TELEGEI

Home

Бақталай. Пьеса

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бақталай. Пьеса

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

БАҚТАЛАЙ

Төрт актылы, тоғыз суретті пьеса

Адамдары

Алуа — кейін райком хатшысы, ғылым кандидаты.

Нина Ивановна — кейін профессор.

Сапар — следователь, кейін Орталық Комитет хатшысы.

Бейсен — қойшы, кейін райком хатшысы.

Сексек — түйеші, кейін халық композиторы.

Арман — техник, кейін инженер -энергетик, Алуаның болашақ күйеуі.

Назарбек — батрак, кейін ферма бастығы.

Д о ғ а л — бай-феодал.

Мардан — оның інісі, кейін профессор, ұлтшыл.

Айбала, Әсия , Жанар —ауданда өсетін жастар.

Сартай , Жәкеш , Байыр—байлар

Жалтыр — Доғалдың жігіті.

Қамар — Доғалдың әйелі.

Батрактар, колхозшы әйелдер, жұмысшы әйелдер және Азия елдері әйелдерінің конференциясындағы делегаттар.

БІРІНШІ АКТ

Бірінші сурет

Доғал байдың сегіз қанат үлкен, жасаулы үйі. Тіреле жиылған жүк, сандықтар. Оң жақта үлкен биік сүйек төсек, жағалай керегеде түскиіз, түрлі киімдер. Жерде айқын түсті алашалар, оюлы сырмақ, қызыл кілемдер. Қонақтарға төселген көрпелер, үлкен ақ жастықтар көрінеді. Жерге жайылған кең дастарқан айналасында биік сары тегенеге құйылған қымызды сапырып, қонақтарға беріп бәйбіше отыр. Үй иесі Доғал әлі орта жасқа ілінбеген кербез мырза. Қонақтарға қызмет еткен күтуші — бәйбішеге қарсы отырған жылпос жігіт Жалтыр. Төрде отырған қонақтар мен Доғал да қазір қымызға қызған, тегіс масайған, қызарған жүздерінде, сөздері мен үндерінде сол мастық білінеді. Доғалдан жоғары отырған қонақтар да тегіс сәнді, кербез киінген мырзалар. Бұлар Доғалдың құрбылары, байлар — Сартай, Жәкеш, Байыр. Осы үйдің бергі, сахна жақ бір шетінде үлкен оюлы биік шым ши бар. Бұл тұста емізіктеген қара саба, ыдыс-аяқ көрінеді және сонда үлкен маслобойканың шелегін көптен қос қолдап, шаршаған күйде айналдырып отырған жас қыз байқалады. Ол — Алуа. Үстіндегі көйлегі, кемзалы жыртық, реңсіз жүдеу.

Алуаның өзінің қабағы сынық, өңі жадау.

Д о ғ а л (Сартайға қымыз ұсына отырып). Сонымен, шын-ақ солай бекідің бе?

Сартай. Атама! Бекігенде қандай дейсің, тас түйін. Алам, тоқал алам.

Д о ғ а л. Апыр-ау, бұ да бір жөн екен-ау, ойласам. Сартай. Атама, дүниенің ендігі қызығы біздің бұдан былайғы жасымызда сол-ақ!

Ж ә к е ш. Шын айтасың ба, ей, қолыңнан келмейді ғой.

Б а й ы р. Ер болып өнеге көрсетші. Сартай (бұлғақтаңқырап сөйлейді). Қолдарыңды әпкел! Тек жақсы қыз тапшы. Қағып алғалы тұрмын.

Д о ғ а л (кекетеді). Шабыттағы қан көз қаршығадаймын де. Сартай. Аламын, тояттаймын, жем керек қаршығамын. (Осы кезде бәйбіше Жалтырға белгі етіп, қымыз жиналады. Бәйбіше ши ішіндегі Алуаны шақырып, жез леген мен құмғанды нұсқап.)

Қ а м а р. Тұр, қонақтар қолына су құй! (Аздан соң иығына орамал салып, Алуа ши ішінен шығып, Доғалдан бастап қонақтардың қолына су құяды. Бір иіліп, бір көтерілген бойы сыпайы да сұңғақ, сымбатты. Арқасында білектей қос өрімі ырғала түседі. Сартай Алуа шыққаннан қозғалақтап, жалтақтап, ынтыға түсіп қызығады. Алуаға қарай отырып, енді өзінің қиялын сөйлеп жатыр.)

Сартай. Шіркін, со бір шіркінді тамаша сәндеп киіндірсе, алтын, күміс шолпы, білезік қос өрімге, ақ білектерге орнаса, ақ отауға, саяға сақтаса, жібек-мақпал көрпе-жастығы, айнала күткен малайы. Ол майысып, қиылып, жібектей созылып, тал бойыңды ұйытып отырса, неңді бермес ең, нені қимас ең! (Өзге құрбы байлары бұған ылғи мысқылмен күле қарап, оның айламен сөйлеп отырғанын бәрі де аңдап оқырына күліседі. Mac байлардың ортасында қызыға қарап отырғаны бір Алуа екені ап-айқын. Алуа қолға су құйып бола сала, қысыла қашып, шидің ішіне кіреді. Үріккендей, елеріп тұр. Бар өнебойы сескенген.)

Қ а м а р (ши ішінде). Жә, неменеге өрекпідің? Шайқа ана майды. (Алуа отырып, іске кіріседі, бұның сыртында ас жей отырып, байлар бір жағынан сұқтанып, бір жағынан тұрпайы қомағайлыққа салып, Алуаға қызыққан күйде қыза сөйлесіп жатыр. Жалтыр Доғалдың емеурінімен қонақтарға ет үстінде арақ құйып, ұсынып жатыр. Бір-бірден қаққаннан кейін Сартай Доғалға жабыса сөйлейді.)

Сартай. Айналайын, Доғал-ау, әлгі қалам қасты қайдан тапқансың?

Ж ә к е ш, Б а й ы р Бұл кім өзі? Қайдан тапқансың?

Д о ғ а л (күледі). Е, немене, бәрің сұқтанғаның қалай?

Сартай. Не деп отырсың, хордың қызы десеңші. Жөнін айтшы.

Д о ғ а л. Ол — біздің баяғыда өлген жылқышымыз Сатайдың қызы. Жұрдай жетім.

Сартай. Иесі бар ма, иесі кім?

Д о ғ а л. Ие дейтін әке-шеше, ата-бауыр жоқ. Бір жақын дегені осындағы біздің түйеші Сексек дейтін шала-жансар бір жан. Ие дейтін иесі біздің өзіміз.

Сартай (тағы бірді қағып салып). Ойпыр-ау, ендеше, мені ырысқа жеткізетін өзіңсің ғой, Доғал. Менің жаңағы арманым, аңсағаным кім еді.

Ж ә к е ш (күліп). Бәсе, бұл жаңа қолды-аяққа тұрмай қозданып кеткен жоқ па?

Сартай. Алам, бер, Доғал. Таптым мен тоқалымды.

Ж ә к е ш, Б а й ы р (қатарынан). Алда байғұс-ай, мынаның әукесі түсіп кетті ғой. Мынау қолында өлер біреудің. Тұтанып кетер.

Сартай. Аты кім? Айналайынның аты кім, жаудыр көздің, қалам қастың.

Ж ә к е ш. Алуа.

Сартай. Алуа, Алуаш. Менікі, алам. (Алуа бұл кезде елең етіп шошынды. Бәйбіше бұл кезде шығып кеткен.) Бересің бе? Айтшы. Өз қолыңнан алайын.

Д о ғ а л (пауза). Жоқ, бермеймін. Түлкінің күшігіндей өзім өсіріп келем де, жетіліп ап саған соқтырам ба?

С а р т а й. Не деп отырсың, өз ниетің бар ма?

Д о ғ а л. Өзім алам. Сен қызықтырдың, алдым, өзім алам. Мә қолым. (Сартай екеуі қол соғысады.)

Ж ә к е ш. Не дейді, қарағым-ау, ер серті болғай-ақ та.

Б а й ы р. Ойбай, бүл Доғал мырза шынға кетті.

Д о ғ ал (қолына арақты алып, масайған). Үш күн, сертім сол, үш күн ішінде Алуаны алдым. Міне, сертім! (деп арақты көтеріп салады. Енді Жалтырға бұйрық береді.) Жина мынаны! Жалтыр, жарияла! Білсін ауыл, Алуа, айнала-аймақ білсін! Шық, жарияла, шақыр мұнда Сексекті. (Лаулаған байлар дабырлап қостайды. Сартай, Жәкештер сүйсіне қостайды. Олар ішіп отыр. Ши ішінде Алуа жаңағы сөзді естігенде, қолы жұмыстан үзіліп кетеді. Басын қорғағандай керегеге қисая береді. Шошына өксіп жылайды. Жалтыр Сексекті алып кірген.)

Д о ғ а л (Сексекке). Отыр! Жә, Сексек, сенімен келелі сөзім бар. Келіс сөз. Қысқасы, мына сенің қарындасың Алуа бүгін бойжеткен қыз болды. Өсірген өзім, енді өзім сол қарындасыңды алайын деп отырмын. Қойшы, сөздің қысқасы, маған сенің ризалығың керек. Мына ағайынның төрт көзі түгел отырғанда ризашылығыңды айт. Дәл осы орныңнан тұрғанда менің қайнағам, Доғал мырзаның қайнағасы болып тұрасың. (Өзге мырзалар кеңкілдеп күліседі.)

С а р т а й. О, бас құдам Сексек, қошемет сенікі!

Б а й ы р. Құдалық қайырлы болсын, Сексек, сар сүйегім. (Күліседі.)

Ж ә к е ш. Қайран, Сексектей қайнағасы болғанның арманы бар ма?!

С а р т а й. Енді Сексекке қолы жеткеннің өзінің де арманы болмас!

Ж а л т ы р. Ал лебізіңді тыңдадық, қайнаға Сексек.

С е к с е к (Доғалға). Мырза, мен бұл сөзге жоқпын.

Д о ғ а л. Не дейсің?

С е к с е к. Жоқпын сол, жоқпын!

Д о ғ а л. О не дегенің?

С е к с е к. Қарқарадай Қамар бәйбішенің үстіне тоқалға мені алмайсыз, мырза, Алуаны аласың. Ендеше, ризалығын өзінен ал дегенім.

Б а й ы р. Қара басқыр, әуелі сенің ризалығыңды сұрап отырғанымыз жоқ па?

Ж ә к е ш. Сен риза болсаң, қыз қайда кетуші еді!

С е к с е к (шошып). О, құдай көрсетпесін. Қой, қойыңыз, мырзалар. Жоға, мазағыңызды қойыңыз. Мен жоқпын! (деп жөнеле береді.)

Д о ғ а л. Не дейсің, ей, сен. Тұр, тоқта! Ұста ананы! (Жалтыр жүгірген болады, Сексек қашып кеткен. Алуа тағы да шошынып, жылай түседі.) Бәрібір, қадам бастым, қайту жоқ, сертім бердім, екі бірдей айту жоқ. Мырзалар, достар! Қазір сендер менімен кеңесте болыңдар. Жалтыр, сен, мына Сартайдың, мына Байырдың, мына Жәкештің үйіндегі бәйбішелеріне хабар айт. Келсін қонаққа! Менің тойыма келсін! Ал сендер Алуаға арнап үй, отау әзірлет. Жасау жиғызам, той қамдатам, қасыма еріндер. (Жалтыр жөнеле береді. Қонақтар арақ көтеріп, үйден қозғала береді. Осы кезде Қамар кіреді.)

Қ а м а р. Бұ не, не әбігер? Жаңағы Сексек не деп зарлап барады! Не сұмдық айтып жүр?

Д о ғ а л (ақырып). Қамар, сен, ақылың болса, енді үн қатпа!

Қ а м а р. Неге үн қатпаймын? Мен адамзатпын ба, малмын ба?

Д о ғ а л. Шығарма үніңді. Айттым шештім, бүгін кестім, шешкенім бұрын болатын.

Қ а м а р. Олай болса, мені де шеш.

Д о ғ а л. Шық! Шығарма үніңді. Кет көзімнен! (Қамарға ұмтылады. Еркектер ара түсе береді.)

Ж ә к е ш (Қамарға). Не қыласың, Қамар, мырза қызу, тіл тиеді, шыға бер. (Қамар жылап жібереді, оны Доғал итермелеп шығара бастайды, екінші жақтан жылаған Алуа шиден шығып, қашпақ болады, Доғал оны ұстап қалады.) Алуа, сен тапжылма! (Қамарды шығарып жіберіп, Алуаны шидің ішіне қайта кіргізіп.) Сен бүгін осы үйден қадам баспа! Шықпа ешқайда! (Алуа басын шайқап, жылап тұрып қалған. Доғал жолдастарына.)

Д о ғ а л. Кәне жүріңдер, іске сәт! (Мас Сартайлар дабырлап: "Іске сәт, құсың құтты болсын, бастық өрге бастық" десіп, мас, қыңырлық озбырлық жүзбен кетіседі.)

Ж а л т ы р (асыға кірген, Алуаға қатал бұйыра сөйлейді). Мырзаның әмірі, ол екі болмайды, осы үйден қия баспасын деді. Қыбыр етпе, ырысыңды тос.

А л у а (ең алғаш үн қатып). Мен, мен өлемін, ризалығым жоқ, өлем. (Өксіп жылайды.)

Ж а л т ы р. Онда менің жұмысым жоқ. Болары болған, сөз біткен. (Aлyа жылап шөгіп қалады. Үйге Қамар, Мардан кіреді. Алуа ши ішінде, бұларға көрінбейді.)

М а р д а н (Жалтырды тоқтатып). Жалтыр, сен Доғалды мұнда шақыршы. Менің айтар сөзім бар. (Жалтыр кетеді. Мардан иығына жұқа әсем шапан жамылған, көзінде көзілдірік, қолында кітабы бар, ішкі киімдері орысша. Ұзын шашты, келбетті, оқыған жігіт. Кітабына қарап тұр. Жеңгесі бұған жалына сөйлейді.)

Қ а м а р. Қалқам, төрем, бұ не сұмдық. Менің үстіме сіңірі шыққан кедей қызы, жұртта қалған жемтік, жетімек келмек пе? (Алуаға бұл сөздер және де соққыдай.) Тоқтат ағаңды. Не жазығым бар екен? Он бес жыл бірге жасап кеп, осынша қор етер ме! Панаңды сұраймын, қалқатайым, қайным! Құтқар мені мына азаптан. (Мардан түк айтпай, үнсіз салқын тұр. Доғал кіреді.)

Д о ғ а л. Немене, Мардан, Қамардың жасақшысы боп кеп тұрсың ба?

М а р д а н. Бұ не? Шының ба, ойының ба?

Д о ғ а л. Анық шын, екі айтарым жоқ, болды.

М а р д а н. Мастық емес пе, мырза? Ақталдың өңшең байы желіккеннен желігіп, жарға жығылайын деп жүрген жоқпысыңдар?

Д о ғ а л. Қарағым, інім, өзге тұста тілінді алармын. Бұл жолы көңілің қалар. Доғар!

М а р д а н (салқындатып). Солай ма?

Д о ғ а л. Солай! Бұл бүгін емес, шынымды енді айтайын, көптен піскен байлау болатын.

М а р д а н. Ендеше, араласар, ақылдасар жол қалмапты ғой.

Д о ғ а л. Дәл солай!

М а р д а н. Ендеше, жалғыз-ақ сөзімді тыңда! Ақталдың ең үлкен байы сенсің, онсыз да кеңес өкіметіне сендер сүйкімді жан емессің, біліп қой, бұл құрытты ұзын өкімет. Не асауға, нелер алып қашпаға бұталық тастаса, бұлжытпай түсіреді. Мойнын үзе жығады да. Бүгінгі тек жүргеніңді, тоқ жүргеніңді көп көрейін дедің ме? Қос қатын алып, өкіметтің заңын тағы бұзбақсың ба? Алдым, алам деген әйеліңнің бірде-бірі совет өкіметіне жыласа, шақса, өкініп жүрме! Қашан айттың деме, бара бер!

Д о ғ а л. Жарайды, сен туысқан қарызынан құтылдың. Арылдық қой. Енді тек тұр, қалыс тұр, атайын, бұдан былай көлденеңдеме!

М а р д а н (ашуланады). А, болды, жетті. Енді менен үн шықпас.

Д о ғ а л. Не көрсем де мен көрдім, жат болсаңдар, өздерің бол, қайтарым жоқ. (Кете барады. Тыста "Жалтыр, Байыр " деп жүрген үн естіледі. Қамар Марданға жылап жабысады.)

Қ а м а р. Төрем-ау, айтсаңшы, мен қайттім, не деймін?

М ар д а н. Естідің ғой жауабын. Мен сен үшін де, өзім үшін де өтіліп болғам жоқ па!

Қ а м а р. Ендеше, мен өкіметке шағамын ба? Басыма мен де қор болмасымды іздеп, азаттық, теңдік тілеймін бе? (Мардан бұл тұста жеңгесіне өзгеріп, құбыла сөйлейді.)

М а р д а н. Он бес жыл бірге жасадым дедің ғой, екеуің бірдей есуас боларсың деп ойламаймын. Шідерді ол үзсе де, сен үзбессің деп білем. Әкемнің қара шаңырағы, менің ендігі шешем де, әкем де Доғал емес, сен болатынсың. Оқудан қайтқанда, осылай бірер айға келгенде, ұяма келдім дейтұғым, сенің бауырыңа келетұғым. Түсінесің бе, ойлайсың ба осыны? Қалғанын өзің біл.

Қ а м а р (өксіп жылап). Қалқам-ай, не дедің? Мен сорлының әлі осындай да салмағы, қазығы жатыр ма еді? (Мардан шығады. Жылаған күйде Қамар да ере кетеді. Үйге бір топ қартаң, адуын қатындар дабырлап кірген.)

І Қ а т ы н. Қайда Алуа? А, мұнда ма едің? Уа, қайырлы болсын, қарағым.

І І—ІІІ қ а т ы н. Уа, талайың өссін, бақытың ассын.

І қ а т ы н. Өшкені жанып, өлгені тірілді ғой, Жанат кемпірдің. Ана жақта отауың әзірленіп жатыр.

ІІ қ а т ы н. Міне, үстіңе үлде мен бүлдеге ора деп жібек - мақпал киімін жіберіп жатыр. Ки, жаным, мынаны, қуан! (Алуаға ұсына береді.)

А л у а (жылап). Керегі жоқ. Алмаймын, әкетіңіздер, мен ризалық бергем жоқ.

І қ а т ы н. О, сөйлеме, қызым, ерге тимейтін қыз болмайды. Ырысыңа қуансаңшы.

ІІ қ а т ы н. Қай сорлыға мұндай бақ қонып еді?!

ІІІ қ а т ы н. Кімнің жұптысы болатыныңды ойласаңшы. (Алуаға киім кидіре береді. Алуа қарсыласады.)

А л у а. Керегі жоқ, ырысың құрсын. Кимеймін. Риза емеспін, риза емеспін дедім мен.

І қ а т ы н (Алуаны бас салады, үстіндегі киімін жырта бастайды. Жібек көйлек, әдемі кемзал, оқалы, үкілі тақия кигізіп, шашына шолпы тағып, мойнына алқа кигізіп, қолдарына білезік, жүзіктер кигізеді. Қыз алысып қарсылық етеді. Адуын қатындар өз дегендерін істеп жүр.) Доғалға қолы жеткеннің арманы бар ма еді!

ІІ қ а т ы н. Екі қатын үсті түгіл, жеті қатын үсті десе, Доғалға қандай ханның, қандай төренің қызы бармас еді?

ІІІ қ а т ы н. Ана жақта аппақ отауың әзірленіп жатыр, жасауың мен төсек-жайың қандай десеңші. Ертең-бүрсігүні осы үйіңе кіргіземіз, апарамыз қолымыздан.

І қ а т ы н (киіндіріп қойған Алуаға енді қарап). Уа, құсы құтты болсын қарағымның. Қандай тамаша сұлу боп кетті. Ай мен күндей ғой, жаным-ау!

ІІ қ а т ы н. Ерді кебенек ішінде танимын деп, Доғалдың көзі жыртық шоқпыт арасынан бұның бұндай сұлу екенін көргенін айтсаңшы! ("Құсы құтты болсын, құсы!" десіп қатындар күлісіп шығып кетеді. Кеш батып, үй іші алакөлеңке тартқан. Алуа жалғыз, жылауда. Бір сәтте жырақта бір күй сарыны естіледі. Үйге күндізгі қойдан қайтқан жас қойшы Бейсен кіреді. Сабадан қымыз құйып іше тұрып, Алуамен жанаса сөйлеседі.)

Б е й с е н. Алуаш, жылайсың-ау, жазған сорлы, жылатты-ау мыналар!

А л у а. Анау кім? Сексек пе? Сыбызғы тартып жатқан!

Б е й с е н. Сол ғой, кім дейсің!

А л у а. Мен отқа түсіп жатқанда, кімді жұбатып жатыр?

Б е й с е н. Жұбатып жатқан жоқ. Сенің зарыңды шегіп жылатып жатыр. Кәрі-құртаң, көрші-қолаң, саған тілеулес дос-жаранды.

А л у а. Не дейсің, Бейсен, бар ма маған тілеулестер?

Б е й с е н. Немене, қуанар деп пе ең, Доғалдың зорлығына.

А л у а. Ағатай-ау, қайттім, мен қайттім енді? Жаның ашыса, жол көрсетсеңші?

Б е й с е н (тартына сөйлейді). Ақырын, қайдан білейін, жолды білсем, мен өзім де өстіп жүрер ме ем! Бірақ бар дейді ғой, қорған болады, ара түсетін совет өкіметі дейді. Әйтсе де білмеймін, Сексектен естіші.

А л у а. Жіберші енді өзін, ақылыңды айтып жіберші. Мен жетім болсам, сен де жетіскен жоқ едің ғой бұл босағада.

Б е й с е н. Тілеуім бір, тек айтарға аузым, тілім тыюда. Жіберейін, Сексек келсін. (Жөнеледі. Алуа жұртқа)

А л у а. Қандай шошимын... аллау, не қылам? Төрт жасымда шешем өліп еді. Алты жасымда әкем өлді. Не ата, не бауыр, не бір жақын панам жоқ. Жалғыз ағайым Сексек болса, онда дәрмен жоқ. Не қылам? Қайда барам?! Құтылармын ба, мазақтан, сордан!.. (Сексек кіреді. Ұрланып шидің ішіне тығылып, жалтақтап, Алуаның ығына тығыла тұрып.)

С е к с е к. Не дейсің, жаным, бет-жүзің, омырауың жас қой. Мен де, міне, қоса жылаймын, қайтемін. Қалпым мынау. Қураған жапырақтай болған соң, азап еткен де мазақ етіп тұрған жоқ па?

А л у а (бойына жігер жиып.) Тимеймін Доғалға, жауызға. Әкемнің түбіне жеткен жалмауыз, қорқау болатын. Ұмытқам жоқ, сатылғам жоқ шүберегіне. Өлтірсе де тимеймін. Оған тигенше өлемін. Мынау желбауға оралып, асылып өлемін. (Желбауды керегенің басынан жұлып алып, асыла, буына береді.)

С е к с е к (арпалысып). Ойбай-ай, құдай, қалқам-ай, тағы не пәле бастадың. (Алуаны босата алмай мықшыңдап жүріп, кездігін суырып aп, желбауды кесіп жібереді. Алуа сылқ құлайды. Сексек құшақтап, аймалап.) Сәулем, Алуашым, жалғызым. Не көрсем бірге көрдім. Бірге өлдім өзіңмен. Қазір мына алакөлеңке іңір қараңғысы шығып кетсек, сытылып кетсек, ешкім байқамайды, жүр шапшаң, матаулы түйенің ішіне жетші. Сонда бір жүйрік атаншаны әзірлеп қойдым. Кеттік совет өкіметіне, қаштық. Жүр. Я, тәңір, ия, бабам, жолымызды оңғара көр. (Екеуі үйден көлеңкедей ұрланып жөнеледі. Аздан соң үйге көп жарық алып, дабырлап мәз болысып, бағанағы бір топ қатын, тағы көп сәнді Қатындар ортаға Доғалды, Сартайларды алып үйге кіріседі.)

І қ а т ы н. Қайырлы болсын, құсың құтты болсын!

ІІ қ а т ы н. Тек жүзін ғана көріңдерші. Көрімдігін бересіңдер. Ай мен күндей жүзін ғана көріңдерші. Ерді кебенек ішінде көресің дегендей, Доғал мырзаның көзі қандай сұлуды тапқан, көріңдерші. (Шиді ашып жібереді. Бәрі аң-таң. "Ойбай, масқара, қыз қайда ? Қалыңдық қайда, не пәле, жын қақты ма, пері әкетті ме? Кашты ма, қашқан ба?" деген үрейленген, шуласқан әбігер, дабыр, сасқалақ)

Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ

Екінші сурет

Сахна қатарласып тігілген екі үлкен киіз үй. Араларында жалғас жоқ. Есіктері сахнаның екі жақ шетіне шығады. Сол жақтағысы — следователь Сапардың кеңсесі. Оң жақтағысы — қызыл отау. Сол жақтағы үйдің есік алдында сәл алаң бар. Сахна ашылғанда, следователь Сапар және хатшысы отырады. Есік алдына Сексек пен Алуа келеді.

С е к с е к. Ал кіретін жер осы деді ғой. Осыған шейін әкелдім, бұдан арғы жолын өзім де білмеймін. Kіp, кір енді.

Әне совет өкіметі, әне отыр. Анау төрдегісі сол болу керек. Kіp деймін, кір енді бол.

А л у а (іркіліп). Қорқам, не деймін?

С е к с е к. Ойбай, сығыр, бол, артыңнан қуғын жетеді қазір. Жетпей желкеміз үзіледі. Мына босағадан сүйреп алса, ең алдымен мені бауыздайды. Кір деймін, ойбай!

А л у а. Қорқам, не деймін! (Жылайды. Бұлардың артынан дабырлап екі-үш еркек келеді.)

І еркек. Өй, тоқта, тоқтаңдар...

С е к с е к. Е, не бар?

ІІ е р к е к. Не босын, шірет бар...

С е к с е к. Не дейді? О несі? Мазағы ма?!

І еркек. Ой, бұл жерде кезек бар, кезек.

ІІ еркек. Седуәтль жұмыс бастаған жоқ, біз де кезекте тұрмыз.

С е к с е к. Ей, тұра тұршы, қоя тұршы. Уа, кір деймін, Алуа!

І е р к е к. Ой, кезек бар дегенді ұғасың ба!

С е к с е к. Сендерге тәлкек керек қой мұнда. Білер ең, бәлем, сары атаншамен түнімен тепеңдеп қашсаң!

ІІ е р к е к. Өзі аларын алып қашып кеп, тықыршып тұр ғой дамыл таппай. Кезек бар деймін.

С е к с е к. Кезек-кезек... кезегі не осылардың? Күзет кезегі болушы еді, қой кезегі болушы еді. Бұ жерге келіп aп, мал жоқ, ел жоқ, кезек деп тағы не пәле шығарып тұр өздері. Kіp, Алуа, бол! (Алуаны итеріп үйге кіргізеді. Арттағылар дабырлап: "Кезек, кезек " деседі.) Ал кезегіңе мен қалдым, жеп қойсаң. Алуа, сен кіре бер. (Алуа кіріп, есік алдында тұрғанда.) Тұрғанын қара үн шықпай. О, қой, қоя берші! (Жұлқынып үйге кіреді, сырттағылар ұстай алмай қалады.)

І е р к е к (сыртта). Қызды түнделетіп алып қашқан қу ғой, құлқын сәріден кеңсеге жеткенін көрмейсің бе?

ІІ е р к е к. Қуғыннан бұрын айтып қаламын деп өлерменденіп тұр ғой. Кезегімізді әкеткенін қарашы. (Бұлар тақай береді. Үйде Сапар, хатшы қағазға қарасып отыр. Сексек Алуаны бір-екі түртеді. Алуа үндемей, бетін басады. Жылап тұр. Болмаған соң Сексек өзі тамағын кенейді.)

С е к с е к. Ассалаумағалайкүм, совет аға!

С а п а р (елең етіп, күле қарайды). Не дедіңіз?

С е к с е к. Өкімет аға. (Енді Алуаны түртеді.) Әне, қарады ана кісі, бар айт, айт деймін. "Апармасаң, буынып өлем" дейсің де, мені өзің бірге алып қашып кеп, бұның не тіпті енді. Жидіп кеткенің не, шырағым-ау? (Алуа жылап жібереді. Сапар таңданып орнынан тұрып, Алуаға келеді. Амандасады.)

С а п а p. Жүр, бері жүріңізші. Жасқанбаңыз, қарындасым. (Алуаны қолынан жетектеп столының қасына әкеп отырғызады.) Кәне, жасқанбаңыз, бұл жат жер емес. Сізді мұнда бір қапалық әкелді ғой. Барды айтыңыз. (Алуа үндемейді.) Атыңыз кім?

А л у а (ақырын ғана). Алуа.

С а п а р. Басыңызға бостандық алмақсыз ба?

А л у а. Ия, аға... Бірақ қорқам.

С а п а р (жылаған Алуаны уатып, жаны ашып). Не деп қорқасың, қарағым, кімнен қорқасың? Жөніңді айтшы, сені айттырған кісі бар ма еді?

А л у а. Жоқ.

С е к с е к Жоғы несі, бар де!

А л у а. Айттырмай-ақ алмақшы болды.

С а п а р. Ол кім, аты кім?

А л у а. Ол — Доғал. Мен соның үйінде алты жасымнан жетім қалып, күң болып қызмет еткем. Енді мені қатын үстіне алмақ болды. Содан қаштым. Совет өкіметіне қаштым. Қуып келіп, мені қайтарып ала ма деп қорқам. Ағатай, ағажан, совет өкіметі сіз бе?

С а п а р. Бар совет өкіметі мен емес, бірақ совет өкіметінің бір адамы менмін және сол совет өкіметінің тапсыруы бойынша мен сенің басынды қорғаймын.

А л у а. Шын ба, рас па? Ағатайым, әкем.

С е к с е к (ілесе). Совет өкіметі, әкем.

С а п а р (Алуаға жайлап). Біз сені қорғаймыз. Зорлық пен қорлыққа бермейміз. Бірақ алдын-ала кесесіп алайық, осы айтатын сөзімді жадыңда тұт. Доғал бай сені іздеп келер, не алдап, не қорқытып, сені қайтып әкетуге тырысатын болар, біз сонда сенен "баруға ризасың ба, жоқ па" деп сұрармыз. Сен сонда қорғанбай, жаңағы маған айтқан тілегіңді айт. Совет өкіметі сені қорғайды, бірақ ол сенің өзің де өз басынды қорғай біл, жасық болма деп ақыл айтады. Түсіндің бе осыны?

А л у а (ақырын). Түсіндім, аға.

С е к с е к. Түсіндік, совет өкіметі, аға.

С а п а р. Ендеше, қазір қызыл отауға барыңдар. Сонда қыздар сендерге арыз жазып берсін. Сол арызды алып, осында келіндер.

С е к с е к (Алуаны ертіп жөнеле беріп, қайта бұрылады). Айтпақшы, мұнда қызыл үй жоқ қой, бәрі деп аппақ үй, біз көрмедік қой, о қайда екен қызыл үй? Алуа? (Сапар хатшысына белгі етеді, хатшы оларды ертіп шығады. Бұл үшеуі есіктен сырт айналып бара жатады. Жаңағы екі-үш еркек енді бұларды сөз қып тұр.)

е р к е к. Мынау да басына бостандық іздеп келген қыз ғой байғұс. Седуәтльден шыққанын көрмейсің бе?

е р к е к. Не деген жақсы қыз! Қандай сұлу, тек жігіті жарымапты.

І е р к е к. "Жалтырдан қашып жалаққа" дегендей, жаңағы бір қураған жапырақтай қаудырлаған немене не жарытар дейсің. (Қызыл отау жағының шамы жанады. Сексек пен Алуа сонда. Хатшы жігіт Нинаға, Сәруәрға Алуаның жайын баяндап тұр.)

Х а т ш ы. Үш әйелдің бірі етіп алмақ болған байдан қашқан. Сіздің көмегіңізге тергеуші жіберді. Арыз жазып берсін дейді. Бұны алам деген бай, осы елдегі ең жуан, құлақ -боржой. (Хатшы кетеді.)

Н и н а (Алуаға). Жігіт болған қыз, қашқан, жақсы. Екі қатын, кәрі бай? Тьфу, масқара! Осында бостандық, қорықпа.

А л у а (Нинаға). Мен сонда да қорқам. Доғал бай мықты, оның кісісі көп. Ол ашуланса жаман.

С е к с е к. Ол сабайды, аямайды. Ол кімге де болса зорлық етеді.

Н и н а. Олай емес. Бай Доғал сендердей жеке-жеке кедейге зорлық еткен, совет өкіметіне ол зорлық ете алмайды. Ал өкімет сендерге тигізбейді. Қайта, "сендерге неге тидің?" деп өзін жазалайды.

С е к с е к. Сөйтіп, енді біз одан кетуге еріктіміз бе?

Н и н а. Енді Доғал сендерге хозяин емес, қайта аз уақытта сол ауылдағы малға, үйге, жерге, қыстауға — бәріне сен, сендер ие боласыңдар.

С е к с е к. Айналдым аузыңнан.

Н и н а. Жаз, Сәруәр, арызын жаз. Атың кім?

С ә р у ә р. Атыңыз кім, отырыңыз.

А л у а. Алуа, әкем аты Сатай. (Сәруәр оның арызын жазып жатады. Екінші қыз Сексекпен сөйлесіп, оған арыз жазбақ болады. Ендігі әңгіме осы екеуінің арасында.)

Қ ы з (жазуға кірісіп). Жә, атыңыз кім, жезде?

С е к с е к. Атым Сексек! (Қыз күледі.) Шыным, шын атым Сексек!

Қ ы з (күледі). Сондай ат бола ма екен?

С е к с е к. Ат болмайды, оның рас. Бірақ маған қойғанын көрмейсіз бе, жұрттың.

Қ ы з. Жұрттың қойғаны қалай? Әкеңіз қойған ат ше?

С е к с е к. Ой, тәйір-ай, әкем қойған ат та жарып жатқан жоқ. "Жұмыр" қойыпты, Жұмыр дейді. Жұмыр дейтін мен бір шоқпар ма, жота, келсаптың басы ма? Әшейін ауызға түскенді қоя салған да. Қайта Сексек дегеннің мәні бар. Жұрттың ол атты қоятын жөні бар!

Қ ы з. Қалайша, бұл не деген сөз?

С е к с е к. Сексек атанғаным — мен бала күнімде көп уақыт Доғал байдың аулында ешкі баққам. Қазақ ешкінің атасын Сексек ата демей ме? Мені сол ешкі баққаннан "ата" деуге қимай, "Сексек" деп жарты атын қойған ғой.

Қ ы з. Ал Алуаны алуға сіз ризасыз ғой?

С е к с е к (ожырая). Жоға!.. Тәйірі, о несі?

Қ ы з. Е, енді қалай? Сіз алып қаштыңыз ғой, солай ма?

С е к с е к. Қаштым, сонда қайтеді екен.

Қ ы з. Ендеше, алмайсыз ба?

С е к с е к. Е, Алуаны алып мен не қылам? Қарындасым емес пе!

Қ ы з. Ендеше, бұл қалай, қашқаныңыз қалай?

С е к с е к. Не қалайы болсын? Қарындасым қашам деді, мен тоқтата алмадым, ал мұны қашырып жіберіп, Доғалдай қасқырдың қасында қалуға дәтім шыдамады. Сабайды ғой деп қорықтым. Сонымен, мен де бірге қашқам жоқ па?

Қ ы з. Ие, сіз қашпай-ақ кетсеңіз қайтуші еді?

С е к с е к. Жоқ, бостандық Алуаға керек болса, маған да керек, о не дегенің?

Д а у ы с т а р (тыста). Ойбай, шабуыл. Доғал бай келеді, бір қол кісісі бар. Құтырып келеді өздері. Әне келді, түсіп жатыр. Өңшең бай-құлақ, өздері мас білем, еліріп алған.

С е к с е к. Не дейді, айтам ба, ойбай, енді қайттім. (Үйдің ішінде қарбаласып жүріп қазанның астына кіріп кетеді. Бұл жақтың шамы сөнеді. Жарық Сапар кеңсесі жақта. Ол үйдің алдына ұмтыла шыққан асау топ бар, бұнда ақсақал, қарасақал, бай-құлақтар, үйге кірмей, кейбірі мастай ашулы ызғар сөз тастады. "Қыз осында", "Шығарып берсін, ылаң қылмасын", "Қайтарсын қатынымды!", "Барыңдар, іздеңдер!". Осы үлкен топтың бір бөлігі сахна сыртына ұмтылады. Қалған, Доғал бастаған бір тобы Сапардың үстіне кіреді.)

С а п а р. Немене, байлар, бәріңнің қатының бір-ақ кетті ме?

І д а у ы с. Бізге қашқын қыз Алуа керек!

ІІ д а у ы с. Қайда сол қыз?

ІІІ д а у ы с. Қайтарыңдар сол қызды!

С а п а р. Бұл жерде қыз тартып әкететін күш жоқ!

Ж ә к е ш. Беталды қыз емес, қалындық.

С а р т а й. Инабатты адамның қалыңдығы.

Ж ә к е ш. Қызды қайнынан, қатынды байынан айыртып ел боламыз ба?

С а р т а й. Әділетіңмен басқар десек, айыптымыз ба?

С а п а р. Сіз не дейсіз? Қалай басқаруды тілейін деп едіңіз, шыныңызды айтыңызшы?

І д а у ы с. Жолмен басқар дейміз!

С а п а р. Ол қай жол? Қандай жол?

Ж ә к е ш. Еліміздің жолын айтамыз. Бабамыздан келе жатқан жолымыз. Баяғыдан келе жатқан дініміз, шариғатымыз бар.

С а п а р. Ә, сол жолдарыңмен жүргізбексіңдер ме, совет өкіметін? (Орнынан тұрып, зілденіп.) Олай болса, көздеріңді ашып қараңдар, бай, шонжар, мырзалар! Ол күндерің өткен сендердің. Және бақырып - шақырмаңдар мұнда!

С а р т а й (жуасыған үнмен). Жолдас тергеуші, осы біздің жөн сөзімізге де дұрыс жауап болмай ма, тегі?

С а п а р. Неге болмасын, айтып көр жөн сөзіңді!

Ж ә к е ш. Олай болса, Сатай қызы Алуа келді ме осында?

С а п а р. Ия, келді Алуа Сатай қызы.

Ж ә к е ш. Ол мынау Доғал мырзаның әйелі еді ғой. Кеше ризалығымен тиген әйелі еді ғой, біз соған келіп тұрған жоқпыз ба?

С а п а р. Ал қыз бұл мырзаға риза болмай кеткен болса, қайтесіз?

Ж ә к е ш. Ол бекер. Қыз риза болып, байдың жіберген сыйын да үстіне киген, риза болмаса о не?

С а р т а й. Риза емеспін десе, өз аузынан айтсыншы! Көзімізге көрініп айтсыншы!

І д а у ы с. Күйеуінің көзінше айтсын!

ІІ д а у ы с. Өкімет қорғаса, ашық қорғайды, закүн болысса, ашық болысады емес пе?

С а п а р. Рас, ашық болысады. Сонда қыз ап-ашық "бармаймын Доғалыңа!" десе, не дейсіңдер. Сартай. Десе, көзімізше десін.

Ж ә к е ш. Осы араға келтіріңіз де, жұрт алдында айтқызыңызшы сонысын. Біз соны айтпайды деп білеміз.

С а п а р. Жарайды, көздерің жетсін. (Хатшыға). Шақырыңыз мұнда Алуа Сатай қызын! (Жұрт жым-жырт. Хатшы қозғалады. Бұл жақта шам өшеді. Шам қызыл отауда жанады.)

Б а й ы р (содыр топты бастап Жалтыр екеуі жұлқына кірген. Алуа төрде үркіп түр).

Ж а л т ы р. Осыдан кетіп көр Доғалдан. Шық былай! (Ұмтыла береді.)

Н и н а (атып тұрып, өз бойымен Алуаны қорғаштап). Стой! Тоқта! Тиме!

Б а й ы р. Өзің былай тұр! Тарт мынаны. (Жалтыр Нинаның қалынан ұстап, жұлқи береді.)

Н и н а. Не смей! Атамын! (Браунингін суырып алады.) Жалтыр. Ой, тарт арман! Нина. Убирайтесь вон! Кет! Жалтыр. Кетсең өзің кет!

Б а й ы р. Құтқармаймыз бұл қызды! (Арттарынан ерген екі-үш мастау жігіттер тобымен Нинаны кимелеп, Алуаға қол соза береді.)

С ә р у ә р. Милиция! Милиция!

Ж а л т ы р. Былай тұр сен, қыз! (Қатты жұлқып жібереді.)

Н и н а. Тоқта! Уничтожу! (Мылтық, атады. Байлар сәл аңырып тоқтай қалады. Нина Алуаны қорғаштап тұра қап.) Мені өлтіріп қана аласың. Ал мен мынау браунингімдегі алты оқпен осы тұрған байлар алтауыңды атып өлтірмей, өлмеймін, бермеймін Алуаны! (Екі жақ үрпиісіп тұрып Қалған. Милиционерді ертіп хатшы кіреді.)

X а т ш ы (байларға). Тұр былай! Қайт былай! Бұл не бассыздық? Отқа түсуші ме едіңдер?

Ж а л т ы р. Жібермейміз, құтқармаймыз бұл қызды! Біліп қойсын, Доғал айтқан, жерге кірсе, төбе шашынан, аспанға ұшса, сирағынан сүйреп алармыз!

X а т ш ы (Нинаға). Сатаеваны следователь шақырады. Сонда алып жүріңіз. (Нина, Алуа, хатшы үнсіз томсарған топтың алдынан өте береді. Бұл жақта шам өшеді. Енді шам следователь үйінде жанған.)

С а п а р (тергеу бастаған). Сатай қызы Алуа, сіздің мына Доғал Дулат ұлының әйелі екеніңіз рас па еді?

А л у а (ақырын). Өтірік!

С а п а p. Ризалықпен тимекші болғаныңыз рас па еді?

А л у а. Өтірік.

С а п а р. Сол риза болғандықтан, Доғал жіберген сыйды алып, қабылдағаныңыз рас па?

А л у а. Өтірік!..

С а п а р. Ендеше, үстіңе киген киім кімдікі? Доғал "мен жіберген сый, мен кигіздім" дейді ғой.

С а р т а й. Бәсе, соны айт!

Ж ә к е ш. Әлде өзің тігіп киген кемзал, көйлек шығар, солай ма?

С а р т а й. Сатайдың сандығынан қалған болар?

І д а у ы с. Кім кигізді екен, айтып көрсін, кәніки?

А л у а (бекініп). Әуелі бұл киімді өздері бас салып ұрып, зорлап кигізген маған. Бірақ бұл киім, енді ойласам, менікі. Әкем Сатай осы Доғалдың отына күйіп, жылқысын қорғап, оққа ұшып өлген. Мен алты жасымнан босағасында күң болып қызмет еткем. Әкем мен екеуміздің бір көйлек, бір кемзалға татитын еңбегіміз жоқ еді деп қайтіп айтар екен. Айтып көрсін, осы тұрған ақсақал, қарасақал!

С а п а р. Сөйтіп, Сатай қызы Алуа, сіз Доғалға ризалық берген жоқсыз және бермейсіз де, солай дейсіз бе?

А л у а. Солай, ризалық бермеймін де, енді оның аулына да, маңына да бармаймын!

С а п а p. Соңғы сөз, өзіңізді оның қалыңдығы деп те санаған емессіз. Солай ма?

А л у а. Емеспін, солай!

С а п а р (хатшыға). Хаттап болдыңыз ғой осы сөздің бәрін? (Топқа). Тергеу бітті. Іс осымен тамам! Енді тарай берулеріңе болады. (Байлар сызданып, томсарған күйде өте жай басып тарай береді.)

Д о ғ а л. Құтылдым дейтін шығарсың... Бұрын көрмегенді енді көресің, Алуа!

С а р т а й. Айтқамыз. Жерге кірсең, төбе шашыңнан сүйреп алармыз, аспанға ұшсаң, сирағыңнан сүйрерміз. (Алуа шошымайды, байлар кеткен соң, Нина, Алуа үйден қуана шығады. Енді бұл жақтың шамы өшкен. Қызыл отауда Сәруәр бастаған қыздар жабықтан қарап, сөйлеп тұр.)

С ә р у ә р. Байлар жеңілді, мойындарына су кетті. Аттарына мініп кетіп жатыр.

І қ ы з. Ыза болғаннан жарылардай, кетіп жатыр. Түстері өрт сөндіргендей. (Бұл үйде осы кезде төңкерулі үлкен қазан жорғалап жүреді. Қыздар бұған қарап күледі. Бір сәт қазан астынан Сексек қуана жайнап шығады. Бет-аузы бес батпан күйе. Жабыққа ұмтылып, қайта қуана секіреді. Қыздар күледі.)

С е к с е к. Кетті... жөнелді. Біз аман, Алуа азат!.. (Қонышынан сыбызғыны суырып алады, тамаша ойнақы, шат күй тарта жөнеледі. Бұндағы қыздар аңырып тұрып қалған. Күле жайнай Алуа, Нина да келеді, олар да бір күліп, бір таң қалысады. Күйді бір тамашалап, Сексекті өзгеше құрмет тұтқан Нина оны арқаға қағады. Қол шапалақтайды. Сексек күйін бітірген.) Азат күй, Алуа күйі... Бостандық!.. Ал қазанның асты жаман екен, құдай көрсетпесін, өліп қала жаздадым.

С ә р у ә р. Бәсе, соның нең?.. Еркек басыңмен ол не қылғаның?

С е к с е к. Е, қайдан білейін. Әлгі Қаңбақ шал қазан астына кіргенде, ақыл тапқан екен деп ем!

С ә р у ә р. Қай шал дейсің? (Күлкі.)

С е к с е к. Е, әлгі бар емес пе, өзіміздің Қаңбақ шал.

Анау ертегідегі дәуден қашып, қазан астына тығылатын Қаңбақ шал бар емес пе еді. Сол ақыл тапқан екен деп, мен де кіргем жоқ па? Бірақ не қыласың, Алуаш, сенің қашқаның ақыл, менің қазан астына тығылғаным мақұл болды ғой. Құтылмадық па?.. Неге қуанбайсың?

А л у а. Қайдан білейін... Көздері тегіс құтырған қасқырдай қанталап алыпты, өздері қандай көп. "Жерге кірсең, төбе шашыңнан, аспанға ұшсаң, сирағыңнан сүйрейміз" деді ғой!.. Шошимын, әлде менің сорым жаңа ғана басталды ма?..

Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ

ЕКІНШІ АКТ

Үшінші сурет

Сахна көп ауылдар арасындағы бұлақ басы. Бәрі де дәл бұлақ басында, Доғал, Сартай, Жәкеш, Байыр, Жалтыр отырысады. Арырақта Бейсен, Оспан, Ораз және Назарбектей көрші малшылар қолдарына күрек, шот алған. Жалаң аяқ, білек сыбанып, ышқыр түрген күйде бұлақ бойын тазалап, ауыр әрекет егісіп жүр. Тас көтеріп, шым аударып, лай тасиды.

Б а й ы р. Түрксиб жұмысында жүрген қазақ жұмысшыларының сандырағын естідіңдер ме?

Д а у ы с т а p. Е, неғыпты?

Доғал. Тағы не пәле бастапты?

Байыр. Молалыда бір топ жұмысшы айт күні жұмысқа шығыпты. Іледе тағы қазақтың бір қалың топ жұмысшы шойын жолшылары Іленің мешітін жапқызыпты. Бәйтолланы харам қып, оның орнына сол жұмысшыларға мектеп ашыпты.

Ж ә к е ш. Жақсылықтың жолы дейсің бе, бұл Түрксиб? Қандай ырыс әкеледі ғой дейсің?

С а р т а й. Бұл жол жақсылық әкелмес!

Д о ғ а л. Тыныштықта, оқшау жатқан өлке еді бұл Ақталдың бойы. Енді осы отырған бәрінді жағадан да, етектен де алғалы келеді ғой бұл заман.

С а р т а й. Әсіресе елдің кедейін, көбін аздырып, құлқын бұздырып келеді ғой. Байлар дұшпаның деп аздырады.

Б а й ы р. "Жұмыс береміз, ақша-пұл әзір, жолға кел" деп, малшы атаулыны шақырып жатыр.

Ж ә к е ш. Ертең сол малшыны өзіңе зәулі қып шығармақ, қырғи қып салмақ қой. (Арыда жұмыс істеп жүрген кедейлерді нұсқап.) Мыналардың жүрегін шайлықтырып сөйлеу керек. (Осыдан соң бұлар өзгеріп, малшыларға әдейі ендігі сөздерін құлаққағыс етіп сөйлейді. Бейсен, Оспан, Назарбек бері келіп жұмыс істей бастаған.)

Б а й ы р. Уай, осы мына Түрксибтің шойын жолшылары Қарақұмда шөлден ұшып, қырылып жатыр дейді, соны естідіңдер ме?

Д о ғ а л. Е, Қарақұм толған су емес пе?

С а р т а й. Суды таба алмай қара басып жүр де өздерін!

Ж а л т ы р. Мырзалар мен бір сұмдық айтайын ба? Осы жақында кітап ашып, әлгі әулие үлкен емен жарықтық айтыпты ғой. "Осы елге сұмырай келеді, су құриды" деп.

Ж ә к е ш. Ал, сонымен, не дейсің, құмда су құрып па?

Ж а л т ы р. Олда оңбайын, бүгін естіп, әдейі барып қайттым. Өз көзіммен көріп қайтқам жоқ па? Құмда мүлде су бітіпті. Мыңдаған жұмысшы ұрттап алатын бір тамшы таппай жатыр. Жол бойында қара шыбындай боп, шөлден мүлде ұшып, жығылып, қаусап жатыр.

Н а з а р б е к (аңқау пішінмен). Қарағым-ай, не дейді. Кеше ғана өзіміз мал су армап па едік?! Шұқыған жерден су шықпаушы ма еді?

Ж а л т ы р. Бәсе, соны айт, Назеке! Тап жиырма құдық қазыпты. Бірде-бір еуіңде ұрттам су жоқ дейді.

Н а з а р б е к. Ал кеше өзіміз көшкен құдықтар қайда? Онда да су бітіп пе?

Ж а л т ы р. Атама, Тастықұдық, Қиғанқұдық екеуінде бірдей біздің ауылдар көше салысымен су мүлде тартылып, жоқ боп кетіпті.

Б а й л a p. He дейсің, ей, астапыралла, япыр-ай!..

Н а з а р б е к. Не дейсің, ей, жаным-ау, мынауың бір анық апат қой, адам естімеген.

Ж а л т ы р. Оңбай кетейін, өз көзіммен көріп келдім. (Ораз бен Бейсен мысқылдап күліседі.)

О р а з. Ол жерде ендеше, біз де болдық, өтірік болса, мына Жалтырдың іші жарылсын! Әлдебіреулер Қитанқұдық пен Тастықұдықтың ішіне, Түрксибтің шойынжолшылары ішпесін деп, борсық пен иттің өлексесін тастапты. Тіпті сонау Текеліде жүретін, бұл атырапта мүлде жоқ суырды да сүйреп әкеп толтырыпты.

Б е й с е н. Оны да жаңағы сен көрген сұмырай әкеп тастаған шығар, о, Жалтыр?

Д о ғ а л. Е, несі бар, Қарақұмда жол білмеген, жөн білмеген талай жан шөлден қаталап өлетін.

С а р т а й. Сол Түрксибтің пәлесінен аулақ. Жарылқамай-ақ қойсын. Маңына бармау керек.

Ж ә к е ш. Содан жақсылық та алмайық, өзіміздегі барымызды да бермейік, не болса да аулақ болайық!

Б а й ы р. Сұмырай келсе, су құрыр деген, ә!

Ж а л т ы р. Молда кітап та ашыпты, тап осы сөзді сол кісі айтыпты ғой, жарықтық.

С а р т а й. Е, ата-бабам, Жалайыр әруағы, сақтай гөр! Сол Түрксиб пәлеге барғанша, біздің жұрт жарты лашығымда ал десін де. (Сахнаның бір шетіне аттан жаңа түскен, қолында қамшысы бар Алуа шығады. Бұл қазір жартылай қалаша киінген, бірақ белінде белбеуі бар. Алуаның сырт жағында бір топ кедей, әйелдер — ауылдың еркектері, әйелдері ере келе жатқандай. Алуа сахнадан зрительге өзінің басынан кешкен өз жайын баян етеді.)

А л у а. Екі жылдан асты... Доғал байдың босағасынан сонау бір қайғылы кеште қашқан жерім осы Суықбұлақтың басы еді!.. Сонда мені, қамаған қасқырдай шошытқан топ әлі мұнда түгел отыр екен. Мен онда жапан түзде, жалғыз жаяу, құралсыз сорлы жолаушыдай едім! Бұлар ұялас, азулары алты қарыс аш бөрілердей еді. Енді тағы кездестік. Бірақ екі жарым жыл менің көзімді көп ашты. Қызыл отауда бұлардан мені қорғаған Нина мен Сапар ағалар мені оқытты, дүние танытты. Бүгін мен өзімнің еркімді, правомды таныған қазақтың жас қызы, комсомолкасымын! Мен Түрксибтің құрылысында қалың жұмысшы арасындағы ағартушы - культармеец қызметіндемін. Әлі де Нина менің әрі досым, әрі оқытушы жетекшім! Солар Уком секретары, сонада да мені жауларымнан босатқан, қазір Тасқорған уезінің укомының секретары Сапар аға... мені осы елден Түрксибтің шөлге қамалған жұмысшыларына "су тап, су тап" деп жіберді. Артымда солар, алдымда бұлар... Ойымда жоқ еді, кездесетін бір шаққа жеткен болармын, көрермін!.. (Алуаға артындағы топ кедей жалшылар тақап келеді.)

Д а у ы с. Айналайын Алуа! Қарағым-ау! Сатайдан қалған жалғыз көз...

ІІ д а у ы с. Адам бопсың-ау, қарғам. Қайда жүрсің? Амансың ба?

А л у а. Мен аман-саумын, аталар, апалар! Өздеріңіз тегіс амансыздар ма? Мен қазір сіздерге бір үлкен тілекпен келдім, зор өтінішпен көмек сұрап келіп тұрмын! Құм ішінде жол салып жатқан Түрксибтің қалың жұмыскер тобы бүгін мынау ыстықта, дәл осы сәтте суға, сусынға соншалық мұқтаж боп тұр. Құдықтарды байлар әдейі иттің өлексесін тастап, жылан, бақа, шаян тастап бүлдіріп кетіпті. Көмек беріңдер? (Бейсен, Ораз, Оспандар Алуаға қарай ентелей барып, тыңдап тұр. Жұртқа дауыстай түсіп сөйлеп тұр.) Ағалар, бауырлар! Қазір бәрің де үйлеріндегі меске, қарынға, торсық, сүйретпеге су толтырып, айран - шалаптарыңды құйып, өгізге болса да мінгесіп, тай-тулақтарыңа мініп, сол сусындарыңды жеткізе көріңдер!

Б е й с е н. Айтқаныңды орындаймыз, Алуа.

Н а з а р б е к. Уа, ол үшін ештеңе бере ме Түрксибің?

А л у а. Береді! Сіздер бейіл берсең, Түрксибтің бермейтіні жоқ.

Д а у ы с т а p. Қазір ат-көлік әзірлеп, апарамыз сусынды.

Тағы бір дауыс. Үйде бір ішерлігімізді жеткіземіз.

Д а у ы с т а p. Әкеліңдер, ұстаңдар түйелерді, өгіздерді!

Д а у ы с т а р. Түрксіб жаман дейді, жүр ғой әне өз алуымыздың қызы.

Б е й с е н. Алтай қыс, алтай жаз жүргенде жыртық етік, сасық шидемнен басқа не көрдік бұ жерден?..

О р а з. Кедейдің ісі кедеймен. Қастық ойласа, байлар ойласын!..

О с п а н. Осы шойын жол түптің түбінде кедейдің ырысы!

Б е й с е н. Азғырындыға еріп, ақымақ бола болғанбыз. Тартыңдар бар кедейді. Сол Түрксибке көмегіңді ата! Су - сусыныңды жеткіз. Түгің жоқ болса, бейіліңді апар!.. (Байлар арасынан Доғал сызданып тұра келді.)

Д о ғ а л (айғайлап). Уай, бұл не қылған әбігер, шаруаның кезінде қандай ылаң? (Алуа ілгері басады.)

А л у а. Доғал мырза, ылаң жоқ мұнда. Түрксибтің жұмысшыларына осы ауылдан су мен сусын сұрап келіп тұрмыз.

Д о ғ а л. Ауылдан сұраса, ауылдың иесімен сөйлесер болар.

А л у а. Өз үйіндегі ыдысы мен сусынына әр үйдің өзі ие шығар, мырза? Кім бейіл берсе, біз содан сұраймыз!..

Д о ғ а л. Сұрап тұрған жоқсың, бұйырып тұрсың ғой!

А л у а. Зорлықпен барамыз десе, өзі айтсын мына жұрт, бұлар көмек етпекші.

Б а й ы р. Олар несімен көмек етпекші? Тек жұмыстан қашып, соңынан кетпекші десеңші.

Доғал (Алуаға). Сен кешегі Сатайдың қызы едің ғой? Асқақтамай-ақ, бүлдірмей-ақ, жөн келсең болмаушы ма еді?

А л у а. Бәсе, мен сол Сатайдың қызы болатұғым... Мырза, мен әлі түкті де бүлдіргем жоқ. Әсіресе, әзірше, сіздің ырысыңызды мен шайқағам жоқ. Түгі жоқ болса да, мына кедейлер қара суымен-ақ қайырым етпекші. Өзгенің иесі болсаңыз да, сіз су иесі емес шығарсыз? Жоқ әлде осы жерге су бітіріп қойған сіз бе едіңіз?

Б а й ы р. Мынаның асауын-ай, Доғалдың бетінен алып тұрғанын қарашы!

С а р т а й. Жалтыр, сен араласшы. Доғалға қоя тұр де.

Ж а л т ы р (Алуа мен Доғалдың арасына килігеді). Сен, Сатайдың қызы, немене осы, үлкенді үлкен, кісіні кісі демей, немене омыраумен қағып тұрғаның?

А л у а. Мен байларға, сендерге айтқан сөзім жоқ, жұмысым да жоқ сендерде.

Ж а л т ы р. Сенің жұмысың жоқ болса, менің жұмысым бар. Неге аулымызға келіп, шаруамызға қырсық жасайсың?

А л у а. Сенің қай шаруаңа мен қырсық жасадым? Немене байларға итаршы боп тұрғаның?

Ж а л т ы р. Итаршы дейсің бе? Сен енді жанжал салып, тіл тигізесің бе? Ендеше, итаршыны мен саған көрсетейін.

Б е й с е н (Алуаға болысады). Әй, Жалтыр, шатақ іздемей тек тұрсаңшы!..

Ж а л т ы р. Мені итаршы дейді ғой, мен кімге итаршы боппын сонда? Мынау отырған бес ауылдың мыңғырған малы су іше алмай, шөлге қамалып жатыр, ол — советтің малы. Соны суаратын құдық аршып жатсақ, бұл келіп жұмысшыларымызды алаң етіп, алдап әкетіп, советтің малын қырайын деп тұр. Бұның істеп тұрғаны қып-қызыл қастық. Мен бұған қырғызбаймын совет малын!

А л у а. Совет малы емес, сенің жаныңды салып тұрғаның байдың малы. Итаршы екенің рас!

Ж а л т ы р. Қоймадың ба, мә, ендеше, итаршы! Әкеңдей кісіге тіл тигізгенің үшін, мә! (Жалтыр Алуаның шашынан ұстай алып, бір жақ бұрымын шорт кесіп алмақ болады. Арпалыс. Жұрт жиреніп, шошып айғай салады. Бейсен Жалтырды қағып жіберіп, ұшырып түсіреді. Алуа қайрат жияды. Шашын қырыққызбаған.)

А л у а. Жолдастар! Мынау байлардың маған істеп тұрған сұмдығын көрдіңдер ғой. Бұның есесі болмай қалмас, бірақ мен қазір ол туралы түк айтпаймын. Сіздерге арнайтын сөзім жалғыз-ақ — жаңағы көмектеріңді сұраймын, елдік етіңдер! Бөгелмеңдер, жолдастар! Кірісіңдер жаңағы істеріңе! (Бір топ кедейлер жөнеліседі. Доғал мен байлар ақыра түрегеледі.)

Д о ғ а л. Тарамаңдар ешқайда!

С а р т а й. Бармаңдар жолға!

Б а й ы р. Көшеміз, кетеміз тағы бұл жерден!

Ж а л т ы р. Уа, кедейлер, көшеміз, қазір көшеміз!

Д о ғ а л. Жығыңдар үйді!

Б а й ы р. Кетеміз алысқа Турксибтен. Тоқтаңдар, кедейлер! (Кедейлердің қалғаны Алуа қасына жиылған. Байлар оқшауланып қалған. Сахна сыртында аттылар дүбірі естіледі. "Мыналар кім, аналар кім?" дескен дыбыстар.)

А л у а (кедейлерге). Тоқтаңдар, жолдастар! Мынау Сапар ата, үкімет адамдары. Қарсы алыңдар, осылар сендердің бір қамыңмен келген болар. ("Келе жатыр, әне келеді" деген үндер естіледі. Сахнаға бір топ совет Кызметкерлері, тың адамдар шығады. Бәрінің алдында Сапар, орта кеудеде Сексек те келе жатады. Енді біраз уақыт сахнадағы қалың жұрт үш топқа бөліне өзара сәл сөйлеседі.)

Д о ғ а л (өз тобына). Мынау ояз бастығы Сапар ғой?!

С а р т а й. Осы елдің бас көтерген ел ағасының бәріне ұзында өшті деуші еді!

Байыр. Бұ неғып жүр екен? Тағы бір науқаны ма екен бұлардың?

Д о ғ а л. Қандай қайырлы жұмыс дейсің? Әнеугі естілген жаманат бар еді, сол жетіп-ақ қалғаны ма?!

Ж ә к е ш. Япыр-ау, сонымен жеткені ме?

Д о ғ а л (Жалтырға). Түсініп отырсың ба, Жалтыр?

Ж а л т ы р. Несін айтасың, бай, оны естен шығарсам, Жалтыр болам ба?

Д о ғ а л. Олай болса, сен Назарбекті айналдыр! Қасына бірнеше кемпір-шалды қос. "Атам Жалайыр әруағына тапсырдым" деп айтты де! (Бұлар арасында күбір сөздер. Енді бір топ Сексек айналасындағы кедейлер.)

Д а у ы с т а р. Айналайын Сексек-ау, зарықтырдың той келмей!

ІІ д а у ы с. Күйін сағындық қой сыбызғыңның!

С е к с е к. Үндемеңдер, менің күйім әлі жетеді. Биік шырқап жетеді өздеріңе. Осы күнде Сексек сазы алысқа кетіп жатыр! Атап сұрама!

І д а у ы с. Ал өзің не жаймен келдің? Бұнда не істегелі келдіңдер?

ІІ д а у ы с. Бар тобың не жұмыс істейсің бұнда?

С е к с е к. Үндеме, ішің білсін, сабыр ет, көп кедей.

Қазір бәрі ашылады. Қыскасы (тақпақтап), жеткен Сексек, келмес деппең! Айтарым сол, ашылар жоқ! Арты қайыр, жарлы байыр! Жайғаса бер! (Бұл топта күлкі, күбір. Ендігі бір қалың топ — ортадағы Сапар, оның айналасында Бейсен, Ораз, Оспан, Алуалар.)

С а п а р (Алуаға). Сен осы жұмыстың берік қайраткерінің бірі боласың. Уездік партия комитеті саған бұл жұмысқа қатынасуды әдейі арнап тапсырды. Іздетпек едім, жақсы кездестің. Бар адамды білесің, барлық жайды андап отырғайсың. Тек өзіңді сабырмен, салмақпен ұста, берік ұста! Қасымда бол!

А л у а. Құп, Сапар аға, түсіндім. (Енді Сапар көпке дабыстап сөйлейді.)

С а п а p. Жә, халайық, бері жиылыңдар! Бар топтарың бері кеп жайғасыңдар, орталарыңа түсетін жаңа бір, салмақты бір мәселе бар! (Жұрт тегіс сахнаның орта тұсына қалың топ боп қоралай жайғасады.) Жолдастар! Ақтал бойының еңбекші елі, бүгінгі жиын дағдыдан тыс өзгеше бір жиын. Бүгін осы өлкенің елі мен жерінің тарихында болмаған тың бір жаңалық басталардай. Біз мұнда барлық Қазақстан үкіметінің, партия, совет басшылығының облыстарға, уездерге тапсырып таратқан бір үлкен қаулы-қарарын ада қылмақ кеп тұрмыз. Бұл арада қазақ аулындағы тап тартысының үлкен бір түйінін шешпекке келдік. Тап жауы деген ежелден келе жатқан, тамыры үзілмеген жуан шонжар, бай-феодалға халық кесімін, тарих кесімін айтқалы келдік. Жуан, шонжар байлардың жайын талқыға салады деген сөзді естігендеріңіз бар ма еді? (Бейсен, Оспан, тағы бірнеше кедейлер дауыс береді.)

Д а у ы с т а p. Естігеміз, Сапар жолдас!

—Тосқамыз осы жиынды.

—Айтыңыз, бастаңыз! Лебізіңізді күтеміз!

Сапар. Ендеше, достар, жолдастар! Осында отырған көбің Доғал байдың малының шетінде өмір бойы күн кешкен жандарсың. Қарақұрым жарты лашық ішінде туып, ішінде өлген аталарың болатын. Сол жарты лашық ішінде құрым шоқпыт оранып, күңіреніп күн кешіп келген өздерің болатынсың. Міне, бір топ боп отырған сендерсің. Бұл күнде қалың тобың бір араға, бір тілекке қосылған деп білеміз. Сендерді қосқан совет өкіметі. Бай-жуаннан кедей батырақтың есесін өтер деп отырған совет өкіметі! Ленин-Сталин бастаған большевик партиясы! Сендерді бұл күндерде ардақты совет халқы деп атаймыз. Ал қарсында отырған, мынау тұрған азғана тобың бәріңді босағасында шіріткен асқақ байларың, жуандарың! "Кеселді түйін шешіліп, кердең мойын кесіліп" дейтін күн, міне, осы! Бай Доғал ата-тегінен келе жатқан озбыр жуан, феодал еді. Осыны өз ортаңнан бүгін кетірем десең, ерік сенде. "Не дейсіндер, қалай ұйғарасыңдар, кедей көпшілік, не бұйырасыңдар" деп, сендердің ортаңа осы сөзді әдейілеп әкеліп отырмыз. Кетіреміз десеңдер, ашық сөйлеп, беттеріңді білдір, ниеттеріңді айт! Біз сендердің еркіңше шешкелі келдік. Сөздеріңді тосамыз! (Пауза. Кедейлер арасында дауыстар.)

Д а у ы с т а р.Ал тұрып айт! Сен айт! Жә, айтсаңшы, бастасаңшы бірің! (Көпшілік үнсіз. Жәкеш, Байыр, Жалтырлар бірер кемпір, шал кедейді түртпектеп отыр.)

О р а з. О, көп сөйлейтін несі бар, бәрі мәлім емес пе? Айтқаның рас, Сапар жолдас. Осы Доғалдың ата-бабасының босағасында көзімізге көк шыбын үймелеген. Көрген күн анау, тұрған тұр мынау, айтарымыз сол — әрекетін салмаса екен, пәлесін жұқтырмаса екен сол бай!

К е д е й л е р д а у с ы. Дұрыс! Солай!

Д о ғ а л (маңындағы кедейлерге естірте). Қарызым, ата қарызымнан, тұз қарызым бар емес пе еді, Жалайырдың баласы, бәрінде!?. Шын-ақ отқа байлап, отқа төсеп бергенің бе, ағайын!

С а р т а й. Дәм қарызы бар еді ғой... Дәм атпай ма?!

Б а й ы р. Ата қарызын қайтеміз?

Ж ә к е ш. Не жазыпты ел-жұртына!.. Зарлады той байғұс!

Б е й с е н. Жолдастар, осында біреулер Доғалдың қарызы бар, дәм қарызы бар дейді, одан аттасақ, мойынымызға тозақта қызыл ошақ салады дей ме, әйтеуір ақиретті орнатып жатыр. Мен білсем, алыстан, ақирет тозағынан бұрын осында жер тозағын татпаппең әуелі, соны айтсаңшы! (Байлар отырған жақтан жүздері көрінбей, қатты дауыс берген үндер естіледі.)

Д а у ы с т а p. Қандай қастық көріп ең? Не жаманшылық кешіп ең? Ел шауып, жер өртеп пе еді?

Б е й с е н (бұл дауыстарды тосып алып). Қастықтан көп, қорлықтан көп көрмегеніміз жоқ. Айналайын совет өкіметі, есемді беріп, көрген керді айтшы деп отырғанда, енді іркілсем, ез болмас па ем! Алыстағы қастығын қояйын, кеше мен дәл бүгін ғана мына Қарақұмда, Түрксибте жұмыс істеген орыс, қазақ жұмыскері — қалың жұрт, шөлден қырылсын деп құдықтарды шулатқан кім? (Оспан, Ораз, Ысмағұл, Сексек бұны қостап дауыс береді.)

О с п а н. Жол бойынан ауылдарды қашыра көшкен кім?

О р а з. Ылау берме, үй жалдама, азық-сусын сатпа деген кім?

Ы с м а ғ у л. Керек десе, қара су екеш бір жұтым су берме деген кім?

Ораз. Бірде-бір батырақ-кедей Түрксибке барма, жалданба деп, ертенді-кеш үгіттеген, етегінен тартқан кім?

Б е й с е н. Әне, қастық деген анау, неге солай етеді бұл, бұл байлар! Түрксибке кедей барса, көзі ашылады, бай атаулы бәрімізге қарсы шығады деп соны істеді. Осының өзі де жетеді. Тұрмасын бұл өлкеде Доғал!.. (Және де байлар маңындағы топтардан үн естіледі.)

Д а у ы с т а p. Жә, жә, болды, айтпайды сен айтқанды бар кедей.

Н а з а р б е к. Уай, жолдастар! Осы кәмпеске деген не сөз? Малды, жерді алу ма, жоқ, сонысын бәрін алып, тағы айдау ма?

С а п а р. Конфискеге ілінген адам ел ортасындағы зиянды адам деп танылады. Сондықтан оны көпшілік — батырақтар келесі, кедей кеңесі залалды деп тапса, мал алынудың үстіне, өзін үй ішімен басқа облысқа жер аударады.

Н а з а р бе к. Жә, ағайынды-қарындас! Қарға тамырлы қазақ едік, жер өртеп, ел шауып, ер өлтірген жоқ еді ғой Доғал! "Ұзында өшті емес ек. Малын алсаң ал, тек өзін ел ішіне қалдыр. Бір басына ерік бер" десек, қалай болады? Осыны айтқанды жазғырып, жазалайсың ба, түте? Кедейге ерік бердім дейсің ғой, ендеше, сол ерікті кедей осылай десе, не дейсің? (Байлар жақ топта "осылай, осылай" деп дабырлаған үн шығады.)

С а п а р. Жә, бар кедей осылай дей ме? Мына кісі бәріңнің ойынды айтып тұр ма, жолдастар?

Б е й с е н д е р т о б ы. Жоқ, жоқ, айттық жаңа. Назарбек адасады!

А л у а. Жолдастар! Кедей-батырақтар! Бүгін біз жігеріміз жетсе, Ақтал бойында бұрын болмаған бір байлау жасаймыз. Ол — тарих байлауы болады. Бұндағы жеті байдың орнына жеті мың кедейдің көзі ашылсын, күні тусын деген байлауды бүгін ұран етеміз. Ол байлауды біз Ленин-Сталин партиясының жәрдемімен жасаймыз. Доғал бай қанаушы, обыр бай болатын. Енді бұл жерлердің ол иесі емес, біз, кедей - жалшы, ие боламыз!.. Сол дүние, мүлік біздікі болса, бұл бай бұл өңірде тұрмауы керек. Әйтпесе, жаңағы Бейсен айтқандай, кеше ғана Түрксибке кесірі тигендей, сендердің ендігі өміріңе де, еңбегіңе де, совет заманы берген бақытыңа да қырсығы тимей қоймайды. Солай емес пе еді, бұл байдың кетуі сіздердің тілектеріңіз емес пе еді? Шыныңды айтсаңшы, жұрт!

Д а у ы с т а р. Солай, солай. Дұрыс, бәріміздің сөзіміз сол! Бәріміз үшін айтты. Алуаныкі рас!

Н а з а р бе к. Е, жаңа осында ортамызға келген, бұрын осы ауылдың қызы болған Алуа бала сөйледі. Шырағым

Алуа, сенің әкең Сатайды біз білетінбіз. Жақсы азамат, ер кедей еді. Бірақ оны Доғал өлтірген жоқ-ты, қызым! Құдай бар, қайтіп өтірік айта аламыз! Оны қаныпезер ұры Бұлан атып өлтірген. Өзіңді болса, Доғалдың қатыны үстіне нақсүйер етіп алам дегені рас, тек сонысы болмаса, сенің басыңа қандай қастық етті, шырағым, ә?! Бұл "аламын" деді, сен "тимеймін" дедің. Көнбедің де, кеттің де бардың ғой. Сол үшін-ақ жерін, малын алудың үстіне, өзін таты құртам дейсің бе? Сені бұл төсегіне, теңіне алам дегені үшін, сен итжеккенге, Темірқан-Шората салам дедің бе? Бұның не? Өз басыңның кегіңді қуғаның ба? Мен тағы айтам, малы, мүлкін алайық, өзін боса әлі де Ақталдың бойында қалдырып тұрып, сынайық!

А л у а. Сапар ата, мен жауап беремін. Мен сөйлеймін тағы. Мынау Назарбек деген әлі санасы ашылмаған, тап сезімі оянбаған құйыршық. Өзі кедей болса да, құлақтың құйыршығы боп, итаршы болғанын ұқпай тұр. Осыны әшкерелеп сөйлеймін.

С а п а р. Жоқ, әзір әңгіме онда емес, алаң қылма! Болмайды. Тоқта, мына жұрттың өз ішінен біреу сөйлесін! (Көпшілік үнсіз.) Жә, жұртшылық, Назарбектің де сөзін тыңдадыңдар, не дейсіндер, неге байладыңдар?! (Пауза. Жұрттың алысырақ шетінен, қалаша жақсы киінген, көзінде көзілдірігі бар біреу турады, ол — Мардан.)

М а р д а н. Жолдас Сапар, маған сөз беріңізші! (Ол бері жүріп келе жатады. Батырақтар арасынан жақтырмаған дауыстар.)

Д а у ы с т а p. Бұл — Доғал байдың інісі. Өзі де жуан шонжардың мұрагері. Қаланың төресі Мардан. Ол не айтушы еді?!

М а р д а н. Мен осы батырақтардың дәл осы жиынына алыс қаладан әдейі келген адаммын. Біреулер мені туған ағасы Доғалмен қоштасқалы келді, әлі жеткенше ақыл бере келді, көмек еткелі келді деп те ойлаған болар. Солай ойлағанның ең басы — мынау отырған, менімен бір ата, бір анадан туған Доғалдың өзі болатын. Бірақ мен ол үшін келгем жоқ! Ақталдың бойына да бүгін бүкіл қазақ даласына келген жаңа дәурен сәулесі түсті. Совет сәулесі! Мынау ұлы құрылыс Түрксибтің осы өлкеге жеткені — жаңа тарихтың, талай жаңалықтың зор бастамасы... Киіз туырлықты, қалың ұйқылы, көшпелі тірлік қалады. Ақталдың бойында гүлденіп кеткелі тұрған тамаша өлке бар еді, бірақ оны түгелімен кімдер баурады? Өздері өнерді, еңбекті сүймейтін, бар еңбекшіні қараңғыда, езгіде ұстап келген мынау Доғалдар биледі.

Дауыстар (батырақтар арасында). Е, бәрекелді, дегенің рас! Уа, жолың болсын!..

—(байлар арасында). Құдай атсын, әруақ атқыр, азғын!..

—Шіріген жұмыртқа!

М а р д а н. Енді Ақтал бойы еңбексіз арамтамақтар мекені болмайды. Еңбек иесі, анық иесіне тиеді. Тиеді де, өнермен өзгереді, жайнай түсіп жаңғырады. Алуа қарындас барды айтты, соның айтқаны — халықтың тілегі. Жерден, малдан ғана айырып қоймай, Доғал сияқты жандарды елден де айыру керек. Доғал бұл өңірден кетірілсін!..

Д а у ы с т а р. Солай, бәрекелді, дұрыс!.. Болды! Жетті, байлау сол! Дауысқа сал, Сапар жолдас!

С а п а р. Жә, жолдастар, ендеше, сөз екшеліп болды дейміз ғой. (Дауыстар: "болды, болды".) Дауысқа саламыз ғой, солай ма? ("Солай, солай, сал!", "дауысқа сал!") Ендеше, байдың мал-мүлкі конфискеленіп, өзі бұл өлкеден жер аударылсын дегендерің қол көтеріңдер.

Д а у ы с т а р. Көтер! Ал көтер! Көтер! (Көпшілік қол көтереді.)

С а п а р. Ал енді, қарсы кісілер, көтеріңдер! (Назарбек көтере береді. Сол кезде қызы Айбала оған зекиді.)

А й б а л а. Көтерме! Жетті!

Ж а с т а p. Өй, бөгеме.

А й б а л а. Аулақ әкемнен, сүзеген бұқа секілденген сен алакөз! Болдың ғой адастырып. Әке, сен жетістің ғой құйыршық боп...

Н а з а р б е к. А... мына не дейді... мына... (Қалын түсіре береді.)

С а п а р. Ия, бір кісі, жалғыз Назарбек қарсы дейміз... Адасқанын өзі аңғарып, өзі айтты. Ал сонымен байлау болды, жиылыс жабылды, жолдастар. (Енді біразда дауыс беріп, қалың жұрт қол көтереді. Байлар салбырап оңашаланып, аз тобымен тая береді. Жиын біткен. Сапарды қалың кедей қуана қоршаған. Енді Алуа мен Мардан бәрі шығады.)

А л у а (Марданның қолын қысып). Сіз қандай жақсы айттыңыз. Сіз осындай ма едіңіз?..

М а р д а н (күліп). Енді қалай деп едіңіз? Біз жаңа заман тәрбиесінің жаңа бағыттағы адамы емеспіз бе, Алуаш?!

А л у а. Мен білмеппін, мүлде мұндай деп ойламаппын.

М а р д а н. Ұмытқансыз ғой, Алуаш!.. Есіңізге түссе, мен Доғалдың сонада сізге, сіздің басыңызға қастық етпек болған шағында да барымша қарсы шықпап па едім? Ат кекілін сонда кеспеп пе ем?.. Бүгін әдейі, мүлде осы ауылдан, атадан, мынандай халық аластаған ағадан, арамды айыру үшін, барды үзу үшін, шын совет азаматы болғаным осы деу үшін келгенім жоқ па?!

А л у а. Сондай тамаша, сондай жақсы айттыңыз, Мардан аға! Бәсе, саналы, оқыған азамат жолы осылай, басқаша болу керек қой.

С а п а р (өзін қоршаған кедейлер ортасында). Жә, достар, батырақтар, тап жауының үлкенін тауып, үлкен байлау жасадыңдар. Енді, кеткен байдың орнына жаңа дүние құрып, жаңа дәурен жасаймыз Ақтау бойында. Сол үшін сарп етеміз бар күшті. Бірақ естерінде болсын, Ақтау бойында тап тартысы анық берік басталғаны осы... Ендеше, жаулықтың да нелер қиян-кескі қастығы осыдан басталар деп біліңдер... Соған белді бекем байлаңдар. Іс тартыс жаңа ғана басталды... Бейсен, Алуа, Ораз... сендер меніменен Тасқорғанға, Укомға баруға әзірленіңдер!.. Жүріңдер!

Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ

Төртінші сурет

"Ақтал" колхозының үлкен клубының бір жақ бөлімдері. Сахнаның бір шеті өзі де клуб сахнасы тәріздес. Шымылдықтар, есік-терезелер және кеңселік бұйым-аспаптар көрінеді. Сахнада Алуа, Бейсен.

Алуа (қағаздарды қарастыра хат оқиды. Бейсенге). Бейсен, Укомнан, Сапар ағадан келген хатты тыңда! Мезгіл де жауапты, малға да, егіске де әрбір тың қолдың қосылып, араласқаны ақыл да, мақұл ғой. "Екеуіңе биылғы көктем ерекше сын, өзгеше жауапты көктем екенін ескертемін.

Бұрынғы құм кезген, "итке мініп, ирекпен қамшылап" дегендей, даланың қаңбағындай ауа көшіп жүрген елің отырықшы боп жатыр. Бұл — тарихтың бір жаңалығы. Бұрынғы жадау-жүдеу, шабан-шардақ жеке меншік жоғалып, үлкен коллективтік еңбек ірге қалап жатыр. Бұл — тағы тарихтық жаңа дәурен. Бұрын осы мекенінде иен су босқа ақты, құт даласы тек қана тұл жатты. Қазақстан үкіметі және партия басшылығы енді ойлап, байлап Ақталдың бойын өзгеше ғып жаңғыртып, гүлдендіру шарт деп отыр. Әсіресе сендердің колхозың сол үлгіні бастау шарт! Бірақ әлі бай-құлақ қарсылығы түгел жойылып болған жоқ, әр жерде тап жауының қастығы әлі де үзілмей, бой көрсетумен келеді. Партия сендерге өз міндеттеріңді атқаруда осы жайлардың бәрін ескере отырып, ада қылуды тапсырады. Ең бірінші сын міндет — он күн ішінде егіс жоспарын бітіріп тұрып, ақпар беріңдер". Көрдің бе, Бейсен, сен, "Ақталдың" колхоз бастығы, мен, уезден келген өкіл, екеуміздің ортақ міндет үстінде ортақ ауыр жауаптылығымыз аталып тұр. Барды тек қана егіске саламыз. Жиып болдың ба, бар күшіңді, ер-әйел азамат атаулыны?

Б е й с е н. Сен атаған адамдардың бәрін егінге салып жатырмын.

А л у а. Мал фермалары ше?

Б е й с е н. Онда мал балалап жатса да, не әйелді, не баланы жырып бөліп алуға кірістім. (Сахнаға Мардан шығады. Алуа, Бейсен таңырқап.) Сіз қайда, сіз қалайша, қашан келдіңіз!

М а р д а н. Мен Алматыдан әдейі келдім, баспа орындары жіберді. Газетке, журналға Ақтал бойының осы науқан үстінде бүгін жеткен табысын жазам.

А л у а. Ә, Бейсен, сені мақтайды екен. Қалай, жақсы болды ма, жарай ма?

Б е й с е н. Жақсы жазсын, сонда жақсы болат та.

А л у а. Жақсылықты сен көрсетсең, жақсы болады да.

М а р д а н. О, мен бүгінгі жаңалықтарға сондай сүйсіндім, сондай қуандым.

А л у а. Ой, ағеке, басымыз айналар мақтаннан.

М а р д а н. Атама, атама, Алуаш! Әрине, мен келген соң, мен бар шамам жеткенше өзіміздің Ақтал жайын жақсы жазам, мақтап жазам.

А л у а. Ал біз сіздің құр мақтап жазғаныңызды тілей алар ма екенбіз! Шынымызды айтып отырып, барды анық ашып отырып, жақсы жазсаңыз, құба-құп.

М а р д а н. Жоқ, мен көптен өзім көрмей жүрген Ақтал бойының соншалық жайнаған жайын тани тұра, бүгін сынап қарауға мұршам жоқ. Жайнатыңыз біздің туып-өскен асыл Ақталымыздың бойын... Қарындасым Алуа, жолыңыз болсын!.. (Алуа жаңа келген тракторшы Сашаға бұрыла береді.)

М а р д а н (Бейсенге). Қандай боп өскен өзі, әрі сұлу, әрі есті жатыр ғой. Тани білсем, өзі, тегі, өрлей түсер, бәлки, ұзаққа да кетер.

А л у а (Сашаға). Немене. Саша, тракторың бүгін күйлі ме? Жөнелесің бе?!

С а ш а. Әзірмін, бүгін түсетін жерді көрсетіңіздер.

Б е й с е н. Бүгін барамыз. Қазір ертіп жөнелем. (Бір топ колхозшы кіреді.)

І колхозшы. Сенің мына көмегіңе халықтың ризалығын айтсаңшы, Алуа!

ІІ к о л х о з ш ы. Ататын ғана естуші ек, неткен күш!..

ІІІ к о л х о з ш ы. Піл әкеп сыйладың ғой, қызым!

І колхозшы. Жануардың қайраты-ай!

ІV к о л х о з ш ы. Колхозға анық сенгенім осы. Жеке меншік боп отырсам, қай трактор жыртар еді менің жерімді?

А л у а (Сашаға). Саша, ұқтың ба? Естисің бе, саған, сенің тракторыңа мына жұрттың қандай ризалықпен қуанатынын білдің бе?

С а ш а. О, Алуа, мен машинаны мұндай жақсы көретін жұртты көрген емен. Бұлардың көзінде мен трактор емес, тіпті бір, планеталар арасындағы ракетамен ұшып келе жатқан кісідеймін.

А л у а. Бірақ, Саша, тездет! Укомнан хат келіп, он күнді кесіп беріп отыр. Кешігеміз, содан қорқамын. Барды салу шарт...

С а ш а. Бар жоспарды бір тана трактормен үлгере алмаймыз дедім ғой. Күн аз, қандай да болса көмек керек. Соқамен де жырта берсін, болмаса жоспарды орындай алмаймыз, құтыламыз!..

А л у а (Бейсенге). Онысы рас, біз кешігіп барамыз. Eгіc мезгілі өтіп барады-ау осы. Осылай ма?

І к о л х о з ш ы . Қаупің дұрыс, қызым. Күн болса қызып кетті, жер құрғап барады.

ІІ к о л х о з ш ы. Әлі жыртылатын жер қайда... құла дұз! Жоспардан шықпай жатырмыз.

А л у а. Әне, Бейсен, мезгіл өтіп барады, сен әлі бар күшіңді жиып сала алмай келесің! (Бұл топтарды жөнелтеді.)

Б е й с е н. Қайрат етуге жарайтын еркек, әйелден малдағыдан басқа бірде-бір жан қалған жоқ, міне, тізім!

А л у а. Әйелдер жетті ме?

Б е й с е н. Олар да келіп араласты. Бір тобы, міне, түскі демалысқа қайтты. (Бір топ әйелдер кіріп амандасады.)

А л у а. Іске сәт болсын. Аз күн қайрат етіп бағындар, апалар, құрбылар. Кісінікі емес, өз мүліктерің.

А й б а л а (әйелдер арасынан). Алуа, біздерді, міне, төлдеп жатқан мал фермасынан әкелді. Онда тек кемпір - шал қалды. Қозы-лақ ұшып өлсе, аш қатса, не дейміз осы?

А л у а. Он күнге, өзге дүниені ойлағанды қойып, барды егінге, егіске, егіске ғана салыңдар! Қазір демалыңдар, түстік үзілісте бригадаларыңа, осында оқушы жастар сауық көрсетеді. (Назарбек кіреді.)

Н а з а р б е к. Ой, қарағым Бейсен, Алуа! Уа, мені сорлаттыңдар ғой сендер! Мың қойдың қоздап жатқаны анау, ессіз тауда, жалғыз қорада кемпіріммен екеуміз ғана, қырылады ғой ел мүлкі! Сорлаймын ғой мен де. Еңбегім еш, тұзым сор болғаны ма енді кеп!

А л у а. Кімің кетті, ақсақал, неше кісіңді алдық?

Н а з а р б е к. Үш кісім кетіп отыр. Біреуі мынау — қызым Айбала. Әншейінде мал дегенде жаны қалмай безектеуші еді, бұны не қара басқанын да білмеймін. Жөнді айтам да қайтам деп еді.

А й б а л а. Қайтарды ма, айтып көр! Мен айтқаннан бетер қақсап тұрмын ғой, қозы-лақ қырылды деп!

Н а з а р б е к. Ой, айтқаның бар болсын. Қозы-лағым өлген соң сенің көз бұлағың суалсын!

А й б а л а. Ал өзің немене, осында кеп кәукілдеп, ол жерде малды тастап кеп тұрғаның қалай? Осы жүрісің өзі қай жүріс? Отар жайын мен жеткізбейді дедің бе?

Н а з а р б е к. Мен мына Алуа мен Бейсенге ат үстінен, тізгін ұшынан бір-ақ тілек айтам да қайтам. Шоқыта келдім, шапқылап жөнелем қазір.

А л у а. Айтыңызшы тілегіңізді, Назеке!

Н а з а р б е к. Тілегім сол, айналайын, көр! Бүгін болмаса ертең, не қылсаң да жет те, көзіңмен көр деймін! Малымды көр, төлімді қор! Қысылып тұрған жайымды көр. Күндіз де туады, түнде де туады. Егіздеп туады. Шопаным біреуі жарытпай жатыр, біреуі қозы-лағын алмай жатыр. Бір қолыммен қоздай алмаған тоқтының қозысын суырып, бір қолыммен төйтпейлеп жетім лақ, қозыны теліп жатырмын. Тыным жоқ... Тіпті, шырт ұйқыда жатып та төйттөйлеп жатады екем! Кемпірім жазғырып, "бақсы боп кеттің ғой" деп ол мазалайды. Қызымды болса алып кеттің!.. Енді келіп көресің бе? Тіл емізбей соңғы сөзіңді бересің бе, жоқ па?

А л у а. Берем, әке! Барам! Сертім! (Бұл келгендер ауыса береді. Сахнаға асыға, ашулана ұмтылған Арман шығады.)

А р м а н. Жә, маған берген кісілерің қайда, "Актал" колхозы? Қашанғы тосамын?

Б е й с е н. Біз егістен сүр жығылып жатқанымыз жоқ па? Толық кісі түгіл, бала берер мұрша бар ма? Міне, аудан өкілі, егіс жоспарымыз мүлде толмай жатыр емес пе?!

А р м а н. Eгіс, егіс!.. Мен істеп жатқан жұмыс егіс үшін емес пе? Ол колхоздікі емей, жаудікі ме?!

Б е й с е н. Сіз сұрағанда, егістік сұрарсыз. Егін болмаса, нені сұрарсыз?

А р м а н. Сөз емес!.. Берген уәделерің қайда? Мал фермасынан берем дедіңдер, енді оның да бар адамын жинап, осында әкеліпсіңдер. Мен фермаға шабу керек, егіс даласына шапқылауым керек, сендер уезде серт бересіңдер де, бұнда кеп алдайсыңдар! Не деген өтірікшілік, ұятсыздық!..

А л у а. Сіз осы жолдас Армансыз ғой? Міндетіңіз зор екенін білемін. Ақтал бойының көптен күткен маманы да сіз болғансыз!

А р м а н. Күткені бар болсын!

А л у а. Жолдас Арман! Сіздің асығуыңызды түсінемін, бірақ колхоздағы жайды сіз де ұғыныңыз. Он күнде егісті аяқтап, ауданға ақпар беруіміз шарт. Сіздің ісіңіз он күнге шыдайтын шығар!

Ар м а н. Керегі жоқ басалқаның. Адам бермей алдағаны үшін, тоғам алудың үлкен ісін құлатқаны үшін қазір мен мына Бейсеннің үстінен рапорт жазамын.

А л у а. Мейліңіз. Біз бірақ Бейсенді ақтаймыз.

А р м а н. Ақтамақ түгіл, төбеңізге көтеріңіз, бірақ маған кісі таптырып беріңіз!

А л у а. Бүгін кісі жоқ!

А р м а н. Онда менің ісім жоқ! Сіз ауданнан келген болсаңыз, бассыздық етпей, алдымен менің ісімнің мәнін түсініңіз!..

А л у а. Оны маған түсіндірмей, әуелі сабыр етіп, өзіңіз түсініп алыңыз.

А р м а н. Керегі жоқ сабырдың! (Екі кішкене қыз жүгіріп келеді. Бұлар — Әсия, Жанар.)

Ә с и я. Алуа тәте, екі бригада түскі демалысқа келді, біз соларға концерт беріп жатырмыз. Сіздің де әніңізді сұраймыз. Бізге қаланың әнін айтып беріңіз. Колхозшылар, балалар бәріміз де құмармыз! Жаңа ән үйретіңіз, тәте!

А л у а. Айналайын, өзің айта бер. Концертті жүргізе беріңдер. Менің кезегім жеткенде айтыңдар. Сенің басшылығыңмен мен де ән салып берем! (Қыздар жүгіріп кетеді. Жақында сахнада концерт жүріп жатқаны естіліп тұрады. Бұндағы ендігі оқиғалар сол әндердің соңында болады.)

А р м а н. Өкіл жолдас, менің ісімнің ендігі Актал бойына ең қажет іс екенін сіз қалайша түсінбейсіз?!

А л у а. Түсінбейді деп сізге кім айтты?

А р м а н. Түсінсеңіз, маған айтқызудың не қажеті бар?

А л у а. Оны сізге айт деген кім бар?

А р м а н. Сіздің ойыңызша, қазір астықтан басқа дүние жоқ.

А л у а. Қазір одан басқа әні бар. (Күледі. Арман бір қызып, бір қызығады.)

А р м а н. Астық қана дейсіз. Арық жүрген соң бұл өлке, әлдеқандай бидай емес, ақ күріш балқып өсетін өлке болады. Бұл өңірде өнімді дақылдар егіледі. Бұл өңірде сан сатылы электр станциялар орнайды. Ол не деген сөз?!

А л у а. Бұның бәрі дәл бүгін, дәл осы сәтте мен үшін тәтті түс. Қазір мен үшін ақ күріштен қызыл бидай көп қызық.

Арман. Түу, не деген шолақтық. Сіздің бар түсінігіңіз артта қалған. (Aлyа Арманға барлай қарап күледі.)

А л у а. Қызыл бидай артта қалған ұғым болса, сол сіздің айтқаныңыз бола-ақ қойсын!.. (Әсия бұрылады. Арман ашуланып кетеді, Бейсен бірге кеткен. Алуа Әсияны құшақтап.) Сен кім баласысың, Әсия, кішкентай? Сен жаңа сондай жақсы ән салдың ғой, мен тыңдап отырып сені әншісің дедім. Маған апаң мен ағаңды көрсетші, айналайын!

Ә с и я. Алуа тәте, олар жоқ!

А л у а. Қалайша?

Ә с и я. Олар өлген! Әжем де өлген, әкем де өлді ғой менің, тәте...

А л у а. Не дейсің, жаным?.. Қайда оқып, қайда тұрасың?

Ә с и я. Туғандарым болмаған соң біздің мектептің жатақханасында жатып оқимын. Ал, Алуа тәте, қазір сіздің шығатын кезегіңіз, әзір болыңыз. (Алуа ойланып қалған. Сексек оркестрін басқарып жүрген қалпында Алуаға тақап келеді.)

С е к с е к. Арман неге кетіп қойды, оны білуші ме ең? (Aлyа өз ойында.)

А л у а. Білмеймін, білмеймін...

С е к с е к. Неге ерте кетіп қойды екен!.. Өзі бірдеңеге қатуланғандай. Өңі де қып-қызыл боп, балқып барады. Бірақ сондай сұлу! Жігіттің төресі. Бүлдіршіндей, үріп ауызға салғандай...

А л у а (ой үстінде). "Сұлу, жігіттің төресі..."

С е к с е к. Шын бүлдіршіндей, сұлу емес пе! Өзі қандай маман. Ақталдан арық алады.

А л у а. Болды. Мен онымен ұрсысып айрылдым! Оның асқақ, тасырлаған мінезсіз жігіт.

С е к с е к. Мінсіз сұлу жігіт.

А л у а. Керегі жоқ. Сотқар сұлулық менен аулақ. (Сексек кете береді. Алуа ойда. Жалғыз. Зрителъге сөйлейді. Қазір оның көңілі осы арадан сезген мен көргеннен өзгеше бір толқынға түскен. Дағдысы бойынша ол зрительге өз өмірінің кейбір жақын кешкен үлкенді-кішілі, ертелі-кешті жайын да айтады. Бір ауық сұлу өскен сырлы жас, сырт дүниеден құпия жүрген жанын да ашады осындайда. Ондай сәтте Алуа ән де салады, бірақ көбінше әуенмен емес, жанымен салады. Жалынды оймен, сөзімен ән салады. Қазір сондай бір шақ.) Кішкентай Әсия, азғантай сөзімен менің де бала күнімнің қайғылы-қасіретті шағын ойлатты. Менің де шешем мен әкем өлген соң, аз күнде әжем де кеткен еді. Әлі күнге көз алдымда, осы Ақтал бойында күзгі дауылды қара түн... қарып тұрған қатты суық, қатал жел! Менің үстімде лыпа жоқ, жалаң бас күйде, шашым үрпиген, қатқан тоңның үстінде жалаң аяқ қалпымда, табанымнан сыз өтіп, тоңып ұшып барам! Бірақ екі көзім қара түнге қадалған, жырақта. Ауылдан аулақтап тасырлатып шапқылап бара жатқан көп аттар тұяғы, сартылдап, қағысқан сойылдар... Мен қара түнге қадалғанмын, жалбарынып жалынғанмын... Жалғыз әкемнің амандығын тілегенмін. Шошыған, шырылдаған күйде "Аға, ағатай!.. Ағам менің" деп, қатып тұрып қалғанмын. Сонда жарқ етіп, шапшаң ғана ұшқыр шолақ, қып-қызыл от қана жалт еткенде, тарс етіп мылтық атылып, үндер өшкен... сөнген-ді... Сол күймен бірге менің әкем де өлген!.. Әсия мен көргенді көрмейді. Айналайын Әсия, сенің әкеңді өлім алса, сені бауырына елің алған. Мен олай емес, панасыз жалғыз қалғам... Жалғыз өтті ауыр дерт күндері! Жылдан жыл, белден бел асып, ел азаматы боп, енді өзім үшін емес, өлкем, елім, жұртым, Отаным үшін тайталасып келе жатқан азаматпын... Мен осы күнде орта мектепте оқимын, соншалық ынталы оқушымын. Әлі де Сапар аға, Нина дос — аға мен ападай бастаушым да жақыным. Колхозға, науқанға аз уақытқа оқудан айырып жібере отырып, олар маған "ісі таптан бір, өмірден екі шыңдалып, екі асылдан кезек су алып өс!" дейді. "Алысқа бас" дейді. Бірақ мен әлі солай да, оң талайда жалғыз келем! Сеземін, Сексек менің жаңғыздығымды әсіресе жиі түйсіне бастаған. Бірақ татымсыз бір жан, түсі жалтыраған бояулы бір жан, жас болмыс біреуге алданып кездескеннен бері менің ішімде қатты бір суынып түңілген хал бар. Менің ішімде жуырда жібімес бір тоң жатқандай... Сұлу да жігіт, қызу да... Әлденеше өнерлі, сырлы, қырлы да жігіт, болсын енді, қобалжытпас жәйім бар. Түңілуден түйілген, суықтастай мұзым жатыр ішімде!.. Болармын әзір сонымен. Барармын сол сазыммен... Болсын солай алаңсыз. Аялсыз қайрат, қуат жиярмын. Советтік адал азамат сақтар сезіммен! Әнім болсын, сазым болсын сол менің! (деп сөзінің аяғын баяу басталып ұлғая түскен, дами берген сұлу әнге айналдырады. Әсия жүгіре шығып, арғы сахнаға қарай қол созып: "Алуа тәте, сіздің шығыс кезегіңіз " дей береді. Алуаның әні ұзай түсіп, күшейе береді. Жаңағы ой сезімі, жан әні енді сән әніне айналады.)

ШЫМЫЛДЫҚ

Бесінші сурет

Терең шатқа тығыла отырған жалғыз қыстау. Назарбектің қой фермасы. Назарбек мал қора мен үйдің аралығында шарбаққа тақағанда, сырттан бұғып келген біреу баспалап қарайды.

Н а з а р б е к. Сен кімсің, әй?

К і с і. Сескенбе, Назарбек! Назарбек, бұл мен ғой!

Н а з а р б е к. Доғал мырза?

Д о ғ а л. Ия, бұрын мырза болсам, бүгін не десең де ырза Доғал.

Н а з а р б е к. Қайдан, қалай?!. Қайдан жүрсің, неғып жүрсің?

Д о ғ а л. Неғып жүруші ем? Міне, тау-таста аң болып, баспалап бұғып жүрмін. Жалайырдың баласы, жанашыр біреуің қалса, оң назарыңды сұрап келдім.

Н а з а р б е к. Өзің қашып жүрсің ғой мүлде, ә?

Д о ғ а л. Менен ерік кеткелі қашан?.. Сөйтіп жүрмей неғып жүр деп ең? Осы өңірде бір өзіңнен басқа сенерім жоқ, жан жүзіне көрінгенім жоқ.

Н а з а р б е к. А, сөйтіп, мені паналап келдім десейші!..

Д о ғ а л. Таптың, әрине, Назеке!

Н а з а р б е к. Е, сөйтіп мені жасыр деп тұрсың ғой?

Д о ғ а л. Әрине, Назеке!..

Н а з а р б е к. Жоқ, енді алданатын Назарбек жоқ. Тағы алжитын Назарбек жоқ! Баяғы құл Назарбек біткен, мырза Доғал.

Д о ғ а л. Не дедің?.. Мен неге де болса бел байлаған жанмын. Жалғыз сенгенім сен! Тез кетпекпін, залалым жоқ. Бірақ тіс жарып, сыр айтып көріп келіп тұрғаным жалғыз сен ғанасың! Азғана көмегің керек, ойлан, ойлан да, жөніңе көш, Назарбек! Сен маған пана боласың, боласың!.. Үш күннен соң тағы ораламын, жан баласына білдірсең, өз басымды да берермін, бірақ сенің жаныңды да қоса ала кетермін, біліп қой!.. (Назарбек жалғыз, арлы-берлі алаңдайды.)

Н а з а р б е к. Енді қайттім, жалғыз басым, кетсем, мал қалады. Қалсам, бұл келеді. Апыр-ау, қайттім. Өлсем де білдірем, білдіріп өлем еліме!.. (Арлы-берлі асыға жүріп дабыстайды.) А, тұра тұр, есіме жаңа кірді ғой... 0, Айбалаш, Айбала! Қызым!..

А й б а л а (үйден шыға). Немене, шаршап келіп, сәл тыным алып, қайта жөнелейін деп ем, не болды!..

Н а з а р б е к. Айналайын қызым, Айбала жаным, келгенің жаңа еді. Жөнел, қайта шап! Шаршағаныңа қарама, жаныңды сал!

А й б а л а. Немене, не боп қалды? Не көрінді өзіңе?

Н а з а р б е к. Доғал... Сұм Доғал көрінді. Жаныңды сал, тоқтамай шап еліңе. Колхозға жет, хабар ет!.. (Айбала асығыс.)

А й б а л а. Сонша алыс колхозға мен қашан жетпекпін! Әй, сорлы әке-ай, сен ғой тағы... Өзің ғой осы пәлеге ұшырап жүрген. Өзгеге бармай, саған неге келеді ол?.. Айт деймін, сондай тап жауы — советтің жауы, өзгеге бармай, ұрланып саған неге келеді деймін?!.

Н а з а р б е к. О, қоя тұр, жаным, қой оныңды, кейін айтам! Шап жылдам, жөнел!

А й б а л а. Жөнелмеймін, жөніңді айт! Өзгеге бармай, сенен неге үміт қылды ол? Әлде, "албасты да... немене еді әлгі... сақалға қарай басады" деп! Сені өзгеден бұрын халық жауына жылдам көмек етеді деп кеп тұр ғой, ә?

Н а з а р б е к. Ойбай, қой, мен көргем көресіні. Жаңа келген колхозың ғой, жөнеле гөр, айналайын, қайтадан!.. Тоқталмастан шапқылай гөр!.. (Айбаланы қораның сыртындағы атқа қарай әкетіп барады. Айбала жүруге ыңғайланған.)

А й б а л а. Бәлем, әке, тұра тұр! Колхоздың қалың елінің алдында жауап бергізермін осының үшін... "Қуырдақтың үлкенін сиыр сойғанда көрерсің" деп, көрсетермін сонда саған!.. Комсомолдың алдында сенің құлаққа құйыршық болғаның үшін тағы қызарар жайым жоқ. (Жөнеледі.)

Н а з а р б е к (жалғыз. Ары-бері алаңдайды. Сыртқа қарап). О, мынау кім тағы? Ойпыр-ау, мынаның мезгілсіз келгенін қарашы. Мынау Алуа ғой. Кеше шақырған өзім едім. Өзі жапа-жалғыз. Қасында қарулы жолдастары болса да бір сәрі еді. Енді қайттім, бұған не деп айттым?! Баяғыда кәмпескеленген жерде Доғал үшін өзімен жарғыласып ем, енді бүгін қасымнан тағы Доғал шықса, мүлде біткенім ғой. Мүлде әшкереленіп, масқара боп болғаным ғой Алуаның алдында. Қой, мен бұған айта алмаймын!.. Алда тәңір-ай, жаңағы сұм қадам тек осы барда ғана оралмаса игі еді... Бірақ, үш күнде келем деді ғой, ендеше, Алуаға айтпай-ақ қояйын. (Сырт айналып Алуамен амандасқаны естіледі. Бұл кезде кеш батып, қараңғы түсе береді.)

А л у а. Ал, Назеке, лебізің қайтпасын деп, асығыс науқан үстінде, осы кеште болса, малыңды, жайынды көріп қана қайтайын деп келдім. Кәнеки, жүріңіз, қозы, лақтарың қайда? Қойларың қайсы, кәне жүріңіз, бастаңыз! (Қолына фонарь алып.)

Н а з а р б е к. Ал, міне, жүр, қарағым, міне, мынау жас лақтарым, қозыларым! (Aлyа екеуінің мал аралап жүрген дауыстары естіледі.)

А л у а. Дұрыс, мында не бар?

Н а з а р б е к. Бүгін туған жас қозы.

А л у а. Анау үйшікте ше?..

Н а з а р б е к. Онда егіздер. Ал мына біреуде жетім қозылар мен енелері алмай қойған қозы-лақтар. Бір жағынан сүтпен асырап, бір жағынан теліп жатырмын. (Екеуі тағы біраз жүріп, қайта сахнаға орала береді. Сыртта ит үргені білінеді. Аңыра қалып, сескенеді). Ит үре берген несі, ә, шырақ?

А л у а. Е, о қайтеді, ата?

Н а з а р б е к. Әй, білмеймін, балам. Осы тауда жаманат сыбыс та жоқ емес-ау.

А л у а. Қандай сыбыс?

Н а з а р б е к. Білмеймін, кешелер тау ішінде, елсізде бөгде жүрген адамдарды көрдік деседі. Колхоз жылқысынан жоғалған да бар дейді ғой!.. (Алуа наганын ыңғайлап, сыртты тыңдайды.) Е, қарағым, көңілге мынауың бір сүйеу болды-ау!

А л у а. Тасырлаған ат дүбірі естіледі ғой.

Н а з а р б е к. Шамды өшірсем қайтер еді? (Шам өшеді.)

А л у а. Ата, кім бар дейсіз, сескенбеңіз!

Н а з а р б е к. Бәсе, қарағым, бойыңды жи, қуатты бол. Әкең Сатайдай бол, ер болшы! Доғал байды қарғап өтіп еді. Мен қайда, одан кейін де Доғалды пір көріп, көп шатысып тантып жүрдім. Білесің бе, Доғал айдаларда, сол қанқұйлыға ара түскен менің ақымақтығымды айтсаңшы!

А л у а. Япыр-ай, ата, мына сөзің қандай жақсы!

Н а з а р б е к. Ойбай-ау, несін айтасың! Сол күнгі бір оттағаным үшін опық жей-жей, мына сақал-шашты да жалғыз күзде ағарттым ғой. Ол — ол ма? Осында Айбала деген комсомол қызым бар, ол осы күнге шейін, тіпті күні бүгінге шейін, желкеме мүлде мініп алған. Қызым емес, бейне бір қазымыр кәрі шешемдей, қымс етсе жер-жебіріме жетеді! (Қақпа қағылады). Бұл кім екен? Бөгде қағыс қой?!

А л у а. Сескенбе, ата! Мен қасыңда болайын, байқаңыз, ашпаңыз!

Н а з а р б е к (сығалайды). Түстері жат мына кәпірлердің. Япыр-ай, сорыма жалғыз да болмадым... Сенің бейнетіңе душар болдым ба, балам?.. Қайдан ғана шақырып ем, сорлы басым...

А л у а. Назеке, жаңа әкемді аузыңа алдың ғой, тек болмас, әкемдей білермін... Енді тыңдаңыз мені, ашпаңыз!

Н а з а р б е к. Ашпаймын, айналайын. Жаңа көре сала, сені шошиды ғой деп айтпап ем, мынау әсіресе саған өшігетін жау. Білдің бе, Доғал ғой!

А л у а. Не дейсіз? Қайдан білдіңіз?!

Н а з а р б е к. Анық сол, көріп тұрмын. Сені де, мені де аяры жоқ.

Д а у ы с (сырттан). Аш, аш дереу қақпаны!

Н а з а р б е к. Сен кімсің, ай? Қайдан жүрсің!

Д а у ы с. Ауданнан, ГЕПЕУ-ден, аш.

Н а з а р б е к. Күндіз кел, ашпаймын!

А л у а. Жоғал, жөнел былай! Атамын болмаса!

Д а у ы с. Ә, сен мұнда ма едің? Атып көр. Сенің өзің керексің бізге!

А л у а.Кім керек?

Д а у ы с. Алуа, Сатай жылқышының қызы Алуа керек! (Алуа атып қалады.)

А л у а. А, дұспан, таныдым мен де.

Д а у ы с т а р. Танып қалды... Бәрібір біліп қалды. Енді өліспей кету жоқ. Атыс, басып ал ферманы. (Алуа орын ауыстырып атысып жүр.)

Н а з а р б е к. Қарашығым-ай, ата-бабаң жар болсын. Ұл боп тумасаң да, ұқсап туыпсың ғой әкеңе! (Алуа шалды үйге тартады. Жаулар қораны сырттағандай. Алуа жүгіріп үй мен қорадан кезек атады. Шал қорада aт әзірлейді.)

Н а з а р б е к (Алуаға кеп). Қоңырсыған иіс келеді, қораны да өртеп жатыр. Өртенді ғой, қырылды ғой есіл мал!.. Балам-ай, енді атыспен құтылмаймыз ғой. Тым құрыса сен аман шықшы! Әлде жартылап қозыларды аман алып қаларсың! Неде болса өзім көрейін. Мә, атыңның шылбыры, мына жақта жау жоқ, артқы қақпаны аш та жөнел! Мін атыңа, мін де қаш, сен құтылшы. (Алуа ұмтыла беріп.)

А л у а. Ата, қорықпа, атажан! Мен құтылсам, сен де, қозылар да құтыларсыңдар! (Ытқып шыға береді, бұғып тұрған бір жаумен кездесіп қалады, кезек атысады. Жаудың оң қолына оқ тиіп, мылтығы құлайды. Жау айғайлайды.)

Ж а у. Кетті, қыз кетті! Жой, жоғалт көзін! Ат, атқыла! (Атыс.) Не болды? Құтқармаңдар енді. Ол құтылса, мүлде ойран болдық!.. (Атыс. Оқ тиген Алуа, сахнаға шыға бере жығылады. Осы кезде сырттан жеткен ел адамдары келе береді.)

А л у а. Жау... банды... Қозыларды өртеп жатыр, тезірек!.. (Атыс, аздан соң тартыс тоқталады. Атыс үзіледі. Арман мен екі-үш кісі жаралы Жалтырды алып шыққан. Қораға кірген колхозшы оқ тиген Назарбекті көтеріп алып шығады). Өзгесі қайда? Үлкен жау қайда?

А р м а н. Қуып кетті, атысып барады. Бірақ құтылмас!.. Қайда жүріп, қайда көмек етуді білмегеннен мұнда келдіңіз бе? Әлекке салдыңыз ба елді әкеп?!

А л у а. Не дейді, не деді, не істегем? Мен айыптымын ба? (Талықсығандай.)

Н а з а р б е к. Түу, әлі өлмей, тірі қалған ба Назарбек! Қырық жаным болса керек. Анық итжанды болғаным ғой. (Алуаны көріп.) Айналайын, батыр қызым, бармысың? Жолыңа басым құрбандық сен аман бол. Айыптымын, бәріне мен айыптымын... (Алуа, Арман қатарынан: "Не дейді?Не пәле бар мұнда?" Назарбек Жалтырды көріп.) Ә, сен бе едің бірі, сүзеген бұқа құсаған алакөз, алаяқ! (Талып кетеді.)

А р м а н (Алуаға). Сіздің адасатыныңызды біліп ем. Айтпап па ем? Не бар еді қаңғып мұнда?

А л у а (ызалы). Немене, табалаушымызсыз? Құтқарушымның бірі болмасаңыз, балгерлік еткеніңізге таң қалар ем. (Нина жүгіріп кіреді.)

Н и н а (Алуаны құшақтап). Алуа, бармысың, жараң қандай?

А л у а. Нина?! Сен қайдасың? Бұ не, қандай ойда жоқ жайлар? Сен қайдан кеп шықтың? Сен де біліп пе ең менің бақытсыздыққа ұшырарымды?

Н и н а. Алуа, не дейсің? Сен сандырақтаймысың? Мен, Нина, мені Уком жіберіп еді. Сапар аға саған әдейі көмекке жіберіп еді ғой!.. Сенің Ақталдағы ісің, міндетің ауыр болған соң көмекке жаңа ғана жетіп ем! Мынау хабармен осында шаптық. Жеткенім осы, таңданба!

А л у а. Мен қиналамын, қорқамын... Өкінемін, Нина! Үлкен қателік жасадым ба деп қорқамын. Айтшы, мен партия алдында бір ағаттық қылмыс жасаған жоқпын ба әлі?

Н и н а. Неге сен олай дейсің, айтшы?

А л у а. Не деген жұмбақ, жағалай маған түсініксіз, сондай сұмдық жұмбақ түйіндер... Есім барда айтып қалайын, біл, Нина... Білдір Сапар ағаға!

Н и н а. Айтшы! Барыңды айтшы, не сездің?

А л у а. Қайдан кеп шықты!? Баяғыда кеткен бай, өмірлік жауым Доғал, ол қайдан білді менің осы арадан табыларымды?! Мен мұнда қалай шақырылғанмын, кім шақыртқан боламын?.. Және, есіңде тұт, кеше Марданды көргем! Ол мақтауға келген. Бүгін және айтам, жақындай түс! Мен кеше мынау тұрған гидротехник Арманмен ұрысқамын. Ол маған жирене қарайды. Маған өзі де жұмбақ!.. Ұмыта алмаймын, түсін де және әсіресе жаңағы айтқан сөзін де ұмыта алмаймын! Біл, Нина!.. (Әлсірей береді.)

А р м а н. Ол сандырақтайды... Ол қансыраған! Тез алып жүру керек.

Н и н а. Кәне, тез көмек етіңдер. Көтеріңдер. Тезінен Қостөбеге больницаға әкетем! (Алуаны көтерісіп алып бара )

Д а у ы с т а р. Танып қалды... Бәрібір біліп қалды. Енді өліспей кету жоқ. Атыс, басып ал ферманы. (Алуа орын ауыстырып атысып жүр.)

Н а з а р б е к. Қарашығым-ай, ата-бабаң жар болсын. Ұл боп тумасаң да, ұқсап туыпсың ғой әкеңе! (Aлyа шалды үйге тартады. Жаулар қораны сырттағандай. Алуа жүгіріп үй мен қорадан кезек атады. Шал қорада aт әзірлейді.)

Н а з а р б е к (Алуаға кеп). Қоңырсыған иіс келеді, қораны да өртеп жатыр. Өртенді ғой, қырылды ғой есіл мал!.. Балам-ай, енді атыспен құтылмаймыз ғой. Тым құрыса сен аман шықшы! Әлде жартылап қозыларды аман алып қаларсың! Неде болса өзім көрейін. Мә, атыңның шылбыры, мына жақта жау жоқ, артқы қақпаны аш та жөнел! Мін атыңа, мін де қаш, сен құтылшы. (Алуа ұмтыла беріп.)

А л у а. Ата, қорықпа, атажан! Мен құтылсам, сен де, қозылар да құтыларсыңдар! (Ытқып шыға береді, бұғып тұрған бір жаумен кездесіп қалады, кезек атысады. Жаудың оң қолына оқ тиіп, мылтығы құлайды. Жау айғайлайды.)

Ж а у. Кетті, қыз кетті! Жой, жоғалт көзін! Ат, атқыла! (Атыс.) Не болды? Құтқармаңдар енді. Ол құтылса, мүлде ойран болдық!.. (Атыс. Оқ тиген Алуа, сахнаға шыға бере жығылады. Осы кезде сырттан жеткен ел адамдары келе береді.)

А л у а. Жау... банды... Қозыларды өртеп жатыр, тезірек!.. (Атыс, аздан соң тартыс тоқталады. Атыс үзіледі. Арман мен екі-үш кісі жаралы Жалтырды алып шыққан. Қораға кірген колхозшы оқ тиген Назарбекті көтеріп алып шығады). Өзгесі қайда? Үлкен жау қайда?

А р м а н. Қуып кетті, атысып барады. Бірақ құтылмас!.. Қайда жүріп, қайда көмек етуді білмегеннен мұнда келдіңіз бе? Әлекке салдыңыз ба елді әкеп?!

А л у а. Не дейді, не деді, не істегем? Мен айыптымын ба? (Талықсығандай.)

Н а з а р б е к. Түу, әлі өлмей, тірі қалған ба Назарбек! Қырық жаным болса керек. Анық итжанды болғаным ғой. (Алуаны көріп.) Айналайын, батыр қызым, бармысың? Жолыңа басым құрбандық, сен аман бол. Айыптымын, бәріне мен айыптымын... (Aлyа, Арман қатарынан: "Не дейді?Не пәле бар мұнда?" Назарбек Жалтырды көріп.) Ә, сен бе едің бірі, сүзеген бұқа құсаған алакөз, алаяқ! (Талып кетеді.)

А р м а н (Алуаға). Сіздің адасатыныңызды біліп ем. Айтпап па ем? Не бар еді қаңғып мұнда?

А л у а (ызалы). Немене, табалаушымызсыз? Құтқарушымның бірі болмасаңыз, балгерлік еткеніңізге таң қалар ем. (Нина жүгіріп кіреді.)

Н и н а (Алуаны құшақтап). Алуа, бармысың, жараң қандай?

А л у а. Нина?! Сен қайдасың? Бұ не, қандай ойда жоқ жайлар? Сен қайдан кеп шықтың? Сен де біліп пе ең менің бақытсыздыққа ұшырарымды?

Н и н а. Алуа, не дейсің? Сен сандырақтаймысың? Мен, Нина, мені Уком жіберіп еді. Сапар аға саған әдейі көмекке жіберіп еді ғой!.. Сенің Ақталдағы ісің, міндетің ауыр болған соң көмекке жаңа ғана жетіп ем! Мынау хабармен осында шаптық. Жеткенім осы, таңданба!

А л у а. Мен қиналамын, қорқамын... Өкінемін, Нина! Үлкен қателік жасадым ба деп қорқамын. Айтшы, мен партия алдында бір ағаттық қылмыс жасаған жоқпын ба әлі?

Н и н а. Неге сен олай дейсің, айтшы?

Алуа. Не деген жұмбақ, жағалай маған түсініксіз, сондай сұмдық жұмбақ түйіндер... Есім барда айтып қалайын, біл, Нина... Білдір Сапар ағаға!

Н и н а. Айтшы! Барыңды айтшы, не сездің?

А л у а. Қайдан кеп шықты!? Баяғыда кеткен бай, өмірлік жауым Доғал, ол қайдан білді менің осы арадан табыларымды?! Мен мұнда қалай шақырылғанмын, кім шақыртқан боламын?.. Және есіңде тұт, кеше Марданды көргем! Ол мақтауға келген. Бүгін және айтам, жақындай түс! Мен кеше мынау тұрған гидротехник Арманмен ұрысқамын. Ол маған жирене қарайды. Маған өзі де жұмбақ!.. Ұмыта алмаймын, түсін де және әсіресе жаңағы айтқан сөзін де ұмыта алмаймын! Біл, Нина!.. (Әлсірей береді.)

А р м а н. Ол сандырақтайды... Ол қансыраған! Тез алып жүру керек.

Н и н а. Кәне, тез көмек етіңдер. Көтеріңдер. Тезінен Қостөбеге больницаға әкетем! (Алуаны көтерісіп алып бара жатып.) Шынында, не деген таңғаларлық түйіндер? Қандай жұмбақтар бар сенің айналаңда, бейшара Алуа?!.

ШЫМЫЛДЫҚ ҮШІНШІ АКТ

Алтыншы сурет

Сахнаның жарымы — аудандық көп кеңселер орналасқан үлкен үйдің кең коридоры, екінші жарымы — кабинет. Коридорға Алуа шығады.

Алуа (халыққа). Міне, туған өлкем Ақталдан мен кеткелі жеті жыл өткен екен, бүгін келіп, туған елім, жерімнің жаңа өміріне жаңадан араласпақпын. Бұл жеті жыл бойында мен де өзгердім. Есіл Ақтал, асыл өлке, жеті жыл бойы сен де көп өсіп, өзгергенсің. Көрдім, көңілім өсті. Қараған сайын қанатым қатайып, ұзарып, беки түскендей... Бұрын Жалайырдың жеті байы ие болған жабайы дала, жайын өлкеде бүгін жетпіс колхоз орналасқан. Бар Алматы облысына салмағы, беделі асқан Ақтал ауданы орнапты... Өзен бойы арық, бір шақта қиял тәрізді көрінген ақ күріш, мол қызылша, тамаша мәуелер, бақшалар еңбек елінің мүлкі бопты!.. Түрксиб бойындағы осы өлкеге көп көмегі тиген зор станция "Қостөбе", міне, бүгін аудан орталығы. Осы Қостөбе тұрған тақыр дала, қызыл құмда тезек теріп, жетімдікпен, күңдікпен зар шегіп, күңіреніп жүрген балалық шақтарым да есімде... Бүгін, міне, мен білім, тәрбие, тәжірибемен мені байытқан, қуат бітіре баулыған ардақты анам, партия — Ленин-Сталин партиясының тапсырған зор жауапты міндетін алып, мен осы жерде, осы ауданда үлкен істер істеуді бүгінгі шақта өмірлік мақсатым, арманым еттім!.. Бұл жеті жыл ішінде мен болсам үздіксіз оқу арқылы жақында, Алматыда институт бітірдім. Әлі көз алдымда бұлдырсыз ыстық толқынды шақ, бұлжымай көз алдымда тұр. Мен әйел мәселесіне социалистік Отан енгізген жаңалықтар жөнінен, тарихтық тақырыпқа диплом қорғадым. Нина Ивановна ғылым кеңесінің бір мүшесі еді... Менің дипломым "өте жақсы" деп бағаланған шақта оның қуанышы өз табысынан кем болған жоқ. Ойда жоқта тағы бір адам менің дипломыма өзгеше мән берді. Ол мен ұмытқан, әлдеқашан жоққа санаған, алты қырдың астындай қиядан, қиуасыздан келген бір жан!.. Көзінде көзілдірігі бар, бұл шақта шашы бурыл тартқан, салмақты, маңызды, ғалым бейнелі адам. Жаңада Москвадан келіпті. Өзі тарих ғылымының профессоры болыпты!.. Ол - Мардан!.. Қазір Қазақстан филиалында сол Мардан беделді оқымыстының бірі екен. Менің диплом қорғауыма өзгеше ықылас беріп, қадала тыңдап, ғылым кеңесінің бағасын тыңдап алған соң, мені филиалға, Тарих институтына аспирант болуға шақырды!.. Мен шат болғаннан шашыла қуандым. Нина Ивановна да: "болды, алдың ашылды, болашағың шешілді, сен ғылым қайраткері - ғалым боласың, тарих ғылымының ғалымы боласың" деді!.. Мен де солай ойысып, бекініп қойып ем. Бірақ Нина Ивановнаның үйіне келгенімізде, оның қазіргі күйеуі, менің бұрынғы бала шағымнан бергі бар өмірімді өзі білетін, аға дос, Сапар аға, мен жөніндегі жаңа хабарымды қуанып қарсы алды да, ойда жоқ өзгеше байлау, кеңес берді. Ол бұл күнде мен көріп жүрген, қазақтан шыққан мемлекеттік қайраткерлердің ең қадірлі, ең нәрлі адамының бірі, мен үшін оның әр сөзі қадірлі. Сол Сапар аға Алматы обкомының бірінші хатшысы, өзінің әйелі Нина Ивановнаны тыңдамады... Менің институттан шыға сала аспиранттық баруымды мақұлдамады. "Қайта ғылым үшін өмір, тәжірибе тартысқа бар, туған ауданың Ақталға бар, онда әйелдер арасындағы жұмыс ойдағыдай емес, үлгілі аудан болуға тырысыңдар!.. Азаттықтан азаматтық сапарға жетіп, қасиет тапқан қазақ әйелі көбейсін. Әр буыннан, әр шаруа тобынан озғындап, биікке шырқап, самғап өскен әйелдер шығаруға тырыс!" - деді. "Ғылымнан алыстамайсың! Сан тарихшы болғандықтан және әйел мәселесіне коммунистік қозғалыстың адам баласы тарихына қосқан жаңалығын ғылымдық жолмен зерттейтін адам сен болғандықтан, ауданға бар, сонда әйелдер бөлімінде істе! Тек ғылым табысына өмір табысын қос. Кітаптан білгеніңе өз қолыңмен өткізген тартыстан түйген үлесіңді қос, сонда ғылымыңнан қол үзбейсің, ғалымдық дәреже қорғауға келгенде өмір тартыстың өзінен, партия құрылысының академиясынан оқып келіп, байып келіп қорғайсың" деді де... бәрімізді жеңді де... Сонымен, мен енді бірнеше жылдар осы ауданда әйелдер арасында істейтін істерімнің ғылымдық қорытындысын жасай барып, бір шақта тарих ғылымының кандидаттық дәрежесіне диссертация қорғамақпын!.. Осылайша бүгін келген, енді бастағалы тұрған істерімнің үлкен мәнді іштері бар!.. Бірақ мен ауданға келгелі үнемі танысумен, жүрумен болып ем, бұндағы әйелдер күйі бүгінгі қалпында қуантқан жоқ. Бір түйін емес, көп түйінге кеп, сан тартыстың бірінші пердесіне жаңа кеп араласып тұрғандаймын!.. Сонымен, ең әуелі өзім де... (Сексек шығады.)

С е к с е к. Ең әуелі сен өзің де өз өміріңді тиянақтаған кісі емес ең. Осы ауданның қыздарынан бастап, кексе кемпірлеріне шейін бәрін жаңа өмірге бастайтын сен боларсың дегенде, бір жайдан қатты-қатты қорқамын-ау, Алуа!

А л у а (күліп). Ия, немене, түсіңнен шошыдың ба?

С е к с е к. Жұртқа үлгі айтады, өзінің өзге қыздарға үлгі болар өмірі қайсы десе, не дейміз осы?!

А л у а (күліп). Е, немене, мен үлгі көрсете алмаймын ба? Неден түңілдің?

С е к с е к. Неменеңе күлесің?! Ылғи бір күлесің де күлесің, күлесің де жүресің!

А л у а. Е, күлмей не бопты!

С е к с е к. Әлі күнге ең алдымен, үлгі берер өзіңде, осы шаққа шейін не үй, не күй жоқ. Менде болса шүйкебас жоқ, сенде болса бақырбас жоқ. Құр ұшамыз да жүреміз. Ұшамыз да шарлаймыз. "Бытпылдық... бөдененің үйі жоқ" деп!

А л у а. Пай-ай, не деген сорлы едік десеңші.

С е к с е к. Енді не? Оқу... оқу, тағы да оқу дедік. Тостық, ақырында кеп бітірдік. Жаңа бірдеме болар деп ем, сен болсаң тағы Алматыдан жалғыз кепсің. Ауданда саған сай жігіт қаптап тұр ма, немене, сондағы сай жігіттерден үркіп, қашып шықтың ба?!

А л у а. Мені қой, қойсаңшы, Секе! Менің баяғыда бір аузым күйген де... Өзің болмай шынды айтқыздың, ертеде бір іркіліп қалмап па ем. Сөйтіп, мені қой дедім ғой. Ал енді, сырға сыр орай болсын, өзің неге үйленбейсің осы?

С е к с е к. Е, мен үйленбейін деп жүрмін бе?

А л у а. Апыр-ау, ендеше, бөгет не? Алмадай қыз атаулы айналаңда қаптап жүр. Немене, жұлдызың жараспай жүр ме!?

С е к с е к. Е, мен әлі... өзің білесің ғой, бірер шүйкебасты бүйте бастап... нетіп... айрылысып кеттім ғой. Дәл өзі табылмай жүр де.

А л у а. Онысы қандай еді?

С е к с е к. О, менің іздегенім көңіліме көңілі сай, әсіресе бойыма бойы сай қыз емес пе!..

А л у а. Онысы тағы қандай "Мың бір түн?"

С е к с е к. Е, маған өзімнен бойы ұзын қыз қатын боп жарыта ма?! Осында бір-екеуімен жаңа үйлесе жаздап барып, шал жиысып кеттік. Бәрі сол бойда. Маған: "тап-тапал осындай еркек бола ма екен?" дейтінді шығарыпты. Тіпті осы заманда қыздың өзі де дередей боп кетіпті шетінен. Міне, маған, мысалы, сен сияқты ұзын сирақ қыздың не керегі бар, оны қайтем?! Зәуі-сайтан, бетінен сүйгім келе қалса, ақырдан сұлы жейтін аттай мойным созып тұрғаным ба? Жоқ, аяғым астына орындық қоям ба! Ал мені білдің бе, Жиренше шешен сияқты... Ол өзімен шешендігі сай қызды тапқанша үйленбеймін деп еді ғой. Мен бойыма бойы тең қыз тапқанша үйленбейім!..

А л у а. Не деп тұрсың, со да серт боп па?

С е к с е к. Е, серт болмаса, себеп! Ал сенде тіпті себеп те жоқ қой.

А л у а (күліп). Жарайды, жарайды. Сенің тілегің құдайыңа жетсе, осында әлдебір күйеуге де кездесермін, қайдан білдің!..

С е к с е к (кекетеді). Ия, осы жақта Бетпақдала бар деген, сонда Алуаны тосып, баяғы "Қозы Көрпеш - Баяндағы" Баян сұлуды аңсаған тоқсан сері жүр деген, әлі сұр бойдақ боп... Ауданда басы санаулы ер атаулы үй-жайымен тұрып жатса, табарсың қатқаныңның басын. Керек десе, менің оркестрімнің азғана еркегінің де бәрі үйленген әуелі. Сен бе, сен күйеуге тисең, мұрнымды кесіп берейін!..

А л у а (күліп). Қой, Секе, мұрныңнан айрылып қаларсың, неғыласың? Бойы тең қыз кездескенде, "мұрны қайда?" деп тағы пәле қып жүрер. (Әңгімелесіп келе жатқан Бейсен және Әбекең деген толық денелі аудан қызметкері шығысады.)

С е к с е к. Солай дейсің... дейсің де... Ал енді менің сені қуа келгенімді айтайын ба? Кеше бір Жанар деген қыз күйеуге тигелі жатқан жерінен тойының үстінен бұзылып, үйінен қашып кетіпті дейді ғой, сол рас па?

А л у а. Рас, ия, оны сен қайдан білесің?

С е к с е к. Сенің үгітіңмен қашыпты дейді, о да рас па?

А л у а. Дәл олай емес. Өз байлауымен кеткен. Ия, оны не дейді?

С е к с е к. Соны женотдел бұзыпты, келмей жатып сен айнытыпты деп, бүкіл Қостөбе дүрлігіп жатыр дейді. Кеше тойына ауданның бірер басшы азаматы да барып, әлектің үстінен шығып, қатты түршігіп кетсе керек!.. Соны саған білдірейін деп келгенім болатын. Ал мен кеттім!.. (Сексек кете береді. Алуа ере шығады. Коридормен екінші жақтан Бейсен және Әбекең келе жатады.)

Ә б е к е ң. Скандал, неге керек сол скандал!.. Не понимаю, женотдел болғанда әрбір қыздың свадьбасын портит қып бола ма? На конец, күйеуге тимейтін қыз бола ма екен!? Көп қонақтар алдында шумиха жасап... Черт знает, не понимаю... Бытқа революция жасау үшін осылай болмаса болмай ма?.. Ойлашы!.. Райкомға әдейі білдірейін дедім, өзі жаңа келген қызметкер, онысы және де бар, өзіне де, райкомға да прямо неудобно!..

Б е й с е н. Сөйтіп, свадьба бұзылған. Ал Әбекеңдей Қостөбенің свадебный генералы тост көтере алмай, бос қайтқан, ә? (Күледі.)

Ә б е к е ң. Жоға, мен... не так уж, мен өзім үшін емес, райком үшін ұялдым.

Б е й с е н. Ә, жә-жә, естірміз, білерміз. (Алуа қайта кіреді. Амандасады.) Жә, Алуа, не болды, кеше не болған осы?

А л у а. Ия, өзің не болды деп естідің?

Б е й с е н. Мен мына Әбекеңнің айтқанын ғана естіп тұрмын. "Шатақ болды, жұрт аузында женотдел және сенің атың аталды" дейді, рас па?

А л у а. Мында кірейік!.. (Бәрі Алуаның кабинетіне кіреді.) Тағы не айтады Әбекең? Мен тағы не істеппін?

Б е й с е н. Қызды сен аздырған дейді ғой.

А л у а. Ендеше, мен білгенімді айтайын. Басында мен бұл іске тек куә едім, кейінгі жай өзгеше болды. Мен әуелі осындағы орта мектепті аралап бақсам, сегізінші, тоғызыншы, оныншы кластың үшеуінде бар ауданнан оқитын екі - үш-ақ қыз бар екен. Соның бірі — бұрын жетім қыз болған Әсия ғана. Мен қапаланып ойланып, осы жайды білмек болғанымда, кеше кешке көшеде, сол Әсия бар, бір топ бұрын орта мектептің оқушысы болған қыздарға кездестім. Солардың дәл ортасында кеше түнде мына Әбекең айтқан, свадьбасын бұзған, орта мектептің бұрынғы оқушысы жас қыз — Жанар бар екен!.. Мен оларды бүгін әдейі осында женотделге шақырып ем. Келіп те қалар!.. Болған жайды менен емес, сол Жанардың, сол қыздардың өз ауыздарынан тыңдау керек. Жанар өзі үшін қайда болса да өзі жауап бере алатын, жасы да жеткен, ақылы да айқын және әсіресе қуанғаным, мұны мен баса айтамын, сүйсінгенім, советтік санасы әбден оянған өзіміздің жас екен!.. (Жанар, Әсия, Кәмшат, Сәуле коридорға келіп, есік қағады. Алуа оларды қабыл алады.) Ә, міне, өздері де келді. Кәне, қыздар, таныс болыңдар! Мына кісі Бейсен аға, райком хатшысы, білесіңдер ғой? Ал мынау Әбекең, райисполкомның басшы адамының бірі. Кәне, Жанар, түндегі болған жайды сен өз аузыңмен осы ағаларға өзің айтып берсең қайтеді...

Ж а н а р. Мен осында бір адамдардың өзім туралы сыртымнан қорлық байлау жасап жүрген ымжымдарына қарсы, кесір жасадым. Кооперативте істейтін Жұман деген хозяйственник бар екен, ақшасы көп, азығы көп, өзінің бұрынғы қатыны өлген, сандығында жатқан промтовары да көп. Сол кемпір-шалдарын салып, кемпір шешемді айналдырып аздырған да, мені сыртымнан әйелдікке алмаққа ұйғарып қойған. Анау жігіт өзіммен бір ауыз сөз сөйлеспей-ақ, тіпті менің ризамын деген сөзімді естімей-ақ, кешегі күні той жасайтын боп, бар қамын бір-ақ жасап қойыпты. Құда-құдағи боп бүтіл Қостөбенің, қайдан шыққанын білмеймін, қырық ру кемпір-шалы жиналыпты. Олар болса бір сәрі-ау, ауданның қызметкерлерін де шақырыпты. Мені тіпті райисполкомнан, мына кісі ғой деймін, "Әбекең келеді" деп, онан сайын дөңгелетіп, қолды-аяққа тигізбей әкетіп барады. "Әбекең қайырлы болсын айтады" деп қояды.

Ә б е к е ң (ыңғайсызданып, мекіренеді). Ну, положим, бұнысы несі. Но это слишком...

Ж а н а р. Жоқ, ағай, осы айтқаным анық, бәрі рас.

Сөйтіп былық-шылық жасағандарына мен мына құрбы қыздарыммен, өзімнің бұрынғы школьный товарищтарыммен ақылдасып, иттей ыза болдым да, бір кесірге бекініп алдым. Үйшік-үйшігін жасап болсын, соны бір-ақ талқан етермін деп қойып ем. Кеше сол кеште мына Алуа тәте кездесті. Бәрін осы кісі де көрді. Артынан Әбекең аға келіп кетіпті. Бәрі де "ұят болды" десіпті. Бірақ Әбеке ағадан ұят болғанмен, қайтейін. Ұят деп итке тиейін бе? Енді мен, Алуа тәте, сізден, Бейсен аға, сізден де, мына қыздар бәріміз боп, бізді қайтадан осы ауданда бір жақсы оқуға жайғастыруды сұрап кеп тұрмыз! Қандай да болса бізді бір мамандық оқуға жіберіңіздерші.

К ә м ш а т Бізді агротехникалық мамандыққа, аудан

С ә у л е шаруасына қажет мамандыққа оқытсаңыздар екен?

Б е й с е н. Енді сөйтіп, свадьба болмаса болмасын, домахозяйка болмайда бұл қарындастар, ауданның белсенді қайраткері болмақ қой! Алуа жайғастырады да!.. (Күледі.) Әбекең тоссыз қалғанмен, ессіз болған іс емес екен ғой өзі... (Күледі.)

А л у а. Бәсе, кешегі түн, бір жағы көп сорақылық ашылған комедия түні болғаны рас. Бірақ бұл жайдың күлкі емесі де бар... Тойлай алмай наразы болғандардың желіктірген сөзіне қызған күйеу бұзық әрекетке де жетті. Әбеке, сіздің кешегі халге жаныңыз ашыса, мынау үшін жауап та беріңіз?.. (Портфелінің ішінен бір кесек тасты алып ұсынады.) Өзі бұзық, өзі мас күйеу түнде менің тереземді сындырып ұрып, маған мынаны сыйға тастап кетті. Жолдас Бейсен, қазір менің пәтеріме кісі жіберіп, акт жасатуыңызды сұраймын?!

Б е й с е н. А, мұның осындай да жәйі бар ма еді? Ендеше, бұның жөнін біздің бөлмеге барып сөйлесейік. Әбеке, сіз де солай тартыңыз! Алуа, сен мына жұмыстарыңды бітірген соң, дәл осы жөнінде бізде сөйлесуге маған кел! (Әбекеңді ертіп кетеді.)

А л у а (қыздарға). Жә, балалар! Мен сендердің кешегі тілектеріңді, оқымақ талаптарыңды ойлап, өлшеп шықтым. Осындағы агротехникалық курсқа, бұрын мектептен кеткен он екі қыз, бәріңді де, осы аудандағы ең қадірлі шаруашылық іс — қызылша жұмысына, күріш егісіне мықты маман етіп шығаруға ойласып қойдым. Сол он екілерің, тағы басқа мектептен кеткен өзге қыз құрбыларың бәрің боп, енді біраз заманда ауданға, облысқа, мүмкін болса бар республикаға еңбектерің естілетін, атағың жететін азаматтық қайратқа басарсыңдар! Сендер үшін ендігі менің ойлайтыным, арман сол болмақшы, бұл партияның да сендер үшін атаған мүддесі, артқан міндет. Ертең сағат екіде, осы араға сендерді бұдан былай оқытатын курстың басшыларын шақырып, мәжіліс жүргіземіз. Өзгелерді хабарлаңдар, өздерің де сол екіден қалмай келіндер, мақұл ма?! (Қыздар мақұлдап, қоштасып жөнеледі. Екі-үш колхозшы әйел мен бір еркек кіреді.) Жә, "Ақтал" колхозының екінші бригадасы, күйлеріңді кеше көрдік. Мен бір жағынан қызылшада істеп жүрген мынау аналарды, жас балалары яслисіз, баспанасыз тоғайдың көлеңкесінде жатқан аналарды, әдейі шақырдым. Бригадир Садық, сізді де осы аналардың мынау партия, үкімет алдында сіздей совет қызметкеріне қоятын әділ талабын естуге шақырдым. Кәне, аналар! Кешегі маған айтқаныңызды бүгін мына бригадир алдында қайта айтыңдаршы!

І ә й е л. Айтсақ, тағы сол кешегідей. "Ақтал" колхозы дейтін колхозымыз бай. Бірақ көзің көрді ғой әне, Алуа, ұдайы, күн сайын жұмысқа балаларымызды алып шығамыз. Үйде күтетін кісілеріміз жоқ.

ІІ ә й е л. Жаслі дейді, бала бақшасы дейді, қайда сонысы? Қашан ашпақшы?

ІІІ ә й е л. Ұйыстырған жоқ, көзіне айтамыз, мынау бригадир, мынау Садық ұйыстырмай келеді.

І ә й е л. Құр тіл емізіп уәде беріп, сүйреткіге сап келеді мына бригадир мен колхоз бастығы!.. Қасымызда балалар болғандықтан, өзге әйелдердей емес, еңбегіміз де шала.

ІІ ә й е л. Өз көзің көрді ғой, Алуа, көңіл ала болған соң, жұмыс шала болмай қайтеді? Еңбек зая кетеді!..

А л у а. Араларында стахановшыларың бар ма? Осы тұрғандарыңның озаттарың кім?

ІІІ ә й е л. Әй, бәрі шамалас қой, қарағым!

ІІ ә й е л. Ондайды арамыздан өсіріп шығара алмай жатырмыз ғой, әлі!..

А л у а (Садыққа)- Жә, жолдас бригадир, бұны не дейміз? Ақтал бойы — қызылшаның бар Одақта ең мол өсетін жерінің бірі. Бұнда дүниежүзілік рекорд беретін өнім алу шарт деп отыр партия мен үкімет. Ал сіз өз бригадаңызда көп әйелдің еңбек жағдайын мешеулікке салындырып, стахановтық еңбектен қалдырып отырсыз!.. Бекер ме осы?

С а д ы қ. Рас, бомай тұр. Өздерін де саналы колхозшы дейміз, сонда да өздігімен ынта бейіл бере қоймайды-ақ!.. Қымс етсе бригадир.

І ә й е л. Бригадир демей, кім дейміз? Бәрі сенен емес пе?

ІІ ә й е л. Не жағдай жасадың, кімге жасадың?

ІІІ ә й е л. Керек десе, баламызға баспанаң да жоқ күндіз.

І ә й е л. Озат боп шықпайық дедік пе? Өзгелерді естімей, көрмейміз бе? Сен, бригадир, оңдырмайсың!

А л у а. Жә, барлық жай мәлім. Себептер және айқын!.. Жолдас бригадир, колхоз бастығы мен сізге қойылатын бір-ақ шарт бар. Үш күн... ертеңнен бастап үш күн ішінде сіздің бригадада бала бақшасы ашылсын. Ашылмаса, мынау жас баласы бар, бар әйелдер қызметке шықпайды.

С а д ы қ. Ойбай, ол не дегеніңіз? Баласы жоқ әйел жоқ, онда қызылшаның науқаны үстінде бар жұмысты тоқтатам десеңші!..

А л у а (қатаң). Тоқталады және сіздей бригадир сотталады!..

С а д ы қ. Сылтау тауып бердіңіз ғой, айтам ғой, баласы жоқ әйел жоқ деп...

А л у а (ызалана). Бәсе, баласы жоқ әйел жоқ, бірақ бір әйелдің қамын ойлау сізде жоқ. Адам ба бұл жұрт, мал ма?! Күн көзінде, жауын астында жас бала қозы-лақтан жаман ескерусіз жатыр. Кеше мен өз көзіммен көргенде сондай түршіктім. Тіпті қозы-лаққа осындай қырсыз болған шабан көрдің бе? Олай болса, табан жерде сотталарыңды білер ең!.. Ең алдымен үйшік-лашық соған әзірлер ең. Бітті сөз! Үш күн ішінде ясли ашылады, сонда ғана алаңсыз жұмысқа араласады.

Ә й е л д е р. Айтқаның келсін, жолың болсын, Алуа!

А л у a (Садыққа). Колхоз бастығы мен екеуіңіз яслиге керек аспаптар мен киім-бұйым заттары, ыдыс-аяқтары жөнінде нақтылы толық есеп жасап, ертең кешке, қызмет аяғына райкомға, маған жеткізіңіздер! Мен сіздердің көмектеріңізде боламын. (Бұлар кете береді. Тағы бір топ әйел мен Назарбек келеді.) Жә, апалар, Назеке, сиыр фермасының кешегі бар жайын біле келе, мен сіздерді әдейі шақырып ем! Кәне, жеңгелер, апалар, шындарыңды айтшы осы, ең озат, озғын сауыншы, стахановшы қайсысың?

І ә й е л. Қарағым Алуа, "Ақтал" колхозшысының жаманы бар ма? Бәріміз де озатпыз

ІІ ә й е л. Біреуді озғызып жіберіп, өзгеміз қарап тұрамыз ба?

ІІІ ә й е л. Озған да жоқ, қалған да ешкім жоқ. Өзгеде бар он саусақ әрқайсымызда бар. Мына ферма бастық Назекеңнен сұра.

А л у а. Ал, Назеке, сіз де фермаңыздағы бар жайға дән ризасыз ба?

Н а з а р б е к. Несін айтасың, қарағым, қарық болған шағымыз. Бірнеше жүз мөшке сиырларымыз анау, бұлақтай шетінен. Бір жақта май заводымыз сонау. Колхоздың табысын, түу-түу, атама!

А л у а. А, сауыншы әйелдеріңіз ше?

Н а з а р б е к. Оларды да атап сұрама, өңшең сен тұр, мен атайын!

А л у а. Сөйтіп, бәрі бірдей стахановшы ма? Жоқ, әлде бәрі бірдей орта қатарлы сауыншы ма?

Н а з а р б е к. Е, со-со, сол айтқаның ғой!.. Бірін стақан, бірін ол-пұл деп ала-құла қып бөлгеніміз жоқ бұларды.

А й б а л а. Әй, осы сендер, Алуаның не іздеп отырғанын андамай тұрсыңдар-ау, қатындар! Біздің мына завферма әкеміз де босқа әңкілдей береді. Бір спецовканы бұрын тоздырдым дегенмен, қайтеміз айтпай!.. Менше, сіз де қарық қып тұрған жоқсыз, әкеміз. Стахановшы шықпағанына ұялсаңшы, өкінсеңші одан да!.. Озат әйел бізден шықпас па еді, соны айту керек.

А л у а. Бәсе, соны айтыңыз!.. Сіздің атыңыз кім еді?

А й б а л а. Атым Айбала, Алуаш. Стахановшы шықпай жатқаны, үйімізде адамымыз көп, сыртта сауын, үйде бала күтімі, бір үйлі жанды күту бар. Екіұдай боп, алақ-жұлақпен күніміз кешеді. Арамызда не бір депутат, не бір орденос, озғын әйел шықпағанына ішіміз күйеді. Осыны білші тым құрыса. Сол емес пе, қатындар, айтатындарың!.. Солай демеуші ме едіңдер?

Д а у ы с т а р. Солай, осыныкі рас, барды Айбала айтты.

А л у а. Бәсе, міне, соны айту керек, шынды ашу керек!..

А й б а л а. Анық шынды айт дедің ғой, Алуа. Ендеше, әй, қатындар, келіндер, анық сол шынның өзін айтайық. Олай болса, мына тұрған карт, біздің Назекең, тап осы фермаға бастық болуға енді жарамайды. Шынын өзің айтшы, әке? Осыным дәл емес пе?

Ә й е л д е р. Өзі айтсын, Назекең өзі айтсыншы. Осыны бекер дер ме екен?

Н а з а р б е к. Апыр-ай, мыналар не дейді мүлде? Баяғыда өзіңмен бірге сол фермада қан төгіппем-ау, Алуа.

А л у а. Оныңыз рас, Назеке! Бірақ сізді орныңыздан алса, айыптамай-ақ алуға болады.

Н а з а р б е к. А, солай ма? Нос келмейді ғой, әйтеуір..? Ендеше, осы қыз біліп айтқан болар. Шын-ақ мені төңкеріп, бір жасқа табыс ете қойыңдар.

І ә й е л. Ал, Алуа, осылай бола ма? Егер дәл осы фермаға жаңа бастық қоятын болсақ, өз ортамыздан мына Айбаланың өзін қойындар!

А л у а. Жолдастар, білесіздер, біз бұл арада байлап шешпейміз, оны колхоз жиыны өзі шешеді. Бірақ осы сіздердің ойларыңды ортаға салып, бір жайлы етпей болмас. Әзір сонымен тоқтайық... (Бұлармен қоштасады. Және бір топ әйелдер келеді.) Жә, жолдастар, мен сіздердің құрылыс жұмысындағы жағдайларыңызды көрдім, таныдым. Жұмысшы әйел коп екен, әр алуан қиын жұмыстар істейді екен, соны көріп, әр топтарынан сіздерді шақырдым ғой. Енді әздеріңізге не жағдай тілейтіндеріңізді айтыңдаршы.

І ә й е л. Сіз кеше біздің бастықты көрдіңіз бе? Оны да шақыртам деп едіңіз, өзін көрдіңіз бе?

А л у а. Мен көре алмадым, бірақ осы сағатқа осы жерге шақыртқамын, ол келеді. Бар жайларды оның көзінше де айтасыздар ғой?

Ә й е л д е р. Айтамыз, әдейі соның көзінше, көлденең бір басшы адамның алдында барды айту арманымыз болатын.

А л у а. Бәсе, дәл өзінің жүзіне қадап тұрып, ашықтан ашық етіп айтыңдар! (Арман кіреді. Ол Алуаға қуанып ұмтылады.)

А р м а н. Алуа, Алуаш!.. Ауданға келді деп естіп ем, демалыс күн не қылсам да күнді сондай асығып тосқамды!... Қандай жақсы, қандай рақат!.. Бір ауданда бірге істейміз!..

І ә й е л. Ойбай-ау, бұл не, бұл қалай болды? Біз сынаймыз, шағым айтамыз десек, досы боп шықты ма?

ІІ ә й е л. Шырағым Алуа, сіз бізге барды айт деп едіңіз, бұл не, шағыстырып шақ-шұқ ұрған бола ма, енді қайттік?

А л у а. Е, қалайша, не айтып отырсыздар?

І ә й е л. Е, мына кісі біздің бастығымыз ғой?!

А л у а. А, солай ма еді? Мен инженер десем, құрылыс бастығы да ма еді?

І ә й е л. Біздің бастығымыз осы кісі.

А р м а н. Бұл не өзі, мына кісілер біздің құрылыстың әйелдері ме, немене?

А л у а. Ия, дәл сіздің құрылыстың әйелдері боп шықты. Сіз мұнда романтиканы әкелдіңіз. Ал өзіңіз қазір жердегі тірлік талабын естіп бағыңыз!.. (Әйелдерге.) Кәне, жолдастар, айтыңыздар!

І ә й е л. Біздің бір тобымыз тас тасимыз, киімнен түк қалған жоқ. Көзіне айтайық, мына басшы азамат Арман жайымызды айтсақ, тыңдамайды. (Әзірге әйелдер қызулана сөйлейді.)

ІІ ә й е л. Жатқан жайымыз ит байласа тұрғысыз.

ІІІ ә й е л. Балаларымызда баспана, күтім жоқ.

ІV ә й е л. Ауруымызды қарататын дәрігер деген мүлде жоқ!.. Әйелдерге шамасынан тыс қара жұмыстан басқа табары жоқ мына басшылардың. Ертең салынатын станцияда, сол станцияны жүргізетін мамандыққа бізді неге үйретпейді? Кешкі курс ашыңдар деп сұрағанымызға талай болды, құлаққа ілмейді.

V ә й е л. Әлденеше жүз жұмысшы бармыз, не кітапхана, не газет, бірде-бір мәдениет белгісін көрмейміз!..

А л у а (Арманға). Жә, жолдас бастық, тыңдап болдыңыз ғой, көрдіңіз ғой халықтың наразылығын. Сіздің өндірісіңізде істейтін жұмысшының 25 проценті әйел екен. Сіз үлкен, бай өндіріс басында отырсыз. Айналаңыз болса бақша, жайнаған дүние, молшылық, немене, сіздің тым құрыса ясли, балалар бақшасын жасауға да мұршаңыз келмеді ме?

А р м а н. Алуа, бұныңыз қалай? Сізбен осылай көріспекші ме едік Ақталда?..

А л у а. Бәсе, мен де бұлай кездесерміз деп ойламап ем! Қазір менің осыдан басқа сезімім де, ойым да жоқ. Жөнін айтыңыз, бұл не қылғаныңыз?!

А р м а н. Мен станция сала алмай жатсам, ол несі!.. Айыптамай, көмек етсеңізші!

А л у а. Көмек етсе, неге бірде-бір әйелді қайратына, әйелдік қалпына сай орынға ауыстырмайсыз, үйретпейсіз?

А р м а н. Мен қазір үйретуші емес, оқу орны боп жата алмаймын. Аспан емес, жолдас начальник, бұл анық жердің сөзі!.. Халықтың сөзі! Біздің құрылыстардың барлығында да қара жұмысшысынан үлкен маман жұмысшыларына шейін, керек болса, тіпті құрылыс начальнигіне дейін, бар маманды өз ортасынан жағдай жасап, өз арасынан өсіреді. Немене, бір қатып қалған қу ағаш, ескі кәрі мамандай сөйлейсіз!..

А р м а н. Бұл айтқаныңыздың бәрі құрылыс күндерінің міндеті емес, басқа орындардың, басқа күндердегі міндеті!..

А л у а. Солай ма?.. Ендеше, сізбен сөз қысқа екен!.. Жолдас әйелдер, сіздер қазір бара тұрыңыздар. Мен өзім бастаған сіздер жайыңызды жарым жолда тастамаспын. Мына начальнигіңізбен бұл арада ұғысатын емеспіз. Сөзді мен бүгін райкомның бюросына қоям және аз күнде Алматыда Министрлер Советінің алдына қоймақпын. Сіздер үшін мен аз емес, көп алысуға бекіндім. Соны біліңіздер!.. (Әйелдер кетеді.)

А р м а н. Ал, ұрысып болдың ба? Өзің не деген қатал, зәрлі адамсың? Маған ашудан басқа айтарың бар ма, жоқ па?

А л у а. Сенің өндірісіңнің бүгінгі халінде ашу мен реніштен басқа айтарым жоқ.

А р м а н. Ресми сөзден басқа сөзің бар ма, тегі, маған? Ақылдасуға бола ма, жоқ па? Осылай ма еді Алматыдағы сөз?! Мен пәтер қамдатқалы жүрмеп пе ем!..

А л у а. Менің міндетімдегі жұрт жұмысы жайғаспай тұрып, мұнда келмей жатып, ең алдымен өзім орналасам ба? Онда қандай дұрыстық, жарастық, тыныштық, рақат болмақ. Ендеше, пәтер жайын менсіз ойла! Бара бер!.. (Арман шығып кетеді. Алуа жалғыз.) Тағы да не деген жай, қай түйін!.. Ерте кезден бір-бірімізге әрі ұмтылысып, әрі қайшы өтіскен, қарсы келіскен бір халден айығу жоқ!.. Осы екеуміздің ішкі сырымызға ілесе жүрген не қылған бір кесел тағдыр бар!.. Ертеде ол техник, мен аудан өкілі боп осында істеп жүріп, көрістікте, қайшы өтістік. Бірақ ұрысып жүріп, ол маған қызықты, өзіне күдіктене, ызалана жүріп, мен қызығып ем... Айырылысып кетіп ек, биыл ол институт бітіріп, инженер-энергетик болды. Мен тарихшы боп бітіргем. Сол күндерде Алматыда жақсы бір кеште, бақшада оқыстан, қайтадан талпынып табысқандай болдық!.. Алдағы күнге байлау айтардай, серт берердей болысып ек. Көп заманнан ішімде ерте күндегі бір адасудан, қателіктен байланып, түйіліп қалған салқын түйін бар еді... "Жүрегімді ыстық өмірден тыйғандай, ерімес мұзым, таусылмас тоңым жатқандай" деуші едім!.. Соны, осы Арманды жақында, Алматыда қайта тапқанда, ендігі сезімдеріміз еріте бастағандай еді!.. Ақталда бірге істемек нәтижесі бірге кешер өмірге жетелеп келе жатқан болатын... Енді міне, менің міндетімдегі әйелдер күйі, соншалық ренішті хал де болғанда, әсіресе бұның өндірісінде солай болғанда, мен қайтіп бас тілегін тілей аламын!.. Қандай сана, қандай жүзбенен жаңағыдай күйде ерлі-жарлы күн кеше алам онымен!.. Бұл не деген менің өмірімнен, менің бас тірлігімнен үнемі бір арылмайтын, қалмайтын қалың сор!.. (Қатты еңіреп жылап жібереді.)

Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ

Жетінші сурет

Жақсы жиылған кең бөлме. Көрші бөлмелердің есіктері көрінеді. Екінші бөлмеде ұлт оркестрі әдемі күй ойнап жатады. Бергі бөлмеге Нина, Алуа, Арман шығады. Аздан соң жақсы киінген, кеуделерінде ордендері, үкімет мүшесі значоктары бар Жанар, Айбала, Кәмшат, Анар, Сәуле шығады. Күй басылғанда, бұлар көрші бөлмеге қарап қол соғады, ол жақтан Сексек шығып, бас иеді.

С е к с е к. Достар, Нина мен Алуа, әсіресе сендердің естерінде болар, сонада бір Алуа оқу бітіргенде, Нина мен Сапар ағаның үйінде мен алғаш бастап тартқан бір күй бар еді-ау!.. Ол кезде мезгілі жете қоймаған, әзірше дерексіз де баянсыз ерте тартылған күй сияқты еді. Онда мына тұрған қыз, келіншек қарындастарымның бүгін жетер табысы да тілде болмаса, істе жоқ еді!.. Онда Алуада күйеу деген ойда жоқ, Арманда қалыңдыққа арналған жай да жоқ болатын!.. Бірақ сонда да менің күйім ырым шегіп жүр екен. Бұл күйді жетіскен жастар, біздің қыздар деп, жақсы жас, жақсы жар көксеген Сексек тартқан күй дерсіздер!.. (Күлкі, қошемет.)

Н и н а. Өте жақсы, Сексек! Бұл күйің жалғыз мынау тұрған Алуа мен Арман ғана емес, тіпті мынау өзге бұл ауданда өзгеше табысқа жеткен озат әйелдер жайы да ғана емес, барлық Ақтал бойында, мынау Ұлы Отан соғысы күндерінде өзгеше азаматтық қасиет танытқан бар ауданның жүздеген, мыңдаған әйелдеріне арналған күй дейік!..

А л у а. Нина, сен алғаш келісіңде жай ғана менің ендігі тұрмысым мен күйімді көруге қонаққа ғана келген жандай едің. Мен артынан тандана қарай бастап ем, сен екі жылдан бері мен жүрген орындардың, мен істеген іс майдандарының бәрімен ақырындап жүріп, үндемей ғана танысып шықтың. Достық - достықпен, бірақ сен мені және тексеріп те шықтың ба деп тұрмын!.. Өзге жөнмен тексеру емес, мынау Армандай күйеуіме татитын жар болған ба, жоқ па деп тексердің ғой деймін, солай ма?

Н и н а (әзілдеп). Ия, Алуа, сен болсаң, келген бөгде адамға сондай сында куәлік айтатын, өзіңді ақтайтын, ауданға мақтан болатын мынау жақсы жолдастар тобына сүйенбексің ғой...

Ж а н а p. Бізге сөз қалса, Алуа тәте туралы біздің мұнда тұрған аз әйелдер ғана емес, бар ауданның бар аналары, қыз балалары қандай сында болса да куәлік айта алардаймыз.

Н и н а. Сол үшін де сіздер Алуаны құптап, ауданның әр тобынан келгендейсіз-ау, солай емес пе? Мен бәрлеріңізді көргенмін, бірақ кеше мен бүгін қайсыңызды қай орында көргенім ғана есімде жоқ.

А л у а. Ендеше, мен салайын, Нина Ивановна. (Жанарды көрсетіп.) Мынау Жанар — Ақтал бойында бүкіл одақтық және қызылша жөнінде дүниежүзілік тың рекорд берген біздің "Ақтал" колхозының озғын өнерпазы. (Айбаланы көрсетіп.) Мынау барлық Алматы облысындағы ең озғын сауыншы Айбала — Қазақстан үкімет мүшесі. Сәуле — күріш өнімінің одақтық рекорд берген озғын технигі. Кәмшат — қант заводының орденді, атақты стахановшысы. Анар — электр станциясының бұрын салушысы болған, қазір ең зор абырой алушы мол коллектив мақтаны болған, маман қызметкер. Арман — станция сала бастағанда шала бастаса да, кейін аудан әйелдері турасында азаматтық санасы ояна түсіп, ендігі озат әйелдерден тәуір баға ала бастаған, келешегінен тәуір үміт күттіретін азамат — Арман!.. (Күлкі.)

Н и н а. Бар жай түсінікті, жалғыз-ақ жөн бар. Мен бүгін обкоммен, Сапармен сөйлесіп, сіздердің сыртыңнан, әсіресе, Алуа, сенің сыртыңнан бір байлау айта бастадым. Бұл араға сөздің, баяншы түсіндіргіштің қажеті жоқ. Ақтал ауданындағы әйелдер арасындағы партия басшылығы өткізген екі жылдық тәрбиелік жаңалықтарды, жан-жақты мол істерді тек осы Ақтал ауданында ғана қалдыруға болмайды!.. Сол үшін, Алуа, сен осындағы екі жылдық еңбектің, қиыншылық тартыстың, табыс, жақсылықтың бәрін де жазуың керек. Жаздың ба осыны?

А л у а. Есіңде ме, Нина Ивановна, маған Сапар аға осы ауданға жібергенде "табысыңмен ғылымға қайт" деп еді. Мен диссертация жазбақ едім ғой, ұмытқан жоқсың ба?

Н и н а. Неге ұмытам?! Сен сол диссертацияңның бар негізін қалап болдың. Ендеше, обком маған бар істің ақырында сенің осы жөніңді айрықша тапсырған болатын. Бүгінгі Сапармен сөйлескен сөздің тағы бір байлауын айтайын. Сен ертең менімен Алматыға да жүруің мүмкін. Бірақ ол жөнде хабар тосарсың!..

А л у а. Сол жөнінен жүрген де қажет пе деп отырмын, мен Марданнан хат алдым. Диссертациямның толық жоспарын жіберіп ем. Хатында мен ойламаған тың жайлардан аса көп оқшау сөз қозғапты.

Н и н а. Қандай сөз?

А л у а. Мен әйел мәселесіне коммунистік қозғалыстың дүниежүзілік тарих көлемінде қосқанын айтпақ едім. Дәл деректерді, қазақ сияқты, советтік шығыс әйелдерінің Октябрьден бергі бастарынан кешкен тартыс, табыстарына арнамақ едім. Профессор Мардан оны "аз" депті.

Н и н а. "Аз" депті, не себепті?

А л у а. Ол кісі қазақ әйелінің революциядан бұрынғы дәуірлердегі әдет-салтпен, шариғатпен байланысты туған тарихын айту керек депті. Және оның үстіне, "бұрынғы қазақ тарихында аты қалған, меніңше, көбінше хандар ортасынан шыққан бір топ күдікті әйелдер туралы көп деректер жазу керек" депті.

Н и н а. Бұнысы қалай екен? Даулы емес пе? Түбін де ойлану керек.

А л у а. Бірақ болашақ оппонентім, айтарын естуім де керек қой.

Н и н а. Әрине. Ол үшін айрықша кеңінен әңгімелесіп, орынды болса көп кеңесін алу керек. Жетпеді деген анық ғылымдық олқылықтарын толтыруың шарт!..

А л у а. Олай болса, менің осылайша шаруалармен Алматыға аттанып кетуім де мүмкін екен-ау, Арман?!

А р м а н. Амал қанша?..

С е к с е к. Қой, неге асығыс онша да мұнша!

А р м а н. Секе, өзің білесің ғой. Алуа бір нәрсе байласа, бір жаққа қарай ауытқып қанат қақса, мен қарсыласа алмайтынымды айтушы ем ғой!.. Маған салса, асықпаса да болар еді. Бірақ "кәрі әжемдей етегімнен тартпасын, от басында ұстағың келеді" десе, өкпесінен де, кінәсінен да жасқана беретін болғамын.

С е к с е к. Әйел түгіл, еркекке де "үйленген соң аяғыңа тұсау түсті, шарлай берме, байыздай түс деуші" еді. Асықпа десең, әйелің ғой, айып етер деп пе ең?

А л у а. Әйтеуір, Секе, мен туралы тоярың да, тынарың да жоқ-ау!..

С е к с е к. Е, үйлі-баранды болған соң отыра түс демей, не дейік?

А л у а. Білемін, сенің арманың менің айналамды тауықтың балапанындай немере-шөберелер, шиеттей ұрпақ нәсіл қоршап, солардың ортасында, от басында, жылағанын уатып, көй-көйін жырлап отырған кәрі әже етіп қоймай, сенің көңілің көншімейді ғой!.. (Әсия кіреді. Әскерлік киімі бар.) Ася, Асюша, жүрмекке қамдандың ба?

Ә с и я. Жүгіріп барамын! Сізбен, сіздермен қоштасуға келдім, Алуа тәте. Алуа тәте, мен өзім сұрандым ғой. Отан қорғауға тіленіп барамын.

А л у а. Солай болдың ба, жаным! Жолың болсын, абырой тап, бақыт тап. Аман бол, айналайын!.. (Әсияның көзінен сүйеді. Жанар бастаған бар әйелдермен Әсия сүйісіп қоштасады. Ол жүрерде.) Білемін, Асюша, сен оттысың, ерсің! Сен біздің ауданнан шыққан совет қызының ең үлгілі азаматының бірісің! Сені майданға өз ықтиярыңмен әкетіп бара жатқан да Ленин комсомолының ұлы тәрбиесін ақталған азаматтық үлкен санаң.

Ә с и я. Алуа тәте, менің әкем де, шешем де өзіңіз боп алғансыз... Оны да есімде тұтам. Біліңіз оны да... Ақтармын.

А л у а. Білем, жаным. Ауданнан Отан қорғауға бара жатқан бірінші қазақ қызы сенсің. Сені біз көп сағынамыз, көп ойлаймыз. Жақсылық істеріңді бұндағы еңбек майданында мыңдарға үлгі етеміз. Осыны есіңнен шығарма!.. Бақыт тап, бауырым!.. (Сүйіп жөнелтеді. Арманға повестка әкеліп береді.)

А р м а н (повестканы Алуаға көрсетеді. Содан Нина және басқа қонақтар түгел біледі. Пауза.) Мен запастағы офицер болатұғым. Бір жұбанышым — станцияны түгел салып үлгердім. (Алуаға қарап.) Басқа да ұзақ жылдар бойындағы арманыма жеткен шағым еді, тек жаңа ғана Секең екеуміздің "Алматыға жүруге асықпаса екен Алуа" деген әзіл сөзіміз қазір тілекке айналыпты. Мына повестка бойынша мен, запастағы офицер, ертең, бүрсігүндері-ақ Қостөбеден аттанатын болармын... Сөйтіп, Алуаның жүрмеуі жөнін Секең екеуміз әзілмен тілесек, военкомат Отан соғысы күндерінің барлық беделді тәртібімен де тілегендей ғой!.. (Телефон. Алуа телефонда.)

А л уа. Бейсен, не дейсің, запастағы офицер... Арман алды, повестканы алып отырмыз. Қалай дейсің? Сен де запастағы офицер ме ең? Мен Арманды айтады десем, сен өзіңді айтып тұрсың ба? Сөйтіп, сен де аттанатын болдың ба? Қалай, бұнда қалай болғаны? Обкоммен, Сапар ағамен де сөйлестің бе? Жоқ, маған әлі звонить еткен жоқ... Не дейсің? Мен бе? Бұ қалай, қандай шұғыл!.. Бұ қандай үлкен жауапты шешу, мен үшін сонша шұғыл ғой! Бейсен бауырым, бұ қалай? Ия, жолығамын, тез барамын!..

Н и н а (Алуа сөйлесіп болған соң). Мен аңғарсам, Ақтал райкомының бірінші хатшысы және де майданға аттанады.

А л у а (ойда). Ия, солай, аттанады... Білемін қандай шұғыл өзгерістер!

Н и н а. Оның орнына хатшы боп Сатаева Алуа қалады, солай ма?

А л у а. Білмеймін... таң қаламын. Осынша жауаптылық сондай үлкен ауданда... Ия, уақытша солай болады да... (Тағы телефон.) Ия, Сапар аға! Алматы! Ия, Сапар аға, мен Алуа. Білмеймін, жаңа ғана сіздің алдыңызда телефонная, Бейсеннен ғана естіп отырмын!.. Бұл қалайша? Асығыс емес пе? Өте жауапты байлау емес пе, Сапар аға!.. Мен ақтай алам ба, әлім, шамам жетер ме! Болды дейсіз бе?.. Обком бекіткен бе еді? А-а, ЦК-да солай байлады дейсіз бе? Түсіндім... Қашан? Ертеңгі поезбен бе? Бүгін түнгі поезбен бе? Құп, Сапар аға, әзірленейін... (Трубканы салып, үйдегілерге.) Түсіндіңіздер ме, жолдастар? (Алуаның сөзінің уақытында үнсіз тыңдаған үй іші тегіс тұрған, Алуаға Қарай ұмтыла түскен күйде.)

Ж а н а p. Біз білсек, Алуа тәте, осы сәтте соншалық үлкен, шұғыл және тамаша өзгерістер болып жатыр-ау!..

А й б а л а. Алуаш, айналайын, қайырлы болсын!.. Бейсен бір спецовканы бұрын бітірсе де, өзің де олқы соқпайсың, қуанамыз, құттықтаймыз!..

К ә м ш а т. Қорғанбаңыз, Алуа тәте. Алыңыз Отан әмірін!.. Артында тобың, қатарында қанатыңбыз...

А н а р. "Келсең келде кез болды, кейи де беріп қайтесің" депті ғой бір өлеңде!.. Жүздеген, мыңдаған Ақтал әйелі досың бар!.. Партияның, Отанның саған сенгені, бізге де міндет артқаны деп ұғармыз!

Нина. Міне, сенің ендігі жауабыңды жұрттың тілі, мына достар үні танытты...

А л у а. Жалғыз-ақ түсіндіңдер ме? Сапар аға ЦК-ға айрықша үлкен тапсырма алу үшін тез жет деді. Бүгінгі түнгі поезбен "шық" деді ғой. Ақтал ауданының партия басшылығы: облысқа, республикаға және барлық Одаққа арнап Ақтал әйелдері атынан отаншыл серт, үндеу алу керек дейді. Бұл бір Ақтал ауданының тарихында болмаған өзгеше, соншалық зор мақтан боларлық та, бірақ сондайлық өзгеше жауапты, ерекше ауыр міндетті тапсырма болар!.. Ал, достар! Қазір сағат он... Енді қырық бес минутта Алматыға қарай поезд өтеді. Мен Бейсенге де соғамын... Көріп отырсыңдар, Арман, тығыз әзірлік шарт, қамдану... амал бар ма, жаным!..

Н и н а. Мен де тез әзірленейін. Жүріске асығу керек. Барлық жай, Арман, өзіңе де түсінікті ғой!.. (Арман, Алуа сәл оқшауланады.)

А р м а н. Өкінбеймін, Алуаш, бірақ өздерімізді, екеумізді сәл кінәлаймын... Дәуреніміз... соншалық күншуақты күніміз берген еркіндікті, рақат кеңшілікті неге осыншалық сараң, олақ, сырдаң пайдаландық екен... Біз бір-бірімізді білгелі қашан?

А л у а. Білген ғана емес, Арман. Сыртымыз айтпаса да, сараң сөз тұтқыр тілден шықпаса да, сен екеуміз жүрекпен, ішпен көптен үйіріліп, сөзсіз табысқан жандар ек...

А р м а н. Бірақ неге кешіктік, неге өзіміздің рақат бақытымызды өзімізге қимағандай, іркілумен келдік? Енді міне...

А л у а. Білем, Арман... Арманым!.. Иланамын, сенің бұл айтып тұрғаның күйініш емес. Сен бұл сапарға күйініп аттанбайсың, мен өзім де күйініп аттандырмаймын. Жарым кетті, тіршілік барлығымның жарымы ардақты сапарға, әділ кек, асыл азамат жолына аттанды деп ұзатамын мен сені... "Үйім, жарым артымда, ол айнымай, талмай қайта оралуымды тосады... Бар сүйінішін түгел сақтап тосады" деп аттанасың. Мұндағы бар еңбек пен бар тірлігімде сенің майдандағы ісің қасымда, қатарымда жүрген қанаттасым, серігім болар...

А р м а н. Бақыттымын, Апуашым... Аман бол, зор бақыт тап сен алдында... Бар серігім, бар тілегім сенімен. Шақ қуаныш болса да, мәңгі кемімес те ұмытылмас іштегі сәулем болар... Ризамын саған!..

А л у а. Қош, жаным!... (Сахнада қараңғылық. Ендігі уақиға райком хатшысының кең бөлмесінде. Сахнаға бір топ бөгде адамдарды бастап Сапар шығады. Ол бұл күнде толған, шашы ағарған. Келісті киінген, келбетті адам. Қасында орталықтан келген және өзінің көмекшісі тәрізді адамдар бар. Райком хатшысы Алуа мен Сапар сөйлесіп келеді.)

С а п а р. Біздің газеттердің адамдары бар ма? "Правданың" тілшісі келді ме?

А л у а. Келген, осында болар.

Т і л ш і. Мен мұндамын, бармын, Сапар Сейілович!

А л у а. Ендеше, рұқсат етсеңіздер, біздің аудан көлеміндегі барлық колхоздар атынан, өндірістер тобынан, оқу-ағарту орындарынан, партия, совет орындарының қызметкерлерінен, қысқасы, барлық аудандағы колхозшы, жұмысшы, интеллигенция өкілі болған әйелдер қауымынан арнаулы үндеу қабылдағандары туралы рапорттарын естуге рұқсат етерсіздер, жолдастар!

С а п а р. Рұқсат, басталсын! (Есіктен бөлек-бөлек топтарымен неше лек әйелдер өкілдері кіреді.)

А л у а. Кәне, алғашқы сөзді ауданның атын алып жүрген "Ақтал" колхозына берейік. Ауданның колхозшы, еңбекші әйелдері атынан "Ақтал" колхозының атақты қызылшашысы Жанар жолдасқа сөз беріледі.

Ж а н а р (қызулы, екпінмен). Біз бүгін, жауға қарсы оқ есебінде, Ақтал ауданының Отан сүйген, Қазақстан көлемінде ең бірінші рет колхозшы, жұмысшы, қызметкер әйелдері атынан, майданға аттанған жауынгер ерлеріміздің аналары, жарлары, апа-қарындастары, қыздары боп, осы үлкен тарихтық үндеуді қабыл аламыз. Аудандық партия басшылығының алдында, Қазақстан Орталық Партия Комитетінің алдында, сүйікті көсеміміз, ардақты әкеміз жолдас Сталин бастаған Ленин-Сталин партиясы алдында, Совет үкіметі алдында осы жариялағалы отырған байқауымызға серт береміз. Ол сертімізде өзімізге қояр шартымыз, Отанымызға берер антымыз сол — аудан әйелдері өзіміз еңбек еткен колхозда, бригадаларда, совхоздарда, фермаларда, отар-қашарларда, заводтардың цехтарында "Қостөбе" станциясының жұмыстарында... (ендігі осыдан арғы сөзді әуелі Айбала, содан кейін Кәмшат, Сәуле, Анар сияқты ауданның даңқты әйелдері кезектеп айтып кете береді.)

А й б а л а. ...Барлық кеңселерде, оқу, мәдениет орындарында, өзіміз қызмет еткен майдандарда, барлық Ақтал ауданының еңбек етуге қуаты бар әйелдері өзімізді майдан үшін, Отан қорғау үшін бар-бар күшін сарп ететін мобилизациялық халде деп жариялаймыз!.. (Бұл кезде Сексектің оркестрі жырақтан ойнай шығып, сахнаға орналасып, әсем марш алуандас күй тартып тұрады.)

А н а р (жаңағы сөздің желісін үзбей қостай жөнеліп). Аудандағы еңбек салаларының бәрінде қызмет етуші әйелдер өздерімізді стахановтық, ударниктік озат еңбекке, ерлеріміз жауды жеңіп, құртып болғанша, айнымастан берілдік, бекіндік деп санаймыз!..

К ә м ш а т (іле жөнеліп). Сол үшін бригадалар мен бригадалар арасында, аудан көлемінде, колхоз бен колхоздар арасында, совхоздардың фермалары, отарлары арасында, өндірістердің цехтары мен бригадалары арасында "Отан үшін", "Сталин үшін" деген ұранмен, "Барлығы жеңіс үшін!" деген ұранмен социалистік жарыс жариялаймыз.

С ә у л е (іле жөнеліп). Ақтал ауданының әйелдері, біз, Отан соғысы басталған күндерден бері қарайғы еңбек тәжірибемізді жиып кеп, бүгін жасаған байлауымызды бүкіл Қазақстан көлемінде мәлім етеміз. Қазақстандағы бар облыстарда, бар аудандарда еліміздің отаншыл зор саналы еңбекші әйелдерінің бәрін де ерекше жігермен еңбек етіп, қайрат атуға үндейміз.

Ж а н а p. Майдандағы ерлеріміз алдында, барлық ардақты Отан алдында қажымас қайрат, мойымас жігер, зор сананы серік етіп, алдымыздағы ауыр еңбек майданында біз нелер ауыр сындарды адақтаймыз, біз жеңіп шығамыз деп сенім айтамыз!.. (Енді Алуа осы әйелдер ортасына барып тұрады да, барлық сахнадағы әйелдер бір үнмен ұран тастайды.)

Ә й е л д е р. Біз жеңеміз! Барлығы жеңіс үшін! Отан үшін! Сталин үшін! (деп серттерін аяқтайды. Сексектің жігерлі маршы да осымен аяқтайды.)

С а п а p. Жақсы ауданның жалынды, жігерлі әйелдері, қымбатты достар! Сіздерге үгіт сөз қажет емес. Барлық жайды, қасиетті шындықтарды, Отан күтер жалын, жігерді жаңағы үндеулеріңізде өздерің айттың!.. Істер істі серттерің шешті. Осы кішкене бөлмеде, қазір ғана сіздер тастаған жаңағы ұран ертең бар Қазақстан өлкесіне, "Правда" газетінің бетінен барлық Одақ көлеміне, дүние жүзіне жалындай шалқып, шырқап тарайтын қасиет ұраны болмақшы! Бір-ақ нәрсені айтамын да тоқтаймын: серттерің зор, үндеулерің үлкен, әлемге жеткен үндеу болғалы тұр. Ендеше, тартыс та ауыр, сын да зор. Табандап шыдап, атаған алыс қиядан алыптарша табылыңдар!.. Сендер сертке жеткен күні партия мен үкімет сендердің Отанға сіңірген тарихтық еңбектеріңді де ақтай білер!..

А л у а (қасындағы жаңағы қалың топ әйелдермен). Барлық жігер, барлық тілек, қайрат — жеңіс үшін! Отан үшін! Сталин үшін!..

ш ы м ы л д ы қ

Сегізінші сурет

Сахна үлкен институттың конференц-залы. Сахнаның бір шеті өзі сахнада, екінші жақ шеті жыраққа кетіп жатқан орындық қатарлары, кең келісті залдың кесіп алғандай шеті болу керек. Арырақта әр жасты жақсы киінген оқымыстылар, еркек, әйелдер жүріп өтісіп жатады. Бергі шетке, зал жаққа асығып басып Алуа шығады.

А л у а. Қандай күн... қандай күнде хабарың жетті, Арманым, ардақтым!.. (Хатты қайта оқып.) Бүгін менің ең бір ауыр сынға түсетін, өмірдегі аса бір жауапты белге басқан қысталаң да, қиын да күнім еді. Сол шақта, қазір, міне, осы сәтте Ақтал ауданы емес, Алматыда, мұнда мені іздеп табар ма? Әдейі осы күнге дос көңілмен көңіліме күш беруге, қуат қосуға талпынғаны ма?!. Хаты келді, өл тірі!.. Соңғы соғыстың айларында, Берлинге соңғы шабуылдар жасаған күнде одан ең соңғы хабар келген де үзілген еді... Бар дерек, қылдай үміт, леп еткен еміс бір хабар болса, келсе деп аңсағаным, зарлағаным, түндер бойы жастар төгіп, азап шегіп еңірегенім қандай еді?!. Айрылдым, жоғалттым, өмірдегі бір шырағым сөнді, бұл жөндегі үміт тілек солды деп қойғанымда, мына күнде сен жеттің!.. Соғыс біткелі сонша айлар өтсе де, дерексіз кетсең де, енді бүгін "сауығып келем, жетем" депсің!.. Жаным, Арман, жет! Қанатым!.. (Нина шығады.)

А л у а (Нинаны құшақтап сүйеді). Білдің бе, Нина? Мен бақыттымын! Міне!

Н и н а. Арманнан ба? Тірі ме, бар ма? Алуа, қуанышым, достым менің, құттықтаймын. Тірі ме ол?

А л у а. Міне, оқы... тірі... Жазылып келеді!.. Жарасы орасан ауыр болған тәрізді.

Н и н а (оқып отырып). Ия, мәлім... "Көріскенде айтам" депті. "Кейінірек жазам" депті. Ұзақ айлар екіталай, өлі мен тірінің арасында болдым депті. Бірақ сауықтым, шатпын, сауықтым деген екен. Қандай бақыттысың, қымбаттым, сүйікті Алуа! Жә, енді бұл қуаныш сенің мынандай үлкен сын күніңе, көп жылдан әзірленіп, кешігіп жүріп енді ғана жеткен қиын күніңе дәл келген екен!.. Бұл саған, іштегі қуатыңа қуат қоссын!

А л у а. Ал енді, қазір защита басталады, сен не айтпақ едің? Ендігі түгел көңіліңді соған аударайық! Айтшы!

Н и н а. Соған аударамыз. Жалғыз-ақ тағы бір тың жаңалық бар — ойда жоқ хабар, әзір ақырына шейін естігем жоқ, сондықтан көп алаң болма, анығын кейін Сапар ағадан естиміз. О кісі Москвамен асығыс жалғасып, анықтап жатыр.

А л у а. Ия, о не? Не айтқалы отырсың?

Н и н а. Еміс хабар бойынша, Ақталда Ұлы Отан соғысы жылдарында зор отаншылдық сана танытып, ер қайратын көрсеткендері үшін он екі әйел үлкен бір отандық сыйға ие болатын тәрізді. Еңбектерің ақталар деген үлкен үміт бар. Дәлін, толығын кейін естиміз. Бұл жайды да кейінге қоя тұрайық, енді диссертацияға келейік.

А л у а. Ия, соны айтшы! Сен соңғы түрін жаңа ғана оқып болғансың ғой, бағана телефонмен мені сен шошыттың ғой... Және шыныңды, жөніңді білдірші. Анық орасан қателіктерім бар ма?

Н и н а. Бар. Енді бұл жайдан мен қатал сөйлеймін, Алуа, өйтпеске шарам жоқ. Сен диссертация қорғауға көп әзірлік жасағансың. Бірақ мұнда толып жатқан керексіз, артық дүниені теріс бағыттан шарлағансың. Мысалы, мұнда әлдеқандай Алтын Орданың, хандар сарайының жоқшысы, заршысы Қараүлекті қайдан таптың? Әмеңгерлік, жесірлік салтының соншалық тұтқыны, күңі болған Қыз Жібектен не іздейсің? Және, әсіресе орыс халқы мен қазақ халқының жауы болған Кенесарының қарындасы Бопайды несіне осынша көтеріп дәріптейсің? Қазақ әйелінің халіне арналған ғылымдық еңбектің бір мақсаты осында болғаны ма? Мен сенен сұраймын, осы ма?

А л у а. Менің совет дәуіріндегі әйел мәселесі жөнінде жазғанымның өзі де толық еді! Осы бөлімдерді қоспаса, "анық ғылымдық зерттеу болмайды, тарихтық, ғылымдық қабілет болмайды" десті ғой!

Н и н а. Кім солай деді?

А л у а. Менің оппонентім. Анау профессор Есенов Мардан солай деген жоқ па?

Н и н а. Ол өзі адасады, өзімен бірге сені де адастырады. Сен саясат жөнінде піскен адамсың деп ойлаймын. Тіпті осының артында өзгеше залалды ұлар жатпағанын қайдан білесің?

А л у а. Япырай-ай, мен осы жөнінде өз ішімнен күдіктене жүріп, соншалық керексіз көп материалдар оқып, онсыз да жұмыс арасындағы аз уақытымның талайын осы тапсырманы зерттеу үшін өлтіріп ем!..

Н и н а. Ал сонда және осы еңбегіңе соларды кіргізу қажет деп берік иланып па едің өзің?

А л у а. Шынын айтайын, иланғам жоқ-ты. Қайта сол профессор Марданмен бірге екеуміз де адасып жүрміз бе деп те көп күдіктеніп ем... Өзіне және айтып ем де! Осы бөлімді алып тастайын деп ем.

Н и н а. Ия, ол не деді?

А л у а. Ол сөйлеткен жоқ. Өлісуге бар, соншалық ашуланып қарсы болды.

Н и н а. Ендеше, қазір тез батыл байлау жаса да, бұл бөлімді алып таста! Бұл көрінеу зиян, анық у!.. Егер алып тастамасаң, мен бекіндім, қазір тура қарсы шығамын! Сені де, профессорыңды да айыптап қарсы шығамын.

А л у а. Сөйтіп, бұрынғыға арналған бөлімдерді түгел тастаймын ғой? Ендеше, мен қазіргі сөзімді, баяндамамды ең алдымен осы бөлімдерді жоғалтып, теріс деп танып, алып тастаудан бастаймын. (Осы сөздердің тұсында Мардан шығып тыңдап тұрады.)

М а р д а н. Сіз нені алып тастаймын дейсіз, Алуа?!

А л у а. Біліңіз, профессор, сізге де мәлім болсын, мен ойланып келіп-келіп, кеш те болса, дәл осы сәтте болса да, сіздің өзіңізге айтқан, өзімше керексіз деген бөлімдерді өшірдім деп жариялаймын!..

М а р д а н. Жоқ, Алуа, қайтыңыз бұл байлаудан! Онсыз диссертация қорғалмайды!..

А л у а. Қорғалмаса қалсын, профессор! Менің қолым енді ол орасан жат жайларды жақтауға баспайды, бара алмайды. Қазір мен өз баяндамамның басын диссертациямдағы керексіз, артық теріс бөлімді алып тастаудан бастадым.

М а р д а н. Ендеше, өкпелемеңіз, қарындас! Біз сізбенен қырық пышақ қана боламыз. Менің де басқа байлауым, жауабым жоқ!.. Енді әр қимылыңызды, әр ойыңыздың ауыздан шыққан әр сөзін, әр үнін сынап тосуға шықтым, соны біліңіз. Қашан айттың демеңіз, кескілескен күй туар!.. (Қараңғылық. Енді мәжіліс жүріп жатыр. Зал толы. Сахнаның сахнасында ғылым кеңесі. Кафедрада профессор Мардан.) Тағы қайталап айтамын, құрметті ғылым кеңесі мүшелері, диссертант Сатаева Алуа көп еңбек етіп, тарихтық ғылымға қажет болған деректерді жинап алса да, білгенін пайдалана алмаған. Соның орнына бар еңбегін азға, саязға сайған. Ғылымдық зерттеу емес, женотдел үгітшілеріне блокнот есебіне жүрерлік брошюра қатарынан аспайтын, немесе журналдық мақаланың бойынан озбайтын арзан шындықтарды тізген. Осы себепті мен Сатаеваның еңбегін ғылымдық бағасы бар еңбек деп тани алмаймын. Сондықтан, құрметті ғылым кеңесінің мүшелері, совет оқымыстының ары өзіме бұйыруы бойынша, мен бұл еңбекті диссертантка кандидаттық ғылым дәрежесін беруге жетерлік еңбек деп санамаймын. Бұл еңбегі үшін Сатаеваға тарихтық ғылым кандидаты атағын беру мүмкін емес ден қорытамын! (Пауза.)

З а л д а ғ ы ж ұ р т. Қандай қатты байлау, не деген аяусыз соққы! Бүйтетін болғанда, оппонент болып несі бар? Мынау тегін емес қой. Мұның артында бір үлкен зілдер жатқан жоқ па өзі?! Не қылған қастан мінез сияқты нәрсе. (Осындай дабыр-шу үстінде қараңғылық түседі... Енді Алуа сөйлеп тұр.)

А л у а. Жолдастар, профессор Есеновтың менің еңбегімді айыптаған сөздеріне қарсы айтатын дәлелдерімді қорыта келіп, құрметті ғылым кеңесінің мынау жайға айрықша назар аударуын тілек етер едім. Профессор Есенов мені Қараүлек, Бопайлар жайын жазбадың деп кінәлайды. Менің диссертациямның жөні ең алғаш 1939 жылы, одан кейін 1943 жылы сөз болып жүрген шағында, әр кезде жаңағы әйелдерді профессор Есенов маған үнемі көлденең ұсынатын еді. Мен, осы кісінің айтуы бойынша, ол әйелдер жайын, заманын аса көп уақытымды беріп зерттеп шықтым. Зерттеп шықтым да, мынау диссертацияма бүгін келіп кіргізбейтінімді айттым. Әдейі кіргізгем жоқ. Себебі, біздегі әйел жайын зерттеген еңбектің ең зоры, ең қасиетті тақырыбы да, мақсаты осы кітап ішінде мен жазып шыққан бір-ақ жайға арналса жетер. Ол — біздің Отандағы әйелдер арасындағы коммунистік қозғалыс тақырыбы. Ал Қараүлек, Бопайлар хан сарайының, біреуі — Ноғайлы ханының, екіншісі — қазақтың жауы Кенесары хандығының жоқтаушысы, қостаушылары. Осылардың жайын маған жаз деп тықпалай берген себепті, мен қазір осы жиын үстінде өте айқын түсініп тұрмын. Сол түсінігімді, мына отырған жұртшылық, сіздер де түсінсін деп тұрмын. Профессор Есеновтың менің қолыммен бұрынғы Алтын Орда, Ноғайлы хандықтарының, кешегі қазақтың феодалдық-хандық сорақылық тұрмысын ақтап жаздырмақ мақсаты бар екен. Бұл ғылымдық проблема деп аталған бопты, анығында, ол ғылымдық проблема емес, атын атап, бар сыры мен шынын ашып айтайын, жұртшылық. Ол — бұл күндегі барып тұрған буржуазиялық-ұлтшылдық программа екен!.. Мен ендігі сөзді диссертацияны қорғау үшін ғана сөйлемеймін, идеология майданындағы партия талабын орындаушы, әлеумет қызметкерінің бірі есебінде, қазіргі мәжіліс тақырыбынан шыға сөйлеуге міндеттімін. Бұл — ар қарызы, азаматтық қарызым!.. (Залда үлкен қостаған, қожыраған үндер білінеді.) Профессор Есенов маған дау айтып тұрған жоқ, зор қарсылық қайрат атып тұр. Бір жайды еріксіз еске аламын: 1926 жылы мені әйел үстіне зорлықпен тоқал етіп аламын деген бай болған еді. Сол бай 1931 жылы, коллективизация тұсында маған оқ атқан еді. Дәл сол байдың бірге туған інісі, профессор Мардан, сіз едіңіз!.. Сіз сол ағаңыздың конфискациясы тұсында жұртшылықты бір әрекетпен сендірген болдыңыз. Бірақ ол түлкі жүріс екен. Содан бері, 1931 жылы, мен Ақталда істеп жүргенімде, әрі ұры, әрі банды боп кеткен сіздің ағаңыз қашып ауданға келгенде, Алматыдан сіз де сол тұстан барып шығып едіңіз. Мен сіздің сондағы банды ағаңыздың атқан оғына ұшырап ем. Ол сонда мені жоймаққа оқ атқан еді. Сіз сол тұста неге барып, неге кеттіңіз? Мен ол шақта аңқаулықпен аңдамаппын. Бірақ бүгін, осы сағатта сонша көп кешігіп, сонша көп қателік жасап кеп, сіз жөніңізде бар жайды, сіздің шын жайыңызды енді ғана анық түсініп тұрсам керек. Мына жұртшылыққа мен осы үшін әдейі сөйлеп тұрмын. Сондағы ағаңыз атқан оқтан мен өлмей қалып едім, бүгін сіз сол ағаңыздың қолынан түскен обрезбен мені қайта атып тұрған жоқсыз ба? Атып тұрсыз және көп әзірленіп кеп, көп жасырынып, шебер боялып, ұзақ құбылып кеп атып тұрсыз!.. (Залда тағы да үлкен сенім, достық пейіл көрсеткен үндер.) 1926 жылы мен сол қорқау байлардан үрейім ұшып қашып, қызыл отауға келген ем, сонда мені студентка орыс қызы Нина жаудың оғына өз кеудесін төсеп, қорғап қалып еді. Сол орыс қызы, партия, совет азаматы, лениндік-партиялық ғылымның батыл қайраткері — профессор Нина Ивановна Ершова бүгін де мені зор қателіктен қорғап, профессор Есеновтың алдауы мен аздыруына ергізбей, аман алып қалды... Тағы да саған мың сан рақмет, орыстың жақсы адамы, хороший русский человек Нина Ивановна!.. (Сахна залында қол шапалақтау, дырду...)

Ж ұ р т с ө з д е р і.

—Қандай майдан берді Алуа!

—Қалай жеңді жекпе-жекте!

—Бар ініне су құйды ғой профессордың...

—Партия тәрбиесі ғылымның өзі үшін де қалай өсірген Алуаны. (Беріге Сексек пен бір кішкентай әйел оқшауланған.)

С е к с е к. Е, бәсе! Тап солай, дәл солай... Бәсе, біздің Алуа қалай!.. (Кішкене әйелді қағып кетеді.)

Ә й е л. Е, мына бейбаққа не кетті? Ұшып кетер ме екен?

С е к с е к. Әй, сен не дейсің, әй, өзің? (Әйелдің сыртынан сөйлеп тұр.) Қарашы тілін, қаршадай боп ап!..

Ә й е л. Қаршадай?!. Қарашы сөзін, өзі таудай кісімсіп!

С е к с е к (әйелге қарап тамашалайды). Не дедің-ай, айналайын, таудай деймісің?

Ә й е л. Е, таудай десе немене? Болмаса жардай жігіт дейін бе?

С е к с е к (қызығып, күліп). Айт-айт! Айналайын, тағы айтшы. Ой, астай...

Ә й е л. Қарағым-ау, есалаң ба? Несіне ыржалақтайды өзі?

С е к с е к. Ой, астай... (Қызығады.) Ой, тоба, іздегенге сұраған.

Ә й е л. Сұраған болса сұраған... Қорқар деп пе ең сенен?

С е к с е к. О не дейсің, қалқам-ау. Ойбай, қорықпа!

Айналайын, тек қана, бір ғана сөз айтшы, қалқатайым. Осы, күйеуің бар ма, жоқ па?

Ә й е л. Жоқ болғанда қайтейін деп ең? Жеп қоям ғой дейсің бе? Ал, күйеуім жоқ.

С е к с е к. Іздегенім дәл, дәл өзі. Бұл жайды жақсылап тыңда, жарқыным, мен енді барымды айтам. Осы шаққа шейін, Жиренше шешен сияқты, өзіме лайықтыны іздеп келгем. Бойы теңді айтам, бойыма бойы лайықты айтам. Болмаса анадай, тырнадай әйелді мен не қылам. Ой, астай... Дәл өзі, тап іздегенім. А-а-айналайын...

Ә й е л. Ендеше, менің атым Балжан, Балжан!..

С е к с е к. Айналайын атыңнан. Аты қандай десеңші. Әрі бал, әрі жан... Ал мен (қоқиланып) дирижер оркестр народных инструментов, народный композитор, заслуженный артист - Сексек Көрпебаевпын... Сондай тәтті, бүлдіршіндей, үріп ауызға салғандай!.. (Бұлар кете береді. Алуаны Нина оңашалап алып шығады.)

Н и н а. Алуа, қымбаттым... Қуана бер, жаңа Сапардан толық хабар келді, сені құттықта депті. Әсіресе зор қуанышпен құттықта депті — Ақтал ауданының он екі әйеліне Социалистік Еңбектің Ерлері деген атақ беріліпті. Солардың алдында ең бірінші боп аталған, Алуа жаным, сенің атың!.. Қазір тез ЦК-ға шақырады, Сапар аға сені бүгін Москваға, ЦК ВКП(б)-ның шақыруы бойынша самолетпен ұшуға әзірленсін дейді. Алдында тағы тосқан өзгеше бір жаңалықтар болар, жүр, жолың болсын!..

Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ

Тоғызыншы сурет

Пекин. Қатын патша Ци Сидің жазғы сарайы. Айнала музейлік ғажайып қымбат статуялар. Будданың әр алуан суреттері. Қатарда ұзаққа созылған идол, статуя, изваяниелердің ішінде неше алуан айдаһар, көп басты жыландар, ақсиған тіс, қорқыныш күш иелері, әлденеше сұм қадам жүздер, бейнелер көрінеді. Кейбірі қоладан, біреулері күмістен, темірден және де ағаштан, сургучтен, фарфор, гипстен жасалғандары бар. Неше алуан құдайлар, қараңғылық, қаскөй, қатаң күштер бейнелері үнемі көрінеді. Алуа орыс әйелімен шығады. Бұл тұста Азияның барлық халықтарының әр үлгідегі киімдерін киіскен көп топ әйелдер бар. Алуа қазір бір топ иран, түрік әйелдерінің ортасында. Ақ шашты түрік әйелі Алуаға қадала сөйлейді.

Т ү р і к ә й е л і. Сіздер, қазақ, өзбек, татар, түрікмен сияқты халықтар, бұрынғы тарихта Россия мұсылмандары аталғансыңдар. Бұл тайпалардың көбі ислам дініне кірмес бұрын жабайы уахшилар еді. Исләмият сол халықтардың әйелдер халіне не жаңалықтар кіргізгенін сіз білмейсіз.

И р а н ә й е л і. Әлбетте, білмейді, себебі б9л өзі дінсіздерден!..

І ә й е л. Себебі бұл кісі мұсылмандардан емес.

Т ү р і к ә й е л і. Сіз ислам дінін жамандап тұрсыз. Өзіңіз ең әуелі ол діннің ұстазы — Мұхаммед Мұстафа өзі айтқан жолды білесіз бе, білмейсіз.

А л у а. Білмейді емеспін, бәлкім, білермін де!

Т ү р і к ә й е л і. Айтыңызшы, білсеңіз, мысалы, Мұхаммед пайғамбар әйелге оқыма деген бе?

А л у а. Жоқ, оқысын деген. (Арабша.) "Әл ғилми фаризатун ғәлә кулли мүслимина уә мүслимәтун!" Рас, осылайша пайғамбар "ғылым мұсылман ерлермен бірге мұсылман әйелдерге де парыз" деген. Бірақ мұсылман ғаламының барлығында әйел халінің масқара қорлыққа ұшырауына осы жолдың және өзі де себеп болғанды.

И р а н ә й е л і. Өзі емес, кейінгі замандар бұзып өзгерткен әйел халін!.. Мысалы, сұлтандар, шахтар құрған харамдар пайғамбар әмірімен туып па еді?

Т ү р і к ә й е л і. Әр хаулидә ичкәриләр болсын деп пайғамбар айтқан ба еді?

А л у а. Рас, оларды айтқан жоқ. Бірақ өзі өмірінде тоғыз мәртебе үйленген Мұхаммед болатын. Дінбасы, ахлақ, адамшылық, ғадәлет басы дейтін ұстаз өзі соны істесе, кейінгі шахтар, сұлтандар, әмір, халифтер харрамдар жасамай, не жасаушы еді? Қысқасы, қай діннен болса да әйел халіне рақым күтпеңіз!

Т ү р і к ә й е л і. Біз әйел халі үшін, азаттық үшін алысушымыз, бірақ айтамыз: әлхамду лилләһи және мұсылманбыз.

А л у а. Мен сіздерге бір шындықты айтайын: әйелдер арасындағы буржуаздық қозғалыс, Турция, Иран әйелдері, сіздерден ғана басталған жоқ. Францияда, Америкада, Англияда феминистка, суффражисткалар қозғалысы ертеден - ақ басталған. Бірақ солардың бәрінде де бүгін, сіздердегі сияқты, буржуаздық қоғамның дініне, заңына байланысты кертартпа сана басым болған да, әйел халіне әлі күнге түк өзгеріс кірмей келген. Бұл қозғалыстардың бәрі де алдаумен келген әйел жынысын! Сіздерге де, әйел халінің жоқшысы болғанша, тыныш қана, инабатты мұсылманның иғдиқатты ханумы ғана болып отыру жайлырақ та лайығырақ келер. Болмаса, XX ғасырда әйел халінің шешуі бір жолда, бір ғана негізде болатынын аңғарар едіңіздер!..

Т ү р і к ә й е л і. Үгіт, үгіт!.. Большевиктік үгіт! (Түрік, иран әйелі сияқты екі-үш әйелдер шұғыл тайып кетіседі. Бұлардың орнына Алуаны қоршаған басқа Азия елдерінің әйелдері жылы қарап, сенімді жүзбен сұрақтар береді.)

І ә й е л. Азия әйелдерінің тартысын, сізше, енді қандай ұрандар астына тез ұйыстыруға болар еді?

ІІ ә й е л. Сіз дұрыс айттыңыз, Азия әйелі өз тартысын үлкен тарихтық тартысқа қатынастырумен ғана есеге жетеді.

ІІІ ә й е л. Дін бұл жолда программа емес!

ІV ә й е л. Жаңағы әйелдер адасады. Сіз бізге ендігі тың тартыстың, бар Азия әйелінің басын қосатын тартыстың бетін айтыңыз!

А л у а. Бұл жолда менің айтарым: дәл бүгінгі күндерде жалғыз-ақ ұран — ол бейбітшілік үшін алысу. Азия әйелі әрі өзінің әйелдік, аналық, балалық бақытын қорғау үшін, әрі дүниелік ең ұлы, ең таза, биік ақтық ұранға үн қосу үшін, тек қана бейбітшілік ұранын қостасын. Дұрыс па осы?

Д а у ы с т а p. Дұрыс, дұрыс!.. (Алуаны тағы да әр алуан киімдер киген кеп Азия әйелдері қаршайды. Біріне-бірі қарап күледі. Бірақ тілдерін білісе алмайды.)

А л у а. О, тіл, тілдер, қандай бөгет!.. Біз бір-бірімізге ішімізді аша алмаймыз, жеткізе алмаймыз, бірақ тыңдаңыздаршы, ортақ тіл бар екен. (Ағылшынша.) Мен таптым бізге ортақ тілді. Ол — музыка, ән... Келіңіздер, біздің халықтарымыздың әйел турасындағы әндерін айтайық!.. Тек ол әнді әйел өзінің жанымен жырласын...

Я п о н ә й е л і (ағылшынша). Әйел әні болсын, әйел жаны жырласын!

Бирма әйелі (французша). Әйел жанының әні шырқасын!

Малайя әйелі (немісше). Әйел өзі туралы жырласын!

Қытай әйелі (қытайша). Ән ана, дос, қаһарман әйел туралы болсын!

И р а н ә й е л і. Әйел тағдыры туралы ән болсын!

А р а б ә й е л і. Әйел қасіреті туралы ән болсын! (Осыдан әрі әр әйелдің әні айтылып өтеді. Соңынан Алуа әдемі, шат бір ән жырлайды, сол әні созылып, баяулап бара жатқандай шақта шам сөніп, қайта жанады. Ән баяулай келіп, Алуаның трибунада сөйлеп тұрған сөзіне кеп қосылады.)

А л у а (зритель залына қарап, ең соңғы жалынды сөзін сөйлейді). Құрметті әйелдер! Азия халықтарының әйелдері, апалар, сіңлілер, сіздерден мұнда естіген сұмдық күйлердің біразын мен де, Азияның бір әйелі, бала шағымда өз басымнан кешіргем. Менің анам, үлкен шешем, менің әкем, бабаларым сияқты, оқымаған еді. Ал мені, жасқа толмаған жетім қызды, бай екінші әйел етіп зорлап алмақ болғанда, мен қаштым... Қашу сапарында совет заңынан пана таптым. Мен тек қана азаттық алғаным жоқ, білім жарығын да алдым!.. Өзімнің бақытымды да таптым. Қазір мен Отанымызда Еңбек геройымын, тарих ғылымының кандидатымын. Үкіметіміздің мүшесімін!.. Осының бәріне мен өзгеше әйел болғандығымнан жеткем жоқ, мен біздегі миллиондардың, сан миллион әйелдерінің қатардағы бірі ғанамын!.. Тек бір ғана тілек айтар едім, оным: Азияның қалың миллион әйелдері, сіздерге біздің Отанымыздағы әйелдер жайынан анық, дәл шындықтар ғана жетсе екен! Екінші айтарым, барлық Азия халықтарының басшы қауымына айтатын бір ғана сұрағым — ол Азия халықтарының қақ жарымы әйелдер турасындағы сұрағым. Қашанға шейін Азия әйелдерінің тағдырын осыдан екі жарым мың жыл бұрын орнаған Сидхарта Гаутама Будданың заңы шешпек!.. Қашанға шейін екі мың екі жүз жыл бұрын орнаған Ману кодексі әйел күйін билемек? Қашанға шейін мың жарым жыл бұрын әйелді қорлау заңын орнатқан брахманизм, индуизм әйел тағдырын сорлатпақ! Қашанға шейін, мен және сұраймын, бүгіннен мың үш жүз пәленше жыл бұрын орнап, әйел жынысын күндік, қорлыққа салған мұсылмандық шариғаты қатал заңын соза бермек?! Сіздерге және маған мәлім ғой, Азияның бірталай тайпаларының, халық тарының арасында полиандрия, яғни бір әйелмен бір үйдің ішіндегі барлық еркек ортақ өмір сүретін салт жойылмай отырған жерлер де бар ғой... Мен өз сөзімді бітіремін, жалғыз сұрақпен бітіремін: бұл — ар сұрағы, біздің ғасыр сұрағы! Бар Азиядағы аналар, апалар, қыздар сұрағы! Осы қорлықтардың бітер шағы бар ма, жоқ па?!.

Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ

соңы

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙