План
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
1-бөлімше
Қыс, желдеткен ақ боран. Қар орасан қалың, жаңа түскен қарға ұқсайды. Айнала құлан елсіз, бірде-бір із, жол-сорап, тіпті жүгірген аң із-шиыры да жоқ. Таулы, ойлы-қырлы, қиын жолмен аса ауыр қозғалған трактор "ДТ-54" келеді. Артында ақылға сыймастай келеңсіз күйде, бес рельсіне қойылған үйдей үлкен қызыл вагон. Трактор сол вагонды сүйреп келеді. Осы тракторда болашақ "Түркістан" совхозының директоры Струков. Өзге адамнан екі тракторшы. Тракторшы — Новиков. Бұлар пәлен күннен бері Жонға жете алмай келеді. Онда жұрт аш. Нан, отын енді біткен болу керек. Жүргіншілер көзіне жолдан екі шақырымдай жерде бір ерекше жан иесі көрініп қалды да, қалың қарға қайта батты. Струков жолдастарын тоқтатып, "Жаңағы адам" дейді. Тракторшылармен ойға салысады. Боранда адасып ұшып қалған адам болу керек. Струков: бұрылу керек, жәрдем ету қажет дейді. Новиков қарсы. Жолдан бұрылса, қайта жол сүрлеуін таба алмай қаласың. "Бармаймын" дейді. Струков: "Анау адам, мүмкін өлім халінде шығар, тастамаймыз", — дейді. Новиков: "Алда да көп адам өлгелі жатыр, бұрылмаймын", — дейді. Екеуі де үш-үштен қайырысады. Струков трактордың алдына қарғып шығып (тапаншасын суырады): "Бұйырамын, бұрыл!" — дейді. Бұлар көп бейнетпен жолдан бұрылып, жаңағы жерге жетеді. Ұшып өлгелі жатқан қазақ кемпірін тауып алады. Енді Новиков, Струков екеуі көтеріп әкеліп, вагонға кіргізеді. Спиртпен ысқылайды. Өлімші болған жанды зорға тірілтіп алады. Әлі де жол ұзақ, төрт сағат бойында өздері баратын жерден екі-ақ шақырым жерде өлердей қиналады. Ақыры кішкене ауылға жетеді. Жданов атындағы колхоздың қыстағы, қазақ қыстаулары. Осы арада кемпірдің аулы — балалары, келіндері қуанып қарсы алады. Барлық ауыл қуанысып қарсылайды. Бар қазақ ауылдары кемпірдің табылғанына қуанады. Хабар тез тарайды. Ел жиылады. Оны тірілтіп әкелген Струковқа, Новиковке бар бейілдерін береді. Кемпір бораннан бұрын, көрші "Ақтоғай" колхозындағы бір жас әйелмен шыққан екен. "Ақтоғайдан" бері шыққанда боран соғып, адасып өлермен боп, жас әйелге ере алмапты. Ол бір бөлек кетіпті, мынау әлденеше рет "өлдім" десе де, қар астында қалып, қайта жылынып, есі кіріпті. Бір ауық трактордың үнін естіп, соңғы күшін жиып, түрегеліп, қайта жығылған екен. Енді бар ауыл совхоз адамдарына өзгеше бейіл береді. Жаңағы келген бірінші вагон бұл жерге жиылған тракторшы, дәрігер пункті, почта маманы, асхана қызметкері, механизатор еркек-әйелдер көп адам боп қалған. Бірақ баспана жоқ. Струков бір вагонға бір тобын кіргізіп, енді біразын қайда қоярын білмейді. Ac пісірер жер тағы жоқ. Сонда кемпірдің тілегімен бала, келін, туыстары осы Жондағы Жданов атындағы колхоздың он қыстауының бесеуін босатып береді. Оның алдында колхозшылар қасаң болған. Жұрт алғыс айтып, жайғаса бастайды. Бірақ тағы бір жайсыз хал... Кемпірдің баласы қара сақал Сәлмен айғай салып ашуланып шығады. Бұның босатып берген қазанына шошқаның етін асып жатыр екен. Струков түсініп, соншалық жалынып, кешірім өтініп, қатты бір мінезділік көрсетеді. Бұл бөгесін, конфликті де жеңілейеді, өйткені кемпір оқып жүрген немере қызымен келіп, Сәлменге тыйым салады. Бұл жерде жұрт тіршілік бастай береді. Почта байланыс, медпункт, магазин, асханалардың ырымы: сиыр қорада, етханада, шошалада, ауыз үй, тор үй сияқты кішкене жер үйлерде алғашқы өмір белгісін көрсетеді. Екі-үш жерге үлкенді-кішілі боз, сұрғылт, көк палаткалар орнай бастайды. Бірақ қар, боран әлі де қақап тұр.
2-бөлімше
Струков қайтадан қозғалысқа кіріседі. Шоферлерге "Не тушить глушитель, только не тушить!" — дейді. Қайта тартады. Тағы қызыл вагондар әкелмек. Тағы толып жатқан мүлік тасымақ. Тоқсан шақырымда ойлы-қырлы, тау-тасты жолсыз сапар. Шолақтауға қайта жөнеледі. Енді қасына ерген шофер Ткаченко, "мен барамын" деп тіленген қазақ шофер Матайбаев. Василий Захарович "ГАЗ-69" машинасында Струковты алып жүреді. Әлі де қалың қар, ақ боран, елсіз, жолсыз қиын сапар. Адам көбейген. Отын жоқ. Бірақ халықта ашу, не кінә, реніш-кейіс білінбейді. Комсомол қыздар, жастар жүргелі жатқан Струковқа келіп: "Наш отец Григорий Алексеевич не оставит, потерпим", — дейді. Шоферлерді құрмет қып аттандырады. Жолда Матайбаев қайғылы. Кеше сегіз жасар баласы осында қайтыс болған. Әйелі агроном — Нина Петровна жылап тұрып, Васяны "Бар, серік бол. Үйде отырсаң, қайғыдан қиналасың" — деп жөнелткен. Струков былай шыға шофердің қайғысы туралы бірге қамығатынын айтады. Бұл екеуі көптен жолдас. Москва түбінде Чехов атындағы МТС-те Струков екі жарым жыл директор боп тұрғанда, Вася сол жерде жолдас болған. Оның әйелімен екеуі МТС-ке қызық жағдайда қызметке кірген. Өздері жақсы тұратын, Москва түбінде дачалары бар еді. Струковты жақсы көргеннен, М.К. Струковты целинаға жіберетін болғанда, Вася мен Нина өздері тіленіп ерген, Вася Семей облысы Ново-Шульба ауданында 1932 жылғы аштықта детдомға түсіп, әке-шешесіз жетім күйден адам боп шыққан қазақ жасы еді. Қазақстанға, тыңға онымен әйелі, тіпті сегіз жасар баласы Алешаға дейін, зор совет адамдарының санасы бойынша, тіленіп келген. Сол Алешаға кешегі ақ қар үстіндегі ауыр күн, үскірік боран дерт боп тиіп, бала қос өкпесінен круппоз соқпа болып, қайтыс болды. Кішкене қарындасы, үш жасар Надя әсіресе жылап тыным бермейді екен. Жол ауыр... бөгет мол... Струков күн жүрді, түн жүрді. Вася қап қара боп жүдеген, солып-сөніп кеткен жүзі бар. Бірақ Струков "тынығайық, тоқтайық" десе де, Вася тоқтамайды. "Ол емес, шыдау керек, шыдам керек", — дей береді. Сол сияқты бұлардың артында тағы қызыл вагонды тартып келе жатқан комсомол Ткаченко ғаламат қайрат, төзім танытады. Үсті жалаңаш екен. Төсі ашық. Струков оның төсіне өзінің шарфысын ораймын десе де, Ткаченко алмайды. "Ешнәрсе етпейді, тарта беріңіз", — деп төзе береді. Бұлар тағы да үш сөтке жүріп, әбден жүдеген, талған күйде ақ боран ішінде Жонға жетеді. Ткаченко жалғыз фуфайкеде, "Ничего, товарищ Струков, все в порядке", - деген сөзді ғана айтады да, Струковтың "Двигаться, не тушить глушитель!" — деген сөзін қайталай береді. Осылайша алғашқы жалғыз қызыл вагон жанына екінші қызыл вагон кеп орнады. Содан он күн ішінде он вагон кеп орнады. Енді қараса, Жонда алғашқы кішкене көше пайда болған. Екі жақта палаткалардан, вагондардан құралған көше. Әр палатканың сырты брезент, астары қалың шұға, одан кейін ақ мата ұсталған, үш қабат жамылшасы бар. Палаткалар ішіне таза койкалар тұрып қалған.
3-бөлімше
Тракторшылар Новиков, Ткаченко, ағайынды Флиглер және бұрынғы әскер қатарында танкист болған Целигородцев, Кокарев, Попов келіп, Струковқа салмақ салады. "Егісті бастаймыз", — дейді. Струков пен агроном ерте ғой деп қорғанады. Жданов колхозының қарттарын шақырып ақылдасады. Сәлмен, кемпір, Әсел де бар... Ол жер тез құрғайды деседі... Струков ойланады... Онда тереңдеп батпаған ғой су... байқамақ: тракторшылармен қазақтар бір... Ақсақал кеңесін ашу... Вася аударушы... 5 мартта ең алғашқы боразданы Мале бригадасындағы Целигородцев "ДТ-54" тракторымен тартып жөнеледі. Барлық 300-ге жуық жан зор салтанатты оқиға есепті қабылдайды бұл істі. "Уралап", қаныш сағаты соғады. "Шөлді — көлге, даланы — гүлге, ауырды — жеңілге, шалшықты — айдынға айналдырамыз" дейді. "Тек астықты аймақ емес, мәдениетті аймаққа айналдырамыз өлкемізді", — деседі. "Ерте егу керек екен", — деген байлау жасайды. Струков агроном Трегубовпен, Нинамен ақылдасады. Себебі топырақтың дымдануы 35-40 сантиметрден ары емес. Ал 70 сантиметрде жер мүлде құрғақ. Ендеше, бұнда ерте егу керек дегенді айтып кеп, Струков орыс крестьянының бір мақалын айтады. "Сей в грязь, будешь князь". Осы кезде сан тракторлар күндіз-түні Жонның жотасы мен қобысын, беткейі мен белесін, жазығы мен қойын-қолтығын бөлек-бөлек квадраттарға өлшеп, кесіп бөліп тастап, қара топырақтың сауырын таспадай тіліп жатыр. Сол күндерде электрші Селестин, Китаевтар кішкене жайды жарықпен қуанта бастады. Инженер Гольдин Ақбұлақ суын өлшеп жүр. Осындағы, Жамансары, Үшбас, Ақбұлақ сияқты, болымсыз бұлақ-бастау, кішкентай өзен сымақтарды көп керекке жаратпақ. Бұлар суды бөгеп, құл жасамақ. Ол көлден совхоз орталығына арық тартпақ. Ауызсу да, суарғыш су да, кейін пәтерлерге кіретін мөлдір мол сулар да содан алынбақ. Ол жақын шақта көл жасаудың қамында. Тағы біраз суларды бөгеп, картоп, овощь, бау-бақша дақылдарын суаратын қор жасалып жатыр. Көлшікке кейін балық жіберіп, құс та өсірмек, құрылыс ісі ол да қатарынан қызу қолға алынған. Қазір материал, құрал-жабдықтар, машиналар қар кетіп, жер дей бере молынан ағылды. Биыл бұл ретте тұрғын үйлер, кеңсе, аурухана, монша, мектеп, мәдениет үйі, почта, балалар бақшасы, ясли салынбақ. Кеште көшелерде лек-легімен жүрген социалистік құрылыс қайраткерлері. Олар — тракторшылар, механиктер, шоферлер, құрылысшылар. Бірінші трактор бригадасынан өз бригадасында бірінші боразда салған Воробик. Қазір озат тракторшы Воробик, Безродный, Новиков сияқтылар, Пекшин, Леонтьев, Корняк, Кокарев, Измеровтер да сондай 150-200 процент норма орындап келеді. Целигородцев алғашқы екі күнде күндік норманы 300 проценттен асырды. "Земля подсказывает", — деп, Струков Малец, Целигородцевқа олардың егіске асықтырғанын мақтайды. Комсомол ұйымының хатшысы Геннадий Безродный: "Кім батыл болса, сол жеңеді", — дейді. 5 апрельге жоспарлы eгіc планы түгел әзір болды. Енді 20 майға дейін пар айдауды жоғары сапада аяқтау үшін міндет алысады. Осы кезде Сарысудың аудан комсомолы совхоздың комсомол ұйымына құттықтау мен достық сый әкеледі. "Родина" радиоқабылдағышын, патефон, сағат, шахмат, домино және КССР-дың Қызыл туын сыйлайды. Көп палаткаларда кей кештерде әдемі үгіт мәжілістер жүріп жатады. Сарысу ауданының хатшысы Қалдыбаев, райисполком бастығы Алпысбаев совхозбен мидай араласқан. Бар жақсылығын, кемшілігін де біледі. Совхоздағы партия ұйымының хатшысы Тұрсынов және агроном Трегубов, инженер Богданов, рабочком Мерқадіров үнемі үгіт-түсінік кеңестерін өткізеді. Бұнда "Түркістан" атты қабырға газеті және әрбір трактор бригадасында "Жауынгерлік листоктар" шығады. Әр жерде көрсеткіш тақталар ұйымдастырылған. Демалыста дауыстап газет оқылады. Енді бір үлкен қуаныш, совхоз орталығында тамаша жақсы кітапхана орнады. Мақтанып айтқанда, өздері, оның көпшілігі брошюра болса да, "10 мыңдана" кітабымыз бар дейді. Әрине, бір палатаға, терезелі үлкен палата болғанмен де, оншалық кітап сыймас еді. Бірақ қатарда Шекспир, Гете, Байрон, Бальзак, Шиллер, Гейне тұрса, не дейсің? Марксизм-ленинизм классиктері, орыс әдебиет классиктері, совет жазушылары — бәрі де бұл кітапханадан мол орын алған. Тракторшылар ішінен Калугин, Ткаченко, Матайбаев, Воробик, Миненко, Подорожный сияқты талай көрнекті адамдар бос демалыс сағаттарын қызықты кітаптар оқуға бөледі.
4-бөлімше
Коллективтен зор еңбегі жаздың ортасынан асқан шақта мол жемісін беріп жатыр. Самал тау, салқын бел — Жон деген өлке сары алтындай жайқалған алтын астық дал асы, өлкесі, қан-қазына өңіріне айналды. Жаңа қала өсіп келеді. Бірнеше үлкен үйлерін тастан да салып жатыр. Неше қатар болып, стандартты жеңіл, төрт пәтерлі ағаш, жалғыз қабат үйлер орнап қалған. Рас, әлі де кеңсеге, мәдениет орындарына, көпшілік мекендеріне жай жеткіліксіз. Әлі де таршылық пен тапшылық мол. Әсіресе Шолақтаудай азық-түлік, аспап-мүлік беретін ең жақын орталық — тоқсан шақырым жерде, қиян-ұзақ алыста. Сондықтан бірде азықтан, бірде бұйымнан, бірде жағар май ділгір, қажет аспап-сайманнан тапшылықтар бола береді. Су қоймасы ретінде, Струков қаланың қасында "Жамансары" деген кішкене бастаудан көл жасатып жатыр. Сол көлдің табанын, көлемін белгілейтін байлауға, әсіресе бір ойпат қойнауға келгенде талас туды. Инженер-мелиоратор көлді жоғары, сай басынан алмақ болды. Бұл күнде Струков айналадағы қазақ колхозшыларымен бар жайдан Вася арқылы тамаша ұзақ сөйлесетін болған. Ол жергілікті іс жөнінде жаңа бір шаралар жайында қысыла бастаса, ең алдымен Жданов атындағы колхоздың бес-алты колхозшысын шақырып алады. Өз міндетін әлдеқашан айтқан. Кейін адам, техника күштерін атаусыз шеф есебінде нық түрде де көмек етпек. Әзірше су, ол жөнін ойланады. Струков соны өзінше, қасындағы "аксакалский совет" деп атандырып алған, сол ақсақал советіне жаңағы көлдің орны туралы кеңес салғанда, колхозшылар инженерге қарсы келген. Бұлақтың көзін бастырып көл жасау зиян болады, кейін су астынан аршып ала алмайсың, күн сайын ең әуелі бұлақты бөлек сақта. Бағып-қағып көзеп отыр, сонда судың көзі үздіксіз өнімі бар су болады деген. Струков осы "ақсақал кеңесі" бойынша инженерді тыңдамай, көлді қазір төменнен салғызып отыр. Ақсақалдармен кеңесіп совхоз қаласына арық жүргізбек. Ендігі Струков қиялы көшелерге тек қана жеміс ағаштарын орнатпақ. Одан да озған қиялым бар дейді ол: "өзіміздің жердің айналасына 50 метрлік қоршау тоғай орнатсам" дейді. Бұның бәрі — совхоздың кешегісі, бүгінгі жаңа тамаша көрік пен келешегі, өзгеше күлім қағып, бұлың беріп қуанта тартып тұрған болашағы. Бірақ енді осы жақсы совхоз бойында толып жатқан олқылық пен мін де бар. Әсіресе адам тобының ішінде "қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ" дегендей, немесе тоқсан тоғыз бір тарап болғанда, әлдебір, бір шөкім азғана селдір топтан шыққан сұрықсыз сұм мінездер де болады. "Түркістан" совхозына Жамбылдан, Ташкенттен келген қайраткерлер, маман жұмысшылар көп еді. Көктемнің орта тұсында қалың бір топ Ереваннан келген. Солардың ішінде бүгін де аса жақсы абыройлы ат алған Погосян, Грачек, Геворкиян, Ашот сияқты комбайншылар, Казарян тәрізді өте ынталы, үлгілі шоферлер бар. Осы топ ішінде Ереваннан үзімнің бір топ лозасын алып келіп, Қазақстан сахарасына орнатамын деп, барынша жас атаулының бәріне үлгілі еңбек етіп жүрген карт Старовойтов бар. Ол "Түркістан" совхозын тұрақты мекен етпекші. Үй салып, Отанын осы арадан тауып тұрмақшы болған 47 семьяның ішінде бүгінде өз жанынан үй салып жатқан үлгілі еңбекшінің бірі сол Старовойтов. Оның туысқан армян елінің көп ғасырлық, үлгілі бақшасынан әдейі арнап алып келген үзім лозасы қазір Қазақстанның "Жон" аталған кешегі жайын топырағына тамыр жайып, гүл атты. Осындай әр тарапты туысып, табысып, еңбек, тілек, тірлік қосып жатқан топтың ішінде Ашрафьян сияқты сұмдар да жоқ емес. Оның араласпайтын жері жоқ. Рабкоопқа да, рабочкомға да, мәдениет кешіне де, дирекцияның басшылық ісіне де — бәріне де сұғанақ тұмсығын сұға жүріп, іздегені әлек пен бүлік. Өзі ішкіш, өзі сотқар, содыр төбелескіш, шағымқор да жалақор. Оның бірталай адамдарға еткен жаман әсері де жоқ емес. Бұлар сияқты алаяқтар совхоздың кейбір қиыншылығын, кемшілігін пайдаланып, талай жанды, жеңіл ойлы, жетекке ергіш адамдарды аздыратыны да бар. Сондайлар "Аспара" совхозынан, "Қаратау" совхозынан әркімдерді аздырып, алғаш келген жақтарына қайтуға шейін, қашуға шейін түртіп адастырып жібергені бар. Струковтың алдына да сондай сыбағаны Ашрафьяндар тартқан еді. 10 кісінің атынан тізім әкеліп: "мынау қалың тобымыз наразымыз, сендер айыптысың. Алдадың, кінәні саған артамыз, кетеміз", — деп жота көрсеткен. Струков солардың алдында топты жиып алып, тамаша отты басшы азамат мінезін көрсеткен. "Мен мына тізімді сақтаймын, Ереванның жақсы жұртшылығының алдында сендердің қара жүзді екендеріңді әйгілеу үшін сақтаймын. Осы күнде мынау тыныш, адал совет жұртының, асыл азамат еңбегінің үстінде салған мынау бүліктерің үшін, бұдан сан есе артық еңбек етуге сендер мәжбүр боласың. Айламен түзеймін деп ойламаңдар бұл айыптарыңды. Дәл осындай бір ғана иттіктің өзі үшін кем қойса бір жыл, әйтпесе жылдар бойы кешірімнің еңбегін істейтін боласың шеттеріңнен", — деген еді. Бірақ сол онның жетеуі қашып та кетеді. Осындай жайлар Струковты бір күн суға салса, бір күн отқа салғандай да болады. Сондықтан да кішкене бойлы, ширақ денелі, үлкен өткір көк көзді Струков көктемнен бері 15 килограмм салмағынан айрылған. Далада астық. 12 мың центнер жабусыз тұр. Комбайндар боздап тұр, самосвалдар жоқ... Қалаға таситын машиналар жоқ. Совхозтрест қарамайды. Бейнет көп — рақмет жоқ әлі.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру