TELEGEI

Home

Дүрия дүние

Сəбит Бексейіт

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Дүрия дүние

Дарынды əрі жаңашыл ақын Сəбит Бексейіттің «Дүрия дүние» жыр кітабына соңғы кезде жазған өлеңдері мен толғау-дастандары топтастырылды. Космологтар бүкіл ғаламды ұстап тұрған тылсымды тінді «қара материя» десе, ақын оны поэтикалық тілмен «дүрия дүние» дейді. Түрі мен мазмұны астасқан ол жырлардан уақыт пен кеңістік, күнді айналу мен күлге айналудың арасындағы лапылдаған өмір, күйіп-жанған ғалам, сырлы сұлулық пен асыл

УДК 821.512.122

ББК 84 Каз 7-5

Б 39

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

МƏДЕНИЕТ ЖƏНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ

АҚПАРАТ ЖƏНЕ МҰРАҒАТ КОМИТЕТІ «ƏДЕБИЕТТІҢ

ƏЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗДЫ ТҮРЛЕРІН БАСЫП ШЫҒАРУ»

БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ

БЕКСЕЙІТ Сəбит. ДҮРИЯ ДҮНИЕ. Жыр кітабы

– Астана: «Астана-полиграфия» АҚ баспаханасы,

2012 – 480 бет.

ІSBN 978-601-254-238-7

Дарынды əрі жаңашыл ақын Сəбит Бексейіттің «Дүрия
дүние» жыр кітабына соңғы кезде жазған өлеңдері мен толғау-
дастандары топтастырылды.
Космологтар бүкіл ғаламды ұстап тұрған тылсымды тін-

ді «қара материя» десе, ақын оны поэтикалық тілмен «дүрия
дүние» дейді. Түрі мен мазмұны астасқан ол жырлардан уақыт
пен кеңістік, күнді айналу мен күлге айналудың арасындағы
лапылдаған өмір, күйіп-жанған ғалам, сырлы сұлулық пен

асыл шындыққа іңкəрлік, адамзат арманы туралы сыр шертетін
интеллектуалды поэзиямен сусындай аласыздар.
«Дүрия дүние» – ақынның ізденіске толы сан қырлы
шығармашылығын қамтитын жыр жинағы.

УДК 821.512.122

ББК 84 Қаз 7-5
ІSBN 978-601-254-238-7 © БЕКСЕЙІТ СƏБИТ, 2012

Б 39

Дүрия дүние

Армысың, Дүние дүрия!
Шуаққа бөлеп, нұр құя,
Жадыратасың жанымды,
Шақырып алдан бір қия...

Тірлікті кештім гүл жия,
Сәлемді бердім жымия.
Іздедім ізгі жандарды,
Пендеден безіп сұрқия.

Өзгеден артық бір күлкім,
Армансыз нұрды сімірдім.
Тым жақын, әттең, арасы
Ақ таң мен қызыл іңірдің.

Құлпырып дүрия матадай,
Қызылды-жасыл бар маңай.
Шетсіз де шексіз ғаламды
Танымақ болған арман-ай?!..

Ұстыны – қара материя,
Періште ұя, пері ұя.
Зерін сап Ақ зер әлемнің,
Кеудеме алдым шер жия.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Бүгінде жүрмін мұң кеше,
Созылмақ бұл күй жыл неше?
Жалғыз қап жапа шегемін,

Болса да шәрде мың көше.
Бармысың, Дүние дүрия!
Жоғалғым келмес зым-зия,
Жыр төгіп жүрмін жүректен,

Жүргем жоқ бойға шыр жия.
Бір тыным бермей жаныма,
Жалғанға айттым базына.
Әр жырым ақтық сөзімдей,

Жан сырым сыйған назыма.
Күн куә көкте, Ай куә:
Көк сия қалып жайына,
Қаламды малып жаздым мен,

Жүректің ыстық қанына...
Қабыл ал, Дүние дүрия!

Гүл кешу

Көңілім – көктем, жаным – жаз,
жырым – наз менің, әнім – наз.
Қос ғасыр жырлап келгенім:
аққу-қыз және гәкку-саз.

Дүрия дүние

СОНАРНАМА

Өткенге өкінбе, қайтып келмейді.
Ал алда не болатынын тек Алла біледі.
Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.с.)
Шықтым мен жолға тың ізбен,

Соқпақты соны құм түзген.
Адаспай түнде жүремін,
Бағдарлап жолды жұлдызбен.
Сонармен жолға шықтым мен,

Сүрлеуді соны шық түзген.
Кездесіп жолда сан бөгет,
Күрестім қатер мықтыңмен.
Сапардың басы – мейрам деп,

Дөңгелеп билеп айгөлек,
Кіршіксіз болды көңілім,
Болса да кіршең ақ көйлек.
Болсам да кейде ерке тым,

Ісім жоқ көрмес ел бетін.
Қиянат қылса біреулер,
Мейірім болды медетім.
Сайран деп сапар ортасы,

Баурады думан ордасы.
Жаманның болдым қас жауы,
Жақсының болдым жолдасы.
Төгілмей арым, ұятым,

Бұйырған бойға сыятын.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Арандап қала жаздасам,
Сабырым – сардар тыятын.
Сапардың соңы – ойран ба,

Қайраңдар кеме қайраң ба?!
Сайран да қалды жайына,
Жайына қалды тайраң да.
Қалған жоқ кеміп айбатым,

Тойтарам дұшпан ғайбатын.
Қаламым қолдан түскен жоқ,
Қайраңда қуат – қайратым!
Арманға сапар – сонарым,

Айдынды көлім, шалқарым.
Тұлпар боп жүйткір жазығым,
Қыран боп самғар заңғарым.
Өткенге, жаным, өкінбе,

Салауат еткей бекін де.
Қанағат қылып бүгінге,
Аманат қалдыр ертеңге.
Мейірім – медет мейрамда,

Сабырым – сардар сайранда,
Қайратым – қуат қайраңда.
Жайраңда, жаным, жайраңда!
Ақынның асыл арманы –

Бақыттың қонар заманы.
Сағдидай ұзақ жол жүрген,
Бастайын Сонарнаманы…

Дүрия дүние

АНАҒА ТАҒЗЫМ

Мол шуағын төгеді Күн анадай,
Мейір-нұрға қуанамыз баладай.
Көктем басы – Аналардың мейрамы,
Күлімдеген елдің көңілі даладай.

Ана десе теңселеді шың-құздар,
Ана десе тербеледі жұлдыздар.
Адамзаттың ардақ тұтар асылы –
Абзал ана, ару әйел, гүл-қыздар.

’’Жан анам!’’ деп тағзым етер сан адам,
Сол сөз қалған ақын, батыр, данадан.
Махаббат та, парасат та, қуат та
Бастау алған құдіретті Анадан!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

БЕЙБІТ КҮН МЕН БҮЛДІРШІН

Балаларға берейікші Жер шарын!
Назым Хикмет.
Жаз-әже жайып гүл-кілем,
Күн-ата күнде күлдірсін.

Тәтті ұйқы, күміс күлкімен
Жайраңдап өссін бүлдіршін.
Бал дәурен шақта – мың қызық,
Болмауға тиіс нала-мұң.

Шаттанып елдің ұл-қызы,
Жаңғыртсын тау мен даланы.
Тыңдаңдар, үлкен, ересек,
Тыңдаңдар, ата-аналар.

Сөйлейді бүгін келешек,
Сөйлейді бүгін балалар.

– Мәңгіге әр сәт ұласқан,

Орын жоқ соғыс, бүлікке.
Болған соң ортақ Күн, Аспан,
Һәм ортақ Бейбітшілік те.
Қылышты салып қынына,

Дамылда сен де, сақшы аға.
Айналсын бір күн жылына

ЖЕР ШАРЫ –

БАЛА БАҚШАҒА!

Дүрия дүние

НАРКЕСКЕН

Пабло Нерудаға
Өмір үшін өтті күнің күреспен,
Наркескендей ақын едің жыр ескен.
Қалғымадың қынабыңда жатып сен,

Кезеп оны жауларыңа тірескен!
Жаулар сені солдырмаққа асықты,
Жұлып гүлді көрсетті олар пасықтық.
Жалын болып қара түнді тілгілеп,

Барлығын да сенің, пысың басып тұр.
Куә болар арайлы таң, бұла түн,
Өлмейді екен мәңгі бақи ұлы ақын.
Өйткені ол семсер емес сынатын,

Өйткені ол гүл емес қой жұлатын!
06.04.74 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖАНАРЫМА ҚАРАШЫ

Жанарымда бір сен және кең әлем,
Қос жаһанды сыйғызамын мен әрең.
Алатау мен Алматыға сүйсініп,
Ұлылық пен сұлулыққа кенелем.

Жанарыма қарашы,
Не нәрсеге толып кеткен шарасы?!
Көріппін де бетіңдегі меңіңді,
Көрмеппін мен

Жер бетінің жарасын…
Енді білдім
Жұмақ – Тозақ арасын,
Ұқтым және

ғашықтардың наласын.
Сырымды ұғып,
Нұрымды алғың келсе егер,
Жанарыма қарашы!

Жүрегімде бір сен және кең әлем,
Қос жаһанның шуағына бөленем.
Ақындар мен Аруларға сүйсініп,
Асып-тасып төгіледі кенерем.

Жүрегімді тыңдашы,
Кеткен бе осы көкейімді зіл басып?!
Сезіппін де сыңғырлаған күлкіңді,
Сезбеппін мен

Ел сүйетін мұңды асыл…

Дүрия дүние
Енді білдім,
Күрестердің тынбасын,
Ұқтым және

шын ниетпен кім ғашық.
Жанымды ұғып,
Әнімді айтқың келсе егер,
Жүрегімді тыңдашы!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТЫНЫШТЫҚ

Мол шуағын төгіп тұрса Күн ыстық,
Бәрі де ыстық:
Қызға берген гүл ыстық,
Сарғайтса да

Сағындырған үн ыстық,
Тәтті ұйқыға
Кенелдірген түн ыстық,
Шаттық түгіл,

Егілдірген мұң ыстық.
Мың ыстықтың жалғасатын осылай,
Бір-ақ аты – Тыныштық.
Тымық кеште екі ғашық ұғысты,

Оның аты – Тыныштық.
Кемпір-шалдар қауқылдасып күлісті,
Оның аты – Тыныштық.
Екі көрші құда болып туысты,

Оның аты – Тыныштық.
Тоқтатыпты жау әскері ұрысты,
Оның аты – Тыныштық.
Керіскенмен қол алысып келіссем,

Оның аты – Тыныштық.
Қуанышты достарыммен бөліссем,
Оның аты – Тыныштық.
Жекжатыммен көп жыл өтіп көріссем,

Оның аты – Тыныштық.
Төрт түлігім шәйләп қайтса өрістен,
Оның аты – Тыныштық.
Мен іңкәр боп сүйген сол бір аққұба

Қыздың да аты – Тыныштық…

Дүрия дүние

БІР ТҮҢІЛ

Үш жүз және алпыс алты күн-түнің
Вахтасындай күрсініс пен күлкінің.
Тірлік болса соның көбі уәйімсіз,
Өміріңнен адам болып бір түңіл.

Түңіл, ақын, тумаса егер жыр дүрі,
Естілмесе жүрегіңнің дүрсілі.
Түңіл, диқан, тамшылардан дән күткен,
Үнсіз кетсе нажағайдың күркірі.

Сен де, атбегі, қалып қойса дүлдүлің,
Сен де, бағбан, сайрамаса бұлбұлың.
Түңіл, сұлу, тайса пірің сертінен,
Түңіл, жігіт, күлмей кетсе нұр күнің.

Түңіл, достым, кешсең тірлік бейбаян,
Шалыс басып, оңалмаса кей қадам.
Түңіл де, үңіл жүріп өткен жолыңа,
Бармақ тістеп жүрмеу үшін қайтадан!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТЫНЫШТЫҚ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Көрінбейтін қабырғасың, тыныштық,
Үнсіз ғана біздер дәйім ұғыстық.
Жүз күлдірер қуаныштан қытықшыл,
Тұнжыратып бір күрсінтер мұң ыстық.

Жаңғырығы сырларымның жасырын,
Сенсің, сенсің, тыныштығым – асылым.
Естілмейтін жаңғырыққа құлақ түр,
Тыныштыққа құштар шулы ғасырым!

Дүрия дүние

КӨГІЛДІР КӨКТЕМ

Келдің бе, көктем көгілдір,
нұрыңды көктен төгілдір!
Көркіңмен арбап көңілді,
өрім-жыр болып өріл бір.

Көрген де бар-ау, көрмеген,
көктем-ай, неткен көркем ең?!
Үт болып енші үйіме,
құт болып келші өлкеме.

Көрем деп сені келгенде,
көлбеңде, көктем, көлбеңде!
Көбелек ұшқан белден де,
көгілдір жүзген көлден де.

Өткелсің, көктем, біз өткен,
өзің боп мені қыз өпкен.
Мөлдіреп кеше қарап ең,
қарайсың бүгін ізетпен.

Пендеге, шіркін, бір дәурен,
гүлдәурен сенсің, жырдәурен!
Кетсең де менен қанша алыс,
соншалық жақын жүр-ау де…

2-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖАСТЫҚ ШАҚ,

ТАНЫС БАҚ

Көктем кеп:

– Жүр, – деді…

Тал-терек бүрледі…
Еседі ән лебі,
еседі жыр лебі.
Ес, алтын күрегім,

алып ұш, жүрегім.
Серіше тыныстап,
сергіді түр-өңім.
Қол бұлғап жастық шақ,

тұр алда – таныс бақ.
Бар болғыр Қыз-көктем
барады алыстап…

Дүрия дүние

КӨҢІЛІМ – КӨКТЕМ,

ЖАНЫМ – ЖАЗ

Көңілім – көктем, жаным – жаз,
жырым – наз менің, әнім – наз.
Қос ғасыр жырлап келгенім:
аққу-қыз және гәкку-саз.

Ғаламның түріп түңлігін,
қарсы алып тұрмын мен бүгін
мың мәрте келген Наурызды,
мәрттігін біліп, кеңдігін.

Жігіттер шықты жылмиып,
қыздар тұр, міне, қылмиып.
Жарасып сәні, сымбаты,
беймәлім сыры – тұңғиық…

Болғанмын мен де жалын жас,
бықсығандарға жаным қас.
Қиялға қанат біткенде
болмаған қамал алынбас.

Көңілім – көктем, жаз – жаным,
жиырмамда шындап маздадым.
Отызда от боп лапылдап,
өртеніп кете жаздадым.

Жүзімнен жылы әр таймай,
келемін, шүкір, қартаймай.
Өйткені менің Анам бар,
жортамын сосын тарпаңдай…

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Ғасырлар мен мыңжылдықтар,
білетін ғажап шындық бар:
Жер жүзін қыздай жасартқан,

жасампаз айды Күн құптар.
Желкілдеп алтын айдары,
күлімдеп жүзі жайдары,
келіп тұр Наурыз шын достай,

шіркіннің көп-ау айтары…
Ай-жылдар, мейлі, зырласын,
қарсы жел, мейлі, тынбасын,
шау тартпай сен де келесің,

Наурызым – мәңгі Жыл басым.
Тұран мен Иран аңсаған,
сан белден асып, сан заман,
ұланы Күн-Падишаның –

хош келдің, Наурыз ханзадам!
Дүние шіркін боз жайнақ,
қарасаң, тоймас көз жайнап.
Нұр Наурыз салтанатына

ақындар айтқан сөз айғақ…
Алқызыл гүлдер солмасын,
Қыдыр кеп әр кез қолдасын.
Үкілі үміт жалғатып,

апарар алға Жол басым!

Дүрия дүние

НАУРЫЗНАМА

Жүр-жүрлейді кернейлетіп, сырнайлатып жыр даусы,
Жебеп жібер, демеп жібер hәйям, Хафиз, Фирдауси!
Күншығыстың күні туды мұнарланып бұлт басқан,
Кенеліп тұр, бөленіп тұр қуанышқа нұрлы аспан.

Дүниені аялаған Жаңа күннің нұрын көр,
Дүр сілкініп жасанады, гүл жайнайды жұмыр жер.
Мейрамын бұл сағыныштың, үзілмейтін үміттің,
Момын жұртым, күдер үзбей алпыс екі жыл күттің.

Шүкір, бүгін он екінші мәрте сені қарсы алып,
Шаттанамыз "Төрлет, Наурыз! Хош келдің!" – деп жар салып.
Кербез көктем, керім көктем – жақсылықтың нышаны,
Көтер, елім, еңсеңді бір жаңғырудан күш алып.

Жайсаң жазың – жанға шуақ, рақым, мейір анасы,
Жадырайды қунап, түлеп адамзаттың баласы.
Айтады елім ақ ниетін, арманы мен тілегін,
Ақиқат пен Әділетке ұсынады жүрегін.

Тыныштыққа, молшылыққа жеткіз, маусым киелі,
Тіршілікке, гүл өмірге жасашы өзің иелік!
Жас пен кәрі ұлыс күні құшақтасып көріскен,
Жаңа ағытқан қозылардай жамырасып өріскен.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
“Кірсін жерге бәле-жала, сақтай гөр, – деп, – терістен",
"Кел, таза бақ, кел, төрлет",– деп қарттар бата беріскен.
Жүр жосылып шал мен кемпір, бозбала мен бойжеткен,

Жұрт біткенді желіктірген, еліктірген той неткен !
Наурыз деген – жалын жастық , үр сұлулық көктемі,
Нұрлы өлкенің мөлдір суы, қызғалдақты бөктері.
Сәукелеңді саудыратып шық , келіншек, керіліп,

Сері жігіт "Бір келіншек" әнін айтсын сені іліп.
Жаңа піскен алмадай боп шыққайсың, қыз, албырап,
Жанарыңның жалынына бозбала тұр балбырап.
Сұлушаштың көзіндей боп жүр Арқаның аруы,

Сәмбі талдай солқылдаған бойында Күн дәруі.
Келешекке тартты Наурыз айдарынан жел есіп,
Күтеді алдан жарқын жылдар, жауhар жырлар белесі.
"Ақ жарылқап, күн туғандай" риза халқым бұл шаққа,

Ақ жарқын боп күлімдейді гүл толтырып құшаққа.
Жалқын нұрын, мол шуағын төге берсін күміс күн,
Жасай берсін жылдың басы –

ҰЛЫ КҮНІ ҰЛЫСТЫҢ!

Дүрия дүние

ӨЗІМ ТУРАЛЫ

Мен болмасам, жігіттің көркемі кім?
Әсемдіктің өсетін өркені кім?
Танытқанмен салқын жүз, кіді мінез,
Мен бір нәзік жібек жыр өрнегімін.

Сатқаным жоқ арымды тірлік үшін,
Жыр-қайраққа жаныдым тілдің ұшын.
Сыртым сұрша болса да, жүз көрсетер
Ішкі әлемім арқылы нұрлы кісі!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

СӘУЛЕЛІ СӘУІРДЕ

Сәуір..,
сәуле…
соқпақ жол – жырға тиек,
сәлемімді барамын қырға тиеп.

Қақсоқтада ісің жоқ, аман-есен
жүруің де жер басып – бір ғанибет!
Бес бересім жоқ менің, алты аласым,
тұз жаласын қызғанса бақ таласым:

алшаң басып жүремін жер үстінде
аман болса һәманда Алты Алашым!

Дүрия дүние

СИҚЫРЛЫ ЫРҒАҚТАР

Табиғат жыршысы –
Тютчевке таңғалдым.
Табиғат заңғар тым
және де шым терең

екенін аңғардым.
Өмірдің жыршысы –
Дантеге құнықтым.
Өмірдің тұнық тым

және де тым лайсаң
екенін шын ұқтым.
Махаббат жыршысы –
Хафизге сүйсіндім.

Махаббат күй сынды
және де күйікті
екенін түйсіндім.
Таңғалып, сүйсініп,

өскен соң жыр жаттап,
сиқырлы ырғақтар
кетпесін кеудеден,
кетпесін құлақтан…

Сəбит БЕКСЕЙІТ

БОЗҒАЛАМ МЕН БОЗБАЛА

Құйрық атып құлия,
Түлкідей қашқан жымия.
Қараңды үзіп барасың,
Бізден де, қайран дүния!

Шәңгерей.
Ойна да күл, бойжеткен, ойна да күл, бозбала,
Нұрлана гөр, ақша жүз, мөлдірей гөр, көз қара!
Мәңгілігің – қас қағым, қас қағымың – мәңгілік,

Боз ғалам да барады шыр айналып, қозғала…
Биле, ән айт, бойжеткен, биле, ән айт, бозбала!
Білімпаз да жасампаз перзенті боп туғасын,
Дүниенің дидарын жасартам деу ұлға сын.

Бозғалам мен бозбала – бірі кәрі, бірі жас,
Екеуара сырласу ертелі-кеш тынбасын.
Көзбен көріп Әлемнің сомдау қиын тұлғасын.
Жұмбағы мол, сыры мол неткен ғажап жылы ұя?!

Құдыретті күш жоқ деп жүрміз, дүние дүрия.
Әулие ана Мария жүкті бопты қыз қалпы, –
Бұл немене, айтшы, дос: физика, әлде химия?..
Джоконда ару суреттен жымияды құпия…

Дүрия дүние

СҰЛУЛЫҚ ПЕН СҰРҚАЙЛЫҚ

Қалаларды Шыңғыс хан боп құлатып,
аруларды Дон Жуан боп жылатып,
сұм сұрқайлық сұлулықты қашанда
тұрады екен құрту үшін ұнатып.

Өтті Гитлер жарты әлемді қиратып,
адольфтер қазір де жүр "тир" атып.
Өтті Дантес әуелінде Пушкинді
дуэльде емес, оқты көзбен биде атып.

Не болады құлай берсе бұл әлем,
жылай берсе, қирай берсе гүл әлем?
Қара бұлттар тұтасса егер аспанда,
ұясына батады екен күн әрең...

Нұрлы өмірге біздер енді таяндық,
керегі не көлге аққулы шаянның?
Сикейрос бар, Пикассо бар әлемге
керегі не янкилер мен Даянның?!

Сәулетші жүр құлағанды тұрғызып,
мүсінші жүр жасаймын деп дүр қызын.
Ақындар жүр жылағанды жұбатып,
жас арудың туғызам деп жұлдызын.

Басы қатты кейпін көріп қаланың,
сәулетшінің көрді көзі моланы.
Қаусап қалған, қирап қалған сарайды,
біле алмады не нәрсеге баларын.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Жасаурады суретшінің жанары,
айыра алмай түсін мүлдем даланың.
Қыл қаламын біле алмады, шаршады,

бояуға ма, әлде қанға маларын.
Соғыс болып кетті сөзі баршаның,
винтовканы қойды орнына аршаның.
Гүл орнына амалсыздан оқ жонып,

мүсіншінің қолдары да шаршады.
Шаршады ақын, шаршады оның жүрегі,
ұштаспапты екі жастың тілегі.
Мөлдір жасқа толтырды қыз дәуітін,

солып қапты, кеше ғана гүл еді.
Бейбіт күнді неге соғыс қылады,
жанар нұрын жас қып неге бұлады?
Зерлі еді ғой зереніндей лотостың,

Қызыл теңіз қан боп неге тұнады?
Стадионды бекітті жау түрме ғып,
жанкүйердің қайда кеткен дүрмегі?!
Топ алдында тұр еді ғой сайрап-ақ,

Хараның да тілін әне күрмеді!..
Жалықпайды сұлулықты жасаудан, –
зергер тынбас тасты ұңғылап, қашаудан.
Жалықпайды ақын әсте жазудан,

тамырында атой салып асау қан.
Сомдайды әлі чилилік бір құрдасым
күрескердің ширық атқан тұлғасын.
Ал қалпына бүлінгенді келтіру –

қара нардай төзімді бір ұлға сын.

Дүрия дүние
Қандай жаман ақындарға ерте өлген,
аяқтамай айтар сөзін ертеңге!
Кім жазады, қашан және қай ақын,

Неруданың от жырларын өртенген?!
Уақыт, саған ілесе алмас майтабан,
бәйгетөрге жетпей қалай жай табам?
Жалықпайды жаңғыртудан таланттар,

жалығады көшіруден қайтадан!
Сәуір, 1974.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖИЫРМА БЕС ЖЫРЫ

Саттар Ерубаевқа
О, нұрлы өмір,
Жасайтұғын мәңгілік,
Өтетұғын жердің бетін ән қылып.

Мен өзіңді ескіре ме деуші едім,
Күннен күнге келе жатсың жаңғырып.
О, ұлы өмір, бойыңдағы паң қылық,
Өтер мені көз жұмғанша таң қылып.

Тұрғанымда ұйықтап кетпей біржола,
Қандай ғажап,
Неткен сұлу таңғы нұр!
Көпсінбеймін еш пенденің ғұмырын,

Қызғанбаймын ешбір жаннан күн нұрын.
Саған бірақ аз ғана өмір жасаған,
Сыйлап кетті сембейтұғын жыр гүлін!
… Немересі тәй-тәй басып барады,

Көзін сүзіп сүйсініп қарт қарады.
Мәңгілігін гүл өмірдің осынау,
Саттар болып жырлап өтсем жарады.
Өлмейді өмір өлгенменен бір адам,

Ол мәңгі деп айтам жанға сұраған.
Өлмейтұғын рухын көрдім ақынның,
Ертеңіне қалдырған мол мұрадан.

Дүрия дүние
Жиырма бес, жеттім мен, ал, тебірен,
Мәңгі өмірге құштарлық боп емірен!
Қайран шақта қайта айналып келмейтін,

Жазылу шарт өшпейтін бір шежірең.
Мәңгілік ет сәттеріңді қас қағым,
Досты мәз ғып, дұшпаныңды жасқағын.
Нұрлы өмірдің мәңгі екенін паш етіп,

Мұзарт шыңда саңқылда, сен, асқақ үн!

Сəбит БЕКСЕЙІТ ҚИМАСТЫҚ Сен екеуміз қатар жүзген жұп аққу, Тағдыр-мерген, Бізді бекер жылатты. Айырылдық аз күнге, әлде мәңгіге, – Жүрек құрғыр мұнша неге тулап тұр?!.. Қуанышты алмастырды уайым, Бұл азапқа қалай ғана шыдайын?! «Кет!» деп тұрып, «Кеттің бе?!» деп сұрайтын, Қимастығы-ай махаббаттың шынайы!.. *** Әрбір сәтпен біздер өліп жатырмыз, Бұл жөнінде не білесің, батыл қыз?.. Жақсылықты қалдырмағын ертеңге, Тәттің болса, осы бүгін татырғыз… (13.07.74 ж.)

Дүрия дүние

ҚЫЗДАР

Алма қыз да есімде, Раушан қыз да,
Армансыз да емеспін, аңсарсыз да.
Алма ағашы гүлдеді, бүр жарды гүл,
Аңғал басым, есіңнен танарсың ба?!

Бота қыз да есімде, Аққу қыз да,
Бақытсыз да емеспін, шаттықсыз да.
Бірі ертті көгілдір, бірі тайлақ, –
Байғұс тілім бал татқан, таттың тұз да.

Айдын қыз да есімде, Айым қыз да,
Қайғысыз да емеспін, уайымсыз да.
Айдын арна кеңейтті, ай толысты, –
Күлесің бе ал енді, жылайсың ба?..

3-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ГҮЛ МЕН ҚЫЗ

Өзіңді іздеп, әсем қыз, шарладым көп…
қалармысың ғұмырлық арманым боп?
Сенің күміс күлкіңді есту үшін,
сол жатаққа

мен бірақ барғаным жоқ.
Тұрар мүмкін бұл өмір кешігуден,
сұлулыққа сұқтанып өшігуден?
Жоғалтумен жүрмін мен аруларды,

табылады
көңілдің хошы кімнен?
Қызғалдақ деп айтқам жоқ күздің гүлін,
күдерімді ездіктен үздім бүгін.

Көлгірсіген көңілдің терезесін,
кесімімен
шындықтың бұздым… түсін.
Іздеп әуре болғам жоқ жұлдызымды,

кешкіртіп-ақ жүрмін-ау күндізімді.
Ақын болып аруға сөз айтпақ ем,
ақымақтың қолымен
гүл де үзілді…

Дүрия дүние

СЕН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Жанарыңда сиқыр нұр бар, шуақ бар,
Көңілімді тартпас бұлай жұмақ та
Ғажап күйге бөленеді жан-жүрек,
Асып-тасып белгісіз бір қуаттан.

Арман болып кетті-ау бәрі ендігі,
Жүрегімді жұбатады енді кім?
Жанарыңда бәрі сыйып тұратын,
Қалай ұғам енді әлемнің кеңдігін?!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ӨҢ МЕН ТҮС

Ойламап ем кездесер деп – өмірі,
Ойламап ем жыр жазам деп төгіліп.
Сәрсенбінің сәтті күні көктемде,
Көріп сені тыншу тапты көңілім.

Тұр екенсің ортасында дәліздің,
Өзі құсап ертегінің, аңыздың.
Шақырып ем айтыңды айтып қол бұлғап,
Әз бейнеңді бұрмадың ғой, жан ізгі.

Аманбысың; айдай ардақ аяулым,
Жүрегімде жүрген мәңгі ояу мұң.
Қара көйлек ақ тәніңді бүркеген, –
Белгісі ме көңіліңнің қаяулы?..

Тіл қатпадың, айтшы көзбен бірдеңе,
Үнсіздіктен туады әсте жыр деген.
Не нәрсе екен құшақтарды бөгеген,
Не нәрсе екен тілімізді күрмеген?

Мен өмірді аңсау ғой деп түсінгем,
Сәттерім көп сені жоқтап күрсінген.
Көргем сені ақырғы рет өңімде,
Көрдім бүгін алғашқы рет түсімде…

Дүрия дүние

ШАЛҚАР МЕН ШАҒАЛА

Ұйықтап жатып түс көргенде түнде мен,
Қуанамын
табылғандай бірдеңем…
Табылады

табынатын сол бір жүз,
Сол бір шуақ, нұрлы жанар, гүл-денең…
Егілемін, ұйықтап жатып егілем,
Өзің жоқсың,

жыр жазып тек емінем.
Дүниені танымақ ем,
Өзіңді –
Махаббатты танымадым… Не білем?!..

Жасыратын сырым емес түсімде,
Мейлі түсін, мейлі мені түсінбе:
Көз жұмғанша сүйем сені, аяулым,
Өтем сені бейнелеп мен, мүсіндеп…

Жасыратын сырым емес өңімде,
Ғажап сурет тұрар дәйім көңілде:
Мен – шалқармын, еркелеткен еркемді,
Сен – шағала, көлбеп өткен көгімде.

… Өтті уақыт… сүйем сені мен әлі,
Ұмытылмас Ай жүзіңнің мең, әрі…
Мен жеңіске жете алмадым,
Алыс та,

Асыл бейнең – Махаббаттың медалі!
Өтсін уақыт!
Сүйем сені әлі мен,
Өтеді өмір өзінің мәз сәнімен…

Жарасымды сұхбаты аз ба жігіттің,
Ал Сен – менің қайталанбас Әнім ең!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

СЕН ЕСІМЕ ТҮСПЕСЕҢ...

Алдарқатпақ көңілді сайран қайбір,
Махаббат та, қызық та – армандай бір.
Мен де бәлкім жүз қызға ғашық болдым,
Әттең, бірақ жүректе ән қалмай жүр...

Із қалмай жүр, мысқалдай нұр қалмай жүр,
Бебеулеткен жанымда мұң қалмай жүр.
Күш алмай жүр еңсесі дүр сілкініп,
Ұша алмай жүр кеудемнен сұңқардай жыр.

Жан сарайым түтінмен ысталғандай,
Ой сандығым темірмен тысталғандай;
Сен есіме түспесең,
Күй кешемін

Сағынудан, аңсаудан тыс қалғандай...

Дүрия дүние

ҒАЙЫПТАН ТУҒАН ӘН

Арманым сол…
Аңсарым сол…
Арланы едім жалғанның қарсағы мол,
жортып жүрем күн сайын қарсы алып жол.

Жеті түнде адасып қалсам егер,
жол көрсетер жап-жарық таңсәрім бол.
Арманым сол…
Аңсарым сол…

Он сегіз мың ғаламда шам,жарық мол,

– О, ғажап! – деп, маңайды таңғалып шол.

Бұ дүниеде, қайтейін, бұйырмадың,
о дүниеде мәңгілік жан-жарым бол.
Арманым сол…
Аңсарым сол…

Орындалды тірлікте арманым қай, –
Медеу барсам, Меккеге барғанымдай?!
Естайыңдай өтейін жырлай-жырлай,
сен де мені ұмытпа Қорланымдай…

Сəбит БЕКСЕЙІТ

СЕНІМЕН ӨТКІЗГЕН ШАҚТАР-АЙ!..

(Ностальгия)
Алатау мен Арқаның бақтарынан,
дастан болып, жыр болып ақтарылам,
әттең, бірақ орала алмаймын-ау,

сеніменен өткізген шақтарыма?!
Ыстық жанар өзгеге қаратылған,
асау жүрек өзгеге жаратылған;
гүл кешудің кешегі, жыр кешудің

қалған бүгін соңында қара тұман…
Сонда-дағы, сонда да, сонда-дағы,
көз алдымнан кетпейді алма бағы,
өкінішті, қайтейін, өкінішті –

ақ құсымның қолыма қонбағаны.
Естен кетпей қойды ғой сол қылығың,
ешкімде жоқ өзіңдік төл қылығың,
ақтарамын санамның киноархивін,

сол сәттегі сезімнің толқыны – мұң…
Сәре мұңмен басталып, сәске мұңмен,
көкіректен қыстығып жас төгілген,
өң-түсімді елес пе ең кезіп жүрген,

жан-жүректі өксіткен естелік пе ең?!

Дүрия дүние

МЕНІ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫРМА

(жар назы)
… Мені жалғыз қалдырма,
Жол қаратып жанарымды талдырма.
Кең әлемді бөтен үйдей тар қылма,

Көп бөгелме, көп күттірме, тез орал,
Келмей кетіп көңілге кір шалдырма…
Мені жалғыз қалдырма.
… Мені жалғыз қалдырма,

Өгейсітіп, жат назарын салдырма.
Ақ тоқтыңды аш бөріге алдырма.
Сері серкем! Қасымда бол әрдайым, –
Алты ай қыста, аңызақта, жаңбырда…

Мені жалғыз қалдырма!
… Мені жалғыз қалдырма,
Өзім өпкен дидарыңа зар қылма.
Өзің жоқта мән қалмайды ән-жырда.

Мен сендікпін, сен мендіксің мәңгіге,
Бізге бөгет бола алмайды Тағдыр да!
Мені жалғыз қалдырма!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖАҚҰТ ЖЫР

Стихи не пишутся – случаются.
А. Вознесенский.
Тым сирек түседі дәптерге жақұт жыр,
Жақұт жыр туады сәттерде бақытты.

Бақытты сәттерде бұлбұлың түгілі,
Құрқылдап шарқ ұрған кептер де шабытты.
Шақырса асқар тау, шақырса шырқау шың,
Шақырса кең дала, шақырса қыр даусы,

Саңқылдап жөнелем, күмбірлеп жөнелем,
Мүшәйра, айтыста ақынша жырлау – сын.
Тым сирек туатын тұлпар-жыр, сұңқар-жыр,
Жапанда, заңғарда зулап жүр, шырқап жүр.

Асау жыр, кіді жыр – тәкаппар сұлу жыр,
Қойды ғой ерте-кеш құмар ғып, іңкәр ғып!..
Ару күлкісіндей ұйқымды аш сыңғырлап,
Домбыра үніндей көбік шаш, күмбір қақ.

Мен сені аңсаумен, көксеумен келемін
Әлі ешкім таппаған соны ұйқас, тың ырғақ.
Жыр туса өткендей көзінен жүзіктің,
Құмбыл үн бұлбұлдың өзінен үздікпін.

Жауһар жыр дегенім, жақұт жыр дегенім:
Сезінем – жарық күн, сезінем – ыстық күн.
Туса егер ғайыптан бір тума ұлы өлең,
Жүрек пен жанарға нұр тұна жүрер ем.

Жасайды ұлы өлең санама төңкеріс,
Жасайды ұлы өлең ғұрпыма дүрбелең!

Дүрия дүние

САНАМДА – САПАР, САПАРДА – САНАМ

Ұлықбек Есдәулетке
Санамда – сапар,
Көк дөненнен де
жүйрік көңілім, маң далаға апар,

зымыраннан да
ұшқыр қиялым, сан қалаға апар.
Маған да таңсық,
саған да таңсық шаһарларды айтсам,

беріде – Герат,
әріде – Гуадалахара бар.
Сапарда – санам.
Жолсапар десем,

өрекпіп жүрек, лапылдап жанам,
ұшып мен жетем,
Құрлықтар, Елдер, қабылда! Барам.
Күндерде бір күн

Парижді көрсем, атташе достым,
түсімде көрген
көшесін табам, таң қалма маған!

– Сәт сапар! – десең,

– Біссіміллә! – деп,

алысқа тартам белімді буа,
ниетім түзу,
мақсатым ізгі – ақ жолым куә.
Ой тұңғиығын

меңзейді маған Тынық мұхиты,
Парасат шыңын
меңзейді маған Джомолунгма!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТҮПНҰСҚА

Қағажу көріп тұрмыстан,
Өтуде ғұмыр тым қысқа.
Жыр жазсам өмір хақында, –
Көшірме емес, түпнұсқа.

Талшыққа молдау бір мысқал,
Таласып көп жұрт қырқысқан.
Көк шыбын үйір оңайға,
Қиынға салса құмырсқа.

Қағажу көріп тұрмыстан,
Өтсе де ғұмыр тым қысқа,
Көз қимас жарық дүние –
Дидары жарқын Гүлстан!

Қағажу көрсем тұрмыстан,
Қағылсам нәсіп, ырыстан,
Тағдырды тілдеп таусылман,
Құрымдай қурап құрыспан.

Жігітке мою дұрыс па,
Не шығар бекер тұрыстан?!
Көтерер нарқын өмірдің
Өтеуі қымбат ұрыстар.

Қағажу көріп тұрмыстан,
Өтсе де ғұмыр тым қысқа,
Тіл жетпес тәтті тіршілік –
Сарқылып бітпес Жырстан!

Дүрия дүние
* * *
Мен жазбаған жұмбақ жыр түн сырында,
Мынау Әлем, Табиғат тылсымында.

Жаһанның жүрсең де бір бөлшегі боп,
Жалғыздықтан туады жыр шынында…
О, Айым, сенің бейнең әлі де әсем,
Тура болар түнгі аспан әрі десем.

Мен туған ақпан айдың ғаламшары,
Ұйқымды аша бермесең, танымас ем.
Тагор да ояу бұл түні, Уитмен де…
Жатыр ғой тек ұйықтап ұйып пенде.

Мұндай ғажап түнде мен тілдесемін
Ойы терең,
Өресі биіктермен.
(14.04.75)

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҚАЙРАУ

Қылшылдаған қайдасың, қыршын кезім,
Буырқанған қайдасың, буыршын кезім?
Шым батырып түбіне тұңғиық ой,
Тілді байлап қойғандай тылсым сезім!

Жампоз-сөзден өрбітіп желмая-жыр,
Жоқ шығар-ақ деп едім енді аярым.
Желе жортып, лекітіп кетер шақта,
Жабы тірлік кешкендей мен саябыр.

Тоздыратын жүйкені құрсын төзім,
Жыршың да өзім, керексе – сыншың да өзім.
Оқырман да өзіммін ақыр соңы,
Ішім біліп отыр ғой – күрсінгенім…

Шабытсыз шақ бейне бір құрдым түнек,
Құр кіжініп бекерге, түрдім білек.
Жырдың түлеп, қанатын қомдауы үшін
Ұмтыл, Жүрек, тыншымай,

Бұлқын, Жүрек!

Дүрия дүние

СОНАР

Жыр-зәмзамға,
Жыр-нәрге,
Жыр-шырынға
Күн шығын ба жұмсаған,

Жыл шығын ба?..
Бұйырғанға қалай бұл ұзақ ғұмыр,
Қиылғанға қалай бұл қыршынында?
Масыл тірлік күйттейді қара шыбын,

Іздемейді жан мен тән жарасымын.
Күні-түні шақ ұрған асыл іздеп,
Мен – поэзияның бал арасымын!
Нәрлі сөзді жинаймын омартама,

Шашып та алам, болған соң жомарт ара.
Сонарым бар өзге емес, өзім салған,
Қалмаспын деп сенемін жол ортада…

Сəбит БЕКСЕЙІТ

АЗА ЖЫРЫ

Тұрғыт Өзалды Алланың өзі алды,
оқыста үзілді, тұмантып көз алды.
Ал бізді кім алмақ: бір кәззап, бір жәллап,
жүреміз тірі біз әуе алмап, жер жалмап…

Өз ағам өлгенде жүрегім қозғалды,
Тәңір-ай, кім көрді жазмыштан озғанды?
Жаратқан, әрине, жақсыны алады,
жалғанда һәманда жамандар қалады.

Құт көкем кеткенде көңілім күрт түсті,
түсіне алмадым тылсымды үрдісті.
Улатып, шулатып түркінің ұл-қызын,
ақты да кетті ғой біртуар жұлдызы!..

Дүрия дүние

ТҰНЖЫР БАҚ

Тумайды көптен тың саздар,
өйткені
жүдеу гүлзарлар,
сая жол күңгірт,

тұнжыр бақ,
айтпайды назын қыздар да…
Сая жол күңгірт, тұнжыр бақ,
тұрған жоқ көптен түн жырлап.

Аса алмай күйкі тірліктен,
түседі кейде ұнжырғам.
Емес пе кезім шын маздар,
қойды ғой тумай тың саздар.

Айналып жырға кетпес пе
қуаныш, шаттық, мұң, зар да.
Туар ед өлең бір наздан,
жоламай маған жүр жазған.

Торлап-ақ отыр әсем ой,
сезімсіз, жаным, жыр жазбан…
4-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

БАЙРОН… БРЮСОВ…

Бала жастан бауыр бастым Байронды,
Бозбала шақ Бодлер болып ойландым.
Бертін келе Беранже мен Бернске
Бейіл қойған өтті талай сайран күн.

Әттең шіркін, бола алмадым, не керек?!
Менің үшін Джордж Байрон – Эверест.
Өрт-жалынға күйсе де іңкәр көбелек,
Бәйтерекке өлсе де ынтық кебенек.

Жегі құрттай қу жанымды жеді мұң,
Жетпеді деп, жетпеді деп тебіндім:
Оноре де Бальзак болуға өнерім,
Семюэль Беккет болуға сенімім…

Байқаймысың, Б-лар жазған шедевр көп,
“Б” таңбасы түскен тасқа бедер боп.
Көсемсөзді Белинский болар ем,
Әттең бірақ, білім бар да, бедел жоқ.

Байрон, Бернстен жеттім Блокқа…
Блок – ұлы от.
Алдында оның үйірілер жыр-флот.
Қайда маған бұл жалғанда Ол болу,

Құр рәсуә мың сан қағаз, блокнот!..
Бәңгі болған бүйткен тірлік құрысын!
Бәрін қойып, пенде болған – дұрысы.
Жырсыз жүрген, бір ақынды білмейтін

Нәсіпқұлдың шайқалған жоқ ырысы.

Дүрия дүние
Жан сырымды білмек болсаң, кір үйге,
Жұмбақ кілті – Коперник пен Бруно.
Алып биім – Эйнштейн мен Фридман,

Әліп биім – протон, фотон, нейтрино.
Бөлмем суық, бүгжиемін бүрісіп,
Бойым дел-сал… бір суимын, бір ысып:
Ұлы Блок бола алмадым, қайтейін,

Болсам деймін тым болмаса Брюсов?!..
Қандырам деп құлақтардың құрышын,
Күрмегінен айырам деп күрішін,
Тауға да ұрдым,

Тасқа да ұрдым басымды,
Киелі де қасиетті Жыр үшін!

Сəбит БЕКСЕЙІТ МЕТАМОРФОЗА (эпиграмма) Тәуібі мен жырдың – тамырын тап басам. Тәубеге келтірдім, шатқанда қатпа сан. Даңғой ма, даңғыл ма, өзің, дос, бір аңда: бес таныс хақында, мына эпиграмма. 1. Жыр деген сайтан-ау, не жазмыш мазағы: Қадырды қайталау – заржақтың азабы. Сырт қалпы зиялы, мінезі биязы. Бұл – поэзияның патологиясы! 2. Пәс білік, біліммен хрестоматиялық, қулықпен күлімдеп, Христ болу – қиялы. Әркімге еліктеп, оңбады ақыры: дүбірге желіккен – қоғамның пақыры.

Дүрия дүние 3. Отырсаң омалып, қай жер де – казарма. Кетесің жоғалып, сараңдау жазарман. Жұмкеңдей* жұмбақтау, жегжаты “дәу” дейді. Ұят қой үн қатпау, әредік “әу” дейді. Жұмкеңдей, білмеймін, қандай жүк артқанын. Ұқсатам (күл мейлің) темекі тартқанын. 4. Жөн-жоба іздеген, байыпты пысықтар: “үлесін” тістеген бір жуас мысық бар. 5. Жүргенмен құр жаны, гүл болып шашылды: жаңада бүр жарып, қауызы ашылды. _________ *Жұмкең – Жұмекен Нәжімеденов

Сəбит БЕКСЕЙІТ

P.S.

Жайлаған жер үстін
құбылма құбақан**.
Бермейді жеңістік,
қутыңдап қу надан.

Құбылып бағады
құрбы да, құрдас та.
Мұңын кеп шағады
сиқа да, сырлас та.

Құбылып бағады
жақын да, алыс та.
Кімге де жағады, –
сен дағы қалыспа…

Болса да мұрсатым,
қайтемін тым соза:
әсемпаз сырқаты –

МЕТАМОРФОЗА!

_________
**құбақан – хамелеон

Дүрия дүние

СӨЙЛЕЙМІН ЖЫР ТІЛІМЕН …

Мен түсінем ақынын бар халықтың,
Мұратым бір олармен, арманым бір.
Бәрі
Бесік жырынан бастау алып,

Бәрінің
жыры Анаға арналып тұр.
Өлең көшін,
Жыр көшін тежер қай күш,

Көшеді өлең,
Көшеді ежелгі айтыс.
Жырстаным – мәуелі Бәйтерегім,
Жапырағын,

Тамырын кенен жайсын!
Дәстүрім деп
Абай мен Жамбылды айттым,
Махамбеттей ақ семсер алғырды айттым.

Жаңашылдық дегенде, тосылмастан, –
Олжасты айттым,
Жұмекен, Қадырды айттым…
Жүрек сөзін айтқан бір жыр-ән туса,

Дүр сілкініп қаламыз қыран құсша!
Жазса дағы бенгалша дана Тагор,
Жазса дағы Рене Шар французша…
Ана тілін сыйлаймын әр ақынның,

Әрқайсысы өзінше дара, құнды.
Алайда мен ардақ тұтам ортақ тілін –
Жыр тілін.
Әлемдегі бар ақынның!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Құлай сүйсе Хафизді ұлы Гёте,
Жыр тілі оның болған ғой сұлу өте.
Мен де үніне тәнтімін Неруданың,

Тағзым етем сондықтан, құлдық етем.
Парсы тілі деп бөлмен, неміс тілі,
Таулық тілі деп бөлмен, теңіз тілі…
Межелайтис Расулды түсінеді,

Болмаса да екеуі егіз күлік.
Түрік тілі деп бөлмен, курд тілі деп,
Тайпа тілі деп бөлмен, ұлт тілі деп.
Әлемдегі бар жұртқа, бар ақынға

Түсінікті
Сөйлеймін жыр тілімен…

Дүрия дүние

САТТАРДАН ТАГОРҒА ДЕЙІН ...

Жырлағанмын мен кеше Саттар жасын,
Мен де сол кез болғанмын оттарға асық.
Қас қағымға мәңгілік сыйса дедім,
Дарбазасын кеудемнің арманға ашып!

Маза берген Лермонтов жасы кімге,
Муза әлемі жоқтайды асылым деп.
Қыран-ғұмыр қасында самғап өткен,
Құзғын-тірлік кешерлік ғасырың не?!

Өтті жасы от болып Төлегеннің,
Өртеп өткен өзегін өлең лебі.
Қазақ жыры мың жасар емен болса,
Бір бұтағы еді ғой сол еменнің…

Таяп қалды, қорқамын, Пушкин жасы,
Мүскін басым қайтейін ышқынғасын?!
Жұлдыз болып Жер-көкте жанбасам да,
Өтсем еді тым құрса ұшқын шашып!..

Мұқағали жасы да тым жақында,
Сымбатым да жыр еді, қымбатым да.
Өзімді өзім туды сәт қамшылайтын,
Өлең жазып береді кім ақынға?!

Алыс емес, әне аулы, – Абай жасы,
Шығар алдан жас толқын “ағайласып”.
Қара шалдың жеткенмен сен жасына,
Дана шалша жазар ма ең, абайлашы?..

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Үміттенсең, бар әлі Тагор жасы,
Арман тіптен сол жастың қақ ортасы!
Алғырын да, ұлысын, данасын да –

Тізбеледім Музаның когортасын.
Жасаса да қанша олар – ақын жасы,
Сезім жасы, ой жасы, ақыл жасы.
Дүниеден өтсе де ертелі-кеш,

Күнде жүрем бәрімен бақұлдасып.
Бір ғасырға парапар бір ғұмыры,
Қай-қайсы да табынар ұлы пірім.
Ақын жасы – толассыз өлең көші,

Мейлі аз болсын, мейлі көп –

ЖЫР ҒҰМЫРЫ!

Дүрия дүние

ЖЕТІ САРАПШЫ

Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фердоуси,
Хожа Хафиз – бұ һәммәси
Мәдәт бер шағири фәрияд.

Абай.
Шығыстың жеті жұлдызы
Нұрлантып Муза аспанын,
Төгіпті кілең үр сұлу,

Рубаят, ғазал, дастанын.
Жеті жұлдыз дегенің –
Кәдімгі Жетіқарақшы,
Олардың құтты мекені –

Темірқазық – дара шың.
Жол торып тұр-ау жырақта,
Болар ма бұдан ауыр сын?
Қолдарында бірақ та…

Сұр жебе емес, қауырсын.
Жай тоспа емес, жыр тоспа,
Өткелі лира, музаның,
Беттемес надан, жылпос та,

Бітпесе жетер қу жаным!..
Тоспадан осы өтпек ем,
Арбалмай, яки қармалмай.
Шырмауға түстім әттеген,

Болар ма мендей “сормаңдай” ?!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Қолды болдым, шырмалдым,
Санамды арбап аулады,
Лапылдап келіп жыр-жалын

Жүрегімді жаулады!
Арбалмақшы енді кім,
Шарықта, жаным, шарықта,
Арбалған-ау мен түгіл,

Гётедей заңғар алып та!
Жетіқарақшы емес қой,
Дұрысы – Жетісарапшы.
Емеспін мен де әуесқой,

Ұсынсам деп ем ғажап жыр!

Дүрия дүние ТЕЛЕФОН № 25-37-49 … теріп алдым аңдамай 25-ті, осылайша Жырдәурен зырлап өтті. Жиырма бесті келмейтін қайта айналып, Ерсерідей беріле жырлап өстім. /Мүшел жастар тізбегін байқамаппын/. 37. Термедім. Ойға баттым. Пушкин жасы. Мұзарт шың Ғұмыржетпес! Өріне өрлер құз-жартас тайғанақ тым. Мені өтірік жұбатпа, көңілшек үн, Маған тіреу бола алмас темір-сенім. Өлең шегі, жыр шегі болғаннан соң, Отыз жеті болады өмір шегі! Үлкенге ізет көрсетер кісі едім мен, Тура он төрт жас ағадан кіші едім мен. Телефонның құлағын тастай салдым… /Құттықтамақ болып ем мүшелімен/. 49-ға жеткеннен түседі не, қалғам, шүкір, аман-сау жүз өлімнен?! Мерт болып-ақ кетейін, сол кісіше өлең құрап жүргенше күшенумен!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

АҚИЫҚ

Сәкен екі тумайды деседі жұрт,
Туады екен… төнбесе кешегі бұлт.
Өшеді мұң көңілден кіреукелі, –
Бұлбұл құсым сайрайды, өседі гүл…

Кім естіпті ақынның үні өшкенін,
Тыншығанын кім көрген күрескердің?!
Бірге жасап келеді ұрпағыңмен
Сұлу бейнең, семсер сөз, жыр өркенің!

Ашқандығым емес бұл ақиқат тың,
Дара дарын – кеңдігі табиғаттың.
Сәкен – сұңқар,
Сәкен – сән,

Сәкен – аңыз –
Ел мен Жердің мақтаны –
Ақ иық ақын!
Замананың шыңдаған от-дауылы,

Жасқанбаған жатса да оқтар ұлып.
Бай-манаптың қас жауы, қас дұшпаны,
Жоқ-жітіктің жолдасы, дос, бауыры.
Мұндай ұлды Арқадай Дала туған,

Мұндай ұлды Жамалдай Ана туған.
Ақын Сәкен,

Ер Сәкен,

Сұлу Сәкен –
Дара көрік,

бірегей Дара тұлға!

Дүрия дүние
Төнбейді енді ешқашан кешегі бұлт,
Бұлбұл құсым сайрайды, өседі гүл.
Атқарысып ақынның мүшелтойын,

Көшеді өлең өміршең, көшеді жыр.
Жасай берер көнермей жыр сұлуы,
Жүректерге шуақ боп нұрлы сыры.
Көз алдымда – сыр сандық сым пернелі,

Құлағымда – сиқырлы тұр сыңғыры…

Сəбит БЕКСЕЙІТ

САУАЛ

Ғасырды ұққан ұмыта ма қайғыны,
тек күлкімен өте ме екен ай-күні,
бір тосылмай тылсымы мол заманда,
жұрттан аса бере ме екен айбыны?

Тек шаттық па аңсап жүрген бай ғұмыр,
кім иесі дүбірлі осы бәйгенің?
Бақытсыз ба ұқпай қойған тұстасы,
бақытты ма елге есімі әйгілі?

Кім-кімдерге тиесілі мәңгілік,
Қай-қайсысы көптен озған сәйгүлік?
Кімге табыт, кімге бесік бұл ғасыр?
Тілсіз жатыр Тынық мұхит айдыны.

Дүрия дүние ЖАЗ (идиллия) Жаз – джаз айы… Аз жазсам да, жаз жайын саз жазайын, Маужыр маусым, тамылжыр тамыз қандай, Шілде қандай шіліңгір – маздақ айым! Жаз – джаз айы… Кештім бастан армансыз кіл әйбат күн, Сауық-сайран, думанды қыз қайнаттым. Сыбызғыны сызылттым айлы кеште, Жұлдыз жауған түндерде сырнайлаттым… Саябағы жап-жасыл – жанға жайлы, Тәнге рахат – саршағыл жағажайы. Жарқылдағы секілді фотоаспаптың, Селт еткізер ақ сәуле нажағайы!.. Жаңбырдан соң озонды тұнса ауасы, Осы ауаның бар сынды мың дауасы. Тәңірияның иінағашындай Кемпірқосақ, дәлірек – Күн доғасы! Тамыз өтіп барады… тамаша айым! Жыр да азайып бара ма, ән де азайып?.. Жаз сағынтып, аңсатып жетеді де, Көрген түстей жоқ болар таңғажайып… 5-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

АЙДЫНЫМ

(экспромт)
Жанарым нұрға,
Жүрегім жырға бөленді,
Жағаңда тұрып суырып салдым өлеңді.

Арманым менің,
желкен боп аппақ шақырды.
Сезімім менің толқын боп ерте жөнелді.
Көңілім – айдын,

Жүрегім – қайық, тербелді.
Шабытты шалқар, сезімді сергек
Сен бердің.
Бейнеңді, әттең, көшіру қиын,

өйткені
Шығармасысың,
Табиғат деген зергердің!

Дүрия дүние

ЖАСЫБАЙ

Жатырмысың сұқ көздерден жасымай,
Жарықтығым, жәрмеңкелі Жасыбай.
Жүрегімді жарып шыққан жырым-ай,
Жанарымда жасаураған жасым-ай!..

Жүз қаскүнем жазды есімін жартасқа,
Жанашырың жалқы болмас, марғасқам?!
Әлі есімде: саған барған сол жазда
Бір “жазғыштың” жағасына жармасқам…

Ғажап сурет!.. Санам, тағы үңілгей,
Естен кетпес кешегі күн – бүгіндей.
Текше-текше тастарың сол, шынында,
Сұлу қыздың жинап қойған жүгіндей.

Тың теңеулер кеткен сонда елестеп,
Махмұт-аға, түстің сонда сен еске.
Текше-текше осы тастар, тегінде, –
Қаттап қойған қолжазбалар емес пе?!

Баянтауға қарадым да үмітпен,
Сарыарқаның жаңбырындай жыр күткем.
Жасыл арша – қауырсынды қаламың,
Тас үстіне шаншыла кеп тік біткен.

Ұстап көрдім қаламыңның сабынан,
Кетпепті әлі шебер қолдың табы да.
Арша – қалам, жауын – сия, тас – қағаз,
Бәрі де әзір туар жырдың бағына!

Қолтаңбасын жазса пенде сыр, әкпен,
Қолтаңбасын жазады ақын жүрекпен.
Тоғышарлық – тасқа түскен шимайлар,
Азаматтық – сені әспеттер жыр-дәптер!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

КІШКЕНЕ КҮН БАРДА

Оқырманым аз менің, тыңдаушым да,
Қалай ғана болмасын мұң даусымда:
Ана тілім бара ма ұмытылып,
Тағдыры әлде шәйірдің тұрлаусыз ба?..

Кішкене күн барда –
Аспан түнермейді,
Түңліктей аспаны бар күн өлмейді.
Аз да болса, халқы бар – өлмейді ақын,

Ақыны бар халықтың
Тілі өлмейді!

Дүрия дүние

НЕМЕРЕМ – НАЗЕРКЕ

Ертең тағы таң атады арайлы,
Назеркешім Күнге күліп қарайды.
Күннің нұры қуат беріп бойына,
Шуақ болып жүрегіне тарайды.

Шындығында шолжың көп те, аз ерке,
Шынайы ерке, нағыз ерке – Назерке.
Көңіл күзін, өңір күзін жұмсартқан
Жаймашуақ жаз күніндей жазерке.

Келер әлі өмірге бұл сан ерке,
Кербез ерке, сылқым ерке, паң ерке.
Балбөбегім – Назеркешім ал менің, –
Жүрегіме соншама ыстық жанерке.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
* * *
Беріде Шоу, әріде Шекспир, Эсхил…
Драманы қол көрген небір есті.

Поэзия әлемі – Тянь-Шань десек,
Трагедия – сол таудың Эвересті!

Дүрия дүние

ҚАРАШАДА

Қарашада өмір тұр…
Абай.
Қарашада… оңашада…
Ұқсағым кеп дана шалға,

Отырамын ойын қумай,
Мойын бұрмай тамашаға…
Бұл құдайдың құрғыр айы,
Қара суық ұрғылайды…

Балықшыдай ау құраған,
Қаудыраған жыр құраймын.
Жүген, ерді күзге бердім,
Менде хал жоқ қыз елерлік.

Шыбын жаным шырқырайды,
Сырқырайды тізелерім.
Болмасам да мен жалаңаш,
Болмасам да мен аш адым.

Жылу іздеп, қорек іздеп,
Жандәрмен боп жанталасам…
Киімім көк, тоқ тамағым,
Нан мен тонды жоқтамадым.

Шүкір, күйлі-қуаттымын:
Жалқын жүзім, от жанарым.
Киім емес иінге ерек,
Керек маған зейін зерек.

Түйір емес қарыныма,
Дарыныма түйін керек!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Қарашада, оңашада,
Ой келеді, о, жасаған!
Оңашалық – даралық қой,

Дара алып қой Олжас ағам.
Жалғыздықта туар сезім,
Бал қызықты қуар кезім:
Буар төзім бойда күшті,

Ойдағы істі суар, сөзім.
Жаным саяқ, оңашада,
Сезім ғажап, ой тамаша!
Ой мен сезім өскен сайын,

Бой да өседі тайталаса…
(Айтты деме еріккесін,
Бөсті деме зеріккесін.
Бойы тапал ақын құрдас

Олжекеме еліктесін…)
Ашықтым мен, тоңазыдым,
Нәр, от іздеп алағыздым.
Миыма кеп ұялар Ой,

Сен – талшығым, жан азығым!
Жыр-нәр, жыр-от – сағынышым,
Солар үшін сабылдым шын.
Жүрегімде туар сезім,

Сен – рухани жамылғымсың!

Дүрия дүние

ӨЗ ШЫҢЫМ, ӨЗ СЕҢГІРІМ

Отыз төрт жас…
От бүркер өрт-сезімім,
Көбік шашар қуатты өр теңізім,
Қарымыңды ойша мен шамалаймын,

Қала ма деп артымда ертең ізім…
Отыз төрт жас,
Өз шыңым, өз сеңгірім,
Аспандағы Ай, Күнмен өлшенгірім.

Отыз төрт жас дегенім (күнге шақсам) –
Он екі мың төрт жүз он сегіз күн.
Күн шығыпты сонша рет көктен күліп,
Көктен күліп, сонша рет төккен нұрын.

Күз ызғарын сездім мен, қыс аязын,
Жаз шуағын сездім мен, көктем буын.
Білем, біраз белеңнен асып кеттім,
Арынымды ірікпей, тасып… төктім.

Ашып бүгін қарасам сыр сандығын, –
Асылымды жинамай, шашып кеппін…
Жартысынан өмірдің көбі өтілді,
Жазмышымдай көргем бе бөгетімді:

“Құла!” десе дұшпаным, құлай саппын…
Соңғы айқас па?!.. Білмеймін, неге тұрдым.
Көз жасымды төксем де көл, теңіз ғып,
Қайта лаулап жанар ма өрт-сезімім?

Өмірзая боп кеткен – қайталанбас –
Он екі мың төрт жүз он сегіз күн!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Бұйырса ғой енді бір жиырма жыл,
Жыр-ғұмырдың көрер ем шиырларын.
Құйын-дарын бабына енді келсе, –

Болар еді сол ғана сыйынарым!..
Бар болғаны –
Жеті мың үш жүз бес күн,
Келер, Уақыт, өзіңмен кіл жүздескім.

Бұдан көбін беріп ең, аяма азын,
Өмір нәрін сыйласаң – ішкізбес кім?..
Тым болмаса, енді бір он жыл болса,
Зая етпес ем сонша асыл ғұмырды онша.

Бар арманым – мәуріттің сонша тапшы,
Әр сәтінде кеудеме бұлбұл қонса!
Бар күн –
Үш мың алты жүз елу екі,

Жоқ қой енді өмірге келу екі!
Мың бір ойды өрнектеп қалдыруға
Жетсе деймін рухымның әлеуеті!

Дүрия дүние ЭПИТАФИЯ 1. Сезесің бе, дәл қазір ауыр халім, Тілім-тілім жүрегім, жауыр жаным. Қалай ғана сен бізді қиып кеттің, Қимай тұрмыз біз сені, бауырмалым?! Мәрт мінездім, зерделім, парасаттым, Түні бойы сен жаққа қарап жаттым. Енді қайтып сен бірақ тұрмайсың ғой, – Сараңдығын қайтейін табиғаттың?! Бұлқынбайды сендегі ұлы жүрек, Түгесті оның қуатын құрдым түнек. Сен дамылдап жатырсың мезгіл жетпей, Сен кешпеген сал дәурен жүр дүбірлеп! – Құтқарыңдар! – деп көмек сұрағанда, Ол ағаң да тас керең, бұл ағаң да. Демеп со кез жібермей, кеш қалдық біз, Көтеруге ұмтылдық құлағанда… Естілмейді қалайша шақырғаның, Күттің бе екен біткенше ақырғы әлің. Ұйқы қашқан сол түні қандай оймен Арпалысып өттің сен, ақылманым? Сөзге сараң, ойға бай тұңғиығым, Ұғылмай-ақ кетті ғой мұңды күйің. Түн бұйығып сыр ашпай түнереді, Қалай кешем басымнан күнді қиын?!..

Сəбит БЕКСЕЙІТ 2. Қыстың соңы, Қарсаңында көктемнің. Бізді егілтіп кеткен күн, Бізді өкінтіп кеткен күн! Хош бол енді, Хош бол мәңгі, бауырым, Соқпай кеткен дауылым, Жаумай кеткен жауыным! Қасындасың. Жаны жайсаң әкенің, Болсын жайлы мекенің, Хош, аяулы Сәкенім!!!

Дүрия дүние

ҚАРА СҰР БҰЛДЫР ДҮНИЕ

Қара сұр бұлдыр дүние.
Дала сыр шашпай бұйыққан,
Қараймын мен де күйіне,
Шыға алмай түйткіл-тұйықтан.

Алас ұр, әлде тын іштен,
Қарарсыз тағдыр қатыгез.
Зәһардай ащы мұң ішкем,
Жалмайды келсе сәті кез.

Тұлдырдай жетім әр пенде,
Қылады талшық дәм-тұзын.
Кетпессің түбі нар теңдеп,
Жалғаннан жарық мән түсін.

Қара сұр бұлдыр дүние
Тымпиып мейлі қарасын.
Қайғы ие маған, мұң ие –
Жазылмас жүрек жарасы.

Үркітпес қара құрдым да,
Қорқытпас ақырзаманың.
Іздеймін жалпақ жұртымнан
Сыңарын ақыл-сананың…

Сəбит БЕКСЕЙІТ

БАУЫРЛАРЫМ

Ұмытқам жоқ ел барын, ауыл барын,
Жиі еске алам сендерді, бауырларым.
Нөсер болып құюға асықпаңдар,
Туар әлі сендер бір зауылдар күн.

Ақша бұлттар – жаумаған жауындарым,
Інілерім – тынысым, бауырларым.
Жырды бірақ жазыңдар мен жазбаған,
Тек сендерге тілеймін дауыл-дарын!

Дүрия дүние

ЖЕЛТОҚСАН АЛАҢЫ

(реквием)
Байсалды да сабырлы дос!
Желтоқсанда, Брежнев алаңында
болдың ба, әлде сырт көз боп қарадың ба?

Қызықтаушы ең бұрындар құр жібермей,
еңбекшілер шеруін де,
қызыләскер парадын да…
Әлде сенің шаруаң жоқ па мұнда,

(әсем өнер туралы тақпағың да) ?
Талғамайды қарсы мен жақтағанды:
жатыр бір оқ мылтықтың оқпанында…
Тыңда!

Бәрін, сен бейбақ, ұмыттың ба,
тірлік мәнін тәптіштеп шын ұқтың ба?
Тоңазытқыш – кеудеңе салып қойып
жүрегіңді біржола суыттың ба?

Геноцидке ұштасқан көлгірсуі,
масайтады тентектеу мөлдір суы;
түлкі бұлтақ, дәйексіз бүкіл ЖҮЙЕ
тұрғанда осы – оңай ма өмір сүру?!

Бүгін бетін береді, ертең өтін,
өзегіңді өкініш өртеп өтіп;
ертегі етіп жазады құбыжықты,
табылса игі шәйірің шер төгетін.

Сүйенбесе ширығып ер жігерге,
көк байрағы жығылмай желбірер ме?
«Система-анам» деп егер еміренсең,
ол да сені «ұлым» деп елжірер ме?!

Қай шындықты айтамын кекшіл ерге,
жалған айтсам жалтарып – тепсінер ме?
СИСТЕМА – ана емес қой, – ӨГЕЙ ШЕШЕ
жүргеніңді жер басып көпсінер де…

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Қайран жұртым, талайсыз таланың ба –
қалдың ақыр танктің табанында.
Күні кеше, бүгін де көріп жүрсің

құланың да құқайын, аланың да.
Жаққан күйе әлемет, жапқан жала, –
басым түсті-ау, қайтейін, ақтан қара!
Күйіп кеткен нақақтан қандай жаман,

күңіренді тып-тыныш жатқан ДАЛА!!!
Тебе ме екен өкпеге өкпеліні,
жасқай ма екен күштінің өктем үні?
Боранды күн құтырып, ойнақ салып,

қызыл иттер талады көк бөріні!
Жауға атылған кезіңде барыс дедім,
жайрап жатқан кезіңде арыс дедім –
жеткізе алмай дағдарған өз ойларын

менің албырт ДЕКАБРИСТЕРІМ!..
Көрдім гүлдің бүршігін жармағанын,
ұлын жоқтап ананың зарлағанын!
Сенат алаңында да патша әскері

қыршын жастың төкпеген
ҚАР-ға ҚАН-ын…
Қасірет қой, қасірет, шын қасірет,
әзірлейді жауыздық мыңға шірет.

Арандатып алып ап – ең сұмдығы –
шыға келер «ұлтшыл» деп бір қара бет!
Кеткенің бе ажалдың аранында,
түгесіліп өренің, жараның да?

Түптің түбі Ақиқат сәті туса –
жауаптасар кез келер Ар алдында!
Желтоқсанда, Брежнев алаңында
қызыл қанға бөкті ұлан, нала-мұңға.

Жауыздар кеп жазықсыз жазаласа –
ТАР ҚАПАС боп көрінер ҒАЛАМЫҢ да!

Дүрия дүние

ҚАРАҢ ҚАЛҒАН ҚУ ТІРЛІК

/Полигон құрбанының монологі/
Жер иесі – уәй, Қамбар,
күйге түстім айғайлар:
қара жердің қазығы

қолыңда ма, пайғамбар?!
Кешіп бастан кемді күн,
күдіктенем ендігі.
Сен болмасаң, бұл жерге

болады ие енді кім?
Ұсынғанмен сұм ұлың,
қайтем оттың сұлуын?
Жетеді ғой пендеге

Күн нұрының жылуы!
Болмайды ешбір құт-қару,
атом нағыз жұт-қару.
От перісі – Исатай,

өз қолыңда құтқару!
Су патшасы – Сүлеймен,
арылмадық үрейден.
Күні-түні шығамыз

арпалысып дүлеймен.
Қарайлаймыз Қағбаға,
болмаған соң лаж тақа.
Аранын мол ашады

ядролық аждаһа!
6-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Қорқып жейміз тамақты,
бір ашпаймыз қабақты.
Қырық жыл біз – тұтқынбыз,

ал полигон – абақты!
Сөйтіп жүріп «жетілдік»,
үйден бақты кетірдік.
Ата-жұртсыз ұрпаққа,

кім береді кепілдік?!
Тірі жетім көбейді,
«өндіреміз» өгейді.
Өгей әке-шешені,

кімдер келіп бөгейді?
Әкем жетім қалғанда,
шешем жетім қалғанда,
бізді тілеп құдайдан

алжасты ма жалғанда?..
Жалғызілік жүдетіп,
бастан қилы күн өтіп,
қосылды да қос жетім,

өсті әулеті дүр етіп.
Қайтейін-ау өскенін,
көзі тиді өзгенің.
Айтылмаған шығар-ау

«көп – шөп» деген сөз тегін?..
Отыратын күнұзын
талғажау ғып ризығын,
кетті-ау әкем көре алмай

немеренің қызығын!

Дүрия дүние
Сарбаз болып жүрген ед,
есін алды самолет.
Аты тосын – «Бэкфайр»*,

баламасы – Үлкен От.
Ұстап дерті баяғы,
жаман болды аяғы:
Кетті-ау інім арманда

бар білгенін зая ғып.
Бейдауа ауа, улы су –
тарылады тынысым.
Таңертең де, кешке де

болмай отыр тынышым!
Әйел ауру, мен ауру,
маңайдағы ел ауру.
Бір сау адам көргем жоқ,

құрып кетсе – белі ауру.
Шешей болса – сал ауру,
ең сұмдығы – бала ауру.
Қаны азайып, әлсіреп,

пысылдайды танау құр.
Қарындасым қапалы,
күйеу таппай опалы.
Бір сорлыға жолығып,

кішкентайы жоқ әлі.
___________
* ядролық отынмен ұшатын самолет.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Ана інімде бала жоқ,
мына інімде бала жоқ,
белсіз бе екен шынымен,

шетінен бір шала өзек.
Еріндері дірілдеп:

– Би Бәтимә пірім! – деп,

жүгінсе де келіндер,
ескермейді бірін де.
Тілсіз тылсым құтырды,
қорғансызбын бір түрлі…

Нәлет айтам мен саған,
қараң қалған қу тірлік!

Дүрия дүние

ГЕОКАРДИОГРАММА

(1986 жылғы тамыздың
6-сы. Қарқаралы.)
Көк мөлдір аспан тұнып тұр
ап-ашық зерде, санадай.

Төңірек мүлгіп, тынып тұр,
Құлаққа ұрған танадай.
Армия Кемел қой бағып жүр,
бейнетқор жан бір тынбайды.

Дэвид Каррел ой бағып бір,
Саққұлақ боп тың тыңдайды.
Жер сілкінісін тіркеді
сейсмограмма таспасы…

Бір қара бұлт бүркеді,
Қарқаралының тау-тасын.
Міне, ГЕОКАРДИОГРАММА –
Жер Жүрегінің Жазбасы!

Қаншама сынақ тұр алда,
Адамзат кешер аз ба сын?..
Жарылыс осы қас қағым,
сезілді қиян алыстан.

Американдық жас ғалым
өз ойымен арпалысқан.
Екіұдай бастан кешіп хәл,
былай бір сәт елжіреді:

«Ақындай сонша сезімтал,

ҚАРҚАРАЛЫ – ЖЕР ЖҮРЕГІ!»

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Ядролық бұл жарылыс
алыста емес, жақында.
Алаңдап әр ұлт, әр ұлыс,

айтады апат хақында.
1700 мильде – Москва,
10 мың мильде – Вашингтон.
Жасамыс куә, жас куә,

бұл – қауіпті симптом!
Полигон қылар жазы-қыс
жазығы не бұл штаттың?
Қатерлі, жойқын жарылыс –

Жер-жүректегі сызат бұл!
Мәрмәр тастардан бәріміз
қашайық алып плакат:

«НЕВАДАДАҒЫ ЖАРЫЛЫС –

ПЛАНЕТАРЛЫҚ АЛАПАТ!»

Дүрия дүние

ӨМІРЗАЯ

Ардақ тұтар ұстаздарым
Қаби Лекеров пен
Төлеуғазы Әбжановқа
Көп адамның үмітін ақтамадық,

Бойдағы бар дарынды баптамадық.
Сол бір ұстаз шүбәсіз сенген саған,
Өкінді ме ертерек мақтап алып?..
"Сәбең" бола алмадым, Қаби аға,

Күйрек күйге душар боп қапияда.
Төке, сізге соншама ілеспейтін,
Тар болды ма пәлсафа тақияма?..
Дастан жазбай, бас жазған тұстарымда,

Кеткен ұшып өкпелеп құс-дарын да.
Сұс танытқан со кезде жақыным да.
Масаттанып жөн айтқан дұшпаным да.
Қош-қош айтып кеткен соң бұлбұл құсым,

Бастан кешкен бейсергек күнім құрсын.
Жылдар жылжып өткен соң... өкінем кеп,
ӨМІРЗАЯ боп кеткен ғұмыр-тылсым!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

АҚЫН ДОСҚА

Жақсы жыр аңсап тек, күтіп тек,
өтті ғой қып-қысқа бар ғұмыр.
Жыл сайын өз-өзін түтіп жеп,
зарығып жүдеді зарлық ұл.

Әр пенде өзінен аспайды,
біреудің аңсары – жар сұлу.
Біреуге қыз түгіл, бас қайғы, –
өзінің ішінде жан сыры.

Біреуге уайым – мал-жаны,
біреудің баққаны – кәрі әже.
Біреуге уайым – мансабы,
біреудің аңсары – дәреже.

Біреудің мінгені – “Мерседес”,
біреудің көлігі – автобус.
Біреудің болса ылғи еңбегі еш,
Бір мықты жайлайды бақ-қоныс.

Өмірді өзгертпек түгілі,
тіпті оны таныта алмаса,
Қайтейін үмітті үкілі,
олақ жыр әншейін далбаса!

Жақсы жыр – қиынның қиыны,
жүректің өзіндей жұп-жұмыр.
Ой селі hәм сезім құйыны, –
тілсіз бір тылсым ғой жыр-ғұмыр!

Дүрия дүние

ӨЗІНЕ АДАМ ТАРАЗЫ

Жұмыр жердің үстінде,
Жұмыр басты көп пенде:
әлсізің де, күштің де,
біртоға да, өктем де

қалт-құлт етіп келеді
секілденіп таразы.
Жазмыш бірін еледі,
ал біріне – наразы.

Оң иықта – періште,
сол иықта – сайтаны:
бірі бастап жеңіске,
қолдау сөзін айтады;

енді бірі түрткілеп
сор-бейнетке бастайды,
жасап демде түн-түнек,
айдалаға тастайды.

Жақсыға тән тасынбау,
періштесі тұр биік.
Перің тұрса басымдау,
салғызады қиғылық.

Өлшейтұғын салмақты
кір тасындай бұлар да,
қайсы кімді талғапты,
әркімге еге ұнар ма?

Оң жақ пенен сол жаққа
кезек-кезек салмақ сап,
әркім өзі болмаққа
ұмтылысқан жалбақтап.

Тең баса алмай аяқты,

Сəбит БЕКСЕЙІТ
қойқаң-қойқаң етеді.
Көп жеген ер таяқты
мақсатына жетеді.

Қол-аяғың талғанда,
періштең де түсінді.
Пенделер бар жалғанда
бір иығы түсіңкі:

періштең бе басымдау –
оң иығың шығыңқы,
сайтаның ба басымдау –
сол иығың шығыңқы.

Ойламай-ақ жан қамын
Таразы-Жан күнелткен,
өз құны мен салмағын
өлшеуменен күні өткен.

Өткен артық жалғаннан
қарапайым адам боп,
тойынғаннан, алғаннан
азып кеткен надан көп.

Алданбаңдар, байқаңдар,
зұлымдар бар мыстани:
адам ба, әлде сайтан ба
Гитлер мен Сталин?!

Дүниеден өтеді
періште боп ізгі жан,
сайтан болып өтеді
пәле қуған зұлым жан!

Дүрия дүние

ИОСИФ БРОДСКИЙ

Масылды ұққан асыл деп,
асылды ұққан масыл деп,
кеңкелес елде қашанда
мияқы, миқұрт тасыр көп.

Қағазға түссе хас өрнек,
бұйырар жендет қаз ор деп.
Адалдың бағы тайғанда,
арамның кеткен тасы өрлеп.

Кеңкелес елдің қоры кім? –
пақырдың көнбіс соры мың.
Жақып боп біздер түс көрдік,
Жүсіп боп өзің жорыдың.

Сөйлесек егер жалғансыз,
тірлікті кештік талғамсыз.
Ес-түссіз біздер Өң-Түсті
айыра алмай қалғанбыз.

ҚаҺардан қорқып ығыппыз,
зәҺарға тойып бығыппыз.
«Ел құлымын» деп жүргенде,
делқұлы болып шығыппыз.

Ақ жүзін жасқап айбатпен,
пәк жанын былғап ғайбатпен,
Озбыр – топ тұтқын – ақынды
сабылтты тар жол, тайғақпен.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Шындықты, ақын, айта бер,
бөгетті бұзбас жайдақ ер.
Карцердей болып тарылды

Ресейдей сонша байтақ ел.
Масыл деп, жатыпішер деп,
арамтамақ деп кіл жерлеп,
Бекті құл етпек болды иттер,

аяғын, қолын шідерлеп.
Сотталып кете барды ақын,
кіршіксіз жаны – арлы ақын.
Өткеннің сызы қалған соң,

сұрауға бүгін бар хақым:

– Архипелаг Гулагың

шығарды елдің тулағын.
Мерт болды сонда Мағжандар
Һәм талай аты шулы ақын.
Өткенді келсе барлағың,

мыңдарды жұтқан Қарлагың.
Тәлкекке түскен тағдырлар,
зарлағын, қане, зарлағын!
Бұлтара бермей айла- еппен

сөйлеші, төрем, жайлап, кең.
Миллион жұмыссыздарды
соттайсыңдар қай баппен?!

Дүрия дүние

ПЛЮСТЕР МЕН МИНУСТЕР

Болды да партия,
Ел іші жарылды.
Әуремін мен тыя
Дауың мен шарыңды.

Абай. 1898 ж.
Бәрің оң боп,
мен-ақ Теріс болайын,
келсін әбден ыңғайың мен қолайың.

Кете барсам теріс мініп есекке,
табысыңды көріп алдым толайым?!
Тындырғаның қыбыр іс пен жыбыр іс,
ирелеңдеп ысқырсаң да, ібіліс.

Анализге берсең салқын қаныңды:
+ + + + /4 +/ –
төрт плюсің – сифилис!
Тайқиды жұрт таяп кетсе тәнмерез,

қауіпті одан жаны сірі жанмерез.
Тұла бойы харам, былық боймерез,
былығырақ одан бірақ оймерез.
Көзге бірден түсіп тұрса тысмерез,

сұп-сұр болып сыр бермейді ішмерез!
Сенің пасық ойыңша бір іс біткен,
СЫРТТАН кетіп, бейіл қойдың ішкі итке.
өзегіңе құрт түскен соң бола ма:

+ + + + + /5 +/ –
бес плюсің – СПИД пе?!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Жиылып ап тоғыз плюс – тоңқылдақ,
бағытты да, бағдарды да оң қылмақ.
Шіңкілдек боп шіңкілдеп ем мен жалғыз, –

шыға келді солшылсың деп солқылдақ.
“Оң қанаттыларың” тың ба, қылқұртым,
оңдырды ма бір нәрсені кіл қыртың?..
Солшыл болсам тым сезімтал, тым кіді, –

тайсалмастан
шындықты айтып
шыңғырдым!
Көп плюсің белгісіндей сырқаттың:

/дәрігердің диагнозы тым қатты!/
Кәпірлердің моласында – сол таңба,
қара крест – фашистерге қымбатты.
Бәрің Плюс,

мен – Минус ем, ұнатпай,
түртпектеумен ығыстырдың шыдатпай.
Плюс – қара таңбасындай қарғыстың,
Минус – жүрегіме түскен сызаттай!

Дүрия дүние

КИЕТЕГІМ – АҚБУРА

Сұрамай-ақ тегімді тұрсың біліп,
Көңіліңе көнетоз кір сіңдіріп.
Қасаң сенің қағидаң, ескі ережең
Күрт сындырып тастады, күрсіндіріп.

Құтты орынға қонғалы «ылайық» қып,
Қутың-қутың етесің тыңайып тым.
Қызықпай-ақ қойдым мен өлексеңе, –
Көп құзғынның ішінде бидайықпын.

Жақсылықтың шыбығын егіп өтем,
Әділеттің барына сеніп өтем.
Мәдименен ұстасса туысқаны,
Меніменен қастасты тегі бөтен.

Құлы екенсің жел-сөздің, тек өсектің,
Жазықсыздан мені сен неге сөктің?
Тырыссаң да бағамды кемітпек боп,
Дарабозбын ішінде көп есектің!

Бастан бағым, тақымнан тағым кетіп,
Барғаным жоқ дәп саған шағым етіп.
Тәңір берген, иншалла, нәсібім бар,
Хақ жолына дөп келіп ақ ниетім.

Ойлағам жоқ басым мен бақтың қамын,
Ойлағам жоқ тақым мен тақтың қамын.
Қияметтен өтемін Кием қолдап, –
Көп жабының ішінде АҚБУРАМЫН!!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЕЛУ – ЕЛЕР БЕЛЕС ПЕ?

Елу деген – өлу деген сияқты.

Иран-Ғайып.
Елу деген келу ме жолортаға,
саған да, жас, осы "бақ" қонар, тоба!
Бақыттысың – арадай дамыл таппай,

бал жинап сен үлгірсең омартаға.
Жауға өкпелі біреулер, досқа өкпелі,
ойында жоқ тым ұзап көш кеткені.
Қиға қонып шыбынша шыбжыңдасаң,

жарты ғасыр ғұмырдың босқа өткені.
Жас ұқса да, жүре ме қартың ұқпай,
кеңге құлаш ұрғызған таршылық қай:
50 десе, сан көрем көзге қораш, –

0,5 литр жартылықтай.
Өтті өмірі талайдың жарты ішумен,
аяқталып әр кештің арты шумен.
Жарты ғасыр өтті ғой жанжал іздеп,

айтысумен жақ жаппай, тартысумен...
Елу – желу емес рас, айдан анық,
жортақтайсың өзіңше қайда лағып?
Қырық жаста қам жасап, қамба салып,

жүр бүгінде көп құрдас пайда тауып.
Елу – беру екені имандай шын,
берерімді берсем деп қиялдайсың.
Сол берерің жоқ болса – құр бос әуре,

“Беремін!” деп тыштаңдап

кімді алдайсың?!

Дүрия дүние
Елу – жеру екенін жасыра алман,
Қай кезде де қол бұлғар асыл арман.
Әр сұлуға ұрлана көз тастайсың,

отты жанар түйіссе жасып әрмән.
Елу – теру тірнектеп нәсібіңді,
үйде – тұрмыс, түзде күйттеу кәсібіңді.
Бар-жоғыңды төрт мүшел шашып келіп,

енді өзгерте қоймақсың рәсіміңді.
Елу десе еліріп, еңселеме,
ел ағасы сен десек, ел сене ме?
Елу – іштің желі мен көздің шелі,

еңсең түсіп, шау денең теңселе ме?
Алғырлық пен іскерлік арын сыйлар,
артық миың, кем десе, дарын сыйлар.
Жоқ дарынды тоққарын болдырмайды, –

артық қиың, көп болса, қарын сыйлар.
Елу – елер белес пе, кім айтады,
Қоштаған сөз көңілді тыңайтады.
Елер еңбек болмаса, елеу қиын, –

келемеж ғып кейбіреу сын айтады.
Орынды ғой мерейтой, болсаң лайық,
еленсе еңбек, шүкір деп жайраңдайық.
Елу бірақ өлу боп естілген соң, –

мәймөңкеге бармаған Иран-Ғайып!..
Елу – өлу дегенің әйбат қандай,
мысқыл бардай бұл сөзде, айбат бардай.
Елу – қанша дегенмен, – қызыл іңір,

ал Жиырма бес ағарып атқан таңдай.
Елу – көну, меніңше, кекселікке,
іштей бекіп жол бермеу көп желікке.
Елу – көну бұйырған жақсылыққа,

тәуба қылу қолда бар игілікке?!
7-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС

Қайғым менің жүзімнен
білінбейтін тәрізді,
Жазды көріп күзімнен
күлімдейді кәрі ізгі:

– Көңілдісің көктемдей, –

дейді маған қол қысып. –
Көркің жасыл бөктердей,
келіп қалдым жол түсіп.
Саған сәлем бергенде,

қаламын бір жасарып.
Жастық гүлін тергендей,
кетер сезім бас алып.
Кеудең толы қуатты үн,

бір серпілтіп тасташы,
Жастық шақтың – жәннаттың
әсем әнін басташы!
Тұрған кезде күрсініп,

«бүйткен тірлік құрсын!» деп,
Жақсы сөзден нұр сіңіп,
соғар жүрек дүрсілдеп…

Дүрия дүние

СОЛ БІР БОЗДАҚ…

Майданнан қайтпаған
қыршын ерлер рухына

– Сол бір боздақ… -

тылсым үн күбір етті,
Тұла бойды бір ызғар тітіретті.
Түн ішінде айтылған бұл өкініш,
Сондай суық һәм сондай құдыретті!

Жерден?
Көктен?
Боздаған үн келеді,
Түйе қомы салбырап түн келеді.

Ана қырдан көресің, мына қырдан,
Ботақанын іздеген мұңды енені.
Көкжиектен боздаған үн келеді,
Жаудыраған бота көз күн келеді.

Таңды таңға шаршаған ұластырып,
Көзін інген әзірде ілген еді…
Ботасы еді бір үйдің, бір ауылдың,
Кетті адасып ішінде сұр дауылдың.

Келеді үні боздаған қиян шеттен,
Түскеннен соң басына сұрапыл күн.
Аруана – Жер-Ана, батаң дарып,
Ақ нар болды кішкене ботақаның.

Атой салып аттанып ОТАН үшін,
Ана сүтін ақтады, ата қанын!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

СОЛ БІР БОЗДАҚ,

Әлемнен боздап өтті,
Адамзаттың жүрегін қозғап өтті.
Айтыңдаршы, оларды кім айтады:
Босқа келіп өмірге, босқа кетті?!

Он сегізде бөленген өрт-сезімге,
Өршілдігі ұқсайтын өр теңізге.
Түбіт мұрттай үп етіп жанып кетті,
Қалды артында отты іздер, өртең іздер!

Жыл думанды рәсуә, жыл базарлы,
Ұшқын тиіп лаулады жиырма-жалын!
Жыр мейрамы тосып тұр әлі күнге,
Әлі күнге тосып жүр құрбы ажарлы…

Жиырма жалын болса егер, отыз – оттын,
Ұрыстарға бастайтын полк, взводты.
Фашизмнің ордасын бұзды ақыры,

ОМЫРАУМЕН ОШАРЫП ЖАУ ДЗОТЫН!

Жасады да жауына өрт ошағын,
Әзірледі жендетке көр-тозағын.
Жиырмада еді, әттең, ол жыр жазатын,
Отызда еді, әттең, ол өрде озатын!..

Зұлымдықты үрейге бөлеп өтті,
Ізгілікті ән етті, өлең етті.
Алапатпен қан кеше арпалысып,
Бар дауыспен оқыды «Кереметті».

Бұла таңның өзіндей өндір еді,
Жүрегінің қалауы – ЕРЛІК еді.

Дүрия дүние

АЛАУ ҚАНҒА МАЛШЫНҒАН

КӨЙЛЕГІ ОНЫҢ –

ЖАЛАУЫ БОП ОТАННЫҢ ЖЕЛБІРЕДІ!

Поэзиям, ерлікті әспетте ерек,
Ер есімін өшпейтін қастерлеп өт.
Қыран сынды қияда мерт болды да,
ӘБДІРОВ боп

қалды олар,
ГАСТЕЛЛО боп!
Еш қылды олар Гитлердің «күресін» де,
Қақ бөлді олар свастика, кресін де.

Қиялидың тәрк етіп сандырағын, –
«Майн Камфты» тастады күресінге!
Қорқауларға дем берген «асқан текті»,
Адамзатқа Ницшелер бастан кекті.

Фашизнің сыпырып бет пердесін,
БАУБЕК сонда памфлет жазған лепті!
Тарихта олар қалды БРЕСТ ҚАМАЛЫ боп,
Полесьенің жап-жасыл жамалы боп.

Туған елдің тік ұшқан түтіні боп,
Туған жердің таңғы ескен самалы боп.
«ЖАС ГВАРДИЯ» боп қалды,

«ТАС ТҰҒЫР» боп,
Ұрпақтардың үлгі етер дәстүрі боп.
Он екіде бір гүлі ашылмаған,
Мәңгі бақи қалды олар

ЖАС ҒҰМЫР боп!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Елдің ОЛЕГ, ЗОЯДАЙ ұл-қызы көп,
Көктем сайын келеді жыл құсы боп!
Жарқырайды ӘЛИЯ, МӘНШҮК сынды,

Күншығыстың қос тана жұлдызы боп!
Тұлғасы асқақ, ал жүзі жарқын, керім,
Сол бір ерді көресің әр күн келіп:
Көтеріп тұр бүлдіршін неміс қызын,

АЗАТКЕР боп Трептов паркіндегі !
Бір минут үнсіздік.

Ұлын ана,

Ерін жары,

Әкесін бала

еске алып тұр…
… Мың минут үнсіздік…

Азаматын ауыл,

Ұрпағын әулет,

Шәкіртін мектеп

еске алып тұр…
… Миллион минут үнсіздік…

Батырын халық,

Сарбазын әскер,

Ұланын Отан

еске алып тұр…
… Миллиард минут үнсіздік…

Шәһитін елдер,

Құрбанын құрлықтар,

Қазасын Планета

еске алып тұр…

Дүрия дүние
… Жалқы минуттан
миллиард минутқа ұласқан
сарқылмас сағыныш-ай,

үзілмес үміт-ай,
арзымас арман-ай!..
Жау күлкісін әңгүдік күмір етті,
Ер өмірін мәңгілік ғұмыр етті!

Жау сүйегін үгітіп сұр күл етті,
Ел өңірін жайқалтып нұр гүл етті!

– Сол бір боздақ… –

Жер-Ана күбір етті,
Күн гүр етті тітіреп, гүл дір етті.
Мұңды күйге бөлейді дүниені
ЖАН АЗАСЫ – РЕКВИЕМ құдыретті…

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҰЛЫ ОҚҚАҒАР

– Билемесін ерікті кнопкалар! –

Қоңырау боп әлемде жүрек қағар.
Ешбір қару оққағар болған емес,

ПАРАСАТТЫ АҚЫЛ-ОЙ –

ҰЛЫ ОҚҚАҒАР!

* * *
Тәңірінің қай «дертіне» шалықтым,
Мылжың сөзден, езбе сөзден жалықтым.
Көк езулер ортасына түскенде, –

Сусыз жерде алас ұрған балықпын

Дүрия дүние

ҒАСЫРЫМНЫҢ ҚАТЕСІ – МЕНІҢ ҚАТЕМ

Безвременье вливало в нас водку.
В. Высоцкий.
Уайымды күлкіден басым етіп,
қарайламай барады ғасыр өтіп.

алмағайып дүние тағдырымен
астасады менің де қасіретім.
Жүрегіме зіл батпан жүк артқанда,
жан-жүйкемді қылдай ғып жұқартқанда,

Жұбата алмас ешкім де, ештеңе де,
көңіл кешін қуа алмас туар таң да.
Бәрін білмек болып ем Гильгамештей,
жансам деп ем маздап бір жылдам өшпей.

Өршеленбей кедергі кездескенде,
талабымды тәрк етіп қылғам ештей.
Кейде кешкен тірліктен шошынамын,
шалыс қадам бір өңкей, тосын адым.

Қоғам өзі дағдарып жатқан кезде
мен де қарап қалмадым – бошырадым.
Бейуақыттың зәһарын мелдектеген
балдай жұтып, ес қалмай елпектеп ем.

Ұят болды еңкейген қариядан,
ұят болды сәбиден еңбектеген.
Қырқа төмен жатыр-ау, белес төмен,
қайда менің Көктөбем елестеген.

Қарашығым тамыры теріс біткен –
теріс туған жұлдызым емес пе екен?..

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Туған жердің көргенде құба таңын,
өзімді өзім кейде бір жұбатамын.
Атаң қазақ “үмітсіз шайтан” деген,

Пырақ жылын мен дағы ұнатамын.
Әл әзірде дұрыс қан айналысым,
үзілген жоқ Әлеммен байланысым.
Беймаза ми бір тыным берер емес,

сырттай жайраң қаққанмен, майдан ішім.
Майдан ішім!
Ойларым қақтығыста,
шырғалаңнан жол іздеп нақты, қысқа.

Ақтық ұстам таусылып, асығамын
көптен қалған үйіліп қат жұмысқа.
Ғасыр асыл болмаса, ері – масыл,
иті ойнақтап, салмайды бөрің асыр.

Асырғанмен жақсысын, дәтің барып
қалай ғана жаманын жасырасың?!
Асып-тасып тұрғандай айбары шын,
шарт-шұрт болып қаламыз кейде ар үшін.

Айтып-айтпай не керек, бір ақиқат:
Бейуақыттың болмайды Бейбарысы!
Бейуақытқа бейбақ боп рас ұрындым,
күйкілігін көрсетіп тасыр ұлдың.

ҒАСЫРЫМНЫҢ ҚАТЕСІ –

МЕНІҢ ҚАТЕМ,

МЕНІҢ ҚАТЕМ –

ҚАТЕСІ ҒАСЫРЫМНЫҢ!!!

Дүрия дүние

ҚАСІРЕТ ЖАУЫНЫ

Қарқаралы қаралы…
Арқадағы дара жұрт,
арқаланған айбыным.
Тарқамады қара бұлт,

тарқамады қайғы-мұң.
Қарқаралы қаралы…
әлі күнге сыр берер
Полигонның зардабы:

ауру меңдеп, шерленер
аяулысы, ардағы…
Бірінші һәм екінші
ұрпақ өтсе қан қақсап,

үшінші ұрпақ, бекінші,
жүре ала ма жан сақтап?!..
Қарқаралы қаралы…
Жаңаарқа жаралы…

Қара құрдым ішіне
қапияда түстік пе?
Алашымның Аралы
аһ ұрады түстікте…

Аз ба көрген құқайы
атың өшкір Атомнан?!
Түгел мейман ұпайы,
жұбатқансып шатылған.

Жоқ деп айтқан зияны
Петрушенко, Цыб кеше.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Қазақтың қай қияны
зар шекпеді, түптесе…
Жоқ ұрыс та, атыс та,

жым-жырт жатыр жазығым.
Гәп бар бірақ Батыста –
азынайды Азғырым!
Момынға үйір қайдағы:

шын сор – ғарыш айлағы,
желбіреген үстінде
бөтен елдің байрағы.
Құтылып ек Атомнан,

төнді көктен «Протон».
Ықпас мейман датымнан,
жіби қоймас сірә тоң.
Жұлдыз жауса бір сәрі,

жауын жауса бір сәрі,
бұршақ жауса бір сәрі.
У жауғаны не сұмдық!
Дерт жауғаны не сұмдық!!

Шер жауғаны не сұмдық!!!
Самұрық кеп төбемнен
саңғығаны неткені:
бастан Бақыт кеткені,

бастан Бақтың кеткені,
қолдан билік кеткені!!!
Кепсіз емес гептилі,
тыныс жолы кептеліп,

бас ауырып, мәңгіріп,
мүскін болды ел шектеліп.

Дүрия дүние
Қазағымның көп екен
шолжыңы мен еркесі,
ел бастайтын жоқ екен

ай мүйізді Серкесі.
Қонақ билеп есірді,
жи, жамиғат, есіңді.
Оттау емес бостекі,

ТОҚТАМ керек кесімді!
Шошқа аунаған шалшықта –
Атомкөлде қала алмас,
өкпелетіп алдық па,

келмейді енді Қарлығаш?!
Қарқылдап бір қарға жүр,
түгесілді әл-қажыр.
Таусылмайтын бейнеті

қазақ – Сизиф дәл қазір.
Сарқылғандай күнім де –
үрей толы үнімде.
САРЖАЙЛАУЫМ кешегі –

ЗАР ЖАЙЛАУЫ бүгінде!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЗАМАН МЕН АДАМ

Адам қайғысы – заман қайғысы.
Халық мәтелі.
Заман илеп Адамды бүгілдірмек,
бір жылатып күніге, бір күлдірмек;

ит мінгізіп, ирек қамшылатып,
ерғашты ғып қайткенде түңілдірмек.
Түңілгенде пендеңе таяныш кім,
қолын қағар кім бар-ау жаналғыштың?

Қайда барсаң Қорқыттың көрі күткен –
аянышты қор халің, аянышты!
Күйің келмей, оңбаса үй тұрмысың,
қажисың рас тірліктен ит ырқылжың.

– Қандай қайла болмақ ? – деп

жөн сұрасаң,
мінберлерді босатпай би тұр мылжың.
Мен пәсейсем, ортаяр көңілде айдын,
мен жасысам, жоғалар өңімде айбын.

Адамыңның қайғысын заман қайтсін,
Заманыңның қайғысы – менің қайғым!

Дүрия дүние

ЖАД КІТАБЫ

Нұрмахан Оразбековке
Басынан қанша өткізді налалы шағын,
Жетті мезгілі, тауысты дала шыдамын.
Кешегі ұрпақ алданды, бүгінгі ұрпақ

Бейуақыттың сілкілеп қағады шаңын!
Әр әскеридің алдында – дала картасы,
Атамекеннің жылайды жаралы әр тасы.
Алатауымның желкесін қиғалы тұр-ау

«Уран байытқыш» өзінің Қарабалтасы?..
Деміккен дала төсінде аш арық бала –
Өз түтініне өзі тұр шашалып қала.
Қарауың мүмкін Арқаның табиғатына

Дәрменсіз жандай көзіңе жас алып қана.
Ғарыш айлағын жұрт кеше жамырап ашқан,
Зымырандардан тұр бүгін қақырап аспан.
Жер-дүниенің шыққанда астан-кестені,

Жез киіктерім шошынып шашыла қашқан.
Жүреді барға көңліміз қашанғы көншіп,
Немқұрайдылық иектеп, енжарлық өршіп ?
Аралдың сорын қайнатса мақта мен күріш,

Балқаштың бағын байлады жасанды көлшік.
Семей тағдырын қойғандай теліп апатқа,
Толықтай жауап жоқ әлі «жетім» талапқа.
Үдере көшіп бар халқы, атына сай боп,

Қалмасын түбі жұртында –

ЖЕТІ ПАЛАТКА!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Қомағай ковш… ашылды араны тағы,
Көмір тиеген составтар барады маңып.
Жауынгер сынды қансырап ыңырсып жатқан,

Қарды дәке ғып жатыр жер жараны таңып.
Жалғанда жалғыз туған жер – дара тұрағы,
Төл перзент қана ол үшін ара тұрады.
Жазылып жатыр түтінмен, шаңмен, күйемен

ХАЛЫҚ ЖАДЫНЫҢ қыртысты

ҚАРА КІТАБЫ…

Дүрия дүние

БЕКЗАДАЛАР МЕН ЖҰРЫНҚҰЛДАР

Иосиф Бродскийдің
қазақстандық сыңарларына
Қарай көрші жазғанның сұрын мына, –
«Мыңның қамын ойлаған бір сұңғыла».

Қопаң-қопаң етеді креслода, –
Өз орнында отыр ма жұрынқұл, ә?!
Жүгіреді жалбақтап жандайшабы,
Қуанады жанғандай маңдай шамы.

Қан жүгіріп сұп-суық денесіне,
Бойын билеп жөнелді қандай шабыт?!
Мақауы мен сақауы таңдай қағып,
Жарамсақтар қарайды аңдай қалып.

Кержалқаулар керіліп есінейді,
Ақша десе желпілдеп жалбағайы.
Қалт-құлт етіп бергендей қалтасынан,
Жан кетеді мұп-мұздай жамбасынан.

Теңге есептеп тентіреп есі кетіп,
Іліп-шалып пұл жинар жан басынан.
Кісіақысын жегенде қоңая ма,
Қызыл қанға екі ұрты бояла ма?

Бойға құт па сезбестен алған соғым,
Жылымқұрттың көңілі тоғая ма?
Ермек болды оларға өлең деген,
«Ақын» болып әрқайсы көлеңдеген.

Әулекісі дәулеті шалқығандай,
Әуре болып мырзасып өңмеңдеген.
8-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Серісініп, сергексіп алқашың да,
Құртын құрттап, езеді малтасын да.
Елден ішіп қалуды өнер санап,

Көк тиыны болмайды қалтасында.
Алағызып, қызынып айтып тақпақ,
Шатты-бұтты әрнені тантып шатпақ.
Ел қамы мен тіл қамын ойлаған боп,

Тойып алып сыраға шалқып жатпақ.
Әр кез дайын қолақы, жолақысы,
Дәріптеліп мәз болар олақ ісі.
Есерсоқтар болмаса елірмелеу,

Біртоғаның келмейді жолағысы.
Сән-салтанат бергендей көріктілік,
Өте шығар көлбеңдеп көлік мініп.
Қатал басшы болғансып мезгіл-мезгіл,

Қосшыларын алады бөріктіріп.
Орнын ойып алған соң бекзаданың,
Қызық көрмек, тартсын ба текке азабын.

ТЕНТІРЕСЕ ТЕКТІ ЖАН

ЖОЛ ТАБА АЛМАЙ,

ТЕКСІЗ КӨРМЕК МАНСАПТЫҢ

КӨП ҒАЖАБЫН.

Дүрия дүние

ГИПЕРТОНИЯ

Отырғанын қарашы ұйып қаным,
Дамылдағым келеді, ұйықтағым.
Киік-сағым қуатын қайран жастық,
Тұйықтамын мен бүгін, тұйықтамын.

Оңбасымды білгенмін әлдеқашан,
Шифр таппай өмір сейфін дәлдеп ашар.
Жақсыны да, жаманды да көріп жүріп,
Ойладым ба болам деп мен де нашар.

Кеше бала ем… есейіп қалыппын-ау,
Жылдар маған алайда налып тұр-ау?!..
Өйтпей қайтсін, шамалы бітіргенім,
Басым мең-зең… шала есті қалып мынау.

Жерлеуді қой өзіңді, жетер… жетер,
Тірлік деген бал ма екен, шекер ме екен!?
Талпынысы таусылған пенде ме едің,
Бекер келіп өмірге, бекер кетер?..

Сəбит БЕКСЕЙІТ

СЕН САНАМНЫҢ СЫҢАРЫ ЕҢ

Бауырым Сәкенге
Шынында да,
адамға көп керек пе?..
Келер нәсіп мысқалдап, төкпелеп те.

Жарық жалған болған соң, оған сірә,
керегі жоқ ренжіп те, өкпелеп те.

– Қайтеді оны, – деуші едің марқұм інім,

ештеңенің елемей нарқы–құнын.
29 ақпанға сыйып тұр-ау,
өзіңді-өзің іздеген бар ғұмырың.
29 қыс көрдің, көктем емес,

саған күннің мол нұрын төккені – елес.
Жетсе адамның түбіне жетер, бәлкім,
көппен егес немесе Көкпен егес!
29 рет қана қар бастың да,

оңаша қап ажалмен арбастың да,
көз көрмеске жөнеліп кете бардың,
Жаналғыштың жалына жармастың да.
Үстімде – Көк, қара жер бар астымда,

жайраң қақтым жаhанмен жарастым да.
Сәуірде мен тәуір боп тұрмын міне,
ал сен қалдың ақпанда, қар астында.
Табанымда – қара жер, төбемде – Көк,

Сәуір айын бар айдан көрем бөлек.
Төремдейін күтер ем, келмедің ғой,
құт-қонағым, болды ма төтен себеп?

Дүрия дүние
Түгесілмей қалды ғой көп әңгіме,
біз отырған көктеді көгал, міне.
Бас қоспаймыз енді біз ешқашан да,

жан сырласым, ыстық сәт жоқ мәңгіге.
Көз жазып қап санамның сыңарынан,
тоғай-көңіл айрылды шынарынан.
Қара бұлтты мың мәрте қуса да Күн,

арылмадым мұң-қайғы мұнарынан.
Сағынады сыңарын саяқ санам,
Кешір, кейде рухыңды оятса ағаң.
Нысаналап Егіздер шоқжұлдызын,

күттім саған сапарлар сағатты алдан.
Сұңқар жан ең жаралған самғау үшін, –
Тәңір ала бере ме таңдаулысын?..
О дүниеден шақырсам бұ дүниеге, –

жандалбаса жетер ме жан дауысым!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ӨЛІМ

О дүние жоқ екенін білгелі,
жұрт секілді ойсыз-қамсыз күлмедім,
уайымның баттым түпсіз көліне,
ой-санамнан шықпай қойды күнде өлім.

Бала кезден уайымшыл боп ер жеттім,
сыртым күліп, ішім жылап шер шектім.
Ілгері оздым дей алам ба осымен,
сезіп тұрып, біліп тұрып кер кеттім.

Қайтейін мен өйтпегенде, жаным-ау,
мүмкін емес сұм өлімді танымау.
Қара жердің енгенімше қойнына,
берген шығар Тәңір маған саңылау.

Сұм өлімге қарсы тұрар әл қайда,
оны үркітпес зәрені алар айғай да.
Ақиқат деп өмірді емес, өлімді
мойындаған данышпан да, даңғой да!

Дүрия дүние

ӘЛЕМНІҢ КЕРЕМЕТІ

Біле білсең, түк емес жорға мінген,
біле білсең, түк емес "Волга" мінген.
Менің үшін Әлемнің кереметі –
түспей жүрген кітаптар қолға мүлдем!

Көк теңіздің көргем жоқ кең кемерін,
мен көрмесем, достым-ау, сен не көрдің?
Әлди-әлди әндей бір алыстағы –
"Әлде-әлде" кітабы Кьеркегордің.

Жетті әйтеуір Джойстың "Улиссі" асыл,
Көрдім орыс тілінде гүл қиссасын.
Арабшасын жырғауда Мысыр елі,
енді бір күн көреміз зұлысшасын.

Кітап сүю дерті де жұқпалы ма,
бола ма осал Пушкинді ұққан ұлан?
О, кітаптар – Әлемнің кереметі,
сендер менің қолыма түспейсіңдер,

мен сендердің түспеймін ықпалыңа...

Сəбит БЕКСЕЙІТ

АЛПАУЫТ АЛЫП САТАРЛАР

Ертелі-кеш базарда барын сатар,
қанар қабын арқалап алыпсатар.
Ит тірлігін олардың көрген Күн де
ұясына жалығып талып батар.

Мейлі, сатсын, сол болса – күнкөрісі.
жылжып кетсе жақсы ғой ілгері ісі.
Қорқатыным – алпауыт, шоң саудагер –
Алып Сатар қалыңдау тым терісі.

Жай саудагер біреуден алып сатар,
шақ сауда сол – ет сатар, балық сатар.
Алып Сатар саудасы – Ірі бизнес,
ойланбастан, керексе, Халық сатар.

Селт етпестен сатты олар Тіл мен Ділді,
зообаққа сатқандай піл мен зілді.
Әттең, қолы қысқалау, көңілшек деп
сатар еді көктегі күлген Күнді.

Сатқан кеше сынақтар полигонын,
ойламастан ағайын көші-қонын.
Зар илеген қалың ел отыр бүгін,
болжай алмай ертеңін, оңы-солын.

Сатқан кеше ғарыштың айлағын да,
желбіретіп Ресейдің байрағын да.
Арман болды аспанға алақтамай,
алаңдамай күн кешу байтағымда.

Дүрия дүние
Қаруды да сатты олар, ұшақты да,
ата мұра – алдаспан, пышақты да.
Аруды да арсыздар сатқан талай,

қиып сонша ып-ыстық құшақты да.
Құрышты да сатты олар, металды да,
елге тимей пайдасы, бет алдына.
Талай состав жөнеді қияндарға,

қуып оны кеденшің жете алды ма?
Ұртын майлап сатты олар уранды да,
ұмытып қап антты да, ұранды да.
Не аллаға сенбейді, не аруаққа,

пайда түссе сатады ’’Құранды’’ да.
Ұнайды екен бұларға ’’Фунай’’ мына,
міз бақпастан сатты олар мұнайды да.
Әттең, күшке ие емес құдыретті,

сатар еді ұстап ап Құдайды да.
Ел байлығы деп бірде қиналды ма,
алтынды да сатты олар, титанды да.
Тау да оларға түк емес, теңіз, көл де,

сахра түгіл, сатады жиһанды да!
Ақ маржанды сатты олар, ақ бидайды,
тер қинамас диқанды, бап қинайды.
Құмға сіңген судай боп есіл байлық

рәсуә боп, байлар ма бақ-талайды?
Мақта бұлдап сатам деп сатты Аралды,
Мырзашөлді сатты олар, Мақтааралды.
Терістік пен түстікте, шығыста да

көп жеріңді ың-шыңсыз жаттар алды.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Алып Сатар сатады анасын да,
жан-жарын да, керексе баласын да.
Қорықпайды құдайдан, сатар бір күн

ата-баба көзіндей даласын да.
Ар-ұяты, иманы жоқ жанында,
азаматтық намысы жоқ қанында,
Жерін сатқан бұл қулар күні ертеңдер

сатқын болып,
сатады Отанын да!

Дүрия дүние

ҚАЛЫҢ ЖҰРТ АҚЫЛҒА КЕНДЕ МЕ?

Қазақ неге қазақшыл емес?
Бұл жалпы қазаққа айтылған сөз емес, қазаққа
ақылшы боламын деп топ алдына жүгіре-жүгіре
шығып жүргендерге қаратып айтылған сөз.

(’’Қазақ әдебиеті’’ газетінен)
Зәру ме қазағың ақылға,
тілі бай өрнекті нақылға.
Кенде боп көрмеген данаға,

кенде боп көрмеген ақынға.
Зәрін ұқ, мейлің сен кәрін ұқ,
ақылшы көбейді. Бәрі – нық.
Қос ғасыр ’’ұлы’’ орыс ағаның

ақыл-кеңесіне жарыдық.
Ордамызды бұзып ордаңдап,
алдық басымызға сор таңдап.
Ата салт, туған тіл тәрк болып,

адырам қалдық қой қорбаңдап.
Айбалта орны боп шошала,
бошала, аңқау ел, бошала.
Әзәзіл кірме жүр тіл безеп,

Хан Кене жұртынан өш ала!..
Қазағым өзгеден кем неге, –
қалың жұрт ақылға кенде ме?
Ақылды тыңдағыш болса шын,

бір Абай жетпей ме пендеңе?!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Бұлбұлың сайраса, тұр, қашпа,
ынтықпа сақау сандуғашқа.
Тілі бір болғанмен, діл басқа,

жүзі бір болғанмен, жыр басқа.
Беу, қазақ киіз туырлықты,
сан ұлың ашуға булықты.
Өзгенің ноянын қайтпексің,

өзіңнен шықпас па бір мықты?!

Дүрия дүние

ЗАМАНСАРАПТАМА

Үкілі үмітпен оянбақ адам таң ата,
Күн бүгін шығардай ізгі бір хабар тарата.
Бөлме ішінде кезіп жүр бозамық сәуле,
Үстел үстінде – өміршең «Махабхарата».

Көне үндінің осы бір өлмес кітабы, –
Тап бір адамзат жадының сөнбес шырағы.
Неткен керемет!
Қалайша дәл келіп отыр

Бүгінгі таңда
Айтылған көп болжамдары?!
Ғасырлар асып, қыранша шырқап самғата,
Кешеден келдің

Бүгінге, «Махабхарата».
Әр жайды аңдата
Абызша сөйлеп отырсың,
Заманаларды саралап, талғап, толғата...

Судыр қаққанда әр парақ – сыр ақтарылар,
Біздің бүгінгі заманжай анық танылар.
Аң-таңмын... – өзіме етене жайттар,
Гөй-гөйлеп айтса тізбелеп, халық қамығар.

«Кедейшілікке ұшырап рухы биіктер,
Ұсқынсыз болып көрінер ұлы, сүйікті ер.
Байлыққа бөгіп күнәһар, кілең қылмыскер,
Өрде озып солар, тұрады ылғи күтіп төр.

Құрдымға кетіп әділдік, туы жығылып,
Аққа жақ болмай, шарасыз тұр ел булығып.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Заңсыздық етек жайып ап, құрып салтанат,
Әділет ығып,
Әбілет салды қиғылық.

Зар илетумен атқан соң сарыала таңы,
Қу кедейшілік қайткенде тұралатады.
Рухани кенен тұлғалар ғұмыры келте
Өмірзаядай тым ерте солып жатады...

Түйені жұтып түгімен, тоймай асайтын,
Жұтса да қанша, қақалып бір шашалмайтын,
Байлық қызығын көреді жарық жалғанда
Ақымақтар мен ашкөздер ұзақ жасайтын.

Кеще де болса, ажалсыз тажал Кащейдей,
Қашан да болса талдаңдай басар тасы өрлей.
Ел сиқы кетіп, болса да өңкей бір қиқым,
Масайрап жүрер,

марқайып жатар Хас Ердей.
Ақылды-есті айналды түгел қорқаққа,
«Ләббай-тақсырлап» жалпаңға үйір, жортаққа.
Үрейге бойын жеңдіріп алып көп мұндар,

Қалай түскенін білмей де қалды тор-қапқа.
Ұрлық пен қарлық,
Жемқорлық қоғамды жайлап,
Тоналды ел-жұрт тұттай боп, тоналды байтақ.

Қалт-құлт етіп күн кешсе қалың ел жарлы,
Дүниеқоңыз пенделер қоңданды жайнап.

Дүрия дүние
Қара деп ақты айтқан соң, ақ деп қараны,
Төтеп береді қай елдің өрен-жараны?!
Сенім атаулы жоғалып әбден тынған соң,

Қатыгездіктің ашылар тәбет-араны...»
Осылай дейді үндінің көне жазбасы,
Бұған теңесер қай елдің көмбе қазбасы?
Арғы да бергі дәуірге болжал айтады, –

Тап бір пәрменді замана сараптамасы.
Болжамың дұрыс,
Дәл шықты «Махабхарата»,
Санда ғана емес, болсын де адам санатта.

Адасқан ел-жұрт оң-солын тани алмаса,
«Махабхарата»,
Абыз боп Заман сарапта!
23.03.08 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

САРАЙ АҚЫНЫ

(Қаламдас досым А.Ж.Жанғожинге)
Қайшы келмей үкімет шешіміне,
құлақ аспай бұқара кесіміне,
мадақ етер қолында билік барды,

құлдық ұрып кеңсенің ресіміне.
Жорғалата жортақтар жай адыммен,
әр қимылмен дегендей «зиялың – мен».
Зайыбына: «Бәленгүл Түгеновна», –

деп, тіл қатар соншама биязы үнмен.
Әміршіге көрсетіп инабатын,
әспеттейді сыйы мен сияпатын.
Көрмейді елдің қиямет ит тірлігін,

сыр бермейді көрсе де шын михнатын.
Ауа райы секілді ашық, тымық,
жайлы жатып күн сайын, жақсы тұрып,
Көрген емес бірде бір қателесіп,

жөн-жосығы орнықты, мақсұты нық.
Қателеспес әрине сайтан ғана,
отырғам жоқ сондықтан жай таңғала.
Жымысқылық, сиқалық – бар болмысы,

бола қалсын әйтпесе қайдан дана?!
Мемcыйлықтан дәмелі көптен бері,
желпінеді соққандай көктем желі.
Өзгерткені болмаса мұқабасын,

сол баяғы жинағы – бөктергені.

Дүрия дүние
Жиілетіп барар жер – ел ордасы,
саңылауды іздейді берер нәсіп.
Сөйтіп, сарай ақыны сайран салып,

жалпағынан жалғанды келер басып...
Ақындарда сирек-ау талайлы жан,
жайраңдата бермеген арайлы таң.
Ұлы Пушкин дворян болса дағы,

таппады опа патшаның сарайынан.
Біздің қулар тұрса да соны біліп,
сарай көрсе ентелеп жүр ұмтылып.
Өлермендей өңмеңдеп өршеленер,

қарап тұрсаң ісіне – бір сілімтік!
Құриды ақын тілінен бал таматын,
жырлап өтсе сарайлар салтанатын.
Тек аярлар шындықты көрмейтұғын,

тек қорқақтар шындықтан жалтаратын!
Сонда лашық мүддесін қорғайды кім?
Көптің қамын ойласаң – орнайды мұң.
Аманында Ай, Күннің ойрандалса

Шаңырақ пен Бақайым – сорлайды мың.
Ортасына түсіріп шаңырақты,
талай үйді көк жаға қаңыратты.
Торуылдап лашықты бақай есеп,

баспанасыз қандасты аңыратты!
Осы ма еді азат боп көксегенім,
осы ма еді өркені өскен елім?!
Қолдан жасап алып ап бай-бағланды,

енді бүгін ісінен сескенемін.
9-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Мен сондықтан сарайдан безінемін,
қадамым шалт екенін сезінемін.
Еске түссе бұқара мұң-мұқтажы,

егілемін, бордай боп езілемін.
Айтар сөз жоқ, ал, сарай ақынына,
ақыл қосып бермеспін ақылына.
Байлық қосып беретін байлығына,

бара берсін қол жайып жақынына!
11.05.08 ж.

Дүрия дүние

БАЯҒЫ ЖАППАС СОЛ ЖАППАС

Ғасырда тұрған не бар.
Баяғы Жаппас сол Жаппас.
Жайшылықта ауыз жаппас,
тойда ауыз ашпас.

Қай ғасырда болса да,
мейлі өткен, мейлі келер, мейлі осы,
өзгермейді кержалқаудың бейнесі.
Туса туар, шаруасы оның шамалы,

қазақтың бір Мағжаны,
немістің бір Гейнесі.
Жылда да тұрған не бар.
Баяғы Жаппас сол Жаппас.

Ұйқыдан бір бас алмайтын саппас,
ішіп алса – жатпас.
Қай жыл есік қақса да,
мейлі өткен, мейлі келер, мейлі бұл,

сескенбейді, сестенбейді бейпіл ұл.
Таусылмайды еріншектің ертеңі,
бүгін барсаң ертең дер,
ертең барсаң – ұялмай

бүрсігүні дейді қырт...
19.07.99 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҚАЗАҚ ЕЛІН ҚИМАЙТЫН КЕДЕЙШІЛІК

Сенен безе қоймас ем, Кедейшілік,
Алыс жолға төзбеді кемең шіріп.
Тастай қаштым сұлбаңды шұрық тесік,
Ақ шаңқан бір лайнерді керексініп.

Баяғыша ығар ел соққан желден,
Ойнамайды аш бала тоқ баламен.
Байдәулет пен Бейдәулет егеседі,
Жерді даулап су тегін жатқа берген.

Ашты көрсе қалар тоқ кереңсініп,
Шалшық көрген тоғандай тереңсініп.
Кеше ғана ортаңда болып едім,
Бүгін міне отырмын бөтенсініп.

Саған қарсы күресем, Кедейшілік,
Жек көремін тылсымды сендей былық.
Жайлаған соң аштық пен жалаңаштық,
Жұтатқан-ау Тәңірім шөлдей қылып!

Әр заманның кедейі әр алуан,
Ал жоқшылық қашанда – қара тұман.
Қарманумен келеді қанша ғасыр,
Талшық іздеп сабылған жаман-жұман.

Сұлтанмахмұт «Кедейі» оқымаған,
Нарық, салық ілімін тоқымаған.
Сауаты бар ал менің кедейімнің,
Сонда да ісі мандымай тоқыраған.

Дүрия дүние
Оның себеп-салдары шырмауықтай,
Салып қойған мойынға зіл қамыттай.
Жең ұшынан жалғасқан ұрлық-қарлық, –

Үдеріске бөгет боп, тұр дамытпай.
«Бас-басына би болған өңкей қиқым»,
Пай-пай шіркін, қарай гөр «дөкей» сиқын!?
Бұзған шырқын ел-жұрттың, қағанаттың, –

Кілең жемқор халқына өгей құзғын!
Сорып жатқан ел қанын нендей сүлік,
Тояр емес, тұмсығын дендей сұғып?!
Ұзақ қыстап қалған бір жұт қонақтай,

Қазақ елін қимайтын Кедейшілік ...

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ӨТІРІК ПЕН ШЫНДЫҚ

Сексендегі сергек қарт, ақын Гете,
серілік пен сейілге жақын өте.
Уыз қызға ғашық боп бір көргеннен,
сүйді, күйді, шіркін-ай, есі кете.

Бөгет болмай егде жас махаббатқа,
ғашықтық дерт ие етпей бар тағатқа,
ор болса да алпыс жыл арадағы,
жүректерді бөледі шапағатқа.

Ақиқаттан тәтті аңыз бас алыпты,
оқыған жан көзіне жас алыпты.
Ульрика қыз хас сұлу болғаннан соң,
жыр да сонша сұлу боп қашалыпты.

Өрілмесе өмірден жыр өрнегі,
сарқып беріп сезімін жүрер ме еді.
Жауһар жырға айналып бар шындығы,
ұмытылды қайғырып түнергені.

Өмірі мен өлеңі астаспаған,
жүрек қылын ақын көп тап баспаған.
Өтірікті шындай ғып сапырып кеп,
ауру әйелін ару дер саппас надан.

Қандай сұрқай, жексұрын сонда шындық,
талғамыңды бұзады ондай сұмдық.
Атаған жөн әрнені өз атымен,
солай айта білгенді қолдап тындық.

Дүрия дүние
Қағылады әлі де жаһан шаңы,
қарама-қайшылықтар – заман заңы.
Шайпау қатын ененің шашын жұлған –

лирикаң не, сатира ’’қаһарманы’’!
Сұлу көрсем нұрлы жүз, мінезі әйбат,
айтпайтынын білемін бір сөз ғайбат.
Сәлемінен бір жасап қаларың рас, –

тал бойында жарасқан сыр мен сымбат.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҒАСЫРЛАСТАРЫМ

Өздерің куә болдыңдар,

ҒАСЫРЛАСТАРЫМ,

Аласапыран заманның жаздым дастанын.
Көлгірсу жалған мүлдем жат табиғатыма, –
Жан-жүрегімнің бар сырын жайып тастадым.
Көкейден кетпес кешегі қатыбас халің,

Адасып қалың тұманда дабырласқаның.
Түлкі заманнан алданып, соққы көрсе де,
Жақсыдан үміт үзбеген

ТАҒДЫРЛАСТАРЫМ.

Сырлы бір сұхбат құрайық,

ЖАНСЫРЛАСТАРЫМ,

Сілкілеп шаңын, көңілдің жаңғырт аспанын.
Заманды қазақ жасайтын мезгіл туғандай,
Жасампаздыққа әзір тұр алғыр жастарым.
Кетісердей боп кектенсем – жақындасқаным,

Шымбайға тисем шындық деп – ақыл

қосқаным.
Қозғалған көшің көлікті, көрікті болсын,
Алдыңда – керім Келешек,

АСЫЛ ДОСТАРЫМ!

Нұр кешу

Ғасырға сырды ағыттым,
Қанатын қомдап шабыттың.
Ордалы ойдан іздедім
Ұясын бақтың, бақыттың.

Дүрия дүние

МЕНІҢ ОЛЖАСЫМ

... КӨКЕ,

сен дегенде үнім сергек,
әумесердің тастаймын тілін күрмеп.
Ізет етпей өзіңе кетіп барам,
қызықтаумен ғасырдың күнін дүрмек...

Несі көсем жүрмесе көпке әмірі,
сені мәңгі қолдасын КӨК ТӘҢІРІ!
Ақылмансың ТОНЫКӨК бабам сынды,
КҮЛТЕГІНДЕЙ алғырсың – бек тәуірі.

Ақ бас таулар жадымда, шандоз дала –
Көктеп өтер кеңістік жампоз ғана.
Жаңылмасын
Зәузаттық жадым менің,

ата тегін білген ер әр кез дана.
Түседі еске сен десем өткен-кеткен,
(сүйетұғын маусымым КӨКтем деп пе ең?..)
Сол көктемің, көкем-ау, кетті-ау өтіп,

ТҰРАНЫҢА күз келді (көркем неткен?!..)
Есейетін кез келді алашыңа,
(ұшырамай замана наласына).
Ырың-жырың күнұзақ дауға салмай,

қона ма бақ қазақтың даласына?!..
Ұяласа көңілге сәтке шуақ,
Мәз-мейрам боп қаламын "әп" деп қунап.
Танымасам қайтемін бейбақ болып,

танығаным өзіңді – дәтке қуат!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Бүкіл кенен ТҮРКІнің дүниесі
абыз санар тиер деп жыр киесі.
Үйлесімнен түзілген тұла бойы,

сендік әлем бейне бір КҮН жүйесі.
Сен – Күн,
ал мен – айналған бір ғарағың,*
шуағыңмен толтырам жыр парағын.

Қияндағы ынтызар Плутондай
нұр мен жырға ұмтылып зыр қағамын...
АЗИЯТАНУ деймін мен “АЗ и Я” шын,
сенше сүйсін ұландар ӘЗ ҰЯсын.

"МЫҢ БІР СӨЗІҢ" –

ПАРАСАТ СӨЗДІГІ боп,
адамзаттың толтырсын қазынасын!
________
* ғарақ - планета (көне түрікше)

Дүрия дүние

АЙ МҮЙІЗДІ АҚ СЕРКЕ

Мейрамында күн мен нұрдың,
Мейрамында гүл мен жырдың,
Мейрамында тіл мен ділдің –
Қозы-лақтай жамырасып,

Шын шаттанып күлген жұртым!
Ақ серкеміз қой бастасын,
Ақын жігіт той бастасын.
Ақ боз атты ару қыз бен

Көк боз атты сері жігіт
Топ алдында ойқастасын...
Шопан атаң қорғай гөрсін,
Қызыр атаң қолдай гөрсін.

Қой жылына – құтты қадам,
Оң сапар! – деп, қалың елім
Ақ тілегін жолдай берсін!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ӨМІРДІҢ СӘНІ – АЛТЫН ДӘН

(Диқан монологі)
Көңілім менің аспанмен заңғар таласқан,
Қаншама дастан іздерім жатыр – Ар асқақ.
Төсінде қырдың қалқиды қызыл кемелер,

Теңіздей толқып егістік әйбат жарасқан!
Асығам тұсқа аспан мен дала астасқан,
Көз тігем шыңға, қыранмын көкпен достасқан.
Шыңдарға сонау қанатты қағып келемін,

Биіктер мендік!
Жан емен әсте бос тасқан.
Жасығым жайсаң,
Кестелі төбем,

Шөп шүйгін,
Аймағым асыл,
Егінді бітік көп сүйгін.
Көкмайса дала, көркіңе көзім тоймайды,

Өзіңді сірә таусылмас ырзық деп түйдім.
Түгесіп келем жазықты мынау өрлетіп,
Түсіріп келем дестелеп әсем өрнекті.
Із қалып жатыр ақ көбік толқын секілді,

Із қалып жатыр артымда менің көрнекті.
Туған жер, сенің жаңбырың болып жарқылдап,
Суардым сені,
Масақтар шыққа малшынған.

Нөсерлі жаным!
Маңдайдан аққан тамшы тер
Топырағыңда із болып жатыр... алтын дән.
Өмірдің әні,

Өмірдің сәні,
Өмірдің мәні – Алтын дән!

Дүрия дүние

ҚҰТТОЛҒАУ

Дала... Диқан... Дән...
Ұлы үндестік осы бір
Орын тепкен жиһаннан!
Жаңбырлы жаз,

жарқын жаз, бол қонағым,
Жыр мазалап мен бүгін толғанамын.
Аспан-саба құятын нөсер-сусын,
Дарқан дала мейірі мол қанатын.

Далама бір қарашы, қандай керім!
Әсем көрік бермей тұр таңдайға ерік.
Жазирамнан көремін сіңген әбден
Егіншінің төгілген маңдай терін.

Жайсаң жігіт,
жомарт жан – жыр-дастаным,
Жарқылдаған кезіңде жолғасқанмын.
Шеру тартып барасың шабындықта,

Шағылып күнмен шалғың – алдаспаның.
Жүзің төсеп шілденің аптабына,
Жанқиярлық көрсеттің шақта мына.
Бүгін сені болады жыр етуге,

Бүгін сені болады мақтауыма.
Алтын орақ – жалын шағың, отты күнің,
Мәрт жандар, орындадың сертті бүгін!
Алтын дән – құт,

береке,
молшылығым,
Дәулет көзін тапқаның – тектілігің.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Алтын дән – бастауы бұл бар табыстың,
Алтын дән – жалауы бұл ар-намыстың.
Құт қамбаға

маржан дән құйылған шақ –
Мәресі бұл толағай арналы істің!

Дүрия дүние

ОЙ-АТОМДАР, САНАМДЫ

ОЯТЫҢДАР!

Мысль! Великое дело!
Что же и составляет величие
человека, как не мысль!
А. С. Пушкин.

Ми – реактор,
Отыны оның – Ой-атом,
әлсін-әлсін ұшқын атып қоятын.
Сол жойқын күш жүрегіме қозғау сап,

жібереді сезімімді оятып!
Ұлы істермен жасалады ұлы өмір,
дүрсілдейді генератор-Жүрегім.
Кеуде-залды кернеп Шабыт-кернеуім,

Сезім-қуат

төкпелейді

Жыр-өнім… *** Өте алдым ба сені, өмірім, ән қылып, Өте алдың ба сен де жұртты таң қылып? Отыз төртте тартармысың көмескі, Жиырма төрттің жазына тән сән қылық? Қас қағым сәт болсын деп ем мәңгілік, Бақилыққа қалсам деп ем жаңғырып! Кешегі күн қайталанып бүгін боп, Пәнилікпен өткен көп күн мәңгіріп… 10-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ *** Бұл өмірге келген жоқпын мен текке, Отты жүрек жанбай жатып сөнбек пе?! Дарынсыздық дәрменсізге дарыса, Талант деген тиесілі тентекке… Күндеріме өкінбеймін тез өткен, Күйкі тірлік күйбеңдерін сөз етпен. Пенделіктен пісіп шықса пәс кеуде, Өршіл өрен өскіндейді өжеттен! *** Өмір сүрем пенделерге бас ұрмай, Мұқалмаймын алмас сынды асылдай. Тас лақтыра берсін бүгін тасадан, Жоқ етемін ертең бәрін жасындай. Ұлылардан үйренгенмін төзімге, Жеңдірмеймін өзімді әлсіз сезімге. Қиналамын жетпеді-ау деп әйтсе де, Жақсы сөзім замандасқа кезінде. *** Жылай берсін жылағысы келгендер, Жасық жігер жүйкелерін жеңгендер. Жылай берсін көңілдерін бұлт басып, Жазы жетпей, көктемінде семгендер. Жақсы көре тұрсам дағы мұңды өзім, Жыламаймын, шыланбасын нұр сезім. Жылағанды ренжіп тұрып аяймын, Жастан тұнған көрінбейді күн көзі.

Дүрия дүние *** Өткен күнді күнтізбеден іздемен, Өкінішпен өтер сәттер жүздеген. Мойындаймын – өзімде ғой әлсіздік, Мені бұзған шарап демен, қыз демен… Шарап өзін іш деген жоқ мөлтеңдеп, Қыз да өзін сүй деген жоқ көлбеңдеп. Өзім іштім, өзім сүйдім алжасып, Қу құлқын мен ақмақ басты шөл дендеп. *** Аққуыңды атқан жоқпын, Жұлған жоқпын гүліңді. Ақ зер әлем, менің үшін Әсем айың бұлыңғыр. Неге? – дейсің…

Өзім білем.
Мерген ғой кіл, епті ғой кіл
Жат көздер мен жат қолдар.
Аққу көктен құлап түсті,

Гүл де жерден жұлынды…
Неге? – дейсің…

Өзім білем. *** Ескі жылдың соңғы бетін ысырдым, ұштың… кеттің… құсым дүр. Сені енді тек естеліктен іздермін, келіп еді-ау келер күнге ұшырғым!..

Сəбит БЕКСЕЙІТ Келгем сені ертеңіме ұшырғым, кешегі күн сынап көріп күшіңді. Бақилықты зая қылған аяусыз бұл фәнидің қаттылығын түсіндім… *** Басқа түскен бейнеттен мойымадым, Болар бәлкім көнбістік бойыма мін. Жолыма егер тосқауыл қойылса да, Бөгет жасай алады ойыма кім? Нәсібіне мелдектеп тоятын бар, Тірлігі ұнап өлеңін қоятын бар. Бойкүйездеп егер сәл қалғып кетсем, Ой-атомдар, Санамды оятыңдар!

Дүрия дүние

ПАЛЕСТИНА: ЖЫР МЕН ЖЕБЕ

Поэзияға керегі жақтаушылар емес,
шын сүйетіндер.
Ф.Г. Лорка.
Қала алмаймын томаға тұйықталып,

Һәм ұйықтай алмаймын ұйып қаным.
Адамзаттың бөлісем мұң-наласын,
“Интернационал” – ең сүйікті әнім!
Думан қалды жайына, жиын қалды,

Көзім талды демеймін, миым талды.
Құрлықтарды кеземін қиялыммен,
Кешем бастан әйбат хал, қиын халді.
Бір жасаса, жасайды тіл ғажапты,

Соны біліп ақындар жыр қашапты.
Дүниенің көтерем саулығы үшін –
Жеңіл шарап емес тек, зіл азапты.
Тумысынан КҮРЕСКЕ құштар ақын,

Сын-сынақта жарқылдар күш-таланты.
Шыңдалады шайқаста сөз семсері,
Жыр жебесі ұрыста ұшталады!
Кеудем де ашық Әлемге, жүрегім де,

Аппақ менің ниетім, тілегім де.
Тура Айдай аңқылдап сыр ақтарсам,
Тура Күндей жарқылдап күле білгем.
Өйткені мен

Әлемнің жанарымын,
Гүл жамалын аймалар самалымын.
Мен –

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Әлемнің тілімін, құлағымын,
Мен –
Әлемнің жанашыр саналы ұлы.

Тұйықталғым келмейді, тұйықталғым,
Дауыл халді аңсаймын, құйын халді.
Ел қайғысы жүрегін езгілеген
Мен сол

Араб ақынын сүйіп қалдым.
Қарсы аламын деп едім күліп таңды,
Қуаныштың қақпасы құлыпталды.
Жанып кетті тағы бір аяулы ақын, –

Мұң мұнары жанарда тұнып қалды…
Аққу-қаздар қайтады өз көліне,
Туған көл деп тамшы жас көзге іліне.
Өз жұртына қайтуда киік, құлан,–

Білесің сен мұны да, өзгені де…
Туған жерге қайтар ма сенің елің,
Бақыт әнін айтар ма сенің елің?
Бұдан былай ол жәйлі біле алмайсың,

Сеніп едің сен бірақ, сеніп едің…
Босқан елің, панасыз Палестина,
Сені жоқтап жылаған ер естияр.
Жел үнінен ызыңдап, азынаған

Ән ести ме, жоқ әлде зар ести ме?
Муин Бсису, болғайсың сен де бақыл,
Уақыт қанша қақса да жел-қанатын,
Қамыменен қарақан қу басының

“Мен” деп емес,
өледі ЕЛ деп ақын!

Дүрия дүние МЕДЕТ Кім білмейді өмірдің қысқалығын, Жоқ сөзіңде ой қозғар мысқал ұғым. Жарық күнге өзгені жетелейтін, Қайда, ақыным, сендегі нұсқа қылық? Қысқа өмірді қысқарта түс дейсің бе, Келер күннен үмітті үз дейсің бе? Көктеміңмен дәйімі қоштасасың, Көңілімнің қалауы күз дейсің де. Қайта айналып келмейтін Жиырма бесті, Келеді аппақ таңдармен жырлап өскім. Дүр сілкінтіп өтейін күрсінгенді, Жыр жазғанша ойларды ұрлап ескі! Көктем келсе – әрдайым гүл атайын, Жасыл бақты жаз келсе ұнатайын. Тарту етіп күз келсе жемісімді, Түңілгенді қуантып жылатайын. Қысқалығын өмірдің қазбаламай, Ғұмыры ұзақ жырларын жазған Абай. Көп жасаған пенделер бықсығанда, Аз жасаған ақынның маздағаны-ай!.. *** Ғасыр – өткел, өткен одан ұлы Абай, өтсем шіркін мен де содан құламай?!.. Демесе екен ұландарым тұл әке, демесе екен бауырларым тұл ағай. (30.05.79 ж.)

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ПАЙЫМ

– Сендердікі осы не жүз һәм не ру? –

деп тұрғандай Джавахарлал Неру.

– Береке жоқ не жүзде бұл, не руда, –

деп тұрғандай ақын Пабло Неруда.

ШЕШІНЕ МЕ, ШЕШІНБЕЙ МЕ?..

(Заманға пародия)
... Күнің туды,
Ал ақын
Тізгініңді үз,

Ала қаш!
Шешін, қатын,
Көрдің бе?
Еркіндік те жалаңаш!

(О.Сүлейменов. ’’Жанар
менен анарға ақын елді
қаратқан’’).
... Шешінбе?

Шешінбе, әйел!
Есің кірсін!
Сені еркек тек түсінде
кешіп жүрсін …

(С.Ақсұңқарұлы.
’’Лондон.
Шешінбе, әйел!’’)
’’Шешін!’’ десе Олжас күндей күркіреп,

Сайқал саспас, хас перизат үркімек.
’’Шешінбе!’’ деп шыр-шыр етіп Серік жүр,
Қарап тұрып қыстығамын күлкі кеп.
Көңіл пәс қой, болмаған соң иін көк,

’’Киін’’ десең, киінетін киім жоқ.
’’Шешін’’ десең, батарея тұр мұздап,
Кетті қазір жағдай тіптен қиын боп.
Десек тағы ’’тізгініңді үз, ала қаш’’,

Әйел біткен онсыз дағы жалаңаш.
Шешіне ме, шешінбей ме – бәрібір,
Сұлулыққа сүйсіне ме адам аш?!
07.03.92 ж.

Дүрия дүние

СОЛЖЕНИЦЫН,

ЖЕР ИЕСІ СЕН БЕ ЕДІҢ ?

Тұғыр сөздер сүйретіліп зорға жүр,
Серке сөзге ілес қазір, Жорға жыр!
Өтіріктің нөпіріне бөгет боп,
Төтеп берер керек бізге мол қажыр.

Көнбеу үшін мазағына жазмыштың,
Өлмеу үшін у тілінен жазғыштың,
Ағытылып жөнел бүгін, сөз селі,
Ағытылып жөнел бүгін, тасқын-жыр!

Деп жүр едік: "Бұл да бір ел көсемі",
"Теке сақал ерек бітіп өседі".
Сөйткен саппас аржағынан мұхиттың:
Сақстанды "Зэкстан" деп бөседі.

Зэк-пайғамбар көз алартып жеріме,
Қожасынып қарап отыр еліре.
Отын оттап, суын сулап ол кеше,
Бүгін келіп шер қосады шеріме.

Атамекен, куә саған көкте Күн!
Сені бүгін теліп алып теп-тегін,
Үй иесін келген қонақ басынып, –
"Зэк елі" емес, Кек елі боп кетпегін?!

Ит жатады тойған жерін өңгеріп,
Елді қайтсін, тумаған соң ер болып?
Монарх-сымақ Солженицын жайғасып,
Торт бөлгендей отыр сырттан жер бөліп!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Орал жақты казактарға бөледі,
Сібір жақты тыңгерлерге бөледі.
“Қарлагтарды” зэктеріне береді,

Тоңмойынша, соған қазақ көнеді.
Түлкі бұлтақ саясатың – бір тылсым,
Сана-сезім серпілсін де, сілкінсін!
Тыңгерлер ме, тыңшылар ма қаптаған,

Казактар ма, кәззаптар ма – кім білсін?
Сыр тартқандай сары албасты сайтаннан,
Халықтарды жауықтырмақ шайпау жан.
Көк сүңгісін қақ бөлетін кәпірдің,

Өткір сөзім, алмас жырым – айбалтам!
Кәрлі жүзбен зәр төгеді жұртыма,
Қан толтырып екі бірдей ұртына.
Тамырына балта шауып Достықтың,

Көнбес ЕЛІМ қаңғыбастың ырқына?!
Ежелгі Русь – көршісі Ұлы даламның,
Жылнамасын жазған талай қаламның.
Сарытауым Саратов боп кетсе де, –

Ол да кеше қонған жұрты бабамның.
Қонақ келсе – қазан асып, шай демдеп,
Көрпе төсеп: "Төрге шық!"- деп бәйек боп,
Салмайтұғын есігіне құлып та,

Қазағыма айтылады қай өкпе?
Ұлықтарың салғызды ма шекара,
Ортақ деді, ашық деді екі ара.
Аярлардың "доспыз" деген сөзіне

Алдандың-ау, аңқау халқым, бекер, ә?

Дүрия дүние
Жүзеге аспас деп білемін ой харам,
Ата жаудың шабуылын тойтарам.
Қызыл сөзге дес бермеген қазағым, –

Уды умен, оқты оқпен қайтарам!
Сөйле, ШЫНДЫҚ , тосылмастан бір сөйле,
Сабалақ ит тілімізді күрмей ме?
Сұңғыласып сұңқылдамай жат жерде,

Жақсы болса... Ресейінде жүрмей ме?
Басқыншылық қара күш пе сенгенің,
Ен байлыққа толмады ма шеңгелің?
Қазақ жерін тастайтұғын бөлшектеп,

Ей, қаскүнем, жер иесі сен бе едің?!
P.S. ’’… ақын Сәбит Бексейітовтің ’’Солженицын,
жер иесі сен бе едің?’’ деген өлеңі оқырмандарға
зор әсер қалдырыпты. Аудандық кен-техникалық

инспекциясының қызметкері Оңдасын Серіков: –
Солженицынның ұлттық намысқа тиер тұжырымын
тас-талқан еткен Сәбиттің өлеңі көзге жас келтірді,

– деді.’’ (Журналист С. Алпысовтың Абай қаласындағы

’’Орталық
Қазақстан’’
газетінің
оқырмандарымен

кездесуден жазған мақаласынан. N 241, 19.10.90 ж.)

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТҰТАС БОЛ, ТУҒАН ЖЕР!

Жаса сен мәңгі,
Жаса сен мәңгі, Туған жер!
Өзіңде туып,
Өзіңде жүріп қуанды ел.

Өзіңде өнген жұртыңды тума жатсынба,
Сені де Ел мәңгі тастамауға буған бел.
Тұтас бол мәңгі,
Туған жер –

АТАМЕКЕНІМ,

Ешқашан болмас екі рет туу, екі өлім:
Өзіңде тудым,
өзіңде өлем жалқы рет,
Аман бол мәңгі,

Балқашым,
Лепсім,
Текелім!
Аман бол мәңгі,

Алатау,
Алтай,
Сарыарқам,
Туған жер барда, тынысым кеңіп, тарар қан.

Өлермін өлсем, өшермін өшсем мен ғана,
Өлмейтін шығар,өшпейтін шығар ақ арман!
Өлмейтін шығар ақ алмас халқым – қазағым,
Тартудай тартқан жарық жалғанның азабын.

Өшпейтін шығар бабалар жағып кеткен от,
Өшпейді жырым, әйтпесе неге жазамын?!

Дүрия дүние
Өлмейтін шығар момақан халқым, әз елім,
Қонақжай халқым, кеңпейіл халқым, аз елім.
Өшпейтін шығар ніл көкте Күнім, Жұлдызым,

Жадырар мәңгі, жайраңдар мәңгі жаз-елім.
Жігерлен, жұртым,
Жігерлен, достым, бауырым,
Көрдік қой талай заманалардың дауылын.

Аман боп далаң, аман боп теңіз,тауларың,
Басыңнан бақыт кетпесін Баянауылым!
Ғасырлар бойы келгенмін қорғап, күзетіп,
Аман бол, арма,

Ерейментауым,
Сілетім!
Кеудеме сыймай тағы да жүрек бұлқынды,
Жетпіс тоғызда қалған ед байғұс дір етіп…

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТАҢДАУ

Жұмыр жерді кезсең де алмай тыным,
Атамекен, атажұрт – таңдайтының.
Қырда туды бұлбұл боп сайрайтын қыз,
Қырда туды қыран боп самғайтын ұл.

Қорқытпай ма қорықтың аңдары кеп,
Үркітпей ме қарулы жандары кеп?
Таңданамыз: япыр-ау, қу даланы
Қызыл қаздар қалайша таңдады деп.

Кім-кімге де бабамның даласы – ұя,
Құла сыя жарасқан, ала сыя.
Қызыл қаздар таңдаса Теңіз көлін,
Таңдағаны қазақтың – АЛАШИЯ!

Дүрия дүние

ІЗГІ СЕНІМ

Жұлдыздар да жанады да, сөнеді,
Ұлылар да туады да, өледі.
Көп ойланам несіне мен сондықтан,
Табиғаттың бар заңына көнемін.

Көтеремін бұл жалғанның азабын,
Көтеремін тарқаса ерте базарым.
Көнемін мен кетсе қазір ажарым,
Көнемін мен жетсе қазір ажалым!

Мойындаймын Париж, Бомбей, Меккенің
Өзгенікі, бөтендікі екенін.
Тек жаттікі болмасына сенемін

МЕНІҢ АТАМЕКЕНІМ!!!

Шамалаймын зіл салмағын қазаның,
Зұлыстар да, үндістер де азалы.
Тек қаза боп кетпесіне сенемін

МЕНІҢ ХАЛҚЫМ – ҚАЗАҒЫМ!!!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

КИЕЛІ ҰЯ

Жырұйығым,
Жырстаным – Поэзиям,
Қасиетті мекенім, киелі ұям!
Менің сені қимасым айдан анық,

Кімге қиям мен сені, неге қиям?!
Неге қиям мен сені, кімге қиям,
Санаймысың мені әлде ұл деп ұяң!?
Өзегіңді өйткенше жұлып бер де, –

Өшкенінше кеудемде
өлең, күй, ән!
Қанат қағар қияға қиял құсым,
Жұдырықтай жүрекке жияр күшім.

Сенсіз тани алмас ем Ғаламды да,
Сені мият тұтып мен – зиялы шын.
Бетім саған қараған, Поэзия,
Құбыламсың,

Меккемсің – киелі ұя!
Құдыретті сөздерді айтсам деймін,
Зерделерге нәп-нәзік әуез құя…

Дүрия дүние

ӘЗІЛ-ЭТЮД

Тауысып тағатты
тағы бір таң атты,
сыртылдап сыпайы
со қалпы сағат тұр.

Ерте не кеш демей
соғып тұр сес төге,
қалыпты ырғағын,
бұза алмай ештеңе,

Емес ол еріншек,
емес ол көңілшек;
сағат та, құдай-ау,
адамнан өміршең?!

11-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ДЕМЕУ ЖЫРЫ

Сәулелі сәуір... сүрлеумен
жападан жалғыз келемін.
Күмбірге толы жыр-кеудем,
күбірлеп желге не дедің?

Ауырдым, дедің құс келе,
қайрылып құстар келгенде.
Кірмейді кейде түске не,
кейпімді көрдім шерменде.

Құс келе, дедің, ауырдым,
жарымжан болдым қырық күн.
Арқасы, шүкір, сабырдың,
тамырым бекіп тұрыппын.

Тәуірмін, дедің, жазылдым,
келгенше көктем келесі.
Асау ем кеше, басылдым,
айықты дерттің елесі.

Жазылдым, дедің, тәуірмін,
Іңкәрмін жарық жалғанға.
Үнімін ұшқыр дәуірдің,
дұрыстап құлақ салғанға.

Бауырым, дедің, әттең-ай,
Көрмеді мына заманды.
Арманда кеткен Сәкен-ай,
дүние түлеп, жаңарды.

Дүрия дүние
Әттең-ай, дедің, бауырым,
Сәтті осы күтіп зарыққан.
Жолының қара ауырын,

қапаста қатты тарыққан.
Сәулелі сәуір... сүрлеумен
неге мен жалғыз келемін?
Күмбірге толы жыр-кеудем,

түңіліп кетем демегін!..

Сəбит БЕКСЕЙІТ

КҮНКӨРІС

Бар болса егер сүйеушің мен қолдаушың,
Дәулетің де, нәсібің де молдау шын.
Баста – бағың, тақымыңда – тағың бар,
Қимылың шалт, ісің мығым, зор даусың.

Отызыңда орда бұзып жайраңдап,
Қырыққа кеп қамал алып сайрандап,
Еркін басып жалпағынан жалғанды,
Серкесініп жүресің сен тайраңдап.

Жақсы менен жайсаңға әзір дәм-асың,
Жақын-жуық, дос-жаранға панасың.
Көк шалғынның ортасында дарақсың,
Көп малғұнның ортасында «данасың».

Ентелесе, саласың сен қыл бұрау,
Сөзден қалып, жолдан қалып ел жүр-ау.
Сен сөйлейсің аузың сасық болса да,
Сен – көсемсің, сен – шешенсің, сен – жырау.

Бейшарасың, болмаса бір демеушің,
Мүсәпірсің, болмаса бір жебеушің.
Жақсы болар күні сирек халіңнің,
Мезі етесің болып алып бебеушіл.

Қалт-құлт етіп қалтқысындай қармақтың,
Қорек емес, ауа қармап зар қақтың.
Ісің зая, талпынысың тәрк болып,
Ертелі-кеш тістейсің кеп бармақты.

Дүрия дүние
Көзге ілмейді, мейлің жүкті өңгеріс,
Әміршіңмен мейлің барып жүз көріс.
Көрген күнің күн емес қой, о бейбақ,

Тірлігің де, мақсатың да – КҮНКӨРІС.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

АЙ, ЗАМАН-АЙ, ЗАМАН-АЙ…

Ай, заман-ай, заман-ай,
Түсті мынау тұман-ай,
Істің бәрі күмән-ай…

Бұқар жырау.
Басы – бүлік,
Соңы – дау, бұл не дәуір?
Ел болдырды жете алмай күнге тәуір.

“Капиталды” ден қойып түсінбеген
шәкіртіңе шикілеу… күлме, Мавр*.
Күлме, Мавр,
Тап МұнДа** күнде дабыр,

кімге рахат бұл жағдай, кімге жәбір.
Күлтөбенің басында күнде кеңес,
басы – бүлік, соңы – дау, бұл не дәуір?
Бұл не ғасыр бітпейтін шырғалаңы,

соған тобыр көндіккен – бір ғажабы.
Жұрт жалықпас Жүз жылдық жаңылудан, –
талшық іздеп күні-түн зыр қағады.
Дөп келмеп пе біздерге сұрқай қоғам,

әлде қоғам таппап па ыңғайлы адам.
Айтыңдаршы, сорақы осыншама, –
ақыл-ойға сыймайтын

БҰЛ ҚАЙ ЗАМАН:

___________
* Марксті жақындары осылай атаған.

** ТМД.

Дүрия дүние
Жоспарлары бесжылдық белестерден,
ой-арманы қияли елестерден;
“көсемдері” ауысып кезең сайын, –

кеңкелесі кемелсіп кеңес берген?!..
Бұл не заман Құдайдан безіндірген,
ар-иманға біржола көз ілдірген?
Хақ жолына түсе ме күнәһарлар,

ой күйеден арылмай, сезім кірден?!..
Парықсызға жол берген бұл не заман,
перизатсып бәлденді күң де жаман.
Мырзасынып, паңсынып құл-құтаның,

“өрістетті” көп істі мүлде харам.
Заңкөйсініп жөн айтса зәнталағы,
аузын ашып аңқау жұрт анталады.
Қызыл көрсе қызығып, қызынатын

жәдігөйдің көздері қанталады.
Қызғаныштан ішіне құса-мұң кеп,
Тәңір саған несібе қиса – күндеп,
қарғыс атқан кешегі сталинист –

ИУДА жүр көз алдап ИСАМЫН деп!
Жынды адамның түсіндей бұл не ғұмыр,
күндіз күбір тынбайды, түнде күбір.
Еркек өсек айтатын заман туды,

жыбыр-жыбыр етеді қыл мен қыбыр.
Тұлпармын деп шабады шабан дөнен,
тау болудан ежелден дәмелі дөң.
Құбақанша құбылған замананың

пенделері – ішмерез хамелеон!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Тәркі тірлік.
… Таң атса, күн батады,
шерменде-жан іңірде тіл қатады.

Жүзің күліп тұрса да күн жарықта,
сыртқа шықпай ішіңде мұң жатады.
Білем, жақсы ғасырдың табылмасын,
мен түгілі таппаған бабын Қасым.

Замананың көндігіп илеуіне,
семсерім тек қиына шабылмасын!
Бәлкім біреу “ғасырым – асылым” дер,
енді біреу “заманым – нәсібім” дер,

тағы біреу “қимайтын дәуренім” дер,
“салтанатым” дер дүбірге асық үндер.
Көз ашқалы көргенім – “өтпелі” күн,
Ай, заман-ай, заман-ай, өкпелімін…

Заман десем,
бейнесі тұрар алда
Айға қарап ұлыған Көк бөрінің!
Діңкелетіп, қажытып, әлсіретіп,

сырттап кетіп барады ғасыр өтіп…
Мәңгілікке өзіммен ала кетер
Бар құпиям:

ҒАСЫРЫМ – ҚАСІРЕТІМ.

Дүрия дүние ҒАСЫР ФОРМУЛАСЫ: Х + Х = ? ХХ. Сүйсінген ем ҒАСЫРДЫҢ ТАҢБАСЫНА. Сан миллион жетердей жан басына, ризығы – Нан тұратын 20 тиын, сенген ел де осыдан танбасына. Шыққандай боп ширығып дөң басына, қондырылды белгі осы бомбасына. Тауқымет боп төбеден төнді бәрі – кім кінәлі осынша оңбасына?! ХХ. Аллюр* қос крест, деген-ді Олжас абыз, дуалы ауыз айтқан сөз болмас аңыз. Әйелдердің жынысын белгілейтін ҚОС ХРОМОСОМ екен бұл, қолдасаңыз. Символға осы ауып бар ықыласың, акушердей сергексің, тұрғыласым. Түйткілдерден босана алмай жүрген АМАЗОНКА ҒАСЫРЫ – жүкті ғасыр! -хх-хх-хх-хх-хх-хх-хх-хх-хх-хх-хх-ххТІКЕНЕК СЫМ тәрізді ел қамаған, тың теңеуден тайсалма, серме, қалам! “Қаззэкстанда”, Қарлагта тудық біздер, кеуделерді кернейді шер мен нала! Арысыңды жоқ қылған Жүйе, міне, зар ғып қойды ақыры сүйегіне – ғасыр мен сым таңбасын ұқсатамын Кремль қабырғасының жиегіне.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

... ХХ..... ХХ..... ХХ..... ХХ..... ХХ…

Ашынғаннан жасалар мүмкін ерлік,
жау жағадан алғанда – іркілер кім?
Піл сияқты өңкиген танкілерге
бөгет жасап шеп құрған "КІРПІЛЕР" бұл!

Баррикада құрлығы – "Кеңес елі",
қарулы мен қарусыз егеседі.
Алматы мен Бакуде, Тбилисиде...
Еркіндіктің кезген бұл елесі еді.

Х + Х = ?

Икс қосу Икс не болады?
Милы бастар – ойлардың дода алаңы.
ҚОС БЕЛГІСІЗДІК тұр екен нені меңзеп:
тумас тағы замана зобалаңы?!

Өгіз өлер хал мынау, арба сынар,
шарпысулар күніге, арбасулар.
Сәуегейлер жиылып, көріпкелдер,
бітер демес осымен адасулар.

Десек егер:
х1 – өткен жылдар,
х2 – қалған жылдар,
қосса екеуін не болмақ нәтижесі?

Кім болады күні ертең СӘТ иесі?
Қарапайым есепті көлбеңдетіп,
отыр деме несіне Сәбит есіп.
92 + 8 = 100...

Пайыз ба, әлде қарыз ба – ал сол 100 не?
Күн туа ма кіретін қан-сөл жүзге.

– Әл бол бізге! – деп айтып, жылдан жылға

аламыз ба дилана Дән мол күзде?..

Дүрия дүние
Замананың теңдеуін кім шешеді?
Басы қатып ғалымдар күн кешеді,
елбасылар зыр қағып тыным таппай,

білгірлермен сәт сайын тілдеседі.
Ақталсын де маңдай тер, табан ақың,
көрсетпе де мезгілдің жаманатын.
ЗАМАНАҚЫР болмас деп сенемін мен,

өз есебін шығарса ЗАМАНАҚЫЛ!
___________
* аллюр – сәйгүліктің әдемі желісі,
бұл жерде “әйбат” деген мағынада.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҒАСЫРКЕШУ

Бастау
Во всем мне хочется дойти
До самой сути.
В работе, в поисках пути,

В сердечной смуте.
Б. Пастернак
Бала боп, жігіт боп гүл кештім,
армансыз жиырма жыл кештім.

Сарқылмас сиқырлы сыр кештім,
ақын боп, жырау боп жыр кештім.
Азамат ер болып күн кештім,
күн кештім аянбай, түн кештім.

От кештім азат ой үшін мен,
су кештім, керексе құм кештім.
Елу жыл жалықпай мұң кештім,
жүз кештім басымнан, мың кештім.

Ой кештім тылсымды тұңғиық,
зар заман көшіне ілестім.
Елу жыл ішінде шер көшті
тұтастай ғасырды мен кештім.

Запыран зар-мұңды осындай
кешпесін, деп тіле, енді ешкім.
Жүз жасаған дана шалдаймын,
ғасырдың әр сәтін талдаймын.

Сырттай – азулы арландаймын,
іштей – ашулы көкжалдаймын.

Дүрия дүние
Жүз жасадым көп көргеніммен,
ой елегінен өткізгеніммен.
Тұла бойыммен түйсінгеніммен,

жан-жүрегіммен сезгеніммен;
Сөнгенімнің тұтанғанымен,
Өшкенімнің күрт жанғанымен,
Өлгенімнің тірілгенімен,

Арыстардың оралғанымен!
Жүз жасадым бар әулетіммен,
бұйырған шағын дәулетіммен.
Әулетім құрайды ғасырды,

Жаратқан ием құдіретімен.
Ғасырмен құрдаспын қаныммен,
атадан жалғасқан жаныммен.
Көп оқып, тоқығандарыммен,

тайсалмас тарихи таныммен.
Парасат пен парыз
Важным шагом ХХ в. было отпадение
от Логоса, от идеи мирового порядка.

К. Ясперс
Ғасырым шоқтықты, асқарлы,
Бексейіт күйімен* басталды.
Қыдекем жазып шежіресін,

мен бүгін қашадым дастанды.
____________
* Немере ағам ақын Мақсұт Байсейітов білуші еді,
Кино үйінде (сірә Мәскеуде) жазбасы бар деп еді, оның

әкесі Ыбырай тамаша домбырашы болған, сол кісі Ұлы
әкемнің күйін келістіріп тартқан екен.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Түргенде құлақты сазына,
айтқандай заманға базына.
Мирасқор елгезек болмаса,

жоғалар сан асыл қазына...
Мына бір “мәрттікке” таңым бар:
дәуірге мін тақпас залымдар.
Жұп-жуас, монтаны жыр жазып,

тоғайған көңілмен дамылдар.
Тегінде тоқ пен аш ойнамас,
екеуі біркелкі ойламас.
Жайланған, екі ұрты майланған

шындыққа тереңдеп бойламас.
Аулақ сап бойды ерсі істен,
ойды аршып қияс-терістен,
өркениетті бағамдауды

үйренгем Карл Ясперстен.**
Қашанда шаруа зар шеккен,
тоз-тоз боп үстінде сар шекпен.
Олардың бейнетін көргенде,

наркомың немене, Нар шөккен!
Сол түйткіл тапқан жоқ шешімін,
апырай, қара жер иесі кім?
Енді түзеуге келесің бе,

ей, Ауылым – алтын бесігім?!
____________
** ХХ ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі.

Дүрия дүние
Өткенім – ақ таңдақ, қара дақ,
бүгінім – тірелген жарқабақ.
Төрелік еткен соң тарихқа,

сизифше көр жүкті арқалап.
Ойларға батқанда тұңғиық,
отырам жанарға мұң құйып.
Тылсым сыр мен баққан тым терең,

пайымдар Парасат тым биік.
Есімді мен қалай жиямын,
ғаламға қалайша сыямын?!
Қалайша өксікті басамын,

көз жасын қалай мен тыямын?!
Ақиқат пен аңыз
Наши с вами анкеты начинаются
одинаково: 1917 год.

И. Сельвинский
Сіз үшін бұл керемет аңыз,
ұқпай қойсам, ғафу ет, абыз.
Апырай, бірдей басталмайды,

сіз бен біздің анкетамыз.
Не шара тағдырдың ісіне,
тым жиі кіргендей түсіне,
орала береді қарт ақын

17-ші жылдың күзіне.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Шашбауын көтеріп Кеңестің,
Сельвинский жолдас, қателестің.
Шын білсең, сол жылы басталды

ғұмырнамасы кеңкелестің.
Төңкеріс бекер-ақ мақталды,
жетпіс жыл ұрандап жақ талды.
Қарғыс атқан күзде бар ұлттың

тарихнамасы аяқталды.
Сөнгендей болды да жалқын күн,
орнады даламда салқын түн.
Ұжымшар – тасталған бомбадай –

бірлігін бұзды ғой халқымның.
Қашақ қып қызылдар қашырған,
Қазағым тарыдай шашылған.
Отанын жоғалтып амалсыз,

өтенін тапты Шын-Машыннан.
Қиялап қиядан, тау-тастан,
асып кетті Иран, Ауғанстан.
Тұрағын тауып шөл, шөлейттен,

маңғұлмен, шүршітпен туысқан.
Көргем жоқ ой-сезім зиянын,
қиянға шырқайды қиялым.
Отамалы 37-де

оталды бар тектім – зиялым.

Дүрия дүние
Балқан тау һәм талқандау
Большая война начинается
от маленькой глупости на Балканах.

Бисмарк
Бар талқан Балқаннан басталған,
сан бомба қарт тауға тасталған.
Ұшқыннан жалын лаулайтыны

Бисмарк сөзімен расталған.
Қос бірдей дүние жүзілік
соғыстар тұр, міне, тізіліп.
Тарихы – қап-қалың көк томдар,

жарылуға шақ тұр ісініп.
Өтті ұрыстар кескілескен,
екі жақ беріспей тірескен.
Көрінбей кетті Еуразия

айқұлақ бейіт пен крестен.
Жеңістің жалауы желбіреп,
сарбаздар қатары селдіреп,
45-те елге қайтқанда,

қарсы алды жүректер елжіреп.
Сол жылы, мамырда алайда
сұм соғыс біткен жоқ қалайда.
49-да жалғасты ол...

Абайдың елінде, абайла!
Қылған соң жын, шайтан, пері ұя,
қағынды Қызыл империя.
12-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Тағдырын қалың ел – қазақтың
шешті бір нақұрыс Берия.
Атағын аспанға шырқатып,

полигон сомдады Курчатов.
Залалы көгімді сөгілтті,
Елім мен Жерімді жусатып.
Пір тұтып сұм тажал Атомды,

сан залым жұбатып шатылды.
Мың жылдық қасірет – ыдырау
тұздай ғып құртпақ зәузатыңды.
Зымыран ұшыру бір басқа,

зымиян ой бүгу бір басқа.
Адамзат тағдырын шешпек боп
сан мәрте жиылды кіл қасқа.
Орнаса санаңа түн-түнек,

ол Атом лаңынан күштірек.
Табиғат, Әл-ауқат және Рух –
гүрс етіп құлады үш тірек!
Ер болу оңай ма езгіде,

ар-намыс ширатар езді де.
Оянды қазақтың өрені,
Еркіндік елесі кезді де.
Айбарлы Алаштың ұланы

секілді Барыстың аланы.
Ата жауға атылғанына
куә елімнің шоң алаңы!

Дүрия дүние
Алан да Барыс боп ер жетер,
жөн жоқ қой мияулап кер кетер.
Енді бір отыз жыл ішінде

асыл арманына Ел жетер.
Келеді сонда бір Хақназар,
халқының бақытын бақ санар.
Қырық жыл береке, құт қонып,

заман да, адам да жақсарар.
Бойдағы үрейді жеңе біл,
ойдағы күмәнді жеңе біл,
сәуегейге сенгің келмесе,

Елбасына шындап сене біл.
Түйін
... ХХ. Аллюр два креста. Этим
знаком амазонок обозначен век.

О. Сулейменов
Гүл кештім, күн кештім, мұң кештім,
су кештім, от кештім, құм кештім.
Құрайды осынау мол кешу

ҒАСЫРКЕШУІМДІ мың көшті!
Көр ғажап Ғасыркешуімді,
Көр әйбат теңделген жүгімді.
Сен – кенен де кемел Кешесің,

жас Бүгін саған кеп жүгінді.
Көш кетіп барады кешеге,
бейнетті жол кешіп нешеме.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Тар жол да, сан тайғақ кешу де –
біздерге бұйырған пешене.
Көш ұзап барады мәңгіге,

салқар көш сәнді де, мәнді де.
Орны бар, төрі бар тиесі,
ғасыр бұл күшті де, әлді де.
Сен, Ғасыр, менің Өткелімсің,

қимай қоштасар өткенімсің.
Амазонка ару – ғасырым,
сен өте сұлусың, керімсің!
Кеудемсоққа бас ұра алмадым,

кеуде соғып алас ұра алмадым.
Жақсыңды асырып баққанмен,
жаманыңды жасыра алмадым.
Қарғайын десем – жалғызымсың,

қарғамасам – жалмауызымсың.
Маңдайға біткен Тағдырымсың,
масштабын үлкейткен ІЗІМСІҢ!
Адам кейпінде сен әкемсің,

жүзін көрмеген ұлы әкемсің.
Көз қимас құрбы-құрдасымсың,
арманда кеткен інім – Сәкенсің.
Сұмпайы сұмдықты көз көрді,

кешуді сұрайтын кез келді.
Ғаламда бір кешу барлығын
заман да, адам да сезген-ді.

Дүрия дүние
Сен жаққа мойнымды бұрармын,
көкейде сауалдар тұрар мың.
Сұрарсың сен дағы кешуді,

мен дағы кешуді сұрармын.
Қаймықпай ешнәрсе, ешкімнен,
алапат ғасырды кештім мен.
Зұлматпен бетпе-бет келдім мен,

тасқыннан аман қап, көшкіннен.
Тайсалмай кісәпір кескіннен,
ғасырдың жұмбағын шештім мен.
Егерде жыршыңды кешсең сен,

сені де, Аяулым, кештім мен!
сәуір, 1999.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖӨН … ЖӨН … ЖӨН …

Кешкіғұрым жиылып, дейді қарттар сөз бастап:
Жөн… жөн… жөн…

Шақылдайды жанасып,

Соғылса егер тасқа тас.

Жақындайды жарасып,

Жолықса егер жасқа жас.

… Жөн… жөн… жөн…
Күлсе сұлу қиылып, сен де, жігіт, күле сал,
Гүлің мүмкін ол сенің, дүниеден үлес ал.
Елігіңді үркітпей, қолқа салсаң еппенен,

Елің-жұртың дер сосын “міне сері, міне сал!”
Дүниеге қос та үлес, тиесілі үлес ал.
Көсіп қойып сақалын, дейді қарттар көз тастап:
Жөн… жөн… жөн…

Шоқ ұшқындар тамаша,

Ұрылса егер тасқа тас.

Отау шығар оңаша,

Ұрынса егер жасқа жас.

… Жөн… жөн… жөн…
“Асыл тастан шығады, ақыл жастан шығады”,–
Атаң қазақ нақылын құйма құлақ ұғады.
Жігерлі жас қолынан астық-тасқын ағылса,

Өнерлі жас ойынан ғасыр-дастан туады.
Өсетін ел баласы өшпейтін жол қуады!
Дастарқанның басында дейді шұлғып бозбастар:
Жөн… жөн… жөн…

От болады лаулаған,

Үш соғылса тасқа тас.

Құт толады қамбаға,

Күш қосса егер жасқа жас.

… Жөн… жөн… жөн…

Дүрия дүние

БІЗ – АРГОНАВТАРМЫЗ

(Э. Межелайтистен)
… Менің қанаттарым қуатты. Мен алыс
әлемдерге, мәңгі сұлулық, шуақты күн мен
қиял-ғажайып өлкесіне, сиқырлы елге ұшып барамын...

М.К.Чюрленис
Біз – аргонавтармыз*.
Қылған талай зұлымдық бізді күпті –
аңсамаймыз қалайша ізгілікті!

Біз – аргонавтармыз.
Өтіріктің нөпірі шыңғыртты жүз –
аңсамаймыз қалайша шындықты біз!
Біз – аргонавтармыз.

Сұрқайлықтан запы жұрт жырды ұмытты –
іздемейміз қалайша сұлулықты!
Жалған болмай,
шын болса өнер егер

дер ем онда: көнермей, көгере бер!
Жамандықтан жирентіп,
жақсылыққа үйретеді,
тағылықтың тағлымын күйретеді,

әсемдіктің үрдісін
қалауы шын –
демек,
өнер адам үшін…

_________________________________________
*аргонавтар – ежелгі грек мифологиясындағы
теңіз жиһанкездері.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Біз – аргонавтармыз.
біз бар үмітті ақтармыз,
беріде қалмай, әріге аттармыз,

өйткені
бізді арман алға бастап жүр.
Жоғалғанды мүдде еттік қайтаруды,
Тірілткіміз келеді айдай Аруды…

Біз мәңгі біргеміз,
Толқысын жыр-теңіз,
Жебей гөр, Чюрленис!

Дүрия дүние

ӘФСАНА

(Плещеевтен)
Христ-Өндір күтіп бағын бейілмен,
Раушангүлін өсіргені – бір мектеп.
Өзіне арнап гүлтәжін Ол кейіннен

Тоқымақ боп суаратын үш рет кеп.
Раушангүлдер құлпырғанда гүл атып,
Жиналды еврей балалары жамырап.
Әр тал гүлді жұлып алды ұнатып, –

Бүкіл бақ сол қалды демде қаңырап.
«Жоқ қой Сенің бағыңда гүл бірде бір!
Енді қалай тоқисың сен, сақи дос?»

– Тікенектер қалды Маған, мың шүкір,

Бұйырғаны осы, – деді Христос.
Кім біліпті дәп осындай сый барын, –
Әзір болды тікенекті гүлтәжі.
Гүл орнына әрледі Оның дидарын

Шып-шып еткен қан тамшылары…

Сəбит БЕКСЕЙІТ

СӨЗСТАН

(Ю. Марцинкявичюстен)
Жырыма қалқа, панам боп,
Жел-құздан дәйім сақтай гөр.
Сөзстан, жебе анам боп,

Ән салсам жақтап қолдай гөр.
Бал бөбек сөзді үйренер,
Ананың бесік жырынан.
Түрлі де түрлі күйге енер,

Даланың тылсым сырынан.
Күлімдеп атқан күн-шарға
’’Алақай’’ деп кеп ұмтылар.
’’Шу-шулеп’’ баста тұлпарға,

Түбінде ерттеп бір тынар.

Дүрия дүние

МӘЛІМДЕМЕ

(Юстинас Марцинкявичюстен)
Паш етемін
Ширау мен ширығуды,
Атойлаған үнатам қиқу үнді.

Тәрк етемін
Тыншу мен милығуды,
Күйбеңдеген жек көрем күйкі күнді.
Белді бекем қиынға буа тұрғам,

Асып-тасқан бойымды Қуатым бар.
Тағдырымды түсінем алғыр оқ деп,
Нысана – мақсатыма тура атылған!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ КӨШЕСІНДЕ

ТУҒАН ОЙ

Баспанаға зар болған Қасым ағам,
Бейнетінен тірліктің жасымаған.
Отты өлеңін жазған ол, алау жырын,
Бәкене үйде отырып азынаған.

Зәулім үйде жайғасып лоджиялы,
Төр біткенге тоғышар қонжияды.
Арып-ашып жүргенде ақын байғұс,
Доңыз тектес немелер қоң жияды.

Залым заман, не шара жосығыңа,
Жандайшаптың мойнында осы күнә.
Бабын таппай ақынның кеткеніне
Қасы куә, дәрменсіз досы куә.

Кең сарайды бұйыртып пасықтарға,
Ақындарды қамадың лашықтарға.
Масылдарды шомылтып хауыздарда,
Асылдарды құлаттың шалшықтарға.

Тас бөгетке кездесіп Қасым ағам,
Астамсыған төреден жасымаған.
Астанасын тастамай, баспанасыз,
Жақұт жырын қашаған асыл адам.

Бір көшеге ие боп тұтасымен,
Көпірімен, тал-терек, бұтасымен,
Отыр бүгін марқайып ақын аға,
Құшағы кең қалыпта, құлашы кең.

Дүрия дүние
Бар жақсыны сый етіп ұрпағына,
Бұлбұл құсын ұшырып жыр бағына,
Тоқсандағы абыз боп бата берді

Он жастағы Азат құлыншағына!..
Қыркүйек. 2001 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

БӘЙТЕРЕК

Ғабиден Мұстафинге
Үлкен мақсат – қалауы жүректегі,
тұтас дәуір шындығы – жыр еткені.
Ғажайып бір ғаламды жайып салды

Заманының соқталы суреткері.
Алымды да көреген адам нықта,
Жол беріле қоя ма жалғандыққа?
Біліп жазған көргенін, сүйіп жазған,

Арлылыққа тәнтіміз, адалдыққа.
Елеп екшеп, салмақтап сөз тәуірін,
Тіл ұшына оралды өз дәуірі.
Әр шығарма бетінде – замандасы,

Әр сөйлемнің ішінде – астарлы мұң...
Халін айтып “Дауылдан кейінгі” елдің,
“Миллионердің” аулына дейін келдің.
“Қарағанды”,

“Шығанақ”,
“Көз көргенде”
сомдадың сен бейнесін зейінді ердің.
Бақытты ғой даланың қайран ері,

Болса егер де есімін айтар елі.
Тұлғалы аға алыптар тобындағы –
АЛАШТЫҢ сен мәуелі БӘЙТЕРЕГІ!

Дүрия дүние

МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ҚАСІРЕТ

ЕЙ, ТІРІЛЕР, ТОҚТАТЫҢДАР СҰМДЫҚТЫ.

ХИРОСИМА МЕН НАГАСАКИ ҚҰРБАНДАРЫ.

Сыр емес қой ешкімнен жасыратын,
Алды-дағы кешелер ғасыр атын,
Бас ұратын Халықты жақсылыққа–
Зілзаламен тұр Атом қансыратып.

Шын ұнатып алып ап заман атын,
Көрсетті ақыр сұм Атом жаманатын.
Алапатты аймақтың адамдары
АДАМЗАТҚА айтады АМАНАТЫН:

АЛАПАТТЫ ЖАРЫЛЫС

АЛЫСТА ЕМЕС, ЖАҚЫНДА,

АЛАҢДАП ӘР ҰЛТ, ӘР ҰЛЫС,

АЙТАДЫ ЗҰЛМАТ ХАҚЫНДА.

ЕНДІ СЕН ТЫҢДА, МОСКВА,

ҚҰЛАҚ САЛ БІЗГЕ, ВАШИНГТОН.

ЖАСАМЫС КУӘ, ЖАС КУӘ,

БҰЛ – ХАУІПТІ СИМПТОМ!

ҚОЛ ҚОЙЫП МІНЕ БӘРІМІЗ,

ЖОЛДАЙМЫЗ БҮГІН ЖЕДЕЛХАТ:

СЕМЕЙДЕГІ ЖАРЫЛЫС-

ПЛАНЕТАРЛЫҚ АЛАПАТ!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

Қарлығашым, бұ қалай,

қайда кеткен серігің?

Зияны жоқ зиялым,

өкпелетті сені кім?
Мұқағали
Қарлығашым, кеттің бе, бар, байғұсым,
адамдардан түңіліп, қарғаймысың ?…

Семей деген бір ұлттың мұң - шері емес,
республика халқының ЗАР- ҚАЙҒЫСЫ!
Келіссөздің бүгінгі кереметі –
Келе алмайды ешкім де келеге түк.

РАДИАЦИЯ ҚҰРСАУЫ

сығымдайды
Табиғатты тұл етіп, бедеу етіп.
Кінә артам ба даламның кеңдігіне,
КЕҢДІК тосқау бола ма елдігіме?

Өріс бола ала ма туған жері –
ел-жұртының бейдауа кемдігіне?!
Сан аусарға ашқан-ау ғасыр есік,
Жандар аздай бүп-бүтін ақыл-есі.

Жер бетінен бір жола жоғал деу ме –
ДИДАРҒАЙЫП ДҮНИЕ бәсіресі?
“Шешен” болып алған соң сөзге түгел,
ұшқары ойын айтады тездетіп ел.

Қасақана қоймаса ыдыратып,
ешбір халық тозбайды өз бетімен.

Дүрия дүние
Аша берсем тырналап жарасын бар,
есеңгіреп үрейден қаласыңдар.
Еш зардабы жоқ дейді жарылыстың,

Цыб сияқты мәскеулік “жанашырлар”.
Түбі қапы қаласың бұқсаң біліп,
Тастамасын зердеңді құрсау бүріп.
Түк емес қой Жүзжылдық жалғыздық та,

Қасіреттің қасында Мың сан жылдық!
Тума жұрттың талайсыз тағдыры боп,
Сар даланы кезіп жүр қаңғырып оқ.
Кетсек егер апаттан опат болып,

Бізді еске алып жағыңдар

МӘҢГІЛІК ОТ!

Иманыңды сәт сайын қасым етіп,
Күн құрғатпай мерт етіп, жазым етіп,
Бәрімізге күні ертең төнері хақ

АДАМЗАТТЫҢ АЛАПАТ ҚАСІРЕТІ!

13-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЭКГ:

Жаралы жүрек жазбасы
Жүрек сыздап, маза қашты денеден,
Ұят болды, түсіп қалсам кемеден.
Саспас едім, жайбарақат көнер ем,

Берерімді беріп болсам елге мен.
Азияда жаңғырып тұр кек үні,
Ағараңдап өліктердің кебіні.
Таптап қырды келеді әне танкілер,

Жайқалып-ақ өсіп еді егіні.
Төскейінде тынбай тұр-ау зар әлі,
Беріде – Ауған, әріде – Ирак қаралы.
Ертегі елі – Бағдатты құртпақ жау,

Жабырқаған жүрек байғұс жаралы.
Өтірік пен өсек желі лекіді,
Жазықсызға өктем біреу зекіді.
Мұның бәрі жүрегіме зіл батпан –

Істен шықты, бұзылғандай тетігі.
Жұта алмастай ауаны енді мол қарпып,
Тұрғандайын кеудемді бір өрт шарпып.
Қан тасытып, ақыл-естен айырған

Шер-шеменнің шырқау шегі – инфаркт!
Зәрені алды ауыр сырқат тепкіні,
Зарығумен өтті өмірдің көп күні.
Жүрегіңе жүк тиесең зілмауыр,

Түптің түбі барар жерің – ЭКГ.

Дүрия дүние
Кеудем – қобыз, әр пернесін қозғашы,
Өткенді айтып, бүгінді айтып боздашы.
Сала құлаш бүктеме боп шықтың сен,

О, жаралы жүрегімнің жазбасы!
Басылмастай сұм сырқаттың ентігі,
Баспалдақтан жасқанасың ендігі.
Қарға адымды баса алмаған сәттерде

Қара құрдым дүниенің кеңдігі.
Шипагердің мегзегені – ЭКГ,
Шүкір, Алла, жүрегім сәл бекіді.
Ирек-ирек, өркеш-өркеш сызықтар –

Жүрегімнің жыр жазбасы секілді...

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТАБАЛАУ МЕН АЛАҢДАУ

(Памфлет)
Коньяк ішіп масайып,
Жырқ-жырқ күледі әзәзіл...
Көргендей түсті ғажайып,

Марқайып отыр әл-әзір.
Табалап отыр Ауғанды,
Иракты отыр табалап.
Соларға бомба жауғанда,

Қуанған борбай сабалап.
Ауғанда құртып содырды,
Сойқанды жөнге салғандай.
Жеңімпаз болып отыр бұл,

Кабулды барып алғандай.
Бен Ладен болса дін аман,
Лаңгерлер аман мыңдаған.
Уағыз айтып ғұламаң,

Ғаскері қимыл шыңдаған.
Қақпанға түсіп құрылған,
Аумаған аңнан ауған-ай!..
Жазықсыз халық қырылған,

Алмаған басын сауғалай.
Шал-кемпір, сәби жылаған,
Жесірлер қарғыс жаудырған.
Көздерін жасқа бұлаған,

Жаутаңдап қалған балдырған.

Дүрия дүние
Сіміріп отыр сілімтік,
Көзіне әрне елестеп.
Бұл қызыл күрең ішімдік

Ауғанның қаны емес пе?
Ақ дегені алғыс боп,
Қара дегені қарғыс боп,
Әлем жандармериясындай

Тайтаңдады АҚШ көп.
Күніге ойлап шығарар
Жүз амал, тәсіл, мың айла.
Жер жүзін барлап, сығалар,

Бағаны қойып мұнайға.
Бес құрлық түгел кіріптар,
Пайымдап көрші күйді осы.
Бұл ел – асауларды құрықтар

Тап бір Ғалам Политбюросы.
Несіне, малғұн, қуандың,
Басыңды шырмап сұм айла.
Өгіздің басына туған күн

Бұзаудың басына тумай ма?!
Сойқанды құртып Иракта,
Салғандай жөнге содырды.
Өзінен өзі ыржақтап,

Жеңімпаз болып отыр бұл.
Дін аман Саддам Хусейн,
Сарбазы сап-сау әзірге.
Басылып тынса шу кейін,

Кезекті бермек әзілге.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Көмегін алып Ресейден,
Кетуі мүмкін күшейіп.
Қиналып көп жұрт есейген,

Әліптің артын күтейік.
Шеһеризаданың Бағдатын
Құртам деу – сұмдық жауыздық!
Күштіге айтар бар датым:

Болмайды Атом – ауыздық!
Сіміріп отыр сілімтік,
Көзіне әрне елестеп.
Бұл қызыл күрең ішімдік

Мұсылман қаны емес пе?
Несіне, малғұн, қуандың,
Басыңды шырмап сұм айла.
Өгіздің басына туған күн

Бұзаудың басына тумай ма?!

Дүрия дүние

КҮН ШЫҢЫРАУДАН ШЫҒАДЫ

(Қарағанды кеншілерінің даңқты
дәстүрлерін жалғастырушыларға)
Қыр үстіне! –
Жарқын сөз, ізгі тілек.

Кеншілердің от жүрек, құрыш білек,
Жігеріне жіберер жігер қосып,
Күн-түн демей жүргенде ырыс күреп.
Тіршіліктің жылуы, жарығы үшін,

Отан үшін, жасампаз халық үшін,
Қара алтынды күміс тер төгіп алар
Ер кеншілер –
Елімнің алыбы шын.

Қыр үстіне жандырып бір шырағын,
Асығады төгуге нұр шуағын:
Шыңыраудан шығатын көмір емес,
Сәуле берген

Өмірге,
Күн шығады!
Болатыңды сол көмір балқытады,
Ел дәулетін нұрымен шалқытады.

Түре қуып жарықпен түн түнегін,
Көңілдердің ақ құсын қалқытады.
Бастау алған қуатты қайнарынан,
Құтқала бұл жел ескен айдарынан.

Қарағанды – шуақты, нұрлы қала,
Мекен еткен кілең бір жайдары жан.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Откент дедім қаламды, Нұркент дедім,
Жарыққа іңкәр жандарын құрметтедім.
Елбасы да осында қанаттанған,

Осында өткен өмірдің бір мектебін.
Осы жерден қырандар түлеп ұшқан,
Ерлер туған бұл жерде жүрек жұтқан.
Батыр Нүркен, қаһарман Тоқтарды да

Жерлесім деп риясыз мақтан тұтқам.
Қыр үстіне шығуға құлшынады,
Шұғылалы төгіліп нұр шуағы:
Шыңыраудан шығатын көмір емес,

Сәуле берген
Өмірге
Күн шығады!

Дүрия дүние

КЕНШІЛЕРІМ

Қайырлы таң,
Кеншілерім жаны игі!
Қара алтыннан
Әр күн сайын тау үйдің.

Сан мыңдаған тұрғын халық ішінен,
Өздеріңді
Көздеріңнен танимын.
Сендерсіңдер – жарыққа іңкәр жарандар,

Қарақат көз,
Мойыл көз бар араңда.
Кірпіктерің қою қара бәріңнің, –
Бір-біріңе жылы ұшырап қараңдар!

Ақ құбаң бар,
Қара торың,
Сарың бар,
Бәріңе ортақ намысың бар, арың бар.

Шырақ-мейір тұнған көзде шуақ бар,
Алмас жігер тұнған жүзде жалын бар!
Қатарыңа қосылсын кеп түлек мың,
Қарымыңа тілеймін тек ұлы екпін.

Қара кірпік кеншілерім,
Іске сәт,
Шыңырауды шуақты етсін Жүрек-күн!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖАМБЫЛСТАН – ЖЫРСТАН

Жамбыл емес, шын атың – Халық екен,
Жалпақ жұртың бұл жайға қанық екен.
Мың жасағыр жарықтық жыр жампозы,
Алдыңа кеп мен бүгін тағзым етем.

Бетің қайтып көрмеген сайыста мың,
Бөріге тән айбарлы рай ұстадың.
Сен – асылдан соғылған ақ семсерсің,
Тот баспадың, сынбадың, қайыспадың.

Жырмен толғап ел мұңын нөсерлеттің,
Ежелгі айтыс өнерін өрелі еттің.
Домбыраңның сағағын көсіп-көсіп,
Көрістірдің көкесін кереметтің.

Өлең-жырда өміршең үрдіс қалды,
Ақын біткен өзіңді пір ұстанды.
Озып шабар жүйрікке өр-ылди жоқ,
Өнеріңе қол соғып тұрды Сталин.

Арқау еткен ұлт қамын, мирас қамын,
Төкпелете жөнелді жыр-дастаның.
Салқар сахна, мінеки, алашыңның
Сайын дала, сеңгір тау, нұрлы аспаны.

ХХ ғасырдың Гомерісің,
Халқымыздың жырысың, өнерісің.
Елдің биік еңсесі, мерейі боп,
Жүректерді шуаққа бөлеп жүрсің.

Дүрия дүние
Көне Тараз өзіңнен бата алады,
Бүкіл аймақ атыңмен аталады.
Ауыл да сен,

мектеп те,

кеніш те сен,
Санкт-Петербургте мүсінің орнады әне!
Жыр қашаған дана қарт, даңғыл ұста,
Көкте Күнмен дидарың шағылысқан.

Елге қойса, есімің әбден лайық –
Қазақстан дегенім Жамбылстан!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

КЕНТАВР

Кәмел Жүністегіне
Эллададай ежелгі бір ел таныр,
Салт атты скиф,
мифтік бейнең – Кентавр.

Ағып өтті аттылы ғұн Аттила,
Жаяу-жалпы ілбіп жүрмін мен қазір.
Белгілі жәйт – шаңы шықпас жаяудың,
Бұлт боп торлар көңіліңді қаяу-мұң.

Ұшқан құспен сәлем жолда Алтайдан,
Дунай жақтан қол бұлғаса аяулың.
Ертоқымды мұражайдан көрген ем,
Жеткен бізге тым алыстан – көнеден,

Көңілімнің жүйріктігін қайтейін,
Ерттеп мінер болмаса егер көк дөнен!..
Еуразияны көктеп өтер жүйрік сол,
Ақ сағым боп айлық жол мен күндік жол.

Шықты ғұндар көк теңізді бетке алып,
Артта қалды асқар тау мен тұнық көл.
Ағып өтті аттылы ғұн Аттила,
О, Тәңірім, осындай бір сәт сыйла!

Жұлдызды сәт, толағай сәт – мұндай сәт,
Шапағатын күтер болсаң, дәт жина.
Жаудырудай жаудырған ғой құт аспан,
Батыр болды, көсем болды жұрт асқан.

Ат үстінде өтіп бүкіл ғұмыры,
Тұлпарымен бір тұлға боп тұтасқан!

Дүрия дүние
Содан бері өтті талай өрт-дәуір,
Семсердейін тағу қиын сертті ауыр.
«Маңқа» атанып жылқы деген жануар,

Сәйгүлігін қырып салды дертті ауыл.
Ер қанаты біржолата қырқылды,
Мұжық пиғыл иектеп ап жұртыңды.
Жапырайған жаяу қазақ жараспас, –

Жапан далам, кетіріп тұр сұрқыңды?!
Түптұлғаны алдық біздер жоғалтып,
Тиді жынға мимырт тірлік доғал тым.
Киетегім – Кентаврды сағындым,

Асқақ еді,
Сымбатты еді со қалпым!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

АСТАНА УАҚЫТЫ

Жаңа дәуір сөйлеп тұр Астанадан,
Елордадан сонар жол бастау алған.
Жас қаладан рухани ләззат тауып,
Қанаттанып қайтасың Бас қаладан.

Туды, міне, АСТАНА УАҚЫТЫ,
Қоңырауы даланың күмбір қақты.
Өзін-өзі билеуге қолы жетіп,
Басына елдің қонды ғой құт-бақыты.

Туды сәті, мезгілі Астананың,
Мақтанамын, риясыз шаттанамын.
Мәртебесі өсті де қазағымның,
Мейманасы тасыды боз даланың.

Сән-сымбатың жарасып бұла жүзге,
Көрік бердің, өң бердің құладүзге.
Сарыарқаның саф алтын моншағындай,
Ұна өзгеге, Астана, ұна бізге !

Ғасыр менен ғасырды алмастырдың,
Еуропа, Азияны жалғастырдың.
Қос құрлықтың боп тұрсың дәнекері,
Келешекке жетелеп Алаш жұртын!

Болашаққа Астана ұмтылғандай,
Арманы асқақ, өміршең жұртым қандай!
Хан Кене тұр біздерге сенім артып,
Бұлқынғандай жүрегім, жұлқынғандай!

Елорда кестесімен көлік жүрер,
Көш-керуен жолында өңір түлер.
Таңнан тұрып жасампаз халқым менің,
АСТАНА УАҚЫТЫМЕН өмір сүрер!

Дүрия дүние

АЗАТТЫҒЫМ - АСЫЛЫМ

Тура он жыл – сері Күн шалқығалы,
Ніл көгімде қыран құс қалқығалы.
Көк байрағын алашым желбіретіп,
Содан бері алмастай жарқылдады.

Аттай он жыл – нұрлы Күн тасығалы,
Айбынымнан сан дұшпан жасығалы.
Тындырам деп қай істі тапсырсаң да,
Келешекке жас өркен асығады.

Тура он жыл – Жер-Ана жасанғалы,
Көрдім қырдан, ойдан да жасампазды.
Күннен күнге жайнаған қазақ жері –
Жерұйық қой іздеген Асан қайғы.

“Күн елі” деп бізге Күн төкті нұрын,
Мол несібе, ырысқа бөкті қырым.
Миллиард пұт ағылып мұхит-маржан,
Диқандарға арналды отты жырым.

Аттай он жыл – ғарышта самғағалы,
Шырқалғалы аспандап қазақ әні.
Іргелі ел боп, қанатын кеңге жайып,
Өркениет – ұлтымның таңдағаны.

Тура он жыл – ару Күн құлпырғалы,
Жыршы құсқа толғалы бұлбұл бағы.
Жүзден жүйрік болған соң,
мыңнан тұлпар,

Тарлан болып қара үзді сұңғыла бір.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Содан бері жансарай шұғылалы,
Ән кәусәрі мелдектеп, жыр бұлағы.
Сыңғырлады әншінің күміс үні,

Сәмбі талдай биші қыз мың бұралды.
Мастанбаймыз әрине қол жеткенге,
Қиындық та кездесер жол шеккенде.
“Бірлік түбі – тірлік” деп бекер айтпас,

Ұсақтама, туған ел, бөлшектенбе.
Азат рухты риясыз, мен шын сүйем,
Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием.
Жақсы күнге жете алмай шәһит болған,

Желтоқсан құрбанына басымды ием.
Мықтап ұстар асылым – Азаттығым,
Келешегім, ертеңім, ғажап күнім.
Сен боп, мен боп қосайық жеке үлесті,

Арқаласып халықпен мақсат жүгін.
Өз атымен атайтын Адам атын,
Діліміздің ашайық ғаламатын.
Басып озу өзгені – мақсат емес,

Орнатайық Қанағат қағанатын!

Дүрия дүние

ТАҚ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

(Байдалы бидің монологі)
Қай ханзада мініпті жайдақ атқа,
Елден сұрап отырды қай хан таққа?
«Қарасы көп, – дегенде, – қарашының...»,

Көніп еді қай төре айтқан датқа?!..
Бодандыққа тап болдық ант атқанда,
Беймәлім сыр жатқандай атқан таңда.
Бастан бақтың ұшқанын бір-ақ білдік,

Жараланған жүрекке қан қатқанда.
Аққа аузы жарымай ел шөлдесе,
Жауар бұлтқа зар болып жер шөлдесе,
Сонда да Тақ – төренің көксегені,

Шерді тағы қозғайын, шер жөндесе!
Төре келе жатқанда бұқпа, мұндар,
Сейілмейді көз алдын тұтқан мұнар.
Таққа ие болу дегенің әлімсақтан –

Халыққа ие болу екенін ұққан кім бар?!..
«Абылай аспас сары бел» неге атандым,
Дау үстінде бұлжымай текті қалпым,
Хан шақыртқан кеңеске қиырдағы,

«Тура биде туған жоқ» деп аттандым.
Хан екен деп шеніне қарамадым,
Әр қадамын ақылмен сараладым.
«Ат төбеліндей азсың» деп, жолын бөгеп,

Елді нақақ жаладан арашаладым.
14-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Адамзаттан адам жоқ асып туған,
Хан да пенде бақ қуған, нәсіп қуған.
Бақ бермесе бармақтай, хан бола ма,

Ел билеуге төренің бәрі ұмтылған.
Абылай да өзінше армандады,
Ұйыстырып қазақты бар маңдағы.
Кім жек көрсін жақсы хан атануды,

Соры қалың болмаса маңдайдағы?!
Жер емшегін тартқылап, мал емшегін,
Аш құрсақ болмасын деп алаш елім,
Ат үстінен хан ием бір түспеді,

Мына шебін қорғаштап, ана шебін...
Емізсем деп еліме екі емшекті,
Шерменде боп шер-мұңды терең шекті.
Сөйткен Абылай жетпеген дегеніне,

Болжап енді бола ма келешекті...
Сол Абылай мұратқа жете алмады,
Қарап сыңар емшекке ел де қалды.
Жалғыз құла биенің сүтіне қарап,

Елмен бірге, қайтейін, мен де қалдым.
Қыстан қыспақ көрмегін, еркін елім,
Қалма жазда қаталап, деп тіледім.
Шөл мен жұтта ел ерні кезермесе,

Кезермес-ау деп едім менің де ернім.
Жазғы шөлден құтқарар, қысқы жұттан,
Қысталаңнан құтқарар, қым-қуыттан,

Дүрия дүние
Қамқоршының білмеймін қайда екенін,
Елтұтқа деп пір ғып ел кімді тұтқан?!..
Жер емшегін сорғылап, мал емшегін,

Қашан қабат емеді Алаш елім?
Оны да мен дәп қазір айта алмаймын, –
Күн туа ма тарқатар далам шерін?..
Қамқоршыңды бүгінде таптың ба, елім,

Қауышты ма қайтадан салтың керім?
Екі емшекті тел еміп жатырсың ба,
Аузың аққа жарығыр халқым менің?!
05.08.02 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ХАН КЕНЕГЕ ТАҒЗЫМ

Шыңғыс ханның шарапатын,
Абылай ханның парасатын
Хан Кенеден көр, қазағым,
Ер жоқ одан әрі асатын!

Автор.
Тажал жаудан түстікке ығысқан шеп,
Тіл мен ділі тамырлас туысқан деп,
Қырғыз жерін паналап, қуат жинап

Алмақ болған ниетпен жұғысқан кеп.
Оны дұрыс түсінген қырғыз бар ма,
Қырыс қабақ тап болды бір ызғарға.
Ақ патшаға сатылып манаптары,

Қаскөйлігін танытты туысқанға.
Дос дегенім, қайтейін, болды-ау сатқын,
Есекдәме есін ап, олжа-сағым.
Орман манап малданып түстігімді,

Жасырыпты орыстың мол жасағын.
Найза бойы дұшпаннан биік тұрды,
Көк Тәңірі маңдайдан сүйіп тұрды.
Жел жөнелді тау асып, кең далаға –

Жеткізуге асығып күйікті үнді.
Сол үн әлі санамда, құлағымда,
Тірі сурет көзімнің тұр алдында.

Дүрия дүние
Түн баласы шығамын ұйқы көрмей,
Жаңғырығы – мен жазған бұла жырда:
«Ата жау найзасының ұшындамын,

Ұмтыл, жаным, Биікке,
құлшын, жаным.
Басым – көкте,
қалады денем – жерде,

Шөлін басып жат жердің қызыл қаным...»
Бассыз қалған қырғызға,
Бассыз қалған орысқа
Басың керек болған ғой.

Ғалым Қалибекұлы.
Маңдайының соры қалың қазақтың,
Көшбасшысыз рухы кешкен азап мың.
Мың жыл бойы, жүз жыл бойы армандап

Аңсағаны – тәуелсіздік, азат күн!
Осы жолда күресті елім тынымсыз,
Күрес деген болған емес шығынсыз.
Сөйлейді жыр күрескерлік рух болса,

Үрей толы кеңістікте – жыр үнсіз.
Еркіндіксіз қыран құс тұр ұша алмай,
Сардары жоқ сарбаздар тұр күш алмай.
Хан Кененің асқақ рухы болмаса, –

Сөйлемейді жыр сүлейі Нысанбай.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Кенесары бала кезден ширықты,
Күрестің бұл мағынасын шын ұқты.
Көкбөрінің бөлтірігі сезген-ді,

Түптің түбі тірелер тығырықты.
Жарымадық не шаттанып, не күліп,
Жалғаннан бұл өтеміз бе егіліп:
Сол жағымды орыс ойса омырып,

Оң бүйірден қытай кірмек кеміріп.
Жер қайысқан жау қолынан құтылып,
Бірде жеңіп, енді бірде ұтылып
Жүрген қазақ,

жаудан емес, көбіне
Опынған ғой туысқаннан тұтылып.
Әлі күнге кездессе егер малғұн сан –
Хан Кенеге ілеспеген ауылдан,

Бас тартамын ағайыннан мен ондай
Бас тартамын ондай тіпті бауырдан.
Қазақ елін қанжығаға байлатпай,
Жұрт жігерін қайраған бір қайрақтай,

Қаһарына мініп қара дауылдай,
Тыншымаған жауын жеңіп жайратпай.
Бетін жасқап бір сұмнан соң бір сұмның,
Алдын алған талай қуғын, сүргіннің:

Бірде егеулі найзалардың ұшымен,
Бірде уәлі уытымен мір тілдің.
Шыңғыс ханның шарапаты – қонған бақ,
Абылай ханның парасаты – бойға шақ,

Дүрия дүние
Бабасына тартқан еді тартудай,
Тағдыры елдің қойды түпсіз ойға сап.
Хас батыр һәм қаһарлы хан еді,

Ел бақытын артық көрген жан еді.
Арыстандай айбат шекті ақырып
Қасиетті Атамекен жер үшін,
Айналайын Алаш деген ел үшін.

Хан болса да, батыр ғой – аңғал бір жан,
Жалғандыққа шын сеніп қайран қалған.
«Жұлдыз көп пе, – дер ме еді, –
қырғыз көп пе?» –

Көз алдауға шанбаса қаһарлы хан.
Басыңды алған қу қырғыз жұлдыздан көп,
Басыңды алған сұм орыс қырғыздан көп.
Жөңкиміз біз – басы жоқ салт аттылар,

«Сүйеп бізді өзгелер тұрғызған» деп...

Сəбит БЕКСЕЙІТ

КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

Күндерді күтем алшы түсетін асығым,
Сәні бар бейбіт еліммен келер нәсібім.
Сан ғасыр аңсап, асығып жеткен құтымыз –
Азаттық деген ең үлкен Бақыт – хас ұғым.

Өткеннің өтеуі – баға жетпейтін Азаттық,
Жеп-жеңіл, оңай орнаған жоқ-ау ғажап күн.
Сұм сұрқайлық пен залым зұлымдық қамалын
Алар алдында кес-кестеп тұрды азап мың.

Өзімдей көрем адамның барша нәсілін,
Жек көрем иттей нәсілшілдердің тәсілін.
Қызғыштай қорғар Тілім мен Ділім бар бірақ,
Азаттығым да, қазақтығым да – асылым.

Ақыры шерлі заманның болған басы мұң
Екшедім сосын асылын және жасығын.
Жадтан өшпейтін, естен кетпейтін тірімде,
Асқар шыңым да, дастан-жырым да – ғасырым.

Әлемнің тыңдап дабырын, шуын, самбырын,
Шамалап көрдім тірліктің мынау сан қырын.
Жанардан жас боп, жүректен жыр боп төгілген –
Түгесілмейтін, достан бүкпейтін жан сырым.

Жарық жалғанның сағына күтіп таң нұрын,
Көрудей көрдім дауылын, желін, жаңбырын.
Арайлы болар, талайлы болар деп сенем,
Түңілдірмейтін, бүгілдірмейтін тағдырым.

Дүрия дүние
Бүгіннің жосығы –ілгері Даму дағдармай,
Жаңғыру сосын алдағы күнді бағдарлай.
Сұлулық және Ізгілік төгіп шуағын,

Бейбіт елімді сәнімен кезді бақ шарлай.
Ығысып түнек, молая түсті нұр жарық,
Бірлігі мықты халқыма ырыс, құт дарып.
Көркейтіп елді шат тұрмыс, тату тіршілік,

Ырғалып терек, жауқазын өсер гүл жарып.
Бақытты ерім көрсете білген білігін,
Бақытты елім қолына алған билігін.
Ақ желкен кемем ертеңге беттеп барады,

Келешек кепілі – баянды Тәуелсіздігім!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖЫР ҚАЙНАРЫ – ЖАҢААРҚА

Әуел бастан Жаңаарқа – жыр қайнары,
Тыңдаушысын тамсантқан маңайдағы.
Құт қонған соң, Абыз ата аялдап,
Атанған ол кезінде Асанқайғы.

Асан абыз есімін иеленіп,
Айбынданды өңірім киеленіп.
Өлең-жырдың тиегі ағытылып,
Тіл өнері дарыды, күй өнері.

Ел мен Жердің
көрген соң жаңарғанын,
Болашағын шамалап – шалқар шағын,
Көзін салды қияға сұңқар ақын,

Аялаған Алаштың ақ арманын.
Сәкен ағам қырандай дүр сілкініп,
Досын мәз ғып, дұшпанын күрсіндіріп,
Жаңаарқа деп атауды ұсыныпты,

Көне жұртты жаңғыртып, нұр сіңдіріп.
Сәнді аймағы елімнің, әнді аймағы,
Көңіліңді өсіріп, марқайтады.
Жаңаарқа вальсі ойнап жөнелгенде,

Жан-жүрегің елжіреп жай таппайды.
Байдалы би – алаштың ер данасы,
Талай бағлан жұртымның бел баласы.
Анадайдан шақырып қол бұлғайды

Жасыл тоғай, әсем тау, кең даласы.

Дүрия дүние
Жаралғандай құлпырып күннен нұрлы,
Ырыс қонған өлкеме сулы, нулы.
Тарихынан сахраның сыр шертеді

Ақтау, Ортау, Қызылтау, Қулы, Мұңлы,
Алған кезде Ақтаудың бекінісін,
Талай батыр көрсетті ерлік ісін.
Азаткер боп Хан Кене бастап барды,

Басын тігіп бәйгеге елдік үшін.
Өнерпазбен кіреді өңір өңі,
Гәкку назға бөленген көңіл көгі.
Ықылас пен Сайдалы Сары Тоқа,

Күмбірлеген күй болып төгіледі.
Еркебұлан өркені көркем неткен,
Сыбызғыны сызылтып, кернейлеткен.
Қайрат құрдас, Бекболат бауырым бар

Қазақ әнін жаңғыртып, мерейлі еткен.
Әсем әнмен әуелеп жансарайы,
Шаттық тасып, ел-жұртым масайрайды.
Заманамен жаңарды қайта жерім,

Азаттықтың атқанда таңы арайлы.
Әуел бастан Жаңаарқа – жыр қайнары,
Көзін ашқан өзі кеп Асанқайғы.
Жерұйығың, мен білсем, тап осында,–

Жүзі жарқын жерлесім жайраңдайды…
Той-думаннан арылмай сайран бағы,
Бола берсін Жаңаарқа – ән қайнары,
Бола берсін Жаңаарқа – күй қайнары,

Бола берсін Жаңаарқа – жыр қайнары!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТУҒАН ЖЕРІМ – АТАСУЫМ

Су-Жер елі – Шумер елі – Шу елі,
Сулы, нулы қонысқа бай Күн елі.
Су бар жерде тіршілік бар қайнаған,
Сардар болар, сүлей болар түлегі.

Мұқағали атажұрты – Қарасу,
Шахановтың шыққан жері – Қасқасу.
Асан ата түнеп кеткен құт мекен,
Мен туған жер – қасиетті Атасу.

Туған жерді тұғырым деп білемін,
Туған елді қыдырым деп білемін.
Өткенімен, бүгінімен жұртымның,
Ұштасады арман, мақсат, тілегім.

Атажұртты мият тұтып жүремін,
Ана десе алып ұшар жүрегім.
Саф ауасы, мөлдір суы ласталса,
Хақ тағала тапса деймін бір емін.

Қызметім де, мекенім де өзгерер,
Тамашалап талай жерді көз көрер.
Берер сертім – мерейіңді өсіріп,
Іс қылмаспын әз атыңа сөз келер.

Қонары – сай қаңбақ емен қуған жел,
Елін табар белін бекем буған ер.
Жалпақ жерді шарларым рас,
сонда да

Жүрегімнің түкпірінде – Туған жер!

Дүрия дүние *** Қош бол енді, Жиырма бес, Саған айтар сыр да кеш, Саған жазар жыр да кеш, Қош бол енді, Қош бол мәңгі, Жиырма бес! Бітіп қалды маусымың, Келіп қапты шілдең де. Қалды күнің таусылып, Халім мүшкіл – білгенге. Таяп қалды тамызың, Мизамың да таяды. Жазылған жоқ аңызың, Шабыт сыйлап, ая бір! Алыс емес қазаның, Алыс емес қарашаң – Жазмыш бермек жазаны, Бола көр тек араша!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ИМАН

немесе ізгі рухтың бақыты
Терең сыр бар тұңғиық түнгі аспанда,
түйсінгенмін тұнжырап мұңдасқанда.
Табиғаттың тылсымын ұқсам деп ем,

ұқпай оны тынбас ми, тынбас жан да.
Жұлдыздарға қадалып жымыңдасқан,
ғашықтықтың ғажап бір сырын ашқам.
Жаратылыс жұмбағын шешсем деп ем,

шешпей оны өң қашқан, ұйқы қашқан.
Ұстап көріп, ұғынып ғалам затын,
көрсем деп ем дүние ғаламатын.
Қандай жақсы, фәнидің сезінбесең

қажеттіліктері мен машақатын.
Алғыр өтпек жалғаннан, тасыр өтпек,
олар түгіл күні ертең ғасыр өтпек.
Неге сонша қиналдым, азаптандым,

пешенесі пенденің – қасірет пе?!
Құмартудан бой тартпай, ынтығудан,
нені қуғам, білмеймін, кімді қуғам?
Құмарлықтың түбі – құрт, қара құрдым,

қарап тұрсам анықтап, жынды қуғам...
Жек көріппін талайды, ұнатыппын,
біреулерді жазықсыз жылатыппын.
Қу нәпсі мен қу құлқын кезек арбап,

өзгені емес, өзімді құлатыппын.

Дүрия дүние
Бақытсыздық құралған осылардан,
құрбаны боп кетеді асыл арман.
Неме қажет аз күнгі алданыштар,

бейбақ болып мен енді бас ұра алман!
Көрсем деп ем көз тоймай дидарын бар,
мен бір мәжнүн шығармын Ғаламға іңкәр?
Күнге күйіп қанаты, арманда өткен,

айтыңдаршы, құс па, әлде
адам ба Икар?!
Қан сасыған төңірек – қасапхана,
көк көз сарбаз тұр әне масаттана.

Ал мен байғұс бақытты болсам деп ем,
ізгілікті істерді жасап қана.
Сөйтсем, мұным бос әуре жалғанда бұл,
өнбес іске ұмтылған алаңдап ұл.

Жер бетінде зұлымдық билік құрған,
таппай қойды пүшәйман санам дамыл.
Құдайдан да қорықпас мына арсыздар,
не хайла бар, тек іштен тынарсыздар.

Аярлар жүр қолпаштап жауыздарды, –
әділетті қайтеді имансыздар?!
Адамзат баласының бірісің бе,
астамсынып өзіңше ірісінбе.

Иман – ізгі рухтардың бақыты екен,
ал тіріге береке бұйырсын де.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

АУҒАНСТАН – АЗИЯНЫҢ ЖҮРЕГІ

(Памфлет-диптих) 1. 2001 жылғы 11 қыркүйек

Нью-Йорк. 9 сағат 30 минөт...
Сауда орталығының қос ғимараты,
Көзді ашып-жұмғанша қирап жатты...
(Хроникадан)

Екі “әлиф” әп-сәтте құлатылды, бастап беріп бір сойқан сұрапылды. Сөйтіп “әлиф” “сын”* болды шалқалаған – аспанда Ай да шалқалап сірә туды. ІІ Екі алып жойылып қас қағымда, төңірегі оранды от-дауылға. Қос ғимарат алатын көздің жауын, қас қағымда айналды қос табытқа. Екі шырақ жалп етіп сөнді со күн, қара құрдым түнек қып оңын-солын. Æ Æ Екі шырақ айналды қос жебеге, қос қарақшы жүр шөлдің торып жолын. ______________ * сын – араб әліппесінің 12-ші һәрпі

Дүрия дүние ≈ Кесірткідей тау-тасқа тұрақтады, тәліп сорлы тып-типыл қышлақтары. S S Қара құстай жеміне шүйлігеді, үшкір тұмсық “Стелс” ұшақтары. Шын алып қой АҚШ-ың – дәу арыстан, тәліптейін** тым ұсақ – Ауғанстан. Арыстан мен тышқанның қақтығысын тамашалап, адамзат таң қалысқан. Сынып барып “әлифтің” “сын” болғаны – сұрапылдың ақыры шын болғаны. Жарты әлемді қамтыған бұл соғыстың Адамзаттың басына СЫН болғаны! 2. Содырлардың соғысы Жүректі дерт шалса – денеден маза қашады. Ауғанстанды соғыс өрті шалса – Азиядан тыныштық кетеді. Мұхаммед Иқбал. Әділетті ұстанған боп Буш бүгін, Көрсетуде қаракетін күштінің. Жау бомбасы үстінен кеп дөп түспей, ‘‘Пішту!’’ дейді аман қалған пуштуның. Бейбіт халық – сан бомбаның құрбаны. Ауғандықтың атпайтындай нұр таңы, ______________ ** тәліп – шәкірт 15-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Шалма қанша көлегейлеп тұрса да,
Танауының дәп ұшында тұр жаны.
Жайбарақат сау-саламат Бен Ладен,

Жөн айтады ‘‘алған беттен танба!’’ деп.
Құрбандыққа байлап беру өзгені –
Содырлар мен сойқандарға тән ғадет.
Екі жақтың айтар сөзі – Әділет,

Қай жаққа да айтып жатыр ел нәлет.
Ақпыз дейді тәліптер де, АҚШ та,–
Апырмай, ә, сонда қайсы әбілет?!
Ауғанстанға бомба-жауын жауған күн –

Азияның басынан бақ ауған күн.
Таз ашуын алғандайын тырнадан, –
Шын соғысқа ұласқаны жанжалдың.
Ауған десем, түседі еске Вьетнам,

Айтқан сөз бен қылған істен кетті мән.
Талибан боп, терістік боп бөлінген,
Елдің мынау келешегі – көк тұман.
Джордж – жойқын, осал емес Осама,

Екеуінен қорыққан жұрт боса ма?
Сан айламен бұрын ешкім қоспаған,
Қырық пышақ елді жау кеп қоса ма?!
Ғимаратты жермен жексен құлатып,

Жамиғатты шошындырып, жылатып,
Зұлымдықтар Ізгілікті қашанда,
Тұрады екен құрту үшін ұнатып.

Дүрия дүние
Қирату да, у шашу да – содырлық,
Бейбіт елді жусату да – содырлық.
Содырлардың көсемдері қанқұмар,

Қантөгіске шіміркенбей отыр нық.
Жүріп жатыр содырлардың соғысы,
Бейқамдардың оныменен жоқ ісі.
Бұл соғыстың авторлары кім десек,

Бен Ладен мен Буш дер елдің көбісі!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

САУАЛ МЕН ЗАУАЛ

Ирак ...
жатса қирап,
теріс ағады Тигр, Евфрат.
Бабылдың құлап ұстыны,

жайлайды жерін көп зират...
Хусейн бе,
Буш па – кім Тиран?!
Кім жылан екен, кім қыран?

Ирак па,
АҚШ па – содыр кім,
әділін айтшы, Жер-жићан?!
Болмас па зауал зәлімге,

болмас па тыйым жәбірге,
тілесе мүһмін мұсылман,
бас ұрып Құран Кәрімге?!
Адамзат естіп сұмдықты,

әділ сөз күтіп ынтықты.
Күштінің сөзін сөйлемей,
айтып өт, Лирам, шындықты!

Дүрия дүние

ЕСЕКДӘМЕ

Арбап аяр сәлемі, алдап долбар дәлелі,
сыпсыңдаған өсектің табылмай жүр әлі емі.
Жариялылық жалауын жамылып ап бүгінде,
өсекшілер Адамды ғайбаттаудан дәмелі.

Сұңғыласып сыртынан, сұңқылдайды сәуегей,
шындығында Қоғамға қу, сұмдардың бәрі өгей.
Демократия жалауын жамылып ап бүгінде,
басбұзарлар бетімен жайылудан дәмегөй.

Арылмайды жылпостар саудагерлік әдеттен,
ал жасанды дефицит айырады тәбеттен.
Кооператив атауын алыпсатар алып ап,
шаш етектен пайдаға кенелуден дәметкен.

Дәмешіл бұл жұртыңның тізбелесем керегін,
Жеделдетіп көрсем де, түгесілмес дерегім.
Тек оларға мен бүгін:

– Обыр тобыр, дәнікпе!

Жоқ өзгеден дәмету – Есекдәме, – дер едім.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

АСҚАР-ШЫҢДЫ КЕРБЕЗ

ЖЕР – ҚАРҚАРАЛЫ

Таңсәріде ескенде тау самалы,
Тал-терегі тербеліп қарсы алады.
Арқадағы ТАБИҒАТ ПАДИШАСЫ,
Ақын біткен жыр толғап тамсанады.

Мәди болып төңірек ән салады,
Бұлақтары сылдырап сан салалы.
Қасым болып айнала жыр төгеді,
Көз жауын ап құрағы балаусалы.

Құт-береке мекені Арқадағы,
Айшықталған табыспен әр қадамы.
Асқар-шыңды кербез жер – Қарқаралы,
Дастан-жырлы кемел ел – Қарқаралы.

Қарқаралы… Қарқаралы…
Топырақтың болған соң құнарлысы,
Азаматтың осында тұлғалысы.
Тауға қарап өссе егер тау ұланы,

Сұлушаштың көзіндей шынар қызы.
Шарықтайды қиянға қиял құсы,
Тау-тасынан басталып жыр-аңызы.
Батыр туған бұл жерге, ақын туған,

Жауды, білем, ел-жұрттың мың алғысы.
Толықсыған табиғат Арқадағы,
Ер маңғазы осында, ел ардағы.
Ақ ордалы кемел ел – Қарқаралы,

Дүрия дүние
Бақ-орманды кербез жер – Қарқаралы.
Қарқаралы… Қарқаралы…
Түзеп қойып басында қарқарасын,

Қарқаралы маңайға паң қарасын.
Тарқайтындай болды ғой
Бұлт пен Қайғы...
Той-думаны еліңнің тарқамасын!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖЫР-ЖАСЫН

Білгеннен соң күрестердің тынбасын,
Көк аспанды тіліп өтті жыр-жасын!
Қара жерді қақ айырды жыр-жасын!!
Тауарихты ашып қара, сырласым,

Ақын сөзін халық ұйып тыңдасын.
Алты ауызын қоя тұрып ауылдың,
Жас жүректі «Марсельеза» шыңдасын!
«Марсельеза» шыңдасын!

Дүр сілкінтіп дүниенің дүбірі,
Жел өтінде өткен бүкіл ғұмыры.
Азаматқа
«Көзіңді аш, – деп, – сестеніп!» –

Қыр төсінде саңқылдаған тұр үні.
«Жүрме бос!» деп

шақырды елді тірлікке,
«Тізе қос!» деп

шақырды елді бірлікке.
Өз қолымен жаңа қоғам орнатып,
Желбіретіп алау түсті ту тіккен.
Сол бірлігің қажет бүгін ауадай,

Өсиетің дертті жанға дауадай.
Жаңа кедей ел болам деп жиылса,
Жәбірлемес жаңа манап, жаңа бай?..
Ұрпағына қалдырғаны – жыр, әні,

Азат дала – Алаш елі, Тұраны.

Дүрия дүние
Зор өкініш – өз қолымен орнатып,
Сол қоғамның болғандығы құрбаны…
Жасын ұрды!

Оңбады ақыр сол қоғам,
Құрышпенен, сом болатпен сомдаған.
Киесі атып аруақты ақынның,
Талқан болды, жайрағандай бомбадан!

Сыр сандыққа жинап кетті асылын,
Алмағайып жырлап кетті ғасырын.
«Сым пернені басып қара» деп еді,
Ұмтылыстық ұғынбаққа бар сырын.

Кеңес елін үрей, қатер жайлады,
Ерлер басын тәуекелге байлады.
Ел бастаған көсем еді көреген,
Көрсоқырлар итжеккенге айдады.

Баурайында ел-жұртың қап, балаң қап,
Алатауға қарай бердің алаңдап.
Асқар таудың аржағынан не күттің?..
Сәкен аға, кеттің нені армандап?!

... Білдік біз де күрестердің тынбасын,
Көк аспанды тіліп өтші жыр-жасын!
Қара жерді қақ айыршы жыр-жасын!!
Сыр сандықты ашып қара, сырласым,

Ақын сөзін халық ұйып тыңдасын.
Алты ауызын қоя тұрып ауылдың,
Жас жүректі «Марсельеза» шыңдасын!
«Марсельеза» шыңдасын!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

БІРЕУДЕН ІЛГЕРІ, БІРЕУДЕН КЕЙІН КІМ?

(әлеуметтік келбет)
Ілгері кім біреуден, кейіні кім,
Байтірлігін пенденің, бейтірлігін
Жаратқанның жазуы десек егер,

Аямас та ешкімнен мейірімін.
Жүрсем егер біреуден ілгері мен,
Қолдау тапқам шуақты күндерімнен.
Біреулерден кейін мен жүрсем егер, –

Басынғысы кеп тұрар кім көрінген.
Болмасам да қоғамның кемеңгері,
Болмасам да жасампаз еңбек ері,
Болып келем айнымай ширек ғасыр, –

Коммуналдық қызметтің төлемгері.
Момын жанға ақылгөй мол-ау сыншы,
Табылмайды көп ретте қолдаушысы.
Жолақыны ұқыпты төлейтін мен –

Автобустың тұрақты жолаушысы.
Көрген бейнет зейнетпен ақталмаса,
Өркениет дегенің құр далбаса.
Он екі сан болғанмен СТН-ім,

Алты санды ақшам жоқ тым болмаса.
Талтаңдайсың қалтаңда ақшаң болса,
Қонатын бақ күттірмей шапшаң қонса.
Кедейлікпен байлығын білдірмейтін,

Маркең* сынды жортамын алшаң баса.
__________
* журналист Марал Хасенов

Дүрия дүние
Кедей жұртқа бір табан жақын жүрмін,
Пақырлардың түсінем зарын, мұңын.
Арынды үнін Брюсов берсе кеше,

Бедныйланып** естілер сарын бүгін.
Қол қысқалық, жоқшылық қор қылады,
Қарыз алсаң, тұзақ сап, тор құрады.
Есепшотым банкте бар дегенмен,

Қысы-жазы ол құрғыр бос тұрады.
Түсім игі емес пе, ісім кенен,
Мен бір жанмын әйтеуір ісінбеген.
Тиын-тебен алғанда азын-аулақ,

Кассир қыздан ұялам мүсіркеген.
Айтпақ болып шындықты шырқыратып,
Жырға қостым бейнетті бұрқыратып.
«Тірлік кешкен жандар бар бізден жаман», –

Дейді маған Тілекең*** шын жұбатып.
Қайтем, барға – қанағат, шүкір деймін,
Пысқырмаймын байларға, түкірмеймін.
Күн кешуге жалданып қызмет етем,

Пайда қуып, пұл іздеп жүгірмеймін.
Тірлік кешем сонша кең пейіліммен,
Біреулерден ілгері-кейінді мен.
Әлеуметтік келбетім жұпынылау,

Маған болып жүрмесін зейінің кем.
__________
** орыс кеңес ақыны Демьян Бедный
*** әріптес Тілеубек Кәмалиев

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Кімнен кейін екенім жақсы мәлім,
Кімге керек өтірік ақсиғаным.
Бір байшыкеш жаяу деп менсінбеді,

Мінгенім жоқ «Мерс» түгіл «Максиманы».
Кімнен сонда, япыр-ау, ілгерімін?
Болған жанмын мен де бір жігері құм.
Тұрмысы пәс жандардан тәуір тұрам,

Сәл жақсырақ жарлыдан күн көруім.
Ілгерімін, масқара, бомждардан,
Баспанам бар қорғайтын жел, ызғардан.
Ілгерімін жұмыссыз жүргендерден,

Шықпасам да малтығып қарыздардан.
Бар меншігім – үш әйнек, төрт қабырға,
Керек-жарақ сыяды зорға мұнда.
Жатақхана, пәтерде жалдамалы

Тентіредім, қиналдым, сорладым да.
«Бұрышы жоқ» атандым ел ішінде,
Шешем байғұс шерленді мен үшін де.
Өле жаздап намыстан шаққа отырды,

Ит қорлыққа келмеді сенгісі де.
Пәтер алдым бертінде, кешігіп мен,
Отбасымның қозғалды көші күткен.
Келешегі жоқ аудан саналса да, –

Майқұдықтың шетіне қосты тіккем.
Ашықтым да кезінде, жұтадым да,
Баса алмадым ілгері бір адым да.

Дүрия дүние
Жанашырым, қолдаушым болмаған соң,
Жарық көрді кешігіп кітабым да.
Сенімі жоқ адаммын ертеңіне,

Қалай сене беремін ертегіге?
Ғайып болған «сәулетті болашақтар»
Сүмеңдетіп тағы да ертеді ме?
Қор болған жан қоры жоқ қалдыратын,

Қиналғанда шетінен алдыратын.
Өле қалсаң бір күні – қажет пұл жоқ,
Зират түгіл күмбездеп салдыратын.
Мирасым жоқ қалдырар, жоқ мұрам да,

Ескерткішті кітаптан соқтырам ба?
Күндер кетіп барады бет албаты,
Тоқтататын жоқ менде стоп кран да!
Жақсылыққа жете алмай, игілікке,

Жүген-құрық сала алмай бір күлікке,
Өмір шіркін сағымдай өте шықты,–
Бұлай бұлаң етерін жын біліп пе?
Айтқанменен бола ма тағдырға өкпе,

Болды, жетер, запыран зарды төкпе?!
Кешігудей кешіктім, ендігісі
Жетсем деймін кешігіп ақыретке…
08.12.04 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

КЕЛЕШЕККЕ КӨШУ

Кешегімде қалмаймын, өткенімде,
әне қалды қарайып өткелім де.
Таусылған жоқ дәм-тұзым, көрер күнім,
шарпиды жүз, өшкен жоқ от демім де.

Келешекке көшемін кідірместен,
тыңдамаймын шалдарды күбірлескен.
’’Көш көлікті болсын!’’ де, тілеулесім,
мен ілесем жастарға дүбірлескен.

Келешекке көшемін өлеңіммен,
жараныммен, өрімтал өреніммен.
Келешекке көшемін Ер Халқыммен,
өзін-өзі билеген Өр Еліммен!

Дүрия дүние

КЕЛЕШЕККЕ КӨШЕМ ДЕСЕМ ӨЛЕҢДЕЙ…

Ғұмыр кешем дүниеге елеңдей,
жүрсем дағы өзім оған еленбей.
Белеңдей ме алынбаған бел-асу,
Көлеңдей ме әлде алдымнан менен дөй.

Тылсым әлем… шайқалмаған зерендей,
мың сан дыбыс… құлақ түрем кереңдей.
Көп білем деп көкием-ау кейде мен,
түскен ләзім маған әлі тереңдей.

Таным – мұхит,
талпынысым – кемемдей,
талғамыммен алдым ба екен шегендей!..
Жүгім ауыр: сенім, күдік – оң, солым,

кетіп барам шайқалақтап теңелмей.
От ауызды, орақ тілді шешен кей,
ақиқатты айтар еді-ау тежелмей.
Жыр дегенің ойға тұсау қашанда,

шықпай қойды-ау іштегі шер-шемендей.
Қандай күш бар рухымды бұл жеңердей,
мызғымаймын жақпар тасты кемердей.
Көп сөз – былшыл… бір сөз айтсам жетеді,

періштең не, сайтан естіп сенердей!..
Өміршең де өрелі бір өнердей,
ертеңіме жетем десем көнермей,
көк дөненнен жүйрік менің көңілім,

сенің дағы көсегең бір көгергей!
Мәңгілікке өтем десем мен өлмей,
келешекке көшем десем өлеңдей,
жансарайым әсемдікті көксеген,

кенен сезім, кемел ойға кенелгей!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ХХІ ҒАСЫРҒА БЕТ АЛҒАН КЕРУЕН

(Памфлет немесе Жаңа жылдық карнавал,
маскарад һәм әскери парад туралы хикаят)

– Жарандар,

мінеки, қараңдар,
сахнада шымылдық жабылды.
Тұрмаңдар, қайтыңдар, тараңдар,
қағамын қоңырау, дабылды!

ХХ жойқын ғасырдың
ТРАГИКОМЕДИЯСЫ аяқталды.
Жақсысын асырдым,
жаманын жасырдым,

жырлай да, зарлай да жақ талды!..
Бас актер осылай деген соң,
көрермен халайық сабылды.
Біреуді күлдірді бұл сөздер,

енді біреуді ыза қылды.
Әр тілде шулаған қалың жұрт
көзге елестетті Бабылды.
Ерсілі-қарсылы лықсыған,

нөпірге шығар жол табылды…
Бас актер айналып жаршыға,
сұңқылдап жөнелді тағы да.
Тұлғасы құдды бір қаршыға,

талмайды өзінің жағы да:

– Жарандар, мінеки, қараңдар,

керуен бет алды ертеңге.

Дүрия дүние
Көш-көлік дайын тұр, қалмаңдар,
өткенде қалмасын бір пенде.
Адамзаттың карнавалы

келесі ғасырға барады…
Барады асыл да, масыл да,
барады алғыр да, тасыр да.
Бәрінің хақы бар, ешқайсы

қалмайды өтетін ғасырда.
Барады жайсаңдар, жақсылар,
әпенде, дәруіш, бақсылар.
Аруын аймалап серілер,

қаруын асынып сақшылар.
Барады еңбектің торысы –
қазағы, кәрісі, орысы.
Барады “Азия дауысы”,

барады шетелдің Соросы.
Барады ғұлама Олжастар,
Мұхтарлар һәм Иран-Ғайыптар.
Барады талабы мол жастар,

бойында дарын бар, айбын бар.
Барады алыстар, жақындар,
барады ғалымдар, ақындар.
Ғалымды дүмше кеп мазалап,

ақынды дәлдүріш тақымдар.
Адамзаттың карнавалы
келесі ғасырға барады…
16-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Барады ізгілер, зұлымдар,
барады адалдар, арамдар.
Барады аңқаулар, жылымдар,

барады мырзалар, сараңдар.
Сан соғып десең де “Әй, қап!”
көрелік, десең де, бір байқап,
жақсыға жамандар ілесер, –

Уақыт пен Кеңістік шын байтақ.
Зұлымдық, Жамандық жүр есіп,
қыр-соңнан қалмайды ілесіп.
Көретін көрешек – алдыңда,

ғұмыры өтесің күресіп.
Барады өнерге құштарлар,
барады өнерге іштарлар.
Құштарлар – қанатты қырандар,

іштарлар – жыланша жорғалар.
Даңғылға жармасып даңғойлар,
арумен таласып сәнқойлар, –
барады бәрі де ертеңге,

сап түзеп солақай, оңқайлар.
Көрші елдің әскери парады
келесі ғасырға барады…
Барады арандатушылар –

кірменің шер-мұңын шаққызған.
Жириновский сынды жындылар,
қазақтың көк туын жаққызған.

Дүрия дүние
Өтірік есінен ауғансып
барады Казимирчук-Пугачев.
Өтірік жуасып, аңқаусып,

ойнақтап, жортақтап жүр қас көп.
Адамзаттың маскарады
келесі ғасырға барады…
Барады жебірлер, обырлар,

тоғышар һәм топас тобырлар,
тінтініп дау, бүлік іздеген
лаңгерлер, сойқандар, содырлар.
Мәз-мейрам бәрінен лаңгерлер,

өзінше хас батыр, паң ерлер.
Күтеді алдынан – зоналар,
Күтеді алдынан – лагерьлер.
Барады теңгелер, долларлар,

франктер, лирлер мен иендер.
Барады жоқ-жітік, шонжарлар,
бажалар, балдыздар, жиендер.
Барады сыбайлас жемқорлар,

барады мафия дін аман.
Барады мүгедек, кемтарлар,
төреден бір көмек сұраған.
Барады кәнігі кәззаптар,

барады жезөкше жәллаптар.
Барады жер даулап казактар,
қазекем қашанда жалбақтар…

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Көрші елдің әскери парады
келесі ғасырға барады…
Пушкині сәл үнсіз қалғанда,

сөйлейді орыстың пушкасы.
Өктем боп жендеттер жалғанда,
көздеп тұр қай елді мушкасы?
Көр әне ойқастап таптауын

жеріңді, суыңды, көшеңді.
Атқылап, бомбалап Қап тауын,
жіберді босқын ғып чешенді!..
Күшті елдің әскери парады

келесі ғасырға барады…
Барады патша да алжыған,
тапсырып “қара портфелін”.
Барады дөңгелеп жер-жиһан,

алсын деп ашулы қарт демін.
Соғыспен бастап ед ғасырды,
соғыспен бітірді ақыры.
Ядролық қаруға бас ұрды

дүние жүзінің пақыры.
Ғасырға барады келесі
Жұмыр жер,

мұхиттар,

құрлықтар,
келбетті Келешек белесі
осынау сапарды шын құптар.

Дүрия дүние
Адамзаттың карнавалы
келесі ғасырға барады…
Барады күлкі де, шаттық та,

барады уайым да, қайғы да.
Барады Арман да, Бақыт та,
барады жайсыз да, жайлы да.
Қарқылда, мейлің сен жымыңда,

барады келесі ғасырға.
Құдайбергеннің пошымында,
кейуана һәм Қожанасыр да.
Бауыржанға кім селқос қарады,

әр тілде кейіптеу қиын,ә?
Бір партия ойнауға барады,
қарт әти құдағиына.
Келесі ғасырға барады,

төрткіл дүние маскарады,
халықтардың карнавалы,
әскерилердің парады…
Жас заман еңсесі төнді кеп.

Кішіріп қалғандай тұлғасы,
суреттен көрінер енді тек
ХХ ғасыр сұлбасы…
Құжат ол мұрағаттарда,

экспонат – мұражайларда.
Мұң, шер ол …
сыр тұнған хаттарда,
төсеніш – саяжайларда.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Сурет галереясындағы,
елесі ол Әбілханның.
Цирк аренасындағы

елесі ол Қажымұқанның.
Көрермен есінде жаңаша,
сұңғаты Сальвадор Далидің.
Жанкүйер есінде тамаша

нокауты Мұхамед Әлидің.
Шаң басқан кітапханаларда –
көк томдар, көп томдар қап-қалың.
Солардың біреуін аларда

шын олжа – Мұхтарды тапқаның!
Шыр айнал
Жер шарын, Карнавал,
сырнайлат,

кернейлет, қақ дабыл.
Әр әнді әр елге арнап ал,
барлық жұрт болсыншы сапта бұл.
Дөңгелен үйіріп, Маскарад,

маскалар көз алдар қаптаған.
Масқарампаз, жұртты жалт қарат,
сценарий сөзінсіз жаттаған.
Орынсыз, әлбетте, парадтар,

әскери жорықтар жараспас,
ғасырдан ғасырға әрі аттар
тұста бұл жиылсын бар аспаз.

Дүрия дүние
Айтыскер ақындар жиылсын –
ұрпағы Тоқтағұл, Жамбылдың.
Соларға дәйімі бұйырсын

сыйы мен тартуы тағдырдың.
Күдікті үмітке жеңдіріп,
үстемдік құрар деп Парасат,
аспанға қарайды телміріп

жақсылық көксеген Адамзат.
Алаңсыз жүргенмен кей жандар,
Фучик боп шыңғырар шындық бар.
Қапыда қалады бейқамдар,

куә оған – мыңжылдықтар.
Адамдар, қалайда байқаңдар,
той өтер ию да, қию да…
Шын қайтып келсе Иса Пайғамбар,

жоқ деме тағы бір Иуда?!
Әлбетте, жолға шық, бекін де,
күтеді – не белес, не қия.
Қайталанбасыншы деп тіле

қасіретті трагедия!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

КЕЛ, КЕРІМ КЕЛЕШЕК!

Өткенге салауат,
қалғанға берекет.
Ертеңге аманат,
өсиет бере кет.

Тілек ет қол жайып,
болмасын алапат.
Келешек ғажайып,
келешек ғаламат.

Озығын, тозығын
жатқанда ел екшеп,
өзгертіп жосығын,
кел, керім Келешек!

Дүрия дүние

ӨТКЕЛ БЕРМЕС ӨТПЕЛІ КЕЗ

Фәниде бұл рахат өмір жоқ тегі,
Пешенесі пенденің ол көктегі.
Күннен күнге көміртегі көбейіп,
Тапшы болып бара жатыр оттегі.

Өткел бермей қойды кезең өтпелі,
Риза біреу, енді біреу өкпелі.
Әркім мұңын шертпе күй ғып шертеді,
Арын қайда асау күйдей төкпелі?!

Фәниде бұл тыныш өмір жоқ сірә,
Жаратқаннан мейлің көптен бақ сұра.
Жауығады жау іздеген бір жынды,
Дос боп кеше құшақтайтын қапсыра.

Бір аусар жүр абайсынып, қасымсып,
Өзгелерден өктемсініп, басымсып.
Ауру әйел арумын деп шаптығып,
Жәллабың жүр сұңқар шүйген лашынсып.

Әзәзіл жүр Иса жолын қуғансып,
Ізгіліктің жаршысы боп туғансып.
Сұрланады қанын тартып ішіне,
Жымияды бар күнәсін жуғансып.

Сауатсыздар сауаттыға жөн айтқан,
Ауқатсыздар ауқаттыны қоңайтқан.
Оңнан-солдан, ойдан-қырдан ой ұрлап,
Дәлдүріштер дәлдүрішті молайтқан.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Бір бірінің басқан ізін аңдыған,
Бақастардан іс көрмейсің мандыған.
Жетпейтін қырт өз ақылы өзіне,

Қалың елге ақылгөйсіп тантыған.
Кірмелер жүр ірісініп, шоңсынып,
Жалпақ жұртқа жотасынып, жонсынып.
Елірме жүр астамсынып, паңсынып,

Қоңсы қонған қараша елді қомсынып.
Елді жөнге сала қоймас балағат,
Есті сөзден болар сірә шапағат.
Қыран құстай дүр сілкініп, ширығып,

Өр тұлғаңды тік ұста сен, Қағанат!
28.08.2000 ж.

Дүрия дүние

ҚАРА СУЫҚ

Азынайды ызғырық, азынайды,
айналаңның айтатын назы – қайғы.
Талшық іздеп жөңкілген жұпыны жұрт
сүмеңдейді мұндардай басыбайлы.

Қарайды шақ түтігіп сұсты райы,
күреңітіп күннің де мыс шырайы.
Ығыр қылған өтпелі кезең мына –
тым ұзаққа созылған қыс сыңайлы.

Бір сыннан соң бір сын кеп
тұрған лек-лек,
тап бір заман қойғандай сынға шірет.
Көрген күнің кіл азап, бітпес бейнет,

таусылмайтын тауқымет – шын қасірет.
Құт-береке қашқан соң түнек жалмай,
тірлік ету мүмкін бе жүрек талмай.
Азып-тозып барады қайран ауыл,

тұяқ қалмай тігерге, қорек қалмай.
Кеткеннен соң амалсыз бойдан жылу,
кетеді екен әп-сәтте ойдан сұлу.
Білдіңдер ме, кімдердің мақсаты екен

ақ сарайын арманның ойран қылу?
Мақаш аға*, жүйрік қой шіркін кеуіл,
шын тіледің өсімнің іркілмеуін.
Ер – нәуетек болған соң, әйел – бедеу,

көк көрпелер азайтты бүлкілдеуін.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Көлік сайлы, керексе кеме сайлы,
кәнігі сұм қанатын кеңге жайды.
Ебін тапқан қашанда екі асайды,

ебін таппас, апыр-ау, нені асайды?!
Байлық-дәулет буымен ыстағандай,
бастан-аяқ терімен тыстағандай.
Шонжарсынып, шоңсынып паңсынады,

қара жердің кіндігін ұстағандай.
Неткен қату қабағы, жүзі ызбарлы,
беттеп барсаң, сезесің бір ызғарды.
Жемқор пәле ол емес, тап бір сендей,

үйіп-төгер басыңа қырсықтарды.
Қара суық десем мен зар заманды,
ұқсатып көр торғайға бар шамаңды.
Қыспағына нарықтың шыдамаса,

жазықты ма титықтап шаршаған құл?!
___________
* М.Тәтімов – демограф ғалым

Дүрия дүние

ЖАН ШУАҒЫ

Сән-сымбатың дегбірімді қашырды,
Сақтап жүрген бір құпиям ашылды.
Сәмбі талдай солқылдаған жас ару,
Сән-сымбатың дегбірімді қашырды.

Сәмбі талдай солқылдаса балғын тән,
Саз-сырнайлы ән естимін шалқыған.
Сал-сері боп сайран салмай неткенім,
Сәмбі талдай солқылдаса балғын тән.

Балғын денең көздің жауын алады,
Баурап, арбап бірте-бірте сананы.
Балқып тұрар, шалқып тұрар кез қайда,
Балғын денең көздің жауын алады.

Балғын денең баурап алды сезімді,
Беймазамын, сағынып жас кезімді.
Байрон болып сайран құрып кетсем бе,
Балғын денең баурап алды сезімді.

Жан-жүректі баурап алды наз күлкі,
Жаймашуақ нұрлы шақтай жаз күнгі.
Жаһан маған бар пейілін төккендей,
Жан-жүректі баурап алды наз күлкі.

Жүрек – жырға, жанар – нұрға бөленді,
Жан шуағым, қалай қоям өлеңді?!
Жыр бар жерде сиқырлы бір сыр да бар,
Жүрек – жырға, жанар – нұрға бөленді…

Сəбит БЕКСЕЙІТ

МӨЛДІР ЖЫР – ТҰНЫҚ СЫР

немесе Менің Ульрикам
Сары уыздай тіл үйірген тәттімсің,
Бал дәміңді ерініңнен таттым шын.
Жансарайды нұрландырып әп-сәтте,

Шалқар шабыт сыйлайтұғын шаттықсың.
Жаным іңкәр, тәнім тәнті не жансың,
Шайыр біткен жаза алмаған ғазалсың.
Самалсың сен лебі жұпар, хош иіс,

Жанарыммен аймалайтын жамалсың.
Неткен ғажап тұнықсың сен, мөлдірсің,
Менің бейнем түсіп тұрған үлбірсің.
Іркілемін айтар сөзді айта алмай,

Тіл-аузымды буып-матап бір тылсым.
Көктемде осы бүрін жарған бір гүлсің,
Ақ тілегім – қауызыңа нұр тұнсын.
Пәктігіңді жер-жиһанға паш етіп,

Әспеттейтін мөлдіреген жыр тусын.
Жүрек тулап, беймаза бір күй кешем,
Көнбес ақыл, «есіңді бір жи» десем.
Мөлдір жыр боп төгілер ме тұнық сыр,

Ынтызар боп егер сені сүймесем.
Білген жоқпын тосын келіп өртерін,
Алаулаған от құшақ пен өрт-ерін.
Жан-тәнімді, ой-санамды баураған,

Таппадым мен, таппадым мен дерт емін.

Дүрия дүние
Қызғалдақтай құлпырасың көктем кеп,
Сымбатыңа сүйсінетін бөтен көп.
Тұнық сырды ұқсаң егер, Ульрикам,

Мөлдір жырды төге берем Гётең боп.
Сәуір маған болмаса да таңсық тым,
Қысқа түндей атар таңға асықтым.
Күн дидарлым, сыйлашы бір от демді,

Мен өзіңе өлердейін ғашықпын!..

Сəбит БЕКСЕЙІТ

КӨРСІН ҰРПАҚ КӨКШУЛАН КӨК БӨРІМДІ

Халқымыздың саятшылық өнерінің мұрагері,
берісі елімізге, әрісі шетелдерге танымал құсбегі
Тілеуқабыл Есенбекұлына
Аңсап келем Бұғылы-Тағылымды,

Өзен-көлі аман ба, шағыл құмы?
Жыр-шашуды тойына тарту етем,
Айтам кімге алайда зар-мұңымды?
Бері қара,

ей, мұндар Өркениет,
Бола бердің кес-кестеп тілге тиек.
Өртедің бе ну жыныс орманымды,
Аң-құсымды кеттің бе көрге тиеп?!

Жөйіт неме бұздың-ау аурамды,
Флорамды құрттың сен, фаунамды.
Аман болса зерен көл, ыстық құмым,
Тер сасыған ұрдым мен саунаңды!

Ей, Өркениет!
Қайтар менің аң-құсымды,
Жетер,
болды,

қой енді аңдысуды.
Бүркіт тауын биіктет, аласартпай,
Суға толтыр Шерубай, Ақсуымды.
Көз жасымен мүмкін бе шаю мұңды,

Қайтар менің өкірген аюымды.
Нұра өзенін арылтып сынабынан,
Қайтар менің қара мұрт жайынымды.

Дүрия дүние
Қайтар менің бұғымды, бар тағымды,
Қайтар менің бас білмес тарпаңымды.
Шаң-тозаңға бөктірмей құба белді,

Арайлы ет,
Ашық ет әр таңымды.
Көк Тәңірі,
Аруақ қолдар бізді,

Көз байламай, доғар сен долбар істі.
Қайтар маған айбатты арыстанды,
Қайтар маған жүректі жолбарысты!
... Балалардың қолында пүліш қонжық,

Аң да, құс та жасанды, кіл ойыншық.
Түз тағысын көрмеген өз көзімен,
Өспес пе екен жас өркен болып ынжық?
Көрсін ұрпақ жап-жасыл бөктерімді,

Көрсін келіп көкшулан Көк Бөрімді.
Тамашалап бұталы тоғайымды,
Емін-еркін таптасын шөптерімді...
Ұялас ем кеше мен сарқұспенен,

Тілдес едім мен кеше бар құспенен.
Саят күтіп Бұғылы-Тағылы тұр,
Жолға шыққан Тілекең жалғыз ба екен?..
21.06.08 ж.

17-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ПАРИЖДЕ ӨЛУ АРМАН БА?

Парижде өлу,
Мәскеуде өлу – мұрат па?
Алас ұрмай,
туған жерге тұрақта.

Аллаһ білер
кімнің қайда өлерін,
ажалыңды
тапсырыспен сұратпа.

Ол шаһарда
біздерсіз де кезбе көп,
білдіретін
бөтен шырай, өзге леп.

Елден безіп
босқын болсаң – тағы ұят,
көк жағамен
жүресің бе сөзге кеп?!

Сырттан келсең,
кім болсаң да, кірмесің,
ұлы ақын боп
өткізсең де жыр кешін.

Сылқым Париж
Қабірстан емес қой,
жинайтұғын
ақындардың мүрдесін?

Туған күннен
бастап адам сапарда,
аман-сау боп
жүрсең, шүкір, қатарда.

Дүрия дүние
Жол үстінде
өліп кетсең, қайтесің,
Алматың не,

жол-жөнекей Отарда?..
Өлсең, қайттің,
қалада емес, ауылда,
өлсең, қайттің,

жауын-шашын, дауылда?!
Жер-көктен сен
ажал іздеп сабылма,
тұрған жерде

сабыр сақтап, дамылда.
Парижде өлу,
Мәскеуде өлу – арман ба?
«Ұлы ақынмын,

сонда өлем!» деп қарғанба.
Бір Аллаһқа
мәлім қайда өлерің,
туған жерде

өле қалсаң, арланба.
Парнас тауға
әбден лайық шынарсың,
бізді қойшы,

шет жұртқа да ұнарсың.
Мына фәни
тірлік әбден өткенше,
Көптен озып...

шыдамассың, шыдарсың?..

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Бала жастан
Парижге іңкәр, құмарсың,
мүмкін бір күн

сонда жетіп құларсың.
Алайда сен
Жидебайда жай тапқан,
Ұлы Абайдан

артық емес шығарсың?

Дүрия дүние

ПОЭЗИЯСЫЗ ӨМІР СҮРУГЕ БОЛА МА?

Поэзиясыз өмір сүруге бола ма?
Болады.
Арайлы таңға, рауанды кешке сүйсінбей,
Айбынын таудың, айдынын қырдың түйсінбей.

Поэзиясыз өмір сүруге хақың бар,
Жыр-әнсіз, қарғам, бақ төмен болмас, тақым тар.
Көбейіп күлкің, азаяр бәлкім уайым,
Сыңғырап үйің, жарқылдап тұрар жұбайың.

Шүлдірлеп жүріп, өскіндер үбір-шүбірің,
Жер жарар мүмкін бай, бағлан деген дүбірің.
Жарық жалғанның болып ап жарты патшасы,
Болат сандықты алтынға сықап тасташы!

Байлығы бардың қолына билік қонады,
Қоңданып күйі, жолсызда жолы болады.
Рухани жарлы, жұпыны жансың сен бірақ,
Кешкен тірлігің, көрген қызығың – сандырақ...

Поэзиясыз өмір – дәмсіз, тұшымсыз өмір,
Делебе қозбас сәнсіз, қиқусыз өмір.
Поэзиясыз өмір – дәнсіз, дақылсыз өмір,
Көңілің толмас мәнсіз, ақылсыз өмір.

Поэзиясыз өмір – талап-талғамсыз өмір,
Ертеңді көксер бағыт-бағдарсыз өмір.
Поэзиясыз өмір – асыл армансыз өмір,
Жайқалып өсер жасыл ормансыз өмір.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Поэзиясыз өмір – терең теңізсіз өмір,
Емірентетін ерен сезімсіз өмір.
Поэзиясыз өмір – асқар шыңдарсыз өмір,

Тебірентетін асқақ жырларсыз өмір.
Поэзиясыз өмір – нұрсыз, күндізсіз өмір,
Құрдымға батқан айсыз, жұлдызсыз өмір.
Поэзиясыз өмір – бақсыз, талайсыз өмір,

Жұртын оятқан ақын Абайсыз өмір...

Дүрия дүние

ТІРШІЛІК

Нұрын төге бастағаннан Күн шығып,
ерен істі еңсерем деп құлшынып,
жалаулатып,
жұрттан озып дүр шығып,

болмағанды болды-мыс деп жыр қылып,
бақты жайлап екпесе де бір шыбық, –
Гүл өмірге тұрса біреу тұшынып,
көп қызығар,

көп талпынар үздігіп,
осы болар
әні – шаттық,
дәмі тәтті Тіршілік?..

Іс мандымай, жұмыс жүрмей қырсығып,
еңсе түсіп, көңіл жүдеп, жүз сынып,
атқан таңмен,
батқан күнмен күрсініп,

кеуде құрғыр ауа жетпей қысылып,
бас айналып, жүрек лоблып, тұншығып, –
Тұл өмірден тұрса біреу түршігіп,
жұрт безінер,

жұрт шошынар үрпиіп,
осы емес пе
қарама-қайшы,
дәмі ащы Тіршілік?!..

13.07.08 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

БІРЕУГЕ ӨЛІМ ТІЛЕГЕНШЕ...

Өнердің досы – құштарлық,
өнердің жауы – іштарлық.
Осы сөзді ұқпас әсте тасырлар,
өтсе дағы мыңжылдықтар, ғасырлар.

Маған көптен өшіккен бір жылымқұрт –
қаламының қуаты кем пәс мұндар.
Менің атым қалмасын деп жер-көкте,
құлындағы даусы шыққан жөргекте.

Құммен төсеп бүкіл басқан ізімді,
бейнеқорды құрту үшін тер төккен.
Талай барып жыр оқыған шаңырақ,
қалғандайын бүгін мүлдем қаңырап.

Бір таспам жоқ сол кездерден сау қалған,

– Қайда? Неге?.. – сансыратты сан сұрақ.

Барлық бейнетаспаларды ұрлап ап,
қоқыс қылған үзіп-үзіп жұлмалап.
Жиырмадағы, отыздағы үр бейнем
бейнеқордан аласталды біржола!

Қызғаныштан өтіне зәр жиналып,
тамақ батпай, бей-жай болып қиналып,
ұлтабарға жара шығып, тесіліп,
ашқұрсақпен кете алмады диланып?..

Қолдан енді келмеген соң ештеңе,
ақ қағазды шимайлады сес төге.
Күл төгеді мен шығатын дөңеске,
төккен сайын биіктейді Көктөбе!

Жерді басып жүргенімді көпсініп,
қарғыс айтар ертелі-кеш тепсініп.
Ақыр соңы қазанама жазыпты,
«жаны жайсаң аға» депті кеңсініп.

Есі дұрыс адам бұлай жаза ма,

Дүрия дүние
нақұрыстың ниет-пейлі таза ма?
Кеше ғана сәлемдесіп, көріскен
көзкөргенін қалай қиған қазаға?!

Әлде мені санай ма екен тірі өлік,
бастықсынып отырған соң шіреніп?!
Тұрған жоқ па мені «марқұм» санауы
әбеқоңыр тірлігіме тіреліп...

Шүкіралла, оранғам жоқ кебінге,
ыққан жоқпын оқсыз майдан шебінде.
Кімнің тірі, кімнің өлі екені
бір Аллаһқа аян болар тегінде.

Ана сөзі кітап сөзі мен үшін,
жүрер жолым, барар өріс кеңісін.
Тірлігімді дәлелдеймін жырыммен,
тасқа түскен әрбір жинақ – жеңісім!

Ал, дұшпаным, күңіренбе күле кеп,
ана сөзін қайталаймын төпелеп:

– БІРЕУГЕ ӨЛІМ ТІЛЕГЕНШЕ,

ӨЗІҢЕ ӨМІР ТІЛЕ! – деп.
22.10.08

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҚАРСАҢДА

Тіршілік үшін бір күндік
Түстім-ау әуре-сарсаңға.
Титықтап барып түңілдік,
Тұрғандай тозақ қарсаңда.

Заманның күтіп ақырын,
Алаңсыз жүру мүмкін бе?
Пендедей қалған мақұрым,
Пәс болар тіпті күлкің де.

Табанда болды ғалам жат,
Танытып оқыс шын сырын.
Тия алмас бүкіл адамзат,
Табиғат-тажал тылсымын.

Бұйырған мерзім тапшы тым,
Бес-он жыл қалды небары.
Алаулы отын шапшытып,
Асау күн төкті қаһарын.

Болмады бекер секем бұл,
Таяпты заманақырың.
Жер-бесік болса мекен тұл,
Күн көрмек қалай пақырың?!

Тұрған Күн көкте жарқырап,
Атылса – тірлік не болмақ?!
Құлдары тұрса шарқ ұра,
Сақтаса, сақтар тек Аллаһ!

Дүрия дүние *** Айтсам шынын, Құдай аяр халдеміз. Қиналамыз, кигендейін тар кебіс. Бір дөкейдің қызы «тобыр» атаған – Бесінші колоннамыз әлде біз? Түйсігі жоқ небір жебір астам, ә?! Теңестірді өздерін кеп кастаға. Кегжиеді тап бір арғы атасы Махараджа болғандайын мастана. Шектен шыққан бұл не қылған бетсіздік, Тоңмойындық шеккізді ғой шексіз мұң. Сұрап көрші, біле ме екен бұл жазған, Айырмасын текті менен тексіздің?! Сұңғыласып бой түзейді бай-манап, Менсінбейді қазағын бұл қаймана. Көптің қамын, мұң-мұқтажын қайтеді, Вилласында жайғасады жайлана. Сыр білдірмей жылмитқанмен түр-өңін, Салып жүрген білеміз ғой сүреңін. Элита деп әлдеқандай қылғандар, Элюардың біле ме екен бір жолын?.. «Халық – тобыр» деген түбі оңбайды, Тәңір өзі тезге салар ондайды. Халық деген екінші аты Аллаһтың, Қарғысына ұшыраса, сорлайды! 03.06.09

Сəбит БЕКСЕЙІТ *** Мынау кештің болуы үшін көңілді, Қызықтырақ ету керек өмірді. Ақ пейілдің дастарқаны жайылып, Керім кешке құлшынысым көрінді. Саған ыстық ықыласым бөлінді, Күйтабақтан әсем әуез төгілді. Ағытылып сырлы сұхбат тиегі, Аққайнармен басайыншы шөлімді. Шәй көйлегің сәнді және қонымды, Білегіңе создым жайлап қолымды. Бір жимиып қарадың да, мұңайдың, Иығыңа түскен шашың толқынды. Аққайнардық ақ көбігі атылды, Жарастырды бізді сәтте шат күлкі. Қиял шіркін шартарапқа жөңкілді, Қолдай салшы мына мендей пақырды. Аққайнармен басқан кезде шөлімді. Көрген түстей ғажайып ет өңімді. Әйел заты, табиғаты су тектес, Ақсерке боп кешейінші көліңді... Теңеушіл бұл бағалашы серіңді, Гүлшанаққа ұқсаттым мен ерінді. Сен – нәрлі гүл, ал мен болсам бал араң, Аямашы шырыныңды, сөліңді.

Дүрия дүние
Қара көзің – тұма бұлақ тұп-тұнық,
Шым батырар түбіне сол тұңғиық.
Кенезесі кепкен кезбе секілді,

Қаталап кеп бас қоямын құнығып.
Жаным іңкәр, тәнім тәнті, сұлуым,
Төге берші жүрегіңнің жылуын.
Маған ғана тиесілі мөлдірің,

Маған ғана тиесілі тұнығың...
07.06.08

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТОЛЫМДЫ ҰЙҚАСТАР

Толымды ұйқастар керек пе?
Ұл мұңды жыр бастар өрнектеп.
Ойқастар жер тарпып асау ат,
Байқастар сыр тартып азамат.

Жібердім сермеп кеп қолымды,
Жігерлі еңбек деп жолымды.
Бейбас жүр торып жол кес-кестеп,
Кей қас жүр өріп сол сезбестен.

Ұғар ма ой айтсам базына,
Ұнар ма молайтсам қазына?
Той бастар елпектеп асаба,
Шу бастар ербеңдеп мас адам.

Детектив – жазғаны дедектеп,
Етектей қағазды жентектеп.
Эссеге теңелді жай аңыз,
Есеге кенелді май ауыз.

Толымды ұйқастар керек пе?
Орынды қимас әр дерек те.
Осында күлкісіз күнім бар,
Осында ұйқысыз түнім бар.

Әр сәтім, әр күнім ұйқасар,
Бар дәтім, бар шыным ұйқы ашар.
Ұйқастар, ырғақты ұйқастар,
Жыр бастар, толғақты күй бастар!

Дүрия дүние

ТҰСАУ КЕСЕР ЖЫРЫ

Мағдиге
Талапты бала тайсалмас,
Жүректі бала жасқанбас.
Қанеки, Мағди, тәй-тәй бас,

Қанеки, Мағди, қаз-қаз бас!
Жарқын жаз ақ жол басы боп,
Төгілді Күннің шуағы.
Аллажар болсын, разы боп

Қыдырбай атаң аруағы.
Болма сен жалқау, еріншек,
Шапқылап жөнел, құлыншақ.
Күтеді алдан Келешек,

Күтеді алдан Болашақ.
Іске асып Әжең арманы,
Азамат болып қалыптас.
Бол ертең елдің ардағы,

Жолыңды таңдап, танып бас.
Қатарға қосыл, жүгір де,
Жігерлі бала жалықпас.
Кездессе бөгет – сүрінбе,

Ақырын жүріп, анық бас!
07.07.09 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

МӘЖНҮН ЖЫРЫ

Ғашықпын есімнен шын танған,
Шарқ ұрдым адамдай жынданған.
Жағалау жеткізбей қор қылды,
Манаршам бір сөніп, бір жанған.

Жағалау соншама алыста,
Шығыста, жоқ әлде Батыста?
Тамыздың тамаша кешінде,
Мен сонда өзіңмен танысқам.

Жағалау соншама ажарлы,
Тіршілік қайнаған базарлы.
Мен – қайық

толқындар шайқалтқан,
Төңірек түксиіп сазарды.
Айрылып тағаттан, шыдамнан,
Шарасыз болдым мен жыларман.

Асықтым, аптықтым бір Сен деп,
Гүл арман болды ма тұл арман?!
Манаршам – шырағы үміттің,
Жалп етіп сөнердей үркітті.

Сенім мен күдігім итжығыс, –
Үрейлі көңілім тым күпті.
Қимасын жоқтаған сыңардай,
Сыр шертсем, егілген мұң-зардай.

Атқақтап, бұлқынып, жұлқынып,
Жүрегім кеудемнен шығардай.

Дүрия дүние
Ғашықпын есімнен танғандай,
Санамды нұрлантып ай маңдай.
Мені кеп көрген жан білер ед,

Есінен айрылған жан қандай?!
Жанымды қоярға жер таппай,
Беймаза күй кешем бейбақтай.
Бейуақта боз үйден беземін,

Тып-тыныш бұйығып жан бақпай.
Япыр-ау, не болды соншама?!
Қылмиып қыздар жүр қаншама.
Жылмиып жігіттің сұлтаны,

Жолығар таңдап бір ханшаға...
Маңайда басқа жұрт байсалды,
Көресің жақсыны, жайсаңды.
Бәрін де ақылмен шешеді,

Қаламас әурені, сарсаңды.
Қой десем, сұм жүрек қоймайды,
Сағыныш зар-мұңын толғайды.
Мен білсем,

жалғанда Мәжнүндер барында,
Ақылды махаббат болмайды!
12.07.09 ж.
18-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТАЙЛАҚ БАТЫРДЫҢ

АЛМАС ҚЫЛЫШЫ

«Өзгерді ме даламның кескін-кейпі,
Қандай ұрпақ, нендей гүл өскіндейді?
Құлақ түріп жатсам де ертелі-кеш,
Ат тұяғының дүбірі естілмейді?!

Жасып әлде кетті ме үрім-бұтақ,
Жерім азып кетті ме, тозып құрақ?» –
Деп, әруақ күнұзақ күңіренді,
Жан-жағынан қаумалап қалың сұрақ.

Маңайдағы тірлікті бөтенсиді,
Төмпешікті қозғалтып, өскен шиді,
Баһадүрдің өр рухы шамырқанып,
Деріпсалдың бойында дөңбекшиді.

Жер қыртысын қопсытып, қақыратып,
Қабірінен тұрғандай батыр атып,
Сыртқа шықты шошайып алмас қылыш,
Өткір жүзін жалғанға жарқыратып.

Оңды-солды сілтесе батыр бабам,
Найзағайдай сол қылыш жарқылдаған.
Сол қылышпен туралып талай қалмақ,
Қабырғасы сөгіліп, қақыраған.

Сайрандамақ ойы бар, тайраңдамақ,
Сол қылыштан жайраған талай қалмақ.

Дүрия дүние
Азаттықты ту еткен ердің ісін,
Аңыз қылып айтады арайлы аймақ.
Биболдыдан үш батыр атқа қонса,

Жүрек жұтқан сарбаздар сапта болса,
Қанша түмен болса да жер қайысқан,
Дұшпан жанын қала алмас сақтап онша.
Шерубай ер шерулеп қол бастаса,

Жан бауырлар ілесер қапталдаса.
Сақадай сай Тайлақ та, Деріпсал да,
Атой салып жөнелер – аттандаса.
Ерлер еді елім деп еңіреген,

Ата жауды жек көрген тентіреген...
Ардақ тұтып, есімін ұран етіп,
Амандығын солардың ел тілеген.
Құлақ түрсең аңызға ертедегі,

Сайын дала айдыны тербеледі.
Жойқын шайқас өтіпті, қанды қырғын,
Сарыарқаның бойында бетегелі.
Соңғы шайқас қашанда ауыр сынақ,

Қарсыласар өлермен жауың ширақ.
Сынды бәлкім қылышы сондай сәтте,
Білмейміз ғой мән-жайын оның бірақ?..
Тот баспаған, қос ғасыр мұқалмаған,

Оттан, судан кетіліп, жұқармаған.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Қақ жартысы біздерге жетті, міне,
Мұражайдан лайықты орнын алған.
Осы сірә тегін бе, бір сәт ойлан,

Сезесің бе, бойыңа қайрат қонған.
Баба рухы сыйлаған алмас қылыш,
Ұрпағына сес болған, айбат болған!
27.07.09

Дүрия дүние

АР НӘБИ МЕ?

Жасап алып жалған би, жалған батыр,
Шырмауықтай сананы шырмап жатыр.
Тіл табысқан рухани сыбайластық –
Жадымызды жаулайтын терминатор.

«Менің атым әлі де жүре тұрсын,
Сенің атың әзірге тұра тұрсын.
Менің жалған биім де, батырым да,
Аты шулы қор құрсын, мұра құрсын» –

Міне, осы бұлардың фәлсафасы,
Өтіріктің айтылды қаншамасы?!
Жанын таза ете ме, арын нәби,
Жиренішті көпірме жарнамасы?

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТҰҒЫРЫМ МЕН ТҰРАҒЫМ

Кіндік тұсын жайлаған Сарыарқаның,
Мерейі үстем қашаннан Жаңаарқаның.
Сол өңірдің мен де бір перзентімін,
Жыр қайнарым деп білген, ән арқауым.

Сен дегенде жарамас самарқау үн,
Соқсын дауыл, нөсерлеп жауар жауын!..
Сулы, нулы болсыншы барар жерім,
Қулы, Мұңлы болсыншы барар тауым!

О, Туған жер!
Құмың мен тасың таныс,
Қартың таныс, құрдас пен жасың таныс.
Жасып сенде көргем жоқ, өршелендім,

Сен берген соң бойыма ар мен намыс.
Көрдің талай замана зобалаңын,
Көп құпия жасырған обаларың.
Өтіп талай тар жол мен тайғақ кешу,

Сан асылдың білдің бе жоғаларын?!
Табын сезіп сан қыспақ, сан ызғардың,
Дәлелдедің күресте маңыз барын.
Жеттің бүгін жасына жыраулардың,

Жеттің бүгін жасына абыздардың.

Дүрия дүние
Сөйле, жырау,
Сексеннің сеңгірінен,
Түлеуіне тірліктің сендіріп ең.

Атыңа сай жаңарып, өркендедің,
Елдігімен жұртыңның, ерлігімен.
Өнеге етер өткенін нағыз дана,
Келешегің келісті абыз-дала.

Тарих болып жазылды жүрген жолың,
Ғасырлардан сыр шерттің аңыз-дала.
Өріс кеңіп, гүлденіп, мың түрлендің,
Мыңғыртып мал өсіріп дүбірледің.

Жүрегімнен жыр болып ақтарылдың,
Домбырамда күй болып күмбірледің.
Дос таңғалған жазирам, қас таңғалған,
Шалқар шабыт сыйлаған дастан-далам.

Қиындыққа қыңбаған қыр-қаһарман,
Дағдарыстан ықпаған, жасқанбаған.
Сұңқар ұшқан кең далам, тұлпар шапқан,
Ауаң шипа, жусаның жұпар шашқан.

Жапан түзді жаңғыртып, қиқу салып,
Аңсақ жандар аңсап кеп құмар басқан.
Әулетіміз өзіңде тамыр жайған,
Қонды дейсің бақ қайдан, Қыдыр қайдан.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Кіндік кесіп, кір жуған Сарысудан,
Артық болар табылмақ тұғыр қайдан?..
Ұланым деп барғанда тұрсаң елеп,

Тастағандай боламын нұрға бөлеп.
Тағзым етем мен саған,
О, Туған жер,
Екі дүниеде де тұрағым деп!

17.08.09 ж.

Мұң кешу

Жайым жоқ әсте тынымдар,
Ат басын маған бұрыңдар.
Туындар бір ой бір ойдан,
Жүректен қозғар сырым бар...

Дүрия дүние

МЕНІҢ ЕСІМІМ

Иесі ерек болса егер есім де ерек,
Тосын ой ма бұл сірә, шешім бе ерек?!
Солай болған қашаннан, солай болмақ, –
Күшті ақынға лайық есім керек!

Асан абыз есімін, Бұқар атын
Құрмет тұтар құмар ел, құмар ақын.
Нақыл сөзін өрнектеп өлеңменен,
Жыр тілімен қалдырған ұлағатын.

Сәбит екен әкесі сол абыздың,
Сәбеңдерге кенде емес дала біздің.
Дөнентаев,
Мұқанов ...

және Мен бар –
Бұл есімнің өлеңде қалады ізі.
Үлкен әкем мәрт Бекең – бектің бегі,
Көз көргендер сүйсініп “тектім” деді.

Әулиедей көретін әкем Қыдаң –
Қыдыр баба боп кеткен секілді еді.
Кеткендіктен ертеден араласып,
Екі есімнің біреуі – араб нәсіл.

Осал ныспы дей көрме Сәбит деген,
Мықты,
Берік,
ТАЙСАЛМАС – баламасы.

Тіні берік жырымның, діні мықты,
Жарық көрген туды ғой күні құтты.
Жүректерден алайын тұрақты орын, –
Ығыстырып әзәзіл зұлымдықты!..

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЕКІНШІ МЫҢЖЫЛДЫҚТЫҢ

СОҢҒЫ ЖЫЛЫ

Түгесілсе бір Мыңжылдық,
келесісіне құлшындық.
Мирас боп қалмақ, мінеки,
қуаныш-жалған, мұң-шындық.

Оң қылық көрсет, соңғы жыл,
сенімен кетсін мол қыжыл.
Соңғы сыр сендік сарқылып,
сәтімен тусын соңғы жыр.

Төнбе сен бізге тажалдай,
келме сен бізге ажалдай.
Тілеме енді құрбандық,
өте ғой, болды, өш алмай.

’’Ішке сыр бүктің несіне?’’ –
деп жұртым қатты кейісе,
қалсын электрон поштада:
www. polіqon. kz

Ұшақты жұттың, тынбадың,
кемені жұттың, тынбадың.
Қап тауын таптап, талқандап,
көрші елде бүгін жүр бандың.

Тасаттық енді тілеме,
далама келіп түнеме.
Рақымсыз күш бір – сұм тажал,
қаһарына міне ме?!

Дүрия дүние
’’Ішке сыр бүктің несіне?’’ –
деп жұртым қатты кейісе,
қалсын электрон поштада:

www. proton. kz
Өжет тұр соңғы белес деп,
қиындықтармен белдеспек.
Сендірем, достым, соңғы жыл –

Уақыттың соңы емес деп!
Қорқақ тұр құт-бақ келмес деп,
көзіне әрне елестеп.
Сендірем, достым, соңғы жыл –

Ақырзаман емес деп!
Ұға алмай заңын нарықтың,
замандас, білем, тарықтың.
Пақырды қинар соңғы жыл –

ақыры емес Тарихтың!
Сан жанжал, соғыс, көп егес,
замана көшін бөгемес.
Ушығып тұрған соңғы жыл –

Кеңістіктің шегі емес!
’’Ішке сыр бүктің несіне?’’ –
деп жұртым қатты кейісе,
қалсын электрон поштада:

www. abaіla. kz
19.09.2000 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

МАНДЕЛЬШТАМ КӨСЕМ ХАҚЫНДА

Жырға штамп болмас деп, әнге штамп,
түгесіліп біткен соң әбден шыдам,
қылша мойным талша деп, нартәуекел
Сталинді сипаттады Мандельштам:

’’Күн кешеміз бүрсіз табан

туған жерді сезінбей,
Түн баласы қорқыныштан көз ілмей.
Емен-жарқын тіл қата алмай,

сыбырласып, күмілжіп,
Болдық әбден кіл сүмелек, кіл ынжық.
Мысы басып сұмырайдың

Кремльді жайлаған,
Тілсіз тылсым бізді жіпсіз байлаған.
Оның жуан саусақтары жауын құрттай

быртиған,
Қазасы көп азалы елден шыр жиған.
Айтқан сөзі зілмауыр шын кір тасындай

бір пұттық,
Мейірді емес, қашанда одан зілді ұқтық.
Қулықпенен күлімдесе тарақан мұрт

жыбырлап,
Маң басады былғары етік сықырлап.
Маңайында қылқы мойын көсемдердің

тобыры,
Құлдық ұрар жебірі мен обыры.
Ысқырады сұр жендеті, мияулайды малайы,
Қыңқылдайды құл-құтанның талайы.

Жалғыз өзі күрзі сілтеп, сүңгі сұғып белсенді,
нұқып қалып, қия салар желкеңді.

Дүрия дүние
Жарлықтан соң бір жарлығын көзі-басқа

төпелеп,
Нәл қаққандай ұрып жатыр жекелеп:
Бір сорлының маңдайына, бір сорлының

шабына,
Бір сорлының жапа шеккен жанына.
Әр жаза сайын жауыздың жүрегі

бір қыңбайды,
Бүлдіргенді кешкендей ыңылдайды,
Соны тыныс бергендей ылғалды жас топырақ,
Көр-кеудесі жай тауып тынымдайды’’.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

АҚИҚАТ АЗАСЫ

’’Халық жауы’’ ұсталып, ’’ұры’’ ұсталып,
қара тізім ұлғайып, ’’дұрысталып’’,
көгіс өңге сұс беріп қою мұрты,
қызыл мәрмәр мінберде тұр Сталин.

Кімді місе тұтады әл барында,
қиды өлімге ұлын да, жан жарын да;
қанға малған қылыштай жолағы бар
генералиисимус шалбарында.

Жау шапқандай шайқалтып шаңырақты,
талай үйді моладай қаңыратты;
жарын жесір, баласын жетім етіп,
талай ердің анасын аңыратты.

Көл болса да көз жасы – бір дір етпей,
міз бақпайды мелшиіп құдіреттей;
айдаһардай ысқырып ол тұрғанда,
өз үйінде бұққан жұрт күбір етпей.

Көрген күні көп жұрттың азап қана,
кетті айналып лагерьге азат Дала;
қызыл жендет қолында – қызыл балта,
қан сасыған бүкіл ел – қасапхана.

Аза күйі – реквием тартылған күн,
аясын ба АҚИҚАТ ант ұрғанды?!
Зұлмат сырын ұғынсын бүгінгі ұрпақ,
көрсет, Қызыл Диктатор, бар ’’тұлғаңды’’!..

Дүрия дүние

ФОРМАЦИЯ

Өтсең егер тарихты бір ақтарып,
сан замана – санаңа сынақ тәуір.
Тұғыр-дәуір мың жылдап ығыр қылды,
кел, керемет Келешек – Пырақ-дәуір!

Адамды адам қанаған, құл-күң еткен,
жансыз заттай кәдімгі мүлкі де еткен;
адамды адам қорлаған, тәлкек еткен –
’’Адамзат комедиясы’’ күлкі деп пе ең?!

Есін алып адамның, мәңгүрт еткен,
бір-біріне көрші елдер кәрін төккен.
Тарих атты театр сахнасынан
қайыршы боп, жарлы боп әр жұрт өткен.

Төрттағандап жатыр төрт формация,
жасаймын деп конспект – бармақ сия;
дастан-хамса жазам деп ақын досым,
темір құрсау тістері қалды ақсия.

Қиын, қиын... бес қоғам туралы жыр,
жүрегі үлкен ақынның мұрады бұл.
Күні кеше ’’толысқан’’ қоғам жәйлі
дастан түгіл, өлең де тумады бір.

Көптен бері замана дастаны ойда,
тастамай да жүрмін мен, бастамай да.
Алматыда жазғам жоқ, Жаңаарқада,
жазар ма едім Торғай мен Қостанайда?!

Туса шіркін дәуірдің поэмасы,
болмай ешбір қоспасы, боямасы!..
’’Өркениет’’ деп мен де жазар ма едім,
мазаласын өрелі ой, аямасын.

19-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Өтсең егер тарихты бір ақтарып,
сан замана – санаңа сынақ тәуір.
Тұғыр-дәуір мың жылдап ығыр қылды,

кел, керемет Келешек – Пырақ-дәуір!

Дүрия дүние

КЕШКІ МҰҢ

Аяулымнан көз жазып бір қалғанда,
көңіл көгін бұлт-мұң келіп шалғанда,
сам жамырап мың сан жұлдыз тұрса да,
жалғызсырап жапа шегем жалғанда.

Оңайлықпен туа қалған қашан жыр,
күңгірт тартқан көңіл шамын ал, жандыр.
Самаладай мол жарықтың ішінде
жалғыз шырақ секілденіп шашам нұр.

Сен деп білем тәңір жазған сыңарым,
жан-жайлауға шырай берген шынарым.
Жүз қыз ұйып тыңдағанмен, алайда
саған ғана арналған бар жыр-әнім!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЭЛЕГИЯ

Телефон-автомат.
Сыртта – жел.
Ызғырық желден бұл ыққан ел.
Шер-мұңын қиылған сымдар мен

үзілген үміттің тыңдар ма ең?..
Ал тыңда. Телефон түтігін
алдым да, сөйлестім тұтығып:

– Алло-о... Алло-о... А, құдай,

байланыс болмады тағы да.

– Иә, сөйле.

– Алло-о.. Бұл кім, ә?

(Елеңдеп сөйледім жұлқына).

– Мен – Құдай.

– Ә, қалай?!.. Бұл шын ба,

сөйлей ме тіл бітіп тылсым да!..
О, жақсы болды ғой, құдайым,
сәтті бұл аңсадым ұдайы.
Айтарым көп еді. Мұңым көп.

Тірліктен мен әбден түңілгем.
Ит қылды пенделер түсінбей,
Келеке етті ғой кісің кей.
Таусылды шыдам да, шарам да,

Атылсам – тозаққа барам ба?

– Тозақы болма сен. Сәл шыда.

Дін аман малшы да, жалшы да.

– Жоқ, енді мен шыдай алмаймын,

Опасыз жалғанда қалмаймын.

Дүрия дүние
Мезі етті өмірдің қызығы,
шыжығы, желдің де ызыңы.
Енді Бұ дүние маған жат.

Енді О дүние маған қат.

– Кел онда, әпендем. Келе қал,

кешкілік үйіңде өле қал.
Үш күннен кейін сен кел жетіп,
дәп сенсіз болмас та ел жетім.
Төңірек – кебіндей аппақ қар,

Ақырет – өлімдей тәкаппар.
Телефон-автомат.
Сыртта – жел.
Құлақта бір ызың:

- Кел... кел... кел...

27.02.01 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖАРЫҚ ЖАЛҒАН ЖАМПОЗЫ

Биыл күн ерекше шалқыды. Сәуір айындағы
бір ғана шалқудың қуаты бүкіл адамзат тарихы
бойында жұмсалған энергиядан әлдеқайда артық.
Мен мұны жақсылыққа жорыдым. Күн елінің

ғасырлар бойы армандап келген Тәуелсіздігінің 10
жылдық мерейтойы құрметіне жасаған мезіреті,
шуақ шашуы, нұрға бөлеуі деп білдім.
Шалқып тасып келе берші,

Нұр сәулеңді төге берші,
Маған бақыт бере берші, ару Күн! – деп, ’’Күнге
табыну’’ әнінде айтылғанындай, өзін-өзі билеуге
қолы жеткен еліміздің Бақыты баянды болсын,

Тәуелсіздігі ұзағынан сүйіндірсін.
Күн –
жарық жалғанның желе жортқан жампозы,
таса қылмас көзінен қамқорымыз мәңгі осы!

Жақсылықты күзететін түн ауа,
қырағы Күн маскхалаты – таң бозы.
Шығады Күн:

– Мен болам, – деп, – жұмағың,

нұр шапақты түзеп қойып тымағын.
Кең пейілмен мейірлене күледі,
шартарапқа төгіп кенен шуағын.
Тілейді Күн адамдарға о бастан,

жаралғалы Қара жер мен Көк аспан:

– Тәңірі деп маған табын демеймін,

бір айтарым:
бүткіл мына Ғаламда
Оттан еш зат жоқ асқан!

Дүрия дүние
О, адамдар, мына маған қараңдар,
Маған ұқсас болуға әбден жараңдар.
Мендей жарқын, мендей жалқын жүзбенен

Жарық болып,
Жылу болып тараңдар!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТУЛАЙДЫ ӨМІР ТОЛҚЫНЫ

Жұмыр жер зулап барады
ғаламды кезіп, дөңгелеп.
Сүйсініп Тәңір қарады,
көгілдір шарда өң бөлек.

Қас қағым сәтте жылдамдық
ұшқыр-ау сонша орасан.
Бір сөндік біздер, бір жандық,
жұлдызбыз – шындап қарасаң.

Көзіңді ашып-жұмғанша
өтеді бір мың шақырым.
Ілесіп барар жол қанша,
қалмайды ешкім мақұрым.

Сол сәтте біреу тың, сергек,
сол сәтте біреу ұйқыда.
Толғанса біреу мұң-шер кеп,
біреу тұр келмей сиқы да.

Сол сәтте біреу тояттап,
жеріді біреу сол шақта.
Отырса біреу ой қамап,
той қамдап біреу жол жақта.

Бір желке шықса жалданып,
бір желке қалды қасынып.
Аңқаулар қалса алданып,
қулар жүр шалқып, тасынып.

Дүрия дүние
Қалайда осы ғаламда
қайнаған өмір, тіршілік.
Алпауыт жүрсе талтаңдап,

мүскіндер отыр түршігіп.
Ғарышта самғап барамыз,
жылдамдықты бір сезінбей.
Бір кемедеміз, қараңыз,

ал сапар – тағдыр тезіндей.
Суқұйғыш шоқжұлдызынан –
Арыстан шоқжұлдызына!
Картаны, міне, ұсынам,

қарашы, достым, құлшына.
Оң болсын мәңгі бұл сапар,
сәт сайын сезім сергісін.
Жануға іңкәр пульсарлар,

өрекпіп берер белгісін.
Зулайды ғарыш кемесі –
көгілдір әйбат ғаламшар.
Бар ма екен сірә теңдесі,

әйтеуір болсын Алла жар!
Тулайды өмір толқыны
жарық жалғаннан тараған.
Үдесе тамыр солқылы,

самғауға, шүкір, жараған.
Жұлдыздар өшіп, жанады,
туындап галактикалар.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Даналар естен танады,
ғайып боп қыршын Никалар*.
Құс жолы жатыр созылып

мыңдаған жарық жылдарға.
Жұлдызды ғалам боз, тұнық –
мол арқау жарқын жырларға.
Суқұйғыш шоқжұлдызынан –

Арыстан шоқжұлдызына!
Жыр гүлін, міне, ұсынам,
оқышы, достым, тұшына.
Құс жолдың кіндік тұсынан,

тарайды өмір толқыны.
Шырқалсын шалқып күміс ән,
тынбасын тірлік жөңкілі!
__________

* қыршынынан қиылған балғын
ақын қыз Ника Турбина

Дүрия дүние

ШЕКСІЗДІК ПЕН ШАРАСЫЗДЫҚ

Мәңгілікке мұнша неге құштармын,
ұлыларды кеттім неге іш тартып?
Қалдым міне өткен жылға қол бұлғап,
қанатына ілесе алмай құстардың.

Бақи тірлік, бақи ғұмыр аңсаумен,
ұмытылып барасың ба, жан сәулем?
Көкжиекке тіккен сайын көзімді,
өтіп сен де барасың ба, сал дәурен?

Мәңгілікке жүз жыл жасап жете алман,
жиырма үшімде түк бітірмей кете алман.
Қалам ұстап шимай қуған қол түгіл,
көңіл жетпес шіркін шексіз ізгі арман!..

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҒАЛАМ РУХЫ

Поэзия – бөлек әлем, бөлек ел,
Жүректерді тәтті күйге бөлеген.
Ой-Сезімнің көк күмбезін соқса да,
Ел ұлдары – Абай, Қасым, Төлеген…

Ақын біткен Сұлулықты жыр қылар, –
Сұқтан сақтап, мәңгі ететін тіл – құрал.
Ақын да адам ет-сүйектен жаралған,
Поэзия – шыбын жаны шырқырар!

Бірімін мен Бес миллиард балаңның,
О, Жұмыр жер,
Мазаң саған – алаңмын.
Тәні ауырса, жаны неге ауырмас?

Поэзия –
Рухы бүткіл Ғаламның!

Дүрия дүние

ҰҚСАСТЫҚ

О басында тұтас еді құрлықтар,
Бес бөлек боп талқан болды, бұзылды.
Түсінген жан түптің түбі бір құптар, –
Ұшқыр қиял тың теңеулер ұсынды.

Құрлықтарың – ағып кеткен миымдай,
Қу жанымды тартқылайтын жан-жаққа.
Жаратқанға жүре алам ба сыйынбай,
Алла – біреу, жортпас ойым сан-саққа.

Бір басымда бүкіл жердің бейнеті,
Жер сілкіну – ми шайқалу деп білем.
Ойқы-шойқы жалпақ бетім – жер беті,
Тым ұқсаспыз: текті туар тектіден.

Кесек маған лақтырылған тасадан –
Бір соғылар кометасы Галлейдің.
Жарылыс па – қан құйылу, жасаған,
Жанымды алсаң ұрып-соғып, ал мейлің.

РАТАН* – құлақ дыбыс аңдап Ғаламнан,
Ертелі-кеш елеңдейді қалқиып.
Адам – Жерден, Жер аумайды Адамнан,
Құс жолына қарап жатыр шалқиып.

_________
* Ғылым академиясының радиотелескобы

Сəбит БЕКСЕЙІТ

СҰЛУДЫҢ НОҚАТ МЕҢІ

Нүкте деген сөз бе екен деп күлме сен,
Тамшы су мен титтей сәуле гүлге сеп.
Ұлылықтың қасиетін білмейсің,
Кішіліктің қадірін сен білмесең.

Бар тіршілік бір нүктеден бас алған,
Бір түйір дән тамыр болды жас талға.
Өзек болды ноқат меңі сұлудың
Сағди шәйір жазған ұлы дастанға.

Бүкіл әлем бір нүктеден жаралған,
Түйіршік боп бойымдағы тарар қан.
Борпылдаған топырақтан бір уыс
Пайда болды құрлықтар мен аралдар.

Әлем деген мәңгіге алған хұқ деме,
Бүгін бар да, ал күні ертең – түк те жоқ.
О басында бастау алып Нүктеден,
Бар тіршілік аяқталар Нүкте боп.

Дүрия дүние

ҚИЯЛ МЕН БОЛМЫС

Бұлқынғаннан не пайда, жұлқынғаннан,
зор қапасқа мәңгілік тұтқындалғам.
Ғалам деген абақты шет-шегі жоқ, –
жіпсіз байлап тастайтын құрдым жалған.

Өз еркіммен келгем жоқ ғаламға бұл,
өрекпи ме сасқаннан алаңдап ұл ?
Өз еркіммен және де кете алмаймын:

– «Босат мені, Ғалам!» – деп, қағам дабыл.

Шайқалақта, мейлің сен бұлғалаңда,
түрпектеу де тынбайды, жұлмалау да.
Көпсінбе, жау, жер басып жүргенімді, –
өз еркіммен келгем жоқ бұл ғаламға!

Гүлге алаңда,
мейлің сен жырға алаңда,
өмір өте береді шырғалаңда.
Қиял-құспен кеткенмен самғап алыс,

болмыс-торда күн кешем шырмалам да...

Сəбит БЕКСЕЙІТ

МИЫМ – ҒАЛАМ

Миым – ой, миым – ақыл, миым – санам,
аямай берген Тәңір сыйын маған.
Ғаламдай жұмбағы мол тылсым ғой МИ, –
таниын деген сайын қиындаған.

Жасайды ұшқыр қиял ғаламаттар,
ілеспес ұшқан құс пен шапқан аттар.
Ал, достым, сенесің бе, сенбейсің бе,
миымда – 20 мың том ақпарат бар.

Жарылып кетпей қалай тұр қауашақ,
Мүкәмал қалай сыйған құрсауға шақ?!
Нейроннан сан миллиард түзілген ми
ғаламның тап өзіне ұқсас ғажап.

Мәңгүрт материя – қиқым надан,
пенде боп бір Аллаға сыйынбаған.
Ризамын Жаратқанның мол сыйына:
ордасы ақыл-ойдың –

Миым – Ғалам.
11.04.96 ж.

Дүрия дүние

МӘҢГІЛІККЕ ЖІБЕРІҢДЕР

Ау, пенделерім,
беймаза әпенделерім,
ширақ сендердің бар осы менде нелерің ?
Бақшам жоқ менің,

жоқ менің автокөлігім,
жұлдызды көктен ешкімге әпер демедім.
Сендерге бердім,
ала ғой, мә, мансабыңды,

қалдырсаң болды
қолымда қаламсабымды.
Мен – еркін құспын,

тәрк етіп балақбауыңды,
Бақиға ұшып кетейін, Ғалам сағынды.
Мені өздеріңмен фәниге алып қалмаңдар,
жарық жалғанда жайғассын жалықпағандар.

Мәңгілігіме бөгетсіз жіберіңдерші,
торыққан жандар алдағын анық бағамдар.
20-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСКЕНДЕ

СОРЛЫ БАСЫМ

Әй, Сергей, Сергей! Сергей! Сергей! Сергей!
Түстім-ау, сергелдеңге мен де сендей.
Мұқағали.
Тірілердің ішінде жоғалғанмын,

тіршіліктің көшін мен доғарғанмын.
Бергенім жоқ бердім деп бұлданарлық,
һәм дей алмаймын фәниден мол алғанмын.
Өткен күнім – елес те, келер күнім –

бір көк мұнар…
тұр екен нелер күтіп?!
Байлығым жоқ мырзасып шашып тастар,
ерлігім жоқ ел елтіп елер бүгін.

Бүгіні жоқ адамның – өткені жоқ,
өткені жоқ бейбаққа өкпелі көп.
Бүгіні жоқ адамның – ертеңі жоқ,
жүрер жолы, соқпағы, өткелі жоқ.

Жүргенімді білмеймін қай ғасырда,
даласында адасам, тау-тасында.
Биыл қай жыл екенін, бүгін қай күн, –
мен шығармын білмейтін маубасың да.

Сергелдеңге түскенде сорлы басың,
қалай ғана тыншисың, орнығасың?!
Орды қасың қазғандай, ашынасың,
торығасың, құрғандай торды қасың…

Дүрия дүние
Миы ауысқан мәңгүртпін, мияқымын:
бір ғұмыр ғой бостекі қиятыным!
Сергелдеңге соншама неге түстің,

төре ақылым, қайдасың, би ақылым?!..

Сəбит БЕКСЕЙІТ

КЕРЕҒАРЛЫҚ

Жер бозарды сан мәрте, жер көгерді,
сан құбылтты, өзгертті ел де көркін.
Мен де есейдім…
таптырмас бір сәт тыным

Уақыт жәйлі ойлары Кьеркегордің.
Жер қарайды қанша рет, жер ағарды,
алмастырды қалың ши сере қарды.
Әрі-сәрі күй кешем…

қойғаннан соң
Болмыс пенен Санамды кереғар ғып.
Қас қағымды қалайша мәңгі етем деп,
тіршілікті қалайша мәнді етем деп,

қалдым күндіз күлкіден,

түнде ұйқыдан, –
сән бөтен бе маған бұл, ән бөтен бе?!..
Жан күйзеліп отырса, рух ойсырап,
бір қылжақбас құрдасым жүр тойсырап.

Ірі ой сұлап жатқанда жантәсілім,
тышталаңдап жол бермес бір ой-сымақ…

Дүрия дүние

ОПАЛЫ ҒАЛАМ, ҚАПАЛЫ АДАМ…

Мәңгілік келер бір күн жылдап күткен,
зымыран жарыққа тән жылдамдықпен;
жамбасты суық көрге жайғастырып,
шекені шексіздікке бұрған түнмен.

Мәңгілік – айналу ғой бір жұлдызға:
көгілдір, сары-жасыл, қызыл нұрға.
Мәңгілік:
Жерге – тәнді,

Көкке – жанды табыстау…
(алағызып, үрдіс бұзба).
Ай – маяк, күндіз сөніп, түнде жанған,
өткізіп тұрады елді күре жолдан.

Қозғалыс – жер мен аспан арасында,
көшеді ерсіл-қарсыл күнде жалған.
Кеңістік, деп тұрғандай: “кімсің маған?!”
Жөн, білем, парсектерден қымсынбаған.

Күн-айлап, жылдап өлшер мәуріт емес,
мәңгілік – миға сыймас тылсым ғалам.
Куә ғып боз аспан мен боза түнді,
қойсам ба бір жұлдызға өз атымды.

Қашаннан көз жетпеске көңіл жеткен,
ғарышқа самғатады Сөз ақынды!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Ашқан ба көк күмбезі әсте сырын,
сып берер табу қиын қақпа, есігін.
Опалы он сегіз мың бұл Ғаламнан

қапалы неге іздеймін Кафка есімін?!..

Дүрия дүние

МЕН – АРАЛМЫН

(Жан-Поль Сартрдың монологі)
Мен – аралмын.
Адам-ағыс ішінде жеке қалдым,
пенделерден пәрменсіз секем алдым.

Бос үмітке не дауа:
сара САНА,
әлеуметтік хаосты жеңе алмадың!
Асқақ сана мен сенген, қал адыра,

сен – себепкер тірлікке дара мына!
Мен – рухани Робинзон Крузомын,
жұрт еріксіз алатын назарына!?..
Мен – аралмын.

Болмыс-сұмды өзімше жеңе алармын,
“шекпен” киіп оңаша, “шен” алармын.
Жырақ кетіп қосымды жеке тіктім, –
көп сарбаздың ішінде генералмын.

Аулақ менен, алдамшы ақыл-сана,
жанашырсып, қамқорсып жақындама!
Сезім ғана серігім бұдан былай,
түсінетін мені тек ақын ғана.

Мен – аралмын.
Баласынан жеркендім Адамзаттың, –
үміт артқан болмады қадам сәтті.
Жүрегімді айнытты күйкі тірлік, –

жаңғалақтық, жалтақтық, жарамсақтық!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Пенделерді көп көрдім харам, пасық ,
күш-қуатсыз, қауқарсыз, надан, жасық.
Мұнша неге бейдәрмен болды бәрі, –

жаман жәутік жандардан барам қашып...
Мен – аралмын.
(Болса киер киімі, ішер асы, –
болмас сірә пенденің бейшарасы?)

Тұрса дағы күйреудің шегінде шын,
ұсынарым – ЖАЛҒЫЗДЫҚ ИДЕЯСЫ !
Зиялының ұнатам жалғыздығын,
мазалама, ойшылға алғыз тыным.

Пірім менің – Даралық! Парасатты
ахуалды түйсіну – бар қызығым.
Мен – аралмын.
Мұң мен зарды көтерген қара нармын,

тәнім сау да, жаныммен жарадармын.
Боданынан безінген аулақ барып,
Наполеон ағзамға парапармын !
Бар сенімін тәрк етіп даналардың,

кісікиік, жатбауыр саналармын.
Топжарғанға, әйтсе де, адастырмас
тура жолды дәл мендей таба алар кім?

МЕН – АРАЛМЫН.

Дүрия дүние

ТӨРТІНШІ БИІКТІК

(хамса-хроника) 1. Тұғырлы Теміртау

Желбіреп көкте байрағы,
Жазира далам жайнады.
Ғалам мен Жерді жалғаған,
Атажұрт – Ғарыш айлағы.

Арқаның ыстық аясы,
Жасыл бақ оның саясы.
Бетпақты кезіп болдырып,
Бұлаққа мөлдір таяшы.

Ойы мен қырын аралап,
Сүйсініп қара саралап.
Туғандай болып кетеді
Бар адам және бар алап.

Етене мұнда Ел мен Ер,
Жерұйық осы сен көрер.
Кездесер ақын арқалы,
Кездесер ойшыл кемеңгер.

Ғарышкер батыр осында,
Осында кенші досым да.
Осында диқан, құрышкер,
Төрге шық, төрлет, тосылма.

Ағылып жастар тұс-тұстан,
Отжүректері ұғысқан.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Батырдай алып Теміртау –
Сомдалған болат, құрыштан.
Жайнатып қазақ даласын,

Қанаттандырған Елбасын.
Отандас ардақ тұтады
Көшбасшы ұстаханасын!
Жырлаймын Атажұртымды,

Азаттық алған ұлтымды.
Егемен болған еркін ел,
Келешегіне ұмтылды.

2. 75-тегі жүздесу

Қыран салмас оңайға ұясын да,
Ұясы оның құздардың қиясында.
Қыран түспес олжаның жеңіліне,
Қара құсша қалғымас қыр басында.

Қазақстан Магниткасы –

Жыр, Ән, Аңыз,
Ұтылмайды ол жаққа барған ұл, қыз.
Мұнда еңбек ететін азаматтар –
Жерге қонбас айтулы қыран нағыз.

75-те таныстым сол жандармен,
уақыттан зымырап озғандармен.
Көзінде – ұшқын,
от-жалын – жүрегінде,

Әке көріп, шетінен оқ жонған ер…
Көңіл көктің таласып күмбезімен,
Алған әне қаратып күнді өзіне.

Дүрия дүние Биіктікті көксеген тас түлектер, Көз сүзеді даланың гүл төсіне. Бір асудан шықты олар бір асуға, Шын сапарлар тиіс қой ұласуға. Алынды ғой Төртінші биіктік те, Кезі келді енді бір сыр ашуға… Әлқисса, 1975 жылы Қарағанды металлургия комбинатының № 4 домна пеші іске қосылды. Оны болат балқытушылар Төртінші биіктік деп атады. Мен осы оқиға туралы облыстық және республикалық радиодан репортаж бердім. Осы репортажымды әдеби өңдеп «Лениншіл жас» газетінде де жарияладым. Мен сол жылы комбинат парткомының хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа барып жолығып, ақыл-кеңес алдым. Әлі есімде: үлкен басымен төрден бері озып, кең маңдайы жарқырап ілтипатпен қарсы алды. Бұл кезде № 2 аглофабриканың құрылысы жүріп жатқан еді… 3. Домна пешінің алдында Төртінші биіктік. Ол – сенсің, домнам сүйікті! Біз сенің еңсеңді көтердік, Тұрса да шыжып күн, құйып күн… Біздер де сенімен бірге өстік, Алып боп, Адам боп үндестік Арулар біздерге гүл сыйлап, Ақындар бізге арнап жыр есті.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Сымша иіп болатты, темірді,
Еттік біз еңбекті көңілді.
Сый етіп бермеді ешкім де,

Өзіміз жасадық Өмірді ! 4. Ағалар мен мұрагерлер

Қыран деген қашанда биіктерде,
Елмен бірге мәңгілік сүйікті ер де.
Арғын аға* Төртінші асуды алып,
Атқарып жүр міндетті жігіттермен.

Құрышкердің көп мұнда мұрагері,
Оза шапқан еңбектің Құлагері.
Сырттан шолып сүйкектеп жаза салмай,
Өздерінен барлығын сұра келіп…

Мұрагерлер – әр ұлттың өкілдері,
Ұштасыпты бәрінің тілектері.
Жүзі бөлек болғанмен көрер көзге,
Бірге соққан дүрсілдеп жүректері.

Жігіттердің бірі дос, бірі туыс,
Мүмкін соның ішінде жүр ініңіз.
Бауыр басты Мейрам Сыздықовты,
Латыш ұлы Диниус Ириниус.

Ағалардың біреуі – Дәрібаев,
Оны көрсең, қаласың бір марқайып.
Вахтада – Адам-Юсупов, Набибулин,
Дәріптеуге осының бәрі лайық.

_________
* атақты металлург А.Жүнісов

Дүрия дүние
Кезегі кеп сөз бердім жас қыранға,
Жөнді-жөнсіз бекерге састырам ба?
Сөз алғанда Қабдолла Рамазанов,

Жас дәуреннің жан сырын аштырам да…

– Қас шындықты жасау үшін туғанбыз,

Бір ерлікке белді бекем буғанбыз.
Біле білсең, аппақ-аппақ арманбыз,
Керек десең, сауық-сайран, думанбыз.
Жандармыз біз құрыштай боп шыныққан,

Ықпайтұғын суықтардан, ыстықтан.
Шарықтаймыз қанатымен қиялдың,
Айналдырып ертегіні шындыққа!..
Жұмыс істеп жігерменен жалынды,

Талай асу бір-екі айда алынды.
Домнаның өрттей ыстық
Жүрегі –
Шойын құю ауласы да салынды.

Қас шындықты жасау үшін туғанбыз,
Бір ерлікке белді бекем буғанбыз.
Арнасы кең жасампаздық сезіммен,
Асқақ-асқақ армандарды қуғанбыз!

5. Ғарышпен тілдесу

Аяқтайын енді мен толғауымды,
Оңай емес қуанту мол қауымды.
Ілескім бар жылдамдық ғасырына,
Жек көремін немкетті марғау үнді…

Күннен күнге кеңейіп қиял көгі,
Тасқын-шабыт іздейді құяр көлін.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
«Салют-4»** пен Төртінші домнаның
Дастан еттім космостық диалогін…
Құрыш кенті – мекені жүректі ердің,

Алау пештің тұтатқан өрттей демін.
Лапылдаған от-жалын ордасын мен
Ұстаханасы деп білем Прометейдің.
Түлектерің жас толқын лектерінде,

Жасампаздық еңбектің шептерінде.
Елбасы да, Тоқтардай ғарышкер де
Құрышкердің шыңдалған мектебінде!
_________

** сол тұста ұшқан ғарыш кемесі

Дүрия дүние

ЖАН АПА

Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы
Тоқтар Әубәкіровтің туған апасы –
Бикен Оңғарбайқызының рухына
Гүлдәуреннің алыстап бар қызығы,

Жалғыз сіңлі соңында, жалғыз іні.
Екеуіне бас-көз боп, қамқоршы боп,
Талшық іздеп табу-тын талпынысы.
Төнсе дағы тағдырдың сұмдық сыны,

Жетеледі зарлық ұл, мұңлық қызды.
Қанаттыға қақтырмай көлегейлеп,
Шоқыттырмай, жасқады тұмсықтыны.
Осындай-ақ болар жан бас иетін,

Өту керек әспеттеп қасиетін.
Сегіз ұлы-қызымен тең өсіріп, –
Орындаған әкенің өсиетін.
Жанапам деп жеткенде алыс жолдан,

Сағыныш пен аңсауға кеуде толған.
Әке орнына сол апа әке болған,
Шеше орнына сол апа шеше болған.
Апаның үйі кең жайлау, бір қысылмай,

Ая көрді осы үйдің тұңғышындай.
Тәуап етіп қайтады сол кісіге,
Туған жерге келгенде жыл құсындай.
Көк жүзінде жарқырап туды жұлдыз,

Перзентіне сүйсініп тұрды Шығыс.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Сол апайдың «тұңғышы» ақырында
Ғарышкері қазақтың болды тұңғыш!
Ел мен Ердің кетпесін бастан бағы,

Болсын ұзақ өмірдің баспалдағы.
Жан апаның тербетсін жер бесігін,
Жарық жұлдыз, күміс ай аспандағы...

Дүрия дүние

ІШҚҰСА

Неткен азап шақ еді бұл, жаным-ау,
өлі су боп кетті ме екен, қаным, ә?!
Мен бұл кезде қорықпаймын өлімнен,
жақын тартып өмірді де таныман.

Танымаймын алысты да, жуықты,
сезінбеймін ыстықты да, суықты.
Ішқұсалық қылша мына мойнымды,
көрінбейтін қыл арқанмен буып тұр!

Қыл қысқасы: халім менің құрып тұр,
жүргендеймін мына өмірді сүріп құр.
Миымда – ой, жүрегімде – сезім жоқ,
денем дел-сал, тастағандай ұрып бір.

Дәтке қуат бола алмайды жень-шень де,
көзім күлмес, көтерілмес еңсем де.
Торға түскен арыстандай аһ ұрып,
ішқұса боп отырмын мен кеңсемде!

08.08.78 ж. (КСРО, Целиноград)
21-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

БАҚЫТСЫЗДЫҚ ТУРАЛЫ ЖЫР

(тентек өлең)
Антонимі Бақыттың –
Бақытсыздық.
Жол болмаудан басталар бар сәтсіздік,

Өмір – жарыс деген соң, ұмтылып ек,
Алдымыздан көлбеңдеп шаршатты «үздік».
Жөн білгіштер түзейді ағат бізді,
Ұшқалақ деп нұқиды тағатсызды.

Санаспайтын кім сонша Уақытпенен –
«Бақытты жан» дейді жұрт сағатсызды.
Жоқшылық боп көрінер бар құтсыздық,
Бейберекет қылғандай шабытсыздық.

Егер Бақыт бір табақ дәмді ас болса, –
Бақытсыздық – бір кесе ащы тұздық!
Елдің бәрі бақытты бола бермес,
Түптің түбі пенде жоқ мола көрмес.

Ащы шындық болмаса тіліп түсер,
Тіршіліктің тым тәтті дәмі кірмес.
Жайлылық пен Байлыққа жақындықпен,
Тек Бақытты жырласа ақын біткен,

Жайсыздық пен Жарлылық – менің жырым,
Тоғышар боп көргем жоқ жанын күткен!
Жыршысымын мен бейбақ Бейуақыттың,
Сырын ұқтым дәмдес боп бейбақыттың.

Еңбегі ешпен мұңдас боп, өмірі өшпен,
Шер-шеменнің тиегін кейде ағыттым...

Дүрия дүние
Тұзым жеңіл болған соң, сорым қалың,
Шарасыз боп мен талай қорынғамын.
Жанбады деп жұлдызым жапа шектім,

Шолып шығып құрылған тордың бәрін...
Қарығандай тәнімді тамұқ мұзы,
Сырқыратар сүйекті уақыт сызы.
Құс тұмауы түбіңе жетті ақыры,

Қонбай кеткен қолыма Бақыт құсы!
18.01.06 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҮШ ӨЛШЕМДІ КЕҢІСТІК

Үш өлшемді кеңістігім – Елім.
Биіктігім – көктегі Күн – Тәңірім,
Кеңдігім – байтақ Далам – Жерім,
Тереңдігім – көз тұнатын Кенім.

Тәңіріме тағзым етсем – Ғажабым,
Жерім тозса, елім азса – Азабым.
Қолды болып алтын сандық қазынам,
Келешекке қауіп төнсе – Мазағым...

Қалай ғана тап болдық күйге мұндай:
Үстімізде – Жаратқан ием Құдай,
Астымызда – ағыл-тегіл Мұнай,
Ортасында – отыр Қазақ Жұрдай!

24.12.05 ж.

Дүрия дүние

ДҮНИЕ ТҰРҒАНША...

Космологиялық өлеңдер
І. Дөңгеленген дүние
Дүние тұр әзірше...
Дүние тұр.

Желеп, жебеп тұрғандай Ұлы Ие Бір.
Төбемде – Көк,
Қара жер – табанымда,
Тәуба деймін осынау күйіме дүр.

Дүние бұл толассыз ұлан дүбір,
Қуаты – От тылсым бір,
Шуағы – Нұр.
Мелдектеген бөленіп мейірімге,

Жас-жасамыс жадырап, қуанып жүр.
Дидарына тәнті боп
Дүниенің,
Әр сәтіне тірліктің сүйінемін.

Жаратқанның риза боп тартуына,
Шапағатты жүзіме үйіремін.
Сүйінемін
Тұрғанда құйылып нұр,

Нұр жауды деп аспаннан сиынып бір.
Дөңгеленген дүние – би алаңы,
Айлы кеште қыз-жігіт жиылып тұр.
Оралыңның барында ойна да күл,

Жұпар иіс, шат жүздер... айнала гүл...
Ойнай білсең жөнімен ешкім сөкпес,
Дегенменен бір мезет ойлана біл.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Ойлана біл бір мезет, толғана біл,
Қуат берсін бойыңа қонған ақыл.
Отыз күн ойын өткен соң,

Қырық күн той,
Парасатқа жеткізсін мол талабың!
Уақыт шіркін тоқтаусыз зауылдайды,
Жадырайды табиғат, жауындайды.

Жаратылыс үнемі қозғалыста, –
Дамылдайды бір мезгіл, дауылдайды.
Малынса да Адамзат нұрға мұнша,
Тірлік кешер әр пенде бұйырғанша.

Албырайды жүздерін Күнге тосып,
Балбырайды Дүние тұрғанынша.
Дүние тұр әзірше...
Дүние тұр.

Сақтап оны тұрғандай Ұлы Ие Бір.
Дөңгеленген дүние – алып сахна,
Күмбірлейді, шалқиды ән-күйлі Өмір!
ІІ. Жұлдызды ғалам соңы

Құран сөзі рас болды, Інжіл сөзі,
Бір заманда сөнеді Күннің көзі.
Жаңа жұлдыз туады қаласа Аллаһ,
Қаламаса – жасайды құрдымды Өзі.

Қара құрдым – Жұлдызды ғалам соңы,
Сансырайды еске алса санам сорлы.
Түнек жалмап Ай, Күнді, жұлдыздарды,
Дүн-дүниенің мұнартып қалар жоны.

Ілесіп ап түнекке арам қатқыр,
Жеңгені ме Зұлымдық жамандатқыр?

Дүрия дүние
Ақырзаман дегенің сол болады,
Сол болады дегенің Заманақыр.
Жарық сөнсе – өлгені Ізгіліктің,

Жылу кетсе – өлгені Игіліктің.
Жебірейіл жеңіліп өрем қауып,
Әзірейіл салады қиғылықты!
Аңсап-көксеп күткендей құмар күнін,

Жарқ-жұрқ етіп от-сезім тұтанды мың.
Ып-ыстық құшағымен қарсы алады
Құс жолын Андромеда тұмандығы!
Ғаламтоғыс дегенің шын ғаламат,

Кеңістікті жаңғыртар мың сан апат.
Жұлдыздар мен жұлдыздар соқтығысып,
Шұғылалы құрады нұр салтанат.
Болса қайғы ақылдан – неткен азап,

Милау болсаң түйсіксіз – тіптен мазақ.
Мен дегенің – бықсыған тірлікті емес,
Маздап жанған өмірді сүйген қазақ...
Тұрсам шіркін сол күні жерден қарап:

Сан шұғыла маңайға кеткен тарап...
Ғажап дейді Дүние жаралғанда,
Өлер сәті одан да өткен ғажап!
ІІІ. Үмітін үзбейді

Дүние тұрғанша...
Ататын таң қанша,
Бататын күн қанша.
Айтылар сыр қанша,

Жазылар жыр қанша.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Шырқатар ән қанша
Үндіше, италиянша,
Көрсетер сән қанша,

Сылаңдар қыз қанша.
Күмбірлер күй қанша
Кәдімгі қазақша,
Дөңгелер би қанша

Испанша, сығанша.
Аллаһ тағала қолдаса,
Жүретін жол қанша,
Қысатын қол қанша,

Баратын жер қанша,
Көретін ел қанша...
Дүние тұрғанша...
Таңдарды атырып,

Күндерді батырып,
Ақтарып сырларды,,
Төкпелеп жырларды,
Шырқата ән салып,

Таңқалып, тамсанып,
Би билеп жан салып,
Дабылдап, жар салып,
Күй тартып мұңданып,

Булығып жынданып,
Түрліше тіл қатып,
Күн қатып, түн қатып,
Ойланып, толғанып,

Қаламын қолға алып,
Бір тынбас Адамзат.
Үмітін үзбейді,
Тіршілік іздейді...

15.05.06 ж.

Дүрия дүние
ІV. Ғалам мен Үй
Жалығатын, құлазитын жөнім жоқ,
Аллаһ барда ғаламзатта өлім жоқ.

Жұмыр жер бар, Азия бар апайтөс,
Отаным бар – жерім жайсаң, елім тоқ.
Жерұйығым – бір бөлшегі жұлдыздың,
Аймалаған түнде Ай мен күндіз Күн.

Аймағым бар жайылған мал мыңғырып,
Алтын дән ғып жайқалтатын ырзығын.
Ауылым бар дәстүр-салтын сақтаған,
Азамат бар ел үмітін ақтаған.

Күннен күнге келбеттенген қалам бар,
Елбасының өзі көріп мақтаған.
Шүкір, Аллаһ, баспанам бар, үйім бар,
Азын-аулақ дәулетім бар, күйім бар.

Жұртпен қатар қарапайым күн кешіп,
Жәмиғатқа жырмен өрген сыйым бар.
Жеті қат көк жеті қабат қолшатыр,
Алдымызда пәлен парсек жол жатыр.

Жеті қат жер жеті қабат тұғырым,
Алыс жолда болдырмайтын жорға тұр.
Бозаңытып жатыр әне Құс жолы,
Пырағымның қанатында күш толы.

Қандай әйбат біздің галактикамыз,
Шет-шегіне жетсем шіркін үш қонып!..

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Ұшып барып қанатымен қиялдың,
Қайта оралдым. Жер-Ананы қияр кім?!
Ғарышкеме кабинасы – бөлмемнің

Әйнегінен көріп тұрмын үй алдын.
Ақ қағаздар бозғаламдай бозарып,
Жұлдыздардай жыпырлайды көп әріп.
Үшкір тұмсық зымырандай қаламым,

Жүйткиді кеп кеңістікте қозғалып.
Қандай ғажап мына жарық дүние!
Қараймын жан-жүрегіммен сүйіне.
Мәңгі бақи жасай берші, кең Ғалам,

Құт-береке сыйлап елге, үйіме.
Жарық көріп жатыр кітап... газеттер,
Тасқа түскен, хатқа түскен мезеттер.
Жаңа жеткен әр басылым бетінде –

Оқиғалар, жаңалықтар, есептер...
«Жас Алашқа» ауып бір сәт көңілім,
Қолыма алдым үр жаңа бір нөмірін.
Мәшһүр етіп ардақтысын алаштың,

Саралапты қалың елдің өмірін.
Шартарапқа апарады бай өріс,
Жұмыр жерде не болса да – аян іс.
Бағамдаймын болашағын ғаламның,

Экранда – «Дискавери Сайенс».
Жалғызсырап құлазитын жоқ жөнім,
Абыр-сабыр аржағында бөлменің.

Дүрия дүние
Жан жарым жүр дәм әзірлеп ас үйде,
Күңкіл-шүңкіл отау үйде ұл, келін.
Кіші бөлме жаққа назар салдың ба, –

Немере отыр компьютер алдында.
Рефератын өзі жазып, басады, –
Тура өзімнен аумайды осы қалпында.
Шүкір, Аллаһ, бергеніңе разымын,

Дәмін татып көрдім тәтті, ащының.
Айып етпе, кетсем басып гөй-гөйге, –
Ақындардың боп келеді назы мұң...
16.05.06 ж.

V. Он сегіз мың ғалам

Торығатын, түңілетін жоқ жөнім,
Аспан ашық, күлімдеп тұр көкте Күн.
Қыспаққа алса бұ дүние қысы кеп,
Қызықтаймыз о дүние көктемін.

Шын сарқылса бұл ғаламның қызығы,
Жарығы өшіп, кетсе бойдан қызуы.
17999 ғалам бар,
Бауырына басар бізді түзуі.

Бір Аллаһқа иманыммен сенемін.
Біздің ғалам Бұ дүние дегенің.
Ұғып өтсе жарар еді әр пенде
Арманның не, Бақыттың не екенін.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Кейде ұйқыда ғажап күйге енемін,
Алас ұрар жаным іздеп мекенін.
Тән – жердікі, Жан – көктікі, олаһи,

Өзге ғалам – О дүние дегенің.
Егер пенде кешпесе күн тұщынар,
Шер-шемен боп шеге берсе жиі зар,
Он сегіз мың ғаламның бұл бірінен,

Ол сорлығы титтей бақыт бұйырар.
VІ. Опасыз жалған
Жарық жалған деп қалай дәл атаған,
Іс мәнісін білген ғой ата-бабам.

Аңғарған соң дүние шектілігін,
Баяндылық тілеген бата қалған.
Әнге қосқан «дүние жалған-ай» деп,
Қызға ат қойған Күнсұлу, Толғанай деп.

Ұлға ат қойған Бақи деп, Мыңжасар деп,
Жолболды деп, Жолкен деп жол қарай кеп.
Сөздік қоры қазақтың неткен кенен,
Тіршілігін бектеген, бекемдеген.

Болмыс болымсыздығын байқаған соң,
Досбол деген, Берікбол, Ербол деген.
Әйбат атқа ие боп ұл-қыздар да,
Хан, Тәңірге баланған шың-құздар да.

Сүмбіле деп, Үркер деп, Таразы деп,
Шоқжұлдызға ат берген, жұлдыздарға.

Дүрия дүние
Торыққанда өмірден, түңілгенде,
Болмысыңның түбіне үңілген бе?
Күйінгеннен «опасыз жалған» депті,

Қарс айрылып көкірек күрсінген де.
«Озмыш жоқ, – деп, – жазмыштан»
бір түйеді,
Үркек көңіл жалтақтап үрпиеді.

Талайлы да талайсыз тағдырларды
Сөз етсем, ағытылар жыр тиегі.
«Пашпырт бітті» дегенің өмір бітті,
Бере қояр кім оған көрімдікті.

Өте шықты жастық шақ көрген түстей,
«Қап, әттеген!» деп бүгін көңіл күпті.
Жарық жалған болған соң, жарқырап өт,
Ағысы асау өзендей сарқырап өт.

Қыран құстай самғап өт, шарықтап өт,
Арғымақтай ағып өт, арқырап өт!
VІІ. Жаратқан мен жараған
Жасампаздың мегамәні – Жаратқан,

Шарапатын бар ғаламға таратқан.
Жаратудан асқан іс жоқ жалғанда,
Жауһар тарту – арайлы таң әр атқан!
Жасаушының макромәні – Жасампаз,

Тарлан талант танымпаз да талғампаз.
Сұлулықты қолдан жасау – керемет,
Жан баурайды ғажап сурет, әсем саз.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Жасаушының микромәні – талапкер,
Тырнақалды шығармасын қарап көр.
Талаптысы – өрде озған өнерпаз,

Талапсызы болар босқа арам тер.
Әсемпаз боп келер әсте бар адам,
Өнерліге қошеметпен қараған.
Жасампаз да, өнерпаз да задында

Жаратқанның бір ісіне жараған.
VІІІ. Мадақ жыры
Аспаса күйкі тірлік күйбеңінен, –
Азамат деп әспеттеп сүймегің не?

Даңққұмар боп келеді рухы пәстер,
Мадақ сөзді ұнатар түйдегімен.
Ұлылықтан дәметіп аптығады,
Жұрт алдында көсемсіп жаттығады.

Айтайын деп оқталсаң әділдігін,
Әшшәді әйелдерше шаптығады.
Мадақ жыры лайық па пенделерге,
Ізгіліктен, ұяттан кенделерге?!

Тәні мерез, жаны лас мұндай найсап,
Өзін-өзі жұлып жеп сенделер де.
Мадақ жыры жарасар бір Аллаһқа,
Көптік етпес, күні-түн жырла, мақта.

Дүн-дүниені жаратқан Өзі ғана,
Шуақ нұрға бөлеп бір, махаббатқа!

Дүрия дүние
Мадақ жырым бір Саған арналады,
Жүрегімнің бұл деген арман әні.
Әр алаштың көңілін жайландырып,

Егінжаймен жайқалттың сардаланы.
Біссіміллә рахмани рахим,
Жаудыра гөр, о, Аллаһ, рақымыңды,
Желеп, жебеп жүргейсің ақыныңды.

Амандығын бере гөр отбасымның,
Әулетімді қорғай жүр, жақынымды.
Лә иллаһи иль Аллаһ,
Мұхаммадиан Расул Аллаһ,

Тыныштықты сыйлайтын Бір Өзіңсің,
Атажұртта саялы тұр жасыл бақ.
Лә иллаһи иль Аллаһ,
Мұхаммадиан Расул Аллаһ,

Мейіріңмен ойым бар ақын болмақ.
Шапағатың бұйырса, шарапатың, –
Шаңыраққа бақ қонбақ, бақыт қонбақ.
Әумин.

ІХ. Аспандағы құбыжық
Ахтунг! Ахтунг!
Тыңдаңдар! Тыңдаңдар!
Қауіп төніп келеді аспан жақтан,

Жылдамдығын үдеткен, шапшаңдатқан.
Комета ағып келеді жерге қарай,
Сақ болыңдар!
Аспанда – Швассман-Вахман!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Қап, әттеген!..
Білсек те қайбір шақтан,
Үлгірмеппіз құрып біз қалқан-қақпан.

Жоқ боп кетті барлаушы-жер серігі,
159 миллион долларға жарақтатқан.
Бұл не қылған құбыжық қутың қаққан,
Оқыс жетіп келгенде құтың қашқан.

Бір жоғалып, бір келіп жарқ-жұрқ етіп,
Қатты састы ғалымдар күн-түн баққан.
Тосын тарту сыйлаудан тартынбайды,
Белгі беріп алыстан жарқылдайды.

Күйіп-пісіп ашудан тарс жарылып,
Сан жарықшақ бетімен алқымдайды.
Келеді ұшып күйінде бөлшектенген,
Бәсеңдемес қарқыны жол шеккеннен.

Отыз шақты Тунгус метеориті,
Шошынады көлемін өлшеп көрген.
Елу жылға жоғалған сайқымазақ,
Эскадрилья сияқты жойқын жасақ.

Айдаһарша ысқырып келгенінде,
Әкелмекші біздерге қандай азап?
Сансырайды мұндайда ақыл-санаң,
Жақын тартар іш тартып адамды адам.

Рас, 25 мамырда ма,
Айтшы, достым, кезекті ақырзаман?!
Ахтунг! Ахтунг!
Тыңдаңдар! Тыңдаңдар!

Дүрия дүние
Қауіп төніп келеді аспан жақтан,
Жылдамдығын үдеткен, шапшаңдатқан.
Комета ағып келеді жерге қарай,

Сақтаныңдар!
Аспанда – Швассман-Вахман!
Аллаһ
«Сақтансаң, сақтаймын» деген.

Сақтан. Сақтан.
Бір қауіп келе жатыр аспан жақтан.
18.05.06 ж.
Х. Жанарыммен жаһан жүзін аймалап...

Микроәлем,
Макроәлем,
Мегаәлем,
Мол жұмбағын білмей тұрып неге өлем?

Жанарыммен жаһан жүзін аймалап,
Жыршысы боп жазсам деп ем көп өлең...
Пенделердің сорлысы мен байғұсы,
Тұрар дәйім ант-сертінен тайғысы.

Күнәсінен арылмасын білген соң,
Келер тіпті «құдай жоқ!» деп айтқысы.
Тоғышар боп тірлік кешсек пендеше,
Топастандық ақыл-ойдан кендеше.

Иман да жоқ, егер Құдай жоқ болса,
Үміт те жоқ.
Мен де жоқпын ендеше!
22-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Бір Аллаһ қой, қателікті жөндесе,
Бір Аллаһ қой, күнәһәрді тергесе,
Бір Аллаһ қой, күркіретіп жер-көкті,

Ақ семсерін найзағай ғып сермесе!
12.11.03 ж.
ХІ. Пуанкаре додекаэдрі
Жаратқанның қалауына таң қалам,

Бесбұрышты доп секілді бар ғалам.
Жақұттайын жарқыраған жұлдыздан,
Құдірет пен шапағатты аңғарам.
Космологтар зерттеп өмірбаянын,

Картасын да жасады осы аяның.
Жарық тұнған, жылу тұнған кеңістік,
Керегі не сенен артық саяның?..
Арманы асқақ Хас шебер ғой Тәңірі,

Күннен күнге арта бермек қадірі.
Дөңгеленген Ғалам ғылым тілінде –

ПУАНКАРЕ ДОДЕКАЭДРІ.

10.10.03 ж.
ХІІ. Хақ
Майданға түсер қара мен ақ,
Маңдайға бітер сор мен бақ.

Жауға бірдей бейқам мен сақ,
Дауға дүрдей тіл мен жақ.

Дүрия дүние
Денесін табар сызат пен дақ,
Енесін іздер қозы мен лақ.
Билікті аңсар тақым мен тақ,

Шындықты көксер долбар мен нақ.
Қайсысы күйреп, қайсысы жеңбек,
Қайсысы гүлдеп, қайсысы сембек?
Қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс,

Кімдікі жүріс, кімдікі тұрыс?
Өмірің – шақ та, өнерің – ұзақ,
Фәнилік қалып, Бақилық аңсап,
Менің тұлпарым жүрсін деп жан сап,

Жағаласады Жалған мен Хақ.
Жөнге сап тегіс, бәрін реттейтін,
Жамап, жалғайтын тұсын жетпейтін.
Олқысы болса ептеп, септейтін,

Ешбір пендені әзір сөкпейтін;
Қауіп-қатер, індет әкеп қинайтын,
Отқа да сап, суға да сап сынайтын,
Ақ-қарасын барлық ісіңнің

Безбенге салып таразылайтын
Он сегіз мың ғалам иесі – бір АЛЛАҺ!
ХІІІ. Болжал
Профессор Т.Ы.Әбжановқа

Ойлап тапқан қапаны,
Қорқыт та емес, Кафка да.
Қазулы ажал апаны,
құлыптаулы қақпа да.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Ойлап тапқан мұң-зарды,
Мұңлық та емес, Зарлық та.
Тікен басып гүлзарды,

жоқтық болар барлық та.
Ойлап тапқан мұң-шерді,
Гете де емес, Абай да.
Ақ зер әлем мың зерлі,

қайғыға толы алайда.
Ойлап тапқан шер-мұңды
Жұмекен емес, мен емес.
Қанша айналса Жер Күнді,

бейнетке толы бел-белес.
Он сегіз мың ғаламды
жасандырып, жайнатқан,
гүлге бөлеп даламды.

бұлбұл құсын сайратқан,
Құдіретті сөзі де
пәрменді һәм өтімді
Жаратқанның Өзі де

мұңданатын секілді.
XІV. «Күн» дұғасы
Әр күн сайын таң атқанда арайлап,
Күншығысқа күнбағардай қарайлап,

Жанарыммен жаһан жүзін аймалап,
«Күн» дұғасын тұрам іштей қайталап:

– О, Тәңірім, тұрса осылай сөнбей күн,

Жансарайым жарқын болса – төнбей түн,

Дүрия дүние
Түптің түбі, сан миллион жыл өтіп,
Күн сөнеді дегенге мен сенбеймін.
Терістікте ерісе де сең мейлі,

Асқар таудан ағылса да сел мейлі,
«Озмыш жоқ, – деп
тұрсам дағы, – жазмыштан»,
Заманақыр боларына сенбеймін.

О, Жаратқан, бір өзіңе сенемін,
Сол сеніммен сау-сәламат келемін.
Жаратылыс – жұмбағы мол құбылыс,
Жараланса, табарсың бір Сен емін.

XV. Жер шары – ақыл-ой иесі

Жер шары тірі организм деген жорамал бар,
Иманым соны сезген-ді.
Өлі болса, өсер ме еді өсімдік,
Жамырар ма еді жан-жануар?

Жер шарының жаны бар,
Жұпар шашып, құнар сыйлап жадырар.
Асқар таулар – бұдырайған шекесі,
Жасыл орман – тыныстайтын өкпесі.

Көк өзендер – тарам-тарам тамыры,
Құрылықтар – апай төсі, кеудесі.
Қыл қысқасы,
Жер шары – ақыл-ой иесі!

Бәрін сезіп, біледі,
Жақсыны да, жаманды да екшейді,
Ашуланса, вулкан болып атылып,
бұлқан-талқан болады.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Ол аз десең,
мұхиттардан тулап шығар цунами,
Шын алапат мына жағдай, мына күй.

Жер менен көк астаң-кестең болады,
Кеме қирап, адам өліп, құлап үй.
Үйірілді қара құйын – торнадо,
Алас-күлес сойқан сұмдық орнады.

Көкке ұшырып кездескенді жолында,
Төңіректе қара түнек орнады.
Қазақшасы – Көкдауыл!
Жер екеш жер де ауырады,

Улы затқа толып кеткен бауыр әне.
Оңтүстік Азия ыңырсиды,
Донор керек тап-таза, тәуір қаны!
Жер сілкінсе, еске түсер инфаркт,

Төңіректі үрей, қауіп тұр шарпып.
Мөңкіп, мөңкіп жер қыртысы буйволдай,
Қақ айырды күл-қоқыс қып бульварды.
Жер шарының бойында бір діріл бар,

Қойнауынан есіп тұрар бір ызғар.
Бір жұмылып, бір жазылған жүректей,
Қиянатқа шыдай алмай шын сыздар.
Өсімдіктер, жануарлар, жәндіктер,

Ағзасына зияны жоқ микробтар.
Ақыл-ессіз жазығы жоқ олардың,
Жараламас жердің жанын, тәнін де.
Тірлік етер талғажау ғып қорегін,

Құрылықта құнжың-құнжың құрбақа,
Өзен-көлде жылтың-жылтың көлбақа.
Әуені алмап, жерді жалмап күні-түн,
Бір тынбайтын, тыртыңдайтын адамзат.

Қутыңдайтын, жылмыңдайтын сұм тажал,
Құртуды айтып, тінтуді айтып сумаңдап,

Дүрия дүние
Нұр ұрлайтын, сыр ұрлайтын сұмпайы.
Жер шары – өмірге құштар организм.
Ал адамзат қаскөй жауы – вирусы.

Бұл аз десең, барып тұрған паразит.
Ақ ит, көк ит, сары ит – бәрі бір ит.
Адамзатты айыптауым тосын, ә?
Күліп емес, жылап айтам досыма.

Бір ден қойсын деп едім мен, шошыма:
Алланың сүйген құлы осы ма?!..
Тек құртудан басқа оның жоқ ойы,
Тек құртудан, құлатудан, қиратудан,

Жылатудан, зарлатудан, қиналтудан...
Бар ойы оның – тек құлату, жылату,
Аттан салып, ойбайлатып шулату.
Аспан астын, жердің үстін ыластап,

Улап, қинап, қайткенде бір сұлату.
Тегін сөз бе «Тұмау түбі – құрт» деген,
Вирустардың ата тегін түптеген.
Шошқа тұмау, құс тұмау боп өзгеріп,

Шыға келер бір тұсыңнан күтпеген.
Енді міне қорқытады H1N1 деп,
Осы ауруға шалдығатын өндір көп.
Өз елінде ұлтан болып жүре алмай,

Өзге елде сұлтан болмақ тентіреп...
Оңай емес 6 миллиард вирусың,
Жер жарықтық, төтеп берсең, ірісің.
Жарадар ғып тәніңді де, жаныңды,

Құтаймайды, шайқалады ырысың.
«Құтырғаннан құтылған...» деген сөз бар...
Арылшы сен сырқатыңнан, дендемей,
Вирусыңнан құтылсаң сен, жөн дегей.

Қырт болмашы құртамын деп, құрттардан
Құтыла алмай жүрген байғұс пендедей!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
XVІ. Жер шары ғаламды кезеді
Жер шары ғаламды кезеді,
Жеткенше ақырғы кезеңі.

Жарты жол жүріліп өтіпті,
Уақыт не деген тез еді?..
Жер шары – тірі жан құйтымдай,
Ұршықша зырлайды бір тынбай.

Қалқиған құлағын тосады
Күн, Айға, маңайға сыр тыңдай.
Жер шары ойлайды толғана,
Тіршілік тербеткен ол да Ана.

Қиғылық салғанда аусарлар,
Қояды кейде бір долдана.
Жер шары ғаламды кезеді,
Бір апат боларын сезеді.

Сансыз жыл пір тұтқан көкесі –
Күннен де түңіліп безеді.
Орбита бақилық белдеу ме,
Болмай ма қиястап көлбеуге?

Лапылдап Күн жанып кетсе де,
Бола ма сен бірге өл деуге?!
Менімен жан деуге бола ма,
Менменшіл ондайға жолама!

Аманат арқалап барады,
Аллаһтан алғандай жолдама.

Дүрия дүние
Теңелмес оған Нұх кемесі,
Тым ұзақ алатын белесі.
Адамзат, жануар, өсімдік,

Бортына сыймайды демеші.
Бола ма менімен сөн деуге,
Болмай ма бұйрыққа көнбеуге?
Жұмақты көруге болса да,

Болмай ма тозақты көрмеуге!
Орбита мәңгілік керме ме,
Ұшып кет қанатты серме де.
Кеңістік тар қапас емес қой,

Шарлашы ғаламды тербеле.
Жер шары ғаламды кезеді,
Бір апат боларын сезеді.
Сансыз жыл пір тұтқан көкесі –

Күннен де түңіліп безеді.
Безеді тым алыс шалғайға,
Ұқсайды Марсқа, әлде Айға.
Қайсыбір жұлдызды тауып ап,

Думанды тірлігін жалғай ма?
Шіркін-ай, кең ғалам ғаламат!
Әттең-ай, сан апат алапат?!
Жаратқан берсінші шапағат,

Жүрейік аман-сау, саламат!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
XVІІ. О дүниенің күту залында
О дүниенің күту залында,
жүз жылдап, мың жылдап

отыр миғұла кеще де,
оқымысты ғалым да,
отыр еспе мылжыңдап
азанда да, кешке де,

осы отырыстың мәнісін айтып,
отыр жымып залым да,
аңысын аңдып.
Бұлар – жаны мың миллиард пенденің,

білмейді қалай, қашан келгенін.
Таңда Мақшар күнін
күтіп отыр бәрі де:
ер де, әйел де, жас та, кәрі де.

Күтіп отыр жақсы мен жаман да,
ізгі мен зұлым да,
қу, сұмпайы өздері бір команда,
отыр үнсіз жылым да.

Отыр ақкөңіл, аңғал да,
отыр сиқа мен аяр да.
Кімдер жоқ мұнда: таң қалма,
келіпті князь бен бояр да,

бірнеше нөмірлі патша ағзам да.
Мен мұндай көп мейман көргем жоқ
ешбір аэропорт, вокзалда?!
О дүниенің күту залында

отыр ұл-қызы үш бірдей нәсілдің,
бар ағы, сарысы, қарасы.
Жөні жоқ қылжақтың, әзілдің,

Дүрия дүние
бәрінің үрейлі санасы.
Жүр сеңдей соғылып дінбасылар:
мүфтилер, ламалар, поптар да.

Оларға жалбақтап бас ұрар,
жендет те, ұры да, сотқар да.
Күнәдан арылу туралы
сұрайды ақылын, кеңесін.

Бәрі де үмітпен жүр әлі,
күтеді пейіштің белесін.
Өтуде жүзжылдық, мыңжылдық,
өтуде ғасырлар, дәуірлер.

Ешқайда кетпестей бір жылжып,
қынжылды мүһміндер, кәуірлер.
Уақыт мелшиіп қалғандай,
Адамзат күтеді ақырын.

Күтеді есінен танғандай,
кесімін айтатын Хақ үнін.
Күтеді адал да, харам да,
күтеді даңғой да, дана да,

Күтеді жомарт та, сараң да,
күтеді қарт та, бала да.
Күтеді барам деп ұжмақ төріне,
күтеді барам деп пейіш бағына...

Кейбірі келе алмай жөніне,
қарайды шағына, жағына...
Көзіне елестеп қайдағы:
қиямет қайым ... қыл көпір,

тозақ отының жалыны!..
Күні ертең шығардай ойраны,
көп бейбақ шарасыз үрке отыр,
тұс-тұстан уілдеп зар үні...

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Бір Аллаһ біледі:
ішесің бе зәмзәм суын сен,
жай тауып жаның жәннатта?

Әлде қыл көпірде сүрінсең,
өтесің қиналып азапта?
Не маңдайың жарқырап,
хор қызын құшасың,

Не шыбын жан шырқырап,
тозақ отында шыжғырыласың?
Көкейде бір сұрақ:
қайсысы бұйырмақ –

жап-жасыл пейіш бағы ма,
тамұқта шалқыған от-жалын ба?
Соны күтіп отыр зарыға,
төзімі таусылып жалыға,

Адам ата – Хауа ананың бар баласы,
құласы мен аласы.
Күтіп отыр көрмей тыншу да, дамыл да,
О дүниенің күту залында.

Дүрия дүние

ГУДБАЙ – ЖАҚСЫБАЙ

(ағылшын тілінің курсында)
Қазақ,орыс тілдерінде зәр төккен,
Күні кеше айыр тілді жылан ек.
Жалыққан соң коммуналық ертектен,

Кірме тілі басым тұр деп жылап ек.
Қос тіл аз боп, ойлап таптық үш тұғыр,
Сағыз шайнап, жедік хот-дог, сэндвич.
Үш басы бар самұрықтай күшті қыл,

End bsder іgerems Englіsh.
Маған бірден ұнаған сөз – Гудбай.
Мағынасын жазып қойдым ұмытпай.
Осы сөздің қазақшасы – Жақсыбай,

Дәлелдейін ізін енді суытпай.
Америка жинап жақсы байларды,
Маң-маң басқан Паң еліне айналды.
Алғаш солар барып қонған Айға да,

Марста да солар салар сайранды.
Ал біздің ел бар жақсыға құтаймай,
Таң атысы, күн батысы құр айғай.
Құт бай емес, жайлап алып Жұт байлар,

Жұрты Жұрдай, бай-манабы Құдайдай.
Қара құсша басып алып астына,
Ертелі-кеш жейді бітпес жемтігін.
Біреу алып қояды деп састы ма,

Қарбытам деп баса алмайды ентігін.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Енді бізге керек емес бай мұндай,
Өңкей сараң, кіл шық бермес Шығайбай.
Керек байлар шашып жейтін сұңқарша,

Жоқ-жітікке жәрдем берер тартынбай!
Қолы ашық мұндай жомарт Жақсыбай,
Зікір салып сарнамайды бақсыдай.
Қағып қалып алтын сауыт шақшасын,

Үлестіріп берер көпке насыбай.
Қалай жүрем шалқымай мен, тасымай,
Атып алып өткір, күшті насыбай.
Жалпақ елді Жақсыбайлар жайласа,

Жүрер едім жасқанбай мен, жасымай.
Good-bye!
Гудбай, Жақсыбай!
19.09.2009 18:02:26

Дүрия дүние

ЖАНБАУЫР ЖАРЫҚ ДҮНИЕ

С.Қ.Ібікеевке
Жаныма жақын санаймын,
Жанбауыр жарық дүние.
Бір туған жанға балаймын,

Қараймын сосын сүйіне.
Танытсаң маған салқын жүз,
Жатбауыр болып кетер ең.
Болар ем мен де жалынсыз,

Жылымай жүрек өтер ем.
Түнермей аспан, жақсылық
Әкелер дәйім деп сенем.
Жасымай жүзім, шат күліп,

Кез келген істі еңсерем.
Адамға адам бауыр деп,
Ертеден айтып келеміз.
Ауылдан есер тәуір леп,

Бауырмал жұрт деп сенеміз.
Ағасы барда бар жаға,
Інісі барда тыныс бар.
Ентікпе, достым, шаршама,

Табады ретін жұмыстар.
Телефон шалып бір інің,
Жеткізді хабар жағымды.
Тірлігін жасап тірінің,

Демеуші маған табылды.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Замандас бермек қол ұшын,
Жайсаң жан нұрлы жүрегі.
Шарасыз шақта болысып,

Құт қадам маған тіледі.
Сертінен қалай ер тайсын,
Ақ алғыс айтпай, не дейсің?!
Досың көп болса сен байсың,

Досың жоқ болса кедейсің.
Жанбауыр деген сол болар,
Сол болар құрдас дегенің.
Қолымды қысты, жол болар,

Асармын өмір белеңін.
Әр таңым сонша арайлы,
«Күн көкем!» деймін қуанып.
Шуағын төгіп қарайды,

Бойыма шым-шым нұр дарып.
Әр күнім неткен жайдары,
Жастықтың жарқын тұр үні.
Желкілдеп жігіт айдары,

Төгіліп қыздың бұрымы.
Әр кешім жарық соншама,
«Ай әже!» деймін дауыстап.
Ай маңдай ару топ жара,

Келеді шоқ-шоқ гүл ұстап.
Әр түнім сонша ажарлы,
Жұлдыздар қарар жымыңдап.

Дүрия дүние
Ғаламда тірлік базарлы,
Ғарышкемелер жүр мыңдап.
Ынтызар, іңкәр ұл-қыздар,

Қарасса ұзақ сүйіне.
Жарқырай түсер жұлдыздар –
Жанбауыр жарық дүние!
23-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ИТ ТІРЛІК АЗАБЫ

– Күні ертең, Ата, мұраңды

Кетесің кімге қалдырып? –
Немерем өстіп сұрады,
Састырып мені, таң қылып.
Бар сонша менде не мұра,

Болмаса кітап жинаған.
Қолжазбам және домбыра,
Әбекең құдам сыйлаған.
Бір жырмен бітпес әңгіме,

Қарызды жөнсіз мол алдым.
Болам деп донор банкіге,
Тұттай боп оңбай тоналдым.
Бар жиған мүлік мендегі

Үш бөлме пәтер болатын.
Назерке келіп, сен келіп,
Думанға іші толатын.
Маңдайы тайқы мен бейбақ,

Жан едім есер, лепірме.
Соншама жылы, ен байтақ
Ұяны қойдым кепілге.
Бар жиған мүлік сол еді,

Сендерге бөліп беретін.
Бейнет боп қарыз төнеді,
Көрешек алда көретін.

Дүрия дүние
Алдыңда мен шын айыпты,
Адаммын сондай ұрыншақ.
Немерем ойлы, байыпты,

Кешірші мені, құлыншақ.
Тозағым жерде басталды,
Азабын жанның тартамын.
Жанардан талай жас тамды,

Жүрекке мұң-шер артамын.
Жегідей жеп жан азабы,
Түнімен алас ұрамын.
Азаптан бұл тән азады,

Мең-зең боп күнде тұрамын.
Күйзелтіп бұл жан азабы
О дүниеде жалғасар.
Көрген соң ылғи жазаны,

Жанынан безіп тән қашар.
Рахаттың дәмін татқызбас,
Жердегі тозақ жат маған.
Көрде де тыныш жатқызбас,

Үстімнен өтіп автобан.
Өсімқор алып мазаны,
Ұшырадым мазағына!
Ит тірліктің бұл азабы

Ұласар көр азабына...
11.09.09 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

КУМАН ЖЫРЫ

(шетелдік әріптеске)
Бар ма күмәнің, жоқ па күмәнің?..
Қу жаны қалған, менмін – куманың.
Сайран күн өткен сайын далада,

Сонау алыста қалған думаным...
Қу-Ну – Қу елі атанған елім,
Абыз бабадан бата алған ерім.
Сұңқылдап аққу, қаңқылдап қаздар,

Бойжеткен қыздай жасанған жерім.
Ай-Ну – Ай елі Қиыр Шығыста,
Ағайын бүгін жат деп құрыспа.
Айдында жүзген аққулар – біздер,

Аспанда жүзген күміс Ай – туыс па?..
Сулы да нулы жерді мекендеп,
Улы да шулы елді бекемдеп,
Тірлікті оңдап, көшті түзедік,

Сүмбіле туса, ерек елеңдеп...
Өзендер ақса тулап, тұлдана,
Енесай дедік, дедік Ұлы Ана.
Ат қойдық тауға Қулы, Мұңлы деп,

Бақсы боп қобыз тарттық мұңдана.
Ақ ниет, таза пейіл – иманымыз,
Өсиетіміз – Кодекс куманикус.
Ізгіліктану бастауы бізде,

Куманның ісі мен сөзі – гуманизм!

Дүрия дүние
Бар ма күмәнің, жоқ па күмәнің?..
Басында туған тұнық тұманың,
Аппақ қудай боп отыр алдыңда,

Зейін сап қара,

Менмін – Куманың!
Жадымда мәңгі жарқын шақ әлі,
Жасын боп көкте жарқылдағаным.
Ән айтсам – аққудай гәккулеткенім,

Сөйлесем – қаздай қаңқылдағаным.
Көкмөлдір суға толы құманым,
Көктәңір қолдап, қунап тұрамын.
Күбірлеп дұға төбе басында,

Сейілтем серпіп таудың тұманын...
Ақ қуым – шаттық, қара қу – мұңым,
Бақ дәмін таттық аттылы ғұнның.
Мойнымды бұрып Отыкен жаққа,

Куман боп туған сәтті ұғындым...

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЭКСПРОМТ

Жұдырықтай жүрекке
жылдар салған жара көп...
кеше ғана ойнақ салған бала едік,
бүгін міне шарасыздан отыр бұзық «дана» боп..,

майдангер әкенің ауырып қиналғанын,
бауырдың қыршынынан қиылғанын,
анамның қартайғанын,
жүзінен әр тайғанын...

ұл-қыздың айтқан сөзге көнбегенін,
тік ұшпай көлбегенін,
көріп көсем болғанбыз...
жақ талғанша зарлап-зарлап тілмәр шешен

болғанбыз...
жүрек кішкене құты болса,
осының бәрі қалай сыйған, япырмау?!
Денем құмыра болса, баяғыда қаусайтындай,

Жүрегім құты болса, баяғыда жарылатындай
болған жоқ па?!

Дүрия дүние

ӨМІРДІҢ ҮШ КЕЗЕҢІ

(сексендегі қарт сөзі)
Өмір басын той дедік, мейрам дедік,
Айым дедік қыздарды, айнам дедік,
Гөзал дедік, елік һәм джейран дедік.

Тойладық кеп ес кеткенше,
Іштік-жедік іш өткенше.
Меймандарша қалғандай бейқам келіп,
Тымпың қақтық күшеншекше.

Ортасы деп өмірдің сайран-сауық,
Тіс ақсиып ыржаңдап, жайраңдадық.
Сырнайлатып сайрандадық,
Ойнақтадық, тайраңдадық.

Кес-кестеген тірліктің жартасына
Басты соғып қайраңдадық,
«Бұ қалай?» деп қайран қалдық.
Тауып айтқан ойран деп өмір соңын,

Таба алмайды қалайда көңіл жоғын.
Кеткеннен соң бойдан шалық,
Омақасып ойрандалдық,
Жапырайып жайрап қалдық.

Ертелі-кеш көміліп қалың ойға,
Қалған тісті қайрап қалдық,
Тілімізді шайнап қалдық.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖҮРЕКТЕН ҚОЗҒАР СЫРЫМ БАР...

Бәрің де: қызың, ұлың бар,
Бет-жүздеріңді бұрыңдар.
Құлақты түріп тыңдаңдар,
Жүректен қозғар сырым бар...

Сырым бар қозғар жүректен,
Тұратын арман, тілектен.
Заман мен Адам туралы
Толғанып талай күн өткен.

Бұйырса егер саған дәм,
Күтеді Бақыт, Бақ алдан.
Мазамды алды түйткілді
Мәселе: Жаһан – Жаһаннам.

Қайтемін сөз ғып наданды,
Асқақ ой жаулап санамды,
Жұмыр жер қалып, жыр еттім
Он сегіз мың ғаламды.

Сырым бар қозғар жүректен,
Тұратын арман, тілектен.
Көз жазып қалып қапыда,
Жанбауыр, сені жыр еткем.

Көңілім – көктем, жаным – жаз,
Жырым – наз менің, әнім – наз.
Қос ғасыр жырлап келгенім:
Аққу-қыз және гәкку-наз.

Дүрия дүние
Жазғаным – назым, насыр деп,
Сырластым дәйім ғасырмен.
Құп көрсе қалың оқырман, –

Көңілім айран-асыр деп.
Ғасырға сырды ағыттым,
Қанатын қомдап шабыттың.
Ордалы ойдан іздедім

Ұясын бақтың, бақыттың.
Тыңдаңдар түріп құлақты,
Талай жан ұйып, ұнатты.
Қуантты сырым біреуді,

Біреуді сырым жылатты.
Құлақты түріп тыңдаңдар,
Шаттық бар сырда, мұң-зар бар.
Жылу бар айтқан кей сырда,

Кей сырда, бәлкім, ызғар бар.
Жайым жоқ әсте тынымдар,
Ат басын маған бұрыңдар.
Туындар бір ой бір ойдан,

Жүректен қозғар сырым бар...

Сəбит БЕКСЕЙІТ

АЛАҢ ДА АЛАҢ, АЛАҢ ЖҰРТ…

Алаң да алаң, алаң жұрт,
Аспанын торлап қара бұлт,
Шапаннан басқа түгі жоқ,
Жосылды жұртым жалаңбұт.

Қырғыздан киді дамбалды,
Ресейден киді сандалды.
Қарызға батты белшеден, –
Еуропа, АҚШ таң қалды.

Көлікті алды шет елден,
Б/у деген затқа ет өлген.
Тұрмыстық бүкіл техника,
Жасалып келген бөтеннен.

Күні жоқ әсте құтайған,
Етікті киді Қытайдан.
Майтабан болып ұл-қызы,
Күй кешті бастан пүшайман.

Кеңестен қалған ғұрыппен,
Томпаңдар бөтен тұлыппен.
Бүріккен әтір Польшадан,
Костюмді киді түріктен.

Бәсеке қайда, ел қайда,
Саудаға түскен жер қайда?!
Күніміз қараң болды деп,
Ойбайла мейлің, айғайла!..

Дүрия дүние
Жоқ болса тауар ұсынар,
Біздерде кімнің ісі бар?
Заты жоқ сатар біз түгіл,

Аларман тіпті қысылар.
Елестеп елу ел легі,
Айтылды талай ертегі.
Мазақ қып бізді қорлады,

Бораттай британ тентегі.
Әрине оған мол себеп,
Сөйледік бөсіп, қол сермеп.
Есі бар ел-жұрт одаққа,

Ұмтылмас біздей өзеуреп.
14.11.07 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

АБАЙТАНУ

Абай вмещал в себя весь мир.

С.Н.Марков.
Түн-түнекте жарқ еткен ол бір Маздақ,
От пен нұрдан жаралған болмыс ғажап.
Жол нұсқамақ мақсұтпен қайран жұртқа,

Сан қиырды шолады ойшыл қазақ.
Мешеуліктің сөгілтіп қабырғасын,
Селт еткізген мүлгіген ғасырласын.
Қалың елін ұйқыдан оятам деп,

Дабыл қағып өткізген ғұмыр жасын.
Жүгінген кеп алдына ұрпақ талай,
Әділ сөзін айтқан ол бұлтақтамай.
Соқтықпалы, соқпақсыз жол кездессе,

Төтеп берген тайқымай, сырғақтамай.
Арқа сүйеп талап пен ыждиһатқа,
Ой-толғамын түсірген құсни хатқа.
«Ғақлиядан» басталған Шындықтану,

Ұласыпты «Ғақлиат-тасдиқатқа».
Болмасам да болам деп ұқсап бақтым,
Кәусар жырға бас қойдым – сусап қаппын...
Дәп бір Шығыс шынары қолдағандай,

Дала кезсем, тау кезсем – ырғақ таптым.
Жылы жүрек, ізгі жан ақылға бай,
Басалқылы әр сөзі жарқын қандай!
Бір нояның болсам мен жарар еді,

Өлең-сөздің патшасы, хакім Абай?!..

Дүрия дүние
Кетсе жасып қайрат пен қалғып намыс,
Қайраққа сап неге біз жанымаймыз?
Өзімізді өзгеден танығанша,

Өзімізден неге біз танымаймыз?..
Ертеңіне көз тастап сенімменен,
Бар кемтігін көтерген төзімменен.
Өз бойына сыйғызса бар әлемді,

Өз елінен бой тартып безінбеген.
Терең біліп екенін дала мұңды,
Шуағына бөлеген сана нұрлы.
Өз халқының баласы бола білген,

Өз халқының Данасы бола білді.
Шер-шеменің, қайғың мен мұң-зарың да,
Арманың мен мұратың, аңсарың да,
Күдігің мен күмәнің, үмітің мен

Сенімің де – Абайдың жырларында.
Асыл мұрат – бықсымай лаулай жану,
Адамзаттың көшінен қалмай даму.
Алаш өзін Абайсыз тани алмас,

АЛАШТАНУ дегенім АБАЙТАНУ!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

СӘЛЕМ, ҒАЛАМ!

Көктегі Күнге,
Жердегі еліме
Мейірім қанбады.
Ақселеу Сейдімбек

Тәтті түс көріп,
ұйқыда жатқан балбырап,
оянды Ғалам,
оянды балам,

ұйқыдан тұрды албырап.
Тамаша неткен таңғы шақ,
Саф ауа тыныс ашады.
Жайқалған қырда балқұрақ,

Маңайға жұпар шашады.
Толқындай жалы төгіліп,
Құлыншақ кетті шапқылап.
Шуағын төгіп, күн күліп,

Маңдайы жүрсін жарқырап.
Сәлем Әлейкүм, Гүлғалам,
Жұлдыздар, аспан, Күн мен Ай.
Сау-сәлеметсіз бе, жан анам,

Сардалам, шалғын көкорай.
Жанбауыр, есен-саусың ба,
Қалайсың, достым, жан құрбым.

Дүрия дүние
Өтті деп жылдар таусылма,
Талайлы болсын тағдырың.
Аман ба көршім, айналам,

Есен бе ізгі бар адам.
Ер жеткен мынау қай балаң,
Ат жалын тартып жараған?
Мезетке сәлем, ғасырға,

Татысын әр сәт мәңгіге.
Азаттық атты асылға
Сәлемің – бөлек әңгіме.
Бармысың, шаттық, мұң-шерім,

Жап-жасыл желек, бақ абат.
Армысың сұлу, қыз керім,
Мөлдір де тұнық махаббат!
Нұр әлем ашса жыр-құшақ,

Бола ма өшіп сөнуге.
Үйретші бізді құлыншақ,
Өмірге шындап сенуге.
Қансын деп мейір көктегі

Күнге мен тостым жүзімді,
Қызуын сыйлап от демі,
Бойымда қуат түзілді.
Қансын деп мейір жердегі

Еліме қарап сүйсіндім,

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Алмақтың бар деп бермегі,
Іштей бір бекіп түйсіндім.
Арманым – талмай шырқасам,

Ән-жырға бөлеп жер бетін.
Әлем боп қалшы әрқашан,
Көз жауын алып келбетің!

Дүрия дүние

ІСЛӘМ АҒА ӘЛЕМІ

Ұлттық тілімізге 500-ден астам
жаңа сөз қосқан белгілі сөз зергері
Ісләм Жарылғаповтың рухына
Ісләм аға әлемі

Шуақты да әдемі.
Көзге жылы ұшырар
Жаңа сөздер бәдені.
Таң талайлы – ізгі үміт,

Қарсы аламыз біз күліп.
Күн шырайлы жетелеп,
Берер бізге түн тыным.
Жаздың күні ерте тұр,

Гүлдепті ғой бөртегүл.
Балмұздақты тамсайды
Балбұл жүзді ерке бір.
Аялдама қасында

Тұр егде де, жасың да.
Гүлгүл алып келді қыз,
Шашбауы бар басында.
Шалқып жүрек жалыны,

Аршындайды адымы,
Адамзаттың кеңейсе
Дүниетанымы.
Ұқсап алғыр Барысқа,

Бағдар алдық алысқа.
24-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Ғаламшардан ұшамыз
Зымыранмен ғарышқа.
Көрермен де осында,

Оқырман да осында.
Осында аға, апалар,
Бауырым да, досым да.
Зәулім біздің өнержай,

Жиналған жұрт қонақжай.
Әуелесе ән мен жыр,
Нұрланады жансарай!

Дүрия дүние

ЭКСПРЕСС ЖҮЙТКІП КЕЛЕДІ

Экспресс жүйткіп келеді,
Арғымақтай желеді.
Жайбарақат жолаушы.
Апырмай, кімге сенеді?!

Локомотивте кім отыр,
Рөлі кімнің қолында?
Жолаушыға бәрібір,
Көрмес оңын-солын да.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ӨМІР ӨРНЕГІ

Өмірімді өрнектедім өлеңмен,
Аман-есен астым біраз белеңнен.
Ырғақ қуып соқпақтардан, жолдардан,
Ой мен қырдан ұйқас іздеп келем мен.

Махаббаттың мұңын, шерін толғаған,
Шайқы шайыр, шерменде жан мен болам.
Жастық шақтың қасіретін, азабын,
Тап Гейнедей тартып әбден сорлағам.

Табиғаттың тылсым сырын барлаған,
Қиял-құспен кең ғаламды шарлаған,
Танымпаз деп екінші аты адамның,
Жаһан кезіп, жапан кезіп шаршағам.

Тоқимын деп өмірімнің өрнегін,
Ертелі-кеш дамыл, тыным көрмедім.
Егіз өрнек – өлеңім мен өренім,
Өссін деймін қанат жайып өркенім.

Өрнек – әжім маңдайдағы, беттегі,
Өрнек деген әралуан, көп тегі.
Тамырлармен бедерленген, о ғажап,
Жаратқанның есімі жүректегі.

Аллаһ аты айшықталған тамырмен,
Ғалым біткен мойындады сабырмен.
Хақ тағала жүректерден орын ап,
Адамзатқа ақыл кірген, жан кірген.

Дүрия дүние
Айтар сөзім көмейімде кептелді,
Талмам ұстап, жойқын мезет дөп келді.
Құдіретті ұлы есімді қуаттап,

Жүрегіме түскен сызат – леп белгі!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҚОЗҒАЛЫС

Құрсын бәрі!
Отырайын обломовша омалып,
Ойдан ада, сезім-түйсік тоналып.
Не шалқамнан сұлап түсіп жатайын,

Қоңданып жон, аунап-қунап оңалып...
Деп ойлайсың шаршап келіп жұмыстан,
Қажып-талып күйкі тірлік, тұрмыстан.
Митың-митың қозғалыстан жалығып,

Жек көресің қу жалғанды зымыстан.
Бәрібір сен тыныш жата алмайсың,
Өткен күннің әрбір сәтін талдайсың.
Мазалайды тосын түйткіл жүректі:

Ертеңгі күн күтпек алдан қандай сын?
Талақ етіп ызы-қию жиынды,
Жөн көрсең де дамылдауды тиімді:
Қақтығысып электрондар, протондар,

Шұқылайды, түрткілейді миыңды.
Қымтанып ап, өшірсең де шамыңды,
Қанша күтпек болсаң да сен жаныңды:
Беймаза ғып жасушаңды, тініңді,

Кварктер ойнақтатар қаныңды.

Дүрия дүние

ЖАҺАН МЕН ЖАҺАННАМ

(3D форматты поэма)
О, жарық дүние,
Саған кім ие:
Күн ие, әлде Түн ие?

Қараймын кейде сүйіне,
Қараймын кейде күйіне.
Соншама толқи беретін,
Не себеп көңіл-күйіме?..

Жарқын жүзін көріп тұрып Жаһанның,
Келбетіне қалайша мен тағам мін?
Сомдап оны Жаратушы хас шебер,
Жайып салған назарына адамның.

Жанарыммен Жаһан жүзін аймалап,
«Иншалла» деп тұрам іштей қайталап.
Жасанады қызылды-жасыл дүние,
Арудайын күн келбетті, ай қабақ.

Көк аспан мен Қара Жерді көрдім мен,
Гүл кештім мен, күн кештім мен еркіммен.
Басым аман, денім сау боп жүрген соң,
Жарық жалған, айналдым мен көркіңнен.

Жап-жасыл жер, аспан мынау көкпеңбек,
Қоңыр салқын асқар таудан ескен леп.
Жәннат деген осы емес пе, ағайын,
Аллаға алғыс айтайық біз көптен-көп.

Жәннат бағын жерде өсіру қиын ба,
Қане, бағбан, кетпен алып қимылда.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Тимирязев ас әзірлеп ауадан,
Қызыл қырман құрар бәлкім қиырда.
Кетпесек те бүгін-ертең тыңайып,

Қиындықтан сасып әсте қыңбайық.
Бетпақдала Бақдалаға айналып
Кетер күнді армандаған Мыңбаев.
Ізгілікке құмар жақсы қашаннан,

Соның жарқын үлгісіндей Шах Жаһан.
Мумтаз-Махал сұлуына мұнтаздай,
Тадж Махалдай сарай салды ақ шаңқан.
Жерде бірақ жайқалмады жәннат бақ,

Жақсылықты қаламады кей бейбақ.
Жердің жүзін жайқалтудың орнына,
Жауыздардың болды есебі жайратпақ.
Сөйтіп жерде орнады сан Жаһаннам,

Озбырлар кеп қылышынан қан тамған.
Адамдардың жанын қинап, азаптап,
Баскесерлер шаш ал десе, бас алған.
Тозақ оты әр тұста тұр алаулап,

Соғыс-тажал ұмтылады танаулап.
Концлагерьлер, полигондар құрбаны,
Айтқан сайын жатқан шығар сан аунап.
Жаһаннамда өсер Заккум ағашы,

Көрген көзге жемістері бір сұмдық:
Жемістері – шайтандардың бастары,
Бұлғаңдайды, шошынып біз, түршіктік.

Дүрия дүние
Түрлері жоқ жалғанда түк татырар,
Қырғынға сап ел-жұртын, ықта тұрар.
Бұ дүниеде сайтандай сойқан салған,

О дүниеде не болмақ диктаторлар?!
Алда –
Ассират алмустаким – қылкөпір,
Адамдар мен жындар құрап бір нөпір.

Тамұқ деген жер үстінде басталып,
Обыр шалқып, сүмірейіп жүр тобыр.
Мүшкіл халге білдіреді кім аяу,
Көңіліңе түсіреді шын қаяу:

«Және» демей, «мен» шылауын қосқаным,
Екеуінің арасы, рас, тым таяу...
Дей қоймаспын
«Жаһан және Жаһаннам»,

Аражігі алшақтамай, тақалған.
Көрер көзге болар емес айырып,
Құдды егіз бұл Жаһан мен Жаһаннам!
О, жарық дүние,

Саған не жақын:
Жаһан ба, әлде Жаһаннам?
Қараймын кейде таңданып,
Қараймын кейде шамданып.

Жарық пен Түнек айқасса,
Барамыз қайда қамданып?..
Тірлігіңде тән тәтті һәм жан тәтті,
Жаратасың рахатты һәм ләззатты.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Бұ дүниеде көргеніңмен Жаһанды,
Аңсағанмен, көре алмайсың Жәннатты.
Өлгеніңде тәнің тәркі, жан қымбат,

Күтеді алдан қиямет, не жарқын сәт.
О дүниеде көрмегенмен Жаһанды,
Барар жерің – не Жаһаннам, не Жәннат?!..
Көз жұмған соң керек шығар төзім де,

Өтпес сөзің, септік етпес сезім де.
Бұйырмаған жұмыр басты пендеге,
Таңдау – Алла Тағаланың Өзінде.
16.10.10

Дүрия дүние

ӘР ҚАЗАҚ – КІМІҢ?

«Әр қазақ – менің жалғызым» дегенде
Бір топ ағайын мысқылдап күлді.
Несіне күледі?
Мұндай сөзді айта алмасына ма,

Мұндай іске бара алмасына ма?!
Жас та болса аталы сөзі Сабыр Адайдың,
«Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең,
Істің бәрі – бос» деген

сөзіне жуық Абайдың.
Бұлардың ішкі ойын білемін.
Мысалға келтірейін біреуін:
«Жалғызым дегенің – жалмауызым,

Көмейіне тықпалап, ал ауызын.
Емеуірін білдірсең, екіленіп,
Дайын отыр жан-жақтан талау үшін.
Сондықтан да жалғызым дей алмаймын,

Келе қалса «бауыр» деп жай алдаймын.
Қай қазақтың жыртығын жамай алам,
«Мәселесін шештім» деп баяндаймын».
Енді бірі айтады шімірікпей:

«Әр қазақ – менің құрбаным.
Осы менің жалаулатар ұраным.
Тыныштық үшін елдегі,
Жүрегі бір деп жүзі бөлектің,

Тілегі бір деп тілі бөлектің,
Аттың басын өзге жұртқа бұрамын.
Еңіресе елім деп әлдебіреу,
Ажалына жақындайды бір адым.

Еркек тоқты құрбандыққа шалынар! –
Айтқан сөзде, берген сертте тұрамын».

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Осылайша бекініп тұр тастүлек,
Өзге жұртқа аңқылдаған «ақ жүрек»,
Өз жұртына теріс қарап қиястар,

Қандасына қарайласпас қансүрек.
Жүзде айбын, бойда жігер жоғалды,
Қиянатшыл озбыр білмес обалды.
Құрбандыққа шалып мені ағайын,

Қаңғыбастар қазып жатыр моламды...
Бара жатыр еңкейіп екінді күн,
Тапталғандай қорландым еркім бүгін.
Мазақ етіп қандасын масайрап тұр!

Ау, ағайын,
Әр қазақ – сенің кімің?
04.01.11

Дүрия дүние

БІЗ КІМБІЗ?

Айдағанға көнетін қарсыласпай,
Жалпаңдайтын жауына жан сырластай,
Алдағанға иланып бас изейтін,
Қаңғыбасқа қарайтын тағдырластай;

Шалт қимылдан қаймығып сескенетін,
Жұдырығын артынан кезенетін,
Сөзді бастан елемей асыратын,
Көсеміне өзгенің бас ұратын,

Батыр болып жау қашып жөнелгенде,
Сүрен салып құтыңды қашыратын;
Күн аманда үрейлі, ай аманда,
Артын баққан әліптің қай заманда,

Жаулықтысы – базарда, бөріктісі
Тас маңдайын төсеген жайнамазға;
Тірлікті кешкен ұсқынсыз,
Құруға көнген із-түзсіз,

Даласы малсыз, су құссыз
Қалса да – ҮНСІЗ
Біз кімбіз?
29.09.10

Сəбит БЕКСЕЙІТ *** Қалың ойға батырып, көмілдіріп, Өмір бітіп қалғандай, өмір бітіп. Төрім күтіп тұратын күні кеше, Бүгін енді тұрғандай көрім күтіп. Өкіндіріп, өксітіп, егілдіріп, Өмір бітіп қалғандай, өмір бітіп. Еміндіріп келіп ед ғұмыр бойы, Енді міне қойды ғой тебіндіріп. Өмір бітті, о сұмдық, өмір бітті, Байғұс жүрек жаралы, көңіл күпті. Жылдар жалмап жігерді жалындаған, Лапылдаған сезімді сөндіріпті. Көрге кірсем кім берер көрімдігін, Көрсетпейді жақсы ит өлімтігін. Көлгірлігін арақпен жуса сиқа, Көз жасымен жуайын көңіл кірін. Арамыздан шықпады тұлға мықты, Ұсынатын адаспас тың бағытты. Билей алмай қойды ғой өзін-өзі, Бола алмайды мұндай ел шын бақытты. Су жорғадай жыр жазсам төгілдіріп, Оқырманды алам-ау егілдіріп. Ақ қағазда тізілген маржан сөздер – Ақтарылған жан сырым мөлдір, тұнық.

Дүрия дүние
Егілдіріп, өксітіп, өкіндіріп,
Өмір бітіп қалғандай, өмір бітіп.
Өмір күтіп тұратын таңғы шақта,

Бейуақытта тұр енді өлім күтіп...
04.12.09

Сəбит БЕКСЕЙІТ *** Жалғандық жайласа жарық дүние қалай жалған болмайды? Ақсақты тыңдай ғып, өтірікті шындай ғып суайттар келеді су жұқпас, шетінен сұңғыла, жымысқы, қутыкеш, қылжақпас. Өтірік өңмеңдеп өрге озып, орын ап төріңнен, ел қамын ойлаған ақылман даңғыл боп көрінген. Сәуледей бозамық көзіңе көрінер-көрінбес, Шындық жүр шырылдап, бар-жоғын

ешкім де сезінбес.
Есіктің жақтауы қысып қап, қанша рет шыңғырды,
ешкім де естіген жоқ оны, күрсініп қынжылды.

Дүрия дүние

АЙ МЕН АРЛАН

(қиялнама)
Ахау, жалған.
Ай мен Арлан...
Ай киелі қасиеті мен құпия сырынан айрылды,

Пәсейіп қалған, кезінде көзге көрінгенмен ересен,
Тұттай болып тоналған ол да бір аспан денесі.
Нил Армстронг бәтіңкесінің ізі қалған демесең,
Қаптап кеткен қайдағы бір ғарышкемелер елесі.

Көк жүзінде жеп-жеңіл сарыала шардай қалқиды,
Қаннен қаперсіз жайбарақат қалғиды да мүлгиді.
Сүттей ұйып тұрған сәтте көңіл шіркін шалқиды,
«Төри-төри» деп тартып ала жөнеледі бір күйді.

Арлан айбары мен атақонысынан айрылды,
Ай астында айдалада айкезбе боп жүр енді,
Тау-тасты кезіп, сай-салада сайранды салған күн

қайда?!
Аңдыған жемін баспалап қуып сала алмайды сүренді.
Бөлтірігі ойнақтап, қаншығы құйрығын бұлғай ма?..
Көкшулан арлан тұмсығын көкке созып, Айға

қарап ұлыды.
Ұлыды ұзақ көктегі Айды медет тұтып, сес тұтып.
Мойынын соза шағынып, үздігіп, діңкесі құрыды,
Өксікке толы кеудесі қысылды кетердей езіліп.

25-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Ай астында айдала,
Көк жүзінде теңбіл бет Ай тербеледі жай ғана.
Көкшулан Арлан Көктаудан тоқтамай тартып,

Жеткен қырға табаны таусылып тайпала.
Айға қарап ұлиды-ай келіп, ұлиды,
Тізесі талып, аяғы құрғыр ұиды.
Көрген қорлығын айтып зарлайды,

Екі көзден ащы жасы парлайды.
Мұңын айтып шағынады, тұмсығын көкке көтеріп.
Айбынды шағын сағынады, сағым да болса хош көріп.
Опасыз жалғанның қуғынын көріп, сүргінін,

Бақ ұшты бастан, көк таудың тарқап базары.
Ақ қар мен көк мұз жастанып, күн-түнін
Шырғалаң жолда өткізіп, солғындап кетті ажары.
Пана таппай, қорек таппай, шарқ ұрып

тынбай сенделді,
Мінеки, тыңда, мұңлыққа да сөз берер енді кез келді:

– Көк бөрінің тау-тасы – жат қолында,

Баурайын да жайлады, шатқалын да.
Арлан деген атыма сын емес пе,
Атажұрттан айрылып, батқам мұңға...
Көк Тәңірі,

Мұң-шерімді саған шақпай, кімге шағам,
Ішімдегі сырымды білмес адам.
Көкбөріге теліп ап шыққан тегін,
Атымды да жамылды бір есалаң.

Дәм-тұзына пенденің таластым ба?

Дүрия дүние
«Жау жоқ деме, бөрі – жар астында,
Бөлтірік – бөрі астында» – деп, мақалдап,
Екі аяқты айналды қастасыма.

Сөйтіп, мені адамдар жау санады,
Кезеулі тұр мылтығы һәм садағы.
«Көкбөрінің ұрпағы – біз боламыз»
Деп, осылар несіне сандалады?!

Көктегі Айды деп ұқтым манаршамың,
Өніп-өсу болатын бар арманым.
Қонысымды табайын, нұсқап жібер –
Бір пұшпағы бұйырса Сарыарқаның?!

Шағынарым, сағынарым – бір сенсің,
Көктен қарап, бар жайымды білгенсің.
Енді қандай қарекетке барамын,
Не десең де қабыл етем кірбеңсіз.

Қатты батты жаныма қор тірлігім,
Енді мені қинама, өлтір бүгін.
Қуып мені ит қосып, дабылдатып,
Олжа болды қапыда бөлтірігім!

Ай ше, Ай қайтті десейші?!
Нән қойдың теңкиген майлы құйрығындай

дөңгелеп,
Ғарыш кеңістігінде ілініп тұр биікте сонау қол

жетпес.
Апырай, мына көгілдір тылсым аспанда

ғажап өң бөлек,
Мысалда жазған қара қарғадай әурелеп мұны

қор етпес.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Сілекейі құрғыр шұбырды... мазасызданды

бір түрлі.
Өзекті хайуан болған соң, майлы ас жемей

жұбана ма аш қарын?
Сайтанның еске салуын қарашы, қайдағы

бір құрғырды,
Ішегі шұрылдаған қасқыр деді «бұл қай

сасқаным?»

– Арқар ауып кетті,

Жезкиік безіп кетті...
Ақ қоян, көк қоянның жымы түгіл,

дымы да жоқ...
Көктаудың қауқиған сұлбасы ғана қалды,
Ақ қары мен көк мұзы ғана қалды.
Басқа тіршілік нышаны жоқ. –

Соны айтайын деп еді ұлып-ұлып,
Діңкелеген күйінде дымы құрып.
Арып-ашқан, ашынған арлан сорлы,
Аспандағы Айға тұр құлдық ұрып!

Дөңгелек жүз Буддадай,
Сыр бермейді ол быттиып.
Сіңірлерін соза-соза,
Мұның болса бара жатыр бұты ұйып...

Енді бірде қарағандай безірейіп,
Бұл да оған қарар еді ежірейіп,
Әттең шіркін, бойында әлі болса,
Асып-тасқан кешегі күші болса?!..

Дүрия дүние
Теңбіл бет Ай шошалада жоғары іліп қойған,
сарыала бір қарын май секілді.
Сорлы арланның ащы зарын елең қылар түрі жоқ,

Мүлгиді құр, мүлгиді...
Арлан байғұс шағынып, үздігіп...
Ұлиды-ай келіп, ұлиды...
Арлан сорлы жансыз затқа мұң шаққанға өкінді,

Бұдан былай ұлымауға, зарламауға бекінді.
Ай мен Арлан,
Айхай, арман
Адыра қалған...

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ПОСТКЕҢЕСТІК КЕҢКЕЛЕС

Бай бола алмай болдырып сенделесің,
Тұттай болып тоналып сен келесің.
Бес бересің жоқ сенің, алты аласың,
Посткеңестік кеңкелесім!

Титықтатқан әрине ішкі дерт көп,
Тілазар деп қозғады істі мент кеп.
Қане жеткен биігің, алған еншің,
Социалистік қоғамға диссидент боп?!

Жендеттермен алысып шаршады ма,
Кетті Бродский мұхиттың аржағына.
Ал сен сорлы Карлагтан ұзай алмай,
Заманыңның айналдың заржағына.

Көсем кетті қалы бар маңдайының,
Одақ қалды ойсырап жағдайы мұң.
Жаршысы боп жүрдің сен баспасөзде,
Зеңбірексіз азаттық майданының.

Кеше риза болмап ең теңгермеге,
Топжарған боп жеттің бе сен кермеге?
Егемендік егесі сен емес пе ең,
Омырауға тақпайсың орден неге?

Парталасың нарықта жағаласып,
Ұмтылады байлыққа жанталасып.
Партияласың ілігіп билік жаққа,
Жүр бүгінде өзгемен бақ таласып.

Дүрия дүние
Тәуелсіздік еді ғой бар мұратың,
Жөн бе сенің жүдейтін, тарығатын?!
Мансаптан да қағылып, үлестен де,

Жөн бе сенің зарлайтын, зарығатын?!
Жүрсің енді өгей боп өз еліңе,
Маңдайдағы сор-бейнет бес елі ме?
Бабын тапқан құбақан жағымпаздар,

Өзек етер өзіңді өсегіне.
Айналмайды тарихтың дөңгелегі,
Қоғамды осы бәрі де жөн көреді.
Білдірмейтін қояндай жымын әсте,

Сыбағасын сиқалар өңгереді.
Бітті шарбақ!
Шындық – осы, сен – елессің,
Бай-бағланға ешқашан тең келмессің.

Жұрдай болып өтесің бұл жалғаннан,
Өйткені Сен –
Посткеңестік кеңкелессің!

Сəбит БЕКСЕЙІТ *** Ұнау үшін қайтпекпін мен біреуге, Тиіспін бе елпілдеп елбіреуге? Тиіспін бе шапқылап жандайшаптай, Желп-желп етіп жалауша желбіреуге? Ұнау үшін талпынсам мен біреуге, Тиіспін бе ел кезіп тентіреуге? Тиіспін бе мұң шағып жарымжандай, Көздің жасын көл қылып еңіреуге? Ұнау үшін талпынсам мен біреуге, Жүректегі отымды сөндірем бе? Айналама дел-сал боп қарайтындай, Айналуым керек пе меңіреуге?.. 29.07.10

Дүрия дүние *** Көнбістігі әр қазақстандықтың – Үлгісіндей шексіз «ұстамдылықтың». Аңқау жұртқа арамза молда болу – Саясаты жәдігөй мыстандықтың. Көнбістік пен аңқаулық меңдеп алып, Ақыл-ойы қалғиды ел демалып. Мүлгіген ми, жалқау жан, енжар сана Жатыр істің бәрін де кеңге салып. Бостандық деп ұққан жұрт босаңдығын, Мықтылық деп ұққан жұрт осалдығын, Жастығына бас тисе қор етеді, Жұмысына барып кеп бес-алты күн. Ақым кетті демейді, есем кетті, Есіл еңбек демейді еленбепті. Аспаса да айлығы шайлығынан, Ел тым-тырыс, апыр-ай, ел немкетті?! Алтын сандық үстінде – қара халық, Айналаға қарайды аң-таң қалып. Түбін тескен сандықтың көртышқандар, Шиқ-шиқ етіп күледі жайраң қағып. Әккі билік біледі «тобыр» халін: Түгендемес момын жұрт жоғын-барын. Ұнатады – қағылып үлесінен, Өңкей «малғұн» мелшиіп отырғанын.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Ұлық етіп ұрысын, бұзақысын,
Көрсетеді Ірі ғып ұсақ ісін.
Оңын-солын тінткілеп сұғанақ көз,

Обып жеуге құныққан кісі ақысын.
Есең кетті қайран жұрт, ақың кетті,
Хош-хош айтып басыңнан бағың кетті.
Еркің болмай, Еркіндік неңе керек,

Аңсап жүр ме құл-жаның тағы тепкі?!
04.01.11

Дүрия дүние

ӨТІРІК ӨРГЕ БАСҚАН ШАҚ

Өтірік шықты өрге де,
Өтірік шықты төрге де.
Шыңғырған байғұс
Шындықтың

Түбіне жетті сор неге?
Босамай қырттан топ алды,
Қасиет-қадыр жоғалды.
Жарасқан ақын айтпақшы,

«Ішуден басқа не қалды?»
Зәһарды іштік ызадан,
Зәһарды іштік құсадан.
Аспанға ұшып кетер ем,

Шіркін-ай, болсам құс-адам!..
Жеңілмес мәңгі Армадаң,
Гүрс етіп құлап сорлаған.
Одағың – ойран ордасы,

Жалауын таптап қорлаған.
Азат күн келді аңсаған,
Үкілі үміт жалғаған.
Арманға сендік, қиялға,

Қыран боп көкте самғаған.
Алайда оңбай алдандық,
Тағы да шықты жалғандық.
Еркіндік, егең бола алмай,

Бекерге сені малдандық.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Әттең-ай, есіл Еркіндік,
Деп сендік сені ер кіндік.
Ұрғашы қылық танытып,

Алданыш болдың өкінтіп.
Шоңқайтып малшы, кеншіні,
Бай-манап алды еншіні.
Еркіндік, топтың үркердей

Болдың да кеттің меншігі?!
Қолды боп елдің байлығы,
Есті жан әрбір қайғылы.
Ел құты қашып, жұтады,

Айлығы көптің – шайлығы.
Тағы да өрде өтірік,
Тағы да төрде өтірік.
Жарылып кете жаздайсың,

Сөйлесе бөспе көпіріп.
Боқ терген кеше, сым терген,
Сөйлейді бүгін мінберден.
Түйені жұтып түгімен,

Білдірмей жымын күн көрген.
Сөзіне сенсең, жаңылдың,
Аузыңды ашып аңырдың.
«Еліміз мықты, еңселі,

Пейілі түсіп Тәңірдің.
Еліміз дилы, дәулетті,
Қалың ел өсті, әулетті.

Дүрия дүние
Тағы да алдан күтеді
Болашақ жарқын, сәулетті...»
Өтірік тағы мезі ғып,

Езбеге тағы кезігіп,
Отырмыз қайнап қанымыз,
Отырмыз жүрек езіліп...
28.04.10 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ШАТТЫҚ ПЕН ҚҰСА

Шаттықтан ішіп кетер ем,
О, масқара,
Ішуге жоқ мүмкіндік.
Ерте бастап, қалғам бүгін болдырып,

Кеш бастаған мына құрдас тұр мүңкіп.
Шара бар ма құдіретіне Тәңірдің:
Сенесің бе, бүрі кеткен тамырдың.
Қара жерден күнде басып жүретін,

Танауыма келеді исі қабірдің...
Немесе
Құсадан ішіп кетер ем,
Күні кеше мық шегедей мығым ек,

Болдық бүгін көтерем.
Ішпей-жемей отырады тасып қан,
Абдыраймын адамдайын асыққан.
Жүрек байғұс сәтте бұзып ырғағын,

Бозарып жүз, аумай қалам жасықтан...
Сонда маған не істеу керек, ағайын,
Мұң-шерімді кімге барып шағайын?!
Шат-шадыман қоғамыма ілеспей,

Айналама қалай ғана жағайын?..
Құса ғана тигені ме еншіме,
Шаттыққа мас егінші де, кенші де.
Капитализм қуанышын бөліспей,

Ішқұса боп қалыс қалсам, ренжіме...
19.01.11 ж.

Дүрия дүние ЖАРАТҚАН ИЕМ ЖАҚСЫЛЫҚ НҰРЫН ЖАУДЫРҒАН «Сәлем – сөздің анасы» дегендей, наурыз айының алғашқы сәрсенбісінде облыстық мәслихаттың жауапты қызметкері Амангелді Жүнісбек маған үлкен ізетпен, көтеріңкі көңілмен, қазақы дәстүрмен сәлем берді. Мен хал-ахуалымды «ж» қарпінен басталатын сөздер тізбегімен жеткіздім. Соны тез аңғарған ол ел арасында ділмәрлығымен танылған әкесі Жарылғасынның ертеректе қызметі өсіп, бір-екі айда семіріп кеткенін мақтаныш тұтқан жасы кіші бір ауылдасына: «Жауапты жұмыста жүрген жас жігіттің жағының жалпайғаны жақсылыққа жеткізбейді», – деген әзіл-шыны аралас 9 «ж» қарпінен басталатын ойлы да ойнақы сөзін көлденең тартты. Ойдан ой туындайды, мен осы бір әйбат сөздерден шабыттанып, 40 «ж» қарпінен басталатын: «Жарық жалғанның жарқын жүзіне жан-жүрегім жадырап, жанарым жаутаңдап жасаураса, жаһан және жаһаннам жайын жалықпай жазып, жылға жыл жуықтап жылдамдатып жылжыса жалғызсырап жабырқамай, жабыланбай жаздан жазға жетіп, жасыма жас жалғасып жүдемей, жүнжімей жортып жүрсем – жақсылығын жаудырған Жаратқанға жолдарым – жауһар жырларым!..» деген сөз тіркесін өрістеттім. Ақыры осы аллитерациялы сөйлем назарларыңыз ға ұсынылып отырған жырға ұласты.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Жарық жалғанның жарқын жүзіне жанарым
Жасаурағанша жаутаңдап ұзақ қарадым.
Жан-жүрегіммен жадырап, шалқып көңілім,

Тынысым кеңіп, тыңайып, түлеп жарадым.
Жалықпай жазып жаһан, жаһаннам хақында,
Шаршады білем, ғалым да бүгін, ақын да.
Жылға жыл жуық, жылдамдатып кеп жылжыса,

Ұшқыр уақыттан қалыспай сен де тақымда.
Дәуір мен дәуір жатқанда мынау алмасып,
Жазыма жазым, жасыма жасым жалғасып,
Жалғызсырамай, жүдеп-жадамай жабырқап,

Иншалла, келем асудан асып, бел асып.
Ұзында өшім, қысқада кегім жоқ менің,
Керегі қанша жосықсыз реніш, өкпенің.
Адамның бәрін өзімдей көріп тұрамын,

Қиянат жасап, жазықсыз жанды сөкпедім.
Өткен күндерге қарайласам да тез өткен,
Аулақпын дәйім пәле-жаладан, өсектен.
Бағымның қонып, қонбағанын да, жағымның

Жалпайғанын да, жұқарғанын да сөз етпен.
Шуағым шашып жарқылдап Күндей күлсем кең,
Қуатым тасып жампоздай жортып жүрсем мен –
Жаратқан ием жақсылық нұрын жаудырған,

Шапағатымен желеп-жебеген деп сенгем.

Дүрия дүние
Ніл көкте самғап қанатын қақса сұңқарым,
Төсінде қырдың жөнелсе жүйткіп тұлпарым,
Көк-Тәңіріне ризашылықпен жолдарым –

Мың да бір алғыс, жүректен шыққан жырларым!..
02.02.11 ж.
26-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҚҰРДАСПЕН СЫРЛАСУ

Шуылдап құлақ күнұзақ,
Кетпей ме кенет тынышың?
Бұзылса ұйқың – шын азап,
Кетпей ме мазаң түн іші?

Доссың ба, айтшы, арыңмен? –
Қылжақсыз сұрап тұрмын мен.
Тірлікті жасап барыңмен,
Саумысың қуғын-сүргіннен?

Көкең би сенің, көкең бай,
Кедей-кепшікті тықсырдың.
Мойныңда – сары бөкебай,
Стадионда ысқырдың.

Айбатқа қосып ғайбатын,
Кездерде жаңсақ тасынған,
Үлкендер бізге айтатын,
Сақта деп арды жасыңнан.

Есейе келе ұғындық,
Алдау бар жерде жоқ шындық.
Себепсіз бірақ бұғындық,
Бірдеңе деуді көпсіндік.

Зұлымдық болса алдауың,
Аңғырттық екен алдану.
Күштіде қалып таңдауың,
Әлсізге тиген таңдану.

Дүрия дүние
Адамды алдау дегенің
Арыңның КҮНӘ алдында,
Жазасы ауыр екенін

Есіңе бір кез алдың ба?!
Бетінің арын белбеуге
Түйіп ап шықса безбүйрек,
Шамамыз келмей «ей!» деуге,

Қаламыз жасып, тез күйреп.
Арына арлы қараса,
Марқаяр арсыз жеңдім деп.
Сахнаға шықса жараса,

Тұрады соған сенгің кеп.
Қиналмай қайтем, қиналам,
Жайласа әділетсіздік.
Беймаза жүрек, ми алаң,

Билесе елді бетсіздік.
Сақтаған мың жыл өр қалпын,
Көк Бөрім едің, Барысым –
Садаға еткен мәрт халқым

Жанын да қиып Ар үшін!
Шындықты айтпай тосылдым,
Айтылмай қалған сөз – жетім.
Шырқырап жаным, жосылдым,

Қалайша көрем ел бетін?!
16.04.11

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ШАПАҒАТТЫ ШАҚ

Жаңа жылды қарсы алып толғанамыз,
Сезімдердің пернесін қозға, Наурыз!
Күмбірлеші, домбыра, күмбір қағып,
Боз інгендей аңырап, бозда, қобыз...

Кісінейді арғымақ күлдір-күлдір,
Көк күмбезі жаңғырып күңгір-күңгір.
Дала төсі домбыра шанағындай,
Дүбірлетсе сәйгүлік – дүңгір-дүңгір.

Күмбірлеші, домбыра, күмбірлетіп,
Көк күмбезін жаңғыртып, күңгірлетіп.
Жүрек қылын шертші бір шымырлатып,
Жаратқаннан шуақ пен нұр тілетіп...

Саған қолын кезі кеп созған абыз,
Алға қарай еміндік қозғала біз.
Ғасырлардың өксігін, сағынышын
Бүгінгі елге жеткізіп, бозда, қобыз...

Дүр сілкінтші сөйтіп бір,
Нұрлы Наурыз,
Жарды бүгін жауқазын гүлің қауыз.
Күлім қағып көлбеңдеп айнамкөздер,

Құштарлығын жеткізсін құмбыл дауыс!

Дүрия дүние

ҚАРА БҰЛТТАР

(диптих)
Албыраған алау жүзге өң кіріп,
Тысқа шықты
Қолаң шашы төгіліп.

Баққа барды
Ақ көйлегі көлбеңдеп,
Қара бұлттар келе жатты жөңкіліп.
Аң-таң қалып Батыс жаққа қарайды,

Қайда кеткен атқан таңы арайлы?..
Қара бұлттар торлап алған аспанды,
Көлеңке тұр көлегейлеп маңайды.
Тоғай тұнжыр, кеткен дала түнеріп,

Кеткендейін шуақ кеміп, нұр кеміп.
Ағарады көкжиек пен соқпақ жол,
Ағарады ақ көйлегі бүрмелі.
«Құдай-ау, кеше ғана еді ғой,

Ақ некесін қиған соң,
Басталғаны махаббаттың бал айы...
Татпай жатып таусыла ма талайы?!» –
Қатты абдырап басын ұстай беріп ед,

Солқ еткендей болды оң жақ самайы.
Жарқ етті де тұманданды көз алды,
Жасын көрді, көрді түтін, тозаңды.
Көрді сосын сорғалаған қызыл қан,

Қанға бөккен жүзі таныс оғланды...
Сәмбі талдай солқылдаған балғын тән,
Шыға келсе қайтер едің алдыңнан?
Ерке сылқым қарағанда наздана,

Кетер еді төгіліп күй, шалқып ән.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Көздің жауын алатын сол жас дене,
Жаралған ғой жүру үшін сәндене.
Ақ білегі, қыпша белі сезді ме,

Құрсауларын, бұғауларын әлдене?..
Ғашық жүрек, іңкәр көңіл, ынтық үн,
Сезді ме екен келер күннің шындығын?
Мамық төсі, жонарқасы сезді ме,

Көздеп тұрған ата жаудың мылтығын?!
1941 –
Қырық бір.
Көк пенен Жер қара түске тұнып тұр,

Төңірегің тұтасқан бір бұлыңғыр.
Қара бұлттар торлап алған аспанды,
Жұлым-жұлым жүн-жұрқа боп жұлынғыр.
Қайдан келген пәлелер бұл түксиіп,

Жан түршігіп қарайсың кеп үрпиіп.
Ашық аспан қалғандайын адыра,
Бұдан былай тұра алмастай нұр құйып.
Жүрек құрғыр бір сұмдықты сезеді,

Ой-қиялы шартарапты кезеді.
Сыңарынан айырылып қалардай,
Удай ашып өртенеді өзегі.
Жақсылықтың емес, сірә, нышаны –

Тоғай үнсіз, кілт үзілді құс әні,
Шаттық жырын жаңа ғана бастап ед,
Әкелетін сыңайы бар құсаны.
Тауды мыжып, таптап жаншып даланы,

Тап-тап беріп, тас-талқан ғып қаланы,
Аңыратып кетердейін ананы,
Шырылдатып кетердейін баланы.

Дүрия дүние
Бір алапат қиғылықты салатын,
Қиятындай асыл арман қанатын.
Ақ отауды, жас аруды талақ қып,

Орнатардай тас қараңғы қара түн.
Қара бұлттар төніп келген тажалдай,
Алқын-жұлқын айтып келген ажалдай.
Төңірегің оңып кетер ажардай,

Тіршілігің тарқап кетер базардай.
Табиғат тұр тауқыметтен аса алмай,
Махаббат тұр мауқын еркін баса алмай.
Өмірзая болған солай сан қыршын,

Он екіде бір гүлін де аша алмай...

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ФУКУСИМА

(сенім жыры)
Фукусима... Фукусима...
Саған бөгет болмады құрыш құйма,
Титаның да майысты қиқаң етіп,

Қаптаманың бәрі де – ұйпа-тұйпа.
Жеткен хабар жыланның шаққанындай,
Абдырамай қалмайсың шақта мұндай.
Жайбарақат ел-жұртты бөріктіріп,

Тұтқиылдан жау келіп шапқанындай.
Зәрлі хабар денеге удай тарап,
Миды шұқып, кетеді жан жаралап.
Ұялатып үрей мен қорқынышты,

Зар жылайды жүрегің мұң арқалап.
«Бәрі жақсы» деп бізді алдарқатпа,
Ащы шындық айтылсын ақпаратта.
Атом-дүлей оңдырмас адамға жат,

Зұлымдықтың ізі бар алапатта.
Әмір беріп тұрғандай ұрып басқа:
«Жер бетінен бір ұлтты сырып таста!»
Көріп тұрып, көрмедік дей алмаспыз,

Ділі басқа болса да, жұрты басқа.
Жер сілкініп, цунами тулап жындай,
Лақтырады кемені шылапшындай.
Ысырады үйлерді ойыншықтай,

Жоғалады адамдар ұсақ құмдай...

Дүрия дүние
Тынық мұхит жұтуда улы суды,
Елемейді маңқиып уды-шуды.
Радиация жорғалап сұр жыландай,

Плутоний із тастап жылысулы.
Жапон жері жаралы айдаһардай,
Ыңырсиды ажалы тақалғандай.
Алас ұрып мөңкуге шама келмей,

Меңірейіп жатады мақау жандай.
Батар ма күн
Елінде Күншығыстың,
Басёсі бар өше ме үні ұлыстың?..

Айдаһардың ақыры жеткені ме –
Біткені ме жапондық ұмтылыстың?!
Адамзат та дәрменсіз қауіп төнсе,
Тосқауыл жоқ Табиғат ашуға енсе.

Алапаттың алдында майып
Алып –
«Фукусима дай-ити гэнсирёку хацудэнсё».
Фукусима... Фукусима...

Тылсым күшке ерме сен,
Тыпыршыма,
Адамзаттың сенімін ақтау үшін,
Ажал емес, адамға ғұмыр сыйла!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

МЕН НЕНІ ЖЫРЛАЙМЫН

Рукописи не горят.
Б. Пастернак
Жырлар едім мен де гүлді,
«Ботаник» деп пенде күлді.

Таниды жұрт түз баласын,
Талай кезгем Шу даласын.
Қызғалдақты ғажайып бөктерде мен
Біраз жылды гүл кешіп өткерген ем.

Кешкенімде алапты қызғалдақты,
Маңайымда зіл жатты, ызбар жатты.
Құмға үйірсек кесіртке өсіп түлер,
Гүлге үйірсек қаулайды есірткілер.

Есірткіге атойлап дүрмек төніп,
Кетті гүлдер солармен бірге өртеніп.
Қып-қызыл от қаратпас бетті шарпып,
Менен гүлді сол қырғын кетті қарпып...

Жырлар едім мен де қызды,
Көңілімді лезде бұзды.
Түсінбеді мәз күлкімді,
Әп-әдемі әзілімді.

«Көзбен көр де, ішпен біл» дегенімде,
Алма жүзді аңсарым «Што?!» деді.
Ширатылып шерім де, шеменім де,
Жылдар жиған күйікке іш толы енді.

Содан бері қыздардың әуелі мен
Біліп алам қай тілде сөйлейтінін,
Көп жайларды аңғарам әуенінен,
Жақындығын тап басам, өгейлігін.

Ұнай қоймас тілбезер, сөзшең қыз да,

Дүрия дүние
Аузы-аузына жұқпайтын өңшең қызба.
Үндемес қыз «иә», «жоқ»-пен діңкелетер,
Тауып көрші Ләйліңді еркелетер...

Мөңке бидің айтқаны дәл келгендей,
Дәлел іздеп қайтемін әлденендей.
Қыздар бүгін қалталы шалдарға әуес,
Қатарынан бас тартып болса кедей.

Айып емес көксеген жақсы тұрмыс,
Таза, адал еңбекпен ұмтыл, тырмыс.
Аймаласып қақбаспен атасындай,
Жас ғұмырын тұл ету – сұмдық қылмыс!

Табиғатты жырлар едім,
Егіледі туған елім.
Туған жерім тұралады,
«Протон» кеп құлағалы.

Жырлар ем Едірей мен Бедірейді,
Төңіректе тым-тырыс ел үрейлі.
Мұнда қалған үркердей аз ғана жұрт,
Сақалындай абыздың селдірейді.

Абыралы, Қайнардан бермен қарай,
Салқар көші даламның өрген талай.
Қайта түлеп Қоянды жәрмеңкесі,
Болар еді бар аймақ көркем қандай!

Атың өшкір Полигон болмағанда,
Өңі кетіп қыр гүлі солмағанда...
Атажұртқа орнатып зұлматхана,
Қазақ өстіп сорлады, сорлағанда!

Жырлар едім өмірді мен,
Шамырқанып көңілді, кең.
Өрнек салып өлеңменен,
Күткем күнді көркем, кенен.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Өліп кетті жанбауыр беймезгілде,
Егіл, жаным,
Зарла, жақ,

Тіл, безілде!
Бір бәле бар, суицид – оның аты...
Келген қыста, келген жаз, келген күзде...
Бәрінен де бас тартып, жеріп, безіп,

Түгесіліп, таусылып ерік-төзім,
Енді мені іздеме тыныштықтан,
Ізде мені егестен, бөріктесім!
Ізде мені жанжалдан, дау-дамайдан,

Ізде мені маңайдан айғайлаған.
Мені тура табасың іздеп барсаң,
Мен сондамын

– болса егер

– қайда майдан!

Тақырыбым болды менің саясат,
Болса дағы сенімсіз зат, аяр зат.
«Саясат туралы жазбау – қорқақтық» деп
Евгений Евтушенко айтқандайын,

Жүн-жалғаннан аршып шындық түбітін,
Бөгеп бөспе, суайт сұмдар үгітін,
Ақтаймын деп ел-жұртымның үмітін,
Қорқақтамай жазып жүрмін күні-түн.

Болған істі боямасыз баяндай,
Көрген түсті жорып беріп аяндай,
Аярларды шағып алып шаяндай,
Болашақтың жансызы боп аянбай,

Қорқақтамай жазып келем күнбе-күн.
Кешіп бастан замананың дүрмегін,

Дүрия дүние
Ақыл, қайрат болды менің тірегім.
Жетесізді келіп тұрар жүндегім,
Бұзылғанды келіп тұрар жөндегім.

Ақиқатпен арайланар түр-өңім,
Жалғандыққа шыдамайды жүрегім!
Ертеңге айтар бар менің де тілегім,
Қолжазбамның өртенбесін білемін.

Болашақтың жансызы боп аянбай,
Қорқақтамай жазып келем күнбе-күн.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҚАДЫР ТҮНІ

Қажып-талып, титықтап дүрмек шумен,
Түн күзетіп шығудан жүрексінгем.
Тынықпақшы болып ем ерте жатып,
Қадыр түнін өткердім дөңбекшумен.

Дұрыс еді, бүйткенше, сергек жүрген,
Жақсылықты көксеумен келер күннен.
Ұйқылы-ояу дем алмай кетті мазам,
Тіпті тілек айтуға мен ерінгем.

Күндерімді кешкендей мен өксумен,
Қадыр түнін өткердім дөңбекшумен.
Бос үміттен мен әбден жалығыппын,
Өмір өтіп жатқан соң емексумен.

Арман, тілек, үміттен күдер үзгем,
Қай заманда тарығып, жүдеп жүргем.
Қарындасым айтыпты хал үстінде:
«Есімде жоқ күндерім жөндеп күлген».

Мен де қайбір жүр дейсің жарылқанып,
Тірнегімді тұрамын азырқанып.
Ер көңілмен қылжақтап күлген болам,
Қалтам түбі қалса да тақырланып.

Қинайтыны – еңбектің жанбағаны,
Кешкен күнге мейірдің қанбағаны.
Адам өзін қашанғы алдай берер,
Орнын олқы санайды жалғандағы.

Дүрия дүние
Астапыралла, деймін мен шын түршігіп,
Айтқан сөзім болмасын күпіршілік.
Отбасым мен әулетім аман-сау боп,

Жасай берсе болдырмай – шүкіршілік.
Бай боламын дегем жоқ, би боламын,
Пұл аламын дегем жоқ, сый аламын.
Жүрегімнен шыққан жыр замандасқа

Мезгілінде жетпесе – қиналамын.
Заман тыныш,
болса егер Ғалам да аман,
Адамзат та, жекелей адам да аман.

Отаныма, мұсылман қауымына
Қауіп-қатер төнер деп алаңдаман.
Қабыл болсын анамның ақ тілегі,
Ұрпағына бақыт пен бақ тіледі.

Бордай тозып несіне таусыламын,
Не боларын алдымда Хақ біледі...
27.08.11 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

КҮНӘ МЕН ЖАЗА

Күнәһарға бұ жалғанда жоқ жаза,
Осы дерсің шалқақтаған шаһзада.
Былық-шылық, көрсең ісін істеген,
Үсті бірақ мұп-мұнтаздай тап-таза.

Өрістетіп жылпостықтың жүйесін,
Арамдық пен қулық тапты үйлесім.
Қарап бұған қорықпайтын құдайдан,
Осы жазған атеист деп түйесің.

Алшаң басып жан жағасы жайлауда,
Тіршіліктің бар қызығын шайқауда.
Жарбаңдайды жылмың қағып жандайшап,
Бұраңдайды қылмың қағып сайқал да.

Аңқау мұндар үлесінен қағылып,
Ақ үй жаққа келгіштейді ағылып.
Жақтыра ма капитализм жабайы,
Әділетті содан сұрар қағынып?!

Алағызып, жеріп кеше қағынан,
Айырылды жұрдай болып бағынан.
«Көксегенім осы ма еді еліріп?!» –
Деп, еңіреп жарылады ағынан.

Өркен жайған қу, сұмдардың заманы,
Желпіп ескен жемқорлықтың самалы.
Шайлығынан аспай сорлы айлығы,
Шырғалаңда отыр болмай амалы.

Дүрия дүние
Күнәһарға бұ жалғанда жоқ жаза,
Осы дерсің шалқақтаған шаһзада.
О дүниеде айырысар есебін,

Күні жетіп айтылған соң жаназа...
06.09.11 ж.
27-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ЕСІЛ ЕР

Бар арманы – ел бақыты болатын,
Халық үшін күйетін де, тоңатын.
Тірісінде, өлісінде еленбей,
Тойсыз өткен,

Тойсыз қалған көп ақын.
Қандай еді кешегі өткен Төлеужан,
Лапылдаған жанартаудай бөлек жан.
Қысқа өмірі өтті арманын іздеумен

Елегізіп аэропорт, вокзалдан.
Қандай еді Тоқаш ағам мен көрген,
Бар қайғысын ішке сақтап өңгерген.
Қаратаудай күрсінетін түн іші,

Шер-шемені шырмап жанын,
Шермендем.
Қандай еді Мақаң, Мақсұт жан ағам,
Сағынышын білдіреді сан адам.

Жүрген жері ойын-күлкі, той болған,
Жарқын жүзі өшпес, кетпес санадан.
Ыршып түспе, шарпығандай жалын-шоқ,
Мына жәйтті ұмытуға хақың жоқ.

Тірісінде, өлісінде еленбей,
Тойсыз өткен,
Тойсыз қалған ақын көп.
Есіл ерді алсаңшы бір сен еске,

Қолдың ұшын бермесе де ЮНЕСКО.
Жоқтаушысы, іздеушісі болып көр,
Біздің ел де жады бар жұрт емес пе?!

Дүрия дүние

МЕН БОЛАМ ЖАЛҒЫЗ ЖІГІТ

Шын шүйліксе
Зарқын аға Тайшыбай,
Өткір сөзі осып өтер қамшыдай.
Көке тантық көлдей болып көлкіген,

Тыйса Зақаң, кішірейер тамшыдай.
Өзеуреген өр кеуделер басылып,
Тынши қалар тұрған тентек тасынып.
Рух пен тілдің құдіреті бұл деген,

Бүкіл жындар құлдық етер бас ұрып.
Пайымы ерен аңғарымпаз ағаның,
Айырады жақсысы мен жаманын.
Құдалармен отырғанда жарасып,

Біраз жайдың ашқан еді бар мәнін.
«Сәбит – жалғыз жігіт» деді құдама,
Осы сөзді біреу кек қып тұта ма?!
Түсінген соң сөздің мәнін, төркінін,

Тұрғаным жоқ шатынап мен тұлдана.
Жалғыз жігіт деген сөздің астары:
Досы аз да, көп дегені қастары.
Тірегі жоқ, көкесі жоқ дегені,

Болғанымен туысқаны жас-кәрі.
Шүкіралла, жалғыз емен атадан,
Кенде қалып көрген жоқпын батадан.
Сегіз ұл мен екі қыздың бірімін,

Он баланы тапқан батыр, мәрт анам.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Шын жоқ еді бірақ менің тірегім,
Өз күшіме сеніп қана жүр едім.
Алмағайып мына жалған көшінде,

Жалғыз жорттым алып-ұшып жүрегім.
Басқаң емес, жалғыз жігіт мен болам,
Мен де аманмын, аман болса кең далам.
Таумен тауша, көлмен көлше сөйлесем,

Дауыл болам, жауын болам, жел болам.
Жоқ болса да демеушім мен жебеушім,
Сырт көздерге сыр бермей-ақ келем шын.
Аман болсын отбасым мен әулетім,

Азды-көпті еткен еңбек еленсін.
Жалғыз жігіт мен боламын, сен емес,
Саяқ болсаң ескермес те, елемес.
Жалғыз үні, жаяу шаңы шықпайды,

Беттеп барар асу елес, бел елес.
Төлбасы едім алдыңғы арба сыңайлы,
Ағайын да, нағашы да сынайды.
Қайын жұрттың қалған көңлі талайдан,

Жалғыз жігіт кімге жағып ұнайды?!
Ал бастадым, ілесіңдер бауырлар,
Қолдамасаң, жүгім менің ауырлар.
Ілгері ұмтыл ілбесіп бір, сілбесіп,

Ауыл-аймақ аузын ашып таңырқар.
Менде қалсын «жалғыз» деген лақап ат,
Орнатыңдар әр аулада бақ абат.

Дүрия дүние
Жалғызілік – көрген құқай ата-анаң,
«Өрбі, көбей!» – мен айтатын аманат.
Бір-біріңді қолдаңдар да, демеңдер,

Бірің айтқан сөзді бірің елеңдер.
Ерінбеген ерден шығар ерендер,
Елім деген ерден шығар кемеңгер!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

КӨРІСКЕНШЕ КҮН ЖАҚСЫ!

Жиһанкез – сен, отырықшы мен екем,
Мәскеу асып кеткен қандас кемде-кем.
Көк теңізге дейін барса Бату хан,
Өз елінен ұзамаған Кенекем.

Ұлы Қытай қорғанында,
Суомидің орманында,
Сылқым Париж орамында,
Тоғыз жолдың торабында адастың,

Тау-тас кездің, теңіз кештің, қар бастың.
Гольфстрим жылы ағысын сезейін,
Ойша мен де біраз жерді кезейін.
Шет-шегі жоқ жер дөңгелек, жер жұмыр,

Қолыңды бер, кездесуге кел дейін.
Балтық жақтан тіл қатшы,
Көріскенше күн жақсы!
Баурайында Алатаудың,

Жағасында Балатонның,
Етегінде Кракатаудың*,
Беткейінде қырат-жонның тыңайдың,
Атажұртты аңсап бірақ мұңайдың.

Асқар тауды, сар даланы ұнаттың,
Өзіңді өзің бекер ғана жылаттың.
Кәрі әкедей күткен ұлын адасқан,
Сен келгенше мен тосамын, қымбаттым.

____________
*Кракатау – әлемдегі ең үлкен жанартау.

Дүрия дүние
Наз күлкіңді тыңдатшы,
Көріскенше күн жақсы!

P.S.

Hotmaіl.com күн-түн әзір тұр хатшы,
Үнсіз қалмай, үздіктірмей тіл қатшы.
Көріскенше күн жақсы!
26.09.11 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЫНТЫҚ ЗАР

Таң атса егер, білемін күн батарын,
Үнсіз қалмай, тездетіп тіл қатамын,
Күнбатыстан жететін мезгіл-мезгіл,
Ақ самалдай лебізіңді ұнатамын.

Қуаныш пен шаттықты тарту етем,
Өшпес сезім алауын Ар туы етем.
Сағыныштың азабын, басқа салса,
Өмір бойы қиналып, тартып өтем...

Ынтық зарым жетсін деп өлеңіммен,
Өпкім келер әр сөзбен гүл-өңіңнен.
Жүрекжарды жырымды түсінетін,
Айналайын сезімтал жүрегіңнен!

12.10.11 ж.

Дүрия дүние

КӨҢІЛДЕН КӨКТЕМ КЕТПЕСІН

Думанды етіп өмірді,
Жадыра күліп, аяулым.
Шалмасын кірбең көңілді,
Қалмасын титтей қаяу-мұң.

Отырмас ару томсарып,
Басташы, қане, тәуір ән.
Қаншалық рухың болса нық,
Соншалық күшті аураң.

Аураң баурап жанымды,
Тәтті бір күйге бөлейді.
Ысытып бойда қанымды,
Қай-қайда бастап жөнейді.

Бересің соны серпіліс,
Қанатты шабыт сыйлайсың.
Әкеліп маған сен ырыс,
Жырсүйер жұртты жинайсың.

Кеудеңде сенің сыр толы,
Тыңдаймын елтіп тұщына.
Орала кетер жыр жолы
Оп-оңай тілдің ұшына.

Мамырда келіп елге сен,
Қызғалдақ гүлді тересің.
Бал қымыз аңсап шөлдесең,
Менімен қырға ересің.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Күн-әже салып өрнегін,
Көк белге тіксін кестесін.
Тек шаттық болсын көргенің,

Көңілден көктем кетпесін!
14.10.11 ж.

Дүрия дүние

ҚАЛАМГЕР НАРҚЫ

Топ алдында табанға
Төселмесе текемет,
Жүздесем деп барғанда
Көрсетпесе қошемет,

Иығыңа ілмесе
Құндыз жаға қамқа тон,
Қадіріңді білмесе
Сырт айналған арқа-жон;

Мерейтойды өткізсе
Жетім қыздың тойындай,
Жау таба ғып, дос күлсе,
Болармысың қор мұндай?!

Темір тұлпар мінгізбей
Жаяу-жалпы жіберсе,
Шаттандырып күлгізбей
Қас-қабағың түнерсе,

Ілбіп-сілбіп келесің
Шаңы шықпас жаяудай,
Көлбеңдейді елесің
Күлкі ішінде қаяудай.

Ақын нарқы өлшенсе
Алғанменен қарбытып,
Көн осыған өлгенше,
Қалмаса да сарқыт түк.

Еңселі де ересен
«Бентли» мінген қаламгер,
Теңеспейді терезең,

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Текке болма арамтер.
Қошеметсіз қораш жан,
Қамқа тонсыз қамкөңіл,

Жанашырсыз жол ашқан,
Зая болған бар өмір.
Атың ерен болғанмен,
Затың сенің елеусіз.

Том болып жыр толғанмен,
Жарық көрмес төлеусіз.
Өлгенде емес Мамайдай,
Қор болдың сен тіріңде.

Сорың қайнап сормаңдай,
Сұп-сұр бопты түрің де.
Қабағыңды түнертем:
Өскелең жас дес бермес,

Есіл ер деп күн ертең
Елеусізді ескермес.
Ақын нарқы өлшенсе
Хал-қадарша бергенмен,

Ажал келіп төнгенше
Қаламымды сермер ме ем?!
«Алаған қол береген»
Болса шіркін! – деп келем,

Көпті көрген көреген,
Шешпес істі өкпемен.
Ақын нарқы өлшенсе
Төкпелеп жыр бергенмен,

Сыр ашуды жөн көрсе

Дүрия дүние
Шер тарқатып шермендем.
Көшке ерген соң шерулі,
Харам олжа өңгермен.

Алуды емес, беруді
Шын ниетпен жөн көргем.
05.01.12 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТАЖАЛҒА ТАБЫНБА

Бір өзгеріс керек мына жалғанға,
Басу айтқан аярларға алданба!
Жаратылыс өйткені тұлданады,
Бұла жүзін аңсайды, бұлданады.

Бар тұнығын
Бес мың жыл былғап, ластап,
Құныкер боп адамзат жынданады.
Табиғат та тілеп тұр өзгерісті,

Адамзат та тілеп тұр өзгерісті.
Тартынбайды жойылып кетсе дағы,
Тартынбайды ажалдан, көрден сұсты.
Жатсынбайды тайфунды, цунамиді,

Тартынбайды қалса да құлап үйі.
«Жойылу да – өзгеріс нәтижесі», –
Деп ұйғарды данагөй тура биі.
Жер сілкініп, жанартау атқыласа,

Қанша айтсақ та керек деп сақтық аса,
Артық не бар Алланың жазуынан,
Мың сан адам шарасыз тапты қаза.
Табиғат та тілеп тұр өзгерісті,

Адамзат та тілеп тұр өзгерісті.
Қара құрлық мініп ап қайратына,
Қалап алды толқуды, төңкерісті!..
Өзгерістен түлеу де туындаған,

Әрекеттен қан қызып, дуылдаған.

Дүрия дүние
Гомо фабер бола ма бойкүйез жан,
Ер емес – ез, белін бекем буынбаған.
Бей-жай қылмас «табиғи өзгерісің»,

Өзгереді сенің де күнкөрісің.
Гомо сапиенс – саналы ата тегің,
Іс-қимылмен кеңейткен көп өрісін.
Бір өзгеріс керек мына жалғанға,

Басу айтқан сазбеттерге алданба!
Ықпай соққан толассыз дауылдардан,
Отты жаңбыр, топан су, жауындардан,
Cан апаттан алапат аман қалып,

Жауырланған, жонданып сауырланған.
Келер күннен пендеңе не бұйырған?
Бір хабарды күте ме Нибирудан?..
Жер бедері өзгеріп, жаңа мұхит

Пайда болса – күткен ек біз бұрыннан.
Нәтижесі енгізбек алаңды бір –
Тәумен болмақ өзгеге санаң құрғыр.
Көнбес оған рухани тазалықтың

Шыңына көтерілген адам дүлдүл.
Шаттық емес, әрине, мұның қайғы,
Бұлыңғырлау болашақ бұлыңдайды.
Жер бетіне Тажалдың келуіне

Байланысты бұл сұмдық туындайды.
Тажал кім деп, замандас, аңқаусыма,
Тап жаныңнан табылар байқаусызда.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Жалғыз көзді пәлекет тура албасты,
Кіріп келер шусыз да, айқайсыз да.
«Шайтандардың ұстазы» сұңқылдаса,

Жәллап, кәззап күледі сыңқылдаса.
Қазіргі әлем патшасы – Тажал деген,
Жарар еді, бәріңді құл қылмаса?!
Құдаймын деп ол өзін жариялар,

Соған сенер балалар, қариялар.
Соған сенер есі бар ересек те,
Соған сенер әулеттер, жанұялар.
Құдайсынған сұмдардың жоқ есебі,

Бұрын болған, қазір де кездеседі.
«Жеке бас» боп шешеді тағдырыңды,
Малай қылып жіберер лезде сені.
Түршіктірер жаныңды сұры мына,

Тапжылмайтын Тажалдың құрығына
Ілікпейтін – шынайы мұсылмандар,
Айналады кәпірлер тұтқынына.
Сайып келсек, Тажал ғой «өзге» деген,

Іске жоқ та, сылдыр су сөзге кенен.
Бар мұраты – нәпсісін тояттату,
Адамзаттың мүддесін көздемеген.
Кімдер сонда «шынайы мұсылмандар»?

Білген жаннан сұраңдар, қысылмаңдар.
Пенде тілін келтірген кәлимаға, –
Кәміл мүслім деп өзін ұсынғандар.

Дүрия дүние
Олар соған риясыз бек сенеді,
Діни ғұрып, салттарды екшеледі.
Исламдағы парызды, амалдарды

Толық ұстап жүргендер еңселеді.
Өзімізді десек те мұсылманбыз,
Қалап алған тірлікке тұшынғанбыз.
Біз тәуелді жүйеге қалыптасқан –

Қоғамым деп құмартып құлшынғанбыз.
Біз әлден-ақ Тажалдың сарбазымыз,
Сандырақпен ұштасқан арманымыз.
Өркениетті арманның көкжиегі –

Көзімізді күнұзақ салғанымыз.
Өңкей мұндар – біз соны білеміз бе,
Тажал ділі – өнеге күнде бізге.
Қалайда біз қалайық, қаламайық,

Соның өмір салтымен жүреміз бе?!..
Бір өзгеріс керек мына жалғанға,
Басу айтқан аярларға алданба!
28-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ҮШ ДІҢГЕК

Тыныс ашып
Үш өлшемді кеңістік,
Тірлігімде көргенім жоқ кемістік.
Заңғар аспан,

Сайын дала,
Терең көл –
Асыл мекен дүниеде ең ыстық.
Атамекен,

Атажұрт деп мен келем,
Әсем ән мен тәтті күйге бөленем.
Отаным мен
Туған жерді сүйдім мен –

Отбасынан алған менің өнегем.
Күн кешкен соң сыбызғылы, сырнайлы,
Жүрегім де кең дала деп жырлайды.
Ғашық болдым сол даланың қызына,

Куә-дүр ғып керім кеш пен нұрлы айды.
Таң-тамаша боп Табиғатқа тамсандым,
Таңнан тұрып тамылжытып ән салдым.
Күнге жүзін бұрған гүлдей қарайды

Жәудіреген жанарымен аңсарлым.
Танимын деп табиғаттың тылсымын,
Ұғынбаққа ұмтылдым мен мың сырын.
Сол тылсымның бірі ме деп Махаббат,

Дыңылдаттым сан аспаптың қыл сымын.

Дүрия дүние
Шым батқандай махаббаттың мұңына,
Бал шарабын жұтып келем құныға.
Одан асқан тәтті сезім жоқ сірә,

Бөлейтұғын шуағы мен нұрына.
Өмірімнің саламын деп өрнегін.
Жыл он екі ай бір дамылдау көрмедім.
Арпалысып сезіміммен, ойыммен,

Өрге қарай өршеленіп өрледім.
Шыңыраудан ұмтыламын шыңына,
Төтеп келем сынағы мен сынына.
Дауылына төсеп келем кеудемді,

Тығылуды өлім санап ығына!
Айта аламын мен Өмірді сүйдім деп,
Көк жүзінде қыран болып ұштым кеп,
Қырда – тұлпар, теңізде мен – ақсерке,

Қайда болсам ұрды төске ыстық леп.
Әр таңыма үміт жалғап оянғам,
Өлеңімді қалайда мен қоя алман.
Жүрегіме бір сәт тыным бермейді,

Дала-көңіл, сезім-теңіз, ой-орман.
Қаламымды ұштадым мен үшкілдеп,
Шабыттанып бойға қуат, күш кірмек.
Махаббат пен Табиғат та, Өмір де

Менің үшін бағдар болған Үш діңгек!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖАН-ЖҮРЕГІМ – ЕЛ МЕН ЖЕРІМ

Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады.
Асан Қайғы.
Жүйрік көңіл ұсынып салкүреңін,

Тамашалап қараймын қалпы, реңін.
Нәуірзегім жеткенде біздің жаққа,
Жер-жиһанды жырлайды жан-жүрегім.
Жан-жүрегім –

Мәрт бабам, қамшыгерім,
Салкүреңнің сен бүгін ал шідерін.
Іздеп шыққан жоғыңды бұл немерең,
Ақ қағазға шер-мұңның салсын зерін.

Бекзат едің, өр едің, аршыл едің,
Текті өнерге жұмсалды бар жігерің.
Тоғыз перне, қос шекті танып біліп,
Күмбірлетіп күйіңді тартып едің.

Жылқы деген жануар – бар қызығың,
Қолды болды, қап әттең, Нарқызылың?!
Дертің меңдеп үзіліп кете бардың,
Қалды күбі түбінде сар қымызың...

Қылқұйрықты ағайын олжалады,
Жетім қалған ұл-қызды қолдамады.
Шаңырақтың ырысы шайқалған соң,
Үрім-бұтақ келеді сорлап әлі...

Дүрия дүние
Сұржекейдің тұяғын көрдім бір күн,
Маған атап сейілткен көңіл бұлтын.
Бірақ қазақ сөзінде тұрған емес,

Атқораға салыпты темір құлпын...
Жан-жүрегім –
Жан әкем,
Жан анам деп,

Өтемек боп борышты жан салам кеп.
Жанбауырдың күйігі күйге айналып,
Бозғаламда боздап мен аңсағам көп.
Жан-жүрегім –

Тарқамас мұң мен шерім,
Зыр айналған ұршықтай жұмыр Жерім.
Құбылысқа айналып салған әні,
Бұлбұл құсқа бұйырсын ғұмыр керім!

Жаһаным деп жырлайды жан-жүрегім,
Жатырқамай дауылын, жаңбыр, желін.
Жараланса алаңдап ертелі-кеш,
Мазалама, бірауық алдыр демін...

Мол шуағын төгіп күн елжіреді,
Желпінеді қарт далам шежірелі.
Ақтығына сөзім мен пейілімнің,
Жан-жүрегім егіліп сендіреді.

Жан-жүрегім –
Туған ел, туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.
Байтақ ұлыс ұлым деп сенсе болды,

Нартәуекел мен болам буған белін.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Жасындардың кешегі жарқылы едім,
Көк тұйғындай тастүйін алғыр едім.
Көсегесі көгерсін Адамзаттың! –

Ертелі-кеш айтатын бар тілегім.
Көлгірлерді шындыққа көндіремін,
Жалаңдаған өрт тілін сөндіремін.
Тіршіліктің туын мен желбіретем,

Жағаласқан майданда Өмір – Өлім!
Көрдім тағдыр еңісін, тағдыр өрін,
Кештім бастан сан сүргін, сан сүреңін.
Жарық жалған көшінен қалмай жортқан,

Жан-жүрегім – болдырмас Салкүреңім!..
10.03.12 ж.

Дүрия дүние

ҰЛЫС ҰЯ – АЛАШИЯ

Шыққандайсың қиналып ұзақ қыстан,
Артта қалып ақыры азап қысқан.
Құтылдың сен құлдықтың қамытынан,
Көтер енді еңсеңді, Қазақстан.

Желбіресін әуелеп көк байрағың,
Емін-ерін көсілші, кең-байтағым.
Өркендесін өндіріс қанат жайып,
Кемелденсін марқайып кенді аймағым.

Мыңғырып мал, жайқалсын құтты қырым,
Түп тұрағым сол Дала, нық тұғырым.
Мейіріне бөленіп отандастың,
Көкте Күннің бой балқып жұттым нұрын.

Бостандықтың боздағы – жанбауырым,
Желтоқсанның көтерген бар ауырын.
Жас тәніне қызыл көз жендеттердің,
Алды, әттең, батырып қандауырын?!..

Азат ұлыс, еркін ел, бостан Отан,
Беймарал боп атсыншы бозала таң.
Сенсің – кеше іздеген Жерұйығы,
Желмаямен желдіртіп Асан атам.

Шайқалтпасын ешбір жан ырысыңды,
Биіктерден көрейін ұл-қызыңды.
Ұлысымның ұлығы болмасам да,
Улиссіңмін өрнектер ұлы ісіңді.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Саған лайық атауды ел таңдаулы,
Ардақ тұтып Арқаны, Алатауды.
Қазақия дейді бір бауырымыз,

Мен ұсынам балама жаңа атауды.
ҰЛЫС ҰЯМ, шалқыған сен – дариям,
Сенсің менің қыран боп самғар қиям.
Ата-бабам қалдырған асыл мұра –

Азат елім, байтағым – АЛАШИЯМ!

Дүрия дүние

НЕНІ ІЗДЕЙДІ КӨҢІЛІМ, НЕНІ АҢСАЙДЫ?!

(элегия)
Шіркін көңіл тоғайып тыншымады,
Беймәлім бір алысқа құлшынады.
Ауа қармап құс-жүрек кеудемдегі,

Қапастағы тұтқындай тұншығады.
Нені іздейді көңілім, нені аңсайды,
Дайын тұр ма сапарға кемем сайлы?!
Ақсеркедей теңізде сайран салсам,

Арылар ма менен мұң, менен қайғы?..
Әділетсіз жауызбен көп егестім,
Жапа шеккен жандарға көмектестім.
Күреспенен жеттім мен қолда барға,

Қанағатты білмейтін мен емеспін.
Шығатындай кең жайлау, соны өріске,
Неге сонша іңкәрмін өзгеріске?!
Шалық па, әлде білмекке құмарлық па,

Мойынсұнбас белгілі күнкөріске?!..
Өтіп жатыр ит тірлік көз алдымда,
Қиын екен түссе егер көкжал сынға.
Жүрек жасып егілем, жүйке тозып,

Соншалықты осы мен осалмын ба?!
Әрі осалмын, әрине, әрі мәртпін,
Ақылға емес, жүрекке сенім арттым.
Кутузовтың қулығы болғанменен,

Қырсықтығы көп менде Бонапарттың.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Осалдығым – көңілдің босаңдығы,
Басатыны еңсені қозғар мұңы.
Мәрттігім сол – көнбеймін ережеге,

Азат сана, азат ой бостандығы!
Өмір сүрдім қыранша көкте самғап,
Қарайды жұрт соңыма көптен таң ғап.
Қиылғанша қанатым самғай берем,

«Өкпең өшсін?» деп мені сөкпе қарғап.
Қанат қағып қияға ұштым қанша,
Заңғар биік шақырар күн нұрланса.
Жер бауырлап жорғалай алмаймын мен,

Жем аңдыған бұғынып сұр жыланша.
Нені аңсайды көңілім, нені іздейді,
Бар аңсарым – толқынды теңіз дейді.
Асау толқын, дауыл жел арасынан,

Ешкімді емес, мен білсем – Сені іздейді!
Құс-жүрегім тыншымай, бұлқынады,
Тор-кеудеден шығам деп жұлқынады.
Көксегені – еркіндік, зеңгір көк боп,

Алас ұрып ілгері ұмтылады.
Көз жасына, мінеки, тұнған өмір,
Әлденеге беймәлім құмар көңіл.
Астаң-кестең дүние төңкеріліп,

Жасын-гүрзі сілтеніп, бұлттар жөңкір.
Көрінбейді күн көзі, алдым – бұлдыр,
Не нәрсеге бастайды тағдыр құрғыр.

Дүрия дүние
Бозаңытқан көк мұнар арасында,
Сонша таныс, етене құрбың тұр бір!
Астаң-кестең дүние, маңың у-шу,

Толқын құшу қу тірлік, жалын құшу.
Көзайым боп көрген соң сол бейнені,
Табар ма екен егілген жаның тыншу...
04.09 – 14.10. 11 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТӘЛКЕККЕ ТҮСКЕН ТАҒДЫРЛАР

Сынаққа салып сан жылдар,
Тәлкекке түскен тағдырлар.
Басына түскен бейнеті
Жадына түссе... қан жылар.

Құт, бақыт ұрлар, бақ ұрлар,
Жалғанда мынау бар қулар.
Жазмыштан болды деп ойлар,
Тәлкекке түскен тағдырлар.

Жазғырма Хақты ол үшін,
Тіршілік жолы толы сын.
Адамдар сонша қатыгез,
Қайтеді берсе қол ұшын.

Сыпырып көрсең терісін,
Таныр ең езін, серісін.
Киіп ап пенде маскасын,
Иектер кейде пері, жын.

Ақ, адал жолдан тайдырар,
Талықсып көктен ай құлар.
Айдында жүзсе қос аққу,
Сыңарынан қайтсе айырар.

Жолдар да кейде қиыспай,
Қос ғашық кетті ұйыспай.
Әр торап тартып әр жаққа,
Әкеткен алыс қиястай.

Дүрия дүние
Табаннан өтіп сан ызғар,
Қалтырап дене, жан сыздар.
Сорлатып, сорын қайнатқан,

Алдаған арбап арсыздар.
Көктайғақ таныс, жаңбыр, қар,
Қара бұлт көрсе жабырқар.
Екі-үш күн ашық күн болса,

Қуанып сонша таңырқар.
Жылаумен өткен сан жылдар,
Оларда хал жоқ қалжыңдар.
Гөй-гөйге басса әредік,

Туындар шерлі ән-жырлар.
Ғаламда мынау сан сыр бар,
Қараңғы түнек, ақ нұр бар.
Жұмақтың шалқыр төрінде,

Тәлкекке түскен тағдырлар.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖАЛҒЫЗ МЕН БЕ ТЕЛМІРГЕН

ЖҰМБАҚ АЙҒА?..

Орнағандай кеудеме жаһан шері,
Жалғыз мен бе қайғы-мұң қаламгері.
Ақтоқтысы қор болып бөктергіге,
Аңыраған дәл мендей Ақан сері.

Жалғыз мен бе зар шеккен, ақымақ-ай,
Келтіре алам мысалды әлі талай.
Тоғжанынан тірідей айырылып,
Күңіренген дәл мендей хакім Абай.

Жалғыз мен бе телмірген жұмбақ айға,
Айкезбе боп кетпейін, түнде абайла.
Ләйласынан жалғанда көз жазып қап,
Жылап өткен дәл мендей Жұматай да.

27.10.11 ж.

Дүрия дүние

ЕЛІК

(фантазия)
Орман кезіп, тау кезіп тентірелік,
Оқиғаны мына бір келтірелік.
Жан-жағыңнан анталап аш қасқырлар,

Жаутаңдаған жанары Сен бір елік.
Бөрібасар қайда жүр серті берік,
Міне қазір жетер деп сендірелік.
Сырттан иттей тіс қайрап сыртта қалдым...

Әттеген-ай!
Сан соғып тебірендік.
27.10.11 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖАС ЕДІК БІЗ УЫЗДАЙ, ӨНДІР ЕДІК...

Жас едік біз уыздай, өндір едік,
Тап-таза еді жанымыз, мөлдір едік.
Ақырғы рет көрісіп тұрғандайын,
Жасаураған жанармен елжіредік.

Табысатын қос жүрек сағынысқан,
Мұнар кешкен кезіміз, сағым құшқан.
Менің жаным шалқыды шалқарың боп,
Сен – шағалам қанатын қағып ұшқан.

Ханбазардай маңайы жағажайдың,
Сайран салдық тұсында тамаша айдың.
Сарша-тамыз балқытқан денемізді,
Салқындатқан суымен шалқар айдын.

Соншалықты іңкәрлік, ынтызарлық,
Емес еді жай ғана қызқұмарлық.
Бір көргеннен ғашық боп сүйгеннен соң,
Билеп алды жүректі шын құштарлық.

Шынайы едік, шіркін-ай, адал едік,
Дайын тұрдың кетуге маған еріп.
Жолдарымыз кетті де қиылыспай,
Бола алмадым өмірлік саған серік.

Жас едік біз уыздай, өндір едік,
Тап-таза еді жанымыз, мөлдір едік.
Енді бүгін зар болып бір көруге,
Емірендік, егілдік, елжіредік...

26.10.11 ж.

Дүрия дүние

ҚЫЗҚАРАҒАЙ

Сағынғанда сен келер,
Мен – Даламын,
Құшағымды кең жайып қарсы аламын.
Ойға батып мұңайған,

Сен – Ормансың,
Сені баптап, күтуге жан саламын.
Төзіміңе тәнтімін, шыдамыңа,
Келіп алшы қыс бойы күш-бабыңа.

Келсең жазда өзен-көл, орманыңмен,
Емін-еркін сыясың құшағыма.
Шақтап айтсам,
мен қырдың Қараағашы,

Жұпыны деп жақтырмай қарамашы.
Төтеп берер табиғат құқайына,
Соған тартқам, боркемік санамашы.
Шынарға да балаймын, ақ қайыңға,

Саған теңеу қалайда таппаймын ба?!
Бар балама ішінде саған ұқсас,
Ғабең* айтқан атауды баптайын да –
Қасы-көзі қиылған Қызқарағай,

Көп күттірмей,
келсейші бізге қарай.
Сағыныш пен іңкәрлік – қос қанаты,
Жүрек жолға шығады іздеп арай...

______________
*Ғабит Мүсірепов Ельді Қызқарағай деп атаған.
29-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ

УӘДЕ – ҚҰДАЙ СӨЗІ

Ау, ағайын,
Уәде – Құдай сөзі,
Бұл қағида сендерге ұнай ма өзі?!
Уәдені бересің оңды-солды,

Туды міне бейбақтың сұрар кезі.
Қолдың ұшын бермедің, туыстарым,
Бір толмай-ақ қойды ғой уыстарың.
Егер мені дұрыстап бағаласың,

Мен болар ем топжарған ту ұстарың.
Сендер сөйтіп тұрғанда өзге не істер, –
Бір сөзінде тұрмайтын бөспе кестер?
Қылжақ қылды ыржақтап бай-манаптар,

Алдап мені келеді дос, жерлестер.
Тартқан жоқпын тіліңнен ешбіріңнің,
Құлымын деп айттыңдар есті жырдың.
Төбем көкке жеткендей мәз боп тұрдым,

Арайына бөленіп кешкі нұрдың.
Білем, менен ешқайсың қорықпайсың,
Арнайы кеп жалбақтап жолықпайсың.
Күннен күнге барасың дөңгеленіп,

Сен – дилысың, сен – аппақ борықтайсың.
Білем, менен ешқайсың именбейсің,
Алға түсіп ілгері өңмеңдейсің.
Бірақ қалай Құдайдан қорықпайсың,

Кердеңдейсің, менменсіп көлбеңдейсің?!

Дүрия дүние
Сөздеріңде қалайша тұрмайсыңдар,
Уәдесін бұзғандар – құдайсыздар.
Алдап-арбап дегенін істететін,

Бәлкім сендер жылпосқа ұнайсыңдар.
Жылпостығым жоқ менің, әккілігім,
Келер деймін бейнетпен сәтті күнім.
Тәтті мұңын жүректің айтқан сайын,

Тіршіліктің түсіндім қаттылығын.
Деген жоқ ем жан-жүрек бұлай сыздар,
Уәдесін бұзғандар – құдайсыздар.
Жаза тауып алдыңдар өздеріңе,

Түбі Тозақ отына құлайсыңдар!
27.10.11 ж.

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ЖАҢА ДӘУІР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Келе жатыр Келешек көкжиектен,
Жаңа бір леп жүзіңді желпи өпкен.
Қобыз-кеудем күрсініп күмбір етті,
Мазалайды жанымды бір күй көптен.

Қарсы аламыз қашанда Жаңа жылды,
Жаңа күйді төкпелеп, жаңа жырды.
Ақша қарға сонар сап жаңа жауған,
Құттықтайсың дос-жаран, жанашырды.

Болса да жыл
Екі мың он екінші,
Жоқ қой оның оқасы, өкініші.
Ақырзаман болатын жыл десе де,

Мен бекіндім, ендігі сен бекінші.
Келер әлі жайсаң жаз, көркем көктем,
Гүл жайнатып елімді, өркендеткен.
Керім,

кемел Келешек келе жатыр,
Алғыр еткен жастарды, өнерлі еткен.
Күнтізбесін Майяның зерделеген,
Гронемейер* байыпты ер не деген?!

Дәуірлердің айырмай аражігін,
Жаманатты айтып жұрт ентелеген.
______________
*Свен Гронемейер – ГФР-дің иероглифик-зерттеу-

шісі

Дүрия дүние
Су сепкендей басылды жалған дабыр,
Жаңа жылда болмайды Заманақыр.
Бар үрейді арқалап ескі дәуір,

Басталады ержүрек Заманақыл.
Тосын нышан аңдаймыз Жер мен Көктен,
Заңғар неткен Табиғат, терең неткен?!
Бес мың жылдан сәл артық Ескі дәуір,

Адамзатты болдыртып тепеңдеткен.
Тосын дүбір келеді алыс қырдан,
Ойларменен дәргүмән алыстырған.
Жыл соңында алаңдап не болар деп,

Сергек бар жұрт,
ешкім жоқ қалыс тұрған.
Бұл сәт –
Жаңа Дәуірдің жаңғырығы,

Алтын Күннің үр жаңа таңғы нұры.
Дүр сілкініп Дүние жаңарғанда,
Адамзатқа бұйырсын Тағдыр Ұлы!

Сəбит БЕКСЕЙІТ

ТАҢҒЫ ТІЛЕК

Арайлы болсын атар таңымыз,
Жетелеп алға ақ арманымыз.
Талайлы тағдыр бұйырсын бізге,
Қалмасын сиреп қатарларымыз.

Шырайлы болсын көрер күніміз,
Жайқалсын жайнап өсер гүліміз.
Шынайы болсын ұмтылысымыз,
Өркенін жайсын көргенді ұл-қыз.

Қайырлы болсын керім кешіміз,
Гүрілдеп тұрсын темір пешіміз.
Жап-жарық болсын жаққан шамымыз,
Топ жарып шықсын өмір көшіміз.

Нұр айлы болсын тыныс түніміз.
Жарқырап сегіз бұрышты жұлдыз.
Жаратқан ием алқалап тұрса,
Баянды мәңгі тыныштығымыз!

Қосымша

Тіні берік жырымның, діні мықты,
Жарық көрген туды ғой күні құтты.
Жүректерден алайын тұрақты орын, –
Ығыстырып әзәзіл зұлымдықты!..

Дүрия дүние ТУЫНДЫГЕР ТУРАЛЫ Сәбит Қыдырбайұлы БЕКСЕЙІТ – Барыс жылы Қарағанды облысының Атасу кентінде қаламгер отбасында дүниеге келдí. Жоғары білімді филолог. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сәбит – жыр топтамалары ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері республикалық «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» сияқты әдеби-көркем басылымдарда, облыстық баспасөзде және ұжымдық жинақтарда жарық көріп келе жатқан дарынды әрі жаңашыл ақын. Әр жылдары Астанадан, Қарағандыдан, Алматыдан оның «Ғасыркешу», «Күннің шалқуы», «Келешек керемет», «Ел үмітін ер ақтар», «Құт қонған Қарағанды», «Назымнасыр», “Астана уақыты” атты кітаптары жарық көрді. «Дүрия дүние» – ізденімпаз ақынның таңдамалы тың туындыларының кітабы. *** Менің аңдауымша, жас талапкер Сәбит Бексейітовтің тіл өрнегі, жыр тәсілі айрықша ізденісті сездіреді. Жас Сәбиттің біз оқыған бір шоғырмақ жырларынан өзінше талпынысы бар тапқырлыққа бейім дарынның қалам желісі байқалады. Қалижан БЕКХОЖИН.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Жалпы алып айтсақ, ішкі өзегінде біртүрлі
шиыршық ата ширығу, шамырқаныс, жігер-қуат
пафосы сезіледі. Әсіресе, публицистикалық екпін,

ереуілшіл күй, арынды ағыс аңғарылар еді…
Ақындық кредосының бұлайша асқақ биік, күллі
адамзаттық болғанына қуанамыз, әрине. Шама-
шарқы жеткенше сол үдеден шығуға талпыныс

жасау, таудай талап бар Сәбитте… “болашақтың
жақсы ақыны болғалы тұр екен” деп үлкен үміт
артуға тиіспіз.
Есенбай ДҮЙСЕНБАЙ.

Ақыны
азайып,
өлеңшісі
көбейіп

тұрған
халтураның
қара
тасқынының

заманында
әдебиетке өзгеше ойлап, өз сөзін айтқысы келетін
таланттың қадам басуы елең еткізбей қоймайды…
Мені Сәбиттің творчествосындағы тың ой, соны

сезім тәнті етеді. Ұлттық поэзиямызға әлемдік
әдебиеттің игі жақсысын тұла бойына сіңірген
білімді
ақындар,

интеллектуалды
поэзияның
өкілдері келе бастады.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Дүрия дүние
Қарағандылық дарынды ақын Сәбит Бексейіт-
тің бүкіл ғаламның қасіреті мен қам-мұңын өз
жүрегімен қабылдап, адамзат азабын арқалауға

ұмтылысында өзінше бір ерекшелік бар.
Оның
өлеңдерінде
адамгершілік

рухының
бүкіл әлемдегі ту ұстар жыршыларымен үндестік
сезіледі. Өркениет заманының өрелі ақынына
тән жан-жақты терең білім, үлкен эрудиция, әлем

тағдыры – өз тағдырым деп қарайтын кең құлаш,
адам баласына деген бауырмалдық, басқаның
мұңын бөлісуге бейім ақжарма пейіл оның
шығармашылығының түпқазығына айналғанын

ертеден білуші едім.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.
Менің Сәбит Бексейіт деген досым бар.
Әдебиет ке қатарласа, қапталдаса келіп едік.

Ақтамбердіден – Андрей Вознесенскийге жөнеп
кетіп, С. Есениннің еркелігімен біраз уақыт
өткізіп, Қарағандыдан қара үзіп кете алмай
қалған жайы бар. Әлемдік әдебиеттің жауһарын

көкірегіне құйып алған адам. Өзгеше талант.
Өмірге, өнерге деген көзқарас, ұстанымы да
елден ерек. Стилі басқа. ХХІ ғасырдағы ұлттық
поэзиямыздың өзгеше бітімді тұлғасы.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Сəбит БЕКСЕЙІТ ЖАУҺАР ЖЫРЛЫ ОЙШЫЛ АҚЫН Сәбит Бексейіт – жоғары оқу орнын бітірген соң, отыз жылдан астам уақыт бойы қолынан қаламы түспей, журналистік және шығармашылық қызметпен шұғылданып келе жатқан, киелі өнер ордасына ешкімге ұқсамас өз «Менімен» енген ақын. Аз ба, көп пе, осы уақытқа дейін қаламынан «Ғасыркешу», «Күннің шалқуы», «Келешек керемет», «Ел үмітін ер ақтар», «Құт қонған Қарағанды», «Ғасырластарым», «Рамазан мерген және оның әулеті», «Астана уақыты», «Назым-насыр» атты тоғыз жыр кітабы туыпты. Ақынның орыс тілінде жарық көрген өлеңдері мен аудармалары өз алдына бір төбе. Елбасымыздың «Елім менің» атты жүрекжарды жырын тұңғыш рет 1997 жылы орыс тіліне аударған да осы Сәбит Бексейіт болатын. А.Плещеевтің, А.Вознесенскийдің, Э.Межелайтистің, Ю.Марцинкявичюстің біраз өлеңдерін ана тілімізге аударса, қазақ ақыны Ұ.Есдәулеттің бір топ өлеңдерін орыс тіліне аударды. Поэзия – ақынның өз «Мені». Қоршаған ортасына, қоғамына, тіпті өзіне деген субъективті көзқарасы. Дүниетанымы. Сәбит ақынның өнер иесі болып қалыптасуына алғышарттар жасаған нендей таным күші еді? Соған тоқталайық...

Дүрия дүние
Қазақ тарихында туған жер, тас босаға, тал
бесік үшін қу далада тәні, құба түзде көрі, құба
белде елі қалғаннан шыбын жанын пида етуді

жөн көрген, басын бәйгеге тіккен қол бастаушы
батырлар, сөз бастаушы шешендер көп болған.
Солардың болмысына терең үңілген Сәбит ақын
бір жайтқа айрықша назар аударды, ол – киіз

туырлықты халқының тұлпар тұрпатты, сұңқар
қанатты екендігі, әлемдегі бекзаттық, тектілік
қасиеттері жағынан ешкімнен кем еместігі, ол
ол ма, көп жұрттан найза бойындай биіктігі,

асқақтығы еді. Бұл асқақтық Сәбит ақынды
тұғыры биік, замана желі қай жағынан соқса да,
өзінің тура пікірін тайсалмай айтатын қайсар
қаламгер етіп қалыптастырды. Қиялына қанат

бітірді. Тарихтың шерлі шежіресіне үңілдірді.
«Тарих-дастандағы» Шерубай, Таймас, Мәнжі
сияқты батыр бабаларымыздың, Қамен, Қияш,
Таңшолақ билердің көркем бейнесінің сәтті

сомдалуы – осы ойымызға дәлел.
Сәбит ақын – Жер планетасындағы әр оқиға,
құбылысты
жұдырықтай

жүрегінің
елегінен
өткізіп, таразылау дәрежесіне көтерілген ақын.
Асқан білімдар, оқымысты, биік мәдениеттің

ақыны.
Өлеңдерінде
жетілген
зияткерлік,

салқынқандылық, терең философиямен астасқан
сабырлы ой нәзік сыршылдықпен шебер ұштасып
жатады.
Микроәлемнен

макроәлемге
дейінгі
кеңістіктен шындық іздеп шарқ ұрады. Қоғамның
келбетіне үңіледі. Қиналады, ширығады.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Тірілердің ішінде жоғалғанмын,
тіршіліктің көшін мен доғарғанмын.
Бергенім жоқ бердім деп бұлданарлық,

һәм дей алмаймын фәниден мол алғанмын...
... Сергелдеңге түскенде сорлы басың,
қалай ғана тыншисың, орнығасың?!
Орды қасың қазғандай, ашынасың,

торығасың, құрғандай торды қасың...
Миы ауысқан мәңгүртпін, мияқымын,
бір ғұмыр ғой бостекі қиятыным!
Сергелдеңге соншама неге түстің,

төре ақылым, қайдасың, би ақылым?!
Ақын
неге
ашынады?

Шамырқануы,
торығуы неліктен? Себебі, біреу. Талантты бір
жас ақынымыз «Әр қазақ – менің жалғызым»
деп толғанса, Сәбит ақын барша адамзатты бір

тұтас күйде жұдырықтай жүрегімен езіле сүйіп,
жалғызына балайды. Сана, Уақыт, Адам, Қоғам
ұғымдарына
тәжірибелі

философша
үңіледі.
Оның жырларында Кьеркегор, Джойс, Кафка,
Бродский, Гете, Ясперс, Байрон, Сартр, Басё,

Пушкин, Қасым, Олжас, Мұқағалилардың бар
болмысымен жарқырай көрінуі де сондықтан.
Алайда ақын оларды пір тұтқанымен, еліктеп-
солықтаудан аулақ. Тәкаппарлығы бар. Егер

поэзия сүйер қазақ жер бетінен жоғалып кетпесе,
ерте ме, кеш пе, Сәбиттің осы өз үні, өз танымы
ұлттық әдебиет тарихында қаларына куә болар...

Дүрия дүние
Жоғарыдағы тұлғалар – Сәбит ақын үшін
эстетикалық
идеал.

Қоғамының
келбетінен
келеңсіздік көрсе, соларға үн қатып, солардың
рухымен тілдеседі. Қазақтың жігітінен сырласуға

дос таба алмай, Фариза қызға Мұқағали ақын
мұңын айтса, Сәбит ақын да ірілермен тілдесіп,
ойымен бөліседі, қазағы Алашына, Алашы
Адамзатқа айналып кеткендіктен, Жер бетіндегі

қоғамның дертіне солармен бірлесіп, ем, дауа,
шипа іздейді. Өз кезегінде бұл жайт ақынға мына
әлем-ғаламшарды біртұтас күйінде бейнелеуге
мүмкіндіктер берген.

Сәбит Бексейіт – жаңашыл ақын. Постмо-
дернизмге қосқан үлесі басым. Постмодернизм

– қазіргі таңдағы көз ілеспес жылдамдықпен

зымырап бара жатқан біздің нақты уақытымыздың,
заманымыздың көркем жүйесі. Онда өз қоғамына
көңілі толмаушылық элементтері жиі кездеседі.
Постмодернизм – заман сұранысына сай көркем

бейнелеу тәсілі мен түріне ұмтылу десек, осынау
сипат, қасиеттердің Сәбит поэзиясына айрықша
тән екенін баса айтар едік. Ақын поэзиясындағы
терең мазмұнға лайықты пішін категориясының

асқан
шеберлікпен
үйлесуі
оның

қоғамдағы
келеңсіздіктерге терең үңіліп, адамзаттың қас
жауы – азғындау, рухани экспансия екеніне назар
аударуына алғышарттар жасаған.

... Селт етпестен сатты олар Тіл мен ділді,
зообаққа сатқандай піл мен зілді.
Әттең, қолы қысқалау, көңілшек деп
сатар еді көктегі күлген Күнді.

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Сатқан кеше сынақтар полигонын,
ойламастан ағайын көші-қонын.
Зар илеген қалың ел отыр бүгін,

болжай алмай ертеңін, оңы-солын...
... Қаруды да сатты олар, ұшақты да,
ата мұра – алдаспан, пышақты да.
Аруды да арсыздар сатқан талай,

қиып сонша ып-ыстық құшақты да...
... Ұртын майлап сатты олар уранды да,
ұмытып қап антты да, ұранды да.
Не Аллаға сенбейді, не аруаққа,

пайда түссе сатады ’’Құранды’’ да.
Ұнайды екен бұларға ’’Фунай’’ мына,
міз бақпастан сатты олар мұнайды да.
Әттең, күшке ие емес құдыретті,

сатар еді ұстап ап Құдайды да...
... Алып Сатар сатады анасын да,
жан-жарын да, керексе баласын да.
Қорықпайды құдайдан, сатар бір күн

ата-баба көзіндей даласын да.
Ар-ұяты, иманы жоқ жанында,
азаматтық намысы жоқ қанында,
Жерін сатқан бұл қулар күні ертеңдер

сатқын болып,
сатады Отанын да!

Дүрия дүние
Ағылшын ақыны Киплинг: «Запад есть –
Запад, Восток есть – Восток» деп жұмыр жерді
екіге бөлсе, Сәбит ақын Бексейіт адамзат тарихы

мен тағдырына Уақыт пен Кеңістік сияқты тари-
хи-философиялық ұғымдар тұрғысынан оларды
біртұтас, кешенді дүние ретінде қарастырған.
Адам – әлемнің кішкене ғана бір бөлшегі.

Адам санасына ғарыштың әсер ететінін, айрықша
қуат көзін жіберетінін ғалымдар әлдеқашан
дәлелдеген. Ол күш – адамның ақыл-ойы. Адам

– микрокосмос. Адам – үш сатылы болмыс иесі,

олардың аты – дене, жан, рух. Оның рухани
бейнесі
ар-ұятына
орналасқан.

Эстет-ғалым
Г.Гачевше толғансақ, «Адамның үштағандық
тұтастық – тән, жан, рух бірлігінен тұратыны
сияқты, әрбір ұлттық тұтастық та үштағанды

бірліктен тұрады: ұлттық табиғат – ғарыш, психея

– халықтың мінез-пиғылы, логос – ой қатпары».

Бұларға тоқталып отырған себебіміз мынада.
Жер бетіндегі тұтас адамзат қауымының, тарих
көшінде өзіндік орны бар ықылым замандағы сақ,
ғұн, түркі, алаштың болмысындағы «шыр» етіп

дүниеге келген сәттен бастап-ақ сыйықсыздыққа
емес, мәңгілік сұлулыққа іңкәр болған, тереңнен
тартылған
дәстүр

тамырластығын
екшей
келсе, Сәбит ақын ақындық талантымен нәзік
лиризмді, салмақты философияны, ұйыта білер

психологизмді шебер қиюластырып, қазаққа
ғана тән ұлттық бояудың шымқай айқындығын
кескіндей алған.
30-246

Сəбит БЕКСЕЙІТ
Майдан ішім!
Ойларым қақтығыста,
шырғалаңнан жол іздеп нақты, қысқа.

Ақтық ұстам таусылып, асығамын
көптен қалған үйіліп қат жұмысқа.
Ғасыр асыл болмаса, ері – масыл,
иті ойнақтап, салмайды бөрің асыр.

Асырғанмен жақсысын, дәтің барып
қалай ғана жаманын жасырасың?!
Асып-тасып тұрғандай айбары шын,
шарт-шұрт болып қаламыз кейде ар үшін.

Айтып-айтпай не керек, бір ақиқат:
Бейуақыттың болмайды Бейбарысы!
Бейуақытқа бейбақ боп рас ұрындым,
күйкілігін көрсетіп тасыр ұлдың.

ҒАСЫРЫМНЫҢ ҚАТЕСІ –

МЕНІҢ ҚАТЕМ,

МЕНІҢ ҚАТЕМ –

ҚАТЕСІ ҒАСЫРЫМНЫҢ!!!

Сәбит Бексейіт поэзиясының бірде ойлантып,
бірде толғантып, кей сәттерде қаныңды қызды-
рып, бірде салқын сабырға шақырып, қиялыңды
шарықтатар нәрсе – ақын бойындағы дала

табиғатының бұла да еркін мінезі дер едік. Оның
жырлары өзіңді өзіңнің тануыңа итермелейді,
мынау жұмыр жер бетіндегі Адам деп аталатын

Дүрия дүние
жаратынды Гомо сапиенстен (саналы адам) Гомо
фаберге (әрекетшіл адам) айналысымен-ақ өзін-
өзі тануға талпынса, өз ісіне ойлылықпен үңіліп,

есеп берсе, Зұлымдық қайдан шығады? деген
сауалға жауап іздеуге бастайды.
... Дөп келмеп пе біздерге сұрқай қоғам,
әлде қоғам таппап па ыңғайлы адам.

Айтыңдаршы, сорақы осыншама, –
Ақыл-ойға сыймайтын

БҰЛ ҚАЙ ЗАМАН...

Бұл не заман Құдайдан безіндірген,
ар-иманға біржола көз ілдірген?
Хақ жолына түсе ме күнәһарлар,
ой күйеден арылмай, сезім кірден?!..

... Қызғаныштан ішіне құса-мұң кеп,
Тәңір саған несібе қиса – күндеп,
қарғыс атқан кешегі сталинист –
ИУДА жүр көз алдап ИСАМЫН деп!

Жынды адамның түсіндей бұл не ғұмыр,
күндіз күбір тынбайды, түнде күбір.
Еркек өсек айтатын заман туды,
жыбыр-жыбыр етеді қыл мен қыбыр.

... Білем,
жақсы ғасырдың табылмасын,
мен түгілі таппаған бабын Қасым.
Замананың көндігіп илеуіне,

семсерім тек қиына шабылмасын!

Сəбит БЕКСЕЙІТ
… Көз ашқалы көргенім – “өтпелі” күн,
Ай, заман-ай, заман-ай, өкпелімін…
Заман десем,

бейнесі тұрар алда
Айға қарап ұлыған Көк бөрінің!
Діңкелетіп, қажытып, әлсіретіп,
сырттап кетіп барады ғасыр өтіп…

Мәңгілікке өзіммен ала кетер
Бар құпиям:

ҒАСЫРЫМ – ҚАСІРЕТІМ.

Қандай дәуір болса да, қытымыр заманның
қатал жүйесіндегі аязды жібітетін әрі жеңетін
адам жанының мейірімге толы, іңкәрлікке ұйыған,
адалдық пен әділетке, саф тазалыққа жүгінетін

жылуы болады. Бірде шарықтар, бірде әлсірер,
алайда адамзат санасындағы мәдениет оты сөнген
жоқ, ол сақталып қалды, себебі, адам бойындағы
небір

ауыр
жағдайлар,
алапат
оқиғаларға

қарамастан, өміршең қасиет, рухтың ұлы күшінің
сақталуы – заңдылық. Сәбит ақынның шарқ
ұрып іздейтіні де, басын тауға да, тасқа да соғып,
аласұратыны да сол рух күші. Даналық пен

надандық, ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен
жамандық, әсемдік пен көріксіздік т.б. қарама-
қарсылықтар бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтынын
Гераклит осыдан екі жарым мың жыл бұрын

дәлелдеп шыққан. Әлемнің өзі – шексіздік пен
шектіліктің бірлігі.

Дүрия дүние
Сәбит ақын Бексейіттің өз сөзіне сүйенсек,
тындырғаны
шамалы.

Өнерді
жасаушы
талантты жан ғана солай демек. Кезінде
қазақ әдебиетінің тарихына есімі алтын

әріптермен жазылған Қасым Аманжолов та
солай деген.
Аз жазды ма, көп жазды ма, мәселе ол
сауалға жауап беруден гөрі, басқада сияқты.

Сәбит ақынның, қаламгерлік даралығының
құндылық сипаты оның адамзат қоғамындағы
ең күрделі ғылым – Адамтану іліміне өз
дарынымен азды-көпті үлес қосқанында

және алдағы уақытта да қосатынында дер
едік...
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының
соңында аспирантурада жүргенімде жерлес

ақын
ағам
Жеңіс
Қашқыновтың

мені
кездейсоқ ұшырасқан Тоқаш Бердияровпен
таныстырғаны бар еді. Жақсы ақын еді. Ағалы-
інілі жандардай боп кеттік. Бір отырыста

маған: «Сен Қарағанды жақтансың ғой. Мен
сол жақтан кеп жүретін бір жас ақынды білем.
Аты-жөні – Сәбит Бексейітов. Тым фанат
жігіт екен. Түбі, сол жігіттен бірдеңе шығады.

Нақышы да, өрнегі де бөлек. Әлем әдебиетіне
жетік» – дегені бар еді. Сол сөз есіме түсіп
отыр. Ақын аға Сәбиттің бүгінгі шыққан
биігін, жеткен жетістігін көрегендікпен айт-

қан сияқты болады да тұрады...

Сəбит БЕКСЕЙІТ Өлең атты киелі өнерге өз нақыш, өрнегімен, өзгеше үн, мәнерімен келген Сәбит ақын Бексейітке зор шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр, отбасына береке, бірлік тілей отырып, ПОЭЗИЯ айдынындағы жүрдек кемесінің жүзуіне оң сапар, сәттілік тілеймін. Мәуен ХАМЗИН, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. («Орталық Қазақстан» газеті № 27-28, 20.02.2010 ж.)

МАЗМҰНЫ Дүрия дүние ......................................................................... 3

Гүл кешу Сонарнама ........................................................................... 7 Анаға тағзым ....................................................................... 9 Бейбіт күн мен бүлдіршін .................................................. 10 Наркескен ............................................................................ 11 Жанарыма қарашы .............................................................. 12 Тыныштық .......................................................................... 14 Бір түңіл ............................................................................... 15 Тыныштық жаңғырығы ...................................................... 16 Көгілдір көктем ................................................................... 17 Жастық шақ, таныс бақ ...................................................... 18 Көңілім – көктем, жаным – жаз ........................................ 19 Наурызнама ......................................................................... 21 Өзім туралы ........................................................................ 23 Сəулелі сəуірде .................................................................... 24 Сиқырлы ырғақтар .............................................................. 25 Бозғалам мен бозбала ......................................................... 26 Сұлулық пен сұрқайлық ..................................................... 27 Жиырма бес жыры .............................................................. 30 Қимастық ............................................................................ 32 “Əрбір сəтпен біздер өліп жатырмыз” .............................. 32 Қыздар ................................................................................. 33 Гүл мен қыз .......................................................................... 34 Сен жəне Əлем .................................................................... 35 Өң мен түс............................................................................ 36 Шалқар мен шағала ............................................................ 37 Сен есіме түспесең .............................................................. 38 Ғайыптан туған əн ............................................................... 39

Сенімен өткізген шақтар-ай!.. ........................................... 40 Мені жалғыз қалдырма ....................................................... 41 Жақұт жыр ........................................................................... 42 Санамда – сапар, сапарда – санам .................................... 43 Түпнұсқа ............................................................................. 44 “Мен жазбаған жұмбақ жыр түн сырында” ...................... 45 Қайрау .................................................................................. 46 Сонар .................................................................................... 47 Аза жыры ............................................................................. 48 Тұнжыр бақ .......................................................................... 49 Байрон... Брюсов... .............................................................. 50 Метаморфоза ....................................................................... 52 Сөйлеймін жыр тілімен... ................................................... 55 Саттардан Тагорға дейін ..................................................... 57 Жеті сарапшы ...................................................................... 59 Телефон № 25-37-49 ........................................................... 61 Ақиық ................................................................................... 62 Сауал ..................................................................................... 64 Жаз ....................................................................................... 65 Айдыным ............................................................................. 66 Жасыбай ............................................................................... 67 Кішкене күн барда .............................................................. 68 Немерем – Назерке .............................................................. 69 “Беріде – Шоу, əріде – Шекспир, Эсхил” .......................... 70 Қарашада .............................................................................. 71 Өз шыңым, өз сеңгірім ....................................................... 73 Эпитафия ............................................................................. 75 Қара сұр бұлдыр дүние ....................................................... 77 Бауырларым ......................................................................... 78 Желтоқсан алаңы ................................................................. 79 Қараң қалған қу тірлік ........................................................ 81 Геокардиограмма ................................................................. 85 Өмірзая ................................................................................. 87 Ақын досқа .......................................................................... 88

Өзіне адам таразы ............................................................... 89 Иосиф Бродский .................................................................. 91 Плюстер мен минустер ....................................................... 93 Киетегім – Ақбура ............................................................... 95 Елу – елер белес пе?.. ........................................................ 96 Жақсы сөз – жарым ырыс ................................................... 98 Сол бір боздақ... .................................................................. 99 Ұлы оққағар ......................................................................... 104 “Тəңірінің қай “дертіне” шалықтым” ................................ 104 Ғасырымның қатесі – менің қатем .................................... 105 Қасірет жауыны ................................................................... 107 Заман мен адам .................................................................... 110 Жад кітабы ........................................................................... 111 Бекзадалар мен жұрынқұлдар ............................................ 113 Гипертония ........................................................................... 115 Сен санамның сыңары ең ................................................... 116 Өлім ...................................................................................... 118 Əлемнің кереметі ............................................................... 119 Алпауыт Алып Сатарлар .................................................... 120 Қалың жұрт ақылға кенде ме?.. ......................................... 123 Замансараптама .................................................................. 125 Сарай ақыны ........................................................................ 128 Баяғы Жаппас сол Жаппас ................................................. 131 Қазақ елін қимайтын кедейшілік ....................................... 132 Өтірік пен шындық ............................................................. 134 Ғасырластарым .................................................................... 136

Нұр кешу Менің Олжасым .................................................................. 139 Ай мүйізді ақ серке ............................................................. 141 Өмірдің сəні – алтын дəн .................................................... 142 Құттолғау ............................................................................. 143 Ой-атомдар, санамды оятыңдар!.. ..................................... 145 Палестина: жыр мен жебе .................................................. 149 Медет ................................................................................... 151

“Ғасыр – өткел, өткен одан ұлы Абай” ............................. 151 Пайым................................................................................... 152 Шешіне ме, шешінбей ме? ................................................. 152 Солженицын, жер иесі сен бе едің?................................... 153 Тұтас бол, туған жер! .......................................................... 156 Таңдау ................................................................................... 158 Ізгі сенім .............................................................................. 159 Киелі ұя ................................................................................ 160 Əзіл-этюд ............................................................................ 161 Демеу жыры ......................................................................... 162 Күнкөріс ............................................................................... 164 Ай, заман-ай, заман-ай... .................................................... 166 Ғасыр формуласы: Х + Х = ? .............................................. 169 Ғасыркешу (Дəуірнама) ...................................................... 172 Жөн... Жөн... Жөн... ............................................................ 182 Біз – аргонавтармыз ............................................................ 183 Əфсана .................................................................................. 185 Сөзстан ................................................................................. 186 Мəлімдеме ........................................................................... 187 Қасым Аманжолов көшесінде туған ой ............................ 188 Бəйтерек ............................................................................... 190 Мың жылдық қасірет .......................................................... 191 ЭКГ: жаралы жүрек жазбасы ............................................. 194 Табалау мен алаңдау ........................................................... 196 Күн шыңыраудан шығады .................................................. 199 Кеншілерім .......................................................................... 201 Жамбылстан – Жырстан ..................................................... 202 Кентавр ................................................................................. 204 Астана уақыты ..................................................................... 206 Азаттығым – асылым .......................................................... 207 Тақ туралы толғаныс ........................................................... 209 Хан Кенеге тағзым .............................................................. 212 Келешек кепілі ..................................................................... 216 Жыр қайнары – Жаңаарқа .................................................. 218

Туған жерім – Атасуым ..................................................... 220 “Қош бол енді, Жиырма бес” ............................................. 221 Иман немесе ізгі рухтың бақыты ....................................... 222 Ауғанстан – Азияның жүрегі ............................................. 224 Сауал мен зауал ................................................................... 228 Есекдəме .............................................................................. 229 Асқар-шыңды кербез жер – Қарқаралы ........................... 230 Жыр-жасын .......................................................................... 232 Біреуден ілгері, біреуден кейін кім? .................................. 234 Келешекке көшу .................................................................. 238 Келешекке көшем десем өлеңдей ...................................... 239 ХХІ ғасырға бет алған керуен ............................................ 240 Кел, керім Келешек! ............................................................ 248 Өткел бермес өтпелі кез .................................................... 249 Қара суық ............................................................................ 251 Жан шуағы ........................................................................... 253 Мөлдір жыр – тұнық сыр ................................................... 254 Көрсін ұрпақ көкшулан Көк Бөрімді ................................. 256 Парижде өлу арман ба? ...................................................... 258 Поэзиясыз өмір сүруге бола ма? ........................................ 261 Тіршілік ............................................................................... 263 Біреуге өлім тілегенше... .................................................... 264 Қарсаңда .............................................................................. 266 «Айтсам шынын...» ............................................................. 267 «Мынау кештің болуы үшін көңілді» ................................ 268 Толымды ұйқастар .............................................................. 270 Тұсау кесер жыры ............................................................... 271 Мəжнүн жыры ..................................................................... 272 Тайлақ батырдың алмас қылышы ...................................... 274 Ар нəби ме? ......................................................................... 277 Тұғырым мен тұрағым ........................................................ 278 Мұң кешу Менің есімім ........................................................................ 283 Екінші мыңжылдықтың соңғы жылы ............................... 284

Мандельштам көсем хақында ............................................ 286 Ақиқат азасы ........................................................................ 288 Формация ............................................................................. 289 Кешкі мұң ............................................................................ 291 Элегия ................................................................................... 292 Жарық жалған жампозы ..................................................... 294 Тулайды өмір толқыны ....................................................... 296 Шексіздік пен шарасыздық ............................................... 299 Ғалам рухы .......................................................................... 300 Ұқсастық ............................................................................. 301 Сұлудың ноқат меңі ............................................................ 302 Қиял мен болмыс ................................................................ 303 Миым – ғалам ...................................................................... 304 Мəңгілікке жіберіңдер ........................................................ 305 Сергелдеңге түскенде сорлы басым .................................. 306 Кереғарлық .......................................................................... 308 Опалы ғалам, қапалы адам ................................................. 309 Мен – аралмын .................................................................... 311 Төртінші биіктік .................................................................. 313 Жан апа ............................................................................... 319 Ішқұса .................................................................................. 321 Бақытсыздық туралы жыр .................................................. 322 Үш өлшемді кеңістік ........................................................... 324 Дүние тұрғанша… ............................................................... 325 Гудбай – Жақсыбай ............................................................ 349 Жанбауыр жарық дүние ...................................................... 351 Ит тірлік азабы .................................................................... 354 Куман жыры ......................................................................... 356 Экспромт ............................................................................. 358 Өмірдің үш кезеңі ............................................................... 359 Жүректен қозғар сырым бар… .......................................... 360 Алаң да алаң, алаң жұрт… ................................................. 362 Абайтану ............................................................................. 364 Сəлем, Ғалам! ...................................................................... 366

Іслəм аға əлемі ..................................................................... 369 Экспресс жүйткіп келеді ................................................... 371 Өмір өрнегі .......................................................................... 372 Қозғалыс .............................................................................. 374 Жаһан мен жаһаннам .......................................................... 375 Əр қазақ – кімің? ................................................................. 379 Біз кімбіз? ............................................................................ 381 “Қалың ойға батырып, көмілдіріп” ................................... 382 “Жалғандық жайласа” ........................................................ 384 Ай мен Арлан ...................................................................... 385 Посткеңестік кеңкелес ........................................................ 390 “Ұнау үшін қайтпекпін мен біреуге” ................................. 392 “Көнбістігі əр қазақстандықтың” ...................................... 393 Өтірік өрге басқан шақ ....................................................... 395 Шаттық пен құса ................................................................. 398 Жаратқан ием жақсылық нұрын жаудырған ..................... 399 Құрдаспен сырласу ............................................................. 402 Шапағатты шақ .................................................................... 404 Қара бұлттар ........................................................................ 405 Фукусима ............................................................................. 408 Мен нені жырлаймын ......................................................... 410 Қадыр түні ........................................................................... 414 Күнə мен жаза ...................................................................... 416 Елеусіз қалған есіл ер ......................................................... 418 Мен болам жалғыз жігіт ..................................................... 419 Көріскенше күн жақсы! ...................................................... 422 Ынтық зар ............................................................................ 424 Көңілден көктем кетпесін .................................................. 425 Қаламгер нарқы ................................................................... 427 Тажалға табынба ................................................................. 430 Үш діңгек ............................................................................. 434 Жан-жүрегім – Ел мен Жерім ............................................ 436 Ұлыс ұя – Алашия ............................................................... 439 Нені іздейді көңілім, нені аңсайды?! ................................ 441

Тəлкекке түскен тағдырлар ................................................ 444 Жалғыз мен бе телмірген жұмбақ айға?.. ......................... 446 Елік ....................................................................................... 447 Жас едік біз уыздай, өндір едік .......................................... 448 Қызқарағай ........................................................................... 449 Уəде – Құдай сөзі ................................................................ 450 Жаңа дəуір жаңғырығы ...................................................... 452 Таңғы тілек .......................................................................... 454 Туындыгер туралы (қосымша) Лебіздер ............................................................................... 457 Жауһар жырлы ойшыл ақын .............................................. 460

Әдеби-көркем басылым
Сәбит Қыдырбайұлы БЕКСЕЙІТ

Жыр кітабы

Кітаптың мұқабасында Қазақстан Суретшілер
одағының мүшесі, сұңғатшы Владимир Проценконың
“Гүл жайнаған Сарыарқа” картинасының репродукциясы
пайдаланылды

Басуға 11.07.2012 ж. қол қойылды. Қалыбы 84х108 1/32.
Офсет қағазы. Офсеттік басылыс. Шартты баспа табағы 25,0.
Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №246.
«Астана-полиграфия» АҚ баспаханасы

010008, Астана қаласы, Брусиловский көшесі, 21

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙