Сүйінбай Аронұлы. Өлеңдері мен толғаулары
Сүйінбай Аронұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сүйінбай Аронұлы – Жетісу өлкесінің тарихында өшпес із қалдырған тұлға, дарынды ақын, айтыс майталманы. Қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге араласа жүріп, өзі өмір сүрген аумалы-төкпелі қоғамды шығармаларына арқау етеді. Сүйінбай – өмір, заман жайлы толғанып, философиялық ойлар қорытқан шығармалардың...
ӨЛЕҢДЕР
Құрастырған филология ғылымдарының докторы,
профессор Садырбаев Сұлтанғали
БІЗ СОНАРШЫ ТҮЛКІ ҚУҒАН
Бұл күнде жасым келді елу сегіз,
Біз — қайық, бұл дүние — түпсіз теңіз.
Жүреміз күш-қайратты оған арнап,
Апырм-ау, осы жалған біздің неміз?
Бұл пәни ұзақ болса, жүз жыл болар,
Байқасаң тоқтауы жоқ бұл бір сонар.
Сонаршы кешке дейін түлкі қуған,
Күн батып, шаршаған соң, ақыр қонар.
Кетпеңдер өне бойы дүние қуып,
Қарапұл қарындастан болар жуық.
Соңынан мал-мүліктің қуа берсең,
Ақыл - қайрат қалады, жүрек суып.
Тиеді ұзын ағаш оқталғанда,
Тозған қазды қарға алар топталғанда.
Қанағат қолдағыға шүкір қылмай,
Болады бар да арманда, жоқ та арманда.
Дүние сені қуып жете алмаспын,
Жетсем - дағы ешнәрсе ете алмаспын.
Қу дүние қызығыңды ойлай берсем,
Айналып бір орнымнан кете алмаспын.
Армансыз дүниенің көрдім сыйын,
Қаза қылмай өткізіп, тойын - жиын.
Бұрынғы алпыс жылда көргендерім,
Ойласам, тұрмайды екен жалғыз тиын.
Халықты тілмен қорғадым,
Сөз шындыққа келгенде,
Бас кессе де болмадым.
Құтылып жарлы кеткенше,
Зорларды сөзбен торладым.
БАЙ БОЛСАҢ
Бай болсаң қадірліксің ағайынға,
Жоқ болсаң жолатпайды маңайына.
Жігіттер, терің төгіп, мал жинағын,
Мал опа тіршілікте талайыңа.
Малды қара, жігіттер, малды қара!
Одан басқа біздерде жоқ қой шара.
Қыс түскенде ішерге ас таппасаң,
Боласың сонда, азамат, қас масқара!
ТІЛЕУБЕРДІГЕ
Желбуаз жігіт екен жыр таңдаған,
Бұл заманның болысы күй таңдаған.
Көп ішінде көлбеңдеп көрінем деп,
Көрінгенге соқтығып, тыртаңдаған.
ЖАЙНАҚҚА
Қайдасың, үш алаштың паң Жайнағы?!
Мінгені паң Жайнақтың сұр жайдағы.
Бақ қарап, қызыр назар салғаннан соң,
Жүйрік ең шауып жүрген айғайдағы.
Жайнақ-ау, шешең асыл, әкең жасық,
Сен тұрсаң бұл уақытта судай тасып.
Алдыңа сәлем бере келіп едім,
Қалайша жасырындың менен қашып?
Сен өзің Қараталдың Жайнағы едің,
Жасыңда жалғыз бұзау байлап едің.
Сүтімен жалғыз сиыр ауқат етіп,
Егінді қос өгізбен айдап едің.
Көргенде алдыңдағы жақсыларды,
Болсам деп, сен де сондай ойлап едің.
Құдайым тілеуіңді бергеннен соң,
Бұлттан шыққан күндей боп, жайнап едің.
Жиырма жастан отызға өрлегенде,
Қырғыз бен қазақ жерін жайлап едің.
Отыздан қырыққа қадам басқаныңда,
Жұтсақ да Алатауды тоймап едің.
Сен едің аты шыққан сараң Жайнақ,
Алдыңда Сүйінбай түр көзі жайнап.
Болмайды тіпті кедей бұл ақынның,
Қалмаса Жайнақ өліп сорым қайнап.
ЖҰРТ ІШІНДЕ ЖОРТА БІР МАҚТАЙСЫҢ-АУ
Төресің қанды қанға құйып жүрген,
Айламен қу дүниені жиып жүрген.
Құдай сүйер қылығың көрінбейді,
Қазаққа кайтып басың сыйып жүрген?!
Тезек, саған келемін анда-санда,
Сөзімнің сырына әбден қанбасаң да.
Жұрт ішінде жорта бір мақтайсың-ау,
Ақын көрсең айтатын далбасаң да!
*** Бір думанды жиын-тойда Ақша деген кісінің аты бәйгеден бірінші, Сөктің аты екінші болып келеді
— Сек тұрғанда, кедейге бірінші бәйге қайда? — деп, төре тұқымдары жанжал шығарады. Сонда Сүйінбайдың айтқаны:
Сөк төренің атасы — хан Абылай,
Хан боламын дей ме екен ол да сондай?!
Өзге төре өлсе де, Сөк өлмейді,
Осы пұшық құдайдың кенже ұлындай.
Алды-артыңа, ей төре, қарап сөйле,
Бірінші аттың иесі — мен Сүйінбай,
Күш іздесең, көрейік сеніменен,
Меніменен, кәнеки, шықшы былай!
Әбілез Ұлы жүздің төресі еді,
Қарасам оның да үлкен өңеші еді.
Төле би жұртқа бірдей сөйлейтұғын
Тұңғиық қара судың кемесі еді.
Алдияр, тақсыр, алдияр,
Алдияр тақсыр дегенге,
Жаман төре шалжияр.
Өтірік айтып, ұрлық қып,
Арамнан төре мал жияр. ***
Насыбай жарасады шақшалыға,
Болыстық оңай болды ақшалыға.
Қайырып қыран бүркіт байлап қойдым
Түлкіні алдыруға ақ сарыға.
БАСҚА МҮЙІЗ ШЫҚТЫ МА?
Тілмен ою ойғанмын,
Мақтаншақтың үстінен
Жыртпай тонын сойғанмын.
Би мен болыс, байлардың,
Қожалар мен молданың
Сыбағалы мүшесін
Алдына тартып қойғанмын.
Басқа мүйіз шықты ма,
Талай базар базарлап,
Алуан тойды тойладым.
МОМЫН МАЛЫН ЗҰЛЬІМҒА АЛЫП БЕРІП
Дәулетбақтан Ноғайбай, сен бір арсыз,
Байсүгір Қараталдан тұғиянсыз.
Ыстанбек, төремін деп мақтанбаңыз,
Бұл арсыздың ішінде сіз де барсыз.
Қаратал өмірінде жалшымаған,
Қарашолақ өгізін қамшылаған.
Қаршыға қайраттанса қаз алады,
Олжаңды қарға тапқан салшы маған.
Дүниеден Сарыбай да кетті көшіп,
Бұл жерде Нарбота отыр желдей есіп.
Алдыңа бір жауапкер Екей келсе,
Түйе басы тоғызды салма кесіп.
Алабұқа көзденген Атамқұл бай,
Жұртыңа жақсы болсаң боласың жай.
Құлан аян, мал-жанды айдап жедің,
Тәңір алдына барғанда қайтерсің-ай!
Сен өзің Әжібайдан туып едің,
Жасыңнан жамандыққа жуық едің.
Қияметте қайтесің, кісі ақысын
Зар жылатып талайды қуып жедің.
Кісі еді Дәуітәлі қабырғалы,
Сәмбеттің ат түгіндей айғыр жалы.
Арбаң сынса, қаңғырып жолда өлерсің,
Сен келдің, жазған байғұс, не қылғалы
Билерім, айтшы маған тапқаныңды,
Өзіңе істеп жүрсің жаққаныңды.
Қарымсақ, Жалайырдан сен келіпсің,
Қырқаңда салып жатпай қақпаныңды.
Белгілі қыстақтағы сабаншысың,
Сен өзің жаннан асқан амалшысың.
Қыстақтың көп ұрысын өледі деп,
Билерге кеп отырған хабаршысың.
Ақшаны жанқалтаға толтыра сап,
Дегенге жауабың сол —«Сеніме, қап!»
Пәреге, билер, қарны бөккеннен соң,
Жаныңды, ұрыны ақтап, берерің қақ.
Біреудің көз саласың құзырына,
Мен тұрмын аң-таң болып қызығыңа.
Аударып ақты арамға пәре жейсің,
Не дейін қара ниет бұзығыңа.
Келдіңдер осы топқа барайын деп,
Бір шайқам май түсе ме, қарайын деп.
Момын малын зұлымға алып беріп,
Нашардың қайтарсыңдар талайын жеп.
Айтамын білгеннен соң, көзім ашық,
Білерім, кеп отырмын дидарласып.
Тау басына жиналған тазқаралар —
Жемей ме қарны ашса көке жасық?!
КӨЗДІҢ ЖАСЫ
Тайторы мен Бәйтелі бір жайлауда аралас отырады. Тайторы Бәйтелі ауылының бір топ құлынды биесін барымталап кетеді. Онымен тұрмай, Бәзіл деген жігітке кедейсің деп сүйген қызы Салиханы бермей қояды. Осыған төрелік айт деп, ел Сүйінбайды шақыртады. Сонда Сүйінбайдың айтқаны:
Ей, Қоспаным, Қоспаным,
Тіреуі ме едің аспанның?!
Бірге туған ағаңды,
Ағаң емес жағаңды,
Аш қасқырдай ұлытып,
Діңкесін әбден құрытып,
Жұртыңа неге тастадың?!
Жаратқан бәрімізді аяулы ана.
Пана ғой қысылғанда тірі жанға.
Барады күні біткен күнде көшіп,
Бір келген жолаушымыз бұл жалғанға.
О, жалған, өтеріңді біліп едім,
Сұңқардай күнде жүзді іліп едім.
Шапса да күндіз-түні талмайтұғын,
Шаң жұқпас шашасына күліп едім.
БҰ ДҮНИЕ МЕНІҢ ҮШІН АҚСАҚ ЕЛІК
Дүние әлі-ақ өтер қимағанмен,
Сыйласқын өз басыңды сыйлағанмен.
Жалғанның ақырында баяны жоқ,
Қазына, қызыл-жасыл жинағанмен.
Бұ дүние менің үшін ақсақ елік,
Барады кейде аяңдап, кейде желіп.
Соңынан қуып жүрген мен бір мерген,
Қаламын кейде адасып, кейде көріп.
ӘЙЕЛДЕРДІҢ HҰP СИПАТЫ
Адамзат не көрмейді ізін басқан,
Аузынан інжу-маржан, гауһар шашқан.
Қолаң шаш, қыран құстай деген әйел,
Дос-дұшпан сөз басынан аулақ қашқан.
Бота көз, оймақ ауыз, қиғаш құсты,
Ақ маңдай, жазық қабақ, сүмбіл шашты.
Сағым бет, тісі меруерт, күміс кірпік,
Шырын сөз, алуа-шекер, алтын басты.
Жарқырап айдын көлден ұшқан құдай,
Қадірлеп жөнелтеді замандасты.
Пәруана, шам айналған көбелектей,
Көркімен жақын қылар дос пен қасты.
Созылып ақ сұңқардай жаутаңдайды,
Шам-шырақ екі көзі лағыл тасты.
Үшінші, бір әйел бар күміс қабақ,
Сұлу сырт, қыпша белді, сұңқар тамақ.
Сайраған нұр базарда тоты бұлбұл,
Аузынан гүл төгілген табақ-табақ.
Құрбыға көңілі сүйген көлденеңдеп,
Бұлтартып жібермейді сезбен қамап.
Хабарын естіген жан құмарланар,
Секілді піскен қауын алма сабақ.
Айдан ару нәрсе жоқ,
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Күннен ару нәрсе жоқ,
Күндіз бар да, түнде жоқ
ҚЫЗЫЛ КӨЛДІҢ БАЗАРЫ-АЙ
Бет қайтпаған қайран күн, аһ ұрып!
Отырдым шығып деніңе,
Айғай салдым артыма,
Жиырма бесті шақырып,
«Неге қалдың артымда»,
Кел дедім жылдам, тартынба,
Жолдасыңа ермейтін,
Жүре бер деп қолыңды,
Ілгері қарай сермейтін,
Қашаннан қалған шартың ба?!
Аз күн алдап жолдас боп,
Қала берген ұялмай,
Ата-мұрат салтың ба?!
Қойдың кінә қай жерден,
Жүріп едім жаныңда,
Жанған оттай жалындап.
Осының жөн бе, жиырма бес,
Шығарып мені салмастан
Қала бердің қалпыңда.
Сондағы жиырма бестің айтқаны:
— «Сендей - сендей талайды
Аттандырғам қолымнан,
Жүре бер, қалмай жолыңнан.
Қалып жүрген әдетім,
Сенен де айдың зорынан!
Қазыналы базардың —
Саудасын қызық тауысып,
Сендейлер өтіп кететін.
Сенімен еріп кеткенде,
Кейінгі жастар жеткенде,
Маған ұят емес пе,
Табылмасам орнымнан.
Дүниеге келген адамның
Бәріне жасар ісім бұл,
Айнымаймын орнымнан»
Дегеннен соң жиырма бес,
Көңілім менің суыған.
Үйрек артық көрінер,
Айдын көлдің қуынан.
БҰЛТҚА ҚОЛДЫ СЕРМЕДІМ
Жиырма бесті қалдырып,
Отыз жасқа келгенмін.
Ырқына көніп көңілдің,
Аттай шауып желгенмін.
Жел көтерген қырандай,
Жүйрігі болдым керменің.
Тастан тауым қайтпастан,
Бұлтқа қолды сермедім.
Айтысатын жерлерде
Сыбағамды бермедім.
Сөзім сұлу болған соң,
Білінді елге зергерім.
Қызыл сағым түлкінің
Ізіне түсіп зерледім.
Ақындық жолға түскен соң,
Мал мен жаннан безгенмін!
СҮЙІНБАЙДЫҢ ТЕЗЕК ТӨРЕГЕ КӨҢІЛ АЙТУЫ
Тезек төренің жақсы көретін баласы қайтыс болыпты. Төре үш күн нәр татпай жатып алыпты. Қылышын суырып, бас жағына шаншып қойыпты.
— Егер келіп сөз қатқан кім де болса, шабамын! — депті.
Ел абыржып, Ұлы жүздің бір адамы жанына барып жауап қата алмапты. Халық Сүйінбайға келіп:
— Ханның қаһарын сенің өткір тілің қайырмаса, қара бұқара не дерімізді білмей тұрмыз, — депті.
Сонда Сүйінбай:
— Бір сөйлеп қалайын. Шапса мені-ақ шапсын! — деп, Тезек төреге таяу келіп айтқаны.
Хан Тезек, батыр Тезек, патша Тезек!
Жан барма өлмейтұғын темір өзек.
Төсектен балаң өліп тұрмай қапсың,
Балаң түгіл, өзіңе де келер кезек.
Сөзіме құлақ салғын, ей, Тезек хан!
Қорқады өлім десе бір шыбын жан.
Балаң өліп, төсектен тұрмай қапсын,
Өлмесе, қайда кетті, атаңыз Абылай хан?!
Абылайдың болыпты отыз ұлы,
Дүние өтіп кетті баршасынан.
Отызының біреуі Уәли хан —
Аузынан шыққан сөзі Дуалы хан.
Балаң өліп төсектен тұрмай қапсың,
Өлмесе, қайда кетті Нұралы хан?
Хан Тезек жатырмысың тұрмаймын деп,
Сүйінің келді ордаңа жырлайын деп.
Балаң өліп, төсектен тұрмай қапсың,
Балаңды алса құдайдың өзі алды,
Жатырмысың құдайдың жылқысын ұрлаймын деп.
Хан Тезек, орыныңнан тұрмаймысың,
Сүйінің келді, мойыныңды бұрмаймысың!
Балаңды алса, құдайдың өзі алды,
Қарсылық құдайыңа қыламысың?!
Бұ құдай балаң түгіл, өзіңді алар,
Әуелі аузыңдағы сөзіңді алар.
Құдай сенен қорқатын қазақ емес,
Сүйретіп өзіңді де көрге салар.
Иманы жолдас болсын балаң өлсе,
Кім тоқтайды адамға ажал келсе.
Ұлы жүзді билеген Тезек едің,
Алып қалсаң болмай ма, шамаң келсе?!
Сонда Тезек төре:
— Ә, Сүйінжан! Келіп қалдың ба? Неге тұрмайын, тұрамын ғой жалғыз-ақ өз орнымды басып қалуға лайықты бала еді, сол себепті күйініп жатырмын. Сенің саңқылдаған дауысың көңілімді сергітті, енді тұрайын! — деп басын көтеріпті.
СҮЙІНБАЙДЫҢ ТӨРЕЛІГІ
Бірде Албан, Дулат тайпалары Асы жайлауына таласып қалады. Албандар Дулатқа «Асыдан жайлау бермейміз» деп қарсы шығады. Көш тоналады. Ел барымталанып қалады. Дулаттың батыры Сыпатай жасақ жияды. Осы кезде Албан елінің төресі Тезек орыстың ұлығына сүйеніп, жиырма шақты әскер алып шығып, Сыпатайды ұстатады. Сөйтіп, екі ел бір-біріне жауласқалы тұрғанда, Сүйінбай қалың топтың ортасына шығып, Тезек төреге былай дейді.
Сүйінбай:
Хан ием, бір сөз айтсам күлемісің,
Сен-дағы өлмей тірі жүремісің.
Дулаттың төрт жерінде төрт тіреу бар,
Қай жерінен шыққанын білемісің?
Біреуі төрт тіреудің Байұзақ батыр,
Қара үңгірдегі — Шойбек,
Бөгенбайда Батырбек, батыр Андас.
Төрт тіреудің бәрінен асып туған,
Ең үлкені осы еді, дәу Сыпатай!
Құдай тоқтатпаған толқынды тоқтатам деп,
Тамырыңмен құрып кетіп жүрмегін-ай!
Сыпатай, қара ләскер, қара пері,
«Менмін» деген қазақтан асқан сері!
Үш жүзді бірдей күткен —
Абылайдың тұқымы едің
«Албан менен Суанды —
Дулаттан жақын көргін» деп,
Қайсы ұлық түсіңде аян берді?
Үш жүзді бірдей көрген хан Абылай,
Атаң Әділ сұраған жұрт едім-ай!
Албан менен Суанды,
Дулаттан жақын көріп,
Тақсыр хан, құрып кетіп жүрмегін-ай!.
Қожманбет, Суандағы сен бір дүлділ,
Қашекеден хан Жайнақ сен бір бұлбұл
«Төрем пысық болды» деп Албан,
Суан — Жайдақ атқа мінгендей жұлқынып жүр.
Сонда Тезек тере сөзге жығылып, Сыпатай батырға қара қызыл ат, шекпен тартып татуласқан екен.
СӘЛДЕ ОРАҒАН ҚОЖАҒА
Сәлде ораған басына, байғұс Қожа,
Қарайсың дегелекше мойның соза.
Алпыс екі мақаммен сөз сөйлеген,
Халықтың ақынымын арым таза!
Қызылбастың топысын киіп алып,
Жүгіресің біреулер болса қаза.
Қызып тұрған тамұқта шоққа түсіп,
Қожам-ау, тұтып жүрме өзің аза!
БАҚСЫҒА
Ей, Елеміс, Елеміс,
Киініпсің әлеміш.
Бақсылықты қойсаңшы,
Сенсіз де болар бір мәніс.
Қолың толған салдырмақ,
Сылдырмақ не тындырмақ.
Сиқырлы адам болғансып,
Айтасың аят былдырлап.
ҚАЖЫЛАРҒА
Ысқақ, Ыспан кешегі —
Мекке барған қажылар.
Кітабына жазмыштың,
Бәрі - дағы жазылар.
Меккеге жүрер кезінде
Он сапар тілеп, бата алдың
Қожа болып келген соң,
Барымталап мал жиып,
Ұры қажы атандың.
Ағарыпты бұл күнде,
Ұрлықпенен сақалың.
БАЙЛЫҚ ДЕГЕН БҰЛ ШІРКІН
Ей, Әлімім, Әлімім,
Әрі ағайын, әрі інім.
Қолыңда малың болмаса,
Кедейліктің бәрі мін.
Сөйлеп бір кетсе Сүйінбай,
Өлең сөздің өрімін.
Жабырқау жүрген нашарға,
Кәусар суы — дәрімін.
Байлық деген, бұл шіркін,
Қолға біткен құспен тең.
Кедейлік деген, бұл шіркін,
Түнде көрген түспен тең.
Ешкі айдаған, сен Әлім,
Болып едің кіммен тең?
Көңілтоз шалбарың бұтыңда,
Желқом ерің артыңда,
Жарып тамақ ішпейді,
Қойныңдағы қатын да.
Сені кісі демейді,
Жақының да, жатың да.
Бұл қылығың тұрғанда,
Менде келмес қасыңа.
Жалғыздықтың салмағы
Әлі-ақ түсер басыңа...
Арада көп жыл өткен соң, бір жұтта Әлімнің малы қырылып, кедей болып қалады:
Көп жыл өтті арада келдің, Әлім,
Түсінесің, ағайын, сөздің мәнін.
Ешкі емес, Сүйінбайға жылқы бітті,
Қымыз ішкін, бар астың татқын дәмін.
Босаға емес, лайық төр де сізге,
Кәмшат көйлек әкелдім жеңгемізге.
Бай болып, шалқып өткен ағайыным,
Кедейлікке о баста көнігеміз де.
Өтерін қу дәулеттің білмеп пе едің,
Танымай ағайынды жүрмеп пе едің?!
Ошаққа тұра - тұра жүгіресің,
Әлеке-ау, ұялсаңшы, бұл не еткенің?!
ЖАҚСЫ БОЛСА АҒАЙЫН
Ел баққанның тұқымы —
Көптің көңілін аулайды.
Дау баққанның тұқымы —
Болмашы істі даулайды.
Туысқанын жат көріп,
Жаудан жаман қармайды.
БАЛА ЖАМБЫЛҒА БАТА
О, Жамбыл, бата дедің — бердім саған
Бақытты, өмірлі боп, жүргін аман.
Батасын ат орнына берді ғой деп,
Қоймағын былай шығып кінә маған.
Соңынан Сүйінбайдың орнын басып,
Тіліңнен балың тамсын сорғалаған.
Жапаға риза болсын айта барғын,
Осымен өкпелемей жүрсін маған.
ЖАМБЫЛДЫҢ ЕСТЕЛІГІ
Бірде Сүйінбайдың үлкен ұлы Малыбай бір бай адамның тойына шақырылады, сол тойда Сәтине деген ақын қызбен айтысады. Қыза-қыза келіп, сөздің соңына таман келгенде:
Баласы Сүйінбайдың Малыбайсың,
Үш тоқалдан басқаны танымайсың.
Алғашқы алған әйелің тәмпіш мұрын,
Өлгенше сен әйелге жарымайсың,— деп, Сәтине қыз Малыбайды келеке етеді.
Осы сөзге қарсы жауап айта алмай, Малыбай орнынан тұрып, ызаланып кетіп қалады. Үйге келген соң, Сәтинемен арадағы айтысты әкесіне айтуға батылы бармай, біраз уақыт жасырып жүреді. Бір күні Малыбай әкесі Сүйінбайдың алты қанат ақ үйіне рұқсат сұрап кіреді де, болған оқиғаны басынан аяғына дейін баяндап береді. Мұны естіген Сүйінбай орнынан қарғып тұрып, керегенің басында ілулі тұрған қырғыз өрім қамшыны ала салып, баласын — Малыбайды тартып - тартып жібереді.
— Е, бәтшағар! Осы сөзді маған не бетіңмен айтып отырсың. Қыздан жеңіліп, ел бетіне не деп қарадың?
Әкең — мен он жасымнан бері ешбір адам баласынан жеңіліп көргенім жоқ. «Атадан жаман ұл туса, төрдегі басын есікке сүйрейді, атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрейді» деген, сені де менің балам дейді ғой, тәйірі!—деп ашуланыпты Сүйінбай баласына.
Аздан соң:
— Ертең Үлкенсазда Байғабат Байсерке қызын ұзатады, үлкен той болады, сол тойға барып, Сәтине қызбен қайтадан айтыс. Айтысқанда екпіндетіп, еңсесін түсіре айт, айтып-айтып аяғында былай де:
Баласы Сүйінбайдың Малыбаймын,
Үш тоқалдан басқаны танымаймын,
Алғашқы алған әйелім тәмпіш мұрын
Сені алмай, мен әйелге жарымаймын,—
десең, ол жеңсе, обалың маған, жеңілсең, өзіме кел,— депті Сүйінбай. Малыбай мақұл деп, ертеңінде жайлаудағы Байсеркенің қыз ұзату тойына барады. Барған бетте Сәтине қызды тауып алып, қайтадан айтысқа шақырады. Айтып-айтып келіп, ақыры Малыбай: «Сені алмай мен әйелге жарымаймын» деп сөзін аяқтайды. Тыңдаушы жұрт ду күліп, қыз ұялып, үйден қашып шығады. Бірде ауылымыздың ақсақалы Күртібай, ауылдың болысы Қисыбай және менің ұстазым Сүйінбай төртеуміз Ұзынағаш бекетінен шықтық. Жүре-жүре Сарыбайдың зиратына келдік, қасымыздағы екі кісі аттарынан түсе-түсе қалып, бата жасай бастады, сонда Сүйекең, аттың үстінде тұрып былай деді:
Апыр-ау, мынау жатқан Сарыбай ма,
Жолдасы Сүйінбайды танымай ма?!
Абақ пенен Тарақты қосып жеп ең,
Басыңда шулап тұрған малың қайда?—
деп әзіл аралас осы сөзді айтты да, Сүйекең артынан бата жасады. Сарыбайдың зиратынан ұзаңқырап шыққаннан соң, төртеуміз Қайназар бұлағының басына келдік, аттардың ауыздығын алып, азырақ аялдадық. Содан соң атты - атымызға мініп, тауға қарай беттедік. Жол қысқарсын деді ме, Сарыбайдың болыс баласы Қисыбай былай деп сөз бастады.
— Екей бәріміз мырзамыз, бәріміз жақсымыз дейді, сондағы осы Екейдің ең жаманы кім болады екен?— деп Күртібайға бұрылып қарағандай болды.
Ат үстінде ойланып келе жатқан Сүйінбай сөзге лезде араласып:
— Қисыбай, Екейдің ең жаманы Қүртібай мен сен боласың ба, әлде Жамбыл мен мен боламын ба? Білмесең мен айтайын:
Екейдің ең жаманы Қарамерген,
Әлмерек таудан құлап арам өлген.
Жиылып тамам Екей таппағанда,
Құңқылдап қарға-құзғын хабар берген,—
дегенде, Қисыбай не айтарын білмей абыржып қалды, себебі Сүйекеңнің өлеңінде аттары аталған кісілердің екеуі де Қисыбайға жақын адамдар еді.
— Мен Сүйінбайдың қасында көп жүрдім. Мұндай жүйрік тілді, терең ойлы ақынды ешқашан көрген емеспін: «Ол өлең айтса көкірегі күмбірлеп, аузынан будақ-будақ сиқырлы сұлу сөздер естілетін: егер айтыса қалса, қызарып, нұрланып, жер мен аспанның арасын қара сөзге толтырып жіберетін еді, жарықтық!..» — депті Жамбыл.
Жорға едім, жол жүрісте самғайтұғын,
Бәйге аты шу дегенге шалмайтұғын.
Жасымнан көп шабылған жүйрік едім,
Сұңқардай көкке өрлесе талмайтұғын.
Сүйінбай сөйлер сөзге тарылмаған,
Жалтылдап жанған оттай жалындаған.
Саңқылдап қалың қазақ арасында,
Еліріп өлең айтса арындаған!
Қарғадан қарға туар қаңқылдаған,
Жаманнан жақсы туар жарқылдаған.
Дегендер мен жақсымын толып жатыр,
Пайдасы өз басынан артылмаған.
ҚАСЫМҒА1
Айқымның ішіндегі, Қалқаманым,
Үйсінді нағашым деп қалқаладың.
Бұл күнде қоралы қой, жылқы айдадың,
Күйіттеп келгеніңде бас аманын.
Жүргенде өлемін деп енді қай күн,
Оғынан аман қалдың Көкенайдың.
Шіреніп, теңдік бермей менменсисің,
Келіп ең шоқтығында қотыр тайдың.
Түн қатып алдың жылқы барымталап,
Перісі ұрылардың қанды балақ.
Нашар мен мүсәпірді зар илетіп,
Түн жортып, тарлан бөрі жүрсің жарап.
Етек-жеңі кең еді Абақ — Тарақ,
Шалқақтама көзіңді аш, жиен шырақ!
Айға шапқан арыстандай мерт боларсың,
Асқақтап алыстасаң елден жырақ!
АЛМАСАЙҒА
Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген,
Жақсы адамнан жаман ұл болмас деген.
Шешеңнен бір кінәрат болмаса игі,
«Аладан құла туса оңбас» деген.
МАҚСҰТҚА
«Немене, шұнақ Мақсұт болдың ба?!» деген ел арасында мәтел бар. Мақсұт — Албан ішіндегі Қызылбөрік. Бала күнінде әкесі Қожамқұлдың Көктөбел деген атын рұқсатсыз біреуге беріп жібереді. Бұған әкесі ашуланып, баласын ұрамын деп ұмтылғанда:
— Ендеше, міне!— деп, Максұт өз құлағын өзі кесіп алады да, жер ошақтың қасында жатқан күшікке лақтырып тастайды. Осындай мұз мінез, қияңқы Максұтты көрейінші деп, бір күні Сүйінбай соның үйіне келеді. Мақсұт үйге келген ақыннан қатты секем алып, басын көтерместен жатып алады. Сонда Сүйінбай былай депті:
Дулат деген бір ел бар,
Үлкен пішкен тондай-ды.
Шапырашты деген бір ел бар,
Ешкімге қоңсы қонбайды.
Сарыүйсін деген бір ел бар,
Қарғысы тиіп Домалақ,
Екі болыстан озбайды.
Қызылбөрік деген бір ел бар,
Өз құлағын өзі кесіп,
Өмірінде оңбайды
СҰРАНШЫҒА НАЗ
Батыр-ау, кедейшілік жаман екен,
Бұл дүние зәлімдердің заманы екен.
Қолдаушың жан-жағыңда көп болмаса,
Үні өшіп кедей жазған қалады екен.
Отырған күжірейіп Итен байың
Бермеді Сүйінбайға тайдың, майын.
Тай тұрсын Сүйінбайға «сен кімсің» деп,
Жауапсыз бос қайтарды айтпай жайын.
Ел үшін өлең сөзді аянбадым,
Жеңген соң кедейшілік баяуладым.
Батыр-ау, салт атым жоқ жол жүруге,
Дел-сал боп, қараша үйде жаяу қалдым.
Түспей қайтіп тұр екен жер мен аспан,
Бос отырып кедейлер өле ме аштан?!
Жылап жүрген нашарға көз салмайды,
Байдан — бейіл, батырдан рақым қашқан.
ҚОСУАҚҚА
Бір үзеңгі беріп ем Қосуақка
Ұмытпасам, былтырғы осы уақта.
Уағдаңды сондағы ұмытпасаң,
Қолыма алып көрейін, жақсы боп па?!
АҒАЙЫНМЕН ТАТУ БОЛ
Сақал қандай, шаш қандай, ұйысқандай,
Не күн туды басыңа жұлысқандай?!
Бір атым насыбайға өкпелескен,
Табыла ма тірлікте туысқандай!
Сүйем қандай, байқасаң, қарыс қандай,
Сен кім едің құдаймен жарысқандай?!
Ертелі-кеш маза жоқ бір басыңда,
Айыбы не еліңнің алысқандай?!
БОЙЫҢ БИІК БОЛҒАНМЕН
Ассалаумағалейкум, дәу Батырбек,
Туғаның хабарлады «Мен келсін» деп.
Бауырыңның иманы жолдас болсын.
Айтпақ едім көңілді өзім де кеп.
Төрт Дулаттан тараған Сыпатайдың
Келді ме деп ойлап ем қайғысын жеп.
Бойың биік болғанмен, ойың қысқа,
Дәу Батырбек дейді екен сені босқа
Жақынын жаттай көріп, айып сұрап,
Қысқалығың көрінді осы тұста.
Сыпатай Дулаттағы ер кісі еді,
Ақылы дариядай көл кісі еді.
Жаныстан өтіп кеткен әзіз Төле,
Сеңкібай, Шойбекпенен тең кісі еді.
Бір жақсың Тақсық еді, о да кетті,
Сүйегі соларменен бір кісі еді.
Батырбегім, топ болса айқайлайсың,
Осылардың қасында нең кісі еді?!
АТЕҚЕГЕ
Бір сөз айтсам кетесің қарғып-орғып,
Нетермін асыл сөзді саған қор ғып.
Сұлу болсаң басыңа, бақ тұрмас деп,
Құдай сені жаратқан қара шор ғып.
Әлде бұл саған айтар арыз шығар,
Сен қырғыз, мен қазаққа қарыз шығар.
Бір адам пішініңе қарай алмас,
Сен де бір тау-тастағы барыс шұбар.
ЗАМАНАНЫҢ ӘДІСІ
Көп жиылған тойларда,
Естілді жұртқа дабысым.
Аттағаннан ары асқан —
Сүйем менен қарысым.
Жат болмаған жатырқап,
Жақын менен алысым.
Батырлық, байлық, билігім,
Болмаса да басымда,
Үш дуанның жақсысы
Болып еді танысым.
Толғаулы сөздің топтағы
Аңғарушы едім мәнісін.
Тасыған көңілім басылды,
Түгел білдім деп жүрсем
Замананың әдісін.
Атасын алдар баласы
Адамдыққа ебі жоқ
Жамандық асқан заман-ай!
Білмегенге бәрібір —
Көзін жұмған надандай.
ОПАСЫЗ ДҮНИЕ
Әуелі баста келіп Керімді алды,
Жас батыр Қырбастайын өрімді алды.
Сұраншы, Саурықпенен қабат еліп,
Опасыз дүние, сенен көңілім қалды!
БАРША ЖҰРТТЫҢ БАҒЫ ҮШІН
Құсбегінің2 қысымы
Елім болды арманды.
Дүние шіркін жалған-ды,
Тоз-тоз етті қалғанды.
Біз де белді буармыз,
Аққан жасты тыярмыз
Барша жұрттың бағы үшін,
Жауға қарсы тұрармыз!
ҚЫРҒЫЗ ҚЫЗЫ
Қырғыз-қазақ бас қосқан бір топта Сүйінбай екі елдің достығын айтып, ұзақ жыр жырлайды. Бұған риза болған қырғыз манаптары Сүйінбайға үй көтеріп, қыз бермекші болады. Мұны басқа қырғыздар намыс көріп:
— Сүйінбайдың өлеңіне қыз берме, есік көрген қатын бер,— деп қарсылық көрсетеді.
Той тарқардың алдында қырғыз манаптары:
— Сүйінбайға беретін қызымыз осы еді,— деп жасы келген, егде әйелді көрсетеді. Сондағы Сүйінбайдың сөзі:
Хан Орманның баласы Үмбетәлі,
Үмбетәлі дейді ғой жанның бәрі.
Бұл қатынды көрсетіп Сүйінбайды,
Қылмағын, батыр Үмбет, әрі-сәрі!
Мұны қайтып қазаққа көрсетемін,
Өзі де болып қалыпты базар-кәрі.
— Сүйеке! Сөзіңізге құлдық, жаздық, жаңылдық,— деп қырғыздар Сүйінбайға бір сұлу қыз, төрт қанат үй көтеріп, еліне қошаметпен шығарып салған екен.
АҚҚУ ҰШЫП КӨЛГЕ KETTІ
Шапырашты елінде бір қадірлі адамның балалары өліп, соған қайғырып жатып алғанда, Сүйінбай ақынның айтқаны:
Аққу ұшып көлге кетті,
Сұңқар ұшып шөлге кетті.
Адасып олар кеткен жоқ,
Бәріміз барар жерге кетті.
Көпшілік ортақ қайғыңа,
Азырақ сабыр қылсаң нетті!
Арғымақтың тұяғы,
Тасты басса кетілер,
Сазды басса жетілер.
Ақылды адам басына іс түскенде бекінер.
Ақылсыз адам басына іс түскенде өкінер.
Уа, еліңнің екі арысы аман болсын!
Жетпісті қума,
Келмеске жылама!
Мұндай қайғы үстінде
Тәңір солай ұйғарса,
Қайғырғанмен тура ма?!
Тыңдамасқа сөйлеген асыл сөзім,
Болмас іске жылаған екі көзім.
САРЫБАЙҒА
Алпыстың алтауында Андас елді,
Сарыбайды Екей шулап жерге көмді.
Қатарлас тең - құрбының бәрі кетіп,
Байқасам, енді нәубет маған келді.
Жаттың ба жақсы жайға, Сарыбайым,
Сен өліп, маған түсті сары уайым.
Сен өліп ең — ат шауып, асың бердік,
Мен өлсем неғылады Малыбайым?!
Тез қозыдай тел өскен, ер Сарыекем,
Жалғыз тастап кеткені-ай, бір құдайым.
СҮЙІНБАЙДЫҢ СЫПАТАЙҒА КӨҢІЛ АЙТУЫ
Ұлы жүздегі Дулат тайпасы, Ботбай руының батыры Сыпатайға XІX ғасырдың орта шенінде ас беріледі. Ел қарияларының айтуынша: батырдың бұл асы Үш жүзге сауын айтқан ұлы дүбір астың бірі болған. Астың бас бәйгесіне жүз атан түйе, жүз құндыз, жүз жамбы (күміс) тігілген. Бәйгеге үш мың ат айдалып, бас бәйгені Шапырашты елінің «Ақтұяқ» аты алған екен. Осы аста әр жүзден, әр рудан келген ақындар бірімен-бірі айтысады. Сүйінбай Сыпатайға арнап көңіл айтады.
Сүйінбай:
Дулатта төрт есім бар, білесің бе?
Төрт есімнің ең алды —дәу Сыпатай!
Дәу Сыпатай дүниеден ғайып болды,
Сексен беске жеткенде,
Дәу Сыпатай дүниеден өткенде,
Ысырапыл, Ноғай, Бұрымқұл,
Қырық жігітті атқа мінгізді,
Қыналы киім кигізді.
Қырғыз бенен қазаққа,
Өлігін жұртқа білгізді.
Төрт құбыланың бәріне,
Қырық жігітті шапқызды.
Қоқаннан бері жинатып,
Асылды жинап, тапқызды.
Екі жігіт жіберді,
Өрдегі жатқан Албанға.
Бір туысқан елім деп,
Албаннан шыққан төре Тезекке.
Шақырудан қалмасын —
Қызылбөрік — Атамқұл,
Бейхабар боп қалмасын.
Абақтың және Жайнағы,
Төрдегі Саурық Тазабек —
Бұл шақырудан қалмасын.
Екі кісі жіберді —
Найманның жатқан еліне,
Естемес, Шаншар бегіне.
Екі кісі жіберді —
Жалайырдың халқына.
Тегіс хабар жіберді:
Қырғыз, қазақ халқына.
Екі кісі жіберді —
Қара үңгірді жерлеген,
Талай таудан өрлеген,
Елдің шетін бермеген,
Сенкібай мен Шойбекке,
Ат кетпеген кермеден.
Екі кісі жіберді —
Шымырдан шыққан Қожмамбетке,
Жаңабай мен Сәбетке.
Екі кісі шаптырды —
Сарыарқада жатқан Арғынға,
Дабысы кеткен әркімге.
Екі кісі жіберді —
Шапырашты еліне.
Екі кісі шаптырды —
Ыстының жеке Шоқай бегіне.
Екі кісі жіберді —
Қаңлы, Шанышқылы еліне.
Дұғай сәлем жіберді —
Молда Пұшық бегіне.
Екі кісі жіберді —
Тілеуберді, Қанайға.
Сыпатайдай батырды,
Беріп еді маңдайға!
Бір кісіні шаптырды —
Саяқтан шыққан Садырға,
Сәлем қағаз жіберді,
Қаработа — Нәдірге!
Екі кісі шаптырды —
Сарбағыс — Ниязбектің бегіне.
Дұғай сәлем жіберді,
Үмбетәлі, Шарғынға.
Қарабекұлы хан Жантай,
Шақырудан қалмасын,
Бары, жоғын жидырды.
Төрт жүз қара жаназаға байлатып,
Бұлбұлдарын сайратып,
Сексен қожа молда жиып,
Үйдің ішін жайнатып,
Көр бәйгісін шаптырып,
Шаһардан асыл қойдырмай,
Бары, жоғын таптырып,
Шынарда асыл қойдырмай,
Қылған қызметін —
Жер жаһаннан асырды!
А, бұл кісіге таң атпас,
Ат қарағанға күн батпас,
Шаһардан атқа міндік те,
Келіп түстік Меркеге.
Ысырапыл, Ноғай, Бұрымқұл,
Бізде келіп жатырмыз.
Жиыныңның көркіне:
Асың болса тартыңыз,
Үйің болса тігіңіз,
Қойың болса сойыңыз,
Шақырып келген мейманбыз:
Қоямыз ба еркіңе!
Сыпатай жұртын биледі,
Ақылы еді дариядай —
Шалқып жатқан көл еді!
Құдайберген, Майыр датқа,
Қоқан, маймыл шапқанда,
Үш күн түнеп жатқанда.
Сыпатай батыр үйіне,
Түнде жаяу келгенде,
Сонда саған, Құдайберген,
Сыпатай батыр не деді?!
Сыпекем жеке дара кісі еді,
Ақылы дариядай көл кісі еді
Жаныстан өтіп кеткен, әзіз Теле,
Сеңкібай, Шойбек, Таңсык, Кожмамбет
Сүйегі соларменен тең кісі еді.
Сыйқымбайым, топ болса шуылдай бер,
Үшеуінің қасында тең кісі еді.
Сиқымбай, өзің атың, Әйтбен —
Сен бір болат кездіксің асыл өткен.
Бойыңда қылтылдаған мінезің бар,
Әйтпесе озар едің барша көптен.
Сыпатай, құдай шын жаратқан кісі еді:
Алды тар, арт жағы кең кісі еді!
Жаныста өтіп кеткен, әзіз Төле,
Шымырдан өтіп кеткен Байұзақпен,
Сүйегі соларменен тең кісі еді.
Ноғай мырза, атаң өліп бұл жұмыс,
Басыңа түсіп қалыпты, қимылдай бер!
Болысың Тілеуберді, анау отыр,
Ақылы жоқ, тыртаңдаған,
Ашушаң, тоңмойын кісі еді.
Әбілез Ұлы жүздің төресі еді,
Шымырдан Байұзақ өткелі жоқ,
Тұңғиық қара судың кемесі еді.
Жаныстан өтіп кеткен, әзіз Төле,
Өңге жан үшеуіңдей емес еді.
Шапыраштыда өтіп кеткен батыр Саурық,
Қырғыз, қазақ намысын жібермеген.
Алтыннан тон, ер-тұрманы шегелі еді,
Екеуі дүниеден өтіп кеткен,
Баласы Ұлы жүздің кенесі еді!
НАҚЫЛДАР
ЖАҚСЫ МЕНЕН ЖАМАННЫҢ АЙЫРМАСЫ
Ер жігіт ел-жұртының панасындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады,
Қыранның қырдан байқар баласындай.
Жақсы парқы жаманмен бірдей емес,
Жақсы жігіт сеңсең тонның жағасындай.
Жақсының сөзін әркім мәпелейді,
Миуалы алма - өріктің ағашындай.
Жаманның көкірегі көр, көзі соқыр,
Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай!
Нышаны кем болса да адамдықтың,
Әркім жүр жақсымын деп таласып-ай!
Жамандар өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың ірткі салар арасына-ай.
Жалған сөзбен бүлдіріп ел арасын,
Жанбай қалған ағаштың шаласындай.
Соқтығып әркімге бір ұрынады,
Сиырдың тентек болған танасындай.
Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ,
Жылқының қотыр болған аласындай.
Жақсы адам елдің ерке серкесіндей,
Халқының қалың жүнді көрпесіндей.
Жақсы болар баланың жүзі жылы,
Орыстың күймей піскен бөлкесіндей.
Жақсының айтқан сөзі тиянақты,
Түйенің аумайтұғын өркешіндей.
Жақсыға үлкен-кіші бәрі жақсы,
Жасынан бірге өскен еркесіндей.
Жақсы кісі көрінер жыл құсындай,
Жаман адам балтаның ұңғысындай.
«Олақтан салақ жаман» деген мақал,
Жамандар түзей алмас тұрмысын-ай.
Жақсы адам жатты да жақын етер,
Беттескен екі таудың тұрғысындай.
Жамандар жәдігөй сөз айтып жүрер,
Өзінің білмегенсіп қылмысын-ай
Ыңыршақты мінгенмен, ер болмайды,
Жағаң үлкен болғанмен, жең болмайды.
Бәрі — адам, бәрі мал дегенменен,
Жақсы мен жаман нарқы тең болмайды
Еліне білінгені —
Жігіттің дабысы,
Бәйгеге ілінгені —
Жүйріктің шабысы.
Гауһар көзде болады,
Сөз асылы сөзде болады,
Жаман жігіт езбе болады.
Жаман атта жүріс болмайды,
Жақсы жігітте сыбыс болмайды
Әйелің жақсы болса,
Далада отырып дабырла.
Әйелің жаман болса,
Үйіңде отырып сыбырла.
Қар үстінде қаз жүрмейді,
Қас дұшпанға наз жүрмейді.
Болатын бала —
От басында талпынады,
Болмайтын бала —
Кесесінен артылады.
Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады. ***
Ер қадірін ел баққан
Ерлер білер деген сөз.
Зер қадірін зер соққан
Зергер білер деген сөз.
Өмірде құны ескірмес
Бағасы құнды асыл сөз.
Тұманды күні — түлкі озар,
Боранды күні — бөрі озар.
Долы менен перінің жолы жақын. ***
Жарға біткен жантақты,
Жаннан кешкен нар жейді.
Қиындықты қиналмай,
Кешкен ерді нар дейді.
Ақылы жоқ ер жігіт
Ағайынды жат қылар.
Ақылы бар ер жігіт
Жатты сыйлап дос қылар.
КӘРІЛІК ТУРАЛЫ
Шіркін кәрілік, келді ғой кезіменен,
Келін жаман қарайды көзіменен.
Қолымен «мінеки» деп ұрмаса да,
Ұрғандай ғып кетеді сөзіменен.
Ақын боп, жиырмамда желдей болдым,
Отызда асқар биік белдей болдым.
Отыз асып, қырық жасқа келгеннен соң,
Қаптаған жердің жүзін селдей болдым.
Қырықтан асып, елуге келгеннен соң,
Түбім терең құрақты көлдей болдым.
Елу асып, алпысқа келгеннен соң,
Салынды суға ілінген сеңдей болдым.
Алпыс асып, жетпіске келгеннен соң,
Тап-тақыр ел жайлаған жердей болдым.
Жетпіс асып, сексенге келгеннен соң,
Жігіттік көрген түс пен өңдей болдым.
Сексен асып, тоқсанға келгеннен соң,
Күнде күйіп қураған көңдей болдым.
Ақын боп, жиырмамда екілендім,
Қырыққа жазбай келді текірегім.
Алпыста аш бөрідей күнім-ақ қой,—
Сонда да қайтпай жүрді көкірегім.
Алпыс асып, жетпіске келгеннен соң,
Тұра алмай орнымнан жер тіредім.
Жетпіс асып, сексенге келгеннен соң,
Көк токты өкпе болған секілдендім.
Сексен асып, тоқсанға келгеннен соң,
Ақ үрпік балапандай секілдендім.
Әуелі кәрілік келіп түсімді алды,
Сонан соң аузымдағы тісімді алды.
Өрге шықсам беліме өрбіп шығып,
Темен түссем тіземнен күшімді алды.
Тысқа айдап, таң атқанша түні бойы,
Қуалап қайта-қайта қысымға алды.
«Есік ашық, үй суып қалыпты» деп,
Таңертең келін шіркін тынышымды алды.
Әуелі кәрілік келіп түрімді алды,
Тісімді аузымдағы бұрын алды.
Ойға-қырға қашсам да бой бермеді,
Қасымда жолдас болып жүріп алды.
Ағайынды кісідей бірге қонып,
Сол шіркін, күннен күнге сырымды алды.
«Сүйінбай, сенің жолың бұл емес» деп,
Жолына кәріліктің бұрып алды.
Бұрынғы шырқап салар дауыс та жоқ,
Қарлығып шіркін дауыс тұрып алды.
Қарыс жерде қарайған екеу болып,
Күлкілдеп көздің алды тұманданды.
«Құдай қосқан жарыңнан бөлек жат» деп,
Қасыма көрпемді ашып кіріп алды.
Сексен жасқа келген соң амалым жоқ,
Мойныма ер ерттемей, мініп алды.
Сексеннен тоқсан жасқа келгенімде,
Қарғаның жемтігіндей бүріп алды.
ӨМІРДІҢ АЛДЫ YMІT, АРТЫ ӨКІНІШ
Алпысқа жазбай келді текірегім,
Жасымда жүйрік аттай екілендім.
Өкпе болған тоқтыдай күркілдейді,
Болмайды бұрынғыдай көкірегім.
Құлқайырдай ағарды сақал-мұртым,
Өтіп кетті қадірлес елі-жұртым.
Алаштың алты ұлына мәлім болған,
Балқытқан хан-қараны қайран тілім!
Жетпістің үшеуіне келгенімде —
Тарғыл тартып кетті ме қайран үнім!
СҮЙІНБАЙДЫҢ НАУҚАСТАНЫП ЖАТҚАНДАҒЫ АЙТҚАНЫ
Құлқайырдай ағарды сақал-мұртым,
Өтіп кетті қатарлас талай жұртым.
Керуендей бір күні жөнелерміз,
Жан келіп кетпеді ме неше дүркін,
Балқытқан хан-қараны, қызыл тілім,
Табылмаған сөйлесем сөзден мінім.
Алаштың алты ұлына мәлім болған
Өзгерді жүрісім мен жігіт күнім.
Отызда орда бұзған дүлдүл едім,
Үйсіннің бақшасында бұлбұл едім.
Халық сүйіп көтерген төбесіне,
Алтайы өз әлімше құндыз едім.
Сексеннің үшеуіне келгеннен соң
Тарғыл тартып, кеттің-ау, қайран үнім!
Бұрынғыдан Сүйінбай бәсеңдеді,
Секілді биыл менің мүшел жылым.
Бір тиын алмай қайттым Қарабайдан,
Мен биыл қауіп қылам осындайдан.
Несібем таусылған ба деп ойлаймын,
Хабары осы сияқты бір құдайдың.
Қазақтың мүшел деген салты емес пе,
Үлесін ел алмай ма Сүйінбайдан!
Сүйінбай, Алатаудай, атым дардай,
Жатқанымда болдым ғой шөккен нардай.
Өлеңімнен екі ауыз сөз қалмастан,
Көктемдегі жер тартты кеткен қардай.
Ақылымды қараңғы қалған басып,
Сау күнімде, құдайым еске салмай.
Ауру билеп, бойымнан әлім кетті,
Бауырсаққа иленген кескен нандай.
Осы өлеңді айтқаннан кейін Сүйінбай көп ұзамай қайтыс болады.
ӨСИЕТ
«Еңлігіме3 сәлем де,
Асылым менің өлді деп,
Қор қылмасын бір басын!
Малыбайға4 сәлем де,
Әділеттік ақ жолда
Кәріптің көңілін бұзбасын!
Жетібайға сәлем де,
Жақсыдан жаман тумасын!»
Деді-дағы Сүйекем —
Сексеннен асқан жасында,
Өтіп кетті дүниеден.
ЖОҚТАУ
Сүйінбай ақын өлгенде Бағыжан мен Қойжанның айтқан жоқтауы
Ақындықпен барыпты
Қызылжар мен Семейге.
Құдай жәрдем бере гөр,
Тіл менен жақ, көмейге.
Алғаш атқа мінгенің,
Алғаш ақын болғаның,
Байбосынның асында,
Дәл жиырма бір жасында,
Сарыбай еді қасыңда.
Қара нарды бас қылып,
Ең аяғы торы тай —
Бір тоғызды алғаның.
Зәредей болды салмағың,
Айдаһардай қармадың.
Жиырма екі жасқа келгенде,
Сүйінбай ақын атандың.
Ақсақалдан бата алдың.
Молдалардан хат алдың.
Жиырма төрт жасыңда
Хан Тезекпен айқасып,
Отты тілді атандың!
Қырғыз, қазақ еліне
Атағың кетті жайылып,
Алдыңнан ақын шықпаған,
Жүрегі сырттан шәйіліп.
Бетіңе келген ақынды,
Келтірмей сөзге тастаушы ең,
Қорғасындай майырып.
Намысын айтып еліңнің,
Әділдікті қорғадың,
Жақсылық атты, арысым!
Қырғыз, қазақ тойында
Қатағанмен қағыстың.
Арыстандай ақырып,
Ел аруағын шақырып,
Қатағанға, жан әкем,
Қаршығадай жабыстың!
Қазақ, қырғыз манабы,
Басын иіп өзіңе,
Разы боп сөзіңе,
Сол бір топта көріндің,
Қырғыз, қазақ көзіне
СҮЙІНБАЙҒА АЙТЫЛҒАН ДАУЫС
Бес жасыңа келгенде,
Балаға жүрдің бас болып,
Бала ілескен артыңнан.
Он бес жасқа келгенде,
Жоқ едің сөзден тартынған.
Жиырма бес жасқа келгенде,
Ұмсынып шықтың халқыңнан.
Отыз бес жасқа келгенде,
Топ ішінде сөйлесең,
Ақын бір қорыққан даңқыңнан!
Алғаш ақын болғаның,
Ақынбектің асында,
Жиырма бес жасында.
Қаңтарбай келді жиынға,
Сүйекем салды қиынға.
Қаңтарбай деген ақынды,
Алдына салып айдады.
Сүйекем оттай жайнады,
Қарт бурадай шайнады.
Елуден өтіп келген соң,
Байбосынның асында,
Әлі төре, Диқанбай,
Ботпайдан шыққан Сыпатай,
Ақшадан шыққан Қазыбек,
Қызылбөріктен шыққан Атамқұл.
Қасқараудан Керім бар,
Ораз деген бегім бар,
Дәуітәлі, Мәңке бар,
Сары үйсінде Сары бар,
Ұлы жүздің бәрі бар.
Жантай деген ақынмен,
Айтыспаққа келгенде,
Андас келіп тоқтатты,
Ертеңгі күні бесінде.
Сұраншы келді қырық кісі—
Ақтұяқ ат астында,
Қанжары бар жанында.
Жантай деген ақынды
Сөзбен жерге қаратып,
Сүйекем оттай жайнады.
Әлі төре, Айғожа
Көкала атты бас қылып,
Сүйекемнің алдына —
Үш тоғыз әкеп байлады.
Жиырма бес жасқа келгенде,
Араладың қырғызды.
Өлең айтып алып ең,
Орманнан барып бір қызды.
Жасың сексенге келгенде,
Өтіп кеттің, бұлбұлым!
Кәпір қысқан заманда-ай.
Артыңда қалған балалар,
Өзіңдей ақыл табарма-ай?!
Қоян деген жұт болды,
Алланың салған әмірі:
Тамырың жоқ, досың жоқ,
Алты Албанды аралап,
Алпыс жылқы айдадық.
Ел жайлауға шыққанда,
Шыңғыртып құлын байладың.
Ниязбек берген бөрте атты,
Қырғыз, қазақ таң қалып,
Бәйгеге қосып, бәйге алдың.
Саф алтыннан ай балтаң
Шұға еді жанқалтаң,
Болаттан еді қылышың,
Шапшаң еді білісің!
Бақ-дәулетің басыңда,
Тасыған судай ырысың.
Ақындығың білінді
Жалайырда Құлшықтай.
Өлең айтып жүргенде,
Алашқа даңқың бір шықты-ай!
Қырғыз, қазақ бас қосса,
Дөңгеленіп сөйлеуші ең,
Алтыннан құйған ұршықтай,
Сүйекем менің өткен соң,
Мен жылаймын егіліп,
Омыртқа-белім сөгіліп,
Қызыл гүлім төгіліп,
Бұлбұлым, менің өткен соң,
Ғаріп көңілім басылып!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру