Намыс гвардиясы. I нұсқа
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
НАМЫС ГВАРДИЯСЫ
Төрт актылы, жеті суретті пьеса
Қатынасатындар:
Сталин.
Панфилов Иван Васильевич.
Намысұлы Бақытжан — батальон командирі.
Григорьев — дивизия комиссары.
Чупров — полк командирі.
Жанбозов Сабыр — рота командирі.
Ғалиев Мейрам — рота политругі.
Тоқтаров Төлеген — автоматчик.
Нина — жау алған деревняның қызы.
Армия генералы.
Валя — медсестра.
Фогель — неміс дивизиясының командирі.
Курц — неміс полкінің командирі.
Штольберг — неміс штабының бастығы.
Қызмет адамы, доктор, санитарлар, адъютанттар,
командирлер, қызыл әскерлер, неміс солдаттары.
І Акт
Бірінші сурет
Күз. Жапырағы сарғайған орман. Күн батуға айналған кез. Перде ашылғанда блиндажда Төлеген мен Мейрам ән салып отырады.
Төлеген. Біз құрбан, туған елім, сен аман бол,
Асқар тау, бетегелі бел, аман бол,
Қанымдай қасиетті суың қымбат,
Айдын көл шалқып жатқан, сен аман бол!
Өлең аяқтала берген кезде Намысұлы ар жақтан шыға келеді.
Намысұлы. Па, серілердің серпер жерін тапқанын. Жау қырам деп қыра алмай, ерлер отыр ұялмай. Жауды қуып келудің орнына қашып келгенге мәзбіз-ау, сірә!
Төлеген. Бас көрікті!
Мейрам. Әй, батыр-ай, осы жолы көрікті баса алмай қалдық қой деймін, төбеден дәл ұрды ғой. Намысұлы (бинокльмен алысқа қарап тұр). Кеудеден жан кеткендей әннен сән кетіп тұр-ау, бауырлар. Сонау Москваның үстінде ашық аспан бетіне бедер салған жұдырықтай қара түтіндерді көрдіңдер ме?
Мейрам. Көріп тұрмыз-ау, Бақытжан аға.
Намысұлы. Көрсең, ол не?
Мейрам. Не деуге болады? Жан анаңа, ғазиз анаңа тиген тепкі дермісің?..
Намысұлы. Ендеше, сол тепкі біздің кекті жанысын. Мұқалмас, өшпес кекті жанысын. Төлеген. Жанып-ақ, жаланып-ақ ұрып жүрген жоқпыз ба осы. Құрсауын үзіп, қоршауын бұзып-ақ келдік қой. Намысұлы. Бұзып-ақ келдік. Қайда келдік? Шегінгеніңе шелиемісің? Москваға жеткенге мәзбісің? Төлеген. Бас көрікті. (Ұшып түрегеліп.) Әй, енді шегінсек, бетке сірі жапсырып шегінерміз-ау. Намысұлы. Қайнар қаның, қайнар. Бірақ әлі қайнап піскен жоқсың. Жалғыз сен емес, тіпті, біздің бар батальон әлі піскен жоқ. Бәріміз де әлі шикіміз. Батальон жайын ойласам, жігерім құм болады. Жаудың қоршауын бұзып шыққанымыз өзімізге әлдеқандай көрініп ед, ойласам, олай емес екен.
Мейрам. Енді қалай?
Намысұлы (сырттан біреулерді көргендей болып). Оны кейін естірсің.
Төлеген мен Мейрам көрінбей кетеді. Панфилов, Григорьев, Чупров шығады.
Панфилов (блиндаждың іргесін ұстап көріп). Мына блиндаж жауынгерлерді күннің көзінен болмаса, оқтан қорғай алмас. (Намысұлын көріп.) А, Намыс! Аманбысың? Сендер үшін күпті едім, қуанттың ғой! Сондай қиын құрсаудан қалай құтылдың, айтшы! Тайғақтың асуындай осы кесір асудан ер кім болды? Соны тани білдің бе?
Григорьев. Осылардың ері көп, езі аз болған-ау деймін.
Панфилов. Сен неге үндемейсің?
Намысұлы. Ерлікті таңдап алу да, ездікті таңбалап беру де қиын той, жолдас генерал! Біз осы екеуінің бірінен шығып, біріне жете алмай аралықта жүрмесек.
Панфилов. Дұрыс, мақтанбасаңыз мақұл.
Чупров. Әрине, әсіресе, батальонды қоршауда қалдырған взводы бар командирдің мақтанбауы сыпайы. Панфилов. Жә, батальонның қоршауда қалуына себеп болған взвод командирін шақыртшы, ол ротаның командирі кім еді?
Намысұлы. Жанбозов.
Панфилов. Жанбозов па еді? Оны да шақыр.
Намысұлы. Жолдас генерал, осының екеуі де жоқ.
Панфилов. Олар қайда?
Намысұлы. Жанбозов, тағы сол взвод командирінің кесірінен бомба түскен блиндаж астында қалып қойды.
Григорьев. Ал, взвод командирі ше?
Намысұлы. Ол атылды.
Панфилов. Атылды!
Григорьев. Кім атты?
Намысұлы. Сол жазалары үшін біз аттық.
Панфилов. Аттық! Рұқсат еткен кім, атқан кім?
Намысұлы. Рұқсат еткен де, атқан да мен өзім.
Панфилов. Мен өзім? Саған мұндай правоны берген кім?
Чупров. Сен бұл сырыңды менен неге жасырдың?
Намысұлы. Жасырғым келген жоқ, жолдас полковник, жауабын бір-ақ рет беріп, жазасын бірақ алғым келді. Григорьев. Сен командир болудан гөрі, әскери сот болуды лайық көргенсің ғой, сірә? Намысұлы. Неміс қоршауында бар совет үкіметі бір өзім болдым, енді қайтейін.
Чупров. Мынау не деп тұр?
Панфилов. Сенің осында ағаттық бар ма, жоқ па, өзің не дейсің?
Намысұлы. Жолдас генерал, оған ешқандай шәк-шүбәм жоқ, ағат емес.
Григорьев. Сонда сен өз бетіңмен ата бермекпісің?
Намысұлы. Ондай ез, намыссыз, опасызды ату керек, әлі де атамын. Григорьев. Сүйтесің бе сен? Алды-артыңа қарамай тaп беріп, тарс жарылып отырсаң, армия не болмақ, тәртіп қайсы? Ала мінез қаптамай ма, егінді басқан арам шөптей.
Намысұлы. Арам шөп!?
Григорьев. Я.
Намысұлы. Ендеше, арам шөпті жұлатын да тастайтын еді ғой.
Григорьев. Жұлынуы ғажап емес.
Намысұлы. Онда менің атым арам шөп екен, жұлыңыз да тастаңыз. (Айналып кетпек болады.)
Григорьев. Бұл нендей тәртіп?
Чупров. Кімнің алдында тұрғаныңды білемісің?
Панфилов (Чупров пен Григорьевтің бұл мінездерін жақтырмаған түрде қарайды да, Намысұлына жақындайды). Тоқта. Кешке штабқа келесің. Бар! (Намысұлы кетеді. Чупровқа.) Жә, бұл не, жолдас полковник? Чупров. Бұл біздің ең піспеген батальон. Мына мінез, мына қылық соның айғағы. Панфилов. Сіз піспеген деген сөзді әрқашанда айтасыз, пісіретін күніңіз бар ма, жоқ па? Олай болуыңа себеп не, кінәлі кім?
Григорьев. Сіздердегі қазақтары көп батальон осы еді ғой.
Чупров. Иә, осы. Біздегі ең осал батальон да осы.
Панфилов. Мен оны сұрап тұрғаным жоқ, себебін сұрап тұрмын сізден.
Чупров. Ол себеп белгілі емес пе, Иван Васильевич. Бұлар армияның темір тәртібіне төселмеген елдің баласы ғой. Панфилов. Ендеше, сіздің төселген тәрбиеңіз қайда, толған тәжірибеңіз неменеге керек? Мен сізге ескертейін, қатты ескертейін: бәрін білдік, таныдық деп жүреміз, сонымен қабаттасып, тексерілмей жүретін оқ өтпес бір бітеулік те жатады ішімізде. Қазақ деп, халқына сын тақпақсыз ба? Түңілер жайыңыз бар ма? Қай қасиетін білуші едіңіз? Енді қайтып естіртпеңіз бұл сөзді маған. Бұдан былайғы біздің бүкіл дивизияның таразысы сол піспеген осал батальоныңыз болады. Сол батальон еңіреген ер, жалыны алау атып аспан құшқан өрттей өр, балғын батальон болғанда ғана дивизия деген жеріне жетті, биік белге шықты дерміз, серт осы ғана. Чупров. Серт етуге дайынмын, Иван Васильевич. Бірақ бір адам емес, он адам емес, бүтіндей бір батальонды мұндай етіп шығару көп уақытты тілемей ме?
Панфилов. Ендеше, сол батальонды менің өз бақылауыма беріңіз.
Чупров. Алыңыз. Бірақ ол тілекке жету үшін командиріңіз сай болсын.
Панфилов. Намысұлы сай емес пе?
Григорьев. Ол әлі де командир болып қалсын деймісіз?
Панфилов. Сіздер қалай дейсіздер?
Григорьев. Ол орнынан алыну керек сияқты.
Панфилов. Онда Намысұлының жаңағы өзіміз кінәлаған мінезінен біздің айырмамыз не болады? Ойлану керек. Жә, жүріңіздер, жауынгерлермен әңгімелесейік. Бұлар кетеді, блиндаждан Төлеген мен Мейрам көрінеді, сырттан Намысұлы келеді.
Мейрам. Жә, жәй-күйді білдіңіз бе?
Төлеген. Не аңғардыңыз?
Намысұлы. Аңғар жайсыз, біз кінәлі сияқтымыз ба, қалай? Қорытылуы жетпеген қорғасындай қалпымыз, шемендей басып жатыр. Төлеген. Қорытылмаған қорғасыны несі! Қайнаған болаттай-ақ ұрып жүрген жоқпыз ба осы?
Мейрам. Не болып еді сонша?
Намысұлы. Тәжірибеміз аз, тәртібіміз кем, көп нәрседен кендеміз.
Төлеген. Тіпті тәртібіміз де еш нәрседен кем емес.
Намысұлы. Сенің осыныңның өзі тәртіпсіздік емес ие әуелі.
Төлеген. Қалайша?
Намысұлы. Политрук емессің, командир емессің, қымыздың қызу кеңесінде отырғандай кие-кие жөнелесің.
Төлеген. Бас көрікті, ал қойдым, жанжал құрысын.
Намысұлы (ақырып). Смирно, қара тұрысын. (Төлеген жым болады.) Біз әлі етек-жеңімізді жинай алмай, салақ-салғырт жүрміз. Ширағанымыз жоқ. Сенің ротаң да, сондай ездің взвод командирі болып жүруіңнің өзі де осыны көрсетеді. (Кетеді. Төлегендер де көрінбейді.) Жанбозов. Қауіпсіз жерге жеттік қой деймін, сіз сиді айтыңызшы, мен кімге қарыздармын, сіз кімсіз осы?
Нина (күліп). Мыңдаған, жүздеген қарындастың бірі деп білсеңіз жетпей ме?
Жанбозов. Жөніңізді неге айтпайсыз?
Нина. Өзіңіз де әлі айтқан жоқсыз ғой.
Жанбозов. Мен сіз айтпағандықтан іркілемін.
Нина. Әлде мен сізге шпион, сайқал болып көрінемін, солай ма?
Жанбозов. Бұл не дегеніңіз?
Нина. Жау қолында қалған командирді құтқарған болып, өзі өткелі жүрген шпион болсам ғажап па? (Күледі.) Жанбозов. Айтпайтын түріңіз бар екен, айтпассыз. Бірақ, кім де болсаңыз, тірлікте сізден зор қарыздар жаным болмас. Білмегенім үлкен арман болар да қалар! (Намысұлы мен Төлеген келіп тұра қалады.) Нина. Менің де соншалық еңбек етіп өлімнен өзім құтқарған ердің жөнін білмеуім арман болар.
Намысұлы (тани кетіп, тұра ұмтылады). Сабыр, бауырым.
Төлеген. Сабыр!
Жанбозов. Бақытжан аға! Төлеген бауырым!
Намысұлы. Бауырым-ау, бар ма едің, тірі ме едің? Төлеген, санитарларды шақыр. (Төлеген кетеді.) Сенен айрылғалы көңілім алай-түлей күйде еді. Сен есіме түскен сайын жүрегім тілім-тілім болушы еді. Ал, сөйлеші, қалай құтылдың? Мына кісі кім?
Жанбозов. Осы кісі, мені құтқарған.
Намысұлы. Ой, көп жасаңыз! Апырай, сіз кім едіңіз?
Нина. Мен советтің жәй бір қызымын.
Жанбозов. Қарыздарым да осы кісі, жөнін білмеген жұмбағым да осы кісі.
Намысұлы. Жұмбағым! (Сезіктенеді.) Сіз қалай кездестіңіз, қайдан келе жатыр едіңіз?
Нина. Мен бір дивизия штабын іздеп келемін.
Намысұлы. Қай дивизияның?
Нина. Сіздер қай дивизияныкі едіңіздер?
Намысұлы. Маған сұрау бермей, жауап берсеңіз қайтеді, қарындас. Қай дивизияны іздеп жүрсіз? Нина. Іздеген дивизиям сіздердікі болар деймін. Мені штабқа жеткізсеңіздер қайтеді? Намысұлы. Ол тілегіңіз орындалады. Мынандай қымбат жолдасымызды аман алып келгеніңіз үшін, бәріміз де сізге борыштымыз. Бірақ, айыпқа бұйырмаңыз, сіздің жөніңізді айтпай жұмбақ тастап кеткеніңізге қайранбыз, оны да жасырмайын. Нина (күліп). Ол айып емес, күдікті жасырмағаныңыз жақсы. Сіз турашыл екенсіз. Намысұлы. Күйінгенім мен сүйінгенім бәрі де тілімнің ұшында жүретін кісі едім. Нина. Ол жақсы сипат, бірақ әр мінездің әр алуан кезі бар ғой. Егер менің орнымда болсаңыз, мүмкін сіз де мен тәрізді боларсыз. Намысұлы. Солай ма, жарайды. Қазір, қарындас. Адъютант! (Адъютант келеді. Намысұлы оған Нинадан сезіктенгендігін айтып тұрғандай болады.) Нина (Жанбозовтың қолын ұстап). Қош болыңыз, Сабыр. Менің атым Нина. Ұмытпайсыз той!
Жанбозов. Сізді мәңгі ұмытпаймын, Нина.
Нина. Ал, тек тез жазылыңыз, қош! (Шеткерек барып, киімдерін жөндеп кие бастайды.)
Жанбозов. Ағып өткен жұлдыз ба қалай, көзді еріксіз тартып кетті ғой.
Намысұлы. Көзің тұнжырап-ақ қалған екен, ә!
Жанбозов (күліп). Ағай, өзіңіз де, алдынан өткен мысыққа қараған бүркіттей қадалып-ақ қалдыңыз-ау деймін. Намысұлы (күліп). Сен немене, арыстандай болып арқасына мініп келіп, өзің көтеріп келгендей, қызғанайын деп пе едің? Осы кезде Мейрам мен Төлеген жетіп келеді. Жүгіріп келген бойы Жанбозовты құшақтаймын дегенде оның жаралы аяғына соқтығады.
Нина сол үшін қайта жүгіріп келеді.
Нина. Көзіңе қарасаңшы, жолдас.
Мейрам. Ғафу етіңіз, байқамадым. Бәсе, сені ажал жеңді дегенге сенбеп ем, шынымен топырақ астында тыпырлауға да келмей қалсаң, жыламас едім, қорланар ем. Жанбозов. Жарайсың, құрдас. Жоқтау өлең шығарып қойған екен десем, өліміме өкпе артқалы жүр екенсің ғой. Мейрам. Қайтейін. Құрдасың қалып қойды деген мына Төлегеннің табасынан құтылмай-ақ қойдым.
Төлеген. Бас көрікті.
Намысұлы. Тұрындар! (Бәрі ұшып түрегеледі.)
Панфилов. Мынауың кім, Жанбозов па?
Жанбозов. Сәлеметсіз бе, жолдас генерал! (Чупровтармен де солай амандасады.) Панфилов. О, Жанбозов! Жоққа саналған батальон аман келді, өлді деген сен тірі келдің, қандай жақсы!
Чупров. Ал, сөйлеші, қалай аман қалдың?
Григорьев. Кім жеткізді?
Жанбозов. Мен құлаған блиндаж астынан қыбырлап жер бетіне шыққан едім, қанша уақыт өткенін білмеймін, сәтімен ана бір қыз кездесті де, ұзақ бейнетпен сол алып келді.
Панфилов. Жараң ауыр емес пе?
Жанбозов. Жарам онша ауыр емес.
Нина (Мейрамға). Генерал-майор Панфилов осы кісі ме?
Мейрам. Осы кісі.
Нина. Жолдас генерал!
Панфилов. Я, не айтпақ едіңіз?
Нина. Рұқсат па?
Панфилов (оңашарақ). Ал, сөйлеңіз.
Нина. Мені сізге неміс қолында қалған Руза деревнясындағы Захар қарт жіберді.
Панфилов. О, қарт Захар ма, ол тірі ме, сау ма? Не күйде, не деді? Нина. Әзірше тірі. Кетерде өзіңіз тапсырған жонменен арнаулы сәлеммен жіберді.
Панфилов. Сіз оның несі едіңіз? Атыңыз кім?
Нина. Мен немересі едім. Атым Нина.
Панфилов. Нина? (Ойланып.) Ол кісі маған барлық балаларын, немерелерін, келіндеріне дейін атап-атап айтқан еді, сізді неғып айтпады? Нина. Ол кезде менің өлі-тірілігім атама мәлім емес болатын, сондықтан айтпаған болар. Панфилов (ойланып). Жарайды онда, біздің штабқа барыңыз да, мені тосыңыз. (Намысұлына.) Мына кісіге біреуді қосып бер, штабқа ертіп барсын. (Нина кетеді.) Чупров. Иван Васильевич, Валя келе жатыр. (Қасында санитаркалар бар Валя келеді. Чупров Панфиловты нұсқап.) Валя, әне папаң?
Валя. Папа! (Тұра ұмтылып келіп, Панфиловтың иығына асылады.) Панфилов. Валя, мұның қалай? (Валяның қолдарын өз қолымен орын-орындарына қойып.) Раз, два, три! (Намысұлына қарай бұрып жібереді). Валя. Жолдас старший лейтенант, сіздің шақыруыңызбен келген медсестра Панфилова. Намысұлы. Мынау жаралы кіші лейтенант Жанбозовты тезінен санбатқа жеткізіңіздер.
Валя (санитарларға). Көтеріңдер!
Григорьев. Валя, көріспегенімізге көп болды ғой осы!
Панфилов. Мұның өзі папасын сағынбайтын болу керек, іздемейді де.
Валя. Сағынғанмен қайтейін. Соғыс!
Панфилов. Дұрыс айтасың, соғыста кім папасының бауырында жүр! Жаралы жанға жәрдемді тез беріңдер. Осы менің сізден өтінетінім, жолдас медсестра.
Валя. Құп, жолдас генерал. (Жанбозовты әкетеді.) Панфилов (Намысұлына жақындап). Жә, жолдас Намысұлы, өлді деген Жанбозов тірі келді. Ал сіз өлімге бұйырған адамның қылмыс жағдайы не болды? Намысұлы. Менімше, Жанбозов жағдайы өзгергенімен, қылмыс жағдайы өзгерген жоқ, жолдас генерал.
Григорьев. Сіздің осы қыңырлық жағдайыңыз өзгеретін күн бар ма?
Намысұлы. Менде өзгеретін түк жоқ.
Панфилов. Сенің жеке басыңда алғырлық та, ерлік те бар. Сені жауынгерлердің де қатты сүйетінін жаңа көріп келдім. Әсіресе, қоршауда қалған сапарда, сенің мінезің оларды қатты сүйсіндіріпті. Бірақ, сонымен қатар батальонның болашағына келтіретін ұрыншақ, ағаттықтарың да бар. Сондықтан амал жоқ. Әзірше байлау сол. Сен батальон командирлігінен алынасың. (Бұл сөз Намысұлына оқтай тиеді.)
Төлеген. Бас көрікті...
ШЫМЫЛДЫҚ
Екінші сурет
Дивизияның штабы. Перде ашылғанда Панфилов пен Григорьев екеуі карта үстінде отыр. Панфилов. Москва... Москва... Қайнар күн, қысылшаң сағат жетті, міне, жолдас комиссар. Жау бүгін Москваға қарай жұлқынады. Осы хал, әсіресе, осы сәтте әр жауынгердің санасына жетті ме екен? (Телефон сылдырлайды.)
Адъютант. Кім керек? Жолдас генерал, телефонға.
Панфилов. "Алатау" тыңдап тұр. Айта беріңіз, қай рубежге? Иә! Бұлар неше кісі еді? Жиырма сегіз! Міні жігіт, әсіресе, көзге түскен кімдер екенін білдіңіз бе? Ал, жолдас Чупров, сізге айрықша бұйрық — осы 28-дің, әсіресе, сол үшеуінің мына қайратын бар батальон, бар рота, бар взводқа жеткізіңіздер! Әсіресе, мына артиллерияға бағынғалы отырған соғыстың кезінде тез жеткізіңіз де, бір сағатта мәлімдеңіз. Сол 28-дің барлығына, Клочков, Қожабергенов, Добробабиндерге менен арнаулы сәлем айтыңыз. Қуаныштымын деп айтты деңіз. (Телефонды қойып.) Міне, жаңағы үлкен сұраудың, Москва сұрауының бір жауабы айтылғандай.
Григорьев. Олар не істеген?
Панфилов. 28 кісі өздерінен бір кісісі де жараланбастан жаудың бір рота автоматчиктерін жойған. Григорьев. Ендеше, осыны бүкіл дивизияға мәлім етіп, үлгі ету шарт. (Телефонды алады.) "Оралды" бер. Бұл кім? "Орал" керек... Сөйлеп тұрған "Волга". Сіздердегі барлық саяси қызметкерлер тегіс қазір аттану керек, жөнелуге әзір тұрсын, мен де қазір барам. Тез, тез! (Телефонды қояды.) Жаңағы сіз бағалаған жауап біреу болмай, әлденеше болуына әзірлік жасаймыз. Ол үшін барлық саяси қызметкерлер, барлық окоп, блиндаждар да болады. Мен соған кеттім. Панфилов. Мұныңыз тамаша жақсы болар еді-ау. Егер, аз ғана топтың ұшқындай ерлігінен өрт лаулата алсақ, кеудеміз бір кеңір еді. Барыңызшы. Жауынгерлердің жүрегіне ез мың өлгенде, ердің бір-ақ өлетіндігін жеткізіп көріңіздерші. Ә, кішкене, әлгі, Намысұлын қайтеміз?
Григорьев. Менімше, оны әзір қоя тұрған жөн.
Панфилов. Тоқтаңыз. Ендеше, біз осы жөнінде толық ұғысайық. Намысұлы туралы сіздің түгел ойыңыз немене осы? Григорьев. Мен оның ерлігі мен жеке басының қасиетіне шәк қылмаймын. Бірақ командир болу үшін әлі әскерлік тәртіп, тәрбие жағынан олқысы бар. Ұрыншақ, тез қатыру мінездері көп. Сол себепті оның қамын жақсы ойлаған күнде мұны әбден пісіріп, шындап, жетілдіріп ап қосуымыз керек іске. Мұндай адам бізде аз. Біз оның жайын жауапты түрде қатты ойланып, сақтай пайдалануымыз керек. Егер біз осыдан тағы ұрындырып алсақ, оны қайта оңалдырып алу қиын. Өйткені, ол майыса білмейтін болат сияқты, бір сынса қатты сынатын мәрт адам. Панфилов. Мұныңыздың бәрі рас! Ендеше, маған рұқсат етіңіз. Мұндай адамды мынау соғыс жағдайында көп бөгеу жасытып жіберу болады. Батыл сеніммен баса қимылдатсақ, мұндай кісіден жалын тез шығады. Сол себепті бұны қайтадан мықтап тұрып іске қосамын. (Адъютантқа.) "Талғарды" бер. Григорьев. Олай болса, өзіңіз арылып сөйлесіп көріңіз. Егер іске қазір қоссаңыз, онда әрдайым өз көмегіңізге алыңыз. Панфилов. Болды. Байлау сол, сіз тез қайтқайсыз. (Григорьев кетеді. Панфилов телефонды алып.) "Талғармысың?" Сөйлеп тұрған "Алатау". Артиллерия айтылғандай қапысыз орналасты ма? Не көрінеді жау бетінде? Не хал болып жатыр? Қандай күштермен қағысып жатырсың? Қалың деймісің? Асықпа резервке! Есінде болсын, резервті маған білдірмей жұмсаушы болма. Осы бастан артиллерияға жақсы сүйене біл. Жарты сағатта маған хабар бер. Мақұл. (Телефонды қойып, тағы алады.) "Ертісті" бер? "Ертіспісің"? "Алатау", ал айта бер. Артиллерияны ма? Оның дұрыс. Бірақ снаряд үздіксіз жеткізіліп тұр ма? Дұрыс. Қай батальонды қоршамақ? Оның оң жағындағы қай батальон еді? Бар бейіліңді сол жерге сал... Жоқ, мен талай айттым ғой. Резервтің көзін өзім айтамын, мақұл, бар. Сол жерге жетісімен маған хабар ет! (Телефонды қояды, қайта алады.) "Алматыны" бер! "Алатау". Жайды айтыңызшы? Сізде артиллерия қимылы қандай! Солай, солай, өте жақсы. Иә! Апырай, не дейсіз? Бір батальонға жаудың бір танковый дивизиясы тап болғаны ма? Болмаған қыспақ екен. Резервті ме? Амал жоқ, бөліп-бөліп ретімен салыңыз. Кейінге де сақтаңыз. Ең ауыр толқын артта келеді. Москваға түйілген ең үлкен соққысы осы болды, кәтердің де зоры осы. Ал, енді ширап, шыдап бағыңыз. Кешікпей әзім де қасыңызға жетермін. Оған дейін үрдіс хабарды үзбеңіз. Мақұл. (Телефонды қояды, ауыр ойда картаға қарап отыр. Дежурный келеді.)
Дежурный. Жолдас генерал, старший лейтенант Намысұлы келіп тұр.
Панфилов. Келсін.
Намысұлы (келеді). Жолдас генерал, сіздің шақыруыңыз бойынша келдім.
Панфилов. Отыр, Намысым, отыр... Сенің кешегі тың ерлігің менің үмітімді ақтай бастады. Бірақ сенің бөліміңдегі бар жүрек бір кеудедегі жүректей соқса, барлық бастағы ой бір өзіңнің ойыңдай толғанса, барлық білек бір өзіңнің білегіндей қайрат серпіп, бірдей ұрса деуші едім. Сенің алдындағы үлкен сын осы екенін ұғынып жеттің бе? Намысұлы (ұшып түрегеліп). Жолдас генерал! (Панфилов қайта отырғызады.) Иван Васильевич, сіз маған үлкен қамқор командирдің де, туған әкенің де айтатын сөзін айттыңыз. Бұл шынайы сөзіңіздің орайына, маған да бір шыншыл жауап айтуға рұқсат етіңіз.
Панфилов. Айт. Екеуміз сырлас болмай, болмайды.
Намысұлы. Ендеше, мен Отанымның жауына қарсы осы майданға не алып келдім, немен келдім? Партияның таза тәрбиесін алып келдім, жауға деген жиреніш, Отанды сүйген жүректі ғана әкелдім. Әскери білім, ысылған тәжірибе әкелгенім жоқ қой. Панфилов. Оны кім түгендеп әкепті? Бәріміз де осы соғыстың әр сағатынан, әр қыспағынан оқып-тоқып келе жатқан жоқпыз ба? Намысұлы. Бәсе, ендігі ойым: әкелмегенім есеп емес. Өлсем де соны табуым керек, жетуім шарт. Менің сыным сол болу керек деймін. Панфилов. Ол сенің ғана сының емес, менің де сыным болсын. Сен жетесің, мен жеткіземін. Ең керекті қасиет — жаңағы өз айтқандарың, ол сенің өз бойында бар. Ал тәжірибе мен тәртіп жолдан табылады, жүре табылады. Оны сен табасың, мен тапқызамын.
Намысұлы. Ендеше, осыдан басқа арман жоқ.
Панфилов. Арманың жоқ болса, сен батальоныңа қайта командир боласың.
Намысұлы. Қалайша? Қалайша, Иван Васильевич?
Панфилов. Біз сырласып болдық. Енді бұйрықты тыңда. Мезгіл ауыр, хал қатер. Қазіргі осы жүріп жатқан соғыстан бастап бізге үлкен соққы түйілді. Бүгінгі, ертеңгі күндер жаудың бізді басып-жаншып Москваға өтеміз деген күні, сенің полкің, соның ішінде сенің батальоның зор қатердің алдында тұр. Мың жүректің бір жерден соғатын кезі жеткені осы. Не дейсің осыған?
Намысұлы. Осы айтқаныңызға бар қайратым құрбан.
Панфилов. Ендеше, батальон рубежін, не болса да, ертең кешке дейін үстіңнен жау өткізбей ұстап тұрамысың?
Намысұлы. Сізше маған келетін жаудың күші неше есе артық болуы мүмкін?
Панфилов. Сенің батальоныңа жаудың бір танковый полкі шабуыл жасауы мүмкін.
Намысұлы (ұзақ пауза). Онда өткізбеймін деп айта алмаймын. Бірақ бір адым шегінбеске ант етемін. Панфилов. Қолыңды әкел! Олар өтпейді ендеше? (Қол алысады.) Бүгіннен бастап сен өз қарамағымдасың. Ерлігің ел-жұртыңның мақтаны болатындай болсын, сондай бақыт тілеймін. Қош! (Намысұлы кетеді. Панфилов оны есікке дейін шығарып салып, ауыз үйде біреуді көргендей болады.) А, сендер де жеттіңдер ме, келіңдер. Бері жүріңдер! (Жанбозов, Тоқтаров, Нина келеді.) Иә, жөнелуге әзірсіңдер ме?
Жанбозов. Әзірмін, жолдас генерал!
Панфилов. Естерінде болсын, мен үшеуіңді әдейі Намысұлының батальонынан алып отырмын. Сендер барар жерді білдіңдер ғой? Ендігі міндеттерің екі түрлі. Ең алдымен осы райондағы жаудың бар күшін біліңдер. Бүгінгі, ертеңгі соғысқа кірісетін күшінен басқа таяу жерде тұрған резервтері бар ма? Соны біліңдер. Оны білу үшін алдымен мынау Нинаның атасы Захар қарттан сұрап алыңдар да, өздерің тексеріп шығыңдар. Екінші міндет. Қалайда бір "тіл" әкеліңдер. Оның штаб адамы болуын, Төлеген, саған айрықша міндеттеймін.
Төлеген. Е, ол оңай ғой.
Панфилов. Ол оңай емес, қиын. Сен тағы да немістің өлексесінен әкеп жүрме.
Төлеген. Ай, осы жолы тас төбеме көтеріп-ақ әкелермін-ау.
Панфилов. Жарайды. Ал мынау Нина ел жағдайын, жер жағдайын жақсы біледі. Сендер мұны пайдалана біліңдер. Өзін күтіңдер.
Төлеген. Оны күтуді ағай міндетіне алған.
Панфилов. Ол не сөз?
Төлеген (сасыңқырап). Кешіріңіз. Нинаның алдындағы борышына шашы жетпейді ғой. Панфилов. А, сен соны айтамысың? Осындай қиын сын сапарда біріңе-бірің сүйене біліңдер. Міндет түсінікті ме?
Жанбозов. Түсінікті.
Панфилов. Ендеше, тез жөнеліңдер! (Қоштасады, Нинаның қолынан ұстап.) Захар қартқа менен алғыс айт. Жасымасын. Қайта көрісетін күн алыс емес деп айтты де, қош! (Төлегенге жақындап.) Сенің қолыңа түскен немістерді (қолымен ойнап) бүйте салатының болатын, құдай үшін осы жолы тірі әкелші.
Төлеген. Осы жолы тірі әкелуге серт етемін, жолдас генерал!
Панфилов. Бар! (Бұлар кетеді, телефон сылдырлайды.)
Адъютант. Жолдас генерал!
Панфилов. Иә, "Алатау" мен. Не хал, тез айтшы, не дейсің? Әлі де шегініп бара ма? Амал не, резервті салыңдар. Бірақ, бүйіріңнен қысып кетпесін, сақ, берік бол. Жақсы. (Телефонды қойып, картаға келеді.) Хал ауырланды. Талғар полкінің қатарындағы көрші дивизия шегініп кетті. Біздің сол жағымыздан қауіп қатты түйілді. "Балқашты" бер! Қал қалай? Дәліңді айт, ұстап тұруға сенімдімісің? Басқа полктің халі сенікінен де ауыр, бірақ шегінген жоқ. Сен де тапжылма, берік ұста. (Григорьев кіріп келеді.) Григорьев. Иван Васильевич, корпус командованиесі сол жақтағы дивизияның шегінуі бізге зор қатер туғызатынын ескертеді.
Панфилов. Не істе дейді? (Телефонды тастап жібереді.) Григорьев. Шегініңдер дейді. Панфилов. Сіз не жауап айттыңыз? Григорьев. Мен шегінбеймін деген жауапты беріп салдым. Бірақ, жау біздің бүйірден де тиіп кетуі мүмкін, төтеп бере алар ма екенбіз?
Панфилов. Саяси қызметкерлеріңіз тегіс аттанды ма?
Григорьев. Аттанды. Қазір майданға өзім де барамын.
Панфилов (картаға төніп отыра кетеді.) Москва, Москва... біздің сол жағымыз қатер болғанмен, алдымыз, оң жағымыз әлі мызғыған, тапжылған жоқ. Біз әлі де төтеп бере аламыз. Тағы сұрай қалса солай деңіз.
Дежурный. Жолдас комиссар, сізді телефонға шақырады.
Панфилов жалғыз, ауыр қиналуда. Валя келеді.
Валя (әкесінің сырын сезгендей). Папа, пап!
Панфилов. Валя, кел, келші.
Валя (отырған әкесінің құшағына кіреді). Уақытыңызды алмаймын ба, папа? Балалардан, мамамнан хат алып, соны сізге әкеліп едім.
Панфилов. Не дейді, аман ба екен?
Валя. Аман. Жалғыз уайымдары сізден хат бармағандық көрінеді.
Панфилов. Ол рас. Мен үшін сен жазшы. Қазір міне. (Сүйеді.) Сені сүйгендей бәрін сүйдім, сүйдім деп айтты де, бар.
Валя. Папа, сіз бүгін қандай едіңіз?
Панфилов. Сен менің балам ғана емессің, жауынгер серігім де болдың Валя, Валюша! Азаматтық тірліктің ең зор сын таразысына жеттік, сәт санап сын қатаңдап келеді. Сен осыны түйе біл. Өз орныңда тастай берік бол! Ұқтың ба осыны? Валя. Ұқтым, папа, сен де өз орныңда сондай берік бол! Берік бол! (Әкесінің маңдайынан сүйеді.) Григорьев (қайта келеді). Иван Васильевич, командование бізді шегіну керек деп тапты. Панфилов. Шегіну! Тағы да шегіну. Қайда ғана шегінбекпіз? Шегін дегенше өліс десе болмай ма? (Отыра кетеді.)
Валя. Папа!
Панфилов. Валя, бар деймін саған, бар! (Валя кетеді, телефон сылдырайды.) Иә, мен тыңдап тұрмын, не дейсіз? (Ұшып түрегеледі, қуаныш.) Бағанағы жиырма сегіз бе, Клочковтар ма? Сол орнында ма? Он сегіз, бәрін жайратқан ба? Жиырма сегіз-ақ адам. Ал, жиырма бес жыл армияда болсаңыз да, осындай ерлік естіп пе едіңіз? А, сіз ғана емес, мұндай ерлікті елдердің жыр дастаны да, тарихы да естіген жоқ. Осы ерлік біздің дивизияның үстінде енді тудай толқу керек. Өзгеше атой осы болсын. Мен қазір, міне, сіздерге қарай шықтым. (Телефонды қоя салып, Григорьевқа күлімсірей қарап.) Ал, жолдас комиссар, сіздің жауабыңыз менің де жауабым, айнымас жауап сол: дивизия шегінбейді. Иә, дивизия шегінбейді.
ШЫМЫЛДЫҚ
ІІ АКТ
Үшінші сурет
Майданның алдыңғы линиясы. Сыртта, алысырақта соғыс сарыны.
Батальонный команда пункттерінің қасы. Жоғарыда немістің құлап түскен самолеті жатады. Перде ашылғанда жаралы Намысұлын доктор мен Валя алып келе жатады.
Намысұлы. Жә, осы жер де жетеді, тез ораңдар! Тез, тез!
Адъютант. Жолдас капитан, сіз жарадарсыз ғой.
Намысұлы. Жолдас адъютант, менің жаралы екенімді хабарлаушы болма, ұқтың ба?
Адъютант. Ұқтым, жолдас командир. (Кетеді.)
Доктор. Қане, мына жерге жантайыңыз. (Қарай бастайды.)
Намысұлы. Соғыс үдеп барады, тездетіңіз.
Доктор. Әй, мына жара сізді соғысқа жібере қоя ма екен, қан көп қой.
Намысұлы. Қан ештеңе емес, сүйегім аман. Тез байлаңыз.
Доктор. Сүйек, сүйек! Досым-ау, жараңыз жеңіл емес, етіңізде оқ тұр ғой.
Намысұлы. Оқ болса, алыңыз да тастаңыз.
Доктор. Алыңыз да тастаңыз! Ол сіздің наганыңыздағы оқ емес, жүріңіз. Валя, ұста ар жағынан, алып жүр.
Валя. Жүріңіз, ағай.
Намысұлы (докторға). Сіз не деп тұрсыз, қайда алып барасыз?
Доктор. Медпунктке апарамыз. Операция керек, қане тұрыңыз.
Намысұлы. Бұл жерде пышағыңыз өтпей ме, мен ешқайда бармаймын, осы жерде алыңыз.
Доктор. Достым, мүмкін еместі айтпаңыз, жүріңіз.
Намысұлы. Мен бармаймын деп айттым ғой сізге.
Доктор. Неге бармайсыз?
Намысұлы. Не деп барамын, бүгін не болады, не болғалы тұр? Кешегі жиырма сегіздің қайсысы қаным ақты, жаралымын деп майданды тастады? Солардың асыл қаны, намыс қаны ақпай өлді деймісіз. Оқты алыңыз енді.
Доктор. Мына кісі не қылған адам? Валя...
Намысұлы. Валя, мына кісімен бұзылысатын түрім бар, сен айтып көндірші.
Доктор. Мен бұл жерде операция жасауға правом жоқ, оған сіз түсініңіз.
Намысұлы. Сіздің правоңызды қорғайтын қолхат берейін, сонда сіз мен өлсем де құтыласыз ғой, істей беріңіз. Валя. Ағай, бұл жерде операция жасау өте қауіпті, қансырап қаласыз, көнсеңіз қайтеді? Намысұлы. Жоқ, көну мүмкін емес. Өзің ойлашы, менің батальоным бүгін ұлы сынның үстінде. (Тістеніп). Жара ма екен осы неме? Тұла бойынан саулап аққан қанын өзі кешіп, ажалға қарсы ақырып ұмтылған жоқ па еді, кешегі менің бауырым Қожабергенов Асқар. Жоқ, жетті! (Валяны сілкіп жіберіп, атып тұрады.) Жолдарың болсын, барыңдар. Бар, доктор. Мен майданға кеттім. (Жүре бергенде доктор мен Валя ұстай алады.)
Валя. Ағай, тоқтаңызшы, қымбатты ағай, бауырым, қазір, қазір. Намысұлы. Бәсе, айналайын, тезірек дайындашы. (Осы кезде Нина келеді.) А, Нина. Міне, менің емім де келді. Мен енді лезде жазыламын, әкелші қолыңды. Нина. Бақытжан ағай, не болған сізге? Жаралысыз ғой. (Құшақтай алады.) Сүйікті Бақытжан, сізге де тиген кесел оқ. Намысұлы. Кесел емес, түк емес. Қазір жазыламын, жаным. Жөніңді айт, өзгелер қайда? Олжалы қайттыңдар ма?
Нина. Жоқ, Бақытжан, сұрама, жаман.
Намысұлы. Не дейсің? Төлеген мен Сабыр қайда?
Нина. Төлеген бөлініп кеткен еді, білмеймін. Ал Жанбозов? Есіл Сабыр. (Жыламсырап айта алмай қалады.)
Намысұлы. Не сұмдық айтып келесің, өлді ме әлде... (Тұра бастайды.)
Валя. Ағай, сабыр етіңізші, жатыңызшы, қайда барасыз?
Нина. Апырай, сіз әуелі жараңызды емдетсеңізші.
Намысұлы. Бұл жара түк емес, сыртқы жара, сен іш жарасын әкеліп тұрсың ғой. Айт, бәрін айт. Өлі ме, тірі ме?
Нина. Ол тірі, бірақ немістердің қолында қалды.
Намысұлы. Не дейсің? Тірідей қолға түсті ме? Өлі түспей тірі түскен ондай езді несіне тірі деп тұрсың ендеше? Нина. Бақытжан! Ол ез емес, мен қасиетін танып келдім оның. Мен қадірлеймін, сіз аяңыз.
Намысұлы. Аяңыз! Не қылған аяу, не қылған қадір?
Нина. Жоқ. Бақытжан, айтпаңыз олай. Егер ол өлсе, сіз оның қанына айналарсыз, мен оның қабірін құшармын. Намысұлы (аз ойланып). Апырай, жан сөзі той мынауың. Өз басыңнан не кештің, соны айтшы, ұғындыршы тез!
Нина. Мен жайымды кейін айтамын, әуелі емделіңізші.
Намысұлы. Жағалай жұмбақ. Ол да, Төлеген де жоқ десейші онда. Доктор, ал енді тез!
Доктор. Жоқ, мен бұл жерде ала алмаймын.
Намысұлы. Мына күйіктің үстінде мен енді неден болса да тайынбаймын. Аласыз ба, жоқ па? (Наганын суырып алады.)
Валя. Апырай, тоқтаңызшы. (Қолынан ұстай алады.)
Нина. Ағай, бұныңыз қалай?
Намысұлы. Қоя бер қолымды. (Докторға.) Сіз түсінесіз бе, жоқ па?
Валя. Алып көрсеңіз қайтеді?
Доктор. Жоқ, қансырап қалады. Ала алмаймын.
Намысұлы.Ал, ақырғы рет айтамын, өтінемін сізден. Жан күйігін түсіне біліңіз. Жалынамын, алыңыз. Доктор, өтінемін сізден. Доктор. Ай, мен сіздей адамды көргенім жоқ. Қыздар, көмектесіп жіберіңдер. Валя, аспаптар, бинт, дәрілер...
Намысұлы. Ой, рақмет сізге. (Жайланып жатқызылады.) Нина (сыртта Төлегеннің 1-картинкадағы әні естіледі). Төлеген! Бақытжан, әне Төлеген аман келеді.
Намысұлы. Төлеген!
Бір немістің екі аяғын беліне салып, сүйретіп келе жатады.
Төлеген. Жоқ, мен Төлеген емес. Алтайдың көкжалымын, немістің қабанын алып қашқан.
Намысұлы. Бауырым-ай, тым болмаса сен келші, келші бері.
Төлеген. Ата, ағажан. Не болған сізге. (Құшақтай алады.) Не болған, айтыңызшы? Намысұлы. Ештеңе емес, сен дайындала бер. Қазір тұрамын да, сен екеуіміз майданға кіреміз. Доктор. Ал, біз кірісеміз. Бірақ мұнан кейін сенің тиыштық алуың аса керек. Болмаса, кейін қансырайсың, достым. Намысұлы. Достым, мен де сізге айтайын. Белдің мұндай сырт жарасы түгіл, шығып кеткен белін өзі салып жіберіп, соғысқа кіріп, қырғын да салған әнеукүні біздің бір жігіт.
Доктор. Әнеукүні? Ол не қылған жігіт?
Валя. Мүмкін емес, атай, оныңыз кім?
Намысұлы. Ол мына Төлегеннің атасы, біздің Ер Тарғын деген жігіт. Және сол күні қандай қырғын салған, оны мына Төлеген де көрді.
Төлеген. Бас көрікті.
Доктор. Кішкене қырындаңыз.
Намысұлы (ауырсынғанын әр уақытта сездіргісі келмей). Сен "тіл" әкелмей, өлексе әкелгенбісің тағы? Төлеген. Қойыңызшы, жоқ сұмдықты айтпай. Тап осы жолы орамалға орап-ақ әкелдім.
Намысұлы. Тұншығып өлді ғой, орамалын алсаңшы.
Төлеген. Оған да өлуші ме еді? (Немістің аузына тыққан орамалын алады.) Ал, тыныға тұр. Өзі де қабанның ішіндегі бір қабыланы.
Намысұлы. Ал, бұл қабыланды қалай соқтың, соны айтшы.
Төлеген. Қабандардың жымың андып жатқан арыстандай бұлардың жүрер жолын аңдып жатыр едім, дес бергендей бір үшеуінің алдымнан шұбырып өте бергені. Ең артындағысы мына пақыр екен, атылдым да, артынан жұлып түсірдім. Сонан кейін басынан құс ұшырғам жоқ. Жалғыз-ақ баж еткен соң үн қатпа деп өкпеден бір тептім. Онан басқаның бәрі аса сыпайы болды.
Намысұлы. Сыпайы екенсің, сүйреп әкелдің ғой?
Төлеген. Е, қабан жетекке жүруші ме еді, мойныма мінгізейін десем, бала қылдың деп өкпелер дедім.
Намысұлы. Жеткенше сүйреп келдің бе?
Төлеген. Иә.
Намысұлы. Ендеше, оның өліп қалған.
Төлеген. Ә! (Немістің қасына барып.) Ей, тұршы, кісіні шошытпай. (Қозғайды, неміс қозғалмайды.) Ойбай-ау, мынау шын өліп қалған ба? Жолдас доктор, мынау итті көріп бере көріңіз.
Намысұлы. Өлген немеңе доктор не істейді, тіле құдайдан.
Төлеген. Ойбай, доктор, мынаны адам қыла гөр. Генералға тірі әкелемін деген сертім бар еді, енді қайттім. Уа, қай құдайдан тілейін сенің жаныңды, иттің ғана баласы-ау? Ақсарбас айтқаныма сен болмайсың. Немістің құдайы қайсысы болатын еді, білетіндерің бар ма?
Намысұлы. "Майн гот!" деп тіле.
Төлеген. Иттердің құдайының да құдай сиқы жоқ екен ғой. Аты неткен жаман еді!
Намысұлы. Қой, жаман да болса құдай ғой, жалбарынып тілеп көр. Төлеген. Қап! Жолдас доктор, құдай үшін мынаны қарап беріңіз. Тек тілге келтірсеңіз болғаны. (Доктор немістің екі қолын ұстап бір көтеріп, бір түсіреді. Аздан соң неміс қыбырлағандай болады. Төлеген қуанып.) Жоқ, жоқ, жаны бар екен. Иә, сәт, бүгінше тірі болшы! Ей, әкеңді ертең өзім-ақ танытам.
Доктор. Қозғама, кішкене жатсын.
Төлеген. Уһ, жаным жаңа жай тапты ғой.
Доктор (қолын жуып жатып Валяға). Біз мынау үшін сотқа кетеміз. (Намысұлына.) Достым, тіл ал. Біз айналып келгенше, мына кісіні ешқайда жіберме. Намысұлы. Жолдас доктор, қолыңызды әкеліңізші. (Қол алысады.) Мен амалсыздықтан тасырлық еттім, кешіріңіз. Рақмет сізге. Доктор. Қош болыңыз, бірақ неміспен соғысуды күшейтіңіз. Ал медицинамен соғысуды қойыңыз.
Намысұлы. Мақұл, қош болыңыз. (Доктор кетеді.)
Нина (Төлегенге). Төлеген-ау, мынауың қашан тұрады?
Төлеген. Ол бүгін тұрады ғой, ал Сабыр екеуің не әкелдің? Соны айтшы.
Намысұлы. Сабыр деймісің? Не болғанын білмеуші ме едің Сабырдың?
Төлеген. Оған не болды? Қайда өзі? Нина?
Намысұлы. Сұрама, сұрама? Ол енді бізге жоқ.
Төлеген. Не дейсіз?
Намысұлы. Ол тұтқында қалған.
Төлеген. Қалайша? (Нинаға.) Екеуің бірге кетпеп пе едіңдер? Сен қалайша құтылдың? Намысұлы (басын көтере бастайды). Бірге кеткен? Бұл қалай? Сен неғып қолға түспедің?
Нина. Мен де түскен едім.
Намысұлы. Жаным-ау, мынау не дейді? Онда сен қалай құтылдың?
Төлеген. Сенің жұлдызың неден ыстық болды неміске.
Нина. Төлеген, тоқта, айыптамақпысың мені.
Намысұлы. Қылыш үстінде серт жоқ, сұлу қыз. Кінәламай, күдіктенбей қайтеді? Нина. Бақытжан! Сіз де айттыңыз ба осыны? Сенбейсіз, сенбесеңіз де айтайын. Мені Сабырдың езі құтқарды. Оның фашистер алдындағы бар сөзі, бар қимылы көз алдымда менің. Ол мені білмейтін кісі болып, бөліп жіберді өзінен. Сонда мен не естідім оның аузынан? Мәңгілікке есімнен кетпес сөздер естідім. Немістің сол қысым тергеуінде тұрып, Москва үшін жан қиятынын айтып келіп, немістерге түсініксіз, маған айқын бір сырын ашты. Ол сыры мені сүйетіндігі екен. Ең алғаш айтқаны, мүмкін ең соңғы айтқаны болар ол. Соны ести тұра мен амалсыздан амандыққа, тірілікке кеттім? Не жүрекпен кеттім. Бірақ, бұл оның бұйрығы еді. Мен кеттім! Сүлдерім кетті. Жаным Сабыр! (Жылап жібереді.)
Төлеген. Бұл не деген таңғажайып?
Намысұлы. Жә, болды. Адъютант, бері кел! Соғыс не боп жатыр! Айтшы.
Валя. Сіз жаралысыз ғой, жолдас командир.
Намысұлы. Жара бітті, мен әл жидым, айта бер. Батальон жайы қандай?
Адъютант. Жолдас командир, бір толқын шабуыл тойтарылған екен, бірақ екінші үлкен толқын тағы білінді. Қарсы соққан тосқауылдың ең қысылшаң шағы жетті. Ғалиевтің өзі жарадар. Намысұлы (атып тұрады). Не дейсің? Онда ертерек неге айтпадың? Кім командовать етіп жатыр? Төлеген, соғысқа әзірлен. (Адъютантка.) Сен мынау немісті штабқа тез жеткіздір.
Валя. Ағай, қайда, қайда барасыз?
Намысұлы. Енді үндеме, жаным.
Валя. (өзіне). Енді қайттім?
Нина. Бақытжан аға, мен сізбен бірге майданға барып, Сабыр үшін жауға оқ атамын, рұқсат етіңіз.
Намысұлы. Жоқ, рұқсатым жоқ.
Нина. Сұраймын сізден, өтінемін, Бақытжан аға!
Намысұлы. Тоқтат сөзді.
Нина. Жалынамын, Бақытжан аға.
Намысұлы (Нинаға аз қарап). Жарайды. Төлеген, ана немістің автоматын Нинаға бер! (Төлеген бергісі келмейді.) Бер деймін! Валя. Апыр-ай, енді қайттім. Ендеше, сізбен бірге мен де кетемін. Рұқсат етіңіз, жолдас капитан. Намысұлы. Жоқ, қазір қауіпті, оқ нөсердей жауып тұр. Сені өлтіріп алсам, генералға не деймін. Қал, шырағым, қал!
Валя. Жоқ, Бақытжан ата, мен сізден аяулы емеспін ғой, рұқсат етіңіз. Намысұлы. Жоқ, рұқсатым жоқ! Төлеген, жүр кеттік. (Төлеген мен Нинаны екі жағына алып кетеді.) Валя (жалғыз). Кетті соғысқа! Соғыстың қайнар шағына кез келді-ау. Басқара алар ма екен, қаптап келеді, тағы да, тағы да қаптап келеді.
Панфилов, Чупров, адъютант шыға келеді.
Панфилов. Валя, сен мұнда неғып жүрсің?
Валя. Намысұлы жараланып, соған жәрдем берейік деп келіп едік, кетіп қалды.
Панфилов. Жарадар болып, кетіп қалды? Қайда?
Валя. Соғысқа.
Панфилов (Чупровқа). Сіз оны естіп пе едіңіз?
Чупров. Намысұлы жарадар екенін хабарламауға бұйырған, жарасын елемеген.
Валя. Елемейтін жара емес еді. Қансырап қалуы да мүмкін қазір.
Панфилов. Ендеше, ол соғысты қалай басқарады? Қасыңа санитарлар ал да, алып кел, бар! Чупров. Ойпыр-ай, қазір қауіпті ғой, жауып тұрған оқтың астына қалай барады? Валя. Қорықпаңыз, қалай баруды өзім білем. Жолдас генерал, бұйрығыңызды орындауға рұқсат етіңіз.
Панфилов. Рұқсат. Тез бар! (Валя тез кетеді.)
Чупров. Апыр-ай, Валяны ажалға көре тұра жібердіңіз-ау, Иван Васильевич.
Панфилов. О, қойыңыз, жолдас полковник! (Биноклъмен қарап тұр.) Немістің тылынан Захар қарттан соңғы сағатта Нина әкелген хабар анық бола бастады. Көрдіңіз бе? Үлкен соққы дәл осы араға түйіліп келеді, сіз де артиллерияны осы тұсқа жақындатыңыз. Құрыңыз тез. Жаңағы резервті де осы араға тартыңыз. Әзір тұрсын, дер кезін айтам. Мен бір полкті аралап өттім, тапжылмай, тайсалмай ұрып жатыр бәрі де. Бүгін бар кеудені кернеген жалғыз ғана кек, жалғыз ғана ашу, жалғыз ғана ұран бар. Ол — жиырма сегіз бауырдың кешегі еткен ерлігі. Алар болсын солар кегін, ақтар болсын солар үлгісін. Бүгінгі әрбір снаряд жиырма сегіз деп ұшатын болсын. Міне, осыған бәрі де, бәрі де әзір болсын. Барыңыз, мен сізді осы арадан тосамын.
Чупров. Құп, жолдас генерал. (Тез кетеді.) Адъютант. Жолдас генерал, көкте самолеті, жерде танкісі, оған ілесе жаяу әскері тағы қаптап кетті ғой. Панфилов (бинокльмен қарап тұрып). Алдыңғы толқындары әдемі соққыға ұшыраған, мықтап қаусаған. Көрдің бе, селдірей бастапты. Батальонның оғы мен оты ұтымды, сондықтан да олар өзінен басым күшті бастырмай тұр. Сол үшін төкті жау мына резервін.
Адъютант. Артқылары тақап қалды ғой.
Панфилов. Өктеп келеді! Қалың келеді-ау. Тақапты, тосар жерге жетіпті. Әкел телефонды. (Телефонды алып.) Жолдас "Алматы". Артиллерияның бар батареясына төккіз аямас оқты. (Қайтадан бинокльмен қарап тұр.) Бой бермей, кернеп келеді-ау танкісі. Қашан, қашан әлгі артиллериясы? (Алыста артиллерияның қою үні естіледі.) Ә, бәсе, үн қатты ма, бастады ма?
Нина (сахнаға шыға бере құлап). Жолдас генерал, Иван Васильевич! Панфилов. Бұ кім? Жарадар ғой. (Тез барып.) Сіз кімсіз? Нина! Жаралысың ғой! (Көтеріп әкеледі.)
Нина. Жарам онша емес, Иван Васильевич.
Панфилов. Қайдан жүрсің? (Сүйеп отырғызады да, жарасын қарай бастайды.)
Нина. Иван Васильевич, тыңдаңыз, менің келісім асығыс.
Панфилов. Тоқта, мен жараңды байлайын. (Нинаның етігін шеше бастайды.)
Нина. Иван Васильевич, мұныңыз қалай? Мен шыдаймын, санитарлар келеді ғой. Панфилов. Олар қашан келмек? Үндеме, мен де жаман санитар емеспін. (Таңып жатып.) Жараң жеңіл, қорықпа. Ал айта бер енді. Нина. Намысұлы сізге жіберді. Батальонда шығын көп, жарадар көп. Жау қалыңдап кетті. Сізге сәлем айтты. Сертіме берікпін, шегінбеймін деді, соны айт деді сізге.
Панфилов. Өзі де соғысып жатыр ма? Жарасы қандай? Қайтсын дегенім қайда? Нина. О, Иван Васильевич, ол қайтатын емес. Жарасы дейсіз бе? Сол жарасы қазір жанын жаныған секілді. Денесінен оқ өтпестей. Болатқа тиіп, майырылып жерге түскендей көрінеді. Әрбір үні жиырма сегіз деп ұрандайды, әрбір оғы жиырма сегіз деп шығандайды. (Панфилов жараны таңып болады.)
Панфилов. Өзі сондай, ал батальоны қандай? (Сыртқа қарайды.) Нина. Батальоны дәл өзіндей. Тұтасқан қалың өрттей шарпи ұрып тұр жауды бетке. Ой, Иван Васильевич, ол қазіргі сағатта сондайлық батыр, сондайлық нұрлы. Панфилов. Жиырма сегіз біреу ғана екенін жаулар да білсін бүгін. (Сыртқа қарай түсіп.) Қауіп әлі айығар емес, төніп тұр. (Телефонды алып.) Жолдас полковник, Намысұлының батальоны жаудың резервін де ұстап тұр. Жетті кез, салыңыз енді резервті, шапшаң салыңыз, тез! Жаудың алды тоқтаған жоқ па? Дұрыс, жаңа ғана оңдала бастады. Артиллерия батальонға мықтап қосты тізесін. Алдыңғы қираған танкілерден артқылары өте алмай жатқан жоқ па осы? Тегіс тоқырай бастаған. Тіпті кейінгілер бұрыла бастады той. Қашуға айналады. А-а, біздің резерв те жеткен екен ғой. Нина. Иван Васильевич, жау қаша бастады. Жаңағы менің айтқаным рас емес пе? Мынау батырдың ісі емес пе? Панфилов. Шыдаған жүректің алдында болаттың да майырылып жатқанын көрдің бе? Қуанышты тұрады, осы кезде күн кешкірген, қар жауа бастады. Соғыс сарыны үзіле бастаған. Чупров (жетіп келіп). Жолдас генерал, бүгін егес соғыс ерен қатты болса да, біздің полк бір адым да шегінген жоқ. Панфилов. Тек сіздің полк қана емес, біздің бүкіл дивизия бүгін бұрын-соңды болмаған қатты соғыс жүргізсе де, бір адым шегінген жоқ. Міне енді, шегінбейміз деп берік айта аламыз. Бірақ кім бар, кім жоқ? Осы батальонға салмақ бәрінен де көп түсті ғой, қандай қазасы бар? Қайда бұл Намысұлы? Неғып келмей жатыр? (Григорьев келеді.)
Григорьев. А, мұнда ма едіңіз, Иван Васильевич! Хал енді қандай? Панфилов. Хал жақсы. Рақмет, жолдас комиссар! Сіздердің үгіттеріңіз бүгін снарядтардың да отын күшейтіп жіберді-ау деймін, сол үшін барлық саяси қызметкерлеріңізге жауынгерлер атынан алғыс айтамын. (Сырттан біреулерді көргендей.) Мынау не, мыналар кім?
Нина. Санитарлар, жаралыларды әкеле жатыр ғой.
Панфилов. Жаралылар! Кім екен? (Ілгері жүре бастайды, барлығы да ілгері жылжиды, алдында Ғалиевті носилкаға салып әкеле жатқан санитарлар көрінеді.) Мынау кім?
Санитар. Политрук Ғалиев, жолдас генерал.
Панфилов. Ғалиев! Жарасы қандай?
Санитар. Ауыр сияқты.
Панфилов. Тез, тез жеткізіңдер! Мынау кім? Тоқтаров қой, бұ да ауыр жаралы ма?
Төлеген (санитарларға). Тоқта! Жолдас генерал, менің жарам ауыр емес.
Панфилов. Сен мұнда қайдан келдің? Өзіңе берілген бұйрық қайда?
Төлеген. Жолдас генерал, бұйрығыңыз орындалды. Әкелген офицерім штабыңызда.
Панфилов. Жарайсың ендеше, Алтайдың алғыр қыраны, жігітсің. Бар, бар да тез жазылып шық. Төлеген. Жазылуым тұр ғой, оны қойыңызшы. Қалай, бүгін біз жиырма сегіздің кегін ала алдық па, жоқ па? Панфилов. Алып болғанымыз жоқ, бастадық дейік. Ерлік айнымаса, кек кетпек емес. Жау қалың еді бүгін, өзің немене, қобалжыдың ба, жоқ па? Төлеген. Қалың дейсіз бе? Білгенім жоқ. Тірісін санаған кім бар, мен өлісін ғана санадым. Панфилов (күліп). Ә, мұның жауап-ақ! Бар енді, тез жазылып кел. (Оны әкетеді.) Тағы кімдер жаралы екен, шақыршы Намысұлын.
Бұл кезде Валя мен бір санитар жарадар Намысұлын әкелген.
Валя. Намысұлы мұнда, жолдас генерал!
Панфилов. Не дейді? Намысым, сен тағы жарадар болдың ба?
Намысұлы. Жолдас генерал, ең алдымен сізге алғысымды айтуға рұқсат етіңіз.
Панфилов. Айт, Намысым, айт!
Намысұлы. Сіз артиллерия мен резервті дер кезінде, дәл кезінде беріп, батальонға абырой алып бердіңіз. Аман алып қалдыңыз, рақмет сізге. Панфилов. Өңінде тамшы қан қалмапты ғой, Намысым. (Маңдайынан сүйеді.) Сендерді өсірген халықты сүйгенім! Өлінің қазасын, тірінің жарасын ақтар күн алдымызда, алыс емес, Намысым. Сол абыройдың иесі сенсің! Тек жараң қандай, соның жайын айтшы маған. Намысұлы. Иван Васильевич, менің жарам Мәскеу жарасын емдесе арман бар ма? (Әлсірейді.) Бәрі (шошынып). Намыс, Намыс...
ШЫМЫЛДЫҚ
ІІІ АКТ
Төртінші сурет
Зор кеңсенің бір бөлмесі. Қабырғада неше түрлі карталар. Перде ашылғанда армия генералы мен қызмет адамы сөйлесіп келе жатады. Армия генералы. Біздің фронтта бүгінгі соғыс туралы хабар жетті ме сіздерге!
Қызметкер. Жетті, жолдас генерал армия.
Генерал. Кеше бір жиырма сегіз ердің қимылы бар еді, соның хабары жетті ме екен?
Қызметкер. А, ол жетті ғой. Олардың мұндағы әсері үлкен болды. Генерал. Ол жақсы екен. (Ойланып.) Осы жайлы болар ма? Иә, сіз мені бұл жолы не жөнімен шақырғанын білдіңіз бе? Қызметкер (күліп). Ол жайды мөлшермен айтпасам, дәл айту қиын екенін түсіндіңіз ғой.
Генерал. Мөлшер де болса айтыңызшы, көмегі болар.
Қызметкер. Волоколамск бағытындағы ұрыс жайын ең алдымен сұрар деймін.
Генерал. Рас, рас, қисынды. Ал, ендеше, мен сіздің картаға біраз үңіліп, көз қандырып алайын. (Екеуі карта жанында.) Крюково! Истра, Дубосеково, Волоколамскінің жолы, Рокоссовскийдің армиясы. (Арт жақта Сталин шығып, бұлардың сыртына келеді, тұрғандар байқамайды.) Қалың ұрыс үстінде, қатты сында тұрған дивизия... Дивизиялар! Мынау, мына түс. Қызметкер. Мынау ең алда тұрған қай дивизия? Осы жайлы айрықша сұрауы мүмкін.
Генерал. Бұл дивизиялар туралы болса, қиын емес.
Сталин. Ал сол дивизиялардың ротасы туралы болса, не дер едіңіз?
Генерал. Ротасын ба? (Жалт қарап Сталинді көреді. Сталин оның қолын алып, столға қарай ерте жүреді.) Иосиф Виссарионович, сіз қай ротаны сұрамақ едіңіз?
Сталин. Рота емес, жеке жауынгерлерді сұрамақ едім, айта аласыз ба?
Генерал. Жеке жауынгерлерге дейін білу қиын, бірақ сұрап көріңіз.
Сталин. Қиын ба? Тегі ерлік бірде туып, көпке жетеді. Бұйрық көпке арналып, бірге жетеді, солай ма?
Генерал. Солай, Иосиф Виссарионович.
Сталин. Ендеше, сол бұйрығымыз жететін жауынгерге білігіміз бірте жетсе, әсем болмас па еді? (Орын нұсқап.) Отырыңыз.
Генерал. Дауым жоқ. Өте түсінікті.
Сталин. Жә, Рокоссовский армиясы шегінуді тоқтатты ма?
Генерал. Тоқтатпағанымен қатты азайтты.
Сталин. Шегінбеген дивизия да бар емес пе?
Генерал. Бар.
Сталин. Ол қай дивизия?
Генерал. 316-жаяу әскер дивизиясы. Олар бүгін бір адым да шегінген жоқ.
Генерал. Осы дивизия Рокоссовскийдің жаңа тактикасын қолданған еді ғой!
Генерал. Қай тактикасын айтасыз?
Сталин. Жаяу әскерді кей-кейде артиллерияға бағындырып соғыстыру тактикасын айтам. Генерал. А, олар оны жақсы қолданды. Шегінбеудің себебі де сол. Сол бір дивизияның өзі бүтін жаудың екі жаяу, бір мото дивизиясын және бір танк дивизиясын қатты шығынға ұшыратып, тапжылтпай ұстап тұр. Қазір қатты қырғын соғыс үстінде. Сталин. Міне, осы дивизияның тәжірибесі үлкен ой салуға татырлық. Командирі кім?
Генерал. Генерал-майор Панфилов.
Сталин. А, ол есімде, Чапаевтың ұясынан ұшқандардың бірі. Соның оты ма? Анық ер жалқы болса жарамас, артынан өзіндей ер халқы жүрсе жарасар... Дивизиясы Қазақстаннан, Алматыдан келіп педі осы?
Генерал. Иә, Алматыдан.
Сталин. Жә, тобынан үздік шыққан ерлері бар ма екен?
Генерал. Бар той онысы. Кешегі жиырма сегіз жайын естідіңіз бе?
Сталин. Дубосеководағы елу танкімен алысқан жиырма сегіз бе?
Генерал. Иә.
Сталин. Сол осы дивизияныкі ма еді?
Генерал. Осыдан.
Сталин. Ендеше, солардың командирі кім? Жауынгерлері қай-қай ұлттан? Аттары тегіс мәлім бе? Генерал. Бәрінің атын әзір айта алмаймын. Бірақ бір-екеуінің аты бүгін бүкіл армияға жайылды.
Сталин. Олар кім екен, не істеген?
Генерал. Бірі сол ротаның политругы Клочков, екіншісі қазақ жауынгері Қожабергенов. Осы екеуінің бірінің сөзі, бірінің ісі бүгінде майдан үстінде тудай толқып, шарықтап тұр.
Сталин. Қандай сөз, қандай іс?
Генерал. "Ресей кең болса да, шегінер жер жоқ, артымызда Москва тұр!" деп ұран салыпты политрук Клочков. Ал, Қожабергенов бар жолдасы қырылып, бар қаруы біткен соң, екі қолын артына ұстап, жаудың келген соңғы танкісіне окоптан атып шығып, ажалға қарсы ақыра ұмтылыпты. Сталин (өзіне). "Ресей кең болса да, шегінер жер жоқ, артымызда Москва..." Ендеше мұның атын өлім емес, тарих білмеген жаңа туыс деп тану керек. Клочковтың жаңағы сөзі Отан ұраны болсын. Міне, жеке жауынгерлерге дейін білгеннің артықтығы осы емес пе, мұныңыз жақсы. Ал енді, осы жиырма сегіздің бәрінің де аттары мен қайраты барлық армияларға, барлық Отанға, әсіресе, бар әлемге мәлім болсын. Осылай ету қажет, бұл бізге қарыз. Біз олардың істерін үлгі етейік те, мақсұтын іс етейік.
Генерал. Менімше, қорытынды осы.
Сталин. Ең әуелгі қорытынды мынау сияқты. Бір жауынгер ерлігі бүкіл бір батальонға ғажайып қаһармандық бітіре алады ма екен, ал бір взвод тұтас біз дивизияның табыс тасқынын ертегідей жорыққа жеткізеді екен. Ол ғана емес, тұтас армия, тіпті телегей қалың майданның да тәсіл-тактикасын өзгертерлік ұран тастайды екен. Генерал. Иосиф Виссарионович, сол ұран бір жер емес, әр жерден шығып, тұтасып, үдеп келеді. Сталин. Дұрыс айтасыз, солай болатын мезгіл жетті. Менің ойымша, барлық армия соның ішінде. Сіздің майдандағы армия енді жалғыз нәрсе күтеді, ол қарсы шабуыл. Біз де осы сағатты күтіп едік, сол сәт жетті, сол сағат соқты. Жауды Москва түбінде тоқтатып қою ғана емес, қатты соғып, қаһармен ұрар шақ жетті. Солай емес пе? Генерал. Ендеше, рұқсат етіңіз, менің сіз сұрайтын жайлардан соң алдыңызға қоймақ мәселемнің өзі осы еді. Сталин. Дұрыс, мен оныңызға ризамын. Екеуміз екі шеттен бір ойдың арқауын ұстаппыз. Енді сіз мені майданға бастаңыз.
Генерал. Иосиф Виссарионович, бұл қалай? Қажет пе осы байлауыңыз? Сталин. Қажет, шарт. Майдан советін жиып отырып, өзім сөйлесем. Ертең шабуыл!
Шымылдық
Бесінші сурет
Неміс дивизиясының штабы тұрған үй. Перде ашылғанда штаб бастығы Штольберг отырады. Аздан соң ызалы түрде дивизия командирі полковник Фогель келіп кіреді. Штольберг ұшып түрегеліп, чест береді. Фогель (мысқыл түрде). Отырыңыз, дивизия штабының начальнигі, құрметті офицер Штольберг. Мен сіздің қорлық хабарыңызға қанықпын. Жіберген мәлімдемеңіз мезгілін мұндай тауып бармас. Иә, иә, мен корпус командованиесінде отырғанымда дәл барды. Және армияның бас штабының екі үлкен генералының көзінше жеткіздіңіз. Жеткіздіңіз де, менің тілімді кесіп, үнімді өшірдіңіз. Айнала бергенде ту сыртымнан дивизияның сұмдық масқара хабарын жеткізіп, өлтірердей оқ аттыңыз. Иә, иә, солай еттіңіз, мырзам. Штольберг. Мәртебелі командирім, өзіңізге мәлім ғой. Соғыс хабарын іркер шарам бар ма еді, менің. Фогель. Білем, білем. Шараңыз жоқ шарасыздық қамапты. Дивизия о да шарасыздықтан қорлық күнге көніпті. Менің дивизиям Европаның талай елінде, Польшада, Францияда, Грецияда талай майданда жайдай жарып өткен, неше айлар бойы Россия елін де таптап-жаншып алда келе жатқан дивизия не күнге жетті? Москваға ең алдымен кіруге ант еткен де біз едік. Бүгін ең алдымен беті қайтқан, әсіресе, қашқан, қашқан дивизия біз болдық па? Шақырдыңыз ба, бағанағы мен бұйырған полк командирін?
Штольберг. Шақырттым, келді.
Фогель. Келтіріңіз мұнда. (Штольберг ауызға кетеді, аздан соң полк, командирі Кури, келеді. Фогель шұғыл өзгерген, монтаны баяу кісіше сөйлейді.) А, Курц мырза, келіңіз, келіңіз. Отырыңыз, менің қарсыма отырыңыз. Ал, көңіліңіз жақсы ма, деніңіз сау ма?
Курц. Шүкірлік, зор мәртебелі командирім.
Фогель. Әкеңізден хат-хабар үзілмей келіп тұр ма, халі қалай екен? Лоздь шәһәрінде поляктардан тартып алған жібек фабрикасының жұмысы тәуір жүріп келе жатыр еді ғой, ә? Әлі де жаман емес шығар?
Курц. Жоқ, жаман емес көрінеді.
Фогель. Жаман болуы мүмкін емес. Өйткені, сіздің өтінішіңіз бойынша, Украинаның мұжықтарынан бірнеше жүз жұмыскер де берілді ғой. Табысы қазір көп шығар.
Курц. Шүкірлік, онша жаман дей қоймайды.
Фогель. Ал, сіздің әнеукүнгі мынау Белоруссиядағы Лида қаласының қасынан алған жер-мүлкіңіз де маған сонша ұнаған еді. Оны басқаратын адамдарыңыз келіп пе?
Курц. Келген көрінеді.
Фогель. Әкеңіз ол шаруаны да меңгере бастаған, ә? Ол мықты қарт. Солай ма?
Курц. Жаман емес.
Фогель. Әкеңіз сіздің ер. Ал, біз жиырма сегіз адамды басып өте алмай, елу танкісін қаусатқан сізді кім дейміз? Полкінің қақ жарымын қырғызып, қақ жарымын алып қашқан сізді кім дейміз? Осы сұмдық мерезін бүкіл дивизияға жайған сізді кім дейміз? Сталиннің кешегі шабуыл жариялап берген бұйрығына, бүгін ең алдымен бас иіп, бетімізге қара таңба басқызып келген сізді кім дейміз? Сол жеген жеміңізді ақтағаныңыз осы ма? Курц. Мәртебелі командирім, жүз жорықтағы қайратым, сіздің бастауыңызбен көзіңізше өткен қайратым, маған мынау (омырауындағы кресті нұсқап) қасиетті сыйларды әперген қайратым, бір-ақ күнде басқа тебілмек пе? Жоқ, жоқ, ол мүмкін емес.
Фогель. Сіз (кресті нұсқап) сонымен ақталмақсыз ба?
Курц. Сіз ақтамағанмен, толық ұғынып білсе, мені бас командованиенің өзі ақтайды.
Фогель. Сіз, қорқақтың қорғаны бас командование демексіз бе енді. Курц. Мені жазалаңыз, бірақ қорқақ деп, менің офицерлік арымды жараламаңыз. Ол мен емес. Сондықтан да ақтайды мені бас командование. Фогель. Ендеше, сол бас командование барды біліп-ұғынды. Мәлім етейін, сіздің бұл қасиетті қарекетіңіз майдан командованиесі түгіл, фюрердің өз штабына дейін жетті.
Курц. Ендеше, мен сонда ақталам.
Фогель. Рас, сіз ақталасыз. Бірақ кім ақтайды? Немен ақтайды? Мен ақтаймын. Міне, мынамен ақтаймын. (Атып салады, Курц құлап түседі. Штольбергке.) Алып кетсін, шақыр. (Курцті алып кетеді. Штольбергке.) Жаңағының полкін талқандап, біздің дивизияларды бастырмай тұрған жаудың қандай күші, анықтадыңыз ба?
Штольберг. Тағы сол генерал Панфиловтың дивизиясы.
Фогель. Бір-ақ дивизия ма? Неткен қорлық! Соның солдаттары мен офицерінің бірсыпырасы азиаттар, монғолдар емес пе?
Штольберг. Азиат болғанда, қазақ дей ме, немене.
Фогель. Солардың өз тілінде листовка жіберілді ме, орындадыңыз ба?
Штольберг. Әзір орындай алмай тұрмын, мәртебелі командирім.
Фогель. Не дейсіз? Неге?
Штольберг. Қазақ тілінде жазатын кісі қолға түспей жүр.
Фогель. Біреу түсті дегеніңіз қайда?
Штольберг. Оның көрмеген азабы жоқ, бірақ көнбей қойды.
Фогель. Көнбей қойды!? Неге көнбейді, неге көндірмейсіз? Командир болса кәріңіз өтпейді, кәрі-құртаң кемпір-қатындарға ғана қаһармансыз ба, немене осы? Штольберг (ызаланып). Мен оның жүрегін суырып алып, итке салатын едім, өзіңіз ғой керекке жаратқанша өлтірме деген. Фогель. Маған келтіріңізші. (Штольберг кетеді, аздан соң өңінде ауыр азап белгісі бар, үсті жүдеу Жанбозовты екі қолдап алып келеді.) Отырыңыз. Сіз азиатсыз ғой, ә?
Жанбозов. Иә.
Фогель. Қазақсыз ғой.
Жанбозов. Иә, қазақпын.
Фогель. Қазақ, қазақ. Ендеше, өз туған халқыңызға, қазіргі мынау майданда жүрген қазақ бауырларыңызға не үшін жаныңыз ашымайды?
Жанбозов. Ашымайды деуге дәлеліңіз не?
Фогель. Дәлелім мынау! Мына листовканы неге қазақшаға аудармайсыз?
Жанбозов. Мен сол жан ашығандықтан аудармаймын ғой деймін.
Фогель. Сіздің жаныңыз ашығаны — бауырыңызды қанға батыру ма?
Жанбозов. Елі үшін ері қаны тұрсын, жанын да қиятын.
Фогель. Елі үшін! Сіздің елмен соғысқан кім? Сіздің Отаныңыз анау алыс Азияда жатыр. Оған біз бардық па?
Жанбозов. Бармайын деп жүрген сіз жоқсыз, жете алмай жүрсіз ғой. Фогель. Міне, сіздің мынау жаңа орыс генералының айдауында жүрген қазақ солдаттарының қатесі осы. Біздің жұмысымыз жоқ, сіздің Отаныңызда.
Жанбозов (күліп). Олар сіздің бұл сөзіңізге күлсе қайтесіз?
Фогель. Күледі, неге?
Жанбозов. Айыпқа бұйырмасаңыз, айтайын. Ол елдің ежелгі бір мінезі күлкі жай болса, тек қалмай, өлерінде күліп өлетін. Олар немістің бір атақты полковнигі жиырма бес жыл тұяқ серіппей ұйықтап, биыл ғана ояныпты деп дүниеге жар салып жүрмесін. Фогель. Сіздердің сол бір тана сарынмен адасып жүргендеріңді білем. Біз туралы, әсіресе, шығыс халқына арнаған ұранымыз туралы түк білмейсіздер.
Жанбозов. Ол қандай ұран?
Фогель. Сіздің ел, мұсылман еді ғой, ә?
Жанбозов. О да әлгі жиырма бес жылдың ар жағында жатқан жай. Сонда да айта беріңіз. Фогель. Біздің фюрер бүкіл дүниедегі мұсылман халқына достық жариялап отыр, одан да түк білмейсіздер.
Жанбозов. Бұл сіздің фюреріңіздің жаңалығы ма еді?
Фогель. Енді кімдікі?
Жанбозов. Мұны мұнан отыз жыл бұрын сіздің патшаларыңыз ІІ Вильгельм де жариялап еді ғой.
Фогель. Вильгельм! Сіз ол туралы не білуші едіңіз?
Жанбозов. Не білгенімді сізге тегіс айтайын, рұқсат етіңіз.
Фогель. Ал, айтып көр.
Жанбозов. Мен ол кісінің, мұнайы көп, порттары көп шығыс елдеріне ерекше мейірімі түсіп, ынтық боп аралап, Мысырға барғанын білем. Онда монтаны сопы шапанын киіп, Мухаммед пайғамбар салған ғазауат сәлдесін басына салып, өзін ісләм дінінің қорғанымын деп, жар салғанын білем. Өз суретінің астына құраннан аят, пайғамбардан хадис жазып, дүниеге таратқанын білем. Одан бері де, сіздің фюреріңіз бен Муссолини екеуі де, жаңағы сіз айтқандай, өздерін мұсылманшылықтың биік қорғанымыз деп жариялағанын және білем. Фогель. А, сіз бәрін біледі екенсіз ғой, бір-ақ сіздің шындыққа көзіңіз жете ме, шындыққа! Жанбозов. Шындық дейсіз бе? Шындық болса, сол қорғандығын әлем алдында ақтап, "қамқор" қанатын алдымен Албанияға жайып, оған сол қанатта от пен ажал төккенін білем. Сол "қамқор" қанатын Ливияға жайып, оған да оқ пен ажал төгіп тұрғанын білем. Сол "қамқор" қанатын Мысырға да созып, от пен ажалын төккелі төніп тұрғанын да білем. Осының бәрі сіздің мұсылмандық достығыңыз еді-ау.
Фогель (столды қойып қалып). Жетті, қысқарт бұл сөзді.
Жанбозов. Ол ғана емес, Турцияға да, Иранға да, Иракқа да, Индияға да — бәріне де сол от төгіп, ажал шашатын қамқор қанаттарыңызды жаймақсыздар, ынтықсыздар. Оны да білем.
Фогель. Өшіремісің үніңді? Штольберг! (Басын изеп қалады.) Жанбозов. "Дранг нах остен" деген, шығысқа ұмтылған армандарыңызды білемін. Ол арман өрмекшінің шыбынға ұмтылған арман, ынтықтығы. Фогель. Болдың ғой. Ал енді мен саған айтайын, сенің осы сөздерің өзінді ажалдан анық құтқарды.
Жанбозов. Қалайша?
Фогель. Сендей адам бізге өте қымбат. Не тілегенің болады, бірақ қазір мынаны қазақшаға аударасың.
Жанбозов. Жоқ, қателеспеңіз. Аударатын кісі мен емес.
Фогель. Сен сыйлағанды біл. Біз орыс тұтқындарымен бүйтіп еш уақытта сөйлескен емеспіз. Аударасың ғой, ә! (Жанбозов басын шайқайды.) Сен аударасың, мен аудартамын.
Жанбозов. Сіз аударта алмайсыз, мен аудармаймын.
Фогель. Штольберг, салыңдар. (Екі ефрейтор жетіп келеді. Олар Жанбозовтың қолын қайырып, қинай бастайды.) Жанбозов (бұғауды салғызбай, алысып, айғайлап). Осы бұғау ғой менің еліме әкеле жатқаның.
Фогель. Кимеймін, өлмеймін десең көн айтқанға.
Жанбозов (мойнында бұғау, қылғына айқайлап). Көнгенім, өлгенім болар, азамат ажалын шақырдым басыма.
Фогель. Ақырғы рет айтамын!.. Өлемісің, жоқ көнемісің?
Жанбозов. Өлтіріңдер!
Фогель. Әкет! (Сүйрей жөнеледі.)
Жанбозов (кетіп бара жатып). Ез таппайсың Отанымнан.
Штольберг. Қандай жазамен өлтіруге бұйырасыз?
Фогель. Әзір өлтірме, мен мұны өзім көндірем. Барыңыз. (Штольберг кетеді. Фогель телефонды алып.) Ал, айта беріңіз. Не дейсің? Ә, сендерге шегін деп бұйырған кім? Қоршауда қалатын менің штабым ба? Өшір үніңді. Бұйырамын, бір адым да шегінбейсің. (Екінші телефон сылдырлайды.) Мен тыңдап тұрмын. Жау сыртымызға шығуы мүмкін, қалайша? Ол сөз емес. Менің штабым ба, жоқ, мен шегінбеймін, сен де шегінбейсің. Бұйрық сол. (Телефонды тастай салады.) Иә, бұйрық сол. (Ауыр ойда.) Қатер төнді. Алдым аяз болса, артымда ажал. Қайтпек керек? Курдті атқан оғым өзімнің де үкімімді айтқан. Жоқ, мен Курц болмаймын. (Телефон шылдырлайды, телефонды алып.) Иә, мен тыңдап тұрмын, бұл қайдан? А, сіз бе едіңіз. Иә, иә, дұрыс, дұрыс. Қажет, сол қажет. Рақмет мұныңызға, рақмет. Жетсе, жетіп үлгірсе болды. Одан арғының барлығына басыммен кепілмін. (Телефонды қоя салады. Асығыс киінеді.) Штольберг! Корпустан хабар жетті, қорқақтың орнын ер басады, селдіреген жерлерге селдей күш төгіледі. Штольберг! Корпус көмегі жөнеліпті осылай. Солар жетіп үлгіргенше, тапжылмай, тайсалмай тұруымыз керек. Штольберг! Орыстар, орыстар ма "СС"-тің болат дивизиясын қоршайтын. Ол болған емес. Болмайды.
ШЫМЫЛДЫҚ
ІV АКТ
Алтыншы сурет
Сахна сол бөлме.
Бірақ енді Жанбозов Фогельден жауап алып отыр. Жауаптың соңғы кезі. Есік жақта Төлеген. Жанбозов. Осы бөлменің ішінде олай да тергесіп, бұлай да тергесіп, сіз екеуіміз көп ырғалдық-ау, жолдас Фогель. Сіз мені тергеуден бастап, ақырында өзіңізге өзіңіз үкім айтатын сәтке жеттіңіз. Жә, енді қысқартайық."Сіз не тілейсіз, не таңдайсыз, кесігін өзіңіз айтыңыз. Фогель. Мен сізден ештеңе тілемеймін. Жаңағы жауаптан басқа айтарым тағы жоқ. Жанбозов. Сіздің жауабыңыз осындай қысқа болса, менің үкімім де қысқа. Ендеше, байлайық па соған? (Фогель үндемейді.) Мен сізден жауап күтем. Фогель. Сіз менен жауап күтпестен бұрын өзіңізге өзіңіз дұрыс сұрау беріп көрдіңіз бе? Германның тұтқын полковнигін не өлтіру, не тірі қалдыру правосы бар ма екен өзіңізде? Жанбозов. Сол праволарды маған беретін сіздің дәл осы арадағы мінезіңіз болмақшы. Қатаң мінез ұстансаңыз, қатал үкімге менің қолымды қазір шешкенім деп біліңіз. (Түрегеледі.)
Фогель (жасаңдап). Менен өзіммен тең дивизия командирі жауап алсын деймін. Жанбозов. Отан бір-ақ сауда бар. Жаңағы мен сұраған жайдан бар білген, бар шыныңды айтар болсаң, сонда ғана барасың. Айтпасаң, онда барар жол жоқ. Түсінікті ме?
Фогель. Менің де алдымдағы сауда біреу-ақ. Осы мен тірі қалам ба, жоқ па?
Төлеген (күліп). Бас көрікті! (Әнімен).
Ау, екі қара
Жалын тара,
Батырдың мына отырған түрін қара!
Жанбозов. Сіз ажалды талай жанға жұмсай білген адамсыз. Тірлікті не құнымен арашалап қалуды да сіз жақсы білесіз. Менің мәслихатым — тірлігіңізді сақтаңыз, қайтесіз. Ар азабын сіз шекпессіз. Бронь сіздердің танктеріңізде, арыңызда емес қой. Иә!
Фогель. Жарайды, сіз мені дивизия штабына жіберіңіз.
Жанбозов. Енді сіз барасыз.
Намысұлы (кіріп келіп). Жә, "С" пункті жайлы бар білгенін айтты ма, мына полковнигің? Жанбозов. Түгел айтуға жалған намысы жібермей тұр. Өзімен тең командирлер алдында сөйлесуге келістік. Намысұлы. Ә, ә, тәкаббарлық тоны екен ғой. Айбар, қасиет болмысы ғой. Жарайды, біз мұның өзімізге керек шындығын сол тонын жыртпай-ақ суырып ала білеміз. Барсын, апарыңдар! Фогель (жақындаған Төлегеннен шошынып, Намысұлына). Штабқа жеткенше менің өміріме қатер жоқ па? Мені жолшыбай жазым еткізбеуіңізді өтінем? Намысұлы. Өтінбесті өтінесіз. Ол мінез сіздің штабыңызда қалған, барыңыз! (Екі қызыл әскер оны айдап алып кетеді.)
Жанбозов. Қайсар жатыр келесі.
Төлеген. Неткен қайсар? Қасқырдан қайрат кеткенде, ешкіні апа депті ғой. Қайсарың сол қасқырдың дәл өзі болған жоқ па? Намысұлы. Е, тұтқын полковникті қорқыттық та, күш айттық, ал майданда қандай күш аттық? Осы жорықта біздің батальон тағы баяу соқты ма, қалай болды осы? Төлеген. Қайдағы баяу? Штабының шаңырағын ортасына түсіріп, полковнигіне дейін інінде басқан біз емес пе осы? Тұқырта бермеңізші. Намысұлы. Әй, Төлешім-ай! Серпе бересің-ау сен де. Қамауда қалған штабты алдық, қамалын бұзып алдық па? Иван Васильевич бізді не деді екен осы жолы? Тым құрыса соны біліп айтсаңшы. Басқалардан біздің түсірген олжамыз да аз көрінеді. (Төлегенге сыбырлап, сыртқа жібереді де.) Сабыр, сен бері келші. (Екеуі пештің ар жағына кетеді.) Сен осы келгелі, Нинаны көрдің бе, жоқ па? Жанбозов. Жоқ. Қайда өзі? (Бұл кезде Нинаны Төлеген жетектеп әкеліп теріс отырғызады. Нина түсінбей аң-таң. Төлеген Жанбозовты оған қарсы отырғызады.)
Төлеген. Ал,таныс болыңыздар! (Намысұлының қасына кетеді).
Нина. Сабыр!
Жанбозов. Нина.
Намысұлы. Тоқта, мынау қайтер екен?
Төлеген. Ал көптен бергі күдігіңіздің ашылатын сәті келді.
Намысұлы. Тоқта!
Нина. Сенейін бе, сенбейін бе? Анық сіз өзіңіз, Сабыр.
Жанбозов. Мен де сізді қайта көрем деп ойлап па едім?
Нина (ендігі сөздерін жанып сөнгендей, сөніп жанғандай, күліп тұрып жылап, жылап тұрып күліп жіберіп айтады). Сізден айрылғаннан бері ақылым сенбесе де, көңілім әлденеден сізді тағы бір көресің деуші еді де тұрушы еді. Енді міне (күліп жіберіп), айта алмай да тұрмын... Түу, не десем екен? Міне, бәрі де сол! (Жылап жібереді.) Жанбозов (шашынан сипап, арқасынан қағып). Нина, аяулы Нина. Сіз аман кетіп бара жатқанда, мен сол оттың ортасында өртеніп, жанып күл болып кетсем де, өмірімнің қақ жартысы сізбен бірге құтылып, жарқырай жайнап, аман кетіп бара жатқандай көрдім де, үміт те, дәрмен де тауып ем.
Намысұлы. Мыналарың не деседі, жаным-ау?
Төлеген. Міне, от дариясынан өтіп табысқан Сейфүлмәлік — Жамалың! (Сабыр сүюге ыңғайланады.) Бас көрікті! Нина (ұялып сыртқа шығып кетеді. Мейрам екеуі жәшік әкеледі). Сабыр, міне мынау сізге, сізге арналған, Иван Васильевичтің сізге жіберген сәлемдемесі. Мейрам. Сіз тағы жаңағыдай жарым жолға барып және жеткізе алмай қалдыңыз. Рұқсат етесіз бе, мен айтайын?
Нина. Ал айтыңыз, сіз айтыңызшы.
Мейрам (жәшікті ашады, алма, вино, консерві шығара бастайды). Бұл Иван Васильевичтің саған арнап жіберген сәлемдемесі. Ал өзі одан әрі, өзіміздің елден! Алматының саялы, сәнді, сағынышты бағынан келген. (Алманы иіскеп.) Иісі, иісін тана көрсеңші. Ана жүрегінің лебі дермісің, не болмаса Алатаудың таңғы лебі, бау-бақшалы даласының кешкі самал желі дермісің? Жанбозов. Жүректі қозғадың-ау. Сен өлең айтып барасың ғой. Солай емес пе, Бақытжан аға?
Намысұлы. Солай.
Жанбозов. Айт, айта түсші, құрбым.
Намысұлы. Бұл ақындардай-ақ желге мініп, Алатау кезіп серпіп отыр, бірақ Жартыбайдың жортағынан басқа ұйқасты мен әлі көргем жоқ. Мейрам. Оныңыз рас. Ей, Төлеген, желісін мен айттым, келісін сен келтірші. Ұйқасын тапшы ең болмаса.
Намысұлы. Осы сенен бірдеңе шығады, деп жіберші.
Төлеген.
Алыңыздар елдің асыл алмасын,
Ел сәлемі қам жүректі жалғасын.
Қиядағы, қырымдағы топ қыран
Тағы талай,
Талай тағы самғасын, самғасын!
Ал ар жағын сіз жалғап әкетіңіз.
Мейрам.
Төлегенге тізгін бер,
Өлең шіркін, қайдасың.
Төлеген. Тоқта, тоқта, енді өзіме қоя бер.
Қалған ұйқас бар болса,
Төлеген өзі қармасын. (Виноны қолына алады.)
Талайы әлі табылад,
Мынаны ішіп алғансын, алғансын.
Намысұлы. Сен жаңа ұйқасты таптың, бірақ үйлесті көрген жоқсың. Шырқау барып, алыста жүрсің. Ауызға түспес өлең тақ қасында тұрған жоқ па? (Жанбозов пен Нинаны нұсқап.) Осылардың жаңағы кездесуінің өзі қандай? Бал-бұл жанып, балдай оралысқан жоқ па, біріне-бірі?
Мейрам. Оныңыз рас, өзгеше болды.
Намысұлы. Е, ендеше, соған орай бір нәрсе тапсаңшы.
Мейрам. Ендеше, орай мынау болмас па? Біз айтпағанды ел тудырып еді ғой, Төлеш. Төлеген Жанбозов пен Нинаның арқасында тұрып "Екі жирен" әнін бастайды, бұған бәрі қосылады, осы кезде Панфилов кіріп келеді. Намысұлы. Тұрыңдар! (Төлегендер сасқалақтап, алма ұстаған күйі честь береді. Панфилов оған күліп, мазақтайды.) Панфилов. Айта беріңдер, айта беріңдер, бөгелмеңдер. Жанбозов! Ал, тағы айтыңдар. (Тағы да өлең айтылады.)
Намысұлы. Ал, Иван Васильевич, сіз енді шешініңіз.
Панфилов. Немен сыйлайсың?
Намысұлы. Бесбармақпен сыйлаймын.
Панфилов. Онда шешіндім.
Төлеген (повардың қолынан ет салған табақты алып). Ал енді соғыста сіздердің бәріңіз командирсіздер, қазір осы стол басында мен командир болайыншы.
Панфилов. Бола ғой, бол!
Төлеген. Ендеше, бәріміз бір табақтан жейміз. Бірінші команда сол.
Панфилов. Дұрыс мұның.
Төлеген (тәрелкелер әкелгенде). Тәрелкені әрі әкет, екінші команда сол.
Панфилов. Жолдас командир, бұйрығыңызға бір қосымша айтуға рұқсат па?
Төлеген. Айтып көріңіз, тыңдайын.
Панфилов. Ендеше, мынау шанышқыңызды да қоя тұрсаңыз, өзіміздің ауылдағыдай қолмен жесек!.. Төлеген. Құп, жолдас генерал, қосымшаңызды қабыл алдым. Повар, су дайында. (Бәрі қол жуып, қайтып келеді. Панфилов телефонды қолына алады.) Пәле, жолдас генерал, сіз өйтіп тәртіпті бұзбаңыз, қайтадан қолыңызды жуыңыз. Панфилов (күлімсіреп). А, сіздің елдің тәртібі солай еді-ау. (Қайтадан қолын жуады. Бәрі стол басында.)
Төлеген (үлкен табақпен етті алып келеді). Түйсіне қарап, сүйсіне жеңіздер! Панфилов (Жанбозовқа). Бұл "барса келместен" келген сенің қуанышың, алыңдар. (Бәрі де ішіп, етті жей бастайды.) Бәріміздің ортақ қуанышымыз. (Нинаға қарап күлімсіреп.) Ал енді жеке-дара өзгеше қуанған кісілер бар, сен соны білдің бе?
Нина. Иван Васильевич, не айтқалы келесіз, менің рұқсатым жоқ. Панфилов. Сіздің рұқсатыңыз болмаса, сізге менің айтпаймын деген сертім де жоқ-ты. (Жанбозовқа.) Сен неміс штабында қатты қысым тергеу үстінде Нинаны сыртыңмен атып, ішіңмен сүйіп, сол сүйгеніңді немістерге білдірмей, мұның өзіне ғана сездіріп, жақсы көретініңді айтып қалғаның рас па? Нина сені сүйтті деп мақтанып келді.
Мейрам. Мынау шын сұрарлық сыр екен, айтшы, ей?
Нина. Сабыр, айтпаңыз!
Панфилов. Мен Нинаның өтірігін де, шынын да қазір тегіс білуім керек. Мұның әкесі Захар қарт емес, әзірше менмін, айт.
Жанбозов. Апыр-ай, қинадыңыз-ау. Не дегенімді ұмытып та қалыппын. Мейрам. Ой, немістің офицерінен жасырмағанды бізден жасырайын деп пе едің? Айт енді.
Намысұлы. Айт, артында тағы бір сыр тұр.
Жанбозов. Ендеше, Нина сол алғашқы жолы шынын айтып келген болар.
Панфилов. Ә, дұрыс. Олай болса, тағы бір сыр бар. Сен қалып, Нина келгелі мына Бақытжан ағаң не ойлады екен, сол жайын бұл айтты ма? Намысұлы (түрегеліп). Иван Васильевич, олай болса, мұны айтуды өзіме қоя беріңіз. Мен Нина туралы күмәнданып жүріп қызығып, қызыға жүріп күмәнданып, алай-түлей күйде едім. Жаңа мыналардың түрін көргеннен бері ұялам да қуанам, енді бақсам, бұлар жайы — қарлы суық жартас құздан жоғарылап ұшып, биік мөлдір көк аспанда алтын күннің шұғыласын құшып, ақ қанаттарымен жанасып, сүйкесіп табысқан ақсұңқарлардың кездесуіндей көрінеді... міне, бұл менің жаңа сырым, Иван Васильевич. Панфилов.О, мынау қандай сұлу теңеу айтты. Бұл үшін, Нина, Жанбозов, мұның бар айып, бар кінәсін кешпеске шараң жоқ. (Жұрт күлісіп, тұра бастайды.)
Нина. Ағай, сіз қандай жақсы едіңіз!
Намысұлы. Ендеше, жақсы атаң жақсы көңілмен бір сүйсін, келші! (Сүйіп, арқасынан қағады.) Төлеген. Бас көрікті! Ал, қолдарыңызды жуыңыздар, ақырғы команда сол! (Бәрі қолдарын жуады. Төлеген Панфиловқа жақындап.) Жолдас генерал, Иван Васильевич, Нина партизандардан бір ән үйреніп келіпті, өзі партизандардың сәлеміндей жақсы ән. Соны тыңдап көрсек қайтеді?
Панфилов. Нина, сен бір жақсы ән біледі дейді, соны айтып жіберші.
Намысұлы. Төлеген, қосыл Нинаға!
Төлеген. Қане, бастап жібер! (Нина бастайды, Төлеген, Жанбозовтар қосылады. Партизан әні айтылады.) Намысұлы. Иван Васильевич, сіз бәріміздің бар сырымызды айтқыздыңыз ғой. Енді сізден бір сыр сұрауға бола ма?
Панфилов. Сұра.
Намысұлы. Бүгінгі шабуыл жорықта біздің батальон басқалардан кем соқты ма, дәлі қалай шықты осы?
Панфилов. Өз көңіліңе қалай, күдігің бар ма, жоқ па?
Намысұлы. Күдігім бар сияқты.
Панфилов. Ендеше, сол өз көңілің таразы.
Намысұлы. Бәсе, тағы солай. Бірақ ендігінің мәнін ұқпай, қиналып жүрмін. Неліктен? Панфилов. Сен батальоныңмен табан аудармай, тапжылмай тұрып ұруға әлі жаттыққан жоқсың. Сен өзің күрестің бар әдісін білемісің?
Намысұлы. Қай күрестің?
Панфилов. Әлгі өздеріңнің, қазақ пен қырғыздың жақсы күресін айтам, ол өзі аса қызық күрес.
Намысұлы. Е, оны білем ғой!
Панфилов. Білсең, екі түрлі жығыс бар емес пе еді? Біреу бар, өзі қайрат етпей шаптан тіреп жатып алып, анау омырау еткенде ғана қапысын тауып жығатын. Ал енді біреуі екпіндеп, батыл қимылдап ұмтыла барып шалатын, жамбасқа алатын, арқалап соғатын. Сен шаптан тіреуге жақсы едің, шалуға келгенде әлі олақ болып тұрсың. Міне, батальонның жайы осы.
Намысұлы. Ендеше, мен бар ой, бар қайратымды шалуға салармын. Панфилов. Дұрыс айтасың, біз бар дивизиямызбен сол қимылға шықтық. Бірақ шалып алып, шалқасынан түсетін де болатын, оны да ойла.
Намысұлы. Ендеше, сондай бір сын келсе екен.
Панфилов. Сын деймісің? (Ойланыңқырап.) Жә, достар! Бірің емес, бәріңе, бәрімізге аса бір үлкен сын келе жатыр. Оның шағы күнмен емес, сағаттармен саналып тұр. Тек жадыңда тұт бәрің де. Өзгеше үлкен сын келеді, қапысыз қайратқа әзір тұрыңдар. Әзірге айтарым сол ғана. (Телефон сылдырайды.)
Төлеген (телефонды алып). Кім керек? А, қазір, жолдас генерал! Панфилов (телефонды алып). Иә. Мен тыңдап тұрмын. Генерал армияның өзі келген бе, қазір барам. (Кетуге ыңғайланады.) Ниеттеріңе, әсіресе, бесбармақтарыңа үлкен рақмет. Ал, менің жаңағы айтқандарымды есте әрдайым тұтыңдар! (Кетеді.)
Намысұлы. Жә, достар! Жаңағы сөзге түсіндіңдер ме?
Бәрі. Түсіндік, түсіндік.
Төлеген. Түсінбейтін не қалды.
Намысұлы. Түсіндік пе ендеше.
Жанбозов. Түсіндік, Бақытжан аға.
Намысұлы. Олай болса, дәл осы шабуылда ел бетін ер болып көруге серт берейік, мақұл ма?
Бәрі. Бердік сертті! (Бәрі партизан әнін айтады.)
ШЫМЫЛДЫҚ
Перде алдында генерал армия мен Панфилов сөйлесіп тұр. Олардан аулағырақ жерде Григорьев, Петров, Намысұлдары тұрады. Генерал. Қорытынды осы. Ал, жолдас Панфилов! Бұл сіздің дивизияға әдейі арнап, атап берген өзгеше міндет, өзгеше сын. Сын болғанда жалғыз сіздің дивизияңыз емес, жалғыз командир өз басымыз емес, бүкіл біздің майданның және менің де өзгеше міндетім, өзгеше сыным. Мен сізге сенем. Оған өзіңіздің қара басыңыз кепіл. Жүріп өткен жолыңыз кепіл, барлық дивизияңызбен кешіп келген кешулеріңіз кепіл, ғасырлар бойы сарапқа түсіп, талай сында талмай шыққан ұлы орыс халқының құралы кепіл, шыдамы таудай, шыңдаған сайын шымырлай түсетін елің кепіл! Бұл жорықта сіздің серігіңіз — ұлы қолбасының сенімі. Қайырлы, бақытты сапар тілеймін. Панфилов. Рақмет, жолдас генерал! Түсіндім, түйдім бәрін де. Жауабым — ісім болсын, істе көресіздер! Бізді келесі көретін жеріңіз, осы өзіңіз жұмсап тұрған бүгінгі жау қолындағы сол "С" пункті болсын. Григорьев. Жақсы айттыңыз. Талабыңыз орынды. "С" пунктін алып, жау корпусын қоршап болған сәтіңізде, мен қасыңыздан шығамын. Қош болыңыз. Панфилов. Қош болыңыз. (Генерал армия мен Григорьев кетеді. Панфилов Чупров пен Намысұлына жақындайды.) Достар! "С" пунктіне шабуыл жасау бұйрығы — бізге бас қолбасшының арнайы берген бұйрығы. Жолдас Сталиннің бұйрығы, бізге арнап берген бұйрығы ғой.
Чупров. Бізден үлкен үміт еткен екен.
Намысұлы. Ерекше сенген болды.
Панфилов. Иә. Ерекше сенген. Бұл майданда алысып жатқан армия аз емес, дивизия одан да көп. Сол көптің ішінен бізді атап бергені тек беріс емес, сеніп бергені. Жай осындай, бұл қандай сын екенін түсінесіңдер ғой.
Чупров. Түсінеміз, түсіндік.
Намысұлы. Түсіндік.
Григорьев. Сіз айтқан "С" пунктін мақұл тауыпты.
Панфилов (пакетті алады). Картаны жайыңдаршы! (Үшеуі картаға қарай бастайды.)
Намысұлы. Жә, достар, түсінікті ме?
Төлеген. Түсінбейтін не қалды?
Намысұлы. Түсіндік пе ендеше?
Жанбозов. Түйдік, Бақытжан аға.
Намысұлы. Олай болса, дәл осы шабуылда ел бетін ер болып көруге серт етейік, мақұл ма?
Бәрі де. Еттік, бердік сертті!
Нина. Ендеше, мен де еремін! Сабыр, қатарыңызда, қасыңызда боламын бар жолда. (Қол сілкіседі.) Панфилов (картаны жинай бастайды). Дұрыс, осымен бағанағы байлау бекітілді. Ендеше, "С" пунктіне алдымен шабуыл жасауды сіз алдыңыз ғой? Есіңізде болсын! Жаудың бір дивизия емес, екі дивизиясын емес, үлкен бір корпусын қоршағалы отырмыз. Бұл біздің дивизияның бүгінге дейін көрмеген қиындығы, аспаған асқары. Бәріміздің де есімізде болсын. Сол пунктке дивизия түгел жетіп, басып алғанда тана жау қоршалады, бұйрық орындалды дейміз. Түсінікті ме?
Чупров. Түсінікті.
Намысұлы (Чупровқа). Жолдас полковник, рұқсат па?
Чупров. Рұқсат.
Намысұлы. Шабуылды біздің полк бастайды екен. Мүмкін болса, менің өтінішім, сол шабуылдың алдына менің батальоным түссе екен!
Чупров. Мақұл, сіздің батальоныңыз бастайды.
Жанбозов (Намысұлына). Жолдас батальон командирі, енді сізге Ғалиев екеуміздің айтар өтінішіміз, батальон ішінде тұңғыш шабуылды алдымен біздің рота бастаса екен?
Намысұлы. Мақұл, сіздің рота бастайды.
Чупров. Рақмет сендерге. Жақсы! Ал енді сайланыңдар. Бөлімдеріңе жетіңдер, әзірленіңдер. Панфилов. Жолдас комиссар, біз қазір осы түн бойы бар әзірлікті байқап шығайық. Таңға шейін бар жауынгер қай қамалға шабатынын тегіс білсін де, іштей, тыстай тас-түйін әзір болсын. Панфилов. Иә. Қатал сындар ер намысын жанысын, намыс ері иіместей кек атсын. Тосқауыл соғыста естен кетпес жиырма сегіз ер өктесе, шабуыл соғыста сан жиырма сегіз самғап шықсын.
ШЫМЫЛДЫҚ
Жетінші сурет
Сахнаның сол жағы кірпіш үй. Жоғарыда ұзыншалау терезесі, төменде оқ ататын тесіктері бар. Үйге жалғаса, әріректе төбешік. Төбешіктен оңға қарай жалғаса созылған шатыр мен құймалардың шеттері көрінеді. Алыста жел диірмендер, шіркеулері бар поселка. Қар жауып тұр, ала көлеңке кез. Перде ашылғанда сахнаның төр жағында Намысұлы еңбектеп келе жатады. Екінші жақтан Төлеген бір топ жауынгерлермен бірге шығады. Намысұлы. Ал, достарым, жау жүрегіне сермелген найза біздің батальон болса, сол найзаның болат жебесі сендерсіңдер. Өйткені жау бекінісіне ең алдымен ілінген сендер болып тұрсыңдар. Ендеше, батальон, тіпті батальон емес, бүгін бар шабуылдың тағдырын шешетін тағы сендерсіңдер. Сендер жауды осылай алдап қалың күшін бұрсаңдар, біз оң жағынан айналып келіп соғамыз. Жарып кіреміз. Ер шығарлық өр де осы, бізді көмер көр де осы. Біздің батальон, біздің полк осы бекіністі тегіс басып алып, жау желкесін кеспес болса, жорық жолсыз, қан рәсуа, түсінікті ме?
Бәрі. Түсіндік, Бақытжан аға, түсіндік.
Намысұлы. Ендеше, бекіндік, байладық осыған. Соңғы сертіміз мынау болсын. (Автоматын көпке қарай кезеніп.) Қасиетті халқымыз, ардақты анам, асыл атам, бір өзіңсің туған Отан. Адал құрбан бола алсақ, ақтаушы да өзің бол. Осы шоқтай тобымыздан қалтырар қол, жігерсіз жүрек білінсе, әділ, қатал қазысы да өзің бол. (Барлық жауынгер автоматтарын ұстап тұрып, осы антты қайталайды. Ант біткеннен кейін Намысұлы жауынгерлерді кезектеп сүйеді. Төлегенді оңаша алып шығып сүйеді.) Қош бауырым, Төлеш! Төлеген. Қош, Бақытжан аға, қош. (Намысұлы кетеді. Төлеген жауынгерлеріне келеді.) Қане, достар, нешеу қалдық. Әттең, бесеу-ақ қалыппыз ғой. Енді осы бесеуіміз, қазір бес рота болып от төгуіміз керек. Жаудың есін шығарып, осылардан қалың сел қаптағандай көрсетіп, барлық оты мен оғын өзімізге аударып төккізуіміз керек. Неге бекінгенімізді түйдіңдер ғой. Арыстанның аузына, түрікпеннің түбіне барғалы тұрмыз. Сөз жоқ, жаулар да оғын от пен қардай боратады. Азар болса ажал ма, қасқайып қара тайсалмай. Бар еді ғой ер егесі, ұл таптым, деп қалжа жеді ғой, айналайын анамыз. Солай емес не, достарым!
Бәрі. Түсінікті, Төлеш, түсінікті.
Төлеген. Асан, сен анда бар! Коля, сен мұнда бол! Бейсен, Миша, мынау арада болыңдар! (Бәрі сарт-сұрт орындарына отыра қалады.) Бас қимылға бәрің де! Жаудыр оқты! (Бәрі ата бастайды, біраздан соң жау отының бұларға аударылғаны анық сезіледі. Сахнада, биіктен, зуыл қағып, ысқырып оқтар өтіп жатқаны сезіледі. Оқта-текте прожектор, қараңғыланған сахнаны жарқыратып жіберіп, қайта сөніп тұрады. Сол жарыққа ілесе сахна үстінен шуыл қағып, ағып өтіп, алысқа түсіп жатқан снаряд, миналардың үні білінеді. Ерлер әзір аман, қатты соғыс үстінде. Соңғы бір сәтте сарай жана бастайды.) Орын ауыстырыңдар! Жау оты ауды бізге, қайтадан алғашқы орындарыңа барыңдар!.. Ал, төк іркілмей, төк. (Соғыс қыза түседі. Қараңғылық түсіп кетеді, оқ жауып тұр, шатыр жанып жатыр, жалғыз Төлегеннің айғайы шығады.) Қайран достар, бауырлар! (Әр тесіктен тұрған құралмен кезек-кезек атады. Осы кезде 5-6 неміс оны қоршай бастайды.) Тірідей қолға түсірмек. Қоршамақ, бұлар көп, мен жалғыз. Тәуекел! (Окопқа жасырынады.) Неміс. Ей, русь, сдавайся. (Төлеген екі қолын көтере тұра келеді. Аузында гранат. Немістер алданып, екінші жаққа орала береді.) Төлеген. Мә, сен итке сдавайся. (Гранатты лақтырып жібереді). Бас көрікті. (Сол кезде арт жағынан немістің офицері келіп бас салады. Екеуі алыса түседі. Кезек жығыспен окоптың ішіне келіп түседі. Аздан соң немісті буындырып өлтіріп тұра берген кезде, немістің біреуі оны атып жібереді. Ол немісті екінші жақтан шыға келген Мейрам атып құлатады.) Мейрам. Төлеген! Есіл Төлеген, бауырым! (Үстіне құлап түседі, қайта басын көтеріп.) Ерліктің шың биігін алып тұрып өлдің-ау, қайран Төлешім. Аязды биік басына айнымай келіп, ту тіктің. Құлатпаймын туыңды. (Төлегенді көтеріп әкетеді. Сол кезде алыстан шабуыл сарыны сезіледі. "Отан үшін!" деген Намысұлының айғайы естіледі. Сол айғаймен сахнаға Намысұлы шығады. Қолында қызыл ту.) Намысұлы (туды өртенген сарайдың маңдайшасына қадап). Отан үшін! Алға! (Жауынгерлерді ертіп кетеді. Осы кезде аржақтан қолы жаралы Жанбозов, екінші жақтан Нина шыға келеді.)
Нина. Сабыр бауырым, сен тағы да жарадар! (Тез байлай бастайды.)
Жанбозов. Ой, Нина, неткен тамаша бұл! Көрдің бе, жау жөңкіле бастады.
Нина. Алдымен өзі жетті, ағай, жан аға!
Жанбозов. Әне, мына жақтан да қалың сел қаптап келеді. Байлай бер енді, байлай бер! Алынды қамал, алынды. Нина. Ұлы мұрат орындалды, қуаныш, неткен қуаныш, Сабыр, Сабырым. (Сабырды құшақтай алады. Екеуі сүйісіп тұрған кезде, әлдекімді іздегендей жан-жағына алақтап Намысұлы шыға келеді.)
Намысұлы. А, сүйер көбейсін! Сәукеле мен отауы ғана жетпей тұр екен.
Жанбозов. Жолдас командир, ротаға тапсырған бұйрығыңыз орындалды.
Намысұлы. Мен ротаңа сүю туралы ешқандай бұйрық бергенім жоқ! Қолдарың тимей-ақ жүр екен пақырлар!
Жанбозов. Мұның мәні бар еді, себебі...
Намысұлы. Жә, қоя ғой! Сүю себепсіз болса да, жазықты емес. Жә, енді шығынды айтшы, кім бар, кім жоқ?
Жанбозов. Бізде шығын ауыр, Бақытжан аға, өздеріңіз ше?
Намысұлы. Біз де қатты шығындап, қан кешіп келдік. Ал, Төлеген қайда, көрдің бе?
Жанбозов. Ісін танып тұрмын, бірақ өзін әлі көре алмадым.
Намысұлы. Ол қайда, аман ба екен өзі?
Жанбозов. Аман болар. (Сол кезде Мейрам кіріп келеді.) А, Мейрам, келші, аманбысың, бауырым? Мейрам. Ә, Бақытжан ағай-ай, мен тірілігімді қайтейін, қайран Төлеш кетті ғой.
Намысұлы (шошына қиналып). О не дейді?
Нина. Не дейсіз? Есіл Төлеген! (Бір топ жауынгерлер мылтықтың үстіне салып, Төлегенді алып келеді.) Намысұлы (Төлегеннің қасына келеді, үнсіз тізесін бүгіп, Төлегеннің жарасын сүйеді). Жараңды сүйдім, қыран бауырым. Қимас қыран бауырым. Сенің жараң кешілмес кек болып орнасын біздің жүрекке. Ызаға, әділ ашуға толы жүрекке, Төлешім. Қанатым едің, болат қанатым едің, Төлешім. Сенің атың бар кегімнің аты болсын, сенің атың жау ажалын жеткізер бар оғымның аты болсын. Сенің атың қасиетті еліңнің ер туының аты болсын, Төлешім. Тамшы қаным қалғанша, жадымдасың сен менің, жолыңдамын мен сенің. Намысың — мен, ант еттім, Төлешім!
Жанбозов. Асыл Төлешім.
Намысұлы (көп қарап). Кешікпей, кідірмей ажалдай соғар кек болсын. Сен үшін, досым, сен деп соғамыз. Сендей болып өлген барлық бағлан, жас ұландар үшін соғамыз. Сен қорғаған жас бауыр, қор болған қарындас, налыған ата-ана үшін соғамыз. Қан болған дала, жау қолында күңіренген қазыналы қалалар үшін соғамыз. Кек қана деп ұшсын біздің қазалы оқ, кекпен сермелсін біздің семсер! (Панфилов пен Чупров жетіп келеді.) Жолдас генерал! Панфилов. Баяндамай-ақ қойыңыз. Бәрін де көріп тұрмын. (Төлегеннің басына келеді.) Тоқтаров! Төлеген! Төлеш! Ұзақ ерлік сапарын күтуші ем, мен сенен. Өміріңнің осынша қысқа болғаны несі. Бірақ аз жорықта армансызсың. Ер елінің ата қаны мұздамаған сенің тамырыңда. Ұл туса анадан сендей болып тусын, Төлеген! Кешегі Клочков, Қожабергенов, Қосаев, Есболатов, Сеңгірбаевтардай болып тусын. Өлімің өкіндірсе, ерлігің сүйсіндіре бастасын тағы талай ерлікке. (Маңдайынан сүйеді, бәрі наганмен оқ атады.) Алып барыңдар! (Төлегенді алып кетеді. Панфилов соның соңынан жүріп барып қайта оралады.) Жә, достар! Бүгін біз не қимыл еттік, қандай кешу кешіп өттік? Дивизияның майдандағы жас тарихында біз бүгін екінші асудан астық деп тұрмыз. Ол Москва кегін ту етіп шабуылға шығу еді. Тұңғыш жорық, сын жорық еді бұл бізге. Біздің бұл сапарға ұлы партияның өзі бастап еді, сіздер, жауынгерлер, командир, саяси қызметкерлер, қымбатты бауырларым, ере білдің, ақтай білдің ұлы қолбасының сенімін. Алғыс айтам сол үшін! (Бағанадан Төлегеннің өлігі кеткен жаққа қарап ауыр ойда тұрған Намысұлының қасына барып, арқасынан қағады.) Намысым, уайым серік емес, ер жігітке қайрат серік. Қамықпа! Жолдас Чупров басқа дивизияға командир болатын болды. Соның орнына командир сен боласың. Құтты болсын, жолдас полк командирі.
Жанбозов (қуанып). Бақытжан аға!
Чупров. Құттықтаймын, жолдас полк командирі. (Қол алысады.) Иван Васильевич көрген екен. Мен де енді таныдым сені. Қасиет тұттым, құрмет еттім, сендердей ер ұлдарын тудыра білген, өсіре білген, бауыр етіп әкеліп берген қадірлі қазақ халқына. Намысұлы. Сізге де рақмет... (Панфиловқа.) Жолдас генерал! Жай бір жатқан көк темір, от пен суға кезек түссе, қайнай келе жалын жұтқан көк болат шығатын. Осындай қыспақ кешуде ұяңыздан ұшқан қыран балапандарыңыз — дивизияңыз түгелімен, тұтасымен сол темір қанат көк болат дивизиясы болсын. Осы менің талабым да жауабым.
Жанбозов. Бақытжан аға, құттықтаймыз.
Мейрам. Құттықтаймыз.
Нина. Құтты болсын, Бақытжан аға. (Намысұлы Жанбозовты барып сүйеді. Осы кезде Григорьев пен Валя таласа шығады. Олардың соңынан қуанышты жауынгерлер шыға бастайды.) Валя (Григорьевке). А-а, мұнда екен. Жолдастар, дивизия комиссары, рұқсат па?
Григорьев. Валя, тоқта, асықпа... сабыр.
Валя. Осы қуанышты хабарды папама мен айтайын... мен жеткізейін... рұқсат, рұқсат етіңізші...
Григорьев. Валя!.. Қой, тоқта... ол болмайды... болмайды...
Валя. Жоқ, рұқсат етіңіз... мен... мен айтам.
Григорьев. Валя!..
Валя. Жоқ... Папа!..
Панфилов. Иә. О не?.. Не бар осы сендерде?..
Әскерлер. Тоқта... Тұра тұр! Қайтер екен. Иван Васильевич... Қалай қуанар екен... (Осы кезде Григорьев жетіп келеді.) Григорьев. Иван Васильевич! Мен зор бақыт хабарын алып келдім сізге, сіздерге, достар! Біздің ұлы қолбасы мен асыл Отан бізге арнаулы үлкен сый берген.
Панфилов. Не дейсіз, рас па?
Григорьев. Иә, бір емес, екі сый берген. Біздің 316-дивизия бұдан былай ол ат емес, қасиетті зор атпен аталады. Ең әуелі біздің дивизияға гвардия атағы берілген. Біз бұдан былай 8-гвардия дивизиясы аталамыз! (Шу, қуаныш.)
Бәрі (қуанышпен). 8-гвардия!
Григорьев. Ол ғана емес, және, және тыңдаңдар! Гвардия атағын алған бірнеше дивизияның ішінен біздің дивизияны тағы ерекше бағалап, еліміздің жауынгер жүрегіне ең ыстық сыйы — Қызыл Ту орденін берген. (Уралаған шу.) Құттықтаймын, игі болсын! Бақытқа, Отан бақытына бастасын біздің осы ту. Келші, Иван Васильевич! (Құшақтасып сүйіседі, жұрттың бәрі қуаныш үндермен бірімен-бірі сүйісіп жатады.) Панфилов (тез басып келіп Чупровты сүйеді де, одан Намысұлын сүйеді. Төбе басына шыға беріп, көпке). Қуаныңдар, жаулана қуаныңдар, бауырларым! Сендермен бірге мен де қуанам. Бірақ қуана тұрып басқаны айтам. Ұшқыннан өрт шыққандай, қуаныштан жеңіс туып, Отан қуанышы туса, сонда ғана бұл қуаныш баянды. Өлінің қазасы, тірінің жарасы не деп үн салады саған бүгін? Соған ғана құлақ сал. Соған ғана жүрек тік. Тіксіне тік кекке толы жүректі. Саған бүгін жау зеңбірегінің үнінен де басымдап, ар жағадан бөбектер шырқырап үн қатады. Саған бүгін айуан тепкісінде адал мейір, ақ сүті ақтарылған жарадар ана, арманда аға үн қатады ол өлкеден. Соған ғана тік кекке толы жүректі. Саған бүгін сол жағадан, жау жайлаған жағадан бойы нақақ қанға боялған ормандар өксіп үн қатады. Саған бүгін тарихтар бізге табыс еткен мұнарадай мұралар күрсіне күйреп, үн қатады. Саған бүгін өрт құшағында қалалар, мола басқан далалар құтқар, балам, ұмтыл, деп үзілместей үн қатады. Соған ғана тік кекке толы жүректі. Осыны ғана тілейді өлінің қазасы, тірінің жазасы. (Тудың алдына барып.) Мынау жандай жақын, жалындай ыстық ту!
ШЫМЫЛДЫҚ
Соңы
Мұхтар Әуезов,
Лениндік, Мемлекеттік
сыйлықтардың лауреаты,
Әлжаппар Әбішев
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру