TELEGEI

Home

Азат қозғалысы және Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірінің тарихы

Есбол Өміржанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Азат қозғалысы және Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірінің тарихы

Монографияда Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірінің өзекті мәселелерінің бірі – ХХ ғасырдың соңында пайда болған Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы ұсынған саяси-құқықтық ой-пікірлердің туындау себептері мен олардың қалыптасып, даму ерекшеліктері қарастырылған. Сонымен қатар, автор кеңестік ...

Өміржанов Есбол Тоқтарбайұлы. Азат қозғалысы және Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірінің тарихы

КІРІСПЕ

Ұлт болашағы жолында жан аямай күрескен азаматтарға

деген үлкен құрметпен ұсынамын.

(Автор)

Оқырман назарына ұсынылып отырған ғылыми зерттеу жұмысы ХХ ғасырдың 90-шы жылдары саяси аренада өзіндік орын алып, жаңаша бағыттағы демократиялық, прогрессивтік саяси-құқықтық идеяларды қалыптастырған Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысына арналады. «Қайта құру» кезеңінде пайда болған өзге де саяси ұйымдармен қатар Азат қозғалысы да Қазақстанның дербес саяси-құқықтық ой-пікірінің қалыптасуына ықпал етті. Жұмыста Азат қозғалысының мемлекеттің басқару нысаны, құрылым нысаны, саяси режим, сондай-ақ құқықтық мемлекет, ұлттық заңнама, азаматтық қоғам мен адам құқықтары және өзге де күрделі мәселелерге қатысты ұсынған саяси-құқықтық ой-пікірлеріне талдау жасалады. Зерттеу жұмысында автор қазақ халқына қатысты Кеңес өкіметінің орнаған уақытынан бастап кейінгі жетпіс жыл бойы ұстанған біржақты саясатына, оның салдарларына және қазақ халқының бостандыққа жету жолындағы күресі мен осы күреске негіз бола білген саяси-құқықтық идеяларға тоқталып, қозғалыс ұсынған идеялардың одан бұрын тарихта болған саяси-құқықтық ой-пікірлермен байланысын мұқият зерделеуден өткізеді. Сонымен қатар Азат қозғаласының құрылуының себептері нақты мәліметтерге сүйене отырып талданады, қозғалыстың атқарған істері мен ұсынған идеялары, қозғалыс тарапынан ұсынылған үлкен мәні бар мемлекеттік-құқықтық құжаттар жобалары ғылыми тұрғыдан талқыланады. Жетпіс жыл бойы әлем мемлекеттерінің екі саяси жүйеге бөлініп, бәсекелесе дамуының себепшісі болып, социализм идеясының өзгеше кейіпте тәжірибеге асуын қамтамасыз еткен Кеңестік империяның ыдырауы қарсаңында саяси сахнаға еніп, қазақ халқының ұлт ретінде өзін-өзі билеу құқығының барлығын көлденең тартып, тәуелсіздік идеясын Қазақстанда тұңғыш болып көтерген Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы, оның ұсынған саяси-құқықтық идеялары арнайы тарихи-теориялық зерттеуді талап етеді. Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдары жаңа бағыттағы идеялардың көптеп туылған кезеңі болды, соның нәтижесінде саяси-құқықтық ілімдер жаңа деңгейге көтеріліп, мемлекеттің өзгеше даму жолының алғышартын жасай алды. Ойлау еркіндігіне жол берілген осы кезеңде ұлт зиялыларының ұлттық құндылықтарды қалпына келтіру, ұлттық негіздегі мемлекеттілікті қайта жандандыру мәселесін көтеруі заңды да еді. Одақтың әр қиырында өмірге келіп, әртүрлі бағыттағы идеяларды көтерген ұлттық қозғалыстардың барлығының ой-пікірлері бір мәселеде, яғни, ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізуде қабысып жатты. Өйткені ұзақ жылдар бойы жүргізілген күштеп ұлтсыздандыру саясаты халықтың ұлттық бостандыққа деген құлшынысын мұқалта алмаған еді. Кеңестік режим жүргізген солақай саясат салдарынан өз жерінде азшылыққа айналып, өгей баланың халін басынан өткерген қазақ халқының ұлтшыл азаматтары жаңа жағдайда ұлттың демократиялық жолмен өз жоғалтқандарын қайтарып, ұзақ жылдар бойы арман болған ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізе алатындығына сенді. Осы сенім нәтижесінде ұлттық мүддені көздеген Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы өмірге келген болатын. Азат қозғалысы Қазақстандағы тоқсаныншы жылдарда орын алған демократияның көрсеткіші болып табылатын көптеген саяси, дербес бағыт ұстанған ұйымдардың бірегейі болып табылады. Бүгінгідей демократиялық қоғам құрып жатқан мемлекетіміздің сол демократиялық бағытының алғашқы қарлығашы бола білген Азат қозғалысының өзіндік ерекшеліктері, ол өмір сүрген кезеңнің өзіне тән өзгешеліктері, сондай-ақ қозғалыс көтерген мәселелердің өзектілігі зерттеудің мәнділігін арттыра түседі. Азат қозғалысы сол кезеңнің прогресшіл, ойлы азаматтарын өз қатарына жинау арқылы тәуелсіздік, мемлекеттің саяси режимін өзгерту, мемлекеттің экономикалық даму бағытын ұйымдастыру, ұлттық мемлекет қалпы, ұлттық құндылықтарды қалпына келтіру, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам, адам құқықтары, ұлттар достастығы, мемлекеттің сыртқы саясатына қатысты және өзге де құқық және мемлекет жайында прогрессивтік ой-пікірлер тудырып, олардың өмірге енуі жолында қызмет жасады. Аталмыш идеяларды Азат қозғалысы өзі құрылған күннен бастап қолдап, өз тарапынан әртүрлі құжаттар жобасын жасап, оларды халық талқысына ұсыну арқылы қоғамда кең тарауына ықпал етті. Қозғалыс өзінің алғашқы құрылтайы болған 1990 жылдың 31 шілде – 1 тамыз аралығында өз құрылтайшылары назарына үш бірдей құжат жобасын ұсынды, олар: Қазақстанның егемендігі туралы декларация жобасы, Азат қозғалысының жарғысы және бағдарламасы. Бұл өз кезегінде саяси сахнаға байсалды саяси ұйымның келгенінің дәлелі болған еді. Қозғалыс қазақ тарихындағы 20 ғасыр басында патшалы Ресейдің дағдарысқа ұшыраған кезеңінде қазақ халқының империя құрамынан автономия құрып, бар қазақтың басын біріктіру арқылы бодандық құрсауынан шығуды көздеген Алаш қозғалысынан кейінгі қазақтың дербес мемлекеттілігін көксеген екінші саяси ұйым болды. Сондай-ақ қозғалыс алғаш рет қазақ жерінде өзге ұлттардың құқықтарына шек келтірместен ұлттық мемлекет құру идеясының жаршысы бола білді. Азаматтық қоғам құру, кеңестік режим жүргізген адамға қарсы саясаттың салдарын жою, адам құқықтарының мемлекетте қамтамасыз етілуі, жалпы ұлттың құқығы мен адам құқығының ара қатынасы, ұлттар бостандығы, олардың жоғалған құндылықтарын қалпына келтіру сияқты күрделі мәселелер қозғалыстың басты назарында болды. Құқыққа қатысты жаңашылдық, заң үстемдігі, жалпы заңдылық идеясы да қозғалыстың қабылдаған құжаттарында кең орын алды. Мемлекет, мемлекеттік билікті билік бөлінісі ережесіне сәйкес құру, биліктің халық алдында жауапкершілігі, цензураға шек қою, билік пен қоғам арасындағы қатынас, сондай-ақ демократиялық институттар мен биліктің ара қатынасы сияқты келелі мәселелерді шешу жолдарын ұсыну арқылы қозғалыс өзінің ұстанымдарын ашық білдіріп отырды. Нақты адам мен мемлекет, олардың арасындағы бірлік идеясы қозғалыстың негізгі қозғаған тақырыптарының бірі болды. Қазақстан Республикасы КСРО ыдырағаннан кейін өз алдына тәуелсіз мемлекет болып, дербес даму жолына түсті. Осы мемлекеттіліктің алғашқы жылдарында пайда болған көптеген идеялар плюрализмінің негізінде мемлекет өзіне қажет бағытты таңдай алды. Ал осы идеялардың тууына себеп болған мемлекет болғанымен, әртүрлі мемлекет үшін тиімді идеялар дербес саяси ұйымдар тарапынан да түсіп жатты. Сондай саяси ұйымдардың бірі Азат қозғалысы да тәуелсіздік алу жолында, одан кейінгі жылдары Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту бағытында көптеген жұмыстар атқарды. Тіпті бүгін де Қазақстан динамикалық жолмен даму үстінде, жаңа қоғамдық қатынастардың даму бағыты мемлекеттің де өз саясатын сол жолда дамытуына ықпал жасауда. Сондықтан қазіргі кезеңде жаңа идеялар негізінде мемлекеттегі демократияландыру үрдісі қарқынмен дамуда, бұл ретте Қазақстанның алғашқы тәуелсіздік жылдарында уақытынан бұрын ұсынылған кейбір идеялардың өзектілігі назар аудартады. Қозғалыс тарапынан ұсынылып, мемлекет дамуының жағдайына сәйкес келмеген идеялар бүгінгі күні жан-жақты зерттеуді қажет етуде. Олардың қатарына заң шығарушы органның үстемдігі, оппозициялық блок құру және Түркістан конфедерациясы идеялары айрықша тоқталуды талап етеді. Жеке кітап болып оқырман назарына ұсынылып отырған зерттеу жұмысына қосымша ретінде Азат қозғалысы тарапынан ұсынылған кейбір құжаттар жобалары мен қозғалыстың құрылтай құжаттары, сонымен қатар, қозғалыс белсенділерімен автор жүргізген сұхбаттардың газет бетіне жарияланған нұсқалары беріліп отыр.

І ТАРАУ. КЕҢЕС МЕМЛЕКЕТІНІҢ САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ИДЕОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ ДЕМОКРАТИЯ

1.1 Марксизм-ленинизм саяси-құқықтық ілімінің мәні және лениндік ұлт саясатының ерекшеліктері

Саяси құқықтық ілімдер тарихында 19 ғасырдың 40-шы жылдарында қалыптасқан марксизмнің алатын орны ерекше. Оның негізін қалаушы Карл Маркс (1818-1883) пен Фридрих Энгельс (1820-1895) өз еңбектерінде алғаш рет еңбекші бұқараның мүддесін қорғай отырып, қоғамдағы теңсіздік, әлеуметтік қанау және құқықтық бейберекетсіздікке қарсы қарсы күрес жолын анықтауға тырысты. Осындай бағыттағы идеялар негізінде мемлекет пен құқыққа қатысты жаңа марксистік тарихи-матералистік тұжырымдама қалыптасты. Жалпы марксизмнің мемлекет пен құқыққа қатысты ілімінің пайда болып қалыптасуына 19 ғасырдағы Батыс Европада орын алған экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайлар жиынтығы өз әсерін тигізген болатын [Нерсесянц В.С. История политических и правовых учений: Учебник. -М.: ИНФРА-М, 1996.- 504 б.]. Бұл марксизмді 19 ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық-саяси шындыққа негізделген ілім болды деуге негіз болады. Марксизмнің қоғамды тапқа бөліп қарастыруы, жеке меншікке қарсы болуы, соның негізінде мемлекетке қатысты жаңаша көзқарастарды қалыптастыруы кейіннен тап күресіне бағытталған социалистік саяси жүйенің өмірге келуіне өз септігін тигізді. Ал маркстік ілімнің өзі де ғасырлар бойғы қалыптасқан саяси-құқықтық ілімдердің жемісі екені даусыз, ол жайлы Ленин «Марксизм – система взглядов и учения Маркса. Маркс явился продолжателем и гениальным завершителем трех главных идейных течений 19 века, принадлежащих трем наиболее передовым странам человечества: классической немецкой философии, классической английской политической экономии и французского социализма в связи с французскими революционными учениями вообще» деген қорытынды жасайды және оның нақты тәжірибеге енуі жайлы «только философский материализм Маркса указал пролетариату выход из духовного рабства, в котором прозябили доныне все угнетенные классы. Только экономическая теория Маркса разъяснила действительное положение пролетариата в общем строе капитализма» [Ленин В.И. Три источника и три основных части марксизма. - М.: Политиздат, 1971.- 8 б.] деп маркстік ілімнің езілген тапқа жол көрсетушілік роліне жоғары баға береді. 19 ғасырдың екінші жартысында социалистік және коммунистік идеологияның өз бағдарламалық мақсаттары, өзіне тән теориялық негіздемелері, көптеген жақтаушылары бар басым бағыттары жер-жерлерде қалыптасып, дамыды. Бірқатар мемлекеттерде социалистік партиялар құрылды («Жалпыға ортақ герман жұмысшылар одағы», «Германия жұмысшыларының социал-демократиялық партиясы», «Жер мен Ерік», «Халық еркі» және т.б.). 1864 жылы «Халықаралық Жұмысшылар Серіктігі» (1-ші Интернационал) құрылды. 19 ғасырдың 70-80 жылдары Австрия, Венгрия, Дания, Франция, Швейцария, Швеция, және басқа бірқатар мемлекеттерде социалистік, социал-демократиялық, жұмысшылар партиялары құрылды. 1889 жылы социалистік партиялар 2-ші Интернационалды құрды [Лейста О.Э. История политических и правовых учений: Учебник. - М.: ЗЕРЦАЛО, 2000. - 504 б.]. Екі Интернационалдың және социалистік, жұмысшы, социал-демократиялық партиялардың қызметі марксизмнің 20 ғасыр басындағы кең тараған социалистік тұжырымдама болып қалыптасуына өз ықпалын тигізді. Дегенмен осы кезеңде марксизм жақтаушыларының арасында капитализм мен социализмнің тарихи тағдыры жайлы, жұмысшылар табының мүддесін қорғау тәсілдері жайлы әртүрлі пікір қайшылықтары орын алды, соған орай марксизмде әртүрлі бағыттар қалыптаса бастады. Патшалық Ресейде осы бағыттардың ең белді де белсендісі В.И. Ленин қалыптастырған большевизм болды. Ленин өз кезегінде қалыптасып болған марксизмді өмірге енгізудің өзінше әдіс-тәсілдерінің негізін қалай білді. Өз мақсаты ретінде тап күресін жандандырып, төңкеріс арқылы қаналған таптың өз қолына мемлекеттік билікті алуын көздеген бұл бағыттың жетекшісі жайлы «Ленин дал не только обоснование возникновения идеала, но и указал пути его успешной реализации в жизни. Для этого необходимы, учил он, четкая формулировка задач и целей революционной борьбы рабочего класса, широкое распространение научных социалистических идеалов и слияние их с повседневной жизнью и борьбой трудящихся» деген пікір қалыптасты [Косичев А.Д. История марксистско-ленинской философии (1893-1917 гг.). - М.: Высшая школа, 1987. - 65 б.]. Кейіннен ленинизм болып аталған большевиктік бағыттың негізі жайлы Сталин «Изложить основы ленинизма – это еще не значит изложить основы мировоззрения Ленина. Мировоззрение Ленина и основы ленинизма – не одно и то же по объему. Ленин марксист, и основой его мировоззрения является, конечно, марксизм. Но из этого вовсе не следует, что изложение ленинизма должно быть начато с изложения основ марксизма. Изложить ленинизм - это значит изложить то особенное и новое в трудах Ленина, что внес Ленин в общую сокровищницу марксизма и что естественно связано с его именем» [Сталин В.И. 1924 г. // Сочинения. - М.: Изд. политической литературы, 1952. - Т.6.- 69 б.] деп Лениннің марксизмге өз тарапынан өзгертулер жасай отырып өзгеше марксизм-ленинизм идеалын өмірге енгізгенін атап көрсетеді. 1917 жылғы ақпан-қазан төңкерістері әлем тарихында алғаш рет бір формациядан екінші бір формацияға эволюциялық емес революциялық, төңкеріс жолымен өту мүмкіншілігін дәлелдеп берді. Бірақ, сол кезеңге дейін еш мемлекетте жеңіске жете алмаған социалистік мемлекет құру идеясының Ресейде жеңіске жетуі оған дәлелді себептің болуына меңзейді. Нақты бір тарихи кезеңде орын алған жағдайды, оның ерекшелігін бір ауыз сөзбен жеткізе білетін адамдар әр кезде де табылған. Солардың бірі немесе бірегейі Ключевский өзі куә болған Ресейдегі жағдай жайлы «При крепостном праве мы были холопами чужой воли; получив волю размышлять, мы стали холопами чужой мысли» [Ключевский В.О. Письма, дневники, афоризмы и мысли об истории. - М.: Наука, 1968. -338 б.] деп қорытқан екен. Міне, бұл ұлы сөздер 1917 жылы Ресей империясында орын алған өліара кезеңде халықтың санасына жаңа идеяны барынша сіңіріп, биліктің әлсіздігін пайдаланып билікті жаулап алу мақсатында большевиктердің қарқынды жұмыс жасау арқылы өз мақсаттарына жеткеніне, осылайша дүниежүзі мемлекеттерін нақты екі қарама-қайшы саяси жүйеге бөлу орын алғанына қатысты айтылғандай. Бұл ұлы төңкеріс жайлы Бердяев «Характер русской революции был таков, она произошла в столь своеобразных условиях, что идеологически ей мог соответствовать лишь очень трансформированный марксизм и именно в сторону противоположную детерминизму. Марксизмом пользовались, чтобы доказать невозможность в России пролетарской социалистической революции. Если действительно экономика детерминирует весь социальный процесс, то в экономически отсталой России нужно еще ждать развития капиталистической индустрии и можно рассчитывать лишь на буржуазную, а не пролетарскую революцию. И вот в советской России появилась новая философия марксизма-ленинизма. Она продолжает считать себя марксистской философией, но марксистской философией эпохи пролетарских революций» [Бердяев Н.А. Истоки и смысл русского коммунизма. - М.: Наука, 1990.-121 б.] деп марксизмнің Ресей империясындағы бастапқы негізінен ауытқыған кейіпте өмірге енгенін қынжылыспен баяндайды. Марксизмнің Ресейде жүзеге асырылуы жайлы кейіннен баға берушілер сол кезеңге көз жүгірте отырып, «В России же марксисты-ленинцы трактовали все наоборот» деген қорытынды жасайды [Мукашев З. Карл Маркс и марксизм-ленинизм. – Алматы: ВШП «Әділет», 1999.- 13 б.]. Ленинизм марксизм идеалдарын насихаттай отырып, нақты мәселелерде өз бағыттарын марксизмге негіздей отырып анықтай алды. Оның негізгісі ретінде лениндік ұлт саясатын атауға болады. Лениндік ұлт саясаты теория жүзінде гумандық бағыт ұстанғанымен өз негізі ретінде марксизмнің ұлтсыз пролетариат идеясын алды. Коммунистік партияның манифестінде «Рабочие не имеют отечества. У них нельзя отнять то, чего у них нет. Так как пролетариат должен прежде всего завоевать политическое господство, подняться до положения национального класса, конституироваться как нация, он сам пока еще национален, хотя совсем не в том смысле, как понимает его буржуазия. Национальная обособленность и противоположности народов все более и более исчезают уже с развитием буржуазии, со свободной торговли, всемирным рынком, с единообразием промышленного производства и соответствующих ему условий жизни. Господство пролетариата еще более ускорит их исчезновение» [Маркс К. Энгельс Ф. Манифест коммунистической партии. - М.: Изд. политической литературы, 1983. –44 б.] деп марксизмнің ұлтқа қатысты ұстанымы нақтыланған, яғни ұлттардың өз ішінде тап күресін жүргізуі арқылы жұмысшы табының билікке келуі және өзге ұлттардың жеңіске жеткен жұмысшы табымен біріге отырып жалпы интеграция арқылы ұлтсыз қоғам құру болды. Ленин Маркстің ұлтқа қатысты ойын жалғастырып «Марксизм непримерим с национализмом, будь он самый «справедливый», «чистенький», тонький и цивилизованный. Марксизм выдвигает на место всякого национализма – интернационализм, слияние всех наций в высшем единстве, которое растет на наших глазах с каждой верстой железной дороги, с каждым международным трестом, с каждым (международным по своей экономической деятельности, а затем и по своим идеям, по своим стремлениям) рабочим союзом» [Ленин В.И. Критические заметки по национальному вопросу. - М.: Изд. политической литературы, 1954. – 36 б.] деп ұлттық бөліністің орнына интернационалдық ұранын көтереді. Біздің жұмысымыз ұлттық мүддені көздеп қызмет атқарған ұлттық қозғалыс жайлы болғандықтан, ең алдымен Лениндік саясаттың ұлттық топтарға қатысты тұстарына саралау жасауға талпындық. Ленин өзінің «Ұлттар туралы немесе «автономияландыру» туралы мәселеге» деген мақаласында «Мен ұлт мәселесі жөніндегі шығармаларымда жалпы ұлтшылдық туралы мәселені абстрактылы түрде қою тіпті жарамайтын іс деп жазған болатынмын. Езуші ұлттың ұлтшылдығы мен езілген ұлттың ұлтшылдығын, үлкен ұлттың ұлтшылдығы мен кішкене ұлттың ұлтшылдығын ажырата білу керек» дей келе өз ойын «Пролетар үшін маңыздысы ғана емес, сонымен қатар ең қажеттісі – пролетарлық тап күресінде оған орыс емес халықтардың барынша сенуін қамтамасыз ету. Бұл үшін тек формальдық теңдік қана керек емес. Бұл үшін өткен тарихи дәуірде «ұлы державалы» ұлт үкіметінің орыс емес халыққа жасаған сенбеушілігін, күдігін, көрсеткен зәбірін қалай болғанда да сол халық жөніндегі өзіңнің көңіл бөлуің арқылы немесе ол жөнінде уступка жасауың арқылы жуу керек болады» деп аз ұлт өкілдері тарапынан болған ұлтшылдыққа төзе білу арқылы оларды өз жағына шығаруға үндейді [Ленин В.И. Орта Азия мен Қазақстан туралы. - Алматы: Қазақ мемлекет баспасы, 1960. – 608 б.]. Осы сөздерден біз ұлы көсемнің ұлтқа, ұлтшылдыққа қатысты объективті көзқараста болғанына куә боламыз, бірақ, ол расында да солай ма еді? Шынында да большевиктер жалпы Ресей империясын мекендеген барлық ұсақ халықтарға кеңшілік жасауды көздеді ме, жоқ әлде бұл олардың өз мақсаттарына жету жолындағы ұстанған айла-әрекеттері ме? Онда неліктен Ленин негізін қалаған саяси режим ұлттар үшін нағыз тажал болды? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеу үшін ленинизмнің ұлтқа қатысты ұстанымдарының қыр-сырына үңілуге тура келеді. М. Шоқай большевиктердің ұлт саясатына қатысты «Пятаков, Преображенский, Бухарин, Дзержинский және басқалары ұлттардың өзін-өзі билеуі мен ұлттық автономия мәселелерінің бағдарламадан мүлдем шығарылып тасталуын талап етті. Ленин, Сталин, Зиновьев және басқалары бұл істі сәл басқаша жолдармен шешуді қуаттады. Олардың соңғылары ұлттардың өзін-өзі билеуі мен ұлттық автономия іс жүзінде жүзеге асырылуы мүмкін болмайтынын біле тұра, көз алдау үшін болса да мәлім ету керек деп есептеді» [Шоқай М. Таңдамалы. - Алматы: Қайнар, 1998. – Т.1. - 94 б.] деп большевизмнің ұлттарға бостандық беруінің мүмкін еместігін сол кездің өзінде ашық айтқан еді. Ұлт мәселесіндегі «ашық алдау» саясаты Лениннің өзге ұлттарды өз идеясына бұру құралы болды деуге болады. Ол «Ұлт мәселесі жөніндегі қарарда» ұлттар мәселесіне «Россияның құрамына кіретін ұлттардың бәрі де өз еркімен бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құруға праволы деп танылуы қажет. Мұндай правоны мойындамау және оның практикада жүзеге асырылуын қамтамасыз етерліктей шараларды қолданбау басып алу немесе аннекция жасау саясатын қолданумен тең нәрсе. Ұлттардың бөлініп шығу правосын пролетариаттың мойындауы ғана әртүрлі ұлт жұмысшыларының толық ынтымақтас болуын қамтамасыз етеді, сөйтіп ұлттардың шын демократия жолымен жақындасуына себеркер болады» [Ленин В.И. Орта Азия мен Қазақстан туралы. - Алматы: Қазақ мемлекет баспасы, 1960. – 350 б.] деп әртүрлі патшалы Ресей отарындағы ұлттарға қатысты большевиктердің ойының түзу екендігін дәлелдеуге де тырысты. Лениннің ұлт саясаты жөнінде оның идеялық серігі Троцкий «В своей политике внутри Советского Союза Ленин с величайчим вниманием относится к положению национальностей, угнетавшихся царизмом, и всеми мерами стремится создать для них условия свободного национального развития. Ленин ведет беспощадную борьбу против всякого проявления великодержавных тенденций в государственном аппарате, тем более внутри партии» деп оң баға береді [Троцкий В. Портреты революционеров. - М.: Московский рабочий, 1991. – 31 б.]. Бірақ расында да солай болды ма, ол жайлы сәл кейінірек сөз қозғамақпыз. «Партия программасын қайта қарау жөнінде» деген мақаласында Ленин «Бұл саяси программаның 9-параграфы туралы, ұлттардың өзін-өзі билеу правосы туралы сұрақ. Пункт екі бөлімнен құрылған: біріншісі өзін-өзі билеу правосының жаңа тұжырымын береді, екіншісінде талап емес, декларация айтылған. Маған қойылған сұрақ: бұл арада декларация орынды ма, деген сұрақ еді. Жалпы айтқанда, декларациялардың орны программада емес, бірақ, меніңше, бұл арада ережеден шығу қажет. Теріс түсінуге көп рет себеп болған өзін-өзі билеу деген сөздің орнына мен: «ерікті түрде бөлініп шығу правосы» деген мейлінше дәлме-дәл түсінікті қоямын. Россияның революцияшыл пролетариатының партиясы, великорус тілінде жұмыс істейтін партия бөлініп шығу правосын мойындауға міндетті екеніне 1917 жылғы жарты жылдық революцияның тәжірибесінен кейін таласуға бола қояр ма екен. Өкіметті жеңіп алғаннан кейін, біз Финляндияның да, Украинаның да, Арменияның да, патша өкіметінен езгі көрген қай халықтың болса да осындай правосы бар деп дереу сөзсіз таныған болар едік. Бірақ біз, өз тарапымыздан, бөлініп шығуды ешбір тілемейміз. Біз мүмкіндігінше ірі мемлекет болуын, мүмкіндігінше тығыз одақ болуын, великорустармен көршілес тұратын ұлттардың санының мүмкіндігінше көп болуын тілейміз; біз демократия мен социализм мүдделері үшін, пролетариат күресіне әртүрлі ұлттардың еңбекшілерін мүмкіндігінше көп тарту мүдделері үшін осыны тілейміз» [Ленин В.И. Орта Азия мен Қазақстан туралы. - Алматы: Қазақ мемлекет баспасы, 1960. – 368 б.] деген пікір білдіреді. Бұл жерден нақты түсінуге болатыны большевиктердің патша үкіметінің отарларын азат етуді емес, сол ұлттарды да өзара тап күресіне тарту арқылы өз қол астында ұстауды бастан-ақ көздегенін көреміз. Лениннің осы ойларын Сталин де қолдап «Нация имеет право устроиться автономно. Она имеет право даже отделиться. Но это еще не значит, что она должна делать это при всяких условиях, что автономия или сепарация везде и всегда будут выгодны для нации, т.е. для трудящихся слоев» [Сталин И.В. 1907-1913 гг. // Сочинения. - М.: Издательство политической литературы, 1951. - Т.2. – 312 б.] деп жұмысшыларды алдыға тарта отырып, Ресей империясы құрамындағы отарлардың бөлініп шығу мүмкіндігіне күмән тудырады. Ал осы бөлініп шығу құқығына сенім артқан ұлттық бағыттағы қозғалыстардың жер-жерде бас көтергенімен большевиктерден қолдау көрмегенінің өзі олардың бөлініп шығуды декларативті негізде мойындағанында болды. Нақты осы кезеңде қазақ даласы мен Түркістан өлкесінде де өз алдына бөлініп шығу идеясын басшылыққа алған саяси топтар бас көтергені баршамызға мәлім, мұның өзі сол кезеңдегі өлкедегі саяси ой-пікірлер тартысының орын алғанына куәлік етері сөзсіз. Расында да революция көсемдері көрсеткендей, қазақ даласында бөлініп шығуды болдырмаған жұмысшы табы ма, жоқ әлде үстем таптан теперіш көрген кедей-жалшылар ма? Олай болса, Ресейдегідей қазақ даласында марксистердің қатары неге көп болмаған және олардың қазақ ұлтының ұлттық сипатына негізделген марксистік тұжырымдамасы неге жоқ. Бұл жайлы С. Өзбекұлы «Тарихи әдебиеттерде 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамында қалыптасқан саяси-идеялық ахуалға «большевиктік идеологияның ықпалы пәрменді болды», «революциялық қозғалысқа қазақ жастары белсенді араласты» деген жасанды тұжырымдар ақиқатқа сай келмейді. Ұлан байтақ қазақ жерінде большевиктік идеологияға мойынсұнған М. Сералин, С. Көбеев, Н. Иралин, М. Бекметов, Ы. Дүйсенбаев, Т. Бокин сияқты саусақпен санарлық қазақ жастарының астыртын жүргізген революциялық қызметінен саяси-идеялық ахуалда күрт өзгеріс болды деп сендіру ақиқатқа мүлдем қарама-қайшы екені даусыз» деп ақиқаттың бетін ашқандай болады [Өзбекұлы С. 17 ғасырдың соңы – 20 ғасырдың бас кезеңінде Қазақстандағы саяси-құқықтық ой-пі рдің тарихы және қайраткерлері: заң ғыл. д-ры ... автореф. – Алматы, 1999. – 28 б.]. Дегенмен де жалпы Ресей империясында 20 ғасыр басында орын алған саяси дағдарыс қазақ даласында да өзгеше сипатты саяси-құқықтық ой-пікірлердің тууына сөз жоқ себепші болған еді. «Царская политика национального угнетения на фоне растущего национального самосознания вызывала объективный протест местного населения и приводила к росту национально-обсвободительного движения. Оно было возглавлено казахской демократической интеллигенцией, чьи взгляды формировались под большим воздействием либеральной политической культуры и были проникнуты стремлением к демократическому реформированию всего общественно-политического строя в России, и в Казахстане, в частности. Поэтому национально-обсвободительное движение казахского народа стало частью общего революционного подъема, приведшего к низвержению царизма» [Абылгазина А.Е. Демократизация государственной и общественно-политической жизни в Казахстане (февраль-октябрь 1917 года): автореф. ... канд. истор. наук. – Алматы, 1997. – 18 б.]. 1917 жылғы ақпан төңкерісі орын алғаннан кейін қазақтың көзі ашық азаматтарының патша билігінің құлауынан тек жақсылық нышанын көріп, езілген қазақ ұлтының өз алдына федерация құрамында автономия құру идеясының өмірге келгені тарихтан мәлім. Уақытша үкімет тұсында қазақ даласында орын алған бейберекетсіздікке ашынған халық жанашырлары өз кезегінде қазақ даласындағы билікті өз қолдарына алып, дербес автономия құруға талпынғаны да уақыт талабы еді. Ол жайында К.А. Жиренчин өз ойын былай баяндайды: «Передовая казахская интеллигенция и демократически настроенная часть казахской буржуазии, выражая чаяния казахского населения на своих съездах, в повседневной работе в новых органах власти все делали для того, чтобы остановить грабительскую переселенческую политику, требовали ликвидировать переселенческие органы. Новым органам управления в Казахстане, не утратившим замашек колониальной администрации, в том числе и многим советам рабочих и крестьянских депутатов, не нравилось, а порой и вызывало огромную тревогу стремление казахского народа к созданию своей администрации и органов самоуправления» [Жиренчин К.А. Политическое развитие Казахстана в 19 начале 20 веков. - Алматы: Жеті Жарғы, 1996. – 288 б.]. Осылайша тарихқа ұлттық мүддені көздеген Алаш қозғалысы келген еді, сәл кейінірек ұлттық үкімет Алашорда өз қызметін бастаған болатын. М. Құл-Мұхаммед Алашорда мен Кеңес өкіметінің ара қатынасы жайлы жан-жақты талқылау жасай келе «Алаш автономиясын жариялау барысында алаштықтар формальді түрде Кеңес үкіметі талаптарын толық қабылдады. Кеңес басшылығы Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В. Сталин атынан келіссөз аяқталысымен Қазан, Уфа, Орынбор, Екатеринбург, Түркістан өлкесінің Халық Комиссарлар кеңесі және басқаларға арнап Үндеу қабылдайды. Онда бір жағынан «олардан автономияны алу қажет» дейді. Сөйте тұра «автономияны... тану Кеңес өкіметінің кезекті міндеті» деп жариялап, оны тек «кеңестердің базисінде құру қажет» деген үзілді-кесілді шарт қояды» деп Кеңес өкіметінің екібеткей саясат ұстануы жайлы жайды баян етеді [Құл-Мұхаммед М., Ақбаев Ж. және Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы (19 ғасырдың аяғы – 20 ғасырдың басы): заң ғыл. д-ры ... автореф. – Алматы, 1998. – 33 б.]. Ұлттық мүддені таптық мүдде көлеңкесінде қалдыру арқылы интернационалдық бағыттағы социалистік қоғам құру идеясын ұстанған большевиктер мен ұлттық Алашорда үкіметінің ортақ келісімге келе алмауы жайлы М. Қойгелдиев өзінің «Алаш қозғалысы» атты монографиясында нақты мәліметтерге сүйене отырып баяндайды және екі үкіметтің келісімге келе алмауының себебін олардың бір-біріне қойған талаптарының екі жаққа да тиімсіз болғандығымен түсіндіреді. Сонымен қатар ортақ мәмілеге келе алмаған соң Кеңес өкіметінің Алашордамен қызметтесуден бас тартқанын қазақ даласындағы саясатын жүзеге асыру миссиясын өз өкілдері Кеңес өкіметінің Торғай даласындағы комиссары Ә. Жанкелдинге тапсыруынан да көре аламыз [Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. - Алматы: Санат, 1995. – 355 б.]. Ал қазақ даласында Кеңес өкіметі билігінің толық ор науы жайлы мәліметті келесі жолдардан алуға болады, «Проект Положения о Казахском революционном комитете, предварительно обсужденный в ряде комисий и одобренный Народным Комиссариатом по делам национ альностей, 10 июля 1919 г. рассматривался на заседании Совнаркома под председательством В.И. Ленина и был утвержден. В тот же день Лениным был подписан Декрет «О революционном комитете по управлению Киргизским (казахским) краем. Образование Казахского революционного комитета местными органами власти и народной массой воспринималось как начало советской автономии в крае, а иногда и как орган автономии» [Зиманов С., Даулетова С., Исмагулов М. Казахский революционный комитет. - Алматы: Наука, 1981. – 47 б.]. 1919 жылы тіпті Ленин өзінің өзге әріптестерімен ұлттық мәселеге байланысты ашық айтысқа түсіп, жұмысшы табының өзін-өзі билеуге қол жеткізуі үшін алдымен ұлттардың осы нәтижеге қол жеткізуі қажеттігін алға тартады [Маркс К., Энгельс Ф., Ленин В.И. О пролетарском интернационализме. - М.: Изд. политической литературы, 1968. – 478 б.]. Салыстырмалы түрде алдыңғы екі жылмен қарағанда тыныштық орнап, Ресейдің шалғай тұстарына да кеңестік тәртіп орнаған шақта ұлттық мәселенің ашық көтеріліп, нақты қадамдардың жасалуы бір қарағанда кеңестердің ұлттарға көрсеткен кеңшілігі іспеттес, алайда, шынында да солай ма? Кейіннен Сталин өз кезегінде Кеңес өкіметінің кейіннен өзінің бастапқы ұлтқа қатысты ұстанымын өзгертіп, автономия беру қажеттілігін мойындауы жайлы «Эту эволюцию взглядов нашей партии по вопросу о государственной федерации следует объяснить тремя причинами. Во-первых, тем, что ко времени Октябрьского переворота целый ряд национальностей России оказался на деле в состоянии полного отделения и полной оторванности друг от друга, ввиду чего федерация оказалось шагом вперед от разрозненности трудящихся масс этих национальностей к их сближению, к их объединению. Во-вторых, тем, что самые формы федерации, наметившиеся в ходе советского строительства, оказались далеко не столь противоречащими целям экономического сближения трудящихся масс национальностей России, как это могло казаться раньше, или даже – вовсе не противоречащими этим целям, как показала в дальнейшем практика. В-третьих, тем, что удельный вес национального движения оказался более серьезным, а путь объединения наций – гораздо более сложным, чем это могло казаться раньше, в период до войны, или в период до Октябрьской революции» [Сталин И.В. 1917 март-октябрь // Сочинения. - М.: Изд. политической литературы, 1951. - Т.3. – 31 б.] деп мұндай қадамға барудың себебін түсіндіреді. Лениннің ұлт саясаты жайлы кеңестік кезең әдебиеттерінде «Адамзат тарихында марксизм-ленинизм бірінші рет ұлт мәселесін шешу жөнінде дұрыс жол тауып, оны ғылыми сатыға жеткізді, оның таптық негіздерін анықтап, қоғамдарын демократиялық және социалистік түрде қайта құру үшін жүргізілген революциялық күреспен байланыстырды. Буржуазиялық ұлтшылдық, ұлы державалық шовинизм мен космополитизмнің идеологиясына қарама-қарсы жаңа идеология – халықтардың тең праволылығы мен достығының идеологиясы жасалды» [Құлбаев С. Лениндік ұлт саясаты және оның Қазақстанда жүзеге асуы. – Алматы, 1957. – 7 б.] деген сияқты бір сарынды түсіндірмелер ғана табуға болады, сонымен қатар социалистік кезең шындығын «Как бы не был важен национальный вопрос в марксистской социологии, как бы не был он сложен в условиях после октябрьской России, как бы сам ход развития социалистической революции не придавал ему значение одной из первостепенных проблем, национальный вопрос тем не менее всегда был подчинен вопросу о социалистической революции и диктатуре пролетариата и решался в плане и рамках этого главного вопроса»[ Зиманов С., Даулетова С., Исмагулов М. Казахский революционный комитет. - Алматы: Наука, 1981. – 15 б.] деген тұжырымдамадан да табуға болады. Расында да солай болды ма, мұны біз кеңестік Қазақстан мысалында көре аламыз. Ал Ресейде орын алған төңкеріс жайлы, оның сипаты туралы М. Горький өзінің жарияланбаған жазбаларында былай деп баға берген екен «Ленин, Троцкий и сопутствующие им уже отправились гнилым ядом власти, о чем свидетельствует их позорное отношение к свободе слова, личности и ко всей сумме тех прав, за торжество которых боролась демократия. На этом пути Ленин и соратники его считают возможным совершать все преступления, вроде бойни под Петербургом, разгрома Москвы, уничтожения свободы слова, бессмысленных арестов – все мерзости, которые делали Плеве и Столыпин. Конечно – Столыпин и Плеве шли против демократии, против всего живого и честного в России, а за Лениным идет довольно значительная – пока – часть рабочих, но я верю, что разум рабочего класса, его сознание своих исторических задач скоро откроет пролетариату глаза на всю несбыточность обещаний Ленина, на всю глубину его безумия и его Нечаевско-Бакунинский анархизм. Рабочий класс не может понять, что Ленин на его шкуре, на его крови производит только некий опыт, стремится довести революционное настроение пролетариата до последней крайности и посмотреть – что из этого выйдет?» [Горький М. Несвоевременные мысли. - М.: Советский писатель, 1990. – 149 б.]. Ал Бердяев болса өзіндік ерекшелігі бар ұлт саясатын ұстанып, отарларды еркіне жібере қоймаған Ресейдің большевиктік империясына «Как это не парадоксально не звучит, но большевизм есть третье явление русской великодержавности, русского имперализма, - первым явлением было московское царство, вторым явлением петровская империя. Большевизм – за сильное, централизованное государство. Произошло соединение воли к социальной правде с волей к государственному могуществу и вторая воля оказалась сильнее» [Бердяев Н.А. Истоки и смысл русского коммунизма. - М.: Наука, 1990. - 99 б.] деп әділ бағасын береді.

1.2 Коммунистік-тоталитарлық жүйе, Қазақстанның саяси-құқықтық дағдарысқа ұшырауы және оның себептері

К. Маркс пролетариат диктатурасы жайында «Между капиталистическим и коммунистическим обществом лежит период революционного превращение первого во второе. Этому периоду соответствует и политический переходный период, и государство этого периода не может быть ничем иным, кроме как революционной диктатурой пролетариата» [Маркс К., Энгельс Ф., Ленин В.И. О диктатуре пролетариата. - М.: Изд. политической литературы, 1978. – 74 б.] деп өтпелі кезеңдегі пролетариаттың атқаратын ролін нақтылыған еді. «Кеңес өкіметінің кезекті міндеттері» деп аталатын еңбекте Ленин социализмге өтудің тек жалғыз жолын атап көрсетеді «Было бы величайшей глупостью и самым вздорным утопизмом полагать, что без принуждения и без диктатуры возможен переход от капитализма к социализму. Чем ближе мы подходим к полному военному подавлению буржуазии, тем опаснее становится для нас стихия мелкобуржуазной анархичности. И борьбу с этой стихией нельзя вести только пропагандой и агитацией, только организацией соревнования, только отбором организаторов, - борьбу надо вести и принуждением» [Ленин В.И. Очередные задачи Советской власти. - М.: Изд. политической литературы, 1985. – 29 б.] деу арқылы өзінің Кеңес өкіметін құру жолында күштеу саясатын қолдайтындығын ашық жария етті. Бұл өз кезегінде мемлекет аумағында қанды қырғынның орын алуына жол берді. Осы пролетариат диктатурасын орнатудың Ленин енгізген жобасы жайлы Бухарин «Быть может, самым гениальным теоретическим построением Владимира Ильича было его учение о диктатуре пролетариата, о ее роли, о ее формах, о ее значении. Здесь товарищ Ленин не только разрабатывал учение Маркса, но и создал целую новую теоретическую школу. Маркс мог в самых острых чертах наметить линию. Ленин завершил это дело» [Бухарин Н.И. Проблемы теории и практики социализма. - М.: Издательство политической литературы, 1989. – 180 б.] деген пікір білдіру арқылы марксизм ұсынған пролетариат диктатурасынан Ленин жүзеге асырған пролетариат диктатурасының айырмашылығын көрсетіп береді. Өзінің «Мемлекет туралы» Свердлов университетінде оқыған дәрісінде Ленин мемлекетке өзінше анықтама береді. Ол мемлекетті бір таптың екінші тапқа деген артықшылығын қамтамасыз етуші машина ретінде қарастырады . Ендігі жерде Ленин жолымен құрылуға тиісті мемлекетте [Ленин В.И. О государстве: лекция в Свердловском университете 11.07.1919 г. - М.: Изд. политической литературы, 1980. – 12 б.] пролетариат диктатурасы орнауы арқылы пролетариаттың өзгелерге үстемдігі орнатылады. Осылайша таптардың бір-бірін қанауы жалғасын тауып, тек олардың орны ауыстырылуы арқылы жаңаша сипаттағы мемлекеттік құрылым өмірге келеді. Қазақ халқының төңкеріске қатыстылығы жайлы Б. Аяған өзінің еңбегінде «Многие историки, в том числе и казахстанские, в своих трудах пытались доказать, что в революции 1917 года активное участие принимало и коренное население Центральной Азии. Но как показывают более объективные свидетельства – и казахи, и узбеки и туркмени далеко не всегда были солидарны с большевиками. Главным и основным требованием коренных жителей Туркестана в период 1917-1930 годов, да и в более поздний период было требование справедливого к ним отношения и предоставления им автономии, от кого бы оно не исходило: от большевиков или от ставленников Временного правительства» [Аяган Б. Красные и черные. – Алматы, 2005. – 12 б.] деген қорытынды жасайды. Г. Сафаровтың жазбаларына көз жүгірте отырып айтылған ойдың жаны барлығына көз жеткізуге болады, «До февральской революции 1917 года в Туркестане не было мало-мальски широкого революционного движения, за исключением стихийного отклика на революцию 1905-1907 гг. в России, в среде русского пришлого населения» [Сафаров Г. Колониальная революция. - Алматы: Жалын, 1996. – 87 б.]. Сондай-ақ ақпан төңкерісінен кейін орнаған Уақытша үкіметтің бұратана халықтардың мүддесін мүлде көздемегенін, керісінше жергілікті халықты келімсектердің ашық қанауына мүмкіндік бергенін осы автор ашына баяндайды: «Семиреченский кулак, с первых же дней революции, оценил развал царской государственности с точки зрения возможности разнуздания всех своих звериных, рабовладельческих и разбойнических инстинктов, которые в нем усилинно укреплялись и развивались царским правительством. И он сразу же воспользовался удобным поводом для того, чтобы повторить 1916 год. С начала революции кулачье стало забирать землю, домашний скарб и даже жен и детей у киргиз, творя над ними чудовищные зверства и жестокости. Роковую роль в этом отношении сыграли слухи о том, что дунгане, бежавшие от погрома 1916 года в Китай, возвращаются в Семиречье. Посланный в Семиречье комиссар временного правительства Шкапский фактически взял на себя руководство этим массовым живодерством, цинично заявив киргизам, что «ни о каком примирении речи быть не может и киргизы должны быть выселены» [Сафаров Г. Колониальная революция. - Алматы: Жалын, 1996. – 95 б.]. Бұл тек Жетісудағы орын алған жағдай, дәл осылайша еркінсіген келімсектердің іс-әрекетін «Самодемобилизующийся солдат или впоследствии «красногвардеец» самочинным путем здесь мог захватить больше жизненных благ у местного населения, чем могла ему обещать колониальная администрация, пытавшаяся все же «не терять контакта» с имущими верхами мусульманства, с улемой и баями. О русском переселенце не приходится даже и говорить: начиная с февральской революции он стал хозяйничать в кишлаках и аулах как в своем собственном кармане. Если где и можно говорить о «солдатско-потребительском коммунизме», так это именно здесь, в царской колонии» деп баяндау арқылы, сол кездегі отар халық үшін ақпан төңкерісінің ешқандай да жақсылық әкелмегенін, керісінше, онсыз да езілген халықтың басына есірген келімсектердің әңгір-таяқ ойнатқанын ашық айыптайды. Ол коммунистік партияның Түркістандық қалпы жайлы нағыз шындықты айтып, оның өмірге келуінің тіпті де жергілікті халықтың мүддесімен сәйкес келмегенін дәлелдеді, «Партия же стала организовываться лишь после октябрьской революции. Как это ни парадоксально, в Туркестане не партия большевиков создала советскую власть, необходимость утверждения власти Советов создала здесь партии большевиков и левых эсеров» [Сафаров Г. Колониальная революция. - Алматы: Жалын, 1996. – 115 б.]. Мәселенің мәніне көз жүгірту үшін Т. Рысқұловтың Түркістан жайлы жазғандарына жүгінелік. Рысқұлов өзінің Түркістан орталық атқару комитетінің кезекті жиналысында жасаған баяндамасында Түркістанда орын алған аштыққа тоқталып, оның себебі ретінде 1917 жылдың жазында құрғақшылық болғандығын, ал қыста жұт болып соның негізінде көшпелілердің аштыққа ұрынғанын сөз етіп, оларға үкімет тарапынан көмектің келмеуіне өз наразылығын білдіреді [Рыскулов Т.Р. Собрание сочинений: в 3 т. - Алматы: Қазақстан, 1997. - Т.1. – 101 б.]. Жалпы аштық жайлы 1919 жылдың наурызында жасаған баяндамасында келесі деректерді келтіреді: «Трагизм в состоянии этих бедняков достиг, наконец, крайности после того, как были удостоверены случаи буквального поедания человеческого мяса, причем голодные, потерявшие человеческий образ люди рвали друг у друга из рук мешки, наполненные мертвечиной, и утоляли ею зверский голод. Случаи же продажи голодными родителями своих малых детей в полную собственность, т.е. в рабство, баям стали обычным ужасным злом, получившим уже широкое распространение» [Рыскулов Т.Р. Собрание сочинений: в 3 т. - Алматы: Қазақстан, 1997. -Т.1. – 146 б.]. 1917 жылдың ақпан төңкерісінен бастап қазақ даласында орын алған қызыл қырғыннан қазақ халқының саны ойсырай төмендеді, өлген адамдар санын М. Шоқай кеңестік деректерге сүйене отырып бір миллион бір жүз он төрт мың деп көрсетеді [Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры. - Алматы: Жалын, 1992. - 75 б]. Қызыл армия жеңіске жетіп, Түркістан жерінде Кеңес өкіметі орнағаннан соң, жергілікті халық кеңес белсенділерінің шабуылына ұшырады, олардың мал-мүлкі талан-таражға түсіп, өздері қуғынға ұшырады. Осынау сұмдық жағдайдың орын алғаны туралы 6 маусым 1919 жылғы Түркістан Компартиясының үшінші аймақтық съезінде Комиссарлар кеңесінің төрағасы Сорокин өз баяндамасында келесідей жайларды да ортаға салады: «От мусульман отбирают все, и не только отбирают, но и убивают их. Наши солдаты вместо защиты несут грабежи и убийства, они убивают, скрывая следы. В кишлаках население терроризовано и бежит. И растут шайки разбойников. Но, быть может, возразит кто-нибудь, это не партия, а Красная армия чинит насилия. Но партия стоит во главе. Мусульманский пролетариат просит помощи у русских, но те отвечают, что не доверяют им. Мусульман травят, мусульман даже расстреливают...» [Рыскулов Т.Р. Собрание сочинений: в 3 т. - Алматы: Қазақстан, 1997. - Т.1. – 181 б.]. Жоғарыда келтірілген Кеңес өкіметін орнатушы революционерлер келтірген деректерге сүйене отырып, шындығында да түркі халықтарының кеңестік билікті күтпегенін, керісінше одан іргесін аулақ салып, өздігінше дербес өмір сүруді қалағанын ғана көре аламыз. Лениннің саяси аренадан кетіп, оның орнын Сталиннің алуы кеңестік саяси жүйеге үлкен өзгерістер әкелді, «Исторически необходимый после Ленина поиск форм и методов строительства нового общества вылился в жесткую идейную и политическую борьбу. Сталин умело сыграл на революционном нетерпении масс, на свойственных всякому массовому движению утопических и уравнительных тенденциях, на стремлении авангарда к скорейшему достижению желанной цели. Все это очень сужало возможности творческого обсуждения возникающих проблем, альтернатив, вело к унификации, при которой уже не оставалось место для разнообразия мнений и взглядов на основе марксисткой теории и в рамках партийной программы. Идея социализма все теснее сближалась с образом авторитарной командно-бюрократической административной системы» [Горбачев М.С. Социалистическая идея и революционная перестройка. - М.: Политиздат, 1989. – 13 б.]. Сталиннің билікке келген кезінің алғашқы жылдарында большевик көсемдері өздерінің мемлекеттің ары қарай кеңестік жолмен дамуы жайлы бағдарламаларының жобасын ортаға салып, талқылаулары орын алып тұрды. Соның бірі жаппай колхоздастыру идеясы болды, бұл жайлы партияның көсемдерінің де пікірлері бір ортадан шыға қойған жоқ болатын, осы мәселеде Н.И. Бухариннің ойлары ерекшеленеді. Ол тек билікті ұстап қалу үшін емес, ұзақ жылдарға арналып жасалған нақты саяси жоспар жасаудың қажеттігін айта келіп, кедейлер шаруашылығына арналып құрылмақшы колхоздастырудың онсыз да әлсіз кедей шаруаларды одан ары титықтатып, ауыл шаруашылығына үлкен зиян келтіретіндігін ескертеді. Ал өз тарапынан барлық шаруаға тиімді болатын ауыл шаруашылық кооперативтерін ашу арқылы кедей шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсете отырып жалпы ауыл шаруашылығының жағдайын көтеруді ұсынады. Ол бұл турасында «Раньше мы в той или иной форме отнимали у зажиточных, у кулаков, и отдавали отнятое беднякам, т.е. зажиточных делали более бедными, и таким образом достигали, как это было, например, во время комбедов, известного поравнения. Теперь же будет другое, а именно: все быстрее будут вылезать из нищеты крестьянин-середняк и бедняк при помощи своих кооперативных организаций, пользующихся особым покровительством, особыми льготами, особой поддержкой, материальной и всякой иной, со стороны государственной власти рабочего класса» [Бухарин Н.И. Путь к социализму. - Новосибирск: Наука, 1990. – 45 б.] деген ойларын ортаға салды. Бірақ, Сталиндік колхоздастыру идеясы мемлекетте жүзеге асырылды және оның салдары қазақ халқы үшін өте үлкен болды. Әсіресе қазақтардың большевиктер билік құрған алғашқы жылдардан соң одан ары қырылуына себеп, қазақ даласын басқаруға келген жаңа басшыға да байланысты болды. «1920 жылдардың екінші жартысынан коммунистер қазақ оқығандарының ішіндегі алашорда зиялыларына қарсы саяси күресті өршітті. Коммунистік партияның саясаты мен идеологиясын Қазақстанда тұрақты орнатуға БК(б)П Орталық комитетінен Ф. Голощекин арнайы жіберілді» [Махат Д. Кеңестік әміршіл-әкімшіл бюрократтық басқару жүйесі мерзімді басылым беттерінде // Алаш. - 2006. - №1 (4). - 118 б.]. Голощекин өзі келе салысымен жаңа бастамалар көтеріп, өзіне дейінгі қызмет жасаған билік өкілдеріне сын көзбен қарады. «В декабре 1925 года состоялась 5 Краевая партконференция. В отчетном докладе крайкома, с которым выступил направленный на работу в Казахстан Ф.И. Голощекин, прежнее руководство обвинялось в сохранении пастбищно-кочевой общины, ставилась под сомнение положительная работа партийных и советских органов, проделанная в Казахстане. Ф.И. Голощекин и второй секретарь Казкрайкома И. Курамысов категорично утверждали, что в ауле действительной Советской власти нет, а есть «в полной мере экономическое и политическое господство сильных родов и бая» [Котов А. От автономии – к реальному суверенитету // Горизонт. - 1990. - 4 августа. - 5 б.]. Ф. Голощекин Қазақстанда Сталиндік негізде, өзгеше социалистік саясат жүргізуге ұмтылды және өз идеяларын жүзеге асыруда қазақ халқының мүддесін ескерген жоқ. Бұл турасында Т. Ағдарбеков «Административно-командные методы управления страной, утвердившиеся в 30-е годы негативно отразились на этом процессе. Они явились причиной экономического отставания, застоя национальной советской государственности, накопления нездоровых тенденций в сфере национальных отношений в республике и в стране в целом» [Агдарбеков Т.А. Проблемы национально-государственного строительства в Казахстане. - Алматы: Наука, 1990. - 39 б.] деген пікір білдіреді. Өз халқына қасақана түрде қарсы жүргізіліп отырған саясатқа халқын сүйген ұлдары қарап отыра алмады, большевиктер арасынан да ұлттың мүддесін көздеушілер табылды. Оған мысал ретінде С. Сәдуақасұлының сөздерін келтіре кетсек, «Осы күнде еліміз астан-кестеңін шығаруды күтіп отырған жоқ. Тыныштық түріндегі жемісті жұмыс күтіп отыр елді қорғап қалатын нәрсе, жаңадан болатын кәмпеске емес, еңбек, білім болмақ... Мен кейбіреулермен сөйлесіп жай-күйімізге көз жіберіп қарасам, төбе құйқам шымырлайды. Өйткені кейбіреулер арсалаңдап, октябрь жүргізу керек деп айқайлайды... Менің ойымша бұл көбік ауыздықтан басқа ешбір пайда әпермейді. Әрине электр көбірек тараса, трактор көп берілсе, міне, осы қазақ ауылына деген социалдық жолы болар еді... Ешбір марксистік әдебиетте езілген ұлттардың өлексесі арқылы мәдениетті елдердің жұмысшы табы коммунистік тұрмысқа жетеді деген емес» [Лепесов С. Ұлт мәселесіндегі уклондарға қарсы. - Қарағанды: Қазақстан баспасы, 1931. - 65 б.]. Сонымен қатар С. Сәдуақасұлы Голощекиннің Қазақстанды аграрлық мемлекет ретінде біржақты дамыту мақсатына қарсы болып, шикізаттың өзі өндірілген жерінде өңделіп, дайын тауар ретінде нарыққа шығарылуы идеясын көтерді, осы турасындағы ойын «Ұлттар және ұлт өкілдері туралы» деген мақаласында былай сабақтайды: «Шаруашылықты пайдалы болсын десек, өнеркәсіп орындары шикізат өндірілетін жерлерге мейлінше жақын болуға тиіс. Осы жерде баз біреулер белгілі бір ауданда өнеркәсіп орындарын салу үшін онда шикізатпен бірге жұмыс күші және отын көздері де болуға тиіс қой деген уәж айтуы мүмкін. Бұған жауап – Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстанның қолында түгі жоқ миллиондаған кедей-кепшіктері, Қазақстан жеріндегі тас көмір мен мұнайдың миллиардтаған пұт қоймалары» [Сәдуақасов С. Ұлттар және ұлт өкілдері туралы // Егемен Қазақстан. – 1993ж. 28 мамыр. - 2 б.]. Алайда, Сталинге арқа сүйеген Голощекин өз алдына қойған мақсаттарына жетіп, идеяларын іске асыра алды. Ф. Голощекиннің «Кіші Октябрь» идеясы қазақ халқы үшін нағыз зұлмат әкелді. «Кіші Октябрь бағыты жергілікті халыққа қарсы жасалған, оларға азап әкелген, соңы зұлматқа ұласқан әртүрлі науқандар арқылы жүргізілді. Құйтырқы тәсілдер арқылы жеке меншік иелерін олардың ата-бапасынан қалған байлықтарынан, меншіктерінен, мал-мүліктерінен айырды. Оларға бұрын-соңды естімеген зорлықтар жасалды, Кеңес өкіметінің өз беделіне нұқсан келтіретін, адамгершілікке сыймайтын заңсыз әрекеттерге жол берілді. Бұл бағыт жергілікті халықтың мүддесіне мүлдем қайшы келді. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылықты, қазақ халқының байырғы тұрмыс-тіршілік болмысын дереу өзгертуді талап етті» [Қуандық С. Қазақстандағы «Кіші Октябрь» бағыты: бастауы, барысы және салдары (тарихи-саяси талдау): тарих ғыл. д-ры ... автореф. – Алматы, 2002. – 10 б.]. Голощекин геноцидінің салдарынан 1930-33 жылдары ашаршылықта өлім-жітім және ауа көшу салдарынан Қазақстанның ауыл халқының саны 3 млн. 379,5 мың адамға кеміп кеткен. Мұны 1937 жылғы Бүкілодақтық санақтың алғашқы мәліметтері де растайды. Сондай-ақ жүргізіліп отырған саясатқа халық наразылығы да арта түсіп, көптеген жерлерде Кеңес өкіметіне қарсы бас көтерулер көптеп орын алған, бірақ, Кеңес өкіметінің жазалаушы отрядтары оларды аяусыз қырып-жойып отырған. Мысал ретінде Тақтакөпір, Батпаққара, Созақ, Адай көтерілістерін келтіруге болады [Омарбеков Т. Қазақтар шыбындай қырылып жатыр // Егемен Қазақстан. - 1991. - 13 шілде. - 4 б.]. Қазақтардың өздеріне қатысты жүргізіліп отырған саясатқа мүлдем қарсы болғандығы, оның өз мүдделеріне қайшы екендігін түсініп өз беттерімен қоныс аударулары, тіпті ашынған халықтың қарулы әскерге қарсы көтеріліске шыққаны сол кезеңдегі қазақ халқының кеңестік әкімшілік-әміршілдік билікке тіпті де бас ұрғысы келмегенін көрсетсе керек. Ұжымдастыруға қарсы 1929-1932 жылдары миллионға жуық адамды қамтыған 400-ге жуық бас көтерулер болып өткен [Аяган Б. Красные и черные. – Алматы, 2005. – 30 б.]. 1929-1931 жылдардағы ірі көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Мемлекеттік біріккен саяси басқарма органдарының өзі ғана 5551 адамды соттап, оның 883-ін атып жіберді. Қазақстан этностарын қамтамасыз ету жүйесін талқандаған озбырлық күштеу бұрын-соңды болып көрмеген демографиялық апатқа ұшыратты. Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің жоғары болуынан 2 миллион 200 мың адамынан, яғни барлық қазақ халқының 49 пайызынан айрылды [Омарбеков Т. Қолдан жасалған қасірет // Егемен Қазақстан. - 1992. - 22 желтоқсан - 2 б.]. Елдегі жағдайдың аштықтан кейінгі уақытта да ауыр болғандығы жайлы өз естеліктерінде Д. Қонаев та әңгімелеген еді, «Нәубет бүкіл елді жаулап алған-ды. Оған 1933 жылы Оралдың Дегтярск кенішіне практикаға барған кезде көз жеткіздік. Құдай басқа салмасын, тап жауы ретінде мал-жаннан айрылып, жердің түкпіріне айдалып келгендер сеңдей соғылысады. Не ішері, не жері жоқ, не киері, не тұрары жоқ. Арып-ашқан, шетінен тірі әруақ. Одан тіленшінің тірлігі көш ілгері. Оның үстіне ертеңнен қара кешке дейін салпақтап жұмыс істейді. Практикадан Мәскеуге қайтарда теміржолда билет таппай үш күн Свердловскіде табанымыздан таусылып жүргенімізде де, осы бір аянышты сурет алдымыздан кес-кестеп шықты да отырды» [Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. - Алматы: Санат, 1994. – 28 б.]. Осынау алапат аштық салдары үлкен болғандықтан оның себебін іздеу де орынды, бұл жайында зерттеушілер пікірі тек бір арнаға түйісері сөзсіз. Аштықтың орын алу себептері жайлы Т. Омарбеков келесі пікірді келтіреді «Кеңестер Одағының Украина, Қазақстан сияқты жекелеген аймақтарды аштыққа ұрындырған ең басты себеп – сталиндік тоталитарлық жүйе немесе сталиндік аграрлық реформа. Тарих көшіндегі күштеу, зорлық-зомбылық механизміне негізделген бұл шұғыл да дөрекі бетбұрыс бүгінде күштеп ұжымдастыру делініп жүр. Осынау төтенше бағыт балама ұсыныстарды, қазақ даласындағы дәстүрлі шаруашылықтың табиғи даму бағытын көзге де ілмеді. Алты алашқа әйгілі, қазақ деп қабырғалары қайысқан Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың, Қ. Кемеңгеровтың, С. Сәдуақасовтың бір сөзбен айтқанда, алаш зиялыларының ұлттық шаруашылық дамуын сақтауға байланысты ұсыныстары аяқасты етілді, ал олардың өздері ашық қуғын-сүргінге ұшырады» [Омарбеков Т. Қазақ неге шыбындай қырылды // Егемен Қазақстан. - 1992. - 1 тамыз. -5 б.]. Аштықтықтан есін жия алмай жатқан елде сталиндік жазалау шаралары жүргізіле бастады, Сталин өз билігінің орнықтылығы үшін өз қызметтес әріптестерін де жазалауға кірісті. Репрессия коммунистердің өздерін де жайпап өтті, «тіпті осы жазалау шараларына Қазан революциясын өз қолымен жасаған партия басшылары, В.И. Лениннің серіктері, армия мен халық шаруашылығындағы көптеген басшы коммунистер репрессия жылдарында аяусыз жазаланып, атылды. Мәселен, жазалау шаралары шырқау шегіне жеткен 1937-1938 жылдары 116,885 коммунист жазаға тартылды. Жазалау орталықты ғана емес, шет аймақтарды да қамтыды. Мысалы, 1936-1937 жылдары Қазақстан коммунистерінің жартысы партиядан шығарылды. Солардың ішінде 9 мың адам, яғни барлық коммунистердің 17 пайызы «халық жауы» деген атқа ілікті. 1938 жылы Қазақстандағы 11 облыстық партия комитеттерінің 10-ы талқыланды» [Атшабаров Б. Казармалық социализм неге күйреді? // Ақиқат. - 1992. - №3. - 37 б.]. Жаппай жазалаудың мемлекет тарапынан құқықтық негізі жасалды. РСФСР 1926 жылғы Қылмыстық кодексінде төңкеріске қарсы жасалатын қылмыстың 17 нақты түрінің 12-не ату жазасы белгіленді. 1934 жылдан бастап қылмыстық заңға көптеп өзгерістер енгізіле бастады. 1937 жылы НКВД органдарына тұтқынға қатысты физикалық күш қолдануға рұхсат берілді; үкімге шағым жасау мүмкіншілігі жойылды, өлім жазасы тез арада орындала бастады. ССРО НКВД органдарының құрамы қайта қаралып, соттан тыс сот қызметін атқарушы органдар алғашқыда «үштік», кейіннен «екілік» болып құрылды [Архив Президента РК. Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг. Сборник документов / Отв. ред. Л.Д. Дегитаева. - Алматы: Қазақстан, 1998. – 6 б.]. Халықты өз ішінен бір-біріне алдымен тап жауы, кейіннен халық жауы ретінде қарсы қою арқылы, адамдар санасын үрей биледі, олар өз ойларын сыртқа шығарудан қорықты, тек партияның айтқандарын орындаушы, мақұлдаушы бағыныштыларға айналды. «Начиная с 1917 года многие держали душу народа в постоянной ненависти. К внутренним врагам и внешним, истинным, а чаще мнимым. Революцию ждали мировую. А войну... Война велась все эти годы – бесконечная война со своим народом. Это не только давало возможность удержать власть в огромной стране, но и оправдывало все: бездарное руководство, бесконечные перегибы, конфронтацию с целым миром и, конечно же, издевательски низкий уровень жизни людей» [Кондратьев В. Нельзя в инакомыслящем видеть врага // Рабочая трибуна. - 1991. -12 февраля. - 4 б.]. Адамдардың санасын қапаста ұстау мақсатында мемлекет ерекше ойлайтын адамдарды «есепке алып», олардың қоғамдық пікір қалыптастыруына мүмкіндік бермеуге тырысты. Дегенмен, халықтың арасынан барлық кезеңде де ерекше ойлайтын адамдар шығып отырды. Мысалы, 60-жылдардың аяғында «Хроника текущих событий» деген ақпараттық жинақ басылып шыға бастады және қатарынан үлкен кедергілерге қарамастан 13 жыл бойы кеңес халқы мен әлемдік қауымдастыққа әділетсіз соттар, психиатриалық қудалаулар, түрмелердегі ауыр жағдайлар, эмиргациялық мәселелер, діни және ұлттық мәселелер туралы нақты мәліметтер беріп отырды. 70-80 жылдары ерекше ойлайтын адамдар барынша қуғынға ұшырады, олардың көбісі ұзақ жылдар бойы түрмелерде, лагерлерде, психиатриалық емханаларда азап шекті [Сахаров А. Тревога и надежда // Собрание сочинений. - М.: Время, 2006. – Т.2. - 121 б.]. Ал ұлтқа байланысты Сталиндік саясаттың сипатын келесі мәтіннен көруге болады, «Ұлт мәдениеті жөніндегі партияның саясатын бір-ақ сөзбен түсіндіруге болады. Ол айтады: мәдениеттің сырты ұлттық болсын, мазмұны социалдық болсын, дейді. Қазіргі біздің ән-күйлеріміз, музыка, театрларымыз, баспасөз, жазу-сызуларымыз пролетариат жырын жырлауы керек. Өзінің мазмұнын пролетариат өмірінің жағдайымен толықтыруы керек. Партия мен үкіметтің қазіргі өмірін, күрделі істерін жыр қылуы керек. Мәселен ән салғанда, өлең айтқанда, соның бұрынғы түрін қолданып, сөзін өзгертіп, пролетариат, жаңа жұртшылық өмірінен алынған сөзді айту керек. Байларға қарсы болу баспасөз қазақ тілінде шығарылса, оның мазмұны пролетариат өмірін жазған болуы керек. Елді байларға қарсы аттандыру керек. Ойын, кітап, театрдың қазақ тұрмысына сәйкес сахнасында (декорация) ойналса, оның мазмұны пролетариат мүддесін көздейтін болуы керек. Оқу құралы жазылса, оған баяғының өтірік ертегісін, байлардың, хандардың тұрмысын келтірмей, пролетариаттың, қара шаруаның тұрмысын келтіру керек. Сонымен мәдениеттің қай саласының болса да мазмұны осылай құрылуы керек. Пролетариат салт-сананың шегінен шықпауы керек. Сырты ұлттық, мазмұны социалдық типтес мәдениет деп осыны айтамыз. Партияның да көксегені осы» [Лепесов С. Ұлт мәселесіндегі уклондарға қарсы. - Қарағанды: Қазақстан баспасы, 1931. - 86 б.]. Тұтастай ұлттардың санасына тек сталиндік социализмнің жемісін егіп, сол арқылы біртұтас кеңес халқын қалыптастырып, соның негізінде бағынышты, жасқаншақ халықты басқаратын сталиндік кеңестік жүйе қалыптастыру бағытында жұмыс жасаған кеңестік билік көптеген мақсаттарына жетіп те үлгерді. Үнемі қуғын-сүргін көріп, репрессияға ұшырап, жазаланған халық өз еркімен, дербес ойлау мүмкіндігінен айрылып, тек басқаруды қажет ететін тобыр сипатына түсті. Ал ойлай білетін адамдардың көзі жойылды немесе қоғамнан оқшауланды. Сталиннің социалистік ұлт саясаты ол биліктен кеткен соң да өз жалғасын тапты. Біртұтас кеңес халқын құру мұраты одан кейінгі басшылардың да басты арманы болды, олар да өздеріне дейінгі басшылар салған жолмен интернационалдық мұраттарды алға тартып кеңестік халықтарды орыстандыруға барынша күш салды. Осы мәселеге қатысты ғылыми еңбектер жазылып, диссертациялар қорғалды, барлығының мақсаты кеңес ұлтын жасап шығару болды. Тіпті олардың кейбірі барлық кеңес халықтарының бірігуіне ықпал етуші күш ретінде орыс тілінің орныққанын мойындай отырып, қос тілділікті дамытуды қолдады. Сонымен қатар интернационалдық тәрбие жөнінде «В процессе взаимодействия национального и интернационального языковой фактор играет важное значение. Основная, интернационализирующая роль при этом принадлежит языку межнационального общения, благодаря которому созданные различными нациями ценности духовной культуры взаимно актуализируются, интернационализируются» [Мирзоев Г. Диалектика взаимодействия национального и интернационального в духовной культуре общества (на примере Таджикской ССР): автореф. ... канд. философ. наук. - Алматы, 1989. – 13 б.] деп орыс тілінің одан әрі ұлт республикаларында тереңдеп дамуын керектігін барынша дәлелдеуге тырысты. Ал орыс ұлтының өзге ұлттарды өзіне сіңіруі жөнінде ғалымдар «Сближение и слияние социалистических наций ничего не имеют с насильственной ассимиляцией национальностей, с поглашением более сильной и организованной нацией национальных меншинств, как это происходит в условиях капитализма» [Зиманов С.З., Рейтор И.К. Советская национальная государственность и сближение наций. - Алматы: Наука, 1983. – 43 б.] деген пікірді көлденең тартты. Тағы бір ерекше тоқталатын жайт, интернационалдық тәрбиемен қатар кеңес адамын дінсіздендіру, яғни атеист жасау да мемлекеттің міндеттерінің бастыларының қатарына жатты. «Дін – басты айналдыратын апиын» деген маркстік қағиданы ұстанушылар адамдар санасынан дінді өшіруге барынша атсалысты. Ал осы социализм идеясының өзі адамдарға жаңа бір сенім ретінде сіңірілуі жайында Ғ. Есім өз ойын келесідей тұжырымдайды «Социализм идеясына жете мән берген адам, одан да дінді табады. Бұл дінді жоққа шығару арқылы дін жасаушылық. Социализм ілімін жасаушылар өздігінен өзі дамитын адам болмысына, табиғатына «мичуриндік тәсіл» қолданылып, адамзаттың рухани әлемі экологиялық апатқа ұшырады. Дүниеден өткен адамға ол жақта еш нәрсенің жоқтығы, адамның жалған дүниедегі ғұмырын мәнсіздендірді. Адам үмітінен айрылып, шайтандық жолға түсті. Бақи дүние орнына «ұрпақтар болашағы» деген идея ұсынылды. Социализм саяси дін болғанымен барша көптің жүрегін жаулап ала алмады. Тұрмыстағы социализм сұрқын көріп, оған көңілі толмағандар екі жүзділікке салынды. Социализмнің қасіретін көре отырып, мінберлерде оны еріксіз мадақтау қажет болды» [Есімов Ғ. Социализм ғылым ба, әлде қиял ма?.. // Ақиқат. - 1994. - №2. - 22 б.]. Осындай жағдайда кеңес адамдарында рухани тоқыраудың да орын алмауы мүмкін емес те еді. Қазақстан бұрын-соңды болып көрмеген әлеуметтік тәжірибе жүргізетін алып полигонға айналдырылды. Мұнда «артта қалған халықтардың капитализмге соқпай, социализмге өту мүмкіндігі» туралы қатып қалған маркстік жорамалды іске асыруға қылмысты әрекет жасалып, ол Қазақстан этностары тіршілігінің дәстүрлі жүйесін күйретіп тынды және, сайып келгенде, тарихтағы бұрын-соңды болып көрмеген апатқа әкеп соқты. Қасірет ауқымының ғаламат болғаны сонша, біз оны геноцид саясатының көрінісі деп толық моральдық жауапкершілікпен айта аламыз [Омарбеков Т. Қолдан жасалған қасірет // Егемен Қазақстан. - 1992. - 22 желтоқсан - 2 б.]. Сталиндік билік салдарынан қазақ даласы репрессияға ұшыраған, үкімет үшін қауіпті адамдардың колонияларына айналды, тіпті тұтастай ұлттар қазақ даласына күштеп көшірілді. Соның салдарынан қазақтар өз жерінде азшылық кейпіне еніп, өзінің ұлттық келбетін жоғалта бастады. Ал сталиндік режимнен қысым көрген халықтар Қазақстан халқын құрап, олардың ұлтаралық қатынас тілі ретінде орыс тілінің беделі өсіп, қазақ тілінің қолдану аясы қолдан тарылды. Осылайша қазақтарды ашық орыстандыруға даңғыл жол ашылды, уақыт өте келе сталиндік халыққа қарсы саясаттың тек орыс еместерге қарсы жүргізілген саясат екендігі жайлы нақты дәлелдер арқылы берілген пікірлер езілген ұлттардың санасына ұлтшылдық сәулесін септі. «Наказание целых наций, народов не имело никаких оснований, ибо факты предательства Родины и воинского долга отдельными отщепенцами и группами людей различных национальностей, а также бандитских действий, порожденных войной, проявлялись часто в более широких масштабах и у других народов. Если бы Сталин, - пишет известный философ и историк Д. Волкогонов, - следовал своей преступной логике всегда, то после образования русской обсвободительной армии ему надо было бы ссылать и русский, и украинский, и все другие народы... В неисполнимости этого, между прочим, видна вся абсурдная преступность сталинских решений» [Ибрагимбейли Х. Монополия на истину? // Рабочая трибуна. -1990. - 22 августа. - 2 б.]. Қазақ жері ең алғаш Ермак бастаған жаулаушылар аумаққа енген тұстан бастап жаулап алына бастаған болатын, ол кездері жаулап алу ашық жүргізілсе, кеңестік кезең өз жер тартып алу саясатын өзгелерден жасырып іске асыруға машықтанды. Қазақ жерін бөліске салу идеясының ашық көрініс беруі Хрущев билігіне сәйкес келеді. Хрущев билікке келгеннен соң қазақ жерін талан-таражға салуға мықтап кіріскен болатын. Қонаев өз естеліктерінде өзі қызмет жасаған кезеңдегі Одақ басшыларының, әсіресе Хрущевтың Қазақстан аумағын бөлшектеу мақсатында жүргізген саясаты жайлы айта келіп қазақ жерінің мақта өсірумен шұғылданатын аудандарының көршілес Өзбекстанға қалай берілгенін нақты баяндайды [Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. - Алматы: Санат, 1994. – 244-248 бб.]. Ұлттарға қатысты өзіндік ерекшелігі бар жылтыр лозунг ұстап жою саясатын ұстанған кеңестік режим уақыт өткен сайын жаңаша бағыт ұстанған идеялардың болмауынан тоқырауға ұшырай бастайды. Ұлттық мүддені көздеушілер қаншалықты дәрежеде теріс сипатта көрсетілгенімен, әр ұлттың ұлттық мүдде үшін қызмет етуді мақсат еткен азаматтары жасырын түрде болса да өз жұмыстарын жүргізе берді. Осы тұста Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастарының басын біріктіріп, ұлттық құндылықтарымызды, тіліміз бен мәдениетімізді сақтауға шақырған «Жас тұлпар» ұйымына тоқталмау орынсыз болар еді. «Жас тұлпардың» бір ғана Мәскеудің өзінде 1200 мүшесі болды. Ленинград, Киев, Харьков, Ригада оқитын қазақ жастары да қарап жатпады. Ол қалаларда ұйымның бөлімшелері құрылып, «Жас тұлпардың» жұмысын жандандырды. «Жас тұлпар» жоспарлы түрде жұмыс жасады, бағдарламасы да айқын болды. Мақсаты – қазақы рухтағы жаңа ұрпақты тәрбиелеп шығу болды. Өнер, білім, ғылым саласында жан-жақты қалыптасқан тың резерв дайындау бірінші орынға қойылды («Жас тұлпардың» дүбірі // Парасат. - 2000. - №8). Ал революцияның негізін салған марксизм, тіпті сталиндік режимнен соң да тек мадақталғанымен де ғылыми тұрғыдан өз жалғасын тауып, дами алмады. «Марксизмнің философиялық, экономикалық теориясында Маркстен басқа да аса бір елеулі өзгерістер, дамулар мен ілгері жылжулар болды деп айтудың өзі қиын. Нақты бір тарихи жағдайда дүниеге келген марксизм 150 жыл бойы творчестволық тұрғыда дами алмады. Ал адамзат тарихы, қоғамдық құбылыстар мен оқиғалар, жеке адамдардың көзқарастары 20 ғасырда өте жылдамдықпен дамып отырды. Сөйтіп марксизм нақтылы өмірден қалып қойды. Мұндай жағдайда қандай да болсын көзқарас, принциптер, концепциялар күйзеліске, дағдарысқа ұшырап, догматизмге бас ұрады» [Әженов М. Марксизм туралы не айтамыз? // Ақиқат. - 1994. - №4. – 26 б.]. Тек коммунистік партияның ғана жеке билік жүргізуі заңды негізде бекітілген заңсыздықтардың орын алуына жол береді. Е. Абдрасуловтың пікіріне сүйенсек, Қазан төңкерісі жеңіске жеткен алғашқы жылдары жаңа заңнаманың жоқтығы салдарынан заңдарды қабылдауға қатысты «жұмысшы-шаруа үкіметі мен еңбекші бұқара мүддесін қорғау» қағидасы, ал заңдарды түсіндіруге қатысты «төңкерістік ар-ождан және төңкерістік құқықтық сана» ұғымдары негізге алынды [Абдрасулов Е.Б. Толкование закона и норм Конституции: теория, опыт, процедура: автореф. ... д-ра юрид. наук. -Алматы, 2003. – 17 б.]. Мемлекеттік билікке халықтың тигізер әсері барынша төмендеді, жергілікті советтердің ролі төмендей берді. Тек советтердің ролінің төмендеуі жайлы келесі мәліметтерден жалпы ахуал жөнінде қорытынды жасауға болады: «Кеңестік кезеңнің 1980 жылдары Жоғарғы Кеңестің, Министрлер Кеңесі мен КОКП Орталық Комитетінің бірлескен жарлықтары мен қаулылары көп қабылданатын. КСРО Жоғарғы Кеңесі 1937-87 жылдары бар жоғы 79 заң қабылдаған болса, осы жылдары 30 мыңнан астам бірлескен қаулылар қабылданыпты. Бұған түрлі ведомствалар мен министрліктердің сансыз көп бұйрықтары мен нұсқауларын да қосқан жөн. Демек, 70-80 жылдары қоғамдық қатынастар көбінесе еліміз бен республика Жоғарғы Кеңесінің заңдарына қарағанда осы бірлескен қаулылар арқылы реттеліп отырған. Нақты әлеуметтік зерттеулер институтының мәліметі бойынша, Брежнев билік құрған кезеңде Министрлер кеңесі қабылдайтын әр он шешімнің біреуі ғана орындалатын» [Өтешев Е., Есұлы М. Аңыз бен ақиқат // Егемен Қазақстан. - 1993. - 20 қараша. – 2 б.]. Партияның қоғамдық өмірдің барлық саласында өктемдік жүргізуі, оған ешқандай тосқауыл қойылмауы жағдайдың шиеленісуін тездетті. Бұл турасында С. Өзбекұлы «Қазан төңкерісінен кейін Ленин құрған большевиктер партиясы сынаудан мүлдем ада болды. Партияның қателіктерін сынап, ашық сөйлеу қылмыс болып, «Контрреволюционер», 30-шы жылдары «халық жауы», 70-80 жылдары «диссидент» деген атпен айыпталды. Ал, идеялық күрес, оппозиция болмаған қоғамның толыққанды дамуы мүмкін емес. Бір партияның монополиясы, идеологиясы сол партияның түбіне жетіп тынды» [Өзбекұлы С. Ленин гуманист пе, әлде диктатор ма? // Жас Алаш. - 1993. – 21 сәуір. – 2 б.] деген пікір білдіреді. Осындай ауыр халдегі, барынша ескіріп, өзінің ендігі бағытын айқындай алмайтын халге жеткен жалпы кеңестік режим жаңа идеялық қарулануды қажет етті. Бұл өз кезегінде жаңа басшылықтың алдына жаңа міндеттемелерді жүктеді, Кеңес мемлекетіндегі жариялылықтың деңгейі жайлы Ю.В. Андропов алғаш рет сыни көзқарас білдіріп, мемлекеттік органдарда қалыптасқан көпсөзділік пен жасандылыққа қарсы шығып, онымен ашық күресуге шақырды. Сонымен қатар, партия органдары мен мемлекет қызметінің ара жігін ажыратуды. Партия органдарының мемлекеттік органдар қызметіне араласуын болдырмауды қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты [Андропов Ю.В. Избранные речи и статьи. - М.: Издательство полит. лит., 1983. – 292 б.]. Бірақ, Ю.В. Андропов көптеген шешімін таба алмай келе жатқан мәселелерді шешуге бастама жасағанымен, ол өмірден өтісімен олар қозғаусыз қала берді. Қоғам биліктен жаңалық күтті, әрине, жаңалық болып М.С. Горбачевтың қайта құру идеясы тарихқа қарқынмен енді.

1.3 Қазақстанда социализмді қайта құру идеясының қалыптасуы, саяси плюрализмнің пайда болуы

1985 жылдың 23 сәуірінде өткен КПСС Орталық Комитетінің Пленумы Кеңес өкіметінің тарихына жаңалық енгізген құбылыс болды. Осы Пленумда баяндама жасаған М.С. Горбачев сол кезеңде орын алған кеңестік өмірдегі шындықтың көлеңкелі жақтарын ашық түрде ортаға салып, одан шығатын жол ретінде барлық салада жаңарту саясатын енгізуді ұсынды [Горбачев М.С. Избранные речи и статьи. - М.: Издательство политической литературы, 1987. – Т.2. – 152-171 бб.], бұл өз кезегінде қайта құру саясаты болып тарихқа енді. Жаңа қайта құру бағыты қоғамда жаңа серпіліс тудырды, ұзақ жылдар бойы шектеулі өмір сүрген адамдар алғаш рет демократия жөнінде ойлана бастады. Өзінің тарихи жаңа идеясы жайлы оның авторы «Перестройка – это целостный революционный процесс, осуществляемый демократическими методами, народом и для народа, по отношению к которому партия выступает как его политический авангард. А проявляемые ею активность и исторические инициативы – естественное выражение ее авангардной роли. И партия не монополизирует право на поиск. Любая полезная инициатива, откуда бы она ни исходила, нужна перестройке, ибо ее жизненный тонус политически зависит от развития демократии, функция которой, в частности, заключается в стимулировании народной инициативы» [Горбачев М.С. Социалистическая идея и революционная перестройка. - М.: Политиздат, 1989. – 16 б.]. Қайта құрудың басты ерекшелігі болып оның өзгелер тарапынан келіп түсер идеяларға үміт артуы болды, яғни билік адамдарға бостандық беру арқылы ары қарай дамудың жолын табуды олардың өздеріне міндеттеді. «Социализм к которому мы движемся в ходе перестройки – это общество, опирающееся на эффективную экономику, на высшие достижения науки и техники, культуры, на гуманизированные общественные структуры, осуществившее демократизацию всех сторон общественной жизни и создавшее условия для активной творческой жизни и деятельности людей» [Горбачев М.С. Социалистическая идея и революционная перестройка. - М.: Политиздат, 1989. – 30 б.]. Бұл жайында Н. Назарбаев та «СОКП демократияландыру мен жариялылықты дамытуда, сталиншілдік тудырған әміршілдік-әкімгершілік жүйеге қарсы күресте маңызды жетістіктерге ие бола тұра оқша бораған сынның астында қалайша қалып қойды? Меніңше, мұның негізгі себебі қайта құруды алдағы іс-қимылдардың айқын жоспары жөнінде қам жасамастан, алдымызда айқын саяси және идеялық бағдарларымыз болмай тұрып бастағанымызда болып отыр. Қазір бәрі де – «оңшылдар» да, «солшылдар» да, тіпті ашықтан ашық социализмге қарсы күштердің көш басшыларына дейін демократиялық ұрандарды қалқан етіп бүркемеленіп келеді. Мұндай жамыраған дауыстардан адамдар көбінесе кімнің соңынан ерерін, кімге сенерін, былайша айтқанда, қай құдайға сиынарын білмейді» [Назарбаев Н. Әділеттің ақ жолы. - Алматы: Қазақстан, 1991. – 260 б.] деп қайта құру идеясының жоспарсыздығын сынға алған болатын. Қайта құру өмірге енгенімен жаңаша ойлаудың өз нәтижесін бермегендігі жайлы С. Платонов та «Поразительно то, что наша теория, которая должна играть роль точного компаса, мощной производительной силы, грозного оружия, - вообще не предвидела предстоящего перелома в общественном развитии. Хуже того: подойдя вплотную к его границе вместе со всем обществом, теория по-прежнему «в упор не видит» нового качества развития, не может внятно сформулировать его суть. Во всем обществе, не говоря уже о руководящем эшелоне , широко распространено понимание не просто нехватки, а практически полного отсутствия крупных, смелых идей, адекватных ощущаемому всеми масштабу проблем, масштабу исторического вызова, с которым столкнулось мировое коммунистическое движение» [Платонов С. После коммунизма. -М.: Молодая гвардия, 1989. – 237 б.] деп өз қанағаттанбаушылығын жеткізеді. Бізді қызықтыратын ұлттар саясаты қайта құру кезінде де ұлттардың пайдасына шешілмеді. Горбачев Ленин ұсынған алдамшы идеяларды жалғастыратынын мәлімдеді. Ол да пролетариат көсемінің жолымен ұлттардың бөлініп, өзін-өзі басқару идеясын жоққа шығаруға тырысты. «Ключевой вопрос здесь, на котором можно остановиться особо, -это путь реализации в современных условиях ленинского принципа самоопределения наций. В минувшие десятилетия в этом было допущено немало извращений. К сожалению, они закрепились в определенной мере и в общественном сознании. Необходимо, поэтому, четко определиться в этом коренном для нашей теории и политике вопросе. Прежде всего следует подчеркнуть, что партия будет последовательно проводить в жизнь ленинскую национальную политику, включая такой ее основополагающий принцип, как право наций на самоопределение. Бесплодны и заслуживают осуждения попытки утверждать, якобы самоопределение народов СССР не состоялось, сводить его только к отделению, тем самым обедняя этот универсальный принцип решения национального вопроса. Весь наш, и не только наш опыт говорит о необходимости рассматривать самоопределение не только как единовременный акт, связанный с осуществлением права на отделение. Это – сложный, многоплановый процесс утверждения национального достоинства, развития языка и культуры, укрепления политической самостоятельности, экономического и социального прогресса» [Горбачев М.С. Доклад и заключительное слово на Пленуме. - М.: Политиздат, 1989. – 23 б.]. Ендігі жерде күштеп ұстау мүмкін еместігін түсінген Горбачев сәл жаңаша сипат бере отырып лениндік ұлт саясатын жалғастыра берді. «Я давно понял: если мы не будем реформировать наше многонациональное государство, то реформы задохнутся. При всех несомненных достижениях предшествующей национальной политики – а они есть – она могла существовать только на известном этапе, да и тогда всех держать в узде не удавалось. Вспомните, какие были репрессии, просто подавляли многое. Такую национальную политику дальше нельзя было вести в этом государстве» [Горбачев М.С. Декабрь – 91 моя позиция. - М.: Новости, 1992. – 156 б.]. Дегенмен, М. Горбачевтың да ұлтқа қатысты екіжүзді саясатты жалғастырғанының куәсі 1986 жылғы қазақ жастарын қырғынға ұшыратқан желтоқсан оқиғасы болды. Тіпті бұл оқиға демократиялық бағытты жақтаушы жаңа биліктің өзінен бұрынғы биліктен тек жалаң сөздерімен ғана ерекшеленгенін дәлелдеді. Желтоқсан оқиғасы жетпіс жыл бойы тұншықтырылып келген тәуелсіздік идеясының қайта жаңаруына септігін тигізді. «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының ұлттық санасының қаншалықты өскенін көрсетіп берді. Бір ғасыр бойы халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған өктемдік үрдістің алдындағы қорқыныш алғаш рет еңсерілді. Жастар айдай әлемнің алдында кез-келген ұлтқа тән ұлттық намыс бұдан былай ешқандай баса көктеуге мойын ұсынбайтынын паш етіп берді» [Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында. - Алматы: Өнер, 1996. – 35 б.]. Қайта құру күрделі, мемлекетті тығырықтан алып шығар идеяларды туғыза алмағанымен, халықтың өмір салтына үлкен өзгерістер әкелді, халық еркін өмірдің дәмін сезе бастады. Одақ құрамындағы республикаларда көптеген жаңа бағыттағы саяси ұйымдар құрыла бастады. Сол кезеңдегі саяси ахуал турасында «В последнее время на всесоюзном уровне заявили о себе около 20 партий, а на республиканском и местном до 100 общественно-политических организаций. Численность их рядов невелика, но это не отражает истинного влияния на людей. В ряде регионов им удалось провести своих депутатов в Верховные Советы СССР и республик, в местные Советы и даже потеснить КПСС» [Зараменский И. Куда несешься «птица-тройка»? // Рабочая трибуна. - 1990. - 17 октября. - 2 б.]. Жаңа идеялардың халыққа кең тарауы, еркін ойлауға шек қойылмауы нәтижесінде кеңестік кеңістікте тек жеке билік жүргізген Компартияға қарсыластардың халықтан қолдау тауып, оны саяси аренада қысымға ала бастағанын байқауға болады. Сондай-ақ жекелеген республикаларда жаңа партиялар тіпті, Компартияны ығыстыра бастады, бұл сөзімізге мысал ретінде Украинаның «Рух» партиясын келтіруге болады, «За год с небольшим Рух создал оппозицию в парламенте, предложил альтернативный выход из экономического кризиса, ряд иных важнейших преобразований. Из его гнезда выпорхнуло немало вполне оперившихся политических формирований. Самое заметное, влиятельное из них – Украинская республиканская партия, воссозданная из Украинского хельсинкского союза» [Белов Н. и другие. Куда движется Рух // Рабочая трибуна. - 1990. - 16 ноября. - 2 б.]. Ал Балтық жағалауы елдерінің жаңа саяси партиялары тіпті радикалдық бағыт ұстанды десек қателеспейміз. Ол жайлы баспасөзден келесі пікірді кездестіруге болады, «Нагатове, например, респектабельная оппозиционная группировка «Ваба Ээсти» (Свободная Эстония). В ее девизе «Компетентность, терпимость, сотрудничество» слышится и критика нынешнего правительства республики. Лидер «СЭ» Индрек Тооме (в свое время отказавшийся баллотироваться в премьеры, хотя имел шансы) констатирует: «Реальная жизнь не укладывается в рамки новой идеологии, как не укладывалась в рамки старой». Теневой властью в республике является Конгресс Эстонии. Его лидеры рассуждают: мы живем в оккупированном государстве, поэтому сформированные парламентские структуры, включая Верховный Совет, незаконны. Какие-либо политические решения вправе принимать только коренные жители Эстонии, потомки тех, кто жил здесь до июля 1940 года» [Кредов С. Потеснитесь, политики // Рабочая трибуна. -1990. - 10 августа. - 3 б.]. Литваның белді партиясы «Саюдистың» іс-әрекеттеріне саралау жасай келе келесі бір автор Литвадағы Компартия жайын былайша баяндайды: «В образе врага представлена Коммунистическая партия Литвы на платформе КПСС, оставшаяся на принципах интернационализма. С коммунистами, входящими в ее состав, не церемонятся. Бьют словом: ...Можно было бы демонстративно наплевать на все здания коммунистов, уступив их сторонникам КПСС. Пусть проводят свои последние денечки в Литве в роскошных кабинетах, будет что позже вспоминать в Москве» [Балюцкий С., Тараканов С. Притеснение без стеснения // Рабочая трибуна. - 1990. – 19 апреля. – 1 б.]. Армениядағы Компартия жайын «Компартия Армении, семьдесят лет стоявшая у власти в республике, в этом году не получила необходимого большинства мест в парламенте и потерпела порожение на выборах Председателя Верховного Совета» деген сөздерден-ақ түсінуге болады [Айдинян В. Армения: компартия в оппозиции // Рабочая трибуна. - 1990.-21 августа.–1 б.]. Дәл осы кезеңде Грузияда да Компартия үшін жағымсыз өзгерістер орын алған еді «На улицах продается масса неформальных периодических изданий. И это понятно, ведь в республике сейчас насчитывается 107 различных общественно-политических формирований. В сложной обстановке сегодня оказалась и компартия республики. Необходимо признать, говорили участники пленума ЦК КП Грузии, который состоялся 22 марта, что партия идет в хвосте политических событий, делая неформалам одну уступку за другой» [Дибути В. Тревожная весна Грузии // Рабочая трибуна. - 1990. -31 апреля. – 3 б.]. Осылайша жер-жерлерде бұрынғы беделінен айрылған Компартия тіпті өзінің бағыт-бағдарларына жаңашыл-демократиялық өзгерістер енгізгенімен халық алдында жоғалтқан беделін қайтара алмады, керісінше күн санап халықтың компартиядан сырт айналуы, партия билеттерін өткізуі, тіпті, партияның жоғары қызметтегі басшыларының оппозицияға ауысуы көптеп орын ала бастады. Осындай шиеленісті жағдайда өзінің бұрынғы қалпын өзгертпесе халық алдындағы беделінің одан ары құлдырай берерін түсінген Компартия басшылары өз ұстанған бағыт-бағдарын уақыт талабына сай өзгертуге нақты қадамдар жасады. КОКП Орталық Комитетінің 1990 жылғы ақпан айындағы пленумында бекітілген жаңа жобаға сәйкес Компартияның ұстанған бағыт-бағдары жаңаша сипатта бекітілді. Ендігі жерде партияның саясаты тек жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын толықтай қамтамасыз етуге, тиімді жоспарлы-нарықтық экономикаға, социалистік демократия мен халықтың өзін-өзі билеу құқығына, жаңаша құрылатын федерацияға, адамзаттың бейбіт қатар дамуына, партияның жаңаруына бағытталатын болып келісілді [К гуманному, демократическому социализму (Платформа ЦК КПСС к 18 съезду партии) // Вечерняя Алма-Ата. - 1990. - 13 февраля. - 1 б.]. Партияның жаңашылдығы, оның жаңа қоғамдық қатынастар аясында жаңа бағыт ұстануы оған жеке адамдардың көзқарасын өзгерте алмады. Күннен күнге партияның беделі түсе берді, ал жаңа құрылған саяси ұйымдар саяси ұпайларын көбейте берді. Л. Ахметова өзінің докторлық диссертациясында осынау өзгерістерге толы қайта құру кезеңі жайлы «Этот совсем недалекий от нас исторический отрезок времени, крайне разнородный и неоднозначный, сформировал качественно новый климат и новый уровень общей и политической культуры народа» [Ахметова Л.С. Проблемы патриотического воспитания казахстанцев в условиях советской командно-административной системы 1946-1991 (по материалам средств массовой информации): автореф. ... д-ра истор. наук. – Алматы, 1998. – 33 б.] деген толымды пікір білдіреді. Шынында да өзге республикалар секілді Қазақстанда да қайта құру жаңаша бағыттағы ой-пікірлердің қалыптасуына ықпал етті. Өзгеше ойлауға ерік берілген осы кезеңде республика аумағында пайда болған бұл саяси ұйымдарға ресми билік те теріс қараған жоқ. Бұл турасында Н. Назарбаев «если новые политические, общественные образования действуют в рамках закона, то свои симпатии и антипатии я, как говорится, попридержу. Политический плюрализм должен быть обеспечен. Больше того, оппоненты нам, коммунистам, нужны» [Назарбаев Н.А. У нас есть свой путь // Вечерняя Алма-Ата. - 1990. - 18 сентября. - 1 б.]. Осындай жағдайдың жаңа бағыттағы ұйымдар үшін қолайлы болуы олардың көптеп пайда болуына әкелді. «В общей сложности с ноября 1989 года по март 1990 года в Казахстане имелось 103 зарегистрированных и незарегистрированных партий, общественных движений, объединений и групп» [Аяганов Б.Г. Социально-экономическое и общественно-политическое развитие Казахстана с 1970 по 1990 год: автореф. ... д-ра истор. наук. – Алматы, 1995. - 36 б.]. Алайда жаңаша бағыттағы саяси ұйымдар тек жаңа бағыттағы ой-пікірлер тудырып қоймай, ескі коммунистік партияның қателіктерін де сынай бастады, республикада орын алып отырған ауыр әлеуметтік-экономикалық ахуалдың орын алуына себептерді іздеді, ұлттарға қатысты саясаттың кемшін тұстарын көре білді, бұл өз кезегінде республикадағы саяси ахуалдың күрт өзгеруіне әкелді. «С 1990 года политическая ситуация в республике существенно изменилась. Общественно-политические движения сами стали оказывать давление на политические институты, в первую очередь на властные структуры Компартии Казахстана, возлагая на нее ответственность за кризис в экономике и неудачи в проведении хозяйственной реформы. В это же время внутри самой Компартии проявляются разногласия и звучат призывы к реформированию самой партии» [Карсаков И.Б. Общественно-политическая жизнь Казахстана (1985-1995 гг): автореф. ... канд. истор. наук. – Алматы, 1996. – 11 б.]. Дегенмен де демократияны жалау етіп ұстаған қайта құру идеясы ескі кеңес идеологтарынан, партияның үлкен басшылары тарапынан қолдау тапты десек қателескен болар едік. Жаңаның ескіге сіңісуі өте қиын болатыны әркімге де түсінікті болар, сондықтан жаңа бағыт қолдаушылармен қатар қарсыластарын да тез тапты. «В течение последних примерно полутора лет противостояние между силами прогресса и реакции нарастало. Начиная с декабря, даже с осени прошлого года, оно приняло очень жесткие формы. При этом позиции даже и не маскировались. Постоянно звучали призывы к чрезвычайным мерам, а пленумы ЦК превратились в самые настоящие битвы. Таким был апрельский пленум 1991 года, вызвавший шок в обществе. Таким был и последний пленум, накануне которого 32 из 72 секретарей обкомов КП РСФСР заявили о том, что Горбачев надо призвать к ответу» [Горбачев М.С. Августовский путч. - М.: Новости, 1991. – 7 б.]. Кеңес Одағының тарихи сахнадан кетуін тездеткен 1991 жылғы тамыз төңкерісі болды. «Бросая ретроспективный взгляд на события 19-21 августа, должен сказать, что логика глубоких реформ не исключала такого поворота дела. Я допускал, что развитие может принять крайне резкие формы. Основания для таких предположений? Кардинальные изменения затронули весь общественный организм, коренные интересы всех социальных слоев. Прежде всего я имею в виду партию, правившую от имени народа, не получая на это полномочий со стороны народа. Они затронули армию, втянувшуюся в глубокие реформы в результате реализации политики нового мышления, процесса разоружения, принятия оборонительной доктрины. Реальной стала конверсия военно-промышленного комплекса. Идет она трудно, со многими негативными последствиями. А ведь занятые в этом секторе экономики – это наиболее организованная, интеллектуально сильная, высококвалифицированная часть общества и к тому же пользующаяся определенными привилегиями. Теперь наложите на это национальные аспекты перестроечного процесса. Прибавьте реформирование собственности, направленное на изменение мотивации труда, переход к рынку. И многое-многое другое. Все тут сошлось» [Горбачев М.С. Августовский путч. - М.: Новости, 1991. – 5 б.]. Тамыз төңкерісі жайлы көптеген мақалалар жарияланып, халық талқысына түсті, әртүрлі көзқарастар қалыптасты. Дегенмен бұл төңкерістің жеңіліспен аяқталуының басты себебі, халық санасының оянуы болды. 1964 жылғы Хрущевтың орнынан кетуінің сценарийі бойынша жүзеге асырылған төңкерістің ұйымдастырушылары халықтың көзқарасының бұл төңкеріске қалай болатындығын ескермеді. Бұл жайлы, «События этих дней доказали, что народ прекрасно разбирается в политике и в политических лидерах. Он уже не верит в благие намерения тех, кто слишком рьяно провозглашает себя прямыми наследниками традиционных властных структур, тех, кто 70 с лишним лет все обещает и обещает не сегодня-завтра построить светлое будущее» [Плутник А. В августе 91-го // Известия. – 1991. – 23 августа. – 1 б.] деген ойды келтіре кеткен жөн болар. Империяның соңғы патшасы болған М. Горбачев өзі қолынан шығарып алған отар елдердің империяның құрамынан шығуын қаламады, ол барынша жан-тәнімен олардың дербес болуын болдырмауға тырысты. Ең соңында күйреген империя жайлы «Эта страна создавалась в течение тысячи лет, и в ней все настолько сплетено, взаимосвязано – историей, культурой, общими традициями, человеческими, кровными связями, совместной жизнью, разделением труда, кооперацией в промышленности, в науке... Но вот такую страну разделяют. Я не представляю себе, как будут все это кроить. Нет такого «закройщика», который сможет это сделать. Нельзя закладывать под будущее столько бомб. Все это – потенциальные Карабахи» [Горбачев М.С. Декабрь – 91 моя позиция. - М.: Новости, 1992. – 42 б.] деген ойларын ортаға салу арқылы дербестік алған мемлекеттерді қорқытуды да есінен шығарған жоқ. Алайда, қайткен күнде де дербес даму жолына түскісі келген Одақтас Республикалардың демократиялық күштері соңғы патшаның ескертпелерін қаперіне де алған жоқ. Саяси жағдай уақыт талабына сай күн санап өзгеріске ұшырап отырды, Беловеж келісімінен соң Ашхабат келіссөздері орын алды. Ал мәселеге нүкте қойған Алматы декларациясы болды. Алматы декларациясы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының жойылғандығын, оның орнына тең құқылы қатысушыларды ешқандай мемлекеттік немесе мемлекеттен жоғарғы құрылым болып табылмайтын өзара келісім арқылы қабылданатын шарт негізінде жұмыс істейтін жаңа достастықтың құрылғандығын жариялады. Бұл жаңа құрылым – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы деген атауға ие болды. Ендігі жерде барлық отар мемлекеттердің бостандықты аңсаған демократияшыл күштерінің армандары орындалып, әр мемлекет бұрынғы отарлаушы мемлекетпен халықаралық құқық негізінде тең дәрежеде қарым-қатынасқа түсу құқығына ие болды. Осы жерде алып империяның құлауының себептері соншалықты көп болғанына көз жеткізе отырып, оның ішіндегі ең басты себепке көз жүгіртуге тырысу табиғи нәрсе. Осыншама жыл бойы отар елдерді өз қармағынан шығармай, тіпті, мемлекеттің нысанын түбірімен өзгерсе де отарлаушы кейпін сақтаған империяның ыдырауына септігін тигізген ұлттардың бостандыққа ұмтылуы десек қателеспейміз. Жұмыстың басынан бастап біз ленинизмнің ұлт мәселесіне қатысты ұстанымдарының күнгей және көлеңке тұстарына тоқталып, алға тартылған идеялардың керісінше орындалғаны жөнінде мәліметтер келтіре отырып, қайта құру арқылы ұлттық мүдденің алға шыққанына тоқталдық. Бұл жөнінде Президентіміз Н. Назарбаев та «Үлкен мемлекеттің құлауына технологиялық, стратегиялық мешеулік, бәсекелестік қабілетіміздің төмендеуімен қоса, ұлт мәселесі де аз себепші болған жоқ. Кейбір саясатшылардың айтуынша, ең басты, ең шешуші себеп те осы сияқты» [Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында. - Алматы: Өнер, 1996. – 26 б.] деп бұл мәселеге қатысты нақты тұжырым жасайды. Кеңестік режим патшалық Ресейдің ұлттарға қатысты саясатын жаңа қарқынмен жалғастырды, оның салдары бүгін де өміріміздің әр қырынан көрініс табуда. Келмеске кеткен кеңестік режим, жалпы 300 жылға созылған отарлық өмір қазақ тарихында көптеген орын толмас өкініштерге толы кезең болды, бірақ, отарлық кебін киген әр ұлттың басында дәл қазақ ұлтының қайғы-қасіреті жатты. «Адамзат баласының тарихында ең үлкен қылмыс 20 ғасырда Евразия құрлығында жасалды. Ол – бір ұрпақтың көз алдында жүздеген миллион адамды жайпап өткен екі бірдей дүниежүзілік соғыс та емес. Ол – Жапон аралдарына тасталған атом тажалы да емес. Ол – технократтық жабайылығымыз тудырған экологиялық сүргін (катаклизм) де емес. Ол керек десеңіз, қырық жыл бойы (1949-1989) қазақ даласында, бейбіт халықтың ортасында сынақ үшін жарылған 500-ге тарта атом бомбасы да емес... 20-ғасырдың ең үлкен қылмысы – социалистік системаның тоталитарлық өктемдікпен екі жүзден астам ұлтты мидай араластырып жіберуі еді. Нәтижесінде жүзге тарта ұлттар мен ұлыстар мүлде жойылып кетті. Яғни, жүзге тарта төлтума мәдениет мәңгілік жоқ болып, жұмыр жердің мәдени-рухани болмысы солғын тартты. Осынау жойқын да жойдасыз қасіреттің орнында мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан төлтума мәдениетті әбден таптап, өздері химералық күйге жеткен 300 миллион тобыр қалды; басқа ұлтпен некелескен 60 миллион дүбара қалды; 600 мың тірі жетім балалар қалды; абақтының тұрақты тұрғындарының саны 20 миллион адамға жетті. Осының бәріне қоса, социалистік системаның бір ғана пайдасын айтпай кетуге болмайды. Ол – социалистік системаның тарих сахнасында болуы арқылы адамзат баласы бұдан былай қандай қателікті қайталамау керек екенін мықтап есінде ұстайтын болады» [Сейдімбеков А. Ойтолғақ (жарияланбайтын жазбалар). - Алматы: Жалын, 1997. – 271 б.].

ІІ ТАРАУ. АЗАТ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОТАРСЫЗДАНДЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ҰСТАНЫМДАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ИДЕЯЛЫҚ МӘНІ

2.1 «Азат қозғалысы және 20 ғасыр басындағы «Алаш» партиясы арасындағы саяси-құқықтық үндестік

Қазақ тарихында тұңғыш саяси ұйым ретінде құрылып 1917-1920 жылдар аралығында қызмет жасаған «Алаш» партиясы дәл өз уақытында замана талабына сай құрылған және өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру жолында жан аямай күрескен ұлттық ұйым болған еді. Оның өмірге келуіне біріншіден, отарлық езгідегі халқымыздың ғасырлардан бері жинақталып келген және әбден пісіп-жетілген наразылығының, ішкі жанайқайының сыртқа шығуы себеп болды. Ол қазақ тарихында тұңғыш рет қалың бұқара санасына Бостандық, Теңдік, Туысқандық деген мәңгілік ұғымдардың ұрығын шашты, оларды естіген халық еңсесін көтерді, қараңғылық пен ұлттық езгінің түнегінен азаттықтың таңына қол созды. Екіншіден, 18 ғасырда отарлық езгінің салдарынан ыдырауға ұшыраған қазақ ұлттық мемлекетін жаңа заман талабына сай жаңа сапада қайтадан құру міндеті болды. Алаш зиялыларының ортақ түсінігі бойынша отарлық езгі жағдайында аяқ асты болып келген ұлттық мүддені қорғай алатын, сол арқылы қазақ елінің әлем халықтарымен бірге үдемелі прогресшіл дамуын қамтамасыз ете алатын ең негізгі фактор - ол ұлттық мемлекеттік құрылымның болуы еді [Қойгелдиев М. Алашорда // Егемен Қазақстан. -1992. - 18 қаңтар. – 1 б.]. «Алаш» партиясының құрылуына себеп болған мәселелер жайында К. Нұрпейісов Ә. Бөкейхановтың «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген «Қазақ» газетінің 23 желтоқсан 1917 жылғы №256 санында жарық көрген ашық хатына сілтеме жасайды. Онда негізінен жеке саяси партия құруға негіз болған үш себеп сөз етілген: біріншіден, кадет партиясының жерді жекешелендіруді жақтауы; екіншіден кадеттердің өзге ұлттардың ұлттық автономия құруына қарсылығы; үшіншіден діннің мемлекет ісінен бөлінуіне кадеттердің қарсылығы. Осы үш себепке тоқтала келе, Ә. Бөкейханов ашық хатта өзінің ұлттық «Алаш» партиясын құруға бел шеше кіріскенін мәлімдейді [Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. - Алматы: Ататек, 1995. – 225 б.]. Зер сала қарасақ, аталған үш себептің шындығында да қазақ халқының өз алдына дербес мемлекет ретінде дамуына үлкен тосқауыл екені көзге ұрып тұр, сондықтан да сол кезеңдегі қазақтардың тұрмыс-халімен етене таныс қайраткердің жаңаша ұлттық бағыттағы, қазақ ұлтының ұлттық ерекшеліктеріне, оның қалыптасқан өмір салтына сәйкес ұстанымдары бар және бүкіл қазақ халқының басын бір тудың астына біріктіретін партия құруды қолға алуы нағыз көрегендік еді. Сонымен қатар, аталған жайға тағы бір себеп, қазақтың пассионарлық дәрежедегі зиялылары большевиктердің ұйымдасуымен жасалған Қазан төңкерісін қазақ халқына түсініксіз, қажетсіз тарихи оқиға деп таныды... Жаңа пайда болған Кеңес өкіметінің пролетариат диктатурасының озбырлық, қорқыту, үркітумен қазақ халқына сырттан телінген, оның ұлттық этнологиясына большевиктік идеологияның мүлдем жат екеніне дер кезінде көзін жеткізді, оған баға бере білді. Сондықтан ұлт мүддесіне сай, ұлттық нышандағы қасиеттерге толы Алашорда өкіметін құрып, халқын өркениетті санат дәрежесіне көтеруді мақсат етті [Өзбекұлы С. Қазақ елінің көсемі // Байтұрсынұлы А. Жаңа низам. – Алматы, 1996. - 7 б.]. К. Нұрпейісов «Алаш» партиясының құрылу, қызмет ету және жойылу тарихын аталған еңбекте нақты материалдарға сүйене отырып кеңінен, толық мазмұнда зерттеген, біздің мақсатымыз осы «Алаш» партиясы ұсынған саяси-құқықтық идеялардың Азат қозғалысы ұстанымдарында орын алу мәселесі болмақ. Сондықтан да «Алаш» партиясы қабылдаған бағдарламаның жобасына тоқталуды жөн көрдік. Бағдарлама жобасы кішігірім 10 бөлімнен тұрады, онда мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, негізгі құқық, дін ісі, билік һәм сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі қарастырылған. Онда Ресей Федерациясы құрамында ұлттық автономия құру идеясы орын алған. Сол кездегі орын алған саяси ахуалды ескере отырып, Ресейден іргесін аулақ салудың мүмкін еместігін түсінген, өзге де бұратана ұлт өкілдері секілді федерация құрамында бастапқыда тек автономия құрудың мүмкіндігінің зор екендігін түсінген партияның бұл ұстанымы заман талабына сай келетін. Өйткені, «Алаш» партиясы өмір сүрген кезеңде қазақ жері патшалық империяның құрамындағы бірнеше генерал-губернаторлық құрамында болған, сондықтан өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекет құру идеясын бірден алдыға тартудың тиімсіздігін ескерген «Алаш» көсемдері аталмыш бағдарламада «Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып Россия республикасының федерациялық бір ағзасы болуы. Реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе болуы, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болуы» деп өз мақсаттарын нақтылаған [Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. - Алматы: Ататек, 1995. – 220 б.]. Біз бұл жерден «Алаш» партиясының басты мақсаты қазақ жерінде біртұтас мемлекеттілікті орнықтыру екендігін көре аламыз, яғни мүмкіндігінше алғашқыда федерация құрамында дербес автономия құру, ал ол мүмкін болмаса бірден-ақ дербес мемлекет құруға бел шеше кірісу. Бұл мәселенің осы тұрғыдан қарастырылуының бір себебін сол кездегі қазақ қоныстанған жерлердің әртүрлі империялық аумақтық құрылымдар құрамында болмауымен де түсіндіруге болады. Оған мысал ретінде «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 25-29 қаңтарда жарияланған санында жарық көрген «Жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысынан» үзінді келтіруге болады, «1). Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі – халқы қазақ-қырғыз, халі тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі Автономия құруға» [Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. - Алматы: Ататек, 1995. – 153 б.]. Бастапқыда «Алаш» партиясының алдында аталмыш өңірлердің қазақтарының басын бір мемлекеттік құрылымға біріктіріп, аумақтық біртұтастығын қалпына келтіру мәселесі тұрды, тек осы автономия өз аяғынан тұрып алған соң ғана толық тәуелсіздікке қол жеткізу мәселесін көтерудің орындылығы жайлы ойлау заңды болатын. Осыдан табаны күректей 73 жыл өткен соң ғана азаматтық Азат қозғалысы ұсынған бағдарламада қозғалыстың басты мақсаты Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде орнығуы екендігі жазылды. Азат қозғалысы қазақ тарихындағы «Алаш» партиясынан кейінгі тәуелсіздікті ту етіп көтерген, ұлттың қамы үшін құрылған екінші іргелі де халықтан кең қолдау тапқан саяси ұйым болды. Әрине, 1990 жылы мемлекеттің аумағына қатысты қалыптасқан жағдай мүлдем өзгеше еді, онда Қазақ ССР-інің аумағы айқын болды, бірақ, онда мекен еткен халықтың ұлттық құрамы мүлдем өзгеше болатын. Байқағанымыздай, «Алаш» партиясы мемлекеттілік жайлы сөз қозғағанда қазақ ұлтының мекен еткен аймағы басты назарда болса, жаңа кезеңде нақты аумақта қазақтың дербес мемлекетін құру сол қазақ жерін мекендеуші өзге ұлттардың мүддесіне қайшы келмей атқарылуды талап етті. Сондықтан да тәуелсіздік жайлы сөз қозғалғанда ұлттық фактор негізгі орында болғандығы өзге ұлт өкілдері тарапынан қозғалыстың қолдау таба алмауына әкеліп соқты. Алайда, азаттықтар өздері құруды мақсат еткен мемлекетте өзге ұлттарға қысым көрсету емес, керісінше солардың келісімі арқылы автохтонды этнос негізінде ұлттық қоғам құрғысы келді. Сол себепті де Азат қозғалысы өз бағдарламасында өздері құруға тиісті мемлекеттің тірегі жалпы Қазақстан халқы болатындығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар Азат қозғалысы өздерінің алдында коммунистік-тоталитарлық режимнің қазақ ұлтына жасаған қысастығының салдарынан зардап шеккен ұлттық құндылықтарды қалпына келтіру міндеті тұрғандығын естен шығарған жоқ, бұл мәселелер қозғалыстың 1 шілде 1990 жылы Алматыда өткен құрылтайында қабылданған бағдарламасында айқын көрініс тапты: «Тоталитарлық режим қазақ халқын бас еркіндігінен айырды, миллиондаған жергілікті халықтың қырылуына жол берді, жасанды түрде жер аудару, экологиялық апат, республика тұрғындарының экологиялық, мәдени-әлеуметтік, рухани тоқырауына, азғындауына әкеліп соқты. Қазақстан Компартиясының әкімшіл-әміршіл аппараты... жергілікті халықтың саяси-экономикалық артта қалушылығын жою үшін ешқандай батыл әрекеттерге бара алмай отыр. Жұмысшы мамандар арасында жергілікті ұлт өкілдері әлі де сол аз қалпында. Босқындарды қоныстандыруда, оларды жұмысқа орналастыруда, әсіресе экологиялық апат аудандарынан келгендерге көмек көрсетуде ешқандай жүйе-бағдар жоқ. Республика астанасы мен басқа қалаларда қазақтар санының өсуіне жағдай жасалмай отыр. Соның нәтижесінде жергілікті ұлт әлеуметтік, ғылыми-техникалық прогрестен мешеу қалған, ауылды жерлерде шоғырланған күйінде қалып отыр» [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. -Алматы: Өркениет, 2001. - 82 б.]. Осы кезеңде қазақтардың өз елінде жалпы халық санының 40 пайызын құрайтын азшылыққа айналып, оның біраз бөлігінің өз тілінен айрылып, ұлттық келбетінен айрылудың аз алдында тұрғанына қарамастан Азат қозғалысы Қазақ ССР-іне тиесілі аумақта дербес мемлекет құруды алдыға тартты. ««Азаттың» негізгі мақсаты – Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болуды, бүкіл дүниежүзілік барлық мемлекеттермен өзара тиімді шартпен байланыс жасауды қалайды» [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. - 83 б.]. Қарастырылып отырған екі саяси ұйымның да көздеген мақсаты отарлықтан құтылып жеке қазақ мемлекетін құру болды, «Алаш» партиясының өз мақсатына жете алмауына Кеңес өкіметінің қырып-жоюға бағытталған саясаты себебін тигізсе, соңғысы сол Кеңес өкіметінің құлауының арқасында өз дегеніне жетті. Дегенмен «Алаш» партиясының да Азат қозғалысының басты мақсаты ұлттық мемлекет құру болды, яғни «Алаштың» бұл идеяны жүзеге асыруына сенімділігіне сол кезеңде жалпы халық санының 70 пайызға жуығын құраған қазақ ұлтының санының көптігі әсер етсе, 1990 жылдары жалпы халықтың 40 пайызын ғана құраған қазақ ұлтының санының аздығы, ұлттық сананың төмендігі Азат қозғалысы үшін негізгі кедергі болып есептелінген жоқ [Тәтімов М. Халықнама немесе Сан мен сана. - Алматы: Жазушы, 1992. – 53 б.]. Азат қозғалысы Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт диаспораларымен келісімге келіп, қазақ ұлтының айналасына шоғырланған орта құра отырып, ұлттық мемлекеттілікке қол жеткізуді мақсат етті. Аталмыш қозғалыс ұсынған конституция жобасының 1-ші бабында Қазақ республикасы – тәуелсіз демократиялық ұлттық мемлекет деп аталып, осы құжаттағы өзге де баптар мемлекеттік тілдің қазақ тілі екендігін, тіпті республика заңдарының жергілікті халықтың дәстүрі, әдет-ғұрпы мен демографиялық ерекшеліктері негізінде қабылданатындығын бекітеді [Өзбекұлы С. Қазақ Республикасының конституциясы (жоба) // Азат. - 1991. – қаңтар (№1). – 2 б.]. Тағы бір ескере кететін жайт, ол алаштықтардың сол кезеңнің өзінде қазақтың шұрайлы жерлерінің басым бөлігіне иелік етіп, Қазақстан халқының алтыдан бір бөлігін құраған орыс келімсектерімен санаса іс-әрекетке бару жолын ұстануына тура келді. Бұл жайлы М. Қойгелдиев өз мақаласында Ә. Бөкейхановтың пікірін келтіреді: «Мұжықпен аралас қазақты тастап, ылғи қазақ болып шығамыз десек, қазақ орыста қалады; қазақты бұл жерден көшіріп аламыз десек, бұл қазақ ата қонысынан көшпес; көшсе ақылсыздық болады; қазақ жерінің ең жақсысы осы мұжықпен аралас отырған жер. Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт. Біздің қазақ ұлтының автономиясы енді тұрмыс халда туысқан автономиясы болар емес; жерге байлаулы автономия болмақ» [Қойгелдиев М. Алашорда // Егемен Қазақстан. - 1992. - 18 қаңтар. – 4 б.]. Алаштықтар да өз кезегінде өздері құруға мақсат еткен ұлттық автономияда тек қазақтар ғана емес өзге ұлт өкілдері болатындығымен санаса отырып жалпыға бірдей, теңдік идеясын ұстануды, сондай-ақ сол өзге ұлттарды қазақ ұлты маңайында топтастыру арқылы ұлттық мемлекет құруды көздеді. «Алаш» партиясы көсемдерінің басты назарында болған мәселе өздері құрмақшы автономияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі болды. Осы мақсатта атты милиция құру қажеттігі алға тартылды, бұл турасын халыққа кең насихат жұмыстары да жүгізілді. 1917 жылғы 21-26 шілдеде өткен жалпы қазақ съезінің бағдарламасында сол кезеңдегі әскердің орнына халық милициясын құру көзделінді [Суханбердина Ү., Дәуітов С., Сахов Қ.. «Қазақ» газеті. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. – 406 б.]. Мысалы, қазақ газетіндегі «Қайтсек жұрт боламыз» атты мақалада әскер құрудың басты себептері ашып көрсетіледі «Бұл заманда әскері жоқ жұрт жұрт емес, күл. Осы бастан автономия алудың қамына кіріссек, милициямызды жасап алып, қарамызды көрсетсек, Алаш Орданы үкіметіміз деп тіресіп қорғасақ, бізді ешкім басынбайды. Үкіметі бар, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі» [Суханбердина Ү., Дәуітов С., Сахов Қ.. «Қазақ» газеті. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. – 441 б.]. Жеке әскер құру мәселесі Азат қозғалысының әу бастан бағдарламасына енгізілген еді, олар ішкі әскери күш пен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтайтын қарулы күш Қазақ Жоғарғы Кеңесіне бағындырылуын талап етті [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. - 84 б.]. Жаңа дербестік алған алған мемлекеттің өз ішінен шығатын, сондай-ақ сырттан келуі мүмкін қауіп-қатерге шыдас беруін тек дербес әскер құрудан көрген екі ұйымның бұл турасында да ұстанымдары бір жерден шығады. Жалпы алғанда сөз етіп отырған екі саяси ұйымның жалпы мемлекеттілік мәселелеріне қатысты, сондай-ақ мемлекеттегі ұлтаралық қарым-қатынастарды реттеуге байланысты ұстанымдары өзара астасып жатыр. Біз бұдан тек қазақ ұлттық саяси ұйымдарының арасындағы уақыт айырмашылықтарына қарамастан саяси-құқықтық пікір үндестігін көре аламыз. Қай кезде де саяси ұйымдар белгілі бір қоғамның дамып жетілуінің жаңаша жолдарын қарастырумен шұғылданатындықтан «Алаш» партиясы ұсынған саяси-құқықтық идеялардың Азат қозғалысында басшылыққа алынуын тәуелсіздік аңсаған ұлт азаматтарының әрқашан сол жолда жан аямай күресуге даяр болғандығы деп білеміз.

2.2 Қозғалыс ұстанымдарындағы кейбір ұлттық идеялар

Қазақстанда кейінгі жылдары ұлттық идеология тұрғысында әр түрлі пікірлер баспасөз беттерінде айтылып жүр. Кейбір авторлар ұлттық идеологияны жасауға байланысты өз пікірлерін жариялап, мемлекеттің әлі бұл мәселеге мән бермей отырғандығын алға тартады. Жалпы идеологияны таптар мен әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіретін қоғамдық сана, яғни саяси-құқықтық, ғылыми-пәлсапалық, адамгершіліктік-эстетикалық және діни көзқарастар мен теориялық идеялар жүйесі деп түсінетін болсақ, мемлекеттік ұлттық идеология сол мемлекеттегі өмір сүретін барлық ұлттар мен ұлыстардың, ең бастысы адамның мүддесіне сәйкес болуы қажет. Олай болса, біздің мемлекетімізде мүлде ұлттық идеологияның нышаны жоқ деу арқылы біздің түпкілікті қателесуіміз мүмкін. Өйткені мемлекетіміз өз тәуелсіздігін жариялағаннан бастап-ақ әртүрлі мемлекеттік маңызы бар нормативтік-құқықтық актілерде өз мақсат-мүдделерін нақты, айқын түрде көрсетіп жүр. Дегенмен әлі күнге барлық қазақстандықтардың басын біріктіретін, олардың осы мемлекетте өмір сүріп, өз ұрпақтарын осы мемлекет аумағында өсіріп, оны сүюге, мақтан етуге, жан-тәнімен оны қорғауға деген сезімін тудыратын идеялар жиынтығының болмауын мойындамасқа болмайды. Қазірде бізде тек ұлттық идеологияның алғы шарттары ғана жасалған деуге болады. Ресейлік ғалым А. Владимиров ұлттық идеяға белгілі бір талаптар қояды: «Национальная идея должна быть:

- цельной, то есть содержать в себе базовые ценности как цели нашего личного и национального (государственного) бытия;

- интересной, то есть отражающей коренные интересы личности, народа (и государства) и понятной им;

- понятной миру;

- не конфронтационной и объединяющей;

- квинтэссенцией здравого смысла;

- устремленной вперед и «вовне», через совершенствование «внутри»;

- с неоспоримой перспективой развития;

- понятной в своей стратегии и механизмах программного воплощения;

- способной обеспечивать получение первых позитивных результатов как точек роста в ближайшем обозримом будущем;

- с собственной внутренней структурой, в том числе иметь уровни идеи, объединенные едиными ценностями, базовыми подходами и общим замыслом воплощения;

- базовой основой согласия в обществе и единой координационной платформой практической деятельности всех органов власти»[ Владимиров А.И. О национальной государственной идее России. - М.: Маркетинг, 2000. -62 б.]. Алайда ұлттық идеологияның негізінің бірден жасалына салмайтындығын, сондай-ақ бір қойылатын қатаң талаптар шегінде ғана жасалуы мүмкін еместігін, біртіндеп, мемлекеттің даму тарихына байланысты жылдар бойында қалыптасатындығын ескерсек, алғаш тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалауға өзінше үлес қосып, өз идеялары үшін күрескен Азат қозғалысының қазақстандық ұлттық идеяның негізінің қалануына атсалысқанына ешкім де дау айта алмайды деп сенуге болады.

Мемлекетіміз өз тәуелсіздігін жарияламастан бұрын мемлекеттілік, адам құқығы, демократия, жариялылық, билік бөлінісі, зайырлылық және тағы да басқа идеяларды көтерген Азат қозғалысы ұсынған саяси-құқықтық идеялар бүгін де мемлекетімізде өз қолданысын тауып келеді. Енді Азат қозғалысы ұсынған ұлттық идеологияға қатысты мәселелерге тоқталсақ, ол үшін қозғалыс қабылдаған ресми құжаттарына жүгінген жөн. Айта кететін бір жайт, осы қозғалыс қабылдаған және жоба ретінде ұсынған құжаттарда көзделген саяси-құқықтық идеялар кейіннен тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің көптеген негізгі нормативтік құқықтық актілерінде орын тауып, мемлекеттік саясаттың басты бағыттарына айналды. Қозғалыс жарғысында орын алған саяси-құқықтық ұстанымдар қозғалыс ұсынған конституция және егемендік туралы декларация жобаларында нақтыланып, толықтырылып беріледі. Сол кезең үшін басты мәселе болған тәуелсіздік мәселесін қозғалыс 1 шілде 1990 жылы қабылданған жарғысында басты мақсат ретінде көрсетті: «Халықаралық одақтық шартпен біріккен, еркін тәуелсіз мемлекеттердің ынтымақтастығы аясында Қазақстанның мемлекеттік егемендік алуын Азат қозғалысы өзінің ең басты мақсаты санайды» [Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының жарғысы // Азат. - 1991. – қаңтар (№1). – 4 б.]. Қозғалыс мемлекеттің тәуелсіз болуын, сол арқылы өз тағдырын өзі шешуін және өз тәуелсіздігі үшін күресуін жақтайды, өйткені мемлекет өзгенің боданы болған кезде ондағы жергілікті халықтың мүддесіне сай келетін және ол ұлттың өз құндылықтарын сақтап, ары қарай дамытуына жағдай туғызатын саясат жүргізілмейтіндігін уақыт өзі дәлелдеп берген еді. Сонымен қатар жарғыда мемлекеттік биліктің түбірімен өзгеріп, оның орнына халықтық өкімет, яғни халықтың еркі негізінде жасақталатын мемлекеттік билік органдарының құрылуы, сондай-ақ мемлекеттің өз Ата заңы конституциясы халықтық електен өту арқылы қабылдануы да негізгі мәселелердің бірі ретінде қарастырылады. Бұл құжатта мемлекеттік біртұтастық, аумақ бөлінісіне жол бермеу де назардан тыс қалмаған. Мемлекеттік билік бөлінісі, заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарының өзара тепе-теңдік және тежемелік қағидасы негізінде қалыптасуы, қоғамның демократияландырылуы, жариялылыққа, ой және сөз бостандығына жол беру, азаматтардың сайлау және сайлану құқықтарының дамуына ықпал жасау мәселелері де Азат қозғалысының негізгі ұстанымдарының қатарында болды. Жарғыда нарықтық экономикалы мемлекет құру, онда барлық меншік түріне мемлекет тарапынан кепілдік берілу мәселелері де көзделген. Қозғалыс сол уақыттағы шешілуі қиын болған инфляция, жұмыссыздық сияқты күрделі құбылыстарды шешуді мемлекеттің басты міндеті ретінде көрсеткен. Қозғалыс жарғысының алғашқы бабы қозғалыстың Қазақстан жерінде гуманистік, әлеуметтік және тарихи-ұлттық әділеттілікті мақсат тұтатын, бейбітшілік сүйгіш, иманжүзді, қазіргі дәуірге сай демократиялық тәуелсіз мемлекет орнату жолында күресетін барлық тұлғалардың басын біріктіретіндігін мәлімдейді. Зерделеп қарасақ, осы баптағы қозғалыстың алдына қойған мақсатынан құрылуға тиіс мемлекеттің басты мақсаты адам және ұлт мүддесі үшін қызмет жасау болуы қажет екендігін көреміз. Одақ ыдырамастан бұрынғы кезеңде Қазақстанда ең алғаш рет орныққан коммунистік режимнің ұстанымдарын жоққа шығарып, оның орнына гуманистік бағыттағы, адамның жеке бас бостандығы мен таңдау еркіндігін басты орынға қоятын, сондай-ақ халық жадынан өшірілген тарихи құндылықтарды қайта жаңғырту арқылы, ұлттық сананы қайта қалыптастыру, ұлттық тіл, діл, дін мәселелерін өз деңгейіне көтеру үшін күресуге бел буған қозғалыс мүшелерінің сол кезең үшін батыл шешімге келуінің өзі біраз жайды аңғартқандай. Қозғалыс мемлекеттің егемендік алуын ұлттардың өз рухани құндылықтарымен қайта қауышып, ұлттық сананың жаңғыруының кепілі деп санайды. Бұл жерде тек қазақ ұлтының ғана емес республиканы мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың бір-біріне кедергі келтірмей жоғалтқан құндылықтарымен қайта қауышуы басты мақсат болып саналады, мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт, адам бостандығы қатар алынады. Сонымен қатар қозғалыс өзінің ең негізгі мақсатының бірі ретінде республиканың байырғы тұрғындары қазақ ұлтының ұлт ретінде өз-өзіне келіп, жоғалтқан құндылықтарын қайта жаңғыртуын, өзге ұлт өкілдерімен теңесіп, өзінің ұлт ретіндегі ұлттық абырой сезімін оятуды қояды. Қозғалыс мүшелерінің назарынан мемлекеттің болашағы жастарды тәрбиелеу, оларды отаншылдыққа баулу мәселесі де тыс қалмаған. «Азат» қозғалысы ұсынған тәуелсіздік туралы декларация жобасында жастар туралы заң қабылдану қажеттігі, сонымен қатар жас мамандарды шет елдерге жіберіп оқыту арқылы мемлекеттің барлық салаларын білікті мамандармен қамтамасыз ету бағдарламасын жасау нақты мақсат ретінде атап көрсетілген. Сонымен қатар осы құжатта алғаш рет мемлекеттегі ұлтаралық татулық пен достастықты қамтамасыз ету үшін Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі құрамында республиканың өмірінің барлық салаларында ұлттық топтардың белсенді түрде қатысуын қамтамасыз ететін ұлттар кеңесін құру да көзделеді [Гражданское движение Казахстана «Азат», из декларации основных целей и принципов» // Горизонт. - 1990. – 8 сентября. – 5 б.]. Қозғалыс Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің мүддесіне қайшы келместен ұлттық мемлекет құруды көздейді, ол туралы қозғалыс белсендісі С. Өзбекұлы ұсынған мемлекеттің конституциясының жобасының 1-бабы келесідей мазмұнда беріледі: «Қазақ республикасы – тәуелсіз, демократиялық, ұлттық мемлекет», сондай-ақ, жобада мемлекеттік тіл қазақ тілі болып бекітіледі. Осы конституция жобасында мемлекеттің егемендігі халық қолында екендігі, сонымен қатар мемлекеттік биліктің де иесі халық екендігі баса көрсетіледі. Сонымен қатар ұлттық мемлекет болғандықтан республикалық заңдардың жергілікті халықтың дәстүрі, әдет-ғұрпы мен демографиялық ерекшеліктері негізінде қабылдануы қажеттігі алдыға тартылады [Өзбекұлы С. Қазақ Республикасының конституциясы (жоба) // Азат. - 1991. – қаңтар (№1). - 2-3 бб.]. Дегенмен, осы ұлттық заңнама, ұлттық мемлекет жөніндегі ұсыныстар өз уақытынан өте ерте ұсынылғанын уақыт көрсетті және осы идеялар арқылы сол кездегі қазақстан халқы Азат қозғалысын ұлтшыл ретінде айыптаған еді. Жоба авторы мемлекеттік елтаңба, жалау және гимн сияқты рәміздердің де халықтық талқылау арқылы қабылданатынын ескерте кеткен. 19-шы бап Қазақ республикасы азаматтардың жеке меншігіне, үй-жайына, хат-хабар құпиялылығына ешкімнің қол сұқпауын қамтамасыз етеді. 20-шы бапта Қазақ республикасының азаматы заңсыз жауапқа тартылса ол барлық саяси, әлеуметтік, азаматтық, мүліктік құқықтарын орнына келтіруге хақылы екендігі нақтыланады. Жобаның 7-ші бабы мемлекеттің барлық азаматтарына олардың ұлтына, нәсіліне, тегіне, әлеуметтік-мүліктік жағдайларына, діни нанымына, партиялық мүшелігіне, кәсібіне, тұрғылықты жеріне қарамастан Конституцияда көзделеген барлық праволар мен бостандықтарға кепілдік беретіндігін және азаматтық пен тең құқылыққа қол сұғу заң бойынша жазаланатындығын бекітеді. Қозғалыс көппартиялылықты, саяси құқықтық идеялар плюрализмін қолдайды және осы жобада конституция шеңберінде қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің мемлекет және қоғам өміріне қатысуына кепілдік берілу қажеттігін алдыға тартады. Діни сенім, адамдардың дін таңдау құқығы әр адамның еркінде болуы, мемлекеттің діннен, діннің мемлекеттен алшақ болуы, зайырлы мемлекет құру мәселесі де қозғалыстың қаперінен тыс қалмаған. Біз жоғарыда ұлттық идеологияның мемлекет емес жеке адам мүддесі үшін жасалынуы қажеттігін сөз еткен едік, автор өзі ұсынған жобаның екінші бөлімін азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне арнайды. Ондағы басты қағида 14-бапта көзделеді: «Қазақ республикасында азаматтарға заң тыйым салмаған нәрсенің бәріне рұқсат етіледі», ал кеңестік режимде бұл қағида керісінше мағынада жұмыс жасағанын ескерсек, қозғалыстың ең гуманды бағытты заңнамасы болатын мемлекет құру ниетінде болғанын көреміз. Қозғалыс жоғарыда көзделген мақсаттарға қол жеткізудің бірден-бір жолы ретінде республиканың тәуелсіздігін жариялауын көреді және тәуелсіздік алған соң осы мемлекеттің байырғы тұрғындары, қазақ ұлтының қайта жандануына мемлекет мейлінше жағдай жасайды деп сенеді, тәуелсіздік пен ұлттық қайта жаңғыру ұғымдарын қатар қояды. Дегенмен, тәуелсіздік алған күннің өзінде де мемлекеттің тек осы мәселеге айрықша мән беруі ол ұстанып отырған саясатқа қатысты болатындығын ескермейді. «Обладание же государством само по себе еще не дает нации мирового признания, более того, в зависимости от жесткости его структур и режима, государство может серьезно тормозить процесс восхождения нации к своему человеческому достоинству (взять, к примеру, русскую нацию в России сталинского прошлого или грузинскую нацию в гамсахурдиевской Грузии). Потому как независимость государства далеко не всегда влечет свободу нации и человека, отождествлять независимость и свободу не следует» [Котов А.К. Восхождение к национальному: к концепции права человека на национальное достоинство. - Алматы: Рауан, 1992. – 31 б.]. Айта кетуіміз керек, тәуелсіздік алғанымызға он сегіз жылға аяқ басқанына қарамастан нақты қазақстандықтардың басын біріктіретін ұлттық идеологияның өмірге келмеуі көңіл қынжылтады. Әр адамның өзінің осы мемлекетте өмір сүруінің мәнін неден, нендей жалпылама идеядан және мақсаттан көруі қажеттігін ашып көрсету және оның осы мемлекетте өмір сүретіндігін мақтан етіп қана қоймай, осы құндылықтарды барынша қорғаштап, сол құндылықтардан өзіне қуат пен күш-жігер алуын қамтамасыз ету -мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Кейбір авторлар тіпті мемлекеттің ұлттық идеологиясыз өмір сүруін жоққа шығарады. «Государство, не имеющее национальных интересов, нельзя называть государством в полном смысле этого слова. Это лишь набор властных структур, функционирующих за счет своего населения. Такое состояние государства просто недопустимо и далее продолжаться не может и не должно» [Владимиров А.И. О национальной государственной идее России. - М.: Маркетинг, 2000. – 59 б.]. Жалпы алғанда Азат қозғалысы өзі белсенді түрде қызмет еткен қысқа кезең ішінде бүгінгі күні үлкен мәнге ие болып отырған жайттар туралы саяси-құқықтық ой-пікір қалыптастыра білді, сондай-ақ өз ұстанымдары үшін батыл қадамдарға бара алды. Қозғалысқа өзі қызметін бастаған уақыттан бастап әсіре ұлтшыл бағыттағы ұйым ретінде баға берілгенімен, оның ұсынған саяси-құқықтық идеяларынан біз тек жалпы қазақстандықтарға бірдей, тең негізде құқық беретін, гуманды бағыттағы, демократиялық, құқықтық мемлекет құру мақсатын көре аламыз. Қозғалыс көсемдерінің бірі М. Исиналиев қозғалыс жайлы пікірін былайша білдіреді: «Гражданское движение Казахстана «Азат» и возникло как движение демократическое, гуманное, чтобы, во-первых, способствовать росту национального самосознания одних, которые в своих желаниях полагались бы на свою организованность и активность действий, не надеясь, что кто-то добровольно преподнесет республике суверенность, ибо не для того столетиями, где насильно, где открыто, а где завуалировано, проводилась колонизаторская политика, насаждалась психология отношений метрополии и колонии. В советский период эта политика отличалась лишь тем, что была глубоко и утонченно замаскирована под идеологической фразеологией. Во-вторых, способствовать развитию гражданственности и патриотизма других, кто считает себя гражданином этой республики, чтобы вместе с казахами бороться за действительно независимое суверенное государство с его территориальной целостностью, демократической общественной жизнью республики и совместно стремиться воспитать хотя бы в молодом поколении, которому жить в ХХІ веке, демократическое мышление, раскованность мысли, уважение к личности, истине, истории, языку, традициям и культуре Степи» [Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 90 б.]. Ұлттық идеология мен ұлтшылдық сезім бір-бірімен тығыз байланыстағы ұғымдар екені даусыз, бұл жерде біз осы екеуін басшылыққа алған қозғалыстың идеяларын ары қарай аша түсуге ұмтыламыз. Ұлтшыл бола отырып, өзге ұлттармен бейбіт қатар өмір сүруді насихаттау орынды ма деген нақты сауалға жауап іздеуге тырысамыз. Жұмыстың бастапқы тарауында атап өткеніміздей, қозғалыстың ұстанымдарында молынан көрініс алған ұлттық бағыттағы идеялар сол кезеңдегі қоғам өкілдерімен реакцияшыл ұлтшылдық ретінде қабылданып, оның жұмысының өзге ұлт өкілдері арасында жандануына кең өріс ашыла қойған жоқ. Оған сол кездегі ақпарат құралдарының қосқан үлесі зор болған еді: ««Азат» құрылған күннен бастап-ақ, орыс тілді ұлт өкілдеріне қоғамдық өмірге қандай күштің келгенін көрсететін билеуші топтың сөздері мен мақалалары айтыла, жазыла бастады. Халықтың арасына жік салып, екіге бөлу саясаты осылай басталды» [Көшім Д. Тоқсаныншы жылдардың қара сөздері. - Алматы: Өлке, 1996. – 65 б.]. Әрине, ол кезең үшін ашық түрде әсіре асқынған ұлтшылдық бағыт ұстану жаңа құрылып, іргесі қаланып жатқан қозғалыс үшін тиімді бола қоймас еді, дегенмен оның белсенділері ұлтты қайта жаңғырту, негізгі ұлтты тиісті деңгейге көтеру, оның мүддесінің аяқасты болмауын қадағалау сияқты бағытты ұстанған, бірақ олар бір ұлттың мүддесі үшін өзгелерді таптап өту саясатынан өте алшақ болған еді. Сол кезеңде жарық көрген кейбір шығарма иелері ұлтшылдық жайлы өздерінің кері пікірлерін тәпіштеп жазады: «Ұлтшылдық (шовинизм) – бұл өзінің ұлттық мәселелерін өзге ұлттардың құқықтарын шектеу арқылы шешуге ұмтылыс, ұлттар араздығын тудыру, жекелеген адамдардың ұлтық менмендігі» [Сужиков М.М. Напреженность или гармонизация. – Алматы, 1991. – 20 б.]. «Ұлтшылдық кез-келген нысанда ұлттық мәселелерде жалпы адамзаттық, гуманистік қағидалар үшін күресуші дамушы қоғамдық күштердің бірлігіне қарсы үлкен бүлдіргіш қасиетке ие» [Джунусов М.С. Национализм в различных измерениях. - Алматы: Казахстан, 1990.–141б.]. Ұлтшылдық адамзаттың басты құндылықтары болып табылатын әлеуметтік теңдік пен гуманизмнің қарсыласы болды және бола береді де [Джунусов М.С. Национализм в различных измерениях. - Алматы: Казахстан, 1990.–198б.]. Осындай жағымсыз түсініктемені иемденген ұлтшылдық бүкіл ұлт санасына жат, теріс құбылыс ретінде сіңірілді. Ал, сол кезеңнің басылымдары Азат қозғалысын әсіре ұлтшыл деп айып тақты, өйткені тек Азат белсенділері ғана ең алғаш болып ұлт мәселелерін мемлекеттік биліктің алдына қойды, ұлт мүддесі үшін күресті. Бұл өз кезегінде қозғалыстың барлық қазақстандықтардың ортақ мүддесі үшін күресетін қозғалыс ретінде орнығып, қоғамда әділ бағалануына кедергі келтірген еді. Тіпті алғаш қозғалыс өз жұмысын бастаған кезеңде де, кейіннен қайта жанданған кезде де ол туралы тек ұлтшылдардың қозғалысы деген пікір айтылып келеді. Ал қозғалысқа қатысты айтылған ұлтшылдық сөзі қоғамда тек біржақты, теріс мағынасында қабылдануда. Тіпті, қазір де осы қозғалыстың ізін жалғастырушылар жөнінде ұлтшылдар деген көзқарас қалыптасқан. Ж.Х. Джунусова өзінің «Республика Казахстан: Президент. Институты демократии» деген еңбегінде 1995 жылдың наурыз айындағы Жоғарғы Кеңес депутаттарының билікке наразылығы жайында айта келіп сөзін былайша сабақтайды: «Бірлескен президентке қарсы топқа әр түрлі қозғалыстар мен партиялар, тіпті, казактар мен «Азат» секілді қоғамға қарсы топтар біріккен еді» [Джунусова Ж.Х. Республика Казахстан: Президент, институты демократии. - Алматы: Жеті-Жарғы, 1996. – 111 б.]. Осы жерде ұлтшылдық сөзінің нақты түсініктемесіне жан-жақты, байыппен тоқтала кеткен жөн болар. Себебі Азат белсенділері шынында да негізінен ұлтшыл азаматтардан құрылған еді. Сол мақсатпен біз сөздіктерден ұлтшылдық сөзінің түсіндірмелерін қарастырдық, барлық сөздіктерде ұлтшылдық жөнінде бір ғана анықтама берілген, яғни, «Национализм - идеология и политика в национальном вопросе, для которых характерны идеи национального превосходства и национальной исключительности. Национализм трактует нацию как высшую внеисторическую и надклассовую форму общественного единства, как гармоническое целое с тождественными основными интересами всех составляющих ее социальных слоев» [Философский энциклопедический словарь / Ред. колл. C.С. Аверинцев и др. - М.: Советская энциклопедия, 1989. – 402 б.]. Ал Т. Жанұзақов құрастырған қазақ тілінің сөздігінде ұлтшылдыққа екі түрлі түсініктеме беріледі: 1) Ұлт мүддесіне жан-тәнімен берілушілік, ұлтжандылық, ұлтын ерекше сүюшілік; 2) Ұлт мүддесін, ұлт ерекшелігін қорғау ұранын пайдаланып ұлттар арасына іріткі салушы буржуазиялық кертарпа саясат пен идеология [Жанұзақов Т. Қазақ тілінің сөздігі. - Алматы: Дайк-Пресс, 1999. – 90 б.]. Айта кететін бір жайт, қазақша түсініктемеде ұлтшылдыққа бір-біріне кереғар түсініктемелер береді, осы жерде бір өзіміз сөз етіп отырған Азат белсенділерін қай санатқа жатқызатындығымызды ажырата алмау қиындығына тап келеміз. Себебі орыс тіліндегі баламасында нақты түрде ұлтшылдыққа толық түсінік беріледі, ал қозғалыстың ұстанған бағыттары ұлтшылдықтан мүлде алыста жатыр. Бір сөздің бір-біріне кереғар екі мағына беруін ұлтымыздың тоталитарлық жүйе жетегінде 70 жылдан астам уақыт болуынан іздеуге болатын шығар. Себебі осы кезеңде ұлтқа жаны ашитын, көзі қарақты азаматтар ұлтшыл сөзінің алғашқы түсінігі бойынша айыпталып, халық жауларына айналған еді. Философ Ғ. Есім «Ұлтшылдық – большевизмнің ата жауы. Сондықтан алаштың Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сынды озық ойлы азаматтарының «Оян, қазақ!» деп көтерген ұраны большевизмге қарсы атылған оқ болды» дей келе, өз ойын келесідей жолдармен сабақтайды: «Бүгінде «Оян, қазақ!» деген ұран қайта жаңғырып, большевизм күйреуде. Қазақ ұлтшылдары атанып жапа шеккен, атылған алаш азаматтарының рухы халық махаббатына бөленіп, ұлттық сана оянуда. Ұлтшыл деген қазақ сөзі. Халқын жақсы көретін, соған адал қызмет етуге белін бекем буған адамды осылай атаған. Бұл сөздің несі жаман. Мәселе оған берілген саяси бағада жатыр. Мұндай бағаны большевизмнің теоретигі В.И. Ленин берген. Себебі, ұлт-азаттық пен большевизм - бір-біріне қарама-қарсы бағытталған әлеуметтік саяси күштер. Ұлтшылдық деген большевиктік түсініктен арылатын мезгіл жетті. Ұлтшыл деген – қазақ сөзі. Сөзде еш кінә жоқ. Оған үрейлі айдар таққан Ленин және оның әріптестері. Енді өз сөзімізді өзіміз бастапқы мәнінде қолдансақ деймін» [Есім Ғ. Ұлттық сана және ұлтшылдық туралы // Ақиқат. – 1992. - № 6. – 79 б.]. Біз бұдан қазақтың көзі қарақты азаматтарының ұтшылдықты өз мәнінде халыққа қайта түсіндірудің қажеттілігін дәл уақытында мәселе етіп көтергенін көре аламыз. Алайда екінші жағымды түсініктеменің кері түсініктеменің көлеңкесінде қалуының салдарынан осы уақытқа дейін ұлтшыл сөзі қоғамда жылы қабылданбауда. Осы мәселеге байланысты ұлтшыл азамат Х. Қожа-Ахметтің дәйекті пікірін келтіре кеткен жөн болар: «Ұсақ ұлттарды ұлтшыл деу бос сөз. Ұсақ ұлт ешқашан да «ұлтшылдықпен уланып», шовинист бола алмайды. Ол тек «үлкен ұлттардың» отарлауынан қорғанушы ғана. Шовинизммен уланатын, басқа ұлттарға үстемдігін жүргізуге тырысатын ауру негізі сол «ұлы ұлттарға» тән нәрсе. Ал ұсақ ұлттардың өз құқығын қорғауын «ұлтшылдық» деп байбалам салу, ұрының арты қуыс дегендей, отаршылдардың өз ұлтшылдығын жасыру үшін салған байбаламы ғана» [Қожа-Ахмет Х. Ереуіл атқа ер салмай. - Астана: Елорда, 2000. – 48 б.]. Бұл ойды автор 1973 жылы жазған екен, бірақ, 1990 жылдары бұл сөздер ұлтшылдардың өзгелерге берер жауабы болғаны сөзсіз. Дегенмен, дәл 1990 жылдары жариялылық лебі есе бастағанымен толық демократиялық қоғам орнаған еді дегенге ешкімнің сене қоймасы анық. Сондықтан да тәуелсіздік алу бақыты жақын қалған Қазақстан мемлекетінің қоғамында қазақ ұлтшылдары тарапынан шовинистік пиғылдың шығуы мүмкін емес еді, олар тек өз ұлтының өзгелермен теңесуін көкседі. Ал Азат қозғалысы қабылдаған құжаттардың қай-қайсысымен де танысқан адам қозғалыстың тек бір ұлттың мүддесін өзгелерден жоғары қоймағанына куә бола алады. Қозғалыс ұсынған егемендік туралы декларация жобасында «Қазақстандағы бүкіл өкімет билігі оның көп ұлтты халқына тиісті» деп жазылса, осы қозғалыс ұсынған конституция жобасы «Қазақ Республикасындағы барлық ұлт өкілдері Қазақстан халқын құрайды, олар егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік өкімет билігінің негізі болып табылады» деген қағида ұсынады. Қозғалыс жарғысы Азат қозғалысының қоғам алдына қоятын талабының бірі келесідей мәтінде беріледі: - Өзін-өзі басқаратын нақты халық өкіметі құрылсын, аумақтық біртұтас бүтіндікті қамтамасыз ете отырып, халықтардың ұлттық, әлеуметтік, саяси және діни сенімділік тәуелсіздігіне қарамай республика азаматтарының тұрмыс жағдайы жоғары болуын және тең құқылық мүмкіндігін қамтамасыз ететін миграция, азаматтық, меншік туралы заңдары қабылдансын. Қазақстан Жоғары Кеңесінде аз ұлт өкілдерінен Кеңесу Советі құрылсын. Бұл Совет аз ұлт өкілдерінің республика өміріне тікелей араласуына септігін тигізеді. Қозғалыстың құрылған кезден көксегені ұлтаралық татулық және Қазақстан халқының бейбіт өмір сүруі болған еді, сонымен қатар өзге ұлттардың жергілікті ұлт өкілдеріне деген бұрынғы көзқарастан арылудың заман талабы екендігін жалпыға түсіндіру оның негізгі міндеті болды. Бұл мәселе хақында С. Ақатай «Қазақстанды мекендеген көпұлтты халық ең әуелі соққыға ұшыраған қазақ бауырының мұң-мұқтажын айтпай түсініп, кеселдің алдын алып, күле сөйлесе, қазақ та қоңсы отырған ағайынының мұқтажына құлақ асар еді-ау, шіркін! Қазақтың қатулы қабағы сонда неге жадырамасын! Сөйтіп барып дүрдараздықтың орнын ұлтаралық шүйіркелестік басар еді. Иманымыз да, ұлттық бағдарламамыз да – осы»[ Ақатай С. Қазаққа не керек? // Азат. – 1992. - сәуір (№4). – 5 б.] деп ой толғаса, осы ойын келесі мақаласында былайша жалғастырады: «Ұлтшылдық болса ұлттық эгоизмнен туындайды. Біздің көзқарасымыз олай емес, біз басқа ұлттардың үстінен өктемдік жүргізсін деп, қазақ ұлтын асырып-тасырсақ демейміз. Онда қазақ бірінші сортты, «таңдаулы» адамдардың қатарына жатар еді де, қалған ұлттар мен ұлыстар екінші сортты, «бұйрықты орындаушы» адамдар санатында қалар еді. Басқаша айтсақ, қазіргі қазақтың кебін қазақ емес ұлттарға кигізер едік. Біз құлдықтан құтылу жолында иемізді құл қылуды мақсат етпейміз» [Ақатай С. Қазақтың көсегесі қайтсе көгереді // Азат. – 1991. – тамыз (№14). – 1-3 бб.]. Адамның өз ұлтына деген сүйіспеншілігінің артуы, өзін сол ұлттың өкілімін деп мақтанышпен есіне ала жүруі, сол адамның ұлты үшін бар жанын сала қызмет істеу керектігін жанымен түсінуі сол кезеңде қозғалыстың алдына қойған мақсатының бастысы болатын. Бұл үшін, әрине, әр адамның санасына әсер ету қажет еді. Дегенмен ол адамның тек өз ұлтын өзгелерден жоғары қойып немесе өзге ұлт өкілдерінен жау іздеуі үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қозғалыс белсенділерінің ойында да болмаған құбылыс еді. Әрине, өз ұлтын сүю, оны құрмет тұту, оның құндылықтарын насихаттау жөніндегі бастамалардың өзгеше сипат алып кету мүмкіндігі турасында тарихта бар тәжірибеден сескенген адамдар қозғалыстың ұлттың ұлттық санасын ояту идеясына қарсы болуы орынды да еді. Ондай тәрбие жұмыстарының жарқын үлгісі А. Гитлердің ұстанымдары бола алады, бірақ, ол өзінің ұлтшылдық сезімін қоздыру идеясын өз ұлтының өзге ұлттарды жою арқылы гүлденуі мақсатында жүзеге асыру қажет деп есептеген. Ол ұлттық сезімді қоздыру арқылы неміс ұлтын өзгелерден жоғары деңгейде өмір сүруге, сол үшін өзгелерден өздеріне қажет нәрсені тартып алуды насихаттаған болатын. «Біз жастарымызды әу бастан әлеуметтік әділдік сезімімен үйлескен ұлтшылдықты құрметтеуге тәрбиелеуіміз керек. Сонда ғана біздің бір-бірімен ортақ сүйіспеншілік, ортақ мақтаныш, өзінің жеңімпаздығына деген ортақ сенім арқылы шынайы түрде біріккен азаматтардан тұратын халықты қалыптастыруға қолымыз жетеді. Қазіргі кезеңге тән шовинизмнен қорқу осы кезеңнің әлсіздігі ғана. Бұл кезең нағыз терең де алапат күштің не екенін білмейді де. Сондықтан да ол ұлы істерді атқара алмайды. Егер жер бетінде тек тыныштық пен байсалдылықтың мещандық қамқоршылары ғана тіршілік кешсе, онда ұлы бетбұрыстар жасау мүмкін болмас еді, фанатизмге, тіпті есінен айрылуға дейін жеткізетін құмарлық та орын алмас еді» [Гитлер А. Моя борьба / Отв. ред. С.Н. Лобанов. - М.: «Т-ОКО», 1992. – 357 б.]. Бірақ Азат қозғалысы ұлттың ұлттан артықшылығы болуы мүмкіндігіне қарсы көзқараста болды, олар тек ұлттың шектелген құқықтарын қалпына келтіруді ғана көксеген болатын. Тіпті, 1990 жылдары қалыптасқан жағдайда қазақ ұлты өзін өзгелермен теңестіруді ғана талап ете алды, соның өзі өзге ұлт өкілдері тарапынан қарсылыққа ұшыраған еді. Қозғалыс әртүрлі саяси ұйымдар келісімге келе отырып, бірлесе іс-шараларды жүзеге асыру қажет деп түсінді, тек бір ұлттың ғана мүддесін көздеуші ұйымдардың халықты шатастыруы мүмкіндігін ескертті. Оған дәлел ретінде М. Исиналиевтің сөздерін келтіре кетуге болады: «Размышление о будущем, осмысление суверенитета должны исходить из наших казахстанских реалий, я это подчеркиваю, и коллективно, сообща, методом консенсуса со всеми организациями, представляющими различные группы населения, находить взаимоприемлемые решения. Чтобы над лозунгом «возрождение» отдельные «ура-патриотичные» соплеменники не пытались изолировать нацию от реальной среды социального обитания, от сопричастности и соучастия в мировом процессе общественного разделения труда, от индустрии и культуры, созданных на территории республики» [Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 75 б.]. М.И. Есеналиевтан өзге қозғалыс басшылары да осы пікірді өз қызметтерінде басшылыққа алған болатын: Соның бірі «Әзірше толық іске аспаған міндеттердің бірі – республикадағы демократиялық партиялар мен ұйымдардың басын қосу ісін жүзеге асыру қажет. Қазақстанның тәуелсіздігі, жерінің тұтастығы, халқының ұлттық мемлекеттілік шеңберінде еркін өмір сүруі, қазақ ұлтының қарыштай дамып, өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті тіршілік кешуі үшін күресуге дайын кез-келген партия мен ұйымға, кез-келген азаматқа (ұлтына және т.б. көрсеткіштеріне қарамай) «Азаттың» есігі әрдайым ашық» [Қуанышалин Ж. Азаматтық қозғалыстың бағыты айқын // Халық кеңесі. - 1992. - 28 наурыз. – 2 б.]. Көріп отырғанымыздай, қозғалыс өз мақсаты ретінде тек қазақ ұлтын өзгелерден бөліп алып, оны өзгелерге қарсы қоюды мүлде қойған жоқ. Қайта керісінше, барлық қазақ жерін мекендеген ұлттар мен ұлыстардың басын қосып, сол кезең үшін басты мәселе болған демократиялық қоғам құруды көздеді. Қозғалыстың басты қағидасы ретінде «Мен өз ұлтымды сүйемін, ал өзгелерді құрметтеймін» деген сөздерді келтіруге болады. Өйткені қозғалыс мүшелерінің барлық айтқан ойлары осы сөздермен түйінделеді. Бұл қағида бүгін де қазақстандықтар үшін зор мәнге ие бола алады деп ойлауға негіз бар, себебі Қазақстан көп ұлттың өкілдері мекендейтін мемлекет және солай болып қала бермек. Азат қозғалысының басты мақсаттарының бірі - ұлттың өзін-өзі билеуі, өз тағдырын өзі шешуі идеясы, бірақ бұл идея да ұлтшылдық көрінісі ретінде бағаланды, бірақ саяси энциклопедиялық сөздікте оған келесідей анықтама берілген екен: «Национальное самоопределение – ключевой принцип национальной политики, наиболее полное выражение демократизма в национальных отношениях» [Политология, энциклопедический словарь / Под ред. Ю.И. Авьерианова. - М.: Изд. «Publіshers», 1993. – 202 б.]. «Азат» ұстанымдары бойынша әр мемлекеттегі негізгі ұлт өкілдерінің ұлттық мүдделері мемлекеттік саясаттың өзегіне айналуы, ал өзге ұлттың өкілдерінің құқығы шектелместен сол негізгі ұлттың мүддесіне сәйкестендіріліп шешілуі тиіс. Яғни мемлекет ұлттық негізді ескере отырып маңызды шешімдерді қабылдауы қажет. Қозғалыс мүшелерінің ұлтты қайта жандандыру идеясы қазақ ұлтының бойындағы өз ұлттық құндылықтарына деген сезімдерді оятып, сол арқылы ұлттық мүддені қорғай білуге шақыру болды. Ол үшін өзге ұлт өкілдерінің мүдделеріне қайшы келмей әрекет жасау қажет еді, сондықтан да қозғалыс белсенділері барлық қазақстандық ұлттардың өздері жоғалтқан ұлттық құндылықтарын қайта жандандыруы қажеттігін алға тартты. Адам бойындағы ұлттық абырой, ұлтын мақтаныш тұту сезімі жайлы сөз ете келе Котов осы сезімнің реакциялық ұлтшылдыққа ауысып кету қаупіне де тоқталған: «С другой стороны, национальное достоинство человека как элемент личной свободы не позволит ему растворить свою индивидуальность в национализме, который будет понуждать его вместе с национальной массой добиваться суверенной власти и социального престижа исключительно для одной нации, безотносительно права других наций на самоопределение, в ущерб человеческой свободе, поправ автономию личности. К тому же, подобный агрессивный патриотизм оказывается в конечном счете в ущерб самой нации» [Котов А.К. Восхождение к национальному: к концепции права человека на национальное достоинство. - Алматы: Рауан, 1992. – 29 б.]. Тегінде, белгілі бір ұлтта ұлтшылдық сезімінің тиісті дәрежеде болмауы оның ұлт ретінде сақталуына да, дамуына да кері әсерін тигізері сөзсіз. Адамзат тарихында көптеген ұлттардың жер бетінен құрып кетуіне мәжбүр еткен негізгі себеп ұлтшылдықтың жетіспеушілігі болар. Олай болса Азат қозғалысының ұстанған ұлтшылдық бағыты тарихи қажеттіліктен туындағандығы шындық және ол бүгінгі дамудың жаңа кезеңінде тұрған Қазақстан үшін аса қажет құбылыс. Жалпы алғанда, ұлтшылдық қоғамның алға сүйреуші күші ретінде бағалануы ғана оның маңыздылығын арттыра түсері сөзсіз. Өйткені өз ұлтын сүйетін адам ғана өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, олардың қажеттілігін түсіне алады. Бұл - көп ұлттың өкілдері мекендейтін Қазақстанда аса қажет мәселе. Сондықтан ұлтшыл ұрпақ тәрбиелеу, оған оң бағыттағы ұлттық тәрбие беріп, оның мемлекеттің келешегі екендігіне мән беру - уақыт талабы. Ал, мемлекеттің негізгі басқару тетіктерінде лауазымды қызмет атқарушы адамдарда ұлттық сезімнің жоғары болуы сол мемлекеттегі ұлттық айшықты нақтылаудың негізгі құралы болатыны тарихи шындық. Бұл турасында ойымызды келесідей тұжырымдауымызға болады: «Мемлекеттік лауазымға ие болған азаматтарымызға саяси-құқықтық ой-пікір қайраткерлерінің ұлағатты да даналы сөздерін ұран ретінде саналарына сіңіріп, ұлтжанды, патриотизм идеяларымен жігерленген адамдарды қалыптастырып, ел басқару, билік жүргізу қызметін тек сол санаттағы адамдар тобына ғана тапсыру – даму заңдылығының ең өзекті мәселесі» [Өзбекұлы С. Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікір тарихының өзекті мәселелері. - Алматы: Білім, 2004. – 4 б.]. Ұлттық мемлекеттілік, ұлттардың тең және өзара сыйластық негізінде өмір сүруі, ұмыт болған құндылықтарды қайта жаңғырту идеяларының негізін қалаған Азат қозғалысының ұсынған идеяларының көпшілігі бүгінгі күні жүзеге асырылғанымен нақты байырғы ұлтқа байланысты мәселелер әлі де болса өз шешімін таппай келеді. Мемлекеттегі экономикалық жағдайдың жоғарылауы ондағы халықтың сана-сезімінің өрістеуіне, ұлттық құндылықтарға, ұлттық сана-сезімнің жоғарылауына ықпал ететіндігіне сенсек, ұлттық идеология жасау арқылы мемлекет бұл үрдісті тездете түседі деген қорытынды жасауға болады.

2.3 М. Шоқайдың Түркістан идеясы және оның Азат қозғалысы тарапынан қолдауға ие болуы

Жалпы түбі бір, тілі мен діні, мәдениеті мен тарихы бір түркі халықтарының өзара ынтымақтасып, бір-бірімен тығыз мәдени-экономикалық, саяси байланысқа түсе отырып, халықаралық аренада үлкен бірлескен күш ретінде тізе қоса іс-қимыл жасауға ұмтылысы -түрікшілдіктің басты мұраты болып табылады. Түркі тілдес халықтардың басын біріктіруге бағытталған бұл идеялар жиынтығы Ресей және Қытай империялары тарапынан сынға ұшырап, пантюркизм аталып, саяси сөздіктерде біржақты талқыламалар жасалды және халық санасына «Түріктің реакцияшыл буржуазиялық-помещиктік ортасының өз мақсаты ретінде барлық түркі тілдес халықтарды Түркия билігіне бағындыруды көздейтін шовинистік тұжырымдамасы» ретінде сіңірілді [Большая советская энциклопедия / Под ред. Б.А. Введенского. – М.: Большая советская энциклопедия, 1955. – Т.32. – 13 б.]. Осынау ұлы империялардың қас жауына айналып, қаншалықты жақтаушылары қуғынға ұшырап, насихатталуына қатаң тыйым салынса да қайта-қайта бас көтеріп, өшпей келе жатқан бұл идея шынында да кеңестер жексұрын етіп көрсеткендей сипатта ма, әлде оның біздер үшін құндылығы бар ма деген оймен мәселенің мәніне үңілу үшін Түрікшілдік жаршыларының бірі Х. Атсыздың кейбір тұжырымдамаларына тоқтала кетуді жөн көрдік, «...Түрікшілдік – түркі ұлтшылдығының атауы. Сөздің соңындағы қосымша жұрнақ (-шілдік) сүйіспеншілікті, жақтастықты білдіреді. Түрікшілдік – бүкіл түркілердің бір мемлекетке бірігіп, барлық жақтан өзге ұлттардан озық және мәртебелі болу мұраты. Мұның өзгермейтін екі алғышарты: нәсіл тазалығы және тұраншылдық. Нәсіл тазалығы – ең алдымен, ұлттық қорғаныс құралы... Нәсіл тазалығы - сондай-ақ денсаулықты қорғау мәселесі. Біздің тұраншылдығымыз – түркінің тарихи отаны болып табылатын және басым бөлігі қазір де түркілерге толы өлкелерді толық тәуелсіздікке жеткізу, Түркиямен біріктіру» [Әли Ф. Түрікшілдік мұраты // Ана тілі. – 1991. - 6-10 ақпан. – 2 б.]. Біздер осы қысқа ғана үзіндіден ұлы мұраттар мен ізгі ниеттерден өзге басып алып, бағындыру сипатындағы арам ойларды аңғара алмаймыз, жалпы түркілерді өз ұлттарын ерекше құрмет тұтып, өзгелерден артық көруге шақырудан біз өзге ұлттарды жек көруге немесе оларды менсінбеуге шақыруды көре алмаймыз, ал бодан болған түркілердің бодандықтан құтылып, Түркиямен бірігуі олардың өздерінің Түркияға қатысты ұстанатын саясатына тәуелді болмақ, сондықтан Түркиямен бірігу идеясын нақты бекітілген құжаттарда көрсетілетін жайлардың негіздемесінсіз олардың қайтадан бодандық қамытын киюге ұмтылысы деп қарау жаңсақ пікір болар еді. Жалпы ұлтшылдықты оңбағандық деп таныған кеңестік жүйенің түрікшілдікті тек жағымсыз жағынан сипаттауы орынды да. 19 ғасыр соңына таман дүниеге келген түрікшілдік идеясы Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейін империя құрамында болған түркі тілдес халықтар тарапынан кең қолдауға ие болғаны тарихтан мәлім. Ал Орталық Азияда, түркі дүниесінің орталығы саналатын Түркістан жерінде біртұтас мемлекет құру идеясы алдыңғы қатарға шыққан еді. Түркістан идеясының негізін қалаушылар Орталық Азияда біртұтас күшті мемлекет құру арқылы түркі дүниесінің нығаюына үлес қосуды мақсат етті. Әрине, Түркістан жайлы сөз болғанда оның рухани көсемі М. Шоқайұлының идеяларына тоқталмау мүмкін емес, Орталық Азияны мекендеген халықтың тек бірлесе отырып қана өзін екі жақтан қысымға алған алып империялар құрсауынан босана алатынына сенген ол өз ойларын жан-жақты дәлелдеп, орнықты пікірлер қалыптастыра білді. «Осознавая полинациональность народов Средней Азии и Казахстана, М. Чокай видел реальные перспективы консолидации этих народов в рамках единого политического образования. Доказательством этому являлись прочные историко-этнографические, экономические и культурные тенденции к объединению, проявляющиеся в менталитете Востока. Именно на ранних этапах становления личности в представлении М.Чокая сформировался политический идеал государственного устройства Туркестана как федерации тюркских народов» [Сергазинов Б.Р. Государственно-правовые взгляды М. Чокая: автореф... канд. юрид. наук. - Алматы, 2005. – 15 б.]. Ол өз жазбаларында «Түркістан – түркілер елі деген сөз. Түркістан ұзақ кезеңдік терең дағдарыс пен құлдырау сатысын бастан кешті. Түркілердің бір бөлігі Кіші Азияға көшті де, Византия империясы құрандылары үстіне, өз туының астына мұсылман әлемінің көп бөлігін біріктірген Осман империясын құрды. Өз атамекенінде қалған түркілердің бір бөлігі Темір дәуірінен кейін өздерінің дербес өмір сүруін тек қана жеке кеудемсоқтыққа негіздеген бірнеше хандықтарға ұсақталып кетті», дей келе Түркістанның этнографиялық көлемі бойынша үш бірдей мемлекеттің құрамына кіретіндігін, атап айтқанда а) Қытайлар Синь-цзян деп өзгерткен Шығыс (қытайлық) Түркістан; ә) Батыс (орыс, кеңестік) Түркістан; б) «Чахар виалет» (яғни 4 уәлаят) деп аталып, Бадахшан, Үлкен және Кіші Маймен мен Андхой деген уәлаяттарға бөлінетін Ауған Түркістаны екендігін атап көрсетеді. Ал халқы жөнінде «Түркістанның тұрғылықты халқы саны жағынан тең емес екі жұрттан – түркілер мен тәжіктерден тұрады. Алғашқыларын Европада «қазақ», «қарақалпақ», «қырғыз», «түрікмен», «өзбек» атымен біледі. Олардың бәрі де Мұзды мұхиттан Адриат теңізіне дейінгі барлық түркілерге ортақ түркі тілінде сөйлейді. Түркілердің шамамен 1/15 бөлігін құрайтын тәжіктерге келсек, бұл халық тілі мен қаны жағынан ирантекті болып саналады. Бірақ та олардың бәрі де өздерін, расында да бір халықпыз деп есептейді – мұны Түркістан мен түркілер тарихын біршама білем дейтіндердің ешқайсысы да жоққа шығара алмайды» деп өз пікірін өзге ғалымдар еңбектеріне сілтеме жасай отырып дәлелдейді [Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры. -Алматы: Жалын, 1992. – 54-57 бб.]. Кеңестер билік басына келіп, әр халықтың өз тағдырын өзі шешетіні жөнінде насихат жұмыстарын жүргізген кездерінде М. Шоқай бастамасымен 28 қараша 1917 жылы Түркістан автономиясы құрылып, Түркістан автономиясының уақытша үкіметі жасақталған болатын және Бас министр болып М. Тынышбаев бекітіліп, ол отставкаға кеткен соң М. Шоқай осы орынға келген еді. Алайда 1918 жылдың қаңтарында Ташкендегі жұмысшы-солдат депутаттарының үкіметі автономияны құлатып, М. Шоқай шет елге эмиграцияға кетті және өз өмірінің соңына дейін Түркістанның кеңестік кезеңдегі ауыр халін батыс жұртына әшкерелеп, түптің-түбінде кеңестік жүйе жасанды жолмен бөлшектеген Түркістан халқы бірігіп, бір үлкен ту астына жиналатынына сеніп өтті. Бұл турасында «М. Шоқай Орталық Азия кеңістігінде ұлттық-территориялық межелеу негізінде бірнеше кеңестік республикалардың өмірге келгендігін құптаған жоқ. Ол большевиктер бұл өлкеде «бөліп тастап, билей бер!» саясатын ұстанып отыр деп түсінді. Ал пайда болған республикаларды «ұлттық» емес, «ұлыстық» республикалар ретінде қабылдады» деген пікірді алдыға тартуға болады [Шоқай М. Таңдамалы. -Алматы: Қайнар, 1998. – Т.1. - 21 б.]. Бұл пікірдің ақиқаттылығын нақтылай түсу үшін оның «Большевиктер атамекеніміз Түркістан есімін де өзгертпек болады. Халқымыздың өзінің тарихи аты «түрік» деген атпен аталуына тыйым салып, ұлыстар мен руларға бөлшектеп тастауды көздейді» деген пікірін де келтіре кету артық болмас [Шоқай М. Таңдамалы. - Алматы: Қайнар, 1998. – Т.1. - 187 б.]. Кеңестік идеология түрікшілдікке де, Түркістан идеясына да қырын қарап, ортақ интернационалдық бағытты алғашқы кезден бастап-ақ насихаттауға тырысты. Алайда коммунистердің ішінде де түрікшілдікті жақтаушылар болды. «Тұтас Түркістан мемлекетін құру жолында күрес жүргізген коммунистік тұғырнамадағы коммунистердің ішінен Т. Рысқұлов пен М.Х. Сұлтан-Ғалиевті бөліп көрсетуге болады. Мысалы, жергілікті халықтардың құқын қорғау жолында Түркістан Коммунистік партиясы Орталық комитеті жанынан Мұсылман Бюросын құрған Т. Рысқұлов тобы алғашында РКП(б) ОК-нің ұлт саясатына зор сенім білдірген болатын. Олар жергілікті орыс коммунистерінің шовинистік пиғылына қарсы күресе отырып, РКП(б) ОК-нен қолдау табуға тырысты. Мұсбюро 1919 жылдың күзінде Түркістанда саяси жеңіске жетіп, барлық билік салаларын түрік өкілдері қолға ала бастады. Мұнан қауіптенген РКП(б) ОК 1919 жылы 8-қазанда В.И. Ленин қол қойған қаулыға сәйкес Түріккомиссияны жасақтап, оны Мұсбюроға қарсы аттандырды. Т. Рысқұлов пен Мұсбюроның басқа да жетекшілері алғашында Түріккомиссияға зор сенім білдіре, үміт арта қарады. Бірақ, көп ұзамай, Түріккомиссияның пиғылын анық сезінген Т. Рысқұлов басқарған Мұсбюро өзінің әрекетін тактикалық жағынан өзгерте бастады. РКП(б) ОК һәм Түріккомиссияның шовинистік пиғылы мен отарлық саясатына қарсы қорғаныстық идеология ретінде түрікшілдік бағыт, яғни тұтас Түркістан идеясы таңдап алынды. Оны жүзеге асырудың жолы ретінде төмендегідей екі бағыт белгіленді: 1) Түркістанда өмір сүріп жатқан халықтарды «түрік» идеясына біріктіру арқылы республиканы құқықтық жағынан түрік халықтарының республикасына айналдыру; 2) Республиканы мекендеуші түрік тілдес халықтардың жеке-жеке ұлттық республикаларын құра отырып, оларды түрік конфедерациясына біріктіру» [Шілдебай С.Қ. 20 ғасырдың 1-ші жартысындағы Қазақстанның ұлт-азаттық қозғалысындағы түрікшілдіктің орны мен маңызы (тарихи талдау): тарих ғыл. канд. ... автореф. – Алматы, 2001. – 21 б.]. Кейіннен негізін қалаушылары Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, халық жадынан өшірілген түрікшілдік және Түркістан идеялары коммунистердің тырысуы арқасында тарих сахнасынан өшірілді. Әйтсе де Кеңес өкіметінің күні таяп, әлсіреген кезеңдерде түрік идеясы, Түркістан жайлы ой-пікірлер қайта бой көтере бастады. Оның ең алғаш жарыққа шығып, жария түрде насихатталуы ССРО-да мекен ететін шығыс халықтарының құрылтайында орын алған еді. 1990 жылдың 27-30 қыркүйегінде Мәскеу қаласында өткен бұл құрылтайға Хакасияның, Якутияның, Әзірбайжанның, Татарстанның, Қазақстанның, Тәжікстанның, Өзбекстанның, Башқұртстан, Гагауз республикасының, Чечен-Ингушетия, Қырғызстан, Қырым татарларының, ноғайлардың, РСФСР-дың Орынбор, Омбы, Пенза, Горький облыстарының қоғамдық ұйымдары мен саяси партияларының өкілдері қатысты. Аталмыш басқосуда Шығыс халықтарының Ассамблеясы құрылып оған қосалқы сегіз төраға сайланды және оның бірі ССРО халық депутаты, ақын О. Сүлейменов болды. Ал үйлестіру кеңесіне Азат ұйымының қосалқы төрағасы С. Ақатаев сайланды. Ал Азат қозғалысы осы Ассамблеяға мүше болып кірді [Бабалықов Ж. ССРО-ны мекен ететін шығыс халықтарының құрылтайы // Азат. – 1990. – қараша (№2). – 7 б.]. Бұл басқосуда алғаш рет түркі тілдес халықтар өздеріне жасалған зорлық зомбылықтар жайлы ашық айтып, сол кездегі мемлекет басындағы отырған тұлғаларға шешілуі тиіс мәселелер жөнінде Үндеулер жолдап, өз талаптарын қойған еді. Осылайша кеңестік режимнен ауыр соққы алған түркі жұртшылығы өз жоғын жоқтай бастаған шақта Түркістан идеясының да қайтадан көтерілуі заңды құбылыс болатын. Түркістан ұлттық мүдденің бір бөлігі болғандықтан, Азат белсенділері өздері құрылған кезден-ақ Түркістан мәселесін алға қоя білді. Дегенмен, нақ сол кезеңдегі қоғамдық пікірдің ұлтшылдарға қарсы бағытталуы, қозғалыс мұраттарына әсіре ұлтшыл деп айып тағылуы Түркістан идеясын ашық түрде батыл алға тартуға кедергі болғаны түсінікті де. Тіпті алғашқы 1990 жылдың 31 маусым-1шілде аралығында өткен құрылтайда Азаттың экологиялық апат аймағында қалған қарақалпақ бауырларды Қазақстан жеріне уақытша қоныстандыру жайында мәселе көтеруі [Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының низамы. Жоба // Ақатай С. жеке мұрағаты. – Алматы, 1990. - 2 б.] сол кездегі Компартия тарапынан үлкен сынға ұшырағаны мәлім. Тіпті Азаттың бұл идеясы сталиндік халықтарды қоныстандыруымен салыстырылған болатын [Горький вкус сладкого слова «свобода» // Вечерняя Алма-Ата. -1990. - 8 сентября. – 2 б.]. Десек те қазақтың дербес мемлекетінің тәуелсіздігінің баянды болуын «Түркістан Одағынан» көрген Азаттықтар өздерінің бағдарламасында «Орта Азия республикалары, сондай-ақ Россия ортақ нарыққа біріктірілсін, басқа мемлекеттермен өзара тиімді байланыс шарттары жасалсын» деген талапты енгізген болатын [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. - 85 б.]. Бұл жерде мән беретін мәселе Азаттың Қазақ мемлекеті үшін ең басты әріптес Орта Азия республикалары содан кейін ғана Ресей бола алатындығын нақтылауы. Бұл өз кезегінде Қазақ мемлекетінің бауырлас Қырғыз, Өзбек, Түрікмен және Тәжік мемлекеттерімен тығыз интерграцияға түсе отырып Ресеймен және өзге мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатуы қажеттігін алға тарту еді. Осы мақсатта Азат аталған Орта Азиялық республикалардың демократиялық күштерімен тізе қосып біршама жұмыстар атқарған да болатын. 1991 жылдың наурызында Орта Азиядағы демократиялық бағыттағы саяси қозғалыстар мен партиялар бірігіп Орта Азия демократиялық Конгресін құрды. Оның құрамына Азат, Желтоқсан, Алашпен бірге Өзбекстандық Бірлік қозғалысы, Тәжікстанның Демократиялық партиясы, қырғыздың Асаба партиясы мен Демократиялық қимыл қозғалысы, түрікменнің Ауызбірлік қозғалысы кірді [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. - 49 б.]. 1991 жылдың 25-26 мамыр күндері Бішкекте өткен Демократиялық Конгресс Құрылтайының екінші мәжілісінде оның құрамына Орта Азия мен Қазақстаннан 13 саяси партия, қозғалыстар мен ұйымдар құрылтайшы болып енді. Осы жолы Конгресс арнайы мәлімдеме қабылдап, Орта Азия мен Қазақстан Республикалары Демократиялық Конгресінің жалпы ережелерін бекітті. Мәлімдемеде конфедерация негізінде егеменді мемлекеттердің ерікті ынтымақтастығын құру. Мемлекеттердің саяси одағының тұғырын нығайту үшін өзара тиімді экономикалық шартқа қол қоюға ықпал ету сияқты келелі міндеттерді құрылтай қатысушылары өз мойындарына алады [Орта Азия мен Қазақстан Республикалары Демократиялық Конгресінің жалпы ережелері // Азат. - 1991. – маусым (№8). – 2 б.]. Жалпы түркі тілдес халықтар арасындағы алауыздық пен араздықтың болмауын көздеген Азат қайраткерлері халықтар арасындағы достастықтың дәнекері болуды көздеді, болуы мүмкін қайшылықтардың орын алмауын көкседі. Соның бір мысалы ретінде С. Ақатайдың «Өзбекстандық қазақ-түркі халқына үндеуін» атап өтуге болады. Аталмыш үндеуде қазақ пен өзбектің түбі бір туыс екендігі еске алынып, қалыптасып отырған саяси ахуал сарапқа салына отырып, олардың арасында қақтығыстың болмауына екі жақтың да атсалысуы қажеттігі көтеріліп, «Қазақ бауырларым! Өзбек достарыңа, көршілеріңе, тамыр-таныстарыңа сырт бермей, жақынырақ түсінісіп, тіл табысыңыздар. Өзара түсінісу негізінде болашақ «Түркістан Одағының» шаңырағын көтеруге атсалысалық. Егер Өзбекстан мен Қазақстан дербес те тәуелсіз мемлекеттер бола алмаса, Түркістан Одағын да құру мүмкін емес, өзара түсінісу де мүмкін емес» деген ақыл-парасатқа толы тілектер айтылды [Ақатай С. Өзбекстандық қазақ-түркі халқына үндеуі // Азат. – 1991. - мамыр (№7). – 2 б.]. Азаттықтар кішігірім дау-дамай мен өкпе назға мән бермей ұлы мақсаттар жолында халықты жұмыла күресуге шақырды. С. Ақатайдың жеке мұрағатынан табылған өзінің авторы болып табылатындығын растайтын С. Ақатайдың 1 желтоқсан 1990 жылы қойылған қолтаңбасы бар «Түркістан халық қозғалысының бағдарламасының» жобасы көп жайды аңғартса керек. Осы құжаттың алғы сөзінде автор өзінің Түркістан турасындағы ойын «Пятитысячная история Туркестана – эта общая история братских народов, живущих бок о бок в мире и добрососедстве. На этой священной земле обитали общие предки сегодняшних узбеков, казахов, туркменов, киргизов, каракалпаков, уйгуров и др. тюркских народов, а также народов фарси. У этих народов общность исторического развития, государственности, языка, культуры, обычаев, религии, экономическая и территориальная целостность» деп тұжырымдады. Қозғалыстың мақсатын келесі мәтінде береді: «Народное движение «Туркестан» создается в целях реализации и защиты гражданских, политических, экономических, социальных, духовных и культурных прав и свобод; развития активности и самодеятельности граждан Средней Азии и Казахстана (далее Туркестана), их прямого участия в управлении государственными и общественными делами; удовлетворения профессиональных и любительских интересов; развития научного, технического и художественного творчеств; охраны здоровья населения; участия в благотворительной деятельности; проведения культурно-просветительной, физкультурно-оздоровительной и спортивной работы; охраны природы, памятников истории и культуры; патриотического и гуманистического воспитания; расширения международных связей, укрепления мира и дружбы между народами, а также иной деятельности не запрещенной законом». Осынау тәуелсіздік алмай жатып жасалған құжат мәтінінен М. Шоқайдың «Үлкен Түркістан» идеясының ғасыр соңында қайта жанданып, сол бастапқы бағытта дамығанын көруге болады. Олай деуге себеп автордың Түркістан Федерациясын құру мақсаты. «Такой структурой могла бы стать «Туркестанская Федерация», основанная на экономической, политической, территорияльной и культурной интеграции этих равноправных республик» [Программа народного движения «Туркестан» // Ақатай С. жеке мұрағаты. – 2-3 б.]. Дегенмен автор көтерген федерация құру идеясы сол кезеңде дербес мемлекет болуды мақсат тұтқан Одақ құрамындағы Орта Азия республикалары мен Қазақстан үшін де ақылға сыйымсыз еді. Сондықтан да азаттықтардың конфедерация құру идеясын ашық қолдауы негізді болатын. «Азат» газетінің 1991 жылғы №20-21 сандарында Түркістан конфедерациясы туралы декларация жобасы жарық көрді. Белгілі бір авторы жоқ, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрік, түрікмен, ұйғыр және ағылшын тілдерінде дайындалған осы жобаны жариялай отырып газет редакциясы ол жөнінде оқырманнан пікір сұраған. Қозғалыстың үні болған «Азат» газетінде Түркістан конфедерациясы туралы декларацияның жобасының жариялануы да өз кезегінде Азат қозғалысының Түркістан идеясына қатысты ұстанымдарының қандай деңгейде болғанын көрсетсе керек. Жалпы осы жоба мәтінінде Түркістан конфедерациясына құқықтық тұрғыдан негіздеме жасалынып, оның шешілуге тиіс мәселелерінің тетіктері қарастырылған. Бұл жобаның басты құндылығы оның әлі де қолымыз жетпей келе жатқан ұлы мақсатқа жетуге жасалған алғашқы қадам болғандығында. Сонымен қатар бұл жоба болашақта қабылдануы тиісті Түркістан конфедерациясы туралы декларацияны жасауға негіз бола алатындығына сенім білдіре аламыз. Азаттың негізгі түпкі мақсаттарының бірі Түркістан конфедерациясының құрылып, Түркістан халқының бірлесе дамуы болды. Бұл өз кезегінде М. Шоқайдың идеяларының қайта жандануының көрінісі болды. Дегенмен Азат қозғалысы көтерген Түркістан идеясы өзінің мемлекеттер тарапынан қолдауын таба алмады, тағы да идея күйінде қала берді. Енді М. Шоқай идеялары мен Азат ұстанған идеялардың байланысына тоқтала кетсек, М. Шоқай Түркістанды біртұтас мемлекет ретінде қарастырды және оны мекендейтін халықты да біртұтас түркі ұлты деп білді. Әрине, Кеңестік режим өзара шекара сызығын белгілегенге дейін Түркістан жұрты ұлттарға бөлінгенмен жеке-дара, қалыптасқан мемлекеттік құрылымдарға бөлінген жоқ. Соған орай М. Шоқай олардың біртұтас мемлекет құрып, бір ұлтқа кірігуіне негіз бар деп есептеді. Бірақ, кеңестік саясат шеңберінде бес мемлекетке бөлінген, өз алдына дербес мемлекеттік құрылымдары мен шекарасы бар бес мемлекеттің бірігіп бір мемлекет құруы 1990 жылдары тіпті ақылға сыймайтын. Олар тек конфедерация құру арқылы өзара интеграцияланып, біріге қорғаныс шебін құрып, ортақ экономикалық аймақ қалыптастыра алатын еді. Осыны жете түсінген азаттықтар «Түркістан Одағын» құруды алға тарты. Жалпы Орта Азия мен Қазақстанның мемлекеттік басшылары бұл жөнінде жекелеген келісім шарттарға қол қойғанымен «Түркістан Одағы» күн тәртібіне мемлекеттік тұрғыдан шығарылған жоқ. Бұл өз кезегінде Түркістандық бес мемлекеттің өзара кірігуіне кедергі болды. Түркілердің мемлекет басшыларының арасынан тек жекелеген мемлекет басшылары, атап айтқанда Әзірбайжан Президенті болған Әбілфайыз Елшібек қана жалпы Түрік бірлігі турасында ашық пікір білдірген еді. «Мұратымыз (идеалымыз) – Түрік бірлігі. Бұл – жаңа экономикалық, мәдени бірлік болады. Мұндай бірлікті болдырмайтын еш себеп жоқ. Бұл үшін ортақ сөздік құрастырылуы қажет, ортақ тарих энциклопедиясы жасалуы керек. Бұл орайда алдымен мәдени байланыстар, ең соңында саяси байланыстар күшеюі тиіс. Бұған ешнәрсе тосқауыл бола алмайды» деп түрік дүниесінің мәдени кірігу арқылы экономикалық жағынан бірлесе даму қажеттігін алға тартқан болатын [Елшібек Ә. Идеалымыз - Түрік бірлігі // Түрік бірлігі. – 1992. - №1. – 2 б.]. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан үшін екінші бір мемлекеттің үстемдігін мойындау ақылға сыйымсыз жағдай болатын. Бұл турасында Президент Н. Назарбаев өзінің Түркия мемлекетіне қатысты естеліктерінде тоқтала кетеді, «Тұрғыт Озал Қазақстанға бірнеше рет келіп қайтты. Ол менің ойымша, Орталық Азия мемлекеттеріне тек жаңа мемлекеттермен тату-тәтті қарым-қатынас орнату үшін емес, бір кезде Кемал Ататүрік мирас етіп келген арман – түркі мемлекеттернің аса қуатты бірлестігін қалыптастыруды жүзеге асыруды көздеп келіп жүрді. Ол пиғылын жасырмайтын Т. Озал, Байкалдан Жерорта теңізі мен Дунайға дейін созылып жатқан түркі әлемінің басын қосатын Ұлы Түркия, пантюркизм мұраттарын жақтайтын» дей келе Қазақстанның өз тәуелсіздігі бәрінен де қымбат екендігін баяндап, «Түркі мемлекеттерінің басшыларының Стамбулдағы бірінші жолығысы тұсында, бұл мәселе түрік әріптестеріміз әзірлеген мәлімдемеде ашық айтылды. Тарихи тамырластығымызға, тіліміз бен мәдениетіміздің ортақтығына, дәстүріміздің бірлігіне орай, Түркиямен ықпалдасуға бағыт аламыз делінді. Маған Т. Озалды ренжітуге тура келді. Мен бұл мәлімдемеге қол қоймайтындығымызды айттым. Біз тек экономикалық, гуманитарлық, саяси байланыстарды жақтаймыз дедім» деп өзінің басқарып отырған мемлекетінің сыртқы саясатта тек бір елдің ғана ықпалында ғана емес барлық елдермен тең қатынаста болатындығын ескерткендігін баяндайды [Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында. - Алматы: Өнер, 1996. – 202 б.]. Мұндай шешім, әрине демократиялық жолды таңдап, өзгелермен терезесі тең ел ретінде қарым-қатынас орнатуды мақсат еткен Қазақстан үшін тиімді болатын. Бірақ, бұл шешім бауырлас түрік елдерінің арасына салқындық түсірген жоқ, тек біржақты түрікшілдік саясат ұстануды болдырмады.

Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің тәңірі берген несібі ғой, -

деп М. Жұмабаев жырлаған түркі қауымының ортақ мекені Түркістан жайлы, оның саяси құрылымы жөнінде әлі күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан мәселелердің шешілуінің алғышарттары уақыт өте келе жасала бастады. «Түркістанның» «Түркістан Одағы» идеясы болып жаңарған түрде өмірге қайта келгенінен 15 жыл өткен соң ғана Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің 2005 жылғы Қазақстан халқына кезекті жолдауында Орталық Азияның әлемдік нарықтағы орнына, оған өз ықпалын жүргізуге ұмтылушы державалардың өзара бәсекелестігіне тоқтала келіп, Орталық Азия мемлекеттерінің алдында тұрған екі жолды атап көрсетті, оның бірі: әлемдік экономиканың мәңгілік шикізаттық шылауы болып қалу, келесі бір империяның келуін күту, екіншісі: Орталық Азияның барынша интеграциялануына қарай қадам жасау. «Бұдан былайғы интерграциялануымыз – біздің өңіріміздің тұрақтылығына, прогресіне, экономикалық және әскери-саяси тәуелсіздікке апаратын жол. Мен Орталық Азия одағын құруды ұсынамын. Біздің экономикалық мүдделеріміз, мәдени-тарихи тамырымыз, тіліміз, дініміз, экологиялық проблемаларымыз, сыртқы қатерлеріміз ортақ» [Назарбаев Н. Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында: Қ.Р. Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. - Алматы: Атамұра, 2005. – 42-43 бб.]. Осы Қазақстан Президенті тарапынан жасалған қадамнан біз М. Шоқайдың «Түркістан» идеясының жаңарған сипаттағы Азат қозғалысы ұсынған «Түркістан Одағы» идеясының нақты қолдауға ие болғанын көре аламыз. Осы мақсатта Президент жолдауын іске асыру жолында Қазақстан тарапынан жақсы істер бастау алды, оның бір мысалы, Алматыда 6-8 шілде аралығында «Орталық Азия аймағы: өткені мен бүгіні» атты үш күндік халықаралық ғылыми симпозиум болып өтті. Оған Түркия, Ресей, Мысыр, Франция, Германия, Қырғызстан, Өзбекстан және оннан астам алыс-жақын шет елдерден ғалымдар, саясаттанушылар, мәдениет, әдебиет, өнер және ғылым қайраткерлері т.б. қатынасты [Сәдірқызы Г. Орталық Азия – түркі дүниесінің кіндігі // Егемен Қазақстан - 2006. - 7 шілде – 4б.]. Бұл басқосудың негізгі мақсаты Орта Азия халықтарының бірігуінің негізі ортақ мәдениеті мен тарихын, тілі мен діні және басқа да келелі мәселелер жөніндегі ғылыми пікір алмасу болды. Мұндай басқосулардың түркі халықтарының жақындасуына барынша үлес қосатыны айдан анық. «Түркістанда кім билік жүргізсе де, ол бәрібір қайта түлейді. Өмір барынша алға басуда, сондықтан бұл өлкенің де ілгері басуына еш нәрсе кедергі бола алмайды» [Велиди А.З. Түркістан жайлы... // Жас Алаш. - 1998. - 31 қаңтар. – 4 б.] деген А.З. Велидидің сөздері орындалып, Түркістан қайта түлеу үстінде, оның халқының санасында қайтадан Түркістан идеясы орын ала бастады, бұл өз кезегінде Түркістандық ортақ мүдденің барлық түркістандықтар тарапынан қолдау табуына әкелері сөзсіз.

ІІІ ТАРАУ. АЗАТ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ОЙ-ПІКІРІ ТАРИХЫНДАҒЫ ОРНЫ

3.1 Азат қозғалысының құрылу тарихы және оның қайраткерлері

Азат қозғалысы тек аз уақытта өмірге келген ой-пікірлердің жиынтығының жемісі деу үлкен қателік болар еді. Алдыңғы тарауда қарастырылған жайлар оның өмірге келуінің алғышарттары болған болатын. Қаншама ұлттың санасынан оның ұлттық қасиеттерін өшіруге бағытталған жұмыстар жүргізілгенмен, ұлттан шыққан ойлай білетін жекелеген азаматтар жасырын түрде ұлттың ұлттығын сақтау жолында қызметтерін жалғастыра берді. Оның жарқын мысалы 1960 жылдары Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастары құрған «Жас тұлпар» ұйымы еді. Алдыңғы тарауларда атап өткеніміздей, мемлекет қанша қудалауға түсіргенімен демократиялық бағыттағы саяси-құқықтық ой-пікірлер баяу болса да өз алдына дами берді. Соның нәтижесінде жаңашыл бағыттағы саяси ұйымдар құрылып, өз қызметтерін атқара бастады. Келесі көзқарасқа сүйенсек, Қазақстандағы партиялық жүйе 80-ші жылдардың екінші жартысында КПСС-ке балама бейресми ұйымдардың пайда болуымен қалыптаса бастады. Олардың кейбірі қысқа мерзімде өмір сүргенімен, солар ғана болашақ көппартиялылықтың басында тұрды. Олардың қатарында «Азат», «Ақиқат», «Инициатива», «Перестройка», «Желтоқсан», «Жерұйық» сияқты ұйымдар, клубтар, қозғалыстар және «Алаш», «Қазақстанның соцал-демократиялық партиясы», «Қазақстанның Халық Конгресі» партиялары болды [Булуктаев Ю.О., Дьяченко С.А., Кармазина Л.И. Политические партии Казахстана. 1998 год. Справочник. – Алматы, 1998. – 6 б.]. Осынау әртүрлі нысанда құрылған саяси ұйымдардың ішінде халық тарапынан үлкен қолдауға ие бола алған Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының құрылу тарихы жөнінде мәліметті Жетісу газетінің бірнеше санында жарық көрген тәуелсіздік жылдарындағы саяси ұйымдар жөнінде жазылған «Ақиқаттан Азатқа дейін» деген тақырыптағы сараптау мақаласынан табуға болады. Онда авторлар «Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысының дүниеге келуіне себепкер болған азаматтың бірі – Сәбетқазы Ақатаев, тарих ғылымының кандидаты, публицист-жазушы, алпысыншы жылдары Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезінде, бүгінде белгілі сыншы М. Әуезов, демограф М. Тәтімов, суретші-шебер Қ. Тілеуханов және т.б. қазақ жастарымен бірге «Жас тұлпар» ұйымын құрып, ұлттық сана-сезімді ояту жолында елеулі еңбек еткен жан. Былтыр көктемде «Әділет» партиясын құрмақ ниетпен, оның мақсат-мүддесі жазылған бір парақ хабарландыруды таратып жүрген Сәбеңе миығынан күліп қараған адамдар аз болған жоқ. Сол парақшада болашақ Азат қозғалысының нобайы бар-тын» деп С. Ақатайдың қозғалыстың құрылуына мұрындық болғандығы жайлы баяндай келе одан өзге құрылтайшылар туралы М. Есеналиевтің «Әуелде біз аптасына бір рет Көркемсурет және театр үйінің алдындағы саябақта кездесіп тұрдық, мәжіліске С. Ақатаев, М. Шорманов, К. Ормантаев, Н. Қойшыбеков және т.б. кісілер белсенді түрде қатысатын» деген пікірін келтіреді [Қалыбаев Ж., Бекмағанбетов Ж. «Ақиқаттан» «Азатқа» дейін // Жетісу. – 1991. – 9 маусым. – 2 б.]. Дәл осы істердің ұйытқысы бола білген С. Ақатай 1986 жылғы оқиғалардан соң осы оқиға жайлы нақты ақпараттарды дүниежүзі халықтарына жеткізу жолында қызмет атқара бастады. Этнограф-ғалым Ж. Бабалықовпен бірігіп жасырын «Қайрат» ұйымының атынан хат жазып, онда барлық «Желтоқсан оқиғасына» қатысты шындықты бұлтартпай баяндап, Қазақстанға келген шет елдік азаматтар арқылы хаттың фотонұсқасын таратқан. Бұл турасында Ж. Бабалықов «Хатты Сәбетқазы дайындады. Хатты дайындап болған кезде Венгриядан Иштван Қоңыр Мандоки деген азамат келді. Біз хатты соған табыс еттік. Одан бұрын біз хатты Африкаға және Қытайға жіберген едік. Олардан еш жауап болған жоқ. Сол Қоңыр өз елінде жариялаған соң, Чехияда да жарияланды. Кейіннен Америкаға да жіберілді. Хаттар шет елдерде жарияланған соң біздер өзімізді үлкен іс тындырғандай сезіндік»[ Бабалықұлы Ж. Бәрі де Желтоқсан оқиғасынан басталған еді // Азат. - 2006. – тамыз (№26). – 2 б.] дейді. Осындай істер атқара жүріп қазақ қамын ойлайтын саяси ұйым құру идеясы өмірге келеді. Ол жайлы С. Ақатай «1988 жылы «Азатты» бастамас көп бұрын жан-жаққа көз тастадық: осы істі мойнына алып, жауапкершілігін көтеретін үлкендер мен ұлағаттылар табылып жатса, жолын кес-кестемелік деген салиқалы ой болды. Тәуелсіздік алу қабырғалы қайраткер аға ісі деп ұғындық. Империя рухани ыдырауға түсті, халық майдандары қаптап кетті. Қазақ қана жым-жырт отырды. Іс тым кешеуілдеп бара жатқан соң, әлеумет санасында балаң жастар мен содырлардың сойқаны бел алып кете ме деп қауіптендік. Бұл қауіп негізсіз емес еді. Қойшыбеков Нұрбақыт, Шорманов Марат үшеуіміз біздің үйге біраз уақыт жасырын жиналып жүріп, кеңесе келе Азаттың бағдарламасының жобасын жасадық та, тәуекел дедік. «Азат» деген атты Нұрбақыттың жан досы Шаймұрат Қожабеков ұсынды. Демек, «Азат» туғанда көптің ісі болып дүниеге келді». Осы қозғалыс құру турасында этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы кейіннен Азат басшыларының бірі болған Сәбетқазы Ақатай екеуінің 1987 жылы желтоқсан оқиғасы жайлы шындықты әлем жұртшылығына мәлім ету жолында ант етіп, сертке отырып, жасырын жұмыстар жүргізгендерін, «...содан кейін бастау алып, ұлт-азаттық ой-арман, тілек негізінде желі тарта бастаған Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы 1990 жылдарға келгенде ашыққа шығып, өз айналасына ұлтжанды адамдарды топтай бастағандығын» өзінің «Желтоқсан – оқиға емес...» деп аталатын мақаласында да анық көрсетеді [Бабалықұлы Ж. Желтоқсан – оқиға емес... // Жас қазақ. - 2006. - 19 мамыр. – 7 б.]. Қозғалыстың ұйымдастырушылары жайды нақтылай кету үшін, Алматы қаласы әкімінің аппаратының қоғамдық ұйымдармен байланыс және ұлтаралық мәселелерді қарау бөлімінің меңгерушісі Н. Бұланбаевтың Қазақстан Республикасының Президентінің аппаратына жазған қызметтік хатының мәтінінен үзінді келтіруге болады, онда: «Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы 1990 жылы ұйымдастырылды. Оның негізін қалаушылар: С. Ақатаев, М. Есеналиев, М. Шорманов, Н. Қойшыбеков, Г. Биболдынова, М. Тәтімов, Ж. Бабалықов аталған қозғалысты ұйымдастыруда үлкен қызмет етті» деп оның негізін қалаушы тұлғалардың аталмыш қозғалысты құруда басты роль атқарғандығын атап өтеді [Қалалық әкімиат қоры // Алматы қаласының ОММ. Қор 310; Тізбе 1, іс 142. – 10 б. ]. 1990 жылдың мамыр айында Азат қозғалысының ұйымдастыру комитеті құрылып, өз жұмысын бастады [Булуктаев Ю.О., Дьяченко С.А., Кармазина Л.И. Политические партии Казахстана. 1998 год. Справочник. – Алматы, 1998. – 78 б.]. Құрылтай 1990 жылдың 30 маусым мен 1 шілдеде Алматыда, Қазақстан жазушылар одағының мәжіліс залында өтті. Оған республиканың тоғыз облысынан, қырық бейресми топтар мен ұйымдардан 400-ге жуық делегат қатысты. Құрылтайға Өзбекстанның, Қырғызстанның, Әзірбайжанның және Москва қаласының демократиялық күштерінің өкілдері қатысып сөз сөйледі. Құрылтайдың күн тәртібі бойынша келесі мәселелер қарастырылды: а) Республикадағы сол кездегі жағдай және Қазақстанның азаматтық Азат азаматтық қозғалысының бағдарламалық міндеттері; ә) Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысының жарғысының жобасы; б) Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жобасы; в) Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысының басшы органдарын сайлау. Құрылтай күн тәртібіндегі мәселелердің барлығы да құрылтай барысында талқыланып, нақты шешімдер қабылданып, қозғалыстың басшы органдары сайланды. Мұнда қозғалысты алқалық басқаруды негіздейтін тең төрағалық институты енгізіліп, қозғалыстың жеті тең төрағасы сайланды, олар: Михаил Иванұлы Есенәлиев, Сәбетқазы Ақатаев, Марат Шорманов, Нұрбақыт Қойшыбеков, Евгений Головастиков, Гүлжаһан Биболсынова және Сайын Шапағатов еді. Сонымен қатар қозғалыстың ақсақалдар алқасы да көпшілікпен сайланды, оның құрамына Жағда Бабалықов, Камал Ормантаев, Әмина Нұғыманова, Мардан Байділдаев және Мақаш Тәтімов төраға болып кірді. Құрамы 33 адамнан тұратын Үйлестіру кеңесі құрылды және «Азат» газетінің редакциялық алқасы мен Тексеру комиссиясы сайланды. Аталмыш құрылтайда Азат азаматтық қозғалысының Қазақстан азаматтарына үндеуі қабылданды. Үндеуде өздерінің басты мақсаттарын ашып көрсетті, олар мыналар болатын:

- халықаралық одақтық шартпен біріккен, ерікті де тәуелсіз жаңа қоғамдастық шеңберінде Қазақстанның шынайы егемендігіне қол жеткізу;

- республиканың өзінің ұлттық байлығына өзі даусыз иелік ету құқығы;

- ұлттық және әлеуметтік белгісіне, саяси және діни сеніміне қарамастан адамды қадірлеп құрметтейтін құқықтық демократиялық мемлекет құру үшін күресу;

- зорлық-зомбылықты, өкіметке монополиялық билікке қарсы тұру және өз қызметтерін конституциялық институттар арқылы еркін идеялардың бәсекелестігі арқылы жүзеге асыру;

- Қазақстанның күллі азаматтарын ұлтаралық араздық тудыратын арандатуларға жол бермеуге, Азат қозғалысының беделін түсіруге тырысқан күштерге батыл тойтарыс беруге шақыру.

Өз мақсаттарын ортаға салған қозғалыс мақсаттардың бірлігі, тәсілдердің плюрализмі және жалпы халықтық келісім негізінде демократиялық және гүлденген Қазақстан құруды жақтайтын партиялар мен ұйымдарға диалог пен ынтымақтастық үшін Азат қозғалысының есігі әрдайым ашық екендігін жариялайды. Екі күнге созылған осынау қозғалыстың алғашқы құрылтайына сол кезеңдегі ақпарат құралдарының өкілдері де көптеп қатысқан болатын. Қозғалыстың ұстанымдарындағы айқын ұлттық бағыт, оның езілген қазақ халқының өзін-өзі басқару құқығы жолында қызмет етуді мақсат етіп қоюы көптеген партиялық басылымдар тарапынан түсінушілікке ие бола алмады. Сонымен қатар қозғалыс ең алғаш болып конфедерациялық негізде одаққа мүше болуды ұсынды. Бұл сол кезеңдегі Қазақстанның Компартиясының ұстанған жаңарған федерациялық одаққа бірігу идеясына мүлде кереғар еді. Сонымен қатар «Азат» жайлы «Социалистік Қазақстан» өз көзқарасын жариялап, онда қозғалыстың құрылтайында айтылған компартия тарапына айтылған сын ескертпелер мен қозғалыс бағдарламасындағы отаршылдық саясатты сынау да орынсыз деп саналып, қозғалыстың ұлттар арасындағы араздықты қоздырушы ұйым деп бағалап, оның төрағаларының тарапына да сыни бағамдауларын жариялады. Авторлар «Байқаймыз, халықтың басына түскен қасіретті пайдаланып, ұпай алмақ ниетте «Азат». Сол үшін де қызыл комиссарлардың күллісін жендеттер қатарына қосып жібереді... Байқасақ, бұлайша күңірене, таусыла сөйлеу жұрт назарын аударудың бір айласы екен. Бағдарламаның бар сұлбасы «халықтың қанын қыздыру үшін әдейі осылай жазылғанын» қозғалыстың қосарланған төрағаларының бірі еш жасырмай, тіпті мақтанышпен айтқан еді» дей келе қозғалыстың апатты аймақта қалған қарақалпақ халқын уақытша Қазақстанға көшіру идеясын, Қазақстан мен Өзбекстанның арасында өз «қарабахы» болғанын қозғалыстың бастама етіп көтергені деп баға береді [Смайылов Е., Сәрсенбаев Р. Жаңалығы қайсы? // Социалистік Қазақстан. - 1990. - 31 шілде. – 2 б.]. Ал «Огни Алатау» газетінде В. Чеглаков қозғалыстың екі тең төрағасымен болған сұхбатты өз түсініктемесімен толықтырып жариялады. Осы қозғалысты барынша радикалды бағыттағы ұлтшыл ұйым ретінде түсінуге жетелейтін сұхбат мәтіні «Вечерняя Алма-Ата» газетінде 11 тамыз 1990 жылы қайта басылып шықты және оқырмандар сұрауы бойынша аталмыш газеттің 8 қыркүйегіндегі санында «Горький вкус сладкого слова свобода» деген тақырыпта Азат қозғалысының бағдарламасына кейбір ескертпелерді жариялады. Онда федерация құрамына кіре отырып Қазақстанның өзінің экономикалық тәуелсіздігін сақтауын алғаш көтерген компартияның «экономикалық тәуелсіздік» идеясын қозғалыс басшыларының қайта көтеруі сынға ұшырады. Қозғалыс басшыларының конфедерациялық Одақ идеясы, қозғалыс басшыларының бірі С. Ақатай ұсынған «Қазақстанның Одақ құрамынан толық шығып, тең егемен мемлекет ретінде жаңа одаққа қайта кіру» идеясы да сыналды. Сонымен қатар қозғалыстың ұлттық мәселедегі ұстанымдарына «Участники движения «Азат» в своей программе заявляют, что будут отстаивать равенство всех граждан перед законом. Казалось бы, позиции схожи с позициями Компартии Казахстана. Но это первое впечатление. В высказываниях лидеров «Азата» проскальзывает неприкрытое раздражение засилием русскоязычных граждан в республике», деген сипатта баға бере отырып мақала аяғында қазақтардың ұлтшыл қозғалысының халықтан кең қолдау таба алмағандығына ризашылық білдіріледі [Горький вкус сладкого слова «свобода» // Вечерняя Алма-Ата. - 1990. - 8 сентября. – 2 б.]. Ал А. Самойленко өз хабарламасында Казақстандағы демократиялық қозғалыстардың бір-біріне қарсы күштерге айналғаны жайлы айта келе «На страницах газеты один из сопредседателей «Азата», С. Акатаев, отнюдь не стесняясь, разрешает русским, немцам, уйгурам остаться жить в Казахстане, потому что – цитирую «Мы нуждаемся... чтобы наша земля пахалась, коровы доились, металл плавился»[ Самойленко А. В очереди за конфликтом // Литературная газета. -1990.-5 сентября.– 2 б.] деп С. Ақатайдың өзге ұлт өкілдерінің Қазақстаннан жаппай көшуін қаламайтындығы жайлы мәлімдемесін көрінеу бұрмалап жеткізген... Осы сарындағы Азат қозғалысына қарсы бағытталған мақалалар өзге де газеттерде жарық көріп қозғалыс жайлы қоғамдық пікірдің екіге жарылуына әсер етті. Бұл әрине қозғалыс құрамына орыс тілді қауымның барынша көптеп қосылуына кедергі болды. Құрылған күнінен бастап тәуелсіздікті басты мұраты етіп ұстанған қозғалыстың өмірге келгені жайлы орыс тілді баспасөз құралдарының барлығы дерлік қарсы бағыт ұстанды десек қателескен болар едік. Кейбір орыс тіліндегі газеттер «Азаттың» өмірге келуін заңды құбылыс ретінде бағалап, ол жөнінде нақты ақпараттар таратты. Соның бірі «Ленинская смена» тілшілері «Более четырехсот представителей от девяти областей и трех десятков неформальных организаций утвердили Устав движения, избрали руководящие органы – сопредседателей и совет старейшин, приняли Декларацию о государственном суверенитете Казахской республики» деп жазады [Васильев М. Свобода «для» и свобода «от» // Ленинская смена. - 1990. - 24 июля. – 2 б.]. Сонымен қатар «Горизонт» газетінде оқырмандар сұрауы бойынша қозғалыс бағдарламасының қысқартылған мәтіні «Гражданское движение Казахстана «Азат» из декларации основных целей и принципов» деген тақырыппен басылып шықты [Гражданское движение Казахстана «Азат», из декларации основных целей и принципов» // Горизонт. - 1990. – 8 сентября. – 5 б.]. Қандай саяси ұйым болмасын ол құрылмастан бұрын оның ұстанатын бағыты айқындалып қояры анық, Азат қозғалысы да көптеген ой-пікірлердің пісіп-жетілуі нәтижесі болды десек қателеспейміз. Оның басшылығында болған азаматтар қозғалысқа өз ойларын да ала келді, сондай-ақ сол кезеңдегі саяси-құқықтық ой-пікірлердің өзгеше бағытын қалыптастырды. Қозғалыс басшыларының барлығы дерлік қозғалыстың идеологиялық жұмысымен айналысты деу артықтау, дегенмен, олардың кейбірі қозғалыстың бағыт-бағдарын айқындауға үлкен әсер етті. 1990 жылдардың саяси-құқықтық ой-пікірлер тарихынан алатын өз орындары бар «Азат» қайраткерлерінің кейбірінің ұстанымдарына талдау жасау арқылы жалпы қозғалыс идеяларын зерделемекпіз. Ұлт болашағы, ұлт қамы деп өз өмірін сол жолға арнаған азаматтар қазақта аз болған жоқ. Осындай ұлт болашағы үшін жаны ауырып, өз ойларын ортаға салып, сол ойларын жүзеге асыру жолында қызмет жасап, үлкен саясатқа араласып, мемлекет тарихында өз орнын қалдыра білген азаматтың бірі Михайл Иванұлы Есеналиев еді. Өз естеліктерінде ол өзінің Ресейдің Саратов облысының Питерка деген селосында қарапайым атшы қазақ отбасында өмірге келгенін, орыс мектебінде оқып, орыс арасында өскенін жазады. 1954 жылы өзіне ұсынылған лауазымды қызметті қабыл алмай, өз отаны Қазақстанға қызметке келеді. Бұл жағдай жөнінде ол кейіннен «Егер сол кезде өзіме ұсынылған қызметті қабыл алып Саратов облысында немесе Москвада қалсам не болар еді. Мүмкін Аман Төлеевтен 25 жыл бұрын Ресей саяси ортасындағы бір қазақ болар ма едім, мүмкін халқы көп Ресейдің құрамындағы саясатта, экономикада, мәдениет, ғылым мен дипломатияда тек Аман Төлеев пен космонавт Талғат Мұсабаевтан өзгесі өз орнын таба алмаған бір миллиондай қазақтың бірі болып жоғалып кетер ме едім» [Исиналиев М. Штрихи к портретам. - Алматы: Санат, 1999. – 6 б.]. Қазақстанда ол Павлодар облыстық комсомол комитетінде, Алматы қалалық комсомол комитетінде, Қазақстан Компартиясының орталық комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі ретінде, 1981-1989 жылдары Қазақ ССР сыртқы істер министрі қызметтерін атқарған. 1990 жылдың 30 маусым-1 шілде күндері өткен Азат қозғалысының құрылтайында М. Есеналиев қозғалыс мүшелері сайлаған тең жеті төрағаның бірі болды. Әрине тұлғаның қызмет жолы мен атқарған істері жөнінде деректер келтіру басты мақсат болмағандықтан, оның саяси-құқықтық көзқарастарына, оның ішінде ұлттық мемлекет құру идеясына кеңірек тоқталған жөн деп санадық. Жалпы ұлттық мемлекет ұлттың өзін-өзі билеуінің саяси түрі. Ұлттық мемлекет түрінде қалыптаса отырып, ол елімізде тұрған өзге ұлт өкілдерін өгейсітпейді, олардың заңды құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге кепілдік береді [Сапарғалиев Ғ. Конституция және ұлттық мемлекет // Егемен Қазақстан. - 1993. – 12 ақпан. – 3 б.]. Еліміздің тарихында ХХ ғасыр басында құрылған Алаш қозғалысы ұлттық мемлекет құру идеясын алға тартқан болатын. «Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел» деген идеяны ту етіп көтерген [Өзбекұлы С. Барлыбек Сыртанов. - Алматы: Жеті Жарғы, 1996. – 88 б.]. «Алаш» қозғалысының алдына қойған үлкен міндет 18 ғасырда ыдырауға ұшыраған қазақ ұлттық мемлекетін жаңа заман талабына сай жаңа сапада қайта құру болды. Алаш зиялыларының ортақ түсінігі бойынша отарлық езгі жағдайында аяқ асты болып келген ұлттық мүддені қорғай алатын, сол арқылы қазақ елінің әлем халықтарымен бірге үдемелі прогресшіл дамуын қамтамасыз ете алатын ең негізгі фактор – ол ұлттық мемлекеттік құрылым болуы еді [Қойгелдиев М. Алашорда // Егемен Қазақстан. - 1992. - 18 қаңтар. – 4 б.]. Бұл идея ұзақ уақыттан кейін тәуелсіздікке ұмтылған Қазақстанда жаңаша серпінмен Азат белсенділерінің «Қазақ Республикасы қазақ ұлтының, сол сияқты басқа да ұлттық топтардың гүлденуі мен лайықты тұрмысына кепілдік беретін егеменді, демократиялық мемлекет болып табылады» ұстанымымен өз жалғасын таба алды [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. - 65 б.]. Ұлттық мемлекет құру идеясы жолында қызмет жасаған қозғалыстың басшысы ретінде М. Есеналиев осындай қозғалыстың ұлттық мемлекет орнатудағы роліне ерекше мән береді: «Өмір мәңгілік емес. Саяси өмір де солай. Түрлі партиялар мен қозғалыстар туып жатады, бірігіп жатады, кейде жоқ болып кетеді. Басшылар да өзгеріп жатады. Бұл-қалыпты жайт. Жаңа өмір орнатып жатқан, оның үстіне жергілікті халқы азшылықта қалған Қазақстан жағдайында осындай қозғалыстар мен партиялардың да көп болып, сыртан да іштен де шалушылыққа ұшырауы заңды. Дәл осындай кезеңде ежелгі ұлт өкілдерінің ерік-жігерін паш ететін ұлттық-демократиялық бағыттағы саяси күштің тууы объективті қажеттілік. Ол ұлттық мемлекеттің құрылып, қалыптасуына атсалысуға тиіс» [Есеналиев М. Тек ұлттық мемлекет еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін толық қамтамасыз ете алады // Егемен Қазақстан. - 1992. - 15 тамыз. – 2 б.]. М. Есеналиев қозғалыс жетекшісі бола жүріп, кейіннен қозғалыстан денсаулығына байланысты өз еркімен бас тартқаннан соң да баспасөз беттерінде өз ұстанымдары, саяси-құқықтық ой-пікірлері жайлы жиі жариялап жүрді. 1990 жылдары мемлекеттің болашағы, ондағы жергілікті ұлт өкілдерінің жай-күйі, ұлттық сананы қайта жаңғырту сияқты көптеген мәселелер қоғамдық баспасөз беттерінде талқыға түскен болатын. Бұл мәселелерден М. Есеналиев те шет қалған жоқ. Ол қазақтардың өз жерінде Америкадағы үндістер сияқты өгей халықтың кебін киіп отырғандығына қынжылыс білдіре отырып, атам заманнан өсіп-өнген жерінде жүндей түтіліп, енді болмаса құрдымға кете жаздаған жергілікті халық – қазақтардың мүддесін қорғау қажеттігін алға тартты [Есеналиев М. Мақсатымыз – шынайы дербестік // Ақиқат. – 1991. - №12. – 23 б.]. Ұлттың ұлт ретінде сақталуының кепілі болатын ана тілін сақтап, дамыту әр ұлттың көзі қарақты азаматтарының көкейкесті мәселесі екендігі баршамызға аян және осы мәселеде олар әрқашан да өз ұстанымдарын алға тартып отырады. Мемлекеттік тіл мәртебесін иеленген қазақ тілі мәселесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қызу талқылауға түскені белгілі және оның осы күні де өз шешімін таба алмай келе жатқаны баршамызға аян. Бұл жөнінде баспасөзде жарық көрген кейбір кері пікірлерге М. Есеналиев өмірде бар деректерді келтіре отырып жауап беруге тырысқан. «Кез-келген мемлекет – Европада болсын (Германия, Ұлыбритания, Франция, Испания және т.б.), Азияда болсын (Қытай, Үндістан, Жапония, Тайланд, Корея және т.б.) – жергілікті ұлт өкілінің атымен сақталып даму үстінде және онда мемлекетік тілмен бірге әрбір ұлт өз ана тілін еркін пайдалана алады. Қазақстан бұл мәселеде жалғыз мысал емес» [Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 71 б.]. Сол кезеңдегі мемлекеттік тілдің жағдайының қаншалықты деңгейде екендігіне баға бере отырып, ол қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі орыс тілін ығыстыру үшін емес, қайта қазақ тілінің қоғамда сол орыс тілінің дәрежесіне көтерілуі үшін қажет екендігіне және уақыт өте келе қазақ тілі қоғамда белсенді түрде әрекет ететіндігіне сенім білдіреді [Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 245 б.]. Алайда қазақ тілін тек мемлекеттік тіл ретінде жариялаудың ешқандай оң нәтиже бермейтіндігін уақыт өзі дәлелдеп берді, бірақ біз бұл жерден саясаткердің мемлекеттік тілдің өркендеуіне мемлекеттің тікелей мұрындық болатындығына үміт артқанын байқаймыз. Қазақстанның Одақ құрамындағы кезінің өзінде 1988 жылғы жазылған мақаласында ұлттық кадр мәселесіне де көңіл аударып, қазақтардың өндіріс орындарында, басшы қызметтерде өте аз мөлшерде немесе мүлде болмауын мәселе ретінде көтереді. Жергілікті ұлт өкілдерінің балаларын кәсіби-техникалық мектептер мен жоғарғы техникалық оқу орындарына тарту мәселесін көтереді [Ключевский В.О. Письма, дневники, афоризмы и мысли об истории. - М.: Наука, 1968. – 56 б.]. Сонымен қатар, ол сол кезде көптеген ұлт өкілдері мәселе ретінде көтере бастаған Қазақ жерінде ұлттық автономия құру идеясына да қарсы шығып, өз көзқарасын білдіреді: «Қазақстан автономиялық бөліністері жоқ ұлттық мемлекеттік құрылым болған, болады және болашақта тек сондай сипатта ғана сақталып қалады. Қазақстанда өмір сүруші барлық ұлттық топтар мен халықтардың олардың тілі, тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі сақталып, дамитын отандары бар. Тек қана қазақтардың Қазақстаннан өзге отаны жоқ, сондықтан олар өз ата-бапалары қалдырған жерде аборигендер кешкен күйді кешкісі келмейді. Осы жерден түрлі автономистік пиғылдарға, кімнен және қандай дәйектер келтірілмесін қарсылық туындайды» [Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 83 б.]. Қазақстанда азаматтық қоғам құру, демократияны өрістету, жариялылыққа қол жеткізу, саяси партиялардың мемлекеттік саясатта алар орнын нығайту жөнінде де М. Есеналиев көреген ойларын ортаға сала білді. Қазақстандағы сол кездегі ұлттық құрамға мән берген саясаткер кез-келген аңдамай айтылған сөздің ұлтаралық қатынастарға салқынын тигізетіндігін ескерген және ұлттар арасында араздық тумас үшін және өзге ұлттардың қазақ халқына деген ұстанымдарын тек достық ниетте өрбіту үшін сол ұлт өкілдерін де шетке қақпай ортаға тарта білу керектігін ескертті. Ол саяси партияны құруда тек бір ұлт мүддесі көзделмеуі қажеттілігін, сондай-ақ қазақ халқының мүддесімен өзге ұлт өкілдерінің мүддесін ұштастыра отырып, ұлтаралық татулыққа қол жеткізуге болатындығын алдыға тартады. Болашақ жайлы ой-пікірлер, егемендікті түсіну біздің бүгінгі Қазақстандық шындықпен жанасуы тиіс, мен бірлесе, жария түрде, ортақ пікірге жүгіне отырып халықтың әртүрлі топтарының мүдделерін көздейтін барлық ұйымдармен ортақ шешімге келуді ұсынамын. «Қайта жаңғыру» ұранымен кейбір әсіре патриоттардың ұлтты өзгелерден оқшауламауы үшін біздің қозғалыс бір ұлттың ғана өкілдерін біріктірмеуге тиіс, орыс тілді қауым ұйымды ұлттық ретінде ғана танымай, оның жұмысына белсене қатынасуы үшін ол қоғамның барлық топтарын, қоғамдық, ғылыми, шығармашылық, бейресми ұйымдар мен топтарды біріктіруге тиіс [Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 75 б.]. Азат қозғалысы – 1917 жылы құрылған «Алаш» партиясының ізбасары ретінде «Алаш» мақсат еткен құндылықтарды алға тартты [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. - 11 б.]. Ғасыр басындағы осы ұлттық қозғалыс жетекшілері арасында кейбір пікір алшақтықтары болғаны секілді Азат қозғалысы мүшелері де кей мәселелерде пікір алшақтығына жол беріп отырды. Бұл, әрине саяси ұйым үшін қалыпты нәрсе, өйткені пікір қайшылықтары арқылы ғана жалпыға ортақ шешімге келуге болатыны баршамызға аян. Соның бір мысалы ретінде 1917 жылдың желтоқсанының он екісі күні өткен жалпықазақтық екінші съезде автономия жариялау турасында болған пікірталастарды келтіруге болады. Онда автономияны жариялау мерзімі туралы принципті мәселеде біріне-бірі қарама-қарсы екі бағыт қалыптасқан. Бірақ екі жақ та ұлттық, халықтық мүддені жеке бастарының саяси ұпай жинауынан жоғары қойып ортақ келісімге келген[Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. - Алматы: Ататек, 1995. – 156 б.] . Азат қозғалысында да әртүрлі ұстанымдағы тұлғалар басы біріккен еді, олардың кейбірінің саяси ұстанымдары М. Есеналиевтікімен тіпті сәйкес келмейтін. Оның өзге ұлт өкілдеріне бүйрегі бұра бермейтін, «...ұлтымыздың болашағынан гөрі өзіне қолайлы орысша ортаның сақталуын қалайтын эгоистік пиғылды орыс тілді қандастарымыз баршылық. Бұлар кезінде Ресей КСРО үкіметтерінің орыс емес ұлттарға (кейде тіпті орыстарға да) жасаған геноцид, репрессияларына көз жұмып, сол кездегі қоғамдық әділеттілік туралы айтып тамсануда. Ал шындығына келсек, Ресей империясындағы халықтардың жақсылық көрген кезі ешқашан болған емес дер едім» [Қожа-Ахмет Х. Ереуіл атқа ер салмай. - Астана: Елорда, 2000. – 251 б.] деп ашық түрде тек қана қазақ ұлтының мүддесі үшін күресуші Х. Қожа-Ахмет секілді саясаткерлермен бірлесе жұмыс атқарып, олардың ортақ іске жұмылуына мұрындық болуы, бірақ өзгелердің ұстанымдарының жетегінде өз позициясын өзгертпеуі де біраз нәрсені аңғартса керек. М. Есеналиев 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары турасында әлі де талай ойлар айтылатынына тоқталып, өзгелерді ұстамды болуға шақырады. Өткеннің жағымсыз жақтарын ұмытып, келешекке өткеннен сабақ ала отырып жылжымасақ өткенді қаза беру болашақта ешқандай жетістіктерге жеткізбейтіндігіне көңіл бөледі [Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 22 б.]. Сондай-ақ осы аталған 1986 жылғы оқиғаларға саяси баға беру жөнінде ең алғаш рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына 25 сәуір 1989 жылы депутаттық сауал жіберген де М. Есеналиев болатын [Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 39 б.]. Ұлттар арасында достастық, олардың бір-біріне татулықпен қарауы саясаткердің басты назарда ұстаған мәселелерінің бірі болды, сондай-ақ ол республиканы мекендеуші барлық ұлт өкілдерінің ортақ үй Қазақстанды сүйе білуінің қажет екендігін түсіне білді. Сондықтан ол ұлттық саясатқа қатысты «Ұлтымыздың әралуандылығына қарамастан біздің барлығымыз Қазақстан Республикасы деп аталатын бір ғана мемлекеттің азаматтарымыз, біздің ортақ міндетіміз – барлығымыздың бірге өз отанымызда бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізуіміз» деген пікірді ұстанды [Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 248 б.]. М. Есеналиевтің пікірлерінің өміршең екендігін айқындай түсетін тағы бір идеясы оның барлық саяси ұйымдарды бірігуге шақыруы еді. Ол саяси күштердің басы бірікпейінше мемлекеттің олар қойған талаптарға мойын бұрмайтындығын, жекелеген саяси ұйымдар өз талаптарының мемлекет тарапынан ескерусіз қалуына байланысты өз қатарын сиретіп, кейіннен өздігінен тарап кететіндігін ескеріп, ортақ мүдде жолында әрбір саяси ұйымның бірігіп қимыл жасау қажеттігін ескертеді. Мемлекеттегі оппозицияның билікпен тең дәрежеде диалог жасауының жалғыз жолының олардың басының бірігуінде екендігіне тоқталады. «Ресми құрылымдардың бейресми ұйымдарды «таза» және «таза емес» деп жіктеп, қоғамдық ұйымдарды бір-біріне қарсы қойып бірінің иығынан қағып жақсылығын асырып, келесі бірін жамандап іске алғысыз жасауына жол бермей біздің барлығымызға бейбітшілік пен азаматтық келісім, жария демократиялық қоғам құру жолында біріккен демократиялық блокқа топтасу жайлы ойлану керек сияқты» [Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 81 б.]. Осы оппозициялық күштердің бірігіп, тізе қосып қимылдау қажеттігі идеясы бүгінде үлкен саяси партиялардың күн тәртібіндегі негізгі мәселеге айналып отырғандығы оның авторының саяси көрегендігін аңғартқандай. Өзінің атқарған іс-әрекеттері өз бағасын уақыт өте келе әділ түрде алатындығына сеніммен қараған саясаткердің артына қалдырған еңбектері әлі де болса жеке зерттеуді талап етеді. Оның шығармалары арқылы 1990 жылдардағы саяси-құқықтық ой-пікірдің жеке қырларына қанық боламыз. Сондай-ақ М.И. Есеналиевтің айтқан пікірлері өз өміршеңдігімен ерекшеленеді және жаңа идеялардың өмірге келуіне мұрындық бола алады деген тұжырымдама жасауға болады. 20 ғасыр басындағы қазақтың ұлттық дербес мемлекетін құру идеясының жақтаушылардың бірі, Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов «Қазаққа не керек?» деген терең мағыналы мақала жазып, онда осы сауалға өзінше жауап берген екен. Ол өз дәуірінің ерекшеліктеріне тоқтала келе, сол кезеңде қазақ үшін екі мәселеге айрықша мән беру қажеттілігін алға тартады, біріншіден, қазақтың өзіндегі шикізатты өз жерінде өңдеп, шойын жол салып, өндірісті өркендетуге бел шеше кірісуі, екіншіден, қазақтың білімге бет бұрып, ұлттық кадрлар даярлау ісіне үкіметтің ден қоюы. Ойын қорытындылай келе, ол осы екі мәселені жүзеге асырғанда ғана қазақтың өзгемен теңесетінін алға тартқан [Хамзабекұлы Д. Сәдуақасов С. Қазаққа не керек? // Халық кеңесі. - 1992. - 9 сәуір. – 2 б.]. Дәл осы сұрақ 20 ғасырдың соңында көптеген қазақтың ұлтшыл азаматтарының көкейінде жүрген, бірақ, тек саусақпен санарлық азаматтар ғана ауызекі әңгімеден ары барып, өз беттерімен әрекет ете алған-ды, сол азаматтардың бірі, ғұмырын өз ұлтының мүддесін қорғауға арнаған, сол жолда өмірінің соңына дейін күрес жүргізген белгілі ғалым Сәбетқазы Ақатай еді. Саналы ғұмырын «Қазаққа не керек?» деген сауалға жауап іздеуге арнаған, сонау 1962 жылы Мәскеуде құрылған қазақ жастарының «Жас Тұлпар» ұйымының белді мүшесі болып, қуғынға ұшыраған, кейіннен 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасының» белсенді қатысушысы болып, өз көзімен көрген шындық турасында этнограф-ғалым Ж. Бапалықұлымен бірлесе «Қайрат қоғамының дүние жүзі ұлттар қоғамына хатын» жазып, империяның қылмысын бүкіл дүниеге әшкерелеген. Сонымен де қоймай ұлттың өз дербестігіне қол жеткізуі үшін қандай шаралар атқару қажеттігіне бас қатырып, 1988 жылдан бастап ұлттық ұйым құру үшін жасырын жұмыс істеп, дүниеге «Азат» қозғалысының келуіне себепкердің бірі болған, кейіннен осы қозғалыс аясында Қазақстанның Республикалық «Азат» партиясын құрып, басқарған С. Ақатайдың өзі сүйген ұлты үшін атқарған қызметі ауыз толтырарлық. Осы жолда ол өзінің ұстанымдары, ұлт мұраттары, жалпы ұлтшылдық жайлы, мемлекет пен құқық, мемлекет нысаны, мемлекеттегі ұлтқа қатысты саясат жайлы өз ойларын баспасөзде жариялап, өзінің Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірлер тарихындағы алатын орнын да айқындап кетті. Азат азаматтық қозғалысының жарғысы мен бағдарламасының, «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның авторларының бірі болған, осы қозғалыс аясында құрылған республикалық партияның жарғысының мәтінін жазған С. Ақатай сол кездегі жаңашыл, ұлттық бағыттағы идеялардың жақтаушысы бола білді. Ол қозғалыс жұмысын бастаған кезден бастап оның қызметі жайлы өзге тең төрағалармен қатар насихат жұмыстарына белсене қатысып, «Азат» қозғалысы жайлы ақпарат құралдарында кең көлемде мағлұмат беру ісімен айналысты. Қозғалыс турасында ол: ««Азат» алға, болашаққа үміт артқан халық қозғалысы. Біздің түпкілікті мақсатымыз: толық ұлттық тәуелсіздік. Келте де түсінікті: «Азат» - қазақ ұлтының саяси және әлеуметтік қорғаны. Дүниеге «Азат» қазақ ұлтының мүддесі арқылы көз тастайды», дей келе, қозғалыс жайлы ойын келесідей өрбітеді: «Қазақтың қазіргі ұлт-азаттық қозғалысы бір қайырма әрекет емес, ұзаққа созылған жалғасты тарихи-саяси үрдіс. Оның, менің болжауымша, екі сатысы бар. Төменгі сатысында Қазақстан барлық салада толық тәуелсіздікке тырнағын ілдіреді, ал екінші жоғарғы сатысында қазақ ұлтының толық саяси егемендігі жүзеге асуы тиіс. Бұл сатысында ұлтымыз өз мемлекетінің тарихи баянды дамуын тек өз қолына алуын қамтамасыз етіп, саяси тізгінді ешкімге жалтаңдамай берік ұстап, ұлттың тағдырын тек өзі шешуін мойынға алады» [Ақатай С. Қазақтың көсегесі қайтсе көгереді // Азат. – 1991. – тамыз (№14). - 1-3 бб.]. Орын алып отырған жағдайға байланысты «Азат» қозғалысының тең төрағаларының бірі ретінде С. Ақатай Қазақстандағы өзге ұлт өкілдеріне қатысты қозғалыс ұстанымдары жайлы өзінің «Қазаққа не керек?» атты мақаласында «Қазақстандағы көпұлтты халықтың ағайындасуын армандайтын ұйымның бірі - біз. Туыстық алдаусыратқан «әлдиге» емес, ақиқат пен шындыққа табан тіресін дейміз. Қазақстанды мекендеген көпұлтты халық ең әуелі соққыға ұшыраған қазақ бауырының мұң-мұқтажын айтпай түсініп, кеселдің алдын алып, күле сөйлесе, қазақ та қоңсы отырған ағайынының мұқтажына құлақ асар еді-ау, шіркін! Қазақтың қатулы қабағы онда неге жадырамасын! Сөйтіп барып дүрдараздықтың орнын ұлтаралық шүйіркелестік басар еді. Иманымыз да, ұлттық бағдарламамыз да осы. Орыс та, неміс те қазақтың мүддесі үшін күрессе тағынан түсіп қалмайды. Сонда қазағым да олардың да мүддесі үшін жанын беретініне мен кепіл. Сонда ғана Азия халықтарының жүрегіне орыс дегенде қатқан мұзы ериді, сол Азияның ортасын ойып отырған қазақтың ажары ашылады» деп, қозғалыстың түпкі мақсатының ұлттар арасына араздық отын жағу емес, керісінше, бірлесе қимылдап демократиялық қоғам құруға үндеу екендігін түсіндіреді. Байқағанымыздай бұл жерде тек қазақ халқының мүддесін шектеу арқылы өзгелерге жайлы жағдай тудыру емес, өзге ұлттардың алдымен қазақ мүддесіне қайшы келмеуі алдыға тартылады. Осылайша С. Ақатай өзге халықтардың кімнің жерінде өмір сүріп, кімнің жерінде өркендеп отырғанын ұмытпай, сол елдің егесіне құрметпен қарағанда ғана, қоғамда әйтеуір іштен тынған, шарасыздық негізіндегі тыныштық емес, шынайы достық қарым-қатынастың орнайтындығын алдыға тартады. Қозғалыс құрамында партия құрып, сол арқылы парламенттен орын ала отырып, мемлекетте жүргізіліп отырған саясатқа демократиялық жолмен әсер етуді көздеген азаматтардың пікірін құп алған С. Ақатай республика аумағын аралап, үгіт-насихат жүргізіп, 1991 жылы жаңа Қазақстанның Республикалық «Азат» партиясының құрылуына мұрындық болды және осы партия басшылығын өз қолына алды. Осы турасында жапонның «Иомури» газетінің тілшісінің өзіне қойған «Қазаққа не керек?» деген сауалына жауабын осы тақырыптағы жеке мақалада жан-жақты саралай келіп, өз ойын былай қорытындылайды: «Қазаққа керек дүние шаш етек: баспана, астана, асхана... бірақ, қазаққа ең әуелі ұлт ретінде де, қаналған тап ретінде де басын қосарлық, ұлы көшке мұрындық боларлық ұлтжанды һәм отансүйгіш, демократияшыл һәм республикашыл саяси партия қажет!», осылайша ол өзі негізін қалаған республикалық партияны құрудың негізгі мақсатын ашып көрсетеді [Ақатай С. Қазаққа не керек? // Азат. – 1992. - сәуір (№4). - 5 б.]. Осы партия алдына қойып отырған мақсаттар жайлы ол «Егер де күндердің күнінде Азат партиясы өкімет билігіне жете қалса (парламентке) бес жылдың ар жақ бер жағында Қазақстанның тәуелсіздігін толық қамтамасыз ете алар едік. Сондай-ақ егемендік туралы декларацияның әр бабын іске асырып, ұлттық шекарамызды бүтіндер едік. ССРО-дағы егеменді республикалармен экономикалық қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру арқылы қазіргі дағдарыс процесін тоқтатып қана қоймай, әлемдік нарыққа тауар өндіретін, оның ішінде ауылшаруашылығы өнімдерін сатуға мүмкіндік туар еді. Ең бастысы – Қазақ республикасының мемлекеттік атауын, елдік белгілері болып саналатын жалауы мен әнұранын, елтаңбасын қалыпқа түсіру іске асырылады. Күнделікті тұрмыстық қарым-қатынастан ары аса алмай жатқан қазақ тілінің мәртебесін өндіріс, ғылым, техника салаларында да толық үстемдік жүргізуі үшін тиісті шаралардың кез-келгенін өз дәрежесінде жүзеге асырылатын болады. Осы мәселелер шешімін тапқанда ғана республиканы мекендейтін орыс тілдес ағайындар да ешкімнен ешқандай қағажу көрмей, қазақ ұлты дәулеттенген сайын өздерінің де салтанатының асып отырғандығын сезінер еді [Тойбазаров Ж. Мақсатымыз – тәуелсіз қазақ мемлекетін құру // Халық кеңесі. - 1991. – 21 қыркүйек. - 1 б.]. Бұл Қазақстан өз тәуелсіздігін жарияламастан бұрынғы сұхбат болғандықтан, саясаткердің Кеңес Одағының ыдырауының орын алуы мүкіншілігіне әлі көзінің жетпегенін көреміз, бірақ, ол қайтсек те тәуелсіздікке қол жеткіземіз деп, өз ойын тайсалмай білдіреді және мемлекетті дамытудың өз партиясы ұсынған жобаларын да ортаға салады. Зер сала қарасақ, сол кезде мақсат ретінде қойылған мәселелердің кейбірі әлі де шешімін таба алмағандығын көруге болады. Сондықтан да біз сенімді түрде Азат қозғалысы мен осы аттас партияның ұстанымдарын насихаттаудың қоғам үшін маңызы барлығын айта аламыз. Ұзақ уақыт бодандықта болған қазақ ұлтының империя құрамындағы отар ретінде басынан кешірген азабын, сол отаршылықтың ұлтқа тигізген кері әсерін ашына баяндай келе, ол өзінің келесі бір сұхбатында осы өкінішті мәселелердің шешімін келесідей көрсетеді: «Қазақстан тәуелсіз, іргелі ел болмай бұл кереғар құбылыстардың бірде-бірінен құтыла алмаймыз; - егер де тәуелсіздік толық болса – бұл індеттерден толық; - егер де тәуелсіздік жартылай болса – жартылай ғана құтыламыз; - ал, алдаусыратқан, жасанды тәуелсіздік болса – бұл індеттерден құтылмай, өзімізді-өзіміз алдаймыз» [Тойбазаров Ж. Мақсатымыз – тәуелсіз қазақ мемлекетін құру // Халық кеңесі. - 1991. – 21 қыркүйек. - 1 б.]. Ол тәуелсіздіктің тек декларативтік сипатта болуына қарсы болып, Ресейдің мемлекетіміздің ішкі ісіне араласуына жол бермеу қажеттігін осы сөздері арқылы жеткізеді. Биліктің ұлттық негізді ескере отырып, жаңа бағыттағы, демократия қағидаларына негізделген саясат жүргізуін жақтайды. 1991 жылғы қыркүйектегі «Орал оқиғалары», солтүстік облыстардағы шиеленісті жағдай, орыс шовинистерінің қазақ жеріне көз аларта қарауы С. Ақатайдың осы мәселе турасында өз көзқарасын білдіруіне итермеледі. Ол орыс зиялыларына ашық хат жолдап, олардың көптеген ғасырлар бойы қордаланаған ұлтаралық татулық мәселесіне көңіл бөліп, өздерін сол отар халықтардың орнына қойып, солардың көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеу арқылы ойлана отырып, парасатпен шовинизмге бірлесе қарсы шығуына үндеді: «Егер орыстың ұлттық мәдениеті ұлттың өз мәдениеті туралы өз пікірі болмай, шынында да нағыз ұлы да гуманистік мәдениет екені рас болса, оның озық өкілдері, сіздер, мынадай ащы да анық сұрақтарға жауап берулеріңіз керек: Неліктен Ресейдің орыс емес халықтары ұдайы бұлқынып жатады, «бұларға не жетпейді?». Неліктен орыс мәдениетінің бұратана халықтардың мәдениетіне деген ықпалы олар үшін әрқашан залалмен аяқталып отырады? Неліктен «өз еркімен қосылғандар» боданға айналады? Әлі күнге империя картасы неге бір ғана түспен боялған? Неге «бұратана» халықтар осы уақытқа дейін өздерінің саяси билігін өз қолына ала алмай жатыр? Неліктен біздің қалай өмір сүруіміз керектігін орталықтағы генералдар мен комиссарлар жақсырақ білуі тиіс? Неліктен біздің ұландарымыздың қолына қару беріп, оларды басқа «бұратаналарды», мысалы, антын бұза отырып, балтық елдерін «тыныштандыруға» пайдаланады? Неліктен біздер, қазақтар, өз жерімізде басқа жақтан келген «қонақтардан» әлдеқайда аз болып шықтық. Неліктен қазақ жастары өз жерінде отырып, «орыс тілдес тұрғындардың» үйінің бір қуысында қысылып-қымтырылып өмір сүреді? Неліктен? Неліктен біздің, яғни, бұратана халықтардың, өздеріне үш жүз жылдан бері тәуелді етіп қойған құдайдан да күштірек мырзаларымыз бар? Орыстың озық зиялыларының өкілдері! Тағдырлас, тауқыметтес азаматтар! Диктатура мен империяны көксеп, бет пердесін сыпырып тастаған шовинистердің секеңдеуіне қарсы көшелі демократиялық қозғалысқа бірігіңдер! Өз туған халқыңыздың абыройы мен мерейін аяққа баспаңыздар, ұлтыңыздың өздеріңіз үшін қасиетті есімін бүгінгі және болашақтағы «бұратаналар» ұрпағының қарғысынан сақтаңыздар! Ұраншыл шовинистердің іс-әрекетіне тойтарыс беруге шығыңыздар! Конституцияны қабылдайтын да, қабылдамайтын да тек қана халық! Әскер емес [Ақатай С. Тәуелсіздік біздің түпкі мақсатымыз // Қазақ әдебиеті. - 1991. - 27 қыркүйек. - 6-7 бб.]. Өзінің ұлтшыл екендігін мақтан етіп, ол жайлы жасырмай айтып, ұлтшылдықтың мәнін түсіндіруден жалықпаған С. Ақатай бұл мәселеге көптеген мақалаларын арнады. Ол адам бойынан, әсіресе, қазақ ұлтының өкілі бойынан табылатын үш қасиет - ұлтшылдық, ұлтжандылық және ұлтсыздық туралы өз ойын келесідей өрбітеді: «Ұлтшылдық та, ұлтжандылық та ұлтсыздыққа қарағанда өрелі қасиет. Бірақ, шынайы ұлтшылдыққа не жетсін! Өйткені ұлтсыздықта (мәңгүрттікте) сатқындық бар, ұлтжандылықта жалаң сезім басым да, ал ұлтшылдық болса, бірбеткей саяси категория, өрелі де көшелі философиялық ұғым, езілген ұлттардың жарақатының дауасы, шипасы. Ұлтшылдық құлаққа қанша жағымсыз естілгенімен, ол ғылым шеңберіне сыймайды. Ол – ілім. Ұлтжандылық адам біткеннің баршасында бар болса, ұлтшылдық зейінді, алды-артын болжағыш асыл азаматқа ғана тән қасиет екенін баса айтқанымыз жөн. Ұлтты жүрекпен ғана сезініп, жүрекпен жақсы көрумен ұлтты бостандыққа, оның тарихи арман-мүддесіне алып бара алмаймыз. Тек шынайы ұлтшылдық идея тепкіге, жат елдің бодандығына түскен халқын жүрегінің жылуына бөлей отырып, ұлты үшін қасықтай қаны, шыбындай жаны қалғанша ақырғы демін, күш-қуатын сарқа жұмсайды. Ұлтжандылық ұлтшылдықтың баламасы емес. Ұлтшылдық әлеуметтік заңдылықтар тоғысқан ілім де, ұлтжандылық – түптеп келгенде қос жастықты шынтаққа басып қойып, қаймақ қатқан қарсақ жон күрең шайды сораптап ішіп, сары самаурынның жанында бәйбішесі мен бала-шағасының ортасын ойып отырып, ұлт туралы, қазақ халқының арман-мүддесі туралы сөз бастауға әлде сәнді бөтелке толған дастархан басындағы бейпіл әңгімеге саяды, ұлт үшін аса керек насихат, уағыз ешкімнің басын ауыртпайтын күңкілге айналады. Саяси әрекетпен астаспаған, өзінің ұлты үшін, елі мен жері үшін, бала-шағасы үшін ешқашан саяси әрекетке бастамаған адам ұлтжандылық сипатта ғана қалады [Ақ Атай. Ұлтсыздық, ұлтшылдық һәм ұлтжандылық // Қазақ әдебиеті. - 1998. - 10 сәуір. - 8 б.]. Ол ұлтшылдық сезімнің ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатынын, ұлтшыл азаматтар ұлттың ядросы екендігін, сондықтан ұлтшыл адамнан қорықпай, оны ұлтшылдығы үшін құрметтеу қажеттігін, сондай-ақ мемлекеттің тетігін ұстаушы азаматтардың бойында, ең құрығанда, ұлтжандылықтың ұшқыны болуы қажеттігін алға тартады. «Біздей көнбіс халықтың отаршылдыққа қарсы қойылатын ұлтшылдықтан өзге қаруы да жоқ. Ұлтшыл болмағандықтан – жерден айрылдық. Ұлтшыл болмағандықтан – Еділ мен Ертістен, Іле мен Есілден айрылдық. Енді елден айырамыз деп қоқаңдайды қара орыс. Сонда ұлтшылдықтан басқа бізде не қалды? Демек, отаршылдық үдеген сайын ұлтшылдық та дәуірлей түсіп, отаршылдық бәсеңсісе – ұлтшылдық та бәсеңсіп отыруы заңды. Ұлтшылдықты қоздырушы күш – отаршылдық. Ұлтшылдық өздігінен өзі тумайды. Оның себебі бар. Отаршылдық қысымның кез-келген түрі кездесе беретін Қазақстанда ұлтшылдық бар, бола береді, бола беруге де тиісті. Мәселенің саяси қатпары «көпұлтты» Қазақстанда қай ұлт өзінің саяси билігін қамтамасыз етеді, қысқаша айтқанда, «Қазақстан кімдікі?» - осыған саяды. Президентіміз: «Қазақстан – қазақстандықтардікі» дейді. Біз айтамыз: «Жоқ, қазақтікі, бірақ басқа ұлт өкілдері тұрғысы келсе тұра берсін – оларға кет те, кел де демейміз». Әрине, келімсектердің рұхсатсыз келмегенін қалар едік. Мұндай сөзді Ресей де, АҚШ та өз келімсектеріне жасырмай айтады. Ал біз айтпайтындай не көрініпті. Ұлтымыздың тәуелсіздігі мен бірлігінің символы болып саналатын президентіміздің басқа көршілес елдің басшысының тізгінінде кетіп, ізбасар інісі болғаны намысымызға тиеді, қазақтың ұйықтап жатқан ұлтшылдық сезімін қоздыра түседі. Ұлтжандылықты Қазақстанның тағына президентіміздің шапан жамылып, қамшы ұстағанынан емес, оның күнделікті саясатынан бағамдап отырсақ дейміз» [Ақатай С. Ұлтшыл болу ұят па? // Жас қазақ. -1992. - 24 маусым. - 5 б.]. Ескере кететін бір жайт, С. Ақатай Азат қозғалысының да, осы аттас республикалық партияның да ашық оппозициялық бағыт ұстанбауын қалады, дегенмен билікке өз ескертулерін жасау арқылы, ықпал етуді көздеді [Ақатай С. Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады // Егемен Қазақстан. - 1997. - 21 ақпан. – 2 б.]. Дәл осы ұстанымына байланысты Азат қозғалысының 1992 жылғы 17-24 маусым арасында өткен республикалық наразылық акциясы барысында С. Ақатай қозғалыстың республика басшылығына қойған талаптарына қарсы шықты және осы әрекеті үшін қозғалыстың өзге басшыларымен ортақ мәмілеге келе алмады. Бұл өз кезегінде қозғалыстың ыдырауына және оның басшылары арасындағы үлкен дауға әкеліп соқтырды [Ақатай С., Тәтімов М. Азаттықтарға ашық хат // Қазақ әдебиеті. – 1992. – 10 қазан. – 16 б.]. Осыдан кейін «Азат» газетінде ҚРП 1 съезінің Сәбетқазы Ақатай жөніндегі мәлімдемесі жарияланды. Онда С. Ақатайдың саясаткер ретіндегі мінезіндегі кемшіліктер мен саяси бағытындағы қарама-қайшылықтарға кеңінен тоқталып, оның парламенттік саяси партияның жетекшілігіне лайық еместігі мәлімделді («Азат» 1992, қазан, №14. - 2 б.). Кейінірек осы газет бетінде Х. Қожа-Ахметтің «Қазақстан Республикалық партиясының бұрынғы төрағасы Сәбетқазы Ақатайға Ашық хаты» жарияланды («Азат», 1992, желтоқсан, №18. - 3 б.). Әрине, біздер аталған материалдардағы мәселелер арқылы С. Ақатайға қандайда бір сипаттама беруден аулақпыз, дегенмен орын алған жайды ескермей кетуге де болмайды. Әр саясаткердің ұстанған қағидасы болады, сол секілді С. Ақатайдың ұстанған қағидасы қазақ ұлтының жетістіктерге жетуі болды, сондықтан да ол ұлт мүддесі үшін мемлекеттік билік жіберген қателіктерге кешіріммен қарауды жақтады [22 қыркүйек 1992 жылғы Азаттықтарға ашық хат // Х. Қожа-Ахметтің жеке мұрағаты. 1-папка, 82 б. – 1 б.]. Қазақстанның ғылымына сүбелі үлес қосқан ғалым, үлкен саясаткер С. Ақатайдың артында мол мұра қалды, оны ғылыми зерделеу бүгінгі күннің еншісінде. Еліміздегі саяси-құқықтық ойдың дамуына, «Алаш» партиясының ізбасары болып, қазақ халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы бола білген Азат азаматтық қозғалысының өмірге келуіне және өркендеуіне мол үлес қосқан ұлтшыл азаматтың есімінің өз халқының тарихында мәңгілікке қалатыны анық. Ұлт бірлігін ойлаған ойшыл жайлы сөзді оның қазағына арнаған өсиет сөздерімен аяқтауды жөн көрдік. «Қазағым халқым! Ана тіліңді құдірет тұт. Өз ана тілін білмеген қазаққа құрмет көрсетпе, қызмет ұсынба. Малға жібер, үйренсін! Рушылдық – ұлттық бірлесуге көлденең тұрған індет. Мұнымен белдес. Атаңның баласы ғана болып қалып, өзіңді өзің кемсітпе. Ұлттың ұлы болып мерейіңді үстемдет. Қазақ жасы! Алыстан тоят ізде. Ауыл маңында қалып қалма. Өнер, білім қу. Жаман әдеттен бойыңды таза ұста. Қазақ әйелі! Бала тап, көп індеттен құтыласың. Қашқан берекең қайта келеді. Ана тіліңді балаңа сүтіңмен сіңдір. Қазақ ұлығы! Жерімізде қару-жарақ өндіртпе. Әлемге қазақ ұлтының бар екендігімен санастыру жолын тап. Ұлт мәселесін алға қой. Ұлт байлығы – сенің бақытты өміріңнің де кепілі. Зиялылардың сөзіне құлақ түр. Аты мен аруағын тұт, сөзін құрметте. Ол – сенің алтын қазығың. Әділет жолын іздестіруден тынба» [Рысбекұлы Т. Ел ертеңі елеңдетеді // Аманат. – 1991. - 5 қыркүйек. – 7 б.]. Азаттық, тәуелсіздікті ту етіп көтеріп, жаңа қалыптасуға тиісті мемлекеттің ұлттық мемлекет болуын жақтаған қозғалыс қатарына негізінен ұлтжанды азаматтар біріккен болатын. Солардың ішінде сол уақытқа дейін де қазақтың ұлтшыл азаматтарының, әсіресе, М. Жұмабаев шығармашылығының қыр-сырын халыққа таныстырып, насихаттау жұмыстарымен айналысып жүрген, ұлт мүддесін жеке бас мүддесінен жоғары қоя білетін азаматтар қатарынан Батырхан Дәрімбет те табылған еді. Оның өзі де бұл турасында «Қазақ елінің басқалармен терезесі тең, тәуелсіз ел болғанын, азаматтардың теңдігі мен бостандығын қамтамасыз ете алатын дербес мемлекет болып қалыптасуын қалайтын азаматтар «Азат» құрамына кірді. Мен де бірінші күннен бастап «Азат» сапында болдым. Өмірімнің ең мағыналы күндері «Азат» пәрменді күрес жүргізген кезеңде өтті», деп өз өміріндегі Азат қозғалысының атқарған орнын әділ атап өткен еді [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. - 12 б.]. Б. Дәрімбет ұлттық мемлекеттіліктің, қоғамды демократияландырудың, қазақ ұлтының ұлттық санасының көтерілуінің және ұлтқа қатысты жасалған қысастықтардың нәтижесінде жоғалтқандарымыздың қалпына келтірілуінің, сондай-ақ жалпы түркі халықтарының бірлігінің жаршысы болды. Ол журналист ретінде өмірінің соңына дейін әр кезеңде, әр түрлі басылым беттерінде жариялаған мақалаларында осы мәселелерді қаперден шығарған жоқ. Әрине, Б. Дәрімбет секілді қайсар да ұшқыр қаламды журналист, халыққа танымал саясаткердің жалпы ой-пікірлерін зерттеу жұмысының бір бөлімі шегінде талқылау мүмкін емес, сондықтан біз оның Азат қозғалысының халыққа ұсынған идеяларымен астасып жатқан ойлары мен көзқарастары жөнінде сөз қозғауды жөн көрдік. Сол кездегі «Азат» газетінің редакторы қызметін атқарған Б.Дәрімбеттің алдында тұрған негізгі мақсат қозғалыстың тыныс-тіршілігімен халықты таныстыру болатын, сондықтан да газет жабылғанға дейінгі уақытта мұнда көбіне халықтың өз арасындағы қозғалыс өкілдерінің шындыққа толы мақалалары, қозғалыс төрағаларының баяндамалары, үндеулер сияқты уақыт талабына сай материалдар жарияланып тұрды. Қозғалыс өз жұмысын бастаған алғашқы құрылтайда оның жарғысы, бағдарламасы және Егемендік туралы декларацияның жобасы көпшілік талқылауымен қабылданып тиісті органдарға жіберілген еді. Осы қозғалыс бағдарламасында қазақ ұлтының жай-күйіне ерекше тоқталу қозғалысқа ұлтшылдық сипат беруге негіз болғаны да жасырын емес. Осы турасында Б. Дәрімбет «Тәуелсіздік жолындағы күрес жалғаса бермек» деген мақаласында ашына баяндап, Азаттың мақсаттарының өзге ұлт өкілдерінің мүдделеріне қайшы келмейтіндігін алдыға тартады. Сондай-ақ, кез болып отырған кедергілер мен түсініспеушіліктерге қарамастан Азат қозғалысының Қазақстанның толық тәуелсіздігіне қол жеткізу және республиканың біржолата демократия жолына түсуі жолында өзінің күш-жігерін аямайтындығына тоқталды («Азат», 1992. - №1). Автордың еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі толық тәуелсіздікке қол жеткізу турасында айтылған ойларының жалғасын келесі бір мақаласынан табуға болады. «Тәуелсіздік алғанымызға бір жылдан астам уақыт өтті. Бірақ, шын мәніндегі тәуелсіздікті алу үшін әлі талай жылдар өтетіні ақиқат. Сол күнді жақындату бәріміздің борышымыз. Бірақ, осы күннен бастап баршамыздың да көкейімізде мына бір ой басты орын алуға тиіс секілді: Болашақ тәуелсіз мемлекетіміз қандай болуы керек?» дей келе, сол уақыттағы мемлекеттегі биліктің сипатына тоқталып, өз ойларын толғана ортаға салады. Ол тәуелсіздігіміздің де, тұтастығымыздың да нығайуының бірден-бір жолы демократия екендігін, демократиядан сырт айналудың келешек ұрпақ алдында кешірілмес күнә болатындығын ескертеді. Сонымен қатар, «Тәуелсіздік жолындағы күреске өзінің үнін қосқан Азат қозғалысы тәуелсіздік жағдайында өзінің туына «Демократия» сөзін бірінші ғып жазып отыр. Бірнеше айларға созылған ізденіс, айтыс-тартыстан соң демократия жолы дұрыс дегендер өзара топтасып, Азаттың жаңа тарихи белеске көтерілуіне жағдай жасады», дей келе ендігі жерде Азаттың өз жұмысын демократия жолында жалғастыратындығын, сонымен қатар өкіметке оппозициялық бағытта болатындығын айта келіп, сол оппозицияның шынайы сипатына тоқталады («Азат», 1993. - №1). Әрине, жетпіс жыл бойы тек қана бір партиялық жүйе басқаруында болған қоғам үшін оппозицияның мәнін түсіндіру оңай шаруа емес еді, сонымен қатар оппозицияға қарсы көзқарастардың көптеп баспасөзде жариялануы да сол кездегі қоғам үшін заңды құбылыс еді. Оппозиция турасында теріс пікірге қарсы болған ол оппозицияға қарсы топтарға «Стратегия мен тактика» атты мақаласында «Оппозицияның болуы және оның неғұрлым күшті болуы – демократияның басты кепілі. Қоғамдағы әр түрлі пікірлер есептеліп, соларға негізделген үкімет бағдарламасы мен ішкі және сыртқы саясаты баянды болып, тұрақтылық пен өзара түсінісуге жеткізеді. Оппозицияның бар болғанына қуанған жөн, өйткені ол қоғамның демократия жолына икемделе бастағаны. Ешбір партияның керегі жоқ, жалғыз патша мен жалғыз үкімет керек, соның сара жолымен жүре береміз деген жағымпаздар әр уақытта да табылады. Бұлар болашақ тәуелсіз демократиялық Қазақстанның жаулары, бізді жақсы, жарық күндерге жібергісі келмейтін шөңгелер мен шеңгелдер» деп өз ұстанымының нық екендігін білдіреді («Азат», 1992. - №5). Өзге де ұлт жанашырлары секілді Б. Дәрімбетті де қай кезде де қазақ халқының ауыр халдегі рухани және әлеуметтік ахуалы қатты толғандырған еді. Бұл турасындағы мәселелер Азат қозғалысының бағдарламасында нақты орын алған болатын және Азаттықтар ұлт мәселелерін әр кезде де күн тәртібінен түсірген жоқ. Тоз-тозы шығып, экологиялық апатты аймақтарға айналған өңірлерде өмір сүріп жатқан халқымыздың жағдайы да өз кезегінде ұлтжанды азаматты толғандырды, ол осынау азып-тозған аумақтағы халықтың да мемлекет тарапынан нақты батыл қадамдар жасалып, дер кезінде қамқорлық көрсетілмесе, күйрейтініне қынжылыс білдірді. Арал төңірегіндегі мәселелер жайлы «Аралға су керек» деген мақаласында, «Аралға тек қана су керек. Аралға су толса, барлық қайғы-қасірет бір күнгідей болмас еді. Қайран Арал қалпына келсе, қазақтың береке-құты қайта оралар еді-ау!» деп толғана келіп, «Аралға су керек! Туысқан өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен мемлекеттерінің басшыларымен қатаң сөйлесетін кез жетті. Олардың халқы судың, селдің, тасқынның астында қалып, судан жапа шегуде. Ал Арал жұрты ауыз суға зар болып отыр. Ғасырлар бойы Сырдың суын тел емген туысқан халықтар жаңа шешімге келіп, оның нәрін тең пайдалануға тиіс. Бұл бағытта үкімет пәрменді саясат жүргізіп қазақ халқының құқығын қорғауға тиіс», деп өз ойын тұжырымдайды. Ал «Ұлттық дағдарыстан қалай шығамыз?» деген мақаласында автор қазақ ұлтының басындағы ауыр халді тілге тиек етеді. Ол мақалада сандаған жылдар армандаған тәуелсіздікке қол жеткізілгенімен қазақ ұлтының ұлт ретінде дамудың орнына кері кетіп бара жатқаны, қазақ тілінің өз тұғырына қона алмауы, жоқшылық пен жалаңаштық салдарынан қазақ ұлтының өз рухани тіректерінен айрылуы, ислам дінінің де өз қауқарының кетуі қазақ халқының жер бетінен жойылу қаупін тудырып отырғанына қынжылады және осы салдарды болдырмау жолдарын ұсынады. Сонымен қатар, мәселенің шешілуінің бірегей жолы парламенттік республика екендігін алдыға тартады. Дегенмен автордың парламенттік республикаға сенім артуы, оның республиканың ұлттық құрамына және азаматтардың қазақи рухының төмендігіне мән бермеуінен екендігін ескерте кеткен жөн болар. Біртұтас Түркістан мемлекетін құруды армандаған М. Шоқай идеяларына негіздей отырып Б. Дәрімбет те жалпы түркі халықтарының бірігу идеясының жақтаушысы болды. Одақтан тәуелсіздік алып іргесін бөлек салған туысқан түркі тілдес бес мемлекеттің бірігуінен гөрі алшақтауы басым болып бара жатқан тұста Алматыда 20 желтоқсан 1996 жылы өткен «Мұстафа Шоқай және шетелдердегі қазақ зиялылары» атты ғылыми конференцияда жасаған баяндамасында ол осы жайды ашына баяндайды, «Советтік 70 жылдық дәуір Түркістан халқын біртұтас совет халқына айналдыра алмаса да, оның түркістандық тұтастығына сызат түсірді. Жаңа тәуелсіз Түркістан мемлекеттерінің басшылары осы сызаттың орнын бітеу үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақты жұмыс істеп жатыр деп ойлауға бола ма? Қазірдің өзінде осы бес мемлекеттің мүддесі бір-бірімен қабыспай жатыр. Мысалға, Тәжікстанның Түркістан деген сөздің өзінен үрейі ұшады. Түрікшілдік пікір оларға түрпідей тиеді. Ал қалған төрт мемлекеттің де бірлігі байқалмайды. Түрікменстан Иранға ыңғайлануда. Қазақстан мен Қырғызстан бұрынғысынша Ресей шылауында кетіп барады. Оңтүстік саясат ұстауға тырысқан Өзбекстан болса, Қазақстан, Қырғызстанмен бірігіп құрған Орталық Азия Одағына салқын қабақ танытуда. Ал Шығыс Түркістанның азаттық алуы әзір күн тәртібіне қойылған да жоқ. Осының бәрі Түркістан тәуелсіздігімен қауышқан алғашқы жылдардың өзінде-ақ айтыла бастаған Түркістан конфедерациясы, Түркістан Одағы деген идеялардың жүзеге аспай қалуына әкеп соқты» [Дәрімбет Б. Елу мақала. - Алматы: Өркениет, 2001. – 149 б.]. Туысқан халықтардың бір-бірімен жақындасып, өзара түсінісу арқылы ғана ортақ мәмілеге келуі үшін оларда ортақ мақсат болуы қажет. Осы ортақ мақсатты әрқайсысының жадына жеткізу үшін жалпыға ортақ идея керек. Сондықтан түркі тілдес мемлекеттердің бірігуінің негізі оларға арналып жасалатын жалпы бағдарлама екендігіне көз жеткізген Б. Дәрімбет 28 тамыз 1997 жылы Измирде өткен Түрік халықтары ассамблеясының 4-ші құрылтайында жалпы түркі халықтарының басын біріктіру үшін арнаулы бағдарлама жасау қажеттігін мәселе ретінде көтереді. Ол сол кезеңге дейін атқарылған жұмыстардың біртұтас идеологияға, ұлы идеяға негізделмегендіктен жақсы нәтиже бере қоймағандығын, тәуелсіз жеті түрік мемлекетінің әрқайсысының өз жолымен жүріп келе жатқандығын қынжылыспен ортаға салады. Сонымен қатар Кеңес империясының бодандығынан босаған мемлекеттердегі үкімет ескі коммунистердің қолында қалғандықтан жартылай космополиттік саясат ұстанатындығын, тіпті, кеңес үкіметі кезіндегіге қарағанда батыс ықпалы күшейіп кеткендігін де жасырмайды және өз ойын келесідей бағытта жалғастырады: «Түрік халықтарындай бір-біріне етене жақын жер бетінде бірде-бір ұлт жоқ. Тіл бірлігі, табиғатты түсіну бірлігі айқын көрінеді. Осының бәрін ескере отырып, Түрік Дүниясының түрікшіл қоғамдары мен саяси партиялары, діни және экономикалық бірлестіктері, түрлі қорлар мен жастар ұйымдары өкілдерінің басын қосып үлкен бағдарлама жасау қажеттігі туып отыр» [Дәрімбет Б. Елу мақала. - Алматы: Өркениет, 2001. – 165 б.]. Түркі мемлекеттерінің одағының жақтаушысы болғандықтан жалпы Қазақ мемлекетінің өз мемлекеттілігін нығайтып, тәуелсіздігін баянды етуінің ең тиімді жолын Б. Дәрімбет оның түбі бір түркі мемлекеттерімен одақтасуынан көреді. Сондықтан ол осы мемлекеттердің бір-бірімен жақындасуының бірегей жолы рухани жақындасу екендігін атап көрсетеді. Оның ойынша, «Рухани саладағы бауырластық міндетті түрде мемлекеттердің де жақындасуын қамтамасыз етеді. Бұл саладағы бірлік тарихы Түркістан конфедерациясының құрылуынан басталса керек. Жеке-жеке мемлекет ретінде бір конфедерацияға біріккен Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Түрікмен, Қарақалпақ елдері бірте-бірте жақындаса келе Мұстафа Шоқай армандаған Түркістан федерациясына қосылуы мүмкін» [Рухани бірліктен – саяси бірлікке // Ана тілі. - 1998. - 29 қаңтар. – 5 б.]. «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық белгісі», - деп Б. Момышұлы айтқандай, өз ұлтынан жеріген адамды өзіне қарсы адам ретінде көрген Б. Дәрімбет тек ұлт мүддесін өзгелерден жоғары қоя білді. Ол қандай іс атқарса да ұлттық мүдденің қалыс қалмауын қалады, сондықтан да ұлттың болашағы, кешегісі мен бүгіні жайлы көптеген құнды жазбалар қалдырды. Жоғарыда атап өткеніміздей оны Азат қозғалысының құрамына мүше еткен де ұлтшылдық сезімінің жоғарылығы болатын. Ол ұлтшыл ретінде өз халқын сүйіп, дәріптеп қана қоймай өзгелердің де, жалпы қазақстан халқының мүддесін жоқтай білді. Біз жұмыстың көлемінің шектеулі болуы себепті Азат қозғалысының жұмысын барынша насихаттап, оның атқарған қызметінің мәнін өзгелерге түсіндіруде көп еңбек еткен үш қайраткердің ғана ұстанымдарына қысқаша тоқталдық. Әрине, өзге де қозғалыс белсенділерінің алға тартқан құқықтық және саяси ой-пікірлері еңбекті жазу барысында басшылыққа алынды, біз олардың әрқайсысына болашақта жекелей тоқталамыз деген ойдамыз. Біздің пайымдауымызша бір-бірімен үндес осы үш ой-пікірлер арқылы қозғалыстың жалпы алған бағыты мен өзге де мүшелерінің ұстанған қағидалары жөнінде ақпарат алуға болады.

3.2 Азат қозғалысының жарғысы мен бағдарламасының құқықтық мәні

Әрине, әрбір саяси ұйым өз ұстанымдары мен алға қойған мақсаттарын өз бағдарламасы мен жарғысында нақты көрсетеді, сондықтан да бұл қозғалыстың нақты саяси ұстанымдары мен оларды жүзеге асыру турасында ұстанған бағыттары жөнінде мәселе көтерілгенде алдымен оның аталмыш бағдарламалық құжаттарына жүгінген жөн. Кеңестік қалыптасқан темірдей тәртіптің орнатқан ережелеріне қарсы демократиялық қағидаларды ту етіп көтеріп, өз ұстанымдары жолында ашық түрде күреске шыққан қозғалыстың бағдарламалық құжаттары жайлы сөзімізді бастамас бұрын «Азат» қозғалысының белсенділерінің бірі, қозғалыс төрағасы орынбасары қызметін атқарған Д. Көшімнің келесі сөздерін келтіре кетсек: «Ең негізгісі «Азат» қолынан келгенше қазақтың ұлттық намысын, ұлттық рухын көтерді. «Азаттың» алдына қойған екінші мәселесі тәуелсіздік, егемендік үшін күресу болды... Біздің қазіргіден ерекшелігіміз біз идея үшін күрестік. Бұл ұлттық идея, тәуелсіздік идеясы» [Көшім Д. Бір жас шықса, мен оның қолына су құюға дайынмын... // Айқын. – 2005. - 13 қаңтар. - 7-9 бб.]. Азат қозғалысының 1 шілде 1990 жылы Алматы қаласында өткен Құрылтай конференциясында қабылданған қозғалыс бағдарламасы мен жарғысы - сол кезеңде орын алған саяси жағдайға қарай қозғалыс мүшелерінің жас қазақ мемлекетіне өз үлестерін қосу үшін қабылдаған алғашқы демократияшыл бағыттағы құжаттары. Алдымен бағдарламаға тоқталсақ, бұғанға дейін атап өткеніміздей бұл құжаттар жобасы қозғалыс ұйымдастырушылары тарапынан мұқият талқыланып, нақты бір тезге келтіріліп барып құрылтай қатысушыларына ұсынылған болатын. Қозғалыс бағдарламасының жобасында қозғалыс сол кезеңде орын алып отырған қазақ халқының басындағы ауыр халді ашына баяндай келе қозғалыстың өмірге келу себебін түсіндіреді. Сол уақытта әлі де болса құлай қоймаған Кеңестік өкімет туралы «Тоталитарлық режим қазақ халқын бас еркіндігінен айырды, миллиондаған жергілікті халықтың қырылуына жол берді, жасанды түрде жер аудару, экологиялық апат, республика тұрғындарының экологиялық, мәдени-әлеуметтік, рухани тоқырауына, азғындауына әкеліп соқты» дей келе, аталмыш жағдайды көре тұра оны шешу үшін сол кезеңдегі өз бетімен нақты шаралар қолдана алмай отырған республика басшылығына сын айтады [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. - 82 б.]. Бағдарламада жергілікті халықтың басындағы мүшкіл халмен қатар өзге де жалпы халықтың көріп отырған қиыншылықтары баяндалып, осы көкейкесті мәселелерді бірлесе шешу үшін қозғалыстың «Негізгі мақсаты – Қазақстанның өз алдына тәуелсіз мемлекет болуы, бүкіл дүниежүзілік барлық мемлекеттермен өзара тиімді шартпен байланыс жасауы» екендігі баян етіледі. Бағдарламада қозғалыстың нені жақтап, неге қарсы болатындығын нақтылайтын екі бөлім бар, алғашқысында көзделген талаптардың ортақ мазмұны қозғалыстың Қазақстанның Одақтан экономикалық және саяси дербестікке қол жеткізіп, Одақпен тең әріптес ретінде қарым-қатынас орнатуын жақтайтындығын нақтылайды. Сонымен қатар, онда бүгінгі күні мемлекет тарапынан кең қолданысқа ие болып отырған мәселелер де орын алған, атап айтсақ, шет елдерде қажет мамандықтар бойынша маман даярлау, тұрғын үймен қамтамасыз ету саясаты. Қозғалыс мүшелері ұсынған осы құжаттан Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі құрамынан республика өмірінің барлық салаларында аз ұлттық топтардың тең түрде қатысуын қамтамасыз ету үшін әртүрлі ұлттық мәдени ұйымдар өкілдерінен тұратын аз ұлттардың кеңесу советін құру идеясын таба аламыз [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. - 86 б.]. Осылайша біз қозғалыс ұстанымдарының ұлтшыл, шовинистік бағыттан тым алыста жатқандығына, керісінше республика саяси өміріне аз ұлт өкілдерінің де атсалысуына жол ашатын нақты ұсынысты жасай алғанына куә бола аламыз. Ал бағдарламаның екінші бөлімінде қозғалыстың өздері қарсы күресетін нақты құбылыстар атап көрсетілген, өзге де мемлекет дамуына кереғар құбылыстармен қатар мұнда «Кез-келген партия мен топтың, әлде жеке адамның идеология мен саясаттағы, экономика, оқу мен ғылымдағы, хабар-ошар тарату жүйесі мен мәдени өмірдегі дара үстемдігіне тыйым салынсын» деген талап та басты орында тұр. Осы талаптың өзінен-ақ қозғалыстың мемлекетіміздегі демократияның алғашқы жаршысы болғанын, кез-келген жариялылыққа қарсы бағытталған әрекеттерге тек нақты қарсы пікірін ашып айта алғанын байқауға болады. Жаңа, өзгеше жария бағыт ұстанып, өз талаптарын жария түрде мәлімдеген қозғалыс жайлы қоғамдық пікір қалыптастырушы бұқаралық ақпарат құралдары әрқилы пікір таратқанын алдыңғы бөлімде тоқталып өткенбіз. Тіпті жаңа құрылған қозғалыстан өздеріне қарсы тұра алатын саяси партияның туындауынан сескенген сол кездегі Компартия өкілдері оның жарғысы жайлы «В том, что «Азат» - новая политическая партия, убеждает и знакомство с его уставом, который составлен так солидно и основательно, что в нем даже предусмотрено, сколько процентов собранной суммы членских взносов останется в распоряжении первичных организаций, а сколько передается вышестоящим органам. Чувствуется, что над этим документом серьезно поработали хорошие специалисты партийного строительства, которые успешно использовали и опыт КПСС» [Горький вкус сладкого слова «свобода» // Вечерняя Алма-Ата. - 1990. - 8 сентября. – 2 б.] деп тұжырымдайды. Бұдан біз қозғалыс жарғысының ұзақ уақыт бойы жан-жақты, түбірлі түрде дайындалған салмақты құжат екенін көре аламыз. Құжаттың алғашқы екі бөлімінде Азат қозғалысының қандай және қай мақсатта құрылған ұйым екендігіне және ұйымның негізгі алға қойған мақсаттарының қандай екендігіне жауап табуға болады. Мұнда орын алған жәйттер қозғалыстың бағдарламасының мазмұнымен қабысып жатыр. Бағдарламаның «Жалпы жәйттар» деп аталатын алғашқы бөлімінде келесідей келелі мәселелер қамтылады: 1. Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы - дербес, өзін-өзі басқаратын бұқаралық әлеуметтік саяси ұйым. Қозғалыс Қазақстан жерінде гуманистік, әлеуметтік және тарихи – ұлттық әділеттілікті мақсат тұтатын, бейбітшілік сүйгіш, иманжүзді, қазіргі дәуірге сай демократиялық тәуелсіз мемлекет орнату жолында күресетін саяси партиялар мен бейресми топтардың, ерікті одақтар мен ұлттық – мәдени орталықтардың, әлеуметтік-саяси қоғамдар, отандық күштер мен жеке азаматтардың басын біріктіреді. Ондай дербес мемлекеттің аты – Қазақ Республикасы болуға тиіс. Азат қозғалысы өзінің қимыл-әрекетін Қазақ Республикасы Конституциясы негізінде жүзеге асырады. 2. Азат қозғалысы өзінің мақсаты мен міндеттерін орындау жолында саяси партиялармен, басқа да діни-қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік және совет органдарымен тізе қосып, тығыз байланыста жүргізеді. 3. Халықаралық одақтық шартпен біріккен, еркін тәуелсіз мемлекеттердің ынтымақтастығы аясында Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алуын Азат қозғалысы өзінің басты мақсаты санайды. 4. Азат қозғалысының қоғам алдына қоятын талаптары:

- өзін-өзі басқаратын нақты халық өкіметі құрылсын, Қазақстанның жаңа Конституциясы жан-жақты талқылаудан өтіп қабылдансын, территориялық біртұтас бүтіндікті қамтамасыз ете отырып, халықтардың ұлттық, әлеуметтік, саяси және діни сенімділік тәуелсіздігіне қарамай, республика азаматтарының тұрмыс жағдайы жоғары болуын және тең праволық мүмкіндігін қамтамасыз ететін миграция, азаматтық, меншік туралы Заңдары қабылдансын;

- заң шығаратын, атқару және сот жүйесі ажыратылу негізінде көп салалы нарық экономикалы, демократиялық, көп партиялы қоғам мен шаруашылықтың барша меншік түрінің тең праволылығы орнықсын, Қазақстан халықаралық еңбек бөлінісіне аралассын;

- азаматтардың жұмыссыздықтан, инфляциядан, заттарға баға көтеруден әлеуметтік өтімділігі қорғалсын;

- қоғамның өнегелі қозғалысы, жалпы адамгершілік принципінің приоритеті, қазақ ұлтының, сондай-ақ республиканы мекендейтін басқа ұлттық топтардың рухани- тарихи байлықтары терең зерттеліп, халық игілігіне айналсын.

Тоқтала кетуді талап ететін мәселе ол қозғалыстың өз қызметін жеке-дара емес қоғамның барлық мүшелерімен тізе қосып, біріге атқаруды мақсат етуі. Біз бұл жерден қозғалыстың бастапқы кезден көздеген мақсатының бүкіл Қазақстан азаматтарын өз қатарына тарту арқылы кеңестік орныққан қатаң тәртіпті жаңаша бағытпен бірлесе отырып өзгертуді, кеңестік мемлекеттік органдармен ортақ ымыраға келу арқылы келелі мәселелерді шешуді көздегенін аңғарамыз. Ал аталған құжаттың «Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының қимыл-әрекетінің негізгі амалдары мен тәсілдері» деп аталатын екінші бөлімі келесідей мәтінде беріледі: Азат қозғалысы өзінің алға қойған мақсаттары мен міндеттерін орындау жолында әртүрлі амалдары мен тәсілдерін ұстанады, соның ішінде:

- мемлекеттік билеу және басқару орындарын қалыптастыруға белсене қатысу, сайлау комиссияларына өз өкілдерін жіберу, қозғалыс атынан депутаттыққа ұсынылған кандидаттарға моральдық, құқықтық, ұйымдастырушылық жәрдем көрсету;

- Азат қозғалысы жарғысының міндеттерінен туындайтын заң шығарушылық ынта ретінде мемлекеттік билеу органдары үшін заң жобаларының нұсқаларын даярлап, оларды ұсыну;

- жарияланған заң жобалары мен нормативті актілерді талқылауға белсенді араласып, оларға байланысты ұстанған өз көзқарасын белгілеу;

- азаматтық ынта көрсету ісімен өз тарапынан болған қимыл іс-әрекетті жан-жақты қолдау және олардан үйренген нақты тәжірибені таратумен айналысу. Әлеумет назарын аймақтық мәселелерге, Қазақстан азаматтарының заң, құқық пен бостандық кепілдіктерінің бұзылуына аударып, зардап шеккендерге қолдан келгенше көмек көрсетіп, барынша қолдау;

- мемлекет пен басқа да билеуші органдарда өз мүшелерінің мүддесін қорғау;

- әлеуметтік пікірді анықтау үшін сұрақ қою, республикалық және жергілікті референдумдарда талқылауға арналған маңызды мәселелер ұсыну;

- жиналыстар, митингілер мен шерулер ұйымдастыру, наразы тосқауылдар қою, қол қойылған тізім мен қаржы жинау, ұлттық еске түсіру күндері мен мерекелерін өткізу;

- халықтың сенімін ақтамаған жауапты лауазымды адамдарды жұмысынан босату және жауапқа тарту, депутаттарды кері шақыру туралы мәселе қою;

- нақтылы мәселер бойынша зерттеу жүргізу үшін ғылыми-сарапшы топтар, кәсіпорындар құру, әртүрлі орталықтар ашу, баспасөз мекемелерін ұйымдастыру;

- демократиялық ұйымдармен, қозғалыстармен ортақ акциялар өткізу [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. – 68- 70 б.].

Қазақстанда қанша саяси ұйым құрылып, өз жарғыларын халық назарына ұсынып жатқанымен, Азат қозғалысы секілді өз ұстанымдары, қағидалары үшін барын сала күрескендері некен-саяқ. Ал, аталмыш қозғалыстың атқарған қызметі, қозғалыс жарғысының жүзеге асырылуы жөнінде осы қозғалыстың ресми ақпарат құралы «Азат» газетінің сол кезеңде жарық көрген сандарына жарияланған ақпарларға сілтеме жасай отырып сөз қозғауға болады. Жоғарыда аталып өткендей, қозғалыс Қазақстанда азаматтық, миграция, меншік туралы заңдардың қабылдануына ықпал етуді өз мақсат-міндеттерінің бастысы ретінде жарғыда көрсеткен және өз тарапынан талпыныстар жасап, Қазақ республикасының көші-қоны туралы миграция заңының жобасын көп талқысына салады. Миграция заңының қазақ және орыс тілдерінде тұңғыш жобасын жасаушы – Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысы ақсақалдар алқасының төрағасы, демограф М. Тәтімов. Миграция заңының жобасы кіріспе, 9 бөлім, 25 бап, 99 анықтаушы тармақтардан тұрады. Әрине, мұнда негізгі мәселе шет елдегі тарап кеткен қазақ баласын өз отанына қайтару болып табылады. Сондықтан да жобаның «Жалпы ережелер» деп аталатын бөлімінің, 1-бап, 1.3-тармағы келесідей мәтінде берілген: «Егеменді ел Қазақ республикасының Миграция заңы субьектілерін белгілегенде барлық қоныс тебушілердің хұқы тең екенін атай отыра, Қазақстанның қиын демографиялық тағдырын ескеріп, өз қара шаңырағына қайта оралған репатриант үйелмендерге ерекше көңіл бөлінсін» [Қазақстан Республикасының көші-қон туралы Миграция заңы (жоба) // Азат. – 1991. – қыркүйек (№16). – 4-5 бб.]. Азат қозғалысы өзі құрылған сәтінен бастап сол кездегі билікке өз идеяларының жүзеге асырылуы үшін ықпал жасауға тырысқаны белгілі. Соның бір айқын көрінісі ретінде 1991 жылғы президенттік сайлау алдындағы Азат қозғалысы Үйлестіру кеңесінің республика Президентін сайлау жөніндегі Мәлімдемесін келтіруге болады. Мұнда қозғалыс мүшелері сол сайлауға түсуші үміткерге өздерінің қолдайтындығын білдіре отырып, өз тараптарынан оған қоятын талаптарын да ашық түрде жариялайды. Осы мәлімдемеде қозғалыс тарапынан ұсынылған ұсыныстардың кейбіріне тоқтала кетсек: «Жүргізіп отырған саясатының жақсы жақтарын да, кемшіліктерін де (бұл жөнінде Азат қозғалысы дәлелді сын айтып жүргені белгілі) есепке ала отырып, Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы биік лауазымды орынға шынайы үміткер болып табылады. Азат қозғалысының Үйлестіру кеңесі Президенттік орыннан үміткердің қаперіне мына жағдайларды салады: кешегі компартияның екіжүзді номенклатурасы мен баспасөздің жағымпаз өкілдері таратып жіберген «ұлтаралық өзара түсіністік», «әлеуметтік-экономикалық бір қалыптылық», «Қазақстандағы жағдайдың тұрақтылығы» деген дақпырт сөзге сын көзімен қарауы керек. Бұл «бір қалыптылық» пен «тұрақтылыққа» әр уақытта жергілікті халықтың есебінен қол жетуде, турасын айтқанда – олардың өмірлік мәні бар көкейкесті мақсат-мүддесін есепке алмаудың нәтижесі.Орталықтың осындай ұзаққа созылған, белгілі бір мақсатпен жүргізген отаршылдық саясатының нәтижесінде қазақ ұлты өз жерінде өзі өгей бала дәрежесінде қалып отыр; Ұлттың басшысы ретінде қазақ тілінің беделін көтеріп, оның қажеттігін дәлелдеуі, тіліміз өзінің жалғыз отаны Қазақстанда мемлекеттік болғанын мойындатуы, тілдер туралы заңның құр әйтеуір құжат ретінде ғана қалып қалмай шын мәнінде іске асуын қамтамасыз етуі керек». Мәлімдеменің соңында Азат қозғалысының болашақта осы және басқа мәселелер жөнінде өзінің табанды пікірін білдіріп отыратынын мәлімдеген [«Азат» қозғалысы үйлестіру кеңесінің республика Президентін сайлау жөніндегі мәлімдемесі // Азат. – 1991.– қараша (№19). – 1 б.]. Көріп отырғанымыздай, азаттықтар ең жоғарғы лауазымға үміткерге сенім артып қана қоймай, өз тарапынан сол кезең үшін шешілуі тиіс, ұлттық мүддеге сәйкес мәселелерді ретке келтіруді талап етіп қойған және өз ұлтының мүддесі үшін ашық түрде күресуге дайын екендіктерін де ескерткен. Бұл өз кезегінде Азат қозғалысы мүшелерінің сол кезеңдегі билік ұстанған саясатпен ымыраға келе алмауының басты себебі болып табылады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ұлтаралық мәселе өте кірпиаз жағдайда болғаны бәрімізге мәлім. Көптеген өзге ұлт өкілдерінің өздеріне деген жеккөрініш сезімінің ұлғаймауын қалап Азат басшылары өз тарапынан әртүрлі амалдарды қолданған. Соның бірі ретінде «Азат» газеті арқылы өзге ұлт өкілдеріне жолданған үндеуді атап өтуге болады. Бұл үндеуде азаттықтар өздерінің ешқандай да басқа ұлт өкілдеріне деген қарсылық, жеккөрініш сезімінің жоқ екенін, сондай-ақ өздерінің ұлттық мүдде үшін күресуі табиғи, қажет іс-әрекет екендігін дәлелдеуге тырысқан. «Независимость Казахстана – это общее достояние всех граждан республики, единственная возможность достижения достойной человеческой жизни для всех без исключения. Возрождение казахского народа не направлено против национальных интересов других, оно – необходимое условие его выживания и органического включения как равноправного субьекта в ряды мирового сообщества» [Обращение к русскому населению Казахстана // Азат. – 1992. – маусым (№6). – 2 б.]. Азаттықтардың жарғыда көрсеткен негізгі бағыттарының бірі басқа қоғамдық, саяси ұйымдармен әріптесу, қызметтесу мәселесін шешуге талаптанғанының жарқын көрінісін Азаттың Орта Азиялық республикалардың демократиялық күштерімен тізе қосып, 1991 жылдың наурызында Орта Азиядағы демократиялық бағыттағы саяси қозғалыстар мен партиялардың басын қосатын Орта Азия демократиялық Конгресін құруға атсалысқанынан көре аламыз. 1991 жылдың 25-26 мамыр күндері Бішкек қаласында Демократиялық Конгресс құрылтайының екінші мәжілісіне Азат басшылары белсене қатысты. Мәжіліске Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстанның саяси партиялары, ұйымдары және қозғалыстарынан өкілдер қатысты. Құрылтай Демократиялық Конгрестің негізгі ережелерін бекітіп, арнаулы мәлімдеме қабылдады. Осы ережеде Демократиялық Конгрестің негізгі мақсаты егеменді мемлекеттер құру және демократиялық жаңғыру жолында күресіп жатқан демократиялық күштердің басын қосу, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, саяси және ұлтаралық мәселелерді реттеу болып табылады деп атап көрсетіледі. Ал Демократиялық Конгресс құрылтайшыларының мәлімдемесінде келесідей жағдайлар басты назарда болды:

- конфедерация негізінде егеменді мемлекеттердің ерікті ынтымақтастығын құру. Мемлекеттердің саяси одағының тұғырын нығайту үшін өзара тиімді экономикалық шартқа қол қоюға ықпал ету;

- орталықтың республикаларға жасап отырған империялық әміршіл саясатына күш қолданбай-ақ тосқауыл қою әдістерін қарастыру, орталық қару қолданатын немесе экономикалық қысым көрсететін жағдайда содан шығудың бейбіт жолдарын қарастыруды ұйымдастыру;

- бостандықты, демократияны және жариялылықты қорғаудың ауадай қажет екеніне көпшіліктің көзін жеткізу, ұлтаралық қақтығыстарға итермелейтін теріс әрекеттердің қандайына да тосқауыл қою;

- саяси акциялардың қандай түрлерін болмасын өзара келісе отырып ұйымдастыруды үнемі басшылыққа алып отыру [Орта Азия мен Қазақстан Демократиялық Конгресінің мәлімдемесі. // Азат. - 1991. – маусым (№8). – 2 б.]. Ол кезде Қазақстанның өз тәуелсіздігін әлі жариялай қоймағанын ескерсек, азаттықтардың сол күрделі саяси кезеңде тәуелсіздік үшін күреске шындап кіріскеніне куә боламыз. Сондай-ақ Конгресс қатысушылары Орта Азиялық мемлекеттердің конфедерациясын құру мәселесін көтергені, түркі тілді мемлекеттердің біріге дамуын мақсат еткені сол кезең үшін үлкен саяси құбылыс болды десек қателеспейміз.

Сонымен қатар, Азат бұрынғы Одақ құрамындағы барлық республикалардың демократиялық күштерімен де байланыс орната алды. «Азат» газетінің кезекті санында Әзірбайжанның, Украинаның, Россияның, Белоруссияның, Тәжікстанның, Белоруссияның және Арменияның саяси-демократиялық ұйымдары 27 қаңтар 1991 жылы Харьков қаласында бірлесе қабылдаған «Демократиялық Конгресс құрылтайына қатысушылардың Одақтық шарт және референдум туралы мәлімдемесін» және «Демократиялық Конгресске қатысушы саяси партиялар, ұйымдар және қозғалыстардың бірлескен бағдарламасын» басып, Азат қозғалысының аталмыш Конгресс құрамына кіру туралы шешімі жарияланды (Азат. - 1991. -1-5 сәуір). Азат мүшелері әрқашан да биліктің өздерімен санасуын талап етіп отырған, оған мысал ретінде «Азат» газетінің жекелеген сандарында билікке қатысты жарияланған ақпарларды айтуға болады. Өз кезегінде республика басшылығы да қоғамдық ұйымдардың қызметіне жіті бақылау жүргізіп отырды, оған мысал ретінде прокуратура құрамында арнайы құрылған мемлекеттік қауіпсіздік, халықаралық қатынастар мен халықаралық құқықтық мәселелерге қатысты заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуді қадағалаушы комитеттің 1991 жылғы атқарған қызметі жөніндегі анықтамасында келтірілген деректерді алға тартамыз. Онда республикада 3000 қоғамдық ұйым, бірлестік, партия мен қозғалыс барлығы, оның ішінде 500-ге жуық саяси, 896 діни ұйым барлығы. 1991 жылы аталған ұйымдар республика көлемінде 160 митинг, жиналыс, шеру және демонстрация өткізгені, оның ішінде 87-сі рұқсатсыз өткізілгені баяндалады. Осы анықтамада Мемлекеттік баспа комитеті мен ҚазССР МҚК бірігіп, «Алаш», «Азат», «Желтоқсан» сияқты тәуелсіз баспасөз құралдарының қаржыландырылуы мәселелеріне тексеру жүргізгендігі көрсетіледі [Қазақ ССР-інің Прокуратурасы қоры // Қазақстан Республикасы ООМ. Қор 2014; Тізбе 1, іс 1318. – 4-7 бб.]. Ал Алматы қалалық Орталық Мемлекеттік мұрағатының қорларында сақталған құжаттардан Алматы қаласында қызмет жасаушы қоғамдық ұйымдардың өздерінің өткізбекші болған акцияларына рұқсат алу үшін, өзге де мәселелер бойынша көптеп мемлекеттік органдарға өтініштер өткізгендігін, олардың кейбіріне көңілдері толмаған қоғамдық ұйымдардың заңмен рұқсат етілмеген әрекеттерге барғандығын, мемлекеттік органдар қызметін сынға алғандығы жайлы мәліметтерді келесі қызметтік хаттан көруге болады: «В настоящее время идет активизация общественно-политических формирований, партий различной направленности, которых сейчас насчитывается более 600. Общественно-политические движения и партии постоянно предъявляют свои претензии к деятельности административной власти города, республики. Усилились необоснованные нападки на представителей республиканской, городской власти со стороны Рабочего движения, Союза пенсионеров, «Желтоксан», «Азат», «Русской общины», «Отау», Союза бездомных. Общественно-политические формирования через свои печатные органы ведет активную пропагандискую работу по формированию у населения города определенного мышления оппозиционного характера относительно проводимой политики законно избранной власти города и республики [Қалалық әкімиат қоры // Алматы қалалық ОММ. Қор 310; Тізбе 1, іс 141. – 25 б.]. Бұл қоғамдық саяси ұйымдардың демократия заңдарына сәйкес билікке сын айту арқылы оған ықпал етуге тырысқандығын айғақтаса керек. Сондай-ақ қозғалыстың Орал казактарымен болған қырғи-қабақ майданы, онда қол жеткізген табыстары осы қозғалыстың нағыз ұлттық мүдденің жоқшысы болғанының айғағындай. Қозғалыс мүшелері ұлттық армия құру, ұлттық заңнама, мемлекеттік тіл, мемлекеттік шекара және басқа да сол кезең үшін маңызы зор мәселелер жөнінде өз ұстанымдарын алға тартып отырды. Соның бір мысалы ретінде Азат қозғалысының басшыларының арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп онда болашақ Одақ туралы өткізілмекші бүкілодақтық референдумға өз көзқарастарын ашық білдірді. Олар бүкілодақтық референдумның орнына республикалық референдум өткізуді және онда қойылатын сұрақ мәтінін «Сіз ССРО-ны одақ мүшелерінің ортақ міндеттемелері шегінде адам құқықтарына толықтай кепілдік берілетін егеменді мемлекеттердің одағына айналдыруды қажет деп санайсыз ба?» деген мазмұнда беруді ұсынды [«Азат» против референдума // Азат. - 1991. – февраль (№2). – 1 б.]. Өз тарапынан билікке ықпал ету үшін әртүрлі нарзылық шерулері, митингілер өткізіп отырған Азат қозғалысы Республикашыл партия және «Желтоқсан» партияларымен біріге отырып, 17 маусым 1992 жылы Алматыда бейбіт наразылық митингісін өткізді. Митингіге қатысушылар республика басшылығы алдына мынадай үш талап қойды: экономикалық апатқа, жаппай аштық пен жалаңаштыққа әкеле жатқан, Қазақстанның С. Терещенко бастаған дәрменсіз министрлер кабинеті отставкаға кетіп, оның орнына тіркелген саяси партиялардың қатысуымен коалициялық өкімет құрылсын; «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңға сәйкес Қазақстан парламентіндегі әкімдерден және өмір сүруін тоқтатқан Компартия мен комсомолдан сайланған депутаттардан босайтын орындар тіркелген саяси партияларға бөлініп берілсін; Қазақстан Компартиясының мал-мүлкінің қайда кеткені анықталған соң орнына қайтарылып, демократияның қалыптасуына жұмсау үшін тіркелген саяси партияларға бөлініп берілсін [Қазақстан жұртшылығына үндеу // Азат. – 1992. – шілде (№7). – 3 б.]. Бұл талаптардан біз Азат қозғалысының мемлекеттегі көппартиялылық, саяси плюрализм, азаматтық қоғам идеяларының жақтаушысы болғанын байқаймыз. Дегенмен сол кезеңдегі саяси жағдайды ескерсек, бұл идеялардың мерзімінен бұрын алға тартылғанына көз жеткіземіз. Қозғалыс жарғысының үшінші бөлімі оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттеріне арналған. Жарғы талаптарына сәйкес, Азат қозғалысы жеке және ұжымдық мүшелерінің еркін тепе-теңдігі, өзін-өзі басқаруы, құрама құрылымдық жүйе мен іс-әрекеттерінің жариялылығы негізінде қалыптасады. Азат қозғалысына 17 жасқа толған, қозғалыс жарғысы мен бағдарламалық қағидаларын мақұлдап, өз қимыл-әрекеттері арқылы қозғалыстың мақсаттары мен міндеттерін орындауға тілек білдіре білген Қазақстанның кез-келген азаматы дербес мүше бола алады. Мүшелікке қабылдауда ұлтына, нәсіліне, саяси яки діни көзқарастарына орай шек қойылмайды. Жалпы қозғалыс мүшесінің құқықтық мүмкіншіліктері келесідей: өзінің немесе басқаның кандидатурасын сайлау орындарына ұсыну және сайлау; мәселені ашық талқылап, өз пікірін білдіруге, оны қорғауға, қозғалыс жұмыстарына қатысты кемшіліктерді сынға алуға; өзі келіспейтін мәселелерді Қозғалыстың жоғарғы органдарына талап етіп қойып, наразылық білдіруіне және оған жауап алуына; қозғалыс атынан ұйымдастырылған қимыл-әрекеттерге өз еркімен қатысуға; қозғалыс мүшесінің өкілеттігі болған жағдайда ұйым атынан пікір білдіруге; қажет болған жағдайда қозғалыс мүшесі өзінің бастауыш ұйымынан шығып, сол ұйымның келісімімен қозғалыстың жаңа бастауыш ұйымын құруына; қозғалыстан шығуға тілек білдірушілердің еш бөгетсіз шығып кетуіне құқығы бар, ондай жағдайда бастауыш ұйымы ескертілуі шарт; қозғалыс мүшесі өз мүддесін, азаматтық құқығын қорғау мақсатымен қозғалыс ұйымына арыздануына, осы мақсатпен Азат қозғалысының саяси, құқықтық, ұйымдастырушылық және қаржы мүмкіндіктерін пайдалануына; қозғалыстың конституциялық негізіне, бағдарлама мақсатына және жарғысына қайшы келмейтін басқа ұйымдарға да мүше болуына құқы бар. Сонымен қатар қозғалыс өз құрамына өзге де саяси ұйымдарды тарту мақсатымен ұжымдық мүшелікті де жақтайды. Азаттың ұжымдық мүшелігіне республиканың кез-келген бейресми, қоғамдық немесе басқа да бірлестіктері, ұйымдары мен мекемелері қабылданады, бұл ұйымдардың Қазақстанның азаматтық қозғалысының бағдарламасы мен жарғысын мақұлдап, өздерінің қимыл-әрекеттері арқылы қозғалыстың мақсаттары мен міндеттерін орындауға жұмылып, жарнасын мезгілінде төлеп отыруы шарт. Осы тармақшаға сәйкес Азат құрамына көптеген сол кездері республика аумағында әртүрлі мәселелер бойынша құрылып, тіркелмеген бейресми ұйымдар толығымен немесе кейбірінің жекелеген мүшелері кірген болатын. Атап айтсақ, «Шаңырақ», «Әділет», «Парасат», «Мұсылман әйелдері лигасы», «Невада-Семей», «Социал-демократиялық партия», «Қазақ тілі», «Жерұйық» және т.б. Бұл өз кезегінде «Азаттың» республикадағы саяси-құқықтық ой-пікірлердің ұйытқысына айналуына себебін тигізді. Бұл жағдай сол кездегі Компартия тарапынан үлкен алаңдаушылық тудырды, коммунистердің кезекті жиынында қоғамда өріс алып отырған жағдай талқыланып, Азат мәселесі де қаралған болатын, «Сейчас в городе действуют 30 самодеятельных политизированных общественных формирований. Причем активность их в этом году значительно возросла. Так, если в 1989 году ими было проведено 9 политических акций – митингов, собраний, пикетирований, конференций, забастовок и т.п., то за 8 месяцев текущего года состоялось уже 46 такого же рода акций. Будем говорить откровенно, если в первый период своей деятельности все эти многочисленные формирования, движения были разобщены, не имели единой программы, цели, то сегодня, и это надо признать, с созданием гражданского движения Казахстана «Азат» такая объединяющая идея уже обретает реальное содержание. В числе участников и организаторов этого движения представители творческой, научной интеллигенции, бывшие партийные работники» [Бороться за политическое лидерство в обществе // Вечерняя Алма-Ата. - 1990. – 11 сентября. – 2 б.]. Төртінші бөлім қозғалыстың ұйымдық құрылымына арналған, осы бөлім ережелеріне сәйкес бастауыш ұйымдар мен қолдау топтары қозғалыстың негізі болып табылады. Ал бастауыш ұйым немесе қолдау тобын құру үшін кем дегенде үш адамның бірігуі қажет, сонымен қатар олар өзара келісім бойынша дербес түрде жұмыстық, құрылымдық, кадр және қаржы мәселелерін шешуде шешім қабылдады. Бұл ұйымдардың жоғарғы органы олардың жалпы жиналысы болып табылады. Жалпы жиналыс өз кезегінде басқару органын, үйлестіру кеңесін, қазынашыны сайлайды. Бесінші бөлім «Ұйымдық бірлестіктер» деп аталады. Жарғы талаптарына сәйкес кем дегенде бес бастауыш ұйым немесе ұжымдық қатысушылар жұмыстарын үйлестіру мақсатында ұйымдық бірлестік құра алады. Ұйымдық бірлестіктер аудандық, қалалық, облыстық бөлімшелерге бөлінеді және олардың орталық органдары болып конференциялар, Үйлестіру кеңестері табылады. Алтыншы бөлімде қозғалыстың орталық органдарының құқықтық мәртебесі айқындалады. Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының орталық органдары болып: Азат қозғалысының съезі, Үйлестіру кеңесі, Тергеу-Бақылау комитеті, қозғалыстың Ақсақалдар кеңесі, қозғалыстың орталық баспа органы «Азат» газеті табылады. Қозғалыстың орталық органы - съезд, кезекті съезді ең кем дегенде жылына бір рет Үйлестіру кеңесі шақырады. Оның уәкілдік нормасын қозғалыстың Үйлестіру кеңесі белгілейді. Төтенше съездер Үйлестіру кеңесінің бастамасымен немесе бастауыш ұйымдардың кем дегенде үштен бірінің талабы бойынша бір ай мерзімде шақырылады. Тұрақты жұмыс істейтін орталық органдардың сайлауы жасырын дауыс беру арқылы жүргізіледі, әрбір сайлаушы жасырын дауыс беру бюллетеніне кандидаттардың кез-келген санын қалдыруға құқылы. Ал өзгелерден көбірек дауыс алғандар сайлауда жеңіп шығады. Олардың сандық құрамы алдын-ала ашық сайлау арқылы белгіленеді. Қозғалыстың Үйлестіру кеңесі съездер арасындағы кезеңде шешуші орган болып табылады. Азаттың Үйлестіру кеңесінің мүшелерінің тең жартысын съезд сайлайды, ал қалған бөлімін облыстық бөлімшелердің толық уәкілетті өкілдері немесе съезд белгілеген тәртіп бойынша делегат болып сайланғандар немесе конференцияда сайланғандар, республикалық дәрежедегі ұжымдық қатысушылар құрайды. Қозғалыстың Үйлестіру кеңесінің мәжілісі оның бастамасы бойынша, қажеттілігіне орай, ең кем дегенде үш айда бір рет шақырылады. Мәжіліске Үйлестіру кеңесі мүшелерінің жартысынан көбі қатысқан жағдайда мәжіліс толық өкілетті болып танылады және оның шешімдері көпшіліктің дауыс беруі арқылы қабылданады. Үйлестіру кеңесінің мәжілістері аралығындағы кезеңде қозғалыс қызметіндегі өтпелі үйлестіру мен ұйымдастыруды Азат атқару комитеті жүзеге асырады. Ал атқару комитетін Үйлестіру кеңесі сайлайды. Атқару комитеті өз кезегінде Үйлестіру кеңесінің тұрақты іскер органы болып табылады және өз мәжілістерін қажет жағдайда аптасына бір рет өткізеді. Оның мүшелері қабылданған шешімдер мен бағдарламалық-жарғылық құжаттардағы арнаулы өкілетсіз-ақ қозғалыс атынан сөйлеуге құқылы. Съездер аралығында органдардың, мекемелердің, кәсіпорындардың қызметіне Тергеу-бақылау комитеті бақылау жасайды. Оны съезд құрады және ол өз қызметі туралы тек қана қозғалыс съезіне есеп беретін тұрақты бақылау органы болып табылады. Азаттың Ақсақалдар кеңесін қозғалыс съезі сайлайды, әрі ол тұрақты жұмыс істейтін қазылық орган болып табылады және де өз қызметі жөнінде тек съезге ғана есеп береді. Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысына тиісті мекемелерге, кәсіпорындарға басшылық жасау және күнделікті шаруашылық қызметі үшін қозғалыстың шаруашылық орталығы ұрылады. Оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін Үйлестіру кеңесінің атқару комитеті белгілейді. Ал қазақ және орыс тілдерінде шығатын «Азат» газеті қозғалыстың орталық баспа органы болып табылады. Осы бөлімде аталған қозғалыстың орталық органдарының атқаратын міндеттері толықтай белгіленген. Мұнан қозғалыстың шынында да республиканың барлық түкпір-түкпірін қамтитын үлкен саяси ұйымға айналуға ұмтылысын байқауға болады. Бұл өз кезегінде қозғалыстың мемлекеттік билікке өз ықпалын тигізуге әу бастан-ақ мүдделі болғандығын нақтылай түседі. Сондай-ақ нақты белгіленген ереже бойынша қозғалыстың барлық қызметінің нақтылануы оның жұмысының да жер-жерде тез қарқынмен жандануына ықпал етті. Қозғалыс бүкіл республика көлемінде өз бөлімшелері арқылы жұмысын жандандырып отырды, әсіресе жергілікті жерлерде халық арасында үлкен қолдауға ие болды. Қозғалыстың бір жылдық іс-әрекетінің нәтижесінде оның он жеті облыстық, жүзден аса аудандық, 1000-ға жуық бастауыш ұйымдары құрылды [Мақсатымыз тәуелсіз қазақ мемлекетін құру. Республикалық «Азат» партиясының төрағасы С. Ақатаймен сұхбат // Халық Кеңесі. -1991. – 21 қыркүйек. – 1 б.]. Тіпті, мемлекетіміздің аумағынан тыс жерлердегі қазақ диаспорасы мекендейтін аумақтарда, сондай-ақ Ленинград, Москва қалаларында, Эстонияда, Түркия мен Монғолияда қозғалыс ұйымдарының ашылғандығын да атап өтуге болады [Оразалиев С. Ыстық жүрекке терең ой керек // Дидар. - 1991. – 12 қазан. – 2 б.]. Республикадағы Азат қозғалысының халық алдында беделінің өсіп, оның Компартияға балама ұйым ретінде танылуы жайлы С.Т. Сейдуманов келтірген дерекке сүйенсек, халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі халықтың тек екі партияны – Компратия мен Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысын қолдайтындығын көрсеткен болатын [Сейдуманов С.Т. Феномен многопартийности в Казахстане. - Алматы: Қазақстан, 1997. – 100 б.]. Қозғалыстың баспа органы «Азат» газетін жер-жердегі қазақ тілінде шығатын газеттер қолдап, ол туралы хабарламаларды жариялап, жаңа газетке жазылуды жарнамалаған болатын. Онда газеттің мақсаты мен ерекшеліктері нақты көрсетілді, сондай хабарламаның бірінде «Тәуелсіз саяси «Азат» газеті бүгінгі саяси өмірге батыл араласу, ағымдағы мәселелерге өзіндік баға беруді мансұқ етеді. «Азат» бүкіл қазақ халқының үні болу жолында күресіп отыр. Ондағы мақсат – қазақ еліндегі ғана емес, бүкіл Одақты мекен ететін, сондай-ақ дүние жүзінің төрт бұрышына тарыдай шашылып жатқан қазақ бауырларымыздың көкірегін кернеген арман-тілегін жария ету [«Азат» газетіне жазылайық! // Көкшетау. - 1991. – 18 сентября. – 4 б.]. Расында да «Азат» газеті қозғалыстың ұстанған бағытын насихаттайтын, Азат ұстанған идеологиялық бағыттың жаршысы бола білді және қозғалыстың жергілікті жерлердегі жандана қызмет жасауына өз ықпалын тигізді. Қозғалыс жарғысының соңғы жетінші бөлімі «Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының мүлкі, қаржысы және құқықтық мәртебесі» деп аталады. Аталған бөлім ережелеріне сәйкес қозғалыстың Үйлестіру кеңесінің атқару комитеті, оның аумақтық және шаруашылық орталықтары, мекемелері мен кәсіпорындары заңды мүлікке ие болады. Қозғалыстың Үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша оның ұйымдары халық депутаттары жергілікті Советтеріне тіркелгеннен кейін заңды негіздегі мәртебеге ие болады. Қозғалыстың қаржы қоры мүшелікке өтер алдындағы және мүшелік жарналардан, баспа және шаруашылық қызметінен түскен кірістен, еркін жарналардан құрылады. Қозғалыстың заңдастырылған органдары мен мекемелерінің өз мөрі, штампы, бланкі қағаздары, көптеген басқа да реквизиттері болады және өз қаржысын банкте ашқан есеп айырысу счетінде сақтайды. Жарнадан жиналған қаржының жартысы бастауыш ұйымдарға қалдырылады, 30 пайызы аудандық, қалалық, облыстық бөлімшелерге беріледі, 20 пайызы Азаттың Үйлестіру кеңесі атқару комитетінің есебіне аударылады. Болашақта мүшелік жарнадан түскен бүкіл қаржы бастауыш ұйымда қалдырылуға тиіс. Қозғалыстың өз туы, жалауы, значоктары мен эмлемалары және т.б. белгілері болады. Жалпы қайта құру реформалары кеңестік кеңістікте көптеген ерекше адамдардың бірігіп өз беттерімен бейресми ұйымдар құруына жағдай жасады, дегенмен әрбір бейресми ұйымның нақты бір мәселеге қатысты өз көзқарасы болатыны, сонымен қатар сол көзқарасқа сай бейресми ұйымның қызмет жасайтындығын ескерсек, онда бұл жағдайдың мемлекеттегі саяси ахуалды шиеленістіріп жібергенін топшылауға болады. Осы жағдайды реттеу үшін 14 сәуір 1989 жылы ҚазССР Жоғарғы кеңесінің Президиумының «Дербес қызмет жасайтын қоғамдық ұйымдардың құрылуы мен қызмет ету тәртібі туралы» Жарлығы қабылданды. Ал 1991 жылдың жазында Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесі «ҚазССР-дегі қоғамдық ұйымдар туралы» заңын қабылдайды. Осы заңның орындалу барысы жайлы 6 ақпан 1992 жылы ҚР Әділет министрлігінің алқасының кеңейтілген мәжілісінде М.М. Амирова баяндама жасап, онда 1 қыркүйек 1991 жылдан бастап «Қазақ ССР-дегі қоғамдық ұйымдар туралы» заңға сәйкес қоғамдық және діни ұйымдарды тіркеу жұмыстарының басталғанын, қоғамдық ұйымдардың тіркелуге көптеп ықылас танытып отырғанын, 250-ден артық қоғамдық ұйымдардың 400-ге жуық өкілдерінің кеңес сұрап келгендігін және облыстардан қорытынды алу үшін 26 қоғамдық ұйымның жарғысы келіп түскендігін мысал ретінде келтіреді [Қазақ ССР-інің Әділет Министрлігі қоры // Қазақстан Республикасы ОММ. Қор 1541; Тізбе 7, іс 2197. – 45 б.]. Осы заң талаптарына сай 5 қазан 1991 жылы Азат қозғалысының 1 съезінде қозғалыстың жарғысы орын алған жағдайларға орай енгізілген өзгертулер мен толықтырулардан соң қайта қабылданды. Бұл өз кезегінде қозғалыстың республика заңдарына құрметпен қарап, сол заңдар шеңберінде қызмет жасау арқылы өз мақсаттарына жетуді көксегендігінің дәлелі бола алады. Жаңа жарғының басты ерекшелігі онда бұрын қабылданған жарғыдағы төртінші және бесінші бөлімдер біріктіріліп Азаттың ұйымдық құрылымы ретінде берілген, яғни жарғы құрылымы жағынан бір бөлімге кеміген. Сонымен қатар қозғалыстың басқару жүйесіне де өзгерістер енгізілген, ендігі жерде қозғалыстың орталық органдарына қозғалыстың съезі, Үйлестіру кеңесі, Басқармасы, Тексеру комитеті, Ақсақалдар алқасы, қозғалыстың орталық баспа органы – «Азат» газеті кіреді. Съездің шақырылу мерзімі кем дегенде 2 жылда бір ретке өзгертілген. Тағы бір енгізілген жаңалық ретінде Үйлестіру кеңесінің құрамының айқындалғанын айтуға болады, жаңа жарғы бойынша оның құрамы: 1) қозғалыстың төрағасы мен орынбасарлары; 2) облыстық бөлімшелердің өкілдері; 3) «Азат» газетінің бас редакторы; 4) Ақсақалдар алқасының төрағасы; 5) Қозғалысқа ұжымдық мүше болып кірген саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері. Байқағанымыздай, қозғалыстың бір жылдық жұмысының нәтижесінде құрамының толығып, әр облыста бөлімшелерінің ашылуы, тіпті кейбір бейресми ұйымдардың қозғалыс құрамына бірігуі оның Үйлестіру кеңесінің құрамын нақтылауына мүмкіндік туғызған. Тағы бір ескеретін жайт, ол осы съезде тең төрағалық институты жойылып, тек М.И. Есеналив төраға, ал оның бірінші орынбасары болып Ж. Қуанышалин, ал орынбасарлары болып С. Ақатаев пен Д. Көшім сайланған болатын. Жаңа жарғы бойынша Үйлестіру кеңесінің атқару комитеті қозғалыс басқармасы болып аталып, оның атқаратын міндеттері нақтыланған. Сонымен қатар осы мәтінде Азат қозғалысының ішінен пайда болған жаңа ұйымдық құрылымдар, саяси партияларға ешқандай ерекше құқық берілмейтіндігі, олардың өз құрылымдары мен қаржы дербестігі, өзінің есеп-шоты болатындығы белгіленген. Алғашқы жарғыда мүшелік жарна мөлшері көрсетілсе (тоқсан сайын 3 сом) жаңа жарғыда мүшелік жарна мөлшерін белгілеуді әр облыстық бөлімше құзырына қалдырған. Қозғалыстың бір жылдық өмірінде мемлекетте де көптеген үлкен саяси оқиғалар орын алды, атап айтсақ, егемендік туралы декларация қабылданды, бүкіл Одақтың түбіне жеткен 1991 жылғы тамыз төңкерісі болды. Бұл оқиғалар қозғалыстың ұстанған бағытының дұрыстығын көрсетіп берді, сонымен қатар қозғалыс беделінің халық алдында ерекше артуына 1991 жылғы Оралдағы қыркүйек оқиғалары көп септігін тигізді десек қателесе қоймаймыз. Қозғалыстың 1 съезі бір жылдық жұмысты қорытындылау болды, ал онда қайта қабылданған жарғы қозғалыстың жаңа серпінмен жұмыс істеуіне жол ашты.

3.3 Азат қозғалысы ұсынған конституциялық-демократиялық жобалар және қазіргі заман

Қазақстанның дербестікке қол жеткізуінің алғашқы баспалдағы болған мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның мемлекет тарихындағы ерекше маңызды құжат болып қала берері даусыз. Осы құжат тәуелсіздік аңсаған қазақ ұлтының сол жолдағы алғаш қол жеткізген жеңісі болып, көкірегінде ұлттық намысы маздаған сандаған қазақ ұлты өкілдерінің ертеңге деген үмітін оята білді. Әрине, осыншалық маңызы бар құжат бірден қабылдана салмағаны, оның негізін қалаушы ой-пікірлердің сандаған жылдар бойы қалыптасып, пісіп жетілгендігі ешкім үшін де тосын жағдай еместігі ақиқат. Сондықтан да аталмыш құжат жобасы даярланбастан бұрын жанама жобалар сол кездегі Жоғарғы Кеңес қарауына көптеп келіп түскен болатын. Бұл жайлы сол кездегі Жоғарғы Кеңес төрағасы С.Ә. Әбдилдин де өз сұхбатында ескерткен еді: «Декларацияның жобасында қазірдің өзінде-ақ әр түрлі көзқарастар, халықтың түрлі топтарының, соның ішінде бейресмилердің де әр түрлі пікірлері жинақталып отыр. Бұл дұрыс деп білеміз. Балама нұсқалар да бар, олардың көптеген қағидалары мен идеялары, әрине, қаралатын болады» [Әбдилдин С.Ә. Ел мұраты егемендік // Социалистік Қазақстан. - 1990. - 4 тамыз. – 2 б.]. Осы жоба ұсынушы бейресми ұйымның бірі Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы еді. Қозғалыс құрылып, нақты іске кіріспестен бұрын оның ұйымдастырушылары тарапынан дайындалған өзге құжаттармен қатар «Қазақстанның егемендігі туралы» декларация жобасы да қозғалыстың алғашқы құрылтайында көпшілікпен талқыланып, бекітілген еді. Сол кездегі қозғалыс басшылары М.И. Есенәлиев пен К.С. Ормантаев «Лениншіл жас» газетіне берген сұхбаттарында бұл жайды нақтылай түседі: «1990 жылғы 30 маусым 1 шілде аралығында Алматыда, Қазақстан Жазушылар Одағының конференц залында Азат қозғалысының алғашқы құрылтайы өтті. Сол жолы құрылтай конференциясы Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысының дүниеге келгенін жариялады. Құрылтайдың күн тәртібінде республикадағы сол кезеңдегі жағдай және қозғалыстың бағдарламалық міндеттері, қозғалыс жарғысының жобасы мен Қазақстанның егемендігі туралы декларациясының жобасы жөніндегі мәселелер болды. Декларация жобасы құрылтайға дейін әзірленген болатын. Құрылтайға қатысушылар оған көптеген ескертулер мен түзетулер, ұсыныстар енгізді. Бұлардың бәрін ескере отырып, толықтырып, декларацияның жобасын шілде айының 16-да Қазақ ССР-нің Жоғарғы Советінің Президиумына табыс еттік. Біздіңше, мемлекеттік егемендік Қазақстанның күллі азаматтарының бостандығы, теңдігі, туысқандығы үшін пайдаланылуы тиіс» [Данияров Т. «Азат» немесе осы аттас қозғалыс туралы сөз // Лениншіл жас. - 1990. – 11 тамыз. – 2 б.]. Қозғалыстың ең басты мақсатының бірі Қазақстанда ұлттық мемлекет құру болды, сондықтан оның ұсынған жобасы да осы бағытты қамтыды. Ресми түрде қабылданған Декларацияда мемлекеттің қазақ ұлтының тағдырына деген жауапкершілігіне мән беріледі, ең басты назар аударатын мәселе - мемлекеттің ендігі жерде ұлттық мемлекет құру мәселесіне көңіл аударатындығы жөніндегі тармақ. Яғни, біз бұдан мемлекеттің негізгі ұлтқа деген қамқорлықты күшейтіп, өзге ұлттардың құқығына шек келтірместен ұлттық мемлекет құруға ұмтылысын көре аламыз. Жоғарғы Кеңес қарауына келіп түскен тек Азат қозғалысының жобасы ғана емес өзге де әртүрлі топтардың жобалары қаралып, талқыға түскенін ескерсек, Жоғарғы Кеңестің Азат қозғалысы ұстанған ұлттық мемлекет құру идеясына көңіл бөлгендігі бұл идеяның сол кезең үшін өзектілігін айқындай түседі. Сол уақытта ұлттық мемлекет құруға кереғар пікірлер де кең насихатталғаны белгілі, Жоғарғы Кеңес құрамындағы депутаттар құрған «Демократиялық Қазақстан» фракциясы ұсынған егемендік туралы Декларациясының жобасына түсіндірмеде ұлттық мемлекет құру идеясынан бас тартып, азаматтық қоғам құру идеясын қолдау қажеттілігі сөз болады. Сондай-ақ, жобаның кіріспесінде ұлттық құндылықтардан жалпы адамзаттық құндылықтарды жоғары қою идеясына арқа сүйей отырып, нарықтық экономика негізінде демократиялық, құқықтық мемлекетпен ұйымдастырылатын және қорғалатын азаматтық қоғам құру бағыты ұсынылады [Декларация о государственном суверенитете Казахской ССР (проект) // Бірлесу. - 1990. – 18 октября. – 3 б.]. Әрине, бұл бағыт өзінің прогресшіл, гумандық сипатымен ерекшеленгенімен, үш жүз жыл бойы отарлық қамытын киген қазақ ұлтының құқығын шектейтіндігін жасыра алмады. Сондықтан да ұлттық мемлекет құру идеясының салтанат құруы қазақ ұлтының еңсесін көтеріп тастаған еді. Алайда кейіннен қабылданған мемлекеттің 28 қаңтар 1993 жылғы және 30 тамыз 1995 жылғы конституцияларында қазақ ұлтының ұлттық ерекшеліктеріне негізделген ұлтық мемлекет құру идеясы орын ала алмаған соң, «Демократиялық Қазақстан» фракциясы ұсынған азаматтық қоғам құру идеясы мемлекеттің басты мақсатына айналды. Бұл өз кезегінде қазақ ұлтының мемлекеттегі жетекші ролін төмендетіп, ұлттық құндылықтардың назардан тыс қалуына әкеліп соқты. Азат қозғалысы өз ұсынған жобасында республиканың одақтық шартқа ерікті де тәуелсіз мемлекет ретінде бірігуі қажеттігін алға тартады, сондай-ақ Қазақстанның одақтық шарттан біржақты негізде бас тарта алатындығын мәлімдейді. Қозғалыстың одаққа қатысты пікірі біржақты болды, яғни олар конфедерация құрамында болуды жақтады. Бұл жөнінде М. Есеналиев ойын келесідей негіздейді: «Біз декларацияда ССРО-ның еркін, тәуелсіз мемлекеттердің конфедеративтік негіздегі достастығы болуы қажеттігін алға тарттық. Сол кездері бізді ешкімнің түсінгісі келген жоқ, ең өкініштісі, Одақты іштен іріткісі келетін қозғалыс ретінде көрсетуге тырысты» [Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 97 б.]. Бұл мәселе жөнінде қабылданған Декларацияның мәтініне көз жүгіртсек, федерациялық құрылымға негізделу орын табады, оның бірінші бабы: «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы - егеменді мемлекет, ол басқа республикалармен Егеменді Республикалар Одағына ерікті түрде бірігеді және олармен өзара қатынастарын шарттық негізде құрады. Қазақ ССР-і Одақтан еркін шығу құқығын өзінде сақтап қалады» деген мәтінде беріледі [Бәйішев Ж. Қазақстан: мемлекеттілік кезеңдері. - Алматы: Жеті-Жарғы, 1997. - 369 б.]. Жалпы конфедерация дегеніміз – саяси, экономикалық және әскери мақсаттарға жету мақсатында құрылған мемлекеттердің уақытша одағы. Конфедерацияның одақтық органдары құрылуы мүмкін, бірақ олар, не үшін біріккендері туралы мәселелерді реттеумен шұғылданады [Ағдарбеков Т.А. Құқық және мемлекет теориясы. - Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2002. - 109 б.]. Конфедеративтік негіздегі достастық мемлекеттерінің алғышарты ретінде Азат қозғалысының жобасында орын алған республиканың Одақтың құзырына берген өкілеттіліктерін қажет болғанда өзі атқара алатындығы, сонымен қатар Одақтың Қарулы Күштерінің құрамында республикалық әскери құрамалар құрылатындығы жайлы тармақтарды айтуға болады [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. - 66 б.]. Ал қабылданған Декларация жобасының 8 бабына сәйкес Қазақ ССР-і өз еркімен Одақтың қарамағына берген мәселелерден өзге мәселелерге ғана республиканың үстемдік ететіні бекітіледі. Осы құжаттың 13-бабы бойынша тек Одақ Үкіметінің келісімімен ғана республиканың өз азаматтарының әскери қызмет атқару шарттары мен тәртібін белгілеуге, өз аумағында әскерлер мен қару-жарақтарды орналастыру мәселелерін шешуге құқылы екендігі нақтыланады. Конфедеративтік одақта ортақ азаматтықтың болмайтындығын ескерсек, бұл жайт турасындағы, яғни республиканың азаматтығы жөніндегі мәселені азаттықтар төтесінен қояды, өздері ұсынған жобада Қазақ Республикасының аумағында осы мемлекеттің азаматтығы ғана танылатындығы нақтыланады. Мұны азаттықтардың конфедерациялық одақты жақтайтындығының тағы бір көрінісі деп түсінуге болады. Әйтсе де, Азат қозғалысы ұсынған жобадағы Одаққа қатысты мәселелер толыққанды конфедерация негізін салады деп айту қиын, бірақ конфедерация құрудың алғышарттары көрініс тапқан саяси-құқықтық ой-пікірлер тоғысқан ұсыныс болды деп есептейміз. Ал «Демократиялық Қазақстан» фракциясының ұсынған Декларация жобасының 6-бабы Қазақ ССР-нің жаңарған Одаққа өз еркімен кіретіндігін және оған өзінің мемлекеттік өкілеттіктерінің бір бөлігін беретіндігін, сондай-ақ Қазақ ССР-і мен ССРО-ның мемлекеттік өкілеттіліктерінің ара қатынасы, Одаққа кіру, онда болу және одан шығу шарттары, Одақтың билік органдарындағы Қазақ ССР-нің өкілдігі мәселелері Одақтық шартпен айқындалатындығын бекітеді. Көріп отырғанымыздай, бұл жоба бойынша Қазақстанның мемлекеттілігіне байланысты мәселелерді шешуде Одақтық шартқа тәуелді болуы көзделеді. Мұның өзі мемлекеттің өз еркімен даму бағытын айқындап, өз дегенімен тәуелсіз саясат ұстануына мүмкіндік беру емес,керісінше, оның болашақта да бодан болып қалуын заңдастыру мақсатын көздеген пікірлер жиынтығы екендігі анық болатын. Азат қозғалысы өз жобасында Қазақ Республикасының қазақ ұлты мен өзге де ұлттық топтардың гүлденіп, лайықты тұрмыс кешуін қамтамасыз ететіндігі жөнінде жалпылама түрде айтылады. Ал қабылданған Декларация қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадір-қасиетін нығайту Қазақ ССР-і мемлекеттілігінің аса маңызды міндеттерінің бірі болып табылатындығын бекітеді. Бұл мәселе «Демократиялық Қазақстан» фракциясының ұсынған жобасында да кеңінен орын алады, осы жобаның 9-бабында Қазақ ССР-нің өзіне республика халықтарының ұлттық-мәдени болмысын, тілдерін, тарихи сана-сезімін, салт-дәстүрлерін қалпына келтіру және сақтау міндеттемелерін жүктейтіндігі айтылады. 23 қыркүйек 1989 жылы қабылданған Қазақ ССР-нің «Тіл туралы заңының» қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде бекітетіндігі ескерілгендіктен болар, Азат қозғалысы ұсынған жобада да, қабылданған Декларация мәтінінде де тіл саясаты, мемлекеттік тіл мәселесі қозғалмаған. «Демократиялық Қазақстан» фракциясы ұсынған жобада Қазақ ССР-де республиканың мемлекеттік тілі - қазақ тілі және одақтың мемлекеттік тілі орыс тілі ресми тілдер ретінде қолданылатындығы, сондай-ақ жергілікті кеңестер өз аумақтарында ресми тіл мәртебесін өзге тілдерге де бере алатындығы нақтыланады. Фракцияның бұл ұсынысы түпкілікті сол кезеңде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілінің мүддесіне қайшы келетіндігін ескерсек, оның ескерусіз қалдырылуының өзі заңды құбылыс болып саналары сөзсіз. Сөз етіп отырған Азат қозғалысы ұсынған жобаның 7-бабы бойынша Қазақ Республикасында заң шығарушы, атқарушы және сот биліктері ажыратылған. Лауазымды қызметтерді қосарлап атқаруға тыйым салынады. Бұлайша жоба мәтінінде бір адамның қос лауазымды иеленуіне тыйым салу, сол кезде көптеп орын алған жергілікті жерлердегі партия комитеттерінің басшыларының жергілікті кеңестер төрағасы қызметін қоса атқару тәжірибесін болдырмау мақсатында енгізілсе керек. Билік бөлінісі қабылданған егемендік туралы декларацияның 7-ші бабында толықтырылған түрде беріледі: Республикада мемлекеттік өкімет билігі оны заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принципі бойынша жүзеге асырылады.

Заң шығару билігін Қазақ ССР Жоғарғы Советі жүзеге асырады.

Президент Республиканың басшысы болып табылады және онда ең жоғары әкімшілік-атқару билік болады.

Ең жоғарғы сот билігін Қазақ ССР Жоғарғы Соты жүргізеді.

Сәйкесінше, «Демократиялық Қазақстан» фракциясының ұсынған жобасының 11-бабы бойынша Қазақ ССР-дегі мемлекеттік билік құқықтық мемлекет ретінде биліктің заң шығару, атқару, сот билігіне бөлінуі қағидасына негізделіп қызмет істейді. Байқап отырғанымыздай, үш мәтінде де биліктің бөліну қағидасы демократиялық, құқықтық мемлекет құрудың алғышарты ретінде беріледі. Бұл өз кезегінде әртүрлі саяси күштердегі мүдде қайшылығына қарамастан, мемлекеттіліктің кейбір маңызды мәселелері жөнінде ортақ идея болатындығына дәлел бола алады. Азаттықтардың ұсынған жобаларына сәйкес Қазақ Республикасы мемлекеттік және қоғамдық істерді басқаруда барлық азаматтарға, партияларға, қоғамдық және діни ұйымдарға теңдей мүмкіндіктер кепілдігін береді. Қабылданған Декларацияның 5-бабы бойынша Қазақ ССР Конституциясы шеңберінде жұмыс істейтін қоғамдық, саяси және діни ұйымдардың, бұқаралық қозғалыстардың мемлекет және қоғам өміріне қатысуы үшін Қазақ ССР-і тең праволы мүмкіндіктерге кепілдік береді. Сондай-ақ осы құжаттың 3-бабы бойынша саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық бірлестіктер, өзге де топтар немесе жекелеген адамдар тарапынан Қазақ ССР-нің конституциялық құрылысына қарсы жасалатын кез-келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, сондай-ақ ұлт араздығын қоздыратын жария ұрандар заң бойынша жазаланатындығы бекітіледі. Ал «Демократиялық Қазақстан» фракциясының жобасы бойынша саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар республика конституциясы шеңберінде құрылып, қызмет жасауға тиістігі еді. Жалпы алғанда, егемендік туралы Декларация көптеген жүйеленген ой-пікірлер негізге алына отырып қабылданған құжат болғандықтан, оның негізін қалаушы идеялар тек бір адамға немесе қоғамдық ұйымға тиесілі деп айту қиын. Дегенмен, Азат қозғалысы өз құрылтайында қабылдап,Жоғарғы Кеңес Президиумына өткізген жобада көзделген идеялардың көпшілігі осы қабылданған Декларацияда өз жалғасын тапқан. Осыған дейін Азат қозғалысы басшылары өздерінің ұсынған идеяларының негізге алынғаны туралы мемлекеттік биліктен мойындау болмағандығы жөнінде қынжылыс білдіріп жүрді. Сол кезде осы істің басы-қасында болған М.И. Есеналиев бұл мәселе турасында өз пікірін былайша білдіреді: «Направляя свой проект Декларации в Верховный Совет ГДК Азат не претендовал, как говорится, на истину в последней инстанции, но ставил цель, чтобы проект был толчком для властей республики, чтобы это они восприняли как требование общественности. Только спустя два месяца после получения проекта ГДК Азат 17 сентября Верховный Совет публикует в печати свой проект и совершенно сознательно замалчивает о проекте ГДК Азат» [Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 256 б.]. Бір идеяның екінші бір идеяны тудыруға себеп болатындығын, бұрын болған идеялардың жаңару арқылы халық санасына сіңірілетіндігін ескерсек, Азат қозғалысы ұсынған идеялар өз өткірлігімен мемлекеттік биліктен қолдау тауып, қолданысқа еніп жатуының өзі сол идеяны тудырушының жеңісі екендігіне дау болмасы анық. Ойымызды қорытындыласақ, қазақ халқы өмір сүріп тұрғанда оның ойлай білетін ұлдары тудырған идеялардың өлмейтіндігіне, уақыт талабымен жаңарып қайта қолданысқа түсетіндігіне, сондай-ақ Қазақстанның Азаматтық Азат қозғалысы ұсынған мемлекеттік егемендік туралы Декларация жобасы тарихтан өзінің әділ бағасын алатындығына сенім артуға болады. Мемлекеттің егемендігі туралы декларация қабылданғаннан соң да Азаттың алдында тәуелсіздікті баянды ететін маңызды құжаттар жобаларын халық пен мемлекет алдына талқыға салу сияқты келелі мақсаттар тұрды. Сол кезеңдегі әрбір бастамашыл топ өз ой-пікірлерін ортаға салып, мемлекеттің әрі қарай даму жолдарын өз ұстанымдарына сәйкестендіре ұсынған еді. Қозғалыс белсенділерінің бірі ғалым С. Өзбекұлы алғаш рет 1991 жылдың қаңтарында «Азат» газетінің №1 санында өзі жасаған Қазақ Республикасының Конституциясының жобасының мәтінін жариялап, талқыға салған еді. Бұл конституция жобасының 28 қаңтар 1993 жылғы қабылданған және қазіргі қолданыстағы 30 тамыз 1995 жылы қабылданған конституциядан айтарлықтай өзгешеліктері бар. Әсіресе мемлекеттік тіл, ұлттық мемлекет, ұлттық заңнама, бір палаталы парламент, парламенттік республика идеяларының әрқайсысы жеке-жеке тоқталып, жан-жақты зерделеуді талап етеді. Құрылымы жағынан Конституция жобасы Преамбуладан, 7 тараудан және 91 баптан тұрады: бірінші тарау – Қазақ Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы, екінші тарау – Қазақ Республикасы азаматтарының құқықтары мен міндеттері, үшінші тарау – Ұлттық мәжіліс, төртінші тарау – Қазақ Республикасының Президенті, бесінші тарау – Қазақ Республикасының Министрлер кабинеті, алтыншы тарау – Сот билігі, жетінші тарау-Прокуратура деп аталады. Жобаның кіріспе сөзі келесі мәтінде беріледі: «Біз республикамызда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің еркін ықтиятын білдіре отырып, жалпыға бірдей адам құқықтары Декларациясын және әр ұлттың өзін-өзі билеу құқығын тани отырып, адам баласының теңдік, еркіндік, бостандық және бақытты тұрмысқа деген тілегін мойындай отырып, толық егеменді ізгілікті ұлттық демократиялық мемлекет құру мақсатын көздеп, қазақ ұлтының атынан Қазақ республикасының осы Конституциясын қабылдаймыз». Ал 28 қаңтар 1993 жылғы конституцияның кіріспе сөзі: «Біз, Қазақстан халқы, дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, қазақ мемлекеттілігінің бұлжымастығын негізге ала отырып, адам құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып, демократиялық, қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, өзіміз үшін және өз ұрпақтарымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді қалай отырып, осы конституцияны қабылдаймыз және конституциялық құрылыстың мынадай негіздерін жариялаймыз:...» деген мәтінде беріледі. Қазіргі мемлекетіміздің Ата заңының кіріспе сөзіне мән беріп көрсек: «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз». Осы конституциялардың кіріспе сөздерінің өзінде-ақ аталған конституциялардың не мақсатта қабылданатыны және кім үшін қызмет істейтіндігі айтылады. Осы аталып өткен алғы сөздердің Азат қозғалысы ұсынған жобада мемлекеттің кімдікі және кімнің мүддесін көздеп өмір сүретіндігі нақты белгіленсе, 1993 жылғы конституция мемлекеттің негізгі мақсаты Қазақстан халқының қазақ ұлтымен бірлесе бейбіт қатар өмір сүруін көздейтіндігін білдіреді. Ал соңғы қабылданған конституция тек Қазақстан халқы үшін қызмет жасайтындығын айқын көрсетіп отыр және ол іс жүзінде де жүзеге асырылуда. Ендігі жерде мемлекет Қазақстандық халықтың бейбіт қатар өмір сүруі үшін ғана қызмет жасап отырғанын көреміз. Алайда темірқазығы қазақ халқы болып табылатын және аумағындағы өмір сүретін қазақ ұлтының саны 8 млн. 400 мың адамды құрайтын мемлекетте қазақстандық ұлт қалыптастырып, тек бейбіт өмір сүру идеясын ұстану сол байырғы халықтың мүддесіне сай келмей отыр. Өйткені әрбір халықта ұлттық рух болады және ол белгілі бір дәрежеде мемлекет тарапынан көрсетіліп отыратын қолдауды қажет етеді. Егер мемлекет ұлттық мүддеге қызмет етпесе ұлттық рухқа сөніп қалу қаупі төнеді. Сәйкесінше одан кейін ұлт үшін мемлекеттіліктің сақталу сақталмауы ешқандай мәнге ие болмайды. Қазіргі кезде орын алып отырған отанын сүйе алмаушылық, патриотизмнің азаматтар санасынан алыстауы мемлекет саясатындағы ұлттық мүдденің екінші орында тұрғандығынан орын алған құбылыстар. Философ А. Қалмырзаевтың пікіріне сүйенсек, «Национальный дух – не что иное, как просто общее единство чувств всей нации. Национальный дух – это не свойство народа, изначально заданное Богом, которое якобы носит вечный характер. Наоборот, он представляет собой изменчивое духовное состояние нации. Когда отсутствуют или слабеют силы, поддерживающие дух нации, то он подавляется и меркнет. Национальный дух постоянно должен быть в форме, он нуждается в подпитке. Без этого он , как национальный феномен, теряет свою одухотворенность» [Калмырзаев А. Бессмертен национальный дух // Мысль. – 2004. - №9. – 10 б.]. Қазіргі кезеңде «қазақстандық ұлт», «жаһандандыру» сияқты идеялар маңызды мәселе ретінде көзделіп жатқанда қазақ ұлтының ұлт ретінде сақталып қалу мәселесі де көпшілік талқылауына түсуде. Ал бұл идеялар өзара текетіреске түсіп, әртүрлі авторлардың талқылау объектісіне айналып отыр. Дегенмен, мемлекеттің ұлтық келбетін сақтау және мемлекеттік саясатты ұлт мүддесіне сәйкес жүргізу үшін негізгі заң осы мақсатқа сай қабылдануы қажет. Ал бұл мәселе қазіргі конституциядан орын ала алмады, осы мәселе хақындағы академик С.З. Зимановтың да пікірін келтіре кеткен орынды болар, «Одним из мотивов отказа от идеи национальной государственности, как это вытекает из высказываний причастных к подготовке проекта Основного закона лиц, является стремление сохранить межнациональное согласие и не выделять национальное в государственности. Такая мотивировка достойна обывателей, а не политиков. Национальная государственность – наиболее высокая форма самоуправления. До тех пор, пока национальное самоутверждение не реализуется, т.е. остаются нерешенными специфические задачи возрождения многомиллионной казахской нации, не наступит момент, когда они вполне могут быть разрешены в потоке общенационального развития, необходимость в национальной государственности сохранится» [Зиманов С.З. Конституция и парламент Республики Казахстан. - Алматы: Жеті-Жарғы, 1996. – 241 б.]. Жоба авторы қазақ жерін көптеген ұлт өкілдері мекендейтіндігін ескере отырып, конституция жобасының 1-бабын «Қазақ республикасы – тәуелсіз демократиялық, ұлттық мемлекет», ал, 3-бабын «Қазақ республикасының мемлекеттік егемендігі қазақ ұлтының және республиканы мекен ететін барлық ұлт өкілдерінің қолында» деген мәтінде береді. Осы жерде мән беруді талап ететін тағы бір мәселе мемлекет атауы. Жоба авторы мемлекетті «Қазақ республикасы» деп атаған, яғни бұл мемлекеттің қазақ ұлтының мемлекеті екендігін нақтылай түсетін атау. Ал ресми қабылданған 1993 және 1995 жылғы конституциялар мемлекетті «Қазақстан немесе Қазақстан Республикасы» деп бекітеді. Мемлекетті сол мемлекеттің негізін құрап отырған ұлттың атауымен атау да сол ұлттың мемлекет даму жолында мүдделілігін арттыра түседі және басқа ұлттарға деген ағалық, қамқорлық сезімін оятады. Конституцияның бұл жобасы жөнінде сөз қозғағанда бүгінгі күні шешімін таба алмай жүрген қордалы мәселелердің негізгісі тіл туралы айту өте орынды. 28 қаңтар 1993 жылғы конституцияның кіріспе бөліміндегі сегізінші негіздеме бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл болып танылады, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі болып бекітіледі. Сондай-ақ мемлекеттік тілді немесе ұлтаралық қатынас тілін білмегені үшін шектеу қоюға жол берілмейді. 30 тамыз 1995 жылғы конституцияның 7-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Тіл – халықтың күретамыры екендігін ескерсек, мемлекеттік тілмен екінші тілді теңестіре қолдану арқылы қазақ тілінің мүмкіншілігін шектеу сол ұлтқа, ұлттық мүддеге жасалынып отырған қиянат екендігі даусыз. Белгілі саясаттанушы А. Ғалидың пікірінше: «Русское делопроизводство стало тормозом социальной мобильности казахоязычных, которых большинство. Все против по вопросу о государственном языке и по отношению к северному соседу имеют аморфную политику или откровенно пророссийскую позицию. Дескать, нужно межнациональное согласие и примирение. Национальное благо – высший критерий форма правления – монархического, олигархического и демократического. Легитимно только та политика, которая осуществляет национальное благо» [Гали А. Национальная идея и задачи казахосферы // Саясат. – 2005. - №1. – 59 б.]. Бүгінгі күні мемлекеттік тіл мәселесі мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрмей отырған шақта, сол халықтың өзі сайлаған халық қалаған депутаттардың өзі осы мемлекеттік тілдің мәртебесінің жоғарылауына кедергі келтіруде. Тіпті мәселенің бұлайша аяқсыз қалуына наразы болған азаматтар президентке ашық хат жолдап отыр. «Жас Алаш» газетінің 02.04.2005 жылғы №39 санының 1-бетіне басылған осы хаттан үзінді келтіре кетсек, «Бұл күнде саясат дегеніміз халықты алдай білу сияқтанып барады. Ата Заңымыздың өзі орындалмай отырғанда, солай ойламау да мүмкін емес. Конституциямызда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» болып белгіленгенімен, іс жүзіндегі жағдайы мемлекеттік мәртебеге ешбір лайық емес. Біздің ұғымымызда, Президент аппараты, Үкімет орындары және қос палаталы Парламент, яғни мемлекет басшылығы мен мемлекет қызметкерлері міндетті түрде сөйлейтін тіл ғана мемлекеттік тіл болуы тиіс. Демек, бізде Конституцияның тіл жөніндегі талабы орындалмай, бұрмаланып отыр. Сізден Конституция кепілі ретінде бұдан былай Ата Заң бұрмаланбай, нақты орындалатындай жедел шара қолдануыңызды көптен-көп өтінеміз. Себебі, заң бұрмаланған жерде әділеттілік те, демократия да орнай қояды дегенге сенбейміз». Конституцияның Азат қозғалысы ұсынған жобасының 4-бабы Қазақ республикасының мемлекеттік тілінің тек қазақ тілі екендігін бекітеді. Мұнда автор Қазақстан халқының сан алуандығына емес, ортақ ұғынысу тілінің қажеттілігіне мән береді және әр азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруінің ол үшін қасиетті борыш екендігін алдыға тартады. Бұл жерден түйін жасайтын мәселе, егер мемлекет мүдделі болмаса, мемлекеттік тіл үйренуге тіпті 100 жыл уақыт берілсе де шешілмейтін мәселе күйінде қала береді. Сондықтан да баламасы жоқ мемлекеттік тілдің мәртебесін Ата Заңға өзгерту енгізу арқылы нақты бекіту – уақыт талабы. Мемлекеттік тілдің тәуелсіздік алған он бес жыл ішінде ешқандай жағдайының жақсармауы қоғамда әртүрлі пікірталастар туғызды, қазақ тілді қауымның тарапынан билікке қатысты сын пікірлер көптеп айтыла бастады. Мемлекеттік тілдің жағдайының міндеттеусіз жақсармайтындығы айқын болған соң, Президент Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан халықтары Ассамблеясының XXІІ сессиясында сөйлеген сөзінде былай деп атап көрсетті: «Қазақстан жастары үшін мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды. Мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға сол тілде жауап беруге тура келеді» [ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халықтары Ассамблеясының XXІІ сессиясында сөйлеген сөзі // Егемен Қазақстан. – 2006. – 25 қазан. – 1 б.]. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілдің дамуының жаңа кезеңінің туғанын көрсете алады. Қазіргі күннің тағы бір келелі мәселелерінің бірі ұлттық заңнаманы қалыптастыру болып отыр. Жобаның 12-бабына сәйкес, Қазақ республикасының заңдары жергілікті халықтың дәстүрі, әдет-ғұрпы мен демографиялық ерекшеліктері негізінде қабылданады. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан біз осы уақытқа дейін ұлттық заңдар қабылдаған жоқпыз. Осы бір осал тұстардың әсерінен ұлттық сипатымызды ерекшелей түсетін және ата-бапамыз негізін қалаған құқық нормалары мемлекеттік заңдарға негіз бола алмады. Енді ғана осы мәселені заң шығарушы органның күн тәртібіне қоятын уақыт туып отыр. Алайда бұл мақсат іске асу үшін халық қалаулыларының қазақ халқының тіліне, діліне етене жақын болуы қажет, тек сол жағдайда ғана ұлттық сипаттағы заңдар қабылданып халыққа қызмет ете бастары сөзсіз. Осы жобада С. Өзбекұлы алғаш рет мемлекеттің заң шығарушы органына Ұлттық Мәжіліс атауын берген. Жобаның 43-бабына сәйкес Қазақ республикасында мемлекеттік өкіметтің жоғарғы және тек жалғыз заң шығаратын органы Ұлттық Мәжіліс болып табылады. Автор жоғарғы заң шығарушы органды бір палаталы және жылына екі рет шақырылатын ескі кеңестік типтегі Жоғарғы кеңес үлгісінде ұсынған. 1993 жылғы конституцияда заң шығарушы орган Жоғарғы Кеңес деп аталып, бір палаталы және жылына екі рет шақырылатын болып бекітілген. Әрине, жоба ұсынылғанымен, оның тәжірибе жүзінде орындалмағандығы себепті, ондағы идеялардың қаншалықты тиімді екендігін көре алмадық. Дегенмен, дәл осы бір палаталы заң шығарушы орган Жоғарғы Кеңес 30 тамыз 1995 жылғы конституция бойынша қос палаты, тұрақты негізде қызмет жасайтын парламентке ауыстырылды. Бұл мәселе жөнінде әдебиеттерде әртүрлі пікірлер орын алғаны белгілі, солардың кейбіріне тоқтала кеткен де орынды болар. Б.А. Майлыбаев өз еңбегінде осы тұрақты негізде қызмет жасайтын парламент қажеттілігі жайындағы сол кездегі Жоғарғы Кеңес басшысы С. Әбдилдиннің 8 желтоқсан 1993 жылғы Жоғарғы Кеңестің 11 сессиясында сөйлеген келесі сөздерін келтірген: «Однако Верховный Совет, проводящий свои сессии два раза в год, не может во всей полноте обеспечивать оперативный контроль за исполнением Конституции и законов. Назрела необходимость создания в соответствии с конституцией нового, постоянно действующего парламента» [Майлыбаев Б.А. Становление и эволюция института Президента Республики Казахстан: проблемы, тенденции, перспективы. - Алматы: Арыс, 2001. – 354 б.]. Ал академик С.З. Зиманов алғашқыда унитарлық мемлекетте қос палаталы парламент құрудың орынсыздығын ескертсе,[Зиманов С.З. Конституция и парламент Республики Казахстан. - Алматы: Жеті-Жарғы, 1996. – 210 б.] кейіннен жаңа жасалынған жобадағы қос палаталы парламентке өз көзқарасын былайша білдіреді: «При конституционном определении статуса парламента республики с двухпалатной структурой скажутся возможные плюсы и минусы: повысится ответственность депутатов за рассмотрение и обсуждение законопроектов, темпы и сроки принятия которых существенно замедлятся, поскольку проходить они будут через обе палаты. Будет иметь место законодательная волокита. Заметно уменьшится удельный вес законов в системе нормативно-правовых актов. Они больше будут охватывать приоритетные сферы отношений. Одновременно расширяется и возрастает регулятивная роль указов Президента и постановлений правительства. Возникает риск взаимных притязаний во властных отношениях за преобладание на правовом пространстве» [Зиманов С.З. Конституция и парламент Республики Казахстан. - Алматы: Жеті-Жарғы, 1996. – 227 б.]. Бүгінгі күні осы қызмет жасап отырған қос палаталы парламенттің қызметіне қатысты әртүрлі пікір қайшылықтары туындап отыр. Жоғарғы палата Сенат жөнінде «Жас Алаш» газетінің 02.04.2005 жылғы №39 санының 6-бетінде жарық көрген «Сенат - биліктің қалқаны» атты мақала авторы С. Шегебаев өз мақаласында сенаттың демократиялық Қазақстан үшін ешқандай қажетсіздігін дәйекті мысалдармен дәлелдеген. «Азат» газетінің 2 ақпан 2005 жылғы №5 санында жарық көрген Қазақстан демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесі ұсынған «Қазақстан Республикасының жаңа конституциясы» деп аталған конституция жобасында заң шығарушы орган Қазақстан Республикасының Мәжілісі деп аталып, тек бір палатадан тұратындығы көрсетілді. Осы жобаның 62-бабына сәйкес Мәжіліс 150 депутаттан құралады. Мәжіліс құрамының жартысы бір мандатты аумақтық сайлау округтерінен, екінші жартысы – саяси партиялар тізімдерінің негізінде біртұтас жалпы республикалық сайлау округінің аумағы бойынша тепе-теңдік өкілдік жүйесі бойынша сайланады. Көріп отырғанымыздай, қоғам алға дамыған сайын сол Азат қозғалысы ұсынған жобадағы бір палаталы парламент құру идеясы өз өміршеңдігін дәлелдегендей. Автор мемлекетте парламенттік билікті ұсынған, жобада атқару билігінің басшысы болып президент танылады және ондағы 65-бапқа сәйкес өзінің барлық мемлекеттік қызметі туралы Ұлттық Мәжілісте есеп беріп отырады. Әрине бұл ұсыныстың өз уақытынан бұрын ұсынылғанын уақыт көрсетті. Сол тәуелсіздік алған жылдары парламенттік басқару нысанындағы мемлекеттік басқару өз негізсіздігін дәлелдеген болатын. Тіпті 28 қаңтар 1993 жылғы конституция ұсынған «Күшті парламент және күшті президент» ұстанымы да те мемлекеттік билікті дағдарысқа алып келетіндігін көрсетті. Тағы да Б.А. Майлыбаевтың пікіріне жүгінер болсақ, «Конечно, если бы Казахстан переживал период стабильного политического и экономического развития, конституция 1993 года могла бы рассматриваться не как документ, институционализировавший ситуацию двоевластия. Но сложности переходного периода требовали четкой юридической и политической определенности относительно того, какая форма правления должна быть установлена. Конституция 1993 года такого четкого ответа не давала» [Майлыбаев Б.А. Становление и эволюция института Президента Республики Казахстан: проблемы, тенденции, перспективы. - Алматы: Арыс, 2001. – 350 б.]. 1995 жылғы конституция жобасындағы мемлекеттік басқару нысанына қатысты академик С.З. Зиманов келесідей пікір білдірген «Нельзя смешивать понятия «сильное государство» и «сильная Президентская власть». Для того чтобы Казахстан стал сильным государством, хотя бы по внутренней организованности, нужны десятилетия, а сильная Президенская власть нужна сегодня. Я все же склонен считать, что Президент должен соединить в своем лице функции главы государства и главы государства и главы Правительства – это лучший вариант обеспечения сильной Президентской власти в наших нынешних условиях» [Зиманов С.З. Конституция и парламент Республики Казахстан. - Алматы: Жеті-Жарғы, 1996. – 223 б.]. Осылайша күшті президенттік биліктің өмірге келуі уақыт талабы десек, кейбір авторлар бұл жағдайды президенттің өз жеке басымен тікелей байланыстырады. Ж.Х. Джунусова «Республика Казахстан: Президент, институты демократии» деген еңбегінде «Очевидным было развитие и нашей политической системы в сторону сильной президентской республики, которая многими идентифицировалась с личностью Н. Назарбаева» деген пікір білдіреді [Джунусова Ж.Х. Республика Казахстан: Президент, институты демократии. - Алматы: Жеті-Жарғы, 1996. – 111 б.]. Дегенмен, уақыт өте келе қазақстандық билік жаңа заман талабына сай жаңаша даму жолына түсті. 2007 жылдың 21 мамырында қабылданған № 224 – 111 заңы бойынша Ата заңымызға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша мемлекетіміздің басқару нысанына жаңа сипат ене бастады, ендігі уақытта мемлекетіміз президенттік – парламенттік басқару нысанына көшіп, президенттің кейбір өкілеттіктері парламент құзырына енгізілді. Жобаның 66-бабына сәйкес Республика президенті жанынан кеңесші және әкімшілік басқарушы орган – Мемлекеттік алқа құрылады. Оның құрамына вице-президент, премьер-министр және президенттің өзі тағайындаған экономика, право, мәдениет саласының мамандары кіреді. Сонымен қатар, Мемлекеттік алқа мүшелері Президенттің тапсырмасы бойынша шешім қабылдап, президентке баяндауға хақылы. Республика президенті Мемлекеттік алқа мүшелерінің жасаған қорытындысын ескере отырып, өз атынан тиісті шараларды белгілейді. Көршілес Ресей мемлекетінде дәл осы мемлекеттік алқа «қоғамдық палата» деген атпен жүзеге асырылды және өзінің тиімді нәтижелерін беруде. Ал қоғамдық палата құрамына Ресей Федерациясының әртүрлі әлеуметтік, қоғамдық, мәдени салаларыныңда табысты қызмет атқарушы көрнекті тұлғалар мүше болып енді. Қоғамдық палатаның басты мақсаты қоғам мен мемлекет арасында шынайы диалог орнату болғандықтан бүгінгі демократияландырылу бағытындағы Қазақстанда да Президент қасынан Мемлекеттік алқа құрылуының қажеттілігі - уақыт талабы. Аталмыш жобаның 79-бабы бойынша Қазақ Республикасының барлық соттарында істер халық уәкілдерінің қатысуымен және ашық түрде қаралады. Істі жабық түрде қарау заңда белгіленген жағдайда ғана мүмкін болады. Бұдан біз автордың сот билігін жүзеге асырудағы жариялылық пен әділдікті қамтамасыз етудің кепілі алқалық сот құру екендігін жақтайтындығын көреміз. Алқалық сот құру ісі көп жылғы пікірталастардан соң енді ғана біздің мемлекетімізде қолға алынуда. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізуді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы 16 қаңтар 2006 жылы қабылданып, 2007 жылдың бірінші қаңтарынан заңдық күшіне енді. ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қ.Ә. Мәми Жоғарғы соттың кеңейтілген кеңесінде сөйлеген сөзінде «Қазіргі таңда көпшіліктің назары алқабилердің қатысуымен сот төрелігін жүзеге асыру мәселесіне ауып отыр. Осыған байланысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарына, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысқа ерекше назар аударуымыз керек» деп алқалық соттардың қоғамда өз орнын алуына аса зор мән берді (Заң газеті. 19 қаңтар 2007 жыл, 2 б.). Демек, жобада ұсынылған бұл идея да өзінің өмірден орнын таба алды десек қателеспейміз.

Конституция жөнінде сөз болғанда оның мемлекеттің нақты болмысын айқындайтын қағидалары жөнінде тоқтала кету орынды болар. Қазақстанның дербес мемлекет ретіндегі дамуының соңғы он жылда басты бағыттарын айқындаушы негізгі құжат ретінде Ата заңымыздың атқарған ролі ересен зор. Осы негізгі заң арқылы мемлекетіміз өзінің қандай мемлекет екендігін және қандай мақсат-мұраттар үшін қызмет ететіндігін айқындап бекітті. Бүкілхалықтық референдумда халық талқысынан өтіп барып қабылданған құжат болғандықтан оны біз қоғам мен мемлекеттің мүдделерін ұштастырушы құжат ретінде танимыз. Еліміздің өмір сүруінің алғышарттары көзделген осынау маңызды құжат тек қана құқықтық негізді ғана емес халыққа рухани идеологиялық бағыт беруді де қамтиды. «Конституция Республики Казахстан является Основным законом государства и общества и одновременно важнейшим политическим и идеологическим документом. Именно в этом заключается основное качество Конституции, которое проявляется не только в юридических свойствах, определяющих ее существование как основополагающего нормативного акта, но и в ее социальных функциях, раскрывающих общественное предназначение и способы воздействия на общественные отношения» [Конституционное право: Учебник / Сост.: А.Т. Ащеулов. - Алматы: КазГЮА, 2001.- 73 б.]. Әрине, конституцияның басты мақсаттары мен міндеттері туралы сөз қозғағанда оның негізгі қағидалары жайлы сөз қозғамай кету орынсыз болар еді. Қағида сөзі латынның prіncіpіum – басы, негізі деген сөзінен шыққан және қандай да бір теория, ілім, ғылым, көзқарас, саяси ұйымның негізгі бастапқы ережесі деген ұғымды береді [Советский энциклопедический словарь / Гл. ред. А.М. Прохорова. - М.: Советская энциклопедия, 1985. – 1057 б.]. Құқықтық қағидалар – тәртіптің нақты ережелерін бойына жинақтамаған, бірақ мемлекеттің, оның органдарының, азаматтардың, олардың бірлестіктерінің, лауазымды адамдардың қызметін ұйымдастырудың белгілі бір бағыттарын қарастыратын құқықтық нормативтік идеялар. Ал конституциялық қағидалар – Конституцияда бекітілген және конституциялық құрылысты, оның қызметін ұйымдастыру бағытын анықтайтын құқықтық нормативтік идеялар. Конституциялық қағидалар қандай болса, конституциялық құрылыс та сондай немесе керісінше [Сапарғалиев Ғ. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы. - Алматы: Жеті Жарғы, 1998. – 18 б.]. Конституциялық қағидалар туралы сөз қозғағанда ең алдымен ойымызға Қазақстанның ерекшеліктеріне сәйкестендіріле бекітілген қоғамдық келісім, елдегі саяси тұрақтылық, отансүйгіштік, мемлекеттегі маңызды мәселелерді демократиялық жолмен шешу, биліктің бөлінуі, конституцияның өзге заңдардан үстемдігі, биліктің орталықтандырылуы қағидалары оралады. Аталып өткен әрбір қағида мемлекетіміздің негізгі мақсаттарын айқындап қана қоймай сонымен қатар оның қай бағытта қызмет жасайтындығын да айқындап береді. Қағидалардың әрқайсысының астарында терең мән бар және олардың әрбіреуі мемлекеттің даму үрдісіне сәйкес қоғамдық шындыққа сәйкестендіріле жасалған. Мемлекетіміз өз егемендігін алғалы бергі екінші рет қабылданған негізгі заң болғандықтан, мұнда осы өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның барлық ерекшеліктері есепке алынып, бұрындары назардан тыс қалған немесе қоғамдық наразылық туғызған мәселелер тезге салынған. Әрбір идеяның өз бастауы болатындығын ескерсек, бұл қағидалардың да негізін салуға тек мемлекет қана емес қоғам, соның ішінде жеке адамдар мен қоғамдық ұйымдардың да атсалысқанын назардан тыс қалдыруға болмайды. Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының жоғарыда талқыланған конституциялық жобасы еліміз тәуелсіздігін алмай тұрып–ақ жоғарыда аталып өткен қағидалардың көпшілігін өз бойына жинақтай білген болатын. Ең алдымен қоғамдық келісім қағидасына тоқталсақ, бұл қағиданың басты мәні мемлекеттегі адамдар арасында ұлттық, әлеуметтік, нәсілдік, діни ерекшеліктеріне қарай қайшылықтарға жол бермеу, керісінше аталмыш топтар арасында достық, өзара түсінушілік, сыйластық сезімін нығайту болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда қозғалыс ұстанымдары өте берік болды. Олар елде ұлт араздығын тудырмау, бір ұлттың екінші ұлт алдындағы үстемдігін жою, дін еркіндігі, ұлттық құндылықтардың қайта жаңғыруы сияқты идеяларға қолдау жасады. Азат белсендісі Сәкен Өзбекұлы қозғалыс атынан ұсынған Қазақ Республикасының Конституциясының жобасының преамбуласы соған дәлел болғандай, сондай-ақ осы жобаның 3-бабы келесідей мәтінде беріледі: «Қазақ Республикасының мемлекеттік егемендігі қазақ ұлтының және республиканы мекен ететін барлық ұлт өкілдерінің қолында, сәйкесінше 8-бапта Қазақ Республикасының барлық азаматтарына олардың ұлтына, нәсіліне, тегіне, әлеуметтік, мүліктік жағдайларына, діни нанымына, партиялық мүшелігіне, кәсібіне, тұрғылықты жеріне қарамастан, Конституцияда көзделген барлық құқықтар мен бостандықтарға кепілдік берілетіндігі атап көрсетілген. Жобаның 25-бабында Қазақ Республикасының 18 жасқа толған барлық азаматтарының нәсілі мен ұлты, діні, жынысы және әлеуметтік тегі мен білім дәрежесіне қарамастан өкілетті органдарды сайлауға және оған сайлануға қақылары бар екендігі бекітіледі. 18-бапқа сәйкес, Қазақ Республикасының азаматтары қандай дінді болса да ұстауға құқылы. Оның бұл құқығын пайдалануға кедергі жасағандар заң алдында жауапты [Өзбекұлы С. Қазақ Республикасының конституциясы (жоба) // Азат. - 1991. – қаңтар (№1). - 2-3 бб.]. Осы қозғалыстың жарғысында да қоғамдық келісім мәселесіне баса назар аударылады, жарғының «Жалпы жәйттер» деп аталатын алғашқы бөлімінің 4-ші бабында келесідей талаптар орын алады: «...аумақтық біртұтас бүтіндікті қамтамасыз ете отырып, халықтардың ұлттық, әлеуметтік, саяси және діни сенімділік тәуелсіздігіне қарамай, республика азаматтарының тұрмыс жағдайы жоғары болуын және тең құқылық мүмкіндігін қамтамасыз ететін көші-қон, азаматтық, меншік туралы заңдар қабылдансын. Азаматтардың жұмыссыздықтан, инфляциядан, заттарға баға көтеруден әлеуметтік өтімділігі қорғалсын [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. – 68-70 б.]. Байқап отырғанымыздай, қозғалыстың басты мақсаты байырғы қазақ жерінде қазақ ұлтының атынан ұлттық мемлекет құру болып табылады. Бірақ, ұлттық мемлекет құру идеясын алға тарта отырып қозғалыс өзге ұлт өкілдерінің наразылығын тудырмауды, қоғамдық келісімге қол жеткізуді басты мәселе ретінде көтереді. Сондықтан да қозғалыс тарапынан ұсынылған саяси-құқықтық идеяларда барлық ұлттардың теңдігі, барша республика аумағында өмір сүруші адамдарды ұлтына, нәсіліне, әлеуметтік жағдайы мен дініне қарай алаламау қалыс қалмайды. Саяси тұрақтылық қағидасы қоғамның алдыға қойған саяси-құқықтық мақсат-мұраттарының қоғамдық әлеуметтік-саяси құндылықтарымен сәйкестендірілуін меңзейді. Мұнда негізінен қоғам мүшелері арасында әлеуметтік таптық негізде немесе ұлттық, діни, саяси негізде саяси жанжалдар шығармау басты назарда болады. Әрине бұл жерде белгілі бір топтың өз ұстанымдарын халықтың санасына сіңдіру арқылы елдегі саяси тұрақтылыққа сына қағуына жол бермеу басты назарда болары сөзсіз. Бұл топтардың ұстанымдары, алдыға қойған мақсаттары әртүрлі мазмұнда болуы мүмкін, сонымен қатар әр топ өз мақсатына қол жеткізудің өзіне тән ерекше жолын таңдауы мүмкін. Дегенмен елдегі саяси плюрализмнің конституциялық негізде орныққанын ескерсек, біз саяси-құқықтық ой-пікірлердің мемлекет ұстанымдарына сәйкес келмеуін елдегі саяси тұрақтылыққа қарсы мақсат-мұраттар ретінде қабылдамауымыз керек [Қазақстан Республикасының Конституциясы. - Алматы: Дәнекер, 2000. – 5 б.]. Діттеген мақсаты саяси тұрақтылыққа қарсы, сондай-ақ қоғамның белгілі бір топтары арасында ашық наразылық тудыруды көздейтін саяси-құқықтық ой-пікірлердің халық арасында таралмауын қадағалау мемлекеттік мүдденің басты талабы, дегенмен түпкілікті мақсаты қоғам мен мемлекеттің өрістеуі мен дамуы болып табылатын саяси-құқықтық ой-пікірлердің мемлекет тарапынан шеттетілмеуі саяси тұрақтылық қағидасының басты масаттарының бірі болып табылады. Қазақстандық қоғам көпұлттылығымен ерекшеленетіндіктен, мұнда саяси пікір алшақтылығы көбінесе ұлттық ерекшеліктерге сәйкес туындауы мүмкін. 90-шы жылдары бұл мәселе өзінің шырқау шегіне жеткен болатын, оған республикадағы кейбір ұлт өкілдерінің республика шекарасын белгілеу, автономия құру, Қазақстанда федеративтік мемлекет орнату тағы да басқа идеяларды ұсынуын мысал ретінде келтіруге болады. Осындай ұлтаралық қақтығыстардың болмауын мақсат еткен Азат қозғалысының өкілдері Республиканың шебінің біртұтас, бөлінбейтінін, оған қол сұғылмайтындығын белгілейді (жобаның 5-бабы), сонымен қатар конституциялық жобаның 24-бабы бойынша тек шовинистік, нәсілшілдік, ұлт араздығын қоздыратын және азғындықты уағыздайтын шығармаларды басып шығарудың заңмен қудаланатындығы бекітіледі. Осы жобада азаматтардың сөз, баспасөз, жиналыс, митинг және демонстрация ұйымдастыру бостандығына шек қойылмайтындығы, сондай-ақ аталған құқықтарын жүзеге асыру үшін азаматтарға бар жағдай жасалынатындығы нақтыланады. Азаматтардың ереуіл, шерулер мен митинг ұйымдастыруға құқылы екендігі, қоғамдық орындарда митинг, жиналыс, шеру ұйымдастыруға тек қана қауіпсіздік жағдайын ескеріп тыйым салынуы мүмкін екендігі ескертіледі (16-17 баптар). Аталып өткен баптардың мазмұнынан қозғалыстың басты мақсаты қоғамдық пікірдің әралуандылығын қалыптастыру және бөгде ниетті, саяси тұрақтылыққа қарсы бағыттағы ұстанымдардың халыққа таралмауын мемлекеттік түрде қамтамасыз ету болғандығын көреміз.

Отансүйгіштік қағидасы барлық мемлекеттердің негізгі заңдарының басты, бірегей қағидасы болып табылары сөзсіз. Отаншылдық Қазақстан азаматтарының өз отанына деген сүйіспеншілігі мен берілгендігін білдіретін, оның өмірдің барлық салаларында – саяси, экономикалық, мәдени салаларда табысқа жетуіне, оның қуатының, қорғаныс қабылетінің артуына, халықаралық аренада беделінің нығаюына ықпал ететін идеясы, сезімі мен әрекеті. Қазақстандық патриотизм – ол Қазақстанда сандаған жылдардан бері тұратын әр ұлттың адамдарының мүдде бірлігін сезіну, бұл елдің тарихи өткеніне құрметпен қарау, жаңа мемлекет құрып, азаматтық қоғам қалыптастырудағы белсенді қызмет [Сапарғалиев Ғ. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы. - Алматы: Жеті Жарғы, 1998. – 22 б.]. Осы негізде Азат қозғалысының ұстанымдарына тоқтала кетсек, қозғалыс ұсынған тәуелсіздік декларациясы жобасында көзделген басты мақсаттың бірі де осы қоғамды рухани сауықтыру және адамгершілікке баулу, мәдениет пен тарих ескерткіштерін қорғау, қазақ халқы мен республиканың өзге де ұлттық топтарының және исламдық шығыстың рухани, тарихи және мәдени құндылықтарын зерттеп-зерделеу мәселесі болатын. Бұл идея өз жалғасын қозғалыс жарғысында табады, қозғалыстың қоғам алдына қоятын талаптарының бірі: қоғамның өнегелі қозғалысы, жалпы адамгершілік қағидасының артықшылығы, қазақ ұлтының, сондай-ақ республиканы мекендейтін басқа ұлттық топтардың рухани-тарихи игіліктері зерттеліп, халық игілігіне айналсын. Бір ұлт өкілдеріне артықшылық берудің жалпы ұлттық қауіпсіздікке тигізер зиянын көре білген қозғалыс өкілдері ұлттардың өздері өмір сүретін мемлекетіне деген сүйіспеншілік сезімінің олардың ұлттық рухани құндылықтары мен тарихына деген мемлекет қамқорлығы арқылы артатындығын түсініп қана қоймай, бұл мәселені өзінің басты мақсаттары қатарына қойды. Көпұлтты мемлекеттегі барлық ұлттардың басын қосудың негізгі тетігі олардың ұлт ретінде қайта жанданып, өз құндылықтарын қайта жаңғыртуына жағдай жасау, сонымен қатар оларды негізгі ұлт өкілдерінің қасына шоғырландыру арқылы ұлттық мемлекет құру қозғалыстың негізгі мақсаты болды. Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді жариялылық жолымен шешу қағидасы арқылы біз мемлекеттің қоғаммен қаншалықты тығыз байланыста қызмет жасайтындығын көре аламыз. Ата заңымыз мемлекетімізді демократиялық мемлекет ретінде орнықтырады және мемлекет үшін маңызды мәселелерді жариялылық жолымен шешуді бекітеді. Қозғалыс ұсынған конституциясы жобасының 5-бабында Қазақ Республикасындағы барлық ұлт өкілдері Қазақстан халқын құрайтындығы, олардың егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік өкімет билігінің негізі болып табылатындығы, ал 53-баптың 12-тармағында бүкілхалықтық референдум өткізу мәселесін Ұлттық Мәжілістің шешетіндігі нақтыланады. Осылайша қозғалыс өз саяси-құқықтық ой-пікірлерінде халықты биліктің қайнар көзі ретінде танып, мемлекеттік маңызды мәселелерді халықтың қатысуы арқылы шешуді қолдаған. Осы жерде тағы бір мән бере кететін жағдай жалпы қоғамды демократияландыру мәселесі, қозғалыс бұл мәселеде өзіндік позиция ұстанады, сол кезеңде қоғамға ене бастаған демократияның жағымсыз жақтарының одан әрі дендемеуін көздеп олар ұлттық өзгешеліктерді қайта жандандыру арқылы жалаңаш, жабайы демократиядан сақтануды ұсынды. Яғни, қоғамның жариялылықты тек адамның ойына келген нәрсені істеуге еріктілігі емес, белгілі бір ұстанымдар негізінде өз бостандығын қорғау қабілеті ретінде түсінуі қажеттігін ескертті. Мұндай мақсатқа жету жолы ретінде ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту, ұлттық заңнама қалыптастыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлттық идеология қалыптастыру сияқты келелі мәселелер таңдап алынды. Аталған мәселе әлі күні де өз шешімін таба алмай келе жатқандығын ескерсек, қозғалыс ұсынған идеялардың бүгінгі күн үшін де маңызының жоғалмағандығын мойындаймыз. Биліктің бөлінісі қағидасы қозғалыс ұсынған конституция жобасының 13-бабында орын алған, Қазақ Республикасында мемлекеттік өкімет, заң шығару, атқару және сот билігі дербес, бір-біріне ықпалы болмайды. Қазіргі конституциядан басты айырмашылығы жобада парламенттік республика құру көзделген, сондықтан да билікті бөлу қағидасының өзі билік тармақтарының тепе-теңдік және тежемелік қағидасына бағынбайды, керісінше, әр билік тармағының конституция және заңдар шеңберінде дербес қызмет жасап, бір-біріне ықпал жасамауына бағытталған. Осыдан он алты жыл бұрын ұсынылған конституция жобасы елеусіз қалғанымен ондағы ұсынылған мәселелер әлі де құндылығын жоя қойған жоқ, керісінше, көпшілігі бүгінгі күннің шешуді талап ететін басты мәселелеріне айналып отыр. Ешқашан да ұсынылған ой-пікірдің өлмейтіндігін ескерсек, бұл жобадан әлі де мемлекет үшін маңызды мәселелерді табуға болатындығын көре аламыз.

3.4 Азат қозғалысының ыдырауы, оның объективтік және субъективтік себептері

Нақтылы бір кезеңдегі тарихи қажеттілік нәтижесінде өмірге келіп, өз тарихи міндетін атқарған соң ыдырап кеткен саяси ұйым ретінде танылған Азат азаматтық қозғалысының ыдырау себептері жөнінде қоғамда әр түрлі пікір қалыптасқан. Дегенмен, нақты мәліметтерге сүйене отырып, жан-жақты зерделеу жүргізуді талап ететін бұл мәселеде тек баспасөз беттерінде жарық көрген материалдар ғана емес, мемлекеттік және жеке мұрағат материалдары мен сол қозғалыс белсенділерінің пікірлерін пайдалану істің анық-қанығына жетуге септігін тигізері сөзсіз. Алғашқы құрылтайдан бастап Азат қозғалысының республика көлемінде қауырт жұмыстары басталып та кеткен-ді. Азат өз алдына басты мақсат ретінде Қазақстанның тәуелсіздік алуын және бұрынғы кеңестік режимнің орнына біртұтас, демократиялық, ұлттық мемлекет құруды қойды және сол жолда аянбай күрес жүргізді. Сонымен қатар, қозғалыстың бағдарламалық құжаттарында көрсетілгендей, жеке меншікке негізделген жаңаша экономикалық даму бағдарламасын жасау, жеке адамның құқығын қадірлеу негізінде мемлекетте азаматтық қоғам құру, жергілікті ұлт өкілдерінің және өзге де ұлттардың жоғалтқан ұлттық құндылықтарын қалпына келтіру, дін бостандығы, аз ұлт өкілдерінің саясатқа араласуына мүмкіндік жасау, республиканың біртұтастығын сақтау, жеке әскер жасақтау сияқты көптеген кешіктіруді көтермейтін мәселелерді жүзеге асыру да қозғалыстың негізгі атқаруы тиіс міндеттері болған еді [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. -Алматы: Өркениет, 2001. - 83 б.]. Осы жолда Азат қозғалысы көптеген кедергілерге жолықты, сонымен қатар, үлкен жеңістерге де қол жеткізе алды. Азат белсенділері республика аумағында орын алған әрбір саяси, әлеуметтік оқиғалардың бел ортасында жүрді. Сонымен қатар батыл түрде өз талаптарын орындату мақсатында әртүрлі саяси шаралар ұйымдастырды, соның алғашқысы 12 тамыз 1990 жылы Қазақстанның егемендігі туралы декларацияны қабылдауды талап етіп ұйымдастырылған митинг болған еді. Азаттың халықтық ұйымға айналуы қаупін көрген жергілікті партия органдары оған қарама-қайшы бағыттағы «Единство» ұйымын құруға мәжбүр болды. «Сегодня надо прямо сказать, что события последних 3 месяцев в общественно-политической ситуации города, особенно после публикации в газетах «Огни Алатау» и «Вечерняя Алма-Ата» материала «Куда зовет «Азат», митинг, проведенный 12 августа гражданским движением «Азат» на площади им. В.И. Ленина, самовольный захват земель вызвали естественную тревогу у представителей других национальностей, живущих в городе. На фоне разрушительных межнациональных конфликтов в других регионах, сценарий которых мало чем отличается друг от друга, событий в Джамбульском районе нашей области, запаздавшей реакции партийных, советских органов республики, области и наших городских властей – вполне понятно стремление создать движение интерфронтского типа. Так, буквально недавно представители 30 трудовых коллективов города объявили о создании межнационального движения «Единство» [Бороться за политическое лидерство в обществе // Вечерняя Алма-Ата. - 1990. – 11 сентября. – 2 б.]. Осылайша ұлттық бағыт ұстанғаны үшін сынға ұшыраған Азат қозғалысына саяси қарсылас ұйым «Единство» құрылған болатын. Бұдан былайғы жерде екі саяси ұйым арасында әртүрлі мәселелер турасында екі түрлі көзқарастар қалыптасып, халыққа таратылды. Қозғалыстың ыдырауының негізгі себептерінің біріне оның мемлекеттік билікпен ара қатынасын да жатқызуға болады. Бұл жөнінде М. Есенәлиев «Ақиқатты айтпау - азаматтыққа сын: Азат қозғалысы дүниеге келісімен оның бағдарламасы үшін өкімет органдары мүмкіндігі келгенше бізді Қазақстанды Одақтан бөліп алуды көздейтін ұлтшыл етіп көрсетуге тырысып бақты. Азатты орыс халқына жау етіп көрсету арқылы «Единство» ұйымының тууына түрткі болды» деп, өкімет органдарына ашық наразылық білдіреді [Есеналиев М. Үш ғасыр булыққан ұлт еңсесін көтеру үшін өз еркіндігін қорғай білгені абзал // Халық кеңесі. - 1992. – 22 қаңтар. – 2 б.]. Бастапқыда өздерін Қазақстан халқының бірлігі үшін күресуші ретінде көрсетуге тырысқан «Единство» белгілі бір жайдайда өз келбетін ашып көрсетті... Қазақстанның өз алдына тәуелсіз мемлекет болуына қарсы пікірлер орыс ұлтшылдары тарапынан оның аумағына дау туғызу арқылы таратылды. Оның басында [Солженицын А.И. Как нам обустроить Россию // Литературная газета. - 1990. – 18 сентября. – 1 б.] «Литературная газетада» жарық көрген А.И. Солженицынның «Как нам обустроить Россию?» атты жұмысы тұрған еді. Ондағы жарияланған «Сегодня во всем раздутом Казахстане казахов – заметно меньше половины. Их сплотка, их устойчивая отечественная часть – это большая южная дуга областей, охватывающая с крайнего востока на запад почти до Каспия, действительно населенная преимущественно казахами. И коли в этом охвате они захотят отделиться - то и с Богом». Осы жұмыс жарық көрісімен, Қазақстандық билік те, ағартушы қоғам да, саяси ұйымдар да бұл мәселе турасында өз пікірлерін ортаға салды. Дегенмен сепаратистік топтардың басшылығымен Қазақстанның Ресеймен шектес облыстарында жағдай шиеленісе түсті. Жағдайдың соншалықты ушыққанын Президент Н.Ә. Назарбаевтың Ресей Президенті Б.Н. Ельцинге жеделхат жолдауынан байқауға болады. Онда «Ресейдің өзімен шекаралас республикаларға территориялық талабынан айқын тұжырымдалған бас тартуы осы кезге дейін баспасөз бетінде естілмеуіне байланысты Қазақстанда салдарын болжап білгісіз жұртшылық қарсылығы күш алып келеді. Мұның өзі Республиканы Украина секілді шаралар қабылдауға мәжбүр етуі мүмкін. Ерекше қауіп Қазақстанның ядролық республика екендігінде болып отыр. Осыны басшылыққа ала отырып, тиісті мазмұндамаға қол қою үшін РКФСР-нің өкілетті өкілдерін бізге дереу жіберулеріңізді өтінемін» деген жолдарды табуға болады (Алматы Ақшамы. 30.08.1991 ж. 2 б.). Ресеймен шекаралас аймақтардағы жағдайдың ушығуы 1991 жылдың қыркүйегіндегі Орал оқиғаларының орын алуына әкелді. 1991 жылдың 13-15 қыркүйегі аралығында 20 000 мыңға жуық адам қатынасқан [Айдарбеков С. Оралда не болды? // Ақ жол. - 1991. – 20 қыркүйек. – 2 б.], үш күнге созылған наразылық акциясының ұйымдастырушысы болып, басы-қасында болған негізгі күш Азат қозғалысының жергілікті өкілдері және жер-жерден жиналған белсенділері еді. Бұл жайында Н.Қ. Сисенбайұлы өзінің осы оқиғаға арналған кітабында әділ атап көрсетеді, «Оралдағы «Қыркүйек оқиғалары» кезінде егемендігімізді мойындамай, еліміздің батысынан автономия жариялап, жерімізді бөліп алмақ болған сепаратистердің арандатуына жауап ретінде, әрекеттері стихиялы ашық қарсылыққа ұласқалы тұрған халықты қанды қақтығыстарға жібермей, бар жауапкершілікті өздеріне алып, халықты ұйымдасқан түрде бейбіт наразылық акцияға алып шыққан саяси күштер, нақты адамдар болды. Олар тасадан сөйлеп, халықты атойлатып қойып, жасырынып қалған жоқ, жұртты өздері бастап жүрді. Сөйтіп, Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндірген «саяси терроризмнің» бетін қайтарды. Тәуелсіздік жолындағы Қазақстанға әлем қауымдастығы алдында, көршілері ортасында ұтымды ұпай, саяси бедел алып берді. Тек толыққанды тәуелсіздік қана мұратқа жеткізетінін айқындап берді» [Сисенбайұлы Н.Қ. 1991, қыркүйек - «Орал оқиғасы». -Ақтөбе: Лазер, 2001. –5 б.]. Іргелі істердің жетекшісі болып, халықтың алғысына бөленген қозғалыста үлкен кедергілер мен қиыншылықтар да болды, сондықтан да қозғалыстың ыдырауына әр түрлі объективтік және субъективтік себептер өз әсерлерін тигізді деуге болады. Ал себептер сан алуан болды, қозғалыс құрылғаннан бастап оның республика халқының барлығын қамтуына кедергі болған, әрине, қозғалыс жайлы нақты ақпараттың халыққа жетуі болды. Азат қозғалысы жергілікті ұлттың ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, тәуелсіз, демократиялық ұлттық мемлекет құру қажеттігі идеясын көтергендіктен де [Өзбекұлы С. Қазақ Республикасының конституциясы (жоба) // Азат. - 1991. – қаңтар (№1). – 2 б.] ол туралы баспасөз беттерінде қоғамдық қозғалысқа қатысты негативті көзқарас қалыптастыруға бағытталған материалдар үздіксіз жарияланып жатты. Бұл өз кезегінде Азатты тек қазақ ұлтының мүддесіне ғана қызмет істейтін қозғалыс ретінде қоғамдық пікір туғызуға септігін тигізді. М.И. Шорманов өзінің «Жетісу» газетінің тілшісіне берген сұхбатында тілшінің «Ә, дегенде Азатқа одырая қарағандар қаптап, тіпті баспасөз бас-көз демей «жекпе-жекке» шақырған жоқ па?» деген сұрағына «Қайсыбір тосын жаңалықтың да дүниеге келуі оңай болмаған, оны адамдардың дұрыс қабылдап, санаға сіңіруі екі есе қымбатқа түспек. О баста да, қазір де біз Азаттың тұжырымдарын көпшіліктің лезде тез ұғынып, келісе қоюын күткен жоқпыз. Өкінішке орай, сіз дөп айттыңыз, әлгі заңды қайшылықтарға қосымша Азатты бұқаралық ақпарат құралдары бас көтертпей төпелеуге кірісті, «жаптым жала, жақтым күйеге» салып, белден басты...» дей келе, тіпті, өзінің және С. Ақатаевтың берген сұхбаттарын «Казахстанская правда» және «Огни Алатау» газеттерінің бұрмалап, айтпаған сөздерін айтты деп жариялағандықтарын, артынша сотқа жүгіну арқылы газеттердің өздерінен жария кешірім сұрауына қол жеткізгендіктерін де атап кетеді [Жаманқұлов М. «Азат» неге қарсы? // Жетісу. - 1991. – 6 наурыз. – 1 б.]. Осы мәселе турасында 12 желтоқсан 1990 жылы облыстың идеологиялық активі алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Компартиясының облыстық комитетінің хатшысы Ш.О. Омаров өз көзқарасын былай білдіреді: «Имеют свои негативные последствия публикации в газетах «Казахстанская правда», «Огни Алатау» полемических статей по поводу программы движения «Азат» в тот период, когда она только формировалась. В результате мы не только оттолкнули от себя лидеров этого движения, - хотя здесь не так все просто, - но и сами как бы сдетонировали деструктивную направленность в деятельности и этого, и многих других общественных формирований по отношению к нам». Тағы бір ескере кететін жайт, 29 қыркүйек 1990 жылы Алматыда қырықтан астам бейресми ұйымдар мен қозғалыстар өкілдері Қазақ ССР-інің Президенті Н.Ә. Назарбаевпен кездесіп, онда республика өмірінің осынау жауапты кезеңінде қоғамдық-саяси өмірдегі тыныштықты сақтау үшін 1991 жылдың 1 қазанына дейін митингі өткізуге мораторий жариялағандығы туралы ресми газеттер жариялаған болатын [Совместное заявление представителей самодеятельных общественно-политических организаций и движений города Алма-Аты // Вечерняя Алма-Ата. - 1990. – 4 октября.–1 б.]. Дегенмен, Азат осы жылдың қазан айында жарық көрген кезекті нөмірінде Президентпен кездесуге М. Есенәлиев, С. Шапағатов, Н. Қойшыбеков, Г. Биболдиновалардың барғандығын және қозғалыс туралы М. Есенәлиевтің баяндама жасағандығын баяндай келе Президент ұсынған көше шерулеріне, митингілерге мораторий жариялау мәселесінің талқыланып, көптеген бейресми ұйымдар өкілдерінің тарапынан қолдауға ие болмағандығын, ал Азат қозғалысының үйлестіру кеңесінің мәжілісінде талқыланып, жарғы талаптарына сай дауысқа салынған бұл мәселеге қатысты «Қазақ Республикасының Конституциясына, халықаралық құқыққа қайшы келетін болғандықтан, қозғалыстың бұл мораторийға қосылмайтындығы туралы» шешім қабылданды деп мәлімдейді. Сонымен қатар қозғалыс Үйлестіру кеңесінің осы мәжілісінде үш реткі қарым-қатынас орнату жөніндегі Азат қозғалысы тарапынан жасалған талпыныстан еш нәтиже шықпағандықтан «Единство» ұйымымен қарым-қатынасты тоқтата тұру туралы да шешім қабылданады («Азат». Қазан, 1990 ж. 2 б.). Бұдан былайғы уақытта «Единство» мен Азат тек саяси бәсекелеске айналды деп айтуға негіз бар. Тіпті билік тарапынан да ашық түрде «Единствоны» қолдап, Азатты айыптау орын алып тұрды, мысалы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Орталық Комитет хатшысы С.М. Байжанов «Единство» ұлтаралық қозғалысының көшбасшыларымен кездескен соң берген сұхбатында өзінің «Единство» қозғалысының бағдарламасының басты қағидаларымен келісетіндігін білдіріп, ал Азат қозғалысы жайында «Кейбір ұлтшылдық теңбілдері мен буылдыр мақсаттары бар бұл ұйымның бағдарламасына, олардың шектен шығып кетерлік шараларына деген көзқарасымды мен бұдан да бұрын айтқан едім» [Бағдар айқындалып, түсіністік байқалды // Социалистік Қазақстан. - 1990. – 22 қыркүйек. – 2 б.] деп өзінің қозғалысқа деген нақты көзқарасын білдіреді. Мұндай көзқарас әрине, Азат көшбасшылары тарапынан сынға ұшырап, қозғалыстың Компартия өкілдеріне көзқарасын нашарлатуға септігін тигізді. Ресми жарияланған мораторийді конституцияға қарсы деп тапқан Азат қозғалысы 1990 жылдың 14 қазанында үш сағатқа созылған «Бөлінбейтін біртұтас, дербес Қазақстан үшін» деген ұранмен қала басшылығының рұқсатынсыз митингі өткізді. Осы қазан айының 14-25 аралығында В.И. Ленин атындағы алаңда өткізілген өзге митингілерге Азат қозғалысының қатысы жоқтығы жөнінде мәлімдей келіп, «Алаш» сияқты «Қантөгіссіз бостандыққа қол жетпейді» деген сенімдегі радикалдық бағыттағы ұлттық бейресми партияның іс-әрекеттерін сынға алады [Дәрімбетов Б. Астананы дүр сілкіндірген 10 күн // Азат. – 1990. – қараша (№8). – 3-4 бб.]. Айта кететін жайт, Азат қозғалысы мен сол кезеңде белсенді әрекеттері арқылы қоғамда өзіне негативті көзқарас қалыптастырған бейресми «Алаш» партиясының ортақ мүддесі жағынан бір-біріне жақын болғанымен, іс-әрекеттері бір-біріне кереғар болатын. Азат қозғалысы негізгі ұлтты елде тыныштық пен бейбіт қарым-қатынас арқылы, гумандық саясат арқылы нақты игіліктерге жеткізуді мансұқ етті. Ал «Алаш» партиясы болса ашық күреске шығуды, қазақ ұлтының мүддесін нақты талаптар арқылы қорғауды көздеді. Ж. Қуанышалин қозғалыстың жанданбауы жайлы пікірін келесідей ұштайды: «Қозғалыстың жұмысына материалдық-қаржылық негізінің әлсіз болуы теріс ықпал етіп отырғанын да жасыруға болмайды. Бұл бағытта, өкінішке орай, дұрыс нәтиже берерліктей шаруаларға қол жеткізе алмай келеміз. Оның үстіне маусым айындағы саяси акциядан кейін қайтсек Азаттың көзін жоямыз, үнін өшіреміз деп жанталасқан өкімет органдары алаңдағы «шөпті таптады» деген адамның күлкісін келтіретін тұрпайы желеумен 1 миллион 590 мың сом айып салып, біздің сыртымыздан есепшотымыздағы барлық ақшамызды сыпырып алды. Кейбір көзі ашық азаматтар бізге қаржылай көмектесуге дайын, бірақ біз ол көмекті қабылдай алмаймыз, өйткені ендігі жерде есепшотымыздағы ақшаны өкімет «айып есебіне» қақшып алады да отырады» [Қуанышалин Ж. «Азат» жойылмайды, «Азат» күшейеді // Азат. – 1992. - қазан (№13).- 2 б.]. Белгілі саясаткер Д. Көшім Азаттың ыдырауы турасында өзінің кезекті бір сұхбатында былайша тұжырым жасайды: «1992-1993 жылдары жағдай өте қиын болды. Қозғалыстың тарап кеткеніне бірінші себеп болған – кедейшілік. Тағы бір себеп – көптеген жігіттер біз мақсатымызға жеттік, тәуелсіздігімізді алдық, қазақ мемлекетін құрдық деп ойлады. Олар, өкінішке орай, ұйымның алдында одан да басқа жұмыстар бар екенін түсінбеді. Биліктің тарапынан қысым болды. Бірақ, бізді жаншып тастады немесе сыртқы күштер таратып жіберді деп айта алмаймын. Бұл өзіміздің әлсіздігімізден, тәжірибесіздігімізден, кедейлігімізден деп ойлаймын» [Көшім Д. Бір жас шықса, мен оның қолына су құюға дайынмын... // Айқын. – 2005. - 13 қаңтар. – 9 б.]. Осы пікірге ұқсас көзқарасты өзге авторлар да өз еңбектерінде келтіріп өтеді, Е.Ж.Бапакумаров 1992 жылы Азаттың өзінің құлдырауына жол бергендігіне тоқталып, оған әсер еткен факторларға тоқталады. Оның ойынша, біріншіден, Қазақстанның егемендік алуымен байланысты қозғалыстың саяси мақсаттары өз өзектілігін жойды. Екіншіден, саяси жағдайдың өзгеруімен, сондай-ақ жаңа саяси бағыт-бағдарды айқындау қажеттілігінің туындауымен байланысты қозғалыс басшыларының арасында туындаған пікір қайшылықтары, ашық текетіреске ұласты [Бабакумаров Е.Ж. Динамика партийной системы Казахстана в 1985-1994 годах (опыт историко-политологического анализа). - Алматы: Институт развития Казахстана, 1994. – 23 б.]. Азатқа қатысты келесі бір сұхбатында Д. Көшім қозғалыстың ыдырау себебі турасында «Әр облыстың Азат туралы өз түсінігі болды және аймақтарда билікке таласу басталды» [Көшім Д. Азат басшылары арасында өзара қақтығыс болды // Жас қазақ. - 2006. - 30 маусым. – 3 б.] деген пікір білдірген болатын. Бұл пікірдің шындыққа жанасымдылығын сол кезеңнің өзінде де авторлардың Азатқа берген бағасынан көре аламыз, С. Ерғали «Қазақстан: саяси өмір және саяси партиялар» атты мақаласында Азат қозғалысы жөнінде келесідей пікірін білдіреді: «Құрылар кезде алдына қазақ халқын саясаттандыру жайын мақсат еткен Азат қозғалысы, жалпы алғанда бұл миссиясын ішінара орындады. Оның нақты әрекеттері жергілікті жерлерде жанданып жатқанымен, оның шоғын одан әрмен қарай үрлеп, ісін үйлестіретін нақты орталық болмағандығын өкіне отырып, мойындаған жөн» [Ерғали С. Қазақстан: саяси өмір және саяси партиялар // Азат. - 1992. – мамыр (№5).-2 б.]. Бір нақты тәртіппен барлық жергілікті ұйымдардың жұмысына басшылық жасай алмаудың да қозғалыстың ыдырауына өз әсерін тигізгенін оның кей облыстағы ұйымдарының бір лидерді, ал басқа облыстағы ұйымдарының екінші лидерді жақтап кейіннен қозғалыстың республикалық сипатынан айрылуына әкеліп соққаны айқын жайт. «Аттанайық Ақ Жайыққа» штабын басқарып, Орал оқиғаларына бел шеше араласқан Азат белсендісі О. Сәулебайдың пікірінше, қозғалыстың ыдырау себебінің бірі - қозғалыс басшыларының арасына іріткі түсуі. Іріткі салу екі негізде болды; оның бірі – қозғалыс басшыларының өз жеке басын ойлауы, екіншісі – мемлекеттің қозғалыс басшыларына қатысты жүргізген саясатының нәтижесі [Сәулебай О. Әңгіме қозғалысты кімнің құрғандығында емес... // Азат. - 2006. – ақпан (№6). – 13 б.]. Жағдайды жіті қадағалап отырған мемлекеттік орган қызметкерінің пайымдауынша, 1991 жылғы тамыздағы ГКЧП-ның орын алуы, соның нәтижесінде компартияның тарауы Азат қозғалысы негізінде жаңа партия құруға негіз болды. Осыған байланысты съезд өткізілді және осы съезде делегаттардың көқарастарында қайшылықтар орын алды. Олардың бір бөлігі М. Шорманов, Н. Қойшыбеков, Г. Биболдинованы жақтаса, екінші бөлігі С. Ақатаев пен М. Есеналиевті қолдады. М. Шорманов пен Н. Қойшыбеков съезге келмеді, ал Г. Биболдинова съезден шығарылып жіберілді. Осы кезден бастап Азатта алауыздық орын алды. Жамбыл мен Семей облыстарынан келген делегаттар жаңа партияны қолдамады. Республикалық партия басшысы болып С. Ақатаев, тең төрағалыққа М. Есеналиев сайланды. Партияның басқарушы органы құрамына А. Қылышбаев, К. Ормантаев кірді. Қозғалысқа Ж. Қуанышалин мен Д. Көшім қосылды» [Қалалық әкімиат қоры // Алматы қаласының ОММ. Қор 310; Тізбе 1, іс 142. – 10 б.]. Ал енді орын алған жағдайларға жіті көз тастасақ, 1991 жылдың 5-6 қазанында Алматыдағы Қазақстан Жазушылар Одағының мәжіліс залында республикалық Азат азаматтық қозғалысының 1-съезі мен жуырда құрылған осы аттас партияның төтенше конференциясы болып өтті. Дәл осы күндері Астанадағы республика ғылым академиясының үйінде қазақтың көрнекті азаматтары – М. Шаханов пен О. Сүлейменовтың басшылығымен тағы бір саяси құрылым – Қазақстанның Халықтық Конгресі партиясы өзінің құрылтайына жиналған еді. Өз кезегінде Қазақстанның Халықтық Конгресі партиясының құрылуын азаттықтар өздеріне, қазақ халқының басының бірігуіне қарсы жасалған шара деп түсінді. М. Шормановтың әрекеттеріне ызаланған делегаттардың, әсіресе, оралдықтар арасында конгрестің құрылтайын болдырмауға дейін әрекет етуді жақтаған көңіл ауаны айқын байқалды [Өзбекұлы Р. «Азаттың» 1 съезі қалай өтті? // Ақ жол. - 1991. – 16 қазан. – 2 б.]. Бұған себеп, тамыз айының 27-сі күні қозғалыстың үйестіру кеңесі съезд өткізуді 5-ші қазанға белгілеген болатын. Оны ұйымдастырып, әзірлеу қозғалыс төрағаларының бірі М. Шормановқа жүктелген еді. Алайда ол Халықтық Конгресс партиясын ұйымдастыру жұмыстарымен кетіп, кейбір «әттеген-айларға» жол беріп алған. Атап айтқанда, өзі құрмақ партияның құрылтай съезін әкеліп дәл 5 қазанға белгілеген. Ал, азаматтық Азат қозғалысының съезін 6 қазанға көшірмек болған [Тоқашбаев М. «Азат» атты қозғалыс... // Халық кеңесі. - 1991. – 10 қазан. – 2 б.]. Осы съезде сөз алған М. Есенәлиев өз баяндамасында араға жік салушылардың көптігін қынжыла баяндады. – Мәселен,- деді ол, - залда «Желтоқсан» жоқ, «Қазақ тілі» қоғамынан ешкім жоқ, Конгресс съезі қатар өтіп жатыр. Қазақ халқына ең бірінші саяси күрес керек. Азатқа не керек? Ыстық жүрек, терең ой керек. Жиырмасыншы ғасырдың соңы мен жиырма бірінші ғасырдың басы қазақ халқының тағдырына мол мүмкіндік туғызып отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланайық ағайын! [Бостандықтың терең мәні... // Алматы ақшамы. - 1991. - 9 қазан. - 2 б.]. Осы жерде қозғалыс тең төрағаларының бірі М. Шормановтың қозғалыс қатарынан шығып, өзге партияның құрылуына атсалысуына не себеп болды деген заңды сұрақ туындайды. А. Қадырбаева мен А. Зейнуллиннің айтуларына қарағанда, Азаттың басқару орталығынан жік шыққан. Оның басты себебі – қозғалыстың бас төрағаларының бірі – М. Шормановтың партиядағы бірінші рөлге ұмтылған шамшылдығынан туып отырса керек. Азаттың құрамында М. Есенәлиев пен С. Ақатайдан аса алмаған ол (бұған оның барлық ісі қазақ тілінде жүретін қозғалыста жүріп, өз ана тілін білмеуі де себеп болғандай) іс жүзінде М. Шаханов пен О. Сүлейменовті қалқа тұтып, Халықтық Конгресс деген аз ғана қазақтың күшін бөлшектеп, Азаттың позициясын әлсіреткеннен басқа пайдасы шамалы партияны құруға түрткі болған [Өзбекұлы Р. «Азаттың» 1 съезі қалай өтті? // Ақ жол. - 1991. – 16 қазан. – 2 б.]. Кейіннен осы жағдай туралы ҚРП І съезінің С. Ақатай жөніндегі мәлімдемесінде де атап өтіледі, онда: «С. Ақатайдың 1990-91 жылдар аралығында Азат қозғалысының бірден-бір жетекшісі болуға тырысып, өзіндей тең төрағалардың бірі М. Шормановпен билікке таласты. Азат қозғалысының әрбір жиыны осы екі азаматтың өзара талас-тартысына айналып, негізгі саяси мәселелер кейін шегеріліп қалып жатты» делінген. Аталмыш жағдайдың нақтылы ақиқаты осы екі азаматтың арасындағы келіспеушілік, ал олардың әрқайсысының жеке билікке ұмтылғандығы жөніндегі пікір екі ұштылау. Өйткені екі азамат та саяси ұйымнан іргесін аулақ салған соң ғана оның қалған қалған мүшелері олардың жеке билікке ұмтылғандығы жөнінде пікір айтқан. 1992 жылы шілде айының 17-24 аралығында Алматыда бүкіл республикалық бейбіт наразылық шеруі болды. Акция кезінде ауруханаға түскен қозғалыс басшысы М. Есенәлиев денсаулығына байланысты өз еркімен қызметтен бас тартты. Осы шеру өткізілген соң Азат қозғалысы, Республикалық партия және «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясының бірлескен мәлімдемесі баспасөзде жарық көрді. Осы мәлімдемеден үзінді келтірсек, үш саяси ұйым біріккен штаб төңірегінде топтасып, 1992 жылдың 17 маусым күні Алматының Ленин атындағы алаңында бейбіт наразылық акциясын бастаған еді. Оған жоғарыда аталған саяси ұйымдардың 15 облыстағы бөлімшелерінен өкілдер қатысты, акция кезінде мынандай үш талап қойылды: 1. Үкімет орнынан алынсын. Ол тіркелген қоғамдық-саяси қозғалыстар мен партиялардың қатысуымен коалициялық негізде қайта құрылсын; 2. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңға сәйкес әкімдерден босауға тиіс депутаттық орындар, сондай-ақ қазір өзінің жұмысын тоқтатқан бұрынғы коммунистік партия және комсомол тарапынан сайланған депутаттардың орнын тіркелген қоғамдық-саяси бірлестіктер мен партияларға бөліп беру; 3. Бұрынғы Қазақстан Компартиясынан қалған мал-мүлік еліміздегі демократияны қалыптастыру мақсатына, яғни тіркелген қоғамдық-саяси қозғалыстар мен партиялардың аяғынан тұрып кетуіне жұмсау. Мәлімдеме авторлары өздерінің билікпен ортақ мәмілеге келе алмағандықтарын сөз ете келе, келесі жағдайды мәлімдейді: 1. Республиканың қазіргі өкімет органдарымен өзара түсінісіп бірге іс-қимыл жүргізудің мүмкін еместігіне көз жеткізе отырып, бейбіт акцияның екінші кезеңінде Қазақстанның барлық қоғамдық-саяси бірлестіктеріне іріп-шіріген режиммен бұдан да пәрмендірек күрес жолына түсіп, толыққанды және өмірге бейім оппозицияны ұйымдастырудың алғы шартты ретінде көлеңкесі Министрлер Кабинетін қалыптастыруға кірісу жөнінде ұсыныс енгізілсін; 2. Егер жақын айлардың ішінде ішкі және сыртқы саясатта тәуелсіз мемлекет құру мүддесіне қызмет жасайтын күрделі өзгерістер жасалмайтын болса, біз Президенттің, Парламенттің және Үкіметтің орнынан алынуын қамтамасыз ететін қоғамдық-саяси науқанды бастау құқығын өзімізге қалдырамыз [«Азат» қозғалысы, ҚРП және «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясының бірлескен мәлімдемесі // Азат. – 1992. – шілде (№7). – 4 б.]. Саяси ұйымдардың күш біріктіру арқылы саясатта салмақты орынға ие болу идеясын ұсынған М. Есенәлиев болды, оның «Медлить нельзя» [Исиналиев М. На грани...эпох. -Алматы: Ғылым, 1998. – 137 б.] атты осы үш саяси ұйым мүшелеріне арнап жазылған хатындағы ойларды басшылыққа алып, заман талабы, жұртшылық пікірін, бүгінгі таңда қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси жағдайды ескере отырып, Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы, республикалық партиясы және ұлттық-демократиялық «Желтоқсан» партиясы 11 қазан күні бірігу съезін өткізді. Оның алдында Азат пен ҚРП-ның жеке-жеке съездері болып, оларға қатысқан делегаттар бұл үш қоғамдық-саяси бірлестіктің қосылуын бірауыздан құптады. Азат қозғалысы съезіне белгіленген 84 делегаттың 59-ы, ҚРП съезіне белгіленген 76 делегаттың 53-і қатысты. Бірігу съезінде Азат, ҚРП және «Желтоқсанның» республикалық партия негізінде қосылғандығы жөнінде шешім қабылданды және республикалық партияға «Азат» аты беріліп, бекітілді. Қазақстанның республикалық «Азат» партиясының төрағасы – К. Ормантаев, төрағаның бірінші орынбасары – Х. Қожа-Ахмет, төрағаның бас кеңесшісі – Ж. Қуанышалин, «Азат» газетінің бас редакторы – Б. Дәрімбет болып сайланды [Қуанышалин Ж. «Азат» жойылмайды, «Азат» күшейеді // Азат. – 1992. - қазан (№13). – 1 б.]. Осы съезде С. Ақатаев туралы мәлімдеме қабылданды, мәлімдемеде оның қызметіне баға берілген, сонымен қатар, президентті орынсыз мадақтау науқанына белсене қатысып, өзі басқарып отырған партияның жұмыс стиліне өзі қайшы келгендігі аталады. 17-24 маусым аралығында өткен наразылық акциясында оның акция жұмысына кедергі келтіріп, үш саяси ұйым бірлесе қабылдаған мәлімдемеге қарсы болғандығы, бірігу съезін болдырмау үшін егін орағына қатысу жөнінде үндеуді өзге басшылармен келіспестен қабылдағандығы, бірігу съезін болдырмауға барынша күш жұмсағандығы айтылады. Сөз соңында С. Ақатайдың парламенттік саяси партияның жетекшілігіне лайық емес деп танитындықтарын жеткізеді [ҚРП 1 съезінің С. Ақатай жөніндегі мәлімдемесі // Азат. – 1992. – қазан (№14). – 2 б.]. Осыдан кейін қозғалыс басшылары арасындағы жағдай мүлдем ушыққаны белгілі. Өздерінің «Азаттықтарға ашық хат» деп аталатын жолдауларында С. Ақатай мен М. Тәтімов «1992 жылдың маусым айында ойланбай істелген, сәтсіз, ел ішінде «Азаттың» там-тұмдап жиған абыройын төккен акциядан соң қозғалыс та, оның жанында құрылған Қазақстанның Республикалық Азат партиясы да түбегейлі идеялық және ұйымдық дағдарысқа ұшырап, ақыры енші бөлісуге кірісті» деп өздерінің бұл акцияға қарсы көзқараста екендіктерін ашып көрсетеді. Сондай-ақ Азат мүшелеріне 1992 жылдың 11 қазанында өткен Президентке деген өшпенді, дәйексіз саясат қолданатын Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы, республикалық партиясы мен ұлттық-демократиялық «Желтоқсан» партиясының біртұтас республикалық «Азат» партиясына бірігу съезін заңды деп мойындамауды, жарғылық құжаттарға сай өздерінің аталмыш қозғалыс пен партияның съездерін өткізуді 1992 жылдың 21-22 күндеріне белгілегендіктерін мәлімдейді [Ақатай С., Тәтімов М. Азаттықтарға ашық хат // Қазақ әдебиеті. – 1992. – 10 қазан. – 2 б.]. Ал Х. Қожа-Ахметтің жеке мұрағатындағы материалдардан алынған Ақатаев, Тәтімов, Бабалықов, Дощанов, Қодаров, Сатыпалдиев, Нүсіпжанов және басқалардың атынан жолданған «Азаттықтарға» жолданған ашық хаттағы: «Топқа бөлінуге себеп: Назарбаевтың саясатына, тұлғасына көзқарас. Дәрімбетовтың тобы: Назарбаев тұрғанда Қазақстан оңбайды, Назарбаев дереу отставкаға кетсін, оның орнына онын, тіпті жүзін табамыз, Назарбаевты қолдағандар – КГБ-ның шпионы дейді. Ақатаевтың тобы: Рас – Назарбаев – анау, Назарбаев – мынау, бірақ, қазіргі Қазақстан үшін, қазақ үшін Назарбаев керек. Назарбаев кеткен күні жау басын көтереді, дейді» деген ойлар мәселенің мәнісін айқындай түседі [22 қыркүйек 1992 жылғы Азаттықтарға ашық хат // Х. Қожа-Ахметтің жеке мұрағаты. 1-папка, 1 б.]. Сонымен қатар, С. Ақатай 1 қараша 1992 жылы Алматы қалалық әкімшілігіне хат жолдап, онда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 10-11 қазанда өткен съездерді заңсыз деп танығанын айта келе, көпшілік азаттықтардың өткізіліп жатқан реформаларды, Қазақстан Республикасының бейбіт жолмен өзгерістерге қол жеткіуін, Н. Назарбаевтың саясатын және ұлтаралық татулықты қолдайтынын мәлімдейді. Сонымен қатар, 21-22 қарашада өтетін өздерінің заңды съездерінде әр түрлі бейресми топтардың заң бұзушылықтарына жол бермеу үшін съезд барысында тәртіпті қамтамасыз етуін сұрайды. Осылайша қуатты саяси ұйымның басшылары арасындағы даулы мәселелер баспасөз беттерінде кезек күттірмей жарияланып жатты. Ал қозғалыстың да, оның негізінде құрылған партияның да күн санап халық алдында беделі төмендей берді. Ал біріккен республикалық «Азат» партиясы мемлекеттік тіркеуден өтпеді, ол жайлы Қ. Қабулов өз мақаласында 1993 жылдың наурыз айының 25 күні Алматы қалалық әкімшілігінде өткен саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың кездесуіндегі Әділет министрлігінің басқарма бастығы М.М. Әмірованың сөзін келтіреді: «Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы, Қазақстанның Республикалық партиясы тіркелген ұйымдар. Олар бар. Ал тіркелмеген «Желтоқсан», Азат қозғалысы (ол партия емес) және тіркелген Республикалық партия қосылуға тиіс емес. Бұл заңсыз. Оның саяси жағында шаруам жоқ. Сондықтан «біріккен партия» дегенді Әділет министрлігі мойындамайды. Есеналиевтің қозғалысы, Ақатаев пен Ормантаевтың партиялары деген атауларды біз білмейміз. Партияларды өз басшыларының атымен атауға тиіс емеспіз» [Қабулов Қ. «Азат» қозғалысы: үміт пен күдік // Қазақ әдебиеті. - 1993. – 9 шілде. – 9 б.]. Уақыт өте келе, Республикалық партия мен Азат азаматтық қозғалысының жолы мүлдем алшақтады, 1993 жылдың 3 қазанынан бастап қозғалыс төрағасы қызметін Х. Қожа-Ахмет атқарды (25 желтоқсан 1991 жылы ресми мемлекеттік тіркеуден өткен, мөрі бар қозғалыстың негізгі бөлігі), ортада қозғалыстың осы негізгі тобының басшылары арасында қаншама талас-тартыс, келіспеушіліктер орын алса да өз қызметін жалғастыра берген қозғалыс жұмысына тек 2005 жылы шілде айында мораторий жарияланып, соның негізінде «Ұлт тағдыры» қозғалысы құрылып, жаңа бағытта жұмысын бастады. Жаңа қозғалыс жөніндегі төрағаларының бірі Х. Қожа-Ахметтің пікірі келесідей: «Азат қозғалысының тек атауы ғана өзгертілді, сондықтан ол мүлдем жойылды дегенге қарсымын. Ал Азат қозғалысының бұрынғы басшылары сол жаңа құрылған «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы болып сайланды» [Қожа-Ахмет Х. Дүрдараздық – жеке бастың амбициясы // Жас қазақ. –2006. – 30 маусым. – 3 б.]. Жоғарыда аталған жайларға талдау жасай отырып, Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының барша қазақстандық азаматтардың басын біріктіріп, үлкен саяси күшке айнала алмауының көптеген объективтік және субъективтік себептерінің болғандығына көз жеткізе аламыз. Алайда, нақтылы идеяға және идеалға беріліп, соның жолында күресуші белсенділердің өзара бір-біріне деген сенімі мен ынтымағы аталмыш себептерді жеңуі мүмкін еді. Жалпы, өз жеке басынан ұлтық мүддені артық қоя білгенмен өзара тіл табысу, сол ұлттық мүдде жолында ымыраға келу жағына үлкен мән беру қажетігін естен шығарғандықтан, сонымен қатар ұлт болашағының екі түрлі даму жолын көргендіктен және мемлекеттегі жүргізіліп отырған саясатқа да екі түрлі көзқараста болғандықтан қозғалыс өз сапында ыдырауға жол берді. Мұнда негізгі ескеретін жайт қозғалыс басшыларының мемлекеттегі саясатқа қатысты пікірінің әрқилы болып екіге жарылуының басты себебі мемлекеттің өзінің сол қозғалыс мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қазақ ұлтының мемлекеті болғандығында еді. Басшылар арасындағы дүрдараздық шеңберінде оның бір бөлігі билікті жақтаушы, ал екінші бөлігі оппозициялық бағыттағы көзқараста өз ұстанымдарын өзгертпестен қала берді. Ойымызды қорытындылар болсақ, Қазақстандағы саяси-құқықтық ой-пікірлердің дамуына дем беріп, сол идеялардың жүзеге асуына мұрындық бола білген азаматтық Азат қозғалысының тәуелсіз Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Қозғалыстың ыдырауының себептері әр түрлі, бірақ ақиқат анық, ол – азаматтық Азат қозғалысының керек кезде өмірге келіп, тарихи маңызы бар мәселелердің жүзеге асырылуына мұрындық болуы. Азат қозғалысының сол кезең үшін өте маңызды болған мәселелерді шешуге ұлт жанашыры ретінде атсалысуы, өз ұстанымдары мен идеялары үшін ашық күреске шығуы қазақ ұлты өкілдері арасында кең қолдауға ие болып отырды. Дегенмен ұзаққа созылған Кеңестік жүйеден соң демократиялық бағытты ұстанған ең алғашқы ұлттық қозғалыс болған соң оның жұмысында кейбір олқылықтардың болуы заңды құбылыс еді. Өзі өмір сүрген аз ғана уақыттың ішінде халық көңілінен шығып, ұлт мүддесі үшін күрескен Азат қозғалысы жөнінде қоғамдық пікір сан алуан. Р. Құттыбаева Азат қозғалысын таныстыру мақсатында жазған мақаласында қозғалыстың жұмыс кезеңдерін шартты түрде былай белгілейді: 1. а) 1989-1990 жылдары қазақ интеллигенциясы саяси клубынан қозғалысқа айналуы; б) 1990 шілде 1991 жылы – қозғалыстың республика тәуелсіздігі үшін күресі (Қазақстандағы қоғамдық қозғалыстар, ұйымдар мен саяси партиялар арасынан «Азат» ең бірінші болып мемлекет тәуелсіздігін талап еткен); 2. а) 1991 қыркүйек-1992 қазан – ҚАҚ «Азаттың» екіге бөлініп, қозғалыс негізінде ҚРП «Азаттың» пайда болуы; б) 1992-1993 жылдары ҚРП «Азат» пен ҚаҚ Азат өзара бірігу процессін өткізіп жатыр [Құттыбаева Р. Азат партиясы туралы не білеміз? // Ақиқат. - 1993. - №10. – 96 б.]. Дегенмен бұлай Азат қозғалысының қызметін кезеңге бөлудің олқылықтары бар деп білеміз, Өйткені қозғалыс құрамынан құрылған Азат Республикалық партиясы қозғалыстың жарғысына сәйкес бөліну негізінде емес, қайта сол қозғалыстың мүддесіне сай құрылған ұйым болды. Ал бірігуге келсек, қозғалыс тек Республикалық партиямен ғана емес «Желтоқсан» бейресми париясымен де бірігуді көздеді. 11 қазан 1992 жылы бірігу съезін өткізіп біріккен «Азат» партиясының құрылғанын жариялағандығын біз жоғарыда атап өттік, бірақ тіркеуден өте алмағандықтан бұл бастама сәтсіздікке ұшырағаны мәлім. Кейіннен Азат қозғалысының өзі әлсіз, шашыранды негізде жұмыс істегендіктен оның жалпы өмір сүруін кезең-кезеңге бөлудің қажеті де шамалы. Ал қозғалыстың белсенді жұмыс атқарған шағын 1990 жылдың шілдесі мен 1992 жылдың қазан айының аралығы деп батыл айтуға негіз бар. Ойымызды қорытындылау үшін белгілі ғалым А. Сейдімбектің «Алаш», «Азат» партияларында бірден тарихқа кеткен есені қалпына келтіру, бірден кемшіліктерді жойсам деген нәрестедей пәк ұмтылыстар болды» деген сөздерін келтіре кеткенді жөн көрдік[Сейдімбек А. Біздің министрлердің 90 пайызы «Елім-ай» әнін білмейді // Айқын. -2005. - 7 шілде. – 7-9 бб.].

ҚОРЫТЫНДЫ

Жұмыстың басты міндеті – жүйелі, кешенді тұрғыда Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының ұсынған саяси-құқықтық ой-пікірлерін талдау, оның құрылуының негіздерінің тарихи алғышарттарын, сондай-ақ ыдырау себептерін зерттеу болды. Осыдан тек он алты жыл бұрын ғана саяси сахнаға шығып, демократиялық қоғам құру жолында аянбай еңбек еткен және мемлекеттегі саяси-құқықтық идеялар плюрализмінің кең етек жаюына ықпал етіп, өзі тарапынан ұсынылған идеялардың жүзеге асуы жолында демократиялық жолмен күрес жүргізген, қысқаша айтқанда, халықтың кең қолдауына ие бола білген Азат қозғалысының ұсынған саяси-құқықтық идеялары бүгінде мемлекетте кең қолданысқа ие болуда, сондай-ақ болашақта да мемлекетіміздің даму бағытын айқындауда өз үлесін қосары сөзсіз. Жалпы Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысын өзге де ғылым салалары зерттеуі қажет, біз қозғалыстың құқық пен мемлекетке қатысты идеяларын талдаудың бір нұсқасын ұсынып отырмыз. Зерттеу жұмысында Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы Кеңес империясының құлдырау кезеңінде өмірге келіп, тәуелсіздік идеясын алып шыққан және сол жолда аянбай күрес жүргізе білген және кеңестік режимге қарсы бағытта даму жолын ұстанған, сондай-ақ жаңаша бағытта даму жолына сәйкес қоғамдық ой-пікірді қалыптастыра білген күрделі саяси ұйым ретінде қарастырылды. Қозғалыс қайта құру идеясы негізінде еркін ойлауға ерік берілген кезеңдегі алдыңғы қатарлы саяси-құқықтық идеяларды тудыра білді. Ол идеялардың бастысы, әрине, тәуелсіздік идеясы болды. Сонымен қатар, қозғалыс тәуелсіздік алғаннан соң жаңаша нарықтық экономикаға көшу, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік нарықтың белді мүшесі болуы жайлы ұтымды ойларды алға тарта білді. Жетпіс жыл бойы ұлтсыздандыру саясатының жетегінде болған қазақ ұлтының қайта жанданып, өзін-өзі басқаруының мүмкіншіліктерін көре білген қозғалыстың пайда болу негіздерін ашып көрсету үшін кеңестік режимнің негізін қалаушы лениндік-маркстік ілімге арнайы тоқталып, оның ұлт саясатындағы ұстанымдарына талдау жасалынды. Бұл өз кезегінде маркстік-лениндік саясаттағы ұлттардың өзін-өзі билеу құқығының декларативті сипатта болғанын, жылтыр сөзбен ұлттарды алдап ұстау бағытында екендігін түсінуге негіз болды. Кейбір зерттеушілер дәлелдемекші болғандай, лениндік ұлт саясатының ізгі ниеттерін Сталиннің өз жеке бас мүддесі үшін кері іске асырғаны жайлы ойлар емес, нақты жазылған еңбектердегі лениндік ұлт саясаты ешқандай да отар ұлтқа еркіндік беруді қарастырмағанын дәлелдеуге мүмкіндік болды. Осынау төңкеріс арқылы жаңа қоғам құруды көздеген большевиктік идеологияның қазақтар тарапынан қалай қабылданғаны, шынында да қазақтардың ол идеяны өзіне жат көргені нақты деректерге сүйене отырып дәлелденді. Сондай-ақ, Алаш қозғалысының лениндік ұлт саясатына сенімсіздікпен қарағаны, сол себептен кеңестік билікке қарсы шыққаны жайлы тоқтала келіп, большевиктердің тек отар елдерді одан ары қанап, өз мүддесі үшін пайдаланғаны баяндалады. Кеңестік дәуірдегі ұлттық саясаттың салдары жөнінде қысқаша мәліметтер беріліп оның ешқашан да аз ұлттардың мүддесін көздемегенін, керісінше оларды жойып, орыстандырудың үлкен қарқынмен жүзеге асырылғандығын, сол себептен ұлтшыл азаматтар әр кезде де Кеңестік режимге өз қарсылықтарын білдіріп отырғандығын ашып көрсетеді. Ал Кеңестік саясатқа қарсы шығушылар мемлекет тарапынан аса қатыгездікпен жазаланды, олар жайлы баспасөз тек жаман пікір тудыруға жұмылдырылды. Жағдай осылай болғанымен, тәуелсіздік идеясы әр ұлтшыл азаматтың көңіл түкпірінде жатты. Елдегі партияның шексіз билікке ие болып, оған бақылаудың болмағандығынан ол өз тарапынан құқыққа қайшы әрекеттерге барып отырды және қоғамдағы саяси ахуалдың күрделіленіп, шиеленісуне мұрындық болды. Идеялық тоқырау бара-бара кеңестік режимді толықтай қамтып, бұдан ары мемлекетті дамыту жолдарын қарастырған Горбачев «қайта құру» идеясын ұсынды. Қайта құру идеясы тоқыраған саяси-құқықтық ілімдерге жан бітірді. Алып империяның әр шалғайларында ұлттық ұрандар көтеріле бастады, ұлттар өздеріне қатысты кеңестік режим жүргізген саясаттың қателіктерін түсіне бастады, осы кезеңде жаңа бағыттағы ұлттық саяси ұйымдар тарих сахнасына шыққан болатын. Қазақстанда алғаш рет Азат қозғалысы өзін саяси ұйым ретінде жариялап, өз қызметін ашық түрде жүзеге асыра бастауы қоғамды әртүрлі, ібр-біріне кереғар пікірлер тудырды. Бұл өз кезегінде қозғалыстың ары қарайғы тағдырына да өз септігін тигізді, орыс тілді басылымдарда жарияланған алғашқы қозғалыс жайлы мақалалар қозғалыс құрамына өзге ұлт өкілдерінің көптеп енуіне кедергі болды. Жекелеген зерттеушілер Азат қозғалысын «ұлттық мемелкет» құруды ұлт артықшылығын қамтамасыз ету арқылы құрамыз деп ойлайтын ұлтшыл-радикалдар қатарына жатқызып, оған өз бағаларын да берген болатын [Карсаков И. Политические партии России и Казахстана: сравнительный анализ // Саясат. – 1995. - №5. – 26 б.]. Ал қозғалыс өз ұстанымдарын өзі ұсынған құжаттар жобаларында ашық білдіріп отырды, қозғалыстың жарғысы мен бағдарламасы жаңашылдық бағыттағы идеяларға толы болды. Қозғалыс алғашқы болып қазақ ұлтының отаршылар тарапынан тапталған құқықтарын қалпына келтіруді мәселе ретінде қойды. Коммунистік партияның жүргізген саясатына сын көзбен қарап, өзге бағытта дамудың тұжырымдарын ұсына білді, сонымен қатар Коммуистік партия ұсынған кейбір жаңашыл бағыттағы идеялар Азат тарапынан қолдауға ие болды. Бұл жөнінде А. Қасабектің пікірін келтірсек, «Азат ә дегеннен-ақ халықтың көкейінде қоздаған өзекті мәселелерді көтерді. Және ол шешімін талап еткен мәселелер көбіне көп Қазақстан Компартиясы күн тәртібіне қойып жүрген мәселелермен үндесіп жатты. Демек, Азаттың ойға ой қосып, қордаланып қалған проблемаларды бірлесіп шешуге шақырудан бөтен пиғылы жоқ. Оның үстіне пікірлер саналуандығы үстемдік құрған бүгінгі жариялылық заманында әредектегідей, өз ойын ортаға салушыға сойыл ала жүгіру – демократияның табиғатына үйлеспейтіні, керісінше, салауатты пікірталас арқылы жұрттың бәріне тиімді, оңтайлы шешімдерге қол жеткізуге болатыны әркімге аян»[ Қасабек А. Төртеу түгел болса... // Қазақстан Коммунисі. – 1991. -№2. – 34 б.] . Азат қозғалысы өзгелерді саяси сахнадан ығыстыруды емес, идеялар плюрализмі жағдайында мемлекеттің демократиялық бағытта жұмыс істеуіне ықпал етуді көздеді. Қозғалыс бағдарламасында демократиялық жолмен дамудың алғышарттары қамтылды. Бағдарламада қозғалыс өзінің Қазақ Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануын, жеке меншік туралы заңның, азаматтық туралы, миграция туралы және өзге де адамның жеке басының тұрмыс ахуалдарын жақсартатын заңдардың қабылдануын жақтайтындығын ашық білдірді. Қозғалыс тарапынан жасалынып Жоғарғы Кеңес қарауына тапсырылған Қазақстанның егемендігі туралы декларация жобасы қозғалыстың демократиялық даму жолын таңдағанының куәсі болды. Осынау қазақ халқы үшін маңызы зор құжат мәтінінде алғаш рет Қазақстанның аумағының біртұтастығы, дербес әскер құру, қазба байлықтарына республика меншігі, биліктің көпұлтты Қазақстан халқына тиістілігі сияқты идеялар орын алды. Өзге де Одақтас республикалардағы жағдайды бақылап отырған қозғалыс мүшелері өзгелер секілді Қазақстанның да тезірек тәуелсіздікке қол жеткізуін мақсат етті. Сол жолда тіпті, егемендікті жариялауды тездетуді талап етіп митингілер де ұйымдастырды. Сонымен қатар қозғалыс мемлекеттің негізгі заңы Конституция жобасын жасап, өзінше мемлекет нысанын жасау жайында прогресшіл идеяларды алға тартты. Конституция жобасында орын алған ұлттық мемлекет, билік бөлінісі, бір палаталы парламент, мемлекеттік тіл, қоғамның танымал өкілдерінен Президенттік кеңесу алқасын, алқалық сот құру сияқты идеялары бүгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ, кейбірі іске асырылып та жатыр.. Азат қозғалысы өзінің басты мақсаты ретінде қазақ жерінде орын алған теңсіздікке қарсы болды, қазақ ұлтының мүддесін көздеді және қазақ жерінде қазақ ұлтының негізінде ұлттық мемлекет құру қажеттілігін алға тартты. Қазақстандағы қазақтардың санын көбейтудің өз алдына жоспарын даярлап, көші-қон заңының жобасын жасады, сонымен қатар шет елдегі қазақтарды отанына қайтару қажеттілігін мәселе ретінде қоя білді. Қозғалыс Қазақстанның дербес түрде экономикалық дамуының тұжырымдамасын жасап, мемлекеттің экономикалық дамуы жөнінде өз ойларын ортаға сала білді. Осы құжатта алғаш рет Қазақстанның өзіне тән валютасын шығару мәселесі көтерілді, жекешелендіру мәселесіне қатысты сондай-ақ сыртқы сауда және ішкі өндіріс мәселелері турасында да балама идеялар ұсынды [Қазақстанның экономикалық дамуының концепциясы // Азат. – 1992. – шілде (№7(33)). – 3 б.]. Ерекше тоқталуды қажет ететін жағдай, қозғалыстың адам құқығы мен бостандығы мәселелеріне үлкен мән беруі, қозғалыс өзі ұсынған құжаттар жобаларында адам құқығының жан-жақты кепілдіктерін қаперден тыс қалдырған жоқ. Саяси-құқықтық ілімдердің негізсіз болмайтындығы белгілі, сондықтан да қозғалыс ұстанымдары жайлы талқылаған кезде оның қайнар-көздері мен негіздеріне тоқталмау мүмкін емес, сондықтан да Азат қозғалысымен Алаш қозғалысының және М. Шоқай идеяларының үндестігі турасында нақты талдаулар жасалынды. Азат қозғалысы тәуелсіздік, ұлттық мемлекет, Түркістан конфедерациясы турасында өз идеяларын жаңаша бағытта ұсына білді. Азат қозғалысы алғаш рет ғасыр басында тұншықтырылған дербес қазақ мемлекетін құру идеясын қайта жандандырды, қазақ мемлекетінің өзінің мемлекеттік меншігі болуын, табиғи байлықтарға өзі ие болуы қажеттілігін, сонымен қатар қазақтың өз дербес армиясы болуы қажеттілігін дер кезінде алға тартты. Жалпы Түркістанға байланысты қозғалыс белсенділерінің идеялары бір арнаға тоғысады. Алғашқыда С. Ақатай «Түркістан Федерациясын» құруды ұсынса, кейіннен қозғалыс «Түркістан Конфедерациясын» құру идеясын барынша қолдады. Қозғалыс өзге түркі республикаларының саяси ұйымдарымен тығыз байланыс орнатып, жалпы түрік дүниесінің өзара ықпалдастығын қамтамасыз етуді көздеді. Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы республика көлемінде халықтың кең көлемде қолдауына ие болған салиқалы саяси ұйым болды. Азат қозғалысы өзінің белсенділігін бәсеңдеткен тұста да оның жақтаушылары жер-жерлерде бастауыш ұйым ретінде нақты іс-әрекеттер жасамағанымен, қозғалысқа деген жанашырлық көзқарастарынан ауытқи қойған жоқ. Тіпті, 2005 жылы шілде айында Азат қозғалысының жұмысына мораторий жарияланған соң да оның орнына құрылған жаңа «Ұлт тағдыры» қозғалысына мүшелікке негізінен Азаттың мүшелері кірген болатын. Қозғалысқа деген халық ықыласының ерекше болуы оның халықтың ой-пікірін арқалаған, халықтық саяси ұйым болғандығының айғағы деп білеміз. Сондықтан қозғалыстың Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікір тарихындағы алатын орнын айқындау, сонымен қатар Қазақстанның жаңа тарихында Азат қозғалысының орнын белгілеу уақыт талабы. Ғылыми еңбекте Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының уақыт талабына сәйкес демократияшыл өміршең идеяларды ұсына білгендігі дәлелденді. Олардың қатарына «құқықтық мемлекет», «азаматтық қоғам», «демократиялық қоғамдағы адам құқығы», «демократиялық бағытта даму жолындағы оппозициялық блок» және тағы басқа көптеген идеяларды жатқызуға болады. Жұмыс мазмұнында Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының жарғылық құжаттары және жалпылама құжаттары, қозғалыс ұсынған құқықтық актілердің жобалары, қозғалыс көзқарасын білдіретін қозғалыс белсенділерінің пікірлері кең пайдаланылды. Демократиялық қоғам құру идеяларын көтеріп, демократиялық қоғам құру жолында еңбек еткен Азат қозғалысының мемлекеттік-құқықтық идеяларының Қазақстанда азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет идеяларының іске асырылуына тигізер әсері зор болмақ.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында. - Алматы: Өнер, 1996. – 272 б. 2 Ленин В.И. Три источника и три основных части марксизма. - М.: Политиздат, 1971. – 64 с. 3 Лейста О.Э. История политических и правовых учений: Учебник. - М.: ЗЕРЦАЛО, 2000. – 512 с. 4 Косичев А.Д. История марксистско-ленинской философии (1893-1917 гг.). - М.: Высшая школа, 1987. - 446 с. 5 Сталин В.И. 1924 г. // Сочинения. - М.: Изд. политической литературы, 1952. - Т.6. - 431 с. 6 Ключевский В.О. Письма, дневники, афоризмы и мысли об истории. - М.: Наука, 1968. – 525 с. 7 Бердяев Н.А. Истоки и смысл русского коммунизма. - М.: Наука, 1990. - 222 с. 8 Мукашев З. Карл Маркс и марксизм-ленинизм. – Алматы: ВШП «Әділет», 1999. -139 с. 9 Маркс К. Энгельс Ф. Манифест коммунистической партии. - М.: Изд. политической литературы, 1983. – 63 с. 10 Ленин В.И. Критические заметки по национальному вопросу. - М.: Изд. политической литературы, 1954. – 112 с. 11 Ленин В.И. Орта Азия мен Қазақстан туралы. - Алматы: Қазақ мемлекет баспасы, 1960. – 660 б.

12 Шоқай М. Таңдамалы. - Алматы: Қайнар, 1998. – Т.1. - 512 б. 13 Троцкий В. Портреты революционеров. - М.: Московский рабочий, 1991. – 364 с. 14 Сталин И.В. 1907-1913 гг. // Сочинения. - М.: Издательство политической литературы, 1951. - Т.2. – 428 с. 15 Өзбекұлы С. 17 ғасырдың соңы – 20 ғасырдың бас кезеңінде Қазақстандағы саяси-құқықтық ой-пікірдің тарихы және қайраткерлері: заң ғыл. д-ры ... автореф. – Алматы, 1999. – 52 б. 16 Абылгазина А.Е. Демократизация государственной и общественно-политической жизни в Казахстане (февраль-октябрь 1917 года): автореф. ... канд. истор. наук. – Алматы, 1997. – 25 с. 17 Жиренчин К.А. Политическое развитие Казахстана в 19 начале 20 веков. -Алматы: Жеті Жарғы, 1996. – 352 с. 18 Құл-Мұхаммед М., Ақбаев Ж. және Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы (19 ғасырдың аяғы – 20 ғасырдың басы): заң ғыл. д-ры ... автореф. – Алматы, 1998. – 58 б.

19 Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. - Алматы: Санат, 1995. – 368 б. 20 Зиманов С., Даулетова С., Исмагулов М. Казахский революционный комитет. -Алматы: Наука, 1981. – 196 с. 21 Маркс К., Энгельс Ф., Ленин В.И. О пролетарском интернационализме. - М.: Изд. политической литературы, 1968. – 636 с. 22 Сталин И.В. 1917 март-октябрь // Сочинения. - М.: Изд. политической литературы, 1951. - Т.3. – 428 с. 23 Құлбаев С. Лениндік ұлт саясаты және оның Қазақстанда жүзеге асуы. – Алматы, 1957. – 55 б. 24 Горький М. Несвоевременные мысли. - М.: Советский писатель, 1990. – 394 с. 25 Маркс К., Энгельс Ф., Ленин В.И. О диктатуре пролетариата. - М.: Изд. политической литературы, 1978. – 320 с. 26 Ленин В.И. Очередные задачи Советской власти. - М.: Изд. политической литературы, 1985. – 144 с. 27 Бухарин Н.И. Проблемы теории и практики социализма. - М.: Издательство политической литературы, 1989. – 512 с. 28 Ленин В.И. О государстве: лекция в Свердловском университете 11.07.1919 г. - М.: Изд. политической литературы, 1980. – 24 с.

29 Аяган Б. Красные и черные. – Алматы, 2005. – 240 с.
30 Сафаров Г. Колониальная революция. - Алматы: Жалын, 1996. – 50 с.

31 Рыскулов Т.Р. Собрание сочинений: в 3 т. - Алматы: Қазақстан, 1997. - Т.1. – 336 с.

32 Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры. - Алматы: Жалын, 1992. - 183 б. 33 Горбачев М.С. Социалистическая идея и революционная перестройка. - М.: Политиздат, 1989. – 30 с.

34 Бухарин Н.И. Путь к социализму. - Новосибирск: Наука, 1990. – 494 с. 35 Котов А. От автономии – к реальному суверенитету // Горизонт. - 1990. - 4 августа. 36 Махат Д. Кеңестік әміршіл-әкімшіл бюрократтық басқару жүйесі мерзімді басылым беттерінде // Алаш. - 2006. - №1 (4). - 116-123 бб. 37 Агдарбеков Т.А. Проблемы национально-государственного строительства в Казахстане. - Алматы: Наука, 1990. - 182 с. 38 Лепесов С. Ұлт мәселесіндегі уклондарға қарсы. - Қарағанды: Қазақстан баспасы, 1931. - 115 б. 39 Сәдуақасов С. Ұлттар және ұлт өкілдері туралы // Егемен Қазақстан. - 1993. - 28 мамыр. 40 Қуандық С. Қазақстандағы «Кіші Октябрь» бағыты: бастауы, барысы және салдары (тарихи-саяси талдау): тарих ғыл. д-ры ... автореф. – Алматы, 2002. – 56 б. 41 Омарбеков Т. Қазақтар шыбындай қырылып жатыр // Егемен Қазақстан. - 1991. -13 шілде. 42 Омарбеков Т. Қолдан жасалған қасірет // Егемен Қазақстан. - 1992. - 22 желтоқсан.

43 Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. - Алматы: Санат, 1994. – 512 б. 44 Омарбеков Т. Қазақ неге шыбындай қырылды // Егемен Қазақстан. - 1992. - 1 тамыз. 45 Атшабаров Б. Казармалық социализм неге күйреді? // Ақиқат. - 1992. - №3. - 35-38 бб. 46 Кондратьев В. Нельзя в инакомыслящем видеть врага // Рабочая трибуна. - 1991. -12 февраля. 47 Мирзоев Г. Диалектика взаимодействия национального и интернационального в духовной культуре общества (на примере Таджикской ССР): автореф. ... канд. философ. наук. - Алматы, 1989. – 19 с. 48 Зиманов С.З., Рейтор И.К. Советская национальная государственность и сближение наций. - Алматы: Наука, 1983. – 223 с. 49 Есімов Ғ. Социализм ғылым ба, әлде қиял ма?.. // Ақиқат. - 1994. - №2. -20-25 бб. 50 Ибрагимбейли Х. Монополия на истину? // Рабочая трибуна. - 1990. - 22 августа. 51 Әженов М. Марксизм туралы не айтамыз? // Ақиқат. - 1994. - №4. - 25-28 бб. 52 Өтешев Е., Есұлы М. Аңыз бен ақиқат // Егемен Қазақстан. - 1993. - 20 қараша. 53 Өзбекұлы С. Ленин гуманист пе, әлде диктатор ма? // Жас Алаш. - 1993. – 21 сәуір. 54 Горбачев М.С. Избранные речи и статьи. - М.: Издательство политической литературы, 1987. – Т.2. – 510 с.

55 Дәрімбет Б. Елу мақала. - Алматы: Өркениет, 2001. – 240 б.
56 Назарбаев Н. Әділеттің ақ жолы. - Алматы: Қазақстан, 1991. – 288 б.
57 Платонов С. После коммунизма. - М.: Молодая гвардия, 1989. – 256 с.

58 Горбачев М.С. Доклад и заключительное слово на Пленуме. - М.: Политиздат, 1989. – 46 с.

59 Горбачев М.С. Декабрь – 91 моя позиция. - М.: Новости, 1992. – 222 с. 60 Нерсесянц В.С. История политических и правовых учений: Учебник. -М.: ИНФРА-М, 1996. – 728 с. 61 Зараменский И. Куда несешься «птица-тройка»? // Рабочая трибуна. - 1990. - 17 октября. 62 Белов Н. и другие. Куда движется Рух // Рабочая трибуна. - 1990. - 16 ноября. 63 Кредов С. Потеснитесь, политики // Рабочая трибуна. - 1990. - 10 августа. 64 Балюцкий С., Тараканов С. Притеснение без стеснения // Рабочая трибуна. - 1990. – 19 апреля. 65 Айдинян В. Армения: компартия в оппозиции // Рабочая трибуна. - 1990. - 21 августа. 66 Дибути В. Тревожная весна Грузии // Рабочая трибуна. - 1990. - 31 апреля. 67 К гуманному, демократическому социализму (Платформа ЦК КПСС к 18 съезду партии) // Вечерняя Алма-Ата. - 1990. - 13 февраля. 68 Ахметова Л.С. Проблемы патриотического воспитания казахстанцев в условиях советской командно-административной системы 1946-1991 (по материалам средств массовой информации): автореф. ... д-ра истор. наук. – Алматы, 1998. – 43 с. 69 Назарбаев Н.А. У нас есть свой путь // Вечерняя Алма-Ата. - 1990. - 18 сентября. 70 Аяганов Б.Г. Социально-экономическое и общественно-политическое развитие Казахстана с 1970 по 1990 год: автореф. ... д-ра истор. наук. – Алматы, 1995. - 50 с. 71 Карсаков И.Б. Общественно-политическая жизнь Казахстана (1985-1995 гг): автореф. ... канд. истор. наук. – Алматы, 1996. – 21 с.

72 Горбачев М.С. Августовский путч. - М.: Новости, 1991. – 92 с. 73 Сейдімбеков А. Ойтолғақ (жарияланбайтын жазбалар). - Алматы: Жалын, 1997. – 272 б. 74 Бабалықұлы Ж. Бәрі де Желтоқсан оқиғасынан басталған еді // Азат. - 2006. – тамыз (№26). 75 Есеналиев М. Тек ұлттық мемлекет еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін толық қамтамасыз ете алады // Егемен Қазақстан. - 1992. - 15 тамыз. 76 Есеналиев М. Мақсатымыз – шынайы дербестік // Ақиқат. – 1991. - №12. - 22-25-бб.

77 Исиналиев М. Штрихи к портретам. - Алматы: Санат, 1999. – 240 с.
78 Исиналиев М. На грани...эпох. - Алматы: Ғылым, 1998. – 320 с.

79 Есеналиев М. Үш ғасыр булыққан ұлт еңсесін көтеру үшін өз еркіндігін қорғай білгені абзал // Халық кеңесі. - 1992. – 22 қаңтар. 80 Зиманов С.З. Конституция и парламент Республики Казахстан. - Алматы: Жеті-Жарғы, 1996. – 352 с. 81 Сапарғалиев Ғ. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы. - Алматы: Жеті Жарғы, 1998. – 320 б. 82 Сапарғалиев Ғ. Конституция және ұлттық мемлекет // Егемен Қазақстан. - 1993. – 12 ақпан. 83 Ағдарбеков Т.А. Құқық және мемлекет теориясы. - Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2002. - 318 б.

84 Өзбекұлы С. Барлыбек Сыртанов. - Алматы: Жеті Жарғы, 1996. – 112 б. 85 Өзбекұлы С. Қазақ Республикасының конституциясы (жоба) // Азат. - 1991. – қаңтар (№1). 86 Өзбекұлы С. Қазақ елінің көсемі // Байтұрсынұлы А. Жаңа низам. – Алматы, 1996. - 3-11 бб. 87 Өзбекұлы С. Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікір тарихының өзекті мәселелері. - Алматы: Білім, 2004. – 119 б.

88 Қойгелдиев М. Алашорда // Егемен Қазақстан. - 1992. - 18 қаңтар.
89 Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. - Алматы: Ататек, 1995. – 255 б.
90 Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. - Алматы: Өркениет, 2001. - 328 б.
91 Қожа-Ахмет Х. Ереуіл атқа ер салмай. - Астана: Елорда, 2000. – 255 б.

92 Көшім Д. Бір жас шықса, мен оның қолына су құюға дайынмын... // Айқын. – 2005. - 13 қаңтар. 93 Көшім Д. Тоқсаныншы жылдардың қара сөздері. - Алматы: Өлке, 1996. – 181 б. 94 Қазақстан Республикасының көші-қон туралы Миграция заңы (жоба) // Азат. – 1991. – қыркүйек (№16).

95 Ақатай С. Қазаққа не керек? // Азат. – 1992. - сәуір (№4). 96 Ақатай С. Қазақтың көсегесі қайтсе көгереді // Азат. – 1991. – тамыз (№14). 97 Ақатай С., Тәтімов М. Азаттықтарға ашық хат // Қазақ әдебиеті. – 1992. – 10 қазан. 98 Мақсатымыз тәуелсіз қазақ мемлекетін құру. Республикалық «Азат» партиясының төрағасы С. Ақатаймен сұхбат // Халық Кеңесі. - 1991. – 21 қыркүйек. 99 Бабалықұлы Ж. Желтоқсан – оқиға емес... // Жас қазақ. - 2006. - 19 мамыр. 100 Қуанышалин Ж. Азаматтық қозғалыстың бағыты айқын // Халық кеңесі. - 1992. -28 наурыз. 101 Тәтімов М. Халықнама немесе Сан мен сана. - Алматы: Жазушы, 1992. – 180 б. 102 «Азат» қозғалысы үйлестіру кеңесінің республика Президентін сайлау жөніндегі мәлімдемесі // Азат. – 1991.– қараша (№19). 103 Обращение к русскому населению Казахстана // Азат. – 1992. – маусым (№6). 104 Орта Азия мен Қазақстан Демократиялық Конгресінің мәлімдемесі. // Азат. -1991. – маусым (№8).

105 Қазақстан жұртшылығына үндеу // Азат. – 1992. – шілде (№7). 106 Ерғали С. Қазақстан: саяси өмір және саяси партиялар // Азат. - 1992. – мамыр (№5). 107 Сейдімбек А. Біздің министрлердің 90 пайызы «Елім-ай» әнін білмейді // Айқын. -2005. - 7 шілде. 108 Әбдилдин С.Ә. Ел мұраты егемендік // Социалистік Қазақстан. - 1990. - 4 тамыз. 109 Васильев М. Свобода «для» и свобода «от» // Ленинская смена. - 1990. - 24 июля. 110 Данияров Т. «Азат» немесе осы аттас қозғалыс туралы сөз // Лениншіл жас. -1990. – 11 тамыз. 111 Бәйішев Ж. Қазақстан: мемлекеттілік кезеңдері. - Алматы: Жеті-Жарғы, 1997. -496 б. 112 Декларация о государственном суверенитете Казахской ССР (проект) // Бірлесу. -1990. – 18 октября. 113 Калмырзаев А. Бессмертен национальный дух // Мысль. – 2004. - №9. – С. 8-15. 114 Гали А. Национальная идея и задачи казахосферы // Саясат. – 2005. - №1. – С. 54-59. 115 Майлыбаев Б.А. Становление и эволюция института Президента Республики Казахстан: проблемы, тенденции, перспективы. - Алматы: Арыс, 2001. – 532 с. 116 Джунусова Ж.Х. Республика Казахстан: Президент, институты демократии. -Алматы: Жеті-Жарғы, 1996. – 208 с. 117 Конституционное право: Учебник / Сост.: А.Т. Ащеулов. - Алматы: КазГЮА, 2001. - 656 с. 118 Гражданское движение Казахстана «Азат», из декларации основных целей и принципов» // Горизонт. - 1990. – 8 сентября. 119 Қазақстан Республикасының Конституциясы. - Алматы: Дәнекер, 2000. – 28 б. 120 Қазақ ССР-інің Прокуратурасы қоры // Қазақстан Республикасы ООМ. Қор 2014; Тізбе 1, іс 1318. – 110 б. 121 Қалалық әкімиат қоры // Алматы қаласының ОММ. Қор 310; Тізбе 1, іс 142. – 68 б.

122 Оразалиев С. Ыстық жүрекке терең ой керек // Дидар. - 1991. – 12 қазан.
123 Айдарбеков С. Оралда не болды? // Ақ жол. - 1991. – 20 қыркүйек.

124 Сисенбайұлы Н.Қ. 1991, қыркүйек - «Орал оқиғасы». - Ақтөбе: Лазер, 2001. – 300 б.

125 Жаманқұлов М. «Азат» неге қарсы? // Жетісу. - 1991. – 6 наурыз. 126 Қуанышалин Ж. «Азат» жойылмайды, «Азат» күшейеді // Азат. – 1992. - қазан (№13). 127 Сәулебай О. Әңгіме қозғалысты кімнің құрғандығында емес... // Азат. - 2006. – ақпан (№6). 128 Өзбекұлы Р. «Азаттың» 1 съезі қалай өтті? // Ақ жол. - 1991. – 16 қазан. 129 Тоқашбаев М. «Азат» атты қозғалыс... // Халық кеңесі. - 1991. – 10 қазан.

130 Бостандықтың терең мәні... // Алматы ақшамы. - 1991. - 9 қазан. 131 «Азат» қозғалысы, ҚРП және «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясының бірлескен мәлімдемесі // Азат. – 1992. – шілде (№7). 132 ҚРП 1 съезінің С. Ақатай жөніндегі мәлімдемесі // Азат. – 1992. – қазан (№14). 133 22 қыркүйек 1992 жылғы Азаттықтарға ашық хат // Х. Қожа-Ахметтің жеке мұрағаты. 1-папка, 82 б. 134 Қабулов Қ. «Азат» қозғалысы: үміт пен күдік // Қазақ әдебиеті. - 1993. – 9 шілде. 135 Суханбердина Ү., Дәуітов С., Сахов Қ.. «Қазақ» газеті. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. – 557 б. 136 Владимиров А.И. О национальной государственной идее России. - М.: Маркетинг, 2000. - 288 с. 137 Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының жарғысы // Азат. - 1991. – қаңтар (№1). 138 Котов А.К. Восхождение к национальному: к концепции права человека на национальное достоинство. - Алматы: Рауан, 1992. – 152 с.

139 Сужиков М.М. Напреженность или гармонизация. – Алматы, 1991. – 114 с. 140 Қазақ ССР-інің Әділет Министрлігі қоры // Қазақстан Республикасы ОММ. Қор 1541; Тізбе 7, іс 2197. – 75 б. 141 Джунусов М.С. Национализм в различных измерениях. - Алматы: Казахстан, 1990. – 197 с. 142 Философский энциклопедический словарь / Ред. колл. C.С. Аверинцев и др. - М.: Советская энциклопедия, 1989. – 815 с. 143 Жанұзақов Т. Қазақ тілінің сөздігі. - Алматы: Дайк-Пресс, 1999. – 776 б. 144 Политология, энциклопедический словарь / Под ред. Ю.И. Авьерианова. - М.: Изд. «Publіshers», 1993. – 431 с. 145 Есім Ғ. Ұлттық сана және ұлтшылдық туралы // Ақиқат. – 1992. - № 6. – 77-81 бб. 146 Гитлер А. Моя борьба / Отв. ред. С.Н. Лобанов. - М.: «Т-ОКО», 1992. – 598 с. 147 Қалалық әкімиат қоры // Алматы қалалық ОММ. Қор 310; Тізбе 1, іс 141. – 40 б. 148 Программа народного движения «Туркестан» // Ақатай С. жеке мұрағаты. – 25 б. 149 Қожа-Ахмет Х. Дүрдараздық – жеке бастың амбициясы // Жас қазақ. –2006. – 30 маусым. 150 Карсаков И. Политические партии России и Казахстана: сравнительный анализ // Саясат. – 1995. - №5. – С. 24-33.

151 Плутник А. В августе 91-го // Известия. – 1991. – 23 августа. 152 Қалыбаев Ж., Бекмағанбетов Ж. «Ақиқаттан» «Азатқа» дейін // Жетісу. – 1991. – 9 маусым. 153 Қасабек А. Төртеу түгел болса... // Қазақстан Коммунисі. – 1991. - №2. – 35-36 бб. 154 Қазақстанның экономикалық дамуының концепциясы // Азат. – 1992. – шілде (№7(33)). 155 Большая советская энциклопедия / Под ред. Б.А. Введенского. – М.: Большая советская энциклопедия, 1955. – Т.32. - 646 с.

156 Велиди А.З. Түркістан жайлы... // Жас Алаш. - 1998. - 31 қаңтар. 157 Сәдірқызы Г. Орталық Азия – түркі дүниесінің кіндігі // Егемен Қазақстан - 2006. - 7 шілде. 158 Назарбаев Н. Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында: Қ.Р. Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. - Алматы: Атамұра, 2005. - 48 б.

159 Елшібек Ә. Идеалымыз - Түрік бірлігі // Түрік бірлігі. – 1992. - №1. 160 Ақатай С. Өзбекстандық қазақ-түркі халқына үндеуі // Азат. – 1991. - мамыр (№7). 161 Орта Азия мен Қазақстан Республикалары Демократиялық Конгресінің жалпы ережелері // Азат. - 1991. – маусым (№8). 162 Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының низамы. Жоба // Ақатай С. жеке мұрағаты. – Алматы, 1990. - 17 б. 163 Бабалықов Ж. ССРО-ны мекен ететін шығыс халықтарының құрылтайы // Азат. – 1990. – қараша (№2). 164 Шілдебай С.Қ. 20 ғасырдың 1-ші жартысындағы Қазақстанның ұлт-азаттық қозғалысындағы түрікшілдіктің орны мен маңызы (тарихи талдау): тарих ғыл. канд. ... автореф. – Алматы, 2001. – 29 б. 165 Сергазинов Б.Р. Государственно-правовые взгляды М. Чокая: автореф... канд. юрид. наук. - Алматы, 2005. – 25 с.

166 Әли Ф. Түрікшілдік мұраты // Ана тілі. – 1991. - 6-10 ақпан. 167 Горький вкус сладкого слова «свобода» // Вечерняя Алма-Ата. - 1990. - 8 сентября. 168 Смайылов Е., Сәрсенбаев Р. Жаңалығы қайсы? // Социалистік Қазақстан. - 1990. -31 шілде. 169 Самойленко А. В очереди за конфликтом // Литературная газета. - 1990. - 5 сентября. 170 Хамзабекұлы Д. Сәдуақасов С. Қазаққа не керек? // Халық кеңесі. - 1992. - 9 сәуір. 171 Абдрасулов Е.Б. Толкование закона и норм Конституции: теория, опыт, процедура: автореф. ... д-ра юрид. наук. - Алматы, 2003. – 50 с.

172 Рысбекұлы Т. Ел ертеңі елеңдетеді // Аманат. – 1991. - 5 қыркүйек. 173 Ақатай С. Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады // Егемен Қазақстан. -1997. - 21 ақпан.

174 Ақатай С. Ұлтшыл болу ұят па? // Жас қазақ. - 1992. - 24 маусым. 175 Ақ Атай. Ұлтсыздық, ұлтшылдық һәм ұлтжандылық // Қазақ әдебиеті. - 1998. - 10 сәуір. 176 Тойбазаров Ж. Мақсатымыз – тәуелсіз қазақ мемлекетін құру // Халық кеңесі. -1991. – 21 қыркүйек. 177 Ақатай С. Тәуелсіздік біздің түпкі мақсатымыз // Қазақ әдебиеті. - 1991. - 27 қыркүйек. 178 Құттыбаева Р. Азат партиясы туралы не білеміз? // Ақиқат. - 1993. - №10. – 95-96 бб. 179 Дәрімбетов Б. Астананы дүр сілкіндірген 10 күн // Азат. – 1990. – қараша (№8). 180 Көшім Д. Азат басшылары арасында өзара қақтығыс болды // Жас қазақ. - 2006. -30 маусым. 181 Бағдар айқындалып, түсіністік байқалды // Социалистік Қазақстан. - 1990. – 22 қыркүйек. 182 Совместное заявление представителей самодеятельных общественно-политических организаций и движений города Алма-Аты // Вечерняя Алма-Ата. - 1990. – 4 октября. 183 Бороться за политическое лидерство в обществе // Вечерняя Алма-Ата. - 1990. – 11 сентября.

184 «Азат» газетіне жазылайық! // Көкшетау. - 1991. – 18 сентября.
185 «Азат» против референдума // Азат. - 1991. – февраль (№2).
186 Рухани бірліктен – саяси бірлікке // Ана тілі. - 1998. - 29 қаңтар.

187 Солженицын А.И. Как нам обустроить Россию // Литературная газета. - 1990. – 18 сентября. 188 ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халықтары Ассамблеясының XXІІ сессиясында сөйлеген сөзі // Егемен Қазақстан. – 2006. – 25 қазан. 189 Советский энциклопедический словарь / Гл. ред. А.М. Прохорова. - М.: Советская энциклопедия, 1985. – 1600 с. 190 Сахаров А. Тревога и надежда // Собрание сочинений. - М.: Время, 2006. – Т.2. -832 с. 191 Архив Президента РК. Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг. Сборник документов / Отв. ред. Л.Д. Дегитаева. - Алматы: Қазақстан, 1998. – 336 с. 192 Андропов Ю.В. Избранные речи и статьи. - М.: Издательство полит. лит., 1983. – 320 с. 193 Булуктаев Ю.О., Дьяченко С.А., Кармазина Л.И. Политические партии Казахстана. 1998 год. Справочник. – Алматы, 1998. – 164 с. 194 Сейдуманов С.Т. Феномен многопартийности в Казахстане. - Алматы: Қазақстан, 1997. – 272 с. 195 Бабакумаров Е.Ж. Динамика партийной системы Казахстана в 1985-1994 годах (опыт историко-политологического анализа). - Алматы: Институт развития Казахстана, 1994. – 80 с.

ҚОСЫМША ҚҰЖАТТАР

АЗАМАТТЫҚ “АЗАТ” ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТТАРЫ МЕН ҰСТАНҒАН БАҒЫТТАРЫ ТУРАЛЫ БАҒДАРЛАМАСЫ Тоталитарлық режим қазақ халқын бас еркіндігінен айырды, миллиондаған жергілікті халықтың қырылуына жол берді, жасанды түрде жер аудару, экологиялық апат, Республика тұрғындарының экологиялық, мәдени-әлеуметтік және рухани тоқырауына, азғындауына әкеп соқты. Алайда осы уақытқа дейін Қазақстанды бұл саяси тоқыраудан құтқара алатын саяси бағдар болған емес. Тіпті осындай кешірілмес самарқаулықтың нәтижесінде Республика егемендігін қолдайтын Заң жобасы әлі жасалған жоқ. Қазақстан Компартиясының әкімшіл-әміршіл аппараты өзінің саясаттағы, экономикадағы басшылығын сол қалпында сақтап қалуда. Әлі де әміршіл партия диктаты өздерін Советтерден жоғары ұстап, балама сайлаудан бас тартып, бірлестіктер мен қозғалыстардың жаңашыл әрекеттерін көздеріне де ілмей, сөз бостандығын тұншықтырып отыр. Әсіресе, жергілікті халықтың саяси-экономикалық артта қалушылығын жою үшін ешқандай батыл әрекеттерге бара алмай отыр. Жұмысшы мамандар арасында жергілікті ұлт өкілдері әлі де сол аз қалпында. Босқындарды қоныстандырумен, оларды жұмысқа орналастырумен, әсіресе экологиялық апат аудандарынан келгендерге көмек көрсетуде ешқандай жүйе-бағдар жоқ. Республика астанасы мен басқа қалаларда қазақтар санының өсуіне жағдайлар жасалмай отыр. Соның нәтижесінде жергілікті ұлт тұрмыстары мен әлеуметтік, ғылыми-техникалық прогрестен мешеу қалған ауылды жерлерде шоғырланған күйінде қалып отыр. Кәсіпорындарда, ауыр және жеңіл өнеркәсіпте, мекемелерде жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жан төзгісіз дәрежеде қалуда. Шығармашылықпен айналысатын қазақ зиялыларының да қалі мүшкіл. Олар көптеген жылдар бойы үй алу кезегін сарғая күтіп, көрінгеннің пәтерін жалдап, ит тіршілік кешуде, ауыр да азапты түрмыс ауыртпашылығын бастарынан өткізуде. Осының барлығы адамдардың әкімшіл-әміршіл жүйемен күресуде өздерінің саяси әлеуметтік әлсіздігін сезініп, ашық күрестен бас тартуына, енжарлыққа бой алдыруларына әкеліп соқты. Міне, сондықтан уақыт талабы адамдарды біріктіруге, бостандық үшін, демократия үшін, тарихи шындық үшін күреске шығуға мәжбүр етті. Осындай қиын сәтте дүниеге келген Қазаңстанның азаматтық «Азат» қозғалысы — Республиканың ерікті қоғамдық-саяси ұйымы болып табылады. Қозғалыс шын мәніндегі егемендікке қол жеткізген демократиялық Қазақ Республикасы үшін күресуде. Дағдарыстың өсуіне байланысты «Азат» козғалысы - өз мақсатында Қазақстандағы көп партиялылықты саяси көзқарасына қарамай бірден-бір біріктіруші күш. «Азаттың» негізгі максаты — Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болуды, бүкіл дүниежүзілік барлық мемлекеттермен өзара тиімді шартпен байланыс жасауды қалайды.

«АЗАТ» НЕНІ ЖАҚТАЙДЫ:

- тез арада Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдансын;

- тез арада Қазақ Республикасының Жаңа Конституциясы қабылдансын; жекеменшік туралы Заң, азаматтық миграция мен басқа да адамның жеке басының тұрмыс ақуалдарын жақсартатын заңдар, экономикалық және саяси пікір әр қилылығымен санасатын, Қазақ мемлекеттігін, оның халықаралық беделін көтеретін заңдар қабылдансын;

- азаматтық қоғамның құрылысын, жеке бастың бостандығын мойындайтын Қазақ Республикасының заң шығару заңы мен сот жүйесі өзара ажыратылсын;

- Қазақ Республикасының барлық азаматтары олардың саяси көзқарасы мен әлеуметтік жағдайына қарамай, бостандық, теңдік пен бауырмашылдық жүзеге асырылсын;

- Республика Конститутциясы бүкіл территорияда өз үстемдігін жүргізсін;

- өз ұлттық байлығының қожалығы Республика меншігінде болуы керек;

- Қазақ Республикасы ядролық бомбасыз және әскери базасы жоқ аймаққа айналсын;

- Қазақстанның жергілікті әскери бөлімдері құрылып, Қазақстан азаматтары борыштарын сол бөлімдерде атқарсын, әскери борышын өтеуге ар-ожданы сай келмейтін азаматтар үшін борыштың басқа Конституциялық түрі ұсынылсын;

- ішкі әскери күш пен мемлекеттік қауіпсіздігін сақтайтын қарулы күш Қазақ Жоғарғы Советіне бағындырылсын;

- әскери мекемелері мен тәртіп сақтау органдары партиялық идеология шырмауынан азат етілсін;

- Республика территориясының біртұтастығы сақталсын;

- Республика символы өзгертілсін; тұрғын жерге өзінің тарихи аттары қойылып, ал жаңа ат қойғанда Қазақстанның тарихи өзгешелігі ескерілсін;

- Қазақстанға зорлықпен көшірілген барлық халықтардың өз Отанына қайта табысуы шартсыз қолдау тапсын; оларға Қазақстанның мемлекеттік ұйымдары тарапынан жәрдем берілсін;

- әр текті меншік түрлері ғана әлеуметтік - демократиялық мекемелердің еркін дамуына негіз бола алатынын ескеріп, экономикадағы мемлекеттік монополияны тежей отырып, Қазақстанда әр салалы нарықтық шаруашылық орнықсын; Қазақстан халықаралық еңбек бөлісіне қатыссын;

- ауыл шаруашылығы мен өндірісте қайта құру Республика мүддесіне сай өзгертілсін;

- Орта Азия Республикалары, сондай-ақ Россия ортақ рынокке біріктірілсін, басқа мемлекеттермен өзара тиімді байланыс шарттары жасалсын;

- ерікті негізде банк, қаржы, таможня, салық жүйелері, республиканың валюталық негізін қорғайтын ерікті алмасу аймақтары тездеп құрылсын;

- министрліктер мен ведомстволар сияқты мемлекеттік аппараттар саны азайтылсын, лауазымды адамдарға жасалып отырған барлық артықшылықтар жойылсын;

- бағаның кымбаттаушылығынан азаматтарды қорғайтын әлеуметтік механизм құрылсын, тұрмысы нашар тұрғындарды дағдарыс пен жұмыссыздықтан құтқаратын тиімді жолдар іздестірілсін, оларға тұрғын үй, білім, әлеуметтік және дәрігерлік қызметтер тегін көрсетілетін болсын;

- 1990 жылдан бастап, әр адамға 9 шаршы метрден келетін тұрғын үй алудың жаңа жүйесі енгізілсін;

- тұрғын үй қорын бөлу жүйесі мемлекеттен алынсын, мүмкіндігінше тұрғын үй-иемденушінің басыбайлы меншігіне айналдырылсын;

- Қазақстанның жергілікті тұрғындарының, әсіресе экологиялық апат аудандарындағы әлеуметтік теңсіздікті жою жолдары қарастырылсын, Қазақстанның шалғайдағы аудандарындағы халықтың тұрмысын көтеруге барлық жағдайлар жасалсын;

- малшылардың тұрмыс-жағдайы жақсартылсын;

- босқындарды еңбекке орналастырумен айналысатын біртұтас республикалық жүйе құрылсын; демографиялық және экологиялық жағдайлар ескеріле отырып, оларды орналастыратын қосымша жұмыс орындары жасақталсын;

- Арал және басқа да экологиялық апат аудандарынан қоныс аударушыларға көмек көрсету үшін әлеуметтік программа жасалсын;

- жастар туралы Заң қабылдансын;

- панасыз жүрген жастарға арнап, жеңілдіктер жасалсын, оларды материалдық-техникалық қормен, жобалау құжаттарымен жабдықтау жақсартылсын, Қазақстанның жастар тұрғын үй комплексі жасақталсын;

- Қазақстан Жоғарғы Советінде аз ұлт өкілдерінен Кеңесу Советі құрылсын. Бұл Совет аз ұлт өкілдерінің барлық республика өміріне тікелей араласуына себебін тигізеді;

- оқу жүйелері саясаттан ажыратылып және оларға дербестік берілсін, оқытудың осы күнге дейін қалыптасқан тәсілдері өзгертіліп, жетілдірілсін;

- шетелдерде мамандар даярлау жедел түрде қолға алынсын;

- дінге сенуге нақты бостандық берілсін, дінге уағыздау еркін болсын. Балаларды дінге баулу ата-аналар еркінде болсын;

- қоғам адамгершілік мұраттар аясында дамытылсын. Шығыс мәдениетімен байланыс нығайтылсын, мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау және қазақ халқының, сондай-ақ республиканы мекен ететін басқа ұлттардың рухани-тарихи негізі тереңірек зерттелсін;

«АЗАТ» НЕГЕ ҚАРСЫ:

- кез-келген партия мен топтың әлде жеке адамның идеология мен саясаттағы, экономика, оқу мен ғылымдағы, хабар-ошар тарату жүйесі мен мәдени өмірдегі дара үстемдігіне тыйым салынсын;

- үкіметті күшпен басып алуға, тоталитарлық режимнің қайта оралуына жол берілмесін;

- халықтық демократиялық қозғалыстарды, шерулер мен митингілерді күшпен басып-жаншуға жол берілмесін;

- ұлтшылдыққа, шовинизмге, антисемитизмге, империялық дандайсуға жол жоқ;

- мемлекеттік органдардағы басшылық қызметті кез-келген партиялық саяси қызметпен қоса атқаруға жол берілмейді;

- ұйымдасқан әкімшіл-әміршіл топтар мен мафияның, қылмыстың өсуін пайдаланып, тоталитарлық үстемдікті қайта жандандыруға, бюрократтар мен топтардың әлеумет ісіне қол сұғуына тыйым салынсын;

- табиғатқа, еңбекке, тілге, мәдени мұраларға тағылықпен қарауға, адам құқығын бұзуға жол берілмесін;

- табиғатты қорлауға Бүкіл-одақтық диктаттың Республика табиғи байлығын талан-таражға салуға қарсы. Халықаралық келісім-шартқа қол қойылсын, экологиялық экспертиза жасалсын;

- Республикадан тысқары жерден қосымша жұмысшы күшін әкелуге жол берілмесін.

Қазақстанның азаматтық “Азат” қозғалысының Құрылтай мәжілісінде қабылданды.
Алматы қаласы.1 шілде 1990 жыл.
(Азат газеті №3(7), 1-15 наурыз, 1991 жыл)

АҚПАРАТ ХАБАР

Қазақстанның «АЗАТ» азаматтық қозғалысының құрылтайы туралы

1990 жылғы 30 маусым мен 1 шілдеде Алматыда, Қазақстан жазушылар одағының конференц залында Қазақстанның «АЗАТ» азаматтық қозғалысының құрылтайы өтті. Қозғалыс құрылтайына республиканың тоғыз облысынан, қырық бейресми топтар мен ұйымдардан 400-ге жуық делегат қатысты.

Құрылтай конференциясы мына мәселелерді күн тәртібіне енгізді: 1. Республикадағы қазіргі жағдай және Қазақстанның «АЗАТ» азаматтық қозғалысының программалық міндеттері туралы. 2. Қазақстанның «АЗАТ» азаматтық қозғалысы Низамының (Уставының) жобасы туралы. 3. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жобасы жайында. 4. Қазақстанның «АЗАТ» азаматтық қозғалысының басшы органдарын сайлау. Бірінші мәселе бойынша Қозғалысты ұйымдастыру жөніндегі ынталы топтың мүшесі, философ, тарих ғалымының кандидаты Советқазы Ақатаев баяндама жасады. Қозғалыс Низамының (уставының) жобасы туралы баяндама жасаған Қазақ ССР халық депутаты Нұрбақыт Қойшыбеков. Бұдан кейін жарыссөз басталды. Жарыссөзге 56 адам қатысты. Құрылтай конференциясы Қазақстанның «АЗАТ» азаматтық қозғалысының дүниеге келгенін жариялады. Конференцияда Қозғалыстың рауяты (программасы) мен Низамының (Уставының) жобасы тұтастай алғанда қабылданды, ал оның жеке-жеке баптары (статьялары) Қозғалыстың алда өтетін алғашқы съезінде қабылданбақ. Конференция Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Құрылтай Қазақстанның «АЗАТ» азаматтық қозғалысының басшы органдарын сайлады. Құрамы 33 адамнан тұратын Үйлестіру Кеңесі құрылды. Қозғалыстың төрағалары (Сопредседательдері) болып Михаил Иванович Исеналиев, Советқазы Ақатаев, Марат Шорманов, Нұрбақыт Қойшыбеков, Евгений Головастиков, Гүлжахан Биболсынова және Сайын Шапағатов сайланды. Конференция Қозғалысының құрамында Жағда Бабалықов, Камал Ормантаев, Әмина Нұғманова, Мардан Байділдаев, Мақаш Тәтімов (төрағасы) бар ақсақалдар алқасын, «АЗАТ» газетінің редакциялық алқасын, Тексеру комиссиясын сайлады. Құрылтай конференциясының жұмысына Өзбекстанның, Қырғызстанның, Әзірбайжанның және Москва қаласының демократиялық күштерінің өкілдері қатысып сөз сөйледі.

Құрылтай конференциясы Қазақстан азаматтарына Үндеу қабылдады.
Азат газеті №1, 20 шілде 1990 жыл

Қазақстан азаматтарына

ҮНДЕУ

ҚҰРМЕТТІ БАУЫРЛАР, АПАЛАР МЕН ҚАРЫНДАСТАР!

Біз, Қазақстанның «АЗАТ» азаматтық қозғалысы құрылтай конференциясының делегаттары мынаны мәлімдейміз:

- біздің басты мақсатымыз – халықаралық Одақтық шартпен біріккен, ерікті де тәуелсіз жаңа қоғамдастық шеңберінде Қазақстанның шынайы мемлекеттік егемендігіне қол жеткізу,

- біз республиканың өзінің ұлттық байлығына өзі даусыз иелік ету правосын жақтаймыз;

- біз ұлттық және әлеуметтік белгісіне, саяси және діни сеніміне қарамастан адамды барынша қадірлеп құрметтейтін праволық демократиялық мемлекет құру үшін күресеміз;

- біз зорлық-зомбылықты, өкіметке монополиялық билікті қаламаймыз, өзіміздің қызметімізді конститутциялық институттар арқылы еркін идеялардың бәсекелестігімен жүзеге асырамыз;

- біз Қазақстанның күллі азаматтарын ұлт аралық араздық тудыратын арандатуларға жол бермеуге, “АЗАТ” қозғалысының беделін түсіруге тырысқан күштерге батыл тойтарыс беруге шақырамыз.

Мақсаттардың бірлігі, тәсілдерінің плюрализмі және жалпы халықтық келісім негізінде демократиялық және гүлденген Қазақстан құруды жақтайтын партиялар мен ұйымдарға диалогпен ынтымақтастық үшін “АЗАТ” есігі айқара ашық. ОТАНДАСТАР, БАУЫРЛАР! Біздің әрқайсымыз мәселенің қабырғасынан қойылып отырғанын айқын түсінуіміз қажет: не біз шынайы халықтық билік арқылы мемлекеттік егемендікке қол жеткіземіз немесе бюрократизмнің жеңісі, тоталитаризмнің қайтадан қалпына келуі ақиқатқа айналады.

Бұлардан басқа жол жоқ.

Мұндай жағдайда немкетті қарайтындар да, бас сауғалаушылар да, абыржушылар да болмауға тиіс. Өйткені өмір белсенді азаматтық позицияның, нақты істер мен әрекеттердің, тәуелсіз демократиялық күштер бірлігінің қажет екенін көрсетіп отыр.

БОСТАНДЫҚ, ТЕҢДІК, ТУЫСҚАНДЫҚ ҮШІН!

Қазақстанның «АЗАТ» азаматтық қозғалысы құрылтай конференциясында қабылданды.

Алматы қаласы. 1990 жылғы 1 шілде.
Азат газеті №1, 20 шілде 1990 жыл

Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы

ДЕКЛАРАЦИЯ (жоба)

Қазақстанның Жоғарғы Советінің кезектен тыс сессиясы

- бостандықтың, тәуелсіздіктің, тарихи және әлеуметтік әділеттіліктің биік мұраттарын басшылыққа ала отырып;

- Қазақстанның тағдыры үшін зор жауапкершілікті сезіне отырып;

- Көп ұлтты Қазақстан халқының еркі мен мүддесін білдіре отырып, осы Декларацияны қабылдайды және халықаралық Одақтық шартпен біріккен ерікті де тәуелсіз республикалар ынтымақтастығы шеңберінде ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БҮКІЛ ТЕРРИТОРИЯСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ЕГЕМЕНДІГІН САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ЖАРИЯЛАЙДЫ.

Мемлекеттік егемендік Қазақстанның күллі азаматтарының бостандығы, теңдігі және туысқандығы үшін жарияланып отыр. 1. Қазақ Республикасы қазақ ұлтының, сол сияқты басқа да ұлттық топтардың гүлденуі мен лайықты тұрмысына кепілдік беретін егеменді, демократиялық мемлекет болып табылады. 2. Қазақстандағы бүкіл өкімет билігі оның көп ұлтты халқына тиісті. Халық мемлекет билігін өзінің өкілдері арқылы және тікелей өзі жүзеге асырады. 3. Қазақ Республикасының мемлекеттік егемендігі мыналармен қамтамасыз етіледі:

- жер, қазба байлықтар, су, ормандар, табиғи ресурстар және өзінің әуе кеңістігі Республиканың даусыз меншігі болып табылады, ол Қазақстанның басқа да күллі ұлттық байлықтарына тұтастай иелік етеді;

- өз территориясында Қазақ Республикасының Конститутциясы мен Заңдары үстемдік етеді;

- Одақтың Қарулы Күштерінің құрамында республикалық әскери құрамалар құрылады;

- Қазақстан Одаққа республикалар арасындағы екі жақты және көп жақты келісімдер негізінде бірігеді, ерікті түрде Одақ құзырына бергендерінен өзге мәселелердің бәрі бойынша Республика билігі кемел.

- Одақ құзырына берілген өкілеттіліктерін жүзеге асыруға республика праволы.

4. Қазақ Республикасы Одақтас мемлекеттердің егеменді правосын құрметтейді, ол Келісімге сәйкес мемлекеттер бірлестігіне еркін кіріп, одан еркін шығу правосын өзінде сақтайды. 5. Қазақ Республикасының территориясы біртұтас, шекарасы өзгертілмейді. 6. Қазақ Республикасының күллі территориясында республика азаматтығы тағайындалады. Қазақстанның барша азаматтарына халықаралық праволық актілерде көзделген құқылары мен бостандықтарына кепілдік беріледі. 7. Қазақ Республикасында заң шығарушы, атқарушы және сот биліктері ажыратылған. Лауазымды қызметтерді қосарлап атқаруға тыйым салынады. 8. Қазақ Республикасы мемлекеттік және қоғамдық істерді басқаруда барлық азаматтарға, партияларға, қоғамдық және діни ұйымдарға теңдей мүмкіндіктер кепілдігін береді. Мемлекет мекемелері, право тәртібін қорғау органдары, мемлекет қауіпсіздігі комитеті, Армия саясатсыздандырылады. 9. Қазақ Республикасы жалпы адамзаттық дүниелерді қастерлейтінін, барлық халықтармен бейбітшілікте және түсіністікте өмір сүруге әзірлігін мәлімдейді. 10. Осы Декларация Қазақ Республикасының жаңа Конституциясын әзірлеуге және халықаралық Одақтық шарт жасауға негіз болып табылады.

Алматы қаласы. 1990 жылғы 1 шілде.
Азат газеті №1, 20 шілде 1990 жыл

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ “АЗАТ” ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖАРҒЫСЫ

І. ЖАЛПЫ ЖӘЙТТЕР

1. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысы - дербес, өзін-өзі басқаратын бұқаралық әлеуметтік саяси ұйым. Қозғалыс Қазақстан жерінде гуманистік, әлеуметтік және тарихи-ұлттық әділеттілікті мақсат тұтатын, бейбітшілік сүйгіш, иманжүзді, қазіргі дәуірге сай демократиялық тәуелсіз мемлекет орнату жолында күресетін саяси партиялар мен бейресми топтардың, ерікті одақтар мен ұлттық-мәдени орталықтардың, әлеуметтік-саяси қоғамдар, отандық күштер мен жеке азаматтардың басын біріктіреді. Ондай дербес мемлекеттің аты - Қазақ Республикасы болуға тиіс. «АЗАТ» қозғалысы өзінің қимыл-әрекетін Қазақ Республикасы Конституциясы негізінде жүзеге асырады. 2. «АЗАТ» қозғалысы өзінің мақсаты мен міндеттерін орындау жолында саяси партиялармен, басқа да діни-қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік және совет органдарымен тізе қосып, тығыз байланыста жүргізеді. 3. Халықаралық одақтың шартпен біріккен, еркін тәуелсіз мемлекеттердің ынтымақтастығы аясында Қазақстанның мемлекеттік егемендік алуын «АЗАТ» қозғалысы өзінің ең басты мақсаты санайды. 4. «АЗАТ» қозғалысының қоғам алдына қоятын талаптары:

- өзін-өзі басқаратын нақты халық өкіметі құрылсын. Қазақстанның жаңа Конституциясы жан-жақты талқылаудан өтіп қабылдансын, территориялық біртұтас бүтіндікті қамтамасыз ете отырып, халықтардың ұлттық, әлеуметтік, саяси және діни сенімділік тәуелсіздігіне қарамай, республика азаматтарының тұрмыс жағдайы жоғары болуын және тең праволық мүмкіндігін қамтамасыз ететін миграция, азаматтық, меншік туралы Заңдары қабылдансын;

- заң шығаратын, атқару және сот жүйесі ажыратылу негізінде көп салалы нарық экономикалы, демократиялық, көп партиялы қоғам мен шаруашылықтың барша меншік түрінің тең праволылығы орнықсын, Қазақстан халықаралық еңбек бөлісіне аралассын;

- Азаматтардың жұмыссыздықтан, инфляциядан, заттарға баға көтеруден әлеуметтік өтімділігі қорғалсын;

- қоғамның өнегелі қозғалысы, жалпы адамгершілік принципінің приоритеті, қазақ ұлтының, сондай-ақ республиканы мекендейтін басқа ұлттық топтардың рухани-тарихи байлықтары терең зерттеліп, халық игілігіне айналсын.

ІІ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ «АЗАТ»

ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚИМЫЛ ӘРЕКЕТІНІҢ НЕГІЗГІ АМАЛДАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ

5. «АЗАТ» қозғалысы өзінің алға қойған мақсаттары мен міндеттерін орындау жолында әртүрлі амалдар мен тәсілдерін ұстанады, соның ішінде:

- мемлекеттік билеу және басқару орындарын қалыптастыруға дер кезінде белсене қатысу, сайлау комиссияларына өз өкілдерін жіберу, қозғалыс атынан депутаттыққа ұсынылған кандидаттарға моральдық, құқықтық, ұйымдастырушылық жәрдем көрсету;

- «АЗАТ» қозғалысы Жарғысының міндеттерінен туындайтын заң шығарушылық ынта ретінде мемлекеттік билеу органдары үшін заң жобаларының нұсқаларын даярлап, оларды ұсыну;

- жарияланған заң жобалары мен нормативті актілерді талқылауға белсенді араласып, оларға байланысты ұстанған өз көзқарасын белгілеу;

- азаматтық ынта көрсету ісімен өз тарапынан болған қимыл іс-әрекетті жан-жақты талдау және олардан үйренген нақты тәжірибені таратумен айналысу. Әлеумет назарын аймақтық мәселелерге, Қазақстан азаматтарының заң, құқық пен бостандық кепілдіктерінің бұзылуына аударып, зардап шеккендерге қолдан келгенше көмек көрсетіп, барынша қолдау;

- мемлекет пен басқа да билеуші органдарда өз мүшелерінің мүддесін қорғау;

- әлеуметтік пікірді анықтау үшін сұрақ қою, республикалық және жергілікті референдумдарда талқылауға арналған маңызды мәселелер ұсыну;

- жиналыстар, митингілер мен шерулер ұйымдастыру, наразы тосқауылдар қою, қол қойылған тізім мен қаржы жинау, ұлттың еске түсіру күндері мен мерекелерін өткізу;

- халықтың сенімін ақтамаған жауапты лауазымды адамдарды жұмысынан босату және жауапқа тарту, депутаттарды кері шақыру туралы мәселе қою;

- нақтылы мәселелер бойынша зерттеу жүргізу үшін ғылыми-сарапшы топтар, кәсіпорындар құру, әртүрлі орталықтар ашу, баспасөз мекемелерін ұйымдастыру;

- демократиялық ұйымдармен, қозғалыстармен ортақ акциялар өткізу.

ІІІ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ «АЗАТ» ҚОЗҒАЛЫСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

6. «АЗАТ» қозғалысы жеке және коллективтік мүшелерінің еркін тепе-теңдігі, өзін-өзі басқаруы, құрама құрылымдық жүйе мен іс-әрекеттерінің жариялылығы негізінде қалыптасады. 7. «АЗАТ» қозғалысына 17 жасқа толған, қозғалыстың Жарғысы мен бағдарламалық принциптерін мақұлдап, өз қимыл іс-әрекеттері арқылы қозғалыстың мақсаттары меи міндеттерін орындауға тілек білдіре білген Қазақстанның кез-келген азаматы дербес мүше бола алады. Мүшелікке қабылдауда ұлтына, нәсіліне, саяси яки діни көзқарасына орай шектеу қойылмайды. 17 жасқа толмаған жастар Қазақстанның азаматтық қозғалысына шешусіз дауыс құқығымен кіріп, «Азат» жастар ұйымын құруына болады. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысының мақсаттары мен міндеттерін мойындайтын азаматтар ұйымның мүшесі болмаса да бейтарап қалмай, ұйымды қолдап, жақтаушысы болуына мүмкіндік беріледі. Олардың «Азат» ұйымымен қоян-қолтық араласып, осы ұйымды қолдайтын өз топтарын құруға хұқы бар. 8. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысы мүшелігіне қабылдау әр адаммен жеке жүргізіледі. «АЗАТ» қозғалысы мүшелігіне кіру ісі оның бастауыш ұйымдарында талқыланып, көпшілік ашық дауыспен шешіледі. 9. «АЗАТ» қозғалысы мүшесінің құқықтық мүмкіншілігі мынадай:

- өзінің немесе басқаның кандидатурасын сайлау орындарына ұсыну және сайлау;

- мәселені ашық талқылап, өз пікірін білдіруге, оны қорғауға, қозғалыс жұмысына қатысты кемшіліктерді сынға алуға;

- өзі келіспейтін мәселелерді қозғалыстың жоғарғы органдарына талап етіп қойып, наразылық білдіруіне және оған жауап алуына;

- Қозғалыс атынан ұйымдастырылған қимыл-әрекеттерге өз еркімен қатысуға;

- Қозғалыс мүшесінің өкілеттігі болған жағдайда ұйым атынан пікір білдіруіне;

- қажет болған жағдайда қозғалыс мүшесі өзінің бастауыш ұйымынан шығып, сол ұйымның келісімімен Қозғалыстың жаңа бастауыш ұйымын құруына;

- Қозғалыстан шығуға тілек білдірушілердің еш бөгетсіз шығып кетуіне құқы бар, ондай жағдайда бастауыш ұйымы ескертілуі шарт;

- Қозғалыс мүшесі өз мүддесін, азаматтық құқығын қорғау мақсатымен қозғалыс ұйымына арыздануына, осы мақсатпен «АЗАТ» қозғалысының саяси, құқықтық, ұйымдастырушылық және қаржы мүмкіндіктерін пайдалануына;

- Қозғалыстың конституциялық негізіне, бағдарлама мақсатына және Жарғысына қайшы келмейтін басқа ұйымдарға да мүше болуына құқығы бар.

10. «АЗАТ» қозғалысы жанашыр жақтаушыларының құқықтығы:

- барлық жиналыстарға, конференциялар мен құрылтайларға кеңесші хақында қатысу;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысының кез-келген органдарына делегат болып сайлану.

11. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысы мүшелерінің міндеттері:

— Қозғалыс мақсаттары мен міндеттерін насихаттап, көпшілік арасына тарату, қозғалыс қатарын толықтырып, абыройын арттыру, дер кезінде мүшелік жарна төлеп Қазақстанның азаматтық қозғалысының әрбір жанашыр жақтаушысы қозғалыстың қызметіне жәрдем беруге міндетті.

12. Қазақстанның азаматтық қозғалысының мүшесі Қозғалыстың Жарғысын бұзып, өрескел кемшіліктерге жол берсе бастауыш ұйымы оны Қозғалыс қатарынан шығаруы мүмкін. Бұл туралы шешім жиналысқа қатысқандардың өз дауысы негізінде қабылданады. Бастауыш ұйымның немесе кез-келген азаматтық арызын тексеру қорытындысы негізінде Тергеу-Бақылау Комитеті Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысы мүшесін өз қатарынан шығара алады.

Себепсіз алты ай жарна төлемеу Қозғалыс ұйымынан шығуға негіз бола алады. 13. Қазақстанның азаматтық қозғалысы Атқару және Тергеу-Бақылау комитеттерінің мүшелерін қызметінен шығару үшін Үйлестіру Кеңесінің келісімі керек. 14. «Азаттың» коллективтік мүшелігіне республиканың кез-келген бейресми, қоғамдық немесе басқа да бірлестіктері, ұйымдар мен мекемелері қабылданады, бұл ұйымдардың Қазақстанның азаматтық қозғалысының бағдарламасы мен жарғысын мақұлдап өздерінің қимыл-әрекеттері арқылы Қозғалыстың мақсаттары мен міндеттерін орындауға жұмылып, жарнасын мезгілінде төлеп отыруы шарт. 15. Ұйым орталық басқару органдары арқылы өкілеттік танытады. 16. Қазақстанның азаматтық қозғалысы коллективтік мүшесінің «Азаттың» орталық органдарына сайлануға және шешуші дауысы бар делегат жіберуіне құқығы бар. 17. Қазақстанның азаматтық қозғалысына коллективтік мүшелікке қабылдауды Үйлестіру Кеңесі көпшілік дауыс негізінде шешеді. 18. Коллективтік мүшелерді «АЗАТ» қатарынан Үйлестіру Кеңесіне қатысушылардың 2/3 дауысы негізінде шығарылуы мүмкін. 19. Қазақстанның азаматтық қозғалысындағы коллективтік мүшелікті есепке алуды Үйлестіру Кеңесі жүргізеді.

ІV. ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ «АЗАТ»

ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҰЙЫМДЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ

20. Қазақстанның азаматтық қозғалысының ұйымдық құрылымына өзін-өзі басқарудың демократиялық және федералистік принциптері негіз болады:

- ерікті қатысу, оның бастауыш ұйымын сайлау және Қазақстанның азаматына «АЗАТ» қозғалысынан шығу еркіндігі:

- демократизм, толық жариялылық, қозғалыс мүшелері арасындағы жалпы адамгершілік негіздегі қарым-қатынас, партиялық жолдастық, бауырластық, бір-біріне қол ұшын беру, ұйымшылдық және өзара талапкершілік;

- көпшілік пен азшылықтың праволарын қастерлеу. Көпшіліктің ынтасы оның бүкіл ұйымының атынан сөйлеу және қимыл істеуін қамтамасыз етеді.

Азшылықтың мүддесіне оның өз позициясын ұстану, конструктивті оппозицияның кез келген фракциясы мен тобын құруына кепілдік береді, ол «Азаттың» кез-келген ісіне араласпауға ерікті;

- Барлық органдардың төменнен жоғарыға дейін сайланбалылығы. Сайланбалы органдардың өзін сайлаған ұйымдар алдындағы атқарушының және үйлестірушілік қызметі мен атқарылған істер жөнінде хабарлап отыруы;

- барлық ұйымдар жұмысының коллективтігі, шешімдерді дайындау және қабылдау барысындағы көпшілік келісімі және Қазақстанның азаматтық қозғалысы мүшелерінің өз міндеттемелерін қабылдағаннан кейінгі жеке жауапкершілігі:

- бастауыш ұйымдар мен бөлімшелердің және коллективті мүшелердің жұмыстық, құрылымдық, кадр және қаржы мәселелер формасы мен әдісін таңдаудағы толық дербестігі мен тәуелсіздігі.

21. Бастауыш ұйымдар мен қолдау топтары Қазақстанның азаматтық қозғалысының негізін құрайды. 22. Қазақстанның азаматтық қозғалысының бастауыш ұйымы территориялық, өндірістік және қызмет белгілері бойынша, қозғалыс мүшелері болып табылатын ең аз дегенде үш адамнан құрылады. Бастауыш ұйымының жоғарғы органы оның жалпы жиналысы болып табылады. Жалпы жиналыс өзін-өзі басқару органын, Үйлестіруші және Қазынашы сайлай алады, олардың уәкілділік мерзімін белгілейді. 23. Қолдау топтары территориялық, өндірістік, қызмет белгілері бойынша ең кем дегенде Қазақстанның азаматтық қозғалысын қолдайтын үш адамнан құрылады. Қолдау топтарының жоғарғы органы оның жалпы жиналысы болып табылады. 24. Әрбір бастауыш ұйым және әрбір коллективтік қатысушы (республикалық қоғамдың ұйымдардан басқалары) территориялық, салалық және өндірістік белгілеріне сай ұйымдық бірлестіктердің және облыстық бөлімшелердің біріне тіркеледі және оның орталық органында өз уәкілділігі болады.

V. ҰЙЫМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕР

25. Бастауыш ұйымдар мен коллективтік қатысушылардың ең кем дегенде бесеуі өз жұмыстарын үйлестіру мақсатымен ұйымдық бірлестіктер құра алады. Ұйымдық бірлестіктер аудандық, қалалық, Алматы қалалық және облыстық бөлімшелеріне бөлінеді. 26. «Азаттың» ұйымдық бірлестіктерінің орталық органдары болып конференциялар, Үйлестіру Кеңестері, т. б. табылады. Олардың статусы мен міндеттері Қазақстанның азаматтық қозғалысының осы тәріздес орталық органдарының статусы мен міндеттеріне сай келеді. 27. Алматы қалалық және облыстық бөлімшелермен қатар оның коллективтік қатысушылары — республикалық және басқа ұйымдары мен бөлімше міндетін атқаратын автономдық бірлестіктер Қазақстанның азаматтық қозғалысыныц заңды иесі бола алады. 28. Алматы қалалық және әрбір облыстық бөлімше тиісті территорияларда жұмыс істейтін бастауыш ұйымдардың қызметін біріктіру және үйлестіру үшін құрылады.

VІ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ «АЗАТ»

ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ ОРГАНДАРЫ

29. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозалысының Орталық органдары болып: «АЗАТ» қозғалысының съезі, Үйлестіру Кеңесі, Тергеу-Бақылау Комитеті, Қозғалыстың Ақсақалдар Кеңесі, Қозғалыстың Орталық Баспа Органы — «АЗАТ» газеті табылады. 30. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысының жоғарғы органы — съезд. Кезекті съезді ең аз дегенде жылына бір рет Үйлестіру Кеңесі шақырады. Оның уәкілдік формасын Қозғалыстың Үйлестіру Кеңесі белгілейді. 31. Төтенше съездер Қазақстанның азаматтық қозғалысы Үйлестіру Кеңесінің инициативасы бойынша немесе бастауыш ұйымдарының кем дегенде үштен бірінің талабы бойынша бір ай мерзімде шақырылады. 32. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысының съезі:

- Қазақстанның азаматтық қозғалысын құру немесе тарату туралы шешім қабылдайды;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысының, Бағдарламасы мен Жарғысын қабылдап, оған өзгерістер енгізеді;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысының негізгі бағыттары мен кезекті міндеттерін талқылап, анықтайды;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы Үйлестіру Кеңесінің тұрақты мүшелерін, Үйлестіру Кеңесінің төрағасын, Тергеу-Бақылау Комитеті төрағасының орынбасарын, Ақсақалдар Кеңесін, Қазақстанның азаматтық қозғалысы журналы мен газеттерінің редакторларын сайлап бекітеді және осы органдардың есебін тыңдап, талқылайды, қызмет іс-әрекеттерін бағалайды;

- бөлімшелердің, Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысының коллективті қатысушылардың Үйлестіру Кеңесіндегі өкілеттілік үлесін анықтайды.

33. Тұрақты жұмыс істейтін орталық органдардың сайлауы жасырын дауыс беру арқылы жүргізіледі, әрбір сайлаушы жасырын дауыс беру бюллетеніне кандидаттардың кез-келген санын қалдыруға праволы. Ал өзгелерден көбірек дауыс алғандар сайлауда жеңіп шығады. Олардың сандық құрамы алдын-ала ашық сайлау арқылы белгіленеді. 34. Азаматтық «АЗАТ» қозғалысының Үйлестіру Кеңесі съездер арасындағы кезеңде Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысының, жоғарғы шешуші органы болып табылады. 35. «Азаттың» Үйлестіру Кеңесі мүшелерінің тең жартысын съезд сайлайды, ал қалған бөлімін облыстық бөлімшелердің толық уәкілетті өкілдері немесе съезд белгілеген тәртіп бойынша делегат болып сайланғандар немесе конференцияда сайланғандар, республикалық дәрежедегі коллективті қатысушылар құрайды. 36. «Азаттың» Үйлестіру Кеңесінің мәжілісі оның өз инициативасы бойынша, қажеттілігіне орай, ең кем дегенде үш айда бір рет шақырылады. Мәжіліске Қазақстанның азаматтық қозғалысы Үйлестіру Кеңесі мүшелерінің жартысынан көбі қатысқан жағдайда мәжіліс толық өкілетті болып танылады. 37. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысы Үйлестіру Кеңесі:

- Қазақстанның азаматтық қозғалысының съезін шақырады, өкілеттік нормасын белгілейді, съезд шешімдерінің орындалу жағын реттейді;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы Үйлестіру Кеңесі Атқару комитетінің төрағалары мен орынбасарларын сайлайды, Қазақстанның азаматтық қозғалысы комитеттерінің төрағаларын бекітеді, сондай-ақ осы органдардың есебін тыңдайды және де олардың қызмет іс-әрекеттерін бағалайды;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы қызметкерлерінің штаттық кестесін, сондай-ақ қозғалыстың бюджетін бекітеді;

- қаражат құжаттары мен келісім-шарттарға қол қоюға құқы бар адамдарды бекітеді;

- съезд сайлаған органдардың құрамынан шығып қалғандардың орнына жаңа адамдар сайлайды;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы бастауыш ұйымдар мен коллективті қатысушыларды қабылдайды және шығарады;

- Қазақстанның азаматтық козғалысы бөлімшелері мен ұйымдық бірлестіктерді бекітеді;

- қаулылар, резолюциялар, Қазақстанның азаматтық қозғалысы жұмысының, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өмірдің маңызды мәселелері бойынша үндеулер, Козғалыстың бірлескен ірі акциялары туралы шешім қабылдайды;

- Мемлекеттік үкімет органдарына Заң жобаларын ұсынады.

38. Қазақстанның азаматтық қозғалысы Үйлестіру Кеңесінің шешімдері көпшіліктің дауыс беруі арқылы қабылданады. 39. «Азаттың» Үйлестіру Кеңесінің мүшелері съезд шешімдері мен бағдарламалық-жарғылық құжаттар ауқымындағы, арнаулы өкілеттіксіз-ақ сөйлеуге, сол сияқты «Азаттың» Үйлестіру Кеңесінің, Атқару комитетінің мәжілістеріне қатысуға праволы. 40. Қазақстанның азаматтық қозғалысы Үйлестіру Кеңесінің төрағасы мен оның орынбасарлары:

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы Үйлестіру Кеңесінің мәжілісін шақырады және олардың жұмысын ұйымдастырады;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы Үйлестіру Кеңесі мен съезд шешімдерінің орындалу барысын әрдайым бақылайды;

- Атқару комитетімен және де басқа комитеттермен бірлесе отырып, Үйлестіру Кеңесі мәжілістерінде талқылау үшін сауалдар дайындайды;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысының Бағдарламасы мен Жарғысына сайма-сай келмеген жағдайларда Атқару комитеті шешімінің орындалуын тоқтатады;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысын халықаралық, одақтық және басқа мемлекеттік органдарда, сондай-ақ республикалық ұйымдарда таныстырады. Олар осы ұйымдарда Қазақстанның азаматтық қозғалысының позициясы съезд бағдарламасын съезд шешімдеріне негізделгенін білдіреді;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы Теориялық Орталығының жалпы басшылық қызметін жүзеге асырады және қалыптастырады;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы Шаруашылық Орталығының жалпы басшылық қызметін жүзеге асырады және қалыптастырады, оның басшыларын бекітеді.

Қазақстанның азаматтық қозғалысының бір мүшесі Үйлестіру Кеңесінің терағасы болып қатарынан екі мерзімге сайлануға құқы жоқ. 41. Қазақстанның азаматтық қозғалысы Үйлестіру Кеңесінің мәжілістері аралығындағы кезеңде Қозғалыс қызметіндегі өтпелі үйлестіру мен ұйымдастыруды «Азаттың» Атқару комитеті жүзеге асырады. 42. Казақстанның азаматтық қозғалысы Үйлестіру Кеңесінің Атқару комитетін Үйлестіру Кеңесі сайлайды. Ол Үйлестіру Кеңесінің тұрақты іскер органы болып табылады және де өз мәжілістерін қажет жағдайда, аптасына бір рет өткізеді. Оның мүшелері қабылданған шешімдер мен бағдарламалық-жарғылық құжаттар ауқымындағы арнаулы өкілетсіз-ақ Қазақстанның азаматтық қозғалысы атынан сөйлеуге праволы. 43. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысы Үйлестіру Кеңесінің Атқару комитеті:

- Қазақстанның азаматтық қозғалысының Үйлестіру Кеңесі мен съезд шешімдерін орындауды ұйымдастырады;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы ұйымдары қызметін үйлестіреді және кейінге қалдыруға болмайтын мәселелер бойынша шұғыл шешім қабылдайды;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы қимыл комитеттерін құрып, олардың қызметіне басшылық жасайды;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы съездің, Үйлестіру Кеңесінің шешімімен, сол сияқты өзінің инициативасымен басталған бірлескен акциялар мен шараларды ұйымдастырады;

- бюджет ауқымындағы қаражатқа иелік етеді;

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы ұйымдары мен қатысушылардың «Азаттың» орталық органымен байланысын қамтамасыз етеді;

— Үйлестіру Кеңесінің алдында өз қызметі туралы жүйелі түрде есеп беріп отырады. Қазақстанның азаматтық қозғалысы Үйлестіру Кеңесінің Атқару Комитеті қарапайым көпшілік дауыс бойынша шешім қабылдайды.

44. Съездер аралығында органдардың, мекемелердің, кәсіпорындардың қызметіне Тергеу-Бақылау Комитеті бақылау жасайды. Оны съезд құрады және ол өз қызметі туралы тек қана Қазақстанның азаматтық қозғалысы съезіне есеп беретін тұрақты бақылау органы болып табылады. 45. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысының Тергеу-Бақылау Комитеті:

- Қазақстанның азаматтық қозғалысы органдарының, құрылымдық бөлімдерінің бағдарламалық-жарғылық құжаттарды орындауына бақылау жасайды;

- қате деп табылған шешімдерді өзгертеді;

- ұйымдардың, кәсіпорындардың және бұқаралық информациялық құралдарының қаржы қорының түсіміне, ұсталуына тексеріс жасайды.

46. «Азаттың» Ақсақалдар Кеңесін Қазақстанның азаматтық қозғалысының сьезі сайлайды, әрі ол тұрақты жұмыс істейтін қазылық орган болып табылады және де өз қызметі жөнінде тек съезге ғана есеп береді. 47. Ақсақалдар Кеңесі даулы мәселелер жөнінде «Азат» органдары арасындағы дау-егесті, Қозғалысқа қатысушылардың, органдардың, қозғалыстың жауапты қызметтегі адамдарының өз правосын аяқ асты етті деп тапқан шағымдарын таразылап, соған сай мақұлдық немесе кепілдік негізінде шешім қабылдайды. 48. Қазақстанның азаматтық қозғалысына тиісті мекемелерге, кәсіпорындарға басшылық жасау және күнделікті шаруашылық қызметі үшін Қазақстанның азаматтық қозғалысының Шаруашылық Орталығы құрылады. Оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін Үйлестіру Кеңесінің Атқару комитеті белгілейді. 49. Қазақ және орыс тілдерінде шығатын «АЗАТ» газеті Қазақстанның азаматтық қозғалысының Орталық Баспа Органы болып табылады.

VІІ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ «АЗАТ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ МҮЛКІ, ҚАРЖЫСЫ ЖӘНЕ ПРАВОЛЫҚ СТАТУСЫ

50. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысы Үйлестіру Кеңесінің Атқару Комитеті атынан, оның Теориялық және Шаруашылық Орталықтары, мекемелері мен кәсіпорындары заңды мүлікке ие болады. Қазақстан азаматтық қозғалысы Үйлестіру Кеңесінің шешімі бойынша оның ұйымдары (Алматы қалалық және облыстық бөлімшелері, аудандық, қалалық бірлестіктер және ірі бастауыш ұйымдардың атқару органдары атынан) халық депутаттары жергілікті Советтеріне тіркелгеннен кейін заңды негізгі статусын алады. 51. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысы және оның ұйымдары мен мекемелері жарғылық міндеттерді орындауға қажетті кез-келген мүлікке, сол сияқты қаржыға, соның ішінде валютаға да иелік танытуға құқылығы бар. Қазақстанның азаматтық қозғалысы өз мекемелерінің қызметі үшін мүліктік жауап бермейді. 52. Қазақстанның азаматтық қозғалысының қаржы қоры мүшелікке өтер алдындағы және мүшелік жарналардан, баспа және шаруашылық қызметінен түскен кірістен, еркін жарналардан құрылады. 53. Қазақстанның азаматтық қозғалысының заңдастырылған органдары мен мекемелерінің өз мөрі, штампы, бланкі қағаздары, көптеген басқа да реквизиттері болады және өз қаржысын банк ашқан есеп айырысу счетінде сақтайды. 54. Қазақстанның азаматтық қозғалысы жеке мүшелерінің мүшелікке қабылдану жарнасы 3 сом мөлшерінде белгіленіп, тұтасымен «Азаттың» орталық қорына түседі. Қазақстанның азаматтық қозғалысының әр мүшесі тоқсан сайын 3 сом мөлшерінде жарна төлейді.

Пенсионерлер мен студенттер жарна мөлшерін өздері белгілейді. Коллективті мүшелерден алынатын жарнаның мөлшері оларды «Азатқа» қабылдау барысында белгіленеді. Казақстанның азаматтық қозғалысының жақтастары мүшелік жарна төлеуден босатылады, бірақ олар ұйымды еркін қайырымдылық жәрдемдері арқылы қолдай алады. Жарнадан жиналған қаржының жартысы бастауыш ұйымдарға қалдырылады, 30 проценті аудандық, қалалық, облыстық бөлімшелерге беріледі, 20 проценті, «Азаттың» Үйлестіру Кеңесі Атқару комитетінің есебіне аударылады. Болашақта мүшелік жарнадан түскен бүкіл қаржы бастауыш ұйымда қалдырылуға тиіс. 55. Қазақстанның азаматтық қозғалысының және оның ұйымдарының өз Туы, жалауы, значоктары мен эмблемалары және т. б. белгілері болады. Қозғалыстың белгілері мен символдарын Қазақстанның азаматтық қозғалысының сьезі бекітеді және де оларды қолдануға тек қана «Азаттың» орталық органдары рұқсат етеді. 56. Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысы қызметінің тоқтатылуы (бірігуі, қосылуы, бөлінуі) съезі шешімімен қайта құру немесе тарату жолымен іске асуы мүмкін. Казақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысы өз қызметін мүлдем тоқтатқан шақта оның қаржысы мен мүлкі Қозғалыстың Жарғысы мен бағдарламалық құжатында керсетілген мақсатқа жұмсалады.

Үйлестіру Кеңесі мен Атқару комитетінің мекен-тұрағы - Алматы қаласы.
* * *

Бұл жарғы азаматтық «АЗАТ» қозғалысының Құрылтай конференциясында қабылданды.

Алматы қаласы, 1 шілде, 1990 жыл.
Азат газеті №1(5), қаңтар, 1991 жыл

Қазақстан Республикасының Конституциясы (жоба)

Біз республикамызда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің еркін ықтиятын білдіре отырып, жалпыға бірдей адам құқықтары Декларациясын және әр ұлттың өзін-өзі билеу құқығын тани отырып, адам баласының теңдік, еркіндік, бостандық және бақытты тұрмысқа деген тілегін мойындай отырып, толық егеменді ізгілікті ұлттық демократиялық мемлекет құру мақсатын көздеп, қазақ ұлтының атынан Қазақ республикасының осы Конституциясын қабылдаймыз.

1 тарау. Қазақ Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы

1 бап. Қазақ республикасы – тәуелсіз демократиялық ұлттық мемлекет.

2 бап. Қазақ республикасы барлық мемлекеттермен өзінің қарым-қатынасын тепе-тең, өзара сыйласу негізінде жүргізеді.

3 бап. Қазақ республикасының мемлекеттік егемендігі қазақ ұлтының және республиканы мекен ететін барлық ұлт өкілдерінің қолында. Республиканың шебі біртұтас, бөлінбейді, оған қол сұғылмайды.

4 бап. Қазақ республикасының мемлекеттік тілі – Қазақ тілі.

5 бап. Қазақ республикасындағы барлық ұлт өкілдері Қазақстан халқын құрайды, олар егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік өкімет билігінің негізі болып табылады.

Мемлекеттік өкімет билігін Қазақ республикасы тікелей демократия арқылы іс жүзіне асырады.

6 бап. Қазақ республикасының бүкіл халқының атынан Ұлттық Мәжіліс пен Президент қана әрекет жасауға құқығы бар.

7 бап. Қазақ республикасының өзінің жалауы, гимні, гербі мен басқа да белгілері бар (ол конкурс негізінде қосымша белгіленеді).

8 бап. Қазақ республикасының барлық азаматтарына олардың ұлтына, нәсіліне, тегіне, әлеуметтік, мүліктік жағдайларына, діни нанымына, партиялық мүшелігіне, кәсібіне, тұрғылықты жеріне қарамастан Конституцияда көзделген барлық праволар мен бостандықтарға кепілдік береді. Азаматтық және ұлттық тең құқықтыққа қол сұғу заң бойынша жазаланады.

9 бап. Қазақ республикасының конститутциясы шеңберінде жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің мемлекет және қоғам өміріне қатысуына кепілдік беріледі.

10 бап. Қазақ республикасында Қарулы күштер мен право қорғау органдарында саяси партия құруға жол берілмейді.

11 бап. Қазақ республикасында бірыңғай азаматтық бекітіледі. Қазақ республикасының азаматтығын алу және одан айыру арнайы заңмен реттелінеді.

12 бап. Қазақ республикасының заңдары жергілікті халықтың дәстүрі, әдет-ғұрпы мен демографиялық ерекшеліктері негізінде қабылданады.

13 бап. Қазақ республикасында мемлекеттік өкімет, заң шығару, атқару және сот билігі дербес, бір-біріне ықпалы болмайды.

ІІ. ТАРАУ. ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ.

14 бап. Қазақ республикасында азаматтарға заң тыйым салмаған нәрсенің бәріне рұқсат етіледі.

15 бап. Қазақ республикасында барлық азаматтар заң алдында тең. Әйел мен еркек тең құқықты.

16 бап. Азаматтардың сөз, баспасөз, жиналыс, митинг және демонстрация ұйымдастыру бостандығына ешқандай шек қойылмайды. Азаматтардың аталған бостандық құқықтарын іске асыру үшін барлық жағдайлар жасалуы тиіс.

17 бап. Азаматтардың ереуіл, шерулер мен митинг ұйымдастыруына құқықтары бар. Бұл құқық арнайы заңмен реттелінеді. Қоғамдық орындарда митинг, жиналыс, шеру ұйымдастыруға тек қана қауіпсіздік жағдайын ескеріп тыйым салынуы мүмкін.

18 бап. Қазақ республикасында азаматтар қандай дінді болса да ұстауға құқықты. Оның бұл құқығын пайдалануға кедергі жасағандар заң алдында жауапты. Дін мемлекет пен мектептерден, мемлекет пен мектеп діннен бөлінген.

19 бап. Қазақ республикасы азаматтардың жеке меншігіне, үй-жайына, хат-хабар құпиялығына ешкімнің қол сұқпауын қамтамасыз етеді. Республика ішінде соттың қаулысынсыз немесе прокурордың рұқсатынсыз ешкім тұтқынға алынбайды.

20 бап. Қазақ республикасының азаматы заңсыз жауапқа тартылса, ол барлық саяси, әлеуметтік, азаматтық, мүліктік құқықтарын орнына келтіруге құқылы. Оған кінәлі адамдар жеке түрде заң алдында жауапты.

21 бап. Тұтқынға алынған және ұсталған адамдар сол сәттен бастап қорғаушының көмегін пайдалануға құқылы.

22 бап. Қылмыстық жауапқа тек қылмыс істеген адамдар ғана тартылады. Айыпкер сот үкімі күшіне енгенше кінәлі деп саналмайды.

23 бап. Қазақ республикасының әрбір азаматы өз пікірін еркін білдіруге, кез-келген лауазымды адамдарға, мемлекеттік және қоғамдық орындардың әрекеттеріне сын айтуға және шағым беруге праволы. Сын айтып және шағым бергені үшін азаматтарды қудалаған адамдар заң жүзінде қатаң жауапқа тартылады.

24 бап. Қазақ республикасында білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және өнерді дамыту еркіндікке негізделген. Заң жүзінде тек шовинистік, нәсілшілдік, ұлт араздығын қоздыратын және азғындықты уағыздайтын шығармаларды басып шығаруға тыйым салынады. Цензураға жол берілмейді.

25 бап. Қазақ республикасының 18 жасқа толған барлық азаматтарының нәсілі мен ұлты, жынысы және әлеуметтік тегі мен білім дәрежесіне қарамастан өкілетті органдарды сайлауға және оған сайлануға құқылары бар.

26 бап. Ұлттық мәжіліске жасы 25-ке толған Қазақ республикасының азаматы және оның территориясында 7 жылдан кем тұрмаған адам сайлануға құқылы.

27 бап. Азаматтар депутаттардың барлық деңгейін жалпыға бірдей, тең және төте сайлау правосы негізінде, дауысты жасырын беру жолымен сайлайды.

28 бап. Сайлауға және сайлануға тек қана есі ауысқан және сот үкімі бойынша бір жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айырылған азаматтар қатыса алмайды.

29 бап. Депутаттыққа сайланатын кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық, кооперативтік ұйымдар, еңбек коллективтері, әр бағыттағы азаматтық қозғалыстар ұсынуға праволы. Ұсынылған кандидат міндетті түрде тіркелуі тиіс. Сайлау тәртібі арнайы заңмен реттеледі.

30 бап. Қазақ республикасы барлық азаматтардың еңбек ету құқығын мойындайды және олардың еңбегінің саны мен сапасына қарай ақы төленуіне кепілді. Әр азамат өзінің мүмкіндігіне қарай қоғамның материалдық және рухани прогресінің өсіп-дамуына үлес қосуы тиіс. Еріксіз еңбек етуге тыйым салынады.

31 бап. Жұмыспен қамтамасыз етілмеген азаматтар мемлекет қорынан жәрдем алуға құқылы.

32 бап. Қазақ республикасының азаматтары оқып, білім алуға құқылы. Бұл құқық барлық оқудың тегін болуы арқылы іс жүзіне асады.

33 бап. Қазақ республикасының азаматтары заңда бекітілген тәртіп бойынша тынығуға хақылы.

34 бап. Қазақ республикасының азаматтары қартайғанда, ауырып қалғанда және еңбек етуге жарамсыз болған жағдайда мемлекет тарапынан қамсыздануға хақылы.

35 бап. Қазақ республикасының азаматтары өздерінің саяси, экономикалық, әлеуметтік праволары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға хақылы.

36 бап. Қазақ республикасының азаматтары Конститутцияны сақтауға міндетті.

37 бап. Қазақ республикасының азаматтары меншіктің кез келген түріне қол сұқпауға міндетті. Меншік правосы қасиетті және ешкім қол сұқпайтын право болып табылады.

38 бап. Қазақ республикасының азаматтары табиғатты қорғауға міндетті. Табиғатқа зиян келтірген азаматтар атақ, дәрежесі және лауазымына қарамастан заң алдында жауапты.

39 бап. Қазақ республикасында ата-аналар балаларын тәрбиелеуге және оларды түгел қамтамасыз етуге міндетті. Қартайған, еңбекке жарамсыз ата-аналарын балалары қамтамасыз етуге міндетті.

40 бап. Қазақ республикасының азаматтары Отанды қорғауға міндетті. Бұл міндеттерін азаматтар тек республика территориясында өтейді. Оның сыртында өтеуіне азамат өз келісімін беруі қажет.

41 бап. Қазақ республикасының азаматтары заң бекіткен мөлшерде қызмет, еңбегіне қарай салық төлеуге міндетті. Салық төлеуден босатылған азаматтардың санаттары заңда белгіленеді.

42 бап. Қазақ республикасының азаматтары жеке адамның құқықтары мен бостандықтарына қол сұқпауға міндетті. Азаматтардың өмірі мен денсаулығы мемлекеттік қорғауында.

ІІІ ТАРАУ. ҰЛТТЫҚ МӘЖІЛІС

43 бап. Қазақ республикасында мемлекеттік өкіметтің жоғарғы және тек жалғыз заң шығаратын органы Ұлттық мәжіліс болып табылады. Оның қабылдаған заңдары мен қаулыларын республика территориясында тұратын азаматтардың бәрі және Қазақ республикасының азаматтығы бар адамдар орындауға міндетті.

44 бап. Ұлттық мәжілісті республиканың азаматтары төрт жыл мерзімге сайлайды.

45 бап. Ұлттық мәжілісте заңдар мен қаулылар жай көпшілік дауыспен қабылданады. Тек Қазақ республикасының Конститутциясына өзгертулер енгізу үшін депутаттар дауысының үштен екідей көпшілігі қажет.

46 бап. Ұлттық Мәжілістің кезекті сессиялары жылына екі рет шақырылады. Кезектен тыс сессиялар қажет болған жағдайда Қазақ республикасының Ұлттық Мәжілісінің төрағасының указы бойынша және халық депутаттарының үштен бір бөлігінің ұсынысы бойынша шақырылады.

47 бап. Сессияның жұмысы ашық, жариялылық түрде өтеді. Жабық Мәжіліс тек қана халық депутаттарының үштен екідей көпшілігінің қалауымен шешім қабылдағанда ғана өткізіледі.

48 бап. Ұлттық Мәжіліске сайланатын депутаттардың саны республика Президентінің указымен халықтың санына байланысты белгіленеді.

49 бап. Ұлттық мәжіліске жаңа мерзімге депутаттарды сайлау бұрын сайланған депутаттардың өкілеттілігі аяқталған соң 50 күннің ішінде өткізілуі тиіс. Ұлттық Мәжілістің бірінші сессиясы жаңа сайлау өткен соң 30 күн мерзім ішінде шақырылады.

50 бап. Ұлттық Мәжіліске сайланған халық депутаттарына олардың өздерінің өкілетті міндеттерін атқару барысында қол сұғылмайды. Олар тек сайлаушылар және Ұлттық Мәжілістің алдында ғана жауапты. Қылмыс істеген және Конституцияға қарсы келетін және ұлт араздығын қоздырған әрекеттері үшін халық депутаттары тек қайта шақырылып алған соң ғана заң алдында жауапты.

51 бап. Халық депутаттары кез-келген мемлекеттік орындар мен лауазымды адамдарға сұрау салуға құқығы бар. Берілген сұрауға 7 күн аралығында нақтылы жауап берілуі тиіс. Халық депутаттарының сұрауына немқұрайды қараған лауазымды адамдар заң алдында жауапты.

52 бап. Жаңа сайланған Ұлттық Мәжілістің бірінші сессиясын өткен мерзімде сайланған Ұлттық Мәжілістің төрағасы, ол болмаған жағдайда орынбасарлары жүргізеді.

53 бап. Қазақ республикасының Ұлттық Мәжілісінің қарауына мына мәселелер жатады:

1. Қазақ республикасының Конституциясын қабылдау және оған өзгертулер енгізу; 2. Республиканың шекараларын белгілеу және жаңа облыстарды құру; 3. Ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілеу; 4. Халық шаруашылығының бағытын анықтау және оның бюджетін бекіту; 5. Республика территориясында әскер құру тәртібін белгілеу; 6. Қазақ республикасының Ұлттық Мәжілісінің төрағасын және оның орынбасарларын сайлау; 7. Президенттің ұсынысы бойынша премьер-министрді бекіту; 8. Президенттің ұсынысы бойынша министрлерді бекіту; 9. Конституциялық Қадағалау комитетінің төрағасын және мүшелерін сайлау; 10. Қазақ республикасының Жоғарғы сотының төрағасын, Бас прокурорын, Бас арбитрын Президенттің ұсынысы бойынша бекіту; 11. Қазақ республикасының Жоғарғы және облыстық сот мүшелерін сайлау; 12. Бүкілхалықтық дауыс беру (референдум) туралы шешім қабылдау

ІV ТАРАУ. ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

54 бап. Қазақ республикасында мемлекет басшысы Президент болып табылады. Ол атқарушы билікті іс жүзіне асырады.

55 бап. Президент республика азаматтарының төте, жабық дауыс беруі арқылы, жай көп дауыс алған жағдайда төрт жыл мерзімге сайланады.

56 бап. Бір адам екі мерзімнен артық Президент болып сайлана алмайды.

57 бап. Қазақ республикасының Президенті өзінің қызметін ант қабылдағаннан кейін іс жүзіне асырады.

58 бап. Қазақ республикасының президенті болып жасы 40-65 аралығындағы ұлты – қазақ, республика территориясында кемінде 10 жыл тұрған, азамат сайлана алады.

59 бап. Президент өз қызметін атқара алмайтын халге душар болса немесе қаза тапса, оның міндеттерін Вице-президент, ал ол мүмкін болмаса – Ұлттық Мәжілістің төрағасы атқарады.

60 бап. Президент және Вице-президент өз қызметтерін мерзімінен бұрын тек жасаған қылмысы үшін және Конституциялық міндеттерін атқара алмайтын халге жеткенде ғана Ұлттық мәжілістің сессиясында депутаттардың көпшілік дауысымен кейін шақырылуы мүмкін.

61 бап. Қазақ республикасында Президент болып әскери адамдар сайланбайды.

62 бап. Президент Ұлттық Мәжіліс бекіткен мөлшерде мемлекеттің бюджетінен еңбек ақы алып отырады.

63 бап. Президенттің өзінің мемлекеттік қызметіне қоса басқа жұмыспен шұғылдануына тыйым салынады.

64 бап. Қазақ республикасы президентінің өкілеттілігі:

1. Қазақ республикасы Ұлттық әскерінің бас қолбасшысы болып табылады және әскер қолбасшыларын өзі тағайындап, ауыстырады.

2. Указ және Қаулылар шығарады

3. Ұлттық Мәжіліс бекіткен заңдарға қол қояды.

4. Қажет болған жағдайда республиканың кез-келген аймақтарында төтенше жағдайлар енгізеді.

5. Қазақ республикасының премьер-министрінің, министрлер кабинетінің қаулылары мен жарлықтары заңға сәйкес келмеген жағдайда олардың күшін жояды.

6. Қазақ республикасы атынан халықаралық келісімдер мен шарттарға қол қояды.

7. Қазақ республикасының шет елдердегі өкілдерін тағайындайды және қайта шақырады.

8. Кешірім беру правосын жүзеге асырады.

9. Қазақ республикасы бекіткен құрметті атақтарды береді.

10. Қазақ республикасының премьер-министрін және Министрлер кабинетінің құрамын Ұлттық Мәжіліске бекітуге ұсынады.

11. Ұлттық мәжіліс сессиясының аралығында Қазақ республикасының министрлер кабинетінің құрамын тағайындайды.

12. Облыстық Совет төрағаларының кандидатурасын облыстық Советтің сессиясына бекітуге ұсынады және оны кез келген уақытта қызметтен босатуға праволы.

13. Өз тарапынан кез-келген уақытта және кез- келген мәселе бойынша арнайы алқа құрады және оның құрамын бекітеді.

14. Өз атынан заң шығаруға хақылы.

65 бап. Қазақ республикасының президенті өзінің барлық мемлекеттік қызметі туралы Ұлттық Мәжілісте есеп беріп отырады.

66 бап. Республика президенті жанынан кеңесші және әкімшілік басқарушы орган – Мемлекеттік алқа құрылады. Оның құрамына вице-президент, премьер-министр және президенттің өзі тағайындаған экономика, право, мәдениет саласының ірі мамандары кіреді.

67 бап. Мемлекеттік алқа мүшелері Президенттің тапсырмасы бойынша шешім қабылдап, президентке баяндауға хақылы. Республика президенті Мемлекеттік алқа мүшелерінің жасаған қортындысын ескере отырып, өз атынан тиісті шараларды белгілейді.

V ТАРАУ. ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МИНИСТРЛЕР КАБИНЕТІ

68 бап. Қазақ республикасының министрлер кабинеті Қазақ республикасының Ұлттық Мәжілісі және президенттің алдында есеп береді.

69 бап. Қазақ республикасының министрлер кабинетінің құрамын президенттің ұсынысы бойынша Ұлттық Мәжіліс бекітеді.

70 бап. Қазақ республикасының министрлер кабинеті жаңадан сайланған Қазақ республикасының Ұлттық Мәжілісінің бірінші сессиясында өз өкілеттілігін тапсырады.

71 бап. Жаңадан құрылған министрлер кабинеті жаңа мерзімге арналған алдағы қызметінің бағдарламасын ұсынады.

72 бап. Қазақ республикасының министрлер кабинетін мерзімінен бұрын Қазақ республикасының Ұлттық Мәжілісі өз тарапынан және президенттің ұсынысы бойынша үштен екі көпшілік дауыспен таратып жіберуге хақылы.

73 бап. Қазақ республикасының Министрлер кабинеті жалпы басқарушылық және атқарушылық қызметімен қатар, мынандай міндеттер атқарады:

1. Қазақ республикасының Ұлттық Мәжілісі қабылдаған заңдарды іс жүзіне асырады. Осы мақсатта арнайы қаулылар мен жарлықтар шығарады. 2. Мемлекеттік бюджетті қалыптастырады және оны Ұлттық Мәжілістің сессиясына бекітуге ұсынады. 3. Сыртқы және ішкі саясатты жүргізуге жалпы басшылық етеді. 4. Өз тарапынан арнайы заң шығаруға ұсыныс жасайды. 5. Азаматтардың саяси, әлеуметтік құқықтарын, мемлекеттік, қоғам мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. 6. Қазақ республикасының экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани салаларының дамуына, олардың көркеюіне жалпы басшылық етеді. 7. Шет елдерде тұратын отандастардың еліне оралуына жағдайлар туғызады, оны іс жүзіне асыруға арнайы қаржы қорын қалыптастырады. 8. Қазақ республикасының халық депутаттары түсірген сұрауларына жеті күн ішінде жауап береді. 9. Қазақ республикасының Министрлер кабинеті басқару ісін салалық министірліктер мен комитеттер арқылы іс жүзіне асырады. 10. Қазақ республикасының министрлер кабинетінің қызметі “Қазақ республикасының Министрлер кабинеті туралы” заңымен белгіленеді.

VІ ТАРАУ. СОТ БИЛІГІ

74 бап. Қазақ республикасында сот билігі тәуелсіз, дербес.

75 бап. Тек қана Қазақ республикасы атынан Сот әділдігін сот органдары жүзеге асыруға хақылы.

76 бап. Соттар ешкімге тәуелді емес және сот әділдігін жүргізгенде тек қана заңға бағынады.

77 бап. Соттарға қаралған іс бойынша қысым жасаған адамдар заң алдында қатаң түрде жауапқа тартылады.

78 бап. Судьялар ешқандай саяси партияларға мүше бола алмайды.

79 бап. Қазақ республикасының барлық соттарында істер халық уәкілдерінің қатысуымен және ашық түрде қаралады. Істі жабық түрде қарау заңда белгіленген жағдайларда ғана мүмкін болады.

80 бап. Қазақ республикасында сот жүйесі аудандық, қалалық, облыстық және Жоғарғы соттан құрылады.

81 бап. Қазақ республикасының Жоғарғы соты сот билігінің ең жоғарғы сатысы және оның тәуелсіздігінің символы болып табылады.

82 бап. Қазақ республикасы соттарының барлық судьялары тек қылмыс жасағанда, сот қызметін атқара алмаған жағдайда және жасы жеткен кездерде босатылады.

83 бап. Қазақ республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Әрбір азамат сотта ана тілінде сөйлеуге хақылы. Тіл білмейтін азаматтарға тілмәш арқылы жағдай жасалынады.

84 бап. Судьяларды және халық өкілдерін сайлау, сот системасының жалпы құрылымы “Сот құрылымы туралы” заңда белгіленеді.

VІІ ТАРАУ. ПРОКУРАТУРА

85 бап. Қазақ республикасындағы барлық министрлердің, мемлекеттік комитеттердің, мекемелердің, ұйымдардың, кооперациялардың, ассоциациялардың, концерндердің, синдикаттардың, трестердің, шетел фирмаларының, басқа мемлекеттердің өкілетті органдарының, саяси партиялардың, лауазымды адамдардың және азаматтардың заңды бұлжытпай орындауын жоғарғы дәрежеде қадағалау Қазақ республикасының Бас прокурорына жүктеледі.

86 бап. Қазақ республикасының Бас прокурорын Президенттің ұсынысы бойынша Ұлттық Мәжіліс 4 жыл мерзімге бекітеді.

87 бап. Қазақ республикасының Бас прокукорының орынбасары Президенттің ұсынысы, Қазақ республикасының Бас прокурорының ұсынысы бойынша және Президенттің келісімімен Ұлттық Мәжілісте бекітіледі.

88 бап. Қазақ республикасының облыстық, қалалық, аудандық прокурорларын Қазақ республикасының Бас прокуроры төрт жыл мерзімге тағайындайды. Қажет болған жағдайда мерзімінен бұрын қызметтен босатады.

89 бап. Прокуратура органдары өздерінің Конституциялық міндеттерін жүзеге асырғанда ешқандай органдарға тәуелді емес, тек Қазақ республикасының Бас прокурорына ғана бағынады.

90 бап. Прокуратура органдарының қызметкерлері ешқандай саяси партияларға мүше бола алмайды.

91 бап. Прокуратура органдарының қызметі және атқаратын міндеттері Қазақ Республикасының прокуратура туралы заңымен белгіленеді.

Жобаны жасаған заң ғылымдарының кандидаты Сәкен Өзбекұлы

Азат газеті №1(5), қаңтар 1991 ж.

ОБРАЩЕНИЕ

к русскому населению Казахстана

Уважаемые соотечественники!

По разным причинам - от проникновения в казахские степи первых казачьих и иных авангардных сил царизма, направленных в азиатские просторы для захвата и присоединения их к России, а также планомерных крестьянских переселений периода «столыпинских реформ» и до массовых перемещений в республику миллионов русских в советское время под лозунгами «индустриализации», «освоения» целинных и залежных земель», которые происходили при одновременном широкомасштабном геноциде казахов, уничтожившем более половины нации, а еще четверть вытеснившем за пределы ее исторической родины - ваши предки и вы сами, сегодняшняя более чем шестимиллионная русская диаспора, являетесь жителями Казахстана. Тот же путь, каждый своей чередой, проделали и сотни тысяч украинцев, белорусов, поляков, татар, «депортированные» Сталиным целые «народы — преступники». В результате всего этого доля казахов составлявших еще в середине XІX века более 95%, а по переписи населения Российской империи 1897 года -82,5% жителей Казахстана в современных границах, по переписи СССР 1959 года резко снизилось до 29,9% (доля русских - 43,7 %). Таким образом, казахский народ впервые в своей долгой истории превратился в национальное меньшинство в собственном Отечестве. Каждый здравомыслящий человек, свободный от имперских предрассудков и амбиций, прекрасно понимает, что все эти процессы явились следствием целенаправленной колонизаторской и русификаторской политики, обернувшейся для казахов национальной трагедией. В окружении численно доминирующего иноязычного населения, влияние которого многократно усиливалось преднамеренным процессом денационализации республики путем закрытия школ и детских садов, обучающих и воспитывающих на казахском языке, вытеснением его из делового общения, и в целом откровенно прорусской в языковом отношении государственной политики Центра (вспомните знаменитое хрущевское указание: «Чем скорее мы перейдем на русский язык, тем скорее придем к коммунизму!»), коренные жители республики все более ускоряющимися темпами ассимилировались, теряли родной язык, особенности векового уклада жизни, хозяйствования и быта, обычаи и традиции предков, свой национальный характер и национальную психологию, историческую память, т. е. все то, без чего наступают деградация и вырождение народа, без чего нация перестает быть нацией и становится безликой, аморфной, маргинальной и от того нежизнеспособной массой. От полной национальной катастрофы и исчезновения с лика земли как этноса казахов спас лишь более высокий по сравнению с другими крупными национальными группами республики естественный прирост численности, благодаря которому их удельный вес в населении возрос к 1992 году до 42% (удельный вес русских – 36%). Однако это не сняло опасности дальнейшего углубления процесса маргинализации нации. И вот наступило долгожданное время восстановления Казахстана как независимого национального государства, каким он и должен быть по праву каждого народа иметь свой собственный «национальный дом», где он мог бы полнокровно жить, развиваться и творить без всякого диктата со стороны какого бы то ни было «старшего брата». Однако, к глубокому нашему сожалению, национальное возрождение казахского народ сегодня проходит в тяжелейших и сложнейших условиях из-за упорного сопротивлений, прежде всего, некоторых политических и общественных движении неоимперского толка, руководствующихся прежним колониально-шовинистическим принципом «Держать и не пущать!» и присвоивших себе право выступать от имени не только всех русских, но и всего так называемого «русскоязычного населения», в которое огульно включают представителей любой неказахской национальности, хотя каждый из них имеет свой родной язык. Разве такой должна быть благодарность за то, что казахи, проявляя свою природную щедрость и гостеприимство, веками делились кровом и пищей со всеми, кого судьба привела в их необъятные степи, сочувствовали их горю, радовались успехам! Разве этого заслужил народ, сотни тысяч сыновей и дочерей которого погибли на поле брани, совершая чудеса героизма и отваги ради защиты от фашизма свободу и независимость России, Украины и Белоруси за тысячи километров oт родного очага! Казахский народ не требует себе каких-либо «привилегий», о чем без устали трубят псевдоправдоискатели, а, проживая на земле своих предков, добивается жизненно необходимого сейчас приоритетного внимания к себе в целяx достижения реального паритета с другими жителями республики, ибо сегодня он более чем кто-либо ущемлен в социально- экономическом и духовном развитии вследствие крайне негативных последствий долговременной колонизации и русификации, которые не исчезают сами по себе, автоматически, вместе с обретением независимости. Они сохраняются и еще долго будут давать о себе знать. В это трудное для всех граждан Казахстана время, когда Республика делает свои первые шаги к своему независимому политическому и экономическому развитию, когда социально-экономическая ситуация чрезвычайно обострена, стабильность, взаимопонимание между коренной нацией и представителями других национальностей, считающими себя гражданами и патриотами Республики Казахстан являются непременным условием выхода из кризиса и вступления на путь долгожданного прогресса. Этого не понимают или не хотят понимать определенная часть граждан и их общественные объединения. Подверженные и приверженные проимперско-шовинистическим взглядам и принципам, они, вопреки объективной действительности, никак не могут смириться с провозглашением национальной государственности Казахстана и не приемлют отдельных его законодательных актов. В частности, намеренно противопоставляют права нации, отрицая исходящее из общепринятых международных норм развитие национальной государственности Казахстана и требуя абстрактного вненационального гражданского общества, противопоставляют государственный язык республики языку межнационального общения, требуя дать последнему государственный статус, хотя знают, что в таком случае казахский язык в лучшем случае останется языком лишь бытового общения. Шовинисты инспирируют также чреватое опаснейшими последствиями возрождение неэтнических структур, например, казачества – привилегированного, военизированного сословия времен имперско-колониальной политики царизма, искусственно нагнетая тем самым сепаратистские и автономистские настроения в ряде регионов Казахстана. Независимость Казахстана - это общее достояние всех граждан республики, единственная возможности достижения достойной человеческой жизни для всех без исключения. Возрождение казахского народа не направлена против национальных интересов других, оно - необходимое условие его выживания и органического включения как равноправного субъекта в ряды мирового сообщество. Будучи не настолько наивными, чтобы рассчитывать на «моментальное перевоспитание» настоящим обращением отдельных шовинистически настроенных «русских патриотов», мы адресуем, его людям, способным проникнуться болями и чаяниями своего ближнего, и призываем наших русских сограждан, которым должно быть нeбезразлично сохранение межнационального мира и согласия в республике, проявить лучшие черты своего национального характера и отнестись с пониманием к нелегкой борьбе казахского народа за независимое будущее Казахстана. Мы обращаемся к благоразумию и тех, кто в силу насаждавшейся десятилетиями исторической и политической безграмотности идет на поводу у провокационных сил, способствуя разжиганию страстей, ведущих к конфронтации. Все наши трудности и недопонимания — явления временные. Постоянной же категорией является то, что мы -разноправные граждане единого независимого государства. И долг каждого гражданина и каждого общественного объединения – сделать все для того, чтобы оставить наследие своим потомкам традиции мира и согласия.

Координационный Совет ГДК «Азат». Правление РПК
Газета Азат, №6(32), июль, .

«Азат жайлы айтылмаған сыр» қозғалыс белсенділерімен жүргізілген сұхбаттар

Саяси алаяқтар «Азат» атына кір келтірді

Жасарал Қуанышәлімен сұхбат

«Азат» қозғалысының басшыларының бірі болып, қозғалыстың жұмысының жандануына үлес қосқан тұлғалардың бірі белгілі саясаткер Жасарал Қуанышәлі. Тек ұлттың мүддесі бәрінен де жоғары тұратын мемлекеттілікті жақтаушы, қазақтың жанашыр ұлдарының бірі, өжет те батыл саясаткерменмен сұхбатты назарларыңызға ұсыну арқылы «Азат» қозғалысы жайлы айтылмаған кейбір мәселелерді ортаға салуды жөн көрдік.

- Жасарал аға, “Азат” қозғалысы жайлы сөз қозғау үшін ең алдымен оның құрылу тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

- Әуелде, 1990 жылы қозғалыс құрылған кезде, оған жеті тең төраға басшылық еткен болатын. Бірақ, олардың бұл ұйымды қандай жағдайда құрғандығы және оны құруға нақты не себеп болғандығы маған мәлім емес. Себебі – мен қозғалыс құрамына тек 1991 жылы келдім. Ал, мұның да өзіндік тарихы болды. Атап айтқанда, сол жылы күзде болған атышулы ТЖМК (ГКЧП) төңкерісінің тура алдында, 14 тамыз күні, мен “Одақтық шартқа” қол қоюға қарсы Алматыдағы Орталық әмбебап дүкен (ЦУМ) жанындағы алаңда мерзімі шектеусіз саяси аштыққа отырған болатынмын. Кейінірек маған тағы екі азамат – Есімбеков пен Мұхтаров қосылды. Міне, сол жерге 16 тамыз күні М.Есеналиев, С.Ақатай, Б.Дәрімбет бастаған “Азаттың” бірқатар жетекшілері келіп, маған қозғалыстың мүшелік билетін тапсырды.

- Ендеше, сөздің реті келгенде, сол аштығыңыздың ақыры не болғанын да айта кетсеңіз.

- Аштықтың нәтижесі – әлгінде айтқанымдай, 19 тамыз күні таңертең күтпеген жерден Мәскеуде мемлекеттік төңкеріс (путч) болды да, мен қарсы шыққан одақтық шартқа қол қойылмай қалды. Бір қызығы, сол төңкерісті ұйымдастырушы кремльдік топ ұстанған бағыт пен менің көздеген мақсатым бір-біріне мүлде кереғар еді: мені толғандырғаны – “Одақтық шартқа” қол қойылса, Қазақ Елінің одан әрі де отарлық қамыттан құтыла алмай, бодандық таз кепешті киіп қалатындығы болса, Янаев бастаған төңкерісшілерді, керісінше, “одақтық республикалар тым көп бостандық алып кетеді” деген қауіп қатты алаңдатты. Әрине, мені олар білмейді, мен оларды білмеймін, бірақ, қалай болғанда да, Алланың бұйрығымен осындай қарама-қайшы екі пікір бір жерге тоғысып, қорытындысында іс біздің пайдамызға шешілді ғой.

- Сонда сіз еліміздің толық тәуелсіздік алу мәселесін қойдыңыз ба?

- Расын айту керек, КСРО (СССР) мен СОКП (КПСС) әлі де мызғымастай боп көрінетін о кездегі өте күрделі қоғамдық-саяси жағдайда қол жетпестей арман болған толық тәуелсіздік жайлы ашық сөз қозғай алмағандықтан, біздер, аштыққа отырған азаматтар, толық тәуелсіздікке жетудің бірден бір төте жолы ретінде алғаш рет КОНФЕДЕРАЦИЯЛЫҚ ОДАҚ принципін күн тәртібіне қойып, соның жүзеге асуы үшін күрескен едік. Сондықтан төңкерістен соң, 21 тамыз күні шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төтенше сессиясында үлкен қыйындықпен мінберге шығып, республика парламентінің тарихында тұңғыш рет “бейресмилер” (демократиялық күштер) атынан сөз сөйлеген мен “Одақтық шарт” іс жүзінде федерациялық шарт болып табылатындықтан, оған қол қоюға болмайтындығы, бізге қажеті – одақтық республикалардың Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуына мүмкіндік беретін “Варшава келісімі елдері” үлгісіндегі конфедерациялық одақ екендігін айттым. Бастапқыда Жоғарғы Кеңес төрағасы Е.Асанбаев маған 7 минут берген, бірақ, депутаттардың құлшына қолдауымен сөзім 15 минутқа созылды. Сонда сессияға қатысып отырған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы Н.Назарбаев өзінің 23 тамыз күні Мәскеуде, КСРО халық депутаттары съезінде сөйлеген сөзінде менің пікірімді қолдап, конфедерация идеясын ұсынды.

Бірақ, бастапқыда шешілуі өте қыйын түйінді проблема көрінген осынау жаңа идеяның өзі тез ескіріп, ақыр аяғында, содан соң төрт ай өтпей жатып, 1991 жылдың желтоқсан айында… толық тәуелсіздігімізді алдық емес пе! Адам алдына әлдебір мақсат қойып, сол үшін күрескен кезде көбіне Құдайды ұмытып кететіні бар ғой. Сол себептен де ол қаншама талпынып, тырысқанымен, Жаратқан Иемізден бұйрық болмаса, ойға алған ісі жүзеге аспай жатады ғой. Ал, керісінше, бір шаруаға Алланың атымен кіріссең, оның асыра орындалуы да ғажап емес. Сол сияқты, біз де Тәңірімізге сыйына отырып, тәуелсіздікке қаншалықты ынталана ұмтылғанмен, не жасыратыны бар, өз тізгініміз өзімізге мұншалықты жылдам және салыстырмалы түрде оңай жолмен тиеді деп әсте ойламаған едік.

- Иншалла! Енді “Азат” мәселесіне қайта оралсақ…

- Жалпы, сол жыл аса күрделі тарихи оқиғаларға толы болды. Соның ішінде, әсіресе, өзінің маңызы жөнінен Желтоқсан оқиғасынан кем түспейтін Орал оқиғасын айналып өту мүмкін емес. Атап айтқанда, еліміздің батыс өңіріндегі телегей теңіз мұнай мен газ қорына бұрыннан-ақ ашқарақтана көз тіккен Мәскеу (Желтоқсан оқиғасының да астарында осы себеп жатты, бірақ бұл – бөлек әңгіме тақырыбы) атаман Мартынов бастаған Ресей казак әскерлерінің тікелей қатысуымен 1991 жылдың 15 қыркүйегінде “Жайық казактарының патша ағзамға қызмет етуінің 400 жылдық мерейтойы” атты империялық-отаршылдық арандату акциясын жоспарлады.

Міне, төтесін айту керек, сол кездегі Орал және Гурьев облыстарын Ресейге қосып алу мақсатын көздеген осындай аса қауіпті басқыншылық саясатқа тойтарыс беру үшін “Азаттың” Орал облыстық бөлімшесі басшыларының бірі Айсұлу Қадырбаеваның ынтасымен қозғалыс жанынан құрылған “Аттанайық Жайыққа!” штабы (оны басқарушылар құрамында мен де болдым) еліміздің 12 облысынан 300 адамды Орал қаласына бастап апарып, бейбіт наразылық акциясын ұйымдастырды. Содан жоспарларының быт-шыты шыққан сепаратшы шовинистер масқара болып, қашып құтылғандай жағдайда кері қайтуға мәжбүр болды. Айсұлудың соның ізімен жариялаған 11 күндік саяси аштығы нәтижесінде 9 адамнан құрылған президенттік комиссия (мен оның мүшесі болдым) көп жұмыс атқарып, көлемді анықтама жасады. Ол “Азат” газетінде орысша басылды да. Алайда, халық алдында “Азаттың” беделін күрт көтеріп, оны күшті саяси ұйым ретінде қалың жұртшылыққа мойындатып қана қоймай, жалпы қазақтың өз жерін жаттан қорғап қалуға қабілетті елдігін де айқын паш еткен бұл оқиға белгілі себептермен әлі күнге дейін Қазақстанның ресми тарихына енгізілген жоқ…

- Одан әрі не болды?

- 1991 жылғы 10 қазанда “Азат” қозғалысының Бірінші съезді өтті. Сол съездің алдындағы дайындық жұмыстар кезінде “Алматы” санаториінде емделіп жатқан Михаил Иванович Есенәлиев мені шақырып алып, өзіне орынбасар болуды ұсынды. Мен келісімімді бердім. Сөйтіп, съезде Мәкең қозғалыс төрағасы, ал, мен оның бірінші орынбасары болып сайландық. Менің “Азаттағы” қызметім, міне, осылай басталды. Сол кезеңде қозғалыстың күнделікті жұмысын тікелей мен ұйымдастырып, басқарып отырдым, өйткені Есенәлиевтің жасы келіп қалған еді және денсаулығы да жиі сыр беріп жүрді. Сондықтан ол көбіне маған ақыл-кеңес беріп, қозғалыстың бағыт-бағдарын айқындап, жұмыс барысын жіті қадағалап отырды. Ал, ол кісі денсаулығына байланысты басшылықтан кеткен соң мен төраға міндетін атқарушы болып қалдым. Михаил Иванович – ұзақ уақыт жоғары лауазымды қызметтер атқарған, соның ішінде Қазақстанның сыртқы істер министрі болған тәжірибелі, белгілі және беделді мемлекет, қоғам қайраткері, білікті саясаткер, идеолог, ұлт қамқоры, өте мәдениетті, білімді, парасатты жан еді. Мәкең барлығымызға білгенін үйретіп, ақылын айтып, жөн көрсетіп отыратын аяулы ұстаз болды. Ал, оның Желтоқсан оқиғасына байланысты шындықты ізін суытпай ашу жолында атқарған, бірақ күні бүгінге дейін лайықты бағасын алмаған ерен еңбегі – алдағы уақытта әдейі тоқталып өтуді қажет ететін дербес тақырып.

- Сіз “Азатта” қызмет ете жүріп, қозғалыс атынан парламент депутаты болдыңыз. Сол кезде оның бағдарламасы бойынша жұмыстар атқара алдыңыз ба?

- Мен бірінші рет Жоғарғы Кеңес депутаттығына кандидат болып, Ақтөбе облысының басшысы Золотаревтің қызметтен кетуіне байланысты босаған Қарабұтақ сайлау округі бойынша 1993 жылдың қаңтарында сайлауға түстім. Бірақ “Азаттың” атынан емес, өзімді өзім ұсыну арқылы қатыстым. Сол кезде-ақ оппозицияшыл ретінде кеңінен танылған маған қарсы билік алғашында Золотаревтің орынбасары мен бір аудан әкімін тіркеді. Алайда ұзамай өздерін алып тастаған олардың орнына соның алдында ғана ғарышқа ұшып, атағы дүрілдеп тұрған Тоқтар Әубәкіров тіркелді. Ұзын сөздің қысқасы – жергілікті өкіметтің оны ашық қолдауына қарамастан іс жүзінде мен жеңсем де, сайлау нәтижелерін өрескел бұрмалау арқылы 7 наурыз күні билік парламентке ғарышкерді өткізіп жіберді.

Бірақ сол жылдың желтоқсанында-ақ таратылған (мұның “құпиясын” Заманбек Нұрқаділов, иманды болсын!, жуырда ашып берді) ол Жоғарғы Кеңестің орнына депутаттары мезгіл-мезгіл емес, тұрақты жұмыс істейтін кәсіби парламент сайлауы тағайындалды. 1994 жылдың 7 наурызында бұрын-соңды болмаған шынайы демократиялық жағдайда өткен бұл сайлауға мен тағы да сол округ бойынша өзімді өзім ұсынып, жеті кандидаттың арасынан бірінші турда-ақ басым дауыспен депутат болып сайландым. Сол парламенттегі 177 адамның 70-сі оппозициялық “Прогресс” депутаттық тобын құрып, мен соның жетекшілері қатарында болдым және адам құқығы бойынша қосалқы комитетті басқардым. Қазақстан тарихындағы шын мәнінде халық сайлаған осынау алғашқы және, ақиқатына жүгінсек, соңғы кәсіби парламент депутаттары өз көзқарастары мен ой-пікірлерін үнемі ашық, мәймөңкесіз білдіріп, ел мүддесіне негізделген позицияларын табанды түрде қорғап, ешуақытта да биліктің ығына жығылмай, керісінше, оған өткір-өткір талаптар қойып отырды.

- Мәселен…

- Соның айқын мысалы ретінде “Прогрестің” бастамасымен және ықпалымен Жоғарғы Кеңестің сол кездегі Терещенко үкіметін қатал сынға алып, республика парламентінің тарихында бірінші рет осындай мазмұндағы арнайы қаулы қабылдағанын айтуға болады. Сондай-ақ, біз орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру, жерді сату институтын енгізу, мемлекетіміздің ұлттық сипатын жою, халыққа тиімсіз зейнетақы реформасын қабылдау, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі және де басқа, біздің пікірімізше, қауіпті һәм негізсіз ұсыныстарға үзілді-кесілді тойтарыс беріп, оларды өткізбей тастадық. Әттең, бұлардың бірқатарын бізден кейін жасақталған “қалтадағы” парламенттер қабылдап, заңдастырып берді…

Ал, мен өзім Желтоқсанға қатысты комиссияны қайтадан құру жөнінде мәселе көтеріп, оны үлкен қыйындықпен күн тәртібіне енгіздім. Содан бір жарым ай бойы “Демократия үйінде” аштықта отырған желтоқсандықтармен бірге жүргізген ауыр күрес нәтижесінде комиссия құрылды да. Депутаттар оның төрағасы етіп Ким деген заңгерді, жауапты хатшысы етіп мені сайлады. Алайда, өкінішке қарай, бар болғаны 1994 жылдың сәуірінен 1995 жылдың наурызына дейін, басқаша айтқанда – бір жылға да жетпейтін уақыт жұмыс істеген “қолайсыз”, “тілазар” парламентті билік “тілалғыш” Конституциялық Сот пен Татьяна Квятковскаяның “көмегімен” заңсыз таратып (Олжас Сүлейменовтің: “Ресей парламентін қуып тарату үшін танкілер қажет болса, біздің парламентке Таньканың өзі-ақ жетіп-артылды” деген қанатты сөзі естеріңізде болар…), жұмысы енді ғана басталған комиссияның да тіршілігі тоқтап қалды…

- Парламент таратылған соң немен айналыстыңыз?

- Одан соң екі жыл тоғыз ай бойы мені не Алматыда, не басқа жерде ешқандай жұмысқа қабылдамай, сенделтіп қойды. “Жоқ” демейді, қайда барсаң да, көздерін төмен салып, “ертең”, “келесі апта”, “келесі аймен” титықтатты. Осындай жағдайда Ақтөбе облысының әкімі Мусин жұмысқа шақырып: “Өз еркіңмен қызмет етесің, мен араласпаймын”, - деп уәде берді. 1998 жылдың қаңтарынан облыстық көші-қон және демография басқармасы бастығының орынбасары, кейін облыстық архивтің директоры, соңында облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы болып еңбек еттім.

Бірақ мен мемлекеттік қызметте жүрсем де, өзімнің ұстанған бағытымнан айныған жоқпын, сондықтан менің басқармам оппозиция ошағына айналды десе де болады. Соған қарамастан, әділін айту керек, Мусин уәдесінде тұрып, жұмысыма араласқан жоқ. Ал, 2002 жылдың басында оның орнына келіп, қысқа мерзім ішінде елді аздырып жіберген Имантаевпен әу бастан-ақ жұлдызымыз жараспай, екеуміз бір жарым жылдай ашық айқастық. Оның бер жағында халық пікірін аяқ асты еткен билік басындағы ат төбеліндей топ пен отандық және шетелдік алпауыттардың ғана мүддесін көздейтін “Жер кодексіне” қол қойылды. Жалпы біздің ұлттық тарихымызда, соның ішінде, тіпті, патша мен кеңес замандарында да, қазақ жері ешқашан жеке меншікке беріліп, сатылмаған. Сондықтан жердің тәуелсіздік кезінде сатылуы – еш ақылға сыймайтын құбыжық саясат, қазақ халқына қарсы жасалған қылмыс! Осыған және облыс әкімінің бүлдіргі саясатына наразылық ретінде мен 2003 жылдың 30 шілдесінде облыстық басқарма бастығы қызметінен кететінім, “Парасат” ордені мен “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл” мерекелік медалінен бас тартатыным және ашық оппозицияға қайта оралатыным жөнінде Саяси мәлімдеме жасадым. Бірақ оны “Навигатор” интернет-газеті, “Правда Казахстана” және “Алтын ғасыр” газеттері ғана жариялап, қалғандары жұмған аузын ашпады.

- Имантаевпен күресіңіз немен аяқталды?

- Естуімше: “Қуанышәліні құртпай тынбаймын!” – деп… ант берген ол жігіт қолындағы мол биліктің күшін маған қарсы қалауынша пайдаланып, білгенін істеді. Кейбір бұрынғы “достарымның” ауызымен мені жариялы түрде “айыптау” шараларын ұйымдастырды. Бірнеше ай бойы өзінің басыбайлы БАҚ-тары арқылы жаппай жала жабу, қаралау науқанын жүргізді. Бұйрығын екі етпейтін қалалық сотқа тапсырыс беріп, үстімнен еш негізсіз екі әкімшілік іс қозғатты да, мойныма 50 мың теңге айып салды. Ол аз көрінсе керек, жоқ жерден… алты бірдей қылмыстық іс ұйымдастырды! Бірде, тіпті, байғұс судьяны сот отырысын мен емделіп жатқан… аурухана палатасында жүргізуге мәжбүр етті! Сөйтіп, Ақтөбеде емделу мүмкін болмаған соң мен Алматыға кетіп, сондағы бір ауруханада жатқанымда, Имантаев мені сотқа… күшпен қатыстыру жөнінде судьяға қаулы қабылдатып, соны орындау үшін бір полиция полковнигі ұшақпен… арнайы “іссапарға” келді! Абырой болғанда, Гиппократ антын бұзған Ақтөбе дәрігерлеріндей емес, мұндағы ақ халаттылар мені оған бермей жіберді…

Қысқасы, менің мәлімдемемнен соң бұл арпалыс осындай масқара жағдайда тағы бір жылға жуық созылды. 2004 жылдың маусым айында мен, М.Итеғұлов, В.Михайлов пен Р.Тасыбаева бірлесіп құрған қоғамдық комитет озбыр әкімді дереу орнынан алуды талап етіп, Ақтөбеде 20 мың адамның қолын жыйнаған соң істің насырға шауып бара жатқанын түсінген президент 10 шілде күні Имантаевты орнынан алу жөнінде жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан тарихында алғаш рет облыс әкімі жұртшылық өкілдерінің талабымен қызметтен кетті.

- Шынында да, қызық факт екен. Ал, одан кейінгі тағдырыңыз қалай болды?

- Мен “Азаттан” соң ешбір қоғамдық ұйымға кірмегенмін. Содан 10 жыл өткенде, 2004 жылдың басында, “Ақ жол” партиясына мүше болдым. Өкінішке қарай, Байменовтің кесірінен бұл партия екіге жарылған соң “Нағыз Ақ жолды” құруға атсалысып, оның Төралқасы мен Орталық Кеңесіне мүше боп сайландым. “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысын құруға қатысып, оның да Орталық Кеңесіне мүше болдым. “Апта.kz” газетінің бас редакторы болып төрт ай қызмет атқардым. Одан қозғалыс төрағасы Жармахан Тұяқбайға кеңесші боп ауыстым. Сайлау кезінде оппозицияның президенттікке ортақ кандидаты Ж.Тұяқбайдың сенімді өкілдері ретінде Айсұлу екеуміз бір ай бойы Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарын аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік.

- Аға, әуелде “Азат” қозғалысын құрған адамдар жоғары лауазымды қызмет атқарған тұлғалар болды. Осы фактіге сіздің көзқарасыңыз қандай?

- Жалпы алғанда, “Азат” қозғалысының құрылу тарихы, оның атқарған қызметі, тарап кету себептері – арнайы зерттеуді қажет ететін күрделі мәселелер. Жоғарыда айтқанымдай, бастапқы кезде мен “Азаттың” құрамында болған жоқпын. Ал, оның құрылуына билік тікелей араласты деген әңгімені кейінірек естідім. Өзіңіз білесіз, жеті теңтөраға қатарында болған М.Есеналиев, М.Шорманов, Н.Қойшыбеков сияқты азаматтар кезінде лауазымды қызметтер атқарды, С.Ақатай мен М.Тәтімов те қаражаяу адамдар емес. Алайда, солай болғанның өзінде, тек осы фактілерден ғана біржақты қорытынды жасау дұрыс емес, меніңше. Біріншіден, бұлардың өзі – белгілі бір уақытта әлдебір ортақ мүдде біріктірген әртүрлі көзқарастағы адамдар. Соған орай, екіншіден, әрқайсысының өз алдына әртүрлі мақсаттар қоюы да - заңдылық. Мәселен, қозғалыс төрағасы М.Есеналиевке келер болсақ, ол шын мәнінде ұлтшыл адам еді. Бұл сөзді мен империяның “бұратаналарға” таңған теріс мағынасында емес, өзінің табиғи мағынасында, яғни, өз халқын сүйетін, оның болашағын ойлап, басы ауыратын, оған шын жаны ашып, адал қызмет ететін адам мағынасында қолданып отырмын. Сол кісі “Азаттың” ертеңіне алаңдаған болуы керек, бізді, жастарды, қозғалыс құрамына тартты. Бұл – ел болашағын ойлайтын адамның ісі. Жалпы алғанда, замандастары қатты сыйлап, “Хакім” атап кеткен Есеналиев – дәуірлік ірі тұлға.

Қазіргі оппозицияны басқаратын азаматтардың да көпшілігі кеше биік лауазым иелері болды. Бірақ бұдан мін көрудің қажеті жоқ деп білем. “Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң” демекші, олардың бәрін бір бояумен бояп, өткеніне тиісе берген жараспайды. Керісінше, керітартпа биліктен түңіліп, оппозицияға шын ниетімен ауысқандарды қолдау керек. Олардың режимге қызмет етіп, сонда жүре бергенінен, халық жағына шығып, режиммен күрескені біз үшін әлдеқайда пайдалы емес пе? Міне, мәселеге осы тұрғыдан баға берген жөн. Ал, бүгін олардың қайсысы шын ниетімен, қайсысы бір пендешілік есеппен тіршілік жасағанын ертең уақыт айқындайды.

- Сонымен, “Азатты” билік құрды деген пікірмен сіз келісесіз ғой?

- Жалпы алғанда, алғашқыда “Азат” қозғалысының өмірге келуіне биліктің өзі себепкер болды деген пікірді мен қолдаймын. Бірақ уақыт өте келе оппозициялық саясатты, ұлттық-демократиялық идеяны уақытша кәсіп емес, өмірлік принцип ретінде ұстанған, әу баста биліктің жоспарында болмаған тәуелсіз күрескерлер қозғалыс басшылығына кіріп кетіп (мен өзімді осылардың қатарына жатқызамын), өкіметтің ұстанымдарына қайшы саясат жүргізе бастаған соң (мысал үшін Орал оқиғасын, 1992 жылы үкіметті ауыстыру талабымен бір апта бойы сол кездегі Ленин алаңында өткен азаттықтар ереуілін және тағы басқа фактілерді келтіруге болады), билік те қозғалысқа қатысты саясатын өзгертіп, оған қарсы ірітушілік және репрессиялық әрекеттер жасай бастады. Осы мақсатпен, тіпті, біздің арамызға өз адамдарын да жіберіп отырды. Айталық, қозғалыстың Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесін КГБ-ның адамы басқарғанын кейін анықтадық. Өкінішке қарай, қара жер жеткізбесін, Сәбетқазы Ақатайдың да қозғалысқа тигізген кесірі аз болған жоқ.

- Аға, өзіңіз атын атаған С.Ақатай ағамыз бен сіздің араңыздағы пікір қайшылығына не себеп болды?

- Біздің арамыздағы дүрдараздық тек пікір қайшылығынан ғана емес, нақты іс-әрекеттерден туындады. Ол кісі басқарма отырыстарында, неге екенін, үнемі оғаш мінез көрсетіп, әркімге орынсыз тиісіп, күн тәртібіне қойылған мәселелердің талқылануына жүйелі түрде кедергі келтіріп жүрді. Сондықтан, әрине, келісе алмадық. Сондай-ақ, Ақатай Орал оқиғасында болған жоқ, тек ол аяқталған соң келіп, облыстық кеңестің кезектен тыс сессиясына қатысты. Бірақ Алматыға қайтқан соң баспасөзге сұхбаттар беріп, бейне бір Орал оқиғасының басы-қасында болған адамдай сайрады! Бұл да біздің наразылығымызды тудырды. Кейінірек өзі “Азаттың” ішінен құрған республикалық партия жөнінде берген бір сұхбатында: “Біз “Азат” қозғалысы сияқты сауатсыз тірліктер жасамаймыз”, - деп мәлімдеме жасады. Оның осынау өрескел қылығы жөнінде мен М.Есеналиевпен сөйлестім, ал, ол кісі С.Ақатайдың газет арқылы кешірім сұрауын талап етті. Сол жерде Сәкең кешірім сұраймын деп уәде берді, бірақ оны ақыры орындамады.

Тағы бір факт – жоғарыда айтқанымдай, мен 1993 жылы бірінші рет парламент депутаттығына кандидат болып, сайлаушылармен кездесіп жүрген кезде Ақатай окрсайлаукомға: “Ж.Қуашышәлин “Азат” қозғалысының мүшесі емес, сондықтан оның қозғалыс атынан сайлауға түсуі заңсыз”, - деп, жеделхат жолдапты! Содан сайлауком мені жүздеген шақырым жерден округ орталығына шақырып алып, “разборка” жасады. Әлбетте, мен оларға, біріншіден, Қуанышәлинді “Азаттың” мүшелігіне басқа емес, қазір “жадынан ажырап қалған” Ақатайдың өзі қабылдағандығын, екіншіден, мен қозғалыс атынан емес, өзімді өзім ұсыну арқылы тіркелгендіктен (ал, мұны өзгелер білмесе де, сайлауком тамаша біледі ғой!), бұл мәселенің сайлауға еш қатысы жоқ екендігін түсіндірдім. Бірақ, сөз жоқ, билік пен Сәкеңнің өзара келісіп жасағандығы бадырайып көрініп тұрған осы арандату әрекеті менің қаншама жүйкем мен уақытымды жеп қойды! Сондай-ақ, ол кісі Есенәлиевтің “Азат” қозғалысы, Республикалық партия мен “Желтоқсан” қоғамдық комитетін қосып, біріккен “Азат” партиясын құру идеясына сөз жүзінде келіскендей түр көрсеткенмен, іштей қарсы болып, оның жүзеге асуына астыртын кедергілер жасап бақты. Мәселен, біз облыстарға құрылтайдың өтетін күнін хабарласақ, Ақатаев ізінше құрылтайдың… кейінге қалдырылғандығы жөнінде жалған хаттар жолдап, жұртты әбігерге салып қоятын. Сондықтан мен өз басым С.Ақатай билікпен бірге “Азат” қозғалысына қарсы жұмыс істеді деп ойлаймын.

- Қозғалыстың тарап кетуіне себепті неден іздейсіз?

- Менің ойымша, биліктің небір құйтұрқы әрекеттерімен қатар өзіміздің де жіберген көптеген білместіктеріміз ұйымды әлсіретуге әкеп соқты. Өйткені біз о кезде, бейнелей айтқанда, жалаңаяқ, жалаңтөс көше демократтары болатынбыз, сондықтан көп нәрсеге өз қателіктеріміз арқылы үйренуге тура келді. Бізге тәжірибе жетіспеді. Бәлкім, әрқайсымыз бір-бірімізге деген пендешілік өкпе-ренішті жиып тастап, бірлесе қызмет істегенде, бұлай болмас па еді? Оның үстіне, қайталап айтам, бізбен салыстырғанда “бес қаруы сай” билік үлкен кедергілер келтірді. Оның үстіне, 1994 жылы депутат болып сайланған соң мен “Азаттың” басшылығынан кеттім де, төраға болып Хасен Қожа-Ахмет сайланды. Мақтанғаным емес, мен қозғалыс жұмысын қатаң Жарғы бойынша жүргізіп, Басқарма мен Үйлестіру кеңесінің отырыстарын, конференциялар мен съездерді өз уақытында өткізуге күш салатынмын. Ал, турасын айту керек, өмір бойы тек өзін өзі жарнамалағаннан өзге ештеңеге құлқы жоқ Хасен тұсында, өкінішке қарай, Жарғы жөніне қалды. Оның жалғыз өзінің қозғалыс атынан анда-санда сөз сөйлеп, мәлімдемелер жасағандай “қимылдары” болмаса, шын мәнінде бұл ұйым сол кезде-ақ өз қызметін тоқтатқан болатын. Қазір “Азаттың” аты бар да, заты жоқ, тек оның мөрін “жекешелендіріп” алып, олай-бұлай алып қашып жүрген Қожа-Ахмет пен оның айналасындағы бірнеше адам ғана қозғалыстың барлығын “растай” алады. Қысқасы, заң жүзінде тіркелгенмен, іс жүзінде “Азат” ешқандай нақты қызмет атқармайды.

Алайда бұдан пәлендей трагедия жасаудың да қажеті жоқ. Түрлі саяси ұйымдардың өз уақытында өмірге келіп, “демі біткенде” жоғалып жатуы - диалектикалық заңдылық. Тағы бір мойындауды қажет ететін мәселе – “Азат” қозғалысы, меніңше, кезінде өз алдына қойған басты міндеттерді, тарихи миссияны, ең алдымен – тәуелсіздікке қол жеткізу мақсатын орындады. Әрине, оның уақытша ұйым болмай, өмірі ұзақ болғаны дұрыс еді, бірақ, амал қанша…

- Сіздің айтуыңызша, қозғалыстың ыдырауының басты себебі – биліктің араласуы және қозғалыс басшыларының өзара тіл табыса алмауы болды ғой?

- Дұрыс түсінгенсің. Және әркімнің әртүрлі мақсат-мүдде көздегендігі деуге де болады. Жаңа С.Ақатайды, Х.Қожа-Ахметті айттым, басқа да “қыйын” адамдар мен оларды қолдаушылар табылып жатты. Қазір де солай. Біреулер халық мүддесінен туындаған принципті идея үшін күрессе, енді біреулер оппозиция арқылы мемлекеттен лауазымды қызмет алу үшін, үшіншілері – ақша, қаражат жинақтау мақсатында, төртіншілері (үгітшілер және т.б.) – қарапайым жанбағыс қамымен, бесіншілері – биліктің тапсырысымен, алтыншылары – кеудемсоқ жеке бас амбициясын қанағаттандырмақ ниетпен саясатқа араласады. Біз қалайық, қаламайық, осының бәрі қандай да болсын қоғамдық бірлестіктің өмірі мен тағдырына өз әсерін тигізіп жатады. Ол оң әсер болса жақсы, болмаған жағдайда… “Азатты” еске түсіріңіз.

- Біздің қоғам қазір қандай кезеңде тұр деп ойлайсыз?

- Дәл қазір Қазақстан өтпелі (транзиттік) кезеңде “батпақтап” тұр. Олай дейтін себебім, формалды түрде отаршылдық дәуірді артқа тастап, осыдан 15 жыл бұрын заң жүзінде тәуелсіздігімізді жариялағанымызбен, шын тәуелсіздік біз үшін алыс арман болып қалып отыр. Өйткені, сыбайлас жемқорлық пен коллаборационизмге белшесінен батқан бүгінгі биліктің кесірінен біздің барлық (жер үсті, жер асты) қазына-байлықтарымыз да, демек, біздің өз тағдырымыз да – жаттың қолында. Егер бұрын Қазақстанға Ресей жеке билік жүргізсе, қазір елімізді барша дүние жүзінің алпауыттары жабыла қанап жатыр! Іс жүзінде біз жаңаша отаршылдыққа (неоколониализм) түскен елміз. Мұндай жағдайда тәуелсіздік жөнінде әңгіме айтудың өзі ұят! Шынайы тәуелсіз ел, қайталап айтам, өзінің бүкіл қазына-байлығын да, өзін де жатқа беріп қойып, біреудің алақанына телміріп отырмайды. Демек, нағыз тәуелсіздікке жетіп, толыққанды ұлттық-демократиялық мемлекетке айналу үшін біз ең алдымен қазір елімізді сорға бытырып отырған жеке билік режимін жеңуіміз керек! Басқа жол жоқ…

- Аға, 90-шы жылдары “Азат” қозғалысы мен “Алаш” партиясы қатар аталып жүрді. Сіз осы партия жөнінде қандай пікірдесіз?

- Жұрттан бұрын “Алаш” атын иеленіп қалуға жанталасқан жалған ұлтшыл Рашид Нүтішев, Арон Атабек (Нүтішев) сияқты саяси алаяқтар дүйім қазақтың мақтанышы болған осынау парияның атына кір келтіріп, ұлтқа өлшеусіз зиян тигізгеннен басқа түк те бітірген жоқ! Олар өздерінің әрі сауатсыз, әрі дөрекі, әрі арандатушы іс-әрекеттерімен халық арасында “Алаш” атына қатысты теріс пікір тудырды. Ал, нағыз “Алаш” партиясы – тек қазаққа ғана емес, бүкіл Ресей империясына мәлім іргелі партия болды. Оған басшылық еткендердің әрқайсысы бір ұлтқа тұлға болуға лайық заңғар азаматтар еді. Ал, мыналар болса, ұсақ, күйкі тірлікпен айналысты, небір бұзақылықтарға дейін барды. Қазіргі жасап жүрген тірліктері де жүрек айнытады. Мәселен, ата-бабамыздың діні -исламға ашық қарсы шығып, Алла тағалаға тіл тигізіп жүрген (Астафиралла!) имансыз Арон “қазақтың жеке меншік діні” деп (Астафиралла!), қайдағы бір “тәңіршілдік” идеясын қоздыру арқылы ұлт ішіне іріткі салумен айналысуда! Мен “Саясат - лас нәрсе” деген жаттанды ұғымға түбегейлі қарсымын. Неге десеңіз, саясат өзінен өзі лас та, таза да болмайды. Оны жасаушы – адам, демек, саясаттың қандай болмағы онымен айналысқан адамның өзінің ластығына не тазалығына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда жалған “алаштықтарды” лас саясат жүргізіп отырған лас адамдар демеске амал жоқ. Ал, “Азат” қозғалысы – ел өміріндегі ірі саяси құбылыс, үлкен тарихи белес.

- 1993 жылдың 26 қазан күні “Егемен Қазақстан” газетінде жарық көрген “Саясатшылар бізге қандай сыбаға әзірлеп жатыр?” атты мақаласында С.Құттықадам: “Азат” қозғалысы басшылары өзара айтысып-тартысып, соның нәтижесінде қозғалыс үшке бөлініп кетті, Қазақстанның азаматтық “Азат” қозғалысын – Хасен Қожа-Ахмет, Халықтық-демократиялық партияны – Камал Ормантай, Қазақстан республикалық партиясын – Сәбетқазы Ақатай бас-басына, жеке-дара басқарып шыға келді” деген пікір айтады. Сіз бұған қалай қарайсыз?

- Келіспеймін. “Азат” қозғалысын ешкім бөліске салған жоқ, ол жоғарыда айтылған себептермен 90-жылдардың ортасында жалпы ыдырауға ұшырады Ал, С.Ақатай басқарған ҚРП-ға, К.Ормантаев жетекшілік еткен ХДП-ға келсек, олар өздері ішінен құрылған “Азаттан” бөлініп кеткен жоқ. Әрқайсысы өз бетімен тіршілік жасаса да, керісінше, сол қозғалыстың құрамында қалды. Сондықтан “қозғалысты үш адам үш жаққа бөліп әкетті” деу – мәселенің мәнісін түсінбей, тереңіне үңілмей, үстірт айтылған жеңіл пікір. Тағы да қайталап айтуға тура келеді: “Азат” қозғалысы – қазақ тарихында өзінің айрықша орны бар өте күрделі құбылыс, сондықтан оның ерекшеліктерін зерттеу ісі де күрделі, салмақты һәм байыпты көзқарасты талап етеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Азат газеті. 22. 06. 2006 жыл. № 20 (162)

«Азат» қозғалысы жайлы айтылар ақиқат

Камал Ормантаевпен сұхбат

ҚР Педиатрлар қауымдастығының президенті,

академик Камал Ормантаевпен сұхбат

- Құрметті Камал Сәруарұлы, қазіргі кезде “Азат” қозғалысының құрылуы, негізгі бағыты, мақсат-мүддесі жайлы көпшіліктің білуге деген құштарлығы мол. Сондықтан өзіңіздің “Азат” қозғалысының қатарына келуіңіз жөнінде әңгімелеп берсеңіз.

- “Азат” қозғалысы - 1986 жылғы оқиғалардан кейін қазақтың ұлтжанды азаматтарының дербес мемлекет құру идеясын басшылыққа ала отырып құрған саяси ұйымы. Қозғалыстың 1990 жылғы 30 маусым – 1 шілде аралығында өткен құрылтайына мен “Семей-Невада” қозғалысынан өкіл болып қатыстым. Қозғалыс құрылған күннен бастап оның басы-қасында болдым, өйткені мен бостандықты сүйетін адаммын. Менің дәрігер болсам да саясатқа жақын жүретін себебім - бостандықты, адалдықты, әділеттілікті жақсы көретіндігім. Қазақтан шыққан ғалымдардан қозғалыс жұмысына белсене қатысқан мен ғана екенмін, кейіннен мен қозғалыстың басшысы қызметін де атқардым. Қозғалыс жұмысына белсене қатысқандардың арасында М.Есеналиев, М.Шорманов, Б.Дәрімбет, Х.Қожа-Ахмет, Ж.Қуанышалин және С.Ақатай сияқты көптеген ұлтжанды азаматтар болды. Бастапқы кезде “Азат” қозғалысын ұлттық қозғалыс деп атау бастамасы көтерілген, бірақ оған біздер қарсы болдық. Өйткені біз жалпы Қазақстан халқының ортақ мүддесі үшін қызмет жасауды мақсат еттік. “Азат” өз алдына сол кездегі қайта құру кезеңінің демократиялық, әлеуметтік, саяси жетістіктерін қолдауды, түрлі бейресми ұйымдарды және топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыруды, мемлекетке барлық бағытта көмек көрсетуді, ел игілігі жолында күресуді мақсат етіп қойған болатын. Сондықтан басты мүддеміз Қазақстанның шынайы мемлекеттік егемендігіне қол жеткізу болды. Біз республиканың ұлттық байлығына өзі иелік етуін жақтадық, ұлттық және әлеуметтік белгісіне, саяси және діни сеніміне қарамастан адамды барынша қадірлеп, құрметтейтін құқықтық мемлекет құру үшін күрес жүргіздік. Өзіміздің қызметімізді еркін идеялардың бәсекелестігімен жүзеге асыруға, азаматтарды ұлтаралық араздық тудыратын арандатуларға жол бермеуге шақырдық.

- Сіздің саясатқа араласуыңызға не себебін тигізді?

- “Азатқа” келген адамдардың көпшілігі өкіметтен таяқ жеген азаматтар еді, кінәсіз қудалауға түскендіктен олар күрес жолын таңдап алады. Мені де екі рет педиатрия институтының директорлығы қызметінен босатқан болатын. Бір рет Д.Қонаев қайта әкеліп орныма қойған еді. Көбіне адамға әділетсіз түрде зорлық-зомбылық жасау оның әр түрлі саяси партияларға жүгінуге итермелейді, егер өкімет тарапынан қолданылған шаралар әділетті болса, ол үшін үкіметке ешкім қарсы болмайды.

- “Азат” қозғалысының құрамында бола жүріп сіз халықтық-демократиялық партиясын құрған едіңіз, сол туралы айта кетсеңіз.

- Халықтық-демократиялық партияны құруға елдің жағдайының нашарлауы себеп болды, мен өзім халықтың арасынан шыққан, ауылда өскен адаммын, сол ауылдың жағдайының нашарлауы, халықтың тұрмысының төмендеуі қазіргі күні де маған маза бермейді. Бүгінгі күні мемлекетіміздің байып, дамып жатқаны туралы көптеп айтылады, ал елде тұратын жағдайы нашар халық туралы ешкім жұмған аузын ашпайды, 15 млн ғана халқымыз бар ғой, егер билік елдің қамын ойласа, олардың жағдайын түзеуге тиіс, өйткені қазір байып жатқандар тек үркердей ғана топ, қалған халық кедейшілікте өмір сүруде. Мен ғалым ретінде көп марапаттарға, атақтарға ие болдым, бірақ мен елден шықтым, Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы қазақ мектебін бітірдім. Елге барғанда қиналып қайтамын, ауданның өзінде жұмыссыздық көп. Соған байланысты сайлау қарсаңында, 10 қарашада еліміздің болашақ президентіне үндеу жолдадық. Енді нақты партияға тоқталатын болсақ, халықтық-демократиялық партия Қазақстанның барлық азаматтары үшін ашық болды. Біз қазақ халқының мәдениетін көркейтіп, ұлттық құндылықтарын қалпына келтіруді мақсат еттік. Халықтық-демократиялық партияның негізгі мақсаты - ұлтаралық татулық пен қоғамды демократияландыру үшін күрес жүргізу. Ол кезде ұлтаралық қатынастарда күрделі мәселелер көптеп кездесетін, сонымен бірге қоғам демократияландыруды талап ететін.

- Сізді былайғы жұрт ұлтқа жанашыр азамат ретінде таниды, өзіңіздің ұлтшылдыққа қатысты пікіріңіз қалай?

- Ұлтшылдық, менің түсінігімше, адамның өз шыққан ұлтын бағалауы, бірақ өзге ұлттарды төмендетпеуі. Ол үшін өз тілін жақсы көруі керек, мысалы, қазір бір таңертеңгілік жиын өткіземіз, сонда қазақтың кейбір балалары қазақша сөйлей алмайды. Айтатын уәждері - әке-шешесінің орысша білмесең, нан таба алмайсың деп орысша үйреткендігі. Бірақ ол кезең өтіп кетті ғой, ол кезде орысша білмесең шынында да нан таба алмайтынсың. Біздің қазақтың балалары өзге тілді жақсы меңгереді, бірақ өз тілін ұмытып кетеді. Қазір бірте-бірте өз тілдерін үйрену үстінде. Ұлтыңды сүю өз анаңды сүюмен бірдей нәрсе, бірақ өзге ұлттардан өз ұлтыңды төмендетпеуің керек.

- Өзіңіздің “Азат” қозғалысының қатарынан кетуіңізге және қозғалыстың ыдырауына не себеп болды?

- Біздің басымызды біріктірген ортақ мақсат ұлттың қамы болған еді, бәріміз тәуелсіз ел болсақ деген мүддемен жұмыс істедік. Біз қазақ халқының бостандығын аңсадық, сол жолда қолымыздан келгенше әрекеттер жасадық. Ал біздің тарап кетуіміздің, менің ойымша, үлкен екі себебі болды. Оның бастысы ретінде арамызға жіберілген өкімет адамдарының бізді ыдырату бағытындағы атқарған жұмыстарын айтуға болады. Екінші себеп, ол әрқайсысымыздың көзқарасымыздың әртүрлі болуы еді, біз ортақ тіл табыса алмадық. Бастапқы кездері М.Шорманов пен С.Ақатаев арасында жиі жанжалдар болып тұратын. Әркімнің әр түрлі мінезі, ақыл-ойы, тәрбиесі болды. Ол көбінесе отырыстардағы бір-біріне тиісу, ренжісу ретінде көрініс тауып отырды, бірақ төбелеске ешкім бара қойған жоқ. Әсіресе, С.Ақатай мен Ж.Қуанышалин ұшқыр мінезді адамдар еді, екеуі қатты сөздерге келе беретін. Содан кейін арамызда қазақтың бір-бірін тыңдамайтын мінезі бар ғой, айтыс-тартыс, бір мәселе қозғалғанда, екінші бір қатысы жоқ мәселе туралы сөз көтеріледі, біз қанша жоғары білімді азаматтар болсақ та бір-бірімізді тыңдай бермейтінбіз. Арамызда біршама уақыт төраға болып М.И.Есеналиев қызмет атқарған еді, ол кісі саясаткер, іскер, сөзді тыңдай білетін азамат болатын, сол кісі келген соң ғана біздің арамызда өзара түсіністік орнай бастады. Бөлінуге, әсіресе, марқұм С.Ақатаевтың себебі зор болды деп есептеймін. Тіпті, арамызға Михаил Иванович төраға болып тұрғанда да Сәбетқазының ешкімді тыңдай бермейтін мінездері бар еді. Тіпті, ол билікке жақын болды ма деп те ойлаймын, ол тез арада, еш кедергісіз республикалық партияны құрды, сол кезде оның айналасында он-он бес адам болған еді. Адамдардың мінезі әр түрлі ғой, тіпті, ағайынды адамдардың да тіл табыса алмайтындары болады, соңғы кезде біздің тіл табысуымыз азайып кеткен еді. 1994 жылы айтыс-тартыс үдеп кеткен соң, ары қарай істі жалғастырудың мен үшін мәні қалмай, “Азаттан” кеттім. Жалпы алғанда, біздерге қозғалыстың бергені мол болды, сол “Азаттың” арқасында Түркияда болдық, Хасен Оралтаймен таныстық, сондағы түрік халқының жиналыстарына қатыстық. Менің ойымша, Қазақстанның азаматтық “Азат” қозғалысы тәуелсіздік жолында үлкен қызмет жасады және ол өзінің әділ бағасын алуы тиіс.

- Өзіңіздің оппозицияға деген көзқарасыңыз туралы айта кетсеңіз?

- Әр партия халықты жақсы көреміз, халықтың ұлымыз деп айтады, бірақ әдістері түрліше болып келеді. Ашық оппозицияға шығу үшін оның басшыларының өздері таза болуы керек. Кейбіреулерде тазалық болмай қалады. Мемлекетте оппозиция болуы керек, бір адамның ғана пікіріне қарап отыруға болмайды, ол да қателеседі. Әсіресе, оппозиция жағына елдің көзі қарақты, зиялы адамдары шыққаны дұрыс, қарапайым адамдар өз нанын тауып жесе, соның өзі үлкен табыс. Кейіннен 1998 жылы біз “Азамат” деген қозғалыс құрдық, оған қазақтың 74 зиялы азаматы мүше болып кірген еді, бірақ оның ғұмыры белгілі себептермен ұзаққа созылған жоқ. Қазір мен ешқандай партияда жоқпын, бірақ көзім көрген шындық туралы жасырмай айтуды жөн көремін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Азат газеті. 02. 02. 2006 жыл. № 4 (146)

«Орал оқиғасы алдын-ала ойластырылған соғыс ойыны еді»

Айсұлу Қадырбаевамен сұхбат

Қазақ тарихында ел үшін, жер үшін бел шеше күрескен қазақтың батыр қыздары қашанда аз болмаған. Заман өзгеріп, заманына қарай адам өзгеріске ұшырағанымен, қазақ қыздарының бойындағы елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімі өзгерген жоқ. Соның бірі- өз ұстанымдары үшін күресуден танбаған, ұлт жанашыры, қайраткер азаматша Айсұлу Қадырбаева. “Азат” қозғалысы жұмысын өз бастаған уақыттан бастап, оның қызметіне белсене араласқан саясаткерді бүгін аталмыш қозғалыс жайлы әңгімеге тартып отырмыз.

- Сіздің есіміңіз 1991 жылғы Орал оқиғалары арқылы көпшілікке танымал болған еді, ол кезде сіз қазақтың ұлтшыл қызы ретінде талайлар үшін үлгі болдыңыз, бұл жолға қалай түскеніңіз жөнінде бүгін көкірегі ашық оқырманға әңгімелеп берсеңіз.

- 1979 жылы Шона Смаханұлы ағамыздың ұйымдастыруымен ұлттық бағытта үгіт-насихат жүргізу мақсатындағы әдеби топ құрылды, соның құрамына мен де кірген едім. Ұлттың жаңадан ояна бастаған, жаңа ұлттық бағыттағы көзқарастар тіріле бастаған тұста осы бағыттағы жұмыстарды бала бақшасынан, мектеп қабырғасынан бастауды жөн деп санадық. Ол кезде 29 жаста едім, “Жазушы” баспасының поэзия бөлімінде қызмет істедім. Шона Смаханұлы да сол баспада қызмет жасайтын, ол кісімен жақсы араласып тұратынбыз. Сол ағамыздың айтуымен мен үгіт-насихат жұмыстарына қатысып, бүкіл мектептерді, институттарды, демалыс орындарын аралап халықты ояту жұмыстарына кірістік. Өзің білетін шығарсың, №12 мектепті Ш.Смаханұлының, Қ.Мырзәлінің бастауымен ашқан болатын. 1984 жылы мен қазақ радиосының әдеби бөлімінде қызмет атқаратынмын, оған дейін 1979 жылдан бастап мен Ш.Смаханұлының жанында өз қызметімнен тыс жоғарыда аталған іспен айналысып жүрген едім. Сол уақытта ұлтты тек Алматыда ғана емес әркім өз туған жерінде ояту үшін күрес жүргізу қажет еді. Өз туған жерімде ұлтты ояту мақсатында мен де сол кезде босап тұрған Орал облысындағы қазақ радиосының меншікті тілшісі қызметіне ауысқан едім. Осы жұмысқа ауысуыма менің партия құрамында болмауым кедергі болды, бірақ менің атқарған жұмысымды бағалаған басшылар өтінішімді қабыл алып, сол жаққа қоныс аудардым. Сол кезде Мұстаһим Біләлұлы Ықсанов деген азамат Орал орталық партия комитетінің басшысы екен, ол кісі ұзақ жылдар оңтүстік облыстарда қызмет істеген еді, ол басшы болып барғанда Оралдағы қазақтар саны жалпы сондағы қала халқының 11 пайызын ғана құраған екен. Сол кісі қызмет істеген 10 жыл ішінде қалада қазақтардың үлес салмағы тағы 10 пайызға артып, 21 пайызға жетіпті. Мен Оралға барған соң өзімнің атқаратын қызметімді қосалқы жұмыс деп санадым да негізінен Алматыда бастаған істерімді жалғастырдым, халықтың ұлттық сана-сезімін ояту мақсатында радио хабарларын ұйымдастырып, орталыққа жіберіп отырдым. Істерім нәтижесіз болған жоқ. Ол кезде мен 7 минуттық қана хабарлар әзірлейтінмін. 1986 жылы көктемде Орал қаласының оқу бөлімінің бастығы Селезнева деген шовинист, партия қызметкері туралы хабар әзірлеп Алматыға жіберген едім, сол мақалам үкіметтегі идеология бөлімінің бастығы Ө.Жәнібековтың құлағына шалынып, тез арада сол кездегі Орал облыстық партия комитетінің бастығы Есқалиев Нәжімеден Ықсанұлына телефон шалған екен. Артынша бюро болып, сол Селезнева орнынан кетті. Сол кезде Оралда ешқандай қазақ мектебі болмаған еді, тек 5 сыныптан бастап оқытатын С.Сейфуллин атындағы қазақ мектебі бар еді, оған ауыл балаларын жинап алып оқытатын, сондықтан қалада ең алғаш қазақша оқитын бірінші сынып ашу мәселесін көтеріп, радио хабарларын ұйымдастырдық, ақыры аталған мектепте қазақша бірінші сынып аштық. Сол жылы 18 бала мектеп есігін аттаған еді.

- Тілші ретінде ұлтқа қатысты сол кезде сізді мазалаған нендей жағдайлар болған еді?

- Одақтан Атырау, Орал, Орынбор үшеуін қосып, ірілендірген экономикалық аудан жасау идеясы ұсынылады. Оның орталығы Орынборда болуы көзделеді. Ол мәселеге Д.Қонаев қарсы болды, оның кетуіне себеп осы болған еді. Қазір желтоқсан көтерілісінің басты себебі ретінде Д.Қонаевтың орнынан алынуы сөз болады, бірақ оның орнынан кетуіне не себеп болды деген сұрақ назардан тыс қалдырылады. Осылайша орталықта Д.Қонаев мәселесі қайта-қайта қаралып тұрған еді. Менің әлі есімде, 1986 жылы сәуір айында Д.Қонаев Оралға келіп астық мәселесі жөнінде жиналыс өткізді, мен тілші ретінде сол жиналысқа қатысқан едім. Ол кісі келіп кеткен соң Ақсай өзмізде қалады деп кетті деген сөз естідім. 1986 жылдың қазанында Қарашығанаққа Рыжков келген, ол Одақтағы премьер-министр қызметінде болатын. Рыжков Қаршығанақтан Атырауға, одан Орынборға барды. Кейін мен газ-мұнай саласының маманы Камал Султанмақсұтұлынан сұхбат алған едім. Ол Рыжковтың осынау орасан зор байлықты Қазақстан жалғыз игере алмайды деп кеткендігіне алаңдаушылық білдірген еді. Осы мәселеде қойылған талапты орындаудан бас тартқан Д.Қонаев “казахский народ сложный народ они меня могут не понять” деген екен, ол бізге ауызша жеткен ақпарат болды. Менің айтайын дегенім, 1986 жылы ең бірінші репрессияға түскен адам - Д.Қонаев. Ол өз халқымен бірге репрессияға ұшыраған еді.

- Осы Орал оқиғасының орын алуына не себеп болды деп ойлайсыз?

- Қазақстанды бұтарлап бөліп әкету саясаты, әрісіне бармай-ақ қоялық, беріден айтсақ, сол кездегі Кеңестер Одағының Бас хатшысы Горбачевтың аузымен күнде айтылып жатты! Орал казактарының “Манифестері” Горбачев сөздерінің жаңғырығы ғана! Онда: “Атырау, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Торғай, Жезқазған, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Алматы, Талдықорған, Семей, Өскемен облыстарының бәрі – орыстың ата қонысы есебінде Ресей қарамағына кіруі керек”, - деп жазылған болатын. Сонда қазақ халқының үлесінде қалатыны – Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстары ғана! П.Своик, Ю.Баев, В.Водолазов, Волков сындылар аяқтай жүріп қаттастырған бұл құжат, яғни “Манифест” 1990 жылы ел ішіне астыртын таратылды. Жергілікті ресми органдардың көмегімен қолымызға тиген бұл құжатты республика жұртшылығына жеткізуді облыстық “Қазақ тілі” қоғамы маған жүктеді. Мен оны “Қазақстан тәуелсіздігін талап ету” мақсатымен ресми түрде арнайы ұйымдастырылған Алматы қаласындағы он төрт күндік үлкен митингіде халыққа ашық жария еттім (1990 жыл, қазан, 10-25 күндері). Әрине, жоғарыдағыдай мазмұндағы “Манифесттің” көшірмесі көкірегінде иманы бар қай-қай азаматты да бей-жай қалдырмады. Көтерілген мәселені дұрыс деп тауып, қолдап сөйлеген азаматтар әлгі құжатты табан астында көбейтіп, таратып әкетіп жатты.

Сонымен, қазан айында болып өткен сол жолғы митингінің шешімі бойынша, оған қатысқан бір топ азаматты Қазақстан Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасы С.Әбділдин қабылдады. Мен Жайық жағдайының жай-күйі жазылған ресми құжатты сол кісінің қолына тапсырып, кейін қайттым. Міне, 1991 жылғы қыркүйек оқиғасының алдындағы казак пен қазақ арасындағы екі жақты тартыс осылай жалпы халықтық сипатқа көшті. Тіпті, бұл жер-жерде өткізіліп жатқан республикалық “Қазақ тілі” қоғамы көшпелі пленумдарының назарынан да тысқары қалмады, әр облыста құрылып жатқан “Азат” қозғалыстары – ол өз алдына.

- Енді Орал оқиғасына толығырақ тоқталып кетсеңіз.

- Оралда казачество деген мәселе шықты, патша кезінде Жайықтың арғы жағынан 40, бергі жағынан 40 шақырым қашықтықта қазақтарды өткізбеу туралы патша жарлығы шыққанын білетін шығарсың. Сол казактар өздерінің патшаға қызмет еткендерінің 400 жылдығын атап өтпекші болды. Казактар өздерін ұлт деп жариялап, өз мәдени орталықтарын ашып, кең көлемде жұмыстар атқара бастады. Мен ойлаймын, сол кездері қазақтарға қазақ тілі қоғамын құрудың қажеті жоқ еді, оны құру арқылы сол кездегі кейбір билік өкілдері казактардың осылайша бас көтеріп, жандануына түрткі болған еді. Сол кездері казактар Қазақстан құрамындағы казак ұлттық автономиясын құруға бел шеше кірісті. Олар дүниежүзі казактарын Оралға шақырған, оған Ресейден атаман Мартынов бастаған 300 делегат келген болатын. Бұлайша казактардың бой көтеруіне сол кездегі үкімет жасырын түрткі болып отырды. Қазақ тілі қоғамы 1990 жылы құрылды, оны үкімет өзі құруға мұрындық болды, өйткені оны құрған соң оның үкімет саясатын қолдауы тиіс болған еді. 1990 жылдың 25 қаңтарында мен науқастанып, ауруханаға түскен едім. Мені сыртымнан жиналған халық қоғамның төрағасы етіп сайлады. Менің басшылыққа келуіммен қазақ тілі қоғамы сол кезде орын алған ахуалға сәйкес казактарға қарсы тұратын саяси ұйымға айналып шыға келді. “Қазақ тілі” қоғамын саясаттандырма деп бізді үкіметтік органдар жан-жақтан қысымға ала бастады. Біздің қоғамды саясаттандырмауға басқа амалымыз болмады, өйткені басқа саяси ұйымымыз болмаған еді. Сөйтіп жүргенде, казак мәдени орталығының бастамасымен Орал қалалық кеңесіндегі кейбір депутаттар күн тәртібіне патшалық Ресейге қызмет еткен Орал казак әскерінің 400 жылдығын салтанатпен тойлап өту туралы мәселе қояды. Қалалық кеңес оны талқылап өткізу керек деп шешім қабылдап, бекітуге облыстық кеңеске жібереді. Сол кездері Орал облыстық партия комитетінің басшысы Н.Есқалиев облыстық кеңестің де төрағасы қызметін қатар атқаратын. Ол уақыта облыстық кеңестің атқаратын ролі жоғарылаған еді. Облыстық кеңес мәжілісі аталған ұсынысты талқылап Патшалық Ресейге қызмет еткен Орал казак әскери күшінің мерекесі десек жергілікті халық тарапынан наразылық туып, жергілікті ұлт пен казактар арасында өшпенділік орын алады, сондықтан мұны Орал өңірінің халықтарының достығы деп атап өтейік деп қаулы қабылдайды. Бұл мәселе көтерілгенде “Азат” қозғалысы құрылмаған еді. Қазақ тілі қоғамы бұл жөнінде өз пікірлерін алға тартты біз қазақстанда тек бір ұлттың және өзге ұлттар өкілдерінің тұратындығын және казак әскерінің кеңестер кезеңінде өз қызметін жалғастырмағандығын алдыға тарттық. Осы мәселелер біздің “Азатты” құруымызға себеп болды. “Азат” қозғалысының тең төрағалары Аманжол Зейнуллин, мен және Қосым деген жігіт болып сайландық, бұл 1991 жылдың мамыр айы болатын. Бір қызығы, “Қазақ тілі” қоғамының төралқа мүшелері “Азат” қозғалысының төралқа мүшелері болатын, мұны біз сенім артатын адамдардың аздығына байланысты “Азат” қозғалысы көтерген мәселені осы қоғам қолдап отыру үшін жасаған едік. Ал оған дейін мен Алматыдағы “Азат” қозғалысының съезіне қатысып, төралқа мүшесі болып, оның ұйымдастыру жұмыстарына қатысқан болатынмын. Енді біз Н.Есқалиевтан облыстық кеңесте қабылданған қаулының күшін жоюды талап еттік. Облыс басшылары бізге бүкіл Қазақстан халқын шақырып бөлек той жасап, казактарға той өткізу үшін “хан тоғайын” беруді ұсынды. Біз бұған мүлде қарсы болдық, облыс басшылығы өз шешімдерін алмады, ал үкімет ешқандай шара қолданбады. Біздің түсінігімізше, бұл мәселе төңерегінде осы тойды өткізу барысында казак автономиясын жариялау туралы Ресей мен Қазақстан арасында келісім болған. Ол жасырын емес жағдай болатын. 13,14,15,16 қыркүйек күндері үлкен қарсылық акциясы өтті, онда Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ден аса ұлтшыл азаматтар жиналған болатын. Алматыдан “Азат” қозғалысынан Ж.Қуанышәлі, Орал Сәулебай, Азат Көкенов, Нұрзипа Жармұхаметова, Дәурен Сатыпалдиев бастаған бір топ “Азат” қозғалысы белсенділері келген болатын. Кейінірек “Азат” қозғалысы төрағаларынан С.Ақатаев келген еді. Сөйтіп 16 қыркүйек күні қала басшылығы өз қаулысын қайтарып алды.

Орал оқиғасы – ол тегін ойын емес еді! Ол – алдын-ала ойластырылған соғыс ойыны! Және де нағыз оспадарсыз ойын! Оспадарсыз ойыннан қашан да от шыққан! Біз, Орал оқиғасына қатысушылар, бұл қауіпті сезбедік емес, сездік! Бірақ, бізде басқа таңдау болмады! Не көну!!! Не өлу!!! Үш баланың тағдырын бір Аллаға тапсырып, қырыққа келген қатын, - қатерге басымды байлау – мен үшін оңайға түскен жоқ!!! Алайда, елге деген, жерге деген махаббат осыған мәжбүр етті!!! “Шәһид кетсек, соның өзі халыққа неше есе серпіліс береді” деп шын сендік. Дәл осы сезім Орал оқиғасына қатысқан жүрегі таза әрбір азаматтың көкірегінде тұрды! Мен бұған иманымдай сенемін! Біз бетке перде ілмедік!!! Ашық күрестік!!! Ол кездегі күрескерлер, тұтастай алғанда, халқымыздың салтын, дәстүрін, әдетін, ғұрпын бойында сақтап, бір Алланы жүрегінде берік тұтқан нағыз батырлар еді. Бірі-бірінен озып, бірі-бірінің алдына шықпай, бір кісідей, бір тәртіпке бағынып, мақсатты түрде бірегей қимылдау – үлкен тәрбиенің жемісі! Сол тәрбие бізде болды, мен соған қуанам! Бізді Оралдың қатерлі оқиғасы мен құйындай үйірілген ішкі саясат иірімінен аман алып шыққан да – осы қасиет. Ол қасиет болмаса Біздің Қазақстанның түкпір-түкпірінен адам жиып, неше мыңдаған халықты көтеріп әкету жауапкершілігіне тәуекеліміз тұрмас еді. Осы күрес үстінде мен, жеме-жемге келгенде, басшысы бар, қосшысы бар, қаймана қазақтың баршасы тұтасып жүре беретініне көзім жетті. Сол үшін Құдайыма тәуба айтам! Әйтеуір, қалай болғанда да, 1991 жылғы қыркүйек оқиғасы үстінде дұшпанына бет қаратпаған қаһарлы қазақ аспанынан түскен жоқ. Бұл жеңіс – ұлтымыздың ондаған жылдарғы еңбегінің жемісі. Бұл жеңіс – елдің тілеуімен жеткен жеңіс! Оны әркімнің жекелеген еңбегіне шағып, арзандатудың еш орны жоқ!!!

- Осы Орал оқиғасы болғаннан кейінгі атқарылған іс-шаралар жөнінде айта кетсеңіз?

- Мен Оралдағы “Азатттың” тең төрағасы қызметінен осы акциядан соң бас тарттым, “Қазақ тілі” қоғамында қалдым, бірақ одан кейін мен көп қудалауға ұшырадым, сыртымнан соттап 10 000 сомға айып салған болатын. Қатысқан жігіттердің барлығының үстінен іс көтерілді. Орал оқиғасына баға беру мәселесі өздігінен шешілмейтін болған соң қазанның 14 күні Алматыда аштық жарияладым. Ресми 14-26 күндері аштық жариялап отырдым, тек 25 қазан күні түнгі сағат 11-де менен С.Ақатаев сүйінші сұрап, істі Президенттің өзі қарап, оны шешу туралы президенттік комиссия құру туралы тапсырма бергенін айтты. Келесі күні біз Е.Асанбаевтың қабылдауында болдық, ол құрылатын комиссия төрағасы ретінде С.Әбдрахмановтың кандидатурасын ұсынды, мен бұған үзілді-кесілді қарсы шықтым. Мен Балмақаев деген заңгер немесе Ж.Қуанышәлин болсын деп екі кандидат ұсындым. Сөйтіп ортақ келісімге келе алмай төрағасыз, алты адамнан тұратын комиссия құрылған болатын.

- Орал оқиғаларынан соң “Азат” қозғалысымен байланысыңыз қандай болды?

-Алматыда мені “Азат” қозғалысының тең төрағасы етіп сайлады. Мен басынан бастап қозғалыстың төралқасына мүше болған едім. Алматыға келгеннен кейін құлшынып жұмыс істейтін жағдай болмады, тек даудан көз ашпадық. Жеті тең төрағамыз ішінен бүлініп кетті. Ендігі жерде заңсыз депутаттар жиналыстарға келіп жұмысымызға кедергі келтіре бастады. Ол жерде ешкім де жеке басшы болып та мандытып жұмыс жасай алмас еді. Сосын мен Ж.Қуанышалин екеуміз өз ризашылығымызды білдіріп, басқарма мүшелігінен бас тарттық. 1993 жылы менің бастамаммен Х.Қожахметті “Азатқа” төраға етіп сайлау мәселесі көтерілді. Алғашқы кезде Хасен келісімін бермей жүрді де кейіннен келісті. Біздің “Азаттағы” ең сәтсіз қадамымыз осы іс болды. Хасен өзімен бірге Д.Көшімді іс басына тартты да “Азаттың” ішіндегі кадр мәселесін түгелімен шашып тастады. Жиналыс болса тек мөрге, басшылыққа талас орын алатын болды. 1996 жылдың шілдесінде мен “Азаттан” өз еркіммен бас тарттым, өйткені мұндай жағдайда маған “Азаттың” қарапайым мүшесі болып қалудың өзі мүмкін болмады. Кейіннен кейбір азаматтар “Азаттың” басшылығын Хасеннің қолынан алуға тырысты, бірақ әрекеттері сәтсіз аяқталды. 2001 жылы Сапабек Әсіпті төраға сайлап, мені орынбар қылып, “Азатты” қайта құрдық. Оны ұйымдастырған Б. Дәрімбет болған. Бірақ мөр Хасеннің қолында болған соң, біз өз қызметімізді жалғастыра алмадық. Менің ойымша, “Азат” қозғалысының біртұтас жұмылып, өзгелерге өнеге боларлық атқарған жұмысы Орал оқиғасы болды. Одан кейінгі уақытта қозғалыс өз басшыларының арасында туындаған түрлі кикілжіңдер әсерінен біртұтас, жұмыла әрекет ете алған жоқ.

- “Азат” қозғалысының өмірге келуіне себеп болған идеялар жайлы не айта аласыз?

-Бір кездесуде маған және Ж.Қуанышалинге Н.Есқалиев “Азатты” құру идеясы өзіне тиесілі екендігін және оны құру туралы үкімет басшыларына ұсыныс тастағанын айтқан еді. “Өзіміз айта алмайтын жайттарды айтқызып, соны халық тарапынан түскен талап ретінде шешу керек болды” деген сөздерді айтқан еді. Бірақ бұл олардың біреудің қолымен от көсеу мақсатындағы жұмысы еді. Жалпы алғанда, 1986 жылғы оқиғаны ұйымдастырған да билік болатын, бірақ “Азат” қозғалысын құру идеясы билікке тиесілі болғанның өзінде оның атқарған қызметінің барлығы ұлт күрескерлеріне ғана тән. 1986 жылғы жағдайды ұйымдастырған билік болса да оны жүзеге асырушылар Отаны үшін, ұлты үшін, мемлекетінің тәуелсіздігі үшін жан қиып күрескен қазақ халқының жастары болды. “Азаттың” халықтық қозғалыс екендігіне биліктің еш таласы жоқ, ал қозғалыстың халықтық сипатқа ие болып нәтижелі істер жасағанына ешкім таласа алмайды. Ал оның ыдырауына себеп болған жағдайлар, оны ұйымдастырған адамдар туралы еш жерде мәлімет болмағандықтан бұл сұрақ жабық күйінде қалады. Орал оқиғасында қазақтар мен казактарды ырылдастырып қойып ,Орал өңірінің біраз жерін казактарға автономия ретінде бөліп беру біздің үкіметіміздің жоспарында болды деп ойлаймын. Демек, Ресей мен Қазақстан басшылығының арасында жасырын келісім болды, сол жасырын келісім халықтың қарсылық көрсетуінің арқасында жүзеге асқан жоқ. Орал оқиғасы 1986 жылғы көтерілістің формалық, идеялық жағынан емес, мақсаттық жағынан заңды жалғасы. Өйткені, Орал өңірінің жері үшін Д.И.Қонаев орнынан кетіп, соңы көтеріліске ұласқан болатын. 1986 жылғы көтерілістің дайындығы болмады, тіпті оны ұйымдастырушылар да ондай қантөгістің боларын күтпеуі де мүмкін. Ал Орал оқиғасында сол кезде жіберілген қателіктер ескеріліп, мақсатқа қансыз, сәтті жағдайда жетті. Бұл екеуі де Орал жеріне байланысты орын алған оқиғалар. Орал оқиғасы жөнінде көп айтылмауының себебін, мен ондағы халықтың, “Азат” қозғалысының тікелей әрекетін жарияламау үшін биліктің жылы жауып қоюы деп түсінемін. Шын мәніндегі тәуелсіздік жолындағы үлгілі күрес Оралда болған еді.

-Әңгімеңізге рахмет!

Азат газеті, 11.05.2006 жыл. № 14 (156) бейсенбі.

Азат басшылары арасында өзара қақтығыс болды

Дос Көшіммен сұхбат

Бүгіндері Қазақстанда ұлттық негіздерді басшылыққа алған ұлттық мемлекет құру идеясы әлі де болса өз орнын таба алмауда, дегенмен, бұл идея Қазақстан тәуелсіздік алмастан бұрын туындап, әлі де ұлтқа жанашыр азаматардың көкейінде мазалап жүрген басты мәселелердің бірі ретінде қалуда. 1990 жылдардың басында қазақ халқының басын біріктіріп, оның ұлттық санасының оянуына ықпал жасап, ұлттық мемлекеттілікті ту ретінде көтеріп, билікпен диалог жүргізуге ұмтылып, Қазақстанның тәуелсіздік алуына үлес қосқан азаматтық “Азат” қозғалысы, оның атқарған жұмыстары мен ішкі жағдайлары жайлы көпшілік қауым біле бермейді. Сондықтан осы қозғалыстың төрағасының орынбасары қызметін атқарған белгілі саясаткер Дос Көшім мырзаның сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

- Дос аға, өзіңіз “Азат” қозғалысы құрылғаннан бері осы қозғалыстың атқарған жұмыстарының басы-қасында жүрсіз, енді осы қозғалысқа келуіңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз?

- Мен “Азаттың” құрамына 1991 жылы күзде келдім, бесінші қазанда. Одан бір ай бұрын мені М.Есеналиев қозғалыс құрамына шақырған болатын. Мен қозғалыстың 1990 жылы 30 маусым - 1 шілде аралығында өткен құрылтай съезіне қатысып, оларға сын айтып сөз сөйлеген едім, өйткені олардың сол жиында талқыға ұсынған бағдарламасының жобасында мақсатына қатысты национал-социалистік ұйым құру деген сөз бар еді. Мен өз тарапымнан национал-социализмнің айқын формасы фашизм екендігіне тоқталған болатынмын. 1991 жылы мен қозғалыс құрамына келгенде төраға және бес орынбасар болатын, Ж.Қуанышалин, Х.Қожа-Ахмет, С.Ақатай, мен және Д.Сатыпалды немесе Б.Дәрімбет, екеуінің бірі. Әрқайсысымыздың өз атқаруға тиісті міндеттеріміз болды, менің сол уақыттардағы қызметіме келер болсам, Қызылордаға барып, сондағы қозғалыс мүшелерімен кездестім, Семейге барып ондағы “Азаттың” құрылтайына қатыстым, 1992 жылы президентпен бағаны көтеруді заңдастыру жөнінде кездесу болды сонда мен “Азаттың” атынан сөз сөйледім, мен ол кезде социал-демократиялық партия құрамында едім, бірақ ол партияның атынан С.Дуванов сөз алып, өз наразылықтарымызды білдірген болатынбыз. Тағы бір есте қалған оқиғаны айта кетейін, 1992 жылы біз - мен, Ж.Қуанышалин және Х.Қожа-Ахмет “Азаттықтарды” бастап республика алаңында аштық құрбандарын еске алып ас бердік, бізді тікелей эфирден қай телеарна екені есімде жоқ “Ар” деп аталатын бағдарламадан көрсетті, сол бағдарламада біз сұхбат бердік, сол сұхбат үстінде Ж.Қуанышалин билікке қатысты үлкен сын сөздер айтқан еді. Содан бастап арнайы тапсырма алған ақпарат құралдары бізден теріс айналып, “Азаттың” атқарған көптеген жұмыстары халыққа жетпей қалған еді. Осы жерде тағы бір оқиғаны еске түсіре кеткен жөн болар, 90-шы жылдары Қызылорда облысының көптеген тұрғындары “Азаттың” құрамына кірген болатын, сол қызылордалық бір Бораш деген жігіт өзі күріш сатумен айналысатын фирма ашып, одан түскен қаржыны “Азатқа” жұмсаған екен. Оны біліп қойған жергілікті билік оған жан-жақтан қысым көрсетіп, ары қарай жұмыс жасауына мүмкіндік бермепті, тіпті салық төлеуден бұлтардың деп, тергеу істері де басталып кеткен екен. Сол Бораш телефон шалып бізді шақыртты, мен барған уақытта ол емханада жатыр екен, ал арғы жақтан Сексеуілдің, Шалқардың жігіттері телефон шалып поездарды тоқтату үшін дайын екендіктерін білдірді. Сол Шалқар станциясында 500 адам жұмыс істейтін және оның барлығы да “Азаттың” мүшелері болатын. Бірақ біз ондай шарадан бас тартып, сол уақытта Алматыдағы тиісті органдарға Жасарал мен Михаил Иванович барып Бораштың мәселесін шешкен еді. Менің бұл жерде айтпағым, сол уақытта халықтың тарапынан “Азатқа” қолдау өте күшті болған еді.

- Енді кейбір қозғалыс жұмысына қатысты айтылмай жүрген жайттарды ортаға салсаңыз?

- Мен бастапқы кезден бастап “Азаттың” бағдарламасындағы кейбір жайттармен келіспейтінмін, ал М.Есеналиев Жасарал екеумізге осы олқылықтарды жою жөнінде тапсырма берген еді. Содан соң мен сол бағдарламаны қайта жасап шыққан болатынмын, ол жөнінде кейбір қозғалыс басшылары қарсы пікірде болды. Ал Жасарал үш ай бойы жүгіріп жүріп қозғалысты тіркеуден өткізген еді. 1992 жылы күзде “Азаттың” съезінде “Азатты” тарқатып, оның орнына К.Ормантаев пен Б.Дәрімбет халықтық-демократиялық партия құру жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Ал осы 1992 жылы құрылмақшы болған партияға кірмеуімнің екі себебі болды, біріншіден, мен оның бағдарламасымен келіспедім, екіншіден, мен социал-демократиялық партия мүшесі болғандықтан заңға сәйкес екі партияның құрамында қатарынан жұмыс жасауға құқығым болған жоқ. Осы жиында мен өзімнің қозғалыстағы атқаратын қызметімнен бас тартатындығымды мәлімдегенмін, сол кезде менде сәл-пәл реніш те болды... Мен кеткен уақытта денсаулығының нашарлауына байланысты М.Есеналиев те кеткен болатын. Сол жиында барлық қатысушылар, төралқа мүшелері М.Есеналиевке рахметтерін айтып жатты, ал менің кетуімді ешкім елеген жоқ және менің тарапыма рахмет те айтылмады. Мен “Азаттың” басшылығынан кеткеніммен оның қозғалыс ретіндегі жиналыстарына мүше ретінде қатысып жүрдім, өйткені партия құрылмады. Сол партия құрылмаған соң Желтоқсан партиясын, Республикалық партияны және “Азат” қозғалысын біріктіру қажет деген сөз шықты. Бұл бастамаға С.Ақатай қарсы шықты, 1991 жылы 3 қыркүйекте “Азаттың” ішінен республикалық партия құрған болатынбыз, ол партия қолдан жасалған еді, өйткені ертең сайлау болса, партия ретінде сайлауға түсу керек болды. Бірақ сол партияны басқарушылар бастапқы мақсатты жете түсіне алмады ма, жоқ жеке бастың менмендігі ме, “Азаттан” аяқтарын тарта бастады. Тіпті, С.Ақатай азаттықтарды “көшеге шығатын шуылдақтар” деп те атай бастады. Серік Ерғали деген батыс, Ақтөбе жақтың үйлестірушісі сияқты жігіттердің қарсылықтарының арқасында біз аталмыш бірігу идеясын жүзеге асыра алмадық. Бұл ыдыраудың басы болған еді. Негізгі ыдыраудың себебінің бірі әрбір отбасында орын алған сол кезеңдегі кедейлік болған еді. Отбасы қамымен қозғалыс мүшелерінің құрамы азая бастады. 1994 жылы парламенттік сайлауда Жасарал депутат болып сайланды, ал әрбір облыста мәслихат депутаттарының үштен бірі “Азат” қозғалысы мүшелері болды. Сол 1994 жылы мен Қызылорда облысынан парламентке депутаттыққа сайлауға түсіп, өте алмадым. Содан бері қарай Х.Қожа-Ахметке көмекші болып жүрдім, ұмытпасам 1996 жылы “Азатқа” басшы болатын адам табылмай қалды, Төлеубек Қарамендин деген жігітті басшы ретінде сайлаған болатынбыз. Содан бір жыл бойы Т. Қарамендин ресми түрде басшы қызметін атқарды. 1997 жылы көктемде болған жиналыста Хасенді біз қайтадан басшы ретінде сайладық. Т.Қарамендин мінезді жігіт, кезінде Сәулет құрылыс академиясында дәріс оқыған болатын. Тағы бір айта кететін жайт, 1997 жылы “Азат” қозғалысы қайта тіркеуден өтуге тиіс болды. Біздің жинаған құжаттарымыздың тиісті органдардан өтпей қалуы себепті, қайта-қайта жүгіріп жүріп біз қозғалысты тек 2001 жылы ғана қайта тіркеттік. Бірақ сол мезеттен бастап, алты ай ішінде біз мемлекет аумағындағы облыстардың жартысынан көбінде өз бөлімшелерімізді ашып, тіркеуден өткізуге тиіс болатынбыз, бірақ, біз өз уақытында бұл шараларды жүзеге асыра алмадық. Сондықтан да біз заңды түрде тіркелгенімізбен, ол тіркеу құжаттары бір жыл ішінде өз күшін жойған болатын.

- “Азат” қозғалысының халықаралық аренаға шығуы жайлы айта кетсеңіз.

- 1991 жылдан бастап “Азат” қозғалысы халықаралық қатынастарды бастады. Ең алғаш түріктердің ұлтшыл партиясымен байланыс орнаттық. 1991 жылы маусымда Бішкекке барып, Орта Азия мен Қазақстанның демократиялық конгресін құрдық. Оған дейін дәл сондай ұйым Харьковте 1990 жылы құрылған болатын, онда Орта Азия мен Қазақстаннан тек С.Дуванов екеуміз ғана өкіл ретінде барған едік. Ол жерде ССРО-ның барлық демократиялық партиялары мен қозғалыстары жиналған еді, содан кейін ғана Өзбекстанның “Бірлік” партиясы, Қырғызстанның Демократиялық қозғалысы, Тәжікстанның Демократиялық партиясы, Түркіменстаннан Демократиялық партия басшылары сонда барған еді. Сол жылдары осы аталған қозғалыстар мен партияларда ортақ идея пайда болды, бұл – Тұран бірлестігі еді. Әрине бұдан өзге түркі халықтарының бірлестігі идеясы да болды. Ал Тұран идеясына сәйкес Орта Азия мемлекеттерінің одағы болды. Ал ол кезде аталмыш идеяларды ғылыми негіздеп, халыққа ұсынатын біздің мүмкіндігіміз шектеулі болған еді.

- “Азат” қозғалысы өз қызметін атқарып жатқан кезеңде “Алаш” партиясы да өз жұмысын бастаған еді, сол кездегі газет беттерінен “Азат” пен “Алаш” атаулары қатар табылып жатады және олар туралы қоғамдық пікір де әр түрлі болған еді. Сол кездегі құрылған Халық Конгресі партиясы туралы қандай пікірдесіз?

- “Алаш” партиясы біздермен қатар туындаған еді, оны көтерген ағайынды Арон және Рашид Атабектер болды. Алаштықтар бір топ адам болды, олар “Хақ” деген газеттің екі номерін шығарды, ол газетті Москвада Алмас Естеков деген жігіттің көмегімен шығарған болуы керек. Алмас Естеков олардың Алматыдағы бір жиынына қатысқан болатын. 1991 жылы Алаштықтар мені өздеріне басшылыққа да шақырған болатын. Олардың басты мақсаты халықты көшеге шығару болатын. Тіпті, олар біз өткізген жиындарға жиналған адамдарға өз идеяларын таратумен де айналысты. Сонымен қатар, ислам мәселесімен де айналысып, оны насихаттауды да қолға алған болатын. Негізгі бағыттары радикалды ұлтшыл бағыттағы топ болды. Ал 1997 жылдары С.Ақатай бастаған топ та республикалық партия негізінде “Алаш” атты партия құруға әрекеттенді және әлі күнге дейін құра алмай келеді. 1991 жылы 5 қазанда Халық Конгресі партиясы құрылды, бұл партия “Азатты” бұзу үшін құрылды деп есептеймін. Өйткені сол 5 қазан күні біз де өз съезімізді шақырған болатынбыз. Ал келген адамдар болса О.Сүлейменов, М.Шаханов сияқты белгілі адамдардың соңына ереміз деп бізден кетіп қалды. Халық Конгресі биліктің өз мүддесі үшін құрған ұйымы еді. Біз бұл партияға қарсы болдық, біріншіден, ол бізді бұзуға бағытталған болса, екіншіден, интернационалдық бағыт ұстанған болатын. Бірақ мен олардың ешқандай жұмыс жасағанын көргенім жоқ. Кейіндері “Азаттың” атын жамылушылар республиканың жер-жерлерінде бас көтере бастады. Мысалы, бірнеше жігіт бірігіп, жергілікті жерлерде совхоз төрағасын орнынан алып тастаған жағдай да орын алды.

- “Азат” қозғалысы жайлы сөз болғанда оның ұлтшылдық бағыттағы ұйым болғанын тілге тиек етеміз. Сол ұлтшылдық сөзіне сіз қалай қарайсыз?

- “Азат” қозғалысы ұлттарды бөлу, олардың арасына жік салу мәселесіне қарсы болды. Жалпы ұлтшылдық пен ұлтжандылық сөздерінің мәні бір. Себебі 1930 жылдардан бастап ұлтшыл сөзін адамдар ашық айта алмады, соның нәтижесінде ұлтжандылық деген сөзді ойлап тауып, қолдана бастаған, бірақ ұлтжандылық қазақтың сөздік қорында бұрын болмаған. Мына түрік ағайындарда ең жақсы адамды ұлтшыл деп атайды. Ал ұлтжанды сөзі жасанды сөз, мен өзім тілші маманмын, сондықтан мен бұл мәселеде біршама жайға қанықпын. Егер зерделеп қарасақ, ұлтжанды сөзі қазақтың батырлар жырында да, 20 ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде де жолықпайды, тек ұлтшыл сөзі жоқ, кездеспейді. Кеңестік кезеңде ұлт жанашырларын ұлтшыл деп айыптап, жазалаудың салдарынан ұлтшыл сөзі шетке ысырылып, теріс мағынада түсіндіріліп, оның орнына ұлтжанды сөзі қолданысқа енген болатын. Қазір мен студенттерге дәріс оқуға аудиторияға кіргенде алғашқы сөзімді “Мен Қазақстандағы ұлтшылдардың бірімін” деп бастаймын. Студенттер алғашқыда тіксініп қалады, ал мен болсам ұлтшыл деген өз анасын сүйетін адам екендігін, ал өз анасын сүйетін адамның өзге аналарды жек көре алмайтындығын түсіндіре бастаймын. Жалпы алғанда, біз өзіміздің ұлтшыл деген асыл сөзімізді топыраққа аунатып, батпаққа былғап, ұлтжанды деген жаңа сөз ойлап тауып алдық, бұл туралы мен өз мақалаларымда айтқан болатынмын. Ұлтшылдық өзге халық тарапынан қысым жасалып, ұлттық құндылықтар жоғалып немесе келемежге түсе бастаған уақытта орын алады. Өйткені ұлт өзінің ұлттық келетін сақтап қалуға тырысады және сол мақсатта жұмыстар жандана бастайды. Қазақтың ұлтшылдығы - тек өзін қорғауға бағытталған ұлтшылдық. Сол 90-шы жылдардың басындағы біздің негізгі мақсатымыз дербес мемлекет құру және тіл мәселесі болды. Шынын айту керек, егер біз сол уақытта тәуелсіздікке қол жеткізбесек тілімізден мүлдем айрылып қалуымыз да мүмкін еді. Менің тіл мәселесімен айналысуыма себеп болған кандидаттық диссертациям еді, ол “орыс тілінің әсерінен қазақтың сөйлеу тілінің құрылуы” еді.

- Саясатта белгілі бір саяси ұйымның тасының өрге домалауына белгілі бір көшбасшының тигізер әсері зор болады. Мүмкін “Азаттың” өмірінің қысқа болуына осы ортақ көшбасшының болмауы әсерін тигізген болар?

- Барлығымыздың басымызды біріктіретін тұлға мәселесіне келетін болсақ, ондай адамдар әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктеріне сай саяси аренаға шығып отырады. Мысалы, Х.Қожа-Ахмет 90-жылдардың басында “Азат” басшылығына келді, ол өзі келбетті, сөйлеу мәнері ерекше адам, сонымен қатар ол түрмеде екі рет отырып шыққан диссидент еді. Сондықтан оны біз қолдап, соңынан ердік. Ал 1993-94 жылдары парламентке шығу қажеттілігі туды, біз Ж.Қуанышалинді көтере бастадық. Өйткені ол екі тілде жақсы сөйлейді. Менің бұл жерде айтқым келгені біз жеке бас пайдасына, немесе жеке қарым-қатынасқа емес, идеяға жүгіндік. Кейбіреулер менен “сен қашан саяси аренаға шығасың” деп сұрайды. Менің мінезім, болмысым ондай қызметке келмейді, мен солардың тасасында қызмет жасаушымын, мен жолды тазалаушымын, мен - идея үшін жұмыс жасаушымын. Қазір де мен қылыш ұстайтын, жастар арасынан шығатын көшбасшыны күтіп отырмын. Бірақ, өкінішке орай “Азатта” бір лидердің соңына еріп, топтасып жұмыс істеу болған жоқ. Ең алғашқы бөліну К.Ормантаев, Б.Дәрімбет, С.Ақатай, Х.Қожа-Ахмет, Ж.Қуанышалин сияқты азаматтар арасында басталды. Бұл жерде әңгіме олардың бір-бірін жек көрушілігі емес, әңгіме тактика мен стратегияға байланысты болды. Олардың бірі үкіметпен бірігіп жұмыс істеуге шақырса, екінші бірі ұлтшылдар партиясын құруды ұсынды, ал енді біреуі қозғалысты бастапқы сипатында сақтап қалуды қолдады. Бірақ мен барлығымен де жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуға тырыстым. Мен ол азаматтардың ешқайсысын кінәламаймын және оларға қарсы әрекет жасамадым. Бірақ мен Х.Қожа-Ахметтің жағында қалдым, өйткені, қазақтың басын қосатын партия емес қозғалыс, оған менің көзім талай жерде жеткен болатын. Мысалы, Қазақстанның қай түкпіріне барсам да бұрын “Азат” қозғалысында болып, кейіннен басқа партия немесе қозғалысқа мүшелікке өткен қазақтың жігіттері қолдау көрсетеді. Өйткені, олардың бір кездері өздері мүше болған қозғалысқа жаны ауырады, ол көтерген бастамаларды қолдап отырады. Қандай партияға мүше болмасын, қазақтың ұлтшылдары ұлттық қозғалыстан бас тартпайды, сондықтан қазіргі “Ұлт тағдырын” да қозғалыс ретінде құрдық. Сол себепті де мен “Азат” қозғалысының тарап кетпеуіне атсалыстым, өйткені халық қай жерде болмасын “Азат” қозғалысына қолдау көрсетеді, ол үшін жаны ауырады. Сондықтан мен К.Ормантаевтың халықтық-демократиялық партиясының құрамына кіруден бас тартқан болатынмын.

- Қозғалыс ыдырады дегенге қалай қарайсыз және оған не себеп болды?

- “Азаттың” ыдырау кезеңінде мен оның құрамында болған жоқпын. Менің бір білетінім, қозғалыстың жұмысының жандануына М.Шормановтың тигізген үлесі зор болды. Сол уақытта қаржы да табылды, ұйымдастыру жұмыстары да жақсы болды. Ыдыраудың бір себебі ретінде мен ондағы басшылардың билікке қатысты пікірлерінің әр түрлі болуын айтар едім, біздер билікке қатысты оппозициялық бағыт ұстандық, ал С.Ақатаев бастаған топ билікке жақындау болды. Бірақ, ол өзін биліктің адамы деп санаған жоқ, оның бір қайталай беретін сөзі бар еді “жаман биеге жабу жап та құлынын ал” деген. Ол билікке қарсы шықпай, қайта оның қолтығына су бүрку арқылы өз көздеген мақсатымызға қол жеткізе аламыз деген пікірде болды. Ал бұл ұстанымға біздер қарсы шықтық, ұмытпасам 1991 жылы Е.Асанбаев дөңгелек стол өткізген еді, мен онда “Азаттың” құрамында болған жоқпын. Ол дөңгелек столдың тақырыбы “1991 жылы 18 наурызда Кеңес Одағын сақтап қаламыз ба, жоқ па деген референдум өткізу керек пе” болатын. Сол референдумға социал-демократтар қарсы шықтық, дөңгелек стол аяқталған соң дауысқа салғанда тек С.Дуванов және мен қарсы болып, қалған қатысушылар түгелдей қолдау білдірді. Сол қолдаушылар арасында “Азат” қозғалысы басшылары да бар болатын. Тағы бір мәселе С.Ақатай бастаған адамдар солтүстіктен, Көкшетау сияқты облыстардан болды, олардың келіп-кетуі қиын болды, онша араласа алмадық. Ал біздің соңымызға ерушілер оңтүстік, оңтүстік шығыс және батыс өңірлерінен еді. Сондықтан барлығымдың бірігіп жұмыс істеуіміз қиын болды, сосын әр облыстың “Азат” турасында өз түсінігі болды, тағы бір жағымсыз жайт, әр облыстың ішінде билікке таласу басталды. Мысалы, мөрді иемденіп алушылық орын алды, Шымкентте бір Әнуар деген жігіт әлі күнге дейін мөрді ешкімге бермей жүр. Керек кезінде “Азаттың” атынан сөз сөйлеп, қолын қойып, мәлімдеме жасап жүр. Ал үкімет мұндай адамдарды жақсы пайдаланды. Жалпы алғанда, сол 90-шы жылдары “Азат” басшыларының арасында идея қақтығысы емес жеке өзара қақтығыс болды, оған КГБ-ның да тиг ізген әсері мол болды деп есептеймін.

- Енді “Азат” қозғалысының бүгінгі беталысы қандай?

- Қазір біз “Азат” қозғалысына мораторий жарияладық, ал біздің “Ұлт тағдыры” қозғалысының құрамына жергілікті жерлерде мүшелікке кіріп жатқан адамдардың көпшілігі бір кездері “Азаттың” құрамында болған азаматтар.

- Әңгімеңізге рахмет!

Жас қазақ газеті. 30. 06. 2006 жыл. №25 (77)

Дүрдараздық – жеке бастың амбициясы

Хасен Қожа-Ахметпен сұхбат

Хасен Қожа-Ахмет қазақтың қамын жеген ұлтшыл ұлы ретінде көпшілікке мәлім, ол өз сөздерін атқарған істерімен дәлелдеп, осы уақытқа дейін қазақ тарихындағы 1917 жылы құрылған «Алаш» партиясынан кейін қазақ халқының құрметіне бөленіп, қолдауына ие болған азаматтық «Азат» қозғалысын басқарып келді. «Азат» қозғалысының атқарған істері жайлы насихат жұмыстарының болмауы себепті көпшілік аталмыш қозғалыс жайлы ақпаратқа қанық емес, сондықтан осы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

- Хасен Кәрімжанұлы, өзіңіз ұзақ уақыт бойы басқарып келе жатқан республикалық азаматтық “Азат” қозғалысының құрылу тарихына, оған өзіңіздің қосылуыңыз турасына тоқтала кетсеңіз?

- Менің білуімше, “Азат” қозғалысының құрылуына мұрындық болғандар М.Шорманов, С.Ақатаев, Н.Қойшыбеков, М.Тәтімов сияқты азаматтар, кейіннен оларға М.Есеналиев пен Г. Биболдинова қосылды. Бастапқыда қозғалысты жеті тең төраға басқарған еді, ал мені М.Шорманов қозғалыс құрамындағы үйлестіру кеңесіне мүше болуға шақырды. 1990 жылдың 30 маусым - 1 шілде күндері Жазушылар Одағының ғимаратында өткен құрылтай съезіне қатысып, сөз сөйлеген болатынмын. Ал оған дейін 1989 жылы құрылған “Желтоқсан” партиясының басшысы едім. Сол “Желтоқсан” партиясы құрылған кездері С.Ақатай “Әділет” партиясын құру жөнінде бастама көтеріп жүрген еді, кейіннен “Азат” қозғалысы құрылатындығы жарияланды. Бастапқы қозғалыс құрылған уақыттарда мен оның жұмысына белсене араласқан жоқ едім. Сол алғашқы құрылған жылы жергілікті жерлердегі бөлімшелер батыл іс-шараларға барғанмен Алматыдағы “Азаттың” бас штабы әрекетсіз болды. Мен олардың көтерген кейбір бастамаларына қарсы болдым, мысалы, әскерге баратын балаларға бата беріп шығарып салу, 1-мамыр мерекесіне қатысу сияқты акциялар менің тарапымнан сынға ұшырады. 1991 жылдың күзінде президент сайлауы болды, сол сайлауда мен өз кандидатурамды ұсынып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік, түрлі наразылық акцияларын өткіздік, тіпті қозғалыстың әрекетсіздігіне наразы болған кейбір “Азат” мүшелері біздің “Желтоқсан” партиясының құрамына өтіп жатты. Ал “Азат” қозғалысы президенттің кандидатурасын қолдап, оған аманат тапсырған еді. 1991 жылдың күзінде С.Ақатай, М.Тәтімов бастаған топ қозғалыс құрамынан Республикалық партиясын құрды. Сол 1991 жылы күзде өткізілген съезде тең төрағалық жойылып, М.Есеналиев төраға болып сайланды, ал М.Шорманов бастаған топ қозғалыс құрамынан мүлде шығып кетті. Сол 1991 жылдың күзінде мені М.Есеналиев өзіне көмекшілікке шақырды, сондықтан “Желтоқсан” партиясындағы қызметімді жалғастыра жүріп, “Азат” қозғалысына орынбасарлыққа келісімімді бердім.

- Сіздің келуіңізге байланысты “Азатты” радикалдық бағытта жұмыс жасай бастады деген пікірге келісесіз бе?

- “Азатты” радикалдық бағытқа бет бұрғызған - 1992 жылғы 17 маусым акциясы. Оның негізгі талаптары келесі болатын: 1) Тіркелген партиялардың қатысуымен өкіметті коалициялық негізде қайта құру; 2) Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің жұмысын түбегейлі өзгету; 3) Қазақстан Компартиясының артында қалған мал-мүлкін еліміздегі демократияны қалыптастыру мақсатына, яғни тіркелген партиялардың аяғынан тұрып кетуіне жұмсау. Осы акциядан соң біз екіге бөліне бастадық, республикалық партия бізден іргесін аулақ сала бастады. Дегенмен сол жылы күзде бірігу съезін өткізуге барлығымыз келіскен болатынбыз, бірақ, артынша С.Ақатаев облыстарға Алматыға келмеңдер, билікке қарсы топты қолдамаңдар деген мәтінде хаттар жолдаған еді. 1992 жылы бірігу съезді өтті, бірақ сол съезд өте салысымен С.Ақатаев өз адамдарын жинап алып тағы бір съезд өткізді, онда олар өздерінше қаулы қабылдап, бізді өз жұмыстарына араластырмады. Біз өз съезімізде “Азат” партиясының құрылғанын жарияладық, бірақ, түрлі себептермен жаңа құрылған партияны тіркете алмадық. “Азат” партиясының құрамына “Желтоқсан” партиясы, “Азат” қозғалысы және республикалық партия кіру керек еді. Бірақ республикалық партия жаңа партия құрамына кірмейтіндігін мәлімдеді. Осылайша біз билікті жақтаушылар мен билікке қарсы топ болып екіге бөлініп кеттік. М.Есеналиев сол жылы жазда отставкаға кеткен болатын. Оның орнына Ж.Қуанышалин төраға қызметін атқарып жүрді. К.Ормантаев, Ж.Қуанышалин, Б.Дәрімбет және мен бастаған топ радикалдық бағыттағы жұмыстарымызды жүргізе бастадық. 1993 жылдың 3 қазанында өткен кезекті съезде “Азат” қозғалысының негізінде халықтық-демократиялық партия құру туралы бастама көтерілді. Сол съезде ““Азат” қозғалыс ретінде жұмысын жалғастыра берсін, ал халықтық-демократиялық партия өз қызметін дербес атқара берсін”, деген ұсыныстар айтылды. Сол жолғы съезде мен “Азат” қозғалысының төрағасы болып сайландым, содан бергі уақытта осы қызметті атқарып келемін. Өкінішке орай, халықтық-демократиялық партия да кездескен қиыншылықтар әсерінен құрылмай қалды.

- Ал сіз “Азатты” үш басшы - К.Ормантаев, С.Ақатаев және сіз үшке бөліп, жеке дара басқарып кетті деген пікірге қалай қарайсыз?

- Біз ешқашан да үшке бөлінген жоқпыз, тек С.Ақатаев қана өзі құрған республикалық партиясымен бізден бөлек жұмыстар атқарды. Дегенмен республикалық партия мүшелері сол “Азат” қозғалысы мүшелігін сақтап қалған болатын, сондықтан ол партияны да бізден толықтай бөлініп кетті деп айту да қиын. К.Ормантаев бастап құрмақшы болған халықтық-демократиялық партияның құрамына негізінен “Азаттың” адамдары мүше болып кірген еді. Біздің арамызға жік түсуінің басты себебіне билікке қатысты пікіріміздің алшақтауы жатады. Мен, Ж.Қуанышалин, Б.Дәрімбет бастағандар биліктің отставкаға кетуін жақтасақ, С.Ақатай бастаған топ билікті қолдауды алға тартты. Сонымен қатар, С.Ақатаев билікпен келісімге келе отырып мәселені шешу жолдарын ұсынды. Марқұм билікке қатысты сөз қозғалғанда “Жаман биеге жабу жап та құлынын ал” деген сөзді жиі қайталайтын еді. Кейіннен өмірінің соңына таман менімен кездескенінде өзінің билікке қатысты қате пікірде болғанын мойындаған еді.

- Кейінгі жылдары “Азат” қозғалысы жөнінде болған пікірталастар туралы не айтар едіңіз?

- “Азат” жөнінде 2001-02 жылдары баспасөзде көтерілген айқай жасанды дүние, оны Б.Дәрімбет бастаған топ жасады. 1995 жылы Б.Дәрімбет өзінің Азаттық радиосына қызметке тұруына байланысты саяси ұйым құрамында жұмыс істеуге болмайтындықтан, “Азат” қозғалысының құрамынан өзі өтініш жазып шыққан болатын. Бағыс оқиғасына оның қатысуына жеке басының менмендігі себеп болған шығар, сол Бағысқа барып, қасындағы бірнеше адаммен бірге “Азаттың” атынан сөз сөйлеп, елді дүрліктірген болатын. Кейіннен 2002 жылы бұрын “Азат” құрамынан өз өтініштері бойынша шығып кеткен адамдарды жинап алып, “Азат” жаңарды, енді ол басқаша бағытта қызмет жасайды деген дақпырт таратты. Сапабек Әсіп деген жасы келген қарияны басшы ретінде сайлапты. Аталмыш топ екі жылдай әр жерде біздің атымыздан мәлімдеме жасап, басымызды ауыртып жүрді.

- 90-шы жылдары құрылып, “Азатпен” қатар саясат сахнасынан көрінген “Алаш” партиясы жайлы қандай пікірдесіз?

- 1989 жылы “Желтоқсан” ұйымы құрылды, сол жылы Арон және Рашид Нутушевтар өздерінің “Жерұйық” деген этнографиялық ұйым құрғандықтарын айтып біздерге келген болатын. Содан соң олар бізбен бірігуді ұсынды, артынша олардың бірнеше жиналыстарына да қатыстық. Сол жиналыстардың бірінде ол бізді өзін сол ұйым төрағасы етіп сайлауға қатыстырды және Өмірзақ деген жігітті ұйым қатарынан шығарған болатын. Артынша Арон бізбен жақсы араласып кеткен, тіпті, бірде ол “Желтоқсан” ұйымының төрағасы сотталмаған адам болуы керектігін мәлімдеген еді, оған ұйым мүшелері келіспей, оны ортамыздан аластатқан едік. Осы оқиғадан соң ол Москваға кетіп қалған, сол жақта жүріп “Хақ” деген газеттің бірнеше санын шығарыпты, онда Алмас Естековтың жазғандарын жариялапты, сондай-ақ аталмыш газеттің бір санында “Азат” та “Желтоқсан” да өкіметтің марионеткалары деп карикатуралар жариялаған болатын. Кейіннен прокуратурадан бір жігіт телефон шалып, Арон Нутушевтың бізге 2000 сом ақша берген-бермегендігі туралы сұрады, сонымен қатар, оның 9000 сом ақшаны қолды жасағаны жайлы айтқан еді. Кейіннен анықталғандай, Арон өзінің жымқырған сомасы жөніндегі жайт өзге төраға келген соң ашылып қалатынын сезіп, біз арқылы қайта төраға болып сайланбақ болған екен. Бірақ ол ойы жүзеге аспаған соң, сотталып кетуден қорыққан болар, бізге жақын болып, саясатқа араласып, өзін саясаткер ретінде көрсетуге тырысыпты, егер ұсталып жатса, өзін саяси қуғын - сүргін құрбаны ретінде көрсетпекші болған болар.

- “Азат” белсенділері туралы сөз қозғалғанда ұлтшылдық туралы ойға бірден оралады, сіздіңше қазаққа тән ұлтшылдық не нәрсе?

- Қазақтың мінезі, жалпы табиғаты шовинистік бола алмайды. Қазақтың тарихына көз жүгіртсеңіз ешқашан да қазақтың шовинистік бағытта жұмыс істегенін таба алмайсыз, ол мүмкін де емес еді. Біз- қорғанушы ұлтпыз. Жойылып кетпеу үшін қорғануға мәжбүрміз. Ал қазақтарда шовинистік пиғыл бар деген сөз - нағыз сандырақ. Кеңестік құйтырқы саясат қазақтарды ұлтшылдарға қарсы тәрбиелеп, ұлтын сүйген азаматтарды құбыжық етіп көрсетті, оның әсері әлі де кете қойған жоқ. Сонау 1970-ші жылдары ешкім де өз ісімен өзінің ұлты үшін күресетіндігін дәлелдеген жоқ еді. Қазіргі демократия мысқалдап болса санамызға сіңе бастаған заманда екінің бірі күрескер, тек ісімен емес, сөзімен ғана. Қазір өзінің күрескер екенін дәлелдеп мақала жазу көптеген адамдардың хоббиіне айналды. Қазіргі күрескерлердің көпшілігі заман ағымына қарай құбыла қалады, олар ұлтшыл да, интернационалист те бола алады. Кейбіреулер тек биліктен шен-шекпен алу үшін ғана күрескер маскасын кие қояды. Менің ойымша, қазіргі ұрпақ тәуелсіздік үшін күрестің мәнін түсінбейді, сондықтан ондай тәуелсіздіктің олар үшін құны шамалы. Сондықтан да олардың бойында ұлтын сүю, сол ұлтының құндылықтарын мақтаныш ету сезімі бәсең. Мен әлі де қазақтардың басы бірігіп, ортақ идея жолында ортақ көшбасшы қарамағына жинақталып, әрекет жасайды дегенге сенбеймін. Өйткені қазақтарда ұлтшылдық сезімі әлі де төмен дәрежеде. Бұл жағдай бүкіл Орта Азия мемлекеттеріне тән. Бізде бұрын туындаған идеяларды басшылыққа алу деген мүлдем жоқ, қай саясаткер болмасын, мейлі ол оппозиционер болсын, мейлі ұлтттық бағытты ұстанушы болсын, бұрын болған, айтылған идеяларды ысырып тастап, бәрін қайтадан бастауға ұмтылады. Бұрыннан пісіп-жетілген идеялардың жалғасын таппауы нәтижесінде жаңа бастамалардың да өмірі ұзақ болмайды. Тек біріміздің бастағанымызды екіншіміз жалғастырып жатсақ қана біз белгілі нәтижеге қол жеткізе аламыз.

- Сонда ол идеялар тек саяси ұйымдар тарапынан жалғасын табуы тиіс пе?

-Жалпы ұлттық ұйым деген нәрсе бізге қажетсіз болған болар еді, өйткені, тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық бағытта жұмыс жасаған саяси ұйымдар ұсынған бағдарламалар мемлекеттік билік тарапынан қолданысқа енуі тиіс болатын. Бірақ, біздің мемлекеттік билік тек мемлекетті өз уысынан шығармау үшін ұлттық қозғалыстарды тұншықтырып, ұлттық мемлекет құру идеясын ескермей, өзге ұлттарға барлық жағдай жасай отырып, қазақтардың құқықтарын шектеп, өз билігін орнықтыруды ғана көздеді. Бізде әлі күнге дейін ортақ ұлтық идеология жоқ деп жатады, менің ойымша, қазіргі кезең үшін нағыз керек ұлттық идеология ол - қазақтарды құлдық санадан арылту, олардың бойында ұлтты сүю сезімін ояту, патриотизмді ояту, одан басқа идеологияның бізге қажеті жоқ. Ол бізде жоқ, сол себепті қазақтар қайтадан осы ұлттық бағытты жаңғыртуға мүдделі болып отыр. Жалпы, мемлекеттің өзі мұрындық болмаса, Қазақстанда қазақ ұлтының маңайында топтасқан, қазақ тілін ту етіп көтерген қазақи қоғам орнату мүмкін емес. Бұл жерде мен ешқандай ұлт өкілдерінің құқығына шектеу қою туралы сөз қозғап отырған жоқпын. Біздің Ата заңымыз олардың барлығының дамуына, өсіп-өркендеуіне кепілдік береді, бірақ, олар өздері мекен еткен мемлекеттің төл перзенті - қазақ ұлтының ерекшеліктеріне бейімделу арқылы біртұтас қазақстан халқын құрай алады, тек сол елдің тілін меңгеріп, ұлттық салт-дәстүрлеріне қанығып, туған жерін сүйіп өскен өзге ұлт ұрпағы ғана сол мемлекеті үшін өз жанын қиюға әзір патриот бола алады деп есептеймін.

- Тәуелсіздік идеясы жөнінде пікіріңіз...

- Жалпы тәуелсіз, өз алдына дербес мемлекет құру идеясы бастапқыда “Азат” қозғалысы ұсынған құжаттарда орын алған жоқ, олар тек Одақ шеңберінде құрылған егемен мемлекеттер достастығын құруды ұсынған болатын. Ал өзгелерден іргесі бөлек, дербес мемлекет құруды “Желтоқсан” ұйымы ең алғаш көтерген болатын, бірақ, ол кезеңде біздің ұранымызды өзгелер тек келемежге айналдырған еді.

- “Азаттың” ыдырауына басты себеп не болған еді?

- Тарауға себептің бірі кедейшілік болды, сонымен қатар, қозғалыс белсенділері өз талап -тілектерін билікке айта-айта шаршады. Жалпы, саяси ұйымды қаржыландырушы күш керек, ол ұлтжанды азаматтар, мүмкін басқа да оппозициялық бағыттағы топтар болуы мүмкін. Осындай сүйеуші күштің болмауы да “Азаттың” жұмысын жалғастыруға кері әсер етті. Жеке бастың амбициясы біздің бөлінуіміздің негізгі себепшісі болды. Қазақ өзі өз ішінен басшы шығара алмайды. Біздің айтқан сөзіміз, көтерген идеямыз бір болды, бірақ, ортақ көшбасшы шығаруға келгенде ешкім де сол идея үшін өз жеке басының пендешілігін ысырып қоя алмады. Әрине, оған биліктің қозғалысқа қатысты жүргізген құйтырқы саясатын да қосуға болады.

- Азаттың кейінгі тағдырына тоқтала кетсеңіз?

- “Азаттың” қазіргі жағдайына келер болсақ, осыдан біраз бұрын Дос Көшім бастаған топ өздерінің жаңадан ұлттық бағыттағы “Ұлт тағдыры” атты қозғалыс құратындығын айтып менімен ой бөлісті, олар “Азат” төңерегінде көптеген дау-дамай орын алғандықтан, оның атауын өзгертіп, сол “Азат” бастаған идеяларды жүзеге асыру бағытында қызмет істегісі келетіндіктерін мәлімдеді. Сөйтіп, жалпы жиналыс өткізіп, “Азат” қозғалысына мораторий жарияладық. Менің айтқым келгені - “Азат” қозғалысының тек атауы ғана өзгертілді, сондықтан ол мүлдем жойылды дегенге қарсымын. Ал “Азат” қозғалысының бұрынғы басшылары сол жаңа құрылған “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы болып сайландық. Өкінішке орай, бұл жаңа қозғалыс жөнінде де дау-дамай орын алып, оның құрамындағы мүшелер одан бөлініп, “Халық дабылы” деген қозғалыс құрды.

- Әңгімеңізге рахмет!

Жас қазақ газеті. 30. 06. 2006 жыл. №25 (77)

Бәрі де Желтоқсан оқиғасынан бастау алған еді

Жағда Бабалықұлымен сұхбат

1 шілдеде Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының құрылғанына 16 жыл толды. Осынау айтулы күнмен қозғалыс жанашырларын құттықтай отырып, «Азат» қозғалысы жайлы оның өмірге келуіне себепкер болған, ұлтшыл азаматтардың бірі этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы өз пікірін ортаға салады. Оқырман назарына ұсынылып отырған сұхбатта «Азат» қозғалысының өмірге келуінің алғышарттары жайлы баяндалады.

- Жағда ата, жалпы «Азат» азаматтық қозғалысын құруға не себеп болды деп ойлайсыз?

- Қазақтың екі империяның тәлкегіне түскеніне 300 жыл болған екен, сол 300 жылдың ішінде қазақтар мыңдап, миллиондап қырғынға ұшырады. Екі империя да социализм, коммунизм идеяларын басшылыққа алып, саясат жүргізгеннен бастап аз санды ұлттардың саны күрт азайды, тіпті, ассимиляцияға ұшырап, кейбірі тұтастай жойылып кетті. Сонау көк түрік құлағаннан кейін біздің қазақ халқы бет-бетіне бытырап, ұсақ хандықтарға бөлінген еді. Тек 7-ғасырда құлаған көк түріктен кейін бес ғасыр өткеннен соң ғана Шыңғысхан тұсында қазақтың басы біршама бірікті, Шыңғысхан туының астына жиналды. Көп кешікпей Шыңғыс ұрпақтары ақсүйектік жүйені енгізді. Ал ақсүйектер «жер төбесіз, ел төресіз болмайды» деген қағидаға сүйеніп, ұлтты ру-руға бөліп, бөлшектеп, тұтастықты бұзып, ұлттың быт-шытын шығарды. Халық надан, сауатсыз болды, көші-қонмен жүрді, ештеңе де білмеді. Сол тұста шығыста қытай, солтүстікте орыс от қару жасап жатты, сонау еуропа да ғылымға ден қойды. Ал біз болсақ, от қаруда шаруамыз жоқ болды, халық ет пен майды жастанып жатып аштан қырылды, бізді сегіз жүз жыл билегенде Шыңғысхан ұрпағы сегіз мектеп ашып берген жоқ, соның нәтижесінде тұтас ұлт қараңғы, сауатсыз күйде қалды, ал от қару жасаған елдер біздің елімізді де, жерімізді де басып алып, өз үстемдігін жүргізді. Бұл өтіп кеткен қайғы-қасірет болса да оның зардабын шегуші ұрпақтары, біз, зар жыладық. Сонау Алаш көсемдері де осы жайға зар жылаған еді. Біз осы «Азатты» құрған кезде де осы қозғалыс арқылы еліміздің, ата-бабамыздың алдындағы парызымызды өтеу үшін үн көтеруді мақсұт еттік. Құдайға шүкір, біздің көз жасымыз, тілегіміз қабыл болған шығар бүкіл халықаралық қауымдастыққа қауіп төндірген коммунистік жүйе ыдырап, соның нәтижесінде тәуелсіз мемлекетке қол жеткіздік. Ал оған дейін біздің көкірегімізде азаттыққа қол жеткізу туралы арман ғана болатын. Ал қозғалысты сол азаттыққа қолымыз жетсін деген арманмен «Азат» деп атадық.

- Қозғалысты құрудың алғышарттары жөніне тоқтала кетсеңіз?

- Бәрі де Желтоқсан оқиғасынан басталған еді, біз ең басында ешқандай қозғалыс құруды көздеген жоқпыз, біз тек 86- жылдың оқиғасы туралы шындықты халықаралық қауымдастыққа жария етуді көкседік. Сол мақсатпен біздер жасырын «Қайрат» қоғамының атынан дүние халықтарына хат жаздық. Хатты Сәбетқазы дайындады. Хатты дайындап болған кезде Венгриядан Иштван Қоңыр Мандоки деген жігіт келіп қалды. Біз хатты соған табыс еттік. Одан бұрын біз хатты Африкаға және Қытайға жіберген едік. Олардан еш жауап болған жоқ. Сол Қоңыр өз елінде жариялаған соң, Чехияда да жарияланды. Кейіннен Америкаға да жіберілді. Хаттар шет елдерде жарияланған соң біздер өзімізді үлкен іс тындырғандай сезіндік. Сөйте келе, Азат қозғалысының идеясы басымызға келді. Сол кездері бізде советтік жүйе ыдырайды деген ой болған жоқ, бірақ бір ұлттық арман-тілек бізді қозғай берді. Қалайда қазақ халқының есесі кетіп, жойылып жатқанын сыртқа шығарғымыз келді. Біз екі империяның қыспағындағы елміз, мейлі сен қытайды қара тұт, мейлі орыстың қойнына кір, солардың сойылын ұстайсың да өз халқыңа қарсы сілтеуге мәжбүр боласың. Егер болмаса, толықтай қырылып қаласың. Мен өз күресімді 1940 жылдан бастадым, Сәбетқазы Ақатай 1960 жылдан бастапты. Екеуміздің ойымыз бір жерден шықты, бір-бірімізге сеніп, құрмет тұттық. Сөйтіп «Азат» идеясын алып шықтық. Біз арманның артында жүріп көп қиналдық. Совет өкіметі кезінде мұндай жұмыспен айналысу өте ауыр болды. 1987 жылдан бастап С.Ақатаев осы қозғалысты құру бағытында үлкен істер атқарды, оның жарғылық құжаттарының жобаларын жасап, азаматтардың басын қосуда үлкен істер жасады. Олқылық адамның бәрінің басында болады, сол сияқты кейбір адамдар айтты екен деп тұлғаның атқарған істерін елемеуге болмайды. Сондықтан да біздер күнбе күн жазған қолжазба құжаттарды жойып отырдық. Ертең қолға түссек не болады? Осыдан біраз бұрын мен «Меруетке хат» деп «Алаш» газетіне мақала ретінде Сәбетқазының қызына хат жаздым, сонда барлық жағдайды толықтай баяндаған болатынмын. Кеңес үкіметі тұсында тіптен осылай рақаттанып отырып әңгіме айтуға да мүмкін болмайтын, бәрі жасырын еді.

- Енді өзіңіз жайлы бірер сөз айтсаңыз...

- 1956-58 жылдары Іле қазақ автономиялы облысының бастығы болдым. Оның құрамына қазақ мекен ететін төрт аймақ кіреді. Менен бұрын 1954-56 жылдары Дархан Сүгірбаев басшы болды. Мені ұлтшыл, коммунизмге қарсы адам деп еңбекпен түзеу лагеріне жіберді, сонда бес жыл өз жазамды өтедім. Түрмеден босаған соң Қазақстанға қоныс аудардым.

- Өзіңіз айтып отырсыз, ол кездері мұндай жұмыспен шұғылдану қиын болды, әйтсе де сіздер осы жұмыспен айналыстыңыздар ғой...

- «Азаттың» алғашқы құжатарын қағазға түсірейік деп Сәбетқазының Көктөбе жақта дачасы бар еді сонда бір айдай жұмыс істедік, онда жұмыс істеуге қорықтық, өйткені, оның жан-жағы қалың ағаш, ары-бері жүргінші халық көп болды. Сондықтан ол дачаны сатып, Кеңсайдан айналасы тақыр ескі дача сатып алдық. Бес-алты түп ағашы болды, сол дачаны жөндеп жатқан болып жұмыс істедік. Ол жерде де жұмыс істеу қолайсыз болған соң Борандай жақтан ескі бір қора сатып алып, сонда жұмысты жалғастырдық. Ол жерге де көңіліміз толмай, ақыры, сол 1987 жылдың жазында Балқаштың бойына кетіп қалдық. Ұмытпасам, станцияның аты Лепсі ғой деймін, әйтеуір сол станция жағадан аралықта екен. Жағаға жаяулап барып сол жерде бір айдан артық тұрып құмда жұмыс істедік, сол жылы біршама жобасын түсірдік те қайтарда көміп кеттік. Келесі жылы және сол айда қайта барып жұмысты жалғастырдық. Негізінен Сәбетқазы көп күш жұмсады. Ол негізгі жұмысты атқарды, мен болсам кейбір түйіліп қалған мәселелерді шешуге атсалыстым. Декларация жобасын да Сәбетқазы жасады, ал мен болсам кейбір мәселелерге қатысты өз пікірімді білдіретінмін, ал басқасының бәрін Сәбетқазы өзі жазып жүрді. 1989 жылдары одақ ыдырай бастаған кезде бізге де жаңаша ойлар келе берді, сол жылы өз ойымызды ашық айта бастадық. Ең алғаш Олжаспен кездестік, ол бізге Алаш деп атауды ұсынды .Ал біз болсақ қазақ Алаштан қорқады, үркітіп аламыз деп «Азатты» қалдыруды ұйғардық. Сол жылы КазГУ- дің бір корпусында болған бір жиынға көптеген ғалымдар қатысты, сонда «қазақ тілі мемлекет тілі болсын» деп айғайладық. Жиында Айтан Нүсіпханов деген азамат сөз сөйлеп, тілдің мемлекеттік мәртебе алуы жөнінде бастама көтерген еді.

- 90-шы жылдары көптеген бейресми ұйымдар құрылды ғой, олармен байланыстарыңыз қалай болды?

- «Шаңырақ» қозғалысын құруға біз көп атсалыстық, ең алдымен біз «Жетім бұрыш» деген қоғам құрғанбыз. М.Горкийдің паркінің бер жағында шайхана бар еді, сол жерде бас қосып отырсақ, сол «Шаңырақты» алғаш қозғап жүрген үш жас жігіт кіріп келіп, «ағалар бізге көмектесіңіздер, біз жерді басып аламыз» деді. Сол кездері қырғыз жерінде қырғыз бен өзбек арасында қантөгіс болып жатыр еді. Біз: «қан төгіледі, болмайды» деп оларға басу айтпақ болдық. Біздің ішімізде Д. Сатыпалды деген жігіт болған, ол: «осы балаларды қолдаймын» деп орнынан ұшып тұрды. Сол түні біз өзара ақылдасып «Жетім бұрыш» ұйымын құрған болатынбыз. Сол «Жетім бұрыш» қоғамы болып жігітер алғашында өз жұмыстарын бастаған еді. Жарты жыл жұмыс жасаған соң, «Шаңырақ» қоғамдық қозғалысы болып құрылды. Сол кездері біздер Алматы маңайына бір миллионға жуық қазақты қоныстандыруды көздеген едік.

Сонау Кеңес Одағының кезінде қиын экологиялық жағдайдағы қарақалпақтарды Қазақстанға көшіріп алу жайлы мәселе көтеріп қуғынға ұшыраған едік. Біз Сәбетқазы екеуміз өз дегенімізге жеттік, 1991 жылғы менің қолымдағы дерек бойынша «Шаңырақ» қоғамына отыз екі мың шаңырақ тіркелді.

- 1990 жылы 30 маусым - 1 шілде аралығында өткізген құрылтай жиналысы жайлы айта кетсеңіз...

- Біз алғашқы жиналысымызды Олжастың көмегімен аштық, ол кезде Олжас Жазушылар Одағының басшысы еді, біз оған өз ниетімізді айтқанда, ол бірден Жазушылар Одағының мәжіліс залын беруге келісімін берді. Арада Олжас бір жаққа іссапарға кетіп қалған екен, ал одан өзгелер залды бізге беруден бас тартты, әйтеуір Олжас қайтып келген соң ғана жағдай шешілді. Алғашқы құрылтай жиналысында өте көп адам болды, онда біздің жақтастарымыз да, тыңшылар да көптеп қатысты.

Осындай ұлттық қозғалыс құру қазақ секілді көп жаншылған, аз санды ұлт үшін үлкен жаңалық болды. Біз өзіміз туралы жария айта бастаған кезден бастап бізді жақтаушылар саны өсе түсті. Бірақ, оның ішінде қандай адамдар болғаны бізге беймәлім болды, жалпы КГБ қызметкерлері бізге көп зиян әкелді. Кейбір әлсіздеу азаматтар да қозғалыс жұмысын өз жеке бас мүддесімен шатастырып, аяғымыздан шалып отырды. Невада-Семей қозғалысы сол кезеңде дәуірлеп тұрған кезең еді, сол қозғалыс басында тұрған Олжасты, Мұхтарды арқа сүйеп соларға кетуді армандаған болуы керек, М.Шорманов бастаған топ бізден бөлініп кетті.

- Осы бөліну ыдыраудың басы болды ғой, қозғалыстың ыдырауы турасында не айтар едіңіз?

- Ал бөліну жайына келер болсақ, КГБ системасы бізді бөлудің ең жақсы жолы руға, жүзге бөлуді жақсы пайдаланды, мен барлығы бірдей осыған беріліп кетті дей алмаймын, бірақ кейбір азаматтар ішімізден салынған іріткінің құрбаны болды. Бізге сырттан саяси мақсатпен келіп бөлушілер болды. Айналып келгенде, азаматтардың сауатсыздығы өз дегенін қылды, әркім өзінің ұсақ-түйек шаруаларын қозғалыс деңгейіне көтеріп, дауласуға орын берілді.

Біз қозғалысты құрғанда оппозиция болуды ойлаған жоқпыз. Алғашқы құрылтайдың өзінде біз мемлекетке қарсы сөз сөйлеген жоқпыз, біз мемлекеттегі татулықты жақтадық.

- Қозғалыстың өзге елдердегі демократиялық ұйымдармен байланысы жайлы айтсаңыз...

- Орта Азиялық ұлттық ұйымдармен қарым-қатынаста болдық, әсіресе, Қырғызстанның ұлт-азаттық қозғалысымен тығыз байланыс орнаттық. Өзбекстан, Түркімен, Әзірбайжан, анда-санда Тәжікстандық та ұлттық ұйымдар біздің бас қосуларымызға қатысып тұрды. Жалпы, сол азаматтардың көпшілігі Орта Азиялық одақ құру идеясын жақтады. Көптеген ұлттық ұсақ қайшылықтарды ақылдаса отырып алып тастау қажеттігін айтты.

- М.Шоқайдың Түркістан идеясы «Азат» қозғалысында қаншалықты қолдау тапты?

- Түрікшілдікті айтпас бұрын тоқтала кететін мәселе, ол - Қытай мен Орыс империяларының панисламизм, пантүркизм идеялары. Осы идеялар аясында кейінгі жүз жыл бойы түркі халықтары түрлі қырғынға ұшыратылды. Ал біз өз кезегімізде сол екі империяның езгісінде қалған түбі бір түркі халықтарының басын бір одаққа біріктіруді көздедік. Біздің түбіміз бір, тіліміз бен дініміз бір, біз Орта Азиялық одаққа, бір ту астына бірігуді аңсадық. Бұл бүкіл түркі халықтарының ұзақтан келе жатқан басты арманы, бірақ бұл идея мемлекетке, халықаралық қауымдастыққа, бізді басып отырған империяларға ұнамауы мүмкін, сондықтан бұл идея жанашырлары саяси қуғынға ұшырайды. Жалпы, біздің елде сол жылдары саяси қуғын орын алған жоқ, өзге Орта Азия республикаларында осы идеяны қозғаушы азаматтар қуғындалып, кейбірі ,тіпті, атылып та кетті.

Неге қытай мен орыс бір тудың астына жиналады, ал түрік мемлекеттері бір ту астына жиналмайды? Шанхай бірлестігі түріктерді бірлестірмеу мақсатында құрылған ұйым. Евразес те түркі халықтарының бірігуіне қайшы келеді, біз бұл турасында өз пікірімізді білдіріп, Сәбетқазы мақала жариялаған болатын. Мына түрік республикасының президенті Камал Ататүрік билік басына келгенде, қазіргі Түркия халқы жоғалу алдында болатын, арабша, парсыша, европа тілдерінде сөйлейтін, сол жоғалу алдында тұрған елге Ататүрік секілді азамат басшы болып, бәрін орнына келтірді. Елдің басын біріктіріп, бір идеяны көтеретін азамат болмаса, іс алға баспайды. Құрғақ бастық болып, әкімшілік билік жүргізе беруге болады, бірақ елді бастау үшін ірі бас болуы керек. Ел басқарушының өз жеке бас мүддесі үшін бүкіл ұлт мүддесін құрбан етуі - қасірет. Жалпы, адамдарды барлық кезде әртүрлі топқа бөлініп қарастырылады, мысалы, қытайлар «алдын ойлап, алдын сезетін адам, артынан ойлап, артынан сезетін адам, түк ойлап, түк сезбейтін адам» деп бөлсе, Әл Фараби «алдын ойлап, алдын сезетін – адам, артынан ойлап, артынан сезетін – құл, түк ойлап, түк сезбейтін – хайуан» дейді. Бізге керегі - алдын ойлап, алдын-ала сезетін адам, тек сол ғана жақсылыққа қол жеткізе алады. Ал мен бүгінгі қазақ мемлекетіндегі адамдарды тәуелсіз ойлылар, тәуелді ойлылар, мәңгүрттер деп үш санатқа бөліп қарастырамын.

- Сіздер ұлт мүддесі үшін күрестіңіздер, сол күрес үшін жазаландыңыздар да... осы бітпейтін күрестен бас тартуға да болатын еді ғой.

- Заңды нәрсе бар, соның заңсыздығы бар. Заңсыз нәрсе бар, соның заңдылығы бар. Мәселен, мемлекеттің заңдылығы бар, табиғаттың заңдылығы бар. Табиғаттағы заңдылыққа келсек, адамның жейтінінің барлығының жаны бар, біз өмір сүру үшін басқаға зорлық жасаймыз, өйтпесек біз өмір сүре алмаймыз. Қылмыс жасаймыз, өз құлқымыз үшін табиғат заңын бұзамыз. Мемлекетке қатысты да солай деп айтуға болады, біз өз мүддеміз үшін мемлекет заңын бұзуға мәжбүр боламыз. «Азаттың» құрылуы Кеңес үкіметінің заңына қайшы болды. Біз өз ұлтымыздың қамы үшін қозғалыс құруға мәжбүр болдық. Жалпы, соңғы жүз жылда біз империяның заңдарына қайшы әрекеттер жасауда болдық, ал егер қолға түссек, бірден жазаланып отырдық. Егер біздікі заңсыз деп қарасақ, біз өз ұлтымызды жоғалудан сақтауға әрекет еттік, ал империя үшін біздің жоғалғанымыздың еш мәні жоқ. Сондықтан да қарны тоқ, жұмысы бар адамдардың қарсы тұруы оларға түсініксіз болады.

Бір құлық қоңыз деген қоңыз бар. Біз бала кезімізде онымен көп ойнаушы едік, сол қоңыз жұмсақ топырақтан воронка секілді нәрсе қазып жасап, топырақтың астында жасырынып жатады, осы шұңқырға келіп түскен әр түрлі ұсақ жәндіктер жұмсақ топырақтан сыртқа шыға алмай қалады, ал құлық қоңыз оларды топырақтың астына алып барып жем етеді. Мұндай тұзақ құруды шырға деп атайды. Қоғамда тәртіпсіздік болса, мемлекет оны басқарып тұра алмайды, сондықтан мемлекет өз заңдылықтарын енгізеді. Ал кейбір адамдардың саяси қылмыскер болып танылатындығы олардың сол мемлекеттің заңдылығына қайшы идеяда, қарсы бағытта болуында, өйткені мемлекет өзі орнатқан заңдылық ұлттың немесе жеке адамның мүддесіне сәйкес болмаса да өзіне тиімді болғандықтан оны барынша қорғайды. Міне, сондықтан да мемлекетте мемлекет тарапынан орын алған заңсыздықтар заңдылық ретінде көрсетіліп, оған қарсы шыққандар заң бұзушылар ретінде қудаланып жатады. Ал «Азатқа» келсек, ол өз ұлтын сақтап қалу жолында мемлекеттің заңына қайшы келіп отыр.

- Қазіргі кездері орын алып отырған саяси оқиғалар турасында қандай пікірдесіз?

- Бірде кәмпит жеп отырып, оның сыртқы түсіне қарап ойға қалдым. Кәмпит Украинада шыққан екен, сыртқы қабығы қызғылт сары. Қызғылт сары белгі Украинаға тән. Осы жақында бізде өткен Президент сайлауында біздің саясаткерлер сары түске әуестіктерін көрсетті. Біздің белгіміз көк түс, біз көк аспан, көк шөп, көк бөрі, көгер, көкте дейміз. Осы сөздердің түбірі көк сөзі. Көк бөрі Ашинаны баққан, бөріні құрмет етіп, туымызға бөрінің басын қоямыз. Кезінде мен ту жасау жөнінде өз ойларымды ортаға салған едім. Мен осы мәселе бойынша құрылған арнайы комиссияға 3 метрлік ту жасап алып бардым, онда тудың түсі көк, ортада күн және төменгі бөлігінде бір жасыл жолақ болды. Бұл бейбітшілік белгісі көк аспанды, барлығымызға ортақ күнді және жасыл өз жерімізді білдіретін еді.

1990 жылы Еурападан әкелген қаруларды Сарыөзекке әкеліп жарды, сол кезде біз қатты қиналдық. Бірақ қазақ үкіметі үн шығарған жоқ. Орыс мемлекетінің сол қаруды жаруға басқа жері құрып қалып па, егер зиянсыз болса, неге Москваның түбіне жармайды? Сол кездері біз ескі алаңда 86 жыл оқиғаларына баға беруді талап етіп аштық жариялап жатқанбыз. Мен күн сайын оларды бақылап жүруші едім. Бір күні әлгі он бір адамның арасына бір жас қазақ жігіт қосылып жатыпты. Мен бірден әлгінің қасынан келіп, қайдан келгенін сұрағанымда «Аға-ау, Сарыөзегім бар ғой, соны қайтем» деді. Анау Жасарал мен Айсұлу сол аштық жариялағандар ішінде болды. Жасарал жақсы адам, әйелі де жақсы кісі ,өзім екеуін де жақсы көремін. Қозғалыста солар сияқты жақсы азаматтар көп болды, қазір олардың көпшілігі есімнен шығып кетті. Мына Алтай тауы төрт мемлекетке ортақ болып отыр: Қытайлар, Қазақтар, Орыстар, Моңғолдар. Осыған былтыр Ресей үкіметі атом қалдықтарын апарып көмді. Алтай тауы - бүкіл жер шарының, Азияның жүрегі. Осы жүрекке атом қалдықтарын апарып көму - сауатсыздық. Бұл жерде 96 элемент бар. Оның сыртында қанша элемент бары белгісіз. Оған атом қалдықтарын көму - надандық. Алтайды бүлдіру, Алтайға қастық қылу - нағыз қиянат.

- Осы қозғалыс ісіне араласа жүріп өзіңіз куә болған ерекше оқиғаларға тоқтала кетсеңіз...

- Қызылорда облысы Арал теңізі маңындағы Сексеуіл деген станцияда бір даулы оқиға болып, біздер барып жиналып ашқан едік. Ол кездері партия, үкімет бар тағында болатын. Сол маңда Барсакелмес аралында бактерологиялық қару жасау зертханасы болған еді. Содан зардап шеккен жергілікті халық өз наразылықтарын білдіріпті, сонымен екі арада жанжал туындаған екен. Біз сонда өз бөлімшемізді құрып, оған мүшелікке, басшылыққа сол жердің белсенді азаматтарын қойып кеттік. Маған бір қатты әсер еткен жағдай болды, сол жердегі бір қойшы өзінің қой жайып жүрген жеріне бір қара бұлттың жер бауырлап келгенін, қойының жартысынан астамын басып өтіп кеткенін, ал ертеңіне қойының көбінің жүні түсіп, кейбірінің өліп қалғанын айтып берген еді. Біздің елімізде 37 полигон болды. Семей мәселесі әлі де шешімін тапқан жоқ, ал оны мәселе ретінде көтерген Невада-Семейді таратып жіберді. Жақында он млн га жерді әскери полигон үшін Ресейге жалға беру заңдастырылды, сол зардап орындарын қайта тірілтсек біз не күтеміз болашақтан?

- Қазіргі кездегі өзіңізді алаңдатып жүрген жайды ортаға салсаңыз...

- Менің көңілім үш түрлі жағдайға толыңқырамайды, біріншіден, экологиямыздың халі күннен күнге нашарлауда, екіншіден, тіліміздің халі төмендеп барады, үшіншіден, оралмандарды елге қайтару мәселесі дұрыс жолға қойылмауда. Меніңше, осы үш мәселе жолға қойылмайынша, тәуелсіз қазақ мемлекетінің ары қарай өркендеуінің қазақ ұлты үшін еш мәні жоқ. Жалпы, қазақ азаматтары қандай іс атқармасын, оның түптеп келгенде қазаққа әкелетін пайдасын ойлауы керек, әйтпесе оның істеп жүрген тірлігінің пайдасы шамалы!

- Әңгімеңізге рахмет!

Азат газеті. 03. 08. 2006 жыл. № 26 (168)

«Ұлтшылдық деген жақсы қасиет»

Мақаш Тәтімовпен сұхбат

- Мақаш Байғалиұлы, сіздің “Азат” қозғалысының құрылуына белсенді түрде атсалысуыңызға не себеп болды?

- Ол кезең өте күрделі болатын, қалыптасқан жағдайға наразылық, өз ұлтымның мүддесінің аяқасты болуы мені өз ойымды өзге де пікірлестермен бөлісуге итермеледі. “Азат” қозғалысы 1990 жылы құрыла салған жоқ, оның барлық жұмыстары бұрыннан дайындалып келе жатқан болатын. Өзіміздің егемендігіміз жөнінде мәселелерді айтуға байланысты 1986 жылдары бұғып қалдық та 1988 жылдан бастап бұл мәселені қайта көтере бастадық. 1990 жылдың 30 маусым-1 шілде аралығында өткен “Азаттың” құрытайы оған дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесі болды деп айтуға болады. Одан бұрындары біз жасырын жұмыстар атқардық, қуғынға түспеу үшін біздер үлкен жиналыстар жасамай өзара кездесіп жүрдік. Қозғалыстың негізін қалаушы тек үш адам С.Ақатаев, мен және Бақберген (фамилиясын ұмытып отырмын) деген азамат еді.

- “Азат” қозғалысының атауына қатысты не айтар едіңіз?

- Атау қозғалыстың мақсатына сай келеді, ол кезде Литва, Латвия сияқты мемлекеттер өз тәуелсіздігін алған еді, солардың өкілдерімен бір кездескенімізде олар “говорите сладкое слово Свобода! Свобода!” деп қайталай берген еді. Бұл бізге үлкен әсер берген еді, сл себепті де жаңағы сөзді қазақшаладық десем де болады. Ол уақытта Украинада “Рух”, Әзірбайжанда ұлттық-демократиялық қозғалыс, Тәжікстанда “Ростахес”, Қырғыстанда да ұлттық қозғалыстар жанданған еді. Сондықтан да “Азат” өз уақытында, Қазақстанда алғаш құрылған қозғалыстардың бірі болды. Тіпті Өзбекстандағы “Бірлік” партиясымен де жақсы қарым-қатынаста болдық. Тәжікстандық “Ростахес” партиясынан өзгеміз Орта Азиялық мемлекеттердің Тұран одағына бірлесуін жақтадық.

- Енді 1992 жылы “Азат” қозғалысы ұйымдастырған 1931-33 жылдар аралығында аштық құрбандарына ас беру акциясы жайлы айта кетсеңіз?

- Ол кездері бізде үлкен ас беретін жағдай бола қойған жоқ, бірақ өз әлімізше Республика алаңына жиналып, ас беру рәсімін жасаған едік. Біздің бұл шарамыз аяқсыз қалған жоқ, уақыт өте келе Президентіміз 31 мамырды қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарялады. Сонымен қатар біз көптеген ашаршылық құрбандарын еске алу шараларына атсалыстық, Боралдайда жазықсыз атылған адамдарға ескерткіш орнатуға, Талғар ауданындағы Диқанбай қорығындағы адамдарды жаппай атып, жерлеген жерге ескерткіш орнатуға қатыстық. Айта кетейін, мен қазіргі уақытта саяси қуғын-сүргін көрген отбасылар ассоцияциясысының төрағасы қызметін атқарып жүрмін. Менің айтқым келгені, “Азат” бастаған шара өз жалғасын тауып, мемлекеттің, басқа да қоғамдық қозғалыстардың қолдауымен жүзеге асырылуда.

- Өзіңіз қозғалыс құрамында болған уақыттағы есте қалған жағдайлар жайлы айта отырсаңыз?

- Қозғалыс алғаш құрылып жатқан кезде қазақтың бір топ жас жігіттерімен бірге Оңтүстікке ел аралап шыққан едім, сол сапарымда ел ішінде дәрістер оқып Ташкентке, сол сияқты Түркістандағы Қожа-Ахмет Яссауи, Арыстанбап кесенелеріне тәу етіп, Жетісайға дейін барып қайтқан едім. Осы сапар менің есімде ерекше сақталып қалды, сапар барысында ел адамдарымен етене араласып, қозғалыс мақсаттары жайлы шешіле сыр бөліскен едім.

- Сіз “Азат” қозғалысы оқырман назарына 1991 жылы қыркүйекте ұсынған “Көші-қон туралы” заңының авторысыз, енді осы заң жобасына тоқтала кетсеңіз?

- Шынында да осы көші-қон туралы заңның алғашқы жобасын “Азат” қозғалысының бастамасымен мен жасаған едім. Қазіргі кезде кейбір кісілер бұл заң жобасын өздері ұсынғанын айтып жүр, бірақ, ешқайсысы “Азат” ұсынған жоба жөнінде тіс жармайды. Бұл заң жобасы қазақ тілінде жасалған ең алғаш заң жобасы болатын. Идея ешқашан өлмейді, қазіргі кезде көші-қон мәселесі мемлекетпен қолға алынып отыр. Осы жобада мен алғаш рет сыртта жүрген қандастарымызды елге қайтару жайын мәселе ретінде көтерген болатынмын, ол кезде “оралман” сөзі пайда бола қоймаған еді, мен “майтабандар” деген атауды ұсындым, бірақ, халық оны қабылдай қоймады. Ал “оралман” сөзі тез арада құлаққа сіңісті болып кетті.

- Кезінде М.Есеналиев өз мақалаларында “Азат” ұсынған идеялардың жан-жақтан ұрланып, “Азаттың” аты аталмастан қайта ұсынылып жүргендігіне қынжылыс білдірген екен, осы пікірге қалай қарайсыз?

- Ол рас, ең алғаш құрылған үлкен қозғалыс “Азат” болатын, ал кейіннен пайда болған қозғалыстар, басқа да құрылымдар “Азат” ұсынған идеяларды әлі күнге басшылыққа алып келеді, бірақ, неліктен екені белгісіз қай ұйым болсын ол идеяларды өздері жаңа тудырған кейіп танытып, “Азат” жайлы ұмытып кетеді. Егер хронологияға қарасаңыз көптеген мәселелерді тек “Азат” қана алғаш көтерген болатын. Әрине “Азат” құрылмастан бұрын Москвада 1965 жылдары “Жас тұлпар” құрылған болатын. Мәдениетімізді, тілімізді көтеру жайлы идеяларды “Жас тұлпар” алғаш қозғаған болатын. Кейіннен “Жас тұлпар” жабылды, біраз уақыт бұл идеялар тұншығып жатып “Азат” арқылы жарықа шықты. Шындығына келгенде “Азат” қозғалысы “Жас тұлпардың” заңды жалғасы деп атауға болады. “Азаттың” тең төрағаларының кейбірі “Жас тұлпардың” мүшелері болатын. Былайша суреттесек “Азат” “Жас тұлпардың құлыны”.

- Сіздің “Халық-нама немесе Сан мен Сана” атты кітабыңыздағы нақты деректерге сүйенсек осы “Азат” қозғалысы ұлттық мемлекеттілікті ұран етіп көтерген кезеңде жалпы республикадағы халықтың қазақтар тек 40 пайызынан астамын ғана құраған екен, осы ұлттық мемлекеттілік идеясына қазір қалай қарайсыз?

- Ұлттық мемлекеттілік тек қазақ өз жерінде сан жағынан басымдыққа қол жеткізген кезде жүзеге асады деп ойлаймын. Біз демографиялық майданда жеңіп шықпайынша көп нәрсеге қол жеткізе алмаймыз. Тек демографияда жеңіске жеткен жағдайда ғана тіл де, діл де, саясат пен берекет те, экономика мен экология да біздікі болады, ал жеңілсек біз барлығынан айрыламыз. Қазіргі кезде Алматыдағы мемлекеттік тілге қатысты көтеріліп жатқан мәселе өте орынды, бұл ертең Астанада да орын алуы тиіс. Ұлттық мемлекеттілік идеясы жүзеге аспай жатыр деп те айтуға болмайды, ол тек біртіндеп іске асырылатын мәселе.

- “Азат” қозғалысының басты мақсаттарының бірі болған ұлттық сананы қайта жаңғырту мен демография арасындағы байланысқа тоқтала кетсеңіз?

- Мен “Азаттың” қатарында жүрген кездері де, қазір де ұлттық сананы көтеру, ұлттың санын көтеру мәселелерін қатар көтеріп жүрмін. Өйткені ұлттық санасы оянған адам өз ұлтының ертеңіне алаңдайды, ол демографияға әкеліп тіреледі. Сондықтан ұлттық сана көтерілген жерде демография да жандана түседі. Мен мақтанбай-ақ қояйын, бірақ кезінде қазақтар өздерінің нақты саны туралы, өздерінің өсу мүмкіндіктері туралы айтуға қорқатын, қазір көпшілік қазақ азаматы өз ұлтының санының өсуі жайлы ойланады, тіпті мені қазақтардың әр жерде танып, амандасуының өзінен менің идеяларымның халық арасына таралғанын білемін. Менің идеяларым өмір сүруде, келешекте олар жеңіске жетеді, менің “Жас тұлпарға” кейіннен “Азатқа” мүше болуымның басты себебі де осы идеяларымды халыққа тарату болған еді.

- Сіздің қозғалыс қатарынан кетуіңізге не себеп болды?

- Мен қозғалыс қатарынан кеткен жоқпын, бірақ, кейін “Азат” әбден әлсіреп кетті, оның әлсіреуіне оның тарихи миссиясын орындауы да себебін тигізді деп ойлаймын. Біз кезінде егемендік үшін, азаттық үшін күрестік. Оған қол жеткізген соң әрі қарай басқаша бағытта жұмыс жасау қажет болды...

- Жалпы “Азат” қозғалысының өз ішінен ыдырауының себептері неде деп ойлайсыз?

- Қозғалыстың өз ішінен ыдырап, әлсіреуіне кейіннен келген басшылар арасындағы өзара түсініспеушіліктер де өз әсерін тигізді. Марқұм С.Ақатаймен кейінгі жастар тіл табыса алмады, бұл өз кезегінде қозғалыс жұмысына кері әсерін тигізді. Кейіннен қозғалысты қайта жандандыру үшін маған басшы болуды ұсынып келушілер де болды. Мен қозғалысқа қайта баруды жөн санаған жоқпын, себебі біз қартайдық, ендігі барлық істер тек жастардың қолында, солар ғана белгілі нәтижеге қол жеткізе алады. Менің ойымша демография барлық саяси ұйымға қажет нәрсе, ол ғылым ретінде барлық ұлтқа қызмет етуші ұйымдарға ортақ болуы тиіс. Мен бір ғана қозғалыстың мүшесі болып, соған ғана қызмет істей алмаймын, менің жасаған істерім барлық қазақстандықтарға арналады, сондықтан мен барлығына тең қараймын.

- Ұлтшыл азамат ретінде өзіңіздің түсінігіңіздегі ұлтшылдық сөзіне түсініктеме берсеңіз?

- Ұлтшылдық деген жақсы қасиет, әр нәрсе өз шегінде болуы қажет, егер ол шектен шығып кетсе оның зияны да болуы мүмкін, сондықтан мен ұлтшылдықтың да белгілі шекте болғанын жақтаймын. Ұлтшылдықты ұлтжандылық деп те атайды, бірақ ұлтжандылық жұмсартылған атау ғой, сондықтан ұлтшылдық деп атаған жөн секілді. Ұлтшылдық, әсіресе, біздің қазақ интеллигенциясында көптеп кездеседі, мен де солардың қатарына жатамын, бірақ менің ұлтшылдығым тілімнің ұшында емес, мен сөзбен өз ұлтшылдығымды жеткізбеймін, менің ұлтшылдығым миымның қатпарында, жүрегімнің түкпірінде жатыр. Ұлтшылдықтан қашпау керек, келешек ұрпақты ұлтжандылыққа, патриоттыққа тәрбиелеуіміз керек. Менің демографияда қозғап жатқан мәселелерім көбіне қазақ ұлтына тікелей қатысты, егер қазақ қырылмаса, пайыздық өлшемде аз болып, демографиялық ахуалымыз нашар болмаса мен демографияға келмес те едім. Менің демографиямен айналысқаныма 43 жыл толды. Егер болған себептерге сәйкес қазақ қырылмағанда ең кемінде Қазақстанда 20 миллион, ал әлем бойынша 25 миллион, тіпті жақсы өсім болса 30 миллион болар еді.

- Қазіргі кезде қазақтардың басым көпшілігі өз тілін білмейді, сондықтан әлі де болса орыс тілін ресми тіл ретінде қалдыру қажет деген пікірге қалай қарайсыз?

- Қазіргі кезде тіл ахуалы Колбин кезіндегідей емес, түзеліп келе жатыр. Колбин билік құрған кезде қазақтың 25 пайызы өз тілін білмейтін еді, ал қазіргі кезде менің есептеулерім бойынша 20 пайызы білмейді. Бірақ, 20 пайыз да аз емес. Сонымен қатар мынаны да ескеру қажет, Колбин кезінде қазақтың саны 6,5 млн. еді, яғни 25 пайызы 1,6 млн-ға жуық болатын. Ал осы сәуір айында 9 млн.-ға толатын қазақтың 20 пайызы 1,8 млн. Сонда есеп бойынша ана тілін білмейтіндердің пайыздық саны азайғанымен де олардың абсолюттік саны әлі азайған жоқ. Ал кейбіреулер айтып жүргендей 3,5 млн. қазақтың өз ана тілін білмейтіндігі туралы мәліметтер дұрыс емес, ол қазіргі қазақтың 40 пайызын өз тілін білмейді дегенді білдіреді. Ал қазіргі қалыптасқан жағдайға сәйкес, қазақ тілі республиканың барлық аумағында өз күшіне енбейінше біз орыс тілін ресми тіл ретінде пайдалануға мәжбүрміз. Мен орыс тілінің ресми тіл ретіндегі мәртебесінің конституциядан алынып тасталуын құптаймын. Тағы бір маңызды мәселе, ол қазақтың ұлттық менталитеті, діліне қатысты. Өйткені қазақтың ділі өте төмен деңгейде, сондықтан да тілдің жағдайы төмен дәрежеде. Мысалы, ағылшындар 10 пайызды құраған жерде айналасы ағылшын тілінде сөйлеп кетеді екен, француздарға 20, орыстарға 30, немістерге 40, тіпті грузиндерге өз тілін сол ортада орнықтыру үшін 50 пайыз жеткілікті екен. Ал, өзбектерге 60, қырғыздарға 70 пайыз жеткілікті болса, қазаққа, оның ділінің төмендігі соншалық, өз тілінде сөйлеп кету үшін белгілі бір ортада 90-95 пайызды құрау қажет екен. Сондықтан, біз осы елдің қожайыны ретінде өз діліміздің деңгейін көтеріп, республикада ең құрығанда 70-75 пайыздық ортаны құрап, тіліміздің мәртебесін көтеруіміз қажет. Ділі күшті халықтың тілі де күшейіп, саны да өсіп, үлкен жетістіктерге жете алады. Сондықтан да демография бұл жерде үлкен шешуші фактор болып табылады, қазақ айтады “көп қорқытады, терең батырады”. Біз көп болсақ сөзіміз жерде қалмайды.

- Әңгімеңізге рахмет!

Азат газеті. 23. 02. 2006 жыл. № 7 (149)

«Әңгіме қозғалысты кімнің құрғандығында емес...»

Орал Сәулебаймен сұхбат

- Орал аға, сіздің есіміңіз 1991 жылы қыркүйектегі Орал оқиғасымен қалың көпшілікке мәлім болған еді. Енді өзіңіздің “Азат” қозғалысына келу тарихыңыз жайында әңгімелеп берсеңіз?

- 1990 жылдары қазақтың елім, жерім деген азаматтары тәуелсіздіктің келуін асыға күттік, өз басым 1989 жылы 28 ақпанда құрылған “Невада-Семей” қозғалысының құрылған уақытынан бастап мүшесі болдым, 1990 жылы С.Ақатай жаңа қозғалыс құрайын деп жатыр екен деген сөзді естіп, марқұм Сәбетқазы ағаға іздеп барып, ол кісіден мәселенің мән-жайына қанық болған едім. Сонымен 1990 жылы 30 маусымда Жазушылар Одағында “Азаттың”құрылтайы басталды. Мен сол жолы “Азаттың” құрылтайына алты тудың жобасын алып барған болатынмын әрі сол құрылған күннен бастап “Азаттың” мүшелігіне өттім.

- Өзіңіздің федерациялық құрылымға қарсылық ретінде аштық жариялағаныңыз жайлы оқырмандар хабардар, соған тоқтала кетсек.

-1991 жылы тамызда “Известия” газетінің бір санына 20 тамыз 1991 жылы федералдық шартқа қол қойылады деген ақпар шықты. Мен, Ж.Қуанышалин, С.Есімбеков және Қазыбек деген төрт жігіт 14 тамызда орталық универмагтың алдында аштық жариялап жаттық, бір қолымызда сіріңке, екінші қолымызда бір бөтелке бензиннен болған еді. Біз Президент федералдық шартқа қол қойса өртеніп өлетіннімізді мәлімдедік. 19 тамыз ГКЧП басталды, сол себепті біз өзіміздің акциямызды тоқтаттық. Ал 22 тамыз күні ГКЧП сол кездегі демократиялық күштерге төтеп бере алмай жеңіліске ұшырады. Содан кейін ғана конфедерация құру идеясы өріс алды.

- Жалпы, Орал оқиғасының орын алуына себепкер кім болған еді, “Аттанайық Ақ Жайыққа” штабын құру жайлы айта кетсеңіз?

- 1991 жылдың мамыр айында “Қазақ тілі” қоғамының төрайымы Айсұлу Қадырбаева деген азаматшамен таныстым. Ол өзінің атқарып жүрген қызметтері жайлы айта келіп, Орал казактарының өздерінің 400 жылдық мерейтойын Оралда өткізу үшін Орал облыстық партия комитетінен “Зенит” мәдениет үйі мен православ шіркеуінде жиналуға рұхсат алғандығын және ол қаулыға жергілікті ұлт өкілдері наразы екендігін әңгімелеп берді. Сонымен қатар Айсұлу өздеріндегі мәліметтерге сілтеме жасай отырып, казактардың Гурьев пен Орал облыстарында Жайық өзенінің екі жағалауын ала отырып казак автономиясының құрылуын осы тойда жарияламақшы екендіктерін де ескертті. Осы әңгімеден соң мен оған көмектесетіндігімді білдірдім, сонымен 27 шілде 1991 жылы “Азат” қозғалысының республикалық съезі өтті, онда төраға болып М.И. Есеналиев сайланды, ал С.Ақатаев республикалық партияны құруды өз мойнына алды. Сол жиында мен сөз сөйлеп, казактардың тойына тосқауыл қою қажеттігін алдыға тарттым, менің сөзімнен кейін 150 адам Оралға баруға ықылас білдірді және “Аттанайық Ақ Жайыққа” деген штаб құрылды. Ол штабтың төрағасы С.Ақатай, ал мен бірінші орынбасары болатын болдым. Сөйтіп, мен, Ж.Қуанышалин, А.Қадырбаева, Д.Сатыпалды тағы басқа азаматтар штаб құрамына ендік. Сол съезден кейін, 1991 жылдың 15 қыркүйеғінде Оралда казактардың 400 жылдық мерейтойын өткізуге қарсы екендігімізді білдіріп және осы мерейтой өткізуге рұхсат беретін жергілікті әкімшіліктің қаулысының күшін жою қажеттігі туралы Президенттің, Министрлер Кеңесінің төрағасының және Жоғарғы Кеңестің төрағасының атына 22 қоғамдық қозғалыс пен ұйымның төрағалары қол қойған ашық хаттарды жолдаған едік. 29 тамыз күні ескі алаңда осы мәселеге байланысты Президенттің шақыруымен 44 ұйым басшылары жиналысқа қатыстық.

- Орал аға, егер штаб басшысы сіз болмасаңыз, неліктен осы оқиғаға байланысты сөз қозғалғанда, штаб басшысы ретінде тек сіздің атыңыз аталады?

- Оралға аттанар алдында С.Ақатай Семейге аттанып кетті, ал М.Есеналиев емханада емделіп жатты, сондықтан мен штабқа басшы ретінде 13 қыркүйек күні Алматыдан аттанған ең соңғы топпен бірге самолетпен Оралға ұшып жеттім. Орал оқиғасы туралы біраз материалдар жарияланды, ол жайында тоқталу үшін уақыт керек болар... Менің бір риза болғаным, сол кездегі Оралдағы қазақ жастарының ұлтшылдығы болды, сол жердегі екі жоғарғы оқу орны және бірнеше орта кәсіптік оқу орындарының студенттері, тіпті, мектептердің жоғарғы сынып оқушылары да жалпы халықтық шеруге белсене қатысты. Жалпы алғанда, оқиға барысында шамамен 30 мың адам көшеге шықты. Осы шеру кезінде менің орынбасарларым А.Қадырбаева, Ж.Қуанышалин және Б.Адилов болды. 14 тамыз күні казактардың туымен қатар Ресейдің қазіргі туының православ шіркеуінің төбесінде ілініп тұрғанын митингіде жүрген біздерге айтып келді, біз дереу арада казактардың басшысы полковник Шумовтан туды түсіруін талап еттік, ол 10 минут арасында бұл талапты қанағаттандырды.

- Орал оқиғасында қан төгілмеуі неліктен деп ойлайсыз?

- 16 қыркүйек күні Президентімізге “Орал өңірін Алланың арқасында, екінші ақ жаулықтың, үшінші “Азаттың” арқасында тазарттық, оған құқық қорғау органдарының қатысы болған жоқ” деген мәтінде жеделхат жолдадым. Себебі, құқық қорғау органдары Орал оқиғасында қантөгістің болмауына өздерінің себеп болғандығы жөнінде мәлімдеме жасап үлгерген еді. Ақ орамал жағдайы өте қызық мәселе, 15 қыркүйекте “Зенит” мәдениет үйіне біз жүз он үш адам болып бардық, әр он адамға бір басшы және мен, Ж.Қуанышалин және А.Қадырбаева. Бізді онда полиция қызметкерлері, ОМОН және отыз автомат ұстанған әскерилер атуға дайын отырған еді. Соны естіген алаңға жиналған халық, арасында Амантай қажы да бар, бәрі бірден “Зенитке” қарай бет алған, ал отыз мың адамның легінің өзі қандай! Біз қалың нөпірді көргенде қазақтардың босқа оққа ұшуынан қорқып олардың алдынан шығып, тоқтатуға тырыстық, бірақ, олар тоқтай қоймады. Сонда Жамбылдан 4 жасар қызымен келген Қадиша Қарыбаева деген қарындасымыз басында байлаулы тұрған ақ орамалын алдыға қарай лақтырып жібергенде, үтіктелгендей болып жерге жайылып түскен еді, Қадиша халықтың алдында тұрып: “мұсылман болсаңдар, қазақ болсаңдар орамалдан аттамаңдар” деп айқайлаған еді. Мен алғашқы болып барып еңкейіп орамалға намазға жығылдым, менен кейін Айсұлу мен Жасарал да тізе бүкті, ақ орамалды көрген қазақтар іркіліп, тоқтаған еді. Сол сәтте өзімізбен барған имам машинаның төбесіне шығып құран оқи бастады. Сөйтіп, полицияға екі қадам қалғанда біз нөпірді тоқтатқан едік. Қазір біздің журналистеріміз 1992 жылы Грузия мен Абхаз әйелдері арасында “Ақ орамалмен” алғашқы келіссөз болғандығы жөнінде тамсана жазып жүр, ал Ақ орамалдың Орал оқиғасында қантөгісті болдырмаған құдыреті жайлы ешкім еске алмайды да.

- Сіздің ойыңызша, қай уақыттан бастап “Азат” қозғалысында пікір қайшылықтары орын ала бастады?

- 1992 жылы 17 маусымда республикалық наразылық акциясын өткізгенбіз. Осы акция барысында біздің қойған талаптарымызбен келіспейтін топ өз ішімізден шығып, қарсылықтарын білдірді, сонымен қатар, тағы біреулер өз бастамасын көтеріп шырқымыз бұзылды десем де болады. Осы кезеңде М.Есеналиев денсаулығына байланысты қызметтен бас тартқан болатын, қозғалыс басшысының орны бос болды. Осы акция “Азат” қозғалысы ішінде ыдыраудың басы болған еді.

- Енді қозғалыстың ыдырауының себептері жайлы айта кетсеңіз.

- Қозғалыстың ыдырауына “Азат” қозғалысының алғашқы үш жылдың өзінде бағдарламасы бойынша алдына қойған міндеттерінің басым бөлігін орындағандығы басты себеп болды деп ойлаймын. Біздің сол кездегі пайымдауымыз бойынша, “Азат” ұсынған мәселелердің ішінде тек шет елдегі қандастарымызды қайтару мәселесі ғана ақсап тұрған болатын. Ол уақытта мемлекет “Азат” көтерген мәселелердің көпшілігін басшылыққа алып отырды, бірақ, ақпарат құралдарында ол жайында жұмған аузын ашқан жоқ. Менің ойымша, тіпті, қозғалыс бағдарлама бойынша алдына қойған мақсаттарына жеткен күннің өзінде, қайта құрылтай шақырып, сол уақыт тудырған мәселелерге сай жаңа бағдарлама жасауға болатын еді, бірақ, билік оған ашық та, жабық та түрде жол бермеді. Тағы бір себеп ретінде сол уақыттағы үкіметтің жүргізген реформалары бойынша парламент, жергілікті кеңестер депутаттығына қозғалыстан емес, саяси партиядан өкілдер кіреді деген қауесеттің тарауын айтуға болады, бұл жағдайды қозғалыстың ролінің төмендеуі деп ойлаушылар көбейе бастады. Соңғы себеп - ол “Азат” қозғалысына қозғалыс басшыларының іріткі салуы болды. Іріткі салу екі негізде болды, оның бірі - қозғалыс басшыларының өз жеке басын ойлауы, екіншісі - мемлекеттің қозғалыс басшыларына қатысты жүргізген саясатының нәтижесі.

- Сіз қозғалыстың құрылуының себептері жайлы айта аласыз ба?

- Қозғалыстың құрылуы жөнінде мен С.Ақатайдан сұраған болатынмын, ол кісі: “Өздерің сияқты азаматтар құрды бұл қозғалысты” деп жауап берді. Тағы бірде “Әңгіме қозғалысты кімнің құрғандығында емес, оның қазақ үшін құрылғандығында” деген еді. Менің өз басым қозғалыстың құрылуына билік себепкер болды деп ойлаймын, өйткені, қозғалыс бастапқыда еш кедергісіз тіркеуден өткен болатын, сондай-ақ оның басында тұрған адамдар да биліктің өкілдері болды. М.Шорманов деген азамат бастапқы кезден-ақ көзге түсіп жүрді. Өкінішке орай, біз М.Шормановқа қарсы шықтық, оның орыс тілді екендігі, биліктің өкілі болғандығы мін болып тағылды. Осының нәтижесінде ол қозғалысты тастауға мәжбүр болды.

- Қозғалыстың атауы жайлы түсініктеме бере кетсеңіз?

- Алғашқы құрылтай барысында қозғалыстың атауы жөнінде біраз пікірталас болған, біреулер “Азаттық” деген атауды ұсынды, сонда С.Ақатаев сөз сөйлеп, “Азат” атауының қысқа және мазмұнды екенін түсіндірген болатын. Тағы бір айтатын мәселе, сол құрылтай барысында атау жөнінде талқылау болғанымен оның барлық құжаттарында “Азат” атауы болған еді, сондықтан бұл атаудың алдын-ала келісілген атау екенііне шүбәм жоқ. Кім атауын ойлап тапса да, кім құруға мұрындық болса да, “Азат” қозғалысы біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігі жолында көптеген қызмет атқарды.

- Кейінгі жылдары “Азат” төңерегінде болған жанжалдарға сіздің қандай қатысыңыз бар?

- 2001 жылы қараша айында бізді Б.Дәрімбет жинап, Бағыс мәселесіне қатысты әрекет жасауды ұсынды. Ол отырыста 22 адам қатысты және “Бағыс” деген штаб құрылды. Сол штабты көпшілік мақұлдауымен басқаратын болдым. Содан кейін біз өз ақшамызға автобус жалдап, Бағысқа аттанып кеттік. Бұл жағдайдан бұрын мен С.Ақатаев құрған “Алаш” партиясының Алматы қалалық бөлімінің басшысы қызметін атқаратынмын.

- Осы мәселені кім көтерген еді?

- Біздің “Азат” қозғалысының атынан штаб құрып, оны қайта құру ісін қолға алғандар Б.Дәрімбет пен Е.Ерғожа болды. Мен бұлайша “Азатты” қайта құруға не себеп болғанын сұрағанда, олар Х.Қожа-Ахметтің өздерінің алғашқы жиынында орнынан тұрып кетіп қалғандығын, сондықтан оның орнына басқа Сапабек Әсіпті төраға етіп сайлағандығын айтқан болатын. Сонымен қатар, олар мені жаңарған “Азаттың” төрағасының төртінші орынбасары етіп сайлады. Келесі күні біз 9 адам Бағысқа аттандық, қаладан шыққан кезде автобусқа Д.Көшім кірді, сонымен он адам болып аттанып кеттік. Бағыс оқиғасы, онда болған жағдай туралы сол кезері ақпарат құралдары көптеп жариялаған болатын. Бір айта кететін жайт, Ташкент түрмесінде бірнеше күн отырған уақытымда мен Назарбаев туралы аннекдот айтам десем барлығы қасыма жиналатын да, Каримов туралы аннекдот айтам десең, барлық адам маңыңнан қашып кететін. Бұл осы екі мемлекеттегі демократияның хал-ахуалынан хабар бергендей болады.

- Сіз ұлтшылдық сөзін қалай түсінесіз?

- Мен өзімді ұлтшылмын деп есептеймін, ұлтшыл ол - ұлтын, тілін, ділін, жерін, әдет-ғұрып, тарихын барынша сүйетін, ардақ тұтатын, қажет болса, солар үшін жанын қиюға әзір азамат, ал мұндай адам өзге ұлттардың дәл сондай құндылықтарына да құрметпен қарайды. Өз туған халқының тілін, ділін, әдет-ғұрпын, тарихын сүймеген адам ешқашан да өзге ұлттың дәл сондай құндылықтарын сүюі мүмкін емес. Ұлтшыл деген сөз - ең жақсы сөз, ол - өз ұлтының патриоты.

- Әңгімеңізге рахмет!

Азат газеті. 16. 02. 2006 жыл. № 6 (148)

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙