Кешіріңіз, Сіз есек емессіз...
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Мұхтар Шерім
ОБШЫМ, АДАМ ЕМЕС ЕКЕНСIҢДЕР!
“Қабағы қатулы, сәлемi сатулы“ деген осы шығар? — Мен сiздi не үшiн шақырдым, бiлесiз бе,-дедi облыс әкiмi бас полицей Тыжбан Тәпеновке. — Мақтайын деп... — Жоқ. — Жаман жұмыс iстеп жатқан жоқпыз. Облыс бойынша 1230 ауыр қылмыс жасалып, оның 1229-ы қысқартылды. Былтырдан берi 1500 адам өлiп, оның 500-i тiрiлiп кеттi. 300 адам ендi өлейiн деп жатыр. Алты айда алпыс қатын зорланып, жетпiс кемпiр зорланып қала жаздап, елу бес қыз гүлдерiнен айырылып... — Гүл-пүлiңiздi қоя тұрыңыз! Мен сiздi не үшiн шақырдым? — Мыжеке, сiз облыс әкiмi болып келгелi жаман атты болып көрген жоқпын. Министрлiктен алғыс хатым да бар. Алты айда алты тонна героин тәркiлендi. Оның бес тоннасын ұрлатып алдық. Төрт тоннасын тауып алдық. Үш тоннасын өртейiн деп жатқанда, екi тоннасы кем болып шықты. Бiр тоннасының қайда кеткенi белгiсiз. Бiздiң жiгiттер жұмыс iстеп жатыр. Алты айда... — Тұра тұрыңыз. Сiздi не үшiн шақырғанымды есiме түсiрейiн. Алты айда, аты айда деп миымды атала етiп жiбердiңiз ғой. Сiздiң салаңыздағы министр менiң жан досым. Генералмын дейсiз, шенiңiздi офицерге түсiрiп жiберейiн бе? Не үшiн шақырдым сiздi? — Мен қайдан бiлейiн? — Бiлесiз. Бiлiп тұрсыз! Ал, менiң есiмнен шығып кеттi. Мың сан жұмыс. — Алты айда пәтер тонаушылар саны күрт азайды. Пәтер иелерi ұрықарыларды үйлерiне кiргiзбей отыр. Бәрiнде темiр есiк. Терезелерi торланған! “Бiз аштан өлемiз бе?“ деп дiрдектеген екi ұры кабинетiме келiп тұр. Айқайлап қуып шықтым. “Бiзге жоспар керек, давай ұрлық жасаңдар!“ дедiм. Жалпы, алты айда 800 пәтер тоналды. Былтыр 801 едi. Демек ұрлық азайды. Алты айда алаяқтар... — Тыжбан Тәпенович! Мен сiздi не үшiн шақырғанымды есiме түсiрген сияқтымын. — Не үшiн шақырған екенсiз?-деп сұрады облыстық iшкi iстер басқармасының бастығы. — Бiлмеймiн. — Жаңа ғана есiме түстi деген едiңiз. — Жоға, шақырғаным есiме түстi ғой. Бiрақ, не үшiн? Мәселе осында! — Бiз алты айда алты қауiптi қылмыскерлермен атыстық. Осы қақтығыста
бiр камаз патрон жұмсадық. Екi қапшық граната жардық. Отыз екi пышақ лақтырдық. Нәтижесiнде алты қылмыскердiң бесеуi тiрi қалып, бiреуi сеспей қатты. Бiз оны өлген соң тұтқындап, қолына кiсен салдық. Бiздiң жiгiттердiң небәры жетпiсi ғана қырылып қалды. Негiзiнен полицейлердi садақпен қаруландырғым келедi. Патрон шығын болмайды. Қауiптi қылмыскер қатар тұрса, бiр оқпен тыз-з еткiзiп атып алуға өте қолайлы. Жебенiң ұшына тұз, ащы дәрi, уксус сеуiп қойып атса, жүдә жақсы. — Мұның бәрiн неге айтып тұрсыз? Мен сiздi не үшiн шақырғанымды ендi есiме түсiрiп, сiздiң жiгiттердiң өте нашар жұмыс iстейтiнiне қапаланып отырмын. — Неге? — Неге дейдi ғой. Сiзде, сiздiң полиция қызметкерлерiнде ар-ұят жоқ. Обшым адам емессiздер. — Бiздегінiң бәрi адамнан аумайды. — Ендi есiме түстi! Сiздер әсiресе, мына сiз неге менiң ұлымды жазалауға неге бұйрық бермейсiз? Алты айдың iшiнде алпыс адамды қағып кеттi. Оның 59-ы тiрi қалып, бiреуi қайтыс болды. Алты айдың iшiнде екi сиыр қағып кетiп, оның бiреуi реанимацияда өлдi. Бұзауымен қоса. Астында “Джип“, зулап келе жатып, МАИ қызметкерiн қағып кеткен. Артына қараса жоқ дейдi. Сөйтсе, ол “Джиптiң“ астына жабысып қалыпты. Не деген масқара! Неге жазалап бiр-екi күн уақытша қамап қоймайсыздар? — Мыжеке... Алты айдың iшiнде... — Доғарыңыз! Обшым полиция емессiңдер, менiң беделiме қарасаңдар, бiр күнi баламнан айырыламын ғой! — Мыжеке, бiз ендi... Сiздi сыйлап... — Немене сыйлап? Гүл әкелiп берейiн деп пе едiңiз? Тағы да қайталаймын, сiздер бар ғой, общым адам емессiздер! Менiң кiшi қызым бiр кiсiнi қылқындырып өлтiрген! Наркобизнестiң нәтижесi, неге ұстамайсың? Дiрiлдеп, қылтырап өлсiн дейсiң бе, әлде? —Сiздiң тамырыңыз алысқа жайылған, қорқамыз. —Немене, қорқатындай, мен бөжеймiн бе? Халық бiзден үлгi алсын! Күйеу баламның пистолетiн қашан тартып аласыңдар? Кеше кафеде екi жiгiттi атып кетiптi. Ұят қой, әбден еркiнсiп кеттiңдер. Әдейi селқос қарайсыңдар! Әжемнiң не iстегенiн бiлесiң бе? Әжем иномаркалардың қымбат магнитофондарын ұрлаумен айналысқан. Кәрi кемпiрдi намаз үстiнде ұстап алуға болады ғой! —Әжеңiздiң мiнезi жаман, қарғайды... —Қарғыстан қорықпаңыз! Әйелiмдi, Құдайым-ау, менiң әйелiмдi неге еркiнсiтiп жiбергенсiңдер?
—Ол кiсi не iстеп жүр? —Бiреудiң кафесiн тартып алған. Жекеменшiк шаштаразыға шашын бұйралатып, ақшасын төлемей кеткен. Қылмыс қой! Қылмыспен күресу керек! Сенiң әйелiңмен қосылып алып, “разборка“ жасайды екен! —Не дейдi? —Обшым адам емессiңдер! Халық бiзден қалай үлгi алады? Балалар бақшасындағы немерем не бүлдiрдi дейсiң ғой? Бiр қызды зорламақ болған. Қыздың лыпасын шешiп алып, басына киiп алған. Тiлiн шығарған. Алты айда, алты айда деп, ақпар беруден жалықпайсыз. Келiнiм ше? Келiнiм СПИД жұқтырып келген! Ауыр қылмыс! Кеше асылып өлейiн дегенде, үйiне апарып тастадық. Жоқ, сiздер жұмыс iстемейсiздер! Бәрiн қамау керек. Сөйтiп қылмыс атаулыны саусақпен ғана санау керек! Естiп тұрмысыз? Сiз кiмсiз өзi? —Мен бе? Мен обшым адам емеспiн,-деген Бас полицей күмiлжiп қалды. Басқа не дей қойсын?...
АҚЫРЗАМАН «ОТМЕНИТЬ» ЕТІЛІПТІ!
Көршімді көріп, көзім шығып кете жаздады. Үйінің жанынан жер қазып жатқалы төртінші күн, құдықтың ішіне түсіп кетеді де, әйелі әкелген заттарды таси бастайды. Қызығып кетіп, жанына келдім. Бір уақытта сопаң етіп, шыға келді. --Көрші, көңілің көңнің арасында қалғандай, не істеп жатырсың?—деп сұрадым. --Естімедің бе не? --Жаңа байрағымыздың көтерілгенін бе? --Естімедің бе не? --Тұңғыш президент мерекесін айтып тұрсың ба? --Естімедің бе , не? --А, ендігі жылы көктем келеді дейді... --Естімедің бе, не? --Естімедім, естімедім! Мен естімеген ол қандай жаңалық?
--Ақырзаман келе жатыр дейді! --Немен? --Автобуспен!—деп ашуланған ол маған жақындады. --Мынауың не? --Бункер. --Не, баяғы соғыс кезінде Гитлер тығылған бункер сияқты ма? Осы кезде әйелі мен қызы ырсылдап, кішігірім теледидарды көтеріп келе жатты. --Әй, Майра, теледидарды қайтесіңдер? --Жер астында ішіміз пыспайды ма? Түріктің телесериалын көруім керек... --Сериал, сериал! Ақырзаман келе жатқанда сериал көріп отырмақшы ғой! --Әке, сіздің сақал қырғышыңызды әкелейін бе? --Керегі жоқ! Ақырзаман келгенде қырынып отырайын! Қызы мен әйелі теледидарды тастап, үйлеріне кіріп кетті. Мен теледидарды көтерісіп ішке түстім. Жер асты үйі екі бөлмелі екен. Ағаш тіреулер қойыпты. --Жер асты пәтерің құтты болсын!—дедім мен. --Айтсын. --Былай ғой. Айтқан жерден аулақ, ақырзаман болды дейік. Сұңқиып, жер бетіне шықсаңдар, тіршілік атаулы жоқ, сендер ғанасыңдар... Не істейсіңдер? --Облысқа әкім боламын... --Қызықсың, топан су, шайып кеткен. Ештеңе жоқ, ешкім жоқ. --Ысқырамын. -- Ұша жөнелетін шымшық та жоқ. Осы кезде әйелі жарты қапшық ұн арқалап, астынан қызы көтере көмектесіп келеді екен. --Жеңеше, жер астында жатып, нан жабасыз ба?—деп сұрадым.
--Жоқ, кеспе көже пісіріп ішеміз. --Қалай пісірмекшісіз? --Газ плита түсірдік қой. --Көке, сіздер қайда қашасыздар?—деп қалды қызы үрейленіп. --Біз қашпаймыз. Үйде отыра береміз. --Өлесіздер ғой? --Көппен бірге өлген ұлы той... --Әй қыз, тақылдай бермей, менің насыбайымды тауып әкел! --Қазір әке! Мен әйелі көтерген ұнды көтерістім. Жан-жағыма қарасам, жабылған бәнкілер, қақталған ет, макарон, керек десеңіз, кепкен балықтар да ілулі тұр! Бір кезде, жеңешеміз отағасына бөлек жерге төсек сала бастады. Қызы екеуіне есік жаққа салып, үшеуі де киімшең көрпенің астына сүңгіп, жата кетісті. Состиып әлі тұрмын. --Хім... көрші, а көрші, ақырзаман келмей жата қалғандарыңыз қалай? Көршімде үн жоқ. Аударылып жатты. Аяғымды еппен басып, жеңешеміздің жанына келіп, көрпесін сыпырғымен түрттім. --Жеңеше, сіздерді әбігерге түсірген Ситчин деген оңбаған жазушы... --Е?—деген жеңешем төсектен басын жұлып алды. --1976 жылы ғой деймін, ойбай, көне шумер жазбаларын таптым, жаңалық аштым, ойбай, марс пен юпитер арасында Нибури деген ғаламшар пайда болып, ол жерге 2012 жылы желтоқсанда соғылады екен деп кітап жазды ғой! --Ақырзаман келе жатыр! Үйіңе бар да, бала-шағаңмен тауға қаш! Әйелімнің қасында қарауылдап тұрсың ба не?—деп айқай салды көршім. --Оу, мына «бункеріңнің» есігін жауып алмайсыңдар ма? --Есікті пултьпен жабылатындай етіп жасағанмын, миымды ашытпай, кетші... --Мен қасыңызда қалайыншы... --Неге?
--Сіз жемейтін әкім болып кетсеңіз, мен орынбасарыңыз болып... --Неге жемейтін әкім?... --Енді жер бетінде жейтін ештеңе қалмаған ғой... Бір кезде ұялы телефоным шырылдады. Сөйлесіп болдым да: --Көрші, ақырзаман болмайды екен...—дедім. --Қа-қалай?—деп сұрады көршім. --«Отменить» етіпті... --Кім? Қалай? --Білмеймін, солай деп жатыр, жүріңіз, жер бетіне шығайықшы, жер бетінде жайраңдап жүрейікші, жер астына түсу қашпас...--деп сыртқа атылдым. Қуанған байғұстар төсектерінен атып тұрысып, жер үстіне шығуға ұмтылды... Қайран, жарық дүние...
АҚШАНЫ АЛБАСТЫ ДЕМЕҢІЗ!
Ойпырмай, ақшаны қыбырлағанның да, жыбырлағанның да бәрі жақсы көреді екен! Төрт қабатты үйімді қорып жүрсін деп, азу тістері алтын, қабағы салқын, құйрығы батпандай, өзі ит болса да, ішінде тағы бір ит өліп жатқандай, дә-әу, есектей ит сатып алғанмын. Үрмейді. Не күлмейді. Не жүрмейді. Ауланың алдына ай бұрын түсіргенмін, сол жерде әлі тұр. Қатып қалған. Содан ойланып, толғанып, аузына жүз долллар қыстыра қойып едім, құдай-ай, әндете үріп кеп бергені! Үйді айнала жүгіріп, үретін болды, керек десеңіз, ыржалақтап, күлетін болды. Үйге сөйлейтін тотықұс сатып әкелдім. Жаңа жылда әйеліме сыйлық болсын дегенім ғой. Сөйлейді. Бірақ орысша. «К черту!» деп қояды маған. Аузына елу доллар қыстыра қойып едім: «Қаз-зақ тілі жасасын! Қаз-зақ тілі жасасын!» деп сарнап қоя берді. Аяғымды аяғыма «өріп» қойып, ойлансам, бүгінде ақшасыз ештеңе бітпейді екен ғой! Тойхана ашқанмын, жарық кіргізу үшін қанша мың долларым кетті. Бара бердім, пара бердім, су кіргізу үшін де бара бердім, пара бердім, газ кіргізу үшін де бара бердім, пара бердім. Пара бермесең, қыстырмайды, керек десеңіз, ысқырмайды... Аттап бассаң, ақша... Біз сиқтыларға мейлі, кеңірдегінен асқазаны көрінетін кедейлерге қиын енді...
Жаңа жылда сүт ішіп отырайық деп, сиыр сатып алдым. «Ерекше сиыр, сегіз емшегі бар»» дегенге сеніп қалсам, астына үңіліп қарамаппын ғой, төрт емшегі түгел екен. --Сүт шықпай жатыр,--деді күтуші әйел. --Емшегін жақсылап тарттыңыз ба? --Жіп байлап тарттым. Сүт шықпайды. --Не шығады сонда? --Айран шығып жатыр... --Қалай сонда? --Білмедім. Сиырымның алдындағы шөпке он мың теңге тастап едім, көздері жайнап, шөппен араластырып жеп қойды. Сол екен, бір емшегінен он кілә сүт, бір емшегінен он кілә иогурт, бір емшегінен он кілә қымыз, бір емшегінен бір шелек минеральды су сауып алдық! Әне, ақшаны бәрі жақсы көреді. Жаңа жылымыз көңілді өтсінші деп, ағылшын мысығын сатып алғанбыз. Кіші қызым жүдә жақсы көретін болған соң. Бірақ мысығы құрғыр не мияуламайды, не еркелемейді, не пырылдамайды, не тамақ жемейді... Алдына елу тиын тастап едім, ой, тоба, көздері жайнап, мияулап, аяғыма еркелей оратылып барып, пырылдап ұйықтап қалды! Бір кезде жұмысшым жетіп келді. Ұнжырғасы түсіп кеткен. --Не болды?—деп сұрадым мен. --Үш жүз тауықтың біреуі де тумай жатыр... --Неге? Жаңа жылда бліншік пісіретін едік қой... --Біреуін ұстап алып, белінен қысып едім, өліп қалды... --Неге қысасың ойбай? --Бұрын сөйтсем, жұмыртқасы ытқып шығатын... --Банкрот болатын шығармыз!—деп күйінгеннен бетіме қара күйе жағып, тауық қораға келдім. Күміс жүз теңгеліктерден бір шелегін шашып кеп жібердім. Тауықтар жапатармағай жұтып қойды. Ал, сол екен, жарыса туып кеп берсін! Жұмыртқа емес, елу теңгеліктерден туатын болды! Айына алпыс шелек жүз теңгелікті жинап алатын болдым! Сенбесеңіз өзіңіз біліңіз, бұл
жаңа жылдық әзіл де болуы мүмкін ғой! Қойшы, несін айтайын, бүгінде ақшаң жоқ болса, өле де алмайсың, туған әкеңді көме де алмайсың! Сондықтан, ақшаны албасты демеңіз, «жаным, жарығым, ғашығым!» деңіз! Кешелі бері бәйбішем сөйлемей жүр. Бұрын «Азаттық» радиосы болатын. О, енді есіме түсті! Жаңа жылда қолына мың доллар ұстата қояйын, қалай сайрайды екен? Сайра сандуғашым, сайра, айтпақшы тоқалым бар, оның аты Майра!
ХАЛҚЫМНАН ЕШТЕҢЕ ЖАСЫРМАЙМЫН...
Мен сіздерге аузымды ашайын, арғы жағынан жүрегімнің ұшы көрінеді. Ақкөңіл әкіммін ғой. Халықтан ештеңемді жасырмаймын: 2012 жылғы жылдық табысымды жариялар болсам, еңіреп жылағым келеді. Ал, облыс әкіміне еңіреп жылауға болмайды ғой... Президент ұрсады. Сонда да, тасбақаның жұмыртқасындай ғана табысымды ашық айтайыншы... Сіздер таң қалмаңыздар! 2012 жылы айлық жалақыларымнан тентек тиын да жаратпадым. Халқым үшін, елім үшін тегін жұмыс істедім. Айлық жалақыларымды айдаладағы Швейцариядағы әйелімнің шешесінің атындағы есеп шотқа төңкеріп отырдым. Ал, ене деген кім? Ене деген кене... Өзіңе кенедей жабысып алатыны болмаса, ол күйеулер үшін бөтен адам. Сондықтан, қайдағы бір бөтен адамға жылдар бойы қайырымдылық жасаумен келемін... Енемнің есеп шотына өткен жылы ғана небәрі жиырма миллион отыз екі тиын аударыппын... Мен еліміздегі әкімдердің арасында ең кедей тұратын шенеуніктің бірімін. Негізі кедей тұрғанды жақсы көремін. Денсаулығым да жақсарып келеді. Жеке басымда қымбат көліктер атымен жоқ. Әкімшілікке велосипедпен барып жүрмін. Оның да алдыңғы дөңгелегінің кәмірі тесік... Қымбат көлікті ұлым мен қыздарым мініп жүр. «Қайдан табыс табатындарына» таң қалып жүрмін. Менен бай тұрады. Өз басымда жеке коттедж деген атымен жоқ. Бір өзбектің жаман сарайын жалға алып тұрамыз... Айына отыз мың теңгені әрең төлеймін. Ал, туыстарым мен қайдағы бір бөтен енемнің атында Астанада, Алматыда, Дубайда, Анкарада виллалары бар. «Қайдан байып кетіп жатқандарын» ойлағым да келмейді... Өйткені, мен қара халықтан шыққан шенеунікпін. Кедейліктің, аштықтың қадірін бір кісідей білемін... Өйткені, ұйқыға жатқаннан, таңертеңге дейін нәр татпаймын ғой! Президент алдында
есеп бергенде, «жемқор емес екен» деп ойласын деп, аш адам сияқты бұратылып, қиналып, «нан... бір үзім нан...» деп күбірлеп тұрдым... Үйде не жейді дейсіздер ме? Міне, менің тамақ мәзірім мынадай: 1. Таңертең бір стақан су. 2. Түсте вермишелден қуырылған нан палау. 3. Түс жарымда сағыз шайнау... 4. Кешке нанға маргарин май жағып жей саламын... Осындай кедейшілікте өмір сүріп жатырмын. Байып кетейін десем, қара халықтан ұяламын. Хақымды сұмдық жақсы көремін. Солар ішіпжесінші, солар семірсінші... Кеше айнаға қарадым... Қарным қампиып, ернім салпиып, жаман семіріп кетіппін... Адам деген аш болса да, семіріп кетеді екен ғой... Осының бәріне әйелім шыдап жүр. Қайырымды адамдарға рахмет! Бейшара халімді көріп, мецанат кәсіпкерлер қалтама ай сайын отыз-қырық мың доллардан салып кетеді... Қалтам бос болмасын дегені ғой. Жаман ырым екен, қалтаңның бос жүргені... Мен олардан түскен табысты бас пайдама жаратып көрген емеспін... Ұлтшылдығым да бар, дереу долларды ұлттық теңгемізге айналдырып, қызымның күйеуіне бере саламын. Өздеріңіз білесіздер,. Күйеубала да әлімсақтан дұшпан. «Күйеу дұшпан» деп жатамыз. Дұшпан екені рас, берген ақшамды көзімше санап алады ғой... Қайран халқым! Менің жылдық табысымды есепетесеңіздер, жылайсыздар! Күн көруім қиындап барады... Ет жемегелі қашан! Ылғи қонақта жейміз. Бөтен үйдің етін өз үйіңнің етіндей емін-еркін жей алмайды екенсің! Өз үйің, өз вермишеліңе не жетсін, шіркін! Менің орынбасарларым да өзіме ұқсаған. Бірінші орынбасарым Түкбілмес Отырғановты көрсем, көзіме мөлтілдеп жас келеді... Туфлиінің өкшесі қисайып кеткен, қисаңдап жүреді...Шалбарының тізесін жамап алған... Аппарат басшысы Аңқылдақ Аңдамасовтың мәйкісінің жеңі жоқ... Костюмі киіттен қайтқан ескі киім... Қашан көрсең, қарыз сұрап жүргені! Кешіріңіздер, көңілімнің кейбір болттары босап кеттті... Кешіріңіздер...
ШЫНДЫҚТЫҢ ЖАНАЗАСЫ...
Қазақстанда Шындық қайтыс болды... Кеше атып кетті... Жағымпаздар министрі, Өтірік министрі, Мафия министрі, Таққұмар министрі, Баққұмар министрі, әртіс депутаттар, кландар мен жыландар келді. Шындықтың жаназасына... Халық көп жиналды. --Шындықсыз қалай ел боламыз?—деп Өтірік министрі қорсылдап жылады... --Талай сорақыны халықтан жасырған елміз, соның бәрін Шындық жарияға жар салып жүруші еді, енді қайттік?—деп Жағымпаздар министрі Өтірік министрін жағымпаздана құшақтап, сұқ саусағымен тілін жалап, көзінің айналасын сулап қойды... --Хош, Шындық аға! --Топырағың торқа, ішкенің виски, жегенің тауық грилі болсын! Молда Шындықтың жаназасын шығара бастады. Нөпір халықтың алдына шыққан Өтірік пен Жағымпаздар, Мафия мен Намыссыздар министрлері мен әртіс депутаттар қаздай тізіліп, бәрі портфельдерін қолтықтарына қысып алып, шіреніп тұра қалысты. Бастарын төмен салбыратып тұрудың орнына, қасқайып, шалқайып кетті... Бұлар өлмейтіндей... Молда Шындық ағайдың жаназасын шығарып жатыр, әне екі қолын құлақтарына апарды. О, тоба, Мафия министрі пистолетін шығарып, сонысымен құлағын қасыды. Өтірік министрі Елбасыға жалған ақпарат беріп үйреніп қалған ғой, әлдекімге ұялы телефонымен өтірік ақпарат беріп жатты... Таққұмар министрі креслода отыр... Бір кезде молда басын оң жаққа, сосын сол жаққа қисайтып еді, әлгілердің мойындары бұрылмай қалды. Мойындары сіресіп, қатып қалған... Шындыққа бұрылмайтын мойындар... --Уа, еліміздің қаймақтары мен жаймақтары!—деді молда Шындықтың жаназасын шығарып болған соң,--Шындық қандай адам еді? --«Мощный» адам еді!—деді шала қазақ біреу міңгірлеп. --Айтқаны «точный» адам еді!—деді алыстау тұрып, аузын баса қойған Жалтақ деген ақсақал.
--Өтірік айтпаңдар!—деп қалды Өтірік министрі галстугын қозғап қойып. --Қылда несі бар десейші? Іші пысып, қара қылды қақ жарып отырушы еді жарықтық... --Айтатыны: «Аққа құдай жақ»... --Талай саяси қылмыстардың бетін ашып, көп еңбек етті халыққа... --Обал-ай, обал...-деп жалған жылады Жағымпаз министрі жан-жағына жалтақтай қарап,--біздің партияға мүше болғанда ғой, өлмес пе еді... Билік дәлізінің жердегі «құдайлары» шулап кетіп еді, молда қолын көтерді: --Айтыңыздаршы, Шындықтың сіздерге қарызы бар ма еді? Өзі жоқ болса да мұнда халық бар. Көп болып... Министрлер жамырап кетті. --Маған екі миллион теңге қарыз! --Маған 370 миллион доллар қарыз! --Маған қарыз болайын деп жүрген... Бір кезде табытта жатқан Шындық басын көтерді. Өлікті тірілтетін өтірікке жаны шыдамаса керек. Ол ешкімге қарыз емес еді. Сол-ақ екен, әлгінде ғана шырт түкіріп, шіреніп тұрғандар тым-тырақай қаша жөнелді...
ҚАРА БЕТТЕР ҰЙЫҚТАМАЙДЫ...
Әйелімен құшақтасып жатқан... Таң ата көздерін жапалақ шоқып алғандай, жыпылықтатып ашса, әйелі екеуі етпетінен жатқан біреуді құшақтап жатыр! Үстінде мәйкі, шашы алба –жұлба... Желкесінен қып-қызыл қан ағып жатыр ма... Ол орнынан ұшып тұрды. --Ойә-бай, мынау кі-кім, Қатипаш? Әйелі ащы дауысқа ояна қойған жоқ... Бері қарай аударылып түсті де, теңкиіп жатқан еркектің жауырынына білегін, сосын бір күндік отындай жуаан аяғын асып қойды. Ұйқысын қимай ыңырсып жатты да, кенет көздерін ашып қалып, өзі құшақтап жатқан «жынды бас» еркекке, сосын трусишең тіл ауыздан қалып, қалшылдап тұрған күйеуіне қарады. Төсегінен төңкеріле
жаздап, шыңғыра түскен Қатипаш жүгіріп барып, күйеуінің бауырына тығылды. --Мы-мына кісі кім, Мыж-Мыжбан?—деп сұрады етпетінен жатқан еркекке үрейлене қарап. --Т-танымаймын... --Ол арамызда неге жатыр? --Се-сенің кө-көңілдесің емес пе? --Құдай сақтасын! Не, маған сенбейсің бе? --Түнімен осымен құшақтасып жатқанбыз ба не, сонда? --Со-солай сияқты... Мыжба-ан, қорқамын. Полиция шақырайық. --Сол полицияның өзі емеспін бе?—деген Мыжбан орындықта жатқан формасына жүгіріп, тапаншасын суырып алды. --Ей, сен кімсің?—деп айқайлады сосын. Дауысы жанып жатқан су ағаштай қалтырап шықты. --Мен ғой. --Менің кім? --Бұл қарабеттің үйі ме? --Какой қарабет? Не деп тұрсыз? Тұрыңыз! Не, бетіңіз күйіп қалған ба?— деген Қатипаш енді күшейейін деді. --Халыққа оқ атқан қарабеттің үйіне келдім,--деді ер кісі етпетінен жатқан бойы. Бұдан әрі шыдамаған Жаңаөзен қаласының полицейі беймезгіл келген «қонақтың» жон арқасына бірнеше мәрте атып жіберді. Етпетінен жатқан еркек қолымен арқасын қасыды. Оқ тесіп кеткен арқасынан бықсып, түтін шықты. Бір кезде ол: --Сендер халыққа оқ атып үйреніп қалған екенсіңдер. 2011 жылы 16 желтоқсанда бейбіт шеруге шыққан өрімдей жастарды да дәл осылай арқа тұсынан атып едіңдер...—деді де, сықырлап, орнынан тұрды. Мәссаған, Мыжбан не көрді деймісіздер? Адам бойындай ағаш қуыршақты көрді. Өзі атқан оқ арқасын тесіп кетіпті, бергі жағынан үйірейіп тұр екен. Мұны көрген Қатипаштың аузы-басы қисайып, табан астында талып қалды. Зәресі қалмаған Мыжбан шифонердің ішіне тығылды. Аяғын сықырлата басқан
қуыршақ шифонерге жақындаған сайын, Мыжбан дірілдеп, тіпті селкілдей бастады. Әне, келе жатыр! Жақындап қалды... Ойбай, енді қайтті? Есікті ашып қалғанда, Мыжбан сасқанынан: --Ассалау...—деп қалды. --Сен Жаңаөзен қарабетісің. --Не –неге? --Өз халқыңа оқ жаудырдың... --Бұйрық солай болды. --Бұйрықты құйрығыңа қыстыра салмадың ба? --Кешіріңіз, сіз кімсіз? --Мен бе? Мен Құдайдың қуыршағымын! Жаратушы ием маған жан беріп, сендерге, қарабеттерге жіберді! Қуыршақ биліктің беттерін қап-қара етіп кел деді. Халыққа қарай алмасын деді. Пенделеріме ренжідім деді... ---Кекешіріңіз, біз полицаймыз... --Білемін, білемін, бір байғұс бала жараланып құлап еді, жетіп барып, сойылыңмен ұрып өлтірдің... Мә, бетіңе қара, Құдайдың қара бет пендесі!—деген қуыршақ адам қолына айна ұстата салды. Мәссаған! Бір беті қап-ара болып күйіп кетіпті... Түтін шығып жатыр ма... Қорыққан байғұс көшеге атып шықты... Есуастанып кетсе керек, өзінің басын өзі ұрып барады... «Құдайдың қуыршағы келіпті, қарабеттермен құшақтасып жатады екен...» деген сөз Жаңаөзен қаласын шарлап кетті. Ішкі істер министрлігіндегі бірнеше лауазымды қызметкерлер қорыққандарынан төсектерінің қасында шоқиып отыратын болды. Әсіресе, министр орынбасарларының бірі Ләппай Тақсыровтың ұйқы көрмегеніне бүгін екінші күн. --Жатсаңшы,-- деді әйелі түннің бір уағында. --Қорқамын... --Жұрт не демейді... Кел, құшақтасып жатайық. --Қуыршақ тек ортаға жатады дейді... --Жабысы-ып жатайықшы... Жұмыс –жұмыс деп құшақтауды да ұмытып кетіп едің. Қайта жақсы болды.
--Сіріңке әкелші... --Е? --Көздерім жұмылып барады... Көз қабақтарыма тіреп қояйын... --Тух, не деген қорқақ едің! –деген әйелі оны төсекке атып ұрды. Содан құшақтасып жатқан. Таң ата оянып кетсе... Ойеба-ай, оянып кетсе... Әйелі біреуді құшақтап жатыр! Арқасынан сипалап қоятынын қайтерсің! Күйеуі екен деп қалған да... Кешіріңіздер, билік бұтына жіберіп қойды. Тіл аузы жоқ, әйелін жұлқылап оятты. Әйелі көздерін сығырайта ашты да, күйеуінің қап-қара бетін көріп, шыңғыра, көрпесін тас бүркеніп алды... Сосын қасында жатқан қуыршақ адамды көрсе керек, іш көйлекшең ойбайлай атып тұрып, тұра қашты. Соңында күйеуі... Дәл осы түні қала, облыс әкімдерінің де беттері қарайып шыға келіпті.. Мыңдаған жұмысшыларын қуып шыққан «Өзенмұнайгаздың» бұрынғы басшыларының бірі де, қатты шошып оянса керек, қуыршақпен құшақтасып жатыр екен. Айнаға қараса, беттері қарайып, көздері алайып қалыпты деп естідік. Жаратушы иемнің жанды қуыршағы әлі талай шенеуніктің беттерін қарайтады екен... О,жаратқан ием, адамнан қулық артыла ма, бір қарабет бетіне аппақ «пудыра» жағып алыпты! Өңкей қара жүректер!
ЖЫНДЫЛАР САЙЛАУҒА ҚАТЫСПАЙДЫ...
Сайлауға түсуден қалай қорықпайсыз... Облыс әкімінің алтын сақадай, алтын тәжді бақадай, сыңғырлаған шақадай, шара басты орынбасарлары аудан атқа мінерлеріне барып: «Нұр Отаннан» облыстық мәслихатқа, парламентке үміткерлер үшін дауыстарыңызды бермесеңіздер, шаштарыңызды шалғы орақпен орамыз, өздеріңді ауызға салып сорамыз, беттеріңізді бізбен тесеміз, құлақтарыңызды өтпес пышақпен кесеміз, жұрттың көзінше, шалбарларыңызды шешеміз!»-- демесе де, қызметерінен қуып жіберетіндерін ашық айтқан болатын... Қызметтерін Құдайындай сыйлайтындар сықсиып, сайлау өшесткесінде дауыс беріп жатқанда, сіздерге өтірік, маған шын, екі жынды елпеңдеп, ет жемесе де, бірдеңе шайнап, көздері жалт-жұлт етіп, ойнап, жерден жесір әйелдің әтірін тауып алғандай, жетіп келгені. Сайлаушылар жапырыла сыртқа шықты... Өйткені, қыстың қақаған суығында бір жынды жерге аппақ
ұн сеуіп жүрсе, екінші жынды жерден бірдеңе іздеп жүр. «Нұр Отан» партиясының өкілдері таң-тамаша қалысты. Бірі жындыларға жақын келіп: --Әй, не істеп жатырсың?—деп сұрады. --Көздеріңе күл түскен бе, көрмейсің бе? --Көздеріме күл түскен жоқ, ұнды не істеп жатырсың деймін? --Ұн егіп жатырмын. --Жындысың ба, ұн еккені несі? --Бір дорба ұннан екі қапшық ұн аламыз! --Әй, бір шаригің түсіп қалған ба, ұн егілмейді! --Неге? Қалауын тапса қар жағып, моншаны да қыздыруға болады. Былтыр бидайымыз кө-өп болды, жиналмай, жерде шіріді. Ал, мен жейтін нан бәрібір қымбат. Сосын ұн егіп, өзім ұн орып алмасам... --Ноқатың кем екен. --Сайлауға түсушілердің ішінде кейбірінің ноқаттары түгел ме еді... Партия өкілі енді екінші жындының қасына келді. Ол жерге еңкейіп, «жоғын» таппай жүр... --Сәлеметсіз бе? --Ары тұрыңыз! --Сәлеметсіз бе? --Бұтыңыздың арасынан өтіп кетейінші... --Неге? --Сайлауда әлдекімдердің бұттарының арасынан өтіп, депутат болатындар бар дейді... --Жоқ, сіз мынаған жауап беріңіз, не іздеп жүрсіз? --Жоғалтып алдым... --Нені? --Осы жерде жатқан болуы керек. Ары тұрыңызшы, басып кетерсіз...
--Сайлаушыларға бөгет болмай, бұл жерден кетіңіздер! --Мен жоғалтып алдым деймін... --Нені ойбай? --Дауысымды... --Қандай дауыс? --Сайлауға беретін даусымды... --Жынды ма мына кісі? --Не, жындылар адам емес пе?-деген жынды оның қалтасын қарай бастады. --Өй, не істеп жатырсыз?—деп сұрады анау. --Менің даусымды ұрлап алған жоқсыз ба? --Адамның даусы да ұрлана ма екен? --Неге олай дейсіз? Бұрын сайлау кезінде дауыстар ұрланатын дейді. Қазір де солай...—деген жынды белсендінің бетін жалап алды. Бетін алақанымен жиіркене сүрткен белсенді бір түрлі болып қалды. Бір кезде участкелік полиция қызметкері көрініп, жындыларға жақындады. --Әй, сен неге бұл кісінің бетін жалайсың? --Беті дәмсіз екен... --Сендерді қаматып жіберейін бе? Кім жіберді сендерді? Қай партия жіберді? Әдейі істеп отырсыңдар ғой? --Сенің де бетіңді жалайыншы...--деген еңгезердей жынды шыбыштай инспектордың ербеңдеген қолын қағып жіберіп, екінші жынды аяғынан шалып құлатып, сосын бетін жалап көрді де: --Сенің бетің де дәмсіз еке-ен –деді тыжырынып,--сайлауға «дәмсіз беттер түсіп жатыр» беттерінің тұзы кем... Дауыс беруге келгендер концерт көргендей жыртаң-жыртаң етеді. Даусын жоғалтып алған жынды қалтасынан фото аппарат шығарып, қолын жоғары көтерді: --Ақымақ елміз! Ақымақсыңдар! Адамдар жарқын өмір сүруден қалып, биік үйлерден құлап өліп жатыр! Олар құлап бара жатқанда, мына фото
аппаратпен сырт еткізіп түсіріп алсаңдар ғой, олар сол жерде сурет болып, қатып қалар еді. Сосын жерге суреті қалқы-ып түсер еді... ақымақсыңдар... Полиция инспекторы жерден сүйретіле тұрып, тапаншасын суырып алған болатын, жерге ұн сеуіп жүрген жынды ыржалақтады: --Кешіріңіз, жазда атсаңызшы... Аязды күні өлгім келмейді, қатып қаламын ғой. Өлемін ғой... Кенет Жедел жәрдем машинасы келіп тоқтады. Ішінен жетпіс дәрігер секіріп түсті де, жындыларды қуалап жүріп ұстап алды. Машинаға отырып жатқан дәрігердің бірі дауыстап: --Кешіріңіздер, кеше біздің жындыханадан қашып кеткендер ғой, жындылар сайлауға қатыспайды...—деді. Сайлаушылар күлісті. Партия өкілдері сілкінді. Инспектор тапаншасын орнына қайта салып жатты... Бір қараса... бір қараса бар ғой, жедел жәрдем машинасы көз жерде тоқтап қалыпты. Жетпіс дәрігер осылай қарай жан ұшыра жүгіріп келеді екен. Алдарында екі жынды ербеңдей қашып келеді... дауыс бермекші...
ҚАЗАҚША ТӨБЕЛЕС (Саяси сатира) Мұндай масқараға іші кеуіп, басы балшыққа айналып кете жаздаған Израйль президенті Шимон Перес Германия президенті Иоахим Гаукке телефон соқты: --Мен сізбен дос болмаймын!—деді ол жыламсырап. --Не болып қалды? --Ұйқым сіздер жаққа қашып кетті!... --Ұйқы кәдімгідей қаша ма, не? --Басымды қабырғаға қырық рет соқтым! Тістерімді шықырлатып едім, екеуі түсіп қалды, шекем болса, ісіп қалды! --Түсінбей тұрмын? --Сіз өлең оқисыз ба? --Қандай өлең?
--Қап-қара өлең! --Жоқ, мен сап-сары өлең оқушы едім... Не болды, айтып өлтірші? --Сіздің елде Нобель деген ақын бар ма? --Ондай ақын жоқ, министрлерімнің бірі болмаса... --Не ғой, Нобель сыйлығының лауреаты Гюнтер Грасстың басын кесіп тастай салыңызшы... --Былтыр басын кесіп тастағанбыз, қайтадан өсіп шыға береді... Не болды сонша? --Жүдә жақпай жүр... Израйль туралы «Бұл туралы айту парыз» атты өлеңін оқыдыңыз ба?—деп сұрады Шимон қалшылдап. --Махаббат туралы ма, не? --Махаббатта басыңыз қалсын! Қайдағы махаббат? Ортақ жауымыз Иранды жақтап, оларды ақтап, ал бізді тәпішкесімен таптап... И-и, жылағым келеді... Жылайын десем, президентпін! --Ах, оңбаған! --Нобель сыйлығынан айыру керек! «Халықаралық қауымдастық Иранның ғана емес, Израйльдің де ядролық бағдарламасын бақылауға алу керек» депті! Тілі қышып бара жатса, аккумлятор жаласын! Мені дүние жүзіне масқара етті! --Кешіріңіз, Шимон мырза, кеше Қазақстан президенті ызбандап... --Не дейді? --Дүние жүзінде ядролық қарудан бірінші болып бас тарттық. Иран мен Израйльдің теке тіресі көпке созылып кетті. Одан да, президенттер Астанаға келіп төбелессін дейді. --Төбелесі несі? --Баяғыда, СССР кезінде қазақ жігіттері ерегісіп қалса, жекпе-жекке шығып, қазақша төбелеседі екен. Жабылмайды екен. Сосын жеңілгені де, жеңгені де құшақтасып, татуласады дейді ме? Шимон ойланып қалды... «Татуласатын болып, тұмсығын бұзайын! Қолдарын бырт-бырт сындырып, аяқтарын өріп, кіндігіне бомба қойып
кетейін! Кеңірдегін суырып алып, су шашатын шлангы етіп алмаймын ба?» деп ойлады ішінен. Бұл ойын АҚШ президентіне айтып еді, ол да құптап, «о кэйледі»... Ағылшын президенті рахаттана күліп: «Қазақша төбелес? Барамыз! Жеңіліп бара жатсаң, жабыла кетеміз!» --деді. Содан не керек, елден ерек, «Астана төбелес» сарайында «халықаралық төбелес және татуласу» жекпе-жегі басталып та кетті! Әне, ортаға атылып шыққан Шимон Иран президентіне «Алға, еврейле-ер!» деп айқайлай ұмтылды. Иран президенті асыққан жоқ, бір стақан мұнайын сіміріп салды да, бұғып қалып, кіндік тұсынан бір «удар» берді. Анау да қарап қалмады, Иран президентінің желкесінен тістеп алды! Екеуі ентігіп, түске дейін алысты. Бір кезде Иран президенті: --Перекур, шылым тартайық,--деді. --Шымкентте түстеніп алайық. Палау жейміз...—деді Израйль президенті. Елбасы ішінен: «Е-е, міне, татуласып келе жатыр!» деп ойлады. Президенттер ұшақпен Шымкентке ұшып келді. Барак Обама Қошқар ата өзеніне шомылып, Ақтас ауылынан қозықұйрық жеп қайтты. Италия президенті Джорджо Наполитано облыстық ішкі істер департаментінің бастығына әбден ұрысты. Италянша. «Не деген пәлесіңдер, пара алады екенсіңдер, Қонаев даңғылында бір майорың машинесінде ішіп алып, жас қызды алты метр ғана ұшырып өлтірген! Алқаш екенсіңдер ғой!» деді. Оның италянша ұрысқанын түсінбеген департамент бастығы басын изеп, қуаныштан жарыла жазадап тұрды. Германия президенті Гаук қырғы базардан қымыз ішіп тұрып: «О-о, біздің немістің қымызы Қазақстанға қалай келген?» деп таң қалды... Ресей президенті Қырғызстан президентіне бұрылып: «Өзбекстан президенті Ислам-әкә көрінбейді ғой?»--деп сұрады. «Өй, ол көп жерде көрінбейді ғой. Құдалыққа кеткен екен, қолы тимепті...»-- деді қырғыз президенті. Израйль президенті мен иран президентіне облыс әкімі елбасы атынан иықтарына шапан жапты. Шимон жынды екен, шапанды лақтырып жіберіп, Ахмадинежад Махмудқа ұмтылды. Көздерінен баллистикалық зымырандар зу-зу ұшып жатқандай... Аузынан атом бомбасының жалыны шыққандай ма... Осы кезде бір есек ақырып қалып еді, Шимон соған жалт қарады. Осы сәтте Иран президенті оның жағына жұдырығын сілтеп қалды. Анау шалқасынан түсті. Жеңіліп қалды деген осы, бір кезде Барак Обама көзін қысып қалып еді, Италия, Ұлыбритания Германия президенттері жабыла берген... Елбасының: «Жігіттер, әлемге тыныштық керек!» деген сөзіне қарайтын олар емес. Бір кезде «Ойбай, Шымкент қаласындағы мектептердің бұзақы оқушылары келе жатыр!» дегенді естісімен, жабыла жаздағандар қолдарын қалталарына салып, жым-
жырт бола қалысты. Барак Обама пісте шаққан болып, теріс қарады. Қазір дүние жүзінде мектеп оқушылары жама-ан... Кешке қарай ел президенттері ит жығысты тоқтатып, Шымкенттегі бір миллиардер кәсіпкердің баласының сүндет тойына барды. Путин асаба болды. Италия мен АҚШ президенттері «Қара жорға» биіне биледі. Той үстінде Махмуд Шимонға: «давай, дос болайық!»-- деп қолын ұсынып еді, анау: «ой, шешең...» деп бір боқтады да, тойдан тайып тұрды... Әлемге тыныштық керек, мырзалар!!!
МОЙЫНДАР...
Мойын ойын емес... Ойланып айтсам, ойыншық емес дегенім ғой... Мен байғұста мойын да жоқ... Ойбай-ай, қайдағы байғұспын? Ыңқыл облысының бас бармақты шошайте-еп көрсететіндей әкімі емеспін бе? «Тыңқыл» облысына президентіміз келе қалды да, барлық облыс әкімдері сонда шапқылап, жиналысқа қатыстық. Жиналыста жүн түтіп отырмаймыз ғой. Аузым ашылмаса да, екпінім есектің астына түскендей тымырайып отырғанмын. Бір кезде Елбасымыз: «Дағдарыста мемлекеттің бір тиынын жеген жалмауыздар болса, мойындарын үземіз!» дегені сол, мойным сылқ етіп, басым алдыма салбырады да қалды. Басымды көтерейін десем, көтере алмаймын ғой. Көтерейін десем көтере алмаймын... Ойбай-ай, мен де қазынадан қарпып жеп үлгерген екенмін де. Өзімше ештеңе жеген емеспін деп ойлап жүрсем... Басым салбырады да қалды, көз қиығыммен «Сыңқыл» облысының әкіміне қарасам, оның да басы алдына салбырап қалған... «Мыжбан Мәндірбайұлы, сізге не болған?» дейді ол. «Өзіңіз ше, Тыжбан Тәпекұлы? Басыңыз кіндігіңізге жеткен бе?» деймін мен. Басымды көтеріп, елбасы жаққа қарағым келеді, бір қарасам, мойным созылы-ы-ы-ып, ағып барады-әй... Резина сияқты... Жо-жоқ, сағыз сияқты... Басымның салмағын көтере алмаса керек... «Мойындарыңызды үземіз!» деп еді, о, Алла, өзінен-өзі үзіліп кетті... Жиналыста жылауға болмайды. Енді не істедім? Халықтың бетіне қалай қараймын? Демек, мен де жалмауыз екенмін де... «Өмір бойы ораза тұтқан әкімдеймін» деп жүрсем өзімді... Иегімді екі қолыммен ұстап, жоғары көтердім. Мәссаған, әр жерде мойындары салбырап отырған департамент басшыларын, көрдім! Бәрінің мойындары үзіліп кетіпті! Бірақ бәрі тірі! Бәрі ірі! Ананы қара, ананы! Салық басқармасының бастығы миллиондап жегенау, мойны қамырдай созылып, басы арқасына кетіп қалыпты! Иықтан төмен
арқасына салбырап кеткен басты аяп кеттім... Елбасы жаққа қарауға бет жоқ! Ойбай, ананы қара! Облыстық қаржы полициясы бастығының басы жоқ! Ой, кешіріңіздер, қасында отырған депутат әйелдің де мойны созылып, соның мойнына оралып қалған екен де! Жаныма келген премьер министрдің көмекшісі: «Кешіріңіз, қасыңыздағы кісі ұйықтап отыр ма? Түртіңізші?»-деп еді, оны түрте бергенмін, өзімнің басым төмен қарай сылқ ете қалды. Жалма-жан қос қолдап иегімнен ұстап, берекесіз басымды жоғары көтердім. --Сіз... сіз жиналысқа ішіп келгенсіз бе?—деп сұрады ол. --Кешіріңіз, мойным қайтыс болды...—дедім мен. --Қалай қайтыс болады? --Елбасының көзі тиді-ау... --Немене, сіз Елбасыға түкіртіп алайын деп пе едіңіз? --Ж-жоға... кешіріңіз... --Бастарыңызды көтеріңіздер! Анау отырған ұйқыбас! Сіз де! --Кешіріңіз, бәріміздің мойындарымыз бүгін жұмыс істемейді...—дедім мен. Ұят-ай! Өлім-ай! Бұл мойныма не болған? «Мойным үзілді» деген осы болды-ау! Жиналыстан шыққан соң, ауруханаға барып, гипстетіп алсам ба? --Халықтың қалтасынан да жейсіңдер! «Сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» дейсіңдер де, өздерің «былық» деген бутерборд жейсіңдер! --деген Елбасы бір кезде: --Бастарыңыз неге салбырап кеткен? Бастарыңызды көтеріңіздер!—деді. Мойындары үзілгендер алақандарымен жақтарын таяп, бастарын көтерісті. Вице-премьер министр мінберге шығып: --Қолдарыңызды түсіріңіздер... Сіздерге не болған?—деді. Отыз шақты бастар салбырады да қалды... Еліміз бойынша қанша мойындардың үзілгенін бір Алла біледі... --Тәубелеріңе келіңіздер!—деген елбасы жиналысты ақтады, бірақ жиынға қатысқан жегіштерді жаман таяқтады. Басымды салбыратып, қызмет көлігіме қарай жүгірдім. Кенет бірдеңеге соғылып, шалқамнан түсе жаздадым. Көзімнің қиығымен қарасам, «Сорайықшы» министрлігінің министріне
соғысыппын. Оның да мойны үзілген екен. Көмекшісі жағымпаздана, иегіне алақанын қойып, қатарласып барады! Менің басым арқама кетіп қалды! Оң қолыммен шашымнан ұстап, жоғары көтердім... Мойын дегеннің қадірі сұмдық екен! Мен әшейін галстуг байлауға ғана жаралған мойын екен деп жүрсем... Мойын... Мойындар... О, шенеунік әріптестер! Жапыра жеуді қойыңдар! Әшейін бір тістеп жесек те жетеді ғой...
СЕНАТОР СЕКIРIП ЖҮР
Президент “сiбежий” сенаторларды жиналды алды да: “уыл мәселесiн зерттеңiздер, ертеңнен бастап аттарыңды ерттерңдер! Қысқасы, ауылға қарай беттеңдер!”-деп пәрмен бергенi Мыжбанның көзiне көлкiлдеп жас келдi. Түстiкте алдына буы бұрқырап, бас келдi. Қойдың құйқасын аузына салып жiберiп, “Ауыл, ауыл, сен қашан да ауылсың!”-деп ыңыранды. Құйқа жегенi де қызық, ауызы бiр сызық, ұртынды ұры жыбырлап жатқандай ұзақ шайнап, кофеден бiр ұрттады да, балағын түрiп, бала кезден балық аулап, бiрге өскен жерлесi, бүгiнде Ауыл шаруашылығы министрi Тыжбанға телефон шалды. — Ертең ауылға барып, аунап-қунап қайтайық! Елбасымыздың өзi “ауылдыңдарыңа барып, жалаңаяқ жүрiп қайтыңдар, осыны бiр-бiрiңе айтыңдар”,-дедi емес пе?! Сенiң ауылға бармағаныңа қанша жыл? — Небәрi 30 жыл. Өзiң қашан барып едiң? — Отыз бiр жыл бұрын. Ертеңiне сенатор Мыжбан Мәндiрбаев пен Ауылшаруашылығы министрi Тыжбан Тәпеков “Дiмкәс” облысының “Сырқат” ауданындағы таулы “Қалтқұлт” аулына аттанып кеттi. Бұлар мiнген “Джип” ауылға жақындағанда бiр қапшық бөлке нан арқалаған албастыдай бiреу жаяу-жалпылап егiстiктiң шетiнде жүр екен. — Тоқта!-дедi сенатор шопырына. — iшiмде иттер жүгiрiп бара жатқандай асқазаным ауырып кеттi. — Менiң өкпем түсiп қалыпты,-дедi Ауылшаруашылығы министрi. — Әне, анау жатыр. Ауылымыздың жолы не болып кеткен өзi? Ойқы-шойқы, мына асфальттың әр жерiн буазы апандай бiреу асап жеп қойғандай! — Әй,-дедi есекке терiс мiнiп кетiп бара жатқан бiреуге Мыжбан дауыстап. — Берi кел! — Ассалаумағалейкум!-дедi ол. — Привет. Атың кiм? — Оқалақ. — Фамилияң?
— Шоқалақ! — Есекке неге терiс мiнiп келе жатырсың? — Ауылдың бетiн көргiм келмейдi. — Неге? — Ауылым азып-тозып барады. Үкiметтен бөлiнген қаржымұнда жетпейдi. Бiр қап ұн - 6 мың теңге. — Мәшинең жоқ па? — Бар. — Неге мiнбейсiң? — Бензиннiң литрi жүзден асып кеттi. Құдай есегiме қуат, жүрегiме шуақ берсiн. — Анау кiм? — Е, анау ма? Ол кеше жынданып кеттi. Есалаң. — Неге жынданып кеттi? — шаруа қожалығынан жер алған. Несиенi қымбат алды. Техникасы сынған - шаруасы тынған. Сенатор мен министр күнге жылтыраған туфлилерiн шешiп, қыдырып, балақтарын тезелерiне дейiн түрiп алып, есалаңның қасына келдi. — Есалаң аға, сәлеметсiз бе?-дедi сенатор. — Ә, Жындыбектер, жеттiңдер ме? Сен аудан әкiмi - Ноқалаймысың? Әлде - оның орынбасары Бiршаригi Кемовпiсiң? Жалаңаяқ жарбиып неге тұрсыңдар? — Сәлем берейiк дедiк. Мына қапшығыңыздағы не? — Бөлке нан! — Оны қайтесiз? — Егiп жатырмын. — Ох, цивилизация!-дедi министр. — Бидай егушi едi, нанды да еге ме екен? — Бидайды - бiрiншiден сатып аласың,-дедi есалаң есiнеп. — Екiншiден - оны тазартатын техника керек, үшiншiден - оны себу керек, төртiншiден - оны ору керек, ұрылардан қору керек! Ал, бөлке нанды “прямой” ексең, бiр бөлкеден 10-15 бөлке нан өндiрiп алуға болады. Кеше елу бөлке нан егiп едiм, көршi ауылдың қатындары қазып алып кетiптi, тiзелерiне сақал, беттерiне мақал шыққырлар. — Атың кiм? — Жүнбас. — Кiмнiң баласысың? — Қылшықбастың. — Қылшықбастың?...
— Иә! — Ой, сен менiң әкем Мәндiрбайдың iнiсi Қылшықбастың баласымысың?! Бауырым екенсiң ғой! — Өзiң кiмсiң? — Сенатормын. — Сен ары тұр,-деймiсiң? Өзiң ары тұр. — Жоқ. Сенатор деген - лауазым. Атым - Мыжбан. Мәндiрбайдың Астанадағы баласы. Жеңгең орыс, қызым еврейге тұрмысқа шыққан ше?! — Е, Мыжбан ағамыз? Сiздi өлiп қалды деп едi ғой. — Қой, жағың қарыссын. Я - жив! Кiм айтты менi өлдi деп? — Мәндiрбай атам. Сiздi “тiрi өлiк” деп, терiс бата берген. — Нешуа, реншiген ғой. Әкең қалай тiрi ме? — Тiрi. — Денесi баяғыдай iрi ме? — Iрi. — Түрi қандай едi өзi? Ұмытып алыппын. Костюмiнiң жыртығы, шекесiнiң тыртығы бар болатын. Шешем байғұс өлiп қалған шығар? — Иә. Сiздi уайымдап жүрiп, аяғы аспаннан келдi. — Қалай? — Құдыққа басымен құлап, екi аяғы антенна болып қалған жерiнен тауып алғанбыз. — Арты қайырлы болсын,-деген министр Сенаторға, - Көрген жерде көңiл айт деген бар. Өтiрiк болса да жылап алсаңшы. — Ертең жылаймын. — Сен менi танисың ба?-деп сұрады министр. — Жоқ. — Тәпектiң баласымын. — Тәпекең былтыр қйтыс болған. — Естiмеппiн, аулда жаңалық көп екен-ау,-деп күрсiндi министр. — Арты қайырлы болсын,-деп сенатор да көңiл айтқансыды. — Жыламайсың ба? — Кешке қарай жылауға болмайды. Жаман ырым... Айтпақшы, әкеңнiң iнiсi Әпек тiрi ме? — Өлiп қалған. — Сәпек ше? — Кеше қайтыс болды. — Оптом қырылып қалыпты ғой,-деп қайғырды министр. Екеуi есалаңмен қоштасып, жол шетiне шыға бергенде, жалаңаяқ сенатордың табанына тiкен кiрiп кеттi. Сенатор секiрiп жүрiп, “Джипке” де
жеттi-ау. Ауыл ортасына келгенде, өрiстен қайтқан сиырлар жолды бөгедi. “Джиптен” түскен екеуi жолда талтайып тұр. Бұл әкiм бұларды көрiп: — Комиссия болсыздар ма?-деп сұрады. — Жоқ. — Онда неге талтайып тұрсыңдар? — Ауымызға ауа кiрсiн деп,-дедi министр. — Облысқа арыз жазған едiм. Бала туғандарға үкiмет ақша бередi деген соң, егiз туып едiм. Мына ауылдағы пошта бастығы жәрдемақының жартысын жеп қойды, ауызына жара шыққыр! — Е, неге бермейдi?-деп сұрады сенатор. — “Баланы өз байыңнан тапқан жоқсың!”-дейдi. — Солай ма едi...? — Ендi, байқамай, өзiнен, сол пошташының өзiнен туып алдым ғой. Ауылда жұмыс жоқ болған соң боайым қалада жұмыс iстейтiн едi, кеше қайтыс болды. Қалғып қарап отырамын ба, қараңқалғыр! Күлге аунап тусам да, жәрдемақыны беруi керек қой! — Мына сиырлар, шетiнен неге арық?-деп сұрады — Қайда жайылады ендi? Жайылымның бәрi жекешеленiп кеткен. Сосын бiрiнiң жүнiн бiрi жейдi. Әне, менiң “Маруся” сиырымның құйрығы жоқ. Көршiмiздiң сиырының желiнiн де жеп қойған. Не ауылда таза су жоқ. Құм аралас су iшiп жүрмiз. Жолымыз әне, былтыр асфальт төсемек болған, аудан әкiмi қалтасына басып алыпты. “Ауыл жолы - топырақ болуы керек, ауыл - сонысымен ауыл”,-дейдi көгермегiр. — Өзiң кiмнiң қатынысың?!-деп сұрады министр. — Сәпектiң. — Сiз мына iнiмнiң әйелiмiсiз?! — Сiз кiмсiз? — Астанадағы министр Тәпеков Тыжбанмын ғой. — Ойбуй, ұяттағы-ай, қайнағам екенсiз ғой! Сәлем берейiн,-деген келiншек иiлiп сәлем бердi. — Слушай, сен менiң iнiмдi неге түртiп жүрсiң? Мәселеңдi Парламентте қаратамын,-дедi министр түсiн суытып. — Iнiңiх алқаш қой,-дедi келiнi орамалын түзеп қойып. — Iшiп алып, үйде жарық өшiп қалып едi, “счетчикте ток бар ма?” деп тiлiмен жалап көрiптi ғой. Қабырғаға қақиып жабысты да қалды, қараңқалғыр! Алғашқыда ойнап отыр ма деген оймен, құйрығына ләмпiшке тигiзiп едiм, жарық етiп жана кеткенде, жаным қалмады! И-и, шиеттей баламен жесiр қалдым қайнаға-а-аа!
Келiнi жексұрын дауыспен аңырай жылағанда, сенатор селк ете қалды. — Жыламаңыз!-дедi сенатор. — Қазақ әйелдерi жыламау керек! Минситр досым ауылға көңiл бөлу жағын қарастыруымыз керек! Ауыл қайыршыланып кеткен екен ғой! — Кеттiк,-дедi министр күрсiнiп салып. — Аудан әкiмiн тауып алайық, жарық бар. Әне, бiр топ ақсақалдар келе жатыр, бiздi қуырып жейдi. Қаштық, Мыжбан! Сенатор “Джипке” секеңдеп мiнiп жатыр едi, әлгi әйел жеңiнен ұстай алды. — Қайнаға аяғыңызға не болған? — Тiкен кiрiп кеттi. — Ойбуй! Iрiңдеп кетедi ғой. Үйге жүрсеңiздершi. Инемен шұқып алып берейiн! — Рахмет, келiн! Мен бұл тiкендi Астанада жүргенде де алдырмаймын. Ауылымның тiкенi, ауылымның автографы! Сағынғанда табаныма қарап отырамын. — Көтек!-дедi келiншек. — Бұл қандай фраза? — “Связка слов” қой,-деп ыржиды келiншек. — Сау болыңыз! Секеңдеген сенатор “Джипке” мiндi. Олар аудан бағытына бұрылғанда ауыл иттерi соңдарынан үре iлестi. Министр терезеден басын қылтитып: — Ауыл иттерiн сағындым,-дедi. Iшiнен: “Бiз Астананың көкжалдарымыз ғой”,-деп қойды. Беу, дүние-ай!
КӨРЕСIНI ӘЙЕЛДЕРДЕН КӨРДIМ…
Сiзге айтайын дегенiм, Құдай басыңызға салмасын, мен көресiнi әйелдерден көрдiм… Жо-жоқ олар менiң екi аяғымды бiр етiкке тығып, бiр етiгiмдi далаға лақтырып жiберген жоқ. Былай ғой, қарызданып-қауғаланып, мен байғұс үйленемiн де, бөлек жатамын… Қашанғы бөлек жатайын, сосын ажырасуға тура келедi… Алғашқыда, ыстық-суығымыз басылмай тұрғанда, кескен теректей болып, бiрге жатамыз-ақ… Түннiң бiр уағында сүйiп қосылған алғашқы әйелiм сандырақтай бастайды. —Үкiмет!-деп шыңғырғанда, шайтан шашымды тарап, ақшамды санап жатқандай әсерде боламын.. —Үкiмет!-дейдi ол ары қарай,—Дағдарыстан қалай шығамыз?
“Дағдарыстың дәрiсiн iшпей-ақ, өтiп кетемiз!”-деп халықты неге алдайсыңдар? Мен әйелiмдi түртемiн. Ол болса: —Үкiме-ет!-деп шыңғырады,—жұмыссыздық қашан жойылады? Мұнайлы ел болсақ та, жанар май қашан арзандайды? Үкiме-ет, қарным ашты… —Тырнабике,тұр деймiн, таң атты! —А? Ой, кешiр, Аңғалбай… Ертеңiне көрпе-жастығымды алып, бөлек жаттым… Әйелiме: “Емiн еркiн сандырақтай бер, шыңғыра бер!”-деп тiлек айттым. Түннiң бiр уағында шошып ояндым. Қарасам, әйелiм қасымда шоқиып, мүлгiп отыр, кеудемдi шапалақтап қояды да: —Миттал! Миттал!—дейдi. —Митталың кiм, Тырнабике? Алғашқы махаббатың ба?-деп сұраймын ол оянған соң. —Ой, кешiр, Аңғалбай… Түсiмде Үндiстанның миллиардерi Митталмен айқайласып жатырмын… Абай шахтасының қожайыны… Шахтерлер соның кiнәсiнен қаза тапты емес пе? Түсiме кiрiптi. Шахтадағы апат… —Тырнабике, сен әкiм емессiң, министр емессiң, елдегi оқиғаларда шаруамыз қанша? —Шаруам жоқ! Қызық емес маған да! Тек түсiме кiре бередi… Аяп кеттiм…Тура ел ертеңiн ойлап жүрген шенеунiк сияқты…Бетiнен сүйiп, ұйықтап кеттiм. Бiр уақытта жастықтан басымды жұлып алдым. -Қазақстанды сталиндiк рух шарлап жүр!—деп айқайлаған әйелiм ұйықтап жатып еңкiлдеп жылайды келiп. Кемсеңдеп мен де жыладым. Ақырында бақыра жыладым. —Сен неге жылайсың?-деп сұрады әйелiм оянып кетiп. —Ажырасамыз-ау деймiн, соған жылап жатырмын… —Неге, жаным? —Ұйықтап жатқанда сөйлемейтiн әйелге үйленемiн… Әйелiммен қимай қоштастым…Өзiн сүйетiндiгiмдi, алайда, қашанғы бөлек жататынымды түсiндiрдiм. Түсiндi де, тiстенiп кетiп қалды. Сөйтiп, екiншi мәрте үйленуiме тура келдi. Жабысқақ деген қызбен танысып, бiр айдың iшiнде үйленiм тындым.Тыныш ұйықтайтын шығармын деп ойлағанмын, қайдағы, маған тиген қыздардың бәрi сандырақтағыштар әулетiнен бе, бұным бұрынғымнан өтiп кеттi. Түннiң бiр уағында ояным кетсем, әйелiмбiр қолын созып жiберiп, кiндiгiмдi тырнағымен шұқылап жатыр! Қазба байлығын тауып алғандай… —Қазақ бiрiн-бiрi шұқиды, ел болайық, ағайын…-деп санды-рақтағанын айтсаңшы! “Қазақ басқа жердi шұқиды!”-деп айқайлап айтқым келдi де,
ұялып қалдым. Келесi бөлмеге барып жаттым. Мәссаған, мынау шынында жабысқақ екен, ұйқысұрап, артымнан келе жатыр. Сол, көзiн ашпаған күйi, қасыма жата кеттi… Ұйықтап жатқанмын. Бiр кезде, бiреу бетiмдi тiстелеп жатыр. Көзiмдi ашсам, әйелiм Жабысқақ! Өзiн жұлқып ояттым: —Не болды саған, жаным? —Кешiр, Аңғалбай, түсiмде ет жеп жатыр екенмiн… —Сүйек кемiрмегенiңе шүкiр… Онымен де ажырасып тындым… Тыныштық iздеп жүрмiн. Кеңiрдек деген қызға үйлендiм. Отырып қалған кәрi қыз екен. Жаным кiрiп қалды. Екi күн тыныш ұйықтадым. Үшiншi күнi жаным қалмады. Әйелiм қызыл кеңiрдек болып: —Байқоңы-ыр! Байқоңыр!—деп шыңғырғанда,төбе шашым тiк тұрып, сосын “талып” қалғандай болды… Шапалақтап, оятып алдым. Сөйтсем, түсiнде Байқоңырда жүр екен… -Кешiр, Аңғалбай, түсiмде “қазақ ғарышкерi де ұшу керек!” деп Ресей президентiмен айқайласып ұрысып тұр екенмiн… Үндеген жоқпын. Мен алған әйелдердiң бәрi елдiң қамын ойлағыш болып кеттi… Жарытып жар сүйе алмайтын болдым-ау! —Ажырасайық…-дедiм мен. —Өлә…—дедi әйелiм. —Немене, өлә? —Ұят қой… —Кiмнен? —Мен қыз күйiмде… жар қызығын көрмей кете беремiн бе? —Үш күн тұрдық. Сынақ мерзiмi бiттi. Үкiлi үмiтiмдi ақтамадың… —Сонда мен үш-ақ күн тұрмысқа шықтым ба? —Аз ба не? —Сен менi мазақ етiп тұрсың ба? Әке-шешеме, таныстарыма не деймiн? Жоқ ажыраспаймын, жаным… Жабысқақ жабысып қалды… Бiрақ, менiң көрген қорлығымды сiзге бермесiн… Бүгiнде бөлек жатырмын… Жындыханада…
ДЫМ ЖОҚ…
Облысқа “свежи” әкiм келiп, Iшкi iстер департаментiнiң бастығы, генераль-майор Дегенбай Жегенбаев есеп берiп жатыр. Қағаздан бас алмайды, қағаздың өзiн жеп қоятындай… —Қылмысты қанша ғасыр өтсе де, iзiн суытпай ашып жатырмыз. Айбарлы ақын Махамбеттiң басын шауып алған жексұрын, оқымаған, тупой,
рецидивист Ықыластың немересiнен туған шөбересiн шөп орып жүрген жерiнде тұтқындап, iстi сотқа өткiздiк… Тiрiдей ұстадық! Әкiм көз әйнегiнiң үстiмен қарап, жөткiрiнiп салды. Сосын: —Жегенбаев мырза, маған бүгiнгi қылмыс әлемiнiң жай-жапсары туралы мәлiмет берсеңiз…—дедi. —Соған келе жатырмын, сәл сабыр етiңiз… 1960 жылы есiк алдында есiнеп отырған Қатипаш Кәрiбаева деген кемпiрдi зорлаған мәлiметтi архивтен тауып алып, 1940 жылы туылған , бүгiнде алпыс тоғызға келген қақпасты насыбай атып отырған жерiнде тұтқындадық… Қысқасы, тiрiдей ұстап алдық! Ал, биыл көктемде Әлекеев деген кәсiпкердi әйелiмен қоса бауыздап, үйiн тонап кеткен қанiшердi құдай бұйыртса, 2015 жылға жеткiзбей қолға түсiретiнiмiзге сенiмдiмiз. 1998 жылы ресторанда iшiп алып, досын 25 жерiнен пышақтап қашып кеткен Қашқынбаевтың Ресейде “Камазға” мыжылып өлгенiн естiп, iстi қысқарттық… Қан жiбермейдi, осыған көз жеткiздiк… 2005 жылы iшiп алып, рульге отырған Масбаев жолда пiсте шағып тұрған келiншектi қағып кеткен. Келiншек ауруханада пiсте шағып жатып қайтыс болған. Мiне, сол Масбаевтың биыл iзiне түстiк… Әкiм мазасыздана бастады.Тершiген маңдайын сүртiп жатып: —Нашақорлармен күрес қалай болып жатыр?—деп сұрады. —Нашақорлықтың бетi аулақ, оған жоламауыңызды сұранамын… Облыстағы нашоқорларды жинап алып, сiздiң жиенiңiздiң атындағы “түнгi клубтың” қабырғаларын сылаттық, көнбегендерiн ұрып-соғып, әбден жылаттық… Сөйтiп, еңбекке баулып жатырмыз. Биыл облыс бойынша бiр тонна героин тәркiленiп, оның жартысын Ауғанстанға сатып жiбердiк… Облыс бюджетi үшiн… Қалғанын iздестiрiп жатырмыз. Өзiңiз бiлесiз, бүгiнде алаяқтық жолмен пәтер сатушылар қатары өсiп, оның тең жартысы шетелге қашып кеттi. Қаша берсiн, ол жақта жетiсер деймiсiз? Сауап болыпты деймiз де… Облысымызда мал ұрлығы да “өркендеп” келедi. 1993 жылы Малбаевтың қорасынан үш сиыр емшектерiмен қоса, бiр жылқы жүгенiмен, екi есек ер тоқымымен ұрланған. Атақты баукеспе мен осы қызметке келгенге дейiн ұсталмай жүрiптi. Ауылда тұратын нағашымның отыз қойын, жиырма ешкiсiн ұрлап, әлдекiмге “оптом” өткiзiп тұрган жерiнен тiрiдей ұстап алдық. Егер сол ұры сiздiң нағашыңыздың қорасына түссе қайтер едiк? Құдай оның бетiн аулақ етсiн. Облысымызда былтыр 119 жылқы, 119 сиыр, 119 түйе, 119 қоян ұрланса, биыл бұл көрсеткiш 120-ға жеттi. Баукеспелер шеттен келген жоқ, өзiмiздiң жерлестерiмiз, сондықтан “қайда қашар?”- деп отырмыз. Әйтеуiр бiр жылдары ұсталатынына сiздi сендiргiм келедi. Өйткенi, “ұсталмайтын” ұры жоқ…” Облысымызда биыл 1999 қалта телефон қолды болды. Бұл бiздi қуантып
отыр. Өйткенi, қалта телефоны адам денсаулығына зиян дегендi естiп жатырмыз… “Иномаркаларды “тонаушыларды да еркiндiкке жiбердiк, биыл 200 автомобиль ұрланды. Соның нәтижесiнде қала ауасы екi жүз есеге тазарды. Әрi техникалық байқаудан өтпей, салық төлемей жүргендер Май инспекторларынан құтылып, қуаныштан арақ iшiп кеттi деп естимiз. Ендiгi жылы 320 иномарка угон болады деп күтiлуде… Қасақана кiсi өлтiрушiлердiң 115-iне ескерту жасап үлгердiк. Бұларды тағы да 115 адам өлтiру кезiнде тiрiдей ұсталынып, нақты дәлелдермен сотқа өткiзiледi деп жоспарлап отырмыз. Бес қылмыскер таза жынды болып шықты. Алдағы кезде мұндай жындылар көбеймес үшiн, жындылардың бәрiн жинап алып, жиналыс өткiздiк. Ол бетiн сипады. Облыс әкiмi де бетiн сипап болып: —Болдыңыз ба?—деп сұрады. —Болдым… —Сiздiң дәйектемелерiңiзден қалтырап тоңдым… —Аспирин iшiңiз…Терлейсiз…-деп мiңгiрледi генераль-майор. Әкiмде үн жоқ, генераль-майорда да үн жоқ. Өйткенi… дым жоқ.
“БIЗ” БЕН “МЕН”
Тәуелсiз “Бiз” газетi мен мемлекеттiк “Мен!” газетiнiң бас редакторлары шағын кафеде отыр. Екеуi курстас болатын. —Жағдайың қалай?—деп сұрады “Мен!”газетiнiң бас редакторы Астанабай. —Жағдайым нашар… -дедi “Бiз”газетiнiң бас редакторы Халықбай. —Қайдан келесiң? —Соттан келемiн… —Ия? —Қып-қызыл оттан келемiн… —Нең қалады? —Демократия, сөз қалады… —Айттым ғой саған, артыңнан қадалған көз қалады… Не үшiн соттасып жатырсың? —Прокурор келiп, тiлшiлердiң ауыздарын “скочпен” жабысытырып кеткен болатын. Ауыздарын ашқаным үшiн… Астанабай ойланып қалды… Таң қалып, таңдайын тақылдатып отыр. —Қызық екен… —Бiзде сөз бостандығы жоқ… Үш әрiп айтады: “ Саусақтары кесiлген, жазуға икемi келмейтiн, немесе екi қолдары кесiлген мүгедек тiлшiлердi
жұмысқа қабылдасаң, жағдайың жақсы болады”- дейдi… — Сен де қызықсың… Тыныш жүрмейсiң… Бiздiң газетте соқырлар жұмыс iстейдi. —Олар қоғамда болып жатқан жайларды қалай көредi? —Көрмей-ақ қойсын. Көрiп не керегi бар? Билiктi мақтай беру үшiн көздiң керегi жоқ. Сөз болса болды емес пе? “Келешек” газетi де соттасып жатыр, естiдiң бе? —Естiдiм. Тiлшiсi әйелдер босанатын үйге барып, босанып жатқан бiр әйелдiң жоғары көтерiлген екi аяғын ғана суретке түсiрiп, газетке жариялап жiберiптi… —Онда тұрған не бар екен? —Мәжiлiс депутаты газеттi оқып отырып, әйелiне:” Мынау сенiң аяғың емес пе?”-деп сұрайды. Әйелi айтады:”Жоға, менiң аяғым бақуатты, жуан екенiн бiлесiң…”-дейдi. Сонда да анау әйелiнiң миын жейдi. Сосын сотқа жүгiредi. “Әйелiмнiң аяқтарын суретке түсiрiп, бүкiл елге масқаралады!” – деп арыз түсiредi. Астанабайдың iшек-сiлесi қатты… Алдындағы сырадан бiр ұрттап қойды. —Сендер былтыр да соттасып едiңдер… —Е-е, бiздi сот шақырмаса, “неге шақырмай қалды екен?”-деп кәдiмгiдей елеңдеп отырамыз. Астанабай даяшы қызды ымдап шақырды. —Қарындас, сырадан тағы қайталап жiбершi,—деп курстасына бұрылды,—Халықбай,бiздiң жағдай керемет. Жыл сайын тендер аламыз. Үкiметтiң мақтау-марапаттары қаншама! Президент стипендианттары да бар. Соттасу дегендi бiлмеймiз, сен де қызықсың, тыныш жүр. Әйтпесе, газетiң жабылып қалады… Халықбай темекiсiн бұрқырата отырып: —Жабыламыз, ашыламыз, жабыламыз, ашыламыз… Үйренiп қалдық, Астанабай досым. Сендер мемлекеттiк газетсiңдер, бiз тоқалдан туғандай тәуелсiз газетпiз. Бiрақ, халықтың үнiн естiмесек, жемқор шенеунiктердi жазып, жағасын жыртпасақ, несiне жер басып жүрмiз? —Мәз боласың ба? “Айран” газетiнiң бас редакторын соттап жiбердi. “Қаймақ” газетiнiң бас редакторына орден бердi. Мәселе жер мен көктей! “Время” газетiне қарсы 1,5 миллиард теңгеге арыз-шағымдар түстi, “Премия” газетiне 1,5 миллиард теңге тендер бөлiндi. Сен одан да, газетiңдi таста, маған кел, орынбасарым етiп қызметке алайын, қанша дегенмен, курстас досымсың… —Е-е, Астанабай, ақылдың айран, қиялың қатық екен…Халықтың
қотырын қасымасақ, несiне Қазақстан азаматы болып жүрмiз? —Сонда мен Қазақстан азаматы емеспiн бе? —Бауырым, сен, сендейлер Мазақстан азаматтары… Астанабай сырыны сыздықтата iшiп жатып, бiр түрлi болып кеттi. Екi бетi қызарып, құлағы ұзарып, мұрнын ұстай бердi… Бiр кезде, мұнтаздай киiнген екi жiгiт бұлардың жанына келдi. —“Бiз” газетiнiң бас редакторы сiз бе?-деп сұрады Халықбайдан. —Ия. —Бетiңе сия. Сiз тұтқындалдыңыз. —Сiздер кiмсiздер? —Бiз бе? Ұлттық қауiпсiздiк комитетiненбiз,—деген бiрi куәлiгiн шығарып көрсеттi. —Не iстеп қойыппын? —Қазақстанды Мазақстан дем мазақтағаныңызды естiп қалдық. Жүрiңiз. —Әне, курстасыңмен көңiл көтерiп, сыра iшуге де болмайды. Бауырым, елдiң ертеңi туралы ертегi айтып отыруымыз керек едi… Хош бол,—деген Халықбай орнынан тұра бердi. —Түрмеде көрiскенше бауырым, “Өлетiн бала түрмеге қарай жүгiредi” деген осы. “Дәш, дәш…” Астанабай миығынан күлiп, сыраны басына көтере бердi…
ҚАЛАЙ ҚОРҚЫТСАМ ЕКЕН?
Әйелiме басымды иемiн, бiздiң он екi баламыз бар. Бiрақ он екi сиыр түгiлi, он екi тышқақ лағымыз да, он екi тумайтын тауығымыз да жоқ… Он екi баламен ауылдағы қуықтай үйiмiзде тұрып жатырмыз… Бiр күнi ауыл әкiмi Желдiбай желдей есiп, жетiп келдi. “ Құттықтаймын, әйелiңiз алтын алқа алатындардың тiзiмiнде жүр. Президенттiң өзi Алматыдағы резиденциясында қабылдайды!” –деп өзi он екi бала тапқандай, қолымды қысып жiберетiн емес. —Менi де қабылдайды ма?-деп сұрадым мен. —Балаларды тапқан сен емес шығарсың, Сiңiрбай аға. Жеңешем қайда? —Сайда… —Туу, Сiңiреке, әзiлiңiз қалмайды екен, ертең таңғы сегiзде аудан әкiмi қабылдайды... Бiздiң ауданнан сегiз ана алтын алқа тағатын болып отыр,- деген әкiм жан-жағына қарап қойды,—жеңешем қайда? Аудан әкiмi әйелiңiздi таппасам, өзiме әйел көйлегiн кидiрiп жiберуден тайынбайды… —Кешiр, iнiшек,—дедiм мен темекiмдi тұтатып жатып,—жеңешең жоқ… Әкiмнiң көздерi ойнақшып кеттi. Шынында, аудан әкiмi оған әйел көйлегiн
киiндiрiп жатқандай… —Жоғы несi? —Кетiп қалды. —Қайда? —Төркiнiне. —Ойбай, Сiңiреке, менi аудан әкiмi өлтiредi. Жеңешемiз қыдырып кеттi ме? —Жоқ. Бiз ажырасып кеттiк… Ауыл әкiмi жұтынып алды. —Ке-кеше ғана жеңешемдi көшеде көрген едiм… Сiңiреке, менiң бұл ауылға әкiм болып келгенiме бiр апта ғана, абыройымды төге көрмеңiз, жеңешеммен қайта жарасыңыз. —Менiң тапқаным балаларыма жұғын да болмайды. Соны бiлген әйелiм: “Бiрге оқыған кластасыма тигенiмде ғой, қазiр министр орынбасарының әйелi болып отырар едiм!”-дедi де кетiп қалды. Ал, сол бiрге оқыған кластасының парақорлықпен ұсталып, қамақта отырғанын қайдан бiлсiн? Газет оқымайды ғой… —Төркiнi қайда едi?—деп сұрады ол. —Сайда…—дедiм мен. —Түсiнбедiм? —Сайдағы көшеде әке-шешесi тұрады. Ә, мiне өзi де келе жатыр. Мұңайма,”Қайтып келген қатын жақсы” деген мақал шығардым. Әйелiмнiң аты Мұңайма болатын. “Мұңайма, менiң түрiм ұнай ма?”деп әндетiп жүрiп алған қатыным үндемейдi. —Неге үндемейсiң?—дедiм мен әйелiмдi құшақтап,—“Анау жетпейдi, мынау жетпейдi!”-деушi едiң ғой, әкiм келiп отыр, алтын алқа алатын болыпсың! Әйелiмнiң “өлiп қалған” бетiне жан бiткендей, қан жүгiрдi. —Үкiмет бiздi елеп жатыр ма? Ақша да беретiн шығар? —Әрине, -дедi әкiм,—Президенттiң өзi қабылдайды. Жеңеше жүрiңiз. —Ойбай-ау, нан ауыз тисеңiзшi…—деген әйелiмнiң қуанышында шек жоқ,—Қайда барамыз? —Моншаға,—дедi әкiм. Менiң үнiм шықпай қалды… —Моншаға? —Моншаға түсiп, тазаланыңыз. Қанша дегенмен Президентке барасыз.. —Сiз неге барасыз? —Аудан әкiмi “сырттай қадағалап тұрасың” деп тапсырма берген. Қанша пайыз еркек екенiмдi әйелiм бiледi, қызғандым ба, қуандым ба, бiлмеймiн, мен де iлесiп, моншаға бардым, әкiм екеумiз сыртта сарғайып,
күтiп тұрдық. Бәрiнен де аудан әкiмiнiң қабылдауында қызық болды. “Сiздiң қатысыңыз жоқ, шығып тұрсаңыз жақсы болар едi “дейдi.”Неге қатысым жоқ? Қатысым жоқ болса, Мұңайма алтын алқаны қалай алайын деп жатыр?”—деп мен де қоймаймын. Содан әкiм әйелiмнiң үстi-басын шолып өтiп: —Бар киiмiңiз осы ма?—деп сұрады. —Ия,—дедi әйелiм,—бұл киiмдерiмдi тек тойларға киiп барып жүргенiме 22 жыл болды… Аудан әкiмi маған қарады. —Жайша қарадыңыз ба?—деп сұрадым мен. Аудан әкiмi үндеген жоқ. Содан не керек, аудан әкiмi бiздi үйiне ертiп барып, әйелiнiң небiр қымбат бағалы көйлек, төплилерiнiң iшiнен кереметiн таңдап кигiздi. Әйелi сондай инабатты кiсi екен, “Ой, бұл көйлектер модадан қалып кеткен, бұдан басқа 180 көйлегiм, 550 туфлиiм 22 дубленкам, 88 сөмкем, 78 духиiм бар, соның iшiнен таңдайсыз ба?”-деп тұр. Алматыға кетер алдында аудан әкiмi әйелдердiң миын жедi. Ми жегiш әкiм бе деймiн…Ол әйелдерге қарап тұрып: —Сiздер тойға бара жатқан жоқсыздар. Қанша дегенмен Прези-денттiң аты Президент. Президенттiң алдында:”Есiктiң алды ебелек, су себемiн, себелеп” деген сияқты ән шырқап, масқара болмаңыздар. Өздерiңiздi тәуелсiз елiмiздiң тәубә деп отырған салиқалы әйел-аналарындай ұстаңыздар,—дедi. —Үндемеймiз бе?—деп сұрады менiң әйелiм. Бiр бұрышты қуанып мен отырмын. Әйел деген осындай болу керек, жарайсың , Мұңаймам! —Жақ ашпаңыздар деп айта алмаймын,—дедi аудан әкiмi,—бiрақ анау жетпейдi, мынау жетпейдi деп не болса соны айтып жүрмеңiздер. Жалпы , сөйлемесеңiздер қатып кетер едi. Президент қабылдауынан келгеннен кейiн сiздерге арнап шәй беремiн… Әйелдер сөйлемейтiн болды. Мылқау әйелдер жиналғандай. Тiптi, әйелiм Алматыға жеткенше маған да сөйлемей күйдiрдi. “Аудан әкiмi сөйлеме деген” деп қояды. Президент резиденциясына жеткенде әйелiмдi оңашалап: ”Қатынушка, аудан әкiмi жер беремiз деп бiр алаяқ арқылы көп балалы аналардан ақша жинатқанымен, екi жыл болды жер сипап отырмыз”деген жағдайымызды Президентке жеткiз. Мұндай шанс ендi бола бермейдi,”- дедiм. —Болмайды, аудан әкiмi сөйлеме деген..-дейдi әйелiм. Жүз ваттық ләмпечкедей күйiп кеттiм. —Балаларымызды неге ойламайсың! Аудан әкiмi өзiнiң “шкурасынан” қорқып отыр. Президент мұндай жемқор әкiмдердi қайдан бiлсiн. Сөйлеме десе, қимылмен бiлдiр!—деп әйелiмдi көндiрген болдым-ау!
Резиденцияға менi күзетшiлер кiргiзбедi. Он екi баламды тумағаным үшiн… Содан, сыраханаға барып, әйелiмдi күтейiн…Бiр жағынан, аудан әкiмiнiң ақыл-кеңесiн тыңдағанымыз дұрыс па едi,” –деп ойлап та қоямын… Бiр кезде әйелдердiң арасынан әйелiмдi көрiп, тұра жүгiрдiм… —Сөйледiң бе?—деймiн үзiлiп кете жаздап. Әйелiм мәз, бiрақ сөйлемейдi. Құдай ұрып, шынымен мылқау болып қалған ба деп зәрем қалмады. Әйелiммен ере шыққан көршi ауылдың әйелi: —Қызық болды, —дедi,—Президент өте қарапайым, ғажайып кiсi екен. Бәрiмiзге алтын алқа тағып,суретке түстiк. Сосын: — Жағдайларыңыз қалай, ауыл iшi тыныштық па?—деп сұрады. Бәрiмiз атылып кететiндей үнсiз тұрмыз. Сөйтсем, басқа аудандардан келген әйелдерге де “тегiн ақыл” оқылған екен.Бiр кезде әйелiң ортаға шықты да,”Құрметтi Президент мырза, маған аудан әкiмi сөйлеме деген. Сондықтан ыммен түсiндiрейiн…”дедi. —Ия, сосын?—дедiм мен әйелiме риза кейiппен қарап қойып. Кеудесiне тағылған алтын алқаны сүйiп алдым. —Содан,—дедi таныс әйел,—Мұңайма жерге отыра кетiп, саусағымен айналасын сызған болды. Ж-ж-ж…дедi. Басын шайқап:” Бермей отыр” деп салды. Президент жымиып: —Сiзге ненi бермей отыр? Кiм бермей отыр?-деп сұрады. —Құдай өзi кешiрсiн, айтайын, —деген әйелiң аудан әкiмiнiң жер бермей отырғанын, ақша жинап алғанын, бiр бөлмелi үйде он екi баламен қиналып күн кешiп жатқанын жеткiзген едi, Президент облыс әкiмiне қарап: —Алматыдан үш бөлмелi, өзiнiң ауылынан бес бөлмелi үй алып берiңдер. Ал, аудан әкiмi жазалансын!-дегенi. Осыны естiгенде Мұңайманың көзiнен жас шығып кеттi. Не айтарын бiлмей қалды. Құттықтап жатырмыз, бiрақ сөйлемейдi… Шынында, әйелiм сөйлемейдi… Алматыдан да, ауылдан да үй алдық, сөйлемейдi… Сөйтсек, дәрiгерлер айтады:”Қатты қуанғаннан мылқау болып қалған”— дейдi… “Ендi қайттiм? Бiр мезгiл күйкi тiрлiкпен ұрысып тұрушы едiк, Құдай оны да көп көрдi ме?”-деймiн. “Қатты қорқу керек, сонда ғана сөйлейдi “-дейдi дәрiгерлер. Құдай қорқытқаннан сақтасын десек те, қорқып тұрудың да денсаулыққа пайдасы бар екен. Е-е, Құдайдан қорықпайтындар сосын сайрап жүр екен де… Әйелiмдi қалай қорқытсам екен?
“ПРЕЗИДЕНТ” ОЙЫНЫ…
“Шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау керек” деп Президенттiң өзi айтқан соң, аудан әкiмi Дымқылбас Шикiбаеав жиенi Жетесiз Жылпосовты кабинетiне шақырып алып, “бүгiннен бастап, кәсiпкерсiң!”— дедi. —Бұрыннан кәсiпкермiн,—дедi ол. —Кәсiбiң не?—деп сұрады аудан әкiмi. —Бала –шағамды көбейту… —Ақымақ, ауданда “Әр кәлләда бiр қиял” атты саябақ ашамыз. Тендердiң жеңiмпазы өзiң боласың. —Кәллә деген сөз өзбектiкi, одан да” әр кеуек баста бiр қиял” деп өзгертейiк? —Жоқ, “Әр кәлләда бiр қиял!” Бiттi. Бұл республикада жоқ жоба. Облыс әкiмi бiр қуанып қалатын болды. Оған көп қаржы да кетпейдi. Былай iсте,— дедi әкiм орнынан тұрып кетiп,— Жантақ басып кеткен, жан-жағы сасып кеткен, кеңес заманынан қалған стадион бар емес пе? Сол жердi пайдалану керек. Халық игiлiгi үшiн. Саябақ болады. Бос жатқан жерге шатырлар орнатып қой. Сөйтесiң де, маңдайшаларға:” Президент резиденциясы”, “Депутаттар рестораны”,”Бас прокуратура” деп жазып қоясың. Естiп тұрсың ба, мұның бәрi балалар үшiн. Шатырлардың iшiнде жұмсақ кресло, жұмыс үстелi, телефон тағы басқа ойыншық жабдықтар болсын. түп қурап қалған тал –терек отырғызыңдар. Сөйтiңдер де, бұтақтарына жасанды жасыл жапырақтар iлiп қойыңдар. Қаладан сатып аламыз. Ұқтың ба? Болашақ Президенттер, болашақ министрлер, прокурорлар –балалар ойнайды. Әр он минутқа 200 теңгеден. Жетесiздiң жаны кiрiп қалды. Нағашысын құшақтай алып, иегiнiң астынан шөпiлдетiп сүйгiсi келiп тұрды да, өз ойынан ыңғайсызданып қалды. Көздерi ұшқын атып, кабинетте билеп кете жаздап тұрды да, сабыр сақтап, “бәрi орындалады!”-дедi. Арада апта өткенде, тендердi Жетесiз жеңiп алды… Шатырлар мен жасанды жапырақтар үшiн 5 миллион теңге жұмсалды… Қалай жұмсалғаны Жетесiз бен Дымқылбасқа мәлiм, ескi стадион iшi “жайнап” кеттi, халықтың көп жиналғаны соншалық, қара қазандай қайнап кеттi… Балаларын, немерелерiн жетектеген әжелер, қариялар, тiптi “ертең өледi” деген сексен сегiздегi Солтыбай ақсақал да “шөберемнiң президент болғанын көрейiншi “ деп келiптi… Облыс әкiмi нөкерлерiмен балалар саябағын аралап жүр. Қураған теректер жасанды жапырақтармен безендiрiлiптi. Бiрақ, жасанды алма, тiптi жасанды жүзiмдердiң iлiнгенiн түсiнбей тұр… Теректен алма,
жүзiм жеп көрмептi. —Теректе алма жүзiм өсiп тұр…—дедi облыс әкiмi. Дымқылбастың Жетесiзге жыны келiп тұрса да, сыр бiлдiрмедi: —Ақырзаманның теректерi ғой…—дей салды. Балалар үшiн рахат болды. Бiрi министр, бiрi прокурор… Мәселен, соттың шатырына немереңiздi жетектеп барасыз. 200 теңге төлеген соң, немереңiз Жоғары соттың төрағасы болып шыға келедi. Жарты сағатқа… Жұмсақ креслода отырады. Ойыншық телефондар… Құрдай жорғалаған қызметшiлер. Айтпақшы, қызметшiлердiң, шенеунiктердiң ролiн мектеп оқушылары орындап жүр. Жоғары сот төрағасы “Балмұздақ жегiм келедi!” деп бұйырса, арзан бағалы балмұздақ әкеп бередi. Ал, министр шатырына кiрген балаларды неше түрлi ойыншықтар күтiп тұр. Далаға шыққысы келсе, құйрығында “Лимузин “деп жазылған ерттеулi есекке отырғызады, оны шопыр бала жетектейдi… Соңында оққағарлар… Бiр қызығы, “Президент”, “Премьер министр” шатырлары алдында кезек көп те, “Мектеп директоры”,” Шеберхана меңгерушiсi”, Компьютер орталығының бастығы” “ет комбинатының директоры” шатырлар-ына немерелерiн, балалар-ын жетектеп барып жатқан тiрi пенде жоқ! Бәрiнiң балалары 2030 жылдың Президентi, премьер министрi болғысы келедi… —Менiң балам президент болсын!—дедi мектеп қарауылы Қарғабай. —Қызық екенсiң, қарауылдың баласы қалай президент болады? Кiргiзбеймiн!-дейдi Жетесiз желпiнiп. —Немене, тек бастықтардың балаларына президент болуды жазып қойып па? —Болмайды дедiм ғой. Аудан әкiмiнiң бұйрығы солай. Президент резиденциясына кiм көрiнгеннiң баласы кiрмесiн деген. —Менiң немерем президент болсын!—дедi бұхгалтер Бағила апай. —Апай, сiз жәй ғана бұхгалтерсiз, болмайды. —Қараң қалғыр, жiбер менiң немеремдi! Әйтпесе, мына халықты наразылық шеруiне бастаймын! —Ойбай, қорқа қалдым… Қарапайым мамандық иелерi кезекке тұрып әуре болмаңдар! Бағила апайдың немересi “Президент болмаймын! Мен халық боламы-ыын!”-деп жылап кетiп қалды. Немересiнiң соңынан ұмтыла түскен Бағила апай бөгелiп қалды: —Олай болса, өзiм президент боламын! Көп балалы анамын! Көп балалы аналарға азық-түлiк қымбаттаған сайын, жәрдем ақшаны көбейте беремiн, көбейте беремiн!—деген Бағила апай Жетесiздi итерiп жiберiп, шатыр iшiне жұлқына кiрдi. Кiрдi де, жұмсақ креслоға шалқая отырды. Жетесiз де iшке қарай ұмтыла түскен, Дымқылбастың:” Жетесiз, тоқта!”-деген даусына жалт
қараса, облыс әкiмi нөкерлерiмен жақындап қалыпты. Бұл қипақтап, iшке бiр, Дымқылбасқа бiр қарады. —Iште кiмнiң баласы отыр?-деп сұрады Дымқылбас. —Апай отыр… —Апайы несi? —Ба-Бағила апай—2030-дың президентi. —Есiң дұрыс па? Бағила апайың қазiр елуде, оған дейiн өлiп қалады ғой… Астмасы бар… Бiр көзi соқыр… Соқыр президент халықты қараңғылықта ұстайды, Жетесiз! Облыс әкiмi жымиды. Iштен Бағила апайдың: —Кiм ол –ей, менi өлтiрiп жатқан?—деген тарғыл даусы шықты. Облыс әкiмi iшке кiрдi. Жылы жымиып, Бағила апайдың қолын алды да: —Президент мырза, сiздiң алдыңызға есеп беруге келдiм. Халыққа шекесiнен қарайтын осы ауданның әкiмi Дымқылбас Шикiбаевтың мәселесiн қараймыз…—дедi. Дымқылбастың дымқыл басы мүлде кеуiп қалғандай болды… Ыржалақтап: —Президент апай, менi кешiрiңiз, кешiрiңiз, апай…-дей бердi. —Мәссаған, мен президентпiн!—дедi Бағила апай тырқылдай күлiп,—әй, Дымқылбас! Ертең немерем “Премьер министр” болсын! 200 теңгенi пенсиям келген соң беремiн! —Тегiн болсын! Айтқаныңыз болсын!—деген Дымқылбас “Президенттiң” алдында құрдай жорғалады…
ОЙЛАУҒА ЛИЦЕНЗИЯҢ БАР МА?
Ештеңе ойламаңыз, Құдайым-ау, саясатта неңiз бар, отпен ойнамаңыз… Аяғыңыз аспанға, мұрныңыз жерге қарап қалады! Аузыңыз құлыптаулы есiк болады, жүрегiңiз шұрқ тесiк болады. Бiр күнi “Жұмыс, жұмыс iстегiм келедi, жұрт қатарлы жал-жая тiстегiм келедi!”-деп ұнжырғам түсiп, көшеде көлеңкемдi тегiн сүйретiп келе жатқанмын. Бiр кезде екi полиция инспекторы екi жағымнан келдi де, аяғымды жерге тигiзбестен көтерiп ала жөнелiп, машиналарына ыңқ еткiзе салды. —Көтергендерiңе рахмет, жөтелгендерiңе жол болсын?—деп сұрадым мен. Мәшиненiң алдында майы ерiп отырған майлы жiгiт маған бұрылып: —Не ойлап келе жатырсың?—деп сұрады. —Қалай жер басып келе жатқанымды ойладым. —Е, не боп қалды?
—Бала-шағамды асырай алмағаныма қапамын… —Тағы не ойладың? —Ештеңе. —Неге ойламайсың? —Ненi? —Бәсе, ненi? Ойлап келе жатырсың ғой ә? —Ойлауға болмайды ма? —Ойлауға лицензияң бар ма? —Менiң не ойлайтынымда қандай шаруаларың бар? Жiберiңдер менi! Олар менi маңдайшасында: “Бөгде ойлылар-2030 жыл”- деп жазылған ғимараттың алдына түсiрiп, дедектетiп жетелеп, бiр залға кiргiзiп жiбердi. Құдайым-ау, мұнда кiмдер жоқ дейсiздер, профессорлар, да, оппозиция серкелерi де, тiптi, қабағы қатып қалған, бiр бұрышта жатып қалған қайыршылар да осында екен. Ақ халат киген профессор бiз көрмеген аппаратты сипап қойып, сөз бастады. —Құрметтi бөгде ойлылар! Билiкке қарсы бөтен ойлылар! Жапонияда жасалған, Қытайда құрастырылған “МТ”, яғни ми тексеру аппаратын сынақтан өткiзгелi отырмыз. Бұл аппарат сiздердiң не ойлап жүргендерiңiздi, тiптi осыдан отыз жыл бұрын не ойлағаныңызды, алдағы уақытта не ойлайтыныңызға дәл диагноз қойып, ми қатпарларында жасырынып қалған ойларыңызды қағазға түсiредi… Соншама жұрттың iшiнен бiр ғана адам ұзақ қол шапалақтады. Бәрi оған жапырыла қарағанда, ол байғұс ыржалақтап күле бердi. —Сiз неге қуанып тұрсыз?—деп сұрады профессор. —Бiлмеймiн. —Онда неге қол шапалақтадыңыз? —Кешiрiңiз… Әйелiмнiң не ойлап жүргенiн, кiммен ойнап-күлгенiн бiлгiм келiп едi… —Бiзге тұрмыстық мәселелер қызық емес,—дедi профессор адымдай жүрiп, кенет тоқтай қалып, сосын басын әнтек бұрып,—кезекке тұрып, аппаратқа жақындаңыздар… Бiрiншi болып, оппозиция серкесi Бiр Атаровтың миы тексерiлдi. Ми тексергенде, миыңызды табаққа салып әкелмейсiз, еңкейiп, кеудеңiзден келетiн аппараттың қобдишасына басыңызды тығасыз. Профессор желкеңiзге пiсте май жағып, құйрығыңызды сипа-лайды. Құйрықтың миға қандай қатысы барын қайдам, сол кезде, аппараттың қызылды-жасылды лампалары жарқ-жұрқ етедi де, бiр жерiнен ақ парақ шыға келедi. Сол ақ парақтағы жазулар түбiңiзге жетедi, не құтқарады… Бiр Атаровтың анықтамасын оқығаннан кейiн, қарулы жiгiттер оның қолына кiсен салып, әлдеқайда алып
кеттi… Бiр қайыршының басын аппаратқа тығып едi, профессор оқыды да, жымиды. Онда: “Тойып алып, рахаттана өмiр сүргiм келедi!”-деп ойлағаны жазылыпты. Дипломды қайыршы күн сайын осыны ойлайды екен… Басқа ештеңе ойламайды. Саясатта жұмысы жоқ. Саясатты ойлайын десе, қарны аш… Тағы бiр кiсiнiң ойлағаны: “ Қазақстан көтерем қой сияқты болып қалмаса екен…” Ендi ол еш жерге жұмысқа алынбайтын болды. Отырса— опақ, жатса— жалпақ, тұрса— талтақ, жүрсе—қалтақ болатыны ескертiлдi. Бiр әйел басын аппаратқа тыққысы келмедi. “Жамбасымды сипалатпаймын, ұят болады! “-дейдi. Профессор ақыры көндiрдi. Құдайым-ау, әлгi әйел ненi ойламаған десеңiзшi! Бiр пәшкi ақ парақ жетпей қалды. Әлi шығып жатыр, әлi шығып жатыр… “Елiмiзде жайқалған егiн болса, нанымыз қымбат емес, тегiн болса… Суымыз тап-таза боп ағып тұрса, күйеуiм бетiме крем жағып тұрса… Женский калготкилер жыртыла бермейтiн болса, елiме әртүрлi дiни секталар келмейтiн болса! Мұғалiмдер ақша сұрамайтын болса, күйеуiм iшiп келiп, есiк алдына құламайтын болса… Әйелдер өсек айтатын ұйым болса, үйiмде көз тартатын бұйым болса, қабағы үкiметтiң ашық болса, “жағдайымыз жақсы”-деп, халқы оның ғашық болса… “ Мiне осындай ойларының шегiне жете алмаған профессор жынданып кете жаздады. Бiр кезде әйелдiң басынан су, аппараттан бу шықты. Артынша, аппарат бұзылып қалды. Қуанып кеткенiм! “Бөгде ойлылар-2030” ғимаратынан шыға салысымен үйге зыттым. Өйткенi, осыдан он жыл бұрын бiрдеңе ойлағанмын. Соны бiлiп қоймағаны қандай жақсы болды. Не ойладым дейсiз бе? Айтпаймын…
ДОСТОЕВСКИЙДIҢ ИДИОТТАРЫ!
Ашпыз десек, сенбейсiз, үйiмiзге келiп, қара су iшiп кетiңiз десек, келмейсiз. Әрине, жаныңыз ашып, бес-он теңге бермейсiз. Менiң асқазанымда жара бар, бiр аяғымды о бастан сылтып басам, көңiлiмде нала бар. Әйелiмнiң мұрны пұшық, жүргенi сол, жүрегi айнып, құсып, базардан бiрдеңе алып, кешке дейiн сонда қалып, сатып жүредi. Бiздiң ел бай, мұнайымыз бар. Бiрақ, «үкiмет» деген құдайымыз бар. Ауылдағы бiздер аш-жалаңашпыз, үкiмет үкiлдейдi ме, үтiктейдi ме, ол жағы белгiсiз. Аштан қатып қалмас үшiн, бала-шағамызбен шұбырып қалаға келдiк. Нағашымның ескi үйiнде уақытша тұрып, мойынымды оңға, солға бұрып, «аштан өлмеудiң жоспарын» жасадым. Сосын бiр дөкей, яғни облыс әкiмi орынбасарының қыз ұзату тойына
шақырылмасақ та, шатымызды шапалақтап, бiр киерiмiздi үстiмiзге iлiп, қазiр бұл жерден тойып шығатынымызды бiлiп, тойханаға тапырақтап жетiп келдiк. - Бiздi қуып шығады! - дейдi әйелiм. - Әке, банан жегiм келдi, - дейдi алты жасар ұлым. - Ет жегiм келедi, - дейдi сегiз жасар қызым. Әйелiме құрық байламайтын қулығымды күнi бұрын түсiндiрiп қойған болатынмын. Тойхана есiгiнде тұрған үш-төрт кiсiнiң бiрi: - Кiрiңiздер, - дедi. - Сiздер кiмсiздер? - дедi екiншiсi есiнеп. - Құдалар жақтанбыз, - дей салдым мен. Не керек, бiздi жетелеп, төрге отырғызды. Той басталып кеткен екен, алдымыздағыны жапырып, жайпап барамыз. Әйелiм Қатипаштың бүйрегiне түртiп қалдым: - Жындысың ба, сыйыр сияқты күйсей бермесеңшi! - Өзiң ше? Алдыңда албасты да жоқ. Бiр қарасам, қызым мен балам, келесi столдағы қазы-қартаны сыпырып барады екен. Әрең тоқтаттым. Күнi бұрын дайындап келген қалта-қапшыққа уылдырық, нан, ет, котлет, салат-малат бәрiн салып қойдық. Өзiмiз де, өй бiр, рахаттанып тойдық! Тiсiмдi шұқып, бетiмдi қазының майымен майлап отырған баламның басынан нұқып, жүздетiп отырмын. - Мыжбан, бiрiншi сен шығып кет, - дедi әйелiм, өрiк-мейiздi омырауына тыққыштап жатып. Пакеттi қолыма ұстап, шылым шеккен болып, тысқа шықтым. Үйге келген соң, өй бiр рахаттанып қалдық. Бiздiң Шымкентте апта бойы той өтедi. Бiз ендi той жасайтындардың тiзiмiн ала бастадық. Сөйтiп, бiр ай бойы, тойдан тойға барып жүрдiк, нәпақамызды сол күнi алып жүрдiк. Кейбiр тойға жұпыны киiнiп баруға болмайды екен. Көршiлерiмiздiң қымбат бағалы киiмдерiн прокатқа алып, оның да есебiн таптық. Рахат! Бiр күнi айнаға қарасам, әжептеуiр семiрiп қалыппын! Әйелiм Қатипаштың да балтыры бөтелкедей едi, бөренедей болып барады. Шiркiн-ай, премьерминистрдiң, министрлердiң тойларына кiрiп шықсақ қой деп армандаймын. Құдай-ау, семiздiктi қой ғана көтередi ғой деймiн, тойдан қалған еттердi есiк алдындағы күшiкке бере салатын күйге түстiк. Бар ғой ендi, бар, құдайға шүкiр, iшiм-жем жетедi! Өзiмдi Iшкi iстер министрi сияқты сезiнемiн, әлде кеден бастығымын ба? Әлде, халықтың маңдай терiн құлқынына жұмсап жүрген көп шенеунiктiң бiрiмiн бе? Өзiм де түсiнбей қалдым. Тағы бiрде бас полицейдiң ұлының сүндет тойына бардық. Тап - бiр соның құдажекжаты сияқтымыз. Бұл жолы шабадан, рюкзак алып бардық. Той
басталып кеткен екен. - Сiздер кiмсiздер? - дедi есiк алдында тұрған бiреу. - Құдалармыз. Төрде отырмыз. Қатипаш құдағи сияқты сызылып қалыпты. Iшiп-жеп отырмыз. Жанымдағы семiз әйел: - Сiз қай жақтансыз? - деп сұрады. - Үйден, - дедiм мен. - Жоқ, “Мәндiрбай жақтан ба?” дегенiм ғой. - Оны қайтесiз? - Түрмеден келген сияқты жайпап барасыз. - Тойда iшiп-жеу керек шығар! - деп, коньякты ауызға төңкердiм. Бiр кезде асаба құдаларды ортаға шақырды. Бiр қарасам, мен де солардың iшiнде жүрмiн. Микрофон қолыма тиiсiмен: - Мәндiрбай құда, тойыңыз құтты болсын! Тойға сот, прокурор, әкiм, КНБ бәрi келiптi. Өңкей шiренгендер. Халықтың арқасында шалқайғандар. Бiздiң алдымызға неге бас қоймайды? Кешiр, құдеке, МАИ бастығы - коррупция... Хiм, ұсталып, қамалып едi, ол да шығып кетiптi дейдi. Полицейлерiң шетiнен парақор. Кiм ақша берсе, сол ақталып шығады. Бiз сонда, бiз сонда қашан құқықты мемлекет боламыз? Анау сот отыр, жiлiк мүжiп. Атауыңды жегiр. Судьялар ақты - қара дейдi, бiтеудi - жара дейдi. Бiз елу елдiң қатарына бұл түрiмiзбен қашан қосыламыз? МАИ бастығы автомобильдерге берiлетiн «крутой» нөмiрлердi «аукционға» шығарғанымен, мәселен, 777 нөмiрiн үш мың долларға сатады екен! Коррупция! Сендер Елбасыны алдап жүрсiңдер! Сендер Достоевскийдiң идиоттарысыңдар!» деп сөйлеп жатыр едiм, маған қарай екi күзетшi жүгiрiп келедi. Жалмауызға да жан керек, микрофонды бiр құданың аузына тыға салып: - Қатипаш, қаштық! - дедiм де, адамдардың арасымен зытып бердiм. Артымыздан үш-төрт оққағарлар қуып кеп бердi. Тойхана артындағы жер үйлердiң бiрiнiң ауласына кiрiп кеттiк. Бiр қарасам, бәрiмiз алма ағашының бұтақтарына өрмелеп кетiппiз. Ең ұшар басына қызым, бiр алманы үзiп, қырш еткiздi. Әйелiм, тойда аузына салған бiрдеменi әлi шайнап тұр. Бiр кезде алма ағашының тұсына бiр әйел мен еркек келдi. - Мағрипаш, алманы ертең сiлкiп алайық, - дейдi еркек. - Сiлкiп бершi. Ертең ерте кетемiн. Компот жабуым керек. Әпкем рұқсат бердi ғой, - дейдi әйел. Еркегi сәл жоғарыға шығып, сiлкiлей бастады. Қатипашым ұшып кетiп, келесi бұтаққа iлiнiп қалды. «Үнiңдi шығарма» деп сыбырладым. Қорыққаннан ұлым бұтына жiберiп қойды.
- Жаңбыр тамшылап тұр ма? - деп сұрады төмендегi әйел. - Қазiр, қазiр, - деген еркек тағы сiлкiдi. Алмалар патыр-пұтыр түсiп жатыр. Сол алмалармен бiрге қызым да жерге топ етiп түсiп, шайтанша шыңғырып жiбердi. Анау екеуi алды-артына қарамастан зытып бердi. Бiз де түсе қалысып, шарбақтан асып, көшеге шықтық. Тойхана күзетшiлерi байқап қалып, соңымызға түссiн! Қашып келемiз. Iшкен-жегенiмiз желкемiзден шықты. Ең алдымызда әйелiм. Бiр қарасам, әйелiм жоқ болып кеттi. Менен озып бара жатқан балаларымды да бiрдеңе жұтып қойды. Өзiм де жоқ болып, жылу құбыры жүретiн шұңқырға түсiп кеттiм. Төртеумiз ентiгiп, есiмiздi жиып үлгерместен бiреу иығымнан түртедi. Артыма қарасам, бiреу отыр. - Е, сен кiмсiң? - дедiм мен. - Қайыршымын. - Мұнда неге отырсың? - Бұл менiң «пәтерiм» - дедi ол, - квартплат төлемесеңдер, қуып шығамын! - Айқайлама! - Мен Қазақстанның құрметтi қайыршысымын! Тiл тигiзбеңiз! - Мына қуыс қайда барады? - Көшенiң арғы бетiнен шығасыңдар. Рахметiмiздi айтып, құбыр iшiмен еңбектеп келемiз. - Бүйтiп тойға барғаны құрысын! Нең бар-ей, сөйлеп! - дейдi Қатипашым. - Сөз бердi ғой, - деймiн мен мiңгiрлеп. Сөйтiп көшенiң арғы бетiнен бiр-ақ шықтық. Полицейлер байқап қалып, тұра қаштық. Үйлердiң арасымен зуылдап, бiр кемпiр пiсте шағып тұр екен, қағып кетiп, шалқасынан түсiрiп, ұлым оны аттап өтiп, ары қарай зуылдадық. Көп қабатты үйдiң ауласында кiшiгiрiм той өтiп жатыр-ау деймiн, ентiгiп келiп, билеп жатқандардың арасына қойып кеттiк. Билеп жүрмiз. Әйелiм билеп қояды екен. Өкiнiшке орай, полицейлер би үстiнде қолымызды қайырып әкеттi. Содан ҚР Қылмыстық Кодексiнiң «алаяқтар» бабымен әйелiмiз екеумiз сотталып, бiр жыл дегенде түрмеден әрең шықтық. Түрмеден шыға салысымен балаларымызды iздедiк, сөйтсек, олар баяғы әдеттерiмен, тойдан-тойға барып жүр екен. Қуана көрiстiк. Ертең салық комитетi бастығының мерейтойы. Барсақ па, бармасақ па? Басым қатып тұр...
ЕВРОКРЕСЛО
Ойбо-ой... Есіме түссе, ет жегендей емес, есек мініп келе жатып, тоңқалаң аса құлағандай боламын... Бір күні кешке мәшинемді гаражға кіргізіп жатқанымда, төрт жігіт мұрныма бірдеңені иіскетті де, ирелеңдеген мені «Джиптеріне» артып жатқаны іртік-іртік есімде, арғы жағы жым-жырт... Көзімді қисайтып ашсам, айдалада, қалың қар үстінде жатырмын. Төрт жігіт төбемнен төңкеріле төніп тұр екен. Қолдарында бір-бірден тапанша... «Е-е, бұлар бандылар болды ғой! Қалалық салық комитеті бастығының орынбасары бұларға неге керек болды екен? Бандылардан салық алмаушы едік...» деп ойлап үлгердім. --Орныңыздан тұрыңыз, мансапқұмар, креслоқұмар мырза...—деп өтінді қара көзілдірікті жігіт ағасы тым сыпайы сөйлеп. --Сендер кімсіңдер? Қай жердемін?—дедім мен моторы май жейтін машинадай дірілдеп. --Бетпақдаладасыз. --Не керек сендерге? --Еврокреслоны сынақтан өткізейік деп едік,--деді еңгезердей бірі сағыз шайнап. --Полиция! Омо-он!—деп айқайладым. --Бетпақдалада қаңғып жүрген қандай полиция? Одан да, креслоға отырыңызшы,--деп өте сыпайы, сызыла сөйледі тағы бірі. Жан –жағыма жалақтап, екі көзім алақтап, айналаны көзіммен шолып өттім де, тұра қаштым. Көз алдыма кабинетім, жұмса-ақ, «кожанный» креслом, «Кофе ішесіз бе?» деп сызылып тұрған хатшы қыз елестеп, еңіреп жыладым. Ботадай боздап, жо-жоқ, айқайлап жылап келемін! Қызметімнің рахатын көрместен, қайдағы бір бандиттердің қолынан өліп кететін болдым-ау! «Бырқ» еткізе сіңбіріп қойып, сұңқылдай жылаймын... Арт жағыма қарауға қорқамын... Атып тастайтын шығар? Әне, қазір атады... Міне, қазір атады... Хош бол, менің маймыл бастығым! Сенің орныңа қонжиятын күнім қараң қалды! Сені өлтіруге тапсырыс беріп едім, енді өзім өлейін деп жатырмын! Мен білсем, осының бәрі сенің әрекетің!
Олар мені тірідей ұстап алды. Ұрған жоқ. Кешірім сұрап, бірі мойнымдағы галстугыммен мұрнымды сүртіп, бірі үстімді қаққыштап, айдалада тұрған креслоға отырғызды. --Бұл не?—деп сұрадым шірене түсіп. Қанша дегенмен креслоның аты кресло, кәдімгідей рух береді екен. --Еврокресло,--деді қара көзілдірікті жігіт. --Болса қайтейін? --Айдалада кресло үстінде отырған қандай екен? --Жынды адам сияқты ... Ол қолындағы дистанциялық басқару пультіндегі бір түймені басып қалып еді, еврокреслосы құрғыр дірілдей жөнелді! Тістерім сақылдап, аузым ашылып жабылып, ішім солқ-солқ етіп, етпетімнен құладым. Сол құлаған күйі еңбектей қашып бара жатыр едім, алдыма біреуі талтайып тұра қалды. --Қайда?—деп сұрады сосын. --Бастық шақырып жатыр... --Оны тапсырыспен өлтірмек болып едіңіз ғой? --Кім айтты? Мансап үшін кісі өлтіруден тайынбайтын адам деп ойлауға ұялмайсың ба? --Отырыңыз... --Қайда? --Еврокреслоға. Еврокреслоға отырғаным сол, орнымнан атып тұрдым! --Ойбай! --Немене ойбай? --Құйрығыма бірдеңе кіріп кетті! Орындыққа қарасам, үшкірүшкір жіңішке темірлер шығып тұр екен. --Отырыңыз,--деп бұйырды анау. --Рахмет, осылай тұрған жақсы...
Олар мені күштеп отырғызды. Бір кезде еврокреслосы құрғырдың асты қызып кеп берсін! Құйрығым қайнап кеткендей болды. Әрең шыдап отырмын. --Қалай?—деп сұрады бетінде тыртығы бар бірі. --Ж-жақсы, жаным кіріп отырмын... --Тұрыңыз... Тұра бергенім сол, креслоның арқа сүйенер тұсынан бірдеңе сорайып шықты да, артымнан бір тепті. Есім ауып, құлап қалдым. Аналар тырқылдап күліп жатыр. --Жігіттер, мені жіберіңдер... Ертең жиналыс... Кәсіпкер туыстарың, достарыңның заңсыз әрекеттері болса да, тексерткізбеймін, қанша ақша берсе де, алмаймын... --Еврокресло маде ин шина!—деп күлді бірі,--бірақ Жапонияда жасалған, Қытайда құрастырылған. Қалай, ұнады ма? --Керемет екен! Сол екен, олар мені тағы да еврокреслоға отырғызды. Бір кезде екі жағынан пружина қолдар шыға келді де, бірі шапалақпен салып қалды. --Неге ұрасыз?—деп қалдым байқамай. Радио дауыс шықты: --Сенде патриоттық сезімнің жоқтығы үшін! --Мен патриотпын! Елімнің президенті Назарбаевты жақсы көремін! Тағы да шапалақ сарт ете қалды... --Президентті жақсы көрсең, кәсіпкерлерді аптасына алты рет неге тексере бересің? Тағы да шапалақ сарт ете қалды... --Сен парақорсың! Ақшаның, креслоның құлысың! --Қалай, ұнады ма?—деп сұрады сағыз шайнап тұрғаны. --Ұнамаса да ұнады... --Онда сізге сатамыз. --А-алмаймын...
--Онда сыразым атамыз... --Кешіріңіздер, сатып аламын! Қанша? --Немене қанша? --Бағасы... --Бір миллион доллар! Есеңгіреп етпетімнен түстім. Есімді жисам, гаражымның ішінде екенмін. Еврокреслоның үстінде отырмын... Сырғып түстім де, аяғымды еппен басып, тұра қаштым! Кресло көрсем, аллергиям ұстайды...
КӨЖЕ ІШІП КЕТІҢІЗ...
Итім ырылдап, өзім пырылдап ұйықтап жатқанымда, әйелім Әйгерім табанымнан қытықтап оятты... «Жаңа жылыңмен, Сіңірбай! Наурыз мерекеміз құтты болсын! Ауыл, аудан әкімдері үйлерді аралап, наурыз көже ішеді екен, тұрсаңшы!» Орнымнан ирелеңдеп тұрып, иір-иір бүйірімді тыр-тыр қасып қойдым. Терезеден далаға көзімді «лақтырып» жіберсем, әйелім үш аяқты темір ошаққа қазан қойып, наурыз көже пісіріп жатыр екен... Сілекейім қыдырып келсе де, жұтынған жоқпын, ауылдың жағдайын білесіз бе, білмейсіз бе, сылдыр су ішіп, шандыр шайнап жүрген жайымыз бар, жапырақтан қайнатқан шайымыз бар, табағымыздың түбінде жылтырап жатқан майымыз бар, үкімет ауылға қаржы бөлсе, толтырып алатын ұртымыз бар, жүрек талып бара жатса, сора қоятын құртымыз бар... --Наурыз көжеде жеті түрлі нәрсе болуы керек,—деп мұңайды әйелім. Сосын күрсінді. Күрсініп еді, итім де басын салбыратып, күрсінгендей, «сендер беретін тамақ та жоқ», --деп, жағдайымызды түсінгендей дыбыс шығарды. --Қазанда не бар?—деп сұрадым мен. --Су. --Су саналмайды ә? --Саналмайды...
--Суға су қоссаң... Бір... --Жеті рет су қосып қойғанмын... --Екеуміздің пенсиямыз қайда кетті өзі? --Үкімет бес теңге қосқан пенсияң қалада оқып жатқан балаңның оқуына да жетпеді... --Осы Америкадағы зейнеткерлер алатын пенсиясын қалтаға басып, курорттарға кетеді екен... Қандай көп десеңші! Біздікі жалауға жетпейді... --Наурыз көже пісіріп жатырмын. Не қосайын?—деп қиылды әйелім. ---Бір тамшы көз жасыңды қос. --Қазанға су құйып жатқанымда, көңілім босап, бір тамшы жасымды қосып қойғанмын... --Бәріміз жер басып жүрміз. Шіренген байлар да, шенеуніктер де. Жер— қасиетті ұғым, ендеше, бір уыс топырақ сал. Әйелім қайнап жатқан суға бір уыс топырақ салды... --Тағы не қосайын? --Жапырақ қос, исі жақсы болады. --Ал, қостым. Екеу болды. --Мына білезігіңді қос. Наурыз көжеміз қазақыланып, әшекейлене түседі... --Сенің кебісіңді турап жіберейін де? --Жоқ. Резеңкенің исі жаман болады. Дәмі жоқ... Бір кезде алдында ауыл әкімі, соңында өзге нөкерлері бар аудан әкімі Қаржыбай Жепқойғанов кіріп келе жатыр ауламызға! Құрақ ұшып қарсы алдым. --Мерекелеріңізбен! Наурыз құтты болсын!—деді аудан әкімі. --Ақ мол болсын!—деді ауыл әкімі. --Сиырымыз қыста шөп болмай, ауыр науқастан қайтыс болып кеткен... ақ мол болмай тұр,--деп міңгірледім мен... --Ақсақалға жайылым жер беріп пе едіңдер?—деп сұрады Жепқойғанов.
--Бергенбіз... --Ия, берген. Өзеннің астындағы жерді пайдалана алмай жатырмын... --Шал, наурыз көжеге не қосайын?—деп кемсеңдеді кемпірім. --Ауыл әкімінің майланып кеткен бір жамбасын кесіп қос, аудан әкімінің ауыл тұрмысын көре алмайтын көздерін ойып, майдалап тура... Орынбасарының есеппен еститін құлақтарын қос. Аудандық мәслихат хатшысының қалың бетінен кішкентай кесіп ала ғой... --Енді біреу ғана қалды... Жеті нәрсе болу керек қой,--деген кемпірім пышағын қайрай жөнелді. --Кәсіпкерліктен келген, беретін жеріне беретінін берген, енді сол бергенін жинап жүрген, халықты сүлікше сорып, қинап жүрген кеуекбас аудан әкімінің басын ас! Ертегі кейіпкерлеріндей есемізді жібермейік! –дедім мен. Бір қарасам, аудан әкімі де, ауыл әкімі де безіп қашып барады екен. --Әй, әй, ойнап айтамын, көктемнің көтерем көжесінен ішіп кетіңіздер!—деп айқайласам да, арттарына қарар емес... «Бар, шақырып кел, нан ауыз тисін!» десем де, кемпірім қитығып, барар емес... Айтпақшы, Наурыз мерекелеріңізбен, жамағат! Біздің үйден көже ішіп кетіңіздер!
ТҮРМЕДЕГІ ТОЙҒА ШАҚЫРАМЫН!
Көшеде ышқырымды көтеріп қойып, ысқырып келе жатыр едім, сыныптасым Далабай кездесіп қалып, таңдайы тақылдап, екі көзі жерге түсіп кете жаздады. --Сужұқпас, неғып жүрсің?—деп сұрады ол. --Неғыбы несі? Қыдырып жүрмін... --Өй, сен түрмеде емес пе едің? --Ия. --Ия болса, мына жүрісің не? --Таза ауа жұтып...
--Сен адам өлтірген қауіпті қылмыскер едің ғой... --Қазір қауіпсіз қылмыскермін... --Айтпақшы, сені «баран» болды деп естідім? --Баран емес, барон болдым, барон! Есірткі бизнесінің қожайынымыз! --Сен өзі түрмеден байқамай қашып кеткен жоқсың ба? --Қашқаны несі? Түрме--өз үйім, өлең төсегім...—дедім мен маңғазданып. --Бетіңдегі тыртықтарың құтты болсын! --Бетте бесеу, арқамда алтау, желкемде жетеу, тіземде төртеу. --Ойбай! --Немене ойбай? --Енді байқаппын, мына арқаңа қадалған пышақты... --Бизнес әлемінде қылмыс қатар жүреді, бауырым. Лауазымды қызметте отырған нашақор мен наркобаронның кислородын жауып тастап едім, адам жұмсап, арқама пышақ салдырды. --Байқаусызда ғой? --Ия. «На память» деп дәрігерлерге алдырған жоқпын. --Сұққанннан кейін суырып алмайды ма? Әп-әдемі пышағын ұмытып... --Суырса, ауа кетіп, өлемін. --Ойбай суырма, киіміңді іліп қоярсың жүдә болмағанда... --Ақылыңа рахмет. --Қартайған әке-шешеңе көмектесіп тұратын шығарсың?—деп сұрады ол. --Әрине. Өткенде ғана бес кило геройн жібергенмін. Станцаға апарып, тиісті адамдарға сатады... --Адам болмайсың ба? Ұят қой енді мына тірлігің...—деп күмілжіді ол. --Мен емес, мына сен адам емессің! Түріңе қарашы? Ертең өлетін сияқтысың. Шалбарыңды балақтарынан кесіп, шортик етіп киіп алыпсың. Астыңда машинаң да жоқ. Ал, есірткі бизнесінің арқасында талай шенеуніктердің балалары бір миллион доллар тұратын «Ягуар» машинасын мініп жүр... Ал
сен түрмеге түскеніме құтты болсын айтып та келмейсің. Сыныптас дейді-- ау сені де... --Өй, маңдайыңа көк сиямен не деп жазып тастағансың?... --Татуйровка ғой. «Тәуелсіздік» деп жазылған. --Саяси тұтқынсың ба не? --Жоға, бір кезде осылай жазып жағымпаздансам, кешірімге шығамын ба деп далбасалағанмын. Енді керегі жоқ... --Қалай? --Түрме бастығымен келісіп, түрменің ортасына жекеменшік казино салдырып жатырмын. --Жағдайың жақсы екен. Үйлендің бе? --Прокурордың қызына үйленейін деп жатырмын. Құдай қаласа, күзде тойымыз өтеді. Келсеңші, зек қыздармен танысасың. --Сужұқпас, маған қарыз ақша бере тұршы...—деп қиылды Далабай. --Базар жоқ. Мә. --Бұл не? --Геройн ұнтағы. Ол жан-жағына қарап алып: --Мұны қайтемін?—деп сұрады. --Менттерге сатасың... Қуанып кеткен ол бетімнен сүйіп, көшеде кетіп бара жатқан бір ментті тоқтатты. Екеуі күбір-күбір, жыбыр-жыбыр сөйлесіп жатқан. Бір кезде мент оның қолын қайыра бастады. Одан сытылып шыққан сыныптасым менің арқама келіп тығылды. --Қане, сатып алады дегенің? Адам емес екенсің ғой! «Ақша бер десем, статья беремін» деп тұр мынауың!—дейді қалшылдап. --Ештеңе етпейді,--дедім мен оның арқасынан қағып,-- түрмедегі тойымда асаба боласың!
Сыныптасымның қолына кісен салынды. Байғұс жыламсырап, рация арқылы шақырылған менттердің арасында мүсәпір болып барады... Күшік десе... Айтпақшы, бәріңізді түрмеде өтетін тойыма шақырамын!
ЖИРИНОВСКИДІҢ ЖЫНЫ КЕЛДІ!
Құдай-ау, күні кеше ғана күшене-күшене кеңірдегі тесіле жаздаған «жынды» Жириновский, ия, ия Ресей думасы төрағасының орынбасары Владимир Жындовский топан судың үстінде ағып барады! Мәскеуде жердің «қытығы» келіп, қатты түшкіріп салуының әсерінен Ресей өзендері кемерінен асып, жер бетіне жайыла бастаған еді... Жириновскии байғұс бөрененің үстінде шоқиып отыр. Сонадайдан ағып келе жатқан бірдеңені көзі шалды. Жақындағанда байқады, креслосымен ағып келе жатқан Ресей президенті Медведов екен. --Дми-Дми... Дмитрий! Құтқара гөр мені!—деп айқайлады бұл. --Атаңа нәлет десе!—деп тістенді президент. --Өй, президент деген балағаттамайды... --Иттің баласы десе! Нең бар еді, күліп? --Күлеміз ғой, енді үрмейтін шығармыз? --Сен күліп те, үріп те жүрсің! --Не істеп қойдым соншама? --Жапония елі жер сілкінісінен, цунамиден он мыңдаған адамынан айырылып, қайғы жұтып отырғанда, «ойбай, сол керек өздеріне! Куриль аралдарын түстеріңде көресіңдер енді! Өліңдер, қырылыңдар!» деп теледидардан сөйлегенің не? --Сөйлесе ше? Батыс Қазақстан Ресейдікі деп те жүрмін, онда тұрған не бар? --Естіп қойды... --Кім? --Құдай. Сөйтіп біздің елге топан су жіберіп отыр, есалаң!
Төбеден тікұшақ көрініп, президентті арқанмен тартып алып кетті. Жындовский ұмтылып еді, Медведов тілін шығарып, мазақтаған болды... Енді қайтті? Қарны да ашып барады... Қайран Қазақстаным-ай... Сонда туылдым, сонда өстім, бір үзім нан бере гөр... Сонадайдан стол ағып келеді. Үстінде біреу отыр. Жәй отырған жоқ, бутерборд жеп отыр. Жақындағанда барып таныды, Ресей премьер-министрі Путин екен... --Дай хлеб, кусок...—деп тамсанды бұл. Бөрене толқынмен ағып, оған жақындады. --Атауыңды же...—деді анау. --Өй, сендерге не болған? Мен ұлы Ресей мүддесі үшін... --Құдай қылығыңды кешірмеді... Сенің кесіріңнен кабинетімде отырған күйі ағып келемін! --Кешіріңіз... --Не жынды емессің, не сау емессің! --Біз қайда ағып барамыз өзі? --Жапонияға! --Өлә-ә... --Бәлә-ә... Тік ұшақ көрініп, Путинді де алып кетті. Жындовскидің жыны келді. Ағысы қатты толқын мұны тұншықтыра жаздады. Сол аққан күйі Жапония жаққа барып тоқтады. Аш. Әлі жоқ. Әшейінде әйелінен басқа ешкімді құшақтамайтын ол бөренеге жатқан бойы құшақтап алыпты... Жағаға келіп тіреліпті бөренесі. Жыртитып, көзін ашса, Жапония премер-министрі Наото Кан қолын созып тұр екен... Мұның бар айтқаны: «Братан, дай сто грамм...»
ОБАМА, О, ОБАМА! (Саяси сатира) Шәй, шәй ішсең, көңілің жай... Сайлауда жеңіске жеткен Елбасымыз Америка президенті Барак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Анатольевич Медведовті көк шәй ішіп кетуге шақырды. Шынымды айтсам, Назарбаевтың күзетшісі болып жүріп, Обаманы тірідей бірінші рет көруім. О, Обама, Обама! Қазақтың қара торы жігітіне ұқсайды
екен. Жүдә жайдары. Біреу табанынан қытықтап жатқандай, ыржалақтап күле береді. Оның қасында Медведов бұғының сирағын жұтып қойғандай, бұйығы отыр. --Ыржалақтай бермей, тыныш отырыңызшы!—деп қалды Дмитрий Анатольевич Обамаға жақтырмай қарап. --Пардон, не болып қалды? --Нұрекеңді құттықтамаймыз ба? --А, ия, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырза, құттықтаймын! Керемет! Окэй!—деп бас бармағын шошайтты Обама. «Обаманы бір көрейінші, Обаманы бір көрейінші!» деп қоймаған соң, «Аттан» қоғамдық қозғалысының лидері Амантай қажы осы дастарханға қатысып отырған. Шәйден бір ұрттай беріп, Обамаға ала көзімен бір атты да: --Оңбаған бала екенсің!—деп қалды. Назарбаев ыңғайсызданып: --Кешіріңіз, сізге тегін бата беріп жатыр,--деп жуып-шайды. Қазақшаны шала-шарпы білетін Обама жымиып, қымыздан сіміріп салды. --Әй, Обама!—деп дауыстады Амантай қажы тағы да,--сен президенттікке сайланарда мен қалай тілектес болдым десеңші! Түнімен ұйықтай алмай шықтым ғой! Біле білсең, сен менің арқамда президент болып отырсың! Құдай тілегімді қабыл етпегенде, америкаңда арқаңды тыр-тыр қасып, насыбай атып отырар ма едің? Бір шәйға шақырмадың ғой! Кофе, кокакола бермедің ғой! Адам емес екенсің! Сендерде сұрқия саясат! Назарбаев ым қағып еді, мен нөкерлеріме көзімді қыстым. Күзетшілер Амантай қажыны орнынан көтеріп бара жатты. Сонда да сөйлеп болар емес: --Обама! Ақ Үйдің араласпайтын жері жоқ екен! «Атом бомбасын іздейміз» деп Иракты «құшақтадыңдар». Ауғанстанды пышақтадыңдар! Атаңа нәлет Каддафи өз халқына өзі оқ атты. Осыны желеулетіп, Ливияны тұмсықтан ұрып жатырсыңдар! «Қой» дегенге қоймаған, «қой» дегенге зар болады... --Не деп жатыр? Бірін түсінсем, бірін түсінбедім?—деп сұрады Обама. --Сізді осында келуіңізбен құттықтап жатыр,--деді Медведов. --Ашулы ғой? --Ол ашуланып құттықтайды. Стилі сондай,—деді Назарбаев. Ет желініп, қымыз ішіліп болған соң, Обама балық аулағысы келді. Үшеуі қармақ салып, Каспий теңізі жағалауында отыр. Депутат жағымпаздар су астында жүзуге арналған киімдерін киіп, теңізге құлады да, президенттердің қармақтарына балықтарды іліп отырды. --О-о, бұл не? деп таңырқады,--Обама. Оның қармағына «балық іліккен», бірақ, балықтың басына кішігірім тақия кигізіп, оны шандып байлап тастапты. --Қазақы тақия,--деді елбасымыз.
--Мафия что ли?—деп қалды аң-таң болған Медведов те. --Тақия. Тюбитейка... --Қазақ қонағына өте кең пейілді. Балықтарымызға дейін ұлттық-дәстүрді сақтайды...—дедім мен. Күзетші мұндай жерде тым-тырыс тұру керек еді, шыдамадым. Жағымпаздар тым қызып кетсе керек, Медведов қармағын тартып қалғанда, оған қақталған балық ілікті. Медведовтің көздері жерге түсіп кете жаздады. Елбасыға қарады. Қашанда, жайдары жүзді Елбасымыз масаттанып: --Дмитрий Анатольевич, біздің қазақы балықтар бір мезгіл жағаға шығып, күнге қыздырынып жатады. Мынау қатты қыздырынса керек, сыра ішкенде жақсы,--деді. Медведов басын шайқап, балықтан бір тістеп, сыраны басына төңкерді. Шымкент сырасын. Біздің президент те қармағын тартып қалған. Балық орнына еліміздің көк байрағы ілініп шыға келді... --Қазақстан Африкада да Қазақстан!—деп көтеріңкі дауыстады президент. Жаса, Қазақстан!
ӘКІМДЕР ДЕ ЖЫЛАЙДЫ...
Іштерің күйсін! Іштерің күйсе, дастарханға бір шелек тұз төгіп, жалай беріңдер! Мен әкемнің арқасында әкім болдым! Анау мынау емес, аудан әкімі! Бұрынғы аудан әкімі кабинетіндегі креслосын құшақтап, еңіреп жылады. Қимай тұр. Сосын көз жасын сүртіп, маған қарады да: --Саған үш хат тастап кетемін. Тек қиналғанда ғана біртіндеп ашарсың...-- деді өксіп. Мен оған «Арты қайырлы болсын, тек саунада кездесейік!»-- деп көңіл айттым. Бұрынғы команда да: «Ой, бауырымдап!» жылап, экс әкімді құшақтап, енді бірі ішінен «пышақтап», қоштасып жатты. Қызметтен кету (егер өспесе) өліп қалғанмен тең екен-ау! Мені таныстыруға келген облыс әкімі құран оқымағанда, кабинетте жылап тұрғандар жұмыртқа жеп отырғандай жым-жылас болмас еді-ау! Өтірік жылап тұрған аппарат басшысы алақанын жайып: --Я алла, бұрынғы әкіміміздің жүрген жері жайлы болсын, қазіргі әкімнің ішкенжегені майлы болсын! Әумин!»--деп бата берді. Облыс әкімі бұрынғы әкімнің көз жасын қолымен сүртіп: --Біз саған ризамыз. Мына креслода отыра бердіңіз, отыра бердіңіз, еш далаға шықпадыңыз... Жұрт сияқты параны жариялап емес, құпиялап алдыңыз. Рахмет сізге!—деді. Ол есіктен шығып бара жатып, көңілі босап кетті ме,
қайтадан аңырай келіп, креслосын құшақтай алды. Жұрттың бәрі жылады. Қайран кресло, сен осыншама құдыретті ме едің? Әкімдік деген рахат жұмыс екен. Түк қиындығы жоқ. Қызметке келесің, отырасың, хатшы қызға көзіңді қысасың, бөлім басшыларына:«тыныш отырыңдар, шуламаңдар!» деп ұрсып қоясың. Бір күні әкімшілік алды азанқазан болып кетті. Сөйтсем, менің жұмысыма наразы халық екен. Қиналып кеткендіктен, баяғы әкім беріп кеткен хаттың бірін ашып оқыдым, онда: «Халыққа құрғақ уәдені үйіп-төге бер!» деп жазыпты. Қуанғанымнан қойнымда қырық қыз жатқандай атып шығып, ой уәдені үйіп төктім дейсіз! Халық риза, мен риза. Бірақ бір ай өтпей жатып, халық тағы жиналды. Екінші хатты оқып шықсам: «Бұрынғы әкімді жамандай бер!» деп жазыпты. Халық алдына шығып: --Бұрынғы әкімнен қалған мәселелерді шешемін деп, шашым ирек-ирек болып кетті! Не деген оңбаған адам еді? Қатын екен ғой!—дедім. --Сенің де уәделерің құрғақ!—деп қалды біреу. Мен әлгі кісіге бір шелек су шашып жібердім. --Мұныңыз не, әкім мырза?—деп сұрады ол. --Сулы, дымқыл уәде ғой..—деп ыржидым мен. Әкім болған рахат екен! Кабинетіңде не істесең де өз еркің! Өйеба-ай, алақаным қыши беретін болды. Қасимын келіп, болмайды. Аппарат басшысы да қасып кетті. Қыши береді. --Сізге пара алмасаңыз, ауырып қаласыз,--деді ол жаны ашып. --Ел-жұртқа «негр бет» болғым келмейді! Әдейі «көз қылып» айтқаным ғой. Бірақ айтқан жерден аулақ деп, екі қолымды артыма қайырып, оны әйеліме «скотчпен» айналдыра жабыстырып алып жүретін болдым. Пара алып қалмас үшін... Мәжілісте де, үйде де солай жүремін. Хатшы қыз тамақтандырады... Қолдарым қайырулы ғой... Содан бір күні біреу «жер керек еді»» деп бір миллион теңге бермек болды. Қиналып кетіп, үшінші хатты хатшы қызға бердім. «Ағай дейім, ағай, ұялып отырмын...» дейді. «Оқышы!» «Қойшы ағай, ұяламын!» «Менде бет жоқ, оқы!» Өзім оқысам: «Пара беруші келсе, бір жеріңді қысып отыр!» деп жазып қойыпты! Оның несі ұят? «Бір жерің» дегені-- көзіңді қысып, «Мақұл, осы жолы ғана алайын» дегенің... Қуанып кетіп, әкімшілік күзетшісіне туфлиімді, шұлығымды шешкіздім. Пара беруші келді. Ақшаны аяғыммен,
башпайларыммен қысып алдым! «Бұл параға жатпайды, мені Құдай атпайды» деп отырғанымда финпол жігіттерінің кіріп келмесі бар ма! Еңіреп жылағаным-ай! Олар да жылап, қолыма кісен салды. Қазір түрмеде жылап отырмын... О, әкімдер, сіздерге төртінші хат тастаймын, қиналғанда ашып оқыңыздар! Не деп жазсам екен ә?
ДАСТАРХАН МИНИСТРІ БОЛСАМ...
Аң біткен «адам болсам ғой!» деп армандай алмайды. Ал, адам армандайды. Менің де арманым Дастархан және халық министрі болу... Әзірше вице министрмін... Қолдаушы, қорғаушы руласым түшкірген сайын өсіп келемін. Былтыр ғана қатты түшкіріп еді, осында топ ете қалдым. Тағы бір түшкірсе министр боламын ба деп жүргенімде, қолдаушым әрі қорғаушым былтыр қыста суықтап қалып, түшкіре-түшкіре басын қатты бір затқа ұрып алыпты да, қайтыс болып кетті... Енді маған «түшкіретін» адам жоқ. Жаным жабырқап, таңдайымды тақылдатып отырғанымда, министр кабинетіне шақырды. «Тықыр таянған екен...» деп томсырайып кіріп едім, менен кейінгі орынбасары Омпай Томпай да отыр екен. --Сендерді шақырған себебім, екі-үш айдан кейін «отставкаға» кетемін...— деді министр күрсініп. --Кетпесеңіз жақсы болар еді...—деп қалдым мен. Ішімнен «Кетпесең, кетпен таудан асып кет, алдыңнан албасты шықса, шетелдің біріне қашып кет!» деп ойладым. --Зейнетке шығу жөнінде Елбасыға арыз беремін. Сондықтан, екеуіңнің біріңді орныма қалдыру жөнінде ұсыныс айтамын. Ол үшін екеуің де ауылдарыңа барып, үш ай қой бағасыңдар... --Қой?—деппін мен. --Қой, қой. Қоян емес... --Қой баққанды жақсы көремін. Қой деген қой ғой. Қойдың жүні болады...— деппін сасқалақтап. --Қойдың жүні болмағанда, жапырағы болады деп пе едің?—деген министр мұрнын қаламсабымен шұқылады. Әлі ауыз ашпаған Омпай Томпай:
--Қой бағуға әзірмін...—деді. --Мен де әзірмін. Бірақ бір отар қойды қайдан аламын? --Бір қойдан ғана бағасыңдар. Үш айдан кейін ауылдарыңа өзім барып тексеремін. Қайсыңдікі көңілімнен шықса, соны министр етемін. Елбасыға ұсынамын. Қойды тек өздерің бағасыңдар! Өзбек жалдап жүрмеңдер! Министрдің кабинетінен билеп шығайын деп едім, жұрттан ұялдым. Қуанғаным соншалық, ішімдегі ішектерім ирелеңдеп билеп жатқан сияқты. Омпай мырзаға қарасам, баяғы сабырлы қалпы. «Қой көрмеген қуалап өлтіреді» деген. Е-е, әсфәлттің шетіне туылған бала қой бағып жарыта ма? Министр кетерінде қойдың басын мүжіп кетпекші екен ғой? Орынбасарларынан. Жүн, жүн... Ой, жөн, жөн...» деп күбірлеп алып, әйелімнен, балашағамнан, Астанадан уақытша «отставкаға» кетіп, ауылыма келдім. Біздің Дастархан министрлігі халықтың әл-ауқатын жақсартуды жоспарлайды, елу елдің қатарына ілігеміз деп жүрсек, ауылымды көріп, көңілім жүдеп кетті. Адамдары арық, жегендері вермішел. Қолымды бір сілтедім де, қарт әкешешемнің бойдақ қойын әуелі моншаға апарып, шампунмен шомылдырдым. Мен шомылдырған жоқпын, жеңгелерім көмектесті. Қой екеуміз жарты саған парда (бухана) отырдық. Ауылдың шаштаразысын шақыртып, жүнін жұқартқыздым, сәндеткіздім, төбесіне жүн кекіл қойғыздым. Аяғына алтын сағат тақтым. Ауыл дастарханы жұпыны болса да, қойымның алдына дастархан жайып, жоңышқа салдым. Жемдедім. Жемге уылдырық қосып берсең, көздері жайнап кетеді екен қой жарықтықтың да... Таңертең тұра салып, жүндерін тараймын, күн санап семіріп келе жатқанын көріп, тамсана қараймын. Тұяқтарына алтын жалатылған тұяқ төпли кигізіп қойдым, қанша дегенмен вице-министрдің қойы ғой! Кірпіктерін жеңгелерім қара тушпен бояп, құлақтарына алтын сырға таққанда, менің қойым «модельер қой» болып шыға келді! Күнде кешке қойымды жетектеп, серуенге шығамын. Бұтына памперс байлап қойдым. Сирағын садыралатып алмас үшін. Құмалақтарын санап алып, сайға лақтырамын. Үш ай дегенде менің қойым сеп-семіз болып шыға келді! Құйрығын көтере алмайды. Адам көрсе, қуалап сүзетінді, еркелеп, шалқасынан жата қалып, аяқтарын тырбаңдататынды шығарды. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген өтірік екен! «Мә-ә-ә!»деп маңыраудың орнына кісімсініп, ой, қойсымсынып: «Іммм... ө-ө-ө!» деп қояды. Сөйтіп жүргенде, ауылға министрдің өзі келді. Жік-жапар болып, күтіп алдым. Алдыңғы аяқтарын көтеріп, амандаспақ болған қойыма қайырылып қарамастан, тым болмаса «сәлемет пе ауыл?» деп амандаспастан, көңілі көлеңке болып, Омпай Томпайдың ауылына кетті. Мені де жабыстыра кетті.
Келдік, көрдік. Омекеңнің қойын көрсең, қытығың келеді! Басын әрең көтеріп тұрған ары-ық, қабырғаларын санап шыға аласың. Жүндері албажұлба... «Қайыршы қой сияқты!» Осы қойды көрген министр қуанып: --Менің орныма министр болуға Омпай Томпай лайықты екен! Халықты осылай басқару керек!—дегені... Мына сөзді естігенде, үсті-басыма қойдың жүні шығып кеткендей, бет-аузым жиырылып қалды... Әлі солай...
БҰЛАРДЫ АДАМ ДЕЙДІ...
Ертегі дейсіз бе, жоқ әлде «ақырзаманның» ертеңі дейсіз бе, өзіңіз біліңіз, иманымыз иістеніп, жемқорларымыз көрінгенді кеміріп, арықтарымыз семіріп, семіздеріміз жарылып жатқан соң, жаратқан ием, бәрін керісінше жасай қо鬬ды... Аң біткенге жердегі жыбырлаған жануарлар мен қыбырлаған құрт құмырысқаларға дейін қазақ тілі бітіп, аудан әкімдіктеріне тышқандар, облыс әкімдіктеріне түлкілер қонжиған заман болды. Бір күні жолбарыс өзінің курстас досы пілді ертіп, адам бағына барды. Темір торларда адамдардың неше түрі бар еді. --Мынау немене?-деп сұрады піл досынан. --Адам. --Қызық екен. Не ішіп отыр? --Адамдардың ертеден келе жатқан негізгі қорегі—арақ екен. Бұлар ауыл, қалаларды мекендеп жүріп, арақ ішкен, сыра сылқитқан. --Ананы қара! Бірдеңе жазып отыр! --Ол—арызқой адам. Жер бетінен жойылып бара жатқан жалғыз арызқой адам осы... Жаратқан иеме арыз жазып жатыр дейді... --Мыналар не істеп жүр? --Е, досым, бұл адамдар «оңтүстік қазақтары» деген тұқымнан. Көрмейсің бе, тор ішінде той жасап жатыр... --Мына бір адам мойнына галстуг тағып алыпты... --Орыс тұқымынан. Бұдан жүздеген жылдар бұрын Ресей ормандарын, қалаларын мекендеген дейді. Ресейдің соңғы президенті екен. --Палау жеп отырған адамды қара! --Өзбек президенті Ислам Каримов деген адам. Мұсылман болса да, қазақ тұқымдастарға тыржиып қараумен өткен дейді... --Темір тордың ішінде жалау, ту көтеріп отырғандар ше?
--Қырғыздар деген көтерілісшіл адамдар... --Ұят-ай... ұялы-ып барамын... --Неге? --Баяғы заманда «Жезөкшелер» деген ұрғашы адамдар тайпасы өмір сүрген дейді. Олар түнде ғана өмір сүріп, күндіз «өліп» отырған. Көшелерді, қонақ үйлерді, сауналарды мекендеген. Мына торда ағылшын, америка, қытай жезөкшелері. --Ия, біреуі төсін төгіп, сағыз шайнап тұр. Тісін ақситқан адамды қара... --Е, ол қанішер қылмыскер адам. Баяғыда адамдар біздерді ғана емес, өздерін де аяусыз өлтіріп отырған... Мына адамды көрдің бе? Бұл адамдардың соңғы парақоры. Қасында прокурор, сот... --Анау саусағын сорып отырған ше? --Е, ол бұрын МАЙ инспекторы болған дейді... қазір торда түнеріп, саусағын ғана сорып отыр ғой. Сыртқа шықса, сені де сора салады... Піл «шлангісінің» ұшына ақша қыстырып, оған беріп еді. тордағы МАЙ инс¬пек¬торы ақшаны қағып алып, қалтасына сала қойды... --Мынау кім?—деп сұрады піл. Жолбарыс торға ілінген жазуды оқыды: «Адамдардан қалған соңғы долы қатын...» Әйел бұларды қарғап сілеп жатты: «құдай бар болса, құйрықтарың қырқы¬лып, жапырақтай құлақтарың жыртылып, көздеріңде гранат жарылып, мұрын¬дарыңның ішінен мұнай ағылып, төрт аяқтарың аспаннан келсін, жейтін бірде¬ңе лақтырсаңдаршы!» Жолбарыстың жүні жығылып, піл оның «қолтығына» тығылып, адам бағын¬ан кеш шыққан олар жол-жөнекей әңгімелесіп барады: --Біздің көргендеріміз адам еместер ғой... ал, осылардың кесірінен аңға айна-лып кеткен нағыз адамдар тауда «жайылып» жүр... --Бұрынғы адамдар министрлікте отырған қазіргі маймылдарға ұқсайды екен...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру