Дүрбелең
Жанат Ахмадиев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жазушы жоңғар шапқыншылығы тұсындағы қиян-кескі шытырман оқиғаларды көрсету барысында ұлтқа, ұлттық мәселемізге рухани арқау болатын қазы-билердің шешендік сөз саптауын қапысыз түрде орнымен қолданады. Төле, Қазыбек, Айтекелер,солардың қасына ерген өзге де билер қай тұста, қандай жағдайда да сөйл...
БІРІНШІ БӨЛІМ
ЕЛ ИЕСІ
БІРІНШІ ТАРАУ
Бұл романды әкем — Ахмади,
шешем — Базарханның рухына
бағыштаймын.
Автор
1
Шыңжаң жері мен Қазақстан шекарасында оңтүстік батыстан шығыс терістікке қарай тірей созылып жатқан Жоңғар Алатауы мен сонау түстік үйектегі ұлы Тянь - шанның екі арасы — «жер жәннәті» дерліктей аса бір шұрайы мол мекен. Бір-бірінен шалқақ қонған екі алып тау арасындағы осындай көк қойнауды тұтас алып, жер шұғасын қамтып жатқан бұл өңір белгілі Іле өзенінің атымен о бастан «Іле аймағы» атанған. Осындай Іле жерінің өзен - сулы, орман - баулы, қоңыржай, шуақты өлкесін қазақтың қызай елі қоныс етуші еді. Сол елдің мынау Жоңғар жотасына иек арта келіп, шекаралық тауды алқымдап орнаған бір атасы даңқты — шеру руы. Іле уалаятында жасайтын жиырма төрт болыс қызайдың бір болысы «серке шеру» атанған шеру табы осы. Қазір шеру елі жайлаудан бауырға түсіп келіп, үлкен таудың бар бөктерлерінде күншілік жерге шашырай, тарай қонып, жылдағы ұлан ғайыр күзеуліктерінде отырған-ды. Керімбек аулы өзінің бар ағайын - аумағымен Жоңғардың биік жонынан етекке қарай екі-үш қоныс қозғалып, жылжып келіп Мазы өзенінің кең аңғарындағы Үңгірқора, Екіаша дейтін күзек жұрттарына жайғасқан. Орманды тау баурайының күзгі күні тынық кеште маужырап тұр. Тілсіз табиғат, үнсіз тау-тас осы өңірдің әлдебір әңгімесін тосқандай, тым-тырыс боп тұрды. Өлке бойын қуалаған шымдауыт, құйқалы алқаптың күзгі сары - жасыл шалғынына оранып отырған үлкен ауылға күп бата бере екі атты келіп түсті. Кісі түскен қонақ үй бас жақ шеттен оңаша тігілген. Есіктен баяу сәлем бере келіп, терге таман ілбіп жайғасқан алдыңғысы: жалпақ бет келген құпия жүзді біреу. Басында аң терісінен тіктірген шошақ төбелі, сұр тұмағы бар. Томсарған сызды қабағына, сұрғылт түсіне өзгеше сұс беріп, мұртының қияқтары тікірейіп тұр. Осы қалпының өзінен өз дегені болмай келісімге келмес жан екені бір көргеннен ұғылғандай. Ол бүктеулі қамшысын қолтығына қысып жүгініп отырды. Екіншісі бір жұпыны кісі: қабағы қатыңқы, тұтас бет, қысық көз қартаң адам кебісін тастаған бойда, епсізденіп жолдасының төменгі жағынан орын ала берген. Осындай аз тыныштықтан соң, келгендерге қымыз жеткізілді. Қоңырқай ағаш тегенені дастарқан шетіне қойған бие сауғыш шал — Қалимолда қабақ бақты ма, тері шалбарын қаудырлатып ілінбей шығып жөнелді... Үй иесі Керімбек мына екеуінің жүріс аужайларын шамалады да, жауаптарын аз үндемей тоса отырып:
— Кәне, бері таман жылжи отырыңдар,— деп ізет байқатып, қонақтарды қымызға жақындатты. Өр жақтағы қуаң жолаушы ыдысын қолына алмай әлі де үнсіз отыр еді. Керімбек енді бұлардан қысқа сөзбен жөн сұраған:
— Иә... не көріп, не біліп кеп отырсыңдар?! — Ол мына екеуінен қалайда бір көңілсіз жайды білгелі қарады. Енді-енді ақ шалайын деген мөлдір қара, күтімді сақалы әсем судырап төгілген, келісті кесек тұлғалы, көз қарасынан салқын ашу ізіндей айбындылықпен қоса түкпірлі ойлылық танылатын, күмбірлеген зор дауысты Керімбектің үнінен оқшау бір тыныстылық білінетін. Ол жаңағы сөзіне жалғастырып, қымыз құйып отырған өзінің оқыған баласы Мақсұтқа тұйық ишәратпен шолақ бұйырып:
— Сырт жақты байқа! — деп ақырын ғана тапсырған. Аңғарлы жүзбен құпиялағандай ғып сездірген - ді.
Жасы егде тартса да жолдасынан төмен жайғасқан қария шөліркеп сімірген сусыннан басын осы кезде көтерді. Ақбөрте сақалын да енді қапсыра сипап, жұтқына түсті. Ол үшін жанындағы серігі сөйледі:
— Айтқанда нені айтушы ек! Бұл сығыр әлінен әбден асты ғой,— деп отырып, бағанадан тырс етпей тынған суық адам өз ішіндегі зіл - ызасымен түнеріп алды: — Шешіп көрсетші, жота терісінен таспа алып қоя беріпті!
Қария беліндегі құр белдіктің тоғасын амалсыздықпен ағыта бастады. Айтқандай-ақ, ту сырттан соғылған дүре жон - арқасын аяусыз зақымдаған! Қамыс палақтың (дүре қалақшасы) басқан таңбадай, түскен ізі қанталай көгеріп, талаураған. Сол белгі өзге емес, тап мынау момын, мүсәпір адамның тәнінен көрінгенде, осыны істеуші кім болса да, соның нағыз тағылық сипатын танытқандай... Қос дізерлей отырып арқасын түріп көрсеткен қария өзі кембағал, кәріп адам болатын. Шекпенін қайта кие алмай, әрі өзінің қатты ауырсынғанын білдірмей, өте баяу қозғалып отырғанында кіржіңдеген мүләйім түрі төзім ұясындай. Осы бойымен келіп сыр білдірмей отырған мосқал кісінің қара жердей төзімді адам екені танылады. Оның шомбал жүзіне Керімбек анық сұқтанып қарады. «Кедейдің терісі қалың» дейтін сөзді еске алды.
— Е - е, батыр - еке, «жағың сынса да, сағың сынбасын» деген. «Жорық жолының өкініші жоқ» дейді.— Керімбектің бұл айтқан жұбатуын ақбөрте шал алғашында дұрыс көрген сыңаймен отырды да, соңынан өз жайын өзі мысқыл еткендей боп:
— Солайы солай ғой, жалғыз-ақ әлгі, «жын да бейімдіні қағады» демекші... Онан да «өлмей қалып, суыққа берік атандым» дегеннің кері демейсіңдер ме! — деп, сөзінің бір шетін бұны осы сапарға жұмсаған Керімбекке де тигізді...
Тегінде, бұл отырған екеудің арғы бабалары қалмақ жұртынан еді. .Жоңғар қалмағының тұқымынан болатын. Дәл сол қалмақ бабасынан бері үш ата өтіп келген болса да, мынау отырған бөрте шалдың тұтас келген бет бітімі, қысықша көздері, ана сұр тұмақтының да көз қиықтары, шолақ мұрыны екеуін де қалмақ беттендіріп, бұлардың әлі де ежелгі қанынан арыла алмай келе жатқандықтарын аңдатады. Мұнан біраз заман ертеректе Жоңғар қалмағының Жұлдыздағы (Тянь - шань тауының бөктеріндегі қалмақ мекені) торғауыт руы қазақтың жылқысын шаба беріпті. Соның аяғы екі жақтың бір-бірінен мал алысуына соғыпты да, өштік қозып, ақыры қалмақтар қызай еліне үлкен жорықпен тиеді. Кейін ел ауызында «Қыз қалған» соғысы аталған сол өшпенді қақтығыста торғауыттар жағынан ұрысқа аттанған қалмақтың ағайынды екі баласы қазаққа қолға түседі. Өздерінің қаршадайлықтарына қарамай, бірін - бірі жаудан ажыратып аламын деп, екеуі бірдей тұтқынға түскен дейді, пақырлар. Шерудің үлесіне тиген сол екеуін Керімбектің арғы атасы Айтпай деген кісі бала ғып асырап, кейін ержеткенде екеуіне де қазақтан қыз әпереді екен... Бірақ қызайдың Мәулісана деген ержүрек қызы еркекше киініп, осы ұрысқа барған сапарда қалмақ қауымына қолды боп қалады. Соңынан қызай елі қалмақ жұртына елші салып, тұтқын қызды сұратқанда, олар қарама-қарсы бірнеше талап қойды. Айтқанының ішінде шеру руының қолындағы екі бала Құрымсы, Жырғал да қайтарылуы шарт екен. Қалмақтың Серенжап деген дойыр батырының перзенттері боп шығады бұл екеуі. Шеру руы бір болыс қана ел болғанмен, өзге қызайға басы сыймай, сол тұста айтыс-тартыста жүреді. Қалмақ балаларын қайтаруды айтқанда, шеру руы екі баланың «Ләйлаһа иләлла» деп дінге кіріп қойғанын білдіріп:
— Енді дайын мұсылманды қайтадан кәпір қыла алмаймыз... Обалы мен кінәсін көтеруге шыдаған адам кеудесіне құран мен нан ұрсын да, екі дүниеде қара қасқамын деп өзі келіп әкетсін! — деген қыр - сібер жауапты айтады. Шарты орындалмаған қалмақ, қазақтың бір талай тұтқынын өгіздің терісіне тігіп, күнге қақтап өлтіреді де, өзі сұлу Мәулісананы ана ашулы батырға үш қатынның үстіне тоқалдыққа табыс етеді. Бірақ елі үшін басын бәй тіккен асау Мәулісана ешбір сағатта өз еркімен ата жауының мазағы болғысы келмей жүріп, санадай сарғайып, бала көтерместен жастай қырқылады. Ақырында шеру руы тайпасымен ауыл көшіп, осы шекара тауға орнығады. Әне, сондағы екі қалмақ баланың кішісі — Жырғалдан тараған әулеттен мына шал. Атын туғанда мұрнының үлкендігіне қарап «Мұрыншақ» қоя салғаны білінеді. Ал қасындағы шөберелес туысының есімі Қарымсақ — Құрымсының ұрпағы. Айтар сөзге «қалмақ аулы» деп қоңаштағанмен, екеуінің содан бергі қандары қазаққа ауысады. Бұлар қазір «Өмірші ауылы» дейтін өздерінше бір ауыл болғанмен, кедейлеу атаның бірі. Ел ішінде кейде Қарымсақтың дес бермес бір беттігін көре алмай, әзіл ете қалушылар болса да, оның ежелгі атадағы жауынгерлігін сөз етіп: «атасы жаудан қайтпаған, ер қалмақтың бөлтірігі емес пе» деп қыжыртатыны бар. Айтса айтқандай, Қарымсақ мейлі есе қуған сөйлер сөзде болсын, ат үсті төбелестерде болсын, анық сын кезеңдерде саса білмейтін.
Осындай екі туыс бас қосып аттанып кеп, үйіне түсіп отырған Керімбек — бұрын шеру руының мампаңы (болыс) болған адам. Рас, бұл уақытта болыстықтан түсірілгеніне біраз заман өтсе де, бүгінге шейін үкімет пен ел жұмысы жайлы сөйлесе, алатын шеру руының ең басты, жетекші кісісі. Мұрыншақ өкімет салатын алым-салық, «бәжіні» ауырлап, соның жөнімен жүрген-ді. Дүре соққызып кеп отырғаны да соның сарсаңы... Дүре зардабынан өткен түні төсекке жата алмай, басын әйеліне сүйетіп, таңды шөкелеп отырумен атырған. Содан бағана күн еңкейе ат ерттетіп, Қарымсақ екеуі жылжыған аяңмен осында жеткен. Әдейі кештете, оңашалық тілей келген бұл екеуіне Керімбек асықпай сусын бастыра отырып:
— Бұ дүрені бұйырып соқтырушы кім? Қайсысы?! — деп, осыны ерекше білгісі келгендей, тіксіне көз салып сұрады.
— Е, Мамозы тұрғанда кім болушы еді! — Мұрыншақ әлде кімнің атын өзінің момын көңілімен жәбірлене еске алды: — «Арыз әкелетін сен ит кім едің!» — деп сақалымнан сілкілеп, сол соқты дүрені!
Қарымсақ осы тұста өзінің кек қайнаған ішкі наразылығын Керімбекке ірікпей білдіріп:
— Әй, Кеке - ай! Жарықтығым - ай! Әлдеқашан жоқ қылатын бір кещені сүзбе-буаз ғып созбақтатып қойғаныңыз-ай! Сол күні өлсем арманым жоқ болар ем, айызымды бір қандырмай, ит азғыны — өлекшіндей қор еттіңіз - ау! — деп бармағын шайнағандай болып отыр.
Жас жігіт Мақсұт Қарымсаққа бозарып қарап қалыпты. Ашу-ыза уыты жеңген қапалы жанның дәл мына қалпына қарап, оның іштегі қайрат отын жазбай танып, «анық іске асар қуат көзі осы адамда жатыр-ау! Айтқан кісісін құртып кел десе, құдай біледі, мынау бүгін түнде-ақ жайратып келуден тайынбас» деп ойлады. Құлжа қаласында «Білім жұрты» деп аталатын мұғалімдер және қоғамдық қызметкерлер даярлап шығаратын он бір жылдық оқу орнын бітіріп келген: шаш қайырған, тік, сұңғақ бойы тәрбие көрген, ақ қызғылт жүзді Мақсұт «ел ағасы» атанған Керімбектің қазіргі тағдыры жайын өзінің әкеге деген қимастық қамқорлығымен қорқып ойлайтын. Бүгінгі бұл отырған құпия сыры бар адамдардың барлығын осындай ауыр қабақ - кіріптарлығына душар ететін себеп — қазіргі шақтың өз толқын ағымы еді. Іле уалаятына қарайтын: 24 болыс қызай, 3 болыс қырғыз, бірнеше үкірдай1 маңғұл, 6 болыс албан,4 болыс суан, бір болыс шеру бар. Былайғы мойны қашық — Бұраталаның қара керейі бес зәңгі ел. Жиыны 40 болыстай осы сақара елінен өзге барлық қалалардың негізгі халқын ұстайтын мол ұйғыр, сансыз қыстақ, ауылдарды мекендейтін және сол ұйғырлар мен дүңгендер, манчжур тұқымдас: дағыр, сібе - соландарды (си - бо) алғанда, соның барлығы Құлжадағы бір гүбернелік өкіметке қарайды. Ел ішінде жылдап жылға, тіпті айдан - айға қалың жұртты үркіткен өзгеріс бар. Бұрынғы бүкіл Шыңжаң үкіметі полициясының атышулы, қатыгездікпен даңқы шыққан бастығы, генерал майор Лю – бин - и гүбернелік штаб – сылың буға губернатор болып, аймақтық орталық қала Құлжаға келгелі заң тәртібі бұрынғыдан да қатал. Шыңжаң жері ғана емес, даңқы әлемге мәлім Гоминдаң үкіметі басқарып отырған, бүкіл қытай мемлекетіне аттары әйгілі, дүбірлі ағайынды екі генерал-майорлар: Лю – бин - и мен Лю -бин - ди дейтінінің бір сыңары осы. Сондай дабыралы екі асқақ төренің бірі — Лю – бин -иді бет - беделі мен айбары жағынан Шыңжаң жеріндегі барлық гүбернелік басшыларының ең мақтаулысы және ең қаһарлысы десетін. Бұл даңқты ол Ілеге губернатор болып келмей тұрып-ақ, Шыңжаңның ішкі істер кілтін сумақай қолымен сығымдап ұстап отырған жылдарында алып болған. Айыпты деген адамын алты белдің астынан қалтырататын, айдаһардың түгіндей зәрімен еңсерген дүмпу, атағы бар. Енді әне, сол гүберненің Қорғас пен Сүйдін екі дуаны өзінше бір үйез болып Күреде солқылдап тұр. Қазіргі мынау отырған Мұрыншақтың арыз апарам деп дүре жеп кеп отырғаны — сол Күре ұлығының маңы... Күре үйезі өз дуанына, әсіресе сахарада жасайтын тау халықтарының негізгісі қазаққа және қалмақ пен қырғызға мол етіп алым-салық салады. Бәжі төлемі — Шың – ши – цәй -дің2 заң, жарлығындағы жарна.
2
Мұрыншақ арызы қарадүрсін емес-ті. Салық соңғы жылдарда бұрынғыдан тағы өзгере түскен. «Қан бәжі» (мал басына қарай) «жүн бәжі», «сүт бәжі», «жер бәжі» (салған астыққа қарай) деген бәжілер сол алым - салық аттары. «Қан бәжінің» ортақ өлшем төлемін қой басына шағады. Сиыр мен жылқының басы төрт қойдан, түйе он қойдан есептелетін болғанда, он қойы бар кедейге жылға екі қой салынады. Бір бұзаулы сиыр, бір ат, он қойы бар Мұрыншаққа биыл төрт қой салынып отыр. Жалғыз бұзауына шейін қармаққа шаншылып, тұяққа шағылған. Сақара елінің киіп - ішуі, бар күнкөріс атаулысы, тек, осы қолындағы азды-көпті тұяқтың ғана есебінен ғой. Бұл шақта шаруа баққан қазақта жылдан-жылға мал басы құтаймай қайта сансырап тұрды. Әсіресе қалың бұқара, кедей - көпшілік жағы күйзелулі. Сондай тауқыметпен ыңыршағы шығып жүрген бір емес, бірнеше де емес, ел ішінде Мұрыншақтай сансыз кедей шаруа бар. Гоминдаңның Шыңжаңдағы үкіметі жергілікті халықтың жер-суын, қолдағы қарайған малын тек өз пайдасы, нәпақасы үшін мұрындыққа тізіп, жалмауыздың кенеусіз көмекейіндей, қызыл өңешін жұтқыншағымен көрсетіп, ел атаулыны салық салумен күңірентіп жатты. Өзгені айтпай, рулы елден екшегенде, Күредегі ұлығыңнан басқа шеруді алым-салық зардабымен теспей соратын Мамозы дейтін бар. Тегінде, бұл біреу ғана емес, басқа елдердің де үстінен қойған осындай сансыз алпауыттар болғанымен шерудің өзіне Мамозының Мамозысы осы сияқты болып көрінетін. Қытаймен діні басқа болса да, тілі бір дүңген Мамозыны үкімет «Қазақ жағдайын жақсы біледі. Салт-санасын, тілін, әсіресе оның мінезін жетік ұғынады» деп екі жақтылы қолайлап, таңдап тапқан. Іле уәлаятындағы және Шыңжаң дүңгенінің барлығы да Жоңғар өлкесіндегі ұйғыр, қазақпен бірге жергілікті жұрт болып саналады. Қазақтың тілін шетінен қанық білетін халық. Оның сыртында Мамозы тіл білуші еді деген бергі сөз, тіл - көмейіңді суырады дейтін нағыз ысқаяқтың өзі. Күре оның сонысын құптайтын. Сол Мамозы үшін үкіметтің салығын салғанда, тым болмағанда қарыстап, сүйемдеп болсын мейлі, ілгері аттап түсетін орай керек. Ондай шара күн көру үшін жазғытұрым қыстау маңынан азырақ жер айдап, тырмыштағылары келетін кедейлер жағына, әсіресе, оңтайлы соғады. Ұйғыр диқандары мен қазақ, қырғыздың жалданба егіншілеріне бағанағы «жер бәжі» деген салықтың өзі-ақ көз ашқызбайды. «Жер бәжінің» қанша жерге қандай мөлшерде салынатынын қай қазақ білуші еді? Дүңген кедейлерінің, маңғұл - қалмақтардың, сібе - солаң, дағұрлардың, өзбек, татарлардың, тіпті, қытай ұлтының өз жалданба диқандарының да көретіні сол. Гоминдаң өкіметі Шыңжаң жерінің ақ нанын — оның тіл үйірер дәмі мен сілекейлерін шұбыртар иісін тамыршыдай танып бауыр баса, баурап болған. Алым-салық атаулының бірін емес, бәрін де әр маусымның салығы сайын иіскелеп, тіміскілегендей болып, саңылау іздеп өткізетін Мамозыдан жер бәжі жөнін Керімбек бір-екі дүркім анықтап сұраған да болатын. Бірақ сонысы үшін Мамозы Керімбекті үкіметке көрсетіп, басын тергеуге түсірген. Тергеу болғанда ол жай тергеу ме еді? Ерте күннен жете «аластауға» тиісті, үкімет үшін «сезікті» адамдар аңдылады. Шың – ши - цәй айдай әлемге әйгілі «қара тізім» дейтінді шығарды. Тегі, Шыңжаңдағы Гоминдаң билеп-төстеушілерінің қай-қай заманда болмасын, алғашында мысықтай болып, аяғын жымып басып келетін, жансебіл әдетімен осыдан он жыл бұрын — 1933 жылы Шың – ши - цәй бұл өлкеге жылмиып бір «жақсы заман» орната келген. Шыңжаң әскери гарнизонның қолбасшылығынан үкімет басына бірден аттаған «ақжолтай» таққа отырғанда, мұндағы баладай сенгіш аз санды, момын халық қазақ аңызындағы «Мамырайхан» заманы қайта бір орнағандай дәме еткен. Таққа мінудің мәртебесіне қандай етене болса, сол тақ шылауының ой бойлап жатпас зымияндығына да сондай көреген, сәуегей Шың – ши - цәй өзінің әйгілі «Алты ұлы жарлығында»: 1. Шора өкіметімен (Советпен) дос болу. 2. Халықтың ғылыми санасын, мәдениетін жоғарылату, мектеп ашу. 3. Ұлттар теңдігін сақтау. 4. Империализмге қарсы тұру: парақорлықты, ұрлықты, жауыздықты жою. 5. Шыңжанды жаңаландыру. 6. Бейбітшілікті қорғау. Міне, осындай белгілі алты ұран - шартнамаларымен «жер ұйық» орната келді. Сөзімен ғана келген жоқ, өзімен бірге бұл өлкенің тарихында болмаған қытайы асыл кездемелерді: неше алуан шәйі, торғын кезмал, зер - жібектер түрін және неше түрлі қалампыр иісті қытай шәйін, табылмас таңсық ішіп-жем бұйымдарын әрі арзан бағада дүйім елге қызықтата жеткізіп, «қоңыржай бейісті» жер бетіне ала келген. Шыңжаңның көнбіс, момын, шаруагер ел-жұртын еркін бір арбап дәміктіріп алған... Бұрынғы бір жылдарда іштен кисе, түйіртпектері етті қышытқан мата, боз табылса, қуанған қатындар енді қатардан қалғылары келмей, құдайларын ұмытып «шыт көйлек кимейміз» деп басын шұлғыды... Сөйтіп, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бір заман «Шың – ду - бән жасасын!»3 дегізген. Бірақ оның бәрі көлкілдетіп көз алған сағым болды... Май жаққандай жылмиып, сөйтіп тұрып өзінің мезгілді шағына жеткенде түсін бірден өзгертіп, жымысқы жүзін суытып алды. Бағанағының барлығы да қойынға «сен жақсымен» келіп кірген, бет жүздік екенін айтпай білдірді. Алғашында «оқытам» деп баланың да басынан сипап көлгірсіген Шың – ши - цәй 1938 жылға жеткенде «әу бісімілдә» деп Өлкелік үкіметтің екінші басшысы өзінің орынбасары Қожанияз - қажымды бір түнде тұтқынға алды. Халықты аң-таң етіп сонымен бір қойды. Және біраз уақыт өткізіп, ұмыттырып барып сақара халқын тағы бір шошытып, өлкелік «Қырғыз-қазақ ұйышмасының»4 секретарь - басшысы Дәулеткелдіні ұстады. Содан соң бірден қамауға алып, адам ұстаудың арнасы кеңіп, елулеп, жүздеп түнде орнынан басып қалу алдымен қазақтар мекендеген Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында етек ала бастады. Онан кейін бүкіл Шыңжаң жеріндегі аз санды ұлттар мекендейтін уәлаяттардың барлығына да біртіндеп жетіп, ұсақ ұлттардың бәрі сол халге ұшырады. Ел ішінде бас көтерер деген адамдар болса, соның негізгісі Қожанияз -қажым мен Дәулеткелдінің «құйыршығы» деп ұсталып жатты. Тіпті, ол екеуімен өмірінде шендес болып көрмеген Іледегі аты мәлім Таңжарық ақын да солардың «құйыршығы» атаныпты. «Қара тізім» оны да сол үшін тіркеп әкетті. Алғашында «жауыздықтан қорқа келген» мамыржай Шың – ши - цәй таққа отырғанына төрт жылға толғанда, 1937 жылы Шыңжаңның орталық қаласы — Үрімжіде жанталасып әйгілі абақты орны, үлкен түрмесін салдырып жатты... Тарихқа белгілі «азап түрмесі» деп аталған түрме. Қожанияз - қажым — Шыңжаң үкіметінің әділетсіздік езгісіне қарсы 1931 жылы Құмылда халықты қозғап, аса мағыналы көтеріліс жасаған адам. «Апрель ыңқылабы»5 деп аталған көтеріліс. Кезінде қозғалысты басу үшін аяр үкімет амалсыздан аз ұлттармен түрлі «шартқа да келіскен». Өзі кедей диқаннан шыңдалып шыққан қабілетті, саналы адам Қожаниязды бірден - ақ Шыңжаң өкіметінің орынбасар басшысы етіп тағайындап, үкімет басына, «мәртебелі» қызметке әкеп отырғызған. Және енді сол үкімет тарапынан өткен бұрынғы «өкінішті кемшіліктерді бірлесе отырып түземек» болған. Қожаниязға «бұл өлкедегі аз санды ұлттардың әдет-ғұрып, салт - тұрмысын толық жете білмейтін Шыңжаң өкіметіне үйретіп отыруға ақылшы болып, жаңағыдай көтеріліс қозғаған халықты бұдан былай наразылықсыз, жақсы басқаруға көмек бер...» деді. Түбі көрінбес қарасудай жылым гоминдаңшылар: «Біздікі қате болыпты! Соның қайталанбауына жәрдем ет» деп, Қожаниязды қызметке солай шақырған-ды. Апрель ыңқылабының дүмпуінен қатты сескеніп қалған Шың-ши-цәй Қожаниязға алғашқы кезде шындап-ақ жалтақтаумен болған... Арада біраз жыл абыр - дыбыр, дүрмек басылғанша ұйғыр көтерілісшісін көз айырмай алдарында ұстап отырғанда, Шыңжаң үкіметі жүрегінің басына ащы жалқаяқ запырандай шөккен ескі кегін әсте ұмыта алмаған. Ордалы жылан өз орталарында көз айырмай, қызғанышпен күзетіп, бағып келіп, бір күнде бір-ақ опық жегізген сол Қожанияз қажымен Дәулеткелдіні былтыр 1942 жылы аяусыз азаппен кескілеп өлтіргендері паш болған. (Дәулеткелді Іле қазағының ел шетінен алғаш ұзап шыққан, оза оқыған зиялы азаматы бола - тұғын). Екі тізгін, бір шылбырды қолға бергенсіп, арқадан қаға мәз етіп отырып, кілемнің астынан су жіберетін ішмерез аярлық талай қимас боздақтың басын мұжыды.
Шыңжаң қазағынан шыққан Таңжарық ақын бір өлеңінде:
«...Басында көз жетпеген, білдірмеген,
Нең қалды қайран елім бүлдірмеген?!
Сиқырлы қармағы бар суға салып,
Көрінбей бауын тартса ілгір келген» —
деген.
Мұрыншақтың бүгінгі мына дүре соққызып кеп отырғаны — олар үшін бейне ойындай-ақ нәрсе.
Күре ұлығына апарған Мұрыншақ арызының мазмұны: «Ләң бәжі»6 дегеннің өлшемі қалай болады? Күні бүгінге дейін соны бізге Мамозының тек төлеткенін ғана білеміз, үкіметіміздің әділ заңынан сұранатынымыз, біздің барлық тұрмысымызбен Мамозы мырза жете санасып, осы астық бәжісі жөнінде қанағаттандырса екен!». Бұл арыз Мұрыншақтың өзіндей отыз үй кедей - көпшіліктің атынан жазылған. Мұның ішінде Мамозының қарамағынан бөлініп келіп, шеру руының шетіне қосылған жиырма үй жалданбалы диқаншы дүңгендер де болатын. Тегінде, Іле аймағы қазақтарының мал шаруашылығынан кейінгі кәсібі - егіншілік. Сондықтан үкімет ел ішіне Мамозыдай бәжігер қойып, «алым-салық» деп халықтың қолынан да, жолынан да қақшып жейді. Мұрыншақ жаңа тоқтап қалған сөзінің аяғын жалғап:
— Басқа ешқайсысына янаттап ұрысса да мойын бұрмай, балдырлап тосқандарын да тыңдамай, тұра палкондіктің өзіне жетіп-ақ едім... Тілмаш болса сөйлесем бе деп ем, кесел тапқыр, арызды қолына алды да, бар болғаны атымды жазып алып, өзімді құлаштай сызғышпен түртпектеп айдап шықты. Бар білгені қолымен сыртты сермейді, тәңір ұрғырың! Содан қайта шақырар деп, тілмаштан дәмелі боп ұзақты күнге сыртта тосып отырайын. Түс ауған уақытта шақыртып жатыр деген соң, «иә, сәт» деп ентелеңкіреп кіріп бара жатсам, шақыртушы ол емес, басқа бір бөлмеде зәрін шашып отырған Мамозы екен. Екі ауыз сөзге келген жоқ. Қасындағы сарала қынапты жендеттерге бірдеңе деп балдырлап қалып еді, екеуі талаған иттей екі жағымнан керіп, ет - бетімнен түсірді де, киімімді басыма қарай түре берді. Мамозы көкжелкемнен тұра табанымен тапжылтпай басып тұрды. Сонымен ит тепкіге алды кеп! Есімнен шала танып қалдым. Ыңыранған бойымда сүйретіп далаға шығарып тастады екеу - үшеуі. Содан күн бата ес жиып, атыма міндім! — деп өз жайын баяндап тоқтады. Қос тізерлеп еңкейіңкіреп алған қалпында бір сәт екі қолымен тобылғы сапты қамшысына таянып қапты. Қоңыр бөстекі тымағын көзіне түсіре киіп, көнген жүзбен салмағын қамшыға түсіре бүгіліп отыр.
Бұл сөзге үлкендер не жауап айтарды білмегендей, дағдарып қалғанда, Мақсұт қолындағы шығыршық сапты, қос басты шөмішті ағаш тегенедегі қымыз ішіне қарай сырғытып қойып, үнсіз доғарылған әкесінің жүзіне қарап, өз ойын таратып:
— Меніңше, сіздер қазір бұлай бой көрсетіп, тырнақтай да олжа таба алмассыздар. Олардың не істемегін мына бір мысалға қарай ойлап көріңіздерші. Кеше ғана, отыз жетінші жылы салынған Үрімжідегі атақты түрмеге бар-жоғы бес-алты жыл ішінде 80 мың адам қамауға алынған. Ал соның осы биылға дейін тең жарымы — 40 мыңдайы азаппен өлтіріліп отырғанын өз ішімізден ғана біліп жүрміз, Оның ішінде қытай адамы жоқтың қасы, тек аз санды ұлттар өкілдері. Әрі бас көтерерлері. Тек үш мыңдай ғана қытай жалшы - кедейлерін әр үйездерге жасырын бұйрық шығарып, ыңғай байларға қарсы шығатындардан тергізіп алып, аз ұлт тұтқындарына көз ғып қамап отыр. Олай болса ұғылмайтын не сыры бар! — деген.
Бұл сұмдықты Керімбек өз баласынан алғаш естіп отыр еді. Әкесіне қазір бұл шын таңырқарлық керек сырды ашқан сөзден Қарымсақ пен Мұрыншақ та ел апаттай төнген анық жаманатты сезіп үрке таңырқасып қалды. Қарымсақ есесі Мақсұтқа кетіп отырған кісідей, осыған ажырайып қарап:
— Е – е - е, сен әлі бозда ойнап жүрген үкілі шуда ботақансың десеңші! Көретінің алдыңда демейсің бе! — деп түршігіп кетті. Ол осы кезде ойына тың бірдеңе түскендей боп, ішкі қойын қалтасынан бір бүктеулі қағаз алып үнсіз ғана Керімбекке ұстатты. Нұсқасына қарағанда бұл қағаз осы жерге Қарымсақтың өте ұқыптап, сақтай жеткізген нәрсесі сияқты. Керімбек тез ашып, хатты тас шамының жарығына тосты.
3
Қарымсақ бұл қағазды Құлжадан әкелген. Аймақтың «маңғұл ұйышмасының» секретарь-хұйжаңы Фужеден келген-ді. Осыдан бес күн бұрын кеткен Қарымсақтың нендей хабар әкелмегін соңғы күндері асыға тосып жүрген Керімбек хат аяқтаңқырағанда, шырайы бір нәрсеге шешілгендей өзгеріп келеді. Қағазға бұрынғыдан да үңіле түсіп, хат сөзіне құлақ түргендей, бар ынтасымен ден қоя түйіліп, қайта-қайта анықтап оқып отырып қалды. Керімбекті әсіресе үміттендіргендей болып та, және бір жағынан қатты күйіндіріп отырған нәрсе тегін емес-ті. Хаттың ерекше мазмұнына қарағанда қазіргі Шыңжаң үкіметін билеп отырған Шың – ши - цәй бұл өлкеде мұнан артық тұруға мүмкіндігі қалмаған сияқты!
Керімбек қолындағы қағазды Мақсұтқа байыппен ұсынып жатып:
— Бәлекет, өз ісінің басынан асып бара жатқанын білген - ақ! Сезген - ақ! — деп еді, Қарымсақ жай отырып:
— Ұрлығы басынан асқан ит иесінің қабағын таныған соң, ауылдан мүлде безіп, зеңіп кетпеуші ме еді, тап сол-ау өзі,— деп қойды. Мұрыншақ сәл аң-таң болып отырғанымен, өзіне тиісті сөз емес екенін білген соң, «бұларың не» деп сұраған жоқ. Ол дұшпан болмағанмен. Шың – ши - цәй - дай патшаның тақтан таюы үлкен жаңалық қой. Аңдаусызда қатын-баланың құлағына шалынып кетсе, пәленің үлкені сол.
Мұрыншақ пен Қарымсақ — ағайынды кісідей қысы - жазы көшсе - қонса жұбын жазбай бірге кешіп, бірге отыратын адамдар. Өз ауылдарына бірі Күреден, бірі Құлжадан екеуі де кеше келген. Сонан бері қалтасында хат барын Қарымсақ осы ағайынына да ауыз ашып айтқан емес. Бұның сол мінезін Керімбек жақсы ұғынушы еді. Сыр сақтауға темір сандықтай деп бағалайтын. Бұл отырған екеуі жаңағы айтылған қалмақ жігіті Фужеге арғы түбі туыс болып шыққан. Отыздар шамасындағы, жасынан пысық Фуже өзімен арғы аталары бір болған Қарымсақ, Мұрыншақты көп сұрастырып тапқан. Осыдан үш жыл бұрын Құлжадан Керімбекпен бірге сол үшін арнайы келіп, ежелгі қандастарымен құшақ жайып танысып қайтқан. Мұрыншақ, Қарымсақ қайдағы бір қалмақпен туыс болып шыққанын алғашында намыс көргендей, тосырқап, тартынғандай болғанмен, ойға жүйрік, шалымды Фуже Керімбектің көзінше аналарды тырп еткізбей екеуінің алды-артын орап сөйлеп, бұдан былай ең болмаса таныстық қатынас қып жүру үшін өз қолқасын өткізген-ді. Хатта мұнан басқа Таңжарық жайы айтылыпты. Елге ұрланып жеткен зар хаты тас қамаудағы жарыққа мұқтаж адамның жан азабы жайынан екен. Шыбын жанға бейнет, азап тартқызған зақымдау, қинау жайы. Бірен-саран ғана арнаулы адамның қолына тиюге тиісті сол жасырын хатты Фуже өзінен басқа жан - пендеге көрсетпей жүріп, тек Керімбекке жіберіпті. ...Керімбек Таңжарықты бір ғана жиында болмаса, онымен таныстығы да жоқ адам еді. Фуже болса, ол да біреумен біреудің туыстық, білістік немесе көңіл жақындық жайынан сөз қозғағалы отырған жоқ. Тек адам баласының тартып жатқан түпсіз қорлығын, қасіретін жеткізбек. Рас, Таңжарық — бір жұрттың аяулы ақын азаматы да. Бұрын алыстан атын естіп жүрген ақынын Керімбектің бірінші көруі қызықты болған. Осыдан бес жыл бұрын жаз ортасында бүтін Іле аймағына қарасты ел басы деген адамдар бір айдай үкімет ісімен Құлжаға жиналып, қаланың Қазаншы жақ шетінде бастарына үй тіктіріп, бие байлатып сауықтап жатады. Бір күні Керімбек қалың қызайдың өңшең шонжар, болыс - билерімен бас қосып отырыпты. Жиында әргі қызайдан Қанатбек ақалақшы,7 бергі Торғайдан Тергеусіз, Жолымбеттен Мазақ мампаң, Станбек дегендер, Қабанбайдың пысық атанған ақалақшысы — Нұрсапа, Оразайдан Жақыпбек мампаң, мына Қорғас шекарасындағы суаннан Әміре, Дәуіт, албаннан жас жігіт Әубәкір мампаң және Тәліп ақалақшы сияқты ыңғай ығай мен сығай, нәндерден бас құраған жиырма шақты кісі болады. Сол жиынның ішінде үлкен дөңгелек жүзді, қасы мен томпақша келген қыран көзінің екі арасы кең жатқан, дана пішінді жігіт ағасы дерлік бір тосып қонақ отырыпты. Бағлан қозының етін жеп, қымына бөрткен шалқыған жиын әңгіменің дүкенін құрып,сөз қыздырып, әр нәрседен ермек, тәлкек ізделіп отырады. Шіренген марқасқа топ ондайда мырзалық та салғастырудан құр болмайды. Сондай қызу дүрмекті, көңілді кездің үстінде әлгі кездейсоқ қонақтың қамшысы жоғалады. Ол бір-екі дүркін айналасына сұрау салып:
- Ay, жақсылар, ойнап қамшы алғандарыңыз бар ма! Алғаныңыз тастаңыз, батамды берейін,— десе, ешкім елең қыла қоймайды. Жігіт сөз қайталап: — Тыңдаңыздар, болмаса өлеңге қосамын,— деп, енді еркін әзіл араластыра сөйлейді. Мұндағы отырғандар неғұрлым бір бүлік сөздің шығу жағын, сондай бірдеменің тууын көздеп:
— Айт, айт! Өлеңіңді айт! Обалы болса өзіне! — деп кеу-кеулеп, тұс-тұстан дем бере, әуектете қостайды. Сорақы болғанда соған орай ешкімнің қамшыны да шығара қойғысы келмейді. Осыған көзі әбден жеткен жігіт осы отырыстың күткеніндей еркін, өткір, әзілқой, алғыр жүзі дәл қазір бұл отырған ешкімді де елеп - менсінбеген, уытты, отты шабытпен. өлеңін көтеріңкі нық сөзбен сабақтап:
«Оу, жақсылар, қайсысыңыз қамшымды алған? —
Байға да олжа болды ма таспа жазған?..
Ит жейтұғын қайысты олжа көрген,
Бек боп жүріп кім еді жалшы маған?!» —
деп келгенде, жұрт қоғадай жапырыла, аса бір мол қызулы күлкі аралас дырдумен ду-ду етіп:
— Еһе, еһе! — десіп, құлақтарын тоса түріп, қызығына қана алмай тыңдасады. Ақынның әр сөзіне жабыса, мүлт жібермей тыңдаған топ өлең сиқырымен жігіт өнеріне жалғыз кісідей табынып қалған. Бұл секундтарда өлеңнің аяғын тыңдаудан басқа сөзім, басқа ой атауымен ұмытылған. Жұрт бір-біріне күдікті жүзбен қарасып қалған. Арқалы ақын түсі бұрынғыдан да ойнақы әжуаға толып, өлеңін соза түсіп:
«Қолың сынсын қамшыммен қамшыланған.
Зертең тисін аузыңнан қан шығарған.
Мұрныңнан сары ірімтік ірің ағып —
Жас кетпесін көзіңнен тамшыланған!» —
дегенде, отырған жиын даурығы алты қанат үйдің ішін кернеп кеткендей болады. Кейбіреулер алақан қағып, қол шапалақтап та жіберген. Үйді басына көтеріп қаумалаған осы шудың үстінде төр жақтан біреу:
— Уа, тілің кесілсін, тілің кесілгір зар көмей, мәші! — деп, қойнындағы сарала қамшыны топтың алдына салаң еткізіп тастай береді. Оқиғаның қызығынан жұрт әп-сәтте болып өткен бұл көріністің не екенін біліп үлгермей де қалғандай, қамшы тастаған адамға жабырласа қарасқан. Таңжарық бай болмағанмен ұстағаны «бір бестілік» дейтіндей қамшы екен, кісі қызыққандай. Жұрт әлгіндей жабырлай көз тастағанда, Қанатбек ақалақшы өзінің қызарып ұялғанын күлкісімен жапқансыды. Өрт шалған тоғайдай бір жақ мұрты өспей қалған шонжар бай әр жерде осы сияқты сөзге ілініп жүретін.
Кейін «Таңжарық ұсталды» дегенді естігенде ақынның ділмарлығын өз көзімен көрген Керімбек көп кейіп, қатты ашынып күйініп еді. Оның енді қайта өз тобына қосылар -қосылмасын ойлап, мына бір кесір заманның кер қырсығына сенбей түңіліп, кешегі көрген боздақты қимай аяп, қынжылған. «Қайту білмес, қасқыр мінез жазғанды өз елінің білімсіз, бисымақтары анық итшілік ерегіспен ұстатып жіберді - ау» дегенді де көңілмен шолған-ды. Таңжарыққа тағылатын айып: «Қазақтың үкіметке қарсылығын айтпайсың. Іле, Алтай, Тарбағатай, Баркөл сияқты қазақ аймақтарының барлығының құрған ұйым, «ташкилаты» бар, Іле қазағының Алтайдағы Оспанмен байланысы бар, соны мойындап қол қоймайсың» дейді. Сондай белгілі адамдардан бірнешеулерін екшеп қол қойдырып алса, соның панасымен ел - елден әлі де талайлар бұйдаға тіркеліп, тізіле түспек. Шыңжаңдағы өзге де аз ұлт адамындай қазақты көзге шұқып, басқа ұра түсуіне қияметтен жол қарап, саңылау іздеседі. Бұл хатпен Таңжарықтың мынандай сәлемі көшіріліп жетіпті:
«Қып-қызыл көздерінің отын шашып,
Бірінен сұрақшының біреуі асып,
Сыбанып білектерін жақындайды
Тұрмаса шыныңды айт деп қаның тасып,
Жетелеп екі-үш шерік ортаға алып,
Жекелеп сұрайды алғаш қолқа салып,
Желкеңде жендеттері отыр деген
Жеріне отырасың қорқа барып.
«Жүрдің ғой артық сөйлеп кейде» дейді,
Мынаған Сөз әлпетін бейнелейді
«Қазақтың үкіметке қарсылығын
Жасырмай «ташкилантты» сөйле дейді
Алдымен шыныңды айтып жалынасың
Терлейсің қара суға малынасың.
«Бұл сылтау, бізді бекер алдадың» деп
Бәлеге қарап тұрып қалынасың.
Білем деп білмегенді тағы айта алмай,
Таяқтың астына кеп алынасың.
Алдымен тік тұрғызып қойғызады.
Шақырып екі жендет сойғызады.
Аяқ – қол кісендеулі қозғала алмай,
Бір жола шыбын жаннан тойғызады.
Осымен бір тастайды екі сөтке,
Қапаста күңіренесің жалғыз шетте.
Нәр беріп ұйықтатпайды, қалғып кетсең
Соғады тас ұлтанмен екі бетке.
Ұйқысыз екі көзің іріңдейді,
Ет жүрек ебі кетіп дірілдейді.
Сұраққа тағы әкеліп, апандағы
Аюдай енді саған гүрілдейді.
Қаптаған темірменен кереует бар,
Жіңішке, ортасы ой, жан-жағы тар.
Жатқызып соған таңып сабағанда,
Еңіреп даусың шығып жылайсың зар.
Үш жерден орындық бар тесіп қойған.
Өткізіп ілгек кендір есіп қойған.
Төрт елі қалыңдығы қамыс палақ,
Тұжырып екі басын кесіп қойған.
Кендірді іліп алып білегіңнен,
Тақтайдың ұшын тіреп жүрегіңнен,
Соққанда алақанға жығыласың,
Адасып ақыл - қайрат, тілегіңнен.
Тағы да бір тақтай бар қалың шапқан,
Бетіне қан мен сырлап, бояу жаққан.
Жалаңаш құйрық қойып отыр дейді,
Қаратып ұшын өрге шеге қаққан.
Көмірге отырғызып ұсақ шағып,
Қан деген май құйрықтан судай ағып.
Үрпіңе ши жүгіртіп боздатқанда,
Шыбының шығып кетпей тұрсын нағып.
Адамның жаны кетіп денесінен,
Құйрықты алсаң кемір шегесінен.
Тәңірге даусың жетіп күйзелесің —
Тырнақтың ине сұқса кебесінен.
Келер деп қашан елім қайғы басып,
Тесіліп әр жеріңнен етің сасып.
Кендірмен бақайыңнан байлап алып,
Басыңды салақтатып қояды асып.
Көтертпей денең ауыр жатқан ұйып,
Езіп ап лазыны8 қылып сұйық.
Кеудеңнен табанымен басып тұрып,
Мұрныңнан жібереді суын құйып.
Сол кезде ыңыранасың, ышқынасың,
Шықты деп енді жаным қыстығасың.
Көз, мұрныңның бәрінен бірдей ағып,
Түшкіріп, жөтелесің, пысқырасың.
Қорлықпен сөйтіп өткен қайран өмір,
Жабысып сасық етке тас пен көмір.
Сыртына екі кезің ойнап шығар —
Салғанда басқа әкеліп қырсау темір»
Мақсұт өлеңді қолына алып, біраз қайысып:
— Мынау нағыз жан төзгісіз азап қой,— деп отырып: — Адам баласын дәл мұндай қорлау, қинау жазасы жер бетінде ешбір елде, ешқандай үкіметте жоқ болар. Адамды адам табанға салу осыдан артық қандай болады? — деді. Көзінде кек қайнатқан бір от бар еді.
Керімбек:
— Бұл қағаз біреу-міреудің қолына түссе, бәріміздің басымызды жалмайды! Фуженің де көзін жояды. Япыр - ау, алда-жалда бір себептен үкімет адамының қолына өзің түсіп қалсаң, бұны қайтпек ойың болған! —деп Қарымсаққа таңдана қарап отыр.
Таңжарық жайынан үзіліп кете алмай, оған басқа да бір күйлерді қосып ойланып қалған Мақсұт Қарымсақтың:
— Қайран есіл сабазға азапты көрсеткен - ақ екен-ау! — дегеніне орай:
— Бұл бір адамға ғана соны жасап отыр ма еді?.. Жаңағының бәрі тағы сондай сан мың адамның көлдей көз жасы ғой. Ертең мен барсам да, иә басқа біреу барса да көрсететіні сол,— деп, арғы саяси бағдарды түптеп ашып бергендей болды. Бұндай ой-толғаныстан Керімбек те тыс қала алмай:
— Басқа, өзгеңді қайдан білейін, қалпақ киген қазақ ұрандап атқа мінер, бір мінер - ау! — деген. Аузынан «ұран» сөзі шыққанға қарағанда, ішінде шексіз бір уыт қайнайтыны байқалғандай. Тұншықтырып қайнаған амалсыздық, зарығу уыты. Соның ауыр, ащы дерт тынысы сияқты еді.
Ашық есіктен шам сәулесі әлсіз түскен айсыз далаға ауыр оймен енді қайтып үн қатпай отырып қалды. Толқындалып төгілген, мол, сұлу мөлдір қара сақалды жүзіне келбет берген ерекше кең шекелі, биік маңдайы көтере киген тақиясы астынан шам сәулесінің қызғылт жарығында тұтасымен көрінген ажарлы адам іштей ант байлағандай. Қарымсақ көзін сығырайта отырып, басын изей түсіп: — Жеткен екен, өзі де жеткен екен... Халық анамның қасиеті мен рухы бір жаққа ұшып кетпесе, дәл-дәл бір толғақ болар жеріне ілініп-ақ келген екен. Ата-бабамның аруағы бақсы боп кеткен жоқ шығар! — деп өз ойын қорытқан сыңай танытты. Бүгінгі бар әңгіме сырын осымен түйіп тоқтатқанға ұқсайды. Қияқты қара мұрты астынан зәрдей бір суық ызамен тіс басып айтқан серттей сөзінде ішкі тоңы жібімес адамның аумас, саппас белгісі жатты. Мақсұт өз әкесіне өзге емес, тап осы Қарымсақтай адамның әлеуметтік пікірде тағдырлас боп қосылғанын ішінен үлкен бір медеу, қанағат көретін. Құлжадағы «Білім жұрты» оқу ордасында әзірше не бары жеті адамнан құралған жасырын ұйым бар. «Тау түлегі» аталатын аса құпия ұйымның басымен жауапкер басшылары: Байбазар, Сауыт Адбырахманұғлы деген ұйғыр жасы және Мақсұт.
ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Күз таңы жаңа атқан. Шеру жұрты отырған Мазы аңғарының ауызындағы дүңген ауылы Мұштайзыдан Мамозы таң ата дүрліктіріп аттандырған қырық-елу атты қолдарына тегіс бір-бір сойыл ала, қарбалас даурығысып, жоғары қарай суыт жортысып кетті. Ұзын көшенің орта шеніндегі биік көк қақпаның алдынан таңғы тыныштықты бұза дабырласып, өрекпіп аттанған бұл топты. Мамозының өзі бастап, кең аңғарды өрлеген даңғыл жолмен үйден шыға - ақ, шоқытып шаба жөнеліскен. Мұнан басқа арт жақта кешеуілдеп шыққандар тағы екі-үш бөлек топ болып, алдыңғы шоғырдың ізімен желіге шапқыласып, жолдағы орыс аулы Қарауылдың еңкейісінен үздік - создық құйылып түсіп жатты. Бұлар сол арындаған бойда ат басын он-он бес шақырымдай жердегі Әмен дейтін шерудің қорасына тіреп бір-ақ тоқтаған. Сол келген бетте-ақ, жол жақ шеттегі қора төбесінде шөптің арасынан селтие шығып, желмен қыбырлап тұрған бір шоқ қылды көріп еді... Алдағы топ соны байқай бере дабырласып, барлығы жапырылып, апыл - ғұпыл асығыс аттан түсті. Үш - төртеуі жабырлай қимылдап, кішкене сатымен шөп қораның төбесіне шығып, әлгі көрінген қылдың тегін еместігіне көз жеткізді. Алдымен келгені шашақтанып көрінген топ қылды тартып қалғанда, шөп арасынан салаң етіп жылқы терісі шықты... Дүңгендер қатты дабырлай анталап, жерге лақтырылып тасталған теріге жабырласқан. Бұл жоқшылар Мамозы ұрлатқан қаракер бие терісін жазбай таныды. Арғымақ биенің түңліктей үлкен терісі көздеріне оттай басылған-ды. Мұнан соң бұлар енді анық еркінсіп, екеу - үшеуі ұмтылысып кеп шошаланың төбесінен қарасты да, тынбай шуласып, бірінің артынан бірі секіріп, екеу - үшеуі ішке түсті. Ашабақандарға саусытып ілген, әлі сорғып та үлгермеген семіз жылқының туырылған сарала жас қазылары мен шұжықтарды көрді. Бір бұрыштан, жүн - жұрқалар салынған ала қаптар арасынан сопаң еткізіп кекілі шығып жатқан басты да суырып алды. Қаны қатқан арғымақ биенің көздей басы көзі шарадай боп ашылған бойда тілін бір жағына тістеп қалыпты. Біреуі оны жаман боқтық араластыра көтеріп алып қол ұсынып төбеден сыртқа қарай серпіп лақтырып, дүрс еткізе тастады. Ауыр бас жердің шаңын бұрқ дегізіп, былш ете түскен. Бір-екі қазы мен шұжықты да бірі артынан бірін сылқ - сылқ еткізіп, сырттағылардың алдына сермеп тастады. Есік алды бір тұсынан осындай есі шыққан әбігермен асыр сала шуласып жатқанда, енді бірнешеулер есіктен қарбалас таласып, лап қойып ішке кіріп кеткен. Сол бойда ақ дамбалшаң, жалаңаяқ қалпында намаз оқып, жайнамаз үстінде тұрған Әменге қарай тап берген. Осы бетте бұлар бір-екі жаман боқтықтан басқа ешбір тіл де қатпастан, қаптап ұмтылған бойы үй иесін шалқасынан жұла құлатып, өз тілдерімен шолақ - шолақ бұйыра:
— Жіп әкел!
— Байла, хайуанды! — десіп, жалғыз қазақты кергілей үймелесіп қалғанда, Әменнің үй-іші мынандай сұмдық жат көріністен үрейлері ұша, шуласып кеткен. Таң азаннан тап болған бәледен қатын-бала естері қалмай үрейленіп, шошына шулаған. Өзіне қандай бәленің көз бола жабысқанын Әмен де біле алмай, әп-сәтте артына қайырылып байлана бастаған екі қолын аяусыз жұлқып тартқан кендір жіп бунай бастағанда, шошынған дауысы жарқаштана, боздай шығып:
— Ойбай-ай! Не жазығым бар еді, ағатайлар? Айналайын тақсырлар - ау, мұсылман едіңдер ғой, айтсаңдаршы деп шалқасынан жығылған бойда зар қаға жалынып, дем арада нағыз мүсәпірге айналған.
Дүңгендер бұған әлі де бір ауыз тіл қатпастан үнсіз ызамен қаптасып жүріп киімін де өздері жұлқылап киіндіріп жатты. Тұс-тұстан білгендерінше кергілеп сары тері шалбарының қайыс бауына дейін өздері тартқылап байлап, етігін де әкеп қоңылтаяқ кигізіп, қолбілгі тұтқындары етті. Аққұба жүзінде екі қасының арасы алшақ біткен, қоңыр сақал - мұрты бар әдеміше Әмен әппақ қудай болған. Бергі жақта қалтиған кішкене денелі, шықшытына дейін айналдыра сақал қойған, қауға сақал, қырыс көзді, сұрқыл Мамозы шаңылдаған бітім бермес, жанжалқой үнімен тынбай бұйрық беріп, қолындағы бүктеулі қамшыны білеп, кәр төгіп тұр. Бұндағы осы қимылмен қатар Мамозы әмірі бойынша сыртта, қора алдында Әменнің жуан торы аты да ерттеліп қалған. Мамозы аттың дайын екенін сұрап білді де:
— Жүр! Алып жүр, малғұнды! — деп өзі есікке қарай ентеледі. Босаға жақтағылар жапа-тармағай Мамозыға жол бере, қарбаласып сыртқа жапырылды. Осылайша ұсталған тосын тұтқынды қатын-баласын шулатқан күйі жан - жағынан сүйрелеп, есіктің алдына ап шығысып еді. Түтіп жердей. Мамозы бағанағы шұжықтың біреуін өз қолымен әкеп боқтап тұрып атқа мінгізер жерде Әменнің мойнына кигіздірді. Сол құбыжық түрінде өзін атқа да теріс мінгіздірді. Сөйтіп кеп, торы атты бірі жетектеп, бірі айдап, көп дүңген Әменді қамалап алып жүріп кетті.
Мамозының бүгінгі бет алысы Әменді Күреге апарып қамату болғанымен, қазір тұра олай тартқан жоқ. Бүгін бар шерудің бір араға бас қосып жиналмақ жері бар-ды. Мазы аңғарынан батысқа қарай екі-үш бел асып түскенде жететін Ақсу өзені бойында бір үлкен ас, нәзір болып жатқан. Қонағасы өткен түні берілген сол асқа қазақ - дүңген бір - бірін бөлмейтін ежелгі салтпен Мамозылар да шақырылып отырған. Ас берген ауыл Керімбектің жақын ағайыны, былтыр өлген Шайық мампаң деген шерудің бір белгілі кісісі еді. Мамозы Әменді тұра солай қарай алып жүрді. Бұлардың тобы соңғы белдің кезеңіне шыққанда, өзен бойында қара - қиқым болып шұбарытқан, ас берген ауылдың мол қара -құрасы да көрінді. Ақ көбік атып, алыстан сарылы естіліп жатқан үлкен өзен иініндегі сары жазықта жерошақтардың түтіні өлке бойын қуалай, көкшіл мұнарға алдырып, ертеңгі тынық ауада тарап кетпен, жеңіл тұман боп жайыла шөгіп қалыпты. Әсіресе, үйірім -үйірім тоғайлардың маңын ықтап шүйкеленіп қалған. Жамырай қонған отыз шақты үйлі ауылдың осы ас үшін бастарын әдейі тоғыстырып отырғаны білінеді. Ұзақ-ұзақ салқар көрмелерде тұрған ерттеулі ат әзірше аз. Қарбалас басталмай тұрып ерттеліп қойылған санаулы аттар алыс жерден қонаға келген сыйлы меймандар көлігі болса керек. Бәрі де жүген, құйысқан, өмілдірік, пыстан сияқты ер-тұрманы күмістелген мінгілер. Ауыл маңында қым-қиғаш, сапырылысқан жүрістер. Әсіресе, кимешектерінің шалғайы шұбалып, үй-үйдің арасында, қазан-ошақ басында жебей басып жүгірген қызметші, күтуші, асшы әйелдер. Мамозының бүгінгі дәл мынау әрекеті іргелі елміз деп отырған исі қазақ намысы үшін абырой әпермейтін. Әсіресе, тап мынандай жұмылған зор ниеттің қамы үстінде жақсы ырымның нышаны емес! Рулы елдің төрт көзін түгел бақырайтып, Мамозы солардың бір адамын барынша қорлап, осылайша масқаралай жазалап, топ орталарына таман жеткізе берді. Ал Әмен бұл жерде Мамозыға салғастырғанда кімнің бөтені болмақшы? Шеруге бұрыннан да талай долық ызасы өтіп келе жатқан ымырасыз Мамозы бар да, мына Әмендей ұя бұзбас момын ағайын бар. Және соның сыртында Әмен шерудің бетке ұстар адамы — Керімбекпен аталас ағайын. Ал осы бір тайпы ел шерудің болысы Абдолла ақалақшы Әменге әрі жақын қайнаға, әрі құда, сүйек қимас жекжат. Әменнің әкесі Жауынбай ажыдан бері қарай ерсілі-қарсылы құдаласып келе жатқан ескі сары сүйек жекжаттар. Бүгінде Әменнің өз басы кедей болғанмен, Абдолла сол ескі аруақтан аттамай Әмен інісі Әкімбек дейтін жігітке енді өз қызын да атастырып отырған-ды. Сондай жақын, әрі күйеу, әрі құда Әменнің басына мына күн туғанда, Абдолла да қарап қала алмас еді. Және Әменді анық қорғап қалар, ақтаушы сөздер ілезде бірден-бірге тарап:
— Нақақтан күйдіруші бар!..
— Әмен ұрлық жасаса, қара жер орнында тұрғаны бекер,— десіп, ас берген ауылдың үсті бір демде дүрлігіп кеткен.
Мол жиын әп-сәтте бірден бірге қобырасып, Әмен жайынан басқаның бәрін ұмытқандай болды. Ac беріп жатқан ауылдың өр жақ шетінде, сонадай келіп, иіріліп тоқтаған Мамозының бұл хабарын солар жіберген үш дүңгеннен қазақ жиыны естіген соң, алдымен бұларға бір топ үлкендер келді. Аттарын жай басқызып жақындаған он шақты кісінің ішінде Керімбек пен Абдолла бар. Мамозымен тосырқау сәлемдесіп, Абдолла мен Керімбек келген бойда қатарынан тіл қатты.
— Ой, жол болсын Мамозы мырза! Бұ не жүріс?
— Ей, Мамозы! Ердің құны да бітуші еді ғой! Сол емес шығар сенің бұл ісің. Айдың -күннің аманында аспан - жерді әлекке алдырып жүру сенің ата салтың ба?! Неғылды бұл? Айтшы кәне?! Айт тез! — деп Керімбек астындағы атына леп беріп өз тобының алдына таман шыға берген-ді. Мамозы жауабын Абдоллаға сала айтты. Жаңағы естіген сөзіне осқырынғандай танауынан мырс бере, кекесін білдіріп:
— Е, жол болса, жоралғы мол болсын! Не жүріс екенін керіп тұрған жоқпысың?! — деп іле тіл қатып, сөйлей жөнелді. Сөзінің бір жерінде: «шеру, түнде ұрлық жасап, күндіз тәуба қыласың»,— деді. «Намаз оқып жатып ұрлайтын малды ойлап отырасың»,— деді. Бүкіл ел атын былғай сөйледі. Әмен қолы артына байланып, атқа теріс мінген қалпында әлі ешкіммен бір ауыз тілге келе алмаған. Өзі жазықсыз бола тұрса да, жерге кіргендей боп анау қарғыс шұжықпен бірге шексіз қорлық қамытын мойынға кигендей. Әлі сорғып болмаған жас шұжықтың сыбағысқан тұзды сарысуы тамып өңірін сауыстандырған. Омырауында сәскеде пайда болған шыбындар ұшып-қонады.
Екі топтың бір-бірімен қарама-қарсы беттесе тоқтап қалған жерлері ұйысқан сары шалғынды, кең жазық тепсең еді. Ауыл шетіне келіп әудем жердегі осы текшеге шоғырлана тоқтаған, қолдарына қамшы, сойыл ұстаған топтың басшысы Мамозы қазір қарсы топқа ақилана тіл қатты. Қос бүктеулі қамшылы қолымен бүйірін таяна, кейде Әмен жаққа серпе нұсқап, анық бір өр, асау қиянатпен шапшаң жауаптасып тұр. Үзеңгісін шіреніп кішкене, шарға бойымен ерден көтеріліңкіреп алған. Ол жаңағыдай рулы елді былғай, тіл безей сөйлеп бола бергенде, Абдолла қатаң жауап қатты. Ірі біткен ақ сары жүзі келбетті, тарғылданған зор дауысты, нар тұлғалы, жардай семіз Абдолла:
— Уа, Мамозы ағайын, сөзді қой да, босат бұл адамды! Ұрың табылады, шеш, босат,— деп еді. Өзіне сенімді қырыс қабақты Мамозы көзі қанталағандай болып, танаурап, анық бәлелі бетін әлі де таныта түсті.
— Босат деймісің! Мойнындағы мына шұжық шіріп түскенде босайды! Күреге, міне, тап осы бойында алып бармасам, менің Мамозы атым құрысын! — деп, бүктеулі қамшымен Әменнің мойнындағы шұжықты «салқ» еткізіп салып қалды.
Керімбек Мамозының тоқтамасқа бекіп келген бетін аңдап, оған енді тілек білдіргендей: — Ей, Мамозы! Азырақ сабыр ет! Қазақтың елдік салтын білуші ең. Бүгін ел болып, өлі аруақтың атын атап отырған күніміз... «Өлінің үрейі; тірінің мерейі» деген бар. Соның бәрін аттап өтпей, ұғын да жолыңды қи бізге! Өкпең болса өтеледі, ашуыңды ел-ағайынның мерейіне бер. Мынау ниетімізді таптап кетпей, асынан ас ауыз ти! — Керімбек айтқан бұл жөн, қазақ жөні, Мамозыға бес саусақтай түсінікті. Шеру руымен Мұштайзы дүңгендері, айтса айтқандай, ежелдің ең күнінен қатар жасап келе жатқан көршілес ел. Мұндай бір ас, бір жиын емес, екі жақ та талай – ақ думанды той, дырдулы қызықтардың ортақ, еншілес куәсі болып келе жатқан елдер еді. Бірақ, Мамозы біраз жылдан бері өкіметке мықтап арқа сүйеп алғандықтан, қазаққа бұрынғы, ерте күндегісіндей емес... Бұның әкесі Мадаңзы шерудің шетіне алғаш жер-су сұрап келгенде, осы Мамозы қолынан жетектеп келген қалақтай қара бала екен. Соңынан ерткен, жатырқауық жас баласы бар кедей Мадаңзы Керімбектің әкесі Әнкежан деген кісіге өзінің жетім-жесірлігін шағып келіпті. Сонда қазіргі Мұштайзы қыстағы тұрған «Ұлан ірге» деген өңірден жер тырнап күн көруіне мекен-жай берген сол Әнкежан бопты. «Ұлан ірге» ежелде қалмақ қойған нәмі өзгеріп «Мұштайзы» атанады... Содан келе - келе жүз үйдей дүңген орныққан Мұштайзының бүгінгі аты әйгілі Мамозысы Керімбекпен бала жасынан қатар өскен. Енді қазір болса Мамозының «кемеліне келген, кер торы атқа мінген» кезі. Қиракезік уақыт жарлығы бүгін оған өз нәубетін арқалатқан. Осы жақын жылдың ішінде Мұштайзыдан, Мамозының қарамағынан, жиырма шақты үй дүңген бөлініп шығып, шеруге келіп қосылған-ды. Оның барлығы да Мамозыдан қашып шыққан жалданбалы кедей жалшы диқандар. Қазір әне, анау қазан-ошақ басынан Мамозы соның бір-екеуін анық түстеп таныды. Және олар шеру ішіне Керімбек арқылы келген болатын. Мамозы үшін, әсіресе, осы іс үлкен бір толғақ болып, қабақ қатырып жүрген ішқұста жәйіттің бірі. Сол Мамозының Керімбекке ендігі берген жауабы шерудің жеке кісілерімен емес, байтақ елдің елдік намыс, абыройымен алысқандай:
— Шеру, сенің қазаныңнан ас ауыз тию — арам! Құран оқып, нан. жейсің, құдайды алдап құдыққа түкіресің!..— деп сөзді шолақ қайыра демігіп, астындағы атын бұра бермек болды. Айналасындағы тырс етпей ұйлығып тұрып қалған көп дүңгенге бір нәрсені әкім қыла, бұйырып өз тілімен сөйлеп жіберді. «Жүр, тарт!» — дегендей болған. Тақымындағы ойқастап тұрған кер арғымақты мойынға салып кетіп, құтырғандай жалт бере бұрылғанда, соңындағы тобы да лап етіп, тұтасымен жапырыла берді.
Шерудің тобы өздерін Мамозының тұралата қорлағалы келгенін жаңа ұғынды. Бұның ішінде Әменнің ең жанашыр деген ет бауыр жақынынан оның немере туысы Мұстапа имам бар еді. Әменді бар қазақ алқасының шарай тобы алдынан жыра тартып, осылайша жапа шектіріп алып бара жатқанда, жертабандатқан күйігіне шыдай алмай сол Мұстапа азан сала айғайлап:
— Дүние қара - аң! Дүние қараң!!! — деп жіберді. Астындағы қара жорға атты да бастан тартып - тартып кетті. Көкірегінде Әменді арадағы нақақтан күйдірушінің де қорлық, долығы бар. Аса бір жәбір тапқан, меңіреулікке шағынған үні тосыннан шырқап, бар маңайды жаңғырта қатты шығып кеткен.
Қазақ тобының ішінде Қарымсақ бар болатын. Бағанадан көзін Мамозыдан бір алмай, жымдай қатып, үнсіз қадала сілейген ол Мамозы өз адамдарын лап еткізе бастап, жаппай бұрыла бергенде, атын қатты тебініп жіберіп, кенет ұмтылғанын жұрт енді аңғарды. Тым болмаса қасындағы бірде-бір адаммен қабақ та болжаспай тістене ұмтылып Әменге таман шүйіле берген. Дүңгендердің топ ортасын қақ жара кіріп, Әменнің атын айдап қаумалаған біреулерді астындағы қара қызылдың омырауымен қақтыра, киіп өтіп, жетектелген шылбырға жармаса кеткен. Енді бір бәленің боларына Керімбектің көзі анық жетті. Бағанадан Керімбек те іс аяғын амалсыз күтуде еді. Қаралы күннің қапалы жайымен дәл не істерін анық біле алмағандай, іштен тына, бір сәт түнеріп тұрып қалған. Бұл кезде анау асқа тігілген көп үй сыртында осылай қарап тұрған, алқа-қотан жиылған қалың жаяу бар болатын. Орындарынан қозғалмай, осы жақтағы бар қимылды аңди тосып, соңын баққан тұтасқан шоғыр шендесіп үлгерген. Қарымсақ шылбырдан ала бергенде, Әменнің жуан торысын жетектеп алған сәнді киінген қаба сақалды, қызыл бет, қысық көз бай Қарымсаққа қарай ажырая айналып қамшы үйіре берді. Қарымсақ тыңдаған жоқ, оның қолын қағып тастап, қара қыл шылбырды бір-ақ жұлқып тартып алған. Бірақ осы кезде бұл жерге Мамозы да арындап жеткен. Ол да ай-шайға қараған жоқ. Түйіліп келген бетінде Қарымсақты қамшымен бастан тартып - тартып жіберді. Енді екі жақ арашаға жеткенше, Қарымсақ та қарап тұрмады. Бір қолымен шылбырды қымтып ұстаған бойында, қасқая бұрылып Мамозыны қайқайта бұ да екі тартты. Сол-ақ екен, екі қайсар бір-бірінен қайта алмай, әп-сәтте-ақ патыр - бұтыр сабаласа кетті. Бұл аралықта не істерді білмегендей сасып қалған қазақ тобы арашаға үлгеріп киліккенше, дүңген байларының тағы екі-үшеуі Қарымсақты тұс-тұстан ортаға алып қалған. Жан-жағынан қаумаласа, қамап кеп, дәл төрт қамшы батырлата жауғанда алғашында қолы босамай тықсырылып қалған кедейді дем ішінде жүндей түтіп бара жатты. Керімбек пен Абдолла екі жақтан айғайлап жеткенше бұның басынан тымағы да ұшып түскен. Бет-аузын, маңдайын демде қан жауып бара жатты. Қарымсақ Әменнен ажырамаймын деп жүріп шеттеп шығып, еркін сілтесе алмаған. Міне осы уақытта үй жақтан да жүз шақты атты қолдарына қамшы, сойыл сайланып анталап жетіп үлгерген. Олар төбелеске келе араласып кеткен жоқ. Керімбектердің арашаға жан сала кіріскенін көрген соң, жете бере бәрі де ат басын тартып, шоқтай иіріліп тоқтап қалған-ды. Ағызып жеткен бойда дәл жанжал үстіне мінбелей келіп, тіреле тоқтаған шетінен сайлы, мығым жігіттер. Бірақ соның ішінен уәделескендей белсенген ірікті үшеу бөліне шығып, Қарымсақты ортаға алған әлгі үш байдың Мамозыдан өзгесін бірме-бір тауып, солармен әп-сәтте қамшыласып кеткен. Егер екі жақтың бірінен енді бір адам қозғалса, үлкен лаң басталғалы тұрғаны айдай айқын еді. Мамозы үш жігіттің мына әрекетін көріп, Керімбекке қатты долықпен тиді. Әсіресе бұл үшеудің біреуі Керімбектің Арыппай деген інісі екенін көргенде, ол атын үсті-үстіне қамшылап жіберіп, тұра Керімбекке беттеген. Қамшысын оңтайлап ап, арындап жеткен бойы:
— Тоқтат аналарыңды! — деп қалшылдай ақырып, кере көтерген қамшымен Керімбектің атын бастан салып кетті. Жал-құйрығы төгілген, үлкен ақсары ат дәл маңдай тұс — шекеліктен оқыс тиген қамшыдан ытырылып, ортқып бара жатты. Енді осы кезде қызыққа қарап тұра алмаған былайғы ел бір-ақ лап қойып жіберді. Осыдан соңғы болғаны — әне-міне дегенше кең тепсеңде әр тұста үйме-жүйме боп, апыр - жұпыр басталып кеткен ту-талақай төбелес. Құмырсқаның илеуіндей қым-қиғаш құжынаған ұрыс басталды.
Бұл кезде қазақ жағынан Керімбек пен Абдолла сияқты үлкендердің арашасын да тыңдап жүрген ешкім болған жоқ. Ә дегенде саны аз дүңгендердің алды бір-бірлеп аттан - жығыла бастаған. Біреулер шетке алып шығып, Әменді босатып жатты. Жиын ел біраз уақыттың ішінде аз дүңгенңің тоз - толаңын шығарып жіберген. Ішінара қазақтан да аты ойнап шығып, сойылға жығылғандар бар еді. Сәнді киінген, дүңген салтымен өсірілген қаба сақалды байлардың басы-көзін қан жуды. Соны анық байқаған Шеру руының басшысы Абдолла болыста ес қалмаған. Ертең осы үшін үкімет алдында жауап беретін де осылардай ел билеген адамдар болмақ. Ол ең алғашқы бойдан - ақ, атын тебініп, Мамозыны қатты қорғай әрекет жасаған. Сақалы баудай, өзі қалақтай Мамозыны, жаны аяулы дүңген төресін, ығына алып, жақындаған адамға анадайдан қамшы үйіре, айбат шеге айғайлаған. Төбелес енді қызып, іріктеліп алған қамшыгерлер жаңа төселе бастаған кезде дүңгендер жағы аздық етті. Екі жақ арашаға енді-енді ғана көне бастағандай. Арашада жүрген тек Абдолла, Керімбектер ғана емес, осындағы жасы үлкеннің барлығы да, шынымен-ақ, аянбай, жан сала кірісіп баққан. Артын ойламай әукеленген кейбір қызба жігіттерді түс келген шақта солар аямастан басқа ұрып, ес кіргізіп жүрген. Осылардың қатуланған күшімен сабалас қазір бір - бірлеп азая келіп, бір сәтте зорға ыдырап басыла берген-ді. Арашашылардың бағанадан бергі қатты айбат шеге қым - қиғаш зекіріп, ақырған тоқтаусыз тыйымдарымен бар төбелес сирей келіп, енді ғана тыным тауып еді. Екі топ үн-түнсіз екі бөле» екшеле берді. Босаған аттар қуылды. Момозы енді бір ауыз тырс етіп тіл қатқан жоқ. Бар нөкеріне таяқты келістіре жегізіп алған қан-жоса бойында, үн-түнсіз түнерген күйде, атын мойынға ұра бұрылып, өз еліне қарай жапырыла жүріп кетті.
ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Осы күннің ертеңінде шеру ішіне Күреден бойларына қару асынған бес атты жасауыл келіп үлгерді. Кеше Мамозы кештетіп жетісімен Күреден түнделетіп жөнелтілген шапқындар. Екеуі «сақшы» деп аталатын полиция мекемесінен шыққан қылышты полицейлер. Қалған үшеуі осылардың қасына арнайы Күре үйездік үкіметі қосып берген, қарулы құралмен келген қытай шеріктер. Бұлар осы бір күннің ішінде Қарымсақтан бастап ,дәл он кісіні тұтқындады. Үшеуі осындағы егінші дүңгендер еді. Кешегідей сәті келген шақта бұрын өздеріне ызасы өткен бай дүңгендерге кекпен қамшы сілтегендер. Керімбекке «ертеңгі сағат сегізде Күреде боласың» деп тығыз бұйрықпен шақыру қағаз тастады да, өзгелерді тапқан - тапқан жерінен табанда байлап, басы ашық тұтқындаған түспен әкетті. Күре шеруге Құлжа қаласымен тең ортада десе болады. Қасына жанашыр жақын дегеннен төрт-бес кісі алған Керімбек кешкі астан соң. бұл сапарға түнделетіп аттанды. Бір күндік жолды таң атқанша басып өтпек. Күре — бұл уақытта бұрынғы Қорғас пен Сүйдін екі үйездің бірлесіп бағынатын орны. Тегінде, тоғыз үйезден тұратын Іле гүбернесінің орталығы Құлжадағы гүбернелік штаб — Сы – лың - бу9 бұрын Құлжада емес, көп заман осы Күреде болып келген-ді. Кейін сол Күредегі гүбернелік штаб Құлжаға көшкендіктен, енді Қорғас пен Сүйдің екі дуан ортасында атсыз, атақсыз қалатын болған бұрынғы әйгілі Күрені әлі де ұмыт қалдырмаған. Осы Қорғас, Сүйдін екі үйездің басын енді Күреге әкеп, үлкен бір үйез етіп тоғыстыған. Сонымен өз тұсында гүбернелік штаб орталығы болған мәйекті Күре — бұл шақта да аты шулы үйездік үкімет орны. Байырғы Күре аты әлі де болса үлкен бір обырдай!.. Сол Күреге шерудің, міне, бір шоғыр адамы жауапты бола келді.
2
Мамозының биесін Әмен ұрламаған. Оның қорасынан барып арғымақ бие алу — айдаһардың үңгірімен ойнаудай. Ал соны істеуші өзге емес, Керімбектің інісі Арыппай еді... Мамозы осыдан үш жыл бұрын Арыппайдың маңдайға басқан жалғыз бәйге қара атын қолқалап сұратқан. Бірақ ат иесі көнбеген. Соның қысасынан кекшіл Мамозы Арыппайға ашықтан-ашық дізесін батырмақ болды. Сол тұста Абдолла ақалақшының бір қызына Арыппайдың көңілі кетіп жүрген кезі екен. Айттыру үшін, тіпті қызды алып қашу үшін кісі де салған. Және бұл өзі Арыппайдың ұрма мінезіне байланысты ел құлағына шалынған, дақпыртты әңгіме болып шығады. Ал соған әдейі, қасақана келгендей, талай заманнан бері Абдолла мен Мамозы арасы жақын. Ежелден көрші отырып шерудің бар қыр-сырын жете білген ділмәр Мамозы Арыппай жайлы болған жаңағыдай қауесет тұсында Абдолланы Арыппайға шүйлеп салады. Тағы сол қарсаңда бір ғана болыс шеру ішінде Арыппайдың ағасы Керімбек пен Абдолла араларына да көлеңке түсіп жүрген кез болған. Тегінде, Абдолла мен Керімбек шеруде жасынан қатар өскен тату құрбылар еді. Абдолладан бұрын шеруге мампаң болып Керімбек сайланған. Бірақ кейін ол үкіметке жақпады. Сондай бір алмағайып шақта, екінші жақтан үйездік үкіметтің алым-салық өкілі Мамозы арқылы астыртын әрекетпен шеруге Абдолла болыс болып, Керімбек орнынан түсіріледі. Сонан былайғы аралықта, сырттай қарағанда ешнәрсе білінбегендей көрінгенімен, Абдолла мен Керімбек арасы бұрынғыдай болмай келген. Ал Керімбек пен Мамозының ара-жігі бұрыннан тәуір болмағаны айқын. Сондықтан Мамозы ендігі жерде орайын тапса, Керімбекті қырына алу жағына түрініп шыққан. Оның інісі Арыппайдың атын сұратудағы түпкі есебінің өзі осы. Сол арқылы Керімбектің жанына тие түсу. Сондай жеңсігін енді ашыққа салып, осы биылғы жазда «екі жылдық қан бәжіні төлемедің, ұстатпай қаштың» деген желеумен Мамозы Күреден арнайы полицей шығарып кеп, Арыппайдың бұт артар жалғыз қыл құйрығын ақыры аударып алып, үкіметке түсірткен. Арыппай сол үшін жанжалдасамын деп биыл жаз бойы кесік көріп, қамалып шыққан-ды. Ал бірақ қайсар жігіт Мамозының арғымақ биесін алуда тек бас есеп ойлап, өшпенділікпен ғана ұрынбаған. Тегі, Арыппай деген жасы отызға әлі келмеген боздақ болса да, айлаға келте жан емес-ті. Мұның ендігі түпкі есебі — Мамозы мен Абдолланың арасын суыту, ажырату шарасы. Сол екеуін қырбайластыруды көз жазбас нысана ғып ұстаған. Күре үйездік үкіметінің шеруге, бір рулы елге ғана емес, бұрынғы бүкіл Қорғас дуынына қойған бас бәжігері10 Мамозы, алым-салық жөнінде сол ұлан-ғайыр көп елдер, рулар үстінен өкіметке қанағаттанарлық мол табыс түсіреді. Өзін де қалтарыс қалдырып ұмытпайды. Әрі ондай жентектелген соқталы жемге тек бір Мамозының ғана ас құяры толмайды. Кенелетін жеке біреу ғана емес, бұның арт жағынан шоқиып қарап отырған Күре үкіметінің әкімі бар. Бір дуан ел Қорғастың қыбын танып, сырын білу үшін осы Мамозыны көргендікпен ұстаған үйез бастығы Ма-шянь гон полковник отыр. Саусақтарын жыл он екі ай шот тасы қажаған есеп-қисап бөлімдері тағы бар. Олар да әрбір тасты қаққанда жүнін жүндей, жабағысын жабағыдай қылғиды. Диқандардың астығын да қауызына қақалмай қылпығымен, шарымен қаужайды. Ма-шянь гонге өз басын табыстаған көңілімен шын адал қызмет етіп жүрген біреу болса және сол біреудің өзі — Мамозы болса, бірегейі де осы деп біл. Әр үйездің сондай «Мамозылары», мәселен, қазақ үстінен жем жегенде қалай жейді? Кім арқылы қарпиды? Оны әр елді басқарып жүрген би-болыс, зәңгі, ақалақшы сияқты ру басы, ел басылар арқылы қамдайды. Қамбасы — халық. Шаруа баққан еңбекші ел бұқарасы. Мамозының бұл әрекетпен шеру елін теспей сорып қалай жеп жүргенін Арыппай білмегенмен, бұрын ел ісіне өзі араласқан Керімбек жазбай таниды. Әр қадамын бұлжытпай бағып, бекет сайын алыстан қарауыл салып отырады. Арыппайдың құлағына бұл ағасы Керімбек арқылы сіңісті болғай жай. Ал ұрлық бие етін Арыппайдың жазықсыз Әменге апарып арандатуы ше? Абдолла Арыппайға бермеген қызын кешегі мойынға шұжық қиюшы Әменнің інісіне атастырған, Сонда Әмен Арыппай алам деп жүрген, ерте күннен көңілімен иемденген Абдолла қызын біле тұра мұны аттап өтіп, өз інісіне аударып берген болады. Өзі Арыппайдың аталас ағайыны бола тұрып сол ағайындықтан, татулық бірліктен аттап өтті. Жайшылықта «ағайынмын» деп емексіткенімен анық өзім деген жерге, жеме-жемге келгенде, Арыппай оған қора шетіне қадалған қарақшы ғұрлы екен... Кегі бар жерге қасқа тісі қоса кеткендей жалғыз атты кедей жігіт ес білгеннен бергі өші бар жерін ұмытып жүрген жоқ-ты. Осы жолығысы оның өз дұшпандарын жеңіп өлсем арманым жоқ деп серт алған айлалы жорығы. Сонымен шынайы өшпенді жігіттің бұл сапарда бие ұрлап сою арқылы табандап тұрып ұстатпақ адамдары: пешенесіндегі карманы мінер жалғыз жақсы атын аударып алған Мамозы, қалыңдығын қаратып әкеткен Әмен, қызын бермей, қайта, Мамозымен тіл біріктіріп, бұның өршіл басын қара жердей ғып қорлаған Абдолла болыс. Істің сыры, түп мәні осылай болғанда, Арыппайдың ойы — осы жолы бір емес, бірнеше жерден қырқай шалу. Мамозының биесін Сылабек деген аталас ағайынының үйінде бір түннің ішінде үшке бөліп сойғызып, өз үлесіне тиген қазы, шұжық араласқан бір мүшені теріге орап, қанжығасына байлаған... Терісін сатып, талыс жасаймын деп жолдастарынан басты да «қалап» алған. Бірақ сол бойда төменгі өз ауылы жаққа беттемей, атына қамшы басып тұра Әмендікіне қарай салып ұрып жөнелген. Барқ-барқ етіп сабырмен үріп шыққан барақ жүнді, ақшұнақ төбетке ат үстінен үлкен бір сүйекті етімен тастағанда, әлгі мақұлық парақор адамдай үні өшіп, қораны айналып жоғалған. Сонымен теріні ат қораның төбесіне, шепке тыққанда ту құйрықтың бір шоғын әдейі шашақтандырып, бергі бетке көрсетіп қойған. Бие сойған үйдің әйелі Әбиханға айналдыртып алған қазы, шұжықты шошала төбесінен ішке түсіп, асбақандарға саусытып іліп, басты да бір бұрышқа «жасырған»... Бұл уақытта қаннен қаперсіз жылы төсекте түн жарымдағы рахат ұйқыда жатқан Әменнің ұсталатыны сол түннің таңертеңі. Арыппай өзінің осы әрекетінің хабары дәл осы түні Мамозы құлағына жетуі үшін, бір амалды күн бұрын қамдап, ерте ойлап қойған. Бай дүңгеннің биесі содан бір күн бұрын жоғалған. Ал соның ертеңінде, кешке таяу шеру ішіндегі диқаншы дүңгендердің бір үйіне Мұштайзы дүңгенінен бір жігіттің келіп отырғанын Арыппай сезген болатын. Анау, әрине, Мамозының жіберген жансызы болады. Сол адамның құлағына Арыппай осында шерудің шетіне көшіп келген, өзімен көңілдес жолдасы Әли дейтін егінші дүңген арқылы әлдеқандай сөз ұшқынын тигізген... Кім айтқаны, қайдан шыққан сөз екені белгісіз, әйтеуір, бүгін түнде жоғары жақтағы Әмен дейтін қазақтікіне әлдебір ұрлық жылқы сойылғалы жатыр дейді. Шам дайындап, пышақтарын қайрап, түз талқандап күбір-сыбыр, әбігер екен деседі. Сөз ұшығы анық. Соған қарағанда егер Мамозы осы түні таң ата қимылдаса, тап бастырмай жоғының үстінен түсуге кәдік... Міне осы хабар түн ішінде дәл Арыппайдың ойлағанындай тізгін ұшымен Мамозыға жеткен. Сол түні ашумен кірпігі айқаспай, түнімен төсегіне сыймай шыққан Мамозының Мұштайзы дүңгендерін ұйқысынан үркітіп, құзғын ұшпай атқа қондырғаны сол еді.
3
Күреге кешегі он шақты адаммен бірге қолы артына байланып Әмен де әкелінген. Қазір ол тергеу үстінде «олла, біллә, ешнәрсе білмеймін» деуде. Әменнің мұнда іске бармайтындығы жайлы ел басқарушы атынан Абдолланың көп адамға қол қойғызған қызыл ала мөрлі, ақтау қағазы да жетті. Және сондай сенім хат - кепілнама қағазын жасап, оған да бірнеше адамға қол қойғызып, ел ағасы Керімбек те ұсынып отыр.Полиция сұрақшысы алдында Мамозы Керімбекке «дүнгендерді сабатуға себепші болған осы» деп етектен ұстап жабысқан. «Ұрымды тауып беріп, сұмырайды жолға салу орнына, ас беріп жатқан ағайындарын қоздырып, бізді сабатты» деп отыр. Егер ол полиция мекемесі алдында Керімбекті заңмен жығып, осыны мойындата алса, онда соның өзі-ақ Керімбектің бір басына жеткілікті тауқымет.
Осыдан екі күн өткенде ұрының кім екені де әйгілі болды.
Енді Керімбекке бұрынғымен қоса тың бір жала және жамалауға айналды. Мамозы Керімбекке «осының бәрін ініңе істетіп отырған сен өзің екенсің» деп шүйілді. Осыдан бірер ай бұрын үйездік үкімет бастығы, полковник — ұлық Ма - шянь гонга анау Мұрыншақ апарған, жер бәжі жөніндегі арызды Мамозы Керімбек жаздырып отыр деп көрсеткен. Тау ішінде жүрген Мұрыншақ сияқты жалбақай қазақтың Мамозы мырза үстінен шағым апарғаны оның намысын өлердей қоздырған. Гоминдаң партиясының осы жергілікті билеп-төстеушілеріне піріндей табынып, арқа сүйеп, сыйынған Мамозының қазақ десе жыны ұстайтын. Мұрнына мұрнын түйістіріп искелескен арлан тағылардай, бір-бірінің дем лебіне етене болған. Сонда ол, тіпті Мұрыншаққа өзінің дүре соққызып әуре боп тұрғанына да ызаланып, әлде бір құбыжықпен намыс салыстырғандай көрінген. Сондағы тіс басып «қап» дегені тағы да сол Керімбек болған. Басына тепкен асау қан мен бойын кернеген ызалы ашудан сол жолы Керімбек үшін қатты бір байламға серт еткен... Мамозының намысын Мұрыншақ қандай келтірген болса, дәл сондай халде Шыңжаңдағы аз ұлттардың әр жердей бір бас көтеріп отырған әуре болуы үкіметтің де зығырын сондай қайнататын. Соның күн бұрынғы байбалам, дүмпуінен үкіметтің талай-талай Мамозылары аз санды ұлтпен қуыршақ ойнағандай ойнайтын. Аздың кегін кегі бар демей, тәлкек етіп ойнайтын. Сондай Мамозының Керімбекке анық шындап бір шүйлігер жері енді, міне, тап осы түс болмай ма? Керек десе қан алар жері осы еді... Арыппай Күреге әнеугүні Қарымсақтармен бірге алып келінген. Мамозы дүңгендермен төбелестің басталуына анық себепші болған «бұзақы» ретінде ұсталған. Күрені полиция мекемесін әзірше таңдандырғандай болған бір нәрсе Арыппайдың өз «қылмыстарын» сөзге келместен мойындай беруі. Бүгін Арыппайға екінші жол сұрақ жүргізгенде бөлмеде көзінде көзілдірігі бар жас қытай сұрақшыдан басқа есік жақта қылышын салақтатып түрегеп тұрған қытай полицей және тілмәш дүңген жігіт пен Мамозы отыр еді. Тегінде, Арыппайдың тұр - нұсқасы ерекше жаралған. Бет сүйегі ұзын, әрі қыспақтанып келген, дәл соған орай біткен етсіз мұрны қырдай болып сорайған. Тік қабақ астындағы сары-қоңыр көздерінде аса сабырлы оты бар, жүзін даланың аңызақ күні қаққан, тобылғы торы жігіт босағада айыптаушы топқа таймай қарап сұқсырайып отыр. Сұрақшының тұнық көзәйнекпен суық сызданып қараған көзі алдындағы адамын еріксіз тайсалдырғандай. Ұр десе ұрып, айтқанын істеп беретін, қылышын сүйреткен құдіретті күші бар... Қазір сұрақшы Арыппайдың «Мамозы биесін аштықтан ұрлағам жоқ» деген жауабын іліп әкетіп:
— Немене, сен ұрлықты сонда ойын үшін істейсің бе?! — деп, шатынап сұрады. Ол бүгінгі сұрақты салған жерден қатал жүргізгелі отырған тәрізді. Нұсқасынан дүре бұйырғысы келетіні аңдалғандай.
— Мен бұл істі ойыным келгенінен істегенім жоқ. Сіздердің алдарыңызға дәл осылай келіп жауапта отыратынымды өзім де білдім... Баяғыда білгем. Мен қолыңдамын, не қысаң да.
Бірақ тексеретіндерің анық шын ұрлық болатын болса, онда ең алдымен шерудің ұрысы Абдолла, Абдолланы тексерттірмекпін,— Арыппайдың бұл жауабына сұрақшы кенет таңданып қалды. Жауапкер өз сөзін әрі қарай баяндап:
— Тап осы биыл жаздың өзінде Абдолла өздері тақыр кедей, аз үй дүңгеннің екі атын ұрлатып алдырды... Екеуінің де күні бүгін көзі бар... Бірі қара бурыл ат. Жайлауда Дәулетхан деген баласы сол аттың сауырсына сары май қайнатып шашқан. Ол әзір сондағы күйген орнына ақ теңбіл жүн шығып, еліктің қозықасындай шұп-шұбар сауыр ат болды. Тап қасынан барып көрмесе, оны енді өзге түгіл, өз иесі де танымай қалады. Санының қайшы таңбасына жалпақ қаңылтыр қарып басып оны да бұзған. Оған да бедерленіп жүн шықты. Сол ат қазір Шырышты деген жерде, Абдолланың отардағы жылқысында жүр. Ол — бір.
Ал екіншісі — соның қасында келген «лоңқы торы ат» деген Арқасында жазылмайтын шилі жауыры болғандықтан оны осында жатқан Әмен құдасына соғымға берген. Ол да күні қазір Әменнің түпкі қорасында жемге байланып тұр. Жігіттің осы сөздері тұсында Мамозы, неге екені белгісіз, ыңғайсыз бір күйге түсіп ашық қыпылдап қалды. Өз маңындағы неше адамның нұсқасын қалт жібермей аңғарып отыратын зерек сұрақшы оны да сезді. Өзі бірден ақтарылып, Арппайға тесірейіп қарады. Ойламаған жерден қатты таңырқап қалды. Ол бір нәрсені есіне мықтап сақтап алғысы келгендей қырағы жанарымен Мамозының түр - құбылысына бір-екі қайта қиғаштата көз жүгіртіп өтіп:
— Егер сен осы айтқаныңды дәлелдеп, аттарын тауып бере алмасаң, онда өзіңе қандай жаза лайық кересің? Соны ойладың ба? — деп, жазғыра қатуланып үстелде жатқан дүре қалақшасын оң қолымен сығымдай ұстап, салмақтап білеп отырып:
Әр сөзің өзіңе қылмыс болып жабысса қайтеміз, ие істейін?! — деді.
— Онда жаза - саза емес, тақ сол жерде табанда атып тастасаң ризамын! Сол үшін қағазға қол қоямын.— Сұрақшы бұл істің адам таппас айламен істелгенін енді аңғара бастады. Осыған байланысты Мамозының да жасырын ілгешек сырын ұғуға қызықты.
— Сен бір істі әлі де мойындауың керек, оны мойындамай бәрібір ешқайда бармайсың. Сен осының бәрін ағаң Керімбектің айтуымен, соның берген ақыл-айласымен істеп отырсың! Сол арқылы Керімбек өз өшін Мамозыдан және Абдолладан алмақ. Міне, осы дәлел рас емес пе?
— Жоқ, тіпті де олай емес! Менің мұнымды Керімбек жөн көріп, қостамақ түгіл, тап қазір мені қолына берсе, әлі-ақ өлімші қылар еді.
Сөзді ұзаққа салғысы келмеген ысқаяқ сұрақшы шамырқанып:
— Сенің кімді ойнатқың келіп отыр! — деп түсі құбылып алақанымен үстелді ұрды. Бұндай соқталы амалды жас адам — Арыппайдың тек өзі тапты дегенге күмәнді секілді. Бірақ мына жауапкердің нұсқасынан қайта қоймайтынын әлдеқашан танып болған. Жігіттің «осыдан басқа айтарым жоқ» дегендей түйіліп қалған жабық кейпінен кейінгі керекті бір сырды толық біліп, көз әйнегі үстінен ежірейіп отырды да:
— Апарып аш қамап тастамады қы пи11 деді. Айда десе соны орындауды білетін, бұйрыққа жаттыққан қытай полицей сұрақшы әмірін ести бере, томырылған қимылмен шап бұрылып, жауапкерді желкесінен итермелей айдап әкетті.
4
Осыдан кейін жауапқа Керімбек шақырылды. Бұл — Керімбектің де тергеуге екінші рет келуі болатын. Бірақ Керімбекті дәл қазір бұлар айыпкер ете аламай, ол Мамозының қарсы жағынан отырды. Кескінінен өзіне сенімді, ойлы паңдық көрінген Керімбек жеңіл сусар бөркін оң жақ тізесіне ұстап отырып, сұрақшыдан сөз тосты. Сұрақшы, әдетінше, сөзді шолақ бастап:
— Немене, сіз Арыппайды қылмысқа мен айдағам жоқ дейсіз? Ал ол осының барлығын «ағам Керімбек арқылы істедім» деп отыр, ол барлығын да сізден ақыл альт істеген.
— Мен сөздің азын және шынын жақсы көретін адаммын. Сол айтқанын ол қазір келіп, менің көзімше айтып бере ала ма?
Сұрақшы. өзіне нанымы бар адамның әлпетімен:
— Айтады. Қазір келіп айтады,— деді міз бақпай. Мұның осыншалық жалданбалылығына Керімбек өз ішінен сонша жирене қарады. Бірақ бұрынғы салқын, аңғарлы нұсқасымен:
— Келсін, айтсын,— деген-ді.
Сұрақшы демде құбылып, орындығының арқалығына тәкаппар шалқалап алды. Алдыңғы «сіз» деп «сыйлағанын» сатқандай, енді «сенге» көшіп сөйледі:
— Сенің қазағыңның қағазға түспеген киіз кітаптағы заңы бар. Ол ағасының айыбын көзінше айта да алмай қалуы мүмкін. Егер қолынан қағаз жазып берсе ше?! — Өзінің ішкі есебімен осыны діттеген қанқұйлы сұрақшы көрінеу бұзық тергеуге ойыса бастады. Керімбек енді одан түптеп іш жиған халде дағдарып ойланды да:
— Келе алмаса, қағаз да жазбайды,— деп еді. Осы тұста Мамозы киіп кетті. Қалтиған шақар қалпымен керенау ширатылып, суық кекесінмен мардымси сөйледі:
— Керімбек мырза! Сіз ақтан сопы кісі бола - ақ қойыңыз! Ал ініңіз бұл істі әркімнен өз өшін алу үшін істеп отыр - ақ дейік... Бірақ тақ осының өзіне сыртынан қарағанда да оның дертімен сіздің кінәратыңыз айна қатесіз кіндіктес болып отырған жоқ па? А, мырза, осы жеріне не дей алар екенсіз? — Ол сөзінің аяғын ыңырана бітіріп, Керімбекке көзін бақжитты. Енді қайтер екенсің дегендей, мырс беріп кекете күліп те қойды.
- Күлген көзің жылаудың да ұясы екенін ұмытпа,— деп жауапкер, өз сөзін Мамозыға тигізе бастап:
- Оның өш алу алу үшін істеп отырғаны ашық. Сонда да шарпуын тигізбейтін әрекет, ешкімнің емеурінсіз. Оның қандай есеп, қандай себептер екені алдыңғы тергеулерде айтылған.
Мамозы да Керімбекпен өз сөзін тілмаш арқылы қытайша жауаптасқан. Сұрақшыға арқа сүйеп, сыздаусып отыр. Дүңген тілінде болатын аздаған айырмашылығын да білдірмей, қытай тілін майын тамыза ағып сөйлеген. Қазір сол Мамозы сөзінен жаңғырық алған сұрақшы:
- Aл, сонда сіздің тіліңіз болмаса, інің өзін тіпті қаматуға дейін неге... неге ұрынады?! Қамаудың несіне қызықты? Жоқ, ол алдымен сіздің көңіліңізді жықпады. Қимады. Екіншіден, ертең іс біткен соң, сіздей ағасының құтқарып алатынына да сеніп отыр. Ол кімдермен қандай өш болса, соның бәріне сіз де дәл сондайсыз... Мойындаңыз қасыңыз солар емес пе? — Сұрақшының құтқармай, сөйлеп отырғанына арқаланған Мамозы әлі де қабаттаса түсті:
- Ой Кеке! Кербаға бермей жөнге келсеңізші! Қасқыр терісі жайылмай, мойындауды білмейді дейді, жоқ, сізге сондай біp нәрсе керек болып отыр ма? — деп сұрақшыға жалтақтай қарады... Аузын жаланған арлан қылығын еске түсірердей. Тегі, Мамозыға бір биенің жоғалуы мұң емес. Қайта мүддесі қазақ үстінен осындай айтыстарда шешіледі. Соны ішпен ұғатын сұрақшы Керімбекті , тағы бір жолмен шырғаға салмақ болды:
- Біз сіздің әнеукүнгі жанжалға қатысыңыз бар демей – ақ қояйық. Мүмкін шын мәнінде болмаған шығар. Сіз ініңізді дәл жұмсап жібермегеннен ағайын болғандықтан ертелі - кеш айтылған сөздеріңіздің ықпалы тиюі ғажап емес қой... Бәлкім, сондай сөзге еліккен қисыны бар болса, оны айтып өтсеңіз де болады.Бірақ бұны айтқанда айыптаймын деп айтпай, мына Мамозы мырзаның өкпесін тарқату үшін айтасыз. Бәрібір, қалайда, өзіңіздің адал ниетіңізге заң жұмысын толық нандырмай, сау қала алмайсыз!
Керімбек өз ішінен балаша алдаған мына сөзге күлді де күйді де. Қазақты өз ішкі таным, ойларымен қандай орынға қойып санасатындары бұлардың әр қадам басуынан байқалғандай. Батыратын суы қандай жылым болса, сұрағы да сондай жымысқы. Алдыңғы, бірінші тергеуде Керімбектің алдында ернеулі кесе - шайнекпен иісі бұрқыраған жақсы шай әкелдіріп іскерсіген сұрақшы өзі сыртқы дүниеге барынша ықыласты адам секілденіп бұл аузына алып көрмеген мия татыған сигаретін де күле ұсынып, жауаптасып көрген... Бір ауық осы Керімбектей адамның өз басына таңырқап, биік бағалап отырған кісінің сыңайын көрсетіп «тап-таза» қалыпта сөйлескен... Иә, бірақ онысы ұзаққа бармаған-ды. Екі-үш қайта жауаптасудан соң-ақ, түсін бірден өзгерте құбылып, қылышты полицейге «шайды алып кет» деп бұйырған. Дастарқанды піріндей көретін қазаққа осының өзі үлкен соққы болатынын сұрақшы тәуіптей танитын. Мамозының Керімбекті қырына алып жүргеніне талай жыл болды. Мамозы, Мамозы болып тәуір атанғалы бұның жолына да жуа боп біткен осы, Керімбек. Екеуінің бұрынғы тоң-торыс араздықтарын былай қоя тұрғанның өзінде, осы жақын жылдың ішінде Мамозының жиырма үй дүңгені шеруге өтіп кетті. Оларды барлығы да жалданба диқаншылықпен күн кешкен кедей - кембағалдар болса, сол жиырма түтіннің тең жарымнан аулығы жер-суы көп Мамозының тек бір өзіне ғана жалшы, малай болғандар. Күш-көлік, жер Мамозыдан болушы еді. Жаңағы кедейлер өздерінен бастап үйіндегі іске жарар қатын-бала, қыз-қырқынына дейін Мамозы егінін мойындарына артқан ажырғы етіп алғанда табан ақы, маңдай тер дегенге өмірінде жарып - жалшып көрмеген. Мамозыдан кетуде солардың ішінде Әли дейтін жігіттің жазатайым Мамозы төре сабаған баласы өліп, Әли өз қожасымен сол туралы қатты жанжалдасқан. Іс насырға шауып, үкіметке мәлім болып, талай уақыт айтысумен барып тынған-ды. Соның аяғынан Керімбекке сөйлескен Әли өз соңынан алдымен он үйді ертіп шеру аулына кешіп келген. Басы сол болып, кейін төрт үй, бес үйден тағы екі рет Мұштайзы байларынан қашып көшкен жалшы дүңгендер шеру ішінде жиырма үйге жеткен-ді. Қарымсақ аулының он шақты үйі жақын жылдан бері жаз - жайлауды қойып, тек егінмен айналыса бастаған. Әлилер соған қосылды. Қазақта күш-көлік жеткілікті, жер тегін болғанымен диқан жайына кәнігі емес. Сондықтан дүңген диқандарының қосылуы Қарымсақ аулы үшін зор табыс болды. Шеру іші бұларды «отыз үйлі егінші» дейтін болып еді. Бұ дүңгендер шеруде әнеукүнгідей ас, той болса, қасындағы өз көршісі Қарымсақтармен бірдей араласып қатысады. Бір рулы ел шерумен оңай-ақ таныс, біліс боп қалған. Керімбекке Мамозының кешпестей кектенетін үлкен бір түйін осында жатқан-ды. Бұлар болса Мамозының қамбасына науалап құятын қайнары болған ғой. Талай заман бір ғана Мамозының өзіне тәуелді болған, барар, басар жерлері жоқ, алдына салып айдап берген кіріптары емес пе еді. Әне соларын Керімбек арт артынан көшіріп алып жатқан. Көн шарығын сүйреткен өңшең кедей кімге дәру? Кімді қызықтырмақ? Жері кең Керімбек сияқты қазаққа ғана барып сыймаса, өзге ешқайда өтпек емес. Тегінде, бұл іс Мамозының дәл осылай болар деп ешқашан ойламаған шаруасы болатын. Ол алғашында бұларды «қазақпен бірлесіп отыра алар ма екен» деген оймен күдікте жүрген-ді. Кейін күдерін әбден үзді де, соның есесіне Керімбекке тағы - тағы тісін баса түсті. Және бұл әрекет Мамозының ғана жалғыз өз өшпендігін қоздырумен тынып қалмайтын. Әнеугүнгі Мамозымен бірге сабылып жүрген кеп бай дүңгендердің де намыстарын қоздыратын. Бұрын болса Керімбек — Мамозыға шеру үстінен жем жегізбеймін деген ерлігімен жақпаған адам. Керімбек болыстықтан түсірілгеннен кейін, Мамозыға шерудің сақтаған сыбағасы олқы болған жоқ. Соны білген Керімбек өзінің Абдоллаға наразы екенің ел ішінде Қарымсақ сияқты көкірегі ояу адамдардан жасырмайтын. Ал Қарымсақ болса ондай сыр жайлы өз қасындағы Мамозы тепкісін көрген, көрші - қоңсы дүңгендеріне сезік беріп әңгімелеп отыратын. Ал Мамозы қолынан келсе, «отыз үйлі» тақыр жерге шоңқитқысы келетін. Соны жақсы ұғынатын Қарымсақ пен дүңген ішіндегі «ер кедей» атанып жүретін Әлидің астыртын кеп сыбыр - сырлар да болушы еді... Анадағы Мұрыншақтың жер бәжі жөнінде осы отыз үйдің атынан үйездік үкіметке арыз апарам деп Мамозыдан дүре жейтіні де осындай ушыққан арбасу қыжылы. Mінe, осындай екі жақтың соқталы ырғасу егесіне жалғасып жатқан соңғы бие ұрлау әрекетін де Арыппай Қарымсақ, Әлилермен ақылдаса отырып атқарған-ды. Оның бұлжымас себебі, ұрланған аттардың қалай да Мамозыға байланысы бар деген ішкі жорамал болжам. Өйткені, Абдолла жылқы ұрлатып алдырғысы келсе, аз үй кедей дүңгендердің екі шолағынан басқа қыл құйрық таппай қалып па? Қайдан, қалай алдырам десе де, құрығы мен аяғы жетеді. Ендеше егінші дүңгендердің екі атын түп мәнінде Абдоллаға алдыртушының өзі Мамозы болуға кәдік... Бағана Арыппай сол ұрланған екі ат жайын ашқанда Мамозының оқыс қипақтап қалғаны бар. Анығында кедей дүңгендер осы іс болардың алдында өздерінің ұшты-күйді жоғалған екі атын Мамозы Абдоллаға алдыртқан деген сабысты Арыппайдан есітіп құлақтанған. Мамозы бәлен бүгінге дейін екі ұрлық ат жөнінен Арыппайды албарсыз деп білген. Ол қазір сыр бермей отырғаны болмаса, ұрлық аттар сыры ашылған сәттен бері төбесінен жай түскендей бұйығып қалған. Міне, осы амалды ерте ойлаған Арыппай мен Қарымсақ, Әли «шама келсе Мамозыдан Абдолланың арасын алшақтатуға әрекет жасау керек» деген тұжырымға бекінген. Жаңағы Арыппай айтқан қара бурыл ат Мамозымен баяғыдан қаны қас Әлидің бұт артар жалғыз шобыры болатын. Арыппайдың жауабынан көп нәрсенің ушығып келе жатқанын ішімен сезе қойған жүйрік сұрақшы өз тергеуінен әзірше келте тоқтатып Арыппайдай өлермен жауапкерді тез қайтарғаны сол. Оның да сақтаған ішкі есебі бар. Ұрлық аттар дақпырты енді Мамозы мен Абдоллаға да анық бір тықыр таянғанын аңғартқандай. Егер Абдолла осы жолы жауапты, істі болып, Мамозы оны арашалап алуға жарамаса, онда екеуінің ара жігі ап-айқын сызаттана бастады дей бер. Мамозы үшін де сәтсіздіктің үлкені дайын деген сөз. Сұрақшы қағазына түскен Абдолла және Әменде тұрған ұрлық ат турасындағы дәлелден бері Мамозыға оқыс бір шаншу тиіп, садақ оғындай қос бүйірінен қадалып отыр. Өз сыбайластарымен Керімбек аулынан тұмсыққа аяусыз соққы жеп қайтқан кешпес кек — ызасы ол бар. Енді қазір сұрақшы Керімбекті ә дегеннен ешнәрсеге мойындатып тықсырып әкете алмай, тергеу бетін әр саққа салып, тосылып отыруы іштей діңкелеген Мамозының дегбірін қашырды. Сұрақшыға зәру жүзбен қыпылдап қарайды. Көңіліндегі барды оған көзімен айтқысы келгендей... Керімбек сұрақшының соңғы айлагер шырмауына айтар сөзі дайын болса да, жауапты асықпастан отырып, арбасқан бақаспен бастады. Сұрақшы мен Мамозы екі жақтап, сөзін ерге бастырмай отырса да, қыры сынбай, қайта ішінен өзі де аңдамаған анық бір өршіл намыс қоздады.
— Біз Мамозы екеуміздікі екі суайт бірін-бірі иландыра алмайдының кері болып отыр. Мен өзімді өзім ақтамаймын. Мені бүкіл шеруден, тіпті анау жиырма үй дүңгеннен сұраңдар, Керімбек інісіне осындай іс істетер ме еді?. — деп. Заңның солардан да сұрауын өтінемін! Халықтан ешкім үлкен емес қой, қалыстығын айтсын!
Елге - жұртқа сыйы бар адамның бұл дәлелін керенау сұрақшы өз бойына шам көрді. «Менің жайымды білгің келсе, таудың қуысында жатқан қазақтан сұра» дегені намысын қозғады.
— Немене, сонда сен ұлы гоминдаң, үкіметінің тергеу - сұрағы таудың арасына сіңген қазаққа аузын ашып, сене салады демекпісің! — Ол өз жауапкеріне оқты көзбен біраз қадалып отырды да: — Сен көшіріп алған жиырма үй хұйзудың да мән-жайын, олардың кімдер екенін біз жақсы білеміз!
Өзің ешнәрседен тайсалайын демейсің... .Именгің келмейді. Үкімет қызметкері Мамозы мырзаға «суайт» деген сөзбен тіл тигізіп сөйлегеніңді қылмыс болып қалар, сол үшін жаза тартамын деп қорықпайсың ба? Керімбек қазақшаға жүйрік тілмәштің жүректі жаншып, зәредей қадап айтқан аудармасын сәл қырындау отырған қалпында тапжылмай тыңдаса да, сұрақшы сөзінің уытына тұла бойы шіміркенді. Бірақ ата дұшпан алдында сынғысы келмей, сұрақшыға мол кеудесімен толық бұрылды да:
— Қазақта «бүріскен мысыққа бүрге үйір болады, қорқақ қаңғыған оққа көз болады» деп айтатын сөз бар. Аз - қараға қарағыларың келмесе, ойымдағы шынымды айта алмай өлетінім нем? Ақ жолмен өлсем, ертең осы отырған бәріңе де барар жер, төсегенім топырақ — амалым қайсы! — деді. «Бәріңе де» деген сөзді сұрақшының жүзіне қарай сұқ саусағымен нұсқай айтты. Кішкене, шаршы бөлме ішінде күмбірлеген, намысқа толы үні айқын шығып кеткен-ді. Адам психологиясын терең танитын сұрақшы анық байқады, Керімбектің сақалы тал - тал болып кеткен екен. Бұндай белгі адам характерінің күрделілігінен және таза, cay дененің қайратты ашуынан туатынын ол жазбай таныды. Шығыс - солтүстік алты провинцияның заң істері жөніндегі әйгілі профессор, Харбин қаласының тұрғыны Лаупың есімді доктордан өз мамандығы жөнінде сабақ алғанда, адамда сирек кездесетін осындай құбылыс болатынын естігені, жадыңда мықтап сақтағаны бар.
— Сізге әлі бір тәуліктей мұрша береміз. Бірақ осы кеңшіліктің бағасын қапы қалмай түсінуге тырысуыңыз керек! Тек тырысу ғана емес, заң соны жауапкер Керімбектен қатал талап етеді! Бір нәрсені өте жақсы біліп қойыңыз, бұл ең соңғы ескерту! Ұғып тұрсыз ба? Абайлау керек! Барыңыз, ертеңгі сағат дәл сегізде қайтадан осы орынға дайын боласыз. Бүгінгідей емес, ойланған жауапкер түрінде дайын боласыз!
Керімбек дағдарған, ойлы жүзбен орнынан үнсіз көтеріліп бара жатқанда басқа көздегі сергек сабырын да өз кескініне қатар сыйғызып әкетті. Бірақ қазақтың, тіпті аз ұлт атаулының бар тағдырын мына заман Жаң – қай - шы өкіметіне осынша иттей байлап бергенін ойлап, барынша жаны запы, безер болып шықты. Сұрақшы мен Мамозының бұл іске әлі де шыңыраудан саңылау, жол іздеулері керек болатын. Керімбектің шерудегі көп елге және анау егінші дүңгендер сияқты ұйымшыл күшке сенімді беделі бар адам екенін бұлар ертеден біледі. Жиырма үйлі дүңгендер жағы Керімбек үшін ұйымдасып ізденуге жарайды. Мамозыға ерегісіп ізденеді. Полиция мекемесі, тергеу жұмысы өз ісін бассыздыққа салса, аналардай ұйымшыл дүңгендер үйездік үкіметке, тіпті, онан ары Құлжадағы гүбернелік штабқа дейін қытайдың өз тілімен арызданып іске кірісе алады. Жыланның аяғын көрген ала тұяқ сұрақшы осыған келгенде сақтық ойлайды. Керімбек шығып бара жатқанда ол осындай ойлармен тоқырап, ауқым - сыры күрделі қазақтың ту сыртынан оқты көзімен қадалып отырып қалды.
5
Бұл — Күредегі аз ұлтқа қатігездікпен аты шыққан, әйгілі полиция мекемесі. Сұрақшы мен Мамозы Керімбекті босатқан соң, өзінше тілмашты да шығарып жіберді... Екеуі жеке отырып біраз сөйлесіп, жіті күбірлесіп көрді. Бұлардың ендігі сөздері бағанағы айтқандарындай Арыппайға қалай да «осының бәрін маған ағам Керімбек істетті» деген қағазды жаздыру. Бірақ осы ойларына қазірше бірнәрсе қайшы келіп тұрды. Сұрақшы құлағына ілінген, тергеу қағазға түскен ұрлық аттар бар. Соны анықтау қажет. Тергеушінің дәл өз басы үшін бұл тұста, тіпті, Керімбектен гөрі Абдолла кенеулі... Қазақты бірлеп емес, ондап матап әкеп сұрау — иісшіл сұрақшыны ешқашан зеріктіріп, жалықтырған емес. Ондайда бір сұрақшы емес, осындағы полиция бастығының да қыбы қанып, ертелі-кеш аузына сілекей сөлін жиып, жалтақтап құлақ тігіп отырады. Одан да соқталырақ дау жаңғырықса, уез басшыларына дейін миықтарынан белгі танытып, ұрттары бүлкілдеп, жан-жағына жиірек қаранады. Қотан іздеп, тұмсығын алысқа шүйірген бөрідей, тау жаққа құлақтарын түріп, күн бұрын іш тартып, жұтқынып қойып, шоқайып қарап отырғандар бар. Пәре үддесіне келгенде әмір бүйірі шықпайтын, назары аш сұрақшыға Мамозы «Абдолла жайын қозғамай-ақ қояйық» деп айта алған жоқ. Тегі, Абдолланы жолдассынғанда жыл он екі ай ішінде, әсіресе, ел салығы көзінде ғана омы көбірек танып, сонда ғана табатын ұры қойын Мамозы бар. Ал ел басшысы Абдолла өзінің «күші адал, сүті арам» екенін тани тұрып-ақ, қанағат етеді! Өз жанынан суырмай, оқпаны толмас. Мамозының бүлкілдеген ұртына елден міңгелдеп асатқаны медеу. Ана ұрлық аттарды Абдоллаға Мамозы өзі ұрлаттырғанын Арыппай білмейді деп келген. Мамозының ендігі ойы бойынша, тек қана сол сыр ашылмаса, Абдолла арандаса, он жерден, жүз жерден арандай берсін. Сонымен бүгінгі іс мәні «түйін-түйін» сырыңды түбінде келіп шын ашарлың кебі болып отырған. Бәрінің де шын сыры ашылар көзі, мерзімі жеткендей. Мамозы, тегі, заң ісімен шырмала беруден бойын сақат ұстайтын. Заң жолы кінәмшіл. Бұл киетін ақырет-кебін, ақ дәкені башпайынан басына дейін Абдолла кисе бүйірі бүлк етпейді. Сұрақшы бүгін кештете Арыппайды қасына полициядан адам қосып, Абдолла ісі үшін шеруге аттандыруды ойлаған. Ат ұрлығы рас болса, Абдолланы айдатып келтірмек. Ол бағана оңаша қалғанда Мамозыға: Бұ жұмыс үшін Арыппайдың өзінен басқа кемінде екі-үш полицей шығуы керек,— дегенде, Мамозы өзінің бүгінгі ойлап отырған ішкі тәсіл - амалын... құпия қойып: Бұл — әсте адам нануға болмайтын қазақ! Атқа жақсы жүретін ұйғыр полицейлерден қосып бірге жіберу керегі деп ақыл қосқансыды... Бірақ, сол Мамозы сұрақшыға бұлай сөйлегенімен, екінші жақтан дәл осы күні тізгін ұшымен Абдоллаға бір жасырым жансызды суыт хабаршы етіп жөнелтіп еді. Өзі ұрлаттырған екі аттың көзін жойсын деген. Осы күннің ертеңіне таңертең кешегі қатал тапсырма бойынша қайта кеп кірген Керімбекті тымырая томсырып қарсы алған сұрақшы жауапкерге түсініксіз халде сөзді қысқа қайырып:
- Тағы екі күн ойланасыз...— деп қайтарды.
Керімбек сұрақшы алдынан өзін әлдебір жат сырлы нәрсеге ұрындырып жібергелі отыр ма деп, сенімсіз күдік ойлап шықты. "Ойланатын» екі күн кеше кешке Абдоллаға аттандырылған Арьппайдың қайтып келуіне қаратылған мерзім екенін білген жоқ. Керімбекке тіс-тырнағымен түгел қарсы. Күрс қақпанға жалғыз аяқтатып әкеп түсіретінін ойлап сезіктенеді. Айтқандай, арада екі күн өткенде шерудің Абдолла ақалақшасы да сарала қылышты полицейлер қоршауында Күреге жеткізілді. Өз қасына үш полицей ілестірген Арыппай Күреден әдейі ымырт үйіріле шығып, дақпырттарын білгізбеу үшін түнде жүріп, шеру жеріне күн шыға ілінген. Содан тұра сәске кезінде Шырыштыда жатқан Абдолланың кеп жылқысына жеткен. Күзгі қостың басында жылқышылармен бірге Абдолланың үлкен баласы бет бітісі шомбал, денелі, томпақ көз жігіт — Дәулетқан бар екен. Арыппайлар бұл жерде тақ үәделескендей боп, бір жанжалдың дәл үстінен шықты. Осының аз алдында жаңа ғана бұл жерге кеше Мамозының жөнелткен сәлемімен ұрлық аттың көзін жоғалту үшін Абдолланың шабарманы жеткен-ді. Қасында Мамозы жіберген Хойылдыр деген сібе бар. Мамозы сәлемімен ақылдасатын Абдолла ауылда жоқ болып, жылқыға хабар кеш келіп тиген. Сайрамның Ыбырайымы дейтін желпілдек шабарман Дәулетқанға қара бурыл атты жаңа ұстаттырып, қыл шылбырмен енді ноқталатып жатқан кезде бір жағынан сап етіп, ат иесі Әли кеп киліккен... Қасында әнегүні Арыппай қосып кеткен, шеруді ең мықты жігітінің бірі — Нүсіпбек бар... Әли ойлап бұл маңды неше күннен бері күзетіп торуда жүрген. Ерте бастан ойлап алған амалдары бойынша, сай қосылған екі жігіт Абдолланың жылқысынан ұзап кетпей, осы маңнан аң қараған кісі боп, Шырыштының қалың қоян, түлкісіне тазы қосып жүріп алған. Арыппай қара бурыл атты өзге жерден емес, дәл Абдолланың өз жылқысы ішінен ұстатып алдыратын болып, Әлиді сол ат әлдеқалай бір жаққа жүйткіп, із аударып кетпеу үшін осылайша сыртынан бағып айлалы сақтық айтып қалдырған. Сонымен қазір қасындағы үш полицеймен сарт етіп Арыппай жеткенде, шұбар сауыр ат енді ғана кергілескен қызу талас үстінде екен. Масқараның тиегі бірақ жерден ағытылды. Бір-екі жылқышысымен Дәулетқан атты шабарманға зорлықпен жетектетпек болады. Әли мен Нүсіпбек барын сала сыбанып, олардың алдын кес-кестеп атты жібермеу қамында. Полицейлер тақ осы жанжалға тақау бір салмаудың астынан бірден сау етіп шыға келген қарсаңда, Әли кер шолақ атын қатты тебініп, таласып кеп шылбырды қиып жіберген көз болатын. Жаз жарымынан бері қарай үстіне шыбын қонбай, туралап семірген бурыл ат құйрығын тігіп, арғы бір өзекке таман құлаған қалың жылқыға қарай ойысып бара жатты. Дәулетқан мен Ыбырай шабарман ат иесі Әлиге көзбе-көз зорлық көрсете бастағанмен, үсті-басы сарала полицейлер мен Арыппайды көргенде белге соққандайамалдары құрып, бозарып - бозарып тұрып қалған. Күреден түн ортасында қабынып жеткен Хойылдыр да мойнына су құйылғандай, көз оты сеніп, состиып қалды. Арыппай мұндағы мән-жайды шала ести сала, қалған сөзде шаруасы болмай, бурыл аттың соңынан кетті. Жолдағы елден полицейлерге алдырған қара шалма арқанды толғап кеп қыл мойынға бір-ақ соғып, жылқыға барып осқырынып қосылған шұбар сауыр буырылды бір демде қайта ұстады. Ұйғыр - қытай полицейлер ілезде ұсталып, өз алдарына қарай жетектелген ат келе жатқанда, Арыппайды жылқының міріндей көрген болу керек. Сұқсырайған жігіттен көздерін алмай, таңырқай қарасып қалған. Полицейлер сол бетте шығысқа қарай бірнеше қырқаны асып кеп Мүкейден өздеріне Абдолланы қосып алған. Осы бағытпен енді тағы үш-төрт бел асып түсіп, түс ауа Мазыға жеткен. Со бойда Әменнің түпкі қорасында қараңғы жерде жоңышқаға бөгіп, семіріп тұрған «лоңқа торыны» шешіп алып, бар жолаушы бұл күні Керімбектің бір інісі Мұхамәдидің аулына қонған-ды. Соның ертеңіне, кешегі күні түс қайта сол топ Күреге де ілінген.
6
Қазіp күн түс болып қалса да, сұрақшы бүгін Керімбекті әлі шақыртқан жоқ. Керімбектер Күреге келгенде осындағы бір ұйғырдың үйіне түскен-ді. Шеруден бірге келген төрт-бес кісінің бірі — баласы Мақсұт болатын. Ол осында келгеннен бергі бірнеше күн бойында Қарымсақтың жұмысымен айналысуда. Өзі бұнда елден Қарымсақты ақтамақ болған көп бармақтар басылған бір мол куәлі қағаз жасап келген. «Қарымсаққа тиісуші Мамозының өзі. Елдің қаралы жиынына жазықсыз адамын байлап, масқаралап әкелуші, сол арқылы қазақтың, бүкіл бір халықтың, арына, рухына жылан болып тиюші — Мамозы! Намысына, жанына тию ғана емес, тіпті оны ел екен демей, сойыл көтеріп асқындап басынушы, бүкіл халқымыздың қасиетін аяққа басып, ар-ұжданына соқтығушы — Мамозы! Жанжалдың неге шыққанын көрген, ішінде болған жиырма үй дүңген диқандары да осының рас екендігіне қуаттап қолдарын қояды. Бетпе-бет, көзбе-көз, анық табанды айғақ - куә да болады. Таяқты алдымен жеуші Қарымсақтың өзі күдіктен жанжалға еріксіз түрде киліккенін дәлелдейді. Сонымен бірге анық шындығына келгенде жанжал шығарушы бүлікші Мамозының өзі болғанын да жасырмаймыз». Осындай қырық-елу адамның мөр, саусақтары басылған қызыл ала қағаз полиция мекемесі — Жың-са-жүйдің бас жүй жаңына12. Сол қағазын Мақсұт полиция бастығына келген күннің ертеңінде енгізген. Сонан бері ол жайлы нендей хабар болмағын білу үшін, мекемеге күнде барып асыға күтумен құлақ түріп жүрген-ді. Осында бастықтың орынбасары Әбдірейім деген ұйғыр бар. Күйе уездік үкіметінің әкімі Ма - шянь гон полиция мекемесіне аз ұлт адамынан қайткенде де өз тілін білетін біреу керек болғандықтан, орынбасар фу – жүй -жаң етіп, осы Әбдірейімді отырғызған. Мақсұт бүгін сол адамнан Қарымсаққа дүре соғылғанын естіп қайтты... Әбдірейімге осыдан екі күн бұрын Керімбек те жай-жапсарын айта кіріп, жолығып шыққан. Анығына көшкенде, бұл адамның Керімбекпен іштей жақсы таныс, пікірлестігі бар-ды... Сопақ бетіне, әсіресе иек сүйегі ыңыршақтың басындай сорайып, ерекше біткен бет, мұрнының барлығында шешектен қалған қорасан ізі бар, қарашұбар Әбдірейім тегінде, ішті, пікірлі адам. Ол Керімбектің жұмысын аса сирек, мәнді адамда ғана кездесетін шынайы, зейінді ұқыппен тыңдап келіп:
— Бұл, Арыппай ініңіздің өзі істеген іс екеніне осындағы қытай адамдарының да көздері жетіп отыруы мүмкін. Бұлардың ауруы айтпаса да белгілі емес пе! — дей отырып:
— Қисыны қалай келер екен, істің сәті патшаны да жаңылдырады, деуші еді ғой, көрейік!..— деп, әлдебір шара ойлағандай пішінде қалып еді. Ой - өре жағынан барлық уақытта жұбатарлық сөз тауып айтқанына Керімбек ұйғыр жолдасына қанағаттанып жүретін.
Әбдірейім бұл орынға негізінде әскери қызметте төмендетіліп келген, Гоминдаң өкіметінің қысымымен ығысқан адам болатын. Құлжа «Білім жұртын», одан ағартушылық қызметкерін дайындап шығаратын Үрімжідегі «Ұлттар дарылпұны» дейтін педучилишені бітіріп, сонан соң сол қаладағы офицерлер даярлайтын әскери мектеп — Жұң – гуан - шо шауда оқыған ұйғырдың алғашқы зиялы азаматының біреуі еді. Бұрын Құлжадағы гүбернелік үкіметтің әскери капитаны болған. Сонан былтыр Шыңжаң өлкесіне тұтас әйгілі болған, 1942 жылы аз ұлттан шыққан үкімет басшылары — Қожанияз - қажым мен Дәулеткелдінің көзін жойғанда, осы аз ұлттың өзге кадрларындай бұны да қызметте құлдыратып, осындағы Күре үйездік үкіметінің қол астына шегелеп жіберіп берген. Ал үйездік үкімет болса, оны және бір басқыш сырғытып, полицияға қызметке табыстап әмір еткен. Керімбек бұл адаммен сол былтырғы жылдан бері астыртын таныс... Содан тартып екеуі кейде оңаша, жасырын сөйлесіп қалып та жүрген... Қарымсақтың жалаңаш арқасынан дүре соғылып, орнына сүйреп апарып тасталғанын Мақсұтқа жаңа өз бөлмесінде отырып осы Әбдірейім білдірді. «Аузыңа уақып бол» деген қабақпен құпиялап» айтқан. Соны естіп шыққан Мақсұт ат үстінде өзінің бет алды болған оңтүстік жаққа, шыған алыста мұнартқан, түйемойнақтаған, өркеш-өркеш биік тауға көз тастап, бір енжар жүзбен келе жатты. Түстік бетте, сонау көз ұшынан Іле өзенінің арғы жағындағы Тянь-шань жоталары көзге асқақтап шалынады. Көрген түс мұнарындай елбіреген көгілжім, нәзік пердемен көз талдырады. Бірақ ауыр ойға қамалған жас жігіт бұл қызметте өзінің анық қайда көз салып, нені көріп келе жатқанын да аңғарған жоқ еді. Аттан тұйық жүзбен келіп түскен жігіт ұйғыр қорасында бағылып тұрған төрт-бес аттың қатарына ұзын бауыр, сүмбі керді қоя салып, биік лапасты ақ үйдің есігінен кірді. Қонақ бөлмеде үш-төрт кісі бар.Қазір бұл үйде күндегі белгілі адамдардан өзге шерудің Құлайғыр деген кісісі отыр екен. Туыстығы Керімбекпен шеру арғы түптен қосылатын Биеке, Бітік дейтін атаның балалары. Құлайғыр осында абақтыдан, қамаудан шығып отыр. Үш айлық тұтқыннан осы бүгін ғана босатылып шығарылған. Бұның өз аты Ілебай. Бірақ бұл адам ел ішіндегі кейбір әрекеттерімен өзіне «Құлайғыр» есімін таңып алған... Қаулаған қалың құла жирен мұрты сабаудай қызыл сары адам біраз ашаңдап, түсі де бозғыл тартып қалыпты. Түскі дастарқан аяқталып қалған екен. Үй-іші бір жайды сөйлесіп отырған көрінеді. Құлайғыр өз әңгімесі үстінде шай құйған ұйғыр әйелге көз салып қояды... Кішілеу ақ самауырын жарқырап тұр. Шай құйып, шаншылып отырған үлкен қара көзді, алғын тісті, жүзік, сырғаларының жақұт көзі бар ақ әйел жас, әдемі. Ол Құлайғырдың бұған көбірек қарай бергенін түйсініп, қымсыныңқырап отырған сықылды. Мынау сабалақ сары, анайы қазақтан ап-ашық қысылып отырғаны байқалғандай. Ел ішінде Құлайғырдың осы тәріздес, әйелге көз салғыштығына байланысты әлдебір осалдықтарына орай, қоңыраулатып соңынан еріп бірталай өсек - лақаптар жүретіні бар. Әр кезде басынан бір одағай ұрыншақтықты өткізіп, өз істегеніне соңыра барып бір-ақ өкініп, ойланатын батыр шалыс мінезі болушы еді. Құлайғырдың бір өлеңші келіні айтыпты дейтін, салтта жоқ, сәтсіз дақпыртқа ұшырататын сөз бар. Сондай бір жаңғырықтың болуы анық. Әлгі келін сығыр:
«Көйлек алып бір мата,
Қарағым деп ұн қата,
Үздігіп өлгір қайната,
Жетіп келді ел жата».
— депті деуші еді. Оны ел ішінің қалпақты шекеге киіп, сөз қуған, қылжақ қой бозбаласы тағы неше құбылтып:
«Көйлек алып бір мата,
«Келінжан!» — деп тіл қата.
Жүзің құрғыр қайната —
Құшаққа алды ел жата!» —
депті, десіп те бұлаң ойнататын.
Ал «Құлайғыр» атты одан да бұрын алған Ілебайдың абақтыға жатуы бір оқыс жайдан туады. Былтыр жазда Құлайғыр тері-терсек саудалап Құлжаға барып қайтады. Жолда. Баяндай деген жерден өтіп, бері елсізге таман шыққанда, астындағы аты арт жақтан бір дыбыс сезіп, елеңдей бастайды. Құлайғыр артына бұрылып қараса, мұнан едәуір кейіндеу жерде келе жатқан бір жүрісі қатты жалғыз аттыны көреді. Ұзақ жолға, күн шіліңгір шақта, шоқырақпен келе жатқан, бұл қандай тоғышар кеще неме?! — деп тағы бір қарағанша, әлгі атты Құлайғырдың соңынан емпеңдеп жетіп те қалады. Мойнына кескек байлағандай шошайтып мылтық асқан қытай шерік екен. Әне - міне дегенше қопақ-қопақ етіп, еріні кезеріп, бұның қасына жетеді. Ішінен бір бұзық пиғылға кеткен Құлайғыр онымен қатарласып жіберіп, әлгінің қасынан қалмай, бұ да текірекке басады. Шеріктің бет алысы Күре екені белгілі. Екі ара әлі ұзақ, елсіз... Құлайғырдың пейілі ашық бұзылып, шеріктің мойнындағы су жаңа, әдемі, сары ауыз мылтыққа көңілі кетеді. Екеуі бір-біріне үн қатысып, тырс етпеген мылқау қалыппен, тек араларын алшақтау салып, мылқиып алып жортысып отырады. Бір-біріне тек ара-тұра үдірейіп, оспақты жүзбен қарасып қояды. Бар болғаны сол. Бір кезде екеуі жолды кесіп аққан кішкене суға кезігеді. Шерік астындағы жалын құнанша күзеп тастаған үлкен боз аттың терлеп танау қағып келе жатқанында шаруасы болмай суаруға айналды. Құлайғыр мынадай малғұн мұндарға ишарат етіп, өз аузы мен аттың аузын қолымен ымдап «ауыздығын ал» деп момақан ғана белгі береді. Бірақ шерік оны істемейді. Қайта бой тартыңқырай, сыр бергісі келмегендей түсін суытады. Құлайғыр енді өз атын суарғысы келген адамдай жуас қана, монтаны қимылмен атын жай тебініп, анаумен қатарласа береді. Сол момын қозғалыспен тап қасына жанасалап алып, шеріктің бетіне көзін ежірейте, бағжиып қарай қояды. Жын ұрған адамдай бақшия қалумен бірге мол сақалын да селкілдетіп, қозғақ қақтырады. Дүрдік ерні аңызаққа кеберсіген шедірек шерік мынадай бәледен сәл секемденіп:
— Са?! Са!13 — деп айбарлана бастайды. Құлайғырдың күткені де, дәл осындай бір алмағайып, аралық сәт тудыру болған. Сол секундта қолды шеріктің жауырынынан асыра мылтыққа бір-ақ сап еткізеді. Болғаны сол-ақ, енді оны аттан аударардай етіп қаңбақтай жұла еңкейтіп, былғары баулы алтыатарды мойнынан жұлқи тартып, сыпырып алады. Сол сәт атын да тебіне қамшы басады. Шерік жарықшақ үнмен бажылдап соңынан түсе қуады. Бірдеңе деп жағы сембей, бақырып шапқанда, Құлайғыр шеріктің бір атқа мықты әскер екенін бірден сезеді. Сол үшін жолды тастап, оң жақтағы бөктер тауға қарай қиғаштап салады. Көзге түсіретін керуен жолдан еріксіз тайқып қашады. Бір әредікте Құлайғыр мылтықтың оқтаулы екенін байқап алады. Бұндайдың алтыатар екенін де Құлайғыр ел ішіне барған шеріктердің үре шыққан иттерді тырақайлатып қуалап атып жүргендерінен білуші еді. Жолға жақын адырқайдың бір жырасына ілініп қалған ол ат басын енді қалт бұрып тоқтай қалады да, ентелеп келе жатқан шерікке мылтықты көзей береді. Бағанадан айғайын тоқтатпай, дамылсыз бажылдап келе жатқан шерік атын қайта бұрғанша мылтық та шаңқ ете түскен.
Иә, бірақ Құлайғыр оны дәлдеп атпаған-ды. Тек, құтылып кетуді көздеген. Сонымен арада бір жыл өткенде, ойда жоқта биыл соның әлдеқалай сыбасы шығып, Құлайғыр ақыры барып тұтқындалып еді. Ол шеріктен құтылып алған соң, Күре маңымен жүрмей, елге Сарбұлақтың жонын басып жеткен. Бірақ сөйткенмен, жолда шекпенге орап бөктерген мылтығымен, жүрісінің суықтығынан өзінің сезікті көзге ұшырағанын сезіп қалғанды. Күре ел - елге қатаң жарлық шығарып ру - рудың басшысы деген адамдарын Күреге дереу жинап, сол істі көз құнындай жоқтаған. Сонда Сарыбұлақтағы торғай руының бір адамы Құлайғырдың түс - түрін, мінген ат, жүрген жүріс межесін шөлкемдеп қағазға мұқият түсірткен екен. Енді мұндай адам қайда бар деп сүргін салып, ырғап іздестіргенде, ең ақыры, сөз шерудегі Құлайғырға келіп тірелген. Алғашында сыбыр болып басталғанымен, бұ шыққан сыбыстың түрі жаман көрінген соң, Құлайғыр бар сырды жасырмастан Керімбекке айтып, ақылдасыпты дескен. Сонымен мылтықты да ақыры Керімбекке тыққызған. Соның артынан іле-шала Құлайғыр Күреге шақырылды. Бір тәуір жері, бұл уақытта баяғы мылтықтан айырылған шеріктің өз көзі жоқ болатын. Үйездік үкіметтің қаһарлы әкімі Ма шянь гон полковник оған табанда елім жазасын құштырып, тергеу жүргізіп отырған бөлменің тап өзінде өз қолымен ауыздан атқан. Ал анау Құлайғырды жолда көрген, оның сезікті жолаушы екеніне куә болған Торғай руының адамы Мұқибек дегенге Керімбек тізгін ұшынан бір беделді кісі шаптырды, «өз сүйегін дұшпанға құрбан ғып байлап бермесін» деп, дұғай - дұғай сәлем жолдаған. Және сонымен қабат Құлайғырды ақтайтын көп қағаз шеру елінен ағылып келіп түсіп жатты. «Құлайғыр деген шеру Құлжадан келе жатқан шеріктің қаруын тартып алмақ түгіл, сол Құлжа қаласының өзін әлі көрмеген адам. Өмірінде Құлжаға барған емес» деушілердің тоғытқан куәлік дәлелдемелері. Бұл да, әрине, Керімбектің сәлемімен істелген. Мұның үстіне Күреге жаңағы Мұхибек шақыртыла келгенде, «менің көргенім бұл адам емес» деген. Иә, бірақ сөйткенмен Мұхибектің бұрынғы жаздырған қағазына Құлайғырдың түс - түрін кеп салыстырып, Күре енді сол куәгердің өзіне де жақсы сене алмағандай болған. Көзілдірікті сұрақшы қағазға бір, Құлайғырға бір, Мұқибекке бір қадалған. Сонымен табан үш ай ұстап. Құлайғырды қинап сұраған. Құлайғыр болса, қанша қорлық көрсе де, ақбезер де — көкбезер боп танудан жаңылмаған. Мұнымен кетсе, келмеске кететіндіктен, өлсем қинаудан өлейін деген. Мақсұт келгенде Құлайғыр Керімбекке өзінің көрген көп жәбір-жапасын шағып отыр екен. ...— Мына басыңыздан қырсау шеңбер салып, самай тұсыңнан бұрап қысқанда, екі көзіңіз ұясынан шарадай болып ойнап шығып кетеді екен. Екінші жолы, көрген жерден басыңа салмай жатып-ақ безек қағасың. Иманыңды үйіре бересің. Міне, тұра мына тырнақтың көбесіне құлындағы даусыңды шығарып отырып тығатын ұшы қандауырдай қылпыған жұқа, жіңішке қамыс шабақшалары болады. Сол шабақшаны тырнағыңның астын сойып тұрып тыққан соң, о дүниеде жаныңды құдай қинағыр, кәйтеді демейсің бе? Әлгі қамыстың бергі жақ басынан от тамызады екен! От тисе бері қарай өзі шытырлап жана беретін май сіңген қарғыс атқыр болады екен. Сол жақындап жанып, қара тырнағыңа таман жылжығанда жаныңды қоярға жер таппай, тұра өлдім деп, өгіздей өкіріп жібереді екенсің! Бұрын дәмін бір татқан болсаң, есіктен алып кіріп келе жатқанын көзің көргеннен-ақ еңкілдеп үнің қалай шығып кеткенін өзің де аңдамай қаласың. Онымен біте ме? Ортасы өзек бір кісілік қуыс темір төсекке тас қып шалқаңнан таңып тастап, үрпіңізден жүгіртетін қарақұсы бар шиді әпкеле жатқан да, өз-өзіңнен оһо - һолап боздай бастайсың! Қастан шықпағыр - ай, құлындай шыңғыртып,— әлгіні бойлатып салғанда шанышқан ашуы тас төбеңнен, миыңнан шығып, шыңғырған үнің тақ құдайға жетеді! Оны бір көрсең, өзіңе – өзің - ақ тез өлім тілей бастайды екенсің. Қой! Қой! Ауызға алма деймін! Мүттемге атама, қара кәпірді! — деп, Құлайғыр сөзін аяқтата кеп, жағасын қос қолдап басты. Керімбек бұл сөздерді таңырқамай, томаға-тұйық отырып тыңдады. Ынта беріп, таң көргісі келмейтіні байқалады... Тек, сол естігендерінің шамырқандыруымен өз ішіндегі ауыр ойы қозғалып, «мына жатып қалғандар не болар екен?» деп қамауға түскен өзінің анық жанашыр көңілдесі Қарымсақтың жайын тесіле ойлап еске алды. Ойындағы жалғыз ол да емес, өзіне таңылған жалалардан ақтала ма жоқ па?! Егер оның бәрі мойнына зорлықпен артылса, алдыңғылар киген кебенекті жазбай өзінің де киетінін ұғынады. Құлайғырдың ренішіне басу айтып:
— Кебін кимей, кебенек киген екенсіңдер, келдің ғой?! Ылайым, түбі қайыр болғай! — деді. Құлайғырға егжей - тегжейлі оймен көңіл бөле көз салып, біраз отырды.
Үй ішінде бұл отырғандардан өзге Керімбектің Мұхамәди деген інісі бар болатын. Орта жасқа келген, салқын оты бар, сарықоңыр көзі болжамды қабақ астынан байыппен қарайтын, көбінесе үнсіздеу жүретін адам. Және бұлардан басқа жанашыр, жақын дегеннен Мамырбек дейтін жиен жігіт бар.
Керімбек Мақсұтқа мол кеудесімен енді бұрылып:
— Иә, не хабар бар? — деп дағдарып сұрады. Бұл отырғандар ортасында неше күннен бергі сөздің бәрі көбіне осындай, қысқа және мұңы аралас болушы еді. Ақыл, тағаттан гөрі, іш жиғызған күдік, үрей көп. Тырс еткен дыбысқа барлығы да елең еткендей.
Неше күндер бойында кескінінен бір қалыпты түнеріңкі ой белгісі көрініп, неге болса да сабырлы санамен көніп бекінген Керімбек, ойы ауыр, ел-жұртқа абырой, беделі осы мінезділігінен көрінетін кісі. Сол мінезіне тон барша тілек-талабы да, ел алдында оның ескерілуге лайық бірден-бір орны, бедел - салмағы болып білінетін. Соны, әсіресе, мына отырғандардай бала бауыр ағайын болса, өзгеден гөрі де анағұрлы жақын ұғып бағалайды. Осындай әкесінің сұрағына Мақсұт сәл үндеңкіремей тосылып отырып, Әбдірейімнен естіген жайсыз хабарды білдірді.
— Не хабар болсын!.. Қарымсақты дүреге жығып, орнына сүйреп апарып тастағанын естіп қайттым! — Бұл сөзге бірден ешкім жауап қатпады. Керімбек бір нәрсе айтпай жатып үн шығаруға өзгелер батпаса да:
— Жігіт Әзіретәлінің қылышына өзі ұшырайды,— деген ғой. Қарымсақ пен Арыппай — екі ердің, екеуінің де өздері тілеп кеп кіріп отырған жері ғой,— деп, бұл сөзге Мамырбек араласты. Өзі Мақсұтпен құрбы болса да, сөзді сұңғыла үлкендерше қозғады:
— Енді өкініп, күйінгенмен іс бітіп, ине шаншылды. Ендігі сөз — достыққа теңдік керек. Қарымсаққа батқан таяқ дәл сондай боп өз етімізге бататын көңілмен ұғайық. Қалған әңгіме, сөз соның жұмысына күш салып бағу. Ер керегіне жарарлық жүрек жолы кең ағайын екенін өзге күн емес, осындайда білейік.
Сөзін Мақсұтқа қарап айтқан Мамырбек қабағы түксірейген, үш жағы иірілген қоңқақ тұмсықты, бір көргеннен естен кетпестей оқшау нұсқасы бар жас. Ауыл өзін жас күнінен Мамыртай деуші еді. Мақсұт сол әдетпен үлкендерге ақыл салғандай:
— Біз Мамыртай екеуміз бүгін бастыққа тағы кірейік. Әнегүнгі арызға не жауап болатынын біліп шығайық, не десе де ұғайық,— деді. Өзі орнынан тез көтеріліп тұра берген. Дәл осы уақытта сырттан дабырлай, қатқыл сөйлеп кеп, екі полицей есіктен кірді. Салақтаған қайқы қылышы бар тымырайған полицейлерді аяқ астынан көргенде, жұрттың бәрі де сасып қалды. Әсіресе Құлайғыр кірерге тесік таппағандай. Олар қазақша балдыр тілмен Керімбекке:
— Сен сұрақшыға жүреді! — деп есіктен кіре әмір ете бұйырды. Үйіндегілер үнсіз қимылдасып, Құлайғырдан өзгесі тегіс тұрып киіне бастады. Мұхамәди көзі ойдан босамай, бір сәтте жүдегендей болса да, Керімбектің бұндай шақта ешкімге айтар жұбату сөзі, айтқызары да болмаушы еді. Қайыспаған, қайта ширығып өрлегендей кескіні болатын. Сенетіні — қысым, зәбір көрумен келе жатқан өршіл жүректің зорлыққа көнбес, ішкі қуаты сияқтанатын.
Сұрақшы Керімбекті белгілі қылмыстарға қалай да мойындату үшін бір талай айла-шарғы ойластырған тәрізді... Ол үшін Арыппайды жықпай болмайды. Керімбектің інісін бұлар жай ғана есер, ала бүлік деп білмейді. Оны өзге қазақпен салғастырмай, басқа көзбен қарау керегін полиция қауымы енді ұққан. Күннің күнінде қолына түссең, басыңды оңға қаратпай кесетін «осы» деп біледі. Сондай Арыппайды бүгін таңертең сұраққа тағы әкелген. Мамозы бұл жолы да ұрланған мал иесі ретінде көзі ақшиып сұрақтың ішінде отырды. Арыппайдың Абдолланы әкелтуі Мамозының одан сайын қанын қайнатқан. Ол өзі жіберген Хойылдырдың көзге түсіп қалғанын, ұрлық аттардың Абдолламен бірге келтірілгенін әлі білмейді. Әнеугүні Арыппай сұрақшыға Абдолладағы аттарды алғаш баулап айтқанда Мамозыны әдейі сөзге қоспаған. Сол себептен маңдайы тайқиған Мамозы екі аттың көзін бұлардан бұрын құртамын деп, сол ойына сеніп малданған. Ат құрыса «жалған жала жапқаны үшін» Арыппайдың өз көзін де бірге құрттырармын деп өрісін кеңге салған. Қазір енді өзі қанша мығым сияқты көрінгенмен, Мамозының бір нәрседен қатты күдіктеніп жүргені анық. Еті ашынған Абдолла шынтуайттап, қызба табанға келгенде, ыза долылықпен бар сырды ашып айтып жіберсе, ол бір дуан елдің үлкен қызметкері Мамозы үшін өліммен тең. «Ұрлыққа, парақорлыққа аса қатал қаpay деп шығарып қойған үкіметтің заңы бар. Биыл 1943 жылдың жазында Шыңжаң өкіметінің бас штабын билеуден бас тартқан Шың-ши-цэй өзі кеткенмен, оның тағына қонған У-жың-шың сол Шың-ши-цэйдің әйгілі алты жарлығын мықты мұрагер ретінде мызғытпай, тіктеп отырған адам. Егер жаңағыдай боп, Абдолла белгілі екі атты өзіне Мамозы алдыртқанын ашса, онда ол Мамозымен болатын тартыста мұнан былай бір жола бетті ашыққа салады. Қарымсақ туралы бар кінәні Мамозыға артып бел буып, бет тақасқан куә болады деген сөз. Сұрақшы алдында Мамозының шынайы қас адамы Қарымсақты ақтайды. Онда ат иесі — Әлидің де ісі Мамозымен болады. Міне осы сияқты кер толғақтармен, кепе буғандай буылған Мамозының бар мазасыз ызасы қара бұлттай түйіліп кеп қазір көз алдындағы Керімбек пен Арыппайдың басына көшкен. Керімбектен ала алмаған өші болса оны да осы арқылы шешпек. Арыппайды сұраққа келтірер алдында Мамозы өз тарабынан тағы бір оқиғаны сұрақшыға көлденең арыз еткен. ...Осыдан үш жыл бұрын Мамозы қартайған әкесі — Мадаңзыны бір жаз шерудің жайлауына шығарған. Қымыз ішіп, жайлау жайлап қайту үшін жіберілген шал-кемпірге Мамозы өзінің екі-үш кішкене баласын да қосқан. Мамозымен араздығы сол тұста басталған Арыппай сонда тағы бір оғаш іс істеген. Мамозының әкесі баяғыда шапанын иығына салып, жалғыз таяғымен келген Мадаңзы бұл уақытта Мамозыдай баласының бектігін пайдаланып айнала маңына, жалшы - малайларына өте тынышсыз бола бастаған. Жылдан-жылға маңайына қаталдық көрсетіп, көрші - қоңсыға әкім ғыла сөйлегіш, мазасыз, көк айыл шал болып алған. Бірде ол кейін шеруге көшкен егінші дүңгендердің бірінің үйіндегі жалғыз тәуір кілемге көзі түседі. Сол дүңген Мамозының өз малайы екен. «Егіннен жақсы өнім алмадың. Күш-көлігімнің майын зиянына кетірдін» деп, Мадаңзы бүлік шығарып, соның бодауына өзі қызыққан кілемін тартып алады. Арыппайдың жолдасы — Әли сол кілемді Мадаңзы жайлаудың жайлы түнінде, далада жатқанда астына төсейтінін көрген. Екі жігіт кешкі мезгілде сол тұстан өтіп бара жатып, ойында ешнәрсе жоқ Әли Арыппайға кілем жайын сөз еткен. Мамозыны қайтсем мұқатамын деп жүрген Арыппайға жолдасы Әлидің бұл сөзі еп келеді. Арыппай сол күннің түнінде - ақ атқа мініп, малды ауылдың иіс-қоңысынан аулақ қонған жотадағы жалғыз қос — Мадаңзыға жетеді. Айтқандай-ақ, Мадаңзы төсекті қостың алдына, әдемі көк жазаңға салдыртыпты. Иті жоқ үйге Арыппай атын тақау кеп байлап, аяғын мысықтай басып жеткенде, шал ұзын ақ сақалы ай сәулесімен күмістей жарқырап, шалқасынан қатты ұйықтап жатқан екен. Қорылдап, қалың ұйқыға кетіпті. Мадаңзының кейінгі алған жастау қытай қатыны да рахат ұйқы әуенінде сияқты. Балаларды екі орталарына алып жатыпты. Арыппай басбағып кілемді көріп алған соң, аяғының ұшынан басып шылбырын шешіп әкеп кілемнің бір жадағай бұрышына шалып байлайды. Сонан соң сулығынан сақ ұстап, атты жетектеп келеді де, шылбырды тақымға басып еңіске қарай тебініп, ұра жөнеледі. Шырт ұйқы үстінде жатқан орындарынан ақтарыла төгілген балалар мен шал - кемпір, тіпті өздеріне не болғанын да ұға алмай, естерінен тана, ұлар - шу болып қалады. Қытай әйел талып түсіп көпке дейін есін жия алмайды. Кейін сол әңгіме тағы бірталай дау болып, Мамозы «мұны Арыппайдан басқа ешкім істеген жоқ, інісіне Керімбек істетіп отыр» деп арызданады. Күре полициясы төтенше бұйрық жазып, Мамозыны қолдап, аяғы және ұлғайып бара жатқан соң, Әли «оны істеуші мен» деп қарсы дауға шығыл, сөз бетін бұрып әкетеді. Бірақ соның кегі Мамозы кеудесінен әлі өшкен емес-ті. Биылғы жылда қиюсыз келіп Арыппайдың атын аударып әкетуде де Мамозы сондай қым-қиғаш өштіктен бір сәт арылмаған. Арыппай сұраққа отырғызылар алдында сұрақшыға бүгінгі Мамозы арыз еткен ескертпе сөз осы еді. Осы істі кезінде өзі тергеген сұрақшы Мамозы есіне түсірмесе де, шеру руымен болған дау-дамайлар шылбыр шыжымына дейін бұның зердесінде жатқан.
7
Арыппай бүгінгі сұрақтың өзгеше екенін кіргеннен - ақ байқаған. Есіктен бұл кіргенде сұрақшы осының келгенін күтіп, тігіле қарап отыр екен. Екі полицеймен айдап кіргізілген жауапкерді босағадағы айыпкердің орнына отырғызбастан жатып, жендет көзбен шаншылып:
— Мады қы пи! Сен шыныңды айтасың ба, жоқ па?! Заңның шешімі бұл саған Керімбек істеткен қылмыс! Осыған мойындаймысың — жоқ, дәл қазір менен бірнеңе көрейін деп отырмысың?! — Соныңды айт! Үстелдің бетінде қалың қамыс палақ жатыр. Кернеуге әдейі шығарып, дүреге сайлап қойған. Арыппай ә дегенде сөзді дәл қалай бастарын біле алмай, жауқабақтанып тығылып тұрып қалды. Шөкелеп түсіп, шапқалы жатқан арлан тағыдай бұның жарты ауыз сөзін ғана аңди, қанын ішіне тарта қадалған сұрақшыға қалайда бір жауап айтуы керек еді. Күттірудің өзі қиын сияқты. Алғаш сәл тығылып, тоқталып қалғанында өзі қошқылдау жігіт лап еткендей, онан сайын күреңітіп кетіп:
— Мен бұрынғы айтқанымнан басқа ешнәрсе айтпаймын. Мына басымды қазір алдырсаң да,— деп полицей асынған қылышты қолымен меңзеді,— айтарымды айтқанмын. Мен мұны істерде қасыма Керімбек дегеннің көлеңкесі де келген жоқ. Бірақ мұны істеуші өзім болғанмен істетуші басқа себеп. Әлі бәрі де ашылады,— деді тайсалмай. Сөзінен ойда жоқ бір жаңа сыр ұшығын аңдатты.
Үнінде айтса айтқанындай «басын алса да» осы сөзінен аумастай иланым бар. Сұрақшы бұл жауапқа бөгелгендей болды.
— Не дейсің?! Істетуші өзге біреу бар ма? — Оның тіміскіленгіш көкейі тағы бір бірдеңенің исін сезгендей, кенет тесірейіп, таңданып қалды. Енді бұрынғыдан да шыдамсызданып, жан - алқымға ала жауап сұрады.
— Кәні, олай болса осы сөзіңе дәлел айт!
— Менің мұны істеуіме ең басты себеп, олай болса, тап осы, мына отырған Мамозы мырзаның өзі! — Арыппай бұл жауапты сонша бір отты кескінмен көзі шоқтай жанып бастады. Уездік үкіметтен шақыртылған жүйрік тілмаш та қақылдап Арыппайдың айтқанын айтқандай қағып алып, жеріне жеткізе, қадап аударады. Орсақ тісті дүңген жігіті кірпігін жыпылдата қағып, бар ынтасын екі жақтың сөзіне кезек салып, полицейлердің бергі жағында қаздиып тік түрегеп тұр. Арыппай жауапкер өзі емес, бұның алдында Мамозы айыпкердей, жаңа бастаған сөзі үстінде өткір де суық қабақ астынан аналардың өздеріне сұрау бергендей сөйлеп:
— Заң ұрлықты тиятын болса, ең алдымен өзгені емес, мына отырған Мамозы мырзаның өзін тыйсын, олай десең! Бұл істі мен, біріншіден, Мамозы мырзаға өз өштігім бойынша істедім. Екіншіден, бұның істелудегі ең негізгі көзі шеру ішіндегі анау егінші дүңгендер... Абдолла ақалақшы алдырған екі атты олар Абдолланың өзі емес, мына Мамозы досының әрекеті деп, болған шындық бойынша біледі. Анығында Мамозының айтуымен алғаны тайға таңба басқандай айқын. Мың жылқысы бар Абдоллаға өзінің жалғыз қара бурыл атын ұрлатып, отырған дүңген жігіт — Әли — Мамозы мырзаның бұрыннан өштескен, қатты араз адамы. Сол себепті Мамозы Абдоллаға қолқа салып, оның жалғыз атын алғызып отыр. Менің бұл ісімді, күні бұрынғы ақылдасуымыз бойынша, артқы жақтан қуатын сол дүңген жолдастарым бар. Мен Мамозы биесіне, міне, осындай себептен ұрындым. Бар әрекеттің барлығын ашу үшін осылай соқтықпасақ болмайтын болды. Қылмысты өзіне орай қылмыспен ашу үшін істедік. Етсіреп істемегенім айдай әлемге аян. Бұл мәселе әлі нәшәндігіңнің алдына да түседі. Дүңген кедейлері өздерінің бұл намыстары үшін ояздың өзіне де бара алады.
Сұрақшы кенет тоқырап, ап-ашық тежеліп қалғандай, Әлидің жайын бұл әрине, о бастан жақсы біледі. Ана жолғы Мамозы қолынан өлген баласы дауында бірталай ырғасып, мінездес болғаны бар. Бұның сыртында осы Әлилерге табиғи, солардың ізденулеріне бел шеше кірісетін, жоғарыға жолдайтын арыздарын жазып отыратын бір қытай адамы да бар. Полиция мекемесі қазір соған асқан сақтықпен құлақ түріп, неше жерден астыртын тыңшылар қойып отырған. Әлидің бұрынғы дауында да ат салысқан сол жансыз екені еміс-еміс Күре уезі ордасының да құлағына тиетін. Сұрақшының көзі енді тек бір ғана нәрсеге толық жете алмай отыр. Екі атты Мамозының ұрлатқаны анық рас па, жоқ қаңқу ма? — Сол. Егер ол шын болып шықса, онда сұрақшының бұлтақтатар жері қалмайын деп тұрған. Дәл солай болған жағдайда Әли дауға күні ертең жиырма үй дүңгенді түп көтере бастап кеп кірісуден таймайтын адам. Сұрақшы бұл тұста қыбылжып қалған Мамозыға қиғаштап жіті көз салып өтті. Соны сезген Мамозы шыдай алмай Арыппайға қарап қазақшалап жіберді.
— Ей, хауарыш! Сен өзің не тантып отырсың! Солардың айтқан сандырағы бола сала ма екен! — Тілмаш Мамозының сөзін қытайшаға аударды.
«Хауарыш» деп қашырды айтатын).— Немене, сен сонда біреудің малын апарып сойып тастағаныңды да қылмыс деп білмеймісің? Ал ана момын Әменді не жазығы үшін арандатасың?! Жемеген болсаң, қалған ет қайда? — деді сұрақшы.
— Менің оным қылмыс екені рас. Бірақ сол қылмыс неге... неге істелді деп отырмыз. Ал Әмен болса Мамозы мен Абдолланың ұрлық атын жасырған. Мен бұны тіпті өз өштігім, кешпес кегім үшін істегенімді айтпай-ақ қойғанның өзінде, анау дос дүңгенім Әли үшін жасаған әрекетім болғанның өзінде де, Мамозы мырза жасатып отырған екі аттың ұрлығынан әлдеқайда жеңіл әрі, негізді қылмыс. Өздері тозып біткен жиырма үй тақыр кедейді бала-шағасымен аяусыз сорлатып, ортасындағы егін айдарлық іске татыр екі атын бірдей алған соң, сонша қатыгез, тасбауыр қастыққа орай біз де безбүйрек болғанымызды жасырмаймыз! Сойылған биеден өзіме түйір ет алғаным жоқ. Әмен менің алмақшы болып жүрген қалыңдығымды өз інісіне аударып алып бергелі отырған адам! Сол үшін биені бір сайға апарып сойдым да, керегімді алып, қалғанын тастадым.
Арыппай сақтық үшін биенің ішек - қарны мен сирақтарын бір сайға апартып тастаған. Көрем деуші болса қарға-құзғын өзі-ақ тауып береді.
— Атты анық Мамозы мырза алдыртқанын немен дәлелдей аласыңдар? Егер осыларың жала болса, ең әуелі осы отырған жерінде Мамозы төренің өз қолынан аяусыз жаза тартуыңа бұйырамын!
— Оны аман болса, Абдолланың өзі-ақ мойындайды. Әнегүні үш сақшы менімен бірге барғанда, Мамозы мырзаның Абдоллаға «Аттардың көзін құрт» деп, сіз бен бізден жасырын шаптырып жіберген кісісінің үстінен түсті. Жібергені Хойылдыр деген сібе екен. Отырысына қарағанда, Мамозы мырзаның өзі де оны әлі білмей масқара болса керек!
Арыппайдың бұл сөзі Хойылдырға сонан бері кездеспегеп Мамозыпың төбесінен жай түскендей етті. Айла-тәсілмен ғана көз ашқан сұрақшы Хойылдырды Мамозыға әдейі кездестірмей, жеке қамап отырған. Жаңа сұрақшы сөзінің тұсында іштей көтеріліп қалған Мамозы қазір біржолата үміті кесіліп, өзінің шын тотиғанын бір-ақ, аңдады. Абдолладағы екі атты сұрақшы ең алғаш айтқанда, айлагер Арыппайдың Мамозы жайлы сырға әдейі соқпай, айналып өтіп, аржағын бүркеп қалғаны енді ашылды. Міне, аттар қолға түскен соң, аш бүйірден садақ оғындай қадалған жігіт бар сипатымен бір-ақ білініп отыр. Сұрақшы сол жайды бүгін енді қайта еске алды. Біраз үнсіз қалып, көзін сығырайтып, маңдайын тырыстыра ойланып бәрін қайта шолды. Бұған ешқандай дауа жоқ, айла - шара жүрмейтін қазақ екенін қазір білгендей анық мысы құрып шаршап та отыр. Егер бұлай боларын білгенде, Мамозы Абдоллаға тізгін ұшымен өзі шапса да, екі аттың көзін құрттыратын еді де, сол аттарды тауып бере алмағаны үшін «әрі ұры, әрі жалақор, барып тұрған бұзақы» Арыппайды су түбіне батырған болар еді! Мамозы қазір айтар сөзі қалмағандай түтігіп, қап-қара боп кетті. Түкті жүзі бүйінің бозғыл, қылау басқан жотасындай үрпиді. Арыппай мен Әлидің бұл әрекеті бұрынғы ескі дауға қосыла даулануға бет алып отырған қомақты шағым арыздың жаңғырығы болатынын тек айла-амалмен көз ашқан сұм сұрақшы жазбай ұқты. Бірақ жауапкерге сыр берген жоқ. Қайта бұрынғыдан мығымданған кісі боп:
— Бұл айтқаныңмен қайда барам деп отырсың?! Осы қансыздығың үшін әлі қолақпандай сыбағаңды тартасың! — деді томсырайып.
Алғашқы дүре соғу райынан амалсыз басылып қалған сыңайын осы мінезге жудырмақ болып отырған дағдарысын Арыппай да жазбай аңдады. Әрі «бұл істі саған Керімбек істетті» деген жалақордан өзінің енді анық тазарып құтылғанын сезді. Сұрақшы Мамозыға таңданып көз салды. Бір ғажабы тегінде осы екеуінің сырты ынтымақты болып көрінгенмен, жас мырза сұрақшы Мамозы «тамырының» үйіне бір жолы мейман боп барып қонғанда арақтың қызуымен оның бой жеткен қызына түнде қол саламын деп оңбай ұсталғаны бар-ды. Мамозы оның алдында өз беделін жоғары қою үшін қытай жігітін үндемей аттандырып салған болса да, сол нәрсе бір жылдан бері бұл екеуінің ортасында едәуір бетке шіркеу болып қалған. Екеуі бір-біріне батып өте алмас, сондай шекара бар еді. Қазір екеуі де бір-бірін ішпен білісіп үнсіз қалды. Енді сұрақшы бүгінгі қалған сөзінің аяғын тілмәшқа аудартусыз, қасындағыларға сала айтып, бірдеңе деп кеп ең соңында:
— Мады қы пи! — деп янаттап, Арыппайдың көзіне зейін сала қарады. Қазақта мақұлық жайын адамнан артық ұғатын атбегі, құсбегі сияқты сыншы саятшылар қасқырдың ұядағы күшігін алғанда тегіс көзіне қарап отырып, ішіндегі өлтіруге қимаған көзі оттысын тірсегін қиып қалдырып кетеді, демеуші ме еді. Тап сол сияқты сұрақшы Арыппайды да қазақтың бір тұқымын қырағы сынаудан өткізгендей, зерттегендей қарады. Өзінің нәсіл, тегі басқа, өзге бір жұрт өкілі болып, соның қиырынан сергек барлап отырғандай болған.
Бұлар осылайша тартысып, арбасумен болып жатқанда, екінші жақта бастыққа Мақсұт пен Мамыртай кірген болатын. Тегінде, полиция мекемесі мен үйездік үкіметке кім болса сол кіре беруге болмаушы еді. Гоминдаң үкіметінің барлық жерлеріндегідей Күредегі үкімет орындарының бәрі де тек қорған ішінде. Қазақтар «сейпіл» немесе «Жамбыл» деп атайтын бұл қорғаннан ішке қарай кіретін түстік бетте жалғыз ғана «ұлы есік» аталатын қақпа бар. Сол қақпаның аузына тапжылмай қарауыл, күзет тұрып, осындай арызбен келген қазақты ғана ішке өткізеді. Қорған ішін осындағы үйездік үкіметке қарасты: полиция, сот және ұйғыр тілімен «бәжі идарасы» деп аталатын алым-салық мекемесі сияқты, барлық үкімет орындары мен бүкіл осы үйездік штабтың әскерлері бекініс етеді. Үкімет халық бұқарасымен осындай қорған ішінде бекініп жатып қарым - қатынас жасайды... Биіктігі екі жарым метр, үстінен үш әскер қатар жүре алатын жалпақ, соқпа қамалдың төрт бұрышында «ботай» деп аталатын қарауыл, күзет жай бар. Ал Күренің тұрғын халқы ұйғырлар мен өзге ұлттар сейпіл сыртында, өзінше жеке қалашық болып өмір сүреді. Енді осындай шекарасы берік, қатал Күреге істі болып келген қазақтар түсі өгей, тас босаға, тар есіктің қармауында қалады. Мақсұт пен Мамыртай сыртқы қақпадан аттарын тастап кіріп ең ауыз жақ шеттегі полиция мекемесіне келді. Енді сақшының өз қақпасындағы күзетшіден тағы өтіп ішке кірген. Бастықтың алдындағы «кәтіп белім» дейтін хатшылық бөлмеде келген-кеткенді ай - күні, аты-жөнімен мұқият тіркеп жазып алып, кіргізіп - шығарып отыратын хатшы бар. Мақсұттар алдымен осы дүңген қызметкерлерге кіріп, бастыққа сол арқылы өткен. Кең бөлменің дәл төрінде, ашылған есікке тәкаппар қарап, семізше келген, сәл келте мұрын сұлуша қытай отыр. Есіктен «хау ма»14 — деп қысқа қайырып, амандасып кірген бұларға «отыр» деместен, үнсіз, нығыздана қарап екеуін сол бойларында тұрғызыңқырап барып:
— Фәйі15 бос емес,— деді тілмәш жоғын сылтау етіп. Теңдік тілеп, теңескісі келіп жүрген — соқыр дәме жігіттерді сол ізімен қайта қайтарғысы келген. Ол сөйте тұра бұл жас жігіттердің екеуінің де түр - түстерінен әлдебір ішкі сәулесі бар, қайсар жандар екенін қалт жібермей барлады, Мамыртай сәл бөгеліп:
— Тақсыр, осында тіл ұғатын адамдар бар емес пе! — деп қабағын түсіріңкірей, томсырайып тіл қатты. Қайтпастай, өтініш белгісін танытқан.
Осы кезде есіктен қолына бір қағазын алып, Әбдірәйім кірді... Босағада состиып тұрған қазақ жігіттерге ол таңырқағандай... қарап та қойды. Мақсұт бастыққа кірмес бұрын Әбдірейімге алдын-ала жасырын жолығып алған. Ли-жүйжаң өз орынбасарына бірдеңе деп, енді бұл екеуін аяқ жақтан отырғызып қалды да, бұлардан Әбдірәйім арқылы жөн сұрағанда, Мақсұт полиция бастығына барынша сенім артқан, төрешілік күткен нұсқамен орнынан тік түрегеп:
— Құрметті Ли-жүй жаң,16 сізден әнегүні әкелген Қарымсақты ақтайтын қағаздарымызға қазылық тілеп кеп едік,— деп орнықты салмақпен тілек білдірді.
— Ол жайлы сендер жазған арыздағы куәліктен гөрі ана Мамозыны қолдайтын көп инабатты дүңгендер жазып түсіріп отырған арыздың айғақтығы да кем түспейді. Оларды қазақ соққыға жығып, сабаған. Бүлікшілдікте кімдікін дұрыс деуді тілейсің?
— Онда тап солай салыстырылып, тексерілетін болса сол жанжалдың шығуына түпкі себеп не? Мысал үшін, тіпті біз Мамозының ол жердегі алдымен орынсыз қамшы жұмсағанын да қозғамай-ақ, айтпай-ақ қояйық. Мамозыны осыған жығынды ететін жанжалдың соның өзінен басталғанын мүлде сөз етіп, дәлел қылмайық. Сонда бұл оқиғаның ең басы Мамозы мырзаның өз кесірінен болып шығады. Мамозы біздің қазақтың шетіне көшіп барған аз үй кедей дүңгендердің екі атын өштікпен ұрлатып отыр. Әли дейтін дүңген мен Мамозы екеуінің бір-бірін атарға оғы жоқ, өте араз адамдар екенін сіздер де жақсы білесіздер. Абдоллаға Мамозы алдыртқан сол екі аттың біреуі осы Әлидікі. Бұл түп негізінде соған байланысты әрекет...— сөз осыған келгенде бастық бөліп кетті. Ол мына әңгіме жайы қозғалғанда аңырып қалып:
— Ал онда Мамозының биесінде қазақтың не шатағы бар? — деді Мақсұттың тақылдап тұрғанын жақтыртпаған көзбен ішіп-жеп қарап.
— Биені алушы Арыппай мен аты ұрланған Әли екеуі кеңілі жақын жолдас, дос адамдар. Бұл істің барлығын сол екеуі істеп отыр.
— Осының барлығына көзің анық жетіп айтып отырмысың? Егер бір жерінен желбуаз, шикі сөз шықса, ақтап алғалы жүрген адамыңның қасына өзіңнің де барып қалатыныңды күн бұрын ойладың ба?!
Бастықтың көз жеткізе түскісі келгені шалынып қалды. Бірақ соның өзін сездірмей, қоқан-лоқы қылып сұрайды. Сескендіріп, шайлықтыра отыру полицей атаулының ата кәсібі... Бұл жағынан келгенде әу баста барлығын бір үйге жинап алып бірінің аузына бірін түкірткізгендей.
— Онда күйсем өкінбеймін. Екі атты Мамозының алдыртқаны туралы осында жатқан Абдолланы тергесеңіз де көзіңіз жетеді.
Ли-жүй жаң бұл жағдайдың өзге даулардай бір ғана желіні қуған дау-дамай емес, түп байламы соқталы, шырма - шату тартыс екенін қырағы бағып аңдап қалды. Байқауынша кедейлер «сен қазақ, сен дүнгенсің, сен ұйғыр, сен қытайсың деместен жік қосып жүрген сияқты. Іші сезікшіл Ли-жүй жаң мұның түбі жаман, өте жаман пиғылға соқтыратын құбылыс екенін бірден сөзді. Және Мақсұттың мына айтып отырған сөздеріне қарап, осы әрекеттің ішінде сөзсіз бұның өзін де бар деп білді. Кенет ол қарсы алдындағы жігітке асқазанының басында май кілкіріп тұрған адамдай, тыржиып қарап, осының өзін тергей бастады.
— Үкімет сені оқытқанда не үшін оқытты? Ұлы басшымыз Шың-ши-цәй саған мектеп ашып беріп, тау - таудың қуысында жүрген жеріңнен ұстап әкеп, білім үйреткенде ел ішіндегі дауды бастап, арыз қуала деп «жанашырлық» етіп пе еді?
Бұл сөзге Мақсұт қапелімде дәл не деп жауап айтарды білмей тежеліп қалды. Шыңжаңдағы өзге де аз ұлттардай қазаққа да өз тілінде мектеп ашқызып, советтік Қазақстанмен зор мәдени байланыс жасатушы Шығыс Түркістанда алғаш рет Шын-ши-цәй болғаны рас, 1933 жылы таққа отырғанда өзінің әйгілі алты ұран, жарлығын шығарып, «Ұлы шора үкіметі — Советпен дос болуды» ашқан. Мақсұт өзі оқыған, Құлжадағы «Білім жұрты» дейтін өз уақытының үлкен оқу орны болып отырған мектеп соның жемісі екенін біледі. Ол биыл оқуды ойдағыдай тәуір бітірген болса да, губерналық қала — Құлжадан көрсетілген зәру қызметтерді биылша алмай, өз еліне сұранып келіп, шеру ішінен алғаш рет мектеп ашқан болатын. Бірақ мұнда көп мән бар. Ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты аз ұлт жастарынан Құлжадағы сол «Білім жұртын» қай жерден кімдер оқып бітіргені, оның қайда, не қызмет істеп жүргені, әрқайсысы өз үйездерінің басшысы мен полиция төрелерінің айрықша тізімінде, ерекше есепте тұрушы еді. Ол да Шың-ши-цәйдің аз ұлт жастарын оқытумен қатар қосалқы етіп, ерте ойлап тапқан жат пікірлі шарасы болатын. Бастық тағы сөйлеп:
— Сен биыл еліңе анық мектеп ашу ниетімен сұранып келгенің рас болса, Мамозы сияқты үкімет адамының үстінен арыз топтастырып жүруден гөрі, дәл осы күндеріңнің орнына, өзіңнің анау көп «ізбасарларыңды» даярлап жатқан болмас па ең? Үкімет бұйырған қызметті істемей, еліңе келгендегі мақсатың, пайдаңды балалардан гөрі басқара... тигізу үшін жан салып жүргенің ашылды және сендей адам баланы үкімет күткен талаппен оқытпайды! Өзіне мұрагерлер егу үшін уағыздайды. Сендерге үкімет бүлікбасы жетілдіру үшін мектеп ашқан жоқ! — деп аз іркіліп жүдемелетіп және сөйледі. Бастықтың аса кекті адам екенін білетін Әбдірәйімнің өзі де сасайын деді. Құлжа «Білім жұртында» үш адамнан құрылған құпия «Тау түлегі» ұйымының жасырын мүшесі Мақсұт та өз-өзінен қуыстана бастады. Әлдеқалай содан бір сыбыс сезген бе деп секем алып қалды.
— Дүңгендердің арызында, міне, «Арыппай деген бұзақы бар» дейді,— деп полиция -бастығы сөзін жалғай түсті: — «Сол інісіне бар істі істетіп жүрген — Керімбек!»
Осы айтылып отырған әрекеттің барлығы анығында тек Керімбектің ғана қолынан келеді. Ойласа ой шатасқандай шытырман амал-айланы жас адам Арыппай тапты деуге сыймайды. Тек Керімбек пен оның оқыған, маслихатшы баласы дәл сенен, осы екеуіңнен деп білеміз! Бастық бұл тұста шынайы ашуға мініп, үні ыңырана шығып, балдыр-бұлдыр етіп демігіп сөйлейді. Бұрын іс көрмеген Мақсұт не дегенмен қорқа бастаған. Шындаса, көп полицейдің біреуін шақырып жіберіп, әзір - ақ қамап тастауға зәрі жетеді. Ли-жүй жаңның мына айтып отырғаны бір жағынан жаны бар сөз секілді. Анығына бақса, Керімбек осы оқиғаның тууына түптей себепші адам. Оның «Мамозы мен Абдолланың арасын ажыратпаса, Мамозы шеруді жегенін қоймайды» деген көпке мәлім уағызы бар. Әуелде Арыппайдың құлағына сол үгіт сіңісті болған. Қайткенмен сақ Ли-жүй жаң сондай бірдеңені шамалап, біліп отырғандай. Бұл тұста сөзге Мамыртай араласып еді. Бастық пікірі Мақсұтты ашық бәлеге шата бастап, жаңағыдай жебелеп, тықсырып аяқталғанда, Мамыртай қара елтірі тұмағын басынан алып, оң жақ қолтығына қыса бере:
— Уа, тақсыр, біз енді бір жапырақ қағазымызды жаздыру үшін, көз алдымызда бұл құсаған хат білер туысқанымыз тұрып, басқа қайда шаппақпыз?! Біз сабылып жатқанда сен тыныш жата тұр деп қай қазақ бұны үйге тығып қоюшы еді? Мына біз сияқты ентелеген ағайын бұны осындайда қолқаламасақ туысқан болғанын қайтейік! — деген.
Ли-жүй жаң бұл сөздерді Әбдірейімнің әдемілеп аударуымен жіті тыңдап шығып:
— Бұл езеуірек Керімбектің тағы кімі? Несі? — деп соны шұғыл сұрады. Бірақ дәл осы уақытта есік қағылды. Бастықтың есігін бір батыл қолдың жүдемелей тықылдатып, жасқанбай қаққаны байқалды. Ли-жүй жаң «бұ қайсысы» дегендей басын серпи көтеріп алған. Ызғарланып:
— Ләй-Ләй — деп өзелене дауыстады. Бөгелмей есік те ашылды. Тұр - нұсқасы қазаққа да, қытайға да келетін, сопақша, қатпа бет ұзын кірпігін жалп-жалп қаққан бір адам кіріп келе жатты. Тәкаппар жүй-жаңның ашулы екенін байқаса да, қарсы қадала көз тастап, тайынбай келе жатқан ұзын бойлы, тарамыс денесінде жіті қимылы бар, қияқ мұртты жігіт атышулы Әли болатын. Соны көзі шала бере Ли-жүй жаң Әбдірейімге:
— Мыналарды қайтар,— деп ана екеуін өз алдынан тез сусытып шығарып жібергісі келді. Түсін суытып, қайта тілге келместей, өзгеріп алған екен. Әлидің келуі бұған жайсыз тигенін ұққан Әбдірейім асқақ бастығының құбылған түсінен жасқанып, Мақсұт пен Мамыртайды кідіртпей жылдам шығарды.
— Кел,— деді Ли-жүй жаң басқа сөз аузына түспегендей.
— Келдік,— деді Әли түрегеп тұрған күйі бастықтың «отыр» деуін күтіп. Полиция қожасы оған орын нұсқамаған қалпында:
— Бір Мамозыға қырық адам анталап келдіңдер ме? — деп біраз қадалып отырды.
— Қыңыр адам қырық адамның иегін жерге тигізе болдыртады! — деді Әли. Әли арызының мағынасы Арыппайдың жауабымен негіздес екені белгілі. Бұл арызда сонымен қоса тағы бір тың желі, арқау бар.
Әлидің қолында жасынан жетім өскен бір інісі бар-тын. Әлилер Мамозының егіншісі болып жүрген кезде осы қожайындары сол інісіне өзінің бір кедейлеу ағайынының қызын беретін болып, жаңағы жігітке 5-6 жылдай әлгі туысқанының егінін салдыртқан. Дүңген, қытай тілінде «шаң - гүң» (ұзақ мерзімді жұмыс) істеуге келіседі. Соқталдай бір азаматқа сол жылдарда соқыр тиын ақысыз, пұлсыз істеп бергенінің сыртында қыз әкесіне Әли де бір ат, бір сиыр беріп, сабаудай екі азамат — өздерінің тапқан-таянғандарын тірнектеп соған өткізумен болған. Бірақ соңынан бұлармен Мамозы арасында әр түрлі қиғаш қабақ, келіспестіктер бола келіп, ақыр аяғында белгілі үлкен жанжал туды. Әлидің сегіз жасар баласы шаңтасқа мініп жүріп, сусындап алу үшін бір тоқтаған кезде аттарды бос қоя салады. Артында шаңтасы бар екі ат қырман тағанында соғылып жатқан сұлыға жүре жайылып тұрып, әлдеқалай үрке жөнеледі. Қас пен көздің арасында шаңтасты шүйліктіріп ала қашады. Зіл-батпан ауыр шаңтас қос семіз аттың соңында ұршықтай үйіріле, зырқырап жөнейді де, көз алдыдан онша ұзаққа бармай-ақ аттың бірі мертігіп жығылады. Жамбасы сынып, дереу пышаққа ілінеді. Мамозы баланы қуалап жүріп шырылдатып сабайды. Қамшының топшысы жалаңбас сорлының еңбегінен тиіп, жас бөбек бірден сылқ етіп құлайды. Тіл тартпастан табанда өліп кетеді. Сол тұста Әли Күре полициясынан бастап үйездік үкіметіне дейін арызданып, көп сарсаң боп, ақыр дауынан нәтиже шығара алмай, дымы құри титықтап қойып еді. Әлидің Керімбек арқылы шеруге, қазаққа көшіп барғаны соның салдары болатын. Ал Мамозы болса бала дауының соңынан ерегіске өтіп, өз туысқанын Әлимен құдалықтан тиған. Сонымен барып Әли араға адам жүргізіп, Мамозыдан енді інісінің алты жылдық табан ақысы мен қолынан берген малын сұратқан. Бір емес, екі-үш қайта кісі салып, ақ адал малын талап еткенде Мамозы енді ашық зорлық егеске етіп біржола теңдік бермей кеткен. Тегінде, бұл құдалықтың өзі бір-бірін қыз бен жігіт өзді-өзі ұнатудан барып туған жақындық еді. Сонда да, ол Мамозы үшін әр жақтылы есеп құдалығы болуға жараған. Енді заң орындарына шағымдану үшін соның реті анық келген соң, Әли бұл жолғы арызға оны да қоса тіркеп, терең тамырлы дау қуып келген-ді. Жаңа Ли-жүй жанға Әли кірер кезде полицеймен алдырын Келген Керімбек те екінші жақта бүгінгі жауапқа енгізілген. Керімбек кіргенде сұрақшы алдынан қыры сынбаған Арыппай шығарылып, енді Әмен тергеліп жатыр екен. Керімбекті айыпты ету жолында Арыппайды қандай шырғалаған болса, Әменді де және сол Керімбек үстінен шүйлеп «інісі Арыппайға бие ұрлатып сойғызған, бар қылмысты істеткен Керімбек» деп қол қоясың деп қинауда. Осылайша бірінің артынан бірі қойдай тізіліп, шеруден әнегүнгі қырқай - матап әкелген жауапкерлердің барлығы да алма-кезек, сан-сапалақ тергеумен бір күнде неше қайта тоғысылып, үсті-үстіне сұраққа алынып жатты. Кейбірінің сыбыс боп, дүреленгені естіліп қалады. Момын адам Әменге тергеу жауабы үстінде орындық та бермепті. Есіктен кіре беріс, оң жақ босағада, едені кек кірпішпен төселінген тақыр жерде, қос тізесімен шөкелеп, көзі алақандай болып, жүгініп отыр екен. Тап, намаздағыдай болып өзі қолын да құлшынып алыпты. Өң-түс жоқ, әппақ қудай. Белгісіз көмек, жәрдем тіленген үлкен, бадырақ көзі сұрақшы бөлмесіндегілерге алақтап ессіз қарайды. Дүреге немесе әлдене қинауға жыға ма дегендей. Өз көңілімен еншілеп сондай бірдеңені қорқынышпен күтіп отырғаны білінеді. Керімбек бөлме ішін аңдай қарап кіргенде, Әмен сұрақшы жүзіне анық турадан көз сала алмай және мына кіргеннің де кім екенін қарап білуге мұршасы болмай, тек тілмашқа жалбарынышты, төмендікпен қарап:
— Олла-біллә! Інісіне ұрлатушы Керімбек емес. Сол үшін кеудеме құран ұрам тақсыр! — деп, безек қағып отыр екен. Қос тізесімен қадауыштай қадалып отырып, шыр-шыр қағады. «Сорлым - ау, сенің құраның мен имамыңды қайтсін» деп ойлады, жаны ашып кеткен Керімбек. Өз көңілі таза, діншілдеу адам «қай қылығымнан жаздым» дегендей боп, қас-жауларға қарап, әркімге бір құлдық ұруда. Өзі әнекүні дәл жайнамаз үстінде отырып, алғаш ұсталғанда таңғы «бамдат» намазының дәл тілегі көзінде мінәжат қолын жайып алып: «Я құдай, мың бір атты пәле, жүз бір атты қатеріңнен сақта! Я құдай, кезенгеннің көзінен, көз тілінің сөзінен сақта! Я құдай, түн қатып түсі қашқаннан, ай жүріп арып-ашқаннан сақта! Я құдай, мейірі жоқтың зәрінен, патша — ағзамның кәрінен сақта»,— деп таң - азаннан зарға бата жалбарынып, дұға ғып отырған-ды.
Өзге де жер емес тақ осы құлқын сәріден зар тілек боп отырған көзінде ит «шәу» ете түскен. Және, сол тілегінде «сақта» деп тіленген тілеуінің барлығы да әдейі, тап осыған к,ас қылғандай айна - қатасыз керісінше келген жоқ па? Оны кейін қамауда жатып, қараңғы жерде асықпай көзін жұмып біртіндеп есіне түсіргенде білген-ді. «Көз тілдім — бәрімізді бір шұқырға үйіп отырған — Арыппай, кезеніп келгенім Мамозы... Түн қатып, түсі қашып келген де сол мұндар ғой. Мейірі жоқтың зәрі, патшаның кәрі деген нақ мына сұрақшы мен осы отырғандар емес пе? Осылардың тілін алатын өкімет патша ғой. Ал анау, ай жүріп арып ашқаны қайсысы? Е, я ол айтпақшы, өзімнің осы сергелдеңіме келеді екен-ау» деп бәрін де тап басып, жіктей зерттегені бар. Соған байланысты өз өмірінде, әсіресе жақын мерзімде өткізген кінәларын да сабақтап, есіне түсірген. Осындай жәбір-жапа көрерлік өз пиғылын тексерген. Ойлап-ойлап келгенде ебін тауып өзінің бір жесір жеңгесіне барып жүргенінен басқа, бәлендей бұлдіріп жібергені жоқ сияқты. көпе-көрінеу содан көріп: «Мені атқан аруақ, аруақ, одан басқа сайтан да емес, айналайын, аруақтар шамданып ұрған екені Бәсе, қанша шыдасын!.. Тартайын, сазайымды тартайын!» дегенінде жынды болған адамдай, қараңғыда ерні күбірлеп сөйлеп кеткен. Және «аруақ-аруақ» деген сөзді өзіне аса сенімді айтқанында оң қолының қыр алақанымен қалай кесіп-кесіп көрсеткенін күні бүгін өзі де білмейді. Бірауық «адамды жолдан шығаратын әлгі көрінбейтін шайтан емес-ау, ындынын құрып алғыр, кәдімгі ақ жаулықты жарықтықтардың өзі емес пе! Ұясында тыныш жатқан намысына тиіп: «қайын боп әжетке жарар бірің жоқ» демеді ме, жаның терезе таппағыр!» Міне, осындай ойлармен өз басын өзі қатырған Әмен осыдан аман-есен шығып барса, жасы өзінен көп кіші, аталас жеңгесінің төбе құйқасын шайнардай болып жатты. Бірақ жалғыз Арыппайға бүкіл ел болып жасап жүрген қиянаттары есіне де келмеген. Сопы көңіл, діндар Әмен мама соңында өлгендерге құран бағыштағанда «пәни дүниеде сөз сөйлеушісі, сүйеушісі болмаған, бақида артынан құран оқып, іздер — сұрар — жоқ міскін, мүсәпірлерге сауабын тигізі Және солардың рухы мені де қорғай гөр!» деп тілейтін. Сол Әмен қазір есік ашылып, Керімбек кіріп келгенін енді байқап, өзінің өлген әкесін көргендей болды. Тілі жат, томырық, сыры да жат қоршауда бір өзі суға батып бара жатқан адамдай мүлде қайрансыз боп отырған. Бұның балалық шағынан бері өз ата-мекенінде: «Біте қайнап, бірге өскен» ел ағасы Керімбек көзіне оттай басылған. Ол жаңағы ант ішкендей болған мұқтаждық жауабына жалғастыра, жылап көріскендей Керімбекке де тез-тез тіл қатып жіберді.
— Ағатай - ай, не жаздым? Мынадан да құтылар күнім бола ма, Кеке?! Жаназамды сіздер шығарсаңдар арманым жоқ! — деп зарлап, көзінің жасы алты тарам төгіліп кетті. Бода - бодасы шығып кеңкілдеп жылап қоя берген.
Сұрақшы Керімбек келген жерде енді соның жүрегін шайлықтыру үшін, Әменге жазықсыздан - ақ дүре бұйырмақшы. Жасқанып, ыққан адамға өмірде рақымы түсе білмеген қанқұйлы сұрақшы Әменнің жаңағы жауабын тілмаштан ести бере, орнынан ыта тұрегеліп күзеттегі шерікке:
— Да! да!17 — деп, қатты әмір етті. Ертелі бері тапжыла алмастан, қылтасы қырқылғандай болып ерігіп тұрған шерік бұйрықты алысымен-ақ, Әменге тап берді. Түйе жүн шекпенінің желкелігінен шап етіп ұстап қас - қаққанша алдыға қарай бүге жұлқып, шөктіре берген. Бейне ит талағандай жерге жығып салған соң, ұзын шекпенді етегінен жоғары жұлқи түре қайырып, басына қарай ысыра сыпырып бара жатты. Шеріктің оң қолында кендір бауы білезігінен ілінген қамыс палақ дайын еді. Бағана Арыппай тергелгеннен бері, төр жақта тілсіз тығылып отырып қалған Мамозы осы қимыл тұсында қыбы қанып, Керімбекке жалтақ-жалтақ көз салды. Не болар екен дегендей. Жағалтайдың көзіндей кісінің өңменінен өтерлік сұғанақ көзі ентелеп, бет алдындағы қимылды шашау шығармай, қызу бағып қалыпты. Жан рахат көзі тәрізді. Сұрақшыдан бұйрық ерігін қолына алған шерік Әменге қарай қалт бұрыла бергенде, аяусыз жәбір көруге айналған тұтқын үлкен көздері жалт етіп, Керімбекке бір қарап өтуге ғана зорға мұрша тапты. Керімбек бұл ағайыны алдында інісі Арыппай үшін тудырған әлегі туралы қазірге дейін өзі жазықты кісідей болған. Осы күндері бұны өз ішінен қабырғасы қайыса, қатты аяп жүрген. Және Әмен өзі заң ісінен ежелден барынша қорқақ кісі бола тұра басына осындай қиямет қатер төнген шағында Керімбекті сыртынан сатып, байлап беруді көздемей, отқа өзі күйіп барады. Тіпті Мамозы қорқақ Әменге кісі салып «жазадан құтылдым десе Керімбекке аударсын жаланы» дегеніне де қайыл болмай, «құдай алдында не деймін!?» деп көнбеген. Бұған дейінгі аралықта Керімбек Әбдірейім арқылы кешегі Жауынбай ажының көргенді баласы — Әменнің қиын күндегі сондай опалылығын да біліп алған. Міне, осының үстіне «Ұлы Гоминдаң өкілі» деп өздерін теңдессіз орынға қоятын, «бұратана» саналатын аздарды пенде екен деп танығысы келмейтін сұрақшының биік төрешілдік ерлігі Керімбектің намысын түп - шыңырауынан қозғап, өзегін өртеп жіберген дей болды. Есіктен кірген бойда тіпті бұның өзін әдейі көзге ұра жасалған шектен шыққан, озбыр қиянатқа алғашында аз аңтарылып, не шара барын ұға алмай қатты сасып қалды. Бірақ, шерік Әменді соншалық қолы біліп көпе-көрнеу мұндайлық ит - кергіге салып бара жатқанда, дәт етіп тұра алмады. Өзі орнынан қалай атырыла қозғалғанын аңдамастай бір ессіз халменен, көз ілеспес қимылмен бір-ақ аттап кеп, Әмен екеуі оғыр -шоғыр боп жатқан қаңылтақтай қытай жігітін сол қолымен жауырынынан сап етіп ұстап, шетке қарай делдең еткізіп, лақтай жұлып ала берді. Керімбек қару-жарағы бар шерікті дөңгелек үйіріп, кенеттен бір-ақ жұлып алған сәтте алғаш бөлме іші түгел сасып қалғандай. Сұрақшы мен Мамозы кенет орындарынан атып-атып түрегеп алған. Түстері өрт өшірердей. Бергі жақтағы тілмаш та жан-жағына сасқалақтай қарап аңырған. Қапелімде өздерінің не істейтіндерін де әлі ұқпаған тұйық қозғалыстар. ЬІза - намыс, күйзелген ашу ойранынан өңі аппақ қудай болып, қуарып кеткен Керімбек шерікке. қалшылдап ақырып:
— Ұрмайсың! Ұра алмайсың! — деп, аса бір айбатты ашу, ызғармен әмірдей қатаң үн қатты. Бірақ шерік оңдалып алып қолындағы кеспелтекпен Керімбектің енді өзін ұрмақтай болып ыңғайлана берді. Сол сәтте сұрақшы оған оқыс үнмен бірдеме деп бақырып балдыр-бұлдыр етіп үлгерді. Қатты тыя бұйырып «Тоқта! Тиме!» — деп қалғандай. Шерік өз бойын зорға тежей тыйылып, кенет тоқтағанда Керімбек Әменге бір ауыз тіл қатты. Қу асықтай болып состиып құнтиған оған:
Есіңді жи! Қорықпа! Қорықтың — құның болмайды! деп қалды. Керімбек айтқан сөзді тілмаш арқылы түсінген сұрақшы асау қаны басына теуіп Керімбекке қарай адымдай басып келді. Жолында шеріктің қолындағы қамыс палақты да сұрамастан жұла тартып алған.
— Сенің өзіңе не керек! — деп Керімбекке бет тақастыра келді. Бойын қапа, намыс, әділ ашу кернеген Керімбек бұл сәтте титтей де қаймыққан жоқ. Сұрақшының бетіне бетін бұ да қарсы тақап:
— Маған керегін тыңдасаң, есіңде болсын, соққы деген тек кінәлінің ғана етін ауыртпайды. Қолындағы қалағыңды сол кінәсі барға соғарсың. Кінәсіз қылышына емес, жүрегіне сенеді. Мына қазаққа дүре соғуды қойып, қол тигізудің өзі айып! — деп келіп, ендігі қалған сөзін айта алмай қалтыраңқырап, өң-түсі қаша тығылып тоқтап қалды. Тұла-бойын еріксіз билеп кеткен қатты ашудан бұлыққандай боп, сұрақшыға жоғарыдан шаншыла қарады. Тергеуші Керімбекке доң - айбат көрсеткені болмаса, қол көтермек емес еді.
Бүгін Әлидің келіп жетуі тергеудің бетін бұрарлық басқаша ықпал әкелген. Дау аяғы бастық алдында бастапқы қалыбмен әбігертіп, бұрылып кетуге де ықтимал. Олай болса, сұрақшының да бір бетпен кете беруіне жол даңғыл емес. Бағанадан бері есінде соны ұстағандай, сұрақшы, бір топ кісімен келген Әлидің бұнда бұрылмай, тура бастықтың өзіне кіріп кеткенін біліп отырған. Сонымен қазір ол өзіне қарама-қарсы ерегесе сөйлеп, бет тақасып тұрып қалған Керімбекке лажсыз тілмаш арқылы сөзге келді. Кейін қарай бір аттап барып, қайта бұрылды да:
— Сен өзің жасандырып қойған жасағың бар адам сияқтысың! Қандай аужалыңа сенесің? Нөкеріңнің көптігі, сенің тау қуысындағы шеру руың ұлы өкімет үшін жаңғақ емес не, неге тұрады?.. Тәуекелшілдік аяғы бір күні айықпас өкінішке душар ететінін ойлайсың ба!? — Ол полиция мекемесінің намысын жыртқан осындай оспақ сөзден кейін баса алмаған күйі орнына барып отырды. Ендігі тергеу бетін бастықпен санасып жүргізуге ой қорытты. Бұл күні Керімбекті басында сұраққа шақыртқанмен, тергеу жүргізілмеді. Тергеу алғанмен енді бұлар үшін маңызды нәтиже бермейтіні білінді. Бүгін Керімбектің майданын белгілемек болғандары аян. Ол болмады. Әлидің қозғамақ дауы сұрақшының іш есебін бұза келген. Санаспау, артын аңдамау аяқты агат басуға соқтырады. Қу мүйіз сұрақшы Арыппай жауабынан - ақ Әлидің Керімбекті қызғыштай қоритын жанды дәлелдері барын іштей зерттеп аңғарып болған.
8
Айтқандай Әли дауы ұзаққа созылды. Бұл арыз бойынша сұрақшы бірталай тергеу жүргізді. Сол барыста Абдоллаға атты алдыртушы Мамозы екені даусыз, толық ашылған. Ал Әли Мамозыдан өз ақы алашығынан әлі ешнәрсе өндіре алмай жатса да, шерудің біраз адамының босап шығуына себепкер болды. Әли алғаш келіп Ли-жүй жаңға кірген күні полиция бастығы одан қысқа-қысқа екі ауыз сауал сұрап: ...— Сойылған биеге Керімбектің қатысы қалай жоқ болады? Қастандықпен үйіне ет тығылған Әмен деген қазақ Керімбектің орнын алған Абдолла болыстың құдасы екен. Сол арқылы Керімбекке Абдолланы шатастыру керек болған. Яғни Абдолладан еш алмақ.
— Жақсы айтасыз, осы Әмен деген қазақ Арыппай алмақшы болып жүрген қызды өзінің інісіне айттырған. Ол Абдолла болыстың қызы, Арыппаймен уәдесі бар қызды інісіне аударып, Абдолламен құда болып отыр. Сондықтан Әменде Арыппайдың өз басының кешпес кегі бар. Абдоллаға да тап сондай наразы. Және Керімбектей кемел адам өз басын осыншалық дауға шатады дегенге кім сенеді? Сізге Мамозының биесін Арыппайға алдыртушы кім екені анық қажет болса, ол - мына мен... Бұған Керімбекті кінәламай, заңмен жеңсең, ататын жеріңде мені ат!
— Сенің атыңды Абдоллаға Мамозы алдыртқанын мүмкін жобамен айтатын боларсың? Содан басқа ойға келуге мүлде болмай ма?
— Мамозы айтпаса Абдолла менде тіпті аттың бар - жоғын да білмес еді. Мен Мамозыға қандай өш болсам, ол маған сондай қас адамдар екенімізді өзіңіз де білесіз. Оған нанбасаңыз сол аттардың көзін бір жаққа жоғалтсын деп сол бәйек боп отырған Мамозыңыздың жіберген адамы да қолға түсті. Оны сұрақшыңыздан ертелі-кеш ести жатарсыз.
Ли-жүй жаң Әлидің алмастай өткір, дәлелді жауабына қанағаттанбауға шарасы қалмаған. Жасымас кедейдің өзіне-өзі сенімді нұсқасы, темен, босаға жақтан кәрлі полиция бастығының көзіне тайсалмай, аумай қарап жауаптасуынан ғана емес, барлық табанды, дәлелді қалпынан көрінді. Ел айбынынан жапырақтай тітірейтін Ли-жүй жаң қаһарынан Әли, саспаған. Өз достары: Керімбек, Арыппай, Қарымсақтар жолында жан аяп, тайсалуды ойламаған. Қыс азығын қамдап, егін терімін жинап болған кедей дүңген диқандарын куәлікке тұтас көтеріп әкелген. Әлилерді жиырма үй дүңген деп атағанмен, соның екі үйі анығында қытай кедейлері болатұғын. Әли бастаған көршілермен баяғыдан бері бірге келе жатқан жалшы, қытай азаматтары еді. Соның Лән-бияу ағай дейтін қартаң біреуі полиция бастығы Ли-жүй жаңға, және үйез әкімі полковникке қытайша жазып, екі арыз жіберген. Әли ұқыптап, орап салған ішкі қойнынан соны алып бергенде, Ли-жүй жаң қабағын шытынып отырып оқыды... Лән-бияу арызы Мамозы жайлы болып шықты. Бұл адам Мамозының малайы болып жүргенде өз қожайынымен біраз жылға дейін тату болады. Үкіметке тәуір көріну үшін, қытай адамын көрсе, жағынып тұратын Мамозы Лән-бияудың жесір қарындасын кемпірі өлген әкесіне әйелдікке әпереді. Баласының бектігін бу керіп, өзгеге әкімсіне сөйлейтін болған Мадаңзы кәртейдім демей, өз төсегіне жас тоқал салған. Сонда Мамозы өзінің ат үсті жорыққа мықты — Рахим деген інісіне бай дүңгендерден іріктеліп құралған топ жігітті бастатып, мойны қашық елдерден дәл үш дүркін жылқы алдырады. Алғашында әргі қызайдан, онан соң ұмыттырып барып, Бұратала — Сарытаудағы қаракерейден алады. Жоңғариядағы қалмақтар: Чінәңгі, Хучнінәңгі деп екіге ажыраушы еді. Бір кезде жойылып кеткен Жоңғар қалмағының тұқымы Шыңжаң жерінде аз екен. Қытай богдахандары қойдай қырған, қазір Тянь-Шанның арғы беті Қарашәр — Жұлдыз бойындағы Торғауыт руы Чінәңгісіне жатады. Ендігі кезек қалмаққа тимек болған Мамозы үшін сол Торғауыт жағынан жылқы алу киын еді. Екі арада жалпақ қызай елі жатыр. Сондықтан шығыстағы Ерен - қабырға тауының теріскейін мекем еткен Хучнәнгіден бір жолда тап отыз шақты жылқы қудырып алады. Айналасы төрт-бес жыл ішінде Мамозының жылқысы үш жүзге тартады. Бірақ өз қолымен бір бие тудырып, суығына тоңып мал өсірген Мамозы жоқ. Шарана көріп, шаруа бақпай біткен мал... Әлгі «Лоңқа — торы ат» дейтін. Әмен қорасынан табылған ат осы Лән-бияудікі екен. Ол жазған арыздың мағынасы осы еді. Арыз соңында: «Қолымнан көшіп кеттің. Басыңды бассам, аяғың тыпырламай жата бермедің» деп Мамозы Әлимен қабат маған да өштескен. Туған қарындасымды әкесі әйелдікке алып отырған адам елді жылатпаса маған осыны істей ме? Өзіме таяғы батқан соң, қарындасымды пісіріп жесең де өзің біл деп, Әлимен бірге кеттім» деген. Әнекүннен бергі барлық даудан кем түспейтін қомақты арыз енді осы болып шыққан. Ли-жүй жаң мұны керген соң, еріксіз кеңірек толғанып, Мақсұт пен Мамыртайдың арызын еске алды. Қарымсақты босатпай болмайтынын ойлады. Екі жастың өжеттігін ескеріп Әлимен бірге үйез бастығына арызданудан да тайынбайтындарынан сескенді, Неліктен екен, қаншыл төрені Лән-бияудың сорлылығы сәл қайыстырғандай болды... Оның қарындасының да, бай шалдың әйелі атанғанда ағасы Лән-бияу таяқ жеп жатса ара түсе алмай, бір тамағын асырауға ғана шамасының жетіп жүргенін ойлады. Сонымен Ли-жүй жаң бұл күні сұрақшыны өзіне жеке шақырып сөйлесті.
Арыздың мән-жайын қысқаша білдіріп өтіп:
— Бұл есіңде тұрсын, біздің тергеуімізбен ғана тынбайды, полковникке де түседі,— дегенді ескертті. Мамозының тасы жеңіл тартып бара жатқанын білдіргені.
Міне, осы күннің ертеңінде Әмен, Қарымсақтар бастаған бірнеше кісі босап шыққан-ды. Әли мен Лән-бияу достығының күші әзірше осы болған. Ендігі жатқан күні де ұзаңқырай түскендер — Арыппай мен екі-үш дүңген жігіті, және Абдолла ақалақшы. Мамозыға келетін пәленің жарымын осы Абдолла арқалап жатыр. Анау жанжалға килігуші үш дүңген кедейінің үшеуін де Мамозы сұрақшыға ым қағып, шығарттырмай отыр. Екінші жақтағы таяқ жеген бай дүңгендер арызы да Әлиге дәл бұл жөнінде жеңістік бермейді. Ал Мамозының биесін Керімбек төлейтін болған. Бірақ бұны інісі Арыппайдың малы жоқ болғандығы үшін төлейсің демейді. Мамозы өз жоғын өндірумен қанағат тауып қалмайды. Оның биесін Керімбек айласы алыста жататын заң алдында, жығынды ретінде төлеген кісі тәрізді. Бұл кейінгі күннің де куәлігі... Осы жағынан келгенде тұтас полиция ордасы ноғала болып, екі көзді тас жұмып отыр. Әлиге тек көзі бар ат қайтарылмақ. Ал анау қолынан бердім деген екі қара: бір жылқы, бір сиыр туралы Мамозы еселеген қарсы дау қоздырып, теңдік бермеуге беттеген. Інісінің алты жылдық жалшылық ақысына өндірілген мысқал ақы жоқ, Ондағы еңбек машақат, бір азаматтың ішкен тамағы мен ара-тұра киген ескілі-жаңалы киімінен «аспаған» болып шықты. Әлимен бірге келіп полиция мекемесінің алдынан ұйлығысып кетпей жүрген бір топ ескі киімді, кедей дүңгендердің сұрақшы алдына кезек-кезек кіргендегі бар куәлігі — Әлиді құптап, өз көршілері Қарымсақты ақтап, шуылдаумен ғана қалған. Енді Әли мен Керімбек ақылдасқанда, Әли өзінің қасындағы бар шотырымен үйездік үкіметке шатым етуге бармақ болған. Керімбекті қаралап қол қойып, қамай алмаумен бірге оны біржола ақтауға да көзі қимай, ұзақ-сонар сүрлеуге салып отыр. Қойды көріп, қойшысынан тайсалып, шоқиып отырып қалған бөрідей, не кетіп қалуға, не ұмтылуға дәті жетпей сенделген. Тегінде, Күре полиция мекемесі болсын, үйез бастығы болсын Керімбекті көрсе, баласын алдырған жыртқыш тағыдай боларлық бір суық жай ежелден бар. Осыдан біраз жыл бұрын үйездік үкіметтің бір жас қытай қызметкері - әлдеқалай шерудің ішінде жасырын өлтірілген. Мамозы бір дуан елдің бас бәжігер — төресі болса, әлгі жігіт сол Қортас дуанының орман шарлаушысының қожасы болатын. Бір бұрау алған немесе құрық кескен қазақты көзі шалса, дүресін ала жүгірген пақыр екен. Оны ұстап өлтіруші Керімбектің жақын ағайыны — Қыдырбек деген кісі болады. Күре өздерінің шеруге шығып кеткен сол әкімсымағының із-түзсіз, қайда, кім өлтіргенін нақтап біле алмай, «иесіз таяққа ит үрместің» кері болып іштен тына, аңтарылып қалса да, өздерінше секемденіп ойлағанда, Керімбектен қауіп күтіп «сол» деп жорамалдаған. Күренің Керімбекке осылайша сенбеуіне ерте күннен Мамозы себепкер болса, соған қоса Керімбектің өз қолымен істеп, көзге түскен және бір қимылы бұндағы үкімет орнының «қара кітабына» енгізілген. Ертеректе, Күре губернелік штаб болып тұрған кезде, Шыңжаң үкіметінің басына жаңа отырған Шың-ши-цэйдың бөксесі өз тағына ал мықтап бекіп болмаған шағында, заң әмірі қазақ даласына қазіргіден гөрі бір көз «шуақты» болып тұрған. Сонда Керімбек губернелік штабтың өзінен шыққан тағы бір жас қытай қызметкерімен ойламаған жерден жанжалға кіріптар болып қалғаны бар. Шеруде Көмекбай қажының асы деген үлкен ас болып, атшабыс үстінде әлгі қытай жігіт .бәйге үлестіру билігі жөнінен қазақ заңын ұқпай, Керімбекті ерегіспен боқтап салады. Аузынан жаман қанат шығып, қоластындағы бағынышты қазақты сонымен шектеп тыймақ болады. Өзінің баласындай жас адамның бұндай үстемдігін өлімдей көрген Керімбек оны солақай қолындағы қырғыз өрме қамшымен жалғыз тартып, анау аттан домалап түседі. Қытай жігіт бүтін губернелік үкіметтің саяси бөлім бастығы екен. Қайткенмен, өз тірегіне... және қызмет билігіне мықтап арқа сүйегені білінетін. Оның айналасындағы анталаған қорғаушы, нөкерлерін шерудің Арыппай сияқты сайма-сай жігіттеріне тырп еткіздірмей қоршатып тұрып, табақтай қағазға сол жердің өзінде Керімбек акт жазғызады. Осындағы қазақ, ұйғыр, дүңгеннің белгілі, инабатты адамдарына қол қойғызып, таяқ жеген әлгі қызметкерді Күредегі Штабқа қолын артына байлатып, атына теріс мінгізіп апарғызып тапсыртады. Аяғына жығып, татуластырмақ болған дүңгендерге де Керімбек көнбейді. «Дінің басқа болғанмен, тілің бір болған соң, мені боқтағанына қарамай, жандарың ашып тұр ма?» деген сөзді айтып дүңгенді тыйып тастайды. Үкіметтің алғашқы жалтаңкөз саясаты Құмылда ұйғырларды бастаған Қожанияз көтерілісінен кейін аз ұлттарға «жақсы көңіл бөліп» отырғандықтан жаңағы штаб қызметкерін Күре гүбернелік үкіметінің өзі Керімбектің аяғына жығып, кешірім сұратады. Бірақ әне, соның өзі Керімбек тарихы үшін ашылған қара кітаптың бірінші бетіне «жүрек қанымен» жазылып қалған-ды. Гоминдаң дейтін «ұлы өкіметтің» киелі кегімен жазылғандай болған. Өлген шарлаушы жайлы Керімбекке сене алмайтындары да осындай шартты әрекеттерге байланыстырылып, соның бәрі балалаған шемен-беріш түйініндей астасып жататын. Әли мен Керімбектің үйездік үкіметке жазған арызында Шың-ши-цэйдің алты ұранындағы: «Шыңжаңның бейбітшілігін қорғау» және «ұлттар теңдігін қорғау» деген үлкен екі жарғы кіргізіліп жазылған. Бұлай сөз сапталу дәл мына тұста үкіметті елең еткізу деген сөз, «Мамозы сияқты үкімет кызметкері қазақтың ішіне іріткі салып, ат ұрлатып отырып, сол жайлы арызданушыларға теңдік бермейді. «Әділ үкіметіміздің «ұлт тендігі» саясатын еске алғанда Мамозының қазаққа деген үстемдігі аяқ басқан сайын көрініп келеді. Және оны өзінің әкімгершілік қызметін бетке ұстаған баса-көктеушілік түрінде пайдаланады. Міне, осы негіздегі арызды Әли үйездік үкіметтің әкімі Ма шянь гон полковниктің өзіне енгізген. «Арыппай ісі Мамозы қылмысына қарап істелген, соған орай жауап ретіндегі әрекет. Және бұл бір адам, екі адамның ісі емес, кептің мүддесіне, маңдай терін сығып күн кешкен бір қауым елдің мұң-мұқтажына байланысты шыққан іс. Оны істетуші біз — Мамозыдан тепкі көрген жиырма үй кедей дүңгендеріміз. Сол үшін босқа әуре етіп, орынсыз тергеліп отырған Керімбекті біз жан сала ақтаймыз» — деген. Бұл уақытта Керімбектің істі боп Күреге шықыртылып келгеніне міне, жиырма күннен асқан-ды. Қырағы полковник мынандай терең арыздың төркініне мұқияттап зер салды. Тегінде бұл орын тек үйездік үкімет қана емес, сол үйездік үкімет дәрежесіндегі мемлекет қауіпсіздігін қорғау орыны да болатын. Сондықтан аз ұлттар ішіндегі Керімбек, Әли, Қарымсақтар сияқты. адамның басқан қадамына зер салу жағы басым. Шыңжаң өкіметінің мемлекеттік жұмысын тегінде төрт министр, сегіз басқарма атқарады. Бұрынғы бүкіл Шыңжаң үкіметі, өлкелік ішкі істер басқармасының бастығы генерал-майор Лю-бин-и Іле аймағының орталығы — Құлжаға губернатор болып келгелі, әсіресе мемлекет қауіпсіздігін сақтау тетігіне ерекше қадауыш назар аударылған. Іле уалаяты тоғыз үйез болғанда, гүбернелік штабтың солқылдаған қатал бұйрығын шығарып отырған аты әйгілі Лю-бин-и осы мемлекет қауіпсіздігін сақтау мәселесі жөнінде ең әуелі сол үйездік үкімет бастықтарының өздерін тұяқтарынан тік тұрғызғандай еткен. Шыңжаң өкіметінде он гүбернелік штаб бар. Соның үшеуі: Іле, Алтай, Тарбағатай қазақ аймақтары. Шыңжаң үкіметі басшылары осы аймақтың негізгі біреуі Іле уалаятына жаңағы генерал-лейтенант Лю-бин-и сияқты адамды аса ерекше құпиямен жібергендігі айтпай байқалатын. Алтайда Абақ керейлерін бастаған белгілі Оспан батыр күні бүгінге дейін үкіметке алдырмай, Бәйтік тауында басын бәй тігіп соғысумен келеді. Лю-бин-и алғаш келіп заңды темір қаусардай қысып ұстағанда, Іле аймағында: қазақ - ұйғыр, қырғыз, өзбек, татарлардан көп адам бірден қамауға алынды. Жергілікті аз ұлттың жылт еткен еті тірі, бас көтерер деген адамы болса, ерте күннен «түп тамырына балта шабу», «күлін көкке ұшыра аластау» қажет... Үрімжі түрмесіндегі ауыр азаппен қойдай қырылып отырған 80 мың тұтқынның ішінде қазақ аймақтары: Алтай, Тарбағатай, Іледегі ұйғыр, қазақ, қырғыз, қалмақ - маңғұлдардың да үлесі олқы емес-ті. ...Әли жаңағы арызды алып кірген күннің ертеңіне, Ма-шянь гон осындайда өзінің ең құпия қарарына алатын «оң қол» деген екі-үш қана адамды қасында ұстап ете жасырын бір суық жайды кеңесіп отырды. Орталарындағы Керімбек пен Әли арызына жендет көзбен зер сала үңіліп, түйіле қарап, соны жайып салып отыр. Әлдебір зәру карта жоспарын қауырт жобалап жатқандай, қағаздың әр тұсын — Ма-шянь гон қатулана қадалып, түрте шұқып көрсетеді. Сұқ саусағы сұсты көздің ырқына жүреді. Арыздағы «әділ үкіметіміз» деген сияқты жерлер өңмендеріне оқтай тиіп, сол сөздің өзі амалсыздан да емес, тіпті барынша жек көре отырып, жазғанын иіскеп білгендей, бір-біріне айтыспай емеурінсіз ұғады. Және сол тектес, «Мамозы сияқты үкімет қызметкері «ұлт теңдігі» саясатына мән беру орнына бүлікшілік салады» деумен бірге үкіметтің «оң көзім» деп отырған полиция мекемесінің айбынын аяқ асты етіп, оның құзырынан үйездік үкіметке арыз асырудың өзі үңіле қарағанда, Ма-шянь гонге жеңіл толғақ болып тимеген. Сонымен келіп бұлар тау ішінде қай - қашанда тыныш жатпайтын Керімбектің өзін бірден қолға алу, қамау жөнінде арнайы бас қоса кеңесіп қалған-ды. Бірақ бұл мәселеге бастан-аяқ байыпты қарауды ә дегеннен ауызға алысып қозғасқан. Кейінгі жағында іс соңы қалай болып бітуі мүмкін... Соған ете зер салынсын. Егер аяқты ағат басса, ертең осы отырғандар жауапты. Губернатор алдында басымен есеп береді. Керімбекті барлық шеру руы қолдай ма? Әлде болмаса сол ел ішінде оны құптамай, теріс көретін, алауыз, азғын адамдар да табыла ма? Бар болса кімдер? Олар шеруге беделі өте алатын адамдар ма, жоқ па? Керімбектің ұсталуына риза болып солар қол қоя ма? Әлде сорақылық болып, ел ішінде іріткі туып кете ме? Кейінгі күн үшін осының бәрі де аса құнды да маңызды іс. Халықты «жақсы» ұстау үшін бір шетін түбекке иіріп, «ноқталап» отырмаса болмайды. Шыңжаңды әскери күш назары басқарады. Солай болғанмен ол тек осы Күре сияқты қорғандардың ішінде, халықпен аралас жатқан олардың ешқандай көмекші тірегі, сенер күші жоқ. Сүйенері қолындағы найзалы мылтық... Сондықтан халық ішіне көп тыңшылар қоюмен бағанағы «Әділдікті» бұл тұста тұмшалап жылы жаба тұрады. Бұқара халықта сүйеніш күші болмағандықтан күндеріне жарайтын көбінесе із кескіш, тұмсығы иісшіл жалдамалы, сатқын тыңшылар. Онсыз Гоминдаң үкіметінің арал - арал, ойдым-ойдым қорғандарының ішінде ін түбіндегі суырдай тығылып жатып басқаруы дәл ұясының үстінен келіп түскенше сыбыс білмейтін саңырау құрды еске түсірер еді. Керімбектің ел ішіндегі абырой - салмақ екшеуін толық білу, тану үшін бұл отырғандарға қазір Мамозы керек болған. Сөйтіп, енді Ма-шянь гон өз алдына Мамозыны алдырғанда әлденеден шын дәмеленген, қанқұмар бұзық алғашында қатты ынтызарланып, тілеуі қабыл болғандай іштей тыныш таппай өрекпіген. Бірақ Мамозы бұл іске тақаты қалмай төніп түскенмен, Керімбекті тұтқындату үшін қазақтың өз ішінен қол қоятын бірталай куә табу керек деген жерге келгенде, белге соққан жыландай бұлғалақтап қалды. Бұл Мамозының бұрын көңіл бөлмеген, білмеген нәрсесі емес-ті. Оған осының бәрі, бүкіл шерудің қыр-сыры алақандағыдай. Ойына қысылғанда оралған жалғыз үміті қамауда жатқан Абдолла болып еді. Енді ол да қолдан кетті! Қолдан кетіп, қолайдан кетпей тұрса тағы бір сәрі. Бар жақтастарымен Абдолланың бұдан енді біржола ат кекілін кесе, мүлде кеткені анық. Бұл ұйым соңғы шешімді енді Мамозыға да білдірмеді. Тұйық тоқтатып қойды. Сонымен ақырында осы жерге бұлар Керімбектің өзін шақыртты... Оны мұнда дәл Мамозы отырған кезде, соның үстіне алдырып, бір қызығы, бәрі де салиқалы түспен қабылдады. «Бәріміз де ойландық» деген нышан байқатады. Ма-шянь гон өз аузымен Керімбектің «қапа болмауын» өтінді. Біраз күн бұл кісіні кездейсоқ жағдаймен әуре етіп қойғанын, оған жасы үлкен, өзі есті адам Керімбек әрине, ғапу етуі керек екенін маймен сылағандай етіп жүйрік тілмәш арқылы сөйледі. Майыстыра, келістіре өздері де тұшынғандай сөйледі. Еденіне қып-қызыл қытайы жібек кілем төселген ұзын, кең жарық бөлменің дәл төрінде екі иығы бір-бір көздей, мундирлі полковник отыр. Омырау, төсінде, белдегі әскери былғары белдіктің айқыш-ұйқыш асып тасталған қосалқы баулары, жаға, жең, иық пагондарында оқалы, алтын зерлі шітірмек - шытырмалар. Жас шамасы елулердегі, жылтылдаған аппақ шашын тік. қайырған денелі адам. Қаны қашқан сұрқыл жүзінде, қас-қабағында айрықша бір жат, суық ызғар беріп тұрған әжім көлеңкесі бар. Сол әжімдер ымырасыз, кәрлі қабақ пен шатынап қарайтын көздерінің алдында, ұрт - езулерінде, қас-қабағында түсін аса салқын тыжырынтып, ерекше қаталдық белгісін шақырып тұр. Керімбек оның түсі суықтығына зейін қоя қарап отырып, «Гоминдаң өкіметі билеген Қытай патшалығының қандай орнына апарып отырғызса да өгейсітпестей кәрі бар-ау, кәпірдің» деп ойлаған. Мәслихатшы, кеңесшілер тобы бірыңғай екшеліп, Ма-шянь гоннен біраз беріде, төмендеу отырған болатын. Олардан тағы беріде Мамозы мен Керімбек, екі жақта бозарып, бір-біріне қарама-қарсы жайғасқан. Бұлар мен Ма – шян гонның арасы біраз жер. Тілмаш аяқ жақта тістей қатып, тік түрегеп тұрған. Ма-шянь гон Керімбекке айтқан жаңағыдай сөздерінің аяғында тас мүсіндей шалқақ отырған бойы:
— Әрине, мұндай - мұндай әурешілік болады, Қапа болмаңыз! Елді тәртіппен басқару үшін сіз де, біз де әлегіне шыдаймыз,— деп жадағайлата күліп, төменгі қошаметшілеріне: — Солай емес пе, жолдас кеңесшілер? — деген болды. Отырған сызды топ та өздерінің асқақ әкімі полковниктің бұл сөзіне тегіс түстерін жадыратқан боп, Керімбекке мысық көзденіп ақырын қарасып қойды. Бірақ осы кезде Керімбектің жүрегі жайсыз қағып, үсті-үстіне соғып отырды. Рулы елдің Керімбектей жетекшісін бұл сапардан осылайша «ақтап» қайтарғалы отыруларының арғы жағында көз жаздырып жатқан не бар екенін кім біледі?!
Мамозы ана жылғы Әлимен болған дау, айтыстың үлкен жаңғырығы тұсында адам істемес бір ұшқары сұмдықпен өзге емес, жалын сипатпайтын, асау-асқақ Ма-шянь гонның өзін шатылдырғаны бар. Мойны құрықтай, өзі аппақ, қазмойын арғымақты да ояздың алдына сол жолы көлденең тартқан. Құйрық-жалы жібектей, «пері жылқысындай» деп дәріптерлік асқан әсем, жер баспайтын жорға. Егер ат міне алса, тек Ма-шянь гонге ғана лайықты екені рас. Жұлдыздағы Торғауыт қалмағынан тұра 100 қойға, басқа ұрып санап тұрып, Мамозы өзіне балап алдырған дабыралы аққу боз осы еді. Торғауыттың бүкіл Шыңжаң жеріне даңқы шыққан әйгілі жорғаларынан әдейі арғымақпен будандастырып шығарған қарабайыр екен.. Шабысты білмейді. Әлидің баласы өлгенде адам құнына жығынды болып, ес таппай сасқан Мамозы Ма-шянь гонге ойдағыдай нық сеніммен күдіксіз сүйену үшін, осындай бір керемет атты ғана бетке ұстап бара алмаған. Оған жалыныш еткізу оңай емес-ті. Жасы егде тартқан қырқылжың әкімге өзінің уылжып өсіп келе жатқан жалғыз қызын да нағыз тасжүректікпен қызықтатқан!.. Өзіменен шамалас Ма-шянь гоннің жолына құрбандыққа қиған жас қызын, жеңгесіндей жетелеп, Күреге өзі әкелген. Ең масқарасы полковниктің үйіне де қаракөңіл Мамозы өзі алып кірген!.. Үйез бастығының тәкаппар әйелі екі баласын алып, жолаушылап Құлжаға кеткенін сұмдықпен көз ашқан, ұры қойын Мамозы біліп кеп отырған. Қыз жолы нәзік екен... Үлкен төренің айдынды ордасына әкесін ілестіріп, «қонақ боп» кіргені оғаш көрінбеді, қайта жарасып тұрғандай. Бұның алдында тілмаш дүңген жігітінен сәлем айтып, «аққу бозды» тартуға апаратынын күнілгері білдірген. Ат даңқын Ма-шянь гон жақсы білетін-ді. Өзін өлермендіктің асқан көзсіздігіне қамшылап айдаған қутұяқ Мамозы, қойнына тығып ала келген «ти жу» арағымен бір қызға бергісіз дерлік боз арғымақты құттықтап, полковникпен азырақ күміс ыдыстар қағыстырып отырды. Әшейінде маңына жан пенде жолай алмайтын үйез билеушісі Мамозымен бүгін қюадан оң сөйлесіп, оның үй ішінен суыртпақтап жөн сұрастырып еді. Құдай Мамозының көктен тілегенін жерден бергендей:
— Бір үйде біз үш-ақ адамбыз,— деп бастады сөзін,— Алтыным да, гауһарым да, алдыңызда отырған осы мына қарғам, жалғыз қызым... Ұлдарым ақылсыз болып, «Дүнген қашқан» соғысында екеуі де оққа ұшқан... Ұлы өкіметімізге қол көтергені үшін күні бүгін ит өлігіндей көрем! Әлемде теңдесі жоқ ұлы Гоминдаң өкіметіне қарсы қару көтеру біздің жаман дүңгендердің не теңі десеңізші! Осы қызым аман болса болды, жүгермектер жатқан жерінен тұрмасын! — деп келді де, жырынды қонақ Ма-шянь гон оязды қалыптан тыс шеберлікпен, ендігі айтпағына аузын аштыра таңырқатып:
...— Осы қызым сізді сыртыңыздан көріп...— деп, анық сойқанды ойын сабақтап келе жатты. Полковник мынандай епті мейманының бетіне жалт қарап, қызға бір, бұған бір жан тарта көз тастай бастағанда, биік үстелде, бұлармен бір дастарқанда онсыз да күмілжіп отырған жас, сұлу талдырмаш қыз, жерге кіргендей болып, бар бойымен темен бұға қызарып кетті. Далада ағаш көлеңкесіне байланған боз арғымақты көріп кіргелі ішінен қуанған атқұмар, даңқшыл төре бұрын Мамозыдан осы ат жайын бір рет сұрағаны бар-ды. Сылаңдаған жануар мойнын аққудай иіп, әдемі ерні қыбырлап қолынан нан жегенде шынымен масаттанып кеткен үй иесі, Мамозының мына сөзі тұсында, бүгін бар бақыт бір ғана өз басына үйіліп - төгілгендей көрді... Ойлап қараса, баласы өлген біреу. Соның орайына сан қабат көпшік болып, құзырына ат бастаған қыз келіп отыр ма, қалай! Мамозы сөзін әрі қарай жалғап:
— Тақсыр, сіз дүниедегі заманы келген жақсының біреуісіз. Құлағанның тілегенін берсең, өтеуін құдай береді деуші еді ғой, тілеуіңізді бергір! Менің осы көздегі жағдайымды өзіңіз де біліп отырсыз... Насырға шабатын түрі бар... Жазатайым, ана бір жалаңаяқ Әли деген дүңгенмен құным бірдей болды. Басына дау келген ханмен құлдың құны бірдей деген дәл рас екен. «Қосшыңды қорғай жүр» дейтін еді ғой, бір етегіңіздің далдасына ала тұрмасаңыз, жұмыртқадан жаңа шыққан үсті-басы шарана сатпақ шөжедей панасыз, лыпасыз қалдым. Ақсүйек Мәнжу әулеті, өзіңіздің алдыңызда сөздің айдай ашығы былай, тақсыр!..
Мына ақылы бар қызым да, мәртебелі қожамыз, сіздей ардақты ағасының қалаған қызметінде болып, ырзашылық қасиетіне бөленіп қайтқысы келеді... Жастық тілегін жерде қалдырмай, қабыл алсаңыз екен! — деп салды. Бетін тілсең, қан шықпастай жерге өтті. Ма-шянь гон бейне, түс көргендей боп, ішінен арсалақтағанын жасырғансымақ болса да, жағасын түзегіштеп, шәшін қайырып, қолы тыныш таппай қалды. Жүрегіне ойламаған қуаныш толғанда, талшыбықтай майысқан, өзі әдемі, жас, ұялшақ қызға шәші аппақ қудай қалпында баяу, ұрлана көз салып, отырысын мәнерлеп, өзі байқамай қыбыр қақты. Қарсы алдында отырған мынадай сарамас, бетпаққа не дауа барын білмей, сасқанынан өзінің осы құбылысын жуып - шәйіп, сырттан даяшы малайын дауыстап шақырды. Мойнын есік жаққа бере, қатаң үнмен:
— Лаухан!18 — деген. Өзбек қаққан имек қытай адамы есіктен желе басып кіріп келді. Құрақ ұшқан қимылы, әмір күткен қас-қабағы көңіл табушылықтан гөрі адамның адамға құдайдай табынғанын танытарлық. Өз төрінде өзі отырған мундирлі полковник:
— Жангода (отағасы) меймандарға желпуіш керек,— деп еді, әлгі адам өз жасына сәйкес келмейтін, шаңқобыздың дыбысындай үнімен:
— Әзір, әзір,— деп, еңкең етіп қойды да, бүкектей желіп бүйірдегі бір бөлмеге еніп кетті. Ізінше қайта шыққанда, қолында піл сүйегінен жасалған жинамалы желпуіш көрінді. Алғашқы көрген көзге айрықша сөлекет қозғалыспен елбек қағып, біресе Мамозыны, біресе қызды желпе бастады. Атақты ханымдарға жасарлық мына оғаш көрініс суреті көкөрім қыз үшін сый болған жоқ. Бүкең қаққан, өрескел қимылының өзі сәт сайын у жұтқызарлықтай, аса бір жат сөзіммен бейбақ жасты жерге кіргендей намыстандырды. Бейқам өмірінде еркек жыныстыларды бірінші рет өте жек көргені де дәл осы сәт шығар. Өз әкесінен бастап адамдық ары қалмаған үш еркек бар наза, бар жанымен запыс еткен!..
Міне, осы күні кертартпа ақсүйектің еркін кетірген Мамозы он екіде бір гүлі ашылмаған, арманды жасты осы үйдің еріксіз, үнсіз, ойда жоқ «қонағы» етіп қалдырып кетті... Уақыт озған сайын ләпсі дәмесінен елес сияқтанып, ұзаңқырап бара жатқан жас иістің көзжұмбайлық қызығымен елуден асқан төрені ықтиярсыз құмарпаз етіп, боз бастықтың шәрбатына дәніктірді. Бүршік атқанымен әлі қауызы жарылмаған өзі сұлу, үркек жастың талдырмаш тәнін дәл сол жұпар иістей, жұмбақ қорқақтығы үшін жан қызығындай еншілеген. Бар әлемнен жасырын бір құпия қызғанышпен іштей арсаңдап, қаталдықтың қайың тез қалыбын киген ызғарлы ояз ұмыт болған жас деммен қалай алданғанын өзі де білмей қалды. Тіпті сол бір күннен кейін өзінің әлгі орнын айналақтап, иіскелегендей боп, тояттай алмай, қайта анық тықыршып, мазасыз біреу болып қалған. Ендігі қалпында оны, бұл адамның өз ішкі әлемімен өлшегенде көп жылдар бойы төтенше жауапты істермен көнтақым болған әмір иесінен — ояздан гөрі, әлі өз басының мәселесі шешілмей жүрген кәріп кісідей, қоңылтақ біреу деуге келетін. Есіне келсе дәл қазір осы отырыстың өзінде жүрегі шаншып кеткендей буынын алған. Бір белеңнің еске түссе, бұған ауру әкелердей ынтықтық белгісі арманды етіп өтіп кеткенді. Жалғыз-ақ, бар суретімен жүрегінде қалғаны ғана олжасы тәрізді. Әлдене үшін көзі біраз қызарып ісіп, ішінен шексіз тұншығып қалған он алты жасар қызын Мамозы ертеңінде, сәскеде келіп алып қайтқан... Шонжар қытай сыйлаған ортасында гауһары бар асыл тасты, алқа - моншақ та қыз бейбақтың бұйығыңқы қалпына медеу бола алған жоқ-ты. "Ма-шянь гон Шыңжаңдағы ең үлкен бір гүбернелік үкімет — Іле уәлиятының генерал-губернаторы Лю-бин- идің қарындасына үйленген. Мамозының арқа тірей сүйенгені әне сол ояз. Қазір Ма-шянь гон сондай Мамозыны Керімбектің алдына кішірейткісі келмей отыруда түбірлі себеп ол да емес. Екеуінің бір-бірімен әлгіндей «тамырлығы» емес. Ол болмаған күннің өзінде-ақ, Керімбек үшін мұнда отырған қай-қайсысының да ағынан жарылмасы әлемге аян. Тек бірақ, Мамозы мен Әли дауы ұзаққа кетіп, тереңдей берсе, Әлидің кесірі басқа емес тұра Ма-шянь гоннің өзіне таяқ болып тиетін жері бар. Құлжадағы гүбернелік үкіметтің басын ұстап отыpған Лю – бин - идің туған қарындасы Ма-шянь гонның әйелі екенін Әли біледі. Мамозы өзінің жас қызын Ма шянь гонның төсегіне апарып салғанда, Әли оны дер көзінде білмеген. Айтыс, дау барлығы тоқтап, өзі шеру ішіне көшіп барған соң біліп, санын сонда бір-ақ соққандай болған. Кейін бір рет тағы жанжал үстінде соны Мамозының бетіне шыжғырып басқандай қып айтқаны бар-ды. Соған ішқыста болған Мамозы Әлиді құрттырмақ ниетпен оның осы айтқанын шағым етіп, Ма-шянь гонге жеткізген. Бірақ Ма-Шянь гон Әлиді құртудың орнына мынадай қағынған сөздің шығу төркінінен қатты,секем алып қап еді. Енді мына жанжал өртіне Эли соны қосып, «Мамозы үстінен айтқан арызымызды осындай себеппен Ма-шянь гонның өзі тыңдамайды» деп, ана Қаһарлы қайнағасы, генералға арыз жолдауы мүмкін. Лю-бин-идей губернатор өз қарындасының үстіне, заман өткенде енді кеп, жас қыз сүйіп... қорлаған Ма-шянь гонның мойнын астынан келтіреді. Соны іштей анық ұғатын полковниктің бұл жолы Керімбекке шынымен-ақ тісі бата алмас та еді. Айдай ажарыңа иттей нәпсі кір жұқтырады. Ма-шян гон өзін Мамозының қаншалық қылмысқа жетелеп, жар басына апарып қойғанын бір-ақ білген. Осы қырынан ойласа, генералдан зәресі кетіп қорқатын. Сөйтіп, бірталай уақытқа созылған сұрақ ақыры осылай келіп зорға тынғандай болды. Ма-шянь гонның «ғафу» өтінген сөзінен кейін Керімбек «хош рақметін» сәл үнсіз отыра түскен соң айтып, өзі жалғыз есік алдына шыққанда, сыртта, үйездік үкіметтің аумағы мол, кең алаңына Шерудің елу шақты адамы таудағы елден жаңа келіп түскен екен. Бұлардың өзіне ара түскелі келген топ екенін Керімбек керген жерде - ақ білген. Іс аяғы жақсы болмай, созылып бара жатқанан естіген соң, әлгі баяғы Күренің орман - ағаш шарлаушысын өлтірді дейтін Қыдырбек бастап жеткен шерудің бұл тобы Керімбектің дәл осы құтылып тұрғаны үстіне келген. Ал бұл уақытта Күренің соты, Мамозы тілімен тығыздатып, Арыппай мен оның қасындағы үш дүңген кедейіне екі ай, үш айдан кесік кесіп қойған-ды, шерудің кейінгі қозғалған іс білмес, жайбасар арызшылары өзінің шабан - шардақылығын танытып, мүлде тыңдалмай қалды. Өмір — тағдыр жаншуын сергек, өршіл ызамен қабыл еткен Әли, Арыппай, Қарымсақтардай емес, босбелбеу көпшілік осы тұста өз - өзінен-ақ білініп, орны пәш болып қалып еді. Сонымен ай бойына созылған дау — сарсаң әлегі тиянақ тапты. Әли мен Лән-бияу арызы қаншалық үстем дәлелдерге тұнып тұрса да, Мамозыға шара қолдануға жарамады. Жылқыны үйірімен айдатқан Мамозы қалып, бір мал, екі мал үшін қазақтар қамалды. Ма-шянь гон Керімбекті алдынан қайтарған соң, өз тобына өзгеше бір мәслихат салған-ды. Құлжаға, губернатор — Лю-бин-иге қатынас жолдап, шерудің бас көтерер деген адамдарының біразын тұтқындап, қалғанын тұтас руымен түп көтере жер аударып, өзге елдердің ішіне бөліп-бөліп таратып беруді ортаға қойған. Анау егінші жиырма үй дүңгендерді қайтадан тықсырып әкеп өздерінің бұрынғы қожайындарына қайтарып беру керек деп шешті.
9
Қазір кешкі мезгілде Абдол ұйғырдың үйінде, түпкі бөлмеде оңаша бас қосқан үш-төрт адам бар. Бұл қонақтар ертең елге қайтқалы отырған Керімбек пен Қарымсақ, Әлилер болатын. Және сол үшеуінен басқа анада алғашқы үш-төрт күн сабылған жүрістен соң ауылға, жаңа ашылған мектеп жұмысына қайтып кеткен Мақсұт келген. Елден бағана күндізгі жеткен кісілермен бірге бүгін келіп отыр. Үй иесі дөңгелек жүзді, қырықпа сақал кісі мейман қамымен кіріп-шығып, ара-тұра төменгі жақтан аз тізе бүгіп отырып кетеді. Бұл ұйғырмен Керімбектің біраз жылдан бері көңілдестік таныстықтары бар-ды. Өзі бұрын шеру елімен көршілес, ұйғыр қыстағы — Дашүгірдің адамы болатын. Сондағы ұйғыр кедейлері сияқты жалданба диқаншылықты кәсіп ететін. Дашүгір мен Мамозы тұратын дүнген ауылы — Мұштайзы арасы жақын ғана, қатар ауылдар еді. Мамозы алым-салық жөнінде дүнген кедейлеріне не көрсететін болса, диқаншы ұйғырларға да соны істейтін. Байлардың күш-көлігіне сенетін көптеген жалданба диқандардың өздеріне тиісті аз ғана жерлері болса, соған алым - салық салады. Өніміне, түсіміне қарамай, тек жер өлшеміне қарай, өкіметке құятынын кесетін. Байдан ортаққа алған астығына тағы кесік түседі. Абдол сол тұста Әли бастаған бірнеше дүнген жалшыларының шеру руына көшкенін білуші еді. Дәл өз басына Керімбектің еш көмегі тимесе де, одан көп жәрдем көрген Эли осы Абдолмен көңілдес болатын. Кейін Күреге көшкен сол Абдол бір жолы көшеде Керімбекті көріп, қасындағы кісілерімен үйіне қонаққа әкелген. Мұнда бірнеше жыл ол әуелі ұсақ сауда жасай жүріп, кейін дүкені бар саудагерге айналыпты. Екеуі содан бастап таныс боп араласып еді. Бұл уақытта оның Керімбек аулына қоспа етіп өсіріп жүрген малдары да бар. Керімбекпен сондай көңілдестігі болған үй қожасы бүгін кеш бойында қонақтарының әлдеқалай жасырын сыбырмен сөйлесіп отырғанын сезген соң, тамақ қамын сылтауратқан болып, мұнда кеп аялдамай, ас үй жаққа шығып кетіп жүрген. Төмендеу отырған Әли бір кезек Керімбектен өз ішіндегі түйткіл болып жүрген нәрсені анықтап білмек болған кісідей: ...— Кеке, сол Фуже дегеніңіздің өзі ер сеніміне жарайтын жігіт пе? Басында бақыт барда жүгініп жүрген кейбір адам қырсық шалғанда қиып кететіні болады,— деп ашық сұраған. Құлжадағы аймақтың маңғол ұйышмасының секретары, қалмақ жігіті.— Фуже Керімбекпен әлде бір жасырын сөзі бар адам. Керімбек бүгін өз қасындағы сырлас, серіктерінен жасырмай соның жайын білдіріп отыр еді. Фужені бір кісідей білетін Қарымсақ:
— Біреудің парқын білмесек, біреуге өзіміздің де парқымыз болмайды. Жаны басқа болғанмен, діті бірге дейтін адамың сол,— дегенде Керімбек те құптап:
— Оның даңқы ел аузында болудан бұрын өз абыройында жүрген азамат. Мың күндік сапарға бірге алып шықсаң, мың кісі жемеген қамыңды жейді,— деді. Ақылды сөздер отырған естілердің жүрегінен орын тапқандай болды. Тегінде, үкімет халық ішіне өздеріне қолайлы адамдардан оңтайлы тыңшылар қояды. Ондай жансызға бір ұлтқа өзге бір ұлт адамын салу анағүрлым ұтымды келуші еді. «Шыңжаңдағы өзге ұлттардан гөрі «ұлы қытай үкіметіне тілің бір деп дүнгендерден, «нәсілің, дінің бір деп осындағы манжур тұқымдас сібе — солаң, дағұрлардан және «мұсылмандардан гөрі рухың, табынатын бұтың бір» деп әртүрлі тәсілдер, амалдармен арбап моңғолдан астыртын тыңшы қоятын.
Қазақ не деп жатыр? Ұйғыр, қырғыз, татар, өзбектердің үкіметке деген пиғылдары қандай? Солардың ішінде үкіметке қауіпті, бас көтерер адамы кімдер? Кімдердің түп -тамырларына балта шабылмаса болмайды? Ұлы үкіметке бір ауыз, екі ауыз сөзімен болса да іріткі салушылар бар ма? Соны тапқан, сыртынан баулап көрсеткен арқадан қағылады. Сол сияқты қазақ, қырғыз, ұйғырлардың өзін де бір-біріне қырғидай қайырып салады. Ұлтты ұлтпен арандату Жаң - қайшы билеген Гоминдаң өкіметінің сыйынар храмдарындай. Тыңшылық бір ұлтқа өзге бір ұлтты алумен ғана шектеліп қалмайтын. Ұлттар өз ішінен де арандатылатын. Алдамшы өкіметтен таяқ жегенін ұмытса да, тамақ жегізгенін ұмытпайтын: ел басы, ру басы дейтін, өз амандығы үшін өзгені ұшық - ұшық садаға санайтын өзімшіл атқа мінерлерді де мадақтаған боп арқаға қағып, алагүлік ойнатады. Бұларды өз адамы етіп «жан тартып отырып, бағанағы «кім не деп жүрге» шүйлеп салады. Үрімжідегі 1937 жылы салынып болған әйгілі түрмеге айналасы бес-алты жылдың ішінде тек аз ұлттар өкілдерінен сансыз адам қамауға алынып отыруы осы «тыңшылық» жемісі. Сақшы бастығы Ли-жүй жаң Әли шеруге кешіп барып, Мамозымен даулы болып келгенінде қазақ ішіне тыңшы болуын сұранған. Керімбек сияқты үкіметке ішін бермейтін, тоңмойын адамдардың аузынан қай жерде, қай уақытта, кімдердің көзінше, қандай сөз шықты? Соны бақылап, біліп қойын дәптерге түртіп жүресің деп үміткер болғаны бар. Қазір Әли соны еске ала отырып, оны мұндағыларға енді білдіріп, сақтық айта сөйлегенде бұндай сырды алғаш естіген Қарымсақ тамсанып тіксінді.
— Жік - жігіңді тауып сына ұрады десеңші. Інің үйіңнен шығарған шұбар жылан қойныңа кіріп-шығып жүр демейсің бе!
— Үкімет аз ұлттар үшін көз сыртынан көз, үй сыртынан үй қойып отыр,— деп, сөз кезегін Мақсұт алды: — Бірақ өз отарындағы аз ұлт халқына тартқызып отырған зардабы қандай болса, күтіп отырған қауіп, күдігі де сондай,— деп отырып, қазіргі уақытта қытай елінің екіге бөлініп, белшеден қызыл қанға батып соғысып жатқандығын, Гоминдаң өкіметінің билеп-төстеушісі Жаң-қай-шиге қарсы соғыс ашқан — Гуңсандаң (коммунист партиясы) екенін тарата сөйледі. Гуңсандаң қытай еңбекшілерінің, нағыз езілген халықтың жоқтаушы партиясы екенін арқау ете қозғаған тұста Әли бұл отырғандарды таңдандыра сыбырлап:
— Менің Лән-бияу қоңсым жасырынып жүрген коммунист! — деп, бір сырдың шетін ғана шығарды.
Мұнан әрі Керімбек Әли мен Қарымсақты сәл белгімен өзіне таман жақындатып алып, бұл екеуіне бұрын жасырын болған, кептен бергі құпия сырын ұзатыңқырай айтып, бүгінгі осы кештің қалған уақытында Абдол үйінің оқшау қонақтары бөгде сырлы кеңеске көшіп еді. Сол сарын ел жата ішілген тамақтан соң, қалың түннің құшағына астыртын ендеп кіріп, мұнан бұрын ашылмаған арнаға тартты. Ол аз ұлттар бас құрап, Шыңжаңды отарлап отырған кертартпа үкіметтің бодандық езгісіне қарсы көтеріліске ұйымдасу мәселесі. Ағайынды Әкбар — Сейіт деген адамдар Қарасу үйезі жағында жасырын штаб ұстап, астыртын іске кірісіп жатқанын Керімбек Әлиге бүгін білдірген. Айтулы Фуже сол Әкбар — Сейіттің тілдес адамы. Онымен Қарымсақ арқылы хабарласып, тіл алдырып тұратынын да жасырған жоқ Керімбек.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
1
Шеру елінің қыстауы таулы алқап болғандықтан, қыста бұл өңірлерде қар басып қалады. Қазір қаңтардың орта шенінде аймақты омбы қар жапты. Бұл елдің малды ауылдары жылқы, қойларын алысқа отарлатып, қаракерей мен қалмақ мекендеген Бұраталаның қыс бойына шұбарланып жататын жусанды қалың қара адырлы өңіріне қос-қос қып аударып көшіреді. Күзем жүн алынып, қоңыр күз жеткен соң, ен-таңбасыз тай-тулақ болса белгіленіп, отар малын жолға қамдастырады. Малшының қыс ішетін шай тұз, ұн - пұйы, боранға, малға киер тон, кебенек, күпісі дайындалып дегендей, қыр - сахара тірлігінің бір қауырт қамы басталады. Алыс жақындағы ағайын қош - қош айтысып, қыз-келіншек аз уақытқа жыласып айрылысады... Бүгін Керімбек үйіне түскен мол жақынның алғашқы сөзі сол отарлап кеткен мал жайы болып, соған байланған тіршілік тынысын әңгіме етісіп отырды. Қар, боран, қандай? Малдың күйі қалай? Ит-құстан, ұры-қарыдан аман ба? Қатынасқан кісіге асу - асудың жолы қалай? Отар хабарын білуші болса сол сұралады. Бүгінгі бұл келгеннің ішінде Абдолла бар еді. Анадағы жағдайдан аз күн қамалып қалып, жақында ғана шыққан-ды. Ағайындары тілмәш арқылы сұрақшы мен Ли-жүй жаңға қалауын жеткізе, екеуінің де оқпандарын толтыра жем асатып шығарып келген. Абдолла қамаудан шықты деген соң, осының алдында төрт-бес күн бұрын Керімбек жанына екі-үш кісі ертіп, соған сүйінішті болсын айтып барып қайтқан-ды. Сол жолы Керімбек Абдолланы ел ішіне береке бірлік тілеуге шақырған. Бүгінгі мынау бас қосқан жиын сондай бір тілек, келеге, ел алқасына жиылып отырған болатын. Қазір Мамозыдан Абдолланың да көңілі қалғандай еді. Мазы аңғарының аузындағы кең жазыққа салынған Керімбек қыстауында, асты-үсті тақтай, дүмбіреген үлкен жарық үйде отырған көп адам бар. Мұның ішінде, ел құрметтеп сыйлайтын, жасы үлкен бір кісі бұл ортаға Абдолланың табы Жайнақ аталатын ата ішінен келіп отыр. Жасы сексенге келген, ескі қазы Тайлақбай анығында шеру еліне қызайдың солтангелді деген руынан келген-ді. Дәл төрде кеңдеу жайғасып отырған түксиген қалың, ұзын қарабурыл қасты, суық қабақты, отты көзі бір нәрсені өткір сынға алғандай болып қарайтын, биік, жал мұрынды, басы мен бет кескіні өзгеше кесек біткен қара сұрлау, ор кісі Тайлақбай дене жағынан да ірі, сүйекті адам. Ұш жағы екі айырыла түскен толқынды ұзын сақалы әлі дендеп ағармаған. Қайта сол сақалымен жарыса өскен, екі жақ ұртындағы үлкен екі шоқ шалғысы да салалана қосылып, мол сақал-мұрт әсем бір көкала көрініске кеп, бұл адамның сүйегінен әлі де мойымаған қайрат ажарын танытады. Өзінше бір жеке тұрған әдемі ата сақал да ерекше. Келбетті қарттың бар нұсқасына жалғыз-ақ қиғаш келгендей бір бөгеттеу белгі қарыстай биік маңдайының оң жағында ай тыртық болатын. Тайлақбайды бұл ортаға ойламаған бір тосын жағдайда келтірген Керімбектің әкесі Әңкежан деген кісілер екен. ...Сонау Қас басы мен Күнесті19 жайлаған әргі қызайға бір кезде шеру руы өкпелі болып осылай қарай түп қопарыла ауа көшеді. Сонда Солтангелді руының шетінде бүкіл ел көші бір түн еру болады екен. Сол түні Солтангелдінің бір жуан ауылы көшулі елдің қарасоқыр бура деген үлкен жуас бурасын жүктен босатқан жерінен ұрлап апарып сойып алады. Таң ата Көмекбай ажы дейтін кісі бастаған тамам ел көшін алға жылжытып жіберіп, шеруде белгілі батыр атанған Әнкежан, Есімжандай қос жоқшы отырықшы елді жағалап, әлгі ауылға қағушы болып келеді. Тегінде, шерудің «қос барыс» атанған қол бастаушысы осы Әнкежан, Есімжан екен. Бұл екі жоқшы аттан түспей алдарынан қарсы біреу шығады. Ол жүргіншілерден жөн сұрап, бұлардың кімдер екенін білген соң-ақ, сапарларына оң тілек тілеп, өз ниет, бейілін шынайы ықыласымен білдіре бастайды. Ерге біткен тұлғасы бар, арыстай жігіт осы Тайлақбай екен. Бұл келгеннің Әнкежан, Есімжан екенін білген соң, суырыла сөйлеп, шешіліп, ашыла түседі. Түйені осы ауыл сойып үлесіп алғанын салған жерден айтады. Өзі бүгін бар ағайынымен араз екенін, тек дәл сол үшін ащы - араз болғанын білдіреді. Аты шыққан Әнкежан, Есімжан өзінен үлкендеу адамдар болса да, бұларға ол еркін сөйлеп:
— Шерудің Әнкежан, Есімжаны сіздер болсаңдар, аттарыңды естіп жүрмін. Е, азаматтарым, елдің жүгін арқалап жүрген ер едіңдер. Бір кісі мың кісіге олжа салады деп қазақ осындайды айтады. Ер мың күнде бір кісілік болғанымен, бір күнде мың кісілік болады. Әуелі көштерің көлікті болғай, мырзалар! Етегіңнен ұстап ерген ел - анаңның сапары оң болғай! Ауруды алтын төсек жұбатпастың кері болып, көңілің көнбеген соң кетіп барасың - ау, қайран ер! Көлінен кеткен құстай болдыңдар - ау! — деп жүректі адамиың сыпатын бірден - ақ танытады.
Тегінде, Әнкежанды батыр дегенмен көңілі жұмсақ, батырлығы зарлылығынан дейді екен. Бейтаныс жанның жаңағыдай сөз саптасы жүрегі ыстық адамды қатты толқытып кетеді. Ол енді өзі көріп тұрған жігіттің тұрпатына тоя алмай:
— Ой, батыр-ау! Бұл сен, кім деген едің, өзің?! Өзгеңді қойып, соныңды айтшы, жарқыным! — деп жөн сұрайды.
Тайлақбай өзін бұларға толық таныстыра келіп:
— Малыңды сойған осы ауыл. Дәл мына мен пақырдың ауылы! Менің аға -бауырсымақтарым ұрлап отыр. Өздері ауып көшкен өкпелі елден бір жеміт жырып жегеніңді тығын керме! «Жаралы құсқа тас атпа» дейтін сөз қайда, деп сол үшін бүгін бәріне жаман атанып отырмын! — деген. Осы ызасының аяғында екі жоқшыға сұқ саусағымен өзінің шекесін де көзеп көрсетіп:
— Мына маңдайды да құба қалмақпен соғысып жарған жоқпын. Осыларын қойғызам деп атқа қонып, сырық алып та соғыстым. Бірақ, ағайынмен алыспақ болғанмен атыспақ жоқ екен. Мықтағанда қолдан бар келері көзбен көрмей бір жаққа кетіспек қана болады -ау дейім. Ақыр түбі қараларын көрмей шырқап бір кететін түрім бар,— деп жігіт, шағына сыр ұқтырады. Әнкежан, Есімжан қатарынан бастарын изесіп:
— Жарар! Жарар! Апыр-ай, өзің анық еңіреп туған ерім екенсің! Бірақ, жасағыңды таппай жүрген жалқы ер екенсің!
— Серіксіз ер, серпінсіз тегеурін дейтін сен екенсің, көк мойнағым! — деседі. Бұл үшін жандары шындап ауырады. Әнкежан осы арада бір ойға да келеді. Жүрістері аттың жалы, атанның қомы болса да Тайлақбайды анық ер танып, оған ердің тілімен сөз қатады. Қарақұсы шодырайып артқа шыққан, шүйделі басын ақ шытпен шарт байлап алған арыс бітісті Әнкежан тақымындағы есік пен төрдей ор ауыз кер атын тебіне жақындап:
— Ей, жігіт! Сен осы, тақ мен көріп тұрған жігітпісің! Дәл соның өзімісің! Егер тап осы мен көріп тұрған Тайлақбай екенің рас болса, онда мына айтқанымды да тыңдашы!» Жақсы үйінен шықса, үйіріне қосылады» деуші еді ғой. Айтқанымды ұғып, беліңді буасың ба, құдай жолына? Сен жүр, көшші осы біздің шеруге! Танылмай жүрген асыл тас екенсің. Жақсыңның көзі кетіп, жалғыз қалған жан сыпатты көрінесің көзіме. Өзіме туыс, балама аға етейін тасташы мына зәніңді ұрайын, зәнталақтарыңды! Адамның бір аумас сүйек, темірін көздестіріп тұрған сияқтымын, көнсең жүр, бес күнгі өмірде бірге жасап, бірге өтейік. Азып-тозып бара жатқан ел бар, бір жағына сүйеу бол соның! Кәні айтшы, тәуекел дейсің бе осыған?! — деп қадалады.
Бұл сөзге оның жансерігі алып денелі Есімжан да ентелеп түседі.
— Уа, бозым, бозанбайым! Сөз тектісі осыдан артық болар ма?! Көнесің бе мына кепке! Ер олжасына тап өз басыңды берсең, тіпті сенің ана кеп тоғышарыңнан бір маубас түйені сұрамай-ақ та қояйық! — дейді. Тайлақбай мынадай екі ердің бұл қолқасына қапелімде не дерін білмей, ес таппай сасады да:
— Көңілдеріңнің садағасы болайын - ау! Не дейін енді сіздерге? Ойбай-ау, не десем жарасар екені —деп, таңырқап тұрып қалады. Екеуіне анық қайран бола тұрып: — Япыр-ау, тым болмаса өзге де күн емес, бір қиын, кие жолында қолқа салып тұрсың - ау! Бәсе, бәсе... Бүйтпесең ор тарғыл болармысың, сірә! Бұнда қалғанда мың жасайтын немедей, енді қайтып түңілдіріп жіберер екем?! — дей келіп, түсі бұрынғысынан кенет өзгеріп: — Уай бұл жерде ағайынға арам ет болып жүргенше, екеуіңдей ер үшін өлсем, төсенгенім топырақ! Қайда болса жатар жерім сол ма? Бір тәңірге тәуекел! Бұрылшы, тартшы бері таман,— деп Әнкежан мінген «Жамбы кер» деген аттың сулығынан тартып, шеттегі кішкене қоңыр үйге. таман бұра береді. Әнкежан бұл адамға өз ішінен қатты таңырқай қызығып, «Япыр-ау, қазақ айтатын нағыз әлгі маңдайы жарылған батыр, таңдайы жарылған шешен» дейтін тап осының өзі емес пе деп ойлайды. Ол таныстарын үйіне түсіріп, қымыз құйдырып отырып, әйеліне бұл қонақтың жөнін ұғындырады да, соған жалғастыра өзі кесіп, өзі піше жалғыз ауыз сөз айтады:
— Бүгін түнде шеруге кешеміз,— дейді.
Әйелі алғашында жалт етіп қарап, кенеттен естіген бұл сөзге аң-таң бола берген екен. Соңынан өзінің Тайлақбайдай ерімен жасынан сыр-мінез болған, аңдамды әйел осындай ірі хабарды тұтқиылдан естісе де:
— О жағын еркек білет те. Тұра сөйлейтін туғаның жоқ адам ең, ағайынға арзан боп, қымбатыңды қиғың келмесе, көшем десең көш, өзің біл. Әйтеуір бір жаққа кетем дей беруші ең, дегеніңе жеткің келсе, анық керек деген жеріңе көздесіп отырған көрінесің. Қызыр шылауыңа өзі кеп оралса, енді осыдан артық қайтпекпіз. Туысыңды сен қисаң, менде төркін болмай-ақ қойсын! Төркін қалды демейін! — деп, ойлана сөйлеген кеңесін тағы жалғап:
— Кейігенің батып жүр, маған сенің бес күнгі өмірде риза болғаның керек. Өз басыңның бір жай табатын жағын ойласаң ойла, мырза! — деген жауапты айтады. Өзі әлі отыздар шамасындағы, Тайлақбайдан он шақты жас кіші, қызылы қызыл, ағы ақ, келісті келіншек қара көз керімнің өзі екен. Қыз күнінде бір қырғыз жігіті ғашық болып:
«Қызылын қызыл, ағың ақ, Шықпайсың естен әр уақ... Жалынышты боп мен жүрем, Қарап бір қойсан нағылад!» — дегені ел аузына тараған Нұрбәну сұлу осы еді. Тайлақбай оны күйеуі өліп, жесір отырған жерінен алып қашып алған. Қызға кеңілі түспей, еш жерге қалың бергізбей жүрген өр жігіттің тағдырындағысы осындайлық өрелі жан болған. Екі қонақ осындай қазылық сөзден кейін қысқа уәде айтысып, бұл үйден бөгелмей тез аттанысып кетеді... Бұл кезде мына жақтағы бес-алты үйдің бағанадан есіктен басбағып сығаласқан еркегі мен әйелі, жауыннан соңғы суырдай шүленсіп, далаға тегіс шыға бастайды. Білектеріне баулы сойыл ілген екі айбатты жортуылшы бұлайша: моп - момақан табылып, ең шеткі үйден аттанып кеткенде, Тайлақбайға туысқанының бәрі, әсіресе қатын атаулы кешірімді жүзбен ұшырасқан. Олар Тайлақбайдың «Е, алдап жөнелттім» деген мінезіне сонша қатты аңтарылып таңқалысқан болатын. Бір-бірінің сөзге үйір ауыздарына мәз бола қарасып, Тайлақбайдың сыртынан сөйлегенде «Әкеу, бұған жомарт құдай не ғып таупих берді?» дескен. Ойсыз шуылдақтар сол күні шерудің бүкіл қызайға аты шыққан Әнкежан — Есімжан дегендерінің де арт жағынан иек қаға күліп, қомсынып қалғандай болған-ды. Бірақ көп құнарсыз ағайын ертеңіне Тайлақбайдай қайта қайырылмас ғазиз бауырларының қара жұртын ғана сипап қалысқанын бірақ аңдасты. Сол кетісте Тайлақбай еліне қайтып оралмас боп көңілі қарайып кеткен-ді. Сонымен шеру ең алғаш Қазақстанның Жәркент шекарасындағы Қорғас бойы, Тобылғы — Еспеден кеп жер-су алып орныққан соң, Тайлақбайды қияннан шалатын көрегендігіне сай, тілі тас жарған әділ деп сол Әнкежан, Есімжандар осы елге қазы қояды. Ауып көшкен шеру руының ынтымақты болуы көзделеді. Кейін шеру руы тұтасымен осы Мазы — Ақсуға кеп орнығады. Сонан бері қырық бес жылдың шені болған. Кейінгі жас буын Тайлақбайдың Солтангелді екенін де білмей, шеруге, жайнаққа санасатын. Әнкежан, Есімжандар әу бастан-ақ Тайлақбайдың сырт ағайын жайнақта болуын жөн көрген екен. Әділдік болу үшін мойны қашық, қалыс атаның ішінде болсын деп, мал айтып сойып ел жиып, ырзаласып солай көшіріп қондырады. Кейін ел іші «шеру, қара түйең жоғалмағанда, Тайлақбайдай әз-ағаң болмас еді» деген тәмсілді шығарады.
2
...Иә, ол бір заман еді, Қазір, міне, ағайынмен алыстырған, өтпестей болған уақыт жылжып өтіп, сол Тайлақбай бұрынғы Әнкежан, Есімжан дегендердің ұрпағымен бірге отырыпты. Кешегі ерлер көзі — Бүгін бұл боп қалыпты. Сол жақ қатарда төрге таман отырған мынау, сары сақалды кісі — Сауырық, сондағы Есімжан баласы. Тайлақбай бір кезек соған қарап, көз тоқтатып қалып еді, Сауырықтың сағалданып қарайтын, отсыз көзі мұнан тез тайқып кетті. Өз көзін енжарлау ажармен Тайлақбай да бұрын әкетті. Көңілі шорқақтың көзі шорқақ деп ойлады. Анадағы қамаудан шыққан — Құлайғыр атанған, әзір мынау төмендеу отырған Ілебай осы Сауырықтың інісі. Тайлақбай Сауырықтан гөрі Есімжанға бір мінезі тартыңқырап туған деп, әр кезде бүлдіріңкіреп жүретін Құлайғырды бағалайтын. Қазір қонақтар алғашқы шай дастарқанын аяқтап қалған мезгіл еді. Тайлақбай самауырын жақта шай құйғызып отырған Керімбектің бәйбішесі Қанікені «Деле» дейтін лақап атымен атап: — Деле келін, осы әлгі асып берген етіңді Әнкежан атаңның итке қалай тастағанын айтып берші мына жұртқа,— — деп, үй ішіне оқыс бір әңгіме енгізгендей болды. Бұл сөздің мәнісін білетін бірен-саран үлкендер үнсіз жымиысып қойды. Керімбектің ел аузына ілінген есті әйелі Қаніке осы болатын. Бет, маңдайы кең келген, ақсарылау Қаныке көзінде еркін бір саналы қайрат оты бар бітімді әйел. Ол Тайлақбай ойына салған жаңағы сөзге аз ғана сыпайы күліп, ширап алып «жарықтық» деп қойып, сұралған әңгімені айтуға амалсыз бейімделді. Үй-іші тынышталып қалып еді, суырылып, білгір сөйлейтін Қаніке терезе жаққа қарап толғанды да, атасы Әнкежанды «аға» деген әдетімен сөзін бастап:
— Ағаның кәртейген көзі ғой, енелерім дүниеден қайтқан соң, өзін жеке үйге қойып, бағым-күтімін мойынға алдық қой. Тамақты күнде дәл бесін көзінде беретінмін. Басында өзі солай тапсырып «шаңырақтан түскен күн тұра мына қара абдыраға келгенде асыңнан дәме ғып отырам, қарағым» деп таяғымен сандықты тоқ-тоқ еткізіп, көрсетіп қойған,— дегенде кейбір кісілер Тайлақбай жанындағы күміс пен сүйек шаптырған қысқалтаң имек таяққа қарасып қойды. Осы таяқ Әнкежанның Тайлақбайға өлерінде өз қолынан берген «теберігі» болатұғын. Қаніке әңгімесін бұзбай:
— Кешегі арыстандай адамның пенде боп қолыма қарап қалғанын ойлап, айтқанын екі етпеуші-ақ едім. Бір күні қу боқшылық дүниеге алданып жүріп, еттің наны жайылмай, тамағым күндегісінен едәуір кешігіп түсірілді Рухыңнан айналайын, ер адам дегеннің жүрегінде не жатқанын өресіз пенде тани ала ма. Жақсылар дүниеде өзгемізбен бірге босқа әурешілік үшін жасайды ғой. Бағасына кім жетер дейсіз! Жарықтық күндегісіндей, бұл күні де алдына келген еттің біразын әдемілеп турап алды. Бірақ, оны өзі ауыз тимей алдымен балаларға үлестірді. Күнде дәл осындай тамақ дайын болғанда қолдарына бір-бір тостағандарын ұстап ауылдағы бар баланың жиылып келетін әдеті болатын. Оны да әу баста өзі тапсырып: Менің ендігі тең, серігім осы кішкене ұрпақтарым ғана. Өзге қиял -ойымды бәрібір ешқайсың өздігіңнен ұғып, өксігімді тауып жатқан жоқсын. Күлге шөккен қарт бура қаңтарда күйі түсе алмас, қаһарға қайта міне алмас, қара маяны қайыта алмас болған соң, оның ендігі не ойлап жатқаны кімге бешкеш. Бір маубас жатқандағы! Тамақты мол-мол сал,— деген...
Күндегі әдетінде бір шеңгел ғып тураулы еттен маған да салып беруші еді. Бүгін олай етпейді. Мінімді білем, ішім қылп ете қалды. Тамақты қартайғанша аш бурадай асап жейтін еді ғой, жарықтық. Ағаш табағым толы майлы еттің қалғанын тұрамастан, қамыр-мамырмен қолтығына ұстап, түсі сынып бір қолына таяғын ала берді. Екі бетім от тигендей ду ете түсті. Сөзге келу қайда, орнынан тұрегелген соң, екі бетіммен жер басып, кебісін лажсыз аяғына қойдым. Бар тұла-денем біртүрлі тітіреп кетті. Ойыма өз-өзінен бір суық хабар сияқты қорқыныш кірді. Ол кісі есіктен шыққан соң ақырын басбағып жабықтан сығалап қарасам, немене, табақты аударып өзі жақсы көретін қой әбеттің ыдысына салып жатыр. «Қо-ой төбет, қой — төбет әһ! Қой — деп еді, даусына тау жаңғырығып, таңертең қойшымен бірге кеткен кек төбет ырс-ырс етіп, әлде қайдан ағызып жетті. Үй-ішінде кіріп кетерге тесік болмады! Енді неде болса, көзіне көрінбей қарамды батырайын деп, кәрғіям бұрылам дегенше есіктен зып бере шығып, үйді айналып жөнелдім. Жарықтық, өзіме батасын берген! Біреуге бір ауыз сөйлетпей, жолымда құрбан боп тұрушы еді. Енді бүгін соның бәрі бір күнгідей болмай, қолыма қарап қалғанда сенімін құлатып, бала құсап өкпешегенін көрген соң, көңілім өз-өзінен босап ойпы -тойпы болып кетті. Астаң - кестеңі шыққан тасқынымды баса алмай, отау үйге жетіп өртеніп жыламасым бар ма. Енді қайтып бұ кісі маған риза болмастай көріп, ағыл - тегілім шықты. Өмір бойына жанындай жақсы көрген адамың, келіп-келіп енді өлер шағында жүрегіне дақ түсіп отырса, бұ бар болғыр дүниеге қайтып сиярсың! Ол кісіні шындап назаландырғаннан өлгенім жақсы емес пе! Өзім сөйтіп күйіп отырсам, көресіні енді ауылдағы жасы үлкен бәйбішелерден көрдім. Жаңағы балалар бар көргендерін үйді-үйіне айтып барған соң ол замандағы бәйбішелер қандай! «Қаніке атасын ренжітіпті! Тамағын мезгілінде бермей, атасы өкпелеп итке салыпты, масқара! десіп, кейбір қартаңдау, саба бәйбішелер келіп өзіме де ұрысты. Жарықтықтардың аттарын қайдан айтайын, біреуі «жыламай шел қаптасын көзіңе! Қазаныңды қайтадан қамдамай, енді не бетіңмен көзіңді ағартып отырсың! деп тұс-тұсынан есімді шығарды. Қайта сонысы қамшы болып, ес таппай отырғанда бетті жуып жібердім де қайтадан қазан көтердім. Соны екінтіге жеткізбей, анық құлама бесін көзінде қайта апарып тағы алдына енгіздім - ау әйтеуір,— деп Қаніке жадырап күліп алды да: — Жоқ, жарықтық бағанағыдай емес, көзіме жалт етіп, бір қарап жіберіп жайымды ұқты да, жанынан бәкісін алып етін турай бастады. Асау қандының естісі тілін тапсаң, адамға сая болады ғой. Жалғанда ісің балақтағы бит құсаған қорғаны жоқтарға түспесін! Содан былай кәнеки, дүниенің бір жағы опырылып жатыр десе де, қашан өтер - өткенінше аяғымды қия баспай қарайтын болдым. Әнеки, тек содан басқа жерде күтімін жаза бастырмадым - ау деп ойлаймын, патша - құдай сауабынан құр қоймасын,— деді. Үй-іші Әнкежан батырдың әртүрлі мінезін еске алып, біраз сөйлеп азырақ қобырасып басылды. Тайлақбай түксірейіп, есік жаққа аз жоғарылата көз тастап толғанып отырды да:
— Иә - ә, енді бір айналғанда бәріміз де бір-бірімізді таба алмай қаламыз - ау! Өмірі түскірің осы - ay! — деп қойды. Соңынан Қанікеге қайта бұрыла беріп:
— Келін, осының ішінде соны да естімеген көп қой, атаң батасын қалай берді, соны айтшы? — деп үй-ішін Қанікеден тағы бір әңгіме тыңдатпаққа бұрды. Тыныш үйде зор үні аршындап шықты. Шай құюшы әйелдің өр жақ қасында салмақпен отырған, келісті бәйбіше — Қанікенің үстінде шатырдай ақ кимешек - шылауышының түсін ашқан, жеңіл жасыл манат шапаны бар. Ол кеп ішінде енді тағы әңгіме айтуды орайсыз санаса да атасының көзіндей боп отырған, ел ағасы — Тайлақбай әдейі сұраған соң лажсыз қайта сөйлеуге бекіді.
Әнкежан тұңғышы Керімбек он үш жасқа келгенде, өзінің нағашы жұртында бой жетіп отырған, он сегіз жасар Қанікені келіндікке алады. Тегі Әнкежан әкесі Өркенбай деген кісіден жалғыз еді. Өркенбайдың ары жағында «Бес айтпай» деп атанған, өскен ауыл Әнкежанды «қу жалғыз» қоятын көрінеді. Сол себеппен баласының алды Керімбекті Әнкежан асығыстау үйлендіреді. Сондай ниетпен қызайдың оразай руынан алған келінді түсіріп келе жатқан сапарында, осы шерудегі аталасының бақ - күндестеу, бір белгісіз үш-төрт жырынды кісісі бас қосып, жолын ториды екен. Қыз жасауын торушылар; бәрі де мінген аттарын өзгерткен, бет-ауызда көзден басқа жерді таңып байлаған. Әнкежан батыр атанғанымен, бай атанған адам емес. Қыз отауын екі түйеге артып, жұпынылау көш болып келе жатады. Қызға ерген жеңге - шешелердей, қатын-қалашпен ғана жол тартқан жалғыз Әнкежанға торуылшылар бір қылтанға жеткенде тиіп те кетеді. Ондай айқасты өз ғұмырында сан көрген Әнкежан:
— Уай, зәніңді ұрайын, жел көбік! Тамаққа тойса тасыған шұнақ, бұ қайсың? — деп «ер сыймас» деген атқа айқайлап қамшы ұрып, төрт қарақшыға кілем теңдерді қидырмай қарсы майдан береді. Тақымынан тез суырып, жоғары көтеріп алған қатқан қара шоқпарымен киліккенде алғашқы бетте-ақ біреуін аттан жығады. Артынша таяқ тиіп меңдеген тағы бірін бір қиырға жалын құштырып аты алып кетеді. Мұны көрген өзге екеуі шетті ала, қаша ұрсып бара жатады. Алғашында шуласа жылап, сасқан әйелдермен бірге ес жия алмай қалған бой жеткен қыз Қаніке атасының мына қайратын көрген соң көңілі тасып, тез серпіледі де, түйенің қомына қыстырылған жеңіл бақанды суырып ала салып, бәйге қара атпен құйындатып атасының артынан кетеді. Әнкежанды екі орталарына кіргізіп алып, тынымсыз сойыл қағысып бара жатқан екі қарақшының бірін нысанаға алады. Ақжол шабдарға мініп, бетін қызылмен таңған, сол жақтағысына құйғыта ағызып жете береді. Сол бойда бастырмалата кеп қара құстан қиғаштата қағып өтеді. Екі араға түсіп қалған Әнкежан ат жалына жата отырып, берік шоқпарды әлуетті қолымен шыр көбелек айналдырып, екі жағындағы сойылды бірдей қағып, өзіне онша таяқ дарытпай барады екен.
Сондай сәтте босап шыққан шабдар атты көреді. Ат артынан жандап кеп, қос бүктеулі қамшысымен шылбырын жерден қырғидай ілген Қанікені де көзі шалады. Мұны білген Әнкежан соңғы аттыны өршеленіп қумайды., Шабдар аттының далиып барып, жерге жайылып түскенін аңғарғанда «Япыр-ай, жығылысы жайсыз екен, жазым болмаса игі етті» дегенді ойлайды. Қазір осының бәрін Қаніке еркін, жетік тілімен күле отырып, аса бір қызықты әңгімелеп кеп:-
— Ең соңғы жығылмай кеткен көкқасқа атты еді. Бар болғырдың жаны тәтті екен, қасындағы ақырғы серігі құлағанда бар даусымен шарылдап, аттандап қашты. Аға оны неге екенін білмеймін, бұрынғы екпінімен аз ғана бастырмалатып барды да, бой салып қумай, қайта орағытып маған таман ойыса берді. Жарықтық, рухы өр емес пе, көзі жасты, кеңілі зарлы кісі еді ғой, қарсы алдыма анадай кеп ат басын тарта тоқтай қалды да, күңіреніп кетті:
— Қара – ғе - ем! Қолыңды жайшы, қарағым! Жекемін десем, екеу болған екенмін ғой, қарағым! Жалғызбын десем, жасақ болған екем ғой, қарағым! Көгеріп, кекте, шырағым! Өсіп-өн, шырағым! «Жалғыз» деген қу қазық аттан құтылдырған екенсің ғой! Қаніке деген атыңды табыстап, баламның баласына қалдырттырармын! Көзінің тарам жасы сақалынан ағып кетті! — деп, Қаніке бұл әңгімесін сәл күліңкірегендей боп баяндап отырғанмен, аяқтай келе үніне діріл ілесіп, өз көзінің де жасы ыршып кетті. Бұл сөзді үлкен сабырмен тыңдап, Қанікеге кең, сын көзбен барлап қарап отырған ішінара кейбір көшелі қариялар бас изесіп қана, тырс етпей үнсіз отырып қалды. Қанікенің сағыныш толқынын көңілдерімен көргендей. Тайлақбай сыртына шығарып ешнәрсе айтпағанмен іштей рақым ойлап, «көгергенің осы емес пе, төредей бес ұлың бар»,— деп отырды. Қаніке, сөзінің аяғын және азырақ жалғады.
— Маған сол істі «ешкімге айтпа, аузыңнан шығармағайсың» — деп тапсырып еді. Әсіресе «кісі аттарын аузыңнан шығарушы болма, кер - кесірі кеткен бізбен кетсін. Бүгінгі ел бірлігіне нұқсан, кейінгі ұрпақтың көңіліне кір, жүрегіне дақ болады» деуші еді. Сонысын еске алып, кісі атын айтқан емес ем. Ақыр аяғы бізден шықпаса да, сол бәтірлердің өздері айтып, алты алашқа өздері таратыпты.
Тайлақбай қабағы аз ғана жазыла келіп:
— Бәрекелді! «Жақсы еркектің ішінде алтын ерлі ат жатады, жақсы әйелдің ішінде алтын бесік ұл жатады» дегенді қазақ осындайдан айтады. Ол ата-келін сай қосылған Әнкежан екеуіңіздің ішіңізге сыйғанмен өзге кімнің шарасына сыйсын! Жаңағылар кімдер екенін, солардың өздері жайғаны рас. Сондағы төрт көзелдің біреуі, әлгі ең соңғы көк қасқа атты — «бақырауық батырың» дәл қазір осында отыр. Тап қасыңда, ішінде отыр,— деді.
Бұл істі білмейтін кісі көп екен.
— О кім? О кім? О қайсысың? — десіп, жұрт бір сәтте күлкілілеу, үдірек жүзбен бір-біріне қараса бастады.
Үй толы адам қызық бір күдік шақырысып, үріккендей үдеріп қалды. Қаніке сапалат ата жағында болса, қайнаға жолы бар деп, «көкқасқа аттыны» ауызға алып, қозғамас еді. Жұрт күдігі енді сырттан келген екі ата: дербісалы, жайнақ жаққа ауыса берді. Бар қонақ бұнда отырған кеп сапалатты қойып, өзге екі ата кісілеріне көз тастасты. Бұл анығында рулы елдің бар ақсақал — атқамінері отырған мынадай алқалы жиынында кімді де болса жерге қаратқайдай әңгіме еді. Дербісалыдан келіп отырған үлкен қызыл бурыл сақалды, шадырайған теке көзді Бурабай бартын. Бүгін дәл бұл әңгімені шығады деген, оның тіпті үш ұйықтаса ой-қиялында жоқ-ты. Жұрт қазір енді бір ерекше қызық күткендей, ермек, тәлкек іздегендей қозғалыс көрсеткенде өзі ашуланшақ, ызақор жасы егде Бурабай намыстан жарылып кете жаздады. Бағана Қанікенің бастаған әңгімесінен бері қарай өз ішінде әлденеше ойран бола тығылып, қапыда отырғын-ды. Өзі бір атаның иелік етіп, сөзін ұстаған кісілерінің біреуі бола отырып, тап мынадай қас-қарғысқа арандағанда екі көзі қатты ашудан шадырайып шықты. Жұрт әлгіндей тұтас қаулап, қыбыржығанда оң жақ төрден ұзын сақалын Тайлақбайға серпи қарап, мойнын оқыс бұра:
— Уай, тәңір - ай! Атам замандағы аңыздай болған бірдемеге мойныма кескек тағатын болсаң, мен! Мен! — деді. Үні жарықшақтанып, тым оғаш шығып кеткен. Бұл сөзге біреулер дар етіп күліп, біреу күлмей, үй-іші дым боп тоқтап қалды. Тайлақбай мұндай сөзді кейде әдейі шығаратын. Тегінде, осы отырғандардың ішінде неше түрлі құлық -бейілмен: қулық-сұмдық баққан, алымды - шалымдылық сайлаған, әр мінездің кісілері болады. Сөз бақпай, шаруасын баққан момын елдің ішінде аяғын аттап басса, бері тарт, олжа көздейтін пайдакүнем ауылбасы, ел басылар, бақмасылдар жүреді. Соларды Тайлақбай осындай жерде әдейі сынайды. Қой-тәк қып бетін жасқайды. Бурабай райына заманнан бері айтылмай келген жаңағы әңгімені шығарып отыруына да бүгінгі күнге байланысты тағы бір сыр бар. Атқамінерлердің кем-кетігін осындайда айтатын ел қазысы Тайлақбай өз ішінен соны түптеп отыр. Кейінге сақталып отырған, ашылуға тиісті басқа бір тұрғы. Ешнәрсеге кеудесі басылғысы келмейтін Бурабай да Дербісалының санаулы айдапсалдарының біреуі. Сондықтан бұл әңгімені Тайлақбайдың Қанікеге әдейі айтқызып отыруында мән жатыр. Бурабай өзі шеру ішінде сапалатқа күйеу. Кәрі күйеудің мынау ортада жаңағыдай шарт кеткенін көрген соң, үй іші бұл мінезді ешбір сөзбен жуа алмай, тынышталып қалып еді. Нығыз жиын ішінде суырылып шыққан ешкім болмаған соң, Тайлақбай өзі жайма шуақтатып:
— Жезделеріңнің қырық жыл бұрынғы «олжасын» желкесінен шығардыңдар-ау,— деп, үй-ішін ойнақы әзілмен күлдіріп өтті де: — Е - е, батыр, уақыт сан жараны емдеп жазады. Бұл ұмыттырмайтын, ол жеңілдетпейтін қай дерт бар? Ерге құнды бол да, тірі қал, етігіңнің нәлісі тозғанша ұмыт болар деген. Кімге не істетпейтін өмір бұл? Соның бәрін уақыт жұтқан соң сыртымыздан қараса, бәріміз де түктен-түкті көрмеген, ақтан-сопы кісі болып шыға келеміз,— деп бұл сөзді осымен тоқтатып тастады.
Енді аз отырған соң үй іші бір тың әңгіменің шығуын тосқандай. Осы кезде Тайлақбай азырақ қозғалыс байқатып, имек басынан ұстаған таяғын алдыңғы жаққа ұзыннан сала отырды да, өткір отты көзі үлкейіңкіреп, ширығып сөз бастады. Кесек жүзі ажарланып, үй ішіне жағалай қарап алды да:
— Қош, ағайын! Келген к.адамың қайырлы болсын! Бірақ сөзің тәтті, айтарың қатты болсын... Шеру ата! Сен бұрын ынтымақты ел атанып едің. Сенің кешегі жер ауа кешіп осында келмегің де заңның әлегі еді. Оның үстіне ойсызды құрметтеп, такаппар еткен қазақпыз. Кейбір ел басы сымақтар алым-салықты үкімет бір алса, ол өз жанынан екі салып, еліңе залалын тигізген. Ұлыққа артын тыққыш, үйкеншек билер ырқына шеру сенің көнгің келмеген. Айтыстың, тартыстың. Ауа көштің. Дүниеден бір - бірлеп өтіп, алдыңғы басшың түтеп барады. Көзіміз кер¬месе өтірік болар еді. Шеру, сенің кешегі үлкендерің ел үшін өткен. Үйім демей, елім деп жылаған. Соның саған ұрпағым деп артқан үмітің, кәне, немен қадірлей аласың, немен ақтайсың? Бұрынғыдан қалған, «Сүлеймендей қуатымен қылдырықтай құмырсқаға тимеген» деген сөз бар. Ал бүгін сен қандайсың?.. Төрт тұрманың түгел бай, тырнақтай тарту аласың. Қос уыс алтын берсе, екіншісінен дәмеленетін пейіліміз бар. Олай емес, көптің басын райың мен мерейің болса құрайсың. «Ел — бірлігі», «Көп берекесі» деген сөзді жайдақ мініп, жауыр ғып болмадық па, ағайын! Жаба тоқып жүре беру мұраң ба? «Баланың тентек болмағы үйінен, жігіттің тентек болмағы биінен» деп, өз ішіңдегі ісіңді уақытында тексермейсің! Ұсақ дауды ел ішінен бездірмейсің! Аяқты аттап бассақ, шикіміз шығып жатады. Осы отырғанымыздың талайымыздың басымызға байланысты дау-шар бар. Қым-қиғаш кезетін арыз көп. Тексеріп көрсең қай-қайсысы болмасын, нашарға жоқ, барға бар! Алысқа жоқ, аталасқа бар! Жақын отырған құрметтісі, алыс отырған нем кеттісі боламыз. Біз бәленше деген өз атымыздан ғана сескенгіміз келеді. Ауылыңда шыққан бассыздыққа ие болмасаң, ағайын талқысы алдыңда сен айыптысың деген сөзден ғана шайлығамыз. Содан ғана тайлығамыз! Ал ол, басқадан шықса тағы бір сәрі - ау! Осы отырған өзіңнен шығуы қашан қалады. Кәне, қайсы ауылыңда не жоқ — осы отырған, ағайын?.. Жесір десе жесір дау, зорлық десе зорлық дау, ар дауы десең ол бар толып жатқан бір кесір дау бітпейді! Қайда көрсең қонса шетте, көшсе артта болып, жоқ — жітік, нашар арыз айтады. Осымен жүріп қайтіп тізе қосасың?! Кіммен халық, кіммен елсің? Сол елдің барлығымен, соның бірлігімен елсің. Теңгерсең — меңгересің. Айналдырған бір болыс ел күндес көргеннің қызындай болма!.. Қарыңа, білек күшіңе тарта бермей, қарындастың да қамын ойла, жараңдар! — деп тоқтады.
Бұл сөздің біразы Абдоллаға да тиіп етті. Айтылмай, қозғалмай келген біраз сөзді Тайлақбай бүгін әдейі шығарып отыр. Бұрын Мамозыны дос керіп жүрген Абдолла бар. Мамозы үшін ел үстінен, көп үстінен жем жиып, жемсауын бітеп келген Абдолла. Ол қазір Тайлақбай сөзінің бет - ауқымына қарап, анада Арыппайға барлық әрекетті істеткен Керімбек пе деп, содан тап осы жерде күдіктеніңкіреді. Соның бәрін жасатып, іс аяғын осылай шешуді ойшыл Керімбек ерте күннен жобалаған ба деп сезік алды. Төрде Тайлақбайдың оң жағын ала, бір-екі қариядан кейін отырған алпамсадай зор денелі, шоқша сақалды, жігіт күнінде Маңғұлкүреде исі қазақ-қалмақ сайысында қалмақтың үкілеп арулаған, шынжыр ноқталы «кекбұқа» деген балуанын елтірді дейтін шерудің қызайға әйгілі Абдолласы осы. Ноқтаның екі жақ шынжыр бұйдасынан үш-үштен алты қалмақ ұстағанда «кек бұқа» иелік бермей, дедектете сүйреп шыққан дейді. Дырылдатып сүйреген алты адамға ә дегенде ноқтасын да алғызбай жерді тарпып ұмтылған дәуді Абдолла қатты жыққанда қолқасы үзіліп кетеді. Елецсіз, батыр пішіндес жуан болыс жаңағы ойымен «көсеумен түрткеннің кегі бітпейді» дегенді еске алды. Арыппай ісін Керімбек істетсе, онда тәп сол көсеумен түрткені болады. Тайлақбай сөзінен кейін ширығыңқырап кеп, өзінің дархан бітісімен сөздің бір жағын ұтымды әзілге сүйегендей, ашық жүзбен көтеріле:
— Осы Тайлекең айтып отырған жесірі де, кесірі де өзі біз жақтан - ау деймін. Құрығырды ары аттап, бері аттап, мәймөңкелегенше, өті жарылып кетсе де Дербісалы, Жайнақ сен едің деп неге айтпайсыз, Тайлеке — деп еркін, кесек, ақжарқын күлкісімен қарқылдап үй толы жұртты да қоса ду күлдірді. Ешнәрсенің кәрі етпестей, бетті аужайымен еліктіріп әкеткен. Бірақ Абдолла аузымен Дербісалы аты аталғанда, жаңа Тайлақбай сөзінен бері түйіліңкіреп, түсін суытып қалған Дербісалы кісісі — Әбділда шақ етіп сөйлей кетті. Ата жолымен қуғанда Шеру ішінде: Дербісалы, Жайнақ бір табағы болады. Абдолла өзімен кетпей сол Дербісалы нәмін қоса былғап кеткенде, жапшылықта да томсарып отыратын көк - бөрте сақалды, кейіс көзді кісі Әбділда қатты ұстасып, дауласа кеткен.
— Ау, осы көріп қалғандарың Дербісалы бола ма? Жол торушыны айтсаң, әлімсақта өтіп кеткен бірдеме үшін Дербісалыны айт! Жесір мен кесірді айтсаң, Дербісалыны айт! Бұ Дербісалыдан өзгең боз биенің сүтіне шомылып жүрсің бе, осы?! Көрсең, неге көрмейсің, сен — сапалат, қойныңа тыққан ұрың менен бөріңді! — деп салды. Көз - қабағының кейісті бітісімен көңілі шамшыл екені білінетін, салқын адам сөйлеп болғанда да ақырын қалш - қалш етіп отыр еді. Өзінің әдет қып кеткен ешкі қотыры бар кісі. Екі білегін сыртынан осы ашу үстінде де өзі аңдымай сипай түседі.
Бұл адамның «ұрың мен бөрің» деп отырғын — Сапалаты — Шеру ішінде өзге аталардан атқа мінген кісісі мен жігіті көп тап. Рулы елдің ішінде ұйымы берік, қоғамды аталатын белді атаның бірі. Соны арқаланған ел ішінің тентегі мен телісі ұрлық-қарлықтан да құры болмайды. Өзгесін айтпағанда Арыппайдың биылғы ісі де олқы емес. Әбділда ашумен кімге жанасарын білмей, соны шарпыған. Рас, бұның сілкініп отыруында өзге бір себеп және бар. Өткен жылы қыстыгүні осы Әбділда ауылында бір қойшы далада үсіп өліп, соның жас қалған әйелін өз жақын әменгері алмай, оның кедейлігін пайдаланып арада жыл өткенде, биыл өзге бір егделеу ағайын жолсыз алады. Алған осы Әбділданың ет жақыны. Биылғы жаз бойында сол іс көп дау болып, қазірге дейін басылмай, өршіп жүрген. «Не әмеңгерімді, не бір жесірлік малымды әпер» деген есе іздеуші кедей жігіттің тілек арызы бар. Ол өзі кедейлік, жоқтықтан жасы қырыққа жақындағанша әлі еш жерге қалың бере алмай келе жатқан, қолы қысқа, өзі момын, кәріп біреу болатын. Қатын осыны қалайды. Бұл арыз алғашында Абдоллада еді. Кейін онан асып Тайлақбайға жеткен. Бірақ жерта 100 бандаған мінезі бар Әбділданың жеңілгісі келмей, тілге тиек қып бір ұстанатын дәлелнамасымағы бар. Адасып үсіп өлген қойшының қасындағы аңшыда қасқыр ішік болады. Қазақта «қасқыр ішігі бар адамның қасында біреу үсіп өлсе, құнын сол төлейді» деген тәмсіл бар. Әбділда жаңағы әмеңгер жігітке: анау қасқыр ішікті адамнан өлген бауырының ең болмаса жарым құнын алсын. Сонда екі алып биге шықпақ па, деп естіген адам күлерліктей қаратаяқ дау соғады. Қазір Шерудің бар абырой, намыс баққан дейтін, салмағы ауыр, алқалы тобы алдында «жесір - кесір» деген сөзге шыдамай тулағаны болмаса, Әбділданың құтыла алмай отырғаны белгілі. Кеп үндемейтін сөзге сараң адам, аз түйіліп, кіржиіп отырды да:
— Бұл тынатын шаруа. Тыныстырамын. Бірақ ешкімнің куәлі сөз, некелі қатыны емес болатұғын. Ол енді отырған жерінен ешқайда шүйгілмейді! Тек мұндай әмеңгердің жесірінің басына қазақтың жолымен не кесік кесілетінін белгілеп берсеңдер болыпты,— деді. Жыл бойғы елге күлкі байбаламның ақырғы түйіні осы болған еді. Бұл сөз мұнымен бітті.
Осы тұста аз сақталған тыныштықты Сауырық бұзды. Ол сағал көзін сәл жымсықтандырып Абдоллаға қарап өтті де:
— Тайлеке, осы бүгін ақыр алдарыңызға түсіп қалған екенбіз. Енді бәріміз де бір-бір жұмыс қозғай отырсақ қалай болар екен?.. Менің әйгілі бәйге ақтабан атымды араға кісі салып Абдолла қалап алып еді. Алғанына, міне, жылға айналып барады. Орнына бір жарамды мақтаулы ат, және басқа да үстек, өтеу бермек болды. Аруақты айтып: «Елге ие болған Есімжан баласы сенен енші етіп бір ат мінбеймін бе» деп хат жазып, бір сөз білер қу аяқты жіберген екен. Ол құрдым қазір осында, ішімізде отыр. Сауырық жақсы ат мінсе сауырынан сыпырылып қалама екен деп, алғашында қатайып-ақ отырып ем, жаңағы екі араға дәйекші болып келген қу жақ өзіммен құрдас неме еді: «Өй, ит болсаң, үлкен үйдің иті бол» демекші, сені кешегі Есімжанның баласы деп, ардақтап, қолқа салып отырған жоқ па, болыс туысың. Бетеге кетіп бел қалады, ажар тайып ар қалады. Былтырғы айғыр қуалағанда жардан ұшып өлетін есегіңді мен ажыратып қалып ем ғой. Жылқы өмірі адаммен тең емес, бұл жолы бермесең, ат өлген кезде ағайынға не бетіңді айтасың. Мен болсам шобырдан жығылғанды тұлпарға мінгізгелі отырғам жоқ, деді. Әрі ойлап, бері ойлап мына сұмның сөзіне амалым құрып отырдым да, жануарды ақтық сапар шомылдырып, жетектетіп жібердім. Болат қанжарды жұмсақ қайраққа қайрайды, жаңағы сөз буынымды құртып тастады. Ал енді Әбекең айда - жылда, аста - тойда көздессек, «ауылға» кел дейді. Атымды атап әдейілеп адам жібере ме десем, ол дәмем орындалмайды. Міне құтты мешіттің үйі екен, осы сөздің құдай бар аузымнан далаға шығып отырғаны да осы. Қобызымен кеңескен бақсыдай, Әбекең не ойлайды, мен не ойлаймын, білмеймін. Бірақ менің өз аяғымнан сол бармағаным бармаған. «Сыйлық қымбат емес — сыйлау қымбат» деген қазақтың баласымыз. Шындасам бір тайды алмай қоярыма да дінім кәміл. Бірақ алашағым кетсе де, айташағым кетпесін. Мал иесінің көзімен су ішеді, деп бұрынғылар неге айтқан дейсің. Жануар су ішкенде қалай жұтқанына дейін қарап тұратын күлігім екенін ел-жұрт біледі. Көбіңізге сынатпағым осы еді,— деп тоқтады. Бұл әңгімеге бәрі де, Сауырық сөзінің аяғына шейін, тырс етпей қарасып, ұйи тыңдап қалған-ды. Тосын туылған бұл жәйдің аяғы не болып тынар екен дескендей. Кейбіреулер қыбырсыз отырып шақшаларын шығарып, ерніне үнсіз насыбай қыстырды. Біреу қамшысының сабымен тісін тықылдатып қағып, біреулер аңырып қапты. Тайлақбай Сауырықтың қазақкершілік кісілігін жөн көргенмен, бұл сөздің дәл мұндай жерде, бұлайша азғынданып шығуына наразы болып қалды.
Кешегі ел бастаған Есімжан баласының мынадай жерде өз қара басының осы бір өнімсіз даукерлігін ашып, өзінің ішкі әлегіменен таусылып отырғанын жаратқан жоқ. Абдолла болса дарқан адам. Ендеше бір сыр болуға тиіс. Тайлақбай Сауырықтың кескініне қарап: «Ішімдегім түрімде, түрімдегім тілімде!» деген мақалды еске алды. Олақ пішініне бір-екі дүркін қанағаттанбай көз тоқтатып қарап та қойды. Бұған айтпақ алғашқы сөзіне сәл мысқылды әзіл араластырып:
— Қап, бәрекелді - ай! Сонымен не ақтабан ат жоқ, не мақтаған ат жоқ, сиырқұймышақ шөмейіп дос қалды десеңші. «Аларман арыстан, берермен тышқан» деуші еді, сен арыстан болмай алатынын алып, атқа тоқым салған соң, Абдолла арыстан болған екен ғой! — Бұл сөзді жұрт үнсіз ғана күлісіп, тіл қатпай тыңдады. Тайлақбай енді шыншыл түске ауып:
— «Жақсы аттың жалын сақтағанша, жақсы жігіттің арын сақта» дейді. Ағайын деп ер сыйлағаның, азамат боп нар сайлағаның жақсы-ақ! Бұның мақұл. Ал бірақ Абдолланың өз ішінде анық не ойы бар екенін біз білмейміз ғой, жарқыным-ау! Екеуіңнің араңа қазір сөйлеген кісі жаңылысқалы, адасқалы сөйлейді. Ортан қолдай бәйге атты алып, Абдолла басымен үндемей кеткелі жүр екен деп, қане қай қазақ айта алады? — деді.
Аужай бағып отырған жиынға да жағалай көз салыңқырап өтті. Әр-әр кімді осы тұста барлай қарады. Көпшілік дәл кімді жығынды етерлерін біле алмағандай. Сауырық пен Абдоллаға кезек көз тастап, дағдарып қалған. Тек, көп қабақ бұл сөздің дәл осы арада жария болуын құптай алмай қалғандай. Абдолла ақалақшының ел ішінде өз салмағы, абыройы бар. Шеруден сыртқы елдерде де құда-жекжаттары көп, ойын басса ойы, қырын басса қыры солқылдайтын адам. Солардың бәріне ойнап сәлем айтса, шындап істейтін, сөз сөйлері жетерлік болыстың бірі. Және аз күн қамау көріп шыққандығын еске алған кей жасы үлкен, салдарлы кәриялар анық кейіп, қынжылып та қалды. Олар мына тұста Абдолланың бетіне қарай алмай, бастарын төмен салды. ...Абдолла өзінің жолдап жіберген бір ауыз хат сәлеміне Сауырық бәйге атын жетелеткен соң, енді оның келмей жүруін өз ішінде басқадай бір ойға қисындап жорыған. Көздескенде «ауылға бар» десе де Сауырық бөгеліп, тоқтала бергендей көрінді. Соған қарап өзінің бой жеткен қыздары бар дарқан адам Сауырықтың Оразақын деген тәуір баласының барын білетіндіктен, анау қолқаны үлкен жерден салғалы аялдап жүр ме деп, Сауырық ойынан біржола шалғай қонған. Сауырықты Шерудің қамын ойлаған, кешегі Есімжан баласы деп, алыста жатып, ішінен сыйлап тосуда жүрді. Сол қымбат қастерленген ниеттің аяғы енді кеп, тап мынау боп шыққанда, жақсы тілеуі бар кісі едәуір налып қалды. Ол бағанадан бергі бар сыр үшін жалғыз-ақ ауыз сөз айтып:
— А, тәйірі, «күнәкәр болып кел, қарыздар болып кел ме» деген осы екен-ау! — деп қобалжулы, наза байқатты. Ел келесіне шақыртылып, осында келіп отырғандағы бүгінгі арқалап келген өзге тауқыметінен гөрі арқасына бұл батқандай еді.
Ішінен «өресі азға өкпе жоқ» деп өзін көндірді де, қымбатын қоса қиып, томсарып қалды. Керімбек бүгін інісі Арыппайды жасы үлкен Абдолланың аяғына жыққалы отырған. Ел бірлігі үшін соны істемек. Анада бір ай тергеуде болып, соңынан осы мерзімі қосыла үш ай қамау алған Арыппай кейінгі екі ай кесігін де бітіріп шығып келген. Бұл інісінің күздегі лаң ісі үшін, Керімбек алғашында қатты күйіп, ренжіген болса да, кейін оның қандай есептермен ұрынғанын Әлиден толық қанығып білген соң, лажсыз тоқталып қалған болатын. Енді інісі қамақтан шығып келгенде онымен басқа жөнмен сөйлесіп, ел мерейі үшін Абдолланың аяғына жығылып «намақұл» боласың деген. Бұрынғы кек - қыжылы өз ішінде қазандай қайнап жатса да, Арыппай Керімбектей аға айтқан соң бұл байламға еріксіз бекіп, үнсіз көнген-ді. Абдолла әрі Керімбек ауылымен жақын құда. Керімбектің інісі Мұхамәди Абдолланың жақын қарындасын алып отыр. Оның үстіне Абдолланың бір қызын жас күнінде Мақсұтқа атастырып қойған-ды. Жартылай қалың берілген болса да Керімбек пен Абдолла ортасында әр жайдан ұғыспастық туғалы және сол қалыңдықта ер жеткелі Мақсұттың көңілі болмай, ол құдалық бұрынғы бойымен тоқтап тұрған. Арыппайдың бүгінгі аяққа жығылуын өсіп-өнген бұл тұқымның ішінде қостағысы келмейтін бір адам ғана бар. Ол Арыппайдай туылыс, жаратылыста өзінің айнып - аумас жолы бар, табанды ағасын көз алды тірлік қамынан өзгеге бойлағысы келмейтін, қара есеп топтың дәстүршіл ортасына көз жұмып жығып бере салуға шынымен қия алмайтын жалғыз — Мақсұт. Атаға жол боп бекіген салт, дәстүрден анағұрлы ойы озып тұрып-ақ, соның бақырып, бауыздалған «құрбан лағы» болу керек.
Рас, әкесі Мақсұттың ойын түсінбейді емес. Бағалап, барлап сөйлескен.
— Балам - ай, бір өзің кептен ауа жайылғанда барар өріс - сөрең қайсы? Соныңды қолдап отырған көбің қайсы! Біреу жылайтынға біреу күліп отыратын, ала жылан өмір емес пе бұл. Қайда болсын, заманға бақпай ер оңбайды,— деген. Баласы Мақсұт Арыппайдай туысының барлығына көңілі марқайып жүретінін Керімбек те біледі.
Әңгіме сөз бағанадан бері ел ішіндегі бірталай үлкенді-кішілі дау-шардың басын шалып, кейбіреуі осы жердің өзінде тынымын тапқандай болды. Бұндайда жұрт бір-бірін аяспай ашынысын, шындасып та кетеді. Түстіктен соңғы аз алданыс, аялдастан кейін есіктен Арыппай кіріп келе жатты. Ол өзі қамалап жатқандағы бір оқиғаны Мақсұтқа күліп әңгімелеп бергені бар. Бір күні түнімен қалың қар жауыпты да, таңертеңіне бұларды қар күреуге шығарыпты. Сыртта мұнан бұрын басқа қапастан шығарылған Абдолла ақалақшы зәмбілмен сабылып қар тасып жүрген екен.
— Қырық-елу қадам жерге найзалы мылтықпен қия бастырмай әрлі-берлі алдыға салып айдаған сақшы назарында екі қолы зәмбілден босамай, үлкен түлкі тұмағы милықтап, көзіне түсіп терлеген «әріптесін» байқайды. Мұндай сүргін көрмеген семіз адам, ырсылдап бұлау боп, қар жауған жылы күні бет - самайынан бұрқылдап бу шыққан дейді. Арыпбайдың оны қамаудан бергі көргені осы болады. Өзі ақалақшының әдейі дәл қарсы алдынан келеді де:
— Ассало-оу-маликум! — деп қолымен төсін басып, соза сәлем береді. Бірақ Абдолла мұның сәлемін алмайды. Бұрын соны естіген Мақсұт қазір Арыппай есікті ашып кіріп келе жатқанда, оның қас-қабағын бағып қалған-ды. Қара елтірі тұмағының бір жақ құлағын ішіне жымқырып алған, саспас жігіт кірген бойда екі көзі топ ішінде Абдоллада бола және дәл сондағыдай созып:
— Ассало-оу мағалейкум! — деп оң қолын төсіне баса тұра солай беттеп бара жатқанда төмен отырған Мақсұт еріксіз мырс ете жаздап, өзін тез тежеп қалды. Арыппай келген бойда Абдолаға қос қолын ұсынып, оның малдас құрып отырған жуан қонышты етігінің алдына өз бас киімін алып тастады да:
— Намақұлмын тақсыр! — деді, қолын кеудесіне қоя тағзым етіп. Үй-іші бір сәтке жым болып қалған. Абдолла топ алдында өзі де қызарып, Арыппайдың тымағын жерге кідіртпей қолына ала берді. Жігіттің басына тымақты өз қолымен кигізіп жатып:
— Тәңір риза болсын! — деді баяу. Жұрт енді ғана дабырласа үн қатып:
— Ой, бәрекелді!
— Уа, береке тап!
— Басындай бас иілсін, қарағым! — десіп, Арыппайды алқап жатты. Ел татулығына жамау болғандай шынайы ризалық, алғыс үндер еді. Жалғыз-ақ, Арыппайға Абдолла онша сене алған жоқ. Ол да сөзге бақпай, көзге бағатын адам.
Арыппайдың жасы отызға тартқан болса да үйленбей келген, қатарынан кейіндеңкірей бастаған жігіт. Ағалары бұған деп, еш жерге қалың бермеген. Өзі тоқал шешеден туған үшеудің ортаншысы. Бәйбіше балалары бастығы Керімбек болып, бұл ініні ата-анадан жас қалып еді демеді ме, әлде өзі икемдеуге көнбеді ме,— ызалы жігіт бұл шақта өз өміріне соны да зор қапа санайтын. Абдоллаға да бір жағынан баяғы қызы үшін өзінің сондай қайтымы жоқ, ашынған шағындағы іш қыжылымен уытты болған. Міне осының бәрі барлық үлкен-кіші, туған-туыс ішінде әсіресе Мақсұтқа толық аян. Бұл туысының тілсіз жатқан рухани пікірін жетіп ойлап, сол ұғатын. Сондай өжет Арыппай Абдолланың алдынан қайта бұрылғанда, Мақсұт бұл ағасын ешкімнің тәлкегіне қимай, аяп кетті. Оған бұйығып қарады да, отырған жерінен тез түрегеп өзінің әргі жағынан орын берді. Мақсұт Әли мен Арыппай екеуінің істеп жүрген әрекеті туралы кеп ойланған. Ал қазір ағасының бетіне қараса, енді ол тіпті мүлде ештеме болмаған, ешнәрсе көрмеген кісідей, «соның бәрі болуға тиіс» дегендей нұсқасы бар. Тайлақбай Арыппайға жайғасқан соң, аз көз салып отырып:
— Осының көз, қабағын, әсіресе шодырайған шүйдесін көргенде Әнкежан батырдың өзін көргендей боламын! — деп әлденені тереңірек еске алғандай болды. «Егер өресіне сай жол берсе, жетер жері біразға шақыратын тұқым - ау, өзі» деген оймен жанашырлық, тілеулестікпен назар салған.
Бүгін Керімбектің Абдолланы ел келесіне келтіргені жұртқа мәлім болатын. Сол көпшілік Мамозы мен Абдолла арасының ажырағанын да жақсы ұғып кеп отыр. Ешкіммен ақыл қорытпай жасаған Арыппай әрекетінің түпкі мәнін жалпақ ел білгенде оған таңырқамаған, сыртынан қошамет айтпаған Шеру жоқ. Бар Шеруді Күреге қарсы келтірген батылдығына сай, адам таппас айлакерлігін сөйлеуші еді. Сол жігіт мынау кептің ішінен орын алып жайғасқаннан кейін Тайлақбай сөз бастады. Айтары Арыппайға да, Абдоллаға да тиетіндей етіп, сөзін әуелі жай бастап:
— Ер мен ер көксеңгірде бас қосады деген ғой, айналып бас қосып отырсың. Бір дау бітіп, рулы ел демалып отырсың. Елемеген бір дау бір тайпы елді өртейді деп бұрынғылар неге айтқан?! — деп сәл тығылып отырды да, аз тосқыза бере кенет бастап, жосылып шығатын зор үнімен саңқылдаңқырап сөйлей жөнелді. Тісінің қамалы әлі бұзылмаған сөзгер адам мұндай көзге келгенде шоқтықтанып жанып кетеді.
— Ана жаман, тоғышар Мамозының бір білгенін өз ішіңмен байқасаң, он біліп отырасың. Бірақ амалың не! Күні туған күдістің Әзірет-Әлідей күші бар. Күдері болсаң, шыдарсың, күмілжік болсаң, күйтіктеумен шылауына шығарсың. Ел секитіп серке сойған соң, серкеш дауын бітірмесең кімге серт! Анаң сүтін ақтамай, адасып бақсаң кімге серт! Жоқ, олай болмас, бола қоймас, жарандар! Алыс жол атты сынайды. Ауыр жол ерді сынайды. Өмірлік сынға қандай жігіт шыдайды. Қанша ауыр болса да ауытқымай бақ! Ел иесі деген соң, сүйекке бастырған таңбалы өліммен. құнсыз өліммен өлмей, ең болмаса мінсіз өліммен өл! Малыңа мақұл болмай, арыңа мақұл болсаң, сонда ғана өтейсің халық -ана қарызын. Жоқ, оны істей алмайды екенсің, ел ішінде жүргізе алатын табылса, соған бер! Қасиетті халқының борышы, қарызы мен парызы үшін заманыңа көз таста, ел басқарған азамат!
Бүгінгі бұл келіп отырғандар ішінде кісе белдік, көрікті берік, түлкі тұмақтылардан өзге бастарына бөстекілеу қоңыр елтірі, қара елтіріден тымақ киген, киімдері жұпыны, үнсіз кісілер де көп болатын. Тайлақбай сөзінің үстінде сүйінгендерін әсіресе солар жасыра алмағандай. Отырған орындарында кейбірі қыбыр байқатып, «ұқтым», «дәл», дегендей шырайларымен тесілген, ұйыған көздері белгі танытқан. Тер жақтағы мосқалдау біреуі күрең елтірі тымақты шомбал басын азға дейін изеп-изеп отырып, өз үнін өзінен ұрлағандай, қымқырып қана:
— Тусаң ту! Тусаң ту! — деп қойды. Бұл құр белдікті Мұрыншақ болатын. Артық сөзге, арзан іске зауқы жоқ, таразы, қасаң, Мұрыншақтың бар толғанғаны - ақ осы еді.
Мұнан басқа ауыл-ауылдың, ата - атаның басшылары дейтін шетінен өз қадірін сынағыш, шіреншек топ сөздің көбі Абдоллаға тиіп жатқандықтан, Тайлақбай кеңесін қың етіп қостап, сыр ашпай, іштерінен тілсіз ұғып отыр. Солардың кейбіреуі осы істің барлығын Керімбек пен Тайлақбай күн бұрын ақылдасып, айламен өткізгендей ойлады. Ол мінез, әсіресе бір жағынан, Тайлақбай мен Керімбектің сонау Әнкежаннан бергі жақындықтарын қызғанып, күндейтіндерде болса, екіншіден, Абдолламен кей жақтан қоймасы, көмбесі бір болғандардан табылады. Кейін былай аттанып шыққан соң, күбір-жыбыр сөз ғылып ебі келсе, Абдоллланың құлағына өз долбарын пышы-пышылап сала қайтатын да солар. Олар үшін, байлар үшін: тұлпар тұста, күлік күйде, жағасы жайлау, қам - мұңсыз, басқа етер ермек жоқ. Қыс сарала қазы мен жал-жая бақса, жаз сапырулы сары қымыз бен салқын белде жан шырайын бақса, сонымен қоса жыл он екі ай ішінде қызыл ауыз, қысыр сөзді бағатындар да осындай байлар жағы. Байтал мініп, құлыннан дәме қылмай кедей жүреді. Қысы-жазы бел шешпей, салбурынды боп жылқышы, қойшы жүреді. Сарала етек, сауыс боп, іргесінде қосақбасты, салбөксе малшы қатын жүреді. Жұмысы жоқ куәгер, борышы жоқ кепілгер, ат үстінен билік айтқан бай-бағлан кеп. Абыройды аластап, арына сүйенбей барына сүйенген қасқырауыз, түлкі құйрық «жақсылар» жүреді. Күні шуақты, қонысы суатты, саяқты санға санамай, кісі пердесін жыртатындар солар. Өріс малды, дастарқан майлы, жаны ауырып, жаншылып білмеген атқа мінер бар. Ел ішінің сөзіне, әсіресе осы биыл оқуын бітіріп келгеннен бері молырақ араласып жүрген Мақұт үй толы жиынның әрбір қимыл, қабағын қырағы аңдып, қалт жібермей сезініп, бағып барлауда. Мынау отырған Мұрыншақта жалғыз қыз бар. Бағанағы Дербісалы — Бурабай көптен бері соны өз баласына сұрайтын. Басында Бурабай Мұрыншақты сөз бұзбас момындығына қызығып, көп қолқалап жүріп өзіне қоңсы қондырып, бұған жылқысын бақтырған-ды. Кейін Мұрыншақтың алдына мініп барған жас қызы, бой жете келе көз тартарлық, өңді бала болып өседі. Өз малшысының үйінде қиылып әсем қыз отырса, Бурабай көзі оны көрмей, ноғала болып па! Ерте күннен араға кісі жүргізіп, қызға сөз салғызады. Бірақ, Бурабай қызды жасы отызды алқымдаған баласына, әйел үстіне, тоқалдыққа сұратқан, Бұл іске қазақшылықтан аса алмаған және өмірі кедейшіліктен шықпаған Мұрыншақ аз белі босағандай, сабыр сақтап ойлағанымен, қызы мен әйелі ықтияр болмайды. Соның аяғынан қыз әкесіне наразы болған Бурабай күзгі отардағы өз жылқысынан, қазанның қара дауылы көзінде, бір түнде үш ту биені Мұрыншақтың алдынан ұрлаттырады. Бұны соған жығынды етеді. Бірақ кейін «Бурабай биелерін белгісіз біреулерге өзі алдырыпты» деген сыбыс шығып, Бурабайдан қатты іш тартып, түңіліп қалған Мұрыншақ енді ерте күннен бас амандағысы келген-ді. Құлағына тиген, ұққанын айтып, Керімбекке барған болатын. Және сонымен қоса қыздың да өз басына араша тілеп жазған арыз хаты ел ағасы Керімбекке жеткен еді. Бұған көрініп тұрған айғақ, дәлел болмаған соң, Керімбек ашық ешнәрсе айта алмай, тек қана Бурабайдан Мұрыншақтың енді бас сауғалап, құтылып алуына мәслихат берген. Жылағандай боп келген қартаң кедейдің өз қолындағы жалғыз биесіне бір биені Қарымсақ берді ғып, Керімбек өзі қосып, қазірше Бурабайдың екі малын төлеттіре тұрған. Сол кезде жаны ауырмаған Бурабай өз аузынан: «қалған бір жылқымды кешейін, қызың үшін әлі де ойланып көр» деген сөзді айтып қалады. Бірақ Мұрыншақ қалған бір ай ішінде беруге қолхат, тоқтам қағазын жасап, артынша өзінің ежелгі мекеніне көшіп алады. Істің алды солай тынғанымен, кейін қызайдың торғай руындағы Бурабайдың бір жекжатының аузынан сол жаққа Бурабай асырған үш биенің сыбысы шығады. Шеруге соның дерегі анық білінген болса да, Бурабай биылғы жазда оны мойындамай, беттетпей жүрген болатын. Керімбек биылғы күзде осының ізінен Қарымсақты жіберіп, анығына көз жеткізеді. Арада, күз көзінде анадағы лаң киіп кетіп, шерудің бар басшысы Күреге қотарылғандықтан, оны тексеруге мұрша келмеген. Бурабайдың бағанағы ертеде өткен әңгімеге салған жерден шарт кетіп, ешнәрсені қыртысы сүймей отырғаны сол еді. Тайлақбайдың Бурабай туралы ә дегеннен сөз қозғауында бүгін тексерілуге тиісті сондай мән жатқан. Бурабай жақын күн ішінде Мұрыншаққа сөзге тәуір бір кісі тауып жіберіп: «Бір жаңылыс кетсе кеткен шығар, қам сүт емген шикіміз көп пендеміз! Оған ағайын ренжімесін! Ауыз дәмдіні, көз өрліні сүйеді. Сөздің шыны, әйтеуір амалдап болса да ағайынға бір еркелік етіп, соны қолға түсірсек, Мұрыншақ көңілінің жыртығы болса жамала жатар деген аптықпен ес таппай, аяқты ағат басып қалдым. Дүние бір айлық, бір жылдық емес, өлгенімізше тағы талай бет көреміз. Адасқан болсақ, сасық ет, кемік сүйектен жаралған күл күміре пендеміз. Айыбы болса ала жатар. Алсын! Болмаса басыңдағы тілегім тілек, ниетім ниет. Әлде де болса ойланып, баласын балама беріп, сүйек дос болсын!» деп майдалап сәлем жолдаған. Айыбының орнына кежімдеген сұлу торы аттай етіп жабулап, жылмиған әдемі сөзін, су төгілмес жорға сәлемін жетектетіп жіберген. Бұл — оның Қарымсақ ана жақтан анық дерек әкелгеннен кейінгі жылмағайлығы еді. Іс солай болғанмен бәле қуумен қоңсылығы жоқ Мұрыншақ ойланып: «Япыр-ай, ә! Айтсаң өстіп ағайынның көңілі ауырса, айтпасаң ақың кетсе!..» — деп отырып - отырып: — Мақұл, бір жөні болар— деп Бурабайың кісісін қайтарған. Бурабайдың жаңағы зар тілек сөздеріне тіпті жүйесі босағандай болған. Осындай өлердегі сөзін естіген соң, «Бүгін істегенін ертең тағы істейді - ау» дегенді ойлап та қоймаған. Артынан бұл сөзді Мұрыншақ Керімбекке келіп білдірген-ді. Өзі шешілгелі тұрған шаруа болса, енді Керімбек те ел ішін қырғи-қабақ етпеуді жон екен деген. Бурабайдай теріс адам шерудегі өз атасы Дәрбісалы табын бұл ортадан іріктеп, екшеп алуы оп-оңай. Және Бурабай Керімбектің әкесі Әнкежанның заманында ат жалым тартып мінген азаматтың біреуі болғандықтан, сақалын сыйлау тағы бар. Сапалаттан «сүйек тістеген» күйеулігі және бар. Сонымен бүгін бір әредікте Керімбек түтігіп отырған Бурабайды ишарат етіп сыртқа оңаша шақырып шығарды. Бағана Тайлақбай сөздерінен бері ішінен қыпылдап, жан таппай отырған ол Керімбектің бұл кісілігіне шын жүгіне марқайып, анық қанағаттанған. Жүресінен жайғасқан қалпында қысқа жауап айтты:
— Білгір тұқым ең... Білгірлігіңе болайын! Кінәлінің тілі қысқа ғой. Тілім қырқылып отыр! Айтпағанымды өзің ұқ. Сағымды сындырмас деп, санаңа сеніп келіп ем... «Қораз қойқаңдап қырғи барын ұмытады» деген осы. Мұрыншақ үш биесіне қосып құнан бұқа айыбын алсын! — деген. Кеп алдына түсем бе деген үрейден қуыс кеудесі ғана отырған оған қарап «көңілі кедейді ешнәрсемен байыта алмайсың» деп ойлады Керімбек. Бір ғажабы, ар жазасы Бурабай үшін сонау бала жасынан өтпелі нәрсе еді.
Бүгін бұл отырыста Тайлақбай Бурабай турасында сөз қозғамады. Жаңағы Керімбек білген жөн-жосық Мұрыншаққа да ескертілген-ді. Бурабай мұртынан күліп, тым-тырыс отыра берді. Күн екінтіге тақаған шақта бұл жиынға келген қонақтың көпшілігі - ақ, өзі әкелген мүдделі сөздерін бітіргендей боп, мәжіліс те қарар табайын деген. Керімбек ойында сақтаған азырақ сөзін енді осы уақытта айтты. Әңгімені «заман мынау, заң мынау, елдің, жердің қамын ойлайық» дегеннен бастаған. Оң бүйірде, қонақтардан төмендеу жерде, мол кеудесін жоғары ала отырып, үй ішінде ешкімге бұрылмай сөйледі. Күмбірлеп шығатын, тынысты үніне айқын бір уайым қосыла сөйлегенде, тілі емес, жүрегі үн қатқандай, арғы, ішкі жағынан келеді. Сызды жанары отырғандардың үстінен асыра тастап, сөзін бастай берді.
— Өмір өтіп барады. Ат басын бұрғанша ай, айналып көргенше жыл өтеді. Артында қайысқан қалың ел, ұрпағың қалып барады. Сонау құба қорым қалмақ заманынан бері қазақ сенің жақсылық көрген жерің жоқ. Жеңсең тасып, жеңілсең жасымаған, шын ер халқың бар еді. Ерен ер, берен — белің бар еді. Қайранда қалған балықтай, қазағыңнан бөлініп, осы бір өңірде «барса келмес» аралы болып қалғаның да сол кешегі көрген «ақтабан - шұбырындылықтың» әлегі екен. Енді бүгін айдаһардың аузында, арыстанның жолында тағы отырған жоқпысың! Жалқы бақ ортақ болмас, бақ - жалқы, ақыл - ортақ. Өзді - өз бағыңа семіріп, сеніп қалма, ағайын. Ерің елімен ойласып, әйелің ерімен ойласатын ұялы тамыр, ұранды күнің келген. Бүгін болмағанмен, соған апарады сені! Санасыз құлақ саңырау боп бодандықта кете берер түрің бар. Аузыңнан ақыл, көзіңнен мейір көрінетін жеріңе жетіп отырсың, қарындас! Заманыңның өзінде мейірім жоқ. Соны ойлама десе, өз артыңа қалжуыр байлағаның қалмайды! Қымтай - қымтай қызымыздың іші білініп болған жоқ па осы! Айналаңнан қысып бара жатқан мына бір қырсау заманды таниық. Тобырыңмен обыр жұтқалы жатқанда өзді - өзіміз ала жылан, аш бақа болғанды қояйық.
Тіл жүйрік емес, шын жүйрік, Аңдамайтын әңгі, тыңдамайтын бәңгі сірә сен болып кетсең де, айналаңа бір қаранатын көзіңе келтіріп отыр. Алды-артыңа көз-құлақ бола жүр, ағайын! Отырғандар ешбір қыбыр шығармай, тынып қалған. Бұл сөз Абдоллаға да ішінара кейбір Абдолланы жағаттап, жақтайындарға да, әсіресе осы бүгін, енді ғана дұрыс қонып отырған сияқты. Керімбектің бұл сөзіне қарап Абдоллаға, оның өзіне орайлы бір сәт туғандай болды. Абдолланың ертеде Мақсұтқа айттырылған, бұл уақытта бойжеткен қызы — Зейнеп отыр. Тегінде қара саясатқа жүйрік, есепші ақалақшы Керімбектей рулы елге беделді, турашыл адаммен құда болуды әу бастан мұрат тұтқан. Сөз байласты ма, ендігі тауқыметі Керімбекте. Қыздың жолын тосу — бағын байлау. Ол ата-ананың ғана емес, бүкіл ауыл атының, тіпті, ел атының намысы. Міне, осы іс белді ауылдың ор көңіл, шамшыл адамдарын шетінен кекті ғып, алаң еткен. Қыздың ағайын - аумақ, жақын-жуығымен, тапқан шешесі әлденеше күйініп, сол үшін бас та қосып, соқталы сөз туғыштатып жүрген. Кермеқас дейтін үлкен қарасұр бәйбіше күйеуінің де құлақ етін жеген. Тек сабырлы Абдолланың екі қабат әйелдің төзіміндей шыдамылығынан осы уақытқа созылып жеткен бітеу жара бар-ды. Сол жайды Абдоллаға тап осы жолы да неше қайта тапсырып жіберіп, бұның жолын екі көзі төрт бола күтіп отырған ер мінез, жуан ауыл бар. Атағына дақ түсіп, сынық көңіл болып, кеуделі ауылдың әлпештеулі бойжеткені — ол отыр. Керімбектің жаңағы сөзін үндемей құп алған Абдолла бүгін өзге топ тағы бір талай әңгіменің басын шалса да сөйлемей қалды. Бір жағы кеше Мамозымен көңілдес болып кеп, енді бүгін бұл ортаға бір-ақ күнде лақ етіп, ашылып кету де орайсыз. Сонымен қонақтар аттанбаққа жақындағанда, Абдолла Керімбекті оңаша алып шықты. Айтарын көп созған жоқ. Қада ағашқа күміс ерлі кеп ат байланған, соқпа дуалы даңғыраған кең, таза аулада, шетке таман шығып барып, екі үлкен жүресінен жайғасқан соң:
— Кеке! — осы ана бір жұмыс күпті етті ғой! Жарымынан кесілген бір жылан босағамнан кірді де, теріме сұлап жатты ғой! — деді.
Бұл екі адам бір-біріне осыдан артық ежелеуге бармаста еді., Шегіне жеткен шаруа айтылып отыр. Абдолла мына сөзді айтқанда, Керімбек Мақсұтты еске алып, «заман ақырдың туашақ болғыр баласы - ай!» деп ішінен шындап қынжылды.
Бір нәрсеге шын қатты қинала отырып бекінген жүзбен:
— Абдолла, осы жолы ренжімей аттана берші! — деді. Бірақ құдасы аттанып кеткен соң да, әкесі Мақсұтпен ұғыса алмауға айналып еді. Мақсұтты қайны атасы жүріп кетісімен-ақ, оңаша үйге алып, тықсырып сөйлескен болса да, ол ерекше қадірлейтін өз әкесінің осы бір қолқасына рай көрсете алмай-ақ қойды...
БЕСІНШІ ТАРАУ
1
...Алдыңғы өткен жаз еді. Бөлектай жайлауынан қайтқан екі жолаушы атақты Қүмтік кезеңіне күн еңкейе келіп ілінді. Жоңғардың асқар жотасында жан-жағы заңғыраған құзар сай, кек шатқалдар болып кететін Қаражалдың жонындағы алыс, ұзақ арқа жолмен келе-келе екеуі бір тастақ кезеңге шығып тоқтады. Ақ керішті мойнақтың дәл желкесінде тастан түйілген жалғыз бейіт бар. «Қыз бейіті» деп аталатын бұл зират құс ұшпас, құлан жортпас ұлан таудың шалғай шығанында, қаңыраған елсізде қапты. Маңайында тырс еткен тіршілік белгісі жоқ, жапандағы жетім мола қиял - санадан өшіп, біржола ұмыт болғандай. Шанда бір осылардай тосын жолаушы, немесе әлдеқалай жел айдаған жиһанкез, мақсым көзбе басып өтпесе, елсізде қалған жалғыз мазараттың маңын басушы жан баласы болмаушы еді. Баянсыз тірліктен баяулап өтіп келіп, ендігі мекені ың еткен ызыңы жоқ, мәңгілік жым-жырт құлазыған тыныштық болған. Мұнда осындай халдегі томсарған аруақ рухы тұрақ тапқанына куә боп, заман, уақыт керуенінде мезгіл - мезгіл бір жүріп өтетін мыналардай жолы түскен сапаршы дұға етеді.
Бұнда шерудің Мәрукей деген қызы жатыр...
Осыдан қырық-елу жыл ілгері Мәреукей қыз Күдері жыршы деген жігітпен көңіл қосады екен... Ақыры бір бейсағат күні Күдері оны алып қашады. Айтары не, дәл сол күндері Мәрукей қыздың жасынан атастырған күйеуі қалыңдығына ұрын келіп жатыпты. Ауылдан таң ата сытылып шыққан сондай екі сорлының сәтсіз сапары сезіліп қалады. Қызды елінен бірге келген жолдастарымен ожар күйеу өзі қуады... Айтушы — Мәрукей қызды анық ару еді десетін болса, оны алмақшы күйеу көп малға жығып айттырған, қатыны өлген, бала-шағалы, бай мырзасы болады. Қашқындардың бағдарын анық аңдаған топ қара тер болған аттарын басы - көзге сабалап соңдарынан қарама - қарама түсіп отырып, дәл осы Күмтікке келгенде көзеңнің бергі жағындағы қазықтай шаншылған өрден тырмысып, мойнақтан әне-міне асып,- құтылып кетуге айналған қыз атының құйрығына күйеудің қолы ілінеді. Көзсіз ашумен өлердей томырылып келе жатқан оспадар жанның аямастыққа бел буып шыққанын жүрегі сезген Мәрукей адамнан емес, әлде бір жыртқыш мақұлықтың шеңгеліне ілінетіндей шошына шыңғырып, аттан түсе қашады. Сасқанда мынау құзар астыртқа қараған, кеудесі үңку, ожар жартасқа қарай шырқырап жүгіреді... Заңғар басынан темен қарасаң бас айналғандай анау тік астыртта көбігін аспанға шашып, әлде бір жын-пері ұясындай, гүрілдеп буырқанып жатқан долы өзен бар. Байдың намыстан өртенген жас мырзасы Мәрукейді құтқармайды. Аттан о да ілінбей, түсе қуады. Зәулім ұшпа жартасқа жете бере нақ бейсағат минуты тосқан сорлы бойжеткен төбеге ұрғандай тоқтап қалған. Шын ба, өтірік пе дегендей, жете бере-ақ ананың қолы бұрымнан ілінеді. Жұлқа тартып, сұлата жыққан секунтінде үстінен үйме-жүйме өзі де құлап, бірден - ақ ессіз соққыға алады. Соңындағылар жеткенше аяқ-қолымен бірдей түйгіштеп, тепкілей бастайды. Соққымен қатар, қарлығаштай нәзік қыздың іші - бауырын түйгіштеген тізесімен бурадай езгілеп, бір жақ құлағын да шайнап жібереді. Қос бүктеп ұрған қамшының жуантық тобылғы сабы самай тұстан жүдемелете екі-үш қайта тигенде бейбақ жас соңғы рет әлсіз ышқына ыңыранып барып үні мәңгіге өшкен. Қыз қолға түсерін түскен соң, Күдері енді босқа өлуден басын қорғап, өзі қашып құтылады. Қабір басында мынау тұрған жазулы тас сол Күдері жыршының кейін келіп қойған бір ауыз бәйіті дейтін. Малта тастан Қоянжондап үйілген қорымның бергі алдына беті құбылаға қарай тұрғызылған серек ақсұр құлыптас тұр. Араб әріпімен жіңішкелеп сызылған қолтаңба ескіше оқыған жыршы ғазалы екенін аңғартады.
«Тасқа жазып ғазалнама,
Жазмышқа оқып зарнала,
Кетті қаңғып бір паруана —
Ботасы өлген аруана.»
Жым боп қатқан жапанда құлақтың шыңылы естілгендей, тым-тырыс өлке. Осындай есіз тауды бейіттің бір өзі сөйлетіп тұрғандай, Жолаушының үлкені жолшыбай осы әңгімені айта келіп бейітке ат басын тірегенде:
— Сүюдің налысынан өткен налыс, назасынан өткен наза болмайды дейді, сол әсте рас та шығар. Өйткені жастығындағы сүю кезеңінде көзге одан басқа он сегіз мың әлемде ешнәрсе көрінбейді ғой.
Оған діті жетіп, сенбейтіндер ұрмай-соқпай, өзінің нәсілсіздік тапшылығын жайып салып, өлшеп беретін пақырлар тобы ғой,— деп Мәрукейдің аруағын шын асырып сөйледі. Екі жолаушы Мақсұт пен Қарымсақ болатын. Бұлар аттан түсіп шылбырларын белге қыстыра, тізеге баса отырып құран оқыды. Қарымсақ баяу дұға ғып, бетін сипап, азырақ бұйығып отырды да:
— Е – е - е, жігіт асыққанынан, қыз ынтыққанынан өлсін деген осы да, пақыр! — деп мұң байқатты. Мақсұт күрсінді. ...Қарымсақтың мына айтқанына қарап оған осы қыздың өлімі бір түрлі ыстық, қымбат сезілді. «Бәлкім, әлі талайлардың өмірінен, итшілеген жұбайлардың күнінен осы қысқа сүйісудің өзі биік боп мәңгілікке қалар» деп ойлады.
— Қарағым Мақсұтжан, тұр, аттанайық,— деген мұңлы дауысқа өлең етті. Тап осы кезде оң қабағы тартып - тартып кеткен... Оның өз жорамалында бұл қалайда бір қуану үміті. Бірақ бұны мазақтағандай, енді сол көзі де қатты жыбырлап тартты...
Айнала маң еңкейіп қалған кешкі күннің шатқалдарға түсірген көлеңкесімен көкшіл шұғыла мұнарға бата бастаған. Тышқан ізі түспеген сай - сайдың қойнауы елбіреген бозғылт - көк перде жамылыпты. Мәрукейге тиген «бейіш» өңір осы сияқты. Аз тұрып екі жолаушы аттанып кеткенде, Қыз бейітінің үстінде, сонау шырқау биікте шарықтап ұшып, қалқып айналып, кетпей жүрген жалғыз қара құс бар еді. Қүмтіктің шаншылған қызылшағыр, қиыршық керішінен тік түсіп алған соң ұзақ жүрістен қажыған екі жүргінші бұлақ бойын қуалаған ыра еңісті құлдилап, соқтыра желіп жүріп кетті. Бұлар терістіктегі Сайрам көлі жақ шекелікте, сары төрді жайлайтын таймас руына барып қайтқан. Таймас қызайдың шеруменен қанаттас отыратын бір табы. Өзге қызайдан жеке, қыс - қыстау, жаз — жайлауы шеруменен шеңдес жатады. Қиыр жайлап, шет қонған — жалпақ қызайда осы екі ру. Қарымсақ сырт көзге аң аулап жүрген адамдай мойнына мылтық асынған... Барып қайтқандары Таймастың — Аусынақын деген адамы. Қыс пен жазда тынбай, жатпай жортатын әйгілі саппас, Аусынақын осы... Оған бұл екеуін жәй жүрген, аң қараған адамдай етіп Тайлақбаймен Керімбек жіберген... Ел ішінен айлар. бойы шығандап шығып кетіп жүретін жеке жан Аусынақынның өз үйіне жақында келіп бір соққаны білінген. «Ел аман, жұрт тынышта осыны айдап, дедектетіп жүретін қандай сор, қандай сыр?» деп, оны қазақ сөзге таңатын. «Қашан келіп, қашан кетті» десе бір адам білмейтін. Бұл адам айшылық жол Алтайдағы Оспан батырдан тіл алып қайтып тұратын, нағыз сары тоқым хабаршының өзі бола - тұғын. Екі жолаушы бағанағы бойда сар желіп отырып, іш пыстырған тар сайдың аузына шығып, енді Орта — Ақсудың үлкен аңғарына ілінген соң, ат басын еркін жіберіп, біраз жарасып алды. Ақсудың үлкен өзені кез келген тұстан өткел бермейді. Қарымсақтар арғы қарсыдағы ауылының тұсынан төмендеп қиыстау өтіп барып, аттарын өткелден салды. Мақсұт аяғын артқа қайырып алса да, кең жайқын болып жатқан өткелде су етігінің басын шалды. Қыпша бел қара ат мойнын соза, жалдап өтіп келеді. Қарымсақ мінген қызыл ат та Мақсұттың атымен құйысқан тістесе, асықпай малтығып жылжып барады. Темірдей қара - қызыл ат суға жуылып, етіп шыққанда аса бір әсем құлпырушы еді. Бұлар су сарыныменен дабырласа әңгімелесіп, шымдауыттағы шаңсыз жолмен аз өрлеп, қабаққа шыға келгенде алдыңғы, күнбатыс қапталда, қаз-қатар қонған төрт-бес үйлі кішкене ауыл көрінді. Кішілеу - кішілеу қоңыр үйлі қараша ауыл мал әбігері, у-шуы жоқ, сыртынан қарағанда момақан. Кең жазық тепсеңдегі мол шалғын, тұтас шымды көк қауланды дүрсілдете басқызып, текшеде отырған кішкене ауылға жеткен Мақсұттар ортадағы бір үйге түсіп жатты. Осы кезде үйден Қарымсақтың әйелі мен соған ере шыққан сыпайы жүзді, көрші-қолаңның үш-төрт қыз-келіндері көрінді. Момын ауылдың бір өңкей иба сақтаған көңілі жайлы. ашық жастары сияқты. Екі еркекті жатсынбай, қайта жақын тартқан шыраймен қарасып тұр. Келіндердің жүзінен Қарымсақты сыйлаған сәл имену де аңдалғандай. Қарымсақтың әйелі Мақсұтпен аталас ауылдың қызы. Күйеуінен біраз жас кіші Қазиза ақ тістері тізіле көрініп, Мақсұтты күліңкірей қарсы алып, туысқанымен іш тарта амандасты. Бұлардың келуіне шын қуанған шыраймен ерекше сүйкімді үні естіліп, әзіл тастап:
— Екі аңшы, қанжығаларыңда өрелгі - жоралғы көрінбейді ғой,— деп күлді. Үй иесі мына тұста ойнақыланып, Мақсұтты қайынсына тіл қатты:
— Ой, сенің мына бауырың «оқу - оқу» деп жүріп атқа мінбей, құймышағын өсіріп алған ба, Күренің шерігіндей ебектеп, ыңғай қара жолмен шоқақтап жортып отырсақ дейді, сондай аңшыға да аң көздесуші ме еді! — деп, Қазизаға көзін қулана қыса бере бетін тыржың еткізіп қойды. Қазизаның арғы жағында жаңағы қыз - келіндер тұрған-ды. Мына сөзге қысылғандарынан олар ибамен жымиысып жүздерін бұрды. Солардың алдында Мақсұт та бұл сөзге не дерін білмей қалды. Бұл үйге сирек келетін, сыйлы ауылдың Мақсұттай сыпайы баласына бұлай әзілдеген күйеуіне. Қазизаның өзі де ә дегенде не айтарын білмей абыржыған. Бірақ осының барлығында да шынайы бір жарастық бар еді. Өзімен өзі боп отырған жуас ауылдың ешкімменен бәсеке - күндестігі жоқ, сөз қуып үйренбеген жастары Мақсұтты ерекше тартты. Ол өз ауылының бұлардай қыз-келіншегінен бас - басына өктемсінуді ұнататын, өзімшіл өрлікті көбірек байқайтын.
Аузына жөнді сөз түспеген Қазиза жаңағы көріністі жуып-шайып:
— Е, бопты, бопты... Мақсұт, жүр қалқам, үйге кір! — деді де, жас қонақты есікке қарай бастай берді. Мақсұт қыз-келіншектер тобымен жалпы сәлемдесіп өтіп, үйге беттеді. Қазиза қарбаласып төрге таза сырмағын салып, есік алдында бір келінге тез қузап самауырын қойғызған. "Кештетіп аттанып кетпек екенін алдын ала ескерткен Мақсұтты үй иелері жібермеді. Кетемін дегенін естігенде, Қазиза ренжитіндей болып:
— Мақсұт қалқам-ау! Ай - жылында әрең бір келіп отырып, әлдекімше қонбай қайтамын дегеніңе өкпелейміз, шырағым! — деп, тіктеу айтты. Соған орай Қарымсақ та, үлкендігімен бұйыра:
— Ертең ауылдарыңа мен де баратын болып отырмын, таңертең осынан бірге аттанамыз,— деген. Үй ішінің реттілігінен Қазизаның тазалығы білінгендей.
Аздан соң Мақсұт пен Қазиза оңаша қалды. Қарымсақ сыртта ошақ басында, кешкі іңірде мол жанған оттың жарығымен бір үлкен қара кебені жәркемдеп, сойып жатты. Қазиза қазан басына бағанағы жас келіннің біреуін қойып, өзі Мақсұтқа әлдене жайдан бір әңгіме қозғамақ болды. Осыдан екі жыл бұрын қазір анау бас жақтағы шетте отырған Мұрыншақ үйінің жалғыз азамат баласы қайтыс болған. Әкесімен бірге Бурабайдың жылқысын бағушы еді. Ол өзі жас үйленген. Жастайынан тартқан аш-арық, жоқшылықтың зардабы ма, әлде қыс - жазы мал шетінде жүріп, өкпесінен суық өтті ме, әйтеуір сол Бурабайдың іргесінде отырғанда зертең деген науқасқа ұшырап, аузынан бітеу - бітеу қан тастап өлген. Сол баладан бір ұл қалған болатын. Жас келіншегі ерінің жылы өткенше отырды да, сонан соң төркініне кететін болды. Келіннің өз әке-шешесі жоқ, бір есер немере ағасы ғана бар екен. Ол Мұрыншақты «жарытып қалың мал бермеді» деп бұрыннан іші қаламай, қатынасы кемдеу болып келген көрінеді. Сол құдасы шал-кемпірді жылатып-еңіретіп отырып, баласының ендігі көзіндей болған келінін әкетеді. Төсек орны мен үйдің ішін бір күнде бірақ үңірейтіп алып қайтады. Әсіресе шал-кемпірдің ендігі жалғыз алданышы — кішкене немерелерін де тартып әкетеді. Келін болса жасынан бір басының билік еркі болмаған, осы ағасының үйінде жеңге қолында өскен жетім басша екен. Жеңге қойған еттің ішінде «желке» жүретіні белгілі. Осылардан жасқанып өскендіктен бұл кезде де ығынан шыға алмайды. Ол өзі Мұрыншақтың қарындасынан туған жиен қыз еді. Қазақта жиенді алмайтын салт болса да, ата-анадан бірдей жетім қалған соң, өз қолымызда жыламай жүрсін деп Мұрыншақ баласына әперген. Әрі кедейшіліктен қолы жеткені де сол болған. Рас, бұл үйде қақпай көрмей, қайта бойжеткен қызындай болып жүргені анық. Сондықтан ата - енесін қия алмай ол сорлы да омырауын жаспен жуып жылай-жылай аттанады. Оның «бала қалсын» деген тілегіне қанша дегенмен бауыр емес пе, ағасы аз қайысқандай болғанымен бірге келген еркек пішінді жеңгесі ырық бермейді. Мүйізі жуан бұқаның сүзеген келетіні тәрізді «Әйелдің еркек пішіндісі сыпайы келмейді». Мұрыншақ шекпенімен басын бүркеп ірге жаққа теріс түсіп жатып қалғанда әлгінің көңілінде бұл үйден кие алмаған көйлегі тұрған. Қызды енді қайта біреуге сатқанға дейін күң орнына жұмсап, баланың табанын тіліп қозыға салып қойса, аз олжа емес. Ол тұста бұл үй Бурабайдың іргесінде болатын. Түу, ең баста да Мұрыншақ осы жалғыз баласына бір «бұлғаушы басты» келін әперу үшін, табан ақы іздеген жалшылықпен барып Бурабайға кіріптар болған. Бурабай өзі ұрлаттырып Мұрыншақтың мойнына үш ту бие мінгізетіні сол баласы өлген қарсаң еді. Қайта өстіп белі сынып отырған көзінде, майырылдырып көндіруді тәсіл көрген. Керімбек Мұрыншақтың Бурабай қасынан басқа жаққа ауып, көшіп алуын мәслихат етуде осындай да мән - жәй бар-ды. Сонымен Мұрыншақ Бурабайдан құтылғаннан кейін былтыр жазда болған жаңағы келін жөніндегі оқиғаны Қарымсақ Керімбекке жеткізіп ақылдаса келген. Шалдың жай-күйін шаққан. Кеткен келін төркіні бұл маңға, бұл үйезге қарамайтын, әргі қызай іші болғандықтан, ол іс жөнінде Керімбек Мақсұтқа мәслихат салып, жұмысты осыған тапсырған-ды. Мұрыншақтың бар тілегі — өзінің ендігі жан -бауырындай болған кішкене немересін қайтып алу. Сонымен былтырғы жазда Мақсұт Мұрыншақ үйіне келіп, әуелі істің егжей-тегжейіне жете қанық болған. Сөйтіп жазғы демалысында сол іс үшін арнайы қалаға түсіп, Мұрыншақ атынан Құлжадағы бас сотқа арыз енгізген. Соның аяғында кемпір-шал немересінің қыс басында өз қолдарына қайтуына себебі тиген. Қазір Мұрыншақтың қолында сол немереден басқа, Бурабай келіндікке алмақ болып шырғалаған қызы бар-ды.
Қазиза Мақсұтқа әзір сол үй жайынан сөз қозғап:
— Мақсұт қалқам! Таңертең осы үйден шыға салып аттанам деп асықлай - ақ қой... Анау бас жақтағы атайдың үйінің қызы сені үйден дәм татып, бір шәугім шәйімізді ішіп кетсін, келсе жіберіп қоймай, айт! — деп өтініп жүрген. Әнегүні өздерің былай қарай аттанып бара жатқан күні-ақ айтып еді, шырағым! — деп бір ойда жоқ жайды білдірді. Үні біртүрлі астарлы, жан тартып сөйледі.. Сөзінің арғы жағында тағы бірдеңе бар секілді. Жұқалтаңдау келген, көрікті, аққұба Қазизаның кісіге жақын достай шыншыл сыр ұялатып қарайтын қара көзі үлкендеу ашылып, Мақсұтқа барлағандай мейірім төгіп қарады. Бұған туысқандық, жақындықпен әлде бір қажетті, сыр арнағандай және аз отырып:
— Е - е, шырағым - ай, досқа достың залалы жоқ. «Бойжеткен қыз мұңлық, томағалы құс мұңлық» деп неге айтқан дейсің... Бұрынғылар білмесе айта ма! — деп қойды.
Жас жігіт Мақсұт Қазизадай жасы үлкен қыз туыс алдында қысылыңқырап қалды... Ортадағы әйнекті шамның мөлдіреп жанған жарығына қарсы отыр еді. Жүрегі бір нәрсеге шым еткендей, ақшыл жүзі болар-болмас қызарып кеткен. Неліктен екен, Қазиза сөзі аса әсерлі тиді... Мақсұттың шамалауынша тегі, неғылса да, бұл туралы сыртынан сөйленген әлдебір сөздің болғаны анық. Мақсұтқа бүгін көбірек көз тоқтатқандай болған Қазиза тағы біразда:
— Сол қыз бағана сен келгенде осында тұр еді, байқадың ба, Мақсұт? — деп, әзірге тек осыны ғана білгісі келіп сұрады. Қазизаның бұл айтып отырған адамын Мақсұт аңғармағанды. Жолында сәл шеттеу тұрған қыз - келіншектерге жалпы тобымен ғана сәлемдесіп өте берген Мақсұт Қазизаның бұл сөзді неге шығарып отырғанына таңырқағандай болды. Әңгіме көпке созылған жоқ. Сырттан:
— Ыдыс — ыдыс! — деп дауыстаған Қарымсақтың жарқын үні естілді. Қазиза орнынан тез көтеріліп, іші - қарынға астауын алып шыға жөнелді.
— Жеңеше, сіз бас үйте беріңіз, басқасын мен өзім жайғаймын ғой,— деген бағанағы жас, момын, ақсары келіннің даусы қарбаластау шығады. Қызметіне риза адамдай, кешкі тұнық ауада үні көңілді, мейірлі естіледі. Біраздан соң үйге Қарымсақ келіп кірді. Қазанын қамдастырып қойып, Қазиза да келді. Жайшылықта мінезге, сырға берік Қарымсақ, жас қонағына әр сөзімен анық тартымды шырайын танытып, әйеліне «ақ Қазиза» деп сөйлеп үй ішіне әзіл көңілділік шақырады.
— Кәне, ақ Қазиза тәтті де, сәтті қолыңмен қымызыңды әкелші! — дейді. Осындағы үш-төрт үйдің бес биесін құрастырып Қазиза байлап отыр екен. Сырттағы бағлан қозының пісуін күтіп, бапты қымыздан жақсы әңгімемен отырып біраз алған кезде, көңілдене түскен Қарымсақ:
— Мақсұтжан, сенің бұл әпкеңді қалай алғанымды білуші ме ең? Малмен емес, өлеңмен алғанмын. Айт, той, өлең болса, іздеп барып айтысушы ек... Шіркін, о да бір қолға қайта түспес дәурен екен! — деді. Өткен-кеткен қызығын қия алмай сағынатын отты адамның көңілі.
Қарымсақ жасынан әнші, әрі өлеңші. Айтқанындай, тіпті үйленгеннен кейін де, «угәй -угәй» деген бір ескі әуенге салып, сол әннің әлде бір мұң, сағыныштай қайырмасын:
«Угәй - угәй, әй угәй,
Ақ, Қазиза, дариға-ай!
Бір сені ойлап мен жүрмін.
Жатқа қимай, әй-угәй» —
деп, Қазизаға шынайы ішкі толқын, жүрек сырын арнап қосатын. Кейде сол әнді бейсағат бір заманның елден, жерден ауған, әлдебір мұңлы жігіттерінше:
«Қиыр қонып, шет жайлап,
Келдік қалқа, дәм айдап!» —
деген қайырмаға да салып, өз қасындағы Қазизаға назды жалынмен арнайтын.
Қарымсақ жаңағы сөзді еске түсіргенде, Қазиза:
— Ол бір келмеске кеткен дәуір ғой, өткінші екен ғой — деген. Өз өмірінде өткен таңғажайып бір көзге тұтанғандай, өзгеге білдірмей күрсініп қойды. Жарастық көңілмен отырып, қайта келмес оттай ыстық жастығы есіне түскенде, Қарымсақ сияқты оның да іші толып, алаулап кеткен. Осының өзі бәлкім өзге дүниенің бәрінен қымбат та болар. Мақсұт «дүниенің қамын сөйлеп енжарласқан талай-талай шіреншектен Қарымсақ пен Қазизаның кешкен күні артық екен-ау» деп, үй иелеріне қызығып қарады.
Қарымсақ пен Қазиза екеуінің елде жоқ ырыммен бір-бірін, өздері сүйіп қосылғандары рас еді. Бойжеткен қыз күнінде өз үй-ішімен ауыл - ағайынына еркін болған Қазиза «осыған бермесе ата-анама разы емеспін» деп, әкесіне өзі сөз салғызады. Алғашында бұл істі сұмдықтай кергенімен, аяғында есті қыздарын мұратына жеткізіп тілегін берген жақсы ата-анаға ырзалық көз жасын төгіп, Қарымсақтың бар мәзір, жоқ мәзірін ғана әпергізіп, жалпақ елге аңыз болып ұзатылған. Ертеректе Керімбектің бабасы Айтпай заманында жорықта қолға түсіп, сол Айтпай асырап өсіріп, қатын әперген екі бала қалмақтың бүгінгі әулеті бұл ауыл, шеру ішінде, әрине өзгеден Керімбекке жақын болады. Қазизаның Қарымсаққа баруын шариғат қосқан. Осындай себептермен Мақсұттың келуін бұл үй өздеріне өлшеусіз жақындық әкелгендей, құрақ ұшып бауырмалдықпен қарсы алды. Біразда ас дайын болды. Тамаққа Мұрыншақ та шақырылған екен. Үй ішінде аз қарбаласқан қозғалыс боп, астаумен буы бұрқыраған ет түсіріліп, қолға су құйылар алдында келген Мұрыншақ сәл орнығып болған соң да, Мақсұттан қайта амандық сұрап:
— Қалай, балам, ат-көлік аман, көңіліңнің қошында жүрсің бе, қарағым? — деп жатыр. Күн қаққан, шомбал жүзі күреңітіп, өзінің байырғы үлкен сабырымен отырған, кеңілі жұмсақ, ақсақалдың мұңдар күйін ұғып, Мақсұт та қариядан жәй - жағдай сұрап отырды. Өзі ауылдан кеп ұзап шықпаған, әлі осы маңнан ешқайда бармаған адам Мақсұттың үнемі шетте өсіп келе жатқанын еске алады. Шетте мерт болған адамның ауызына кім су тамызады дегенді ойласа, өз ойынан өзі тіксініп үркіп қалатын. Сондай мейірмен Мақсұт қамын ең жақын аға - бауырдай ойлайтын кісінің бірі — Мұрыншақ өзі болушы еді. Қазір ас үстінде, астан соң да тілеушіл қария ынтасын көбірек Мақсұтқа аудара сөйлеп, оған бірер дүркін өз қолымен ет те асатты. Ақыры қайтарында Мақсұтқа:
— Ал балам, жайланып жат та, таңертең орныңнан тұрған соң, үйден келіп дәм тат! Былтыр да бір-екі келдің, келгеніңмен күй - сыйың болмай кетіп ең, сүйт шырағым, Мақұл ма? — деп, әр сөзін таптай айтып, шақырып кетті. Мейірбан қарттың сонша қадағалаған пиғылына өзінің ырза екендігін білдіріп:
— Мақұл кәрия, барамыз. Бейіліңізге үлкен рақмет! — деді Мақсұт та, оның кебісін аяғына қойып.
Таңертең мақсұт пен Қарымсақ ол үйге ертерек кетті. Үй маңында мал түнеген қотан орны білінбейді. Бұл ауыл сірә, уақ малдарын бір жерге қоралатып, қосып бағатын болса керек. Қыстаулықтары аяқ жақта, таяқ тастам жерде, анау көрініп тұр. Жиырма шақты үй егінші дүңген Әлилер қазір сонда. Мыналар да тек киіз үй тігіп, көкке шығып отырғаны болмаса, мұнан ауып жайлау жайламайды. Осыдан бір ғана белдің астындағы егіндіктеріне дүңгендермен бірге қарауыл болып отыр. Қонақтары келгенде, үйде Мұрыншақтың саркідір тартқан әйелі ғана отыр екен. Кішкене қара домалақ немере әже қолтығына балапандай тығылып, бір елі ажырағысы келмейді. Үйдегі бөгде адамға кісі көрген жапалақтай, кірпігін қылп-қылп қағып қарайды. Әжесінің мойнына жармасып, бірнеңе деп сыбырлап еді, салдарлы әйел бөбектің тілін қызықтап күле:
— Ол сенің ағаң, Мақсұт деген ағаң емес пе, өзіңнің... Бәрімізден саған жақын, сенің өз ағаң екенін білмеймісің, ақымақ? — деп, шын жадырап сөйледі. Мақсұтты өз үйлеріне келтіре алмай жүргендері байқалады. Ешнәрсемен енжарлығы жоқ сабыржай, барды бойына сыйғызған әйел екені білінеді. Шай жасалып жатқанда екі өкпелігінің жүні түскен шабан қаракерді жіті тебініп, асығыңқыраған Мұрыншақ келді. Елең - алаңнаң барып егінін көздеп, маңына жолаған малды айдап тастап қайтқан беті екен. Бір кезде төменгі үйден Қазизамен бірге екі қыз ілесіп шықты да, үшеуі осылай қарай беттеді. Ашық есіктен бойлары көрініп келеді. Қыздың бірі ерекше ұзын бойлы, имектеу. Бір көргеннен көзге оқшау шалынатын шеттегі ұзын қыз өз бойын қайда жасырарын білмегендей, Қазизаға қолтықтан қырап тығылып алыпты. Олар үй сыртында, қазан басында бөгеліп қалғандай болды. Қазиза ерте қамдалып асылған етті түсіріп кіргізгенде, Мұрыншақ сыртқа қарай үн тастап:
— Қамаржан! Бұнда келіп қолға су құйыңдар, шырағым! — деді. Осы уақытта екі қыздың бірі далада бөлініп қала тұрып, біреуі келіп кірді. Мұрыншақ даладағы қыздың атын атап:
«Тәйімхан қайда? Кір десеңдерші, апыр-ай, о неғып келмей тұр? — деп кемпіріне қайта-қайта қарап алаң болды. Есіктен қонақтар жаққа сәл көз тастап, ақырын сәлемдесіп енген жаңағы «Қамар» атанған бойшаң қыз аз қызарыңқырап... өрге, оң жақтағы жасаулы төсек жаққа таман, баяу басып өте берді. Көзін бір тұстан алмай қарап, солай қарай салмақпен баса берген... Суды Мұрыншақтан тартып Қазиза құя бастағанда, қыз қолына таза, кестелі орамалын алып, кісі алдында кішкене тұрып қалды... Мақсұт бұл қызды көргеннен аңырып, өз көзіне өзі сенбегендей болған... Тегінде бұл ауылды Мақсұт өзіне туыс сияқты санайтын. Сол себептен болар, бұрын келген шақтарында керуді мұрат етпегендіктен бе, мына қызды байқамаған екен. Қазір ол өз-өзінен таңырқап ойланып, қыз бетіне ақырын қарап отырып қалды... Бір ғажабы, Мақсұттың осы қалпын ашық сезінген қыз да қысылыңқырағандай, бет ұшы лып бере қызарып кетті. Мақсұт Бурабай үйінің бұл қыз үшін неге ұрынып баққанын енді түйсінген. Иықты келген, Түзу денелі Қамардың сырт мүсіні де ерекше әсем. Тік иыққа біткен жұп -жұмыр сұңғақ мойнына дейін көзге ұрып, жас қызды табиғат әлдеқалай жомартсып туғызғандай. Жас, саулық тазалығындай дақсыз, дана жүзінде, беті ұшында манарлаған ақшыл қызыл арай бар. Және ұяң нұрлы, үлкен, қоңыр көздері шарадай болып қарайды екен. Әсіресе бір тұсқа көзінің астымен қараңқырап, өзгеше үлкен, сұлу жанарды салмақпен тастап тұрғанда аясына мұнардай бір тұңғиық нұр қонақтап қалады. Ойды талдырардай бір көзқарас сәті бар. Сәл ұшты келген, ұнасымды қыр мұрны мен құндызданған қас - кірпігі бәрі, тоқ жүзін айдай етіп, көзге қиядан тартады. Түндегі Қазизаның көп сөз еткеніндей бар... Қыз үй ішінде көп бөгелместен баяу басып сыртқа шығып кеткен болатын. Жаңағы серігі күтіп тұрған көрінеді. Осыдан арада біраз уақыт өткізіп, қонақтар әңгімемен отырып, тамақтанып болған кезде қайтып келді... Бұл жолы есіктен кірген бетінде Қазизаға ғана көз салып, соның жоғарғы жағынан кеп отырып қалды. Мұрыншақ немересін алдына ала, мол қапсыра құшақтап, төбесінен мекірене иіскей отырып, үнін жарқынырақ шығара «Құдая шүкір!» — деп қойды. Ендігі тілегін күңіреніп тілегені ме? Ертең қандай ұшпаққа шығарары ешкімге мәлім емес осы құрттауыштай немеренің қолға тиюімен бұл үйдің бар жыртығы жамалып болғандай, ризалық тәубеге келумен қатар өздерімен бір дастарқанда дәмдес болып отырған Мақсұтты да оңай адам деп білмейтіндері анық. Полиция, соттың аты аталса, жарты ауыз сөзден жаза басып, мүлт кеткен пендені тарпа бассалып қамап тастаймын десе оған құдірет - еркі жететін, қатігездіктің мекені ғана елестейтін көшпелі қазақ қауымына, сондай оттың ортасынан өз дауына үстем етіп, қара басты адамын әкеліп беріп отырған оқыған жігіт бұл үй үшін шынында да құрметтінің құрметтісі еді. Сыртта ызылдап қайнап тұрған самаурын бары білінеді. Қамар шешесінен сыбырлаңқырап:
Шай кіргізейін бе? деп сұрап еді.
Қонақтар асығыс екен. Өздерін жеделдеп тосып отырған кісі бар дейді. Сонымен Мақсұттай ниеттес жас қонақтары бұл үйдің ішімен анық қимай қоштасып, енді орнынан тұратын болғанда, шешесі түрегеп тұрған Қамарға:
— Қамартай! Ағаларыңды аттандыр, қалқам! — деді. Көп ұрғашының біріндей емес, кең саба әйелдің нұсқасынан қайтсе де бір тектілік байқалады...
Қамар үйден алдымен қонақтар шықсын деп тосып тұрып қалып, солар есіктен шыққан соң, аяғын енді тездетіңкірей басып барып, алдымен Қарымсақтың атын шеше бермек еді. Қарымсақ шылбырды жылдамдатып өзі ұстап:
— Қамаржан, мейманды, мейманды аттандыр, шырағым, мен өзім... дей берді. Қыз салалы аппақ қолымен қадағаштан қара атты шешіп ала беріп, шылбырды икемді, биязы қимылмен ердің қасына салды. Сүмбідей сұлу қара атты бұлаң еткізіп, Мақсұттың алдына қарай көлденең тартып бұра берген. Бар қимылында майысқан ұнамды нәзіктік бар.
Мақсұт қыз қолындағы тізгіннің бергі жерін ат жалымен қоса қымтып ұстап, аяғын үзеңгіге салғанда, Қамар қолы ұшымен оның қолтығынан білінер - білінбестей бір лебі тиген қимылмен демеп жіберді. Жігіт ерге қонған сәтте бар денесін жеңіл билеп бұлықсып тұрған қара ат жалт беріп, айналып кетіп еді. Ат басын Мақсұт қайта бұрып, қызбен соңғы рет көз ұшыратты. Қамар алғашқы бетте сәт үсті қыбырсыз тұрып қалған екен. Мақсұт оған басын болмашы изегендей қимыл сездіріп:
— Қош боп тұрыңыз, Қамар! — деді. Кескінінен дем шарпытқандай көз қарас танылып еді.
Қамар өзінің әлі ашылмаған жастығынан сәл қымсынғандай болып, баладай нәзік, шығар-шықпас үнмен:
— Сау болыңыз! — деп көзін төмен түсіре берді. Құндызданған кірпігі төгіліп тұр. Бір ғажабы — екеуі де бір - бірінен сонша тартынып, қысыла қоштасып еді.
Мақсұт бұрылар кезде тағы бір байқаса, Қамардың ұяң нұрлы, шаралы көзі бұған бір түрлі мүләйім... қарап қалған екен... Соңғы рет сол көзқараспен қалды... Осы уақытта үйден қалбалақтап, белін жүре буынып Мұрыншақ та шыққан екен. Биыл Мақсұттың қызмет жайы қайдан шешілетініне екі түрлі жорамал бар. Дәл әзірге белгісіз болатын. Сондықтан енді кетсе ұзап кете ме деп аяншақтаған Мұрыншақ анадайдан даусын көтере:
— Ал Мақсұтжан, шырағым!- Қызметіңе кеткенше және соға алсаң, ауыл міне, үй міне, бар мәзір, жоқ мәзіріміз болса көріп, тағы - тағы келе жүр. Көрсек көңіліміз тоғаяды. Ал тіпті алда-жалда биыл дәм-тұз жазбай, енді қайтып бұрыла алмай, осымен ғана алысқа аттансаң, барған жеріңнен аман барып, сау қайт, шырағым! Жеңіл барып, ауыр қайт! Шетте жүрген бала едің, ризық шетке жазса да, топырақ шетке жазбасын, қарағым! — деп, дұға тілегін арнағандай болды. Мақсұт баладай жапақтап тұрған қарияны қимай аяп:
— Көрісер күн жақсы болсын, ақсақал,— деді де атын қамшылап, тез жүріп кетті. Ол біраз жер ұзап барып артына бұрылып қараған еді. Мұрыншақ жаңағы орынында әлі тұр екен.
Қазиза мен Қамар әдейі көрнек бергісі келгендей, қолдарына шелек алып, бір-біріне иық түйістіре қатар аяңдап, баяу басып, суға кетіп барады. Мақсұттың артына бұрылып қарағанын олар да көрді... Көңілдерінен шәйі орамал бұлғамағандарын кім білсін... Шынайы тату қайын сіңлі мен жақсы жеңге ауыл алдындағы қайың, терек аралас өскен жас тоғайдың шетіне ілініп көрінбей кетті. Осы сәттен бастап Мақсұт көңіліне сол тоғай ете ыстық қалпымен сақталатынын қазір сезген жоқ.
4
Сол күні Мақсұт Қазизаға соншалық бір тіл жеткісіз зор ризалықпен аттанған. Қазизаның айтқан сыр сөзімен қыз енді бұның көз алдынан бірде-бір сәт кетпей, есінен шықпай қойды. Қамардың үйінен аттанып кеткенде жүрегі кеудесіне сыймағандай дүрсілдеп, көңілі ойға - қырға алып ұшып, жас жігітті осынау дүние, жаһанға тап бүгін жаңа жаралып, жаңа пайда болғандай етті. Төбеде көкшапақтана төңкерілген жоңғар тауының нұрлы аспаны жарқырайды. Айналада жым-жырт, орманды тау мүлгиді. Әлдеқайдан «күр - рк, күр - рк, көк - кек» деген орман көкегінің бұйығыңқы әуезі келеді. Бір өзі мынау тұнып тұрған тым-тырыс өлкенің құлазыған тіліндей. Бірақ табиғат дүние міз бақпай, осындай тылсым, сабырлы болғанмен, соның бір мақсым пендесі тынышсыз күйге ұшыраған. Жол бойы Қарымсақтың әңгімесіне жарытып жауап та айта алмады. Неге дүр ауылға, өз туған үйіне, ондағы ең қабақ таныр жақын адамы Қанікенің алдына жеткісі келді. Бүгін ол алғаш рет «Ең шын жанашыр жақыным кім? Айтсам жайымды бұлжытпай ұғатын кім» деген сұраққа қамалды. Енді бірде өз-өзіне бір тап-тақыр, панасыз жан сияқты бола ма, қалай... ...Мақсұт Қамарды көріп қайтқалы зымырап жиырма күндей уақыт өтті. Арада енді ауыл, таудан - тау асып, орқаш - орқаш Жоңғар жоталарын кейін қалдырып, төр жайлауға ұзап көшеді. Міне, осы уақыттарда Мақсұттың есінен Қамар бірде бір сәт шықпады. Анау кеште Қазизаның Қамар жайлы не айтпақ болып сөз бастағанын білуге, міне, енді ынтықты. Бар жан - жігерімен құмарта ынтыққан. Қазір қолы жетпей, ынтызары құрыған асық арманына ол кезде жолын қарғыс кескендей керенау еді! Мақсұт өзін осылай жазғырып жүргенде, бұның көктен тілеген тілеуін жерден бергендей болды. Жақын бір ауыл осындай елдің басы жиын, жайлау көшпей тұрған көзінде сүндет той жасамақ екен. Қазизаның соған кеп қалуы ғажап емес-ау деп күткен шамада, ойлағандай апекесі сол тойға келді. Ертең той деген күні Қазиза, тіпті Мақсұттың өз ауылында бір үйге қонақ болды. Сол кеште әпкесіне тағзым көңілімен амандаса келген Мақсұттың анық не себептен жеткенін Қазиза жазбай білген. Осы жолы түлеп, өзгеріп келгені білінді... Өз туысқаны үйінде еркін болған Мақсұт орайы келген бір әредікте бұның өзімен сөйлесуді тосқан Қазизадан:
— Әпке! Осы, анада сіз маған бір сөзді бастап қалғандай боп едіңіз ғой!.. Сонда не нәрсе айтып қалдыңыз? Айтпақ болғаныңыз қандай сыр еді? — деп тақайырлап сұрады. Қазиза «е, бәлем қалай екен, шоқ-шоқ» дегендей боп жалт етіп қарағанда, көзінде үлкен үміт, әрі сенім шұғыласындай бір жанды сәуле жарқ еткен. Ол қапелімде қозғалған бұл сөзге сәл тосылып, дос тілеумен көз салғанда, Мақсұт сұрауын аз жалғай түскен-ді.
— Сол аяқсыз қалып еді, Қамар сізге сырлас па еді?
Қазизаға жігіт көзінде оның ішкі зарығу ынтызарлығын байқатқан от бар екені танылды. Жас жігіттің сөзімге толған салмақты жанары зиынды әйелдің назарынан оқшау қалған жоқ. Қазиза жауабын бөгеліңкірей отырып, ойлап айтты:
— Е - е, қалқам-ай! «Айналдырған екі үйсің, бір - біріңнен ұрлығыңды жасырасың» деген екен. Пенде бейбақта жасырын не сыр қалушы еді,— деп келіп, аз отырып: — Қысы - жазы біргеміз ғой. Сауық бақпай, тірлік баққан тыныш ауылмыз, бұл ауылда осының менен басқа кімі бар дейсің,— деп бір қойды. Қамар жәйлі ойлау Қазизаның өзіне де жеңіл емес сияқты. Осыдан кейін Қазиза Қамар жөнінен Мақсұтқа бірталай сыр ашты.
Қазизаның бұл жолғы білдіруі бойынша, әңгіме былтыр жаздағы Қамардың кішкентай бауырын Мақсұт өзі қолға тигізіп беруімен байланысты басталған екен. Мұрыншақ үйі өзі қаралы болып отырғанда Бурабайдан көрген қорлық-зорлығы да қол ұшын берген Мақсұт жәрдеміне қосылып сөйленген. Қамардың ата-анасы шерлі боп қалған, қамкөңіл болған адамдар. Қыз болса — жат жұрттық. Бүгін болмаса, ертең кісі табалдырығын аттайды. Өз үйінің сондай тағдырын бір басының арылмас дертіндей біліп, айыға алмай ойлайтын есті қыз Қазизадай жақсы жеңгесінен ешбір ойын жасырмай, айқын бір мұң ашқан екен. Ол алдымен өз сырын бүкпейтін Қазизадай жеңгеден:
— Тәте, осы біздің ауылмен шерудің барлық жері қыз алыса бере ме? — деп сұрап қалады. Қазиза оған мысалды алыстан іздемей - ақ, өз басын келтіріп:
— Алыспаса мен неғып кеп отырмын? — дейді.
Қамар сөз осыған жеткен соң, бұйығып қалып:
— Әй, қайдан білейін...— деп қиылып отырып: — Ойлаған жеріңізге кете алған сіз бақыттысыз ғой. Шын бақыттысыз! Ата-анама бір сүйеніш болуға жарасам деп солар үшін өзегім өрт болады! Ішімнің өртенетіні сонша, ақыры бір үйден кететіндігім есіме түсіп кетсе, суға барып жылап - жылап қайтам. Тағдыр маған кімді таңдар ең деп еркіме беріп қояды деймісің! — Ол жап-жас басымен үлкен адамдай уайым айтып, аузынан «тағдыр» сөзін шығарғанда, бұл сырға Қазизаның қабырғасы сөгілгендей болған. Сол күні осы сөз, осы бір сыр соңында Қамар:
— Құдай Масұттай баланың етегінен ұстатып өлтірсе, қандай қыз арманда кеттім дер ?! — деген алыс, қиын арманын да ашық айтып салады. Қазиза:
— Менің адам танитыным рас болса, Мақсұтқа да өзге емес, сен, тек қана сен керексің! Мен білсем сол бала өзі анық берілген нәрсесінен тас жауып, тау күйресе де айни қоймас! Бұл сөзіңнің аяғын енді маған бер! — деп Қамарды құшағына қысып бетінен сүйеді. Сонда Қамар ағыл-тегіл болып жылапты...
Қамардың басын ешкімге айырбастамайтын Қазизаның анадағы Мақсұтқа оңаша отырып шет-жағасын шығарғаны сондай мұң мен ниеттің мәні екен. Қазизаның мына айтқанындай әсерлі әңгіме жігіт өмірінің бас-аяғында енді қайтып қайталанбастай киелі шыққан. Бұл өзі — ағасы өліп, мұңды болып жүрген Қамардың айтқан сөзі екенін білгенде, Мақсұттың тұла бойы тітіреп кеткендей болды... Қамар жастау кезінде, әкесі Бурабайдың іргесінде отырғанда, сол Бурабай ауылының балаларымен қосылып молдадан оқып, ескіше хат біліп қалған-ды. Жалдаулы молдаға бұны өз ауылының баласымен қосып бірге оқыттырушы Бурабайдың өзі болған... Екі жылдың алдында баласы өліп, қолы қысқарып отырған Мұрыншақты Бурабай айлашарғымен қолға түсіріп алмақ болғанда, Қамар Керімбекке өз қолымен арыз хат жолдағаны, басына азаттық тілегені белгілі. Сонда Керімбек Мұрыншақтың Бурабай іргесінен құтқарылатынын айтып қызға қайта әкелік хат қайырған да, сәлемін өзгеден емес, өзінің оқып жүрген баласы — Мақсұттан жіберген. Бірақ ол жолы да бала жігіт Қамардың өзімен ұшырасқан жоқ. Хатты шешесінің қолына беріп, жақсы бейілмен әке сәлемін және өз ой, пікірін жеткізіп жұбандырып қайтқан, Қамардың шешесі сол ретте Мақсұттың сөз, мінезіне әбден қанып, мақтап қалған. Сөзі ем шешенің аңсарлы достық көңілден мадақтауы, тіпті оны бүкпесіз арман ете сөйлеуі Қамарға «ысытпа» дұғасындай ықпал еткен. Ол жылаулы, зарлы ана көкейінің ықпалы еді. Қамар Керімбектің Құлжада оқитын Мақсұт деген баласын сыртынан сонда керген... Үлкен ауылдың жасынан атақтанып қалада оқитын сыйлы баласы, Қамардай кісі іргесінде, қосақбасты болып күн кешкен, мұқтаж кедейдің үйіне кеп, бұның бар сырына ортақ болуы жас, сұлу, үмітшіл қыздың ойында мықтап сақталып қалған-ды. Қамар сонда өзінің балалық, балауса қиялымен үйде адам жоқ кезде сынық айнасына қайта-қайта қарағыштап «сол мені бір көрсе неге бұрылмай кете алар екен» дегендей тәтті үмітпен алданғаны бар. Мақсұттың бұла көңілінде сол жолы өзінің лүпілдек таза жүрегімен анық дос тұтып қалған Қамар бар еді. Сондай қиял, үміті жыл өткен сайын іштей ұлғая кеп, ақыры жаңағыдай сыр түйіні бола жеткізілген. Қазір осы Қамар жәйлі білдіріп айтқан, Мақсұт үшін бағасыз қымбат пейілдің аяғында.
— Қыз боп көрдік қой, қалқам. Қыз сорлыны таныс та алады, қоныс та алады. Жүрегі бар демеген соң, қыз бейбақты ынтызарлыққа да жазбасын! Қашан көңілі қалаған құтты орнын тауып қонғанша, қыз деген ол - бір ғаріп ғой! — деп сөйледі. Мақсұт енді сол қызға дәл көрген сағаттан бастап өзінің еріксіз құмар болғанын жасырған жоқ. Білдірер жолы да осы еді. Сөз бастар алдында әуелі өкпесі аузына тығылғандай болды. Әрі осындай өз амалсыздығын Қазиза алдында бүккен жоқ: — Мен сізге өзге сөз айтпай-ақ қояйын. Көзім жетті ғой... Босқа айтпапсыз!
Мың кісілік қамыңды бір кісі жейді, деген осы-ақ шығар. Енді өзіңізге бердім, тек бір өзіңіз ғана бастаған жағыңызға апара беріңіз! Енді осы сапар үшін отқа түссем, күлім қалсын, көріп-ақ алдым! — деп, сөзді бір-ақ үзді. Қазиза әдемі тістері тізіле күліп, бұның бетіне іштарта қарағанда шынымен буыны құрығандай болып отырған жігіт қызара түсіп:
— Нанар болсаңыз шыным да, бар сырым да осы. Сізге тағы бір нәрсе айтсам сенер ме екенсіз? Жақсы адамсыз ғой. Сенесіз,— деп, есі қалмаған адамдай сөйлеп:
— Несін айтайын, қазір есіме түссе осы қазір ауру болардай күйдемін! — деп, бір-ақ кесті. Қазиза мұндай сөзді аңырған қалпы қызыға тыңдап қалған бойында, көзінен жас ыршып кеткен. Екі бетінен жылжыған жасты сүртпестен тәтті мұңмен ойланып:
— Мені жанындай көруші еді, төбесі көкке жететін болды-ау!!! Бұ жалғанда өзінен бақытты ешкім жоқтай көретін болды ғой! — деп Қамар үшін шүкіршілік тәубесіне жеткендей болды. «Адам үшін адамның осынша мейірімі болады екен-ау» дегенді ойлап, Қазиза қайырымдылығына Мақсұт ерекше таңданды. Барлық сыр онсыз да жан-жүйесіне тиіп отырған жігіттің көзі дымдана қалмасы бар ма. Еркек басымен қайда жасырынарын білмей, сұқ саусағының сыртымен тез сүртіп үлгерді. Осы жолы Мақсұт Қазизадан қызға хат жазып жіберді.
Бұл қысқа ғана амандық, ілтипат сәлемі еді. Бірақ ең қиыны Мақсұттың Қамарға болған ынтықтығы Қазизадан осы соңғы сырды біліп, оның өзін Қамарға қайта жібергеннен кейін шындап басталды десе болатын. Қамар сөздерін сонша қимастықпен, ендігі өміріне медеу еткендей, енді бұрынғы емес, бұрынғыдан да сабыры сарқылған. Арада уақыт өткен сайын жайшылықта өзін берік, жігері бар адамға жатқызатын жігіттің әзіргі өз жәйі бір өзіне мәлім. Расында осындай халге түсудің себептері бар. Ол — Мақсұттың алдында тұрған бөгет жағдайға тоқайласатын. Бұны басқаға телігелі отырған жәйіт бар ғой. Бұл шақта Абдолла қызы Зейнептің басы қандай байлаулы болса, мұның да басы сондай матаулы. Абдолла құдалықтан ажыраса, жегжат боп құдай дескен Керімбектің кінәсынан ажыраған болады. Баста ел бірлігін сақтау ниетімен, ауызға аруақ - құдайды ала отырып, «құйрық-бауыр асасқан» Керімбек бүгін ақ батаны аттап кетсе, онда өз талайы өзінен. Абдолла өзге шеруден өз табы жайнақты бөліп алады. Ол соны істесе оның соңынан Бурабай Дербісалыны өз-өзінен әксетеді деген сөз. Жайнаққа жалғыз дербісалы ғана табағы емес. Шеру ішінде: бірен-қүлен, ырғайты - көбен деген аталар да солардың ұран, ығында. Осының бәрінен асып барып Керімбек өз баласына Мұрыншақтың қызын әпереді дегенге ит илансын! Абдолла бұған баса - көктеп, зорлап құда болған жоқ. Заман қамын жесе Абдолла емес, алдымен жейтін Керімбек. Міне, осымен аяғын аттап баса алмай дағдаратын Мақсұт бар.
5
...Ел жыла қонып, төр жайлауға асып көшті. Соның алдында Мақсұтқа Қамардан бір хат келіп тиді. Көңілге медеу болар оның жай сәлемі екен. Әдеп пен құрметтеп жазылған таза жүрек сәлемі. сәлемі соның ар жағында нелер ойлар жоқ дерсіз. Қазиза өздерінің кішкене ұлын қыдырта жіберіп, Қамардың хатын содан жолдапты. Осы хат адам баласына бітпестей құдірет күш әкелген. Қамар бейнесі, сөз, мінезі күні кәзір Мақсұттың көз алдында. Ұзақ тауға жырақтап кеткелі сол бейне тағы-тағы қымбаттай түсті. Әсіресе сона бір... сәл мұнарланған, ұяң нұрлы көз қарас арада уақыт өткен сайын бірден-бірге тұңғиығына тарта түскен болатын. Бірде ол, оңашалықта, өз басында бұрын шамалап білмеген әлдене ғаріптік болғанын анық мойындап ұқты. Егер дәл осы шағында әлдеқандай бір құдірет бұған «кінәң шәйілсін, жолың ағарсын Қамарға қолың сонан соң жетеді» — деп үкім шығарар болса, сол үшін мейлі, тіпті диуана болсын, қандай жаза кесігін тартса да, риза бола қарсы алғандай күйде еді. Күн сайын атын ерттеп, мағынасыз жалғыз қаңғып кетеді. Сондай күнде жапан дүниеде панасыз боп, жалқы қалған бұл жастың жүрегінде «Жақсылар - ау! Менің басымда не күй барын білесіңдер ме» деген сұрақ пайда болған-ды. Ол, әрине бұл үшін бауыры қан болып езіле аларлықтай, дүниедегі ең жанына жақын адамы болса, тек соған ғана шағарлық мұң қасіреті болатын.
Бұл күдігі еді.
Енді осының барлығының екінші, қарсы жағы болып, мәңгібақи сарқылмастай көзі бар, соншалық асыл - айнымас бір қуатпен осынау тірлік жаратылысқа, айналаға бұл уақытқа дейін жасамаған жақсылығын жасағысы келгендей болды. Өшпестей жанған ынтамен мынау жарық әлемді шексіз сүйіп, құшағына сыйғызғысы келеді. Ендігі жерде өмірдегі өзге өкініш, күйініш дегенді есінен шығарып, ұмыт тырғандай, демін дірілдеткен, әлін құртқан бір сөзім шарқ ұрды. Жүректі сыздатып, қысқан тілек буынға түсіп, денені де қалтыратып өткендей болатын. Ішінен сенделіп кеткендей. Теңдесі мен өлшеуі жоқ осы бір күшке сүйенсе, өмірдің қандай жүгі тосса да қынжылмай көтерердей бір халде. Ең ғажабы, өзін дәл осы тұста анық ұлы адамдай бір сөзіммен сезіну бар. Аса дана сезімдер көңілін аспан - жерге сыйғызбастай. Бұл үміті еді. Енді осының барлығы бір күнде бір-ақ қираса жігіт жүрегінде сірі өмірден тыртық қалары даусыз. «Гауһарға түскен құрттай» адам рухын бұлдіретін жазылмас дерт деген содан артық қандай болмақ,— деп ойлады. Өзі білетін таңғажайып ертегідегі пері қызы Шәмшияны күткен жаһаншаның сорлығын қайталап ойлады. Алма-кезек шарпысқан осы сөзім мезгіл санап, күн санап тамырлап, бойлап, айықпастай арнаға тарта берді. Мақсұтқа осының бәрін ойлатушы бөгет, бұның алдындағы қиын түйіндерге байланысты меңіреулік күй. Сол еді — жас жігітті бал мен уға белшесінен батырып, махаббат шәрбатына мас еткен. Биылғы жаз Мақсұтқа Қазизаның жақындығындай жақындық ешқашан болар деп ойлатпады. Қамарды сондай ынтызар көңілмен сүйді. Арман етіп, тілеу етіп сүйді....Керімбектің Мақсұтты Абдолла қызына телігелі оңашаға алып сөйлесіп отырғаны, өткен жаздағы, міне, осындай хал, осындай күй соңында болған тартыс еді. Ал Мақсұт-тың кейпі ел қамын ойлаған Керімбектей әкеге емес, бұның зар жылаған ішкі дүниесін айтпай білерлік данышпанға ғана мәлім сыпат болатын.
6
Ел жайлаудан бауырға қайта түсіп, балаққа кеп қонғанда, Мақсұт қасына Мамыртайды алып Қарымсақтікіне баруды ниет етті. Сонымен жаз аяғының бір жарқыраған ашық, тыныш шағында, күн еңкейе межелі жеріне асығып жеткен-ді. Қарымсақ ауылы анадағы отырған қоныстарынан ірге аударып кетіпті. Өткен күннің сағынышты елесі болып баяғы жұрттар жатыр. Әне, Қарымсақ жұртының ірге тұстары мен жүқаяқ, орындарында алшындап, қаулап, желкілдеген жас шөптер шығып кетіпті. Қазизаның, қымбат Қазизаның Қамар жайлы алғаш сөз ашқан жері! Ортада барлық сырға куә, қасиетті от орны жатыр. Кім біледі осы жұртта сондай - сондай өзге тағы қаналық жақсылық сыры жатқанын. Сол көзбенен қарасаң, адам мекені — дүние — неткен ұлы! Туған жер, Отан ұлылығын немен өлшеп болады! Жоқ, дүние емес, бәлкім, соны бағалап білген адам бәрінен ұлы болар. Сол үшін де туған жерін адамдар жатқа қимас. Әне, анау Мұрыншақ жұртында алынбай қалып қойған аша басты атағашқа дейін көзге ыстық... Сенің жеріңде нендей сырлар барымен орныңды басқан жау санаса ма?! Ауыл алдағы бір қалтарыста екен. Осы кеште Қазиза Қамарды үйіне барып шақырып әкеліп еді. Қарымсақ пен Мамыртай қашаған ұстаймыз деп, көлеңке түсе қымыз ішіп аттанып кеткен. Қазизада жалғыз ұл бала бар-ды. Өзі еркелеу болғандықтан сүндетке кешеңдеу жатқызылып, былтыр сегіз жасында отырғызылған. Сол бала Бағдат сүндет тойына шақырып барғанда Керімбек атасы желіден таңдап бір тай мін деген. Айтылған бәсірені кейін атпозсыншы Қарымсақ жылқыдан өзі екшеп ұстағанда, ол қаныпезер қашаған болып шығады. Бірақ Қарымсақ оның қашуынан жалықпайтын. «Сенің мұның атты күнде қинайтын, анық кедей сор ғой» дегендерге:
— Бұл бүйтпесе құласоқыр аттың інісі бола ма? Ішінде тас жарып тұрған оты бар, оны қайда сыйғызсын! — дейтін. Құлын күнінде осы тайдың енесі кәрі құла биенің жусап жатқан жерінде ағызып келіп белінен ытырыла қарғып өткенін көзі шалып таңырқаған. Жылқыдан оңаша, жеке шығып алып алайда бұлай құйындата шауып, желмен жарысып ойнағанын да көбірек байқайтын. Қазір күн батқан кезде, жаздың тыным алып тұрған бейқам кешінде, Қарымсақ Мамыртай екеуі ұзын құла тайды ноқталап әкеп, анадай жердегі мама ағаш қасында тер басқан аттарынан түсіп жатты. Тайын арқандап қойып Бағдатты ертең таңертең Мақсұттарға қосып, сол ауылға барып үлкендерге сәлем беріп келуге жібермек.
Үйден жүгіре шығып жеткен Бағдат демінен шөп исі аңқып тұрған құла тайының мойнынан құшақтап, омырауынан алақанымен шапаттап қағып:
— Ә, сарамас! Тіпті құлағының түбі де терлемепті.. Мынаң қарашы аға, тым болмаса танау қағып, демікпейді де! — деп, қуанышы қойнына сыймаған балалық қызу шаттығымен жайнап тұр. Көзі шоқтай жанған, шолақ мұрын, қараторы бала шәңкілдеген өткір үнінен, сөзі, тілінен пысықтық танытады.
Қарымсақ үйдегілерге өздерінің келгенін сездіріп тамағын кенеп, жөткіріп қойды... Мақсұт пен Қамар жайлы ешнәрсе білмеген кісі секілді. Керімбек, Бурабай, Абдоллалар ортасындағы тартылған арқауы нәзік желіні жете біледі. Ел таразысын таниды. Сол себептен Қамарлар уақиғасына ашық шыға алмай, іштен тынады. Қарымсақ пен Мамыртай ішке кірді. Үйде Мақсұттан басқа Қазиза мен Қамар отырған-ды. Бағана Қамар келгенде, Мақсұт үйде жеке өзі отыр еді. Қамар есіктен кірген сәтте Мақсұтқа алғашында бір ғана көз тастап, өзінің осы келісінен қатты қысылғандай сәлемдесті. Есіктен жігітке көзі түскен сәтте ап-айқын ду етіп қызарып кеткен. Онымен ілесе Қазиза да кірді. Қамар ойлы көзі тұңғиық тартып, аз қысылып, Қазиза салған көрпешеге отырды. Шеттеу отырған Мақсұтпен қатар кеп жайғасты. Алғашында Қазиза бұларды біраз сөзге салып отырып, бір сәтте орнынан тез тұрып самауырын қамымен далаға шықты. Мақсұт пен Қамар сол кезде аз ғана тіл қатысып, сөйлесіп қалып еді. Қазиза Мақсұтқа бір қарап есіктен шығып кеткен соң, ол әуелі болмашы ғана білінген тілекті үнмен:
— Қамар! — деп, алдымен жас қызды өзіне көз тастатып алып:
— Мен көп нәрсені, бәрін де кеш біліппін! Өзімнің соныма қатты өкінемін. Жаз бойғы өкінішім де сол болды. Ана жолы келіп кеткелі дәл осы бүгінге, қазірге дейін сіз менің есімнен бірде-бір сағат, бірде-бір сәт шыққан емессіз! — деп лып етіп, жұқа ғана қызарып өтті. Түсі оңыңқыраған қара мақпал кемзалынан белі қынала түсіп, екі қолын қос дізерлеп отырған қалпында біріктіріп ұстап қалыпты. Мақсұттың алғашқы сөзіне ешнәрсе айтпай, бөгеліңкіреп отыр. Жаңағы Мақсұтты қадірлеп қараған көзін оның сөзі тұсында төмен сала, үнсіз тұндырып қалды. Мақсұт сөзін тағы азырақ жалғастырып:
— Мен сізді анадағы келуімнен бұрын білмеген екем! Соныма жазықтыдай боп, өз-өзіме қапада жүрдім. Сан рет түсіме де кірдіңіз,— деп еді, Қамар осы кезде өзін Мақсұттың «жаңа білдім» деп отырғанына орай бұрынғысынан оңай ширап, бірақ баладай бір кінәсіз, нәзік үнмен:
— Ендеше, мен сізді бұрыннан білемі Біздің үйге өзіңіз ана бір хат әкелгеніңізден бері білетінмін.— деп қалды. Тұна қарап, Мақсұттың қас-қабағын шолды. Жалаңбас күйінде ашық маңдайы аппақ болып, ток бұрымдарын арқасына құлата тастап, отырып қалыпты.
Бар қалпымен дем шалғандай, тал бойында мінсіз тыныш қорғалайды. Мақсұт ішіндегі бір сөзді кейінге іркіп қала алмай, осы арада шығарып:
— Мен биыл жаздай сіз үшін қиял - арманмен көп сабылдым, Қамар! Тіпті анық бір бейнетпен сенделгенімді бүгін сіздің өзіңізден жасырғым келмейді.— деді.
Екеуінің бар сөздері осыған ғана жетіп еді. Сыртта жүрген Қазиза Қарымсақтардың келе жатқанын байқаған екен. Үйге кіріп Қамардың қасына кеп отырған. Мамыртай Қамарға шын таңырқап қарады. Қамар оған өзімсінген ашықтау жүзімен амандасқан. Аздан соң Қазизаның қонақжай дастарқанынан қаймақталған шабдар - күрең бапты шәй ішілді. Қарымсақ бәйіт - жырларды көп біледі. Бүгін кешке осы үйдегі жас қонақтардың содан артық қалар қолқасы болмас та еді. Үй иесі бүгін бір өзінде сирек болатын, көтеріңкі шыраймен отырып, ағаш ожаудың басындай қара шанақ домбырасын қолына алып, «Қыз Жібекті» бастады. Алдымен Мақсұт пен Мамыртайға бір айтпақ ойын лекіте сөйлеп:
— «Қыз Жібектей» жырды сөз шеберлігімен еске алсам, өзімнің өзге емес, тек қазақ қана болғаныма жер - көкке сыймай мақтанғым келеді. Құдай тілеуің бергір, арғы атамызды қалмақтан түсіріп қалған Айтбай бабаңа мың алдияр! — деп үйі - ішін түгел күлдірді. Қамардың қып-қызыл боп кеткенін Қазизадан басқа ешкім аңдамай қалды... Қарымсақ сұлу жырды сол жаңағы құмар көңілмен төгілдіріп, әндетіп те жіберді. Үй-іші Қарымсақтың шалғы мұрт астынан қасқа тісі ақсия отырып, әндеткен үніне ә дегеннен бағынып, қыбырсыз тыңдап қалған-ды. Шешен хиссаның кей тұстарын желіккендей ойнатып, есілте төгіп, өте бір шебер сырғытып кетті. Сонша шат, құштарлықпен жырлағаны жабыса тыңдаған қонақтарын өзіне еріксіз табындырғандай.
Бұрын, ертеректе шілдехана күзеткенде, немесе кәрі - құртаң, кемпір-шал бір ырым -жырымға жиылып бас қосқанда, қыс соғым басына шақырылған жерде, сары түнге Қарымсақ ерекше кәдеге жарайтын. Дүниеден арманы таусылмай, отқа - суға түсіп жүріп ақыры кеп барлығынан торығын салқын тартқан қарт-қария болса, өлім көріп, дерт шеккен, өксігі көп, кейуана кемпір болса, іш-өзегін аруанадай аңыратып, сораларын ағызатын Қарымсақ еді. Ол бүгін сол баяғы бір құштар, сазды үнменен:
«Алтын шыны кеседей,
Екі көздің шарасы.
Бейіштен жанған шам-шырақ.
Көзінің гәуһар қарасы...» —
Немесе:
«Неше түрлі сәулетпен
Іңірде шайтан көшкендей»
деген сияқты жерлерге келгенде шын шабыттанып, екіленіп жырлап, естушінің еркін алғандай етеді. Мақсұт Қамарға көз салады... Жаңағы «алтын шыны кеседей» көздің шарасы дәл осы жерде емес пе,— дегенді ойлайды ішінен. Бар дүние, тірлікті ұмытады. Қамар бұл уақытта бағанағыдай емес, өзгеше сергек қалыпқа өтіп, Қарымсақтан көз алмай, жыр сөздерін қалт жібергісі келмей тынып отырды. Бірақ сол пішіннің арғы жағында бүгін шексіз бір. тіл жеткісіз өзгеріс құпиясының бары күмәнсіз. Сыртынан өзгелерге ешнәрсе білдірмей отырмын дегенімен, ішкі жары көмген алтыны бар адамдай, ол емес, дүниенің бар жақсылық асылы бір өзіндегі кісідей нұр сәулесімен жарқырап тұрды. Сол нышан анда-санда Мақсұтқа ұрланғандай бір көз тастап қалғанында беп-белгілі болады. Онымен көз ұшыратса жүрегі ап-айқын дүпілдеп, жөткіріп қағып өтеді. Көзіндегі сона бір... нұрды бүгін Мақсұт үшін төккендей, құрметтей тартады. Кешкі астан кейінгі ұзақ жырланған бәйіт соңында Қамар кісілерге соңғы шайды өзі жасап құйды. Жеңіл кемзалымен отырған қалпында, ақ көйлегінің қатарылған желбірлі жеңі аузынан жұмыр білегі уылжып көрінеді. Тал бойында кішілік сый, сезгір дем тынысы бар. Үй ішіндегі осы адамдарды әлемдегі Ай мен Күндей қадірлеп отырғаны білінеді. Үй іші өз орталарындағы нәзік Қамарды тегіс аңғарады. Ол жаңағы жыр әсерінің құйынынан әлі арыла алмай отырғаны байқалғаңдай... Кескінінен зейінді арманшылдық аңдалады. Мақсұттың қатарындағы ер қабақ жігіт — Мамыртай Қамарды «тілді байлағандай ететін көз қарас сәті бар екен-ау» деп ойлады. Ол Мақсұттың жаздағы жайын енді толық ұғынғандай, Мақсұттың Қамар жөнінде Қазизадан кейінгі тілеулес, дос адамы осы — Мамыртай. Биыл жазда Мақсұтпен сыр бөліскен оның туған елі - жұртындағы жалғыз адам, тек осы ғана болып еді. Бүгін ол қуаныштан бойына ас батыра алмағандай, ұпайлы адам сияқтанып, өздерінің осы халдеріне шүкіршілік еткендей қанағат тапты. Кеудесін бір көз жоғарылау алып, отты көзін үй ішінде қыдырыстата тастап отырды да, іргедегі жаңа шабылған ағаш астауды байқап:
— Оу, Қареке! Немене, наурыз көже қамы ма бұ? — деп күлді.
Бағана екі жігіт келгенде, Қарымсақ үйдің ішін ақ - жоңқа ғып, мұнан басқа тағы бір астау шауып жатқан болатын. Есіктен сәлем беріп жас қонақтар кеп кіргенде, орнына етегін қаға түрегеп, Қазизаға:
— Шығар, шығар! «Кемешінің үйі ақ — жоңқа» болғызбай,— деп ішін жаңа ұңғып жатқан добалтақтай жуан терек науашаны есіктен сыртқа қарай ытқыта лақтырып тастаған. Егер қонақ келіп қалмағанда өзі кешкі салқынмен орағын алып бидай оруға шықпақшы еді. Дүңген көршілер барлығы бұл уақытта жаппай қол орақ науқанында. Қазіргі өз ажарымен басқаларды да еліктіргендей қуаныш шабытында отырған Мамыртайға Қарымсақ та қағылез жауап айтып, харакет, тірлік күйбеңін лезде ұтымды тілге сыйғызып:
— Е - е, айта берсең, биыл жазда астау шаптам,— деп, үй ішіндегі дос жандарды күлдіріп сөйледі: —Анада Мақсұт келіп кеткеннен бергі үш ай ішінде бітірген бар жұмысым сол. Осы ауыл мен ана дүңген ашына - қошналарымның астау - аяғы менің мойнымда болады. Күйі бірдің күні бір, иықтағы жауыр ұлға қалатын қауымбыз! — деді де, аз отырып:
— Қайран тіршілік, шошқа соққан аттың теріндей боп, ғұмыры бір өтеліп ақталмай, жылап өтіп жатқан жоқ па! Өнбеген егін, өтпеген орақ — көгертпес бір өмір ғой, біздікі! Байқап шолсаң, бар нәрсенің саңлауын қоймай көресің, танисың, ел билер басыңмен тері илеп, тәуекелді нарындай, көзді жұмып көтересің! Сонымен «қудың көзі қысыңқы» болып, көзді сығырайтыңқырап отырып, ой ойлағыңнан басқа қолыңнан келерің не?! Белдесуге, тайласуға татыр боп, бір жұмсалсашы бұ қу бейнет пен тұл ақыл! — деп, енді бір демде ежелгі Қарымсақ боп өзгеріп салды.
Мамыртай ширығып отырған қатулы ағаны өзінің түртіп, қозғап алғанын бір-ақ аңдады. Бұл адамды бүгінгідей күні сырты жарқын отыр дегенмен, оның анық арғы ішінде не жатқанын, Мамыртай білмеуші еді. Айтқанындай - ақ, Қарымсақ басымен, осы үйде бір қабат жамылшы — төсеншіден өзге атқа тоқым, адамға лыпа боларлық нәрсе жоқ қой. Бастарына тігіп отырған мына бес қанат үйді де Керімбек қалқайтып берген. Қарымсақтың жолдастыққа жарарлық жігіт болып к еле жатқанын жасынан танып қол ұшын бере жүретін. Біраздан соң бұл үйдің шырайын кіргізген қонақ қыз қайтатын да мезгіл жетті. Қазиза оны апарып салмақ. Қамар қайтарына жақындағанда Мақсұтқа көз салды... Мақсұт өзіне арналған көзқарастан төбесі көкке жеткендей.
Бірақ ішкі жағы онан сайын тынышсызданып, тықыршыған күйде қалды.
7
Міне осындай күйлерден кейінгі Керімбек пен Мақсұт ортасында Абдолла қызы жайлы болған тартыс оңайлықпен шешілмеген. Әке сөзі жолды, жөнді айтады:
— Қой, балам, қой - сана! Айтқанды шаршатпай ұқ сана! Ел салтын бұзып, болмағанды болғызып, жалпақ елді көнбегенге көндіретін сен емессің! — деп отыр. Жалғыз-ақ, баласының нендей себеп айтатынын біле алмай, соған келгенде көп қадалып сұрап дағдара түскен. Мақсұт Қамар жайын әкесіне тіпті аузынан шығарып айта алмас та еді. Қалыңын беріп қойып, біреудің қызын алмаймын деу — Керімбек үшін айып. Айыптың айыбы. Қазаққа ар ойлаймын десе, «құдай - әруақтан» қорқу, пендеден ұялу деген бар. Соның үстіне Қамар аты киліксе, Керімбек үшін бүкіл шеру алдында масқараның үлкені сол. Бурабайдың қасынан Мұрыншақты аударып көшіргенде, оны осы үшін көшірген болады. Сол атақты арқайлайды, ол бір. Екіншіден, әсіресе Абдолламен екі араның ажырасқаны, ел ішінің сөзсіз бүлініп, алаланғаны болады.
Шеру ішіндегі әлпеншектің басында, ұшпантайдың ұшында тұрған қырық құрау «шырғаның» біткен жері сол болмақ. Ел ортасы енді қайтып бітіспес, үлкен бүлік, шырғалаңға жетіп. Шеру ішін алапес аралағандай етеді. Бір-бірімен тарақталып айқастырған саусақтай жіктесе, біте қайнаған құда - тамыр жекжаттар арасы бірінен-бірі ұшқын алып, өкпе қуып, аран - аран болған, дай-дай дәурен орнайды. Заманнан бергі ойға - қырға басы сыймай жүйткумен жүрген, ұйымы берік рулы ел, ішті-тысты зақым көріп, атырауға бөлініп тоза бастар еді. Шеру ішін алауыз ете алмай көзін тігіп отырған Күре Керімбекті де өз ортасынан солқ еткізіп бір күнде суырып әкетеді. Әке мен бала екеуі осындай мәні зор талқыға бойлап, Абдоллалар аттанып кеткен күні, Мақсұт:
— Япырай! Бұған не десек болар екен? — деп, басы қатып кеткендей болды. Ойлап отырса, әкесі ең баста да ел бірлігін аңсапты. Айналадан жақындық шақырыпты. Жасында құда түсіріліп, бас таңылып қойған соң, Мақсұтқа
Абдолла қылыш меңсінбеймін деп сылтау айту жон емес. «Әу баста бекер болған екен» дегенді Мақсұт ержеткелі Керімбек көп ойлап жүруші еді. Бір сәт әкесін аяғанда, бүгін Мақсұттың да ойын талдырып ауыртқан сол. Рулы елде Керімбектің жақтаушысы қанша болса, Абдолланың тамыр-танысы да сонша көп. Соның бәрі Абдолла бері қараса бері, ары қараса ары қарайды. Күнбағыстың басындай, ауар жағын айнымай біліп отыратын, шартынан жазбас бастар. Шеру ішінің қылп еткен сырын жасынан бері өз қолынан өткізіп, көріп келе жатқандықтан, осының бәрі көкірегінде сайрап тұрған Керімбек «азар болса бір шіріген жұмыртқа боларсың» дегендей, қарысқан қалыппен:
— Беу, қарағым балам. Менің жасаған осы жасымды қайда тығып, қайда жерлеп тастамақсың. Өмірдегі тапқан барымнан жұрдай етіп, көзімнің тірісінде тонап алмақ түрің бар ма еді?! Ата тілін алмай қайда лағып, қайда беттеп барасың өзің?! — деді.
Енді өзге сөзге келмей томырылып алып, отырған орнынан серпіле қозғалып, түрегеп те кетті. Мақсұт осы ел арасы бұзылады деген жерге келгенде әке айтқанына еріксіз санасып, сөз таппай қалатын-ды. Жасаған жасын салып, назалана күйзеліп сөйлеген әкенің арылуын да есітті. Сол жасында тапқан барынан ел-жұрты алдында өз әкесінің біржолата айырылатыны да рас! Осыған жеткенде төбеден ұрғандай тоқырап, еш айла - шарасы болмай қалады. Және әкесінің үнемі қам кешумен жүретін, ойы ауыр адам екенін біледі. Мұның қамын тең жейтін Мамыртай Мақсұтпен бірге алғашқы бір ай бойында тұйыққа қамалып жүріп, ақырында бұл сырды бір адамға сездіріп, сонымен ақылдасып көріп еді. Кеңескен адамы көп туысқан ішінде тәуекелі бар ағалары — Арыппай. Рас, ол сөзге келмей қайрат беріп, «қызды көз көрмес, құлақ естімес бір жаққа алып қашсын» деген. Сонда өзгеге ауыр - жеңілін төзгізбейді демек. Мұндай нағыз ер шешімнің өз қасынан табылғанына Мақсұт соншалық ырза болғанымен қазір оған бармайды. Қара бастың әлегін күйіттеп елдің елдігінен аттап өту, әуелі Керімбекке — әкеге сын. Онан соң өз басына өмірінде айықпас үлкен мін. Ел алдында ортаға бүлік тастап, өзін «қашқын» атандыратын байламға әсте бара алмас. Сонымен бұл іс ақыры, қазір осы бітеу зардаптай, томаға-тұйық күйімен қалды. Ала ауыз өмір Мақсұтқа ең алғаш тартқан өз сыбағасының уыз дәмін у аралас татқызды.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
1
Біраз күнде сахара еліне өзінше бір науқандай болған наурыз көженің де мезгілі жеткен екен. Енді қар да сөгіліп, жол - жолдағы қасат қар шет - шетінен бұзыла бастаған. Отардағы мал алды, ондағы малшы - қосшы бұл тұста артқа қарай сағынысқан елге қайтуға қам жасап, шаруасы қыстан күйзелмей, аман шыққан ел арқасы кеңи бастап еді. Қолдағы ерте қашқан бірлі-жарым сиыр туса, айғырдан ерте шыққан бие құлындаса, көтен асысып, бір-бірінен сүр жесетін, «түстік» аңдысатын мезгіл келіп қалған. Белгілі - белгілі деген кісілер әр ауылдан құда - тамыр, жекжаттан «сыбаға жеп қыс соғымынан сақталған жал-жая, майлы қарта, үлдірік қазы сияқты тәтті — дәмді сүр астыратын, өзінше бір сал -сүрей уақыт келген. Бұл — жылқы етін нағыз дәмін алып жейтін түз сіңген көз. Күннің ұзаруына байланысты бұл мезгілді «ұзын сары» деп жент, май қазы - шұжықтың таңдаулы, кәделісін нақ осы мезгілге сақтасатын. Лайсаң шақта ат құйрығын түйіп, аужай салғастыратындар топ-топ болып жүретін. Енді аз күнде отардан келген мал төлдеп, жиырма күн, бір ай, жауын-шашын, аласапыранда шаруа елінің қыстан соңғы анық күйзелетін тағы бір мол қарбалас көзі бар. Тұмса, қулық биелерге құлынын тастап кетірмейтін: күн бұрын мерзім біліп, күн райын танып, жерін сайлап, ерте бастан ойға тоқып қоятын қырағы көз малшы керек. -Мұндай кезде бел шешпей, ұйқы көрмей, ат үстінде құрыққа сүйеніп мызғитын, сары тап болған өлі сүйек жылқышы болады. Жер жадысын қуалап, күндіз-түні жылқыға ие боп отыру үшін қанды бұрауын шығарып мінетін желқуық ат-айғыр сол жылқышы серігі. Ит пен құсқа алдырмай, шығындатпай төл қосу қазақтың жаны десе болады. Сәуірге жетпей алды төлдеп қалатын қой малына отамалының қара суығы оңнан көз тұрады. Қазақтың «бес тоғыс — белгілі қыс, саратан - санды қыс, заузадан қорқам» дейтіні тағы бар. Қыс кетті деп пұшайман жейсің дегені. Ық сағалап, бой паналай алатын ысқаяқ тәжірибе үлкені оған да керек. Бар тірліктің тоғысқан тынысындай «шөже санайтын» бір мезгіл осы. Шаруа елінде болатын осындай әбігердің, мол қаммен мұңның аз күнде бәрі де өтті. Шеру елі, өздерінің жылдағы көктеуліктеріне қарай маңғыстап, жыла көшіп, барлық бектерлерді: сай-сала, өзен - бұлақ бастарың, оқап, түбек, қолат - қойнауларын көктеу ете мекендеп, жағалай тарай қонып, жаз буына арқа төсеп, шаруасын күйлей бастаған.
2
Міне дәл осы кезде Шеру ішіне ойда жоқта тағы бір үлкен лаң кірді. Екіаша дейтін қоныста отырған Керімбек ауылында бүгін бір үлкен жиын бар еді. Ауыл алдында, Мазы өзені жағасындағы кең көгалда, алқа-қотан боп, ертеңгі сәске мезгілде шерудің көп үлкендері отыр. Төменгі жақтан келе жатқан он-он бес атты көрінген. Бұл жиын соларды күтіп алмақ... Аттылар бөгде емес, осы елдің өз жігіт-желең, жүргіншілері болатын. Таңертеңнен бері күткен бұл жолаушыларды тоса отырып, соңғы әңгімені Бурабай бітіре берген. Ол өз қасынан кетіп қалған Мұрыншақты осындай көп алдында жаман көрсете беретін әдетімен: ...— Үйінің тұсынан өтіп бара жатсам, ақылсыз қатыны есігінің алдында, басына күйектей қожалақ бірнеңені орап алып, сексиіп, от тамызып отыр екен, көзіне албасты боп көрінді ме, жануар атым үркіп, өзімді мерт қылып кете жаздады. Отын алар көлігі де жоқ па, жаққалы отырғанын байқасам, шайтанның отындай айқастырған екі ағаш, ұсқындары тіпті жаман ғой өздерінің, бәз - баяғы бұлғауыш басты қатыны, бықсып шыққан түтіні,— деп, отырғандар ішінен сөзін қос татар адам іздегендей, әр - әркімге жалт-жалт қаранып қойды. Айтарын әлі де тауыса алмай:
— Нәсілі басқа, жау қалмақ емес пе! Неше икемдейсің - ау, шиырыңа қосылғысы келмейді. Ақыл білсе, ең болмаса айран-шалап, сорпа-суын ұрттап қақырығын жібітіп отырмас па еді! Әнебір сұлуымсыған, тыраш қызының көңілі тіпті бұл маңда жоқ! — деп қолын сілтеп қойды.
Жолаушылар жақындап келді. Ұзын құлаға мінген топ ортадағы, үстінде қара шегірен пешпенті бар, Керімбектің ең үлкен Әкім деген баласы болатын. Осыдан екі жыл бұрын Әкім бір тосын жайдан ауылға өкпелі болып із-түзсіз жоғалып кеткен... Сол күні Керімбектің үйінде шерудің мынау отырған үлкендерінің бірталайы бар-ды. Өкпенің басы тағы осы әйгілі Бурабайға байланысты шыққан. Қамардың Керімбек атына хат жолдағаны тұра сол тұс еді. Керімбектің Мұрыншаққа «Бурабай қасынан қош» деп ақыл бергені ызың, сыбыс болып, әлдеқалай Бурабайдың құлағына жеткен екен. Мұрыншақтай қолбілгі малшысы іргесінен көтеріліп бара жатса, оны көшіп кетуге уағыздаған шын дұшпаны кім екенін біліп отырса, үйінде тыныш жата алатын Бурабай ма? Ол өз үйінен аптыққан ашумен аттанып, дереу Керімбекке жеткен. Сол күні Бурабай топты кісінің көзінше Керімбекке тіл тигізген-ді. бірақ оны Керімбек көтергенмен, үйде отырған баласы Әкім дәт етпеген. Бурабай сөзді салған жерден ожар бастағандықтан, Әкім екі-үш дүркін оқталып, тіл қатып жібере жаздап отырады. Үлкен сөзіне елден бұрын жауап айтып қала жаздап отырғанын Керімбек ағат көріп, бір-екі қайта баласына көзімен тыйым береді. Басылмай өрекпіген Бурабай бір сәтте:
— Сен Керімбек, бүгін қорамдағы қоңсымды алсаң, ертең қойнымдағы... деп келе жатқанда от мінез Әкім, даусы саңқ ете, киіп кетіп:
— Уәй, ақсақал, не божып отырсың? Сақалыңыз бөртe текенің сақалындай болып не тантып отырғаның! — деп жіберген.
Бурабай — кәдуелгі Бурабай болса, Әкім де есе бермес, ер көңіл жігіттің өзі. Және бұның өзін Керімбектің әкесі Әнкежан бауырына салып алған. Қартайған баба, Қанікедей өзі жақсы көрген келінінен туған түңғыш немересін шыр етіп жерге түсісімен етегіне орап алып, өз бауырында өсірген. Сондықтан Керімбектен онша жасқанбай ержеткен Әкім негізі беті қатты, тоң туысты жан еді. Ешкімге жібімейтін. Жаңағы сөзге Бурабай кеудесіне тас тигендей боп қалт тоқтап қалып, оның әкесіне шағынғандай жалт қарағанда Керімбек Әкімге қатты жекіріп:
— Тәйт, көргенсіз! Үлкендердің арына жағаласпа! Далаға шық! — деген еді. Бірақ табаны қызып отырған ықпас жігіттің бұл зекірік керісінше намыскер ашуын қоздыра түскен. Өмір жасын нәрсіздікпен тонатып жүретін мынау көк өзу шалға жыны барынша ұстап, ондай арды ойлаймын деген кісі абыройын ит құйрығына байламай, қонысына қорықшы болсын! — дей берді. Міне, осы кезде Керімбек қымыз құйып отырған қос басты шөмішпен жалаңбас Әкімді солақайлап қақ басқа салып қалған-ды. Шығадай жұқа шөміштің екі басы екі жаққа домалап ұшып түсті. Шашы жаңа алынған кесек басына таяқ таңқ еткен Әкімнен жұрт бұл сәтте бір үлкен қимыл күтіп қалғандай. Бірақ ол тырс етіп, тіл қатпаған күйі, сазарып қана орнынан тұрегелді. Сол бойында керегенің басындағы қалпағы мен қамшысын үнсіз алып, үйден шығып атағаштан құла - соқыр атты шешіп мініп, ағайын елдің көз алдынан жортып жөнеліп кеткен болатын. Сонан екі жыл бойы хабар-ошарсыз, із - тұзы білінбей, зым-зия жоғалып кетеді. Бурабай мен әкесінің осы жолғы бір ғана әрекетіне емес, кетуінің тағы өзге себептері бар-ды...
Артқы елді саңырау қалдырған сол кетістен осы жақында ғана бар Шеруді елең еткізіп еміс бір сыбыс, дерегі білініп қалған. Екі жыл бойы ағайын - аймақ мұңды боп қалған Керімбектің баласынан хабар тауып бере алмай, ел ішінің тілеулес үлкендері де таңырқаумен, бас шайқарлық күй көрген. Ең қызығы шариғат заңына жүгініп, бір жарым жылға жеткенде тіпті, бұның жылын да беріп қойған-ды. Асына құласоқыр аттың енесі, кәрі құла биені сойғалы жатқанда, Қанікенің жоқтау зарына бүкіл ел жылаған. Ел іші содан заман өтіп, бертін келгенше Қанікенің салт бойынша құла биені бауыздауға бермей, таласып, мойнынан құшақтап тұрып:
«О, дариға жалған - ай,
Жалғаннан көңілім қалған - ай!
Тірі ғайып жетеу - ді...
Сегізінші ғып алған - ай!» —
деген жоқтауын ауыздан тастамайтын. Әкімнің арт жағында қалған екі баласы, әйелі бар бола - тұғын. Осыдан жиырма күндей бұрын «Әкім Нылқы уезінің Ластай — Қарасу жағында жүр дейді. Сонан Күредегі Лүріплама дейтін, қалмақ ламасының үйіне қатынасады дейді» деп, талығып бір «дейді - дейді» хабар ілінген-ді. Нылқы деген бұл жерден мойны қашық уездердің бірі еді. Сол сөздің сарынымен Керімбек өзіне жақын ауылдардан он-он бес жігіт іріктеп атқа мінгізген. Табылса тұра ұстап әкелуді тапсырып жіберген. Ол Ластайда себепсіз жүрмегенін әкесі жобамен жалғыз бір ғана қисынға сиғызып, тек өз ішімен ойлап, сезіп білген-ді... Керімбек білетін аз ғана мүшесі бар құпия «Тас түлек» дейтін ұйым сол Ластайда жасырынған. Соған барып ұрланып қосылған Әкімді мына жіберген жігіттердің тобы тек жол тосып ұстауларын қатты ұғындырған. Ол ұйымды өз ауылынан шыққан бұл жортуылшылар да сезбесін деген. Керімбектің сәлем айтуымен бұлар жолдан Күредегі Лүріптің үйіне соққан. Лүріп Лама өзі жақында білген Әкімнің дерегін бұл келген жорықшыларға толық баян етпестен тек оның жақын күнде бір келіп қалуға кәдік екенін ғана білдірген. Сонымен бұл топ Әкімді Құлжаның желкесіндегі Жабықбай — Жырғалаңының шыға беріс аузынан, бөктер жолда тосқан. Жол торушылар қолбақыр, шәугім, жолазықтарын қамдап алғандықтан сол маңда он күннен аса жатады. Ақыры, бір күні ертеңгі мезгілде құла атпен Күреге қарай аңыратып келе жатқан Әкімді бұлар алыстан-ақ таниды. Сақ торушылар енді оны дәл өз тұстарына келтіргенше көрінбеуді маслихат қып, тобылғылы терең өзектің бір ұрымтал жылғасында бой тасалап қалысады. Мұның ішінде Әкімді екі жылдан бері жаманатқа қия алмай, жуықтағы хабар шыққалы бір көруді аңсап, сағынып жүргендер жоқ емес. Туысқан ішінде әсіресе онымен жастайынан тату өскен біреу бар. Ол Әкімді бір жерде із-түзсіз «өліп қалды» дегенге сенгісі келмей, қимай, нәзірінің етінен де ауыз тимей қойған Нүсіпбек еді... Арыппай бастаған осындай қызық күйдегі жол торушы топ Әкімге бірден көрініп анау бұлардың дәл үстерінен ағызып жетіп келгенде бір-ақ сау етіп, қыр басына самсап бір-ақ шыққан. Топ алдында Әкімнен жасы кіші болса да сөзі жарасып, бір елі ажырамай қысы-жазы жақын жүретін зор денелі Нүсіпбек. Әкімді көргенде көзіне оттай басылып, алдымен дауыстап жіберген сол болды. Көргеніне сенер - сенбес, ессіз, қомағай сөзіммен қамығып кеткен. Өзгеден бөлек, сондай шынайы көңіл екпінімен азамат арысының орнын жоқтап жүргендіктен Нүсіпбектің жүрегі алқымына тығыла, ат үстінде қопақтап, күн бұрын еңкілдеп жылап жіберген. Дауыстаған зор үні ерекше шығып:
— Ойбо - ой! Әкімбісе - ең?! Бар – ме - едің, аға – тай - ау?! — деп талтақ кер атты тебініп жіберіп, ең алдымен ұмытыла берген сол еді.
Алғашында бұл көрініске ғажап бір түс көргендей, аңтарылып қалған Әкім бұларды енді тез түстеп, түгел тани кетті. Өзін ұстауға ұрынып шыққан арнаулы топ екенін түсіне қалысымен аңыруды қойып құла соқыр атқа қамшыны басып, қаша кеп жөнелді. Нүсіпбек жаңағы бойда дойдалаға жылаған кісідей боп, әуелі состыйып тоқтап қалған. Бірақ енді бөгелсе айырылатынын көрген соң, соңындағыларға бір қарап, атына қамшыны бұ да ұрды. Қамшылар жақ көзі шүңірейген соқыр, ұзын құла ат Әкімнің әсіресе осындайдағы анық сеніп мінетін жылқысы. Қатар жатқан қырық - арықта тұяғының ұшын ілмейді десетін. Қашқынның беттеп жөнелгені өзінің келе жатқан бағыты еді. Күре жақ болатын. Ә, дегеннен сытылып шығып кетті. Соңындағы андыздай шапқан шұбар тобын бастап тырағайлатып Нүсіпбек кетті. Бейне бір жауды қуғандай аттарына үсті-үстіне қамшы ұрып бара жатқандары тек осылардай тау елі ғана істерлік, қызық көріністің үдесі еді. Батысқа қарай көсіліп жатқан ұзақ жолдағы аңғар-аңғар болып, бірінен кейін бірі, қатар жатқан: Сулы - Құжыртай, Құрғақ - Құжыртай, Ноғайлы - Ойманбұлақ, Құр-Алматы, Сулы-Алматы дейтін жерлердің санап алғысыз, неше қырқасынан асып, қасқыр қуғандай анталап келе жатқан қуғыншылар Әкімнен барған сайын бір-бірлеп қара үзіп, кейін қалып отырған-ды. Содан күн түске тармасқан шақта жұмбақ жан бергі Бес Сарбұлақ деңіне жеке сытылып шығып, салқын тесте атының терін біраз құрғатып та алған. Тай жеп шығып тау жебелеген бөрідей, енді жалғыз өзі жай шоқыртып жоси берген. Қуғыншының алды Күреге болдырған аттарын қақпайлап, кешкі қоналқаға ілініп, кейінгі жағы жолшыбай ел тауып қонып, ертеңіне зорға жетіп тоғысқан. Алды-арты белгілі бір орынға жиналып алып, Әкім менен Лүріп - Лaманың үйінде қапылыста тоқайласқан-ды. Бұлар Лүріптің кең ауласына топырлап енгенде, ұйқысынан енді оянып далаға ақ дамбалшаң шыққан Әкім тағы да түс көргендей болып, кілт аңырып қалады. Сол сәтте аттарынан қатар түсіп жүгірген Арыппай мен Нүсіпбек Әкімді бірдей құшақтап, екі жағынан жылап көріседі. Әсіресе Нүсіпбек:
— Кектім - ай, қайда кеттің?! Тектіден шыққан, кектім - ай! — деп еңкілдеп жатты.
Ауылға, елге міне осындай көріністерден кейін оралған Әкімнің келе жатқан хабарын кешегі күні білдіртіп «сүйіншіге» күн бұрын кісі шаптырылған. Кейін елге «Сарала атты — бақалшы» атанған саудагер ұйғыр сол атты Қанікеден осы елге келе жатқан Әкімнің сүйіншісіне алған. Соны естіп, алды кеше қонаға жиналған тілеулес үлкендер арнайы шақырумен келіп, қазір осындай бір зор мерекедей қуаныш күтіп отырған-ды. Жолаушылар үлкендер тобына жақындаңқырап сонадай келгенде алдарынан бұл ауылдың өңшең қара ала иттері абалап шыққан-ды. Үлкен ауылдың арсылдақ, долы төбеттері ат құйрығына жармасып, сыпайылықпен жете берген жігіттерді даңғаза шуымен саңғұлақ етті. Өзі ширығып келе жатқан Әкімге мына көрініс онша оңтайлы тие қоймағаны белгілі болатын. Қойнына қолын сұға беріп еді, тапаншасын суырып алып, ат басын тарта бір қаралаға кезене қалды. Қасындағылар аңғарып болғанша, шаңқ етіп шыққан пистолет үнімен қатар ит те жалп етіп ұшып түсіп, со бонда тек құйрығы ғана шошаңдай берді. Өзге қаралалар бет-бетімен тырағайлап жоғалды. Әкім еш нәрсе болмағандай, атынан түсіп, шылбырды тастай берді де, аяғын әнтек жітілеу басып келе жатыр. Қаніке шырайлас әдемі, қызғылт сарылау жігіт. Тақау кеп даусын топқа толық жеткізе, сағынышты үнмен сәлем берді. Саңқылдаған тап - таныс үні отырған үлкендердің құлағына сонша ыстық тиіп:
— О, ассалаумағалайкум, құт "мешіт! — деп, оң қолын қамшысымен қоса тағзым еткен белгісінен кеудесіне басып келеді. Үлкендер оны, әрине, отырған орындарында күтті. Бірақ жігіттің сәлемін жабырласа, мол үнмен алысқан. Былтыр күзде дәл осы жұртта, осы отырған мынау ел үнсіз келіп Әкімнің «нәзір - асын» жесіп аттанған болса, міне, енді «о дүниеде» көріскендей болды. Сондай халде келген бұл ұлын дін-аман көрген атамекен алқасы қойыны ыстық, жақсы-ақ еді. Әкім сәлем алып, даурыққан алқа-қотан көптің орнынан енді көтерілген бірнеше үлкендеріне екі төсін кезек түйістіріп, ата салтымен айқайласып амандасты. Оның сәл қымсынған наразылығына қарамай, бетінен, маңдайынан сүйіп, көздеріне жас алысқан, бірен-саран босаң ақсақал, қариялар да болды. Кешегі Әнкежанды көзі көрген ата тұстастары жоғалып табылған ұлдары үшін қамыққан. Кезек Керімбекке келгенде, ол:
— Қалай, қарағым! Есен-сау жүрдің бе? — деп қана қолын алып ұшырасты. Баласының түсіне қиялап қарап, әлденені ішінен болжады. Әкесінің «аман жүріп қайтсаң болғаны» дегендей көзбен қараған шырайын тап басып Әкім де:
— Ой, батыр - ай, есен-сау жүрмей, бұ жерден басқа жақта аспан - жер жоқ па екен! Өздеріңіз де сау - сәлеметсіздер ме? — деп, тұжырып қана амандық сұрады. Әкелі -балалы екеуіне сырттан көз салып тұрғандардың кейбіреуі: «Зейілдері қатты - ау» деп сынасқан болды.
Тайлақбай Әкімді «бір бет, ер» деп жақсы көруші еді. Жауға пенде болып түссе де, бұралқы болмай, тік өледі деп бағалайтын. Әкім елден кететұғын күні Керімбек үйінде отырған топты кісі ішінде Тайлақбайдың өзі де бар. Сонда оның көңілі қатты ойран болатынын өзгеден анағұрлым айқын сезген осы Тайлекең еді. Кейін жігіттің із-түзсіз зеңіп кеткеніне көзі жеткенде, қарт Тайлақбай Керімбектің өзіне де өкінішпен кейіп:
— «Көкжал туған қой терісін жамылмайды»,— дейді. Дүниені қолына берсең, не түзеп, не бір жолата бұзып барып тоқтағысы келетін патша көңілдінің өзі емес пе. Ондай адамды өз дітінен бір мысқал аудара алмайсың. Сондықтан тарықтыру да керек емес,— деген. Сол Тайлақбай әзір жасы сексеннен асқан қарт басымен Әкімнің кішкене екі баласын екі қолымен топ алдына өзі жетектеп әкеп:
— Мә, мына кішкене немелеріңнің маңдайынан иіске, бетінен сүй! Өзіңнің Дәулетбақ, Дәулетжаның ғой,— дегенде Әкім:
— Мұның Дәулетжаны қайсысы? Дәулетбағы қайсысы? — деп, бұған қарап мөлиіп тұрған екі баласының бастарынан сипаған мәзіретін жасады. Бұрын ауылда Әкімді өзінің малдарын танымайды десіп күлісуші еді. Ол емес, екі балаға жаңағыны істеп тұрған мінезі мұнан былай талай жерде «Әкімшілеп» деп сөз боп жүрді.
Көпке қадір - салмағы бар үлкендер алдында «баласы бар» немесе «балалардың әкесі» болып көзге түсуді және өзінің елден безіп кеткен жүрісіне орай, енді кеп арттағы үй ішін сағынғанын арсынып тұрғанын іші жүйрік Тайлақбай тез ұқты. Керімбек бұл қуанышты кеше жер мойны қашықтау болса да Абдолла, Бурабайларға да айтқызған. Түнде көп үлкендермен аттанып жетіп осында қонған Бурабай Әкіммен жаңағы төс айқасып көрісушілердің бірі еді. Әкім кеткелі елге ұятты боп жүрген басбұзар кәрі кеше бұл әңгімені тұқиылдан естіген жерде хабарды айтушыға жалт етіп қарап, амалсыз шын қуанушының өзі болған. Барғанды ырза ғып, бір жапырық мүйіз көк серкешті бақыртып әкеп сүйіншіге өңгертіп жіберген.
Қазір ұшырасқанда Әкімді:
— Ту сырттан келмей, тұра шабатын көкжалым. «Ерді құдай ұрарда, жауға мінер жампозды жабы орнына мінеді. Елді құдай ұрарда, жауға қимас жақсысын жалпының бірі деп біледі» деген. Ақылы азайған атаң қаршығаны қарға деп өлтіретін адам ғой, бір өкпеңді қи, шырағым! — деп қарсы алған. Екі жылдан бергіні епті кәрің екі ауыз сөзбен орнына қойғандай.
Бүгін қатыбас дейтін Әкімнің мейірі бір інісіне түсті. Ол ес біліп қалғанында «қара жел» болып ауырып, содан бақсы қайнаттырып іштірген үш жыланның басынан тілі тартылып, құлағы да тас естімей, мылқау болған інісі — Дәулетхан. Қазірде ер жетіп келе жатқан өзі тым зейінді бала кем болып қалған-ды. Бұл Қанікеден емес, Керімбектің кіші әйелі Сақыштан туған баланың алды. Қалың топтың арасынан бар нәрсені ішімен жазбай сезіп тұрған сол балаға Әкім иіліп, оның ерекше сезімділігі үшін сағынып сүйген. Бұған өзге туысқандар да қайысып еді. Бұл кезде үй жақтағы әйелдер сағыныш қуанышынан жыласып тұрды. Қариялар тобы Әкімді алды - артынан қаумалап кейіндеу қалған қонақ үйге қарай алып жүрді. Үлкен үй алдында қораланып, бағанадан осылай қарап көп әйелдер тұр. Бір аумаққа шоқтай боп үйіріліп қалған, қарқарадай бәйбішелер шоғыры ақ шаңқан шылауыш, кимешек, шаршыларымен аппақ шағаладай. Сол әйелдер алдында екі-үш кейуана және бірнеше егде, қартаң бәйбішелермен бірге көзінен жас ағытып Қаніке де топтан озып шықты. Бір кезде еркектерге сойыл алып шапқан ержүрек қыз Қанікені бүгін айтсаң нанғысыз етіп, өмір, уақыт жаңғыртқан. Ол өзінін тұңғышы және әсіресе туған әкесіндей болған ата — Әнкежан етегіне салған Әкімге анадайдан дауыс сала:
— Құлыне-ем! Аман-сау жеткенің бе, шырағым! — деп, еміреніп жылап келеді. Оның тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жұмсатқан Әкім ғой. Кейінгі жақта кимешек, шаршыларының ұшымен көздерін сүртіп, күтіп тұрған өзге де шешелер, жеңгелер. Мосқал әйелдердің жылағанын көргенде шыдай алмай, орамалдарымен беттерін басқан, бірнеше әпеке, қарындас және қадір таныр жеңгелердің аңырап кеп көріскілері бар. Бірақ олар үлкендерден батпай сырт жақта шетте үнсіз мөлтілдеп тұрды. Соларды көріп көзіне жас алмаған әйел баласы қалмады. Осының бәрі елдің бір бүтіндік көзін, енді қайталамастай суретімен көзге тартқан. Міне, осындай сәтте, тап осы көздің өзінде Керімбекке Әлиден күтпеген оқшау бір хабар кеп жетті. Жайсыз, оқыс хабар еді.
Шығыс беттегі көк тұмсықтан бері асып, астындағы құла құнаншығарын ытқыта жортып келе жатқан Бағдат баланың жүрісін Керімбек «оғаш жүріс - ау» деп шамалаған - ды. Ойлағандай, ол мама - ағашқа бұрылмай, адамдарға қарай тұра тартып келді. Түсі құбылған күйде сәлем берді де, Керімбекке:
— Ата! Әли сізге жіберіп еді,— деп, қалған сөзін айта алмай құнанының басын сәл оңашаға таман бұрыңқырай берді. Әлидің қолындағы анау інісі бүгін таң ата Мамозының баяғы туысқанының қызын алып қашып әкеліпті. Жаңа күн шыға Мамозы өзі бастаған елу шақты кісі Әли аулына ат ойната жетіп, ауыл үсті дәл қазір қызыл - қырғын, төбелес болып жатыр дейді. Әлилер Бүкіл ауыл болып еркек - әйелімен түгел сойыл ала қарсыласқан соң, аналар арт жақтарына тағы кісі шаптырыпты.
— Өздерін сойылға жығып, қызды тартып әкетер түрлері бар. Соған не істейміз дейді,— деп пысық бала Керімбектей өзі ең мықты адам санайтын атасының Әлимен достығын шола тіл қатып тұр. Әлидің өзі енді қызды өлмей бермеймін депті. Асығыстан аптығып жолдаған сәлемі сол. Қарымсақтар болса қазір осы — Керімбек аулында. Әли басында Қарымсақтың ауылда жоғын білмей, інісі қызды алып жеткен соң сасып, бір жаяу адамды соған жүгірткен. Сонымен Бағдат бері аттана шауыпты.
Керімбек мұны естіді де, Тайлақбайдан бастап осындағы үлкендермен асығыс ақылдасып, бөгелмей іс қамына кірісті. Жаңағы келген сайлы жігіттерге бастатып, дәл отыз жігітті тізгін ұшынан аттандырды. Мұнымен қоса айнала маңдағы елге де осындағы көп үлкендер аузымен тезінен хабар бергіздіріп, тұс-тұсқа адам шаптырды. Әлиге: «қыз бен жігітті онда ұстамай, осылай жіберсін, қасына мына барған жігіттерден мықты серік қосып жасырын жөнелтсін» — деді. Бұл ауылға Мұрыншақ пен Қарымсақ кеше кешке келген-ді. Бағдатқа әкесі Қазиза жалғыз болмауы үшін, таңертең өзің келерсің деп құнанын арқандап беріп кеткен. Бағдат қазір құла құнанды босап қалған атағашқа әкеліп байлап жатқанда, жалғыз тұрған құла соқыр ат мойнын созып, құлағын тіге, құнанның демін иіскелеп келіп, көмейінен күмбірлеп, қатты оқыранып жіберді. Бір енеден — кәрі құла биеден туған өз інісін танып, шұрқырап оқыс оқыранып қалды. Құйрығына дейін қозғақтап тілсіз жануар басыла алмай тұр. Көзі шалған кісілер мына көрініске ішегін тартқандай, таңданып:
— Жануар - ай! Дәл адамша танып тұрғанын қарашы! Жерін сағынып жүріп әрең - ақ жеткен екен-ау, айналайын!
— Аңазасы ауып жүріп, зорға жеткен десеңші! Жеріңнен аусаң, жақсы атыңды тастап ay, деген осы екен-ау, шіркін! — «Адамды ұйымымен, жылқыны үйірімен алсын» деген емес пе,— десті. Бір сәтке аласұрғандай боп, қос құлағын қайшылап, тыншымай тұрған теңбіл аяқ, құладан көзін алмай қарасып та қалды. Төрт сирағы бедер - бедер, үкінің құйрық қауырсынындай, таңдайланған, қара дақты әйгілі құласоқыр шынайы әсем жылқы. Бұндағы осы белгі Бағдаттың құнанында да бар. Жалынан құйрығына қарай қыр арқаға айқын тартылған қап-қара сызығына дейін бірдей. Бірі тұңғыш, бірі кенже қос құла енесі кәріліктен құлындамай қалған соң, өткен күзде осы жерде Әкімнің нәзіріне сойылғанын білсе ғой. «Жақсы аттың енесі еді, өлсе кәріліктен өзі өлсін» дейтін қазақ бар ма?
3
Қаніке аруаққа атап сойғызып жатқан «ақсарбастың» етіне ешкім қарап отыра алмады. Аздан - соң жан-жақтан тез жиылған көп аттылармен жүз қаралы кісі болып, Тайлақбайдан бастап барлық үлкендер бірге аттанып, Әли аулына жетті. Бұл екі ара онша қашық емес, үш-төрт қырдың асты болатын. Мұнда келіп, ай-шайға қарамай, ауыл үстінде әңгір-таяқ ойнатқандар, көп қауға сақалды, шатынаған, шаргез байлар екен. Сонада күзгі ас үстінде Мамозымен бірге келген жақсы ат, жаңа киімді көп сақалдар. Бұлар ат ойнатып жеткен бойда Әлиге «қызды шығар» деп ауылдың жиырма шақты жаяу дүңгенін бықпырт тигендей ғып қуалап сабап, көз келгенін ат үстінен ұмтылып ұрып, соның аяғынан амалсыз үлкен төбелес бастала берген. Аттылар ауыл адамдарын әр тұста қуалап тығып, көбірек тықсырғанымен, қызды тартып ала алмаған екен. Жаңа қазақ жігіттері жетердің алдында бағанағы хабар бойынша соңдарынан тағы қырық-отыз аттысы шапқылап жетіпті. Соның бәрі енді жаяу таяқ, сойыл шошайтқан Әлилерді әр жерде ортаға алып, сойылға жығып, кез келгенін ат омырауымен қақтырып қуалап ұрып, ауыл үстін азан -шуға батырған. Әлегін аспаннан келтіргендей күйге жеткізіп бара жатқан. Қатын-баланы да таңдамай ұрып, ұлар - шу ғылып сабаған. Тұс-тұста ұстағанын кергілеп сабауда. Аз үй кедейдің шақ-шалакейін шығарып, түтіп бара жатыр еді. Бір шеті қызды тартып алуға аттан енді түсе бастаған екен. Тап сол мезгілде Арыппай бастаған отыз жігіт те қырғидай келіп киліккен. Бұлар дүңгеннің санын көпсініп, олардың қырық-елу сойылшысынан тайсанатындар емес, еркіне жіберсе оларды көкпар ғып әкетеміз дейтін, шерудің анық жорықшы сайлы жігіттері. Тұмақтарының бауын жымырып байлап, ықшам киініп, шекпендерінің етегін белге қыстырып, немесе ышқырланып алған, әлекедей жаланып келген, «Іздегенге сұраған» ителгі көздің өздері болатұғын. Ат айылын төстеп тартып, анталаған қомағай көзбен тойымсызданып, солар келіп жеткенде мұны көрген мол санды дүңгендер үдерісіп бұлардан өзгеше қимыл күткендей болысқан... Тас түйіндей топ жігіттің тақымдарында және білектеріне ілген шоқпар, сойылдары да сай. Мамозы қазақтың бұ келісінен мән күтіп, осылардың арт жағынан секемденіп қалған. Сескене тұрып өз ойын қазаққа деген кешілмес ызамен топшылады. Алғашында араша сұрай келген, бұл топты азсынғандай едіреңдеген, қызба бас жігіттерін Мамозы өзі тоқтатқан. Сонымен қазақ жігіттерінің сұрай келген арашасын ықтиярсыз тыңдасып, шапқындарын лезде бөгей, шарасыз тежеген. Дүңген тинмен айқұш - ұйқыш айғайласып, өзді-өзін қатты ақырған үнмен жылдам басып, бір сәтте су сепкендей толастай қалған. Керімбектер жеткенде, Мамозы тобы қазақтың осы кейінгі жағын тосып қалғандай, шеттеу шығып, өздері жеке иіріліп тұрған еді. Мамозыңың көреген көңілі келе жатқанның қарасын шолып жіберіп, мығым шеңдескен, қаралдысы берік аттаныс екенін өзгеден анағұрлым ерте ұқты. Және «Қызды алып қаштырған Керімбек» деген өз ойына енді еш шүбәсі болмады... Осы үшін жиын отырған деп білді. Бір-біріне жапсарласа тығылып, жыпырлай салынған, бірыңғай домдама, аласа там үйлердің беткей жағын алып тұрған Мамозы тобы Керімбектерге қарай жүрді. Алдыда Арыппайдың қара атына мінген Мамозымен тағы бір төрт - бес үлкен сақалды, ірікті байлар. Суық түспен ширатылған шетінен мығым кісілер. Есік алдында өздерінше бір жеке топ боп тұрып қалған Арыппайлар шоғыры да екі топтың ортасына таман қиыстап қосылған. Осылайша үш жақтан келе жатқан үш топ Әлилер мекенінің өр жағында тиіп тұрған Қарымсақ ауылының қыстауларымен екі ортадағы кең көк жазаңда түйісе берді. Артқы жақта көп жаяу болып Әлилер де жылжып келеді. Қолдарындағы таяқ -сойылдарын әлі тастамаған. Қарсы екі топ бір-біріне түнерген түспен көз тастасып, сұлық аяңмен жақындаса берді. Әлі екі жақ тоқтамастан сонадайдан үн қатып, алдымен зіл тастаған Мамозы өзгеше қияпатпен:
— Е, Керімбек шаңия20 . Тағы бастадың ба! Қызды алдырғаныңмен қоймай, сойыл алып, жасақ жинадың ғой, ә?! — Осыныңды ұмытпа! Осыныңды есіңде ұста! — деді, көзін сығырайта: — Өз көріңді өзің қазғың бар екен, мына сойылдыларыңды ертең мойындайтын бол! — деп, қос бүктеулі қамшысымен Арыппайлар тобын асқақ нұсқады. «Жауап бер» дегендей боп, ойнақшып тұрған қара ат үстінде шиыршық ата бүйірін таянды. Екі жақ арқан бойындай жерде ат басын тартысып, тоқтаса берді. Керімбек әуелі Мамозы қасындағы өзге үлкендермен иек қағысып сәлем берісті. Мамозы сөзіне жауабын сонан кейін шапшаң айтып, түрілген қабақ пен кірпігін суық қаға үн беріп:
— Иә, сенің басыңа қарға саңғып кетсе де, Керімбек ұшырған қарға болады ғой! Сен алдымен анау әл үстінде жатқан адамымыз үшін жауап бер! Ана дүрелеп кеткен адамың, әне, әл үстінде жатыр! Егер жазатайым, сол бірнеңе болатын болса, мына тұрған халыққа сенің құның бір-бір қойдан да келмейді. Сен өзге емес, осыны ұқ! — деп сөзді басқа жақтан бастады.
Керімбектің бұл айтып білдіргені осыдан он-он бес күндер бұрын Мамозы биылғы бәжі жұмысымен елді аралаған. Сонда Дербісалы руының ішінде Бурабайдың аталас бір ауылындағы құмарпаз Қырықбай деген жігітті салық жөнінен дау шығып, жанжал туады да, қасындағы екі шабарманға Мамозы жығып сап дүрелетіп, аяусыз жаза тартқызады. Сол жігіт ішкі жағына зақым жеткен бе, соққы ауыр тиіп, күні бүгін орнынан тұрмай, төсек тартып қалыпты. Сонан бері жас сорпамен қалжалап жатса да, беті бері қарамай қойды дейді. Ерегістен туған ызамен дізеге салып езіп ұрғанда, өкпеге дәз кетсе керек, қақырса қан түседі деген. Бурабай кешелі бері Керімбек үйінде көпшілікке қайта-қайта соны айтып, көп күпінумен боп, ата - атадан келген кісілерге осыны қатты шаққан. Қазір Керімбек тоқтай бергенде ендігі сөзді сол Бурабай қағып әкетті. Кер атты тебініп жіберіп, ұзын қызыл буырыл сақалы желк-желк ете, алдыға шыға берді де:
— Сасай теке құсаған иттің баласы! Осы сен неден құтырып, не істеп жүрсің! Уа, қой! Уа, қой, деймін шұнақ! Ана адам, әне, өлім үстінде жатыр! Әгер - әкім сол бірнеңе болатұғын болса, сақалыңнан лақша қайырып, ана қоқа кеңірдегіңнен өзім бауыздаймын! — деп, ақыра сөйлеп, зірк-зірк тепсінді.
Бұрын өз бетіне дәл мұндай ашумен балағат айтылмаған Мамозы іштей шынымен-ақ ығысайын деп қалған. Көзі ақшаңдаған Бурабай мына түрінде төбелес бастап жібереме, деп шошыды. Осы кезде Мамозының суырылып жауаптаса алмасын байқап, оның қасындағы біреу кие сөйледі. Тілі қазақшаға жатық емес. Екі шықшытына сақал жіберген, қара қасты бай:
— А, Керімпек! Әли сістен піске жақын емес ме? Сен өзінің қазақын пілсе полмай ма? Дұңған да не шарбан бар? Арбақ атқыр, Әлиді пайлап әкетсек те піс өзіміс пілеміс! — деген. Бұл Әлимен бірге көшіп келген кедейлерді жалшылықта ұстағанның бірі еді. Сол кезде мына жақтан Әли:
— Байларсың! Ол баяғыдағы түсің шығар! — деп саңқ етті. Қолында сығымдап ұстаған бір қысқалтаң, жұмыр бел темірі бар, соны салмақтап, білеп қойып қалшылдап тұр екен. Өзінің оң жақ қабағы айырыла жарылыпты. Бет - аузын, көзін басып кеткен, алдыңғы өңірін былғаған жосқын қан бар. Сол әлі де тоқтамай, әредік сайын сүртсе де қайта жылып ағады. Мұндай жаралы бір емес, жаяулардан ұшырай түседі. Әсіресе біреудің жуан білектен қолы сынып кеткен. Және таяқ тиген екі қабат бір жас әйел шошынып, талып жығылып еді. Әли жаңағы адамды тастай бере, Мамозыға ақыра айқайлап:
— Ей, Ма – сың - қу21 Енді мен өлмей қызды ала алмайсың! Бар! Баратын жеріңе бара бер! — деп бір-ақ кесті.
Мамозы Әлиге тіл қатпай, әлі де Керімбекке уыттана: — Керімбек сен асықпа!.. Сен тоқтап тұр... Аз шыдасаң көрерің алдыңда! — деді. Бүгінгі келген, дүңгендердің тек өздері ғана емес-ті. Күреге беделі зор, қазақ жерінде өздеріне үлкен мекен-жәй салып, көп малай, малшы-жалшы ұстап даңқы елден-елге асып отырған бай қытайлар да бар еді. Бүгін Мамозы соның бірнешеуіне хабар жіберіп, қастарына бірге соларды да ала кеткен. Олардың куәлігі Күре үкіметіне дүңгендікінен анағұрлым беделмен өтеді.
Сондықтан Керімбекті ақтайтын сөзге Күре өзі қойған болыс Абдолла кірісті:
— Ей, шоқалақ! — деп, қамшылы қолымен Мамозыны нұсқап: Сенің танып алғаның Керімбек пе? Жүзіміз істеген істі бірімізден көрме! Қолыңнан келерің болса, мұны істеткен мына мен! Мен деп бар! Бұрын Керімбек болса, енді Абдолла бастапты деп бар. Осыған жауапты мен берем! Тұтас тұрған мына халық береді... Бар! Тарта бер! — Ол бар шеруге бүгін шындап иелік етіп сөйледі. Осы, кезде қарасұр атына Тайлақбай да леп беріп қалып:
— О, Мамозы шырақ! «Айғыр ұшынса ат болады, ат ұшынса ет болады»,— дейді. Сендей жігіт көппен ойнап, бір күні мерт болады. «Кес» десем, басыңды қазір кескіз — деп бар тұлғасынан от шаша қарады. Оңайлықпен қозғалмайтын қарттың айбаты арыстандай десе боларлық еді. Мамозы жүрегі ойнамалы адамдай, ес-ақылы орнында тұрмай, жүйткіп тұла бойымен шошып қалды. Қара құлақ сыр ат тізгін тартып, тықыршып тұр. Еркін қайратқа бір жарамай, жүрегі аттай тулап соққан ел ағасы Тайлақбайдай иесінің күйін көзге тартқандай, ауыздығын да қаршылдатып шайнап қояды. Мына жақта Арыппай мен Нүсіпбек бастаған жігіттер де мінбелей келіп тұр екен. Егер осы жерде Тайлақбай, не Керімбек бір ауыз ұран тастаса, тайсалғалы тұрған біреуі жоқ сияқты.
Мамозы енді сөз қатпады. Әлгіндей суретпен көзге түскен Тайлақбайға тілсіз безеріп, тылсым бола қарап тұрды да, атты мойынға салып жіберіп, бұрыла жөнелді. Сол кезде қалған тобы да оның соңынан бір сәтте лап етіп ілесті. Әлидің інісі Осман қызды мұнда сақтамай, таң ата келген бойда осындағы Өмірші сайы дейтін қалың тоғайлы сайды өрлеп кеткен болатын. Бағана Әлиге Керімбек сәлемін жеткізген жастардың бірі ол екеуін алып, сол сайдың басымен асып түсіп, ары қарай Керімбек аулына жөнеліп кеткен. Бұл күні Әли аулының маңында оншақты жігіт қалып, үлкендер осындағы дүңген үйлерінің шеккен жапа, көрген соққысын толық көріп-біліп, соған байланысты келер күнге керекті акт және арыз жазып олардың өздерінің тегіс қолдарын қойғызып алып аттанған. Сол үлкендер тобымен бірге болып кейін осында қалған Мақсұт пен Мамыртай Әлидің үйіне кіріп біраз аялдаған-ды. Кіре берісте үйшіктей ауыз үйі бар кішкене мекен ішінде, тор жақта аз ғана жүк тұр. Қабығы алынбаған ағашты қатарластырып төсеп соған жиған, сұрғылт түсті, үш-төрт көрпе көрінеді. Және сондай жұтаң көріністі, екі-үш бұдыр жастықтар ішіне арпа, қышы сабаны тығылғаны байқалып тұр. Еденге бойра төсеп, соған әлдеқашанғы бір құрым киіз салынған. рудан бұрын Мақсұт бұлардың тап осыншалық жұқана тартып, кедейлесіп кеткенін білмеуші еді. Ертеңге қалдырмай, осы бүгін-ақ бір текемет және бірдемелерді өгізге артқызып жіберуді ойлады. Әлидің нұсқасына қарап білегіне ескі бешпентінің жеңі жетпей, білезік буынының жоғарғы жағынан, былай қарай қолы сорайып, ашық тұрғанына жаны қатты ашып кетті. Өзінің қабағы жаралы. Қазандықтың көмейімен жалғасқан, екі кісі сыйып жатарлықтай, биіктеу текше, ұзын қаң бар. Соның бас жағына төргі бұрышқа тігінен сүйегі қастерлеп қойған жаңа астауға көзі түскен Мамыртай қолының сыртымен Мақсұттың тізесінен қозғап, ым қағып қойды. Былтыр Қарымсақ үйінен көрген, ернеуінің алақандай бөзі бар, терек астауды Мамыртай жаңылмай танып отырған. Шашын екі бұрым етіп өрген, сөйлесе алдымен үлкен, күрек тістері ақсиып көрінетін, арғымақтай дерлік биік бойлы, жайдары жүз жас әйел кіріп шығады. Бұлаңдаған қайқақ денесінде қажымаған шапшаң, жеңіл қимыл бар. Тұр кескініндегі жұмыс, бейнет, тұрмыс табы болмаса, ежелінде ту қайратты жаралыс байқалтады. Әли соқа айдаса, мала басып, тұқым сеуіп, орақ орса, десте салып, бау байлайтын, және өздігінен тұлық айдап, шаңтас жүргізе беретін нағыз бір үлкен жұмыскер әйел осы. Өзі баяғы Мамозы қолынан өлген баласынан өзге ұл көтермеген. Содан кейінгі бірі әке, бірі шеше болып бетіне қарап отырған қызы әлі жастау. Алданыштары сол. Көктемгі аңызақ жеген, тарғылданған жүзінде бүгін ерекше бір желпініспен қоса, арылмай тұрған уайымдай күдік бар-ды... Үміті мен қаупі — келін келіп өздеріне сүйеу тапқаны және соның соңы. Ол Мақсұтты көптен көрмесе де, еркін ажармен өзімсініп:
— Мақсұт інім, қалай, қуаныш жатырсыңдар ма? Әкім ағаң келе жатыр деп еді ғой, келді ме? Ата-аналарыңыз шат-шадыман қуанып жатыр ма? — деп бәрін сұрады. Сол ауылдың адамдарын өзіне сүйеу санап, бірге сүйінгендей, ағынан жарыла жарқылдап тұр. Өзі парықшыл, бірақ анық бейнет иесі кісіні еріксіз өзіне тартқандай, Мақсұт оған шынайы кішілікпен жөнін айтып, туысқанының келгенін, бауыр - туыстың барлығы өте шаттанып жатқанын білдірді. Әйел Мақсұттарға өз үйінен ас ауыз тигізіп, бетіне қызыл бұрыш езіп құйып «ашлампұң» деген тағам әкелген. Мақсұт тәуір керуші еді, рақаттанып жеді де, Мамыртай оның ежір ішінде аппақ боп, іркілдеп тұрған көрінісіне бажайлап қарады да:
— Қой бәтір, жалқаяқ сияқты екен, өзің ала бер,— деп аузына салмай қойды. Бұл ауыл бүгін соқаларын жеге алмай қалған. Бар тіршіліктерінің тиек, тынысы болған азын аулақ жерлерін бір күн, бір сағат та болса, жан салып тырмыштаулары керек болатын. Мақсұттармен азырақ сөйлесіп, бүгінгі болған барлық оқиғаны басынан бастап, айтып шыққан Әли әңгімесін асығыс аяқтата беріп, әйеліне:
— Әмина, бар айт, енді тезірек бәріне, аттарын тегіс қамдасын,— деді қазақша. Далаға өздері де шықты. Оң жақ көзін бастыра қабағын Әминаның жаңа ақ жаулығымен қиғаш таңған Әли шұбар сауыр қара бурыл аттың қатарына бір шыл жиренді қосады екен. Аттарға қамыт-саймандарын кигізіп жылдам кетуге жабдынып жатыр. Әлиді қара тартып көшіп келген Елахұн деген қызық мінезді ұйғыр бар еді. Сол бүгін таң атқалы енді көрінді... Бағана, Мамозылар ат ойнатып жеткен заматта, жан таппай қорқып әйеліне:
— Қотын, мені пақалмен көміп тастағына, садағаң кетей! — деп, үйі іргесіндегі мая сабанның қопсыған етек жағына сүңгіп кеткен-ді. Әзір құлақшынында сол сабан қиқымдары ілескеніне қарамастан, қолына бір келте таяқты сығымдап ұстап, өз-өзінен қоразданып жүргеніне жұрттың бәрі күлуде. Бірақ сабанға тығылғанын ешкім байқамады деп ойлаған Елахұн:
— Пахат, маған ешкім тимеді. Әлиге оқшап, пешенемді жарған болса, дадаңның қашыға бар деп, өлтіріп өтеттім,— дегені шын күлкілі болатын.
Әргі жақтан қос-қос атпен Қарымсақ, Мұрыншақ және сол ауылдың бірнеше ер-әйел егіншілері де дайындалып келеді екен. Қарымсақ ауылының және бір төрт бес үйі бұлар құсап жазда ең болмаса қыстаудан жылжып, көкке де шықпай, бірлі-жарым ескі-құсқы киіз үйі барлары осындағы тамдарының ығынан қалқайтып алып, дүңгенмен бірге анық жаяу жатақ боп жататын. Бұт артары жоқтар. Қыстаулықтың сыртында мінеу тұрған, алақандай жазаңға иіріліп қонып, бір-біріне ықтағандай тозығы жете жүдеген, қара барқын, құрым үйлер, сол кедей ағайындар. Жаңағы атқа мінген ерлердің артынан сүметілгендей боп, жаяу ерген, қолдарына нан, талқандарын түйіп, сусын ұстаған, жүздері сынық қыз - қатын осы үйлерден бірлеп -екілеп шығып келеді. Момын, қаяу жүзді, бір-екі қыз Мақсұт, Мамыртайларды көріп, иіндеріне ілген, жұтаң киімдері мен бойларынан қорына ма, жеңге, шешелерінің қабатына таман тығыла жүреді. Соларды паналап, бұға жүргілері келгендей. Бірі — Мақсұт былтыр Қамардың жанында көрген, ұзын қыз, бойы сорайған Тәйімхан. Жанындағыларды далдалап, алдымен тығылған сол болғанымен, оның бойына ешкім пана бола алған жоқ. Өз ата - аналарының «оң жағында» отырып, сонша міскін, теңсіздікте жасып өсіп келе жатқандықтары білінеді. Тәйімханның ата-анасы басында бір байдың жалшысы болып жүрген. Бай бәйбіше бір нәрседен Тәйімханға ұрсып:
— Ыстансыздың түсіне екі қары боз кіреді!..— дегенінде бойжетіп қалған қыз байғұс екі күнге дейін жылап жүреді. Содан әкесі:
— Түйіншек арқалап кетсем де, байларға кіріптар болмайын! — деп бір түнде көшіп жөнеледі.
Тәйімханның жаңағы сиқын көзі шалған Мақсұт қасындағы Мамыртайға күбір етіп:
— Қарамай тұрайықшы,— деген. Қазизаның «бой жеткен қыз мұңлық» дегенін есіне алды. Сол анық, рас сөз болса мыналардан өткен мұңлықтардың жоқ екені де рас еді.
Ауыл алдында соқаға мінетін көп балалардан басқа, белдерін орамал, жаулықпен байлаған, дүңген әйел, қыздар да қапақтағы, ежір көзедегі көже, сусындарын алып шығысып жатыр. Егінді сенікі - менікі демей бірінен соң бірін жабылып айдайтын. Соқаға мінетін Бағдат шілия - қамыты салынған баяғы «лоңқа торы» атпен Мақсұттың қасына келіп, өзінің шәңкілдек үнімен:
— Мұғалім - еке! Үйге бармайсыз ба? Үйде Қазиза бар ғой, біздікіне барып қымыз ішіңіз! — деп, үні, түрі, болмысымен жабыса өтініш етіп қадалып тұр. Өзі биыл алғаш ашылған Мазы мектебінде бірінші класс оқыды. Ес білгеннен тартып өзінің бала қиялымен жанындай жақсы көрген Мақсұт енді өз мұғалімі болғанға өзге бала алдында масаттанып жүретін. Тіпті ел болып мектепті жаңа көргендігі ме, оқытушы — аяулының аяулысы. Бас жақта, анау былтырғы жұрттарына барып Қарымсақ ауылы қонған. Мақсұт өткен жылы, ел жайлаудан қайтқандағы сапарынан кейін, сонан бергі аралықта, Қамарды қыста келіп бір-ақ рет көре.алған болатын. Жер шалғай, жол алыс емес. Бұл жөнінде ойланса болды, Мақсұт өзін айналада айыр тілін шығарған, айдаһар өлкесінің ортасында қалғандай сезінеді.
4
...Көктем жетті. Дүние ең басынан қайта бір жаралғандай шаттыққа өткен шағында Мақсұттың Қамарға деген «қапастағы» тынышсыз сезімі жүректі қысқан сағыныш болып оралды... Сәуірдің көкше мөлдір, нұрлы аспаны жарқырап, манаураған табиғат жан біткенді қайта бір жаңғыртты. Сонау бала күнде көретін тізбек тырна керуені, көк шақпақтанған дәуірлі аспан төсінде, асқақты бәсең үндермен «тырау» салып, талығып жеткен үзік-үзік әуезімен ұзақ, бұлдыр сағыныштар әкеледі. Жапан көкте құлазыта тыраулап, бұйықтыра, әлсірете, үн беріп, кеудеден бір түрлі діңкелеген ғаріп арман оятқандай болатын. Сұлу наз ба? Жан жүрекке шер салып, тәтті мұңмен жабырқатқан бір сөзім сарылған аппақ қыстан соңғы масайраған сәуірде жас жанға әлде бір серік, тыныс іздетіп, қиял кездіргендей. Бұл көктем — Мақсұтқа Қамарды ерекше еске алдырған, оны бір көруге анық ынтық, зар еткен көктем еді. Жас жігіт үшін сарғайып алты ай жаз өткен болса, сарылып алты ай қыс та өтіпті. Жас жаны әз өмірдің жалғыз, тек жалғыз тал шешек гүлін ашқанда сүйген достан көңілге тапқан медеу жоқ. Қысқы соғым көзінде Мақсұт қасына Мамыртайды ертіп, Қарымсақтың үйіне бір келіп қонып қайтқан-ды. Қазиза Қамарды бұл жолы да үйіне шақырып әкелген. Қамар әнші еді. Сол түнгі отырыста әнді Қарымсақ өзі бастап, баяғы бір ұмыт боп кеткен сағынышты ескі сазды еске салып:
«Жоңғар тауын жаз жайлап,
Әнге салдық, угәйлап.
Қиыр қонып, шет жайлап,
Келдік қалқа, дәм айдап»
— деп бұлдыр тартқан алыс күндердің озған елесін мұңдаған. Қамар алғашында бірнеше әнді Қазизамен қосылып айтып кеп, аяғына осындай шағын сауық, қымбат кешті бос жібермей, жалғыз өзі шырқап та ән салған болатын.
Қамардың сондағы айтқан әні, қазаққа бағы бір заман белгі етіп қалдырған, әлде бір «қос обаны» еске түсіретін атақты «Гүлдариға» еді. Сол күні Мақсұт осы әнде екі бірдей адамның шырылдап, бар тағдыр, өмірі жатқанын, тек содан туған қасірет әні екенін ойлаған. Екі бірдей қымбат жанның сыры екенін ұққан. Қамар бағанадан, кеш бойы жібектей жұмсақ, әсем сыңғыр үнімен аңырата шырқап, егілте салғанда, жан азығын осы ән десе болғандай, Қамардың бұл әнді соншалық дертті болған шермен айтқанына отырғандар еріксіз еміренген еді. Ән емес, жүректен шыққан өксіген жалын, шер тіліндей. Бір сәтте Қазизаның көзін сүрткені байқалды. Қамар үнімен айтылған «Гүлдариға» Қазиза үшін тамыр - тамырды тарықтырып, соның бәрінен сарқып әкеп, көзге ащы жас келтірер қамығу сырындай болған.
«Қарағым айналайын, қалқа жаным.
Сен едің, бұл жалғанда бар арманым!
Мен кетіп елден шалғай, жүрмін зарлай,
Болғанмен сыртым бүтін, ішім жалын!..
Жапанға жалғыз біткен сіз бір шынар,
Қалқатай, бір өзіңе болдым құмар.
Жалғанда арманда өткен мен бір жанмын,
Жалыным ішімдегі қашан шығар!»
Ән — қосақтаулы маубас қой, матаулы маймақ түйе немесе сасық тұмсық сиырға сатылып кеткен. арманды қыз ба? Басы сергелдеңге түскен жаны сері жігіт пе? Қайсысынікі болса да, жүрегін сүйген жардың маңына жерлеп кетіп, қуыс кеудесі жүргендей біреудікі. Мақсұт Қамарды қимай қарап, ерекше тамашалады. Мақсұттың көз алдына Қамардың сондағы ән салып отырған кейпі келіп, есіне асық еткен, таза жанның дәл сол отырысы түсіп еді. Қамарды көріп отырған көзіндегі әр сәті, оның әр сөз, қимылы, тіпті ең баяу кірпік қыбырына дейін ұмытылмай, бір жақ бүйірінде сақталған. Қазиза бұларды ауызғы үйде бір сәт оңаша қалдырғанда, Мақсұт өзінің иықтарына екі алақанын үнсіз ғана қойған нәзік Қамарды аялап құшақтаған. Алғаш рет жігіт құшағына кірген Қамар үні өшіп,.демі дірілдеп тұрды. Аз ғана сәттегі сол сурет Мақсұттың күні қазірге дейін жатса-тұрса ойынан бір кеткен емес. Бағдат жаңағы сөзді айтып бұларды үйге шақырып, Қазизаны есіне салғанда, Мақсұт кенет ұйқыдан оянғандай қасындағы Мамыртайға:
— Жүрші! Аттанайықшы!..— деді. Мамыртай жолдасын түсінен андады да, айтқанын екі етпей, атына қарай дереу бұрылды. Тегінде, Мақсұттың қалада қыс бойғы оқудан cap төсек боп, ұзақ жатып, енді жазғы демалысқа шыққанда, жұп жазбай бірге жүретін елдегі жалғыз сырлас адамы осы Мамыртай болушы еді. Екеуі қазір Әли ауылынан шыға, тастақ жолмен тағалы аттарын тапырлата басқызып жедел жүріп кетті.
Мақсұт пен Мамыртайдың бүгінгі келістеріне Қазиза ерекше қуанды. Мұрыншақтың әйелі Керімбек аулына, Қанікеге баласының келгеніне «қайырлы болсын» айта келіпті.
Немересін қуанышты жерге алдына алып аттаныпты.
Қазиза екі інісінің бүгінгідей оңашалықта жетіп келгеніне жаны қалмай қуанып: ...— Мен де барайын деп бір оқтанып тұрдым да, еметін бұзау, сауын бие бар, үй йен. Сәті түспей, бүгін бара алмай қалып ем, бәсе осыған көрінген екен ғой, келгендерің мұндай жақсы болар.ма!— деп, аяғының ұшынан жүгіріп шәй дайындамақ, қазан қамдамақ, болып еді, Мамыртай оның бәріне рахмет айтып, қымыз әкелдірді. Қазиза өз көңілімен бүгін Мақсұт пен Қамардың оңаша жолығуын лайық көрді. Жігіттер қымызға қанып, Қарымсақ шапқан саптыаяқтарының бетін басқанда, бұларға баяулап күліп қарап:
— Онда екеуің осы «Атам сайын» өрлеп аттана беріңдер...— деп, екі бауырына өзімсіне бұйырып, ақылды да өзі беріп, сыпайы сыр байқатты. Мұнысы Қамар үшін «жеңгелік» сияқты емес, қайта шын анық жанашыр, қимас қамқорлықтай болатын. Осы ауылдың атасы болған Өмірші атымен аталатын сайды әйелдер «Атам сайы» десетін-ді. Ауыл артында, батыс бетте тиіп тұрған қырқадан асып түскенде басталатын ну орманды, жасыл желек жамылып, гүлге оранып тұрған әсем сайға батып екі жігіт кетті. Біраздан соң үнсіз мүлгіген осы сайдың аузына Қазиза бар әлемнен қызғанып ұрлағандай ғып, жасырып әкеп, Қамарды да іліндіріп еді. Ауыл бір-екі үй ғана емес, өзге де кездер бар. Қазиза Қамарды үй артындағы тереңдеу құр жыра, өзекпен жүргізіп келіп, кішкене қыраттың қылт еткен тас мойнағын асырып түсірген. Сай аузында енді ажырар жерде Қамардың қолын қимастықпен қысып, алға қарай мезгеп:
— Ал сәулем! Құдай бақыттарыңа жеткізсін! Шырақтарымның жолын оңғара гөр! — деп тілек тілеп қалған. «Осы екеуі қосылса, еш арманым болмас еді» деп Қазиза Қамар мен Мақсұт тілеуін «жетсем» деген өз мұрат арманындай көретін. Күрсінетін.
Мақсұт қыстағы келген жолында Қамармен жеке ұшырасуына Қазизаның үйінде бір сәт қана әредік тауып, екеуі бір-біріне деген жалындарын сол бір кеште қысқа сөзбен жеткізген.
Мақсұт ойындағы жалғыз ғана түйінді сөзін сол жолы Қамарға ірікпей ашып:
— Сені ойлаумен сабырым бітіп, өлер болдым! — дегенде, сондай шетін ынтызарлықты айта алмай буылып тұрған Қамар да, өз білдірерін осы жол жасырмаған. Мақсұт жаңағы дем, тыныстай шын - анық шалқыған жалын арманын айтқан кезде, Қамар тал бойына жарасқан салмақты қозғалыспен Мақсұттың иығына қос қолын үнсіз қойып бір сәт тынып тұрып қалған. Жаңағы сөзді шығарған Мақсұтқа ұяң шұғылалы, үлкен көздері айырықша тұнып қараған. Сөйте тұрып көзінен кесек-кесек, мөлдір моншақ тамшылар өз-өзінен домалап төгіліп кеткен. Сондай ұстаммен бап - баяу тұрып, үнсіз төгілген жас еді. Және сол жас бір сәтке - ақ, үзіліп-үзіліп, мөлдіреп түсіп тұрып:
— Сіз мені дертті еттіңіз, Мақсұт! — деп еді. Сөзі, айтар сөзі емес, жанарында тұнып жүрген ыстық жасы бары білінген. Кемеріне зорға сақтап, іркіп келген жастай. Бағана ән үстінде «дертті болған» сұлу шермен, нәзік сазбен еміренткен жүрек сол екен. Ынтызар саздың еңірегені де сол екен. Кейінгі бір заманда шеру ішінде «Мақсұт — Қамария» аңызы болып қалған - хикаяның басы секілденіп, екеуіне ең алғашқы уды ішкізген сол бір сәт бір-бірінің жүректеріне айықпас шарт боп бекіген.
Иә, сол жолғы екі ауыз сөзбен екеуінің де басына мәңгі бақ орнағандай болған. Сүйген жанның өз жүрегін беруінен артық дүниеде не бар? «Жар» десе мұсылман ұғымына «ең әуелі тағдыр — алла» жар болмақ. Соны адамға аударып айтқанда» «сүйген жар» деген атқа лайықты әйел заты болсын. Мақсұт тап осыны ойлап келсе, Қамардан айырылып, өзге бір «сүйейсалмен» қосақталуды болжаса, үрейленіп кетеді. Қазір осы келе жатыста Қамар ойында сондайлық құлап сүю мұңынан туған сол жазықсыз «дертті» болу отынан басқа Мақсұтқа деген бір ауыр уәж бар еді. Ол Мақсұттың айттырып отырған қалыңдығы барлығы. Мақсұт ол сырды Қамарға білдіртіп, Қазизаға өз аузымен де әдейі арнап айтқан, ашқан болатын. Қамар жасынан ешкімнің жылы сөзін, шын кәдірлеп, құрметтеуін көрмеген. Қайта тұрмыс, жоқшылық табы батқан үйдің көнбіс қызы. Бурабайдың баласы Ілімжан қойнында әйелі бар, мүшел жас үлкен басымен бұған міндетсіп: «Көкейіне шайнам ақыл қонбайтын байқұс қыз, «барар жерің Балқан тау, о да біздің көрген тау» болар әлі-ақ, дегендей сөздер айтқанда, Қамар өмірде дәл Мақсұттай адам бар деп те ойлап, күтпейтіндей еді. Сондай басымен Мақсұттың жақсы сөзін естіп, ынтызар болған көңілін танығалы сол аяулы жігітті өз ішінен жанындай ыстық көре, көзінің ағы мен қарасындай қадірлейтін. Өз басы өзіне қандай ардақты болса, оны қоя тұрып, сол қымбат жүрекпен өзінен Мақсұтты жоғары қойып, сарғая күтіп, сағынып жүретін. Сол сарылған сағыныш емсіз, дауасыз... Осы дүниеден жалғыз Мақсұтты ғана қалап алған. Жан-жүйесін осындай күйлер зарықтырып күрсінткен әлсіз Қамар келе жатқанда мына жақта Мақсұт өзінің сабыр - тағатын тауысып, «Сіз мені дертті еттіңіз — Мақсұт!» деген сөзін, қайта-қайта еске алып тұрған. Сол сөз жайлы әсіресе бүгін, нақ осы жерде ерекше ойланып, соны өзінің қарызы етіп: «Дертті еткенім рас», енді соған немен жауап қайырып, ем табамын?!» — деп, орнын өтей алмастай қиналып толғанған. Қамардың дәл әзір осында келетінін ойлағанда, өзін-өзі билей алмай қалтырағандай болып, демі дірілдеп кетеді. Бір сәт тықыршыған көңілімен қобалжып, айналасына қарады. Осы көзқараспен тұрып қыста көрген Қамарды сол күнгі шарасына сыймай, тұнып тұрған көз жасымен дәл қазіргідей көріп тұр... Кемерінен асқан мөлдір - моншақ тамшылар үнсіз тұрып үзіліп-үзіліп кеткен-ді. Маңайда гүлдеген тобылғының сықасып өскен, жап - жасыл бүрлі басынан, жабағыланып ашылған, шоқ-шоқ ақ гүлі айнала маңды көкшағыр түске енгізіп, бар өңірді жас шаттыққа мас еткендей болып тұр. Беткейлерде жыпырлай жайнап, шешек атқан шұғынық гүлі көздің жауын алады. Күн көзінен шұғыла тартып, нарттай жанған алкүрең гүл жарқыраған мөлдір сәуле атып, мынау жарық әлемнің көз нұрын өзіне тартқандай. Алма ағаштар, өріктер гүлдеп, сай іші көкек айының ақшұбар түсті шыт көйлегін кигендей боп, өткінші шаттық буына бөгіп, мүлгіп тұр. Өлке жым-жырт, тым-тырыс. Құлақ шыңылы естілгендей. Шайдай ашық көк аспан төңкеріле жалтырайды. Осындай барша сұлулықты ең нәзік, әз тілменен табиғаттың кіп-кішкентай, құмар - жүрек жаршысы бұлбұл жырласа, мына жақтан ала қанат сауысқан да ел сөзіне өтірік сенетін аққаптал әйелдей, таңдай қаға жүріп, ұясын жөндейді. Бір сәт төменгі жақ сыбдыр ете қалды. Елеңдеп тұрған Мақсұт селт етті. Жолындағы желектенген бұтақты қолымен қайырып, далбырап солай қарай баса берді. Жақындап, тақау кеп қалған Қамар! Жалаңбас қалпында, жазық, ақ маңдайы көзге жарқ ете ағаш ішінен шыға келді. Мақсұтты көріп кенет баяулап қалды. Екеуі қазір өздері де аңдамаған халде, дыбыссыз, үнсіз күйде. Жігіт жас сұлудың тосырқағанын көріп, аяғын асығып басты. Қыз түсі бозарғандай боп нәзік бұрала сұлық қозғалып келеді. Ал Мақсұт өзін Қамар алдында алғаш рет біраз бейғамсытып ұстады. Мынадай болып, өз аяғымен келген Қамардай қыздың әлі ашылмаған балалық, жастығын еске алып өзі оны аяп та кетті. Бірақ қазіргі ырзашылығын сөзбен айтып жеткізудің орайы жоқ еді. Қамар бұның түсінен өзімен кездескен сайын көретін шұғыл қолайсыздықты байқағанда сәл езу тартып, жымиып күлді. Бейнеулі қырлы ернінен ақ тістері меруерттей тізіле көрінген. Мақсұттың сасқандай, далбаңқыраңқырап қалатынын түсініп, езу тартқанында нұрлы көз, бұла жүз қыз көркін айрықша әсемдендіреді екен. Сондай қалпымен Қамар Мақсұттың алдына жетті! Дем шалған, тал бойы қымбатымен жеткен сүйгенін оң қолымен аялай құшақтағанда қыз да Мақсұт кеудесіне шаттықпен қатар ұялу қоса білінген бетін баса тұрып қалды. Екеуінің үнсіз демдері білініп, тіл тоқтап, жүрек тілдескендей бір сәт еді. Осы күні екеуі «Өмірші - Ата» сайында бір-бірі үшін «құрбанбыз» деген сертке жетті. «Жайыңызды білем, шырмаудасыз!.. Біле тұрып у ішкен мендей шығар... Сонымен өкінбестей, ессіз еткен жағдайым бар. Арамыздың алыс екенін толық ұқсам да, тілеуімнің болар - болмасына көзім жетпесе де, сенім артарлық адамым бар екенін қанағат көрем. Ол қанағат сізге қолым жетпеген күні де айнымалы болмақ емес. Сізге «сенем» дегенде қолынан келеді деп сенбеймін. Шамаңыз жетпей қалған күні жазғырудан да аулақпын. Артық талабым сізге жасаған қиянатым болар. Менің жолымда сіз аянар демеймін. Егер жолым болмайтын болса, біреулердің назасы деп білемін. Ата-анамның жүгін де өз тағдырыма таңып бет алған жерім». Бұл Қамардың әзір осы жерде айтқаны емес. Оның күні бұрын толғанып жүріп жазып қойған хаты екен. Киіздей көгал үстінде Қамармен қатар отырып Мақсұт хатты оқып шықты. Жас жігіт Қамардың ойшылдылығына қарап бұрын білмеген бір шаттық биігінде жүрегің түлетті. Қағазды ішкі төс қалтасынан Қамар үнсіз ұсынып берген. Ол қандай үнсіз берген болса, Мақсұт та дәл сондай қайта-қайта тілсіз оқып отырды. Дағдарған жігіт бір ойында бұл хатты осы бойы әкесіне жеткізіп, азар болса онымен «ат кекілін кесіп» шығардай толқындады. Керімбектей зиынды әке хат сөзіне түсінер - ау, бірақ үлкен үміт артқан баласының қызды қаншалық сүйгенін ұғынуға келгенде, бұның өзінен шорқақ соғар. Және өз ниетін бір осының талап - арманына сата салмас. Осыларды ойлай отырып бір сөздің кезегінде:
— Қамар! Мен сіз үшін басым құрбан деп жүрген адаммын! — деген сөздің ауызынан қалай шығып кеткенін білмей қалған. «Егер жолым болмайтын болса, біреулердің назасы деп білем» дейді. Ол — Бурабайдың ба? Керімбектің бе? Абдолла ма? Кімнің назасы? Әлде дәстүрі бұзылатын ел-жұрт наласы қосыла ма? Мақсұт Қамар ойының тереңдігіне қайран қалды.
Күн түс ауған шақта Мақсұт осы сайдың жоғарғы тұнығында, ағашсыз кең тұғылда, тышқан ізі түспеген жас балауса көгалды ортасынан қақ жарып аққан тасты бұлақ, жағасындағы қырмызыдай қалың шалғынға ат көрпесін төсеп, ұйқыны салып жатқан Мамыртайға келіп жетті. Біраз уақытын өткізіп, беткейден теріп алған қой жуасы сүмбілденіп қасында жатыр. Шаң атаулы жоқ, жақында ғана жауын шайған гүлді шөп, кіршіксіз шалғын құлпырып тұр. Таза ауада ұйықтаған қатты ұйқыдан атының кісінеуімен оянып, басын жұла көтеріп алған Мамыртайға Мақсұт сонадайдан:
— Ой, бәтір - ау! Ертегінің диюларынша бір сайды бір өзің жеке жайлап, ел көшіп кетсе, қыңқ дер түрің жоқ қой! Кәне, не түс кердің? — деп мұның жатысын қызықтап, аз желпініп әзілдеп келе берді. Мамыртай басын көтеріп алған бойы екі аяғын қатар көсіліп, аңқаусыған кісідей болып отырып, өтірік есінеп, жан-жағына кергіңкіреп қарап қойды. Сонан соң сәл кейіген адамсып:
— Пай, шіркін! Бір тәтті ұйқыда жатыр екем, келе қойғаныңды қарашы! Айтпақшы, шырт ұйқыда жатып шынымен бір қызық аян көргенім бар,— деп алып, соған жалғастыра, шұбыртып сөйлей жөнелді. Айтқаны бағанадан құрастырып алған, жаттанды сөз сияқты. Тегінде, мұның өзін Мақсұтпен құрдас дейтіндей емес, қапсағай, салалы денесі болсын және ерте үйленгендіктен жолы, ұстамы болсын ауылдағы үлкендердің біреуі тәрізді болатын. Әрі өзі сөйлесе дес бермейтін ішті.
— Түсімде бір тұйғын құс көк қанаты суылдап, шүйгіп ұшып келе жатқан екен деймін. Сөйткенше болмады, жендетімнің алдынан ажалы бар ма, ақ кеудесі күн тартқан, бір ақ тоты тап болмасы барма... Үрей қысқан үйінде жата ала ма, сені айдап шыққан көк долының дауылы, көк қанаттың суылы шығар - ақ деп тұрдым... Айтқанымша болған жоқ, өзі келген тоятты енді тұйғын ілмесі бар ма? Ләзәтін көріп, ақ кеудеге мінбесі бар ма!..— деп Мамыртай екі алақанын жайып Мақсұттың наразы боп, түйілгеніне қарамай, қайта онан сайын рахаттанғандай сақылдай күліп: — Өзі де көп қалған жоқ... Кішкене шыдасаңшы,— деп алып:
— Әне, сөйтіп ер азығын айырды, жануардың мойнын бұрап қайырды... Сонымен немене, қыран ісі сол екен, бір сәттің ғана үстінде бишараның бауыздам қанын қалдырып, көңілге тоят алдырып, пәтшағар қайта көтеріліп кеткен екен дейім, дәл сол кезде жамандатқыр ақ боз ат шарт кісінеп жіберіп оятты да жіберді! — деді санын соғып. Мақсұт бұл әңгімені басынан аяғына дейін аңырып қалған қабақпен лажысыз байлана әрі, қызарақтай тыңдап кеп ақырында шыдай алмай, ат үстінде шалқая қатты күліп жіберді. Артынша өзін тежеп, қабағын шытынып алды.
... — Ой, сарнауық, дауасыз! Не тантып, баксы боп отырсың! — деп екі беті ып-ыстық боп кетті. Қамар үшін, ары биік жазықсыз қыздың қымбат намысын Мамыртайдай қылжақ құрдастың аяусыз бұлаң - ойнатқанына ыза боп қалды. Төстен шығып, қыз бұрымындай құлап түскен қасқа бұлақ басынан Өмірші сайына қош айтып, екі жігіт аттанып жүріп кетті. Сай басы биік емес, анау көрініп тұр. Мақсұт қазір Мамыртаймен ешнәрсе жайлы сөйлесіп, әңгімелескен жоқ. Жолдасы мұның қабағына қарап аужайың алыстан шарлап ұғынды. Жүрегін өзгеше бір кішілік сөзім билеген Мақсұт өмірге шексіз құштарлана түскен күймен тұңғиықтанып, жолдасымен үнсіз қатарласып, ат басын өрге сала аяңдай берді. Мүләйімдігімен бірге ойынан арылмай келген зор күдігі қазір қайта қозып, енді бұрынғыдан да үдей түскен халмен, іші тынып, қалың ойдың қамауында келе жатты. Қайта қайта күрсініп ширығады. Қамардан басқа ешкім танымас осы көңілін бүкіл әлем білсе ғой! Бұның орнында дінді тұтынушы біреу болса дәл былтырдан бергі жағдайын «ешкім білмесе құдай білсін, ақымды жемес» дер еді. Сондай бір ғайып сырлы, нәзік мұңмен дүние әлемге Мақсұттың да шағынғысы келгендей. Ол бүгінгі ішке сыйғыза алмаған өлшеусіз сезімнің күйікті, қапа - ашуымен тұншықты. Жол бойы дүние бұған құлазып, күрсінумен болды. Жан қысылғандағы басына келген ойдың бірі «егер о дүниенің бар екені рас болса, қара қылды қақ жара, осы көңілдің бәрі бағаланатын болса, онда айналамдағы адамның бәрінен озуым мүмкін-ау» дегізді. Жанындағы серігінің көкірегі жалындап, іш - өзегі алауға толып келе жатқанын ұғып, Мамыртай да үндемей аяңдай берді. Дос көңілінің өксулі тынысын бүгін ешнәрсемен бұзғысы келмейді. Күн ұзаққа байлау көрген ақсұр ат Мақсұттың қолын жиі тарта түсіп, терсікейдің тұнып тұрған жас балаусасын борт-борт шалып, жүре жұлып барады. Ашқарақтанып, ашулы күйі бардай мол шалғынға тұмсығын көме тығып жіберіп, жарым белінен жұлқи шалып оттайды. Мақсұт Қамардың жайын еске алып, жол бойында тек соны ойлады. Мұңлы Қамар бұған:
— Саған қолым жетпей ме деп жатсам-тұрсам тек содан қорқа берем... Әйтеуір, түстім бір отқа! Сол дегеніме жетпесем, енді алдым күмән! Адам боп жүруім екі талай... Үмітім жетпеске үміттендіріп, қол созғыздыңыз! Әлдекімше дүниеге мазақ боп, тірі жүргім келмейді! — деп, бода боп жылап қайтты. Мақсұттың иығына басын сүйеп егілгені жанын жаралаған. Соны ойласа қазіргі күдігінен өзі шошынып, анық қорқып кетеді. Өз ойын өзі түгендеп келгенде Мақсұттың ендігі халі басын тауға - тасқа ұрғызғандай еді. Қамар үшін Мақсұт, сөзсіз, ел бірлігіне іріткі болмақ. Ел ішінде тізе қосып, ұрпағын қорғар ұйтқы болмаса, айналадан қоршап, ортасына алып, қамап отырған Гоминдаң обырлары бас көтерер адамын жылымына батырып, жұта бермек. Сынап көліне тартқызғандай, құрдымына сіңіріп, жоя түспек. Анау Бурабай тәрізді адамды жылан үйреткендей, басынан сипай жүріп, бүгінгі халге жеткізу, Абдолладай ел басыны Мамозыдан бөлінтіп, көп мерейіне қайта қайырын келтіру дегеннің бәрі әлдекімнің ғана емес, рулы елдің табысы емес пе еді. Шеру үшін, бір тайпы елдің ертеңгі - бүгінгісі үшін бұл бірлік табыстың табысы. Сол Абдолланың Керімбекке қоятын ендігі бар шарты осы Мақсұт басына байланысты. Абдолладан бір айырылып, Қамар үшін Бурабайдан екі ажырау Шеруге мүлде шешек егу! Онда Керімбек бүгінгідей күні Әлиді қорғап, бұларға да пана бола алмас еді. Өздеріне сүйенген аз үй дос-жар қауымның сенімін ақтамаудың аяқ жағы, о да тауқымет. Жаман күнде бір-біріне жар болған опалылықтарынан айырылады. Айырылу ғана емес, қарманарынан қоса ажырап қол қысқармақ.
Дихан жәйін білетін Әлилер көшіп келгелі қазақтың бір шоғыр аш-арық ауылы да оны өзіне шынайы пана етіп тапқан. Олар мұң - мақсатта тағдырлас. Енді сондай бүкіл елдің ортақ ниет қадамына өрт тастау, және сол өртті өз қолымен қою Мақсұт үшін ешнәрсемен кешіріліп, еш өтеумен тазармас «сұм» атандырар бағасы болар еді. Өз мойнында осындай неше батпан жауапкершілік тұрған Мақсұт ең әуелі, соның бәрі - бәрінен бұрын Қамарға қарыздар екенін тағы ұғып келе жатты.
5
Осыдан екі күн өткенде шеру ішіне бір топ жасауыл шықты. Бұл жолы араларында бір-екі ғана полицейі бар шеріктер анық әскери түспен келген. Найзалы мылтық, қайқы қылыш асынған сарала топ жол-жөнекей қазақ ауылдары үстінде үре шыққан итті атып, көрген жанды сескендіріп жеткен. Мылтық үнінен безген итті қодыраңдаған жасақтар үй-үйге айдап тығып, қазан-ошақ, құрт жайылған өрелерді аралата қуалап атып, жолшыбай көрген жанның зәрелерін ұшыра жүрді. Мамозы арызына куәлік еткен әнегүнгі бай қытайлар болғандықтан, Күреде мұны естіген өкімет орны қаһарына мініп уезден әскер шығарған. Олар шеруге бұ сапар қайнаған ашумен жіберілген. Шеріктердің жаңағыдай айдын асыра құтырынуы сол. Бұрынғыдай акт жасамай, өз амалсыздығын ашық шағып, арыз жазып жеткен Мамозы үкімет орнына бетін жыртқандай болып келген. Мамозының бұл намысын, әрине Күре уездік үкіметі өз намысындай қорғайды. Сөйтіп долыққан ашумен шыққан асау топ ат басын дүнген диқандарына тіреген. Келген бойы Әлидің ауылын тінтіп, үйді-үйін қарап, бірден қызды іздей жеткен. «Тап» деп, екі полицей Әлиді екі жағынан ортаға ала дегбір салып, ай-шайға қарамай ауылды үркітіп оны сабай бастаған. Бір шеті баса-көктеп, аттан түсе, белдеріндегі қылыштарын сүйрете, үйлерді аралап, құтырына тиіп, қатын-баланы іннен - інге тыққан. Әлидің әйелін «қыздың қайда екенін айт» деп шошындырмақ боп бұрымынан ұстап, сүйрей бастап еді. Әмина қарсылық көрсеткен соң, жабыла кетіп оны да ұрды. Тұс-тұстан ақыра жұлқып кеп, шапалақпен ұрғыштап қинаған. Екі күннен бері бұл маңды сырттан қарауылдап жүрген қазақ жігіттері дәл күн батар шақта ауылдың төменгі жағында қопақтап, суыт жортып келе жатқан топ аттыны көрісімен солай қарай бет қойып, шеріктер үймелеген кешкі ауыл үстіне олар да қаптай жеткен. Өз жанындағы он әскерге арқа сүйеген жаңағы полицейлер Әлиді жібермей жүріп, екі жақтап сабап бет-аузын қан жалатып ұрды. Аңдыздап жеткен қазақ жігіттері Әлидің қанға бата, сұлап жатқанын көргенде, алдыңғы шоғыры іркілмей саулап, аттан жапырлай түсті. Топтың алдындағы Арыппай бір ауыз тіл ұқпайтын шеріктерге қыбырсыз жатқан Әлиді қос бүктеулі қамшысымен көрсете, иегімен нұсқай:
— Ей! Сендер, осындай адам ұруға болады ма?! Сен кісі өлтіреді ме?! — деп дебейлеп келді. Шеріктер отыз шақты жігіттің аяқ астынан сап етіп келісінен секем алып қалса да, екі полицей қатарынан бірдеңе - бірдеңе деп Арыппайдың өзін жазғырғандай қарсы ақырды. Бірақ оларынан Арыппай қаймыққан жоқ. Әлиді ұрған бұл полицейдің біреуі өткен күзде тергеу тұсында көрген адамы. Өзін екі-үш дүркін алдына салып айдаған, үйренген жауы екен. Арыппайдың тергеудегі мерейін ол ұмыта қоймаған тәрізді. Көрген жерден бұдан көз алмай қалған. Тілмәш бола келген қияқ мұртты дүңген жігітіне Арыппай сөзімді аудар дегендей тез қарап өтіп, жаңағы полицейлерге шүйіліп:
— Ей, сендер бұ жерде адам ұра алмайсың! Ертең сен барған жерге біз де барамыз! — деп, кеудесін бүктеулі қамшысымен ұрып:
— Мынау не? Тоқтат бассыздықты! — деп ақыра бұйырған. Жау жендеттерін ортаға ала бастаған көп жігіттің Арыппайдан басқасы әлі үнсіз. Бір жанжал шығып кете ме деп, жаңағы құтырынған полицейлер енді ешкімге қол көтере алмай қалды. Он шақты шерік көп жігіттің ешқайсысын жолынан жұлып тастай алмай, солардың ортасында қоршалып тұрып, тілмаш арқылы лажысыздан екі-үш ауыз сөзге келді. Іштеріндегі дәрежелі екі-үшеуі қатарынан:
— Қызды және жігітті таппай, үкіметтен ешқайда құтыла алмайсыңдар!
— Бұларың көзсіз ақымақтық! Қыз қайда? Қыз бен жігітті осы қазір табасыңдар, дереу! — десіп дүңген диқаны мен Әминадан осы жауаптарды сұрағанда, күйеуі екеуі бірдей соққы жеген әйел солқылдап жылап тұрған бойы дүңген тілімен айқын - айқын сөйлеп:
— Бар болса, алмайсыңдар ма! Осы үйлерге шетінен кіріп, әлде де қараңдар. Жоқ деп айттық қой. Таң ата келді де екеуі екі атпен осылай қарай өрлеп жөнелді. Мен қайдан білем, олардың қай жерде екенін. Менің күйеуімнің не жазығы бар, осынша?! — дей, қос алақанымен бетін баса бүгіліп, еңіреп жылады.
Бұл уақытта қазақ жігіттер Әлиді қаумалап көтеріп үйге енгізіп бара жатқан-ды. Осыдан кейін шеріктер тобы енді сөзге келмеген бойларында томырылып аттанып, Керімбек ауылына қарай тартып кетті... Керімбектің қасында екі-үш күннен бері өз жиынын үзбей жүрген көп адам бар-ды. Осындай бір қимылдың болатынын күтіп, исі шеру болған жердегі әр атаның, мол атаның адамдарынан осы ауылда үй-үйге тегіс бөлініп, қона жатып жүрген шоғыр - шоғыр, топ-топ қонақтар екі күннен бері тарамаған. Міне, түнге айнала келіп Керімбекті ортаға алған шеріктерге сол көпшілік көлденең тұрды. Бірақ шеру бұл істен бас амандап тануды ойлаған жоқ. Енді сөзді ашыққа сала сөйлеп, қыздың төлеуі жеткен қыз екенін, соған бір емес, бар шеру куә болатынын, қыз бен жігіт те бір-бірін әу бастан қалаған жастар болғанын, қайта ол екеуі үкімет заңынан өз бастарына еркіндік, пана тілеп, жанашыр жәрдем сұрайтынын дәлел ғып сөйледі. Керімбек қыздың өз -қолынан алынған, саусағын басқан қолхатын да дәлел етіп араша боларлық айғақ пен куәлікті молайтып жатты. Шеріктердің Әли ауылындағы жаңа ғана Арыппайлар көрген ойрандарын бұлардың өз беттеріне қарсы басты. Бұл ертеңгі берілер жауаптың да шеті. Сонымен қанша зәрін шашып, кәрін төгіп келсе де, шеріктер көпке топырақ шаша алған жоқ. Бұларды үйге түсірген күтуші жігіттерге қонағасы дайындатып Абдолла, Керімбек, Тайлақбай, Қарымсақ сияқты кісілер өздері бірге болды. Алғашында аттан түспей тұрған шеріктер:
— Сендер қызды таппасаңдар, осы бойда Күреге жүресіңдер!
— Таппай ешқайда құтылмайсыңдар! — десіп, қазақтың жаңағы үлкендер бастатқан жаяу тобымен дігір сала тілдескен. Кейін бағанағыдай дәлелді жауаптасудан соң барып, Күреден бері қарай әулекілене шапқан жасауыл әптігі басылып, сабаларына түсіңкіреген. Қонақ үйдің төрінде қарғадай тізіліп он екі шерік отыр. Сыртта кермедегі аттарының терін үгіп, құрғатқан болып бір шерік пен бағанағы екі полицей жүріп алды. Қарымсақ оларға жай мәзіреті үшін, үйді нұсқап, өз аузын қолымен көрсетіп, тамақ ішулерін айтып еді. Соған қарай олар да өз қарындарын алақандарымен баса, белгі берісіп, тоқ екендіктерін ұқтырды. Бірақ бар топтың ортасындағы мылтық, қылыштан өзге жалғыз автомат осылардың мойнында болатын... Тілмәш шеріктерді бастаған сырықтай ұзын, сида, өзі барынша тәкаппар лейтенантпен Тайлақбайды азырақ сөйлестіріп отырды. Олар қазақтың тұрмысын қызықтағансиды. Анау бір жерінде аңқаусып: — Аттың сүтін (жалпы жылқыны айтқаны) іше бергенде ақыл кіргізе ме? — деген. Тайлақбай оның екі танауынан түтін бұрқыратып отырған сиқына көз салып:
— Біздің қазақта «тапқаның алтын болғанмен, тартқаның темекі болған соң, қу жаныңа не пайда!» дейді. Қымыз одан жақсы,— деді. Сөйте отырып бір қозы жеген жасақтар ел ішінен қызды қолға дереу тигізіп, жұлып әкете алмай, соның есесіне жауапкерлерді тізіп қайтып еді. Керімбек бастатқан: Абдолла, Арыппай, Әли, Тайлақбай сияқты он шақты адамды әкетті. Рулы ел бұл жолы осы аз ғана жауапкердің өзін жіберіп қана отырмастан, осындағы жұп жазбай жүрген жүз қаралы кісісінің барлығы да өз беттерімен аттанып куәлікке кетті. Малға - жанға иелік етер, бір ауылдың кейбір жалғыз басты кісісі де бұл сапардан жырылып қалған жоқ.
Мамозы бұ жолы полиция мекемесіне тоқталмай, уездік үкіметке барған. Арызда шеруге көп пәлені жамап, жала жауып төндірген. «Шеру шендесіп алды. Бұрынғы өз істеп жүрген бүлік істерінен асып, енді дүңгеннің қызын дүңгенге алып қаштырып және бүкіл шеру болып жиналып ап, қуғыншының алдын тосып, қыз иесіне, оның өз әкесіне есе бермеуге дейін жетті! Қару, сойыл көтерген жасақ құрып, ашықтан - ашық адамымызды тартып алды. Үкімет заңына елді қарсы қойған өте үлкен қауіпті ұйымдастырушы бар. Соны білмей болмайды!.. Ол — Керімбек! Соның кесірінен кәзір ел ішінде үкімет жұмысын жүргізуші, ақалақшы — Абдолла да өз қазағының ықпалынан шықпай, ашық сырт беріп, саясатымызға қарсы кеп отыр! Дүңген ұлтының өз арасына іріткі салып, ала ауыз етуге ең басты себепкер болып отырған бұзғыншы Керімбек тергелсін! Мұның бәрі ертеңгі күні ұлы үкіметіміз үшін арты жақсылыққа соқпаудың нышанасы! Әсіресе, осы шеру елін үкімет заңына қарсы ұйымдастырып отырған өте қауіпті Керімбек тәрізді басшыларын еске алмай болмайды! Тек сондай Қарымсақ, Арыппай, Әли сияқтыларын ел ішіне қоймай, аластауын сұраймыз». Мамозы сөзі осы. Енді осыған орай шерудің арызы да арты мығым сөздей боп, қомақты жатты. «Мамозы аз үйлі кедей дүңген ауылын ойран етіп, шауып кетті. Жазықсыз қатын-баласын шулатып ұрып, кісісін мертіктірді. Ал Әли інісі болса, заң орны — өздеріңіз бұрыннан жақсы білесіздер, алты жыл бойы табандап қыз әкесіне ақысыз, пұлсыз еңбек еткен. Қызды өз әкесі бермек болғанда өтірік бауырмашыл кісімсіп бергізбеген Мамозы! Тіпті сол үшін Әлидің құдалыққа қолдан өткізген малдарын да Мамозы қайырып бермей жеп отыр. Кедейлерге ашық зорлық көрсетіп, кектендіргендіктен ақыры бір-бірін сүйген екі жастың қосылып қашуына әкеліп соқтырып отыр. Барлығына да өзі себепкер. Қыз өз әкесімен бірге туысқан Мамозыны дұрыс дейтін болса қашар ма еді? Өз қыздарының бұншалық қарсылық әрекеті өздеріне дәлел. Осыған бүкіл шеру ішінде, қалыстық ретінде, Әлиді қолдамайтын адам жоқ. Неше жылдан бергі Мамозының көрсеткен қорлығына салғастырғанда ата-аналарына тиесілі ақысын өтеп, сүйген қызын алып қашу қандай айып екен? Мамозы зорлығының салдарынан сол өткенін қайтып ала алмай, ақ - адал ақысын жегізіп отырған соң өзі ықтияр қызды алып қашу тіпті, бері айтқанда амалсыздан туған. Мамозының зұлымдығын аяусыз көрген Әлидің жан ашуы мұнымен де басылмақ емес. Керек десе, бұлармен ақылдаспай алып қашылған қыз үшін полицейлер Әлиді әйелімен қоса соққыға жыққан. Ол да Мамозының жапқан жаласынан. Және қыз алып қашылғанда шеру жиыны сол үшін жиылмаған». Осылардан басқа арызға бел болғандай тағы бір ерекше жай, «Мамозы салған ойраннан шошынған екі қабат әйел бала тастады. Жазықсыз бір адамның егіс кезінде қолын сындырды. Одан басқа Мамозы өлімше ғып сабап кеткен бір шеру қазір қауіпті халде жатыр». Шеру сөзі осылар. Уездік үкімет әкімі — Ма-шянь гон екі жақтың осындай соқталы пікірімен санаспай өте алмады. Екі арыздың әрбір сөзін көп қадағалап, салмақтап әуелінде үнсіз тексерді. Сонан соң екі жақты кезек айтыстырып, үйездік мекеменің өз сұрақ - тергеуімен ырғастырып тексертті. Бұл жағына келгенде шеру бір ауызды болатын. Күременен қырық жылдай істес болып көрген Тайлақбай да бұл жолы өз сөйлер үлесінен шетте қалмай, ұлық алдында екі жаққа да бар куәлігін айтып, үлкен дауға бел шешіп кірісіп еді. Міне, осындай жаңғырығы мол, сан салалы даудың алды-артын шолып, бас-аяғын шөлкемдеп ұғып болғанның өзіне бір жұма уақыт өтті.
6
Бұл уақытта қыз бен Осман қазақ ауылында. Әнеугүні Мамозының арт жағына қалдырып кеткен торуылы бары сезілген. Сондықтан ауылда еркектер қарасын үзбесін, қызға ие болмай қалмасын деп, үлкендер кейінгі жақты арнайы адамдарға аманаттап, қыз, жігітті Қанікенің қолына табыстап аттанған. Бәйбішенің бір кішкене ұранқай үйі босатылып, Осман мен қазақ салт - сырын жақсы білмейтін жас келінді сонда енгізген. Бұл екі жасты ауыл бір жағынан таң көріп, әрі екінші жағынан басына іс түскен мүсәпір санап, орталарында сыйлап ұстап сақтаған. Ертелі-кеш үйлеріне кіріп, екеуімен әңгімелесіп, кейде бұларды кезек-кезек мейман етіп әр үйге асқа шақырып, үлкен-кіші ішке тартып, елдік сый көрсеткен. Бұларға көбірек қатынасушының бірі Мақсұт болушы еді. Мақсұтты үлкендер бұл сапарына қоспаған. Өйткені үкіметтің оқуын оқып шыққан мұғалім жігіт үшін ел қазағымен бірге арыз бағып, дау көздеп жүру гоминдаңшыл, заң қуған мекемелердің қитығына тиетін-ді. Дүңген жұбайларды өзгеше бір қызықтап Мамыртайдың да көбірек бас сұғып, айналсоқтап жүретін әдеті бар. Бірақ мұның келіншегі:
— Немене, сонша иектеп, ашылаған қойдай үймелейсіңдер, дүңгеннің қызы тұз төгіп отыр ма? Тәп-тәуір басыңмен әлдекімге ұқсап «бәленше» дегізіп, жан-жақтағы ел-жұрттан ұят емес пе! — деп, шәшбаулап тарта беретін. Мамыртай бұл сөздің әйел мінезіндегі «шырғалау» екенін білетін.
Мақсұт пен Мамыртай анау күні Өмірші сайынан аттанып, күн еңкейе ауылға келгенінде Қаніке Османға арнап осы кішкене үйді босаттырып, даярлап қойған екен. Екі жігіт аттан түскен соң, осында қымыз алдырып, сол күні Османмен бірге болған. Інісі Әлидей бойы ұзын емес, дембелше, шапшаң қимылды қара жігіт. Мақсұттар кішкене үйдің төріне шығып, еншіге берілген таза сырмаққа отырғанда көзінің шатынаңқы оты бар Осман есік жақта түрегеп тұрып қалған жас қалыңдыққа түсін жылытпастан, дүңгенше бірдеңе деп қаттырақ сөйлеп қалды. Шамасы «состиып тұрмай отыр», деген болса керек. Өзі ешнәрсеге жасқанып, жалтақтағанды білмейтін, оның бәрін өмір, тұрмыс ұмыттырған, төте мінез жігіт сияқты. Дүңген қызы да ерекше. Екі беті доп-домалақ, бұлтиған томпақ көзді, иық, кеуде тұстары тығыршықтай болған бойжеткен қараторының сүйкімдісі екен. Бар денесімен бүлдіршіндей көз тартады. Ол Османның жаңағы айтқанын тез орындап, оның аяқ жақ жанынан лып етіп, жанасып отыра қалды. Егіз қозыдай жарасып тұр. Қаніке бұларға қымызды өз қолымен енгізіп, ішіне сылдырмақты ожау салынған кішкене сары тегенені ортаға қойды. Өзі де аз байсал тауып отырып:
— Ал қызым, міне, мына қымызды бүгіннен бастап былай сапырып өзің құясың. Екеуіңнің бұл ерлігіңе ризамыз, әрі ортақпыз. Өзіміз де жас болып, батылдық жасап көргенбіз. Қолыңнан осыншалық іс келіп жүрген, атаңа рахмет сенің! Қыз болса, сендей-ақ болсын! Енді осыны бүгіннен бастап өз үйім деп санай бер, шырағым! — деген. Қайқашан осындай үлкен іс күтіп тұратын әйел Қанікенің дүбіршіл жаны қанағат тауып отырғаны байқалады. Жас қалыңдық тілі қазақшаға жетік емес. Сәл қаймығып, айтқанды түсініп қана отырды да:
— Мамаңзы!22 Мен саған... рахмет! — деді. Әр кімге бір қарап, өз сөзінің көңілден шықпағанына қысыла түсті. Біраз қымыз ішіліп, жастар ортасында көңілді әңгіме басталғанда. Осман қызды кеше түні қалай алып қашқанын, ауылынан қайтып ұрлап шыққанын әңгімелеп берді. Өзі Әлилердің не жағдайға ұшырағанын Мақсұттардан білді.
Мамыртай бір сәтте дүңген тілі қытай тіліне жақын болатынын еске алып осыны сұрап еді.
— Осман, осы дүңген ұлтының тілі қытай тіліне ұқсас, ал діні болса мұсылман Ислам діні. Сонда тегі сендердің жаралыс — тек, ата мекендерің өзі кім, қай жер болғаны? Білесің бе?
Осман бұл сұрауға ілінген жоқ, сартылдап шапшаң сөйлеп жауап берді:
— Біздің дүңгәнға қытайлар «Хұй — зу» деп ат қойып берген.
Хұй-зу, қытайша «қайтқан ұлт» яғни «айныған ұлт» деген сөз. Естуімше Хазіреті — Ғалидің әскері қытайдың Тибет жағындағы Ган-су, Шың-хай деген өлкелерге дейін бағындырып барады. Сол жердегі бұрынғы Шаман дініне бағынатын ұлт тайпалары енді Ислам дініне кіріп мұсылман болады. Сол — дүңген екен. Қытайлар дүңгәндарға сол кезден бастап «хүй - зу» — «қайтқан ұлт» немесе «шегінген ұлт» — деген мағынадағы атты береді. Біздің үлкендер солай айтады. Османға әңгіме еркі көбірек тиіп, мынау жігіттер оны ден қоя тыңдап, жақсы құлақ салғанға монтиып, қымыз сапырып отырған үнсіз қалыңдық — Патиманың да шырайы алғашқыдан өзгеріп, құлықтанып қалды. Сырлы тостағандағы қымыздан бір ұрттап қояды да, көк өрік шайнағандай көзін ашырқана қысып, ерінін шүйіріп жұтқынады. Мамыртай Османнан тағы бір жайды сұрады.
— Осы «дүңген қашқан» деген қалай болған? Сол өзі қытайға қарсы бар дүңген көтерілген дейді, басы қалай шығып, дүңген атаулы қайтып біріккен?
Бұған Осман онша жартымды жауап айта алмай:
— Елдің бірігуі қай - қашан тек бастаушыға байланысты ғой. Олар өзіміздің осы үкіметке қарсы қозғалып, аяғында өздерінің тоз - толаңы шығыпты. Дүңген генералы — Ма - жүңйың деген кісі басқарған қозғалыс дейді ғой, әйтеуір,— дегеннен артық мардымды ешнәрсе айта алмап еді. Бұл әңгімені Мақсұт өрбітті.
— Ма - жүңйыңды, Махосан деп те атайды екен...
Бұның барлығы осы өз үкіметіңнің халыққа көрсеткен езгісіне қарсы бас көтергізіп отырған әрекет. Мамозы сияқты үкіметтің көзсіз қара күштері ол тұста да көбейе берген. Халықты озумен болған. Мысалы 1931 жылы Құмылда ұйғырларды көтерген Қожанияз — қажым да дәл осындай қайнаған халық кегімен көтеріліс тудырған адам. Со сияқты отызыншы жылдардың басындағы бүкіл ішкі Қытайды мекендейтін дүңген мен Шыңжаңдағы дүңгендер дүрлігіп бір-ақ көтерілген. Соның «дүңген қашқан» болып аталуының себебі бар. Жаңағы генерал өте іскерлікпен астыртын жұмыс жүргізіп, әуелі дүңгенді тегіс қозғап, сонан соң бір күнде лап еткізіп соғысты бірден бастаған. Бірақ үкімет Шыңжандағы жергілікті өзге халықтардың барлығын тек бір ғана дүңгенге тез арада қарсы қойып, бірден жауып жібереді. Дүңген көтерілісінің кемшілігі үкіметтен дәл өздеріндей езгі көріп отырған өзге аз ұлттармен біріге алмаған, тар көлемділігі болады. Тек Алтай аймағында ғана 1933 жылы Мажүңйыңның қолдаушысы Марұлұң деген дүңгеннің ұйымдастыруымен біраз қазақ қосылған болса да, ондағы атақты Әлен-уаңның тоқал шешесінен туған інісі — Шәріпхан Сауыр. тауында өзге халықты ұйымдастырып: найза, тоқпақ беріп аттандырып көтерілісшілерді қанды қырғынға ұшыратады. Қаба ауданының «Құм», Сарбуыршынның «Шұңқыр» деген жеріндегі орыстар да Иванов деген адамның бастауымен Шәріпханға қосылған. Сонымен олардың халық ішінде ешқандай сүйеніш күші болмай, қайта Жан-қай-шы өзге халық күшімен қосылып, екі жақтылы қатты соққыға ұшыратып, жеңеді. Жеңіп қана қоймастан енді көзге дүңген баласы көрінсе, сол жерде ұстап өлтіруге, қанқұйлы үкімет барлық ұлттарға жарлық шығарады. Адамның ақымағы осындай кезде дараланады екен... Жайшылықта біреуге «сен ақымақсың» десе, соны айтқан кісіде көз құны кеткендей болары хақ. Ал мынандай тұста ондайлар үшін адам өлтіру қой бауыздаудай-ақ. Бойжеткен қыздарды сойылмен ұрып өлтіргенін дардай мақтангершілікке санаған киіз кеуделерге шек — дауа бар ма?! Құр қол әйелге күші жеткенінен ләззат тапқандарға не айтасыз. Мұштайзыдағы бір бай дүңгеннің келіні қу шыбын жан үшін қолындағы алтын жүзіктері мен асыл тасты алқа -моншағының бауын пытырлата үзіп, қос алақанына салып жалынып ұсынғанына қарамай, кәдуілгі Бурабай әлгі жас келіншекті кетпен саппен «түлкідей соғып» алғаны жыр болған. Содан аяғында дүңгендер, тіпті жан сауғалар жер таппай үй-жайын тастап, қатын-баласымен тау-тасқа шұбырып қашып, адам айтқысыз зор қанды қырғын апатқа ұшыраған. Жазығы жоқ жалаңаш қарын жас бала, өлмелі кемпір-шалына шейін ең оңайы қолға не түссе сонымен ұрып өлтірілген. Міне, дәл осындай құлақ естігісіз зобалаңның салдарынан алдымен қатын баласын арба - шанаға тиеп апарып өз қолымен Іленің суына тастап, соңынан өздерін дарияға атқан жәһил дүңгендер ауыздан-ауызға көшіп әңгіме болған. Сонымен Шыңжандағы жарты миллиондай дүңгеннің алғашқы бұйрық кезінде көбі қырғынға ұшырап кетеді. Ішкі жақта қырылғаны қаншама! Бұл әңгіме тұсында қаны қозғандай, таң - тартыста қалған Османға Мақсұт сәл қарап -отырды да, аяқтамаған сөзін жалғап:
— Бұл нәрсе қанша жанышталып, табанға салынғанымен, езгіге ұшыраған халық бар жерде ешқашан жойылып кетпейтін тамыры терең күш! — деді. Сол қудалаудың соңғы көзінде әлде қалай бұйрық шығып, тұқымымен біржола оталып кетуден зорға аман қалған дүңгендерді қатты ауыздықтап ұстаған өкімет, олардың ендігі тигізер пайдасын да таразыламай қалмаған. Үкімет пен өзге аз ұлт арасына тіл жалғастыру тек дүңген қолынан келеді. Енді солар ішінен Мамозы сияқты «Отаны үшін» атса оқ, шапса қылыш боларлық «ақжүректер» баулу керек болған. Жоқ жеріне назар астында жетілдіру, егу дәурені туған. Соның нәтижесінде бұрынғы генерал — Махосан идеясынан ат-тонды алты қырдың астына әкетушілер керіне бастаған. Түпкі қазық тірегін енді Гоминдаң өкіметінен мықтап тапқандай болғандар Мамозы сияқтанып ашық бел шешіп, тай - таласқа шыққан. Өзінің бұрыннан - ақ «адал» екенін жоғарыға дәлелдеп берушілер де осы тұста табылды. Мамозыны Мамозы етіп отырған күй, әне сол екенін қазақ жақсы ұғынушы еді. Одан бұрын Мұштайзы дүңгендері мен шерудің бірлігі, ауызға аларлықтай татулығы бар көршілер болған.
Ұйғырдан — «Қожанияз - қажымның жалақшысы» деп, қазақтан «Дәулеткелдінің құйыршығы» деп халықтың сансыз ұлын Үрімжідегі 80 мың тұтқын жатқан түрменің қанды шеңгеліне алғаны сияқты, дүңгеннен де «Мажүңйың сыбайласы» дегеннің бәрін жусатып, бұл ұлтты да сол тажал зынданына тоғытып жататын. Бұрынғы сондай ержүрек көтеріліске ие болған ұйымшыл дүңген жұртының әлденеше Мамозылары енді сол ерлікті екінші қырынан шешіп, «ұлы Гоминдаң өкіметі» үшін жалданған. Үш жігіт біраз әңгімелесіп осындай сыр ашқанда Мамыртай Патиманың қымыз сапыруды ұмытқанын іштей аңғара отырып, бір сәтте Османға көзін қысып қойды да, сөзіне әзіл араластырып: — Келін қарағым, алдағы қымызыңды сапыра түс! Біздің қазақта «бір піспекті артық ұр» деген сөз бар,— деп аңқаусып сөйледі. Патима мұның «піспегін» түсінген жоқ. Тек Осман өзі құрбы Мамыртай мінезіне еріксіз күліп жібергенде, Патима не екенін түсініп алғысы келіп:
— Пісмек? Не ол пісмек? — деп, сұраулы жүзбен Мамыртайға көз салып: — Пісмекті қайда ұрады? — деді.
Жігіттердің үшеуі бұл тұста амалсыз қатарынан күліп жіберген. Алдымен дар етіп күлуші Османның өзі еді. Патима енді ұялып қалғанда, Мақсұт Мамыртайға наразы күбірлеп:
— Әй, сенің де шығармайтын сұмдығың болсашы,— деп, сөзінің аяғында Патимаға «піспек» жәйін дұрыстап түсіндіріп берді. Патима арада он-он бес күн өткенде қазақ ауылының үй іші тірлік шаруасына өздігінен араласып; су әкеліп, самауырын қойып жіберу сияқты жұмыстарына сыртқы көзден бой таса көздері жасқанбай кірісіп кететін болды. Қанікенің:
— Қарағым, «достықта қожа мен құлдың құны бір» деген. Бір сенсіз де іс бітер, аңдушының көзіне түсіп қап жүрме! — дегеніне де қарамайтын. Осман екеуі күндіз бой тасаласа, кешке ауылдың өзіндей қыз - келіндерімен бірге, ай жарығымен «ақ сүйек», «кім керек» секілді, бозбалалар бастайтын мәз - мереке, шат күлкі, қызулы тамашада ойнайтын.
Бұл кезде қазақ ауылы Патиманың бір өнеріне ынтығып қолқа салатын болған. Дүңген жұртында болатын «баспа кесте» дейтін кесте бар. Түс жібекті матаның екі бетіне бірдей төгіп тігетін бір үлгі. Қай жағынан қарасаң, айырып алғысыз, күлгінді — жасыл жібектен көздің жауын алдыра кең шалып, бос төгіп тіккенде нұр жайнайды. Ол өте-мөте, қыз-жігіттер ұстайтын ақ жібек орамалдың төрт бұрышына жарқырап түскенде қай жастың болмасын әуесін келтіреді. Қазақ тіккен шым кесте, кенуа кесте, біз кестелерден бұл өзінше бір алуан. Ел ішінде қалпақты шекеге киіп, ойын, той іздеп, сән көздеп, қалтасында иісмай, әтір, қыз-келіншек аңдып жүретін мырза сұрай жігіттер болады. Солар үшін, әсіресе, қыз-келіншек тіккен кестелі орамал ұстау бір мәре. Патиманың мына кестешілік өнерін бұл ауылға қымыз іше келген нешеулер зор жаңалықтай біліп, бұндағы жеңгелерге шетінен қолқа салып, баспа кестелі орамал ұстаушылар пайда бола бастаған. Олар тіпті заманы келген адамдай. Кішкене үйде Патиманың айналасы құлпырған қытайы жібекке жәйнап, толып жатады. Ортасында инесін жібек бауымен шұбалтып ұстап, көзі бұлтиып, Патима отырады. Қасына ертелі кеш ауылдың қыздары да қамалап, баспа кесте үйреніп, Патиманы кезек-кезек үйіне шақырып, қонақ ететін. Осы өнер кейін көрші елдердің де көзін тұндырып, «шерудің баспа кестесі» атағына ие болып еді. Керімбек Күреден осы уақытқа дейін оралмап еді. Екі жақтың арызын шөлкемдеп Ма-шянь гон ояздың өзі Керімбектен:
— Дүңген қызы үшін неге қол жиясың?! — дегенді қатты кәрленіп сұраған.
— Мен біріншіден ол үшін қол жиғаным жоқ,— деп Керімбек мән - жайды ұғындырды.— Ал болар іс болып қалған соң, ішімізде отырған Әлиді бөліп тастай алмадым. Өйткені Мамозы әрекетінің басынан дұрыс болмағанына рулы ел болып көзіміз жетеді,— Керімбек өзінің жауабын осылай бастап, қапысыз сөйлеп шыққан. Елді алға тартып сөйлегенде, Ма-шянь гон мәселеге байыптап қарады. Сол елдің Керімбек сөзін растап, қуаттамайтыны, қағазға қол баспайтыны жоқтай. Ғажабы қай - қашан рулы ел бір ауыздан жұмулы шығады... Ма-шянь гон әсіресе сондықтан Мамозы кегін өз ішінен дәл осы Күредегі өзі ұстап отырған үйездік үкіметтің кегіндей көрген. Бастан-аяқ соны қоса ойлап отырудан бұл жолы да жаңылмаған-ды. Мамозының биге шығармақ тасын өз қолымен жең ішіне жасырып, бұл ұстап отыр. Ертектегі қолын жеңінің ішіне тығып, тырнағын жасырып отырған «жез тырнақтай» жаттығы білінетін. Рас, арыздың үйездік үкіметті билеген бұның өзінен асып, жоғарғы орынға кетпеу жағын Ма-шянь гон сақ көздеп, қазақ арызына көңіл бөлген болды. Әлиді де «бейілді» қабақпен тыңдады. Тұтас қазақ болып сөйлеп отырған, арты соқталы, аңдысқан аужайға зер салып, орынды тыңдап, санасқан боп, зымиян пішінмен өткізбек...
Иә, бірақ енді бұ жолы шеруден ешкімді шекеге шертіп «сен жамансың» демеген болса, сөйтіп отырып оны маңдайынан сипамағаны да соңынан білінді. Ма-шянь гон алдымен қазіргі өзекті іс болған Мамозы жұмысын тексеріп, қыз жөнінде мәселені шешуден бұрын өздері ерте күннен еске алып, жүрек басына запырандай жинап отырған ең басты түйін «шеру руын тарқату» деген түп есепке тағы оралып соққан. Ма-шянь гонның өз жеке ызғарлы шешімі жер бетінде «шеру» деген тұтас руды енді қайтып болдырмау. Бір тайпы елді табымен түп тамырымен аластау мақсат. Сонда не, бұл елді Іле аймағы болған жердегі өзге қазақтың ішіне тақияда тамтығын қоймай, бір үй, екі үйден үлес қып беру. Яки болмаса, анау: Алтай, Шәуешек сияқты ат жетпес алыстағы қазақтарға қарай көтере айдап көшіру! Осы жолы Ма-шянь гон соған шындап бел байлап өзінің маслихатшы, нұсқаушы, кеңесшілерімен патшалық құпия, бұлжымас кеңес құрып сөйлескенде үйездік үкіметтің Ма-шянь гоннан кейінгі шонжары, осы әскери мекеменің соғыс қару-жарағын тікелей басқаратын бас орынбасар, айлашылдықпен аты шыққан — Жаң-тұң өз тәсілгөйлігін бұл тұста да көрсетті. Оның нұсқауынша: Алтай, Шәуешек деген қазақтың өз аймақтары. Егер сөз шеруді ыдырату жәйлі қозғалатыны рас болса, онда тау аймақтарына жататын: Іле, Алтай, Шәуешек (Тарбағатай) сияқты қазақ округтері ауызға да алынбасын! Алтай деген онсыз да қазақ ішіндегі бәленің басы боп, «Ұлы Гоминдаң үкіметіне» көз алартумен, керек десе бір рулы Шақабай керей күні бүгін бағынбай, тау жайлап соғысумен келе жатқан ел. Ал Шеруді, ия Оңтүстік Шыңжыңдағы Қашқар, Жаркент тәрізді ұйғыр уәлаятына өткізіп беру, немесе заң бұларды тек өз қазағына қосуды тілейтін болса, онда түу сонау мойны қашық қиянда жатқан Баркел, Моридың керейлеріне қарай айдау... Баркел болса арғы жағында Жаң-қай-ши басқарған «ұлы Гоминдаң үкіметі», бергі жары Шыңжаң. Қай жағынан алса да географиясы ұлы қытайға етек асты, қосақбасты жер. Жаң-тұңның бұл айтқанына Ма-шянь гонның өзі де ләм дей алмай қалған. Сонымен үйездік ұйым Шеру турасында бұрынды-соңды өткен «қылмыстың» бәрін жіпке тізіп, Күре үкіметі атынан өте маңызды қатынас жасап, сол тоқтам қағазды Құлжаға, губернелік штабқа жолдау үшін дайындап қол қойып, бекітіп те алған. Шеру руына қатерлі көз енді туған-ды. Баяғы «ақтабан-шұбырынды» көзіндей елден - ел шулап, ажырасатын күн келе жатқандай. Шыңжаң тарихын, әсіресе оның соңғы екі жүз жылдан бері қарайғы отарлық, жаңа, дана тарихын бес саусағындай білетін Жаң-тұң сол тарихты бейне өз қолымен жасағандай-ақ, жолдан, өкпе тұстан етене баурап иеленіп, бұл өлкенің картасын айқыш - ұйқыш бағыттармен осқылай сызып көрсетушінің бірі. 1757—жылы Манжурия империясының генералы Зо-зың- таң 90 мың әскерімен келіп, ежелгі «Жеті шаһар» атанған ұйғырлар мемлекетіне алғаш рет ауыз салып еді. Сонда жоңғар қалмақтары байырғы «ізденген»жауапкершіліктерін көрсетіп, оңайлықпен беріспеген. Манжурияның қара -қиқым әскерімен кескілесіп баққан. Жаң-тұңның еске бір мықтап сақтағаны, сол қиян-кескі соғыс тілегіне орай манжур империясы амалсыз шара қарастыруға тап болып, ар жағынан қазақтарды, ал бергі жақтан ұйғырларды торғауытқа қарсы соғысқа насихаттағаны. Басынан - ақ ойлап келгендері, өздерінің Шыңжаңда тыныш өмір сүре алатын, мығым отар иеленуі үшін, сол жоңғар қалмағын тұқымымен жоймай болмайтындығы еді. Қазақтың бағы заманнан қалмақ жұртымен жауласуда келе жатқан ел екенін мұнда қадам баспай тұрып, алдын ала біліп, құлақ түріп келген сауысқандай сақ манжуриялықтар қазақтарға «торғауытты жоюға күш салсаң, сенімен мүдделес боламын» — деп баяғы алааяқ саясатқа онда да бір сиынған. Сұғын қадап, аларып қарап «өтінген». Сол сапар оба ауруы аралап өткендей, жоңғар қалмағын тігерге тұяқ қалдырмай қырмақ болғаны қандай анық болса, Шығыс Түркістан мемлекетін мекендеген ұйғыр мен былайғы қазақ қырғызды да сол торғауыттарға қарсы пайдаланғаны сондай мағлұм. Және сөйте тұрып тау халықтарынан үркуді әсте ұмытпайтын сол тағылыққа басып, торғауыт қырылып болған соң, енді еске қазақ, қырғызды ұстаған. Себебі жоңғар қалмақтарының мекеніне енді қазақ, қырғыз келіп орныққан. Есепке алдымен Шыңжаң жерінде қойны - қоншы қазаққа толы «тау-тасты» алғандай болған. Сонан тартып Шыңжаң картасының үстінен қым -қиғаш ұшқан жебедей, бағыт сызықтары түскен. Арада екі жүз жыл өтіп, бүгінгі күнге жеткенде осы жебе бас бағыт көрсеткіш бүйінің шытырман тормен айқыштаған ұясындай сау жер қоймай өз торабын кездірген. Және сол тордан көбелек іздеп ерсілі - қайшылы жүгірген жотасы түкті бүйідей Жаң - тұң сияқты әскери адамның сумақай қолы қыдырыстап тынбайтын. Сондай барлау үстінде көздеріне тікенек боп қадалған шеру руы жайлы Күре үйезі губернелік үкіметке бұрын да ескертіп келген. Ал гүберне штабы болса, әр бір үйездік үкімет өз қарамағындағы халық ішінде нендей «әңгіме» болсын қалт өткізбей алдын алып хабарлап отыруды бұйырады. Өз басқарған жерінен ертең бірнеңе шықса, сол губернатор алдында басымен жауап беретін Ма-шянь гон мен мына Жаң-тұң сияқты бірегей, ірікті қолбасылар енді шерудің мына құбылысын көргенде, ішкен астарын жерге қойды. Бағанағы байланыс қағазды неше жерден мөр, таңба басып Құлжаға жолдап та жіберді. Және бір тың, астыртын сыр бойынша, Тайлақбай мен Керімбектен бастап шеруден бір топ кісіні қамауға алуды ұйғарды. Губернатордан сол да сұралды. Мамозының көрсетуімен Керімбекке дем берушінің өзі, түптеп келсе, Тайлақбай деген. Бірақ әлі де сол Тайлақбай бас болып келген шеру кісілеріне қатты сөз айтыспай, тек үкім шығарып: «Қыз Мамозының өз қолына қайтарылады, жігіт біздің қарамағымызға тапсырылады» деп саран сөзі бар келте бұйрық жариялады. «Сонымен бітісіңдер» деген моп-момақан, шолақ бұйрық. Қызды құралды күшпен алатын болып, жүз шақты арызшы шерудің ішіне автоматпен он бес әскер қосып берді. Бойларына «бес қаруын» асынған, түсі жат шеріктер. Бұрынғыдан өзгеше белдеріне қорамсақ - қорамсақ оқ байлаған әскердің алдына түскен тілмаш бар. Сонымен жиырма күннің шамасында шерудің жауапкерлері қайтып елге жетті. Жоңғардың аспанмен астасқан биік жоталарынан күн асып, сай-сала қойнауына көлеңке іліне бастаған шақта, майда - қоңыр кештің жым-жырт құшағына арып-ашқан аттылар кеп кіре берді. Кең тынысты жаз кеші шалдыққан жүргіншілерге өзгеше ыстық көрінді.
8
Биыл тек Әминаның ерекше қайрат күші болмаса, Әли егіні айдалмай қалғандай еді. Осман болса ол да бір күн барып қол ұшын бере алмай, аңдушының көзіне түсіп қалмау сақтығымен қазақ ауылында тығылып жатты. Бұлардың ісіне тек Қарымсақ көп себін тигізді. Және бұл егіншілер тегінде өзді - өз жұмысын жеке күйттемей барлығы екі-үш топқа ғана бөлініп, әуелі біреуінің жерінен бастап, сонан соң тағы біріне өтіп, бірлесіп жұмылушы еді. Әрі бас - басына кетуге күш-көлік соқа - қостары да тапшы. Керімбек ауылына кештете жеткен өнбес шерік мұнда бөгеліп, ас-су да ішпестен, қастарына жиырма шақты кісі алып, түнделетіп Әлидің үйіне жетті. Бірақ қыз бен жігіт енді шынымен жоқ болып шығып еді. Шеріктердің бұл жолғы түсінен сескеніп, қазақтар шындап саса бастады. Осыдан дәл үш күн бұрын егінші дүңген ауылында күтпеген тағы бір зор жанжал болған. Анада Мамозының қалдырып кеткен тыңшы, торуылшылары қыздың қайда екенін сендер білесіңдер»,— деп қыстап он шақты атты бірден тиісе келген. Аттарын омыраулатып, байдың жас мырзалары бұндағыларды бір шетінен шықпыртып сабамақшы пиғылмен ұрынған. Жотадағы мейнам бидай басына кешкі мезгілде ұрынып жеткен топ атты көбінесе едірең қаққан жас мырзалар болатын. Топ басы жігіт жаны кейіп сөйлеген бір кедейді ат - соқаны айналдыра қуалап сабай бастаған. Жанжал бастаушының басшысы көкала атқа мінген, бет-жүзі сұрланған, Мамозының немере інісі — Рахим. Қыздың туған ағасы. Ол өзінің алдына салып алған орта жастағы қатпа бет, селдір сақалды тәутиген диқанды аяйтын түрі жоқ. Басына даңғарадай ши қалпақ киген, арық қара егінші ат тегеуірінінен құтыла алмай, қамшы тиген сайын басы-көзін қос қолымен қорғанып еңкейе бұғып, әркімге бір жалтақтай қарап, пана таппай қашуда. Бауын тамағынан өткізіп алған етекті жеңіл қалпағы жайқаңдап іннен інге тығылғандай қашып жүр. Бұл адам дүңген емес, қытай кедейі — Лән-бияу осы болатын. Осыдан он жыл бұрын, 1934 жылы қытайдың халық азаттық армиясы оңтүстіктен солтүстік батысқа қарай жаяу 25 мың ли (қашықтық өлшемі) жол жүріп Шэньси-Ганьсу провинциясына жорық жасағанда, Лән-бияу Гоминдаң қолына түскен әскер еді. Коммунистер партиясы қатарына сол әскер сапында өтеді. Содан бір дүңген әскерінің көмегімен қашып тірі құтылып, бері Шыңжанға өтіп кетеді. Соңына түскен іздеуден таса болу үшін, ең бір шеттегі дүңген қыстағы Мұштайзыны мекендеп жүріп Әлимен достасқан. Бірақ Мамозыға жақпай, міне бұл уақытта кедей егінші дүңгендермен бірге Керімбек арқылы осында келіп тиянақтаған жері еді. Бірақ оның жасырын коммунист екенін осы уақытқа шейін Әлиден басқа жан баласы білмей келген. Рахимның келген бойда тап соны ұруы тегін емес-ті. Егіншілер осының алдында ғана сәл тынығып, бір жерге жинала отырып сусындап болып, жан-жаққа енді тараса бастаған. Құтырық топ сондай сәтте жеткен-ді. Лән-бияу тартқан жазаны сонадай жақтан көзі шалған Қарымсақ сәт үстінде қара .бурыл атты дереу соқадан шығарып, қасындағыларға да «ұмтыл» деп бұйырып, өзі жайдақ атпен қолына бір сойылды ұстай шапқан. Ол өзінің соңынан кісі ерген - ермегеніне де қарамастан төтелеп көкала аттыға қарай шұқшиып жете берді. Бұл уақытта Рахим жаңағы адамды діңкесін құрта болдыртып, ат омырауымен қақтыра жығып, енді тағы біреуіне ұмтылған. Томырық жан дүлей ашуға мініп, өзінің бұрыннан кекті адамдарына бүгінгі мынау желеумен қырғидай тиген. Қарымсақ бурылды қос өкпеден тебініп, Рахимның алдын тоса, сойылын пәмдеп ұстай берді. Анау енді өлген шығармын деп ойлаған. Бірақ Қарымсақ жеткен бетте оңтайлап алған сойылымен көкала атты шекеден соғып жіберді. Ат айнала беріп, алдымен қос дізесі бүгіліп кетіп, сол сәт арт жағынан да шөмейе, бұраң етіп жығылғанда, өзімді ұрама деп қатты жасқанған Рахим да атпен бірге ұшып кеткен. Жанжал бастаған жалғыз Рахим ғана болмай, оның тағы бір жақтасы басқа бір егіншіге қамшы сілтеген. Қарымсақ Рахимды тастап енді осыған беттеді. Алғашқы әдіспен шағыр тор атты аяп, ананың өзін жон арқадан ұрып өтті. Осы кезде екінші жақта да айқыш-ұйқыш төбелес басталып қалған. Қару сайламай, тек қамшыларына сеніп келген топқа жаяу-жалпылы қаптаған егінші қауым ат айдаған ұзын, солқылдақ кек талдары мен үлкен бишіктерін қос бүктеп айқасып, жаяу төбелес бастаған. Бір-екеуі жаяу қалған Рахимды ортаға алып қалыпты. Шет жақта үркердей иіріліп, қатын, қыз безектеп, шулап тұр. Жайдақ атқа мінуші Қарымсақтан өзге бір дүңген, екі қазақ қана еді. Жаулар тобы дүңгеннің көкпаршы жортуылшы сай жігіттері болатын. Бірақ олар үлкен сойылы бар Қарымсақтан көбірек тайқып, ол түс келсе шеттеп, қашқалақтап жүр. Бұлардың екі адамын жайдақ аттан аналар да түсірді. Соны көрген Қарымсақ бір дүңген әйелдің қолына түскен ықшамдау тал таяқты көзі шала бере:
— Әпке бері! — деп тұсынан ағып өтіп бара жатып өз сойылын ыршытып тастап соны іліп ала кетті. Бұрынғы сойылымен біреуді мерт етіп алам ба деп ұра алмай жүрген. Ол адыраңдап жүрген бір көк атты мөлтекбас дүңгеннің соңынан қадалып түсті. Анау топты айналып қашса да, Қарымсақ құтқармастан бастырмалата қуып дәл жауырыннан қиғаштата соғып еді. Тақымындағы ат сытылып шыға берді де, өзі бауырдай тілінген қара қыртыс айдауға шаншыла құлады. Ендігілер Қарымсақтан ашық тайсала бастап, өзді-өзімен «е» дескендей, бір сәтте-ақ бар тобымен жалт етіп шеттей жөнелді.
Рахимды біреуі жанай өтіп бара жатып, сап еткізіп міңгестіріп әкетті. Бағанағы шағыр атты да қым-қиғаш қарбаластың ішінде жолдастарына мінгесіп үлгерген екен. Тек ең соңғы жығылған кісісіне олар қарай алмап еді. Көк ат иесін қалдырған бетте құйрығын шаншып, шығандап бір далаға жалғыз кеткен. Бірақ ең қиыны аналар бір түйдек арадай боп ұйлығысқан тобыменен жөнеле бере біреуі үзеңгісін суырып алып, бір егіншіні сермей ұрып мұрнын бұзып кетті! Кейін бай дүңгендер «Айса-пұшық» атандырған сорлы диқан кеңсірік тұсынан мұрны екіге бөлініп, қан құшып қалды! Рахимдер адам жиып әкеп, енді бүкіл егінші ауылды ойрандау қаупі бар. Сондықтан диқандар соқа - қосты ерте доғарысып, тобын жазбай тездетіп ауылға қайтты. Қарымсақ әлгі жығылған көк аттының жайын аңдап еді. Ол орнынан әлі тұрмай жатса да есін жиып қалған екен. Қасына кеп көзін қиялай тастап тұрды да:
— Жат, жайрап! — деп жүріп кетті.
Қазақ ауылдарына Қарымсақ кісі шаптырды. Бұл күні өз қасына түн бойы қырық-отыз жігіт жинап отырды. Күндіз Рахим тобы егін басына бірден бармапты. Әуелі қыстауға келіп, үйдегі бірен-саран кемпір-шалды әурелеп, қыздың қайда екенін осыларға айтқызбақ болған. Өлмелі шал Омарды сақалынан ұстап қинапты. Міне, арызшы - жауапшылар қайта айналып келгенше, арада осы іс өткен. Сонымен дәл кешегі кеште бұл ауылға Күредегі Әлиден бір жасырын, суыт хабар жеткен. Қарымсаққа екі ауыз сәлем жолдап: «Қыз қайтарылып, жігіт ұсталып берілетін болды... Османның көзін құртатын түрлері бар. Екеуін бір жаққа жөнелт» — деген. Мұның өзі Рахимдар салған бүлікке анық бір оңтай келген әрекет еді. Қарымсақ Әлидің Керімбекпен ойласқан, ойласпағанын білмесе де, іс артына белді бір-ақ буған. Осман мен Патиманы алып белгісіз бір жаққа сусып жоғалған болатын. Бүгін Мақсұттар сол хабарды ертерек Керімбектің алдынан шығарған-ды. Қандай ақыл ойластырады, құлақдар болсын деген. Міне, сондай хабардың соңынан қасына жиырма шақты кісісімен он бес шерікті ерткен Керімбек Әли ауылына түнделетіп келді. Эли де осы келген кісілердін арасында. Сонымен Эли өз ауылына жеткен бойда аттан түспей, көп егінші ішінен әйеліне дүңгеншелеп:
— Осман мен Патиманы алып шығыңдар, тез шығыңдар! — деп бұйыра сөйледі. Сол сәтте ауылдағы сыртқа шыққан барлық еркектер жамыраса шуласып қоя берді.
— Осман мен Патиманы Мамозы адамдары өлтіреміз деп іздеп келіп, содан қорқып қашып кетті.
— Мамозы інісі Рахим тобымен келіп, егін басында барлығымызды қиратып ұрып, соққыға ұшыратып кетті!
— Бір кісімізді мәйіп етіп, мұрнын бұзып кетті!
— Үйдегі - түздегімізді түгел ойран етті.
— Соны білген қыз бен жігіт өзімізге де айтпай қашты! — десіп түс - тұстан зар қақты.
Шеріктер әуелде нағыларды білмегендей сәл дағдарысып қалды. Артынан ес жиғандай, ентелеген ашулы нұсқаларымен быдыраң - быдыраң ете сұрау салып:
— Қашан?! Қашан кетті?!
— Оларға ат берген кім?
— Қай жаққа кетті? Неге ие болмайсыңдар!? — десіп, соны білсе, дәл қазір табанда үйтіп жіберердей болды. Шедірең қақты.
...Ақырында оның жөнін «білетін» ешкім болған жоқ. Мінген ат қазақ ауылдың екі аты делінді. Арқандаулы жерінен түнде ұрлап мініп қашты деген түйінді жауап естілді. Сонымен бұл түні шеріктер Керімбек аулына барып қонды. Өзді - өзіне кезекпен күзет қойып, күбірлескен бойларымен түнеп шықты. Таң ата қастарына қазақтан елу шақты кісі алып осы маңайдағы тау-тастың қойны - қонышын тегіс ақтарғандай қарата бастады. Күн бойы бір-бірінен жұп жазбай мылтықты иықтарына оңтайлап алып өздері шеттеп жүріп отырды. Олар сол күні кешке жақын қонаға асын жесіп алып, осы жерден ат лаулап мінді де, шаршап, талыққандарына да қарамастан Күреге түнделетіп аттанды. Осман мен қыздың табылмағаны үшін соның бодауына Әлиді тағы ұстап айдап әкетті. Оны қолға түсірудің ең оңай сылтауы табылған. Лән-бияуды да жолдасы Әлимен бірге тұтқындап кетті. Өзі өмір бойы үйлене алмаған, қыста туған күшіктей, қыңсылаған тағдыры бар жазғанды алда не күтіп тұрғаны белгісіз еді.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
1
Керімбек аулының бұл қонысы үлкен таудың дәл ет бөктер алқымы еді. «Моншалы сайдың» қарағайлы, терең, қуыс, көк шатқалынан келіп жатқан Мазы өзені сай аузына ілінген жерде, күн шығыс бетте биік көк тепсеңді алып отырған он-он бес үйлі мол ауыл — Керімбек ауылы. Ішінара көрінетін бірен-саран қоңырқай үйлер көбінесе жаңа ақ киізді күйлі ауылды жасыра алмайды. Таза жайлау, ашық көк аспанда көлбей түскен кешкі күн сәулесімен бас жақ шеттегі үлкен үйдің сыртына, қада ағашқа байланған бес-алты аттың күмістелген ер-тұрманы сәл қимыл сайын өткір жарқыл ұшқынын ағындатып өтеді. Дөдегесіне айналдыра ою салған қонақ үйде шағын топ осы ат иелері бар-ды. Абажадай кең үйдің есігінен төріне қарай сәнді алаша, текемет, қалың түкті кілемдер төселген. Бүгін бұл үйге шерудің үш-төрт кісісі кеп түсіп отыр. Оң жақ бүйірге таман, жалтылдаған сары аю терісі үстінде қас-қабағынан бір үлкен істің шешімсіз күйі танылғандай болып, үй иесі Керімбек отыр. Ол өзінің бүгінгі бұл халінде тырс етіп ешкімге тіл қата алмай, күн ұзын үнсіз отырған-ды. Бұл үйге төрдегі мына үш-төрт кісі келіп түсіп отырғалы біраз уақыт болып қалса да, бұлардың арасында әлі еш сөз бола қойған жоқ-ты. Төрде Керімбектің жүзіне әредікте кәрі көзімен үңілгендей боп, кіркеуленіп қарап өтіп, басқа ешнәрсеге көңіл аудара алмай жабырқап отырған Молтан дейтін кәрия бар. Кішкене денелі, жауырыны еңкіштеу, селдір - селкем әппақ сақалды, шерудің Молтан ажы деген қарты осы. Бір жақ тақымының астына, жамбасына таман жастық қойғызған. Бүгінгі бұл келіп отырғандар Керімбектің ағайын ішіндегі ең жақын аталас туысқандары. Соның ішінде есті - басты деген үлкендері келіп бас қосып отырған «Бес - Айтбай» балалары. Керімбек әкесі Әнкежан Айтбай деген атадан туған бес ағайынды кісінің балалары болғандықтан, солардан таралатын ұрпақ өздерін ең бергі атаға ажырағанда «Бес - Айтбай» десуші еді. Сол бес айтбайдың бір баласы Байсуаннан келіп отырған осы Молтекең. Ал соның Сәрсембісінен: кесек жүзді, шоқша сақалды, екі беті ұшынан және үлкен етті мұрнының доғалтақтау үстінен тарам-тарам болып жіңішке, күрең тамырлары көрінген Қыдырбек бар. Cay денді, алғыр кескінді адам. Күренің баяғы жанжалқой ағаш шарлаушысын шеру ішіне келген жерінен құпия өлтіріпті дейтін Қыдырбек осы. Бүгін бұл туыстың да түсі сынықтау, саябыр болатын. Бұнан басқа Отыншы батыр, Белгібай зәңгі дейтін ауылдардан да келіп түскен бір-екі туыстар. Бұл үйдегі осы үш-төрт «айтбайдан» басқа бір адам, ел сыйлап құрметтеген қарт Тайлақбай. Өзі сексеннен асқан, сөйлер сөзге майталман, түкпірлі, шешен адам болса да, бүгінгі бұл отырыста туысқан ішіндегі ауыр, ұйымдық сөзді ағайын - бауыр алдымен өзді-өзі бастасын деп тосқан. Ауыратын ет - бауыр оныкі. Олай болса, солардың билік — еркін сыйлау деген бар. Бірақ ел ағасы Тайлақбай бұл сөз қашан басталғанша тықыршығандай болған шыраймен ширыға түседі. Дастарханның екінші шетінде, әкесінің қарсы жағына жайғасқан Мақсұт та осында. Қамыс тегенедегі қымызды жәй сапырып қойып дыбыссыз отыр. Молтан қарт қолындағы әлі орталамай отырған алғашқы саптыаяқ қымызын бір сәт қос қолымен жерге баптап қойды да: — Қарағым Керімбек! Өзің білесің, анау сапардан келгелі, міне, бес жылдай бопты. Ешқайда шықпай үйде жатып қалған адам ем. Өзім атқа да әбден шау болып қалыппын. Осы аз жүрісті көтере алмай отырмын,— дей келіп білегіндегі күрең жақұт тәсбісіне айналыңқырағандай іркіліп:
— Сенің әкең — Әнкежан, менің әкем — Байсуан бір кісінің баласы еді. Жұтап отырған бұ. қу көңілімді аяп кәйтейін. Әкең — Әнкежан батыр «басыңа тау құласа шыбындай көр» дейтін. Шеруді жол бастап көшіріп әкелген кешегі Көмекбай ажы қорымалым болса, қол бастаған Әнкежан, Есімжандай құтпан ерлерім еді. Соның бүгінгі тұқым-тұяғы сен болатын болсаң, мына бір іс өткен екен. Қарманып ақыл табайық. Сексенге келіп селкілдеп Тайлекең отыр. Тоқсанға келіп тойырылып мен отырмын. Бізде не қалды?! Ендігі еліңе ие сендер болады дейді. Білген ақылың болса, қайта бізге үйрет! — деп шұғыл тоқтады. Әлде бір жауап, қиындық көзіндегі адамдай осы сөздерін қиналып айтты. Ебі қашқан кәрі жүрек бауырлығын өзінің бар қымбатымен мойындайтыны байқалғандай.
Осы кезде есіктен Қаніке кірді. Ол төрдегі үлкендерге салмақты тағзыммен аз ғана иіліп, сәлем ғып еді. Тайлақбай мен молтаңдай қадірменді, үлкен қайнағалар есік жаққа қатарынан көз тастап, ерін ұштарымен «тәңір жарылқасын» дескендей болды. Төменгі жақтан келіп отырып, үй ішіне өзімен бірге салауат ала келгендей болған, есті бәйбішенің көзінде жылаудың, көп жылағандықтың ізі бар. Ол сәл отырған соң, көзіне қазір тағы жас ала бастаған. Үй-ішінде Қанікенің бұл күйін бар зердемен, жүрекпен ұғып отырған қабақтар байқалды. Молтан өз ішінен шіміркеніп отырып, қолын көзіне көлегейлеп, түйіле қарап алып, өзіне-өзі айтқандай ғып:
— Мың қайғы бір қажетті өтеме - ес!"— деп қойды.
Өткен түні Керімбектің Қанікеден туған бес ұл ортасындағы жалғыз қызы Гүлназымды жау қолға түсіріп әкеткен. Жақын замандар шежіресінде жалпақ қызай елінің тарихы басынан кешпеген, анық бір сұмдық іс еді. Өзін іргелі елміз дейтін қазақ үшін үш ұйықтаса ойына кірместей, өте бір жат, түсі суық оқиға туған. Ел атына анығында мұнан өткен қорлық жоқ еді. Таңертең құлқын сәріде, сиыр желі басында тоқайласып, бет шымшысқан қатындар өз сыбырларын өздерінен ұрлағандай құпиялап:
— Ойбай-ау, қай көзімді жыртитайын! Салдақының көрсеткені енді осы болды ма?!
— Ойнақтаған қатын от баспай қоюшы ма еді, өстіп!
— Қу - гәнә бетім - ау! Бармай-ақ қой, барма, дедік! Өзгесін кәйтейін, қытай әкетті деген не сұмдық, жұртым-ау! — десіп, осы таңға алғаш жар салған солар еді. Ол кезде бөдене ғана «бытпылдықтап» жатқан.
Керімбек қазір бөгде сөзді онша керек еткісі келе алмағандай кескінмен бейтараптанып отырған. Оның оқшау, дара тосылған сол күйіне Тайлақбай бір көз тастап өтті де сөз бастады. Сүйек таяғын имегінен сығымдай ұстап алып, тыныш үйде зор даусы күмбірлеп сөйлей бастады. Ашық есіктен сыртқа, ұзаққа қараған түксиген түрі қатулы:
— «Ердің құны жүз жылқы, ары мың жылқы» дейді. Сондайлық қастерлі арың қақпай көріп отыр. Кезенгеннің көзіне келсең, таудай биік көңілің тары құрлы болмайды. Табанына түсесің! Тәлкегіне көнесің! Бірақ аптыққан қыран аң ілмейді. Бұзылған істі бүлгір бүлдірсе, білгір түзетеді. Ақылыңа, болжамыңа саласың,— деп, бір тоқтады.
Айтар ойының екінші басқышын сонан соң жалғап:
— Жөн, рас. Қызды зорлап ап қашып отыр. Алдырып отырған Мамозы! Оған сен айыпты емессің, ағайын. «Ұл туасың, ұятын бірге тумайсың, қыз туасың, қылығын бірге тумайсың» деген. Ашулы болсаң боларсың, айыпты бола алмайсың. Ел бар, жұрт бар, ойласып ақыл табайық. Бұл ісіңе ел ағайын аралассын, келсін бүгін бәрінен. Өзіңнің Мамышыңнан, ана Дербісалы, Жайнақтай — бәрінен де адам келтіріңдер. Барлығын да келеге кеңеске алайық,— деді.
Сөз үстінде тынып қалған үй іші аз уақытқа жым-жырт болып, Тайлақбайдың бұл кеңесінен соң, ортада бір сәт үнсіздік орнаған. Жалғыз-ақ, Қыдырбек бір нәрсеге қипақтаған ажар байқатып қалды. Өткір сұсы бар ажарлы адамның қырағы көзі үлкендеу ашыла, кірпікті шапшаң қағып, шытыныңқырап, жіті ойланып қалған. Тайлақбайдың «Өзіңнің Мамышың» деп отырғаны Айтбаймен аталас, Мамыш деген тоқалдан тараған, мол аталы ауылдар болатын. Енді ағайын жию үшін Айтбаймен туысатын сол Мамышты айтапғанда, қыз қашқанға сүйінші тілегендей, ана Дербісалы, Жайнақ сияқты сырт атаның келіп араласуы намысқа ұрарлықтай. Қыдырбек соны сөйледі Ол үй-іші тынып қалғанда, Тайлақбайға тынышсыз қабағымен жалт етіп бұрылып:
— Тайлеке! Сол сырт ағайынға ықпал бергеніміз қалай болар екен осы?! Жылы қойын, салқын арқам деген емес пе. Ұялы терек, үйелменімізбен отырып, ес таппағандай көрінгеніміз болмас па екен? Бақ - баталы қара орнымен қамалып, ес таппай сасқандары еді деп, күннің - күнінде бетке салық етпесе?..— дегенде бұл сөзге Молтанның да бейімі бар екен:
— Өзгеге мынауым қалай? — десең өзіңді қор санап, қожырайтындары бар ғой, әлі. Бірақ, Тайлекең ойлап отырғаны ертең ақыр естіледі, онан да өз бетімізден ішімізге алайық дейтін шығар,— деп өз жорамалын долбарлады, Керімбек басқашарақ ойлайтын көрінді. Екі ағайыны білдірген бұл тұспалдар тұсында мойнын есік жаққа таман салып, жүзін қырын ұстап қалды. Тыныш тоқталған қалпында Тайлақбай сөзінің аржағында Қыдырбек, Молтандар шолғаннан басқа сөрелі өpіc барын ойлап отырып қалған. Бұл кезде Тайлақбай қайта ағылып сөйлеп:
— Е - е, менің айтқанымды тек қана жыртыққа жамау басқандай болу деп отыр ме еңдер?! Сырт ағайынға жақсы атансақ намысымызды бірге жыртысады деп, мына тұрған соны ғана ойлайды дейді екенсіздер ғой. Жоқ, олай емес. Ел ішіндегі кетеуі кеткен жаман абыройыңды ойлайтын ол басқа күн! Сенің тартысың бас намыстан аспайтын, қазақ ішінде болғалы отырған тартыс пе еді әлі? Бақыр қазақ, сені құртқан баяғы бір бас намыс, ұсақ намыс екенін білмейсің! Ертең анау ұлығыңмен айтысқалы отырған жоқсың ба? Айналдырған алақандай шеру бір-біріңнің сырттан сөйлеген күндеуіңе ұшыраймын деп, жалған намыс үшін жаңылып алжаспа. «Ер басына дау келсе, ерлігі кетер. Би басына дау келсе, билігі кетер» деп неге айтқан. Өзімшіл соқыр билік пен өлі намысыңды бүгін қоя тұрасың. Оның ана қырдың астында жата тұрады. Бұл күнің қай күн сенің! Арт айналып шиырыңнан шықпайтын бодам «кісілігің» қала тұрады. Ел ішіндегің у болса ішетін, жылан болса жұтатын күн... Ана жақта алты басты айдаһармен тұрысқалы отырып, тағы да алапестей бөлініп ойың бар! — деді. Дамып, үдеп, тұтанып сөйледі. Ұрысқанға бергісіз екпін айтты.
Бүгінгі зор ыза мен намыстан ешкіммен сөзге келіп, жауаптаса алмастай болып отырған шағында Керімбек бел алғандай болды. Тайлақбай айтар сөзінің аяғын әлі де тоқтата алмай отыр екен. Қыдырбектің «намыс» деген жерге зеректігін еске алып:
— Аса зерек басқа азап... Олай емес, өз бауырың шындап езілсе, өзгенің де өзегін суырып аласың. Жақсы би жаудың шетін ел етеді. Жаман би елдің шетін жау етедінің керін келтіріп, бейбақ қазақ қайда барып ұшпаққа шыққалы жүрсің! — деп енді ғана сәл саябыр тауып басылыңқыраған секілденді.
Үй іші енді шарасыз осы сөзге тоқталғандай болған. Мына жақта Қаніке де ішінен: «иә, құдай ақсарбас!» — деді. Ауылдан әп-сәтте Арыппай бастаған бірнеше жігіт шығарылды. Мол аталы Мамыштың көп ауылдары: Мырза-Ыбырайым, Көмекбай, Қыстаубай-ауаң, Әнең ауылы дейтін үлкен ауылдар мен сырт аталас Дербісалы, Жайнаққа және шерудің тағы да бір аздау таптары: Бірен-Күлен, Биеке-Бітік, Орынбай, Қарынбай, Ырғайты-Көбен деген барлық аталарға кісі шаптырылды. Мұнан басқа «Бес - Айтбай» ауылдарынан да бір талай адам аты айтылды. Қатардан Құрымсы, Жырғал да қалған жоқ. Аз уақыттың ішінде аттарын сайлап, қолдарына қамшы ұстап әзір болған он шақты жігіт есіктен кіре, Тік тұрған бойларында мынау отырған үлкендерден әмір күтті. Керімбек:
— Осылардың ауылда бары құлақтарына хабар тиісімен бөгелмей аттанып жетсін! Тайлекең де осында, дұғай сәлем деңдер,— деп еді. Тайлақбай да тежелместен:
— Осылардың барлығына үш қайтара сәлеммен жіберді дегейсіздер! Ағайынның керек күні болып отыр. Көргенді көңіл, ұйтқылы тілмен жеткізіп соны апарғайсың,— деп есті - есті деген сәлемші, хабаршыларды жолға салды. Бастаушысы: Арыппай, Нүсіпбек.
Жолаушылап кеткен Гүлназымды түнде жау қолға түсіріп әкеткені таң ата бір-ақ білінген. Бүгін күн шыға отыз шақты адам қуғыншы да кеткен. Мамозы оң жауап беру орнына қазақтан қатаң тілдескен екі-үш адамды күтініп, сай отырған жігіттеріне сөзге келмей сабатып, содан қайнаған төбелес басталыпты. Дүңген көбейіп, отыз жігітпен олардың кемінде жетпіс-сексен қамшыгері айқасқан екен, Шеру жігіттері амалсыз қаша соғысады. Мазы аңғарын өрлеп көкпар тартқандай құжынаған қара қорым аттының төбелесі кем қойса бір шайқайнатымға созылған. Ақыры Молтан інісі Сағатбек дейтін мықты жігіт пен Арыппай, Нүсіпбектер бастаған отыз адам қамшыны көбірек жеп, бас сауғалап құтылып ауылға жетіпті. Мамозы қазақтың қызын айдан - ашық тартып алуымен қоймай, соңынан барған іздеушісін сауырлап қуып салған. Соны естігелі бүгін бар шеру қатын-қалашынан бастап сұмдық көргендей. Шеруді аударып көшіреді деген дүмпу, сыбыс шыққалы заман түсінен ел шошынған. Тайлақбайдың ендігі исі шеру баласына тізгін ұшымен кісі шаптырып отырғаны, міне, осындай ел болып күйзелген ойранды халден кейінгі күйреген көңілден туған тілектің ең бір арылған шарасы болатын. Керімбек, Молтан, Тайлақбайлар екінті оқып алатын болып орнынан қозғалған. Үйдегілердің барлығы да сыртқа иықты. «Салық жұрт» дейтін бұл қонысқа ел келіп қонғалы он бес-жиырма күн шамасы болса да ауыл маңы әлі жаңа, таза. Орманды тау алқабының қалың қыртыс, шымдауыт өңіріне біткен қау шалғын, алуан түсті гүлді шеп өлкесі. Сай-сала, ен өңір қырмызыдай қылаулап, шітірмек, теңге жапырақ, шытыралы балаусасымен көк торғындай шаңсыз таза шалғынға оранған. Өр жақта «Сынтас» биігі асқақтайды. Көк аспанның терістік жағын жартылай қалқалап тұрған — шеру елінің орта жайлауы. Еңкейіп қалған кешкі күн батысындағы жалаң қара .жартасты, жалама биік «Кемпір жайлауына» таман қиыстап барады екен. Құз - шың, сайлар қойнауы, терең қуыс шатқалына көлеңке жиып, үнсіз томсарып, түксие бастапты. Жақын маңда ұзын, бітік таңқурай сабақты, шілік, бұта - бүргенді өскіні белуардан келетін жүндес, қайқаң беткейлер елбіреген бір көкшіл мұнарға малынған. Қара өріктің сыртын ұстаған көк боз жұғын реңдей шаңытқан әсем тозаңмен бозғылттанып, мұнартады. Өсімдік беті жасырынып, сөзіммен ойнаған құбылмалы перде жамылған. Қиял рақатындай бір кекшіл тозаң. Қоныс маңында кешкі күннің тұнық сәулесімен таза, ашық аспан аясында мүлгіп тұрған үйірім - үйірім, қара - шоғыр қарағайлар шоқ-шоқ болып, байтақ жайлау мекенін айрықша шат, жарастыққа бөлейді. Жоңғар тауын «жер ұйығы» дегізгендей. Бұл жерді бір шақта қалмақ ханы Халдан - Серен неге мекендегені айтпай білінгендей... Қазір Қарымсақ ауылы отырған Шыңбұлақта аты әйгілі «Бұтхана» бар. Сол үшін «Бұтхана ақсуы» деп те атайтын. Соны ел аузындағы аңыз Жоңғар қалмағының ханы Халдан-Серен жасатқан деседі. Жаяу адам өрмелеп қана шыға алатын қиядағы кер жартастан неше бөлмелі әсем үйлер қашатып шығарған. Тастан қашалған ер-әйел бейнелері, жолбарыс мүсіні. Көк сырмен сырланған ағаш үстел, есік, терезе, ағаш төсек және басқа жиһаздар. Ауыл үстінде кешкі тау аңғарынан келіп тұрған кең тынысты салқын леп білінеді. Жаз кешінің алуан шөп исін жеткізген, жұпар демді хош ауасы, жан иесінің тек бейқам, тыныштық, рақатын ғана сүйгендей.
2
Керімбек үйі тосқан қонақтың алды шам қоя келе бастады. Жаңа жеткен кісілермен алғашқы қымыз ішіліп болғанша, әр тұстан екілеп - үштеп, бестеп-ондап көп маңның адамдары келіп те қалды. Жиын әлі де көбінесе үнсіздеу еді. Төрде Тайлақбай үнсіз. Үй иесі — Керімбек болса ол да басы артық сөздің болғанын қостап, құптағалы отырған жоқ-ты. Және соған орай келушілер де, өздерінің неге шақыртылғанын біліп кеп отыр. Аздан соң сыртта иттер абалап, ойға алып отырған соңғы қонақтардың да жеткені білінді. Үйдегі қос пияла шамның жарығымен есіктен сәлем беріп, бастап кіріп келе жатқан Абдолла екен. Алпамсадай зор адам үй толы жиынмен тегіс көз ұшырата сәлемдесіп жоғары таман өте берді. Бұл күні ешкімде әшейіндегі дауырық жоқ. Көптен көздеспеген кісілер де бір-бірімен баяу, келте қайырып сыпайы сәлемдескен. Жиын аз үнсіз отыра түскен соң, Тайлақбай сөз бастады. Бағанадан жасы үлкен қазының сөз қозғауын күтіп отырған көпшілік Тайлақбай тамағын қаттырақ кенеп, қозғалыс байқатқанда, бар қыбырды тоқтатты. Тырс етпей сөз тосты.
— Е, ағайын! Келген қадамың қайырлы болсын! Бейіл - берекең тозбасын! Ынтымақтан ажырама! Өстіп жүріп дәурен өтер, жас жетер. Бет қызылы басылар. Ет қызуын қашырар. Жастығыңмен салғассаң, ләзәтіңді құрт жеген, дәннің бәрі төгілген қауашақтай боларсың. Сонда да, сол өмірде де адам - пендеге тірлік ыстық келер. О да кетер. Мінген атың — жер ортақ, жаққан отың — күн ортақ болып ол қалар. Дүниеден ақыр бір күн көшерсің! Жиған дүниең дүниенің өзінде қалар. Бәрінен опалырағы тумаған, туыспағаның емес, қимаған, қиыспағаның. Заман қандай, заң қандай? Әр заманды бір көрген басымыз бар. Ойлап, бағып қарасаң, ешнәрсеге сенгің жоқ. Малыңды бәрі, адамыңды қарақшы ала бастаған сияқты. Жылан шақпай, жылқы теппей, жайыңмен жатар ел едің. Жатқызбасқа айналды! Мына бір іс болған екен. Аяғы тағы апарып қыруар дауға соққалы отыр. Қырғын тартыс бастағалы отыр. Есеңнен ажырап, елдігіңнен айыратын күн туамын дейді! Осыған не ақыл табамыз?» «Ер жарасыз болмас, ел шарасыз болмас» деуші еді ғой. Қандай шара табасың, кәні?
Тайлақбайдың бұл айтқанына ешкім жауап қатқан жоқ. Әуелгі сөздің бәрін өзіне салып отырған сияқты.
— Жөн, рас-ақ,— дей түсіп әңгімесін жалғай берді, қарт қазы. Ел ағасы, кемел жасқа келген, тебіні қатты, дана қарт отты жүрек әмірімен жалғыз өзі өркештеніп кете алмай, сол еліне арқа сүйеуде.
— Қазіргі істейтінің — әр ауылдан кісі шығарып қашқынды қудырарсың. Сойылыңды аларсың сойқандыңды табарсың. Қолмен мөрлі қызыл ала қағазыңды алып ұлығыңа барарсың. Бірақ, осының бәрінде не, не керек? Бәріңнің шынайы бүтіндігің керек. Бүгінгі елдігің, ертеңгі ұрпағыңа қаларлық аңғарлы үлгің керек. Басынды біреудің айтқанымен қоспа, қосылам деп қосыл!
Бұл сөздің сыңайы отырғандарға тегіс аңғарылғандай болды. Мол жиын бір үнмен терең тыныс тартқандай, үй толы адам әлі де қыбырсыз, тырс етпей қалған. Бұл кезде тамақ та дайын болып, қолға су құйыла бастады. Мұстапа имамның, дұғасына алты қанат үй толған адам қол жайып, ата-баба аруағына оқылған құранды өздерінің сертіндей білді. Қаніке атап сойғызған «ақсар - бастың» еті желінді. Енді бүгінге байланысты негізгі сөздің қозғалатыны белгілі еді. Тамақтан кейін мол қонақ кең жайғасып, аз дыбырсыз отырып, Тайлақбайдың сөз бастауын күтті. Қыбыр - қимыл дегенде бірен-саран тіс шұқып, немесе ірге жақты қолайттап отырып, насыбай атушылар бар. Осыдан түстік жерде, Мазы аңғарының аузында Керімбек аулының қыстауы тұр. Мазы суы тегінде Қазақстанмен шекараласатын Жоңғар тауынан тұра түстікке қарап ағады. Айтбай, Мамыштың барлық мол аталы ауылдары, бүтін Сапалат болып, осы Мазы аңғарын мекен, қыстау ететін. Ел қонысымен айтқанда Шерудің осы Сапалат дейтін табының аяқ жақ шетін Керімбек қыстау еткен. Өзенді бойлай ұзағынан созылған кең аңғар, екі жағында: алыс өріс, жал - жоталы, сай - жыра, жылға - өзекті, кең түбек, қойнаулы, қолат — оқапты, мол адыр, қабат-қабат қырқалы болып, әр қыстауды малға күйлі, шүйгін қоныс жайылысқа кеңейеді. Шаруа баққан ел үшін нағыз бір шұрайлы, таптырмас жер жадысы. Сондай Мазы аңғарының аузында, кең жазыққа шыққан жерде егістікке бап даланы қолайттап орнаған дүңген қыстағы — Мұштайзы Керімбек қыстауымен көршілес қана. Тайлақбайдың бағанағы сөзі мына жағдайға исі шеру баласын сол жерге бір соқтырмай қалмайтын әңгіменің беті еді. Бүгін бұл отырған шеруге Гүлназым тек Керімбектің ғана қызы болып есептелген жоқ. Бұл хабарды бағана күндіз естіген жерде - ақ, қалпақ киген қазақтың намысы, қаны қозып дүрліккен. Мамозы атын қатты қарғап, тентек боқтап жатқан назалы күн туды. Тайлақбай қазір сөз бастар жерге қарайып, түнеріңкіреп келді. Бүгін бар жиынның ішінде, өзінің елі-жұрты алдында ішкі арпалыс, тынышсыздығымен күйіккендей күйде жайсыз, қаяу сөз айтты. Үнінде арғы жағынан лықсып кеп тұрған еркін бір ағыс, екпінді толқын, серпін бар. Көзін маңдайша бетке тастай отырып қапаланып сөйледі. Осы отырыста ол елдің айдыны, тамам жұрттың арқа сүйеріндей.
— Ал, ағайын! Не дейді мынау күн?! Не дейді заман! «Су тасыса жиегіне, ер тасыса еліне» деуші еді ғой. Кеудеңде намыс барыңды тасытам дейді ғой мына сор!
Жабықтан күнің жарқырап, Жайықтан суың сарқырап жатар, теңдігің бар ел емес пе ең. Бетке салық, сүйекке таңба дейтін сөз болушы еді, Ол анық шымбайыңа батқанда шыққан сөз емес екен. Мына соққы сүйекке емес жүрекке тыртық саламын дейді! Біріңе емес, бәріңе соғылдым дейді. Тал түсте шапқан қасқырдай, топ ортаңнан келіп балаңды жұлып әкету қазақ деген атың, затың, қаның үшін қай жаза?! Елмін деп жүрген елдігің, елдік намыс қажырың үшін күн күйігіп, жерді қара жамылдырған емес пе — бұл көрген! — деп бір тоқтады. Ауызы сөзге келіп отырғанмен ішкі жағы үндеспестей қапада еді. Қолдан келер дерт болса, ешкіммен де ақылдаспастай амалсыздық түрі байқалады. Осы кезде топ ортаны қақ жарып Қарымсақ сөйлеп қалды. Тайлақбайдың от боп жанып, шарасызданып отырғанын көргенде көкжал Қарымсақ өзгелерге ызасы келіп, ерекше бір зор ашумен безеріп, сазырайа бастаған. Сол жақ бүйірде, төменде отырған орнынан:
— Уа, Тайлеке! — деп жан кеудесі жұлқынғандай саңқ ете түсіп: — Сөзіңе құлдық -ақ болсын! Мен өзгедей ел басқарып, жұрт шүйлеп жүрген адам емеспін. Бұл сөзіңде жұмысым жоқ - ақ кісі болайын! «Бассыз берген мал мазақ, бақсыз берген тіл мазақ». Құр тілімді әуре ғылып қайтейін. Бірақ қойдай иіріліп отырған жұртың мынау! Бір тастан мың қарғаның үріккеніндей деп айтайын, әркім өзді - өзінің бас - басынан шешілмей үркіп отыр. Ауызы айтпағанмен, Мамозының қырына ілігем деп кейбіреудің көзі айтады. Тіл жасырғанға көз куә. Соңыңнан ерер халқың болса, қой демей-ақ қояйын, «Әл керек — айбар керек, әлсіз айбар — не керек». Әлің болса айбарлана - ақ бергейсіз! — деп, мынау отырғанның көбін - ақ үндетпестей, улы шындық айтты.
Керімбек ішінен «Мың жолдас жақсы, мың жолдастан бір жолдас жақсы» деп отырды. Тайлақбай жауапты отырып барып айтты:
— Рас, жатық айтсаң жағымпаз, тік айтсаң тұрпайы атанасың. Басыңды серпіп іске кіріс, ағайын. Аруағыңды шақыр да атқа қон! Ендігі сөз — ұрыны түн асырып, бөріні қыр асырмай қуғын салу. Батырлық білекте емес, жүректе. Ел күйінгенде күйіне білген — сол батыр. Алдымен «мен мұндамын» деп бір түйінге түйілсең, сонан соң орайы келген оңтайлап, қолайлы келген қорғайлап, қалған іс өз ыңғайына қарай бола жатады. Кәне, не дейміз? Не дейсіздер?
Жұрт сәл ұйлығып қалып:
— Уа, енді не айтасыңдар, ерейік!
— Айтқаныңа барайық!
— Ел мақұлға біз мақұл!
— Сөз мынау де де, бастай бер!
— Ел ергенге біз ердік, не сөз бар! — десіп тұтас бетпен қаулап, дабырасып кетті. Осы екпіннің ішінде Бурабай, Қотыр Әбділда сияқты Дербісалы кісілері де бар болатын. Бурабай көп ішінен суырылып алдыға түсе сөйледі.
— Ay, Тайлеке! Бұл ағайының тауып айтар ақылы болса ұзақты күнді кеш қылмай айтпас па еді. Көп білмегенін көнектің түбін тескен көнеден сұрайды. Ұйлыққан жұрт көргені бар данадан сұрамай қайтеді. Өздеріңізден артылатын ақыл жоқ, «сөз мынау» де де бастай бер. Осыған ер де, ереміз.
Шерудің Биеке табынан келген Есімжан баласы Сауырық және Қыдырбек, Манақ сияқты кісілер де осындай бір бет, бір ниетте қысқа, кескін сөз айтты. Оң қатарда жасыл доқаба, ұйғыр тақиясымен отырған жалпақ бетті, талпақ мұрын қара кісі, шеруді осында көшіріп әкелді дейтін Көмекбай хажының бел баласы — Манақ. Ешнәрсеге желп етпейтін Абдолла осы уақытта бір-ақ қозғалып, жарқаштана шығатын зор дауысымен үйдегінің бәрін баса сөйлеп:
— Елмін десең, қылша мойның талша болар жер келді. Сал барыңды! Еліңді ебелек, еріңді көбелек демей, топ ортаңда әлпештеп отырған қызыңды тартып әкеткеннен артық қандай жаза тартқызады саған! «Әлет» деп бір аттанып көр, сөз сол! — деді. «Әлет» шеру ұраны болатын. Абдолла үкіметтің шеруге қойып отырған «оң көз» өкіліндей болса да, ертеңгі күніме қалай болады деп мына сапарда елді бастаудан қаймыққан жоқ.
Тоқтам осы болды. Енді біразда соңғы қымыз алдыға келіп, іштегі осы қимылмен қабат үй сыртында көп аттың ерлері алынып, іргеге дүрсілдей, үзеңгілері қағыса, сылдырап жиналып жатты. Арада аз уақыт өткенде қонақтар тегіс жатып болды. Керімбек пен Тайлақбай былайғы бір оңаша отауға келіп, Мақсұтқа арыз жаздырды. Үлгі бойынша арыз басына:
— «Біз ки, шеру руы арыз береміз. Күре Шян-жың- фуының Шянь гон! — Ма - шянь гон полковник жанабына» — деп қойылды. «Біз қазақ деген ел бірінен-бірі қыз алуда үлкен достықпен құда болып, зор татулықпен береді. Қыз дегенді алып қашпайды. Ал алда-жалда жазатайым ілгерілі - кейін заманда ондай қыз алып қашу бола қалса, ол бүкіл рулы ел атына кек болады. Қыз жөніндегі кек сөнгені қазаққа елдіктен айрылғаны! Сонымен өштік қозып, барымта алысып, ел шабысады. Кісі өледі... Жылдар бойына созылған дау кетеді»...
Тайлақбай мен Керімбек кезектесіп осыны айтып келгенде Керімбек:
— Ол жағын ана жылғы қызай қызы «Мәруан - бәнудің дауынан» өзіңіз де жақсы білгенсіз, көргенсіз,— деп жаз дегенде, Мақсұт жазуын тоқтатып, кірпік қағып жіті ойланып қалды. Ортадағы тас шам түбінде шынтағына жастық қойып жатқан бойында төрдегі үлкендер жаққа кеңес тастап:
— Әке, осы жерін қызай қызы демей-ақ қазақ қызы дейік те. Қазақтың өзін білер-білмес болып отырғанда қызайды айтып басын ауыртпай-ақ қояйық,— деді де, қағазға сол өз ойын түсіре берді.
«Ал біздің қызды әкетуші кім? Бұл қазақ тарихында болмаған өте бір жат, кездейсоқ іс. Бұл үшін ел болып дүрлігеміз. Міне қызымызды үкімет адамы — Мамозы полиция сұрақшысы, қытай жігітіне алып қаштырып отыр. Қазақ «ет сасыса тұз бар, тұз сасыса не бар» дейді. Шыңжаңдағы барлық ұлттың құқық, теңдігіне бірдей көңіл бөліп отырған үкіметіміздің әділ заңынан және патша ағзамымыз — Жан - қайшының теңдессіз ұлы рухы мен өз мәртебелі құзырыңыздан бүкіл шеру теңдік іздейді» делінді. Қай-қай заманда болмасын Гоминдаң билеушілерінің құлағына тәуір тиетін «ұлы дана, теңдесі жоқ, кемеңгер басшы, әділ заң» дейтін сөздерін әр патшасын көрген қарт Тайлақбай әдейі қостырып отыр. Жылт етіп сорпа бетіне бүгін шыққаны болса, ертең солай жер-көкке сыйғызбай, жалаң атын жанама дәріп, жорғасымен қоршалап сөйлеп, жанай шауып отыру қажет. Сол сөздің өзін қол қусырып әлденеше тағзыммен айту олардың құлақ құрышындағы ең қышыған жеріне тиіп отыратынын әр заманын бір көрген Тайлақбай пәмдеп алған-ды. Осындай екі арызды жазып болып, бұлар сыртқа шыққанда жаздың қысқа таңы сібірлеп атып келе жатқан. Қылаң беріп түріле бастаған шығыс жиек сол күншығыс әлемінде көп жұлдызды жүдетіп, дүниенің тағы бір күндік жарық отауын кезегімен әйгілеп келе жатты. Сызылып атқан жазғы таңның, тіршілік жұмағындай таза таңның етке тиген жібектей рақат тынысы бар. Моншалы сай жақта ұйқысынан оянған әлде бір жалқы елік бәуілдейді. Мынау таңда йен сайдың ұйқылы көзіменен үн беріп табиғаттың жабайы нәшін пәш етеді. Арыз соңына бүгінгі бас құраған адамдардың аты тегіс тізілген. Өзді - өз аты-жөндері тұсына мөр таңбамен бір-бір түрткен қызыл - ала саусақтар басылды. Енді бірлі-жарым Молтаңдай қарт қариялардан басқа бар топ тез қамданып, ерте салқынмен ат ерттелді. Осы уақытта түнде, жатарда жан-жаққа жіберілген хабармен бар атыраптағы елден іске татыр жігіт-желең, сайлы азаматтардың да алды келіп қосыла бастаған. Осылай бас қосқан жиын кешікпей Мазы өзенін төмен құлдай жағалап, өзінше бір замананы паш етіп, толықсып жүріп кетті. Біразда күн көтеріліп келе жатты. Гүлді шөпті қуалап сырлы қанат көбелек сапырылысты. Бұлаң құйрық, жел - аяңмен асығыстап тартқан көп аттының алдында: Тайлақбай, Керімбек, Абдолда, Қыдырбектер. Тайлақбай өз қасындағыларға бір нәрсе айтып бара жатқан сияқты. Қазір бұлар келе жатқан кең алқапты таяғымен орай көрсетіп, осы үлкен аңғар мен екі жақтағы кең қапталдарды орағыта нұсқап барады. Ортаңғы топ енді соларға жете жүрмек болып, аттарын тебініп, желетекіріп келіп, артқы жақтан қосылды. Жақында шеру ішіне сырттан келіп қосылмақ болған матайларға осы өңірден қыстау мекен берілмек екен. Әзір жолаушылар Керімбек ауылының екі аша деген көктеу қонысына жеткен. Матайларға берілмек жер де осы алқап. Арғы беттен әйгілі 1932-жылғы ашаршылықтан қашып ауып келгендеріне он шақты жыл болса да, әлі мекен-жай тауып орныға алмаған көп ауыл матаймен Керімбектің уағдасы бар-ды. Осыдан бір ай бұрын Керімбек Күреде сол матайлардың ұлық кеңесіне арыз енгізіп, өздерінің бұл уақытқа дейін кірме болған бұратана күйлерін шағып, өкіметтен көмек күтіп жүргендерін білген. Матайдың бұл тілегіне онша көңіл бөле қойған кеңсе болмайды. Тек Күреге жақын маңдағы қызайдың: таймас, торғай деген руларына немқұрайды білдірген көрінеді. Бірақ, олардың басты кісілері өз жер - суларының тарғалаңдығын сылтау ғып құшақ жая қоймайды. Ал бергі Қорғастың албан, суаны болса бұлар да өз руларына келген аталас, наймандарына әлі толық жер-су тауып қоныстандыра алмай жүргендерін айтқан. Соны білген Керімбек матайға өздігінен жалғасып сөйлесіп еді.
Тегінде, матайға қызай, шеру екеуінің туыстығы бірдей.
Шежірелі ел тарихы ұлы жүздегі аты әйгілі «Қасиетті - Ана» саналған Домалақ енеден Қызай қыздың туғанын айтатын. Сол Қызай қызды матайдан тарағанда шығатын Құтым, Шағыр деген ағайынды екі кісінің кішісі Шағыр алады. Бірақ Шағыр аты шықпай бұлардан тараған ел шарапатты әйел — Қызай нәмімен кетеді. Ал Шеру — Құтымнан. Сонда Шеру Қызай - анаға қайнаға баласы. Олай болса жалпақ жатқан жиырма төрт болыс қызай елі алақандай аз шеруге іні есепті. Мына келген матай, сонымен түбін қуғанда, қызай мен шеруге бірдей бауыр болмай ма. Осыдан екі күн ілгері сол матайлар Керімбекке кісі жіберіп, өздерінің осы жазда көшіп келетінін білдіріпті. Кейінгі топ жеткенде Тайлақбай соның жайын сөйлеп, аяңшыл аттың үстінде таяғымен мол аңғарлы кең өлке бойын тұтасымен шолып:
— Берем десең осы мына жатқанның бәрін бер сол ағайынға. «Қонақты атқар, қырсықтан құтқар» деген. Ел мен жерден ажырап, аумақ — ғаріп ісі. Ол тұрмақ күннің күні келгенде мына тұрған жерімізге іш аңырап, өзіміздің қабырғамыз сөгіліп кетеді. Тау-тас түстен шықпайды. Шіркін, кіндік қаның тамған жерге дүниеде қай ұжмақ тең келер! Еліңдей ел табылар, басыңды бала күнде жадылаған жерді ұмыта алмайсың! — деп келеді екен.
Тайлақбай шеруге келгелі қырық жылдан асқан болса да, туған жеріне күні бүгін аттап басып, ат ізін салмай қойған. Баяғы бір кешілмес өкпе тап бүгінгідей болып, ешнәрсені ұмыта алмайтын зейілі қатты жанның жүрегінің басына беріштей бекіп қалған. Қайтпас жағына беттеп кеткен сертшіл кеуде көмейінде қылғынтқан ащы түйіншекті зорлықпен жұтып, бір бетпен ұзаққа әкете беретін. Жазылмас қылтамақтай, ешбір күш қайта орнына қоя алмас — өмір жарасы. Тайлақбайдың бұл мінезін шеру үлкендері жақсы білуші еді. Өзге емес, тіпті ағайын-туыс өліміне де аяқ баспай, бармай қойғанын өзара бас шайқап әңгіме етіскенде: «Әй, әй, патша де! Зейілі темірдей! Темірі қатты кектіні көруші - ек, бірақ кектінің дәл мұндай тектісі болады демеуші ек!» десетін. Және соның орайына Тайлақбайдың шеруді паналап, тіпті өмірін аяғына дейін осында өткізбек үшін жүрген әз қонақ екенін ескерген ойлылар «мейман жолы бар» деп құрметтейтін. Рас, өзгелердей қора толы қойы да жоқ Тайлақбайды тұтас елге сыйымды, аға ететін күш оның тас кескен әділ, киелі тілі, турашыл қазылығы еді. Тегінде Тайлақбайды ет - бауыр ағайын-туғаны ортасынан өзге жаққа бездіріп әкетуші құдіреттің өзі де, оның осы жүрек діні болатын.
— Қазақта «ел шетіне шықпаған, ешкі дауын дауламаған» деген сөз бар,— деп жаңағы мұңды сөзден кейінгі сәл тыныштықты Тайлақбай өзі бұза берді: — Таймас пенен Торғайың — «ел шетіне шықпасам, жаудың менде несі бар. Ала жібін алмасам, даудың менде несі бар» — деп, құйрықтарын өз отырған орнына нықтай түсіп, шегеленіп отырғандар емес пе! Күн жауында құймышағын үйге тыққан ешкідей, ондай адам өз орнында тыныш жасай алғанын табысқа, ұтыққа санайды. Бос белбеу бодандығын жер танымас етек - бастылығым демей, «тыныштығым» деп білетін шегіншек шама, қайта сонысының өзін сенен артықтығына жатыстырады. Неге? Оның ой - бойындағы өлшеулі қалжа өзінде бардан артықты дарытып ұққызбайды. Майға орап, «әке» десең де ұққызбайды! — деп ашынып келе жатты. Бағанағы Таймас пен Торғайдың Матайға қойын ашпаған домбайлықтарын күйініп сынап келеді екен. Астындағы аса бір аяңшыл қара құлақ сұр ат бәрі аяңмен сыпылдап, өзге жылқыны жүрісіне шақ келтірмейді. Өз басының бір бітпес асығысы бардай, ара-тұра иек қаға шұлғып тастап, дамылсыз лыпып тартқанында, Керімбек мінген тоқпақ жалды, топ құйрық үлкен ақсары атты едәуір жорғасымен шайқалтып, өзгелерге де қузау салып, көбісін бүкек - бүкек, өбектете желдіріп келеді.
Бұлар дүңген ауылы — Мұштайзіге күн ұлы сәскенің шағында келіп жетті. Мамозы үйінде екен. Үстінде жібек түстес ақ жылтыр мешпеті бар, басына түс кестелі, құлпырған қара доқаба тақия киіп отырған паң — Мамозы қақпа сыртына келіп, «сөйлес» тілеп тұрған қазақтарға өзі шықпай шабарманын жіберіп, жауаптасатын кісісін іштен тосты. Үйге кірген төрт-бес кісі ішінде жастан — Мақсұт бар еді. Кісі отырарлық тор жақ кең екен. Бір бүйірде тысырайып отырған Мамозының саспаған, сызды қалпы бар. Тайлақбайлар Мамозының сызылып тұрегелген кербоз әйелімен амандасып, өр жақтағы бос орынға шығып отыра берді. Қазақтармен тұйық сәлемдескен Мамозы:
— Е, қош келіпсіздер, ағайын? — деп міз бақпай отырып Тайлақбайдан бастап көз тастады. Көзінің арт жағы құйрықтанып, сығырайыңқырап қарады. Есік жақта состиып тұрып қалған әйелі қасында қызы да бар. Көзі сүзіле, қылмиып өскен бойжеткен үнсіз, тұңғиық жандай... Бірақ соның есесіне бағын байлаған әкеге ерегескені ме, немесе «ақсақ арлана - арлана аяғымен аспанды тепкісі келеді» демекші, қорлану шегіне жеткені ме, бұл уақытта маңайға «жөзөкшелік» аты шыға бастаған жастың өзі болған. Гауһардан алқа -моншақ, алтын сырға тағынған. Өзі аппақ. Аяғына күлгінді - жасыл жібекпен қазтабандап гүл шеккен дүңгені болып іліпті. Бұдан төрт-бес жыл бұрын, уыздай жас балалық шағында, Ма-шянь гон қызықтаған бейбақ қыз полковниктен сыйға алған алқаны мойынға кейінгі жылдары тағатын болған.
Мамозы үйде жалғыз емес, қасынды атшабары бар. Жүкке сүйеулі қайқиған сарала қылыш тұр. Қысы-жазы қожасынан тізесін бір елі ажыратпай, бірге жүретін, көзі буылтықтанған, бәлеқұмар қытай шабарман.
Тайлақбай Мамозыға қарсы жүгіне қолын бүйіріне қойып, еңсеріле отырып:
— Қош, Мамозы мырзам! Біздің неге бүйтіп сабылып жүрген сарсаңымызды білесің бе?! — деді. Қара манат қиюлы үлкен ақ қалпағын көзіне таман киіп отыр.
— Иә, қош келіпсіздер. Айта отырыңыз! — деді Мамозы да.
— Айтсақ, ендеше антымыз осы болады. Арылып кетер ант деп біл. Сенімен біз ежелден бірге жасап, бірге өсіп отырған халық едік. Балаңмен бала, қызыңмен қыз таныс, аралас отырған, қатар жолдас халық едік. Бұл отырған дүңген - шеру екеуінің арасын әу бастан бұзған да мына сен едің! Әйтпесе, жайлап қалған жер жадысы бір, сыры ортақ ағайын ел болып келдік. Бүгін сен біздің мына бетімізді арт жағымызға бітіріп отырсың! Сүңгі жарасы бітер. Мына жараң қайтып бітер сенің! Қай жерге жеткізіп тоқтар!
— Мен мұныңды білмеймін, Тайлеке. Көруші, білуші бар ма? Кеше де жіберген жігіттерің келіп ойран шығарды!
— Көруші, білуші болса, қанды мойын айыпкерім боламысың! Мойныңа құр тағайық па? Осынша ел босқа сенделетін сенің көзіңе ебелек көрініп отыр ма! — деп Тайлақбайдың қатарынан Абдолла да шабынған бурадай түнеріп қарады.
— Ой, шеру ағайын, байқаңыздар,— дей түсіп, Мамозы қызды өзінің інісі — Рахим бастаған қарақшылар әкеткенін әлі білмейтінін» байқатқысы келеді:
— Анық сол Рахимдар болмай шығып ұятқа қалып жүрмейік. Ашуланғанда көз қызарады. Ашу басылған соң, бет қызарады, деп қазақ өздерің айтасыңдар. Соның кері келіп жүрмесін. Кісіге көздерің жеткен соң, жабысыңдар!
— Олай болса басқа сөзді біз де қояйық, айтқаныңа нанайық, осы қазір бізбен бірге жүресің! Ақ пәгіңді айқындап ашып бересің! Сөз сол! — деді Керімбек. Тәжікелесуді қойып, іс тынар жағын күйттеген. Керімбектің «бірге жүресің» деген өктемдігі Мамозының намысын келтірді. Шамына бұл сөз тигенде сақалын серпи қарап:
— Е, ие, мен не деп жүрем! Жүр дегенге жүре сап, кім деп тұрсың мұндағыны! Өйтсеңдер өздерің айтып тұрған ебелек мен де емеспін, кәні, күшің көп болса байлап апар!
Керімбек «жазғанның бір тайпы елге басын айырбастамай отырғаны - ау!» — деп ойлады. Мынау сөз қазақтардың көңілін уақыт шоқпарымен ұрғандай етті.
— Ей, Мамозы! Уақыт деген опасыз, адамның басына кезегімен келеді. Сауысқан дейтін құс қолға сақтығынан түспейді, сұқтығынан түседі. Ерге ердің сексенінде ісі түседі,— дейді қазақ. Өлмегенге бәрі болады дегені. Күннің күні келгенде тағдыр жазып, жазатайым ісің түссе, сендейге қандай адамның мейірі түседі? У жасауды қоймаған удан өледі, соны ұмытпағайсың! — деп Керімбек арылған сөзін айтып, орнынан көтеріле берді. Сақалы шанжауланып, талданып кеткен көзі еді. Қазақ кісілері орындарынан бір сәтте көтеріліп, түрегеп бара жатқанда Мамозы күйек сақалы қауқиып, епсізденіп отырып қалды. Бұл кезде қақпа алдында Мұштайзының қыбырлаған бар дүңгені жиналып алып, көшеге адам сыймай кеткен. Жүз үйдей ауылдың үлкен-кіші, еркек-ұрғашысы, қатын-қалаш, қыз-қырқынына дейін осылай қарай елбектей басып жетіп, үлкен көк қақпа алдындағы көп қазақтың сырт - сыртында топ-топ боп ұйлығысып бір-бірінен:
— Са-са? —деп сарасып үсті-үстіне қосылып молайып жатқан.
Жақтарын айналдыра қабындатып әндижан сақал қойған көп байлар лезде атқа мініп, анадай жақтан оқты көзбен ата қарап, үйірілісіп тұр. Және солардың сырт жағында анау қалың бау ағаштың далдасын тасалап, іс артын тосып тұрған сойылды, мығым жігіттер де көп. Шаштарын қос бұрымдап өрген, шоғыр - шоғыр, үрей жүзді қыз, қатын және сондай мол -мол жаяу топ еркектер Мамозы дарбазасының алдын бермейді. Келіп тұрған жүз шақты қазақты сан молдығымен өшіргендей кернеп кетті. Іштерінде екі шекесі қысыңқы, қушықтау келген, шот маңдай тұқымдар ұшырай түседі. Ішінара бітік көздеу, шапақ балалар да атты қазақтарға бастарын шалқайта, таңырқай қарасады. Тайлақбайлар үйден шыққан соң, шеру кісілері дүңген жиылып қалдырып, тежелмей жүріп кетті. Беталыстары Күрс.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
1
Былтырғы жаз. Керімбек ауылы қаз қалпында бүгінгі дәл осы қоныста отырған болатын. Түс ауған шақта табиғаты алмағайып Жоңғар жазының көк шатыр аспаны ап-ашық тұрып, бір мезетте Сынтастың биігіне түңіліктей қара бұлт шықты. Сол-ақ екен, әп-сәтте таудың басын түнертіп, әне-міне дегенше жайлау аясын сатырлаған қалың нөсер, сел жуып кетті. Жып-жылы бір жауын шүмектеп құя жөнелген. Қызық еді. Тағы біразда тіпті тау үстінің тұтасқан күн күркілі әлі басылмай жатып-ақ, мына жақ қайтадан шайдай ашылып, жарқ ете түсті. Өлкені енді бір өткінші, кесек-кесек нұр жаңбыры алып тұрды. Күліп шыққан күн сәулесінде айрықша ірі, сирек тамшылар гауһардай жалтырауда. Өтер бір дәуреннің шаттық көші, елесі тәрізденген. Осындай бір жүрекке қуаныш толтырған көркем шақта үлкен ауылдан қос бойжеткен шығып, сейілдеп оралуға бара жатты. Бас жақта анау көрініп тұрған «Моншалы сайға» таман аяңдаған... Аспан - жер, тау - табиғат қайтадан жаралғандай бола жуылған. Жайлау, жаратылыс құлпырып, көркіне енген, кіршіксіз сұлу дүние. «Моншалы сайдың» кіре беріс ауызында көз тартып, жауыннан соңғы ғажап бір көкбоз мұнар торланған. Қарағайлы, қайың, терек, орманды сайдың шыға берісіндегі Қапшағай - қысаңға ілінген көкшіл құрым, тозаң пердесі күн шұғыласымен бозғылданып тұрды. Сай ішінен жотаға қарай доғалана асып кемпірқосақ құрылған. Түс жібектей, күлгін, көкшіл, сарғылт, қызғылт жолақтары жүйеңді қытықтардай жарқырай созылып тұр. Жаңағы осылай қарай жақындаған екі қыздың бірі Гүлназым еді. Бір мезетте ол сай ішіне қарай оқыс елең етіп, шұғыл тына тоқтап қалды да, қабағын кенет шытына, қасындағы қызды да қолына қаға бере:
— Тоқта! Тоқташы! — деп әлденені аңтарыла тыңдай қалды. Гүлназым есіткен үнді қасындағы қыз да аңдап қалған екен:
— Бұ не?.. Бұ не? — деп, о да қатты аңыра құлағын тіге қалған. Ойда - түсте жоқта иен сай ішінен бұларға әлде бір таң-тамаша ғажайып үн жеткен... Қыздар ә дегенде тұтқиылдан үркігендей, секем алысып қап еді. Соңынан сәл ес жия беріп аңғарса, айтылып жатқан әлде бір ән екен... Айрықша сұлу, егіле, сыңғырап әйел үні шығады... «Бұ не, не хикімет» деп ойлағанша соншама бір тәтті үн еліктіріп әкетіп бара жатты. Орындарында қалт тоқтап, тырс етпей қатып тұрып қалған екі қыз есі шыққандай, әлі де:
— Бұ не?! Бұ қайда?!
— Қайда? Қайдан шығып жатыр?! — десуге ғана мұрша тапты.
Белгісіз бір сыбыс сезген үйірлі аң жусап жатқан орнынан қас қаққанша атып-атып түрегеп шоқтай иіріліп, үркердей бола қалмаушы ма еді. Қыздар тап сондай болған. Осы сәтте екінші қыз жұлып алғандай:
— Ой, айтпақшы, ноғай... Ноғай келді деген! Бүгін осында ноғайлар келді деп еді ғой,— деді.
— Е - е, патипон! — деп Гүлназым да саңқ етті. Бұлардың «ноғай» дегені жаны бар сөз болатын. «Моншалы- сай» — табиғаты тамылжыған, көркем мекен. Осында Құлжадан татар жігіттері мен қыздары жаздық демалыстарын өткізбек үшін, әрі жаз бойы алма -өріктен, таңқурай, қарақаттан қақ жайып, варенье қайнатуға келген... Ауылдағы біреу бағана күн жаумай тұрып солардың арбамен жетіп түскенін хабарлаған.
Жауын алдында бастарына шатырларын тігіп үлгеріп, сай ішіне солар орныққан-ды. Қыздарды қайран қалдырған жаңа басталған ән — патефон әні еді. Ол атақты татар әні — «Зулайха» болатын. Гүлназым Құлжада таныс татар үйінен патефонды көргені болғанмен дәл мынадай гармонмен айтылған сырлы әнді әлі естіп тыңдамаған. Назды әуен қазір бірден - ақ Гүлназымның құлағына емес, жүрегіне шарпылғандай болған-ды. Сөзі ұғылып жатпағанмен ән сонша бір тәтті мұңменен емірене қалқып шырқалған. Тез бітетін «Зулайха» аяқтап барып үзіле бергенде:
— Ойпырым-ай! Бұл не ғажап өзі! Осы шынымен-ақ адам баласының айтып жатқаны ма?! — деп Гүлназым тынши алмай тұр. Қолы ұшымен кеуде тұсын басып, аңырып қалыпты. Егер ұжмақтың сыңғыраған әншісі туралы асқан дәріптеу уағызы айтылса, соны «осындай-ақ болар» деуден тайынбастай халде - тұғын.
Гүлназым бұл сайдың ішіндегі адамдарды осыдан екі күн өткенде көзімен көрді. Күншығыс бетте сыңсыған орманды «Көкшұңқыр» дейтін нулы жер бар. Жемістің молы сонда. Ертеңгі шақта ноғай жастарының жаяу тобы солай беттеп бара жатты. Бары оншақтыдай екен. Жігіттер қасында еркін жүріп, қызылды-жасылды сәнді киінген мынау ерікті қыздар өздерінің осынау сейілді, бейбіт бойларымен Гүлназымдай қазақ қызы көзіне өзгеше бір жастық, жарастық көркімен ұшырағандай еді. Әнегүнгідей әнді айтқызып, осындай азат, күндеусіз тазалықта жүрген ұлт жастары Гүлназым үшін бейне ертегі адамындай көрінген. Көңілдері сол асыл саз - әуендер сырына толы, ерекше жандардай сезілген - ді. ...Кейде қоңыр кештерде тыныштыққа мойынсұнған дүниені мұңға батырып, құлази аңырап, «Моншалы - сай» ішін гармон мен ән тұндырады. Өлкенің түнге айнала ғайыптан туатын әлдене тіліндей жұлдызды аспан астында жалынды сырын ашқандай болады. Мұнан бұрын Гүлназымның өзіне де белгісіз болған әлдебір құпия арман ынтығын, өрісін ашқандай етуші еді... Бірақ бұл шақ ұзаққа созылмады. Аз күнде жердің оты қашаңдап, ауыл таудан - тау асып, тор жайлау «Майқанға» көшіп кетті. Шеру елінің шынайы «ұрып жығар» қымызды ішіп, бағлан қозыны майқаңдап жеп қайтатын, ең шыған жайлауы; аю жүн бетегесінің қалыңдығы кілем түгіндей осы Майқан. Гүлназым өзі айтулы әнші болатын. Ендігі уақытта сол өзі айтатын әндерге оңашада, өзінше отырып шырқап салғанында бұрынғыдан көп өзгеріс тапты. Ол өзін барынша құштар әншімін деп білгенімен, сол ән құдіретін анық шындап енді ұққандай еді. «Әннің зары болады екен - ay» деп ойлады. ...Жаз өтті. Күз өтті. Енді, міне, қыс та жарымдап бара жатты. Бірақ уақыт озғанымен сезімшіл әнші көңілі сона бір ғажап әнді ойдан өшіріп, ұмыта алмады. Ұзақ сарылаған ақ қарлы қыстың кей салғырт күні жасыл желек жамылған шат-думанды жазды еске түсірсе, сонау бір «Моншалы сайдың» шыға беріс, қысаңына тұнған көкбоз мұнар тозаңымен, сондағы сағынышты сұлу әнімен қаз қалпында әкеп көз алдыға тартатын. Сөйте келіп ақыры биылғы осы жазға ілінді. Ауыл байырғы жұрттарына қайта қонды.
2
Арада бір он-он бес күн өткенде былтырғы татар жастары да бәз - баяғы қалпында қайта жетті. Гүлназым ауылда үлкендер жоқ бір күні, түс ауған мезгілде қасына жолдас қызын ертіп «Моншалы - сайға» қарай бара жатты. Беті жабылған үлкен табаққа толтырып құрт, ірімшік, сықпа, май салған. Ногай жастары бұл қонақтарды шын қуанып қарсы алды. Қыз-жігіті демей қарбаласып бірі су әкеп, бірі от жағып, әбігерленіп қалды. Тамақтан бұрын алдымен қатарлап бал, варенье қойған дастарқанға қонақтарын шайға отырғызды. Қазақ қыздарының қарсылықтарына қарамай тездетіп палау да басылайын деді. Биылғы келгендер алты - жетеу ғана екен. Үшеуі қыз. Бір-біріне алғаш мейман болысып, екі басқа ұлттан бас қосып отырған осындай сыйлы жастар қос шатырдың ортасындағы кең көгалға жақсы төсеніштер төсеп жайғасқан-ды. Гүлназымдарға ноғай жастары бір түрлі қызық көрінеді. Түрлеріне, болмыстарына қарай, әлдебір басқашалықтары бар сияқтанатын. Өзгеше сезім сипаты бардай. Бәрі де тетік, сергек, дәм тағамдарын қонақтарының алдына таман ысыра түсіп, әсіресе қыздар жағы:
— Ашаңыз! Ұялмай ашаңыз! — десіп, барынша жігі жапар бола өтініп құрмет көрсетеді. Қазақ қыздарына оқыс көрінген бір жай — қыз біткеннің барлығын секитіп жоғары отырғызып қойған.
Гүлназым іштей қысылып «тасқа шыққан ешкідей болдық - ау» деп отырды. Осындай түрдегі бір - бірлеріне ғайыптан пайда болған екі ұлт жастары екі жақтың киім киіс үлгілерін де іштерінен қызық көріп қарасады. Білдірмеген болып жәй көз салса да, қала тәрбиесімен киінген татардың жас, өрім тобына қазақ қызының кестелі етек ақ көйлегі тосын шалынады. Етек-жеңіне желбір салып қатарған, қос етек, ұзын, кең ақ көйлек пен қынай бел қара кәмзол оқшау көрінеді. Ал олардың қазақ ішінде «шолақ етек ноғай» деген аты бары Гүлназымдарға да енді түсінілген. Өздеріне үлкен көңіл сыйын көрсете келген қонақтарының тосырқап, қымсынғандарын аңғара, бұларды қадір тұта, жиі-жиі дәм алғыза отырып, ноғай жастары өзді - өзімен қыз демей, жігіт демей жарыса сөйлесіп кетіседі. Кейде тіпті бір-бірін тоспастан ерсілі-қарсылы жамыраса дауласып, әлдене үшін көңілді, қызу айтысып та кетеді. Қыздары да сондай сөзшең. Бірақ бұлар өз іштеріне мынадай қонақ келгенге өте көңілденіп, сонша ырза болса да, мейман қыздардың шәйді аз ішкен тартыншақтықтарына қанағаттанбай қалысты. Шат шырайлы достықпен қауметтеген дастарқан басы шай шолақ аяқтай бергенде оп-оңай солғын тарта қалды. Гүлназым ногайдың сөзімді жігіт, қыздары өз пейілдерін өткізе алмағандай болып, тосаңсып қалған кезде, ортаға олар ойламаған өзге бір көңілділікті өзі шақырып, дәл осы арада күтілмеген оқшау тілеу айтты. Әрі бұл отырған татар жастары күтпегендей өткірлікпен, бәрін де қайтадан елең еткізіп, жақсы тілмен, орынды тілегін аңғартып: Сіздерге біз риза болайық, қадірлеулеріңізге зор рақмет! Сіздердің бізге көрсеткен үлкен құрмет, сыйларыңыз сол болсын, патипондарыңыздың өлеңін, жақсы ән-жырын естігелі келдік,— деп еді, олар қайта жамырасып:
— Ә-ә, патефонны әйтә икән.
— Вот, мінә, көрәсің мә! — десіп, патефонды биыл алып шықпағандарын, осы жерде өте қатты өкініш өте сөйледі.
Гүлназым өз ойын әлі анық білдіре:
— Былтыр жазда сіздердің гармонға қосылып айтқан жақсы әндеріңізді әр кеш сайын тыңдайтынмын. Қайран қалып тыңдайтын едім. Әсіресе, бір қыз бен жігітке кезектестіріп айтқызатын жырларыңызды мен өзім жаным қалмай, жақсы көруші ем. Күнде кеште ауыл сыртына, жотаға жалғыз шығып отырып, осы сайдан жыр тыңдайтынмын,— деген.
Гүлназымның мынандай таңдандырарлық тілегін естіген ноғай қыздар кідіріссіз араларындағы бір жігітті қолқалай кетісті.
— Ғазиз, гармон, гармон ойна!
— Әсімә екеуің жырлаңдар,— десіп, тіпті Дәл сол сәттің өзінде қыздың біреуі орнынан ытқып түрегеп, шатырға қарай жүгіріп те кетті. Гүлназым оның пәруәнә бола ойнақтап жүгірген қимылына қарап «байланбаған құлындай...» дейтін сөзді еске алған.
Гармон келіп жаңағы Ғазиз атты жігіттің қолына тиген соң, бағанадан сөзге көп қосылмай сызылып қана отырған салмақты қыз сәнді қимылмен көтеріліп, Ғазиздің оң жақ жанынан кеп сыпайы жанаса жайғасты. Жыршы - Ғази әшекейлі көкала акардионмен сыңғырлата сағынышты «Зулайханы» бастай берді. Көзі ойлы, мінезді жігіт екені бірден білінеді. Әлде бір заманда, әлдеқандай — Зулайха атты ару қыз үшін туған әсем саз гармон тілінде бірден - ақ ыңыранып басталды. Осы кезде Гүлназым былтыр өзі алғаш рет естігенінен аудартпай, сонша бір сезгір, әсем сыңғыр, күміс үнмен мөлдірете Әсімә шырқап кетті. Ән — әлде бір асыл махаббаттың улы мастық шегіне жеткен жерден басталатындай. Іштегі бітіп болмас ынтызарлықтың тілімен жүректен шырқап кеткенде, жүректі таппай қалмастай. Соншалықты сұлу, таза сырымен, бар табынтқан нәзік мұңды назымен келіп, айтушының өзі бауырыңа кіргендей. Гүлназым тыныс тартпай, дем алмай қалған адам секілді. Тіпті орманды тау да бір сәт іш тартып, тынып қалғандай. Осыдан екі-үш күн өткенде Гүлназым ноғай қыздарын ауылға қонаққа шақырды. Өз үйінде оларға барынша жақсы сый көрсетіп, шын қимас меймандары етіп қайтарған-ды. Содан былай Гүлназым кейде қасындағы Ибадат деген қыз екеуі бірге әр барғанда мол ғып қымыз ала барып, Әсімәдан «Зулайха» әнін үйрене бастады. Ән ырғағы жібек талдай сұлу да, наз киелі. Нәзік, шырқау, тіл жетпестей дірілді сөзіммен еміренген тебіреніске толы. Әсімә шырқап салғанда өлшеу бермес ғашықтық қасіретімен мұңға бата аңырап кетеді. Ми мен жүректі сөзім тікеншелерімен шабақтағандай. Тамыр ұйып, талықсып бой балқып бара жатқандай етеді. Сансыз толқып, өксіп кеп, кейде өзінен қамыға сабыр тілеп, күрсінгендей болады. Өзіне-өзі жұбату, көңіл айтардай. Жүректі мұңға, назға, қиялға толған тәтті мастық уымен тек махаббат, ынтызарлық үшін ғана жаратқандай етеді. Гүлназым:
— Тіліңді емес, жанды сөйлеткендей! — дейтін. Тілдің ұшымен айтылатын, жіңішке орамы көбірек татар сөзі де тосыннан тыңдаған Гүлназым құлағына:
«Көзім түшсә көңілім түшми,
Сенән башқа бөтенгә»,—
деп бір түрлі әдемі, қайтарылардай болушы еді.
Бір жолы Гүлназым Ғазиз екеуі алғаш рет «Зулайханы» қосылып айтып шықты. Бұл әнді оттай жанған, шексіз құмар ынтықтығымен айтқан қазақ қызының сол өлшеусіз таза сөзімін ән құдіреті тудырған. Сонау баста, ең алғаш рет өз Зулайхасы үшін жырланғандай, соншалық құштарлықпен сезініп айтқан-ды. Гүлназым өзінің сол сәттегі бұл күйін өмірінде ешкімге дәріптеп айтып жеткізе алмас та еді. Бірақ осы уақыттарда тау қызының бұндайлық құштар, ыстық жүрегі сонша сөзімді бола тұра, оның қара қойын тағдырына бақытсыздық араласты.
3
Гүлназымды бір күні Әсімәлар үш қыз болып өзі іздеп келіп ертіп әкетті. Байырғы екі сүйікті қонағын бұндағылар шұрқыраса, қуанысып қарсы алды. Гүлназым десе бір Әсімә емес, ана сол жақ шетте отырған үкінің баласындай дерлік тостаған көз ақсары қыз Роза болмасын, немесе тісі ақсиып, үнемі күліп жүретін, жиреншаштау секпіл бет қыз — Гүлгәнә болмасын, немесе екі жақтап «бәраңгілерін» аршып жатқан орыс өңдес, шегіршек сары жігіт пен жыршы — Ғазиз болмасын, бәрі де шынайы достық көңілдерін қонақ қыздарына жасаған ізгі ниет борыштылықтары етіп сыйлайтын. Анау қазан астын еңкейіп алып үрлегіштеп, от тамыза алмай жатқан ойнақы мінез, сыбызғышы Ләтиф те Гүлназым өтінсе, қазір-ақ қиқылдатып беліндегі сыбызғы қурайын үрлей жөнеледі. Татар қыздар жұмысты көбінесе жігіттерге жасатып қойып, өздері мына жақта қонақтары қасында қымыз ішіп, қамсыз отырады. Гүлназымның көзі осыған үйрене алмайды. Қыздардың қасына арсаңдап, белінде осы сайдан кесіп алған сыбызғы қурайы бар Ләтиф келді. Кішкене бойлы, кейкі мұрын, көзі күлімдеген қара - торы жігіт ұшқынды жас екені беп-белгілі. Ол қыз біткеннің бірі емес, бәріне солардың кәдік бірнеңесін біліп, бір кәкірін шығарғалы тұрған адамдай көздеріне тесіле, күлімдей қарайтын. Гүлназымның қасындағы қарақат көз, Ибадат Ләтиф жаңағыдай қарап тұрып қалғанда өзгелерден ұялғанынан:
— Е, немене! — деп, бетін Әсімәнің қалқасына далдалап барады. Гүлназым сезгір қабағын сәл шытына өзу тартып:
— Ләтіп, сыбызғыңды тартып берші! — деді. Қанікеге ұқсап келген қызғылт сары жүзіне аңғарымды естілік беріп тұрған сабырлы қоңыр көзі бар, сүйкімді Гүлназымды Ләтиф жақсы көріп сыйлаушы еді. Гүлназым жаңағы өтінішті айтқанда, ол сөзге де келген жоқ. Өз ішінен бір күйді тауып алды да сыбызғының бұйығы үнін қиқылдата, қылғынтып үрлей бастады. Сарала қаз үніндей қамыға шығатын әуезге Ләтиф өз ішінен күй қосып, қабағын неше алуан құбылтып тартады.
Бір кезде екі шықшыты талып, жағы да әбден қарысты білем, қолдарын төмен қарай бір-ақ сілки түсірді. Гүлназым сыбызғының жапан түзден құлазып шығатын үніне сүйсінсе де, Ләтифтың жаңағы қиялданып тұрғанын қызықтап, бір түрлі дәрменсіз тірліктей сезініп:
— Қурайың не айтты, Ләтіп? — деп күліп жіберді. Көзінен сыр іздегендей ау - жәй бағып қараған. Ләтиф бір сәт те бөгелместен жауап орнына жырлай жөнелді. Қолындағы аспабын ән ырғағымен қоғамдай қозғап:
«Тал түбінде ятамын,
Ғыж-ғыж қурай тартамын»
— дей келіп, қураймен отырған қыздарды бастарынан асыра жайқай көрсетіп:
«Пайдасы иоқ шол қызларның,
Хасірәтләрін тартамын» —
деп әйтә дегенде, қыздардың барлығы ду күлісіп жіберді. Әсіресе жігіттер жағы қатты шулай күліп, қолдарын да шапалақтай қостады. Қыздар алғашында күлсе де, ес жия келе қызарақтасып:
— Әй, син міскін шұлай ойлайсың ма, ни?
— Қара бұны! Көзләрін тұтырып қарар икән — дә, бізгә,— десіп жатыр».
Ләтиф енді аяқ астынан жеңіліп қалған кісінің мойындай қойған бәсең сыңайымен:
— Ни әйтәсің инді. Қызны көрген жігіт қойны көрген бәрі кібік боламыз,— деп қыздарды әлі де қу тілмен тақымдарынан шымшый түскендей болды.
Гүлназым Ләтиф жырына еріксіз күлген. Оны жаңағы ең алғашқы ойымен әлде бір ғаріп, мүсәпірдей сезіндірген кеңілі енді тұп-тура, дәл келгендей болып, «тал түбінде қурай үрлеп» жатқан көзі де көз алдына елес ұрған-ды. Тапқыр жігітті өз ішінен жақсы достай таза көңілмен ыстық көре түсті. Міне, осы күні Әсімә Гүлназымнан бір нәрсеге келісім сұрады. Осы айдың ішінде болатын татардың «саман тойына» қонаққа шақырды. Соған қалайда бірге барып қайтуды Гүлназымды құшақтап тұрып, бетінен сүйе, жабысып өтінді... Бұны Құлжадағы өз үйімен таныстырып, осы жолы анық дос боп қайтпақ ниеті барын білдірді. Енді дәл бір аптада жүрмек екен. Гүлназым «болмайды» демей үйінен сұранып көретінін сездіргенде, жалғыз Әсімә ғана емес, ноғай қыздарының бәрі де «ура – а - а!» деп қол шапалақтап жіберген. Татар әні үшін Гүлназым да Әсімәмен жердің түбіне бірге кетуге бар. Бұл тілекті Гүлназым ең алдымен Қанікеге айтып көрген-ді. Ер мінез Қаніке қызының көңілін жықпады. Қазақ ауылы екі қызды секитіп өздерін ғана жібере алмай, қастарына төркіні сол Құлжада тұратын бір жақын жеңгелерін қосып беріп «барсаңдар, барып қайтыңдар» десіп жолға салды. Түс ауған мезгілде салтанат құрып, қос-қос атты, жез қоңыраулы екі жеңіл, сәнді арбаға тиелген, қыз-қырқынды шұбар топ «Моншалы сайдың» аузынан өзенді жағалай жол тартып жүріп кеткен. Шығарып салушы топ-топ ep - әйел, бала - шаға тамашалап, дабырласа сөйлеп, арбалар көзден ұзап кеткенше қарап тұрып қалған. Бұл елде жоқ жан -сәулеті қызықтырған, әтір исін анқытқан қоңыраулы арбаларын дүрілдете тартып кеткен жолаушылар шынымен-ақ көз өтердей әрі оқшау, әрі көңілді еді.
4
Міне, осы күні бұлар бір жан шошырлық апатқа ұшырады. Қос арба қалың түннің ішінде Мұштайзыдан төмен өтіп, ел шетінен ұзаңқырап жазық далаға ілінген. Түн тыныштығында «мен мұндалап» бара жатқан қоңыраулы «сылқым» арбаға төтеннен бір пәле килікті. Айлы түнде батыс жақ бүйірден, дәл өкпе тұстан айқасып, сойылдары қағысқан әлденендей топ атты сап ете түсті! Ерте күннен қам етіп, жолды күте торып жатқан болды. Жер астынан шыққандай дүркіреп, сатырлата шапқылап, үрейді ұшыра жеткен бойдақ, бөгеліссіз тие берді. Үнсіз жау екіге бөліне қос арбаны қамай тоқтатты. Бір жағы арбадағы аттарды шаужайдан ұстап, қалғандары тұс-тұстан арбаның жақтау ағаш арқалығын сойылмен ұра жолаушы біткеннің зәресін алып жіберді. Бұл бетте тірі қалады екеміз деп ешқайсысы ойлаған жоқ.
— Түс! Түс! — деп шолақ, қатал қайырып арбадағы еркектерді бір-бір ұрып, ес таптырмай, үш жігітті ілезде жерге түсірді. Әшейінде сәл нәрсеге жылап жібергіш әйел -дердің дымы шықпай қалған-ды. Сол ес таптырмаған бойда екі арбаны жетектеп бір шетке әкетті... Үш жігітті жолдың екінші жағына, жаңа өздері келген бетке таяқпен жоталарынан нұқып, үнсіз түртіп айдап берді. Бұларды жолдан бір шақырымдай жердегі шилеуітке бүкектетіп апарып қол-аяқтарын байлап тастады. Ауыздарын тығындады. Екі арбаны жолдың екінші жақ сыртына қарай жетелеп, шеттетіп бара жатқан. Жолдан бұларды да бір шақырымдай қиыстатып апарып, қалың шилі бір қойнауыт түбекке иіріп түсіре бастап еді... Өздері сарт-сұрт түсіп, аттарын тегіс арбаға байлап жатыр. Бұлар өзге қимылдың бәрінен бұрын алғашқы бетте-ақ Гүлназымды жұлқи сүйреп, шыңғыртып әкеп бір боз атқа көтеріп сала берген. Екі-үшеуі оны ер үстіне етпетінен салып тапжылтпай басып тұрды да тағы біреуі көз ілеспес жылдамдықпен атқа қонып та үлгірді. Сол. сәтте бұлар екеу болып ат басын әлде қайда түзеп жосытып тарта берді... Гүлназымды алдына өңгеруші Мамозы інісі — Рахим еді. Қасындағы Күре полициясының белгілі тергеушісі, көзілдірікті қытай жігітіне қолды етіп, шығарып бара жатыр. Осы іс үшін қанқұйлы сұрақшы Күреден өз жанына арнайы жеті шерік алып шыққан. Жаңағы бір үнсіз топ солар. Гүлназымды өз .қолдарына осылай түсірген сұрақшы мен Рахим өзге «қызыққа» қарамай тартып кетті...
Сұмдығы арт жақта болды. Жеті шерік төрт қыз, бір келіншекті шилі түбектің үйірім -үйірім қойнауына бес ліп әкетті! Жеке-жеке сүйреп, итермелеп үн-түнсіз бөле бастаған. Бұлардың ортасында тілге келген іштеріндегі жасы үлкендеу жалғыз келіншек Гүлназым мен Ибадаттың жеңгесі Дақан ғана еді. Өзі байдың қызы болғандықтан ауылда әр -әркімге тілі тигіш, қайын - қайнағаның да бетінен алғыш. Сол мінезі мұнда да байқалып:
— Ой, біздей боп жағалай жайрап қалғыр - ай! Кім еңдер бұ! Бізге көрсетпегің ылайым, қыз - қатыныңның алдына келсін құдая! — деп, баж-баж етіп бара жатты. Шаңқылдағанына қарап қарсылық шықса осыдан шыға ма дегендей боп, сөзін түсінбесе де, шеріктің екеуі екі жағынан осыған жабылды. Мұнан арғысы таң қылаң бергенше, болмыс - қылмыс атаулы аяспастықтың шегіне жеткен жезді шеңгелімен шешілді.
Рахим Ғазизбен таныс болатын. Соңғы жылда татар жастарын осы жайлауға келтіріп жүрген де сол. Былтыр алғаш «Моншалы сайға», оларды өзі орналастырған. Осындай орайда ол Керімбек қызы — Гүлназымның татар қыздарымен жақсы болғанын естіп, дереу Мамозыға жеткізген. Сол сәтте-ақ Мамозының өзегіне тыз етіп от тұтанған.
— Аналар «саман тойына» Керімбектің қызын қонаққа шақырсын... Қалайда алып шығатын болсын!..— деп, анық сойқанды ойын сонда-ақ бірден білгізген. Сонымен Рахим Әсімә қызға:
— Ана қазақ қызы, достыңызды саман тойларыңа неге қонаққа шақырмайсың?..' Солай етіп, тығыз таныс боп алсаңдар «қазақбайдың» зияны тимейді,— деп ақыл берген адамның шырайымен сөйлескен. Әсімә әуелі аңқайып қалып, сонан соң Рахимның өзінен бұ жөнінде кеңес сұрай сөйлескен.
— Қазақ қызы менің Құлжаға шақырғаныма бара ма?
— Міне, әңгіме осында,— деген Рахим төне түсіп: — Есіңде болсын, мықты адамның қыздары қорғаншақ болмайды... Мәселе сенің қандай дәрежеде қолқа өткізе алуыңда... Ең ашығы беделіңде...
— Онда, егер тек сол бару мүмкіндігі ғана рас болса, ол қызды, Гүлназымды үйге апаруға мен де сонша құмарланған болаp ем! Ой, қандай матор қыз десеңші. Ойымда жоқ нәрсені қалай айттыңыз!
— Онда шақырып достас... Әкесіне малдарыңды әкеп қосқызсаң, көбейіп, өсіп мына тауда жүре береді. Қала байлары сөйтіп байиды. Егер, тіпті болмаса құшақтап жыласаң көндіресің.
Әсімә «малдарыңды қосасың» дегенді естігенде «қолымнан ол келсе, әке-шешеме қандай пайдам тиетін болар еді» деп, ішінен сүйсініп кеткен. Соңынан Гүлназымды өтінішіне көндіргенде сүйінгенінен Рахимды данышпандай көрді. Оның мықты адамдар қызы жайлы айтқан шынайы сәуегейлік сырын еске түсірді. Кейін осы хабарды арнайы білуге келген Рахим сыр бермей, үндемей отырды. Сол кезде Әсімә:
— Сізге зор рахмет! Бізге, Ғазиз екеумізге қандай жақсы дос едіңіз! — деген, Ғазиз алдағы күзге Әсімәмен үйленбекші еді. Сондықтан Рахим Ғазизге қандай болса, Әсімәға да сондай еркін.
Тегінде, Рахимның Ғазизбен таныс болуы бір қызық жайдан туатын. Дүңгеннің сері жігіті өткен жылы көктемде Құлжаға барады. Қаланың «Ноғай город» деген жағында ол өзінің бір жолдасымен екі атты боп келе жатады. Қолындағы сәнге қондырып жүретін көк қаршығасы бір үйдің алдынан өтіп бара жатқанда ашық қақпа ішіне қарай кенет мойнын соза үңіліп, басын қылп-қылп еткізе қалады да, аңдаусызда лып беріп ішке қарай шүйіле жөнеледі. Екі жігіт дереу аттан түсіп кіргенше барқылдап жүрген жылтыр көз көкала үйректің мойнын қайырып салады. Үй осы Ғазиздікі болып шығады. Есті жас екен, өз үйіне ғайыптан мына келген байбатша жігіттердің қысылғанын байқап:
— Бүгін түстікке өзім де дәл осыны сойғалы отыр ем, өте жақсы келдіңдер. Қаршығаларың мүлде киелі болса керек, енді сорпасын ішпей кетпейсіңдер! — деп, бұларды болмай үйге кіргізеді. Толық танысады.
Әсімәні сүйіп жүрген көзі екен... Өзі көктем шағы... Махаббат дүниесі кеңдік, сабыр, кешірімге көңілін толтырған шағында жыршы жігіт қонағынан «сүйген қызыммен жаз жайлап қайтуға жақсы жер тауып бересіз бе» дегенді сұранады. Рахим өз ағасы Мамозының уездік өкіметте үлкен қызыметкер екендігін айтып уағда етеді. Соңынан былтыр осы татар жастары уағда бойынша Мұштайзыға жеткен соң оларды «Моншалы сайға» Мамозының қос-қос ат жеккен жеңіл арбасымен жеткізген. Ал биылғы жылы Рахим қарындасы Патиманы Әлидің інісі алып қашқалы Керімбекке тісі басулы. Адам алысу жақсы болса Керімбек қызы ауылынан қия басып қыдыра шықса көрейік деген сұрқия сертті байламмен Ғазизге келгіштеп тұрды. Бұл ауылдың көзіне түспей, кешке келетін. Және бұл орайда Рахимға өте ұрымтал келерлік Керімбек ауылының өзінде бір жансыз бар... Ол қысы-жазы осы ауылымен қоңсы отыратын Өмірбек деген адам. Негізінде қазаққа қаны шикі, Өмірбек, өз аты «Өмер». Дүңген баласы еді. Бұдан он екі — он үш жыл бұрын әйгілі «дүңген қашқан» деген төңкерісте Өмер 9 жасар бала болды. Гоминдаң өкіметі барлық ұлттарды дүңгенге қарсы аттандырған топалаң заман орнағанда Өмердің әке - шешесін қазақтар бірінен соң бірін қолға түскен нәрсемен қуалап жүріп ұрып өлтіріп жатады. Уақиға Құлжанның үстіндегі Ноғайты — Ойманбұлақты мекендеген Ерғазы ауылында болады. Ерғазының талабымен оның немере қызы бесіктегі Ұлжақанды келіндікке айттыра келген Керімбек шырқырап қашқан осы Өмерді көреді. Жас баланы қолына есіктің таянышын алып қуған есер қазақ байқалады. Керімбек құлындағы дауысы шыға, шыңғырып бара жатқан баланың бір жақ бүйірінен дауыстап:
— Ай, балам бері, бері қаш! — деп қойнын аша тосып тұрады. Жан ұшыра, шырылдап жеткен сәбиді шапанының етегіне орап қалады. Оны сол ауылда екі күндей өз қасына алып жатып, қайтарында мінгестіріп ауылына әкеледі. Оған көп алдында «Өмірбек» деп ат қойып, бала ғып алады. Кейін ержеткен соң, өзіне лайықтап қазақтан қыз әпереді. Басына қос тіктіріп береді.
Бірақ Өмекең соңыра таман қазаққа деген ішкі қанды кегін ұмыта алмай, Мамозымен астыртын жалғасып танысады. Анығында араға. адам салып азғырған Мамозы болады. Өзі әлі күнге қазақ ауылынан олай-бұлай көшіп кеткісі келмесе де, биылғы жылы Рахимның хабаршы - тыңшысы болуға да ептеп жарап келе жатты. Керімбек қызы бір жаққа қыдырса, Өмірбек алдымен байқайды. Көреген Мамозы осыны ерте ойлап білген. Керімбек болса, ақиреттік достық көрсеткенге қияметтік қиянат етер демеген. Адам ұлы деп Керімбектен басқа ешкім тоғыз жасар Өмерді бейкүнә өлуден ажыратып қалуға бел шешпеген, шешпек те емес-ті. Ол күнді Мамозы Өмірбекке ұмыттырып отыр. «Жолаушы қыздар ертең жүргелі жатыр» деген күні кешке сол хабарды Өмірбек Рахимге жеткізген. Сөйтіп бақыт тасы өрге домалаған Мамозы сияқты адамда болатын сәтшіл қисынмен Гүлназымды құрулы тұзаққа сырттай реттеуші күш өзі әкеліп түсірді. Тек, бірақ Керімбікті қызының арбамен жолаушылап кеткенін сөзбе - сөз «Бала соққан көздіктің басы жарық» демекші, ақылды деген әйел Қанікенің еркектерден жасырын істеген «ерлігі» міне осыған соққан. Таң құланиектеп келе жатқан мезгілде қыздарды түбекке қалдырып аттарына мінген қарулы әскерлер түнде байлап тастаған үш жігітті келіп шешті. Шыбын жаннан осы кезде ғана үміт еткен үш татар жігіті қоңырау үні ара-тұра шіңгірлеп, талып естіліп, көмескі ғана білініп тұрған арбаға жетіп қыздарды тауып алды. Өмірде сыртыңнан ешнәрсе білінбей тұрғаны болмаса әр адамда орайсыз қылық аз емес... Қыздар бір орынға жиналып отырғанмен олар өзара ешбір сөзге келе алмай, бірі - бірінен ұялғандай боп, тек өздерінің осы жолаушылық сапарын іштен қарғап, тынып отырып қалысқан. Дахан не дегенмен өзін он екіде бір гүлі ашылмаған мыналармен салғастыра ойлағанда, шүкіршілікке келгендей болып сөз бастады... Не сөз бастасын?! Жанында бойжеткен қайын сіңлісі отырғандықтан «ұялған тек тұрмастың» кебі болып енді соны қажағысы келген. Қасында бір шөкім боп, екі иығын қыса, қушиып, бозарып, өз көңілімен өзін тонап, барынша жұтап отырған Ибадатты көзінің қиығымен бағып:
— ...Жаның жәй тапқырлар, не болса ол болсын, жанымызды терезе таптыртып кетті ғой...— деп, шынымен-ақ жетісіп отырған адамдай, жырқылдай күлді. Қыз өз өмірінде естірмін деп күтпеген мына сөзге жүрегі жаншылып екі беті дуылдап кетсе де, естімеген кісі болып еді.
— Жаның көнелгірлерді айтам да,— деп, әйел лас сөзін тағы қыстыра берді. Бұ жолы Ибадат оны шапалақпен беттен салып-салып кетті. Өзі өмірінен орны толмас өкініш тауып, күйіп отырған, қарақат көз, бейбақ қыз мына сөзге төбесінен жай түскендей боған. Бірақ жеңгесі соққы оңбай тиген бетінің ашуын енді анық қайтарғысы келіп:
— Үйбай, үйбай! О несі?! — деді, бетін ұстап: — Өзгені білмеймін, өзімді айтқызбаушымең? — дей бергенде, Ибадат беті ашылған, тұрпайы әйелді енді кеудесінен қатты итере, шалқасынан жығып түсірді де, бассалып төмпештей жөнелді. Бейбас жеңгені осы сәтте бар жанымен жек көре, шын тұтана соққылаған. Дахан болса қорғанып, алысып жатып, әлі де ішегі қата күліп:
— Қой енді, мен бе? — деп, онан сайын қитығына тиіп: — Ойбай мақұл, қойдым! Сені айтпаймын, ағатай!.. Ойбай, қойдым... өтірік пе енді,— дей түсіп, шек-сілесі қата алысуды бастаған. бірақ өкіріп жылаған қызды енді жалынып та жұбата алмады. Мұнан кейін татар қыздар да бір-біріне «саман тойға барайық деп, сен - сен!» — десіп жатты. Бақытсыздыққа неден ұшырағандарын осы қазірден бастап шешкілері келгендей.
Жігіттер сәтсіз сапар бетін амалсыз теріс бұрып, арбаны тау жаққа қайта қайтарып еді. Ғазиз алдыңғы арбаның жандақ атын шығарып мініп, жайдақ құламен Керімбек ауылына асығыс хабар жеткізіп, тізгін ұшымен ілінгенде, таңғы ұйқыдан оянған қатындар түңіліктерін енді ашып, сиыр желі басына, жаңа ғана шыға бастаған. Гүлназым қолды болғанын әйелдердің алғаш естуі осылай еді.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
1
Шерудің Мамозы үйінен аттанып шыққан тобы Күреге кештете жеткен. Және бүкіл Күре дуаны көлеміндегі бай қытайлар мен дүңген, сібе, солаң, дағыр, қыстақтары: Тақыр -Мақұр, Ишы - ғашаң, Шыңша - хозы, Лаусагүң-Сексенбұт, Қара атты-мазар, Уәйіс-мазар, Көкдала-Санда-хозы тәрізді жерлерге қашқын іздеуші топ-топ жігіт лектері жіберілді. Молтан інісі — Сағатбек, Қыдырбек інісі — Нүсіпбек, Тайлақбайдың баласы — Малшы және Арыппайлар сол нөкерлерді жүргізуші шеру қолбасылары. Сол күні Күреге қонған үлкендер «сейпіл» аталатын қорған, қамалдың қақпасы «Ұлы есік» күзетінен мөр - таңбалы арыз қағаздарымен ішке өтіп, уездік үкіметтің алдына таман жақындай берді. Ұзыннан-ұзақ салынған биік тас үй төбесінің алдыңғы бұрышына қоладан орнатылған екі басты айдаһар бейнесі бар. Екі басы екі жағына қарап, тілін шығарып, үңіліп тұрған құлық - намасы бейбіт рай көздемейді. Шыңжаң үкіметінің және осы 1944 жылға дейін бүкіл қытайды билеп келе жатқан Гоминдаң патшасы Жанқашының шен белгісі сол. Аттарын заң бойынша бес жүз метр жердегі «ұлы есік» күзетінің сыртына қалдырып жаяу шұбырған көп шеру енді үйез үйі алдындағы күзет жайға таман беттеп келеді. Жас-кәрі қас-қабақ өзгерген, сергек кескінде. Шығыс жақтан кіретін жалғыз есіктің көзінде көлеңкелі далдада қалт етпей біріне-бірі беттесе қарап, қалшиып тұрған екі қытай шерік қарауыл бар. Қысқа, сары ауыз «жапондық» мылтықтың ұшына екі жүзді, сала - құлаш, жалпақ көк сүңгі найза бекітілген. Бір-біріне қарама қарсы тырс етпей, міз бақпай тұрған суық қалыптарында шеріктер сол найзалы мылтық ұштарын бір-бірімен серттестіріп, айқастыра ұстасқан. Ұшын аз жоғары ала ұстаған қанжарлар айқасып жатқан жыландай жолды бекіткен. Сол көк сүңгі жүзін жаңа ғана жалап, серттен өтіп келіп, енді ант үстінде тұрғандай, қылп етпей, мелшиіп, сұрқылданып қалған. Осындағы бар «тәрбиені» ең алдымен тас қаңтарылып, осылар танытқандай. Сыртынан қарасаң түнек... Шеру кісілері күзетке тәртіп бойынша жиырма қадамдай жақындамай тоқтады. Сол сәтте алға қарай: Тайлақбай, Керімбек, Абдолла, Қыдырбек, Қарымсақтар бөлініп шыға берген. Бесеуі қарауылға қарай түрілген қабақпен үнсіз тақап келеді. Шеріктер сол қалпы, тырс етпей тұр. Содан қазақтар қол ұсыным жерге жеткенде барып ауыр, болат найзалары сақырлай қозғалып, бір-бірлеп бұлардың қойны - қонышын, қалталарын адақтап, сыңар қолдарымен сыртынан басып тінтіп шықты. Қыдырбектің қалғасынан бәкісін тауып, көзіне сұрқылданып қарап қойды. Қолдарындағы қызыл ала таңбалы арыз қағазға екеуі екі жақтан көз тастап, ішке қарай сонан соң өткізе беріп, сақыр-сұқыр қақтығысқан қанжарлары қайтадан айқасып, сырт жақтарынан бекітіп қалды. Ішкі жақта бір бөлмеден кейін бір бөлмеге өткізіп, тек басқыштап жалғастырып отыратын әр бөлменің ауызғы есік, төргі есіктері бар. Қазақ үшін соның өзі құрсау еді. Әуелгі бөлімде есеп шоттарын қарбалас қағып, ешнәрсеге мұршалары келмей отырған — Куәй-жи (бухгалтерия) қызметкерлері. Жоғарыдан тексеру келетіні білінгендей, мұрындарына су жетпей жалынып жатқан үш-төрт қытай адамы еді. Жылт еткен жайдарылық нышаны болмағандықтан, қарбаласып асығыс істеген қызімет адамдарының түсі сұсты. Екі жаққа қақ жарылып жайғасқан бухгалтерлердің ортасындағы ашықпен жүріп өткен Керімбектер бұның төріндегі қос қақпақты жалтыраған көк есіктен екінші бөлмеге кірді. Бұл алым-салық жөніндегі уездік үкіметтің ең бір белді, беделді тұтқасы — «бәжіхана» болатын. Өзі мұнда кеп қысылғанымен дербес мекеме. Салғырт отырған бірі жоқ, жұмысқа бұлар да қызыл танау бола кірісіп, кішкене «сән - бән» шоттарын мұндағылар да сытыр-сытыр қозғасуда. Керімбектер бұлармен бас изесіп, амандасып өтті. Бұл бөлменің қыр қазағына таныстығы өзгеден артықтау. Мамозы бұрынғы Қорғас, Сүйдін екі үйездік алым - салық мекемесі келіп тоғысқан осы үлкен орынның дуандық өкілі, бас бәжігері. Мұнда отырғандар ара-тұра бой жазып елге шығып қайтып тұрады. Бәжі жөнін сылтауратып жайлаушыл болып алғандар... Үйездік үкімет тілмәші осында отыратын. Ол Керімбектерді ай күнімен, аты-жөнімен бұрынғыша мұқият тіркеп жазып қойды да, өзі ілесіп бірге жүрді. Енді мұнан кейінгі ұзынша бөлмеде кеңесші, бұйрықшы, нұсқаушылардың үнсіз зілді, айрықша тобы отыр еді. Түстері сызды, томсарыңқы, кейбірі жендеткөз келген, мығым төрт-бес әскери адам. Бәрі де үлкен дәрежелі, шенді сары ала офицер, төрелер.
Керімбектер бұларға жай ғана:
— Хау ма? Хау ма? — деп ақырын амандасып жай сусып келесі бөлмеге өтіп келді. Мұнда бас орынбасардың бір өзіне, үлкен әкімге арналған тағы бір сәнді бөлме бар-ды. Еденге жаппай, шимаңдай қызыл кілем төселген, үлкен терезелер көгілдір жібек перделі, дүмбіреген кең, жарық бөлме. Уездің екінші басшысы Жаң - тұң айбыны Ма-шянь гоннен кем емес, өзі асқан аяр, ақыл тапқыштығымен уез бастығына жаққан адам.
Tөp жақ иықта подполковник дәрежесіндегі, тұтас біткен, шой маңдай, жалпақ қара қасты, шонжар қытай отыр. Әскери гимнастеркалы қалпында оң жақ жамбасында жалтыраған қоңыр қапты тапаншасы. Ол Керімбектерге:
— Зоха, Зоха — деп бұйырыңқырап, қолы сыртымен орын нұсқады. Бірақ Керімбек отырып қалған жоқ.
— Ішке кіретін, Ма-шянь гон жанабына айтылатын арызымыз бар еді.
— Ол қандай арыз?...— орынбасар әлде не үшін, әнтек секем алғандай іркіле берді де, Керімбектің жауабын тоспастан:
— Шуйма! Шуйма! — деп өз тілімен «бар, бар!» дегенінде Ма-шянь гонның есігін иегімен қатал нұсқап айтты. Биік, мол денелі Керімбек қасындағы тағы өзіндей ірі Абдолла, Қыдырбектерді бастап тұсынан өтіп бара жатқанда, Жаң-тұң көзімен ғана жалт етіп олардың ту сыртынан қарады... Иә, оның бұл көзқарасын Керімбек те арқасымен сезіп бара жатқан-ды. Сонада, күзгі үлкен дау көзінде және көктемде Ма-шянь гон мен оның кеңесшілері бірігіп Керімбек ісі жайлы, шеруді ыдыратып, басқа ел ішіне бөліп жіберу туралы әр түрлі тартыс туған сын көзеңде шешуші пікір айтқан бас ақылшы осы.
«Шеруді бөлу» деген зымиян есеп бұл болмаса, алғашында Ма-шянь гонның өз ойына да кірген шара емес-ті. Ма-шянь гон төрдің дәл төбесіндегі үстелінде жан-жағы толып будыраған бір көп қағаздарды өзімен-өзі ғана болып аударыстырып, оңашалықта қауырт үңіле ақтарып отырған екен. Есік тырсылдатып қағылмай кенет ашылғанда үстелден басын жұла көтеріп алды. Керімбек бастап кіріп келе жатқан іркес-тіркес қазақтарды көргенде, оқыс таңданып қалып, шаншыла қарап еді. Керімбек, Абдоллалар:
— Хау ма! Жақсы ма! Құрметті басшымыз? — деп, анадай жетпей, тоқтап амандасты. Барлығы ақ қалпақтарын қолға ұстасқан. Сүр тымағын Қарымсақ та қолтығына қысып тұр.
Ма-шянь гон бұларға «отыр - отыр» дегендей болып, қолы ұшын сыртына, оң бүйір жаққа сілтемелеп орын нұсқады. Тұйық жүзбен бас қосып келген шеру кісілері сәл ұйлығысқандай боп орын алды. Тайлақбай да өз елі жоқ, есесіз... Парасат, инабат атаулы бұнда жүрмейді. Ма-шянь гон бұлардың жүрістерінен ешнәрсе естімеген сыңаймен:
— Не, не жұмыс?..— деп, Керімбекке сызды жүзбен иек қаға қарады. Керімбек жауап орнына тез қимылмен түрегеп, төс қалтасынан төрт бүктеулі қағаз шығара келіп қаһарлы төреге ұсынды. Ма-шянь гон «бұл неғылған қағаз» дегендей, қолына керенау ұстады. Қызыл ала саусақ басылған, көп мөр, таңбалы арап жазуын көз қиығымен шапшаң бір шалып өтіп, тілмәшқа қарай сермеді. Заң бойынша түрегеп тұратын қағылез тілмәш лып етіп алған қағазын әуелі дыбыссыз жүгірте бір оқып шыққаннан кейін, әр сөйлемін сөйлемдей аудара бастады. Сөйлегенде екі қасқа тісі сойдия көрініп тұратын орсақ тісті, ұзын, аққұба дүңген жігіттің кірпігін қаға түсіп жүгіртетін жылдам көзі арызда айтылып жатқан әрбір сөзді қылп еткізбей аңди басып, шауқылдап аударып тұр. Іркіліп, тежелмейді. Күні бұрын осыған, тіпті пәременен дайындалып алған адамдай лыпып тұр. Қағаз бетінде жемге түскен, бабы келген, шабытты қырандай.
Бір кезде: «Шыңжаңдағы барлық ұлттың құқық - теңдігіне бірдей көңіл бөліп отырған үкіметіміздің әділ заңынан...» деген жерге келгенде, Ма-шянь гон Керімбекке жаят етіп:
— Шыңжаңдағы ұлттар теңдігіне бірдей көңіл бөлген бе?.. Олай болса сен неге үнемі тісің қарысқан сенімсіздік көрсетіп жүрсің?! Алым-салық ісі жөнінде Мамозыдан өзің сенбей бір сұрайсың. Онан қалса жауаптауға тұрмайтын шошақ тұмақ біреуіңді бері қарай тағы шаптырасың. Аты кім еді,— міне қазір мен саған айтып берейін,— деп ыңыранып ішкі қалтасына «иман-шарттай» сақтаған кішкене қойын дәптерін шығарып қарап жіберіп:
— Міне, мына Мұлыны - шақы деді.— Былтыр арыз әкелген Мұрыншақтың атын өшпестей ғып, сақтап қойғаны байқалды. Соның бәрі Керімбек ісі екенін жазбай танып отыр.
— Ғапу етіңіз, мен оны білмеймін,— деді Керімбек. Осыдан кейін Ма-шянь гон арыздағы «ет сасыса тұз бар, тұз сасыса не бар» деген үркінішті сөздің не себепті тұра осылай жат көзбен қарап айтылғанын, неге түкпірлі түңіліс жатқанын Керімбектен дәл осы арада ауыз екі тергеп, сұрап та алды. Мақалды қойнындағы жаңағы кітапшаға шұқақтап жазып қойды. Енді алғашында Ма-шянь гон Керімбекпен бірнеше сөзді сұрақ-жауап ретінде бөгеліссіз сөйлесіп жауаптасты.
Керімбек өз қызы Гүлназымды сұрақшы әкеткенін білмей, Мамозының інісі — Рахим алып қашты деп арызданып отырған. Соған орай Ма-шянь гон да дәл әзірге дейін өзі ешнәрсе білмеген сыңаймен аңқаусып:
— Мүмкін, жігіт пен қызыңның таныстығы бар шығар? «Хұй-зу» өзіңнің мұсылманның ғой. Сол Рахиммен қыз бұрыннан таныс боп шықса, бұ жүрісіңнен өзің ұялып қалып жүрмейсің бе?
Бұл Ма-шянь гонның жаңылдырып отырған сөзі екенін Керімбек білген жоқ...
— Олай болмайды! Тиіс емес! Бізде де жол, бізде де заң бар. Ол мылтықпен, қылышпен туған заң емес, халықтың, елдің арынан туған. Замандар бойындағы жинастырған адалдық пен адамдық намыстан туатын заң. Жүрекке өзгенің әмірімен емес, елдік абұйырдан, адамдық ардан сіңетін заң! Ұлы-қызымыз сонымен өседі. Қазақ өзінің ол дәстүрін ешкімге айырбас етпейді. Қызы ата - анасын қарғатып, ешқайда кете алмайды. Және әсіресе, өз жұрты тұрғанда өзге ұлт, өзге тұқымға мың жерден телігеніңмен шеңдеспейді.
— Қазақ өзгеден артық па? — деп Ма-шянь гон шап етіп еді, бұған Тайлақбай іле жауап қатып:
— Кімнің ұстаған жолы артық болса сол артық, үлгісі жақсы болса сол артық. Ағайынды екеуі біреуінің қызын ұлына әперіп, бірінің етін бірі жегелі жүргеннен сақтасын! — деді, қағытып.
Осы кезде Ма-шянь гон Рахим жайлы бірдеменің шет жағасын білерліктей сөз сұрап қалды:
— Қыз әкетуші жігіт Шеру ішіне немесе елдеріңнің шетіне бұрын барып жүруші ме еді?
Керімбек үндемей, Ма-шянь гонның жүзіне қарап ойланып қалды. Бұл тұста шыдай алмай Қарымсақ сөзге кірісіп:
— Мына татар жігіттерінің арызы - ақ бәріне дәлел болмай ма? Даңғыл жол жатса сүрлеу іздеп сәуегейлену не керек? Онан да бұл әурегершіліктеріңді дауламай-ақ қой дегенің ғой мынау! Шындасаң оныңа да мақұл дерміз - ау... Соны біліп тұрсың. Бірақ Мамозы бір адам. Біз тұтас бір елміз. Мамозының бір басына біздің, рулы елдің қан жылаған ары мен жасы қалайша татымай кете беруі керек! Түбі бір сұрауы болар, бүйте берсе қашарға жол таппаған қолыңдағы қылышыңа жармасатынын ұмытпа!
Ма-шянь гон аударманы естігенде бергі жаққа жалт етіп қарады. Түсі қуаңданып Қарымсаққа бірдеңе дей беріп еді, соны сезген Қыдырбек үстем үнмен киіп кетіп:
— Олай демей не дейміз?.. Біздің қызбен достасқан татар қызына Мамозының інісі «саман тойларыңа қазақ қызын шақыр» деп ақыл көрсеткені белгілі болып отыр. Қажет болса сол қыз келіп өзі де айтады. Сонда бұл жарты жолдан істеген жаугершілік емей немене?
Осы кезде Абдолла да сыналай кірісті.
— Құрметті палкондік-ау! — деді жарқаштанған зор үнмен: — Бізге ел болып отыр дейтін болсаңыз, Мамозының осы қастығы ағаттың ағаты! Қазақ жөнін біледі, ішкен асы бойына тарамасын деген кеп. Ұққыңыз келсе, біздің қызды тек әкетіп қана қойған жоқ. Бұны айтсақ әуелі тіпті, сенбеуіңізге болады,— деп келіп, Абдолла Ма-шянь гонның баяғы Мамозы қызымен болған әңгімесін іштей есіне ала отырып:
— Сіздей адам өз басында жоқ нәрсеге «сенбей» қала ма дейміз. Мамозы бір топ адамды білгендерін істеуге жіберген...
Ма-шянь гон ығыспаған қалып байқатты.
— Арыз деген опасыз, ала қанат сауысқан,— деп бастады, ол ендігі жауабын: — Оның бір қанаты сендер болсаң, екінші қанаты — Мамозы. Оған құйрық болмай тағы болмайды. Олардың да өз аузынан дәлел естіп, соған қарап түгел қанат-құйрық шығаруымыз керек. Кім жақтағы қанаттың қысқа екені әзір емес, сонда білінеді.
Ол өзге айтар сөзге орын қалдырмай, әңгімені қысқарта сөйледі. Осы бастан арызшылардың бойын өзіне үйреткісі келмей отырғаны ашылды... Мамозы осыдан үш күн бұрын келіп, Ма-шянь гоннің алдында болып кеткен... Сұрақшы мен Рахим Мамозыға Керімбектің қызын әкетудің орайлы сәті келгендігін... сездіріп ақыл салғанда, Мамозы оларды тоқтатып тұрып, өзі Ма-шянь гонге жеткен. Оязға осы жолы зор бір өтініш, тілегі барын кішілікпен арзу еткен. Мамозы өз туысқанының қызын Керімбек «бәлеқор Әлидің» інісіне «алып қаштырып», аяғы таптырмай марғау асырып отырғанын, өкімет бар деп сескенбей әлінен әбден асқанын айта келіп, сол Керімбекте бір жақсы қыз барын білдірген. Өзі Ма-шянь гон қаласа, бүгін алса да қызын беретін Мамозы ғой. Ал оны ала - алмаса кінә Ма-шянь гоннің өзінен. Жасы егде полковникті діңкесін құртып, әлі де жас, сұлу қызымен ынтықтырады. Ма-шянь гон ашық түрде өз қайнағасы, губернатор Лю-бин-диден қорқады. Не қыз сорлының басын ашып, босатпайды. Жемтікті я өзі жемей, я өзгеге қимай дәл түбінде қорып жатып алатын жуан төбет мінезін еске алғызғандай болатын. Бар болғаны Мамозының үйіне айында ма, жылында ма, бір рет... қонаққа шығып түнеп қайтып тұрады! Әрине, қанағат тауып қайтатын. Сондай полковникке осы жолы Мамозы ойындағысын толық жеткізіп:
— Тақсыр, сол тоңмойынның өз істегенін өзіне істетсем осыған сіздің құзырыңыздан рұқсат тиер ме екен?! — деп қипақ қаққан. Керімбек қызын әкететін осындағы, Күреге белгілі, «іскер» сұрақшы екенін айтқан. Соны естігенде Ма-шянь гон бұл жайлы ойланбай-ақ:
— Дуй! Дуй!23 — деп бас изеп: — Қайта сондаймен Керімбектің өзін шатылдырып, қолға түсіріп берсең онан да жақсы! — деген-ді.
Сонымен Гүлназым сапарға шығатыннан екі күн бұрын үйездік үкіметтің өзінен Рахим мен сұрақшы жеті әскер алып шыққан... Қоралы қойды аластаған бір ұя бөрідей ана оқшау тағылықтары да осындай, оқпанды сырдың соңынан тиген «үлес» еді! Түбі берік сол тіректі байлаумен «Бәрі көмген көмбені сұм түлкі ашып», Мамозы Керімбекке істемек алғашқы әрекетін уақытша осымен аяқтай тұрған. Керімбек бұл келісте өз төбесінде түйіліп жүрген тағы бір қара бұлт барын білмеуші еді. Ма-шянь гон жаңағыны айтқанда, күдері үзілген ол енді орнынан амалсыз көтеріле бере, бүгінгі соңғы білмек ойын сұрады.
— Онда сол тексеру қашан? Қашан болар екен? Мамозы үшін «құлан қырда, құндыз суда» бәрі өзінің жай - жайындай болғанымен, мұндағыларды қаншалық өлшеусіз жәбір қинайтынын кімге айтамыз!
Керімбек бүгін осы жеткізіп отырған пікірлерінің барлығымен де өзінің ішкі сырларын айқындайтын сезікті түрде, қаншалық көзге түсіп жатқанын есептеген жоқ. Ма-шянь гон оның көзіне қарап:
— Асықпасаң бәріне де үлгересің!..— деп қойды. Ешнәрсеге ыққысы келмей, өзімен теңесе сөйлесіп отырған «қыңыр» қазақ намысына ұрады. Өзі тұрған жерде өзгені бар екен дегісі келмейтін тәкаппар әкім үшін қазаққа бұл мінез әсте де кешілместей. Ол ішінен Керімбекке «бұл да сенің кейінгі күнгі татар қолақпандай сыбағаң» — деп кең толғап ширығып отыр.
Ма-шянь гон алдында тұрған бармақтың басындай ғана күміс қоңырауды қағып қалып еді. Оны неге істегенін түсінбеген Қыдырбек қоңырау үні аса бір мөлдір төгіліп шыққанда, «мынасын қаршығаға тағар ма еді» деп ойлап үлгергенше, оң жақ қабырғада елеңсіз тұрған бөлме реңдес сұрғылт перде астынан тырс етіп есік ашылғандай болды да, сумаң беріп бір шерік шыға келді. Ғайыптан пайда болғандай. Жоғары отырған Тайлақбайдан бастап, қазақтар секем алып қалған. Өз әмір - құзырындағы қызметкер атаулының баршасына шаңылдап қатты сөйлейтін менмен, қатал жарлық иесі қолына маузер ұстап, ентелеп бұйрық күткен шерікке шаң-шұң сөйлеп бір жұмыс бұйыра бастады. Сөзінің ішінде Мамозы аты айтылып, екі-үш ауыздай бірдемені бұйырды. Тайлақбай «мынаның отырған бойы, аумағымен зар заман ғой» деп ойлады. Шынында адам кешер, рақат көрер өмірдей емес, қаталдықтан мұраға қалған, сол сенімді мүлтіксіз атқарып отырған әулет нәсіліндей, беймазалық байбайындай. Шерік бұйрық алар - алмаста аяғының ұшынан басып есікке беттей жөнелді. Ма-шянь гон жаңа тосын шыға келген шеріктен қазақтардың онша сескенбегенін аңдады. Осы адамдарды іштей амалсыз мойындап, мүмкін ұнатқан да көздері болатын шығар. Арақ, темекі, құмарлық - бәңгілікпен ісі жоқ, нардай - нардай сау тұқым. Ма-шянь гонге бұлар жүрген ауада бір күн жүру таңсық болып көрінеді.
Шерік шығып кеткен соң, Ма-шянь гон Керімбектер де:
— Мін тян! Мін тян ләй! — деді, ыңыранып. Орнынан түрегеп алған Керімбек өз тобын бастап есікке қарай беттеді. Олар сыртқа шыққаннан кейін енді өздерінше ақыл қорытқанда, Тайлақбай Мамозыны ертеңге шақыртқанын еске алып:
— Мұның сыры мәлім... Қолымен демеген болып, аяғымен шалады. Айналып келгенде «Қой қарғысы қасқырға жетпейді» деген сығыр осы! — деп отырып, аужай қорытты.
— Тосайық, әуелі не дейтінін көрейік,— дегенге тоқтаған. Осы күннің ертеңінде Тайлақбай мен Керімбек, Абдолла Ма-шянь-гонге қайта кірді. Мамозы бүгін әнеукүнгі «мен ешнәрсе білмеймін» деген сөзінен ауыса жылжып:
— Менің інім ол жаққа екі жылдан бері барып жүрген. Қызымен сонда таныс болып, сұрақшы үшін араға сөз айтып та жүрген. Екеуі келіскен,— деп қасқиып отыр. Қызды Рахим емес, сұрақшы әкеткенін Мамозы бүгін ашыққа салып, жасырмай айтып шарпысты. Еститінін, қазақтар ада-күде естісін деген.
— Онда, қызбен келіскені рас болса, неге тартып алады? — деген дәлелге:
— Солай етпесе, қасындағы бірге алып шыққан адамдар жіберіп қоя салушы ма еді,— дейді Мамозы.
Тайлақбай татар қыздарының жәбірленген арызын қалтасынан шығарып көрсеткен-ді. Мамозы «жеті шеріктің барғаны өтірік, қызды тек сұрақшы мен Рахимнің өзі әкеткен, қалғаны жала» деп қарап отыр.
— Ендеше, сол сөзің рас болсын, қыз бен жігітті келтір. Осы арада жауаптарын бәріміз де ет құлағымызбен естиік, деген.
Керімбекке Мамозы қос танауынан мырс беріп:
— һің! Сен өз ойыңмен өзің семіріп жүр екенсің, мырза! Бұндаға адамдар сенің көзіңе текешік көрініп отыр ма? Жұрттың бәрін әлпеңшек ойнатып қойып, өзің осында қайқайып отырғың келеді! «Торғай жаңбыр жауса баласын қорғайды, бұршақ жауса басын қорғайды». Осы дәме - зорлығыңмен әлі басыңды қорғай алмай қалуың ғажап емес, әулиекешім! — деді танаурап.
Қарама-қарсы жақтан Керімбектің бетіне бақжиып қарап, бет - бағып отыр. Тістей қатып тұрған тілмаш бұлардың ауыздарынан шыққанды қағып алып Ма-шянь гонға жеткізуде. Сөзге бұл тұста Керімбектің ор жағында отырған Тайлақбай араласып қалды. Екі арасы кең жатқан қалың, ұзын, қара буырыл қасы шанжаулап:
— О, біз арымыздан басымыз садаға, деп жүрсек, онымыздың бәрі құр «дәмезорлық» болғаны ма? — деп мол кеудесімен Ма-шянь гонга тұтас бұрылды. Тыныштық сақтаған үлкен бөлме ішінде зор үні аршындап шығып, Ма-шянь гоннан суық қабағын бұрмай сөйледі. Мамозыға айтар жауапты Ма-шянь гонға сала айтып:
— Біздің бүкіл ел болып, жоқтап жүрген налыс теңдігімізді, тіпті, торғай боп қорғай алмайсың деген нұсқаң бар ғой! Бұлай болса, жерді тастап, не көкті мекен етеді екенбіз де, не ол қолдан келмесе құба белге ту тігіп, құла түзде көр қазысады екенбіз! — деп жіберді. Қалш-қалш етіп кетті.
Керімбек өз әкесімен замандас болған Тайлекеңнің мына күйін аяп қарады. Тілмаш Тайлақбайды аударып болғанша, тосып қалды да, Ма-шянь гонның сөзге оқталғанын күтпей:
— Қасқыр қарызын терісімен өтейді, Мамозы мырза! Осы райыңда тұрсаң, не бізді бір жерге тақарсың да, не теріңді жайғызып бір-ақ тоқтарсың. Жалғыз-ақ, мен сен құсап «жүзігі барда Сүлеймен, жүзігі жоқта сүмірейген» болмаспын, өлсем тік өлермін. Мен сенсем, арыма сенем. Жара көрген жүрегіме сенем! — деді. Түсі ақшыл тарта сақалы талданып кеткен көзі еді. Үндемей отырғанмен Тайлақбай, Керімбектей жолдастарының нұсқасын танып, Абдолланың да түсі қашып отыр. Ма-шянь гон шапшаң, жүйрік тілмаш арқылы бұл жауаптасулардың барлығын қалыспай, ере тыңдап қырғидай бағып отыр еді. Қадалған көзі Мамозы мен Керімбек, Тайлақбайды қылп еткен қабақтарына дейін баға отырып тыңдаған-ды. Ол тап қазір Керімбек пен Тайлақбайды «өлімге барса да өкінбей баратындар - ау. Дінін ұмытса да, кегін ұмытпайтындар дейтін осылардай болар» деп, бір сәт осы екі-үш адамға қызғанып та қарағандай.
Тілмаш Керімбектің жаңағы «Сүлеймен» деген сөзін Ма-шянь гонге мұсылман аңыздағы «Сүлеймен пайғамбарды» бейнелей түсіндіріп, сөз мәнісін толық жеткізе қанағаттандырған. Ма-шянь гон сол мақалды қойын дәптеріне шұқақтатып жазып алды. Тілмаштан Тайлақбайдың «құба белге ту тігіп, құба түзде көр қазысады екенбіз» деген сөзін де қайта сұрап бұлжытпай түсірді. Ертең ұмытылып кеткен шағында, бір күн алдынан шығармақ... Арыз соңын Ма-шянь гон дұрыс тыңдамауға беттегенін өзінің осы қимылымен де ап-айқын сездіріп отырғандай.
— Біз бұл істі анығына жеткізу үшін ноғай қыздарын куәлікке әкелеміз,— деді Абдолла, жүйеге жүгініп: — Қазақта «ойнағанда ойыңдағыңды айтсаң, шыңдағанда неңді айтасың» деген мінез бар. Қозғауға арымыз бармай отырған ісіміз ол...
Ма-шянь гон Абдолланың кеудесіндегі үлкен алты жұлдызды, үкімет белгісі — значогіне көз салып, қарап қойды. Шың-ши дәйдің әйгілі алты жарлығы құрметіне шығарылған «алты ұран» деп аталған, айдынды болыстық белгісі еді. Жер бетіндегі — «Ізгілік» атаулы осының «алты бұрышында» делінетін. Полковник Абдоллаға деген ашуын ішке сақтап, бірақ өшпес кек етіп түйіп атарға оғы болмай отырды.
Мамозы Ма-шянь гон көзінше Абдолла дәлеліне тоқталып қалған жоқ.
— Ондай жасама куәлік емес, біз сендердің өз қызыңның қолынан қағаз әпереміз... Сонда қалған сөзді тағы не деп айтпақсың, кәні?!
Полковник екі жақтың осындай бар сөздерін тыңдап болды да:
— Бұл ай болса екі жағың да сол айғақ - куә, дәделіңді толықтырып келесің,— деп, сөзді бүгін де қысқа кесті.
Мамозы Гүлназым қолынан қағаз алдыратын болса, онда шеру мың жерден бай -байлағанымен ешнәрсеге аспайтыны белгілі. Ол әрине, үйез бастығының қолында. Ма-шянь гонның бұл кесім байқатысына қарап Тайлақбай, Керімбек, Абдоллалар өздеріне жаяу ер арқалатқалы отырған «төрелікті» танып, ұққандай болды. Гоминдаң билеушілерінің мұндай кертартпа, астамдығы тегінде бұл отырған шеру кісілеріне ғана емес, Шың-жаңдағы ұсақ ұлттар ішін оба ауруындай аралап тұтастай кернеп бара жатқан індет - дерттің сансыз көз қайнары. Біреуден қыз тартып алу түрінде болса, енді бірінде кісісін қамап, қинаумен өлтіріп жауап бермеу. Ұйғыр, дүңген халқының кедей диқандарын, ұсақ саудагерін алым-салықпен ыңыршағын шығарса, қазақ, қалмақ, қырғыз сияқты тау халықтары бұлар үшін, тіпті, жабайының қатарында. Санасқандарының түрі мынадай. Шеру кісілері орындарынан ақырын көтеріле берді. Керімбектің көңілі енді анық торығып шықты. Бірге емес, мыңға, сансызға... істейтіні осы екеніне көзі тағы жете түскендей болып еді. Елдің елдігі қалмай бара жатқандығы анық аңғарылған. Сыртқы есіктен шыға беріп, анау терек саясындағы, көздерімен осы бергі жақты сарылып бағып, иіріліп отырған жуас, момын, ел кісілерін көргенде, тынысы буылып, жүрегі атқақтап ұрып кетті. Байқаса, өз елімен жылап көріскендей халге жеткен екен! Сондай бір алмағайып күйде көпке дейін ешкіммен сөйлесе алған жоқ, Өзімен-өзі жапа-жалғыз болғандай, қуарып қалып еді. «Ұлы есіктен» жолы болмаған дуаналардай шұбырып шығып аттарын тауып мінгенде, алыс бір көкжиекке қадалып қарап, қам шеккен жүзбен ойынан шатылғандай аңырып қалып келе жатты. Ішкі жағы аңырап, құлазыған шырайы құп-қу боп кетті. Ойран бола күйзелген көңілдің өзіндей белгі дәл жүзіне де шыққан. Сол күні Керімбек рухын баласын алдырған жолбарыстай ыңыранған, өлшеусіз кек ызасы күйреткен-ді. Сенделтіп күйреткен. Бірақ іштей ушыға түсті.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
«ТАС ТҮЛЕК»
БІРІНШІ ТАРАУ
1
Шepy кісілері енді Құлжаға жетіп, Фуженің үйіне түскен. Қалмақ жігіті Фуже түн бойына Керімбектерден шерудің талайдан бергі мән-жайына толық қанығып болды. Арызшылар ендігі қағазды осындағы «Қырғыз-қазақ ұйышмасы» дейтін аймақтық орынға бермекші. «Қырғыз-қазақ ұйышмасының секретары — Үрімжіде қытайша оқыған қызай жігіті — Мұхабаймен Керімбектің бұрыннан таныстығы болғанмен, екеуінің анық іштей ұғыстық -білістігі жоқ еді. Керімбек осы түні сол ахуалды Мұхабайға қалай жалғастыру керектігін ескерткенде, Фуже дәл осыған орай келерлік көмескілеу бір жайдың шетін білдіріп:
— Сол Мұхабай ағайыныңыздың сіздің өз басыңызбен жолықсам деп жүрген де бір мәнісі бар тәрізді еді. Сондай бір нәрсені аңғарып қалған сияқты ем. Не айтпақ екен, бара көріңізші...— деген. Әлде бір шетіндеу аужай, сыңайын шалдырған.
«Қырғыз-қазақ ұйышмасы» қаланың «ноғай город» деген батыс бөлігі жағында, көшесінде қатар өскен, сыңсыған, зәулім шынар, теректері бар, алма - баулы, жеміс ағаш бақшалы, гүлге оранған қаланың ең бір әсем жағы. Ертеңгі сәске шағында қаңылтырмен шатырлаған ұзынша қарағай үйге, көше бойындағы мол саялы теректеріне ат байлап, он шақты кісі кеп түсе берді. Ең түптегі, ашық терезесінен бір үлкен бау көрініп тұрған кең, жарық бөлмеге іркілмей енген ел кісілерімен Мұхабай отырған орнынан түрегеп амандасты. Тайлақбай бастаған үлкендерге ол шынайы ашық шыраймен сәлем беріп, қарсы жүріңкірей кеп тегіс қол алысып ұшырасты. «Өзім» деген шат ажармен қызғын қарсы алып тұрғаны аңдалады. Ішінара бұрыннан таныстығы бар шеру кісілеріне ізетпен тік тұрып, орын көрсетіп, өз орындығына сонаң соң барып жайғасты. Үрімжіде офицерлер даярлайтын «Жүң-гуан-шо-шау» дейтін екі жылдық әскери мектепті бітіріп, аға лейтенант дәрежесімен келген, мундирлі сары ала қазақ офицері отыр. Ешнәрсеге тосылып шектелместей пайымшыл еркін нұсқасы бір қарағаннан танылатын: сұңғақ бойлы, ботакөз келген, сұлу жігіт Керімбектің тығыз бір іс жайымен жүргенін жаңа кіріп келе жатқаннан - ақ жазбай таныған. Өзі бір үлкен сыр жөнімен Керімбекті сыртынан көбірек еске алып, оны анық керек етіп жүрген. Бұл үшін сондай адуынды адам тап бұлай бейсағат жүрмейтіні белгілі еді. Оның жалпақ қызайға аты шыққан кісі екенін де білетін. Әуелгі аман - сәлемнен басқа екі жақтан ел-жұрт тыныштығы сұралып, бөлме іші енді аз тоқталып қалғанда, ұзын жайдақ орындықтың бергі басында Тайлақбай мен қатар отырған Керімбек:
— Мына бір қырсық шалған, кертолғау жұмыспен рулы ел сергелдең боп, күйзеуге түсіп жүргеніміз! — деп Мұқабайдың алдына бүктеуін жазған қағазын ұсына берді. Арызды сөзге келмей тез иіліп алған Мұқабай бар зейінін салып, ұқыптап оқып отырып қалды. Салқындау қадалып, іштен түйіліп оқыды... Құндыздай жалтылдаған қара шашын саусағымен артқа қайырып қойса қайтып құлап, төгіліп түседі. Мұның ішінде қазақтың қытайға ұқсап шаш қойғанын ішінен мін санап отырған кісілер де бар-ды. Мұхабай арызбен анықтап танысып, барлығын да толық, жетік түйсінген аңғармен:
— Онда біз бұл іске жеңіл қарамайық... Дін назаратымен бірлесіп қозғап көрейік,— деді бірден - ақ. Іскерлігі шапшаңдығымен бірігіп тұратын адам сияқты. Керімбектер ойға алып келген түйінді бұл да айтты. Арызда «Күреден қанағаттанбадық» деген сөз бар. Ол — сынығы оңай бітпейтін мертік. Мұхабай сөзіне және оның іштей тежеліп қалғанына қарап соны еске алған Тайлақбай тәуір жігітті сүйемелдеп:
— Иә, бұл сынығыңның өзі оташы - мертікшіңнен бақайшағы майысқан ептік - сақтықты ғана сұранады,— деген.
Мұхабай енді іркілмей дереу іске кірісудің қамын ойлады. Осы күні өзі бірге жүріп, дін басқармасындағы Әліхан төреге келді. Бір Іле емес, Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтары бірлескендін назаратының бас назары — Әлхан, тегінде, өзі Бұхарадан оқыған: ескіше, жаңаша, саясатқа жетік адам болатын. Баданадай үкі көз келген, ақ сұрша жүзіне қысқалтаң күзеп, медресе тәртібімен дөңгелентіп сақал өсірген, көрікті адам. Ол бар мән-жайды ұғып, мүлгіп тыңдап болған соң, өз атына жазылған арызға тіркеп дін назаратының таңбасын аузына әкеп үрлеп басып, «Күре шянь-жің фуінің шянь - гоны Ма-шянь гонге» деп, арабша, Бұхар баспасының сүйкек үлгісімен сүйрете жазып бір байланыс — алаха қағаз берді. Жуас қана майда сипап жазылған қатынаста: «Қазақ қызын үкімет адамы алып қашу себебі жете анықталып, қыздың өздеріне қайтарылып беруін дін назаратының шешімі кішілікпен талап етеді» — деген. Әліхан-төре өзі Керімбекпен шамалас, жасы алпыстардағы және бұл екеуінің бұрыннан да жақсы таныстықтары бар адам болса да оған қағазды ұстатып жатып, «қолымнан келгені осы» деп шынын айтқан. Үш аймақтың дін назараты дейтін даңғарадай аты бар орынның қолынан қазіргі кезде бар келері де сол еді. Рас, осы өтініштің өзі де назараттың бұрынғы беделі болса, салмақты сөз болары даусыз. Осыдан он бір жыл бұрын — 1933 жылы Шыңжаңда Шың-ши-цэй алғаш таққа отырғанда аз ұлттардың өзге еркіндік, өзге құқық - теңдігіндей» дін - назаратына да өлшеулі жақсы ғұмыр «сыйласам». Бірақ ол Шыңжаң үкіметін билеген Шың-ши-цәйдің oт буынын бекітіп алғанға дейінгі аралық болатын. Бір Күре емсе, Күредей он шақты үйездік өкімет келіп бас шұлғытатын Құлжа губернелік штабының өзімен жасқанбай сөйлесетін үлкен «ерік» беріп қойған. Тіпті, сол гүберне шатабының өзінен де қайта - қайта адам келгіштеп, дін назаратынан «ақыл-кеңес» алып тұруды ұмытпайтын. Мезгіл-мезгіл дін заңының да қабағын жақсы бағып, көңілін жаңылмай аулап тұратын. Бірақ шынайы әрекетті Шыңжаң үкіметінің орынбасары аз ұлт өкілі, Қожанияз - қажымды ұстап көзін жоюмен бастаған. «Жапонияға алтын өткізеді» деген желеумен аз ұлттың бетке ұстаған екі зиялы адамы Қожанияз бен Дәулеткелдіні жойғаннан кейін келе-келе бұл өлкедегі аймақтардың.барлығы да өгей қабақ, өктемдігінде қалып бара жатты. Осындай тағы бір сабырлы, қоңыр мінез байланыс - алахасы аймақтық — «Қырғыз-қазақ ұйышмасының» атынан берілді. Керімбек бұл қағаздарды тигізіп алысымен қайтпады. Мұнан өзге, басқаша бір жасырын жұмыспен айналысып, екі-үш күн осында болып қалды... Бұл істі: Керімбек, Тайлақбай, Мақсұт, Қарымсақтар өз қасындағы бірге келген өзге кісілерден де жасырған-ды. Бастығы Абдолладан тартып ешкім білген жоқ. Фуже астыртын байланыс жасап ж,үрген ағайынды Әкбар — Сейіттің Нылқы Ластайында «Тас түлек» атты жасырын ұйымы бар. Мүшелері не бары он шақты адамнан тұратын құпия штаб. Содан Фуже арқылы Керімбек те көптен бері жең ұшынан жалғасып хабар біліп жүруші адам. Сона бір шақта, өткен күзде Керімбек Қарымсақты Фужеге қатынастырғанда, осы турасында жіберіп, астыртын тіл алдырған-ды. Керімбекке көшіріліп жеткен Таңжарық хаты қолына әуелде осы Әкбар — Сейіттен тиген-тұғын. Фуже сол Әкбар — Сейіттің бір адамы. Бұл жолы Әкбар-Сейіт Фуже арқылы Керімбектің Құлжаға келген хабарын алған. Сөйтіп олар қолма-қол өздерінің бір кісісін Керімбекке суыт жіберген-ді. Келген — Штаб ұйымының ең нанымды адамы, татар жігіті — Фатих. Керімбекті бұрын сыртынан да көп айтып, олардың құлағына қанық етіп жүрген Фуже осы жолы оны Фатихпен мағыналы таныстырып үлгерді. Әкбар — Сейіт, Фатихтар, Фужеден шеруді «ұйымшыл ел» деп еститін. Сонымен енді осы шеру руының жетекшісі — Керімбек мынадай шаруамен қиналып келгенде, Фуже Әкбарларға тізгін ұшымен өзі жетіп хабар айтқан. Фатихтың мына келісі осындай күйге байланысты. Фатих, Фужелер әрекетінің бір тармағы Күредегі маңғұл адамы Лүріп-Ламаның үйінде болғандықтан, бұлар осы жолғы бір үлкен сұхбатты сол Күреде өткізбек. Осындай орайда Фуже менен Керімбекке Фатих осы жерден ерекше бір іс тапсырып қалды. Қазір Әкбар — Сейіт, Фатихтар құрамында Құлжада тек қана осы Фуже басқарған «Маңғұл ұйышмасынан» басқа ешбір үлкен орын жоқ болатын. Аз ұлт мекемелерінен осыдан өзге ешқандай беделді ірге әлі қолдарына ілікпеген. Сондықтан енді сәті түсіп, реті табылар болса. «Қырғыз-қазақ ұйышмасынан» сыр аулап көріп, қайткен күнде де соны ішке тартатын мезгіл жетіп еді. Бүгін Фатих құпия штабта сөз болған өз жоспар, тапсырмасы бойынша, Фуже мен Керімбекке соны ашып: Екеуіңіз «Қырғыз-қазақ ұйышмасының «бастығы» — Мұхабайды айналдырып көрсеңіздер қалай болар екен? Егер ол тезірек қолға түссе, ең бір арқа тіреп, ес қатар күшің сол болар еді! — деген. Фуже мен Мұхабайдың жақсы таныстығы бар адамдар. Аймақ бойынша әйгілі екі үлкен ұйышманың бір қаладағы қызметтес екі басшысы бір-бірімен біліктес, жолдас та еді. Сол Мұхабай Фуже екеуі мұнан бұрын Керімбек басына байланысты бір жайдан қызықты сыр қозғасқаны бар. Шеру елінің басшысы Керімбек пен Фуже арасының жақын екенін білетін Мұхабай Керімбектегі өз басының бір үлкен шаруасы үшін сыр ашқан... Енді Бүгін жаңағыдай Фатих тапсырып отырған өте мағыналы іске соның барлығы өз-өзінен ойысып, үйлескелі жатқан-ды. Осылай бар істің сәйкестенуіне орай Фуже Керімбекті қасына алып, сол Мұхабайға таман қиыстап ертіп әкеле жатты. Бұлар келіп есіктен кіргенде, Мұхабай әлденеге үмітті болған қабақпен орнынан ыршып тұрып, шұғыл қарсы алды.
2
Осы өткен көктемде Мұхабай шерудің елі - жерін арнайы көре барып, Керімбек ауылына қонақ болып қайтқан. Бұ келісінің басқаша да мәні бар-ды. Керімбектің інісі Мұхамәди зәңгінің басы бос, ел аузына ілінген қызы бар екенін естіп барған. Мұхабайдың ерте күнде айттырып қойып, ата-анасы әперген әйелі де бар. Соның үстіне енді өзі таңдап бір қыз алмақ ниеті боп, о жер бұ жерден қыз жақпай жүрген. Сарыбұлақтағы Торғай руы мен шеру жері шалғай елдер болса да, мына қыз жөнін Мұқабай сол өз елінде естіген. Ол қызға да жер жақпай, әлі басы ашық отыр дескен. Сонымен өзі сырттан жәйін ұғынып барып көрген бұл қызға Мұхабайдың көңілі анық тұрақтап, бекіп қайтқан. Бірақ онысын әлі ешкімге айтып, аша алмаған. Тек, бір ғана білдіріп жүрген адамы — осы Фуже болып келген. Мұхабай Керімбекті әнекүні алғаш көргенде өздері істі боп жүрген соң, ол жәйлі үндей алмай қалған-ды. Жаңа Фуже екеуі кіріп келгенде, енді соның орайы бүгін туа ма деп қатты үміт етіп еді. Үшеуі жақсы аман - сәлеммен жәй сұрасудан бастап кең әңгімелесті. Шерудің мына жағдайлары туралы сөз қозғасып, одан Шың - Жаңдағы аз санды ұлттардың тағдыры сөйленді. Барлығының да көріп отырған осындай сан қилы ауыртпалық езгісі айтылды. Озбыр өкімет бұғауынан ел басына туған күн үшеу ара ортақ пікір болыңқырап отырды. Фуже мен Керімбек бастап отырған сөзден Мұхабай да алшақ шықпай, бірге маслихат салды. Бір кезде Керімбек пен Фуженің әкеліп отырған не әңгімесі бары да тыңдаларлықтай мезгіл жетіп, Мұхабай соны естігісі келген сыңай байқатқанда, Фуже жымиып:
— Біз, Кекең екеуіміз сенің өзіңе бір зор бұйымтай тілеумен келіп отырмыз! — деп еді, Мұхабай сақ отырған қалпында, алтын тісі жарқырап күліп:
— Бұйымтайды сіздер ғана айта бермей, біз де айтайық та, бізден де хал - жағдаят сұрап қойыңыздар! — деді.
Керімбек:
— Жөн, кісі дәруі кісіде,— деңкіреп, Мұхабайдың бірдеңе айтпақшы болғанын байыппен аңдап, жол беріп отырып қалды.
Мұхабай сөзгер, алашқа әйгілі жігіт. Айтарын Керімбектің шаруасынан кейін қалдырмай, енді осы арада айтып алмақ болып, әңгімесін суыртпақтап бастады. Өткірдің епшілі екені байқалады.
— Кеке! Жігіт жүрегіне сенеді дейді ғой, осы... Мына, Фуже тамырыңыздан райымды жасырмай-ақ айта берейін, сөйтейін бе? Ойындағысын жаман адам айта алмайды дейді екен, жарамаған сөз болса қала берер... Оған сіз де айып етпеңіз, жақсы - аға! — деп, майыстырып әкеле жатты. Жаудыраған бота көзін сағымдандырып, сырттағы көркем бауға көз тастап қойып, ойын асықпай ғана сабақтап сөйлеп отыр.
— Көкеңмен көңілің, жүрісің жақын ғой, деп бұл базынамды мына Фужеге де айтқан едім. Сол кісінің құлағына сал деп, көп ниет қып тапсырып жүрген үмітті шаруам болатын. Адамда тілек, мұрат дейтін, көңіл дейтін әурегер құрғыр бар ғой. Отқа - суға түсіріп, мезгілден ерте тоздыратын да сол екен. Адамды тегі қиындық мойыта алмаса да, арман мойытатын көрінеді. Сіздер теңдесі жоқ бұйымтай әкелген болсаңыздар, тап сол өздеріңіздікіндей арзу - тілек менде де болып отыр,— деп майын тамыза келіп:
— Жазға салым өз ауылдарыңызға барғанда, сіздердің өнегелі ортаңыз өсірген бір балаңызға ниет ауып қалып еді,— деп келгенде Керімбек сезе берді...— Адамға ғаріп -шілік тек таршылықта ғана емес, жүректі ең ыстық соқтыратын, осындай бір ізгі игілік жолында да түсетін көрінеді ғой. Арман - әлекті жасырғанда менің сөзімді кім айтып береді деп, өлермен болып, отқа түсіп отырған жайым бар еді, ақсақал!
Мынандай сөзге Фуже аз жымиып төмен қарап тымпиып отыр екен. Керімбек бұның өзінен жауап тоса қараған сұлу жігітке таңырқай отырып «әр сөзінің өзі бір қаралық жатыр-ау» дегенді ойлады. Осындай аралық сәтте Мұхабай өз айтарын әліде аз жалғап:
— Бұл сөзді жалаң аттың жалында, жалаң қылыш жүзінде айта салды демессіз, бір жағы «үлкенім» деп сүйеніп айтқан еркелігім болсын. Бұйрықты күні — бүгін, сіздің өз дидарыңызға ілтипат етіп айтпағым, білдірмегім осы еді,— деп тоқтады. Ашық үні де мағыналы, әсерлі. Кескін қабағында өзгеше бір дара, бітімділік тұр. Бұл өзі Күреге жақын маңдағы Бес - сарбұлақ дейтін өңірді мекен ғып жайлаған қызайдың Торғай руынан шыққан жас. Оның ауылын Керімбек білуші еді. Бір дүркін қырдағы сол өз үйінде көп кісімен қонақ болғаны да бар. Мұхабайдың үйіндегі өзі аурушаң, екі-үш баланың анасы болып қалған әйелінің қолынан дәм татқан.
Жігіттің еріксіз ой саларлық сөзінен соң, Керімбек тосылып отырды да:
— Дұрыс-ау, балам. Бір қазақтың баласы сендей-ақ, сөз тапсын!.. «Сұлуға сұқ, татуға тіл» деген ғой,— деп қойып, аз тоқтады. Жігіттің басына айтар өзінің де орасан өтініші ойда тұрғандықтан, «Сұлуға сұқ болса, ендеше татуға тіл» дейтін және бар дегенді алғыр азаматқа алдын ала аңғартып өтті. Аз ойлана отырып:
— Сөзіңнің бәрі де рас, бәрі жөн. Бірақ әрі қиын, әрі жөн. Қырдың қыл құйрықтысына емес, ердің құнына бітер сөзбен тұсау саласың... Салып отырған қолқаң оңай қолқа емес. Тек жалғыз-ақ қолқаңнан сөзің қиын, сөзіңнен қолқаң қиып болып отыр! — деп қайқалақтап қалды. Астары асқақ, бедері берік, сөз тастады. Айтарының аяғын әлі де сәл жалғады. Күлкі шырай жат боп кеткен, айбынды кісіге Мұхабай жалтаңдап қарағанда:
— Солай да болса көрейік енді... Қыран ұшпас жер болмас, қылыққа адам тоймас... Ауыз дәмдіні, көз әрліні сүйеді, қарағым! Бір балама оралса оралған шығар, сенің де жақсы туған мерейің. Бірақ сөзіңдей бекімің болсын,— деп аяғын ауыр түйген Керімбек жауабын тоқтатты.
Керімбектің қарсы тұсында отырған, жасы отыздың шамасындағы көрікті қызыл жігіт Фуже бар пікірі үсті томпақ, жымсық көзінің аясында сақталып тұрғандай сезілетін, тымырайған жан. Ол Мұхабайдың да, Керімбектің де сөз мағынасын ішінен анық, өрелі ұғынған бойымен кірпігін ара - тұралын еткізіп қағып қойып, үндемей тымпиып отыр. Үшеуі аз үнсіз қалғанда, Керімбек қайта бір сөйлеп:
— Шама келсе, береке неге жаман болсын... Жауынгер елің мақалдап, «Саусақ жұмсақ жұдырық, ашсаң қылдырық» дейді,— деп қойды. Ендігі бастайтын әңгіменің негізін салған осы сөз ауқымы. Бірігейік демекші! Осыдан біраз уақыт өткенде, бұлар Керімбек пен Фуже келген жұмысқа да жылжып ауысып алған-ды. Үшеуін енді анық ұзақ ұстаған әңгімелері бүгінгі ең алғашқы сәттің өзінде-ақ, бір ет асымдай көзге кетіп, бара-бара жасырын сыбырға көшіп, құпия сөйлесіп қалған. Отаршыл өкімет үстемдігіндегі ел тағдырын сөйлескенде, атадан балаға мирас болып қаларлық нәсілдік езгіге қарсы серт таразысына тас салған үш адам болып табысқан.
ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Лүріп-лама Іле аймағындағы маңғұлдың белгілі адамы. Бір Іле ғана емес, мына терістіктегі: Бұратала, Сайрам, Еренқабырға, Көксала, Құсемшек тауларын мекен еткен қалмақ, маңғұлдарға да еміс-еміс атағы жетіп жататын, батыр атанған Лама. Керімбектің үлкен баласы Әкім екі жыл елден жоғалып кеткенде, осы Лүріп - ламамен қатынас жасап, Нылқы - Ластайындағы Әкбар,— Сейіттің жасырын хабаршысы болып жүрген. Күренің Іле өзені жақ түстік бетінде, бір шетте, өзінше жеке бау, үлкен қора-жайлы Лүріптің үйіне кеше кешке қас - қарая бере арт - артынан екі-үш топ аттылар келіп түскен. Солар, міне, бүгін түс ауған шаққа дейін түпкі үйде тапжылмастан жасырын жиын өткізіп отыр. Кеңестегінің барлығы да кешелі бергі талқыда бір ғана ноқатқа қадалғанымен, әлі де толық бекім - шешімге келе алмай қарысып отырған. Ұзынша төрде, оң жақ бұрышқа таман орын алған, жасы отыз бестер шамасындағы кішкене, сұр - шегір қаршыға көзі ерекше өткір, тар маңдай сары жігіт Фатих осы кеңестің жауапкер иесі. Әкбар — Сейіттен кейінгі «Тас түлек» ұйымының басты адамы осы. Бұл топтың ішінде маңғұлдан қазақтар «демші» деп атайтын Жамбылама және Лүріптің күйеу баласы — Ләйдің амбал .сияқты кісілер бар-ды. Бұл екеуін өз маңына Лүріп шақырып алған. Олардан басқа тағы да некен-нұқан маңғұл - қалмақ өкілдері отырғаны байқалады. Үкімет орнындағы адамдардан Фуже мен Мұхабай және қырғыздан «қырғыз-қазақ ұйышмасының» қырғыз бөлімінің бастығы Ысқақбек бар. Бұл аса қайсар атанған адам. Фуже, Фатихтарменен Ысқақбек бұрыннан жалғас. Қазір Фатих пенен Фуженің екі ортасынан орын алған сом денелі қысық көзі анық батырға біткен сары жігіт сол Ысқақбек, қызай төресінен Рабат баласы Әбілхайыр отыр. Оның да жанында Қарымсақ тәріздес бірен-саран қарапайым халық, өкілдері бар. Батыршалыс шаруа адамдар. Онан басқа қызайдан әлдеқалай Қанатбек деген ақалақшы келіп қалыпты. Жүрген жерінде шикілігі шығып жүреді деуші еді... Анығында бұны жегжатым деп, Оразхан дейтін қызайға белгілі, өтімді кісі алып келген. Ал шеруден Тайлақбай мен Керімбек, Қарымсақ, Мақсұт. Міне, осындай топтың кешелі бергі шештік деген нәрселері — «кім не істейді» делінген мәселе. Бұл уақытта халыққа аз ғана астыртын түрткі болса, Гоминдаң езгісін аяусыз көрген бодан елдің дүрлігуі бір-ақ сәт болары анық. . Фуже Маңғүлкүре, Текес, Нылқы, уездерінің маңғұлдарына арғы шеті сонау — Жұлдыздаы Торғауыт қалмағына да астыртын хабар жеткізіп, соларды насихаттап қозғауды міндетке алады. Тянь - шан тауынан арғы, Іледен мойны қашық — Жұлдыздың мол Торғауыт қалмағына ең соңынан білдірмек. Өйткені олар Гоминдаң үкіметіне қарсы қасық қанын аямай айқасуға бар халық. 1757—1758 жылдары Шың - жаңды алғаш жаулап алушы Манжур боғдыхандары «тігерге тұяқ қоймай» қырмақ болған жоңғар қалмағы, атақты торғауыт нәсілі солар еді. 2. Мұхабай Іле қазағы жиырма бес болыс қызайға «ұйышма» атынан жасырын жар салып, соны шендестіре бастауға іс жүргізеді. 3. Ысқақбек Текес, Күнестегі, арғы Шатыдағы үш болыс қырғызға — «Қырғыз-қазақ ұйышмасы» атынан үн беріп, ежелгі жауынгер қырғыздарды көтеруге кіріседі. Қарашәрдегі тұтасымен жатқан қырғыз аймағына кейіндеу жалғаспақ... Ысқақбек те Гоминдан үкіметінің әскери мектебінде оқыған, капитан дәрежелі офицер. Мұхабай екеуі Шыңжаң орталығы Үрімжідегі «Жұң - гуан, шошауды» (әскери мектеп) бірге бітірген. 4. Лүріп-Лама, Жамбылама, Ләйдін амбал сияқты маңғұлға танымал адамдар мен соларға негізгі сенімді күш болатын шаруалар Фужеге жәрдем берумен бірге мына жағы Бұратала-Сайрамнан, Күркілдектен бастап былайғы тау қамағы — Еренқабырға тауындағы Көксала, Қыземшектің, одан ары — Тақияжыңның көп маңғұлдарымен астасып, ұштаса бермек. 5. Әбілхайыр төре Іле қазақтары ішіндегі Төре - Төлеңгіт, Сарт - Төлеңгіт дейтін өздеріне қарасты Төлеңгіттерді Төре тұқымы болып ұрандатпақ. 6. Керімбек, Тайлақбай шеруді ымыраға келтіреді. Және Қорғас бойындағы қанаттас суан мен көк дала, Қалжат жазығындағы қалың албанға жалғасады. Ана шеті шерудің шығыс жағында, осы елмен іргелес жайлайтын, қызайдың жеке жатқан бір руы — таймасты үгіттеп қозғалтуда ат салады. Таймастың ішінде Аусын ақын — Әкбар — Сейіттап - сырмасы бойынша сонау Алтайға, Оспан батырға қатынасып жүрген адам. Екінші іс — ел - елдер ішінде жасырын сақталып жүрген қанша құрал-сайман, мылтық бар. Нақ саны қанша? Соның бәрінің есебін алу, білу керек. Бұлардың кешеден бергі, қазірге дейін көбірек тұйыққа тірелгендей болып қамалып отырған тығырықтары да әсіресе осы қару-құрал жағы.
2
Шыңжаң тарихын алыстан қозғамай, 20 ғасырдың бергі жағынан айтқанда, осы 1944 жылғы аралықта, Өлкелік таққа У — жұң - шынмен бесінші адам мінді. Ең қызығы сонда, Шыңжаңдағы 9-губерниялық үкіметтің сансыз үйездеріне әскери басшы болып тағайындалушы төрелер сол өздері баратын үйездерінің «сейпіл - қамалы бар ма, берік пе?» деп сұрасатын-ды... Оның себебі бар. Жаңағы төрт патша отырғалы мұнда үлкенді-кішілі үш-төрт көтеріліс жүз берді. Мәселен 1912-жылы январьда Іледе Шың- жаң үкіметіне қарсы көтеріліс болды. Және сол 1912-жылы Құмылда ұйғырлардың өз билеуші - бектеріне қарсы «Темір - халпе қозғалысы» өткен болса, онан бергі жерде 1916-жылға дейінгі аралықта Іле аймағында және Оңтүстік Шың-жанда қытай ұлтының өз ішіндегі халықшылдарынан құрылған «Гилау хұй» ұйымына жергілікті ұлттар да қосылып, Өлкедегі Гоминдаңшыл өкіметке қауіп туғызды. Бірақ бұлардың Іледегі көтерілісшілері осы тұста таққа жаңа отырған Яң-зың-шыңға сатылған жергілікті әскер тарабынан өлтіріліп, бір жола жойылды. Одан кейін 1933-жылға жеткенде дүңген генералы Мажүңйың бастаған көтеріліс Бурылтоғай ауданында қазақтармен, алтын кенінің басшыларымен бірігіп, Алтай аймағының орталығы Сарысүмбеге бірнеше дүркін шабуыл жасады. Қысымға шыдамаған Алтайдың генерал-губернаторы Уй-шын-го амалсыздан Үрімжіге қашып, кейін сол жазасы үшін Шың-ши-цай тарабынан өлтірілді. Және сол дүрбелеңдермен қатар 1931-жылы 12 апрельде тағы да Құмыл аймағында атақты Қожанияз көтерілісі қозғалып, соның салдарынан Шыңжаң үкіметі қайта құрылуға мәжбүр болды. Міне, осындай Шыңжаңның аз ұлт халықтарын тыныш басқару амалын өлкені билеуші, тақ иелері өз тілдерімен «ноқталау» деп атады. Ал халықты «ноқталау» үшін аймақтардағы елге сөзі өтетін, бедел-салмағы бар әр ұлттың «ақсақал» адамдарына дәрежемен билік беру саясатын ойлап тапты. Мәселен: Яң-зың-шыңнан бұрынғы Иуэн-шы-кей өкіметі, Құмылдағы Шамақсұт дейтін атақты ұйғырға «уаң» (ақсүйек) атағын, Алтайдағы даңқы жер жарған Әленге — «шаңжаң» (меңгеруші), Закария мен Мәмиге елді тыныштандырушы «бек» нәмін арқалатса, Құлжадағы Үсейін бай мен Құшар шаһарындағы Мәметимінге — «уаң» атағын тарту етті. Және бұларды парламентке мүше етіп Пекинге келтірді. Әрине, бұндай дүмшелердің кейбіреуі бас амандығы үшін өзге тұрмақ өз баласын құрбан етіп жіберуден аянбайтын, жаны тәтті атаққұмарлардан болады. Иуэн – да - хуадан кейінгі дубэн (патша) Яң-зың-шың (Жияң жүң) Іледегі көтеріліс басшыларына өлке дәрежелі және аймақ дәрежелі қызмет орындар бермек болып шырғалап, олардың күшін таратудың шарасын қамдады. Қашқарлық, сауатсыз Розыажыны Өлкелік кеңестің бастығы етіп шен сыйлаған. Бірақ міне осының барлығы бұлардың бәрінің жанына тыныс, тақтарына тыныштық қоныс бола алмай, бірі артынан бірі патшалық міндетін өткізіп, алтын күмісімен теңденіп ішкеріге қарай жылжып отырушы еді. Яң – зың - шың Іледегі халықшыл «гилау хүй» ұйымының төңкерісшіл басшысы, қытай адамдары: Яң-зен-шуэні Қашқар гүбернелік өкіметіне, ал Хи-жияу-дүңды өлкелік халық істері назаратына бастық етіп сайлаған. Негізінде «Гилау хүй» ұйымы Қытай елінің белгілі марксшіл социолог - демократ адамы Сун-Яцен (Сүң-жүң-сан әпенде) идеясының жаңғырығы болатын. Жалпы қытай мемлекеті бойынша алып айтқанда қытай компартиясынан басқа «Гоминдаңның таңдаулы партиясы» деп аталынған тағы бір партия бар. Ол Гоминдаң партиясының кей шарттарын қолдамайтын партия. Ал бүкіл Қытай еңбекшілері Гоминдаңға қарсы. Марксизмнің көрсеткеніндей капитализмнің құлдырау сатысындағы жік-жік, ыдырау дәуірі басталған. Қазір Гоминдаң мен Қытай Коммунистік партиясы бір - бірімен белшеден қан төгіс соғыс үстінде. Шың - жаңды 17 жыл билеген Яң-зың-шың сол жылдары аз санды халықтарынан өкімет қорына түсіретін алым-салық кірімін әр жыл сайын 3 миллион екі жүз мың сәрі1 ақшамен айналдырған. Бұл содан 1928 жылы өз тағын Жың-шорынға қалдырды. Шыңжаңның байлығын аяғымен кешкен, өзі апиын құмар Шың-шорын басқаны қоя тұрып қолды Германияға сілтеді. Өзінің ұлын Европа капиталистік елдерінің соғыс — стратегиялық озық тактика — амал оқуына жолдағанда соған қоса келешекте Гоминдаңшыларға ізбасар болып шығарлық бір талай дәмелі қытай жастарын Берлин қаласына Шыңжаң қызыл алтынының күшімен сыйғызған. Сонымен 1931-жылы «Апрель көтерілісінің» дүмпіумен бұл да өз орнын Шың-ши-цәйға қалдыруға мәжбүр болды. Ал Шың-ши-цәй болса, осыдан бірер жыл бұрын патшалық тағын қазіргі У-жүң-шыңға тастап қашты. Міне, 20-ғасырдың басынан жарымына жетпеген уақыт ішінде Шыңжаңның жері мен елі бірінен бірі өткен осындай бес қорқау обырдың мешкей бүйірін арт - артынан кенелтумен келді!.. Бір жолы «Тас түлек» ұйымының жасырын мүшелері дәл осы нәрсені талқыға салып отырғанда, өзі әлеуметтік саясаттан хабары жоқ, ешнәрсеге мән бермейтін Ғани батыр төмендегі тақпақты ұйғырша, қазақшасы аралас қызық тілмен айтып:
«Көбелек келіп көлік етті,
Көбігін ішіп ол кетті.
Жапалақ келіп жалп етті,
Жарымын ішіп ол кетті.
Қарға келіп қарқ етті,
Қалқып ішіп ол кетті.
Сауысқан келіп саңқ етті,
Саңғып тастап ол кетті —
дегеннің өзі осы емес пе»,— деп күлдіргені бар. Шынында да Шыңжаңға тірісінде мерейі, өлсе үрейі ырза боларлық төрелер ішкі өлкелерден келіп, қүмжілік сүйегіне ақ кемік бітпей қайтқаны жоқ.
3
«Тас түлек» ұйымының штабы бекінген Ластай, гүбернелік өкіметінің кіндігі Құлжадан 60-70 шақырымдай шығыс бетте. Ластайдың күншығыс жағы Нылқы болса, ол сол маңдағы Қарасу үйезінің полиция мекемесі жайғасқан жер. Ал үйездік үкімет орталығы — Қарасу, Ластайдың шығыс - түстік шекелігінде. Міне, осындай географиялық орны бар Ластайдағы «Тас түлек» ұйымы штабының құпия мүшелері: Әкбар Есбосынұлы, Сейіт Махмұтұлы, қырғыздан, Ысқақбек Мінінұлы, татар — Фатих Муслимов, қалмақ — Фуже, ұйғыр — Ғани батыр. Және осыларға көмекші ұйғыр диқаны — Қари, шаруа Манапхан, Көрпебай баласы Науан және Суанбек. Бұлар бәрі Молдажан деген достарының жер кепесінде жасырын мекен ұстаған. Алғашында Әкбар жасаған Іле аймағының картасына Ысқақбек аздаған өзгерістер енгізіп, іс бастау мәселесін дәйекті қолға алысқан. Әскери мектепті бітірген Ысқақбек Әкбардың қыр қазағы ретінде ой-жота жасаған соғыс картасына шынымен таңданған. Өз жұмыс орны Құлжада болғандықтан Ысқақбек штабта көп бола алмайтын. Бірақ астыртын жұмыс құпиясынан Әкбарды пір тұтушы еді. Әкбар әкесі Есбосын батыр Гоминдаң билеушілерінің қолынан өлтірілген. Гоминдан езгісіне қазақ ішінде алғашқы қарсылықтың негізін салушы Есбосынның жасырын жұмысы ана сүтін арамдаған опасыздардың әшкерелеуімен білініп қалады да, Гоминдаң итаршылары оның соңына әскер салады. Қасындағы он үш адамын қолға түсіріп, жұрт көзінше кескілеп өлтіреді. Есбосынды қанша аңдыса да ұстай алмайды. Сол кезде батыр өзін өкіметке көрсеткен Нұрсапа ақалақшыны қолға түсіре алмай арманда болады. Қызайдың Қабанбай табынан шыққан Нұрсапа Есбосынды ұстап бере алмайды. Сонымен енді оның ізіне өкімет бай қалмақтарды пәрелеп салады. Еренқабырға тауында бір өзі сойылмен соғысып жеті қалмақты жер жастандырады. Ақырында астындағы аты болдырып, тас төбеден ұрғандай тұрып қалады. Сол кезде жан-жағынан қамалап, түсі суық көп қалмақ ортаға алады. Есбосын енді қарсыласпайды да. Тек:
— Қайнаған қалың тобыңа қылыш алып, жалғыз өзім бір кірсем, арманым қалды демес ем! Жер тістеген жетеуге айызы қанды деме!.. Өкініші жоқ деме! Өлгеніме өкінбеймін, осы тұрғаныңның ең болмаса жарымыңды жусата алмағаныма өкінемін. Мә! — деп екі қолын ат үстінде ұсынып береді. Қалмақтар қорқақтай келіп байлап алады. Елі үшін құрбан болған сол Есбосын баласы Әкбар — отыз бес жастар шамасындағы томаға көз, жауқабақ жігіт.
Екі-үш жылдан бері құрбан айт күз көзіне тура келіп жүргендіктен, өткен жылғы қоңыр күзде, бірінші айт күні Әкбар, Сейіт, Ысқақбек, Фатих, Ғани бастаған шағын топ Есбосынның үйінде құрбандықтың қанына қол матырған. Ыбыраһим — Халилолла шалған «көк қошқардың» «киелі» атымен ер жүрек дәу қара кемпірдің дастарқанында серт жасасып, қол матырған қандарын әр қайсысы бір бет қағазға түсірілген өз аты-жөнінің үстінен басқан. Киелі аруақ ошағына шалынған құрбандық қойдың қанымен серт бекітіскен. Қағаздың ортасында арабша үлкен әріптермен жазылған. «Тас түлек» деген сертті сөз бар. Қазір штабқа ең бірінші қасиетті мүлік болып сол сақталады. Берілген ант пен жасалған серт бойынша, енді осы істен кім бас тартып танса, айныса өзгелері соны табанда атып тастауға хақы бар. Сол үшін Әкбармен бір шеттен тос тигізе, құшақтаса тұрып достық ант еткенде, ішінара жылап жіберген жолдастары да болып еді. Кешегі Есбосынның әруағын күңірендіре анттасқан. Бала атаулыда жалғыз Әкбарды туған қара кемпір:
— ...Менің балам болсын, аяма! Анттан аттағаны үшін атып тастасаңдар қан құшып жатқан көзін ит өлімі қатарында көрмесем, әруақ ата қойсын! Бәрін ойлайын, сүйегін көмбей тастай алмаспын, кемерімнен шыққан жалғыз ғой. Бірақ, ей балам, ол күнді көрсем, серт бұзғаның үшін жылдар өтсін өкініп жыламақ тұрмақ, әкеңнің аруағын аяқ асты етті деп, күңірене түсем. Осы сөзімді бұл отырған анаң айтты деп ұқ! — деген.
Сонда өзгелер Әкбардың бетіне жалт-жалт қараған. Әкбар бұл сөзді есітіп отыр ма, жоқ па? — бұрынғы қалпынан қылп етіп өзгеріп те қоймаған. Өйткені ол өзі бұрыннан шешесін әр сөзімен шегелей түсіп:
— Соғысты бастаған күні өлсем де, жылама! Әкемнен жаным артық емес! Осы бастан оң құлағыңмен ести жүр! — дейтін. Әкбар айналасындағылар Қалыш кемпірдің мына мінезіне таңырқай қарап және Әкбардың ерен жаралысын ойлап, «шеше жақсы болмай әке мың жерден көсем болғанмен, бала бейбақ тәуір тусын ба. Талай еркектің еңбегі еш, тұзы сор болған шығар» деп отырды. «Батыр анадан туады» десе, Әкбар Есбосынның ғана тапқаны емес.
Штаб «Молдажанның жер кепесі» атанғанмен, үлгісін Әкбар өзі берген. Молдажан сырттан қарағанда сезіксіз, жәй адам. Және өзі қызай ішіне кірмеленіп отырған албан руынан болғандықтан елеусіз. Молдажанның өз отырған үйі жар қабаққа жасталып салынған. Төргі қабырғасы жардың өзі. Жүк жиылып тұратын сол жардан Әкбар аласа есік шығарып, ары қарай түн сайын үңгіп үй қазған. Жар қабырға сыланып, әктелгендіктен ол жерде есік болады деп жан - пенде ойға алмайды. Шығарылған есік Молдажанның терезесіне түс болғандықтан, жүк алынса жарық түсіп тұрады. Биыл Молдажан осы үшін өз терезесін екі жақтауындағы кірпіштерін түсіріп, бірталай әурелікпен үлкейтіп салғанда, ауыл-үйдің қатындары ақылы жетпей, таңырқап: «Құрқылтайдың ұясындай қуысына қожа қонатындай көк шатыр үйдің терезесін салғаны не жорық!» дескен. Қару-саймандарды тығып, тазалап тұратын жер осы. Және бірнеше адамның көзге түспей түнде, ел жата келіп, көбінесе жасырынып жұмыс атқаратын орны да осы. Түнгі қажет кезде екі-үш шам тұрады. Жазу жазарлық орнатылған орындық пен кішкене тақтай үстел бар. Бір жақсысы Молдажан үйі өзге үйлерден оңаша. Ар жағынан келетін атты адам бұл үйді дәл жетіп келгенше кере алмайтын көтеріңкі белең бар. Кіріп-шыққан кісі көрінбейді. Балалары әлі ержете қоймаған Молдажан өмірден таршылықты көп тартқан, жақсы -жаманды бір кісідей басынан кешкен жан еді. Қатынының қарсылығына да қарамай, Әкбарларға:
— Өлсек бір өлеміз! Сендей ерден сасық дене садаға! Бұл қуыста ит үясы құрлы беп-бекер өлгенше сендердей ел қамына туған ер үшін өлсем қайта «шейіт» атанармын. Енеңді... көріп жүрген жақсылығым шамалы-ақ! Бала қалса мал табар, қатын қалса бай табыр. Мен құсаған жалбыр кедей сенен қалып қайда оңар?! Ит арманға бір жетпестен келемін! Тойып ішкен тамағым қайсы?! Тоғанаққа толар бұйымым қайсы?! Сеніменен бірге өлсем, көңіліме тоқ санап, жатар жерім жәйлі дермін. Алтын сарайдан табылмас көмек менің тап осы жаман лашығымнан табылса болыпты! — деп бір-ақ кескен. Осыны айтушы Молдажан ескі тері шалбарының екі тізесіне жамау басылған, ашаң жүзі қуаң тартқан, қиық көз, шалғы мұрт кедей еді.
«Тас түлектің» жалпы жоспары мынаған саяды.
Қазіргі уақытта Қытай елі екіге бөлініп соғысып жатыр. Ұзақ жылдардан бері Жаң-қайшы мен Мао-цзе-дүн ұрысып екі партия әскері де, белшекен қызыл қанға батып жатқандықтан, Шыңжаң бір мезет ескерусіз тұрған көз. Бұл Жаң-қай-шының кішігірім бір патшалағы болғандығы үшін қазір Шыңжаң әскерінің көп бөлігі ең мықты қару-жарағымен Жаң-қай-шыға көмекке кеткен. Ал енді осындай кезде не істеуге болады? Әкбарды соңғы жылдары тынышсыздандырған, міне, тап осы нәрсе еді. Әуелгі кезде ақылдасар адамы болмай, өз басына келген осындай әлеуметтік пікірмен іштен тынды. Кейін бір-бірлеп бас қоса жүріп: қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар, қалмақ - маңғұлдан жекелеген адамдар табыла бастап, бүгінгі халге жетті. Шыңжаң әскерінің негізгі көлігі ат. Ол қазақтың тау - тасында бағылады. Ал ат иесі әскерлер «үйшік - үйшік» ойнағандай үйез - үйездерде қоршалған сейпіл - қамалдарының ішінде жатады. Сондай сенімсіз, тағылық күй кешкендіктен, бұлардың халық ішінде ешқандай сүйеніш күші жоқ. Елде жұмысы болса қайқы қылыш асынған полицейлер «бітіріп» келеді. Әскердің аяқ артар, күш-көлік, аттарын да тау-таста басына шатыр тігіп, құралды шеріктер күзетеді. Бірақ осы аттарды шауып алып тақыр - жаяу қалдыру тау халқы үшін ойындай ғана болар еді. Содан кейін Аймақ бойынша бір-бірімен хабарласатын телефон сымдары қиылады. Тегінде, Шыңжаңдағы аз ұлт халқында мылтық-құрал да жоқ емес. Шыңжаң отар болған екі жүз жылдың арғысын айтпағанда, отызыншы, жылдардың басында белгілі «дүңген қашқан» төңкерісі болды. Онда әуелгі кезде Гоминдаң әскері бір қырылған болса, соңынан дүңген екі қырылды. Содан түскен оқ-дәрі мен мылтық сансыз десе болатын. Дүңгенге аз ұлттың бәрін жапты; қолына қару-жарақ, жеткілікті оқ-дәрі берді. Сондайдан қалған соғыс саймандарын аз ұлт өкіметке апарып «мә» деп түгел өткізіп берген жоқ. Қайта бір оғын екеу ете алмай отырған халық бар. Одан бергі жерде 1931-жылы Құмылда ұйғырларды бастап Қожанияз соғыс ашты. Онда да Жаң-қай-шы әскерінен аз ұлтқа түскен оқ пен мылтық аз емес. Ендігі сөз тек халықты көтеру. Фатихтың Керімбек, Мұхабаймен сәтті бас қосып Күреге келуі «Тас түлек» штабынан халыққа шыққан алғашқы сыр. Анығында бұлардың осындай еңбегін тек аз ұлт халқы ғана емес, ғасырлар бойы Маншың империясының басы байлы езгісіне ұшыраумен келе жатқан Қытай еңбекшілері мен халық - азаматтық армиясы да қолдайтыны айдай айқын болатын.
4
Лүріп - Лама, «Тас түлек» штабының Керімбек сияқты Фуже табыстырған сырттай мүшесі. Лүріп арқылы қалмақ - маңғұлға беделі бар екі адам Жамбы - Лама, Ләйдін амбал кеп отыр. Бұл мәжілісте қару-жарақ жөнінен Фатих, Ысқақбек біраз түсінік берді. Кеңеске қатысқан бұл топ бәрін де ауызға алып, қолға алып отыр. «Енді осы әрекетті қашан бастауға болады?» деген, тоқ етер сұраққа келгенде тастаққа салған тағасыз аттай тосырқап қалады. Сонымен барып, әркім, әр саққа бір кетіп, әр жобаға соққанда, біреулер биылғы қысты айтады. «Тосыннан лап қойып, әу баста бірнеше орынды бірден ала -алатын болсаң, құрал-сайман өз-өзінен молығып, қолға түседі. Оған дейін таныс жалдап, тек оқ-дәрі қорын молайта беру керек. Мысал үшін, Күре полициясының орынбасар басшысы Әбдірейім Керімбекке екі жәшік оқ береді. Қазір арнайы орында сақтаулы. Қорған ішінде жаяу жатқан үйез - үйездің әскері аттан айрылған соң алғашқы бойда барлығы бірден шығып соғыспайды. Ә дегенде ол да дайындыққа кірісіп қарбаласады. Оған дейін бүкіл Іле уәлаяты болған жер тұс - тұстан андағайлап көптігіңді көрсетесің, қамап аласың. Мінер аты жайлауда, ішер тамағы сыртта деп дәлел емексітеді. Енді біреу мұны ағат, асығыстық санап, аптыққан албырттыққа жатқызады. «Бір мылтықтың аузына мың кісі сияды. Мұздай болат, көк темірмен құрсанған, түсі суық жауыңды сойылмен соғып, уықпен ұрып алатын қара адырдағы қасқырым деп жүрмісің? Биылша байқайық. Арыстаннан дәме ғылған аш қасқыр боп жүрмейік» — деген сияқты бітіс бермей өршіген кергі айтыс-тартыстар өрекпіп өрбиді. Жүрекке күш түсіп отырғанда, дүниенің төрт бұрышын адақтап, қызыл тілмен желмаядай шарлаған шешен де осында. Басына сойыл тиіп, табаны қызбай отырған, беріш батыр,. шемен де осында. Шешені диірмен тасындай зырласа, шемені шойындай. Ондайлар тырс етіп жарылмайды. Кешелі бергі сөздің көбі осылай қарай бейімдеп бара жатқанын байқап, Керімбек биыл істейтін істі кейінгі жылға қалдырғанда да бәрібір екенін ойлады. Ілгері істі кейін тартқан тұсқа сөз қосқанда тынысты үні екпін аңдатып:
— Жау айдыныңнан сасады. Ер әруағы қарулы. Соғыста қару-жараққа сайтан кепіл болатын нәрсе. Қолға түспей тұрмайды. Тыныштықта қойдай, ұрыста қасқырдай бол деп неге айтқан. Ата ұранын шақырып, қаруыңды тағынып, дүр етіп атқа бір мінбей, «мә, мені ала ғой» деп жау сенің алдыңа өзі келмейді. Пісулі қымыз, асулы етіңді медет етіп жата бермей, айбатыңды асырып, атқа қонуыңа асық! Қатын-бала сен өлсең де өз қамын кешеді. Үйіңде жатып өлгеніңде түз сеуіп сақтамайды. Түзде көмеді. Егер осы қалпыңда тұрсаң, биылғы тайың ат болғанша өзің ит боласың!.. Қашан айттың деме!
Керімбектің көзге шұқығандай болып айтқан сөзіне үй іші сәл аңырып қалғанда:
— Рас... Рас!..
— Дұрыс, дұрыс!
— Мұндай көзеңде елдің, жердің қамын өзгеден бұрын ойлаймын деген адамның сөзі осыдан артық болмайды! — десті, Фатих, Фуже, Мұхабайлар. Ысқақбек даңқы бүкіл қызайға жайылған Керімбекті алғашқы көруі еді. «Жақсының даңқы ел аузынан бұрын өз ар-абыройында жатады» — дейтін нақылды еске алып:
— «Тіл жүректің тілмәші» дейді біздің қырғызда, Ырқы келіспей іс бітпейді. Рухы күшті бастаушысы бар елді бақ-талай өзі іздеп табады. Ел мұңын біле тұрып-ақ сезбес мұзжүректердің емес, осы Кекеңдей жаужүректеріміздің ығына көнейік,— дегенде бұл сөзді Тайлақбай да іле қуаттады. — Жас күніңде көргенің қартайғанда түсінуіңе жақсы. Неғұрлым жас қажырмен жақсы іс өткіз! Ал бүгінгі көрген қорлығыңды сол кезде еске алсаң, қайрарға тісің де болмай отырасың, әлі... Сірі жанды игіліктен несін аядым дейсің. Берік мүйізбен сасық тұмсығын ғана қорғаған бұқадай болмайық. «Бер» десең бедірейіп, «ал» десең жадырайтын көрсоқыр ағайын не біледі! Елдігінен айырылып отырып, қарны тойғанына жұбанатын бар. Ол шешесі ұрса жылап, тамақ берсе алданатын өгей баладан қанша артық? Елдің атын жамылып, өгей туған - көрбала ағайын солар. Халқың үшін сен ұл болғанда, ол құмадан туған тұл орнында. Қазы кертіп, жал шайнап жатса болғаны. Білмеген - бәріне мақұл болады. Оған айтсаң сөзден таяқ таянған бір сәуегей шал көрінесің. Неге? Оған темір де бір болат та бір. Онымен ел болмаймыз. Қызыңды тартып алғаны басына шығып, билігіңнен айыра бастағаны емей немене! Қасқырға мүйіз, мысыққа қанат бітіріп алмай тұрып қам жасайық, халайық!
Кешелі бері бір ауыз сөзге қосылмай, бар кеңесті төменгі жақта тым-тырыс тыңдап, оқта-текте ерніне ақырын насыбайын қыстырып қойып, тырс етпей отыра берген Қарымсақ, барлық толқын, сарынның қысқа түйін шешілер жеріне көзді нықтап жеткізгендей боп алған. Енді қазір ақырында талқы - тартыс тоқыратқан бар жұрт саябырлап келіп, аяғы неге болса ақылмен көнгендей байыздаңқырап қалған сәтте ойындағы бір ауыз сөзін ол да айтты. Тегі, кешелі - бергі бұл отырыста бейсауат қыбыр - қимыл не жарты ауыз несие сөз болған жоқ-ты. «Құмарпаздың дәреті бойына тарап кетеді» дейтін болса, барлығы да жауапты кеңестің айдынынан жасқанып, тап солай тапжылмай келген. Кейде бірен-саран далаға шығушылар да мәжілістің жасы үлкен ағасы Тайлақбайдан сәл имене сұрап шығатын-ды. Сондай келе алқасында Қарымсақ қамшысының сабымен қасқа тісін тықылдатып, ойға батып отырды да, жұрт дағдарып қалған сәтте:
— Уа, көпшілік! Осы сөзіңде жетім қыздың еншісіндей менің де енші, үлесім бар сияқты еді,— деп сөзді оқыс бастады.
Tөp жаққа қиыстау бұрылып, тез жүгініп алған қалпында тұмағын санына шынашақтап:
— Сіздердің дәл қазір көздеріңіз толық ешнәрсеге жетіп отырған жоқ сияқты. Соның барлығының тетігі, тіршілік болса, ел жайлаудан түсе, күз - күземнің көзінде шешіліп, ашылса да кеш емес. Оқ жетпес жерге қылыш суырғандай болғанша, осыным жаңсақ болды ма демей, адамыңның есебі бар, басқаңның есебі бар дәл сол күзде бір-ақ шаршау дұрыс екен деп отырмын, — деген.
Бұл сөйлегенде тор жақтағының барлығы да осылай қарасып, тегіс жамырасқандай көз салған. Кейбіреулер Қарымсақтың ажарлы үнімен сөзіне таңырқасып қалғандай. Өйткені кешелі - бергі тыныш кедейден Бұны күтпегендей көрінді. Штабта Әкбар — Сейіттермен ақылдасып келген Фатихтың түптеп, саралап ойлап отырғаны дәл осы еді. Себебі осыдан бастап елдің барлығы өздерінде қанша мылтық бар, соның есебін анық білу, тізімін беру керек болатын. Қарымсақты Тайлақбай жұрттан бұрын қостап:
— Е, міні! «Үндемей жатқан жауды алады, үндемей тосқан дауды алады» деген осы. Осы жігіттің айтқанына өзге амалың жоқ, бәрің де тұрасың енді,— деді. Мәжілістегі барлық қазақ - қалмақ та енді осыны тура тауып:
— Дұрыс, дұрыс! –
— Осы тұра айтылған сөз!
— Барды айтты да қойды,— десті.
Фатих қазақ тілінің шырқын бұзып, ұйғырша, кейде татарша араластырып, бөртелендіріп сөйлейді. Кешелі бері көпшілікті үндемей тосып, айтпақтарын толық ұшығына жете, сүйсіне тыңдап келіп, енді мына соңғы байлауды да анық дұрыс тауып, өз пікірін білдірді. Кеудесін жоғары ала отырып, салқын сабырмен саналы кейпіне бар нәрсені сиғызған ажарға мініп мынау отырғандарға түстегендей жағалай, барлай көз тастап өтті де:
— Бопты ағайынлар. Онда ар барабар ақ, жолымыз үшін, жан барабар пәк жолымыз үшін, етімізден ет кессе өкінбес құрбандық үшін ант берейлік! Адамдық арымыз алдында қасам қылайлық! Өз туған жеріміз туылған халқымыз үшін, солардың ақ бостандық, азатлығы үшін, еркіндік, теңлік күреші үшін қасам ба?! — деп түюлі жұдырығымен нықтап, соңғы сөзін саңқ етіп тоқтағанда, жұрт бірдей үн жамыратып:
— Қасам!
— Қасам!
— Қасам! — десті. Саптағы әскер үнін еске түсіргендей. Бірақ ондай шартты машықпен емес, әрбір жүрек мәжбүрсіз орнында, өз ерік тұғырында тұрып сыбағалы үн қатқан!
Осы кезде сырттан жаңа бауыздалған малдың орта кесе көпіршіген қаны мен үлкен күміс шараға толтырылған су кіргізіліп келе жатты. Түсі томсарып, шапшаң қимылдап әкеле жатқан Мақсұт ағаш табаққа қойылған екі ыдысын есіктен енгізген бойы алға таман созыңқырай ұстап, кірген бетте бар топтың үлкені және айдыны болған — Тайлақбайға қарай беттетіп жеткізе берді. Қасы шанжаулап, түксірейіп алған Тайлақбай түсі қуаң тартып, сұқ саусағының ұшын жып-жылы қанға малып алып, тарғылданып шыққан үнімен сөз алды.
— Ағайын, елім, қарындас, қандас халқым үшін, соның елдік есетеңдігі үшін, ананың қарыз ақ сүті, атаның қарыз мақсаты үшін, іргең тиген туған жер, арқаң тиген — тас босаға, тал бесік үшін, қу шоқыда туымыз, қу далада тәніміз қалғанша! Құба түзде көріміз, құба белде еліміз қалғанша! Бәй тіктім басты! Қолдай гөр! — деп қанды тілінің ұшымен жалап алды. Ант суынан да ерін тигізе ұрттап, жанындағыларға қарай жағалатты. Үй іші тұтас үнменен күңірене «Иә, құдай!» «Иә, аруақ!» «Қолда!», «Қолда!» десіп жан түршіктірердей дабырмен шуласып кетті. Төбе құйқаны тітірентіп, аза бойды қаза қылғандай бір оқшау сәт еді.
Серттен өтіп, ант-су ішу нәубеті маңғұл кісілеріне келгенде, бұлар тәу етіп, шоқынғандай бір белгі қозғалыспен қанды маңдайларына бір-бір тигізіп:
— Иә, бұрқын! Иә, ағлаби! Иә, бұрқын! Иә, ағлаби! десіп, қолдарын көкірек, кеуделеріне құшынып жіберіп еңкейіп толқып, еңкейіп толқып, құлдықты лоқи ұрып, зікірлерін сала құлдырласып кетті. Бұл топ ендігі басалқы келісім бойынша ел жайлаудан түскен соң, осы отырған қалпында шып - шырғасын шығармай дәл осында қайта бас қосатын болды.
Екі күннен бергі кергінің бәрі енді ғана толастағандай боп, үй іші аз тынып басыла берген. Осы уақытта есік кең ашылып, үйге екі жақ құлағынан екі жігіт көтерген жарқыраған, үлкен ақ самауырын кіргізіліп келе жатты. Сәт тосып ызылдап дайын тұр екен. Кеңес бітпей қайта-қайта еселеніп, нәубетін күтіп тұрғаны байқалды. Қазірге дейін жазылып еркінси алмаған, тәулік бойы салқын тыныштық сақтап, ауыр қабақпен қамалған қонақ атаулы енді осы дастарқан үстінде ғана қабақ жазыңқырап, шырайы кіргендей болды. Жұрт арқасы кеңіп, неше уақыттардан бергі батпан жүктен азырақ арылыңқырағандай, бапты шай ұзақ ішілді. Мезгіл сыншы Керімбекті бұл күнге де жеткізіп еді. Ол өз ішінен «осы рас па» дегендей болып, мың қайта тауба мен өз жағасын ұстатқандай шүкіршілікке келіп отыр. Бау жақтағы қос топсалы терезесі ашылған, мол жарығы бар саялы бөлме. Үй ішіне сәт сайын бау ішінен келіп, желпінтіп тұрған салқын желемік бар. Үй иесі екі жақ етегі жамбасына шейін жырық, қой жүнінен тоқылған ұзын, жеңіл, қоңыр шекпен киген, дәл төбесінде өріп қойған бір көздей айдар - тұлым шашы бар, зор денелі, бұқа мойын, тұтас бет Лүріп - Лама көк бурыл сақалы екі айыр болып андағайлап өскен, тостаған көзі аларған түсі суық адам. Төмен самаурынға таман шоқыдай боп жүгініп алып, басын өрге көтере, жал тұмсығымен маңқайып отырып, бал құйылған ыдыстарын қонақтар алдына жақындаттыра түсіп, шайды кейде маңындағы меймандарға өз қолымен ұзатып, үлкен құлық, бейіл көрсетіп отыр. Басына сұржағал етіп, ешкінің жүнінен шоп-шошақ «ербек» тоқытып киіпті. Құлап түскен тұлымын жасыра алмай, ербиіп тұр. Өзі әркімге бір соқтыға сөйлеп, әсіресе маңғұл кісілерін оларға бұрыннан мәлім айбатымен жасқандырып отыр. Қалыптасқан зорлықшыл айбынын көре тұрып бетіне ешкім қарсы келмейтінін біліп арқалануда.
Енді бір кезек Керімбекке сүйкеніп:
— Кеке, осы жаңағы қолдарыңды қанға матырғандарың баяғыдағы ана: «өлген боқтағанды қояйық» дегендеріндей болып жүрмесін...» деп үй толы жиынды мінезімен ду күлдірді. Түсінбей аңтарылып отырып қалған тек, Фатих, Фуже. Лүріптің бұл айтқаны мұнда отырған қазақтың қай-қайсысын болмасын жауап айтқызбастай, бүгінгі абыройлы мәжіліс тұсында бұларға нағыз ұрымтал болып тиерлік бір жайдан туушы еді.
Қызай елінде қазақтың өзге руларында көздесе қоймайтын, анайы янаттың бірі «өлгеніңді...» деп боқтауы болатын. Қызайдың тілі енді шыға бастаған баласына шейін жаңағыдай балағаттауды білген. Ел ішінде таралған аңыз бойынша бір кезде қызайдың салихалы үлкендер алқасы сол болмағыр боқтықты ада күде қоюға «шара» ойласады... «Тегі өзгені қоймасақ та, тап осы өлген боқтаған деген құрдым бәлені аластайық, деп өңшең қызай бір өзеннің бойында «е, құдайлап» жиылысыпты десетін. Сол жерде отқа май күйдіріп, өлі әруақтың атын атап, ата-баба рухын тербетіп «мәулет» оқып, «тасаттық» береді. Неше жерде мал бауыздап қолдарын бағанағыдай сертті қанға матырып, шырақ тамызып, «тәу» етіп, ант-су ішіседі. Айтып сойылған «көкқасқа», «ақсарбастың» былқыған етін жеп, бәддұғасын оқып, пәтуаласады. Қызай ішіндегі молла - қожаның да, қайыр-зекетке белшеден батқан күні сол болады. Бірақ не керек, әбден қайтар жерге келгенде: «ал енді қойдық па, қойдық» десіп, мәз-мереке қауым аттанбақ екен. Бір янатты қою үшін сонша олжаға кенеліп, ішінен күлген бір молла:
— Қайыр, бәрі де паришан жақсы өтті... тек пәтиха - пәтуәмізді мүбәрәк айлағай! Ей, зекетің болайын халқым, енді сол атың өшкірді қояқ - қойыңдар әмиін! — деп күбірлеп, сақалын сипаған кезде осыған шын күйінген біреу тұрып:
— Тақсыр, мұны енді қоймасқа болмайды. Біз қоярмыз - ау... бірақ ауылдағы келмей қалаған, керуен ұрғыр, өлгеніңді дар қоймайды ғой! — деп, қарап отырыпты.
Сонда бағанағы басшы кісілер тұт жапырағына тойған жібек құртындай сілейіп, не дерлерін білмей қалыпты. Қызайға қазақтың көз келген басқа рулары осы аңызды айтып қалжыңдайтын салт бойынша. Лүріп жаңа ұлты басқа адам бола отырып, жеңіл әзілмен соны сездіргенде шынында қызық шығып еді. Осында отырған Қызай - шеруді иек қақтыруға мұршаларын келтірмей тастаған. Бірақ Керімбек сүбелі қарымта қайырды. Қалмақ заңында үйленген жігіт алған қалыңдығын ең әуелі әкелген күні өз үйінде түнетпей, оны бар кінәсінен «пәктендіріп» алу үшін дәл осы Лүріп-Ламадай, Лама-молласына жеткізіп, жас қалыңдықты бір тәулік бойы оңаша, жеке үйде «оқытуға» береді. Бірақ жырық шапан киген Лама іш киімсіз болады... Қалмақ аңызында сондай бір Лама өз құзырына келген жаңағыдай бағынышты «шәкірт» қыздың қолынан үздігіп шай ішіп отырады. Бір сәтте «жазатайым» Ламаның жырық етегі бір жағына қарай ауып кетеді де «аңдаусызда» жарықтықтың тәні ашық қалады... Сонда бұл сәтсіз көріністен ғаріп қыз амалдап құтылғысы келеді. Ламаға оның өзі «абайламай» отырған сөлекет ісін аңдату үшін, қыз пақыр өзі ала келген мысықты сөзге қосып, ұтымды сезік тастапты. Керімбектің құлағында сол бар еді. Лүріптің қалжыңына орай, соны зілсіз оспақ етіп, аса қызықты әңгімелеп келіп:
— Ол рас, жаңағы сіз айтқан бізде бар әрекет. Болған ісін әр кімнің де мойындағаны жөн.
Қыз бейбақ, сонда әлгі Ламаға:
«Лама-Лама, Лапшын со,
Хойыр күлин хапшын со...
Сә халун бәні,
Шазы немигін бәні,
Мөш мергин бәні»,—
депті, дегенде қазақтар жағы аңыра түсіп, сөз аяғын таңырқай тосып отырып қалғанымен маңғұлдың ірге бермей, шіреніп отырған үш мығым ламасы қыбылжып қалды. Кейбірі ебедейсізденіп қозғалыс та байқатты. Сөзге әсерленгіш, қызықшыл Фуже беті намыстан ду етіп, Ламаларға көзі түскенде, күліп жібере жаздап, жерге қарап кірпігін қаға жымиып, тымырайып қалды. Лүріптің күйеу баласы екі беті нарттай қызыл, сол жақ аяғы санынан кесілген Ләйдің — амбал күмілжіп, қойынан күмістеген мүйіз шақшасын шығара берді. Атасы алдында оның жайшылықтағы салмақ, беделі үшін қысылғаны белгілі еді.
— Бұл сөздің қазақшасы былай,— деп Керімбек қазақтарға мол кеудесін бұра:
Лама - Лама пысық отыр, Екі аяғыңды қысып отыр... Шай ыстық құйылады, Шыны жұқа сықылды, Мысық қыран түйілді» — деген сөз екен дегенде алдыңғы Лүріп қалжыңына ширығып, Керімбек сөз бастағаннан құлақ түре елеңдесіп отырған намысқой қызайлар бірден ду етіп күлген. Лап еткендей болып қатты күлгендермен бірге күлмесе де, Тайлақбай санын салып қалды. Фатих, Фужелер бұл ламалардың келешектегі шаруалар көтерілісіне үн қосулары өз қара басының қамдары екенін ойлап, жаңағы сөзге еріксіз күлген. Не дегенмен осылардай елге танымал адамдардан пайдаланбай болмайды. Жырық етек шапан киген үш Лама алдыңғысынан гөрі қазақтар түсініп күлгенде енді шындап қысылған-ды. Арада аз уақыт өтіп, абыр-дабыр басылып, күлкі тоқталған кезде де қырғыз жігіті Ысқақбек пен Мұхабай шебер әзілдің қызық сырына әлі де қана алмай:
— Ойпырай, ә!
— Япыр-ай, ә? — десіп отыр.
Лүріп Лама өзі де бір-екі мырс-мырс күліп алып:
— Сол енді, осы, Керімбекке жақындауға болмайды,— деп қояды. Үй-іші осындай ашық-жарқын қабаққа ауысқанда қызайдың Қанатбек ақалақшысы Фатихтан бір сауал сұрады. Кешеден бері әр кімге бір жалтақтап, үдірек көзбен қаранып келген, сол жақ мұрты ернінің үстіндегі тыртығынан шолақ болып қалған Қанатбек шәргезденген бітімсіз үнімен:
— Патық - еке! өзіңізден бір сауал болсын... Сіз өзі осы отырған біз үшін, көп үшін бел буасыз, ә! Біз болсақ жалпақ жатқан еліміз үшін, одан қалсақ өзіміздің ағайын - аумақ, мал-жанымыз үшін күреседі екенбіз. Сонда сіз жан салып кірісетін осы әрекетіңізге түрткі болған негізгі көз не деп білеміз? Сіздің жеке басыңызды қандай күштің айдауы деп ұқсақ болады? Азамат бір қатын-баланы қайда болса бақпай ма? — деген. Фатих бұл сұраққа мысқыл сездіріп күлді де, соны тап еткізіп білдірерлік қысқа жауап ойланып алғандай болды.
Бүкіл Іле Аймағын алып жатқан бәлен болыс қызайдың бай-бағлан, шоң - шорасы үйінде тыныш жатқанда Қанатбек болыстың сыналап кіруі шынында да кәдік болатын. Фатих оған жауабын айтып:
Бізде татар халқында:
«Алтын бүкіл бұ дүния,
Күміш бүкіл бұ дүния.
Қадірін біліп тұтқанларға.
Сахра бүкіл бұ дүния» —
деген сөз бар.
Солай қадіріне жетіп, жақсы ұжданыңызға пайдаланған шақта сол кісінің бір басы үшін, мына өзінше боп-бос, меншіксіз тұрған, сахра - дуңиясының құны бүкіл ғаламдағы алтын-күмістің бәрінән де ол адамға артық, өз жанындай қымбат! Терең рухыңыз үшін қымбат. Солай бағаланарлық тіл жеткісіз жәйі болады! Ол сенің рухың! Рухың! Гоминдан үкіметі алтынды аяғымнан башыма қадар үйіп қойса да, мен онымен соғыспай тоқтамаймын. Азаттық күресі осылай тамыр байланғанда ғана тез өседі. Оған жетсең жүрегің сені соның жолында өлім екеш өлімнен де еш қорықтырмайды. Ол өз жүрегің! Қатын-бала, қимас -бауыр, өзге қымбаттың бәрінен сол қымбат, сол жоғары! Сол биік! Жүректің төлеуі жоқ, асыл жолы үшін сонша биік! Айырбастауға теңі жоқ рухың үшін сонша қасиетті! Сондай дүния өзі - әсілі барабарлық, еркіндік, теңдік дүниясы. Бізге азатлық шұның үшін керек! Ыңқылаби күреш шұның үшін лазым! Әлем адамзатқа тең ортақ — әділет әлемі! «Өзге ұлтты қанаған ел өз орнында тыныш отыра алмайды» деп Энгельс айтқан, әділетсіздікке атқан оғың да әділет! — деді.
ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Керімбек ауылы биыл төр жайлауға көше алмай, баяғы қоныстарында отырып қалды. Сәске мезгілінде Керімбек өзінің інісі Мұхамәди екеуі ауылдың бас жағында қарағай түбіндегі қалың көк майсалы кішкене тақия төбешіктің басында оңаша жолығып, екеуара сөйлесіп отыр еді. Бұлар үйге Тайлақбай бастап кеп түскен бір топ үлкендерді көрсе де, орындарынан тапжылмай бөгеліп отыр. Анадағы Мұхабай айтқан қыз осы Мұхамәди үйінің тұңғышы болатын. Әйел үстіне айттыруға сұратқан қыз он сегіз жасқа биыл толған. Мұхабай мойнына салмақ қып артқан сол сырды Керімбек — інісі Мұхамәдиге осыдан үш күн бұрын білдірген. Әуелі құлақ қағыс етіп айтқан-ды. Мұхамәди бұл шаруаны өз ішінен лайықсыздау көрген. Бұрын Керімбектей аға бетіне қарсы келмеген жайы бар-ды. Әнкежанның бәйбішесінен туған бес ұлдың ең үлкені — Керімбек болғанда кенжесі — Мұхамәди. Сондықтан ол жолы, жасы үлкен аға алдынан үнсіз кетіп, үйімен барып ақылдасуға еріксізденген. Бірақ бұл іс қыз әкесін аяусыз сенделтіп, көңіліне мұздай тиген соққы болып еді... Бұл әңгімені ең әуелі қыздың шешесі естіген жерде от басқандай ыршып түскен. Ерінің бетіне қарап әлі күнге бір ауыз қарсылық сөз айтып көрмеген, от басының ұйытқысы болған бейнетшең әйел Керімбектей жолы үлкен, жақсы қайнағаның алдынан да қия басып өтпеген. Қайта, сыртынан сүйінішпен қадірлеп, жақындығын әрдайым шын кішілікпен мақтаныш тұтып, өз ішінен оны тірек көре сүйеніп жүретін келіні. Мына сөзді естігенде ол өзінің сондай жазықсыз басымен шыр-шыр қағып:
— Құдай маған зарла деген екен ғой! Жақсы боп жүріп бір күнде бір-ақ жыла, сорла деген екен ғой! Алақанға салып әлпештеп өсіріп келіп, енді жалғыз күнде қақ басқа таяқпен ұрғандай біреуге әйел үстіне бар деп айтуға, бұ қу тілінгір бет қайтып шыдайды! Қу ауыз қайтып көне барады! Күлкіңнен бір күнде бір-ақ айырыл, қура деп пе еді маған, жаратқан! — деп безектеген.
Соны естігелі алдымен қызға айтудан бұрын ана байқұс, тіпті өз басымен әлек болғандай күйде қалған. Әйел атанып, балаға шеше болған аналық өміріндегі ең қиын тұйыққа қамаған уайымын шеккен. Бұған сүйеніш, ақылдас болып өскен түңғыш перзенті. Сол қыздың өзі бұл мезетте шешесіне не болғанын біле алмай шұғыл таңырқай бастап еді. Кенет өзгеріп, өз-өзінен күрт түсіп, дамыл алмай күрсіне жылайтын күйге ұшыраған шешесінен бұл сырды қыз өзі де неше қайта сұрап айтқыза алмап еді. Сондай көздің бірінде қыз тағы қадалып:
— Осынша саған не болды, байқұс - ау? Айтсаңшы, тегі! — дегенде де:
— Сорлы, несін сұрайсың, сорлы! —деп қана қойған.
Ақыры, кеше үшінші күнге жеткенде, ымырт мезгілінде,оңаша үйде отырып, анасы сол Ақтөре деген қызға бар жайды шарасыздық сабырға жеңдіріп, амалсыз ашқан болатын. Шешесі енді өз ерінің де хал-жағдайын лажсыз ескеріп, қызына оқиғаның арғы түпкі мәнжайынан жағалата ұғындырып сөзін бастаған. Бірақ қыз алғаш естіген жерде қатты үркіп қарап қалды да, сонан ары бастан-аяқ түсі қаша, сілейіп тыңдап, қылп етпей қуарып отырып қалған. Бұл сәтте ол өзін ата-ана емес, бейне ертегілердегі бір жыландар асырап, бағып келгендей аса жатбауыр, ұғымсыз күйде қалған-ды... Қоңыр көлеңкелі бейуа қойнында ақ жүзі у жұтқандай оңып, мынау сөздің сұрқынан бар жан-тәнімен шошынғандай үрке түңіліп кеткен. Тегінде, бұл өзі әке-шеше қабағын қаршадай жас күнінен қалт еткізбей бағып, танып сол ата-ана көңілін кішкентайынан аңғарып, аялап өскен бала еді. Әсіресе, шек перделі әке шырайын өзінің балалық таза, талдай қалпымен ұғып, сезіп ержеткен. Туған ұясында ата-анаға байланысты әр нәрсені өз ішімен өсіре, көркейте ойлап, гүлдендіріп отыратын анық қимас перзенттері болатын. Туылыстағы сезімтал мінезімен ұстамды, ата-ана алдында сөзге үйір болмай, үндемей өсіп келе жатқан. Ол шешесінен жаңағы сөзді, өте оқыс көрінген хабарды естігенде, бастағы отырған қалпынан өзге қимыл, не басқадай оғаш құбылыс көрсеткен жоқ. Көзге жас келтіріп жыламады да. Тек бір есті қайратпен түсі ақшыл тарта, қуарып, тастай қатып отырып келіп, шеше сөзі аяқтап тоқтаған жерде ғана бейне түс көргендей, қалың, ұзын кірпіктері тізіле қадалып:
— Осы рас па! Мені, шынымен-ақ, біреудің әйелі үстіне бұйыра ала ма екен? Мен онан да әбиір - бағам барында, осы уақытқа дейін жақсы өліммен неге өлмедім! Бәсе, бәсе!.. Құрығыр жүрек... өзі де сезуші еді! — деп іштегі сор назасын осындай ғана бар дүние бір басына құлап түскен қасіретті сөзбен шығара, түсі өзгеріп бара жатты. Түс-елестей бір қиял жарысып, қатып отырып қалды. Бұл тұста өңі көкшіл-сұрғылт тартқан. «Апыр-ай, бұны естігенше өліп-ақ қалсамшы! Көңілімді өз қалпында бұзбай алып кеткен болсамшы! Өзінің бұрынғы қымбат, қасиетті күйімен әкеткен болсамшы, ғаріп басым! Ой, тәуба - ай өмірдің өзі осындай, бір тиынға тұрмас, соншалық нәрсіз нәрсе ме еді? Осыншалық құнсыз, опасыз ба еді! Жүрегімді суық темірдей қарып кетті-ау! Бұзылды - ау, қайран жүрек! Енді қайта осыларды ата-ана деп жақсы көре аламын ба, жоқ па?! Әй, білмеймін, түңіліп тыңдым - ау деймін! Қия алмай отырып түңілем, бейбақ басым! Бар бойым түршігіп үрей боп кетті ғой! Өзегіме өз қолыммен құрт түсірдіңдер... Сол жеп тынбай, әй, қоймас - ау!» — деген суық қайғылы ойды ойлай, буылып келіп, енді талықсығандай кенет қыстыға егіліп, бүйірінен солқылдап шешесіне қарай құлай берген...
Мұхамәдидің Керімбектей аға алдында мына кеп отырысы осындай күйден соңғы хал болатын. Соның баршасын естіп, ұғып, әрі оны уайымды көңілмен түсініп, біліп келген келіс. Керімбек тегінде бұл інісінің қабағымен көбірек санасушы еді. Мұхамәди болса көп сөйлемейтін мінезі ауыр адам. Бар нәрсеге сыртымен үнсіз көнгендей болып жүргенінде, ар жағында талай қабат ойы, сыры жататын жеке жан сияқты кісі еді. Барды ішке сақтап, ұзақ үнсіз әкете беретін. Осындай екі әкенің қасына жаяу аяңдап Мақсұт келгенде, шағын денелі, салқын отты сары қоңыр көзі болжамды қабақ астынан ойға батып, Мұхамәди қалпағын еңкейтіп киіп, төмен қарап отыр екен.
Араларына бір-екі адымдай жер салып отырған бойларында:
— ...Қыз сендердікі екен-ау, ә! Соның уайымын сендерден мен кем тартады екем - ау, білулерің ше? — деп кейіген үнмен Керімбек сөйлеп отыр: — Сендерге батып өзгеге тап сондай жан ауыртып батпайтындықтан келіп, айтып отыр демексіңдер ғой. Өз көңілімше мені бұның ешқайсысы шетке қағып, бөле алмас деп айдаладан тояттап жүрсем, сондағы әке - бала сен екеуің болған екенсің ғой! Сенің қамың деп, сенің күнің деп мен жүрмін! Заман қай заман!.. Жау қолында жылап кеткен ана Гүлназым кім сендерге! Ол тұрмақ өз басымыз құрбан боп кетпесіне көзің жетті ме? Кеше туған бір шарана қыз үшін күңіренем деп, жалғыз ауыз сөзімізге зар боларсыңдар, әлі! — деп келгенде інісінің амалсыз екі ойлы болып қалғаны байқалды. Керімбек сөйлей түсті: — Соның бәрін ұғындырып, қатын-бала дегенге айта түседі екен десе, бір жағымызға сүйеу болғанның орнына алдымен өздерің морып күйрейсің... Ол адамды әйелі бар демесін. Тыржық қызға мыржық күйеу толып жатыр. Адамның да адамы бар. Онымен бір күнгі сұхбатың зат танымас жаманмен өткізген мың күнгі бықсық күніңнен артық. «Жаманның жанында жатқанша, жақсының аяғында жат»,— деп неге айтқан?
Таңдай сүті кеппеген бала-шаға деген өз басынан артылып, кімнің жай-жағдайын шешіп ойлап білуші еді? Ненің қадірі мен қымбатына жетеді? Олай емес, бар-бар нәрсе амалдасаң, лаждасаң сонда болады. Бала мен қатынның шәйнам - шәйнам ақылына салып қайда бармақсың? Бір баланың көңіліне қарайын десең, қыруар ісің қараң қалғалы тұр. Ертең осы отырған балаларымның да басы «Қалса қазы, өлсе шейіт» деп көнем! Елдіктен ажырағаннан гөрі боздақтан ажыра! Соғысқа бала берем де, бірі өлсе бірі қалады деп көнем. «Жібек киген боз кимей басылмайды» деген. Қимасыңа да, қымбатыңа да қарай алмайсың. Аспан биік, жер дүлей, зарыңды кім ұғады! Балақтағы уайымға мына күнімдегі мені сатпа! Еркіңе би болып, «ата» орныңмен тіліңді алғыз! Сен аясаң, сені әкем еді деп ол да аясын! Бізді аясын! — дей келіп Керімбек сөзді бітірді. Әкесінің өзі де қайысып отырып сөйлегенін Мақсұт бастан-аяқ байқады. Бірақ айтар сөз қалдырмады. Ағайын ортасының оңайлықпен шешіле қоймас осындай ауыр сөзіне інісінің буынын бекіте түсу үшін сылтау айтар орын қоймай сөйлеген. Мақсұт әкесі қозғаған қисынды қанша жон көрсе де, Ақтөренің басын бұл қолқаға өз ішінен қия алмады. Әкелердің ғана емес, мұның да жанына анық бататын әңгіме шығып отыр. Ақтөре Мақсұттың бар ауылдағы қарындастарының ішінде ең бір жақсы көретін туысы. Оны біреуге әйел үстіне беріледі деген сөз өзгеден Бұрын, шынтуайттап келсе, Мақсұтқа батар еді. Ол Ақтөренің мінезділігімен қоса, әсіресе, өңділігі үшін жазықты боп, әлде кімге қатын үстіне кете баруына әсте, қия алмас бауыры болатын. Үш ұйықтаса ойында жоқ нәрсесі! Ақтөре жайлы елге аңыз болып тараған, оның даңқын дәлелдерлік бір әңгіме бар-ды. Ақтөреге сыртынан ынтық, аты Қызайға мәлім жас сері Абат төренің «Ғашық-нама» деген ұзақ ғазал - жырында:
«Бас білмей арандаттың жау-несібем,
Бір қыздың өлер болдым әуресімен!..
Мерт болмай Ақтөреден неге айырылам,
Ұшқан құс кете алмайтын сәулесінен»,—
дейтін Ақтөре осы. Жалпақ елге сол тарап жеткен. Кейде әлгі жырды жастар жағында әсіресе қыз сүйіп, ғашық болушылар қауесет, әңгіме етіп, әнге қосып та айтатын әдет бар -тұғын. Тегін де, жас күнінде жеңгелері «Ақтөре» атандырған Жидегүл қыздың ауызға ілінер өңді екені маңайдағы елге тараған. Мақсұт бұл әңгімені әнегүні Құлжада естімегеніне өкінді. Қазіргі ойында Ақтөрені тоқалдыққа сұратып отырған сол Мұхабай көзіне көрінсе, одан зор өтінішпен тілер еді. Саналы жігіттен тіпті адамның басына «жәрдем.» деп-ақ, жалынышты тілекпен өтінер еді. Ал бұл арада ендігі сөз беті шешілмеуге айналыпты. Өз басы даулы Мақсұт бұл жөнінде әкеге бір ауыз ешнәрсе айта алмақ емес... Және «Құрастырып айтса құлдыкі жөн. Біріктіріп айтса бидікі жөн» болып отыр. Қыз да, қыздың анасы да, Керімбек те, оның інісі — Мұхамәди де, ана жақта Мұхамбай да, әрқайсысы өзді - өзіне тән сырларын ағытады. Әрі осылардың қай - қайсысы болмасын, бірінен бірінің айтқаны ұтымды, үстем шығады. Бітімсіз. Мұхамәди аз отырды да:
— Айтылмай жатқан сөз жоқ. Бәрін де білді. Бірақ «Аталы бала бір-бір патша» деген осы екен. Зарын тыңдасаң, оның да көңілі бір патша. Арзан жағына өзін қиып, айырбас еткісіз азар басы бар екен, дей отырып: — Барсын! Барсын! Наза — шері болса бәрімізге тең болсын да, кете барсын! Жалғыз-ақ, бауыр еттей туған әке, қу әке мен тұрғанда, іші-бауыры кімге қараюшы еді? — деленінде көзінің бір-екі тамшы жасы үзіліп жерге түсті.
Бұлар осы бойда бағана кісілер түскен шеткі қонақ үйге келіп кірген-ді. Қонақтар әр жайдан әңгіме қозғап азырақ отырған соң, Қарымсақтан Аусынақын жайы сұралғанда, ол қойын қалтасынан қағаз алып, Керімбекке берді, Былтыр «Қыз бейіті» кезеңінен асып барып қайтқан Бөлектей жайлауындағы Таймас руының «Саппас - Аусынақын» атанған адамына Қарымсақ биыл міне, және бір барып келген-ді. Керімбекпен тіл байланысы бар Аусынақын былтырдан бері Алтайға қатынасып жүрген... Салт атқа айшылық жол келетін «ат жетпес» дейтін алысқа қасына жолдас ертпей, тек қосар атын ғана алып, ел көзінен ұрланып, жеке өзі жөнейтін Аусынақын Бәйтік тауындағы Оспанға қатынасушы еді. Үкіметтің езгісіне қарсы Сары-Керей ішіндегі жауынгер Шақабай руын бастап, Бәйтік тауында көп жылдан бері бекініп жатып соғысушы, атшыулы Оспан батыр бар. Ертеден Гоминдаң әскеріне алдырмай соғысып келе жатқан ру. Мына жақта Әкбар — Сейіт соған құлақтас болып, енді соларға да ат салып, қатынасар мықты адам ізделгенде, өзі батыр, жортуылшы Аусынақынды Керімбек тапқан. Бұл жолы Керімбек Аусынақынға әнеугүні Лүріп-Лама үйінде болған жасырын әрекеттен хабар тигізген-ді. Соған арнап Аусынақын жазған хат сөзі қысқа: «Ниеттерің айдың күні аман, және қабыл болсын! Ал өзім арғысынан қайттым... Сендердің ендігі бұл хабарыңды өзіңіз айтқандай, жан ұяда болса күздің қоңыр салқынын төске ала, «бергіні» баса өтіп, екеуіне де жеткзермін» депті.
Тайлақбай үні ажарланып:
— Бергісі — Шәуешек, арғысы — Алтай ғой! Апыр-ау, тау жебелеген көк - сүмең бөрің тақ мұндай болмас!
Сүмеңдеп жортқан көкшуланның сөлкегі десеңші! — дегенде, өзгелерде:
— Жеткені - ақ қой, жер кезіп!
— Жер шаршысын қуырған демейсің бе, мүттем! — десті.
Осыдан бір жарым ай бұрын мамырды аяқтата Әкбар — Сейіттің биылғы хабарынан Оспан дыбыссыз жатпасың деп, Асуынақын Алтайға жөнелтілген-ді. Содан айналып жеткен екен. Енді аз тынығып, күз басынан тағы жортатын болса, сонда жаздың алты айын үрдіс ат үстінде сенделісте өткізген болады. Қос аттың кезек-кезек қанды бұрауын шығарып, жер шарлағанда бір талмайтын анық сары тоқым жортпаш деп осыны айтса болатын. Және сондай жүрісін өз руынан не ауылынан бірде-бір жан сезбейді. Ел ішінде жоқ екенін аңдаған мен қайда кетіп, қайда тұрғанын тіпті өз қатын-баласынан бастап сезуші, білуші болмаушы еді. Ендігі сөз осы жайдан біраз өрбіп басылғанда Тайлақбай бұл отырғандарға бір ақыл айтты. Таймас шеруге шендес жатқанмен бұл екі ру арасы осы уақытқа шейін көп аралас болмаған. Сондықтан қиын-қыстау, ер сынарлық күн туса, бұрыннан білістіктері жоқтығын жасауға кәдік. Қауіпті іс үшін бірден ұрынбақ оңай емес. Сөз қашса, енді шерудің түбіне сол жетеді. Тайлақбайдың соны қолайлап айтқан ақылы:
— Аспан ашық, жер жарықта, осы бастан Таймастың бір-екі жерімен құда болып қойыңдар... ұл бар, қыз бар, екшеп - екшеп тездетіп құда түсіңдер! — деу болды. Бұл Тайлақбайдан Керімбек маңындағы жақын-жуықтың үнсіз қабылдайтын сөзі.
Мұнан бұрын шерудің осы отырған тобы батыста Қорғас бойын және Қалжатты мекендеп, жазда Әтікей шоқысы мен Кемпір жайлауын жайлайтын Албан, Суанмен ат салысып, ұштасып жүрген. Шеру үшін он шақты болыс Албан мен суанның өзгеден гөрі оңтайлау жері бар. Шеру іші ол екі румен ерте күннен «бұттан бұт, қолдан қол өтіп», «қалың» алысып, қыз беріскен, аралас, құда-тамыр, жекжат елдер. Ағайынды: Әміре, Дәуіт, Сүлеймен деген суанның ұйытқы кісілері Керімбек ауылының өзімен құда. Албаннан: Болатбай, ауылы дейтін ауыл ескі сар - сүйек, жекжат. Осындай әңгімелер тұсында бұл үйдегі қонақтардың үстіне қасында атқосшысы бар Молтан қажы келіп түскен-ді. Ол Керімбектердің Гүлназымды алып қайта алмай оралғанын естіп, соған келіп отыр. Аз уақытта Молтан сөз сарынын солай ауыстырды. Тақымындағы жастықты сіңірі көрінген кәрі қолымен қалтылдап тиянақтай түсіп:
— О, мен бір жұмбақ айтайын, жараңдар:
«Екі қасқыр қой жейді - оу, қан шығармай, Қуып салар малшы мен жалшы қалмай. Шырылдап арадағы, даулы сорлы,— Екі дәу дау - даулайды мал шығармай»
— Бұ не? Осыны табыңдаршы! — деді. Тайлақбай алғашында тоқсандағы қарттың бұл мінезін қызық көргендей ожырая бұрылып аңтарылып қалды да, артынша қалтыраған шалдың мына нұсқасын әзілге айналдырды. Құлағы ауырлау Молтанның өзіне естіртпей:
— Мына кәрің баяғыдағы әлгі «Ай мыжырағына» қайта басқалы отыр ма? — деп отырғандарды тегіс ду күлдірді.
Молтанның Тайлақбай қозғаған сөзге байланысты бір ісіне шеру іші түгел күлуші еді. Жасында сауықшыл болған Молтекең ертелеу күнде өлең-тойда қыз-келіншекпен айтысса «Ай мыжырық - ай, ай мыжырық» деген елден ерекше, оғаш бір қайырмасы бар әуенге салады екен.
Сонда оның екшесін басқан Тайлақбай сияқты кісілер бұған талай айтып:
— Осы қиямпұрысыңнан өзге сөз таппай қалдың ба, қойсаңшы! — деп Молтанға әлгі ән қайырмасын қойғыза алмайды екен. Қазір Тайлақбай сол мінезін ойнақы сөзбен еске салғанда, мынау тәсбі тартып мінәжтта отырған мүләйім шал бұл үйде кімнің де болса күлкісімен ойынын шақырардай болатын. Үй іші әр нәрсе айта дуылдап біраз күліп өткенде, Молтан әр кімнің бетіне бір үңіліп, жалтақтаған. Жұрт енді Молтанның жаңағы айтқан сөзінің мағынасын ойлап, іштерінен шешкендей қарияға қарап, аңырайысып қалғанда, қарт өзі қайта сөйледі. Қалт-қалт етіп, Керімбектен бастап ұрысқандай тіл қата:
— Бір қойдың қанын ағызбай - тамызбай жеп кететін екі қасқырың — бұрын жан алғыш әзірейлі мен сұрапыл делінетін. Қуып салған малшы-жалшың — өлікті суыт апарып көрге тығып қайтатын ел болатұғын. Мал шығармай дау даулайтын екі дәу — «Мүңкір-Нәңкір» дейтін. Бүгінгі екі қасқыр — ана Ма-шянь гон, Мамозыларың! Арт жағынан қуып салып, тыпа - тыныш қайтып кеп отырған малшы-жалшы осы мына сендерсің! Мал шығармай егеспенен дау даулаймын дейтін екі дәу — Абдолла мен Керімбегің! Екі ортада әнебір сорлы қызымның бір күнін мың еттіңдер ғой, түге! Үкімет деген тілеуің бергір, пәре жейді дегені қайда осы? Құрғақ даумен даукестіктеріңді салғастырып болғанша, ұрпағы отқа күйіп, кешегі ер аруағы күңіреніп болмады ма! Рухын жерге таптатпай, жау қолында жатқан нәсілін бүкіл шеру жиылып, мал төксең де босатсаңдар болмай ма! Жоқ, азбысың?! — деп, отырғандарға жағалай қарап шықты.
Тайлақбай Молтанды «Әнкежанмен құрбы еді, қимайды-ау»,— деп отырды. Молтан сөз соңын баяулатып:
— Әкеле алмай келіпті, түге, дегенді естігенде, жамбасыма жер батып жата алмадым! Өзгеңе керек болмаса маған керек! Құдай - аруақ алдына қайтып барам! Соған арнап келген бір қысырақ үйір жылқы бар. Әлімсақтан бергі «Абыл - қабылдың» кәпір -мұсылман болып тараған екі баласы бергеніңді алмай тастаған жері жоқ. Тесік жер болса тобымен айдап өткізіп, баланы құтқарып әкеліңдер! Тыныш ұйықтайын! — деді.
Молтанның бұл айтып отырған жылқысы ауылында емес, өзімен бірге қудырып қасындағы жас жолдасына айдатып әкелген. Дөнежін биеден салынған, ірікті он бес торылы тоқпақ, жал торы сәуірік үйірін желіге жақындатпай айғырмен айғыр таласады деп, бір белдің астына тастап келген-ді. Шерудің ең жылқылы байы Молтан Керімбектің артық дәулет иесі еместігін осындайда еске алып, ағайынының қапалы күніне жарау үшін келген. Ма-шянь гон өзіне ана жолы Құлжадан екі бірдей байланыс, «алаха» қағаз келген болса да, Гүлназым тағдырын шешпеген. Керімбекке дәл өз қызы Гүлназым қолымен жазылған «ырзалық» қағазын да Ма-шянь гон заңды дәлел — «пәй-пәй зы» ғып, өз қолына ұстатып, көлденең тартып көрсетіп отыр. Қолхаттағы үш-төрт ауыз сөзі: «Күре полиция мекемесінің сұрақшысы — Юнцы-фанға өз ризалығыммен ерге шықтым» дейді. Қол қойып, үстінен жіңішке өз саусағын да басқан. Көк сиялы жазудың бір жерін бүлдіріңкіреп шашырай тамып кеткен бір-екі тамшы су ізі бар... Бұнымен қоса Керімбек енді бүкіл үйездік үкіметінің үстінен жалған арыз көтеріп, аймақтық орындарға қаралап барушы болғаны анық еді. Оның аты: «арызқой - бүлікші» болады. Лүріп - Ламаның үйінде бас қосқаннан кейін Керімбек Фуже, Мұхабайлармен ақылдасқанда, Мұхабай бұл жұмысты енді Құлжадағы гүберниялық штаб арқылы қозғап көруді айтқан. Керімбек Мұхабаймен болған сол келісім бойынша. Мақсұттарды елге жеткен соң, Құлжаға қайта жіберетін болып аттанған-ды.
3
Күн түс ауа бұл үйге тағы бір үш кісі келіп түсті. Киім үлгілерімен ер тұрмандары қызай, шеруден басқа адамдар еді. Қызайдың жазда киетін бас. киімі маржандап шашақ таққан түбіттен басқан ақ қалпақ болса, бұлар тықырлау қара елтірі қоңыр елтіріден жеңіл шошақ тымақтар киген кісілер. Және бұл маңайдан үлгі - санаты басқа, аттарында «Қоқан ерлер» шекшиеді. Бұлар шеруге көшіп келген матай адамдары еді. Бастап жүрген — төрдегі мынау, қиықша біткен, ақ - қызыл жүзді, бас бітісі ірі, тарбақ мұрынды, салқын түсті Қапалбай. Аумақты үлкен сақалы кесек жүзіне салауат береді. Керімбек сонада алғаш өз еліне шақырғанда Қапалбай оның жақсы лебізіне бірден ентелеп құламаған. Кісіге онша іш бермей, тоқталып отыратын адам көрінді. Матайды сыйғызып алғысы келмеген қызайдың Таймас, Торғай руларына деген айдай анық өкпесін де Керімбекке айтқысы келмеген. Ата — жөн білер, жол білер адамының болмағаны үшін жабық өкпемен түйіліп қалғаны аңдалған. Тіпті өзі бейіл берген Керімбекке жалпылдауды да алғашында намыс, ар санағандай өз басына сын көрген. Керімбек Қапалбайдың талай жыл бойы қоныстана алмай, қатарға іліне алмай келе жатса да өзгеге ірге бермейтін, өрелі адам екенін ұққанда, ішінен сол мінезіне анық сүйсініп еді. Өмір таразысына қанық, кеудесін бастырмайтын кісі екенін аңғарған. Соны ойлай келгенде, Керімбек Таймас, Торғай үшін Қапалбайдан іштей өзі ұялған болатын. Мұнданы ел атына намыс қып ұялған. Ол қазаққа елдік сын боларлық тұрғы еді. Матайлар Қалжат б ойында, албан ішінде отырғанда үкіметтің алым - салығын ауырлап: «Ел ауыл, жер ауып жүрген жұртпыз, бізге салатын салықты өзге қазақтан гөрі азайтпаса, біз көтере алмаймыз» деймін деп, осы Қапалбай Күреде дүре жеген. Қаналбайға сыйлы мейман деп Молтан мен Тайлақбайдың ортасынан орын берілген. Бұ келіп отырған үшеудің бәрі де келбетті кісілер еді. Бір-бірімен өң жағынан бәсеке таласқандай адамдар. Керімбек ішінен: «Самалалы салқын белдің түлектері - ау, сондай жерде туып – өскен -ау» деп отырды. Алдыдағы сапырыла түсіп құйылған салқын қымызбен шөл басып аз отырғанда, Тайлақбай сөз бастады. Ішіне терең дем тарта келіп:
— Е - е, кәдір - дос, ағайын! Күдері ерің күйтік болған, күлік атың күдіс болған бір заман ғой бұл... Бір шөкім аралда сияқтысың. Айналаң анталаған абжылан ордасы. Жыланның үлкен-кішісі жоқ, бәрі шағады. Қазекең «жоғарыдан келген — Ақ сүгір, төменгіден келген — Қара Сүгір, ойдан-қырдан басымызды қосқан құдайға шүкір» деген екен. Сол айтқандай, бәрімізді әкеліп қосқан құдайға шүкірі Ортамызға келіп қалған мейман екенсіңдер. Мейман күткен қазақтың баласымыз. Шамамыз келсе бар мәзір, құрметіміз сіздердікі, туысқан! Үй үйге сыймаған мен, ел - елге сыяды. Алдымен берекең. болса, дос есебі көңілде, кейінгісі өз аужайына жарай бола жатады ғой. Ат майы, атан қомы болса ауыса жүрер, аямаймыз. Дүниенің арзан - қымбаздын шетте жүріп тарыққан біледі. Қапа кешіп, жапа шегіп зарыққан біледі. Ел мен жерін сағынған, көкірегі қарс айырылып, кеудесіне шер толған біледі. Қош кепсің, құшақ жайық, қойын ашық, алаш ұлы! — деді. Сұлу сөзге барлық жан ұйып қалды. Адам сөз құдіреті арқылы бір - бірімен теңелгендей. Қапалбайдың қасындағы екеу Керімбектің үйіне мұнан бұрын да бір келген адамдар. «Көшіп баратын болдық» деп Қапалбай анада Керімбекке осы екеуі арқылы сәлем жолдаған. Керімбек онда өзі ауылда жоқ-ты.
Қаніке бұл екеуін қондырып отырып, өзінің Қанапия деген баласына мал сойғызбақ болғанда, қазіргі мына Қарымсақтың жоғарғы жағында, Абдолдамен екі ортада отырған: қара сақал, аққұба кісі есіктен келтірілген асау қызыл кебеге бата жасамай:
— Бәйбіше, бейіліңізге ризамыз! Еркек жоқта біз үшін қысылып, әуре болмай-ақ қойыңыз, мал сойғанда қанын ішпеспіз, бізге анау керегінің басындағы еттен ассаңыз болады,— деп іркіліп тартынғанда, Қаніке:
— Жоқ, олай болмайды... Шын қонақ сіздер екенсіздер! Мейман жемеген қайырсыз мал адал өлсе бір қазан ет, арам өлсе бір тулақ емес пе. Оған қабақ бақпай-ақ, сыйымызға ортақ болыңыздар! — деп, бас жегізіп аттандырған.
Тайлақбайдан кейін Қапалбай да жөн білдіріп сөйлей отырды.
— Иә, «табысу айырылысудың басы» депті. Есіңде табысқаның тұрмай, түбі бір айырылысатының тұрсын деп, тұңғиықты меңзейді. Адаммен адам бір-біріңнің бағаңды сонда ғана білесің демекші. Бізге соны өз жүрісіміз үйретті. «Қайда жүрсіз, естілер. Ығыр қылды, ессіздер» дегендей жерден ауған осы жүрісімізде ығыр қылғандардың да бәрі есте!..— деп шешіліңкіреп келеді.
Сөзге мұхит адам екені бірден байқалғандай. Айтарының аяғында осы отырған аңғарлы топқа базынасын шаққандай болып:
— Біз де дәл осы өздеріңіздей ел едік. Бүгін енді туған топырағымыздан тұмар тағардай боп жүрміз! Сырғалы қыз, сіргелі өгіз бізде де болған. Тұмарлы дүлдүл, тұлымды ұл бізде де болған. Көрген көз, ұстаған мына қол куә! — деп екі алақанын жайып көрсетіп: — Жүрек іштен жыласа, ақыл іштен жұбатады. Кім екеніңді кім білді! — деген.
Мақсұт Қапалбайдың алыстан шолғыштығына қызыққандай көз алмай біраз қарап отырып қалды. Одан Тайлақбайға, өз әкесіне де көз салып өтті... «Осы адамдар осындай бітіс, туыстарын қандай нәрсеге жұмсап жатыр»,— деп шалғай бір ой ойлады. Осындай қабілеттерімен Гоминдаң өкіметі алдында адам санатына алынбайтындарын ойлап намысы тұтанды да, «қасық қаны қалғанша соғысып өлем демей не десін» деді ішінен.
Абдолла Қапалбайдан:
— Мейман! Арғы бетте жерлеріңіз немене деген жер? Қай жер болады? — деп сұрады.
Біздің Матай Ақсу - Қапал деген жерде. Мынау тау өзі тұтасқан алыс қатпар, қалың тау, соның ту анау арғы астында, Жетісу төрінде боламыз...
— Матай тегі, қанша болыстай ел? — деді Керімбек.
— Біздің жердегісі сіздің Қызайыңның жарымындай ғана. Он екі болыс. Ал арғы Семей жағында тағы да ошарылып жатыр.
Өз білгісі келгендерін үш қонақтан Қарымсақ, Молтандар да әр жайдан кезек сұрасып, таудың арғы астында нендей қызық сыр барын білгілері келіп құлақ түре, жұмбақты жүзбен тақайырлап сұрасады. Үндемей тыңдаған тек Мұхамәди ғана болды. Сұрап білгендері ондағы қазақтың салт - тұрмысы, мұндағы елден айырмашылығы. Қайсысының қандай артық, жақсы дәстүрлері бары. Бір сәтте Қапалбайларға сәлем бере, есіктен Көбек дейтін жігіт келіп кірді... Жасы отыздың мол ішіне келген, бір көзі шешектен кем болған, әрі бетінің қорасан даты бар шұбар — Көбек бұ қонақтармен көрген жерден шұрқырасып амандасты. Бір - бірлерін көргеніне әуелгі сәттен - ақ өздері де таңғалысып екі жағы айрықша ұшырасты. Есік жақта бұлардың осы көздесуін әдейілеп келіп көрген Кашке мен бір-екі кемпір үнсіз бастарын изесіп, таңырқасып тұр.
Төрде үлкендер жағы:
— Малды — үйірімен айдасын. Адамды — ұйымымен қинасын!..
— «Бірге өскенді қолдан көм» деген.
— Туғаныңда көрмеген өлгеніңде жыламайды,— десіп жатты.
Қазіргі кезде Керімбек аулының бір адамы болып кеткен Көбек осы Қапалбайлармен жерлес еді. Бұл мыналардан бұрынырақ жеке өтіп келген. Қапалбайлар қарап отырмай дәл осы жерде Көбектің бір өтірігін шығарып қойды. «Көміп кеттім деген өтірік соңынан қырық жыл қуады» деген осы екен-ау, деп Керімбек өз ішінен таңғалып отыр. Сол айтқандай, Көбектің көңілге тоқ санап жүрген бір өтірігі араға неше жылды сала өкше ізінен қуалай жеткендей. Қапалбай Көбектен:
— Баяғы өзіңмен әкеткен әйелің бе? Сол келін бе? Бала-шағалы болдың ба? — деп сұраған. Көбек бұл елге «үйленбеген, бойдақ жігітпін» деп келген-ді. Керімбек өз ауылына келген бұған жал-құйрықсыз, жалғыздығын ескеріп, осы елден өзіне лайықтап қыз әперіп, бас қусыртып қойған.
Алғашында мынау отырған бұның өзі үшін дүниедегі ең сыйлы адамдар — Керімбек пен Тайлақбайдың алдында қатты қызарып, терлеп кеткен Көбек, енді бар шынын неде болса осы арада айтқысы келді. Елінен жас әйелі екеуі емшектегі баласымен шығады екен. Қалың тауға жеткенде жолдан адасып, азықтары таусылады. Бір жерде әйелі жүруге жарамай қалады. Баласын бауырына қысып құлап жатып қалған келіншегімен Көбек уақытша қоштасып, маңайдан аңшы, құсшы, не болмаса, басқадай бір жүрген жан иесі, жолаушы көздесіп қалмас па екен деп сандалып, жылжып, олай-бұлай жүре береді. «Аш адам жатып өлмей, жүріп өледі» дегеннің өзі болады. Бірақ, көп ұзамай енді әйеліне қайта жетуге бұның өзінің де халы болмай, қалжырап құлайды. Биік бір зәулім жартас түбінде сүйеніп отырып қалады. Енді көңілінде «қашан өлем,» «қайтып өлем» деген келте сұрақтан өзге еш үміт те қалмайды. «Сондайдағы жалғыз зар, иа алла, енді осымен шын алғаның ба?! — деу ғана болып, әлің келсе кемсеңдеп Жылай береді екенсің», деп Көбек әңгімесін дәмдендіріп қояды. Арада қанша мезгіл еткенін шамалай алмапты. Бір кезде мұның есін шығара төбе жағынан дәл қасына бір нәрсе гүрс ете құлап түседі. Қапелімде үрейі қалмай жалғыз көзбен бажайлап қарап жіберсе, биіктен сонша ауыр салмақпен кеп дәл алдына құлап түскен аң екен!.. Мүйізі арбайып тыпырлап асатады... Таңы аппақ сұр - бөрте құлжаны көргенде өз көзіне өзі сенер - сенбес болады. Нанар - нанбасын білмегендей, есі шығады. Көбек үстіңгі жаққа көз салып қарайын дегенше, тік, биік - жартастың есіліп түскен жырқайымен арсалақтап, құйрығын бұлғай төрттағандап түсіп келе жатқан қасқырды көреді... Орнынан қалай ұшып тұрғанын аңғармаған бойда «а - айт» деп қалады. Бәрі қайта тайқып өрге салады. Көбек жанқалтадан бәкісін суырып алып, әлі тірі жатқан құлжаны тақыр шаптан есіп жібереді. Жеңді ысырып тастап, сыбанған қолды ақтарылған ып-ыстық, іші - қарынға сүңгітіп, әне-міне дегенше «бырт» еткізіп буы шыққан бауырды суырып алады. Қанжылым қара бауырды қарбытып асап, қылғи бастайды. Қанды бауырдың жарымын оп-оңай тауысып, аузы-басы боялып, аз отырғанда көзі шырадай жанып, аужал ала бастапты. Құлжаның арбайған мүйізіне көз тоқтатуға осы кезде ғана шамасы келеді.
— Апыр-ай, енді аз болмаса, көк желкемді үзіп кете жаздапты - ау деп ойладым. «Ғайып - еренім» бар-ау дейім,— деп Көбек сөзін әрлеп, үй ішін күлдіре түсті. Сондағы өз жайына өзі сенер - сенбес халге келіп отыр. Күні бүгінгідей таңырқай, жағасын ұстайды.
— Сонан не керек, бауырдың қалғанын қолыма алып жылжып әйелге жетсем, баласы алдақашан өліп қолтығына тығылған бойы т.үсі көгеріп кетіпті де, өзі қылжиып жатқан екен. Бауырды сығып, аузына қанын тамыза - тамыза отырып тірілтіп алдым! — Көбек оны сол бойда аман алып келген кісідей желпініп қойды. Содан қарағай түбінің бір үңгірін тауып жаңағы құлжаны кескілеп сонда тасып алады. Бірер күн қозғалмай жатып әлденіп, екеуі тағы алға жылжиды. Мезгіл көкек айының орта шені болса да, бір биік таудың бері қарай құлап түсер бетін жұмыртқадай жылмитып, сіреуленген мұзарт қар алып жатады. Одан тек көзді жұмып сырғанап жөнелмесе, өзге амал жоқ, бұдырсыз қия болады. Әрі өзі алыс, терең. Жоңғар Алатауының биік жоны. Енді әйеліне:
«Ақыр алдыңғы бір өлімнен олжа ғып қалған сірі жанымыз екен. Алдымен тәуекел ғып сен кет, сырғана!» десе ол жылап көнбейді. Соңына тастайын десе жапандағы таудың қиян басында қатынының қалып қоятыны көңілінде анық болжанып тұрады.
— Оның әуенін әуектетіп отыратын заман жоқ, ендеше міні! деп өзіне байқатпай отырған жерінде еңіске қарай желкесінен итеріп кеп қалдым. Немене, зыр етіп айдап жөнелді. Тау тағаны мұндай алыс болар ма, көз ұшында торғайдай боп зымырап кетіп барады. Бір-екі тұста бүктеліп ортқып - ортқып та кеткендей болды пақыр! Бір кезде барар жеріне барып тоқтады - ау әйтеуір! Әй, бірақ жазған байқұс орнынан тұрмай қалды!.. Отқа пісіріп алған дорбадағы етті белге байлап, «сәт - алла» деп өзім де жөнелдім. Әр - беріден соң, денеңді басын алып кетеді екен, бірдемеге қағылын еңіске бір қарап кетіп едім. Содан оңалмадым. Жүрек су - сулап ұшып отырып, сай табанына бір-ақ жеттім. Өзім де оңбай соққы жеп қалыппын. Әлгі сорлыдан жүз қадамдай аулақ түскен екенмін, қойны -қонышымның қарып қағып, қасына барсам денесі қимылсыз көзі алаңдап тоқтамай жатыр. Кеудесінен көтеріңкіреп, басын жерден алайын десем, бишараның мойны үзіліп кеткен екен. Тілге келе алмады. Басыма жалғыздық түсіп, қамығып кеттім. Жұлдыз шыға жан да тапсырды, рахматлік! Бала екеуінен бірдей ажырағанымда «оһо... һо...һо - о!» деп үнім боздап шығып кеткенін өзім де білмей қалдым. Жапандағы сонша жалғыздықтан бойыңды билеп тұра алмайды екенсің. Құдай неғып осынша сорға жаратып ең! деп, екі қолым жайыла құлап түсіп, қарға аунап жыладым. Оныңнан не шығады. Қарызы көп еді, ең болмаса көзін қарға-құзғын шұқымасын деп бетін қармен жасырдым да жылай-жылай жүріп кеттім,— деп келгенде әйелдер жағы Қанікеден тартып еріксіз көздерін сүрте бастаған. — Содан түнімен тынбай жылжып, бір тәуірі, етім бар, таңертеңінде Ақбай- тал-Әгімнің тұсынан шыққан екенмін. Сол кезде енді шын өлер жердің анық өзіне жеткенмін. Үсіп-жаурап жалғандағы бар жалғыздық бір басыма түсіп келе жаттым. Адамның көзінің жасы оңайлықпен таусылмайды екен!... Құдай сол жасты көрмесін бе? Жолдағы арқарды берген нем неге өлтірсін... Дәл сол жерде Базанның әкесі, жаның жәннәттің төрінде болғырым, Сағат деген жарықтық көздесе кеткені! Жайшылықта өлген әкем тіріліп келсе ондай қуанбаспын. Танымайтын қазаққа анадайдан «ағатай - ай, өлдім ғой, ағатай» деп еңіреп жылап көрістім! Адам халы кеткенде өзіне-өзі ие бола алмай қалады екен. Сағат қария белбеуінің ұшымен сорасы ағып кеткен мұрнымды қайта - қайта сүрткілеп үстіме сары тонын жауып, бір тастың ығына, күншуаққа отырғызып қойды да, қарағайдың қу бұтағынан дүрілдетіп от жағып, жанымды кіргізіп алды ғой!» деп Көбек әңгімесін тәмамдай берді.
Сағат шерудің белгілі жортуылшы, жау - жүрек адамы еді. Қыс күнінде өзіне серік мықты атпен құс ұшып, құлан жортпас Ақбайтал-Әгім жайлауларынан, Қиятас, Шұбырты сияқты қиын - асулардан әрлі-берлі жалғыз асып, Бұратала, Сайрамның өштескен қалмақтарынан қос - қосар жылқы алып келетін. Со жолы жалдас күрең айғырмен бері қайтқан сапарында иен тауда жалғыз жаяу Көбекке кезіккен. Көбекті анық өлімнен құтқарып, екі жетек атының біріне мінгізіп, Керімбекке әкеліп тапсырған-ды. Бірақ «жортуылшының басы жолда қалады» дегендей шерудің сол Сағат деген кісісі ақыры бір жылы қыстыгүні Қиятас асуында қалып, сүйегі жазда бірақ табылған. Заманнан бергі қоймадай сырын енді ғана ашқан Көбектің бұл әңгімесіне бар қонақ аса қызықтап, таңырқасып, таңдасып еді. Отырғанның барлығын бір өзіне жамырата қаратқан хикаяны алғаш естушілер кейде амалсыз күлісе, құлшына тыңдап, оқиға аяқтап келгенде Қарымсақ:
— Е, қу Көбек! Сөйтіп жерді құртып келіп, монтаны болып отырған, көнектің түбін тескен Көбекпін десеңші! Бұл түріңде сен әлі біздің қызды да бір жерге құлата тастап қашарсың! — деп, үйдегі мынау үлкендерді еріксіз күлдірді. Кебек өз ісіне бұнсыз да ұялып отырған еді. Қарымсақ оны күйеусініп әлі де қажай түсіп:
— Апырай, өзінің тұтылған қуықтай берігін қарашы! Ертегідегі қара дәудің жанын қырық жыл сақтап беретін, мекен-жайын адам білмес сиқырлы зәндемінің өзі ғой мынау! — дегенде жұрт Көбекке көз тастасып тағы күліскен. Абдолла Тайлақбайға көзін қысып қойып, қыза сөйлеп:
. — Не боса о босын, қыз алып көрмеп ем деп бір қызымызды иек қақтырмай түсіріпті-ау, мына су пері! Көкеңді сөйтіп жүріп-ақ, жерге бір отырғызуға жараған сұм мен десеңші! — деп жұртты тағы күлдіріп жатыр. Тайлақбай бұл қалжыңдармен ісі болмай, төменгі жақта жүгініп отырған Көбекті таяғымен көзеп көрсетіп бір сын айтты. Босағадағы мына сырлы жігітке түксірейе, барлай қарап, оны бүгін көргендей таңырқап:
— Ақыл тап осыдан шығады... Қиын күнде сыр шашпас адам керек еткенің сондай жалғыздықта қасыңа осыны алыңдар... Әшейіндегі мардымсыған мырзасүрейден қиындықта ақыл таппайсың, бұ жүрген талайымыздан осы отырған көзелің опалы болмаса маған кел! — деп бағалады.
Бағанағы реңді келген қара сақал матай Көбекке:
— Енең байғұс қызын айтып омырауын жас жуып отырушы еді. Опасы жоқ дүние деген содағы! — деп қойды.
Керімбек Көбектің бағанадан әлі ішілмеген үлкен сапты аяқтағы қымызын өзі сапырып:
— Ал, сусын ал! Соңынан сор ергеннің бір бақыты болады» деген. Қайғысы жоқ жүректен қалағандай сыр шықпайды. Бір қыз емес, екі қыз қатар алсаң татырлықтай бейнет тартыпсың, балам! — деді. Үй іші Тайлақбай мен Керімбектің осы сөзінен кейін Көбек тағдырын ақылға салғандай, ойланып қалды.
4
Бүгін Қапалбай Керімбекке аз бұйымтай шаруамен келген. Матайлар әзір өздеріне берілген Екіашада: ер-әйел, бала-шаға, кемпір-шалы демей, тұяқ серпер адамы қауырт іске кірісіп, алдағы қысқа қыстамақ қора-жай салуға жұмылып жатқан. Соған адам күші, көлік майын сұрайды. Өздері осыдан он бес-жиырма күн бұрын Керімбектер Гүлназым әуресімен кеткенде көшіп келіп орныққан-ды. Шеру үлкендері бұдан екі күн ілгері бас қосып барып «қоныс құтты болсын» айтып қайтқан. Сонда бұлар:
— Адам күші, көлік күшінен қанша көмек керек болады? Ойластырып айтарсыздар деп кеткен. Енді осы қоныста олардың еруліктерін де беріп, таныстық, білістікті бастамақ болатын.
Керімбек оларға деген жәрдемін ішінен ойлап отырған екен. Тегінде, Керімбектің елте атағы болғанымен, малды кісі емес-ті. Сондықтан ат майы, көлік күші дегендер туралы өзгелермен ертерек ақылдасып қойыпты. Ал адам жөні болса өзінің малға - жанға иелік ететін баласы — Қанапияны бас етіп, ішіне Көбекті қосып, әзірше жиырма - отыз жігіттің басын құрып берді. Көлік жағынан ағаш таситын басбілгі, даңғыл өгізден дәл отыз өгізді іріктеткен. Қызай - шеру жері таулы болғандықтан көші-қонға түйені көп ұстамайтын ел. Тау-тасқа тырмысып, өгіз мықты келеді. Он жылдан бері ешқайда орныға алмай «қашқын» атанып келген матайдың бұл қаптағай руы өзі қырық-отыз үйдей ғана еді. Сондықтан бұларға Тайлақбай мен Керімбек Шерудің әл-ауқатты деген ауылдарына хабар беріп, биылша үй басына ат майын да тауып беруді ақылдасып, оны да ерте шешіп қойған. Сол бұрынғы келісілген лебізбен қазір жан-жаққа кісі жөнелтілді. Қазір күн еңкейіп қалған мезгіл. Бұл күнгі кешкі қонақасы Керімбек үйінде болмайды. Кеш қоналқыға қарай. тағы талай кісі келмек. Соның бәрі Мұхамәдидікіне түспек. Керімбек аулында «үлкен үй», «қара шаңырақ» аталатын сол үй. Айтбай, Әнекежаннан қалған босағаны бәйбішенің кенжесі — Мұхамәди басып отыр. Бүгін сол үлкен босағада айтылған «көк - қасқа» бар.Ел-жұрт әлдене пәтуа үшін дақпыртты мәжіліске бас қосса, тегінде сондай белгілі қара орында қосады. Мына. Молтандай рулы ел ішінде қажылық жолын ; өтемек болған адам да Мекеге сапар тартарында сол «.аруақты от орнынан» дәм татып аттанады. Немесе жаугершілік заманда ұрысқа аттанатындар болсын бір сүзіп шығатын дәстүр бар. Керімбек бүгінгі бұл сырды осындай жақсы ниет үстіне келіп қалған Қапалбайдан жасыра алмай, Тайлақбай екеуі оны сыртқа алып шығып, өзіне жеке білдірген. Оңаша сездіріп, ішке ала ақылдасып еді. Қапалбай мұны өз жанындағы екеуге аңдатпауды жөн көрді. Оларды өз қасынан қайтарып жібермек болды. Бүгін кешке дейін үлкендер ортасындағы осындай ар түрлі қиын түйін сырлардың ішінде тапжылмай отырып шыққам Мақсұт, бұл үйден енді ағасы Мұхамадимен бірге ертерек аттанып, өзеннің арғы бетіндегі текшеде отырған со л кіші әкесінің үйіне қарай кеткен-ді. Мұхамәдиді ауылдың барлық ұл-қыздары «Тәте» деп атайтын әдет бар. Мақсұт алдында кетіп бара жатқан ағасына жете жүріп, оған өзінің Бүгінгі бір ойын айтты:
— Тәте! Мен ертең Құлжаға жүрмекпін ғой. Ақтөренің жайы туралы сол Мұқабай дегеннің өзіне жолығып көрмек ойым бар. Қалған сөз не болары сол жерде шешіледі,— деп еді.
Мұхамәди ойланып көрді. Үндемеді. Мақсұттың өзіне салғаны. Керімбектей ағаның қадір - беделін ойласа да, шындығында, Мақсұт айтқан бұл сөзге онша қарсы болмаған сыңайы бар тәрізді. Бұлар келіп үлкен ақ үйдің сыртында мама - ағашқа түсіп жатқанда Мақсұтты есіктен көрген Ақтөре үй ішінде боп - боз бола, қозғалмай тұрып қалған. Жүзі ыстық туысқанына көзі түскенде ол өз басының жайын үстемелеп еске алған-ды. Жақсы бауыр, ағаға қапалығын шаққандай. Ақтөре үйге кірген бұл ағасымен қазір сүлесоқ қана амандасты. Үй ішінде әзір екеуі ғана еді. Мақсұт төрге шығып, Ақтөре салған сырмаққа отырып, енді қайта қарағанда, қарындасы көзінен мөлт-мөлт жас төгіп, есікке таман беттей берген екен. Соны көргенде Мақсұттың көңілі астаң-кестең болды. Қыз шығып бара жатқанда, соңынан түйіліп қарап отырып қалды. Бұнымен біраздан бері жүздескені осы еді. Мақсұт көрмеген аз уақыт ішінде мүлде өзгеріп, шөлмектей боп қалғаны білінді. Мұнан кейін Ақтөре үйге бірер кіріп шыққанда, Мақсұт оның бетіне қарай алмай, көзін басқа жаққа аударумен болды. Қолынан ешнәрсе келмеген әлсіздігіне қорланып, осының бәріне өзі кінәлі кісідей болды. Бұл екеуі бұрын бір-бірін көрсе, біріне-бірі сақтап жүрген әлдебір әңгімелерін айтысып, өздеріне ерекше жан қызуымен сөйлесетін. Туысқан ішінде боларлық анық қимас көңілдерімен бес күн көздеспесе бір-бірін сағынтқандай ететін бір пәк, жақындық екеуін де тартып тұрушы еді. Ақтөре өзінің Мақсұттай тәрбиелі бауырының барлығын бел тұтып, бұны сыртынан жиі еске алып, оның тілеуін шынайы тілей аларлықтай, ең басты туысы бір өзі болып жүруші еді. Мақсұт Қамар жайын бір шақта өз ішіне сыйғыза алмай, жалғыздықтан басы қатып Ақтөреге шағып айтқанда, бұл қарындасы өзінің кішкене басымен-ақ: «Сол қызға мен өзім барайыншы» деп Мақсұтты нандыра, құлшынғаны бар... Әсіресе, бұл дегенде жаны қалмай тұратын сондай мінезі үшін жақсы қарындасына Мақсұт та жанын үзгендей болушы еді. Бүгін Мақсұтты өз өмірінде тағы бір шешімі жоқ қиын - құрсаумен дем тартуға шамасын келтірмегендей етіп қамаған да осы — Ақтөре жайы болып отыр. Бүгінгі кештің бір тұсында, әредікте Ақтөре Мақсұтқа өз қайғысын аз ғана сөзбен жеткізіп:
— Өмірдің өзі шынымен-ақ аяғысы келмесе, ойын-күлкіңнен айыруы бір-ақ күн екен ғой, Мақсұт! — деп тұрып, айтарын анық аяусыз дерт тілімен жеткізіп:
— Мені бар екен, алдымда тұр екен демей-ақ қойыңдар! Менің орным құлазыған қу дала болып қалды. Әлі талай уақыт тірі басым емес, аңырайған бос орным да бұл елді зар етіп өтер! — деген.
Егіле жылап тұрып айтылған сол сөздің тұсында Мақсұттың кеңсірегі қақ жарыла ашып кетті.
5
Бұл кеште Мұхамәдидің үйіне бірталай кісі түсті. Дербісалы, Жайнақтың белгілі кісілерімен ілесе бірге келген тағы бірталай қонақ бар. Мұның көбі ел ішінің Абдолла, Бурабай сияқты тек ығай мен сығайы дейтіндері емес. Көбінесе жай бұқара, қарапайым халық сабағы. Аты-жөнін айтқанда, Айтбай ауылымен туысатын Мамыштан кісі молаң. Көмекбай ауылынан — Манақтар, Мырза - Ыбекеңнен жалпақ қызыл Есіркенің — Сыдығы бастаған «қызыл көздің ауылы» атанғандар тобы. «Қыстаубай-Ауаң» деген бір қауғындап өскен мол атаның сабағынан, жай шаруа саналатын білікті ақсақалдар: Орыс, Бидайшы, Ысқақ, Бершімбек деген адамдар бастаған бірталай кісі келіп түскен. Мұхамәдимен құрбы, орта жастағы: Бабағұмар, Әпсемет сияқты момын туыстар да бірге келіпті. Бұл елде талай заманнан бері мұндай «көк қасқа» айтылмаған-ды. Елдің елдігін жоқтаған бұл нышана — даурығы жоқ, тұйық жиын еді. Өзге күн, өзге көздей шешендікті де керек етпейтін, дақпыртсыз ғана — тастүйін сыбыр жиыны. Тайлақбай жай дауыспен сөйлеп отырып, бас қосудың не жөнде екенін мол жиынды аң-таң ете білдіріп өткенде, бүгінгі бұл келгеннің барлығы - ақ өзгеше бір толқынның суық түсін көргендей болған. Бәрі - бәрінің көз шарасы үлкен ашылып, қиял кезгендей, бір сәтте-ақ толғанысып қалған. Басқа шақтай, қылп еткен қояберсіні жоқ, айбынды қабақтарымен жайын күнде мың іздесе таппайтын тұтастық сұстарына өткен. «Иә-сәт!» дескендей айбарланып, заманнан бері кәдіржай тыныштықты көздеп «береке - береке» деумен ықтап келген, жұрт бір-ақ өзгеріп салды... Өзін-өзі бейғам беріктікке, бекімге зорлап айдап әкелген аңғарлы, бейбіт жүздері енді бүгін бір-ақ сәтте бедірейіп алды... Іштегі ноқат түйінмен аңырып қалған суық көздер бет алдарына аңтарыла қарап, қадалып ойлап, түктерін сыртқа шығарды. Өткен - кешкен тарихы бар ағымымен естеріне түскендей. Кек айналып ұрғандай. Баршасының да «ет құлағын созылтып, еметайын езілтіп» келген бір ағыс. Бағасыз теңсіз бір сәтте сол ағыс ат жетпес алыстан өз хабарын салғандай.
Қанаты талып, аңсатып жеткен хош - хабар!
Осындай тас түйілген жиынға бұл жолғы сөз қару... Тек қару жағы еді. Ел ішінде жасырын жатқан мылтық бар. Үкімет «Бірін қоймай өткіз» деп бұрын қанша дегбір салған болса да, кеп жасырын құрал ұстаған ел Гоминдаң билеушілеріне білдірмей, бермей қалған қару-жарақ бар. Жақын жылда қатаң әмір шығарылып, бүкіл Шың - жаң елінен мылтық жиналған. Замандар бойында Жаң - қай-ши өкіметімен неше қақтығысып, бір бірін әлмек -сәлмек тойтарумен келген Шың-жаңның аз ұлтына қытай отаршылдары ең аяғы қара шиті болса да мылтық сақтау керек екенін жақсы үйреткен. Бергісін айтқанда, Шың-жаң халқында Қожанияз көтерілгенде пайда болған мылтық пен «дүңген қозғалаңындағы» түскен құралдың өзі-ақ бір шама болып еді. Ұйғыр, қазақ, қырғыз, қалмақтар мылтықты қырылған Гоминдаң әскерінен бір алса, тәсілім болған дүнгеннен екі алып олжалаған. Әсіресе, дүңген генералы Махосан бүкіл Шыңжаң дүңгені үшін қамдаған қару аз емес-ті. Соны білген Шың-ши-цәй алғашында үндемей отырды да, «Шыңжаң тағдырын жақсарту» үшін әйгілі «алты саясатын» жариялап, бұл өлкеде енді ғана «сенімді заман орнатқандай» болған. Сол «еркіндікпен» бірнеше жылды өткізіп барып, «енді мәңгі бейбіт өмір сүру» үшін Шыңжаң елін мылтық жиюға шақырған. Бірақ мұнысы жалтақтай балаға өгейлігін әбден өткізіп қойған қытымыр «анадай» кешең туған шарт еді. Алғашында тонын теріс аударып «келісім шарт» деген болса да, кейіндей келе оның шын аты «жарлық» екенін жасыра алмаған. Ел басы деген адамдарды дүркін-дүркін шақырып, соларды салыстыра, жарыстыра өткізген мылтық санымен тексеріп, елдің әбігерін шығарған. Әрбір уездік үкіметтің үлкен ұлығы, Ма-шянь ондай ояздары аз ұлттың көп-көп адамдарын мұрындықтап тізгендей етіп, оларды дәл өз алдарына шақырып отырып, «Бәлен ел пәлендей санды құрал өткізді. Сенен неге сол шығыл, сол табылмайды» деп сезікті құрал өткізді. Сенен неге сол шығып, сол табылмайды» деп сезікті деген кейбіреуін дүремен жазалап, қаматып та тексерткен. Сол мінезді бір емес, екі емес, әлденеше қайталап аз ұлт халықтарының қан-сөлін алғандай еткен. Қызайдың бір-екі болысы ұлық алдында өз маңдайларын ұрғылап жылапты деген қауесет те тараған. Шерудің: Тайлақбай, Керімбек, Абдоллалары да «шын ада болып, тазарған» адамның қалпына жетіп қол қойып құтылған-ды. Бірақ Керімбек, Тайлақбай, Қарымсақтар өзара «қару-жарақ табылса, қарманып мінер табылар» деген ескі тағылымды есте ұстап көп мылтық, оқ, дәріні киізге орап құндақтап көміп сақтаған. Енді осы отырған адамдарға тән туысқан-туған, құда - тамыр, көңіл жетер дос-жар, ағайын дегендерде сол мылтық атаулыдан қанша - қаншасы бар. Соны білу, ұғу керек. Шеру жиыны мына ниет жөнін амалсыз зіл салмақпен тартпақтап ойлап, бәрі де іштен түйіліп, қадалғандай күйменен зауық етісті. Сөз де, ой да, тілеу де суық түс, шапшаң қағып өткен қас - кірпік қимылдарынан - ақ аңдалғандай. Екі жерден қойылған шамды айнала кең жайғасып, қоралай отырған үй толы жиын Әкбар — Сейіттің ісін естігенде, бір сәт қаптаған тілек жаудырып:
— Иә, сәт!
— Иә, ақсарбас!
— А, бере гөр! Қолда, қалдай гөр! — десіп жамыраса шуласып кетті. Тұтас үн төбе құйқаны шымырлатқандай назалы еді.
Төрде оң жаққа таман отырған, Қыстаубай ауылынан келген, жасы жетпісті алқымдаған, ожырайған сары кісі — Құрманбай, Шеру ішінде Керімбекке ерте күннен үлкендік жол көрсеткен қарияның бірі. Ол дәмесінің далаға кетпегенін тап бүгін осы арада көріп өктегендей болып, көпке екпін тастап:
— Уа, әлі іштеріңде жүр ме еді, бұл пиғыл мен бұл құлық? Бедерің таусылған - ау деп жүрсем, алмас егеуім жатырмен әлі, тотқа бастырмай! Қызай анам, қолда! Қолда, Әлет! — деп жіберді. Осы сияқты сөздерді буырыл тартқан мол сақалды, жалпақ қызыл Мырза -Ыбырайым Сыдығы бастап, тағы бірнеше кісілер «жан садаға», «бас құрбан» бейілдерін білдіргенде, Тайлақбай бір нәрсеге көз жеткізгендей шоқтықтана түсті.
— Бәсе! Қазақпын - қазақпын, дегенім болмаса қолыма сырық алып атқа бір мініп, айызым қанғанын көрген емес ем. Бала күнгі естіп жатқанның бірі жоқ. Жау жаман ба, біз жаман ба? — деуші едім. Баяғыдағы құба - қалмақ шапқынынан қай жерің артық боп жатыр? О да бір ғана шауып, еліне қайтып кететін. Ел едім деген атыңа осыныкі қас -қорлық болмады ма? Өлсек бір өлім, неғып мұнша кәрі бүркіт шау тұяқ біз болдық деп сөйледі. Осыншаның ішінде бір өзін жау алардай жалғыз ғана Әменнің көзі бақырайып, үрейде отыр. Затынан қорқақ адам өткен күздегі қамалғанын есіне мықтап сақтаған тәрізді.
Қапалбай шеруге өз ішінен қатты таңырқап, қыбы қанып, айрықша сүйсінгендей болып отырды... «Қызай — елдің серкесі. Жорықшы — шеру еркесі» деуші еді. Жорықшы дегені рас екен-ау» деп Шеру тайпасының көшумен өткен ғұмырын, қалмақпенен жауласумен Жоңғар таудан бері асып, ауып кеткен шежіресін еске алды. Шеру кісілерін сонау қиғаштан қарап сынады. Рулы елдің бүгінгі жиынына жаңа қонақ болып еншілескен Қапалбай сөз білетін кісі екенін байқатып, әр - әркімнің түр-түсін, айтқан ойын даралай салмақтай барлап келді де, жұрт бір тоқтаған кезде көтеріле отырып, аз ырғалып:
— О, Шеру ата! Адамның үрейі біреу, үміті мың болсын, дейді дана елің. Мың үміт бір үрейге құрбан емес, қу үрей құрбан болсын! Ажал алса, құнсыз үрейіңмен емес, қымбат үмітіңмен алсын!
«Жаулассаң арқа - иелі, Сертті жүрек киелі. Тепкілі батыр тиелі, Лашын құстай шүйелі, Қазақ дейтін бір ел бар» деп қалмақпен соғыс көзінде атаң Әлет батыр жырлаған екен. Соның ұрпағы анық осы отырған өзіңсің бе деп қалдым! «Құс көк сеңгірге бір қонады» деген осы. Шерулігіңді істедің, тек қолдасын - ақ! — деді. Сөз аяғын шолақ тастап сөйледі. Мақсұт аңдап қалған. Қапалбай бағана, күндіз де, сөз соңын осылай алыс тастап еді. Бұл сөзден кейін Тайлақбай да өзі заманнан бері дәмдес болған шеру елі үшін бір-екі ауыз мадақ жігер білдірді. Сөзге маман адамдар әдетімен жаңағы Қапалбай қозғаған «құс» сөзінің сарынымен үдетіп:
— Жерде жатқан жұмыртқа аспанда ұшқан құс болады,— деп тап осы шеру атаңның ұрпағын айту керек. Қырғидың жұмыртқасын тауыққа бастырсаң, өзімен бірге шыққан шөжесін алып жеп кетеді дейді... Тегі теңбіл болған соң, соған тартпай тұра ма. Ту сырттан келмей, тұра шабар, ор - тарғылдың баласы бетті ықтырмай қоя ма! — деп тоқтағанда ендігі сөзді Керімбек құптап:
— Қасиын десең қан шығып, қасымасқа жан шығып отыр. Жер дүниені су алса өзі құрғақтағы жетесіздің қызыл асығына жете ме! Көп көптігін жасаса, азға амал таптырады. Өзі мейірімсіз өзгеден мейірім де күтпейді. Сенісуге жол қалып отырған жоқ. Атаң сені кімнен кем, кімнен қор етіп туды?! Аз болғаның болмаса, аруағын осынша қорландырарлық ата-бабаңның не жазығы бар еді!? Сан ұлық емес, сапа ұлық. Көп ұлық емес, көргенді ұлық. Ұлт - ұраның кімнен кем ең, сен қазақ!?.. Сыдырғы таңба бетіңе айқара басылып, мұрындықталған қосақбасты — нар тайлақ болғандай өздігіңнің атын айтшы! Жылқының шобыры, жігіттің тобыры неғып бізге жиналды!? Ердің жаны бір, өздің жаны мың болып, біз бұл түрімізде қазақтың ертеңгі ұрпағын аздырамыз! Қорқа-қорқа мың өлгенше, қоғамың бол да бір ол! Ендігі сөз; тірі болсаң бір төбе, өлсең бір шұқыр орның болады. Ертең былай аттап шыққан соң, түс көргендей аң-таң боп жүрмей, осы табалдырықтан буыныңды бекітіп шық! Нанып шық! Босаған тіс қайтып бекімейді. Енді осы қозғалғаның қозғалған. Ал осыған күңіренген атаң аруағы мен күйзелген елің рухынан ант етеміз бе, ағайын?! — деді.
— Етеміз, етеміз!
— Ант! Ант!
— Серт! Серт!
— Өлсек шейіт, қалсақ қазы, ант! — десіп үйдің іші ұлан - азар шу салып жіберді. Өзі кемерлеп толқындамаған өзгені толқындата алмайды. Керімбек, Тайлақбай сияқты жетекшілер бүгінгі күн тайпы жұртты толқытты.
Бұл жиын жаздың қысқа таңын осындай, серпін; пәрменмен атқызып, жан-жаққа аттанысқанда, аттарын ширақ қамшылап, елді-еліне ор қайратпен тарасты. Топ — топ болып әр тарапқа гу-гу әңгімемен кетті. Жазғы таңды осылайша атырып аттанған шерулермен қатар сайларда ерекше ащы үнмен бөдене де «бытпылдық» қағып, кейде шаңқ етіп «ма - маңқ» деп қойып, тып-тыныш әсем таңға жар беріп жатты.
6
Мұхамәди үйінде Жайнақтан келген сыйлы қонақ, құдалар жағы іркіліп, қонып қалған. Енді сәске көзінде олар ат ерттетіп, дәл жүрер жерге тақағанда Абдалда Мұхамәдиді сыртқа оңаша шығарып, бір жайды сөйлесіп көрді. Үйде Абдолладан басқа Мүтен деген Мұхамәдидің туған қайнағасы бар-ды. Абдолланың айтпағы өзі мен сол Мүтенге жақын туысқан, қазір осында, үйде отырған Базан дейтін жігіт жайы екен... Түндегі келелі топқа Мақсұттан өзге жастан келіп қосылған Базанды осы елдің бозбаласының алды. десе болатын. Сол Базанның ерте күннен Ақтөреде көңілі бар. Өзі жиен, Ақтөрені он төрт - он бес жасынын бері сыртынан баққандай болып, өз ішінен «көз жазбай» жүретін. Бұл уақытқа дейін Ақтөренің өзінен дәлді жауап алмағанмен, іштеп келсе жігіттің басынан Ақтөре де онша әрі кет емес сияқты көрінетін. Сонымен Базан өз ойын өз ішіне жұтып, осы уақытқа дейін құпия күрсініп келгендей еді... Ақыры Базан Абдолладай аға туысқанына осы ниетін ашқан-ды. Әкесі кешегі Көбекті ажалдан құтқарып қалған жортуылшы Сағат Базанның жастау күнінде өлген. Сондықтан Ақтөре жөніндегі қиын тілегін жігіт жасы үлкен беделді туысқандарына білдіріп сүйенгісі келген. Бұлар болса Мұхамәдидің қайнағасы Мүтенге туысқан. Бірақ мына шаруадан өзінің басын сағаттап, араласпай отырған Мүтенге екі жақтың көңілі бірдей. Мүтен дейтін шерудегі мырза атанған өзі сырға берік, түкпірлі адамның бірі көп сөйлемей білгенін ішіне жібектей майда мінезін сақтап, өз қадірін өте күтіп жүретін кісі. Ол өзінін жақсы туысқаны Базаннан сүйкімді жиен қызы — Ақтөрені жақын көрмесе, шет көрмейді. Ал дәл сондай болған екі жақ бірігіп қосыла келсе, онда тап осы екеуінің «арманы болмады -ау» дейтін, екі жаққа да шын тілектес бір дос адам осы. Бірақ, бұл үйдегі қарындасы — Базархан мен Ақтөренің көңілдеріне өздігінен тимек емес. Бұндай жіңішке, шетін іспен жанасқысы келмейді, Мүтенді «жақсы» атандыратын да оның осындай іштілігі еді. Абдолла өзіне күйеу жолы бар Мұхамәдиге осы жөнді жағалатып айтып шықты. Мұхамәдидің туған қайнағасы Мүтенді де дәл бағалап: «Кежімдеген сұлу торы аттай боп, қадірін сынап ол отыр» деп сөйлеген. Тағы бір жерінде «Мүтеніңе сөз айту бойжеткен қызға уәж айтудың өзінен қиын» деген. Бұл сөзді сонда мен бастамай, кім бастайды дегені. Мұхамәди Абдолланы көп сөз айтып әуре еткен жоқ. Өзгені қозғап, ана Мұхабай жөнінен де сылтауратқандай болмай, тоқ етерін қысқа білдірді:
— Қыз баланың еті ата - ананікі, сүйегі ағайындікі ғой. Алдымызда аға бар, мен солардан асып, бұ тілеулеріңізге не айта аламын?.. Осы ниетіңізді Көкеңе айтсаңыз, сол кісі не десе де тегі мен қарсы болмай-ақ қояйын,— деп жолға салды.
Түнде өзге бір туысқанның үйінде болып, өз үйіңе осы қонақтар жүрер алдында ғана келген Ақтөре нағашылары аттанар жерде, бұларды қатты таң етіп үй-ішінде үнсіз тұрып жылай бастады. Ақтөре келіп кіргенде, үйде Мүтен мен Базан отырған. Есіктен кіре беріп сол екеуін алғаш көзі шалған сәттің өзінде жиен қыз амандаспас бұрын қабағын шұғыл шытынып қалған... Жүрегі шаншып кеткендей болған Ақтөренің соңғы күндері өз басы жөнінен естігені анау хабар болғалы бері іштей бірден күйреген қызға көп нәрсе ойлатқан-ды... Сондай ойдың негізгі бірі болған осы отырған Базан жайлы сыр еді. Жылдар бойы бір бұл үшін ұзақ, үнсіз тілекпен тілсіз байланып келген Базан орнын Ақтөре енді анық жете бағалап ойлаған. Бар қымбат қиялымен бір өзінің шырмауынан шыға алмай, іштей болса да бір сәт алыстап, сырттап кете алмай буылып келген теңдессіз көңілін шын бағасына, құнына толық жете осы уақытта еріксізден ұғынған. Және Базанның осыған дейін ынтызарлық қамауда тек жабық қабақпен, үнсіз күтумен болып, кісі салып айттырмағанын да Ақтөре енді ескеріп, соны айықпас өкініш еткен. Өзінің мәңгілік мерзімсіз, өкініші осы болғанын болжаусыз білген. Сонан бергі Базанның бұған деп үзіліп келген. сүлдері өз уын бірақ сәтте жұтқызғандай еді. Енді бүгін Базанды сондай халімен келіп бірден көргенде өз күйінің нендей сиықта, не қарғыста тұрғанын өзі білмей тұрғандай болған. Ақтөре бүгін әкелер мінезін ойлай түсіп, өз туған жұрты мен нағашы жұртын алғаш рет салғастырғандай да болды. Сол шағында өзіне бала күннен сонша ыстық болған. Мүтендей қадірлі нағашысы мен Базан да бұның тынысын тарылтып аттанып кеткелі жатты. Ақтөренің шын бір іші тынған сәт осы еді. Кең үйдің ішінде оң жақтағы төсек алдында ару бойжеткен бір сәттен бері түсі қашқандай боп, қуарып тұрып, ақырында көзінің жасы бұршақтап жылап жіберген жіңішке үні тығыла, қыстығып шығып кетті. Бұл мінезге түсінбей оқыс таңданған Мүтен беліне кемер белдігін салып жатқан қалпында қыз шешесі Базархан мен Ақтөре екеуіне кезек жалтақтап қарай берді. «Бұлары не еді» дегендей. Мүтен қарағанда қарындасы Базархан үндемей жабырқап тұрған соң, ол енді жиен қызына алғашқы қатты үркіп қалған сол жүзбен:
— Ой, қалқам, Ақтөреш! Неғылды, шырағым! — дей берді: — бүйтпесең керек еді ғой? Апырай неге бұлай болды, қарағым?! — деп өзгеше таңырқап тұрып қалды. Кешелі бері қарындасы — Базарханның жабырқау қабақпен жүргенін бауыры Мүтен әлденеше рет байқаған-ды.
Мүтен мөлдіреген қара - қоңыр көзі бар, екі беті ұшынан және қыр мұрнының үш жағынан да тарамдап, жіңішке күрең тамырлар көрініп тұратын шырайлы, нұрлы адам. Орнынан түрегеп алған Базан да аң-таң шұғыл халде аңтарылып, қалт тұрып қалған екен. Мақсұт осы үйде еді. Бұ да Ақтөре жайын ұғынған күйде орнынан үнсіз тұрегелген. Қыз шешесі төркіндерін шығарып салып тұрған: сырты жуас, байыпты ақсарылау әйел мынадай боп қысылып қалған бауырларына:
— Е, құдай, әйел затын от пен суға түсуге жаратқан екен!.. Он балаң болса он күйік тартумен өтесің!.. Ата-ана қызды обалына қалуға туады екен! — деп кідіріп қалып: — Әшейін ғой, сіздерді қия алмай тұрғаны шығар, біреудің жұрты болып кеттік қой, қайтесіздер, аттана беріңіздер,— деді жабығып. Айтқандай-ақ, төркіндер кісі үйінің сырына араласа алмай, Мүтен Ақтөреге таман жақындап келді де, көзін басып, дыбыссыз бұралып жылап тұрған жиен қызының шашынан сипай, кеудесіне қысыңқырап қалып:
— О, не, неге бұлай болды, шырағым?! Япыр-ай, неге қамықтың?! — Қоя қойшы, тоқталшы!... Қабырғамды қайыстырдың - ау, қарғам! — дегенде қыз шешесі лажысыздан жылап, Мақсұттың да көзінен жас ыршып шықты. Бұдан артық сөзге Мүтеннің өз ауызы да бара алмады. Артынан бұлар аттанып кеткенде, Ақтөре оң жақ іргеде құс жастықты кеудесіне құшақтап тоқтамай жылап жатты. Өз дегені болмай, ешкімге мұрындықтатпайтын қиракезік тағдыр, түндегідей үлкен әрекетке қолай табылған. осындай үйден өздерінің қаршадай перзентіне пана болып, арашалап қаларлық мүмкіндік бермеген. Өмір түйген түйінді ешкім шеше алмаушы еді.
Қыз әкесі Мұхамәди үйге кіре алмай киімдерін сыртқа алдырды да қасына Мақсұтты ілестіріп, даладан аттанды. Түнде Керімбек Мұхамәдиге Мақсұтты Құлжаға аттандыру жайлы ақылдасар шаруа барын айтып кеткен. Базан Ақтөренің жылау себебін, Мұхабай жайын Мақсұттан сұрап, ұғынып аттанды.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
1
Мақсұттар Құлжаға келіп жатқалы он бес күндей уақыт болған. Осы күндер ішінде Мұхабай губернаторға зорға бір рет кірді. Шеру арызын қытай тілінде Сы-лың-бу деп аталатын губернелік штабтың генерал — губернаторы Лю-бин-идің өзіне енгізіп, Күренің бүкіл мәселені шешпей 274 отырғанын ашып айтқан. «Қырғыз-қазақ ұйышмасының» атынан дәйекті іс етіп қойған-ды. Генерал Күре уездік үкіметін басқарған полковникпен телефон арқылы сөйлескенде, Ма-шянь гон анадағы Гүлназым қолымен жазылған қолхатпен қосып, шеру еліндегі Керімбек дейтіннің ерте күннен үкімет назарындағы «Бүлікшіл» адам екенін тіркеп, ресми қатынас хатын бері жолдады. Бұл енді Керімбектің өз басын да жауапты етерлік жол жасау әрекеті болатын. «Ел бүлдіруші, жалақор» деген акт қағаз келіп түсті. Және бүкіл шеру руын тарату туралы Ма-шянь гонның Лю-бин-иге ерте күннен жолдап қойған ресми байланыс қағазы бар. Онда Керімбектің аты ерекше қадағаланған. Мұхабай жақтап отырған осы Керімбек. Сол үшін Лю-бин-и өз қарындасының күйеуі — Ма-шянь гонның емеуірінімен қазақ қызын сұрақшының қалай әкетуі жайлы бәлендей мән беріп, шіміріккен жоқ... Қайта, Ма-шянь гоннен әлгіндей кері қатынас жетіп, Керімбек істеп жүргеннің бәрі оның «үкіметке іштей қарсы, қастандық пиғылы» екенін бірталай қауып - қатерлі дәлелмен шоғырландыра тіркей жазғанда, бұл жұмыс тіпті енді Мұхабайдың өз басына да сұрақ тудырғандай болды... Команды сауал өз-өзінен туған. Оның не себептен бұл арызды өзі көтеріп, соңындағы арыз иесі болған күдікті қазақтарды дүрбелеңдетіп бастап жүргенінен қаһарлы генерал енді анық іш тартты. Керімбек дегеннің кім екені жайлы, Мұхабайды көзге шұқығандай етіп бұның өзіне тергеу салғанда, аймақтық бір үлкен мекеменің бастығы — Мұхабай шынымен саса бастаған. Мұхабай өз жауабында біріншіден, қазақтың мұндай жөн-жобаны және тілді білмейтіндіктен, соның мұқтажына қарауға «Қырғыз-қазақ ұйышмасы» жауапты екенін, үкімет бұның өзін арнайы сондай жұмыстар үшін қойып отырғанын, екіншіден, олардың алғашқы арызы бойынша «Қырғыз-қазақ ұйышмасы» жіберген байланысқа Күре жете назар аудармағандықтан кірісіп жүргенін тілге тиек еткен болды. Жол нұсқап, айтарын жеткізіп қана беру мақсатында екенін дәлелдей алмай терледі. Сондай тұста ендігі өз халінің де анық мүшкіл екенін аңдаған. Ма-шянь гонды жамандаумен Лю-бин-идің ішін жылыта алған жоқ.
— Әлде, Ма-шянь гон оңбағырдың саған істеген бір жазығы бар ма? — деп, аса шәргез адам екені бірден байқалатын губернатор Мұхабайға өтірік аңқаусып қарады.
Күреге құлақ асқан Лю-бин-и Мұхабайдың осы «қыстырылуы» туралы ертеңгі сағат сегізде түсінік жазып келуін бұйырып, оны өз алдынан кәрленіп шығарған. Мұхабай осы күні дін назаратына — Әліхан төреге барып жолығуға мәжбүр болды. Себебі Әліхан шерудің дін назаратына берген анадағы арызын қолына алып, өз төтесімен генералға бармаса болмауға айналған. Мұхабай Әліханға келіп осыны өтініш етті. Сонымен ертеңіне таңертең өзге бір жұмыстарды да сылтауратқан боп Мұхабайдан бұрын Әліхан төре келіп, губерния бастығына кірген. Бірақ Ма-шянь гонның дегені дегендей шығып, бұл жұмысқа дін назаратының да білінбей бүйірлеп араласқанын андағанда, Лю-бин-и Керімбек туралы Ма-шянь гон айтып жатқан беті теріс дәлелдерге толығырақ көз жеткізе түскендей болды. Бұлардың ұйымдаса бастағаны қитығына шыңдап тиді. «Қырғыз-қазақ, ұйышмасы!», «Дін назараты!» мұсылмандар барлығы сыбырласып алған сияқты. Бұл «анық қатерлі бет». Сонымен қазақ, татар бірлескен ұйымшыл арызды бұл жақта Мұхабай қолдап жатқан болды. Ол барынша «теріс» адам екендігінен сезік алдырған-ды. Лю-бин-и Ысқақбекке телефонмен «Мұхабайдың орнына уақытша отырасың» дегенді хабарлады. Бұл сөз Мұхабайды тек қоймай, қамауға алуға айналған сыңайды аңғартқан. Қамауға бір алынды деген сөз Үрімжіге айдалып, Мұхабай атты адамның су түбіне кеткен болады. Аз ұлттың оқыған адамын азайта беруге сылтау, желеу керек. Мәселен, бүгін осы Мұхабайды ұстайтын болса, қалған ұйғыр, қазақ, қырғызға «қылмыскердің» айыбын еселеп, құзғындата жариялайды. Тырп етуге ешкімнің шамасын келтірмейді. Біріне соны істесе, қалғанына жол ашыла түседі. Генерал осы орайда шеру туралы Ма-шянь гон жазған қатынасты мұқияттап қайта қарады... Полковник Керімбек пен Шеруден аяп қалған қаралығы болмай, бұл елдің заманнан бергі «істеп» келе жатқан сан түрлі тынышсыз айтыс-тартысын: үкімет адамы жекелеп барса, із-түзсіз жоқ етіп өлтіру сонан шығатынын, әкімшілік қызметкері барса сабау содан туатынын, төбелес салу мен топтпанып арыздану тағы сонан қоздап өретінін бір айтқан. Соған қоса Мамозы деген Күренің өкімет үшін оң көзіндей болған жақсы қызметкердің қызын алып қаштырып, күні бүгін таптырмай, жоғалтып отырғанын жазған. Дүңгендерді екіге бөліп, кедейлерді «инабатты» кісілеріне құтыртып айдап салып отырғанын ділгір сөздермен жеткізген. «Әсіресе алым-салық жанжалы осы шеруде» деген. Бұл жаң-қай-шы үкіметінің жанына әсіресе шындап тиетін жері. Осыдан кейін Лю-бин-идің қабағы Мұхабайға мүлде теріс боп, іс беті енді күн райындай шұғыл бұзылған. Анада Мұхабайға сенім артқан Фатихтар жұмысының жоспарына енді анық зор нұқсан келуге айналды! Әсіресе міне, осыған келгенде Ысқақбек, Фуже, Мақсұттың жаны дәл мұрнының ұшына келе састы... Ысқақбек, Фуже, Мұхабайлардың шеру ішінде өткізілген жасырын жиынды естігелі бергі тіл жетпес қуаныштары су сепкендей басылды. Үшеуі енді ақыл қорыту үшін бас қосып, жасы үлкен Әліхан төреге келді. Бұл жолы Керімбектер тауда қалған. Шілденің ішінде биыл Құлжада күн ыстық болғандықтан жайлаудан түсе алмап еді.
— Мені де тауба - қазығыма байлай ма деп едім, ел ішіндегі кәдірімізге қарап тиісе алмай қоя бергенін сездім,— деп бастады Әліхан сөзін: — Бұған енді бүркіттің қоясын түсіру үшін құрым кигіз асатқандай бірдеме керек...
Бір оңға басса, ісің сонда басар, көріп тұр.
— Ана біз куәлікке әкелген татар жастарын қабылдамай отыр! Тым құрса, солардың куәлігін тыңдап, айтарын ауызба-ауыз естігенде де, Мұхабай ағамыздың бұл ісіне сәл жеңілдеу қарар ма еді? — деп Мақсұт арман ете сөйледі. Әліханның ол да ойында екен.
— Соның бәрін, іштегі қоясы түскен соң, құлпырып шыққан бүркіттей, көңілдендіріп алып қозғалуыңа болады. Анық қыбы қанып кетсе, татар қыздарды ермек үшін тыңдап көруі де әжеп емес... Солар арқылы Гүлназымға да себі тиіп кетуіне болады,— Әліхан осындай пікірлерді айта отырып енді тек «пәре» керек екенін қорыта сөйлеген. Ысқақбек қостап:
— «Алтынды көрсе періште жолдан таяды» деген ғой,- деп еді, діндар Әліхан бұл пікірге келіспеген қияпатпен әуелі азырақ күліп алды да, енді ашық ренжіген үнмен:
— Міне, бізді мұсылмандықтан шығаратын осындай дүміне ұғым!.. Бұл сөздің мағынасын ешбір мұсылман білмей айтады! Надұрыс, қате! Періште алтынды көрген соң алланың сәулет, ықыласымен жаратқан жақсы нәрсесін аттап кетпейтін, басып кетіп надан болмайын,— деп құрметтеп жолдан қашып еді. Сендердің әлгі «жолдан шығады», «жолдан таяды» деп сәуегейсіп жүргендерің сол! — деп, шамаданыңқырап сөйледі: — Жүзін құбылаға, ниетін құдайға берген мүһмін - мұсылман баласы жаңағыдай қолдануға қатты - назар, болмайды! — Өте тетір, тетір! Одан халас болу керек! — деді, қызарақтап. Үш жігіт амалсыз үндей алмай, жүйеден ұтылғандарына ұялып қалды.
Лю-бин-идің адютанты, әрі тілмашы, сөзге жүйрік майop дүңген Үрімжіде әскери мектепте Ысқақбекпен бірге оқыған. Және екеуінің әр көз дұрыс ұшырасымы да болатын. Лю-бин-и сол арқылы пәрені қатты жейді деуші еді. «Пәре» атты адамды өз рухының былғанштығына орай, «құлақ кесті құл етіп,» алуға болатын «ғылым» Гоминдаң үкіметінің тұзын татқан барлық төрелер үшін дұғалық суындай.
Ысқақбек сол адютантқа екі-үш қайта барып құпия айналдырды. ...Лю-бин-и былтыр еліне көшкен Шыңжаң үкіметінің басшысы Шың-ши-цәйді шығарып салуға Үрімжіге барғанда, Шығыс Түркістан өлкесінен, 1933 жылдан 1943 жылға дейін он жыл ішінде, жетпіс машинаға үй-мүкәмал, алтын-күмісін артып көшкенін өз - көзімен көрген... Сонда бір жағынан жағасын ұстап, таңырқаса, екінші жағынан мұның ішін өртеген үлкен қызғаныш та кіргендей, Құлжаға тынышсызданып қайтқан. Әнеукүні Тайлақбай шеру жиынына ақыл салып, Гүлназым жөнінде керекке жараса жаратыңдар деп анадағы Молтан қосқан торы қысырақтың үйірін ауылдың Арыппай бастаған жігіттеріне айдата жіберген. Осыдан кейінгі екі-үш күнді Мақсұттар қаланың Доң - мазар дейтін жағындағы үлкен мал базарында өткізді. Мал бағасына қанық генералдың табыстауымен тілмәш «әрбір жылқы 300 сомнан кем болмасын» деп отыр деген сөзді Мұхабайға қатаң сыбырымен ескерткен. Жылқыны шалма соғып қараңғы түнде ұстайтын Арыппай, Қарымсақтардың қолында сымға тартқандай ширықтыра, ту құйрықтан ешкі қылы қосыла есілген, қолды қимайтын қара қыл арқан бар. Базардағы жаяуларды таңырқатып жылқы ұстау басталған. Асаулар дүркіреп бері қарай жосылғанда тұра қашатын, жүн кеуде қашқарлықтар Арыппайдың шалманы бір соққаннан ұстайтын қырандығына қарап бұл қазақты жылқының піріндей көріп алған.
— Алла - акбар! Бұларға арғи атты ұстау қойның қозысыдек екендә! — деп таңырқасатын. Мал базарының кең тақтақ қорасында көп асауды жосылтып, алушының көрсеткен жылқысын шеру жігіттері бір бүйірге тықсырып қуып, арқанды ат үстінен толғап кеп, үйіре ұрып тастағанда, әнеугүнгі Молтан әкелген жас торылар құлындағы даусы шыға шыңғыратын. Шетінен шу асау, мойнына туғалы жіп - құрық түсіп көрмеген өңшең тағы болып шығатын.
Мақсұт пәре мен дау даулауға өз ішінен ежелгі намысқой ызасы келіп, сүйегі қорланғандай көрсе де үнсіз шыдап көнген, Топты жылқыны ауылдан бері алып шығарда да ары жетпей, намыстан ашуы келіп, бір нәрсені сылтау қып жолдастарынан бөлініп кеткен. Бұл уақытқа шейін өз бойында болмаған, осынау жаман дағдыға енді бір күнде ар-ожданы жетіп, қалай мойынсынып келе жатқаны ойына әлсін-әлі орала берген. Және соған сәл де. болса көндігу емес, өзіне мезі күйде, ішкі лағнет - наласын арнаумен ғана шектелген. Кейін Әліхан төренің Лю-бин- иді қомағай құстың ең бір сәтсіз көзіне келістіре теңеп шенегенін естігенде, сол сөзге шын сүйсініп, Лю-бин-иді анық жиренішпен жек көрген. Бүгінге шейін кірсіз ардақтап келген, өз басын өзіне табындырған төрені жекпе - жекке шақырардай ызалы еді. Лю-бин-и алдына өзі келіп тіленіп тұрған бір шоғыр жылқыны қылғудан тайынып жаңылған жоқ. Сабындалған құрым киізді ортан қолмен ары айдап тыққанда қылғып салған бүркіттей түйілмей жұтты. Осыдан кейін Әліхан сөзі данышпанның мегзеуіндей шығып, асқақ генерал өз адютантын аудармашы, тілмәш етіп, татар қыз-жігіттерін де тыңдап көруге алдына келтірді.
— Не болды? — деді, босағада қарлығып балапанындай тізіліп тұрған: Ғазиз, Ләтиф, Әсіма, Гүлдәналарға.
— Болғаны сол, біз үшеумізді арбадан ұрып түсіріп, бір далаға апарып байлап тастады. Гүлнәзкейді (бұлар Гүлназымды осылай атап алған) алып кеткендерімен тұрмай, қалған қыздардың бәрісіне жеті адам білгендерін істеді!
— Сен қыздарды көрмеген болсаң, анығын қайдан білесің? Мына ұялмас, тозған бет, қыздарың қазақпен бірлесіп жала жабуы да мүмкін.
— Ішінде міне, менің сүйген қызым — Әсіма бар... Жалған болса, бұл маған мақтанғалы, сүйінші сұрағалы айта ма?
— Сен онымен бұрын жыныс байланысын жасап па ең?
Ғазиз бұл тұста не дерін білмей қызарып кетіп:
— Жоқ... Бізде... бізде той болады... Тойға сақлап жүрген ем,— деді сасып қалып. Қыздар жерге кірердей, құттары қаша, төмен қарасты. Жалпақ қара қасты, шой қара генерал қатуланып:
— Қыз деген сыр айтар досын дұшпандай санайтын халық... Адамзатта өз тағдыры үшін ең көп ойланатын да қыздар... Олар ойлай-ойлай, сайтан таппағанды табатынын сен білесің бе?.. Бұрын айырылған парасатынан осындай кезде «жаңа айырылған» кісі болып алуы да мүмкін! — деген. Аузы дуалы генералдан шыққан бұл сөз мыналар үшін бейне айдаһардың ысқырығындай еді. Ысқақбектің төменгі жағында отырған Мақсұт «шайын қара, шойын қараның ойын қара» деген мәтелді еске алды. Бар сөз осы болды.
...Лю-бин-и Күреге қатынас жазды. «Бұл ойланарлық мәселе, қазақ қызы өздеріне қайтарылсын» деген қатынасты губернатор Ма-шянь гоньге жіберді де, қуғыншылардың қолына штаб мөрі басылған, екі басты айдаһар суретті белгісі бар рұқсатнама қағаз берді. Лю-бин-идің мұны істеуіне көбірек себепші болған, қазақ жайын жақсы білетін, адютант өз көңілдесі — Ысқақбектің өтінішін мұқият ескеріп губернаторға:
— Тақсыр! Сол қазақтың қызына құзырыңыздан рақым етіп, бар сауабын алсаңызшы! Маймыл адамның бергенін алады, қайта сұрасаң ұяларлық шамасы жоқ, бермейді... Қолынан ешнәрсе шықпайтын, мырзалығы дамымаған, тар адам да соның бір көрінісіне ұқсамас па еді... Ал егер сіз өз мүмкіндігіңізге би болғыңыз келсе, кімді жарылқап, кімнің көз жасын құрғатпас едіңіз?! — деген. Бұл анығында, осындай әрі паң, әрі асқақ төреге тек мына адютанттай жентек «сыбаға» асата алған епті адамның ғана аузы барып айтар батылдық болатын.
Әліхан төренің «көріп келі» бардай, Мұхабайды да енді еркіне қоя берді. Сөйтіп бір ай шамасында Мақсұт тобы Күреге қайтып келді. Бірақ бұл уақытта үйездік үкімет алдында көршілес Сүйдің дуанының арызшы қазақтары қаптап жүргендіктен Мақсұттар он күндей Ма-шянь гонның босауын күтті.
2
Ма-шянь гон есіктен кірген екі қазақ жасына шаншылып қарады. Бұлардың кімдер екенін екеуінің соңында келе , жатқан. тілмәштан сұрап білді. Мақсұт қолындағы тігінен жазылған үш-төрт қана сөзі бар «қыз қайтарылсын» деген штаб қағазын Ма-шянь гонн үнсіз ұсынып берген-ді. Асау ояз қағазға қарай салып тілмаштан бұл екеуінің Керімбектің несі, кімдері екенін шаншылып сұрады. Мақсұттың көзіне салқын зиынмен қарап:
— Ни ды баба - Ке-лым-бе-кы? — деді. «Сенің әкең Керімбек пе» дегенді айрықша ынтамен сұрағандай.
Мақсұтпен бірге кірген түксік қабақ Мамыртай да Керімбектің «баласымын» деді. Өзі анасынан қырқынан шықпай қалған, Қаніке бағып өсірген жиен. Қаніке бұны Мақсұтпен қатар... екеуін тең емізіп, бірдей ғып бағып асыраған-ды. Ма-шянь гон Керімбектің Құлжада «Білім жұртын» бітірген баласының бар екенін білуші еді. Мемлекет қауіпсіздігінің үйездік тізгінін өз қолында ұстап отыратын полковник, аймақтағы үлкен мектепте оқитын, өзінің қарамағындағы, аз санды ұлттар балаларын сонау оқуға кірген күнінен бастап қадағалап... біліп отыруға тиіс еді. Бұның кәрінен тайсалмаған Мақсұттың бар қимыл-қозғалыс, тұрған - тұрысына қадала көз салып, қойын жазбасын алып бір тұсты екі-үш аудара қарап жіберді де:
— Сенің атың Мақсұт па? — деп сұрады:
— Мен сеңімен бір рет сөйлеспек едім, міне, өзің келдің... Сенің қандай адам екеніңді осында, біздегі жың-са жүйдің (полиция) жүйжаңы айтқан. Үкімет. сендерді не үшін оқытқан? — Ма-шянь гон Мақсұтқа «жауап бер» дегендей қарады. Мақсұт бірден ешнәрсе айтқан жоқ. Сөз аяғын үнсіз тосты.
— Немене... Керімбек енді соңындағы ізбасар бөлтіріктерін шаптырды ма? — деп Ма-шянь гон қайта сөйлегенде, Мақсұт осы тұстан саңылау тапқандай болып:
— Керімбек қандай болса, біз де дәл сондай адамбыз ғой, құрметті Шянь гон. Адам айдамай, жұмыс реті айдаған соң, өзіміз кетуді де ойлаймыз ғой.— дегенде одан бұндай жүректілік күтпеген полковник жас жігітке сәл таңданып та қарағандай. Өйткені оны өзінің алдыңғы зілді сөздерімен қайтарып тастадым деп ойлаған.
Ма-шянь гон жаңа бұлар келген соң, осында жүрген Мамозыны шақыртып алған. Әзір, міне, түрегеп тұрған екі жігіттің қарсы жағында үнсіз отырған. Ол Мақсұттың мына сөзі үстінде Ма-шянь гонге қарай қытайшалап, Керімбектің атын қосып бірдеңе айтып жіберді. Ма-шянь гон Лю-бин-идің алдына қазақтың қалай бара алғанын, тілдерін қайтіп өткізе алғандарын білгісі келетінін іште жасырып қала алмай:
— Губернаторға барған, ол кісінің өз алдына кірген кім? Керімбектің өзі ме? — деп қалды. Мамыртай:
— Ол кісі ешкімге құлақ аспаушы еді дейсіздер ме? Әділ басшы біздің де айтқанымызды тыңдады,— деп қойды, әлі тік тұрған бойы. Ма-шянь гон бұған көз тастағанда:
— Керімбек деген соно - оу тауда жатыр,— деді, қолын ұзаққа сермеп, Мамыртай сөзін лыпыл қаққан шапшаң тілмәш дәл аударды. Бұл кезде Мамозы қытайшалап жіберді:
— Не, сонда сендердің бұл сөздерің бойынша мұнда отырған Ма-шянь гон тақсырда әділдік жоқ деген ұғым тумақ па?
Ма-шянь гон бұл сөзге аңырып қалды.
Мамозыдан:
— Бұлардың қызы қайда? — деп сұрады. Өз тілдерімен сөйлесіп, Гүлназымды бұл маңда, тіпті Іле аймағының көлемінде ұстамай қазақ жоқ жаққа әкеткенін айтысты. Сонау Манас Сауандағы, Мамозымен дос дүңгендерге түсіріп кеткені білінді. Ал Манас, Сауан деген Үрімжімен екі ортада. Алғашында Құлжаға кетіп бекінген сұрақшы мен Рахим Үрімжіден штабқа келген бір машинаға белгілі дүңген адютант арқылы сөйлесіп, Гүлназымды сонымен әкеткен. Құлжа мен Үрімжі арасына машина өте сирек қатынайды. Жеткілікті етіп ақы төлеп, түн ортасында жасырынып жолға түспек болғанда, брезент жапқан жүк машинасының үстіне қызды итермелеп көтеріп салғаны білінген. Бұл қыздың бұралып, әлсіреп қалған адам екенін көрген адютанттың өзі Рахимның дүңген екенін біліп:
— Бұларың баратын жеріңе жетпейді. Ілінгенше өліп қалады ғой, көмуге ғана апара жатқан болмасаңдар қинамай, жіберсеңдер болмай ма? — деген кеңес берген-ді. Әнеугүні пәре тұсында сол адютант өз көргенін ешкімге аузынан шығармаған. Бірақ қазақ қызына жаны ашығаны анық еді... Соған қоса ЬІсқақбектің жабыса айтуымен әнеугүні генералға шындап бата сөйлеген.
Ма-шянь гон Мамыртайларды өз алдында көп тұрғызған жоқ. Мамозыны да сөзге келтірмей:
— Қыздарыңды әкеліп береді... Хабарды осында келіп тілмәштан алып тұрасыңдар..,— деп «бар, шығыңдар» дегендей белгі байқатты. Солармен ізбе-із Ма-шянь гон тілмәшті де қайтарды. Мамозыны өз қасында оңаша қалдырғысы келгендей...
3
Мақсұт пен Мамыртай пәтерлеріне асығыс жетіп, қуаныш хабарды өз қасындағыларына әкелгенде, Арыппай:
— Апыр-ай, осы рас па екен? Шындары - ақ па? Әй, кім білсін, аржағында бірдеңе боп жүрмесе...— деп көзі әлі толық жете алмағандай, Мақсұтқа бар зейінімен аңтарылып қарап, ойланып қалып еді... Бұлардың түскені, ұйғыр саудагері Абдол - Қашырдың үйі. Ұйғырлар осындай: «Абдолқашыр, бәлен - бұғаз, түгел - тоңғыз» деген сияқты ат қоюға ұста.
Терістік беттегі алма бау жақ терезені аштырып, қонақтар көлеңкелі, кең бөлмеде отырған. Түскі шайға үй иесі Абдол да келген. Керімбек ауылында бұның қоспа малы бар:
— Қанапияның хал-ахуалы қандақ? — деп өзге елден бұрын Керімбектің мал -шаруаға иелік ететін баласын сұрады. Барса - қайтса малын соған табыс ететін. Өзі енді-енді баий түскен, аса малсақ. «Жаңа байығаннан қарыз алма дегендей - ақ көзге ыстық мол ақшасынан біреуге қарыз берсе, Абдолдың да үйықтай алмауы кәміл. Бұл отырғанның ішінде өзгеден гөрі шаруа жайын жақсы білетін Мамыртай. Абдол қазір көбінесе осыған сөйлеп:
— һә, Мамыр-ахун, қызың шоң болды ма? Келін башқа тұғмады ма? — деп алып, соған жалғастыра: «Бізнің көк арғи семіріпті мә? Қара пайтал иорға тұғыпты ма? Мамыртай ашұ қашқа пұқа асқап қалған-дү. Пұты сақайыпты ма, өзі? — дей түседі. Нүсіпбек, Арыппайлар Абдол-қашырды өзді - өз ішінен сынап, шолақ байды әжуаға салып отырса да, турашыл Мамыртай жөнін айтып:
— Жақсы, бәрі де жақсы, мен малыңыздың барлығын көздеп, байқап қойып жүрмін,— деп еді, Абдол күлім көзденіп, сақал-мұртын түзетіп, сипақтап қалды. Бал салған ыдысты Мамыртайдың алдына таман ысырыңқырап, «жеп іш» — дегендей қозғақтатып қойды.
Мақсұттар елге қуанышты «сүйінші» хабар айтып жіберіп, өздері Гүлназымды әне келеді — міне келедімен он-он бес күндей осында болған. Ара-арасында зеріккенде атқа мініп, Күренің шығыс терістік бетінде қалың көк ағашы мұнартып көрінген Сүйдін қаласына барып қайтады. Мақсұт осы күндердің бірінде Сүйдін қаласы ақ патша генералы — Дутовтың өлтірілген жері екенін өз қасындағы ауыл адамдарына аса қызықты етіп әңгімелеп берген. Құлжа «Білім жұрты» оқу ордасында құрылған жасырын «Тау түлегі» ұйымының құпия документ қорында Дутов өлімі жайлы «Іле» газеті 1921-жылы басқан қиынды сақтаулы. Көзінде қолайы туып басылып кеткен. тарихи оқиға куәсі бұл уақытта өте қатаң тыйым салынған, Гоминдаң өкіметінің шамына тиетін құбылысқа айналған. Жаң - қай - шы патшаның мерейі үшін «тауда бұғының мүйізі сынса, ойда сиырдың мүйізі сырқырағандай» әңгіме еді. Газет қиындысында: «Құлжа 10 февраль. Алтыншы февраль күнгі кеште Сүйдіндегі Дутов тұратын пәтерге аттылы алты адам келді. Оның үшеуі күзетшілерден оңай өтіп Дутов тұратын үйге кірді. Адютантты жалғыз оқпен жайратып салып, Дутовты қайта үйірге қосылмастай жаралады. Екі күзетшіні табан аузында өлтіріп, келген адамдар белгісіз б'ір жаққа тайып берді. Сол түнгі сағат екілер шамасында Дутов жан тапсырды» делінген. Газет шамасы осыған ғана келгенмен іс барысы өте ұрымтал, қызық болған-ды. Қасымхан Чанышев, Махмуд Хожамияровтар басы сергелдеңге түскен жансебіл Дутовтың өз маңындағы адамдар арқылы оның сеніміне әбден кіріп алғанды. Өзінің бір хатында Дутов Қасымханға; «Хатыңды алдым. Енді жаңалықтарыңды баяндайын: Анненков Хамиға кетті. Қалғандардың бәрін Қытайда өз төңірегіме топтастырдым. Врангельмен байланысым бар. Істің беталысы өте жақсы. Ақша жіберіліпті, таяу күндерде алып та қалармын. Шекарадағы әскердің санын хабарла. Ташкент түбіндегі жағдай қалай? Иргашбаймен байланысың бар ма?» деп, дәмеленген. Тегінде, Дутов басымен осындай генералдың өзін іштей мазақ етіп жүрген адамға бұлай ақтарылуы сорлылықтың ең шегіне жеткен жері екенін алтын иық мырза соң білді... Өз кезінде бүкіл дүниені елең еткізген сол бір тарихи оқиға болатын түні Дутов пәтеріне кірген, небары, жиырма сегіз жастағы ұйғыр жігіті Хожамияровтың бетке ұстап келгені Қасымханның Дутовқа түрмеден жазған тағы бір хатын тигізу... Дутовтың үйі үш бөлмелі болатын. Кіре беріс бөлмеде ажалына санаулы минуттар қалған алпауыт бандиттың әйелі шай қамына кірісіп жатқан көзі екен. Одан кейінгі бөлмеде адютант бар. Осылардың алдына бір аяғын ақсап басып, өз досы Мұхайдың «сүйеуімен» ісірген Махмұт даусын жайбарақат шығара:
— Аяғымды ат теуіп сындыра жаздағаны! — деп, түпкі бөлмеге қарай өте берген. Бұнда осы уақытқа дейін жолында тұрғанның бәрін жайпап, жалмап келе жатқан аса қауіпті, ақ гвардия атаманы отырғаны белгілі. Жасынан Құлжадағы Мұсабаев көн заводында әбден пісіп - қатып тесік өкпе болған жалшы жігіт өзінің әйгілі атаманды өлтіргелі тұрған минутына шейін сезік алдырмай, сасу дегенді білмей, түпкі есікті ашып, қанқұйлы Дутовты көре бере қойнындағы хатты суырып:
— Қасымхан Чанышев «досыңыздан!» — деп ұсынған.
Генерал қолын қағазға үнсіз созып алып оқымас бұрын Махмұтқа бір қарап қойды. Арқалы орындықта тәкаппарлана отырып басқы сөйлемдерін өте сақ қимылмен оқи бастап көзінің астымен тесіле тағы бір қарап алды... Дәл мынандай сәтте, екі шоқып бір қараған құзғынның мүлт баспас, сақ назарында тұрған Хожамияров үшін өз қойнындағы револьверді шығару да айдаһардың үңгірімен ойнаудай болған. Осы бір қыстың қыраулы кешінде өзінің жан достары: Көбек Байсақалов пен Мұхай үшеуі ақылдасқанда алдымен қорған қақпасындағы екі қарулы күзетшіні жайғастырып, бір-ақ кірейін десе өз бастарына қауіп төнетін болған-ды. Мұхай Махмұтты үйге сүйеп енгізіп тастаған соң, ешқандай күдік алдырмау үшін қайта шығып, қазір Көбек екеуі күзетшілердің қасында махорка бұрап тартысып тұр... Ал Махмұт өзі Дутов пен адьютант екі бөлмеде болатындықтан істі қалай, қайдан бастауы үшін алдымен осылай, үй ішінің мән-жайын бағдарлап алуы керек. Дутов осыдан жеті ай бұрын, яғни 1920-жылдың июль, айында Ферғанадағы басмашылар бастығы Иргашбай құрбашиға жазған хатында: «Қазір мен Қытай мен Жаркенттің арасындағы шекаралық Сүйдін қаласында тұрып жатырмын. Құрамында алты мың адамым бар отрядым о да өз қасымда. Тек Жаркентке тарпа бас салатын сәтті ғана күтіп отырмын. Бұл үшін сендермен тығыз байланыс, тұтас қимыл керек» деген. Ол хаттың сыры Чанышев пен мына тұрған Хожамияровқа мәлім еді. Осындай Орта Азиядағы басмашыларға дейін құрығы жеткен әйгілі қарақшы Жетісудағы теріс төңкерісші (контр революциялық) жасырын ұйымдарды да көтеру ниетін өткен 20-жылдың октябрь - ноябрь айларына белгілеген жерінен іске асыра алмай қалған. Қасымхан мен Махмұт бастаған топ әзіргі хат оқып отырған патша генералын қолға түсіру үшін дәл бүгінге дейін алты рет әрекетке кірісіп, бірақ ойларын іске асыра алмай келген. 1919-жылы полковник Сидоров бастаған ақ гвардияшылар Қорғасты басып алып Жаркентке шабуыл жасағанда, Қызыл Армия қатарына кірген Махмұт - өткен 20-жылғы партизан отряды құрамында Жаркент — Пржевальск уездерінде ошарылған ақ бандаларды құртуға қатысып, сыннан өткен адам екенін Дутов білмегенмен қоса бұларға мүлде. сенім де артпайтын. Иә, сонда да бәрібір қапы кетті. Чанышев төндіріп жазған хатқа сенбеске лажы қалмай тереңдеп оқи бастаған көзінде майға алданып уды қоса қылғып, алғандай бір сәт өтті. Көз алдындағы қағазға бар зейінімен беріліп кеткен. Міне, осы бір секундтарды алтыннан қымбат бағамен пайдаланған Хожамияров қаруын пайдаланып үлгерген-ді. Желкесін қаси бере қойнынан лып еткізіп суырып алған оқтаулы тапаншаны суық көзі енді ғана жалт етіп қараған «мырзаның» өңменіне көзей бере револьвердің ащы үнін «шаңқ» еткізіп үлгерді. Дәрі буымен жанып тұрған ондық шамның жарық шишасы қарауыта түтіндеп, бар денесі солқ етіп қалған генерал қолындағы хат бірден түсіп кеткен. Есіктен жүгіре кірген адьютанттың қандай ойға келгені белгісіз. Бірақ, әрине, ол да шалқасынан кетіп, өзі кірген табалдырықтан басы ары аса құлады. Револьвердің бірінші үні шыққанда орта бөлмеге ұша жүгіріп кірген генералдың әйелі дәл өз алдына қарай жығылған адьютантты көргенде жан дауысы шыға шыңғырып, екі қолы ербеңдеп сыртқа қарай қашқан. Бұл секундта оны патшаның асқақ қолбасшысының ханымы болды дегенге кісі сенбегендей. Қорған қақпасындағы екі қарулы күзетшіні үйден алғашқы мылтық үні шығысымен Мұхай мен Көбек пистолетпен қатар атып үлгерген... «Тау түлегі» ұйымының Мақсұт бастаған құпия мүшелері осы әңгімені өзара айтысқанда бұлардың өздері де күннің күнінде Құлжа генерал-губернаторын осылай жайратсақ... дегенді бір біріне дес бере жоспарлайтын. Бірде кешкі салқынмен Сүйдіннен келе жатқанда Қарымсақ, Арыппай, Нүсіпбек, Әкімдер өздерінше бір жеке бара жатты да, Мамыртай Мақсұт екеуі оңаша кейінірек қалды. Осы көздерде Мамыртай неге екені белгісіз, әлде қалай өз-өзінен дел-сал, ойбасты адамдай болып жүрген. Мақсұт бұдан бұрын мұның бұйыққан жайын сұрағанда ашылып ешнәрсе айтпай, «Жай әшейін» дегендей сыңайда, сүйей салды етіп қоя салғаны бар... Серігі таңырқаған да қойған. Ол бүгін енді ғана Мақсұтқа бір нәрсе айтқысы келгендей болып, бас-аяқсыз:
— Мақсұт мен осы қайта-қайта бір жайсыз түс көріп жүргенім!..— деді. Өзі салындысы суға кетіп мұңайыпты. Жолдасы бұған тіксініп қарағанда серпілмеген бойы қайта тіл қатып:
— Көзім ұйқыға барса, шықпай қойды жаман бір ыбырсық түстер... Сол жабысып . еңсемді көтертпейді. Осындай жүргеннің өзінде де көңіліме бір қорқыныш туа береді,— деген. Мұның жүзіне туысқаны кірпігі түріле қарап, әлденеге оқыс сескеніп, секем ала көз салған. Тегінде, Мақсұт Мамыртайдың мұндай сәтін елеусіз қалдыра алмаушы еді... Екеуінің ортасында өздеріне бұрыннан белгілі бір қызық «сәуегейлік» болатын еді. Ең басы бұл екеуі балалық шағында бір күні, Мамыртай асық ойнап жатады да, Мақсұт бір асау таймен бел асып кетеді. Бір сәтте Мамыртайдың көңілі өз-өзінен жабырқап, бұзыла бастайды. Ол әдетте қатты қызығып, еңсе бұрмай ойнайтын асыққа қарауға зауқы тартпай алағыза береді. Ойынды тастап, жаңағы белге жүгіріп шықса, ар жағында сай табанында өзімен түйдей жасты он бір жасар Мақсұттың аяғы сынып жатыр екен... Ауылға хабарды Мамыртай бермегенде қашан біреу үстінен түспесе Мақсұттың қандай күйде болары мәлімсіз. Дәл осындай бір күй Мақсұтты Мамыртайға шын табындырып былтыр тағы қайталаған. Мақсұт Қамарды алғаш көріп, сүйген шағында бұл сырын ешкіммен бөлісе алмай, жалғыздық көрген. Мамыртай ол кезде қыстаулықта ауыл шөпшілерімен бірге пішен шауып жатқан. Бір күні түсінде Мақсұт бұның алдына .әлдеқайдан тентіреп арып-ашып, кеп тұрады. Мамыртай жалт қараса телімі шыққан Мақсұттың жалаңаш іші кіндік тұсынан қап-қара болып кеткен екен... Мамыртай бірден шошып кетіп: «саған не болған» деп сұраса анау өкпелеген адамға ұқсап жауап бермейді. Мамыртай «айтсаңшы, айтсаңшы! Не болды саған?!» деп Мақсұтты жұлқылай түсіп, өзі жылай бастайды. Ояна кетсе жастанған шапаны шылқыған жас болып қалыпты.
Түс артындағы құйыннан өкпесі аузына тығылғандай болып орнынан тұрегеледі. Пішенжайда, далада шөпшілермен қатар жатқан жерінен ыршып тұрады. Таңғы мезгіл екен, со бойды көзі шырақтай жайнап, ұйқысы шайдай ашылып алады. Сол күні жұмысты қасындағыларға табыстап, ерте атқа мінеді де, ара қонып тор жайлаудағы Мақсұтқа жетеді. Келсе Мақсұттың «іші-бауыры қарайғандай» болып жүргені рас екен. Мақсұт Мамыртайға деген тіл жетпес ризашылығын немен айтып, немен өтеп жеткізерін біле алмаған халде болады. Күлімсіреп тыңдап тұрғанында көзінен жас тамшылап кеткен. Өзінің Мамыртайдай жанашырының барына, сол жолы анық қайран бола төбесі көкке жеткендей сүйінген. Қазір соның бәрі дереу есіне келген Мақсұт Мамыртайдың әзіргі мына айтқанына ішінен кенет күдіктеніп қалған... Бұл шақта август айының аяғы болып, жайлаудағы елдің алды бауырға түсе бастаған көз. Мақсұттың да енді бөгелмей мектеп дайындығын көретін уақыты жеткен. Биыл шеру елінде 2-класс ашылатындықтан соған орай едәуір жұмыстары бар-ды. Осы күні кештетіп Күре Мын-ха шотаңы (Маңғұл-қазақ мектеп интернаты) дейтін бес кластық мектеп арқылы Мазы мектебі оқулық құралдарының жөнін білу үшін осындағы оқу-ағарту бөлімінде болған. Жергілікті ел «мағарып бөлімі» деп айтатын, үйездік оқу - ағарту бөлімінің меңгерушісі, елге аты мәлім, сауатты адам Шыныбек Керімбекпен жақсы таныс болғандықтан, Мақсұтты үйіне ертіп апарған. Екеуі әр жайдан әңгіме қозғап отырып Мақсұт түнделетіп қайтқан-ды. Ол пәтерге кіргенде Абдол қонақтарына бір әңгіме бастап отыр екен. Сәндеп шырпыған қырықпа сақалы бар, қайқыш кеуде, бет - бейімінен бір шабытты мақтанпаздық білініп тұратын Абдол малдасын құрып, оң жақ тізесін қос қолымен тарақтай ұстап алып, әңгімесін сырғытып отыр.
4
Былтырғы өткен жазда мұның үйіне түс ауа бере екі атты кісі жетіп келеді. Бірі — ер тұрманы түзу, астына жақсы ат мінген, қасындағы соның атқосшысы сияқты. Жон сұрасқанда анау «шерудің Бірсоғар деген зәңгісі боламын» дейді. «Зәңгі» десе дегендей үстіндегі киімі су жаңа... Абдол: «Ондақ болса хош келіпсіз, ғожам» деп, атаққұмарлықпен шылауына оралып үйге түсіреді. Өзі паң, құла жирен мұрты сабаудай бір шіренген сары... Қасындағысы да құп табылған көсе неме екен... Қожасының киімін іліп, қамшы, қалпағын қыстырып, құрақ ұшады. Абдолдың алтын тісті әйелі шаншыла отырып шәй құйған кезде қонақ шәйді бірер ұрттап тамсанады. Ауызын дәмдеп көріп:
— Жақсы бәйбіше, айып етпесеңіз шайнегіңізді төгіп жіберіп, мына бір шайдан демдеңізші,— деп ірге жағындағы кілем қоржынға қол салып, үш-төрт «әшмүшке» қағаз шай домалатып тастайды:
— Таңертең біз аттанғанша жетер? — деп қояды...
Жұпар иісті, таптырмайтын шәй тәуірі сол еді. Өзі Құлжадан шығып келе жатқанын айтып: «Мынау бәйбішеңізге, мынау қызыңызға базарлық болсын» деп дастарқан шетіне бағалы жүзік, ширатпалы, нарықты, күміс білезік алып қояды... Арт жақта келе жатқан бес-алты түйе — тоғанақ керуені барын жай сөз арасында «қыстырып» ескертеді... Бірақ, сол орайда үй иесінің аужайын қалт жібермей бағып отырады... Бұл жерге ертең жетпек сол жүгін «Ортақ сарының арасаңында» болатын үлкен жәрмеңкеге әкетіп бара жатқанын да елеңсіз ғып сездіреді... Абдол — «қашыр» атанатын себебі баға қойғыш, өте пайдакүнем саудагер. Ол енді ішінен есеп ойлап, «керуеніңде «бәлен бар ма, түген нәрсе бар ма...» — деп сұрастыра бастайды. «Табылады ғой» деп сыздаусыған емеурініне қарағанда сұрағанының біразы бар сияқты... Екеуі бапты шай аяқталғанша бағасына келісіп, үй иесі есеп шот қаға отырып, аздаған зат айырбастайтын болып шығады... Біраздан соң зәңгі палау дайын болғанша, Абдолдың дүкенін барып көрмек болады. Үлкен дүкен сөресіндегі кездеменің әртүрлі асылынан бірнеше тобын «көпес сары» бері таман алдырта береді. Екеуі бұған керуен келген соң, есептесетін болып, әзірше тек нарқын шотқа соқтырып тұрады. Сомасын екеуі де қағазға жазады. Абдол енді оған қолқа да салады. Екеуі қыза-қыза келіп, аяғы жәрмеңкеге бірге бармаққа уағда байласады... Қазақ -қалмақ ортасында өтетін ұлы шулы, дырдулы жәрмеңкеге «бір соғар зәңгі» өз жүгінен Абдолға екі түйе босатып беруге зорға келіседі. Азырақ қынжылып... амалсыз көнген кейіппен мақұлдайды... Сөйтіп «сәтімен» түскен жақсы мейман бұл үйде төрт қабат жаңа, таза көрпеде көк торғын жастықтарға шірене шынтақтап әңгіме соғады. Ерекше күтімді сый көріп, қона жатады. Жалғыз-ақ төсек салынысымен тез үні өше бетін бүркеніп, теріс түсіп жатып қалады... Ең соңғы сөз, Абдол:
— Зәңгі шаршаған екен, тынықсын! — деп шамды өшіріп шығып кетеді...
Бірақ таң атқанда шайға тұрғызайын деп қараса екі қонақ жын ұшырып әкеткендей орнында жоқ болып шығады. Мейманхана бөлме жым-жылас... Кешегі топ-топ асыл көздемелерді салып қоржынды босатқан да, ішінен шыққан тері шалбарды жүнін сыртына қарата теріс аударып, аяқ жаққа тастап кетіпті... Көрінеу мазақтай кеткен. Абдолдың күйгені сонша, әйелін шақырып келіп бөлме ішінде мұншалық түрдегі құбыжық суретті көрсете:
— Ә, анаңның! — деп, қатты боқтықпен талтайып жатқан шалбарды ашасынан теуіп кеп жібереді. Ашудың соңы бірер күннен кейін көршілер арасында амалсыз күлкіге айналады. Бұны істеуші шерудің белгілі адамы — Құлайғыр еді. Өткен күзде дәл осы Аболдың үйінде баяғы шеріктің мылтығы жөнінен. қамаудан шығып отырған сары -жирен мұртты — Құлайғыр сол болатын. Соның жөнін Қарымсақ Абдолдың өз аузынан естімекке қызығып айтқызып отыр екен. Кедей Құлайғыр Құлжаға барып үстіне бір қабат киім алып киген соң, өзінің жаз жарымында зорға құтылып отырған қырықпа жүнді, тері шалбарын жаңа кілем қоржынға шиыршықтап, нықтап тығып, бергі бет жағына бағанағыдай тәуір заттармен шай-шақпытын салып, көрер көзге қоржын толған құнды бұйымдай етіп алған. «Келе жатқан керуенім бар деп» Абдолдан шотқа қақтырып алған көп көздемені әкетеді. Сол күні Абдол көрші-қолаңы шақырып әкеп шалбарды қолымен ұстамай, жеркене, аяғының ұшымен түрте тұрып:
— Маны қараң! Жыланға ұқшаш, қапықын ташлап қашыпты әмесмә, кәпір - қазақ! — деп айналасын күйгелек мінезімен неше күн күлдірген.
Кейін «шеруде сондай адам бар ма!» деп сұрастырылғанда оны істеуші Құлайғыр екені білінген. Керімбек екеуін ақыластырып, айып - қиыбымен шығыстырып қойған. Құлайғыр шеріктің мылтығына содан кейін ұрынғанды. Қамаудан шыққанда шылп етпестен қайта сол Абдолдың үйіне соғып, екі-үш күн демалып ауылына сонан соң аттанған. Жас қонақтар бұл әңгімені неше жерде амалсыз күле түсіп, қызулы көңілмен «еһе», «еһе» десіп, үй иесінің оңбай алдануына сай, бәрі де ентелей қызықтап тыңдаған.
5
Бұлар осылай әңгімеге айналумен бағана ымырт жабыла ат арқандап келуге кеткен Мамыртайды енді осы уақытта бір-ақ жоқтады. Серігінің қайда екенін Мақсұт сұрағанда, барлығы оның келетін уақыты алдақашан болғанын енді айтысып, дабырлап, бірден үдерісін қалды. Өстіп алаңдай түсіп тағы біраз тосып көріп еді, жуыр маңда келер болмады... Мақсұт шынымен сасайын деген... Кешегі Мамыртай сөзі қалт көңіліне ұрып, өз денесімен оғаш күдік, үрей сезгендей бола бастады. Ортадағы дөңгелек үстелге шынтағын тірей, сақ көтеріліп алған қалпында әлде бір тың тыңдап қалғандай шытынып, аңыра түсіп:
— Апырым-ай осы қалай болды өзі?! — деп елегізи берді. Бейне алыстағы бір еміс сарынға құлақ тосқаң адамдай, бейғайып нұсқамен аңыра ойланып:
— Тұрыңдаршы! Не біліп омалып отырмыз?! — деп, бұйыра сөйлеп өзгелерге де ес таптырмай, өзі орнынан, тұрегелді. Дәл не істейтіндерін ойламаса да, бұнымен қатар көтерілген басқалар үнін жайма-шуақ шығарып:
— Е, құдай сақтасын! Өзің секемденгендікі шығар,— десіп бейғамсытқан болса да, мұнша кешігерліктей ешнәрсенің қисыны жоқ болатын. Мақсұттың өзгеріп алған түсіне
қарап олар да енді өз іштерінен еріксіз қобалжи бастаған. Бәрі тез тұрып, киімдерін киіп, сыртты байқауға қамданысты. Ана жақ мына жаққа тобымен жүріп, шақырып іздеді. Бірақ Мамыртайдың маңайда жоқ екенін амалсыз мойындап, енді шынымен біржола бел шешіп іздеуге шықты. Барлығы шұбырып алдымен ат арқандалатын батыс жақ шетке беттеген. Ауыл сыртыңда, жазықтағы шилеуіт түбекте ара-тұра жайбарақат пысқырып қойып, қамсыз жайылып тұрған аттарға тақап келіп, Мамыртайдың арқандаған атын көрді. Ол өзі мінген сар - теңбіл атқа Нүсіпбектің қасқыр соққыш, талтақ керін құсбаулап, қосып арқандапты. Мақсұттың жаяуларды атпен бастап келгендегі бар үміті осында еді... Осы маңда торғай руына шеру ішінен ұзатылған бір Тойбалқан деген қыз бар-ды. Соның оң жақта отырған күнінде Мамыртай екеуінің көңілі жақын болады. Ол осыдан үш жыл бұрын, соңғы рет Мамыртаймен қимай қоштасып, қатыны өлген Бисары деген біреуге кете барған. Енді екі ара жақындап келген соң әнеугүні сол ауылға жай қыдырған кісі болып Мамыртай барып қайтқан. Мақсұт бір ойында Мамыртайды бозбалалық қып сондай бір жаққа түн қата тартып кетті ме деп ішінен ойлап еді. Міне, енді аты тұрғанын көргенде, шындап күмән ойламасқа шарасы болмады. Жоқ жігітті осы іздеу - іздеу болды... Аттардың барлығына ер салынды. Қалың түннің ішінде жер қоймай желе ж орта жүріп, жан-жақтарға дауыстап, Күренің тек сейпіл ішінен басқа жерін: шағын-шағын көшелерді, сырттағы қойнау ағаш үйірімдерін, арық-арық бойлары сияқты көз тоқтарлық тұйғыларды жағалап, қалдырмай адақтап, түгел кезіп шықты. Бір жақтан өзі кеп қала ма деп түн ауғанға шейін әлі де соқыр үміт дәмесімен байланған. Ат арқандауға екі кісі болып бармағандарына енді өкіністі. Бұл маңда басқа барар жерлері қалмай, адасқан адамдай сенделіп, ақыры бұлар таңды да атқызды. Таң аппақ атқанда, бұл топ енді не істейтінді білмей, аз ақылдасып, ес жиып алмақ болып үйге жетіп түскендері сол еді. Осы кезде Абдолдың ерте тұрып бадаға сиыр қосқан әйелі қақпадан ішке қарай аптыға басып жүгіріп кірді. Жан таппай далбырай ұмтылып келеді екен. Бағымға сиырын қоса шыққан әйел аса бір сұмдық хабар естіп келе жатқан! Таң -азаннан түрегеп атына барған бадашы батыс шеттергі бір шилеуіт тұғылда көрген жан шошырлық жаманат хабарын айтыпты. Атын алуға ғана мұршасы келіп, жақындап қарамастан артына бұрыла қашыпты. Әйелден адам өлген хабарды естігенде, Мақсұттар ес таппай тапырақтап, тіпті, бірін-бірі біле алмаған күйде абыр-сабыр атқа міністі. Аталған жерге аттарына қамшы ұра асыға жете береді. Іштерінде түнімен бірге жүрген Абдол да бар. Бәрі тобымен келіп жеткенде, бұлар өз көздеріне өзі сенбегендей болды... Шыныменен - ақ қанға боялып жатқан Мамыртай денесі!... Топтанып келген аттының барлығы бірден керді. Мұндайлық күйді кешкенде бар тілектері кесіліп, әр кім өз алдына, үміт, мақсат күл-талқан бола қираған, сорлылық халге ұшырап еді. Көре бере тас төбеге ұрғандай, ат үстінде сілелеп, бәрі де қалт тоқтап тұрысып қалған... Мақсұттың тұла бойы у жұтқандай, табанынан басына дейін дүр етіп, төбе құйқасы бейне киіз бола тұтасып қалды. Қобалжыған бір сөзім жүрегін ауызына лоблыта тыққан сәтте талып кетпес пе екемін деген жанама ойды сезген. Бұларды шошытқан дене бассыз еді! Ел осылай ақыл таппай, алғашқы секундтарға арбалып қалғанда зор денелі Нүсіпбек кеңкілдеп, жылап кетіп, бар дауысы жарқаштана:
— Қарағе - ем! Ие болдық! Не көріп тұрмын, ойбай! — деп аттан аударылып түсе берді. Өзгелер де осы кезде ес жиғандай тегіс шуласып бауырым салып жіберді. Бірақ бассыз денені ешкім бас сала алған жоқ.. Бауырым сала аттан жапырлап түскен бойлары, қанға боялған өлікке мінбелей төніп келіп жыласқан бойы тұрып-тұрып қалған.
Қарымсақ шидің түбіне еңкейіп, домаланған қан-жоса басты қос қолымен көтеріп ала бергенде, оған көзі енді түскен қалған топ алғашқы ессіз қалпынан тағы да өзгере, тұтас шулап еңіреп жылады. Жалғыз Әкім ғана тізгінін екі қолымен артқа ұстап, міз бақпай қарап тұрып қалған.
6
Осы күні бұл түбектің басына жиналған кісі көп болды. Кішірек қалашық Күренің сағатында құлақтанған барлық ұйғырларымен он шақты шақырым жердегі Сүйдіннің де халқы хабарланып келіп жатты. Кешегі оқу бөлімінің Шыныбек бастаған қызметкерлері мен «шотаң» мектебінің бірталай ұйғыр - қазақ мұғалімдері де жиналған. Мұнан басқа сақшы мекемесінің тексерушілер құрамын бастап, Әбдірейім келіп еді... Мәйіттің үстіне ақ жабылған, анадай жерде аппақ табыт тұр. Сұмдықты көрген ұйғыр, дүңген, қалмақ сияқты аз ұлт адамдары жағасын ұстады. «Ашық қастыққа шығып, соны әдейі көрсете бастағаны ғой». «Осының соңында бір нәрсе бар шығар» деген сөздер ауыздан ауызға гу-гу тарады. Бұл хабар осы күні тізгін ұшымен елге жеткен. Бері, етекке түсіп қонған ауылға түс ауа ілінген Қарымсақ қаза хабарын Керімбекке тосыннап естірте алмай, алдымен Тайлақбайға білдірген. Керімбекке мұндайлық жаманат жайын Тайлақбай өзі естіртсін деген. Енді мұндағылар Қарымсақ жеткізген жат, суық хабармен асығыс аттануға қамданатын болып, ауылдың қаралы болғанын әйелдерге; Қаніке мен Мамыртайдың келіншегіне естіртпекті ойласып еді. Сонымен ана үй — мына үй арасында қарбаласып, адам жүгірісіп қалды. Қанікенің үйіне үш-төрт қартаң бәйбішенің басы құралды... Мамыртайдың отауындағы жас келінді де осында шақыртты. Сондай қамдар өткен уақытта өргі қонақ үйден шығып; Тайлақбай, Молтан, Керімбек, Қарымсақтар келіп әйелдердің үстіне кірді. Бар әйел қар - қарадай болып түрегеп, еркектер төрге жайғасқан соң орындарына қайта отырысты. Ер кісілер келіп кірмес бұрын Қанікеге сездірмейміз деп әр нені сөз етіп, қиуадан әңгіме шығарып отырған егде әйелдер енді су сепкендей дым бола қалды. Қаніке бұл үйге әп - сәттің ішінде осыншама адам жиналып қалуын жақсы ырымға санай алмай, әсіресе әйелдер үстіне мынау үш адамның келісін оң кермей, әркімге қарап жалтақтай бастаған. Гүлназымнан бір жақсы хабар бар ма дейін десе, үй ішінде сақталған тыныш қабақты оған үйлестіре алмады. Не ойласа да сол, Гүлназым жайында ойлап, іштей үркіп, тіксініп қалып еді... Мамыртай кішкене күнінде сырттан қарағанда тыныш, жуастау сияқты болып, оны Мақсұқтпен бірдей асырап, әрі шынайы пейілін бұған да тең арнап, екеуін тел өсірген Қаніке сонда өз еңбегіне қанағаттанбағандай қоңылтақсып, Тайлақбайға:
— Би - аға! Осы баланы Мақсұтпен теңдей емізіп, бейілімді де екеуіне тең арнап, мәпелеп асырағаныма дінім кәміл сенуші - ем. Қатар бағып қана қоймай, аруақ пен құдайды ойлап, ынта-ықыласымды да тепе-тең салып ем... Айныған күнім жоқ еді. Бейнетіне көніп баққан соң бағы жанып, еңбегім ақталсын, бір-бірінен кем болып қалмасын деп сертімнен аумай қарап ем. Сол михнатыма қарай көңілі қызулы, көз тойғылы болса керек еді. Болжамы момындау ұшырағандай шығады көңіліме. Өзінің шыққан жағын да онша ынжық немелер демеуші ем. Көз - қабағына қарап осынымды болжап беріңізші! — дегені бар. Өзінің жақсы еңбегіне ашынып та, қызғанып та өтініш еткен.
Сонда Тайлақбай отырып:
— Қабағы жаман болса, сабағы жаман дер едім. Балаң туысты, ерқабақ. Қабақты адам ішті де болады. Ал ішті, талғамы бар адамға өзі өлгенше тағдырдың ешқандай өктемдігі өтпейді! — деп сынаған.
Жүректі әйел Қанікенің Мамыртай бөтені емес, қызынан туып, артында нәресте күйде қалған жалғыз көз ғой. Әзір сол Қаніке мен бүгінгі күн өз басына қара перденің жабылып отырғанын білмей келген оның жас келіншегі Қамашқа естірткелі отыр. Бір Мамыртайдың артында қалып бара жатқан шынайы дертті адам осы Қамаш еді. Мамыртай екеуінің ортасындағы үш жасар қыз Кәмила әзір Қамаштың қасына келген. Оны біреу қолына бір тағым үкі ұстатып, қызықтырып, тез көтеріп алып үйден шығарып әкетті. Қаніке мұндай үлкендердің ішіне, әсіресе Қамаштың неге келіп отырғанына қайран болған. Ал Қамаш болса өзінің бұрын іс көрмегендігімен Керімбектей ата шақырды дегенге өз ішінен әрі таңырқанып, әрі сыйлы үлкен ауызынан аты аталып, басы бағалы бола шақырылғанына әлдеқалай көңілі өскендей болып та келген... Әйелдер жым бола қалған кезде, Тайлақбай қатайып, жайлап сөз бастады.
— Қарағым Қаніке! Қамашжан! Бүгін көз алдарыңда аға болып, әке болып біз отыр екеміз. Біздің қадіріміз осы отырған сіздердің арқаңда... Сіздердің алыстан сыйлап, әз тұтқан қадірмен көңілдеріңнен еді!.. Бірақ сіздер қуанышты болсаң — біз мәрелі, жақсы едік!.. Осы отырған біздің де орнымыз әлі бір күн елі кетіп, құлазыған қоңыр белдей аңырап қалар, шырақтарым! Отырған орын, жүрген жерлер базаралы құс кеткен келдей болар... Бір ауыз айтар сөзімізге, бір тілер тілегімізге зар болар күндерің жетер!.. деп келгенде, қас - кірпігі қиылған бидай өңді, әдемі Қамаш бұл сөздің неге осынша қайғымен ауыр басталып отырғанын білмесе де, сонша сырмен төгіліп айтылғанына шерленіп кетіп көзінен жасы ыршып шыққан. Бетін әйелдердің қалқасына таман ала берді.
Тайлақбай аузынан мұншалық жалын сөздің шығуы бір Қамаш емес, егде бәйбішелерді де емірентіп, қайсаңдата бастаған... Бәлені алдын ала біліп кеп отырған салдарлы әйелдер Қамаштың күн бұрын жылап жібергенін сезгенде енді еріксіз қайысып, біріне бірі ілесе кемсеңдеп, кимешек - шаршы шалғайларын көздеріне әкеле беріп еді. Бірақ осы кезде Молтан бұларға шұғыл зекіріп, ұрсып:
— Тәйт! Сендерге не жорық! — деп қалды. Тыйып тастады. Керімбек тырс етпеген бір күйде қаны қашқан түске өтіп, ішінен қалтырап, боп-боз бола отырып қалған.
Бұл кезде Тайлақбайды сөз саптасынан таныған Қаніке неге болса да шошына мойындап, үн-түнсіз отырғанмен, оның көзінде де ағылған жас бар.
Тайлақбай дауысы тарғылданыңқырап:
— Бұл сөзді сендер тыңдап тілімді алсын, болған іске болаттай бекем болсын деп айтам. Басы сайран, түбі ойран, сырғанақ дүние сұм сыбаға тартып отыр! Өлімді естірткен кісі жан алушы әзірейілмен бірдей деген... Мен бүгін сендерге сол әзірейіл боп отырмын, шырақтарым! Кешегі жүрген Мамыртай жарық дүниенің опасын өз бойына теңгерместей туған жан еді...— деп келгенде, көңіл көнбес бір қастық Қанікенің жүрегін суық темірдей қарып түсті. Тайлақбай одан да сорақыға көндіріп: — Тілегімді берсеңдер, жалғандағы таршылықтың әуресін артқа тастап, беттеп кеткен сапарын соның өзіне ырзалықпен қиыңдар!.. Қиянат қылмай тынымдатып қиыңдар да, қайратпен қабыл етіңдер! Қыршын жас опат болды! Жаны шейіт, жау қолынан қаза тапты!
Көңіл қабылдап, түсінбестей бір сарын үй ішінде ұйтқып өтті. Әсіресе Қамаш пен Қанікенің өзегін ұстара жүзіндей аяусыз тіліп түскен. Сол сәтте Қамаштың жан -дауысымен шырқап жылап жіберген үні естілді. Жоқтау бастаған Қаніке екеуіне өзге әйелдер жапа-тармағай керісе берді. Аздан соң жапырлап жеткен еркек - әйел молайып, Қаніке үйін у-шу, даңғаза дауыс кернеді. Қамаштың әнші үні топ ішінен жеке шырқай, айрықша зарланып шығып:
«Қоспаның басы талма екен,
Қосақсыз қалған зарлы екем!..
Қоса бір жүрер болмасам —
Қоса оба бізге бар ма екен» —
деп, тағы бір кезде ерекше өксулі үні талықсып:
«Жығылған жері қанбекен —
Қай жерде бекзат қалды екен?
Жылап бір жүрсе Камилаш,
Қайырылар адам бар ма екен!» — деп келген жерде: Тайлақбай, Керімбек, Қарымсақтар орамалдарымен көздерін үнсіз басып, иықтары селкілдеп, лажысыз жыласып отырды. Жетім қалған тышқандай қызды қайғы-зар жырға қосып, «ол жылап жүрген көздер болса енді кім қайырылады» деген зарлы тұста бұрын жылауын тоқтатып, аз сабыр тауып отырған өзге жұрт қайта тегіс егіліп жыласты. «Бауыры бүтін сынауға, бауыры жыртып жылауға келеді» дейтін сағат туып, ішінара қайғы-шерлі адамдар бұл сәтте тоқтамай төгіліп кеткен көзінің жасын аяусыз ағызып отырды.
7
Тайлақбай мен Керімбек Күреге елу шақты адаммен жетті. Бұлар түнде жүріп, таң ата ілінгенде Абдолдың төрт бөлмелі үйінде Күре, Сүйдіннің жасы үлкем көп адамдары түнеп отыр екен. Қала жерінде қазақ ішінара болмаса келген көбінше ұйғырдың, татар, өзбектің ақсақал қариялары. Күн сәскеден өткенде, көк жоңышқада сақталған жасат - мәйіттің жаназасы шығарылды. Сүйегі кешегі түбекке жеткізіліп, осында қойылып жатты. Бұл күні кешегіден де қара - қорым, мол жиын. Мәйіт жасағы жерге қойылып болып, енді халық қайтар көзге тақалғанда, Мақсұт өзінің не көріп тұрғанын білмегендей аңыруда еді. Тылсым далада қоянжонданып қалып бара жатқан жас топырақ қана... Көз алдынан Мамыртаймен бірге жүрген күндері тізбектеліп өтіп жатты. Сонау Қамар... Қамар жолындағы бүкіл әлемнен дара достық. Сона бір Өмірші сайы... Ақшұбар гүлді, шыт көйлек киген орманды сай мүлгіп тұрып еді-ау!.. Сондай шақта бірге жүргеннің қадірін білмепті - ау! Мамыртай жақын тартып әзілдегенде ыза болғаны, меселін қайтарғаны не жетіскені еді! Қайта соның мәз - мереке сәтін тамашалап, төбесіне көтермеді ме?! Бұл жайлы ғажайып түс, аян көрген жан емес пе еді! Мәңгі тыныштық сақтап, сарылған далада жұтылып қалып бара жатқан бір үйме жас топырақ... Бір елі ажырамай өмір бойы жанында жүретін жан - серік орны. Ес тартқан жас күнінен егіз қозыдай бірге өскен ет жақынынан шын - ақ ажырап тұр ма? Іш - өзегі қамсау таппай аңыраған Мақсұт өзін баяғы заманнан бері Мамыртай құр алдап ертіп жүргендей, нанар-нанбас халде жан-жүйесі босап кетті. Бағанадан өзі де аңдамаған күйде көзінің алдынан төмен қарай тоқтаусыз жылжып аққан жас бар еді. Сол қайнардың тұнбасы аршылғандай, енді соңғы рет ащы жас оп-оңай құйыла парлап кетті. Осы кезде жұрт жабырлап атқа мініп қалғанын аңдамаған.
Сондай сәтте ана жақтан Нүсіпбек:
— Қарағым, Бауыре - ем! Қайда қалып барасың? Мен сорлыны алдап ертіп жүріп пе ең шырағым?! — деп, қос бүктеулі қамшысымен қонышын ұрып өкіріп жылады. Қайтқалы тұрған қалың елдің біраз жас-кәрісін бірге жылатып, қабір басын шайқалтып жіберді.
Мамыртай қазасы қазақ ішіне тез тарады. Ауыздан - ауызға, елден - елге желмен ұшқандай, бірнеше күн ішінде: Қорғастағы көршілес, үш-төрт болыс — албан менен суанға, ылдидағы ши жайлаған — төлеңгіт, таудағы — таймас, белдегі — торғай, төрдегі -керей, өрдегі қызай, Текес, Күнесті жайлаған жалпақ елге, одан қырғыздарға таралып, шерудегі оқиға аталып жетіп жатты. Гүлназым жайымен ұштастырылып сөйленетін. Ұйғыр, дүңген, қалмақ ұлттары да гуілдеп жатты. Сол елдер өз іштеріндегі әлденеше сондай айтулы жағдайлармен байланыстырып қозғайтын. Түзде малшы, үйде әйел, атқа мінген топ - жиын болсын, қала, қыстақ елдері болсын, соңғы күндерде бәрі осындай үркініш түрдегі сөздерді ғана сөйледі. Әсіресе, шеру руы дүрліккен. Тезек терген, мал сауған, іркіт піскен, құрт - ірімшік қайнатқан әйел болсын, ерні кезеріп, ұзақты күн далада қоймен бірге сарылған қойшы болсын, қоңыр кеште бала әлдилеп, гөй-гөй салған, қам кешкен кейуана, кәрі әже болсын, жамбасына жер батқан, дүниеден торығып, қайғы ойлаған қарт-қария болсын, көбінің ойларында, тілдерінде ел тартып жатқан тағы осындай әлде қанша жат, суық хабар жаңғырды. Ен өлке сай-сала, жон арқа, терең шатқал — тінейдің түп шыңырауына барып сіңіп қонған, ұрлықтай екі-үш үйлі, шет - саяқ ауылдар болсын, бар өңір түршіккен халде үркісіп еді... Бұрынғы үркініш үстіне бұл да және сондай ел тартқан жаза, халық көрген әлек қаза болып танылған.
Тау мен тастың қойны - қонышы осылайша күңіреніп ел күйзелген күн туды.
БЕСІНШІ ТАРАУ
1
Керімбек Құлжаға келгелі бір талай күн болды. Бірақ бұлардың ендігі ісі арыздану емес-ті. Күреде де ешбір орынға бас сұқпай, ың - дыңсыз кеткен шеру басшылары бұл жерде Фуже, Мұхабай, Ысқақбектердің өрекпуін өздері басып, тоқтата келді... Мамыртай жайынан Мақсұт арқылы ерте хабарланып, дүрлігіп отырған олар Керімбекті асыға күтуде екен. Бірақ Мамыртай қазасына байланысты ел ойламаған айрықша жат сыр бары аңғарылды... Оны Керімбек Күреде білген. Керімбек Мазыдан. Күреге келген күні Әбдірейімге жолыққан. Мамыртай өлімін жеткізіп, Мақсұт полиция мекемесіне, Ли-жүйжанның өзіне кіріп, Әбдірейім бастаған тексерушілер құрамын алып шыққан... Бірақ Әбдірейім жай ғана міндет өтеу, көз ғылу үшін жіберілген. Керімбек Әдбірейімге кездескенде ол ернін тістеп, ымменен өзгеше сезік байқатқан. «бәрі бітті дегендей болатын. Бір әредікте Керімбекке сыбырлап: Бұл мәселе жайлы енді ешқайда да әуре болмаймыз!.. Бәрі тамам! — деп күдер үзген қабақпен бар лажы құрып, біраз тынып отырды. Керімбекке әке елімін естірердей боп қиналып, ауыр сырды сол жерде сездірген. Ол сыр — Күредегі полиция мекемесі, және уездік басқарма сияқты әкімшілік орындарға осы август айының ішінде Үрімжіден, орталық үкіметтен жасырын түрдегі ерекше жарлық жеткен. Шың-ши-цәйдің орнына отырған Шыңжаң өкіметінің жаңа басшысы — у-жүң-шың таққа отырғанына бір жыл толғанда бұл өлкенің аз санды ұлттары үшін төтенше бұйрық шығарған. Негізі бұл Шың-жаңның ғана емес, бүкіл қытайлық, Гоминдаң өкіметін билеген Жаң-қай-шы мен У-жүң-шыңның кәзіргі жағдайға байланысты жан таласа ойласып тапқан алаяқ саясаты еді. Осы 1944-жылғы август айында Іле аймағына берілген 2603-жарлығы «Август жарлығы» деген тарихқа мәлім атымен келген. Бұнда жергілікті аз ұлттардың бас көтерер адамдарын тез арада түгелдей ұстап, қамауға бірден алу мәселесі әмір етілген-ді. Оңтүстік Шың - жаң гүбернелерінде ол жарлық қазірдің өзінде күш алып, іске. аса бастаған. Бірақ бұған Іле уәлаятының генерал губернаторы Лю-бин-и дәл қазір қазақ аймақтарында ондай адамдардың барлығын ұстау, қамау қиын, соңы қауіпті екені туралы деректі, сақ жауап жазған. Үкімет басшыларын ойландырып ол айтқан жауабында әзірше алдымен солардың 15 жас шамасындағы есейген балаларын арнайы курс ашып, бір жерге жинастырып алып, саяси құрсаумен «оқыту» керек. Және күшті ықпалмен кейінірек осы «оқу соққандарды» өз бастарына қауіп туғызарлықтай, қорқытқан түрде әрі бір жағынан арқаға қара қолпаштап, сыйлықтар ұсынып, саяси шеңбермен «тәрбиелеп», «өсіру» қажет. Бұл үшін ел басыларын алдымен саяси жақтан елең еткізе, дәмелендіріп олардың ересектеу балаларын жинастырып алу шарт. Кейін әр елдің бас көтерер адамын өз балаларының мәжбүрлі түрде кіріскен көмек күшімен аудару ғана дұрыс нәтиже бере алатынын дәлелдеген. 14-15 жастағы баланы алдап-арбаса, көнбейтіндейін қорқытса, сөйтіп ел ішіне әскерге бастатып шығып жанды фактілермен бірінің әкесін біріне ұстату керек. Сонда халық кімнен көрерін білмей қалады демек. Осыны Іле халқына байланыстыра айтып жауап қайырған. Солай етпесе елдің дәл қазір дүрілгіп, бірден бұрқ ете көтеріліп кету қауіп барын бас штабтың өзіне аңғартқан. Әбдірейім сол құпия жарлықтың барлық ішкі сырын білмесе де, полицияның жауапты адамы ретінде жалпы мазмұнынан хабардар еді, Керімбектің құлағына соны салып, ерте сақтық айтқан. Егер Мамыртайдың белгісіз, дәлелсіз ізін қуалап, сейпілдің ішіне тағы дау салып кірсе, Керімбектің енді өзін ұстап қалуға түзіп отырған жоспар барын да аса сақ сездірген. Мамыртайдың өлімі осы соңғы жарлықтан кейін болып отырғаны ескертілген: Мамозы дәл іңір мезгілінде өз қасына екі полицей алып шеру жігіттерінің ат арқандап жүрген маңына, қалың ши ішіне еңбектеп жетіп жасырынғанын сездірген. Күре полициясы Мақсұтты қолға түсіре алмағандықтан Мамыртайды мерт еткен көрінеді. Негізінде: Ма-шянь гон, Ли-жүйжаң, Мамозылардың көздегені Керімбектің ең жанына тиерлік жер болған. Бұл ғана емес, оңтүстік Шыңжаңда баяғы Қожаниязбен байланысы бар, деген желеумен ел қамын ойлайтын бас көтерер ұйғыр атаулыны осы жарлықтың дүмпуімен қойдай матап, Үрімжі түрмесіне айдағанын да құпиялап білдірген. Қашқандарды ұстаса, немесе сәл қарсылық көрсеткендер болса тапа - тал түсте, ашық түрде елге көрсетіп атуға да жеткен! Жанын қайда қояр жер таппаған Оңтүстік Шыңжаң елі жапырақтай тітіреуде деген. Іле аймағына келген «Август жарлығын» «Қырғыз-қазақ ұйышмасы», «Ұйғыр ұйышмасы», «Маңғұл ұйышмасы» деген орындар білмеуші еді. Фуже, Ысқақбек, Мұхабайлар ол жайдан Керімбек арқылы хабардар болды. Әкбар-Сейіт жұмысы үшін Керімбекпен Әбдірейімнің қимас достық, таныстығы нағыз маңызды көзең болған. Басында Әбдірейім мен Керімбектің алғаш таныс болуына былтыр Құлайғырдың мылтық жөніндегі қамалуы себеп болып еді. Полиция бастығының қазақ тілін білетін орынбасары Әбдірейім де сол жұмыспен бірталай айналысқан. Сонда шеру елінің Құлайғырды бермеу үшін көрсеткен берік бірлігі Әбдірейімді іштей ырза ете таңдандырған. Өзінің пікірлі, ішті жаралысында табанды ұйғыр жігіті 1931 жылы Құмылдағы» «Апрель - ыңқылабы» деп аталған ұйғырлар көтерілсін, оның мән-маңызын жақсы білетін адам; Оны басқарған Қожаниязды келісім шартпен Шыңжаң үкіметінің орынбасарлығына отырғызып, халық көтерілісін басып, алдап келіп, ақыры кейін өкінішпен өлтіргенін де тереңінен біледі. Соның соңынан Өлкелік «Қырғыз-қазақ ұйышмасының» секретарь! Дәулеткелдіні неге жойғанын да жете түсінетін. Солар құлаған соң аз ұлттан шыққан Әбдірейім тәріздес майданы берік зиялылардың да қызмет орындары бірден төмендетілген... Әбдірейім тіпті сонау дүңген көтерісінің де барлық ішкі сыр, егжей-тегжейіне қанық жан. Сонымен шеру руын бір ғана тілден шығарып, Құлайғыр ісін бүкіл ел болып ақтап, арашаға жан сала кірісіп жүрген Керімбек екеуінің жасырын танысулары басталған. Бірақ Керімбек Әбдірейімге «Тас түлек» ұйымы туралы кешірек сездірген. Алдымен оған өз баласы Мақсұтты құшақтастырып дос етіп барып, кейін «Тас түлек» ұйымын білдіргенде Әбдірейім бұған ғажаптана әсерленгенінен өзінде тығулы екі жәшік оқ барын айтып, бұл хабардың сүйіншісіне соны тарту еткен. Керімбектің түпкі сырын түсінгенде Мақсұтты қайтадан құшақтап өз халқы ұйғыр үшін «бақытсыз халық болды» деп қатты қайғырған. Өз ұлтының келешегін жүгін тарта алмаған атандай, ыңыранып армандайтыны білінген. Фужерлер енді тездетіп, Әкбар - Сейітпен хабарласты. Оларға өзі аттанған Фуженің қасында Мақсұт бар болатын. Және бұл екеуінің қабатына ең сенімді қорғаныш, жолдас етіп Керімбек өзінің үлкен баласы Әкімді де қосқан. Керімбек балаларының ішінде Әкбар - Сейіт ұйымын Мақсұт пен тек осы Әкім ғана астыртын білетін. Әкім Әкбарға өзінің ұрланып қашып жүрген өкпелі жайын ашық білдіріп, бір - ер жыл жасырын ұстай тұруын өтінгенде «Тас түлек» ұйымының қатпар мінез басшысы үнсіз күліп қана келісе салған. Әкбардың әкесі — Есбосын батыр шеру елі қызайдан бөлініп көшпей тұрғанда, Керімбектің әкесі Әңкежанмен етене жолдас болған адам. Әкбар Әкімнің сол ата достықты бетке ұстап келгенін біледі.
2
Әкбар — Сейіт, Фатихтер мына Фуже әкелген төтенше жат хабарды естігенде қатты қобалжыды. Енді амалсыз бұрынғы өздері жасап, ойласып отырған жоспарларын бұзып, шұғылынан өзгертуге мәжбүр болды. Бұлар тап сол күннің өзінде Әкімді шерумен іргелес, тау жайлаған Таймас руының адамы — Аусынақынға тізгін ұшымен жөнелтті... Бұл кезде Күредегі «Мын-хо-шо-таңғы» (Маңғұл-қазақ мектеп интернаты) бүкіл Күре уезіне қарасты ұйғыр, қырғыз, қазақ, маңғұлдың көптеген ересек балаларын ел - елден топтап жинап әкеп жатты. Қабылданған көбінесе 15 жастағы балалар. Мақсат — бұларды осы биыл өте тығыз тұжырыммен бір қыс «тәрбиелеу» болатын. Бұған Керімбек ауылынан да бала алынса керек еді. Олай болмады... Жұрт мұны. Керімбекті шет қағып, балаларын «оқудан» шектегендікке жорыды. Ал Керімбек жайлы нақты шешімді Күре осы кезде анықтап, дайындап та қойған-ды... Ендігі батыл қимылдары бойынша Керімбек пен Қарымсақты бір-бірінен бөлмей, екеуін қолға бірге түсіру керектігі жоспарланған. 1944 жылғы бірінші сентябрь күнінен бастап, екеуін тапқан жерде ұстайтын үкім шығарып, үйездік үкімет атынан Мa-шянь гон мор басқан бұйрық еді. Құлжаға аман ілінген Керімбекті бір қатерден өтті дегені болмаса. бұлардың өкше - ізінен түскен жау қолынан жолда мылтық атылып, оған дарымақ оққа Қарымсақ өз денесін тосқан... Сол бірінші сентябрь күні кешкі мезгілде үйезден шығып келе жатқан бес шерік пен үш полицейдің құпия қоржынында қолға салатын екі білезік кісен — «көзір» бар болатын. Мазыны өрлеп, қопақтап шапқан суыт жүрісті топтың қоржыны ішінен сол кісен баяу сылдырлап, кешкі апақ - сапақ мезгілде тау қойнауына таман үн беріп келе жатқан. Керімбекті ұстайтындарына бүгін бұның бәрі де күмәнсіз сенген. Бұл топ шеруді үш күн бойы ақтарғылап, тінтіп іздеп жүргенде, екінші жақта Керімбекке жол тосып жатқан Мамозы көздескен. Кеп адам боп көзге түскілері келмеген Қарымсақ пен Керімбек Құлжаға Күре маңындағы керуен жолмен жүрмей, Сүйдіннің желкесін Керімқұл — Кебенекті басып, Сарыбұлақтағы Мұхабай ауылының үстімен өткен. Бірақ Керімбектің бұл сақтық сапарын Мамозы «көріпкелдей» білген. Сүйдіннің аты әйгілі «Қара-дөңінде айналаға дүрбі салып, жол кесіп жатқан қарақшы үшінші күні болғанда күдерін үзіп отыр еді. Дүрбінің арғы шеңберінен қылт еткен екі аттыны шалып қалды. Екі ара кемінде 20 шақырым жер болса да сол екеуінің бірі Керімбек екенінен күмәнданбаған. Айғыр жанды, ақсары аттың топ құйрығы шұбалаңдап, Мамозы көзіне оттай басылды. Жанындағы атқосшысы Хойылдыр - сібеге:
— Бол, мін! — деді де, өзі сарт етіп атқа қона, «Арыппай қараға» қамшы ұрды. Қаһарға мінген қандышелек жымдағы жолбарыстай Құралматының аңғар - өзегімен кес - кестеп тартты. Күн батар мезгіл еді. Керімбек пен Қарымсақ бір ағаштың саясында ат шалдырып, өздері жан торсықтағы жолға алған қымыздан сусындап отырған. Бір сәтте Қарымсақ жан - дауысы шыға:
— Ойбай, Кеке! — деп, өзге сөзге ауызы келмей, аға жолдасын өз бойымен бас сала, қорғай берді.
Бұл сәтте мылтық үні де шаңқ еткен. Аяғын аз жазып отырмақ үшін шынтақтаңқыраған Керімбекті төменгі балтыр еттен жарадар ету үшін атылған оқ екені білінді... Керімбектің жіліншік тұсынан кеп, Қарымсақты қолтық астынан жырып өтті. Сол кезде Қарымсақ:
— Атқа ұмтылыңыз, Кеке! — дей беріп, қатты сасып есі шыққан үлкенді орнынан тұрғызып демеп жіберді. Шылбыры қолда отырған аттың үзеңгісіне екеуінің де аяғы ілінді. Бұлар қосарлана тартып жөнеле бере Қарымсақ:
— Саспаңыз! Саспаңыз! — деді аппақ қудай болған Керімбекке дем бере: — Қолға түсіру үшін аяқ жағыңыздан көздеді, залым!
— Өзің... өзің қалайсың? Бір жеріңе оқ дарығандай боп қалдың ғой?!
— Жоқ, Кеке, кісі өлетін дерт емес сияқты!..
— Түсің жаман ғой, қай жерің? Қансырап жүрме! — Керімбек қайсар серігінің бейғамсытуына сенбей Қарымсақтың қуаң түсіне шошына қарап қадалған. Сол жақ емшек тұсын оң қолымен басып алған жолдасының саусақтары арасынан қан көрініп келеді екен.
Мамозы бұл екеуінің соңынан және түскен-ді. Сол кезде Қарымсақ қойнынан шығарып алған оқтаулы алтыатарды арт жағына кезене, Керімбекпен қатарласа шауып келе жатып Хойылдыр сібені ат үстінен серең еткізе құлатып атып кетті. Құлайғыр шеріктен түсірген мылтық тұңғыш рет «ақжолтай» болды. Дұшпаны аттан омақаса ұшқанда Қарымсақтың айызы қанғаны сонша, өз денесіндегі жараны аз уақыт ұмытып, сақ-сақ күліп жіберді. Манадан бергі әбігерлік те саспас ердің есін шығара алмаған екен. Мамозы сусындап отырған Керімбектерге Ұрымтал жерден шыға келіп, ат үстінен мылтық көзей бергенде қиғаштау отырған Қарымсақтың көзі сол сәтін шалып қалған. Сонымен бұл сапардан өмірдегі жанқияр жолдасы Қарымсақ болғандықтан Керімбек аман құтылған. Мамозы енді өрт сөндіргендей түнеріп Күреге мәлімдеп, бір топ шерікті екі-үш полицеймен қоса өзі бастап жүріп, Керімбекті Құлжадағы оның таныс - танысынан адақтап іздеді. Бірақ Керімбек бұл кезде Құлжада емес, Әкбар — Сейіттің қасында... Ма-шянь гон«Керімбекеш жерде жоқ» деген хабарды естіген соң, оны әлі де шұғыл іздеттіре отырып, ақырында Құлжадағы аймақтық штаб арқылы енді ашық түрде «қашқын» атандырып, жер-жердің назарына жария өткізетін. Кімде-кім «қашқын» Керімбектің қайда бой тасалаған сыбысын сезсе, өкіметке баулап қолға түсіруге атсалыспаса басымен жауап береді. Ал көмек қып, себін тигізсе, сол үшін елеулі сыйлық бар делінді. Онысы өз заманында бес аттың құнына тұрған алтын сақа болатын. Кәдімгі арқар - құлжаның оңқай асығының қалыбына алтыннан құйылған бұл мұра ежелгі Жоңғар қалмақтарынан қытай қолына түсірілген алтын сақа. Керімбекті қазақ оңайлықпен ұстап бермейді дегені ме, адам қызығарлық бәйге тіккен. Бұл кезде Іле аймағы бойынша ұйғыр, қазақ, қырғыздан ең алдымен қамауға алынуға тиісті болған жетпіс адамның екеуі Керімбек пен Қарымсақ еді. Биыл Мазы мектебі ашылмады... Мақсұт ол жұмысты бір жақта қалдырып, «Тас түлек» ұйымының қажетіне алынған, Фатих қасында Мақсұттай жас, сауатты хатшының болуы дәл қазір кезек күттірмес істің өзі. «Августь жарлығының» хабары бүкіл аймақ бойынша Әкбар-Сейіттің тиісті адамдарына білінуі керек. Күредегі Лүріп-Ламаға, Бұраталадағы Ләйдін - амбалға, Еренқабырғадағы Жамбы-Ламаға, өргі қызайдағы Рабат баласы Әбілхайыр төреге, дін назаратындағы Әліхан төреге, Құлжадағы ұйғыр ұйышмасының» секретары Әбдікерім Аббасұғлына қысқасы, атай берсе, осы сияқты тағы - тағы сансыз жерге тізгін ұшымен хат жөнелтіп, хабарласып отыру Мақсұттың міндеті. Бір ғана сол хабар емес, «Тас түлек» штабында болып жатқан мезгіл сайын, күн сайынғы ерте-кеш жаңалықтар болса соның барлығын айналадағы қажетті нүктелерге хатпен жеткізу керек. Әкбардың өз айнала маңында да «Тас түлек» ұйымынан күндіз-түні хабардар болып отыруға тиіс адамы аз емес... Міне, осының бәрі тек Мақсұт борышы. Бұл орайда Мақсұттың өзіне ең қолайлы адам болып ұйғыр жігіті Сауыт Абдырахманұғлы мен қазақ Байбазар қосылған. Бұлар Мақсұттың Құлжа «Білім жұрты» мектебінде оқып жүргенде құрған «Тау түлегі» ұйымының үш басшысы болғаны мәлім. Шеру сияқты сан жердегі, сан рулардың Әкбар-Сейітке керекті адамдары бар. Соның бәріне хатты қардай боратып отыруға «Тау түлегі» ұйымының бұл үш адамы үлгере алмай, тез аралықта қалған мүшелерін шақыртқан. Міне осындай шақта Күре үкіметі бір мектепті бүтіндей жауып тастап, өзі жоғалған Мақсұтты да қабынын іздеп бұйрық жазып шығарды. Керімбек тәріздендіріп оны да «Бүлікші қашқын» ретінде жариялады. Сентябрь айы біткенше, бұлардың қайда екенін үкімет назары білмеді. Бұл мезгілде Әкбар Іле аймағы бойынша қазақта қанша мылтық бар, соның санын толық ала - алмай жаналқымғаға келіп тұрған. Сол сияқты, Ысқақбек қырғыздардың, Фуже қалмақ - маңғұлдардың және Әбдкерім Аббас ұйғырлардың дайындаған құрал-саймандарын анықтауда. Әкбар білген алдыңғы мәлімет бойынша, мылтық саны ойдағы зор күдікті аздап сейілтіп, үмітке айналдырарлықтай болса да, оқ-дәрі жағы көңілдегі межеден төмен жатты! Бұл орайда, ойда жоқта, Құлжадағы бас сот Қожаназардың пайдасы тиді. Аты сот мекемесі болғанымен өз қарауында он шақты әскер ұстайтын-ды. Өзіндік құрал-сайман сақтауға арналған қоймасы бар. Сол қоймада бес жәшік оқ, жарым центнер «қара дәрі, жасыл жарма дәрі» дейтін әр түрлі дәрі тұр екен... Қарасын «сасық қара» деп те айтатын. Осыдан үш-төрт жыл бұрын, Мақсұт Мұрыншақтың кішкене немересін аймақтық соттың шешімі арқылы қайтарып алғанда, қол ұшын берген осы Қожаназар еді. Анада Гүлназым мәселесі жөнінде өзінің Керімбекпен бұрыннан таныстығы болса да Қожаназардың пайдасы тимеген. Себебі бұл орынды аз ұлтқа баста бір арнап қойған аты болмаса, гүбернелік штаб алдында қазіргі кезде бедел жағынан жұрдай десе болатын. Сотсыз да полиция мен әскери орын істейтінін істеп, шешерін шеше береді. Қожаназар Мұхабаймен дос еді. «Август жарлығын» естіген Мұхабай өздеріне шын қауіп енді төнгенін айтып, түн ішінде бұған келгенде Қожаназарда үрей қалмаған. Себебі «2603 жарлық тек қыр қазағының адамдарын ғана ұстауға шығарылмаған. Мейлі, аз ұлттың кімі болсын, осылардай ілікке алар адам тапса бәрінің де түп тамырына балта шабуға, отап қырқуға арналған. Сонымен қожаназар ескілі-жаңалы бесатар мылтықтың он бесін, барлық оқ-дәрісімен бір түнде шығарып беруге уағда байлаған.
3
Әкбар осыған ерекше қуанып отырған күні бұларға шын сүйінерлік тағы бір хош - хабар ілінді. Ат жетпес алыстан, жанды мұрынның ұшына келтіре күттіріп жеткен бұл хабар Тарбағатай мен Алтай аймағынан еді! Сентябрьдің басында кеткен Аусынақын мен Әкім кешігіп, октябрьдің жарымына дейін келе алмауы бұндағылардың шыбындарын шырқыратып отырған. Тегінде, Аусынақын Бәйтік тауындағы Оспанның дәл өзімен көздесе алмаушы еді. Өйткені Бәйтіктің айналасын Гоминдаң әскері қысы - жазы тапжылмай қоршап жататындықтан, Оспанға қарай тіл өткізбейтін. Сондықтан Алтай аймағының орталығы Сары - Сүмбе қаласында Дәлелханмен тілдесіп қайтып тұратын. Ысқақбек, Фуже, Мұхабайлар сияқты Дәлелхан да Үрімжіде әскери мектепті бітірген жігіт. Аусын ақынды осыдан бір жыл бұрынғы алғашқы сапарында Дәлелханға Ысқақбек хат жазып беріп таныстырған. Басында әскери мектепті өте үздік бітіріп, Үрімжіде бас штабтың өзінде қалған Дәлелхан кейін аз ұлт зиялыларын төмендету саясатымен өз аймағына жіберіліп, Алтай губернелік үкіметіне алынған. Қажетті деген бір орынға әскери қызметке тағайындаған... Дәлелханның бұл жолғы қорытынды сөзі «Қымбатты Әкбар! Мен дайынмын. Іс бастаған сәттеріңнен қалдырмай, тізгін ұшымен хабар ұшыртыңдар. Келетін Аусын ақынның өзі болсын...» деген. Молдажанның үйінде, түн мезгілінде өздеріне қарауыл қойған Ғани батыр, Фатих, Сейіт, Керімбек, Қарымсақтар Әкбардың қолын қыса құттықтасып, қазақ аймақтары соғысты бүгін-ақ бастайтындай желпінісіп қалды. Осы сәтте сүйегіндегі батырлығы қысып отырған Ғани, Үрімжі түрмесінен қашып келе жатқан сапарында жолда «Талды» деген қыстақта түнде басына қауіп төндірген бір бай қытайды өлтіріп, үйін тонағанда алған алақандай күрең торғынға түюлі гауһарын қойнынан шығарып:
— Әкбар! Мә, тұт! — деп, зорлығы мен бұйрығы аралас ұсынып: — Қалыш апамға бересің. Сені құттықтағанмын. Сол кісі ұстасын,— деп алғызды. Ежелгі қытай билеушілерінің сандығы түбінен шықпайтын тобықтай гауһар ала - көлеңке үйде сәуле тастап тұрды.
Аусын ақын Шәуешекке де соққан. Бұрын жол білмейтін Әкім жолда Тарбағатай аймағына қарай жеке өзі айырылын кете алмай, екеуі бірге алдымен сол Шәуешекке жеткен. Ондағы жолыққан адамы «Тас түлекпен» тілдес жігіт Аталық баласы Жағда: Біздің Тарбағатай шет аймақ болғандықтан бұрынғы төңкерістерде қолға көп қару-жарақ түсіре алмаған ел. Және бұл жердің қазағы Іле аймағындай қалаға үйір халық емес, саптама етік, кең қолтық, тау - таудың арасына сіңіп жатқан ел. Бірақ қол қусырып отырғанымыз жоқ... Ниеттеріңді бастаған сағатта хабар жеткізіңдер! — деген. Аталықов Жағда Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласындағы халық қамын ерте ойлаған, елі үшін болашақ аңсаған күрескер қазақ жасы болатын. Өстіп, арада және бір ай шамасы өткен кезде тағы бір ерекше оқиға туды. Жазда Лүріп-Лама үйінде болған , жиын жайынан сыбыс шығып, үкімет әлдеқалай құлақтанып қалыпты! Сол үшін полиция орны Лүріп-Ламаны бір түнде үйінен ұстап кеткен!.. Бұл мәселені үкіметке білдіруші сол күні, жиынның ішінде топ ортасында отырған адамның бірі бопты!.. Сонда әр кімнің бетіне бір қарап, үдірек көзбен аңтарылып таңырқаған біреу болған. Ол Фатихтан мәжіліс мәнін жаға ұстағандай таңғала сұраған қызайдың Қанатбек ақалақшысы! Соның аузынан шығыпты. Керімбекті Күре жар салып «қашқын» деп атын былғап іздей бастағанда құлағы елең ете қалған атаққұмар Қанатбек «Керімбек деген адамның сондай бір жиынға да себепкер болып жүргенін» өзі сырт естіген кісі болып мәлімдеген. Соған қоса Нылқы Ластайында Әкбар - Сейіт, Фатих, Ғани дегендердің бар екенін, олардың жасырын ұйым құрып, оған «Тас - түлек» деп ат та қойып отырғандарын әшкерелеп, баулап берген. Бұл хабар үкімет орнына осы ноябрь айының басында бір-ақ күнде дүңк ете түсті... «Алты қарақшы» деген атпен бүкіл Іле аймағын елең еткізді. Бұл істің Іле гүбернесін ғажаптандырғаны соншалық Лю-бин-и ол турасында мәселеге өз жеке басымен қорытындыға келе алмай, Үрімжіге дереу тығыз, төтенше хабар салды. Машинамен үш күндік жолға күн-түн жүріп Шыңжаңның бас штабынан Құлжаға өте бір айлакер генерал жетті... Енді жаңағы Қанатбек сияқты «ең тәуір» ел басы дегендерді гүбернелік штабтың қабылдаған «шешімі» бойынша әлгі генералдың алдына салып «алты қарақшыға» баруды ойлады. Сөйтіп «Тас түлек» ұйымын құрушы «алты қарақшыға» «үгіт-насихат» жүргізу үшін қасына жетпіс - сексен әскер мен бірге бір топ ел басыларын алып шайқатылған тобымен Ластайдағы Есбосын қыстауына келіп түсе берді. Ішінде қазақтан ағайынды: Еркінбек, Жайырбек пен Қанатбек ақалақшылар және ұйғыр қожасы Әкімбек - Қожа баласы Әкірамхан сияқты бір топ ел жуандары бар көп әскер, екі мая шөпке аттарының ауыздығын алып, өзіне-өзі сенген мығым түрде түсті. Шаруа баққан қазақтың жаз бойғы маңдай терін сыпырып жиған үйме шөбін қысқы малға сары майдай сақтап отыр-ау деген жоқ өктем. «Алты қарақшы» деп аталғандар сол Ластайдағы Есенгелді руынан шыққан Есбосын батырдың ұрпақтары, белгілі: Әкбар, Сейіт. Науан дейтін үш қазақ жігіт пен татардан Фатих, ұйғырдан Ғани батыр деген адам. Және бұларға зор жағдай туғызып, өз үйінің ішінен жер кепе қаздырып жасырын штаб ұстаушы — Молдажан. Шыңжаңдағы тарихқа мәлім шаруалар қозғалысының ошағы болған Іле аймағының әйгілі алты көтерілісшісі, міне, осылар болатын. (Кейін Іле, Алтай, Тарбағатай сияқты қазақ аймақтары тұтас көтерілгендіктен өзіндік тарихында «үш аймақ» соғысы атанған). Осындай жер үйді тұрақ еткен «Тас түлек» штабында құпия он адам болғанда, жаңағы алтаудан басқа: Фатих інісі — Хамит, ұйғыр диқаны Қари және Фатихпен дос татар жігіті — Рафих, қазақтан Манапхан, Суанбек дейтін шаруалар еді. Бұл кезде «Тас түлектің» құрамына «Маңғұл ұйышмасы», «Қырғыз-қазақ ұйышмасы» мен бірге «ұйғыр ұйышмасы» да тілдес болып, енді аз санды ұлттардың басы тез арада түгелденіп, бірігіп қалып еді. Өйткені «Август жарлығы» аз ұлттардан адам ұстау арнасын күннен-күнге кеңейте бастағанда, аймақ бойынша аз ұлттар үшін үлкен орындар болған сол үш «Ұйышманың» астыртын ұранға шақырған хабарлары да ел ішіне тез жетіп, қанаудағы халықты бір-ақ сәтте дүрліктіріп әкетті. Аз санды ұлтқа айрықша бір дүмпулі толқын жетті. «Август жарлығының» сыры ашылды. Оның үстіне Әкбар маңындағы партизандар және бір қызық іс атқарған. «Ел басы» аталатын, халыққа аттары мәлім, бірақ жандары аяулы би-болыстардың бір тобын Мұса - көккөз деген бозашы ұйғырдың үйінде түнде сыртынан хабарланып келіп бірден қамап алып, сәтті іс тындырған. Оспан - шүй, Садуақас - шаң зұң, Нұрболат мампаң, Пұңсұң - амбал, Сауыт - шаңия, Шыңсың – сібе, сияқты тоғыз адамды үрейлерін ұшыра, қорқыта қамап алып, солардың мөрлерін зорлықпен басқызып отырып, қалың елге өте тығыз түрде көп хабаршылар шаптырып, қаға таратын жібереді. Қардай бораған сансыз, қызыл мөрлі қағаздар жүз caн ереуілді, аттылар жүрісімен: «Xалайық! Біз Гоминдаң билеп төстеушілеріне қарсы соғыс ашамыз. Жаң – қай шының Шыңжандағы отаршыл өкіметін осы құстың ішінде құлатып, өзімізге ежелгі «шығыс Түркістан» мемлекетін қайтадан іргелендіріп құрамыз!» делініп, қалың . елдің қойны – қоншын аралап кетті. «Қырғыз-қазақ ұйышмасының» орынбасары, соғыс тактикасының жаттықтырушысы — Ысқақбек Құлжалағы өз жұмысын Мұхабайға қалдырып, Ластайдағы партизандарға бір түн ішінде қауырт мерзімдегі әскери соғыс тәсілінің амал-айласын, шұғыл шолып үйретіп жатты. Осыдан үш жыл бұрын Ысқақбекті Үрімжідегі әскери мектеп оқу бітіруіне байланысты бір мақтап жіберген болса, бұнда гүбернелік штабтың өзі де оны аз ұлт ішіндегі әскери қабілеті жоғары офицер деп сыртынан күнде бақылап, керіп отырған-ды. Аға лейтенант дәрежесімен келген офицер жігітті қазір әскери саптың өзінде болмаса да, әр жылғы әскерлік сынақтарда көрсеткен еңбегін сеніммен мойындап, штаб бұны осы жылдар ішінде-ақ капитандыққа жоғарылатқан болатын. Қанатбек Лүріп - Ламаның үйінде жасырып жиын өткізілгенін сырт естіген кісі боп, Лүріпті ұстатып, Кершбеки көрсеткенде Ысқақбек, Фуже, Мұхабайларды айтуға өз басына қауіп төнер деп қорыққан.
4
Өлкеден шыққан генерал «алты қарақшыға» жүздесуді дәме қылып Ластайға жеткенде, жайма-шуақ күз күні еңкейіп қалған мезгіл еді. Үсті-басы сап - сарала, биік мәртебелі әскери ақсүйек төре губерниялық штабтан жалы күзелген бір әсем қара жорға атқа мініп, қасына ерткен ел адамдарымен бірге «ешнәрсе білмеген» кісідей жып - жылмағай ғана, астындағы жорғасын жылан жүріспен, жәй сусытып келіп түскен, және өзі бастап аттардың ауыздығын тегіс алдырып, «бейқам» адамдай жылмиып жеткен. Молдажан үйіндегі штабты біле ме жоқ па белгісіз соған таяқ тастам ғана келіп орнады! Қауіп деген осы еді... «Жақсылық» үшін жүргендігін «дәлелдеу» жолында бір қарапайым, момын қарияға өз мөрін басып хат жаздырып беріл, Әкбарға жұмсатқан. «Барлығы келіп жолықсын! Үкіметке қоятын талаптарын айтсын. Құлақ асып тыңдауға, пікірлерімен санасуға келдік. Егер өздерің келсеңдер барлық, кіналарыңды кешіреміз!..» — деген қазақша хатқа алақандай ғып тарбайтып қалта мөрін басып берген. Соған қоса Үрімжідегі қазақша баспадан шығарылған «Талап-тілектеріңді «орындаймыз» деген негіздегі қатынас қағазға бас штаб мөрі басылған. 1757 жылдан осы уақытқа шейін екі ғасыр ішінде Шыңжаңда үкімет пен аз ұлт арасындағы тарих бойында үлкенді-кішілі көптеген ереуіл, қақтығыстар болғанын жақсы білетін генерал «қойдай қоңыр» болып келген-ді. Бұл уақытта бір жақсысы, Әкбарлар өздері үшін осындай жат түстегі әскер шығып келе жатқанынан алдын ала хабарланып, батыс беттегі ауылға мінбелеп, тақау тұрған биік cap қабақтың желкесінде бой тасалап қалған... Үш — төрт адам қыратта бой бағып, бағанадан бастарын қылтыңдатып қарауылда тұрған. Генерал қыстау алдындағы пішендіктің орнына, кең жазыққа жайылып қонған күзгі жайбарақат ауылда өзінің бар нөкер, сарбазымен алқа-қотан үйіріле отырып, әлде не жайдан біразға шейін шешіле сөйлеп, маслихат бастаған. Түсі «жайдары»... Өзі сымбатты, денелі адам екен. Әскерлерден шетке ала өздерінше бір шоғыр бола жайғасқан қазақтың қошеметшіл би-болыстары соңында бір эскадрон әскері бар, айбынды генералдың сонша салтанатты бола тұра, мынадай «жұмсақ» түсіне «мені танып алса екен» дегендей, жарамсақтанған құрметпен қарасады. Олар тіпті ара-тұра маңындағы тілмашқа естірте күбірлесіп:
— Шіркіннің келбеті - ай! Дидарынан ақ жарылып, күн туып тұрған жоқ па! Неғылса да, тегін емес, осы ұлттың шыңынан шыққан қасқа - жайсаңның өзі ғой!
— Көлеміне қарай, терісінің кең, сабазы - ай, бозымның! — десіп, сүйінген мақтаулар айтысып қояды... Мұны айтушының соңғысы Еркінбек, алғашқысы Қанатбек еді. Көп әскер де өздерінің мынадай қолбасшысына сүйеніп, анық нанып, сенген түсте. Қастарында патшадай боп толқысып, алтын иық генерал отырғанда өздерін ала қояр жау жоқтай көрінетін болса керек... Мойнындағы найзалы мылтықтары аузы түгелімен өрге қарай саудырап, сәт күткендей, қыбырсыз тынып қалыпты. Түр-түсі нағыз шонжарға лайық жаралған; маңдайы сүйемдей, жақ сүйегі сорайған үстем адам арбағыш көзі жергілікті ірікті топтың іші - бауырына кіре қарап, қазақ мансапкерлеріне бір жылы, «бауырмал» рай танытады. Арасында олардың жаңағыдай қошамет сөздерін жерде қалдырмай, тілмашқа аудартып, бас изеп, күле тыңдай, анық марқасқа адамның мінезін танытты... Қанатбек, Әкірамхан тәрізді атқамінерлерді бойына үйрете, еркінсітіп тілдеседі. Аналар соған - ақ арманы қалмаған адамдай елігуде. Өздерінің даңқ -құмарлығы бойынша генералдың қасына еріп келгенін онсыз да мақтан көріп отырған мансапқор, бишікештер енді осындай дәрежелі ұлықтың назарына іліне түсуді де көздеп, молдаға тәуір көрінген шәкірт баладай қамданысады.
Бірақ осы кезде анау үйлерде дыбыстарын сыртқа шығара алмай, бастарына шынайы қасірет күндері туып келе жатқандай болып жылаған әйел атаулы көп... «Ер өліп, Ертіс бұзылса» бақайынан келмейтін, малы түгел байлар қағанағы қарық болғанмен, қатын-бала, кемпір-шал ішкен асы бойына тарамас күнге жеткен. Бас иесі Есбосын батырдан айырылғалы бұл ауыл жүрек шайлы, қорқақ болғаны рас. «Соғыс болады» дегелі қандай күн туарын ойлап, ел атаулы жапырақтай тітіреп, қорқуда болатын.
Генерал өзінің бір сөзінде:
— Сіздердің жерлеріңіз «Ле - хуға» жер жетпейді... Адамдары да көбінесе өнді, ақ манар болады! Міне шетіңізден әдемісіздер!.. Тарих тілімен айтқанда, осыдан жүз жылдай бұрын 1871-1881 - жылдары орыс патшалығының Колпаковский деген генералы «Ле - ху» жерінің әсемдігіне қызығып, өзінің бар әскерімен келіп он жылдай тұрған...— дегенде, қошаметші қазақ байлары бір-біріне аңтарыла күбірлесіп «оны қайдан біледі» дегендей, бас шайқаса, генералға шын таңырқап қарасқан. Осы тұста жас байбатша Әкірамхан қожа:
— Тақсыр! Сіздің өз жеріңіздің табиғаты да жерұйығы шығар, ә? Нeгe десеңіз, мәселен, табиғаты көркем Алтай жерінің түлкі терілерін осында әкелсе бір аттың құнына бермейді. Біздің үйде біреуі тұр, жеңгемізге ала баруыңызға татиды. Көрсеңіз қолыңыз батып, көзіңіз қиып, бұзғызғың келмейді... Соған қарағанда, жан-жануар, адам барлығы өз туған жерінің құнарына қарай туатыны даусыз. Өзіңіз айтып отырғаныңыздай, біз сізді де сондай әсем табиғат түлегі болар деп шамалағалы отырмыз. Оңай мекеннен өзіңіздей көрікті, түлғалы адам шыға ма? — деп, генералға көне - көрінеу өзін тыққыштап, қойнына кіріп бара жатты. Қанатбек ақалақшы тілмашқа аңдата:
— Қой, тілің тиіп кетер! — дей берген.
Бірақ... міне, тап осы уақытта күз шуағына маужырап, жым-жырт боп тұрған өлкені тітірентіп, cap қабақтан ыра - төмен оқ жауып қалды... Ауыл үстінде аспан жарылып жерге түскендей, көрген түс тәрізді күй туды. Отырған әскердің көбі орнынан да тұра алмай: «Әй - ио!» «әй - ио!» деп бақырын жусап түсті. Ішінара орнынан атып-атып тұрегелгендер болса атқа қарай жан ұшыра қашқанмен ұзай алмай, олар да құлап жатыр. Қазақ кісілері мен әскердің екі ортасындағы ашықта, тілмашымен оңашалау отырған генералды тірі қолға түсіру үшін тек Әкбардан өзге ешкім атпауға келісім болған-ды. Мылтық үнімен қабат қираған әскердің кейбірі жан дауысымен бақырып жіберген сәтте генерал оң қолы жамбасындағы тапаншаға қалай барып қалғанын өзі де аңдамай, орнынан ұшып түрегелген. Осы секундта ол өзінің бұрынғы бақ - дәурені қайтып келместей қапы қалғанын ғана ойлай алған-ды. Желке тұстағы қабақтан тік құйылған, балқып ұшқан қорғасын жеріктерді жаңағыдай баудай түсірген кезде генерал жан ұшырғандай бір сойқан шапшаң қимылмен маядағы атына қарай ұмтылған. Оны аяғынан ату керек еді. Жүз қадамдай жерге бара алмастан денесі қатты бір солқ етіп қалып, қолындағы тапаншасы жерге ұшып түсті. Маядан ары қарай жосып үріккен көп аттарға іліге алған жоқ. Алғанында келісім бойынша саннан көздеп өзі атқан Әкбардың бірінші оғы қалың етін түйреп өтіп, жан - далбаспен жығылмай қашып еді. Екінші оқ тағы да оң жақ жіліншігін үзіп, тербеліп тұрып жантая құлап кеткен. Сексен әскердің орындарынан ұзағаны жоқ. Әпсәтте тып - типыл боп жусап түсті. Алты атарлар саудырап қорамсақ -қорамсақ сықасқан оқ қорымен қалды. Белге тағып байланған, жауырынға қиғашынан асылған ұя - ұя оқ пен қосақ - қосақ гранаталар қан сасыған шеріктер денесінен шешіліп алынып жатты. Бүгін «ұлыстың ұлы күні» аталған құрбан айттың үшінші күні болғандықтан, ел алқасы жиын болатын. Сары қабақтың үстінде екі жүздей партизан қапысыз сайланып тосқан еді. Жығылған генералға қарай қабақ басынан төмен жарыса шауып, құйылып жеткен жұрттың ішінде шеруден Керімбек, Қарымсақ, Тайлақбай, Мақсұттар бар. Генерал аз сәтте ес жиып, басын көтеріп алды. Оқ тиген жағын астына баса, қос қолымен жер таянып көсіле отырған бойында оң жақ балағының аузынан қан саулап, алдына келген қазақтарға бір нәрсе жайлы қатты дауыстап сөйлей бастады. Ысқақбектің аударуы бойынша осының ішінде «Әкбар — Сейіт» дейтіндердің қайсысы екенін сұрап көріп алып:
— Мен сендердің басыңды өз қолыммен аламын деп келіп едім!.. Амал жоқ, пешене оған жазбады!» деп, жұдырығымен өз маңдайын аямай бір-екі ұрды: — Бірақ, бәрібір түптің түбінде иттің табан ізіндей жерге сыятын аз қазақ, сендердің бұл әрекеттеріңнен ешнәрсе шықпайды! — деп ағайынды екі жігітке жаралы жауыз от шаша қараған. Әкбар оның өз пистолетімен өзін атқалы алға таман аттағанында генерал жер таяна қалшылдап, ентігіп отырып, қарсыласып, бақырып сөйлеген сөзінен танған жоқ. Аянар емес, жаралы қасқырдай. Осы кезде әлдеқайдан сап етіп, келіп қалған Ғани мынадай жауызды Әкбарға атқызбастан үстіне қона түсті. Сол бетте күректей қолымен кеңірдегінен сығып, буындырып өлтіріп жіберді.
5
Осы күннің түнінде, таң ата - ақ, шеру руынан бес жүздей сайлы жігітпен және соларды бастаған жүз шамалы үлкендері құйылып Ластайға жетті. Бұған дейінгі аралықта Ғани бас болған бір топ түннің жарымында жақын маңдағы Иван деген орыстың тиірменінде Қарасу үйездік әскерінің ұнын тартып жатқан 20-30 шеріктің бірде-бірін тырп еткізбей жойып, мылтықтарын тағы алған. Және Әкбардың әкесі Есбосынды ұстатқан, өзі бай, қытай үкіметіне қол баладай жаққан Жамса деген шал қалмақтың жеті жүз жылқысы шабылып алынған. Керімбек елеусіздеу бір адамды Күреге, Әбдірейімге, осындағы болып жатқан тосын жағдайдан төтенше хабармен жөнелткен-ді. Әкбар, Фатих, Ғани батырлар осы түні Нылқы шабуылын бастамақ! Үйездік үкімет Нылқының өзінде емес, осы Ластай маңындағы Қарасу деген жерде. Нылқыдағы тек полиция мекемесі. Әкбардың өз айналасында қазір үш жүздей ғана құралды партизан бар еді. Соған енді шеруден қосылған бес жүз қолдың жүз елудейі - ақ мылтықты болып келген. Кешегі генерал жайынан жан-жақ әлі хабар ала қоймаған-ды. Құлжадағы гүбернелік өкімет оларды қазақ аулының біріне немесе осы маңдағы үйездік орын Қарасуға қонып, бірер күн насихат жүргізіп қайтуын табыстаған. Генералмен бірге барған әлгі «ақылгөй» ел басыларды да ешқайда шығармай өздерін бір үйге жеке иіріп, қамап отырған. Әкбарлар Лүріп - Лама үйіндегі болған жиынды үкіметке білдіруші Қанатбек ақалақшы екенін дәл осы көзге дейін біле алмаған. Нылқыға басып кірудің түнгі жорық жоспары бойынша Ластайдан қас қарая шыққан жасақ қырық-отыз шақырым жердегі межелі орынға қалың түнді жамылып асықпай жетті. Түн айсыз, жұлдызды еді. Ластайдан шыққан бойда күншығысты төске алып келіп, Іле дариясының басқы бір тармағы болған Қас өзенінің бойына жақындап тоқтаған қосынның алдында ұзын ақтаңгер атқа мінген Әкбар, торы қасқа атты Ғани бар еді. Фатих Мүслимов, Сейіт Махмұтұлы, Фатих інісі Хамит сияқтылармен шеруден келген басшы адамдар да осы алдыңғы топта болатын. Өзеннен Нылқыға қарай өтетін Қас көпірі бар. Ал сол көпірде шеріктердің күзет жайы «ботай» тұр. Сондықтан партизан легі көпірмен өтпей өткелмен кешіп өтейік десті, Өйткені шабуылды алдымен көпірден бастау, арғы жақтағы полиция ұясын үркітіп тұрғызу болады. Төмендеу барып өткелден өтіп алса, қосынды екіге бөліп, мол бөлігімен Әкбар, Ғанилар Нылқы шабуылына кіріспек. Екінші аз бөлік көпір қарауылына тимек. Кемпірдің жалғыз жарығы ботай терезесінен көмескі ғана сарғыштанып әне көрініп тұр. Жап-жақын жерде тұрып қырғын жайлы ақылдасқан бұл елдің қазіргі дәл осы тұрысы жүрексінткен қорқыныш күдігімен қоса ғажаптандырған қызығы да мол кез тәрізді болатын. Еңіске құлап аққан Қас өзені ұйқылы өңірді түнгі сарынымен шулатып, міне алда жатыр. Қосын кеп жасырынған екі жағы биік қабақтың қараңғы аңғарының ішінен қарағанда жұлдызды аспан бозғылттанып, жарық тартып көрінеді. Өзек іші қап - қара түн. Жоңғар аспанынан ашық түнде гауһардай жарқыраған жұлдыз әлемі бүгін тіпті ерекше маздап, тай - таласа елбіреп жанады. Үлкен өзен бойындағы тоғайлы аңғар күздің салқын түнінде денеге бір ширыққан желік, сергектік шақырып, семіз, жарау аттармен ықшам киінген жорық сәтіндегі адамға бір түрлі қызулы, жұмбақ сырлы дүрмек бергендей. Тізгін тартып, пысқырынған аттар дыбысын, ер-тұрман сылдырын өзен шуы жұтады. Адам атаулыны өр жігерлі, әлде бір тынышсыз, асығыстық қысады. Келер сәт өз жұмбағымен сиқырлап, сезім көзін байлап алған. Алдыңғы жақта әне енді жарты - ақ шақырым жерде Нылқы полициясының көп жарығы көрінеді. Ертегілерде айтылатын әлдебір дю - перілер мекеніндей, жат сырлы. Аттылар алды-арты тегіс судан өтіп шығып, бір мол үйірім, қойнауға тоқтады. Жиын бір аумаққа шоқтай иіріліп, жорық басшыларынан ауқым бақты. Тізгінді тежеп ұстап сулық, үзеңгіні сылдырлатпайды. Жасы отыздың ішіндегі Әкбар бар топтың үлкені Тайлақбай мен Керімбекке бұрылып тіл қатты. Керімбектің ата - жолдастығын, әкесімен әкесінің достығын еске алып тұрған сыңайы бар. Томаға көз, қияқ мұрт жігіт бала бүркіт қабақтас. Ол: Ал, Тайлеке! Кеке! Ер қазасы — намысы болсын! Өлісін көреміз деген. Таңында үкінің ақшыл балақ жүзіндегі үлпілдеген барақ жүн қатпаған ақтаңгер иесінің көңіл-күйін танытқандай қарғылап тұр. «Жіберші, жібер» дегендей, сулық тартып, мойнын жұлқа созып, әлденені сезіп тұрғандай пысқырынады.
— «Ер өлер жеріне күліп барады» деген. Жаннан кешпей жау жеңбейсің,— Тайлақбай Әкбардың жанағы сөзіне орай, маңындағыларға леп беріп сөйледі. Бұнымен Әкбар екеуінің рулары солтангелді, есенгелді болып, түбі бірге туысатын қатар жатқан екі тайпа ел еді. Сол себепті Әкбардың әкесі Есбосынмен Тайлақбай да бұрын жас күнінде таныс адамдар болатын. Өзінің қырық жастар шамасында, Шеруге көшпей тұрғанында Тайлақбай Есбосын батырдың руымен қанаттас елдің жігіті болған. Осыны білетін Керімбек:
— Әкелі-балалы екеуіңіздің басыңды шебер тағдыр балам жылда әкеліп қайта қосқан екен... Осы үйлесулеріңді тінтіп демей, мағұрыптағы мәшүріптегіге қосылып тұр деп білейік. Жорық сәті жолдасымен,— деп көпке дес бере түсті.
— Енді Шыңжан емес, бүкіл Гоминдаңмен соғысуға үкіметіне қол баладай жаққан Жамса деген шал қалмақтың жеті жүз жылқысы шабылып алынған. Керімбек елеусіздеу бір адамды Күреге, Әбдірейімге, осындағы болып жатқан тосын жағдайдан төтенше хабармен жөнелткен-ді.
Әкбар, Фатих, Ғани батырлар осы түні Нылқы шабуылын бастамақ! Үйездік үкімет Нылқының өзінде емес, осы Ластай маңындағы Қарасу деген жерде. Нылқыдағы тек полиция мекемесі. Әкбардың өз айналасында қазір үш жүздей ғана құралды партизан бар еді. Соған енді шеруден қосылған бес жүз қолдың жүз елудейі - ақ мылтықты болып келген. Кешегі генерал жайынан жан-жақ әлі хабар ала қоймаған-ды. Құлжадағы гүбернелік өкімет оларды қазақ аулының біріне немесе осы маңдағы үйездік орын Қарасуға қонып, бірер күн насихат жүргізіп қайтуын табыстаған. Генералмен бірге барған әлгі «ақылгөй» ел басыларды да ешқайда шығармай өздерін бір үйге жеке иіріп, қамап отырған. Әкбарлар Лүріп - Лама үйіндегі болған жиынды үкіметке білдіруші Қанатбек ақалақшы екенін дәл осы көзге дейін біле алмаған. Нылқыға басып кірудің түнгі жорық жоспары бойынша Ластайдан қас қарая шыққан жасақ қырық-отыз шақырым жердегі межелі орынға қалың түнді жамылып асықпай жетті. Түн айсыз, жұлдызды еді. Ластайдан шыққан бойда күншығысты төске альт келіп, Іле дариясының басқы бір тармағы болған Қас өзенінің бойына жақындап тоқтаған қосынның алдында ұзын ақтаңгер атқа мінген Әкбар, торы қасқа атты Ғани бар еді. Фатих Муслимов, Сейіт Махмұтұлы, Фатих інісі Хамит сияқтылармен шеруден келген басшы адамдар да осы алдыңғы топта болатын. Өзеннен Нылқыға қарай өтетін Қас көпірі бар. Ал сол көпірде шеріктердің күзет жайы «ботай» тұр. Сондықтан партизан легі көпірмен өтпей өткелмен кешіп өтейік десті, Өйткені шабуылды алдымен көпірден бастау, арғы жақтағы полиция ұясын үркітіп тұрғызу болады. Төмендеу барып өткелден өтіп алса, қосынды екіге бөліп, мол бөлігімен Әкбар, Ғанилар Нылқы шабуылына кіріспек. Екінші аз бөлік көпір қарауылына тимек. Көпірдің жалғыз жарығы ботай терезесінен көмескі ғана сарғыштанып әне көрініп тұр. Жап-жақын жерде тұрып қырғын жайлы ақылдасқан бұл елдің қазіргі дәл осы тұрысы жүрексінткен қорқыныш күдігімен қоса ғажаптандырған қызығы да мол көз тәрізді болатын. Еңіске құлап аққан Қас өзені ұйқылы өңірді түнгі сарынымен шулатып, міне алда жатыр. Қосын кеп жасырынған екі жағы биік қабақтың қараңғы аңғарының ішінен қарағанда жұлдызды аспан бозғылттанып, жарық тартып көрінеді. Өзек іші қап-қара түн. Жоңғар аспанынан ашық түнде гауһардай жарқыраған жұлдыз әлемі бүгін тіпті ерекше маздап, тай - таласа елбіреп жанады. Үлкен өзен бойындағы тоғайлы аңғар күздің салқын түнінде денеге бір ширыққан желік, сергектік шақырып, семіз, жарау аттармен ықшам киінген жорық сәтіндегі адамға бір түрлі қызулы, жұмбақ сырлы дүрмек бергендей. Тізгін тартып, пысқырынған аттар дыбысын, ер-тұрман сылдырын өзен шуы жұтады. Адам атаулыны өр жігерлі, әлде бір тынышсыз, асығыстық қысады. Келер сәт өз жұмбағымен сиқырлап, сөзім көзін байлап алған. Алдыңғы жақта әне енді жарты - ақ шақырым жерде Нылқы полициясының көп жарығы көрінеді. Ертегілерде айтылатын әлдебір дю - перілер мекеніндей, жат сырлы. Аттылар алды-арты тегіс судан өтіп шығып, бір мол үйірім, қойнауға тоқтады. Жиын бір аумаққа шоқтай иіріліп, жорық басшыларынан ауқым бақты. Тізгінді тежеп ұстап сулық, үзеңгіні сылдырлатпайды. Жасы отыздың ішіндегі Әкбар бар топтың үлкені Тайлақбай мен Керімбекке бұрылып тіл қатты. Керімбектің ата - жолдастығын, әкесімен әкесінің достығын еске алып тұрған сыңайы бар. Томаға көз, қияқ мұрт жігіт бала бүркіт қабақтас. Ол: Ал, Тайлеке! Кеке! Ер қазасы — намысы болсын! Өлісіп көреміз деген. Таңында үкінің ақшыл балақ жүніндегі үлпілдеген барақ жүн қаптаған ақтаңгер иесінің көңіл-күйін танытқандай қарғылап тұр. «Жіберші, жібер» дегендей, сулық тартып, мойнын жұлқа созып, әлденені сезіп тұрғандай пысқырынады.
— «Ер өлер жеріне күліп барады» деген. Жаннан кешпей жау жеңбейсің,— Тайлақбай Әкбардың жаңағы сөзіне орай, маңындағыларға леп беріп сөйледі. Бұнымен Әкбар екеуінің рулары солтангелді, есенгелді болып, түбі біріс туысатын қатар жатқан екі тайпа ел еді. Сол себепті Әкбардың әкесі Есбосынмен Тайлақбай да бұрын жас күнінде таныс адамдар болатын. Өзінің қырық жастар шамасында, Шеруге көшпей тұрғанында Тайлақбай Есбосын батырдың руымен қанаттас елдің жігіті болған. Осыны білетін Керімбек:
— Әкелі-балалы екеуіңіздің басыңды шебер тағдыр бәлен жылда әкеліп қайта қосқан екен... Осы үйлесулеріңді тегін демей, мағұрыптағы мәшүріптегіге қосылып тұр деп білейік. Жорық сәті жолдасымен,— деп көпке дес бере түсті.
— Енді Шыңжан емес, бүкіл Гоминдаңмен соғысуға мен дайын! — деді Ғани да дауысы күркіреп. Қазақ атаулы «Қайнам батыр» деп, ерекше ауызға алатын Ғани өзгеше зор, атан тұлғалы жан еді. Ақсарылау, атжақты ірі жүзінен жіңішке ғана, сирек ақшыл қастары аңдалмайтын, айрықша үлкен мұрыны шоқыланып тұрған өзі кірпіксіз адам. Сонда зорға көрінетін тақыр қасымен суық қабағы астынан уыт - танып қарайтын кірпіксіз жанары жылан көздің анық өзі болып қадалатын. Табиғат ерекше туғызған, нысанаға біткендей көрінісі бар бұл адамның Үрімжі түрмесінен қашуы да қызық бір қисынға сиғандай... Абақтыда кісенмен жатқан Ғаниды енді екі-үш күнде атылады екен деген жасырын сыбыс шығып қалады. Ғани кісеннің бекітер жердегі тілшігіне дәл қылмойыннан ұсарымсақты жаншып тартып, темірін алдын ала шірітіп жүреді. «Атылады» деген сұм хабарды естігеніне екі күн өтеді. Уайыммен шөлмектей болады. Ең ғажабы екінші түні таң ата жер сілкінеді!.. Ғанидың дәл жанындағы қабырғаның кірпіштері жік түсіп босаңсып қалады. Тұтқын теміртекпен шұқылап, өлгенде әрең бір кірпішті суырып алады! Содан таң атпай бір кісілік тесік шығарып, кісенді әлгі жерінен бір-ақ бұрап сындырады да, екінші басын оң жақ балтырына орап таңып алып қашады. Өзі жалғыз кетпейді. Қасындағы өзінің ең тату, дос қазағы Үсейінді ала шығады. Міне, осы сәттілігіне қарап-ақ, ел-жұрт бұрыннан батыр атаған әйгілі адамның «тегін еместігін» сөз етісетін. Осыған дейін: қазақ, қалмақ байларының жылқысына тиюмен жүрген, жасынан жетім, көзбе жігітті өз ұйғырлары кейде «Ғани — ұғры» деп те атайтын. Бұл уақытқа дейін «әліпті таяқ деп білмеген» өзі үйсіз - жайсыз адамды, ыға білмейтін анық батырлығына қызығып Әкбар - Сейіт ағайынды екеуі қолтығына алған. Ғанидың өзіне де осылардай бір мығым орта қажет еді. Өз тарихында түрмеден үшінші рет қашып шығып келіп отырған ол «Тас түлек» ұйымындағы бір шоғыр адамға айбын берген, шынайы белді мүше болып шыға келді. Кеше өлкеден шыққан генерал келе жатқанда Әкбар, Сейіт, Фатихтер қашқын Ғаниды басында көзден таса қоя тұрған. Соңынан келіп, генералды сөзге келмей қылқындырып өлтіргені Гоминдаң үкіметінде кешпес кегі бар адам екенін айтпай-ақ білдірген. Түп атасы оңтүстік Шыңжандағы Қотан - Қарақаштан болған «Ғани -ұғры» Жаң - қай - шы үкіметіне өзін қазақ - қалмақ байлары үш рет ұстатқандықтан, атқамінер атаулымен қаны қас, майданы берік, қара - қасқа кедейдің өзі болатын. Жасы міне қырықтар шамасына жеткенше, үйлену дегеннің де не екенін білмей өткен, тонаулы, тапшы тағдырдың жұтаң иесі.
Әне, сондай Ғани «Шыңжаң ғана емес, бүкіл Гомидаңмен соғысуға мен дайынмын» дегенде өзгелер шынымен арқаланып еді. Себебі, қазір бар адамның жүрегі ауызына тығылғандай болып, қыл үстінде тұрған мезет, Әркімнің көңіліне соғысудан да сол соғысты бастау ойраны жат, қиындай сезілетін, өтпелі кезең. Беліндегі сала - құлаш қылышы ат қимылымен салақтап, Ғани жаңағыдай шоқтықтана тіл қатқанда:
— Жүрі Тарт! — деп, Әкбар - қойды өртке бастаған серкедей, алға оза берді.
6
Нылқы полициясы ішке кірер қақпа, есік-тесіктерінің барлығын құм толтырған қап -дағарлармен үйіп тіреп, ашылмастай ғып, тас бекітіп алған екен. Қытай билеушілерінің ежелден бергі тарихында соғыста қолданатын бір амал-тәсіл осы. «Алты қарақшының» аты жайылған соң сақтық үшін осыны алдын алып істеген. Олай болса, адамдары да сауысқандай сақ деген сөз. Өзеннің ат бауырынан асқан, кең жайқын өткелінен өтіп, Нылқы полициясының қорғанына тақап келген қосынның алды енді аттарын тастап, жаяулап, бұға жылжыған көз — сағат дәл түнгі үштің шамасы еді. Фатихтың інісі — Муслимов Хамит сүр көздеу, сары жігіт, жасы әлі отызға толмаған, ұзын тарамыс денесі сілеусіндей епті де, шапшаң болатын. Осы бір тарихи жорық басында, сын сағатында көзге ең алдымен сол көрініп, сегіз гранатты біріне-бірін байластырып алған бойында, ағаш - ағаштың арасымен тез жылжып отырып, тап қақпаның түбіне таман келді. Бұның соңынан бір-бірлеп ергендер Әкбардың інілері — Сейіт, Науан. Әкбармен аты қатар аталатын Сейіт мінезі жеңіл Хамитты етегінен басып тоқтатып:
— Қақпаны ашпа! Ашпау керек дедім ғой! — деп жекіре сыбырлағанша Хамит қосақталған бір шоғыр гранатты ішке қарай лақтырып үлгерді. Гоминдаңшылар ұясының полицейлер жатақханасын дәл, орта тұстан талқандаған зор жарылыс қара түнді қақ айырды. Сол секундта өз өжеттігіне басқан албырт Хамит қақпаға да ұмтылды. Осы кезде қорғанның төбесіндегі ботай - үйшігінде болатын екі күзетші ес таппай, сасқандықтарынан мылтықтарын көзей - көзей ашыққа өз-өзінен шыққан. Әкбар мен Фатих жақын жерден оларды бір-бір атқаннан қалдырған жоқ. Сейіттің «қақпаны бірден ашпаймыз» дегеніне Хамит құлақ салмады:
— Гранатты тастаймыз... Ішкі жаққа зобалаң тиіп жатқанда дарбазаны қиратамыз да, хауарыштардың ұясына бірден басып кіріп қырғын саламыз! — деп полиция орнын ойыншықтай санаған... Сонымен қатар бұл өз туылысындағы көзсіз ерліктің ырқына кетіп тұрғанын да алғашқы осы қимылынан шүбәсыз танытқан. Хамит ойлағандай ішкі жаққа «зобалаң» тиюін әп-сәтте-ақ тиді. Жатақхананың төбесі ортасына опырыла құлап түскенде, жан таппай шошынған полицейлер саулап далаға қашып шыға бастаған. Әр қайсысы өз кроваттарының бас жағына мылтықтарын тізбектеулі оғымен іліп жатқан сақ топ, қолында құралы бары - бар, жоғы - жоқ қалпында төбесі құлаған үйден өздерінің аулаға қалай саулап шыға бастағандарын да білмегендей. Ес жиғандары таса - тасаны қолайттап, жау әйтеуір қақпа жақтан келеді деп солай қарай мылтықтарын кезеніп, бекініс сақтады.
Хамит өз қасындағы біреудің қолынан жұлып алған қысқа сапты күрекпен қақпаның шикі кесектен қаланған жақтауын қазғылай бастағанда, осындай күрек ұстаған өзгелер де екі жағын тұс-тұсынан қазуға кіріскен. Темір қақпа сәлден кейін-ақ, сыртқа қарай шалқайып барып құлап түсті. Осы уақытта бұйрық берілген болса керек, іштен сыртқа қарай оқ жауды. Хамит ойланған «басып кіру» мақсаты шешілмеді. бір жақсысы аңырайып қалған қақпаның партизандар келген тұсы қараңғы. Бұл сағатқа шейін өз басынан бұндай қанды кезең атысуды кешпеген қазақтар тегі мергендіктен де құралақан емес-ті. «Құралайды көзге атқан» дейтін өз әлінше «сұр мергендер» ең қиын тау-тастың өзіндегі аңшылық сүргінінде сыналған. Қақпа құлап түскен сәттен - ақ: Фатих, Ғани, Әкбар, Сейіт, Хамит, Науандар бастаған алғы топ құм толтырып үйген қаптың тасасына тығылған. Осылар бастап ішке қарай оқ шығарыла берісімен арт жақта қараңғыны тасалаған қалың ел полиция мекенін нысанаға алды. Бос қалған қақпадағы қараңғы жайдан оқ атқан сарбаздың молдығын аңғарғанда, мұндай тосын әлектен әшейіндегі мығымсып жүретін шетінен кердең - қораз полицейлердің жаннан бұрын үрейлері ұшып кеткені мәлім. Полицияның жатақханаларынан әлі шығып бола алмай, қайшыласқан полицейлер алғашқы сәтте көтеріліп қалған ай жарығымен оққа өзін-өзі ұстап берді. Бір үйездік өкіметтің не бары елу - алпыстай сақшы - полицейлерін, қылп етіп көрінгенін құлатып, санап атты. Бірақ, енді ғана басталған, өзіндік тарихында айрықша дабыралы оқиғаның алғашқы өкініш сағаты да соқты!.. Өлшеусіз мұрат, үміттің тұңғыш «құрбаны» болып жиырма сегіз жасар — Хамит Муслимов жау оғына ұшып үлгерді! Фатих пен Әкбардың екі жақтап, қысқа-қысқа бұйырып:
— Өзіңді байқа!
— Басыңды көтерме! — деп шолақ қайыра, жекіріп ескерткендеріне назар аударды ма, жоқ па? Бір кезде кеуде тұсын қос алақанымен шап басып, іле-шала сылқ етіп құлап түсті. Фатих:
— Хамит! — деп қатты дауыстап жіберіп, бар ауызына түскен сөзін айтып: — Не болды! Не болды бағырым! — деп, иығынан сілкілей жұлқып жатты. Сейіт Хамитпен дос еді, бір жағынан о да келді.
— Хамит! Хамит деймін— дей келіп, кеудесін құшақтай көтеріп, о да дыбыс ала -алмады.
Полицейлер тек мылтықпен ғана емес, қол пулеметпен де оқ төккен. Атыс екі сағатқа созылып, жерге жарық түсіп келе жатты. Тірі қалған полицейлер қуыс - қуысты паналап, қашып - бұғып атысты. Анығында полиция жалданбаларының көрсеткен бұл қимылы жеңістен дәмелі болу емес, «ақыр өлдімнің» қарсылығы сықылданған. Осы кезде полиция бастығының орынбасары, Нүсіпхан қолына ақ ту ұстап... өздерінің тізе бүккендігін мойындап, майданға шықты... Полицей атаулының жаны бары түгел қару-жарақтарын ортаға лақтырып тастап Нүсіпханның соңынан бір-бірлеп ашыққа жинала бастады. Қолдарын үрейлене көтеріп, елбек қаққан қимылдары таң аппақ атқанда қақпа сыртынан көзге анық шалынады. Міне, сол мезет баяғыдан бергі үкіметтің ең бекем орны саналып келген полицияның кең ауласына қақпа сыртындағы жасақ лап қойды. Осыдан кейінгі әрекетте біреуді - біреу біліп болмады. Қызай жігіт Нүсіпхан Әкбардың жан досы екенін қытай полициясы бүгінге дейін сезбеген... Күн бұрынғы келісім бойынша, Нүсіпхан әдейі алдын-ала тәсілім болып шығу белгісіне «Тас түлек» ұйымының өзінен жаңағы ақ туды алған. Бағынып шыққан он шақты полицейге, әсіресе, ендігі қасқырдай тиген Ғани болды. Арманынан бір шыққысы келген адамдай, жалаңаштанып тастап, полицейлерді бұрыштан - бұрышқа қуалап, қылыштады. Хазырет - Ғалидай ақыр.ып, солақай қолмен иықтан, бастан шауып түсіреді. Әрбіреуін шапқан сайын бар даусымен күркіреп, «Міне!, Міне!» деп қылыш сермесе, қалған полицейлер ана жақта бақырып, бажылдай жылап, ес-түссіз көздерін Ғани жақтан алмай, жер текпілене шошынады. Мағынасыз халде екі қолдары да ербеңдеп бақырған. Ғани не шаршайын демейді. Неғұрлым дауысы қаттырақ шығып қашқанға қарай бет түзеп ұмтылады. Сөйте жүріп Нүсіпханның жанында состиып тұрып қалған Әкірамхан қожаға:
— Әкірамхан! Баяғы үгіт-насихатыңды, қане, енді айтпайсың ба! — деп айғайлап жіберді. Сонша зор денесімен барыстай ытқып, көз ілеспестей шапшаңдықта оңды-солды қылыш сілтеп жүріп ақырғандағы айбаты алдында адам шыдап тұра алмастай. Қаһары аяздай Ғанидан әшейінде солқылдаған мырза Әкірамхан қожаның жаны қалмай қорыққаны сонша, Нүсіпханға «пана бол» дегендей жалтақ - жалтақ қарап, қалшылдап кеткен. Алдыңғы күні генералдың қасында келген бір топ жуандарды Әкбар уақытша жеке бір үйге қаматып қойған жерден, Қанатбек күзетшіге ақша беріп, қасына Әкірамханды ертіп, кеше осы Нылқы полициясына шапқылап жеткен... Ластайда болған құлақ естігісіз сұмдық оқиғаны, сексен әскерден біреу қалмай жусағанын баяндай бастаған жерінен Нүсіпхан Қанатбек пен оған ерген Әкірамханды ешқайда шығармай бір бөлмеге қамап ұстап отырған. Енді аз болмағанда екі етегі желпілдей шауып жеткен лауазымшыл Қанатбек бар сырды полиция мекемесіне білдіріп жібергендей екен!
Кеше кешке Әбдірейімнен «Тас түлек» ұйымына қайта хабар жетіп, баяғы Лүріп - Лама үйінде жасырын өткізілген жиынды Күреге хабарлаған осы Қанатбек болыс екенін, содан «сақ болуды» құлақтандырған. Бағанадан Нүсіпхан мен Әкірамханды далдалап, көзге түспеуге тырысқан Қанатбекті жерге жарық түскенде Ғани енді байқады. Со бойда оған бір ауыз сөз де айтпастан, басынан бір-ақ атты. Бұны көріп жаны қалмаған Әкірамхан қашып барып бар топтың ішінен Әкбарға ғана тығылған соң, сол қорғап қалды. Осындай сәтте мылтықтарын тапсырған полицияның бір офицері қойнындағы жасырын пистолетпен Ғани батырдың сырт жағынан көзей берді. Бірақ сол сәтте екі көзі осы Ғанидың қимылында айызы қана таңырқауда болған Қарымсақ найзалы мылтықпен офицерді аш бүйірден бойлата шаншып, ұзынынан сұлатты. Бұл кезде абақты есігі талқандала ашылып, тағы бір ошарыла дабыр салған мол топ манданта қарай ағыла жүгіріскен. Полиция бастығы жуан мойын қытай —. Рындау - сыны қалай көздестіргені мәлімсіз осы абақты ішінен шыққан Қазыхан деген ұзын бойлы, сылыңғыр қара жігіт желкеден ұстап, сүйреп келе жатты:
— Әкбарды өз қолыммен атамын деп еді, сол Әкбарға енді мұның өзін берейін! — деп Қазыхан даңғырай сөйлеп, полиция бастығын тыртыстырып, сүйрелеп әкеле берді. Бұл кезде тағы бір тұста бұрын Әкбарды жазықсыздан соттаған сібе сот (си-бо) оның аяғына оралып, ендігі зарын жеткізе алмай, өкіріп жатқан болатын. Бірақ бүгін көз жас өтетін күн емес еді. Сотты мылтық найзасымен сүбеліктен жерге қадай шанышқан Әкбар Рын-дау сыны жанындағы Фатихқа мегзеп:
— Мына иттен Хамитыңның кегін ал! — дей берген. Қазыханның әлуетті қолынан енді босаған төртбақ қытайға Фатих қылышын қынабынан суырып ұмтылғанда, шыбын жаны шырқыраған борсықтай семіз неме құтылар жағы болмаса да, жандәрмен, барбаңдап тұра қашқан. Фатих оны адамдардың арасымен қуалап, жорғалата шапқанда, жаны аяулы төре, доңыздай шыңғырып құлады. Бұндай үн шығарушы бір ғана ол емес, әр тұста өгіздей өкіріп жатқан айқай, үн. Өстіп кеп жерге жарық әбден түскен көз болды. Кісі өлімі де осы уақытта, енді аяқтап, полиция қорғанының кең ауласын қан сасытқан кескілеу басылған. Кеше ғана басындағы телпегінің сары жездерін даңқ санап, күн қағарын көзіне түсіре киіп, шетінен тымырсықтанып жүретін қоралы полицейден тігерге тұяқ қалмады. Жетпестей көріп жүрген қарғыс осылай жетіп, бүгін-ақ орнын сипағандай етті. Өздеріне шен санаған, маңдайында жарқыраған шытырасы бар, әшекей бас киімдері енді ит алғысыз боп әр жерде жатты. Кесірлі бастар лас денеден бөлініп домалап түсті.
Түнде көпір күзетіне қалдырылған жүз шақты сарбаз байласқан уағда бойынша Хамиттың гранаттары жарылған мезетте-ақ, көпір қарауылындағы жалғыз жарыққа бірден оқ жаудырып жіберген. Күзетжайдың жалғыз үйшігіне тығылған қарауылдар қарсы оқ атуға үлгермеген. орталарында бір қол пулеметі бар он шақты полицей екен. Бас қалқалары есік, терезе атаулыдан шұрық - тесік болғанда іштегі адамдар да жайраған. Сөйтіп, ол жақты да жүз адам иесіз қалдырып келген. Шығынға ұшыраған тек полицейлер ғана болмады. «Тас түлек» ұйымының астыртын хабаршысы болып жүрген ұйғыр диқаны: қалың қара мұртты, қашқар шекпенінің аңқайған омырауынан кеуде жүні көрінген Хари да Нылқының алынғанын көзімен көре алмай кеткен он бір адамның қатарында опат болды. Соның бодауына Нылқы полициясының өзінен үш жүз мылтық, жиырма жеті қол пулемет, бес жүздей қылыш шықты. Түнгі ұрыс басталмастан бұрын Нылқының үйездік үкіметпен хабарласатын телефон сымдары қиылған. Таңертеңгі мезгілде көшеге толып шулаған балалар мен еркек әйел атаулы қара - қорым. Өйткені күні бұрын Гоминдаңмен соғысады екен деген мөр басылған анадағы қағаздарды Абдолда, Әбдіжаппар деген жігіттер Нылқы халқына да әкеліп таратқан. Екі-үш күннен бергі жан-жаққа таратылған шапқын хабар мен сонау Нарынқол шекарасындағы Текес (Қызыл күре) үйезінен бері қарай Күнес, Қалмақкүре, Тоғыз тарау, Қарасу үйездерінің елі түгелімен дүрлікті. Барлығы тоғыз үйезден құралған іле Аймағының «шығыс бес ауданы» аталатын жаңағы үйездердің қазағы жиырма төрт болыс Қызайдан ағылып келіп, осы Нылқыға құйылып жатқан адам нөпірінің саны жоқ болатын. Ысқақбектен күні бұрын хабарланып, құлақ түріп отырған жаужүрек қырғыз бен Фужеден ерте құлақтанған Қалмақкүренің жауынгер қалмақтары да өздеріндегі бар құралдарымен лек-лек болып, құйыла бастаған. «Ұйғыр ұйышмасы» арқылы Құлжадан Аббасұғлы бастаған сансыз ұйғырлар легі де Нылқыға қарай күн-түн деместен аттылы-жаяу тез шығып келе жатты. Осы елдер ең алдымен өзді - өз үйез әскерінің қазақ даласында, тау-таста бағылымда жатқан қос-қос аттарын бірден шапқан. Және жан-жақпен жалғасатын телеграф сымдарын қиған. Міне, осының есебінен Қарасудағы үйездік өкімет те Нылқы алынған соң, қол пулемет, гранаталардың жәрдемімен келесі бір-ақ түннің ішінде қаратылып алынды. Алғашқы үйез полициясымен қоса алынған соң, өркештене түсіп, жер дүбіреткен қалың қол мұнан былайғы соғыстың осы Нылқы маңында өтетіндігін әйгілегендей еді. Ендігі қолбасшы кейін ұлттық армияның генералы болған, соғыс тактикасына жетік, қырғыз жігіті Ысқақбек, қазақ шаруалары Әкбар — Сейіт, татар Фатих, ұйғыр Әбдікерім мен аты әйгілі Қайнам батырлар. Ал әскер сапында айтылатын жорық маршында төртеудің аты ерекше аталып, «Әкбар — Сейіт, Фатих, Ғани бастаған» болып, ең алғашқы көтерілісші саңлақтар жырланатын. Міне осындай қолбасылардың ақылдасуымен аз ұлт партизандары Қарасудан кейінгі үйездермен әзірше барып соғыспай, олардың әскерлерін осы далада тосып жатып ұрысуды маслихат еткен. Әскердің қостардағы аты шабылып алынды дегенімен жайылымдағыдан өзге қолда ұсталатын да жарым-жартылай көлігі болады. Бір Нылқы полициясының өзімен Қарасу үйезінен шыққан қол пулемет, гранаттарға қарағанда, үйездік үкіметтердің күші аз емес. Оның барлығына барып соқтығысу соғыс құралы аз партизандар үшін өзін апарып ажалға тосу деген сөз. Онан гөрі сол үйездердің жартылай жаяу әскерімен кең дала төсінде қырқысу: қазақ, қалмақ сияқты тау халықтары үшін әлдеқайда қолайлы. Жаңағы сайыпқыран қолбасылар дәл осы жөнінде тағы бір қосымша ақыл қортысқан. Өздерінің сол қарарларын олар: Керімбек, Тайлақбай, Қарымсақтармен кеңесіп, бір бөлік қолмен шеру Күреге шабуылға жіберілетін болды. Өйткені Құлжадағы гүбернелік штабтың назарын түс - тұсқа шашыратып, әр жаққа бірден алаңдату керек делінген. Енді осыған ұйғырларды шұбыртып Аббасұғлы бара ма, маңғұл - қалмақтарды шабындырып Фуже жете ме, қырғызды атой салғызып Ысқақбек төне ме, жоқ осының әрбірінен бес жүзден ірікті қол алып, Ғани батыр шыға ма? Осыған келгенде азырақ талқы өткен. Немесе өзгесінің бәрін қалдырып, осы сапарға Әкбар өзі кете ме,— деген жерде Ғани бірден зіркілдей бастап:
— Нема деуатысыла?! Қазекеңді башлап Әкбар ағайын бір далаға кетедыған болса, біз бүйәрдә қалып наубайшылық құламдүқі — деп өзге сөзге келмей, тіке ашуға басты. Өзге емес, Ғани бұл мінезді көрсеткенде жұрт Әкбарды айтудан ашық тайсалып қалды. Тегінде Ғанидың: «менің өмірдегі, мейлі абақтыда болсын, мейлі еркіндіктегі болсын, дос-жолдастарымның бәрі қазақтан» дегенін бұлардың баршасы білетін. Бәлкім өзі жасынан ат үстінен түспей, тау, дала өмірін көп көргендігі себеп шығар. Қалмақ пен қазақтың байларынан не бір жақсы аттарды ұрлағанда, тау мен тастағы түнгі жорық жолдасы қазақтың ішінен шыққан өзіндей ер кедейлер болғаны хақ. Етінен ет кессе «қыңқ» демейтін, сыр сақтауға «берік шемен» атанған — жалқы ерлер серігі болғандықтан, көпке сенуді қойған Ғани өзі осы уақытқа дейін жеке жанның өмір - тірлік, тынысын кешкен.
— Олай болса, Күреге Шерумен бірге маңғұл - қалмақты басқарып Фуже барсын,— деген Фатихтың ұсынысына Әбдікерім қарсы болды.
— Сан жағынан алғанда біздің ұйғыр қазақтан аз болмағанымен жарым әскеріміз жаяу. Үйез - үйезден шауып алынған шерік әскерінің атын мінеді дейін десем, ер-тоқым тағы аз. Есектің шомы атқа тура келмейді... Аяғына шұлғау орамаған қоңылтаяқ адамдай, жайдақ қайда барамыз?! Және бізге қарағанда ат үсті шапқынға маңғұл ағайындар бейім. Ал оның бәрі Күреге кетіп қалған соң Ғани айтқандай, бұнда біз не бітіре аламыз. Менің айтқалы отырғаным мына қырғыз туған өзі бір қосындай ғана болғандықтан, әм күштің көбін бір Күреге ғана жіберіп қоймау үшін, әм Шеруге серік болатын дәл бір ғана қол шағын әскерін бастап Ысқақбек барса болады,— деп кесе айтты. Әкбар, Фатих бастаған бірнеше адам.
— Дұрыс, дұрыс!
— Осы нақ орынды сөз!
— Аббасұғлы бар шындықты айтып отыр,— десіп бұйра шашы бар, қой көзді, келісті жігіт Әбдікерімді қостады.
Сонымен бұл сапарда Шеруге бір мың қол қырғызды бастап қосылған Ысқақбек өзі бас болып еді. Осылайша мың жарымдай әскері бар шеру, қырғыз сол күні жолшыбай: Жабықбай - Жырғалаңы, Сулы - Құжыртай, Құрғақ - Құжыртай, Ноғайты - Оймен бұлақ, Құр - Алматы, Сулы - Алматы, Бес - Сары бұлақ, Керімқұл - Кебенек деген жерлерді басын, түніменен тау жебелеп тартып отырып, күн шыға шеру мекені Мазыға жетті. Бұнда жарты күндей дамыл алып, түс ауа атқа қонған партизан жиынына мына жақтан таймас руы келіп қосылды. Бастаған: ұзын көк буырыл сақалды, қапсағай денелі Аусын ақын. Бұлар енді Күреге қарай суыт бет алып, жарым жолдағы Шынша хозыға жеткенде, күн бұрын кеткен хабармен Қорғастағы Албан-Суан да алдарында жер қайысып, тосып тұр екен. Оларды да Аусын ақын тәріздес Әкбарлармен бұрыннан толық қатысы бар Суанбек, Молдажан сияқты белгілі адамдар бастапты. Бұл уақытта неше күннен бергі Нылқы жағдайынан тынбай хабар алып тұрушы Күредегі Әбдірәйім Керімбектің осы түні келетіндіктерін мұнан бір күн бұрын біліп отырған. Мол жорық түн жарымы ауа Күреге келіп ілінді. Қарасу алынатын кешегі түні телефон сымы екі жерден қиылған болса, бұл жақта Күренің де Құлжамен жалғасатын байланыс торабы үзіліп үлгерген. Сонда барлығыменен шендес болатын жалғыз Құлжа губернаторы ұядағы саңырау құрдай, алғашқы бетте-ақ қатты аңтарылып қалып еді. Гүберне бастығы Лиo-бин-и өзі жіберген, өлкеден келген генералдан және оның қасындағы әскерден екі күн бойына хабар болмағандықтан, Қарасуға, одан Нылқыға телефон соғып, екеуінен де тырс етіп жауап ала алмай қойған. Ақыры, жүрегі бір жаманат сезгендей Қарасу үйездік үкіметіне хабарға бірден суыт жүз әскер аттандырған болатын. Бірақ олар да жылымға батқандай, 60 шақырым жерден тәулік бойына еш дерек, дыбыссыз қалды... Сонымен, енді істің тегін еместігін іші анық сезген Лю-бин-и: Қарасу, Нылқы жағына үшінші күні сайма-сай қару-жарақпен құрсанған, тұра мың әскерді бір-ақ шығарды. «Алдыңғы кеткен генерал мен кейінгі жүз әскер бір жағдайға ұшыраған болса, қазақты қырып сал, жауабын мен берем» деп аттандырған.
8
Күренің телефоны қырқылып жан-жақтан мүлде хабарсыз қалған соң, Ма-шянь гон полковниктің Құлжаға жіберген шапқыны да гүбернелік штаб кеңсесіне әлдеқашан жетсе керек еді. «Тастүлек» штабы жолдаған жүз елу торушы бұл жақтың сондай хабаршысына да жүргенін жүргендей, жолдан отап тұрғанды. Және Лю-бин-идің Ма-шянь гонге шаптырған 20 әскерін Баяндайдан өткізбей жайпаған. Құлжа гүбернесіне қарасты он шақты үйездің барлығының да көргені осы болған. Күре енді тек күні - түнгі күзетті күшейтумен, Құлжаға кеше де жиырма-отыз әскерін жөнелткен. Жаны ардақты Ма-шянь гон машинасымен Лю-бин-иге өзі хабарласу орнына қорғаннан шықпай, әскер жосытқан. Ал генерал болса, Қарасу мен Күренің үйез бастықтарын тап қазір көзіне көрінсе шайнап - бүркерліктей жағдайда еді. Лю-бин-и шығарған қалың әскерді Қарасуға жеткізбей төрт жағын бірдей тұйықтап қоршап алған партизан қимылы бұлардан артқа қарай тіл жібермеуді сертке ұстаған. Қарасудан түскен жүзге тарта қол пулеметті алдағы кезеңнің шыға берісіне самсатып құрып, әрі мол автоматпен тосқан. Бұл уақытта Күренің полиция бастығы Ли-жүй-жаң мен үйездік үкіметтің барлық басшылары Ма-шянь гон полковниктің қатал бұйрығымен күн-түн күзет басында өздері отырып, мына жағдайдың не екенін, тіпті сыртта не болып жатқанын ұғына алмай қамалған. Бәрі де сұрланған, қуаң түсте. Аты шулы «алты қарақшы» жайсыз сезілді. Сондай қатал күзет ішінде Әбдірәйім өзінің бір тәуліктегі бар жоғы төрт сағат қана ұйқы уақытын алып, үйіне түнгі сағат бірде келіп жантайған-ды. Мың-мың қолды бастаған Ысқақбек, Молдажан, Суанбек, Қарысмақ, Керімбектер сейпіл ботайларында, қарауылда тұрған әскерлерге дыбыс білдірмеу үшін, Сүйдін жақпен оралып келген еді, Әбдірәйімге хабар жеткізбек... Осы кезде ортадағы хабаршы Қарымсақ қойнынан шығарып берген екі ақ көгаршынды Тайлақбай үлкен уысымен қос қолына қатарлап ұстап:
— Ал жануар, ақжолтай бол да, мекеніңді бақыт құсы боп тапшы! — деп ытқытып, ұшырып жіберді. Бақпанды көгаршын Әбдірәйімнің ауыз үйіндегі ұясына жетіп, қанаттарын сатырлатып қонғанда үй иесі аса сақ басып, лып етіп сыртқа шықты. Түрме бастығы қызметін қоса атқаратын Әбдірәйімнің үйі абақты маңына жақынды. Қамаудағы аз ұлт адамдарының тілін білетін Әбдірайым өзіне бұл жұмысты қосымша жүктегенде бос тарта алмаған... Аз күннен бері бұл өзі Әлидің жанына жекелеп қамаған Лән-бияуды сақтана барып шығарды... Бір тар қуыстағы есікпен сып дегізіп жөнелтіп жіберді. Әскери машықтан өткен Лән-бияу полиция ауласының межелі жерінде шелекте тұрған бензинді алып лып етіп жөнелді. Нысана — бұл арадан қашықтау, үйездік әскерлер жатақханасына тақау тұрған оқ-дәрі қоймасы. Әбдірәйімнің күн бұрынғы сыбырлап тапсыруы бойынша Лән-бияу ұзынша тас үйдің орта тұсындағы темір торлы терезенің алынған көзінен ішке қарай жанар майды шаша төкті де, ізінше сіріңке шағып лақтырды. Бір сәтте-ақ лап еткізіп, от қойып жіберді. Өзі дем арасында қайта оралды. Әбдірәйім оны енді Лүріп-Ламаның қасына кіргізіп, есігін сықырлатып жауып тастады. Көп ұзамай аспан жарылып жерге түскендей болды. Жер-көкті жаңғыртып, атыла бастаған сұрапыл дауыс құлақ тұндырған.
Сол хикімет жарылыс үсті-үстіне әлденеше жалғасып, әп-сәтте дүние саңырау болды. Бұл кезде сейпілдің төрт бұрыншындағы үлкен төрт ботайда тұрған сақ күзетші, қарауылдарға қарай сырт жақтан тақау кеп қалған қырғыз - қазақтың жаяу мергендері бар-тын. Өрт жарығы аспанға шыққан, мынадай күтпеген сойқан жарылыс мезетінде сол қарауылдар осы жаққа назар аударып, ботай қуысынан бойларын еріксіз бері шығарысып қалған. Төбесін қопара аударып тастаған қоймадан аспанға жанартаудай от атылып шыққан-ды. Міне дәл сол жарықпен ботай қарауылдары өздерін оққа ұстап берді. Төрт қабырғасының әр қайсысы бес жүз метірлік ботайдың бұрыш - бұршындағы күзетшілер жойылумен қатар партизан легі сейпілдің барлық жағын қоршап алған-ды. Айналасы екі мың метірлік төртбұрышты қорғанның ішіндегі әскермен полиция жатақханасынан саулап қаптап сыртқа шыққан қару-жарақты шерік, полицейлер қарбаласын сапқа тұра бастаған. Сейпілдің «мың бекініс» деп аталатын, сыртқа үш қабырғасынан оқ атуға арналған тесіктерін иелеген қазақ, қырғыз мергендері осы кезде өрт жарығын пайдаланып ішке қарай оқ жаудырды. Бірақ әскер қырылғаны қырылды. қалғаны тығыз бұйрықпен үшке бөлініп әлгі «мың бекіністерге» қарай жапатармағай ұмтылды. Оққа ұшқандарына қарамастан партизан мылтықтарын сан көптігімен қақалтып келіп қалды... Ысқақбек енді өз қосынынан шығым шығармауды ойлап атқа қонып шегінуге бұйырған. Себебі атыс тағы созылса ат — көлік алыстан кететіндіктен жаяу қалған партизан қырғын табуына болады. Бағана оқ қоймасының жарылуы кезінде өзге қарауылдармен бірге «ұлы есік» күзеті де оққа ұшып, үлкен қақпа ашық қалған болса да, басып кіру әрекетін тау елі өз жоспарларына енгізбеген. Керімбекке Әбдірәйімнің алдын ала білдіруі бойынша, Күре үйездік үкіметінде мұндай қауіпті кезеңде олай-бұлай хабар жеткізуге арналған бар жоғы, тек қана жалғыз автомашина бар. Ол сыртқа «ұлы есіктен» ғана шығады. Сондықтан ендігі амал, бұл Күре маңында бір ғана осы қақпаны аңдып, соған жетерлік жасақ қала тұрады. Өздерінің тақыр жаяу қалдырылғанын біле ме, жоқ па? Күре әскерінің қырғынға ұшырағанынан қалғаны бүгінгі қимылдарымен «мың бекіністің» құр есік-тесіктеріне ие болып қалды. Сонымен ноябрь айының бас кезінде, таң ата Күрені шала жансар күйде бір тастап, атойлаған жорық Нылқыға қарай қайта ойысқан. Бұл жолы шеру мен қырғыз ғана емес, Таймас руын Аусын ақын, суанды Суанбек, албанды Молдажан бастап, аз ұлт партизаны барған сайын қанат жая бастаған түрде жетті. Сөйтіп, әділетсіздікке қарсы атылған оқтың өзі әділет екенін ойлады ма, жоқ па, Күре уезінің асқақ полковнигі — Ма-шянь гон мен полицияның тәкаппар бастығы Ли-жүй жаңға жер дастарханында жасаушы өзгелердің де тілегі бұлардың өздеріндей екендігін ескертті.
9
Бұл соғыс енді бір Іле гүбернесінде ғана болып қалмады. Әкпарлар әрекетінен Аусын ақын мен Әкім арқылы Тарбағатай, Алтай аймақтарына да хабар жеткізілгені мәлім. Сондағы келісім бойынша, Нылқы шабуылын білдіріп «Тас түлектің» іс бастағандығы жайлы Әкімге ерген тағы да қос-қос атты шапқындар ұшыртты. Осыдан Алтайға дейінгі аралықта, бекет - бекетке тың атпен лаушылар қойылғандықтан, ол жақтан ұтылап жеткен ендігі хабар аз-ақ күнде келді. Тарбағатайда керей мен найман тұтасымен атқа мініп соғыс бастағаны, ол аймақты Аталықов Жағда басқарып қозғалған хабары дүңк ете түсті. Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай, Дөрбілжін сияқты солтүстік екі үйез бір-біріне жақындау жайғасқандықтан әзірге көтерілген тек солардың қазақтары секілді. Сол үйездерге тән: Жақсылық-Шолақ, Барлық, Майлы-Жәйлі тауларының қойны - қоншынан Шәуешекке қарай ағыла - құйылған керей, найманның саны жоқ дескен. Тарбағатай найманының негізгісі — Төртуыл болса, қалың керейдің: мастабан, шұбарайғыр, молқы, шеруші, теріс таңбалы, жәдік, меркіт, қарақас сияқты аталарынан аттанған ел - жер дүбіреткен - ді. Шығысындағы Қобық үйезімен түстіктегі Ши-ху, Сауан үйездері мойны қашық болып, аналармен ұштаса алмағандықтан әзірше тыныш көрінеді. К,обық пен Шәуешек арасындағы өркештенген биік Орқашар тауының қалмақтары ғана Жағдаға түп көтеріле келіп қосылыпты. Ал Алтай аймағы Сарсүмбенің өзінен бастап Жеменей, Буыршын, Сарбуыршын, Көктоғай, Қаба үйездерінің қазағы түгелімен көтерілгені естілді. Гоминдаң үкіметіне күні бүгінге дейін алдырмай, атақты — Бәйтік тауында көп жылдан бекініп жатқан атақты қара Оспан бар. Абақ керей ішінде Шақабайды бастап, батыр Оспан тауда соғысып жатқандықтан, Алтай қазағы бұрыннан - ақ жан-жаққа құлағы елеңдеп отырған ел. Енді соған қосылып гүбернелік өкімет Сарсүмбенің өз әскери қызметкері Дәлелхан Сүгірбаев шыққандықтан, халық дүркіреп аттанған. Аймақтық өкіметтің саңлақ офицері Дәлелхан Оспанмен атсалысып іс қозғағандықтан, сол гүбернелік штабтың өз қару-жарағын қолға едәуір түсіріп алып, бірден бұрқ етіп бөлінген. Бірақ қасақана болғандай, осы кезде оңтүстік Шың-жаңның алты уалаят халқы тырс етіп, қозғалмай жатты! Қытай үкіметі Шыңжаңды өз тілдерімен: «Нәнжаң, Бижаң» деп екіге бөледі. (Оңтүстік, Солтүстік) Екінші сөзбен айтқанда, Тянь-Шаньнің оңтүстігі — Қашқария, солтүстігі — Жоңғария. Жоңғарияға Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары жатса, Қашқарияға Қашқар, Ақсу, Ярканд, Қарашәр (бұған Жұлдыз кіреді) Қотан, Құмыл уалаяттары болып, ежелгі атымен «Алты шаһар» кіреді. Міне, осындай оңтүстік Шыңжаңның бірнеше гүбернелік үкіметке бөлініп жатқан 5 миллионға жуық халқы мүлде қозғалмағандықтан тарихта «Үш аймақ» көтерілісі болып аталған дүрбелеңнің қайнар көз ошағы Іледегі айқас аздан соң жүйелі түрде басқарылған... Өлкелік бас штабтан келген генерал қайтпай және байланыс торабы үзіліп, Құлжа тырс етпей хабарсыз қалған соң, таққа мінгеніне бір жылдан жаңа асқан император — У-жұң-шың қаһарға мініп Іле штабынан ендігі тілді самолетпен алғызған-ды. Үш аймақтың бүлінген хабары жетісімен өлкелік бас штаб Үрімжі жолындағы Тақия-жың, Ши-ху уездерінің әскерлеріне төтенше тығыз бұйрық берген. Одан арғы Үрімжіге тақау: Манас, Сауаң, Құтыби жағын дайындыққа тұрғызған. Сырттағы Қытай әскерінің Ілеге келер жолы екеу еді. Бірі — терістік иықтағы Сайрам .көлді айналып, Талқы кезеңімен асатын жалғыз Кеңсай машина жолы. Енді бірі — Іле жерінің шығысын орап жатқан Еренқабырға тауының Тақия-жың тұсындағы Көрсай, Ашалы шатқалымен жаяу және атты әскер өтетін салтаң жол. Әрідегі Ши-ху әскерін машинаменен Тақия-жыңға жеткізу оңай болғанмен бір ғана мойынмен Талқыны асыру күш. Өзін-өзі жалғыз асуда тек ажал оғына ұстап беру болады. Ал сол Шихудан жетпек армияны Тақия-жың әскерімен бірге Көрсайды асыруға болар еді. Оған мұрша келтірмей жың үйезінің атын баяғы Лүріп-Лама жалғасып жатқан Көксала, Құсемшек тауының маңғұлдары шауып алған. Бірақ сонда да аттысы атты, жаяуы жаяу шұбырған, құмырсқадай қара - қиқым, әскер декабрьдің сақылдаған сары аязы көзінде Ашалы жолымен ентелеп, тау ішінің қалың қарына малтығып, омбылап келе жатты. Сондай екінші тізбек ажалға бас тіксе де Талқы кезеңіне қарай машинамен шуай бастаған. Бұл кезде Ашалы жолын Әбдікәрім Аббасұғлы мен татар Марғұб Ысқақов бастаған жорық бекітіп жатып соғысты. Қарағайлы, көр шатқалды, тау қойнының қар бекіткен қиын жолын басып, арып-ашып, ілбіп келіп ілінген аттылы-жаяу әскер буға піскен «жын мома» нандарын жіпке тізіп, мойнына асып алған екен... Мүмкіндіктері сондай ғана. Ұйғырларды басқарған Аббас ұғлы олармен Ашалының ауызында, қыл мойыннан тосып жатып өліспек. Әбдікәрімнің өзі айтқандай, атпен соғысуға шорқақ ұйғыр қосыны қытайдың қыс қажытқан жаяу әскерімен сай ауызындағы шыға беріс, еңіреуде шайқасуды Әкбардан аттай қалап алған. Сонау Тақия - жыңнан бері қарай атты жаяу, сай тағанының қалың қарлы, ауыр жолын күрекпен аршып, аязбен сіресіп қыбырлап келе жатқан, халы мүшкіл шерікпен әсіресе қылыштасып қырқысуды талап қылды. Құлжа Губернаторы — генерал Лю-бин-и автомат, қылыш асындырып өзі жіберген мың әскер Қарасуға жетпей қырғынға ұшырап, сол хабарды зорға білген соң, енді бүкіл гүбернелік штабтың әскерін тұяғынан тік тұрғызды. Гүбернелік үкіметтің өзін қорғайтын бір мың әскерді әзірше сыртқа қумай қорғаныс дайындыққа қойды. Құлжа «Иран -бағындағы» әскери гарнизонный үш мың жасағы аттылы - жаяу, жер қайысқан сап құрып, лек-легімен басып, Нылқыға қарай ентелеп келе жатты. Атқа жеккен зеңбірек, пулеметтерімен, автомат, гранаттарымен көк мұздай құрсана қаруланып, ежелден бері жалғасып келген жорық жырын бастап, ырғақпен басып, айбынды маршпен жылжып келе жатыр еді. Шақылдаған аязда, қарлы даланы жаңғыртып, даусы жер жарған, қаһарлы әскер қозғалғанын байқатқан. Міне, осы қарсаңда аз ұлт партизандарын: Ысқақбек, Фатих, Сейіт, Әбдікәрім, Ғани, Фуже, Мұхабайлар Әкбарды басшы етіп отырып бірнеше полктарға бөлді. Бұлар шығыс үйездерінің қазақтарынан бастағанда: 1. Нылқы, Текес, Күнесті құрамына алған «Тоғыз тарау атты полк» командирі Әкбар Есбосынұлы. 2. Күре уезіне қарайтын екі дуан ел: Қорғас пен Сүйдіннен құралған «Сүйдін атқыштар полкі». (Бұған Іле өзенінің арғы жағындағы Шапшал үйезіне қарасты «арбын-сұмын» деген нәммен аталған сібе - солаң, дағұрлар сияқты аз ұлттар да қосылған). Бұл полктің командирі — Қарымсақ Батыршаұлы. 3. «Дүңген құрама полкі». Соғыс қыза бастағанда дүңгендер де қатты көтерілген. Алғашында жалтақтау боп, бейтарап тұрғаны бұрынғы дүңген көтерілісінің аяусыз соққыға ұшырауынан болатын. 4. «Пиход» деп аталатын Әбдікәрімнің ұйғырдан құрылған «Жаяу полкі». 5. Фуженің «Қалмақ күре полкі». 6. «Кеңсай атты полкі» Кеңсай деген машина жолы келетін Талқы кезеңінен асып бері түскендегі атақты бекеті бар үлкен сай. Сол жерде өздерінше омарта ұстап, омметке алым-салық төлеп, біраз үй орыс отыратын. Содан шыққан Лескин есімді азамат ешкім айтпаса да, өз соңына әр жерден орыс адамдарын құрастырып, дәл жүз отыз партизан ертіп, Әкбарға дүңгендерден бұрын келіп қосылған. Сол Лескиннің өжеттігіне сай, әр ұлттан құрама жасақ дайындап, өзіне арнайы полк құрап берген. Бұл «Лескин бригадасы» деп те аталады. 7. «Қырғыз полкі». Бұның сыртында «Комендант эскадрон» және жалпы «Дивизион» (атты әскер). Бастығы Ысқақбек. Ал дивизияда екі запас полк бар. Оның бірі ыңғай қазақ жастарынан іріктелген «Тау түлегі» атындағы Керімбекұлы Мақсұттың полкі. Екіншісі «тас түлек» нәміндегі: қазақ, қырғыз, қалмақ-маңғұл, ұйғыр дүңгендерден іріктеліп құралған «Қайнам батырдың запас полкі» Аздаған өзбек, татар, түрікпендер де осының құрамында. Бұл екі запас полктің міндеті Гоминдаң әскермен атыс салған өзге полктардың қайсысына орайлы көз туса, қауырт соның көмегіне өту. Қарулары автомат, мылтық қана емес, жартылай қылыш. Есебі, жау жағы сасқалақтай бастаса, бір бүйірден тікелей ат қойып шабуылға кіру. Қылыш өнерін үйретуші Ысқақбек, Мұхабай, Фужелер. Міне, осындай жүйелі түрге келген, аз ұлт қосындыларынан құралған үлкен партизан армиясы үш-төрт жақтан бірдей келетін жауға төтеп беруі керек. Ол ашалы — Көрсай жағы. Машина жүретін Талқы-Кеңсай жолы. Құлжадан келе жатқан гүбернелік әскер. Және Күре мен Қарасуды айтпағанда Текес (Қызыл күре), Күнес, Қалмақкүре, Тоғыз тарау, Шапшал уездерінен жаяу-жалпылы жосып келе жатқан мың-мың шерік. Лю-бин-идің берген қатал бұйрығымен жаңағы уездер өздерінің барлық басшыларына дейін тіпті полициясымен әскер сапында келеді. Әр үйезде тек «ұлы есік» — қақпаларына пулеметтермен мықты күзет қалдырып, Нылқыға қарай түп көтеріле ағылған. Сонымен «Кеңсай атты полкін» бір түннің ішінде Лескин солай қарай алып жөнелген. Кеудесі құшақ келетін, еңгезердей орыс жігіті жолға шығар алдында штабқа арнап тігілген киіз үй ішінде: Ғани, Фатих, Әбдікерім Акбар-Сейіт, Марғұб, Фуже, Мұхабай, Ысқақбектерге ақыл салып:
— Машиналардың сай ішіне түскені дұрыс па, жоқ әлде көзеңнен лаждың барынша бері асырмай, Сайрам көлінен өткізе бере іс бастау ұтымды ма деп, соның шешімін толықтап сұрап білген. Басшылардың айтқалы отырған тапсырмасын өзі қадалып сұраған. Ғани көзіне ешнәрсе көрінбейтін ерлігімен:
— Екеуінің бәрібір. Сай ішіне түсіріп алсаң да болады,— деген. Оған Әкбар қарсы болып:
— Жоқ, ол болмайды,— деп кесіп сөйледі: — Арғы қайқаңнан лажы болса бері асырмау керек. Өйткені сайдың даңғыл жолына бір ілініп алса, көп машина атыс сала жүйткіп ие бола алмай қалуың мүмкін. Алдын бері өткізіп алсаң, сен сонымен болып жатқанда өлгеніне қарамай, соңы да ағылады. Ал бұл жаққа машиналы әскердің қаншалық қауіпті екенін өздерің білесің!..— деген.
Бұл мәжілісте Молдажан, Суанбек, Манапхандармен бірге шерудің де белгілі үш-төрт адамы шет қалған жоқ-ты. Түн қараңғысында қи толтырыла жағылған пешті қоршай отырып, жалпылдап жанған әлсіз шам сәулесімен алған демдерінен бу бұрқырап, таластары қыза түсті. Әкбардың айтқанын Фатих пен Сейіт қостап:
— Сол дұрыс
— Сол қолайлы,— дескенде Фуже өзінің ішті мінезімен үндемей, тымпиып отыра берген.
— Айтқандарыңның бәрі теріс емес,— деп сөзге Ысқақбек кірісті — Дұшпан бізді әсілі көзеңнің арғы жағынан күтеді... Себебі, соғыс тактикасының өз талап — өлшемі бойынша, картаға жүгінсе солай. Мейлі, жүздеген болсын, онан көп болсын машинаға тиеліп, тізіліп келе жатқанында жауыңды патырлатып атқылай беретіндей боласың. Бірақ олар да жан иесі. Әзір оңай көрінгенмен сенің барың білінген заманда жапатармағай жерге түседі де, автоматты ол да түтетіп береді. Соғыс позициясында ойлайтынын ойлай берсін, басқа тұстан ұру жөнінде Қайнам батырдың айтқаны да жөн келеді. Ең әбзелі оның шамалауынан мүлде басқа тәсіл табу. Олардың ойына келе қоймайды - ау дейтін бір амал бар. Жауға әуелі бір ойды ойлатып алып, соның панасына бұғыну. Ол үшін алдымен шолғыншылар тау басынан алдын ала машиналар неше бөлек, сан мөлшері қаншалық екенін көріп алған соң, алдыңғы шоғырын үндемей кезең асыру. Ал Кеңсай ішіне түсетін жол әрі биік, әрі тік, қиын болғандықтан, оларды сайға толық түсірмей-ақ соғатын бір тобымыз жол ортада болу шарт. Бірақ алдыңғы машинаға ол да соқтықпай, көз алдынан анандай ғана жерден өткізіп, тыныш жата береді... Себебі, бұны машинадан түсуге мұршасын келтірмей, дөңгелектен атып-ақ жою оңай болғанмен, оның соңынан тағы кеп тізбек келіп үлгірсе қақалып қаласың. Қырғын тауып қалуыңа болады. Сол себептен шеріктің алдын сай ішінен қарсы алу. Соңғы тізбектен өзгесін таңдандырып, осылайша өткізе беру өте қажет,— Ысқақбектің бұл айтқанын аналар ғана емес, әңгімені үнсіз тыңдаған Тайлақбай, Керімбек, Қарымсақ, Мақсұттар да өз іштерінен анық мақұл көрген. Қысқасы, үш бөліп соғысу дұрыс сияқты. Ең алдын өткізіп жіберіп сайдан тосу. екіншісін — жол ортада қия еңкейісте, ал кейінгісін — арғы жағынан, кезеңге қарай тырмысып келе жатқанында ұру.
10
Қыс күшіне кірген кез. Соғыс Іле қысының нағыз шақылдаған қызылшұнақ аязы кезінде қызды. Ақ қарлы дала төсінде өзек - жыра бойында, қалтарыс - қойнауларда партизандар үшін тігілген киіз үй сансыз. Ел - ана өздерінің азаттығы үшін басындағы қалқайтқан жалғыз үйін де аяп қалмай, қайта кәрі - құртаң, кемпір-шал белдерін буынып алып, өз көліктерімен неше күн бойына есепсіз сойыстарымен қоса үй көшіріп әкеп тіккен. Ол тұрмақ боздағын оққа қиып, қаралы үн салып, қол қусырып қалған түтін басы санағысыз! Желек астындағы жас келіндер қара жамылып боздады! Соғыс зардабы ер-әйелге бірдей, бірінің қанын төксе, бірінің жасын төкті. Осы Нылқы маңында тапжылмай үш айға созылған соғыс қатын-бала, кемпір-шал, ел-жұрт атаулыны тартқызған уайымымен сары ауруға салды. Барлық партизан шептерінің ішіп-жеуі - тек осы ел мойнында. Қыс бойы жер ошақтан түтін үзілмей, нан - бауырсақ пісірілгендіктен, енді азықтанарлық шай - тұз, ұн да таусылды. Осы қыста өз жауымен әйел-еркек бірдей соғысты десе болатын. Шаруасы күйзелген ел тырмаштап жиған азын-аулақ жем-шөптерін де күндіз-түні арба, шаналарына тиеп осылай қарай тасуда. Бір Нылқы маңының қазағы ғана емес, енді аужал аларлық үн - шай, сойыс мал өзге елдерге де белін қайқайтқан салық ретінде салынды. Бұндай істер штабта арнайы шешіліп отыратын. Бұл уақытқа дейін бір жақсысы Іле жеріне сырттан әскер кіре алмады. Сайрам көлінің бойы мен Ашалының аузында қырылған қытай шеріктің саны жоқ десе болатын. Ойлағандай, құрған жоспар бойынша Талқы кезеңі мен Ашалы, екі жақтың екеуі Гоминдаң әскерін қанға бөктіріп тұрды. Ал мына жақтағы үлкен майданда: қазақ, қырғыз, қалмақ, ұйғыр, дүңгеннің жерді дүбіреткен қалың қолы Құлжа әскери гарнизонының «бақайшағына дейін қаруланған» дейтін сайлы әскері мен үйездердің сан - сан мың жасағын артқы шепке жақындатып дарытпай, алдын кесіп ұрысқан. Сөйтіп, аз ұлттар құрамынан биылғы жылы ойламаған шақта соққы тауып, қыс ортасы кезінде ойсырай бастаған Гоминдаң әскері тірідей Қас суына да үйір - үйірімен түсіп кетіп жатты. Үрейі кеткен, баспанасыз ұйқысыз аш әскерден Қас өзені бойындағы албанның қатындары мылтықтарын тартып алғандықтары естілген. Айпара деген әйел буға піскен, аяздап, мұз боп қатқан «жың мома» нандарын мойындарына тізіп, тышқандай қажап кемірген тоғыз шерікті мұз ойған балтасымен жалғыз өзі алдына салып айдап, ауылға әкелген. Соны сөз етушілер:
— Құры қол қалған ғой?
— Жоға, қарабасқырлардың мойнына асынған мылтықтарымен айдап келген дейді.
— Немене, сонда мылтықтарының оғы жоқ па екен?
— Е, жо - оқ, оқтың бәрі тіпті соларда дейді. Белдерінде неше тізбек оқ бар деген.
— Ой, оқ деген де сөз бе екен, тәйірі!.. Шындаса бір қатынды құрғақ мылтықпен - ақ серейтпеуші ме еді.
— Е, бәсе, үрейлері ұшып кеткен десеңші онан да.
— Сонан кейін қайтіпті, соны айтсаңдаршы.
— Айпара жеңгемнің онысы тіпті қызық, қолынан балтасын тастамай тұрып жаңағы оқтарын белінен шештіріп, мылтықтарын бір жерге үйгізген соң, барлығын үйге кіргізіп, дастарқанға май салып, жұмсақ тандыр нанмен шай бере - еп отыр дейді.
Міне, айтушылар осы әңгімені неше жерде сан құбылта қайталап, Айпараға өздері жолыққан жерде сұраса:
— Шай бергенім рас, Барлығы маған бірнеңе деп мұрындарынан суы ағып, жалынып жылап кеткен соң, бейшараларға жаным ашып, ызылдап тұрған самаурынды көрсетіп, тегіс үйге алып кірдім де, пешті дүрілдете қыздырып жіберіп, шыныларына кесек-кесек сары май опырып салып, шай бердім.
— Не тіпті төркінің келгендей бопсың ғой!
— Ел мына жақта онымен соғысып, құдайға жазып, қырылып жатса сенің мына мырзагөйлігіңе жол болсын!
— Жоға деймін-ау, өзгесін қоя тұршы, сонымен баға бердің бе, қайттің оларды?
— Ой, байқұс - ау, қайдан баға берген! Тірі кете алса бір жаққа, шынымен-ақ кетсін деп отыр едім, күйеуімнің сырын өздерің білесіңдер. Ана сорлылардың шыбын жан үшін қалталарынан алып, төрге шашып тастаған ақшаларын келіп көргенде шеріктерге бір, маған бір қарап:
— Ойбай-ау, мына істеп отырғаның не ей, айналып кетейіннің қатыны?! Иттің қызы -ау, ақшадан әкең өліп пе еді?! — деп ілулі қамшыны ала жүгіріп, өзімді сабай жөнелгені бар емес пе. Сонымен барлығын айдап апарып Әкбарға өткізіп еді. Қолға тірі түскендерге қосып Нылқыға айдатыпты.
Міне, қанаушыл үкіметтің қыс сорған аш, жаяу әскері осындай үрейсіз халде еді. Ауған киіктей әруейін сүйреп, қораға өзі келіп, пана күтіп тығылған! Соның есесіне партизан жасағының қару-жарағы барған сайын молайып, оқ-дәрі қорын жау тылынан қойма -қоймасымен басып қалып жатқан. Гоминдаң армиясының дала соғыс бекінісі осы маңның барлық адыр, қойнауларында іркес-тіркес, бірнеше бекет құрып, мықтап жайғасып алған. Гүбернелік штабтың және әскери гарнизонның машиналарымен қыс басынан бері ретін тауып, күн-түн демей тасымалдаумен ақ қар үстінде қара - қорым, сансыз шатырлар орнатып, жатын орын, азық-түлігін бар шамасынша қамдап үлгергені айқындалған. Бірақ құрылған пулеметтер мен маузер, автоматтар қанатты құстай, атты партизан армиясының шыр айнала қамаған соғысына төтеп берерлік амал тапқан жоқ. Әдейі мерзім созған, сараң шабуыл онсыз да титықтаған жау тылын әсіресе аштықпен діңкелетті. Гоминдаң шеріктері ең басында бейне түс көргендей, биылғы осы соғыстың басталғанынан бірден құлақтанып, губернатордан тұңғыш реткі екпінді жарлықты алысымен ұрыс майданына қарай ентелей аттанғанда, өздерінің Лю-бин-идей даңқы жер жарған генералдарының қатал рухымен суғарылған кәрлі түсте қозғалған. Төрт қатардан сап құрған, құмырсқадай қалың әскер асқақ жорық жырын жаңғырта, батальон-батальонымен бері беттеп, ойнақтап басқан. Өте-мөте, шетінен ширыққыш, тәкаппар әскер басылары азуын айға жанып, әрі күпті, әрі күпінген айбатпен «еріккен» партизан қосынын жусатып салардай, өрекпи қаптай келе жатты. Бірақ сол кеудемсоқ арынның оп-оңай жүзеге аспайтынын бүкіл дивизиясымен енді аңғарған халде. Бірнеше аптадан бергі бір-бірін алма-кезек шегіндірген ұрыс бүгін түс ауған сәтте анық қырғын шайқасқа ұласты. Нылқыдан Құлжаға қараған бетте жан-жағы алаң - ашық дала болып жатқан, қиял мекеніндей, өзгеше жаралған Абыралы деген жеке тау тұр. Қазіргі соғыс көз ұшынан жүрекшеленіп көрінетін сол таудың атырабында. Алыстан құлаққа жеткен тоқтаусыз мылтық үні сол маңды әлденендей жат сырлы, сұрапыл, тажал мекеніндей, дауасыз пәлекет ұясындай көрсетеді. Түстен кейін айрықша бір қалың қар жауа бастаған. Желсіз күнгі тып-тынық ауада жапырақ - жапырақ болып қапалақтап қалқыған ерекше қалың қар түйірі аспан - жердің арасын торкөздендіріп, табиғаттың аясы сағымдай бұлдырап кеткен. Иә, осы кенет құбылыс ойламаған тұста жау пайдасына шешілді! Шеріктер армиясын бұрынғыдай тұс -тұстан қоршамақ болған мың-мың атты партизандар бірауық қардың саябырлауын күтіп жау қарасынан қашығырақ адырларға бекінген. Ойлағандай, құлама бесін көзінде бірден қар тоқтап, енді күн көзі шала көріне дала дидары кенет жарық тартты. Партизан жасағының бір-екі батальоны мылтық үнін әдейі түстік беттен шығарып, жау тұрағына автомат, маузерден оқ атып жылжи түсті. Арқасын терістік беттегі Абыралы тауына жастанып бөктердің бұлақты сулы өзек - жылғаларын қоныс еткен гоминдаң армиясы аз ұлт жасағының жаңағы әрекетіне жауап ретінде бірнеше дүркін пулеметтен оқ шығарған. Дұшпан назарын солай бұрдық деген аз ұлт жасақтары өзге тұстардан да біртіндеп жақындай түскен. Алдан жау нобайы шалынбаған соң, әсіресе батыс бөлік партизан легі ілгерлей түскен. Бірақ өз айласын мықтап асырған жаудың бір бөлінген мың қаралы нөкері әлгі қалың қар түсіп тұрған мезгілде үстеріне тұтасымен әппақ киім киіп, арнайы ақ желеңдерін аяқ бастарына дейін шымқап орап, қол пулеметтерін қыр басына құрып, қапысыз тосқаны ешбір пенденің қаперіне кірмеген іс болып шықты. Өздері де басып салған көбік қарға көміліп жайғасыпты. Сондай қаскөйлікпен сансыз атты әр ұлт жасағы қапелімде жаңбырдай жауып жіберген қарғыс оқты өз денелерімен бірден күтіп алуға мәжбүр болған! Қыс бойғы соғыста дәл бұндай зор қырғын өкініш көздеспегені байқала, ат пен адам әп-сәтте баудай түсіп, қосынның алғы легі қырқылып кетті! Оқ атуға шамаларын келтірмей, бірінің үстіне бірін үйме-жүйме құлатып, қирата, отап жіберген. Біреуді біреу біліп болмастай сол қырғын сәтте партизан армиясы кейін қарай жапырыла, амалсыз жалт бұрылып, жан сауғалаудан өзге лажы қалмаған. Міне тап осындай мезет үстінде терістік бүйірде жасырынған өзектен Ғани батыр басқарған қылышты сардарлар бөлігі лап қойып, ақ кебінге оранған жаяу шерік армиясына өз шапқынын бастады. Алдыңғы бағыты басқа жақ болған шеріктер ендігі бетін түзеп үлгермей-ақ, екі әскер мидай араласып кеткен сәт туды. Шабуылмен қабат аспан - жер тұтасымен ұрандап жаңғырған айқайға ұласқан. Екінші жақтағы шегінген партизан енді осы кезде ғана ес жиғандай, бір тұста шуласып өзді-өзі шолақ тіл қата, қарбалас, қатаң үндер шығарып:
— Сейіт жаралы болды! — Сейітке оқ тиді!
— Апыр-ай, жазым болмаса игі еді! — дескен сасқалақ дауыстар жамыратқан еді. Айтқандары «Тас түлек» ұйымының белгілі жетекшісі, батальон командирі Сейіт Көрпебай ұлы болатын!!! Әлгі әзірдегі қас пен көздің арасында опат болған үш жүзге тарта адамның ішінде Сейіт бары бүгінгі атыс біткен кезде - ақ расқа шықты.
Аз ұлттан құралған қылышкер жасауыл омбы қарға малтығып, ай далада өзін-өзі ұстап берген жаяу шерік жасаған ат омырауымен қақтырып, еркін жайпап, қылыш сілтеген. Өздерінің бұдан тірі қалмасын көрген үрейсіз шерік көп тұста қару көтеруге де мұрша таппай, айналасы сүт пісірім мезетте мыңға тарта әскерден тігерге тұяқ қалмай, типыл болып қырылды. Бірақ өзге тұстары ұрыс Гоминдаң двизиясын бұл күні ойсырата алған жоқ. Абыралы тауындағы соғыс осылай алма-кезек тойтарылыс сағаттарымен бірнеше аптаға созылған. Тек арада бір ай шамасы өткенде барып Құлжамен екі арасындағы қатынасы мүлде үзіліп, аштыққа қамалған Гоминдаңшылар мекені сәт санап тынысы тарыла, әлсірей түсті. Міне осы уақытта, жеңіс лебі масаттандырған өркештену кезеңінде, аз ұлт двизиясы құлаққа тосаңдау естілсе де, мерзім тілегінің өз тынысындай «Марш» әнін жырлай бастады. «Бар мілләт — туғандар, Жеңіс туы қолда бар. Жаңа талап қаһармандар — Қадам басып алға бар!» — деп өз белеңінің дала соғыс гимінін үндетті. Саппен басқан атты әскер ертеңді-кеш қыс ауасын қақ жарып жорық жырын жаңғыртты. Февраль айының бас көзінде гүбернелік өкіметтің Құлжа «Иранбағындағы» әскери гарнизоны да алынып болды. Гарнизоннан кейінгі Құлжа қаласындағы ең басты, мықты орындар «Бас сақшы» немесе гүбернелік полиция. Және гүберне штабының өзі. Осындай күштері бар Құлжа қаласын алуда атты полктармен қоса жаяу ұйғырлардың орасан еңбегі соғыс штабынан шығатын «Төңкеріс үні», «ыңқылаб авозы» атты екі газетте арт - артынан беріліп тұрды. Бұл тұста Әбдікерім Аббасұғлы өз полкін екіге бөлген. Өзге қыстық -үйездерден алынып келген ұйғырларды өз билігіне алып, Ашалы соғысында ұстап, Құлжадағы әр ұлттан құралған сарбазды тұтасымен Марғұбқа басқартып, қаланы алуға аттандырған. Феврал айының ішінде генерал-губернатор өзін-өзі бауыздап өлтірген хабар дүңк етті! Дала соғысында үйез - үйездерден Абыралыдағы дивизиясына қарап келе жатқан мың сан шеріктердің алдын тосып айқасуда дүңген полкі қазақ, қырғыз, қалмақ полктерінен кем түспеді. Полк командирі баяғы Осман болатын. Қыз алып қашумен көктемнен бері жоғалған Әлидің інісі — Осман осы. Күн асқан сайын қалмақ - маңғұлдардың Фуже баулыған полкі де ат үсті соғысқа мықтылығы жағынан аңыз болып тарайтын. Ғани батырдың әр ұлттан құралған запас полкі қоян - қолтық келген қытай әскеріне өкпе тұстан ұран салып тиеді. Бір ғажабы, қыс бойғы шабуылында маңайындағы адамдар баудай түсіп жатқанда, Ғанидың ешбір жерін оқ сызбай қайтатындығы. Тек бір жолы әлсіреп келген қаңғырған оқ шекпенінің арасына тоқтап қалыпты... Соны соңыра, тыныстау көзінде шапанының өңірін сілкіп қалып жерге түсіргені байқалады. Соған қарап өз перзентін «киелі» етіп сөйлеген кей ұйғырлар:
— Ғаникемді құдай өзі шын сүйіп, атқан оқ денесіне дарымайтын ғып жаратқан емес пе!
— Жауып тұрған оққа қарсы шапқанда тиген оқ шапанының мақтасынан ары өте алмай, шегеріліп қалады екен... Кейін былай шығып сілкініп жібергенде, жиналған оқ шарақ - шұрақ жерге түседі екен, алла акбар! — десіп, жағасын ұстасатын. Ғанидың батырлығынан бұрын осындай атақ, айбынынан үркіп-ақ, дінге сенген кейбір ұйғыр -қазақ баласы маңын баспай жүретін. Оның «Қайнам батыр» деген аты, әсіресе, осы соғыс көзінде Әзірет - Әлідей ерекше шоқтықтанған.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
1
Ноябрь айында Нылқы бір түннің ішінде алынып, Әкбар — Сейіт; Фатих, Ғани бастаған партизан сол Нылқы маңындағы үлкенді-кішілі: Қарасу, Қаратөбе, Сұптай сейпілдерін бірінен соң бірін айналымға келтірмей қаратып ала бастағанда, шеру елімен қырғыз қолын өз соңына ерткен Ысқақбек бір бөлініп, Күреге қарай тартқаны мәлім. Қалың жорық алдымен Күреге жақын шеру жеріне жеткен. Күре уездік үкіметі әскерінің мың аты екі қос болып, қыс түскенше осы шеру жерін жайлап жататын. Қыста төмен, Көкдалаға әкететін болса да, кейінгі жылдарда Ма-шянь гон жер жағдайына қарап әскер атын бұрынғыдай ел - елге кезекке салмай, көктемеден қашан қоңыр күз болғанша, шерудің Мазы, Ақсу, Мүкей сияқты шұрайлы қоныс - өрістерін сонау жайлауларына шейін ойып жеп отыратын. Сол күні Қарымсақ, Арыппай бастаған шеру жігіттері Күреге жүрмес бұрын әуелі осы төрт қос мініс атты тиіп алған. Әскер атын бағушылардың қазақ, дүңген бақташыларынан өзге мойнына мылтық асып, қысы-жазы осы қостарға қарауыл, күзет ретінде тұратын қарулы шеріктер болады. Соларды көп құралмен тұтқиылдан басып жеткен шерулер оңай олжалаған. Сондай сұмдық сұрапылдан аман құтылғандарына жан олжалап қашқан әрі аспазшы, әрі тілмаш дүңгендер Мұштайзыға жетіп, Мамозыны тапқан-ды... Шерудің осындай қоңыр күзде жылқы салуға таптырмайтын бір шүйгін қонысы Құлыстының басында жатқан ең соңғы қосқа 40-50 жігіт жеткенде күзгі кер бетеге, сары шалғын, шағыр изен, боз кәделі, тыныш қойнау тұғылда, мөлдір бастау басын қоныс етіп отырған екі ақ шатыр иелері өзінің Бұрынғы бейқамдығына арқаланған қамсыз күйде болатын. «Әйбикенің тұғылы» деп аталатын күзек қоныс еді. Осы мекенге қарап тұйық тұғыл басынан жайбарақат аяңдап бес атты түсіп келе жатқан екен... Соңғы күздің тып-тыныш, марғау, шағырмақ бір күні еді. Көк аспаны төңкеріліп еңкейген күн шуағымен бар әлем маужырап қапты. Сәт күткендей... Еңкейіске қарай аттарының тірсегі қылт - қылт етіп, самарқау бастырған бұл бесеудің екеуі мойнында мылтығы бар шеріктер болатын. Өздеріне қарай шапқылап келе жатқан көп аттыдан жимағандарына қарағанда оларды қазақтың кәдуілгі «желіккен» көкпаршылары десіп, әжуа көзбен баққандары белгілі. Байырғы әдеттерінен бұл күні де жаңылмады. Жортушылар жасырын келмей, осы өзектің кең де ұзақ аңғарының сонау аузына ілінгеннен - ақ, ат басын еркін жіберген. Жарыс салып келе жатқан тобырдың озыңқырап шапқан алдыңғы екі - үшеуінде бірі - біріне кезек тастап, ағараңдатып ойнаған ақ лақ, «көкпарының» бар екені де өтірік емес... Гоминдаң әскерінің күнқағары ұзын, қарға тұмсық, қушиған сары телпегін киген екі шеріктің біреуі маңдайында алты жұлдызы (Шың-ши-цәйдің алты жарлығымен «алты ұран» деп аталатын) бар сол бас киімін басынан жұлып ала салып «көкпаршыларға» сермелеп, шатырды нұсқап, солай қарай далбаңдата бастады. Қамыс үзеңгісін шіреніп, ерден көтеріле «лақты бізге таста» дегені. Шедірейген жүзінде күлкісымақ әжуа бар. Мылтықты тақымдарына жымқырып, қысқан қазақтар қазір жарты шақырым ғана жерде еді. Алдыдағы қаруы жоқ үш жігіт ақ лақты ара-тұра әлі де біріне бірі кезек тастап, соңындағыларға «жеткізбей» келе берді... Шеріктер жуас атын тебініп, қопақ-қопақ етіп желіп қойды. Бұларды «жанай өтпектей» боп құйғытып келе жатқан көп атты тұғыл қайқаңына енді ілініп, бесеуге тақай берген. Ендігі секундта бес атты өздерінің не көріп тұрғанына сене алмай қалды... Бір сәтте бейне көрген түс әлегіндей күйге тап келді. Қаннен қаперсіз, тоқмейіл немелер дәл арқан бойындай қалғанда шығарылған көп мылтықты көргенде бірақ аңдасқан! Атой салып жеткен топ аналардың онсыз да жаннан күдер үзгенін дәлелдеп, бір ауыз тілге де келген жоқ. Жүздерінің боздағы шыққан қос шерік бұл сәтте өз иықтарында қару барын мүлде ұмытып та кеткендей. Аттарын тартып, қаңтарыла қалған екеуін Арыппай мен Қарымсақ басып-басып салды. Қос боз ат бірінен соң бірі шошынып, ойнап шыға берді. Біреуі шыңғырып кісінеп те жіберген.
Қарымсақ түтіні айықпаған мылтықты тақымына қайта қысып жатып:
— Иә - ә, бұларды сорлы анасы тапқанда осылай қалсын деп тапты ма! — деді түшіркеніп. Құлап түскен шеріктің бірі сол орнында екі аяғы далия, көк аспанға көз қадап қалды да, екіншісі ат үстінде мылтық үнімен қабат тұла бойымен солқ етіп баж еткен үні де шыға:
— Әй - йо! — деп, қос қолымен кеуде тұсын шап басып қалған. Ат шапшып кеткенде шаншылып түсті. Омақасқан күйі бос қалған денемен қия бетте бір-екі аунап, домалап та бара жатты. Ұйысқан сары бұйра шалғында жан кеткен денеден жосылған қан боялып ақты. Кісі өлімін мұндай түрде көрмеген жігіттер өз істеріне өзі таңырқағандай, мінбелеп кеп қарасып қапты.
Тұғылды дем арасында оқ-дәрі, адам қанының күлімсі иісі мүңкітті. Арыппай соңындағы жігіттерге:
— Ой, қойыңдар, құдай мұны тамашалатпай-ақ қойсын! — деді де атын қамшылап, өрге қарай қайқая берді. Өзгелер де сатыр-сұтыр бұрылып жүріп кетті. Мұнан арғысы тұғылдың сыртында, тепсеңде жатқан бес жүз атты тиіп алу.
Жаңағы тірі қалған үшеудің екеуі қазақ жалданбалы жылқышылары болғанда, енді бірі баяғы Әли інісі Осман алып қашатын — Патима қыздың әкесі еді. Керімбек қызы Гүлназымды қолды еткен Рахим осының, баласы. Мамозының бұл туысқаны осы қосқа қарайтын екі шерік пен қазақ жылқышылардың әрі аспаз, әрі тілмашы. Бүгінгі мынадай болған аты бөтен сұмдықтан тірі қалғанда, өз жанын өзіне олжа керген бұл адам «шыбынын» ауызға тістегендей бон, Мамозыға шапқан. Бірақ мұндай суық хабар Мамозы «төреге» әлдеқашан, бірінші қостың дүңгенінен - ақ жеткен. Арыппайлар алдымен Қарымсақ ауылының желкесінде, Шыңбұлақтағы қостың бес жүз атын осылай шауып алып, сонан кейін бұл қосқа тиген-ді. «Мамозыдан айырылып қалмайық» деген ойды ойлауға осы соңғы қосты алған соң ғана мұрша тапқан Қарымсақ пен Арыппай да ат басын енді Мұштайзыға қарай бұрған. Ал Мамозы болса бағана түсте қасындағы шабарманымен семіз қойдың сүбесі қосылған сары ала палауды алдарына енді ала берген. Бірақ бүгін соның бұйырмағаны пәш болып, алғашқы зәрдей суық хабар жетті. Асау Мамозы денесіне қанжар тигендей оқыс шошынумен бірге, қаһарланып та кеткен. Сұрғылт түсі алмас уы шапқандай, дем ішінде көкшілденіп кетіп, орнынан ата түрегеп еді. Осыншалық жат хабар әкеп тұрған малайға:
— Не деп тұрсың, иттің баласы! — деп қынындағы сапысын да суырып алған. Мамозының мынау халіне төзе алмаған хабаршы есіктен кіре, сұмпиып тұрып қалған бойында қалтырап кеткен-ді. Өзге сөз айта алмады. Үй іші түгел өре тұрып, әкесінің қатерлі адам екендігіне ден қоятын қызы, әйелі екеуі де қатты шошынғандарынан түстері қудай болып кетті. Істің егжей-тегжейін Мамозы қайта анықтап сұрап, қанша адам, ішінде кімдер бары, бәрінің мылтықты екендіктері, соның барлығын Керімбек кісілері Қарымсақ, Арыппайлар бастап жүргені білінгенде, төбесінен жай түскендей болған.
Ол енді тек асып-сасып ат ерттете бастады. Ауыл үйден өзінің ақылшыларын шақырып, сасқалақтап жеткен сақалды байларға әп-сәтте үй толды. Жалтақ қаққан, жаны тәтті байлар «са, са » десіп, алды-арты жиналып, не екенін біліп болғанша екінші қостан да хабар жетті. Шықшытқа, ұртқа қауметтеп сақал өсірген сәнқой байлар ұясының түбінен сыбыр сезген суырдай аңтарылып: «Алла! Алла!» десті. Баяғы дүңген қырылған үркініш замандары естеріне тағы түскендей. Іле округіне Үрімжіден, Бас штабтан келген «2603» нөмірлі «Август жарлығы» бойынша, Күреден қолына алған рұқсатнама қағазбен «қашқын» атанған Керімбекті тауып ұстау үшін Мамозы өз қоластындағы осы отырған адамдардың кірісуімен, жан-жаққа кісі аттандырып, екі айдан бері жасырын жансыздарын жүргізіп жатқан болса, қазір енді Күреге жетуден өзгені сезінген жоқ. Соңынан қуғын түскенде інін еске алған бөрідей. Замандас - көрші, ымыра - мәмілелі үзеңгілестерімен арыз - хош айтып аттанудан басқа шара қалмаған. Арт жақта қалып бара жатқан әйелі, қызымен де іштей келте қоштасып, бұлармен де шолақ ұғысты. Көпке арнаған жалғыз ауыз сөзі:
— Қайтып топқа қосылмасақ, өкпе - қалдық болса кешіңдер! — деуі болды. Қолына қамшысын алып, соңғы рет жұртқа көз тастағанда, қызы ағыл-тегіл жылап тұрған. Тек ол емес, тәкаппар Мамозы жаңағындай мүсәпір күйге жетіп, хош айта бастағанда, қатыны да қыстыға жылап, көзінің жасы бұршақтап, сыңсып тұрды. Осы кезде Мамозы оған:
— Бәйбіше! таудай байлық жиып, бұйырғанын жейсің деген осы. «Тәкаппар өз төсегінде өлмейді» демекші, ақылға көнбес басым, азапқа көнуге бет бұрып барамын. Біздің дүңгенде «ақсақалдың назасына қалсаң, сақалыңның ағы ұрады» деген бар. Тайлақбай мен Керімбек соңғы кезде түсіме қайта-қайта кіріп мазамды алып еді!.. Күнәлінің отына күнәсіз күйіп, қызым екеуіңе де қан жұтқызып барамын! Енді мені естен шығарып, тек өздеріңе бекем болуды, өмірлеріңді ғана ойлаңдар, хош! — деді. Әсіресе осыдан үш-төрт жыл бұрын өз қызын өзі полковникке құрбан еткен көзсіздігі үшін әйел мен перзенті алдында күні бүгінге дейін іштей айыпты екені осы қоштасуынан да аңғарылған.
Өзінің Мамозы атымен осылайша қор болып қашуына душар еткен мазақ сиқын бойына ар санауға намыс шамасы жеткен жоқ. Өз үйінен өзі асығыс безіп, қарбаласып аттанғаны тартатын сазайы екенін де енді ұғынғандай. Шабарманы екеуі қатарласып, ауылдан шыққан бойда аттарына қамшы ұрып, шоқыта шауып кеткен-ді. Бірақ былай таман ұзаңқырап барғанда, атқосшысы Мамозыны осы мазақ сиқы үстіне тағы келемеж еткісі келгендей, жалғыз тастап қашқан... Буылтық көзі тайсақы қытай полицей жол-жөнекей арт жаққа көп жалтақтап қараумен болған. Полицей атаулының сусығыш топырағы бұның қанына да өз «тәлімін» еккені қазір біліне бастаған. Бір уақытта соңдарында көз ұшынан шаңдатып көрінген бір түйдек аттыны байқағанда, қипақтап арт жағына жиі қарана берді. Мамозы боп-боз болған қалпында, қылп еткенді қалт жібермей, ішінен сезер, өзгеше сақ үрейде еді. Бұрын да, заманнан бері емеурінінен танып жүретін мына сатқынның өзгеріп келе жатқанын байқағанда қорлық ызадан жарыла жаздап:
— Бүркіт көрген қаншық түлкідей неғып қайсаңдап келесің! — деген. Көзіне өлім әлегі елестеп алғандай, түсі аса жат. Иә, тап осы кезде шабарман атын тебіне борбайлап, қамшылап жіберіп, тырағайлап тұра кеп қашқан. Жамбасында ұзын қылыш салақ - салақ етіп бара жатты.
Мамозы үшін ендігі сілікпесі қалған тірлігінде мұнан өтер мазақ іздесе табылмас еді. Жаралы төре басқа ойға келмей, қойнындағы шолақ мылтығын суырып ала салып, көздеп жіберіп, қан тартқан серігін арқан бойы ұзатпастан, жауырын ортаң қайсы деп басып қалды. Иә, сөйтіп өзінің ең сенімді адамы, тел шабарманынан демде айырылды. Өзі арт жаққа бір-екі жалтақтап қарады да, Күре жолынан батысқа таман ауып, Көкдалаға қарай қиғаштап тартты.
Мамозы бұл күні қуғыншыға жеткізбей, шығандап қашып құтылып кеткен. Мазыға жиналған қырғыз-қазақ қолы осы түні таң ата Күреге тимек болғандықтан, қашқын Мамозының соңындағы қуғыншы. Арыппай, Қарымсақтар артқы елге сол күні түн ішінде жолдан тосып қосылды.
2
...Кейін Күреге екінші шабуыл басталды. Қыс түсіп, Нылқы маңындағы қанды майдан үш айға созылып, ақыры аз ұлт партизандары жеңіс қадамымен Ши-ху, Манас, Күлөртең-далаға түсіп кеткенде жорықтың екінші жағы терістік иықта, бір бүйірде қалған Бұраталадағы Букенің жамбылына қарай кезенген. Ғани мен Қарымсақ, Мақсұттар бастаған сол кезеніс Буке - жамбылынан бұрын күреге ілінген Бұраталаға төте асатын Шұбырты, Қиятас асуларын қар бекітіп жатқандықтан, елдегі кәрі-құртаң, шал-шауқан, іске татыр атаулы солай қарай сойыс айдап, үй көшіріп апарып, апталап жатып, асудың қарын күреп, ат өтерлік аяқ жол ашқан. Сол аралықта күздегі алғашқы шабуылдан кейін үш ай бойы тым-тырыс, сұлық қалған Күреге шеру руы бастаған жорық мың-мың қолмен қайта соққан. Күре сейпілі «ұлы есіктің» аузына күзде құрған пулеметті өз күніне көніп, төзген қайыршыдай сарылып, қыс бойына түбінде отырып күзеткен. Үш мың қолды қосын өз ісіне қалың түнді жамыла кірісті. Қақпаның екі іргесіндегі қос күзет жайдың бұрынғы электр шырағы жоқ, кесіліп тасталған. Керосин шамның өлеусіреген күңгірт, кеугім сәулесі перде тасасынан еміс белгі береді. Қосын осы «ұлы есіктің» қарсы алды жағындағы ұйғыр қалашығын паналап әр үйдің, қара - аулалардың бұрыш-бұрыштарын далдалап жасырына бастады. Қорық -дуалдары бір-бірімен иін тіресіп, жалғаса берген ұйғыр мекенінің бұл түнде сейпіл қақпасын нысанаға аларлық бірде-бір тұсы бос қалмады деуге боларлықтай. Саңсыз тұрғыларда бой жасырған автомат, мылтықтардан өзге, орта шенде құрылған пулеметтер мен екі зеңбіректе ауыздары «ұлы есікке» қарап құрышын үлгерді. Қыс аяғының аязсыз түні. Күндіз күні бойымен жауған қалың қар суықтың бетін тосып, жау назарынан аяқ дыбысын көмескілеп тұрған... Сөйткенмен де қамалды күзеткен қарауылдар әлденеден сезік алып қалғандай... Зәрезеп құлағына қаңғып кеп жеткен әлде бір еміс сыбыстан секем алып, пысқырына бастаған тауешкідей, өз тірліктері өзіне өгей тартқан. Ботай күзетіндегілер мен ішкі жаққа берілген белгі ме, бір сәттің ішінде бірнеше ракета атылып қалды. Арт - артынан жиі жіберілген ракеталардың неліктен екен, әуелгісі шаңқан ашық көк түсті, соған жалғас тағы үш рет қан қызыл түсі кетті. Биылғы қыс... бұл сейпілдің күздегі қырғыннан қалған жарым тұрғынын өз тірлігіне өзін жат етумен өтіп келе жатқан. Қар жауып ашылған ашық аспанда көкшіл тарта қылаулан жанған жұлдызды әлгі ракеталар еріксіз көзге тосты. Жердегі бишаралық, тарлықтың белгісіндей болған сол ракеталар бірінен соң бірі шырқай ұшып барып, қайта қалқи жүзіп кеп өше бастағанда, Ғани өз қатарындағы екінші пулеметте отырған Қарымсаққа күңк етіп:
— Қапыр - задалар бірнемені түйіп қаса керек... таярланың! — деп бұйырды. Бұл екеуінің оң қанатында, тағы бір пулеметке ие болған Мақсұттың маңында Тайлақбай мен Керімбек бар еді. Қарусыз үлкендер Ғанидың іс бастамақ сөзін аңғарғанда, тек өзді - өзіне айтқандай ғана:
— Иә, сәт!
— А, бере гөр! — десті.
Ғани жаңағы сөзін айта бере, Күренің түнгі тыныштығын қақырата, өз пулеметінен оқ төгіп жіберді. Қарымсақ қосылып, қалғандары да «тата - тата» дегізіп жарыса оқ жаудырды. Бірінші үннің шығуы мұң екен, қарсы жақ та қанысыздығын дәлелдеп оқ нөсерлетті. Қара түнді найзағай отындай, тұс-тұстан сұрапыл оқ тілгіледі. Осы атыс атыс болды. Сағаттар бойына сейпіл пулеметтері де сұмырайдай сарнап тұрды. Ғанилар шешкен ендігі бір ақыл бойынша, екі қол пулемет «ұлы есік» күзетінің екі жағынан баруға тура келді. Қазіргі сәтте сейпілдің бар ынтасы алдыңғы бетте. Тек ұйғыр қалашығын атқылап, есі шыққан бойда, әлгі екі пулеметтің жақындап баруына мүмкіндік берген. Ойлағандай солар екі босағадан қусырып келіп әудем жерден килікті. Бұл уақытта қақпа аузының оғы бұрынғыдан біраз сиреп... сыр бере бастағандай. Оқ-дәрі қори өлшеулі екенін танытты. Осындай күймен және біраз мезгіл іздесеңде, сейпіл пулеметі бір-бірлеп жөтеліп барып, үнін үзе бастаған! Бұл мезетте күш шығарушы анау төрт ботайдағы ең соңғы рет бұйрық алып, қақпаға жеткен тың қарауылдар пулеметтері. Сонымен, сейпілдің төрт бұрышындағы ботайлар бос қалды. Оның есебіне төрт қол пулемет қақпа аузында талайға дейін сарнап тұрып алды. Қыстайғы қамалған аштық пен рухани соққының ақтық запыран долығын осымен құсып жатқандай. Осыған дейінгі аралықта екі жақтан да шығын аз болмады. Бұл кезде таң қылайып атып келе жатты. Қамал қақпасының мылтық үні шашауланып тұрып, ақырғы пулеметтердің өзі де бір-бірлеп барып кенет тоқтап қалды. Оқ атаулы пышақ кескендей біткені мәлім. Шығыс аспаны құланиектеп, сәттен - сәтке түн пердесі салғырт түріле, дүниеге баяулап кеугім жарық ілінген. Партизан әскерлері өз нысаналарын енді анық көрердей болып, дала дидары кеңи ашылған-ды. Жай сызылып, самарқау атқан таңмен бірге сонау батыста қарауытып көріне бастаған Қорғас тауының биік өркештеріне қарай қиыстап барып, батуға айналған қиық ай ілініп тұр. «Енді не болар екен» деп тағы азырақ кідіргісі келгендей, тау шоқысынан сығалап тұрып қалыпты. Түнімен кезіп, сарылып барып батуға айналған. Енді күзет жайдың есік-тесігін нақтап көріп алған аз ұлт сардарының пулеметшілері шеріктер мекенін еркін ойран етті. Ұзамай партизан қосыны қаулап алға басты. Мінеки, осы шақта өз тағдырының соңғы нәубеті билеген, бей - лаж Гоминдаң әскері ары ішке қарай, тым-тырақай қашуға мәжбүр болған. Түн бойы қақылдап «жағы сембеген» пулеметтер енді бұл мезетте тастанды, иесіз. Соны көрген мың-мың санды партизан сарбазы өрттей қаулап атқа қонған. Иен қалған қақпаға қарай лап қойған қалың қолдың айқай-сүрең тасқыны құлақ тұндырды. Жер де айғай, көк те айғай болып кеткендей. Қақпаның ішкі жағында қойдай жусап қырылған өлік, оқ-дәрі иісімен қабат жын сасиды. Сансыз атты жауынгер жусап қалған өлікті бірі аттатып, бірі бастырып ішке қарай шапқанда қазақ елі ұранға басып, әлейім шу салып жосыды. Қызай - шеру, найман жағы:
— Әлет! Әлет!
— Қаптағай! Қаптағай!
— Қабанбай! Қабанбай! — десе, тағы бір мол шулы көп жаңғырық:
— Райымбек! Домалақ! — деп албан, үйсіннің ұранын жаңғыртты.
Мұхаме - ет! Мұхамет! — деп бара жатқандар да бір алуан. Бір кездегі маңынан шыбын ұшырмас «ұлы есіктен» сыйыспай шапқан аттылар «қапаның ауызын қан қылған» тасқынымен уездік үкімет ордасына және полиция жатақханаларына қардай борап құйылды. Ежелгі тау елдері ата-баба қанын жоқтап, Гоминдаңның ендігі қарусыз әскерімен беттескені Сондай қырғын көзінің бір тұсында полиция бастығы асқақ «төре» Ли-жүй жанды жағасынан сүйреп, түрмеден босатылған Лән-бияу тауып шықты. Ноябрь айында болған Күренің алғашқы талқандалуынан кейін баяғы Қанатбек ақалақшы ұстатқан Лүріп-Ламаны осы Ли-жүй жаң әз қолымен атыпты деген... Қамаудағы Әлиді Лүріпке қосына атпақ болған жерінен полковник Ма-шянь гон аужай бағып тоқтатып қалған... Жаралысында бір бет, қырыс Ли-жүй жаң Ма-шянь гонның заман райын баққан аянкестігін сезіп, жыны келсе де көнген-ді. Бүгін сол Ма-шянь гон сейпіл қамалынан пана таппай, атпенен сыртқа қашып еді. Қалыңдығы бір метрден астам, биіктігі екі жарым метр соқпа қорғанның батыс терістік жағынан салт атпен өтерліктей етіп түніменен жол қашатып шығартқан. Сол кетік арқылы қасына өзінің өлімге дейін ажырамас күтушісін бірге алып және ең ақырғы «жан сауғасын серік етіп», жөнеп кеткен. Қысы-жазы сүт сіміріп, сабынмен жуылып, мәпелеген ақ арғымақ та соңғы серігі көрінген-ді. Арыппай Ма-шянь гонды іздегенде ол жоқ болып шықты. Бірақ кеше жауған сонардан есіліп қалған екі аттың жаңа соқпағы көзге қиырдан шалынған. Топ қуғыншы сол ізбен сейпілдің сыртына өте берді. Қалың да биік, соқпа қамал сейпілдің сары топырағы ақ қарда жер жынысын көзге тартып, төбе болып үйіліп жатты. Арыппай осы жарма жол кетігімен топ жігітті тізілте бастап асығыс өткенде қашқынның қарасы көрінбеді. Күре тарихының Ма-шянь гон шерткен ең соңғы аңыз, шежіресі болып, өзі он бес жыл билеген бекіністе ақырғы ізі жыр тіліндей сайрап жатты. Сол тарихтың бітіп тоқтаған соңғы нүктесіндей етіп, осы күні кешке Арыппай әкеткен шағын топ Ма-шянь гон мінген жал-құйрығы жібектей аққу бозды аударып мініп, елге де жетіп еді. Беталысы оңтүстік Шыңжаңға өткізетін Тянь-Шаньның «Мұз дауан» асуы екен. Бірақ сол асу жолды таба алмай, қиын тауға қамалып жүрген көзеп тас - тастың арасында бір талай уақыт атысып жүріп оққа ұшқан. Мамозы күзде қашып құтылып кеткен соң, қыс бойы осы Күрені паналаған. Анығында, бұның дәл сол күні Күре бекінісіне кіре алмағаны белгілі. Ысқақбек бастаған қырғыздар мен шеру жорығы дәл сол түннен бастап «ұлы есіктен» қытай әскерін сыртқа шығармау үшін арнайы қарулы жасақ қойған-ды. Сондықтан Мамозының қорған ішіне қалай кіргені мәлімсіз... Атын қымбат ер-тұрманымен сейпіл сыртына иесіз қалдырып, өзі ботайдың дүрбілі қарауылдары арқылы сейпіл қамалынан жіппен өрмелеп шыққанын қазақтар білмеген. Сол Мамозыны бүгін бұл ұядан табармыз деп ойламаған шеру елі аяспас дұшпаны көзіне түскенде көкпар ғып әкетті. Жағасынан сүйрелеген Әбдірәйімге көнгісі келмей,тырмысып келе жатқан. Соны көзі шалған Қарымсақ атына қамшы ұрып арындап келген бетте желкесінен сап етіп ұстап, жұлқи көтеріп, өңгерген бойында қирап қалған «ұлы есікке» қарай алып жөнелген. Өз соңынан шеру атаулыны шұбыртып, беттеген жағы баяғы Мамыртай өлтірілген түбек. Ер қасына екпетінен салған үнсіз құныкерін шапқан ат екпінімен салақтатып тұрып, бір шақырым жердегі әйгілі түбекке алып жетті. Қалың шилі қойнауыт мүйісте, дәл Мамыртай бейітінің алдына жеткенде ат басын шорт тарта, дік етіп тоқтаған Қарымсақ өңгерілген үнсіз адамды омбы қарға көмілдіре «ыңқ» дегізіп тастап жіберді. Аттан өзі де ілінбей лып беріп ыршып түсті. Қазіргі халінде көзі ешнәрсені көрместей, дүниені тек бұлдыр сөзіне, жығылған күйі тапжылмай жатып қалған Мамозының үстінен қона, тізелеп алды. Дауысы тарғылдана, қатты шығып:
— Мамырта - ай! Қаныңа қан! Кегіңе риза бол, шыра- ғе-ем! деп, өң-түсі қудай болған құндыкерін қаудай сақалынан сол қолымен шеңгелдей қайырып, қонышынан сары көздікті суыра берді. Мамозы аяқтарын көсіле ұсынған бойында тырп етпей сіресіп алып пышақ жалаң етіп, кеңірдегіне тақала берген сәтте:
— Ләйлаһа иллалла! — деп қалды.
Тұла денесімен солқ етіп қалған Мамозы әуелгі қарысқан бойында әлі де тұяқ серіппестен қатып қалып, сол сәтінде көзі аларып Қарымсақтың көзіне түскендей болды. Сөйте барып селк-селк етіп көз жанары сөніп, сұлық талып кетті. Кінәсіз дене бар қылмыстан құтылғысы келгендей енді ышқынып жан таласты. Қарымсаққа жаңағы бір қиғаштап, қараған ақтық көзқарас көкейінен мәңгі өшпестей, орнап қалды! Осындай кезде түлкі тұмағы жалпылдап қарбаласқан біреу атынан асығыс түсіп жатыр еді. Бурабай екен, Мамозының етігін шешіп алып жатты.
Шығыс әлемі күйіккендей, алаулана қызарып күн шығып келеді екен... Ғасыр - тарих шежіресінің маң басқан ұлы керуеніне өзінің талай-талай сырларын қосқанымен, соның бәрін ішіне тығып, жоқ етіп, өшіріп жойып, ұмыт қып келген Жоңғардың жырлы даласы «жақсыға да, жаманға да бір шіркін» тәрізденіп, сол баяғы бейтарап тыныш қалпында жатты. Шерлі қарттай ауыр деммен өксіген шежірелі өңір замандар бойы ат тұяғы дүбірі мен шылқып аққан жосқын қанға мекен боп, меңіреу сабырмен тыныс тартты. Жалпақ жаһан жаралғалы сансыз рет сабылып, алма - кезек ауысып келген теңсіздіктің таразысы шаршы жердің осынау бір жұлығында қайта тағы тартылды. «Емсең — емшек, кессең — беріш болам» деп оның бәрін көтеріп Жер - Ана жатты.
Ар бол, төзім кіндігі — Жер - мекен!!!
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
1
Март айының басында дала соғысы бұрынғыдан сиреңкіреп, енді үйездерді қалай алу мәселесі сөз болған. Іле соғысының тізгінін өз қолына алып басқарған әскер басы Ысқақбек партизан бетін қыс бойғы кескілескен ұрыста теріске бастамаған-ды. Тағы да бір түнгі шақта, сонау көздегі штаб үйде сары жігіт — Ысқақбек батырға біткен кішкене жанарын Әкбарға қадай ойланып:
— Мұнда енді үш-төрт полк қалса жетеді. Біреуіне әрине, жартылай жаяу Әбдікерім қалатын шығар. Ашалыдағы жауды ашасынан айырып қайтты! — деп шынайы мадақтады.
— Біріне мен қаламын,— деп жүдеу Әкбар... кесе сөйледі: — Бауырларымның шейіт болған жері ғой... Дұшпанымнан кегімді тап осы жерде аламын! — Әкбардың айтқанын өзгелер сөзге келмей қостағанда, оның ежелгі досы Фатих:
— Досларым, хазыр бұл жерде ұрып азайды деген білен әлде де қауіп-қатер зор. Әкбар болса екі інісінен бірдей айырылып отыр... Үйездерді алу енді онша қауіпті емес. Менше болса, Әкбар батыр біз достарының пейілінен жеңілдік алып, солай кетсін. Бұл жерде ақыр оқ тисе де «шапанынан өтпейтін» Ғани батырмен және біреу қалсын,— деген сөзінің аяғын әзілге сүйеп.
Ғани сөзге де келген жоқ:
— Бопты, осы жерді жылан жалағандай ғып тазалап беремін! — дей салды. Бірақ Әкбар өз дегенінен қайтпай:
— Жоқ, Ғани қалса менің есебіме қалмай, Ысқақбек айтқан үштің бірі боп, өз жөнімен қала берсін. «Жайын бірнеңе жұтып ішегі түйілсе, кесел тапқан жеріне барады» деуші еді ғой, не болса да інілерімнен айырылған осы жердің өзінде жайрасып бағамын! — деп болмады. Сейіттен айырылғанда, Әкбар қос қанатының бірінен айырылғандай топшысынан қайырылған. Тегінде, Сейіт Әкбардан бірер жасы ғана кіші болатұғын. Әсіресе, немере туысының тірліктегі жақсы қылығын қия алмайтын. Балалық шағынан асықты бірге ойнап, күлкіні бірге күле, тай-құлындай айқасып, тете өскен ғой. Әкбар тегі Сейітті мақтап сөйлегенде:
— Кісіні бір күлкісімен алып жібереді. Жаныңа майдай тиіп, жақсы көңілін саған арнап күлгенде буыныңды алады! — дейтін. Осы соғысты бастау жөнінде Әкбардың ең алғашқы сынап айтқан, жеке сыбырынан бастап күні кешеге шейін шынайы бел көтере, серік боп келген «егізінің сыңары» сол еді! Тірлігінде Әкбардың жарты ауыз сөзін жерге тастамай, жанын үзіп тұратын Сейіт мінезін сөз еткен жақын-жуықтар, кейде таңырқаса да, кейде бұл екеуінің жанқияр татулықтарын қызғанғандай:
— Құдай біледі - ау, Әкбардың айтқанынан алдында өлім тұр десе бас тартпас! — десетін. Бүгінгі күн соның бәрін қайда алып кеткенін білмегендей болып, Сейітті енді әредікте түсінде көріп, өз ішінен шынымен сағынып кеткен.
— Айтқанымнан бір мезет шығып көрмепті - ау! Қадірін білмеппін - ау! — дей беретін. Өзінен басқа полкта болған Сейіттің қайғылы қазасын алғаш естіген жерде жүрегі зырқ еткендей болып:
— Қарағым еді-ау! Қолқа - жүрегімді үзіп, жапанға жалғыз тастап кетті-ау! — деп тоқтай алмай жылаған. Сейіттің үйіне Әкбар күншілік жерден жылап жеткенде, туысының қаралы келіншегі Әкбарды онан сайын еңіретіп:
«Қорымалым, қол басым —
Қайда да қалды жолдасың!
Қайтіп бір шыдап отырсың,
Жолдасың қайда, жолбарысым» —
деп, ажырамай көріскен. Тегінде, Сейіт Әкбардай батыр пішінді емес, бет бітісі ерекше, қазақ жігітінің анық бір ақманар сұлуы болатын. Танымаған адамға «Хан баласы» дегізгендей аппақ, әсем жүзін нағыз бір шебер көзбен пішіп алғандай десе сиятын. Қызайдың атақты Сасан ауылынан шыққан бір өлеңші, өзі асқан сылқым келіншек осы жақын жылдар ішінде үйлі-баранды Сейітті көріп ғашық болғаны, арнап ән шығарғаны дала желімен дүйім елге қауесет болып тараған. Келбетті кескініне біткен үлкен қара көзі, ақ тістері көріне күлгендегі адамға айрықша ыстық жүзі арманды келіншектің өзегіне от тастағаны, маңайдағы елге айдай анық болған.
Әнші келіншек өзінің бір жақсы қайын сіңлісіне бар, сырын ашып: ...— Перінің жігіті де бары рас болса, дәл сондай-ақ болар!.. Бала күнімізде «Қап тауында пері болады, қыз - жігіті көрген жанды есінен тандырарлық, бірінен бірі өткен сұлу, шетінен пәк заттан деуші еді. Сол ертекті әжемнен естімегенім жақсы еді!.. Бала қиялыма әлдеқайдан сол перінің жігіті көз келіп, өзіме қосылатындай боп өстім... Соның бәрі қиялымды жынды етті!.. Ақыры не керек, Сейіт болып көздесті. Heгe көрдім деп өкінем, көрмегенім жақсы еді. Содан бері, тіпті өзім өзімнен қорқа берем. Әжем сорлы ертек айтқан кезінде менің сонша берілуіме қарап: «саған сол перінің бір шалығы тиіп кетіп жүрер, тоқтатайын» — дейтін. Соны өзіңдей күрсінгіш, бойжеткен күнімнен қорқып ойлайтын болдым!..— деп, шынымен алжасып отырған адамдай сөйлеген. Келіншектің көзінің жасы қат-қат төгіле айтқан сырына қарап қыз да бұны «анық ғашық сорлы екен-ау» деп қайтқан... Жылап отырып салған әнінің қайырмасын зарығулы ырғаққа қосып:
«Мен сорлыға жез таңдай,
«Пері» жігіт — көз маңдай...
Бір көрініп дерт салды
Ерін қандай, көз қандай» —
дегенін әлгі қыз қайта-қайта айтқызып, әнімен қоса жаттап алып қайтады да, сонша сырды ішіне сыйғыза алмай ол өзінің бір құрбы қызына сыбырлап жеткізеді. Бұдан анау қағып алады. Сөйте-сөйте жалпақ елге аңыз боп бір-ақ тарайды. Өз ішіңе сыймаған сыр өзгеге сияды деу бекер. Міне, өзінің сондай Сейітінен айырылып, ішінен күрт сына, ойсырап жүрген Әкбар кейде, сол бауыры бұның бар қуанышын бірге алып кеткендей құлазитын. Фатихтың Әкбарды бұл жерде қалдырғысы келмей, қимай сөйлегені осы еді. Өз інісі Хамиттен айырылған Фатих Әкбарды енді жеңілдеу жаққа шықса екен деген.
2
Опат болған Сейіт қана емес, бұлардың қатарында «Тас түлек» ұйымының қанаты қатаймай тұрғанда ең бірінші бас қалқа, қорғаны болған, жалғыз үй албан — Молдажан да 63 жасында өз достарын көнгісіз қапыда қалдырып, қайта оралмасқа қайта туып, жаралмасқа сапар шеккен! Дәл сол сияқты шаруалар: Манапхан, Суанбектер де дегеніне жетпей, орта жаста қырқылып кетті! Көтерілістің ошақ бұты болған, ел мен жердің осындай біртума азаматтарымен қоса, тағы сондай көп-көп ұлт өкілдері жастай оталып кеткен! Әкбар мен Ысқақбектің шешімі бойынша, Нылқы маңында Қайнам батырдың полкі, «Тау түлегі» атындағы Керімбек ұлының полкі, Әбдікерім және Әкбар полктары қалған. Нарынқолмен шекараласатын: Текес, онан бері Күнес, Қалмақкүре, Тоғызтарау үйездеріне сейпілдерді қаратуға баратын бұрынғы белгілі полктардан өзге кейіннен қосылған тағы екі полк бар. Ол Нылқы түрмесінен босап шыққан Қазыхан мен сол полицияның орынбасар бастығы болған Нүсіпхан полктері. Ол екі полктың негізгі халқы Лүріп-Ламаның күйеу баласы Ләйдің-амбал мен солардың досы Жамбы — лама бастап келген Еренқабырға тауын мекендеген маңғұлдар. Олардың беті, Ілеге келер жолы әйгілі Көрсай-Ашалы болғандықтан ол жолды алдымен қытай әскері бекітіп қалып, ерте өтіп келе алмаған. Сонымен жаңағы үйездерге «Сүйдің полкі», «Дүңген полкі» «Қалмақ полкі, «Қырғыз полкі» аттанғанда, бұлардан мойны қашық Шапшал үйезіне Нүсіпхан мен Қазыхан полктары жол алды. Осы екі бөлек кеткен полктардың қай-қайсысынан болсын хабарды штабтағы Әкбар мен Ысқақбек, Фатихтер күнбе-күн емес, екі күнде де салт атты лаушымен алып тұра алмас еді. Сол себептен, қырық-отыз шақырымдай бекет сайын лау аттар мен лаушы адамдар қойып, арғы-бергі қуанышты хош - хабарды ұтылап, жалғаса жеткізетін болған. Арада үш күн өткенде Шапшал үйезі жағынан тосын хабар келді. Шапшалдың негізгі халқы сібе-солаң, дағұралар болғандықтан үйез бастығы да Хұмыртә деген, қытайша жетік оқыған сібе болатын. Хұмыртәнің өзі сібе болғанмен қарауындағы әскері негізінен қытай шеріктер екен. Қыс бойы оның көбін Нылқы соғысына бөлшектепті. Әрі бұның үстіне жергілікті халқы Қарымсақ командирлік еткен «Сүйдін полкіне» өтіп кеткені белгілі. Сонымен бір өзіне тек Гоминдаң өкіметі ғана сүйеніш болған Хұмыртә уезд алынуға айналған сағатта өзін-өзі атқан. Нүсіпхан, Қазыхан сол жеңістің жаңалығын бері қарай жолдап жіберіп, өздері Темірліктің асуын асып, Текес, Күнеске кеткен полктарға көмекке аттаныпты. Әкбарлар тыным тауып отырған, шаңырағында ақ туы бар штаб үйіне қарай көз ұшынан бір атты далақтап шауып келе жатты. Үйде жас жағынан үлкені — Тайлақбай, Керімбек. Онан былайғы екі жаққа жарылып отырғандар Ысқақбек, Әкбар, Фатих. Екі етегі далбақтап, атының қос танауынан жарыса созылып аппақ бу атқан, басында жаба-салма түлкі тұмағы жалпылдаған Құлайғыр екен. Шалғылы мұрты әппақ сіреу қырауменен айдарланып, атынан асығыс түсіп келе жатқанда жүрісінде қалай да албырттық барын шамалаған Тайлақбай:
— «Есерге есе берсең, ойнап жүріп, кісі өлтіреді» деген. Бұрынғыдай күнде бәріне де көз сала жүріңдер,— деді. Құлайғыр алдымен Шапшал үйезінің бастығы Хұмыртәның өзін-өзі шекеден атып өлтіргенін, соған қоса екі полктің асу асып кеткенін сөйлей келіп, соңында бұл отырғандар үшін анық бір өкінішті, жаманат хабарды паш етті. Босаға жақта төрдегілерге қарай жүгініп алып сөзді орағытып бастап:
— Қатыны өлген қызы бар үйге қарап жылайды депті ғой... Ана дүңген полкінің кәмәндірі оққа ұшыпты... Әлгі бүкіл шеруге бүлік салып, қыз алып қашқын немеші... Бүгін бір ой ойлап келдім, соның далада қалған жас қатынын да маған қимайсыңдар ма? Соны ептеп мен пақырға қоссаңдаршы, тілеуің бергілер! — деді.
Тыңдаушылар Осман жайынан естіген мына суық хабармен бірге, соның зардабы мынау анайы адамның жетесіне жетпей мұнша гөйтіп сөйлегеніне шетінен наразы қабақ байқатты. Жетім жігіттің өршіл жігері мен дүңгендер алдындағы беделі үшін осы топ оны полк командирлігіне тағайындаған. Жас келіншегінің құрсағында перзенті қалды. Көктемде қарымсақ Осман мен Патиманы шеріктерге тапқызбай әкеткенде осы жаққа жеткізіп, Керімбек сәлемімен Әкбардың қолына табыстаған. Содан бері ерлі-зайыпты екеуіне бұндағылар пана болып момын бір ауылда жасырын ұстап келген. Сондай екі бейбақтың жай-жағдайын білген кімге де болмасын мына ажал шынайы «әттеген - айы» бар өкінерлік қаза болып көрінді. Жұрт ойын Тайлақбай мен Керімбек қорытқандай болып:
— Жаңа ғана жетілдім бе дегенде жетесінен кетті ғой, сорлы жас!
«Жылатқан қайғың ескіріп, қатты шаттық жылатады» демекші, көзін жас күшіктей жаңа ашқан жарлы еді! Құдай ұрған Құла-шолақ! Күлмей күл қотыр неге алмай жүр! Күңіренер жер мен күйзелер жерді бір білмей-ақ кеттің-ау, әбілет басқыр! — десіп, осы айтқандарымен әрі Құлайғырды сөгіп, әрі әсіресе Османдай жасқа қазы кісілер тілімен бекітілген ескерткіш өкімін тұрғызғандай болды. Осыдан бұрын Құлайғырдың Мамозы үйін маңайлай, ертелі кеш кешегі өз дұшпанының әйелін жағалап, кек алғысы келіп жүрген жерінен Керімбек сыбыс естіп тыйым салған. Ысқақбекті дивизия басқарды дегені болмаса, ол ұрыс көзінде штабта қалған емес. Сондай жанқияр қолбасшы тұрғанда аз ұлт қаһармандары өз жауына әр жолғы шабуылда сұрапыл кекпен тиетін. Штабтың ұйғырша, қазақша жазу жұмысын жүйелі түрде Сауыт Абдырақманұғлы мен Байбазарға жүргіздіретін. Мақсұттың бұл екі досы қыс бойы осы істі ақсатпай, Әкбар мен Ысқақбектің шындап қол артар, жауапты адамдары болды. Дивизия штабының ұйғырша, қазақша «Ғалбә ауазы» — «Жеңіс үні» газеттерін шығаратын да осы екеуі. Марттың ортасына жетпей уездерге кеткен алты полкты жорық әнін жырлаған жауынгерлері алды-артына көз жеткісіз, қара - қорым сап түзеп қайтты. Бағы заманның жеңіспен оралған, салқар шебін еске салып, марш жырымен ойнап басты. Әр полк түстік жерден штабқа «сүйінші» хабар жолдап, әне-міне дегенше өздері де жақындап қалды. Сүйіншімен бірге Фуженің жараланып, қалмақ Күреде қалған хабары естілді. Наурыздың қары ери бастаған. Әскер атаулы аттарының құйрығын шарт түйген. Кейбірі өріп кеп, үш жағын екі ашалап байлаған. Үйездердің әскерінен тау-тастағы атшы қостан түскен мол аттар құйрығы тірсегінен шорт кесілген және жалы күзеліп тастағандары бар. Бұл полктар келгенде Ысқақбектер де енді ғана азырақ жайбарақат күнге ілінген. Гүбернелік өкіметтің ақырғы қосындарын талқандап, автомат, маузер, пулемет, зеңбіректерін бір шөншік дәрі, бір тал оғына дейін қалдырмай жинап, арба - шана атаулымен тасығыштап жатқан. Гоминдаң әскерінің өзек - жыраларды қуалап тіккен палатка, шатырлары қаңырап қалды. Жердің беті адам өлігін айналдырған қара қарға мекені... Әшейінде жалғыз қой арам өлсе, содан ұзап шықпайтын осы бір қап-қара құс атаулы қырылған адам көзіне тояттағандықтан, әр тұста «арық-арық» деп құйрықтарын қайқайта, шабыттап ұшып, өліктен - өлікті таңдап қонып, мәз - мереке. Ана жақта Талқы кезеңінің арғы-бергі беті мен асудың іші де осындай жусаған адам елігі. Әсіресе бергі қияда құлаған машинадан шашылып қалған шеріктің саны жоқ. Ендігі жоспар Ашалы - Көрсаймен ары асып, Тақия-жың уезін әзірше бір бүйірде қалдырып кетіп, әуелі Ши-худы алу. Көрсайдың күн түспес, терең, қуыс шатқалына бұл армия өзінің оншақты полктен тұратын дивизиясымен сіңе бастағанда, Іле жерінің географиясымен қош айтысады. Батысы мен терістігін тұтастай Жоңғар Алатауы, шығыс қапталын найза шыңды, құлан өтпес Қыземшек таулары, ал түстік бетін аспанды тіреген, асқақ Тянь-Шань көмкеріп жатқан, қара орманды Іле жері артта қалады. Айналасын тау бекіткен, ұжмақ өңір қай жағынан қарасаң да кек сала, өзен - сулы, жер сауыры болып жататын. Іленің қысы қарлы, жазы сел - жаңбырлы. Жер жүзін ең әсем өлкелерімен салыстыруға татырлық бір шұрайлы тор болып қоңыржай мүйіс үйіріліп жатыр. Осындай Ілені жауынан қорғап, басыбайлы жанқиярлықпен соғыс жариялаған Әкбардай перзент сырттағы полктер даланы жаңғыртқан жорық жырымен қайта оралып келгенде қатарда жоқ еді!!! Дивизия армиясы Көрсайға кірмек болған жоспардан бұрын өзінің дүниеге келген, ыстық мекені Іле өлкесін. Жер - Ананың бір ірі перзенті — Әкбар атты қаһарман мәңгілікке қиып кетті! Жалғыз-ақ «ел пайдасын көздегеннің өз пайдасы ішінде» дегенді дәтке қуат етерлік күн! Өзінің жанымен сүйген туған топырағымен қайта табысқанын ғана барша әлем алдында медеу тұтарлық күн жеткен. Өзі қажетті сағатына Әкбарды берген Жер - Ана оның атын жоқтайтын ұрпақ туғызбай тұрмайтыны медет! Жер шаршысында Іле жері тұрғанда, жер шарында ізгі ниетті адамзат тұрғанда «Әкбар бар!» дегенді қанағат етіп, соңында елі қалды. «Тас түлек» ұйымының — адамзаттың ең саңлақ жүлдегерлері қатарынан орын алатын байырғы мүшелері бұл соғысты жоспарлаған күннен бастап «өлсек шейіт, қалсақ қазымыз» деп еді. Қазылығы — Отаны үшін соғысқан әділдігі! Ал «шейіт» екендігі, ата-мекені үшін жанқиярлық рухымен сомдалған жүрегі. Қыршынынан жастай қиылып кеткен Есбосын батырдың ұрпақтарын «шейіттердің шейіті» десе болғандай. Жетем дегеніне жас өреннің бірі жетпеді! Көтерілістің ошақ бұты болған Фатих інісі Хамит, оның досы Рафих, ұйғыр диқаны Қари, қазақ шаруалары Молдажан, Суанбек, Манапхан, Әкбар-Сейітті бас етіп айтқанда, аз санды ұлт өкілінен Іле уәлаятында екі мың жеті жүздей адам опат болды! Дертке дәрмен — сол боздақтардың кейінгіге қалған із - сілемі ғана. Неліктен екен? Соларды ауызға алып, мезгіл-мезгіл болса да бір ескеруге жарамайтындар құзғындай жасады! Ер көремін деген жемісін көре алмай, оның орнына әлдебір өздер көрді!.. Тіпті сол ғажайып еңбекке мұрнын шүйіріп, көрлақат көзбен қарағысы келетін мұндарлар көп жасауын жасағанмен, сақал-шашы ақ шошқаның түгіндей текке ағарып, көше бойында өтті!
* * * Әкбардың оққа ұшуын партизандар, әсіресе қазақтар жағы «Ғани батырдың кесірінен болды» деп шуласты. Тарихта «үш аймақ» көтерілісінің көсемі болып аты қалған Әкбар сол қарсаңда Ғаниға жауапты міндет жүктегені шын еді. Оған Құлжадан көмекке аттанған Гоминдаң әскерінің алдын тосып, ұрымтал тұстан шабуылдау міндеті тапсырылған болса да, Құлжа гарнизонының ақ киіммен оранған шаңғышылар отряды жылға-жылға, өзек -жыралармен сауылдап етіп шығыпты. Бергі жақты соғысып жатқан аз ұлт полктарының дәл ту сыртынан келіп автоматтан оқ боратқан. Партизан шебінің тағы бір көп қырылғаны да осы күн еді. Сол үшін Таниға Әкбар аса кейіп, қатты ұрысқан. Бірақ Ғани да қарсыласқан. Былайғы жұрт Ғанидың тым кекшіл адам екенін ойлап, «екі арыстан шайнасып қалды-ау» деп, екеуінен көпе-көрінеу іш жиып қалған-ды. Міне, осы күні кешке таманғы айқаста өзіне де оқ дарыған Әкбарды қимаған жұрт көз жетпеген нәрсеге тәумет арта сөйлеген.
3
Ұлы жорық Ашалы - Көрсаймен асып, Тақия - жыңнан ары кетіп, төменгі даламен Ши-хуға беттегенде, күз Нылқы түрмесінен босаған, қолбасшының бірі Қазыхан қасындағы ондаған адамымен Тянь-Шанның асу бермес асқарынан жол таба, төтелеп тартып, жарты айшылық жердегі Манас, Сауан керейлеріне қарай сапар шегіп бара жатты. Киімді қамдап киіп, бір-бір тоқ - жарау, мықты ат мінгенмен, осынау құс ұшпас, құлан өтпес, аспанға шаншылған, тау-тастың құлазыған асқарын көзе, жол шеккен бір шоғыр жолаушы дәл бір жаратылыстың сонау үстірттегі өз мақлұхаттарындай еді десе болатын. Адам баласы басып көрмеген шығанда, желден басқа ың еткен серігі жоқ, йен биіктің басымен жиһан кезген сапаршылар бейне шоғырымен жоғалып бара жатқан біреулердей еді. Оларды Тянь-Шань қабаттары ертегінің адамдарындай көз көрмеске жұтып бара жатқан. Тау перзенті ғана басып өтерлік жол машахатын өз мойнына алған жортуылшылар мақсаты ондағы қазақтарды Ши-худың арғы жағынан бері қарай қаптату. Ендігі соғыс Ши-худа жүріп жатқанда, ортада, бір бүйірге әдейі қалдырылған Тақия -Жың үйезі көңіл-күй жағынан өз-өзінен құлдырайтыны бесенеден белгілі. Ондай хал Тақия - жыңда ғана емес, Сарытаудағы «Букенің жамбылы» дейтін үйез де қақпанға түскен қасқырдай, өз бармағын өзі кеміріп жеумен жатты. Бұл уақытта ақсақалы Тайлақбай, Керімбек бастап жүрген шеру руы Ши - хуға бармай, Ғани мен Қарымсақ, Мақсұттарды қолбасы етіп, сол үш полк бір бөлініп, Іле жерінің терістік иығындағы бұраталаға қарай беттеген. Сол Сарытаудағы Жымпаң шаһарын айналдыра сейпілмен қоршатып алып, үйезді басқарып отырған Буке - қалмақ даңқы жер жарған, бір басында он үш мың қойы бар шонжардың өзі. Бұраталада ежелден жайлап келе жатқан, әзір мың үйдей қалмақ бар. Солармен іргелес найманның қаракерей руы қоныстанған. Барлығы қосылып Жымпаң үйезі болып Букенің жамбылына» қарайды. Іледен Бұраталаға асатын жол — жерде қар бар кезде тек Кеңсай жолы. бірақ онымен өту жүріске қолайлы болғанмен, Талқы кезеңін асқан соң, Сайрамның жазығына іліндірді де, бара жатқан қосынды Букенің дүрбісіне күншілік жерден тартып береді. Сондықтан жаз көзінде атпен жүретін төте жол — Қиятастың асуы бар. Мезгіл марттың іші болғанмен тау аймағын әлі қар бекітіп жатыр. Қиятастың қиынына жеткенше де жолда Шұбыртының кезеңінен шұбырып өтіп, онан «Ақбайтал» мойнағын басып бару керек. Міне, сондықтан үш полк әскер бірнеше күн шеру руының қонағы ретінде еру боп қалды. Себебі, Шұбырты кезеңінен бастап үш асудың қарлы жолын күреп ашуға тұра келген. Сол жердің басына апарып үйлер тігіп, сойыс жеткізіп, күрек ұстауға шамасы келерлік кәрі-жас атаулы іс қамына кіріскен. Әскердің өздері-ақ, жолындағы қарды күреп жылжи беруге болар еді. Әрі кір-қоңдарын жуғызып, екі-үш күн атақты шеру руында тынықсын деген. Әр үйде бестен - оннан қонақ болып жатқан әскер, әсіресе, бала атаулыға қызықтың қызығындай. Әр біреуінің асынған қылыш, мылтығы бар. Қорамсақ - қорамсақ оқ тізбегін белдеріне самсатып байлап тастаған. Елдің бір әңгімесі — Қайнам батыр. Ол Керімбек ауылында Әсемхан деген жігіттің үйіне түсіріліп, сонда күтілген. Осы үш күннің алдында қысырдың тайынан бие байланып, баппен ашытылған қымыздан Ғани сапар кесемен бір ішкенде, арт - артынан үш - төртеуін сілтеп салады. Соңыра «а-ақ» деп кекіргенде даусы селк еткізердей. Ғани шеру үлкендерінің меймандостығына ырза болып, аттанарында қосар аттардың ішіндегі бір күрең жорғаны матауынан шешкізіп:
— «Жегжат мінгізген аттың жеті жыл көзі жүрсе, жетпіс жыл даңқы жүреді»,— дейтін қазақ атаңның мақалы бар. Бұл ат жалғыз сенің қадаңа ғана байлағаным емес, тұтас жомарт еліңе деген құрметім,— деп үй иесі Әсемқанға шылбырынан өз қолымен ұстатқан.
— Бәрекелді!
— Есте қаларлық сөз! — десіп, атқа қонып тұрған алқа-қотан ел мынадай төрелікке қол жая, бірден шулап бата қып, шын сүйінген. Осы кезде үй иесі әйел батырға жол сыбағасын әкеле жатыр екен. Тұтасымен асылған жеңді білектей бітеу сары ала қазысы бар, сүрдің ең тәтті - дәмдісінен дайындаған етін құрт - ірімшігімен қосып, таза ақ қалтаға салып жеткізе берген. Бірақ Ғани бұл ырымды әлденеге жақсыға санамаған сыңаймен:
— Жолға жүрерде хотын кісі ер адамға далаға ешнәрсе алып шықпауы керек! — деп сөзінің аяғын жұтып, азықты бір жолдасына қарай сілтей салған... Өз дастарқанында даңқты батырды күтіп, қошеметке ие болған Шәмшіхан дейтін қарақат көз сұлу келіншек, көрінеу мақтан ретінде осылай көрнек бере келген. Тегінде Ғани әйел жынысын еркектен басы ашық төмен көретін. «Біз анадан туылдық. Анамыз әйел заттан болса да айтайын. Оны алтын таққа отырғызып та жаралысын еркекке теңестіре алмайсың» дейтін. Дүниеге тар, қатты адамды адам қатарына алғысы келмейтін бір мінезі бар-ды. Бұрын өзін ерегестіріп, ызасын келтірген байлардан ұрлаған жылқысын бір жаны ашыған, өзі тәріздес кедейге сойып бере салатынын білген сыбайластары, бұның пайдасын білмес ақымақ екенін де, асқан жомарт екенін де білмейтін. Бәлкім, батырлық та дүниелікке көңілі тоқ ердің ерінен шығар.
* * * «Букенің жамбылы оңайлықпен берілмеді. Ғани батыр осы жорықта жота тұстағы дәл омыртқаның басынан жараланып, Алматыға емделуге әкетілді. Бұл соғыста үш полк партизанды ұрысқа бастаған Қарымсақ. Үлкен дивизия Ашалымен асып, Тақия - жың жақтағы машина жолына ілінген хабарды алған соң, Лескин полкы да Талқыны тазалап, енді Қарымсаққа көмекке жеткен. Іленің Ашалыны асып, жазық далаға еңістеп кеткен алдыңғы жорық - шеруі сонау күлертең сахараға түсіп барып, марттың аяғына жеткізбей Ши - худы да алған. Ши-Ху әскерінің күші қыс бойына көп бөлінгені мәлім. Бұл уақытта ІІІәуешектен Жағда бастаған партизан қосыны көмекке жетіп үлгерген. Тарбағатай еліне биылғы қыс түспей хабаршы болып кеткен Әкім бастап солтүстік батыс шекеден әкеліп киліктірген. Шыңжаңды басқарған император У-жүң-шының қыс бойғы үстін-үстін берген қатал әмірімен Ши-ху әскери казармалары өз армиясын Тақия - жыңға дейін машинамен тасыған. Содан әрі Ілеге қарай Ашалыны асыру үшін тек ат қана керек. Ал Тақия - жың уезінің таудағы қос-қос аттарын Фужемен тілдескен маңғұлдар бірден шауып, талап алғаны белгілі. Сонымен жартылай атты, жартылай жаяу шұбырып, арт - артынан барған шерік Ашалының шыға беріс ауызында Әбдікерім Аббасұғлының дайын жемі болған. Партизан жасағының алды енді Ши-худан ары Манас, Сауанға бет түзегенде, құрал -жарақ жағынан кемеліне келген аз ұлттық әскер шебінен бір қол жасақ бөлініп, кейін қалған Тақия - жыңға бұрылған. Бұл кезде мына жақтан «Буке жамбылын» қаратып болған төрт полк Тақия - жыңға қарай екінші шеттен кимелеп келе жатты. Бұларға Бұраталаның жергілікті халқынан қосылып алынған қаракерей мен қалмағы да мол еді. Осындай болып ортаға тығылған Тақия-жың, онсыз да қыс бойына тамағына илектеніп тығылған асты түйіншектеп жұтып, өз хаупін екі көзі төрт бола күткен уезд. Әскерінің тең жарымы Ашалының ауызында қарғаның жемі болды. Басқа үйездерден Тақия-жыңның алынуы өзгеше қызық. Бұл үйезге жаушы жүрді... Қолына ұзын сапты, жарымы ақ, жарымы қара ту көтерген адам жаушылық белгісімен үйездің «ұлы есігіндегі» автомат көзеген қарауылдарға момақан, жай жүріспен жақындай берді. Қарала туын жайқап, бұларды мүлде таңдандырып келе жатқан жеке аттыны көрген күзетшілер дереу әскер басысына хабарлаған. Үйез бастығы іште жатып ала тұлының алдынан қарама-қарсы адам шығартқан. Жаушы қолында мөр басылған куәлік қағаз бар... «Тақия - жың уезінің шянь гоны Лың жы жолдасқа!» — деген, қытайша дана жазылған қатынас — Үрімжіден... Мазмұны: «Оңтүстік Шыңжаң бізге қарсы соғыс ашқан жоқ. Көтеріліп отырған — тек осы үш аймақ қазақтары! Ал оңтүстік ұйғырлары бұдан былай да соғыс ашпақ емес. Біз әзір олармен келісімге келдік!.. Мұнан былай үкімет жартылай аз санды ұлттың, жартылай біздің қолымызда болады... Шыңжаң елін бірлесіп басқаратын көзге жеттік. Осы себептен қазірге дейін соғыспаған орындар, уездер сол бойында оңтүстік Шыңжаңның қарауына өткізіледі. Алтай, Тарбағатайдағы бірнеше уездермен қоса Манас-Сауан, Тақия-Жың сияқты бүліншіліктен аман делінген үйездер келісімнің ішіне алынды! Бұл орындар ұлттық армияға оқ шығармастан қарайды, беріледі. Шарт қатынас апарған жаушыға нанымды құрмет көрсетесіңдер... Және солардың ықпалына көніп өздеріңді аман қорғап қалуға тырысасыңдар... Солардың ерік - күшімен біздің қолға келесіңдер...» делінген. Қазіргі жағдайда дәл бұлай болып шықса, бұлардың көктен тілегенін жерден бергені. Қатынасты қолына алған, шәпкісін шекшитіп көзіне киген, ат үстінде қоқырайған, ұзын подполковник, жанында тәсілқой полиция майоры және бұл екеуінің адъютант - тілмашы болып, мына іске өз іштерінен өте таңырқап тұрып:
— Бұлай болса, бізбен бірге жүресіз!
— Үлкен кісінің өзімен дидарласуыңыз керек! — десіп, бірден ішке қарай әкетпек ниеттерін көрсеткен. Жаушы аяқ тартқан жоқ... Келіскен жүзбен атын тебініп өзі алдыға түскен... үйез билеушісі тегінде қытай емес, Шапшал үйезінің бүкіл Ілеге аты әйгілі, қазағуар, атақты сібесі Лың жы — осы болатын. Ол - сөзді созбай, таза қазақшалап:
Өзің, дегенмен, мүйіз жүрек екенсің!.. Жазым, болмас па екенмін деп қорықпай, бізге сеніп келгенің ғажап - ақ!.. Жалғыз-ақ, былай шыға: «қайда көрдім қасқа есек» — деп шетке таман шыға бермейсің бе?! — деді. Мүмкіндігі өлшеулі, тарыққан адамның сыңайымен ананың ішінде не барын терең барлап, көзінен көзін алмай қадалып қарады. «Жаушы» атанып «келісімге» келуші адамның нұсқасы бұларды еріксіз қауіптендіреді. Ол бет кескіні аса бір қайсар адамды танытатын, жауқабақтанған жігіт Арыппай болатын. Күзде Керімбек пен Қарымсақ Әкбар батырдың жасырын ұйымын қорғалау үшін елден безіп шыққанда, Тайлақбайға да тықыр таянған. Керімбекті табу үшін Күре енді соны ұстауға кісі шығарады. Сол хабар құлақтарына ілінісімен Тайлақбайды Арыппай бастап қашқан-ды. Қазір өзі Мақсұт полкында. Ол қазір Лың жының күдіктенуінен саспай:
— Мен қасыңызда емеспін бе. Әскеріңізбен алып шыққан жерімде өзгелер қолыңызға түспесе де, бір маған шамаларыңыз келеді ғой. Қарайған қазақ ішіндегі өз жанын тастай алмай жүрген саяқ мен деп тұрсыз ба?! — деп жауап берді.
Беті мен мойны тұтасқан, көзі сығырайған, мұрты аузын жапқан Лың жы мен жаңағы офицерлер мына қазаққа нанарын да, нанбасын да білмеген. Бірақ өз қолдарындағы жаңағыдай генералдың белгі - мөрі басылған қағазбен қоса жаушы ұсынған тағы бір куәлік бар еді. Ол Үрімжідегі қазақша баспадан шығарылып, Өлкелік штабтың қазақ еліне қаратып жазылған, алақандай таңбасы басылған «тілек талаптарыңызды орындаймыз...» деген қысқа мағыналы — «тоқтам» қағазға қарап дағдарыста болған. Рас, өзге айла - лажы болмағандықтан, жауабын бір тәулікте беретін болып, қазақ өкілін қақпадан шығарып салды. Сонымен ертеңінде үйез әскері мен полиция құрамы сап түзеп болған сағатта кешегі жаушы қолына ала туын алып, «ұлы есіктен» қайта келіп кірді. Әскердің алды он шақты атты, қалғаны жаяу еді. Бірақ адам біткенді ғажапқа қалдырып, көп жылдан бұлардың бас иесіндей болған Лың жы бүгін жоқ болып шықты. Жаушының екі жағында кешегі подполковник пен көзі алаңдап, тәсіл баққан майор полицей. Қыс бойына үйез сейпілінің қақпасын маңғұлдың қарулы мықты күзеті тырп еткізбей, бағып келген. Сол алыстан бағып күзетіп жатқан қарауылдардың көзіне түспей, қақпаннан құтылған көкшолақ арландай үйез бастығы сытылып кеткен. Лың жының қашқаны кейінгі қалған мына төрешіктер үшін бір жағынан зәрелерін кетіргенімен және бір жақтан өздерінің ендігі абыройы осы тәрізденіп көрінген. Басшысы қашқанмен бұлар «опасыздық» етпегені. Бұл жалтақ, үркек қалыптағы соқыр үміт шылауы. Жаушы подполковник бастаған армияны «ұлы есік» қақпасынан алып шықты. Аулағырақ жерде аттарының басын осылай қаратып, сап түзеген партизан қосыны. Қазақтар дауылпаздарын дабылдатып, ұйғыр жағы ұзын мойын керней-сырнайларымен «дар» ойынының ышқынған күй-сазына салып қарсы алуда. Үйез әскерінің артқы сабы күдік ойлай ма, жоқ па, әлде рас сенім артумен келе жатыр ма, белгісіз. Ал бірақ, алда бастап келе жатқан подполковник пен полиция бастығы сияқты ірікті топтың өңдері қу шүперектей. Қалайда бар шоғырымен үрейлері ұшып келе жатқаны айтпай білінеді. Рас, бұларға қарай қазір оқ шығарған ешкім жоқ. Салы суға кеткен шеріктер шебі өздерін күтіп алушы қосынға жақын келді. Былайырақ иек артпа қабақ астында жасырын партизандар тобы тұрған. Пулеметтер мен автомат, мылтықтылар. Қарама-қарсы екі әскердің аралығы жүз метр шамасындай қалғанда жаушы тілмаш арқылы:
— Енді осы жерге тоқтайсыздар, түгел құрал тапсырасыздар! — деген. Сол сәт подполковник бастаған топ тілді алар - алмастарын білмей, бір-біріне ұрланып қарасқаны шалынды. «Бұл қалай болады?!» десіп үрейлері ұшып кеткен.
Анығында жаушы апарған «қатынас» қағаздың екеуін де Мақсұт пен Қарымсақ басқарған партизанның өзі жіберген. Біріншісі — Үрімжіде қазақша май баспадан шығарылып, орталық штабтың тарбайған таңбасы басылған, күздегі өлке орталығынан Ілеге келген генералдан «алты қарақшыға» қаратылып берілген қағаз. Ал соңғы қытай тілінде сұлу жазылған «келісім» «тоқтам хат» қолға түскен қытай офицеріне жаздырып, және сол баяғы өлген Үрімжілік генералдың қалта мөрімен «бекітілген». Лың жы өлкелік генералдың өзін танымағанмен оның өлген себебін білетін. Және бұрынғы бір документтен соның басқан мөрін көзі шалғаны бар-ды. Жаушы әкелген қағаздар жасама документ екенін алдыңғысынан аңғармаған болса да, екіншісіндегі генералдың мөрі көзіне оттай басылғанда жүрегі зу ете түскен. Тұла-денесі у жайлағандай, төбе -құйқасына дейін шымылдап, киіздей тұтып қалған. Соны бірден біле тұрса да, түсінен ешкімге сыр шалдырмай, жаушыға алдымен оның өзін мақтау сөз саптап сөйлеп, соған қоса «былай шыға қайда көрдім қасқа есек» деп шетке шыға бермейсің бе» деп, ұтқыр ой айтқан. Және әлгі екі қатынас қағазға «келісіп» қол қойып берген. Әсіресе өзі сезік, күдігін бірде-бір жанға білдірмей, жеке жоғалғанын білген жұрт қандай мінезге жатқызарын білмей, Лың жы сібенің жұмбақ сырын көп уақыт сөз етіскен. Жаушы жаңағыдай «құрал тапсыру» жайын бұйырғанда үйез әскері дағдарыста кідіре түскен. Себебі, өздерінің Лың жыдай сарыаяқ басшысынан ажырап қалулары бұларға сенімсіздік тудырған. Міне тап осы уақытта қабақ астындағы сайма-сай жасақ сау етіп шыға келді. Манадан музыкалатып, «қарсы алушы» отрядты ғана көрсетіп, өздері бой тасалап тұрған қарулылар бетті ашыққа салды. Ендігі уақыт ыхырар болса да, болмаса да қарусыздану, тек тәсілім болу сәті ғана екенін подполковник те ұғына берді. Жаушының қолындағы қарала тудың түбіне жарақ тапсыру басталды. Жер әлі қарлы болғандықтан партизандардың түйеге артылған шатыр - палаткаларының брезент жабулары алаңқайға жайылып, төселді. Ескі аңызда «жылан кешеді» демейтін бе еді. Ауған жылан алдында басқа бір жылан патшалығының өкілі жол езуінде басын жерден қарыстай көтере, қадалып тұрады да сапарға беттеушілер әлгінің көз алдынан өтіп, суси береді дейтін. Соны еске алғызып үш қатар шерік өздерінің үш жаяу «әріптесіне» бойындағы қару-жарақ атаулысын түгелімен өткізіп өте берді. Бой қаруынан сымпиып құтылғандар сол саптары бойынша қарсы алдыға тізіле бастаған. Ендігісі айдаған қойдай көнгені. Тақия-жыңды алудың осындай тактикасында жауынгерлер ортасынан өзіне сеніп бел буған Арыппайды осы сағаттардан бастап жұрт ауызға ерекше алысқан. Батыс бүйірден келіп ілінген: Қарымсақ, Мақсұт және Ғани батырдың құрама полкін қоса басқарған Лескин болып кеңескенде, жаушылыққа жүретін нағыз жаужүрек адамды Мақсұт өз полкінен шығарып, ағасы Арыппайды таңдап берген. Әрі бұл күн Мақсұттың өзгеше бір қуанышты күні болып, Қамардан хат жетті.
4
Хат сәлемін жолдаған адамы осы ұрыс майданының өзінен барып келген кісі... Күзде Тянь-Шаньмен төте асып кеткен Қазыхан Манас, Сауан жағында баяғы атақты Күре үйезінің сұрақшысы мен Мамозы інісі Рахимның өздерін қолға түсіре алмай, бір дүңгеннің үйінде олар бекітіп ұстаған Гүлназымды іздестіріп тапқан. Тұтқыннан енді әрең ажыраған қызды Ши-ху соғысы жүріп жатқан майдан маңына жолатпай, салт атпен басқа жақты айналдырып өткізіп ел шетіне іліндірген. Қыз ағасы Әкім өз қасына автоматты бір жас, мықты партизан алып зорға табылған қарындасын шешесі Қәнікенің қолына тигізгенде, Қамар жүгіріп жетіп атқосшы әскерден Мақсұтқа хат жолдапты. «Соғыс!» деген жаманат, суық хабар дүңк етіп естілгеннен бері, қыс бойында бірде-бір күн, бірде-бір сағат жаны сүйген Мақсұтты есінен шығармай, өзінің лүпілдеген, үркек жүрегімен жат қорқынышты күйге түскен жас қыз бар-ды. Әкбардан бастап, майдандағы ерлер оққа ұшқан аяусыз жаманат арт - артынан дүмпілдеп жеткен сайын жүрегі сулап жүріп, бұл хатын сондай үнсіз жүдеу қалпымен жолдаған. Міне, осындай көздегі дәрменсіз қыздың бар тынышсыздығына медеу болып, алдарқата алған нәрсе, Мақсұт өз қолымен бұған беріп кеткен бір кітап... Күндіз-түні бірдей басына жастанған қалың кітапты құран дұғасындай қастерлеп, қайта-қайта оқып, сонымен мұңдасушы еді... Ол 1944 жылдың октябірінде «Шынжаң» баспасынан араб әрпімен басылып шыққан «Абай» романының бірінші кітабы! Тегінде өзі әнші, өлеңші Қамардың бірер жыл бұрын, небары 17 жасында жалғыз ағасы қайтыс болғанда айтқан жоқтауы ел аузында сөз болғаны бар. Ұзақ жоқтаудың бір тұсында: «Қаңқылдаған қаз ба екен, Қаз келгені жаз ба екен... Қара бір жаулық Қамардың, Қайғы-дерті аз бе екені» — деп қосып, қаршадай қыз келген елді жылатпай қайтармайтыны аңыз болған. Өзі хат танып, ес тоқтатқаннан бастап кіші әкесі Қарымсақтан «Қыз - Жібек», «Әсет пен Рысжанның айтысы» сияқты ғана қолжазбалардан басқа үлкен том кітап оқып көргені осы болса да, әсіресе Абай мен Тоғжанның сүйіспеншілігіне шөгіп бойлай түскен сайын бұның сезімпаз жаны мүлде басқаша түлеген-ді. Бұл үшін, тіпті барша әлемде осы кітаптан ләззатты, дәл бұдан асып кетерлік тәтті мұң жоқ болып көрінген. Сол сырқұмар қыздың Мақсұтқа деген сәлемі екі ауыз өлеңмен түсіпті. Сүйген жүрек үнімен зорға толып туылған жыр:
«Таппағанда Тоғжан сұлу Абайын...
Мен қалайша шын бақытты табайын?..
Қорқа жүріп, үрке жүріп тілейін,
Арманыма жеткізсін деп талайым.
Ақ тілекпен тілейінші ылайым,
Сонан басқа қандай лаж қылайын.
Екі көзім ойылғанша жылайын,
Аман-есен көздестірер деп, құдайым!» —
Ұлы жазушының рухынан осындай жаңғырық алған Қамарды, зиынды Қамарды ойлағанда, Мақсұт өзін қайда қоярын білмегендей болды. Дәл осы күні қолы қалт ете қалса, ішкі төс қалтасындағы тұмардай қастерлеген хатты алып, қайталап оқумен шектеледі. Тіпті жаңағы өлең жолдарының қалай жатталып қалғанын да аңдаған жоқ. Ендігі жалғыз тілегі «Соғыс тез бітсе екен! Тезірек жеңіске жетсек - ау» дегендей бір ғана арманға ұласты. Тықыршытқан аңсарлы тілек арманындай. Тақия - жың үйезінің орынбасары сояу қара подполковник өз қорғанының ішіне қайта кіргізілген Ашалы соғысына бармай тірі қалған мыңға тарта, ендігі құры қол әскерін бастап кірген. Алдымен төрт-бес полк партизан басшылары іске кірісіп, қамал ішіндегі оқ-дәрі, қару-жарақ қоймалары сияқты орынның барлығын мұрындыққа тізгендей етіп сыртқа көшіріп шығарған. «Ұлы есік» аузына партизан қарауылы тұрып, үйезді тұтасымен тұтқында ұстады. Ендігі соғыстың тез жүргені соншалық, марттың аяғына жетпей Манас, Сауан алынып бола берді. Бірақ міне дәл осы кезде жұртты бірден аң-таң етіп, ауыздан-ауызға гуілдеген жалғыз сөз тарады. «Соғыс тоқтатылды»... деген тосын хабар дүңк ете түскен... Анығында, бұл өрісі енді шындап кеңейіп, күн санап қанат жая, аршындай бастаған партизан дивизиясы үшін «әттегене-ай!» дегізіп, бармақ тістеткен, өте бір ашынарлық оқыс әрекет еді... Майдан талабының кенеттен бұлай шешілуі аз ұлт армиясы үшін бірегей ғажаптың дәл өзі болып қалған. Бұның себебін жұрт кейін білді. Бұл уақытта бүкіл Қытай елінде ішкі оқиға қиындап, күрделілене түскен кезең екенін былайғы ел соңыра ұғынды. Үлкен держава сыртқы жаудың қаупіне ұшырап, Жапонияның атақты «Қуантон» армиясының бір миллион әскері легімен кіріп, Қытай елінің шығыс - солтүстік алты өлкесін (провинциясын) тұтастай басып алуға айналып, сан жетпес, қара - қиқым жау шебі қанды тұмсығын сағат санап ішке қарай сұғындыра түскен. Міне, осы тұста Қытай халық-азаттық армиясы мен Гоминдаң партиясының екеуінің де ойлануына тура келді... Қытай компартиясы бастаған халық-азаттық армиясының бас қолбасшысы Жудеге Шыңжанның да күші қажеттің қажеті бола бастаған. Егер Шыңжаңды аз ұлттық армия тұтас қаратып алған болса ғой, Жуде ойлаған мәселенің түйіні қиындықсыз - ақ шешілер еді. Шыңжаңның барлық партизан армиясын бірден - ақ, шұғыл көмекке шақырары сөзсіз. Ал қазір Оңтүстік Шыңжаңдағы ежелгі «алты шаһар» атанған аймақтар: Қашқар, Ақсу, Яркент, Қотан, Құмыл, Қарашәр гүберниялары болса түгелімен Үрімжідегі Гоминдаң билеушісі У - жұң шыңның қолында. Сол себепті, қолбасшы Жуде Шыңжаңның аз ұлт армия дивизиясын Қытай Компартиясының халық-азаттық армиясының қатарына бөліп шақыра алмайды... Осылардың барлығын ойластыра келгенде Маузыдұң мен генераллиссимус — Жаң-қай-шы қызық түрдегі үш түрлі шартқа өз ара келісуге мәжбүр болды. Екеуі ішкі соғысты уақытша тоқтатуды жүзбе-жүз кеңесті. Соған саятын үш келісім шарт: 1. Жапонның «Қуантон» армиясына қарсы бірлесіп соғыс ашу. 2. Соғыс барысында мызғымас бірлікпен достасқан екі әскер: халық - азаттық армиясы мен Гоминдаң әскері бір-біріне қастық ойламау. 3. Ұлы елді Жапон капиталистерінің құзғындарынан азат еткен соң, тірі қалған әскерлері мен қару жарақтарын әділдікпен бөліп алып, бұрынғы соғысты қайта жалғастыру. Міне, осы келісім бойынша парламент мүшелері енді Шыңжаң мәселесін қалай шешу керек екенін айқындаған. Ол үшін аз санды ұлттан құралған, партизан дивизиясына тиіспей тұрып, оңтүстік Шыңжаңдағы алты гүберненің отыз шақты үйездерінің әскери күшін түгелімен ішкі бірлескен соғысқа шақыру шарасы ғана қалған. Бұл үшін Шыңжаңның әзіргі үкімет басшысы генерал У-жұң - шыңды тақтан тағы да тайдырып, орнына аз санды ұлтпен әлі де Гоминдаң шонжарлары бірлікте басқаратын жаңа үкімет құру.. Шыңжаңның жаңа тағына ішкі жақтан келіп мінетін адамның еркі Жаң-қай-шыға берілгенде, ол ойланбастан генерал Жаң-жы-жұң деген әскери ақ сүйек төренің баратынын бірден белгілеген. Ертегідегі «Қап тауынан» күркіреп шығатын қанатты диюдай самолетпен ұшып кететініне дейін Қытай компартиясына жария еткен. Шыңжаң гоминдаңшыларының әскери күші Жаң-қай-шыға көмекке келе алмай, осы өлкенің өзінде бұғауланып тұруы мұнан бұрын маршал Жуде үшін өте тиімді шешімнің бірі болып келсе де, енді амалсыз сыртқы жаумен бірлесіп шайқасу үшін бұған да көнуіне тура келді. Сонымен аз ұлт партизан қосыны Үрімжіні енді екі күнде қаратып аламыз деп, қыс бойғы соғыстың қортынды есебін шотқа салып тұрғанда, мылтық үні су сепкендей тынып басылды. Партизан армиясы енді осы Сауан-Манастың өзінде жатып, қаратып алған жерге Ұлттық армия құру жұмысын да қолға алу кезеңіне жеткен. Сөйтіп, бес айға созылған қырғын соғыс аяғында, 1945 жылы 8 апрель күні Іле, Тарбағатай аймақтарының ресми Ұлттық армиясы құрылғаны жарияланды. Кеңеске Алтай аймағынан шақыртылып Дәлелхан Сүгірбаев та қатыстырылды. Иә, осымен, Шыңжаңды енді соғыссыз, тыныштықпен бірлесіп басқару шартына амалсыз келісім берген аз ұлт партизанының ер жүрек басшылары қырғыз: Ысқақбек Мініұлы, татар — Фатих Мүслимов, қалмақ Фуже, ұйғыр— Әбдікерім Аббасұғылы, қазақ — Мақсұт Керімбекұлы болып Ұлттық армияны төмендегі сатымен құрды. Бұған Тарбағатай аймағының өкілі ретінде қатысқан, сол губернияны азаттық соғысына бастаушы қазақ жігіті Аталық ұлы Жағда. Негізгісі Іле аймағының төңкерісшілері. Осылар дүниеге әкелген Ұлттық армия құрамы: 1. Сүйдін атқыштар полкі. 2. Құлжа атқыштар полкі. 3. Комендант эскадрон. 4. Алтыншы Тарбағатай атқыштар полкі. 5. Оныншы дүңген полкі. 6. Бесінші Тоғызтарау атты полкі. 7. Дивизион (атты әскер) 8. Маңғұлкүре атты полкі 9. Лескин бригадасы, құрамында үшінші Кеңсай атты полкі, төртінші Дөрбілжің атты полкі. 10. Төртінші Құлжа запас полкі. 11. Бірінші, Ши-ху атқыштар полкі.
12.Ши-ху эскадроны. Және «Артиллерия дивизиясы».
Манас-Сауанда жатқан партизан Легіне бүкіл Қытай елінің қазіргі позициясын Үрімжіден бері қарай жеткізушілер, сол Үрімжі қаласында жасырын ұйыммен тұрып, Іле соғысын жандандырушы, негізгі тірек басшылар: Ахмеджан Қасымов, Бұрхан, Шаһиди, Сейпидин Әзиз сияқты Шыңжаңның басты зиялы адамдары болатын. Осындай келісіммен қоршаудағы Тақия-жың үйезінің мың әскері ұзын, қара - сора подполковнигімен бірге айдалып, Үрімжі қаласына шығынсыз өткізіліп берілді.
5
Осыдан кейін, Шыңжаң үкіметі мен жергілікті аз санды ұлттар халқының ортасында әйгілі «11 бітім» шарты жүргізілді. Арада бірнеше ай өткенде 14-октябрь күні, Шұң шың қаласынан самолетпен, Шыңжаң үкіметінің жаңа басшысы Жаң-жы-жұң өз қасына бірнеше адам ертіп Үрімжіге келді. «11 бітімдегі» талас-тартыс түйіні Өлкелік өкімет құру мен, Шыңжаң армиясын өзгертіп құру болғандықтан, генерал Жаң-жы-жұң өз жанына белгілі майталман Гоминдаңшыл ақсүйектер: Лияң-хан-сау, Шың-ши-ен, Уаң-зың-шендерді бірге ала жетті. Бұлар Шұң шың қаласындағы Гоминдаңның Орталық өкіметін билеген Жаң-қай-шының жіберген сайыпқырандары еді. Ұзаққа созылған кеңестің талас-тартысы барысында аз ұлт өкілдерінің талабынан белі қайысқан Жаң жы жұң талай рет Шұң шың қаласына барып, Жаң-қай-шыдан жол - жорық алып келді. Үш уалаятшылар да Ілеге екі дүркін самолетпен барып, Құлжа қаласында кеңес құрып қайтты. Жетпіс күнге созылған талас-тартыс ақырында «11 бітім» тектісі әрең бекітілген. Өлкелік өкімет құрудың алғашқы шарттары мақұлданған.
«11 бітім» 1. Шыңжаң халқына өздеріне сенімді адамдардан жергілікті сайлау - сайлану құқығын беру. Бұл үшін оқиға іске асқаннан бастап 3 ай ішінде әрқайсы ауданның халқы өздеріне кеңес мүшелерін сайлап, аудандық кеңес құрады. Сол арқылы аудандық өкімет басшысы — Әкімді сайлайды. Орынбасары екеуін. Өлкелік өкіметтің бекітуіне ұсынады. Ал аймақтық үкімет — «уәли мекемесінің» қызметкерлерін сол аймақ басшысы — уәли өзі тағайындайды. Және өлкелік кеңес мүшелері сайланып, ол халықтың мұң-мұқтажы үшін жаңа республикалық өкіметке ұсыныс жасап, оны бақылап, әрі сол жұмысқа көмектеседі. 2. Үкімет діни кемсітушіліктерді қалдырады. Халыққа дінге сенуге толық еркіндік береді. 3. Мемлекеттік жұмыс тілінде қытайша мен ұйғырша жазу тең қолданылады. Өкіметке ұсынған түрлі байланыс - хаттарда өз ұлтының жазуын ғана қолдануға рұхсат қылынады. 4. Бастауыш, орта мектептерде өз ұлтының тілінде сабақ өтіледі. Орта мектепке қытай жазуы. тілі тиісінше кіреді. Жоғары оқу орындарында мұқтажына қарай тең оқытылады. 5. Өкімет ұлттық мәдениет пен өнеркәсіпті еркін дамытуды белгілейді. 6. Жиын өткізу, ондағы сөз еркіндігін белгілейді. 7. Алым-салықты халықтың әл-ауқатына қарап белгілейді. 8. Саудагерлерге ішкі-сыртқы сауда еркіндігін береді. Тек шет елге сауда жасаушылар үкімет пен шет ел ортасындағы шартнамаларға бағынады. 9. Шыңжаң өлкелік өкіметінің құрамын Орталық өкімет толықтайды. 25 мүшенің оның Орталық өкімет дайындайды. Қалғанын жергілікті аймақтар ұсынып, Орталық өкімет бекітеді. а)Орталық бекітетін 10 мүше: 1. Басқарма. (Шың - жаң үкіметінің басшысы) 2. Бас хатшы. 3. Ішкі істер министрінің бастығы. 4. Қазына министрінің бастығы. 5. Тұрмыстық істер қажетін өтеу басқармасының бастығы. 6. Оқу-ағарту министрі назараты. 7. Құрылыс министрі назаратының бастығы. 8. Мәдениет басқармасының бастығы, сияқтылар. 9. Ұлттық армия құруға рұқсат етіледі. Оны тек аз ұлт әскерлерімен толықтыру шарт. 10. Оқиға жүз бергеннен тартып екі жақтағы түрмеге және тұтқынға алынған адам 10 күн ішінде босатылып, оларды бұдан былай бұрынғы «жазасымен» кемсітіп - қорламауға кепілдік беріледі.
Орталық өкімет өкілдерінің басшысы генерал Жаң-жы-жұң.
Шығыс Түркістан, үш аймақ уәкілдері: Ахмеджан Қасыми, Ысқақбек Мінінұлы, Әбдікәрім Аббасұғлы, Дәлелхан Сүгірбаев, Жағда Аталықұлы. Бірақ Тарбағатай аймағы жартылай, Алтай аймағы әлі де түгелімен дерлік Гоминдаң әскерінің қолында тұрғандықтан, алдағы жаз үш аймақты тазалау кезеңіне арналған жоспар өз күшіне не бойында қалды... 1946 жылы 1-айдың 2-күні әйгілі «11 бітімнің» толық тексті бітіп, өлкелік өкімет құрудың алғашқы шарттары мақұлданды. Осыдан кейін тағы 5 ай табандаған сұхбат өткізіліп 1946-жылғы 6 айдың 6 күні Шыңжаңда ресми «Шығыс Түркістан» атты тарихқа мағлұм, іргелі республиканың құрылғандығы соңғы мөрі басыла бекітіліп жарияланды. Жаңа өкімет басшысы, генерал Жаң-жы-жұң «батыс-солтүстік әскери мекеменің бастығы деген атпен дүмін таққа тигізді. Орынбасарлары аз ұлт өкілі Ахмеджан Қасымов, Бұрхан Шаһиди. Екі жақ бірлесіп өткізген Ұлттық армия сайлауында «Үш Аймақ» төңкерісіне қатысушылардан үлкен әскери лауазымға ие болғандар қатарында Іле аймағынан: Ысқақбек пен Әбдікәрім Аббасұғлы генерал шенін бірден алған. Ал баяғы Нылқы полициясының бастығы — Рың-дау-сының орынбасары, өзі Іле соғысының көсемі — Әкбардың жанқияр досы Нүсіпхан мен сол Нылқы түрмесінен босап шыққан ұзын, сылыңғыр қара жігіт Қазыхан полковник дәрежесін еншіледі. Мақсұт пен Қарымсақ та құралақан қалмай, даңқы жер жарған осы бір жиналыс залынан сары ала киімді қосарланған подполковник болып шықты. Тарбағатай аймағынан Аталықұлы Жағда полковник дәрежесін иелеген. Бұл кезде Алтай аймағы да азат етілгендіктен Дәлелхан Сүгірбаев армия генералы атағын алды. Бірақ міне, осы тұста қайталанбастай үлкен өкінішті іс өтті... Тарихқа мәлім «Үш аймақ» төңкерісінің қайнар көз, ошағы — Іледегі «Тас түлек» ұйымының ірге тасын қолымен қаласқан ер жүрек Фуже сайлауға ырза болмағандықтан бүкіл Шыңжаңды елең еткізіп, өзін-өзі буынып өлуге қиған!... Бұл деген — ұрпақтан-ұрпаққа қаларлық, анық бір орны толмас өкініш еді! Басқарушылардың жеңіс буына масаттана, дандайсып, тояттануынан туған, ізгі ниетті ұрпақ алдында кешілмес кінәсі амал жоқ, қолдан жасалды! Өз дүмі жұмсақ көпшікке тие бастағандар орталарында жалқы жүрген қалмақ төңкерісшісінің сөз иелері бола алмаған! Кеше жалғыз оқтан жаны қалғандарын бүгін ұмытып, өмірмен ажал ортасында тізе қосқан қандыкөйлек достарына қамқор бола алмағанын айғыздап тарих бетіне жазған! Басқаларына лайық болған «генерал» атағын еске алғанда, Шығыс Түркістан халқы алдында, және тапжылмас тарих алдында атақсыз, бірақ өршіл, қайсар, генерал Фуже емес пе!!! Бір кездегі атышулы Жоңғар қалмағының ендігі сарқыншағы болып, сай - сайда қалған Шыңжаңның аз ұлттарының бірі, осы Торғауыттардың тағдырын соның адал перзенті Фуже асқан қамқорлық, жанашырлықпен ойланушы бола жүріп, ұлт-азаттығы көтерілісін бастаушының бірі болған жоқ па еді? Байқап қараса, мына сайлаудағы қазақ, ұйғыр, татарлар ең діттеулі орынның бәрін өздері бөліп алып, бұған өз ұлтының тағдырына ара түсе жүрерліктей мерей қалдырмауы бүркіт киелілігі туралы тәмсілді еске түсіретін. «Бүркіт балапанын бір ұядан қатарынан үш жыл алмайды» деген сөз бар. Өткен екі жыл бойы бірдей балапанын алдырған ана - бүркіт үшінші жыл тағы сорласа ыза долдығының күйігінен биік аспанға шарықтап айналып, шырқай шығып алып, өз басын өлімге тігіп бірден тік төмен құйылады дейді!... Сол екпінімен келіп өз ұясын соғып, мерт болады-мыс. Тап сол сияқты өз жолдастарынан Фуженің де ең шешуші, ақтық реткі көңілі қара жердей болған! Айтар ауызға Шыңжаң өлкесінде «Шығыс Түркістан мемлекеті» құрылғанымен, аздар мен әлсіздер үшін, осы олқылық мұнан былай да бас сұға беретін созылмалы індет болатынын, әділетсіздікке төзбеген қайсар Фуженің осы өлімінің өзі-ақ әйгілеп тастаған!!!
Бірінші кітаптың соңы.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру