жылы бастаған уақиғасы. Мәшһүр Жүсіптің ел жегіш, алдаушы: қожа, молдалардың момын шаруаларды жоғарыда айтылған сияқты жағдайлармен алдағанына қаны қайнап, ара түсуі, қожа, молдалардың біреу өле қалса, соның басына жемтікке үймелеген қарға, қарақұстарша жиыла қалатын мінездерін сөгіп, қожа, молда, ишандардың өлген адамды жиылған көпшіліктің алдына сұлатып жатқызып қойып, екі жағына екі кісіні отырғызып, өлген адамның басына - өзінің малы - жаны, басқа біреулердің мініп келген аты болсын, алып келіп, мойнына бір ала арқанды байлап, ала арқанның бір ұшын өлген адамның екі жағында отырған адамдардың қолына ұстатып, өліп жатқан адамның барлық күнәсын есептеп, өлшеп-пішіп, 12 жасынан бастап, өлген жасына дейін отырғызған екі кісінің біреуіне өліп жатқан адамның күнәсын сатқызып, «саттым!» - дегізіп, екінші біреуіне сатып, «алдым» - дегізіп, көрінбеген, білінбеген күнәсы, қылмысы қандай, бар ма, жоқ па, аз ба, көп пе, нені біліп айтпасаңдар, сендердің саудаға салатын ақшаларың, малдарың, маталарың емес. Сендер әуелі өз күнәларыңды, өз айып, өз қылмыстарыңды біліп, сонан құтылыңдар! Болмаса, өтірік бекер халықты алдамаңдар! Көзге көрсетіп, қолға ұстатып тұрған еш нәрселерің жоқ, Хақты көрінбеген өтірікпен алдайтын Алдар көсе сендер болдыңдар ғой! О дүниеге қайсың барып келдіңдер? Нені сезіп, нені біліп тұрсыңдар?! Көзге көрінбеген, қолға ұсталмаған нәрсені қой. Көзге көрініп, қолға ұсталатын, қолдан келетін жәрдеміңді істе, жаназа оқы, денесін тазалап жу, кебін кигіз, жақсылап қазып көм. Онан басқасында жұмыстарың болмасын! Бұл мәселе туралы 40 кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ - үлкен шу, даң болып, қожа, молда атаулы едірейіп, ереуілдесіп: «Бұл Мәшһүр дін бұзғыш, жолдан азған, азғырушы. Мұның көзін жоғалту, жою керек!» - деген әңгімелер көтеріліп, бұл уақиғаға, бұл мәселені бұрынғы өткен әулиелер, әнбиелер, пайғамбарлар - ...машайықтар, - ешбіреуі айтпағанда, бұл неге айтады? Олар[дың] білмеген бе? Бұл нені біледі? Қайдан тапты? Жат жол шығарды! - деп, Баянаула дуанының ескі законындағы указной молдасы болып, бір дуан елдің барлық қожа, молда, ишаны бас қосып, Мәшһүр Жүсіпке бұрынғыдан да өш -қастығы күшейіп, тірідей жеп қойғысы келіп, аждаһадай ауыздарын ашып, бұл мәселені қолға алып, ел ішінде, халық арасында бұ бөтен жат сөз, жат жұмыс, жат әңгіме болып, өкірген сиырдай жиналып, екі кісі бас қосса, айтатын сөзі, ұқтыратын үгіті осы болады. Мұнан кейін бірнеше жерде кеңесіп, бұл уақиға туралы өздерінше үлкен шу көтерісіп, Мәшһүр Жүсіпті «Дін бұзғыш, жолдан азған азғырушы!» - деп, мұндай азған адамды шариғаттың айтуы бойынша қай түрлі жазамен өлтірсе де, обалсыз деген сөздер қолданылады. Ақырында бұл мәселені өрбітіп, көбейтіп, мүфти, хазіреттеріне жіберуге байлап, Мәшһүр Жүсіпті жамандап, өз қолдарынан келген жамандау материалдарын он батпан қылып жасап: «Мәшһүр Жүсіпті тірідей кесекпен атуға болады: шариғат, ислам дініне қарсы шықты!» - деп, балшыққа тірідей тығып жібергісі келіп, иә болмаса дарға асып, тіпті ыңғайы келетін болса, отқа өртеп жіберуге де болады деген сөз бен пікірлерге шейін қолданысып, о күндегі барлық шығыс елінің мұсылман халықтарының мүфтилері тұратұғын Орынбор, Қазан, Уфа қалаларындағы мүфти, хазіреттерінің қарамағына да хабар жібереді. Бұл хабар олардың да жанын түршіктіргендей тиеді. «Сүзіскен сиырдың мүйізі ауырса, көрген сиырдың басы ауырады» - дегендей, мүфти, хазіреті, ишан-ғұламалары діннің жолының басшысы бола тура дін жолына қарсы шыққан Мәшһүр Жүсіптің бұл сөзі олардың шекесіне шертіп қалғаннан кем болмады. Мұндай адамның үнін өшіріп, қарасын жоғалтып, жеті қабат жердің астына тығып, қарасын өшір[іп], көзін жоғалтуға керек деген көмектерін, пікірлерін көрсетеді. Дегенмен Мәшһүр Жүсіп оларға бағынбайды, өз пікірлерінен қайтпайды. Мәшһүр Жүсіптің бұл үш жұмысы - үшеуі де қожа, молдалардың ең қолайлы,малды жақсы табатын негізгі күшті кәсіптері, несіптері еді. Мәшһүр Жүсіптің бұл мәселені қозғауы -олардың қолқасына қол салғандай болды. Мәшһүр Жүсіптің бұл мәселені алғаш әшкерелеп тастаған уақыты 1919 жылы қыс күні ғинуар айында бұл әңгіменің басталуы Мәшһүр Жүсіптің тұрған елінде Әбіш қажы Әстенұлы (Арыстан) - деген бай, қадірлі жақты, жанды, ағайынды, аталасы көп, осы кісі қайтыс болады. Сол уақыттағы халықтың ғұрып-әдеті бойынша бай адам өлгенде, көп халықты шақырып, уақыты болып, қолы жетіп, орамына келсе, бір дуан елдің указной молдасын да шақыратын, әдетімен кішігірім ас бергендей мал сойып, қонақасы береді, бірнеше «тоғыздан» мал шығарады. Бас «тоғызы» указной молданікі болады. Бұл сияқты өлген адамнан хабар тисе, өзі бір дуан елдің хазіреті өлсе, бармай қала ма, ұшпаса да, жетеді. Өлген адамның жабдық билігі хазірет қолынан тарайды: өліктен мал олжа қылатын, өлген адамның жұмысын басқаратын сол елдің қадірлі, қабырғалы байлары, билері, ақсақалдары жиналып келіп: «Ескілікті әдет-ғұрып бойынша өлген қажының жанына екі кісіні екі жағынан отырғызып, ала арқанды қолына ұстап, указной хазірет салауатын сұңқылдатып күнә мен сауаптың есебін қағатын ұзындығы бір метр сары, тәспіні қолына алып, сартылдатып, сол қаға қысты болған кезде көптің ортасынан Мәшһүр Жүсіп түрегеліп хазіретке жақындап:

— Тоқтаңыз, молдаке, осы ала арқанды ұстатқанды қойыңыз! Осының өзі ұнамсыз, илалаған илай шарығы жұмыс қой! Жаназаңызды оқыңыз, малдарыңды садақа қылып, орны-орнымен кімге берсеңіз де, тарата беріңіз! Осы көзге көрінбеген, құлаққа естілмеген, қолға ұсталмаған - осы адамның мойнында қанша күнә - қылмысы барын, кәне, кім біледі? - дегенде, хазірет:

— Астапыралла, Құдай сақтасын, сізге не болды? Бұ не деген сұмдық қой! Айта көрме, сөзіңізді қайтып алыңыз! Пайғамбарлар, әулие, әнбиелер заманынан бұл күнге шейін айтып, ұстап келген ала арқанды неге ұстамаймыз, неге қоямыз?! Олар сен құрлы білмеді ме?! - дегенде, Мәшһүр Жүсіп:

— «Ала арқанды ұстамай, підия оқымай, өлген адамды көмуге болмайды!» - деп, қай кітаптан көрдіңіз? Сол айтып отырған пайғамбарың өзі де талай сахабасын , талай жолдастарын підия оқымай, ала арқанды ұстамай-ақ көмген жоқ па?!

— Ол соғыс уақытында уақыты жетпеген, күші келмеген болған жұмыс.

— Жоқ, молдаке, осы жерде саудаға салып, сатуға көніп тұрған еш нәрсе жоқ. Сондықтан мен осы ала арқан ұстап, айтқан сауданың жөні жоқ деп білемін. Міне, бүгін бай адам, Әбішұлын басына ат, айғырын байлап, ала арқан ұстап, айтпаған салауат, істемеген бата, оқымаған құрандарың қалмайды. Оған жиылмағандарың - келмегенің болмайды. Ертең бір панасыз кедей өлсе, құлағынан басқа қарасы жоқ, басына байлайтын ат пен айғыры жоқ. Мына отырған Әбжалап пен Иса өле қалса, қайсың басына ат, айғырыңды байлап, қайсың підия, салауат - құран оқисыңдар? Олардың күнәсын кім сатып алады? Бірнеше кедейлердің өліміне бармадың, көрмедің, талай кедей арық қойдың жемтігіндей өліп жатса, көрмейсің, шақырса, бармайсың! Бір дуан елдің ақты-қарасын, артық-кемін тексеретін указнойсың. Онда ала арқаның қайда қалды? Әлде сендердің шариғатың екеу ме? Байға бір түрлі, кедейге бір түрлі. «Байды көрсін, кедейді көрмесін!» - дей ме? «Байларға підия оқысын, кедейлерге оқымасын!» - дей ме?

Осылай указ [ной] мен Мәшһүр Жүсіп ұзақ айтысқа кетеді. Көпшілік аң-таң болып, не қыларын біле алмай, дағдарыс болады. Көпшіліктің бұрын көрмеген, естімеген жат нәрсесі көрініп, біреуі - халықтың указной молдасы, біреуі - халықтың сүйетін беделді ақыны. Екеуінің де беделін сақтайды. Бұл жұмыстың басы, қасында сол елдің аузы алты қарыс болысы да бар. Болыс — өлген Әбіш қажының жанашыр, жақын туысқаны. Атақты Боштайдың немересі болыс указ[ной] менен өте жақын, қатты сыйласып жүрген болатын. Өлген Әбіш қажының да қадірлі бай, беделді ағайын, туысқандары да түгел. Қысқартып айтқанда, бір болыс елдің басты адамы түгел. Халыққа бұрын естімеген бір жат сөз, жат әңгіме болып, «Жер астынан жік шықты. Екі құлағы тік шықты» - дегендей, үлкен сүре дау болып, дау аяғы екі күнге созылып, бітпей, екінші күнге қалады. Көпшілік Мәшһүрге:

— Сіз қойыңыз, осы жұмыстың билігін указ[ной]ға беріңіз! – дейді

Мәшһүр Жүсіп көпшілікке:

— Басы - осы. Мұнан былай менің тілімді алғаның підия оқымаңдар!

Ақыры Мәшһүрдің айтқаны болып... қожа-молданың бәрін шөптей басып, ала арқанды қалдырып, підия оқымай, қойғызып, жұмыс аяқталады. Алғаш басталуы осылай болды.

Мәшһүр Жүсіптің уақытында, орамында болған тап тартысына қатысы Осы күнгі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы - ескіше Ақбеттау болысы. Бұл Ақбеттау болысы патша үкіметінің заманында патша[ның] оң көзі болып, патша үкіметінен мақтау награда алған атақты Боштайдың немересі болатын. Өзі жақты - жанды, туысқанды, дәулет абыройы, адамшылық мал мен бас, дүние жағынан кемдігі жоқ, қадірлі, зор ата болып, Павлодар облысының халқына түгел қолы жеткен адам. Осындай қолы жеткендіктен, оның жүрер жолына: жаз жайлап, қыс қыстап отыратын қоныстан беті қағусыз болған. Сол болыстың өзінің қарамағындағы елінің ішінде аз атаның баласы Мамыт деген табы нашар ел болды. «Тышқанның да сауыры бар», - дегендей, әр таптың өз ішінде басшы адамы болады ғой. Жоғарыда айтылған 40 -50 үйдің басшысы Абайылда деген басшысы орта дәулетті адам болған. Жоғарыда айтылған болыс ата-бабасынан қалған ескі қыстауын запасқа қалдырып, өз дәуірінде, өз қолы жетіп тұрған күнінде екінші жерден жаңа қоныс алмақ болып, жоғарыда айтылған Абайылданың қарсы алдынан, қақ қасынан қара орман, қалың мүлкін, 4 бөлмелі ағаш үйін оборотымен жалғанның пейішіндей қылып орнатып алады. Сол ағаш үй сол жерінде осы күнге шейін тұр, үкімет қарамағына алынып, қазірде колхоз пайдаланып отыр. Мүлкін орнатып алғаннан кейін кешікпей-ақ келер жылы Абайылдаға ауызға алып, сөз салады: «Басқаны сенен сұрамаймын, маған қасыңызға келіп қоныстанғаным үшін, көрсеткен көмек, берген ерулігіңіз болсын, маған шабындық, пішендік жеріңіздің шұрайлы жерінен қақ жарымын берсеңіз екен. Біздің көңіл солай соқты» - деген сөзді естіген соң, Абайылда айдаһардың аузына жұтылатын кісідей-ақ шошиды, қорқады, сасады. Атамекен жерін берудің қиыншылығы әкесінің басын бергеннен, қойынындағы құшақтаған жесірін бергеннен оңай тимейтін болса да, болыстан қорыққаннан амалсыз аздап жерін бөліп жер береді. Оған болыстың көңілі толмайды, тамағы тоймайды, риза болмайды, «Сұраған жерімді түгел бермейсің, ризалық (ырзалық) жоқ, жақсы болмаймыз!» - деп, дамыл бермеді, қайта - қайта мазасын алып, ат құрғатпайды. Дегенмен: «Жер қимақ пен жан қимақ бірдей» - деген сөз бар емес пе? Абайылда да жерін қиып, бере алмайды. Уақыт - ұзаққа, сөз - үлкенге, аяғы күшке кетеді. Сонымен арада бірсыпыра уақыттар өтіп, халықтың көшпелі уақытты - жаз күнінде малдың қамы, қонысы үшін, әркімнің өзінің лайықты шамасына қарай, жазғы малдың жағдайына байланысты тәжірибелі қоныстарына көшіп барып орнығады. Байлар, болыстар, билер, әлі келген, күші жеткендер ілгері озып, тұнық, тұщы су, жақсы қоныс, соны шөпті алады. Басқалар олардың қалған, керексіз деп тастаған жерлеріне қоныстанады. Болыс өзіне ыңғайлас, бұрыннан аты шулы, әйгілі ел қонысы Шідерті деген өзенге барып, қара құрттай қаптап қонып, орнығады. Абайылда - аз ата, аз ауыл кейінгі қоныстарда, кейін қалған жайлауына барып орныққан соң, жаздың жайлауы, биенің байлауы деген маусымды уақыттары болып, жайланып, сайланып болған соң, болыс жоғарыда айтылған жер мәселесін қайта қолға алмақшы болып, бір болыс елдің атқамінер байлар, билері, ақсақалдары, ауылнай, елубасы - құзғындарын түгел жинап, Абайылданы да шақыртып алғызады. Ендігі болыстың ойындағы мақсаты - бір болыс елдің адамының алдына, талқысына, жиылысқа салып, Абайылданың жерін «Берсе, қолынан; бермесе, жолынан» бір болыс елдің атынан приговор жасатып, билер мен ауылнайлардың мөрін бастырып, қолдарын қойғызып, актілеп тартып алмақ. Абайылданың жақтасын, жақтаушы басшысымақ пысықша адамдарын өтірік жала, пәле жауып, іске айналдырмақ. Болыс айтқан соң, кім қалады? Жоғарыда айтылған адамдар түгел жиналып, белгілі жер мәселесі қозғалып, алу, беруге, ынтымаққа келісе алмай, сөз аяғы созылып, үлкен сүре, дау болып, жиылыс бірнеше күнге созылады. Бұл жұмыстың басы-қасында бастан-аяқ бірге жүрген, бұл жиылыстың бас адамының біреуі, болыстың жақын ағайын, немере туысқаны, қадірлі байының біреуі Абайылданың қызын алған күйеуі де бар. Ол екі жақтау болып жүреді. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» - деген қауіп те қалады. Туысқандық, бастастық жағынан болысқа жақын, күйеулік жағынан Абайылдаға жақын. Жерінен айрылып қалса, Абайылдаға қиын. Егескен жерін ала алмай қалса, болыстың беделі түседі, дос-дұшпанға күлкі болады. Екеуінің де беделін сақтайды. Көпшіліктің, болыстың беделінен асып, көптен бөлініп, Абайылдаға болысып шыға алмайды. Абайылданың бірнеше күнге созылған жиылыста 40 -50 шамалы жолдасымен салық салып жатқан жері осы күйе[у]інікі болады. Мәшһүр Жүсіп осының ауылымен бірге ауылдас. Абайылда мен Мәшһүр ниеттес, тілектес: «Қолыңнан жеріңді беруші болма, ата қонысыңнан айырылма!» - деп, аянбай ақыл, сөз көмегін береді. Болысқа да, оған ерген басқа көпшілікке де Мәшһүр Жүсіп тоқтау айтады: «Қойыңдар, момын шаруаларды зорлық қылмаңдар!» - дегенмен, оған өкпесі көтеріліп, желігіп, алған көпшілік тоқтамайды, көнбейді. Сөздің аяғы - ынтымаққа келісе алмай, Абайылдаға ерген топ: «Қолымыздан беретін жеріміз жоқ. Тартып алса, зорлыққа кім көнбейді?!» - деп, кейінгі елдеріне қайтпақ болып, көпшілік болыстардың отырған тұсынан бөлініп шығып, жоғарыда айтылған күйеуінің ауылына келіп, киімдерін киіп, аттарына мініп, ауылдан былай шыға бергенде, кейін қалған болыстардың тобынан болыстың жақтастары, құл ауыз құзғындары: «Пәле қайдан шығар екен?!» - деп, екі сұңқар таласса, арасынан жем түсіретін қулар мен сұмдар «Қыздырманың қызыл желін қыздырып: «Бұлар неге кепке бағынбайды, көпті көзге ілмейді, елемей барады? Жі[бер]меу керек, тоқтату керек, айтқанға көнбесе, байлап алу керек!» - десіп, болыстардың тобынан бірнеше ад[амдар] атой беріп, шабуыл қойып, бұларға:

— Тоқтаңдар! - деген келіп жетеді. - «Көпшілік тоқтасын!» - дейді. - Олар қазір өздері де осында келеді!

Айтқан ауыз жиылғанша, артқы болыстар да келіп:

— Тоқтаңдар, көпке бағынбай, көпті көзге ілмей, қайда барасыңдар?! - дег[ен] сөз көтеріліп, бұлар:

— Тоқтамаймыз! - деп, болыстар жағы:

— Жібермейміз! - [деп], егесіп, екі жақ болып, ал, төбелес, майдан болуы бар ғой. Қолма -қол қамшы, сойыл, бақан сарт - сұрт, біреу жаяу, біреулері атты, «бура қотан» ойнаған балалардай опыр-топыр, ұйқы-тұйқы, біреудің басы, біреудің беті қанап, болыстар да алғашқы бетінде бас[шы] билерімен бірсыпырасы таяқ жеңкіреп қалады. Арт жағынан болыстың тобы көбейіп, Абайылданың тобын жеңіп, таяқ өтіп, соққы жеп, сасқан соң, қайта қашып келіп, күйеуінің ауылына тығылады. Абайылда да қасында 10 шақты жолдастарымен Мәшһүрдің үйіне келіп тығылады. Басқа көп жолдастарын болыстар тобы байлап, айдап алып кетеді. Мәшһүр Жүсіп те бірнеше өзіне ерген адамдарымен төбелеске дайындалады. Болыстар тобының бірнеше адамдары, болыстың інісі, ауылнайы бар Мәшһүр Жүсіптің үйін келіп қамайды:

— Абайылданы жолдастарымен шығарып бер! - деп.

Мәшһүрдің жақтас кісілері үйге кіргізбей, есікті ашқызбай, қорғап қарсы тұрады. Мәшһүр Жүсіп айтады:

— Бұтаға қорғалаған торғайдың да жаны қалады» - деген, бермеймін! - дейді.

Болыстың жігіттері бұл айтқанға тоқтамаған соң, Мәшһүр Жүсіп:

— Бір күн туыппын, бір күн өліппін! Ажал біреу: не өзім өлмей, не сендерді[ң] осы келгендеріңді түгел өлтіремін, атамын! - деп, оқтаулы тұрған ... қос ауыз мылтығын ала ұмтылғанда, бәрі... дүркірей қашады.

«Бір мылтықтың аузына жүз кісі сыяды» - деген бар емес пе? Мәшһүрдің бетін білген соң, әркімнің өз жаны тәтті, бата алмай, қашып кетеді. Мәшһүр Жүсіптің себебімен Абайылданың 10 жақты жолдастарымен - әрі болса өлім мен бері болса таяқ жейтін қатты бейнеттен аман қалады. Мәшһүр Жүсіп болыстың, билердің, байлардың атына, ақшасына, беделіне сатылмай, олардан қорықпай, именбей тап тартысы болған жерде нашар таптың сойылын соғып, жақтап қарсы шықты. Бұл жұмысы өзінің [кім] екенін көрсетеді. Абайылданың басқа көп жолдастарын болыстар жағының адамдары ұрып, соғып, малша алдарына салып, айдап, байлап апарып, көгенге көгендеп тастайды. Мәшһүр Жүсіп Абайылдаға ақыл мен сөз көмегін, күш көмегін қолынан келген жәрдемін аянбай көрсетіп:

— Қорғанба, қорықпа! «Жау аяған жаралы қалады» - деген сөз бар. Сен де жай қанатыңды, шақыр ұраныңды! Басқа болыстағы аталастарыңа хабар бергізіп, кісі жібер! -[д]ейді.

Абайылданың басқа болыстарда қажырлы, жігерлі аталастары бар еді. Олар да жиналып, басты-басты адамдары келіп, «иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» - дегендей, намысқа, атаның атына қызып: «Біздің бәрімізді түгел қырып тастамасаң, саған қолымыздан ұлтарақтай жер бермейміз! «Жоқ - бары бір жерден айырылғанда, өлген де бір жұмыс!» -деген сөзді айтқан соң, бұл жұмыс туралы талай жауырлар ұлғайып, талай жаралар мандам мерезге соғатын болған соң, «Ер өлін, Ертіс бұзылатын», ел арасы егер боларлық болатын болған соң, «Ерден ердің қаупі бар» - дегендей, артын ойлап, тоқталады. Аяп қойған жоқ, ала алмай қойды. Бұл уақиғалар 1917 жылдың жаз күнінде июль айларында болған әңгіме. Бұл уақиғалар сол жылдарда, сол уақыттарда Семей қаласынан шығатын «Сарыарқа» газетіне басылып шыққан. Уақиғанын аты: «Кісі көгендеу» - деп ат қойылған. Анығын сол газетті тауып қарауларынызға болады.

Мәшһүр Жүсіптің дүниеге көзқарасы Мәшһүр Жүсіп Шорман ауылдарының малы - басы толықсып, толып тұрған уақыттарында бір жылдары қыс күнінде Шорман ауылдарына қонаққа барады. Шорман балалары: Мұстафа, Мұса, Әужан, Иса, - бұлардың өткен кезі. Осы төртеуінің тұқымдары «Шорман ауылдары» атанды, 20 шамалы үй болады. Бұлардың ішінде ақылы, ағалық жағынан да, жасы үлкені де - Садуақас - Мұсаның бел баласы, байлық жағынан артығы -Шаһизында Иса баласы. Мәшһүр Жүсіп бұлардың ықыласты, тәуір көретін үйлерінде бірнеше күндер болып, оның ішінде мәжілісі ұнап, тіл үйіріп сөзге сөз қайырып сөйлесетіні - Сәкен ағай болатын. Ол кісіні[ң] көпшілік халқы, ауыл-аймағы шын атын атамай, әдеп сақтаған болсын: «Сәкен ағай» - деп сөйлейтін. Сол Сәкен ағайдың үйінен Мәшһүр Жүсіп қайтпақшы болғанда, Шорман аулының адам қарасы түгел, басқа да бірсыпыра адамдар бар:

— Көңілге алып, көзге ілген бұйымтайыңыз бар ма? - дегенде, Мәшһүр Жүсіп айтты:

— Қолқа салып келген қуда емеспін, тай сұрай келген тамыр емеспін, қой сұрай келген қожа емеспін, бата сатқан қарт емеспін, мата сатқан сарт емеспін. Кешегі Мырзағұл, Сәті, Шорман: Мұсаның орыны деп келемін! - дегенде, Сәкен ағай отырып:

— «Арба күрең» деген, өзім арбаға жектіріп жүрген күрең атым бар, соны жегіп қайтыңыз! - дегенде,

Мәшһүр Жүсіп:

— Арба күреңің де, арда күреңің де керегі жоқ. Менің мал жимайтынымды өзің де білесің! Маған арғыдан келе жатқан әкең Мұсаның жинаған қазақша ескі сездерін берсең болады, -деп, соны алады.

Мұнан кейін Шаһизында айтты:

— Несие мес, қазір қолымда «Тайқоңыр» - дейтін мініп жүрген атым бар. Соны мініп қайтыңыз! - дегенде, Мәшһүр Жүсіп:

— Тайқоңыр да, тауқоңыр да маған керегі жоқ. Мен Самардан ат жия келген Самардың алыпсатары емеспін. Айтқан, атаған ықыласың да болады. Алдым, болды. Зекет алатын қожа, молдаларың бар ғой, соларыңа бере бер! - деп жүріп кетті.

Мұнан кейін екінші бір уақыттарда Сәкен ағайдың бір мінезіне өкпелеп, әкесі Мұсаның айтқаны қылып, өлең жазып, ол жазған өлеңін Үшата (Шата): Қозған етікші Ибрайға жазып беріп, домбыраға қосып, аздап Ибрай өлең айтқанын, «Көп бас қосқан жер болса, айта жүрерсің!» - деп, сонан құлағымда қалған қалған бір-екі ауыз өлең мынау.

Мәшһүр Жүсіптің «Сәкен ағайға» өкпелеп жазған өлеңінен үзінді:
Тұсымнан олай өттің, былай өттің,
Басыма өтіп, құран хатым еттің!
Өзіме тартып туған ұл жоқтықтан,

Ауылыма атпен келіп, жаяу кеттің.

- Мен үшін бір сапар жол баршы! - деді,

- Қолыма көп ұстаған бір нұсқам бар,

Сен үшін сақтап тұрмын, алшы! - деді. «Нұсқам» дегені - ескіден жиналып келген, қазақ өміріне байланысты әңгімелерді, соны алғанын айтқаны.

АТАУЛАР КӨРСЕТКІШІ

абад - /пар/ - жайқалған, гүлденген
абжад /ар/ - араб әліппесінің көне реті
алуқая - медреселердегі оқу құралы
ал шариға /ар/ - Құран мен сунналар арқылы пысықталған нұсқалар жиынтығы

ансары/ар/
1)көмекші

2) пайғамбарға еріп Мәдинадан шыққан сахабалардың тобы ахон (ахун) /ар/ - ислам діни қызметшілерінің лауазымы, мүфтиден кейінгі діни атақ «ақырзаман» - татар тілінде шыққан діни дастан, медреселердегі оқу құралы

әптиек - /ар/ - құраннан жеке алынған қысқа сүрелердің, аяттардың жинағы
батсайы (патсайы) /пар/ - мата түрі
бөгеуіл - әскер, аспазшы

бідуам (бәдуам) /ар/ - ислам дінін уағыздайтын көне муралардың бірі, медреселердегі оқу құралы

ғадалат /ар/ - әділдік [әдәләт]
ғажам /ар/ - парсы
ғалат /ар/ - қате,мүлт кету
ғараб /ар/ - араб

ғұлама [ұлама] /ар/ - дінтануды жетік меңгерген адамға берілетін оғары атақ
дарақ/пар/ - ағаш

датқа (датха, дадхах) /пар/ - Қоқан хандығының ру билеушісі, қала әкімі, әділдікті бақылаушы адам

диуана /пар/ - сопылыққа бет бұрған, дүниені ойламайтын адам
дүр /пар/ - інжу-маржан
жаһат (жытһадынан) /пар/ -

1) бағыт, ой құштарлық 2) есінен, жадынан

жәд (жад) /ар -пар/ - көңіл қою, ынта, зейін
зымыстан (зимыстан) /пар/ - қыс, аяз
зікір /ар/ - құдайды іштей еске алу, құдай атын мадақтап дұға оқу
иамшан /шағ/ - жұрнақ, тұқым

план /шағ/ - және
«Иман шарт» - медреседегі оқулық
карина /ар/ - айғақ, жағдай, әйелі
кәррәмә /ар/ - сыйлау, құрметтеу

кәйіф /ар/ - көңіл күй, ләззат, рақат, сүйсінушілік
кесік бас /ар/ - медреселердегі оқу құралы, діни дастан
көрің қадыр - медреселердегі оқу құралы
қадым [заманнан] /ар/ - ескі, ертедегі

қазы /ар/ - діни сот ісін жүргізетін адам
қайыл /шағ/ - бейіл, риза
қалфе (қалға) /ар/ - ұстаз жоқта орнын басатын шәкірт
қозапая /пар/ - мақтаның сабағы

ләббә /ар/ - сөйлеу, үн қату, дыбыс беру
мағруф /ар/ - белгілі
мантық/ар/ - логика
мәллә /ар/ - бір нәрсемен толтыру

мәхәллә (махала) /ар/ - квартал, қаланың бір бөлігі
мәхір /ар/ - шебер, маман, әмбебап, жетік
мүдәррис /ар/ - медреседегі оқытушы
мүжәз /ар/ - рұқсат алған, өкілеті бар

мүрид /ар/ - шәкірт, белгілі бір ғұламаны ұстаз тұтып, соңына ерген адам
мүфти /ар/ - сот шешімін шығарушы, шариғат білгірі
мұқлия /ар/ - көз
мұқтасиб /ар/ - бақылаушы

мұназара /ар/ - талқылау, жарыссөз
мұрақаба/ар/ - бақылау

мұхажир [мухаджир] /ар/ - дін үшін дүние-мүлкін тастап, пайғамбарға ілесіп, Меккені тастап көшкендер, пайғамбарға ерген алғашқы сахабалар

мұхтасар - медреселердегі оқу құралы
набыт (науыт) /ар - пар/ - соғыстағы шығын
намынде /пар/ - сөз, хат
ніхәй (нһшайты) /ар - пар/ - соңғы, ақырғы

пайтақты /пар/ - Астана
пәруәр /пар/ - әскер, қорғаушы
пәтуа [фатва] /ар/ -

1) Сот шешімі 2) шариғат заңдарына сүйеніп рұқсат беру сараптамасы

рабат /ар/ - қалашық, құрылыс, бекет
рағбә /ар/ - тілек, қалау, ұмтылу
рауаят /пар/ - рұқсат, кеңес, түйін
раушан /пар/ - жарық, нұр

рәбә /ар/ - өсу, көбею, арту
рәйб /ар/ - күдік, шүбә
рысале (рисала) /ар/ - трактат
сарафа [сарп ету] /ар/ - жұмсау, шығын ету, уақыт өткізу

сахаба /ар/ - .... 1) дос, жолдас, серік 2) пайғамбарды көзімен көріп, соңына ерген алғашқы мұсылмандар

сахид /ар/ - мырза, жомарт син /ар/ - әріп аты
сәғә /ар/ - тез ұмтылу, тырысу, талаптану
тағаииә /ар/ - міндетті болу
тариқасын /ар/ - жол, сапар, шындықты мистикалық жолмен танып білу тәсілі

тәбі (табиғ) /ар/ - бағынышты, тәуелді
тұбқа (тұпқалы) – мұнара
уа /ар/ - және, мен, пен, бен
уазифа /ар/ -

1) қызмет, лауазым, қызмет орны 2) сыбағасы, үлесі

усули жадит /ар/ 1) жаңа ереже, жаңаша тәртіп 2) жаңа, оңайлатылған әдіс негізінде арап әріптерінен жасалған қазақ әліппесі (төте жазу -А.Байтұрсынов)

фазыл /ар/ - мейірім, шапағат
фасл /ар/ - бөлім, тарау
фатих /ар/ - ашу, басын ашу
Һідәиәт /ар/ - басшылық, дұрыс жолмен жүру

хабас /ар/ - қамау, түрмеге отырғызу
хабасхана /ар - қаз/ - түрме
хадис /ар/ -

1) жаңа 2) пайғамбар сөзі хазірет - жоғары дәрежелі дін иелеріне берілетін діни атақ, лауазым

халал/ар/ 1) заңды, рұқсат етілген 2) ақ [ниетпен]

харам (хәрәм) /ар/ - тиым салынған, заңсыз, қасиетті
харап (ғарат) /ар/ - талқандау
һижра (хижыра) /ар/ - мұсылманша жыл санау
хыжыра (хижыра, һуджрә) /ар/ - бөлме

хысәби /ар/ - есептік
хыссәпләп (хасаплеп) /ар -шағ/ - есептеп
шаих (шейх) /ар/ -

1) қартайған адам, ақсақал 2) ұстаз, пір, әулие шар кітап - медреселердегі оқулық

шариф (шәріп) - қасиетті, шарапатты, көрнекті
шаһид (Шәһит, шаһадат) /ар/ - дін жолында құрбан болған адам
ықылым /ар/ -

1) аймақ, аудан 2) ескі [заманнан]

ЕСІМДЕР КӨРСЕТКІШІ

Арыстан бап - Мухаммед пайғамбар замандасы, Ахмет Иассауидың пір тұтқан ұстазы

Ахмет Иассауи (1093 -1166) түркілік суфизмнің негізін салушы Мәлік ибн Анас әл Асбахи (713 -795) факих, мұхаддис, маликиттік мазһабтың негізін қалаушы және эпоним Мірғараб [Шейх Мир - Араб ] (XVІ ғ.) 1530 -1536 ж. Бұхар қаласында Мир - Араб медресесін салдырған адам Сопы Алдияр (Аллажар, Аллаяр) XVІІІ ғ.о. өмір сүрген діни ақын. 1889 ж. «Аллаяр софы» кітабы Стамбулда басылды. Шайхы Нәжімалдин Күбірей ерген [Нәжім ад - дин Шейх Әбу-л-Джаннаб Ахмет б. Омар (1145 -1221), әл Кубра] - кубрауииа ілімінің негізін салушы, сопылық бағытты жүзеге асырушы, аса көрнекті парсы ғалымы. Хиуада (Хорезмде) туған.

ТҮСІНІКТЕР

Қолдарыңызға тиген 8 том Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының (1858 -1931) тарихи шығармаларының бір тобы болып табылады. Сонымен бірге мұның алдында ғалымның 7 томдығы басылып шыққанын ескертеміз. 1 - 4 томдарға ақынның өз шығармалары еніп, 5 -7 томдарына фольклор, халық ауыз әдебиеті үлгілері кіргізілгені белгілі. Қолжазбалар мазмұнына шолу жасасақ, Мәшһүрдің әр кітабында жазылған мәтіндерді бірде әдеби нұсқа, бірде тарихи мәлімет көзі деп қарастыруымызға болады. Оның үстіне Мәшһүрдің өз сөзі қайсы, қолданған мысалы (цитата, фольклор үлгісі) қайсы екенін ажырату да қиынға түседі. Мәшһүртанудағы деректану мәселелерін қарастырғанда деректі аудару, жариялау, сараптау жағына баса назар аударуымызға тура келеді. Хадимшеден аударудың өз қиындықтары бар. Мәтінді қайта-қайта екінші, үшінші рет тәржімалау барысында оқылды, аударылды деген кейбір сөздер, атаулар мағынасы өзгеріп жатады. Дауыссыз «м, х, ш, д» дыбыстарды «Мұхаммед», «Махмұд», «Мехмед» деп әртүрлі оқуға болады. Сол себепті көлбеу жақша ішінде сөз аудармасының екінші, үшінші варианттары беріліп отырады. Оқылмаған (немесе аударуға келмейтін) тұстарына көп нүкте қойылды. Ал тік жақша арқылы мәтінде жазылмаған сөздер: түсіп қалып, жазылмай қалды деген сөздер, біз ұсынған мәтін тақырыптары, мәтіндердің есептік реті, белгілі бір тұлғаға берілген тарихи анықтамалар т.т. берілді. Ұсынылып отырған 8 том материалының ширек бөлігі (25 -30 %) ғана баспасөз беттерінде жарияланған. Бұл еңбекте Мәшһүр мәтіндерін қысқартпай, қолжазбадағы жазылу реті бойынша толық күйінде береміз. Кейбір көлемді мәтіндер өз ішінен 9, 11 шағын мәтіндерге жіктеледі. Сөз орайы келгенде, «Қазақ тарихы», «Қазақстан мектебі» журналдарының редакторы Сайраш Әбішқызы ханымға ерекше ризашылығымызды білдіреміз. 8 томдағы баспасөз бетінде жарияланған материалдардың басым көпшілігі осы журналдарда ешбір қысқартусыз шығып жатты. Қолжазба мәтіндерін сараптау жағы да көп қиындықтар тудырады. Қолымызда бары ғалымның 1920 -1930 ж. қайта өңдеп, құрастырған жазбалары (соңғы нұсқалары) болып табылады. Ал текстологияға қажетті түпнұсқа жазбаларының алғашқы сызба нұсқалары (черновой материалы) кездеспейді. Сол кездегі басылымдарда жарияланған мақалалардың көбінің түпнұсқасы, не сызба нұсқасы да бізге беймәлім. Бұл олқылық орнын көшірмелер алмастырады. Түпнұсқасы болмаған жағдайда ғана көшірмелердің мәтіндерін пайдалануға тура келеді. М.Ж.Көпейұлы жазбаларымен түпнұсқада танысқысы кел - гендерге мынадай ақпарат ұсынамыз. Ел арасында сақталып жатқан жазбалардан өзге Мәшһүр материалы (түпнұсқасы) Алматыдағы Орталық Ғылыми кітапхана мен Павлодардағы Қ.П.Жүсіповтар жанұялық мұрағатында сақталынып тұр. Бұл екі қордағы Мәшһүр қолжазбасының барлық ксеро көшірмелері (түпнұсқа мен көшірмелерін қоса есептегенде) төмендегідей ғылыми орталықтарға тапсырылған: 1) М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба қоры. 2) С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығы. 3) Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы.

1 мәтін Қазақ түбі (бірінші нұсқа).

Бұл мәтін Мәшһүр Жүсіптің Алматыдағы Орталық Ғылыми Кітапхана қолжазба қорындағы (бұдан әрі қарай «ОГКҚҚ» деп көрсетеміз - Е.Қ. ескерт.) № 1177 папкасының 265 [222] - 286[243] беттерінен алынған. Осы қолжазба үзіндісінен тікелей көшірілген Жолмұрат Жүсіпұлы (Мәшһүрдің жиені) жазбасы Павлодардағы Қ.П.Жүсіпов жанұясының мұрағатында (бұдан әрі қарай «ҚПЖӘМ» деп қысқартылып беріледі - Е.Қ. ескерт.) сақталынып тұр. Қараңыз: ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама [13 тізім] 1 -22 беттер.

Мазмұны жағынан қолжазба мәтіні 4 түрлі бөлек мәтіндерден құралған:
1.1) Әбілғазы «Түрік шежіресі» үзіндісі
1.2) В.Радлов кітабындағы «Қазақ түбі» әңгімесі
1.3) Қазақ хандары шежіресі

1.4) Ақтабан шұбырынды әңгімесі. 1.1 Қазақ түбі (1 үлгі) жазбасының алғашқы бөлімі (қолжазбаның 265 [222J -278 [235;141] беттері) Әбілғазы еңбегінің Адам Атадан Уыз ханға (Оғыз ханға) дейін таратқан баяндауларынан ықшамдалып алынған. Хиуа тарихшысы шежіресінің кей тұстарына толықтырулар, түзетулер, түсіндірме сөздер беріліп жазылған. 1.1 мәтінінің текстология жағынан аздаған өзгешеліктері бар басқа да нұсқалары сақталғанын ескерте өтеміз. Қараңыз: ОҒКҚҚ, № 1176 папка, 100[94;51] - 107 беттер (осы кітаптың 2.1 мәтіні - Е.Қ. ескерт.); ОҒКҚҚ, № 1173 папка (тікелей шағатайша жазылған үлгісі), 394 - 406 беттер. № 1177 қолжазбасының 265[222] - 278[235;141] беттерін құрайтын 1.1 шежіре үзіндісі Әбілғазыдан алынғанын Мәшһүр Жүсіп мәтіннің екі жерінде ескертіп өткен: а) Шежіре ортасындағы 276[233;140] бетте «Бір үй алтындан ол шаһар» деп басталатын өлең жолдарын жазбастан бұрын М.Ж.Көпейұлы: «Әбілғазы хан сөйлеген шежіреде жазылған сөз», - деген ескерту жасайды. ә) 1.1 мәтін алдындағы 264 [221; 134] бетте «Оқшау сөз» деген айдармен Хиуалық тарихшының өмірбаянына қатысты мағлұматтарды да қарастырып өткен. Бұл библиографиялық үзінді еш жерде жарияланбағандықтан толықтай келтіреміз: «Оқшау сөз. Үргеніш дейді, Хорезм дейді, Хиуа дейді. Заман қадимнен шаһар атанып, талай хандар тұрақ қылған жай. Шыңғыс жұрағатынан Арап хан деген хан билеп тұрған. Өзінің 7 баласы болған. Қазақ айтады: «Жетеу болса, жеті ит десейші». Асфандияр, Жошы, Илбарыс, Әбілғазы, Хорезм -шах, Афған, Шөріп Мұхаммед. Бұлардың иттігі сол, Жошы сұлтан 16 жасында, Елбарыс сұлтан 14 жасында, - екеуі тізе қосып, өз әкесі Арап ханмен жауласып, соғысып, әкесі Арап ханды, әкесіне жақтасқан Хорезм сұлтанды және әкесіне жақтасып соғысқа шыққан Асфандияр сұлтанның үш жасар бір баласын, бір жарым жасар бір баласын, - төртеуін қасапқа сойған қойдай бір жерде бауыздады. Афған сұлтан деген бауырын Мәскеуге жер аударды. Аталарын өлтіріп жатқанда Әбілғазы Шәріп Мухаммед деген інісін алып қашып, Самарқанға барып, Имамқұлы ханның қолында екі жыл турды. Асфандияр сұлтан қырға барып, қазақты жиып келіп, Елбарыс, Жошы, - екеуін де өлтіріп, Хиуаға хан болды. Асфандияр хан болған соң, Әбілғазы қайта келіп еді. Асфандияр мұны Иран жұртына жер аударып жіберіп, Исфахан түрмесінде 10 жыл жатты. Сонан қашып шығып, Арал көлінің айналасында қаңғып жүргенінде, Асфандияр өліп, тақ иесіз қалған соң, таласарлық ит қалмаған соң, Хиуа тағына хандыққа отырды, һижрие есебімен 1014 жылда туған бала екен. 40 жасында хандыққа отырып, 23 жыл патшалық қылды. Сол Әбілғазы хан: «Жетім өз кіндігін өзі кеспекші», - деп, шежіре - тарих сөйлеген. Оның сөйлеген шежіресін Ауропа жұрты атам заманда перуаттап алған, Велһяминов-Зернов жазған тарихтан көдедей көп Николайдың әкелері Александр патша француз тілінен орыс тіліне айналдыртып, Казимбекке перуатдатқан. Сол Казимбек баспасынан алынған сөз -«Уыз хан шежіресі». Мұны «Әбілғазы хан шежіресі» атаған. Қарап отырғанымыздай, құрастырушы Мәшһүр Жүсіп мәтін авторын көрсетумен ғана шектелмей, Әбілғазы кітабының жариялану тарихын да сөз еткен. Алайда, Мәшһүрдің дерегі бойынша, Әбілғазы еңбегінің бұл нұсқасы Александр І патша тұсында (1801 -1825) шыққан Казимбек аудармасы деп көрсетіледі. Әбілғазы шежіресін арнайы зерттеп жүрген ғалым Б.Әбілқасымов зерттеуінде де («Әбілғазы ханның «Түрік шежіресі және оның тілі» кітабы, Алматы, 2001, Арыс баспасы) Казимбек есімі кездеспейді. Әбілғазы шығармасының жариялану тарихына назар аударсақ, алғаш бұл жазбаны 1720 ж. тұтқын швед офицері Ф.И.Т.Страленберг кездестіргенін, 1726 ж. Лейденде бұл нұсқа немісшеден французшаға аударылып басылғанын, 1770 ж. Ресейде Тредһяковский француз басылымынан орысшаға аударып жариялағанын білеміз. 1825 ж. Қазанда бұл үлгі қайта өңделіп, аударылып, арабист Х.Френ кіріспесімен, И.Халфин ғылыми түсініктемелерімен, мәтіннің өзі араб шрифтісімен басылып шығады. Әбілғазы еңбегінің жариялануын сөз еткен ресми басылымдарда Казембек Александр Касимович (Мырза Мұхаммед Әли 1802 -1870) туралы дерек кездесе қоймайды. Тек А.Н.Кононов редакциясымен шыққан «Библиографическии словарь отечественных тюркологов» көрсеткіште ғана (Москва, 1989, «Наука» баспасы) оның Қазан университетінің оқытушысы, әрі шығыс қолжазбаларын аударып, жариялаумен айналысқан шығыстанушы болғандығы атап көрсетіледі. Текстология жағынан салыстыра қарағанда, ұсынылып отырған 1.1 Қазақ түбі мәтінінің (Казембек көшірмесі) Алматы - да 1991 ж. «Ана тілі» баспасынан шыққан «Түрік шежіресі» кітабынан (бұдан әрі қарай «Әбілғазыда» деп қысқартып көрсетумен шектелеміз - Е.Қ. ескерт.) біраз өзгешеліктері барлығына назар аудартамыз: 1) Әбілғазыда (10 -16 беттер) толығырақ сөз болған Адам Ата ұрпақтары 1.1 мәтінде қысқаша тарихы баяндалып, есімдері өзгертіліп беріледі: Шиш - Шес, Қайнар - Қинан, Михаил - Мәһлайл, Жарты - Берді, Ыдырыс - Ахнух (Ідіріс), Жаппас - Иафес, Еділше -Елше, Уыз хан - Оғыз хан, т.т. 2) Әбілғазыда (12 -13 беттерде): «Иафес Ыстықкөлде патшалық қылды», - десе, 1.1 мәтін өзге мағлұмат ұсынады: «Бұл Жаппас [Әбілғазы шежіресіндегі Иафес - Е.Қ. еск.] ұрпағы ең жасы үлкені Түркіні хан көтеріп, соның аузына қараған. Мұның тұқым-нәсілінен болған ханлар хақан аталды, Түркі заманында көшіп-қонып жүретұғын жұрт болды. Өзі Ыстықкөлді ұнатып, сонда тұрақтады. Қазақ «жолым үйі» дейді, керегесі жоқ қос, баспаналары болды.» 3) 1.1 мәтінде Уыз ханның [Оғыз хан -Е.Қ. еск.] аңға шыққаны, әкесі Қара ханның ағайын туғандарын шақырып, тойда туыстарына шөлен тамақ бергені Әбілғазыда (17 бетте) мүлде аз айтылған. 4) Әбілғазыда (19 -20 беттер) Уыз хан нөкерінен туған Қыпшақ есімді бала тарихы да 1.1 мәтінде өзгеше баяндалады. Әбілғазыда қыпшақтар 400 жылдай Дон, Еділ, Жайықты басқарды дейді. Ал, Мәшһүр жазбасында қыпшақтар Тең, Еділ, Жайықты 400 жыл мекендеп, Орыс, Олақ, Башқұрт, Мажар елдерін 300 жылдай басқарғанын мәлімдейді: «Уыз хан бұл баланың атын Қыпшақ қойып, өзі бала қылып алды. Осы бала өсіп жігіт болған соң, қолбасы қылып, көп жігіт-желең беріп, Орыс, Олақ, Башқұрт, Мажар жақтарына жауласуға жіберді. «Бұл айтылған жұрттар Тең деген судың бойында болады екен. Қыпшақ келіп, Орыс, Олақ, Башқұрт, Мажарды өзіне қаратып алып, 300 жыл патшалық қылды. бұлар қараған ел «Қыпшақ елі» атанды. Тең, Еділ, Жайық, - осы үш судың өлкесінде 400 жыл тұрақ қылып, тарихларда «Дешті Қыпшақ» атанды». 5) Уыз хан жаулап алған Орта Азия аймақтарының тарихы да Әбілғазыда (20 бетте) берілмейді. Ал 1.1 мәтінде Мәшһүр Жүсіп бұл отырықшы аймақ тұрғындары туралы бірқатар толықтырулар енгізген: «Сондағы «орда» деп жүргендері - керегесіз ағаш шаншып, кигіз жапқан жолым үй. Уыз хан Мұғол, Татар елінің азаматын жинап, Талас, Сайрам, Ташкентке аттанды. Ол заманда бұл айтылып отырған шаһарлар шаһар болып, ат атанған емес. Басы Қожакент, аяғы Өзкент - Шыршықтың бойында «90000 үйлі Қыбырай Дүрмен» деген жұрт бар екен. Бір шеті - Шымкент, Сайрам, бір шеті - Түркістан, -«Қырық қақпалы Қарашық» аталған жұрт бар екен. Отырықшы болған халықты «кент халқы» деп атайды екен.» 6) Әбілғазы кітабымен салыстырғанда (22 -23 беттер) Мәшһүр жазбасындағы көшірмеде Уыз ханның балаларын, оқ, жақ іздеп табуға жұмсағаны, 6 ұлына кеңес беруі толығырақ баяндалады. 7) Жорықтан кейін той жасаған Уыз ханның осы мерекеде алтын үй жасағаны Әбілғазы кітабында (22 бетте) өлең жолдарымен ғана берілген. Мәшһүр жазбасында «алтын үйді» қазақтың киіз үйі деп түсіндіріп өтеді. Тіпті, Әбілғазы деректерін қазақтың әдеп-ғұрпымен салыстырған Мәшһүр Жүсіп киіз үй Уыз хан заманынан қалған деген пікірін келтіреді. Қараңыз: Е.Жүсіпов. Мәшһүр Жүсіп - тарихшы (оқу құралы) Павлодар, 2002, 23 бет. Жалпы алғанда, Мәшһүр үлгісі жоғарыда салыстырылған Б.Әбілқасымов (Алматы, 1991, Ана тілі, Әбілғазы.Түрік шежіресі) даярлаған кітап деректерінен біршама өзгешелігін байқаймыз. Бізге беймәлім нұсқаны пайдаланған Мәшһүр Жүсіптің Ресей (Европа) ғалымдарына қарағанда ескі түрік, шағатай тілін еркін меңгергені көрінеді. Сол себепті оның тіл білімі арқасында Әбілғазы шежіресінде кездескен жер-су атауларына түсініктеме, толықтыру жасағаны айқын білінеді. 1.1 мәтіні Әбілғазы еңбегінің Адам Атадан Оғыз ханға дейін таратқан тізбегінің үзіндісі ғана болғанымен, кей тұстарында «Түрік шежіресін» толықтыратынын да бағамдаймыз. 1.2 Қазақ түбі (1 үлгі). Қолжазбаның екінші бөлігін құрайтын мәтін (№1177 папканың 279[236] -286[243;145] беттері) 1870 ж. басылған В.Радловтың кітабындағы «Қазақ түбі» деген аңыз-әңгімесінен көшірілген. ОҒКҚҚ осы еңбекті дәлме - дәл көшірген Мәшһүрдің №1170 «а» папкасы (111 [60] -124[67] беттер) сақталғанына назар аударамыз. Мәшһүрдің екі жазбасын (№1177 және №1170 «а» папкалары) В.Радлов әңгімесімен салыстырсақ, №1177 папка нұсқасы №1170 «а» үлгісі мен В.Радлов мәтіндеріне қарағанда анағұрлым көлемдірек, толығырақ жазылғанын байқаймыз. Және бір өзгешелігі, В.Радлов кітабынан өзгертусіз көшірілген №1170 «а» нұсқасында мәтін соңында әз Жәнібек әулеті туралы күмәнді шежіре тізбегі берілген. Ал, №1177 папкада (1.2 мәтінде) бұл жері мүлде жоқ. №1170 «а» мәтіні С.Дәуітов аудармасымен ақынның таңдамалы екі томдық жинағында жарияланды. Қараңыз: Көпеев М.Ж.Таңдамалы. 2 - том, Алматы, 1992, Ғылым, 91 -96 беттер. 1.2 мәтіннің Радловтан алынғанын Мәшһүр Жүсіп құрастырушы ретінде мәтін басында келтіреді: «Жетпіске жетіп, жер таянып отырған біздердің тумай тұрып қалған күнімізде неміс жұртынан шыққан Василеиш Радлов қазақ әдебиетін жинап бастырған екен. Біз жазайық деп отырған сөзіміз сонан алынған. «Қазақтың түбі» деп, Васили Василеиш Радлов баспаға бастырған» (ОҒКҚҚ, №1177 папка, 279 бетте). М.Ж.Көпеевтің 23 жасында 1881 -1882 ж. Атбасардағы Мейрам Жанайдаров ауылында бір жылдай қыстап, ел сөзін жинастырғаны белгілі (2.9 мәтін №1176 папка 123 [117] бетте). Ал, Мейрам-Сүйіндік Жанайдар батырдың (Кенесары қозғалысына белсене қатысқан) баласы. Болыстық құрған, орысша сауатты адам болған. «Дала уалаяты» газетінде «Мың бір түн» ертегісін арабшадан қазақшаға аударған. Әрі Петербург қаласында қазақ тарихына қатысты шығып жатқан кітаптарды өз қаражатына сатып алып отырған. Сол себепті 1870 ж. В.Радлов кітабын Мәшһүр Жүсіп М.Жанайдаров кітапханасынан көшіруі ықтимал деп шамалаймыз. Қараңыз: осы кітаптың 76 мәтіні; Мәшһүр Жүсіптің 20 -25 жастағы шағы. Текстология жағынан сараптау барысында, «Радловтан алынды» деген бұл № 1177 жазбаның 1870 ж. Петербургте «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» кітабынан (ІІІ томынан) біршама өзгеше жазылғанын, кей тұстары толығырақ, анығырақ баяндалғанын байқаймыз. Бұл ерекшеліктер Мәшһүр Жүсіптің осы нұсқаны үлгі ете отырып, басқа да мәлімет берушілердің деректерімен байланыстырғанын ашып көрсетеді. Яғни, ортақ мәлімет берушілерді пайдаланған М.Ж.Көпеев В.Радлов кітабындағы мәтінді толықтырып жазғаны, кей жерлеріне түзетулер жасағаны білінеді. В.Радловтың еңбегі «Ел қазынасы - ескі сөз» деген атпен басылып шықты (В.Радлов. Ел қазынасы - ескі сөз. Даярлаған - С.Дәуітов. Алматы, 1994, Ғылым, 275 -279 беттер). 1.2 мәтінді осы басылыммен (бұдан әрі қарай В.Радлов кітабын келтіргенде толық жазбай тек «Радловта» деп көрсетіп, жақша ішінде осы кітаптың беттерін ғана көрсетеміз - Е.Қ. еск.) салыстырғанда табылған біраз өзгешеліктерді келтіргенді жөн көрдік. 1) В.В.Радлов кітабында: «Ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ - деп, әрі қысқа, әрі біраз бұрмаланған түрде берілсе, Мәшһүр Жүсіпте: «Ай дейін десе, аузы бар, күн дейін десе, көзі бар» - деп берілген. 2) В.В.Радловта: «Тапқан шешесі қызын көріп көп күнге дейін талып қалды. Сондай бір қыз келтірді деп ханға айтады» (275 б.) - делініп, тым қысқа берілсе, Мәшһүр Жүсіпте мұның бәрі кеңейтілген: «Ол қызды тапқан шешесі қызын көріп, көркінен талып қалды. «Сондай бір қыз келтірді!» - деп, ханға айтады. Хан балгер, бақсыларын алдырып:

— Осы туған баланың бақ-талайына бал ашыңдар! - деді.

Балгерлер бал ашты:

— Бақ талайы зор, бұрын ешкімнен мұндай бала тумаған! бұлар екі нәрседен қатер бар: не желден, не күннен. Бұл баланы күн көрмейтұғын, жел тимейтұғын қараңғы жерге бақтырыңыз! - деді.

Хан да:

— Өзім де осыны ойлап едім! - деп...»

3) Сондай-ақ мына сөйлемдер де Радловта жоқ, тек Мәшһүрде орын алған: «Түтіктен су ішіп, түндіктен күннің өзі емес, сәулесін көріп он бес жасқа жетті.» 4) Радловта: «Бір күндерде іші өсіп үлкен болды» (275 б.) - делінсе,

Мәшһүрде: «үлкен болды» деген сөз орнын: «зорайды» иеленген. 5) Өзенде ағып келе жатқан әбдірені кімдердің қалай көргені де Радловта сонша ықшамдығымен ерекшеленеді: «Сол бір жерде Домдағұл соқыр, Тоқтағұл мерген бір жерде аң аулап жатушы еді. Сол дарияның ортасында ағып келе жатқан абдыраны көрді.» (276 б.). Ал, Мәшһүрде өзгеше келтірілген: «Сол судың бойында көшпелі болып жүрген: «Қалмақ» - деген жұрт бар екен. Домбауыл деген мерген, Шабасоқыр деген түрікпен қарауылшысы мен екеуі аң аулап, елсіз, күнсіз су бойын жағалап жүр екен. Шабасоқыр түрікпен күндік жерден көреді екен де, түстік жерден есітеді екен. Дарияның ортасында ағып келе жатқан әбдірені көрді.» 6) Әбдіренің іші мен тысын бөлісу әңгімесі Радловта: «Тоқтағұл мерген көргенде: «Ай, жолдасым» - деді. - Судың ор - тасында жарқырап бір нәрсе ағып келеді. Құдай берсе, оны біз алармыз, ала қалсақ, сен ішін аламысың, тысын аламысың? Со жерде үлеселік, қолымызға келген соң, бір-біріміз таласып араз болармыз. Онда Дамдағұл соқыр: «Мен тысын аламын» - деді. Тоқтағұл мерген айтты: «Мен ішін аламын, не шықса да, шықпаса да, менің бағымнан болсын!», - деп көрсетіледі. (276 б.). Ал, Мәшһүрде сәл өзгеше: « - Ай жолдас, дарияның ортасында судың ағыны еріксіз айдап, бір нәрсе ағып келе жатыр! - деді.

Домбауыл мерген айтты:

— Көкте тәңірім жар болса, біз оны алармыз. Ала қалсақ, сен ішін аламысың, тысын аламысың! Күн бұрын үлеселік, қолымызға келген соң, қызықты нәрсе болса, біріміз қимай таласып, араз болармыз!

Шабасоқыр түрікпен айтты:

— Менің көзім жалғыздық қылмаса, жарқ-жұрқ етіп, алтын мен күмістей күнге шағылысып келеді. Не болса да, мен сыртын аламын! - деді.

Домбауыл мерген айтты:

— Мен ішін аламын, не шықса, ол шықсын. Мейлі дәнеме шықпасын, бағымды байқаймын! - деді.»

7) Бұдан кейінгі іс-әрекет те Радловта қысқаша: «Сонан соң жібектен жіп есіп, оққа байлап, Тоқтағұл мерген атады, ол оқ барып абдыраға қадалады, абдыраны тартып судан шығарып алады. Абдыраның аузын ашады. Ашса, ішінде он төртінен туған айдай боп бір қыз жатады. Екеуі көргеннен соң, көркіне есі ауып қалады.» (276 б.). Мәшһүрде толығырақ: «Жақындап келген соң, алтын әбдіре екендігін таныған соң, жібектен жіп есіп, оққа байлап, атпақшы болғанда, Шабасоқыр түрікпен:

— Қарауылшы, қия ат, қия ат! - деді. - Туралап атпа, ішінде жанды нәрсе бар болса, оқ тиіп, өліп қалар! - деді.

Сол: «Қия ат!» - дегендігінен «Қият» - атанып кетіп, мұның үрім-бұтағы өсіп-өніп, көп ел болды. Қобыланды батырдың жырында: «Қалың Қыпшақ: «Қияттан // Озушы едің жарыста!» - дегендегі Қият - Шабасоқыр түрікпеннің ұрпақ жұрағаты. Тура атпай, қия атып, оқ барып әбдіреге қадалған соң, шыжыммен тартып алып, әбдіренің аузын ашса, «он төртінен туған ай» далада қалды, бір қыз! Бұл екеуі көрген соң, көркінен есі ауып, талып қалды.» 8) Қыз жауабы да екі нұсқада түрліше. В.В.Радловта: «Қыз айтты: «Мен Алтынбел ханның қызы едім» - деді. Мені бір қараңғы жерге асыраған екен, мен Алланың әмірімен құрсақты болыппын. Мені сонан соң әкем: «Өлтірсін!» - деді. Шешем өлтіруге қимай: «Қайда кетсе де, тірі кетсін» - деп осы абдыраға салып қоя беріпті.» (276 б.). Мәшһүр Жүсіпте:

«Қыз айтты:

— Мен Алтынбел деген ханның қызымын. Туғаннан маған жарық дүние көрсетпей, түтіктен - су, түндіктен нәр тастап, темір үйге асыраған екен. Мен: «жарық дүние бар!» -деп естіп, бір көруге іңкәр болып, он бес жасымда жарық дүниеге шықтым. Жарық дүниені көрген соң, сілейіп талып өліп қалыппын. Бұ дүниеде бар жазығым сол. Сонан кейін кідірмей, құрсақты болыппын. Әкем естіп: «Өлтірсін!» - депті. Өзімді көтеріп тапқан шешем өлтіруге қимай: «Қайта кетсе де, тірі кетсін!» - деп, осы әбдіреге салып, суға ағызып қоя беріпті.»

9) В.В.Радлов кітабында қызға үйленген мергеннің аты «Тоқтағұл» болса, Мәшһүр Жүсіпте «Домбауыл». В.В.Радловта:«Тоқтағұл мерген: «Олай болса, жарайды», - дейді. Сонан соң уақыт жеткен соң бір ер бала келтірді, өзінен көркем болды. Сонан соң некесін қиып алды.» (276 б.) Мәшһүр Жүсіпте:

«Домбауыл мерген:

— Жарайды, - деді.

Ерлі-байлы кісідей болды. «Піс[кен] астың күйігі жаман» - деген бар ғой, Домбауыл мерген шыдамсыздық қылды, Алмалы - көріктінің балдағы шарт етіп сынып кетті.

— Бұл жұмыс үшін маған өкпелеме! «Өзі буаз, өзі қыз - ораздыға кез болады!» - деген екен. Бағымды сынайын деп едім. Бақты екенмін! - деп қуанды.

Мезгіл уақыты да таянып қалған екен, Алмалы - көрікті ер ұл тапты, сұлулығы шешесінен де асып туды. Бір қолы жұмық туды: уысы тола қан екен. Пайғамбар тарихынан бес жүз елу тоғызыншы жылда, қазақша доңыз жылында Мұғылстанда жарық жалған дүниенің жүзіне келді.

— Мұны тапқан шешесі өтірік емес, шын қыз болып шықты. Бұлтарма, жалтармасы жоқ, еркек көрмей, тапқандығына біз куә болып, ақ мылтықтың, міне, аузын жаладық! - деп. Қалмақ анты - ақ мылтықтың аузын жаласады екен. Шабасоқыр түрікпен мен Домбауыл мерген баланың атын «Шынқыз» қойды.» (1177 - папка, 282 (239) бет.)

10) Жас бала Шыңғыстың он жасқа дейінгі өмірі де алғашқыда В.В.Радловта қысқаша берілген: «Далада жүрмейік деп еліне келді. Еліне келген соң со бала ер жетіп өсті. Өзі жақсы, әділ болды. Со баланың атын Шыңғыс қойды.» [276]. Мәшһүрде: « - Енді қаңғып дал ада жүрмейік! - деп, еліне келді. Бала қыздан қылықты болып, ұлдан қулықты болып, бөтен жат бала болып өсті. Мергенге басыбайлы қатын болған соң, алты айда бір бала, алты айда бір бала таба берді. Бұлардың аты: Бөденетай, Бүргелтай, Жөргемтай болды. Ойнауға жарап, ойын баласы болғанда, ана үшеуі бірыңғай ойнайды. Шынқыз өзі жапа-жалғыз жүріп, бірыңғай ойнайды. Сонда Алмалы - Көрікті айтып отырады дейді:

— «Бұланға ерген таза жерде аунап ойнайды, Доңызға ерген балшыққа аунап ойнайды!» -дейді екен». (Сонда, 282 б.).

1.3 Қазақ түбі (1 үлгі) үшінші бөлігін (287[244] - 289[246] беттер) құрайтын қазақ хандары шежіресі Мәшһүрдің өзі сұрыптап жазған еңбегі болуы мүмкін.Өйткені қазақ хандары тарихы жазылған басқа нұсқаларында да бұл шежірелер кімнен алынғаны көрсетілмейді. Жәнібек ханнан Салқам Жәңгір хан заманына дейінгі тарихты таратқан бұл шежіре мәтінінің басқа да нұсқалары бар: 1) ОҒКҚҚ, №1176 папка, 344 [430] -345[431] беттер, - 30 мәтін 2) ОҒКҚҚ, №1645 папка, 83 -84 беттер . - 29.3 мәтін 3) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 3 том, 71 -74 беттер. №1645 үлгі мәтіні баспа бетінде жарияланды. Қараңыз: Көпейұлы М.Ж. Қазақ хандары (1 нұсқасы) / Даярлаған Жүсіпов Е.Қ. // Қазақстан мектебі, 1999, №10, 69 -70 беттер. 1.4 Қазақ түбі (1 үлгі) төртінші бөлігінде (289[246] - 291 [248] беттер) әз Тәуке хан заманы, Ақтабан шұбырынды оқиғасы баян - далады. Бұл топтамаға енген шежірелік деректер (автордың ата - тегі, Орта жүздің қалмақ шапқыншылығына ұшырауы) «Қазақ шежіресі» жинағынан (С.Дәуітов аудармасымен 1993 ж. Алматыда басылып шыққан) алынғаны байқалады. Керісінше бұл шежіре мағлұматтары ықшамдалған күйінде Мәшһүрдің «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабына (Қазан, 1907) енген. Мәтіннің басқа да нұсқалары сақталған. Алайда олар әз Тәуке хан заманы, Ақтабан шұбырынды оқиғасы туралы өзге мәліметтерді сипаттайды. Қараңыз: 1) ОҒКҚҚ, №1176 папка, 345[431] -346[432] беттер; 2) ОҒКҚҚ, №1645 папка, 85 -87 беттер; 3) ОҒКҚҚ, №1178 папка,1 -2, 146[92] -148[93] беттер; 4) ҚПЖӘМ, Төлепберген көшірмесі, 4 кітап, 10 -12 беттер. Бұл тізімдегі № 1176 материалы жарияланды:Көпейұлы М.Ж.

Қазақ хандары (1 нұсқа) // Қазақстан мектебі, 1999, № 10, 70 -71 беттер. 2. Қазақ түбі (2 нұсқа) Қазақ тарихына шолу жасалған бұл жазба ОҒКҚҚ, №1176 папканың 100 [94;51] -123[117] беттерінен алынды.

№1176 папкадағы бұл көлемді шежіре үлкенді-кішілі 9 мәтіннен құрастырылған:
2.1) Әбілғазы шежіресі үзіндісі (Адам Атадан Уыз ханға дейін) 100 - 107 б.
2.2) Шәкәрім шежіресінен үзінді 107 б.
2.3) Қазақ шежіресі (сахаба тарихы) 108 - 110 б.

2.4) Ер Едіге әңгімесі 111 - 113 беттер.
2.5) Қазақ шежіресі (92 баулы Қыпшақ, 32 баулы Өзбек) 113 – 114 б.
2.6) Алашахан әңгімесі 114 - 117 б.
2.7) Алаша хан Жошы хан әңгімесі 118 -120 б.

2.8) Өзбек хан, әз Жәнібек хан туралы әңгімелер 121 - 122 б.
2.9) Өмірбаяндық деректер 123 б.

2.1 Қазақ түбі (2 нұсқа) мәтіні «Қазақ түбі»деген тақырыппен басталады. Қолжазбаның бірінші бөлігі (100[94;51] - 107 беттер) Әбілғазының «Түрік шежіресінің» мейлінше ықшамдалған көшірме үзіндісі болып табылады. 1.1 мәтінде толығырақ сипаттама берілгендіктен бұл жазбаны №1177 папкамен (1.1 мәтін), Әбілғазы шежіресімен (Б.Әбілқасымов аудармасы. Алматы, 1991) қатар салыстыра отырып, текстологиялық өзгешеліктерін көрсетумен шектелеміз: 1) Бұл 2.1 мәтінде Адам Атадан Нұх пайғамбарға дейінгі аталар есімдері мүлде жоқ. Ал Нұхтан Уыз ханға дейінгі шежіре таратылуы №1177 папка (1.1 мәтін) мәліметтерін қайталайды. 2) Уыз ханның (Оғыз ханның) Татарға, Шүршітке, Итбарак хан еліне т.б. халықтарға, аймақтарға жасаған жорықтары да 2.1 мәтінде бір ауыз сөзбен қысқартылып әңгімеленген: «... жастар Уыз ханды алып келіп, таққа отырғызып, хан көтерді. «Заман - Уыз хан заманы», - деп, жар шақырыпты. Уыз хан өзіне бағынған елдің бәрін мұсылмандыққа көндірді. Мұсылман болғанды сыйлап, болмағанды шапты, талады. Уыз ханның жүрген -тұрған тарихын жазуға қалған өмір жарамайтұғын болды. 116 жыл патшалық қылды» (ОҒКҚҚ, №1176 папка, 104 -105 б.). 3) Күн ханның әкесі Уызға еліктеп той жасағаны, Уыз хан әулеті туралы баяндаулар №1177 папкада берілсе, бұл мәтінде жазылмаған. 4) Әбілғазы шежіресі (Алматы, 1991) мен №1177 папкада Қыпшақтың дүниеге келуі, жұрттарды жаулауы туралы мәліметтер Уыз хан жорығы барысында баяндалады. Ал 2.1 мәтінде (ОҒКҚҚ, №1176 папка, 107 бетте) бұл деректер Әбілғазы шежіресінің соңында беріліп, 2.3 мәтін мазмұнымен байланыстылықты сақтап тұр. Қолжазба мәтіні еш жерде жарияланбаған. Тек «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» атты 6 томдық жинақтағы (бұдан әрі қарай «ҚҚҒС» деп қысқартып көрсетумен шектелеміз - Е.Қ. ескерт.) 3 томда (Алматы, 1981, Ғылым, 121 бет) қысқаша аннотация берілген. 2.2 Қазақ түбі (2 нұсқа) мәтіні (107 бет ортасы) мазмұны жағынан кездейсоқ жазылып кеткен мәліметке ұқсайды. 1499 ж. оқиғаны сипаттайтын шағын үзінді Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм ханлар шежіресінен» (Орынбор, 1911; Алматы, 1991 -23 -24 беттер) алынған. Шағын мәтін 1499 ж. Мұхаммед Шайбани мен шағатайлық Сұлтан Ахмет хан арасындағы тартысты баяндап, 2.1 мен 2.3 мәтіндердегі қыпшақ - араб (сахабалар) заманы туралы баяндауларының тізбегін (уақыт желісін) үзіп тұр. 2.3 Қазақ түбі (2 нұсқа) үшінші мәтіні( 108 -110 беттер) қазақ шежіресінің арабтық (сахабалық) нұсқасы болып табылады. Мұнда 2.1 мәтін аяғындағы Әбілғазының қыпшақтар туралы айтқан мәлімдеулері одан әрі толықтырылады, енді 92 баулы Қыпшақтан 92 батырдың Мухаммед пайғамбарға көмектескені, сахабалар қатарына ілінгені айтылады.

Бұл жазбаның басқа да нұсқалары сақталған. Қараңыз: 1) ОҒКҚҚ, № Ц77 папка, 256[299] -261 [304; 154] беттер; 2) ОҒКҚҚ, № 1645 папка, 88 -93 беттер; 3) ҚПЖӘМ Мәшһүр жазбасы 5 том, 27 -29 беттер; 4) ҚПЖӘМ, Иманғали Мәненов көшірмесі 3 топтама, 106112 беттер; 5) ҚПЖӘМ, Фазыл көшірмесі, 3 том [17 тізім] 18 бет; 6) ҚПЖӘМ, Төлепберген көшірмесі 1 кітабы 2 бет; 7) ОҒКҚҚ, № 1661 папка (көшірме), № 2 дәптер, 1 -9 беттер. № 1176 папкадан алынған бұл 2.3 мәтін еш жерде жарияланбаған. М.Ғұмарова басшылығымен шыққан ҚҚҒС 3 томында (Алматы, 1981, 121 -122 беттер) бұл жазбаға қысқаша аннотация берілген. Ал қажылар тарихымен қатар әңгімелейтін № 1177 папка материалы (258[301] -261[304;154] беттер) «Қазақ шежіресінде» (Аударған С.Дәуітұлы. Алматы, 1993, Жалын, 9 -13 беттер) жарияланды. Басылып шыққан №1177 папка деректеріне сүйенсек, 2.3 мәтінге өзек болған «арабтық -сахабалық» шежіре үлгісін 1874 ж. қажылық сапары кезінде Абайдың әкесі Құнанбай би Бағдат қаласынан тапқызып, көшірткізіп, ел арасына таратқан. (Көпейұлы М.Ж.Қазақ шежіресі. 11 бет) 2.3 мәтінде 92 қыпшақ батырының Мухаммед пайғамбарға болысқаны үшін ансарылар атанғанын, кейіннен Қаратауда дін ислам үшін Ақкөсе, Мәлік, Имамбайыр, Қуттықожалардың шахит болғанын әңгімелейді. Сол себепті қазақтың «Ақкөсе ұрпағымыз», «Аныс сахабадан тарағанбыз» деген сөздерінің тарихын аша түседі. Бұл шежіренің сахабалық үлгілері XX ғ.б. бұрмаланып, қазақты тікелей Мәлік ұлы Аныс сахабадан тарайды дейтін «арабтық» нұсқаны тудырған. Мәшһүр деректеріне (№1176, №117 папка) сүйенсек, қазақ шежіресінде кездесетін Әнес сахаба (Ан хазірет, Аныс) есімі шартты болып табылады. Ислам тарихында көзге түскен Мәлік бен Анас әл Асбахи (713 -795) деген беделді діни қайраткер есімі уақыт өте келе эпонимға айналып, Түркістанды мекендеген барлық түркілер үшін ортақ тарихи тұлғаға айналған деп шамалауға болады ( Энциклопедия «Ислам». Алматы, 1995, 112 бет). Тек араб ықпалы заманының белгісі ретінде Әнес есімі қазақ шежіресіне енген. Сол себепті уақыт желісінің ("VІІІ -ІX ғасырлар) бір үзігін ғана танытатын шежіре үлгілерінде Қазақты Әнес (Аныс) сахабадан бастап таратады. Әрине, шежіретанудағы мұндай «шартты ауытқулардың» болатындығын біле қоймаған қазақ зиялылары: Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы т.б. «сахабалық» шежіре үлгісіне мүлде қарсы шығады. Абай да, Шәкәрім де бұл шежіренің түпкі шығу тарихын жете білмегендіктен сахабалардың бәрін арабтар деп танып, Қазақты сахабалардан, яғни «арабтардан» бастап тарататын шежірені өткір сынға алған. Қараңыз: «Абай» энциклопедиясы. Алматы, 1995, 174 бет; Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм ханлар шежіресі. Алматы, 1991, 70 бет. Түркістан, Қаратау аймақтарын аралап, жергілікті жер-су атаулары тарихын осы 2.3 мәтін шежіресімен байланыстырған Мәшһүр Жүсіп бұл сахабалық үлгіні таза генеалогиялық (не этнологиялық) тұрғыдан емес, жылнамалық сипатта (араб - қыпшақ заманының белгісі ретінде) қарау керек деген ойды ұсынады. Бұл мәселеде 2.3 мәтіннің 109 бетінде мынандай түсініктеме орын алған: «Ақкөсе мен Мәлік екеуі бір ағайынды. Нәзір деген әкелерінің аты екен. Мәліктен Аныс туады да, сол Аныстың үрім-бұтағынан Түрікпен, Қарақалпақ, Қазақ та - райды.Ерте заманда бұрынға ата-бабаларымыз: «Біз Ақкөсе сахабадан екенбіз», - деп жүргені. Пайғамбарымыз дүниеден қайтқаннан кейін Мохтрса деген кәпірмен соғыс ашамыз деп хазіретіміздің [Омар] халифа күнінде Ақкөсе, Имамбайыр, Құттықожа сахабалар Қаратауда шаһит болып, зираттары сонда болғандықтан, «Ақкөсе сахаба бабамыздың моласы», - деп зиарат қылғандықтан соның ұрпағымыз деп жүргені сол екен. Бұл күнде Қаратаудың күнбатысында. Ол кісіні Домбы Ата десе жұрт біледі. Басқа жұрттан шығып тарих жазушылар мұндай қайдан шығып, қайда барып ұшырасқанын білмейді де: «Анысын, Мәлік хазіретлары - ғарап. Қазақ өзін ғараптан туғызып, пайғамбарға туысқан-бауыр болғысы келеді», - дейді. Міне, мен, Мәшһүр Иұсып Көфейіп 65 жаста осы сөзді жазып отырмын. Бақсыдай бал ашып, түлкідей түс көріп, жаурын жағып,құмалақ салып айтып отырғаным жоқ. Мен де нұсқалардан көрумен, кәрі құлақтардан естумен өз білгенімді шамам келгенше қорытып, шыңдап, теңдеп айтып отырмын.» «Қазақ» этимологиясына берген Мәшһүр анықтамасы (110 [104] бетте) 2.3 мәтіннің бір бөлігі ретінде жазылса, басқа қолжазбаларда жеке мәтін ретінде берілген. Сондай-ақ «қазақ» атауы туралы қараңыз: ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама, [26 тізім 1 бет] 263 бет (№1176 папка, 109 -110 беттер көшірмесі); ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы (Қ.Халид еңбегінің көшірмесі) 1 том, 162 бет. (41 мәтін) 2.4 Қазақ түбі (2 нұсқа) төртінші мәтіні (111[105] -113[107] беттер) «Қазақ түбі» деген тақырып атауымен басталады. Бұл мәтінде Бабай Түкті Шашты Әзіз әулиенің ата-тегі, оның пері қызынан туған баласы ер Едіге әңгімесі баяндалады. Жарияланып шығып жатқан басқа үлгілерге қарағанда 2.4 мәтінде Бабай Түкті Шашты Әзіздің ата-тегі толығырақ таратылады. Қараңыз: 1) ОҒКҚҚ, № 1177 папка (4 -12 беттер) материалынан алған С.Дәуітов аудармасы, -Көпеев М.Ж. Таңдамалы, 2 том, Алматы, 1992, 77 -83 бет. Соныкі. Ер Едіге // Қазақтың батырлық эпосы. Алматы, 1992, Рауан, 14 -19, 99 беттер, Соныкі. Ер Едіге // Қазақ батырлары. 29.11.93 №3, 11 бет. - 28 мәтін 2) ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 2 томы (149 -154 беттер) бойынша әзірленген Н.Қ.Жүсіпов аудармасы - Көпейұлы М.Ж. Қазақ билер! // Жұлдыз, 1992, №8, 187 -188 беттер, - 27 мәтін 3) ҚПЖӘМ, Омар Иманбаев көшірмесі, 3 кітап, 48 бет. 4) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама [22 тізім, № 2 дәптер] 8 -13 беттер. Бұл нұсқа толықтай еш жерде жарияланбаған. ҚҚҒС жинағында ғана (3 том, Алматы, 1981, 121 -122 беттер) ғылыми сипаттама беріліп, қысқаша аннотациясы жасалынған. 2.5 Қазақ түбі (2 нұсқа) бесінші мәтіні (113 [107] -114[108; 58] беттер шағын шежіре мәтінін келтіріп, қазақ халқының шығу тегі арысы 92 баулы Қыпшақтан, берісі 32 баулы Өзбектен шыққан деген тізбекті ұсынады. Бұл шежіре үзіндісі Едіге заманы (2.4 мәтін) мен Алаша хан (2.6 мәтін) уақытын байланыстырып тұрған қосымша мәлімет көзі қызметін атқаруы мүмкін. Мәтін еш жерде жарияланбаған. 2.6 Қазақ түбі (2 нұсқа) алтыншы мәтіні (114[108; 58] - 117[111] беттер) мен 2.7 мәтін жазбасы мазмұны жағынан Алаша хан заманына арналған аңыз-әңгімелер тізбегі болып табылады. Екі мәтін «Мес» жинағында көбінесе «Бұл қазақ қай уақытта үш жүз атанған» деген тақырыпшамен басталып баяндалады. 2.6 мәтінде Алаша ханның дүниеге келуі, қазақтың басын қосуы, хан атануы, халқын үш жүзге бөлуі әңгімеленеді. Бұл аңыз-әңгімені Мәшһүрдің Қаракеңгір өзені бойындағы Алаша хан кесенесіне барған сапары кезінде жазып алғаны байқалады. Мәтіннен тікелей көшірген Жолмұрат жазбасы (2 топтама [31 тізім, 1 -6 беттер] 115 -120 беттер) ҚПЖӘМ сақталынып тұр. Алаша хан әңгімесінің (2.6 мәтін) кей жерлері өзгертіліп жазылған бірнеше нұсқалары бар: 1) ОҒКҚҚ №1177 папка, 293[250] -298[255; 151] беттер. Бұл қолжазбаның бір бөлігін ғана ( 297[253] - 298[255;151] беттері) аударып, З.Сейітжанов баспа бетінде жариялады: Көпейұлы М.Ж. (журналда жинаушы есімі берілмеген) Алаша хан ертегісі. / Даярлаған З.Сейітжанов. // Қазақ ССР FA хабарлары (Тіл, әдебиет сериясы) 1986, №1, 68 -70 беттер . Ал қолжазбаны тұтас қалпында С.Дәуітов бастырып шығарды: Көпейұлы М.Ж. Бұл қазақ қай уақытта үш жүз атанған / Аударған С.Дәуітов. // Парасат. 1990, №8, 15 -16 беттер, Соныкі. // Таңдамалы. 2 том, Алматы, 1992, 60 -63 беттер . - 35 мәтін 2) ОҒКҚҚ, №1177 папка, 200 -202 беттер. 3) ОҒКҚҚ, №1177 папка, 315 -318 беттер. Мәтін тікелей көшірме нұсқасы -ҚПЖӘМ, Фазыл көшірмесі, 3 том [17 тізім, 96 - 102 беттер] 108 -113 беттері, -14 мәтін 4) ОҒКҚҚ, №1645 папка, 76[250] -83 беттер, - 29.1, 29,2 мәтіндер. 5) ҚПЖӘМ, Иманғали Мәненов көшірмесі,, 3 кітап, 89 -94 беттер. 6) ОҒКҚҚ, Ә.Диваев көшірмесі, № 215 папка, №2 дәптер, 1 -8 беттер. 7) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 1 том [36 тізім, 110 -111 б.] 97 – 98 беттер. 8) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 1 -9 беттер. Бұл мәтін Н.Жүсіпов аудармасымен жарияланған: Көпейұлы М.Ж. Бұл қазақ қай уақытта үш жүз атанған / Даярлаған Н.Қ.Жүсіпов. // Қазақ тарихы. 1993, №2, 15 -17 беттер. - 34 мәтін 9) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама [30 тізім] 1 -3 беттер. Бұл көшірме үзіндісі де басылды: Көпейұлы М.Ж. Жошыхан өлімі. / Әзірлеген Е.Қ.Жүсіпов . // Қазақ тарихы. 1998, №3, 59 -60 беттер. - 36 мәтін 10) ОҒКҚҚ, №1176 папка, 167 -169 б. Сонымен қатар 2.6 мәтіннің бір үлгісі Ж.О.Артықбаевтың «Қазақстан тарихы» (оқулық-хрестоматия) жинағында да «Қызыл Арыстан ханның ұлы - Алаша хан» деген тақырыппен жарияланғаны белгілі. (Астана, 2000, Фолиант, 72 -74 беттерде) Келтірілген қолжазбалар мазмұнына шолу жасасақ, Мәшһүр Жүсіптің Алаша хан туралы әңгімелердің бірнеше нұсқаларын жазып алғанын, кейіннен сол үлгілерді «Қазақ түбі» жинақтарында алма-кезек ұсынып отырғанын байқаймыз. №1176, № 1177 (тізімдегі 1,10 мәтіндер) жазбаларда Алаша ханның әкесі Бұхар билеушісі Қызыл Арыстан хан деп көрсетіледі. №1177 қолжазбаның тағы бір нұсқасында (тізімдегі 3 мәтін) Алаша әкесі «Қырым елінің ханларынан бір хан» болып шығады. Ал, Ә.Диваев көшірмесінде (тізімдегі 6 мәтін) Алаша хан әкесін «Бұхар хандарынан бір хан қазақ ханы болып тұрған заманда» шыққан билеуші деп таныстырады. Кейбір түпнұсқалық жазбалардың ҚПЖӘМ тек үзінді бөліктері ғана (тізімдегі 7 мәтін) сақталған: «Құсбегі пішіп тіккен томағадай құнысып тұрған бір бала. Өзінде Әзірейілдің анық бір түгі бар, маңайына жан батып бара алмаса керек. «Сенің мына айтуыңа қарағанда баяғы сағымнан пайда болған Шыңғыстың шын ұлын да көріп едім. Мынау сонан соңғы жалғанға жалғыз қара болып келген жан екен». Айтушылардың айтуы сол, Шыңғысты 27 жасында шүршіт ортасында хан сайлап таққа отырғызғанда жұрттан билер жиналып, көп ынтымағымен хан қойған екен. Сонда осы Майқы би арбасын жаяу кісілерге тартқызып барып: «Сендер төрт аяқты айуанға мініп келдіңдер. Мына мен өмірімде айуан мініп көргенім жоқ. Бәріңнен артықтығым - осы», -деп, төбе би болған екен деседі. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы - Майқы би» атанған Майқы би - осы.» 2.7. Қазақ түбі (2 нұсқа) жетінші мәтіні 2.6 жазбадағы Алаша хан әңгімесінің жалғасы болып табылады. Бұл аңыз-әңгіменің екінші бөлігіне (№ 1176 қолжазбаның 118[112;60] -120 [114] беттері) шартты түрде «Алашахан ұлы Жошы хан» деген тақырыпша берілді. 2.6 мәтін сипаттамасында қарастырғанымыздай, № 1177 папкада Алаша хан әңгімесінің үш нұсқасы бар. № 1177 еңбектің 296 -298 беттеріндегі жазбасында 2.6 мәтіннен соң 2.7 мәтін берілген. № 1177 еңбектің 315 -318 беттерінде 2.6 жазбасы ғана ұсынылған. Яғни «Алаша хан ұлы Жошы хан әңгімесі» (2.7 мәтін) құрастырушы Мәшһүр тарапынан қысқартылып алынып тасталған. Жариялану жағынан да № 1177 папкадағы (296 -298 беттедегі) толық мәтіннің тек екінші бөлігі (2.7 мәтін) ғана басылса, 2.6 мәтін З.Сейітжанов аудармасында жарияланбай қалған: Алаша хан ертегісі ./ Әзірлеген З.Сейтжанов. // Қазақ ССР FA хабарлары. 1986, №1, 68 -70 беттер. Керісінше, Ж.О.Артықбаев жариялаған жинақта (Қазақстан тарихы. Астана, 2000, 72 -74 беттер) 2.6 мәтін берілсе, 2.7 мәтін жазбасы жоқ. Сол себепті Алаша ханның құландарды қырғынға ұшырату оқиғасын әңгімелейтін 2.7 мәтінді 2.6 жазбаның дербес бөлігі ретінде жеке бөліп қарастыруды жөн көрдік. 2.8 Қазақ түбі (2 нұсқа) сегізінші мәтіні 121 [115] -122 беттерді қамтиды. Бұл жазбада Өзбек ханның халқын үш жүзге бөлуі, әз Жәнібектің елдің әділ сотына риза болғандықтан «өздері қазы - ақ» деген лепес сөзінен жұрт Қазақ атанып кеткені баяндалады. Оқиға мазмұны жағынан Қ.Халид кітабынан (Алматы, 1992, 65 беттен) қысқартылып алынғанға ұқсайды. Бұл мәтінге ұқсас жазбада қазақ атауы әз Жәнібек ханның «қазы-ақ» екен деген сөзімен байланыстырылады: ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 1 том, 162 бет. - 41 мәтін

2.8 мәтін соңынан қазақ мәтелдері беріледі. 2.9 Қазақ түбі (2 нұсқа) мәтіні сегізінші мәтінмен жалғасқан құрастырушының өмірбаяндық деректері болып табылады. 2.8 мәтін соңындағы 123 (117) бетте Мәшһүр мәтелдердің мазмұнын баласы Әменнің шешкенін айтады, өзінің 1881 ж. Мейрам Жанайдаров (Сүйіндік Жанайдар батыр) үйінде болғанын, ауыз әдебиетін жинастырғанын әңгімелейді. 3 мәтін [Нұх, Наурыз тарихы] ОҒКҚҚ № 1177 папкасының 195 -200 беттерінен алынып берілді. Мәтін басында автор: «Мәшһүр Жүсіп Көпей баласының Наурыз жайын сөйлеу үшін сөйлеген сөзі», - деген мәлімет береді. Тақырып қойылмағандықтан әңгіме мазмұнына қарап, «Нұх, Наурыз тарихы» деген шартты атау енгізіп отырмыз. 3 мәтін екі әңгіме сөзінен құралады. Алғашқы бөлімде (195 -198 беттер) Мәшһүр Нұх заманы, топан су оқиғасы, Наурыз мейрамы, жылпарақ (календарь) тәртібі туралы өзінің ғылыми топшылауларын берген. Наурызнама туралы жазған деректерінің ортасына мысал ретінде XVІІІ ғғ. Едіге бидің Тәти мырза ауылындағы Наурызнамаға барған сапарын (198 -200 беттер) келтірген. 3 мәтін аяғында (200 бет) Наурыз мейрамы туралы Мәшһүр мәліметтері тиянақтала түседі. Қарап отырғанымыздай, 3.2 мәтін (Едігенің Наурызнамаға баруы) қолжазбада тек мысал (хрестоматиялық дерек) қызметін атқарып тұрғаны көзге түседі. Бұл мәтіннің біршама өзгерген нұсқасы ОҒКҚҚ № 1176 папкада (34 -43 беттер) жазылған. Мұнда керісінше алдымен наурызнама айтылып, соңынан Нұх заманындағы топан су оқиғасы (40 -43 беттер) беріледі. 3.1 мәтін (195 -198,200 беттер) С. Дәуітов аудармасы арқылы «Наурыз» деген атпен жарияланды. Қараңыз: Көпеев М.Ж.Наурыз / Аударған С.Дәуітұлы. // Парасат, 1990, №3,12,13,15 беттер. Бірақ бұл жарияланымда 3.2 мәтін (Едігенің наурызға баруы) келтірілмейді. Және 200 (149; 98) бет ортасында Наурызда қожалардың «Салдама» кітабын оқитыны, шалдардың жұртқа бата беруі, халықтың дұға тілекті жылап қолдап отыруы туралы үзінді сөз жоқ. 1990 ж. идеологиялық қыспақтың талабына сай болмағандықтан қолжазбаның бұл тұсы аудармашы С.Дәуітов тарапынан алынып тасталғанға ұқсайды. Сондай-ақ Нұх заманындағы топан су оқиғасының шағын үзіндісі ҚПЖӘМ Мәшһүр жазбасынан (5 том, 1 -2 беттер) алынып, Н.Жүсіпов тарапынан жарияланды. Қараңыз: Көпейұлы М.Ж. Нұх пайғамбар мен бір кемпір. / Аударған Н.Жүсіпов // Қазақстан мектебі, 1994, №4 - 5, 79 бет. Бұл әңгіменің нұсқасы ОҒКҚҚ № 1176 папканың 212 бетінде де жазылған.

Мәтін толықтай түңғыш рет баспа бетіне ұсынылып отыр. 4 мәтін «Географиялық мәліметтер туралы] ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 5 томынан 78 -79 беттерінен алынды. Әңгімеге тақырыпша берілмегендіктен «Географиялық мәліметтер туралы» деген шартты айдармен тұңғыш рет баспа бетіне ұсынып отырмыз. Шағын мәтінде жер-су атауларына түсінік бере отырып, Мәшһүр Ыдырыс пайғамбар зираты, Шыршық бойындағы отырықшы «90.000 үйлі Қыбырай Дүрмен» жұрты, Шаш - Ташкент шаһары туралы мағлұматтар жазып қалдырған. 5 мәтін [Қожа Ахмет Иассауи туралы] ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі бойынша (3 топтама, 407 бет; Ж - 4 – 55 а) әзірленді. Бұл мәтін ОҒКҚҚ № 1177 папканың 1 -2 беттерінен алынған үзінді болуы мүмкін. № 1177 жазбаның 1 бетінде автор: «1922 - ншы жылдың 21 - ші ноябрінде жеке басылған «Еңбекші қазақ» газеті № 2 - нші нөмірінде: «Ескі заманның мәдениетінен мәжнүн есалаңдар безеді», - депті. Оны Маркс айтты дегенге келтіреді. «Сотқа сот қосылса -салмасын, сөзге сөз қосылса - демесін». Бұл мәдениет ертегіні жаздық. Сайрам қаласының мешітіндегі тас бағанды орнатқан кім екенін жазам», - деген мәлімдеме жасап, әңгіме мәтінін береді. Әңгімеде сөз болған «сауыр тонды Өтеміс» қалмақ батыры тарихтағы Күтейба ибн Муслим арабтарымен соғысып жүрген түргештер көсемі Сұлу қаған (Сулық, «Абу Музахам») болуы ықтимал. Өйткені қазақ шежіресінде ислам дінін қабылдамағандарды «қалмақ» деп жалпылама атау кездеседі. Қараңыз: Марғұлан Ә.Х. Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер. // «Ежелгі мәдениет куәлары» жинақта. Алматы, Қазақстан , 1966, 50 -52 беттер. 6 мәтін «Ой Түндік пен Белеңде» ОҒКҚҚ № 1177 папканың 45 -46 (30) беттерінен алынды. Бұл қолжазба мәтіні С.Дәуітов құрастырып шығарған ақынның «Таңдамалы» жинағының (Алматы, 1992) 2 томында (83 -84 беттер) жарық көрді. 7 мәтін [Қорқыт және шежіре деректері] ОҒКҚҚ № 1176 папканың 227 (322) бет материалы бойынша енгізілді. № 1177 папкадағы бұл әңгіме үзіндісі С.Дәуітов шығарған ақынның екі томдық жинағында (2 том, Алматы, 1992, 73 бет) жарияланды. Бірақ мұнда әңгіме мәтіні Тобықты шежіресімен аяқталады. 8 мәтін [Сахабалар тарихы, қазақ қажылары (1 үлгі)] ОҒКҚҚ № 1645, 88 -94 беттерінен алынды. Қолжазба мазмұны туралы 2.3 Қазақ түбі (2 нұсқа) сипаттамасында толығырақ сөз болады. Бұл мәтіннен тікелей көшірген Жолмұрат көшірмесі (2 топтама, 124 -126, 126 -128 беттер) бар. 8 мәтінде алдымен қажылар тарихы айтылып, кейіннен сол Құнанбай бидің қажылық сапары кезінде жазып алынған қазақ шежіресінің арабтық (сахабалық) нұсқасы талданып таратылады. Кейбір Мәшһүр жазбаларында (№ 1176 папкада) сахабалар шежіресінің кіріспе сөзі болып тұрған қажылар тарихы мәтіні беріле қоймайды. Сол себепті VІІІ -ІX ғ. заман тарихын ашуға бағытталған қолжазба деректерін «сахабалар тарихы», «қазақ қажылары» деп шартты түрде екіге бөліп ұсындық: 8.1 мәтін [Қазақ қажылары (1 үлгі) ] ОҒКҚҚ № 1645 папканың 88 - 90 беттерінен алынды. Бұл мәтін 8.2 мәтіннің кіріспе сөзі қызметін атқарып тұр. Мұнда қазақ қажылары, Құнанбай бастаған қажылық сапар, қазақ шежіресінің сахабалық (арабтық) нұсқасы табылуы, Құнанбай бидің осы үлгіні көшірткізіп елге таратылуы әңгімеленеді. 8.2 мәтін [Сахабалар тарихы (1 үлгі)] № 1645 папканың 9094 беттерінен аударылған. Бұл мәтін 2.3 мәтінге ұқсас сахабалық шежірені ұсына отырып, 8.1 мәтінді жалғастыра түседі. Яғни, 8.1 мәтінде сахабалық шежіренің XІX т. елге таратылуы сөз болса, 8.2 мәтін сол сөз болған «арабтық» шежіре мазмұнын ашып көрсетеді. 9. мәтін [Сахабалар тарихы, қазақ қажылары (2 нұсқа)] ОҒКҚҚ № 1177 папканың 299[256] -304[261; 154] беттерінен алынды. Бұл жазба туралы мәліметтер де 2.3 Қазақ түбі (2 нұсқа) сипаттамасында беріледі. 8 мәтінмен салыстырсақ, мұнда керісінше алдымен сахабалар шежіресі баяндалып, соңынан сол шежіренің XІX ғ. ел арасына таралу тарихы мәлімделеді. 9.1 мәтін Сахабалар тарихы (2 нұсқа)] ОҒКҚҚ № 1177 жазбаның 299 - 300 [257; 152] беттерінен алынды. 9.2 мәтін Қазақ қажылары (2 нұсқа) № 1177 папканың 301[258] -304 беттері бойынша даярланды. 9.2 мәтіні С.Дәуітов аудармасымен жарияланған «Қазақ шежіресі» кітабында (Алматы, 1993, 9 -13 беттер басылып шықты. 10 мәтін Қазақ қажылары (3 нұсқа) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі бойынша (3 топтама, 234 бет; Ж - 4 - 51 б.) дайындалды. Қазақ қажылары тарихын әңгімелейтін бұл шежіре көлемі шағын. Үшінші қажылыққа аттанған кісілер тізімі қысқа. Сол себепті 8, 9 мәтіндерінің алғашқы сызба нұсқасы болуы ықтимал. 11 мәтін [Сахабалар ұрпағы (1 үлгі)] ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 5 томының 27 -28 беттерінен алынды. Бұл үлгінің біраз өзгертілген, қысқарған Жолмұрат көшірмесі (Ж -2 -26 -1 б.) ҚПЖӘМ сақталған. 12 мәтін [Сахабалар ұрпағы (2 үлгі)] ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі ( 3 топтама, 234 бет; Ж -4 - 51 - б) бойынша әзірленді. 13 мәтін [Сахабалар ұрпағы (3 үлгі)] ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 7 томының [М -7 -14 б -1 /1 -5 беттер] 339 -343 беттерінен алынды. 14 мәтін [Сахабалар ұрпағы (4 үлгі)] ҚПЖӘМ, Фазыл көшірмесінің [Ф -3 -17/ 96 -102 б.] 3 томынан, 108 - 113 беттерінен даярланды. «Тауарих кітабы» деп Қ.Халид еңбегіне (Тауарих хамса шарқи) сілтеме жасалған. Ал, «Мір Мырза Қайдар хазірет» деп отырғаны М.М.Хайдар Дулати болуы ықтимал. «Тарихи Рашиди» авторы өз еңбегін парсыша жазғанын және солтүстік Үндістанда қаза тапқанын ескерсек, Мәшһүрдің бұл еңбекті де пайдаланғаны білінеді. Шартты түрде 14.2 деп бөлініп көрсетілген 14.2 мәтін 2.6 мәтіндегі Алаша хан әңгімесінің тағы бір нұсқасы болып табылады. 15 мәтін [Сахабалар ұрпағы (5 үлгі)] ҚПЖӘМ, Фазыл көшірмесінің [Ф -3 -17/ 102 -104 б.] 3 томынан 114 -116 беттерінен көшірілді. Бұл мәтін 14 мәтінді толықтыра түседі. 16 мәтін [Сахабалар ұрпағы (6 үлгі)] ОҒКҚҚ №1176 папканың 167 [173] бетінен алынды. Бұл үлгіде автор Аныс сахаба, шежіре тарихты баяндай отырып, Алаша хан әңгімесінің ықшамдалған нұсқасын мысал ретінде қолданады. 17 мәтін [Сахабалар ұрпағы (7 үлгі)] ОҒКҚҚ № 1176 папканың 126 -127 беттерінен алынды. 18 мәтін Шыңғыс хан ұлы Жошы... ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі 4 топтамасы, [16 ә тізімі, 2 б; Ж - 4 - 16 а] бет] бойынша аударылды. Бұл мәтіннің біраз өзгерген нұсқасы ОҒКҚҚ № 1178 папкада (40[67; 85] -41 беттерде) жазылғанын ескертеміз. Бұл көшірме үзіндісі жарияланған: Көпейұлы М.Ж. Абылайдың хан атануы (1 үлгі) / Аударған Л.Қ.Жүсіпова // Қазақ тарихы. 2000, №3, 19 -20 беттер. 19 мәтін Орыстар Шыңғыс ханды... ҚПЖӘМ, Жолмұрат жазбасының 4 топтамасынан [26 б тізімі, 11 бет] алынды. Бұл нұсқа Л.Қ.Жүсіпова даярлауымен «Қазақ тарихы» журналында шықты: Көпейұлы М.Ж. Абылай хан (1 үлгі) / Әзірлеген Л.Қ.Жүсіпова // Қазақ тарихы. 2001, № 1, 22 бет. 20 мәтін Атасының аты білінбей өз аты шыққан ерлер ( 1 үлгі) еңбегі автордың өзі жинақтап жазған еңбегі болып табылады. Бұл нұсқа ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 2 томының 108 -124 беттерінен көшірілді. Қурама шежіре сөзі мазмұны жағынан 3 бөліктен құрастырған:

20.1) Шежіретану мәселесі 108 -111 беттер 20. 2) Әмір Темір хикаясы 111 -117 беттер 20. 3) Осман (Ғұшман) сұлтан, түркілер тарихы, жеті құран, балықшы бай әңгімесі 117 -124 беттер. Бұл мәтін Н.Қ.Жүсіпов аудармасы арқылы баспа бетін - де жарық көрді. Ескерерлік бір мәселе, бұл жарияланымда да 20.3 мәтінде сөз болған Осман сұлтан, 7 құран, балықшы бай әңгімелері редакция тарапынан қысқартылып, ықшамдалып берілген. Қараңыз: Көпейұлы М.Ж.Атасының аты білінбей өз аты шыққан ерлер / Дайындаған Н.Жүсіпов // Ақ Орда . 1993, № 2, 1 77 -80 беттер. ОҒКҚҚ бұл әңгіменің тағы бір толықтау нұсқасы № 1170 «б» папкасында 693[353] -704 беттерінде жазылған. Бұл үлгіде 20.3 мәтін мүлде берілмейді. Шағын үзіндісі (20.1 мәтіні) Мәшһүрдің 11 томында (155 -156 беттер) жазылған. ҚПЖӘМ, Жолмұрат жазбасында да бұл мәтін бөлшектеліп көшірілген: 1) 2 топтаманың 112 -114 беттерінде (Ж -2 -28/10 -12 б.) 20.1 мәтіні алынса, 177 -185 беттерінде (Ж -2 -36/13 -21 б.) 20.2, 20.3 мәтіндері беріледі. 2) 185 -187 беттерінде 20.3 мәтін үзіндісі жазылған. 3) ал, 189 бетте (Ж -2 -36 -25 б.) 20 мәтінде мүлде кездесе қоймайтұғын қосымша шежіре тізбегін келтіреді: «Ертеден келе жатқан жеті атаның ұлы Ноғай бар, 92 баулы ел болған. Қыпшақ та 92 баулы ел атанған. Ел ел атанып ноғай-қазақ болып жүргенде Қыпшақтан малды-басты ел болмаған. Еділ, Жайық - Қыпшақ қонысы. Еділ деген бай екен де Жайық інісі мерген екен. Екеуінің тірі күнінде сол екі өзенді жайлап қыстап жүргендігінен аттары 2 өзеннің аты болып атанып қалған. Бұл күнде қыпшақтың көп жұрты Қоқан жағында Алсатр жерде, аздары бар әр жерде кірме болып жүр. Жайықтың көшпелі дүниеден кез болып алған қызынан Құлан жалғыз: «Құдай жалғыз, мен жалғыз», - дегенінен білініп тұр Бұл сөздің жалғасы екі қағаздан әрі бетінде»..

Түркілер тарихына арналған басқа да шежіре үлгілері бар: 1) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 1 - топтама, 355 бет - 21 мәтін 2) ОҒКҚҚ, №1171 -папка, 352 [147] - 359[188] беттер. 3) ОКҚҚ, №1645 -папка, 115 бет - 22 мәтін. 4) ОҒКҚҚ, №1176 -папка, 44 бет. 5) ОҒКҚҚ, №1176 -папка, 387 бет. 21 мәтін «Үш ханның баласымыз...» ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 1 топтама 355 бетінен (Ж -2 -14/ 1 бет) алынды.Бұл үзінді жоғарыда сөз болған 20.3 мәтіннің тағы бір өзгеше нұсқада болып табылады. Жолмұрат көшірмесінің жазылған уақыты: 21.01.1948 ж. 22 мәтін [Ғұшмания тарихы] ОҒКҚҚ, № 1645 - папканың 115 бетінен көшірілді. Бұл мәтін мазмұны жағынан 20.3 мәтінін толықтыра түседі. Мәтінде «быжнаклар» тарихтағы печенегтер екені белгілі. Ал, Нәдір шақ дегеніміз XVІІІ ғ. Иранды билеген әйгілі Нәдір шах болуы ықтимал. Сонда Өтемісұлы Махамбет арғы тегі қызылбастан тарайтынын «мойындаған» болып шығады. Баспасөз деректерінде де Махамбет шығу тегін XVІІІ ғғ. Нәдір шахпен байланыстыратын деректер (Қазақ әдебиеті. 14.03.2003 №11, №12, №9) кездеседі. Біздіңше, 1838 ж. жеңілістен соң Махамбет көтеріліске хиуалықтарды тартпақ болған. Сол себепті «хан (шах) тұқымынан шыққан» дейтін жалған шежірені Махамбеттің өзі әдейі таратуы ықтимал деп санауға болады. «Пайтақты» сөзі ел астанасы деген ұғымда қолданып тұр. 23 мәтін [Шайбани хан] ОҒКҚҚ, № 1178 - папканың 48[27] бет негізінде жасалды. Шәкәрім шежіресінен алынған бұл үзінді сөз (Алматы, 1991,23 -24 беттер) «Қазақ түбі» (2 нұсқа) еңбегінің 2.2 мәтіні ретінде де жазылғанын ескерте өтеміз.

24 мәтін Үш Жәнібек ОҒКҚҚ, № 1178 - папканың 313 (176) бетінен түсірілді. 25 мәтін [Қырым, Ноғайдан бір әңгіме] үлгісі ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 2 томынан (312 беттен) түсірілді. 26 мәтін Хулаку қырушы ОҒКҚҚ, № 1176 - папка, 23 -24 беттерінен алынды. Әңгімеге өзек болған Хулагу хан тарихтағы Шыңғыс ханның немересі, Төле ханның баласы, Ирандағы ильхандар мемлекетінің негізін салған билеуші болғандығы белгілі. Алайда оның Орта Азиядағы Бұхар қаласына т.б. (бұл жерлер Шағатай ұлысына берілген) жүргізе қоймағаны да анық. Бұл тұста XІІІ ғ. б. Шыңғыс хан жаулау жорығы кезінде Бұхар қаласы (оқиғадан бұрын бекінісі зақымдалған себепті шаһар халқы өз еркімен берілген) толық қиратылмай, үш күндік тоналуға ғана ұшырағанын ескертеміз. XІІІ -XVІІ ғ. Қазақстан мен Орта Азияны Жошы, Шағатай ұрпақтары басқарғандықтан ауызша тарихи дәстүрде Шыңғыс ханның шапқыншылық әрекеттері Хулагумен т.б. «шартты» түрде телініп, бұрмаланып берілуі ықтимал деп санаймыз. 27 мәтін Ер Едіге (1 үлгі) ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 2 томының 149 -154 беттерінен аударылды. Мәтін мазмұны 2.4 Қазақ түбі (2 нұсқа) сипаттамасында толығырақ қамтылған. 28 мәтін Ер Едіге (2 үлгі) ОҒКҚҚ, № 1177 - папка, 4 -12 беттерінен түсіріліп алынды Бұл үлгі туралы да жоғарыдағы 2.4 сипаттамасын қараңыз. 29 мәтін Қазақ хандары (1 үлгі) ОҒКҚҚ, № 1645 - папканың 76 [250J -87 беттерінен алынды. Бұл үлгінің тікелей көшірмесі бар: ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама [31 тізім 1 -9 б.] 115 -123 беттер. Жарияланды:Көпейұлы М.Ж. Қазақ хандары (1 үлгі) // Қазақстан мектебі. 1999, № 10, 69 -71 беттер.

Бұл шежіре 4 мәтіннен құрастырылған:
29.1) Алаша хан әңгімесі 76 -79 беттер
29.2) Алаша хан ұлы Жошы хикаясы 79 -83 беттер
29.3) Қазақ хандары (XV -XVІІ ғ.) 83 -84 беттер.

29.4) Тәуке заманы, Ақтабан шұбырынды оқиғасы 85 -87 беттер. Мәтін мазмұнына назар аударсақ, Мәшһүр Жүсіптің алдымен Алаша хан заманын айтып, соңынан қазақ хандары, әз Тәуке шежіресін тарқатқанын қараймыз. Мұнда Алаша хан Қазақ хандығы дәуірінде өмір сүрген билеуші ретінде көрсетіледі. 29.1 мен 29.2 мәтіндер туралы дерек: 2.6, 2.7, 14.2, 16 мәтін сипаттамаларында жинақталған. 29.3 мәтін туралы 1.3 сипаттамасында айтылса, 29.4 мәтін хақында 1.4 сипаттамасы толығырақ мәлімет ұсынады. 30 мәтін Қазақ хандары (2 нұсқа) ОҒКҚҚ, № 1176 - папканың 344 -346 беттерінен алынды. Бұл мәтін мазмұны да 1.3 және 1.4 сипаттамаларында толығырақ талданады. 31 мәтін Қазақ хандары (3 нұсқа) ҚПЖӘМ, Төлепберген көшірмесінен (4 кітап, 4 -13 беттер) алынды. Текстология тұрғысынан қарағанда 29 мәтінге көбірек ұқсайды. Алайда, мұндағы 31.3 мәтінде (9 бетте) берілген бір ауыз өлең сөзі ешбір түпнұсқалардан кездеспейді: «Қазақтың ортасында «Қасым ханның қасқа жолы» делінген сөз үлгі қасиет болып қалды:

Баласы Жәнібектің сардар Қасым
Қазақтың біріктіріп, қурап басын.
Осы жер ата қоныс мекенің деп,
Найзамен сызып кеткен шекарасын.»

Бұл үлгі үзіндісі (31.3 мәтіні) алғаш рет «Сардар Қасым - ер Есім» деген тақырыппен Ж.О.Артықбаев құрастырған «Қазақстан тарихы» жинағында (Астана, 2000, 127 -128 беттер) басылып шықты. 32 мәтін Есім хан (1 үлгі) ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 2 томынан [18 тізім], 134 -140 беттерінен түсірілді. Бұл мәтін жарияланған: Көпейұлы М.Ж. Тарихи әңгімелер. Есім хан./ Даярлаған Н.Қ.Жүсіпов // Жұлдыз. 1994, № 10 -12, 199 - 201 беттер. Сондай - ақ басқа үлгілері де кездеседі: 1) ОҒКҚҚ, № 1645 - папка, 108 - 112 беттер - 33 мәтін; 2) ОҒКҚҚ, № 1661 -папка, Төлепберген Тоғаев көшірмесі, 26 -28 беттер. 3) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 11 том (С.Сапабеков тапсырған) 71 -82 беттер; 4) ҚПЖӘМ, Қ. Жүсіпов көшірмесі, жеке дәптер (1645 папка көшірмесі). 33 мәтін Еңсегей бойлы ер Есім ертегісі (2 нұсқа) ОҒКҚҚ, № 1645 - папканың 108 - 112 беттерінен көшірілді. С.Дәуітов аудармасымен басылып шықты: Көпеев. Таңдамалы. 2 том, Алматы, 1992, 146 -148 беттер.

Мәтін туралы толығырақ жоғарыдағы 32 мәтінде айтылады. 34 мәтін Бұл қазақ қай уақытта үш жүз атанған (1 үлгі) ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 2 томынан 1 -9 беттерінен көшіріліп алынды. Бұл үлгі Н.Қ.Жүсіпов аудармасымен басылды: Көпейұлы М.Ж. Бұл қазақ қай уақытта үш жүз атанды./ Әзірлеген Н.Қ.Жүсіпов // Қазақ тарихы. 1993, №2, 15 -17 беттер. Әңгіме мазмұны жағынан екі бөліктен тұрады: 1) 34.1 Алаша хан әңгімесі (1 -6 б.) 2) 34.2 Алаша хан ұлы Жошы хан хикаясы (6 -9 б.) Бұл аңыздар туралы 2.6, 2.7, 14.2, 16, 29.1, 29.2 сипаттамаларын қараңыз. 35 мәтін Бұл қазақ қай уақытта үш жүз аталған (2 нұсқа) ОҒКҚҚ, №1177 папкасының 293 -298 беттерінен тәржімаланды. Бұл үлгі де 34 мәтінге ұқсастау, 2.6 сипаттамасында айтылады. 36 мәтін Бұл қазақ қай уақытта «Үш жүз» атанған? (3 нұсқа) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтамасынан [Ж -2 -30/ 1 -3 б.] алынды. 37 мәтін [Хандар тізімі] ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама [3 -22 -3/2 6], 278 бетінен түсірілді. Түпнұсқасы № 11761178 папкаларынан табылмағанына қарағанда, бұл мәтін тікелей Мәшһүрдің сызба жазбасынан (алғашқы черновой варианты) алынғанға ұқсайды. 38 мәтін [Қазақ, қалмақ хандары] ОҒКҚҚ, №1176 папка, 319[413] -320[414] беттерінен тәржімаланды. Бұл мәтіндегі «1778 жылдар Абылай ханның» - деп басталатын соңғы үзігі ҚПЖӘМ, Фазыл көшірмесінде(2 - том, 234 бет [Ф -5 -6 -22 б.]) сақталған. Фазыл үзіндісі жарияланды: Көпейұлы М.Ж. Абылайдың хан атануы (3 үлгі)/ Даярлаған Л.Қ.Жүсіпова // Қазақ тарихы, 2000, №3, 20 бет. ҚПЖӘМ, Фазылдыкіне ұқсас Жолмұраттың екі көшірмесі бар: 1) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 - топтама [Ж -4 -44 а], 258 бет; 2) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 - топтама [Ж -4 -53 г], 312 бет. Қазақ, қалмақ билеушілерін сипаттайтын бір нұсқа ОҒКҚҚ, №1178 папка, 304 -305 беттерінде беріледі. Біз жарияланбаған толық нұсқасын беріп отырмыз. 39 мәтін Қасым ханның... ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасының 3 томының [М -3 -28/1 -2 б.], 71 бетінен алынды. 40 мәтін [«Қазақ» атауы] ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі 3 топтаманың [Ж -З -22 -ә; (Ж -2 -263 -340 бет)] 285 бетінен алынды. Бұл үзінді сөз 9 мәтіннен алынғанға ұқсайды. Басқа нұсқалары хақында 2.3 сипаттамасында толығырақ айтылады. 41 мәтін [«Қазақ» атауына бір дерек] ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 1 том, 162 бетінен алынды. Бұл үзінді Қ.Халидтың «Тауарих хамса шарқи» кітабынан (Қазан, 1910, Алматы, 1992.65, 62 беттер) ықшамдалып алынғанына Мәшһүр сілтеме жасайды. Қ.Халид дерегіне қарағанда, Мәшһүр үзіндісі ықшамдау. Тағы бір Мәшһүр үзіндісі (2.8 мәтін) де бұл сөзді қысқаша әңгімелейді. Сөз болған әз Жәнібек хан Мәшһүр жазбаларында «қазақтың ханы», «Қасымның әкесі» деп көрсетіле береді. Белгілі тарихшы И.Шәмшатұлы бұл билеушіні Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек (1342 -1357) деп айғақтайды. бұлар қарағанда , қазақ шежіресінде Алтын Орда заманын өз тарихындай сезініп, «Ноғайлы заманы» ретінде ұғынғанын бағамдаймыз. Қараңыз: Шәмшатұлы И. Қазақтың әз Жәнібегі қай Жәнібек. // Ұлт тағылымы. 2000, №2 , 79 -80 беттер; Жүсіпова Л.Қ. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы -деректанушы (оқу құралы). Павлодар, 2005.84 бет. 42 мәтін [Кіші жүз: Табын, Тілеу...] ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама [Ж -2 -21/1 -2 б.], 327 -328 беттерінен көшірілді. Түпнұсқасы Мәшһүрдің 5 томы (40 -41 беттер) болуы мүмкін. 43 мәтін [Кіші жүздің ұрандары] ОҒКҚҚ, №1177 папка, 190 -191 беттері бойынша даярланды. 44 мәтін [Бұхар, Самарқанды қазақ шапқанда..] ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 7 томы, 309 -310 беттерінен жазылды. Сондай-ақ ҚПЖӘМ бұл мәтіннің Жолмұрат көшірмесі (1 топтама [Ж -1 - 40 -1 б.], 246 бет) сақталынып тұр. Әңгімеге өзек болған Айдабол - Сүйіндік руының ішіндегі рулардың бірі. Шежіре бойынша Құлболдыдан: Айдабол, Күлік, Тұлпар, Сұңқар, Наурыз аталары тарайды. Тағы бір нұсқа №1176 папканың 169 бетінде жазылыпты. 45 мәтін [Қарқаралы төрелері] ОҒКҚҚ, №1170 «а» папкасының 361 -364 беттерінен түсірілді. Мәтін басында: «Тимушын -Шыңғыс» - деген оқшау сөздер жазылған. Бұл үлгі 1905 ж. Ә.Бөкейханов құрастыруымен басылған Қарқаралы төрелер шежіресі кітабынан көшірілген. Екі тұсында ғана өзгешелік бар: 1) Жикефар ханымды Бөкейдің (негізінде Шыңғыстың - Е.Қ.) зайыбы деп көрсетеді. 2) 1905 ж. кітапта 1903 ж. Әзхан 30 жаста деп берсе, Мәшһүр Әлихан Бөкейхановты 1903 ж. 30 жаста болған деп көрсетеді. Біздіңше, бірінші қателік жинаушы тарапынан кеткен қателік болса, ал екіншісі -баспахана тарапынан (Әлихан орнына Әзханды 30 жаста деп көрсету - Е.Қ.) кеткен кемшілік болуы ықтимал. Бұл мәтін туралы толығырақ қараңыз: Бөкейханов Ә. Таңдамалы. Алматы, 1995, 114 -117 беттер; ҚГІЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама [Ж -4 -26 б.] 394 бет. - № 19 мәтін. Мәтіндегі есімдер қайталауларын ескеріп, бір-бірімен шатастырмас үшін хан-сұлтандарды жақша ішінде әріптермен таңбалап көрсетуге тырыстық. Сонда: 1)А - Тұрсынұлы Барақ -Орта жүзді билеген Бөкей ханның (1817 -1819) әкесі. 2) Ә - әз Тәуке ханның ұлы Сәмеке (Шахмұхаммед) хан - Орта жүз ханы. 3)Б - Шығайұлы Есім сұлтан. 4) В Еңсегей бойлы ер Есім хан (1598 -1628). 5) Г - Орта жүз ханы Бөкей (1817 -1819). 6) Ғ - Қарқаралы билеушісі Шыңғыс сұлтан, Бөкей ханның (1817 -1819) баласы. 7)Д - Бөкей ханның 4 әйелінен туған баласы Сұлтанғазы. 8)Е - Бөкей ханның үшінші әйелінен туған баласы - Тәуке сұлтан. 9) Ж - XІX ғ. Баянаула аймағын басқарған Ханбаба төре, Барақ баласы, Тұрсын немересі. Ата-тегі: Ондан - Қайнар Көшек - Бөкей - Хұдайменді - Тұрсын - Барақ - Ханбаба. Бұл шежіре туралы толығырақ қараңыз: Халид Қ. Тауарих хамса. Алматы, 1992, 134 бет; Артықбаев Ж.О. Материалы к истории правящего дома казахов. Алматы, 2001, 159 б. 46 мәтін [Ханбабаны...] ОҒКҚҚ, №1645 папка, 46 бетінен алынды. Шағын үзінді төрелер шежіресін тарқатады. Ханбаба туралы тағы бір шежіре №1170 «б» папка, 890 бетінде жазылған. 47 мәтін [Ақ тулық төре Шығай...] ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 8 томының 178 беттерінен жазылды. 48 мәтін [Тоғай, Маралды бойындағы төрелер] ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама [Ж -4 - 17 в.], 265 беті бойынша әзірленді. 49 мәтін [Нан атқан Манат хан ұрпағы] ОҒКҚҚ, №1645 папка, 112 бетінен көшірілді. 50 мәтін [Ақтабан шұбырынды] ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 2 томы, 325 бетінен аударылды. Сондай-ақ жалпы жұттар тарихы туралы басқа мәтіндер бар: 1)ОҒКҚҚ, №1176 папка, 1 бет; 2)ОҒКҚҚ, №1178 папка, 1 -2 бет; 3)ОҒКҚҚ, №1178 папка, 146[92] - 148[93] беттер; 4) ҚПЖӘМ, Иманғали Мәненов көшірмесі, 3 топтама, 104 -105 беттер; 5) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама, 122 -123 беттер. Бұл әңгіме мәліметтері 1.4, 29.4, 30.2 мәтіндерінде пайдаланылған. 51 мәтін Сүйіндік Олжабай батыр ертегісі ҚПЖӘМ, Әлкей Марғұлан жазбасынан (1 -8 беттер) көшірілді. Мәтіндегі Сердәлі ескертуі бойынша, бұл үлгі «Мес» жинағынан көшірілген. Көп уақытқа шейін бұл үлгіні Жолмұрат көшірмесі [Ж -2 -33/1 -8 б., Ж - 3/268 -269 б.] деп қабылдап келдік. Бұл тұста Ә.Марғұлан мен Жолмұрат Жүсіпұлы қолтаңбасын айыру қиын екенін ескерте өтеміз. Н.Қ.Жүсіпов бұл үлгіні Ә.Марғұландікі деп көрсеткен: Көпейұлы М.Ж. Сүйіндік:Олжабай батыр ертегісі / Әзірлеген Н.Жүсіпов // Өлкетану (Павлодар) 2002, №2, 121 -123 беттер. 52 мәтін Еңсегей бойлы ер Есімнен... ОҒКҚҚ, №1176 папка, 93(87) бетінен алынған. Л.Қ.Жүсіпова ұсынуымен басылды. Көпейұлы М.Ж. Абылай хан (4 үлгі)/ Даярлаған Л.Қ.Жүсіпова // Қазақ тарихы. 2001, №1, 23 бет.

Абылай ханның шыту тегіне қатысты шежіре тізбегі мол: 1) №1176 папка, 210 б. 2) ОҒКҚҚ, №1173 папка, 408 бет. 3) ОҒКҚҚ, №1178 папка, 49[80]. 4) ОҒКҚҚ, №1177 папка, 241 [194] бет. 5) ОҒКҚҚ, № 829 папка, №1 дәптер, 1 бет. 6) ОҒКҚҚ, № 829 папка, №2 дәптер, 1 -9 беттер. 7) ҚПЖӘМ, Иманғали Мәненов көшірмесі, 2 кітап, 67 -68 беттер. 53 мәтін [Тәуке ханның моласы] ҚПЖӘМ, Мәшһүр Жүсіптің 2 томы, 354 -357 беттері бойынша аударылды. 54 мәтін [Абылай хан дәуірі (1 үлгісі)] ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбаларындағы 2 томның 40 -63, 76 -82, 275 -283 беттерінен алынды. «Мес» жинағындағы ең көп дерек Абылай тұлғасына қатысты жинақталған. Және де Абылайға т.б. қатысты бір оқиға түпнұсқалы мәтіндерде (көшірмелерін есептемегенде) әртүрлі нұсқада әңгімеленеді. бұлар қарағанда, Мәшһүр Абылайға қатысты деректерді бір өмірбаяндық ретке келтіріп қана қоймай, бірнеше вариантта беруге тырысқанын байқаймыз. Толып жатқан мәтіндерді шатастырмай өзара салыстыру үшін және жинаушының мәтіндерді жинап жазу ерекшелігін сақтау мақсатында бір қолжазбадағы мәтіндерді тұтас ұсынып отырмыз. Әрине, әр қолжазбада Абылай туралы мәтіндердің жазылу реті де өзге қолжазбаларға ұқсай қоймайды. Өзара ұқсас мәтіндер болғанына қарамастан Мәшһүр жазбалары бір-бірін қайталай бермейді. Бұлардың ішінде ең ерте жазылған мәтіндердің тек көшірмелері ғана сақталған. Шағын мәтіндерді жинаушы жастау кезінде жазған дейтін себебіміз, кейбір көшірме мәтіндерінің көлемі шағын болып келеді. Ал, 20 -30 ж. қайта көшіріліп жазылған Мәшһүр жазбалары біршама толықтырылған, ара - арасында тарихи түсіндірме сөздер жазылған, көлемі ұлғайған т.с.с. Мәшһүр жазбаларының деректану мәселелері жетерлік: түпнұсқалардың қайсысы ерте жазылған, көшірмелер қай түпнұсқадан көшірілген, қай мәтінді қолжазбаның қарабайыр нұсқасы (черновой варианты) деп санау керек т.б. Сол себепті Мәшһүр жазбаларын қолжабадағы орналасу реті бойынша толықтай бере отырып, мәтін мазмұнына қатысты жалпылама шолу жасаумен шектелеміз. Абылайға қатысты «Мес» үлгілері баспасөз беттерінде жарияланып жүрді. Бұл орайда, 1913 ж. «Айқап» журналында «Азамат Алашұлы» деген атпен М.Дулатовтың «Абылай» мақаласы жарық көргенін ескерген жон: «Айқап» энциклопедиясы. Алматы, 1995, -158 -160 б. 54 мәтінмен т.б. салыстыра қарағанда, бұл мақалада Абылай туралы деректер мазмұны жағынан М.Ж.Көпейұлы жазбаларына ұқсас болып келеді. Өзара ерекшеліктері де мол. В.В.Радлов жинаған аңыз-әңгіме шоғыры да «Мес» жинағында (№1170 «а» папка) кездесіп отыр. Шәкәрім шежіресінде (Орынбор, 1911) Абылай туралы аңыз-әңгімелер беріледі. Абылай хан туралы Мәшһүр жазбалары екі жинақта жарияланған: 1) Абылай хан.// Құрастырған С.Ақтаев. Алматы, 1992, «Айқап» баспасы. - 32 бет [18 -31 беттер] 2) Абылай хан. 1 том/ Құрастырған С.Дәуітов. Алматы. 1993, Жазушы -416 бет. С.Ақтаев жинағында Мәшһүрден алынғаны көрсетілгенімен, нақтылы қай қолжазбадан алынғаны берілмеген. Сол себепті біз көбінесе С.Дәуітовтың «Абылай хан» жинағына сілтеме жасап отырдық. Мәшһүрдің 2 томынан (40 -63, 76 -82, 275 -283 беттерінен) алынған 54 мәтін қолжазбасы 11 мәтіннен құрастырылған:

54.1 Абылайдың көзге түсуі 40 -43 бет.
54.2. Абылайдың тұтқынға түсуі 44 -48 бет
54.3 Жәнібек батырдың түсін жоруы 49 -52 бет
54.4. Қырғызға жорығы, Тұрсынбай батыр 52 -56 бет

54.5. Қазыбек би елшілігі 56 - 58 беттер
54.6 Батырлар тізімі 58 -59 беттер

54. 7 Абылай тұсындағы заң-жоралғылар 59 -62 бет

54.8 Орысты шаппақ болғанда Бұхар жыраудың өлеңмен тоқтау салуы 62 -63 бет.
54.9 Самарқан жорығы, Абылайдың түс көруі 76 -80 бет
54.10 Абылай әулеті 80 -82 бет
54.11 «Абылай аспас сары бел» оқиғасы 275 -283 бет

Бұл жерде 2 томның 62 -63 беттері Бұхар жырауға байланысты берілгендіктен одан әрі қарай 64 -76 беттерінде Б.Қалқаманұлы шығармалары жазылған. Бұл әдеби нұсқа үлгілері жарияланды: Көпеев М. Ж. Шығармалары/ Әзірлеген Н.Жүсіпов. 7 том, Павлодар, 2006, 3 -25 беттер. Сондай-ақ 82 мен 275 беттер аралығында да әртүрлі әдеби үлгілер, діни шығармалар келтірілген. 54 мәтінде Абылай туралы деректер өмірбаяндық жүйе ретімен жинақталып беріледі. 54.1 мәтін [Абылайдың көзге түсуі (1 үлгі)] ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 40 -43 беттерінен түсірілді. Абылайдың көзге түсуін әңгімелейтін хикаялар «Мес» жинағында екі түрлі вариантта жазылғанға ұқсайды: Бірінші үлгіде жиырмаға жетпеген Әбілмансұрдың Дәулеткелді байдың жылқышысы болып жүргені, жылқысын айдап әкеткен жаудың шебін бұзғаны, Атығай руына хан сайлануы, Арыстан ақын өлеңі, Сарыарқа тарихы, Абылай туралы өлең туралы деректер (Мәшһүр жазбасы, 2 том) баяндалады. Екінші нұсқада 12 жасар Сабалақтың Үйсін Төле бидің түйесін бағуы, Сарыарқаға келуі, Дәулеткелді бай жылқысын бағуы, жылқыны әкеткен қара қалмақ әскерінің шебін бұзуы, Атығайға хан сайлануы, Арыстан ақын өлеңдері, Сарыарқа тарихы, Абылай туралы өлең мәліметтері беріледі (№1170 «б» папкасы). Біздіңше, төре ұрпағы жас Абылайдың бірде үйсін Төле би түйелерін, бірде Атығай-Қарауыл байы Дәулеткелдінің жылқысын бағып есейді дегені тарихи шындыққа келіңкіремейді. Фольклорлық нұсқада әсірелеу, халыққа жақындастыру, ел батыры ретінде таныту т.б. қосымша белгілері тарихи баяндаулармен қатар жүреді. Абылайға қатысты фольклорлық деректі фольклортану ерекшеліктеріне сай сараптауға ғана болады. Абылай туралы арнайы зерттеп жүрген фольклоршы А.Әбсадықов пікірі - не сүйенсек, Әбілмансұрдың қара қазаққа түйеші, жылқышы болып қызмет қылуын халық қиялынан туған қосымша жұрнақ деп қабылдаймыз: Әбсадықов А. Хан Абылай:тарихи шындық және халықтық таным. Қостанай, 2000, 9 - 20, 47 -51 беттер.

54.1 мәтіні «Мес» жинағында бірнеше вариантта әңгімеленеді: 1) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 40 -43 беттер. 2) ОҒКҚҚ, №1170 папкасы, 721 -727 беттер. Бұл мәтін жарияланды: Көпейұлы М.Ж. Абылай хан дәуірі // «Абылай хан» жинағы ішінде / Құрастырған С.Дәуітов. Алматы, 1993, 1 том, 303 -305 беттер. 3) ОҒКҚҚ, №1661 папка, Т.Тоғаев көшірмесі, №1 дәптер, 2021 беттер. 4) ҚПЖӘМ, Төлепберген Алдабергенов көшірмесі, 4 кітап, 128 -131 беттер. 5) ОҒКҚҚ, №829 папка, Ә.Марғұлан көшірмелері, №2 дәптер, 10 -16 беттер. 6) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 11 том (С. Сапабеков тапсырғаны), 310 -321 беттер. 7) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама, 97 -98 беттер. 8) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама, 244 бет (2 нұсқа). [Ж -6 -2/1 -2 6.; Ж -3 -287] 9) ОҒКҚҚ, №1170 «а» папкасы (Радловтан алынған) 125 -127 беттер. 54.2 мәтін [Абылайдың тұтқынға түсуі (1 үлгі)] ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 2 томы (44 -48 беттері) бойынша даярланды.

Бұл мәтін мазмұны да «Мес» жинағында екі түрлі нұсқада баяндалады: 1) Бірінші үлгіде (Мәшһүр 2 томы) Абылайдың Сәруді өлтіруі, Сынаны қайтармауы, Көкшетауда бүркіт салып жүргенде қалмақ жайсаңының тұтқындауы, Қалданның тұтқынды 3 мәрте сынауы, Сәруді құнын жоқтап 3 рет сұрақ беруі, Абылайды азат етуі, қалмақтың өзара қырқысуы, қалмақтың жерді жоқтап жылаған сөзі айтылады. 2) Екінші нұсқада (№1645 папка) қалмақ билеушілері туралы анықтама сөз, Қазыбек би елшілігі (54.5 мәтін), Қалдан өсиеті, баласы Айжанның екі түрлі мінезі, Айжанды өлтірген қалмақтың бүліншілікке ұшырауы, Аюке қызының хикаясы, Сына батырдың оғынан Қалданның сескенуі, әкесінің қастығынан қорқып Сынаның қазақ арасына қашуы, Абылайдың Сынаны қайтармауы, Жалбы жайсаңның Абылайды тұтқынға түсіруі, Қалданның оны 3 рет сынақтан өткізуі, Қалдан мен Абылай сөйлесуі әңгімеленеді.

54.2 мәтіннің «Мес» жинағында бірнеше нұсқалары бар: 1) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том , 44 -48 б. (1 үлгі). 2) ОҒКҚҚ, №1170 «б» папкасы, 728 -735 беттер. Бұл мәтін жарияланды: Көпейұлы М. Ж. Абылай хан // Даярлаған С.Дәуітов. // Егеменді Қазақстан. 11.01.1992, №9-10, 5 бет; Соныкі, Абылай хан дәуірі // «Абылай хан» жинағы ішінде / Құрастырған С.Дәуітов. Алматы 1993, 1 том, 309 -310, 305 -309 беттер. 3) ОҒКҚҚ, №1645 папка, 142 -151 беттер (2 үлгі). 4) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама (Ж -2 -24/ 1 -10 б.) 93 -102 б. (2 нұсқа). 5) ҚПЖӘМ, Т.Алдабергенов көшірмесі, 4 кітап, 131 -135 б. (1 үлгі). 6) ОҒКҚҚ, №1177 папка, 248 -251 беттер (2 нұсқа). 7) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама, 98 -100 б. (1 үлгі). 8) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама, 262 бет. 9) ҚПЖӘМ, Т.Алдабергенов көшірмесі, 1 кітап, 58 -59 беттер. 10) ОҒКҚҚ, №829 папка, Ә.Марғұлан көшірмесі, 1 дәптер, 1[5] -4[10] беттер. Мәтін ішіндегі әңгімелерді жіктей түссек, 54.2. мәтін соңында қалмақтың жерін жоқтаған өлең сөздері жазылған. Бұл үзінді №1177 папкада әдеби нұсқа үлгісі жоқтау ретінде пайдаланылған. Толығырақ қараңыз: Көпеев М.Ж.. Таңдамалы. 2 том, Алматы, 1992, 92 -93 беттер; Көпеев М.Ж. Шығармалары. 5 том, 37 -40, 354 беттер. 54.3 мәтін [Жәнібек батырдың түсін жоруы (1 үлгі)] ҚПЖӘМ, М.Ж.Көпейұлының 2 томынан (49 -52 беттерінен) алынды. Мұнда Абылайдың қара қалмаққа қарсы жорығы, жекпе - жекке шығар алдында Жәнібек батырдың жаман түс көруі, ол түсті ханның жақсылыққа жоруы, Жәнібектің қалмақтың сырттан батырын жеңуі баяндалады. 54.3 мәтіннің толықтырылған нұсқаларында сөз соңында Керей Жәнібек батыр туралы мәліметтер беріледі: 1) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 49 -52 б. 2) ОҒКҚҚ, №1170 «б» папкасы, 739 -745 беттер. Бұл мәтін жарияланды Көпейұлы М.Ж. Абылай хан. // Даярлаған С.Дәуітов // Егеменді Қазақстан . 11.01.1992, №9 -10, 5 бет; Соныкі. Абылай хан дәуірі / Даярлаған С.Дәуітов // «Абылай хан» жинағы ішінде 1 том, Алматы, 1993, 310 -313 б. 3) ҚПЖӘМ, Т.Алдабергенов, көшірмесі, 4 кітап, 48 -49 беттер. 4) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 11 том, (С.Сапабеков тапсырғаны) 321 -325 беттер . 5) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама, 89 -90 бет (толықтырылғаны). 6) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама, 100 -101 беттер (Ж -6 -2 -3/ 4 -7 б.) 7) ОҒКҚҚ, №1177 папка, 255 [208] -257[210] беттер (толықтырылғаны). 8) ОҒКҚҚ, №829 папка, Ә.Марғұлан көшірмесі, №1 дәптер, 5[11] - 7[13] беттер (толықтырылғаны). 54.4 мәтін [Қырғызға жорығы, Тұрсынбай батыр] ҚПЖӘМ, Мәшһүр Жүсіптің 2 томы, 52 -56 беттері бойынша әзірленді. Бұл мәтінде Абылайдың Бетпақдалада Балта керей Тұрсынбаймен кездесуі, Алатауға қарай жорыққа бірге аттануы, қайтар жолда Тұрсынбайдың көрдегі аруақтан қорықпай бейіт ағашын әкелуі, Тұрсынбайдың әңгімесі (жыланды тістеп үшке бөлуі) туралы мәліметтер келтіріледі.

Мәтін «Мес» жинағында өзгеріссіз қайталанады: 1) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 52 -56 беттер 2) ОҒКҚҚ, № 1170 «б» папка, 745 -750 беттер. 3) ОҒК, № 829 папка, Ә.Марғұлан көшірмесі, №1 дәптер, 4 [10] -5[11]; 1 -4 б. 4) ҚПЖӘМ; Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама, 101 -103 беттер.[Ж -6 -2 -3/5 -7 б.] 5) ОҒКҚҚ, №1177 папка, 251 [204] -252[205] беттер. Бұл мәтін басылған: Көпейұлы М.Ж. Абылай ханның Балтакерей Тұрсынбайды сынауы // Даярлаған З.Сейітжанов // ҚазССР FA хабарлары (Тіл, әдебиет сериясы) 1985, №1, 66 -67 б. 6) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 11 том, 280 -283 беттер 7) ҚПЖӘМ, Т. Алдабергенов көшірмесі, 4 кітап, 49 -50 беттер. 54. 5 мәтін [Қазыбек би елшілігі] ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 2 томының 56 -58 беттерінен көшірілді. Қазыбек бидің қоңтажыға елші болып бару әңгімесінің «Мес» жинағында екі нұсқасы беріледі: 1) Бірінші үлгіде Абылайдың Қалдан Шерінге елші жіберуі, Қарабас ханымның Тұрсынбай, Тайкелтір, Жәнібек, Қазыбектерге сын айтуы, әрқайсысына 90 жесірді беріп қайтаруы, Қазыбектің бір келіншекті Қалданнан сұрап алуы сөз болады. 2) ҚПЖӘМ, Әшім Қарақызұлында ғана сақталған көшірмеде (екінші нұсқа) бұл оқиға өзгеше айтылады. Әшім жазбасында Абылай жоқта қазақты қалмақ шапқаны, ханның елшілікке Тайкелтір, Малайсарыны бас қылып аттандыруы, Келдібектің баласы Қазыбекті осы сапарға батасын беріп шығарып салуы, қоңтажы алдында Тайкелтір сөз айта алмай қалуы, Қазыбек сөзі, Қалданның Қазыбек дауысын қазға теңеуі, бітім қылып, олжаны қайтаруы дәйектеледі.

Бұл екі нұсқа мәтіндерінің тізімі: 1) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 56 - 58 беттер (1 үлгі). 2) ОҒКҚҚ, № 1170 «б» папка, 735 -738 беттер. (1 үлгі). Жарияланды: Абылай хан. Алматы, 1993, 309 -310 б. 3) ҚПЖӘМ, Әшім Қарақызұлы көшірмесі, 93 -102 беттер (2 нұсқа) . Бұл мәтін жарияланды: Көпеев М.Ж. Шығармалары. 6 том, Павлодар, 2005, 113 -116, 359 -360 беттер. 4) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама, 71 -78 б. (2 нұсқа) [Ж -6 -2 -3]. 5) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 11 том, 283 -286 б. 6) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама, 93 -95 беттер [ Ж -2 -24/1 -3 б.]. 7) ОҒКҚҚ, №829 папка, Ә.Марғұлан көшірмесі, №1 дәптер, 1 -2[5; 17] беттер. 8) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама, 103 бет. 9) ҚПЖӘМ, Омар Иманбаев көшірмесі, 2 топтама, 22 бет. 10) ҚПЖӘМ, Т.Алдабергенов көшірмесі, 4 кітап, 52 б. (1 үлгі). 11. ҚПЖӘМ, Т.Алдабергенов көшірмесі, 4 кітап, 99 бет (2 нұсқа). 54.6 мәтін [Батырлар тізімі (1 үлгі)] ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 2 томының 58 -59 беттерінен алынды. Мәшһүр жазбаларында батырлар тізімін әрқашанда толықтырып отырған. Тізімдегі батырлардың саны да кейінгі варианттарында арта түскен. Төлепберген Алдабергенов көшірмесінде 6 батыр аталса, Ә.Марғұлан топтамасында (829 папка, №1 дәптер, 14(8) бет) 24 батыр есімі берілген. Тізім соңында қазақ батырлары туралы Мәшһүр анықтамасы орын алады. Қолжазбалар тізбегін көрсете отырып, мәтіндегі қаһармандар саны туралы ақпаратты жақша ішінде көрсетуге тырысамыз: 1) ҚПЖӘМ, Т.Алдабергенов көшірмесі, 4 кітап, 50 -52 б. (6 адам) 2) ОҒКҚҚ, № 1170 «б» папка, 751 -752 беттер (18 адам). Бұл мәтін жарияланды: Абылай хан. Алматы, 1993, 315 -3166. 3) ҚПЖӘМ, Т.Алдабергенов көшірмесі, 4 кітап, 135 б. (17 адам). 4) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 58 -59 беттер (18 адам). 5) ОҒКҚҚ, №1177 папка, 257 -258 беттер (24 адам). 6) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама [Ж -3 -22 -3], 278 -279 беттер (20 адам). 7) ОҒКҚҚ, №1176 папка,303 -304 б. 8) ОҒКҚҚ, №829 папка, Ә.Марғұлан көшірмесі, №1 дәптер, 14[8] б. (24 адам). 9) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама, 86 -87 беттер 10) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 11 том, 311 -313 беттер (18 адам). 54.7 мәтін [Абылай тұсындағы заң жоралғылар (1 үлгі)] ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 томынан (59 -62 б.) алынып әзірленді. Бұл мәтіннің жартысы қысқарып, ықшамдалған бөлігі С.Дәуітов құрастырған «Абылай хан» жинағында (1 том, Алматы, 1993, 316 бет), басылып шықты. Толығырақ нұсқалары көбінесе Мәшһүрдің өз қолымен жазған түпнұсқаларында сақталынған: 1) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 59 -62 беттер. 2) ОҒКҚҚ, № 1170 «б» папка, 752 -758 беттер. Бұл мәтіннің тек 752 -755 беттеріндегі мәліметтері ғана «Абылай хан» жинағында жарияланды. 3) ҚПЖӘМ; И. Маненов көшірмесі, 3 топтама, 315 -3166. 4) ҚПЖӘМ, Омар Иманбаев көшірмесі. 1 кітап, 19 -20 беттер. 54.8 мәтін [Орысты шаппақ болғанда Бұхар жыраудың өлеңмен тоқтау салуы] ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 6263 беттері бойынша даярланды. Бұл жерде ескерте кетеріміз, одан әрі қарай (2 том, 64 -76 беттерде) Бұхар жырау өлеңдері жазылған. Б.Қалқаманұлы шығармалары 7 томда (Павлодар, 2006, 3 -25 беттер) жеке топталып берілгендіктен қысқартып, қара сөз мәтінін берумен шектелдік.

Бұл мәтіннің үлгілері: 1) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 62 -63 беттер. 2) ОҒКҚҚ, №1661 папка, №1 дәптер, 4 -7 беттер. 3) ҚПЖӘМ, Т.Алдабергенов көшірмесі, 4 кітап, 137 -141 беттер. 4) ОҒКҚҚ, №1170 «б» папка, 759 -769 беттер. Бұл мәтін басылды: Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. 7 - том, Павлодар, 2006, 291 -293 беттер. 5) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама [Ж -2 -36/1 -5 б.] 165 -167 беттер 6) ОҒКҚҚ, №1177 папка, 51[26] -54[31] беттер. Бұл нұсқа да жарияланды: Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. 7 - том, Павлодар, 2006, 293 -294 б. 7) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 11 том, 161 -164 беттер. Бұл үлгі де жарияланды: Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. 7 том, Павлодар,, 2006 ,290 -291 беттер. 54.9 мәтін [Самарқан жорығы, Абылайдың түс көруі] ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 76 -81 беттерінен аударылды. Бұл мәтін «Мес» жинағында бірнеше рет көшірілген. Аздаған текстологиялық өзгерістері бар бұл жазбалар Самарқан жорығын, Абылайдың түс көруін бір ретпен баяндайды. Өзгешелікті мәтін соңындағы баяндаулар құрайды. Мәтіннің нұсқалары: 1) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 76 -81 беттер. 2) ОҒКҚҚ, №1170 «б» папка, 789 -795 беттер. 3) ОҒКҚҚ, №1177 папка, 258[211; 129] -261[214] беттер. Бұл үлгі жарияланды: Абылай хан, 324 -327 б.; Абылай ханның түсі // Социал. Қазақстан. 6.04.1991, №81 - 82, 6 бет. 4) ОҒКҚҚ, №829 папка, Ә.Марғұлан көшірмесі, №1 дәптер, 14[8] -16 [16] б. Бұл мәтін үзіндісі басылды: Көпейұлы М.Ж. Абылайдың хан атануы (2 үлгі). Даярлаған Л.Жүсіпова // Қазақ тарихы, 2000, №3, 20 бет. 5) ОҒКҚҚ, №1661 папка (көшірме), №1 дәптер, 1 - 4 беттер. 6) ҚПЖӘМ, Т.Алдабергенов көшірмесі, 4 кітап, 146 -148 беттер. 7) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 11 том, 178 -185 беттер. 8) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама [Ж -2 -18 -2/13 -19 б.] 80 -82, 165 -166 беттер. 9) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама [Ж -4 -52 б.] 300 б. 10) ҚПЖӘМ, Т.Алдабергенов көшірмесі, 4 кітап, 29 -30 беттер. 54.10 мәтін [Абылай әулеті (1 үлгі)] ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасынан(2 том, 80 -82 б.) алынды. Бұл мәтін нұсқалары кейде жеке төрелер шежіресі болып жазылады. Көбінесе, Абылай мен Кенесары заманын байланыстыратын аралық мәтін (Уәли - Абайділдәлі хандар уақыты) қызметін атқарады. Бұл мәтінде Абылай хан дәуірін танытатын дерек ретінде берілген. Абылай хан ұрпағы әр қолжазба үлгісінде әртүрлі таратылады: 1) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 81 -82 беттер. Жарияланды: Жүсіпова Л.Қ. М.Ж.Көпейұлы жазбасындағы төрелер шежіресі және Абылай хан әулеті // Мәшһүр Жүсіп оқулары (республикалық ғылыми конференция материалдары) №1 жинақ. Павлодар,, 2001, 60 -61 б. 2) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 11 том, 185 -186 беттер. 3) ОҒКҚҚ, №1170 «б» папка, 795 - 798 беттер. Бұл үлгі жинаушының есімі берілмей басылған: Кенесары - Наурызбай хақында әңгімелер / Ұсынған: О.Исмайлов // Жұлдыз. 1992, №4, 199 бет. 4) ОҒКҚҚ, №1176 папка, 86[81] - 88[82] беттер. Бұл мәтіннің Жолмұрат көшірмесін Л.Қ.Жүсіпова даярлап баспа бетіне ұсынған: Көпейұлы М.Ж.Текст №1. / Даярлаған Л.Жүсіпова // Мәшһүр Жүсіп оқулары (республикалық ғылыми конференция материалдары) №1 жинақ. Павлодар,, 2001, 62 бет; ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 1 топтама [Ж -1 -8 -3/2 -3 б.], 99 -100 беттер. 5) ОҒКҚҚ, №829 папка, Ә.Марғұлан көшірмесі, №1 дәптер, 15[10] -17 [11] б. Бұл мәтін де жарияланды:Көпейұлы М.Ж. Текст №2/ Даярлаған Л.Жүсіпова // Мәшһүр Жүсіп оқулары №1 жинақ. Павлодар, 2001, 63 бет. 6) ОҒКҚҚ, № 1178 папка, 42(70) бет Бұл нұсқа да басылды: Көпейұлы М.Ж. Текст №3/ Ұсынған Л.Жүсіпова // Мәшһүр Жүсіп оқулары №І жинақ, 64 бет. 7) ОҒКҚҚ, №1173 папка, 214 -216 беттер. Басылған: Көпейұлы М.Ж. Текст №4 / Ұсынған Л.Жүсіпова // Мәшһүр Жүсіп оқулары №І жинақ, 64 -65 б. 8) ОҒКҚҚ, №1173 папка, 408 бет. Бұл үлгі де жарияланды: Көпейұлы М.Ж. 2 үлгі / Әзірлеген Л.Жүсіпова // Қазақ тарихы 2001, №1, 22 -23 беттер. 9) ҚПЖӘМ, Әшім Қарақызұлы көшірмесі, 231 -234 беттер. 10) ОҒКҚҚ, №1176 папка, 210 бет. 11) ОҒКҚҚ, №657 папка(көшірме), №9 дәптер, 1 -2 беттер. 12) ҚПЖӘМ, Фазыл көшірмесі, 2 том, 241 -244 беттер. 13) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама, 252 -253 беттер. 14) ОҒКҚҚ, №1177 папка, 261[214] -263[216] беттер. 54.11 мәтін [Абылай аспас сары бел (1 үлгі] ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасының 2 томынан (275 -283 б.) алынды. Бұл мәтіннің басқа нұсқаларында аздаған текстологиялық өзгерістері (Жәңке бидің сөзі, Шотананың Бекболат, Олжабайлармен сөйлесуі, мәтін соңы - Төлеген өлеңі, айтысы, Шотананың ханға айтқан сөзі) сақталынған. Бұл ерекшеліктерді салыстыра отырып, 4 негізгі вариантын сипаттаймыз: 1) Бірінші үлгіде (Мәшһүр, 2 - том) Абылай туралы өлеңі, Абылайдың Қазыбек еліндегі бір асқа кез болуы, Балапанның қылығы, Қызылжар тұтқындары, Едіге мен Бекболаттың қол жинауы, Жәңке бидің (мәтінде Жаңабатыр би - Е.Қ.) сәлемі, Абылай сөзі, Шотананың хан алдынан шыққан соң Бекболат, Олжабайлармен сөйлесуі, Бекше мерген мылтығын Жанақтың атқызбай ұстап тұруы, Көтеш ақын өлеңі, Абылайдың көтерісшілермен бітімге келуі, мәтін соңында Төлеген қожа өлеңі, айтысқан сөздері баяндалады. 2) Екінші нұсқада (№1177 папка) Абылайдың Қазыбек еліндегі бір асқа кез болуы, Балапан қылығы, Қызылжар тұтқындары, Абылай мен ханымның диалогы, Едіге мен Бекболаттың қол жинауы, Жәңке бидің сәлемі, Абылай ханымының кеңес берген сөзі, Бекболат сөзі, қара қазан хикаясы, Шотана батыр туралы әңгіме, Шотананың хан алдынан шыққан соң Бекболат, Олжабайлармен сөйлесуі, Бекше мерген мылтығын Жанақтың ұстап атқызбауы, Көтеш ақын өлеңі, Абылайдың көтерілісшілермен бітімге келуі әңгімеленеді. 3) Үшінші вариантта (№1178 папка) Абылай Шаншар еліндегі асқа кез болуы, Балапан қылығы, Қызылжар тұтқындары, Абылай мен ханымның диалогы, Едіге мен Бекболаттың қол жинауы, Жәңке бидің сәлемі, Абылай ханымының кеңес берген сөзі, Бекболат сөзі, қара қазан хикаясы, Шотана батыр туралы әңгіме, Шотананың хан алдынан шыққан соң Бекболат, Олжабайлармен сөйлесуі, Бекше мерген мылтығын Жанақтың ұстап атқызбауы, Көтеш ақын өлеңі, Абылайдың көтерілісшілермен бітімге келуі, Абылай арманы сөз болады. 4) Радлов аңызына (Алматы, 1994,280 -281 б.) ұқсас төртінші нұсқада (№1170 «а» папкасы) «Абылай аспаған Сары бел» оқиғасы (3 вариант) мүлде қысқаша айтылады. Үшінші үлгімен салыстырып қарағанда, В.В. Радловтан алынған нұсқада қара қазан хикаясынан кейін баян дал атын оқиғалар берілмейді.

«Мес» жинағында 54.11 мәтінінің бірнеше үлгілері жазылған: 1) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 275 -283 беттер. 2) ОҒКҚҚ, №1177 папка, 163[114] -170[123; 85] беттер. Бұл мәтін жарияланды: Көпейұлы М.Ж.Абылай хан дәуірі. // «Абылай хан» жинағы ішінде / Құрастырған С.Дәуітов. 1 том, Алматы 1993, 318 -322 беттер. 3) ОҒКҚҚ, №1178 папка, 213[127] -219[130] беттер. Бұл үлгі де С.Дәуітов ұсынуымен басылған: Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі. Алматы, 1993, 65 -70 беттер. 4) ОҒКҚҚ № 1170 «а» папка, 125 -127 [68] беттер. Радлов кітабымен салыстырып қараңыз: Радлов В.В. Ел қазынасы - ескі сөз. 280 -281 б. 5) ОҒКҚҚ, №1176 папка, 134[116;69] -140[132;72] беттер 6) ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 11 том, 113 -122 беттер 7) ОҒКҚҚ, №657 папка (көшірме), №8 дәптер, 27 -38 беттер. 8) ОҒКҚҚ, №149 папка (көшірме), 291 -296 беттер. 9) ОҒКҚҚ, №1327 папка (құрама жинақ), №4 дәптер, 109 - 116 беттер. 10) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама, 286 бет [Ж -4 - 16 б.]; ОҒКҚҚ, №1176 папка, 132 -134[126;69] беттер. 55 мәтін [Жақсы Жанайдар (Іүлгі)] ОҒКҚҚ №1178 папка, 232[135] -234[136] беттерінен түсіндірілді. Бұл үлгі басылды: Көпейұлы М.Ж. Абылай хан / Даярлаған С.Дәуітов // Егеменді Қазақстан. 11.01.1992, №9 - 10.5 бет. Соныкі. Абылай хан дәуірі // «Абылай хан» жинағында. 1 том, Алматы, 1993, 301 -303 беттер. Соныкі. Қазақ шежіресі. Алматы, 1993, 63 -65 б.

1 үлгіні қурайтын мәтіндер тізімі: 1) ОҒКҚҚ, № 1178 папка, 232 -234 б. 2) ОҒКҚҚ, № 657 папка (көшірме), №13 дәптер, 5[1] -11[7] беттер. 3) ОҒКҚҚ № 1645 папка, 71 -72 беттер 4) ОҒКҚҚ, № 829 папка, №1 дәптер, 8[16] -9 [17] беттер. 56 мәтін [Жақсы Жанайдар (2 нұсқа)] ОҒКҚҚ № 1170 «а» папкасының 124 -125 [67] беттерінен алынды. Радлов кітабынан («Ел қазынасы - ескі сөз». 280 б.) алынған бұл үлгінің көшірмесі де бар: ҚПЖӘМ, Иманғали Мәненов көшірмесі, 3 кітап, 313, 314 беттер. 57 мәтін [Абылай заманындағы орыс елшілері (1 үлгі)] ОҒКҚҚ, №1178 папканың 19 бетінен көшірілді. 58 мәтін [Абылай заманындағы орыс елшілері (2 нұсқа)] ОҒКҚҚ, №1178 папканың 103 -106 беттерінен алынды. 59 мәтін [Қырғызға барған батыр] ОҒКҚҚ № 1170 «а» папкасының 143 -145 [67] беттерінен аударылды. Бұл қолжазба (№ 1170 «а» жазбасы) В.Радлов кітабының көшірмелері болғандығына назар аударған жөн. Тіпті бұл мәтіннің көшірмелері де бар: 1) ОҒКҚҚ № 1125 папка, 3 -9 беттер; 2) ОҒКҚҚ № 380 папка, 1 -5 беттер . Бірақ Мәшһүр мәтіндері В.В.Радлов кітабына қарағанда анағұрлым толықтырылып жазылғаны білінеді. «Ел қазынасы - ескі сөз» кітабымен (Алматы, 1994, 295 -296 б.) салыстырғанда төмендегідей өзгешеліктерді көреміз: 1. В.В.Радловта: «Бір батыр қырғызға барыпты, әкесінің Мандық деген батырдан кегін алуға» (293 б.) - делінсе, Мәшһүр Жүсіпте «батырдан» орынын «батырдың» деген сөзі (143 б.) беріліп, ұғым нақтылана түскен. 2. В.В.Радловта: «Шыбышықтай сырласып, // Боз торғайдай мұңдасып» (294 б.) - делінсе, Мәшһүр Жүсіпте: «сырласым», «мұңдасым» (143б.)деп келтірілген. 3. В.В.Радловта: «Өз бояуыңа мін болды» - деп келтірілсе, Мәшһүрде «бояуыңа» - орнына «бойыңа» - делінген. 4. В.В.Радловта: «Еліңе бейран саларсың» - орын алса, Мәшһүрде «бейран» сөзін «бұйрат» ығыстырған. 5. В.В.Радловта: «Жау қолында қаларсың» - делінсе, Мәшһүрде «қолында» емес, «жолында» орын алған. 6. В.В.Радловта: «... жылқыға тиді, зеңбірек тартты» - дегендегі «зеңбірек» сөзі Мәшһүрде «зырылдауық» деп берілген. 7. В.В.Радловта: «Батыр - он бес жігіт тура тұр! - деді. «Мен барып көріп жылқыны байқап келейін. Жылқыда кісі бар ма, жоқ па?» (294 б.). Мәшһүрде: «Батыр:

— Он бес жігіт тура - тұр, - дейді Мен барып көріп, жауды байқайын, жау тоқсан бар ма екен? - дейді (144 б.).

8. В.В.Радловта: «Батыр барды, сексен күзетші жылқының қасында бар болған», - делінсе, Мәшһүрде олардың күзет сапасы ашыла түскен: «Барды батыр, сексен күзетші жасанып тұрған тосқауылшысы бар екен.» 9. В.В.Радловта: «Он бес жігітпен жүрді жылқыға, жылқыны алды жігітпен, батыр сексен кісіні жалғыз түсірді, он бес кісіні жылқыны қуғызып жіберді. Сексен кісіні түсіріп шаршады» - десе, Мәшһүрде басқаша: «Он бес жігітпен жылқыны қуып жөнеле берді. Жасанып, аңдып тұрған сексен кісі бірдей ат қойды. Он бес жігітке жылқыны қуғызып, қоя беріп, сексен кісімен жалғыз өзі айналыс қылды. Сексен кісінің бәрін түсірді, шаршады.» 10. В.В.Радловта: «Күн шыққанша сауыттың мойнын ашып желпініп тұрды, сонан соң алыстан бес жолаушы кісі көрінді, соған батыр омырауының түймесін салмай барды.» -деп келтіріледі. Мәшһүрде: «Күн шыққанда, сауыттың түймелерін ағытып, желпініп турды. Сонан соң алыстан бес жолаушы жайына кетіп бара жатқан көрінді. Омырауының түймесін салмастан, батыр сол бес жолаушының атын алып қайтуға қызығып шапты. (145 б.)» 11. Осы мәтін жазылған Мәшһүр Жүсіп жазбасы, 1170 - папка, 145 - бетінің сол жағына көлденеңінен мына түсінік орын алған: «Бес кісіден қалған жалғыз қыз екен, - деседі. «Сен де жас, мен де жас» - деген сөзінен де байқалып тұр.» 12. В.В.Радловта: «... сен де өлерсің, мен де өлермін, қайт! - делінсе, Мәшһүрде бұл өрістетіле түскен: «Сен де өлерсің, мен де өлермін. Мен қанша жаман болғанмен, бір кісілік құным бар шығар. Кел, елсізде екеуміз өзді-өзімізді олжа көрейік, қайт!» - дейді.» 13. В.В.Радловта:

Е, жігіттер, майда, майда!
Біздерге бүгін тиді найза.
Амалда да, айла қыл, он бес жігіт!
Біздерден суырылмайды бұл найза (295 б.)

Мәшһүр Жүсіпте:

- Деген соң: «Айда - сайда, айда - сайда»,

Біздерге баяғыдай дәурен қайда?!
Тарта тұр атың басын, он бес жігіт,
Біздерден суырылмайды тиген найза (146 б.)

14. В.В.Радловта:

Жиренше ат жас та емес, қартты дейді,
Он бес жігіт мұнда кеп тартты дейді.
Он бес ақ найзаны көргеннен соң,
Жиылып табан қойып тартты дейді (295 б.).

Мәшһүр Жүсіпте:
Хайуанда - есек, адам да сартты дейді,
Дүниеқорлар көп бейнет тартты дейді.
Он бесі бірдей келіп, бұл найзаны

Жиылып табан қойып тартты дейді (147 б.) 15. В.В.Радловта:

«Көкше тау жолда тұрған үстінен кет, //
Жігітке салған жастай бұл да бір кеп»

(295 б.) - делінсе, Мәшһүрде, екіншіде бас қаһарманның орынсыз пайдаға қызығудан қателікке ұрынғаны нақты ашылған:

«Көкшетау, жолда тұрған, үстінен от, //
Жігітке қанағатсыз - арзан бейнет.»

16. В.В.Радловта: «Қайтейін еске түстің қайран бауыр» - деген сөз орын алса, Мәшһүрде «еске түстің» - дегенді «жоқтығыңды» алмастырған. 17. В.В.Радловта: «Үккен күшік секілді қу бас Мамай» - дегендегі «үккен» сөзі «үйіткен» сөзімен ауыстырылған. 18. В.В.Радловта: «Садағыма салғаным шәйгез бір оқ», - делінсе, Мәшһүрде: «садағымды сайладым» - түрінде өзгерген. 19. В.В.Радловта өлеңнің бір шумақтың соңғы екі жолы ғана берілген: «Бастап барған басшыңды жауға алдырып // Бұ елге он бес қатын неге керек» (296 б.). Мәшһүрде толық: «Құлағы құлаторы аттың серек-серек, // Сен, он бес ұл, жалғыздан жүрдің бөлек» (148 б.). Ескерту: Қолжазбаларда көбінесе мәтіндердің жазылу реті бойынша Абылай хан дәуірі, Уәли - Ғұбайдолла заманы, Кенесары заманы рет-ретімен баяндалынады. Абылай мен Кенесарыға қатысты тарихи деректер «Мес» жинағының жартысын құрайды. Сол себепті бұл көлемді шығармаларды 9 том еншісіне қалдыруды жөн санадық. Кенесары қозғалысын аяқтай отырып, Мәшһүр Жүсіп Бұхар, Қоқан заманы тарихын әңгімелейді. Қолжазба мәтіндерінің реті бойынша 1847 -1864 ж. аралығына арналған деректер XVІ ғғ. оқиғалардан бастайды. Қарап отырғанымыздай бұл жерде Мәшһүр Жүсіп хронологиялық жүйені әдейі өзгертіп, «Бұхар, Қоқан хандарының заманы» деген шартты тақырып бойынша XVІ -XІX ғғ. шежіре сөздерін жинақтап баяндағаны білінеді. 65 мәтін [Бұхар, Қоқан хандары туралы (1 үлгі)] ОҒКҚҚ, №1170 «б» папкасының 862 -885 беттерінен алынды. «Мес» жинағындағы «Ақ жалау заманына» (Бұхар, Қоқан хандықтары тарихы) арналған тарихи сөздерді жинақтасақ, төмендегідей оқиғалар жүйесін байқаймыз.

№ 1 оқиға: Көкалташ медресесі тарихы: Арғын Құлбаба мен Жақсы Ғабдолла хан
№ 2 оқиға: Жақсы Fабдолла хан әңгімесі (Шайбанилар әулеті XVІ т.)
№ 3 оқиға: Бұхардағы «Маңғыттар билігі» (XVІІІ ғғ.)
№ 4 оқиға: Алтын Бесіктен тараған Қоқан хандары (XVІІІ -XІX ғ.)

№ 5 оқиға: Қоқан билігіне қарсы шыққан Мұсабек әңгімесі Әрине, барлық қолжазбада бұл 5 түрлі оқиға толық беріле бермейді. №1170 «б» папкасының (65 мәтін) 862 -869 беттері тізімдегі № 3 оқиғаны, 870 -878 беттері №4 оқиғаны, 878 -885 беттері №5 оқиғаны баяндайды. Ал, №1177 папка мен ҚПЖӘМ Мәшһүр жазбалары (1,2,3 томдары) бұл кезең тарихы бойынша үзік үзінді материалдарды ұсынады. ҚПЖӘМ, Мәшһүрдің 1 том (93 -94 б.) тек №1 оқиға туралы мәлімет жасаумен [М -1 -35/104 -105 б.] шектеледі [68 мәтін]. ҚПЖӘМ, Мәшһүр Жүсіптің 3 томы (77 -78 беттер) №2 оқиғаны ғана айтады.

Бұлардан гөрі М.Ж.Көпейұлының 2 томы көбірек мәлімет ұсынады: 1) 141 -149 беттерінде №2 оқиға баяндалады [70 мәтін] 2)155 -159 беттерінде №3 оқиға әңгімеленеді - [66 мәтін] ОҒКҚҚ, №1177 папкасында да дәл солай үзінді жазбалар кезектесіп беріледі: 1) 3 -4 беттерінде №1 оқиға орын алған. Қараңыз:Көпеев М.Ж. Таңдамалы. 2 том, Алматы, 1992, 75 -77 беттер. 2) 111 -112, 115 -116 беттерінде №1 оқиға сөз болады[69 мәтін]. 3) 141[94] -146 [99] беттері №2 оқиғаны айтады[71 мәтін]. 4) 68[38] бетінде Жақсы Ғабдолла хан шежіресі жазылған (№2) 5) 173 [126] -181 [134] беттерінде №3 оқиға беріледі. - 67.1 мәтін 6) 182 [135] -189[142] беттерінде №4, №5 оқиғалар қысқаша айтылады 395 -396 беттері [Ж -4 -27] - №3 оқиға баяндалады.

Қоқан заманы тарихына қатысты Жолмұрат көшірмелері де әр жерде жазылған: 1) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 1 топтама, 156 -157 б. - №2 оқиға 2) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 2 топтама, 139 -146 б. - №2 оқиға 3) ҚПЖӘМ, Жолмұрат көшірмесі, 3 топтама [Ж -4 -56 б.] , 286 бет - №2 оқиға, 215 беті -№5 оқиға, 262 беті [Ж -4 -22 а] - №5 оқиға. Сондай-ақ 1912 ж. «Айқап» журналында шыққан «Туысқан бауырларыма бір насихат» мақаласында Мәшһүр Жүсіп Қоқан заманы туралы дерек келтірген.: (Айқап энциклопедиясы. Алматы, 1995, 107 бетте) Мақаланың түпнұсқасы әзірше кездеспей отыр.

65 мәтінді шартты түрде 3 мәтінге бөліп қарастырамыз:
65.1. XVІІІ -XІX ғғ. Бұхар хандары /№3 оқиға/
65.2. XVІІІ -XІX ғғ. Қоқан хандары /№4 оқиға/
65.3 Мұсабек көтерілісі /№5 оқиға/.

66 мәтін [Бұхар, Қоқан хандары туралы ( 2 нұсқа)] ҚПЖӘМ, Мәшһүр 2 томы, 155 -159 беттері бойынша әзірленді. Бұл жоғарыдағы 65 мәтін сипаттамасы бойынша №3 оқиғаны сипаттайды. Мәтін басылып шыққан: Көпейұлы М.Ж. Бұхар, Қоқан хандары туралы /Әзірлеген Н.Қ.Жүсіпов // Қазақ тарихы. 1997, №1,78 -80 б. 67 мәтін Бұхар, Қоқан хандары туралы (3 варианты) ОҒКҚҚ, №1177 папка, 173 [126] -189 [134] беттері бойынша даярланды.

67 мәтін 65 мәтінге ұқсас. Мұнда да үш бөлек мәтінге жіктеп ұсынып отырмыз. 68 мәтін [«Көкалташ» атауы туралы (1 үлгі)] ҚПЖӘМ, Мәшһүр 1 томының 93 -94 беттерінен [М -1 -35/104 -1056.] алынды. 69 мәтін [«Көкалташ» атауы туралы (2 нұсқа)] ОҒКҚҚ, №1177 папка, 111 -112, 115 -116 беттері бойынша ұсынылды. 70 мәтін [Жақсы Ғабдолла хан (1 үлгі)] ҚПЖӘМ, Мәшһүр, 2 том, 141 -149 беттері бойынша әзірленді. 71 мәтін [Жақсы Ғабдолла хан (2 нұсқа)] ОҒКҚҚ, №1177 папка, 141 [94] -146 [99] беттері бойынша көшірілді

72 мәтін [Ауған жұрты] ОҒКҚҚ, №1177 папканың 179 бетінен алынды. Мәтіннің бір бөлігі ғана басылды: Көпеев М.Ж. Таңдамалы. 2 том. / Құрастырған С.Дәуітов. Алматы, 1992, 75 бет. 73 мәтін Сарыарқа тарихы (1 үлгі) ҚПЖӘМ, Мәшһүр, 2 томының 160 -191 беттерінен алынды. Бұл үлгі жарияланды: Көпейұлы М.Ж. Сарыарқаның кімдікі екендігі / Даярлаған Н.Жүсіпов // Қазақ тілі мен әдебиеті. 1994, №4, 111 -124 б. 74 мәтін Сарыарқа тарихы (екінші нұсқа) ОҒКҚҚ, Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы №1177 -папка, 26 -34 б. негізінде әзірленді. 75 мәтін Сарыарқа тарихы (үшінші нұсқа) Қазанда 1907 жылы басылған «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабының мәтіні болып табылады. Бұл үшінші нұсқа сол Қазанда басылған қалпында берілді. Қолжазба мен баспахана тарапынан кеткен кітаптағы өзгешелік, қысқартуларды межелеу үшін алғашқы қолжазба нұсқалар мен кітап үлгісін өзгертпей бердік. Осы орайда Мәшһүр Жүсіптің 1907 жылы шыққан «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабының бастапқы бөлімі осы келтірілген үлгілер болса, кітапта әрі қарай өлеңдер шоғыры берілген. Бұл өлеңдер Мәшһүр Жүсіп таңдамалысына (Алматы, Ғылым, 1990, 1 том, 55 -71 б.), кейіннен ақын шығармаларының толық жинағына (4 том, Павлодар, ЭКС), 2004, 58 -79 б.) енді.

76 мәтін Жолмұрат Жүсіпұлы Мәшһүр Жүсіп өмірбаяны ОҒҚҚ № 1173 папка, 17 бөлімінде сақталған Жолмұрат Жүсіпұлы (Мәшһүрдің Мәдине қарындасынан туған жиені) жазбасы (1 - 122 б.) бойынша толық көлемінде ұсынылды. Ж.Жүсіпұлы (1894 -1977) бұл биографиялық деректерді 1944 -1947 ж. жазып шыққаны білінеді. Сол себепті ғылыми зерттеу сипаты, мазмұны жағынан әкімшіл - әміршіл жүйеге сай икемделіп жазылған. Бұл тұста айтарымыз, Мәшһүрдің байларды, қожа-молдаларды көбірек сынағаны рас. Алайда Жолмұрат ерекше мән беріп көрсеткендей, ақын барлық байларды, қожаларды жалаң теріске шығармаған. Дін жолына берілген адам болғандықтан дүние жинамаған. Байлар секілді қожа-молдалар туралы да екіұдай пікірді ұстанған. Дін жолына берілген, халқына үлгі-өнеге болған діндарларды мақтаған. Өз құлқыны үшін хақ жолынан ауытқығандарды (саяси істерге араласу, ел бірлігін бұзу т.б.) аяусыз сынап отырған. Мәшһүр туралы қарама-қарсы пікірлерді келтіргеніне қарамастан, алғашқы мәшһүртанушы ғалым ретінде Ж.Жүсіпұлы еңбегін Қосымшаға енгізіп отырмыз. Мәшһүр Жүсіптің өз қолымен жазған өмірбаяндық мәтінін С.Дәуітов аударып, баспа бетіне ұсынды: Көпейұлы М.Ж. «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ата тарапынан тегі». / Ұсынған С.Дәуітов. // Зман -Қазақстан 1.08.2003, №31, 13 бет.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙