Уақыттың жүрегі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Бақыт Беделханұлы
Жыл қайыру Қарашада шөп басын жел кемірер, Шұнақ аяз шұқшиып, ерге мінер. «Қауыс» соңы, аяғы «Боқыраудың» Бітпей қалған бейнетің белде жүрер... Тоң сіресер желтоқсан жебірленіп, Жер жериді дүниеден «кебінденіп». Ай менен күн алысар «Ақыраппен» өлі әлемге қалсам деп өмір беріп. Сондайда бір қаласың жеңілденіп... Ал, қаңтарда «Қырықаяқ», «Тоқырау» кеп, Сере қарда сері аяз отыр-ау, деп, Өмірдің суретін сап терезеңе Жүреді мұздан өрмек тоқыған боп. Ол кезде ешкім ойламас опынам деп...
Ақырып «Ақпан» келер «Тоқпанменен» Қысқа күнде жылымас оттан денең. Өте шығар бұл ай да ит қуғандай Қарлы боран ұйытқап, соққанменен. ...Қиқуы тез тиылған көкпар көрем. «Ұттың» соңы құт болып «Әз» келеді. Аққу ұшып, қаңқылдап қаз келеді. Әз Наурызда теңеліп күн менен түн Жадырап көрінеді жаз бедері. Жамырап соны да жұрт мәз көреді. «От амалы» – Көкек пен Сәуір келіп, Балбырайды бар әлем бауыр керіп. Өзен, көлдер еріне есінейді, Жіңішкеден жуанды тәуір көріп. ...Тәубәшылға жатады Тәңір беріп
«Сартан» жайлап Мамырда «Зауза» келер. Жақсылығын дайындап жазға берер. Шұрқырап мал өреді беткей асып, шыдасаң аз ғана егер... Арқа-жарқа болады азбаған ел. «Мырзасы» бар маусымның – өз уағы, Осы ай соңы – мезгілдің сөзуары. Шіліңгірдің сүйретіп шылбыр күнін Содан соң, «Сарша-сағыз» созылады. ...Қоңырланып малшының қозы, лағы. «Үркер» ауып, келгенде «Сарша-тамыз» Жұлдыз санап бітеді палшы атамыз. «Қыркүйекте» «Масақты» таразылап, Жер емшегін созғылап шаршатамыз. Өткен күнін өзіне аңсатамыз...
«Қазанменен» көш түзеп ел барады... Елмен бірге құс қайтып, көл қалады. «Қазан ұрмай, қар жаумай» Қарашаға жеткізбей Бұғы мүйізін жел қағады. Көңіліңнің басталардай енді алаңы.
Төрт мезгілдің біреуін қаза қылмай, Қадіріне жетейін таза нұрдай, Қарашадан басталған қайран өмір, Қарашаға жетсе екен қазан ұрмай!...
- *
Ешкімнің де болмасын дауы бүгін, Тауда тудым, тауда өстім, тау ұлымын. Анау, асқар шыңдардың-шығандардың Бірге туған інісі-бауырымын.
Таудан ескен даланың самалымын, Сағынышпен күтетін сан ауылым. Болашақтың бойына қуат берер, Әр ошақтың маздаған алауымын.
Жанған алау жаныңды жай қыла ма? Бақ па, сор ма?.. Батайын қай күнәға, Қан-жүрегім кетсе де қақ жарылып, Қуанышқа ортақпын, қайғыңа да...
Дос жылатып көргем жоқ , жау жаралап. Құйындатып кіргем жоқ , дауға борап. Қанатымды қағамын көкке ұмтылып, Тағатымды табамын тауға қарап.
Таласпаймын талпынып дара шыңға, Әркім қалсын өзінің бағасында. Заманалар дауылы соққан кезде Тұрсам болды таулардың арасында...
- *
Ау, байқұс құсым-ау, қанатың керіп, жаймайсың, Күндіз кеудемде, түнде төбемде сайрайсың. Шырылыңменен шыңытып алып,жанымды Қайғыңмен неге қайрайсың?!
Ау, байқұс құсым-ау, келеді кейде маған да ой, Ойсыз деймісің...Тәніңді емдеген жаман ғой. Бірақ ,менің жаным ауырады. Өмір, өмір ме – амал ғой?..
Жан емдейтіндерге барайын деймін, Барсам, қайта алмай қалам ғой... ...Уай, бар дейсің бе, Жоқ, әлде, қал дейсің бе?
Ессіз күніме ес болатындай ей, құсым, шыр-шыр етесің... менің қамымды жеймісің?! ...Тірімде қасымнан табылмағандар, өлгенде басымнан табылар деймісің?.. ...Е, жарайды, ол да боп қалар, Оған дейін біреуі молда боп қалар....?!
- *
Тобыр түбі – топалаң. Тобылғы түбі – сап қамшы. Топ жылқым қайтты жотадан, Торысын бөлек баптап бақсамшы. Тәбәрік боп қалған еді ғой атадан, Төбеліне қара күйе жақсамшы. Қазан-қазан ет астым, Бастан жақты айырып бөлек салсамшы. Көмейіне от тыққанша ошақтың, Бойына сіңбей көбігін ерте алсамшы!.. Табақ тартып қазанымды босаттым, Жауырынын жаныма сақтап қалсамшы... Бақытын ойлап ем басқа ұлттың, Басым бақбақтай гүлдеді. Жел тұрмасына бәс тіктім, Анық-ты оны заманның желі үрлері. ...Асығып жүріп тас жұттым, жаналқымдап жаһандану дүрмегі.
Алты малта ас еді, Алты айшылық жолға шықсам да. Тұғырым – алтын ердің қасы еді, Алтауды асқақ тұтсам да. Намысым әр кез ар алдындағы бәс еді, Сол үшін басымды көрге тықсам да.
Тәңірім бағын қиған күн, Еңсемді тіктеп, ес жидым, ...Табалдырығы құйма алтын, Есігінен еңкейіп кірер ескі үймін! Жоқ іздеп кеткен арманның Мен қашан сүйіншісін естимін?!
- *
Оқ атылды, аспанға емес, жас жанға. Оқ атылды, қуғанға емес, қашқанға. Оқ атылды, тасқанға емес, сасқанға. Оқ атылды, жанарымда жас барда - Отпантауда жаным жылап жатқанда!
Тағдырына тура келген қазақтың Таусылады қашан, қалай азап күн?. Тағатына таға қаққан тәуменді ел Талғажауы болып жатыр мазақтың. Азаттықтың қас-қабағы – Астана, Ашылмады-ау, кәріге де жасқа да! Алаш жұртын айырбастап ақшаға... Ажалдан да ұят боп тұр, масқара! Нардың жүгін арқалаған арманға, Нәмсіз қоғам нәмәрт қарап, алдауда... Намысына нан сұратқан билікте Нақақ көздің жасын сүртер жан бар ма?! Ғажабыңды көрсек тағы кей алуан Ғапыл-дүние ғадауатсыз дей алман. Ғазиз басын құрмет тұтар аз күнгі Ғасыл жанға мейірім бер, ей, Аллам!
Адам-Ата зәузаты едік зәудегі. Абыл-Қабыл жекжаты едік жердегі. Аңыратқан Хауа-Ананың жүрегін Аллам, өзің кешіре гөр, пендені!!!
- *
Ей, менің жүрегімнің шақырылмаған қонағы, Кел,төрлет! Құтты қонақ үш-ақ күндік болады, Көңілімді көркемді ет!
Сен дәме еткен қажеттінің бәрі бар, Дәм тат, кел! Сағынбаған, аңсамаған жалығар, Сағынып кел, аңсап кел!
...Жүрегімде жалғыз қонақ күтіп ем, Баяғыда... мәңгілікке ол қап кетті. Өрісімен,ырысымен, құтымен Бір басымды бақты етті.
Оның жөні бір бөлек қой, әрине, Жүрегім де соныкі. Сол қарайды қарағандай сәбиге, Түнімді де күзететін сол - Үкі...
Әй, менің жүрегімнің шақырылмаған қонағы, Кеп тұр солай... жолың боп. Жолай соғып кеп тұруға болады, Ал, қонуға орын жоқ!
- *
Ауылдан Алматыға кеше келген, Ізетті қыз екенсің шеше көрген. ...Еркіндіктің есігін ерте ашыпсың, Сүрінеді екенсің неше жерден? Аңқылдаған көңіліңнен айналайын, Бүлінеді екенсің неше жерден?
Кешір, қалқам, мен емес сұр мергенің. Ашуланба, бұлданба, сыр бермегін. Өрмек тоқып отырған мыстан-қала Баяғыда-ақ сап қойған сүрлеулерін, Дайындап суық қолды сұр мергенін. Сонда да жұмақ болсын жүрген жерің.
Әп-әдемі, аяулы, арлы көзің Жасырмай тұрады екен бар мінезін. Бұл қаланың толқыны кейде, тіпті, Жарға итере салады нардың өзін... Алматыға ауылдан кеше келген, Ізетті қыз екенсің шеше көрген. Сүрінбеймін десең де неше жерден, Бүлінбеймін десең де неше жерден, Қала деген сондай ғой, жетегіне ап, Жолмен емес, жүргізер көшелермен. Мен бір жүрген ағаңмын ақ жол тілер Ал, қалғанын көрерсің пешенеңнен!.. Тау-тұлға Сыр-толғақ Мұқағали көкемнің рухына арнаймын ...Нұры болған өлеңнің Киелі есім, Неге менің түсіме жиі енесің?! Мынау күйкі тірліктің күйбеңінен Тазарсын деп жүрсің бе, күйелешің?..
Тарқатылып өмірдің шымасынан, Бал татырып көңілдің тұмасынан, Албырттық пен аңғырттық қатар артқан Арылсын деп жүрсің бе күнәсынан?.. Дүбіріне ерем деп дүрмек-көптің, Су боп кеттім.., жанымды дірдектеттім. ...Алдағанға балаша жүгірем деп Шаршап кеттім, біртүрлі кірлеп кеттім. Таңдайыма татымас «тәтті» өмірді, «Әттеңімді, әурелі сәттерімді», Таудың тастай суына бір шәйсам ғой, Ақ көйлектей кірлеген ақ көңілді. Жас сәбидей мұңсыз боп жүрем деп ем, Шідерлеген тірліктен бір өрлеп ем, Қарымына қаланың қайта түстім Мен бе, ол ма, білмеймін, жібермеген?!.
Тұсаулы өмір, әйтеуір, тұяқ қаққан, Тұрақ тапқан түгім жоқ, мият тапқан. Құстай құса боламын кей кездері Ұясында отырып ұят баққан. Өкініш көп өзекті өртегендей, Сөйлесейік, сонда да серкеленбей. Орай қылып айтайын әңгімемді Өз мұңымның мұрнынан шерте бермей. Құрметтеп құзар шыңның құсы құрлы, Тәңір өзі қашапты мүсініңді. Асыға аса берген асқар белде Тауға айналған тұлғаң тұр түсі нұрлы. Шыңмен ғана өлшейміз өріңді енді, Басындырмай, бастырмай көрінгенді. Хан Тәңірге қасқайып қарап тұрар Таулар да әне, ығысып орын берді.
Дала мұңдас болғасын тау сырласым, Сарқылмасын тағатым таусылмасын. Сөз басынан ши шығып дау тумасын, Жүрегімнің тұсында жау тұрмасын! Домбыраның шерткендей шерлі шегін, Бал мен уын сезімнің мен де ішемін. Секемшіл боп жүрсем де сергелдеңде Себепсізден себепсіз сенгіш едім. Аңқаулығым емес-ау, алданғаным. Алданғанға әйтпесе, арланбадым. Бар баласы қазақтың бірін бірі Алдамаса екен деп армандадым. Ашынудың жөні жоқ тасынудың, Бас ұрудың жөні жоқ басылудың. Жүрегінде қыжылы, жүйкеде ызың, Оңды-солды орынсыз шашылумын!..
Жаным таза, таза ғой тұмадан да Таянышпын, сүйеумін құлағанға. Қазағымды қаттырақ сүйген сайын, Ұрынам да жүремін ұра, жарға. Ауыл жайлы жырлап ем бауыр жайлы, Көтерілді кеудемнен дауыл қайғы. Аласұрған жүрегім алып-ұшып, Сізді ойлаумен бір сәтке дамылдайды. Үсік ұрып кеткендей бүршігімді, Ұмтылуды қойғанмын, құлшынуды. Қазынасын тонатқан қариядай, Тіске басып отырам шын сырымды. Шемен қылып алғандай ішкі шерін, Уайым-мұңның түбіне түскіш едім. ...Үмітімнен зорайтты күдігімді Үшбу хаттай бүктеліп үш мүшелім.
Ұшам деп ем пырақтай, пір қолдаса, Қайтем енді кеудеме нұр қонбаса?.. Кетер ме едім пенде емес, періште боп, Сайтан алғыр, анау, бір жын болмаса?!. Жастықпенен жалындап, жандым гулеп, Мастықпенен сайрандап, салдым дүрмек. Мен ешкімнің меселін қайтармадым, Көңілін де керексе, қалдырғым жоқ. Қалмағандай өлеңнің еш салмағы, Қайтпайтындай қайырылып, көшкен бағы. «Шеше сен, бақыттысың...» дей алмадым Кеше сен, кешкен күйді кешсем дағы... Бір жоғалып табылған малды олжа ғып, Бір ауырып жазылған жанды олжа ғып, Жалғыз шешей жабығып жылай қалса, Жұбататын көңілін ән болмадық.
Ән демекші, ән бе екен, ыңырсыған, Қу тірлікке құл болып қылымсыған?!. Ән іздеймін тауымның тынысынан, Жыр іздеймін ауылдың тұрмысынан... Жылатсам да жанымды жабығулы, Жабығуды сезсем де тарығуды, Қара басын күйттеген әлдекімдей Жалпаңдауды білмедім жағынуды. Қанша жанды білмеймін, өкпелеттім, (Қалай ғана енді өзім көктемекпін?) Адамдықтың ақ жолын ар тұттым да Көп пенденің көңілін көктеп өттім. Өмір солай... өзгермес, сол баяғы... (...Қол қояды, содан соң, қол жаяды...) Ақындардың барлығы болмаса да, Ит-тірліктің айтақшыл «Жолдыаяғы»...
Алауладым, шоқтайын маздаған ем, Аман қалдым, жоқ бола жаздап әрең. Аузыма су тамызды аптапта қап, Ауыл жайлы алты ауыз жазған өлең. Көктем бар ғой көңілге жаздан бұрын. Қараторғай келмей ме қаздан бұрын? У тамызды жүрекке, ...ұнамай қап, Сұлулыққа ғашық боп жазған жырым. Ең жақыным-жүрегім, жан тірегім, Ұшқын атқан көзімнің жарқылы едің. Сол жүрекпен ортамды, отанымды Бақытты ету еді ғой, бар тілегім. Нұры кеміп барады жанарымның, Бүрі кетіп барады табанымның. Қыры кетіп барады қалауымның, Қарсы алдына келгенде қамалыңның...
Төрт аяқтап жетердей төрт мүшелге, Денем ауыр тартады дертті шерге. Айналамда нәр сызар нәрсе қалмай, Қалғандаймын өзеуреп өртті шөлде. Мен ғана ма, білмеймін көні кепкен, Сортаңдамын, әйтеуір, сөлі кеткен. Удай қарып барады іште жалын Шимайланып барады жолым өткен. Жағып қойып ерніңе шырын-балды, Онсыз да өмір үйретер шырылдауды. ...Өрмекшідей жабысып ажал торға Шырылдатып жеп жатыр шыбын-жанды. Ас толтырса адамдар астауына, Қарамайды құс құрлы аспанына. Міне, осындай тірлікте мағынасыз Айналамыз өмірдің дастанына. Күннен күнге өзгеріп, жылдан жылға,
Кер заманның келбеті тұрды алдымда. Тірлігі мен тілегі бір боп кетті-ау, Дос пен қас, мұңды менен мұндардың да... ...Шыр еткеннен бір жаққа жиналамыз, Жол-жөнекей сый беріп, сый да аламыз. Той дегенде қоштасып, шығарып сап, Ал, өлімде көрісіп, қиналамыз. Сұлулықтың нұр қалмай гүл ернінде, Сайқалданып барады күннен күнге. Түрі өзгеріп келеді пенделіктің, Тілі өзгеріп келеді түленнің де... ...Жаңаруда қалалар жаңаруда, Қабырғасы қайтадан қалануда. «Бес күн тарап, шаштарын он күн өрген» Астанамыз айнаға қарануда...
Бақыт орнап бір күні бар ауылға, Бөленсе деп жүрміз-ау, дала нұрға. Тас қалалар тауға өрлеп баратқанда, Жас тұрады ілініп жанарымда. Жар басына үй салған жамандарша, Жаңа заман келеді, амал қанша?!. Заманыңа амалың сай келмесе, Саған да онша болмайды, маған да онша... Біле алмадым, адамға адам жау ма? Ақ көңілім соны ойлап алаңдауда. Ұлтын сүйген ұлдарың шындықты айтса, Неге дайын тұрады арандауға?! Өмір – дейтін, бәріміз жолда жүрміз, Жолда жүрміз сор кешіп зорға жүрміз. Зорықтырмай Тәңірім, зарықтырмай Жолға шыққан жолшыға жорға мінгіз! Еркелесем, білемін, енді оңбаспын.
Көлденеңді көп жерде белден бастым. Тай күнімде-ақ жан едім тарлан мінез Тарланымда Тағыдай елден қаштым. Елден қаштым, ...еретін сөзден қаштым. Мың әуреңе әйтпесе, төзген жаспын. Дегеніңе көнетін кезең де емес, Кемеліме келетін кезден де астым. Кім біледі, ешкімнен кем қалмаспын?!. ...Айтпақшы, аға, сексен деген сеңгір астың, Өлеңің өзекті өртер шерді бассын. Әруағың аспандап кеп, асқар таудан Көні кепкен далама сең құлатсын! Алмағайып заманның аптабында Шерді бассын, біреуі шөлді бассын! Өлеңнің жол бастаған серкесі боп, Аға, сен, міне, бүгін сеңгір астың... Жас Алашым-ай!.. «Жас Алаш» газетіне 90жыл толғанда
...Жаны бөлек, Жас Алашым - жақсы аға, Тарамыс боп тағдыр дейтін патшаға, Сіріленіп келесің, Сіңіріңнен суырса да сірі жіп, Іріленіп келесің, Жалған дүние жала күйе жақса да. Алашым деп айбат шегіп келесің, Алқымыңа ажырғы-азап тақса да. Қорғасын оқ құшақтаған қос ұлдың Жаны нұр боп жәннәт бақты тапса да, Бұл қазақтың көңілі тыныш таппады-ау, Бір басыңды жарға соғып жатса да, Қабырғаңды қазыға орап сатса да, Қыбырлаған қиымылыңды бақса да!.. О, Тәңірім, соры қалың Алаштың Қан жүрегін ақ сана!
Кешегі өткен Мұратбаевтың мұратын, Ілиястай құлагерімнің лұғатын, Мынау исі қазақта Жан қалды ма екен ұғатын. Қазақатың қайтпас қаны деп, Намысы менен ары деп, Ер қалды ма екен түгендейтұғын жұратын? Мен отына күйіп азаптың, Ортасында шырылдағанда мазақтың, Құлынның құлағанына, Құлыншақтың жылағанына, Араша бола алды ма, ей, мына, азат күн?! ...Ай, Жас Алашымай, Құшағын да көрдің, Құшағында тұрып, пышағын да көрдің қазақтың!
...Алты алаш үшін алқыныс бермес ақ иін, Иығыңдағы мәңгі өлмес рухты таниын. Ертеңім үшін еңсемді тіктер күн туса, Мен соған ғана, ар-намысымды жаниын, Қаймана жұрттың қамы үшін от боп өртенсең, Қанатымды да отыңа сенің қариын. Қазағым үшін қайыспа, қайтпа, қайырылма, Басыммен бірге жар-құзды соққан бақ-үйім, Сен, тоғыз жасыңда-ақ ақсақал болған едің ғой, Тоқсанға келіп сақалы шыққан сәбиім! Уа, жасай бер, ұлы өлең! Ілияс Жансүгіровке
Біссімілдә, раһманы раһым! Ілястай Қызыр еді - бір атың. Қызыр шалған жырың еді - бір атың. Ел боп бүгін етек-жеңін жинаған, Алашыңның ғұмыры еді - шын атың. Арманыңмен құрдас еді мұратың, Ұлықпандай мың жасасын, лұғатың! Мәңгіліктің мәртөбесін нұр қылып, Арлылықтың әз басында тұратын, Уа, ассалаумағаләйкум, ұлы ақын! Қиясынан құлап ұшқан қырандай, Ұясынан жылап ұшқан ұлардай, Ұлтын сүйген ұлыларды ойласам, Отыз тісім опырылып сынардай... Арыныңның арнасынан шыға алмай, Жырыңды оқып, тәпсірлеп ем құрандай; Құлагердің маңдайынан Ай көрдім, Қара түннің мойнындағы тұмардай.
Әлі де сол... Ай-тұмарың төбемде, Азаптайды.., азабына көнем де! «Жүсіп ханның» қан жүрегі қарайып, Қарашаңа қайғы бұлты төнерде, Сен айналып кетіп едің өлеңге. Ел айналып кетіп еді өлеңге. Молықбайдың қобызындай күңіреніп, Өлең болып мен де жүрмін, сол елде! Уа, ассалумағаләйкум, ұлы өлең, Түс секілді түйсігімде түнеген. Құс секілді көл қорыған сен болсаң, Жанымды да жабырқатпа, жүдеген. Ағынды өзен арнасында алқынбай, Тәңіртаудың тамырында түлеп ең. Уа, жасай бер, ұлы өлең, Бүкіл жұрттың бүтіндігін тілеген!
- * Алматым – ару қалам-ау, Жаныма дәру бола ма-ау, бұл көркің? Аңқылдап кетсең, аспаннан түспей тұр бөркің... Қиялымдағы періште қалпың ұрланып, Іргең сөгілсе, төріңді жайлап жын да еркін. ...Арман боп алдап, ажалы тұрса алдында, Жасыра алады ей, кім дертін?!.
Алатау – абыз-данам-ау, Осылай жалғыз қалам-ау, күрсініп, Көшелеріңнен көңіліме қара ніл сіңіп. Пәруәнә түгіл пәруәрдігерің мұндағы Жанына, және.., нанына еткен құлшылық . Бақытын тілеп, шамдары сөнбес шаһардың Заһар-уынан жұтамын сосын тұншығып.
Нән шаһар – тымырсық әлі, Түнімен ыңырсығаны тынышыңды ап, Дөңбекшіп бірге жатасың уайым, мұң шырмап. Зәулім үйлердің сай-сүйектерін сыздатып, Таң бозарғанша ұлып шығады у-шу бақ. Самайыңа кеп сайтанның үні қадалап, Санаңа сіңіп кетеді сосын шым-шымдап. ...Зарлайсың ғұмыр-әніңді, Сүйретіп сірі жаныңды өлмейтін. Сұлу қаланың суретіндей боп сол кейпің? Таусылған шақта тау жаққа қарап қоясың, Медеу ғып жанға жалғыз үмітті сөнбейтін. Ауылын аңсап мөлт етсе мұңлы жанарлар Менің де жаным мейірге сол бір шөлдейтін.
Шаһарға бір тыныстаған, Ұлтымның рухын ұстаған әкемнің әңгімесінің ащылығынан екі өлдім. Өркен-ниеттің өп-өткір иісі мүңкіген Алды-артын сезбес не деген қауып-қатермін; Соқыр көздерім жынды көбелек боп ұшса, Көшелерінде Жұмағали мен Сәкеннің... Алматым – ару қалам-ау, Шындыққа тағы зәру болам-ау ...шақта – бұл, Сенің жаның боп нұрланып әр кез жатты ауыл. ...Ауырған шақта жаныңды ұғар деймісің Ішіңе кіріп, жақын боп кеткен жат бауыр... Ауылың барда сен ауырмашы, Алматы, Жат болып кеткен жақының ем ғой, Һаққа құл.?!
- * Шаңырағым бар еді, Алты Алашымның айқасып жолы өрілген. Түңлігін түрсең, Тәңірдің нұры төгілген. Кең дүниедей керегем менің керілсе, Жеті қазынам табылатұғын төрімнен.
Ай менен Күннің төбемнен нұры құйылып, Сыртымнан жау да қарайтын еді күйініп. Отағасы мен Отанасына сүйініп, Ізет қылатын уықтары да иіліп.
Құдайы қонағы ат байлайтұғын мамаға. Адасқан адам түнеп қалмайтын далада. Қазаны оттан түспеген қазақ едім ғой, Тәңірім өзің қалдыра көрме табаға!...
Шаңырағым бар еді, Шаттығым шайқап, шалқайып жатар есігі. Жерұйықпенен бірге еді оның көшуі. Кәсібі менен нәсібі сондай ел едім, Ер-жүрек ұлды есейткен алтын бесігі.
Азаматтарым, қазанаттарым – атандай. Бүгінде, сірә, жігіт қалды ма заты ондай?.. Табалдырығын басқызбайтұғын ешкімге Алдымен анау қара шаңырақтан бата алмай... Сол шаңырақты... Бүгінде қағып тастапты жерге сыналап. Дөңгелек үйге сыймады ма екен, сірә, бақ ... Батасын емес, жапасын айтып жылайды, Терезесінен телміріп бір көз сығалап; «Шаңырағым қайда, шаңырағым?» дейді, сұрайды... Мына заманда... сұрағы шалдың сұрақ-ақ! Бостан-құсым, тосқан құсым сен едің Қарда жатып шайқалып, Қаңтарға жетпей қақ жарған. Қар қарпып шөлін қайтарып, Қанатынан мұз төгіліп қарманған, Қыран тектес құс – патшам, Саған тағдырымды сеніп ұстатсам;
Қиядан құлап ұшпай қыранша, Кептерше неге пырлайсың? Көз алдымда көлкіп тұрған мұнарша, Ұстасам қолыма тұрмайсың... Ей, менің қыран тектес құс-төрем, Ұйықтасам болды сен жайлы аян-түс көрем. Замандардан зарығып жеткен зау құсым, Қанатың қақпай қалықта! Тұғырың болған Алатаудай қарлы шың Сені сыйлаған біздердей ұлық халыққа. Ей, менің қыран тектес бек құсым, Сен сол үшін де тектісің! Бәрі де аман, тұмарланған томағаң, қан шеңгелдің ізі қалған биялай. Балақ бауың – ол да аман, Көкке бір рет көтерсе деп қиялай!.. Е, менің қыран тектес құс – патшам, ...саған тағдырымды баяғыда-ақ ұстатсам;
Тұғыры биік, рухы асқақ, Арқаға аспан – тірек бол дегем. Алты Алашыма Нұр шашпақ, Көзіңнен Көктің қуатын көрген ем... Ау, менің қыран тектес қанаттым, Сен соны бүкіл әлемге таратқын!..
- *
«Жылқы ішінде ала жүр, тай секілді
Ұстай алмай бала жүр ай секілді...» Қара өлең
Ат жалын тартып мінер азамат, Алты жасында-ақ алағай. Алқыныс бермес қазанат, Құлын кезінде-ақ, сол алты жасар баладай.
Төбесін көкке тигізіп, Аспандағы айға да құрық салатын. Жұлдыздан жүген кигізіп, Тартып отырса, жүрегі оттай жанатын.
Менің осындай рухым болатын, Жалғанды жалпағынан басарға. Шолпанның шолпысын қағатын, Тәңірім берген Таң рауанын шашарда.
Балағын түріп бұлт кешсе, Толарсағынан нұр жауған. Оғланына еріп жұрт көшсе, Отыз күн ойнар, қырық күн тойлар күн болған.
Қайран да қайран қайран күн, Қайырылып соғар сәтің қайда екен?! Жылқым жайылса, қайысып кетер қара адыр, Жерұйығымның топырағы да майлы екен. ...Қолына құрық ұстап бала жүр, Аңдағаны тай ма екен. әлде, Ай ма екен?
- *
Мұндағы бар шындық өтірік, Бос әуре.. Жалғанның іші. Саф алтын торында отырып, сайрайды арманның құсы...
Алтын тор мақтаулы. Ал, бірақ, бұлыңғыр бұлбылдың үні. Жылайды жүрегім қарғылап, шықпайды құрғырдың тілі...
Жабыққан, сәттерде шаршаған Шарлағым келеді көкті. Алтын тор аз ба?- деп, ал саған Ауырттың неге жүректі?! Мен соның жұмбағын таба алмай, Қалай?- деп, сұраймын, осың?! Жоғалып, табылған адамдай Күлемін, жылаймын, сосын... Түнеріп тұрғанмен өтірік Жап-жарық жалғанның іші. Саф алтын торыңда отырып, Сайрай бер, арманның құсы..!
ҚАРҒА ТАМЫРЛЫ ҚАЗАҚПЫЗ
Қарғаның жарық дүниесі-ай, Айналасы түгел аппақ қар. Алақұстың айтқан әңгімесі-ай, Тақылдап тұрған тақпақтар. Тақпақты қойшы, қарғаны айтам да Қарға тамырлы қазақ-ау! Әлде бір құстай зарламай таңға, «Қарқ» еткен үні ғажап-ау. Қайғы-мұңдардан қарлыққан даусы, Қарсы айырылуға шақ қапты. Ей, бұлбұлдарым-ау, даурықпаңдаршы, Жаныма теліп шатпақты?!. Шатпақтан шаттық мақтанам дейді, Қап-қара қарға қарқ етіп, Баласын тағы «аппағым» дейді, Тас-түнегіңді тәрк етіп. Аппақ әлемді оған ...Алласы берген, Ал, ірімшікті (әлгі...) пендесі Жалына тақтың жармасып өлген, Көкесі, қарғаны жазғыра көрмеші! Қарға тамырлы қазақпыз ғой, Үмітімді үшке бөлмеші!..
АЯҚТАЛМАЙТЫН САҒЫНЫШ
Самал желімді сағындым Сарытоғайымды, Аттандырыңдаршы ауылға?! Көрейін көзбен туған жер, мәрт ағайынды басайын сүйіп бауырға. Сәби-күлкімді естиін сазды ауыл жақтан, Сағынғанымды айт, оған. Сыртынан ғана байқайын мәз болып жатқан. Балалығымды қайтадан. Тәу етіп тағы қайтайын тау етегіне, Мен сонда туған бөрі едім. Батамен байлап, шарт түйген тәуекеліме, Тәнті боп жүрсін өр елім... Ақ жарыл, арман адаспас бақ – жолым болып, Тұрғанда заман азынап. Туған жерімнің асқарлы ақ жонын көріп, Арқаланайын азырақ. Бабаларым бар мәрттіктің кепілі сынды Далаларым бар – өрлігім. Шыңда өскен шынар секілді, өкінішімді өлеңмен жеңдім, көр бүгін!
Сарытоғайымды – мәрт ағайынды сағындым! Таңғы жыр Қайырлы таң, ағайын жұрт, жұрағат! Аяғыңды жатсын шуақ, нұр орап. Жеті түнде жеті жұлдыз күзеткен, Жеті мүшең болсын тағы мүбәрәк. Жеті атамнан жеткен жеті қазынам, Аман болса, аласарман, қажыман. Кешегімді кеніш қылып, ертеңді Пейіш қылсын деп ауырып, жазылам. Қазыналы ел, қайран құдірет, қуатым, Асқақтатып, арманы мен мұратын. Жүрегіңнен жұлыныңа жол салып, Омыртқаңдай болсам дейді бір ақын. Түн тыныстап, күш жинайтын тылсымнан, Жүрегім де өтер әлі мың сыннан. Ал әзірге, бұ дүниенің ұмсынған, Уынан да кездерім жоқ қымсынған.
Қу кеңірдек, қу тіршілік жұмсаған, Қуанбасын, құрақ ұшып құл санам! Бір Алладан басқа ешкімге бағынбас, Жүрегім ақ періштем, кірші аман. Жұпары мен нұр әкеліп ғайыптан, Ғасыл жанның ғаламатын байытқан. Құдіретке құдірет боп қосылар, Ғазиз жүрек табсам дейді лайықты ән. Таң оянып, ырысымен ыралап, Әр жүректі паналасын мүбәрәк. Айнымайтын ұлылыққа мың тәубә Бір Аллаға бұ шүкірлік, бұ мадақ. Тәу еткізер Тәңір шашқан несібем, Көк те жер де ...жан-тәніме бесік ең. Таңғы нұрдың таңғы жырдан несі артық, Таңғы жырдың таңғы нұрдан несі кем?! Құдай қойған драма Үштаған Бұ дүниенің сахнасында
Тиек Бұ дүниенің сахнасында, Құдай қойған драмадай күрделі. Тағдырым бар мүлде бөлек сүрлеуі. Кісендеулі жүрегіме қарамай Мен сүйемін өмір дейтін түрмені. Жоқ әлде бұл ордасы ма обалдың? Сауға сұрар сауап болып тоналдым. Қоңыр далам қолын маған созғанда Қара аспанның қан жұлдызы боп алдым. Жұлдыздың да уағы келер ағатын. Қара түннің көз жасы боп таматын. Сипатпаған сайтан менен періге Не болады жанға бітсе қанатым? Бірінші серпін Мен туған жер – екі ауылдың арасы. Тіршілігім – бар мен жоқтың таласы. Жасыта алмас дос,дұшпанның табасы, Құлшылығым – жалғыздықтың бағасы.
Жалғыздықтың бағасына жетем деп, Жұлдыздардың Ай-жүрегін мекендеп. Күндіз жандым Күн-жүректің оты боп, «Гүл болмасам, күл боп кетсем екен» деп Ғашық болып нұр таратқан мекенге, Махаббаттың шексіз құнын өтеуге. Өлім күткен өмір соңын көрем деп Туған жерді ту ғып ұстап кетерде; Ауылымның ар-ұятын табиғы, Аманаттап жақсы ағалар бар игі. Ақсақалдар күбірледі дұғасын Місе тұтпай мына жалған-фәниді. Ақ бата алып, бетті сипап, бел буып Желөкпе боп кетпейін деп жел қуып, Дауылдарға қарсы жүрдім қасқайып, Тебінгенде терлігімді тер жуып.
Ен жайлуға қона алар ма ел көшсе, Соңғы үміт бар, қиын болар енді өшсе... Кең дүние кері айналып барады, Ал мен болсам кетіп барам келмеске... Екінші серпін Арман қылған ойымдағы нән шаһар, Ақындықтың пейілінен болса тар; Бүлкілдеуі басылмайтын жүректі Бір күндері ол да өлтіріп, шаршатар. Ми-қазаннан ой мүжіген не түрлі. Біздің көңіл, әй жетпегір, жетім-ді. ...Ақиқаттың ақ жүзіне бұрғызбас Бірі-әділет, бірі-әбілет бетіңді. «...қадіріне жете алмаған... ей, қала, Кеңсай жақта ұлылар көп бейдауа.» Осыны айтсам еңк-еңк етіп жылайды «Қай бетімді шымшыйын...» деп Кейуана.
Бұ дүниенің сахнасы ғой баяғы, Ақырзаман боп бітетін аяғы. Адамдардың тілінде жүр бүгінде Абылайдың түсіндегі шаяны. О, дүние бар деп бірі жылатты... О,дүние жоқ деп бірі жұбатты... Дін мен ділді ділгір қылып тастады Жерге орнатам деп жүргендер жұмақты. Бұ дүниенің сахнасы ғой... түс сынды. Мүсіркейтін мүттәйімді, міскінді. Мық шегемен ойнап жүріп бір мықты Бір-ақ күнде быламыққа тіс сынды. Осыларды ойға түйіп отырып, Орта жолда қап кетердей опынып, Үштағанның үшбу хатын өртедім Көкірегімде жалын-мұңы тоқылып.
...Ой-қиялым қапаста қап қым-қуыт, Тағдырымды түлен түртті, жын буып. Сол кездері кірпіктерді күрке ғып, Жанарларда жылап жаттым булығып. Ызғарындай қараша мен хауыстың, Қайғы мұңның қаншы күнін тауыстым. Қанша өлімге аза тұттым, аһ ұрдым. Қанша өзім де сол ажалмен алыстым. Жылатқан қас, жұбатқан дос көп еді, Сірі жанның көп қой әлі көрері. Азу тісім сырқырайды көкке ұлып, Қисайған Ай қыр көрсетіп төнеді. Азан-қазан азалы үндер бір көш боп Арқа-жарқа күлкілер жүр мүлде ес жоқ. Өкініштер от жалмаған ауылдай Ал, арманға күдік біткен күндес боп.
Көрген жандай көр үстінің азабын, Өлген қандай тәрк етіп бар мазағын. «Бас орнына Күн көтерген бір адам» Жер бетінен таба алмай жүр қазағын. Үшінші серпін Бұ дүниенің сахнасынан сан актер, Рөлін таппай қиналады, қарап көр. Бәрі де оның мәйхананың мейманы Ей, шарапшы құтыңды әкел, шарап бер! Бұл пенделер фәнилік бар күнәсін, «Сәл масаңдау едім ғой» деп, жуатын. Ей, шарапшы құтыңды әкел, тезірек, Сосын, әлгі, насыбай бер, бір атым. Келсе дағы кең дүниені шайқағым, Айтарымды айтамын да қайтамын. Тек қайтқанша, мына жалған дүниенің Сабапсабап семіртейін сайтанын.
...Орның сенің бөлек еді Алтын-Тақ, Жағалаған жандарды айтам жалпылдап; Қарауға да уақыты жоқ бұтына, Қарғалар жүр қаз болам деп қарқылдап. Бір жүк артып, жем бермесең пітінә, Есек те жүр ер-тоқымын алтындап... ...Бұл драма түсте көрген түсімдей, Бәрі қалды, бал шарап та ішілмей. Келдім, көрдім. Енді дал боп жүрмін мен Қалай өлу керектігін түсінбей?!. Түйме Бұ дүниенің сахнасында Тапсырармын жанды тәтті, Қапсырармын мәңгі бақты... Сәл,сәл шыда, ақ періштем, Ал, әзірге, Антракт!.. Антракт Бірінші серпін Орман,тоғай, тау менен дала тынып, Қайнаған ел, қан-базар, қала-сұлық. Ұйқылы әлем ұйып бір түс көруде Өңінен оянғандай жаңа тұрып.
Жан тыныстап нықтаған тән қазығын, Ұйқыға артып жанарлар бар жазығын. Бір періште зыр қағып бір ібіліс Таласып жүр дайындап таң мәзірін. Бірі азан көтеріп, бірі қазан.., өлі-сараң болсын деп, тірі-мазаң. ...Өлісінің көретін күні жаман... Тірісінің қайтсін-ай, тілі жаман... Шаршатуға жаныңды ми талмайды. Жүрек байғұс күмілжіп күй талғайды. Жаныңды жаһаннамға жібергенше, Арашалап тәніңді ұйқы алдайды. Ұйқыдан соң, ұйқы бар ұзақ сонар... Сол тылсым ғой, бір күні біз аттанар. Көргені мен білгені, істегені әр пенденің алдында сұрақ болар. (Түбінде түсер сөйтіп тұзаққа олар...) Екінші серпін
Босатқанмен арманды темір құрсау... Жолы бар ма бірақ та өмірдің сау?.. Азатпын! деп аттандап айғайламай, Аз-ақпын! деп ойланған жөн, дұрыс-ау. Өзен тоқтап, тыншыған көл беті де, Бөлінгелі тұр аспан енді екіге... Жо-жоқ менің жасасын мәңгілігім, Тек тыныштық тілеген жер бетіне. Үзілмесін Үмітім кесілмесін, Ессіз күдік еліріп, есірмесін. Ғасырлардан жалғасып келе жатқан Жадымдасың жалғыз Үн есімдесің. Солқылдаған сол Үнді, қоңыр майда... әнге қосып айтатын көңіл қайда? Домбыра мен Қобызға қосқанымен Көндіре алмай келеді көбі ыңғайға...
Көргем талай әуейі, әуесті мен, Жақын түгіл дақпыртын жау естіген. Мәңгі бақты тақпенен шатастырып, Дала жылап бір кезде тау өксіген. Сұпсуық боп барады сұрқым мүлде, Дүние енді береді сыртын кімге? Қабағынан қар кетпес Хан-Тәңірді Енді қайтып Жасаған, сілкіндірме! Үшінші серпін Тұмсығымен түрткілеп Күн ұясын, Сен де ұйықтап бара жатып жымиясың. Түсіне алмай жыларсың, бәлкім, Һақтың Осынау, «Жалған!» дейтін дүниясын. Жеті қат көктен саулап аққан жұлдыз, Жарығыңды өшірмей сақтар – бізбіз. Ал, біздің рухымызды сөндірмейтін Жеті қат жер астында жатқан жұлдыз. Түйме
Уақыт болды-ау тағы да таңға асығар, Не бар екен дүниеде жанға сыңар? Аяқталып барады антракт, өкінішті өмір-ай, жалғасы бар!.. О дүниенің сахнасында Бірінші серпін О дүниенің сахнасының Шымылдығы ашылғанда-ақ, «Аллалап!» Төрден төмен бір бас түсті домалап. ...Кеудесі жоқ бастың соры түк емес, Ал, басы жоқ кеуделерге обал-ақ... Маңдайлар жүр маған соны жазды деп Таңдайлар бар арман айтар азды-көп, Қу жандар-ай, құзырында Құдайдың, О,құлдар-ай, құлағы бар аузы жоқ. Жазған пенде жазмышынан озған ба, Көр азабы көз аштырар көп жанға. Ақиқатты айту қандай қиын ед ...көрермені жоқ залда!
Сатылған қол,.. кесілген бас... қалған жұрт. Атылған оқ,.. Аһ ұрған боп ...зарландық. Аза бойым қаза болған қайран күн, Сені қалай еске алармын арман ғып?!. Сені қалай ойыма енді оралтам, Ойға оралтсам өзімді өзім жоғалтам. Шыр-шыр етіп талып түскен шындықты Көрген кезде шымырлайды жон арқаң. Жүрегінің қадалғандай түбіне оқ, Бір Баһадүр ымдап жатыр тілі жоқ. Бір арыстан ыңыранады, қайтеді, Айбатына міне алмаса тірі боп. (О дүниенің сахнасы ғой...) Қыжыл – бұл. Түс көргізбей түн ұйқымды бұзып жүр, Бір кездері қаңтар күткен қанымнан Қар үстіне қаулап шыққан «Қызыл гүл...»
Ал, қазіргі шер-наламның гүлін көр, Желмен бірге мұңын айтып уілдер... Жалын шарпып жалқынданған жанымнан Табылыңдаршы, ей, мүміндер?!. Екінші серпін Жаралы жүрекке жасын от жақтым, Бұрынғыңнан бұлдыр-бұлдыр елес көрінді. Сол елестің көзінің жасы боп та ақтым, Жалған түбі тесік тегеш көрінді. Түн көзінің жұлдызын жақтым, Сұғынан сұп-суық өңеш көрінді. ...жүрек тұсыңнан табылмай қалып, Сол өңешке мен талай жұтылып кеткем. Сірі жұртымның жанына айналып, Сытылып, құтылып кеткем... Содан соң өлместің емін іздегем,.. Шыбындай жанды бөктерген «қарақұрт» екен, Желмая мініп Жерұйық жерін іздегем, Сөйтсем, ол көшіп жүретін қазақ ұлты екен.
Өзіммен ғана ғой жұмақ-мекенім, Дала төсінде сарғайып көшкен алтындай. Жарқ етіп жоқ боп, бір күні жырақ кетермін, Өзі үшін емес, ел үшін өскен мәрт ұлдай. Буына ғана мас қылар бұл жалғаныңда Тұлпар-көңіл де тұралап қалар. Бұрынғы өткен күндерің бұлданғанында, Тұла бойың – сыла боп қалар. Шірене сермеп самғасам, шіркін, қанатым, Сусыл қағатын уақыттай заулап. Аспан мен жердің аралап тылсым қабатын, Кетемін жақұттай жайнап. Түйінсіз жіптей сырғимын, зулаймын тағы Уақыттың көшімен еріп. Жалт етіп барып, зау көктен құлаймын тағы, Мен сенің төсіңе келіп, Қазағым! Соңғы серпін
Ұмай-ана көкірегін иіткен, текті ұрпақпын, тек, сойлеген биіктен. Азу тісім асылдан, ал, жүрегім жасыннан, ашынғанда мәңгі рух боп тасынғам. ...Енді мені өлтіріп көр, күйіктен! Тағдырым бар екі өмірді тең көрген. Тарихымнан тау-құдірет тербелген. Бабалардың Қабылан, сүттей аппақ қанынан, қандай қызыл арынан, жаратылып ...МЕН келгем! О, МЕН ол кезде – найзағай бұтағындағы жасын ем, шағырмақ бұлттың шамырқанысын аңдыған. Жеті қат көктің көбесін сөккен қас ұл ем,
пенделік кесіп өте алмайтұғын алдынан. Жүрегімдегі Аллаға ғана ғашық ем, Алты Алаш үшін сол жүрегімді ашып ем... өзегін еш өрт шалмаған асыл ем, Қараша үшін хан басынан да қарғыған. Енді, міне, есесі кеткен ғасылмын, қан түкіріп қын түбінде қалғыған.
Айға қарап ұлығанда азуым, Ар-намысым айбатымды асырған. Сызылғанда маңдайдағы жазуым, Арман үшін бір Тәңірге бас ұрғам. Жұлынғанда асау намыс – қазығым, Бақ тайғанын айтқым келмей басымнан, Ғарасат , ғапыл – ғасырдан, әз басымды жер түбіне жасырғам... Одан басқа жазығы жоқ, О дүниеде қазығы жоқ жанымды, тағы кімдер жазалар деп сақсынам. Сүйегімде сырқыраған зар-үнді алмастырып алғанынша шаттық ән, Адастырып кетпесе екен «Көк тұман» деп күрсінем. Әйтпесе, кім ішпеді дейсің менің қанымды, ал, менің қаным әлі тәтті қан!... Ақын ажалы... Мұң-толғақ
Ол-Ақын. Күл-қоқыс, күресіннің арасына аппақ жүрегін абайсызда құлатып алып, аласұра іздеп жүрген - Арлы Ақын. Жүрегін іздегелі көп болған жоқ. Бірақ, ұлы әскерден келіп, қызы ұзатылатындай уақыт өтіпті. Жүрегін тауып алған күнде де, қанша жыл қоқыстың арасында жатсын, кіршіксіз,таза, мөлдір күйінде көретініне Ол өлердей сенеді. Себебі, Ол - сондай ақын. Тағдыр-тақсыр, келдің бе? «Ақын - жынды» дедің бе? «Басын бұлды» дедің бе? «...Жасын мұңлы» дедің бе? Тәтті өмірге келіп еді Ол - ащы үнмен. Келіп еді Ол - бір алапат тасқынмен. Сөз-патшасы жүрегінде жаңғырып, Тайталасты Тағдыр дейтін тақсырмен.
Тайталасты тағдырымен таласты, Таласудың басы, соңы – бәрі ащы. Жарасудың жөнін таппай жабығып, Жазған жыры жан жарасын тағы ашты. Жыр жазбаса кететіндей жынданып, Біртүрлі ғой, Ақын дейтін, бұл – халық. Жазған жырын жел тыңдаса мұңданып, Ел тыңдаса қалатұғын бұлданып. Тыңда, ақынды, көпірі жоқ Көл-Ана, Тыңда, ақынды, нөпірі көп Жер-Ана, Тыңда, ақынды, тіреуі жоқ көк Аспан, Тыңда, ақынды,Аспантаулар көкала! Өзегіңе шоқ боп түсіп, маздаған Алау жырдан аунап түсіп, домала! Домаланған мынау ғапыл дүниеде Өз мұңыңды тыңдамауға бола ма?
Жан иесі келмей тұрып жалғанға, Көктен саулап жұлдыз-жырлар жауғанда. Өлі әлемге өлең арнап отырып, Жылап-жылап алған шығар Аллам да!.. Жылап-жылап алған шығар, жас төгіп, ...Бір бір тағдыр болған шығар, тас та еріп... Содан, бәлкім, қалған шығар, мәңгілік Адам ата - Һауа ананы дос көріп. Кім түсінер жан беріскен достықты, Досын кімдер, кімдер досты өксітті? Тағдырына тайқы болған талайлар, Қос ауылдың арасына қос тікті... Болмайды ғой пенделердің дегені, Келсе дағы ақыл, ойдың кемелі. Кейігенде кейде суық өмірге, Жылы жаққа құс боп ұшқым келеді.
Қиялымның қия жолын бетке алып, Кейде қалқып бара жатам көкте ағып. Сол кезде анау жылатады жұлдыздар, Маңдайымнан шертпесе де шет қағып. ...Арманымның киік қашып қырында, Сағым құшып қалып едім бұрын да. Арзу айтпай аттан түсіп, ал енді, Қыранымды қондырайын тұғырға. Ол ішіп жүр.., кім бар дейсің, соры аппақ? Ішсін, мейлі, күні-түні сораптап. Жүрген шығар тандырланып тағдыры, Күйген шығар қарығанда шөл, аптап? Мына өмірдің мың бұралаң соқпағы Кімді апарып тау мен тасқа соқпады. Кеше ғана кеміс туған кещелік Ақындардың өлең-жырын соттады...
Ал, ақындар, өлмесе де дем үзді, Болашаққа айтамыз деп немізді. Әлгі әккілер атқа құлын емізіп, Жан,жүректің жатқа мұңын жегізді. Кімге айтамын сол наза мен сол назды, Нар-намысым шөге-шөге, ...ол да азды. Шам орнатам деп жүргендер ор қазып, Бақ орнатам деп жүргендер сор қазды. Сор да сондай содыр болар деп пе едім, Көген көздің көз жасындай кеппедім. Кеше,бүгін, ертең тағы жыласам, Кешір мені,кесірлі емес, кекті едім. Ойымда жоқ үмітімнен қол үзбек, Домбыраға қосылғандай қобыз кеп; Кең далада күңіренемін, көшемін Ғасырлардан ғасырларға жол іздеп.
Жолдар, жолдар таспа тілсін жонымнан Бар дүние жасай берем жоғыңнан; Соқыр тұман тұрса дағы оңымнан, Соқыр күмән туса дағы солымнан. Тарпаңымның тартсам да айыл, тартпасын, Тағдыр маған бос күлкісін артпасын. Арманыма тіресем де ат басын, Қайғы, мұңның қағып тұрам қақпасын. Жан бейбақты жалықтырып жалған-боқ. Ынтықтырды, зарықтырды заңғар көк. Жұмыр жердей жүрегіме жүк артып, Адассам да алған беттен танғам жоқ Отқа түстім, еш күдіксіз, күмәнсіз Ақыр түбі қарсы алатын Аллам деп. О, Қасірет! Сол дәруіш - шерменде, «Сыймадым» деп, мына доғал-шеңберге. Өзін өзі өртеп тастап өлеңмен Жан таппай жүр жерлеуге...
Сіңір-саусақ сірі-жанның - бар-жоғы... Асау тағдыр ажырғыға салды оны. Домалатып жоқ іздеген сол жанды Тентіретті тірлігінің тар жолы. Тарыққанға тіл-ащы да ар-тәтті, Жабыққанға болар ма екен жан тәтті? Адасқанның артындағы мың соқпақ, Тарамыстан таспа тіліп тарқатты... Жар таңдаудан жолың егер болмаса, Жар жағалап жалғыз бағың қонбаса. Тірлігіңнің көші жолда оңбаса, Тәтті өмірден дәметпегін онда аса! Жәутеңкөздің жан жарасын кім көрер, Жетім көңіл түңілер де түрленер. Құдай болып кетпеген соң жалғыздың Маңайына түлен түртіп, жын келер.
Бір ішкіш дос, дерт шығарды ішімнен, Е, мен оны айтпаса да түсінгем. Қайыршының алдында да кішіргем, Күндіз ойдан, түнде шықпай түсімнен. Ақиқатты ащы шайнап жұтқанмен Онсыз да тұл - тірлігімді құптар ма ең. Құламаған намысыма жыладым, Өзімді өзім орға апарып жыққанмен. Сонда дағы ой болмады жасымақ. Жанарымның жасын нұры шашырап. Азабымды арқаладым, аш жүрдім Қойынымдағы бит,бүргемді асырап. Кінәм да жоқ, өкпем де жоқ қоғамға. Ойлы көзбен қарап жүр ғой обалға. Менің тәтті қанымды ішкен - бит, бүрге Жаным күйіп кетеді де соларға.
Бос шөлмек пен темір-терсек тергенім, Екі тілім нан болатын «ермегім». Күні-түні дамып жатқан елімде.., Ертелі-кеш еш боп кетті еңбегім. Үйсіз-күйсіз. Жалғыз жүрек - жұмағым. Күндіз де сол, түнде де сол - тұрағым. Мейірім мен көңілді аңсап, кей сәтте Жүрегімді зорықтырмай жыладым. «Бар байлықтан» мен осылай тоналдым. Өкпелейді дейсің енді оған кім? Өкіметке тимесін деп кесірім, ...Қайыр сұрап отыратын боп алдым. Кей кездері жарға ұрғанмен ой-ағын, Бергенге емес, көңілге де тоямын. Бақыр тиын түспей қалған күндері Адамдарша намыстанып қоямын.
Айырылып шын ниетті көп ойдан, Тағдырымның болған кезде жолы ойран. Өлімші ғып, өлтірмеген мені әлі, ...Апам берген қара нан мен көк айран. «Адал бол!» деп, айтушы еді жарықтық, «Шүкір...» десе, біз де ниет таныттық. Нән табаққа нан салмайтын тағдырға Қалай көну керектігін жаңа ұқтық.. ...Кейде, қуат, күш байланып, ...Кейде, ашумен тіс қайралып, Қайыры жоқ қайран күндер Кетсе деуші ең түске айналып. Айыбы жоқ арман күндер Көшсе деуші ең, құсқа айналып... Өзің неге кете алмадың Қанатыңды құстай қағып?..
Бір-ақ күнде бақ та жайнар, сор қайнар. Бір-ақ күнде жөнсіз сөзің, жол байлар. Дән теріп жүр жапасынан сыйырдың, Біздер, әлгі.., бұлбұл дейтін, торғайлар... Қатар сүйіп, аялар деп, көк пен жер, Пенделер-ай, тым асқақтап кетпеңдер. Адал ғой деп аялайтын біз, әлгі.., Күресінде күркілдеп жүр кептерлер... Көшке ілесіп шаппасаң да желе біл, Көңіл көркі бола алмаған, не өмір? Көл шарасын шайқап, төккен шағала Қора артында қоразданып неге жүр? Ұшса, қонса бірге қанат қағатын, Махаббаттан-нұрдан ләззат табатын. Айдынында Ай мүсінді аққу құс Ол да мұңға малып отыр қанатын
Құс патшасы киелі еді, тұмарлы Шыңнан биік шырқайтұғын шынарлы. Бір миғұла ит жеместі жегізіп, Торға қамап ұстап отыр қыранды. Қолдан қолға ұшыратын сеңсең бел, Айыр құйрық құсым да жоқ, сенсеңдер. Бұл күндері кемпір, шал да кеміді «Қарлығашым, келдің бе?..» деп кемсеңдер. Адамдардың ішін кеулеп аласы, Дүниенің ардан артып бағасы, Жүректерден жылу кеткен заманда, Құс болу да қиын боп тұр, шамасы... Сен - шынар ағаш басы едің. Мен - тобылғының көзі едім. Бір кезде тіпті жас едің, Мен ол кезде, бәлкім, жоқ едім. Мұңсыз бақытты күндерді Кіммен бөлісемін, дедің бе? Сосын, тағдырың тамшы мұң берді Жалғыз неге ішемін дедің бе?
Жауған қар сынды жаныңды Уақыт ерітеді ғой дедің бе? Мен айнымайтұғын кәдімгі, Айналғым келген сенімге. Қанша сүйсең де өмірді, Сездің бе, көңіл түрмесін. Түгі қалмағандай көрінді. Түбі өлетінімді білгесін. Көрікті қылатын көңілді, Үміт деуші едім, тегінде. Алғаш, шын түсінгенде өмірді. Көңілсіз болғаным бар менің де. Түсін, мейлі,түсінбе шын өмірді Үзіп кете алмайсың шідеріңді. Шікәмшіл - дүние кімнің шікірәсі Шіркін-ай, білмесең ғой шіренуді. Бірібір, себеп көп-ті бұл өмірде, Себепсіз жүре алмайсың біреуің де. Бағың жүр.., жақсылардың жүрегінде, Сорың жүр.., жамандардың тілеуінде.
Бәрі бір, бақ па сор ма қай-қайсысы Жалдап жүрген жаныңның айғайшысы. Күреңін мінгізсе де Күндей кісі, Ақбозын мінгізсе де Айдай кісі... Жетпейді Өгізіңе өзің мінген, Өзің мінген Өгізге сөзің жүрген. Қайтесің кісінікін кісінетіп, Өз ғұмырың... басқадан безін, мүлдем! Мені де дедектетті мына тағдыр, Жылатып, өзімді өзім жұбатам құр. Сұратып менде жоқты, желеу етіп, Жетім өкпе көңілімді құлатар бір... Білмеймін, не десе де мына жазған, (Қашанда білем, білем,шыдам озған) Мен қалай шат күлкіні өшіре алам, Десе де, ...ұрланып кеп ұра қазған.
Білмеймін, не боп кетті мына жолым? Мына жол көрсетпей тұр құба жонын. Өтпейді-ау, өкініштің өтпелеңі, Жетпейді-ау, шын бақытқа сірә, қолым!.. Сонда да бұл - сиқырдың сыры мұң ғой, Сол мұңға батқан менің шырылым ғой. Бірақ, мен бақытсызбын дей алмаймын Өйткені, Ол - менің ғана ғұмырым ғой..! Жабағы жүні жалбырап, Жанары мұңлы бір бейбақ. Күледі маған қан жылап, Жылайды тағы кімді ойлап...? Кімді ойлап,мейлі, жыласын Басында қалып жар, құздың. Тағдырына артқан күнәсән, Жазығы қанша жалғыздың..? Жабағы жүні жалбырап, Жанары мұңлы бір арман. Кетейін десе қарғылап, Қамкөңіл жаны жыларман.
Аяғында ескі бәтеңке, Бауы жоқ, сырма, түгі жоқ. Қолында жарты-бөтелке Ойнайды көздің жыны боп. «Молдаван қызын сүйіп ем, Ол мені тастап кетті...» деп, Жанының үнсіз күйімен, Билейді жерді тепкілеп. Билейді дағы жылайды. Болжаулы өмір жоқ алда. Қайырға көңіл сұрайды. Қайырымсыз мына қоғамда. Жек көріп тұрып, жұбаттым Болмаған жанды жолы ұдай. ...Сен оны неге жылаттың, Өмір-ай, өмір, өмір-ай?.. Жалғанның кемесін, Жалдап ап келесің. Қай маңда қайраңдап, Қай жерде өлесің... Дауылды дүрмегін, Жауынды күндерін. Жаныңа жалау ғып, Жалпылдап жүргенің. Мәңгілік көгіңнің, Сан күдік жеріңнің. Салмағын өлшейтін Өзі ғой өмірдің.
Арқалап ар жүгін Тартатын барлығын, Таразы емес пе, Тарамыс-тағдырың.
Жығылса бақ туың, Жыласа аққуың. Арыңды кірлетер Алаңсыз шаттығың.
Жан едім ақ көңіл. ...Не деген тас-темір тілімді тістетті-ау, Жанымнан тәтті өмір.
Осынау, ақ мекен, Сор ма екен, бақ па екен. Адасқақ арманым, Қай жолға тартты екен.
Сол жолға сап кеткен, өмірді тәтті еткен. Сұп-сұлу сұм ажал, Ең соңғы хат па екен? Сұп-сулу сұм ажал Ең соңғы бақ па екен? PS. Жанталас мына тірлікте жан мен тән солай қайралар. Жұмақ па, әлде, тозақ па алдымызда бір жай болар. Жақсы да озар дүниеден, жаман да озар дүниеден Бәрінің жалғыз артында жартыкештеніп Ай қалар...
- *
Түсімде, Күллі күрсіністердің ішінде, Құснихат жазып құлазып отыр екенмін. Құсаға күпті пішінде. Түсімде, Тілім қыршылып тісімде, Түлен түрткі боп түркіден қалған түгелім, өртеніп жатыр ішімде. Түсімде, Мейлі, сен түсін, түсінбе, Тас-құдайларға табынып мына пенделер Айналып жатыр мүсінге. Түсімде, Тас-қалалардың ішінде, Бір уыс топырақ таба алмай жүрмін сандалып, Ауа да су да у да жоқ ұрттап ішуге. Түсімде, Санамның әмірі жүрмейтін әлем ішінде, Зар-мұңымды айтып, зау көкке самғап кетіппін Тәңірім, жерге түсірме!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру