TELEGEI

Home

Армян жазушыларының әңгімелері. Нар-Дос. Екі тағдыр

Нар-Дос

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Армян жазушыларының әңгімелері. Нар-Дос. Екі тағдыр

Нар-Дос - «Армян жазушыларының әңгімелері. Нар-Дос. Екі тағдыр» шығармасы.

НАР-ДОС

ЕКІ ТАҒДЫР

(әңгіме)

Аударған Нұрғазы Шәкиев Бұл күнделік менің қолыма ойламаған жерде түсті. Қалай түскенін айтпай-ақ қояйын, мәселе онда емес. Оның өзі қалың дәптер еді. Соған «Құрып біткен адам»— күнделігіне ол осылай деп тақырыпша қойған екен — өз өмірінің күн сайынғы дерлік, тіпті ұзақ жылдар бойғы оқиғаларын тіркей беріпті. Күнделіктің басқаға айтуға болмайтын жеке өзіне тән әрі мағынасы аздау жерлерін алып тастап, қоюлау жазылған тұстарынан, былайша айтқанда, жігіттің қайғылы халін айқынырақ ашып берер тұстарынан алып, бас-аяғы бүтін бір әңгіме құрастырдым. Айта кетейін: жазбаларының аянышты ауыр халіне қатысты бөлігін «Менің тағдырым мен оның тағдыры» деп атапты. Бұл жазбалары осындай тақырыппен дүние көрсін енді.

MЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ

Мен сүйдім ғой оны.

Ешнәрсеге сенбейтін, өмірге деген талғамынан айрылған адамдарға менің «Сүйдім» деген сөзім бір сәт күлкілі боп, тағы бір сәт жай сөз боп та көрінер. Ал махаббаты енді ғана шешек атып келе жатқан балғын жүректерге өзгеше бір оқиға боп табылар. Ғашықтықтың құдіретті сөздерін қайталап айта берудің қазір қажеті де бола қоймас. Оның күн нұрындай жайнаған аласы аз ашық көздеріне қараған сайын, көктем суының еркелей аққан сылдырындай сыңғыр күлкісі құлағыма жеткен сайын, құшағыма алып, басымды ыстық, кеудесіне қойып, қыздың жүрек соғысын тыңдаған сайын, жоқ болмаса шашырап түскен жібектей жұмсақ қолаң шашы бет-әлпетімді қытықтаған сайын мен ес-түссіз өзгеше бір сезімде болушы едім. Сол сәтте бар маңыздың бір ғана ауыз сөзін естіп, ымын білсем болды — не орны бөлек ерлік, не орны толмас қылмыс жасап жіберетіндей күйге түсуші ем. Ол да мені өзім сияқты бар ықыласымен төгіле сүйді ме, сүймеді ме, о жағын мен білмеймін. Әйтеуір бар сенгенім қыздың жаңсақ, айтпайтыны, алдамайтыны еді. Ол мені сүйдім дейтін, сүйем дейтін, уәде беретін, ант ететін, өлім екеш өлімнің де бізді ажыратарға шамасы жетпес дейтін. Ол бір кез соңғы курстың студенті едім. Оқу орнын бітіру емтиханына дайындалып жүрдік. Айтып қояйын. Мен өзіме-өзім кереметтей сеніммен қарадым. Әрі алдағы кездің әрекеттері, болашақта атқарылатын қоғамдық қызметтерімнің болмысы көз алдыма елестеп, соларды көбірек әуей етіп жүруші едім. Сол әуейліктің қызығына бүтіндей берілдім, жарқын үміттерім арқылы өзімнің болашағыма сеніммен қарадым. Осындай арнасы мол армандарды талшық етіп, махаббаттың мастығымен қанаттана жүріп, шаршау-шалдығу дегенді білместен, бар ынта-ықыласымды сала кандидаттық шығармамды дайындай бердім. Бұл шығарма менің келер болашағымның бүкіл мәні, соның қаланып жатқан негізі ғой.

— Бірақ...

Әй, осы «бірақтар-ай!»... Болмаса ғой сол «бірақтар!»

Енді бүгін сол қуаныштарым қайда, арайлап атқан алтын таңдай сол махаббатым мен алтындай асыл армандарым қайда? Жаздай жайнаған қызулы да бақытты сол бір күндерім қайда? Бүгін көз алдымнан ұшты-күйлі ғайып боп кеткен сол бір шақтарымды есіме алғанымда, шіркін-ай, ішім ашиды, жүрегім езіледі, жаным егіліп, зар қағады. Шыңғырып жібергім, өкіріп жылағым келеді. Тек өзімді-өзім әрең-әрең ұстап қаламын. Өйткені о күндердің қызығы нақ сол күйінде, қаз-қалпында, өзінің барлық суретімен дәл бүгінгідей есімде тұр ғой.

Дегенмен хикаямызға қайта оралайықшы.

Мен алыста жатқан солтүстік астанада жүргемін. Барлығынан оңаша болу үшін әдейі арнап келгем мұнда. Шығармамның соңғы тарауларын жазып болып қалғам. Сондай күндердің бірінде ғашық жарымнан хат алып, тағы бір көтеріліп, қанаттанып қалдым. Бірақ бұл күйім көпке бармады. Сүйдім-күйдім деп бұрынғы берген уәделерімнің бәрін енді өкініші де, күйініші де көп, қапасы мол жаңсақтық деп біл. Енді мені ұмыт. Өйткені көп ұзамай басқаның әйелі боламын депті ол хатында. Және мұның бәрін қиналмай ғана, көңілді отырып, күле отырып, оп-оңай ғана жаза салған сияқты. «Бұл хабардың саған пәлендей жақсы болып тимейтінін де білемін. Амал не, басқадай істер шамаң жоқ. Бұл дүниеде нелер болмайды дейсің — бәрі де болады, естімеген елде көп дегендей қилы-қилы жайлар да кездеседі»,— деп хатын осындайлық кекетінді мысқылмен, дәлірек айтқанда тәкаппарлық, сөздермен түйіндепті. Алғашқы сәттерде бұл сөздерге пәлендей мән бермедім: оның бәрі маған қыз бен жігіттің арасында бола беретін әзіл-оспақтай көрінді, я бұл еркетайдың жай ғана қалжыңы, я болмаса, менің қалай сүйетінімді сынағысы келгені шығар деп ойладым. Бірақ жазған барлық хаттарыма, берген телеграммаларыма ешбір жауап келмеген соң бұған таң қалғанымды, қатты ашуланып, зығырданым қайнағанын, ақыр аяғында күдер үзгенімді қалай баяндап берсем екен? Үрейге толы үнсіздіктен кейін күдерімді әбден үзіп, жынданып кетердей боп әрі не істерге білмей дағдарып жүргенімде кенет, аяқ, астынан «Тұрмысқа шықтым» деген қысқаша ғана телеграмма алдым. «Тұрмысқа шықтым», бар болғаны осы. Мен енді үсті-үстіне сәлем айтып, сұрақ қойып, оның мазасын алуды да тоқтатқам. Бұл телеграмманы ол, бәлки, тек сол сәлемдер мен сұрақтар тасқыны тиылғаннан кейін ғана жіберген болар. Телеграмма әуелі маған пәлендей әсер ете қойған жоқ: осындай бір хабардың боларына өзімді-өзім іштей даярлап жүргенмін-ді. Бірақ жүрегім бірте-бірте тастай қатып, жаным жасыды. Кейде, әсіресе түн баласында ұйқысыздық қинап, қажытқан шақта, миым шаршап, қалжыраған шақта, ақылымнан алжасып бара жатқандай болам. Әуел баста оның сүйетініне ешқандай шүбаланбай әрі өзімдікі, мәңгі-бақи өзімдікі екеніне толық сеніп жүрген кезімде, шынымды айтсам, оны пәлендей мықты сүймеген де едім; енді міне, опасыздық, жасағаннан кейін мен оны біржолата мәңгілікке сүйіп кеттім. Әрдайым осылай болады: жақсы керетін затыңды жоғалтып алсаң, саған ол екі есе ыстық болып көрінеді. Не болып жүргенімді түсінуден де қалып барамын, жаным қаңырап бос қалғандай сезіндім. Басымнан миымды біреу суырып алғандай, қаңырап бос қалған үрейлі дүниенің ішінде мақсатсыз, мән-мағынасыз, талапсыз, мұратсыз, құтылып шығуға, аман қалуға деген қандай да бір амалдан үмітсіз, айдалаға аласталып қалғандай болдым. Бір нәрсені ғана турасынан және айқын сезіндім: жүрегімде тамшылап жиналған кектің уы аса қасиетті сезімімді ғана емес, сонымен бірге адамдық, қасиетімді аяусыз қорлаған, сертте тұрмай, екіжүзділікпен опасыздық жасаған арамза қыздың ақыр соңында барлық үмітімді, менің бүкіл болашағымды қорлап, оларды қыршынынан қиып жіберген қыздың өміріне қатер боп төнді. Ол опасыздық жасамай жүрген кезде мен көк әлемінің байтақ дүниесінде самғаған қырандай едім, енді қанатынан қайрылып, ұша алмай жер бетінде қиралаңдап қалған аянышты шымшық торғайдай болдым. Осының бәрін кешіре алармын ба мен? Жоқ, кешіре алмаспын! Маған ол қандай қатыгездік жасаған болса, мен де оған сондай қатыгездік жасауға шешіндім. «Бұл дүниеден мен де кетермін, мен кетсем ол да кетер!» дедім бірде өзіме-өзім. Сөйттім де, бәрін тастап — университетті де, диссертацияны да тастап, ойға алған ісімді жүзеге асыру үшін қыз қайдасың деп тартып отырдым. Амал не, мұнда үйде де мүлде күтпеген қатты соққыға тап болдым: сұрастыра келсем, опасыз әйел өзінің бай күйеуімен бірге шет елге жүріп кетіпті. Кеудемді қайнаған ашу-ыза кернеді. Ойымда бұрыннан келе жатқан кек алу ниеті бар. Мына ашуым одан да кем түспеді. Өзімнің дәрменсіз, қарусыз екенімді сезінгенімде жынданып кетердей боп жүрдім. Жанымды жегідей жеген адам төзгісіз жан азабынан мәңгі-бақи құтылу үшін өзіме-өзім қол салмақ болған сәттер де өтті. Бірақ мұным әлсіздік, жай әншейін қорқақтық болар деп өзімді табан астында тоқтатып та жүрдім; оның үстіне ерте ме, кеш пе әйтеуір бір кездестіріп мынадай қатты қорлағаны үшін одан есесін қайтарармын деген үмітте болдым. Ішкі жан дүниемнің осындай халі жарық дүниедегінің бәріне немқұрайды әрі парықсыз қараумен келіп ұштасты. Мұндай жағдайдан арылу үшін мені қатты сілкілеп алу қажет болды. Мұндай сілікпені сатылғыш әйелдердің және олармен түн өткізетін өзімнің ішімдес жолдастарымның арасында болғанда алдым. Күнделікті өмір сүрудің милау батпағына осылайша біртін-біртін бата бердім. Бірақ оны байқамаппын ғой. Ол халімді тым кеш байқадым. Мен енді «құрып біткен адам» болдым да шықтым. Тамаша мансаптан барынша үміттеніп, үлкен қоғамдық қызмет жайлы армандармен қанаттанып жүретін соңғы курстың бұрынғы студенті енді міне ұсақ-түйек тілемсекке, жұрт көп жиналатын орындарда аяқ астынан жанжал шығаратын шатақкерге, күдікті, теріс адамдарды жақтай қиянпозға, жартылай мас әрі ұйқылы – ояу жүретін, тағы сондай қылықтардың жүрек айнытар барлық сыпаттарын бір бойына жинаған «біткен адамға» айналды да кетті. Өзімнің осыншама құлдырауымның барлық масқаралығын жете түсініп, сезіндім. Бірақ, бұзылған өмірімді қалпына келтіруге әлсіз болдым. Менің трагедиям да осында еді. Мен енді өзімді бұл дүниеден мүлде кеткен адамға санап, қайтадан өрлеудің, өркен жаюдың, бұрынғыдай жайнап жүрудің мүмкіндігі жоқ екенін ұғындым. Айрылысқанымыздан бес жыл еткен соң, бір күні онымен ойламаған жерде көшеде бетпе-бет кездесіп қалдым. Аяқ астынан кездестік. Сондықтан болар, жай оғы ұрғандай тұрған жерімде сілейіп, қаттым да қалдым. Таңырқай қарап, тек қолымды бір-біріне сарт еткізуге ғана шамам жетті. Шамасы, ол қатты састы білем, байқауымша әуелі мені танымай қалды... Иә, танымады, қайдан танысын: оның алдында бұрынғы жап-жас, сымбатты келген, кең иықты, әдеміше киініп жүретін студенттің орнында иіні түсіп, қушырайып кеткен, үстінде басқан кірден жалтырап, көп киілгендіктен тозығы жеткен пальтосы бар, беті-жүзін жүн басқан, көп ішуден танауы қызарған бүкір адам, тұла бойынан арзан шараптың, темекі мен сарымсақтың иісі мүңкіген құныс адам тұрды. Ал ол болса түк өзгермеген. Анығырақ қарасаңызшы! Қандай да бір суретші тал бойынан тіпті аздап та болса мін тауып көрсінші: өзі бір кездері жұп-жұқа, жіп-жіңішке еді, шолжың еді. Енді әп-әдемі боп құлпырып кеткен. Сымбатты әм толықсыған келіншекке айналған. Қасынан өтіп бара жатып қай еркектің сұлтаны қарайламай кетер дейсіз. Ал үстіне киген көйлегі қандай! Жас кезімдегі жарқын болашақ жайлы үміттерім жүзеге асқан күннің өзінде де, бәлкім, мен оны дәл осылайша малындырып киіндіре алмас па едім, құлағына сырға тағып, кеудесі мен саусақтарын мынадай лағыл тастармен сәндендіре алмас па едім. Мына түріне қарағанда оның өзінен ештемені де аямайтын адамның қолына түскені көрінеді. Мен сілейіп, қатып қалдым. Малына киінген мынадай киінісіне қайран қалдым әрі еріксізден-еріксіз абыржып та алдым. Бұған дейін өзіме өзім соншама бишара, соншама аянышты әрі жексұрын боп көрінбеген шығармын. Кеудемде ұмытылмай жүрген баяғы бір кек бар еді ғой. Мені құртқан да, жалмап, түбіме жеткен де сол ғой. Жанымды салып, сол ашу мен сол кекті қайта тұтатпақ болдым. Бір сәт тәкаппар да болғым келді, батыр да болғым келді. Бірақ бұларымның бәрінен де ештеме шықпады. Түптеп келгенде жаным да, қуатым да қаңырап бос қалған екен. Мен оған жалынышпен қарағандай болдым ғой деймін, кешірім сұрадым ба. Бір сәт өзімді есіне салып өттім. Әйтеуір кекештене апыл-құпыл бірдеме айтқандай болып қалдым. Мұныма ол әуелі таң қалғандай болды сонан соң кенет бұрылып кетті. Сонан соң арбекеш жалдады да бейне бір мен қуып беретіндей, ләм деместен тарта жөнелді. Сол күні күні бойы қабақта болдым. Ақыр соңында есік алдында жатқанымды бір-ақ білдім. Менің қазір сау жүретін кездерім өте сирек кездесетін болған. Азды-көпті ойларымды салмақтап, қорытындылап алатын кездерім де осы саушылық шақтарымда әлгі кездесу сәтінде аман жүргем-ді. Енді міне сол кездесуден кейін мені бір сауал қатты ойландырады. Ол – осыншама құлдырауымның шын себебі неде? – деген сауал еді. Айтты – айтпады баянсыз махаббат, тұрлаусыз сүйіспеншілік адамды уақытша ғана күйдіріп, қапаландырып қоймаушы ма еді. Моральдық жағынан ол бүтіндей аздырып, тоздырып жібермеуші еді ғой. Ендеше бақытсыз махаббатымды осыншама азып-тозуымның шын себебі деп есептеуге бола ма. Егер солай десек мұнымыз қисынсыздық болмас па еді. Шын себепті басқадан іздеу керек болды. Мен енді оны ғашық қызымның жасаған опасыздығынан емес, өзімнің ішкі мән – мағынамнан іздестіре бастадым. Өйткені құлдыраудың ұрығы жүректе орын теппесе, мұншама азып – тозу деген мүмкін де емес қой. Ал бұл ұрықтар қандай ұрықтар екен, олар маған қалай келген, бәленің басын қайдан білу керек? Қараңғы жатқан жан дүниемді аяқ астынан нұрландырып жіберген бір әңгімені оқығанға дейін менің бұл жөніндегі ұзақ уақыт бойғы ізденістерімнің бәрі нәтижесіз, түкке тұрғысыз бос әуре болды да қалды.

Ол «кек» деп аталатын итальян новелласы еді.

Өзімді новелла кейіпкерімен салыстыра көрсету үшін новелланың сөзбе – сөз аудармасын «Оның тағдыры» деген атпен келтіріп отырмын.

ОНЫҢ ТАҒДЫРЫ

І

Венецияда, патшалардың осынау тамаша қаласында, байырғы патрициан семьясында семьяның жалғыз ғана қызы — Джульетта өсіп, бой жетті. Ол кереметтей сұлу болды. Сұлу болғанда жер жаратындысы емес, көбік шашқан теңіздің толқындары арасынан шыға келген су перісіндей еді. Итальяның ашық аспанындай көкпеңбек көздері қандай. Дүниенің бәрін сыйғызып аларлық, қуаныш атқан, Адриатиканың кеңістігі секілді, танадай үлкен жанары қандай. Есіле төгілген бұйра алтын шаштары әдеміше келген жұмыр басын одан сайын өңейтіп, сүйкімді ететіні ше. Күлгенде оның үлбіреген таңғажайып бетінде шұқыршықтар пайда болар еді, ал қошқыл еріндерінің арасынан маржан тістері жарқырап төгілер еді. Көктем күніндей өзінің қуанышты болатыны қандай, көбелектей ұшып, шолжың баладай еркелейтіні қандай. Екі түсті — қызыл түс пен ақ түсті ұнатады өзі. Көйлегі мен кеудесін алқызыл қалампыр мен ақ гүлдің шоқтары үнемі көмкеріп тұрады. Бойжеткеннің өзі де қалампыр өңдес көйлек кисе, қалампыр гүлдей, ақ өңді көйлек кисе, ақ гүлдей боп хош иісті жас гүлдей құлпырып тұрар еді.

ІІ

Бір күні тек Адриатика жағалауларында ғана болатын тамаша көктем кештерінің бірінде Джульетта өз бөлмесінде киініп, кеудесіне алқызыл қалампыр гүлін тағып, Үлкен канал бойымен серуен құруға жиналып жатқан шақта көшеден скрипканың сызылмалы үні естілмесі бар ма. Әлдебіреудің шебер қолдары серенаданы төгілтіп тұр. Джульетта терезе алдына жүгіріп барды. Музыкант қауғадай итальян шляпасын киген жас жігіт екен. Орындалған әуеннің әрі тартымды болғаны соншама, Джульетта оны өзінің жүрек пернелері ойнап тұрғандай сезінді. Сиқырлы үндердің қызығына берілген ол терезеден басын салып, далаға қарады. Өзінің тұла бойын шымырлатқан үндері – жас скрипкашының қолындағы қыл шыбықтан есіліп шыққан әуендерді бүтіндей беріліп, емірене тыңдады. Ол үндер сылдырап аққан қайнар құлақтың жан – жаққа еркіндей шыққан мөп–мөлдір ағындарындай еді. Әуеннің бірде-бірін жіберіп алмас үшін Джульетта қатып қалды. Оның қос жанарында қуаныштың мөлтілдеген жастары алмастай жарқ-жұрқ көрініп тұрды. Ақыры скрипка тоқтап тынды, онымен бірге табиғаттың өзі де үнсіз қалғандай болды.

— Кімсің сен, өнердің жас тарланы, қарашы, бермен! – деп Джульетта айқай салды.

Жас жігіт көзін көтерді.

— Шляпаңды алшы басыңнан, сенің бет-әлпетіңді көріп алғым келеді.

Жас артист басынан қауғадай шляпасын алды да, ұзындау келген бір тал бұйра шашын марғау шиырып, қызға қарады. Көздері қандай ғажап. Бірақ олар әуелде ғана өзі ойнаған әуендей мұңлы, әлде ойлы ма! Көз тартарлық жүзі қандай. Бірақ мрамордан жасалған мүсін сияқты аппақ, әрі қайғылы ма... шалқаңа жатқан маңдайы қандай. Бұл маңдайдан бұл дүниеде жоқ ұлылықтың нұры ата ма!

— Атың кім сенің?

— Атым Антонио.

— Антонио, мен үшін тағы бір ойнап жіберші! Ішектер тағы да сызылды. Әлгіден де тартымды бола түсті. Құмарлықпен қызып алған әуендер тамылжып, ақыр соңына жеткенше Джульетта да терезе алдында тапжылмастан тұрып, егіле де, елжірей де тыңдады.

— Антонио, айтшы маған, кімсің сен?

— Жетіммін мен.

— Әкең кім сенің?

— Әкем менің жұмысшы еді, машина астында қалып, қаза тапты.

— Ал шешең кім?

— Әкемнің артынан шешем де кетті.

— Қарындастарың бар ма сенің?

— Туыс дегеннен жұрдаймын.

— Мен саған қарындас болсам, сен маған аға болар ма едің? Әкеме айтайын, сені қолымызға алсын. Сен біздің үйде тұрасың, маған музыка ойнап бересің. Әкем менің қайырымды адам, айтқанымның бәрін орындайды. Бізде тұрсаң, бір үзім нан үшін бұдан былай көше кезіп, қаңғырмас едің. Біз баймыз ғой.

— Мен такаббармын, синьорина.

— Менің атым Джульетта. Джульетта де.

— Мен такаббармын, Джульетта.

— Такаббар болсаң бола бер. Біз такаббарлығыңа тиіспейміз, Антон. Антонио.

— Тиісесіңдер. Бір үзім нан берген соң-ақ тиісесіңдер.

Джульетта оның аяғының астына бір теңге лақтырды да, разы болмағандай терезе алдынан шегініп кетіп, сол сәтінде қайта оралды.

— Антонио!

Жас жігіт теңгені алып, кетуге айналды. Аз аялдап, қызға қайтадан қарады.

— Ең болмағанда кеш сайын менің тереземнің түбіне музыка ойнап тұрсаң қайтеді.

— Жақсы, келіп тұрайын. Бірақ мынау үшін келмеймін,— деді жігіт қолындағы теңгені көрсетіп.

— Ал онда не үшін келесің?

— Сенің сұлулығың үшін келемін.

Музыканттың аяғына жас сұлудың кеудесінен алқызыл қалампыр гүл келіп түсті. Сөйтіп, әp кеш сайын, күннің соңғы сәулелері жазғы үйдің терезелеріне ілінер-ілінбес шақта үсті-үстіне төгілген әсерлі әуендер Джульеттаның бүкіл жүйесін баурап алатын болды.

— Антонио, біздің үйге кіріп ойнамайтын шынымен – ақ такаббарсың ба?

Антонио үнсіз ғана көтеріліп, Джульеттаның бөлмесіне кірді.

Антонио, менімен бірге теңізде жүзуден бас тартатын шынымен – ақ такаббарсың ба? Айдың сүттей апақ сәулесі астында, теңіздің тымық бетімен мамырлай жылжып қайық келеді. Шеті де, шегі де жоқ мүлгіген түнде музыка үні сыңғырлай төгіледі. Теңіздің тымық кеңістігі мен ашық та мөлдір ауаға еніп жоқ боп жатқан бұл әуендерді бар табиғат,бар ынтасымен тыңдап қалғандай.

— Антонио, басымды тізеңнің үстіне қойдырмайтын шынымен – ақ такаббарсың ба?

— О!...- деп жас артист көзі жайнап, қуанып кетті. Естілмеген жаңа үндер қыл шыбық пен ішектердің құдіретті болмысынан құйқылжи төгіліп, есіліп жатты.

Джульеттаның бұйра басы Антонионың тізесінде жатты; оның қой көздері музыканттың жанарымен қуана да, сүйсіне де табысады. Қыздың жеңіл ғана аппақ көйлегі толықсыған айдың күміс нұрымен шағылысады; ол теңіз толқынының арасынан шыққан су перісіне ұқсап-ақ қалып еді. Жас артист тізесінде жатқан жанның рақатын сезіп, қыл шыбығынан құйылып жатқан таңғажайып үндерге өзі де толқиды.

— Антонио, мені ең болмағанда бір рет те сүймейтін шынымен-ақ, такаббарсың ба?

Скрипка тына қалды. Жас артист су перісінің жүзіне төнді. Екеуінің бұйра шашы араласып кетті; екеуінің діріл қаққан еріндері жабысып қалды.

— Антонио, Антонио...

— Джульетта!..

ІV

Тағы бір кеште күнделікті үйреншікті уақытында жас музыкант патрициандық үйдің биік терезесі түбінде тұрып, сиқырлы әуендерімен өзінің су перісін шақырмақ болды.

Терезе жабық тұрды.

Алайда, жас музыкант үміт үзбеді: оның скрипкасы бірде өктем кетті, бірде жас шығарып, жалынғандай болды, бірде жойып жіберердей тасқындай төгіліп, бірде күдер үзгендей күрсініп жылағандай болады.

Терезе әлі бұрынғысынша жабық тұр.

Скрипка күйініштің соңғы әуенін күйлеген шақта терезе аз-маз ашылып, жерге шылдыр етіп бір теңге және жігіттің аяғына қалықтап кеп, бір бүктем қағаз түсті.

Музыкант қағазды алып, оқи бастады: «Екеуміздің арамызда алып болмас шыңырау бар дейді әкем. Біз биікте тұрмыз, сен төменде тұрсың. Енді қайтып келме. Ұмыт мені!» Жас жігіт бірнеше сәт қаққан қазықтай қақшиып тұрып қалды. Сонан соң денесі дір ете түскендей болды, қабағы жауар күндей түнеріп кетті, үйдің терезесіне атыла қарады. Ызамен булығып, қағазды бытшыт жыртқысы да келді, бірақ өзін-өзі ұстап қалды, қағазды қаттап қалтасына салып алды. Теңгені аяғымен теуіп жіберді де, скрипкасын кеудесіне нығарлай қысып, такаббар жүрегін жаралаған аяусыз қорлаудың азабын арқалап, кетіп отырды. Сол күннен бастап Венеция көшелерінен жас скрипкашыны ешкім көрмейтін болды.

Жылдар өтіп жатты.
Тағы да Венеция.

Баспасөз әйгілі скрипашы Антонио Бонвинидің келгені туралы кеңінен хабарлама жасады. Ол бір ғана концерт беретін көрінеді. Соңғы кездері жалғыз итальян баспасөзі емес, сонымен бірге бүкіл Европа мен американ баспасөзі де тек өнердің осынау жаңа жұлдызы жайды ғана жазатын болып алды. Концерт болатын күні театрда ине шаншар жер қалмады. Барлық зиялы қоғам түгелдей қатысып отырды.

Антонио Бонвини!.. Жұрттың бәрі оның сахнаға шығуын асыға күтті.
Mіне енді ол caхнада тұр.
Зал бірден гулеп кетті.

Бұл тұрған шынымен–ақ кез келген Венециялық білетін Антонио ма, туған Венециясының көшелерін кезіп, бейнебір орта ғасырдың жарапазаншысы сияқты терезе түбінде серенаданы сызылтатын Антонионың өзі ме? Иә, иә соның нақ өзі; қазір қайта бұрынғыдай емес, орындайтын музыкасының буыны бекіп, бұғанасы қатайған, ержетіп, есейген, сенімі артып, тағы бір сәт екпінді де ұшқыр, енді бір сәт ұрыс даласының айбынды ұранындай жеңімпаз бола түскен. Музыка үні еріксіз өзіне тартып, баурап алды; Антонио Бонвинидің сұлулығы мұнан да кем емес. Сымбатты тұлғасы, жалт-жұлт еткен жанары, шабытты пішіні мен биік жаратылған маңдайы, иыққа дейін түскен қалың шашы — осының бәрі-бәрі сиқырлы скрипканың әуендерімен үйлесімді көрініс тапқан. Соңғы дыбыстар шашырап барып, қалың тыныштықтың арасына сүңгіген шақта артист те сахнадан кетіп отырды. Ұшы-қиыры жоқ тәтті армандар құшағында қалған бүкіл зал үнсіз күйі отыра берді. Кенет сатыр-сұтыр қол шапалағы бірден ду ете түсті.

— Бонвини!.. Антонио Бонвини!..— деген айқайлар естілді.

Онымен де қоймай залда отырған әр адам жас данышпанның қолын алып, өздерінің алғысқа толы ризалық сезімдерін білдіру үшін сахнаның артына баруға тырысты. Өнердің жас тарланы шаршап қалған екен. Ол өзінің артистік бөлмесіне кіріп, ешкімді қабылдай алмайтынын айтты. Бірақ әлде бір әйелдің қайткенде де кіріп, қояр да қоймай кездесем деп тұрған хабары оған тағы жетті.

— Қабылдауға халім жоқ.

— Әйел жалынып тұр. Өзі осындағы биігірек бір төренің зайыбы екен. Антониоға жоғары қызметтегі бұл төренің есімі де аталды.

— Жарайды, кірсін.

Рафаэльдің аруындай асқан сұлу, малына киінген жас әйел бөлмеге қаздаң басып кірді де, тізесін бүгіп отырып қалды.

— Антонио, мен сенің Джульеттаңмын ғой, мен сені сүйемін...

Өнердің жас тарланы сұлу келіншекті тұрғызып алды. Оның көздерінде оғаштау бір жарқылдар көрінді. Бір кездері патрициан үйінің биік терезесіне шаншыла қарап, сол терезеден «мен биікпін, сен төменсің», тегің төмен деп кіналаған, менмен сөздер естігенде де көздерін осындай бір оғаш жарқылдар торлаған еді. Антонио ләм деместен қалтасынан баяғы қаттап салынған қағазды алып, оны Джульеттаға ұсынды.

Джульетта алды да, қағазға қарап, қатып қалды.  Оқыңыз, синьора, оқыңыз,— деді Антонио қағазды алып абыржып, енді көзін көтере алмай тұрған әйелге қарап.

Джульетта жазбаны шығар-шықпас дауыспен, міңгірлеп оқып өтті:

— «Екеуміздің арамызда алып болмас шыңырау баp дейді әкем. Біз биікте тұрмыз, сен төменде тұрсың. Енді қайтып келме. Ұмыт мені!».

Антонио әйелдің әлсіреп кеткен қолынан жазбаны алып, оны ұқыптап, қаттап әмиянына қайта салды да, былай деді:

— Қымбатты синьора, сізді тыңдамай кеткенімді кешірерсіз. Сізге келмегеніммен де, өзіңізді мен ұмытқам жоқ. Әйтпесе бір жапырақ мына бір қағазды несіне сақтап жүр дейсіз? Сіз сыйлаған бұл байлықтың баға жетпес құны бар, оны мен өмірімнің ақтық сәттеріне дейін сақтармын. Өйткені сіздің жазған осы хатыңыз болмаса, мен мынадай дәрежеге жете алар ма едім, жете алмас па едім. Әй, жете алмас едім. Иә, мен сізді ұмытқан жоқпын. Сіз, бәлки, сіз бен біздің арамызды ажыратып тұратын шыңырауды ұмытқан да боларсыз. Сіз биікте тұрдыңыз, мен төменде тұрдым. Осының өзі-ақ төменге сіздің менсінбей қарауыңызға жетіп жатты. Алайда тегі төмен адамдардың да кейде қанаттанып асқар биіктерге кектене, екілене самғайтынын есепке алмадыңыз. Сіз өз биігіңізде тұрып, төменде тұрған мені адам ғұрлы көрмеген сол бір күні мен алдыңыздан жайнап бір шығармын, сөйтіп есесін кекпен бір қайтарармын деп өзіме-өзім ант берген едім. Сол антымды орындау үшін өзіме елемей қараған менмендік қашан келіп көтеріңкі көңілімнің алдына жығылып, аяғыма бас ұрғанша өрлей беруден, биіктен биікке самғай беруден басқа амал таппадым. Бүгін, міне, сол мақсатым орындалды. Басқаның ең асыл, ең қасиетті сезімдерін мазақ ететін, біреудің жоғарыда, я біреудің төменде тұруынан іздейтін әйелді қайта сүю, қымбатты синьора, менің қолымнан келмейді!

Итальян новелласы осылай аяқталатын.

Бұл тарих менің тарихыма ұқсас еді, бірақ, түбірінен қарама-қарсы еді. Оның қасында мен өз басымның аянышты ғана баласы, қау етектік пен төзімсіздікке бас иіп, қажырсыз, ынжық, жасық, бетімен кеткен, әрі тағдырдың әуелгі-ақ соққысынан ұнжырғасы түсіп, одан енді қайта бас көтере алмайтын адам ғана болып шықтым. Ал ол болса еңбекшіл халықтың перзенті, панасы жоқ кезбе, темірдей еркі бар адам болды; осымен, осы ерікпен қанаттанған ол әуелгі соққыдан мен секілді иіні түсіп, ұнжырғасынан айрылмай, қайта толып жатқан қиындықтарды жеңе отырып, бас айналдырар шыңдарға шықты. Сол шыңдардың басынан өзінің адамдық қасиетін аяққа басқан, оны қорлаған адамдардың бәріне ыза-кектің уын төкті. Биікке өрлеу, талмастан, қажымастан самғау, шарықтау!.. О, шіркін, кек алудың қандай тамаша амалдары бұлар. Кек алудың мұндай амалы, амал не, менің қолымнан келмеді. Осыдан соң мен өз табымды, өз айналамда жүргендерді сен жақсысың, сенің тағдырың тамаша деп қалай сендіре алмақпын. Өйткені ол тағдырды қарғыс атқан. Өйткені ол мен сияқтыларды тәлтек етіп, тұқыртып, құлдыратып жіберетін, ағаштың шіріген түбірі сияқты түкке тұрғысыз ғой. Өйткені ол төменнен жоғарыға өрлеп келе жатқандарға орын беріп, із-түзсіз құрып бітеді ғой.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙