TELEGEI

Home

Маленький принц

Антуан де Сент-Экзюпери

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Маленький принц

«Маленький принц» — философская сказка Антуана де Сент-Экзюпери о дружбе, любви, ответственности и истинных ценностях жизни. Путешествуя по разным планетам, Маленький принц встречает необычных героев и постепенно открывает важные истины о человеке и мире. Произведение напоминает о том, как важно ...

Мұқаба

ӘОЖ 821.133.1.0

КБЖ 84 (5Каз.-франц)

А72

ОТБАСЫ ХРЕСТОМАТИЯСЫ ЖОБАСЫ

Жоба авторы Абзал ҚҰСПАН

А72 А. Сент-Экзюпери. Кішкентай ханзада / – Алматы: «Отбасы хрестоматиясы» баспасы, 2022. – 96 б. Француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» аллегориялық ертегісі әлемдегі ең көп оқылатын шығармасы. Әлем тілдерінің барлығына дерлік аударылған. Балаларға арналған кітап болғанымен онда адам болмысына қатысты терең пайымдар беріледі және оны ересектер де қызыға оқиды. Әйгілі философ Мартин Хайдеггер «Кішкентай ханзаданы» ХХ ғасыр экзистенциализмінің ең ұлы туындыларының қатарына жатқызады. Повесть қызықты саяхат, қиял-ғажайып оқиға, философиялық пайымдарға қызығатын балаларға және жалпы оқырмандарға арналады.

ІSBN 978-601-06-8408-9

© Абзал Құспан, 2022

1 бөлім

Алты жасымда «Ақиқат әңгімелер» атты бір кітапты шолып жатып, адам аяғы тимеген қара орман жайлы баяндалатын бөлімінен ғажап сурет көрдім. Суретте тұрпаты айдаһарға келетін алып жылан бір жыртқыш аңды жұтып жатыр екен. Ондағы сурет шамамен мынадай болатын:

Кітапта былай деп жазылған: «Айдаһар өзінің жемтігін бүтіндей жеп, шайнамай жұтып жатыр. Жеп болған соң қозғалуға да шамасы болмайды. Тамағын қорытып болғанша жарты жыл ұйқыда жатады». Мен де жабайы орман ішіндегі неше түрлі оқиғалар жайлы көп ойланып, түрлі-түсті қарындашпен сурет салдым. Бұл менің алғашқы, №1 еңбегім болатын. Ол мына сурет:

Бұл суретімді ересек адамдарға көрсетіп, қорықпайсыздар ма деп сұрадым:

– Ол заман да, бұл заман, қалпақтан қорыққанды қайдан көрдің? – деп күлді бәрі.

Негізі бұл қалпақ емес еді. Бұл пілді бүтіндей жұтқан айдаһардың суреті болатын. Сосын мен үлкендерге түсінікті болсын деп, айдаһарды ішінен бейнеледім. Ересек адамға бәрін тәпіштеп көрсету керек. Мынау менің екінші №2 суретім:

Үлкендер маған ендігәрі сурет салмауға, жыланды сыртынан да, ішінен де суреттемеуге, одан көрі жағрафия, тарих, есеп-қисап, жазу өнерін меңгеруге кеңес берді. Осылайша мен алты жасымда жаным қалаған өнермен, яғни суретшілікпен қоштастым. Алғашқы екі суретім жұрттың көңілінен шықпаған соң менің де сағым сынды. Үлкендер ештеңе түсінбейді, оларға үнемі бәрін тәпіштеп, аузына шайнап беруің керек. Сонымен басқа мамандықты игеруіме тура келіп, ақыры ұшқыш болдым. Әлемді шарлап шықтым. Жағрафияны жақсы білгенімнің пайдасы тиді. Қытай мен Аризонаны шатастырмаймын, бір қараған жазбай танимын. Әсіресе түнде жолымнан адасқанда осы білімім талай құтқарады. Өз өмірімде неше-түрлі адам көрдім. Ересектердің арасында көп жүрдім, етене араластым. Бірақ одан үлкендер туралы пікірім көп өзгере қойған жоқ. Түйсігі бар, санасында саңлауы бар боп көрінген біреуді кезіктірсем өзімнің алғашқы, №1 суретімді көрсетіп, сол арқылы оның түйсігінің деңгейін тексере қоямын. Бірақ олардың бәрі маған: «Бұл қалпақ қой» деп жауап береді. Одан ары олармен айдаһар, жабайы орман, жұлдыздар жайлы әңгімелесудің ешбір мәні қалмайды. Сондықтан олардың түсінігіне қарай бейімделуге тура келеді. Қарта, гольф, галстук, саясат туралы айтып, өсек сапыра бастаймын. Сол кезде олар мен сияқты озық ойлы адаммен танысқанына қуанып жатады.

2 бөлім

Осылайша мен жалғыз өмір сүріп жаттым. Айналамда сырыммен бөлісіп, шер тарқатар ешкімім жоқ. Сөйтіп жүргенде бір күні ұшағымның моторы бұзылып, амалсыз Сахараға қонуға тура келді. Бұл осыдан алты жыл бұрын болған оқиға. Қасымда ешкім жоқ еді. Қолымнан келмесе де, ұшақты өзім жөндеп көргім келді. Басқа амал жоқ. Моторды жөндей алмасам қу далада арам қатып өлерім анық. Мендегі бар ауыз су ары кетсе бір аптаға жетеді. Мың миль төңіректе жан баласы жоқ, жалғыз өзім айдалада қонуға тура келді. Теңіз ортасында кемесі апатқа ұшырағандар да мен сияқты жалғыздық кешпейтін болар. Сондай жерде мені таңертең біреудің жіңішке дауысы оятқандағы таңданысымды көрсеңдер. Ол маған былай деді:

– Өтінемін, маған қошақанның суретін салып берші.

– Ау?

– Қошақанның суретін салып берші.

Төбемнен жай түскендей ыршып түстім. Көзімді қайта-қайта уқалап, бажайлап қарадым. Алдымда бір кіп-кішкентай балақай тұр, көз жанарын менен үзбейді. Кейіннен оның суретін де салып көрдім, шамамен мынадай бала еді.

Әрине мен оның сән-салтанатын келістіріп, өзім көргендей бекзат кейіпін көрсете алмадым. Бірақ бұған мен кінәлі емеспін. Үлкендер сенен суретші шықпайды деп сөккен соң, алты жасымнан бері қарындаш ұстаған емеспін. Сондықтан пілді жұтқан айдаһар жыланнан басқа сурет сала алмаймын. Осылайша мен осы бір таңғажайып құбылысқа таңданып қарап тұрдым. Менің елсіз далада, тіршіліктен мың миль қашықтықта жүргенімді ұмытпаңыз. Бірақ бұл бала адасып жүрген, қорқып-үркіп, шаршап-шалдығып, азып-тозып, шөлдеп жүрген адамға тіпті де ұқсамайды. Түріне қарасаң ондай деп деп айтпайсың. Әрең дегенде есімді жинап, тілім сөзге келді:

– Мұнда неғып жүрген баласың?

Ол манағы сөзін қайталады, бұл жолы нықтап айтты:

– Өтінемін, маған қошақанның суретін салып берші...

Табан асты пайда болған көрініске абдырап қалсам да, бас тартуға да батпадым. Шөл далада, өлім аузынан бір адым жерде тұрып, сурет салып тұрғаным ыңғайсыз-ақ көрініс. Соған қарамастан қалтамнан қағаз бен қалам алып, қошақан салмаққа оқталдым. Сол кезде барып сурет сала алмайтыным есіме түсті. Балаға өзімнің жағрафия, тарих, есеп-қисап, жазу өнері бойынша ғана білімім бар екенін айттым. Сурет салу қолымнан келмейді дедім. Бірақ ол райынан қайтар емес:

– Мейлі. Қошақанның суретін салып берші.

Өмірімде қой салып көрген адам емеспін, сондықтан қолымнан келетінін салып бердім, яғни – пілді жұтқан айдаһар жылан. Балақай маған былай деп айқайлаған кезде ыңғайсызданып қалдым:

– Жоқ, жоқ. Маған піл жұтқан айдаһардың суреті қажет емес. Айдаһар өте қауіпті, ал піл өте үлкен. Менің үйім тар. Маған қошақан керек. Қошақан салып бер.

Қоймаған соң салып бердім.

– Жоқ, мына қошақаның тым жүдеу. Басқасын сал. Басқасын салдым. Ол күлімсіреп қарады.

– Мынауың қошақан емес, тоқты ма, қошқар ма бірдеңе. Мүйізі шығып кетіпті.

Мен қайта салып көрдім. Бұл суретті де ұната қоймады.

– Мынауың өлгелі тұрған кәрі көтерем. Маған көп жасайтын қошақан керек.

Менің де төзімім таусылды. Тездедіп ұшақтың моторын ашуым керек. Алдым да, мына қорапты салып бердім:

– Міне, мына жәшік сенікі. Ішінде өзің қалағандай қошақан бар.

Сол кезде барып балақайдың жүзі жайнап сала берді. Сондағы менің де таңданысымда шек жоқ.

– Иә, маған осындай қошақан керек еді. Қалай ойлайсың, қанша шөп жер екен?

– Не болды?

– Менің үйімде шөп аз.

– Қорықпа жетеді, мен саған жаңа туған қозыны салып бердім.

– Тым кішкентайының керегі жоқ... – деп суретке тесіле қарады да – қарашы, қошақаным ұйықтап қалыпты, – деді.

Кішкентай ханзадамен алғаш осылай танысқан едім.

3 бөлім

Мен оның қайдан пайда болғанын бірден түсіне алмадым. Кішкентай ханзада мені сұрақтың астына алды. Бірақ өзі менің сұрақтарымды естімегендей болады. Мәселенің мән-жайы сөз арасындағы кейбір әңгімелерінен ғана түсінікті бола бастады. Ол менің ұшағыма (ұшағымның суретін салмаймын, бәрібір келістіріп сала алмаймын) бір қарады да, былай деп сұрады:

– Бұл не бәле?

– Бұл бәле емес, ұшақ. Менің ұшағым. Осымен ұшып келдім.

Аспанда қалай ұшатынымды мақтанышпен суреттеп бердім. Балақай маған таңданып қарады да:

– Сонда қалай? Аспаннан құлап түстің бе?

– Иә, – дедім мен қарапайым үнмен.

– Қызық екен.

Балақай қарқылдап бір күліп алды. Маған бұл ұнай қоймады. Сөзімді біреулер күлкіге айналдырғанын ұнатпайтын едім. Ол қайтадан маған қарап:

– Сонда сен де аспаннан түскен болдың ғой. Қай планетадан келдің?

Балақайдың жұмбағының сыры осы екен ғой дедім де, өзінен сұрадым:

– Демек сен мұнда басқа планетадан келдің бе?

Бірақ ол жауап бермеді. Басын шайқап тұрып, ұшағыма жақсылап қарады да:

– Иә, мынадайыңмен алыстан келе алмассың.

Сөйтті де ойға шомып үнсіз қалды. Артынша қалтасынан қошақанын шығарды да, бар байлығын елестетуге кірісіп кетті. Өзге планета туралы сөз қозғалғаннан кейін менің қызығушылығым қалай артқанын шамалай беріңіз. Сұрақ қойып, кеңірек ақпарат алғым келді:

– Балақай, сонда сен қайдан ұшып келдің? Үйің қайда? Қошақанды қайда алып кетпексің? Ол біраз үнсіз тұрды да, былай деді:

– Жәшікке салып бергенің дұрыс болды, қошақаныма түнде ұйықтайтын жер керек.

– Әрине, әңгімеміз жарасса жіп пен қоңыраудың да суретін салып беремін. Күндіз қошақанды байлап қойып жаясың. Кішкентай ханзада мұрнын тыржитты:

– Байлап қой дейсің бе? Не үшін?

– Байламасаң алысқа кетіп қалып, адасып кетеді емес пе? Кішкентай ханзада тағы да қарқылдап күлді.

– Қайда кетеді дейсің.

– Қайда кетуші еді, ұзай беріп, ұзай беріп, алыстап кетуі мүмкін.

Кішкентай ханзада күлкісін жиып, былай деді:

– Ештеңе етпейді, ондай үлкен жерде тұрмаймын. Қанша ұзаса да алысқа кете алмайды.

4 бөлім

Бұл сөзі маған тағы бір шындықтың бетін ашты. Оның планетасының көлемі біздегі бір үйден артық емес. Бірақ мен бұған қатты таңданған жоқпын. Жер, Юпитер, Марс, Шолпан сияқты ірі планеталардан бөлек, жүздеген шағын планеталардың болатынын білемін. Көбінің аты да жоқ. Кейбірінің кішкентай болғаны сонша, телескопқа да ілікпейді. Астрономдар ондай шағын планетаны ашқан кезде дабырайтып ат бермейді, нөмірмен ғана таңбалай салады. Мәселен, астероид 3251.

Кішкентай ханзада «астероид Б-612» планетасынан келді деген болжамым бар. Бұл астероид телескопқа бір-ақ рет іліккен екен. Оны 1909 жылы түрік астронавты байқайды.

Астраном өзінің ашқан жаңалығын Халықаралық астронавтар конгресінде алғаш баяндайды. Бірақ оған ешкім сенбеді. Өйткені жиынға түріктің ұлттық киімімен келген болатын. Үлкендер сондай, біртүрлі халық!

Дегенмен Б-612 астероидының бағы бар екен, Түркия билеушісі ғалымдарды жинап «Еуропаша киінбесең басыңды аламын» деп қорқытады. 1920 жылы баяғы астроном тағы да сол астероид туралы баяндама жасайды. Бұл жолы ол соңғы сән үлгісіне сай киініп барды. Сондықтан жұрт оны ықыласпен тыңдап, келтірген дәйегін қабылдап, бас шұлғыпты. Мен үлкендер үшін ғана бұл астероид туралы егжей-тегжейлі баяндап, тіпті оның нөмірін атап отырмын. Ересектер цифрды жақсы көреді емес пе. Мәселен, мен біреумен дос болдым, енді менің досым бар десең, олар сенен ең қажеттісін сұрамайды. Олар ешқашан «даусы қандай екен? Қандай ойынды жақсы көреді? Көбелек қуғанды ұната ма?», – деп сұрамайды. «Жасы нешеде? Қанша ағайынды екен? Салмағы қандай, үлкен бе кіші ме? Әкесінің табысы қанша екен?», – деп сұрайды. Жауап берсең «ол туралы жеткілікті мәлімет алдым, мен оны білемін» – деп ойлайды. Үлкендерге: «Мен бір әсем үй көрдім, өзі қызыл кірпіштен салынған екен, терезесінен қазтамақ гүл көрінеді, төбесінде кептерлер отыр», – десең олар мұны көзіне де елестете алмайды. Оларға міндетті түрде былай айту керек: «Мың франк тұратын үй көрдім». Сол кезде олар «мәссаған, неткен ғажап, неткен сұлулық», – деп тамсанады. Егер оларға былай десең: «Кішкентай ханзаданың бар екеніне мынадай дәлел келтіремін – ол өте, өте сүйкімді. Өзі күледі. Маған қошақанның суретін салып бер деді. Тірі адам ғана қошақанның суретін салып бер деп айта алады». Бұлай десем жұрттың шекесі тырысып, мені бір ақымақ немесе бала көрер еді. Ал егер мен оларға «Ол астероид Б-612 деп аталатын планетадан ұшып келді», деп айтсам сене бастайды. Сонда ғана менің сөзім салмақты әрі шынайы боп шығады. Үлкендер сондай халық. Оларға ренжудің де қажеті жоқ. Балалар, сондықтан ересектерге барынша түсіністікпен қарау керек. Бірақ бізге, өмірдің не екенін түсінетіндерге, – цифр деген нәрсе күлкілі боп көрінеді. Мәселен мен бұл повестімді ертегі сияқты баяндағым келер еді. Шамамен былай бастар едім: «Ерте, ерте, ертеде, бір Кішкентай ханзада болыпты. Ханзада сәл ғана үлкен планетада өмір сүреді екен. Жалғыздықтан жабырқап, дос іздеп жүрген жайы бар...» Өмірдің не екенін түсінетіндер мұның шындыққа жақын екенін бірден байқар еді. Өйткені кітабымды жұрттың қызық үшін ғана оқығанын қаламаймын. Кішкентай досым есіме түскенде жүрегім шымырлап, көңілім босайды. Ол туралы бірдеңе айту мен үшін оңай шаруа емес. Кішкентай ханзаданың мені тастап, қошақанын ертіп еліне кеткеніне алты жылдан асты. Бұл оқиға менің жадымнан сөніп қалмасын деп баяндап отырмын. Өйткені досыңды ұмыту дұрыс амал емес. Екінің бірі дос таба бермейді. Одан бөлек өзім де цифрден басқа ештеңе көрмейтін ересектерге ұқсап кетем бе деп қорқамын. Сол үшін арнайы барып, түрлі-түсті қарындаш сатып алдым. Менің жасымда бейнелеу өнерін үйрену оңай іс емес екен. Өздерің білесіңдер, алты жасымда пілді жұтқан айдаһар жыланның суретін екі рет, алдымен сыртынан, сосын ішінен салғаным болмаса, сурет сала алатын адам емеспін. Тырысып-ақ жатырмын, бірақ жетістіріп салдым деп мақтана алмаймын. Бір суретім тәп-тәуір шыққан сияқты болса, екіншісі мүлде ұқсамай, ұсқынсыз боп шығады. Көлемін де дәл бере алмаймын: бір суретте ханзадам тым үлкен боп кетсе, екіншісінде тым кішкентай боп қалады. Оның үстіне киімінің түсін ұмытыңқырап қалыппын. Әйтеуір ретін келтіріп салып-ақ жатырмын. Басқа да ұсақ-түйек, бірақ маңызды нәрселерін келтіре алмауым мүмкін. Ол үшін қатты сөге-жамандамаңыздар. Досым маған ештеңені тәпіштеп түсіндірмейтін. Шамасы мені өзіндей көргені шығар. Алайда жәшік ішінде отырған қошақанды көру менің қолымнан келмейді. Мүмкін мен де ересектерге ұқсап кеткен шығармын. Шамасы солай.

5 бөлім

Күн сайын мен оның планетасы жайлы, оны қалай тастап кеткені жөнінде, қалай саяхат құрғаны туралы көбірек біле бердім. Оның бәрін арнайы айтпайды, әңгіме барысында там-тұмдап ашылады. Мәселен үшінші күні мен баобабтың қандай қасірет екенін білдім. Әңгіме қошақаннан басталып кетті. Кішкентай ханзада әлдеңеге күдіктеніп, уайымдап отырды да, былай сұрады:

– Осы, қошақандар бұта жапырағын жей ме?

– Жейді, әрине.

– Жақсы болды ғой.

Қошақанның бұта жапырағын жеуі неге сонша маңызды болғанын түсініңкіремедім. Кішкентай ханзада сөзін жалғады: – демек ол баобабты да жейді. Мен қарсылық таныттым:

– Баобаб бұтаға жатпайды, ол кәдімгі ағаш. Ағаш болғанда да жәй ағаш емес, биік боп өсетін ағаш. Қошақаның былай тұрсын, бір үйір піл ертіп келсең де ол ағашты жеп тауыса алмайды.

Піл туралы айтқанымды естігенде ханзадам ішек-сілесі қатып күлді.

– Онда ол пілдерді бірінің үстіне бірін қоюға тура келер еді.

Сәлден соң күлкісін жиып, былай деді:

– Баобаб бірден зәулім ағаш болмайды, алғашында сондай нәзік, кіп-кішкентай тал шыбық боп шығады.

– Оның рас, бірақ қошақаныңа баобаб жегізіп қайтесің?

– Неге жегізбейін? – деді ол әрі таңырқап, әрі нықтай сөйлеп.

Мәселенің байыбына жету үшін біраз отырып ойлануыма тура келді. Кез келген планетада пайдалы және зиянды өсімдіктер бар. Кішкентай ханзаданың планетасында да солай. Яғни онда да пайдалы өсімдік дәндері мен арамшөптердің, зиянды өсімдіктердің ұрықтары бар. Ол ұрықтың көбі көзге көрінбейді. Топыраққа сіңіп, жасырынып жатады. Ыңғайлы кезең туғанда ұйқысынан оянады. Алдымен қылтиып басын көтереді, сосын жапырағын жайып күнге ұмтылады. Алғашында бәрі сондай нәзік, сондай сүйкімді көрінеді. Егер ол шалғам немесе раушан гүлі боп шықса өсе берсін. Ал егер ол қандай да бір зиянды өсімдік болса дер кезінде көзін жою керек. Кішкентай ханзаданың планетасында сондай бір аса зиянды, қауіпті өсімдіктің ұрығы бар. Ол ұрық баобабтыкі. Планета топырағы сол ұрыққа толып қалған. Егер оны дер кезінде байқап, жұлып тастамасаң артынан кеш болады. Аз уақытта бүкіл планетаны жаулап алады. Тамыры тереңге кете береді. Сол бетімен тереңдей берсе кіп-кішкентай планетаны бөлшектеп, тас-талқанын шығарады.

– Мынадай бұлжымас ереже бар, – деді маған Кішкентай ханзада кейіннен. – Таң ертең тұр, жуынып-таранып, өз-өзіңді ретке келтір – сосын бірден планетаңды реттеуге кіріс. Күн сайын, міндетті түрде, баобабтарды отап отыр. Алғашқы кезде оның жапырағын раушан гүлінен ажырату қиын, екеуі бірдей болады. Бірақ сәл өсе бастаса бірден байқайсың. Бұл өзі ішпыстыратын жұмыс, бірақ қиын емес.

Бір күні ол маған соның суретін салуды ұсынды.

– Басқа да балалар осыны білсін. Кейін бір жерге саяхаттап шықса өздеріне керек болады. Басқа жұмыстар күте тұрады, ал егер баобабқа ерік берсең жағдай қиын деген сөз. Мен бір планетаны білемін. Оның тұрғыны еріншек еді. Үш түп баобабты дер кезінде жұлмапты....

Кішкентай ханзада маған ол планетаның тағдырын баяндап берді. Сол әңгімеге сай суретін салып отырмын. Біреуге ақыл айтқанды жаным жек көреді. Бірақ баобабтың қасіреті қандай болатынын әркім біле бермейді. Сондықтан да бұл жолы амалсыз ақыл айтуға мәжбүрмін. «Балалар, абай болыңдар, баобабқа ерік бермеңдер!». Достарыма да ескертемін, қауіп өте зор, бірақ көбің оны байқамайсыңдар. Өзім де бір кезде байқамаған едім. Сол себептен мен бұл суретті салуға сонша уақытымды сарп еттім және соған өкінбеймін. Бәлкім сіз, кітабыңда осы баобаб сияқты керемет салынған басқа сурет неге жоқ деген сұраққа қалған боларсыз? Жауабы қарапайым: тырыстым, бірақ қолымнан келмеді. Ал баобабты салған кезде іштей мұның өте маңызды шаруа екенін сезініп тұрдым.

6 бөлім

О, Кішкентай ханзада! Өміріңнің қаншалықты сүреңсіз әрі бірсарынды болғанын біртебірте түсіндім. Көретін жалғыз қызығың күннің қызарып батуы екен. Талай уақыт соны ғана қызықтапсың. Ол туралы төртінші күні таң ертең білдім. Сен ол кезде былай деп едің:

– Қызарып батқан күнді қызықтағанды жақсы көремін. Жүр, қазір күн батады, тамашалайық.

– Жарайды, бірақ біраз күтуге тура келеді.

– Нені күтеміз?

– Күннің батуын. Алдымен біраз уақыт таңданып тұрдың да, артынан қарқылдап күлген едің.

– Өз планетамда жүр екем деп қалдым.

Расында қызық. Жұрт біледі, Американың сәске түсінде Францияда кеш батып жатады. Егер бір минутта Францияға жете алсаң сұлу кешті және тамашалауға болар еді. Бірақ жер шалғай, Франция өте алыста. Ал сенің планетаңда бәрі басқаша, орындығыңды бірнеше қадамға жылжытсаң болды, қызарып батқан күнді қайта тамашалайсың. Қалауыңша тамашала...

– Қызарып батқан кешті бір күнде қырық рет тамашалағаным бар, – дедің сен күліп.

– Білесің бе, көңіл күйің жоқ кезде күннің батуын тамашалаған жақсы.

– Онда, күнді қырық рет батырған кезіңде көңіл күйің өте жаман болған екен ғой?

Кішкентай ханзада жауап бермеді.

7 бөлім

Бесінші күні, сол баяғы қошақан арқылы Кішкентай ханзаданың бір құпиясын білдім. Ол біраз уақыт ойланып отырды да, басы жоқ, аяғы жоқ бір сұрақты ойда жоқта қойып қалды:

– Қошақан жапырақ жейтін болса гүлді де жейтін болар?

– Көзіне көрінгеннің бәрін жей береді.

– Тіпті тікені бар гүлді де жей ме?

– Иә, тікенге де қарамайды.

– Онда тікеннің не қажеті бар?

Ол жағын мен білмеймін. Қолым да бос емес еді. Мотордың бір бұрандасы қатып қалған екен. Соны айналдыра алмай әлекпін. Көңіл күйім де жоқ, жағдай қиындап барады. Ауызсу бітуге айналды, мұның соңы жақсылыққа апармайды деп уайымдай бастадым.

– Өсімдікке тікеннің не қажеті бар?

Кішкентай ханзаданың бір сұрақ қойса соның жауабын алмай тыншымайтын әдеті бар. Қырсық бұранданың шығатын түрі жоқ, ашу үстінде келте жауап қайырдым:

– Тікеннің түкке де қажеті жоқ. Гүл оны бойдағы ыза мен ашуын көрсету үшін шығарады.

– Солай де.

Үнсіздік орнады. Біраздан соң ренжігендей болып, базынасын айтты:

– Бұл сөзіңе сенбеймін. Гүл деген нәзік жаратылыс. Көңілі кіршіксіз. Өзіне сенімді болу үшін шығарады. Тікенім көп болса айбатты көрінемін деп ойлайды.

Мен ештеңе деген жоқпын. Бұл кезде мен әлі бұрандамен әлекпін: «Осыдан шықпаса балғаны көтеріп, бар пәрменіммен қойып қаламын, быт-шыты шықсын», – деп ойладым. 25, Кішкентай ханзада қайтадан менің ойымды бөлді:

– Сонда сенің ойыңша гүл дегенің...

– Жоқ! Менің ойымда ештеңе жоқ! Аузыма іліккен сөзді айта салдым. Көрмей тұрсың ба, менің қолым бос емес, маңызды шаруам бар! Ол маған таңданып қарады.

– Маңызды шаруам дейсің бе?

Ол әлі де маған қарап тұр. Үсті-басым май, қолымда балға, Кішкентай ханзадаға ұсқынсыз боп көрінген ұшақпен алысып жүрмін.

– Үлкендер сияқты сөйлейді екенсің! – деді маған. Мен ұялып қалдым.

– Ештеңеден хабарың жоқ, шатастыра бересің. Өзің бір түйсігі жоқ адам екенсің.

Кәдімгідей ренжіп қалған сияқты. Басын шайқап еді, алтындай сары шаштарын жел көтерді.

– Мен бір планетаны білемін. Ол жерде бір мырза өмір сүреді. Бет-аузы қып қызыл. Өмірінде гүл иіскеп көрген адам емес. Ешқашан жұлдызға қарамаған. Ешқашан, ешкімді сүйген емес және ешқашан ештеңе істемеген. Таң ертеңнен кешке дейін алысатын бір шаруасы бар: бірдеңені ойша санайды. Таң ертеңнен кешке дейін қайталайтын бір сөзі бар: «Мен өте жұмысбасты адаммын! Жұмысбасты адаммын!» осыны айтып алып, көкірегін мақтаныш кернейді. Ал шындап келсек ол адам емес. Ол саңырауқұлақ.

– Немене?

– Саңырауқұлақ.

Ашуланғаны сонша Кішкентай ханзаданың өңі бозарып кетті.

– Миллиондаған жылдан бері гүлде тікен бар. Соған қарамастан миллиондаған жылдан бері қошақандар оның жапырағын жеп келеді. Сеніңше осының сырын анықтау маңызды шаруа емес пе?! Қошақаннан құтқара алмаса гүлге тікеннің не қажеті бар? Неге сонша тікен шығарып әлек болады? Қошақандар мен гүл атаулының арасындағы бітіспес шайқас мәңгі жүріп жатыр. Сеніңше сол маңызды мәселе емес пе? Мұның қызыл бетті семіз мырзаның есеп-қисабынан әлдеқайда маңызды екенін көрмейсің бе? Менің планетамда бір гүл өседі. Ондай гүл басқа еш жерде жоқ, әлемдегі жалғыз өсімдік. Бір күні менің қошақаным алады да, сол гүлді шайнап жей салады. Ол бейшара өзінің не бүлдіргенін де сезбейді. Осының бәрі сеніңше маңызды емес пе?

Өңі енді қызарып кетті. Біраздан соң қайта сөйледі:

– Бір гүлді жақсы көрсең – оның үстіне ол миллиондаған жұлдыздардың ешбірінде жоқ гүл болса, – соның өзі саған жеткілікті: аспанға бір қарайсың да, бақытты екеніңді сезінесің. «Бір жерде сенің гүлің өсіп тұр, ол тірі...» Ал егер қошақан оны жеп қойса ше? Күллі жұлдыз бір сәтте сөніп қалғандай қасірет емес пе?! Бірақ сеніңше бұл маңызды шаруа емес!

Ызадан булығып сөйлей алмай қалды. Бір кезде еңкілдеп жылап жіберді. Қас қарайды. Жұмысымды тастадым. Бір қызығы, бұл кезде мені қырсық бұранда, бұзылған мотор, судың біткені, ажал таяп келе жатқаны алаңдатқан жоқ. Ол туралы ұмытып та кетіппін. Жер бетінде, планетада, менің планетамда Кішкентай ханзада жылап отыр. Қайткен күнде жұбатуым керек. Балақайды көтеріп алдым да, әлдилей бастадым. Жұбату үшін не айтпады дейсің: «Сен жақсы көретін гүлге қауіп жоқ... Мен сенің қошақаныңа тұмылдырық, ал гүліңе сауыт салып беремін... Мен...» Басқане айтарымды білмедім. Өзімді бір ебедейсіз, есерсоқ дүлей сезіндім. Қалай қуып жетсем екен, алыстап бар ажатқан жанын қалай тоқтатамын. Оның жан дүниесі сондай таза, жұмбақ әрі кіршіксіз әлем...

8 бөлім

Ұзамай ол гүл туралы көбірек біле бастадым. Әуел баста Кішкентай ханзаданың планетасында қарапайым гүлдер ғана өсетін. Бәрінің жапырағы аз, аз орын алады, ешкімге кедергі келтірмейді. Таң ертең ашылып, кешке қарай жабылатын. Ал мына гүлдің ұрығы планетаға қайдан түскені белгісіз. Бір күні кенеттен жапырақ жайды. Кішкентай ханзада оның таңсық өсімдік екенін байқап, бірден үзіп тастамай ақырын күтеді. Баобабтың жаңа бір түрі болып шығуы да кәдік қой? Бірақ бұл өсімдік жоғары қарай өрлеуін тоқтатты, да қауыз шығарды. Кішкентай ханзада бұрынсоңды мұндай алып қауыз көрмепті. Бір ғажайып көрініс боларын сезді. Шақырусыз келген қонағы бірден ашыла салмай, бойдағы күшін жинап, жапырағын құлпыртып, сылаңдана беріпті. Ерекше талғамман түс таңдап жатса керек. Асығып-аптығып, қалай болса солай шыққан көкнәрдің гүліне ұқсамай, өзінің ғажап сұлулығын барынша көрсеткісі келген екен. Иә, оның сондай бір сылаң мінезі бар еді. Қауызын шығарғанымен, гүлін ашпай талай уақыт жүріп алды. Сөйтіп жүргенде бір күні, таң сәріде шыққан күннің шұғыласымен бірге бұл да ашылды.

Сонша уақыттан бері дайындалып, сылаң қаққан перизат гүл керіліп тұрып былай деді:

– Тым ерте оянып алыппын-ау... түрім болса мынау... қалай болса солай шыға салдым... ғафу етіңіз.

Кішкентай ханзада таңданысын жасыра алмады.

– Неткен көрікті едіңіз!

– Рас айтасыз ба? – деді сыбырлап. – Байқадыңыз ба, күнмен бірге шықтым ғой?

Әрине, Кішкентай ханзада оның мақтаншақтау мінезі барын бірден байқады. Дегенмен оның сұлу болғаны сонша, жан дүниеңді төңкереді. Жаңа ашылған гүл бірден сөзге көшті:

– Таңғы астың уақыты екен. Қонағыңызды қалай күтпексіз?

Кішкентай ханзада ыңғайсызданып қалды. Тез арада құмғанын тауып, бұлақтан аққан сумен суғарды.

Кейін білді, гүл асқан сұлу болғанымен мінезі паң әрі өкпешіл екен. Сонысымен Кішкентай ханзаданы әуресарсаңға түсірді. Бойында төрт тікені бар екен, бір жолы ол былай деді:

– Маған десе, жолбарыс келсін, мен олардың тырнағынан қорықпаймын.

– Менің планетамда жолбарыстар жоқ, – деп қарсылық танытты Кішкентай ханзада. – Оның үстіне жолбарыстар шөп жемейді.

– Мен шөп емеспін, – деп ескертті гүл.

– Кешіріңіз.

– Жоқ, мен жолбарыстан қорықпаймын. Бірақ азынап үрген желден қорқамын. Үйңізден бір жамылғы табылмас па екен?

– Өзі өсімдік, бірақ желден қорқады... қызық екен... – деп ойлады Кішкентай ханзада. – Өзі бір мінезі күрделі гүл екен.

– Қас қарайғанда мені қалпақпен жауып қоярсыз. Мына жеріңіз тым салқын сияқты. Жалпы қолайсыз планета екен. Мен келген жерде...

Сөзін аяқтаған жоқ. Бұл планетаға ұрық кезінде келді емес пе?! Басқа әлемдегі өмірді білуі мүмкін емес. Мұндайда өтірік айту орынсыз, ұсталып қалуың мүмкін. Керім гүл ыңғайсызданып қалды да, артынан өтірік жөтелген болды. Кішкентай ханзаданы қыспаққа алмақ болып және сөйледі:

– Жамылғы қайда?

– Сөзіңізді соңына дейін тыңдамай кетіп қалудан ыңғайсыздандым.

Ханзаданың ұяты мазаласын деген болар, раушан гүл одан ары жөтелді. Кішкентай ханзада бұл перизат гүлді қатты ұнатып қалды және оған қызмет етуге дайын еді. Дегенмен оның көңілінде бір күдік пайда болды. Гүлдің әрбір айтқан бос сөзі оның жан дүниесін жаралап, көңілін құлазыта бастады.

– Оның сөзін бекер тыңдаған екем, – деді бір жолы ол маған. – Жалпы гүлдің сөзіне құлақ аспау керек екен. Жай ғана сұлулығына тамсанып, жұпарынан ләззат ала білу керек. Ол гүл менің планетамды құлпыртып, жұпарымен көмкерді. Бірақ соны сезіну менің қолымнан келмеді. Мен әлгі жолбарыс пен оның тырнағы туралы әңгімеге таң қалуым керек еді, бірақ мен ашуландым... Біраз үнсіз отырды да, былай деп қосты:

– Мен ол кезде ештеңе түсінбеппін! Сөзіне емес, ісіне қарай қабылдау керек. Ол маған жұпарын шашты, өміріме сән кіргізіп, жан бітірді. Қашпауым керек еді. Сол бір болмашы түлкі бұлаңның ар жағындағы нәзіктікті көруім керек еді. Гүл мінезі тұрақсыз келеді. Бірақ мен ол кезде жас едім, шын сүю қолымнан келмеді.

9 бөлім

Менің түсінгенім, ол жыл құстарына еріп саяхаттамақ болыпты. Соңғы күні таңертең ол планетасын мұқият тазалап шықты. Жанартауларды тазартты. Оның планетасында екі жанартау бар. Таң ертең оған тамақ жылытуға болады. Одан бөлек тағы бір жанартау бар, бірақ ол ұйқыда жатыр. «Кім біледі, мен жоқта бірдеңе өзгеріп кете ме, дайын болайын деп ұйқыда жатқан жанартауды да тазартып қойдым», – деді. Жанартауды дер кезінде тазалап отырсаң ол бірқалыпты жанады, атылмайды. Жанартау да пеш мұржасы сияқты, тазаламасаң бітеліп қалады. Әрине, біз, жердегі адамдар мұндағы жанартауларды тазалай алмаймыз, өйткені тым кішкентаймыз. Сондықтан жанартаудың зардабын көп тартамыз.

Сосын Кішкентай ханзада планетадағы қылтиып шыққан баобабтарды отап шыққан. Бірақ оның көңілі күпті еді. Өйткені бұл планетаға қайтып оралмауым мүмкін деп ойлады. Перизат гүлін соңғы рет суғарып, бетін қалпақпен жауып жатқан кезінде тамағына өксік тығылды.

– Сау болыңыз, – деді ол. Гүл жауап бермеді.

– Сау болыңыз, – деп қайталады Кішкентай ханзада. Гүл жөтелді, бірақ салқын тиіп жөтелген жоқ.

– Ақымақ болған екем, – деді ол ақыры.

– Кешіріңіз. Мен сізге бақыт тілеймін.

Бұл жолы ештеңеге мінеген жоқ. Кішкентай ханзада бұған таң қалды. Бір сәтке сөз таба алмай, қолындағы әйнек қалпағын қайда қоярын білмей ыңғайсызданып қалды. Сонша нәзік болар ма еді?

– Иә, иә, мен сені жақсы көремін. Бар кінәм сол, сен бұл туралы білген жоқсың. Сен де мен сияқты ақымақсың. Жарайды, енді оның маңызы жоқ. Мен саған бақыт тілеймін... Қалпағыңды жаппай-ақ қой. Енді маған оның керегі жоқ.

– Бірақ жел соқса...

– Сонша нәзік емеспін... Оның үстіне түнгі таза ауаның жөні бөлек, пайдасы мол. Мен гүлмін ғой.

– Дегенмен жан-жануар, жәндік бар...

– Көбелекпен танысқым келсе бір-екі жұлдызқұртқа шыдауым керек емес пе? Ол да бір әсем жаратылыс дейді ғой. Оның үстіне енді маған серік керек. Сен кетіп барасың. Ал жан-жануарыңнан қорықпаймын. Менің де азуым бар.

Сөйтті де өзінің төрт тікенін көрсетті. Кішкентай ханзадаға бір қарап:

– Болды, кетпек болған екенсің, жолыңнан қалма. Төзімді босқа сынамайық.

Ол Кішкентай ханзадаға өзінің көз жасын көрсеткісі келмеді. Табиғатынан паң боп жаратылған гүл емес пе?

10 бөлім

Кішкентай ханзаданың планетасына ең жақын астероидтар аз емес: 325, 326, 327, 328, 329, 330. Сапарын осылардан бастайтын боп шешті. Көрген білгенінен сабақ алмақшы. Алғашқы астероидта бір патша өмір сүреді екен. Үстіне қызылкүрең құндыз терісін жамылған. Тағынан түспейді. Отырысында мін жоқ, ұлық патша секілді.

– Боданым келді! – деп айқай салды патша, Кішкентай ханзаданы көріп.

– Мені қайдан танып тұр? – деп ойлады Кішкентай ханзада. – Алғаш көріп тұр емес пе?

Ол патшалардың өмірге деген көзқарасы тар болатынын білген жоқ: олар үшін жұрттың бәрі – бодан.

– Бері кел, өзіңе жақсылап қарап алайын, – деді патша біреуге әмір бере алғанына масаттанып.

Кішкентай ханзада отыратын жер бар ма екен деп төңірекке көз салды. Бірақ патшаның құндыз шапаны күллі планетаны жауып тұр екен. Амал жоқ, жолдан қажып келсе де аяқ созып отыра алмады. Шаршағаны сонша, есінеп алды.

– Әдеп бойынша патша алдында есінеуге болмайды, – деді патша. – Есінеуге тыйым саламын.

– Байқамай қалдым, – деді Кішкентай ханзада, ыңғайсызданып. – Алыс жолдан келдім, көз ілмеп едім...

– Онда мен саған есінеуді бұйырамын, – деді патша. Біреудің есінегенін көрмегеніме талай жыл болып еді. Маған да қызық болып тұр. Сонымен, есіне! Әмір етемін.

– Есінеп болдым... қайталай алмаймын... – деді Кішкентай ханзада қызарып.

– Ммм... Онда... онда мен саған бірде есінеп, бірде есінемеуді бұйырамын.

Патша сөзінен жаңылып, біртүрлі ренжігендей болды.

Патша үшін әмірінің орындалмауынан асқан қандай қасірет бар?! Олар ондайға төзе алмайды. Оның үстіне бұл патша мұндағы абсолютті монарх. Дегенмен жүрегінің түбінде мейірімді адам, ақылға қонымды нәрсені ғана бұйырады.

– Егер мен өзімнің генералыма шағалаға айналып, теңіз бетін кезуді бұйырсам және генерал мұндай бұйрықты орындаудан бас тартса кім кінәлі болады? Әрине мен.

– Отыруға бола ма, – деп сұрады Кішкентай ханзада.

– Бұйырамын, отыр! – деді көтеріңкі дауыспен патша, шапанының етегін түріп.

Кішкентай ханзада әлі ештеңенің байыбына жете алмай тұр. Қайдағы патшалықты айтып отыр деп аң-таң.

– Мәртебелі тақсыр, – деп бастады ол, – сұрақ қоюға бола ма?

– Бұйырамын, сұрақ қой! – деп аптыға сөйледі патша.

– Мәртебелі тақсыр, сонда сіздің патшалығыңыз қайда?

– Барлық жерде, – деп жауап берді патша.

– Барлық жерде?

Патша саусағын шошайтып, алдымен өз планетасын, сосын басқа да планеталарды, жұлдыздарды көрсетті.

– Бәрі сіздікі ме? – деп сұрады Кішкентай ханзада.

– Иә. Мен абсолютті монарх болғандықтан билігімнің шеті мен шегі жоқ.

– Жұлдыздар да сізге бағына ма?

– Әрине, – деп жауап берді патша. – Жұлдыздар маған толық бағынады. Бағынбасқа амалы да жоқ. Мен ондайға төзбеймін.

Кішкентай ханзаданың таңданысында шек жоқ. «Мұнша құдыретті болар ма еді. Менің де сондай билігім болса күннің батуын қырық төрт рет емес, жетпіс екі рет, тіпті жүз немесе екі жүз рет тамашалар едім. Ондайда орындығыңды жылжытып та әуре болмайсың», – деп ойлады. Сол сәтте оның көңілі табан асты бұзылды. Өйткені өз планетасы есіне түсті. Ойын жинап, бойын жинап, патшаға былай деді:

– Мен күннің қызарып батқанын көргім келіп тұр. Өтінемін, күнге бұйрық беріңізші.

– Егер генералдарымның біріне көбелекке айналып, гүлден гүлге қонып қаңғалақта, немесе шағалаға айналып, теңіз бетін шарла деп бұйырсам, генерал оны орындаудан бас тартса, кім кінәлі болады – ол ма, мен бе?

– Сіз, мәртебелім, – деп жауап берді Кішкентай ханзада кідірместен.

– Тап солай. Әркімге қолынан келетін істі ғана бұйыру керек. Билік – ақылға қонымды болған кезде ғана билік. Халқыңа жаппай теңізге секіріңдер деп бұйыратын болсаң олар революция жасайды. Жұрт маған не үшін бағынады? Өйткені менің бұйрығымның бәрі ақылға қонымды.

– Сонда күннің батқанын көре алмаймын ба? – деп сұрады Кішкентай ханзада, қадалған жерінен қан алмай қоймайтын әдетімен.

– Неге көрмейсің, көресің. Күнге қызарып бат деп бұйрық беремін. Бірақ ол үшін бұйрыққа қолайлы сәтті күту керек. Әміршінің даналығы осыда.

– Сонда қолайлы сәт қашан туады?

– Қазір, – деді патша, қалың күнтізбесін ақтарып жатып. – Бүгін бұл сағат жеті қырықта болады. Жеті қырықта менің әмірімнің қалай орындалғанын көресің.

Кішкентай ханзада есінеді. Мұнда қалаған уақытта күннің батуын тамашалай алмайтының жаман екен деп ойлады ішінен. Біртүрлі іші пыса бастады.

– Мен кетейін, – деді Кішкентай ханзада патшаға. – Мұнда басқа шаруам жоқ.

– Қал! – деді патша. Бағынышты біреуді тапқанынан қуанғаны сонша, енді одан айырылғысы келмеді. – Қал, мен сені министр етіп тағайындаймын.

– Ненің министрі?

– Мәселен... әділет министрі.

– Бірақ мұнда сотталатын ешкім жоқ қой.

– Кім айтты? – деп қарсылық танытты патша. – Мен әлі патшалығымды толық аралап шыққан жоқпын. Қартайып қалыппын, жаяу жүргенге денсаулығым жарамайды, күймеге отырайын десем планетама күйме сыймайды.

Кішкентай ханзада төмен иілді де планетаның екінші жағын қарады.

– Мен қарап шықтым, екінші бетінде де ешкім жоқ.

– Онда өзіңді өзің сотта, – деді патша. Ең қиын шаруа осы. Біреуді соттағаннан өзіңді соттау әлдеқайда қиын іс. Өзіңді әділ соттай алсаң ғана нағыз дана болғаның.

– Өзімді соттау үшін бұл жерде қалудың қажеті қанша? Кез келген жерде жүріп те соттай аламын.

– Ендеше... планетамның бір бұрышында тышқан бар сияқты. Түні бойы тықырлатып шығады. Сол кәрі тышқанды соттауыңа болады. Қаласаң өлім жазасына кес. Тышқанның тағдырын сенің қолыңа берейін. Бірақ ескертемін, артынан ақтап алуыңа тура келеді. Жалғыз тышқанды өлтіре салуға болмайды.

– Өлім жазасын жек көремін, – деді кішкентай ханзада. – Жарайды, мен жолымнан қалмайын.

– Жоқ, болмайды, – деді патша.

Кішкентай ханзада кетуге айналып тұр, бірақ кәрі патшаны ренжіткісі келмеді.

– Бұйрығыңыз екі етпей орындалсын десеңіз маған ақылға қонымды бұйрық беруіңізді сұраймын. Мәселен маған уақытты бекер өлтірмей, тезірек жолға шық деп айтыңызшы. Меніңше сондай бұйрыққа қолайлы сәт туып тұрған сияқты...

Патша үнсіз қалды, Кішкентай ханзада аз уақыт кідіріп тұрды да, амалсыз аттанып кетті.

– Сені елші етіп тағайындаймын. Аттан, – деп айқайлады патша артынан. Жүзінде бұйрығының бұлтартпай орындаларына сенімділік бар.

«Ересектер қызық халық», – деп ойлады ханзада кетіп бара жатып.

11 бөлім

Екінші планетада асқан даңғой, атаққұмар өмір сүретін еді.

Даңғойлар жұрттың бәрі – маған тамсанады деп ойлайды.

– Қайырлы күн, – деді Кішкентай ханзада. – Қалпағыңыз қандай әдемі. –

– Алғыс айту үшін сондай, – деді даңғой. Жұрт мені мақтаған кезде иіліп алғыс айтамын. Өкінішке қарай мұнда ешкім келмейді.

– Солай ма? – деді кішкентай – ханзада, мәселенің байыбына бара алмай.

– Екі қолымен шапалақ ұршы, – деді мақтансүйер.

Кішкентай ханзада шапалақ ұрды. Әлгі даңғой қалпағын шешіп, иіліп алғыс айтты.

– Кәрі патшаның планетасына қарағанда мына жер қызық екен, – деп ойлады ханзада.

Сөйтті де қайтадан шапалақ ұрды. Әңгүдік даңғой қайтадан иіліп, сәлем берді. Бұл көрініс бес минут қайталанды. Ханзада бірнеше рет шапалақ ұрды. Мақтансүйгіш бірнеше рет бас изеді. Кішкентай ханзаданың іші пыса бастады.

– Қалпақ құлап түсу үшін не істеу керек, – деп сұрады ол.

Бірақ даңғой оны естіген жоқ. Мақтансүйерлердің бәрі саңырау келеді. Олар мақтаудан басқаны ести алмайды.

– Сен расында менің табынушымбысың? – деп сұрады мақтансүйер.

– Табынушы дейсіз бе?

– Иә, менің бұл планетадағы ең көрікті, ең беделді, ең бай адам екенімді мойындап, сұлулығыма бас иесіз бе?

– Бұл планетада сізден басқа ешкім жоқ емес пе?

– Мейлі, сонда да мені мақташы, тамсанып таңдай қақшы, бір марқайып қалайын.

– Жарайды, тамсанайын, – деді Кішкентай ханзада иығын көтеріп. – Одан сізге келіп-кетер пайда бар ма?

Кішкентай ханзада мұнда бұдан ары бөгеле алмады, кетіп қалды.

– Рас қой, үлкендер қызық халық, – деп ойлады аттанып бара жатып.

12 бөлім

Келесі планетада маскүнем тұрады екен. Кішкентай ханзада мұнда да көп бөгелмеді. Бірақ көргені көңіліне қатты әсер етті. Ханзада бұл планетаға аяқ басқан кезде маскүнем бос жатқан бөтелкелері мен ашылмаған шөлмектеріне телміріп үнсіз отыр екен.

– Не істеп отырсың? – деп сұрады Кішкентай ханзада.

– Ішіп отырмын, деп бұрқылдады маскүнем.

– Не үшін?

– Ұмыту үшін.

– Нені ұмыту үшін? – деп сұрады Кішкентай ханзада, маскүнемге жаны ашып.

– Ұятым қысады, соны ұмытқым келеді – деді маскүнем басын салбыратып.

– Ұятың неге қысады? Неден ұяласың? – деп сұрады Кішкентай ханзада, маскүнемге қол ұшын созғысы келіп.

– Ішетінім үшін ұяламын, – деді ол қайтадан басын салбыратып. Бұдан ары сөйлеуге шамасы келмеді.

Кішкентай ханзада ештеңе түсінбеген күйі қайтадан жолға аттанды.

– Рас қой, ересектерді түсіну мүмкін емес, қызық халық, – деп ойлады ол.

13 бөлім

Төртінші планетада бір іскер адам тұратын. Жұмысбастылығы сонша, Кішкентай ханзада келгенде басын көтеруге мұршасы келмеді.

– Қайырлы күн, – деді Кішкентай ханзада. – Шылымыңыз сөніп қалыпты.

– Екі де үш – бес. Бес те жеті – он екі. Он екі де үш – он бес. Қайырлы күн. Он бесте жетіжиырма екі. Жиырма екі де алты – жиырма сегіз. Сіріңке тұтатуға уақыт жоқ. Жиырма алты да бес- отыз бір. Уфф. Сонда болады бес жүз миллион, алты жүз жиырма екі мың жеті жүз отыз бір.

– Ненің бес жүз миллионы? Не есептеп отырсыз?

– Әлі кетпегенбісің? Бес жүз миллион.... Жұмысымның көптігі сонша не есептеп отырғанымды да ұмытып қалдым. Мен өте жұмысбасты адаммын. Бос сөзге уақыт жоқ. Екі де бес- жеті.

– Не санап отырсыз? – деді Кішкентай ханзада, қадалған жерінен қан алмайтын әдетіне салып.

Іскер адам басын көтеріп қарады.

– Бұл планетада тұрып жатқаныма елу төрт жыл болды. Осы елу төрт жылда менің жұмысы- – ма үш-ақ рет бөгет жасалды. Алғашқысы осыдан жиырма екі жыл бұрын болды. Қайдан пайда болғанын, бір зауза қоңызы пайда болды. Ызылдап, планетамды басына көтеріп, соның кесірінен көбейтуден жаңылып, төрт жерден қате жібердім. Екіншісіосыдан он жыл бұрын. Буындарым сырқырап ауырып қалдым. Жұмыстың бәрін отырып істеймін, отыра берген соң неше түрлі ауру пайда болады екен. Қайтем енді, серуендеуге уақыт жоқ. Жұмысбасты адаммын. Үшінші кедергі сенсің. Сонымен қанша болып еді, бес жүз миллион...

– Ненің бес жүз миллионы? Ненің есебі?

Жұмысбасты адам, Кішкентай ханзададан оңайлықпен құтыла алмайтынын түсінді.

– Әлгі кішкентай бәле, ауада көрінетін...

– Шыбынды айтасыз ба?

– Жоға, кішкентай ше, кейде жарқырайды.

– Ара ма?

– Жоға. Өзі кішкентай, жылтырайды. Еріншек атаулының бәрі соған қараса болды, әрдеңені армандап кетеді. Бірақ мен жұмысбасты адаммын. Армандауға уақыт жоқ.

– Жұлдыз ба?

– Дәл өзі. Жұлдыз.

– Бес жүз миллион жұлдыз? Оның бәрін санап қайтесің?

– Бес жүз миллион, алты жүз жиырма екі мың жеті жүз отыз бір. Мен іскер адаммын. Нақтылықты жақсы көремін.

– Оның бәрін санап қайтесің?

– Қайтесің дейсің бе?

– Иә.

– Ештеңе істемеймін. Мүлкімді санап жатырмын.

– Мүлкімді дейсіз бе?

– Иә.

– Мен бір патшаны білемін, оның айтуынша жұлдыз атаулының бәрі...

– Патшалар айта береді. Олар бәріне билік етуі мүмкін, ал мен бәріне иелік етемін. Бұл екеуі екі бөлек нәрсе.

– Оның бәрін иемденіп қайтесіз?

– Бай болу үшін.

– Байлық сізге неге керек?

– Келесі бір жұлдыздарды сатып алу үшін керек. Жаңадан ашылған жұлдыздарды.

«Сөзінің қисыны әлгі маскүнемнің сөзжұмбағына ұқсайды екен», – деп ойлады Кішкентай ханзада. Сөйтті де ары қарай сұрай бастады:

– Сонда жұлдыздарды қалай иемденесіз?

– Сеніңше мұның бәрі кімдікі?

– Білмеймін. Ешкімдікі емес.

– Демек менікі. Өйткені оны алғаш мен иемдендім. Менің ойыма бірінші келді.

– Алғаш иемденсеңіз сіздікі болып кете ме?

– Әрине. Мәселен сен иесі жоқ қазына тауып алсаң, ол сенікі болады емес пе? Иесі жоқ арал тапсаң да сенікі болады. Немесе бір күшті ой келсе, ақыл тауып кетсең және соны патенттеп алсаң ол да сенікі. Сол сияқты мен де жұлдыздарды иемденіп отырмын. Өйткені маған дейін бұл ешкімнің ойына келмеген.

– Оныңыз рас, ешкімнің ойына келмепті, – деді Кішкентай ханзада. Сонда ол жұлдыздарды қайтпексің?

– Басқарамын. Санаймын, есептеймін, қайта санаймын. Бұл оңай шаруа емес. Мен бір ерігіп жүрген адам емеспін.

Кішкентай ханзада бұл жауапқа қанағаттанған жоқ.

– Мысалы менің жібек орамалым бар. Мен оны мойныма орап алып әкете аламын. Немесе үйде гүлім бар, оны да үзіп әкете аламын. Бірақ сен жұлдыздарды өзіңмен алып жүре алмайсың ғой?

– Жоқ, бірақ мен оны банкке сақтап қоя аламын.

– Қалай?

– Иелігімде қанша жұлдыз бар екенін бір қағазға жазамын. Сөйтем де ол қағазды жәшікке салып, сейфке сақтап қоямын.

– Сол-ақ па?

– Сол-ақ.

– Қызық екен! – деп ойлады Кішкентай ханзада. – Менің бір гүлім бар. Мен оны күнде суғарамын. Одан бөлек үш жанартауым бар. Оларды да апта сайын тазалап отырамын. Гүлге де, жанартауға да менен пайда бар. Оларға менің иелігімде болғаны тиімді. Ал жұлдыздарға сенен қандай пайда бар?

Жұмысбасты адам сөйлейін деп аузын ашты, бірақ аузына сөз түспеді. Ал Кішкентай ханзада ары қарай жолға аттанды.

– Жоқ, расында үлкендер біртүрлі халық, – деп ойлады ішінен.

14 бөлім

Бесінші планетада орын жоқ екен. Өйткені ол ең кішкентай планета болып шықты. Мұнда тек шам мен оны жағатын шырақшы сияды екен.

Кішкентай ханзада бұған қатты таң қалды. Аспанда адасып жүрген кіп-кішкентай планета. Не үй жоқ, не тұрғындары жоқ мекенге шам мен шырақшының не қажеті бар? «Дегенмен мәнсіз тірЛік деп айта алмаймын. Әлгі патша, мақтансүйгіш, есепші мен маскүнемнің тірлігімен салыстырғанда мағынасыз дей алмайсың. Мәселен шырақшы шам жаққанда бір жұлдыз пайда болғандай немесе бір гүл бүр жарғандай болады. Ал шамды өшірген кезде жұлдыз бен гүл ұйықтағандай болады. Керемет амал емес пе? Мәнсіз тірлік деп айта алмайсың, себебі мұнда сұлулық бар», – деп ойлады Кішкентай ханзада.

– Қайырлы күн, – деп бастады сөзін. – Шамды неге сөндірдің?

– Келісім сондай. Қайырлы таң.

– Ол қандай келісім?

– Шамды өшіру. Қайырлы кеш. Сөйтті де шамды өшіріп тастады.

– Оны неге қайтадан өшірдің?

– Келісім сондай, – деп қайталады шырақшы.

– Түсіне алмадым, – деді Кішкентай ханзада.

– Түсінетін несі бар, келісім болған соң сөндірдім, – деді де шамын сөндірді. Сөйтті де орамалын алып, маңдайын сүртті.

– Бұл менің міндетім. Бір заманда мәнді іс еді. Таң ертең шамды сөндіріп, кешке жағатын едім. Күндіз жеке шаруаларымды атқарып, демаламын. Түнде ұйқымды қандырамын...

– Сосын келісім өзгеріп кетті ме?

– Келісім өзгерген жоқ. Бар мәселе сода боп тұр. Менің планетам жылдан жылға тез айналатын боп кетті. Ал келісім сол күйі қалып қойды.

– Сонда қалай? – деп сұрады Кішкентай ханзада.

– Былай. Қазір менің планетам бір минутта бір рет айналады. Мен демалып үлгермеймін. Шамды сөндіріп болған соң, қайтадан жағуға әрекет жасаймын.

– Қызық екен. Сонда сенің бір күнің бір минутқа ғана созыла ма?

– Қызық ештеңесі жоқ. Екеуіміздің әңгімелесіп отырғанымызға бір ай болды, – деді шырақшы.

– Бір ай?

– Иә, отыз минут. Отыз күн. Қайырлы кеш.

– Сөйтті де қайтадан шамды жаға бастады.

Бір кезде күннің батуын тамашалау үшін орындықты қайта-қайта жылжытқан кездері есіне түсті. Кішкентай ханзада уәдесіне берік шырақшының адалдығына сүйсіне бастады әрі оған көмектескісі келді.

– Бері қара, мен бір ақыл таптым. Тынығып алғың келе име?

– Әрине, мен қатты шаршап жүрмін.

– Сенің планетаң өте кішкентай. Үш рет аттасаң бір айналып шығасың. Үнемі жүріп отыратын болсаң күндізгі уақытты ғана көресің. Яғни демалғың келсе тоқтамай жүре бер, сонда кеш батпайды. Жүре бер, жүре бер... Сонда сенің күнің өзің қалаған уақытқа дейін созыла береді.

– Одан маған келіп-кетер пайда қанша? Жүрген адам ұйықтай ала ма?

– Ендеше жағдайың қиын екен, – деді Кішкентай ханзада.

– Жағдайым қиын, – деді шырақшы. – Қайырлы таң. Сөйтті де шамды сөндіруге кірісті.

«Өзгеше адам екен» – деп ойлады Кішкентай ханзада. «Патша да, мақтансүйер де, маскүнем де, іскер де оны ақымақ деп жақтырмас еді. Меніңше бұлардың арасындағы ең дұрысы осы шырақшы. Қалай дегенмен қара басын ойлап жүрген адам емес». «Әттең, дос болатын-ақ адам екен. Бірақ оның планетасы өте тар, екі адам симайды...» Кішкентай ханзадаға бұл планетаның тағы бір ұнаған жері бар. Мұнда күннің батуын жиырма төрт сағатта мың төрт жүз қырық рет тамашалауға болады.

15 бөлім

Алтыншы планета шырақшының жерінен он есе үлкен екен. Мұнда том-том кітап жазатын бір – қария өмір сүреді.

– Қараңдар. Саяхатшы келді! – деп айқайлады ол, Кішкентай ханзаданы көріп.

Кішкентай ханзада тынығып алмақ болып, орындыққа жайғасты. Талай жерді шарлады.

– Қайдан келесің? – деп сұрады қария.

– Қолыңыздағы қалың кітап не туралы? Немен айналысасыз? – деп сұрады Кішкентай ханзада.

– Ғалыммын.

– Қандай ғалымсыз?

– Жағрафия саласының маманымын, географ. Өзен мен теңіз, қала мен тау, шөлдердің қайда екенін білетін ғалыммын.

– Мәссаған. Өте керекті іс қой.

Сөйтті де оның планетасына жақсылап көз тастады. Себебі бұрын соңды мұндай алып планетаны көрген емес.

– Планетаңыз көрікті екен. Мұнда теңіз бар ма?

– Ол жағын білмеймін, – деді ғалым.

– Қалай? – деп таңданды балақай. – Тау бар ма?

– Білмеймін, – деді тағы.

– Ендеше өзен-көлдер, қала, шөл бар ма?

– Оны да білмеймін.

– Географ емес пе едіңіз?

– Дәл солай, – деді қария. Мен саяхатшы емеспін, географпын. Маған қазір саяхатшы керек. Өзен-көлдер, теңіз бен тау, шөл мен қаланы біз анықтамаймыз. Біз ғалымбыз – жер кезіп, қаңғырып жүретін жеңілтек адам емеспіз. Ол тіпті бөлмесінен шықпауы керек. Саяхатшыларды қабылдап, солардың сипаттауы бойынша өзен-көлдерді, тауларды қағазға түсіреді. Әңгіме арасынан қызықты бір дерек байқаса сол туралы сұрап, анық-қанығын білуге тырысады. Әлгі саяхатшының адамгершілігін тексереді.

– Не үшін?

– Өйткені егер ол саяхатшыңыз қып-қызыл өтірікші болып шықса жағрафия оқулықтарының бәрі қате жазылып кетеді. Мәселесен ішімдікке жақын болмауы керек.

– Неге?

– Өйткені мас адамның көзі бұлдырап дұрыс көрмейді. Бір тауды екеу қып көреді.

– Иә, бір маскүнемді білемін, одан жөні түзу саяхатшы шықпайды.

– Әбден мүмкін. Тіпті ол саяхатшы дұрыс адам болып шықса да оның дерегін тексеру керек.

– Қалай тексереді? Барып көре ме?

– Жоқ, өйтіп тексеру тым қиын шаруа. Ол үшін саяхатшыдан көргенін дәлелдейтін дерек сұраймыз. Мәселен үлкен тауды кезіктірген болса сол таудан үлкен тастар ала келсін.

Сөйтті де Кішкентай ханзададан сұрай бастады:

– Сен де саяхатшы емессің бе? Алыс жолдан келдің. Өз планетаң туралы айтып берші.

Сөйтті де қалың дәптерін ашып, қолына қарындаш алды. Саяхатшылардың әңгімесі алдымен қарындашпен жазылады екен. Саяхатшы өз сөзіне дәлел келтірген соң ғана оны қаламмен бастырып шығады.

– Ал тыңдап тұрмын, – деді ғалым.

– Қызық ештеңе айта алмаспын, – деді Кішкентай ханзада. – Менің планетам өте кішкентай. Үш жанартау бар. Оның біреуі ұйқыда жатыр. Дегенмен біржола ұйықтап қалды демеймін...

– Әрине, оянуы да мүмкін, – деді географ.

– Одан бөлек, менің бір гүлім бар.

– Біз гүлдерді тіркемейміз, – деді географ.

– Неге, гүл деген ғажап емес пе?

– Ол эфемерлі жаратылыс, тұрлаусыз дүние.

– Ол қалай?

– Жағрафия кітабы әлемдегі ең құнды еңбекке жатады, – деп түсіндірді ғалым. – Ол ешқашан ескірмейді. Мәселен таудың орнынан қозғалуы немесе мұхиттың тартылуы өте сирек құбылыс қой. Біз мәңгі тұратын дүниелер туралы ғана жазамыз.

– Дегенмен ұйқыдағы жанартау оянуы мүмкін ғой? – деп сөзін бөлді Кішкентай ханзада. – Эфемерлі жаратылыс дегеніңізді түсінбедім.

– Бізге, яғни георграфтарға оның ұйқыда немесе ояу жатқаны емес, тау болғаны маңызды. Тау өзгермейтін дүние.

– Ал «эфемерлі» дегеніміз не? – деп сұрады Кішкентай ханзада, қадалған жерден қан алмай қоймайтын әдетімен.

– Біраз уақыттан соң жоғалып кететін жаратылыс деген сөз.

– Сонда менің гүлім жоғалып кете ме?

– Әрине.

«Менің гүлім, сұлулығым, көзімнің қуанышы баянсыз екен, – деді ішінен Кішкентай ханзада, бұл әлемнің алдында қорғансыз жаратылыс. Көрсетер жалғыз айбаты – бойындағы төрт тікені. Ал мен оны тастап кеттім. Енді ол планетамда жападан жалғыз қалды».

– Енді қайда барсам болады, – деп сұрады ол географтан.

– Жерге қарай жүр, – деп жауап қатты ол.

– Жер туралы аңыз көп...

Кішкентай ханзада жолға шықты. Бірақ көңілі өз планетасында, жалғыз қалған гүлінде.

16 бөлім

Сонымен жетінші планетаға келіп қонды. Жер – алып мекен екен. Мұнда жүз он бір патша бар. Жеті мың географ, тоғыз жүз мың жұмысбасты, жеті жарым миллион маскүнем, үш жүз он бір мың мақтансүйер – жалпы саны екі миллиард ересек адам бар. Жердің қандай алып екенін сипаттау үшін айтайын, электр жарығы пайда болғанша мұндағы алты құрлықта шам жағып отыратын үшін төрт жүз алпыс екі мың бес жүз он бір шырақшы болған. Сырттан қарағанда бұл бір ғажап көрініс еді. Шырақшының бәрі балет бишілері секілді асқан үйлесімділікпен біркелкі қимылдайтын. Алғаш болып Жаңа Зеландия мен Австралия шырақшылары іске кіріседі. Шамдарды жағып болған соң өздері ұйқыға кетеді. Одан кейін Қытай шырақшыларына кезек келеді. Өнер көрсетіп болған соң олар да сахна сыртына кетеді. Бұлардан соң Ресей мен Үнді елінің кезегі келеді. Сосын – Африка мен Еуропа. Сосын – Солтүстік Америка. Бір қызығы ешкім қателеспейді, бәрі өз уақытында сахнаға шығады. Керемет өнер еді. Екі шырақшының ғана жұмысы жеңіл. Оның бірі Солтүстік белдеуде, екіншісі Оңтүстік белдеуде тұрады. Олар жылына екіақ рет шам жағады. Қалған уақытта алаңсыз демалады.

17 бөлім

Кейде әңгімеге беріліп кетіп, арасына өтірік қосып жіберетін кездерің болады. Шырақшылар туралы айтқан кезде ақиқатқа аздап қиянат жасадым. Жер планетасын білмейтіндер ол туралы жаңсақ ойлап қала ма деп қауіптенемін. Жердегі адамның алатын орны аса көп емес. Егер жердің екі миллиард тұрғыны митингке жиналғандай бір жерге топтанып тұрса олардың бәрі ұзындығы жиырма миль, кеңдігі жиырма миль кеңістікке сыйып кетер еді. Бүкіл адамзатты Тынық мұхиттағы ең кішкене аралдардың біріне иық тірестіріп қоюға болады. Әрине ересектер бұл сөзге сенбейді. Олар өздерін баобаб сияқты алыппыз деп елестетеді. Бірақ сіз оған нақты есепке жүгініп көріңіз деп кеңес беріңіз. Қуана қуана келіседі, өйткені олар есепті жақсы көреді. Бірақ сіз оған уақыт жоғалтпайсыз. Түкке қажеті тірлік. Өйткені маған сенесіз.

Сонымен Кішкентай ханзада жерге түскен кезде тірі жан кезіктірмейді. Таңданысы сонша, адасып басқа планетаға кетіп қалған жоқпын ба – деген ойға қалды. Сөйтіп тұрғанда құм арасынан оратылған бірдеңе қимылдады.

– Қайырлы кеш, – деп көрді Кішкентай ханзада, не екенін түсінбей.

– Қайырлы кеш, – деді жылан.

– Қай планетаға келдім?

– Бұл Жер, – деді жылан. – Африка.

– Солай ма? Сонда жерде адам жоқ па?

– Бұл шөл дала. Шөлді жерде ешкім болмайды. Жер үлкен ғой.

Кішкентай ханзада бір тастың үстіне отырды да, аспанға қарады.

– Жұлдыздардың неге жарқырайтынын білгім келеді, – деді ойланып. – Бәлкім, күндердің күнінде әркім өз жұлдызын тапсын дейтін болар. Ананы қара, бұл менің планетам – тура біздің үстімізде тұр... Сөйте тұра өте алыс.

– Әдемі планета екен, – деді жылан. – Мұнда неге келіп едің, не істемексің?

– Гүліммен тіл табыса алмадым, – деп мойындады бұл жолы Кішкентай ханзада.

– Солай ма? Екеуі де үнсіз қалды.

– Сонда адамдар қайда? Шөл далада жалғызсырайды екенсің, – деді Кішкентай ханзада.

– Адамдардың арасында да жалғызсырайсың. Кішкентай ханзада жыланға жалт қарады.

– Біртүрлі жаратылыс екенсің, саусақтай ғана бітімің бар.

– Денеме мән берме, қауқарым бас бармағыңды он орайды.

– Расымен сондай мықтысың ба? Аяғың жоқ, қолың жоқ, сапар шегетін күйің жоқ сияқтысың.

– Қаласаң, сені кеме сияқты сүйреп әкете аламын, – деді жылан.

Сөйтті де әп сәтте оратылып, Кішкентай ханзаданы қоршап алды.

– Тұмсығымды бір тигізсем кім болса да келген жағына қайтады. Бірақ сен жаны таза адам екенсің, әрі жұлдыздардан келіпсің... Кішкентай ханзада жауап бермеді.

– Менің саған жаным ашиды, – деп жалғады сөзін жылан. – Мұнда сен дәрменсізсің. Жердегі тіршілік өте қатал. Қаттылығы гранит тастай. Күндердің күнінде мұнда келгеніңе өкінерсің. Сол кезде күнің маған түседі. Мен саған көмектесе аламын.

– Мен сені түсіндім, – деді Кішкентай ханзада. – Неге үнемі жұмбақтап сөйлейсің?

– Өйткені өзім де бар жұмбақ шешкенді ұнатамын. Өмірімді соған арнағам.

18 бөлім

Кішкентай ханзада шөл даланы кезіп жүрді, бірақ ешкімді жолықтырмады. Жол бойы кезіктіргені бір ғана кішкентай гүл. Қып қысқа сабағында үш-ақ түйір жапырағы бар екен. Басқа ештеңе көрінбейді...

– Сәлем, – деді Кішкентай ханзада.

– Сәлем, – деп жауап берді гүл.

– Бұл жердің адамдары қайда? –

Гүл өз өмірінде бір-ақ рет адам көрген екен, талай уақыт бұрын осы маңнан керуен өтіпті.

– Адам дейсіз бе? Қателеспесем жерде алты немесе жеті-ақ адам бар. Талай жыл бұрын көрген едім. Бірақ оларды қайдан іздеу керегін білмеймін. Жел айдап кеткен болар. Адамның тамыры болмаған соң қиын ғой.

– Сау бол, – деді Кішкентай ханзада.

– Сау бол, – деді гүл.

19 бөлім

Кішкентай ханзада биік бір тауға өрлеп шықты. Бұрын соңды тау көрмеген еді. Өз планетасындағы жанартаулары бар, бірақ олардың биіктігі тізеден келеді. Сөнген жанартауды орындық ретінде пайдаланады. «Мынадай биік таудың ұшар басына шықсам жердегі адамның бәрі көрінетін шығар», – деп ойлады ол. Бірақ қиыр-қиыр жартастар мен биік шыңдардан басқа ештеңе көрінбеді.

– Қайырлы күн, – деді ол, төңіректе біреу-міреу боп қала ма деген үмітпен.

– «Қайырлы күн, күн...күн» – деп сөз қайырды жаңғырық.

– Кімсіз? – деп сұрады ханзада.

– «Кімсіз? Кімсіз? Кімсіз?», – деді жаңғырық.

– Дос болайық. Әйтпесе жалғызбын, – деп көрді Кішкентай ханзада.

– «Жалғызбын. Жалғызбын. Жалғызбын ...» деген дауыс жетті өзіне.

«Біртүрлі планета екен! – деп ойлады Кішкентай ханзада, – Өзі құрғақ, төңіректің бәрі үшкір жартас пен ашы тұз. Адамының да қиялы шолақ сияқты. Бірдеңе десең сөзіңді қайталаудан ары асалмайды. Үйімде бір гүлім бар, жалғыз қуанышым, соның өзі сөздің түбін түсіретін».

20 бөлім

Кішкентай ханзада тау мен тасты кезіп көп жүрді, құмнан өтіп, қарға жетті. Сөйтіп жүріп жол тапты. Жолдың бәрі адамға апарады екен.

– Қайырлы күн, – деді ол.

Алдында мың сан раушан жайқалған бақша тұр.

– Қайырлы күн, – деді жамырап раушандар.

Мұндағы гүлдің бәрі Кішкентай ханзаданың планетасындағы жалғыз раушаннан аумайды екен.

– Кімсіңдер? – деп сұрады ол таңданып.

– Біз раушанбыз, – деп жауап берді гүлдер.

– Солай ма еді? – деді күбірлеп кішкентай ханзада.

Өзі бір сәтке ыңғайсызданып та қалды. Өйткені оның сұлуы «күллі әлемде жалғызбын. Мендей жаратылыс басқа еш жерде жоқ» деп еді. Бір ғана бақшадан бес мың раушан көріп тұр. «Мыналарды көрсе менің гүлімнің көңілі құлазып қалар еді», – деп ойлады ол. Өзін өзі ұстай алмай, жөтеліп, құлап қалар ма еді. Ал мен оның асты-үстіне түсіп, жағдайын жасар едім. Ондайда көңіл бөліп, көңіліне демеу болмасаң шынымен өліп қалуы мүмкін. Мен де солай ойладым. Мұндай гүл басқа еш жерде жоқ. Менің бақшамда ғана өсіп тұр. Сөйтсем оным кәдімгі раушан екен. Барым да, нарым да сол. Жалғыз гүлім мен үш жанартауым бар. Оның да біреуі сөніп қалған. Осыдан кейін менің қай жерім ханзада?...»

Сөйтті де шөпке жата қалып жылады.

21 бөлім

Сол кезде оның маңына бір түлкі келді.

– Сәлем, – деді ол.

– Сәлем, – деді Кішкентай ханзада жан жағына қарап, бірақ ешкімді көрмеді.

– Мұндамын, – деген дауыс естілді, алма ағашының түбінен.

– Кімсің? Сондай әдемі жаратылыс екенсің.

– Мен түлкімін.

– Ойнайсың ба? Әйтпесе ішім пысып, көңілім құлазып тұр.

– Мен сенімен ойнай алмаймын. Қолға үйретілмегем.

– Кешір онда, – деді Кішкентай ханзада. – Айтпақшы, қолға үйрету деген не?

– Бұл жердің адамы емес сияқтысың? Мұнда қайдан жүрсің?

– Адам іздеп жүрмін. Қолға үйрету деген не?

– Адамдардың қолында қару болады. Олар сол қарумен аңға шығады. Бұл жақсы емес. Бірақ олар тауық асырайды. Сол жерін ғана құрметтеймін. Тауық іздеп жүр ме едің?

– Жоқ, – деді Кішкентай ханзада. – Мен дос іздеп жүрмін. Қолға үйрету деген не?

– Бұл бір көнерген сөз. Қазір оны көп қолданбайды. Байланыс орнату дегенді білдіреді.

– Байланыс?

– Иә, солай, – деді түлкі. – Мысалы сен мен үшін көптің бірісің. Көшеде жүрген бөтен баласың. Мен саған мұқтаж емеспін. Сен де мені жақыным деп санамайсың. Орманда жүрген мың сан түлкінің бірі ғанамын. Бірақ егер сен мені қолға үйретсең одан кейін бір бірімізге қымбат боламыз. Сен менің жалғызыма айналасың. Мен де сен үшін әлемдегі ерекше біреуге айналамын.

– Енді түсіндім, – деді кішкентай ханзада.

– Менің бір гүлім бар еді, мен үшін ол қымбат. Демек ол мені қолға үйреткен болды ғой...

– Әбден мүмкін, – деп келісті түлкі. – Жердің үстінде не болмай жатыр дейсің.

– Бұл жер үстіндегі оқиға емес. Түлкі таңданып қалды.

– Өзге планетада ма?

– Иә.

– Ол планетада аңшылар бар ма?

– Жоқ.

– Қызық екен. Ал тауық бар ма?

– Жоқ.

– Жөні түзу жер екен десем.

Аз кідіріп, бір күрсініп алды да сөзін қайта жалғады:

– Өмірім сондай сүреңсіз. Мен тауық аңдып, тауықтың соңында жүремін, аңшы менің соңымда жүреді. Тауықтың бәрі бірдей. Адамның да бәрі бірдей. Сондықтан өмірім сүреңсіз. Ал егер сен мені қолға үйретсең көкжиектен жарқырап күн шыққандай болар еді. Сенің үніңді, әр басқан қадамыңды мың сан топтың ішінен жазбай танитын боламын. Біреу келе жатқанын сезсем қаша жөнелетін әдетім бар. Бірақ сенің жүрісің мен үшін әсем әуен боп естілетін болады. Алдыңнан атып шығамын. Ана егісте жайқалып тұрған бидайды көріп тұрсың ба? Мен нан жемеймін. Сабанға тіпті қызықпаймын. Бірақ сенің шашың сары екен. Егер сен мені қолға үйрететін болсаң мына егістік маған сені еске түсіретін болады. Сол үшін бидайды да, жел шайқаған сары сабанды да жақсы көретін боламын...

Түлкі сөзін аяқтады да, Кішкентай ханзадаға тесіле қарап тұрды. Сөйтті де, тағы тіл қатты:

– Өтінемін, мені қолға үйретші.

– Қуана-қуана келісер ем. Бірақ уақытым шектеулі. Маған әлі дос табу керек, көп нәрсе көріп, көп дүниені танып үлгерсем деймін.

– Қолға үйреткен дүниеңді ғана тани аласың, – деді түлкі. Адамдардың бірдеңені тануға уақыты қалмайды. Олар дүкеннен дайын өнім сатып алады. Бірақ дүкендерде дос сатылмайды, сондықтан олардың досы жоқ. Егер саған дос керек болса мені қолға үйретіп ал.

– Ол үшін не істеуім керек? – деп сұрады Кішкентай ханзада.

– Алдымен төзім керек, ана жерге отыр, қатты жақындама – деді түлкі. – Мен саған жақсылап қараймын, сен үндемей отыр. Бір бірімізді тануымыз керек, сөз тек қана кедергі болады. Күн сайын бір бірімізге жақынырақ отырамыз... Ертесі күні Кішкентай ханзада қайта келді.

– Күнде бір уақытта келгеніміз дұрыс болады, – деді түлкі. – Мәселен сен сағат төртте келетін болсаң мен өзімді сағат үштен бастап бақытты сезіне бастаймын. Уақыт таяған сайын шаттыққа бөленемін. Сағат төрт болғанда уайымдап, толқи бастаймын. Бақыттың бағасын білетін боламын. Ал егер сенің қай уақытта келетініңді білмесем жүрегімді сағат нешеге дайындау керегін білмей дал боламын... Әр нәрсенің өз жоралғысы болады.

– Жоралғы деген не? – деп сұрады Кішкентай ханзада.

– Бұл да баяғыда ұмыт болған сөз, – деп түсіндірді түлкі. Ол бір күнді екінші күннен, бір сәтті екінші бір сәттен өзгешелеп тұратын ғажап құбылыс. Мәселен аңшылардың мынадай рәсімі бар. Бейсенбі күндері олар ауыл қыздарымен бірге би билейді. Бейсенбі неткен керемет күн десеңші. Мен сол күндері серуенге шығып, жүзім бақшасына дейін бара аламын. Ал егер аңшылар әйтеуір бір күні билейтін болса маған да тыным болмас еді, қиналып қалар едім.

Осылайша Кішкентай ханзада түлкіні қолға үйретті. Екеуі дос болып, ақыры қоштасатын сәт те келіп жетті.

– Мен сені сағынып, жылаймын, – деді түлкі.

– Өзің кінәлісің, – деді Кішкентай ханзада.

– Мен сенің жүрегіңді жаралағым келмеді, қолға үйрет деп қолқа салған өзіңсің.

– Иә, әрине, – деді түлкі.

– Ал енді жылайсың.

– Иә, әрине.

– Демек жаның қиналады ғой?

– Қиналады, бірақ бұл соншалық жаман нәрсе емес. Бидайдың сабаны туралы айтқанымды есіңе ал, – деді де үнсіз қалды.

Сәлден соң:

– Бері кел, раушандарға тағы бір қарашы. Сенің раушаның бөлек екенін, әлемдегі жалғыз гүл екенін көресің. Қоштасуға келгеніңде тағы бір құпияның сырын ашамын. Сыйлығым болсын. Кішкентай ханзада раушандарға кетті.

– Менің раушаныма тіпті де ұқсамайды екенсіңдер, – деді ол. – Сендер әлі ештеңе емессіңдер. Ешкім сендерді қолға үйретпеді, сендер де ешкімді таныған жоқсыңдар. Бұрын менің түлкім осындай еді. Даладағы жүздеген мың түлкіден еш айырмасы жоқ болатын. Бірақ мен онымен достастым, енді ол менің әлемдегі жалғызым. Раушан гүлдер ұялып қалды.

– Көркемсіңдер, бірақ жансызсыңдар, – деп жалғастырды Кішкентай ханзада. – Сендер үшін ешкім өлімге басын тікпейді. Әрине, бөтен біреу менің гүлім мен сендерден еш айырмашылық көрмес еді. Бірақ мен үшін ол бәрінен қымбат. Өйткені мен оны күн сайын өз қолыммен суғардым. Күн сайын төбесіне әйнек қалпақ жаптым. Желден қорғап, қалқаладым. Сол гүлім үшін жұлдызқұрттарды өлтірдім. Көбелек шықпай қалмасын деп екі-үшеуін ғана қалдырдым. Гүлімнің мақтанғаны мен шаттанғанын естідім, мұңайғанын көрдім. Үнсіз қалған кезінде де бақыладым. Ол- менікі.

Кішкентай ханзада түлкіге қайтып келді.

– Қош бол, – деді ол.

– Қош, – деді түлкі.

– Бір сырды ашайын. Өзі қарапайым ғана шындық: жүректің ғана көзі ашық. Бастағы көз ең қажеттіні көре алмайды.

– Бастағы көз ең қажеттіні байқамайды, – деп қайталады Кішкентай ханзада, жадына сақтап алмақ болып.

– Раушаның саған неге қымбат? Өйткені сен оған уақытыңды бердің.

– Өйткені мен оған уақытымды бердім, – деп қайталады Кішкентай ханзада.

– Адамдар осы шындықты ұмытты. Бірақ сен ұмытпа. Әркім өзі қолға үйреткен әлемі үшін жауапты.

– Мен раушаным үшін жауаптымын... – деп қайталады Кішкентай ханзада.

22 бөлім

– Қайырлы күн, – деді Кішкентай ханзада.

– Қайырлы күн, – деді жол бұрушы.

– Не істеп жүрсің?

– Жолаушыларды сұрыптап жүрмін. Мыңдаған жолаушы отырған пойыздардың бірін оң жаққа, енді бірін сол жаққа қарай бұрып отырамын.

Сол кезде бір жүрдек пойыз төңіректі басына көтеріп, ысқырып-пысқырып келе жатты. Жол бұрушының дүңгіршегі дірілдеп кетті.

– Сонша асыққаны несі, – деді Кішкентай ханзада. – Бірдеңе іздеп жүр ме?

– Ол жағын пойыздың жүргізушісі де білмейді, – деп жауап берді жол бұрушы.

Қарсы бағытта тағы бір пойыз гуілдеп өте шықты.

– Мыналар қайтып келе жатыр ма? – деп сұрады Кішкентай ханзада.

– Жоқ, бұл басқа пойыз, қарсы бағытта келеді.

– Барған жеріне көңілі толмай кетіп бара ма?

Осы кезде үшінші бір жүрдек пойыз ысқырып өтті.

– Ал мыналар алғашқысын қуып жетуге асығып бара ма?

– Жоқ, олай емес, – деді жол бұрушы. – Олар пойыз ішінде ұйықтап жатыр. Тек балалар ғана терезеден көз алмайды.

– Демек балалар ғана не іздегенін біледі, – деп күбірледі Кішкентай ханзада. – Олар өзінің уақытын шүберектен тігілген қуыршаққа арнайды. Қуыршағын қатты жақсы көреді. Егер онысын тартып алса, жүрегі ауырып, жылайды...

– Бақытты екен, – деді жол бұрушы.

23 бөлім

– Қайырлы күн, – деді Кішкентай ханзада – Қайырлы күн, – деді саудагер.

Бұл саудагер шөл қандыратын дәрі сататын еді. Біреуін ішіп алсаң бір апта су ішкің келмей жүреді.

– Мұны неге сатып жүрсің? – деп сұрады Кішкентай ханзада.

– Бұл дәрі жұрттың уақытын үнемдейді. Мамандардың есебінше осы арқылы бір аптада елу үш минут уақыт үнемдеуге болады.

– Сонда ол елу үш минут уақытты қайда жұмсайды?

– Қайда жұмсағысы келсе сонда жұмсайды.

«Елу үш минут бос уақытым болса бұлақ басына барар едім» деп ойлады Кішкентай ханзада.

24 бөлім

Ұшағым бұзылып, далада қалғаныма бір апта болды. Саудагердің дәрісі туралы әңгімені ести отырып, соңғы жұтым суымды іштім.

– Иә, әңгімең өте қызық екен, – дедім мен Кішкентай ханзадаға. – Бірақ мен әлі ұшағымды жасаған жоқпын. Су таусылды. Бұлақ тауып бара алсам мен де бақытты болар едім.

– Менің досым түлкі...

– Жарқыным, қазір мен түлкіні ойлайтындай жағдайда емеспін.

– Неге?

– Өйткені шөлден қаталап өлейін деп тұрмын.

Кішкентай ханзада бірдеңе түсінбегендей қарады:

– Әйтеуір бір досың болса болды емеспе, өліп кетсең де арманың жоқ. Мысалы мен түлкімен дос болғаныма қатты қуанамын.

«Ол қандай қауіп төніп тұрғанын түсіне алмады. Өйткені ешқашан ашығып та, шөлдеп те көрмеген. Күн шуағын көрсе соған да мәз».

Мен бұл ойымды оған айтқан жоқпын. Дегенмен ол маған қарап тұрды да:

– Мен де шөлдедім. Жүр, бұлақ іздеп қайтайық.

Мен қолымды бір сілтедім: шөл даладан су табу мүмкін еместігін біле тұра іздеп әуре болудың қажеті қанша? Соны біле тұра су іздеп шықтық. Бірталай уақыт үнсіз жүрдік. Ақыры қас қарайып, жұлдыздар көріне бастады. Шөл қысып, есімді жоғалта бастағандаймын. Мұның бәрі көз алдыма елестеп жатқандай көрініп кетті. Кішкентай ханзаданың бір сөзі есіме түсіп кетіп, өзінен сұрадым:

– Шөлдің не екенін сен де біледі екенсің ғой? Бірақ ол жауап берген жоқ. Жай ғана күбірлеп:

– Жүрек те шөлдейді, – деп қалды.

Бұл сөзін түсінбесем де үнсіз қалдым. Артық сұрақ қоюдың қажеті жоқ екенін білемін. Ол шаршап қалды. Құмға келіп отырды. Мен де қасына отырдым. Үнсіз отырмыз. Сосын былай деді:

– Жұлдыздар неткен әдемі. Өйткені онда менің гүлім бар, көрінбесе де бар.

– Иә, әрине, дедім мен толқын-толқын құмға қарап.

– Шөл дала да әдемі, – деп қосты Кішкентай ханзада.

Ол рас. Мен де шөлді жерді жақсы көремін. Жұмсақ құмның үстінде отырғанды ұнатамын. Ештеңе көрінбейді. Ештеңе естілмейді. Тынық дала...

– Шөлдің несі артық екенін айтайын ба? Шөл даланың бір жерінде бұлақ жасырынып жатады.

Бұл сөзі мені таң қалдырды. Құмның неге жарқырап тұрғанын түсінгендей болдым. Бал кезімде біз ескі үйде тұрушы едік. Ел арасында ол үйде қазына жасырылған деген қауесет тараған. Әрине ешкім ол жерден қазына таба алған жоқ, мүмкін іздемеген болар. Дегенмен сол сыбыстың себебімен ол бір тылсым үй боп елестейтін. Бойында бір сыр жасырылғандай сезілетін.

– Иә, – дедім мен. – Үй болсын, шөл болсын, оның көзге көрінбейтін бөлігінің құны қымбат.

– Түлкі досымның айтқанын қолдайтының үшін қуаныштымын, – деді Кішкентай ханзада.

Ол ұйықтап қалды. Мен оны көтеріп алдым да, ары қарай кеттім. Көңілімде алаң бар. Өте нәзік бірақ қымбат қазына көтеріп келе жатқандай болдым. Жер бетінде бұдан өткен нәзік жаратылыс жоқ сияқтанып кетті. Ай жарығы түсіп тұрған ақша жүзіне зер салдым. Айқасқан қасын көрдім. Жел шарпыған алтын шашына көз тастадым. Сөйттім де күбірлеп сөйлей бердім: Мұның бәрі жай ғана қабық. Ең қажеттісін көзбен көре алмайсың... Аузы жартылай ашық еді, күлгендей болды. Ұйқыдағы балақайға қарадым да, оның раушанға деген адалдығына қайран қалдым. Ұйқыда жатса да сол адалдығы жарқырап көрініп тұр... Ол мен ойлағаннан да нәзік екенін түсіндім. Шамды қорғай білу керек, үп еткен жел де оны сөндіріп тастай алады.

Осылай көп жүрдім... таңға жуық құдыққа жеттім.

25 бөлім

– Адамдар пойызға мініп ары-бері ағылады. Бірақ не іздеп жүргенін өздері түсінбейді, – деді Кішкентай ханзада. – Сондықтан да олар тынымсыз жүре береді. Бірақ соның бәрі бекер.

Біз тапқан құдық Сахарадағы басқа құдықтарға ұқсамайды. Әдетте мұндағы құдық – құм арасындағы жай ғана шұңқыр. Ал мынау елді жерде болатын кәнігі құдық. Бірақ жақын маңда ауыл жоқ, соған қарап түсім бе екен деп те қалдым.

– Қызық екен, – дедім мен Кішкентай ханзадаға. – Мұн- – да бәрі бар екен, арқан – да, шелек те, шығыр да... –

Ол күліп жіберді де, арқанды ұстап, шығырды айналдыра бастады. Талай уақыттан бері қозғалмаған шығыр шиқылдап қоя берді.

– Естіп тұрсың ба, – деді ол. – Біз құдықты оятып едік, ол ән сала бастады. Шаршап қалар ма екен деп ойладым.

– Суды өзім тартып шығарайын, – дедім мен, – сенің шамаң келе қоймас.

Баппен тартып бір шелек су шығардым да, құдықтың шетіне қойдым. Құлағымда әлі шығырдың шиқылдаған үні тұр. Шелектегі суда әлі діріл бар. Ішінде күн сәулесі қутыңдап, ойнақ салады.

– Су ішкім келіп тұр, – деді Кішкентай ханзада. – Шөлімді қандырайыншы. Мен оның не іздегенін түсіндім.

Шелекті көтеріп ерніне апардым. Ол көзін жұмып, сіміре бастады. Мен үшін бұл ір ұлан-асыр той сияқты көрінді. Бұл жай су емес еді. Ол жұлдыз астындағы талай уақыт серуеннен кейін, шығырдың шиқылымен, білектің күшімен келген су. Жүрекке жасалған сыйлық іспетті. Кішкентай кезімде мен үшін Жаңа жылдық сыйлық та осылай жарқырайтын. Шырша астында шам жанып тұрғанда арган ойналып, көптен күткен сәтті қуанышпен қарсы алатын едік.

– Сенің планетаңда, – деді Кішкентай ханзада, – адамдар бір бақшада бес мың раушан өсіреді екен. Сонда да іздегенін таба алмайды...

– Таба алмайды, – деп қоштадым мен.

– Іздегеніңді бір ғана гүлден, бір жұтым судана-ақ табуға болады ғой...

– Рас, – дедім мен.

– Бірақ бастағы көз соқыр келеді. Жүрекпен іздеу керек.

Мен де су іштім. Жеңілдеп қалдым. Таң сәріде құмның түсі бал сияқты жылтырайды. Бұл көріністен жүрегім қуанышқа бөленді. Несіне қайғырайын?

– Сөзіңде тұруың керек, – деді Кішкентай ханзада қасыма отырып жатып.

– Қай сөзімде?

– Қошақаныма тұмылдырық салып берем деп едің ғой. Гүлді қорғауым керек, мен ол үшін жауаптымын.

Қалтамнан суреттерді алып шықтым. Кішкентай ханзада суреттерге қарады да күліп жіберді.

– Сенің баобабтарың қырыққабатқа ұқсайды екен. Ең жақсы шыққан суретім осы деп жүр едім.

– Түлкіңнің құлағы құлақтан көрі мүйізге көбірек келеді. Ұзын екен. Бір қарап алды да, қайта күлді.

– Орынсыз сынайсың, достым. Сурет салып көрген адам емеспін ғой, тек пілді жұтқан жылан салғаным болмаса.

– Ештеңе етпейді, балалар түсінеді, – деп жұбатты ол.

Мен оның қошақанынан тұмылдырық салып бердім. Суретті Кішкентай ханзаданың қолына ұстатып едім, жүрегім шымырлап кетті.

– Маған айтқың келмей тұрған бірдеңең бар ғой? Бірақ ол жауап бермеді.

– Білесің бе, – деп бастады сөзін, – ертең менің Жерге келгеніме бір жыл толады... Біраз үнсіз тұрды да, сөзін қайта жалғады:

– Осы маңға түсіп едім, – деді де қызарып кетті.

Жүрегім қайта қысылып, өзімді ыңғайсыз сезіндім. Сұрамасам болмайды:

– Демек мен сені кезіктіргенде, яғни бір апта бұрын сен мұнда кездейсоқ жүрмеген екенсің ғой? Адамдардан мың миль қашықтыққа кетіп қалдың. Түскен жеріңе қайта айналып келдің бе? Кішкентай ханзада одан ары қызарып кетті. Батырып айта алмадым.

– Бір жыл толғаны үшін келдің бе?

Ол қайтадан қызарып кетті. Ешбір сұрағыма жауап берген жоқ. Бірақ мен түсініп тұрмын. Өйткені адамның қызаруы келіскендікті білдіреді. Солай емес пе?

– Мазам кетіп барады... – деп бастадым мен. Ол мені бөліп жіберді:

– Жұмысыңа кіріс. Көлігіңе бар. Мен сені осында күтемін. Ертең кешке кел...

Жүрегім бұл сөзге жұбанбады. Түлкі есіме түсті. Жүрегің байланған соң қоштасу оңай болмайды.

26 бөлім

Құдық маңында көнеден қалған тас қамалдың қалдықтары бар еді. Ертесі күні жұмысымды бітіріп, сол жерге қайтып келдім де, тас үстінде аяғын айқастырып отырған Кішкентай ханзаданы көрдім.

– Есіңнен шығып қалған ба, бұл жер емес еді ғой – деді ол.

Шамасы оған біреу жауап беріп жатқан сияқты, өйткені қарсы сөйлеп тұр.

– Иә, тұп-тура бір жыл бұрын, дәл осы күні болды. Бірақ бұл жер емес...

Мен аяғымды тезірек басып жүрдім. Бірақ Кішкентай ханзаданың қасынан ешкімді байқай алмадым. Бірақ ол әлі де біреумен сөйлесіп тұр:

– Әрине. Құмдағы ізімді көре аласың. Сол жерде күт. Мен бүгін түнде барамын.

Ескі қамалға жиырма метр жер қалды, бірақ мен әлі де ешкімді көріп тұрған жоқпын.

Кішкентай ханзада біраз үнсіз тұрды да, қайта сөйледі:

– Уың күшті ме еді? Көп қиналып жүрмейін.

Мен кілт тоқтадым. Жүрегім суып кетті. Бірақ әлі ештеңе түсіне алмай тұрмын.

– Ал енді ары тұр, – деді Кішкентай ханзада, – мен төменге секіремін.

Сол кезде мен қасына таяп бардым. Қамал қабырғасының астында бір сары жылан Кішкентай ханзадаға қарап тұр екен. Мұндай жылан шақса адам тіл тартпай кетеді.

Қалтамнан револьверімді суырып алдым да, алға ұмтылдым. Бірақ жылан менің даусымды естіп, аққан судай сусылдап, тас пен құмның арасына сіңіп кетті. Мен жүгіріп келдім де Кішкентай ханзаданы ұстап үлгердім. Өңі аппақ қардай болып ағарып кетіпті.

– Бұл қай сасқаның, балақай, – дедім оған. – Жыланмен дос болайын дедің бе?

Мен оның сап-сары бөкебайын орап бердім. Шөліңді қандыр деп су бердім. Басқа ештеңе сұрағым келмеді. Ол маған жақсылап қарады да, алақанымен мойнымды ұстады. Жүрегінің қалай соғып тұрғанын байқадым. Жаралы құс секілді.

– Көлігіңнің жасалғанына қуаныштымын. Енді үйіңе қайта аласың...

– Оны қайдан білесің?

"Ұшағымның ақауын таптым, тапқаны былай тұрсын, жасап алдым", – деп енді айтпақ болып тұрған едім. Бірақ ол жауап берген жоқ.

– Мен де бүгін үйіме қайтамын, – деді. Көңілі алабұртып, былай деп жалғады:

– Ол шалғайда жатыр... Мехнаты көп...

Біртүрлі сезімде болдым. Кіп-кішкентай ғана балақайды құшақтап тұрмын, бірақ ол менен алыстап бара жатқан сияқты, қолымнан сырғып, құзға кетіп бара жатқандай күйдемін. Ұстап қала алмай азаптанамын... Ол ойлы көзбен бір жаққа қарап тұрды.

– Қошақан мен оның жәшігі, тұмылдырығы сенен қалған естелігім болады. Мұңды жүзбен күлді.

Көп күттім. Ол есін жинап келе жатқандай болды.

– Қорықтың ғой, балақай... Ол қайтадан жымиды.

Қайтадан бойымды біртүрлі сезім билеп кетті. Айықпас дертке, орны толмас қайғыға ұшырағандай күйдемін. Шынымен, шынымен енді бұл баланың күлген даусын ести алмаймын ба? Мен үшін оның күлкісі – шөл даладағы кәусәр бұлақ.

– Балақай, мен тағы сенің күлгеніңді естігім келеді. Бірақ ол былай деді:

– Бүгін менің Жерге келгеніме бір жыл толады. Менің жұлдызым өткен жылы мен келген күндегідей тас төбемізде тұрады.

– Бері қарашы, балақай, әлгі жылан, мына айтқан сөздерің... бәрі бәрі жай әншейін түс қой? Солай деші. Бірақ ол жауап бермеді.

– Ең қажеттісін көзбен көре алмайсың, – деп қайталады ол.

– Иә, әрине.

– Бір гүлді жақсы көрсең, ол гүл аспандағы көп жұлдыздың бірінде болса... түнде жұлдыз қарағанға не жетсін? Аспандағы жұлдыздың бәрі гүлдеп кетеді.

– Иә, әрине...

– Су да сондай. Сен маған су бердің, мен ол суды ішкенде музыка тыңдағандай болдым. Арқан мен шығырдың арқасында солай болған шығар. Есіңде ме? Керемет су еді.

– Иә, әрине...

– Түнде жұлдыз қарайсың. Менің жұлдызым өте кішкентай, мен саған оны көрсете алмаймын. Солай болғаны да жақсы шығар. Әйтеуір көп жұлдыздың ішіндегі біреуі екенін біл. Сонда жұлдызға қарағанды жақсы көретін боласың... Сөйтіп бәрімен достасып аласың. Сосын, мен саған бірдеңе сыйлаймын... Ол тағы күліп жіберді.

– Балақайым-ау, балақайым, сенің күлгеніңді жақсы көремін.

– Сыйлығым осы болсын... Бұл да су сияқты...

– Қалай?

– Әр адамның өз жұлдызы бар. Біреулерге ол адасқанда жол сілтейтін бағдаршы. Екінші біреуге жай ғана жылтырауық шам. Ғалымдар үшін ол жұмбағы ашылмаған есеп. Әлгі іскерім үшін ол – алтын. Бірақ солардың қай қайссы үшін де жұлдыздардың жаны жоқ. Ал сенің жұлдызың ерекше болады...

– Сонда қалай?

– Түнде шығып, жұлдызға қарайсың. Сол жұлдыздың бірінде мен бар екенімді, күліп жүргенімді білесің. Сол кезде саған барлық жұлдыз күліп тұрғандай көрінеді. Сен үшін жұлдыздар да күле алатын жаратылысқа айналады. Сөйтті де күліп жіберді.

– Көңілің жұбаныш тапқанда бір кезде мені көргеніңе, танығаныңа шексіз қуанасың. Сен әрқашан маған дос боп қаласың. Кейде менің күлкімді естігің келер. Ондай кезде терезені ашасың да, аспанға қарайсың, көңілің шат болады... Аспанға қарасаң болды, күледі екенсің деп жұрт саған таң қалатын болады. Ал сен оларға: «Иә, иә, аспан менің көңілімді көтереді!» – деп айтасың. Олар сені есінен адасқан екен деп ойлайды. Міне осындай ыңғайсыз жағдайға қаласың... Сөйтті де қайта күлді.

– Мен саған жұлдыз емес мың сан күлекеш қоңырау силағандаймын...

Кішкентай ханзада тағы бір күліп алды да, езуін жинады.

– Білесің бе... бүгін түнде... келмей-ақ қойғаның дұрыс.

– Мен сені тастамаймын.

– Сен мені қиналып жатыр екен деп ойлап қалуың мүмкін. Тіпті өлді екен деп ойлайсың. Бізге солай көрінеді. Келмей-ақ қой, керегі жоқ.

– Мен сені тастамаймын.

Бірақ оның бір шешімге нық байланғаны көрініп тұр.

– Оның үстіне...жыланның аты жылан. Сені де шағып алса қайтесің? Жылан өте кәрлі жаратылыс. Біреуді шаққаннан ләззат алады.

– Мен сені тастамаймын. Ол байсалды кейіпін бұзған жоқ.

– Дегенмен екі адамға уы жете қоймас.

Сол түні оның қалай кетіп қалғанын байқамай қалдым. Бірақ соңынан қуып жеттім. Ол аяғын жылдам басып, асығып келеді.

– Сенбісің? – деді де, қолымнан ұстады. – Соңымнан бекер еріп келесің. Мені қиналып жатыр екен деп қалатын болдың. Өлді деп ойлайсың. Бірақ олай емес... Мен үндеген жоқпын.

– Білесің бе, менің планетам алыста. Тәнім өте ауыр, көтеріп жүре алмаймын. Мен әлі үнсізбін.

– Бұл сыртқы қабығыңды немесе сырт киіміңді шешіп тастағандай ғана құбылыс. Қиналатын түгі де жоқ... Мен үнсізбін.

Оның да көңіл күйі түсіп кетті. Мені тағы бір жұбатып көргісі келді:

– Білесің бе, мұның бәрі қызық. Мен де жұлдызға қарайтын боламын. Жұлдыздың бәрі маған шиқылдап айналатын ескі құдық боп көрінеді. Сөйтіп шөлімді қандырамын.

Мен үнсізбін.

– Өзің ойлашы, қызық қой? Енді сенің бес жүз миллион күлекеш қоңырауың бар. Ал менің бес жүз миллион құдығым бар...

Енді ол да үндемей қалды, бір кезде көзінен жас шығып, жылап жіберді.

– Болды, біз келдік. Келесі қадамды жалғыз аттаймын. Сөйтті де құмға отырды, қорқып тұрған сияқты. Маған қарап, былай деді:

– Білесің бе... менің раушаным... мен ол үшін жауаптымын. Ол сондай нәзік. Әрі сондай жайдары. Төрт тіккеннен басқа сенері жоқ. Төрт тіккенмен бұл әлемнен қалай қорғанбақ? Мен де отырдым, аяғым шаршап қалыпты.

– Болды, – деді ол орнынан тұрып.

Аз кідіріп тұрды да, тағы бір қадам жасады. Мен қозғалып та үлгермедім. Аяғының астынан бір сап сары бірдеңе найзағайдай зу ете түсті. Ол бір сәтке тапжылмай тұра берді. Айқайлаған жоқ. Сосын сұлап түсті. Ағаш құлағандай құлады. Баяу әрі дыбыссыз. Құм дыбысты өшіреді екен.

27 бөлім

Содан бері алты жыл өтті... Мен бұл туралы ешкімге айтқан емеспін. Еліме оралғанымда достарым менің аман-есен келгенімді көріп қуанды. Ал менің көңіліп құлазып тұр еді. Оларға шаршадым дей салдым. Көңілім аздап жұбана бастады. Біржола жұбанған жоқ... Бірақ оның өз планетасына оралғанын білемін. Өйткені таң атқанда мен оның тәнін құмнан таба алмадым. Сондай бір ауыр емес еді. Түн батса музыка тыңдауға әуеспін. Бес жүз миллион қоңырау сылдырлап тұрғандай... Ең қызығы мынау еді. Мен оған тұмылдырық салғанда оның бауын салуды ұмытып кеттім. Кішкентай ханзада оны қошақанға кигізе алмайтын болды. Енді планетасында не боп жатыр екен деп уайымдап отырмын. Қошақан раушан гүлді жеп қойса не болады? Кейде өзіме былай деймін: жоқ, бұл мүмкін емес. Кішкентай ханзада түнде раушанды әйнек қалпақпен жауып қояды. Қошақанды да қараусыз қалдырмайды... осыны ойласам көңілім жай табады. Жұлдыздардың бәрі маған күліп тұрғандай болады. Енді бірде былай деймін: адам әркез сақ жүре алмайды. Бір күні кешкісін гүлді қалпақпен жабуды ұмытып кетуің мүмкін. Сол түні қошақан далада жайылып жүрсе не болады? Онда қоңыраулы жұлдыздар жылайды... Бұл жұмбақтың жауабын таба алмаспын. Кішкентай ханзаданы жақсы көріп қалған болсаңыз сіз де бұған бей жай қарай алмай-сыз. Әлемнің ешкім білмейтін бір жерінде өзіміз өмірде көрмеген бір раушанды, өзіміз танымайтын бір қошақан жеп қоюы мүмкін. Аспанға бір қараңызшы. Өзіңізден сұрап көріңіз, сол гүл әлі бар ма, тірі ме? Жоқ әлде оны қошақан жеп қойды ма? Осыны ойласаңыз сіз үшін бәрі өзгереді...

Әрине ешбір ересек адам мұның қаншалықты маңызды екенін түсінбейді. Бұл әлемдегі ең әдемі әрі ең мұңды жер. Шөл даланың бұл тұсын алдыңғы бетте ғана салып едім. Бұл жолы қайта салып отырмын, жақсылап қарап алсын дедім. Кішкентай ханзада Жерге алғаш осы жерде түсті және осы жерден кетті. Жақсылап қарап, танып алыңыз. Алда-жалда Африкаға жолыңыз түсіп жатса керек болар. Осы тұстан өтетін болсаңыз асықпаңыз, сәл кідіріп, тас төбеңіздегі жұлдызға бір қараңыз. Ал егер қасыңызға сары шашты бір бала келіп, сықылдап күлер болса және сұрағыңызға жауап бермесе оның кім екенін өзіңіз де түсініп тұрған боларсыз. Ондай жағдайда сізге бір бұйымтайым бар. Еш кідірместен маған хат жазып, хабар беріңіз...

8 сауал

1) Шығарма несімен ұнады? 2) Кішкентай ханзаданың «әр күні таң ертең планетаңды баобабтан тазалауға уақыт бөл» дегенін қалай түсіндіңіз? 3) Автор балалардың бойында болатын қандай ортақ қасиеттерді көрсетіп берді?

Бұған келісесіз бе? 4) Патша, мақтансүйер даңғой, маскүнем, жұмысбасты адам, шырақшы, геологтың образдарын қарапайым өмірден кездестірдіңіз бе? Олар туралы не айтасыз? 5) Шығармадағы гүлдің бейнесін қалай елестеттіңіз? Қарапайым өмірде оны неге теңеуге болар еді? Ол расымен әлемде жоқ жалғыз раушан ба, әлде көп гүлдің бірі ме? 6) Түлкінің «қолға үйрету» туралы сөздерінен не ой түйдіңіз? 7) Күннің қызарып батуын тамашалауды жақсы көресіз бе? Табиғаттағы басқа қандай құбылысты тамашалауға құмарсыз? Кейіпкерлер айтқандай жапан түзде, құм далада сұлулық болуы мүмкін бе? 8) Кітаптан тағы қандай ой түйдіңіз?

Шығу деректері

Антуан де Сент-Экзюпери

КІШКЕНТАЙ ХАНЗАДА

ОТБАСЫ ХРЕСТОМАТИЯСЫ

Аударған Сәкен Нұрқабекұлы
Редактор Арайлым Олжахан
Дизайн Арман Ғинаятұлы
Теруге 20.01.2022 ж. берілді.

Басуға 10.02.2022 ж. қол қойылды.
Пішімі 84x108 1/30. Қаріп түрі «Cera Round Pro»
Басылымы офсеттік. Есептік баспа табағы 3.
Таралымы 1000 дана.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙