Мазмұнға өту
Home

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 20 том

Әріпов Дүйсенбі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 20 том

Авторы: Әріпов Дүйсенбі

Маңғыстау ақын – жазушыларының кітапханасы

ДҮЙСЕНБІ ӘРІПОВ

РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:

Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры

АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:

Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын

Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға жазбаларында әділдік пен туралық, тазалық сияқты адами қасиеттерді қастерлеу көрініс тауып келе жатқан қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Д.Әріповтің «Тұлғалар тағылымы» кітабы енді.

ӨМIРБАЯН БЕТТЕРІНЕН Дүйсенбі Әріпұлы - 1933 жылдың 1 қаңтарында Маңғыстау облысының Тұщықұдық ауылдық кеңесiнде дүниеге келді. 1956 жылы КазГУ-дың физика-математика факультетiнiң физика бөлiмiн, 1964-1966 жылдарда Алматы Жоғары партия мектебiн бiтiрдi. Сырттай оқып Алматы Зооветеринариялық институтын бiтiрiп, ғалым-зоотехник мамандығын алды. Маңғыстау аудандық “Еңбек туы” газетi партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi, аупарткомның ұйымдастыру бөлiмiнiң нұсқаушысы, бөлiм меңгерушiсi, аудандық халықтық бақылау комитетiнiң төрағасы, аупарткомның хатшысы қызметтерiн атқарды.

1973 жылы Маңғыстау облысы, оның құрамында Бейнеу ауданы құрылған кезде Бейнеу ауатком төрағасы, 1975 жылдан облыстық партия комитетiнiң ұйымдық – партиялық жұмыс бөлiмiнiң меңгерушiсi, 1978 жылдан 1990 жылдың қыркүйегiне дейiн Бейнеу аупарткомының бiрiншi хатшысы қызметiн атқарды. 11-шы сайланған Қаз ССР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болды. 1990 жылы Маңғыстау облысы қайтадан құрылған кезде халық депутаттары облыстық кеңесi төрағасының орынбасары, 1993 жылдан төрағаның мiндетiн атқарушы, 1994 жылы Республикалық дәрежедегi зейнеткерлiкке шыққаннан кейiн облыс әкiмiнiң кеңесшiсi болды. Қазақстан коммунистiк партиясы XIV, XV, XVI, XVII (екi кезеңiнiң де) съездерiнiң, республикалық кәсiподақтар Кеңесi XI-шi съезiнiң делегаты болды. 1957 жылы Москвада өткен жастар мен студенттердiң VI-шы Дүниежүзiлiк фестивалiне қатынасты. «Халықтар достығы» орденi, бiрнеше медальдармен марапатталды. Қазақстан журналистер Одағының мүшесi. «Жас коммунистер тәрбиесi», «Маңғыстау-маңғаз мекенiм» (ағасы – Б.Әрiповпен бiрiгiп жазылған), «Өркендi өлке, өнегелi өмiр», «Тұлғалар тағылымы»

кітабтары шықты. жылы шыққан «Маңғыстау энциклопедиясы» Бас редакторының орынбасары, 4 томдық Қазақ ССР эпциклопедиясы авторларының бірі. ТҰЛҒАЛАР ТАҒЫЛЫМЫ (Әдеби сындар, эсселер, естеліктер)

ӨМІР IЗДЕРIНIҢ ЖАҢҒЫРЫҚТАРЫ

(Алғы сөз орнына)

Менiң көз алдыма Маңғыстау десе Әрiповтер әулетi, ал Әрiповтер десе Маңғыстау келетiнi бар. Бозашы түбегіндегі Қаламқас жерiн мекен етiп, нәпақасын теңiзден тапқан балықшы Әрiп ақсақалдың ұрпақтарының не сиқыры бар сонда. Ол сыйқыр қайнар бұлақтай тұнық адами-кісілік, халықтық қадір-қасиеттерде екен. Бір сөзбен айтқанда, ата-бабалардан тамырын тереңге тартып, жоғалмай, қайта керісінше, жаңғыра жалғасып келе жатқан нағыз тектілік үрдісте. Міне, бар гәп те осында. Мүмкiн, оның себебi осы киелi өлке топырағын алғаш басқан кезiмдегi қамқорлық қолын созған отбасының бiрi болғандықтан да шығар. Әйтеуір, рухани туыспыз, сыйласпыз. Кейiн Дүйсекеңмен ағалы-iнiлi адамдай болып кеткенiмiз де жасырын емес. Мүмкiн, бiздi жақындастырған әдебиетке деген құштарлық па екен. Жалпы қызмет бабындағы бiр-бiрiне бағынышты адамдардың арасында мұндай тепе-тең қарым-қатынас бола бермейдi ғой.

Бір ғажабы, Дүйсе-аға менi көрмей, бiлмей-ақ, сырттай ғана таныстық бойынша қызметке шақырды. Сол 1985 жылы мен Атырау облысының Бейнеуге көршi ауданындағы газетте қызмет iстейтiнмiн. Алдында ғана Алматы Жоғары партия мектебiн бiтiрiп келгенмiн. Бейнеу ауданының жартысы мен тұратын Жылыой ауданынан бөлiнген ағайындар едi. Әрi әкешешем сол Дүйсекең басқаратын ауданға қарасты Боранқұл ауылында тұратын.

-Айтуар! –дедi бұрын таныс-бiлiс адамдай телефон тұтқасының аржағындағы зор дауыс. – Бұл Бейнеу аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Әрiпов қой. Ауданымызда жаңадан газет ашылғалы жатыр. Газет жасаудың қыр-сырын бiлетiн, тәжiрибелi журналист кадр iздеймiз. Жiгiттер сенiң есiмiңдi атаған. Бiр-екi күннен кейiн Жоғарғы Кеңестiң сессиясына жүргелi отырмын (Дүйсекең ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаты болатын). Соған дейiн жолығып кетсең... -Дүйсекең өзi бұрын газетте қызмет iстеген адам. Редакциядан көмегiн аямайды. Тек мәселенi күлбiлтелемей тiке қоя бiл. Өтiрiктi сүймейтiн шыншыл адам, - деген бiр жанашырым.

Бiрiншi хатшы шынында экономиканы жақсы талдаумен қатар әдебиеттi, өнердi жанындай жақсы көретiн турашыл адам екен. Ол кiсiнiң алдында газеттiң, ауданның проблемаларын жасқанбай айтатынмын. Ал Дүйсекең соған мүмкiндiк беретiн. Газетте жарияланған сын мақалаларға сергек қарайтын. Кейбiрiн бюро мәжiлiсiнiң талқылауына да ұсынатынбыз. Қорытындысымен кейбір лауазым иелерi партиялық жаза алып шығатын. Олардың бәрi жұмысты алға жылжытудың қажет тетiктерi едi-ау.

Редакция жанынан құрылған Қашаған атындағы әдебиет бiрлестiгiнiң ұйымдастырған шараларына өзi де қатысып және аупартком, ауаткомның жауапты қызметкерлерiне түгел қатысуды мiндеттейтiн. “Менi де осы әдебиет бiрлестiгiнiң бiр мүшесi деп есепте”,- дейтiн. Бiрлестiк ақындар айтысын, Абыл, Қашаған шығармаларына арнап кештер, халық жазушысы, Маңғыстау перзенті

Әбiш Кекiлбаевтың “Үркер”, “Елең-алаң” романдарының Мемлекеттiк сыйлыққа ұсынылар кезiнде оқырмандар конференциясын ұйымдастырғанда, ақын қызымыз Фариза Оңғарсынованың арнайы 50 жасын атап өткенiмiзде басты баяндамашы Дүйсекеңнiң өзi болды. Алматылық ақын-жазушылар ауданға қонақ ретiнде келетiн. Мәселен, жазушы Сәтiмжан Санбаев ағамыз шопан Қостымның үйiнде шығарма жазып бiр ай жатты. Дүйсекең, бiз болып, барлық жағдайын жасап, жиi хабарласып тұрғанбыз.

Бейнеу ауданы Дүйсекең басқарып отырған кезде Одақтың ауыспалы Қызыл Туын бес жыл қатарынан жеңiп алды. Бұл – бесжылдық жоспар мен мiндеттеме асыра орындалып, жыл сайын үстемелi көрнектi көрсеткiшке жетiп отырылды деген сөз. Оның үстiне алдын болжай бiлетiн көреген басшылық десе де болады. Бiрде “Қарақұм” кеңшарының малды ауылын аралауға шықтық. Желтоқсан айының орта тұсы болса да жерде қар жоқ. Қарасуық. Топырақ бораны көз аштырмайды. Бiздi қарсы алған кеңшар директоры Мәтжан Сәрсенбаев шаруашылығындағы кейбiр олқылықтарды табиғатқа аударып ақтала бастады.

-Күннiң қолайсыздығы малға да, жанға да қиын соғуда, Дүйсеке, -дедi директор. –Қар жауса жақсы болар едi. Отарларды водовозбен суарып, үлгере алмай жатырмыз. Топырақ бораны етек-жеңiмiздi жинатар емес. Сонда Дүйсекең директорды мұқият тыңдап болған соң: “Менiң қоймамда қар жоқ саған беретiн, оның есесiне топырақ дауылы жетерлiк, қанша алсаң да бар», – дегенi. Директор өз сөзiнiң әбестiгiнен “ұялыс тауып”, әңгiменi өзге бағытқа бұрып, орын алған олқылықтарды жоятынын айта бастаған.

Ұлы Отан соғысының ардагерi Iзтұрған Мендiқұлов ақсақал кiм-кiмге де “бетiң бар, жүзiң бар” демей тiке айтатын, “сын түзелмей мiн түзелмейдiнi” ұлағат тұтатын адам едi. Дүйсекең шақырды деген соң барсам, қабылдау бөлмесiнде бiраз адамдар отыр екен. Iштегi адамның көтеріңкi кейiстiк дауысы бiзге де естiлiп қалады. Бұл қатқыл мiнездiң иесi Iзекең ақсақал екенiн бiле қойдым. Ол кiсi шыққаннан кейiн кезегi келiп тұрғандар кiрмей кете бастады. Уәждерi: “Бiздiң мәселелерiмiз шешiле қоймас, өйткенi мына ақсақал бiрiншi хатшының көңiл-күйiн бұзып кеттi ғой”. Шақырумен келгендіктен мен кiрдiм iшке. Ашулы Дүйсекеңдi көрмедiм. Бұрынғысындай жайбарақат.

-Әлгi ақсақалды бiлесiң ғой, – дедi маған. -Иә, -дедiм. -Ізекеңнің көтерген мәселелерiнiң бәрi орынды. Тек бiр кемшiлiгi бар. Ашуға жеңдiрiп, айтпақ ойын дұрыс жеткізе алмай қалады ағамыз – дегенi. 1986 жылдың мамырының аяғында жайлаудағы малшыларды аралай жүрiп Ленин ордендi аға шопан Қазығұл Басшиевтың үйiне келiп қондық. Қазекең Дүйсекеңмен құрдас екен. Әр 100 саулықтан 150-ге дейiн қозы алып жүрген кезi. Дүйсекең өзiнiң жастарды патриоттыққа тәрбиелеу жөнiндегi алғашқы кiтабына сол бойда автограф жазып ұсынды. Ол мынандай екi шумақ өлең екен. Құрдасым менiң Қазығұл, Келесiң көптен көш бастап. Әлi де озар сен дүлдiл,

Әр жерден аяқ бiр тастап. Кiтапта осы атағың, Сақталған мәңгi естелiк. Жазылды жолдар шап-шағын, Жүруге әркез ескерiп. 28.05.86..Дәуқара жайлауы-делiнген. Кiтапта Қазығұл жөнiнде, оның ерлік еңбегі жөнінде жақсы баға берілген жолдар бар болатын. Осы автографты оқығаннан кейiн сол бойда менiң де Қазекеңе мынандай әзiл өлең жолдарын жазып бергенiм есiмде.

Абзал аға, Қазығұл! Жарасады әр кезде Дүйсе-ағамен әзiлiң. Құрметiне кiтаптың тағы да бiр шарықтау, Құрдасыңның назы бұл. Қойдың қоздап болып, төл санағы жүрiп жатқан кезең болатын. Осындай құрмет, ұсыныс-пікірлерге көңілі толған Қазекең ішкі мүмкіндіктерін ескере отырып, қозы санын 155-ке жеткізіп, облыста бірінші орын алған еді. Аудандық партия комитетiнiң бюросында Сарықамыс поселкелiк кеңесiнiң төрағасы Мұқан Махуовтың коммунистiк есебi тыңдалатын болған. Мұқан Сарықамыстан әуелi Боранқұл ауылына барып, одан Бейнеуге пойызбен баруды жоспарлайды. Пойыз ол кезде (Атырау-Ақтау пойызы) Бейнеуге мезгiлсiз уақытта, таңғы 4-тiң шамасында келетiн. Мұқан ұйықтап қалып Бейнеуден өтiп кетiп Сай-Өтес стансасынан бiр түседi. Бюроның уақыты өтiп бара жатыр. Амалсыз Бейнеуге аудандық партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмi меңгерушiсiне телефон соғып жағдайын айтады. Меңгерушi iшкi телефон арқылы бiрiншi хатшымен хабарласып, бюроны бiрер сағатқа шегере тұратынын, ал Мұқанның жүк пойызымен болсын, өзге көлiк болсын тез жетуiн тапсырады. Мұқан жүргелi тұрған жүк пойызына мiнiп алып, бюроға үлгерем ғой деп ойлайды. Бiрақ пойыз алды ашық бос болған соң Бейнеуге тоқтамай өтiп

кетедi. Мұқан ендi амалсыз Боранқұлдан бiр түседi де, стансаға ентiгiп келе сала Бейнеуге тағы звондайды. -Әло, мен Махуов қой, -дейдi ол бөлiм меңгерушiсiне, – Опорныйдан сөйлесiп тұрмын, жүк пойызы тұрмай өтiп кеттiм. Меңгерушi ашу шақырып, ұрсып алып, “Бiлмеймiн қалайда жет. Бюроны бұзғаның үшiн партиялық жазаң дайын” деп зiлденедi. Мұқан стансадан жүгіре шықса бiр жүк пойызы жылжып бара жатады. Жан сала жүгiрiп, ең соңғы вагонның қарауыл отырар жерiне жандәрмен күйi жабысып мiнедi. Шаң-шаң, күйе-күйе болып меңгерушiге барса, ол сызданып бiрiншi хатшыға барып өзiң түсiндiр, – дейдi. Мұқан бiрiншi хатшының кабинетiне жасқаншақтанып кiрiп: “Салаумағалайкум, аға” – дейдi. Бiрақ бiрiншi хатшы естiмегендей болып алдындағы қағазға үңiлiп, жұмысын жалғастыра бередi. Мұқан шеттегi орындықтың бiрiне үнсiз отыра кетедi. Бiр кезде Дүйсекең басын көтерiп есiк алдындағы адамға назар салғанда Мұқан орнынан атып тұрып тағы да “Салаумалейкум, аға!” – дейдi. Дүйсекең кнопканы басып қалып бөлiм меңгерушiнi шақырады да : - Бюро мүшелерiн шақыр. Махуовқа сақ бол, тағы кетiп қалып жүрер – болыпты бар айтқаны. Бюро үстiнде кейбiр мүшелерi Махуовтың әрi-берi өтiп, өздерiн мазақ қылғандай мiнезiн кешiре алмай, партиялық жаза мен қызметiнен босатуға дейiн шара қолданған жөн дей берiптi. Сонда Дүйсекең “Жолдастар, Махуовтың қызметiнде кемшiлiк болса соны айтыңдар, шалғай ауданда жол тауқыметi болады ғой”, – дегенде өзгелер оның қызметінен кемшiлiктердi дәл басып айта алмай қалыпты. Бюрократтығы жеңген өзге адам болса, Махуовты қызметiнен босатып тынған болар едi. Бұны жас кадрларға қамқорлық көзқарас десек лайық болар. Мына бiр оқиға естен кетпейдi. Ол 1991 жылғы 10 желтоқсанда Республиканың бүкiл халқы тұңғыш рет бiрауыздан Президент етiп сайлаған Нұр-Ағаның өз қызметiне кiрiсуiне арналған республика Жоғарғы Кеңесi сессиясының салтанатты мәжiлiсiне бару кезінде болған еді. Мәжiлiске қатысуға әзер үлгергендiгiмiздi келгеннен кейін жазған “Әруақ жебеп...” атты мақаламда былай келтiрген екенмiн:

«Бiз 9 желтоқсан күнi жергiлiктi уақыт кешкi 9-дағы Ақтау-Алматы рейсiмен ұшуымыз керек едi. Жоғарғы Кеңестiң депутаттары, өзге де адамдардың бiразы алдыңғы күнi ұшып кетiптi. Осы салтанатты мәжiлiсте тұңғыш Президент депутаттар мен әр облыстан келген өкiлдер алдында Ант қабылдауы тиiс екен. Ал бұндай рәсiмге қатысу бақытына ие болу әркiмнiң маңдайына жазыла бермейдi. Алып -ұшқан көңiлдi кенет су сепкендей басып тастаған хабар келдi. Әлгi бiз ұшатын рейс жанар май жоқтықтан Алматыдан Ақтауға ұшпай қалыпты. Мәссаған... күнделiктi қарапайым рейс болса бiр жөн. Тәуелсiз Қазақ елiнiң тұңғыш Президентi Ант беретін сессияға бара жатқан бiлдей бiр

өлкенiң өкiлдерiн әкелмек самолеттi астанадан ұшырмай тастауды қай саққа да жүгiртiп, алып-ұшпа әңгiмелер желiсiне айналдыруға болатын едi. Бұл жерде бiздердi бастап бара жатқан облыстық Кеңес төрағасының орынбасары Дүйсенбi Әрiпов сабырлылықпен “бұлай болуы тиiс емес, астанаға ұшудың бар мүмкiндiгiн қарастырамыз”, -дедi. Хабарды күтуге тура келдi. Қай тараптан болса да Алматыға бағыт алатын өзге рейс жоқ болатын. Дүйсе-ағаң бұл

іспен тікелей өзі араласып, облыстағы авиакәсіпорынды басқаратын адамды іздесе таптырмапты, сөйтіп Алматының аэропортына бір-ақ шығып мән-жайды түсiндiрiптi. Астананың қонақ үйiндегi облысымыздың басшысы Ф.А.Новиковті тауып алып қиын жағдайды айтыпты. Сонымен ұзын сөздiң қысқасы, Сочи-Атырау-ЖамбылАлматы маршрутымен ұшатын самолеттi Атырау емес, Ақтауға бұрғызыпты.

Қырсыққанда қымыран iридi дегендей, әлгi самолеттiң салонында бәрiмiз түгел сиятын орын болмай шықты. Бiзден төрт адам қалуы керек болды. Бұл жерде де облыс басшысы Дүйсе-аға маймөңкелемей бiрден облыстың да өз алдына территориялық-әкiмшiлiк екенiн, бұл адамдардың жай сапармен емес, республика өмiрiндегi саяси мәнi бар жиынға кетiп бара жатқанын, сондықтан ешкiмнiң де қалуына болмайтынын аэропорт қызметкерi-пысықай жас қызға түсiндiрiп (ал әлгi жас тым паң едi), егер мәселе шешiлмейтiндей жағдайда экипаж командирiн өзiне жолықтыруды өтiндi. Осы жерде бiзбен бiрге Ақтау қалалық Кеңесiнiң төрағасы Баев та ұшқалы тұр едi. Өкiнiшке орай, ол қалалық Кеңестiң төрағасы ретiнде шешiмдiлiк таныта алмады, оның есесiне «аэропорттың өз заңы бар, оларға әкiмшiлiк жүргiзе алмаймын» дегендей сыңай танытты.

Не керек, бәрiмiз де әлгi самолетке сыйып кеттiк. Бұл түнгi сағат 4-тiң шамасы болатын. Алматыға келгенде сағат 9 едi. Бiздердi Жоғарғы Кеңестiң кезекшi қызметкерлерi күтiп алып, арнайы автобуспен “Қазақстан” қонақ үйiне орналастырды. Бұл 10 желтоқсан едi...». Бұл жерде ең басты мәселе Дүйсекеңнiң басшы ретiндегi шешiмдiлiгiн айтқымыз келгенi. Әйтпесе бiз, бiр топ жергiлiктi халық өкiлдерi Алматыға ұша алмай, сөйтiп тарихи сессияға қатыса алмай пұшайман болып қалатынымыз сөзсiз едi ғой.

Дүйсекең Маңғыстау түбегiнен бiрнеше оқу орнын бiтiрген алғашқы бiлiмқұмар түлектердiң бiрi. Ғылыммен айналысып Алматыда қалуға ұсыныс жасалғанда отбасылық себептермен елге оралады. “Сен Алматыдан гөрi елге, Маңғыстауға керегiрексiң” деген ағасы Бисенбiнiң сөзi айнақатесiз дәл келдi. Жаңа өркендеп болашаққа қанат жая бастаған кәрi Маңғыстаудың феникс құс тәрiздi қайтадан жасарып, түлеуiнiң басында Дүйсекеңдер тұруы керек екен. Және солай болды да. Алғашқы еңбек жолын мұғалiмдiктен бастаған ол, көп ұзамай Маңғыстау аудандық “Еңбек туы” газетiне бөлiм меңгерушiсi болып келдi де, одан әрi аудандық партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң нұсқаушысы, меңгерушiсi, аупарткомның хатшысы тәрiздi лауазымдарға сатыланып

көтерiле бердi. 1973 жылы Маңғыстау облысымен бiрге жаңа құрылған Бейнеу ауданына ауатком төрағасы етiп жiберiлдi. Кейiн Маңғыстау облыстық партия комитетiнiң ұйымдық-партиялық жұмыс бөлiмiнiң меңгерушiгiнен осы аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылығына жұмсалады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаттығына сайланды. Облыс қайта құрылғанда облыстық кеңес төрағасының орынбасары, кейіннен төрағаның мiндетiн атқарушы болды. Бокс өнерiмен айналысқан Шоқыр Бөлтековтен кейiнгi осы өңірден шыққан екiншi былғары қолғап иесi осы Дүйсекең десе болады. 4 жыл бойы ҚазМУ-дың чемпионы болу да аз жетiстiк емес.

Әрiповтер әулетiнен үш бiрдей қаламгердiң шығуы да сирек құбылыстың бiрi. Бисенбi аға өмiрден көрiп, түйгендерiн үнемi қағазға жазып, шежіре кiтап етiп шығарып тәлiм-тәрбие-тағылым үшiн көпшiлiкке ұсынып отырса, оның ұлы Ғалым республика танитын ақын, драматург, әрi публицист, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тұшымды бiрнеше кiтаптың авторы.

Ал Дүйсекең еңбектерi өз алдына бiр төбе. Оның қаламынан “Маңғыстау-маңғаз мекенiм” (ағасы Бисенбiмен бiрге жазған), “Өркендi өлке, өнегелi өмiр” (көрнектi мемлекет қайраткерi С.Мұқашев туралы) кiтаптары мен мерзiмдiк баспасөздерде жиi жарияланып келе жатқан публистикалары, очерктерi, эсселерi, мақалалары оқырманды бей-жай қалдырмай отан сүйгiштiкке, адамгершiлiкке, шыншылдыққа тәрбиелейтiн құнды дүниелер екенi даусыз.

Дүйсекең ұзақ жыл партия, кеңес басшы қызметтерiнде болып, ел басқарып, қазыналы түбектiң өркендеуiне сүбелi үлес қосқан тұлға. Оның бойына жиналған мол тәжiрибелi биiк парасаттың көргенi де, көңiлге түйгенi де көп екенi ақиқат. Ол тәрбиелеген шәкiрттер қазiр ел дәулетiн еселеу жолында үлгiлi еңбек етiп келеді. Ең бастысы, тек қана кіршіксіз тазалық пен әділдік, шындық пен бүкпесіз туралықты ту еткен тұғырлы тұлғаның өмір бойы әлдебіреулердей бәсеке-байлықты емес, адалдық пен мәрттікті, рухани кемелдікті уағыздап келе жатқаны. Барынша талғаммен жинақталған бай кітапхана Дүйсекең шаңырағы төрінің бірден-бір қасиетті мирас - мұрасы іспетті әсер қалдырады. Түлеген түбектің ләйім намысын қорғап, саналуан елдік істер мен қоғамдық шараларда биік мінбелерден, теледидардан сөйлеп, елдік, халықтық сипатымызды, тіл мен дәстүр, ата тарихымызды түгендеу, ұлттық жадымызды жаңғырту тәрізді ұлағатты да өнегелі жолды өсиеттеп келе жатқан өр мінезді, кесек болмысты ағамыз «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», Тұщықұдық ауылы, Бейнеу ауданы, Ақтау қаласы және АҚШтың Даллас қаласының құрметті азаматы. Ел ағасы Дүйсенбі Әріпұлын саналы ғұмырының заңғар биігі - 75 жасымен құттықтай отырып, Қарлығаш жеңгеймен бірге балашағаларының, немерелерінің қызығын көре беруіне ізгі тілек арнаймыз.

Қашанда жаныңыз сергек, ойыңыз кемел, шалдырмас шабысыңыздан таймай, киелі Маңғыстаудың қалқан мен семсеріндей алға ұстанар, арқа сүйер атпал Азаматы, тұлпар желісті текті Тарпаңы болып маңдайыңыз жарқырап жүре бергейсіз демекпіз. Айтуар Өтегенов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. БІРІНШІ БӨЛІМ

ҰМЫТЫЛМАС ТҰЛҒАЛАР

АЛЫПТЫҢ АҚТАУ АРҚЫЛЫ САПАРЛАРЫ (Д.А.Қонаевтың туғанына 90 жыл) Қазақ халқының жан берiп, жан алысқан, ақиық ақыны Жұбан Молдағалиевтың сөзiмен айтқанда “Мың өлiп, мың тiрiлген” тарихында елi үшiн өмiрдiң ыстығына күйiп, суығына тоңған, халық қамын ойлаудан жалықпаған, шешендiк пен iскерлiктiң, ерлiк пен сұңғыла саясаткерлiктiң жоғары үлгiсiн көрсеткен, осы айырықша қабiлет-қасиеттерiмен ел тарихында өшпестей iз қалдырған игi жақсылар, айтарлықтай Алыптар аз болмаған. Сол Алыптардың өзiмiз көре қалған қатарларының бiрi-40 жылдан аса Қазақстан Республикасын басқарған аса iрi мемлекет және қоғам қайраткерi, академик Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев едi. Жеке қабылдауында болған кезімде Димахаңның ұсынылып отырған жұмыстарды аброймен атқару жолында қандай мәселелерге назар аудару қажеттiгiн сөз ете келiп, ел мүддесi үшiн қызмет ету басты мiндет, бұл халық сенiмiне ие болу деген сөз. Ал сенiмдi ақтау әрбiр азаматқа басты парыз-деп айтқан ақыл-кеңесi, жайдары да нұрлы жүзбен қол ұсынғаны осы кезге дейiн есiмде сақталып келедi. Димаш Ахметұлының жеке қабылдауларынан өзге кездерде де атқарып жүрген қызметтерiме орай Астанада (ол кезде Алматы) өтетiн Қазақстан коммунистiк партиясының сьездерiнде (мен 5 рет сьезд делегаты болған едiм), пленум, актив,сесияларда (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты кезiмде) Д. А. Қонаевтың жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздерiн тыңдаудың сәтi жиi түсiп тұратын. Менiң бұл жерде негiзгi айтайын дегенiм-Димахаңды облыс орталығыАқтау қаласында қабылдаған азаматтардың iшiнде болып, оған құрмет көрсетудің орайы келгендігі. Ол былай болған едi. 1992-шi жылдың қазан айының 7-сi күнi түскi үзiлiстен кейiн жұмысқа келген бойымда ( ол кезде мен облыстық Кеңес төрағасының орынбасары болып iстейтiнмiн) Президент аппаратынан телефон шалып, Алматы-АқтауСтамбул бағытындағы ұшақпен Д.А. Қонаев Түркияға кетiп барады деп хабарлады. Бұл кезде облыс әкiмi Ф.А. Новиков те, облыстық Кеңес төрағасы Қ.Келжанов та командировкада болатын. Хабар алысыммен бiрден әкiмшiлiк пен Кеңестегi

тиiстi қызметкерлердi шақырып, оларға халқымыздың кемеңгер ұлын лайықты қарсы алуға бағытталған дайындықтар жасауымыз қажет деп тиiстi тапсырмалар бердiм. Қонақтар мiнген ұшақтың ұзақ отырмайтынына, небәрi 45 минут болатынына байланысты қарсы алу шараларының барынша жинақы болуын ойластырдық. Мезгiлiнде ұшақ та келiп қонды. Д.А. Қонаев бастаған қонақтарды республикаға еңбегi сiңген зейнеткер В.Д.Горшенин, облыстық iшкi iстер департаментінің бастығы генерал М.М. Аманжолов, облыстық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы В,Н. Винников, облыстық кәсiподақ кеңесiнiң төрағасы Д. Жұмашев, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Ж.Қоңырбаев, қалалық Кеңес төрағасы Х. Жанғалиев, облыстық әкiмшiлiктiң iс басқарушылары Ә. Сахимов, Х.Мергенбаев, осы жолдардың авторы болып қарсы алдық. Дiнмұхамед Ахметұлының қасында Қазақстан жазушылар Одағының сол кездегi бiрiншi хатшысы Қ. Найманбаев, Стамбул университетiнiң профессоры “Қазақтар” атты кiтап жазған талантты ғалым Зейнеш Ысмайыл деген қазақ жiгiтi бар екен. Аэропорт басындағы танысу, амандық-саулықтан кейiнгi әңгiме алдын-ала дайындалған дастархан басында өттi. Димаш Ахметұлының ел аман ба, жағдай қалай? деген сұрағына менiң ел аман, жағдай жақсы, нарықтық экономика қиындықтарын жеңiп шығу шаралары алынып келедi. Халқымыз Сiздi қадiр тұтады, қашанда ел деп еңбек еткенiңiздi жақсы бiледi. Сiзге ақ жол, оң сапар тiлеймiз!- деген сөздерiмдi жылы қабылдаған Димахаң: “Асқаныңа емес, сасқаныңа ризамын” деген екен бұрынғылар. Сол айтқандай, облыстың бiрiншi басшыларының жоқтығына қарамастан, Маңғыстау халқының ежелден келе жатқан кең пейiлiн, ақ жарқын көңiлiн, қонақжайлығын көрсетiп, құрметтеп жатқандарыңызға ризамын, көп рахмет! –деп бәрiмiздi серпiлтiп тастады. Бұдан кейiн де дастархан басында Димахаң сөйлеп, көңiл хошы көбiне көтерiңкi отырды.Өзiнiң Түркияға шақырумен бара жатқанын,онда бiрқатар кездесулер болатынын айта келе, кезiнде бұл өңiрден облыс құрылғаны дұрыс болды-деп сөзiн жалғастырды Димахаң. Маңғыстау облысын құру туралы сөз еткенiмде Л.И.Брежнев алдымен Жезқазған облысын құрып алсаңызда жеткiлiктi болар деген. Менiң бұл өңiрдiң байлығы ұшан-теңiз, әсiресе, жеткiлiктi мұнай қоры бар. Бұл байлықты Отан игiлiгiне пайдалану үшiн дербес облыс ашу қажет деп нақтылаған пiкiрiмдi А.И. Микоян да қолдаған болатын. Содан кейiн барып бұл мәселе КОКП-ның Саяси Бюросында қаралып, ақырында осы екi облыстың бiр мезгiлде құрылуына қол жеткен едi. Егерде әрегiректi сөз етсек, бiр кезде Н.С.Хрущевтың Маңғыстау мұнайын игерудi Түркменстанға беру керек деген пiкiрiне де қосылмай, бұл күрделi мiндеттi iске асыруға өз кадрлерiмiздiң күшi жетедi деп дәлелдеген едiм. Осы жолы маған Геология министiрi Сидоренко көмекке келiп, Маңғыстау мұнайын геологиялық зерттеу, игерудiң аса жауапты мiндеттерiн республикамыздың атқаруына алған болатынбыз.

Сидоренконың көмегi дегенiмнiң мәнi мынада болатын. Н.С.Хрущевтың мұнайды игеруге өзiмiздiң кадрлердiң күшi жетедi деген менiң сенiммен айтқан пiкiрiме көңiлi толмағаннан кейiн мен, олай болса, Никита Сергеевич, Сидоренкоға телефон шалып көрiңiз, ол кiсi не айтар екен деген едiм. Н.С.Хрущев сол бойда оған телефон шалған кезде Сидоренко менiң сөзiмдi қуаттаумен қатар, өз тарапынан да бiраз дәлелдер келтiрiп, қазақстандықтардың Маңғыстау мұнайын игеруге күшi толық жететiндiгiн айтқан едi. Сөйтiп, бұл мәселе оң шешiмiн тапқан болатын. Сондықтан да болар, мен әрқашанда Маңғыстау облысы жайлы хабарларға құлақ тосып, халқының табысына, өсiп-өркендеп келе жатқанына қуанып отырамын-деп өткен салуалы да салиқалы өмiрiнiң, халық мүддесi үшiн тер төккен еңбегiнiң кейбiр кезеңдерiн ой елегiнен өткiзгендей болды. Жай қоңыр дауыспен жүзiне күлкi үйiрiле сөйлеген Димахаң бәрiмiздi баурап алды. Алдына қойылған басты ұстап, астан, коньяктан болар-болмас ауыз тие отырып, келесi бiр сөзiнде бұрынғы кездерде кездескен кейбiр адамдары, көргенбiлген оқиғаларындағы қызықты жайларды айтып, тыңдаушыларын күлдiрiп отырды. Димахаң сөзiн бұдан әрi жалғап, биыл мен сексен жасқа толдым, осы мерекеге орай жайылған дастарқанға келген бiр ақсақал менi құттықтай келе “Уа, Димаш, балауса балалық шақтан өтiп, қайран жиырма беске келдiң, орда бұзар отыздан өтiп, суырылған қылыш қырыққа келдiң, ел ағасы елуден асып, алшаңдап алпысқа, желкiлдеп жетпiске, секiрiп сексенге келiп отырсың, ендi тоқтамай тоқсаннан асып, жүзбен де жүздес, содан кейiнгiсiн тағыда бiр кеңесермiз ” деген едiдеп өзi де ашық ақ жарқын күлiп, бiздi де күлкiге кенелтiп тастады.

Ұшаққа отыру басталысымен бiздер қонақтарды шығарып салдық. Көтерiңкi, риза көңiлде тұрған Димахаң қоштасар алдында ендi 15 күннен кейiн 22 қазанда осы жолмен керi оралатынын айтты.Ұшаққа отыру кезiнде ұзын бойлы, iрi денелi ақсақалдың жасы сексеннен асып бара жатқанына қарамастан, еңкiш тартпай, бойын әлi де тiк ұстайтынын аңғардық. Сол айтқанындай, 22 қазанда Түркиядан Ақтау арқылы Алматыға оралған Димахаңды ендi Ф.А.Новиков бастаған облыс басшылары болып қарсы алдық. Бұнда да өткендегiдей тиiстi құрмет көрсетiлдi. Осы кездерде Димахаңның Алматыдағы “Дәуiр” баспасынан жарық көрген “Өттi дәрен осылай” атты еңбегi қолымызға жаңадан тиген болатын. Қонақасы кезiнде осы кiтапты қолдарына ұстай келген бiрқатар кiсiлер кiтап авторынан қолтаңба алып жатты. Кiтапты (естелiк-эссенi) мен де ұсынғанымда Димахаң оның алғашқы бетiне “ Дүйсенбiге! Аса құрметпен. Д.А.Қонаев, 22. Х. 1992ж.” деген қол таңбасын қалдырды. Мен бұны ұлы адамның қолынан алған қасиеттi бойтұмарым деп қабылдап, кiтапты кабинетiмдегi кiтап сөресiнiң ең биiк, көрнектi орнында сақтап келемiн. Қонақтардың осы сапарында Ақтаудың ұшу алаңынан Алматыға шығарып салған кезiмiзде Димахаң: ”Ердiң атын ел шығарады деген сөз бар. Маңғыстау елi аман болсын, өсiп-өркен жая берсiн, елхалыққа менiң атымнан дұғай сәлем айтыңыздар”- деп қоштасқан еді. Димаш Ахметұлы бұл

сәлемiн осының алдындағы кездесуiмiзде де айтқан болатын. Ақ пейiлдi, алып жүректi,елi ардақтаған кемеңгер ағаны бұл соңғы көруiмiз екен. Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылдың 22-шi тамызында 82 жасқа қараған шағында кенеттен дүниеден озды. Зымыраған уақыт-ай, оған да сегiз жылдың үстiне шығыпты-ау!..

Димахаңның Маңғыстау халқына арнаған ыстық ықыласын, сәлемiн жеткiзудiң орайы мiне, “халқының бақыты үшiн жаралған” (Олжас Сүлейменов) Алыптың туғанына 90 жыл толуы қарсаңында келiп отыр. Аса iрi мемлекет және қоғам қайраткерi, үш мәрте Социалистiк Еңбек Ерi Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912-шi жылдың 12-шi қаңтарында дүниеге келген. Димахаң жоғарыда аталған ”Өттi дәрен осылай” атты кiтабында және оның оқырмандардың ұсыныстiлектерiне сай қайта қарап, толықтырып, “Ақиқаттан аттауға болмайды ” деп атаған еңбегiнде өзiнiң өмiр жолы, кең байтақ Қазақстанның елу жыл iшiндегi өндiрiс пен шаруашылығы, жалпы экономикасы, мәдениетi, халықтың тұрмыстық халахуалындағы түбегейлi өзгерiстер жайлы баян етедi.

Ары, жан-дүниесi таза, неше бiр жылдар бойы билiк басында жүрсе де, бойын дүниеқоыздыққа алдырмаған, осынысымен де өз халқына сүйiктi де, айырықша беделдi дана қарт әлгi аталған ”Ақиқаттан аттауға болмайды” деген еңбегiнде: өз басым мұрат тұтқан мынадай бес сипатқа тоқтала кеткiм келедi...Сол бес сипаттың бiрi-бiреуге тiл тигiзуден сақтану. “Ақылдос, ашу-дұшпан” дегеннiң мәнi осы. Екiншiсiәдептiлiк. Қазақ әдептен аспай, кiшiлiк көрсету арқылы кiсiлiк танытқан.Үшiншiсiөзiң өзгеге күдiктенбе, өзге өзiңе күдiктенбесiн. Иман жиям десең пиғылыңды таза ұста. Күпiрлiктен адасасың. Төртiншiсiне iстесеңде зеректiкпен тындыра бiл, аяғына жеткiзе бiл. Ырысың осы. Ал ең соңғысыөзбасыңа тiлемейтiн iстi бiреуге iстеме. Қиянаттан асқан қылмыс болмайды. Сақтансақ, осыдан сақтанайық-деген салуалы ғибрат қалдырған.

Дiнмұхамед Ахметұлының өмiрден өтуiне арнап жазған ”Дүниеден өттi бiр алып” деген толғауында Қазақстанның мемлекеттiк сыйлығының иегерi, ақиық ақын Фариза Оңғарсынова былай деген едi: “Дүниеден өттi бiр алып, Дүниеден өттi дара аға, Көсем боп, сосын сыналып, Жайсаңдықтан танбай сонда да, Кешiрiмдi бiзге мұра ғып, Мәңгiге кетiп бара ма?..” Iрi мемлекет және қоғам қайраткерi Д.А.Қонаевтың жарқын бейнесi миллиондардың жүрегiнде мәңгi сақтала бермек. Жатқан жерiң жайлы, топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, қазақ халқының бiр туар Алып перзентi. “Маңғыстау”. 11 қаңтар. 2002 жыл.

АЙТУЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА БОЛҒАНДА

Таяуда ғана Түркiстан қаласында Нұртас Дәндiбайұлы Оңдасыновтың 100 жылдық мерей тойы аталып өттi. Осыған орай өткен ғылымитеориялық конференцияда белгiлi қоғам қайраткерi, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Парламентi Сенатының депутаты Әбiш Кекiлбайұлының “Нұртас мемлекет және қоғам қайраткерi” тақырыбында Нұрекеңнiң өмiр жолы мен атқарған мемлекеттiк, қоғамдық қызметi жайында терең де сындарлы баяндама жасағанын газет беттерiнен, телеарналардан естiпбiлiп отырмыз. Сондай-ақ, Нұртас Дәндiбайұлының кiсiлiгi, азаматтығы, халқына жасаған өлшеусiз еңбегi жайлы жекелеген авторлар да қалам тартып келедi. Белгiлi ақын Темiрхан Медетбектiң:

“Нұртас аға, нұр мен тастан жаралдың, Мiнездi де сол сөздерден таба алдың. Үнi болдың бүкiл елдiң сол тұста, Ұлы болдың қалам менен даламның...” деп жырлауы халықтың Нұртас ағаға деген құрметiн айырықша айқындап тұрғандай.

Осы орайда 1961-шi жылдың тамыз айында Нүрекеңнiң қабылдауында болғаным есiме оралған едi. Сол кезде Маңғыстау ауданында шығатын “Еңбек туы” газетi редакторының орынбасары, әрi партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi болып iстейтiн маған аудандық партия комитетiнiң нұсқаушысы қызметi ұсынылған болатын. Ол кезде бұл жұмыс орны облыстық партия комитетiнiң номенклатурасына жататын едi де, осы жұмысқа ұсынылған кадр обкомның бюросында бекитiн. Осыған байланысты облысқа шақырылған менi алдымен облыстық партия комитетiнiң ұйымдықпартиялық жұмыс бөлiмiнiң меңгерушiсi Ж. Мұқашев қабылдады да, обкомның салалар бойынша жұмыс атқаратын хатшыларына таныстырды. Содан кейiн ендi облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Нұртас Дәндiбайұлының қабылдауында боласың деп ескерттi де, ол кiсiнiң алдында өзiмдi қалай ұстау керектiгiн, қойылған сұрақтарға абыржымай нақты жауап беру қажеттiгiн қаперiме бердi. Обкомның бiрiншi хатшысының қабылдайтынын бiлгенiмде менiң бiршама абыржып қалғаным да рас едi. Нұрекеңдi мен бұдан бұрын 1957-шi жылы Москвада өткен Студенттер мен жастардың VI-шы Дүниежүзiлiк фестивалiне Атырау (Гурьев) облысынан баратын 50 жасты қабылдаған кезiнде бiрiншi рет көрген едiм. Қалалар мен аудандардан келiп, облыс орталығында бас қосқан бiздер отырған кең залға үстерiне ақ костюм киген екi кiсi келдi де, есiктен алдымен енген iрi денелi, қоңырқай өңдi, жылы жүздi кiсi залды бiр шолып өтiп, iркiлместен сөз бастап кеткен едi. Бiзге қарап ерекше ынтажiгермен көсiлте сөйлеген бұл кiсi айтқан сөздердiң менiң есiмде қалған түйiнi: сiздер Кеңес елiнiң жастарысыздар, ал Кеңес елiнiң жастары әр кез өздерiнiң мәдениеттiлiгi, тәртiптiлiгi, әдептiлiгiмен үлгi болулары керек. Екiншiден, өзге елдерден келген кейбiр жастарға елiктеп, терiс қылықтарға бой ұрудан, ақыры азғыруға ерiп елден кетiп қалуға дейiн барудан сақ болыңыздар, халқымыздың атына сын келтiретiн өзге де әрекеттерден абай болыңыздар-

деген әкелiк ақыл-кеңесi едi. Бұл кiсiнiң облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Нұртас Дәндiбайұлы Оңдасынов екенiн бiздер сонда бiлген болатынбыз. Ендi, мiне, сол кiсi менi өзiнiң кабинетiнде қабылдап отыр. Бiздер есiктен кiргеннен кейiн бөлiм бастығы маған Нұрекеңе жақын тұрған орындыққа отыруға белгi бердi де, өзi ұзын столдың арғы жағындағы маған қарсы беттен орын алды. Аздаған аман-саулық сұрағаннан кейiн Нұртас Дәндiбайұлы менiң қандай оқу орнын бiтiргенiм, мамандығым, қандай жұмыстар атқарғаным, қоғамдық жұмыстарға араласым жайлы, әдеби, тарихи кiтаптарды оқуым жайлы сұрақтар қойып отырды. Естуiм бойынша бұрын ҚКСР Үкiметiнiң төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi төралқасының төрағасы қызметтерiн атқарған, ендi облыстың бiрiншi басшысы дәрежесiнде атқарған орасан зор еңбегi арқасында халықтың құрметiне, үлкен беделге ие болып отырған жоғары лауазымды кiсiмен жүзбе-жүз кездесу, сұрақтарына жауап беру маған оңайға соға қойған жоқ. Бiр кезде Нұрекең, шырағым, Маңғыстау таза малшаруашылығымен айналысатын iрi аудан ғой, өзiң малшаруашылығы деген кәсiптi бiлесiң бе? - дедi баяу, бiрақ жеткiлiктi анық дауыспен. Бұл сұраққа мен: әкем балықшы, малшы болған кiсi. Оның iшiнде жылқы баққан. Бала кезiмде өзiме қатарлас балалармен бiрге жылқының күзетiне бару, мезгiлiнде суға айдасып келу сияқты әлiм жететiн жұмыстарға араласып жүрдiм. Университеттi бiтiрiп келгеннен кейiн де ұжымшар орталықтарындағы мектептерде оқытушы болып iстей жүрiп, малшаруашылығында болып тұратын қиын кездерде малшыларға қол ұшын беруге оқушыларды бастап барып, iстелетiн шаруаға өзiм де қатысып жүрдiм. Алайда малшаруашылығын жақсы бiлемiн деп айта алмаймын дедiм. Мен осылай деген кезiмде Нұрекең бөлiм бастығына қарай сәл мойнын бұра түстi де, мына жiгiт малшаруашылығын бiлмеймiн деп отыр ғойдедi қатқылдау үнмен. Осы кезде бөлiм бастығы маған көмекке келгiсi келдi-ау деймiн, орысша сөйлеп, “конечно, он знает элементарные вопросы сельского хозяйства”- деп қалды. Сол сол екен, бұған дейiн жайдары отырған Нұрекең бөлiм бастығының әлгi сөздерiне бiрден ренiш бiлдiрiп, столды алақанымен қағып жiберiп: Сiз не деп отырсыз, “элементарные вопросы сельского хозяйства деген не сөз?”Күнi ертең мына өзiмiздегi ауылшаруашылық техникумының ұстаздарын шақыртайын да Сiзден ауылшаруашылығының нағыз қарапайым делiнетiн “элементарные вопросы” сұрақтары бойынша сын қабылдатайын. Егер сол сұрақтарға жауап бере алмасаңыз, солай боларына мен кәмiл сенемiн, өзiңiзге өкпелейтiн боларсыздеп бiр-ақ тоқтады. Бөлiм бастығы да, мен де үнсiз қалдық. Әсiресе мен, ендi не болар екен деп қобалжи бастадым. Осы кезде Нұрекең назарын маған аударып: есiңде болсын, малшаруашылығында “элементарные” дегендей ұсақ нәрсе болуға тиiс емес, мұнда әрi оңай, әрi жеңiл шешiле салатын iс жоқ. Өйткенi төрт түлiк мал

дегенiмiз жеткiлiктiбiлiп күтудi, әр түлiктiң бiр-бiрiнен өзгешелiгiн ескере отырып, тиiсiнше жайыпбағуды, сөйтiп, қалыпты дамуын қамтамасыз ету үшiн жеткiлiктi шаралар алып отыруды қажет ететiн аса жауапты сала. Университеттi бiтiрген кiсiге тағы бiр ауылшаруашылығына байланысты оқу орнын бiтiр дегiм келмейдi. Бiрақ бұл сала туралы жазылған материалдарды үзбей оқып, малшаруашылығы ғылымынан жеткiлiктi хабардар болуың керек. Өзiң бiлесiң, Маңғыстау аудандық Кеңес атқару комитетiнiң төрағасы болып iстеген Қазиев Қошық деген азамат бiздегi ауылшаруашылық техникумын бiтiрдi. Соның арқасында ғана жұмысы өзгерген кезде ол ”Мұқыр” кеңшарына директор болып бара алды. Егер оның арнаулы мамандығы болмағанда кеңшар директоры етiп жiбермеген болар едiк. Сiз бiлiмi бар жас адамсыз, алдыңызда талайталай қиындықтар, өмiр өткелдерi бар. Сол қиындықтарды жеңiп, белестерден аброймен өту үшiн әлi де болса жан-жақты дайындық, жетiлу керек. Менiң өзiм 34 жасымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы болдым. Оған дейiн де бiрқатар лауазымды қызметтер атқарған болатынмын. Кадрдың жас болуы оның жауапкершiлiгiн төмендетпейді, керісінше, тапсырылған iстi лайықты атқаруға барлық күшжiгерiн аямауды, бiлiм-тәжiрибесiн жетiлдiре түсудi талап етедi. Жұмысыңыз жемiстi болсындедi. Мемлекет және қоғам қайраткерi, жоғары лауазым иесi Нұртас Дәндiбайұлының бұл сөздерi есiмнен шығып көрген жоқ. 1964-1966 жылдар арасында Алматы екi жылдық Жоғары партия мектебiнде оқыған кезiмде Алматы зоотехникалықмалдәрiгерлiк институтына сырттай түсiп, ғалымзоотехник мамандығын алып шығуыма да Нұрекеңнiң осы сөздерiнiң ықпалы болды дей аламын. Қандай ма болмасын iстi шешуге аса жауапкершiлiкпен қарау, жеңiл шешiлетiн қарапайым мәселе ғой деген ойдан аулақ болу қажеттiгiн бойлай ескерiп жүру де Нұрекеңнiң осы қабылдауынан бастау алды десем артық айтқандық емес. Соңғы кездердегi Нұрекең туралы жазылған көптеген мақалаларды оқыған кезiмде асыл ағаның өз аузынан айтқан мына сөздерiне кезiккен едiм: “Мен үш нәрседен тазамын: ел алдында арым таза. Қаншама жыл билiк басында жүрiп, бiреуден бiрдеме дәметiп, немесе пара алған адам емеспiн. Бұлел алдындағы арымның тазалығы. Екiншi, ел алдында жүзiм таза. Мың сан адаммен араласып жүрiп, бiр адамның руын сұрап, бөлген емеспiн. Үшiншiден, қолым таза. Кейбiр жұрт айтқанға көнбей, бiреулердi “халық жауы” деп атап жатқанда, олар атылып жатқанда, мен мұндай құжаттардың бiрдебiрiне қол қойған емеспiн”- деген екен. Қиын да қарбалас, ел iшiн үрей билеген тар заманда басшылық қызметте болып, адалдық қалпынан айнымаған, өзiмен қатар жүрiп, халқының болашағы үшiн күреске бар өмiрiн сарп еткен жолдастарын-асыл ерлердi қаралаушыларға тоқтау айтып, арын таза сақтап, адалдық, қайсарлық көрсеткен, әрқашан қазақ мемлекетiнiң туын жоғары ұстап, ойлағаны елiнiң ертеңi, халқының қамы болған айтулы тұлға - Нұртас Дәндiбайұлының өнегелi өмiрi халық жадында сақтала бермек.

«Маңғыстау». 18. 11. 2004 жыл.

ЕСТЕН КЕТПЕС ТҰЛҒА

Жылдар өткен сайын өмірде болған оқиғалар, кездескен, жұмыстас болған кісілеріңмен бірге өткізген күндер, атқарылған істер біртіндеп көмескілене беретіні белгілі. Дегенмен де кісінің жүрек төрінен өшпестей орын алатын есімдердің болатыны сөзсіз. Сондай есімдердің бірі, бірі емес-ау, бірегейі, сөз жоқ, біздің құрметті Төкең – Тұтқабай Әшімбайұлы еді («Маңғышлақ» облыстық партия комитетінің алғашқы бірінші хатшысы). Төкең жөнінде естелік жазу оңай шаруа емес, өйткені оның барлық азаматтық тұлғасын, ұйымдастырушылық қабілетін, ақылы біліміне сай биік деңгейін, қоғамдық, саяси өмірдегі алған орны мен жеткен биігін шынайы көрсете білу, әрине, киынның қиыны. Сондықтанда мен тек қана Төкеңмен өз жұмысымның әр түрлі деңгейінде кездесіп, оның ішінде тікелей бірге жұмыстас болған жылдар ішіндегі бұл кісі туралы көрген-білгенімді, оның ұлағатты ұстаздық, басшылық өнегесі жайында баяндағым келеді. 1973 жылдың наурыз айының 16 жұлдызының кешінде сол кезде аудандық партия комитетінің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы болып істейтін мені және аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасарлары К.Есболов пен Ф.Теміралиеваны аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Тәжібаев шақырып алып жаңа ғана Бейнеуге шақыртумен барып келгендігін, онда Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Мұқашев, облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы О.Көшеков жолдастармен кездескенін, жақын арада жаңадан «Маңғышлақ» облысы құрылатынын, оның құрамында жаңадан Бейнеу, Ералиев атындағы аудандар құрылатын болғанын айта келіп, облыс басшыларымен келісім бойынша менің Бейнеу ауданының аупаркомының бірінші хатшылығына, Ф.Теміралиеваның идеология жөніндегі хатшылығына, К.Есболовтың аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағалығына ұсынылып отырғандарымызды, күні ертең Алматыға ұшатынымызды қаперімізге берді. Осы кезге дейін «Маңғыстау» ауданы Гурьев облысынан шалғайдағы өндірісі жаңадан дами бастаған басқа да қалаларымен іргелес ірі мал шаруашылықты ауданы еді. Аудан орталығынан 300 шақырым қашықтықта орналасқан Бейнеу кенті теміржол, газ, мұнай айдау станциялары орналасқан шағын кент болатын. «Маңғыстау өңірінен «Маңғышлақ» облысының, оның құрамында Бейнеу ауданының құрылғалы отырғаны туралы хабар лезде елден-елге тарап, өңір халқын үлкен қуанышқа бөледі. Сонымен біздер, жаңа облыстың құрылуына байланысты облыс, аудандар мен қалалардың басшылары қызметіне ұсынылған, отыздың үстіндегі адам Алматыға 18 наурыз күні келдік те 19 наурыз күні жаңа

Маңғышлақ облысын құру жөніндегі ұйымдастыру бюросының (төрағасы Тұтқабай Әшімбаев) қабылдауында болдық. Қабылдауда болған азаматтар бірінен кейін бірі өздеріне ұсынылған портфельдерін алып шығып жатты. Бір кезде кезек мағанда келді. Соңғы екі-үш күн ішінде Төкең туралы, барлық білгеніміз оның Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы жұмысынан жаңадан құрылған «Маңғышлақ» облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынылып отырғаны еді. Мен кірген кезде стол басында аққұба өңді, қой көзді, қызыл шырайлы, қою аппақ шашты, орта жастағы жылы жүзді кісі отыр екен. Қасында маған жұмыс жайына байланысты 1968 жылдан таныс, партиялық жұмысты мейлінше жетік білетін, жоғары талапшыл И.Канапьянов (Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Гурьев облысы бойынша ұйымдастырушы-инспекторы), облыстық партия комитетінің ұйымдықпартиялық жұмыс бөлімінің меңгерушілігіне ұсынылып отырған Н.Қонысов бар екен. Төкең маған қарап: «Сізді жаңадан құрылып отырған Бейнеу ауданының аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметіне ұсынып отырмыз, қалай қарайсыз? – деді жұмсақ дауыспен. Мен партия сеніміне рахметімді айтып, айтылған ұсынысқа келісетінімді білдірдім. Содан кейін Төкең жаңа ауданның, оның атқару комитетінің алдында тұрған міндеттердің оңай еместігін, жұмысты қалай бастап, қандай мәселелерге бірінші кезекте назар аудару керектігін асықпай қоңыр дауыспен жайлап түсіндіріп өтті де, «келістік ендіше» деп қолымды алды. Осы әңгіме кезінің барлығында да Төкең менің жүзіме жайлап назар аударып отырды. Мен аздап қысылғанымды байқадым. Сыртқа шыққаннан кейін мені күтіп тұрған жолдастар, ия, не деді, қалай болды, не жұмысқа ұсынды, алды жақсы кісі ме екен? – деп үсті үстіне сұрақтар қойып жатты. Мен оларға: «Ақылды адам жәй-жәй келеді, жанжағын абайлай келеді» – деген даналық сөз бар ғой, мына кісінің қабылдау ретіне қарағанда ақылды кісі болар – дедім. Осы күні түсқайта бәрімізді – жаңадан құрылған Маңғышлақ және Жезқазған облыстарына әр түрлі деңгейдегі жауапты жұмыстарға ұсынылған 50 ден аса қызметкерлерді КПСС Орталық комитетінің саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіні бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жолдас қабылдап, бұл облыстар алдында тұрған міндеттерге қысқаша тоқтала келіп, бәрімізге халық игілігіне таза еңбек етіп, табысты болыңыздар деген тілек білдірді. Қолдарына билік тиген (бірен-саран билік тимей қалғандар да болды) барлық басшылар болып наурыз айының 20-шы жұлдызында облыс орталығы – Шевченко (кәзіргі Ақтау) қаласына ұшып келдік. Осы күннің ертеңіне Маңғышлақ облысының құрылуына байланысты облыстық актив жиналысы өтті. Жиналыста Д.А.Қонаев сөз сөйлеп, бұл өлкеде жаңадан облыс құрудың өндірістік күштерді, ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы партия койып отырған талаптарды орындауда, халықтың әлауқатын көтеруде үлкен роль атқаратынына тоқталды. Осы аса жауапты

міндеттерді орындауға облыс, қала, аудан басшылары алдында күрделі де абыройлы істердің күтіп тұрғандығына айрықша назар аударды. Активте сөз алған Тұтқабай Әшімбайұлы Қазақстан Үкіметінің Маңғышлақ және Жезқазған облыстарын құру туралы қаулысының алынуы партия мен Үкіметтің халықтың әлеуметтік жайын жақсартуға бағытталған қамқорлығының айғағы дей келіп, осы аса маңызды шешімнің бүкіл халықтың қолдауына ие болып отырғанын, ендігі міндет кадрлердің өз істеріне қаншалықты жауапкершілікпен қарауларында, қаншалықты ынтамен жігер көрсетулерінде екендігіне тоқталды. Төкең өз сөзін біздің жұмысымыз өлкеде жаңадан облыс құру көзделген мақсаттарға жеткізе алады ма, жоқ па деген сауалға лайықты жауап беретіндей деңгейде жүргізілуі керек. Сонда ғана біздің ісімізге халық та, партия да риза бола алады деп аяқтады. Бұл сөздерді тыңдап отырған активке қатысушылар облысқа аса жігерлі, іс тетігін білетін, өмір өткелдерінен өткен, шешен сөйлейтін лайықты басшының келгендігіне көз жеткізді. Сонымен, актив жиналысы аяқтала сала жаңа облысты, аудандарды құруға байланысты сан-алуан жұмыстар басталып кетті. Біздің Бейнеу ауданын құру жөніндегі ұйымдастыру бюросының төрағасы болып бұрыннан Маңғыстау халқына жете таныс, көп жылдар ауданда басшы қызметтерде болған, соңғы кезде Гурьев облысының Теңіз аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып істеп жүрген Өтеуов Арон Махуұлы белгіленді. Арекең кейіннен аудандық партия конференциясында аупарткомның бірінші хатшысы болып сайланды да, мен аудандық Кеңестің бірінші сессиясында (сәуір айының 5-ші жұлдызында) ауаткомның төрағасы болып сайландым. Жұмыс бастан асып жатты. Бұл күндер біздер үшін жұмыс сағаты, демалыс деген ұғымдарды ұмытқан кез болды. Жаңадан құрылып жатқан ауданның жәйі бұнсыз болмайтын да еді. Бір де аупарткомның бюросы, бір де ауатком мәжілісі, кадрлерді қабылдау, іріктеу, олармен әңгімелер өткізу, жаңадан өмірге келіп жатқан мекемелерге орын тауып беру, т.б. қым-куыт жұмыстар ешбір мігір бермейтін. Оның үстіне өз облысымыздан, Гурьевтен, Саратовтан, Қоңыраттан (соңғы қалалардан газ айдау стансасының жұмысына байланысты) мәселе шешуге келуші жауапты қызметкерлер қаншама. Мұның үстіне 500 шақырымға жуық қашықтағы Бейнеуден облыс орталығында өтетін жиналыстарға жиі-жиі поезбен барып тұру да қыруар уақыт алатын. Бұл кездерде бірінші облыстық партия конференциясында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Тұтқабай Әшімбайұлы Әшімбаев, облыстық Кеңестің 1 сессиясында облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып Николай Александрович Гуляев сайланған болатын. Төкең де, Николай Александрович те біздерді жиі-жиі шақырып, немесе телефонмен хабарласып аудан жайын мейілінше толық біліп, тиісті көмектерін беріп отырды. Мамыр айының 19-шы жұлдызында (ауа өте таза, аспан ашық болатын) ертеңгі сағат 10-дар шамасында ұшақпен Тұтқабай Әшімбайұлы біздің

ауданға бірінші рет аудан жайымен танысуға келді, қасында басқа да бір қатар облыс басшылары болды. Облыстық партия комитеті бірінші хатшысының келетінін естіп жиналған халық Төкеңді құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатты. Тұтқабай Әшімбайұлы да өзіне тән кішіпейілділікпен көбінің қолын алып амандасып, кәзіргі хал-жағдайларын сұрай отырып, міне, сіздерде жаңадан аудан құрылды, бұл халық үшін жасалған үлкен қамқорлық, ендігі жерде тұрмыс жағдайларыңыз бұрынғыдан да жақсара түсетін болады деп сендірді. Аудандық партия комитетінде өткен кездесуде Тұтқабай Әшімбайұлы біздер қойған: су құбырын (Сам құмындағы) «Маңғыстау» кеңшары арқылы Бейнеуге тарту, аэропортта ұшу алаңын салу, темір жолда контейнерлер қабылдайтын ауданша жасау, типтік теміржол вокзалын, Кеңестер үйін салу сияқты мәселелердің бәрініңде шешілуіне көмектесетінін, ол үшін осы құрылыстардың қажеттігі туралы тиісті орындарға хат жазу керектігін қаперімізге берді. Осылайша бірқатар жұмыс жайын талқылап сыртқа шыққанымызда, бұған дейін ашық аспанды тегіс қоңырқай бұлт торлап, жерге жылы жаңбыр тамшылары түсе бастағанын байқадық. Бейнеуде көп аялдамай «Маңғыстау» кеңшарына ұштық, келісім бойынша машиналар сонда жіберіліп қойылған болатын. Мұнда келгеннен кейін Төкең ұшақты қайтарып қоя берді де, ауданның бірқатар территориясын машинамен аралаймыз, содан кейін машинамен Маңғыстау ауданының территориясында боламыз деп өз шешімін айтты. Бұл кезде бағанағы Бейнеуде басталған уақ тамшылар енді сіркіреген жылы жаңбырға айналды. Облыс басшыларын осыған дейін Маңғыстау ауданындағы таңдаулылардың бірі болып келе жатқан кеңшар жайымен оның директоры Таушан Корбаков таныстырып өтті. Бұл жерде де кеңсе қызметкерлері, ауыл азаматтары Төкеңе жылы лебіздер білдіріп жатты. Бұл елді мекеннен кейінгі бағыт Үстірт станциясы, ал жаңбыр болса ұласа түсіп, оның бір тамшысы да шашау шықпай шөлдеген жерге бірден сіңіп жатқандай көрініс беруде. Мамыр айындағы кәзіргі сәттегі, шөп басын қимылдатар жел жоқ күнгі майда ақ жаңбырға құлпырып көк мақпал түске оранған айналаның сұлулығын суреттеуге тіл жетпей, тек осы жаңбыр неғұрлым молырақ жауса, соғұрлым мал өсірген ел ырысы да молырақ болатыны есіңе түскенде көңіліңді қуаныш билейді. Машинада келе жатқан кісілердің бәрінің сөзі де, ойы да осы жаңбыр берер молшылық төңірегінде болды. Басшылар Үстірт станциясында аялдап, бұндағы елдің жәй-күйімен танысып шыққаннан кейін де жауын басылмаған еді. Жерге сіңіп үлгермеген судан машиналарға аяқ суламай бару үшін тақтайларды пайдалануға тура келді. Тұтқабай Әшімбайұлы бастаған облыс басшыларын осы жерден С.Тәжібаев, О. Сармұрзин, басқа да азаматтар қарсы алып, Үстірттің үстінде орналасқан малшылар мен мал отарларын аралатуға, одан әрі Маңғыстау ауданының жәйімен таныстыруға бастап кетті де, біздер Бейнеуге оралдық. Мен құрметті Төкеңнің біздің ауданды аралаған осы 19-шы мамырдағы сапарын баяндаған кезімде, көбіне көп, сәске түсте басталып, екі күн ұдайы

ашылмай жауған жауын туралы көбірек айтқан тәріздімін. Оның да себебі бар. Шөл және шөлейіт аймаққа жататын біздің облыста мұншама мол жаңбыр сирек кездесетін оқиға. Әр кез көкте бұлт айналған сайын жаңбыр жауар деген үмітпен аспанға көз тігетін малшы қауым гулеген жел алдында асыға ұзап бара жатқан бұйра бұлттарға «өкпе-назын» жеткізе алмай қала беретін. Мұның арты қуаншылық болып, мал шығыны орын алатын. Жиі болып тұратын осындай қолайсыздықтардан запы шегіп жүрген елге бүгінгі жаңбыр табиғаттың арнайы жіберген сыйы тәрізді әсер етті. Біз ырымшыл халықпыз ғой. Сондықтан да бұл мол жауынның облыс құрылған кезге сәйкес келгенін «жақсы адам – елдің ырысы, жақсы жер – жанның тынысы» деген сөз бар еді, Тұтқабай елге ырыс болғалы келген екен деп сүйінді қарттар. Шынында да осы жылы жерге бұрын-соңды болмаған мол шөп шығып, пішеншілер дер кезінде мал азығын жеткілікті дайындауға мүмкіндік алды да, қолда бар мал қыстан аман, күйлі шықты. «Жауын деп облыс құрылған жылы жауған жауынды айт», «Жауын деп біздің ауданға Тұтқабай Әшімбайұлы келгендегі жауынды айт, әй сол жылғы шөптің шығысы-ай» деген сөздер ел ауызында осы кезге дейін айтылып келеді. Тұтқабай Әшімбайұлы облыста өндіріс пен күрделі құрылысты, ауыл шаруашылығын, соның ішінде қой шаруашылығын өркендетуге үлкен күшжігер жұмсады. Әңгіме осы салалардың қай-қайсысы туралы болса да, ол өзінің аса біліктілігін көрсетіп отырушы еді. Мұнай өндірісінің белгілі бір маманы Төкеңмен мұнай өндірудің сан алуан салалары туралы сөйлескенде, тиісті түсініктер берген кезінде оны осы саланың маманы болар деп ойладым дегені әлі есімде. Төкеңнің жоғарғы дәрежелі басшыға тән шебер сөйлеп, өз пікіріне тыңдаушыларды иландыра білетін қасиетін үлкен бір жиналыста көргенім бар. Бұндай сәт біздің облысқа СССР финанс министрі Н.К.Байбаковтың, СССР орта машина жасау министрі Е.Славскийдің келген кезінде болған еді. Осы кездесуде Төкең аса жоғары білімділікпен «Маңғышлақ өндірістік-территориялық кешенін (комплексін)» дамытудың жан-жақты қырларын мейлінше жеткілікті дәлелдеп беріп, осы биік мәртебелі кісілердің кешенді ұтымды, үйлесімді жүргізуде орын алып отырған кедергілерден шығу үшін, әсіресе, облыстың мұнайлы аймақтарын кеңінен зертеуге тиісті қаражат бөлуге келісімдерін алған еді. Тұтқабай Әшімбайұлы Маңғышлақ өндірістік территориялық кешені туралы сөз болғанда басты назарды мұнай өндіруді ұлғайтумен бірге, жаңа алаңдарды зерттеу, игеру керектігін, сондай-ақ, осы саланың қай процестерін іске асыруда болмасын еңбек өнімділігін арттыру қажеттігіне аударып отыратын. Төкең Маңғыстау мұнайының тек облыс экономикасы емес, бүкіл Республика экономикасының негізі болатынына күмән келтірмеген кісі еді. Ол күнсайын жұмысқа ерте келіп, бірден мұнай өнімінің жәйі туралы мәліметті көреді де, тамыр ұстап адамның денсаулығына баға беретін дәрігерлердей, мұнай мөлшерінің өткен күндердегіден азайып кеткенін байқасымен бірден Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Ислам Әбеновке телефон шалып, жағдаймен танысатын. 1975 жылы

Өзенмұнайгаз өндіру басқармасы тәулігіне 54-55 мың тонна мұнай өндіруші еді. Осы көрсеткішке дағдыланған басшы, өндірілген мұнай мөлшері бір-екі мың тоннаға азайып кетсе бұны үлкен жауапсыздықтың орын алғаны деп санайтын. Облыспен бірге құрылған Бейнеу ауданы өндірісі мен мал шаруашылығы қатар дамыған аудан болды. Басты өндіріс орны Прорвамұнайгаз өндіру басқармасы еді. Басқарма бойынша тоғызыншы бесжылдықтың аяғында мемлекетке жоспар мен міндеттемені қоса есептегенде 1 млн. 500 мың тонна, әрбір күн сайын 4100 тонна мұнай өткізілетін. Төкең бұл көрсеткіштің де орындалысын қадағалап, ара-тұра телефон шалып өндірістің және мұнайшылардың әл-аухаты жәйін біліп отыратын. Өндіріс қарқынын бәсендетпеу шараларын алуды қалалық, аудандық партия комитеттеріне, өндіріс басшыларына тапсырумен бірге өз тарапынан да тиісті шешімдер алып отырушы еді. Осының нәтижесінде 1975 жылы Маңғышлақ облысында рекордтық өнім – 20 млн.тонна мұнай алынды. 1971-1975 жылдар арасында мемлекетке 85 млн. тонна мұнай өткізілді. Бұл сегізінші бесжылдықтағы көрсеткіштен үш есе артық еді. Осы уақыт ішінде мұнай өндіруде еңбек өнімділігі 31 пайызға, бұрғылауда – 44,4 пайызға артты. Әртүрлі күрделі себептердің салдарынан мұнай өндіру ісі үнемі алға баса алған жоқ. Бұл жөнінде облыстық партия комитетінің 1978 жылдың 7-ші желтоқсанында өткен облыстық партия комитетінің пленумында Тұтқабай Әшімбайұлы өндіріс орындары, партия, кеңес, кәсіподақ басшыларын қатты сынға ала келіп, мұнай өндіру қарқынының жылдан жылға төмендеп кеткенін нақты дәлелдеп берді. «Облыста мұнай өндіру 1976 жылы 19,3 млн., 1977 жылы 16,5 млн, 1978 жылы 15 млн. тонна болып біртіндеп төмендеп келеді. Оныншы бес жылдық жоспарынан мұнай өндіруді 2,8 пайызға кем алып отырмыз. Бұндай ойсыраған олқылақтарға жол берген басшылар тиісті жауапкершілікке шақырылатын болады» – деді ол өз баяндамасында. Осындай жоғары талаптардың және нақты басшылықтың арқасында, сондай-ақ, жаңадан игерілген Бозашы түбегі мұнайының алынуына байланысты он бірінші бесжылдықтың аяғында облыста 18 млн. тонна мұнай алу жоспарланды. Төкеңнің тікелей басшылығының арқасында облыс құрылғаннан кейінгі жылдарда Маңғыстау жарты аралығында күрделі құрылыс саласы да қарышты қадаммен алға басты. Облыс қалалары мен аудандарының бүкіл бейнесі кісі танымастай өзгеріп, көптеген өндірістік, шаруашылық тұрғын үйлер мен мәдени-тұрмыстық құрылыстар, спорт комплекстері өмірге келді. Электр желілері ірілі-уақ елді мекендерді былай қойғанда шашыранды орналасқандарына қарамастан, жекелеген малшылар бригадаларына дейін жеткізіліп, әрбір үйде электр жарығы шұғыласын шашты. Облыс орталығы – Ақтау қаласының архитектуралық ансамблін жасаушы архитекторлар және құрылысшылар тобына 1978 жылы қатаң табиғат жағдайында әсем көгалдандырылған, тұшытылған теңіз суымен

қамтамасыз етілген қала тұрғызғандары үшін Халықаралық архитекторлар Одағының алтын медалі мен Патрик Аберкромби атындағы сыйлығы берілді. Ақтау қаласы осылайша республикадағы ең жас, әрі көрікті қала атана тұрса да, Тұтқабай Әшімбайұлы қала құрылысын одан әрі де жақсарта түсу керек, көз тартпайтын бірыңғай бір типті сұрғылт үйлердің көбейіп бара жатқанына көңіл толмайды деп өзінің сөйлеген сөздерінде жиі-жиі айтумен бірге, болашақ салынатын шағын аудандарда осы жайлардың ескерілуі қажеттігіне тиянақты бағыт беретін. Сондай-ақ, жаңадан салынатын тұрғын үй құрылыстарында негізінен көп балалы болып келетін жергілікті ұлт өкілдерінің жағдайлары ескеріліп, пәтерлер бөлмелерінің кең және саны жағынанда көбірек болуына назар аударуды жобалаушы-сәулетшілердің қаперіне беріп отыратын. Қаланың 15 шағын ауданында салынған бөлмелері мен коридорлары кең, әсіресе, көп балалы отбасыларына ыңғайлы бірнеше үйлердің өмірге келуі де Төкеңнің осы ұсыныс-пікірлерінің айқын көрінісі екендігі күмән туғызбайды. Төкең халық шаруашылығының қай саласы болмасын өрге бастырудың негізгі мақсаты халықтың әл-аухатын көтеру, мәдени-тұрмысын жақсарту деп үйрететін. Сондай-ақ ол жас ұрпаққа тиянақты білім беру, әсіресе, мектеп-интернаттардағы шопандар балалары тәрбиесінің жайына айрықша назар аударып отырды. Өзінің аса жұмыс бастылығына қарамастан осы орындарды аралауға, көруге, бұл саладағы жұмыстардың жетекшілеріне бағыт-бағдар беруге уақыт таба білді. 1974 жылдың ақпан айының ішінде облыстық партия комитетінің бюросында «Мектептердің жанындағы интернаттарда балалар тәрбиесінің жәйі туралы» мәселе қаралды. Бюрода бұл жұмысты жүргізуде үлкен кемшіліктерге жол беріліп келе жатқаны анықталып, Тұтқабай Әшімбайұлы өзінің қорытынды сөзінде ата-аналарынан жырақта оқып жатқан малшы балаларына қамқорлық төменгі дәрежеде болып отырғанына үлкен қиналатынын айтып, сол кездегі оқу бөлімі басшыларының, облыстық Кеңес атқару комитеті төрағасы орынбасарларының, ауылшаруашылық басқармасы бастығының, аудандық Кеңес атқару комитеттері төрағаларының - бәріміздің аттарымызды атап, тұжырымды тапсырмалар берді. «Ешкімнің де өз қолымен ештеңе жасағысы келмейді – деді Төкең қатқыл дауыспен – қайсыбір интернаттарда киім ілетін шкафтар жоқ, балалардың киімі жарға қаға салған шегелерге ілінеді, тазалық сақталмаған, едендер мұқият жуылып отырылмайды, балалар жүретін жолдардың жиіктері ағаш қадалармен қоршалмаған, кішкентай балалардың түнде сыртқа шығуларын ұйымдастыру жайы ойластырылмаған. Міне, осы сияқты қарапайым нәрселердің іске аспауы бұл жұмыстармен айналысуға тиісті әртүрлі деңгейдегі қызметкерлердің үлкен жауапсыздыққа жол беріп отырғандықтарын көрсетеді, біз бұдан былай бұндай жағдаймен келісе алмаймыз» - деп қорытындылады Төкең өз сөзін.

Осы бюрода қаралған екінші мәселе: «Облыстағы балалар өлімінің жәйі туралы» болатын. Бұл мәселені талқылау да өте қатаң талап деңгейінде өтті. Республикада балалар өлімі жөніндегі көрсеткіш 26 пайыз болғанда біздің облыста 39 пайыз екен. Сондықтан да Төкең бұл мәселе бойынша қабылданған қаулының әрбір пунктінің мүлтіксіз орындалуын өзі қадағалап отыратынын қаперімізге беріп, орындалмаған жағдайда тиісті шара алатынын ескертті. Облыстың қай ауданын алсақ та балалар өлімімен күресте басты роль атқаратын аптекалар құрылысы, балалар тамағын дайындайтын арнайы кухня, басқада аппаратуралар жетіспейтіні белгілі. Ал осыдан бір жылға таяу бұрын құрылған Бейнеу ауданында да да бұл мақсатқа пайдаланатын бос орын болмайтын. 40-тың үстіндегі мекеме, мектеп, балалар бақшаларын орналастыру, басқа да көптеген мақсаттарға бұрыннан құрылыс салынбаған, жаңа ғана аудан орталығы болған шағын кенттен бос орын табу қиынның қиыны еді. Мәселе талқыланып болып, енді қаулы қабылданар кезде Тұтқабай Әшімбайұлы «Бейнеуде аптека ашу ауаткомға тапсырылсын»- деді. Мен орнымнан ұшып тұрып: «Төке, бізде орын жоқ» – деп қалдым. Сонда Төкең «Әліде сығылысыңқырап орын табу керек» - деді. Мен де өз сөзімді қайталап, біздер соншама «сығылыстық», енді сығылысар жер жоқ дедім, десем де артықтау кеттім-ау деп қысыла бастаған едім. Сол кезде Төкең аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына жүзін бұрып «орын табу Өтеуовке тапсырылсын» – деді. Менің бұл жерде айтқым келгені Тұтқабай Әшімбайұлының кадрлерге кешіріммен қарайтын, оларды түсіне білетін сабырлы мінезі – кісілігі еді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы бола тұра өз пәрменін бір емес, екі рет қайталағанының екеуінде де орын жоқ деп тұрып алған ауатком төрағасын жазаламағаны, тіпті реніш білдіріп қатты сөз айтпағаны менің әлгі пікірімді дәлелдесе керек. Сайып келгенде ауданда аптекаға орын іздеу аупартком емес, ауаткомның жұмысы ғой. Бюро шешімі халықтың қамын ойлаған, балалар өмірін сақтауға бағытталған игілікті шара болатын. Сонымен көп ұзамай тапсырманы орындап, Төкеңнің көңілінен шыққандай болдық. Араға 7-8 жыл түскеннен кейін аудан орталығынан жаңа типтегі аптека салынып, ол осы кезге дейін халықтың бұл саладағы сұранысын атқаратын белгілі орын болып отыр. Бұл да сол Төкең басқарған бюро шешімінен бастау алған игі істің кемеліне жеткен көрінісі еді. Тұтқабай Әшімбайұлы алды кең, шешуін таппай қинаған мәлелелерге байланысты қойған сауалдарыңызға әрқашанда тынғылықты жауап беретін ақылгөй кісі еді. Бір мысал келтіре кетейін. Бәрі де сол орынның жоқтығына келіп тіреледі. Аудан орталығынан 50 орындық аурухана ашуға штат алсақ та, жұмыс бастап кетуге орынның жоқтығы мықты кедергі болып жүрген кез. Сондықтан да бір-екі барактарды ауруханаға лайықты етіп жөндеу аудандық партия комитетінің шешімімен аудандағы жалғыз-ақ құрылыс басқармасының бастығы коммунист Н.С.Крючкинге тапсырылған болатын.

Уақыт өтіп жатқанына қарамастан берілген тапсырма аяқталмай созыла берді. Қараша айының да аяқталуы таянған кезде біздер барактарды жөндеу жұмысы бітпей қалама деп қауіптене бастадық. Өйткені осы 1973 жылы ауруханаға бөлінген қаржы пайдаланылмай қалған жағдайда 1974 жылы аурухана үшін штат қаралмай қалатын болды да, аудан басшылары болып Н.С. Крючкиннің өзімен кездесіп жағдайды білуге тікелей жұмыс жүріп жатқан жерге бардық. Сол жерде жүрген Крючкин бізбен амандасып сөйлеспестен аздаған құрылысшыларға жұмысты тоқтатуға бұйрық берді де өзі машинасына отырып жүріп кетті. Құрылыс басшысының мына тарпаңсоқ менмен әрекеті біздерді қатты ренжітті де, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы В. Салов жолдасқа (бұл кезде А. М.Өтеуов еңбек демалысында болатын) оның партиялық мәселесін тап кәзір бюрода қарауды ұсындым. Біздің ойымыз жұмысты дәлелсіз созып, барақтарды жөндеу жұмысын 1-ші қыркүйекке дейін аяқтау жөніндегі партиялық тапсырманы орындамаған, сонымен бірге, аудан басшыларымен жөн сөйлеспей, менмендік көрсеткен тәртіпсіз коммунисті партиядан шығару болды. Алайда аудандағы жалғыз құрылыс басқармасының бастығын партиядан шығара салу оңай ма? Бұған облыстық партия комитеті қалай қарайды деген оймен Тұтқабай Әшімбайұлымен сөйлескенді жөн көріп мен ол кісіге телефон шалып жағдайды толық баяндады. Сонда Төкең барактарды жөндеу жұмысы құрылыс басқармасының жоспарына кірмейді ғой, сондықтанда Крючкинді партиядан шығарып жіберуге болмас. Оның партиялық мәселесін қарап, жөндеу жұмыстарын жуық арада бітіремін деген уәдесін алып қатаң партиялық жаза берсеңіздер сода жетер деп кеңес берді. Біздер осылай еттік те. Төкеңнің осы ақылының арқасында желтоқсан айының орта шенінде аудандық аурухана жаңадан жөнделген барақтарға орналасып өз жұмысын бастап та кетті. 1975 жылдың күзінде Төкең мені шақырып алып, сенің жұмысыңды өзгерткелі отырмыз, ендігі жерде облыстық партия комитетінің ұйымдықпартиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып істейтін боласың деп бір-ақ кесіп айтты. Бұндай ұсынысты күтпеген мен біраз кібіртіктеп қалдым да, бұл өте жауапты жұмысты атқару қолымнан келе алар ма екен деген солқылдақ пікір білдірдім. Сенің қолыңнан келеді деп сенгендіктен де ұсыныс жасалып отыр. Маңғыстау ауданында бұл жұмысты алты жылдай істепсің, обкомда да сол жұмыс қой, қажет кезде көмектесеміз, Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетіне сөйлесуге барғаныңда ұсынылып отырған жұмысты алып бара алатыныңа сеніміңнің жеткіліксіздігі туралы кәзіргідей сөз айту қажет емес, тек қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беруді ойлағайсың деп ағалық ақыл-кеңес берді. Осы кезден бастап Төкеңмен облыстық партия комитетінде үш жылға таяу тікелей жұмыстас болдым. Төкеңнің шамалы нәрсеге ашу шақырмайтын жәй, өте сабырлы кісі екендігіне бір мысал келтіре кетейін. 1975 жылдың жеткоқсан айы. II облыстық партия конференциясы өтіп жатқан кез. Менің обкомның

ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып істегеніме көп бола қойған жоқ. Осы дәрежеде облыстық партия конференциясын өткізуім (әрине бөлім бастығына қатысты мәселелер бойынша) бірінші рет. Дегенмен конференция жұмысы күтпеген оқиғаларға кезікпей негізінен аяқталып келеді. Төкең де, басқаларымыз да пленум мүшелері болып бірауыздан сайландық. Енді пленум өткізіп бюро мүшелерін, бірінші хатшыны сайлау қалған кез. Үзіліс жарияланды. Үзіліс кезінде конференция өтіп жатқан Абай атындағы мәдениет сарайынан жұмыс орындарымызға барып пленум өткізуге байланысты материалдарды қарап алу, келісу үшін Төкең, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің атынан конференцияға қатысуға келген Қ. Егізбаев ( Орталық Комитеттің бюро мүшелігіне кандидат), Москваның өкілі және мен болып Облыстық партия комитетіне келдікте лифтіге отырдық. Лифт көтеріліп келе жатты, міне қызық, бір кезде тоқтап қалды. Біздер біраз күтудеміз. Арасында тұрып қалғанымызды білдіретін тетікті басып қоямыз, бірақ хабар жоқ. Қосекең де (Егізбаевті айтамын) ақ-жарқын, көңілді, әр кез әзіл қалжыңы дайын тұратын, жақсы азамат еді ғой, осы мінезіне салған ол: «Міне, көрдіңіздер ме, жаңа ғана пленум мүшелігіне сайландық деп тоқмейілсіп құдайларыңды бір сәт ұмытып кетіп едіңіздер, осы тұрғанымыз соның салдары» – деді күліп. Осы кезде жиырма минуттей тұрған лифт де жүріп кетті. Ал, Төкең болса конференцияны өткізудің барлық шараларын жасақтаған маған, не болмаса, лифтіге жауап беретін басқа жолдастарға, бірде-бірімізге бір ауыз сөз айтпады, қайта ертеңіне конференцияның жоғары деңгейде өткені үшін біздерге рахмет айтты. Бұл мысалдан Төкеңнің қандай ма болмасын іске кімнің қаншалықты қатысы бар екенін түсіне білетін, орынсыз ірілік көрсетпейтін үлкен парасатты адам болғанын көреміз. Басқа кейбір осы дәрежедегі басшы болса, жаңағыдай жағдайға кез болғанда, тисе торғайға тимесе ырғайға дегендей ашу шақырып, дауыс көтерген болар еді. Төкеңмен қызметтес болған жылдарымды мен үлкен өмір мектебінен өткен кезім деп есептеймін. Үлкен жүректі аяулы ағаның ақыл кеңесі, саналуан жұмыс әдісі, тапсырылған істі мезгілінде сапалы орындауды әр дайым қадағалап отыратын сергектігі, жүйелі логикаға құрылған дәлелді пікірлерімен, терең біліктілік пен тыңдаушыларын өз сөзіне сендіре алатын шеберлігі, бәрі-бәрі біздерге үлкен үлгі еді. Төкең бөлім басшыларын партия ұйымдарын әртүрлі мәселелерге байланысты тексеріп бюроға, секретариатқа дайындаған кезде анықталған кемшіліктерді түзету әлгі орындардың шешімдері келген соң істелер деп кейінге қалдырмай, бірқатарын жерінде, мәселені дайындау кезінде жолға қою шараларын алуға үйретіп отыратын. Сонымен бірге Төкеңнің кемшілік жіберген бөлім бастықтарына қаттырақ айтатын кездері де болатын. Өз салалары бойынша орын алып отырған кемшіліктерді ашып көрсетуге тырыспайтын, немесе, қаралып отырған мәселе жөнінде жете білмейтін бөлім бастықтарын аттарын атап сынға алатын.

Әр кезде де бір бөлімнің атына айтылған сын басқаларымызға да қатысты бататын. Соның ішінде ұйымдық-партиялық жұмыс бөліміндегі қызметкерлер өздерін басқа бөлімдердегі кемшіліктерге де белгілі дәрежеде қатыстымыз деп есептейтін. Өйткені Орталық Комитеттің ұйымдастырушыинспекторлары облыстық партия комитетіндегі 10 бөлімнің ең бастысы ұйымдастыру бөлімі деп, одан басқа бөлімдерге берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқанын сұраумен бірге, ана бөлімге ананы, мына бөлімге мынаны айтыңдар, орындалысын пәлен уақытқа хабарласын деп бізге тапсырма беріп, егер олар хабарламай жатса неге хабар келмей жатыр деп бізден сұрайтын. Біздер бөлімнің өзінің тікелей жұмыстарымен бірге, осындай Орталық Комитет тарапынан берілетін сан-алуан тапсырмалардың мезгілінде орындалуына күш салатынбыз және көп мәселелер жөнінде Төкеңнен ақыл-кеңес, көмек алып отыратынбыз. Төкең қайсы біреулер үшін уақ нәрсе көрініп, көбіне ойға келе бермейтін жәйттарды да мүкі жібермейтін сезімтал, аңғарымпаз кісі еді. «Осы сіздер байқамайсыздар, пленум, активтерде сөйлейтін кісілер залдың орта жерлерінде отырады да, сөз берген кезде мінбеге келіп болмайды, демек, уақыт босына кетеді. Сондықтан да сөзге жазылғандардың шеттеу орындықтарға орналасулары қажеттігін ескертіп қойыңыздар, сөзге пәлен жолдас дайындалсын деген сөздің өзі де осыны меңзеп тұрған жоқ па? – деп кеңес беретін Төкең. Біздің бөлімнің жұмысындағы басты мәселелердің бірі кадрлерге мінездеме беру болатын да, олармен танысып шыққаннан кейін Төкең: иә, олардың өздерін істе осы мінездемелеріне сай көрсете алатындықтарына сенімдімісіздер? - деп сұрай отырып, мінездеме де кадрлердің кемшін жақтарын да көрсету, оны әлгі жауапты жұмыстарға жіберілетіндердің өздерінің де біліп отырулары қажеттігін ескертетін. Төкең партиялық документтердің сапалы дайындалуына айрықша назар аударып, өзгелерге де осындай талаптар қоятын. Біздің жұмыс жасаған уақытымызда КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Брежневтің аймақтарды аралауына, не болмаса белгілі бір мінбеден сөйлеген сөзіне байланысты халықтың пікір білдіруі, үн қосуы (откликтер) қажет деген қағидалар жиі іске асырылып отыратын. ОК-тің ұйымдастырушыинспекторы, не болмаса инструкторы телефон шалып, Л.И.Брежневтің Қиыр Шығысты аралаған (немесе, осы сияқты басқа да бір аймақты аралаған) сапары жөнінде облыс халқының пікірін (пікір білдірушілер 3-4 адамнан кем болмауы керек) енді екі сағаттан кейін жеткізіңдер, пікір білдірушілер ірі-ірі өндіріс басшылары, атақты, орденді жұмысшылар, малшылар болсын деп шұғыл тапсырма беретін. Осы азғана мерзім ішінде бұл айтылған кісілермен кездесу, пікірлерін білу мүмкін еместігі өзінен-өзі түсінікті (әрине, біз үшін). Сондықтан да ешкімді шақырып алмай-ақ олардың атынан осы сапарларды, не болмаса ол кісі айтқан сөздерді «қолдап жатқан» пікірлерді, үн қосуларды жазамыз да қалай жазылғанын айтпастан Төкеңе әкеліп көрсетеміз. Оны оқып шыққан Төкең «Шырағым-ау, мынауың малшының емес, академиктің

сөзі ғой» – дейді де кейбір сөздерді алып тастап, бірнеше сөздерді қосып пікірді әлгі пікір жазды делініп отырған адамның кәсібіне, қызмет орнына сәйкестендіретін. Сөйтіп бұл құжат Орталық Комитетке телетайппен жөнелтілетін, тіпті асығыс болса телефонмен де оқылып берілетін. Төкеңнің жазуға шеберлігі сонша, алып келген информация, анықтама, тағы басқа құжаттарды қаламының ұшымен (ол кісінің жазуы да әдемі болатын) екі-үш рет жүгіртіп өткенде әкелген қағазыңдағы сөз де, сөйлем де тіпті басқаша, алғашқыдан әлде қайда мағналы болып жүре беретін. 1976 жылы Тұтқабай Әшімбайұлының «Богатство недр и щедрость души» атты кітапшасы жарық көрді. Онда Төкең облыс коммунистерінің, Маңғыстау халқының мұнайлы түбекті партия мен үкіметтің шешімдеріне сәйкес жан-жақты дамыған бай өлкеге айналдыру жолындағы қажырлы еңбегін ашып көрсеткен. Құрметті Төкең осы еңбегін мына сөздермен маған ұсынған еді: «т.Арипову Дюсемби! С уважением и наилучшими пожеланиями. Ашимбаев Т. 5.11.76г.». Мен үшін ешқашан естен кетпес ескерткіш болған осы автографқа көз жіберсеңіз жоғарыда айтқанымдай, Төкеңнің өте әдемі жазатын кісі екеніне көз жеткізесіз. Төкең аса карапайым кісі еді. Онымен кездескісі келетін адамдар, әсіресе, ауылдардан келген кісілер бірнеше күн түгіл бірнеше сағатта күтіп жүрмей, келген шаруалары туралы ағыла баяндап басшының алдында отыратын. Өйткені Төкең олардың алыстан шаруа жайын, мұң-мұқтажын баяндау үшін күн сайын келе бермейтінін жасқы түсінетін сезімтал кісі болатын. Ал осы кездегі кейбір әкімдердің шалғайдан келгендерді тездетіп қабылдау былай тұрсын, тіпті өзінің аппаратындағы бөлім басшылары мен орынбасарларын да бірнеше күн қатарынан қабылдауға «уақыт таппай» күттіріп қоятынын көре қалғанымыз бар. Төкең бір сөзділігі, өзіне келген кісілерді жақсы қабылдаумен бірге, олар қойған мәселелерді аяқсыз тастамайтын қасиеті, қандай ма деңгейдегі болмасын істі шешудегі алғырлығы, ұйымдастыру шеберлігімен ел арасында үлкен беделге ие болды. «Беделің-сәулетің, еңбегің – дәулетің» дегендей, Төкең басшылықта болған кездерінің барлығында да жылдық, бесжылдық міндеттер асыра орындалып, беделді де парасатты басшысын тапқан Маңғыстау облысы дәулетті де, сәулетті өлкеге айналды. «Өзіңнің қыран екеніңді білмесең, қияға қонба» деген ғой дана халқымыз. Біздің Төкең өзінеөзі сенгендіктен де Орталық Комитеттің жаңадан құрылғалы отырған облысқы бірінші басшы болу жөніндегі ұсынысына келісім бергенін енді түсіндік деп отыратын ел азаматтары. Тұтқабай Әшімбайұлы елді мекендерді жиі аралап, халықтың жәйкүйін білуге ерінбейтін. Барлық деңгейде (облыстық, қалалық, аудандық) өткізілетін жиналыстарда қазақша сөйлеген кезінде бір де бір орыс сөзін араластырмай шешен сөйлейтін. Төкеңнің ертеңгі жұмысқа жаяу келіп, кешке үйге жаяу қайтатынын, ертелі-кеш үйден онша қашық емес паркте серуендеп таза ауа мен демалатын кездерінде кездейсоқ оқиғалар болады деп қауіптенбейтінін, өз халқына сенімділігінің айқын көрінісі дер едім. Казіргі кезде бұндай еркін жүріп паркте қыдыратын (оқ қағарсыз), жаяу жұмысқа

келетін басшыларды қолыңа шырақ алып іздесең де таппайтыныңа күмән жоқ. 1978 жылдың 5-6 мамыр күндері біздің облысқа Д.А.Қонаев жолдас келіп, Форт-Шевченко, Жаңаөзен қалаларында, облыс орталығында болып халықтын жағдайымен, өндіріс, күрделі құрылыс, ауыл шаруашылығының, мәдени орындардың жәйімен танысты. Бұл ол кісінің облыс құрылған 1973 жылдан кейін бірінші келуі еді. Алтыншы мамыр күні түсқайта облыстық партия комитетінде өткен кездесуде Дінмұхамед Ахметұлы бұндағы істеліп жатқан жұмыстарға риза екендігін білдіріп бюро мүшелеріне, Тұтқабай Әшімбайұлына рахмет айтып, облыс тарапынан қойылған мәселелерге Орталық Комитеттің тиісті қолдау көрсетіп отыратынына сендірді. «Әсіресе, - деді өз сөзінде Д.А.Қонаев – маған мынау «Жетібайдың» кең жазығын мекендеген түйе өсіру кеңшарындағы жұмыстар өте ұнады. Бұнда күзеу, түйе сауу, тағы басқа жұмыстар тегістей автоматтандырылған екен. Осы техника жаңалықтарын кыз-келіншектердің менгеріп алулары өте құптарлық іс. «Ұжым жұмысына ризалығымның белгісі болсын деп оның басшысы Құлтумаев Баулыбай деген жігітпен суретке түстім» - деп күлді Димекең. Екеуінің осы суретін Димекеңнің касиетті ескерткіші деп Баулыбай өз үйінің төрінде сақтап келеді. Партия, Кеңес қызметтерінде басшы жұмыстар атқарған Ибаш Жанболатова мен Төлеген Қағазовты Д.А.Қонаев ертеден жақсы біледі екен де облысқа келген кезінде олар туралы сұрап тұратын болған. Осы сапарында да дәл солай болды. Жиналыс басталар алдында Дінмұхамед Ахметұлы «Ибаш, Қағазов барма, олар қайда, аманба?» – деп сұрады. Сонда залда отырған Ибаш Жанболатқызы: «Құрметті Димаш-аға, мен осындамын» – деп сыпайлықпен орнынан көтерілді. Жиналыс аяқталысымен Ибаш-апай Димекеңмен амандасып тұрып «осы жиналысқа қатысқан барлығымыздың Сізбен бірге суретке түссек деген тілегіміз бар, егер ұлықсат етсеңіз» – деді. Димекең күле тұрып келісімін берген бойда фотографтар аппаратарын шыртылдатып бәрімізді Дінмұхамед Ахметұлымен бірге суретке түсіріп алды. Осы суретте қатар тұрған Д.А.Қонаев пен Т.Ә.Әшімбаевтың жарқын бейнелері бәріміздің есімізде осы кезге дейін сақталып келеді, бұдан былайда сақтала бермек. Тұтқабай Әшімбайұлы 10 мамыр күні Д.А.Қонаевтің облыста болуына, ондағы берілген ұсыныс-пікірлерді іске асыруға байланысты кеңес өткізді. Төкең негізгі мәселелерді айта келіп «Дінмұхамед Ахметұлымен кездесуді Абай атындағы мәдениет сарайында өткізіп, оған халықты көп қатынастыру дұрыс еді (Димекеңмен өткен кездесу жиналысына обком мүшелері, облыстық Кеңес депутаттары, басқа да актив катыстырылып, обкомның залы толып отырған болатын), бұл туралы ұйымдастыру бөлімі тиісті белсенділік көрсетпеді» – деді. Бұл сөзді мен өз атыма айтылған сын деп түсіндім. Төкең кейбір кемшіліктеріміз туралы ескертпе жасағанда жүз жыртып, дауыс көтеріп – қатты ұрысып жатпайтын. Осы сияқты жеңілдеу қағытып айтқан сөзінің өзі де біздің маңдаймыздан тер шығаратын. Өйткені біздер, бүкіл

аппарат қызметкерлері, облыс халқы болып ол кісіні айырықша сыйлайтынбыз. 1978 жылдың қыркүйек айының соңғы күндерінің бірінде Тұтқабай Әшімбайұлы мені шақырып алып: «Сенің жұмысыңды өзгерткелі отырмыз, партияның Орталық Комитетінен аупарткомдардың бірінші хатшылары маман кісілер болулары керек деген тапсырма бар. Сенің университеттік және жоғарғы партия мектебін бітірген білімдерің болумен бірге ғалымзоотехник деген мамадығың да бар ғой. Осы талапқа сәйкес Бейнеу ауданына аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып барасың» – деді. «Төке, мен ол ауданда бұрын жұмыс жасаған едім ғой» – дегеніме «сен енді жаңа сапада (в новом качестве) барасың ғой» – деді. Осымен сөз аяқталды. Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитетінде болып келісім алып келгеннен кейін, аудандық партия комитетінің конференциясында аупарткомның бірінші хатшысы болып сайландым да, бірден жұмыспен айналысып кеттім. Бұл қызметте жүрген кезімде де Төкеңмен жұмыс саласындағы байланысым жақындай түспесе алыстай қойған жоқ. Тұтқабай Әшімбайұлы ауданның мемлекеттік жоспарды, қабылдаған социалистік міндеттемелерін қалай орындап келе жатқандығын, аудан коммунистерінің белсенділік бағыттарын білумен қатар, халықтың әлеуметтік күй-жайына қатты назар аударып, әсіресе, малшыларға кең, жылы үйлер беруді қадағалап отыратын. Соның нәтижесінде әрбір шопан бригадасында 4-5 бөлмелі жаңа типті, ағаш еденді ақшаңқан үйлер салынып, оларға орналасқан шопандар қауымы осы істің бастаушысы Төкеңе шексіз ризалықтарын білдіріп отыратын. Мал бағу сияқты машақаты көп, күні-түні мал соңында жүретін ауыр жұмысты атқарып жүрген малшылардың жақсы үйлерде тұрулары заңды, осындай үй керектерің мал бағуға барыңыздар дейтін кейбір іскер кеншар директорларының пікірлері обкомның бірінші хатшысы тарапынан қолдау тауып отыратын. Малшылар өмірін, олардың ауыр еңбегін жақсы білетін Төкең малшылардың жәйін жақсартуға байланысты мәселелердің (үй салып беру, саудамен қамту, газет-журналдарды мезгілінде апару, радиоқабылдағыштары үшін батареяға дейін жетістіріп тұру, автоклубтардың әрбір отарды аралап, кем дегенде айына екі-үш рет кино қойып отыруларын қамтамасыз ету, тағы басқалар) қандайы болса да назардан тыс қалдырмайтын. Еңбек адамдарын моральдық және материалдық көтермелеу жәйі сөз болғанда Төкеңнің ауызына алдымен әрбір шаруашылықтағы қарапайым малшылардың есімдері ілігетін. «Мал бабын баққан біледі» – дейді ғой қазақ атамыз, малды баға білген еңбеккерлерді бағалай да білуіміз керек» – деп отыратын Төкең. Соның нәтижесінде де «Ақшымырау» кеншарының озат шопаны Ленин, Октябрь революциясы ордендерінің иегері Тегісбаев Мүбәрак КПСС XXIV съезінің, «Қарақұм» кеншарының озат шопаны, Ленин орденді Басшиев Қазығұл КПСС XXV съезінің делегаттары болып құрметке бөленді. Ал Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының иегері «Сам» кеншарының озат шопаны

Ауданбаев Бисембай Данқ орденінің үшінші, екінші дәрежелерімен марапатталды, ол кейіннен осы орденнің толық иегері болды. Бұндай мысалдар көп-ақ. Төкең ферма басқарушылары Нығмет Қалдәулетов, Алпысбай Шүйішев, Әнебай Бөлеубаев, Жалғас Қашкенов, Смағзам Сынабаев, кеншар директорлары Бисенбі Әріпов, Таушан Қорбақов, Сисен Әбдірахманов, Сәбит Әбішев, тағы басқа да үлгілі шаруашылық ұйымдастырушыларының еңбектерін жоғары бағалап, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып отыратын. Тұтқабай Әшімбайұлы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет жасаған 9-10 бесжылдықтар кезінде облыс қалалары мен аудандары, көптеген өндіріс ұжымдары, жекелеген еңбеккерлер айтарлықтай табыстарға жетіп отырды. жылдың аяғында жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 2,5 есе өсіп, еңбек өнімділігі 48,4 пайызға артты. Бес жыл ішінде мұнай өндіру 1,9 есе, газ – 6 есе үстінде, электр энергиясын өндіру 2,3 есе артты. Мал шаруашылығы да қарышты қадаммен өрге басып, қоғамдық мал басының жылдан жылға бір қалыпты өсіп отыруы қамтамасыз етілді. Қол жеткен табыстардың қорытындысы бойынша жоғарғы орындар тарапынан марапатталғандар туралы Төкең өзінің жоғарыда айтылған «Богатство недр и щедрость души» деген кітабында былай деп жазады: «За успешное выполнение обязательств 1975 года и задания девятой пятилетки труженики города Шевченко и Мангистауского района удостоены переходящего Красного Знамени и диплома ЦК КПСС, Совета Министров СССР, ВЦСПС и ЦК ВЛКСМ. Коллективам Бейнеуского района, десяти предприятиям, стройкам и совхозам области присуждены переходящие Красные Знамена, памятные почетные дипломы ЦК КП Казахстана, Совета Министров Казахской ССР, Казсовпрофа и ЦК ЛКСМ Казахстана. Как большой трудовой праздник был отмечен день 21 марта 1975 года, когда области вручалось переходящее Красное Знамя ЦК КПСС, Совета Министров СССР, ВЦСПС и ЦК ВЛКСМ, присужденное за достижение наивысших результатов во Всесоюзном социалистическом соревновании за досрочное выполнение народнохозяйственного плана 1974 года. По итогам 1975 года область удостоена награды республики за первенство в развитии овцепоголовья». Осы жетістіктерден бастау алған облыс еңбекшілері онбірінші бесжылдықта еңбек қарқынын төмендеткен жоқ. Біздің Бейнеу ауданы ең бірінші басшылдықта Одақ бойынша ұйымдасқан социалистік жарыста берілетін ауыспалы Қызыл туды бес жыл қатарынан ешкімге ауыстырмай ұстап, жарыс шарты бойынша өзіне мәңгілікке қалдырды. Сөйтіп Бейнеу ауданы, одақ бойынша осынау зор құрметке ие болған алты селолық ауданның бірі, ал республика бойынша жалғыз-ақ аудан болды, республиканың алтын кітабына жазылды.

Төкеңнің ашық мінезді, ақ-жарқындығы сонша, реті келгенде біздермен тек жұмыс жағдайында ғана емес, ашық сөйлесіп, өз өмірінің қырсырларынан да хабар беріп отыратын. Бірде Ақтау қаласынан Бейнеу ауданына поезбен сапар шеккен жолда сөзден-сөз шығып, Төкең өзіне тән жағдайда сабырлы, әдемі қоңыр даусымен бала кезінен бастап кешегі бір күндерге дейін басынан кешкен қиындықтар туралы, кәзіргідей дәрежеге бірден ие бола қоймағаны жайында, тіпті ағасы Түймебайдың Ленинградта оқып жүрген кезінде қазақ жігіттерімен бірге үйірме құрғаны үшін де біраз тосқауылдар көргені, тағы басқа өмір соқпақтарында талай тар жол – тайғақтарды басынан өткізгені жөнінде біраз әңгімелеп берген еді. Осындай ақ көңіл ниетпен сенім көрсетіп сырын бүкпей ағыла айтқан ағаны қалай естен шығарарсың, қалай ұмытарсың, қалайша аруағына лебізіңмен болса да құрмет көрсетпессің. Осы жолдар абзал Ағаның басына оқылған дұға рөлін атқарса, біздің мақсатымызға жеткеніміз болмақ. Тұтқабай Әшімбайұлының тағы бір атап өтуге тұражақ жақсы қасиеті оның жастарды жауапты жұмыстарда сынау арқылы тәрбиелеуге үлкен мән беретіндігі еді. «Жастарға партиялық тапсырмалар бере отырып, орындау кезінде шұбалаңқы, көп сөзділікке жол бермей тапсырылған іспен нақты айналысуларын қадағалау керек. Өйткені олардың алғашқы қадамынан бүкіл болашақ тағдырларына жол ашылады» – дейтін Төкең. Осы кездегі қоғам қайраткерледі Өмірзақ Озғанбаев, Леонид Николаевич Бурлаков, Кайролла Ережепов, облыс әкімі Ляззат Қиынов, мәслихат хатшысы Тергеу Айдарханов, әкімнің бірінші орынбасары Сақып Бүркітбаев, тағы басқа азаматтар өмір жолдарын жаңа бастаған кездерінде Тұтқабай Әшімбайұлынан тәлім-тәрбие алып, оның қамқорлығын көрген жастар болатын. Дара дарынды ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті бірі Әбділда Тәжібаевтың «Хаттар сөйлегенде» деген кітабында мынадай бір төрт жол өлен бар: «Ел арқанын көп тарттым Кәне қолымның жарасы? Ер бақырын көп астым Кәне қолымның қарасы? Оқып отырсаңыз, осы жолдар тура Төкеңе арналған сияқты болып көрінеді маған. Өйткені Тұтқабай Әшімбайұлы Ұлы Отан соғысында қан майданда жаумен шайқасып «Ер бақырын көп асты» емес пе, одан елге оралғаннан кейін соғыс зардабынан қажыған ел қамы үшін шаруашылық, кәсіподақ, содан кейін Кеңес, партия жұмыстарында болып, «ел арқанын көп тартты» емес пе. Демек, Төкең осы сындардан мүдірмей өткен, ілгері басқан сайын талабы да, таланты да шындала түскен әрі Ер, әрі ел қамын жеген басшы бола білген бас әріптермен жазылатын АЗАМАТ еді. «Табиғатта талғампаз емес екі бірдей күш бар – бірі Жер, бірі Жел. Жел талғамай сүйсе, Жер талғамай жалмайды» – деген сөз бар. Міне, ешқашанда қияметке қимас, өзін білетін әрбір жүректе ұмытылмас із қалдырған асыл

ағамыз Төкеңді әлгі талғамсыз қара жер өз қойнына алды деген ешқашан күтпеген суық хабарды естігенде шарасыздықтан айтарға сөз таппай қала бердік. Енді дәл екі жылдан кейін 2001 жылдың бірінші наурызында Тұтқабай Әшімбайұлының туғанына 80 жыл толады. Осы кезге Төкеңді білетін, онымен жұмыстас болған азаматтардың естелік кітабы шығарылса, бұл аға аруағын ардақтап, еңбегін есте сақтаудың үлкен бір белгісі болар еді. Р.S. Осылай болып шықты да. Тұтқабай Әшімбайұлы туралы естеліктер жинағы кітап болып шығып, оған менің осы естелігім де енгізілді. Ақтау қаласы, 23.02.1999ж.

ЕЛІМ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ

Үстіміздегі жылдың 20-шы қазанында Атырау, Маңғыстау облыстарында, республика басшылығында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, ел есінде қалған Саламат Мұқашұлы Мұқашев 80 жасқа толар еді. Мейірімсіз ажал аяулы ағамызды 2004 жылдың 18 маусымында арамыздан алып кетті. Қазақ халқының аяулы ұлы болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашұлы Мұқашев туралы бұдан бұрын «Өркенді өлке, өнегелі өмір» атты кітап жазған едім.. Менің Саламат Мұқашұлымен алғашқы таныстығым 1970 жылдың бас кезінде Маңғыстау аудандық партия комитетінің хатшылығына ұсынылуыма байланысты облыстық партия комитетінде қабылдаған кезінен басталған болатын. Тағдырдың сәйкестендіруі ме қайдам, әйтеуір Саламат Мұқашевтің аса жауапты жұмыстарға сайлану кездерінде қызмет бабыма байланысты қатысып отыруыма тура келген еді. Сәкең Атырау, Маңғыстау облыстары облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып сайланған кездерінде конференция делегаты, ол кісі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы болып сайланған кезінде осы Кеңестің депутаты болып қатынасқан едім. Осы сайлаулардың қай-қайсысында да делегаттар мен депутаттардың Сәкеңді аса зор ілтипатпен қабылдағандарының куәсі болдым. «Мен саналы өмірімнің көбін туып өскен Атырау, Маңғыстау өңірінде өткіздім. Қарапайым жұмысшы болып та, басшы болып та істедім. Халықты ұлтқа, руға бөліп көргенім жоқ.Сондықтан да еліме еркін барамын туған топырағымды батыл басамын, жерлестерімнің бетіне тіке қарай аламын»-деп «Елім, мақтанышым менің» атты еңбегінде жазғанындай, жүрегі елім деп соққан Сәкеңнің өзі де елінің мақтанышы бола білді. Сәкең салуалы ақылдылығы, ел басқарудағы салмақты пайымдаулары, жоғары қабілеті арқасында екінің бірінің қолы жете бермейтін биікке көтерілді. Сәкеңнің өмір жолы бұған толық дәлел. Дана халқымыз: «Бақ ауып қонса, есіртеді, тауып қонса, есейтеді»- деген ғой. Шынында да Саламат Мұқашұлына бақ тауып қонған. Аудандық комсомол, партия, облыстық партия комитеттерінің

хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған Сәкең республика кәсіподақтар комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы төралқасының төрағасы КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары, YII және ХI сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және төралқа мүшесі, 1970-1980 жылдары YIIIXI сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1971 жылдан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі,1985 жылдан бюро мүшесі,СОКП Орталық Комитетінің мүшелігіне кандидат, Қазақстан Компартиясы ХI-XVI съездерінің делегаты болды. Төрт рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, үш рет Құрмет белгісі орденімен, медальдармен және республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сәкең Атырау облысының, Ақтау, Құлсары қалаларының, Түпқараған ауданының құрметті азаматы болды. Бақ тауып қонған дегенді осы деп білемін. Ақыл-кеңесімен қатар берген тапсырмаларын іске асырудың жолдарын саралап айтып тұрған Сәкеңді бейне бір жоғарғы мектептің профессорларына ұқсаған, тек артында қара тақтасы, қолында боры жоқ демесең, терең білікті кісі ғой деп әңгіме ететінбіз. Ел басқару да үлкен бір академия десек, сол академияның академигі осы кісі болар деуші едік. Сәкең ізін басып келе жатқан жастарға да ұстаз, өнеге бола білді. Өзін ұстай білуі, халық алдында сөз сөйлеу шеберлігі, тыңдаушыларды елең еткізерлік, ойда қаларлық ұтымды сөздерді тапқырлығы, қарапайымдылығы, қоғамдық өмірдің барлық салаларынан терең білімділігі Сәкеңнің беделін арттыра түсті. Ұлы қолбасшы Күлтегінге орнатылған тас ескерткіште: «Түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым, Қара терімді төктім, Қызыл қанымды жүгірттім, Түрік халқы үшін»- деген жолдар бар. Сол Күлтегін заманынан кейінгі дәуірлерде де өз халқының қамы үшін түн ұйқысын төрт бөлген қаһарман батырлар мен абыз билер, салуалы саясаткер басшылар аз болмаған ғой. Саламат Мұқашев та өзінің алдында өткен аға ұрпақтың өмір жолдарынан үлгі ала отырып, ел игілігі жолында аянбай тер төкті. «Хас жақсының ішінде алтын ердің қасы жатады»-дегендей, Сәкеңнің ішкі дүниесі, «ішінде алтын ердің қасы жатқаны» сырт көрінісінен, не кейбіреулердей, істеген ісімді халық білсін деп ұмтылуынан емес, сабырлы мінезінен, ұстаған бағытынан, атқарған айшықты ісінен, кадрлерге деген қамқорлығынан көрініп тұратын. 1980 жылы Сәкең Маңғыстау облысына обкомның бірінші хатшысы болып келгеннен кейін өзінің алдында тұрған қоғамдық, мемлекеттік міндеттерді абыроймен атқаруымен қатар, бұл өлкенің жерін, елін терең тануды да алдына үлкен мақсат етіп, кемеңгер Геродот ғылымдар атасы деп атаған тарихқа , әсіресе, Маңғыстау тарихына байланысты сұрақтар қойып, білмекке құштарлық көрсетіп отырды. Өзі де Маңғыстау жөнінде біршама хабарының бар екендігін айта келіп «Маңғыстауды өлі жарты арал, шөл дала, қатал өлке деп айтып та, жазып та жатады. Ал мен ауданды түгелге дерлік

аралап шықтым. Жүрген жерімде жүздеген суы мол құдықтар, бірнеше тұщы бұлақтар, түрлі - түсті ағаштар өскен түлейлер көрдім. Маңғыстау жерінің астында жатқан таусылмас қазынасын әуелден білетінмін, енді үстіндегі табиғи байлығы да талай ұрпақтың үлесіне тиетініне көзім жетті. Болашақта сәулетті қалалар да тұрғызылар, жолдар да салынар, байланыс жүйелері де жетіле түсер, көліктің түрлері де көбейер, халық та өсер. Сондықтан біздер көлемді де күрделі жерді тиянақты игеруді үйренуіміз керек. Әрине бейнетсіз бітетін оңай шаруа болмас, алайда мұнда жұртты үркітетіндей қатал тауқыметті қиыншылықтар жоқ»-деп алдағы болатын орасан зор өзгерістерді алдын-ала көре білген көреген екенін аңғартқан еді. Саламат Мұқашев жергілікті кадрлерге түбегейлі сенім білдіріп, оларды жауапты жұмыстарға жіберудің өзі бастаған үрдістерін жалғастыра түсті , өзге жақтан кадрлер әкелу тиылды. Аупарткомның бірінші хатшысы болып Ералиев (Қарақия) ауданына-білікті инженер-геолог, тәжірибелі қызметкер Тергеу Айдарханов, Маңғыстау ауданына ауылшаруашылығының зерделі маманы, шебер ұйымдастырушы Сақып Керелбаев,жаңадан құрылған Мұнайлы ауданынажас инженер, комсомол комитетінің беделді жетекшісі Зейнолла Алшынбаев, ФортШевченко қаласына - құрылыс инженері, бармағынан бал тамған зергер Бақыт Бозжігітов сайланды. Маңғыстау экономикасының негізгі салалары: Мұнай өндірісінеөзінің іскерлігімен, бейімділігімен,адамгершілік қасиеттерімен бұрыннан көп көзіне түсіп жүрген Нәсіпқали Марабаев, республиканы ұлу таспен жабдықтайтын бірегей бірлестіккеосы өңірден шыққан алғашқы құрылысшы - инженер, партия, Кеңес орындарында басшы қызметтерде болған, ел ішінде беделді Киікбай Рзақанов, облыстық ауылшаруашылық басқармасына жоғары білімді маман, ірі кеңшардың жағдайын жақсартып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін бүкіл өлкеге таныта білген Сәбит Әбішев басшылыққа жіберілді. Қазақстан мұнайының алыбыӨзен кенішін басқаруға ғалым-геолог, білікті ұйымдастырушы Махамбет Батырбаев жіберілсе, өнімі озық ғылыми техникалық әдістермен шығарылатын мұнай құрамында стратегиялық маңызы зор аса құнды «Ванадий» элементі бар Қаражанбас кәсіпшілігінебұрын «қара алтынды» химиялық әдістермен молайтатын мекемені басқарған тәжірибелі инженер Ләззат Қиынов директор болып тағайындалды. Маңғыстаудағы мұнай-газ кәсіпорындарының тапсырмасын орындайтын ірі құрылыс мекемесін басқаруға құрылысшы-инженер Ұзақбай Әділов жолдама алды. Партиялық, шаруашылық, өндірістік жұмыстарда ысылып бай тәжірибе жинақтаған Саламат Мұқашев, әсіресе, кадрларды тәрбиелеу ісіне айырықша назар аударып отырды. Ол біздерге: кемшілік жібергендерді қатты жазалаудың қажеттілігі жоқ, бірақ тиісті талап қоя білу керек, ал егер қайсыбір кеңшар директорлары, өндіріс басшылары, басқа да қызметкерлер іскерлік қабілетінің төмендігінен өз міндеттерін тиісті дәрежеде атқара алмаса, ол кінәлі емес, оған көтере алмайтын «шоқпар» арқалатқан кісі кінәлі - дейтін - ді.

Сексенінші жылдары партияның жарғысы бойынша сот алдына шақырылған коммунист партиядан шығарылатын болды. Ал, милиция, прокуратура және басқа бақылаушы органдардың жеңіл-желпі кемшіліктер, қателіктер үшін де коммунистер ісін сотқа жібере салатыны әуелден қалыптасқан әдет. Сот жай ескертпе жасаса да коммунист партия билетінен айырылады және онымен қатар лауазымды жұмысынан аластатылады. Саламат Мұқашев мұны асыра сілтеушілік деп ашық айтып, біраз басшы қызметкерлерді сақтап қалды. Бұл батылдық туралы «Правда» газетінен сын мақала оқып, бәріміз де қапаланып жүрдік. Партияның келесі съезінде жарғының бұл бабы алынып тасталды. Сәкең Маңғыстау обкомының бірінші хатшысы болып істеген бес жылда обкомның бюросында коммунист партиядан шығарылыпты, не есеп карточкасына жазылған қатаң сөгіс алыпты дегенді естіген емеспін. Бұл кадрлердің өз міндеттерін тиісті дәрежеде атқарып, былық-шылыққа араласпай таза жүргендерінің нәтижесі ме, әлде бірінші басшының адам тағдырына аса қамқорлықпен қарағанынан ба, әйтеуір қалай болғанда да Сәкеңе абырой әкелгені белгілі. Саламат Мұқашев кадрларды әртүрлі курстарда оқытып, мамандықтарын жетілдіру, оларды тапсырылған жұмысты атқарудағы ынтасы мен іскерлігі арқылы сынау, кадрлар қорын /резерв/ жасау қажеттігін де еске салып отыратын. «Қайда да басшысы жақсы жерде бәрі де жақсы, ал олқылық тек басшыдан болады, сондықтан да басшылық жұмысқа кездейсоқ адамдарды келтіргеннен гөрі ол орындардың бос болғандары жақсы» - деп үйрететін, Сәкең. «Кадр жөнінде әңгіме еткенде - деді Сәкең өткен бір бюро мәжілісінде, олардың білімділігін жетілдіруді естен шығармау керек. Білімді кадр о бастан мектеп қабырғасынан шығады. Орта мектепті жақсы бітірген жастардың ішінен талай ғалымдар, іскер, ел басқара алатын кадрлер шығатынын күнделікті өмір көрсетіп отырған жоқ па? Он тоғызыншы ғасырдың ортасы мен жиырмасыншы ғасырдың басында өмір сүрген Әріп Тәңірберген ақын: «Мысалы, дүние теңіз, ғылым кеме, Кемесіз терең суға түсем деме...» - деген ғой. Демек, балаларға сапалы білім бере алатын ірілендірілген қазақ мектептерін ашу керек деген пікір тастап, бұл бағытта біраз жұмыстардың іске асырылуын өзі қадағалап отырды. Сол жылдарда оқытушыларды тұрақтандыруға бағыт беріліп, оларға жан-жақты қамқорлық жасап отыруға міндеттеді. Ақтау қаласындағы орыс тілі мектептерінде қазақ тілін оқыту бағдарламасының енгізілуі де Сәкеңнің қатысымен іске асырылған еді. Жоғары оқу орындарына өзімізден мектеп бітірген жастарды көптеп түсіруге, астанадағы облысқа келуді қиынсынатын кейбір жоғары оқу орындарының басшыларымен сөйлесіп, олардың біздің жастардан емтиханды келіп алуларына Сәкең ықпал етіп отырды. Облыста медициналық, педагогигалық училищелер, мұнай және құрылыс техникумдары ашылды. Бірінші хатшының араласуымен облыс экономикасының негізгі салаларының күрделі мәселелерін ғылыми - техникалық конференцияларда талқылау әдетке айналды. Кадрлерді жоғарылатуды туыстық, таныстық ара

қатынастардың, алу-беру сияқты лас әрекеттердің болмағандығы партия басшыларының беделін арттыра түсті десек, сол барынша таза, адалдықтың үлгісін Саламат Мұқашевтың бүкіл өмірінен көруге болады. Сәкеңнің кезінде басшы қызметкерлердің үстінен арыз жазу тиылды делініп жүрді. «Оның себебі көп болар, ал менің білетінім: арыз түсе қалған кезде өзім араласып, өз көзіммен көруді қалайтынмын»-дейді Сәкең. Оның бұл сөздерінен кадрлерге деген қамқорлығын, орынсыз кінәдан сақтауға бағытталған парасатты ойын аңғару қиын емес. Жас кезінен өз ісіне аса жауапкершілікпен қарап дағдыланғанынан да болар, Саламат Мұқашұлы өте аңғарымпаз, сергек басшы болатын. Сәкең аудан шаруашылықтарын аралаған кездерінде негізгі назарды экономиканы жақсарту, өнім алу мен мезгілінде мемлекетке өткізу жайларына аудара отырып, бұл істердегі кемшіліктерді көре тұрса да оларды тізбелеп, кісі жүзін сындырмайтын, түзету жолдарын тауып бағыт - бағдар беру арқылы тыңдаушысын іске жетілдіруді мақсат етіп отыратын. Сәкең ауданға келіп, бірге сапарлас болған кездерімізде бірінші хатшымыздың елдің, жердің жайын өз көзімен көру мақсатында адырлы - бұдырлы, көбіне жолсыз, далалықта шаршамайтын қажыр - қайратына, ақылкеңесін жәй айтып-ақ түсіндіре алатын сабырлылығына, дәрежесінің үлкендігіне қарамастан жұмысшы - қызметкерлер, малшылар, шаруашылық басшыларымен сөйлескенде аса кішіпейіл, қарапайымдылығына қатты риза болатынбыз. Түрікменнің ұлы ақыны Мақтымқұлының: «Тыңдаған жұрт үлгі тұтса сөзіңді, мен-менсімей төмен ұста өзіңді ...» деген сөздері ойға оралғанда көз алдыңа Сәкеңнің азаматтық бейнесі тұра қалушы еді. 1980 жылы маусым айының 30-шы жұлдызында Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Саламат Мұқашев «Киіз кімдікі болса, білек соныкі» деген халық мақалын еске алғандай-ақ пленум өтісімен осы күнгі түстен кейінгі жиналыста облыста ауыл шаруашылығын өркендету міндеттеріне байланысты жұмыстарды сөз етіп, бірден іске кірісіп кетті. Мінбеге көтерілгендердің бірі облыс орталығында отырғандар жергілікті жағдайды білмейді, алдарына қойған мәселелерімізді, біріне-бірі сілтеп мезгілінде шешпейді - деп бұрынғы басшылардың тарапына сын айтқандай болып еді, Сакең: “Сіздің жағдайыңызды сізден артық білетін кісі жоқ, өткенге де, болашақта да алдымен өзіңіз жауап беруге тиіссіз, мұндай әңгімемен ештеңе ұта алмайсыз» - деп ұялтып тастағаны бар. Осыдан кейінгі бір жиналыста, соңғы мезгілде жағдай жақсарып келе жатыр - деген кісінің сөзін доғартып: «Немене, Мұқашев келгесін бәрі жақсарып кетіп пе?»-деп жұртты күлдіргенді. Облыста өтетін пленум ,сессия, актив жиналыстарына қатыса жүріп, Саламат Мұқашұлының елдің, істің, жайын терең білетін, мамандығы мұнайшы бола тұрғанмен де, ауылшаруашылығы бар ауданды 10 жыл басқарғандығынан да болар, бұл саланы да бақайшағына шейін шағып білетін кісі екендігіне көзім жетті. Саламат Мұқашев ауыл – селоны көркейтуге, оларда салауатты өмір салтын қалыптастыруға, ауыл мәдениетін, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін жаңғыртуға, өнерін дамытуға қолдау көрсетіп

отырды. Маңғыстау елінде киіз үйлерді күнделікті тұрмыста кеңінен қолдану, әшекейлеу, үйлердің ішкі-сыртқы көріністерін кәдімгі көрмеге қоярлықтай етіп сәндендіру дағдыға айналған еді. Киіз үйлердің көз тартар сұлулығы үшін түндік, үзік, туырлық, есік қабы, дөдеге сияқты дүниелердің тек ақ қойдың жүнінен жасалуы, осыған сәйкес ішкі көріністері: шымораулы ши, ені 40,50 сантиметрге дейін баратын әртүрлі оюлармен нақышталған басқұр, алуан түрлі жіптерден тоқылған басқа да өңді, немесе жіңішке өрнекті құрлар, шашағы төгілген шаңырақ бау, аспан түстес көгілдір сырмен күлдіреуші қоса боялған шаңырақ, қызыл сырлы уық пен кереге, ерекше шеберлікпен оюлап жасалған маңдайша, босағасы мен табалдырығы жарасымды ұстасқан сықырлауық есік – бәр-бәрінің бір-бірімен кісі таң қаларлықтай үндестігі қамтамасыз етіліп тұратын. Бұндай киіз үйлерді, әсіресе жаз кезінде жайлауға шыққан малшылар кеңінен пайдаланатын да, қыз-келіншектер үйлерін осылайша сәнді ұстауға айырықша мән беретін. Сонымен бірге, әрбір шопан өз отбасына арнап екі үй тігіп, бірін асхана есебінде, екіншісін өздері демалуға, кей кездерде түсетін қонақтарға арнап ұстайтын. Үстірттің бильярд столындай тегіс даласында әрбір 5-10 шақырым сайын кездесетін әлгіндей 4-5 үйден тұратын ақшаңқан шопандар ауылын көргенде, келіп үй-ішінің сәніне зер салған сәтте: ойпыр-ай, Маңғыстауды бұрынғы өткен ата-бабаларына арнап салған күмбезді ескерткіштерінің көптігімен таңғажайып сұлулығына қарап аспан астындағы мұражай деуші едік, енді мына ауылдардың сыртқы, ішкі көріністеріне қарап ол түсінігімізді кеңейтіп, мұражайдай сәнді үйлерде Маңғыстаудың бүкіл елі тұрады екен-ау деген ойға қаласың, - деген еді бірде Сәкең. Маңғыстау малшыларының осындай әсем үйлерде тұратынына қатты риза болған Сәкең бұндай үйлерді жинақы да таза ұстау үшін қажетті бұйымдардың қандай түрі болса да жетістіріп тұруды сауда орындарының басшыларына міндеттеп, «Малшылар күнін» өткізген кезде осындай киіз үйлердің ең үздіктеріне арнаулы жүлделі орындар тағайындап, сыйлықтар беру жөнінде де ұсыныс енгізген болатын. Маңғыстау шеберлері жасаған 6-7 қанат осындай сәнді үйлердің облыстық, республикалық жарыстарға қатысу үрдісі етек жайған еді. Сәкең сонымен бірге, малдан алынатын сүт өнімдерін, ұлттық тағамдар: құрт, балқаймақ, тосап, ірімшік, сарсу, бренза, сықпа іркіт, қымыз, шұбат дайындап, «малшылар күнінде» сол тағамдардың көрмесін ұйымдастыру, кейіннен халыққа сату жөнінде кеңшар басшыларына тапсырмалар беріп, қай жерде бұл бағытта қандай жұмыстар істеліп жатқанына ұдайы назар аударып отыратын. Сәкең еңбекшілердің шағымын, ұсыныс-пікірлерін көбіне жерінде тыңдап, көтерген мәселелеріне сәйкес жауаптар қайтарып, қайсыбір жәйттерді тексерту арқылы тиісті шаралар алуға тапсырма беріп отыратын. Бұның өзі, әсіресе алыс мал жайылымдарындағы облыс орталығына жетулері қиын мал бақташылары үшін өте ұтымды еді. Сондықтан да әркез олар Сәкеңе қатты риза болып қалатын. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген міне осы, уақыты жоқтығына

қарамастан біздің қойған мәселелерімізді өзі келіп шешіп беріп кетті деп мәз болатын. Саламат Мұқашев облыс экономикасының дамуы жолында барлық күшқайратын жұмсай отырып, елдің мәдени-рухани өмірінің де құлаш жаюына айырықша назар аударды. «Ел аралаған сыншы болады, тоғай аралаған үйші болады» дегендей, Сәкең көп жерді көрген, көп нәрсені ойға тоқыған кісі ғой, халықтың рухани дүниесін білуге, дамытуға деген құштарлығы соның нәтижесі болса керек. Саламат Мұқашевты республиканың өнер қайраткерлері түгелге дерлік танитын және құрметтейтін десек қателесе қоймаспыз. Бұның өзі де Сәкеңнің халықтың рухани өміріне жанының жақындығының белгісі еді. Өндіріс, шаруашылық, партиялық жұмыс жайларымен танысып, тиісті тапсырмалар бергеннен кейінгі кейбір сәттерде, халықтың рухани өмірі жайлы, халықтан шыққан таланттар туралы сөз қозғалған кездерде Сәкең: «ақынжазушылар, композиторлар, күйшілер, әнші-жыршылар, жыраулар, әртістер – бұлар халықтың терең ортасынан шыққан ерекше талант иелері.Ал таланттар айырықша құрметті, әлпештеуді талап етеді, олар көбіне ерке келеді. Сондықтан да оларды құрметтей отырып, халық алдына көңілді шығуларына қызмет ету, шынайы қызмет көрсету, бұл саладағы қайраткерлердің тал шыбықтай желкілдеп өсіп келе жатқан кейінгі таланттарға үлгі болуларына жағдай туғызу біздердің жауапты да абыройлы борышымыз» деп үйрететін. Облыста әдебиет пен мәдениеттің өркендеуіне, айтыс өнерінің дамып, айтулы ақындар мен жыршылардың өнер сахнасынан кеңінен көрінулеріне мол мүмкіндік туды. Жер - жерде өнер коллективтері құрылып, олар аудандық, облыстық республикалық байқауларға қатыстырылып отырылды. Қарақия ауданында республикаға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Орын Құлсариев басқарған «Ақжарма» ұлттық аспаптар ансамблі Алжирге, Бейнеуде «Алтыбақан» ұлттық-этнографиялық ансамблі астана – Алматыда лауреат атанып, Румынияға дейін барып концерт көрсетті. Айтулы әнші, күйші, жыршы, ақындар: Күріш Тасболатов, марқұм Ізбасар Шыртанов, Амандық Көмеков, Жеткізген Сейітов, Рухия Батыршиева, Күнсәуле Өмірзақова, Орын Құлсариев, Сержан Шәкіратов, Роза Айдарбаева, тағы басқа да өнерпаздар халқымыздың рухани өмірінің айнасы атанып, табиғи таланттарын негізінен осы кезде шыңдай түсті. Сәкеңнің кезінде бірде-бір мереке айтыссыз, өнер сайыстарынсыз өтпейтін. Жыл сайын дерлік өтетін малшылар тойына республикадан бүкіл елімізге танымал әртістер шақырылып отырылатын. Үстіртте өткізілген малшылар тойына СССР халық әртісі Роза Бағланованың, күй өнерінің дүлдүлі Қаршыға Ахмедияровтың, айтулы әнші Жақсылық Сәрсенғалиевтың, тағы басқа да өнерпаздардың шақырылумен келіп, малшылар қауымын риза еткені, Үстірт аспанын тамаша ән, күй әуендеріне бөлегендері әлі есімде. Сәкеңмен болған бір пікір алысу кезінде ағаны сөзге тартып, Сіз Маңғыстау облысында біраз жыл еңбек еттіңіз, осы ел туралы не айтар едіңіз, өзіңіздің осы кездегі қызметіңізге ризасыз ба? – деп сауал қойғанымда Сәкең:

«Маңғыстаудың халқы жақсылықты да, жамандықты да көп көріп, талай тауқымет соқпақтардан өтіп әбден шыңдалған ғой. Маңғыстау азаматтарының парасатты, шыдамды, кешірімді бола жүріп, орынсыз, жөнсіз сөзді де, қимылды да басынан асырмайтын аршыл екенін сезгенімді де жасыра алмаймын. Жерлестерімнің тағы бір сүйсінерлік қасиеті, олардың өсек-аяң, қулық-сұмдық, алдау-арбау дегенді білмейтін тік те ашық мінезі, ұсақтыққа, іштарлыққа бармайтыны. Бұл өңірде пара беру, не алу деген болмайтын, азаматтары адал еңбегінің табысымен күнелтуден басқа олжа іздемейтін. Еліме өте ризамын, ешқандай өкпемнің жоқтығын бүкпесіз айтамын. Маңғыстаулықтар үстімнен арыз жазып, өкпе жүргізіп көрген емес, беделіме көлеңке түсірмеді. Әлденеше рет жоғарғы, жергілікті партия және Кеңес органдарына мүше, делегат етіп бір ауыздан сайлап зор сенім көрсетті. Өзімнің көздеген мақсатыма жету жолындағы қызметіме толықтай ризамын деп айту қиын. Себебі, болғанның үстіне бола берсе екен деп армандаймын, халықтың талғамы мен талабы өскен сайын кешегі тым-тәуір дүние бүгін ескіріп қалғандай болып көрінеді. Сондықтан қариялар істеген қызметін, қалдырған ізін мақтан етуге хұқы бар. Жастар бұрынғылардың істеген шаруаларын сынағаннан гөрі, еселі еңбегін бағалап, тәжірибесін, төзімділігін, шыдамдылығын үлгі етіп, кәдесіне жаратуға міндетті. Менің жеке еншіме тиетін мақтанышым – Маңғыстаудан кетерде облысты, қалалар мен аудандарды, өндіріс салаларын басқара алатын іскер де парасатты кадрлардың қалғаны дегім келеді» -деген еді. Бұқар жырау Қалқаманұлы бір толғауында: «Биік тауға жарасар, Ығынан тиген пайдасы. Терең суға жарасар, Тобылғылы саласы. Ер жігітке жарасар, Қолына алған найзасы. Би жігітке жарасар, Халқына тиген пайдасы»- деген екен. Сол данагөй жырау айтқандай, Сәкең әр кез еліне қомақты пайда тигізумен өмірден өтті. Саламат Мұқашұлы құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін де өмір ағымдарынан қол үзген жоқ. Ол ұзақ жылдар ел басқарған кездерінде болған күрделі өзгерістер: аймақтардың экономикалық жайының, әсіресе, өндіріс көлемінің артуы, ауылшаруашылығының ұлғая түсуі, ондағы еңбек адамдарының ұрпаққа үлгі боларлық ерлік істері жайлы көлемді мақалалар жазумен бірге, өмірге ойлы кітаптар келтіріп, оқырмандардың ризашылығына бөленді. Өмірінің соңғы сәттеріне дейін ел қамын ойлаумен өткен көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Саламат Мұқашұлын мәңгі есте қалдыруға арналған шаралар алу кейінгі ұрпақтың азаматтық парызы болмақ. Сондықтан да оның есімі халық жадында сақталуы үшін Ақтау қаласының 15-ші шағын ауданындағы №24 орта мектепті Саламат

Мұқашевтың атымен атау орынды деп білемін. (Ескерту: Кейін бұл мектеп Сәкеңнің есімімен аталды). «Маңғыстау» газеті. 22. 09. 07

ЕРЛІГІ ШОТАН МӘҢГІЛІК

Даңқты да құдіретті Қаған Күлтегін ескерткішінде: «ата-тегім Бумын, Естеми Қағандар билеп тұрған кезде елді түзеген. Дүниенің төртбұрышы соларға қараған. Бастыны еңкейткен,тізеліні бүктірген,… кедейді бай қылған, жалаңашты киіндірген,... тату елге жақсылық қылған...»- деген сөздер жазылған. Сан-алуан жорықтарда, әсіресе жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте туы қолдан түспеген қазақ батырларының, соның ішінде Маңғыстау батырларының айырықша ерлік, батылдық, батырлық көрсетулері осы айтылған сонау асыл бабаларынан бастау алады деп толық айта аламыз. Міне, бүгін, адай халқының қасиетті Маңғыстау жеріне келуіндегі, заманына орай аласапыран кезде, күрделі қиындықтар мен қайшылықтарға қарамастан ел көшін бастап келген Шотан батырдың өмірге келгеніне 300 жыл толу мерекесі салтанатпен аталып, осыған сәйкес ғылымипрактикалық конференция өткізіліп отыр. Мен өз сөзімде Шотан батырдың өмірге қалай келгені, Қыдыр атаның Шотанның жаужүрек батыр болатынын айтқаны әкесі Назардың осы Қыдыр атаны көргені, Ер Шотанның жоңғар, түркмен батырларымен жекпежектерде жеңіске жетіп отырғаны, өзге де ел аузында айтылып жүрген тартымды да аңыз болып кеткен әңгімелерге тоқталғым келмейді. Олар туралы баяндамада негізінен қамтылған. Халық батыры Шотан Назарұлы туралы айтқанымызда оны тек Маңғыстау - Адай елінің батыры десек, онымыз жеткіліксіздік болар еді. Өйткені ол өзінің аттан түспеген ұзақ жылдар бойғы өмірінде тек туған тайпасының ғана емес, бүкіл қазақ халқының тұтастығы үшін күрескен тұлға. Ер Шотан XVIIIғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы қазақ халқының басына түскен ауыр қайғы- «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама » қасіретін әкелген жоңғар шапқыншыларының, Еділ ойраттарының талқандалып, елдің кегі қайтарылу, ақыры жоңғар мемлекетінің тарих сахынасынан жоғалуы кездерінде қол бастап, Әбілқайыр ханның сенімді баһдүрлерінің қатарынан орын алды. Маңғыстауға құлаған елдің бейбіт өмір сүруі жолындағы ерлік істері мен орынсыз даужанжалдар өртін болдырмауға бағытталған парасатты билік шешімдері арқасында Шотан батыр есімі өзге де шоқтығы биік батырлар арасында тарихтан мәңгілік орын алды. Ер Шотан бастаған адайлардың Маңғыстауға келіп орналасуы бір жағынан, қазақ халқы жайлаған аймақты айтарлықтай кеңейтті десек, екінші

жағынан, кәзіргі кезде Маңғыстаудың ен байлығы Қазақстан экономикасының биік белестерге жетуінің бірденбір негізі болып отыр. Бұл жағынан алғанда да Шотан Назарұлының есімі, ерлігі, игілікті істері ел есінде сақтала бермек. Бүгінгі конференция Ер Шотанның қолбасылық, батырлық айқастарын, саясат, билік салаларындағы еңбектерін тереңдете зерттеуге ықпал етердей шешім қабылдауы қажет деп білемін. Өйткені Тәуелсіз мемлекетіміздің туын жоғары көтеріп келе жатқан кәзіргі және келешек ұрпаққа халқымыз өткен таржол-тайғақ кешулерді, елінің ауыз бірлігін, тыныштығын сақтауға дуалы сөздерімен ықпал еткен шешендерді, елдің елдігін, ерлігін, қуанышы мен мұңын жырға қосқан, тарих өткелдерін домбыра, сырнай сазымен жеткізе білген дүл-дүл ақынжыраулар, күйшісазгерлерді, артына үлгілі, ұлағатты сөз қалдырған айтулы билерді, халқының намысы мен жігерін қайраған, жау жүрек ерліктерімен үлгі болған батырлар туралы білулері қажет. Сондықтан атышулы батырларымыздың өмірін, ерлік істерін жеткілікті насихаттау негізгі міндетіміз болуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде батырлардың өмірі мен қаһармандық ерліктерін терең білуге бағытталған зерттеулерге осыған дейін жарық көрген бірқатар авторлардың Ер Шотан, өзге де батырлар жөніндегі көлемді еңбектері, мақалаларының септігін тигізері сөзсіз. Бұл іске Бектұр Төлеуғалиев мырзаның «БАС САРДАР» атты әлі сиясы кеппеген еңбегінің де қосар үлесі мол. Кейбіреулердің көңілдері толмай жүргеніне қарамастан, бұл еңбек тек Шотан батыр туралы, адайлардың Маңғыстауды қалай қоныстанғаны жайлы айтумен ғана шектелмейді. Керісінше, сонау XVIIIғасырдың басынан бергі қазақ халқы үш жүзінің өзара қарымқатнасы, атақты сұлтандарының қызылкөз қызғаншақбилікке таласуларынан бір-бірінен аулақтап, бірігу орнына жауласып кеткендері жайында да нанымды, тиянақты пікір айтқан, көп ізденген қаламгердің қолынан шыққан тартымды туынды. «Күштінің қадірін күшті біледі. Күштіні бағалау үшін де күш керек »- деп Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов айтқандай, Бектұр Төлеуғалиевтың еңбегін дұрыс бағалауда бәріміз де күштілік көрсетелік, ағайын. Ер Шотан Маңғыстау жеріне елін қоныстандыру, осы аймақты мәңгілік ел игілігіне айналдыру жолында қанын, жанын аямай бүкіл өмірін сарп еткен көрнекті батыр. Оның осы еңбегін зерделей, бағалай білген облыс әкімі Болат Әбілқасымұлы Палымбетов мырзаның, облыстың басқа да басшылары мен қала, аудан әкімдерінің мерей тойды өткізу жөніндегі атқарған қыруар жұмыстарына облыс халқы зор риза болып отыр. Жоғарыда айтқанымыздай бүкіл қазақтың арын арлап, жоғын жоқтаған, дұшпандарын қазақ елінің шекарасынан аттатпауға барлық күшқуатын аямаған Шотан батырдың 300 жылдық тойы бүгін облыс көлемінде өткізіліп отырған болса, бұдан былайғы жылдарда бүкіл Тәуелсіз Қазақстан бойынша өткізілетініне сенемін. Ер есімін ел есінде қалдыруға ат салысу баршамызға міндет. Олай болса, қол бастаған баһдүр, ерлігі ел аузынан мәңгі түспей келе жатқан Ер

Шотанға Ақтау қаласының көрнекті жерінен лайықты ескерткіш орнату орынды деп білемін. R.S. Шотан батырдың 300 жылдық мерейтойы жайлы жинаққа ұсынылған сөз.

СҮЙІНҚАРА – ЕЛ ҚОРҒАНЫ

Еліміздің Бас газеті «Егемен Қазақстан» ақпан айының 14-ші жұлдызында Жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің «Сегіз сыр» деген мақаласын жариялады. Онда жазушы: «Ұлы Дала – ұлы Перзенттерімен көрікті! Пейілге қарай қазақтың ұлы Даласы Перзентке кенде емес, әттең осы түгенделуіміз аз. Аталық емес, жұрттық қалып танытсақ, оңар ек! Бар боламыз десек, өткен демей, барша Алаш арыстарын – кешегісін де, бүгінгісін де әспеттейік, жүрек осыған жетсе, қазақ аты алысқа кетер…» – деген еді. Қазағым деп жаны ауратын әрбір азаматқа қозғаушы күш боп ой салатын осы сөздер кім-кімді де жайбарақат қалдыра алмас. Сан-алуан байлыққа толы қасиетті жерімен, қилы-қилы қиындықтарды бастан кешіре жүріп, грек аңызындағы өртеніп кетіп, күлден қайта пайда болатын Феникс құстай ұрпағын сақтай алған жансебіл елімен әлемге белгілі Маңғыстау да сол Ұлы Даланың бір іргелі өлкесі десек, бұл өлкеде де айтулы Ұлы Перзенттер көп өткен. Солардың бірі, бірегейі тек Маңғыстау елі емес, бүкіл қазақ жұртының ары мен намысын қорғаған, біз сөз еткелі отырған, Үргешбайұлы Сүйінқара. «Өлінің үрейі риза болса тірінің мерейі риза» деген ғой аталарымыз. Сол айтқандай, кезінде елім, жерім деп ұрандап өткен айбарлы батыр, әрі би Сүйінқара туралы сөз ету біріншіден оның рухын риза ету болса, екіншіден кәзіргі ұрпақтың мерейін өсіре түсу үшін қажет деп білемін. Ата тарихқа көз жүгіртсек, сонау ХV–ші ғасырдың аяғымен XVI-шы ғасырдың басынан бастап батыс елдері, әсіресе Англия, Ресей, тіпті Наполеон империясы да Каспий теңізіне сұқтана қараған. Өйткені олардың алдында Еділ, Каспий су жолы арқылы сауда мақсатымен, әрі осы су жолын өз қарамағына алуды көздеп алдымен Иранға, әрісі Индия мен Қытайға шығу жоспары тұрды. Осындай ойдағы мемлекеттік тапсырманы іске асыруға ағылшын саяхатшысы, әрі зерттеушісі Антон Дженкинсон қатысты. Ол сауда керуенімен ілесіп Маңғыстаудың Үстірті арқылы Жібек жолымен жүріп отырып Хиуа мен Бұқараға дейін барды. Ал Ресей болса, I-ші Петрдің тікелей тапсырмасымен Каспий теңізі айлағын зерттеуді, сауда кемелері тоқтауға мүмкіндік беретін шығанақтардан қорған, қамал салуды қыруар қаражат бөліп іске асыра бастады. Сондай қамалдың алғашқысы Ресейдің белгілі

зерттеушісі С.Г.Карелиннің ұсынысымен Қарасу-Қайдақтан салынды. Бұның өзі, сайып келгенде, Орта Азияға еркін енуге мүмкіндік беретін саясат болатын. Бұл оқиғалар К.Маркс пен Ф.Энгельс патшалық Ресейдің

Орта Азияға өтуіне үлкен кедергі болды деп баға берген Адай халқының бұрынғы ата қонысы Маңғыстауға қайта оралып, түпкілікті орын тепкен кезі еді. Олар ұзақ жылдар бойы шет жұрттың, әсіресе, Ресейдің Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс бөлігін игеруіне қарсылықтар көрсетті. Салына бастаған қамалдарды бұзуға әлденеше рет талпыныс жасады. Алайда тұрғындардың бұл қимылдары қамалдағы от қарулы отрядтар тарапынан дереу тойтарылып, шабуылшылар оққа ұшты, қолға түскендер қатаң жазаланып отырылды. XVIII-ші ғасырдың аяғымен XIX-шы ғасырдың орта кездерінде Кіші жүз қазақтарының бірқатар рулары, оның ішінде Маңғыстауды жайлаған адай елі сауда айырбасы, қоныс тарымшылығы жағдайларына байланысты Хиуа хандығымен байланыс жасауға мәжбүр болды. Осыны пайдаланған Хиуа ханы Аллақұл қазақ ауылдарына салықтар салып, орындалмаған кездерде жасақтар шығарып елді тонап, мал-мүлкін олжалап, әйелдері мен балаларын құлдыққа алып кетіп отырды. Осы бір ақындар жырлаған: «… Алдан дау, ауылынан шаң кетпеген, Ұшқан құс, төрт аяқты аң кетпеген. Жау болып ойда-патша, қырды Хиуа, Адайдың қылышынан қан кетпеген». – деген алмағайып заманда жергілікті қазақтар амалсыз орыс қамалдарынан пана іздеді. Ел басшысы Сүйінқара батыр Үргешбайұлы (1756-1841) Хиуа ханы қанша қыспаққа алғанына қарамастан Ресейге қарсы шықпады, қайта ханның өзінен кек алуға ұмтылды. «Ерді ел қамы өсіреді, ел мұңы өлтіреді» – деген емес пе, бір кездері біресе Ресеймен, біресе Хиуа ханымен байланысын үзбей келген Сүйінқара ел қамы үшін түптеп келгенде Ресеймен түбегейлі байланыста болуды жөн деп есептеп, С.Г. Карелин басқарған экспедицияға тиісті көмектер көрсетеді. Хиуа ханы тарапынан жүргізіліп отырған озбырлықтарға бұдан әрі төзуге болмайтынын түсінген ол 1832-ші жылы Кіші жүздің батыс бөлігінің билеушісі Баймағамбет Айшуақұлына Адайды Ресейге қосуға уәде береді. Осы хабарды алысымен Хиуа ханы Аллақұл емен ағаштың қайыспас бұтағындай өз бетінен қайтпайтын ер, осы жаратылысымен хан қаһарынан қаймықпай талай-талай қарсылық білдіріп келген, оның үстіне орыс экспедициясымен белгілі дәрежеде байланыс жасап үлгерген Сүйінқара батырдың ауылын шауып, оның басын алып келуге ірі жасақ жібереді. Мәмбетнияз басқарған, ішінде ханның жансызы, ірі саудагер, әрі тілмаш Дүрді бар бұл жасақ өздерінің сан жағынан қаншалықты көптігіне қарамастан ашық айқасқа түсуден тайтқып, Сүйінқара ауылын түн кезінде шабуды ойлайды. Бұл кезде Сүйінқара ауылы кәзіргі Қаламқаста – теңіздің тайыз суы бар жіңішкерген – қылы деп аталатын жерде отыратын. Үстірттегі Қара түйе шыңынан кешке қарай құлаған жолжобаны байқап алып осы бағытпен суыт жүріп отырып, түннің бір уағында «Ауызорпада» отырған шотан Күсеп пен

ақбота Бәлкөт үйлерінің түндігін найзамен ашады. Бұны көрген үй иелері Күсеп те, Бәлкөт те түндікті найзамен ашу жау келгендігінің белгісі екендігін бірден түсініп, сыртқа атып-атып шығады. Сыртта қамап тұрған жасақ басшысы олардан кәзір атқа қонып осы түннің ішінде, таң атпас бұрын, Сүйінқара аулының үстінен түсірулерін талап етеді. Олай болмаған күнде мойындарына қайқы қылыш ойнайтынын қаһар шаша ескертеді. Екі оттың – бір жағынан өз елі, ел қорғаны Сүйінқара батыр ауылының түн ішінде қапыда шабылу қаупы, екінші жағынан дұшпан жағының сұсы ортасында қалған бұл жершіл екі азамат қараңғыда бір-біріне иек қағысқандай болады да, өз ойларын ішке түйіп жасақтың алдына түсіп көзге түртсе көргісіз жеті қараңғы түнге сүңгіп кете барады. Олардың ойы қайткен күнде де жасақты Сүйінқара ауылына жарық толық түскенге дейін апармау болатын. Осы мақсатпен алдарында созылып жатқан «Қатпас» деп аталатын жалпық сорды үш рет айналып өткен кезде артқы жақтан айқай-шу, даурыққан

өпірім сөздер естіліп жасақ кідіре қалады. Сөйтсе жасауылдардың бір тобы бір түрікменнің жолда түсіп қалған қоржынының үстінен шыққан екен. Қазақтардың жолды ұзарта түсуге бағытталған мына әрекетінің Сүйінқара ауылына жасақты түнде апармауды ойлаған қылығы екенін бірден ұққан Мәмбеннияз ашуға булығып, алда келе жатқан Бәлкөттің басын шауып тастайды. Күсеп амалы таусылғанын біліп жасақшылармен бірге кетеді. Сөйтіп жау мақсатына жетеді. Ойда жоқта таңсәрі де құйылған жауға қарсы қайрат көрсете алмаған елді тонап, ұл-қызын тұтқын етті, малын айдап алды. Осы кезде болған қоян-қолтық айқаста Сүйінқараның інісі Кежі, басқада бір-қатар азаматтар опат болды. Батырдың екі қызы – Айсалқам мен Жансалқам жау қолында кетті. Кежі тұтқиылдан жау шапқан кезде өзінің алтықанат киіз үйінен сыртқа шықпай, ішке кірген сеңсең бөріктілерді қос қолына ұстаған қос қылышымен шауып түсіре берген. Бұл үйге кіргендердің қайта шықпағанын аңғарған шапқыншылар шылбырларын жалғап үйді аударып тастаса, бір өзі сегіз жасақты шауып өлтірген Кежі ортада қасқайып тұрған. Түні бойы төңбекшіп, ұйқысы қашып жатқан Сүйінқара жау келіп қалғанын қара жерді солқылдатып түн тыныштығын бұзған жау аттарының жан түршігер тұяқ дүрсілінен біледі де, әр кез белдеуге тұратын арғымағына қарғып мініп, алас-қапаста айрықша зор дауысымен айқай сала жүріп хабарлай алған бірқатар ауылдастарын ерте ну қамысқа еніп кетеді. Бұл оның Хиуа ханының адай елін қорқынышта ұстап, айтқанына көндіру үшін өзінің басын алуға келе жатқан жау екендігін бірден түсініп, бұл кезде қандай ма болмасын шара алуға мүмкіндігінің жоқтығын, кейіннен кек алу үшін кәзір жан сақтау керек екендігін ойлаған сұңғыла ақылдығы еді. «Бірде бал, бір де у боп өтеді өмір, Бақты да қайғыны да көтере біл» – деп Фирдоуси айтқандай, өмірін уға айналдырған жаудан кек алуға, Аллақұл жасағының қолында кеткен малын, жанын, айымен күні-екі қызы – Айсалқам мен Жансалқамды жаудан айрып

алуға асыққан Сүйінқара сол маңайда қоныстас отырған адай, беріштің батырлары Құлбарақ, Жапаберді, Мырзатай бастаған жедел-қабыл жиналған 800-ге тарта қолмен тез аттанып кетеді. Олар Манатыдан бергі Боздақ құдығынан терістікке қарай созылған Аяғақ-Боздақ сайы маңында қыруар малды, тұтқындарды айдап ырғалып-жырғалып ұзай алмаған жау жасағын қуып жетеді. Осы жердегі қанды айқыста екі жақтан да адам шығыны көп болады. Бірақ, сан жағынан әлде қайда басым жауға кезіккен Сүйінқара жағы жеңіліске ұшырайды. Бұл орасан сәтсіздіктің екінші бір басты себебі, Қайыпқали сұлтанның сатқындығы делінеді. Ол Сүйінқара сарбаздарына жаяу мергенге түсіп атысың, мылтықтан қорыққан хиуалықтар оққа беттей алмайтын болады деген ұсыныс берген. Міне, осы ұсынысқа бағынып адайлар аттан түскен кезде, жау адайдың туы жығылды, енді олар атсыз еш қайрат қыла алмайды – деп лап қояды, сөйтіп жеңіске жетеді. Батырлар қан төккен Боздақ – Аяғақ сайы бұдан кейін «қанды сай» деп аталып кетеді. Сүйінқараның баласы Бүркіталы осы шайқаста мерт болады. Оған тұрғызылған күмбезді там осы кезде аталған сай басында сол қаралы қырғынның куәсі іспетті болып алыстан қарауытып көрінеді. Жау жағы шайқас кезінде ешкімге десте бермеген, жасақтардың бірінен соң бірін шаншып ерекше ерлік көрсетіп жүрген бір батырды бәрі жиналып ортаға алып найзалап, ақырында оның басын кесіп алған. Олар бұл кісіні Сүйінқара деп есептеп, Аллақұлдың тапсырмасын орындадық деп ойлаған. Бәрі қаумалап басты Аллақұлға алып барған кезде көруге шақыртылған Айсалқам мен Жансалқам «Ойбай, мынау Құлбарақ көкемнің басы ғой» – деп егіліп қоя берген. Әруақты батырдың басынан үрейленген Аллақұл мұсылман дәстүріне сай қадірлеп жерлеуге тапсырма берген. Осыдан кейін барып Құлбарақтың басын Көне Үргеніштегі атақты әулие Шикабр қорымына жерлеген. Ал «Қырғын сайда» қалған денесі Тигенге әкеліп жерленген. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында осы қорымда Жалжанов Орынбасар, Қаржаубай Медиханов бастаған Қаратоқай беріш азаматтары үлкен күмбез там, түнеухана тұрғызып, әулиеге тағзым етуші көпшілікке жеткілікті жағдай жасады. Бұл кездерде Құлбарақтың бірінде басы, бірінде денесі жерленген екі қорыққа да халық көптеп келіп зиярат етеді, түнейді. Бұндай бір өзі екі жерде әулие аталып, қасиетін бүкіл мұсылман баласы мойындап отырған адам – тек Құлбарақ батыр. Сол бір насырға тапқан жорықтан елге оралмаған батырларды жоқтап қайғырған халық аузында Абыл ақын айтқан: Аттанған адай сегіз жүз, Келер ме екен келер күз. Келер күзде келмесе, Аттанғаннан күдер үз. – деген жолдар сақталып қалған. Сүйінқара сарбаздары үнемі жеңіліс таба бермеген. Аталып отырған «Қырғын сайдағы» оқиғалардан кейін бұл елді қайта шабуды ойлап келген, ішінде ағылшынның тыңшысы Джеймс Аббот бар, Хиуа ханының

жасақтарын адайлар тас-талқан етіп жеңіп, Абботты орыс губернаторына тапсырған. Сүйінқараның ерекше батырлығы, бірегей адамгершілігі, еліне қамқорлығы, айтулы беделі жайлы белгілі ақын, жазушылар өз шығармаларында назар аударарлықтай орын беріп отырған. Ақын Ығылман Шөреков өзінің «Исатай Махамбет» атты дастанында Сүйінқараның Исатай мен Махамбет сынды ел ардақтыларымен дос, көңілдес болғанын жырға қосқан болса, жазушы Әнуар Әлімжанов «Махамбеттің жебесі» романында Сүйінқараны Аллақұл ханға қарсы шығып Исатай, Махамбеттермен дос болуды көздеген айтулы батыр, аузы дуалы би ретінде көрсеткен. Ғалым Дүйсенбаева Жанбибінің өзімен жүргізген сұхбатында заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев Сүйінқара батыр жөнінде мынадай сипаттама береді: «…Сүйінқара әртүрлі ассоциация шақырады. Менің көз алдымдағы ассоциация бойынша, оның героикасы бітімінде, іс-қимылында емес, оның табандылығында, өжеттілігінде, сол бір шынашақтай, кәдімгі сүліктей қадалып алатын күштер болады деген ниеттің ойы...» (Ж.Дүйсенбаева «Әбіш Кекілбаев – сүреткер» 116 б.). Белгілі жазушы, публицист жерлесіміз Маршал өзінің «Сүйінқара» романында Сүйінқараны қайтпас ер, каһарлы батыр болумен бірге, тек бүгінгі кезді емес, болашақты да ойлай білетін, ел қорғаны болған парасатты кісі деп көрсетеді. Ғалым, жазушы, Қазақстанның тарихи, әдеби, мәдени мұраларын зерттеп өткен Қабиболла Сыдиықов көп жылдар бойы еңбектеніп, «Сүйінқара шежіресін» жазып шығып, батырдың ата-тегі, одан тараған ұрпақтары жайлы құнды деректер қалдырды. Сүйінқара батыр алдына сонау Әзіреттің Алатауы мен Шу өзені бойынан батысқа ығысып, ақыр аяғында Маңғыстауға келіп қоныс тепкен халқының қорғаны болу, Хиуа ханының зорлық-зомбылығына қарсы күресе отырып, өз елінің мүддесіне қызмет ету мақсатын қойды. Маңғыстау адай халқының ата жұрты делінеді. Өйткені араб тарихшыларының деректері бойынша Маңғыстау, Үстірт жерлерін жайлаған Оғыздар ішінде қазақ халқы тайпалары арғы бабаларының болғандығы айтылады. Сондай-ақ, Қазақ халқының алғашқы оқымысты сәулетшілерінің қатарынан орын алатын М.М.Меңдіқұлов өзінің «Памятники народного зодчества Западного Казахстана» - деген еңбегінде «…По ал-Истахри, в IX-в. Мангышлак заселило «племя тюрок». Это были предки адаев, входившие тогда в состав огузских племен, а по свидетельству Абулгазы, в конце Х-го, начале XIII-в. Здесь появились огузо-туркменские племена, кочевавшие вместе с предками адаев» (6 б.) – деп жазды. Бұл айтылғандар Маңғыстаудың адай жұртының ата қонысы екенін айқындай түседі. Кәзіргі жазбаларда адай елінің көші-қоны туралы айтылғанда «Сауран айналған» деген сөз жиі қолданылады. Осыған қарап алмағайып заманда ертеде өткен баба тайпалар, оның ішінде адай халқыда бұл өңірден талай кетіп, талай қайта оралған деген пікірлер бар. Ал бұны білмеген, білсе де түсінгісі келмеген Хиуа хандары бар болғаны жүзге таяу жыл жайлаған бұл мекенді өзіміздікі деп есептеп, түбектегі қазақтарға ұдайы қысым, қиянат жасап отырған. Бұндай қорлыққа

көнбей, шапқыншыларға қарсы қан майдан ашып, осы ақ жолда халық рухын дұшпанға бастырмаған қайсар ерлер мерт болып та отырған. Аяғақ-Боздақта болған «қанды сай» қырғынында кейбір сарбаздардың жауға қарсы тұруға жүрегі шыдамай кейін ығысып кетуге маңдай түзегендерін байқап қалған Сүйінқара оларға қатқыл дауыспен «алдымен мені қорғаныздар, Сіздер өлсеңіздер адайдың бір қатыны ұл табады, ал мен өлсем адайдың белі сынады» – деп осы кезге дейін ел аузында сақталып келе жатқан тапқыр - шешендік сөз қалдырған. Сүйінқараның осы сөзінің өзі де жауынгерлерге күш берген. Сүйінқараның өз еліне, ұрпаққа деген сүйіспеншілігін, айырықша қамқорлығы мен парасаттылығын Маршал Әбдіқалықовтың «Сүйінқара» романындағы оның жауға аттануға ұлықсат сұрап келген жас жігіт Өмірзаққа айтқан төмендегі сөзінен де көре аламыз (№9 «Жұлдыз» журналы 129 б., қыркүйек айы, 1981 ж.): «…Шырағым, әлі жассың! Ауылыңа қайт… Кеше мен өзім, айналамды қамысқа тығып паналағанымда өлімнен қорқып па едім? Кейін ұмтыларға қол қалсын, өсерге жан қалсын дегенім жоқ па? Қайт ауылыңа, келінге ұл бала таптыр. Біз мынау көпті әлі де іріктейміз. Жау соңынан артында ұрпағы бар, өсер-өнері барлар ғана шығады…» – дейді батыр. Сондай-ақ, аталған романда ел аузында «Сүйінқара сыбаға» делініп мәтелге айналып кеткен сөзге де батырдың өзі: «Сүйінқара сыбаға жинады, үлес алды деп тантитындар да бар! Білемін ол күңкіл сөзді. Мен сонда Хиуаның бегінің егініне түсіп, шарбағынан секіріп отырмын ба? Ата-бабам қорғаймын деп қанын төккен қасиетті жерімде, өзімнің Бозашымда, үйімнің төрінде отырмын. Бізден басқа біреудің жерін ешкіміздің лағы аттаса айқай шығарады. Ал неге біз жерімізге бөтенді талтаңдатып еркін жібереміз. Жоқ мен тірі тұрғанда оған көне алмаспын!» – дейді каһар шаша (127б.) Романдағы Сүйінқараның бұл сөздерін осылай беруі, екінші жағынан, оның ішкі дүниесін, адамгершілік бейнесін ашудағы жазушының үлкен табысы дей аламыз. Аузы дуалы би, тар заманда еліне қорғаныш бола білген Сүйінқара батырды Абыл ақын Тілеуұлы да жырға қосқан. Ол Сүйінқара туралы: «Нағашың ер табынай, Алқұлы, Айбас Қайының Байбақты батыр, Шолан тапа тайлас. Ерлігіңе көркің мен билігің сай, Көрген жан бір өзіңе кінә қоймас. Сен барда сүйеулі еді арқам жарғай, Қатепті қайыспайтын қара нардай Аузына байтақ жұрты анталаған, Сүйекем сөйлер еді-ау қарқуардай. Сүйекем сапар шекті сексен бесте, Сисемде қалды ұйықтап, аю төсте.

Қорлыққа көнбен деген бір пенде еді, Ажалға о да көнді салған іске» – дейді (ХIХ ғасырдағы қазақ поэзиясы, Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, Алматы, 1985 ж. 42б.) Сүйінқара батырдың бейіті Маңғыстаудың фантеоны деп атауға тұражақ Сисем ата қауымына жерленген. Бұл қорымда адайдың бірқатар айтулы тұлғалары мәңгілік орын тапқан. Ата әруағын әспеттеген ұрпақ өкілдері Сүйінқара атасының бұрынғы белгі тамын жаңартып, орнына ақ мәр-мәр тастан әдемі күмбез там салды. Үстіміздегі жылдың күзінде ел қамқоры Сүйінқара батырдың өмірге келгеніне 250 жыл толғалы отыр. Осыған байланысты шаралардың алдынала, жан-жақты дайындықтармен кең көлемде атап өтуге ат салысу облыстың, облысымыздан тысқары жерлердегі де, барлық азаматтардың қатысуларын қажет етеді. Маңғыстау тарихында өшпес із қалдырған Сүйінқара Үргешбайұлын ұрпақ жадында қалдыру үшін оның есімін кейбір елді мекендерге, басқа да мәдени, тарихи орындарға, мектептер мен көшелерге беру игілікті іс болған болар еді. 24.03.2006 ж.

АРМАНДА КЕТКЕН АЗАМАТ

Маңғыстауда түбектің ғана емес, бүкіл халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған асыл азаматтар көп өткен. Олардың бәрі-бәрі болмаса да, бірқатары жөнінде айтылып та жүр, жазыла да басталды. Соңғы бір-екі жыл бедерінде ақпа-төкпе күйші – композитор Есір Айшуақұлы, әлемде теңдесі жоқ жырау Мұрын Сеңірбекұлы және оның ұлы ұстазы, терең философиялық ойға жетелейтін талай тамаша туындыларды келтіріп, халық сүйіспеншілігіне бөленген суырып салма ақын Қашаған Күржіманұлының мерей тойлары болып өтті. Мұның барлығы да халық тілегі және оның белсенді араласуы жағдайында өткізілуі, санадағы сәулелі сілкіністің шүкір етерлік жақсы бір мысалы еді. 1918-ші жылдың қыркүйек айында Адай уезінде революциялық комитеттің алғашқы төрағасы болып, шешендігі, әділдігімен беделге ие, бұрын да болыс болып қызмет атқарған Тобанияз Әлниязов сайланды. Комитет төрағасы болып сайланысымен Төбекең елдің тұтастығын сақтап, бірлігін нығайтуға басты назар аударып отырды. Ол кезде Маңғыстау уезі Форт-Шевченкодан берісі Бейнеу, әрісі Жем бойына дейінгі аймақты алып жатқан үлкен өлке болатын. Отызыншы жылдардағы қуғын-сүргіннің құрбандары қатарында атылып кеткен Тобанияз Әлниязұлы тек 1962-ші жылы ғана ақталды. Ол қылмыс жасап сотталған жоқ, сол бір қиын кездегі дау-дамайдың, көре алмаушылықтың, ел ішіндегілердің бір-бірінің ізін аңдудың, топқа бөлініп егесудің, пәле жаланың, домалақ арыздың құрбаны болды. Осылай болғандығын, Т.Әлниязовтың үстінен түскен арызды қараған кезде, оны ылғи да жаман жағынан көрсетіп, қатаң шешімдер қабылдаған партия

жиналыстарының (Тобанияз Әлниязұлы партия мүшесі емес еді) партия тарихы архивінде сақталған документтерінен көруге болады. Тобекең сол партиялық қатаң шешімдердің негізінде қуғындалып, ақырында үштіктің үкімімен атылып кеткен. Т.Әлниязұлын ақтаған Қазақ ССР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі судьялар алқасының № 22/09Н анықтамасында (Архив көшірмесі. Қазақ ССР Орталық Мемлекеттік архиві. 12.1990ж. №А-47 п-79) Тобанияз Әлниязовқа тағылған кінәлардың барлығы да жоққа шығарылып, «За отсутствием в их деятельности состава преступления» деп жазылуы біздің жоғарыдағы пікірімізді дәлелдейді. Тобанияз Әлниязұлы елдің қадірлі адамы болды. Ақындар оған өлең арнады. Халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабыловтың өлеңінде мынадай жолдар бар: ...Өткірің бар ма толы жұрт, Одан артық шет жерде? Халық үшін туған ер еді, Табылмайтын ексең де. Қайғырды дейді біз түгіл, Меңдешев, Әліби, Бақытжан Солардай асыл бектер де. Тобанияз табиғи ақыл, парасаттың арқасында ревком төрағасы ретінде өзіне жүктелген міндет пен жауапкершілікті терең түсіне білген. Ол қолдағы билікті туған еліне қызмет етуге арнады, бұл жолда ешкімнен жасқанбады, бастаған ісінен де тайынбайды. Тобанияз Әлниязов 1920-шы жылы қазан айында өткен Бүкілқазақстандық бірінші съезде: «Менің елім көшпенді, малдың жәйімен көшіп-қонып жүреді. Мал жайылатын жер тар, шалғын шөбі, суы жоқ, мектебі, ауруханасы жоқ. Осындай жағдайдағы елге салық салуға бола ма?» - деп тебірене сөйлеген. Тобанияз көтерген осы мәселелердің бірқатары орындалды да. Қазақстан Орталық атқару комитеті кейіннен Маңғыстау уезі халқын салықтан босату жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Ол шешім 1942ші жылға дейін іске асырылып келді. Әліби Жангелдиннің Тобанияз ұсынысын қолдауды және Жоғарғы Үкімет алдында қайталып мәселе қоюы нәтижесінде Маңғыстау малына жайылыс үшін Ақтөбе жерінен жәйлі қоныс бөлінді. Бұл малдың да тіршілігі, онымен тікелей байланысты елдің де жәйі табылған дұрыс шешім болды. Сол кезде бөлінген қонысты Маңғыстау малбегілері кешегі Кеңестер Одағы ыдырап, кеңшар малы жеке қожалықтарға үлестіріліп берілген кезге дейін пайдаланып келді. Халықтың сауатын ашу жөніндегі іс-шараларға да Тобанияз жанын сала кірісті. Осындай халыққа еткен қызметі және сол жолда қандай азап пен ауыртпалық болса да қасқая тұрып көтере алатын айрықша қасиеті үшін Тобекеңді Сәтекең жырлағандай, Сейтқали Меңдешев, Әліби Жангелдин, Бақытжан Қаратаев, басқа да қазақтың талай ойлы, зиялы азаматтары жақсы білген. Осы орайда Тобанияздың тәрбиесінде болған туған жиені Айтуар

Бүркітовтың әңгімесі ойға оралады. Айтекең Тобанияздың үлкен баласы Бердіханмен қатар өсіп, Тобанияз ашқан мектепте бірге оқыған. Бердіхан алғыр жігіт болыпты. Әкесінің халық жауы атанып сотталып кетуіне байланысты бұл да 17 жасында сотталып кетіп, 1933-ші жылы босатылып келген. Түрмеде қазақтың талай білімді, оқымысты адамдарымен бірге болыпты. Олардың арасында Ахмет Байтұрсынов та бар екен. Бердіхан Тобанияздың баласымын дегенде: «Е-е, Тобекеңді, әкеңді білеміз ғой», - деп жабыла сұрап, елеңдесіп қалса керек. Содан былай олар оны бауырға басып қамқорлыққа алған – дейді Айтекең. Бердіхан орыс тілін де, арабша төте жазуды да түрмедегі оқымысты адамдардан үйреніпті. Ал, Айтуардың өзі А.Байтұрсыновтың өлеңдерін тұңғыш рет Бердіханның ауызынан естіп, жаттаған. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағын» да Бердіхан сол жақтан үйреніп қайтыпты. Бердіханды екінші рет 1937-ші жылы мұғалім болып жүргенде тұтқындаған. 1943-ші жылы «Белорус майданында жүрмін» деген бір хат келген, содан хабарсыз... Сталиндік қуғын-сүргінге Тобанияздың өзі ғана емес, оның ұрпағы, жақын-жуықтары да ұшыраған. Оның Зәкіржан деген баласы Қарабұғаздағы мектепке нағашысының фамилиясына өту арқылы түскен. Оны Ашхабад педагогикалық училищесін бітірген соң, екі жылдық ұшқыштар мектебіне құжаттар тапсырып, барлық пәндерден өте жақсы деген баға алғанына қарамастан қабылдамай қойған. Владикавказ қаласындағы екі жылдық милиция мектебіне жолдама беретін комиссияның шешімі бола тұрса да, қабылдау комиссиясының төрағасы Зәкіржанның сол мектепте оқуына ұлықсат етпеген. Ол осының барлығында да «Сен Тобанияздың баласысың» деген мызғымас кедергіге тап бола берген. «Әкеміз не үшін сотталды?» деген жан ауыртатын сұрақ Тобанияз ұрпақтарының бәрін де толғандырды. Осы жерде айта кететін бір жәйт, «Жұлдыз» журналының 1973-ші жылғы № 1 санында белгілі жазушы – публицист М.Әбдіхалықовтың (марқұм) «Қаратөбе келісімі» атты мақаласының жарық көруі. Онда Ә.Жангельдиннің Торғай сапарында Бозашы түбегінің Қаратөбе деген жерінде өткізген Маңғыстау халқының бірінші съезі және сол съезде Т.Әлниязовтың ревком төралығына сайлануы жайында сөз болады. Журналдағы осы деректі әңгімені оқығанға дейін әкесінің кім болғанын, не үшін жазықты болып атылып кеткенінен бейхабар Тобаниязұлы Зәкіржан журналда жазылған жүрек жарды жақсы хабарға қуанышын білдіріп, редакцияға мың сан рахметін айтып хат жазған. Онда жазықсыз айыпталып, халық жауы атанған әкесі үшін көрген зәбірі мен қорлығын айтып мұңын да шағыпты. Сөйтіп, «Жұлдыздағы» мақала ел-жұртынан қашықта, Түркменстанның алыс бір түкпірінде тұратын Тобанияз әулетіне, бүкіл қазақ ауылына да қуаныш әкелген көрінеді. Тобанияздың ревком төрағасы қызметінде болған кезіндегі атқарған істерінің басты-басты тұстарына тоқтала кетелік. Әліби Жангельдин бастаған экспедициялық-интернационалдық отряд 1918 жылдың тамыз – қыркүйек айларында Маңғыстауда болған. Сол

Торғайға бағыт алған сапарында, дәлірек айтқанда, «қыркүйек айының жиырма бесінде Қаратөбе елді мекенінде (Маңғыстау ауданы, «Ақшымырау» кеңшары) уезідің 12 болысының өкілдері қатынасқан съезд өтеді» (Ә.Жангельдин «Құжаттар мен материалдар», Алматы, 1961 жыл, 58-59 беттер). Ал съезд өткізілгенге дейін Әліби өзінің серіктестері арқылы түбек тұрғындары арасында саяси және үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Сол бірінші съезде «Адай» революциялық комитеті құрылды, оның төрағасы болып Тобанияз Әлниязов сайланды (бұл да сонда). Ревкомды құрудағы мақсат-түбекте Кеңес үкіметін орнату, елді советтендіру, Кеңес Үкіметінің шешімдерін жергілікті жерде іске асыру, халықты сауаттандыру т.б. Т.Әлниязов басқарған ревком қызметі туралы жазылған еңбектердің барлығында да төрағаның және оның көмекшілері – ревком мүшелері Сыдиық Жұбаев, Зұлқаш Баймырзаев, сондай-ақ жергілікті белсенділер шөл дала үстімен азапты да ауыр сапарға тәуекелге бел буған интернационалдық отрядқа қыруар көмек ұйымддастылығандығы айтылады. «Қысқа мерзімде ерікті түрде 700 жылқы, 400 түйе жинап береді» (бұлда да сонда). Отрядқа көптеген адай жігіттері қосылады. Олардың арасында кейіннен Ә.Жангелдиннің Қазақстандағы азамат соғысы майданында сенімді серігіне айналған жас жігіт Төлесін Әлиев те болды. Тобанияз отрядқа жау қоршауынан құтылатын қауіпсіз, төте жолды анықтауға көмектеседі. Расында да, сол кезде Ашхабад пен Красноводск қалалары ағылшын әскерінің қолында болса, Гурьев пен Орал да ақтардың билігінде еді. Т.Әлниязов өзі құрған атты әскер отрядымен осы сапардың алғашқы жиырма күнінде отрядпен бірге болып, жолбасшылық көрсетті, оны қару-жарақпен қамтамасыз етті. Ревком қызметіне байланысты құжаттарда осы отрядтың көшпенді елді қорғауда, тәртіп орнатуда елеулі қызмет атқарғандығы айтылады. «Ревкомның атты әскер отряды кейіннен Кеңес Үкіметінің жаулары есептесетін елеулі күшке айналды... Адай ревкомы өзінің отрядымен 1920 жылдың басында кейін шегініп, Парсы еліне өтіп кетуге бағыт ұстаған атаман Толстов армиясы бөлігін талқандауға қатысты («Құжаттар мен материалдар», 107 бет). Қазақтың белгілі жазушысы Сәуірбек Бақбергенов құжаттардағы сондай-ақ, ел айтып жүрген әңгімелердегі деректерді түйіндейтін бір маңызды архив материалына кездескенін айтады. Өзінің Дина Нүрпейісова жөніндегі шығармасына әзірленіп жүргенде Толтовтың күнделігіне кез болыпты. Онда мынадай бір жазу бар екен. «Егер туған жерге – Ресейга қайтып оралар күн туса, ең алдымен қырғыз Т.Әлниязовтың басын алар едім». Ревком төрағасының тапсырмасымен іс-қимыл жасайтын отряд бірінші рет Толстов армиясы бөлімшелерімен 1919 жылдың күз айында кездесіп, құрметпен қабылдаған болып, сый-сияпат көрсете, қонақ қыла отырып, айламен қарусыздандырған. Сөйтіп атаманды бұдан былай Адай еліне «тиіспеймін» (Қазақ революциялық комитеті, 107 бет) деуге мәжбүр еткен.

Тобанияздың алдында тұрған міндет -ауылды кеңестендіру, «Қосшы» кедейлер комитеттерін құрып, ауылдардың орталығын белгілеу, көшпенді елді бірте-бірте отырықшылыққа айналдыру, ол үшін ыңғайлы қоныс, мал жайылатын қонысты жер алу – сол тұстағы қиын да күрделі түйіндер еді. Әлниязов бұл мәселелерді табандылығымен, біліктілігімен, ұйымдастыру қабілетімен, ел арасындағы абырой-беделімен шеше білді. Әсіресе оның елдің тұтастығын сақтау, бірлігін нығайтудағы, дау-жанжалдарға төрелік айтып, бітістірудегі еңбектері де өз алдына жеке әңгіме. Бірер мысалдар келтірелік: Адай уездік ревкомның 1921 жылғы 26 қыркүйектегі мәжілісінде Т.Әлниязовты Хорезм республткасына жіберуге шешім қабылданады. Оның мақсаты республикада етек алған бандалар қозғалысына тиым салуға ықпал ету. Себебі, олар Хиуаға барып, азықтүлік, киім-кешек әкелетін маңғыстаулық керуендерге шабуыл жасап, тонап алып жүрді. Бұл кезде Т.Әлниязовтың қолында Қырғыз (Қазақ) Орталық Атқару Комитетінің мандаты болды. Тобанияз өзінің елшілік қызметін ойдағыдай орындап қайтады. Оның қортындысы ревкомның біріккен мәжілісінде 1922 жылдың 23 қаңтарында қаралады.Т.Әлниязовтың Хиуа сапарындағы бітірген ісі архив материалдарында көрінгеніндей (Маңғыстау облыстық атқару комитетінің архив бөлімінің 29.11.90 ж. берген анықтамасы), жақсы бағаланған және оның елшілік қабілеті де айқындала түскен. Хорезм республикасы басшылары оны құрметпен қабылдайды. Түркмендер мен қазақтар арасындағы даулы мәселелер бейбіт жағдайда шешіледі. Хорезмнен қайтар жолда Әлниязов уезд ауылдарын аралап, жарлы-жақыбайларға, аштыққа ұшырағандарға өзі жүріп малдай көмек ұйымдастырады. (Бұл да сонда). Ревкомның төрағасы бола жүріп халықтың мұңын ойлап, жоғын жоқтауға байланысты атқарған істері оның ел ішіндегі де жоғары орындардағы адамдар алдындағы беделін өсіріп, мерейін арттырды. Оны растайтын құжаттар да, ел ауызындағы әңгімелер де жетіп жатыр. Т.Әлниязовтың басқаруымен Адай уезі өкілдерінің біріккен жиналысы өткізілген. Архив құжаттарында жиналыстың мынадай шешімге келгендігі жөнінде айтылады: «...Әр облыстың өкілдерімен ақылдаса отырып, Адай уезі Ресей аштарына 30 мың қойды тірілей, 50 мың тері, 10 мың киіз беретін болсын». Оның түгелдей жиналып, тиісті жеріне жөнелтуі жұмыстарының басы-қасында ревком төрағасының өзі жүргендігі жөнінде де дерек бар. Бұл жұмыс Тобанияздың халық арасындағы жоғары беделі арқасында ғана іске асқан болатын. Айта кету керек, Т.Әлниязов басқарған Адай ревкомы Қазақстанда ең ұзақ өмір сүрген революциялық комитет болды, ол 1927 жылдың орта тұсына дейін қызмет жасады. (Қазақ революциялық комитеті, 113 бет.). Ел арасында Тобанияздың адамдық тұлғасы, кісілік келбеті жайында көптеген деректер сақталған. Ол түбектегі халықты сауаттандыруға елеулі еңбек сіңірді. Бүкілқазақстандық съезге қатынасып КирЦИК-тің мүшесі болып сайланып қайтқан сапарында башқұрт Құсайын Мухамедиев пен татар Хасан Уалиев деген кісілерді алып келіп, Тиген мен Жыңғылдыдан екі

мектеп аштырған. Одан жүзге жуық бала сауатын ашты. Сабақ Ахмет Байтұрсыновтың жасаған жаңа әліппесі бойынша жүргізілді. Осындай мектеп жаз жайлау – Буракөлде, Қызылқоға ауданының «Ақшілік», Сағыздың «Қопа» деген жерінде жұмыс жасаған. Осы мектептен білім алған жергілікті жердің азаматы Үбіния Қазақбаев (Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін ағарту, партия жұмыстарында болған), осы өңірге кеңінен танымал, түбектің саяси, әлеуметтік дамуына өзіндік үлес қосқан ғұлама шежіреші Алшын Меңдалиев, зейнеткер Н.Нұрғалиев, Ленин орденді колхоз төрағасы Нұрлан және түрлі мекеме басшылығында болған Нұрбауыл Байтілеуовтер де Жыңғылдыдағы Тобанияз аштырған мектептің түлектері. Ол жетім балалар үшін Форт-Шевченкоден интернат аштыруға көп еңбек сіңірді. Еңбек ардагерлері Ысқақ Шәкіратов пен Орынбай Бәлдеков, Сансызбай Нұрбатыров, Алдан Сейтмағанбетов, республикаға есімі кеңінен танымал ғалым, дәрігер – жазышы Естөре Оразақов, т.б. көптеген азаматтар ревкомның берген жолдамасымен сол балалар үйінен тәрбие алды. Айтуар Бүркітовтың жазбалары бойынша елдің ауызы дуалы қадірменді азаматы болған Нұрбаулы Байтілеуов Ә.Жангелдинді көзімен көрген кісі, Қаратөбеде өткізілген съезге қатынасушылардың арасында болыпты. Ә.Жангелдин «Төрағалыққа ұсынатын кімдер бар» деп сұрағанда, бірнеше адамдардың аты аталыпты. Съезге жиналғандар арасында атышулы Мәтжан, Қаражан сияқты билер де болған көрінеді. Ол екеуі де таңдаудың Тобаниязға түскенін жөн деп білген. Төрағалыққа Тобанияз неге таңдалды? Өйткені ол Әлібидің айтқандарын тез түсініп, түпкі мақсат-мүддені дәл аңғарған және онымен тең дәрежеде сөйлескен. Әліби де оның зерделі санасын жүйрік ойын дұрыс пайымдаған. Сонымен бірге ол қалың бұқара өкілі – кедей, адал еңбегімен күн көрген егінші, көкірек көзі ояу, халыққа танымал, парасатты, ойлы азамат болған. Тобанияз сол кездің өзінде-ақ бесаспаптылығымен халық сүйіспеншілігіне бөленген адам. Темірден түйін түйген зергер әрі ұста, аңшы, құралайды көзінен атқан мерген болған. Қамшы өрген, сырға-білезік, сүйек қосып сандық жасай білген. Ер шапқан, жона тіккен. Темірді қыздырып, балқытатын көрікке қажет көмірді де Аусарының шығыс жағындағы Көкала деген таудан өзі іздеп тауып, пайдаланған. Қазір оны көзімен көрген адамдар сирек те болса бар. Мақсым Бақтыбайұлы деген қарт бар. Ол Тобанияздың егіндікке су үшін қалай жап қазғанын көзімен көріпті. Сондай-ақ Ізім Тумышев те Аусарыда отырған Тобаниязға сәлемдесе барғанда сол жерде өсірілген қауын-қарбыз, сүтке бөрттірген тары жегенін есіне алады. Елуінші жылдарға дейін Аусарыда «Ұшқын» атты колхоз болды. Ол малмен бірге егіншілікпен де айналысты. Еске сала кеткен дұрыс, елуінші жылдардың соңына дейін Маңғыстау ауданының Қаратаудың екі бетін жайлаған колхоздары бұлақ суларына бөгет, тоғандар жасап, бидай, жүгері, тары, қауын-қарбыз өсірген еді. Аусарыда «Тобанияз жармасы» деген бөгеттің орны бар. Маңғыстаудың өзге жерлерінде де «Тобанияз орпасы»,

«Тобанияз құдығы» атаулары бар. Демек осы аймақтағы суландыру және егіншілік кәсібінің басында Тобанияз тұрды деуге әбден негіз бар. Ендігі бір айтайын дегеніміз, Тобанияз жөніндегі деректердің жүйелі зерттеліп, жинақталуы жөнінде. Осы ретте тарихшылардың, журналистердің, архив қызметкерлерінің көбірек жұмыстанғаны жөн болар еді. Себебі ондай жұмыс шындықтың шырайланып, ақиқаттың айқындалуына көп септігін тигізеді. Кейбір архив құжаттарында, әсіресе, партиялық архивте жоғарыда айтылғандай, оны қаралайтын документтер жиі кездеседі. Біздер әңгімелесіп сөйлескен көптеген адамдар кейінгі кезге дейін Тобанияздың атын еске алуға қорықтық дейді. Еске алып, жаңғыртылмаған соң Тобанияз жөніндегі әңгімелердің бірқатары ұмытылған. Бірақ халық арасында оның қызметін, елге сіңірген еңбегін теріске шығаратын мәліметтер жоқ. Ел ауызындағы әңгімелерді, естеліктерді айтпағанда, жоғарыда келтірілген ғылыми еңбектердегі деректердің өзі де біздің пікірімізді дәлелдей алады. Партия архивтерінде «Тобанияз партияда жоқ, жергілікті халықты партия мен Совет үкіметне қарсы үгіттеді» деп кінә тағылғандығы айтылады. Бірақ сол кездегі документтерде бұл кінә дәлелденбеген. Жоғарыда айтылып өткен Қазақ ССР Жоғары Сотының судьялар алқасының № 22/09Н анықтамасында бұл жөнінде: «Никто из допрошенных свидетелей по делу не показывали об участии их в банде, группе или проводимой контрреволюционной агитации против Советской власти» делінген. Тобаниязды қасында тағы бір екі кісі бар ОГПУ-дің «үштігі» соттаған ғой. «Жаптым – жала, жақтым – күйенің» не бір сұрқия тәсілдеріне бара алатын олар ол үшеуінің басына да талай бәлені үйіп-төгіпті: «бұлар – бай, саудагер, молда бола жүріп, 1920 жылдан бастап партия, совет органдарының қазақтарды армия қатарына алуына қарсылық ұйымдастырды, жауапты қызметтер атқара жүріп, партия қатарына оған жат пиғылды адамдардың кіріп кетуіне мүмкіндік жасады, орталықтан қызметке барған адамдарды қудалады. Салық жүйесін бұзды, мемлекетке азық-түлік дайындауға кедергі келтірді, ұлттар арасында іріткі салды, бандалар ұйымдастырды», тағы сол сияқты болып «кінәлар» тізбегі кете береді. Бірақ олардың бірде бірі анықталмаған және сотталушылар бұндай айыптың бірдебірін мойындамаған, куәлер де ондай кінәларды жоққа шығарған. Соған қарамастан «үштік» РСФСР қылмысты істер Кодексінің 58 бабының екінші тармағымен оларды ату жазасына кесіп, үкім шығарған. Осы арада еске сала кетерлік бір жай бар. Қазан төңкерісінен бұрын Тобанияз Бозашы түбегіндегі Шылым болысына болыстыққа сайланды. 1916 жылғы маусым жарлығына қарсы Тобанияз кедей жігіттерін армияға бермеу үшін жергілікті әкімдермен бітіспес күреске түскені бар. Сол ісі сотталғанда алдынан шығып отырмағанына кім кепіл? Т.Әлниязов өзінің күрескерлік іс-әрекетімен, батыл шешімдерге бара алатындығымен, қажет жерінде ердің қолынан келетін істерді жасай алғандығымен де өзіне көптеген қарсыластар – «жаулар» туып алған,

кезеңінің құрбаны болған кісі. Әлгі қаралау құжаттарының көбі сол қарсылардың не арызы, не сөзі арқылы жазылған деуге толық негіз бар. Тобанияз нені қолға алса да халық қамын ойлайды. Оған кейіннен кінә болып тағылған орталықтан әскер сұраудың өзі де халық мүддесін көздеген мақсаттан туған еді. Шынында ол әскерді ел арасындағы барымтаны тоқтатып, рулар арасындағы дау-жанжалдарды шиеленістірмей реттеу үшін, елдің тұтастығын, бірлігін сақтау үшін пайдалануды көздеген. Әлниязовты бұл үшін кінәлау – қиянат. Рас, ел аузында «Тобанияз хан» деген сөз де бар. Оны бір жақты түсінуге де, түсіндіруге де болмайды. Біріншіден, сауатсыз халық санасына революция, Совет өкіметі, ревком деген сөздер бірден сіңісе қойған жоқ. Сондықтан қарапайым адамдардың елдің басшысы болған адамды өздері естіп, айтып келе жатқанындай хан деп қабылдауы әбден ықтимал. Екіншіден, осы бірауыз сөзде «қарадан (халық бұқарасы, қаракедей) шығып, хан болған»,яғни, жаңа үкімет басшылығына сайланған өз табының өкіліне деген мақтанышы да жатқан жоқ па? Үшіншіден, және ең негізісі де, Т.Әлниязовтың жүргізген саясаты хандық саясат емес, Әліби Жангелдиннің өзіне берген тапсырмасын орындау, басқаша айтқанда, Маңғыстау өлкесінде Кеңес өкіметін орнықтыру саясаты болды ғой. Сондықтан оны жергілікті еңбекшіл халықтың кейбір қоғамдық құрылыстың аражігін ажырата білмейтін бөлігінің «хан» деп атағанына Әлниязовты кінәлі деу ақиқаттан аулақтағандық болар еді. Тобанияз орыс тілінде сөйлей алмаған. Кіндікте (Тобанияз орталықты осылай дейді екен) өткізілетін үлкен жиындарға Маңғыстауда Кеңес Үкіметін орнату ісіне айрықша еңбек сіңірген азаматтардың біріНұрсұлтан Оңғарбаевты ертіп барады екен. Орал қаласында өткен үлкен бір басқосуға Нұрсұлтан елде болмай бара алмай қалыпты да, оған ревком төрағасы тілмашсыз қатынасып, сөз сөйлепті. Қазақша айтылған пікірлерді түсінбеген немесе түсінгісі келмегендер әдейі оған «революцияға, Кеңес Үкіметіне қарсылық айтты» деп айып таққан. Оның соңы Тобаниязға «ұлтшыл» деген қара таңба басылып, тұтқынға алумен аяқталған. Ой-арманын, ақ та әділ жүрек әмірін өзге тілде жеткізе алмаған ел арысы осылай тауқыметке тап болған. Қазір халықтың тарихын құрайтын шежірелер баспасөзде жиі жариялана бастады. Сондай шежірешілер Маңғыстауда да аз емес. Соның бірі – Алшын Меңдалиевті көзіміз көре қалды. Бес-алты жасар бала әкесін айтса болды, аржағын өзі жалғастырып кете беретін, естігенін, көргенін ұмыта білмеген ғажап кісі еді жарықтық. Алшекеңнің қазақ баласының арғы ата-тегін білуі бір жөн делік, оның Атырау қаласындағы қайсыбір орыс баласының арғы ұрпағын өргізіп беретініне не дерсің? Алшекеңнен бұрын өмір сүрген, адайдың қараш руынан тарайтын Ыбырайым ахун Құлбайұлы асқан шежіреші болған. Оның шежіресі өлеңтолғау ретінде жазылуымен және бүкіл қазақты қамтумен ерекшеленеді. Тіпті одан әрірекке де алып кетеді. Сол шежірелерде Тобанияз туралы оқырмандар назарына ұсына

кететін деректер бар. Тобанияз, Алшекеңше айтқанда, «Жайылса – жонға сыймаған, жабылса – көлге сыймаған» жеменейдің бес өрдегінен шыққан. Тобанияздың арғы атасы – Кенжеге келсек Ы.Құлбайұлы толғауында: Төрт арыс Кенже болғалы, Бетіне дұшпан келмеген. Қойсары мен Қонайдың, Бақ, дәулеті өрлеген... - делінген.

Маңғыстауда Қонай батырды білмейтін адам жоқ десе артық емес. Тобанияз Қонай батырдың немелтай ұрпағы. Ыбырайым қарт: - Тобанияз шешен бар, Сөзге кезек бермеген. Хан, төремен сынасып, Қалған жоқ жері білмеген, - дейді. Тобанияз он үш жасында әкесінен жетім қалған. Әлнияздың үлкен баласы болғандықтан әулеттің ауырпалығы соның мойнында болды. Сөйтіп жүрсе де елдің белгілі би, ақсақалдары – Мәтжан, Айдарбай, Қаражандар қасынан тастамаған көрінеді. Ел арасындағы тентек пен теліні тезге салатын, дау-жанжалдарға төрелік айтатын кездерінде Тобаниязды қатыстырып отырған. Кейіннен осындай жұмыстарға Тобанияздың өзін жеке жіберген кездері де болған. Тобанияздың ақылдығы мен әділдігі дау-жанжалға төрелік айтқанда анық көрінген, халық оған сенген. Небір қиын мәселелерді шешу жоғарыдағы билер мен ел ақсақалдарының сілтеуімен Тобаниязға жіберіліп отырған. Әттең, сол дауларды шешердегі оның сөздерінің көпшілігі сақталмаған. Оның себебі белгілі – уақыт, кезең кінәлі. Жоғарыда айтылғандай, Тобанияз бесаспап шебер адам болған. Халықтың айтуынша, Тобанияз қолынан шыққан дүниелердің бәрі де музей экспонаттары болар еді. Бірақ, олар жоғалып кетекенге ұқсайды. Бәлкім, іздесе табылып та қалар. Осы орайда Ізім қарттың «Төбекем жасаған ер мен көкала жона, былғарыдан өрген жүген, сегіз өрме қамшысы біздің үйде бар еді. Тобанияз жасаған дегеннен қорқып әркімге беріп жібердік» деп опынуы көп жайды аңғартады. Халық ардақтаған ер, бірегей басшы, арманда кеткен азамат Тобанияз Әлниязұлына бүгінде облыс орталығы – Ақтаудан еңселі ескерткіш орнатылып, күн сайын, әрбір мерекелі күндер де баршаның келіп тағзым ететін, жаңадан шаңырақ көтерген, әскерге аттанатын жастардың келіп тұрар киелі орнына айналды.

(Бұл материал 1990 жылдың күзінде алғаш рет облыстық газеттерде, 1993 жылы «Жұлдыз» журналының № санында журналист Лебен Садуақасовтың соавторлығымен жарық көрді).

40 ЖЫЛ БҰРЫН (ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚОС БАТЫРЫМЕН КЕЗДЕСКЕН КҮН)

Бұл күн бұдан дәл 40 жыл бұрын – 1965 жылдың сәуір айының 30-ы болатын. Ол кезде мен Алматыдағы екі жылдық Жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы едім. Кеңестер Одағы халықтарының Ұлы Отан соғысындағы жеңісіне 20 жыл толу мерекесінің таялып қалған күндерінің бірінде партия комитетінің хатшысы келіп, Бауыржан Момышұлымен осы күні кездесу өтетінін хабарлады. Бірақ Баукеңмен бірге кездесуге басқа кімнің келетіні туралы айтылмады.

Бауыржан Момышұлы туралы Александр Бектің «Арпалыс» повесінен, басқа да көптеген мақалалар мен әңгімелерден естіп, Баукеңнің өзінің қаламынан шыққан туындыларын оқып, аты аңызға айналған батыр екенін, арнайы Батыр атағы берілмегенімен халықтың оны қаһарман деп атап кеткенін білетіндігімізден Баукеңді көруге, онымен кездесуге бәрімізде өте ынталы едік. Сол сәт, міне, енді іске аспақ. Кездесу сағат 10-ға белгіленген болатын.

Менімен курстас жолдасым-досым Бердіғали Өмірзақов деген жігіт екеуіміз Баукеңді жақыннан көріп, жақсы тыңдауды ойлап, бұрын барсаң орын бар дегендей, алдыңғы қатардан орын алдық. Қағаз, қаламымызды да, бір керегі болар деп ала бардық. Көп ұзамай залға өзге тыңдаушыларда жинала бастады, зал лық толды, қайсы біреулерге түрегеліп тұруға тура келді. Сағат 10-ды соқты. Күткен кісіміз келе қойған жоқ. Оннан 10 минут кетті, 20 минут кетті, жарты сағат өтті, әлі де күтудеміз.

Залдағылар арасында тыныштық бұзылып, есік жаққа көз салушылар көбейді. Бердіғали екеуіміз осындай беймазалау шақта отырып аңғармай қалыппыз, бір кезде әр жерден соғылған шапалақ үнін ести сала есік жаққа қарасақ, бір топ кісі алдында түр-тұлғасы келісті, ашаңдау жүзді, кең иықты, қалың қара мұртты, қара костюм киген ұзын бойлы кісі келе жатыр екен. Бұл кісінің Баукең екенін бірден таныған залда отырған тыңдаушылар бір кісідей орындарынан тұрып, ду қол шапалақтап қарсы алды. Баукеңмен бірге оның сол қолынан қолтықтай ұстап, омырауы орден, медальдарға толы аласалау келген, биязы өңді, жүзінен мейірім төгілген бір әйел келе жатты. Олардың соңынан Жоғарғы партия мектебінің ректоры Қ. Оспанов, тағы басқа бірнеше адам көрінді.

Келген кісілер президиумға көтерілді. Партком хатшысы қонақтарды таныстырып өтті. Сіздермен кездесуге Ұлы Отан соғысының қан майданында ерліктің тамаша үлгісін көрсеткен гвардия полковнигі, жазушы Бауыржан Момышұлы, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Хиуаз Доспанова келіп отыр, қарсы алыңыздар,-деді ол. Біздер жаңағы ордендері жарқырап келе жатқан кісінің Хиуаз апай екенін енді білдік. Ол кісі туралы бұрыннанда естуіміз бар еді. Оның қазақтан шыққан жалғыз ұшқыш қыз екені, жау тылын сан рет бомбалап фашистерге ойран салғаны туралы оқығанымыз бар болатын. Оның үстіне Жоғары мектептің деканы, біздің сыйлы ұстазымыз Шәку Әміровтың Хиуаз апай сүйген жары екенін де естігенбіз. Хиуаз апай Оралдың қызы болғандықтан, Шәкең

жезделік ретпен біздерге жеңіл әзіл айтып та қоятын. Енді міне, апайдың өзін көріп, сөзін де естігелі отырмыз. Партком хатшысының таныстыруынан кейін зал тағы да ұзақ қол соқты. Мінбеге бірінші болып Хиуаз апай көтерілді. Апайымыз нәзік денелі, қараторы кісі екен. Жәй басып келгенімен айырықша екпінмен шымыр сөйлеп кетті. Соғыс кезінде, бейбіт өмірде өткен жолдарын жеткізіп айтуға деген құштарлық байқалып тұрды.

«Орал қаласында он жылдықты бітіріп, мәскеудің медициналық институтында оқып жүрген кезімде фашистердің жауыздықпен біздің бейбіт елімізге басып кіргенін естідім деп бастады өз сөзін Хиуаз апай. – Халқымыздың басына ауыр күн туып, Отанымызды қатігез жаудан қорғау әрбір азаматтың қастерлі борышы болған сол бір шақта мен де өз еркіммен сұранып, соғысқа аттандым. Менің атақты батыр Марина Михайловна Раскова ұйымдастырған әйелдер авиаполкіне баруыма мектепте оқып жүрген кезімде аэроклубқа қатысқаным, Саратовтағы әскери училищеде оқығаным себеп болды. Ол кезде жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағымен жау тылын тек түн ішінде бомбалайтынбыз. Осындай бомбалауларға 300 рет қатыстым. Ол бір өмір мен өлім шайқасқан кез еді. ПО-2 өте төмен ұшатын болғандықтан зенит оғына жиі кезігетін. Сондықтан да жау тылына аттанған әрбір сапарымыздың соңғы болуы мүмкін екенін біліп жүрдік. Қарулас құрбы-достарымның қатары көз алдымда азая бергенін көру өте ауыр еді. Қанды қол басқыншылардан олардың кегін алуға қалғандарымыз әркез серт беретінбіз. Жаудың тылын, шебін талқандау жөніндегі сан-алуан әскери тапсырмаларды орындау кездерінде менің де үш рет өмірмен қоштасу жағдайында болғаным, айлап госпитальдерде жатып емделіп, аман қалғаным бар.

Бірде жаудың шебін бомбалап тапсырманы тыңғылықты орындап өз аэродромымызға қонуға бағыт алып келе жатқан кезімізде кенеттен ұшағымыз қатты соққы алып, қасымдағы Юлия деген қыз екеуіміз не болғанын білмей қалдық. Көзімді ашсам, мен қираған ұшақтан аулақта, ал Юлия оның ішінде жатыр екенбіз. Бұдан кейін мен тағыда не болғанын білмей қалып, есімді тек госпитальде жинадым. Соңынан білсем, қимас досым Юлия о дүниелік болып кетіпті. Мені құтқарған ұшақтағы орындыққа таңылуды ұнатпай еркін отырғандығымнан (нұсқауға қайшы) соққы кезінде терезеден ұшып кеткенім екен...»

Жалындап сөйлеп тұрған, Хиуаз апайдың авиаполк қыздарының шетінен батыр болғанын, олардың ішінен 23 қыз Кеңес Одағының батыры атағын алғанын, Дуся, Юлия, Раиса сияқты майдандас-дос қыздарының Отанымызды жаудан қорғау жолында жас өмірлерін қиғанын айтқан кезінде көңілінің босап кеткенін байқадық. «Сонымен, -деді бұдан әрі, Хиуаз Доспанова,- елге Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі болып оралдым. Медициналық институтқа түсемін деп ойлаған едім. Бірақ тағдыр маған халыққа қызмет етудің басқа жолын жазған екен. Партияның жоғарғы орындарының

ұсынысымен Қазақстан комсомолын басқара жүріп, бүкіл еліміздегі жастар тәрбиесіне, олардың қоғамдық өмірдегі ролін арттыруға күш салдым. Бұл кездерде біздер демалыс дегенді білмедік. Алматы қаласын көркейту үшін, жасыл желекке бөлеу үшін жас шыбықтарды отырғызуға жастарды жұмылдырғаным, бұл іске өзімнің де қолдап араласқаным әркез есіме оралады.

Біздер соғыста қан кешіп жүрдік, мақсатымыз фашистерді тезірек жеңу болды-деді бұдан әрі, Хиуаз апай. Соғыстан кейін қираған, экономикасы әлсіреген елді қалпына келтірудің қиын кездерінде де аянбай еңбек еттік. Аға ұрпақтың осы ерлік істері мен маңдай терлерінің нәтижесін кәзіргі жайнаған өмір көрсетіп отыр. Демек, біз атқарған істер халқымыздың ойынан шықса, ұрпаққа үлгі бола білсе еңбегіміздің босқа кетпегені.

Мені қазақ халқының зиялы азаматтарының бәрі дерлік біледі, сыйлайды. Солардың ішінде Ұлы Отан соғысының батыры, алдыңызда отырған Баукең ағамыз айырықша сыйлап, құрмет көрсетіп келеді. Осының бір айғағы сіздермен бүгінгі кездесуім. Жоғарғы партия мектебінің тыңдаушыларымен кездесуге бірге барамыз деп телефон шалуы Баукеңнің маған көрсеткен тағы бір құрметі еді. Сол үшін, аса құрметті Бауыржан аға, Сізге шын жүрегімнен үлкен рахмет айтамын»-деп Хиуаз апай президиумда отырған Баукеңе аса бір ілтипатпен мойнын бұрды.

Біздер Доспанова Хиуаз деген кісіні жаңа танып-білгендей болдық. Бұл кісінің әрбір сөзінен тура айтар, қайсар мінезі, қолға алған ісін жеріне жеткізбей тынбайтын жігерлілігі аңғарылып тұрды. Хиуаз апайдың сөзі аяқталысымен тыңдаушылар ұзақ қол соғып қошамет көрсетті. Бұрын жалпы естігеніміз болмаса батырлық жолдарын, әсіресе, соғыстан кейінгі өмір жолдарын жете білмейтін Доспанова Хиуаз жайлы соңынан білгеніміз: Қазақстан Жастар Одағы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен тура айтатын, тайсалмай әділ сөйлейтін қайсар мінезі үшін мүгедектігін желеу етіп мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығарылып, еленбей, атаусыз қалған кісі екен.

Хиуаз апаймен кездесіп, сөзін тыңдағаннан кейін біздер, соғыс жылдарындағы өмірі қаһарман ерлікке толы жау жүрек қазақ қызын бұлайша ұмыт болуға дейін апару билік басындағылардың шектен тыс әділетсіздігі екен деп түйдік.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде өткен жылдың соңғы айлары ішінде көптеген авторлар мақала жазып, Хиуаз Доспанованың соғыс кезіндегі ерлігі оған «Халық қаһарманы» атағын беруге әбден лайық деген пікірлер білдірген болатын. Осы ұсыныс-пікірлердің негізінде, мезгілінен көп жылдар кешіксе де, «ештен де, кеш жақсы»-деген емес пе, Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың шешімімен қазақ халқының ержүрек майдангер қызы, Хиуаз Оспановаға соғыс кезіндегі ерен ерлігі ескеріліп, өткен жылдың желтоқсан айында Тәуелсіздік күніне орай «Халық қаһарманы» атағы берілді. Әділдіктің ақ туындай болған бұл шешімді бүкіл еліміз үлкен қуанышпен қарсы алды.

Хиуаз апамыздан кейін мінбеге көтерілген Баукең бірден: біздердің кешігіп келуімізге кінәлі ана кісі деп, мойнын бұрмастан, сол қолының бас бармағын иығынан асыра нұсқап, президиумда отырған біз оқып жатқан Жоғарғы мектептің ректоры Құрманғали Оспанов ағайды көрсетті. Ағайымыз бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып істеген, өте жайлы, сабырлы кісі болатын. Баукеңнің сөзін естіген ол, иә, кінәлі менмін дегендей ишаратпен ақсия күліп басын изеді. Баукеңді аңызға айналған батырлығымен бірге мәрт мінезді, бетің бар, жүзің бар демей тіке айтатын кісі деп естуші едік. Александр Бектің «Арпалыс» атты кітабын жазарда оған қойған талабын да оқығанымыз бар болатын. Ректорымызды әлгідей жолмен сынағанын көріп батыр Баукең туралы айтылып жүрген әңгімелердің шындығына көзіміз жеткендей болды және оны ешкім артық болды-ау деп ойламаса керек.

Бұдан кейін Баукең танадай үлкен өткір қара көздерінің жалынды жанарын тыңдаушыларға аударып: жазып алған сөзімді оқиын ба, әлде қағазсыз-ақ айта берейін бе?-деді де пенджагінің қойын қалтасынан бір буда машинкаға басылған қағаздарды шығарып, сіздер мені алдын-ала дайындалмаған екен деп ойлап қалмаңыздар, мен бұл кездесуге әдейі дайындалған кісімін-деп залға тіктеп қарады. Біздер, Бауке қағазсыз-ақ айта беріңіз, сол жақсы деп әр жерден пікір білдіріп жаттық. Әркім Баукеңнің әрбір сөзін құлаққа құйып алғысы келгендей пейіл аңғартып, залда тек шыбынның ызыңы естілгендей тыныштық орнады.

«Мен-деді бұдан кейін Баукең – дүниежүзілік соғыстарда айырықша із қалдырған екі қолбасшыны білемін. Оның бірі – соғыстың механикалық кезеңіндегі қолбасшысы Шыңғысхан да, екіншісі – машиналық кезеңіндегі қолбасшысы Иосиф Виссарионович – деп бастады Баукең өзінің әсерлі әңгімесін. Әскери қызметте қатарынан жиырма бес жыл болдым. Соғыс кезінде ел намысын қорғап фашистермен 207 рет айқасқа түстім. Сондықтан да соғыстың не екенін айқын білемін. Соғыс бүкіл адамзаттың қасіреті, ол жазықсыз жандардың көз жасы, бұл аштық пен қайыршылық, бұл адам баласының қолымен жасалған құндылықтарды қатігездікпен жою деген сөз. Мен батальон, полк, дивизия басқарған кездерімнің барлығында да өзімнің солдаттарымды шайқасқа салғанда олар жауды жеңсін деймін. Солдаттарымның бір де-бірін шашау шығармай аман алып қалуды ойлап өзім де шайқасқа кіріп отырамын. Жаумен шайқаста жеңіп шығу көбіне командирлер тарапынан берілетін бұйрықтарға тікелей байланысты. Командир – ұрысты ұйымдастырушы, жеңіске қол жеткізуші тұлға. Менің бұйрыққа қояр талабым: бұйрық беру үшін алдымен терең ойлану, бұйрықтың орындаушыларға түсінікті болуы және соғыстың әдіс-айласын, тәсілін түсіндіру. Бұдан кейін әрбір бұйрықтың орындалысы міндетті түрде тексерілуі керек. Ойланбай, талданбай берілген бұйрықтар еш Жеңіске жеткізбейді, орындалмай қалады. Ал орындалмаған бұйрық үшін, әрине, солдат жазаланады. Мен болсам, жеріне жеткізбей, ойланбай бұйрық берген командирлерді жазалаймын. Қатаң тәртіп бұзылмаған жағдайда ғана соғыста

жүрген әрбір солдат, әрбір командир шыңдалып, батылдана түсетін болады. Өздеріңізге белгілі, пәлсапашылар қозғалыс өмірдің негізі, онсыз өмір жоқ деп түсіндіреді. Олай болса, бұл категорияның соғыс кезінде алатын орны ерекше. Өйткені соғыста кім іскерлікпен, тез бір жерден екінші жерге орын ауыстырып отыра алатын болса, дәлірек айтқанда маневрлік-ептілік, жылдамдықты, іске асырып отырса, сол ғана жеңіске жете алады. Соғыстың бас кезінде Кеңес Армиясы үлкен шығынға ұшырады. Бұның басты себебі, әскер басшыларының осы маневрге жеткілікті мән бермегендігі. Соның салдарынан жау біздің Армия бөлімдерін қуып жете де алды, алға шығып қоршауды да іске асырып отырды.

Соғыс кезінде талай оқиғалар болып жатады. Соның бірі – алғашқы кезде, біздің Армияның шегінуі кезінде менің шапалақ жеуім еді. Ол былай болды. Дивизияның артиллерия начальнигі, генерал Панфиловтың сенімді серігі Марков келіп, тағы да кейін шегіну, жау қолына түсерлік дүниелердің бәрін өртеу керек деген бұйрық бар-деді. Бұйрықты орындау – міндет. Өртшілеріміз біздер тоқтаған деревняны өртей бастады. Түн ішінде жалын құшағында қалған үйлерден қолға түскен нәрселерін алып жүгіре шыққан адамдар аласұрып жан-жаққа қашуда. Осы кезде бір бурыл шашты әйел қасымызға келіп, бұларың не?-деді булыққан ашулы үнмен. Менің түсінік беруімді күткен жоқ, сіздерді де офицер дейді-ау-деп мені шапалақпен тартып жіберді. Әйел түгіл еркектен таяқ жеп көрмеген адаммын ғой, өшімді кімнен аларымды білмей қасымда мойны салбырап келе жатқан Марковке дұрысында шапалақты сіз жеуіңіз керек еді, біз деревняны өртеу жөніндегі сіздің бұйрығыңызды орындадық қой-дедім. Бұған қарсы сөз айтпаған Марков: бұдан былай деревняларды өртеуді тоқтатайық, жоғарғы жақ алдындағы жауапкершілікті өз мойныма алайын – деді кінәлі кісіше. Шынында кінә Марковте де емес еді.

Баукең бұдан әрі өзінің майдандас достарының – тапсырмасын орындап жүрген жолдастарының жанқиярлық ерліктері туралы біраз әңгімелей келіп, өкініштісі сол – олардың көбінен айырылып қалдық. Атақты қолбасшы, генерал Иван Васильевич Панфиловтың оққа ұшуы аса ауыр қаза болды. Қадірлі генералдан айрылу біздер үшін, ол басқарып жүрген дивизия үшін үлкен сын еді-деді үлкен толғаныс үстінде. Менің ойымша жеңіске арналған мерекелерді, кездесулерді әдемі залдарда емес, елге жеңіс сыйлаған, қазір ортамызда жоқ ерлердің қабірлері басында өткізу керек. Сонда ғана біздердің арымыз таза болмақ »-деген Баукең ағаның пікіріне тыңдаушылар қол соқты.

Сұрапыл соғыстың не екенін кеңінен түсіндіре келіп, өзі қан кешкен кейбір оқиғаларды соншалықты айқын, шынайы бейнелеп, оның адамзатқа келтірген барлық қайғы-қасыретін көз алдымызға елестете білген Баукеңнің айтарлықтай шешендігіне де тәнті болдық. Баукең сөйлеп тұрған кезде тыңдаушылар тарапынан жіберілген бір ыңғайсыз жайды да айта кетейін. Тұнып тыңдап отыран біздерге арт жағымыздан біреулердің тұншыға шыққан күлкілері естілді. Сол-сол екен,

Баукең бірден: кім анау күліп отырғандар, сіздер менің сөзімді тыңдағыларың келмесе шығып кетіңдер-деді қатқыл үнмен. Баукеңнен сұхбат алуға тапсырма алған бір журналист: Бауыржан Момышұлынан сұхбат ал дегенше торда тұрған арыстанның жалын сипап кел дегеніңіз жақсы еді-депті бас редакторға. Оның қарағайдың қарсы бұтағындай қатты мінезді Баукеңмен кездесіп, сұрақтар қоюға батылы бармаған екен дегенді естігеніміз бар еді. Баукең әлгі жігіттерге айтқан ескертпесін, олардың бірден жым болғандарын көргенде енді не болар екен деп ішімізден тынып отырдық. Құдай сақтағанда ештеме бола қойған жоқ, Баукең өз сөзін жалғастыра берді. Келесі бір сәтте енді тыңдаушылардың тегіс күлкісін туғызған көріністің куәсі болдық. Бізбен бірге оқитын ұзын бойлы, толық денелі қырғыз жігіті бар еді. Сол жігіт «Смена» фотоаппаратын шыртылдатып Баукең мінбеге көтерілісімен суретке түсіріп жүрді. Қайта-қайта, бірде оң жағынан, бірде сол жағынан түсіре берді. Енді бірде қарсы алдынан түсіруге ыңғайланып еңкейе берген кезінде Баукең: Әй мынау не қылған адам, тіпті сөйлеттірмеді ғой, кет аулақ деп зекіп қалды. Сол-сол екен, әлгі тұлғалы жігітіміз сүйретіле барып, терезенің алға шыққан табанша тақтайына сүйене бере гүрс етіп құлап түсті. Алпамсадай жігітке батырдың бір ауыз сөзінің өзі оқ тигендей әсер етті-аудеп зал тегіс күлді. Майдангерлермен кездесу, олардың жанқиярлық еңбегін, ерлігін білу барлық жастарға, келер ұрпаққа қаншалықты қажет болса, соғыс тақырыбын терең зерттеп, кең көлемде, әрі нанымды етіп халыққа жеткізіп отыру журналистердің, газет-журнал редакцияларының, барлық қалам ұстаған азаматтардың басты борышы деп білемін – деп жалғады сөзін Баукең бұдан әрі. Мен турасын айтайын: соғыс туралы «Социалистік Қазақстан» (кәзіргі «Егемен Қазақстан» Д.Ә.) және «Лениншіл жас» (кәзіргі «Жас алаш» Д.Ә.) газеттері «Казахстанская правда», «Ленинская смена» газеттеріне қарағанда соғыс тақырыбын анғұрлым кең, нақты да нанымды фактілермен жақсы жазады. Бұл менің ұлтшылдығым емес, шындық осылай. Біреулер менің бұл пікіріме қарсылық білдіріп жатса, партияның Орталық Комитетіне дейін барып осы ойымды дәлелдеп шыға аламын. Сіздердің – партия мектебі тыңдаушыларының менің бұл айтқанымды білулеріңіз керек, ертеңгі қызметтеріңізде ескеріп жүрулеріңіз міндет деп білемін. Мені таңқалдыратын, қайсы бір кездерде ауыр пікір таласына дейін апаратын бір жәй – ол біздің кейбір өздерін оқымыстымыз деп санайтын мыйлаулардың халқымыздың тарихын бұрмалап, бабаларымыздың кемеңгерлік, ерлік, даналық қасиеттерін мансұқ етіп, әдебиетін, мәдениетін жоққа шығаратындары, немесе, білімдері жетпей, зерделей білмейтіндері – деп шамырқанды Баукең. Олар осы бағытта елімізде қол жеткен сәл жақсылық болса, оны коммунистік партияның, Кеңестер Одағының арқасы деп даурығады. Бабаларымыздың барлық жақсы қасиеттерін естен кетіруді көздеген бұндай жала, өтірік, қиянат сөздер айтқан «оқымыстыларға» тиісті тойтарыс беру қажет деп есептеймін.

Мен соғыс кезінің өзінде Қазақ кеңестік социалистік республикасының төрағасы Н.Д. Оңдасыновқа, Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің хатшысына хаттар жазып, қазақ тілінің мүшкіл жайына назарларын аударған болатынмын. Осы кезге дейін ана тілімізді сақтап қалуға бағытталған елеулі қимылдың байқалмай отырғаны өкінішті-ақ. Бұлай бола берсе әуелі тілін, одан кейін өзін жоғалтқан халық боламыз деген осы емес пе?!-деп Баукең сұраулы пішінде залға назар аударды. Бұл сөздерді тыңдай отырып, сонау соғыс жылдарының өзінде өмір мен өлімнің ортасында жүріп ана тіліміздің мәртебесін көтеру мәселесін қозғаған Баукеңнің халқының болашағын терең ойлай білген ұлы адам екендігіне көзіміз жете түсті. Осы кездесуден кейін өткен 40 жыл ішінде де ана тіліміздің мерейі ойлаған дәрежеге көтерілмей, «Мемлекеттік тіл деген атақ алғанына қарамастан кең көлемде қолданыс таппай келе жатқаны халқымыздың алыптары А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж.Аймауытов, Баукең ағамыздың ойларын іске асыруда әліде біраз тер төгуді қажет ететінін әрбір азаматтың білгені ләзім. «Жеті атасын білмеген жетесіз»-деген халқымызда сөз бар-деп бастаған Баукең өзінің шыққан тегін де есімізге сала кетті. Менің руым Ұлы жүздің Дулаты. Дулат Ботбай, Шымыр, Сиқым, Жаныс деп төртке бөлінеді. Біздер Шымырдың Құлиы боламыз. Құлый алған бетінен қайтпайтын батыл кісі болған дейді. Егер біреулер менің мінезімді бұдан жобамен 300 жыл бұрын өмір сүрген сол атама ұқсатып жатса олары онша негізсіз де болмас – деген кезінде сәл жымиған ағамыздың қатқыл жүзінде аздап күлкі белгісі ұшқындағандай болды. Залдан «Волоколам тасжолы» повесінде Боранбаев деген қазақ жігітін қашқын болғаны үшін аттырып тастағаныңыз айтылады, осы рас сөз бе, оқиға қалай болған еді деген бір тыңдаушының сұрағына Баукең: Александр Бектің бұл ойдан шығарған фантазиясы. Осы үшін оның өзін қатаң жазалау керек еді, әттең кітап шығып кетті-деп қысқа жауап берді. Соғыс кезінде батальон, полк, дивизия командирі болған, дивизия командирлеріне дәріс берген, соғыс ісінің тәжірибесіне жетік, теориясын терең білетін, ересен ерлігі мен білімділігі сол кездерде, кейіннен де газет, журнал беттерінен түспеген Бауыржан ағаға батыр атағы да, генерал шені де берілмеді. Баукеңді тыңдай отырып, бұның өзі жоғары билік орындарының батырға орынсыз қақпай көрсеткен қиянат әрекеттерінің салдары екен деген ой келді біздерге. Бірақ одан Баукеңнің беделіне нұқсан келген жоқ. Халық оны шын мәніндегі қаһарман батыр деп таниды. Осы жерде аса дарынды ақын Мұқағали Мақатаевтың мына бір төрт жол өлеңін келтіре кетуді жөн көрдім:

«Алтын да, алмас та емес жарқылдаған, Бір сый бар, аға саған, тартылмаған. Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер, Сыйдан да он есе артық даңқың маған» . Міне, Мұқағали ақын дөп басып айтқандай, Баукеңнің даңқы дүниенің төрт бұрышына жайыла берді.

Даңқы осылайша биіктеп тұрған күннің өзінде де толарсақтан қан кешіп, Ұлы Отан соғысында фашистердің тас талқаны шығып жеңілуіне сүбелі үлес қосқан қолбасшы, әрбір күні ерлікке толы батыр – Бауыржан Момышұлының орасан зор еңбегі дұрыс бағаланбай 45 жыл бойы мемлекет тарапынан батыр атағын ала алмауы көріне әділетсіздік болатын. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Президент Н.Ә. Назарбаев халықтың көп жылдар бойғы арманын жүзеге асырды. Осылайша Ұлы Отан соғысында ерен ерліктің, халқына берілгендіктің айқын үлгісін көрсеткен Баукеңе Кеңестер Одағының батыры атағы берілді. Бұл шешім тек қазақ халқын емес, Баукеңді білетін алыс-жақын бүкіл жұртшылықты қуантты. Бауыржан аға әрі майдангер жазушы, әрі ақын да. Оның 1947 жылдың желтоқсан айында Красноярск өлкесінде жүріп жазған мына бір төрт жол өлеңіне қарап, Батырдың алдын болжаған көріпкел, халқына шексіз сенімді болған кісі екенін көресің: «Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,- Деп жылар қайран қазақ мен өлгенде. Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, Тарихтың түкпірінен сөз келгенде». Осы бір даналық сөз қалдырған Баукеңнің есімі де «Есімім Ресейге кетер байтақ, Тіл білген жүрер менің атымды атап» -деп жазған А.С. Пушкиндей, мәңгі есте сақтала бермек.

Айтулы батыр, есімі бүкіл дүние жүзі халықтарына белгілі Баукең ағаның естен кетпес әңгімелері аяқталған кезде шынайы риза болған біздер орындарымыздан тұрып ұзақ қол соқтық. Біздердің бұл қошаметіміз Баукең президиумдағы орнына барып, қолын көтеріп белгі бергеннен кейін ғана тоқтады. Осылайша, халқымыздың екі бірдей батырымен өткен тамаша кездесуіміз араға қанша ма уақыт түскеніне қарамастан күні кешегідей есімізде сақталып келеді.

ҚАЗАҚТЫҢ АТА РЕЖИССЕРІ

Қазақтың тұңғыш режиссері Асқар Тоқпанов ағамен 1979 жылды 4 тамыз айының 10-ші жұлдызында облыстық партия комитетінде таныстым. Осы күні өткен пленумнан кейін Бейнеуге жүргелі отырған кезімде сізді Әшімбаев (обкомның бірінші хатшысы) іздеді дегенді естіп кабинетіне келсем, Тұтқабай Әшімбайұлымен бір бадана көзді, қалың қара бұйра шашты, батыр тұлғалы, қызыл шырайлы, келісті кісі сөйлесіп отыр екен. Мен ол кісімен көрісіп – сәлемдесіп жатқан кезімде Төкең маған қарап бұл кісі облысымыздың қонағы – Асқар Тоқпанов деген ағаң, қазақтан шыққан алғашқы режиссер, толығырақ кейіннен таныса жатарсыздар, поезда да, елде

де уақыттарыныз жетеді ғой деп күліп алды да, Асқар Тоқпанұлы облыстағы жеңімпаз атанып келе жатқан ауданды барып көргім келеді, халықпен танысу – негізгі мақсатым деп Бейнеуге жүргелі отыр, жүру жағын өзін ұйымдастырарсың – деді. Тұтқабай Әшімбайұлы менің сол ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы екенімді айтқанында Асқар аға: о, онда тіпті жақсы, Сіз бағана қосшы бала тауып беремін деген едіңіз, енді қарасам бұл жігіт қосшы емес, нағыз басшы болды ғой, айналайын-деп жадырай күлді. Сонымен жүруді алдын-ала ойластырып, кешкі поезға екі кісіге әдейі бір купе алдым – ойым қонағымызбен еркін отырып танысу, әңгімелерін есту болатын. Орналасып, біраз жайланып алғаннан кейін, алғашқыда маған паңдау салқын қабақты, кісіге сынай қарайтындай болып көрінген ағамыз бірден жадырап сала берді. Алғашқы танысуымызды өзінің өмір жолдарына саяхаттан бастады. Алматы облысының Іле ауданына қарасты №2 ауылда дүниеге келген Асекең 1939 жылы Москваның мемлекеттік А.В.Луначарский атындағы театр өнері институтінің режиссерліқ факультетін бітіргеннен кейін республикамыздың театр өміріне кеңінен араласыпты. Жоғары білімді тұңғыш профессионал режиссер ретінде 1940 жылы М.Әуезов пен Л.Соболевтың «Абай» трагедиясын алғаш рет сахнаға шығарған. Республикалық балалар және жасөспірімдер театрында, бірқатар облыстық театрларда бас режиссер, көркемдік жетекші қызметтерін атқарған Асекең СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалының жанынан өнер тану секторын ұйымдастырып, негізін қалаушылардың бірі болған. Сондай-ақ, 1955 жылы консерваториядағы театр факультеті ішінен тұңғыш рет актер бөлімін ашқызған. Республика театрларында көптеген жоғары сапалы спектакльдер қоя жүріп Қазақстанның шартарабында жемісті еңбек етіп келе жатқан атышулы әртістер мен режиссерларға ұстаздық етіп, негізгі пәндерден дәріс оқыған. Асекең сонымен бірге, ұлттық режиссура мен театр кадрлерін даярлаудың қалыптасуы, дамуы мәселелеріне арналған «Сахна сазы», «Бүгінге дейін» атты еңбектер, «Тазша бала», «Тасыған тегілер» пъесаларын жазған. Бұл еңбектерімен бірге орыс және шетел классикалық драматургиясының айтулы үлгілерінен бірнеше пьесалар аударған. Олардың ішінде А.Чеховтың «Иванов», «Шағала», А.Островскийдің «Шындық қатты, бақыт тәтті», Г.Ибсеннің «Ін», А.Салынскийдің «Серуендегі сергелдең», А.Сафроновтың «Аспазшы» секілді кесек дүниелері Асекеңнің тәржімалауы арқасында қазақ сахнасына жол тартқан. Осы отырысымызда Асқар Тоқпанұлының өз өмір деректерін сөз ете отырып, әрі режиссер, әрі әртіс болып ойнаған алуан пьесаларындағы қызықты оқиғалар мен көріністерді айту кезінде қайсыбір ұзақ тексттерді мүдірместен жатқа айтқан ерекше талантына таң қалдым. Асекең әртістік өмірінде Абай, Ыбырай Алтынсаринның, В.И.Лениннің рольдерін ойнағанын да айтып өтті. Тағы бір таңқаларлығы – бұл кісі алдындағы тыңдаушысының жалғыз адам екендігіне ешбір назар аудармастан, кең сахнада, мыңдаған

халықтың алдында тұрған кісідей айырықша жігермен ақпа-төкпе құйып сөйлей келе, пьесалардағы кейіпкерлердің әрекеттерін, қимылдарын көрсету мақсатында ара-тұра тұрып кетіп, қайта отырады, әңгіме желісін бір үзбейді екен. Осы көріністер мен әңгімелерден айтарлықтай әсер алып отырған мен ішімнен «Көрұғлы» дастанындағы жетпіс жігіт он-оннан жеті жерден қатар тұрып, керулі жібек арқанға тоқтата алмай, көк теңізге қойып кеткен Раушанбек мінген тұлпар тәрізді Асекең адамның нағыз жүйрігі, ерекше қасиеті бар тұлпары екен-ау деп ойладым. Осындай бір екпіндете, менің назарымды өзіне аудара отырып Король Лир спектаклін қалай қызықты етіп айта бастаған кезінде мен: әлгі бар дәулетін үш қызына, дәлірек айтсам екі қызына бөліп беріп сақалын сипап қалатын Король ме? – деп қалғанымда, «О, сенің Шекспирдің бұл шығармасынан хабарың бар екен ғой» – деп партия қызметкерінің де әдебиет жөнінде азды-көпті білетіні, оқығаны барлығына шын ризалығын білдірді. Асекеңнің тамаша әңгімелерін тыңдай отырып, Қазақстан театр өнерінің аса көрнекті қайраткерлерінің бірі, Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының профессоры, ұстазпедагог, Қазақ ССР-ның халық әртісі, қазақтың ата режиссері, республикаға еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері – Асқар Тоқпановпен кездестіргені тағдырдың маған деген үлкен сыйы деп білдім. Бейнеуге келесі күні ертемен келгеннен кейін біздің үйде аздап демалып

алдықта, Асекеңе аудан орталығын мәдени ошақтарды таныстырып, өнерпаз жастармен, мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырдық. Келесі күндері кездесулер ауданның «Сам», «Қарақұм», «Маңғыстау» кеңшарларында өтті. Осы кездесулердің барлығында да Асекең, жоғарыда айтқанымыздай, шаршамай, талмай бірнеше сағат бойы өз өмірі, өнері жайлы, қойған спектакльдеріндегі, ойнаған рольдеріндегі қызықты оқиғаларды қыздыра әңгімелеп тыңдаушыларды мейілінше баурап отырды. Әсіресе, «Сам» кеңшарында өткен кездесу айырықша есімде қалыпты. Мұнда кеңшар жұршылығымен кездесу 12-ші тамыз күні сағат 12де басталды. Әсем жабдықталған кең залға халық толған екен. Селолық кеңес қызметкерлерінің, кеңшар басшыларының кездесуді ұйымдастыруға тиісті көңіл бөлгендері байқалып тұрды. Кездесуге келіп отырған ағаны менің таныстыруымнан кейін сөз алған Асекең қазағымның асыл да алтын сөздерінің нөсерін төкпелете үздіксіз үш сағат бойы сөйледі. Өзі қойған пьесалардағы кейіпкерлердің әрқайсысының, ол ер адам болсын, ол әйел адам болсын, дауыс ырғақтарына дейін салып, бір өзі ондаған әртістердің осы кейіпкерлерді сомдаған іс-қимылдарын, рольдерін көз алдымызда ойнап беріп, көрермендерді таң қалдырды. Асекеңнің бұл өнерін тамашалағандар бір емес, бірнеше спектакльді көргендей әсер алды. Әсіресе, «Абай» пьесасындағы Айдар мен Ажар трагедиясын бейнелеген кезіндегі көрініс естен кетер емес. Екі жастың мәңгілік махаббатына ажал уы тасталған сәтті сан-алуан қимыл, лағнет сөздермен

жеткізу үстінде Асекеңнің кескін-келбеті гримсіз-ақ өзгеріп кетті деуге болатындай. Осы кезде ол екі көзі оттай жанып, біресе қызарып, біресе жанары буланып, бір орында тұра алмай, қиналыс кейпінде сахна төрінде қозғалумен болды. Бұл көрініске қатты толқыған, әртіс ағаға қатты риза болған көрермендер орындарынан тұрып ду қол соқты, орамалдарын көздеріне апарғандары да аз болған жоқ. Түстен кешке дейін үзіліссіз жүрген бұл кездесуде село тұрғындарының бірқатары сөйлеп, Асекеңе үлкен құрмет көрсетіп, рахметтерін жаудырды. Бүкіл жұртшылық риза болып тарасты. Асекеңнің мұхит түбіндегі меруерттердей асыл әңгімелерінің мені қызықтырғаны, баурап алғаны сонша, күн сайынғы кешкі мезгілдерімізде әңгімесін тыңдауды ойлап, елімізде болатын азғантай күндеріңізде қонақ үйіне бармай-ақ, біздікіне бола беруіңізді сұрағалы тұрмын деген ұсынысыма ол кісі қарсы болмаған еді. Енді, міне, бұл күндердің аяқталуына да жақын қалды. Осыған байланысты бүгін кеште үйге бірқатар азаматтарды шақырып, ағаның әсерлі әңгімелерін тыңдап отырмыз. Асекең бұнда да сол жоғары да айтқанымдай тыңдаушылардың аз-көптігіне назар салмастан, Москва, Алматы, облыс орталықтарындағы өзінің оқуы, өзгелерді оқытқаны, үйреткені, өмірде көргендері мен түйгендері жәйлі кеңінен әңгіме етті, аратұра домбыра тартып, баяулатып ән де салды. Күлдіргі әңгімелері отырғандарды күлкіге кенелтті. Асекең осы отырыста өзінің режиссер болып, 1940 жылы Қазақстанның 20 жылдық мерекесіне орай, «Абай» романы бойынша жазылған пьесаны сахнаға тұңғыш рет қалай шығарғаны жәйлі қызғылықты етіп айтып берді. Басшылар күтпеген жерден пьесаны қоюшы режиссер етіп мені бекітіпті-деп бастады Асқар-аға бұл әңгімесін. Маған дейін Абай ролін ойнауға көптен бері бас ролдерді орындап келе жатқан Елубай Өмірзақовты ұсынып қойған екен. Мен болсам қоюшы режиссер ретінде өз ойымды айтып, бұл рольге Қалибек Қуанышбаевты ұсындым. Ақыры менің ұсынысым өтті. Мұқтардың өзі болса екеуімізге де сенбейтіндігін ашық айтты. Жасыратыны жоқ, Қалибек Абай ролін бірден алып кете алмады. Қанша тырысса да, әрі ақын, әрі философ Абай емес, сол баяғы Қалибек болып қала берді. Біздер репетиция жасап жатқан кездеріміздің барлығына да Мұқтар Әуезовтың өзі қатысып отыратын. Бірде Қалибектің Абайдың Тәкежанға қарап: «Сен не дейсің?» – деген сөзін дұрыс бере алмағанын көріп отырған Мұқаң морт кетті. «Әй тәйірі, Асқардай режиссері, Қалибектей актері бар мен қандай бақытсызбын! Сарыауыз балапан Асқар мен сайқымазақ Қалибекке қор болған қайран Абай-ай!» - деп есікті тарыс жауып Семейге тартып кетті. «Абай» – симфония, ал сендер оны балалайкамен ойнағыларың келетін балалайщиксіңдер!» – деп айтарын айтып кетті. Біздер ол кезде жаспыз ғой, намысшылмыз. Мұқаң елден қайтып келгенше барымызды салып жатпай-тұрмай ізденіп-ізденіп, «Абайды» ақыры сахнаға шығардық. Қойылымның көрушілеріне, ең бастысы жазушыға

ұнағаны сонша, Мұқаң Қалибек екеуімізді кезек құшақтап жадырай түсті. Сөйтіп, ұлы Абайдың сахнадағы өмірі осылай басталған еді – деп аяқтады бұл тамаша әңгімесін қадірлі ағамыз. Біздер дуылдатып қол соғып, қолдан келген қошаметімізді көрсетіп отырдық. Құрметті Асекеңді ертесіне – 15-ші тамыз күні – ерте кететін поезға отырғызып, көмекшілікке бір жігітті қасына қосып, облыс орталығына шығарып салдық. Асқар аға іргелі Бейнеу еліне, қонақжай халқына, әдебиет пен өнерге жанашырлық көрсетіп жүрген азаматтарғабәрімізге риза болып, алғыс айтты. Асекеңмен байланысым бұдан кейін де жалғаса берді. Ол кезде мен Орталықтың бірінші хатшылардың әртүрлі деңгейдегі жиналыстарға шақыруына байланысты және де Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғандығымнан Алматыға жиі барып тұратынмын. Барған сайын телефон арқылы сәлем беріп, ел хабарын айтқан кездерімде Асекең балаша қуанып, «Ой, айналайын Дүйсенім, үй-іштерің-балалар аман ба, Қарлығашым аман ба, ел жайы жақсы ма?» деп туған ағамыздай асып-төгілген шынайы ақ көңілмен бауырына тарта есендесіп жататын. Келесі бір келгенімде Асекеңе телефон шалып: Ассалаумағалейкум, Асқар-аға, Болғанда іні тыныс, аға жаға. Бергелі ел-жұртымның сан сәлемін, Бейнеуден келіп тұрмын жаңа ғана. – деп сәлемдескенімде Асекең ақ-жарқын көңілмен қарқылдап күліп, сенде ақындықтың да ұшқыны бар екен ғой, «Ой, айналайын, үйге кел, қонақ бол» – деп шақырғаны әлі есімде. 1985 жылдың қазанында Қазақ ССР Жоғарғы және арнаулы орта білім министрлігі, Қазақ ССР мәдениет министрлігі, Қазақ театр қоғамының Асқар Тоқпанұлы Тоқпановтың туғанына 70 жыл, творчестволық педагогикалық қызметіне 50 жыл толуына арналған 25-ші жеткоқсанда өтетін салтанатты кешіне шақыруын алдым. Өкінішке орай жұмыс бабымен бара алмадым да, жедел хат арқылы Асекеңді құттықтаған едім. Өмірдің сан қилы өткелдерінен өткен, сирек кездесетін талант иесі Асекеңді кейбіреулер мінезі бар дейді. Мінез әркімде де бар ғой, Асекеңнің өзгелерден айырмашылығы кім де болса бет жүзіне қарамай шындықты айтатыны. Оның қайсыбіреулерге ұнамай қалуы да осыдан болатын. Қазір Қасым Аманжолов «Қазақстан» телеарнасында «Шынның жүзі» – деп алатын арнайы бағдарлама жүргізіп, еліміздің белгілі азаматтарының шындықты қалай қадірлейтіндіктерін, оған деген көзқарастарын айтқызып жүр ғой. Шіркін, Асекең де осы бағдарламада сөйлесе ғой, талай шырылдаған шындық айқыра ашылып, талайлардың беті шиедей болар еді-ау деп ойлаймын. Асекең ағамен 1986 жылы ақпан айында өткен Қазақстан коммунистік партиясының XVI-съезінде үзіліс кезінде кездестік. Съезд аяқталған күннің кешіне үлкен концерт берілетіндіктен осы кезде Алматыда болған жұбайым

Қарлығашты да кешкі концертке алып келгенмін. Осы бойда Қарлығашпен жанашыр ағасындай жадырай көріскен Асекең, ескерткіш үшін суретке түселік деп ұсыныс жасады да, ертесіне съезд сарайында үшеуіміз түскен сол суретті біздерге ұсынған еді. Онда (осы суреттің арғы бетінде) Асекең: «Аяулы бауырларым – Дүйсенбім, Қарлығашым! Ұмытпаңдар, еске ала жүріндер» – деген сөздер жазыпты. Үстіміздегі жылдың 25-ші желтоқсанында Асқар Тоқпанұлының туғанына 90 жыл толуына орай, Қазақтың ата режиссері деп аталып кеткен асыл ағаны есте сақтап жүргенімізді, есімі бұдан былайда жадымызда сақтала беретіндігін айтуды азаматтық парызым деп осы естелігімді жазып отырмын. Асекең елмен танысып үш күн ұдайы өткізген кездесулерінде жұртқа таныс емес кейбір сөздерге түсінік берген болатын және бірқатар нақыл, ұлағатты сөздерді ара-тұра төгіп-төгіп жіберетін. Оның соншама жігермен, екпінмен айтатын ағыл-тегіл нақыл сөздерін, пәлсапалық ойларын естіген кезде санаңа бейне нұр құйылғандай сезінесің. Мен Асқар аға айтқан түсіндірме және ұлағатты сөздерді бере кетуді жөн көрдім: Актер – әрекетші деген грек сөзі. Әртіс – бұл да грекше, өз ісінің шебері деген сөз. Режиссер – француз тілінде меңгеруші деген ұғымды береді. Дирижер – бұл да француз тілі – музыка саласында меңгеруші деген сөз. Театр – грекше әрекет орны, Трагедия – бұл да грекше, кейіпкерлердің қайғылы қайшылықтарына негізделген драмалық шығарма. Комедия – латынша, Ода, той өлең деген сөз. Адамға үш нәрсе қиын: Табиғи қабілетін табу; Жар табу; Дос табу. Жылағанды сұрама, күлгенді сұра. Домбыраны тарта алмаған – сабалайды, Өлеңду айта алмаған – абалайды. Тура айтамын деп туғаныма жақпадым. Өнерсіз өмір – тағылық, Еңбексіз өмір – ұрлық. Жазылған хат өлмейді, Жақсының аты өлмейді. Жақсы адам айттырмай біледі, Сұнқар тастамай іледі. Басшысын таппаған ел азады, Жолдасын таппаған ер азады.

Арыстан тобын ит бастаса, бәрі ит болады, Иттер тобын арыстан бастаса бәрі арыстан болады. Өзің үшін еңбек етсең, оттаған хаюанның бірісің, Халқың үшін қызмет етсең құдайдың сүйген құлысың.

Бірге болған сол бір азғана қүндеріміздің ішінде Асекең маған қажетіңе жарар деп өзінің туған қайын атасы, қазақтың халық ақыны Қайып Айнабековтың төмендегі өсиет сөздерін де жаздыртқан еді. Бұл өсиет сөздерді білу, есте сақтау менен басқаларға да қажет болар деп беріп отырмын: Атаң-анаң бар болса, Қоршап тұрған қорғаның. Адал болса келінің, Ардақтысы олжаның. Ақылды ағаң бар болса, Арқа сүйер тірегің. Жанашыр інің бар болса , Семсер ілген білегің. Адал туған ұл мен қыз, Өкпе-бауыр, жүрегің. Дос-жарларың қадірліс, Көзің менен құлағың. Жақсы болса алғаның, Жарық сәуле-шырағың. Жайлауыңда өмірдің, Жайлы қоныстұрағың. Жақсы қайын жігітке, Жабысады туыстай. Жақсы құдаң бар болса, Сыйласа жүрер суыспай. Жақсы жезде апаңмен, Еркелетер ұрыспай. Өз балаңнан кем емес, Жақсы болса күйеуің. Нағашың бір шалдығып, Шаршағанда сүйеуің. Адал туған жиенің, Жұлыныңдай жүйенің. Арамза болсаң аулақ жүр, Маңыма келмей, біреуің. Жанаспаймын жан тартып, Жақыным деп біреуін. Жаман әке-жыртық қос, Ықтығы жоқ паналар.

Көмегі жоқ әкеден, Көршің жақсы саналар. Асырап, сақтап, әйтсе де, Әкеңді күт балалар. Асырап, сақтап күтпесең, Жаманат саған жамалар, Дұшпандарың табалар. Безу қиын жаман деп, Өзіңді туған шешеңнен. Үй тұрмысы көңілсіз, Қынжыласын дегенмен. Аялап бақ қайтесің, Сол анадан тудың сен. Жаман туыс бір масыл, Арқалаған құммен тең, Елекке құйған сумен тең. Кекесіні келіннің, Езіп құйған у мен тең. Көңілсіз берген тамағы, Құм аралас күлмен тең. Жаман болса алғаның, Көрген күнің түнмен тең. Ақмақ бала алдың да, Көрініп кеткен жынмен тең.

  1. 12. 2005ж.

ШЫТЫРМАН ОҚИҒАЛАР ЖАЗУДЫҢ ШЕБЕРIКЕМЕЛ АҒА

1984шi жылдың 20-сыншы қаңтарында Ақтау қонақ үйiндегi бөлмемiзге телефон соғылды. Телефондағы дауысты бiрден тани кеттiмоблыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Саламат Мұқашев екен. Сәкең, сiздер елге жүргелi жатырсыздар ма деп сұрап алды да, Дүйсенбi сен шытырман оқиғалар жайлы кiтаптарды оқуды ұнатамын деушi едiң ғой. Қазақ жазушылары iшiнен осы тақырыпқа қалам тартып келе жатқан Кемел Тоқаев деген жазушыны бiлесiң бе?- дедi. -Бiлемiн, “Таинственный след” атты тартымбы повестер жинағын оқығаным бар. -Бiлсең жақсы екен, кездескен жерiң болып па едi? -Жоқ, Сәке. -Ендеше бүгiн сол кiсiмен кездесесiздер. Кемекеңнiң қасында бiр жас жiгiт бар, о да жазушы. Олар бүгiнгi поезбен Бейнеу арқылы Қызылордаға өтедi. Бiр купеден орын алыптанысып, әңгiмелесiп отырасыздар ғой. Ол

кiсiлердi сiздер жатқан қонақ үйiне және темiржол станциясына алып баруға тапсырма берiлген. -Түсiнiктi, Сәке. -Жолдарыңыз болсын. Бiздераудандық Кеңес атқару комитетiнiң төрағасы Бердiбай Сарбалаев екеуiмiз Кемел Тоқаевты және оның қасындағы жас жазушыны қарсы алудың дайындықтарын жасаумен бiрге, олардың Бейнеуге түспей кететiндiгiн ескерiп, Опорный кентiне телефон шалып, кеңшардың бас экономисi Бүркiт Ұлықпановқа 22-шi қаңтар күнi тәңертеңгi поезбен осы кiсiлердiң баратындығын айттық. Сонымен бiрге, сондағы жауапты қызметкерлер болып дұрыстап қарсы алып, поездың көп кiдiрмейтiндiгiне байланысты тиiстi қонақасыларын өздерiмен көрiсiп-амандасқаннан кейiн, олар отырған купеге салып жiберу керектiгiн қаперiне бердiк. Соңынан, Алматыға барғаннан кейiн Кемекең маған телефон шалып, Қызылорда арқылы Алматыға аманесен оралғандарын, Опорныйда бiр тамаша жiгiттер қарсы алып, олардың жолда дастархан жаюға деп жақсылап пiсiрiлiп, басымен салынан бiр шаратабақ қой етi мен басқа да дәмдерiн тауысу үшiн Қызылордаға барғанша көршi купелерден қонақтар шақырып отыруға тура келдi деп күлiп, рахмет айтқаны бар.

Сонымен, бiздер жүруге жиналып қонақ үйiнiң алдына шыға келсек, Кемекеңдер де машинадан жаңа түсiп жатыр екен. Бұл олардың облыстың басқа елдi мекендерiн аралап шығып, ендi Қызылордаға жүргелi тұрған кезi екен. Бiздер туралы да бұл кiсiлерге бұрыннан айтылып қойған болса керек, бiрбiрiмiздi ертеден бiлетiн адамдарша ақ-жарқын көңiл, жылы жүзбен амандастық. Кемекең орта бойлы, толықтау келген, көп сөйлемейтiн, қоңырқай жүздi сыпайы кiсi екен де, қасындағы ұзын бойлы, әдемiше келген аққұба өңдi, прозаик, сыншы, ақын, Кемекеңнiң еңбегiн зерттеушi Баянғали Әлiмжанов деген қызу қанды жас жiгiт екен. Басқа айналысар жұмыс жоқ болған соң поезда отырған кiсiнiң уақыты көп болады ғой, бiздерде де бұл жағынан кемшiлiк жоқ едi. Орналасып алғаннан кейiнгi алғашқы қамымыз шәй жабдығын жасату болды да, ас мәзiрiн ала отырып, қонақтарымызбен кеңiнен таныса бастадық. Кемекең 1923шi жылдың 2-шi қазанында Талдықорған облысының Қаратал ауданында дүниеге келiптi. Сонау бiр зобалаң жылдарда атаанасынан ерте айрылып, Түркiстан балалар үйiнде тәрбиеленiптi. Ұлы Отан соғысына қатынасып, аяқ сүйегiн талқандап кеткен ауыр жарадан көп азап көрiптi, он бiр рет операция столына жатуға тура келген. Сондықтан да кәзiр аяғын ауырлап басып жүретiн көрiнедi. Кемекеңнiң 60 жасқа толу мерейлi тойын Қазақстан жазушылар одағы кең көлемде ұйымдастырып, өткiзiптi. Содан кейiн аздап дем алып, бiрқатар облыс басшыларының елдi, жердi көруге, халықпен танысуға шақырған ұсыныстарына байланысты сапар шегiп жүрген кезi екен. Алдымен Саламат Мұқашевтың шақыруы бойынша бiздiң облыстың бiрқатар аудандарында, қалаларында болып халықпен кездесiп, одан кейiн кеңшарларды аралап,

малшылар жәйiмен танысып, ендi Қызылорда облысына кетiп бара жатқан сапары екен. Кемеке, жаңадан шаңырақ көтергенiне көп мерзiм өтпегенiне қарамастан табыссыз емес бiздiң Бейнеу ауданына да кiдiрiп, танысып кетуiңiздi сұраймыз деген бiздiң ұсынысымызға: бiлемiн-бiлемiн. Сiздiң аудан туралы жақсы лебiздер бар екен, кейде орталықтан шығатын газет, журнал беттерiнен де көрiнiп қалып жүрсiздер. Бiр сәт маған назар аударып: өткен жылы сiздiң республикалық телеарнадан сөйлеп, ауданның социалистiк жарыста алда келе жатқанын, тағы басқа мәселелер туралы айтып отырғаныңызды көргенiм бар. Алайда кәзiргi сапарымыздың арнайы жоспары бар. Аман болса жазға салым Бейнеуге басқа жерлерге соқпастан тiкелеп келермiздеп, бiздiң көңiлiмiздi көтерiп тастады. Солай болуға жазсын деген тiлегiмiздi бәрiмiз сылдыраған рюмка дауысымен бекiтiп те алдық. Менiң байқауымша Кемекең асқан сабырлы, көптi көрген және көп нәрсенi бiлетiн байсалды, қарапайым кiсi екен, өте көңiлдi отырды. Кемекеңнiң еңбектерiн зерттеушi Баянғали болса, 1954-шi жылы туған, жоғарыда айтылған таланттарынан басқа жыр да төге бiлетiн күштi орындаушы екен. Ол Арқалық батыр, Манас жырларын бiраз төкпелеттi. Мен Баянғалиды орындау шеберлiгiне өте риза болып, қолымда басқа ыңғайлы ештеме бола қоймаған соң жанымда бұрыннан жүрген сыртында “Олимпиада” деген жазуы бар (1980-шi жылы Москвада өткен Дүние жүзiлiк олимпиаданың құрметiне шығарылған ) сувенирәртүрлi бояутүспен әдемiлеп жасалған балық формалы кiшкентай пышақты “орындаушылық өнерiңізге тәнті болғандығымнан Сiзге осы сувенирдi ұсынамын”- деп Баянғалиға бердiм. Ол пышаққа қызығып, рахмет айтып алды да, сәл кiдiрiп, аға қазақта пышақ сыйлау әдетi жоқ едi деп сыпайы түрде қаперге берiп өттi. Мен: дұрыс айтасың Баянғали iнiм, бiрақ мен сiзге пышақ емес, сувенир сыйлап отырмын ғой деп ақтала бастағанымда Кемекең: сувенир екенi рас, бiрақ адамда суеверие де бар ғой, сондықтан ол пышақтың құнын төлесек, бiз сiзден сатып алған боламыз да, бәрi орнына келедi деп ары жағында тұрған чемоданын ашып, түбiнде жатқан бiр сомдық В.И.Лениннiң бейнесi бар монетаны ұсынды (сол монета менде осы кезге дейiн сақтаулы келедi). Бiздер Кемекеңнiң тапқырлығына, парасатты әңгiмесiне қатты риза болдық. Сөйтiп, осы тамаша талант иелерiмен кездесу, бiр түндi әңгiме, жырмен өткiзу бiздiң көңiлiмiзде ұмытылмастай әсер қалдырды. Кемекең қоштасарда өзiнiң 60 жасқа толуына байланысты Қазақстан жазушылар одағының көркем шығармаларды насихаттау бюросы шығарған, Кемел Тоқаевтың өмiрi мен әдебиет майданындағы еңбегiне арналған адресатын Бердiбай екеуiмiзге сыйға тартты. Бiздер Бейнеуде түсiп қалдық та, Кемекеңдер сапарларын әрi жалғастырды. Менiң Кемекеңмен екiншi рет кездесуiм ендi Алматыда болды.1984-шi жылдың 17-шi наурызында өткен тың және тыңайған жерлердi игерудiң 30 жылдығына арналған салтанатты мәжiлiске қатысқаннан кейiн мен 19-шы

наурыздан бастап 28iне дейiн көптен келе жатқан аллергиямның себептерiн анықтату үшiн бiраз қызметтенiп жүрдiм де, ақыры болмаған соң Қазақ ССР денсаулық Министрлiгi жанындағы 4-шi Бас Басқарманың Орталық ауруханасында 13-шi сәуiрге дейiн емделдiм. Осы кезде менiң ауруханада жатқанымды естiген Кемекең көңiлiмдi сұрай келiп, бiраз әңгiмелескенбiз. Кемекең маған өзiнiң қол таңбасын қалдырған “Солдат соғысқа кеттi” (Қадiрлi Дүйсенбiге! Шын ағалық көңiлден! Автор Тоқаев, 1-шi апрель, Алматы), “Соңғы соққы” (Жақсы iнi, асыл азамат Дүйсенбiге! Өзiңiздi құрмет тұтқан автордан, Тоқаев. 1 апрель 1984 ж.- деп қол қойған ) атты кiтаптарын сыйға тартқан болатын. Кемекең менi ауруханадан шыққаннан кейiн де Алматы қонақ үйiне iздеп келiп, таудағы жазушылар Үйiне қонаққа шақырып, бiрқатар жазушылармен таныстырған едi (олардың ішінде белгілі жазушы Софы Сматаев бар). Халқына танымал, үлкен бедел иесі, айырықша жазушылық таланты бар абзал ағаның осыншама құрметiне қалай риза болмассың, бұрын сырттай бiлетiн ағамен осылайша жақын танысыпсыйлас болып кеттiк. Бұл жердегi әңгiме, пiкiр алысу үстiнде Кемекеңнiң Бейнеуге жазда барамын деген уәдесiн есiне салдым. - Ия, оны ұмытқан жоқпын, бастап кеткен бiр жұмысымды бiтiргеннен кейiн таяудағы айлардың бiрiнде қалайда барамын,- дедi Кемекең. -Келiңiз, қарсы аламыз болды менiң шын ықыласпен қайырған жауабым. Құрметтi Кемекеңмен 1984-шi жылдың 19-шы мамыр күнi Ақтауда үшiншi рет кездесiп, құшақтасып көрiстiк. Кемекеңнiң қасында жерлесiмiз, белгiлi жазушы Маршал Әбдiқалықов бар екен. Бұл сапар Кемекеңнiң бұрынғы уәде бойынша, әдейi бiздiң ауданның жәйкүйiмен танысу, оқырмандармен кездесу үшiн қасына халыққа танымал iнiлерiн ертiп келе жатқан бағыты көрiнедi. Жазушылар Саламат Мұқашевқа кiрiп сәлемдесiп, мақсаттарын айтқаннан кейiн Сәкең: Кемеке, Бейнеуге келесi де барамын деген уәдеңiзден шыққан екенсiз, ол ауданға баруға шешiм алғаныңыз дұрыс болған. Ол облыстың Қызыл Тулы ауданы, Одақтық Туды биыл қатарынан төртінші рет алып отыр. Бiрiншi хатшысымен өткенде кездестiңiз ғой, жолдарыңыз болсын-деп қонақтарды iлтипатпен шығарып салды. Осы күнгi кешкi поезбен шығып, келесi күнi ертемен Бейнеуде болдық та, бiрден бiздiң үйге келiп жайғастық.Түске дейiн демалған қонақтар осы күнi және 21-шi мамырда бүкiл Бейнеу кентiмен танысып, мектептерде, аудандық ауруханада, темiржол станциясында болып таныса жүрiп, олардағы әртүрлi саладағы қызметкерлермен еменжарқын пiкiр алысты. Аудандық мәдениет үйiнде күтiп отырған халықпен кездесiп, өздерiнiң шығармалары жайлы кең көлемде әңгiмелеп бердi. Әсiресе, Кемекеңнiң шытырман оқиғаларға бай шығармаларының өмiрге қалай келетiндiгi, ағаның алдағы жоспарлары жайлы алуаналуан сұрақтар қойылып, қайтарылған жауапқа оқырмандар қатты риза болды. Осы кездесуде бiр мұғалiм келiншек “Кемел аға, сiз шытырман оқиғалар жайлы көп жазып келесiз, оларды әрқайсымыз да оқуға құмармыз. Осы кiтаптарды жазу үшiн қанша жыл уақытыңыз кетедi”- деп

сұрады. Сонда Кемекең: мен көптеген шығармаларымды жылдап емес, бiрекi ай iшiнде жазып бiтiремiн. Бiрақ, солай жазып шығу үшiн шығарманың желiсiн - бастауын, орта кезiн, аяқталу шағын, кейiпкерлердiң мiнезқұлықтары мен iсәрекеттерiн, кiтаптың жалпы тұтас құрылымынбәрбәрiн біраз уақыт ойымда жетiлдiрiп “пiсiрiп” жүремiн де, содан кейiн барып жазуға отырамын-деп жауап бергенi әлi есiмде. Жұмысшылармен, мектеп оқушыларымен СССРдың 60 жылдығы, “Қарақұм” кеңшарларында өткiзiлген кездесулерде де оқушылардың жазушылар мен ақындардың шығармаларына, жалпы әдебиетке деген ынталарының жоғары екендiгi байқалып отырды. Елдi мекендерде өткен кездесулерден кейiн Бейнеуге келдiк те, қонақтар бiздiң үйде жатып демалып, арасында ескi Бейнеудегi БекетАта мешiтiн, ОмарАта күмбездi тамын, Рахтағы қуғын-сүргiн кезiнде қаза болғандарға арналған ескерткiштi көрдi. Ойында өзiнiң Сүйiнқара батыр туралы жазған тарихи романын аяқтау болған Маршал “Сам” кеңшарының орталығыСарға да тұратын батырдың баласы Кежiнiң шөберелерiмен кездестi. Бiраз мәлiметтер жинала тұрса да тағдыр романды аяқтауға жазбады. Кемекең де, Маршал да ойларына алған қыруар дүниелерiн бiтiре алмай дүниеден ерте өттi. 25-шi мамыр күнi түнгi поезға сыйлы аға Кемекеңдi, замандас iнiлер Маршал мен Темiрханды аудан азаматтары болып шығарып салып, қимастықпен қоштастық. Кемекеңмен бұдан кейiн де телефон арқылы байланыс жасап тұрдық.Онбiрiншi сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болып сайлануымды үлкен тiлектестiкпен құттықтаған құрметтi азаматтардың бiрi де Кемел аға едi. Сол бiр жүрген кездерiмiзде Кемекең Қасымжомарт атты ұлының бар екенiн, оның халықаралық қатынастар институтын бiтiргенiн, ағылшын, қытай тiлдерiн жақсы бiлетiнiн, кәзiр Қытай елiндегi Кеңестер Одағының елшiлiгiнде қызмет ететiнiн айтқан болатын. Әрине, ол кезде Қасымжомарт Кемелұлының Қазақстанға Президентiмiз Н.Ә. Назарбаевтың шақыруымен келiп жоғары деңгейдегi жауапты жұмыстар жасайтынын, елiмiздiң сыртқы iстер министiрi, Қазақстан Үкiметiнiң басшысы, Қазақстан республикасы Парламентi Сенатының Төрағасы лауазымдарына ие болып, үлкен беделдi қайраткерге айналатынын Кемел аға да, мен де, ешкiм де бiлген жоқ едi. Құрметтi Кемекеңнiң үмiт артқан ұлының осындай биiк деңгейлерден көрiнiп отырғанына ел риза. Ел қамы үшiн таза да әдiл, iскерлiкпен қызмет етiп, ұлы Абай айтқандай, атаның баласы емес, адамның баласы болып, үлкен беделге ие болғанын сезiнген әкеКемел аға әруағы да ұлына риза болы жатқан болар.

СӨЗ ЗЕРГЕРІ (Нұрым Шыршығұлұлының 160 жылдығына арналған ғылымипрактикалық конференцияда сөйлеген сөз)

Осы конференцияға қатысып отырған әдебиет сүйер қауымға Нұрым таныс деп білемін. Ол Абыл бастаған ақындық ортаның көрнекті өкілі, дүлдүл ақын Қашағанның ұстазы. Сондай-ақ, өзі Абылдан үйренген «Қырымның қырық батыры» ерлік дастанын Қашаған, Ақтан, Мұрындарға ұластырған әйгілі жырау, жыршы және термеші. Нұрымның жырлары достыққа, туыстыққа, татулыққа құрылған. Оның осы уағыздары күні бүгінге дейін өз мәнін жойған жоқ және бұдан былай да жоюға тиіс емес. Қазіргі алмағайып заманда халқын осындай бірлікке, тұтастыққа, татулыққа шақырған кемел ақындарымыздың өсиеттері күні бүгінгі республикамызда қол жеткен тұрақтылыққа негіз болып отыр десек қателеспеген болар едік. Осы кезге дейін Абай, Мұқтар сынды дара тұлғалар дүние жүзі әдебиетінің классигі деген атаққа ие болған жоқ. Бұның өзі бұл даналарымыздың шығармашылық таланттарының олқалығында емес, біздердің оларды әлемге танытудағы жұмысымыздың жеткіліксіздігінде. Бұл ойымызды Абыл, Нұрым, Қашаған сияқты дара тұлғалар туралы да айтуға болады. Ендігі мақсат осы данышпандарымыздың еңбектерін тереңірек зерттеп, бүкіл әлемге таныту, сөйтіп, оларды әлем әдебиетінің классиктері қатарына қосу болмақ. Нұрым шығармалары туралы сөз еткенде ана тіліміздің қазіргі жайы және болашағы туралы мәселелердің қатар жүруі табиғи жәй. Тілі жоғалған елдің жеке ұлт ретінде өмір сүре алмайтыны айдан анық, бұған күні кешеге дейін өз алдына ұлт болып келген, ал Россия жаулап алып тегіс өз тіліне көшірген (тіпті аты-жөндеріне дейін орыстандырып) көптеген солтүстік шығыс халықтарын жатқызуға болады. Қазір олардың сырт пішіндерінен басқа ешбір өз ұлтына тән қасиет қалмаған (тіл, дін, әдетғұрып, т.б.) . Осылайша тегіс ұлттардың жоғалып кетуі (көбіне күшпен) жаратушы құдыреттің заңдылықтарына қайшы келетін құбылыс. Сондықтан да барлық ұлттар ақыр түбінде бір тілде сөйлеуі керек деп жүргізілген саясат барынша теріс және саны жағынан көп орыс ұлтының жетегіне еріп, онымен сіңісіп жоғалып кетеді деген ойды білдіреді. Демек, әр халық өзінің ана тілін ардақтауы қажет. Дағыстанның әйгілі ақыны Расул Гамзатов: «егер ана тілім ертең өлер болса, онда мен бүгін өлуге дайынмын» деген екен. Ал біздің қазақ халқының ғұламаларының ана тілінің қадір-қасиетіне соқпай, оны ардақтамай кеткені жоқ десек қателеспейміз. Ана тіліміздің тұнық бұлағынан сусындауда мектептердің тіл пәнінің оқытушыларының ролі айрықша екендігі туралы Өмірзақ Өзғанбайұлы, басқа да сөйлеген жолдастар жақсы айтты. Қазақ тілін, әдебиетін оқытатын оқулықтарды қайтадан қазіргі мемлекеттік тілді меңгеру талаптарына сай жазу шешімін табуы керек. Сондай-ақ, тіл ұстартуда, ана тілді тек біліп қана қоймай, оның салиқалы иірімдірін орынды пайдалана отырып, шебер сөйлей білуде жазба және айтыс ақындарының, жыршы-жыраулардың, жазушылардың әралуан теңеулермен, бейнелі оралымдарымен айтылатын терең де асыл сөздері бүкіл халқымыздың, әсіресе, жас ұрпақтың тіл

байлығын молайта түсуге үлкен ықпал ететіндігіне ешкім де күмән келтіре алмас. Міне бүгін, Нұрым Шыршығұлұлының туғанына 160 жыл толуына арналған ғылыми-практикалық конференцияда жан-жақты айтылып отырған осы аса жүйрік сөз зергерінің шығармашылық, айтқыштық шеберлігі, оның ұрпаққа берер өнегесі, тағылымы туралы мысалдардың өзі де, біздің осы ойымызды, дәлелдей түседі. Нұрым Шыршығұлұлының есімін ел есінде қалдыру мақсатында, елді мекен, мектеп, көше аттарын Нұрым атымен атау жөнінде бірқатар пікірлер айтылды. Олар жергілікті кеңестер тарапынан қолдау табатын болады. Өйткені, бұл мәселелерді шешу соңғылардың өз құзырында. Ендігі міндет, жоғары да айтқанымыздай Нұрым Шыршығұлұлының шығармаларын жан-жақты зерттеп, толықтырып, жинақтап бүкіл халқымыздың игілігіне айналдыру болмақ. 20.06.1992ж.

ТЕҢГЕСІ ЖОҚ ДАРЫН (Мұрын жырау Сеңгірбекұлының туғанына 130 жыл толу мерекесінде сөйленген сөз.)

Қазақ жырының мерейін аспандата көтеріп, көне тарихты халқымыздың әйгілі сүлейлері, дүлдүл ақындары Абыл, Нұрым, Қашаған, Сәттіғұл айтқан күйінде үздіксіз толғап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің қасиетті жүгін мойны талмай көтере, қастерлей білген, бұл жолда өзінің бүкіл өмірін сарп еткен кемеңгер айтушы, салиқалы жырау, «Қырымның қырық батырын» алты ай бойы талмастан жырлаған Мұрын жыраудың өмірге келгеніне міне бүгін 130 жыл толып отыр. Ол осы өмір сүріп жүрген адамдардың біріжұмыр басты пенде болғанымен де, оның талабы, таланты, өнері, өнегесі, тындырған ісі, бәр-бәрі уақыт озған сайын бүкіл халықтық мұраға айналуда. Мұрын жыраудың тарихтан өшпес орын алғанына бір мысал келтіре кетейін. «Қазақ әдебиеті » газетінің 1990-шы жылғы 8-ші маусымындағы санында Едіге Мағауин өзінің «Едіге» атты әдеби мұраларға арналған көркемсөзінде «Едіге батыр» туралы жырдың 30 нұсқасы бар екендігін айта келіп, былай дейді: «Қазақ нұсқаларының ішінде Г. Н. Потаниннің жазып алған нұсқаларын, Ә. Диваев жазып алған нұсқаны, Мұрын жыраудың «Қырымның қырық батырындағы» «Едіге батыр» жырын атап өткен жөн.» Бұдан Мұрын жыраудың қазақ халқы үшін тек осы жырды өмірге келтірудегі алатын орнының орасан зор екенін көруге болады. Сондай-ақ, Мұрекеңнің өмірі мен творчествосы туралы бәрімізге белгілі ғалымымыз, кәзір ортамызда отырған құрметті Қабиболла Сыдиықов көптеген зерттеулер жүргізіп, жыраудың әлемде сирек кездесетін ерекше қасиетін бүкіл жұртшылыққа паш етті. Мұрын жырау Сеңгірбекұлының есімімен біте қайнасқан халықтық мұраға жанашырлық жасап, оның құдірет күшін ұрпақтан-ұрпаққа жетістіріп, жаңғыртып, толықтырып отыру жүрегі халқым деп соғатын әрбір азаматтың

абройлы міндеті болса, бұл тұрғыдан сөз еткенде, осы мерекені, ғылымипрактикалық, мәденикөпшілік конференцияны өткізуге мұрындық болған жолдастар, жергілікті партия, кеңес, қоғамдық ұйымдар қызметкерлері кейбір тосқауылдар мен қиындықтарды жеңе отырып, қыруар шараларды іске асырғандықтарын айтқанымыз жөн. Сонымен бірге, бізді айырықша таңдандыратын, өзін ғұмыр бойы қастерлеп, құдіретіне бас иіп өтуге жетелейтіні Мұрын жыраудың елден ерекше, теңдесі жоқ дарыны. Сондықтан да біздер ұлы жырау алдында борыштымыз деп есептеймін. Бір басына «Қырымның қырық батыры» атты таусылмас қазынаны сиғыза алған ерекше дарын иесі Мұрын жырауға ерекше ескерткіш орнату ұрпақ парызыМұрекең алдындағы борышымызды өтеу болмақ. Қазақ халқынан, оның ішінде Маңғыстау топырағынан әлі талай Мұрын ата тәрізді тума таланттар шығатынына сенемін.Оларда халқымыздың тарихи, әдеби, мәдени мұраларын өз айшығымен ұрпақтанұрпаққа жалғастыра беретін болады, ләйімде солай болғай, ағайын!

  1. 05. 1991 жыл.

АҚБӨБЕК – ҚАЙЫП ХИКАЯСЫ

Маңғыстау облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Саламат Мұқашев облыс аудандарында жиi болып тұратын әдетiмен бiздiң Бейнеу ауданына да шалғайда орналасанына қарамастан сапар шегiп, ел жәйiмен егжейтегжейлi танысып тұратын. Сәкең Бейнеуге бір келген сапарында ауданның “Жарқұдық” деп аталатын жерiнде түйе отарында болып, түйешiмен, оның отбасымен танысып, Сам құмының бiр қабат iшiндегi малдың су iшетiн құдығын көрдi. Құдық суының жылдың әр кезiне қарай мол, немесе тапшы болуы жайлы сөз етiлiп тұрған кезде мен Ақбөбек пен Қайып та осы құдықтан су iшiптi деп өткен өмiр белгiсiнен хабар берiп өттiм. Жолымыз әрi жалғасты. Мен жол бойы Сам құмының аталуы жайлы әңгiме еттiм. Мынау алдымызда батыстан шығысқа қарай ұзындығы 90, енi 25 шақырым қызылсары құм Сам құмы деп аталады. Сам кiсiнiң аты. Ол Адайдың Шоңай руынан шыққан жершiл, iзшiл кiсi болған. Бiр кездерде Ресейден келген экспедиция бүкiл Маңғыстау ойын картаға түсiрген кезде Сам жол басшылық еткен. Өз жұмыстарын осы құмда аяқтап, елiне қайтар кезде Самның қызметiне риза болған экспедиция басшысы оған рахмет айтып, бiзден қандай тiлегiң бар деп сұрағанда Сам: бiздер кәзiр үстiнде отырған құмды менiң атыммен атасаңыз болғаны, өзге тiлегiм жоқ деп асқан көрегенділік көрсеткен екен. Содан кейiн құмның аты картаға “ Сам” құмы деп жазылып, оның атымен аталып кеткен. Сөйтіп, Сам өз есімін ұрпаққа осылай ақылды, ойлылығымен қалдырған. Сонымен бiрге Сам шешен, би кiсi екен. Артында шиеленіскен дауды шешудегі әділетті билігі мен шешендігін айқындайтын “Хан төрелiгi бұзылса да, Сам төрелiгi бұзылмайды” деген сөз қалған.

-Иә, “Сам” құмы осылай аталған дейсiң ғой. Дүйсенбi, ендi сен жаңағы құдықтан Ақбөбек пен Қайып су iшкен дедiң-ау , осы әңгiменiң өрбуiн толығырақ етiп айтшыдедi Сәкең маған қарай мойнын бұрып. -Сәке, бұл хикаяны бұрында естiп жүрген боларсыз және мен Сiзге Ақбөбек пен Қайып оқиғасын тамылжыған әнiмен жеткiлiктi етiп айтып бере алмаймын ғой. -Әнiн айтпасаң мазмұнын айт, соған да риза болалық, жол қысқарсын. -Сәке, онда мен бұл хикаяны бұрыннан ел арасында айтылып жүрген әңгiмелер мен бiрқатар ақын-жазушылардың жазғандары негiзiнде айтып өтейiн. Мен алғаш рет Ақбөбек пен Қайыптың бiрбiрiне қалайша ғашық болғанын 1948-1949-шы жылдары сегiзiншi сыныпта оқып жүрген кезiмде көрнектi жазушы Ғабдол Слановтың “Дөң асқан” деген романынан оқып қызыққан едiм. Оның алдында ғана “Қозы көрпешБаян сұлу”, “МұңлықЗарлық”, “Жүсiп - Зылиқа” деген ғашықтық жырларын да оқыған болатынмын. Қырқыншы жылдар кеш кезiнде электр жарығы сiрә жоқ, май шам да бола бермейтiн кез ғой. Күндiз сабақтан қол тигенде, көбiне әлгi кiтаптарды ас пiсiруге жағылған қазан астындағы от алдында отырып оқитынмын. Бiрде Сәбит Мұқановтың “Сұлушаш” поэмасын оқыған кезiмде орман тағысыжолбарыс тырнағына кездейсоқ iлiнген Сұлушашқа жаным ашығандықтан, баламын ғой, көзiмнен жас шығып кеткенi әлi есiмде-дей бергенiмде Сәкең: өзiң мектеп қабырғасында жүрiп-ақ кiтап оқуды кiлең ғашықтық жырларынан бастаған екенсiң ғойдедi күле сөйлеп. -...? -Айта бер, айта бер, қысылма. Бас кесерлiкке үйрететiн кiтап ұстағаннан гөрi, жастардың бiрiн-бiрi сүйуiне, жақсы көруiне, қимас достығына үйрететiн кiтап оқығанға не жетсiн, әзiлге айтамындеп Сәкең күле сөйлегеннен кейiн, мен негiзгi әңгменi бастап та кеттiм: Самның сусыған сары алтын құмы аяғымыздың астында жатса, сағана тамдары сонау алыстан мұнартып көрiнетiн, Максимилиан Волошиннiң “И тени мертвых городов, уныло бродят по равнине”-дегенiндей, өлi әруақтар мекенi. Сол Сам құмының анау жарқабақтау биiгiнiң оңтүстiкке қарай созылып жатқан құлама ойында жаңағы өзiңiз көрген құдық бар. Сондықтан да Сам құмының осы тұсы Жарқұдық деп аталады. Құмның бiр қабат iшiнде қоныс тепкен Қайыптың әкесi Қорабай ауылы аталған құдықты пайдаланып отырған. Сондықтан да ғой менiң осы құдықтан Ақбөбек пен Қайып та су iшкен деп айтып қалғаным. Мен жоғарыда айтып кеткен Ғабдол ағамен 1964-1966-шы жылдары Алматыда екi жылдық Жоғары партия мектебiнде оқып жүрген кезiмде бiрнеше рет кездесiп, оның үйiнде де болғаным бар. Ғабекең осы “Дөң асқан” романын маған “Адай баласы Дүйсенбi iнiме ағалық iлтипатпен ұсынамын!”- деген сөздер жазған өзiнiң қолтаңбасын қалдырған едi. “Дөң асқанда” етiкшi, әншi, домбырашы Қайып деген жiгiттiң белгiлi бiр бай кiсiнiң бұрыннан атастырылған жерiне ұзатылуы жақын қалған 16-17 жастар шамасындағы сұлу, әрi ән де сала бiлетiн жалғыз қызы Ақбөбекке қыз

әкесiнiң шақыруымен келiп, зерленген кебiс, көксауыр сәндi етiк тiгiп беруi, арада өткен бiрнеше айлар кезiнде Ақбөбек пен Қайыптың бiр-бiрiне ғашық болып, ақырында екеуiнiң жайлаудағы елдiң қыстаққа – ойға (“Маңғыстаудың қара ойына” ) түсер кезiнде қашып кеткендiктерi шеберлiкпен әңгiмеленедi. Романда алғашқы кезде Қайыптың ғашық көңiлiн сездiрген жалынды сөздерiне, өлең жолдарына тiл қата алмаған Ақбөбек өз ықыласын тек алаулаған жанарымен бiлдiрiп, бiрнеше күн ашық жауап бермей қояды. Төзiмi таусылған Қайып бiр күнi кешке қарай тек Бөбектiң өзiне ғана естiрте: Ақбөбек сәйкiлiкпен бұраңдайсың, Бұл жалған өтер десем тiл алмайсың. Алтайы қырдан қашқан түлкi дейiн, Ұстатпай құба жонда бұлаңдайсың!- деп ән салады.Қайып Ақбөбекке арнап осы тәрiздi жүрек қылын шертер әдемi әндер тиегiн ағытады. Ақбөбек болса бiр жағынан айттырылған жерiнiңөзiне тең емес болашақ “күйеуiнiң” барлығын ойлап, екiншi жағынан “ел қыдырып жүрген етiкшi” деп әкесiнiң Қайыпқа қосылуына ұлықсат етпейтiнiне қиналып, iшкi сырын сыртқа шығара алмай толғанысты талай күндердi басынан өткiзедi. Шынында да “Бай мен бай құда болса арасында жорға жүредi, кедей мен кедей құда болса арасында дорба жүредi” деген мақалдың сол замандағы адамдардың әлеуметтiк ара қатынастарын дәл анықтап тұрғанындай, Қайыптың Ақбөбектi айттырып алудан үмiтi жоқ едi. Сондықтан олар басқа шешiмгебiр-бiрiнен өлмей айрылмасқа серт бергiзген құдiреттi күш-жүрек қалауын орындауға бекiндi. Бiр күнi Ақбөбек пен Қайып қашып кетiптi деген хабар бай ауылын дүр сiлкiндiрдi. Құдалар жағының қару ұстаған адамдары аттан салып, келесi жаз шыға осы Жарқұдықта отырған Қайыптың әкесi Қорабайдың ауылының үстiнде ат ойнатып: Ақбөбек пен Қайыпты табасыңдар, болмаса дойырдың астына алып, шаңырақтарыңды ортасына түсiремiз деп зiркiлдейдi. Ақыры екi жақ бiтiмге келiп, ғашықтарды ұстауға, Ақбөбектi “құдай қосқан қосағына” қайтаруға, Қайыптың ер қанаты – Керторысын және кiлем жабулы нарды айыпқа беруге сөз байласады. Осылай деп олар келiсiмге келгенмен де екi ғашықтың қайда жүргенiн ешкiм бiлмейтiн. Екi жастың құпия өмiр сүргенiне бұл кездерi бiр жылға жуық уақыт өтiп кеткен едi. Ақырында “алушыны аңдушы жеңедi” дегендей, Қайып жоқта аңдушылар Ақбөбектi қолға түсiрiп, айттырылған күйеуiне табыс етедi. Бұл кездерде Ақбөбектің қолында нәрестесi болады. Аң аулап жүрiп, Ақбөбектен айырылып қалан Қайып Бөбегi түскен аулдың сыртына келiп : Уа, Бөбек, кеткенiң бе серттен тайып ?, Адамды Алла айырар ерлiзайып.

Ақбөбек танымасаң танытайын, Баласы Қорабайдың атым Қайып... ...Қараймын жабыЈғыңнан қаздай бойлап, Ақбөбек отыр ма екен ақыл ойлап? Адайдан алған таңдап Ақбөбегiм , Көрмедiм қызығыңды бiр жыл ойнап... -деген зарлы да арманды әндерiн төгiлдiредi.Қайып осы ауылға қайталап келе бередi. Бiр келгенiнде : Атыңнан айналайын Бөбек деген,

Бөбек деп Қайып қасқа безектеген. Апырым-ай ауылыңда есiркерлiк, Жан жоқ па ғашық отын сезед деген ?!-деп толғанады. Бұл өлеңдi естiп отырған Ақбөбектiң адуын енесi ауылымызға кiнә тақтыау мына заржақ, келiнiм жақсы болмаса ол осынша ма зар еңiрей ме ? Шақырыңдар, үйге кiрсiн дейдi. Осы кезде бесiктегi бөпесiн бауырына қыса ұстаған, бұрынғы сұлулықтың нышаны да қалмаған, қансөлсiз Ақбөбек баланы Қайыптың қолына ұстата салып, “ осы кез едi менiң күткенiм”- деп ғашығының бетiнен бiр сүйедi де, есiктен елiктiң лағындай атыла шығып жүгiре жөнеледi , соңынан іле қуғандардың бiр де бiрiне жеткiзбеген күйi, ауылға жақын жердегi ағысы күштi өзенге батады да, көрiнбей кетедi. Қайып болса өзен жағасына барып, Бөбегiмен соңғы рет қоштасу зарын айтады да нәрестесiн қолына алып, Керторысына мiнiп, басының ауған жағына кете барады. Ғабекеңнiң “Дөң асқан ” романындағы “Ақбөбек ” тарауы, ондағы Ақбөбек пен Қайыптың ғашықтық хикаясы осылайша аяқталады. Жоғарыда айтылған ғашықтық жырлар мен АқбөбекҚайып хикаясының құятын арнасы бiр-ғашықтық. Ал айырмашылығы: бiрiншiсiэпостық, аңыздық жырлар болса, екiншiсiқасиеттi, Маңғыстау өңiрiнде өмiрге келген, тарихилығымен, кейiпкерлерiнiң осы аймақта өмiр сүрген адамдар болуымен ерекшеленуiнде. Ендi олардың нақты кiм екендiгi, өмiрлерiнiң қалай басталып немен аяқталғаны жөнiнде бiраз әңгiмелер бар. Бұл негiзiнен тарихи деректер, онша қызық болмауы да мүмкiн дегенiмде, Сәкең: iркiлме, шаршамасаң айта бер, маған әсiресе, сол тарихи деректер ұнаңқырайды деп дем бергендей болды. Содан кейiн мен әңгiмемдi әрi жалғап кеттiм. Қайып Қорабайұлы осы бiз келе жатқан Сам құмында 1857-шi жылы дүниеге келген. Сам құмы қарапайым шаруа, өз күнiн өзi көрiп отырған Қорабайдың қоныс тепкен жерi. Жұрты осы құмның бiр қабат iшiнде. Бұл кезде тiкелей баратын жол жоқ, әсiресе, жаз айларында сусыған құмнан өтiп бару машинаға қиындық келтiредi. Қорабайдың ескi жұртында “Қорабай жидесi” деп аталған, кешегi бiр кездерге дейiн жемiс берiп келген үлкен жиде ағашы әлi де бар.1979-шы жылдың жазында Қабиболла Сыдиықов екеуiмiз келiп, сол жиде ағашын көрiп, қанша уақыт өтсе де, ешбiр күтiм көрмесе де, алғашқы дәнi түскен қасиеттi жерге тамырын терең жайып, осы кезге дейiн көк жасыл реңiн жiбермегенiне таң қалғанбыз. Осы ұйыса өскен жемiс

ағашына қарап тұрып, сол замандардан берi қанша ма оқиғалардың өткенiне ой жүгiртiп, “Жыл дегенiң жылғадан аққан су”-деген мақалды еске алғанымыз бар. Қайыптың жастық шағы осы өңiрде өтедi. Елдiң iшiндегi ауқатты адамдар сәндi етiк –шоңқайма тiге бiлетiн Қайыпты айлап ұстап етiк тiккiзiп отырған. Сондай кездердiң бiрiнде руы мамыртай Есжан деген байдың ауылына етік тіккізу үшін шақырумен келген Қайып, жоғарыда айтылғандай, ұзатылғалы отырған Ақбөбекпен кездеседi. Бiр-бiрiне айрылмастай ғашық болған екi жастың қосылуына тағдыр жазбайды.Олар бiр емес, үш рет қашса да, сәтсiздiкке ұшырап, үшеуiнде де қолға үседі. Сол қашып кету әрекеттерiнiң бiрiнде ауылға қуғыншылар келiп қалған кезде атына мiнiп үлгерген Қайып ұстатпай кетедi де, iздеушiлердiң бiрi Ақбөбектi қосақталған қойдың бауырына жасырып қойғандарын көредi. Қарап отырсақ, бұл баяғы әлемге әйгiлi Гомердiң жырындағы жалғыз көздi дәу-Циклоптың үңгiрiнен Одиссея адамдарының қашып шығу әдiсiн еске салады. Бұның өзi дүниенiң қай түкпiрiнде, қай заманда болмасын адамдар тапқырлығының бiрбiрiне ұқсас келетiндiгiнiң айғағы iспеттi көрiнiс. Әйтпесе, дала қазақтары сол кезде Гомерді оқып-біліп, содан үйренді деудің қисыны жоқ емес пе ? Сөйтiп, Ақбөбек қолға түседi. Қайып адайдың бегей руынан болғандықтан, осы рудың азаматтары жанашырлық жасап, алдымен ел iшiндегi сөз ұстаған билерге, құран ұстаған молдаларға жүгiнедi. Бұлардан қолдау болмаған соң, ФортАлександровск (Кетiк каласындағы) уездiк сотқа арызданып, арашашы болуды өтiнедi. Бiрақ кедейлердiң (ру аты) көп пара бергендiгiнен бегей жағының арызы қанағаттандырылмайды да, Ақбөбек атастырылған жерiне берiлсiн деген үкiм шығады. Таза махаббат үлгiсi боп ел арасына көп тараған теңдесi жоқ әсем ән “Ақбөбек” осылай туады: Бiр құрық кесiп алдым араменен, Көшкенде көш бастаймын қараменен. Адайдан таңдап алған Ақбөбектi, Кедейлер алып кеттi параменен.- деп әнге салып, зар еңiреп жүрген Қайып, есебiн тауып Ақбөбектi үшiншi рет алып қашады. Бұл ғашықтықтың, сертке берiктiктiң бүкiл елдi таң қалдырған айтулы оқиғасы едi. Сол күнi қалың тұман түседi де, қуғыншылар адасып қалады. Түрiкменстанды бетке алып ұзап бара жатып, “Сауысқан ” құмына iлiккенде Қайып “қуғыннан құдай қаласа құтылдық-ау”- деп қуаныш үстiнде көкiрек кере ән салады. Тағдырдың тәлкегi деген осы, “құдай қаламаған ” екен. Осы ән оларға сор болып жабысады. “Тұманды түннiң өрiнде”(Лермонтов) салынған бұл ән ойдықырды аралап, естерi шығып жүрген қуғыншылардың құлағына шалынады да, көп ұзамай-ақ олар қуып жетедi де, Ақбөбектi үшiншi рет қолға түсiредi. Елiне риза болмаған әлем әдебиетiндегi Ромео, өзiмiздегi Қозы Көрпеш тағдырлы Қайып ақын Бес қалаға, одан Жиделi Байсын арқылы сонау Тәжiк жерiне кетедi.

Қайып пен Ақбөбектiң ғашықтық хикаясы, олардың ақырында бiрбiрiне қосыла алмай өткен өкiнiштi өмiрi жайлы белгiлi ақын Уәйiс Қайралапов пен Берiк Қорқытов драмалық шығарма жазып, ол пьеса бiр кездерде мәдениет үйлерiнiң сахыналарында қойылған болатын. Сондай-ақ, қатыгез заманның, бiрiн-бiрi сүйгенi үшiн тағдырдың тәлкегiне түскен екi жастың азапты өмiр жолдарын, көрген жан төзгiсiз қиындықтарын, олардан тараған ұрпақтардың кәзiргi кездегi тiрлiктерiнбәрбәрiн тәптештеп зерттеген, осыларды жүйрiк қаламымен жұртшылыққа паш еткен белгiлi ғалым, зерттеушi Қабиболла Сыдиықов едi. Ол зерттеу мақсатымен әдейi барған сапарында Қорғантөбе жерiнде өмiр сүрiп жатқан Қайыптың немересi Әбдiсамат қарттың қолында сақталған Қайыптың домбырасын Маңғыстау өлкетану музейiне әкелiп тапсырған болатын. Маңғыстау елiнде атағы аңызға айналған Ақбөбек сұлу мен етiкшiлiк, әншiлiк өнерi бар жiгiт Қайыптың махаббаты жайлы әнжырлар көп тараған. Екеуiнiң бірбіріне деген ғажайып махаббат сезiмдерi өле-өлгендерінше, Естай мен Қорландай ажырамаған деп айтылады. Осылай деп Ақбөбек пен Қайыптың қашықтық хикаясын аяқтаған кезiмде дiттеген келесi бiр мекен жайға да келiп жеттiк. -Рахмет саған Дүйсенбi, Қайып пен Ақбөбек жайында халық аузында айтылатын бұрынғы естiгендерiмiздiң үстiне де бiр қатар мәлiметтер алып қалдық -деп риза болған сыңай танытқан Сәкең, менiң көңiлiмдi көтерiп тастады.Осы жерде Саламат Мұқашұлы: “Мен Ақбөбек пен Қайыптың ғашықтық хикаясына опера жазса, кино түсiрсе деп кездескен композиторларға, режиссорларға, драматургтерге жармасатыным бар. Өлеңi дайын, поэма жазылды, әдемi әнi нотаға түсiрiлген. Жоғарыда өзiң айтқандай, Уәйiс Қайралапов пен Берiк Қорқытовтың драмалық шығармасы бойынша “Ақбөбек” деген пьеса Гурьев пен Маңғыстау театрларының сахнасында қойылды. Мазмұны қандай тамаша, драма да бар, махаббат пен ерлiктiң үлгiсi де жеткiлiктi, кәзiргi шаққа сай келетiн деректер қанша. Оған қоса Маңғыстаудың ғажайып табиғатын, жерсу бедерлерiн, таулары мен каньондарын көрсетсе. Өзiмiзден бiр композитор шықса, әттең”- деп, ойға шомғандай болды. Бiздер Сәкеңнiң өз ұлтының тарихын, өнерiн қастерлейтiн шынайы пiкiрiне бар ықыласниетiмiзбен қосылып отырдық.

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Белгілі ғалым, жазушы Қабиболла Сыдиықұлының өнегелі өмір жолы, кең көлемдегі сан қилы ғылыми зерттеушілік қызметі, табиғи таланты жөнінде онымен үзеңгілес азаматтардың жылы лебіздеріне, айрықша құрметпен арнаған толғауларына толы көптеген естеліктер дүниеге келді. Сөз жоқ, бұдан былайда Қабекең туралы, оның шаршамай-талмай жүргізілген зерттеу жұмыстарының қыр-сырларын аша түсетін тұшымды еңбектер жазыла бермек. Солардың бірі таяуда ғана жарық көрген ізденімпаз

жорналшы, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Ә. Спановтың «Қабекең қазынасы» атты кітабы деуге болады. Адамзат тарихында қоғамдық дамудың бел-белестері, сәні мен мәні, бар болмысы өршіл ақын, өрелі жазушы, өткір сын-пікір айтушы ғұламалардың өлмес шығармалары мен өшпес сөздерінде көрініс тауып келеді десек, әсіресе, рухани өмір саласында қалам тартқан Қабиболланың еңбегі бір төбе. Бұл ойымызды Қабекеңнің мына: «Ісім болмай темір, қола, жезбенен, Алтын, күміс-жыр іздеген кезбең ем. Ақын, жырау, әнші, сазгер, сәулетші – Мүсіндедім бәрін сырбаз сөзбенен» - деген жолдары толық айқындап тұр емес пе? Оның әдеби, мәдени, тарихи мұраларды зерттеулердегі еңбегі орасан зор еді. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай» романының жазылуы жайында: «Әлдеқашан бел асып кеткен көштің айдаладағы жұртына кешігіп жеткен жүргінші сөніп қалған от орнынан болмашы жылтыраған бір қызыл шоқ тауып ап, оны демімен үрлеп түтетпек болды десек, романға материал жинаған менің хәлімде сол әрекет сияқты еді. Мен қарт адамдардың көмескі жадында ұмыт болған көп нәрселерді қайта ойлатып, айтқызып алдым» - деген сөзін еске алған Қабиболла өз ізденістері жайында сөз қозғалған кезінде: қолға іліккен мұрағаттық материалдарды пайдалану, шежіре қарттардың көмегіне сүйену арқылы ел есінен шыға бастаған халықтық асыл мұраларды жинау кездеріндегі менің жайымда осы сияқты еді деп отыратын. Ғалымның әрбір сапары, ол сапарлардың нәтижелері туралы айтып жатудың қажеттілігі бола қоймас. Өйткені оның бітірген ісі, бұл саладағы еңбектері қалың жұртшылыққа кеңінен аян. Сондықтан да ол халық мұрасының «қызғыш құсы» атанды. «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас, Үйретуден балаға» - деп ұлы Абай айтқандай, Қабиболла халқымыздың тарихи мұраларын өзі тәрізді іздеушілерге, зерттеушілерге ұстаз, өнеге болды, асықпай жүріп бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Соның бәрінде де маңызды да құнды деректер тапты, табылған мұраларды белгілі деректермен салыстыра келіп, дәлелді де нақты, ғылыми қортындылар жасап отырды. Зерделі зерттеуші Қабиболла Сыдиықұлының қарапайым, кісі бетіне жел болып тимейтін биазы мінезі қаншалықты сыпайы болса, оның сөзі де соншалықты сырлы, жұмсақ келіп, тыңдаушыларын өзіне тартып отыратын. Аққұба жүзінде аздаған күлкі реңі ойнап, бәсең де қоңыр үнмен жаңадан хабары шыққан деректерді зерттеу, анығына жету кездерінде барған жерлерінде кездескен кейбір қызғылықты жәйіттарды сызылта сөз еткенде алдыңызда ешбір қиындық көрмей ойлағаны орындалып, іздегені алдынан шығып жүрген ақ көйлек, ісі бойлай сәтті болып келе жатқан саяхатшыны

көргендей боласың. Ал шындығында оның өзі айтпағанмен Атырау, Маңғыстау, Қазақстанның басқа да аймақтары мен Түрікмен, Өзбек, Тәжік, Қырғыз, Қарақалпақ елдерін аралаған сапарларында қилы-қилы қиындықтарға кезігіп отыратынын білетінбіз. Ара тұра денсаулығы сыр беретін кездері де болатын. Сөйтсе де Қабиболла алған бағытынан қайтқан емес. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, халқымыздың асылдары жөніндегі деректерді, олар тұтқан мұралар жөніндегі мәліметтерді көзден таса қылмай, көңілде тот бастырмай мезгілінде жария етіп отыратын. Бір мысал. Қатыгез заманда бірін-бірі сүйген екі жас – Қайып пен Ақбөбектің азапты өмір жолдарын, көрген жан төзгісіз қиыншылыққиянаттарын, олардан тараған ұрпақтардың кәзіргі кездегі тірліктерін – бәрбәрін тереңдете зерттеген Қабиболла Сыдиықов жер шалғайлығына, ауа райының қолайсыздықтарына қарамастан Тәжікістандағы Қорған төбе жеріне әдейі сапар шегіп, осында тұратын Қайыптың немересі Әбдісамат қарттың қолында сақталған Қайыптың

домбырасын Маңғыстау өлкетану мұражайына әкеліп тапсырған болатын. Қарымды қаламгер Қабиболла Сыдыйықұлының ескі ескерткіштерді, мұраларды жойылып кетуден сақтау, Маңғыстау өңіріндегі ұмытыла бастаған тұлғалардың есімдерін тарихта қалдыру, жер, су, елді мекендерді осы тұлғалардың есімімен атау жөніндегі еңбегі ұшан теңіз. Ол бұл мәселе жөніндегі ойларын арнайы хатқа түсіріп, облыстың басшы орындарына жолдады. Қабекеңнің пікірін сол кезде Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істейтін, өзіде халықтың рухани дүниесіне тиісті мән беретін басшы – Саламат Мұқашев қолдап, хатта аталған ұсыныстарға байланысты облыс көлемінде нақты шешім алынуына ықпал етті. Соның нәтижесінде сол кездерден бері бірқатар ауқымды шаралар іске асырылып келеді. Досан бастырдың Қаратөбедегі мүрдесінің үстіне көрнекті батырлықты бейнелейтін күмбез – дулыға салынып (шебері сәулетші Сайын Назарбеков), Маңғыстау ауданының орталығынан оған еңселі ескерткіш орнатылды. Абыл Тілеуұлының Қаратөбе қорымындағы ескі тамы үстіне ақын ұстаған домбыра бейнеленген ескерткіш кесене салынды (шебері сәулетші Сайын Назарбеков). Сүйінқараның Сисем-Ата қауымындағы қара тастан қаланған моласының сыртынан төрт құлақты көлемді там қаланды. Қашаған Күржіманұлының Маңғыстау ауданының «Қырық кез» қауымындағы ескі тамы үстіне келісті де сұлу күмбезді мазар орнатылды (шебері сәулетші Мақсұт Нұрқабаев), Шайыр ауылы, Жаңаөзен қаласындағы орта мектептер, Солтүстік-Шығыс Каспий мұнай-кен аймағы Қашаған есімімен аталады. Облыс орталығынан Қашағанға көрнекті ескерткіш тұрғызылды. Мұрын жырау Сеңгірбекұлының тұрған үйі негізінде мұражай ұйымдастырылып, алдына жыраудың мүсіні орнатылды. Мұрын жырау

атымен Форт-Шевченко қаласының бір көшесі, осындағы музыкалық мектеп, Маңғыстау ауданының Қызан ауылындағы мәдениет үйі аталады. Халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабылов атымен Тұщықұдық орта мектебі аталады. Мектеп алдына ақынның көрнекті мүсіні орнатылған. «Абыл», тағы басқа көптеген күйлердің авторы, күйшілік мектептің бастаушыларының бірі Абыл Тарақұлының есімімен Маңғыстау облыстық халық аспаптар оркестрі аталады. Әйгілі күйші Есір Айшуақұлының атымен Маңғыстау ауданының «Жыңғылды» ауылындағы бір мектеп, облыстық «Ақжарма» ансамбілі аталады. «Жыңғылдыдағы» мектеп-интернатқа ақын-ұстаз Сәду Нұрниязұлының есімі берілген. Маңғыстау ауданының Қаратөбе жерінде интернационалдық отрядқа, Тобаниязға арналып обелиск қойылған. Мұнда Әліби Жангелдиннің есімі де айрықша аталған. Тобанияз Әлниязұлына Маңғыстау ауданының Ақшымырау ауылындағы мектептің аты беріліп, облыс орталығынан еңселі ескерткіш орнатылды. Әліби Жангелдин атында Бейнеу ауданында мектеп бар. Төлесін Әлиев есімімен Жаңаөзендегі 1 орта мектеп аталады. Бұндағы нөмірі 4 орта мектепке ақын-жырау Сүгір Бегендіковтың есімі берілген. Қайып Қорабайұлы есімімен Жаңаөзен қаласының «Теңге» кентінде бір көше, Ақбөбек есімімен осы кенттің бір ауылы аталады. Тұщыбек емдеусауықтыру орнына медицина ғылымының докторы Естөре Оразақовтың есімі берілген. Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған Жалау Мыңбаев, ихтиолог-ғалым, партия, кеңес қайраткері Зұлқаш Баймұрзаев, өлке танушы Есбол Өмірбаев аттарында орта мектептер бар. Маңғыстау ауданының орталығы – Шетпе кентінде, облыс орталығыАқтауда Ж.Мыңбаевқа арналып ескерткіш тұрғызылған. Маңғыстаудың өмірден ерте кеткен жас ғалымдары – Мекерия Атымов, Нұн Жұбаев, Берекет Жұмалиев есімдерімен осы ауданның орталығындағы орта мектептер аталады. Жазушы Маршал Әбдіқалықов есімімен Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылындағы орта мектеп аталады. Бейнеу ауданының Төлеп ауылындағы орта мектепке Социалистік Еңбек Ері Махутов Әбілғазының есімі берілген. Бүкіл өмірін Мұхаммед Ғалейһис салам жолына арнап «құдай бір, құран шын» екендігін уағыздаумен өткізген, адамгершілік қасиеті пенде деген ұғымнан жоғары тұрған, қуғын-сүргін кезінде жазықсыз жапа шеккен Ержан хазіретке тағзым етушілерге арналып ежелгі әулиелі орынШақпақ атадан, еңсесі биік бірнеше бөлмелі, айнала жасыл – желек өсірілген күмбезді түнеухана салынды.

Бекет-Атаның Оғландыдағы қонақ үйі қайтадан кеңейтіліп, өте көрнекті де сұлу жеті күмбезді ғимарат болып салынып, келушілердің зиярат ететін орны, әулиеге табынатын түнеуханасы болып отыр. Атаның өзі жатқан мешіт бұрынғы қалпын бұзбастан қайтадан жөндеуден өткізіліп, ұзақ жылдар бұзылмай сақталуына жағдай жасалды. Сондай-ақ, мешіт-ғимаратқа баратын жол да жөндеуден өткізіліп, келушілердің түсіп-шығуларына қолайлы болу жағы ойластырылған. Қабекеңнің хаттарында көтерілген мәселелердің қай-қайсысы да аяқсыз қалған емес. Халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабыловтың 1986 жылы «Ой толғау», 1996 жылы «Аманат» атты (жинақты құрастырған Жетібай Жылқышиев, баспаға ұсынғам «Парыз» шағын мекемесінің басшысы, ақын, сәулетші Сайын Назарбеков) өлеңдер мен дастан, айтыстардан тұратын жинақтары Қабиболланың тікелей араласуы, екеуіне де жазған алғыс сөздерімен жарық көрді. Қабиболла Сыдыиқұлы бас кеңесші және жауапты редакторы болған «Маңғыстау» энциклопедиясы 1997 жылы республикада Ақмола облысы энциклопедиясынан кейін екінші кезекте 30 мың дана таралыммен жарық көріп, халықтың ойынан шыққан, өңір хақындағы деректерді жан-жақты қамтыған алғашқы құнды дүние болып өмірге келді. Еліміздің өзге де жақсылары мен жайсаңдарының еңбегін есте қалдыру жөніндегі осы сияқты ізгілікті істер бұдан былайда жалғасын таба бермек. Қабиболла Сыдыйықұлы талантына бас июге де, мақтауға да, «онымен мақтануға да» тұрарлық бір туар азамат еді. Арғы тегі елге аты жайылған қасиетті, сөзге шешен би, өнерлі де парасатты аталардан өмірге талантты да, жоғары қабілетті ұрпақ келетіндігі талас туғызбаса керек. Осы тұрғыдан қарағанда ғалымның шыққан тегі, арғы аталарының бірі Маңғыстаудың Бозашы түбегінде мәңгіге көз жұмған, күмбез тамы осы кезге дейін сақталып келе жатқан, елге етене белгілі, күні кеше ғана Қабекеңнің өзі, ағайын тумалары болып арнап Ас берген сегіз арыс адайдың жеменейінің ақбота тайпасынан тараған, халқына шапағаты мол тиген Бүркіт әулие екенін ойға алғанымыз жөн. Сонымен бірге, Қабиболланың табиғи талантын айрықша еңбекқорлығымен шыңдай түсуі де, оның биік белестерге көтерілуіне негіз болды деп айта аламыз. Менің Қабиболламен таныс болғаныма қырық жылдың жүзі болды. Алғаш рет 1964-ші жылдың күз айында Алматы қаласында танысқанбыз. Ол кезде мен екі жылдық Алматы Жоғары партия мектебінде тыңдаушы болатынмын. Сол алғашқы кездескен кезіміздің өзінде-ақ, ол болашақ жайында, елдің бүгіні мен ертеңі, ел сеніміне ие болған азаматтар атқарар істер жөнінде сыр шертіп, ішкі толғаныстарын сөз ететін. Маңғыстаудың рухани дүниесі жабық жатқан көмбе, осы көмбені ашуға қызмет ету, елге еңбегі сіңген елеулі есімдер, таланттары таңдай қақтырар өнерпаздар жайында зерттеулер жүргізу менің алға қойған мақсатым – деп айтып отыратын Қабекең. Өзінің «Туған жер» (Қабиболла Сыдыйықұлы. «Атамекен», 2001 ж.)

толғауында бұл асқақ ойларын төмендегіше берген еді: «Туған ел, ата жұртАтырау – Маңғыстауым, қасиетті Қазақстаным, сенің құдыретіңді, сенің сұлулығыңды, сенің жасампаздығыңды, сенің мейірімділігіңді, сенің мәрттігің мен шалқарлығыңды перзенттік іңкәр сезіммен жырлап өту-ең қасиетті парыз ғой». Оның осы мақсатына жеткенінің куәсі артында қалған том-том жалы биік еңбектері деп білемін. Осы бір жылы жүзді, аққұба өңді, бауырмалдығы кісіні бірден өзіне тартып тұратын «қыз мінезді» ұяң жігітпен байланысымыз ол өмірден озғанға дейін үзіліп көрген жоқ. Орайы келгенде сирек те болса хат жазысып тұратын кездеріміз де бар еді. Қабекеңнің маған жіберген хаттарының бірінде халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабыловтың жылдығын өткізуге жанашырлығы айтылған болса, екіншісінде «Маңғыстау» энциклопедиясын шығаруға байланысты пікірлері сөз етілген. Ал енді бір-екі хаты шын достың менің атаулы күндеріме арналған құттықтаулары болатын. Мен осы хаттарды Қабекеңнің өз қолымен жазған күйінде хронологиялық ретімен беріп отырмын. Олар мына хаттар еді: «Дүйсеке, Жаңа жұмыс құтты болсын! Сан тарау шаруашылығы мол аймақтың міндеті де, талабы да зор қызметі Сіздей іскер жігіттерді қажет ететіні белгілі. Орынды орнығыс деп ойлап отырмыз. Бізде бағзы ғылымдағы талпыныс. Жақында Орбита ауданынан үй берді. Биыл Сәттіғұл ақынның 100 жылдығы. Өткен жылы ақын юбилейіне байланысты шаралар жөнінде Маңғыстау аупарткомына, обкомғаЖәрдем ағаға жазып, райком, обком тарапынан әр жерге жолданатын қағаздар нұсқасын жіберіп едім. Зым-зия хабарсыз кетті. Ең бастысы ақын мұрасын жариялау ғой. Сол орайда обком баспасөз комитетіне (Елеукеновке) хат жазып, ақынның 8-10 баспа табақ шығармалар жиныған бастыруды сұрауы керек еді. Қол жазбасын жазушылар баспасына тапсырып қойдым. Бірақ, әлгідей сұраған қозғаулар жоқ. Осы орайда қозғау салсаңыз. Май айында обл. газет бет берсе, обл. радио хабар берсе. Қажетті материалдарды (мақалалар, ақын жазбасын) газетке жіберіп көмектессе... Съезге келеді деп естідім. Мүмкін сөйлесерміз. Жігіттерге сәлем! Қабиболла, 28/І-1976, Алматы.

Сәтекеңнің юбилейі орайында Жазушылар Одағының батыс Қазақстандағы консультанты Берік Қорқытов та мәселе көтеріп, іске мұрындық болуы керек еді. Реті келсе, осы жігітпен де сөйлесу керек.» «Қымбатты дос Дүйсенбі! Өмір мәнін мол біліп, алыс-жақынға ойлы қарар кемел шақ-Елуге, семья, қоғам алдында абройлы келуіңді, республика Жоғарғы Советінің Құрмет Грамотасымен наградталуыңды қуана құттықтаймыз!

Көңілі нұрлы, сезімі шалқар, ойлы дос Дүйсеке! Сізге жақын көңілден, жүрек-жарды барша жан-дүниемізбен мықты денсаулық, абройлы еңбек тілейміз! Қарлығашқа, Нұрланға, қызымызға (атын ұмыттық – ғапу өтінеміз) сәлем! Қабиболла, Гүлшат және Манас. Январь, 1983. ФортШевченко

«Дүйсеке, ауырыңқырап қалып Маңғыстауға жол түспей тұр. Барша игіліктерге тілектеспін. Жігіттер Маңғыстау жөнінде анықтамалық және энциклопедия шығарамыз дейді. Мен екеуіне де кеңес бердім. Әуелі біріктіріп біртұтас еңбек болса қайтеді деп едім. Бұл ойымды Құралбекке де айтып ем. Бірақ, жігіттер өздері келісіп екі кітапты да шығаралық дейді. Мен оған да қошпын. Екеуіне де қолқабыскеңесімді беремін. Мұны Құралбекке айтарсыз. Әуелі анықтамалық шыққаны да дұрыс шығар. Консултанттық жасаймын. Әр саладан кімдерді қандай өлшеммен кіргізу керек екенін жігіттерге айтып ақыл-кеңес берерсіз. Барлық жағдайын сөйлесеміз ғой. Бекет-Ата және ақындардың әрқайсысын да жеке-жеке шығарамыз дейді Ғарифолла ініңіз («Арыс» баспанасынан). Оны да дайындап берерміз. Есендікпен көрісуге жазсын. Қабиболла. 4.ХІ.1992 Алматы». Қымбатты Дүйсеке, ата мекеніңізде, алқалаған ағайын, қаумалаған қауымыңыздың ортасында мүжілмей-мұқалмай, қынаптан суырылған қылыштай құлпып тұрған күйде 60 жасқа келіп отырсыз. Құтты болсын бұл жасыңыз! Сізді әділет жолынан аулақтамай нұсқап отыратын абыз ақсақалдардың пайымды, парасатты інісі, зерделі жастардың ақылшы ағасы, өз шаруасынан туған жер, өскен ел мүддесін артық санайтын еліміздің елеулі азаматы санаймын. Сіз қоғамдық өреде талай жауапты қызметтерді аброймен атқардыңыз. Енді әлеуметтік істермен қатар, халық арасында бұрынғыдан да жиірек болатын жігіт ағасы шағы келді. Бұл кезеңде де абройлы бола беріңіз! Қасыңызда – Қарлығашыңыз, қанатыңның астында балаларыңыз, айналаңызда – ағайын, дос-жарандарыңыз бен қызметтес жолдастарыңыз – сол ортада сау-саламат боп, ел игілігіне еңбек ете беріңіз! Қабиболла. 07. 04. 93. Алматы.

Жоғарыда айтылғандай мен де әр кез Қабекеңе хат жазып, мерей тойлары кездерінде жеделхат жіберіп отырған едім. 50 жасқа келуімді құттықтап хат жіберген Қабекеңе жолдаған хатымда былай деп жазыппын: «Құрметті Қабеке!

Аман есенсіздер ме? Гүлшаттың, Манастың, өзіңіздің денсаулықтарыңыз жақсы ма? Жаңа жер, жаңа қоныс құтты болсын! Сіздер үшін жаңа қоныс болмағанымен Маңғыстауды мекендеген халық үшін Форт-Шевченко қаласы барлық игі істердің ұйтқысы болған іргелі де қадір-қасиетті мекен ғой. Осы мекенде сіздердің ойлаған мақсаттарыңызға жетіп, баянды да зор бақытқа ие болуларыңызға шын жүректен тілектестік білдіреміз. Біздер аманбыз, жағдай бұрынғыша. Үй-іші: отбасының Президенті мен Премьерінің (Қасымша айтқанда) және балалардың дендері сау, көңіл күйлері жақсы, әрқайсысы өз мүмкіндіктерінің шеңберінде тынымсыз еңбек етуде. Тіпті үш жастан асып бара жатқан Нұрланға дейін дұрыстап дәйекті отырып ас ішуге мезгіл таппай жүреді. Бейнеудің ауа райы, әсіресе, қыс кезінде қаталдау аймақ қой, биылда қыс қиындықтары болып тұр. Аудан халқының көңіл күйі өте жоғары. Москваның Қызыл Туын екінші рет иелендік, үшінші жылға да жеңіп алу жолында қызмет етіп келеміз. Манің 50 жасқа толуыма байланысты құттықтау хат жібергеніңізге көптен көп рахмет. «Қымбатты дос» деп хатыңда жазған екенсің, сол сөзді бала кезіміздегідей барынша шынайы, қалтқысыз ашық көңілмен айтсам: я, ойлап жүрдік пе, ойнап жүрдік пе, досым Қабеке, әйтуір осы кемелді жасқа келіппін. Ашығын айтсам, бітірген ісіміз онша байқалмайды. Мекерияға айтқызсаң, «әлде де кеш емес, енді тек ойланып іс істе» - деп қағытады. Жеңіл қалжыңы жүзіңді желпігендей болып, сарайыңды ашып отыратын ақжарқын дос, әрі үлкен ғалым ғой, оның айтқаны да жөн болар. Не дегенде де жарты ғасыр кісіге біраз міндеттер жүктейтінін мойындауымыз керек қой деп ойлаймын. Бізден бәріңізге ыстық сәлем. Дүйсенбі. 31.01.1983ж.»

«...Туған жер болдың екен неден ыстық, Сүюге топырағыңды құшып-құшып, Сандығын сағыныштың айқара ашып, Келемін аспаныңда құстай ұшып» - деп туған еліне арнап перзенттік махабаттың куәсіндей ыстық жыр жазған Қабиболла Маңғыстауына жиі келіп елді аралады, зерттеу жұмыстарына жаңа деректер жинады, облыс көлеміндегі ескі мұралардың сақталу, қалпына келтіру жайымен танысып ұсыныс-пікірлерін айтып отырды. Қабиболланың 1979-шы және 1983-ші жылдары Бейнеу ауданына екі рет келгені есімде (өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап Ақтау қаласында болып тұрған жиі-жиі кездесулеріміз туралы айтып отырған жоқпын).

Ол қай жерде, қай сапарда жүрсе де әр кез ойлағаны көне тарихи мұралардың бетін ашу, анығына жету, естігенін, көргенін ой елегінен өткізіп нақтылай түсу болатын. Зерделі ғалымның әрбір ісінен аса бір мұқияттылық, аңғарғыштық байқалатын. Бірде, оның Бейнеу ауданында болған кезінде (5ші маусым, 1979-шы жыл) осы жердегі Ескі Бейнеу қорымындағы Бекет-Ата мешітінің шырақшысы Мыңжасар деген кісімен сөйлескені бар. Ол өзінің Бекет-Атаға алтыншы ұрпақ болып келетінін төмендегіше дәлелдеп берген еді: Адайдан Келімберді мен Құдайке. Келімбердіден Мұңал, Мұңалдан Жаулы, Жаулыдан Жары, Ескелді, Қосқұлақ. Қосқұлақтан Жаналы, Жаналыдан Мырзағұл, Мырзағұлдан Бекет, Бекеттен Бәйтелі, одан Әлмембет, Әлмембеттен Тәш, одан Бектілеу. Сол Бектілеу менің әкем деген еді шырақшы. Қабекең осының бәрін құнттап, қайтадан сұрап алып жазып отырды. Бұдан соң мешіттің ішін байыппен көріп шыққаннан кейін үстінде жерленген кісілерге орнатылған құлпытастарды көріп жүрген Қабекең батыс бетінде құлап қалған бір құлпытасқа айырықша назар аударып қарап біраз тұрды да, бірақ ештеме демей кеткен еді. Осыдан біраз жыл өткеннен кейін, 1987-ші жылдың жазында Ленинградтан (Санкт-Петербург) келген оқымысты – археолог А.Г.Юрченко басқарған экспедиция мүшелерін өздеренің сұраулары бойынша Бекет-Ата мешітін көруге алып келіп, мешітпен толық танысып болған соң осы құлпытасты көрсетіп, бұнда қандай сөздер жазылғанын сұрағанымызда араб тілін оқи, жаза білемін деген бір орыс жігіт (аты-жөнін ұмытып қалыппын) құлпытаста «Келдібек, Бекет софы жиені 1841, немесе 1861 жыл» - деп жазылғанын айтты. Осылайша құлпытастың кезінде Бекет-Атаның жиенінің басына орнатылғанын білдік. Бұған қарап Қабиболланың сол келеген сапарында әлгі құлпытасқа еркеше назар аударуында үлкен мән болғандығын, осы белгінің Атаның бір туысының басына қойылғанын шамаласа да, аты – жөнін толық айыра алмаған соң ашып сөз айтпағанын түсіндік. Бейнеулік азаматтар кейіннен құлпытасты тұрғызып өз тұғырына орнатты. Қабиболланың Бейнеуге келесі бір келген (мамыр, 1983-ші жыл) сапарында ғалымның мәдениет, оқу-ағарту қызметкерлерімен, мектептердің жоғары сынып оқушыларымен кездесулері ұйымдастырылды. Бұдан кейін кеңес атқару комитетінің төрағасы Бердібай Сарбалаев екеуіміз Қабекеңе ауданның көрнекті орындарын аралатып, Бейнеуден 20 шақырым жердегі Омар-Тұр күмбезді тамын көрсеткен болатынбыз. Республикалық қамқорлыққа алынған тамның салынуы шеберлігіне, ішкі өрнектерінің көркемдігіне таңдана тұрып Қабекең: Маңғыстау, Бейнеу аудандарында кісі назар аударарлық осы тәрізді тарихи ескі мұралар, ескерткіштер көп. Бұл аймақты ескі де сәнді ескерткішітерінің көптігіне байланысты ашық аспан астындағы мұражай деп бекер атамаған ғой. Мақсат бұл ескертікштерді біліп қана қою емес, оларды сақтай, қорғай білуде емес пе? Бұл тұрғыда республика тарапынан жүргізіліп жатқан ескерткіштерді қалпына келтіру

жұмыстарына көмектесіп отырумен бірге аудандық газет, радио арқылы да жиі-жиі хабарлар беріп тұрған да жөн болар еді деген пікір айтып, халық игілігі үшін ескі мұралардың азбай-тозбай сақталуына жанашырлық танытқан болатын. Ел есіндегі жақсылар мен жайсаңдар-ақындар, жыршы-жыраулар, әйгілі өнерпаздар, «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп елін, жерін жат-жұрттықтардын қорғауда қанмайданда аянбай шайқасқан ерлер жайлы толымды зерттеулер жүргізіп, құнды-құнды еңбектер жазған ғалым – халқының аяулы ұлы Қабиболла өмірден озбағанда алдағы 18-ші наурызда оның 70 жасқа толған мерекесін бүкіл елі болып тойлап отырар еді. Олай болмады. Өкінішімізге шек жоқ. Алыс сапарға аттанған қимас дос бүгін ортамызда жоқ. Орыс халқының әдебиетіне жүрегі соңғы соққанға дейін қызмет еткен белгілі орыс жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Иван Алексеевич Бунин науқасы жеңіп, әлсіреп жатқанына қарамастан, өзінің жазып жатқан кітабын аяқтап кетуді ойлап, қажетті жерін пайдалану үшін зайыбына А.П.Чеховтың хатын оқып беруді өтінген. Осы сәттен көп ұзамай-ақ ол өмірден өткен. Сол Бунин тәрізді біздің Қабиболла баурымызда халқы үшін шынайы қызмет етуді бар өмірінің биік мақсаты деп білді және бұл жолдан ақырғы демі біткенше айнымай өткенін жүрегі соңғы рет соғарда да қаламының қолынан түспей кеткенінен–ақ білуге болады. Дәл осылай. 2001 жылдың 23-ші наурыз күні ертеңгі шайын ішкеннен кейін жұмыс столына келіп, соңғы зерттеулері жөнінде ойына оралған пікірлерін жаза бастаған Қабиболла безектей жөнелген телефон тұтқасын қолына алады. Телефон шалушы бұрыннан өзіне таныс, сыйлас Жармұханбет деген Жаңаөзендік кісі екен. Амандықсаулық сұрасқаннан кейін Қабекең оны үйге келіңіз деп шақырады. Бұдан кейін көп ұзамай-ақ, ертеңгі сағат 9-дан 5 минут өткенде Қабекең соңғы сапарға аттанып кетеді. Тағдырға не шара. Осы кезде келіп жеткен қонақ отбасында күтпеген жерден болып қалған орны толмас қайғыны көріп, сенер-сенбесін білмей, Қабекең жаңа ғана менімен сөйлесіп, кел деген еді ғойдеп еңіреп қоя берген. «Атаңның ұрпағы қалса, көзі қалды де, ал сөзі қалса, өзі қалды де» - депті ғой дана халқымыз. Шүкіршілік етері Қабекеңнің артында өшпейтін игілікті істері, еліне деген махаббатқа толы өлеңдері мен дастандары, леп белгісі қойылып тұжырымдалған зерттеу жұмыстары-ойлы да құнды шығармалары қалды. Ендігі жерде жас ұрпақтың сол мұралармен сусындап, өнегелі өмір жолынан сабақ алуы ғалымның ойлаған мақсатына жеткені деп білеміз. Жазушының артында 10 томдық шығармалар жинағы қалды. Өзінің өсиеті бойынша оның кітапханасының көлемді бір бөлігі студенттердің пайдалануы үшін Шахмардан Есенов атындағы Ақтау университетіне беруге дайындық үстінде. Қабиболланың баспа бетін көрмеген еңбектерін жинап-жариялауда сүйікті зайыбы Гүлшаттың еңбегі зор. Алғашқы қосылған кезден жүректері бірге соққан қос аққудың бірі тағдырдың жазуымен өмірден өтсе де, екіншісі

ендігі өмірін оның кітап етіп шығаруға үлгере алмай кеткен еңбектерін халқына паш етуге барлық күш-жігерін жұмсап келеді. Бұл аса жауапты жұмысты іске асыруға ұлдары Манас пен Оспан, қыздары Інжу мен Маржан да аянбай атсалысуда. Қабекеңмен жұмыстас, оны жете білетін сыйлас, дос азаматтар, інілері де қажетті көмектерін беріп келеді. «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнестің Қабиболла Сыдиықұлының «Еске алу кітабын» ол өмірден өткеннен кейін тездетіп шығаруы, қандай ма болмасын көмекке әр кез дайын тұруы аға сыйлаудың жарқын өнегесі деп білемін. Облысымыздың мәдени, тарихи орындары мен мектептерінің біріне Қабиболла Сыдиықовтың есімін беру жөнінде облыстық маслихат пен облыс әкімі шешім шығарып жоғарғы орындар алдына ұсыныс түсірсе, халқымыз үлкен риза болған болар еді. Қабекеңнің қыруар ісі, жарқын бейнесі оны қадірлейтін жүректерде мәңгі сақтала бермек. 20.03.2004ж.

НӘСІПҚАЛИ ӘБУҒАЛИҰЛЫ МАРАБАЕВТЫҢ өмірден өткеніне 100 күн толу, там байғазысын беру кезінде сөйленген сөз

УА, ХАЛАЙЫҚ! Маңғыстау халқының қамқоршы басшысы, мұнай өндірісінің білгір ұйымдастырушысы , көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, есімі бүкіл қазақстан жұртшылығына белгілі тұлға, аяулы Нәсіпқали Әбуғалиұлының өмірден өткеніне, міне бүгін, 100 күн толып отыр. Уақыт шіркіннен жүйрік не бар, облыс әкімі жанындағы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Нәкеңнің Кеңестің бір жылдық жұмысынан есеп бергеннен кейін оны емделу орнына шығарып салғанымызға да 6 айдың жүзі болыпты. Үстіміздегі жылдың сол бір 8ші маусым күнінің кешінде ақжарқынтілектес көңілмен жолың болсын айтқан біздердің соншама сергек, денсаулығында кінәрат барын байқау мүмкін емес, нұрлы жүзі жайнап тұрған аяулы Нәкеңді соңғы рет көруіміз екенін кім білген. «Бибаян дүние Бибаян, Шегіңшетің Кімге аян»- деген міне, осы. Мейірімсіз ажал асқар таудай ардақтымызды ортамыздан алып кетті деген суық хабарды естігенде нанарнанбасымызды білмей үнсіз қалғанымыз естен кетер ме?

Өмірқайық, өлімтеңіз, Айрылмастай екеуі егіз. Сол қайыққа мінген болсаң,

Қайрылмасқа кеттім деңіздепті ғой бұрынғылар. Сол айтқандай, қимас жолдас, ақылшы басшы Нәкең қайрылмай кетті. Бүкіл әлемді жұтса да бір тоймайтын сауыры қалың қара жер өз қойынына алып тынды. Амал не? 124 мың пайғамбар, 33 мың сахабабәрі де тірі қалмаған, не салса Алла өз ісі, ешкімге ақыл салмағандеп бірбірімізге басу айтудан басқа амалымыз таусылып, қиналғаннан айтар сөзден жаңылып тұрған осы бір сәтте, Нәкеңді танитын, аянбай еткен еңбегін білетін бүкіл жұрт қимастықпен қоштасуда. Біз өмірден кім өткенін білеміз бе ?, Нәкең қандай ісімен еліне қымбатты еді ?- деген сауалға онымен ұзақ жылдар жұмыстас, пікірлес болған, қадірқасиетін жақсы білетін әріптесі ретінде былай деп жауап берген болар едім: Ол біріншіден, парасатты да әділ, таза қолды басшы; екіншіден, жанжақты білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, биік деңгейдегі қайраткер; үшіншіден, «Ұлы адам ұлық болмайды, мәуелі ағаш биік болмайды»- дегендей, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін өте қарапайым, кішіпейіл абзал азамат; төртіншіден, жетімжесірлерге, мүгедектер мен қарттарға әр кез көмек қолын созып отыратын, «Жерде жетім жыласа, көкте періште налиды»- деген хадисті естен шығармаған, бүкіл болмысымен баршаға жанашыр қамқоршы; бесіншіден, «Ел ырыстың орманы, Ер ырыстың қорғаны» болып, ел экономикасын көтеруде, әсіресе, мұнай өнеркәсібін өркендетуде айырықша еңбек етіп, 33 мұнай алаңына бұрғы салған, 4 мың шақырым жер қыртысын қазуға тікелей араласқан және басшылық еткен, «Маңғыстаудың Марабаевы» атанған тұлға, алтыншыдан, он саусағы домбыраның құлағында ойнаған өнерпаз; жетіншіден осы заманғы хас батыр. Ақындық, жазушылық, әншілік адамға берілген табиғат сыйы десек, батырды, биді заман туғызады. Кәзіргідей бейбіт заманда кім батыр, кім қорқақ екенін айыра алмайсың, бұл тек істе сыналады. Нәкеңнің батылдығына, айта қалардай батырлығына куә болған кезім ойға оралады. Бұл сәт 1988ші жылдың ақпанында Алматыда өткен партия активінде болған еді. Сол кезде Маңғыстау облысын Атырауға қосу туралы әңгіменің шарықтап тұрған шағы болатын. Активте осы мәселе қаралмақ. Шақырылғандар жиналып болысымен бюро мүшелерін бастап келген Колбин президиумға отырмастан, залдағы Нәсіпқали Әбуғалиұлын көре сала, ашулыжойқын кейіппен: «Адайлар Атырауға қосылмаймыз деп арыздануда, оны ұйымдастырып жүрген өзі адай Марабаев көрінеді»-деді өктем дауыспен. Сол сәтте Нәкең сабырмен орнынан көтеріле бере: «біріншіден, мен арыз ұйымдастырудан аманмын, екіншіден, елді ру-жікке бөлген емеспін. Ал адай деген сөзді Сізден естіп тұрмын, артық сөздің қажеті қанша »-деді мізбақпастан. Залда отырғандар енді не болар екен деген дей үнсіз қалды. Таяу отырған обкомның бірінші хатшысы Ю. Казаченко: «Нәсіпқали Әбуғалиұлы қояқойыңызшы енді»- деп бәйек болып жатты. Колбин болса, бұндай қайсарлықбатылдықты тұңғыш рет естіпкөріп тұрса

керек, қапелімде тығылып қалып, басқа сөз таппай, беті нарттай қызара «қап бәлем, сені көрермін»-дегендей сұс көрсетіп мінбеге көтерілді.

Әрине, ол кезде Колбинге әлгідей сөздер айтып меселін қайтару екінің бірінің қолынан келмейтін асқан қайсарбатырлық еді. 1986-шы жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты Колбинге қарсы осындай ерлік сөз айтқан зиялылар арасынан әйгілі ақын Жұбан Молдағалиев болса, облыс басшыларынан тек Нәсіпқали Марабаев болды. «Өзің үшін туыпсың, елің үшін күйіпсің»-деп Бөлтірік би айтқандай, Нәсіпқали Әбуғалиұлы Маңғыстау елі үшін екі облыстың қайтадан қосылуы тиімсіз екенін айтудай-ақ айтқан еді. Сол үшін күйетінін де білді.Соған қарамастан «Ердің туы намыс » деп өткен Бауыржан Момышұлы сияқты, намысына қылап түсірмей, елдің туын биік көтере білді. Біз кәзір Нәкеңнің мәңгілік мекенісәнді салынған Ақсарайы алдында тұрмыз. Сәулетті сарай құтты болсын! Өмірден өтерде Біржан сал: «Жылама енді анасы, босқа бекер, Біржанға уақыт болды алыс кетер. Артымда жастай қалған құлындарым, Тірлікте әлі-ақ бір күн өсіп жетер»- деген екен. Біржанның осы айтқанын еске алсақ, қадірлі Ләйлә Оқанқызы, Сіздің ұлқыздарыңыз өсіпжетілген, әке жолын қуып, мұнай өндірісін басқару істерінде өздерінің қол таңбаларын қалдырып келе жатқан мақтан тұтарлық азаматтар. Шүкіршілік етіп, осы бәйтеректеріңнің аясында өзіңізді күте біліңіз, немере-шөберелеріңіздің қызығы Сізге қайғы бұлтын сейілтіп, күш – қуат бергей! Уа, халайық! «Адам керуен, өмір жол, Жан баспаған із емес. Жолмен көшкен керуеннің, Алдыарты да біз емес.»- деген сөз қалған ғой бабалардан. Басқалай не айтуға болады?

Нәсіпқали Әбуғалиұлы арамыздан алыс кетіп, Ақсарайына мәңгіге оралды. Біздер үшін ендігі қолдан келері «Қош қимас дос, айтулы асыл тұлға, жатқан жерің жайлы болсын, алдыңнан пейіштің нұры шалқысын, әумин!»- деп бет сипау, өнегелі өмірін артында қалған еліне жан-жақты жеткізе білу болмақ. 25. 11. 2007.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ЕЛ ЕСІНДЕГІ ЕСІМДЕР

ДОСЫМА ХАТ

Аяулы досым, Жанбоз! Сен 1932 жылдың 19 қаңтарында, елді аштық жайлаған, қақаған қыста өмірге келіп, тылсым дүниенің есігін ашқан болатынсың. «Мен туыппын ақпандатқан боранда, мінезім бар, бәлкім әлде содан ба...» дегендей, сен қыста дүниеге келсең де, мінезің биязы, қарапайым, жаның сезімтал боп өсіп жетілдің. Екеуміздің достық қарымқатынасымыздың қалыптасуына да осы ақ-адал, достық деген мазмұны терең сөзді қадірлей білетін айрықша қасиетің ықпал еткен-ді. Достық деген сезім, екі адамның арасында көбіне балалық шақта, мектеп қабырғасында, студенттік кезеңде, әскер қатарында қалыптасатын болса, біздің арамызда әбден есейген, еңбекке араласып, ұстаздық қызметтің ыстық-суығында жүрген уақытта жарасым тапты. Достық сезіміміздің нығаюына сенің сүйген жарың Сүткенже де ұйтқы болды. Бұл достық «Бет жағында күлкі ойнар, іш жағында түлкі ойнар» болып келетін кейбір әсіре достық емес, шынайы тату, бауырлас, бір-бірімізге қамқорлық сезімде еді. Сен ерте есейдің. Оған қиындығы мол соғыстан кейінгі өмір себепкер болса, ата-анаңды тастап, жоғары оқу орнына түсуге жағдайың да көтермеді. Сондықтан онжылдықты 1949 жылы Сталин атындағы сыйлықпен үздік бітіре сала бірден жұмыс іздеуіңе тура келді. Сенің біліміңді дұрыс бағалай білген басшылар 7 жылдық және орта мектептердің жоғары сыныптарына математика мен физикадан сабақ беруге сенім білдірді. Екеуміз «Тұщықұдық», Ленин атындағы орта мектептерде, сен математикадан мен физикадан сабақ беріп, тығыз байланыста болдық. Сен менен бұрын 6-7 жылдан бері сабақ беріп келе жатқан тәжірибелі ұстаз едің. Тәрбие мәселесіне арналған екеуара әңгімелерімізде шәкірттерге тиянақты білім беру үшін әртүрлі көрнекті құралдарды қалай пайдалану керек, балаларға өзіңді тыңдата білу үшін қандай әдістерді қолдану, оларға үлгі болу үшін қандай қасиеттерің болуы керек деген ақылкеңестеріңді бүкпесіз айтып жүруші едің.Сенің білгеніңді үйрету, ойыңды тыңдаушыға жеткізе білу қасиеттерің Баласағұнның: «Көп ойла, жақсы сөйле, нұсқа болсын, сұраса жауабың қысқа болсын» деген данышпандық кеңесімен үндес болып келетін. Ол кездерде біз қоғамдық жұмыстарға кеңінен араласушы едік қой. Сен математика үйірмесінің жетекшісі, мен комсомол ұйымының хатшысы болып жүрген кезімізде С.Адамбековтың «Ақырзаман аңызы» атты пьесасында сен молданың ролін кәнігі әртістерше ойнап, көрерменді риза еткенің-ай! «Білім-байлық таусылмайтын, бітпейтін, ұры-қары, қу жоқ, оны үптейтін» деп Баласағұн айтқандай, сен өзіңнің білім байлығыңды арттыруды көздеп, 1960 жылы Атыраудағы мұғалімдер институтын сырттай оқып, бітірдің. Қандай кезде де жұмыстың ауыр,

қиындығы мол саласына шебер ұйымдастырушы, білімді кадр жіберіледі. Сол 1960 жылы сені сонау қиыр шеттегі «Сам» мектебінің оқу ісінің меңгерушісі қызметіне жібергенде сенің бойыңда осы қасиеттердің бар екендігі ескерілген-ді. Ал, 1963 жылы осы мектептің директоры болып тағайындалдың. Орталықтан 500 шақырымдай қашық орналасқан мектептің жағдайы мықты емес еді. Мектепті басқаруға келісіңмен оқутєрбие жұмыстарын жақсартуға бар күш-жігеріңді жұмсай жүріп, мектепті жөндеуден өткізу, қысқа дайындық т.б. шаруашылық жұмыстарымен тікелей айналысып отырдың. Тєрбие саласындағы жұмыста ата-аналармен байланысты нығайту қажеттігін естен шығармадың. Бірте-бірте мектепте оқушылар саны өсті. Материалдық база нығая түсті. Ең бастысы оқушылардың үлгерім дєрежесі өзге мектептердің алдында болды. Өстіп тынбай еңбек етудің арқасында 1966 жылы «Сам» өңірінен алғашқы орта мектеп аштыруға қолың жетті. өзің осы мектептің директоры болып тағайындалдың. Зерек шәкірт білікті ұстаздан десек, сенің біліктілігіңе, үйретуге шеберлігіңе ешкім талас туғызып көрген жоқ. Басшы ретіндегі тер төккен қызметің, ұстаз ретіндегі ұланғайыр еңбегің өз нәтижесін беріп, «Сам» орта мектебінің оқушылары олимпиадалар мен спартакиадаларда жеңімпаз атанып жүрді. Оқу Министрлігі, Үкіметіміз тарапынан сенің еңбегің жоғары бағаланды. 1965 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен наградталдың. Дағыстанның әйгілі ақыны Расул Гамзатов «Нағыз азамат, ер жігіт, тізесін жерге үш рет тигізеді. Бірінші рет туған бұлағынан су ішкенде, екіншісі-сүйген қызына гүл ұсынғанда, үшінші рет анасының ақ батасын алғанда»- деген екен. Ал, кәмелеттік аттестат алғанда шәкірттері ұстаздары алдында ілтипатпен тізе бүгеді десек, бұл даөмір шындығы. Сол ұстаз алдында ілтипатпен иілген жанның бірі «Сам» мектебін алтын медальмен бітірген, қазір Көлік және транспорт академиясының профессоры, ғалым Баймұханбет Дүйсенбаев: «1963-64 оқу жылынан бастап, ұзақ жылдар бойы Сам мектебінің директоры болып, асыл ұстаздардың үлкен шоғырын біріктіріп, шәкірт тєрбиелеген аяулы азамат Екібаев Жанбоз аға қызмет етті» (“Маңғыстау”, 29.05.04) десе, тағы бір шәкіртің Сейітжан Исабергенұлы: «...халық аузына ілінген азаматтардың бірі, марқұм майталман педагог Екібаев Жанбоздың соңына ерген жастарға үлгі боларлықтай істері көп. Азғана өмірінің ішінде ол сан алуан тағдырды бастан кешірді. Жас та болса, аянбай еңбек ете жүріп, тиісті құрметке бөленді» («Маңғыстау», 09.12. 06),- деп еске алады. Сондай-ақ Маңғыстау ауданының орта мектептерінде көп жылдар директор болған, қазірде жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу ісін жетілдіре түсуге арналған ұсыныс-пікірлерін үзбей газет беттерінде жариялап келе жатқан Ордалы Қосай: «..Жанбоз Екібаев Тұщықұдықтың тумасы, бізді ортаңғы сыныпта оқытқан ұстазымыз. Ұстаз болғанда қандай, нағыз сүңғыла, іскер басшы»,- дейді. Менің ойымша ұрпақ үшін қажетті үш есім бар. Ана,

Әке, Ұстаз. Ұрпағы үшін ана мен әке әулие десек, бар өмірін бала тєрбиесіне арнаған ұстаз да шәкірттері үшін әулие деп білемін. Сен соңыңда қалған барлық шәкірттерің үшін әулие болып қалудасың. ...Осы бір нұрлы да жылы жүзді, әдеміше келген сыпайы жігіттің тек өзіне ғана тән жымия күліп есен-саулыќ сұрасатыны әр кез еске түседі. Еске түскен сайын Жанбоз, сенімен күні кеше ғана кездескендей әсер аламын. Соңынан ойлап қарасам олай емес, уақыт шіркін, «ешбір жанға білінбей» өте берген екен. Сенен айырылып қалғанымызға да 20 жылдың үстіне шығып кетіпті. Адамның артында «ұлы қалса-көзі қалғаны, сөзі қалса өзі қалғаны» деген аталы сөзді еске алсақ, сенің артыңда ұстаздыќ жолыңды жалғастырып келе жатқан ұлың Байбол бар. Саған ұқсасақ деп өскен, жадтарында сөзің қалған, өмірдің сан-алуан салаларында абыроймен еңбек етіп, еліміздің өркен жаюына өз үлестерін қосып жүрген шәкірттерің бар. Олардың бойындағы бар жақсы қасиеттер де сенен алған үлгі-өнеге екенін мақтан етеміз. Сен жас жеткіншектерге білім беруге, мейірім төгіп аялауға бар күшіңді жұмсай жүріп өзіңе көңіл бөлмедің. Жаздың ыстығына күйіп, қыстың аязына тоңып, шәкірттеріңнің жайын табамын деп дамыл көрмедің. Адамның денсаулығы жаратылыстың оған берген пәрмені десек, сен оны ұрпақ үшін тер төккен жан аямас жұмысыңа беріліп, әлсіретіп алдың. Ақырында «тозбайтын темір озбайтын өмір жоқ» дегендей, денсаулығың сыр берді. Осыған байланысты мектептегі басшылық қызметіңді тоқтатуыңа тура келді. Сонда да жастайыңнан жұмысқа араласып қалғандығыңнан денсаулығыңды күтіп, тыныш жата алмадың . Енді ауыл еңбеккерлері арасында жүргізілетін жұмыстың аса бір жауапты саласы-мәдениет ісіне араласуға бел буып, автоклуб меңгерушісі болдың. Бұл жұмыста да өзіңе тән іскерлігіңмен тынымсыз еңбектендің. Соның арқасында автоклуб қызметкерлерінің аудандық, облыстық жарыстарында жүлделі орындарға ие болып, 1983 жылы Қазақ ССР Мәдениет қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің Құрмет дипломымен марапатталып, қай салада еңбек етсең де, өзіңнің қабілет-қарымың жоғары екенін дәлелдеген едің. Ақырында ауыр кесел алмай қоймады, сенің саулығыңды тілеген туыстарың мен жолдастарыңның көз алдында 1984 жылдың 20-сыншы маусымында мәңгілік мекеніңе аттандың. Көзден кетсе де көңілден кетпеген, бар өмірін оқу-тєрбие жұмысына, ауылдастарының рухани дамуына, ауылының мәдени өмірінің өркен жаюына арнаған үлкен жүректі азамат, адамгершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп, кісілік келбетіне мін түсірмей өмірден өткен қимас дос Жанбоз, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, жаның жәннатта болсын! Ел азаматтары сенің халқыңа қалтқысыз еткен қызметіңді ескеріп, есіміңді есте қалдыру шараларын алады деп сенемін.

«БІР СӘТТІК СӘУЛЕ...»

(Азамат, ақын Әбдібек Жаманбайұлы туралы естелік)

Бұдан біразырақ бұрын белгілі журналист Сайын Әділханов менімен бір кездескенінде өмірден ертелеу кеткен, Маңғыстау халқына белгілі азамат Әбдібек Жаманбайұлы туралы естелік жазуымды сұрап, оны газет бетінде жариялағысы келетінін айтқан болатын. Оның маған ұсыныс білдіруінің өзіндік себебі бар-ды. Өйткені Әбдібек екеуіміз 1951 жылы Шахта орта мектебін бітірдік, жоғары білім алған кезімізде ол Оралда, мен Алматыда әр жерде оқып бес жылдай арамызда үздіктік болғаны болмаса, басқа кездердің барлығында да өміріміз тоғысқан, жасымыз құрдас, айырылмастай дос, жолдас болатынбыз. Соған қарамастан естелік жазу біраз кешеуілдеп, міне, аяулы Әбдібектің өмірден өткеніне 10 жыл толуына орай қолыма қалам алып отырмын. Өйткені, естелік жазу оңай шаруа емес. Көрнекті жазушы Ә.Нұршайықов айтқандай, естелік жазып отырған кісі естелік арналған азамат жөнінде жазғандары арасында өзі туралы да айтып кетеді де, жұрт көзіне өзін мақтағандай болып көрнері хақ. Олай дегенмен де мен осы бір қысқаша естелігімді тек Әбдібектің өзі, онымен екеуміздің бір-бірімізге деген ашық ойымыз туралы жазуды жөн көрдім. Олай етуіме Әбдібектің мына өмірде сирек кездесетін ерекше хаты себеп болғаны сөзсіз... Ол кездерде аса жиі болып туратын бір жол сапарынан оралып келген кезімде жұмыс столымның үстінде жатқан «Осторожно, гололед» деп тақырып қойылып, қасында тайғалақтаған із қалдырған машинаның қызылды-жасылды суреті бар конвертке назарым ауғаны сол еді, хат адресіндегі таныс жолдар көзіме оттай басылды. Жазуын дұрыс таныппын, хат иесі Әбдібек болып шықты. Студент кезімізде бір-бірімізден сиректеу хат алысқанымыз болмаса, соңғы 30-40 жыл бойына туған жерде – Маңғыстауымызда бірге жұмыстас болып жүргендіктен де хат жазысудың қажеттілігі тумайтын. Хат жолдағандай енді не болып қалды екен деп таңданған мен хатты қолыма алып ашуға ыңғайлана бергенімде бірден «Маған уақыт болды деген хабар барғаннан кейін ашылсын!!!» – денген ірі әріптерімен анық етіп жазылып, үш леп белгісін қойған жазуларды оқыдым. Әбдібектің бұрын азды-көпті науқастанып жүретінін білетін едім. Ауруханада жатқан кезінде көңілін сұрай барып, емдеуші дәрігерілерінен бұл кісінің емделу жайына тиісті қамқорлық жасауды өтінген кездерім де болған еді. Артынан сауығып кеткен болатын. Сондықтан мен әлгі жазуларға жеткілікті мән бермедім де іштей «ашпа десең ашпалық, бауырым!» - деп ойлап хаттың сол жақ бұрышына «О, ғажап дүние! Бұл «көріпкел» менен бұрын кетерін қайдан, қалай біліп отыр екен!?» 13.12.89-деп қол қоя салдым. Жаратылыс заңына сәйкес өмірге келген әрбір пенденің жер қойнына енері хақ екенін әркім де біледі ғой. Бірақ, біреудің ерте, біреудің кеш кетерін алдын-ала біледі деген сәуегейлікке сенбейтін мен бұл хатты Әбдібектің көп

қалжыңдарының бірі болар деген оймен стол тартпаларының біріне сүңгітіп жібердім. Әбдібек болса жұмысына оралып, қайнаған өмірге өзіне тән сергектікпен араласып жүрді. Сөйтіп жүрген күндерде 1990 жылдың қыркүйек айы келіп жетті де, мен қайта ашылған Маңғыстау облысының облыстық Кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланып, үйімізді Бейнеуден Ақтауға 1991 жылдың ақпан айында көшірдік. Біздерді шығарып салушылардың қалың ортасында әнін салып Әбдібек, оның сүйікті жары Сара жүрді. Баяғы хат туралы екеуіміздің арамызда ешбір сөз болған жоқ. Әркім өз ісімен жүріп, көбіне аңғара бермейтін, ай орнынан шығып, күн орнына батып дегендей, «ешбір жанға білінбей» уақыт шіркін зымырап өтіп жатты. Осылайша тірілердің шаруасы ешбір бітіп болмайтын күндерінің бірінде ойда жоқта, Әбдібек бақилық болды деген төбеден жәй түскендей суық хабар телефон арқылы келіп жетті. Ол 1991 жылды тамыз айының 25ші жұлдызында қайтпас сапарға аттаныпты. Еңсемді түсіріп кеткен бұл хабарды естісіммен мынау опасыз дүниеде тағы бір қымбат досымнан айырылғанымды пайымдап болмай-ақ, бірден баяғы Әбдібек жазған хатты есіме алдым да іздей бастадым. Бейнеуден көшкен кезімізде қыруар кітаппар, бірнеше қапқа салынған папкалар мен басқа қағаздардың арасында кетіп, ескерусіз қалған бұл хат таптыра қоймады. Ал хат табылмаса көріпкелдік қасиеті еріксіз мойындатып отырған жолдасымның соңғы тапсырмасы – тілегі орындалмақ емес. Бұл мен үшін кешірілмес кінә болған болар еді. Осыны ойлаған мен сол хабар жеткен 26-шы тамыз, одан келесі 27-ші тамыз күндері қоймастан іздеп, поезға жүрер алдында ақыры тауып алғанымда Әбдібектің өзін көргендей көңілім бұзылып, біраз абдырап барып ес жиған едім. Апыл-ғұпыл күй кешкен мен сол бойда хатты ашып жіберіп оқи бастағанымда өзінің бұрынғыша тап-таза етіп әдемі жазатын дағдысымен абзал Әбдібек хатты былай бастаған екен: «Дүйсеке! «Айналдырған ауру алмай қоймайды» деген бар ғой. Өзімнің жобалауым бойынша жағдайым жалпы жақсы емес. Әсіресе, жүрек сыр беріп жүр. Мүмкіндік барда осы бір жолдастық өтінішімді айтқалы отырмын. Егер конверттің сыртындағы шартты сақтасаңыз бұл хатты оқып отырғаныңызда мен, әрине, оң жақта жататын боламын. Ұзақ сапар жолаушысының қашанда құтты орны ғой ол! – дей келіп, 1-ші деп рет белгісін қойып, әрі қарай жалғастырыпты: мүмкіндік болып, өзің ауылда болып жатсаң мені жолға салып жіберу билігін өз қолыңа алғаныңды қалаймын... 2-ншіден ескіше жөнелтудің барлық қағидаларын сақтаймын деп ұмтылудың қажеті жоқ. Бұл туралы үлкен ұлым Қаныбекке де жазғанмын, бірақ оны «білгіштер» тыңдамайды ғой. Сондықтан да бұл іске сенің араласқаның жөн»... деп тұжырым жасапты. Бұдан кейін 3-ші деген цифр қойып, онда кімдердің кімге хабар беретінін, соның ішінде менің тікелей өзім хабарлайтын адамдарым туралы да арнайы жазған екен. 4-ші депті де, онда «Қоштасу рәсімін өткізудің қажеті жоқ. Менің жанұяым, жұмыстастарым мен жолдастарым, достарым мені сол бұрынғы тірі кезімдегі

өңімді есте қалдырғандары жөн, тек шығарғанда сүретімді көрінетін жерге іліп қойса болғаны, үлкейтіп, күнілгері дайындап қойғанмын» - деп нақтылапты. Хатта жан тебірентер қайсыбір жәйлерді айта келіп, менің асыл досым Әбдібек өз жазбаларын: «Сонымен, Дүйсеке, көп нәрсенің басын шатып біраз уақытыңызды алдым, әрі көп шаруа жүктедім. Тірі кезімде де көмектесіп едің, ал мынау ең соңғы тілегім ғой. Барлық істеген қызметтерің алдыңыздан жақсылық болып қайта шыққай, ұрпақтарыңа да тілегім сол!!!» - деп аяқтапты. Бұл Әбдібектің адал достығының, маған деген берік сенімінің шынайы белгісіндей қасиетті хат еді – ондағы өтініштерді орындауды жауапты парызым деп түсіндім. Сонымен, 27-ші тамызда поезға отырған біздер 28-ші күні ертелетіп Бейнеуге келдік те, аяулы Әбдібегімізді соңғы сапарға аттандырудың аса ауыр жұмыстарымен айналыстық. Қимас досымның хатта айтылған өтініштерін негізінен орындай отырып, оның асыл денесін Ескі Бейнеудегі өзі алдын-ала белгілеп кеткен мәңгілік мекеніне табыс еттік. Осы жерде айта кетейін деген бір жәй – ол Әбдібектің айрықша кішіпейілдігі, қарапайымдылыға еді. Қаныбекке қалдырған хатында өзін ескі Бейнеуге жерлеуді айтып, жататын орны мен басына қойылатын құлпы тастың мөлшеріне дейін қалдырған екен. Әдетте бақилыққа аттанған адамдарға қабір бұрын қайтыс болған туған-туыстары қасынан, ол арады жер болмаса қауымның ілгері жағынан, не бір қапталынан қазылады емес пе. Ал Әбдібек өмірде өзі қандай кішіпейіл болса, о дүниеде де сол қалпын сақтауды ойлап, өмірден бұрын озғандардың алдына шықпай өз орнын қауымынң ең соңғы тұсынан белгілеп қойған екен. Оның бұл талабын да орындауға тура келді. Хабар берілген жолдастардың көпшілігі жиналды. Қатыгез ажал ортамыздан алып кеткен асыл азаматымызды, қара жердің қойнына тапсырып келгеннен кейін балаларына, жан-жары Сараға, туғантуысқандарына орны толмас қайғыларына ортақтасатынымызды, ұшқыр ойлы, абзал дос Әбдібектің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталатынын, оның ерекше қасиеттерін еске алып басу айттық. Аяулы Әбдібек, сен туралы естелігімнің ендігі бөлігін өзіңмен соңғы сырласу ишараты тұрғысында баяндасам деймін. Жәңгірханның немересі Шәңгерей ақынның өзің жатқа айтатын «Жалғаншы жарық дүние, Бізденде бір күн қаларсың. Піл сауырлы қара жер, Қойныңды ашып, қол жайып. Құшағыңа аларсың» - дегеніндей Сенің қара жердің құшағында қалғаныңа күні ертең он жыл толғалы отыр. Қимас бауыр – дос, Әбдібек, сен кім едің, білесің бе?

Сенімен бірге жұмыстас болып, өткінші өмірдің азды-көпті қызығын бірге бөліскен біздер сені жақсы білуші едік те, сен өзіңнің кім екеніңді, бойыңдағы табиғи таланттарыңды жете бағалай алмай кеттің-ау деген ой мазалай береді мені. «Өмір деген бір сәттік сәуле екен ғой...» - деп ақындар айтқан сол «бір сәттік сәуледе» сен құлашыңды еркін жаза алмадың, өкініштісі сен бойыңдағы таудай талантыңа тиісті баға бермей өттің. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деп ән де айтылушы еді ғой, сені де туа біткен кішіпейілділігің өзге жолдастарыңнан айрықша артық қасиеттеріңді ашып көрсетуіңе мүмкіндік бермеді. Сен сонау мектепте бірге оқып жүрген кездеріміздің өзінде де алғыр да сергектігің, ақжарқын – ақ көңіл мінезің, өнерге бейімділігіңмен басқаларымыздан ерекшеленетінсің. Әдебиетке құштарлығың, домбырада шебер ойнай алуың, әсіресе, спорт ойындарында шымырлығың – бәрі-бәрі сенің жан-жақты таланттарыңнан хабар беруші еді. Жоғарғы оқу орындарын бітіріп келгеннен кейін Сәттіғұл Жаңғабылов атындағы Тұщықұдық орта мекетебінде жұмыстас болған кездерімізде де сенің осы қабілеттеріңнің жетіле түскені байқалатын. Сен қатыспаған бір де бір әдеби кеш, сен ұйымдастырмаған үйірме, спорттық ойындар өтпейтін. Сенің өнерге құштарлығың бүкіл өмір бойына айрылмас серігің болып келді. Кейіннен ауданның кейбір мектептерінің басшысы, жаңадан құрылған Бейнеу аудандық Кеңес атқару комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған кездеріңнің барлығында да халқыңды әдебиет, мәдениет, өнер саласында өрге бастыруға аянбай ат салыстың, білімділік таныттың. Өнер - өнер үшін емес, өнер адам үшін – адамды жылыту, күлдіру, қуанту үшін қызмет етеді дейтін зиялылар сөзінің дұрыстығына саған қарапақ көз жеткізуге болады. Өйткені сен өзіңді қоршаған ортаны жылыта да, күлдірте де, қуанта да алдың. Сенімен бірге жүру, сапарлас болу деген сөз жолдастарың үшін қызығы мол, естен кетпес көңілді күндерді өткізу деген сөз болатын. Сенің құлаққа жағымды тенор дауысыңмен әндете айтатын елге тараған көптеген әндерге шығарған пародияларың, анекдоттарың, кейбір құрдастарыңа шығарған жекелеген шумақтарың, әзіл-сықақтарың естіген кісілердің езуін жиғызбай күлкіге кенелтетін. Тайдай тебісіп, асыр салып бірге ойнаған құрдастарың Күсен, Кенжеғали, Ақзамдарға арналған қалжың өлеңдерің еске түскенде осы кезге дейін күлкіге кенеліп қаламыз. Сенің қыруар тума – таланттарыңның ішінде ақындығыңның шоқтығы биік еді. Сен еліңді, жеріңді жырға қостың. Сенің төмендегі жыр жолдарыңнын елін, жерін айрықша сүйген ұлының жүрек сырын айқын аңғаруға болады: ...Туған жер, туып-өскен елім едің, Сағынып бір көруге келіп едім. Жалғыз келсем жалқыңдай көріп әр кез, Екеу болсам – егізге теліп едің.

...Тай менен тайлақ мініп жарысатын, Шаң-шаң боп шаңдағыңда алысатын. Асығын арқалаған балаң едік, Шырқыраған шілдеңде салысатын. Даланың теріп жүріп тезектерін, Қоянның ұстап алып көжектерін. Асырап әуре болған балалық шақ, Берілген бір-ақ рет кезек пе едің?! Немесе, ...Аңсаған алтын бесік елім-ай, Туып өскен, кіндік кескен жерім-ай. Алыс кетсем сағынамын өзіңді, Топырағыңнан айналайын сенің-ай! Қайран Әбе, сен достарыңа деген жыр жолдарыңды былайша төкпелеген едің-ау: ...Мен қаламын әркез бір жасап, Достарымды бір сәт көргенде. Көрген сайын бір ғажап, Ұмытылар ма ол өлгенде?

Сағынамын мен достардың, Ақ көңіл айдай ажарын. Сол үшін сыйлап өтемін, Сындырмай тұнық назарын.

Міне, осы үзінді жолдардың өзінен-ақ, сенің биік ақындық талантыңды аңғаруға болады. «Ақын өлді әр адамның ішінде»-деген екен Француз ақыны Мюссе. Оның «өлді» деп отырғаны ақын емес, ақындық еді. Ал сен болсаң өзіңнің ақындығыңның арғы жағында нағыз ақын қайнары кенересінен асып төгілуге дайын еді, сен оған жеткілікті мән бермедің, оны тек қажет еткен кездеріңде ғана ара – тұра өмірге келтіріп, шідерлеп ұстадың. Сондықтанда туа беткен талант көзі жеткілікті ашылмаған бұлақтай тек баяу ғана сылдыраудан әріге бара алмады. Айтулы Бабыр бабамыз: ...Шөл баспаған кімдер кеп, Бұл қайнардан жолдағы. Кетті бәрі әлемнен, Бір күнгідей болмады.

Жер-жиһанды биледік,

Білекпенен, күшпенен. Көрге әкеткен ешкім жоқ, Дүние – байлық – олжаны... - деген екен. Ал сен болсаң барлық байлықтан да биік тұратын ақындық дарыныңды өзіңмен бірге, ала кеттің. «Тасқа соққан толқындай, таудай талант шағылдың» деп өзің дәл айтқандай артыңдағы біздер үшін де сенің талантыңның ашылмай кетуі үлкен өкініш болды. Сен сонымен бірге өмірдің әртүрлі саласына қалам тартып, кең көлемде мақалалар жазу, ойлы да тартымды пікірлер айтумен бірге, кейбір халыққа кең тараған дастандар мен хиссаларды жатқа біліп қана қоймай, олардың кейінгі ұрпақтың есінде сақтала беруіне де елеулі күш жұмсадың. Бұған 1991 жылдың қаңтар, ақпан айларында Әзербайжанның ұлы ақыны, Шығыс ақындарының атасы аталған Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабыловтың «Досан батыр» дастандарын газет бетінде жария етуің толық дәлел бола алады. Өмірден кететініңді білгендей-ақ, өз жадыңда жастайыңнан сақталған осы ұзақ дастандарды бірқатар термешілер мен «оқырмандардың тілегіне орай «Рауан» газетіне сол 1991 жылдың өзінде-ақ беріп те үлгеріпсің. «Өтіп бара жатқан адамдар ғана, келеді екен ғой мына жалғанға» - деп өзіміздің Маңғыстаулық ақын қызымыз Оңайгүл Тұржанова айтқандай, жер басып жүрген барлық пенде де жолаушы ғой. Десекте, сенің қайтпас сапарға аттануың өзіңді білетін, сыйлайтын, құрмет тұтатын жүректерге қатты батты. Ақиық ақын , жас кезінде көз жұмған Төлеген Айбергеновтың: «...Бұл қазақта жігіттер бар марқасқа, Жарқыраған алмас па? Дейсің-ау, дейсің сен оны, Айырып кетсе жол басқа, Орны тіпті толмас та...» деген жолдары тура өзіңе арналғандай, аяулы досым Әбділбек!. Иә, сенің орның толар ма?!... Елге сыйлы анасы, сенің ақыреттік жарың Сараның қанатының астында ұл-қыздарыңның бәрі де өсіп – жетіліп жоғары білім алды, қоғамдық өмірден өз орындарын табуда. Ал Қаныгүлің болса қиындығы мол ғылым жолында еңбек етумен бірге кітап та жазып, өмірге келтіріп үлгерді. Ол оқырмандар қолына тиді. Орнында бар оңалар деген осы – деп қанағат етеміз біздер. Бақұл бол, аяулы Әбдібек! «Маңғыстау» газеті. 24.08.2001ж.

ҚАҒИДАСЫ ЕДІ ҚАМҚОРЛЫҚ

«Құйрық атып құлия, Түлкідей қашқан жымия, Қараңды үзіп барасың Бізден де қайран дүние...» - деп

ақын Шәңгірей айтқандай дүние шіркін зымырап өтіп бара жатқан жоқ па?! Күні кеше ғана ортамызда ойнап-күліп жүрген, өзі танып-білген бар жолдас-жораға, ағайын-тумаға «қолдан келсе жақсылық ет, қолдан келмей ме, бәрі бір жақысылық жаса» деген халық даналығын өмірлік қағидасы етіп ұстаған, әсіресе, бұқара халықтың қилы-қилы өміріне қоян-қолтық араласып отыруды айрықша міндетім деп санаған біздің үлкен жүректі досымыз Өтегеннің ортамыздан кеткеніне де бір жыл толып қалыпты. Ата-анадан ерте айрылған Өтеген жетімдік тауқыметіне мойымай, балғын бала кезінен иығына қанша батпан жүк түссе де қайсарлықпен көтере білді. Әйгілі әнші-композитор Біржан – сал дәм-тұзы таусылар шақты сезгеннен кейін әйелі Әпішке жұбату айта келіп: Жылама енді, анасы, сен де бекер, Біржанға уақыт жетті алыс кетер. Артымда жастай қалған құлындарым, Тірлікте әлі-ақ бір күн, өсіп-жетер»- деп Теміртас, Асыл, Ақық деген ұл-қыздарының болашағына сеніммен кеткен екен. Осы сияқты Өтеген мен Сүйегенінің болашағын ойлаумен көз жұмған әкесі Салманның да тілегі орнынан шықты, екі ұлы да өсіп-жетісіп кетті. Аласапыран өмір дүлейі Өтегеннің таудай талабын қайтара алмады. Онжылдық білім алғаннан кейін Өтеген сол кездегі өз өлкесі экономикасының негізі – мал шаруашылығының маманы болуды арман етті де, бұл мақсатқа аброймен жетіп төрт түлік малдың өсіп-өнуінің теориялық және практикалық қыр-сырларын жете меңгере алды. Жоғары білімді Өтеген Салманұлы жұмысқа араласа бастаған кезден-ақ өзін көрсете білді. Ел жас жігіттің биік талабын, алымды іс-қимылын, зерделі біліміділігін бағалай білді. Сондықтан да болар Өтеген астанамыз Алматыдан зоотехникалық-мал дәрігерлік институтты тәмамдаған алғашқы қарлығаштардың алдыңғы сапында ауылшаруашылық өндірісін басқаруға жіберіліп, қоғамдық дәулеттің молая түсуіне, еңбек адамдарының әл-аухатының жақсара түсуіне күш-жігерін сарп етті. Ол басшылық қызметіндегі ұйымдастыра білу қабілетін әркез өзінің еңбекқорлығымен, әділетті де шынайы тазалығымен ұштастырып халық құметіне бөленді, бойкүйездікті, енжарлықты білмейтін іскер басшының үлгісін көрсетті. Сонымен бірге Өтеген аса кішіпейіл, артық сөзге бармайтын жан еді, өз басының қамынан бұрын өзгенің жайын көбірек ойлайтын нағыз парасат иесі болатын. «Басы ауырып балтыры сыздамайтын» кім бар. Өткен жылдың алғашқы айларында маған да ауруханаға түсіп емделуге тура келген. Сонда қайран Өтекем өз денсаулығымен санаспастан барлық назарын менің тез айығып кетуіме аударып, қолынан келген қамқорлығын аямаған болатын. Не еткен елгезек, қаншама қамқоршы жан десеңізші. Өтегеннің азаматтық шынайы қамқорлығын көрген адамдардың елімізде жүздеп саналатынына мен кәміл сенемін. Міне, сол азаматтар оның қамқорлығын, көрсеткен көмегі, істеген жақсылығы жайында өздері білетін

фактілерді баспасөз, теледидар, радио арқылы халыққа жеткізіп отырса асыл азматтың мағыналы өмір жолы толықтырыла түскен болар еді. Қайран Өтеген! Мезгілсіз кеткен сенен айырылып қалғанымызға бір жыл өткенмен де сені елің ұмытқан жоқ. Төрт торабын талмай шарлаған, атқұлағы көрінбейтін алай-түлей боранда да, көзге түрткісіз қараңғыда да адаспай шымшытырық жолын таба беретін қасиетті Маңғыстауың тұрғанда, оны мекен деген қараорман халқың тұрғанда сен ұмытылмақ емессің. Өзіңнен тараған аяулы ұл-қыздарыңның жеке-жеке шаңырақ көтеріп ұрпақ өсіруі де сенің өміріңнің табиғи жалғасы. Сүйген жарың Айдан да қосағынан айрылған аққудай тек өзіңді іздейтінін, сен деп жатып, сен деп тұрып жүргенін білсең ғой. Есіміңді өзің 40 жыл өнегелі еңбек еткен, көп тер төккен шаруашылық орындарына, мекемеге беру алдымен жұмысшы коллективтерінің, одан кейін жоғарғы басшы орындардың ойластыратын ісі деп білемін, бұлда сені мәңгі есте қалдырудың бір жолы болмақ. Аяулы Өтеген! Сен таяуда менің түсіме ендің. Әрқашанда елім деп соғатын жүрегің тоқтағанға дейін бұл кезеңнің қиындықтарынан халық шеккен ауыртпашылықты көре қалдың ғой, соны ойлайсың ба, қайдам, жүзіңнен біртүрлі қиналғандай рең байқадым. «Ел жағдайы қалай» - деп сұрадың. Жалпы жағдай жаман емес, ең бастысы еліміз тыныш, шүкіршілік – дедім. Шүкіршілік демекші, жақында Қазақстан Республикасының аға газеті «Егемен Қазақстанда» Қазақстанның халық жазушысы Ә.Тәжібаев қайта құру кезіндегі жағдайға байланысты былай деді: «...Шүкіршілік айтам-аманмын, Жүрісін бағам заманның. Совет үкіметін құлатып, Бақыты тайды адамның.

Шүкіршілік айтам-аманмын, Ажары жаман заманның. Несімен қызық бұл дүние, Тіршілігі тозса адамның». Бұл кезеңге Әбекеңнің осы сөздерінен артық сипаттама беруге ешкімнің де тәуекелі жете қоймас. Есіңде болар, ертеректе тамаша дарын иесі Қадыр Мырза Әлінің «Өмір таудың өзені, жолын жаншып илеген, ал адамдар қой тастар, нар толқынмен билеген» деген бір пәлсапалық жолдары болған еді, ол белгілі дәрежеде кезінде сынға да ұшырап көргенді. Міне, бүгін, қайта құру, экономикалық реформа қара дауылының астында әлгі «қойтастар» нағыз «биге» енді көшкен тәрізді. Немесе, ел жағдайын бұдан да толығырақ білгің келсе Айвазовскийдің «9-шы вал» картинасында адамдардың қайсарлығы мен көңіл күйлерін көзге елестетсең де жетіп жатыр. Әйтсе де жақсы болашаққа деген сенім ғана халыққа қажыр-қайрат беруде. Жайсаң жаның жәннаттың төрінде болсын, бауырым. 12.06.1996ж.

ӨМIРIМЕН ӨНЕГЕ ЕДI

Дана халқымыз қай кезде де сөз бастау қиын деген ғой. Ал ендi өзiңмен бiрге жүрiп, орта мектепте сыныптас, жоғарғы оқу орындарында қатар оқыған, елге оралысымызбен жұмыстас болып, өмiрдiң қызығы мен шышығын бiрге өткiзген жолдасың жайлы ол өмiрден озғаннан кейiн естелiк сөз бастау қиынның қиыны екен. Менiң алғашқы қиналуым қимас досым Бердiбай Сарбалаұлының жерге түскен 2002 жылдың 21-iншi желтоқсан күнi сыныптас жолдастары атынан сөз сөйлеуiм болса, ендi мiне, оның ортамыздан кеткенiне 5 жыл толуын еске алудағы қиналуым болып отыр. Өйткенi, сыйлас жолдасыңның жарқын жүзi, өзгелерден ерекше қадiрқасиетi, өзiңе деген адал көңiлi мен ниетi әр кез көз алдыңда тұрады екен де, онымен өмірде енді қайтып кездеспейтінің есіңе түскенде қимастық сезiм көңiлiңнiң көк жиегiн шарлап кетiп, ойыңа жүйелi сөз келмей, қаламың да тұралап қалады екен. Солай дей тұрғанмен өмiрiмен кейiнгi ұрпаққа өнеге болып өткен аяулы досым Бердiбай туралы естелiк жазуды парызым деп бiлдiм. Бердiбай Сарбалаұлы өзiммен түйдей құрдас едi. Мен 1933 жылдың 1-шi қаңтарында, ол осы жылдың 2-шi қаңтарында өмiрге келгендiктен әзiлдеп маған “аға”деп сәлем берушi едi. Таныстығымыз сонау 1948-1949 оқу жылында Шахта орта мектебiнiң 8-шi сыныбына келуiмiзден басталған болатын. Маңғыстаудың әр түпкiрiндегi 7-шi сыныптарды бiтiрiп, орта мектепке келген алғашқы кезiмiзде бәрiмiз бiрден араласып кете алмай, бiр-бiрiмiздi байқаумен (неге бейiм: бiрi сабаққа, бiрi алыс-жұлысқа, бiрi күштiлiгi дегендей) бiршама уақыт өткiзгендей болдық. Бiрiншi тоқсан аяқталған кезде сабақ үлгерiмiмiз жағынан көзге түскендерi Сисенбай Алдабергенов, Мәриаш Таңмағанбетова, Ауғанбай Қалиев, Маңғыбай Нұрғазиев, Бердiбай Сарбалаев, Әбдiбек Жаманбаев, Кенжеғали Бөрин болды да, олардың iшiнен Бердiбай мен Әбдiбек спортқа ерекше бейiмдiлiктерiн көрсете бастады. 9-шы, 10-шы сыныптарда Бердiбай өзiнен жас жағынан әлде қайда үлкен жiгiттермен күресiп, көбiне жығып жүрдi. 9-шы сыныптан бастап осы оқушылардан Сисенбай, Бердiбай, Маңғыбай және мен болып, сабақтарымызды, әсiресе, математика, физика пәндерiн бiрiгiп оқып, есептердi бiрiгiп шығарып жүрдiк. Бiздердiң кейде түнгi сағат 2-ге дейiн отырып сабақ дайындайтын жерiмiз менiң үш жыл бойына жатып оқыған үйiмСара мен Iзтұрған Ақжановтардың пәтерi едi. Өздерiнiң кiшкентайлары барлығына, пәтердің тарлығына қарамастан топырағы торқа болғыр менiң апа-жездем ешбiр қабақ шытпай, дәптерлерi мен сия сауыттарын арқалаған бiздердi қарсы алып, сабақ оқуларымызға мейлiнше жағдай туғызып отыратын. Осы үш жылда (8-10 сыныптар) бiздерге математикадан сабақ берген Маңғыстаудың Шахта орта мектебi десе, Торғай Шоңқалов, Шоңқалов десе, осы мектеп деп түсiнгендей еңбiгi бар, есiмi респуликаға жайылған, ардақты ағайымыз Төкең едi. Ағайдың үйретуi, құнттауы, талап етуi арқасында соңғы

үш жылға арналған математика есептерiнің берілісін түгел дерлiк шығарған едiк. Әр iске икем, шеберлiгi де бар Бердiбай барлық есептерді шығарған дәптерлерiмiздi бiрiктiрiп, бiр үлкен қара папка жасаған болатын. Ол папка менде сақталған едi. Сол аса құнды дүниенiң менiң жұмыс бабыма байланысты көшiп-қонып жүргенiмiзде жоғалып кеткенiне осы кезге дейiн өкiнемiн. 1951 жылы орта мектептi (16 оқушы) ойдағыдай бiтiрiп, көбiмiз жоғарғы оқу орындарына аттанған кезде Бердiбайдың отбасы жағдайына байлансыты кiдiрiп, бiздердi шығарып салғандағы арманды жүзi әлi есiмде. Онжылдықты бiтiрiсiмен бiрден еңбекке арласқан ол алға қойған асыл арманына, биiк мақсатына жетуге бар күш-жiгерiн жұмсады. Соның арқасында 1952 жылы Қазақ мемлекеттiк физкултура институтына түсiп, оны 1956 жылы ойдағыдай бiтiрiп шықты. Спорт түрлерi, әсiресе, ауыр атлетикадан қол жеткен жетістіктерінің арқасында институт қабырғасында жүрген кезінің өзінде Москвада өткен жастар спартакиадасында Қызыл алаңда спорттық өнер көрсетуге қатынасты. Жiгерлi жас елге келiсiмен алғашқы кезде Шахта орта мектебiнде дене тәрбиесі пәнiнің мұғалiмі болып iстейдi де, 1957 жылы мектептегi пансионаттың директоры, ал 1960-жылы осы мектептiң директоры қызметтерiн атқарды. Бердiбай, халқымыз айтатындай, «сегiз қырлы, бiр сырлы» жiгiт болатын. Өнерге бейiмдiлiк, өнерлi болу жаратылыстың адамға сыйлаған ерекше бiр сыйы десек, Бердiбай да сол өнерде белгiлi орны бар азамат едi. Ерекшеленетiн қырларының бiрiөнерпаздығы болатын. Ол домбыраның құлағында ойнап, әдемi қоңыр дауыспен ән де салатын. Соның арқасында Жастар мен студенттердiң 1957 жылдың тамыз айында өткен Бүкiл дүниежүзiлiк фестивалының аясында Атырау қаласында өткен фестивалға қатысып, домбыра оркестрiнiң құрамында болды. Пансионатты, мектептi басқарудағы қабiлеттiлiгi және өнерге деген бейiмдiлiгi ескерiлiп, Бердiбай 1963 жылы аудандыјқ мәдениет бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiне жiберiлдi. Араға бiр жыл салып, 1964 жылы қазiргi Жыңғылды ауылындағы iрi шаруашылықтың партия комитетiнiң хатшысы болып сайланды. Осы қызметтердi атқара жүрiп, жоғары ұйымдастырушылық қабiлетi, адамдармен тiл табысып, жұмыс жасай бiлетiндiгi арқасында жұртшылықтың құрметiне ие болды. Соның нәтижесiнде 1965 жылы Маңғыстау аудандық Кеңесi атқару комитетiнiң орынбасары қызметiне жоғарылатылды. Iс тетiгiн бiлетiн, орнықты, бiр сөздi, кiшiпейiл кадр болып танылған Бердiбайды аудандық партия комитетi саяси бiлiмiн жетiлдiре түсу мақсатында екi жылдық Алматы Жоғары партия мектебiне оқуға жiбердi. Ол мұнда да, тиянақты оқумен бiрге факультет партия бюросының хатшысы болып сайланып, үлкен беделге ие болды. 1973 жылы Жоғары партия мектебiн бiтiрiп келген Бердiбай аудандық партия комитетiнiң екiншi хатшысы, араға екi жыл салып, Бейнеу аудандық Кеңес атқару комитетiнiң төрағасы болып сайланды. Мен бұл кезде осы жұмыстан

облыстық партия комитетiнiң ұйымдық-партиялық жұмыс бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiне тағайындалған едiм. “Өзiң үшiн туыпсың, елiң үшiн күйiпсiң”- деп Бөлтiрiк би айтқандай, Бердiбай Сарбалаев жаңадан құрылған, алғашқы қадамынан бастап-ақ аты шығып, социалистiк жарыстарда бәйгiлi орын алып келе жатқан жеңiмпаз Бейнеудiң биiк туы тұғырының бекем, баянды болуына жан аямай ат салысты. Өмiрде, қоғамдық, мемлекеттiк жұмыстарда жеткiлiктi тәжiрибе жинақтаған Бердiбай Сарбалаұлы аудандық Кеңес атқару комитетiнiң саналуан жұмыстарын жүйелi жүргiзуге бар күш-жiгерiн, бiлiмiн жұмсады. Негiзгi назарды аудан экономикасының нығая түсуiне, халқтың әлеуметтiк жағдайының жақсаруына, денсаулық, бiлiм, мәдениет салаларындағы жұмыстардың тиiстi талаптар деңгейiнде жүргiзiлуiне аударып отырды. Ол уақыт өлшемi мен кеңiстiк әлемiн пәлсапалық тұрғыда бағалай келiп, оның негiзi өзi өмiр сүрiп отырған туған жерiнiң табиғаты, еңселi таулары мен жазира жазықтарында жатқандығын, демек, әлемдi, бүкiл жаратылысты бiлу үшiн алдымен өзi өмiрге келген, өзi еңбек еткен аймақтарды жақсы бiлу керектiгiн ұқты. Сондықтан да болар, ол Маңғыстау мен Бейнеу аудандарының ой-қырын, сай-саласын толық аралап бiлумен бiрге, қай аймақта қандай су көздерi барын, жайылысқа қолайлы қандай шөп түрлерi қайда өсетiнiн бiр кiсiдей бiлушi едi. Соның арқасында ол Бейнеу ауданының шаруашылықтары қуаңшылықтан, шөп тапшылығынан қысылған кездерде малды қай аймақта ұстап, қыстан аман шығудың жолдары жөнiнде шаруашылық басшыларына нақты кеңестер беретiн. Бекеңнiң бұл ұсыныс-пiкiрлерi әр кезде де орынды болып шығатын. Бердiбаймен тiкелей жұмыстас болуым менiң Бейнеуге аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып 1978 жылдың қыркүйек айында келуiмнен басталды. Бiр-бiрiмiздi жастайымыздан бiлетiн бiздердiң ауданды бiрлесiп басқаруымызды аудан жұртшылығы, коммунистерi үлкен ықыласпен қарсы алды. Алдымызда облыс орталығынан 500 шақырым, көмек беретiн өндiрiстiк мекемелерi жоқ, шөл және шөлейт аймақта жаңадан орналасқан Бейнеу ауданын сол кездердегi қатаң партиялық талаптарға сай басқара бiлу – халықтың тұрмыстық, сан-алуан өзге де жайларын жақсарту жұмыстарын жүйелi жүргiзу мiндетi тұрды. Бұл мiндеттердi абыроймен атқаруда Бердiбай екеумiз бiрлесе, қоян-қолтық жұмыс жасай отырып, биiк белестерге жету iсiне бүкiл еңбекшiлердi, коммунистердi, активтi жұмылдыра бiлдiк дей аламын. Аудан негiзiнен ауылшаруашылықты болғандықтан малды шығынсыз өсiру, одан сапалы өнiмдер алу iсi жеңiл жұмыс еместiгi белгiлi. Талай жылдар қыста соққан қарлы борандардан, кеңшарлар территориясын мал емес, тiптi итке дейiн тайып жығылатын мұз басқан жағдайлардан малды аман алып шығуда малшылар қауымы қандай ерлiк көрсетсе, бұл iске басшылық ету, өз жерiмiзде шабындық болмағандықтан жылма-жыл республикамыздың өзге облыстарынан шөп әкелу, көбiне қуаңшылық

жылдары өзi де жұтаң жайылысты жайпап кететiн шегiрткелерге қарсы шаралар алу сияқты жауапты жұмыстарды ұйымдастыруда аудан басшыларының, соның iшiнде Бердiбай Сарбалаұлының айырықша еңбегi бар едi. Осы жылдар iшiнде Бердiбай, Қуандық Нұрғалиев болып Бейнеуден 420 шақырым қашықтықтан шабындық жер iздеп “Барса келмес”аралына екi рет барып, екеуiнде де сол аймақта шөп бар деген мәлiметтiң терiс болып, ыстық жерге түсiп тұрған шiлде де күндіз пана боларлық көлеңке таппай, түнде сор жағасының масасына таланып, азапты сапар шегiп, бос қайтқандарымыз өмiрде ұмытылмақ емес. Бердiбай қашанда қарбаласта қалғымайтын, қиын жағдайларда абыржуды бiлмейтiн, асығыс шешiм қабылдамайтын нағыз қайыспас қара нар едi. Осы жылдар iшiнде Бейнеу жан-жақты өсiп, iргесi беки түстi. Көптеген аудандық мекемелер үшiн қажеттi құрылыстар, тұрғын үйлер, кеңес үйi, жаңа типтегi аудандық аурухана, емхана, тұрмыстық қамту комбинат үйi, бiрнеше орта мектептер салынып, 3 гектар жерге парк отырғызылды, жаңадан “Сыңғырлау”кеңшары құрылды. Жергiлiктi материалдарды пайдалану арқылы аудан мекемелерiнiң күшiн ұйымдастыру нәтижесiнде 1983 жылдың қыркүйек айында аудан орталығынан аэропартқа дейiн 4 шақырым 400 метрлiк асфальт жолы салынды. Сонымен қатар, ауданның мәдениет, әдебиет саласында да айтарлықтай жетiстiктер болып, аудан жастарынан құрылған “Алтыбақан” фольклорлықэтнографиялық ансамбль республикалық жарыстың лауреаты атанып, Алматы, Москва, Румынияда өнер көрсеттi. Ауыл шаруашылығының барлық салалары бойынша елеулi табыстарға қол жетiп, кеңшарлардың экономикасы нығая түстi. Осындай жетiстiктердiң арқасында КПСС Орталық Комитетiнiң, ССРО Министрлер Кеңесiнiң, ВЦСПС және ВЛКСМ Орталық Комитетiнiң ауыспалы Қызыл туы 1985 жылы, соцалистiк жарыстың шартына сәйкес, осы туды 5 жыл қатарынан ұстаған Бейнеу ауданына мәңгiлiкке қалдырылды. Осы жылдың қорытындысымен Бейнеу ауданы республикалық “Алтын кiтапқа” жазылды. ”Ел ырыстың орманы, ер ырыстың қорғаны ”- дегендей, ел ырысының қорғаны бола бiлген, қай салада болмасын ауданның осындай жоғары көрсеткiштерге жетуiне аянбай тер төккен Бердiбай Сарбалаұлының еңбегiн бейнеулiктер әрдайым еске алуда. Бердiбай Сарбалаұлының азаматтық тұлғасы, оның қандай жұмысты болса да ұйымдастыра бiлу қабiлетi, жұртшылық алдындағы беделi, өзi қызмет еткен Маңғыстау, Бейнеу аудандарына сiңiрген еңбегi осы аудандардың тарихына алтын әрiппен жазылып қалмақ. Бұл бағыттағы бастау оның есiмiнiң, өмiр жолының Маңғыстау ауданының шежiресi iспеттi “Өскен орда”, “Қазақ жерiнiң зиялы азаматтары”кiтаптарына енуi деп бiлемiн. Адамды қоршаған ортада оған ағайын-тума, жақын-жуықты жаратушы құдiрет бередi десек, достарды әркiм өзi таңдайтыны белгiлi. “Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам” – деген сөз бар ғой. Ал Бердiбайдың өзi бағалаған, таңдаған достары көп болды. Олардың қатарында Қыдырбайды, Сисенбайды,

Мұханбеттi, Нығымет пен Ауғанбайды, Сұлтанбектi, тағы басқа өзiмен қатарлас, сыныптас, жұмыстастарын атасақ, бұлардан басқа да өзге облыстарда, республикамызда көптеген азаматтармен сыйлас едi. Бердiбайдың достарын тартатыны оның бiр сөздiлiгi, қарапайымдылығы, шамалыға тарыла қоймайтын кеңдiгi, бiр сөзбен айтқанда – кiсiлiгi. Ал кiсiлiк екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн ауқымы мол ұғым екенi талас туғызбаса керек. Мен осы жерде Бердiбайдың достыққа адалдығын, кеңдiгiн көрсететiн бiр мысалды қысқаша жазылған әңгiме түрiнде жеткiзгiм келедi. Әңгiме тақырыбы “Қайтқан – ақша едi...” (Қаз қалпында). Сонымен әңгiмемiзге кiрiселiк. Дос деген қасиеттi сөз. Дос болу, достық қатынас көбiне балалар арасында, мектепте, студенттiк кезде, Армия қатарында болған кездерде шынайы көрiнiс табады. Осы кезде достардың бiрi тарапынан қандай да бiр қиналарлық қылық iстелсе де, екiншiсi көбiне ренжiмей қарсы алатыны аян. Сондай бiр қызықты оқиғаның куәсi болғаным бар. Бiрде бiздiң институтқа шет тiлдер институтында оқып жүрген достарымыз – Қасым мен Асан келе қалды. Достар келгесiн оларды шамамыз келгенше қарсы алу, берiсi асханаға, әрiсi мейрамханаға апарып сыйлауымыз керек. Алайда студентте қайбiр молшылық болсын, осы кез қалтамыздың бiр тесiк кезi болатын. Осыны еске алған Ораз екеумiз қонақтарымызға: бiзде ақша таусылып қалған едi, қазiр лекцияға барамыз, содан кейiн асханадан тамақтанып көшеге шығармыз, сiздер бiр айналып келіңіздер дедiк. Олар бұған келiскендей кейiп бiлдiрiп қала бердi. Лекциядан келсек екеуi күтiп отыр екен. Жүрiңiздер асханадан тамақ iшелiк деп орнымыздан тұра бергенiмiз сол едi, Қасым: Сiздерде ақша болмаса бiзден табылып қалар, мейрамханаға барып тамақтанып, бiраз көңiл көтерiп келелiк дедi. Бiздер, әрине, келiсе кеттiк. Мейрамханаға келгеннен кейiн Қасым бұрын болмаған сахилық көрсетiп, даяшы қызға әрқайсымыздың ұнатқан тамақ түрлерiн әкелуге тапсырма бере отырып, iшiмдiктер келтiртудi де ұмытқан жоқ. Бiздер өзара әзiл-қалжыңмен отырып, жақсы тамақтандық, iшiмдiктiң буымен ара-тұра бойжеткендермен билел те алдық. Осылайша сыйлық көрсеткен достарымызға бек риза болып, мейрамханадан көңiлдi шықтық. Қасым мен Асан бiздердi шығарып саламыз деп жатақханамызға бiрге келдi. Бұнда да бiраз әңгiме-дүкен құрып отырғаннан кейiн Қасым: бiздер қайтайық, сiздер де демалыңыздар дедi де, Оразға бiршама ақша ұсынды. Ораз: бұл не дедi, таңқалып. Сонда Қасым: сенiң плашыңнан қайтқан ақша едi деп қарап тұр бет-аузы бүлiк етпей. Бақсақ бақа екен дегендей, мейрамханалатып жүргендерi бiздер лекцияға кеткенде әлгi достарымыздың базарға сатып жiберген Ораздың су жаңа плашының ақшасы екен. Ораз бiр ауыз сөз айтпастан, қапелiмде не десiн, әлгi «қайтқан ақшаны» алып жатты. Бiздер шыдай алмай ду күлiстiк, тағы да айырлып қалмайын дегендей қолындағы аз

ғана ақшаны қысып ұстаған Ораз да: сiздерге дауа болмас - деп, жарқылдай күлдi. Бұдан өткен достарын кіршіксіз таза көңілмен қадірлеу, бұдан өткен ренiштiң iзi жоқ кеңдiк болар ма? Осы әңгiмедегi басты кейiпкер Ораз бiздiң Бердiбай болатын. Қалғандарының да аты-жөнi өзгертiлген. Мiне, өмiрде болған осы оқиғаданақ Бердiбайдың досқа деген ақкөңiл ниетiн, кеңдiгiн көруге болады емес пе? Адамға тән асыл қасиеттер деп салмақты мiнезiн, қарапайымдылығы мен кiшiпейiлдiгiн, iске жауапкершiлiгi мен талапкерлiгiн, жылы жүрек қамқорлығын айтар болсақ, осы қасиеттердiң қай-қайсысы да Бердiбайдың бойынан табылушы едi. Жолдастары арасында, отбасында жұмсақ әзiл айтып, жанындағылардың көңiлiн жадыратып отыратын. Енді міне, барлық өмірін халықтың денсаулығына арнаған Мария Қошыққызы да, бала-келiндерi мен немерелерi де, барлық дос-жолдастары да Бердiбайды сағынышпен еске алуда. Ақын Жәркен Бөдешұлы өзiнiң “Қарапайым қағида” деген өлеңiнде: “Адамдардың алғысымен көгерген, Саған қояр жоқ тосқауыл, жоқ өлшем, Күллi халық жалғызындай еңiрер, Жасың жетiп ажалға ере жөнелсең”- деген едi. Жасы жетпей-ақ, келмес сапарға аттанып кеткен Бердiбайдың ағайын-тума, дос-жаран, жолдастарының бәрi де көз жастарына ерiк бердi. Бұл баршамыздың Бердiбайдың асыл қасиеттерiн жоқтаған терең де қимас сезiмдерiмiз болатын. Қадiрлi Бердiбай Сарбалаұлының есiмiн ел есiнде қалдыру үшiн оның есімін Маңғыстау ауданының Жармыш орта мектебiне беру жөнiндегi бұдан бұрынғы ұсыныстарды қолдаймын. Ел қамы үшiн тер төккен азаматтардың есiмiн ардақтау ұрпаққа үлгi деп бiлемiн. Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, қимас досым!

«ЖОЛДАС ЖОЛДАС» ДЕУШІ ЕДІМ

1973 жылдың наурыз айында жаңадан шаңырақ көтерген Маңғыстау облысының құрамында Бейнеу ауданы құрылған кезде оған көрші Ембі ауданынан «Қарақұм» кеңшары мен таза мұнай өндірісімен айналысатын Сарқамыс кенті берілген еді. Осы кезде Сарқамыс жұмысшы кентінде халықтың саны 4000-дай адам болатын. Тек «Прорва» мұнайгаз басқармасының өзінде 250-260 жұмысшы болды. Бұл аймақтағы байлықты игеруге елдің келгеніне 10 жылға таяу мерзім өтсе де, кент халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қол жетпей жатқан бірқатар кемшіліктер бар болатын. Ең бастысы – пәтерлердің жетіспеуінде жатты. Алғашқы кезде «уақытша» деп салынған 120-дан аса қамыс үйлерді борай-борай біртіндеп баса түскен сусыған қызыл құмнан тазарту үшін ауданнан қатарынан 4 жылға

таяу арнайы трактор ұстауға тура келді. Осындай қиын жағдайларға байланысты, аупартком мен ауатком негізгі назарды Сарқамыс жұмысшы кентінің мәдени-тұрмыстық оқу-ағарту, денсаулық салаларындағы жұмыстарды жақсарту ісіне аударып отырды. Ойлап отырсақ, бұл кездерде ауызға да алынбай ұмыт болған, бірақ, кезінде халықтың күнделікті өміріне ауадай қажетті Ақтау, Бейнеу, Сарқамыс, БейнеуСарқамыс-Құлсары, Сарқамыс-Атырау әуе жолдарының ашылуы үлкен жеңіс болған еді. Сондай-ақ, Сарқамыс пен Опорныйдың арасында автобус қатынасы ашылып, осы екі ортадағы жолға асфальт төселгені, Сарқамыс кенті мен Бейнеу аралығында телефон байланысы орнағаны, 1981 жылдан бастап Сарқамыстықтардың теледидар көруге мүмкіндік алғаны, осы жұмыстардың қай-қасысының да онайлықпен өмірге келе қоймағаны, бәрі-бәрі еске түседі. Сарқамыс туралы сөз еткенде бұндағы болаттай серпімді, қажымас қайрат иелері қарапайым мұнайшылардың іскер де, білікті мамандардың, зерделі басышлардың өмір жолдары мен тындырған істері көз алдыңа келеді. Жер астын бұрғылап, тереңнен шығарылған мұнайды мыңнан аса шақырым жердегі зауытқа жеткізу, осы іске барлық күшті жұмылдыру оңай шаруа емес еді. Еңбек майданында шыңдалып, «қара алтын» дариясын сел етіп ағызу, оны шеберлікпен игеруде жан аямай еңбек еткен осы саланың ерлері Тастанбеков Аймағанбеттің, Әбенов Дәрібайдың, Ідірісов Сәнтайдың, Берқалиева Тойғанның, Оразалиев Сағынның, тағы басқа озаттардың есімдері әр кез құрметпен аталмақ. Басқарма басшыларының, мамандардың көп жылдар бойы мұнай сапасын арттыруға бағытталған қажарлы еңбектерінің арқасында 1983-ші жылдан бастап мемлекетке сапасы жөнінен бірінші және екінші категориялы өнім беріліп, өндіріс орнының таза пайдасы арта түсті. Қазақ ССР-ның 50 жылдағы атындағы «Прорва» мұнайгаз басқармасы Бейнеу ауданының құрамында болған 13 жыл ішінде жылына орта есеппен бір миллион тоннадан аса мұнай өндіріп келді. Өндіріс қарқынын бәсеңдетпей берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындау, халықтың мәдени-тұрмыстық жәйін жақсарту жөніндегі міндеттерді шешу мәселелерімен сол кездердегі басқарма басшылары Сағидолла Нұржанов, Асқар Рзиев, партком хатшылары Досқайыр Қалықов, Аманғали Әділов, Жолдас Жұмалиев, тағы басқа көптеген білікті де, қабілетті азаматтар тер төкті. Бейнеу ауданында хатшы болып істеген жылдарымда Сарқамыстың өндіріс орнындағы, басқа да мекемелердегі азаматтардың бірыңғай сауаттылығына, өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға жауапкершіліктерінің жоғарылығына, өз пікірлерін ашық айтып, орынды ұсыныстар қоя білетіндіктеріне көзім жетті. Сарқамыс өндіріс орнын басқарған жауапты кадрлер қатарында мұнай өндірісі саласы бойынша екі бірдей атақты оқу орындарын - Қазақ политехникалық институтын және Москвадағы Губкин атындағы мұнай

институтын бітірген, таукен инженер-геологі және тәукен инженері мамандықтарын игерген терең білімді, алғыр азамат марқұм Жолдас Әбітұлы Жұмалиевтың есімі бір төбе. Ол қатардағы бұрғышыдан мекеме басшысына дейінгі қиын жолдардан сүрінбей өтті. Оның бойындағы ұйымдастырушылық қабілеті, халықпен тіл табыса білетін мінезділігі «Прорва» мұнайгаз басқармасы партия комитетін басқарған жылдары (19841989) айқын көрінді. Өндірісте, партия жұмысында өзін іскер басшы ретінде көрсете білген ол «Теңізмұнайгаз» акционерлік қоғамының вице-президенті, соңынан мұнай ғылыми-зерттеу интситутының директоры болып істеді. Мен Жолдаспен кездескен сайын жеңіл әзіл ретінде «жолдас Жолдас» ел жағдайы қалай деп сұраушы едім. Бұны жақсы түсінетін ол жылы амандасып, ел жағдайын сабырмен баяндап беретін. Оның сөздерінде бір нәрсені әсірелеп көрсету, жетпестікті айтамын деп байбалам салу, орынсыз мақтау, орынсыз даттау деген жағымсыз қасиеттер мүлдем болмайтын. Сондықтан да Жолдас солай деп телефон шалды, не болмаса Жолдас мына мәселеге шара алуды, мынаған көмектесуді сұрады десе, ол жәйттарды анықтай түсудің қасиеттелігі жоқ деп есептеліп, бірден әлгі мәселелерді шешу жайын қарастыратынбыз. Жолдастың жоғары адамгершілігі, халық алдындағы өз міндетін барынша адал атқарудан ешбір тайынбай қызмет ететіндігі Сарқамыс кентінде болған үлкен бір оқиғаға байланысты айқын көрініс тапты. Бұл оқиға 1985-ші жылдың 24-ші мауысымында болған еді. Осы күні таңғы сағат 5-те ұйқы құшағында жатқанымда Жолдас Әбітұлы телефон шалып, «нөмірі 37-ші ұңғыда авария – жарылыс болып (Сарқамыстан 25 шақырым жер), одан бөлінген улы газ иісі Сарқамыс кентіне келіп жетуіне байланысты мұндағы халық Опорный бетіне қарай қашып жатыр, ел үрейленген. Ұйымдасқан түрде алып кетуге машиналар жетіспейді және 4 мыңның үстіндегі халықты қалай бір кезде бірден көшіре аларсың» - деп абыржып хабар берді. Менің кейбір сұрақтарыма асығыс жауап бере отырып, ерте телефон шалғанына кешірім сұрауды да ұмытпады. Бұл да Жолдастың кішіпейілдігі, мәдениеттілігінің тағы бір белгісі еді. Бұл жайсыз хабар жетісімен аупарткомның бюро мүшелерін, мекеме басшыларын тездетіп жинап алып, бірінші кезекте 40 автомашина шығартып Бейнеуден 140 шақырым жердегі Сарқамысқа тез жеткізуді аудандық милиция бөлімінің бастығы Кемел Жұмашевқа тапсырдым да, өзім тікұшақпен Сарқамысқа ұштым. Авария болған жерге тікұшақпен келсем ұңғы төңірегі көк түтін. Қышқыл газ иісі қолқаңды алып, көзге тиіп тұрғызар емес. Ұңғы басындағы противогаз киген инженерлер, басқа да әртүрлі мамандық иелері превенторды жабумен арпалысып, одан ештеңе шығара алмай жатты. Осы кезде авария болған жерге келіп жеткен «Эмбамұнайгаз» бірлестігінің басшысы Бөлекбай Сағынғалиев мырза жағдайға танысып, ұңғыдан тоқтамастан шығып жатқан ұлы газ бұлтын көргеннен кейін халықты Сарқамыс кентінен уақытша көшіру жөнінде бұйрық берді.

Жағдайдың аса қиындап тұрғанын көріп-білгеннен кейін кент басына оралған біздер партком хатшысы Жұмалиевтың өндірістің, кенттің басқа басшыларының басын қосып босқан халыққа жағдай жасаудың барлық шараларын алып жатқанын, елдің жартысынан көбінің газ иісінен қашып жаяу-жалпы, кейбір әйелдер нәрестелерін көтере, айдалаға безіп кеткендіктерін көрдік. Олардың көбінің қорадағы малдары, кайсыбір отбасының аурушаң қарттары үйлерінде қалып қойған. Көзбен көргеннен кейін білдік – жағдай өткен түндегі Жолдастың телефонмен жеткізген хабарынан да қиын екен. Жергілікті басшылардың ұйқысыз түн өткізіп, ас-сусыз, тек халық қамын ойлап, қолдан келетін шараларды дәйектілікпен іске асырып жатқандарына ризалықпен рахмет айтып, біздер – облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, Шевченко қалалық партия комитетінің бірінші хатышысы В.А.Шеманский екеуіміз тік ұшақпен келіп Сарқамыс пен Опорныйдың арасында әркім жеткен жеріне кідірген көп халықпен кездестік. Тік ұшақтан түскен біздердің бұл жерден көргенімізді баяндаудың өзі қиын. Мұнда шоғырланған екі мыңның үстіндегі халық негізінен әйелдер, балалар, қарттар екен. Жаныңды қоярға жер тапқызбайтын 43 градус ыстықта ашық аспан астында қалған олардың қайсыбіреулері ақ мата жамылып қорғанса, кейбіреулері жеңіл арба, машина, мотоцикл асты көлеңкелерін паналаған. Бізге қарай жаңағы айтылған баспаналарын тастап, жартылай жалаңаш өріп келе жатқан, өңдері қашқан бала, әйел, адамдарды көргенде менің өзім де қатты қиналдым. Жиналғандар алдында сөз сөйлеу оңай болған жоқ. Сөйтсе де олардың сан-алуан сұрақтарына жауап беріп, «біздер қайтадан орталыққа барамыз, халықты қайтарудың қамын жасаймыз, бұл мақсат үшін автобус, машиналар жетеді» - деп көңілдерін орнықтыруға тырыстым.Әлде де аздаған сағат шыдауға тура келетіндігін айтып (түс қайтқан кез еді), сабырға шақырдым. Ақырында арнайы комиссия шешімімен осы күнгі түнде Бейнеуден, Құлсарының өндіріс орындарынан келген жүздің үстіндегі автобус , басқа да машиналардың күшімен босқан елді кері қайтардық. Осы жұмыстарды тыңғылықты ұйымдастырумен шұғылданып жүрген Жолдас Әбітұлы мезгіл түнге айналғандықтан адамдардың далада қалып қоймауын тікелей қадағалап, өзі түнгі сағат екіде ғана, «корабль капитаны» дегендей, осы жерден ең соңғы болып кентке қозғалып кеткен еді. Ал, 25-ші маусым күні сағат дәл 13-те ұңғыға терезеден көз салып тұрған біздерге қалың түтіннің арасынан үзіліп-үзіліп шыққан жалын байқалды. Мамандар қуанғаннан қол соға жүре: «енді қорқыныш жоқ, иіс те болмайды, улы газ отқа жағылып кетіп отыратын болады,» - десіп жатты. Бұдан кейін біздер нөмірі 37 ұңғыға ұшып келдік. Келсек, 200 метр шырқау биікке шапшыған қызыл-күрең жалын ертегідегі жеті басты аждаһадай ысылдай от бүркіп жатыр екен. Осы алып алау оны сөндіруге бағытталған барлық айла-тәсілдің, техникалық әдістің біріне бой бермей 222 күн бойы көрген жанды шошытарлықтай ысылы мен күркіреуінен бір

танбады. Ақырында Америка-Канада мамандарының күшімен ауыздықталды. Бұдан кейін де Жолдас Әбітұлымен 4 жылға таяу қызметтес болдық. Осы жылдардың ішінде Жолдас өзін тек жағымды жағынан көрсете білді. Оның жарқын бейнесі әр кез көз алдымда. Иә, дүниедегінің бәрі де аққан судай өтіп жатады, бұл тек жаратушы құдыреттің өз билігіндегі жаратылыс заңы десек те, аяулы Жолдастың қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында жүрген ұл-қыздары өмірінің жалғасы болса, оның атқарған істері, жоғары адамгершілік қасиеттері, еліне сыйлылығы, кішіпейіл-қарапайымдылығы, бәрі-бәрі асыл азаматтың ұрпаққа қалдырған, әр кез есте сақталатын өнегесі, үлгісі болмақ. Жаның жәннатта, топырағың торқа болсын, әріптес інім.

МЕНІҢ МЕКЕРИЯМ

Осы бір шағын естелік - мақаламның тақырыбын осылайша қойғаныма кейбіреулер таңданып, мақала иесі Мекерияны неге менікі дейді, ол берісі бәрімізге жолдас, әрісі бүкіл маңғыстаулықтардың Мекериясы емес пе деулері әбден мүмкін. Бұны орынсыз демеймін. Сөйтсе де бұл жерде назар аударарлық мына мысалды еске сала кеткім келеді. Академик, халық жазушысы Зейнолла Қабдолов Қазақ мемлекеттік университетінде студенттерге әдебиет теориясынан лекция оқып жүрген кезінде әңгіме Мұхтар Әуезовтың творчествосы жайында болған кездің барлығында да өз сөзін «Менің Әуезовым» деп бастайды екен де, «неге менің дейсіз, Әуезов күллі қазақтың, тіпті бүкіл адамзаттың Әуезовы» емес пе, «Мұқаңды» «менікі», «сенікі» деуге бола ма екен?» деп сұраулы пішін танытқан шәкірттеріне, «болғанда қандай, «әркімнің өз Әуезові бар» деп үлкен мақтаныш сезіммен жауап береді екен. Сондай-ақ, біздің Мекерияны да әрбір маңғыстаулық, онымен ұзақ жылдар Қазақ Республикасының ұлттық Ғылым академиясында бірге қызметтес, сыйлас болған өзі қатарлас оқымыстылар-зиялы қауым өкілдері – бәрі-бәрі де «менікі» деп өзіне тартып отырса бұның несі айып. Халқына, еліне қадірлі, айрықша қабілет танытқан кісіні иемдене сөйлеу, оны мақтан ету адамзаттың ежелден келе жатқан үрдісі емес пе? Осы жерде тағы бір мысал келтірудің артықтығы болмас. Сонау ерте заманда өмір сүріп өзінің «Илиада», «Одиссея» сияқты теңдесі жоқ шығармаларымен әлем әдебиетінің ірге тасын қалаған грек халқының атышулы ойшыл ақыны Гомерді сол елдің жеті жұрты осы кезге дейін әрқайсысы өзіне тартумен келе жатқаны баршаға аян ғой. Маңғыстаудың үш түбегіне мызғымыстай орын теуіп ұрпақ жайған, ұлқыз өсірген, жерінің байлығы арқасында бүкіл әлемге белгілі бола бастаған халқымыздың өткеніне көз жіберсек, ұрпаққа үлгі боларлық, мақтан етерлік айрықша қадір-қасиеті болған ата-бабалардың өнегелі өмір жолдарын

көреміз. Олардың ішінде атышулы батырлар, аузы дуалы билер, әулиеәнбиелер, қызыл тілдің құдыретін танытқан ақындар, жез таңдай әншілер, жауырыны жерге тимеген палуандар, басқа да көптеген өнер иелері болған. Дін салаларынан жүйелі білім алған ахундар да аз болмаған. Қазан төңкерісі жеңгеннен кейінгі ұрандардың бірі – халықты жаппай сауаттандыру, әсіресе, жастарға білім беру болғанына қарамастан Маңғыстаудың шалғайда орналасуы салдарынан жаңа оқу жүйесін меңгеру, жоғарғы оқу орындарына жастарды түсіру, ғылым салаларын игеруге ұмтылу ісінің кешеуілдеп қалғаны аян. Үстіміздегі ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаппай аштықтан құтылуды мақсат етіп үдере көшу кезінде Маңғыстаудан қоныс аударған ағаларымыз – Естөре Оразақов пен Ғұбайдолла Айдаров қана өздерінің табиғи таланты, еңбек сүйгіштігі арқасында күнделікті қызметтерін ғылыми жұмыстармен ұштастыра отырып, ғылым докторы атағына ие болған болса, бізбен бірге оқып, мектепті бірге бітірген жолдастардың ішінен ғылым докторы болу тек Мекерияның, мектепті бізден кейін бітірген Жұбаев Нұнның ғана қолдарынан келе алды. Әрине, ғылым докторы болу екенің бірінін қолынан келе бермейтін, өте күрделі де тиянақты еңбекті қажет ететін, қабілеті айрықша жоғары адамдардың ғана шыға алатын биігі. Міне, осы биікке көтерілген Мекерияда өз қатарластарынан оза шығып, барлық өмір жолын ғылымға арнады. Педагогикалық институтты Орал қаласында бітірген ол Орал, Атырау педагогикалық институтарында ұстаздық еңбек етті. Осы кездердің барлығында да әдебиет саласында өз білімін ұштай, жетілдіре түскен Мекерияның ойынан ендігі жерде ғылыммен айналасу қажеттігі бір мезетте шыққан емес. Бұл ойын іске асыру мақсатында Алматыға жол тартқан Мекерия тұрмыстық жәйттердің әртүрлі қиындықтарына, басқа да кейбір кедергілерге қарамастан, барлық күш-жігерін ғылым жолына бағыттады. «Талаптығы нұр жауар» деген емес пе, үлкен талаппен іске кіріскен ол «Көркем әдебиеттегі идея мен композицияның бірлігі» деген тақырыпта кандидаттық диссертиция қорғады. Бұл тақырып болса қазақ әдебиетінде, тіпті одақ көлемінде де өте аз зерттелген сала болатын. 1965 жылдың жазғытұрғы жаймашуақ күндерінің бірінде Мекерияның осы тың бағытта батыл еңбек етіп, алған тақырыбын өзіне тән байыптылықпен абройлы қорғап шыққаны диссертация қорғау кезінде қатысып отырған біздердің есімізден әлі де кетер емес. Мекерия ерекше еңбек сүйгіш, ізденімпаз, уақытын барынша ұтымды пайдаланатын тиянақты азамат еді. Ол көп оқыды, үйренді, дүние жүзі әдебиетінің мөлдір бұлағынан мейлінше сусындады. Біздің Мекерия академик Қажым Жұмалиев, СССР Педагогика Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы Мәлік Ғабдуллин, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, профессор Мұхамбетжан Қаратаев, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымының

докторы, профессор Е.В.Лизунова, басқа да қазақ әдебиеті мен мәдениетінің таңдаулы өкілдерінен дәріс алды. Сондықтанда болар ол кандидаттық деңгейде тоқтап қалмай аталған ғалымдардың жолын қууға бекем бел туды. Осы жолда оған «болайын деген баланың бетінен қақпа, белін бу» деген қағиданы жадында сақтап үлкен көмек, ақылкеңес берген Қажым Жұмалиев болды. Докторлық диссертация жазу үшін Мекерияға талай томдарды ақтаруға тура келді. Халық өмірінен алынып жазылған саналуан оқиғаларға, кейіпкерлерге толы көптеген повесті, романдарды оқып қана қоймай олардағы идея мен композицияның бірлігі, қазақ романдарының поэтикасы жөнінде тұжырымды зерттеулер жүргізіп, табиғат берген зерделілік өз нәтижесін бермей қойған жоқ. 1979 жылдың 14 сәуірінде Мұрат Мөңкеұлы атаған үш қиянның бірі – Маңғыстауда өмірге келген біздің туысымыз Мекерия Атымов «Қазақ совет романдарының поэтикалық проблемалары» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, филология ғылымының докторы деген ғылыми атаққа ие болды. Сөйтіп, Маңғыстаудан шыққан ғылым докторларының қатары өсе түсті. Бұның өзі тек халқының шын куанышы болуымен бірге білім қуған, ғылымға ұмтылған жастарымыз үшін үлгі, өнеге боларлық оқиға еді. Мекерия Қазақ ССР-і Ғылым Академиясының Мұхтар Әуезов атындағы ғылым және өнер институтында жауапты жұмыс жасай жүріп көптеген ғылыми мақалалар, очерктермен бірге әдебиет теориясын одан әрі дамыта түскен ірі-ірі еңбектер жазды, талдаулар жасады. Олардың ішінде «Идея және композиция», «Қазақ романдарының поэтикасы» атты шығармалары жоғарғы оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына, аспиранттар мен ғылыми қызметкерлерге, әдебиетті сүйюші жалпы оқушы қаумға арналған өте құнды еңбек болды. Мекерияның жоғарыда аталған «Қазақ романдарының поэтикасы» атты еңбегінде роман авторларының образ жасаудағы, өмір шындығын берудегі шеберліктер, стильдік ізденістер сөз болады. Құрметті Мекең әрбір еңбегі жарық көрісімен олардың бір данасын маған тездетіп жіберіп отыратын. Мен болсам сол шығармаларды кідіріссіз, құштарлықпен қолыма карандаш алып отырып, өз әлімше сын көзбен қарап оқып шығушы едім. Осындай әсерлерге толы сезіммен оқып шықаннан кейін, сонау 1975 жылдың мизам айында мен «Қазақ романдарының поэтикасы» атты еңбегінің соңына мына сөздерді жазыппын, оны да айта кетейін: «Бұл кітап тілінің түсініліктігі, әртүрлі ұғымдарды берер тәсілі, оларды жинақты етіп, бере білуі, сөз сұлулығы, бір сөзбен айтқанда барлық жағынан шын ықыласпен қарсы алып, шынайы жүректен қанағаттанарлық сезім білдіруге толық жататын дүние болып шыққан. Авторға үлкен рахмет айта отырып, бұдан да зор табыстарға жете беруге тілектестік білдіремін» - деген екенмін. Аталған екі кітап жайлы да кең көлемдегі пікірімді Мекеңнің өзіне де жазып жіберіп отырдым. Біз екеуміздің арамызда қажетті жағдайда өзара хат жазысып, пікір алысуда болып тұратын (бұл күнде ел тек телефонға иек артып, хат жазуды қойып кетті емес пе?).

Міне бүгін, ғылымда өшпес із қалдырған, жас ұрпаққа ғылым шыңына көтерілудің жолын көрсетіп, үлгі бола білген, халқына қадірлі, жолдастарына қымбат, сүйген жары Мария мен ұл-қыздарының тірегі, бәйтерегі болған аяулы досымыз Мекерияның арамыздан кеткеніне бір жыл толып отыр. Оның ортамызда жоқтығын айту қандай ауыр, амал бар ма, ауырда болса бұл өмір шындығы, табиғаттың қатал заңы, амалсыз көнуге тура келеді. Десекте Сұлтанмахмұд Торайғыров: ... Тірлікте аброй атақ неге керек, Бірінші міндетің ғой бұны білмек. Сен өлсең де артқылар ауызға алып, «Мынадай елге еңбегі сіңді» - демек, деп жазған екен. Бар болғаны жиырма жеті жыл өмір сүріп, өзіміздің ғұлама Әбішіміздің сөзімен айтқанда «есімі жиырма жеті ғасыр бойы жоғалмайтын Сұлтанмахмұттың» тұжырымын сүйеніш ете отырып, жеделдес досымыз Мекерияның ғылым саласында еліне зор еңбек етіп із қалдырғанына шүкіршілік етпекпіз. Мекерияның ойға алған мақсаттары көп болатын, әлде де талай істерді тындырар творчестволық ізденістері де мол еді. Бірақ, қатал тағдыр кімнің дегенін болдырған, кімді дегеніне жеткізген. Қимас досым Мекерия! Сен әрқашанда есімде сақталасың, бақыл бол бауырым!

17.07.1995 ж. ТОЙЛАНБАЙ ҚАЛҒАН ТУҒАН КҮН (Эссе)

Иә, Берекет бауырым, сенің бүгінгі туған күніңді тойлай алмай артыңда қалған бәріміздің көңіліміз құлазуда. Шіркін өмір, сен адамзатқа қаншалықты аян болсаң, соншалықты жұмабақтасын-ау. Күні кешеге дейін ойнап-күліп бір жүрген, бірге жүріп білім алып, қоғамдық өмірдің алуан саласының қажетін өтеуге барлық жастық жалынын, талап-талантын берген аяулы, туыстарым-достарым Мұңал, Майлыбай, Кенжеғали, Әбдібек, Мекерия, Өтеген, Маршал, Берекет – Сіздерден көз жазып қаламыз деп кім ойлаған. Бұл өмірдің қасқағымдай қысқа, соққан желдей өткінші екенін бұрынғы ғұламалардың еңбектерінен қаншама оқып ұқсам да, өмір сіздер үшін осыншама ерте үзіледі, соңдарыңда қалған біздер өкінішпен еске алып отырамыз деп ойлаппын ба? Тіпті басқалар бұл дүниеден өтсе де менің қимас жолдастарым жасай беретін болып көрінетін. Амал жоқ. «Адам керуен, өмір жол, Жан баспаған із емес. Жолымен көшкен керуеннің

Алды-артыда біз емес» - деген үлкен пәлсапалық сөздердің барлық адамзат үшін ортақ екеніне барған сайын көзіміз жете түсуде. Аяулы Берекет! Мен сені өткен жылдың қаңтар айында маңғыстаулық інің Жауымбай Амантұрлыұлының докторлық диссертация қорғаған кешінде көріп – бірге отырған едік. Әлі көз алдымда, сенің сондағы әрқашанда тек өзіңе тән ақжарқын, дарқан көңілмен жиналған халықты өзіңе тартып, әзілқалжың, сыпайы анекдоттармен, басқада күлкілі әңгімелерге кенелткенің. Ізіңді қуып келе жатқан еліміздің азаматы докторлық қорғағандағы қуанышың көзіңен, сөйлеген әрбір сөзіңнен, тойды қыздырып ән салып, би билеп жүрген нұрлы жүзіңнен сезілуші еді. Сол бейнеңді енді той кезінде түсірілген бейне-кассетаны пайдаланып теледидар экранынан көрудің өзінде қанағат етпекпіз. Осы кеште менің өзіңнің докторлық диссертацияңды қорғауыңның жайы қалай деген сұрағыма, оның өзін қатты мақсат етіп қойғанда жоқ едім, дегенмен енді көпке кетпес, 3-4 айдың ішінде қорғап қалармын, докторлық диссертация дайын ғой, деген едің. Қатал тағдыр сенің бұл бітіп тұрған ісіңнің өмірге келуіне мүмкіндік бермей кетті. Бірақ біздер, бүкіл жоражолдастарың ғылыммен шұғылданып жүрген зиялылар сенің терең білімділігіңді әуелен-ақ білетін едік. Адамзат мұрасының қай саласына (пәлсапа, әдебиет, тарих) әңгіме желісі құрылса да сен қайсыбір доктор, академикпін деп жүргендерді де жаңылдыратынсың. Бұл жерде мен өзіңнің негізгі мамандығың – физика, математика ғылымдарының білімпаздары мойындаған айтулы ғалым екендігіңді сөз етіп отырған жоқпын. Маңғыстаудан шыққан ұланның Ленинградта аспирантура бітіруі, бұрын ешкім қолға алмаған қисық пластинкалар теориясын зерттеп ғылым кандидаты болуы еліміз тарихында бірінші елеулі оқиға болған еді. «Болат пышақ қында жатпас» дегендей, сен қатарларың арасында мектеп, одан кейін университет қабырғаларында жүргенде-ақ өзіңнің ғылымға айрықша бейімділігіңді танытқан едің. Аспирантураны нәтижелі аяқтап ұшқан ұяң – Қазақстың мемлекеттік университетінде ұстаздық еткен кезден бірге мерзім ішінде 150 ден аса ғылыми мақалалар, бірнеше кітаптар жаздың. Солардың бірі- «Әлем және механика» деген кітабың. Бұл кітапта сен біздің галактикада орналасқан жұлдыздар мен планеталардың өмір сүру, өзара тартылыс заңдарына, арақашықтықтарына терең талдау жасай келіп, әсіресе, космосты игеру, оны зерттеу жетістіктерін бейбіт мақсаттарға қолдану жөнінде салуалы пікірлер айтып, ғылыми бағыт сілтедің. Өзің ұсынған, осы кітаптың алғашқы бетіндегі «Қымбатты Дүйсеке! Ең ізгі ниетпен ұсынамын! Автор Б.Жұмалиев» - деген қолтаңбаң сенің жарқын бейнеңді әрдайым көз алдыма әкеліп отырады. Сен 1953 жылы университетке келгенде біздер жоғарғы курстың студенттері едік. Елден оқуға келген жастарға қолдан келген қамқорлық көрсету әрбіріміздің міндеттеріміз емес пе, сондай бір ағалық қамқорлық көргеніңді мен үлкен іс бітіргендей етіп көрсетуші едің, қайталап айта беруші

едің. Бұл ақжарқын мінезің, аз қамқорлықтың өзін жоғары бағалауың сол кездерде айтуға тұражақ жақсылық көрсе де, оны еске алғысы келмейтін кейбір тоғышарларға соққы болып жататын. Алматы да болсын, елде болсын кездескен сайын көзіңнен сағыныштың, сыйластықтың шуағы төгіліп, кең құшағыңа алушы едің. Әркез елдің амандағын, жағдайын сұрап халқыңның өмірі өзгергенін, мәдениеті өсіп, тұрмысының жылдан жылға жақсарып келе жатқанын, өзің білетін көптеген азаматтардың әр салада абройлы еңбек етіп жүргендерін естігенде балаша қуанатынсың, қызметтес жолдастырыңмен, ғылым саласындағы әріптестеріңмен үлкенді-кішілі кездесулерде еліңдегі жақсы өзгерістерді мақтан етіп отырушы едің-ау. Біліміңнің жан-жақты тереңдігі, шешендігің сонша ма, өзгелердің сенімен сөз жарыстыруға жүректері дауалай бермейтін. Міне, енді ортамызда сен жоқсың. Туыстарың, достарың туған күніңді тойлай алмай көңіліміз пәс болды. Сен тек өз жанұяңның, Жұмалиевтар әулетіңнің Берекеті емес, бүкіл елдің, халқыңның Берекеті едің, амал не, тағдырдың шешімі осылай болған соң. Дүлдүл ақын Қашаған өзінің «Бұл өмірдің мысалы» деген пәлсапалық өлеңінде «...кешегі көрген бүгін жоқ, ұшып кеткен көбелек» деген еді. Сол айтқандай орныңды сипап елің қалды. Ендігі жерде біздер академик Зейнолла Қабдоловтың, Мұқтар Әуезовты мақтау қажет емес, онымен мақтануымыз қажет дегеніндей, сенімен мақтана беретін боламыз, шүкіршілік етеміз. Шүкіршілік айтуға негіз – сенің Меруертің өзіңнің жолыңды қуып, ғалымдар қатарына қосылды, ұлың Расул әдебиеті мен мәдениеті, ғажайып тарихи, айрықша сәулетті пирамидаларымен дүние жүзіне белгілі ежелгі Египет еліндегі біздің еліміздің елшілігінде қызмет етеді. Бұл да бір кездегі Ленинградқа ұшқан өзің сияқты елшілік – дипломаттық жұмысқа Маңғыстаудан ұшып шыққан алғашқы қарлығаш. Ал Рүстем болса, ол өзі құрған бір үлкен фирманың президенті. Жоғары мәдениетті, сыпайы да ізетті келініміз, сенің сүйген жарың Гүлжан да бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған, елеулі еңбегі үшін орденмен марапатталған белгілі ұстаз. Ол екеуіңіздің тәрбиелеген қызыңызбен ұлдарыңыздың қоғамдық өмірге араласу бағыты талай-талай жанұяларға үлгі болғандай. Қайран Берекет! Тағдыр маған сені сол қаңтарда кездесуден кейін көруге жазбаған екен. Өткен жылдың жазында Алматыда болған кезімде сенің жағдайыңды сұрағанымда Гүлжан келініміздің телефонда булығып тұрып айтқан сөздерінен, қатты күйзелісінен жайыңның аса ауыр екенін сезінгенмін. Арты осылай болып жер соқтырып кетті ғой. Қош бол қимас бауырым! Топырағың торқа болсын!

22.04.1997ж.

ҮШІНШІ БӨЛІМ

ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ

МАҢҒЫСТАУ КӨТЕРIЛIСI (1870)

Қазақ халқының тарихындағы Сырым, Исатай-Махамбет, Кенесарыдан кейiнгi үлкен бас көтерулердiң қатарына жататын Иса мен Досан бастаған көтерiлiс - Маңғыстау шаруаларының патша үкiметiнiң отарлау саясатына қарсы көтерiлiсi. Шығыспен қатынас жасайтын барлық су және керуен жолдары Маңғыстау арқылы өткендіктен Патшалы Ресейдің Шығыстағы басқыншылық саясаты үшiн Маңғыстау түбегiнiң стратегиялық мәнi зор болды. Сондықтан патша үкiметi Маңғыстау түбегiн онсегiзiншi ғасырдың бас кезiнде-ақ өзiне бағындыруға әрекет ете бастаған едi. К. Маркс пен Ф. Энгельстің патшалық Ресейдің Орта Азияға өтуіне қайсар адай халқының үлкен кедергісі болды деп атап көрсеткеніндей адайлар қолдан келгенінше кедергі жасап бақты. Соған қарамастан күштің аты күш, күштінің аты күшті деген емес пе Ресей өз саясатын іске асыра бастады. I Петрдің тікелей тапсырмасымен Каспий теңізі айлағын зерттеу, сауда кемелері тоқтауға мүмкіндік беретін шығанақтардан қорған салуды көздеген жиырмаға жуық арнайы экспедициялар жасақталды. Сол экспедицилардың бірінің басшысы, зерттеуші С. Г. Карелиннің ұсынысымен ҚарасуҚайдақтан алғашқы қамал салынды. Орыстар осындай қолайлы жерлерден қамал сала отыра келе-келе ақыры кәзіргі ФортШевченко қаласынан орын теуіп, Маңғыстауға өз биліктерін жүргізуге бағытталған әртүрлі шешімдерді іске асырды. Он тоғызыншы ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап Адай елi (20 мыңдай үй) Ресейге бағындырыла бастады. Олардың жерлерiне әскери бекiнiстер салынды. 1866-67 жылдары Адай руларынан Жоғарғы Адай дистанциясы (Байменбет Маяев басқарған) және Төменгi Адай дистанциясы (Ғафур Калбин басқарған) құрылды. 1868 жылы “Уақытша Ереже” (“Далалық облыстарды басқару жөнiндегi Ереже”) енгiзiлдi. Бұл Ереже бойынша әкiмшiлiк орындары облыстарға, уездерге, болыстарға, ауылдарға бөлiндi де, оларды басқаруға орыстардың чиновниктерi тағайындалды. Осылайша территориялық принцип негізінде шекараларға бөлiну адайлардың бұрынғыша емiн-еркiн көшiп-қонып жүрулерiне мүмкiндiк бермедi. Бұған қоса, Ережеге сәйкес, халыққа ауыр салық салынды, ол қарулы отрядтардың көмегiмен жиналды, малмүлiк талан-таражға түстi, жергiлiктi адай жатақтары өз жерлерiнен қуып шығарылды. Адайларға балық аулау құралдарын сатуға тыйым салынды. Балық аулау кәсiпшiлiктерiндегi жалдамалы қазақ жұмысшылары ондағы барлық жұмысшылардың үштен бiрiнен аспайтын болды. Олар 1837-шi жылдан берi түтiн басы 1 сом 50 тиын салық төлесе, оның мөлшерi 3 сом 50 тиынға жеттi. Салық байдан да, кедейден де бiрдей мөлшерде тек ақшалай жиналды. Адайлар Жем бойындағы жазғы жайлауға қолында жаңа норма бойынша екi жылға салық

төлегендiгi туралы куәлiгi болған жағдайда ғана көше алды. Осының бәрi халықтың күштi наразылығын туғызды. ж. Пристав болып тағайындалған подполковник Рукин Ереже талаптарын орындату үшiн Маңғыстауға өзi баруға шешiм алды. “Уақытша Ережеге” қарсы iрi-iрi бас көтерулер Торғай, Орал облыстарында орын алып, бұл көтерiлiстер патша жендеттерiнiң қарулы отрядтарының күшiмен басылғаннан кейiн, ендi адай елiндегi көтерiлiстi басу шараларын алуды көздеген Орал әскери губернаторы Н. А. Веревкин дистанция бастықтары Баймембет пен Ғафурды өзiне шақырды. Веревкин оларға “Уақытша Ереже” жайын жеткiлiктi уағыздап түсiндiрумен бiрге, орындалуын қамтамасыз етудi талап еттi. Дистанция басшыларының қарсылық көрсетуге жағдайлары жоқ едi. Веревкиннiң маңғыстаулықтарды бұғауда ұстауға бағытталған бұл тапсырмасы Рукиннің Маңғыстауға аттанар алдында болған едi. 1870-шi жылы пристав болып тағайындалған подполковник Рукин Маңғыстауға форттан аттанар алдында Н. А. Веревкинге жолдаған рапортында былай деген: “Болыстық басқарушылардың Жаңа ереженi тездетiп аяқтауларына жәрдемдесу, сондай-ақ, бұл ережеге мойынсұнбай жазғы жайлауға көшiп кеткелi жатқан кейбiр ауылдарды көндiруге мәжбүр ету мақсатымен ертеңнен бастап қырға аттанамын. Бұл кәзiргi кезде адайларды Жаңа ереженi қабылдауға көндiрудiң кепiлi, көнбеген жағдайда отряд оларды жазғы жайлауға жiбермейдi” (Орынбор облыстық мемлекеттiк архивi. Ф.6.8239-iс.510-бет.)-деп жазған. Сөйтiп, подполковник Рукин Б.Маяев пен Ғ.Қалбин сияқты ел басқарушыларының, билердiң көмегiмен салықты 1869-1870-жылдарға бiр-ақ жинамақшы болды. Рукин 1870-ж.15мартта 40-тан астам казак-орыс және 60-тай адай билерi мен старшындарын алып, қаружарақтарын 35 түйеге артты да, салық жинауға шықты. Бұл хабарды естiген халық Досан Тәжиев (1829-1876) пен Иса Тiленбаев(18291909), Ерменбет би Тұрұлы, Алғи Жәлiмбетовтың бастауымен Рукин отрядына қарсы көтерiлдi. Көтерiлiсшiлер Рукин отрядымен жиырма екiншi наурызда Үшауыз құдығы жанында кездестi. Жан-жақты қаруланған Рукин отрядына бiрiншi Досан бастаған топ, содан кейiн Алғи, Иса, Ерменбет, Орақ, Дихан бастаған төрт топ төрт жақтан бiр мезгiлде шауып, көзсiз ерлiк көрсеттi. Тұтқиылдан жасалған бұл шабуылға патша солдаттары мұздай қаруланған болуларына қарамастан ешбiр қайрат жасай алмады. Осы ұрыста Рукин халық кегімен суарылған қылышты, найзаны жете меңгере білген, астындағы тұлпарлары атқан оқтай ұшқыр жүрек жұтқан батырлардың қолынан ажалын тапқан еді. «Алдап қарусыздандырған» деген сөзді осы кезге дейін айтушылар кездеседі. Мен мұны Иса мен Досанның халық үшін құрбандыққа барған теңдесі жоқ ерліктеріне көлеңке түсіруге бағытталған әрекеттер деп білемін. Халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов өзінің «Досан батыр» дастанында «...Қаза тапқан Рукин найзасының үшінен »- деп оны Досанның найзамен түйреп өлтіргенін нақтылайды. Сөйтіп, Рукин отряды біржола талқандалды, казак-орыс отряды түгелге дерлік қырылды. Олардың

сүйектері Үшауыз тауының Каспий теңізіне қараған етегіндегі бір шұңқырда үйілген. Біз бұл тұжырымды әкесі Жанғабыл жендеттердің қолынан хаюандықпен қаза тапқан Досанды ФортШевченко қаласынан ҚАРАТӨБЕ ҚАУЫМЫНА әкеліп жерлеуге қатысқан халық ақыны

Сәттіғұл Жанғабыловтың «Досан батыр» дастанына, белгілі жорналшы марқұм Сайын Әділхановтың «Досан батыр» атты еңбегіне, басқа да ақынжазушылардың шығармаларына және «халық айтса қалп айтпайды» дегендей, халық естелігіне сүйеніп айтып отырмыз. “Маңғыстау көтерiлiсi” туралы қалам тартқан М. С. Тұрсынова орыс офицерлерiнің көтерілісшілер Рукинді алдап алдын-ала қарусыздандырып, содан кейін барып шабуыл жасап жеңiске жеттi, қолға түсу қаупы туғаннан кейін Рукин өзiнөзi атып өлтiрдi деген жазбаларын сол күйінде қабылдауға мәжбір болған. Өйткені оның өз еңбегін кеңес үкіметі кезінде жазып отырғандығынан алдындағы бар документтен ауытқуға мүмкіндігі жоқ еді. Бұл версия сол кездегi Форттың коменданты майор Зелениннiң Маңғыстауға жiберiлген отрядтың талқандалуына, Рукиннiң өлiмiне байланысты өз жауапкершiлiгiн жеңiлдету, қарақан басын қорғау үшiн кісі нанғысыз өтірікке барып, ойлап тапқан айла-шарғысы едi. Комендант, сонымен бiрге, орыс офицерiнiң намысын қорғамақ болып та Рукиндi өзiн өзi атып өлтiрдi деп мәлiмдеген. Ол осылай деп тiкелей патшаға, оның Дербенттегi наместнигi Михайлға телеграмма жiберген. Жоғарыда айтқанымыздай, басқа да зерттеушiлер осы мағұлыматты басшылыққа алып, мәселенің байыбына бармай нақты оқиғаның, тарихи шындықтың бұрмаланып айтылуына жол берiп келген. Шындығына келсек, әскери бiлiмi бар, Маңғыстау приставы етiп жiберiлген подполковник (кейбiр документтерде полковник деп те айтылады) Рукиннiң, оның ақылшыкеңесшiлерiнiң дала қазақтарының алдауына түсiп қаруларынан айрылуы салдарынан жеңiлiске ұшырады деген пiкiрдiң ешбiр қисыны жоқ. Жеңілген жақ жеңген жаққа әрқашанда әділ сөз айтпаған ғой. Оның үстіне В.А. Потто деген біреудің «Гибель отряда Рукина в1870 году» деген 1871 жылы жазылған зерттеуіне назар аударсаңыз оның жазғандарының басынан аяғына дейін жергілікті халықты «туземцы», «хищники», «шайки», «полудикие кочевники», «барантачи», «дикари», «воры» деп былапыт теңеулермен даттай бергенін көресіз. Осылайша жергілікті халықтың өзіне тән салты-санасы, мәдениеті, өнері, ауыз әдебиеті, ұлттық салт-дәстүрі мансұқ етіліп, тек дұшпандық, жаулық көзқараста жазылған «зерттеулерді» тарихи документ деуге бола ма? Әрине болмайды. Сондықтан да біз Рукин отрядының талқандалуы жөніндегі документтерді тарихи шындық дей алмаймыз. “Тарихи документ” деп отырғанымыздың өзi де сол патша жендеттерiнiң қолымен жазылған дүние ғой. Сондықтан олардың Рукин жау жүрек, батыр адайлардың қолынан өлдi деп шындықты жазулары мүмкiн еместiгi талас туғызбаса керек. “Менiң елiмнiң тарихы ағылшындардың көзқарасымен жазылған”- деген ғой Джабахарлал Неру қызы Индираға түрмеден жазған

хатында. Бұндай мыcалды айтылып отырған оқиғалардан 150 жылдай бұрынғы орыс империясы тарихшыларының Кiшi жүз ханы Әбiлхайырдың Россияға боданы болуға ант берiп, хат жолдады деген деректерiнен де көруге болады. Кейiнгi зерттеушiлердiң еңбектерiнде бұндай хаттың болмағандығы, бар деп жүргендерiнiң өзi Әбiлхайырдың башқұрттармен келiсе алмауына байланысты патша ағзамның ықпалы қажеттiгi жөнiнде жазылған болса да, осы хатты кезінде әдейi терiс тәржiмалап, Әбiлхайыр хан бодан болуды сұрады деп тарихты бұрмалауға жол берiп келгендерi айтылады (“Егемен Қазақстан”, 31.01.07, Әбiлсейiт Мұқтар-тарих ғылымдарының докторы). Осы мысалдардан-ақ орыс мемiлекетi өкiлдерiнiң айтқандары мен жазғандарының бәрi бiрдей тарихи шынды болмайтыны түсiнiктi. Демек, Кетiк қаласындағы орыстар да Маңғыстаудағы көтерiлiс жайын, ондағы оқиғаларды өз көзқарастарына сәйкес жазды емес пе? Сондықтан да бұл көтерiлiстiң ақиқатын бiлу үшiн сол кездегi әскер басшыларының жазбаларына сүйену дұрыс бола қоймайтыны айдан анық деп бiлемiз. Көтерiлiс бүкiл түбектi қамтыды. Көтерiлiсшiлер саны 10 мың салт атты адамға жеттi. Олар патша үкiметiнiң Маңғыстаудағы барлық тiрегiн, кәсiпшiлердiң кәсiп орындарын, құрылысжайларын ойрандады. Балықшылар, жүк тиейтiн жұмысшылар өздерiн қанаушы кәсiпшiлер мен саудагерлерге қарсы күрестi. Сарытас шығанағында жұмысшылар кәсiпшiлерге шабуыл жасап, олардың қайықтарын тартып алды. Бұл қайықтардан кiшi флотилия құрып, оны патшаның ең мықты соғыс қамалдарының бiрiАлександровский фортын (биiктiгi 4 м., енi 2 м.тас қорған iшiнде 18 зеңбрегi, 800 пұт оқ-дәрiсi бар жақсы қаруланған әскер тобын) қоршау үшiн пайдаланды. Көтерiлiсшiлердiң жан берiп, жан алысқан ерлiгi жөнiнде маңғыстаулық журналист Наталья Задерецкая “Лада ТВ плюс” газетiнде (22.02.07) жариялаған мына тарихи документтен де көруге болады. Онда былай делiнген (тәржiмаламай берiп отырмыз): директор Атырауского полеонтологического музея Юрий Александрович Пастухов в прошлом году передал мангистаусцам собранные им материялы о Мангишлаке. Среди прочих интересных документов оказался отчет Ломакина командующему войсковой части Уральской области от 13 апреля 1870 года... “Считаю долгом доложить Вашему Превосходительству, что в продолжение своей 20летней службы имел ни раз столкновения с киргизами, но такого отчаянного и упорного нападения не ожидал. Под не умолкаемые картечные и ружейные выстрелы они бросались в улицы базара, если которых убивали, то другие бросались за телами и уносили их...” Көтерiлiс жергiлiктi үкiмет орындарымен қатар Петербургтағы бас штабты да үрейлендiрдi. Өйткенi Каспий теңiзiнiң оңтүстiк жағалауында Иранда ағылшындардың ықпалы едәуiр күшейген болатын. Патша үкiметi Хиуаға қарсы жорыққа даярланып, әскерлерiн Красноводск қаласына шоғырландырып жатқан едi. Маңғыстау көтерiлiсiнiң орталығы осы әскер тобының тылында болды. Көтерiлiстi басу Патшаның Каваздағы уәкiл-

әкiмiне тапсырылды. Мамыр айының аяғында Маңғыстауға Кавказдан Апшерон полкiнiң бiр батальоны, екi атқыштар ротасы, Дағыстан полкiнiң төрт ротасы және Терек казак-орыстардың төрт зеңбрекпен қаруланған 2 жүздiгi келдi. Көтерiлiсшiлер “Ұсақ” құдығында, Үшауыз шығанағында, Александровский фортында күштi қарсылық көрсеткенiмен, патшаның жақсы қаруланған тұрақты әскер бөлiмдерiнен жеңiлдi. Көтерiлiс қатал жанышталды. Көтерiлiсшiлер өз қатарын ел азаматтарымен толтыра отыра, Үстiртке көтеріліп, одан оңтүстiкке қарай көбі отбасыларымен бірге көше бастады. Бiрақ Орынбордан шыққан жазалаушы отрядтармен (Н.А.Крыжановский мен ген.- м. Биазнов бастаған) кездесiп, көп шығынмен Үстiртке қарай кейiн шегiнуге мәжбүр болды. Жазалаушылар халықты “Уақытша ережеге” күшпен көндiрдi. Патша үкiметi адайларды әлсiрету мақсатымен 6 мың үйдi Маңғыстаудан бөлiп алып, күшпен Орал облысына бердi. 1874 жылға дейiн адайларды Дағыстаннан келген әскери үкiмет басқарды. Содан кейiн бiр айдың iшiнде 9 мыңдай адай үйiнен екi жылға салық бiрден өндiрiлдi. Салық төлеу қиындықтарын пайдаланған орыс саудагерлерi қазақ шаруаларының жылқыларын 1 сом 60 тиыннан сатып алды. Сөйтiп, 60 мың сомнан астам салық жиналды, үкiмет шығынын өтеу үшiн деп 90 мың қой қоса алынды. Дегенмен, халық қаһрынан сескенген патша үкіметі көтерiлiске қатысқан халыққа кейбір жеңілдіктер беруге мәжбір болды. Жазаланғандардан басқа көтерiлiсшiлерге кешiрiм берiлдi. Әрі би, әрі батыр Исаның ел ішіндегі зор беделін ескеріп оны болыс етіп жіберді. “Ережеге” бiрсыпыра өзгерiстер енгiзiлдi (салығын ақшамен емес, малмен өтеуге, жайылымдарды пайдалануға рұқсат етiлдi, т. б.). 1870 жылғы “Маңғыстау көтерiлiсi” отаршылық езгiге қарсы, әсiресе, салықтың өркендеп өсуiне, орынсыз еселеп салықтар салуға, жайылымдарды пайдалануға шек қоюға қарсы шыққан жергiлiктi және стихиялық шаруалар көтерiлiсi болды. Үстіміздегі жылы облыс әкімшілігі мен облыстық маслихат, облыс әкімшілігі жанындағы ардагерлер Кеңесі «Маңғыстау көтерілісінің» 140 жылдығын лайықты атап өтуді белгілеп отыр. Осы кезде бүкіл Маңғыстаулықтардың көптен бері ойында жүрген бір үлкен іс шешілмек. Исатай мен Махамбетті бір-бірінен айыруға болмайтын болса, Исаны да Досаннан ажырату әділдік болмайды деген қорытындыға келген аталған органдар ФортШевченко қаласындағы бұрындары патшаның, В.И.Лениннің ескерткіштері тұрған тау басына Иса мен Досанның қатар тұрған ат үстіндегі бейнелерін орнату туралы бірлескен шешім қабылдады. Патшалы Ресейдің отаршылдық саясаты салдарынан төзгісіз қысым көрген елінің тұрмыстіршілігін, ары мен намысын қорғап атқа мінген кескекті ер, айырықша батыр тұлғалар Иса мен Досанның өшпес бейнелері мәңгі сақтала беретін болады.

АТЛАНТТЫҢ АР ЖАҒЫНДА... немесе Америка әсерлері

Америка Құрама Штаттарының Техас штатындағы ФортУорт қаласы полиция бастығының орынбасары Дэвид Л. Рейган 1994-ші жылдың 4-ші ақпанында облыс әкімі Л. К. Қиынов мырзаның атына хат жолдап, онда біздің облыстың делегациясын қарсы алуға дайын екендіктері айтылған. Бұл шақыру ол қаланың полиция қызметкерлерінің (46 адам) өткен жылдың сәуір айында Ақтауға келіп-кетулеріне байланысты кезекті шақырулары еді. Мәселеекі елдің қоғамдық тәртіпті қорғау орындарының жұмыстарынан тәжірибе алмасу болатын. Өткен жылы атышулы елден полиция қызметкерлері келген кезде қонақтарды қарсы алу, оларға өндіріс, облыстың ішкі істер басқармасына қарасты орындарды кеңінен аралатуды ұйымдастыру жұмыстарына сол кезде облыстық Кеңес төрағасының орынбасары болып істеп жүрген менің де белгілі дәрежеде араласым болған. Облыстық ішкі істер басқармасы ұйымдастырған облыс, қала, аудандар ішкі істер органдарының теңіз жағалауындағы демалыс орны- «Алтын құмда» киіз үйлер тігіп, барлық салтанатпен өткізген Наурыз тойына осы қонақтар тегістей шақырылған еді.Ұлы мерекемізді шетелдіктер көрсін деп бұл мекемелердегі Наурыз тойын әдейі кеш өткізген едік. Меймандармен таныстығымыз осы тойда басталған. Қонақтардың ішінде Даллас қаласы губернаторының өкілі Л. А. Петерсон мырза да келген еді. Сонымен, Америкаға біздің облыс атынан 13 кісі баратын болып белгілендік те, осыған байланысты құжаттарды дайындаумен айналыстықАлматыдағы тиісті орындардан ұлықсат алу, шет елдік төлқұжат, облыстың алдынала жіберген тізімі бойынша Техастан әрқайсымызға шақыру алу, Москвадан Америкаға баратын және одан Москваға қайтып келетін билет алуміне, осы сияқты жұмыстарды іске асыруға тура келді. Басқарма жігіттері осы жұмыстарды жеделдетіп орындауға атсалысты. Америкаға бару-келу билетін алуды Валерик Авганасович Саркисян деген Америкамен сауда жөнінде байланыс жасап жүрген бизнесмен атқарды. «Сәтті болсын Америка құрлығына сапарларыңыз!» деген ақ тілекпен біздерді Ақтау аэропортынан Маңғыстау азаматтары қой сойып қошаметтеп, үлкен ілтипатпен шығарып салды. Кең пейіл халқымыздың осынау дәстүрі, жарқылдаған жайсаң азаматтардың ақжарқын көңіл, ізгі тілектері үлкен жолдың алдында толқыған көңілге күшқуат қосатындай әсерлі еді. Бағзы өлкенің өзіне ғана тән тентек желі ысқыра гуілдеп, бойға қанат бітіргендей. Қасиетті де киелі атамекен-кәрі Маңғыстау осы қайсарлығымен алыстағы Америкаға сапар шеккен перзенттеріне мәрттік мінез танытқандай маңғаз қалпында артта қала берді.Бұл осы жылдың сәуір айының 9-шы жұлдызы болатын.

  1. Аспан аясында ...Ұшақ «Боинг» тиісті биіктікте ақша, қоңыр бұйра бұлттардың үстімен тербеле ұшып келеді. Бұлттардың үстімен ұшқан кезде өзге ешбір белгі жоқ ніл көк аспанды көріпотырудың өзі де бір ғанибет екен. Осы тамаша аспан асты,бүйрабұлттардың үстімен ұшып келе жатқан маған қазақ, орыс, француз, американ, тағы басқа сан-алуан халықтардың аймақтарындағы жер бедерлері, таутас, өзен-көлдері, орман, далаларыәртүрлі болғанымен де, көк зеңгірі бірбіріне айна қатесіз ұқсас, яғни дәлірек айтқанда аспаны бәріне ортақ-ау деген бір тұңғиық ой келді. Демек, ортақ аспан аясындағы халықтардың мүддесі де бір-барша адамзат бірін-бірі түсінуге, құрметтеуге, бейбіт өмір сүруге тиіс.Осындай ой үстіндегі және көргенбілгендерімді блокнотыма түсіріп отырған маған Москваның Шереметьево-2 аэропортынан шыққаннан кейін 3 сағат 45 минут өткенде айтулы Франция еліне, Оноре Де Бальзак, Стендальдің, Мопассан мен Гюгоның Отанына, осы елдің бұрынғы президенті Шарль Де Голь атындағы аэропортқа келіп қонғанымызға онша көп уақыт өтпегендей болып көрінді.Бұл аэропорт бұған дейін біз көріп жүргендеріміздің бірдебіріне ұқсамайтын ерекше әдемі екен. Мүнда шаң, лас атаулыны көрмейсің. Асфальтсыз жерлерінің бәріне аласа көк шөп шыққан, ауа райы жылы. Ұшақтан түскенде жермен жүрмейсің, бірден жанжағы сынбайтын шынымен қоршалған терраса арқылы бақылаудан өту, тіркелу орнына келдік. Осы жерде тиісті құжаттарын алғаннан кейін( билетке белгі соғуды айтамынбұның өзі де біршама жұмыс екен, компьютр мен жұмыс жасап отырғанның өзінде екі кісі 13 адамның билеттерін тіркеп беру үшін бір сағаттай уақыт алдырды) бұрынғыға жалғас келесі терраса арқылы Америкаға ұшатын аэробусА- 340 алып әуе лайнеріне отырдық. Ұшақта екі орындықтан үш қатар креслолар қойылған бірнеше салон бар екен. Біздер –бес кісі осылардың ортасындағы жайлы салонға жайғастық. Салондарға орналасу аэропортта тіркелу кезінде билеттерге орын қойып беруге байланысты болды. Біздер ұшаққа отырғаннан кейін көп кідірмей-ақ музыка тыңдайтын құлаққа ілгіш аппарат, тіс жуғыш, сқал алатын құрал, алыс жолда аяқты шаршатпау үшін туфлиді шешіп қойып, киіп отыратн екі носки,қол сүртетін, бет сүртетін салфеткалар, иіссу, т. б. бірнеше уақ заттар әклінді. Сонымен бірге су-шырын, арақ, коньяк түрлері келтіріліп жатты. Көп кідірмей-ақ тағамды да әкеліп үлгерді. Олар мыналар еді:кішкене булка, қақпағын жауып әкелген ыдыстағы ыссы қызыл балық, жеміс, овощь түрлері, шай, сыра, таза су, тәтті нан сияқты түрлі-түрлі тағамдар. Міне, осы кездетамақтанып болғанымызда Парижден шыққанымызға 3 сағат болған еді. Аэробус Атлант мұхиты үстімен 240 адамды бортына сиғызып, ертегілердегі алып құстай теңіз бетінен 11 мың метрдей биіктікте зулап ұшып келеді. Өмірімізде осындай оқиға боладымен Атлант мұхитын көктей өтіп, арғы жарты шарда орналасқан Америкада боламын деп ойлаппын ба? Өмірде бәрінде көре бересің деген, міне, осы. Бүл

ойды менімен сапарлас болып келе жатқан жолдастардың бәрі де айтып, тағдырдың осы бір сиына ризашылықтарын білдіруде. Бұл, сөз жоқ, халқымызға ықылым заманнан-ақ қастерлі саналған тәуелсіздік көк байрағының майда самалмен еркін желбіреуінің нәтижесінде мүмкін болып отырған айырықша бақыт еді. Сағынтып, сарылтып жеткен сол бір азаттықтың бақыт құсын аялы алақанымыздан ұшырып алмай, сеніммен ұстай білейік, ол үшін ләйім де алдыңғы қатарлы өркениетті елдер деңгейінде бола біліп, ауыз бірлік пен ынтымақтастықты жоғалтпайық, құрметті халқым, деп толғанасың іштей. Орындық қасында әрбір жолаушы қалаған киносын көретін 11 каналдан тұратын ұзындығы 10, тігі 8 см. болатындай кішкене экран тұрды. Біздің Парижде отырған ұшағымыз Мехикоға(Мексиканың астанасы) баруы керек, жолда Хьюстонға қонбақ. Осыған байланысты біздер Хьюстоннан түсіп, Даллас қаласына басқа ұшақпен баратын болдық. Біздер Хьюстонға келгенше талай киноны көріп тамашаладық. Алдымызда биіктеу орнатылған экран бетінен ұшақтың суреті, оның ұшып келе жатқан әуедегі жолыПариж, Лондон, Копенгаген, Рекьявик, Атлант мұхитының Америка жағалаулары қызыл сызықпен бойлай көрсетіліп отырылды. Осы ұзақ ұшу кезінде ұшақ биіктігі, жылдамдығының өзгеруіне сәйкес сырттағы температураның да жиі өзгеріп отыратынына назар аудардым. Кейде ұшақтың 838 шақырым сағат жылдамдықпен 11300 м. биіктікте ұшқаны, сырттағы температураның минус 56 градус болғаны экраннан көрінсе, кейде ұшақ сол биіктікте, сол жылдамдықпен ұшып келе жатса да сырттағы температура өзгеше болып отырады екен. Бір қызығыкешегі түн өткеннен кейін сағат Москва уақытымен түнгі 12 болғанына қарамастан, ұшақ ішінде ешбір қараңғылық болған жоқ, бойлай да түс, түсқайта кезіндегідей күн көзі жарқырап, нұр сәулесін шашып тұрды. Ал менің сағатым 12-ші сәуірді көрсетіп тұр, өйткені Ақтау бойынша түнгі 2 сағат қой ал бұл жақта жаңағы айтқандай, түс мезгілінің шамасы. Экранға қарағанда біздің Парижден ұшып шыққанымызға 10 сағат болыпты, әлде де біраз ұшатын ретіміз бар. Қанша жайлы салон дегенмен де бойлай бір орында отыру жартылай жатып қалғу шаршатады екен. Әйткенмен де құс болып қалықтаған қиалкөңіл тыншу таптырар емес. Көп ұзамай-ақ мынау жалпақ әлемді өз аузына қаратқан, байлығы тасып, мейманасы асқан әйдік Американың өзіне табан тірейтіндігімізге әлде де болса біртүрлі сене алмай келе жатқандаймыз. Иә, Аллатағала, жолымызды оңғарсын, киелі өлкеміздің әулиеәмбиелері қолдап жүрсін деген тілек бар жүрек түкпірінде.

  1. Күншуақты кездесулер Хьюстонда біздерді арнайы шақырған адамдар-Дэвид Рейган, Энн Бавариян, ФортУорт қаласының басқа да полисмендері құшақ жая қарсы алды. Сондай-ақ, Хьюстаннан сағат жарым ұшып, Далласқа келгенімізде осы қалада тұратын «Орикс Энерджи компаниесінің» Жаңа аудандар бойынша Кеңесшісі Меңдеш Салықов та аэропорт басында күтіп алды. Өзіміздің іскер-

басшы азаматымыз АҚШ-та Маңғыстаудан келген делегацияны ертегі елінің полиция қызметкерлерімен бірге қарсы алады, ағылшын тілінде мүдірместен сөйлеп, біздерге тәржімашы болады деп кім ойлаған? Бұнда да күтіп алушылар өте жоғары ілтипат көрсетіп, әрқайсымызбен бейне бір сағынып қалған туыстардай күле сөйлеп, шын ниеткөңілмен көрісіп жатты. Хьюстон, Даллас қалалары аэропорттарының тазалығы, жолаушыға деген қамқорлық кісі таңқалғандай.Әсіресе, Даллас қаласы аэропортының аумағы Алматы, тіпті Шереметьево-2 аэропорттарынан бесалты еседей үлкендігіне қарамастан, мұнда ешбір дабыршусыз(біздерде табиғи құбылыс болып табылатын) жолаушылардың да, оларға қызмет көрсетушілердің де тарапынан тиісті жұмыстың бітіп жатқаны айтуға тұрарлық. Күтіп алушылар біздерді алдымен Даллас қаласынан оңтүстікке қарай 40-50 шақырым жерде тұратын ФортУорт қаласындағы Уортингтон қонақ үйіне орналастырды да содан кейін полицияның өздерінің кең залында дастархан жайып құрмет көрсетті. Сол залдың ішкі жарына «Қош келдіңіздер, Қазақстандық достар»деп ағылшын тілінде жазылыпты. Қала полиция бастығының орынбасары Дэвид Рейган кездесуді ашып, олардың өткен жылғы Ақтауға жасаған сапарларына жауап ретінде келгенімізге көпкөп рахмет айтты. Оның сөзін бізге Меңдеш тәржімалап тұрды. Содан кейін келген делегация атынан сөзмаған берілді. Мен қазақ тілінде сөйледім. Мүмкін, мүмкін емесау, дәл солай, бүрынды-соңды Америка елінде, үлкен залға жиналған Американдықтар арасында қазақша үн естіліп,сөз айтылуы бірінші рет десем артық болмас. Бізбен бірге тәржімашы(ағылшын тілін жетік білетін) қазақ қызы Римма Баймұқанованың болуы арқасында менің өз ана тілімде сөйлеуіме мүмкіндік туды. Осы ретте бір өте маңыз бере айта кететін жәйт, еліміздің тұғырын биік ұстап, озық елдер көшіне ілесеміз десек, жас ұрпаққа шетел тілдерін, оның ішінде бірінші кезекте ағылшын тілін меңгертуге баса көңіл бөлгеніміз жөн. Сонда біз сыртқы дүниемен саяси – қоғамдық, мәдени, кәсіпкерлік қарымқатынастарда кедергілерге ұрынбай, ілгері қарай аршынды да нық қадаммен басуға мүмкіндік аламыз. Мен сөйлеген кезімде Америка елімен, соның ішінде осы қаланың полиция қызметкерлерімен байланыс жасау тек қана Қазақстан Республикасының дербестік алғанының, өз алдына тәуелсіз мемлекет болғанының арқасы, сондай-ақ, жас республикамыздың әлемге әйгілі АҚШсынды өркениетті мемлекетке кеңінен белгілі бола бастауы, бүкіл дүние жүзі көлемінде үлкен беделге ие болып келе жатқан алғашқы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы елге жасаған ресми сапарының нәтижесі екендігін ашып айттым. Бұрынғы кез болса, сөз жоқ, мұнда келу түгілі барамын деп ойлаудың өзі де үлкен күпірлік болып бағаланар еді. Мысал келтірер болсам, мен 1986-шы жылы ССРО журналистер Одағының мүшесі ретінде Англияға баратын журналистер құрамында бола тұрсам

да,аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болуыма байланысты Москва өткізбей қойды деген хабар келген еді. Тамақтанып болғаннан кейін біздер жоғарыда айтылған Уортингтон қонақ үйіне келіп демалдық. Қонақ үйінің, оның бөлмелерінің ішкі жабдықталу, әсемдік сипатын айтып жеткізу өте қиын. Бұнда қойылған дүниемүліктің барлығы да жеткіліктілікті, молшылықты көрсетіп тұрғандай. Форт-Уорт қаласының көшелері де таптаза, автомашиналар бойлай бір бағытта зулайды, қарсы келе жатқаны жоқ. Екі бағыттағы автомашиналар қозғалысының арасы бөгетпен бөлінген. Демек, бұл елде жол оқиғасы аз болады деген сөз. Машиналар кейде 3-4 көпір(бірінің үстіне бірі салынған) арқылы өтеді, ең жоғарғы көпір үстіне ұшақтар қона береді, көрмеген кісіге бұл да бір ғажап дүние.

  1. Полиция қызметімен танысу

Біздер Уортингтон мейманханасында жайлы демалып тұрғаннан кейін Форт –Уорт қаласының полиция бөлімін араладық. Олар бізді өздерінің қызмет қүрылымымен, қылмыскерлерді ұстаудың әртүрлі әдістерімен таныстырды. Әрине, біздегімен салыстырғанда бұнда өзгешеліктер көп екен. «Басты қылмыс не ?» деген сұрағымызға олар «ұрлық » деп жауап берді. Сонда байлыққа белшеден батқан Америкада ұрлыққарлық көп болса, бұндағы өмірдің де қайшылықтары аз емес болғаныау деген ойға келдік. Түстік ішкеннен кейін ату алаңында болып, бірнеше пистолет, автоматпен атуға қатыстық. Әсіресе, автоматпен ату адамға жеңіл және ыңғайлы екен. Пистолеттің үш түрінен аттық. Бұл қалада 460 мың халық бар екен , оларға 1200 полицай қызмет ететін болып шықты. Полиция қарамағында әртүрлі маркалы 500 автомашина, 2 тікұшақ бар екен. Қызметкерлердің айлық жалақысы 4500 доллар, ең төменгі жалақы 2000 доллар шамасы. Техникалық жағынан жабдықталуы біздегіден әлде қайда жоғары екендігі осы цифрлардан айқын көрінеді. Осындай делегацияныңоблыстық ішкі істер басқарасы қызметкерлерінің Америкаға тәжірибе алмастыру сапарымен келуі Қазастан республикасы бойынша бірінші рет болып отырғандықтан да бүл жақтыңТехас штатының тиісті орындары, біздерді шақырған қала басшылары да бұл кездесулерге үлкен мән бергендіктері байқалып тұрды. Біздерді қарсы алу, кездесулер, пікір алысулар теледидардан тұрақты көрсетіліп, хабар беріліп тұрды, газеттерге мақалалар жазылды. Келесі күні қаланың түрме жайымен таныстық. Түрме 3800 адамға арналған, бірақ та мұнда 5000 адам қамауда көрінеді. Шерифтің (түрме батығы) таныстыруы бойынша оның қарамағында 1400 қызметкер бар екен.Техас штатындағы 38 қалада қылмыс жасап, сотталғанжыл кесілген адамдарды осында қамай береді екен. Қамауда отырғандардың дені қара нәсілділер. Полицейлердің жұмыс орындары, түрме іші толықтай техникаландарылғанкомпьютер, басқару пульті(әр бір бөлме, әр қабаттағы жағдай пультте

көрініп отырды да, бөлмеден бөлмеге өту осы пульттегі кнопкаларды басу арқылы іске асырылады) мүлтіксіз істеп тұр. Түрме іші өте таза,тұтқын адам отыратын камераларда түрлі түсті теледидарлар қойылған, телефондары да бар(камера ішітіпті жеке адам отыратын камераларға дейін телефон далған). Жататын жерлері нар екен де,үстіне матрац тасталған, жастықсыз ұйықтап жатқандарын да көрдік(бірінің үстіне бірі қойылған нарларды көрмедік). Шерифтің кабинетінде делегация атынан мен сөйледім мұнда орысша айтқан сөзімді тәржімашы өз қызметкері(бір кезде Ленинградтан кеткен еврей әйелі екен) аударып тұрды. Сөзімде жақсы қарсы алғандарына алғысымды білдірдім.Жалпы орган қызметімен танысу барысында, кездесулер мен банкеттерде сөйлеген сөздерінде Майдан Молдақашұлы біздің ішкі істер басқармасында атқарылып жатқан ісшараларды өткен жылы келгеніңізде Сіздерде де қолданып көруге болатынын айтқан едіңіздер. Енді, міне, Сіздерден де көп нәрсені үйренуге, оны іс жүзіне аыруға болатынын көріп отырмыз. Демек, тәжірибе алмасу екі жаққа да пайдасын тигізері сөзсіздеген тұжырымды пікірлер айтты. Түсқайта байланыс бөлімінде болдық. Бұл да толықтай техника тіліне көшкен : полиция, медицина өрт сөндіру командасы, жапа шеккендерді құтқарубарлығы бір орталықтан басқарылып отыр. Бұл кәдімгі бізде теледидардан көрсетіліп жүрген 9-1-1деген американдық қызмет жүйесі. Оның оперативтік түрдегі қызмет үлгісі кім-кімді де таң қалдырмай қоймайды. Біздің жігіттердің бір қатары патрульге қатысты. Ал біздер байланыс үйіндегі басқару тетіктерінің – компьютерлерінің қалай жұмыс істейтіндігімен таныстық.

  1. Энн Бавариян ханымның дастархан мезірі және бизнес туралы.

Сол күннің кешіне Энн Бавариянханым қонаққа шақырған еді. Ол Ақтаудағы В.Г.Саркисян екеуі бірігіп бір жеке

өндіріс орнынКаспиинтертрид сервис-халықаралық сауда орнын ашып отырған кісі. Ол Даллас қаласында тұрады екен, жарты сағаттың үстінде жол жүріп сонда жеттік. Оның өзінің жеке апартеиді бар екен, жерден салынған бір қабатты , бірнеше бөлмелі үй. Энн Бавариян бізден басқа да 7-8 бизнесменді шақырыпты. Бұлардан басқа да көп адам жиналды, алдымен арақ, сыра түрлері ұсынылды (үйінің ауласындағы әдейі қойылған орындықтарға отырдық, өз дәстүрлері бойынша қолдарында ішіне мұз салынған суы, не сырасы бар бір-бір бокалдан ұстаған қонақтар өзара көбіне түрегеліп жүріп сөйлеседі, мәселе шешеді екен.) Біздер бір-екі стақан сыра іштік. Дастархан үстінде алғашында тек жеміс-жидек түрлері болды, содан кейін тауық еті келді. Тамақ арасында жаңағы айтқандай тұрып жүріп сөйлесу, пікір алысу, суретке түсу, т.б. мәнді шаралар жалғасын тауып жатты. Біраздан кейін үй иесімен біріккен жеке кәсіпорын ұйымдастырып жүрген В.Г.Саркисян да келіп жетті. Содан кейін итальян асы тартылды: овощтан жасалған тағамқоспа, салат, еттен жасалған тағамбәрі де дәмді екен.

Бұдан кейін бизнесмендермен бірге қысқаша брифинг өткізілді. Олардың атынан құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты бірнеше сұрақтарды ағылшын тіліндеЭнн ханым (өте кішіпейіл, бойлай күліп жүретін, ілтипатты және нағыз іскер әйел екен) оқып, өздері шақырған тәржімашы аударып отырды. Қойылған мұрақтардың ең бастылары : «Сіздердегі ең көп болатын қылмыс қандай, біздің бизнесмендер сіздің елмен қандай ма болмасын байланыс жасаса, олардың қауыпсыздығы қамтамасыз етіле ме?», тағы басқа өмірлік мәселелер болды.Бұл сұрақтарға М. Аманжолов тиісті жауап беріп отырды.Бұл кешке бірқатар бизнесмендердің жиналуларына, қойылған сұрақтардың төркініне қарағанда олардың біздің республикамыздың саясаты, бағыты тұрақты болғандықтан, осындай елдің өндіріс, сауда орындарымен көбірек байланыс жасауға ынталы екендіктері айқындала түсті. Сондай-ақ, олар аз сөйлеп, көп іс бітіруді, ең бастысысөзінде тұруды қатты бағалайды екен.Америка бизнесмендері өз мүдделерін көздей отырып,елінің де мүддесін қорғайды. Оларда ұлттық деген ұғым «Америка елі» деген ұғыммен сәйкес келеді, олар әр кез өздерін біздер американдықтармыз деп атайды.

5.Зауыттарды аралағанда Келесі сапарды радиотехникаларын жасайтын «Моторола» зауытына барудан бастадық. Мұнда біздерді «Қош келдіңіздер, қазақстандық достар!»деген әдемі ұран жазып қойған стенд алдында өте жылы қабылдады. Зауыт жайымен бас инженердің орынбасары бір индиялық мұсылман жігіт(Мұстапа деген) таныстырды.Бүдан кейін зауыттың цехтарын араладық. Бұрынғы көргендеріміз сияқты мұнда да барлық цех іштері айнадай таза, жұмсақ материалдан жасалған едені кісінің суреті көрінердей жалтырап тұр. Американың біз көрген өндіріс орындарының барлығында да жұмыс орны жеткілікті кең жасалып,пайдаланылмай тұрған кең алаңдар(біздің елімізде ондай кең, бос тұрған орындарды кім көрген?), кең дәліздер адамға бір молшылықты өзінен өзі ұғындырып тұрғандай әсер қалдырады. Бұл бос кеңістіктер қызметкерлердің денсаулығына қамқорлық жасауға арналған , бос кеңістік мол болған жерде таза ауа да мол болады емес пе. Өндіріс орындары, қызметкерлер жұмыс жасайтын орындарда есігі бар бөлек бөлме болмайды, бөлмелер бір-бірінен шағын қалқалармен бөліне салған. Еңбек адамдарының арасында қаратүсті нәсілдер көп (бұрын болған жерлерімізде де солай еді). Олар негізгі американдықтармен бірге үлкендікішілі жауапты жұмыстар атқарып жүр. Ал қара жұмыспен айналысатын адамдардың 80-90 пайызы қара түсті халықтар деп айтуға болады. Мәселен, біз көрген асфальт салу (мұнда әуелі арматура жүргізіп, асфальтті содан кейін құяды екен-бұл асфальтты ұзақ мерзім пайдалануға мүмкіндік береді ), көше тазалау, күл қоқыс тиеу, түрмеде жалдамалы қызмет жасау, т. б. жерлерде осындай жұмыс жасап жүргендердің басым көлшілігі осылар болды. Бұл зауыттан шыққаннан кейін, Америкадағы ең ірі соғыс және шаруашылық, өндіріс және транспортқай саланың барлығы үшін де тікұшақ

жасайтын зауытқа келдік. Мұнда да кең пейілмен, қүшақ жая қарсы алған салуалы кісілер біздерді зауыт жайынан хабардар етті. Зауыт ерте кезден жұмыс жасайды екен. Мұнда тікұшақтың 140 түрі пайдалану ыңғайына, тапсырма берушілердің талаптарына сәкес түрлі өзгерістерімен жасалатын көрінеді. Өткен екінші дұниежүзілік соғыс кезінде бір күнде 150 тікұшақ шығарылып тұрған. Ал кәзір үлкендерінен 2, кішілерінен 8барлығы оншақты тікұшақ өмірге келетін көрінеді. Соғыс жылдарында осы зауыттан шыққан тікұшақ саны барлық дүнижүзі елдері шығарған тікұшақ санымен тең келген болса, кәзір тек Еуропа елдері шығарғандай ғана мөлшерде екен( ТМД елдерінің мәліметінсіз). Соғыс жоқ, сатып алушы көп емесдеп әзілге шаптыра ішкі сырын аңғартқандай болды осы зауытпен таныстырып жүрген жауапты қызметкер. Әрине, оның арғы ойы белгілі болып тұр-тікұшақтар сату арқылы байыған үстіне баий түсуді көздейтін тәрізді. Мүмкін, Американдықтардың өз жерінде соңғы 200 жылдан аса мерзім ішінде оқдәрі иісі мұрындарына жарытымды бармағаны да, олардың соғыс болып жатқан аймақтардағы қасіретті көз алдына нақты елестете, жандүниелерімен ұғына алмауларына, жете сезінбеулеріне әкеліп соқтыратын болар деген ойға келесің. Тегінде, қара жердің бетінде «соғыс» деген жан шошырлықтай сөз мүлде естілмей, барша адамзаттың жарасымды достықта, ізгілік пен өркениет жолымен болашақ ғасырларға қадам басқанына не жетсін! Аталған зауытта 7000 адам жұмыс істейтін көрінеді. Бұл зауыттан соғыс жағдайына арналған лушкалы «Кобра» деген үлкен тікұшақты(екі деңгейліжоғарғысында ұшқыш отырады да, төменгісінде атушы отырады), орташа, кіші тікұшақтарды да көрдік. Мұнайлы аймақтарды игеруге арналған тікұшақтың схемасымен таныстық. Бір айта кететін жәй, осында Түрікменстан Республикасының сұрауы бойынша сол елдің Президенті С. Ниязовқа арнап сыртынан оқ өтпейтін материалдан әдемі етіп жасалған , іші отыруға, жұмыс жасауға ыңғайлы тікұшақты дайындап қойған екен. Былай ша айтқанда, « көркіне көз тоймайтын» -өте жақсы ойластырылған дүние(Ішінде радио, телефон, теледидар, т. б. –қажеттердің бәрі де бар). Біздің көршіміз Түрікмен елінің осы секілді кең мүмкіндікке қол жеткізіп жатуы туысқан республиканың да өз алдына тәуелсіз ел болғандығының арқасында екендігін бағамдау қиын емес.

  1. Ғажап десе, ғажап Түстен кейін осы Форт(қамал дегенді білдіреді) Уорт(кісі аты-осы жерді иемденіп, үйлер салып байыған адам)қаласының сурет және мүсін жайынан сөз шертетін (ерте кездегі тарихты баяндайтын – ковбойлар мен үндістердің соғысы, т. б.) мүражайына бардық. Одан алған әсеріміз айырықша.

Бәрінен де кино көруге барғанымыз бір ғажап дерлік. Біздерді бір өте кең залдағы амфитеатр орындықтары сияқты дөңгелене орналасқан орындарға жайғастырды. Орындықтары жоғарғы отырған кісі төменгі кісінің тура төбесін көргендей тікшіл жасалған. Көрсеткен орындарына орналасып бола бергеніміз сол еді, бір уақытта тәржімашы: «Кәзір кино басталады, жүректеріңіз қобалжып, бас айналатын жағдай болса көздеріңізді жұмарсыздар, сонда әлгі күйлеріңізден айрыласыздар»- деді. Біздер бастапқыда бұл не сөз екенін түсіне алмағандықтан дымымыз ішімізде сілтідей тыны отырмыз. Жалпы кинотеатрдың ішіне кірген кезіміздегі көріністің өзі де біртүрлі түсініксіздеу болды. Төбесі зәулім биік, айнымаған біздің түндіксіз шаңырақтай да, одан тұманды күнгі аспан бұғалдырланып көрініп тұрғандай еді. Артынан байқасақ сол бұғалдыр дүние алып экран екен. Содан не керек, ағылшын тілінде сөздер айтылып, экранға жазулар түстібңздер оны түсіне алмадық, кино басталды да кетті... Жоқ, жоқ, кино басталған жоқ-ау, бізбүкіл залда отырған адамдар ірі-ірі үйлердің, биік-биік тау-тас, терең құздардың үстімен «тікұшаққа» отырып, көз ілеспес жылдамдықпен ұша жөнелгендей болдық. Бұл кезде отырған орнымыз ілгері қарай еңкейіп, жаңағы бізден төмен отырған адамдардың үстіне құлап кетердей( олай емес-ау, дұрысында ол адамдартіпті залдағы барлық адамдар саған көрінбейді де), сенің «тікұшағың» әлгі биіктерге соғылып қалардай, не құзға құлап кетердей әсер қалдырды. Біздер, Майдан Молдақашұлы екеуіміз қатар отырғанбыз, құлап кетпейтінімізді біліп отырсақ та шынымен қауып еткен дей болып, отырғышымызды қаттырақ қысып ұстадық және «япыр-ау мынау қайтеді-ей»күле бердік. Бізден басқаларда дабырлап күлісіп жатты. Ол күлкілерде қауыптеніп, қорқа бастағандарының белгісі еді. Сонымен әлгі «тікұшағымыз» зәулім биік үйлердің үстімен ұшып, тауға да шықты, құзға да құлады(осы кезде мына үйлер мен тауларға соғылып, құзға құлап кетпесек жарар еді деген ой да қашық емес еді), одан да зоры, теңіз астына түсіп,сондағы ғажайып өмірді көруге де мүмкіндік берді (Теңіз астындағы таңғажайып өмір аса үлкейтіліп көрсетілдібалық, көлбақа, жылан, шөп,т. б., бәрі де тірлік үшін күресіп жатты). Сондай-ақ, зулап отырып жер бетіне шыға келгендей болған кезімізде орман іші, далалық, аң-құс түрлері, буйвол, маймыл, жарқанат-бәрін де бірнеше есе үлкейтілген күйінде көріп тамашаладық. Отырған орындығымызбен ара-тұра «ұшып» жүріп, жазық даладағы өмірді, бірде таутас шатқалдарды аралай келе, келесі бір сәтте теңіз түбіне түсіп кеткендей әсерде болып отырдық. Сөйтіп біздер осындай бір таңғажайып киноны көрдік. Адам баласының ақыл-ойы не істемейді десеңші, бұл көріністер, алған әсерлеріміз көпке дейін естен кете қоймас. Кешіне өзен жағасындағы яхтыда болып, тамаша табиғаттың аясында, тыныш жатқан теңіз үстінде ас ішіп, қонақ иелерінің қүрметіне дән риза болдық. Күн сайын кештетіп келіп, ерте тұратындықтан демалуды ойлағанмен бүгінгі көргендерімді жазбауға әсте болмайтын еді-

жалқауланбай қағазға түсірдім. Бірақ, жаңағы кинода көргенімізді тәптештеп, қызықтырақ етіп жазуға уақытым да болмады, тілім де жетпеді.

  1. Чемпионның ранчосында Сәуірдің 5-күні де айта қаларлықтай мазмұнды әрі қызғылықты болып өтті. Ертеңгі асты ертерек тұрып ішкеннен кейін полиция учаскелеріне шығып кеттік. Бұл күні де қайтадан тирге бардық. Тирде “Смит” пен “Виссон” фирмалары шығарған 6 түрлі пистолетпен атып таныстық. Бұл пистолеттер қолға өте жақсы, дәлдеп сығалауға өте ыңғайлы болып шықты. Солардың ішінен пистолеттердің бір үш түрі айрықша әсер қалдырды (лазерлық пистолеттер). Олармен көздегенде қай жерінен атуды стволдың ұшынан қызарып көрінетін сәулені дәлдеу бойынша білесің де, сол сәулені дәл 10-дыққа келтіріп алғаннан кейін атасың. Дәлдікті күшейту, қол дірілін болдырмау үшін қос қолдап ату қолайлырақ екен. Бұл жерден шыққан соң спорттық аттар өсіріп отырған (әрбір аттың құны 14-16 мың доллар), ваплоуда (буйвол) өсіретін американдық фермердің – ковбойдың шаруашылығына бардық (ранчосына - кәдімгі американ, мексикан киноларында көрініп отыратын, аталып отыратын, мысалға “Күң Изаураны” еске түсіріңіз, ранчоның дәл өзі). “Құлақ естігенді көз көреді” деген бабаларымыздың даналық сөзіне қалай қайран қалмасқа! Сол “Күң Изаура” киносын көріп отырып бір кезде осындай ранчоны мен де көремін, осында отырып ас ішіп, аяқ босатамын, атқа мініп ковбой боламын, басқа да қызықтарды – иттердің сиырларды қайырып келіп шарбаққа қамауын көреміз, өзіміз трактор сүйреткен арбамен саяхат шегіп, ранчодағы ковбой қыздың әнін естиміз, т.б. тамашаларға тәнті боламыз деп кім ойлаған? Біздерді 55 жастағы, ат спорты жөніндегі жарыста үш дүркін дүние жүзінің чемпионы болған атақты ковбой – Билли Боб (ысқаяқ келген, өте тез сөйлеп, тез жүретін, шашы толықтай ағарып кеткен ақсары кісі) жылы қарсы алып, ранчосын таныстырды. Жері өте жақсы (аздап жел тұрып мазалағаны болмаса), өскен ағаш, көкпеңбек айнала – Көкшетау мен Алматыны еске салып, ұқсастық танытады. Бұл фермердің әкесі де, атасы да өзі сияқты фермер болған екен, енді бұл да ранчо билігін ұлына бергісі келеді. Шаруашалығы – ат, буйвол, сиыр – олардың өнімдерін сатып, өз күндерін көрулеріне толығымен жететіндігі айқын аңғарылады. Оның қарауында 4-5 қарапайым ковбойлар – мал бақташылары бар. Тұрмыстары жақсы, қала басында да, ранчосында да үйлері бар. Осы жерде мен бір сәтке өткен күндерге, сонау балалық шағыма ойша көз жүгіртіп өтүге мәжбүр болғандаймын. Сегізінші сыныпты тәмамдап, тоғызыншыға көшкен 1949 жылдан бері ешқашанда атқа мінбеген екенмін. Бала кезімізде талай өзіміз (Қонысбаев Қойшы екеуміз, ол қазір Қарақия ауданында оқытушы) мектепке мініп баратын көлігіміз – тайларды жазғытұры жуасытып алатынбыз. Және де мен Уәлі жерінде отырғанымызда (1947-1949 ж.) жаз айлары кезінде ауылда ат әкелетін жалғыз бала болдым да (бар болғаны 3 – 4 үй болатын, менен басқа ересек бала жоқ еді),

жолаушылардың жұмсауымен әкелген аттарымның аяқ желін үйге келгенше шауып байқайтын, көптеген той – томалақтарда бәйгіге шабатын едім. Осы жайлар есіме түсіп, тәуекел деп әлгі Билли Боб ұсынған атқа ковбой қалпағын киіп мініп алып жортақтата жөнелгенде аттың жортағының, желісінің қатты екенін байқадым, өзі айрықша ірі, жуас сары ат екен. Сол ат тізгінін еркін меңгеріп шоқырақтай жөнелген Майдан Молдақаш ұлы да, мен де атқа отыру дағдысынан әлі де болса айрыла қоймағанымызға қанағат еттік. Тағы да бір айта кетейін дегенім мынау еді: осы ковбойлардың қаруларында, кейбір киімдерінде, әсіресе, етіктерінің қоныштарында әдемілеп салынған біздің елдегі тәрізді қошқар мүйізді, жарты ай белгісіндегі оюлардың болуы – мен бұған қатты таң қалдым. Бұның өзі бағзы замандарда Аляска құрлығы арқылы Америка жеріне өткен (Америка ашылмастан талайлаған ғасырлар бұрын) үнді тайпалары мәдениетінің көрінісі, демек ою - өрнек о заманнан бүкіл Азия халықтарының ортақ өнері, мәдениеті болған деген пікір ойға оралады. Әрине бұл пікірдің ғылыми дәлелді қажет ететіндігіне талас туғызуға болмайды. Бұл жерде бір қатар қызықтар көрген соң қожайынмен қоштасып жүріп кеттік.

  1. Далласта Бүгін16 сәуірде күндегіден де ерте, таңғы сағат 5.30 – да тұрдық. Өйткені, ертеңгілік ас ішкеннен кейін бұрыннан орналасқан Форт-Уорт қаласынан заттарымызды алып, Даллас қаласына баруға тиіс болдық. Осы қалаға барар жолда бірден Президент Джон Кеннедидің кісі қолынан мерт болған жерін көрдік. Бұдан бұрын да Американың үш Президенті атып өлтірілген екен, олар: 1. Авраам Линкольн (1865 ж.), 2. Джеймс Гарфельд (1881 ж.), 3. Вилиат Маскалей (1901 ж.). Ал Кеннеди өлгеннен кейін оның орнына Президент болып осы Техас штатынан шыққан Вице – Президент Джонсонның (АҚШ Конституциясына сәкес) отырғаны баршаға белгілі. Ашық машинада келе жатқан Дж. Кеннедиді үш оқ шығарып атып өлтірген Х. Освальд деп жария етіле тұрса да, қастандықтың іске асырылу жайында әлі де күмәнді мәселелердің барлығын бұл туралы түсінік берген Роджер Пупарт деген американдық діндар жас жігіт жасыра алмады . Техас Америкадағы ең бай штат.Мұнда мұнай, газ өндіріледі, 4 графствосы(біздегі облыстар іспеттес) бар. Соның бірі – біз болған графствода 38 қала бар. Тек ФортУорт қаласында бір миллиондай, ал Далласта бір жарым миллион халық тұрады. Далласта көптеген банктер орналасқан. Олар бейнелеп айтқанда ақшадан ақша жасайды. Мұнда мықты технологиясы бар компьютерлік технология ерекше дамыған. Сондай-ақ көптеген сақтандыру компаниялары мемлекетке үлкен табыс келтіреді. Даллас аэропорты бір минутта ұшақтар қабылдауы жөнінен дүние жүзінде екінші орын алады.Осы қаладағы әсем де зәулім мұнараға 175 метр көтеріліп, бір сағаттай тамақтанып отырғанымызда бүкіл Даллас қаласын осы биіктіктен түгел көріп шықтық. Өйткені мұнара жайлап

қана өз өсінен сағат тілінің ыңғайына қарай айналып тұрады екен. Осы жерде 1971 жылы біздерҚарлығаш, Айгүл үшеуіміздің бұдан үш есе биіктіктетегі Останкино (528м.) мұнарасынан бүкіл Москваны көргеніміз ойға оралды. Екеуінің де жасалу принциптерінің бір екендігі көрініп тұрды. Даллас мұнарасында қағаз жазып отырғанымжа көз жетер аймақты телекамераға түсіріп жүрген Қалмұрат Саламатұлы Хайдаров маған келіп интервью алып, қай қаланың қандай жерінде отырғанымызды, біздерді американдықтардың қалай қарсы алғаны жөнінде сұраулар қойып, бәріне ризалық сезімдеміз деген жауап алды. Шынында да полиция қызметкерлері біздерді өте жоғары дәрежеде құрметтеумен жүрді. Осы құрметтерінің бір көрінісіполиция ұшқышының бізге сюрприз жасап, вертолетпен мұнараға таяу келіп салют бергендей қозғалыс жасағаны болды. Мұнарадан қарағанда бүкіл қаланың көкжасыл шөпке оранып тұрғаны көзге түседі. Сол көгал жазықтың орталарында сиректеу келген бөлек-бөлек орманды алқаптар да қарауытады. Мен осы мұнара көгінен телефондап , Даллас қаласындағы Маңғыстаулық бизнесмен жігіт Исабаев Рауль мен сөйлестім. Ол Саркисянның тапсыруы бойынша менің телефон шалуымды күтіп отыр екен. Мұны айтып отырған себебім бұл елде телефонмен кодын, телефон номерін білсең болды, кезкелген жердегі қажетті кісіңмен телефон желісіз-ақ сөйлесе береді екенсің. Енді ойласам бұл осы кезде кез-келген баланың қолында жүрген «сотка» деген дүние екен. Мүнара басындағы ресторандағы тамаша отырыстан кейін, Далластағы Хай Ридженси қонақ үйіне келіп орналастық. Осы күні кешкісін біздің делегацияның құрметіне ұйымдастырылған банкетке американдықтар жағынан 70-80 дей адам жиналды. Оладың ішінде Америка Конгресіне Техас штатынан сенатор Майк Монкриф, аудан судьясы Шарон Вилсон, Хайлэнд парк қаласы полициясының шефі Дэрел Фэнд, Даллас қаласы полициясының шефі Бен Клик, Кэролтон қаласы полиция басқармасының шефі Монте Стэнли, тағы да басқа қалалар және полицтя органдарының басшылары болды. Банкетке Меңдеш Салықов та зайыбымен қатысты. Банкетті қысөаша сөбен шеф орынбасары Д. Рейган ашты да, сөзді сенатор Майк Монкрифт мырзаға берді.Ол өз сөзінде біздің келгенімізге қуанатынын, өткен жылы Ақтауда болғандардың жақсы хабар әкелгенін, әлі де өзара байланыстар бола бергенін қалайтынын айта келіп, « мен енді көп кідірмей кетемін, ұлым үйленіп жатыр, бүгін сенбі күн, бара алмасам үйдегілер мені дарға асады ғой» деп галстугін мойынына орай жоғары көтеріп күліп алды. Отырғандар жағдайды түсінеміз ғой деген ишарат білдіріп көңілді күлкімен бас изесті. Осы банкетте Майдан Молдақашұлының ұсынысы бойыншаоблыс делегациясының атынан ен сөйледім. АҚШ сенаторы қатысып отырған банкетте орыс тілінде айтқан менің сөзімнің ұзын-ырғағы төмендегідей: біздерді келгенімізден бері құшақ жайып қарсы алып жатқандарыңызға, әсіресе, Дэвид Рейган, герман Лапин мырзалардың, Энн Бавариан ханымдардың біздің сапарымызды тамаша етіп,ұйымдастырғанына үлкен

рахмет айтамын. Сенатор мырза және осында отырған американдық достар біздің сіздерге деген жалынды сәлемімізді, еліміз сәлемін қарсы алуларыңызды сұраймыз. Біздер, жасыратыны жоқ, АҚШқа келуге өте қызыққан едік, бауырластық сезіммен сіздің елді аралап, полиция жұмысым ен танысып жүрміз. Өзара шын мәніндегі достығымыз өткен жылдың мамыр айында осы Техас штатының полиция қызметкерлері Ақтауға келіп, біздің осы сала қызметкерлерінің жұмысымен танысуларынан басталған болатын. Жақында ғана біздің тәуелсіз мемілекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың АҚШ Президенті Билл Клитонның шақыруымен осында келуімен екі ел арасында мемлекетаралық, адамдар аралық қатынас және байланыс көпірі тұрғызылды. Президенттеріміз түрғызған осы достық көпірінің бұдан былайда берік болып, сыйластығымыздың арта беруіне екі ел арасындағы тәжірибе алмасу мақсатындағы кездесулердің оң ықпал етеріне күмән жоқ. Мен сөйлеп тұрған кезде менен көзін айырмай отырған сенатор Майк Монкрифт мырза бірнеше рет басын изеп қоштап, риза болған ыңғай көрсетіп отырды. Сөзімді аяқтаған кезімде сенатор маған қошаметпен қарап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа келгенін жақсы білемін, ол беделді Президент, сындарлы саясаткер –деп қолымды алды. Майдан Молдақашұлы сенаторға жақсы шапан жауып, тақия кигізді. Оған сенатор өте мәз болды. Бүкіл отырыс бойына бірнеше тосттілектер айтылып, өзара естелік сувенирлер ұсыныстық. Біздің тарапымыздан бірнеше қызметкерлерге шапан кигізілді, тақиялар берілді кітап, домбыра, сувениройыншықтар, т. б. бүйымдар тарту етілді.Реті келгенде айта кетейін, делегацияның сондағы жұмысын, кездесулерді камераға түсіруде Қалмұрат Саламатұлы мен Наурызбай Бисенұлы, ал ішкі шаруашылық, жүрістұрыс, кездесу кездерінде сый кісілерге(аммерикандықтарға) алып барған сувенирлерді ұтырын тауып ұсынып, оларды риза етуде Кәрім Бердешұлы шеберлік танытып жүрді. Америка елінде АҚШ сенаторы қатысқан банкетте сөйлеуімсондай мүмкіндіктің тууы, өмірімде ұмытылмайтын үлкен із қалдырған сәттердің бірі болды деп білемін.Бұның да түпкі негізі Қазақстан мемілекетінің тәуелсіздікке қол жеткізіп, өзінің аспан түстес көгілдір байрағын еркін желбірете көтеруінің арқасы еді.

9.Байлар мен жарлылар Сәуірдің 17-сінде АҚШ жайын тереңірек білу үшін ертеңгі асты ішкеннен кейін қаланың байлар және жарлылар тұратын бөліктерін араладық(бұл саяхатты полицейлердің өздері ұсынды). Байлардың аты байлар емес пе, олардың несін айтайынтұратын үйлері қызыл ,басқа да түстермен боялған кірпіштерден қаланып, әдеміленген, өрнектелген, көпшілігі бір қабатты, шатырлы биік үйлер. Бай адамдар арасында қымбат үйлер салу бәсеке. Бұл үйлерде адамға қажетті жәйлардың бәрібар, бәрі

ескерілген. Кейбір үйлердің құны миллион доллардан асады. Құны 6 миллион доллар тұратын, айналасы биік шарбақпен қоршалған әсем үйде бір атақты мллиардер тұратыны сөз болды.Ал жарлылардың үйлері болса сылағы түскен тозық, көшелері ластау көрінеді, жергілікті үкіметтің қайсы бір осындай тозығы жеткен үйлерді құлатып жатқанын көрдік. Ең бір қайыршылық өмір сүретін негірлердің кейбір бөлігінің күйі өте нашар екенін көре қалдық. Олар үйсіз-күйсіз көпірлер астында, сыгандардың тобыры сияқты топтоп болып өмір сүретін көрінеді. Бұл қалай жүріс деген сұрақтарымызға жұмыс жоқтықтан деген жауап алдық. Шамасы, көбінің сауаты, мамандығы жоқ болғандықтан жұмыс та табылмайтын көрінеді. Ақ түсті американдықтар оларды жұмыс жасағысы келмейтін жалқаулар деп түсіндіреді. Тамақты оларға әртүрлі мекемелер, қайырымдылық қоғамдары машинамен тәулігіне үш рет әкеліп беретін көрінеді. Қайыр сұраушыларға ешкім ештеме бермейтін көрінеді. Олар әртүрлі жәшік, мешок, басқа да лақтырылып тасталған заттармен айналаларын қоршап пана етіп алып , солардың ішінде жатып өмір сүруде. Біздер осылайша күн кешіп,өмір сүріп жүрген бір топ адамдармен сөйлесіп сұрақтар қойдық. Неге жұмыс жасамайсыз, мамандығыңыз, жалпы сауатыңыз бар ма?- деген менің сұрағыма әлгі лашықта отырған бір ер адам тілмаш арқылы біздер істейтін жұмыс жоқ, өзім сауатсызбын деп жауап берді. Осындай жайларды машинамен өткен сайын әрбір көпір астынан, ескі үйлер жанынан көріп отырдық. Полиция қызметкерлерінің айтуы бойынша, негізгі қылмыс жасаушылар да осылардан шығады екен. Америка сияқты атышулы өте бай елде осынша ма күйсіз, панасыз,адамдардың тұратындығы көңілді құлазытып, мұнда да «бақыт құсы » барлық пенденің басына бірдей қона бермейтінін тереңірек ұққандай болдық. Америка батыс елдерінің ішіндегі демократия жолымен өмір сүретін ел делінеді. Ал осы демократиялық мемлекет құрылысының негізі азаматтарының сапалы еңбек ете білуі көрінеді. Бұл елде кімде-кім өзін еңбекте дұрыс көрсете алмаса, оның беделдірек, жалақысы жоғарырақ қызмет алуы былай тұрсын, кезкелген қатардағы жұмысты да алаалмайды екен. Бұл елде салық төлеу жөніндегі заң қатаң сақталатын көрінеді. Қолыңнан келсе миллионер болтек мезгілінде жасырмай тиісті салығыңды төлей біл, Әйтпесе , миллионер емес, миллиардер болсаң да жылдық табысыңды жасырғаның, салығыңды толық мөлшерінде төлемегенің үшін сот алдында жауап бересің. Ел жайымен танстырып жүрген кісілер осындай кінәсі үшін бір миллионердің сотталғанын мысалға келтірді. Демократиялық, зиялы, тәуелсіз мемлекетіміздің азаматтары үшін де бұл ел өмірінен көптеген жағымды істерді үйренуге болады екен деген ойға келдік. 10. Атамекенге оралу

Осы күні біздерді шығарып салуға арналған кеш болды. Мұнда да үлкен қонақасы беріліп, музыка ойналып, би биленді, біздердің көңілді

отыруларымызға барынша жағдай жасалынды. Кеш соңынан ескерткіш сыйлықтар ұсынылды. 18-ші сәуір күні ертемен түрып елге қайтуға дайындалдық. Осы жерде менің есіме «Қонақ та болу жақсы, бірақ үйіңе не жетсін» деген орыс мақалы түсті. Ертеңгі ас ішіліп, қаланың біраз жерлерін тағы да аралап көргеннен кейін біздерді Даллас қаласы мэрінің кеңесшісі Макс В. Уэльс қабылдады. Ол өз сөзінде мамыр айында Қазақстанға баратындығын айтты. Сонымен қатар ол, делегация мүшелерін айырықша серпілткен жаңалықбіздердің бәріміздің Даллас қаласының Құрметті азаматы болғанымызды хабарлап, бұл жөніндегі арнайы құжатты әрқайсымызға тапсырды.Аталған құжаттарды тапсыру салтанаты жақсы жабдықталған сәнді де кең залда ұйымдастырылды. Осында 15 елдің туы қойылған екен. Солардың қатарында біздер тапсырған Қазақстан Республикасы туы да желбіреп, рухымызды көтеріп тастады. Осы тулар алдында тұрып бәріміз суретке түстік. Содан кейін Даллас қаласының нағыз ортасында, көк -жасыл жерде әсем де, әртүрлі үлгіде салынған жайлы үйлерде тұратын миллионерлері, миллиардерлері бар Хайленпарк қалашығына келдік. Бұл жерде бізді қала басшылары, барлық Даллас қаласы учаскелерінің полиция басшылары қарсы алып, кездесу өткізілді. Алма-кезек ескерткіш сыйлықтар тапсырылды. Кездесу өте іскерлік жағдайда өтті. Кездесуде бұрын Ақтауға келген қала әкімінің орынбасары У. Джон сөйлеп, біздің елдің айтарлықтай жақсы, қонақжай, ақпейіл, мәдениетті халық екенімізді айтты. Кезегінде генерал М. Аманжолов сөйледі. Ол өз сөзінде өткен жылы Маңғыстауға келген техастық әріптестер нені көріп-біліп көңілге түйсе, біздер де сіздерден көп нәрсені үйренгендей болдықдей келіп,жақсы қарсы алып, сыйқұрмет көрсеткендеріне ризалығын білдірді. Кешкі 20 сағатта Даллас аэропортынан Хьюстонға ұштық. Рейган, Лапин бастаған полиция қызметкерлері, Энн Бавариан, т.б. көптеген кісілер біздерді үлкен қошаметпен шығарып салып, елімізге достық сәлемдерін жолдады. Бізді Рейганның тапсыруы бойнша

Хьюстон полициясының қызметкерлері қарсы алып, жүру-тұру, тіркелу жағдайларымызға көмектесті. Хьюстоннан түн мезгілінде ұшып шығып, 10 сағат өткеннен кейін Парижге келіп қондық. Бұл жолы ұшағымыз Хьюстоннан Парижге Атлант мұхиты арқылы Лондон бағытына тіке ұшты. Сол есеппен жол уақыты аздап қысқарған еді. Сонымен біздер, 19-шы сәуірде тағы да Париждің Де Голь атындағы аэропортына келіп түстік. Бұл аэропорттың өзі де бір үлкен қаладай-ақ. Аэропорт басындағы киоск, дүкендерге бас сұққандағы аңғарғанымыз , мұндағы қымбатшылық АҚШтағы қымбатшылықтан да жоғары болып шықты. Тілін білмейтін елде, мынадай қымбатшылық жағдайда біз сияқты 16 сағат емес (ПарижМосква ұшағын осы жерде 16 сағат күткен болатынбыз), бір сағатта тұруға кісінің көңілі шаппағандай екен.

Сонымен, 9 сағат 55 минутта, кестеде көрсетілген уақыттан 20 минут кеш, Парижден Москва бағытына ұшып шықтық. Шереметьево-2 аэропортынан біздерді еліміздің азаматтары күтіп алды. Сөз жоқ, бұрыннан өзіміз үйренген, талай тамашасын көрген Ресей астанасына келгенде көңіліміз әжептәуір жайланып, тынысымызды тереңірек алғандай, өзімізді әлде қайда еркінірек сезінгендей болдық.

Москва да біржарым тәулік болып, 23-ші сәуір күнгі түнгі 01 сағатта Ақтауға ұшып шықтық та, 3 сағат 15 минутта 603 рейсті ұшағымыз аэдромға келіп қонды. Сөйтіп, 14 күнге созылған Америкаға саяхат аяқталып, бүкіл делегация мүшелері аман-есен елге көңілді оралдық.Осы кезде маған өзге жер, өзге ел қаншалықты тартымды болғанына қарамастан, өз елің, өз жеріңе, өз Отаныңа не жетсін деген ой келді.

ДАНА ӘБІШ

Халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Кекілбайұлының 60 жылдығына орай. Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 60 жылдық мерейтойын өткізу, оған дайындық жұмыстары жөнінде облыстық газет беттерінде, радио мен теледидарда бірқатар жақсы–жақсы хабарлар, материалдар беріліп келеді.

Әбіш сияқты дара тұлғаның 60 жылдық мерекесін лайықты өткізу тек біздің облыстың аудандары мен қалаларының ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының атсалысар биік мәртебелі міндеті деп білемін. Әлемге әйгілі ғұлама жазушының асқаралы алпысы дүние жүзі әдебиет сүйер қауымының, өркениетті елдердің назарынан да тыс қалмайтынына күмәнсіз сенуге болады.

Әбіш облыс халқына кеңінен танымал болғандықтан да ол туралы пікір білдірушілер оның сан алуан жазушылық публицистік, аудармашылық қырларын жан-жақты аша түсуде. Мен де өз пікірімді білдіре отырып, Әбіш пен алғашқы кездескен кездерім, одан бергі мезгілдердегі ол туралы көріп - білгендерім жөнінде сөз етпекпін. Айтулы ақын Қадыр Мырзалиев: «Ескерусіз қалдырмай бір ісін де, Асылдарды сыйлалық тірісінде» - деген ғой. Әбіш туралы, зиялы асылымыз туралы білгенімізді бүкпесіз айту, оның ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі қасиеттерін, ерекше дарынын терең көрсете білу, оны мақтау емес, академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың Ғ. Мүсірепов туралы айтқанындай, Әбішпен мақтану, мерейімізді өсіре түсу екенін әрқашанда есте сақтауымыз қажет.

Әбішпен алғашқы кездесуімізді еске алсам сонау 1956 жылдың күзінде Ленин атындағы орта мектептің (Ақтөбе ауылдық кеңесіне қарасты) оныншы сыныбында оқып жүрген, құрбыларына қарағанда бойшаңдау келген бұйра шаш, кең маңдайлы, ұзын кірпікті, әрқашанда жымиып күлімсіреп тұратын балғын жас көз алдыма тұра қалады. Әбішті өзге оқушыларға қарағанда жақсырақ білетінім: ол барлық пәндерден де жақсы оқып, мектеп ішілік қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүруімен бірге алғашқы жазған өлеңдерін маған көрсетіп, қалай қарайсыз ағай, осы жазғандарым аудандық газетке жіберуге жарай ма – деп, қолында өлеңдер жазылған дәптері бар, келіп тұруында еді. Менің физика пәнінен сабақ беретіндігіме қарамастан өлеңдерін маған көрсетіп ақыл-кеңес сұрап тұрған жасқа іштей риза болып, әдебиетші болмасам да өзімше «кеңес» беретінмін (Әрине, ол кезде, балалар ағай университет бітірген жан-жақты білімді кісі десе теріс көрмейтін менің де жас кезім ғой). Ол кезде Әбіштің әдебиет атты мұхиттың буырқанған жағасына өлеңмен келіп, кейіннен әлемнің назарын өзіне аудартқан жас шебер жазушы боларын ешкім де біле қойған жоқ еді. Сол бір кездерден бері өткен қырық жылдан аса мерзім ішінде Әбішпен байланысымыз ешбір үзіліп көрген жоқ, қайсыбір сапарларында тығызырақ байланыста болған кездеріміз де аз емес. Әбіштің әркімге де, әсіресе, өзге жұртшылыққа тұңғиық сырлы тылсым дүние, мәдени мұраларға аса бай, естігендерді көруге әркез құштар етіп келген туған жері – Маңғыстауды бүкіл Қазақстанға паш ету сәті 1992 жылдың қыркүйегіне келген еді. Осы кезде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ұлт саясаты, мәдениет пен тілді дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы болып істейтін Әбіш аталған комитеттің көшпелі мәжілісін Маңғыстауда өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұндағы мақсат - ұрпақтар үшін тарихи-мәдени мұраларды сақтау, рухани қайта түлеуге жаппай қамқорлық жасау, бұл игілікті істерді Маңғыстаудан бастау және осы өлкені бүкіл Қазақстанның зиялы қауымына жан-жақты таныстыру еді. Комитеттің осындай шешім алғаны, көшпелі мәжіліске Әбіш бастаған комитет мүшелерінен басқа да көптеген республикаға белгілі зиялы қауым өкілдері келетіні, Республика премьер-министрінің орынбасары Мырзатай Жолдасбековтың қатысатыны туралы хабар келісімен облыста, аудандар мен қалаларда қонақтарды қарсы алу, күту, мәдени-тарихи орындары бар жерлерді көрсету маршруттарын белгілеу жөнінде алдын-ала тиісті жұмыстар іске асырылды. Дайындық жұмыстарына облыстың өзге басшыларымен бірге мен де тікелей араласып отырдым. Менің үлесіме қонақтар келген 6 қыркүйектен 11-ші қыркүйекке дейін оларды бастан-аяқ Маңғыстаудың ойы-қырын аралату, ескі ескерткіштер мен мәдени мұраларды көрсетудің жауапты да құрметті міндеті тиген болатын. Сонымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес комитетінің төрағасы Әбіш Кекілбаев бастаған алпыстан аса алуан саланың зиялы қауым өкілдері бар үлкен топ Ақтауға 6-қыркүйекте келіп жетті де, оларды аэропорт басында

облыс басшылары, ақсақалдар, нан-тұз ұсынған жастар болып үлкен құрметпен қарсы алдық. Келген қонақтар құрамында академиктер Жабайхан Әбділдин, Зейнолла Қабдолов, танымал жазушылар Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қыдырбек Балғабекұлы,көрнекті ақын Қадыр Мырзалиев, жазушы Камал Смайлов, министрлер Еркеғали Рахмадиев, Қуаныш Сұлтанов, тағы басқа белгілі азаматтар болды. Кешкі сағатта келген қонақтар «Шағала» қонақжайына орналастырылды да, қонақжайлық көрініс тапқан үлкен дастархан үстінде сырлы да сұлу сөздер маржандай төгіліп, үлкен сыйластық жағдайында өткен банкеттен кейін жатып демалып, ертесіне ертемен 4 автобус, басқа да жеңіл машиналарға отырып, Түпқараған ауданына бағыт алды. Қалаға келгеннен кейін алдымен жергілікті халықпен кездесу, пікір алысу,мұражайларды аралау шаралары іске асырылды. Бұдан кейін қаладан 30 шақырым жердегі Тамшалы аталатын ғажап каньонға келіп, онда түндіксіз алып ағаш үй тәрізді дөңгелене біткен қатпарлы жартастардың арасынан көз жасындай мөпмөлдір таза тамшылардың сорғалай ағып, табанындағы ойдым-ойдым дәу де тайыз табақтардай көрініс беретін айлақтарға құйылып жатқанын тамашалады. Осы жерде Әбіш комитеттің алғашқы көшпелі мәжілісін өткізіп, астанадан келген қонақтарды Маңғыстаудың көне тарихымен таныстыра келе Ақтау – Форт-Шевченко жолында кідіріп өткен Қарлыбас қорымы, өлген адамды өртеп көмген Сақақұдық, тағы басқа көне ескерткіштердің қай ғасырларда пайда болғандығы, ол кездердегі тіршілік - өмір салты, жаугершілік, қоғамдық құрылыс, олардың әлем елдері тарихымен сабақтастығы, байланысы туралы нанымды мысалдар келтіре отыра бір сағаттай тыңдаушыларын тебірентіп сүйсінте, терең ғылыми тұжырымдары мол тамаша баяндама жасады. Әбіштің сарқылмайтын бұлақтай терең білімдарлығы әрбір кідірген жерде, әрбір ескерткіш басында, әрбір әңгіме үстінде жаңа қырынан көрініп, тыңдаушылар таң-тамаша қалып бас шайқасты. Тамшалыдан Шақпақ – Атаға қарай келе жатқан жолда Нұрқабай шыңырауының солтүстік бағытындағы бір ескі қорымды қазып жатқан археолог З. Самашев бастаған экспедициямен кездескенімізде ол осы қорымда адамдар бірінің үстіне бірі – үш қабат етіп жерленгенін, бұның себебін әзір аша алмай тұрғандықтарын айтқанда Әбіш кідірместен оның жайын бірден баяндап берді. Бұл жатқан, бірінің үстіне бірі қойылған үш қабат қойылым, – деді ол, – осы аймақты бірінен бірі жаулап алып үш түрлі халықтың мекендегенін көрсетеді. Әрбір жаңадан қоныстанған халық бұрынғы халықтың ізіне дейін жойып, тек өз атын қалдыру үшін алдындағы халық қойылымының үстіне өз адамдарын жерлеп қорым атын өзгертіп отырған. Біз көріп тұрған қойылымның бірінші қабатындағы көрініс бронза дәуіріндегі жерлеу, екіншісі-сақ-оғыз дәуіріндегі, ал үшіншісі адай тайпаларының жерлеуі. Бұл тұжырымдарды тыңдап тұрған Ж. Әбділдин: -

Әбіштің көп білетінін білуші едік, тап осыншама терең екенін енді біліп тұрмын,- деді. Маңғыстаудың да , Әбіштің де тереңдігін осы сапар барысында біле түсетін болдық қой, десті өзге зиялылар.

Көшпелі мәжіліске қатысушылар бұдан әрі алдын ала белгіленген маршруттармен жүре отырып, Шақпақ-Ата, Шерқала, Айрақты, Ақмыш және Шетпеде болып халықпен кездесіп, қол өнер дүниелері, әдемілік бұйымдарымен танысты. Аталған көне ескерткіштер мен қорымдардың қайқайсысы жөнінде де Әбіш түсінік берген кезде сол дәуірлердегі бұралаңы мол қым-қиғыш өмір көз алдыңнан кино лентасын көргендей айқын көрініс тауып тыңдаушыларын тәнті етіп отырды. Сапар бұдан әрі жалғасып делегация мүшелері Маңғыстаудың жері, суы үшін жандарын пида қылған, қанын төккен батырларына, аузы дуалы билеріне мәңгілік мекен болған Сисем-Ата қорығын, қарт батыр баба Ер Қармысқа тұрғызылған ескерткішті көре келе, Үстірт тауының Маңғыстау ойына құлау тұсында дара тұрған алып жартас тастан қашап салынған мешіттегі Бекет-Атаға келіп мінәжат етті.

Маңғыстау халқы кездескен жерлердің барлығында да қонақтарды тік тұрып, үлкен ілтипатпен қарсы алып, зор құрмет, қонақжайлық көрсетіп отырды. Аса риза болған ел зиялылары жылы ықылас-ниетпен қайтақайта рахмет айтысып жатты.

Көшпелі мәжілістің соңғы отырысы Ақтау қаласында қорытындыланып, онда сөз сөйлеген М. Жолдасбеков мырза Маңғыстау аймағында ашық аспан аясында шоғырланған тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қалыптасқан әдет-ғұрып, дәстүрлерді ғылыми тұрғыдан зерттеу, оларды болашақ ұрпақ игілігіне жарату баршамыздың міндетіміз дей келіп, осы мәжілісті өткізіп, Маңғыстау деген таңғажайып өлкені бүкіл елге таныстыруда Әбіштің айрықша еңбегі бар, Әбіш заманымыздың ғұлама білімпазы, абызы, – деп қорытты өз сөзін.

Мәжіліс Қазақстан Республикасының Президентіне, Жоғарғы Кеңесіне, республиканың депутаттарына арнап үндеу қабылдады. Соңынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің осы мәселеге байланысты қаулысы шықты. Менің Әбішпен бұдан кейінгі сапарлас болуым оның депутат болып сайлануларына байланысты еді. Алғаш рет Жоғарғы Кеңес депутатына баламалы түрде кандидат болып Баянауыл елінен түскен Әбіш жергілікті жердің белгілі азаматтарынан басым түсіп, Жоғарғы Кеңес атты Ақ Ордаға еркін кіруге, оның ең бір ірі комитетін басқаруға мүмкіндік алған болатын.

Республиканың бұдан кейінгі қоғамдық және саяси өміріндегі қарбалас кезеңдер де Әбіштің 1994 жылдың наурыз айында өткен Жоғарғы Кеңестің депутаттығына, 1995 жылдың желтоқсан айында өткен Республика Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат болып түсуіне тура келген еді. Соңғы екі кезеңде де енді өзінің туған жері – Маңғыстауынан, бұнда да баламалық жағдайда, дауысқа түсті. Әбіш осы соңғы депутаттық сапарының екеуінде де депутатқа кандидат ретінде облыс халқымен кездесу кезінде бірге болуды маған ұсынған еді.

(Әрине, әрбір елді мекендерде оның сенімді өкілдері, ынталы топ мүшелері қыруар жұмыстар жүргізгені белгілі). Осылайша бірге болып Әбіштің сайлаушылармен кездескен кездеріндегі айтқан сөздері, халықтың оған деген құрметі, ықылас-ниеті, пікірлері туралы және өзімнің де Әбіш әлемі төңірегіндегі кейбір ойларымды қысқаша айтып өтуді жөн көрдім.

Кезекті сайлаулар өтетін мезгілден бір ай бұрын ақпан (1994 ж.) және қараша (1995 ж.) айларында Маңғыстау сияқты шалқар өлкені екі ай бойы жүріп өту, ауа райының жиі бұзылып, жол қиындығы туып отырғанына қарамастан елді мекендерді түгелге дерлік аралап, өзін күткен сайлаушыларымен кездесудің оңай шаруа еместігі әркімге де аян. Ал Әбіш болса осы сапарларда кездескен азды-көпті қиындықтарды жеңе отырып, депутаттыққа кандидат кезіндегі міндетін аса байыпты да өзіне тән ыждаһаттылықпен іске асыра білді. Осы екі ай мерзім ішінде 134 кездесу өткізіп, онда 250 сағаттай сөз сөйледі, 10 мың шақырым үстінде тек машинамен жол жүріп, шаршағандық рай байқатпай, айрықша төзімділік көрсетті.

Қорытындысында Әбіш өзімен баламалы түрде дауысқа түскен кандидаттардан айқын басымдылықпен озып шығып, екі сайлауда да депутаттық мәртебеге ие болды.

Тапқыр ойлы, тілге шешен, терең білімді, кейбір ойларын жергілікті халықтың кәсібіне сәйкестендіріп қарапайым түсіндіре алатын Әбіштің сол бір сайлаушылар алдында сөйлеген, олардың сауалдарына қайтарған жауаптарында айтылған сөздерінен кейбір үзінділер келтіруді жөн деп есептеймін. Әбіш: - Мен жастардың баламаға түскеніне қатты қуанған да, немесе ренжіген де жоқпын: бұндай жағдайды бұрын да басымнан кешіргенмін. Олардың бақтарын сынағандарын теріс деп есептемеймін, дауыс беруді кімге бағыштайды – ол әрбір сайлушының өз ісі. Ал жастар тәрбиесі тек жастардың ғана ісі емес, бұл бәрімізге ортақ міндет. - Қазіргі кейбір кәсіпқойлардың салық төлемеу үшін өтірік айтуы, қайсыбіреулердің тікелей ұрлыққа көшкені сонша, дүние бұзыла бастаған ба деп қаласың, егер жер бетіндегі тау-тасқа, бүкіл қара жерге тіл бітсе, бүкіл галактика құрып кеткен болар еді. Дүниенің өз орнында тұрғаны жер үстіндегі саналы мақұлықтардың – оның санының әлгі тау-тас, табиғат жаратқан материялық дүниеден – жер-су, өзен-көл, тоғай-орманнан әлдеқайда аздығынан ғана, - халқымыз жақсылықты әлі күнге дейін жоғарыдан күтеді – халықтың 80 пайызының тізесіне тұз қатқан, әлі жүріп-тұруға бейім емес. Біздер үшін алып-сатарлар емес, халыққа товар шығаратын бизнес керек, осылайша жұмыс көздерін ашқанда ғана игілікті іс тындырылмақ, - Каспий тасуда деп абыржушыларға айтарым: теңіз тасығанда қайда барарын тастап кеткен ізінен – сорлардан, жер үстіндегі көзге көрініп тұрған белгілерінен айыруға болады, демек, осыған орай, бұрын теңіз болған (ізі қалған) жерлердегі тірлікті алдын-ала босату керек.

- қос тілділік дегенде азаматтық еріктің (право) бұзыларын білген жөн: біреу екі тілді бірдей біліп отырып зордан нанын алып жейді, ал біреу екінші тілді татып алмаса да бүкіл билікті қолына алғысы келеді – бұл азаматтық ерікті бұзу емес пе? - идея деген мәңгілік емес, негізгі идеяға жеткенге дейін ол бірнеше идеядан тұруы мүмкін. Мысалы, қозыны ауыздандыру бір идея,оны аяқтандыру екінші идея, оны отықтырып өріске айдау үшінші идея, ал сол қозыны мал етіп өсіру осы идеялардан тұратын негізгі идея. - Одақтасу деген топ-топ болып күресу, төбелесу деген сөз, ал ынтымақтасу – ықпалдасу адам баласының бәрі үшін бір бағыттағы өмір сүруі деген сөз. - экономикалық одақ дегеніміз – есепті достық болуы керек, инвестициялық купон дегеніміз сыбаға тарату. Осы сыбағаны тиімді пайдаланып әр жердегі орындарға беріп, солардың акцияларын алу керек. Мысалы, мұнай, газ, құрылыс, транспорт, тағы осы сияқты орындардың акцияларын алуға тырысу қажет.

- мен дауыс жинап жүрген жоқпын, кәзіргі депутаттыққа кандидатқа берілген уақытты пайдаланып туып-өскен елім, жерімді аралап, халқыммен кездесуге келдім, 7 наурыз күні Құдай құлағыңызға не деп сыбырлайды (кімге дауыс беру жөнінде) соған қарап шешім қабылдарсыздар деп ойлаймын.

- мен неге № 94 Маңғыстау сайлау округінен дауысқа түсуді қалап Қазақстан халық бірлігі Одағының ұсынысымен келістім – оған себеп мынада еді: маған осы кезге дейін депутаты болып келген павлодарлықтар, сондай-ақ, жамбылдықтар мен талдықорғандықтар, торғайлықтар мен шымкенттіктер дауысқа бізден түсіңіз, Сіздің жеңіп шығатыныңызға сеніміміз мол деп өтінген болатын. Мен бұл ұсыныстарды қабылдамадым. Өйткені бұрын да туған өлкем депутат бол деп сұрағанда, кейін облыс басшысы бол дегенде белгілі бір себептерге сүйеніп келісім бермеген едім. Енді елім үшінші рет ұсыныс жасағанда қайырылмауды жөн болмас деп өз елімнен дауысқа түсуді дұрыс деп есептедім.

- Бізге басқа елдермен есепті достық керек. «Есепті дос кетіспес» деген мақал тек біздің халықта ғана бар. Осы мақалдың қадірін білетін мезгіл жетті, ендігі жерде солай болмақ. - төгіп-шашпа экономиканы ендігі жерде ықтимал, ықшам, тиімді экономикаға айналдыруымыз керек. - нарық кезінде қарық болу үшін парық керек. - Америка Құрама Штаттарында әрбір жанұя өз балаларына әртүрлі мамандық алуға бағыт береді: бірі дәрігер, бірі экономист, бірі оқытушы, тағы басқа.

- жапондар үлкен баласын темиян, кіші баласын диссениян дейді. Үлкен баласы мұрагер болады да, әке жолын ұстайды, ал басқа балалары дүние жүзінің әр түкпірінде қызмет етіп жүреді де жылына бір рет әке үйінде, немесе, әке орнында қалған үлкен ағаның үйінде жиналып жанұяларына байланысты мәселелерін шешіп отырады. - біздің республикада қазақтар 42, орыстар 38, қалған 120 ұлт өкілдері 20 пайыз. Егер президенттік ұсыныс – мемлекеттік тізім болмаса, онда парламент тек екі ұлттың өкілінен тұрған болар еді. Сондықтан да Президент ұсынған тізім ішінде негізінен өзге ұлт өкілдерінің болуы қаралған.

- әрбір азамат депутат болу үшін өзін көрсетуі керек, оның еңбегін, кім екенін халықтың білгені жөн. Мен Парламентке келгенде Кекілбаев болып елге, республика халқына танымал болып келген едім. Әркімнің де осылай алдымен өзінің кім екенін халыққа танытып алып, содан кейін барып депутаттыққа ұмтылғаны дұрыс қой деп ойлаймын. Осы жерде мен жүйрік ойлы Әбіштің табан астында сөз таба білетін тапқырлығын, шешендігін айырықша ұғындыратын мына бір сөздерін еске сала кеткім келеді. Әбіштің Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына алғаш кандидат болып жүрген кезінде өзін ұсынған Баянауыл елінің ақсақалдарымен кездесуде, өзіңіз батыс аймақтан – бір қиырда жатқан бізге мәлім емес Маңғыстау деген жерден екенсіз, белгілі азамат, танымал жазушы екеніңізді білеміз, сонда да болса бұл өлкеге дауысқа түсуге қалайша бел будыңыз, бұндағы Сізбен баламаға түсіп отырған екі азамат та олқы кісілер емес – деген ақсақалдардың сауалына: «Жүйріктігіңді сынағың келсе, Ат баптаған ауылға бар құлын күніңнен көрмедім деп, сипамай жібермес жалыңды Жігіттігіңді сынағың келсе, азаматы өскен ауылға бар, атаңмен табақтас болмадым деп, сындыра қоймас сағыңды ,– деген аталы сөз бар ғой, осылай ойлап келіп жатырған жайымыз бар» дегенде отырғандар: «Әбіш қарағым, сөзің асыл екен, бізге келгендегі мақсатың орындалар, сендей ұл өсірген анаңа бізден сәлем айт – көңіліне кірбің келтірмеспіз», - деп бәрі үлкен ризалық білдірген екен.

Әбішпен кездесуге халық тойға келгендей жиналып, көпшілік ретте шашу шашып, шағын ойындар, концерттер қойып қарсы алатын. Ал кездесулер үстінде алғашқы айтылатын сөздерден кейін күзгі жапырақтай жауып кететін сұрақтарға Әбіш өзіне тән байыптылықпен, шебер теңеулер келтіре тыңғылықты жауап қайтарып отырды. Осы кездердің бәрінде де әрбір сайлаушының Әбішке деген жүрек сезімі, қуанышы шексіз екендігі, тілектестігі әрбір сөздерінен, әрбір қас-қағымынан, жадыраңқы жүздерінен айқын аңғарылып отырылатын.

Әбішпен болған бір кездесу кезінде маған «Сіз осы Әбіштің, халқымызға, тіпті дүние жүзіне танымал Әбіштің ұстазы болдыңыз ғой» деген бір азаматтың көтермелеу сөзіне: «Шынында да мектепте бала Әбіштің ұстазы болғаным рас, бірақ, дана Әбішке ұстаз болдым деп айта алмаймын. Дана Әбіштің ұстазы халқы деп білемін» - дегенім есімде. Енді сол сайлаушылар тарапынан айтылған Әбішке деген сыйластық, тілектестік пікірлерден үзінділер келтірелік:

– Шырағым Әбіш, елдің қамын ойлайтын азамат болып көз алдымызда өсіп жетілдің, ел сүйіп оқитын жазушысың, жаратушы құдірет алдыңнан жарылғап, әруақтар қолдап, ойлаған мақсатыңа жет, халқыңа тірек бола бер. (88 жастағы Түркпенбаев Ыспан ақсақалдың батасы, Ақтөбе ауылы). Халқымыздың мүддесі үшін депутат болып тек Әбіштің сайлануы қажет, өйткені оның барлық өмір жолы, бітірген ісі, парасаттылығы, саясаткерлігі, асқан талант иесі – жазушы болып бүкіл әлемге танылуы оның жоғарғы Кеңес төрағасы болып та толық істей алатынына шәк келтірмейді (Бейсенбі Әріпұлы, Тұщықұдық ауылы): – Әбішжан, қадамың құтты болсын, елің тек саған сенеді, сенің өз еліңнің өрені болғандығыңнан да еш бір жасқанбастықтан отқа түсуге дейін барып арашашы болғаныңды 1989 жылғы Өзен оқиғаларына байланысты білеміз, сондықтан да депутаттық сенімді тек саған артамыз (Мұса ақсақал, Теңге ауылы); Елге қызмет етсем деп бір талпынған, Шыққан жүйрік жан едің сен Алшыннан. Жұмыр жерге атың тарап кетсе де Айнымадың бәз-баяғы қалпыңнан. Сөз маржанын жиып алған санаға, Не деп теңеу айтсам екен ағаға. Маңғыстауға ұл сыйлапты -ау марқасқа, Құдіреті күшті Алла-тағала... (Асхат Әрешов, Тұщықұдық ауылы).

– Жақсы жазушы - әлемнің елшісі, ол елді елге, халықты халыққа таныстырады. Қазақ деген халықты елуінші жылдары әлемге Шыңғыстаудан шыққан Мұхтар таныстырса, бүгінде Маңғыстаудан шыққан Әбіш таныстырып отыр. Мұхтар – Абайдың елінен болса, Әбіш – Адайдың елінен (Терекбай Жаңбыршин, Шетпе кенті);

– Әбіш аға дүние жүзі мойындаған жазушы, оның шығармаларындағы терең ойлы, астарлы түйіндер кім-кімді де сүйсіндіреді, өзіне еріксіз тәнті етеді, табындырады. Сондай-ақ ол қоғамдық және мемлекеттік қайраткер, сарабдал саясаткер (Айтуар Өтегенов, Бейнеу кенті); Әлемді кетті аралап үнің, Тыңдады болғар, чех пенен неміс. Ажарлы топтың алдында жүрсің, Тілейік, аға, тек қана жеңіс! Өрмелеп өрге, қанаты талмай, Маңғыстау сынды ғаламның, Мақтаны болған аяулы аға, Ұштала берсін қаламың! Оң бола берсін талабың! (Насуха Байпақов, Шетпе кенті);

Тілдескеннің бәрін д табындырған, Биіктесін мәңгіге алып тұлғаң. Алатаудан келе бер жиі-жиі Ондыңа алыстағы сағындырған. Қолыңа қалам алып жазған кезде Алдыңа жан салмаған дана сөзден, Кең маңдайы жарқырап жүре берсін, Құдайым сақта Ағаны тіл мен көзден! (Жаңылай Жұлдызбаева, Онды ауылы);

Мен кейбір кездесулерде сөйлеген сөзімде мемлекет және қоғам қайраткері, сарабдал саясаткер, дүние жүзіне танымал қарымды қаламгер Әбіштің өз халқы алдындағы атқарған творчестволық еңбегіне, қайраткерлік қызметтеріне тоқталып отырдым. Ол сөздердің қысқаша мазмұны төмендегідей еді: Әбіш алдымен ұлтымыздың дүние жүзі мойындаған заңғар жазушысы, оның тамаша әңгімелері мен повестілерінен, ірі-ірі тарихи романдарынан тұратын кітаптарының саны отыздан асты. Бұл дүниелердің көпшілігі дерлік орыс тілдеріне аударылған. Әбіштің сан қырлы таланты өз еліміздің және шетел қаламгерлерінің сыншыларының тарапынан жоғары бағаланып келеді.

Немістің «Фолк унд Вельт» кітап баспасы жүргізген сауалнама қорытындысында Әбіштің есімі «ХХ ғасырдың таңдаулы жазушылары» тізіміне енгізіліп, фото-альбом жасалды. Оның ішінде бұрынғы Кеңестік Шығыстан Әбіштен басқа тек екі-ақ адам – әлемге әйлгілі Ш. Айтматов, Р.Ғамзатов бар. Әбіштің ақындық (оның алғашқы «Алтын шуақ» өлеңдер жинағы 1962 жылы 23 жасында жарық көрген), сыншылық, аудармашылық, публицистік зерделі зерттеушілік еңбектері де бір төбе. Ол 1986 жылы «Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдар циклі үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Айырықша дарын иесі Әбіш осымен Парламентке үшінші рет сайланғалы отыр – бұдан бұрын Парламентке Комитет, Жоғарғы Кеңес төрағасы болып істеді. Осы кезеңдерде Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясын жасаушылардың бірі болды. Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінің (Әнұран, Ту, Елтаңба) Жоғарғы Кеңес сессияларында қабылдануында да қыруар еңбек етіп, айырықша білімпаздық көрсетті. Әсіресе, Елтаңбаның қабылдануы тек Әбіштің жүйелі де бұлтартпас дәлелдерінен кейін ғана іске асты.

Мемлекеттік тіл – ана тіліміз жөніндегі сан алуан таластарда да салуалы пікір айтып, орыс тілінің орны жөніндегі Конституция бабының Парламентте қайтадан қаралу қажеттігі жоқтығын бірқатар өзге депутаттармен бірге дәлелдей білді. Ел тарихында алғаш өмірге келген ұлттық теңге шығару, оған Маңғыстаудың көне мәдени-тарихи ескерткіштерін енгізу ісіне де Әбіш аз тер төккен жоқ. Әбіш қайда жүрсе де, қандай деңгейдегі жоғары қызметтер атқармасын өзінің қасиетті мекені – Маңғыстауды ешқашанда естен шығарған емес.

Облыстың «Маңғыстау» аталып қайта құрылуына атсалысуы, қалаға «Ақтау» атын қайтару, Ақтау теңіз портын салу, тағы басқа Маңғыстаудың өркен жаюына қатысы бар күрделі істерге араласып отыруы осының айғағы. Ел тарихында тұңғыш өмірге келген, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі лайықты баға берген «Маңғыстау» энциклопедиясы да Әбіш арқасында ел игілігіне айналып отыр.

Маңғыстаудың тарихи және мәдени ескерткіштерінің проблемаларына байланысты республика интеллигенциясының қаймағы – атақты ғалымдарды, жазушыларды, ақпарат құралдарының өкілдерін бастап әкеліп Жоғарғы Кеңестің мәжілісін өткізуі де оның туған жерге деген ыстық ықыласының бір көрінісі.

Әбіштің саяси күрескерлігі жөнінде әңгіме қозғағанда оның Жаңаөзен оқиғалары кезіндегі ерен еңбегін айтпай кетуге болмайды. Оның әрқашанда елі деп соғатын жүрегі Жаңаөзен оқиғалары туралы хабар естілісімен онда жетуге алып ұшты. «Елінде жер сілкінсе, эпицентрі ақынның жүрегінде болады» – дегендей, Әбіш болып жатқан оқиғаларды көзімен көрмей, оның себептерін ашып, байыбына бармай тағат таппады. Сондықтан да ол өзінің тілеулес-пікірлес әріптестері – Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Әнуар Әлімжановтармен бірге оқиға ортасына ұшып келді. Бұл сапармен ол Республиканың бірде-бір партия, үкімет орындарының басшыларымен келіспеген еді. Сөйтіп, Маңғыстау халқына тағылғалы тұрған тағы бір ұлтшылдық атты қара таңбадан арашалап қалды. Өзендіктердің ашу-ызасын келтірген келеңсіз жайлардың барлығын бұлтартпас дәлелдермен ашып көрсетіп одақтық мұнай министрлігіне хат жолдады, республикалық баспасөзде өткір мақала жазып, теледидарда сөйледі.

Өз халқын, туған жерін беріле сүйген перзент қана басын қатерге тігіп, осылай істей алады емес пе?! Мен Әбішпен 1994-1995 жылдардың екі айында бірге жүріп, бірге сапарлас болғаным жөнінде жоғарыда айттым. Сол бір кездерде жол қиындығына, ауа райының қолайсыздығына қарамастан елін түгелге дерлік аралап алға қойған мақсатына жеткен, кездесулердің бәрінде де халқының ризалығына, құрметіне бөленген Әбіш бойынан аңдағаным:

Әбіштің білімпаз – даналығы, сөзге жүйріктігі, өз ойын, пікірін халыққа жеткізе білудегі шеберлігі, сол арқылы тыңдаушыларын өзіне тарта білуі, сендіре білуі – тағы-тағы айырықша қасиеттері көз алдыңа Сократтың даналық, шешендік, әділеттілік, шыдамдылық, өз бағытынан қайтпайтын (дұрыстығына көзі жеткендіктен де) батылдық қасиеттерін елестетеді.

Мен «бір кезде Иозеф Томанның «Сократ» атты кітабын қызығып оқыған едім. Енді қарап отырсам Әбіштің сол ғұлама Сократқа ұқсас сыртқы пішімі, сабырлы мінез-құлқы (қажетті жерінде, мәселе өз халқының арожданы мүддесі жөнінде болған кездерде дауылпаздай дүр сілкіне қанат қағып, өз принциптерін тайсалмай қорғай алатын батылдық, шамырқанған кезінде шақпаққа тиген шар болаттай от шашатын өткірлігі сияқты ерлік қасиеттер де оның бар болмысынан ерекше орын алған), күнделікті

тұрмыстағы, жол-жөнекей тірліктегі – сапарлардағы кейбір жәйттарға елең етпейтін байсалдылығы, шыдамдылығы таңқалдырады. Әр кезде де жүзінен жылылық есіп тұратыны, ойын көбіне күлімсіреп жеткізуі («жомарт адам езуінен енші береді» – дегендей) – бәрі-бәрі сол бір грек данышпанын көріп, естіп отырғандай әсер қалдырады. Оның «Галстук сатушы қыз хикаясы» атты әңгімесіндегі «Тегі жыласа да жымиып отырып жылайтын шығар» – делінетін архитектор Әбен Дүйсенбиевичті нақ осы Әбіштің өзі емес пе деп қаласың.

Менің байқағаным Әбіш өте қарапайым, бауырмал адам, ол ешбір жағдай талғамайды, қандай тамақ түрі ұсынылса, соны қабылдай береді, қандай жерден төсек ұсынылса (керует пе, еден бе – бәрі бір) соған жата кетеді, тек жастықтың биіктеу болғанын қалайды, киім киюде де оның «сұлуынан жылуы» дегенді есте ұстап, басқа бұлтарыстарына назар аудармайды. Тіпті кейде сағатының тоқтап қалғанын да арада жарты тәулік уақыт өтіп кеткеннен кейін ғана білетін кездері де болады екен. Үстінде ауыр киімі болғандықтан көбіне-көп аяқ киімін кигенде қиналатыны болмаса, шамалы нәрсеге қабағын да шытпайды, жиі қолданатын сөзі «бәрі жақсы». Бұндай сөз тек жаны жақсы адамның, жақсылыққа сенімі мол кең пейілді адамның ғана аузынан шығады деп білемін. Оның салалы саусақ, жұмсақ алақанымен өз сөзімен айтқанда (сақал-мұртын алар алдында қалжыңдап) «кең даладай жазық бетін» ара-тұра сипап отыратын ерекше әдеті де бір қызық дүние.

Ол ұсақ-түйекке мән беріп жатпайды, тіпті кейбіреулердің орынсыздау сөздері мен әрекеттерінен де түбінде тек жақсылық күтетін сыңай байқатып отырады. Әбіштің бар ойы, сан-алуан ісі халқын кәзіргі қиыншылықтан қалай тез шығару, бұл жолда болуға тиісті саяси күресте қарсыластарын өз пікіріне қалайша жүгіндіру, өмірде болып жатқан күрделі өзгеріс – экономикалық реформаны жүйелі іске асыру, ел өмірін жақсартуға қол жеткізу, тағы осы сияқты асқаралы биік мақсаттарға арналған.

Әрине, мен бұл азын-аулақ пікірлерім арқылы Әбіштің бүкіл болмысын, оның таңғажайып талантының қыр-сырын аша алдым деп айта алмаймын. Ол үлкен ғұлама, білім дариясы, сирек талант иесі. Мен тек өзім көре, ести жүре ойыма түйген қызыққан кейбір айырықша қасиеттеріне тоқталдым.

АҚМЫШТА ТУЫП, АҚШ ТА ОЗҒАН ЖЕЛАЯҚ

Қай кезде де Маңғыстау халқы тіл майын тамызатын шешендерге, айырықша тапқырлығымен ел есінде қалған сөз шеберлеріне кенде болмаған. Сондай сөз шеберлерінің бірі кеше ғана ортамызда жүрген, Маңғыстауға кеңінен танымал Жұбаев Құлшық ағамыз болатын. Ел арасында жиі болып тұратын бір бас қосуда заманы бірге, жастары қатар, сөзге жүйрік бірнеше кісі әрқайсысы өз аймағынан, өз руынан шыққан, ел үшін игілікті істер атқарған, өмірдің әртүрлі салаларында көзге

түскен, ауызға ілінген көрнекті азаматтарды мақтанышпен айтып, бір-біріне дес бермей отырады. Сол кезде Құлшекең: иә, қалай, айтып болдыңыздар ма? дегендей айналаға сұраулы пішінде көз тастап алып: « бәріңіз де дұрыс айтып тырсыздар, ол кісілердің қай-қайсысы да мақтауға тұрарлық қабілет пен талант иелері екені дау туғызбақ емес. Алайда, «Ақмышта туып, АҚШ-та озған» кімдерің бар, айтыңдаршы, кәне» депті. Құлшекеңнің бұл «сайыста» бір ауыз сөзбен жеңіске жетуіне себепті болған тұлға Шайырдың «Ақмыш» жерінде өмірге келген даңқты желаяқ, 200 метрге жүгіруден бұрынғы КСРОның бес дүркін чемпионы, рекордшысы, 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медальдармен марапатталған, Европа кубогінің иегері, «Ғасыр бәйгесі» атанған АҚШ пен КСРО эстафеташыларының бәсекесінде жеңіске жетіп, АҚШ Президенті Джон Кеннедидің інісі Роберт Кеннедимен (оның өтініші бойынша) суретке түскен, төрткіл дүниеге танымал болған әйгілі Әмин Елемесұлы Тұяқов еді. Оның үстіміздегі жылдың 12-ші ақпанында 70 жасқа толуына орай қолыма қалам алған кезімде мақалама тақырып болып Құлшекеңнің жоғарыдағы тапқыр сөзі ойыма оралған болатын. Оның жеңіл атлетика саласындағы ғажайып өмірі кешегі күні белгілі жазушы жерлесіміз Маршал Әбдіқалықовтың «Желаяқ бала» кітабында тамаша суреттелген болса, бүгінгі күні ол Қазақстан құрамасының бас бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спортқа еңбегі сіңген шебер. Он тоғыз жасында Қазақстан құрама командасына алынып, жиырма үш жасында КСРО құрамасына кірген Әмин ағаларын осы күнгі өрендер үлгі тұтатыны айдан анық. Әр кез тек өзіне тән сыпайы да, биязы қалпынан аумайтын Әмин өзінің биік даңқына қарамастан аса кішіпейіл, қарапайым азамат. Басына қандай қиындық түссе де Әмин өзгеден, басшы орындардан көмек сұрамады. Бұған оның инабаттылығы, атадан келе жатқан намысқой тектілігі жібермейтін.Тек спорттық жарыстар кезінде аяқта қалған жазылуы аса қиын зақымды емдетуге бұрынғы Премьер министр Нұрлан Балғымбаевтың қол ұшын бергені жөнінде жиі айтып, бұл азаматқа шексіз алғысын білдіруде. Әйгілі спорт шебері Әминнің саналуан қиын да қызықты өнегелі өмірінде спорт биіктіктерін бағындырумен қатар, өзге де айтулы оқиғалар, естен кетпес сәттердің болғаны белгілі. Солардың бірін еске алсам, ол 1993 жылғы қараша айының 12-ші жұлдызында Алматы қаласында М.Әуезов атындағы драма театрында Әмин Тұяқовтың құрметіне Қажымұқан қайырымдылық қоры ұйымдастырған салтанатты кеш еді. «Атқан оқтай зулаған...» деп аталған осы шараның өтуіне байланысты қор тарапынан арнайы шақырту алғаннан кейін Маңғыстау облысы атынан бір топ делегация Алматыға келіп жеттік. Түстен кейін театрға келгенімізде Алматының әсем ақ жаңбыры себелеп қарсы алды. Біздер бұны Әминнің тойына орай жақсылыққа жорыдық. Әминге арналған мерекелік кешке қазақ руханиятының бүгінгі көш басшысы атанған әйгілі жазушы Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәуле келіні Кларамен, қазақ халқының ақын қыздары Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, ақын Тұманбай Молдағалиев, спорт жұлдыздары – қазақ боксының атасы

Шоқыр Бөлтекұлы, Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов, Серік Қонақбаев, ДәулетТұрлыханов, Мұстафа Өзтүрік келген екен. Сондай-ақ, басқа да Әминді құрмет тұтатын республиканың әдебиет, мәдениет қайраткерлері, сол кездегі Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі Қаратай Тұрысов бастаған министрліктің жауапты қызметкерлері, спорт әуесқойлары, қала халқы кең сарайды лықа толтырғаны сонша, залда ине шаншар жер қалмады десе де болғандай еді. Осы кездесу еске түскен сайын Отанымызда Әминге деген ықылас пен құрметтің осыншама жоғары болғанына қуанасың. Ауқымы мол, жауапкершілігі жоғары Қажымұқан қайырымдылық қорының тұсаукесер тойы республикамызда алғаш рет жерлесіміз Әмин Тұяқовқа арналды. Өйткені, ол кешегі Кеңестер Одағында жеңіл атлетикадан чемпион болған тұңғыш қазақ еді.Осы салтанатты кеште Әмин туралы көрсетілген деректі кино ешқашан көз алдымнан кетер емес. Бұл киноны көрген де арманда, көрмеген де арманда десек артық айтқандық болмас еді. Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарындағы бұл киношежіреде көрермендерге лықа толы, ауқымы кең сәулетті стадиондағы жанкүйерлер: «Тұяқов, Тұяқов...»- деп бар пейілдерімен қошемет көрсетіп, талмастан қол соғуда. Кинодан көріп отырмыз, біздің Әмин америкалық негрмен тайталаста алдын берер емес, зулаған күйі әріптесі, әйгілі жүйрік Ғұсман Қосановқа эстафета таяқшасын ұстатып үлгергені сол еді, бәйгі бермес тұлпардай тықыршып тұрған Ғұсман да бұдан әрі құстай ұшып, алдына жан салмастан мәреге жетті. Стадион дүр сілкінгендей болып, жеңімпаздарды тік тұрып құттықтады. Бұл АҚШ пен КСРО эстафеташыларының «Ғасыр бәйгесі» атанған жарысында біздің жігіттердің Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов, Николай Политико, Эдвин Озолиндердің тарихи жеңіске жеткендерінің көрінісі еді. Экраннан тағы да Әминді көреміз. Ол міне, 200 метр қашықтыққа жүгіруден алдына жан салмай 20,6 секундта келіп, КСРО-ның жаңа рекордын жасады. Кино-шежіре Әминнің алған асуларын осылайша тартымды да таңғажайып көріністермен баяндап жатты... Бұл тойдың Нұрғиса Тілендиевтың өзі дирижерлық еткен «Отырар сазымен» ашылуы, жүргізушісі міндетін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Досқан Жолжақсыновтың атқаруы да Әминге деген айрықша құрметтің белгісіндей әсер қалдырған еді. Кеште Қажымұқан атындағы қайырымдылық қордың құрметті Президенті, министр Қаратай Тұрысов алғашқы болып сөз алды. Бұдан кейін ақындар Т.Молдағалиев, А.Бақтыгереева Әминге арнаған жұрекжарды өлеңдерін оқыды. Арқалы ақын Тұманбай Әминге деген ыстық ықылас-ниетін төмендегі жолдармен жеткізді: Мақсатыңа жолбарыс боп атылдың, Алғыр ойым, абыройым, ақылдым. Сағы ешқашан сынбау керек саңлақтың, Бағы әрқашан жану керек батылдың. Қазақ атын кім танытса әлемге, Құрмет, құрмет және құрмет сол ерге. Ел көгіне жайнап шыққан жас жұлдыз,

Елі барда, белі барда сөнер ме? Театр сарайындағы алғашқы минуттерден бастап, тойдың соңына дейін Әмин Елемесұлына көрсетіліп жатқан думанды құрметке тек Әминнің отбасы, тек маңғыстаулықтар ғана емес, бүкіл қазақ халқы қуанды. Қажымұқан қайырымдылық қорының алғашқы тұсаукесер тойының даңқты желаяқ Әмин Тұяқовқа арналуы, оның тұсауын Әминнің өзінің кесуі бүкіл Қазақстан спортының мерейін өсіруге бағытталған ауқымды да маңызды шара болды. Тойдың негізгі иелері Әмин де, Алма да барлық жиналған жұртшылыққа, біздерге үлкен ілтипатпен ризалықтарын білдірді. Содан бері бірқатар мерзім өтті. Соған қарамастан Әмин спорттағы тәлімгерлік – ұстаздық өмірін талмай жалғастырып келеді. Міне, күні бүгін, Әминіміз 70 жасқа толып отыр. Құрметті Әмин, сол парасатты еңбегіңнің жемісін көре бер, шәкірттеріңнің биік көрсеткіштері сені қанаттандыра түссін, әрқашан мықты денсаулықта болып, халқыңның құрметіне, жанұя бақытына бөлене бер!

«МӘДЕНИ МҰРА» АЯСЫНДА

«Мың өліп, мың тірілген» халқымыздың сан-қилы өмір жолдарында ескірген, тіпті жойылып кетуге айналған мұраларын табиғаттың мүк басқан қойнауынан аршып алуда, халық игілігіне жаратуда елеулі еңбек еткен белгілі тұлғалардың, елін, жерін қорғауда қасық қанын аямаған жаужүрек бабаларымыздың мәңгілік дамыл тапқан мекен-жайын анықтауда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы, айтарлықтай роль атқарып келеді. Бұл бағдарламаны іске асыруда аудан, қала, облыс басшылары тарпынан елеулі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыс, әсіресе, біздің облысқа әкім болып Қырымбек Көшербаев келгеннен кейін жандана түсті. «Мәдени мұра» аясында ел тарихының тереңде қалған беттерін ашуға, Маңғыстаудың әулие-әмбиелі көптеген орындарында жерленген атабабаларымыздың есімдерін анықтауда өлке зерттеушілері бұл күндері ортамызда жоқ Есбол Өмірбаевтың, Ізбасар Шыртановтың, Қабиболла Сыдиыковтың еңбектері зор болды. Бұл сала өлке зерттеушілері М.Ақмырзаев, А.Спан, т.б. еңбектерімен жалғасын табуда. Оның бір мысалы «Маңғыстау» газетіндегі (16.11.06) М.Ақмырзаевтың осы кезге дейін белгісіз болып келген Жары Назарұлы Тастемірдің жай тапқан жері – Сисем Ата Қорымы екендігі жөніндегі мақаласы. Сисем Атаны Маңғыстаудың пантеоны (пантеон – грек тілінен алынған –қабір, мазар, сағана-атақты адамдар қойылатын орын) деп атап жүрміз. Өйткені мұнда халқымызға қадірлі, жақысылықтарымен қайыры тиген тұлғалар, қиындықтарда бетке ұстар ел қорғаны болған батырлар жерленген.

Адай елінде осыдан шамамен екі жарым ғасыр бұрын табиғи дара дарын қасиеттерімен танылып, адамгершілік игі істері тарихи шежіре беттерінен түспей келе жатқан үш Назар өткен. Солардың бірі – адайлар «Қыдыр көрген» деп айрықшалаған Жары Назар. Ал Ескелді Саназар мен Жаңай Қожаназар туралы айтқанда бұларға Қыдыр дарыған (Тасқара Қаратайұлының айтуы бойынша) деп айтылады екен. Тағдырына не жазса да, соған шүкіршілік еткен Назар өзіне, барша әулетіне тиген сыбағаның сабасы кең, келісті болғанын, ұрпағының әрқайсысына тәңір пендесіне еншілер жақсылықтардың жазмыш етілетінін ғұмыр-тіршілігінде сезініп, тұшынып өткен. Ол Жоңғарлармен шайқастың бел ортасынан табылған белгілі, тарихта айқын таңбаланған Адай батырларының бірі. Алатау аймағында көшіп-қонып жүретін Жары Назар ауылының қанатын керіп орын теуіп отырған бір тұсында үйіне иман жүзді, тахуа, дін иесіне тән киінген бір ақсақалды кісі келеді. Әңгіме – дүкен құрып, жайласқан қонағына Назар қасында отырған балалары Шотан, Құдайберген, Майлан, Тастемірді таныстыра келіп, «ел аралаған сыншы болады» дейтін атам қазақтың асыл түйіні бар еді. Сіз көп жерде болған, көпті көрген, тағдырдың жазуы тек бір Алладан екендігіне бар пейіліңізбен сенетін жан екенсіз. Осы ұлдарым жөнінде қандай пікір айтар едіңіз деп сұрады... Сонда қонағы ойлы көзін талтеректей өсіп келе жатқан Сымбатты жігіттерге аудыра отырып:

- Шотаныңның өңінде сепсімес ызғар, қайтпас қаһар, жүзінде бет қаратпас айбат, жанары ұшқын шашып, лапылдап тұр екен. Осының жау қайтарар батыр болар. - Құдайбергеніңнің өңі ашаң, ерні жұқа, тілі сүйір екен, асылы шебер сөздің иесі болар, - Майланың жүзі жайнаң, бітімі толық екен, түлігі өскен бай болар,

- Тастеміріңнің жүзі нұрлы, қанды екен, көзі отты да үйірімді екен, өсіп-өнер, өрісті келер – депті. Сонда Назар осы айтқандарың жүрегіме жетті, көңіліме әбден қонды, ойым он саққа жүгіруден тиылып орнықты. Айтқаныңызды Алла Қабыл етсін! Әумин! – деп бата жасағанында қатар отырған қонағы да алақанын мол жайып жүзін сипапты. Кәдуілгі қонақ қадесін жасауға түнге салым сыртқа шыққан кезінде қонағы Назарға: Құдай өзіңе Қыдырмен ұшырасуға жазса қайтер едің? – деп сұрағанында, Назар: құлшылығымды құлықтап, ризалығымды арнар ем, Қыдыр көргеннен артық бақыт болар ма пендеге, - деп жауап беріпті. - Онда жай қолыңды, Құдайдың кездесуін жазған Қыдыры қасыңда тұр, батасын ал! - Жайдым қолымды! - Бұл ғаламдағы Алла пендесіне тиесілі жақсылықтар барша ұрпағына бұйырсын! Екі дүниенің абыройы тисін сізге! Әумин! Назар қос алақанымен жүзін сипап өткенде қасында тұрған ақсақалдың ізімқайым болғанын көреді. Оның Қыдыр Ата екеніне көзі жетеді. Назар бұл

жөнінде ешкімге сыр шашпауды жөн көрді. Әйтсе де уақыт иірімінде Қыдыр көргендік Назардың өз іс-қимылынан, қадір-қасиетінен, ұрпақтары мирасынан шырай танытып, шындық шынықтыра берді. Қыдыр Атаның Назардың балаларына берген бағасы қолға ұстатқандай болып өмірде дәл көрініс тапты. Шотан Маңғыстауға адайларды бастап келген жау жүрек батыр, Құдайберген сөзге ұста, Майлан әрі бай, әрі сахи, Тастемір өрісті, үрім-бұтақты, қайырымды болды. Артында түйдек-түйдек ой түйген, қыры келтірілген, шешімі он ойланып, жүз толғанатын сөздер қалдырған адай биі Мәтжан Назардың Құдайбергенінен тарайды. Оның шешендігіне, тосын тапқырлығына қатысты аңызға астасар ақиқаттар аз емес. Атақты сынгер Әлім Бүкір Адайдың үш айтқышын: есен Ермембетті, түркменадай Оразбайды, жары Мәтжанды арнайы бір бас қосуда өзара шеңдестіре сайыстырып көрген екен. Сонда Бүкіл сынгер Мәтжанға: асылы сені сөз анасы десе болар. Айтарың алғаусыз, тура екен. Тілің сүйір, сөзің уытты, пікірің сара, артыңды алтындай әспеттелген сөзің қалар. Сөзің қалса өзің де ұмытылмассың – депті. Назар ұрпақтырында күдер балтыр, тұтас жота, шоң желке палуандар да болған. Майлан ұрпағы Есет түркпеннің атақты қоңыраулы палуанын жерге жауырынан түсіргенде Мәтжан би: «Па, Шіркін, Есетжанмен туыс екенімді тап осы сәттей сезінген емеспін» - деген екен. Өктем, өр дауысты, адайдың жеті қайқысының бірі, әнші майлан тегі Шолтаман бабасы Назар есімін елге кеңінен танытқан өнер иесі. Оның әуенсазының ешкімге ұқсамайтын, құлақтың құрышын қандыратын әдемілігі мен үнділігі, салған әнінің таңғы тұнық ауада 45-50 шақырым жерге еркін жететіні жайлы аңыз іспеттес әңгімелер осы кезге дейін айтылып келеді. Біз бұдан әрі мәңгі мекені Сисем Ата екені таяуда ғана айқындалған Тастемір ұрпақтарын сөз етпекпіз. Маңғыстаулықтардың ауызекі әңгімелерінде «Жарыны жары еткен Назар, ал Назардың даңқын асырған Тастемір» - деген тұжырым бар. Тастемір әкесі Назардың өсиетінен ауытқымай, қылаудай да қияс тартпай өмір сүрген. Ол жоқ – жітіктерге, кемтарларға аса қамқор көзқараста болған, кең қолтықты, кеңпейілдігімен елжұрты алдында қадірлі болған. Тастемірдің 18 баласы (ағам Бисенбінің айтуы бойынша: Сейт, Сейтімбет, Ақеділ, Балта, Қылыш, Таңырық, Қаделді, Таған, Жылкелді, Ырыскелді, Тұяқ, Қияқ, Сармолда, Қаратай, Жазалы, Мазалы, Мағамбет, Берді) әкенің тәрбиесін, үлгі өнегесін өрістетіп, ел санатын түзеп өркен жая берді. Тастемір балаларының он үші өз алдарына рулы ел болып өсіп кеткен болса, қалған бесеуі (Ырыскелді, Қияқ, Тыңырық, Жазалы, Мазалы) «әйелі өлсе-жылулас, малы өлсе – қызылдас» дегендей, онша көп өсе қоймағандықтан қалған 13-не сіңісіп кеткен. Тастемір Назардың басы да, малы да тел өскен, өрбіген, тамыры терең тартқан балаларының бірі. Тастемірдің баласы Бақажанның бір өзінде басқа түліктерін айтпағанда мың жарымнан аса жылқысы бар болған. Сол кездерде ұрпақ өкілдерінің барлығы мен байлығын, жомарттығын, өнерлерінің өрістілігін сипаттайтын ірі-ірі бас қосулар, атағы шыққан адамдарға ас беру

уақиғаға айналып отырған. Сондай астың бірі Қайнар жерінде Назардың баласы Тастемірге берілген. Асқа 1000 үй бөліп, аламан бәйгеге 100 ту бие байланған. Бұны айтып отырған себебім: соңғы кездерде Тастемірге ас беруді ойлаған ұрпақтары оның қайда жерленгенін білмегендіктерінен кідіріп қалыпты дегендей естігеніміз бар еді, енді бұған жол ашылды деп білеміз. Жары Назардың кеңдігімен шапағаты барша ұрпақтарына жетіп, абройатағын жан-жақты қырынан көрсете алғанына уақыт куә. Назардың ұрпағы Айдар Ишан түбекте діни мектеп ашып, тұрғындырдың сауатын ашуға тыңнан жол тартқан. Ол ашқан мектептерді бітірген азаматтар қоғам өзгерісінің қай тұсында да ел игілігіне еңбек етті. Айдар Ишаннан дәріс алғандардың бірі Ержан Хазірет болды. Айдар Ишанның баласы Әбдіжапар молданың баласы болғаны үшін айыпталып, Магадан, басқа да Солтүстік қалаларында 18 жыл отырып елге оралды, азап шекті. Бұның өзі елімізде білімді адамдарды, молдалар мен байларды, билерді жаппай жоюға бағытталған кеңестік өкіметтің шектен тыс озбырлық саясатының салдары еді. Тастемірдің Тұяқ есімді баласынан шыққан Айтмағанбет пен Санауберді қажылық дәрежеде танылып атағына аброй үстегені де ел есінде. Олар туралы мынадай өлең жолдары сақталған: «...Алла берген ауылсың, Мал мен басың тең өсіп Аумай жатқан қарыдан. Санаекең мен Айтекең, Қатар барған парынан. Бұлардан бұран қажыға, Барған жоқ ешкім Жарыдан...»

Назардың осындай елі сүйген айтулы перзенттері аз болмаған. Емші, сынықшы көріпкелдік қасиеттер дарыған Әуеталық пен Қожық ерекше танылған. Әуеталық көріпкел өзінен медет, сүйеу күтіп жолға шыққан адамдарды алдын-ала біліп, тиісті емдерін жасауға дайындалып отыратын болған. Нелер қол өнер бұйымдарын әспеттеген зергер, ұсталары да баба атағын елге жайған. Санаубердінің Әбиі алтын мен күмісті баптап, темір атаулыны тезге салып, небір ғажайып бұйымдар, тұтыну құралдарын жасай алған. Атбегі Шәннің Ербөлегі, саяткер Сақтайдың Алпаны, қос ішекті қоңыр домбырасын әр әуенде мүкісіз сайратқан Қожырдың Сұлтаны сипатты азаматтар да өз өнерлерімен бабасы Назардың атағына ажар үстеп отырған. Жары Назар ұрпақтары сапынан нелер өнерлі таланттар шығып, шаршы топта танылған. Халық ақыны Тастемір ұрпағы Сәттіғұл Жаңғабылұлы төмендегі жолдарын өзінің бабасы Жары Назарға арнаған. «...Сегіз арыс Адай ішінде, Мұңал едік, көп едік.

Мұңалдан шыққан Жаулы едік, Халықтың қалың сауыры едік. Абыл, Ақтан, Пір Бекет, Парымен шыққан ауыл едік. Бастап айтсам әуелі, Пір өткен жоқ Бекеттен Кереметін көрсеткен. Ер өткен жоқ артылып, Сүйінқара, Шотаннан, Тәжінің ұлы Досаннан... Үш арыс – Жаулы еді, Әруағы таудай бар еді, Сол жарының ішінде, Дуадақ ұшқан боз төбе Назар деген ауыл едік, Келе жатқан қашаннан... Адайға ортақ болғанмен, Бабамыз Назар мен сенің Жүйрігің едім тартымды. Шабатын жерде бәйгілі, Қыдыр көрген Назардың Бір баласы Тастемір Алшыннан озған байлығы». Тастемір ұрпақтары қай кезде де Жары Назардан бастау алған адамгершілік, қайырымдылық, біліктілік, өнерлілік сияқты адами қасиеттерін берік ұстап халық алдында аброй мен беделге ие болды. Әр қайсысы өз салалары бойынша жоғары көрсеткіштерге жеткен. Сүйеген Салманов, Майша Түметова Одақтың депутаттары, басшы қызметте бедел мен құрметке ие болған Жадырасын Қоңырбаев Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Тұрғанбаев Құрманбай, Әмиқұлов Далжан, Сәтімов Диханбек, Салманов Өтеген, Жұбаев Құлшық, Матаев Жәнібек ұзақ жылдар кеңес, шаруашылық жүйелерінде көрнекті басшылық қызметтерін атқарып, ел есінде қалды. Атақты жылқышы Өмірзақов Маңғыбайдың еңбегі Ленин орденін алуымен бағаланды. Жоғарғы білімді, ауылшаруашылығының белгілі маманы Әбілшеев Қойшығұл облыстағы алдыңғы қатарлы Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары болып істеп келеді. Ал Жәнібекұлы Жаңбырбай Ақтау қаласы мәслихатын басқарып, халықтың мәдени-тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерін біліктілікпен көтеріп талқыға салуда, алынған шешімдердің орындалуын қадағалауда үлкен белсенділік, іскерлік көрсетуде. Белгілі ұстаздар Айтанов Әнес, Алпанов Алдажан, Бекмағанбетов Ілияс, Әбдіжапаров Рахмет, Әрешов Ахат, Маңғыбаев Жәңгір, Бектілеуов Тарғын «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай айтқандай бар өмірлерін бала тәрбиесіне арнап, терең білімді, үлгілі-тәрбиелі азаматтар даярлау ісіне айтарлықтай үлес қосты.

Маңғыстау журналистерінің көрнекті ағасы, айтулы жыршы Оразаухан Ізбасаровтың өнері, шығармашылық жоғары қабілеті, мұнай өндірісінің белгілі маманы Нұрболат Жұбаевтың біліктілігі мен шешімділігі, облыстың, Жаңаөзен қаласының денсаулық саласын басқарған кездеріндегі Бердібек Тұрарбековтің іскерлігі жөнінде де әр кез жақсы лебіздер айтылып келеді. Тастемір атасының рухын асқақтатып, халқына қалтқысыз еңбек етіп жүрген, белгілі бизнесмен, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша төрайымы Сәуле қажы Бердіхан қызы Жақаева тек туыстарының ғана емес, бүкіл облыстың мақтанышы. Сондай-ақ ұрпақ тарихи зерттеумен тиянақты айналысып келе жатқан шежіреші, қаламгер Жылқышы Жетібаевтың еңбегі бір төбе. Желтоқсан оқиғасының белортасында болғаны үшін қуғынға ұшыраған заң қызметкері Аманжол Қортабаев та айтуға тұрарлық ұлтжанды азамат. Тастемірдің ұрпағы қазір екі мың үйден асады. Жоғарыда аталған азаматтардан басқа да қоғамдық өмірдің саналуан салаларында абройлы еңбек етіп, ата даңқын қастерлеп келе жатқан ұрпақтары баршылық. Тастемірдің арғы ұрпақтарының қауымы, «Алаторпа», кейіннен Қаратөбе, Тұщықұдық пен Шебір. Ал оның ішінде Тұяқ ұрпағының қауымы Қапам әулие. Бұл әулиеде 1946 жылы менің әкем Әріп те жерленген. Тұяқтан тараған ұрпақ өкілдері соңғы кезде Қапам әулие басынан түнеухана салып, игі іс бітірді. Ол үшін әулиеге түнеуге келген халық үлкен рахмет айтып, ризалықтарын білдіруде. Тастемір бейітінің Сисем Атадан табылуына орай оның ұрпақтары жөніндегі осы аздаған мәліметтерді айта келіп, Сисам Ата Қорымының түгел зерттеліп болмағанын, мұнда осы кезге дейін қайда жерленгені белгісіз болып келген Адайдың талай-талай топ жарған аршыландары дамыл тапқанын ескеріп, «Аютөсті» бастан-аяқ зерттеу қажет деген пікір білдіреміз. Бұның өзі Сисем Атаны алдағы кезде ЮНЕСКО қамқорлығына беру жөніндегі ұсыныстарымыздың іске асуына да белгілі дәрежеде ықпал еткен болар еді.

15.12.2006ж.

АҚЫН ОҢАЙГҮЛ ТҰРЖАНОВАНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ

Әлемге әйгілі байлығымен бірге, баһадүр батырлары, ел бастаған көсемдері, сөз бастаған шешендерімен аты шыққан қасиетті Маңғыстау топырағы қай кезде де айтулы, атышулы өнерпаздарға кенде болмаған. Есімдері әмбеге белгілі жыршы-жыраулыр мен ақындар, күйші сазгерлер, құйқылжыған ән бұлбұлдары, бәрі-бәрі еліміздің өткен ғасырлардағы маңдайға ұстар мақтаныштары болып келген болса, сол үрдіс жалғасын тауып, өнердің осы салаларының қай-қайсысына көз жіберсек те, өнер мұхитында еркін жүзіп келе жатқан кәзіргі мақтаныштарымызбен де марқая түсеміз. Осы мақтаныштарымыздың бел ортасында жүрген қазақтың

маңдайына біткен дарынды ақын-қызымыз, әрі ғалым Оңайгүл Тұржанова. Ақындық табиғаттың сыйы, ол адамның жан-дүниесіне ананың ақ сүтімен дарып қалыптасады. Ақындыққа үйрететін институт, не университет жоқ. Бірақ, оның есесіне табиғат берген дарын-бұлақтың көзі бітеліп қалмау үшін іздену, өмірді зерттеу, елдің өткенін зерделей білу бар. Демек, талант пен еңбек егіз. Оңайгүл мырза табиғаттың өзіне берген ерекше талантын ел игілігіне жұмсау жолындағы тер төгіп келе жатқан еңбеккер ақын. Шындық пен шыншылдық – Оңайгүл поэзиясының басты болмысы. Ол әділдікті, ізгілікті, адам жанының тазалығын қорғай отырып, шынайы шындықты ашып көрсетуден тайынбайды. Ақын «Шерқала» жинағындағы «Қала» деген өлеңінде: «...Мына заман, Сәл нәрсеге елеңдеп, Үркек атқа мінгендейін келем бек. Жылнамалар тұру керек жерлерде Жарнамалар Жөн бермейді көлеңдеп...

Жылнамамды жыртып кетпе, шайпау шақ, Жарнама емес, төгіп тастар шайқай сап. Өзің ғана білер у-шу әлемге Тарихымды Айтсам деп ем айқай сап» - деп қоғамдағы орын алып келе жатқан қиыншылықтарды айта отырып, өз елінің тарихын, өркениетке қосқан үлесін бүкіл әлемге паш етуге ұмтылады. Ақынның: «...Құмырсқа әлін ұсынды, Алмаймын десем де болмай. Жоқшылық жоғын ұсынды Қал енді десем де қалмай» - деген жолдары кешегі бір кездегі ел өмірінің нақты шындығы болмады деп кім айта алады? Сократ Хасим философ: «Өмірде жақсы білімнен үлкен, ұяттан сұлу нәрсе жоқ »– деген екен. Оңайгүл ақын жырларының бүкіл болмысына осы жақсылықтар жоғары парасаттылықпен өрілген. Әдебиет ардың ісі. Олай десек, Оңайгүлдің шығармашылығынан таза ардың, жүрек түкпірінен шыққан шынайы сезім арқылы берілген тереңдікті, біліктікті аңарамыз. Ақынның өзі де «тереңдіктен суырған ойларымды кереңдікке апарып жолықтырма»- дейді ғой. Оңайгүл жырларынан оның туған жеріне, еліне деген сағынышы айқын көрініс тапқан. Әсіресе, ол ауылдың қадір-қасиетіне келгенде айрықша сыр шертеді. Адамзатқа, соның ішінде қазаққа ауылдың бергені мен берері жөнінде асқақтата жырлайды. «Жыр-Дала» кітабында: ...Ауыл менен қазақ деген бір ұғым, Түсінер кім қандайлығын құнының?

Қайран ауыл, бір өзіңнен басталған, Өлең жайлы менің тұңғыш ұғымым» - дей келіп, «Мен ғана емес, күллі ақын ауылдан, Қас дарындар күмбір күймен «ауырған». Әнші, ғалым, қас батырлар мейірімді, Жарты жанын аямайтын бауырдан» - деп түйіндейді. Құрметті қарындасымыз Оңайгүл! Еліңізге келіп, сағынған оқырмандарыңызды отты жырларыңызбен сусындатып, рухани көкжиегімізді кеңейте түскеніңізге шын ризалықпен рахмет айта отырып, жалынды жырларыңыздың алауы барған сайын жарқырай түссін деген тілек білдіремін. 09.11.2005ж. САЙЫН НАЗАРБЕКҰЛЫНЫҢ шығармашылығы туралы ойлар

Сайын Назарбеков кім? Ол қандай еңбегімен, қандай қабілет дарынымен Қазақстан жұртшылығына белгілі болып келеді? «Жақысының жақысылығын айт, нұры тассын...» дегендей, алдымен осы сұрақтарға жауап бергеніміз жөн деп білемін. Ол ақын, публицист, драматург, төрттағандарымен ой түйіндерін толғата білген, асып-төгіліп жататын дариядай екпінді де сан-алуан талант иесі. Оның шығармашылық еңбектері туралы таратып айтсақ: «Парыз», «Абай басқан Жидебай топырағы», «Шерқала» өлең кітаптрын, үш томдық шығармалар жинағын, «Сырласым бол», «Менің Ақ Ордам» атты еңбектерін, драматургия саласындағы «Абай ішіп үлгермеген у», «Ең асыл мұра», «Мен, мен едім, мен едім», «Ақбөбек» пьесаларын, этнография саласындағы «Қазақтың киіз үйі» еңбектерін атап өтер едік. Сайын пьесалары сахналарда табыспен қойылып, көрермендердің ризалығына бөленіп келеді. Сайын Назарбекұлы сәулетші-құрылысшы мамандықтарын да толық меңгерген, қыруар ескерткіштерді өмірге келтірген маман. «Абай-Шәкәрім мұнаралары» (бас құрылысшы), «Домалақ Ана» (сәулетшісі, бас құрылысшысы), «Хан Ордалы Сарайшық» (сәулетшісі, құрылысшысы) кесенелерін, «Абыл ақын», «Досан батыр», «ОмарханНұржамал» күмбездерін, Ділдә, Әйгерім. Шәкір Әбенов, Ақылбай сағаналарын салып, елдің мәдени мұрасына айналдырған танымал сәулеткер әрі еңбекқор жан. Кейіпкеріміздің өлең, драмалық шығармаларының қай-қайсысын да оқыған сайын оқи бергің келеді. Өйткені ол жазған дүниелерде қазақ халқының, бүкіл түркі тектес халықтардың өткені мен бүгіні, болашағы туралы толғаныстары шынайы көрініс тапқан. Ата-бабаларымыздан қалған «Сөз – ой көркі, ой – адам көркі» екенін еске алсақ, Сайын сөзі де, ойы да көрікті адам. Көрікті ойдан ғана қоғам, адамдар арсындағы достық қарым

қатынастарды уағыздауға арналған шығармалар туады десек, мұндай шығармалар Сайын еңбектерінің бәріне дерлік тән дей аламыз. Оның Ұлы Абайдың болшақ ұрпаққа қалдырған «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген киелі сөзін өз шығармалырына арқау етіп келе жатқанын аңғару қиын емес. Өмірден көргені мол, білгені көп, бәріне ой тоқтата тұжырым жасаған, іс-әрекетінде парасат биігінен көрініп келе жатқан Сайын Назарбекұлы өзінің «Сырласым бол» деп ағынан жарылған еңбегінде: «Сырласым бол, жарандар, сырласым бол, Дей көрмеңдер, сырласар, құрдасым ба ол... Дос бол, кәрі, бәрі бір, әйел, еркек, Сырласпақпын ой кернеп тұрғасын мол» - деп, ақ жүрек ашық көңілін жайып салап, барша жұртты ашық пікірге, кеңінен отырып қазіргі қоғам, адам, болашақ туралы ой толғамдарын ортаға салуға, сыр бөлісуге үндейді. Ол іштегі сырды ақтаруға ешкімді де міндеттемейді. Тек қана: «Сыр айтайын, қорықпа, ақыл айтпан... ...Еріккенде оқи сал оңашада... Ойлар нешік... төрт жолмен ақын айтқан?» - деп, көңілге қонған тұстарын еске аларсың дегендей ой тастайды. Сайын не айтса да іркілмей ашыған, анығын айтатын ақын. Ол осы еңбегінде өз ойын: «Аманатқа қиянат – арсыз ісі, Ар үніне, ұжданға қарсы кісі. Ала жіптен аттамас, жаны таза, Ар мен Алла ісіне жаршы кісі» - деп түйіндейді. Осы еңбектегі «Сенім мен дін» деген ой толғамында Сайын адамдардың сенім мен дінге психологиялық бағыныштылығын дәлме-дәл түйіндеп: «Пенде біткеннің бәрі де біреуге табынады. Бірі Құдайға... Бірі Ережеге... Үшінші біреулері күштіге... Ешкімге табынбайтындар да баршылық. Бұлардың бірі барлығына қарсылар. Көзі көргенді, құлағы естігенді – бәрін қаралап, бәрін күйелеп тастайды. Соған айызы қанады. Ондайлар өз қылығына табынады. Ал табынбайтындардың бір тобы – ішкі сарайлары таза, жап-жарық, ап-анық. Ешкімге бас та ұрмай, жамандық та ойламай өмір сүреді. Олар адалдық пен тазалыққа табынады»... Бұндай тұжырымды тек «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей адалдық пен тазалыққа табынатын, әділ де тура кісі ғана айта алады деп білемін. Ақтамберді жырау өзі өмір сүрген заманында «Мұртымыз күнге шаншылып, бұрын да сөйлер ме екенбіз?» - деп, әркімнің лайықты орнына қарай еркін сөйлеуге жетуін армандаған екен. Ал «мұрты шаншылып сөйлеу дегеніміз кімнің алдында тұрса да қаймықпай сөйлеп, айтарын іркілмей айта білу дегенді білдіреді. Сайын Назарбекұлы сондай адам. Ақын өзінің «Менің Ақ Ордам» деген еңбегінде туып өскен киелі Маңғыстауының бүкіл әлемге белгілі бай өлке боларын алдын-ала біліп,

ұрпаққа мәңгілік бесік еткен ата-бабаларының рухына ризалығын төмендегі жолдармен бейнелейді: Көз суарар ну да жоқ есің кетіп, Мәуе де жоқ талмайтын нәсіп етіп. Ғажап... қалай таңдаған әулиелер, Маңғыстауды мәңгілік бесік етіп? ...Таңдандырар Маңғыстау топырағы, Қалыс қалмас адуын ұлдары да. ...Маңғыстауым ғажаптар көрмесіндей, Қайсы бірін айтарсың, мың ғажаптың!...

Сырласу-сұхбат үстінде мемлекет қайраткері үшін аса қажет екі-үш қасиетті атап өтсеңіз деген жорналшыға Сальвадор Альенде: «Кәдімгі мақсат-жігер тұтастығы, кісілік. Ұлылықпен шектесіп жатқан кішіпейілділік» - деген екен. Чили көсемінің бұл сөздері барлық адам үшін де өмірлік нұсқа десек, Сайын ақын осы еңбегінде (11 бет) кісілік туралы: ...Ойға кісіні бір сәт батырарлық... ...Қулық, сұмдық дәмінен татып алып – Бәрін аттап кеткендер кісі ме енді, Кісіліктің шекпенін сатып алып?...

Кісімсінген – кісілік кейпіне енсе, Аласардың асқардай дейтін еңсе. Бос орын жоқ сарайда, кіріп алған, Аты келсе бәйгеден, иті жеңсе...» - деп тебірене отырып, қайсыбіреулер аты бәйгеден келсе, иті таласта жеңсе кісімси қалатын, кісілік емес, кісімсінуді көргенде асқар таудай көңілінің аласарып, еңсең түсетінін қынжыла сөз етеді де, бұндай жағымсыз қылықтардан аулақ болуды, кісілік қасиетті ұғымға сай бола білуді уағыздайды. Ол осы ойын «Сырласым бол» кітабында (23 бет): Кісімін дер біраз жандар ісініп, Кіл мақтаныш, кіл буаз сөз – түсінік. ...Адам сөзі алынбасын есепке – Тек тындарған ісі ғана – Кісілік!» - деп шегендейді. Сайын өзі өткен қиын жолдарда кісілікті де, кішіпейілдікті де мықтап ұстап келе жатқан адам. Ол ұлық болсаң кішік бол дегендей өзін елден ерекшелемейді, қарапайым ұстайды, үлкенге ілтипатты сәлемі, кішіге көмегі әрқашан дайын тұрады. Елімізде әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтары мол болған 1996-1997 жылдардың өзінде ол әлі ешкімге танымал болмаған Серікбол Қондыбай еңбектерінің жарық көруіне көмек қолын алғаш созғандардың бірі. Серікбол Қондыбай халқымыздың мифологиясы туралы, аңыздардан ақиқат іздеу, миф пен аңыздан өзіңді іздеу, оларды түсіну, талдау жүйесі туралы жаңа көзқарас қалыптастырған «Арғықазақ мифологиясы» деп

аталатын төрт томдық еңбегімен бүкіл ғалымдар қауымын таң қалдырған тұлға. Серікболдың өзі: «Маңғыстау өлкесінде көптеген қайырымдылық ісшаралар атқаруымен есімі кеңінен танымал ақын Сайын Назарбекұлына «Маңғыстау географиясы» кітабының жарық көруіне тікелей жәрдем көрсеткеі үшін автор мың да бір алғыс сезімін білдіреді» - деп жазады. Сайынның Серікболға деген көмегі ол өмірден өткеннен кейін де жалғасын тапты. Бүкіл ғалымдар қауымын таң қалдырған төрт томдық «Арғықазақ мифологиясы» атты Серікбол еңбегінің жарық көруіне атсалысты. Ақын өз өлеңдерінде адамның ішкі ойларын, көңіл-күйін жете аша білуімен қатар, бір-бірінен қандай қасиеттерімен ерекшеленетінін де тамаша бейнелейді. «Сырласым бол» еңбегінде (46 бет): «Бақытсыздар – ешкімге сенбейтіндер, О да сондай – баулуға көнбейтіндер. Ең бақытсыз – еріншек, еңбек атты, Ұлы ананың емшегін ембейтіндер.

Бақыттылар, өмірде сенімділер, Бақыттылар – ауырға төзімділер. Бір жақсыны көрсеңіз жаймашуақ, Алабұртқан көңілге сенім кірер» - десе, ол өз бақытын Абай мен Шәкәрімге мұнара салған еңбегімен, Ұлы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» өсиетімен байланыстырады. «Бақыттымын, барыстан да батырмын, Бақыттымын, арыстаннан батылмын. Зор бақытым – Ұлы Абай басына, Бір кетікке кірпіш қалап жатырмын» - дей алады. Сөз ұйқастырумен де, сөзге мағына беруімен де оқушының айызын қандырарлық тұжырым жасайды. Сайын Назарбекұлының барлық шығармаларына дерлік арқау болып отыратын тақырып – Адам. Адамның ісі, артқа қалдырар ізі. Адам осы ізгі қасиеттерді сақтай алғанда ғана Аллатағаланың Адамды адам етіп жаратқан кезіндегі мақсатының орындалғаны. Ақын бұл қасиеттерді барша пенденің қолынан келе бермейтінін жақсы біледі. Сондықтан да ол: «Адамды Құдай жаратты дегенге сенейін десем, Құдайды аяймын. Адам маймылдан жаралды дегенге сенейін десем, адамды аяймын» - деген ой тастайды. Әдебиеттің бірқатар салаларына қалам тербеп, толымды шығармаларымен танылған ақынның барлық жазғандары сом алтын, кемшіліктерден ада дей алмаймыз. ...Соңында даңғазаның шуылдағын, Көр соқыр, бұл не деген халық «тырық».

...Жұлдызым қайдасың сен жарқырашы, Нұрланып көзге түссін «жаман адай».

...Сенімсіз қалам алып, ұйқас іздеп, Ақынның алаңдаған кезі құрсын... Осылар секілді кемшіліктер ақын шығармашылығының жалпы бағасын түсіре алмайды деп ойлаймыз. Сайынның адами жақсы қасиеттерінің бірі оның өз шығармалары жөнінде айтылған сын-пікірлерді (кейбіреулердей, орынды-орынсыз таласа кетпей) дұрыс қабылдап, тіпті ризалық білдіріп отыратыны. Бұған бір мысал келтіре кетейін. Үш томдық шығармалар жинағының екінші томындағы «Ең асыл мұра» (307 бет) атты сахналық шығармасын оқып шығып, авторға: «Түркі тектес халықтардың бірлігіне, арғы-бергі тектерінің туыстығына арналған, тірлік пен халық бақытының негізі – бірлік екенін үлкен философиялық тұрғыда әр дәуір өкілдерінің жүйелі сөздерімен, әсіресе, ақынның тартымды өлең жолдарымен тыңдаушының, оқушының санасына құя білер шығарма екен. Дегенмен, шығарма оқиғасыз, тек қатысушылардың арасындағы сөз алмасулардан (айтылатын сөздердің биік деңгейлі құндылықтарына қарамастан) тұратындықтан, сахналық шығарма бола алмас, көрерменді жалықтырып жібереді ме деп ойлаймын» - дегенімде, Сайын менің бұл пікіріммен толықтай келісіп, ризалығын білдірген еді. Менің Сайын Назарбекұлының шығармашылығы қақында келтірген бұл ойларым оның барлық шығармашылық еңбектеріне берілген баға бола алмайды, бұл тек қана оқырман ретіндегі пікірім деп білемін.. Қазақстан жазушылар және сәулетшілер одақтарының мүшесі Сайын Назарбеков еңбектері жоғары бағаланды. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР «Құрмет» орденінің иегері, Махамбет Өтемісов атындағы сыйлықтың лауреаты, Махамбет (Атырау облысы), Абай (Семей) аудандарының құрметті азаматы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. Сайын Назарбеков туралы мемлекеттік сыйлықтың иегері, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «...Мен оған алғашқы жүздесуімнен бермен қарай ылғи таң қалумен келемін. Әуелі, бауырмалдығына таң қалдым. Сосын достыққа адалдығына таң қалдым. Алған беттен қайтпайтын қайсарлығына таң қалдым. Табандалығына таң қалдым... Үш рет оташының пышағына түсіп, Отанына аман қайтып, тірі жүрген қаһарман керек болса, қасыңызда жүр» - десе, жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «...Сирек кездесетін түсті металл тәрізді, қасиеті қымбат азаматтарымыздың бірі ғана емес, бірегейі Сайын!» - деп, бір-ақ тоқтайды. Біз де осы пікірлерге қосыла отырып, Сайынға зор денсаулық, шалқар шабытының шарықтай беруіне тілектестік білдіреміз. 19.02.2007ж.

БУЛЫОЙЫҚ

«Булыойық Оңтүстік Үстірт (Атанияз) өңіріндегі жер асты үңгірі. Тереңдігі 200-300 метр. Үш қабатты алып киіз үй тәрізді күмездерден тұратын бұл жұмбақ үңгірдің түбінде көздің жасындай мөп-мөлдір су көзі бар. Үңгірдің ішкі ауасы жаздың ыстық айларында айрықша салқын болады да, қыс айларында керісінше жылы болып, табанындағы судан көтерілген бу сыртқа шығып жатады. Осыдан үңгір Булыойық деп аталған. Үңгірдің сырттағы аузында қой тастан қашалған шағын астау бар. Булыойық үңгірінің аузына дейін келіп жатқан сайдан қазылған құдықтың қай заманда болса да адамға қызмет етекені осыдан байқалады» - деп мен «Маңғыстау энциклопедиясында жазған едім. Енді осы Булыойыққа қалай кезіккенім және одан кейінгі болған жайлар туралы қысқаша баяндап өткім келеді. Шөл және шөлейт аймаққа орналасқан Бейнеу ауданында қыста аздыкөпті қар түскенімен жазғы тұрғы аңызақ оны кептіріп кетеді де, жауын өте сирек болады. Осыған байланысты, малға қыстық азыққа деп шөп шабатын шабындық болмайды. Сондықтанда не шабындық жер, не сататын шөп болама деп жаз шыға ауданымыздың, содан кейін көрші аудандардың территорияларын аралаймыз, әрісі республикамыздың басқа облыстарына дейін шығамыз. Мысал келтіретін болсақ, аудан құрылған 1973 жылдан бастап біздер Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Ақтөбе, Орал, Атырау облыстарының аудандарында болып әр жылы бірнеше мыңдаған тонна пішен алуды ұйымдастырдық. Бұл аса жауапты іске аудандық партия комитетінің бюро мүшелері, оның ішінде ауткомның төрағалары Б.Сарбалаев, Қ.Нұрғалиев жолдастар тікелей араласып отырды. Кейбір жылдары Бердібай Сарбалаев, Қуандық Нұрғалиев үшеуіміздің, кезектесіп, Қарақалпақ АССРы-нан шөп келтіруді ұйымдастырған кездеріміз де болды. Бірақ олардан алған шөбіміз уақ туралып, жемге қосып бермесе, малға ас болмайтын сапасыз күріш сабағы болып келетін. Ол шөпті малшылар «мынау малға азық болу былай тұрсын, ит ықтамас бірдеңе ғой» - деп күліп жүретін. Сондай бір мал азығына қардер болған кез 1985 жыл еді. Бұл жылы аудан территориясында шабатын, басқа аймақтардан келтіретін шөп болмағандықтан облыстық партия, атқару комитеттері мен ауылшаруашылық басқармасының ұсынысы бойынша, шөп шабуға болады деп есептелген Оңтүстік Үстірттегі «Атанияз» аймағынан (Түркменстанмен шекаралас) шөп шабуға «Маңғыстау», «Сыңғырлау» совхоздарынан арнайы пішен бригадалары жіберілген болатын. Осы бригадалардағы жұмыстың жәйін және шөптің түсімін байқау үшін 1985 жылдың тамыз айында біздер: «Сыңғырлау» совхозының директоры Наурыз Балмұқанов, аудандық газеттің редакторы ақын Айтуар Өтегенов (кейін Қазақстанның жазушылар одағының мүшесі атағына ие болды), аталған совхоздардың инженерлері, екі

жүргізуші (бірі аутпартком шофері Әлімбай Тоқмұрзин) және мен болып жолға шықтық. Жер арасы өте шалғай, «Атанияз» Бейнеуден 400 шақырымдай қашықтықта. Сондықтан да шыққан күні елсіз далаға түнеп, пішеншілер қосына ертесіне түс кезінде әрең жеттік. Келсек жағдай онша мәз емес екен. Жазда Бейнеуде көлеңкедегі температура 40-44 градусқа дейін көтерілетін кездері болатын. Бұл жер оданда ыстық болып шықты. «Біздің жақта күн ыстық дегеніміз жәй әшиін бос сөз екен. Нағыз ми қайнатар ыстықтың көкесін осында көрудеміз, күн шыға ыстық 40 градусқа көтеріледі, арғы жағын өздерің біле беріңіздер. Сағат 12-ден 4-ке дейін күн астында жүру мүмкіндігі жоқ болғандықтан жұмысты таңғы 5-тен бастап, кешкі сағат 10-ға дейін жүргіземіз. Шөп түсімі өте аз. Сонда да барын шауып жатырмыз, мақсат мал қажайтын азда болса қолға ілінгенін апару ғой» - деп ағынан жарылып жұмыс жайынан хабардар етті айрықша ірі келген, батыр тұлғалы «Маңғыстау» совхозының белсенді азаматы Саясат Еңсегенұлы. Шынында да жағдай өте ауыр екен, тамақтары бар, бас пана етіп жер үйлер қазып алған пішеншілер күнелтіс жасағанмен де шөп түсімі аз, еткен еңбектері босқа кеткендей болуы олардың кейде ренішін туғызып жүргенде сыңайы бер екен. «Атаниязда» осы кезде бар делінген түйе, қой, ешкі малдары сүйсініп жейтін алабота тұқымдасына жататын шала бұта – күйреуік, ірі бұталы шөптер өткен жылдары мол шығып соңынан жауын болмағандықтан күйіп кеткен, шапқан, тюктеген кезде опырылып сынып, тек түбірі ғана қалатын, соның өзінде түсімі әр гектарынан бір центнерге жетпей800-900 кг болып отырған дүние болып шықты. Осы жайды білгеннен кейін біздер бұл жерден шөп шабуды тоқтатып елге қайтуға ұлықсат етіп, азда болса шабылған пішенді тасып алуға қосымша машиналар жіберуге уәде беріп кері жүріп кеттік. Бұл кез түскі сағат 12 мен 1-дің арасы болатын... Енді осы әңгімеге негіз болған Булыойыққа оралайық. Мана келе жатқан жолда Наурыз бізге «осы жолмен бұрында жүрдім, оң қол жақта жолдан онша қашық емес жерде бір ағаш белгі бар, сол белгі Булыойыққа таяу жерде тұрған» - деп өзіне тән жолшыл да аңғарғыштығы арқасында адастырмай Булыойықты бізге көрсеткен болатын. Сонымен бірге бұл үңгірдің ауызы демалуға өте қолайлы – барынша салқын болатынын да еске салған. Олай болса бұл жерге қайтар жолда тоқтап демалып – түстік жасармыз, әлі ертелеу ғой деп ілгері жүріп кеткен едік. Енді, міне , сол Булыойыққа қайта келіп бас тіредік. Булыойық дегеніміз шынында да Үстірттің қақпақтай тегіс жерінің бір ойыс түскен жерінен басталып, әрі қарай белгісіз қашықтықта жер астымен кетіп жатқан үңгір екен. Үңгірдің ауызы кең, қанша адам болса да сыйып отырғандай шамасы бар, әрі ыстықта жанға жайлы салқын-самал ауасы бар өте ғажайып дүние екен. Оның біздер отырған ауызынан әрі қарайда біраз

жерге дейін күн сәулесі түсетін тегіс жер бар. Үңгір ауызының ішкі формасы, жоғарыда айтқандай, бірнеше қабатты алып киіз үй сияқтанып келген, әлгі күн сәулесі түседі деген жердің арғы жағы тас қараңғы. Бірақ, бір кездерде осы маңайда экспедиция болып, оның адамдары сол қараңғы жерлердің өзінен де асқанын дәлелдейтін, фонарьмен жүрген адам көретін, жолдың жосағы бар. Сол жолмен жүрген адам үңгір түбіндегі көлге кезігетін көрінеді. Ол көлдің, ондағы судың мөлшері, қасиеті белгісіз болып келеді. Бұның бәрін бізге іскер де батыл, ақжарқын, топырағы торқа болғыр інім-досымыз Наурыз қызықтырып, ынтық етіп айтып болды да, түстік жасап біршама демалған бәрімізге жүріңіздер, сол көлді көрелік, оның не ғажап екенін білелік деді. Өзінде елден ала шыққан фонарьда бар болып шықты. Бұл ұсынысқа менің сапарластарымның бәрі де қызығып, елеңдесіп барғанымызды мақұл көріп маған қарасты. Осыны байқаған мен: жарайды, сіздер барып қайтыңыздар, біз, Әлімбай екеуміз Сіздерді осы жерден күтелік дедім. Сонымен Наурыз, Айтуар бастаған 4 жігіт үңгір түбіндегі тылсым дүниенің тұңғиық сырын білуге орталарындағы жалғыз фонарьдің жарығына сүйеніп жүріп кетті де Әлімбай екеуіміз үңгір ауызында қала бердік... Арада біраз уақыт өтті, манағы кеткен «саяхатшылардан» әлі дыбыс жоқ, үңгір түбіне дейінгі жол 200-300 ақ метр деп еді, оған қарағанда келетін мезгілдері өтіп кетті, оларға не болған деп қобалжи бастаған кезімізде (бір сағат шамасы уақыт өткенде) дыбыстары шыға бастап, біздердің жүрегіміз орнына түсті. Дауыстар естілгеннен кейін көп ұзамай-ақ, күткен кісілеріміз келіп те қалды. Келгенде де жәй келмей арттарына жалтақ-жалтақ қарап қояды, өздері екі иығынан дем алып тұрғандарына қарағанда өте асығыс жүргендері байқалады, көйлектері сығып алғандай қара терге малынған (үңгір ішінің өте салқындығына қарамастан). Біздердің иә, қалай екен, не көрдіңдер деген сұрақтарымызға бірден жауап бере алмай күлген болады, бірақ күлкілерінің өзі де түсініксіз, күдік туғызғандай еді. Сонымен біраз демалып тыныққаннан кейін Наурыз бен Айтуар бірінің ауызындағы сөзді бірі қағып алып бару-келу кезіндегі сезімдері қорқынышқа, ал ұлы желісі үңгір аузында жайбарақат отырған кісіге күлкіге толы төмендегі оқиғалы сапарларын баян етті. Үңгір аузының жарығы таусылып, фонарьмен жүретін кезден бастап-ақ , жалғыз аяқ көмескі жол біртіндеп төмендей береді екен де, ара-тұра бір биік, бір ойдым болып, кейде бойды тік ұстауға мүмкіндік бермегендей жағдайда жүрісті қиындата түскен. Осылайша біраз жүргеннен кейін үңгір түбі-көл жиегіне қашан келеріне көздері жетпеген екі инженер әлгідей бір биіктеу шоқыршақтың басында қалып қояды да Наурыз бен Айтуар мақсаттарына жетпей жолдан қайтып кетуді өздеріне сын көріп, қой не де болса барып қайтайық деп алған бағыттарымен ілгері жүре береді. Біршама жүргеннен кейін тағы бір биік тап келеді де бұлар баяғы аяқ жол жобасымен осы биіктіктің үстіне шығады. Осы жерден фонарь арқылы төменге көздерін салса шынында да көз жасындай жылтырап жатқан суы бар, жалпы аумағы

белгісіз көл көрінеді, ал жан-жақтарына қараса, өздері отырған биіктің екі жағы да сай, оң жақтағы сайдың түбінде бір ораулы нәрсе жатқанға ұқсап қарауытады, анықтарға шама жоқ, құлақ түрсе тілсіз меңіреу тыныштық – міне осының бәрі бұл екі «батырдаң» жүректерінің соғысын жиілетіп, қорқыныш сезіміне бөлей бастайды. Денгенмен қол созым жердегі көл суына бармай кері кетуді лайық көрмей, екеуі де сырғып төменге бір-ақ түседі, түскенмен де көлдің суын байқамай олар көлге түсіп кете жаздайды. Айтуардың аяғына тиіп ұшқан тас алда жатқан көкпеңбек жерге шолп ете түседі де, бұлар қалт тұра қалады. Абырой болғанда әлгі аяққа сүрінген тас бұларды құтқарып қалады. Көкпеңбек болып жатқаны үңгірдегі көлдің түбі екен, теңіздің суындай мөп-мөлдірліктен судың түбі көрініп жатады. Осы жерде Айтуар көлге дейін келгендіктерін дәлелдеу үшін оның жиегіндегі кебіртіктеніп жатқан аппақ құмшекер түстес (тіпті одан да ақшыл) ақ ұнтақты бет орамалына түйіп алады (соңынан бізге көрсетті де). Бұл мылқау қара түнекті жерден тез кетелік деп кері бұрылса жағдай тіпті қиын екен. Өйткені,біріншіден, олар секіріп түскен кезде байқамапты, әлгі бұлар отырған түйе тайлы жарлау - биік көл жиегінен кісі бойы жетпегендей едәуір биікте екен, екіншіден, ғасырлар бойы көл жағасында тұрып су сіңді болған кедір-бұдыр жартастардың жылмық беті қолға ұстатпай сырғып әлекке салыпты. Сонымен, екеуі кім бұрын биікке шығуы керектігін сөз еткенде Наурыз әуелі мен шығайын, сен жарық салып тұр және де демеп жібер, сен соңынан шығарсың – жеңілсің ғой деп «кеңес» беріпті. Осылайша келіскеннен кейін биіктікке аманесен шыққан Наурыз фонарьді Айтуарға қайтарып беріпті де (жарық салып отыру үшін еңкеюге құлап кету қауіпы бар деп есептеп - шынында да солай болған), тастардан ұстап тартамын деп өзіңе қарай құлатып алма деп «ақыл» айтумен болыпты. Оның көмегі осымен шектелген. Енді нағыз қиындық, қасында көмекке келер кісі жоқ, Айтуардың басына түсіп, аман-есен шығу оған үлкен қиыншылық әкелген. Ілгері ұмтылған сайын жылмағай тастардан ұстаған қолы сырғи беріп, әбден азап берген. Ақырында бір қолына фонарын байлап алған Айтуар да ілекерлеп әлгі биікке көтеріліп, Наурыз екеуі, үн-түнсіз ілгері қарай жөнеле беріпті, оларға орта жолдан манағы екі жігіт қосылып, бәрінің асып-сасып бізге жеткен көріністері жоғарыда айтылғандай еді. Наурыз бен Айтуардың Булыойықтың түбіндегі көл суына барып келу сапарларының ұзын-ырғағы осындай. Булыойық үңгіріне саяхаттың қорқынышты болғанына қарамастан сәтті аяқталуына қуанған біздер салқын түсе елге жүріп кеттік. Ал біздің «батырлардың» қолдарын батырып, дәмін татуға батылдары жетпей жүрген әлгі көлде, бұдан бұрын мұнда келіп көрген Аман Жүнібековтың айтуына қарағанда, тұп-тұщы мөлдір су бар көрінеді. «Коммунистік жол» (облыстық) газетінің 1986 жылдың желтоқсан айының 27-сі жұлдызындағы нөмірінде Өтегенов Айтуардың «Булыойық» деген өлеңі жарық көрді. Онда мал азығын іздеп жолға шыққан хатшы (мен),

директор (Наурыз), тілші (Айтуар)- үшеуінің Булыойыққа кезіккені туралы әңгіме болады. Осы оқиғаның ізімен әзіл-қалжың ретінде төменгі жолдарды жазған едім. Әзілімнің негізі Наурызға арналған. Өйткені менің анам – Орынның әкесі Торқабай деген нағашы атамыз Қаратоқай беріш еді. Соған сүйеніп нағашы – жиен ретінде Наурыз екеуміз жеңіл әзілдесіп жүретінбіз. Менің осы жазғандарымды оқыған Наурыз «хатшылар біздерге мал азығын табуға қол үшін беруге дәрменсіз болған соң енді өлең жазатын болғандары ғой, шамасы»- деп күлген еді. Сондағы менің жазғандарым мынау болатын:

...«Уф» деп демін алды тыңға шығып, Қайтқандай ескі көгі жауын жығып. Салмады артта қалған тілшіге зер, Демеді «көмектесем қолыңды бер». Керісінше, айтты «ақыл» салмақтана: «Құлатпа, қиятасты, байқап қара. Фонарь да болсын сенде ,берме маған, Ол енді керегірек менен саған». Директор осыны айтып қалды үнсіз, Тұр жартас Тілші алдында мылқау-тілсіз. Қамықты Тілші сонда ауыр ойда, Шынымен кетем бе деп ізсіз – түзсіз. Қиындық ойда-жоқта түсті басқа, Пайымдап көз жіберді мылқау тасқа. Ерліктің серігі ғой жастық жігер, Жүректе жалын оты болса егер. Ширықты енді Тілші «ердің ері», Фонары әлгі айтылған бар сенері. Қолына оны қайта байлап алып, Ұмтылды тәуекелді, алға салып. Тар үңгір, жардауыт тас, тірегі жоқ, Ұстаса-ақ опырылып кетердей боп. Қинады жас жігітті алға ұмтылған, Болады шықса аман көңілі тоқ. Тарамыс, қайраты мол, Тілші мықты, Қиялап тайғақ жарды жымбыл-жықты. Сарп етіп осы жолға бар қайратын, Тың жерге талаппенен о да шықты. Алқынып Хатшы алдына келді олар, Біткендей бір үлкен іс көңіл толар. Өздері қара терге түскен әбден, Қажыған, айырылғандай қуат-әлден. Осылай болған жайды айтып салды, Бәрі де біразырақ күліп алды.

Хатшы айтты, «зауал ауды, жүрелік» - деп, «Булыойық» сырын ашпай артта қалды.

ӨРЕСІ БИІК ӨНЕР

Әр кез алуан өнер түрлері өресінің биік болып танылуы, немесе көмескі елес күйінде ғана қалуы көрермендердің берер бағасына тікелей байланысты десек, облыстық драма театрында қойылған белгілі ақын, драматург, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Сайын Назарбектің «Ақбөбек» атты екі актылы музыкалық драмалық спектаклінің алғашқы қойылымын тамашалаған көрермендердің «бұл бір өресі биік өнер болды» -деп бағалаулары шығарманың көңілден шыққанының айғағы еді.

Шынында да спектакль басталар шақта сахынаның арғы жағынан әйгілі әнші Күріш Тасболатовтың Қайыптың әні «Жадау көкті» асқақтата шырқаған дауысы лықа толы залды бір серпілтіп тастауымен бірге, қойылымға деген ынтамызды арттыра түскен еді. Сахна ашылысымен аспандата ән салып жүрген қойшы балаға кезіккен қарттың бұдан былай сені әнші деймін деп бата беруі, осыған жалғас тойды осы жазда өткізуді талап еткен Итбай құданың, оның жолдастарының қорғасындай зілді сөздері, ұзатқалы отырмыз деп айтуға қызына, кейінге қалдырамыз деп кесіп айтуға құдаларға батылы бармаған Есжан байдың ауа жетпегендей алқынған қимылы, шара таппай қиналып бәйбішесінен, балакелінінен амалсыз ақыл сұрауы сияқты шиеленісті көріністер көрермендердің көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты... Залда қыбыр еткен бір қимыл, не бір сөз естілмейді. Баршамыз енді не болар екен деген ойға беріліп үнсіз қалыппыз. Үйге жүгіре кірген Ақбөбек сыртта балалармен ренжісіп қалғанын, енді олармен ойнамайтынын, қыз киімін кигісі келетінін айтумен бірге, өзін ұзату туралы сөз болып жатқанын балалардан естіп келгенін әкесі мен анасына бірден айта салып, артынша тойды келесі жазда өткізуді талап еткен шақта оқиға шиеленісе түседі. Ақыры екі оттың ортасында қалып амалдары таусылған Есжан байдың ауылы тойды осы жазда өткізу жөніндегі құдалар талабын орындауға уағдаласады да қыз жасауын дайындауға кіріседі. Әдемі кебіс, етік тіктіру үшін шебер етікші шақыртылады. Бұрын таныс емес жігітпен кездесіп қалған Ақбөбек пен қыз жеңгесі оның етікші екенін білгеннен кейін, әсем де зерлі кебіс тігіп беруін сұрайды. Жігіт жәй етікші емес, әнші, домбырашыөнерпаз да екен. Сөйтіп, Ақбөбек пен Қайыптың бірбірімен танысуы осы кездесуден басталады. Қайып салған әсем әнді естіген Бөбек те, жеңгесі де арбалғандай күй кешеді. Спектакльде Ақбөбектің Қайыппен қашып кетуі, бұл хабарды естіген екі жақтың да ойранботқа күй кешулері, Итбай құданың, күйеу бала Есбергеннің ағасы Кедей батырдың өрекпулері, қан төгуге бармыз деп зіркілдеулері қаншалықты әсерлі шықса, Қайыптың жоқ кезінде құдалар жағының Ақбөбекті жездесі ауылынан тартып алып кетулері, Ақбөбектің

жасырынып келіп Қайыбымен кездескен сәтінде соңғы рет тағы да қолға түсулері соншалықты аянышты көрініс тапқан. Залдағы көрермендер арасында қаншама азап көріп соққыға жығылса да Ақбөбекті сүйемін деген сөзінен танбаған Қайыпты, бүкіл жан-дүниесімен азап шегіп байлаулы жатқан Ақбөбекті осыншама қорлағандарға, олардың ғашықтықтың өшпес отын сөндіруді көздеген озбыр әрекеттеріне лағнет айтпаған жан қалмады десем артық айтқандық болмас. Тіпті бұл көріністерге шыдай алмаған бос белбеу Есбергеннің өзінің де Кайыпты босатыңдар деп шыжбыж еткен сәті болды. Ақыры Қайыптың Кедей батырдың қолында жарқылдап, Ақбөбектің аппақ тамағына таялған жүзі суық қанжардан қаймығып, Бөбекті өлімнен арашалау мақсатында ғашығына деген адал жүрегінің қаншалықты езіліп тұрғанына қарамастан Маңғыстауға енді келмеймін деп сөз беруге мәжбүр болып, мәңгілік махаббатымсың деп қол созған Ақбөбекке тіл қата алмай қайырылмастан кетуі, жан азабына төзе алмаған ару Ақбөбектің дүниеден өтуі нанымды да дұрыс шешімін тапқан. Осы көріністердің барлығы да Қайыптың, Ақбөбектің, қойшы баланың рөлдерін ойнаған тамаша әртістердің Қайып әуенімен айтылған әсем әндерімен өріліп отырды. Қойылымның әсерлі, адамның жан-дүниесін тебірентерлік қайғылы оқиғалары мол болғандығы сонша, 15 минут қана үзіліс болған спектакльдің үш сағаттан аса мерзім алғанын аңғармай да қалғандай болдық. Спектакльдің тартымды өткені, сөз жоқ, Жазушылар Одағының мүшесі Сайын Назарбекұлының талассыз талантының нәтижесі. Сонымен бірге жас әртістеріміздің өз рөлдерін шебер ойнай білгендіктері. Сондай-ақ сахна көріністерінің әрбір оқиғаны аша түсетіндей дәрежеде өзгертіліп отырылуы да үлкен рөль атқарды деп айта аламын. Ауылға өзге кісілердің келгендігін білдіріп үрген ит дауысының естілуі де көрерменді болып жатқан оқиғаның табиғилығына сендіре түсті. Автордың Қайып әндерінде бұрын естілмейтін «Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық»- деп жаңадан өлең сөзін беруі, шығарма кейіпкерлері: Ақбөбек айтқан «ғашықтықтың қандай бақыт екендігін білмейсің ғой, жеңеше», «ол ауыл мені шоқаймен де қабылдайды», Кедей батыр айтқан «заман басқа емес, бәрі бір заман, тек адамдары өзге»-сөздері есте қалатын сөздер деп білемін. Ақбөбек пен Қайып оқиғасы Маңғыстау, Атырау облыстарының халықтарына ертеден таныс-маңғыстаулық ғашықтардың қуанышынан гөрі қайғысы мол, аңыз емес, нақты тарихи шындыққа негізделген. Бұл тақырыпқа қалам тартқандардың ішінде ақын, ғалым Қабиболла Сыдиықовтың еңбегі бір төбе. С.Назарбекұлы болса, оқиғаның тарихи желісін өзгертпеген күйі сахнаға ұсынудың шебер жолын тапқан.

Ғашықтардың өмір жолына тарихи тұрғыдан қарасақ, Ақбөбек те, Қайып та тағдырдың талқысына түсе жүре өмір сүріп, дәмдері таусылған күні бірі Иран, бірі Тәжікстан топырақтарынан мәңгілік мекен тапқан. Алайда әдеби шығарманың өз шешімі болуы заңдылық. Белгілі жазушы

Ғабдол Слановтың атақты «Дөң асқан» романында Ақбөбек өмірі суға кетумен аяқталған болса, С.Назарбекұлының спектакліндегі шешім одан да гөрі нанымдырақ. Ғашық жарыҚайыбынан мәңгілікке айрылғанына көзі жеткен Ақбөбекке енді өмір сүрудің қажеттігі жоқ еді. Ол осылайша өмірмен қоштасты. Бұны автордың тапқырлығы деп білуіміз керек. Спектакльдің тартымды да, жоғары дәрежеде қойылуына қоюшырежиссор, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Г. Мерғалиева мен режиссердың ассистенті, әйгілі әнші Зәуреш Есбергенованың, қоюшысуретші, ҚР мемлекеттік сыйылығының лауреаты М. Махмұтұлының үлкен еңбек сіңіргендері, шеберлік танытқандары талас туғызбайды. Көрермендер «алты ай азық алғандай » спектакльден көңілді тарасты.

2004 жыл.

АСА ҚАДІРЛІ АҒАЕКЕ!

Сізді сексеннің сеңгіріне шыққан, ел ақсақалы болып отырған осынау жайсаң жасыңызбен Әріповтер әулеті–баршамыз болып қуана құттықтаймыз. Сіздің осы жылдар ішінде әрбір басқан қадамыңыз ерен ерлік істерге толы болып, жоғары адамгершілігіңіз, парасаттылығыңыз, айрықша ақылгөйлігіңіз арқасында өзіңізді білетін ел-жұрт алдында үлкен беделге ие болдыңыз. Буыныңыз бекімеген балғын жас кезіңіздің өзінде-ақ, сонау қиыр шетте жатқан Керел өңірінен сол кездегі қатынас тұрғысынан алғанда айшылық жердегі Атырауға арман қуып, білім іздеп аттандыңыз. Оқу орнын бітіріп келіп енді-енді еңбекке араласа бастағанда еліңді қанқұйлы фашистерден қорғауға аттанып, соғыста алған ауыр жарақатыңыздың зардабы осы кезге дейін денеңізде сақталып келеді. Елге оралғаннан кейін де еңбек майданында аянбай тер төктіңіз. Мал шаруашылығын өркендету ісіне ерекше үлес қосып, қатардағы есепші, зоотехниктіктен ферма, колхоз бастығы, совхоз директоры, ауылдық кеңес төрағасы қызметтеріне дейін көтерілдіңіз. Сіздің еңбектегі ерлігіңізді екі дүркін КСРО Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі, Ұлы Отан соғысы ордендері және көптеген медальдармен марапатталғаныңыз, «Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері» құрметті атағына ие болғаныңыз айғақтайды. Сондай-ақ Сіз Қазақстан коммунистік партиясы ХV съезінің делегаты болдыңыз, бірнеше дүркін аудандық, облыстық партия комитеттерінің мүшесі, селолық, аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайландыңыз. Партия Сізге әркез үлкен сенім артып, шаруашылығының жайы төмен кеңшарларды басқаруға жіберіп отырды. Сіздің жоғары ұйымдастырушылық қабілетіңіз, басшыға тән талантыңыз өзіңіз директор болып еңбек еткен кеңшарлардың экономикасын көтере білумен, қарапайым еңбеккерлердің хал-ахуалын жақсартып, ұжым мүшелері арасында бірауыздылықты, өзара

сыйластықты, моральдық ұстамдылықты қалыптастыра білумен айқындалып отырды. Сіздің жұмыс әдісіңіз өзгелерді таң қалдыратын ерекшелігімен дараланады. Осыған бір мысал келтірелік. Сіздің кабинетіңізге қабылдауыңызда кісі отырғанына қарамастан жұмысы бар басқа кісілер де кіре беретін. Сіз оларға қабақ шытып, бұларың не, баса көктеп кісі үстіне кіре бересіздер деп айту былай тұрсын, тіпті кіргенің мақұл болды дегендей ишарат білдіріп, отыратынсыз. Осылайша өз шаруаларымен кабинетіңізге кіре берушілер саны біртіндеп өсе беретін. Елдің алдымен келсе де қойған мәселесі Сіз тарапынан шешімін таппағандықтан реніш сөздер айтып дауыс көтергендерге Сіз ешбір қайыру айтпай, асқан шыдамдылық көрсете отырып, бәрі-бір өз пікіріңізде қала беретінсіз. Осы жайды көріп отырған келесі азаматтардың бірқатары жағдайды байқағаннан кейін шаруаларын айтпастан шығып кетсе, келесі біреулері айқай-шумен бастықты ала алмайтынын түсініп, Сіз тапсырған жұмысты орындауға бірден келісім беретін. Сіз басқару ісіне жетік болумен бірге қарапайым халыққа әрқашан қамқоршы, адамдарды алаламайтын әділ, керек жерінде ерте дәуірлердегі билер үрдісін сақтап салихалы билік айтатын Абыз бола білдіңіз. Сіздің қамқаорлығыңызды тек ағайын-тума ғана емес, барлық жек-жат, өзіңізді танитын әлеумет көре білді, тағдыр тауқыметіне ұшыраған пенделердің бәрінің де басын осы кезге дейін сүйеп келесіз. Сондықтанда Сіз бүкіл Бозашы еленің құрметті азаматы – Бисекең атанып отырсыз. Өткен өміріңіздің өшпес ізі, ұрпақ тәрбиесі, тәуелсіздігін барған сайын нығайта беру жөніндегі пікірлеріңіздің жиыны, әрі шыққан тегіміздің шежіресі болып табылатын «Маңғыстау – маңғаз мекенім» атты еңбегіңіз кітап сүйер қауымды риза етті. Аға-еке! Сізді бәріміз – Ақ жеңеше Дарайы екеуіңіздің үкілеп өсірген ұл-қыздарыңыз, келіндеріңіз бен немерелеріңіз жел соқса пана – асқар тауымыз, биікке ұмтылсақ көтерілер шыңымыз, тарықсақ кеңес берер ақылгөй Абыз-Атамыз деп ардақтап, қуанумен келеміз. Сізге мықты денсаулықта болып, ұзақ жылдар қызықты өмір сүре беруіңізге шын жүректен тілектестік білдіреміз. Бәріміздің атымыздан ардақтаған інің Дүйсенбі Әріп ұлы. Қыркүйек айы 2001ж.

ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН АБРОЙ немесе ер қадірін ел білер Егемен еліміз қай жағынан да қарыштай дамып, ілгері қарай нық қадам басып келеді. Соның бір кепілі, соңғы жылдарда халықтың әлеуметтіктұрмыстық жағдайының жақсарып, елдің неше алуан дәстүрлерінің де кеңінен жаңғыра бастауы. Мерекелер, мерейтойлар орайында елге шын мәнінде еңбегі сіңген жақсыларымызды жарқырата көрсетіп, көпке, әсіресе

жастарға үлгіөнеге ету бағытындағы оң бастамаларымыз да ләйім қолдауға тұрарлықтай. Жуырда Бейнеу ауданының жұртшылығы осы ауданның алғашқы кірпішін өз қолымен қаласып, іргетасын көтеріскен, шаңырағын тіктеуге бар күшжігерін аямаған ел ағаларының бірі Дүйсенбі Әріпұлының облыс пен ауданымыздың 30 жылдығымен тұстас келген 70 жылдық асқаралы асуын кең ауқымда дүрілдетіп атап өтті. Аудан азаматтарының шешімімен мамыр мерекесі күндерінде аталып өткен осынау шара тәлімдіктәрбиелік қырының маңыздылығымен ерекшеленді. Мерейтой иесін зайыбы Қарлығаш апай, балакеліні НұрланГүлжанмен бірге қарсы алып құрметтеген аудан басшылары таңғы сапарды Ескі Бейнудегі Бекет ата мешітіне тағзым етуден бастады. Оларды аудан әкімінің орынбасары Қойшығұл Әбілшеев пен аудандық мәслихат хатшысы Құрманбай Ғайыпбаев ертіп дүрді. Бұл мешіттің айналасы баяғы кездердегіден әлдеқайда жаңарған, әрлі етіп жаңадан түнеухана бой көтерген, оның төңірегіне мыңнан аса көшеттер отырғызылып қоршалған. Аудан әкімі аппаратындағы кездесуде Басшы Айжанақұлы алдыңғы буын ағалардан тін тартып келе жатқан кадрлер тәрбиелеу мәселесіне назар аударды. Ең көлемді басқосу аудан орталығындағы мәдениет үйінде салтанатты жағдайда өткізілді. Әншиінде көп халық келе бермейтін мәдениет ошағы бұл күні халыққа ығыжығы толы болды. Бір атап айтарлығы, олардың бәрін бірдей шақырып еш жерге құлақтандыру, жарнамалар да ілінбеген-ді. Соған қарамастан халықтың ел басқарған атпал азаматқа деген ықыласілтипаты айқын көрініс берді. Жас жеткіншектердің әдемі сөздері, тақпақтарымен басталған салтанат қошамет сөздерге, марапаттау, қол шапалақтауларға ұласты. Той иесі Дүйсенбі Әріпұлының өмірі мен қызмет жолдары, кісілікадамгершілік қасиеттері туралы баяндама жасау осы жолдар авторының еншісіне тиген еді. Биыл орда бұзар отызға келген Бейнеу ауданы алғаш құрылған кезде Дүйсенбі Әріпұлына сол кездегі облыс басшылары зор сенім артып, жаңадан шаңырақ көтерген ауданның ұйымдастыру алқасына кіргізіп, депутаттар аудандық Кеңес сессиясында атқару комитетінің төрағасы етіп сайлаған болатын. Дүйсекең бұл жауапты да қиындығы мол қызметті, одан кейінгі қызметтерін де ерекше жігермен, біліктілікпен атқарғанын көзбен көргендердің бірі болған едім. Отыз жыл тарих үшін қасқағым сәт болғанмен, адам баласы үшін бір ұрпақтың екінші ұрпақпен ауысатындай мезгіл. Осындай ұзақ жылда, әрі тың жерден түрен салғандай жаңа аудан құрған кезеңде, оған қоса айтарлықтай қиындығы болған нарықтық кезеңде аудан басқарған Дүйсекең ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығы, халыққа жайлылығымен ерекшеленді. Дүйсенбі Әріпұлының заман талабына сай мігір таппай, мінсіз қызмет еткен еңбек жолдары, әсіресе, осы Бейнеудегі кездері егжейтегжей

санаға жатталумен бірге, ақ қағазға айшықтап хатталған, көркем сөзбен көмкерілген «Маңғыстаумаңғаз мекенім» атты кітабында шынайы баяндалған. Өмірде біздің бірімізге ет-жақын туыс, енді бірімізге замандас, өзінен кейінгіге қадірлі аға, қайсыбір кездерде ақылкеңесімен көмекке келетін қадірлі Дүйсекеңнің облыс, оның ішінде Бейнеу ауданы тұрғындарының игілігіне жасаған ізгілік істері аз емес. Оны біз тізбелеп айтпағанның өзінде күні бүгінге дейін Бейнеу ауданының тарихынан ойып орын алған кешегі жылдардың еңбек жемісі дәлел болады. Осыдан 70 жыл бұрын қасиетті Маңғыстаудың қараойында дүниеге келіп , үш бірдей жоғарғы оқу орнын бітірген Дүйсенбі Әріпұлының іскерлік қаблеті, әсіресе, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезінде айқындала түсті. Ол басшылықта болған 15 жыл ішінде аудан еңбекшілерінің ұйымшылдығы, тапсырылған іске жоғары жауапкерлігі арқасында Бейнеу ауданы шаруашылықтың сан-саласы бойынша тек облыс көлемінде ғана емес, республика бойынша да алдыңғы қатарлы аудан болып саналды. Соның арқасында Бейнеу ауданы республиканың алтын кітабына жазылды. Сөйтіп, Дүйсекеңнің облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орын тепкен ауданымыздың жан-жақты, сансалалы өсіпөркендеуіне қосқан үлесі ерен еңбегімен көрініс тапты. Күнделікті өмір тәжірибесі көрсетіп жүргеніндей еңбектің нәтжелі болуына жауапты қызметтердегі басшы-мамандардың жетекші рөл атқаратыны сөзсіз. Міне, осы бағыттағы маман таңдау мәселесіне аса мән берген басшы Дүйсекең болды десек жаңылмаспыз, сірә. Дүйсекең кадр таңдауда руына, туған өлкесіне қарап емес, оның іскерлік қаблетіне, біліктілігіне, бұған дейінгі атқарып жүрген қызметіне қандай жауапкершілікпен қарап келгеніне басты назар аударып отыратын. Дүйсенбі Әріпұлымен қанаттасқатар аудан экономикасының әртүрлі саласындағы абройлы да табысты еңбектерімен танылған шаруашылық жетекшілері Сам құмы мен Үстірт үстінде, Жетіқақ жерінде төрт түліктің түлеп, ауылшаруашылығының өркендеуіне өзіндік үлестерін қоса білді. Дүйсекеңнің бүкіл болмысы, ұйымдастыру қаблетімен ел ішінде биік беделге ие болған кезінде өзімен бірге аудан экономикасының өсіпөркендеуіне ерекше ерікжігермен, қарымқаблеттерімен ойлары бір арнаға тоғысып, толымды табыстарға жетіп отыруға барлық күшжігерлерін жұмсаған аудан басшылары жайлы «Маңғыстаумаңғаз мекенім» атты кітабында: «Аупарткомның алғашқы бірінші хатшысы, партия, Кеңес жұмыстарында мол тәжірибе жинақтаған Арон Махуұлы Өтеуов, ұзақ жылдар ауатком төрағалары болып істеген Бердібай Сарбалаев, Қуандық Нұрғалиев мырзалар табиғат жағдайы аса ауыр, шалғайдан алғаш құрылған ауданның экономикасын көтеру, халықтың әлеуметтік жәйін, оқуағарту, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы жұмыстарды жақсарту жолында аянбай тер төкті. Ауданның әкімі Басшы Әзірханов, мәслихат хатшысы Айтуар Өтегенов мырзалар жұмыстарын Тәуелсіз елдің нарықтық экономика

жағдайындағы талаптарына сәйкес құра біліп келеді. Осы талаптарға сәйкес кеңшарлар таратылып, қолда бар мал, техника, мал қоралары және басқа да жабдықтар жеке қожалықтарға көшіп, әрбір бақташының, механизатордың қоғамдық дәулеттен өз үлестерін алуларына жағдай жасалды... Ауданның әртүрлі деңгейдегі басшы қызметтерде болған М. Әжіғалиев, В.И. Гонтаренко, П. Темірәлиева, Г.Сейтмағанбетова, А. Әділов,М. Өтебаева, Г.В. Воротинцева, А. Шамшадинов, З. Күзетбаева, Ш.Аманғалиев, С. Рзаев, К. Есмағанбетов, С. Жұмағалиев, И.Мұрасов, М. Нәсухаев, басқа да көптеген қызметкерлер аудан экономикасын, халықтың тұрмыстық жайын жақсартуға сүбелі үлес қосты... »-деп ағынан жарыла жазып, жұмыстастарының еңбегіне тиісті баға бергеніне де тәнті боласыз. Елдің игілігі жолында ізгілікті істерді жүзеге асыру жалпақ жұрттың қолдауымен, қалың елдің жұмыла кіріскен жасампаздық жұмыстарымен көрініс табатыны даусыз десек те , міндеттелген жұмыстарды мінсіз атқаруда «мың қосшыдан бір басшы» демекші, сол жылдардағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Дүйсенбі Әріпұлының ұйымдастыру қаблеті әр саладағы табысты еңбек нәтижелеріне басты себеп болды. Кеңестік дәуірде кез-келген ауданның қолы жете бермейтін, бүгінде мұражай жәдігерлігі болған, бес жыл қатарынан алынған, ауданда мәңгіге қалдырылған Одақтық Қызыл Тусоның айғағы. Ал партия мен комсомол, Кеңес органдарына сол кезеңнің талабын түсініп,басшылық, жетекшілік жүктерін тайсалмай алып жүретін, саяси жағынан да сауатты, күшқайраты мол жалын жігерлі жас кадрлерді дөп басып –танып таңдай білуі, оларды дер кезінде қажетті жұмыстарға жіберіп отыруыДүйсекеңнің алдын болжаған көрегендігі десек қателеспейміз. Кезінде Дүйсекеңнің таңдауымен, талғамымен басшылық орындарға жіберілген жас кадрлар сенімді ақтап, аброй биігіне көтерілді. Аудан әкімі Басшы Әзірханұлынан бастап, мұражай басқарып отырған маған дейінгі аралықтағы көптеген ағаның «шекпенінен шыққан» шен иелері ықыластарын білдіріп, алғыстарын әрдайым айтып келеді. Құрметі мен сыйсияпаты қатар өрістеген мерейлі мерекеде Дүйсекең де ағынан жарылып: «Мен қайда, қандай қызметте де ағайын деп, жерлес деп бұра тартқан жерім болған жоқ.Осы ауданда қызмет еткен 15 жылда Қуантқан ,Ізтұрған ағаларыма жылына бір рет барып амандасатынмын. Басқа ақсақалдармен кездесулер өткізіп, ақылдасып отыратынмын. Осынша ма құрметтеп жатқан Сіздерге, бүкіл аудан халқына айырықша ризалығымды білдіремін »-деген еді. Осы аталған Ізтұрған ақсақалдың баласы Мамай айтады: «Аға осы ауданда басшы қызмет атқарған кезде автокөліктің жүргізушісі болып бір мекемеде істеп жүргенмін. Сол кезде біздің мекемеге бір-ақ мотор келді деп естідім, бірақ маған тимес деп жүре бергенмін. Айналамдағы жігіттер: «Әй, Мамай, ағаң ғой, Әріповке неге бармайсың, біздің бастыққа иек қақса, мотор сенікі ғой»- деп қайрағаны бар емес ле? «Шынында да солай екен-ау»-деген ой келді де, үйдегі ата-анама айтпастан аупарткомге тарттым. Алдыңғы

бөлмедегі қызға айтып едім, кіріп шықты да, кіре бер дегендей белгі берді. Кірдім. Жылы қабылдады. Амандықсаулық сұрағаннан кейін «Ал, Мамайжан, қандай шаруамен келдің?»- дегенде, қысылыпқымтырылмастан мекемеге мотор келгенін, соны маған алып беруін өтінгелі келгенімді тәптештеп айтып жатырмын. Ағаның жүзіне қарасам манағы жылылықтың ізі қалмапты. «Мотордың ярлығында ағайыныңа бер деген жазу бар ма екен, соны қарап келе ғой »- демесі бар ма. Не дерімді білмей сілейдім де қалдым, еңсем түсіп салбырап, өзімеөзім ренжіп шығып кеттім. Бұл маған өмір бойы сабақ болып келеді.» Сол кезде аудандық ауылшаруашылық техника мекемесін басқарған Сахи Хибасов айтады: «Дүйсекең қандай ма болмасын мәселені шешуде қайсар, табанды, айтқанын, ойлағанын іске асырудан уақытын аямайды. Даланың неше бір қиын ойқы-шойқы жолдарымен шаруашылықтарды аралап ертеңнен кешке дейін сапар шеккенде де шаршадым деп бір айтпайды. Жас жігіт біздер беліміз үзіліп қиралаңдап әрең түсіп жатқанда Дүйсекең сол тіп-тік күйі көліктен түсіп кетіп бара жатады. » Мерей той кезінде ағаға көрсетілген құрмет те, атына айтылған жүрек жарды лебіздер де көп болды. Біздің баяндағанымыз соның бір парасы ғана. Жауғашты Нәренбайұлы. Бейнеу ауданы.

ЕЛ МҮДДЕСІН ЖЫРЛАҒАН немесе МЫРЗАҒАЛИ ІҢІРБАЕВТЫҢ поэзиясындағы азаматтық үн

Мен Мырзағалиды сонау жетпісінші жылдардағы жас кезінен, өзім басшылық еткен Бейнеу ауданындағы журналистік қызметінен білуші едім. Өзінің дағдысы солай болар, баспасөзде өлеңдері мейлінше сирек көрінетін, бірақ шыққан өлеңдері ерекшеліктерімен зейін аудартатын. Сонымен бірге мені бұл қаламгердің өлке, ұлтымыз бен халықтар тарихына арналған мақалалары, этнографиялық, лингвистикалық этимологиялық еңбектері де, ел ішінің саясиәлеуметтік мәселелеріне арналған толғамдары да қызықтырып жүретін. Өйткені оның жазғандары көбіне өткен мен бүгінді, өмір қүбылыстарын зерттеудің нәтижесінде туган талдаулар болып келетін және оқырманға жаңа мәліметтер, соны пікірлер, тың ойлар ұсынатын. Оның өткен 2000-ші жылы Алматының «Өлке» баспасынан шыққан «Туған ел » жыр жинағы оқырманды шығармашылық жетістіктерімен сүйсіндірген, сезім мен ойды тәбиғи өрбіте білген байыпты, елжандылық сипаттагы жігерлі дүние екенін айтар едім. ... Аңызақ желде, құмайт белде күңірене

күй толғап тұрған «Қоянсүйек»(13-ші бет) өлеңі: Жалғыз тұрған қайсар қоянсүйектің Неге алыстан естіледі мұңлы үні?!-

деп оқырманды астарлы ойларға жетелей аяқталады. Осыдан ширек ғасыр бұрын туған өлең әлі де актуальді. Символистік сипаттағы бұл дүниеде осы елдің, жердің бүгіні мен ертеңіне алаң замандастың, халық мүддесі жолындағы қайраткерлеріміздің бейнесі беріліп отыр. Қаһарланып шамырқанған кезде : Ащы даусымалмас сүңгі қорқаққа, Үнімді естіп қашады олар жалтақтап. Бұратылып қыңсылайды сатқындар, Бұталар мен індігешке жан сақтап! Даусым менің сырға толы саналуан, Дүниені жаңғыртуға жаралған. Қасиетті халқымның Өйткені, Айбыны мен мейірімі бар онда!- деген кейіпкеріміз («Менің даусым» 14 бет, 1984 жыл) халқымыздың әділ де батымды, шешімді кескінін паш етеді. Ал, «Ақша» өлеңінде ел басындағы проблемалар қамти көтерілген:

Дүние боп, қора мал боп мыңғырған, Тойымсызды жетелейсің құрдымға. Ашкөздердің есін алып жүрсің сен, Алтын болып, күміс болып сыңғырлап! Мына әлемге зер салып бір қарашы, Адамдардың улап бопсың санасын. Жұмысшыны жұмыссыз қып жібердің, Еһеу, доллар, қайда кетіп барасың? Сондай-ақ, мұндағы: Тұзақтайын сен құрулы жатырсың,

Қанша ма елдің аяғының астында.- деген жолдар жемсауы кең, алпауыт державалар арасында ешкімнің құрығына ілікпеуге тырысып тайталаса өмір сүрген жас егемен еліміздің экономикалық тәуелсіздігін баянды ету бүгінгі ұрпақтан, отандастарымыздан үлкен жітілікті қажет ететінін білдіреді. Қоғамның кәзіргі, әсіресе, осыдан екі-үш жыл бұрынғы халін зерделеу нәтижесінде туған «Өтпелі кезең», «Бүгінгі құбылыстар», «Қайран ел» туындылары ел ішіндегі біраз ащы шындықтың, мемілекетіміз саралап берген экономикалық реформалар саясатының бұрмалану келеңсіздіктерін батыл, өткір сынайды: Өзеуреген жалғыз сөз, жалған ұран, Бейбастақтық жержерде салған лаң. Аласуан, зыптурын қайда барсаң, Талап жатыр қазақты жанжағынан.

Бұл жолдарда тек пұшайман күн кешу емес, болашақтан түңілу емес, намысты, жігерді ширата түсу ниеті жатыр. Сондықтан: Туған елім, о, сөнген жоқ шұғылаң, Қазақтың кім бар биік шоқтығынан?!- дей келіп,

Елін сүйген әрбір перзенттің көкейіндегі шынайы ниетпен басталған өлең өркени дамыған шақтарға жетсекау деген кіршіксіз арманмен аяқталады: Қайран елім, Дүниенің бар сырын ұқсаң деп ем, Парасат биігіне шықсаң деп ем. Перзенттікпен ашынып айтты сөзді, Өтінемін, арыма нұқсан деме... Ей, менің қайран елім, Қайран елім! Мұндай жолдар елге, жерге деген кіршіксіз махаббат ұялаған жүректе ғана туа алса керек. Ақынның «Тағзым » өлеңіндегі: Күндер тусабәріне шыдармын мен.. Өйткені, беу, баһдүр бабаларым, Дарыған бізге өздерің баталарың. Жойқын қүат бұл күнде бізде де бар, Рухыңнан сендердің от алатын!- деген жолдары мен «Рухың асқақ туған ел!»(41-ші бет, 1976 ж.) өлеңіндегі:

Беріспеген, болса да мың күн егес, Ер мүратыбас қамы, құлқын емес. Ер Қосай мен Пір Бекет туған елдің, Рухын сөндіре алу мүмкін емесдеген шумақтардың алып тегеурінді пәрменін сезбеу қиын. Бұлар оқырманға тың серпін беретіндей мейлінше асқақ дүниелер.

Дүниені сүйген үлкен жүрекпен, Туған елдің тірегі біз, жігіттер!- дейді Мырзағали «Біз , жігіттер»- деген өлеңінде(52бет, 1982ж.). Әрине, бұның бәрі ақын шығармаларындағы замандастардың жандүниесін, тұлғасын аша, сомдай түседі. Әрқайсысы небәрі бірнеше ғана жолдан тұратын «Құлпытастағы жазу», «Менен кейін», «Бұл күндердің арманына бөленген», «Өткен күн», «Риза емеспін» өлеңдері биік уақыт тұрғысынан сараланып өмірге келген дүниелер екенін аңғарамыз.Ақынның шығармаларынан шебер суреткерлікті аңғарамыз. Мәселен, мына бейнелерге, картиналарға зер салыңызшы: Күн батты жер бетіне көп қарайлай, Көкжиек алтынменен аптағандай. Шүйке бұлт күн соңынан үңіледі, Кемпірдей күйбеңдеген от жағалмай(«Кеш») Жүзіне шулан бұлттың арай кіріп, Ішінен тамашалап қарайды жұрт. Толған ай толықсып бір көтерілді, Аспанның қақ төріне шарайна іліп («Дала кеші») Немесе, Қияда жіңішкеріп жаңа ай туды,

Қылыштайын шанышқан қыр басына. Тағы басқалар. Ал, «буындары балқыған көк пен жерді», «аңғарынан таулардың тулап аққан» өзенді, иінағашпен судан қайтқан жанары толы жұмбақ гөзәл сұлуды, сол сұлуға телмірген қыр басындағы жирен атты жас жігітті, гүлжазира қазақ даласын тамашалағыңыз келсе, «Көктем» өлеңін оқыңыз. Немесе, ғашықтар жүрегін тілдестірген сиқырлы әуенді тыңдағыңыз келсе «Баян үні» өлеңіне зер салыңыз. Әнді жәй серілікке балап қойып, Әкесі өткен күнге тартты ойын. Бәйбіше шайын ұзақ сораптады,

Қызына ауықауық қарап қойып. Міне, бұл жолдар, талас жоқ, бояуы қанық суреттер, психологиялық көркем портреттер... Ал, жайлау тақырыбындағы дүниелер:«Шығыр», «Жайлауға хат», «Ауылдан келген адамдар» туындыларын, өзімізге етене таныс болғасын ба, тебіренбей оқи алмадық. Он-онекі жасымдағы бала кезімде менің де шығыр тартып, жылқы баққан әкеме көмектескендігімнен болар, әсіресе, «Шығыр » өлеңіндегі сонша ма дәлдікпен берілген көрініс кинофильм көріп отырғандай көз алдымнан кетер емес. Сонымен қатар, Мырзағали Іңірбаев туған жер табиғатын құр мадақтамай, оны адамның ішкі әлемімен, әлеуметтік проблеммалармен, психологиялық, астыртын ой иірімдерімен бейнелеп суреттеуге де бейім. Ақынның күз тақырыбындағы қанық бояулы, жүректің алыс түкпірлеріндегі сезімдерге қозғау салатын туындыларын оқып үлкен ләззат алғанымды айтар едім. Күзгі далам , мұңлы бір сырласымдай, Саған деген сағыныш жүр басылмай. Немесе: Ызыңдайтын секілді кең дүние, Көк желекті күндерін қимағасын! Сондай-ақ: Дөңдер жатыр дөңбекшіп, Қымтай алмай Қара күз ызғырынан жалаң төсін. Задында ақын табиғаты көбіміз көрмейтінді көріп, сезінбейтінімізді сезініп тұратын өзіндік бір жаратылыс қой деймін. Сонау сексенінші жылдың қысында кеңшар директоры Таушанбай Қорбақов, Мырзағали үшеуіміз ел аралап жүріп, Матайқұмдағы атақты жылқышылар Қалмырза Төлеев пен Итібай Сүйіновтың ауылында Матай түнінің бір көрінісін байқағанымыз бар-ды. Автор қаламынан сол көрініс оқырманға ерекше әсер беретін көркем дүние болып туыпты(«Матай түні»).

Ақынның сүиіспеншілік, жастық тақырыбындағы туындылары шынайылығымен, кінәратсыз тазалығымен дараланады. Ал, бұл дегеніңіз дүниеәлемге ғашықтық, жантәнімен өмірді сүю деп білемін. «Арамыздабейкүнә Ай...», «Қайшылық үндестігі», «Ұмытты сені деп пе едің?!», «Жүректің от күшімен», «Дауылдан барлық сая қыл», «Қазақтың сұлулары-

ай!» Тағы басқа шығармалар, әлгі айтқанымыздай, сұлулыққа көзін сатып телмеңдеу емес, көркем жаратылыстың қаадірқасиетін ардақ тұту, қадірлеу, алдында үнсіз бас ию деп түсіндім. Мырзағали өлеңдерінде , олар қандай тақырыпқа арналмасын мейлі, ерекше ықылас, ынтазарлық, ыстық құштарлық лебі есіліп тұрады. «Туған ел» жинағын қайта қарап отырсам мен айтарлықтай сүйсініп ерекшелік белгілерін қоймаған өлеңдер кем де кем екен. Ал, біразына міне, екіден, үштен леп белгісін қойып, «ғажайып туынды» деп жазыппын. Кітаптың соңына қол таңбамды қалдырып, «Мырзағалидың мына еңбегі оның айтулы ақын екенін барынша айқындай түскен. Менің пайымдауымша олқы тұстары жоққа тән, саф алтындай сараланған, бояуы қанық, айтары анық жолдар көз алдыңнан мейіріңді қандырып өтіп жатқан шығарма »- деп бағалаппын. Демек, поэзия сүйетін әрбір оқырман осы кітапты оқыса, алары мол демекпін.

ЕҢБЕКПЕН ЕР АТАНҒАН БИСЕНБАЙ

Әр адамның өмір жолы тек өзіне ғана тән, өзі таңдаған, белгілеген бағытқа қарай басталады десек, Бисенбай өз өмір жолын орта мектепті бітірісімен жүрек қалауы бойынша қиындығы мол шопандық қызметтен бастады. Ол әр кез өз ісіне мұқияттылық, тындырымдылық көрсетіп, қиында болса осы алған бағытынан қайтқан емес. Соның арқасында еңбек майданына араласқан қатарларынан оза шауып, бірден-ақ ауызға іліге бастады. Отарындағы малдың аман сақталуын қамтамасыз етумен бірге одан төл алу, жүн, ет өндіру жөніндегі міндеттерін асыра орындап отырды. Мұның өзі жас жігіттің малды жайып-бағудың қыр-сырларын меңгере алғандығының нәтижесі еді. Бисенбайдың еңбекке деген ұмтылысын, қоғамдық жұмыстарға араласудағы ынтасын, әріптестері арасындағы өнеге боларлық жақсы қасиеттерін ескерген кеңшар коммунистері Ауданбаевты бір ауыздан өз қатарларына қабылдап алды. Ол кездерде партиялық жұмыстың бір әдісі коммунистермен жеке әңгімелер өткізу болып есептелетін. Ол әңгімелерде коммунистің жеке өмірі, қызметі қоғамдық жұмыстарға қатысы, партия шешімдерін орындаудағы, жастарды еңбекке баулудағы үлгісі, қоғамдық өмірдің басқа да әртүрлі мәселелері сөз болып отыратын. Коммунистермен осындай жеке әңгімелер өткізу аупарткомның бірінші хатышысының міндеті болатын. Аудандық партия комитетінде кіммен, қашан, қайда әңгімелесу өткізілгендігін тіркеу журналы бізде 1982-ші жылдың қаңтар айнынан басталған. Сол журналды қарап отырсам алғашқы әңгімелесуіміз Бисенбаймен болыпты. Бұл сол жылдың 4-ші қаңтары болатын. Әңгімеде Бисенбайдың партия уставын қалай орындап келе жатқаны, жастар арасында өз тәжрибесін насихаттау жәйі, алдағы міндеттері туралы кеңінен сөз болған еді. Осылайша партия қойған талаптар деңгейінде алғашқы жеке әңгіме жүргізуді Б.Ауданбаевтан, атақты коммунист шопанымыздан

бастағанымыздың өзі де, оның былайғы өмір жолында да елеулі табыстарға қол жеткізуіне тиісті ықпал етті дей аламыз. Еңбек еткен жылдарында тұрақты жоғары көрсеткіштерге жетіп отырған Бисенбай Ауданбаевтың еңбегі әркез тиісті бағасын алып отырды. Ол «Еңбек Даңқы» орденінің үшінші, кейіннен екінші дәрежесімен марапатталып, Қазақ ССР-ы Мемлекеттік сыйлығына ие, болды, есімі Қазақ ССР-нің Құрмет Кітабына жазылды. Бейбітшілік - өмір тынысы, байлық – ел ырысы» дегендей, елінің экономикасын көтеруге өз үлесін қосып аянбай еңбек еткен, тұрақты жоғары көрсеткіштерге жеткен Ауданбаев араға біраз жылдар түскеннен кейін кеңшар ұжымының, аудандық партия, Кеңес атқару комитеттерінің ұсынысымен «Еңбек Даңқы» орденінің бірінші дәрежесімен марапатталып, осы орденнің үш дәрежесінің толық иегері болды. «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері «Социалистік Еңбек Ері» атағымен теңдес келетін ең жоғарғы атақ. Сөйтіп, Бисенбай ініміз қажымай-талмай еткен жемісті еңбегінің арқасында Ер атанды. Бисенбайдың қол жеткен

табыстарының экономикамыздың нығаюына, ауданның Одақтың Қызыл Туын бес жыл қатарынан жеңіп алып, оны өзіне мәңгі сақтауға қалдырған республикадағы жалғыз аудан балғанына белгілі дәрежеде ықпал еткені сөзсіз. Бисенбайдың бұл атаққа ие болуы оның өзіне, от басына қаншалықты қуаныш болған болса, сол қуанышқа ортақтасқан «Сам» кеңшарының ұжымы, бүкіл Бейнеу ауданының еңбеккерлері Ер еңбегін жоғары бағалағаны үшін тиісті билік орындарына ризалықтарын білдіріп жатты. Бисенбай Ауданбаев жаратылысынан қарапайым, инабатты, қиындықтарға қарсы тұрып, қажетті жағдайларда әріптестеріне қол ұшын беруден қашпайтын абзал азамат. Ол аудандық партия комитетінің мүшесі, облыстық Кеңесітің депутаты бола жүріп, өзінің жұмыс тәжрибесі туралы, әсіресе, малды түнгі жайып-бағу жөнінде аудан малшыларына әңгімелеп отырды. «Сам» кеңшарында Ауданбаевтың мал шаруашылығы өнімдерін мол өндірудегі озат-тәжрибе мектебі тұрақты жұмыс жасады. Оның озаттәжрибесі плакаттар арқылы аудан малшылары арасында таратылды. Бисенбай еңбекқорлығымен қатар өте кішіпейіл кісі. Ол жоғары көрсеткіштерін бұлдап әр түрлі талап қоя беретін, кеңшар басшыларынан өзіне өзгелерден артығырақ жағдай жасауды талап етуге дейін баратын кейбіреулерге тіпті де ұқсамайды. Малшылардың жағдайын білу үшін ат құрғатпай командировкада болу, отарларды түгелге дерлік аралап шығу, малшылар айтқан ұсыныс-пікірлері бойынша тездетіп шаралар алып отыру ол кездегі аудан басшыларының күнделікті міндеттері болатын. Осындай командировкаларда Бисенбайдың отарына соғып хабарласқанымызда ол әр кез: жағдайымыз жақсы, үй-ішіміз, мал аман, түсіп қонақ болыңыздар – деп жылы жымиып күлуден әріге бармайтын. Қиын жағдайлар болса да оны бадырайтып айтпай, әй не ғылам аудан басшыларын мазалап, ферм кеңшар басшылары келмес дейсің бе, солардың өздеріне айтамындағы дегендей ойда болатын.

Бірде «Жұлдыз» қыстағында отырған Бисенбайға келіп жағдай сұрағанымда ол бұрынғы әдетімен жағдайдың теріс емес екенін айтты, бірақ онша көңілді емес екендігі байқалды. Мал қорасына барып қарасақ, қора алқам-салқам, кеңшар тарапынан жөндеу болмаған, «атамзаманда» салынған ескі дүние күнделікті жөндеулерге көнер түрі жоқ, мал түгілі, «ит байласа тұрғысыз» дейтін жағдайда екен. Мұны көргеннен кейін қасымда тұрған сол кездегі «Сам» кеңшарының директоры Тұмаш Ауданбаевтан (Бисенбайдың тұған інісі) бұларың қалай, «Жазғаным алпыс аттан озғаным ба» - дегендей, Бисенбайдың жазығы Батыр атағына ие болғаны ма? Ертең малы қырылып қалса кім жауап береді дегенімде, ол: ағасына қамқорлық жасайды дейтін сөзден қашқанымыз болар дегендей ыңғай танытты. Директорға сол бойда әділ болудың да жөні бер, Бисенбай сенің үйіңе барғанда аға, ал мына жерде елімізге аты әйгілі еңбек Ері. Ол сенен артық қамқорлық сұрап тұрған жоқ. Сөзді қойып тездетіп қораны жөндеуден өткізіп, келесі жылы жаңадан қора салып бересіңдеп тұжырымды тапсырма бердім, кейіннен солай болды да. Бисенбай текті жігіт. Тектілік оның арғы аталарынан жалғасып келе жатқан қасиеті. Елін, жерін сүйетін, жанын арының садағасы деп біліп қандай қиын жағдайларда да сөзінде тұра алатын адамды текті кісі дейтін болсақ, сол текті адам Бисенбай дер едім. Ол қаншама жыл еңбек етіп, мал өсірумен шұғылданып жүрген кездерінің барлығында да қандай ма қиындықтарға кез болсада еш уақытта сөзінен тайып көрген емес. Әр кез «Асыға айтсаң да – асыра айтпа» - дегендей, көрсеткіштерінің қай межеде болатындығын бірден кесіп айтатын. Өйткені ол өз отарындағы малдың жайкүйін бес саусағындай білуімен қатар, берген уәдесіне жету үшін қосымша қандай шараларды іске асыру керек екенін де жақсы білетін. Есепсіз сөйлеу – оған жат қасиет. Ұзақ жылдар аудан коммунистерін, ауданды басқара жүріп, кімнің өзіне жүктелген іске қалай қарайтынын, кімнің қолынан қандай іс келетінін, әркімнің өз міндетіне жауапкершілігінің қандай екендігін жақсы білген едім десем, мұным артық айтқандық емес. Ол кезде атақты малшылар Қазығұл, Жұмажан Басшиевтар, Бердіхан Мақсымбаев, Мақсым Қылишаев, Киікбай Жарықбасов, басқа да көптеген малбегілер тамаша еңбектің үлгісін көрестіп, жоғары көрсеткіштерге жетіп жүрді. Солардың ішінде Бисенбай Ауданбаевтың өз ісіне деген көз қарасы ерекше болатын. Ол «берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» - дейтін қағиданы мықтап ұстаған жан. Бисенбай мал баға жүріп, оны ит-құстардан қорғау үшін амалсыз аңшы болып қасқыр аулаумен де кейде шұғылданатын. Бисенбайдың жүйткіп келе жатқан мотоциклі аңдаусызда жарға соғып, қатты зақым алғанына қарамастан, қашып бара жатқан қасқырды құтқармағаны жөніндегі қызықты әңгімесін тыңдағаным бар. Бисенбай, зайыбы екеуі 12 ұл-қыз өсіріп-жетістірген бақытты от басы. Ауданбаевтардың отбасыларына қатысты менің «Өркенді өлке, өнегелі өмір» атты кітабымның 38-ші бетінде мынадай жолдар бар:

«Саламат Мұқашевтың кезінде басшы қызметкерлердің үстінен арыз жазу тиылды делініп жүрді. Бұның да өзіндік мәні, негізі бар. Бұл туралы Сәкеңнің өзі былай дейді: «Оның себебі көп болар, ал менің білетінім: арыз түсе қалған кезде бұндай жағдайға өзім араласып, өз көзіммен көруді қалайтынмын. Мысалы «Сам» кеңшарының директоры Т.Ауданбаевтың үстінен арыз түсіп, онда «ол үлкен үй салып алды» делініпті. Осыны байқау үшін кеңшарда болған сапарымда үйінен әдейі шай ішсем, үйінде кіріп-шығып жүрген үлкенді-кішілі 15 шақты балаларды көріп, дұрыс жасағансың, үйді бұдан да кеңдеу етіп салуың керек еді дедім. Егер осыны комиссия жіберіп тексертсем, онда оның ағасы – атақты шопан, «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері Бисенбай Ауданбаевтың 5-6 баласын өз балаларымен бірге бағып-оқытып отырғанын қайдан білсін, ресми құжаттар бойынша үй көлемін есептер еді де, директорды кінәлі етіп әкелер еді». Бұл жолдардан біріншіден, Саламат ағаның кадрлерге деген қамқорлығын, парасаттылығын көрсең, екіншіден, осы қос шаңырақтың бірлігін, татулығын, бірлесіп Отанымыздың күш-қуатын өркендетуге үлес қосатын ұл-қыздарды тәрбиелеп-жетістіріп отырғанын көреміз. Бұл айтқанымыздың өмір шындығы екені Бисенбайдың баласы – Нұрланның кәзіргі нарық заманының талаптарына орай, әрі әке таяғын қастерлеп, өз атындағы жеке шаруашылықты өзге де туыстарымен бірге Тамырларың терең жайылып, өркендерің өсе берсін, құрметті Ауданбаевтар әулеті. 01.07.2005ж.

БЕЙНЕУ АУДАНЫНА 30 ЖЫЛ (салтанатты жиналыста сөйлеген сөз)

Құрметті халайық, қадірлі жерлестер! Өздеріңізге белгілі Бейнеуде ұзақ жылдар жұмыс жасаған кезімде талай рет сөйлеген болатынмын. Соған қарамастан халық алдына әркез толқып шығатын әртістер тәрізді мен де Сіздердің алдарыңызда көңілім алабұртып шығып тұрмын. Оның бірінші себебі – сонау алыста қалған ел көрінісі, Бейнеуліктердің қолымен жасалған игілікті істердің көз алдыма келуі болса, екіншіден осы салтанатқа қатысып Бейнеу өңірінің бұрынғыдан да жақсарған, айта қаларлық мол жаңалықтарын өз көзмімен көріп отырғандығым. Алғашқы құрылған кезде 23 мың халқы бар аудан кәзір 30 мыңның үстінде тұрғыны бар іргелі ел болып отыр. Бұл, әрине, қуанышты, көңіліңді көкке өрлетер көріністер. Уа, қадірменді туысқандар! Сіздерді Қазақстан Республиксының Конституциясы күні және Бейнеу ауданының құрылғанына 30 жыл, Бейнеу кентіне 40 жыл толу мерекелерімен қызу құттықтай отырып, бейнелі Бейнеу бұдан былай да биік белестерге жете берсін деген тілек білдіремін. Осы сарайда отырған «аға ұрпақ өкілдері» деп аталатын «еңбек ардагарлері» шеніндегі біздер Бейнеу туралы сөз қозғағанда алдымен сонау жылдардағы ескі Бейнеуден 20 шақырымдай жерде жаңа орыннан салынған

теміржол станциясы, ондағы теміржолшылар мен газ айдаушыларға арналған аздаған үйлері, сонымен бірге әр жерде қадау-қадау көрініс беретін бірінші, екінші, үшінші деп аталатын ауылдары, Бұғабай, Тұрыш, Қызыл әскер, Ақжігіт елді мекендері мен Опорный, Сарқамыс, Каменный кенттері ғана бар, аймағында мыңдаған бөкен жөңкіле желген маңдала ойға оралады. «...Маңғыстау қазақтары Атырауды жайлап, Маңғыстауды толық мекен етпеген кезде Үстірттен Қарақұмға құлау бауырындағы мол сулы бұлақ бойында ежелгі қамал етегіндегі бұқара халық бау-бақша егіп күнелткен. Солардың бірі Бейнеу деген кісі екен... Оның бір туысы Бекет. Осы бұлақ жанынан тауды қашап мешіт ғимарат салады» - деп жазады белгілі өлке танушы марқұм Есбол Өмірбаев. Қарапайым халыққа құт болған осы бір киелі де әрбірімізге қымбат мекенде жаңадан аудан құрылып, әлгі айтқан маңдалада жаңа өмір басталды. Өріс малға толып, «Прорва» өндіріс орны мемлекетке жылына 1 миллионнан аса тонна «Қара алтын» жөнелтіп отырды. Аудан экономикасы жан-жақты нығайып, халықтың әл-аухаты, мәдени-тұрмыстық жайы айтарлықтай жақсара түсті: Оқу–ағарту, мәдениет, десаулық салалары жүйелі жолға қойылды. Мен ауданның құрылу тарихына, алғашқы кездерде орын алған қиындықтарға көп тоқталып жатпаймын. Өйткені бұл жөнінде аудан әкімі Басшы Әзірханов мырзаның мазмұнды баяндамасында жақсы айтылды. Сонымен бірге, бұдан үш ай бұрын менің 70 жасқа толуымды құрметпен атап өткен салтанатты жиында аудан құрылған кездегі бір-қатар жәйіттарға тоқталған болатынмын. Сондықтан сөйлеген сөзімде менің аудан құрудағы, оның көркеюіне қосқан азды-көпті еңбегімді ескеріп, аудан жұртшылығымен арнайы кездесуімді өткізген аудан әкімі Басшы Әзірханов бастаған азаматтарға, менімен кездесу өтеді деген хабарды ести сала, әдейі шақыру күтпей-ақ осы Абыл атындағы сәнді сарайға сыймай кеткен, көбі келе алмаса да шын тілектес болған Бейнеу ауданының халқына ризалығымды білдіріп, айрықша рахметімді айтқанмын. Сол рахметім мен шын жүректен шыққан алғысымды тағы да қайталап айта отырып, Сіздердің баршаңызға игі жақысылық тілеймін! 5-ші сәуірде өткен бірінші аудандық Кеңес сессиясы мен 11-ші сәуірде өткен бірінші аудандық партия конференциясынан кейін негізгі міндет аудан мекемелерін құру, шаруашылықтарды, өндіріс орындарын аралап, елдің жағдайын білу болды. Бұл кездегі басты қиыншылықтардың бірі және бірегейі жаңа құрылып отырған ауданның шаңырағын көтерісуге сай келетін кадрларды таңдай білу болса, екіншісі – құрылғалы отырған мекемелерге, Бейнеу кентінен орын табу еді. Бұған дейін Маңғыстау, Ембі, Теңіз аудандары Кеңес атқару комитеттерінің төрағасы болып істеген, өмір тәжіриебесі мол, бір кезде Маңғыстауда өзімнің ұсытазым болған Арон Махуұлы Өтеуовтың кадрлерді таңдаудағы көрегендігі, аталған аудандардағы кадрлердің бір қатарын жақсы білетіндігі шешуі роль атқарды. Соның арқасында аупарткомда, ауаткомда,

мекемелерде алғашқы күндерден бастап еңбек етіп, ауданды құруға тікелей қатысқан кадрлер түгелге дерлік өздерін көрсете білді, сенімге дақ түсірмеді десем артық айтқандық емес. Аудандық партия комитетінің бірінші хатышысы болып сайланып, кадрлерге байланысты бірінші қиындықты осылайша шешіп отырған, ауданның жан-жақты дамуына айтарлықтай үлес қосқан Арекеңнен басқарудың әр алуан қыр-сырларын үйреніп ысылғанымды, парасатты ағаға деген үлкен ризалық көңілмен айта аламын. Осы кезде аудандық партия, атқару комитеттерінде, Мекемелерде Владимир Салов, Перуза Темірәлиева, Виктор Иванович Гонтаренко, Валерий Мұқанбетов, Шамардан Аманғалиев, Ізтұрған Меңдіқұлов, Әбдібек Жаманбаев, Тауша Ещанов, Ибрагим Мұрасов, Жауғашты Нәренбаев, Байбоз Шығанбаев, Бердіхан Ибрагимов, Қуан Ғабдуллин,, Кенжеш Салихаденов, Бақыт Құбышев, Бөрібай Қуанышалиев, Биғали Тоқмурзин, Қажымұрат Сабырбаев, Рамазан Аққұлов, Айта Қожақаев, Шест Шыңғысов, Сейілхан Дәулетбаев, Қуан Есмағанбетов, Кемел Шадыманов, Көңілімқос Әбілов, Уәіс Қайралапов, Табылды Қалменов, басқа да көптеген азаматтар бір кісідей жұмыла еңбек етіп, ауданның бірден төрт аяғын тең басып кетуіне өз үлестерін қосты. Сол кездегі өндіріс орныПрорва Мұнайгазөндіру басқармасының бастығы Сағидолла Нұржанов, КС басшысы Булда, құрылыс басшылары Иван Францевич Томаль, Николай Сергеевич Крючкин, Теміржол станциясының бастығы Өмірзақ Оразбаев, Қарақұм кеңшарының директоры Мақсот Қайыржанов, Маңғыстау кеңшарының директоры Қазақ ССР-ның ауылшаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер, елімізге кеңінен танымал ағамыз Таушанбай Қорбақов, бәрі-бәрі өз салаларында тыңғылықты істер бітірді. Өндіріс жұмысшылары мен малшылар жоғары еңбектің үлгісін көрсетті. Ал екінші қиындықтан шығу – ауданда ұйымдастырылған қырықтың үстіндегі мекемелерге орын тауып беру, қызметкерлерді уақытша тұратын қонақ үйлерімен қамтамасыз ету қиынның қиыны болды. Қинала жүре құрылуға тиісті мекемелердің басым көпшілігіне зордан дегенде орын тауып бере алдық. Қонақ үйінің жоқтығынан Арекең, мен, Владимир Салов, Перуза төртеуіміз үш бөлмелі пәтерде уақытша тұрып жаттық. Аспан жерге түскен ысы, жаңадан салына бастаған құрылыстардың фундаменттері үшін қазылған жиегіндегі топырақтан сәл жел тұрса көтерілетін шаң ауыз-мұрынға тығылып демалдырмайды. Осындай жағдайда алас-қапас шайымызды ішіп, жұмысқа кетіп жатамыз. Басымыз қосылғанда да айтатын әңгімеміз жұмыс жайында – көңіл көтерерлік сәттерді аудан аяғынан тіктұрар кез – алдан, болашақтан түтудеміз. Бейнеу мен үшін айрықша қымбат. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы мені үлкен абыройға жеткізді. Кемістігімді кешіріп, жақсылығымды асырды. Бейнеу ауданынан әлденеше рет аудандық, облыстық кеңестердің

депутаты, облыстық партия комитетінің мүшесі болып сайландым. Аудан халқы мені онбірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты,1989 жылғы баламалы сайлауда аудандық Кеңестің төрағасы етіп сайлаған болса, коммунистері қатарынан жеті рет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлап үлкен сенім көрсетті. Сондай-ақ Қазақстан компартиясының XIV, XV, XVI, XVII (екі кезеңінің де) съездерінің делегаты етіп сайлады. Сіздер жүктеген сенім мен зор құрметтің арқасында 1990 жылы Маңғыстау облысы қайта құрылған кезде, облысты басқару жүйесінде бірінші билік ролін атқарған орган – Халық депутаттары облыстық Кеңес төрағасының орынбасары болып жауапты жұмысқа ұсынылдым. Осы сенімдері мен ақ, адал ниеттері үшін мен Бейнеу халқына басымды иемін. Біздердің әрбір ісіміз, алға қойған мақсатымыз ауданның жанжақты өркендеуін қамтамасыз ету болды. Аудан басшыларының малға шөп іздеп Республика аумағында бармаған облысы қалмады. Бердібай Сарбалаев, Қуандық Нұрғалиев, Таушанбай Қорбақов ағамыз, Бөрин Кежеғали, Сахи Қибасовтар болып шөп іздеп бірнеше рет Қарақалпақстанға, бір емес екі рет «Барса келмес» аралына барған шілде айындағы ауыр сапарлар да жәй саяхат емес, осы елдің қамы еді. Елдің қамы біздердің әрбір ісімізден көрініс тауып отырды. Аудан орталығынан 4 шақырым 400 метр жердегі аэропортқа қатқал табанды жол салу кезінде (ол жол осы кезде де жарамды күйінде сақталған) қолда бар екі скрепер машинасын бермеген Орлова деген экспедиция бастығының қылығына орай экспедиция қызметкерлерінің Бейнеуге келіп, қажетті нәрселерін алуға тиым салған кезімде соңынан жеделдетіп Мәскеуден келген өкілдерінің кешірім сұрап, сұраған техникамызды бірден бергізген кезі де болған. Сөйтіп, ақ борпылдақ шаңы басқан сайын аспанға көтеріліп жатқан әлгі қашықтықта 1983 жылдың қыркүйек айының 11-26 аралығында жол да салынып біткен еді. Сол аэропорттың алаңын салған, соңынан Саратовтан алып кету қаупы туған асфальт зауытын Бейнеу кентінің ішкі жолдарын асфальттауға қалдыру да біраз күшке түскен болатын. Жұмыс жасаған кезімізде өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларымен бірге мәдени-көпшілік, көркем өнерпаздар коллективтерінің жұмыстарына, жусанынан жыр, көдесінен күй төгілген елміздің ақындары мен әнші, жыршы-жырауларын кеңінен танымал етуге әрқашан назар аударып отырдық. Сол кездегі мәдениет қызметкері, жас ақын Сабыр Адаевтың, мектеп оқушысы-балауса жыршы Елдос Еміловтың кейін қандай биіктерге жеткені бүкіл елге белгілі. Осы Елдосты қолынан жетектеп алып барып Алматы телеарнасынан жыр жырлатып, республика халқына алғашқы таныстырған да кезім болды. Ел азаматтарының өзара түсіністікпен ынтымақты жұмыс жасап, халықты нарықтық экономика талаптарына сай игі істерге жұмылдыра білулері арқасында Бейнеу ауданы республикамыздың барлық аймақтарында орын алған кешегі бір қиыншылықтарды жеңе алды, дамудың жаңа

белестеріне көтерілді. Облысымыздың даму қарқыны Болат Әбілқасымұлы Палымбетов әкім болып келгеннен кейін де жаңа белестерге жетті. Республикамыздағы өзге облыстарға көмек қолын ұсынып отырған 5 облыстың біріМаңғыстау болды, экономикасының нығая түсуі арқасында Бейнеу донор аудан аталып, облыс бюджетіне сүбелі үлес қосып отыр. Халықтың мәдени-әлеуметтік жайы барған сайын жақсара түсуде. Бұның өзі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен іске асырылғалы отырған 2003-2005 жылдарға арналған «Ауыл жылы» бағдарламасының ауданда ойдағыдай іске асарына нық сенім бар деген сөз. Аса құрметті халайық, ерлік еңбегімен ел ырысын еселеп отырған еңбек майданының ерлері, аудан, әрбір сала басшылары сіздерді осы жетістіктеріңізбен құттықтай отырып, толымды табыстарыңыз ешқашан ортаймасын, дендеріңіз сау, бақытты болыңыздар деген тілек білдіремін! Той болғасын ата дәстүрі бойынша тарту-таралғысы да қатар жүретінін ескеріп, мен «тон болмағанмен жолы» - деп осынау бір нақышты құмыраны сыйға тартқым келіп тұр. Құмырада былай деген сөздер жазылған: «Профессор Тауман Амандосов ағамыз сыйлаған осы бір әсем Индия құмырасын ауданның 30 жылдық мерекесі құрметіне Бейнеу мұражайына тарту етемін. Дүйсенбі Әріпұлы. 30.08.2003ж.»

РЫСАЛЫ БАТЫРҒА БЕРІЛГЕН АСТА СӨЙЛЕНГЕН СӨЗ Уа, аса құрметті халайық! Елімізде, Тәуелсіздік шапағатының аясында қол жеткен қазіргі кезде, кең байтақ республикамыздың әрбір аймағында елін, жерін қасық қаны қалғанша қорғаған батырларымызды еске алып, олардың рухына арнап Ас беру дәстүрі кеңінен құлаш жайып келеді. Соның бір айрықша көрінісі кезінде қайтпас ерліктің, өрліктің туын жоғары көтеріп, елін, жерін қорғаған Жылкелді батыр ұлы Рысалы батырдың рухына арналған бүгінгі Ас. Елін қызғыштай қорғаған батырлар туралы Маңғыстау түбегінің сұңғыла жырауы, Қазақстанның халық ақыны Жанғабылов Сәттіғұл: Шүберекке түйіп жандарын, Бекем де буып белдерін, Бостандық үшін айқасқан, Еңіреп туған ерлерім.

Жайқалса жапан белдерім, Жаңғырса өлкем-жерлерім. Ұмытпас елім қиқұлап, Қызғыш боп өткен ерлерін – деп ұрпаққа деген үлкен сеніммен даналық сөз тастаған. Бұдан біз бұрынғы да, кейін де өмір сүріп, елін, жерін қорғаған батырлардың, сондайақ халқымыздың тарихында айқын із қалдырған шайқылардың, бишешендердің, айтулы ақылгөйлердің аты өшпесін, ұрпағым әркезде де оларды еске алып отырыңыздар деген өсиетті ұғынамыз.

Ас беру тағылымдық, тәлімдік өнегесі мол шара. Бұл тек Атырау мен Маңғыстау елі үшін ғана емес, қаптаған жаулар қаншалықты қанжар сілтесе де «еңіреп өткен ерлердің» жанқиярлық ерлігі арқасында іргесі сөгілмей, ақырында күні бүгінгі Тәуелсіздігімізге қол жеткізген бүкіл еліміз үшін маңызды шара деп білемін. Ақиық ақын қызымыз Фариза Оңғарынова: «Менің ұғымымда Махамбет тойына ең қымбат шашу – оның семсер жырлы ақын екенін естіп, сырттай мақтан ету емес, Махамбет жырларындағы парасаттық асқақ рухты қанға сіңіру, ел мен жерін ешқандай мансапқа, байлыққа сатылмайтын сезіммен Махамбетше сүюді үйрену»-деген. Ал Махамбеттен 100 жыл бұрын өмір сүрген Рысалы батыр да елін, жерін қалтқысыз сүйді емес пе, сондықтанда ол ел қорғаны бола білді. Олай болса, оның рухына тағзым ету тек кәзіргі емес, болашақ ұрпақтың да қастерлі борышы деп айта аламыз. Демек, Рысалы батырға Ас берілуі тарихи оқиға – бұл ұлттық рухымыздың әркез биіктен көрініп келе жатқанының талассыз айғағы. Бұның өзі егемен еліміздің айбынының, Тәуелсіздігіміздің шапағаты аясында іске асып отыр. Мен ұзақ жылдар Бейнеу ауданында басшылық қызметте болған кезімде кәзіргі Рысалы батырға кесене тұрғызалған қауымда болмаған екенмін. Сол кездегі Кеңес өкіметінің саясатының салдары болар, өзге азаматтарда бұнда кімдердің жатқанындағы туралы ауыз ашқан жоқ еді. Міне, соңғы жылдарда ғана бұрынғы өткен Ата-Баба рухын тірілтуге аянбай, шаршамай-талмай ат салысып жүрген ініміз Ислам Мырзабекұлының ізденімпаздығы, арабша сауаттылығы арқасында осы қауымда Жары Жетімекұлы Рысалы батырдың жерленгені нақтыланып, Ата ерлігіне риза ұрпақ еңселі кесене тұрғызып, қорымды Рысалы Ата зираты деп атап, онда белгі тақта орнатылған. Исламның Бекет-Атаның өмірі, шыққан тегі, әулиелік қасиеттері туралы мәліметтерді жатпай-тұрмай зерттеп, аяқ жетер жерлердің бәрінде – Қазақстан, Түркменстан, Өзбекстанның аудандары мен ауылдарында, қалаларында болып, Атаға байланысты бұрын айтылмаған, жабулы жатқан көптеген дүниелерді жарыққа шығаруы екенін бірінің қолынан келе бермейтін үлкен іс. Ал осы Астың ұйымдастырылуы да аудан басшыларының, өзге де ел азаматтарының қолдауы, араласуы арқасында іске асып отырғанын айтқанның өзінде де, Исламның айрықша тер төккен еңбегінің нәтижесі екені баршаға аян. Мырзабекұлының, сонымен бірге «Рысалы батыр, немесе,Жарыдан шыққан жайсаңдар» атты кітапты құрастыра отырып, өзі де бірнеше көлемді мақалалар жазған еңбегі де бір төбе. Құрметті халайық! Сіздерді Ата-Баба әруағы әркез қолдап жүрсін, Рысалы бабаның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

Құлсары, 28.09.2003ж.

ҚАРАЛДА

Маңғыстау небiр қара күш иелерiн өмiрге келтiрген. Бөкен руынан шыққан Қаралда жауырыны жерге тимеген палуан болса, бәйбiше Қаражiгiт, кеще(мұрат) Есболай, Марқабай, бөкен Икембай, Бисенбай, Қартқожақ, бектемiс Анайбек –бұлар да дүлей күш иелерi болыпты. Ер көңiлдi Қаралда көбiне-көп ел аралап, iргелi тойларда, аста күрестерге қатысып жүредi екен. Сондай бiр сапарларынан аулына қайтып келе жатып, жолдағы “Қарабатыр” деген жердегi апан iшiнде жатқан түйенi көрiп, оның өзiнiкi екенiн таниды. Құдықтың маңайындағы апыртопыр адам iздерiне, жиналмай қалған арқан үзiктерiне қарап, бұған дейiн ауыл адамдарының түйенi шығарып алуға кү ш салғанын, бiрақ шығара алмағанын бiледi.Қаралда бұдан кейiн арқан үзiктерiн шиелеп байлайды да, жойқын күшпен тартып, түйенi құдықтан бiр өзi шығарып алады. Содан соң жануарды бiраз демалдырғаннан кейін үйiне жетелеп келiп, сырттағы қазыққа байлай сала үйге кiредi. Осы кезде iнгенiн құдықтан шығарта алмай қапа болып отырған әйелi : Малмен ,жанмен iсiң жоқ. Осылай қаңғисың да жүресiң, шайлық сүтке сауып отырған жалғыз түйең құдықта жатыр, сен неменеңе жетiсiп жүрсiңдеп дүрсе қоя бередi. Сонда Қаралда әйелiне сабырмен: айқайлама, сыртта тұрған түйеңдi саудептi. Кейiн осы оқиға туралы сөз бола қалған кезде, әйелiм осы түнi бiрiншi рет риза болып оң қарап жаттыдейдi екен Қаралда күлiп.

Негiзiнде жарлы болған Қаралда бiрде ел аралап кеткен сапарынан оралса жалғыз аты жоғалып кеткен екен. Әрi iздепберi iздеп, ауыл маңайынан таба алмаған Қаралда әрегiректе отырған бiр күркедегiлермен хабарласуды ойлап есiктi ашып кiрiп келсе,үйде бiр кемпiр отыр екен. Ашылған есiкке жалт қараған кемпiр шошынғандай рай танытып(өйткенi Қаралда ертегiлердегi дәулер сияқты аса ірі тұлғалы, үрей туғызарлықтай айбатты адам болған ғой), неғып жүрген адамсың, бұл үйге бөгде адам келмеушi едi ғой деп, жоғалған ат жайында айтқан сөзге жөндi жауап бере қоймайды.Бұдан кейiн Қаралда сыртқа шығып айналаға көз жiберiп қараса, алыстан қолында аумақты заты бар бiр адам келе жатады. Ол адам күркеге жақындап келiп, қолтығындағы затты жерге тастай салады. Қаралда сонда ғана әлгi кiсiнiң қолтығына алып келе жатқаны аяқтары байлаулы ат екенiн аңғарады. Бұны көрген ол ат көтерiп жүрген мынау да ерен күш иесi болар сiрә деген ойға келедi. Әлгi кiсi Қаралдаға назар салмастан күркесiне кiрiп кетедi. Үйдегi кемпiр оның шешесi екен. Ол баласына жаңа ғана осында бiр адам келiп кеттi, бәлкiм аңдаған боларсың, реңiне, тұлғасына қарағанда сау кiсi сияқты емес, шошиын дедiм, сақ бол дейдi. Үй иесi сыртқа шықса Қаралда күтiп тұр екен. Қаралда оның жүрiстұрысына, күшiне сенген менмен пiшiнiне қарап: менiң атымды ұрлаған сенсiң, тапдеп бiрден тарпа бас салады. Анау да тiлге келместен бiрден ұстаса кетедi. Екеуi бiраз алысқаннан соң, Қаралданың қолы батыңқырап кеткен соң әлгi кiсi жеңiпжеңiліспей-ақ , босат белiмдi, атың табылады дептi.Сөйтсе күрке бiр алып

үңгiрдiң аузына тiгiлген, мұнда жылқыларды соймай осы үңгiрде тiрiлей сақтайды екен. Қаралдадан сескенген ұры атты үңгiрден шығарып әкелiп берiптi. Бұл да бiр Түрiкменнiң дүлей күш иесi қарақшы екен. Заманында дүние жүзiнiң төрт бұрышын аралап, ешкiмге жеңiс бермеген Қажымұқан Мұңайтбасов сияқты Қаралда да аяғы жеткен елдерде ешкiмнен жеңiлiп көрмеген. Осындағы аузына күрке тiгiлген үңгiр қиалғажайып ертегiлерiне жататын “Ертөстiк” ертегiсiндегi Ертөстiктiң Шалғұйрықпен жылан Бапы ханның елiнен жер үстiне шығатын үңгiрiн, Гаградағы (Солтүстiк Кавказ) атақты НовоАфон, Маңғыстаудағы “Булыойық” үңгiрлерiн еске салады.

БОКСҚА-НОКАУТ, ҚЫЗЫЛ ТІЛГЕ-ОТ АУЫЗ... (Орайы келген әңгіме)

Әріпұлы Дүйсенбі ағаны Маңғыстаудағы оқырмандарға таныстырып жату артық сияқты. Ал шындығына келгенде таныс азаматтың біздерге бейтаныс қырлары да баршылық екен. Бүгінгі әңгіме сол жайында. 1933 жылдың алғашқы күні Маңғыстаудың Бозашы түбегінде өмірге келіп, ат жалын тартып мінгелі бүкіл саналы ғұмырын туған жерінде360 әулиелі Маңғыстау топырағында өмір сүріп, еңбек етті. Рас, туған өлкеден салт бас, сабау қамшы дәуренінде тумысынан ойы зерек, болмыс бітімі байсалды жігіт Маңғыстауда игерген жалпы орта білімін тереңдетуден басқаны ойына алмастан, «Қайдасың, оқу-білімнің, ғылым-танымның, тәлімтәрбиенің алтын қақпалы киелі сарайы?»-деп, Қазақстан Республикасының астанасы-Алматыға тартты. Сондағы ең беделді , атағы дүрілдеп тұрған Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсті. Табандатып бес жыл осы білім ордасында оқыды, ғылым кандидаттары, профессорлар мен академиктер алдынан дәйекті дәріс алды. Ғылым, білім жолында өткен осы бір аз ғана студенттік дәуірі демесең, Дүйсекең ағаның бүкіл тыныс-тіршілігі, ғибратты ғұмыры кәрі Каспийдің Маңғыстау жағалауында өтіп келеді. Өкінбейді. Жарты ғасыр бұрынғы торсық шеке, ақсары өңді балаң жігітті-бүгінгі ардақты ақсақалды туған елі бір кісідей-ақ елеп келеді. Басқаны былай қойғанда облыстағы ырысы мен берекеті халқына қатар қонған Бейнеу ауданын біраз жыл абыроймен басқарды, облыс басшылығының лауазымды қызметіне жоғарылады, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, республиканың қоғам қайраткері деңгейіне көтерілді. Оның апай төсті өңірінен орын алған орден, медалдарымен қатар, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағының өзі жұмыр бастыға аз мәртебе емес. Өйткені бұл атақ тікелей Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен берілетін аса құрметті атақ. Жерлестері жуырда Дүйсекеңе құрмет көрсетудің тағы бір үлгісін паш етті. Ақтау қаласы әкиматы мен мәслихатының бірлескен шешімімен оған «Ақтау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ ол

Тұщықұдық ауылының, Бейнеу ауданының, атышулы АҚШ-тың Даллас қаласының Құрметті азаматы. Иә, оқығаны мен тоқығаны, көргені мен түйгені мол абзал ағаның тағы бір жаңа қырына қанықтық. Сол бойы Дүйсекең ағаның өзіміз таныпбілген жаңа қыры жайлы оқырмандарды хабардар ету мақсатында қолға қалам алдық. Сонымен, арада болған сұхбатты сабақтап жіберелік. -Дүйсеке, жұртшылық Сізді Ақтауда өтетін республикалық, халықаралық спорт жарыстары барысында жанкүйерлер, сыйлы меймандар ортасынан жиі көріп жүр. «Дүйсекең спорттың , соның ішінде қызыл-ала төбелестің көкесі-бокстың жай ғана жанкүйері ме, әлде кезінде спорт деп арпалысқа түскен тастүлектердің бірі ме?» деген сұрақ бізді де қызықтырған. -Сұрағыңызға рахмет.Бұлай деп журалистерден Сіз маған алғаш рет сұрақ қойып отырсыз. Мен аудан басқарып, облыстық басшылық деңгейінде жұмыстар атқардым, жауапты мемлекеттік, қоғамдық қызметтермен айналыстым. Талай игі істердің басықасында болып, өмірдің сүрлеу соқпақтарымен алға басып, осы жолда кездескен қиындықтарды жеңуге күшжігерімді жұмсап келдім. Сондықтан болар, газетжурнал тілшілерінің маған деген сұрақтары бойлай шаруашылық, әлеуметтіктұрмыстық, қоғамдық маңыздағы сарынымен әйгіленетін.Сол тұрғыдан келгенде Сіздің осы сұрағыңыз мен үшін тосындау болып тұр. Дегенмен... Мен Маңғыстаудан Алматыға, кәзіргі Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетіне оқу, тоқу деп ат басын тірегенімде өзімді баяғының қыр қазақтарының жылына бір-жар мәрте қала шыққан керуеншісіндей сезінген едім . Олар дүниемүліктің неше түрін алуға қызыққан болса, менің алдымен кітапқа, ғылым-білім, өнерсұнғат, тәлім – тәрбие, тағысын тағы рухани құндылықтардың бәрін сана сезіміме, бойыма сүліктей сіміре беруге құштарлығым өзімді билеп әкетті. Соның ішінде спортпен шұғылдану да бар еді. Мені қызықтырған университеттегі бокс секциясы болды. Маңғыстау халқы 50-ші жылдарға дейін спорттың бокс өнетін сырттай естіпбілгені болмаса, тірі боксерді өз жерінде көрген де шығар, көрмеген де шығар. Өзім де елінде боксты көрмеген бозбалалардың ортасынан шықтым емес пе, бокс өнеріне деген құштарлық мені осы секцияға алып келді. Бағыма қарай, мені боксқа үйретіп, жаттықтырар ұстаздарым, бапкерлерім өз ортасының қас жүйріктері болып шықты. - Дүйсеке, 1950-1957-ші жылдар бокстан қазақ спортының бағы жана бастаған дәуіріне келіңкірейтін сияқты. Өзіңіз секілді жас талап босксшылар шоғырына басшылық еткен қазақтан шыққан қас шебер боксшылардан кімдерді атай аласыз? - Бұл енді таратып айтсақ, ұзақ сонар әңгімеге желі болары хақ. Менің алғашқы тәлімгерім Мақсұт Омаров деген атақты боксшы болды. Тарихқа жүгінсек, қазақ спортының алғашқы легінде ағайынды Махмұт, Мақсұт, Рашит және Ерік Омаровтар республикалық бокс өнерін дамытуда өшпес із қалдырған дара тұлғалар. Мысалы, Махмұт Омаров 1947-ші жылғы Кеңестер Одағы чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстанның бірнеше

дүркін , Бүкілодақтық «Динамо » ерікті спорт қоғамы біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы. Оның інісі, менің бапкерім Мақсұт Омаров Одақ біріншілігінің қола медалінің иегері(1956 жыл), бұлардың інілері Рашит пен Ерік те Республикалық сайыстардың жүлдегерлері, СССР спорт шеберлері атағын алғандар. Мені боксқа баулыған Мақсұт Омаровтың өзі қазақ боксінің атасыШоқыр Бөлтекұлының шәкірті еді. Мен болсам, үзбей дайындалудың арқасында КазГудың қабырғасында жүріп бірінші разрядты боксшы деген құжатқа қол жеткіздім, 1955-ші жылы бокстан университеттің чемпионы атағын жеңіп алдым. Сонда салтанат үстінде маған сыйға тартылған әйгілі драматург Виталий Вольскийдің «Пьесы» атты(Мәскеу, 1954ж.) кітабы менің библиотекамда осы кезге дейін сақталып келеді.Онда былай деп жазылған: «Чемпиону Казахского Государственного университета им. С.М. Кирова по боксу студенту физикоматематического факультета Арипову. Председатель Правления спорт клуба. 2 июня 1955г.» - Мәліметтерге қарағанда, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы Маңғыстаудың Жармыш ауылының түлегі, 1940—50, тіптен 60-70 жылдары да Алматыда еңбек етіп, өмір кешкен қазақ боксшыларының айтулысы болған ғой. Сіз бокс секциясына барып жүрген кезіңізде Шоқыр Бөлтекұлына жолығып, амансаулық сұрасып, тілдесудің реті келді ме? Шоқыр Бөлтекұлының маңғыстаулық екенін білген жоқпын. Өйткені, ол кездерде кімнің қайдан екенін білу салты болмады. Бірнеше жыл бірге оқып жүрген құрбықұрдастарымыздың қай жүзден рудан екенін біле бермейтінбіз, әйтуір, Қазақстанның қай облысынан екенін айтып отыратынбыз. Ал, айтулы Шөкең батырды турнирлер, жаттығулар кезінде бірнеше рет көріп, әдеппен сәлем беріп жүрдім. Атақты кісімен арнайы жөн сұрасуға біздердің ол кезде шамамыз келмейді ғой. Кейінірек, баспасөз материалдарынан білгенімздей , «былғары қолғап» киген қазақстандық атақты тұлғалардың бәрі дерлік Шөкеңнің шәкірттері екен. Айталық, «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы » Серік Әбдіналиев мырза қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлының шәкірті екенін журналистерге мақтан түта мәлімдеп берді. Ұтыры келгесін айта кетейін, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мырза болса, сол Серік Әбдіналиевтың шәкірті бола жүріп, бокс өнерінің қырсырын меңгеріпті. - Сөзіңіз аузыңызда, Дүйсеке, «Соңғы кездері облысымызда республикалық және халықаралық деңгейдегі спорт жарыстары жоғары дәрежеде өткізілуде »- деген тұжырымға қалай қарайсыз? - Бұл өзі дәл солай. Қырымбек Көшербаев мырза кезінде Шоқыр Бөлтекұлы бастаған спорт түрін Қазақ боксы атасының туған жерінде айырықша мән беріп ұйымдастырып, бокстан жыл сайын Бөлтекұлы атындағы халықаралық турнир өткізуге мұрындық болып отыр. Бұл тұрғыда

сөз еткенде болыстық спорт басқармасының бұрынғы бастығы А. Драч пен кәзіргі бастығы Т. Хитуовтардың да үлкен еңбектері барын айтуымыз керек. Сөз арасында айта кетейін, 1993-ші жылдың 12-ші наурызында Алматы қаласында «Қажымұқан қайырымдылық қорының » бастамасымен «Атқан оқтай зуламай» атты салтанатты кеш КСРО спортына еңбегі сіңген шебер,Әмин Тұяқовқа арналып өтті. Сонда елден келген делегация залда отырған Шөкең Бөлтекұлының иығына шапан жауып, құрмет көрсеттік. Шөкең осы кезде қатты толқи тұрып, Маңғыстауға бармақшы екенін айтқан еді, амал не, бұл арманына жете алмады, жыл айналарайналмастан ерен тұлғаШөкең дүние салды. - Дүйсеке, тағы бір сұрақтың жөні келіп тұр. Боксты қалайша көз қиып кете бардыңыз? - Физикаматематика дәл ғылымдардың ауылынан ғой. Оны тек алаңсыз беріліп меңгеру бар. Соңғы жылы мемлекеттік сынақтардың басталуына байланысты спортпен бұрынғыша жете шұғылдануға уақыт жете қоймады. Университетті аяқтай сала, өзіңіз білесіз, елге оралдық қой. - Спортқа байланысты тағы қандай естеліктер айтар едіңіз? - Естелік жетеді, тек қапелімде бәрін айта салу оңай емес. Соның бірін айтайын. Ойда жоқта төрткіл дүниеге есімі дүрілдеп шыққан АҚШ боксері Мохаммед Әлимен жүздескеніміз бар. Ол былай болды: отбасымыз боп 1978-ші жылы «Сарыағаш» шипажайында демалыста болдық. Әлі есіде, 17-ші маусым күні бір топ демалушылар Самарқант қаласына саяхатқа шықтық.Қаладағы «Интурист» қонақ үйіне маңдай тірегенде байқағанымыз көп адам жиналып , орталарындағы спорт киімдінің шапшаң, әдемі қимылына, боксшылық өнеріне ауыздарын ашып қалғандары болды. Ол өзі ұзын бойлы, сымбатты, қайың қара жігіт екен. Күлкісі де, бет ажары да мейірім шашады. Біздерді көре сала бәрімізбен жылы амандасты. Сұрастыра келсек, ол әйгілі боксшы Мохаммед Али болып шықты.Ташкенттен Самарқантқа келіп, осы жерден Москваға ұшқалы тұр екен. Кездесу кезінде менің кішкентай қызымАйгүлім ұсынған болкнотты алды да, қол таңбасын қойып, кейін қайтарды. Міне, аты күллі әлемге әйгілі батырмен жүздесудің сәті осылай түскен еді. - Дүйсеке, Маңғыстаудағы бокс спортының бүгіні туралы ойыңызды білгіміз келеді. - Қазақстан боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы атындағы Ақтауда биыл өткен екінші халықаралық турнирде оған қатынасқан 6 ел арасынан қазақстандық боксшыладың мерейі үстем болды. Бұл жарысқа «Бостандық аралы» Кубадан әйгілі 6 боксшінің қатысуы да турнир беделін көтере түсті. Турнирге 2003-ші жылғы әлем чемпионы Г. Джапаров, 2005 –ші жылғы әлем чемпиондары С. Сапиев пен жерлесіміз Ердос Жаңабергенов, 2002-ші жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы Н. Вэйтио(Куба), ҚР құрама командасының мүшесі Ж. Таумұрынов, Р. Саидов(Өзбекстан), М. Сәрсенбаев, Қ. Әбутәліповтер өз салмақ дәрежелері бойынша жеңіске ие блоды.

Шоқыр ағамыз өзінің 20 жыл өмірін спортқа арнағанЕскендір Хасанғалиевтың, жоғары да айтылған Махмұт пен Махсұт Омаровтардың, әйгілі спорт шеберлері Үсенов пен Рожковтың, Әбсалан Нұрмахановтың ұстазы болды. Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Бекзат Саттарханов, Марат Мәзімбаев, Ермахан Ыбыраимовтардың тамаша жеңістері осы Шоқыр аға салған жолдан бастау алады. Турнир, сондай-ақ,маңғыстаулық боксшылардың да болашағы зор екенін көрсетті. Бізде талантты жастар көп, тек соларды ұйымдастыру, спортқа баули білу керек. Егер де болашақта арнайы спорт сарайы салынса, ол спорттың алтын ордасы болар еді.Сол екінші халықаралық турнирді қорытындылай келе, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербев мырза «Келесі жылы бір емес, екі спорт сарайын салып, оның бірін Шоқыр Бөлтекұлының атымен атаймыз » спортшылар қауымын зор қуанышқа бөледі. Өзі де бокс ардагерлерінің бірі саналатын облыс басшысының бұл шешімін облыс жұртшылығы үлкен ризалықпен қарсы алып отыр. Бокста талайдың қалпағын қайырып, нокаутқа түсірген Дүйсеке аға қара сөзде де есесін жіберген емес. Бірде мен жұмыс кабинетімде қолымда қаламым, ақ қағаздың бетін шимайлап отырып ішке Дүйсекеңнің келіп маған қарап тұрғанынан бейхабар басымдағы ойларыммен алысып отыра беріппін. -Е, інім, басыңды көтер,-деген жұмсақ сөзін құлағым шалып,басымды көтеріп қалдым. -Ассалаумағалейкум, аға! –деп, орнымнан атып тұрып, оның қолын ізетпен алдым. -Кешірерсіз аға, шабыт келіп қалдыма, айналамаңды түгел ұмытып ...- дей беріппін. Сонда Дүйсекең: -шабыт дегеніңнен шығады ау, бірде түрікпеннің ұлы классик ақыны Мақтымқұлы өзінің зергерлік ұстаханасында отырғанда сызыла басып сұлу қыз кіріп келіпті. Ол өзіне лайықты білезік пе, сақина, сырға ма, соғып беруді өтінеді де өзінің ала келген алтын-күмістерін Мақтымқұлдың алдына қойыпты. Ақын болса, олд дүниеге назар аудармай қоя тұрып, бір жапырақ қағаз алады да , оның бетіне жорғалатып жыр жаза бастапты. Ару қыз: - Құрбым, менің бұйымым не болар екен?-деп сұрапты. Ал, Мақтымқұлы жыр жолдарын жазып болып: «Шабыт келген тұста бір, ұшып кеткен құс та бір..., зергерлік жұмыс қайда қашар дейсіз» деп, осы бойда ғана әлгі қыздың сұлулығын суреттеп жазған өлеңін оқып береді. Менің аузымнан «шабыт» деген сөздің шығуы мұң екен, бірден Мақтымқұлының осы өлеңін мысалға келтіріп, Дүйсекеңнің мені сөзден де «нокаутқа» түсіріп кеткені бар. Дүйсекең-физик, боксшы, шахматшы (1-разрядты), журналист, публицист-жазушы, очерк жанрындағы кітаптардың авторы, «Маңғыстау» энциклопедиясы бас редакторының орынбасары, тағысын тағылар. Арғы

атасы берісі-кіші жүзді байлаған емші Бектемістен дарыған Дүйсекең аға бойындағы дарын-қасиеттердің толық емес тізімі осындай. Соңғы сөз: Спортты жастайынан жанына серік еткен Дүйсекеңе қызықты әңгімесі үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз, отбасыңызға береке-бірлік, бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз. Сұхбаттасқан: Тәжі Шәді. «Олжа пресс» 06.12.2006ж.

МАЗМҰНЫ Бірінші бөлім Ұмытылмас тұлғалар Өмір іздерінің жаңғырықтары Алыптың Ақтау арқылы сапарлары Айтулы тұлғаның қабылдауында болғанда Естен кетпес тұлға Елім деп соққан жүрегі Ерлігі Шотан мәңгілік Сүйінқара –ел қорғаны Арманда кеткен азамат 40 жыл бұрын Қазақтың ата режиссеры Шытырман оқиғалар жазудың шеберіКемел аға Сөз зергері (Н.Ныршығұлұлының 160 жылдығында сөленген сөз) Теңдесі жоқ дарын(Мұрын жырауға 130 жыл) Ақбөбек пен Қайып хикаясы Өнегелі өмір Нәсіпқали Әбуғалиұлы Марабаевтың өмірден өткеніне 100 күн толу, там байғазысын беру кезінде сөйленген сөз Екінші бөлім Ел есіндегі есімдер Досыма хат «Бір сәттік сәуле» Қағидасы еді қамқорлық Өмірімен өнеге еді «Жолдас Жолдас» деуші едім Менің Мекериям Тойланбай қалған туған күн Үшінші бөлім Өмір өткелдерім Маңғыстау көтерілісі Атланттың ар жағында, немесе, Америка әсерлері Дана Әбіш Ақмышта туып, АҚШ-та озған желаяқ Мәдени мұра аясында Оңайгүл Тұржанованың шығармашылығы Сайын Назарбекұлының шығармашылығы Булыойық Өресі биік өнер Аса қадірлі Ағаеке! Еңбекпен келген абырой Мырзағали Іңірбаевтың поэзиясындағы азаматтық үн Еңбекпен Ер атанған Бисенбай

Бейнеу ауданына 30 жыл Рысалы батырға..... Қаралда

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙