Наурыз-думан
Мұқағали Мақатаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
20 px
1.85
0.30 px
0.95 em
Хантәңірі мұзбалағы Мұқағалидың туған жер, ұлттық дәстүр, Наурыз мерекесі мен табиғат сұлулығын шабытпен жырлаған отты жырлары.
Наурыз-думан
Наурыз айы туғанда
Наурыз айы туғанда
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға
Сапарға кеткен ұлдарға,
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда.
Наурыз, наурыз, күн игі!
Күні игі жердің - түрі игі.
Бауыры жылып науат-қар,
Бабымен ғана жібиді.
Шашылып ырыс шанақтан,
Шақырып бір үй бір үйді,
Шақырып бір үй бір үйді,
Шаттанушы еді бір игі.
Осынау игі кең жерге
Наурыз айы келгенде,
Наурыз тойын бергенде,
Көрмегендер де - арманда,
Наурыз айы келгенде,
Наурыз тойын бергенде,
Көрмегендер де - арманда,
Арманда - оны көрген де.
Келіп ем өмір - орманға,
Наурыз айы келгенде.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру