Көптомдық шығармалар жинағы 4-том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ұзақбай Доспанбетов
УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-44 Д 64 «Мəдени мұра» бағдарламасының аясында Алматы облысы əкімінің қолдауымен жарық көрген Доспанбетов Ұ. Көп томдық шығармалар жинағы. / Ұзақбай Доспанбетов. – Алматы: «Ой-Сана» баспасы, 2011. Т.4: – 344 б. ISBN 9965-22-353-Х Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтың көптомдық шығармалар жинағының төртінші томында – бір кезде атақ-даңқтары жер жарған екі мəрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов, Еңбек Ері Əбдіқадыр Дайыров жəне олардың үзеңгілестерінің, ауылдастарының тірлігі, сүйініш-күйініштері арқылы замана бейнесі шеберлікпен суреттелген. Əрі мұнда кешегі ғана емес, бүгінгі күнге, болашаққа қатысы бар көптеген философиялық ойлар түйілген. Сосын да бұл роман-диология өз туған халқын сүйген, сезімтал оқырманды бей-жай қалдырмас деп үміттенеміз. УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-44 ISBN 9965-22-353-Х ISBN 9965-22-349-1 © Доспанбетов Ұ., 2011. © «Ой-Сана» баспасы., 2011 Д 64
БIРIНШI ТАРАУ Күн ұясына тақай бере бiр кемпiр ауыл сыртына шығып, өрiстен қайтқан сиырларды күтiп отыратын едi. Маужырап, сарғайған жазғы далада жападан-жалғыз тарғыл тастың үстiнде ұйықтаған адамша мелшиген бұл жан иесiне кiм-кiм де тосыннан қараса, өз көзiне өзi сене алмасы хақ. Бұл жақтың дағдысынша күнi еңкейген шағына лайық кимешек кимей, басына тартқан орамалының шет пұшпақтарынан ақ шаштары дудырап шығып тұр. Жə, онда тұрған не бар, бəрiнен де қысқа бешпент пен шалбар киген түрiн көрсеңiз. Иə, кəдiмгi бешпент пен шалбар, ер адамдардың күнделiктi күйбең тiршiлiкте үстiне жапсыратыны. Осы жастағы кемпiрлердiң өңi түгiл түсiнде жасамайтын қылығы ғой. Көргенге сенбеске лаж жоқ. Көзiңдi уқалап, ашып-жұмып, неше мəрте қайта қарағаныңмен қарсы алдыңда əуел баста байқағаныңдай қалпында мызғымай отырса қайтерсiң, көресiң де иланасың. Қолында қабығы аршылған ағаш таяқ. Ұстайтын басы əдейi иiлгендей, бiр бұтақтың екiншi бұтаққа бiткен жерiнен жетiлiк əрiпке ұқсатып кесiлiп, шыбын тайып жығылардай майпаздап жұмырланған. Кемпiрдiң қимылды сүйетiн саусақтарының бiрiнен екiншiсiне өтiп, таяқтың өзi-ақ сынапша сырғып тұрған сияқты. Кейде тағы бiр үскiлеп, жылтыратып жiберетiн жерi бар ма деп, быртық бармақтарымен жоқ бұдырды ұзақ iздейдi. Анда-санда басын көтерiп, табынның көрiнетiн жағына қараса көлкiлдеген жанарында осынау бейуақ шақтың көлеңке сiндей бiр тұнжыраңқы рең түйiлiп, адамның жанын ауыртатындай. Көз айналасында, күнге күйiп қара кесектенген өңiндегi əжiмi айқышұйқыш тарта салған тарақ iзiне ұқсап, қатарласа жоғары-төмен жосылып түскен. Мұрны тəмпіштеу, iшке түйген бiрдемесi бар адамша ерiндерiн жымқырып, екi бетi сол əжiм қатарларын сəл бұза шұқырланып тұр.
Басындағы кiршең ақ орамалы сарғыш тартқан. Қара бешпентi мен шалбары да тозығы жеткен дүниелер, бiрақ жыртылыпқақырап тұрған ештемесi жоқ, бүтiн. Тек жуан сұрғылт мата белбеуiнiң əр жерiнен жiбi тарқатылғаны көрiнедi. Ширатыла қатты тартқандықтан ол да əзiрге iске татырлық қасиетiнен айырылатын емес екен. Белi мығым буылған. Еркекше киiнген кемпiр бұл маңға бара-бара тым ерте келетiндi шығарды. Бақташы табынды əбден кеш батпай ауылға айдамайтын. Ал мынау күн екiндiден ауа-ақ өзiнiң күнделiктi тарғыл тасына келiп жайғасады. Ешкiмге зияны жоқ тосын дағдыларға жұрт алғашында елеңдескенмен, үйрене келе назар аударуды қояды ғой. Бұл кемпiрдiң өзi ауылда жұрт көзiне əмсе түсе бермейтiн. Осы қылығын тiптi көп ешкiм аңғармады да. Ауыл сыртына аттылы, жаяу шыққандар жалғыздан-жал ғыз жапырайған кемпiрдi байқағанмен бара-бара олардың көзiне бұл жабайы өскен ағаш, бұта, не теңкиген тас сияқты осы даланың өзiмен бiрге жаратылған жансыз бедерiне ұқсап, əлдеқашан есептен тыс қалды. Ендi бiрде ол кемпiр жалғыз емес, екеуге айналды. Осы тұстан өтетiн жол үстiнен қарағанда қос қарғадай шоқиған бұлардың тұрпаттары тым жұпыны. Қастарына барып, осы отырыстарының мəнiн ұғуға ешкiмнiң iшкi түйсiгi, ынтасы шаруа қамымен асыққан бағыттарынан бiр сəтке де бөгей алған жоқ. Алғашқыда еркекше киiнген кемпiрдiң қасындағы кiм деп, соған елеңдесiп, оны танығасын қайтып бұл жаққа қарауды да қоятын. Бiрақ бұл ынтаның өшуi уақытша екен. Жалғыздан гөрi екеудiң бөлежарылуы сыртқы дүниеге əлдеқайда күдiктi көрiнбек қой. Ендi ше? Бұл екеудiң оңашадағы жыры ай емес, апта емес, жылға созылды. Колхозшылардың жекеменшiк сиыры ерте көктемнен қыс қары бекiгенше өрiске шығарылатын. Еркекше киiнген кемпiр тек осы аралықта ғана кешкiлiк ауыл сыртынан сиырын күтiп алатын. Ал қыс айларында əркiмнiң жекелеген сауын малы қора төбесiнде шошайған шөбiне қарап, қолда бағылады. Бұл кiсi де өз сиырын өзгелердiң еңсесi биiк əсем үйлерiнiң қасында жұпынылау көрiнетiн, енi мен ұзыны бiрдей, сырты көптен əктелмегендiктен басындағы орамалдай о бастағы түсiнен айырылған, осы колхоздың орталығы үшiн тым қораш баспанасының тасасындағы кiшкене қорасында ұстайтын. Далада борасын жүрiп, суық соққан ұзақ түндер мен күндерде ол сыртқа əлдеқалай елегiзген көңiлмен өздiгiнше аттап басқан
емес. Тек осы сиырының қамымен, оған су беру, шөп салу үшiн ғана шығатын. Тағы анда-санда кездейсоқ бiр əйелдер əлдеқандай шаруасына болысуға шақырса ғана жинала бастайды. Қорадағы сиырына бiр көз салып, оның өзiне бұрыла қарағандағы түрiнен тыныштық белгiсiн танығасын ғана көше жаққа беттейтiн. Соңғы жылдары мұндай шақырулар азайып барады. Əйелдер еркек киiмдi кiсiге күдiк көзiмен қарайтын болған. Ендi өз үйi, өлең төсегiнде омалатын уақыты ұзарған сайын сонау жаз күндерiнде бұл өрiстен қайтқан сиырын күткенде қасына келетiн екiншi жан иесi жиiрек қатынады. Тек қыс айларында бұлардың жолығысулары көзден тасада өтетiндiктен ешкiмге байқалмады. Көршi-қолаң танып-бiлiп жүрсе де мəн бермеушi едi. Əңгiме малды өрiске шығаратын кез туғанда басталады. Еркекше киiнетiн кемпiр жылдарға созылған дағдысынан танбады. Тағы да күн батудан көп бұрын елден ерек ауыл сыртына шығып, өрiстен қайтқан малды күтедi. Мұның еш сөкетi жоқ. Тек екiншi бейбақ қасына кəрi сүйегiн сүйретiп неге келе бередi? Екiншiсi – еркекше киiнген кемпiр сияқты алабөтен бiреу емес, кимешегiнiң жағына жалпақтығы төрт елiдей қып-қызыл кесте тiгiлген, əрi жылтырауық маржан тастармен безен дiрiлген, киген көйлегi де қымбат, əдемi ақшыл өңiнде қалайда жақсы өткерген өмiрiнiң сəулесi жүгiрiп тұрады. Тек жасына лайық бұл да күнi еңкейген адам. Мұның өз сиырын ауыл сыртында күтiп алатын еш ретi жоқ. Баршанiкi сияқты бiрдi-екiлi iрi қарасы қалың табынмен ауыл шетiне кiргесiн, өз үйiнiң тұсынан бұрыла салады. Еркек киiмдi кемпiрдiң дағдысы бiр жайдан түсiнiктi де. Оның ауылдың кəрi-жасына тегiс белгiлi асау мама сиыры бар. Бетiмен бiр кетсе бiраз елдiң бақшасын, ондағы жүгерiсi мен күнбағысын кесiп өтiп, мəремдеп бiр-ақ оралатын, əрi оны артқы бiр аяғын арқанмен байлап, көтерiп қойып сауатын. Бiрақ сүтi ағыл-тегiл мол едi. Жалғызiлiк кемпiрдiң жыл бойғы азығы осы малының майы мен құрты. Бiреу шақырғанда болмаса, еттi сирек жейдi. Нанды да опырып бара жатқан жоқ. Кейде жал ғыз құртпен сораптап отырып, ұзақты күнге шəй iшетiн. Қай заманнан екенi белгiсiз, əйтеуiр бүйiрлi сары самаурын мен маңдайында, бауырында жапырақ-жапырақ ағы бар, терiсi сар ғыш, тек жотасына қарай қоңырқайланатын, сүйектерi адырайған, дəу сиыр екеуi – кемпiрдiң қос ырысындай едi. А, айтпақшы, құлағы салпиған, жүндес қызыл итi бар. Есiк алдында бiлектей шынжырға неге байлайтыны белгiсiз, əйтеуiр
соншама жуас неменiң «əуп» деп, жан баласына үргенiн ешкiм естiмеген де шығар. Көбiне бауырын күнге ашып тастап, шуақтайды да жатады. Үйге бөтен бiреу келсе ерiншектiкпен басын əрең көтередi де, қайтадан ары қарай сылқ түседi. Кемпiр итiн аш қалдырмағанмен оған көп мəн бермейтiн. Кейде бұл итке көршi əйелдердiң жуынды əкеп құятыны, сүйек-саяқ тастайтыны бар. Кемпiрдiң өзiнiң бар баптайтыны, алаңдайтыны жалғыз мама сиыры. Бұл малының тағы бiр ерекшелiгi – төрт емшегiнiң бiрi кемiс. Одан сүт шықпайды. Осыдан үш-төрт жыл бұрын қой соңындағы бiреу ат сабылтып кеп, кемпiрдiң бiрер жұма ши тоқып, киiз басуға болысуын сақалын алдына жайып салып өтiнген. Апыр-ау, соншама құлдық ұрып, кiшiреймесе қайтер едi, бұл айттыратын қыз емес қой деп ойлағаны əлi есiнде. Өлердегi сөзiн айтпай-ақ жаймен сөйлесе де бұл көне салмай ма? Сиырын өзi келгенше ертелi-кеш саууды жақын бiреуге сенiп тапсырып, кемпiрдiң өзi келген кiсiмен кете барған. Ал сенген аламы қайттi дейсiң? Иесi таптап жеткiзген сөздi əңгүдiк басы қалай ұмытқаны белгiсiз, сиырды сауарда артқы аяғын арқанмен тым бос байлапты. Жазған неме емшекке қолын соза бергенде шəлкес малдың бiр тұяғы маңдайдан кеп сарт етедi. Сол жерде талып түсiп, есiн жиған соң «байтал түгiл бас қайғы» болып, сиырды саумастан, не бұзауын ағытпастан бəрiн иесiз қалдырып, тайып тұрады. Бұл жай басқа бiр көршi əйелдiң басына жеткенше, екi тəулiктен асып кетедi. Бауыры аққан бұлақтай мама сиырға бұл оңайға соқсын ба, ақыры бiр емшегi кемiс боп бiтедi. Тек одан құтты жануардың берерi азайған жоқ. Қалған үш емшектен шығатын сүт те кемпiрдiң жыл бойғы жейтiн майы мен құртына жетiп жатты. Бауырында ырзығы көлкiлдеген, бiрақ мiнезiнде шəлкестiгi бар жалғыз сиырын сонау ел-жұрттан аулақ, ауылдан тысқарыда күтiп алуы сондай бiр қажеттiктен едi. Ал екiншi кемпiрдiкi не? Онсыз да жұмбақ жəйттi ащы iшектей одан əрi созбай бiр қабатын арши сөйлесек, екiншiсi – еркекше киiнгеннiң туған сiңлiсi едi. Иə, солай. Мүмкiн бұларды елжұрттан аулақ, сонау айдалада шүйiркелестiретiн бiр-бiрiн iштей жалғастырған туыстық желi шығар. Əлбетте, олай емес. Сонда қалай? Қырық-елу жылдай алыстан да, жақыннан да бiрiн-бiрi көрмеген, мiнез-құлық, тұрмыс-тiршiлiк, тағдыр-талай жөнiнде өзара үйлестiктен таза тақыр, сонау алыс терiстiктiң көкше мұзындай бiр-бiрiмен əбден суысып бiткен қырқылжыңдардың
ойда жоқта ара жiгi ажырамас егiзектердей ауыз жаласа кеткенi несi? Бұған кiм түсiнiк бере алады? Түсiнiк бергiсi келiп, адағайлап шыққандар да табылды. Тек олардың тауаны тез шағылды. Қос кейуана əлдекiмдердiң жымын бiлдiрмей өздерiне қарай жылыстағанын сезсе-ақ алдынала уəделерi бардай-ақ сөздi шорт кесiп, ерiндерiн жымқыратын. Бұл үрдiс күдiк атаулыны одан əрмен маздатты. Қалың орманның ит тұмсығы батпас жыныстарына адам аяғы бiрте-бiрте ұзарады ғой. Ендi екi кəрiнiң құпиясын ашпаққа белдi бекем буғандардың да төбесi қылтиды. Бұл ауылға сiңiскенiне көп болмаған, ешбiр еркектiк ақыл-қайратқа жоқ, тiрлiгi берекесiз Саймасай дейтiн бiреу қайтсем жұрт кəдесiне жарап, құрметiне бөленем деп, əр нəрсеге бiр соқтығушы едi. Iздегенге сұраған дегендей, екi жасамыстың көрден шыққан аруақтардай оңаша сұхбаты, ол хақындағы жұрт гуiлi мұның да құлағына жетiп, iшiн үңгiдi. Ақыры, ол осы жұмбақты шешуге ниеттендi. Екi кемпiрдiң отырғаны егiс ортасындағы аралдай алабөтен мекен едi. Күздiк себiлген жазық танаптың жол жақ шетiн ойып алғандай теңкиген тастары мол, мал тұмсығы тимеген қалың қурайы сарғая иiлiп, алыстан қарағанға алтын жалы күдiрейiп, желп-желп ететiн көтерiңкi тұс. Мұнда көбiне алабота мен шашыратқы өседi. Еркекше киiнген кемпiр алаботаның пiскен басын алақанында үгiп, желге ұшырып, қап-қара дəнiн ажыратады да күнге жылтырата тамашалайды. Маңдай алдарында жатаған Ешкiөлмес пен Лабасы таулары. Ешкiөлмес өлген тышқанның жотасын еске салады. Түсi де, пiшiнi де. Ауыл жақ бетiнде жаңбыр суы тоқтамайды, түстiгi де, терiскейi де солай, алғашқы жаз айларында-ақ шөбi күйiп кетедi. Өмiрi талшық бiтпеген қуаң тауға ұқсайды. Тек жанарына күш түсiрiп, қадала қараған адам ғана Ешкiөлместiң бұйрат-бұйраттарын қуалай бiткен егiн iздерiн көрер едi. Жауын-шашынды жылдары колхоз одан мол астық алады. Аспаннан тамшы тамбай безеретiн жаз туғанда ол қиырға колхоз басшылары селсоқ қарайтын. Лабасы Ешкiөлместiң түстiк жағында, оған жал ғас көрiнгенмен əрiрек тұрған тау. Бұл биiгiрек те. Көбiне көлеңке түскендей қарауытып көрiнедi. Ылғал мен қуаңшылық оның бетiне еш белгi салмайтындай. Кемпiрлер жайғасқан тұсқа таяу өтетiн, «Шұбар» мен «Жаңалық» колхоздарын жалғастыратын жолдың екi жағалауына ұсақ талдар өскен. Осы көктемде ғана отырғызылған олар, мiне, күз айы туды, əлi жөндеп көктеп те үлгермегендей. Суға
жарымады ма, жоқ, жаңа топыраққа бой үйретпедi ме, əйтеуiр жаз бойы жапырақтары тым ұсақ шықты. Жолдың осы бөлiгiнде мектеп оқушылары жапа-тармағай тал еккенде олардың мұғалiмдерi көп көрiне бермеушi едi. Əрi дауыстары да естiлмейтiн. Тек алыстан дүңк-дүңк ететiн колхоз бастығының ғана үнi жететiн. Сол дүңк-дүңк дауыс еркек киiмдi кемпiрдiң тұла бойын ұзақ сораптап шəй iшкендей бусандыратын. Көңiлi де көтерiлетiн. Мынау дүние, өткен өмiр, бəрi жаңа қырымен төңкерiлiп, кəне, бiздi көрiп, рахаттаншы дегендей, кемпiрдiң өзiне ғана таныс белгi берушi едi. Ол дүңк-дүңк еткен дауыстың қазiр басқа жерде екенiн кемпiр жақсы бiледi. Соны да көңiлiне медеу тұтады. Өмiрi бала таппақ түгiлi, жар қызығы дегеннiң не екенiн де дұрыстап түйсiнбеген ол құлағына жеткен дауыстан iшiндегi неше қыртыс қасаң орамдарға буулы аналық мейрiмiнiң оянғанын байыптайды. Көп өмiрдi өзiнше өткерген, көп болмыс хақында өзiнше қалыптасқан берiк байламы бар бейбақ осы халiнiң тасасында қаншалықты тағдыр қасiретi жатқанын ешқашан ақыл сарабына салған емес. Тiптi кесе-көлденең тартсаң да ажал сұсынан шошынғандай көзi мен көңілiн ала қашып, бiр қайырылмай-ақ қойған шындығы осы. Ол шындықты салақұлаш қылыш етiп, жас кезiнде бұнымен шайқасқандардың талайы өттi дүниеден. Олардың сүйегi қурағалы да қашан. Қазiр оны ескертiп жатқан да ешкiм жоқ. Бұл мəселеде құлағының тынышталғанын бiр басына артық бақыт санаған. Əлi күнге солай. Тек мына сiңлiсi ғана əлi ешнəрсенi ұмытпаған ба, өшкен оттың қоламтасын үрлеп, апасының көкiрек сүйегiн күйiкке шалдырғысы келедi. Шамасы жетсе тiптi өртеп жiберердей жер тепсiнедi. Сонда не таппақ? Еркек киiмдi кемпiр өз сiңлiсiнiң ол əрекетiн шам төңiрегiнде қалбалақтай ұшқан бейшара көбелек тiрлiгiне балайды. Саймасай ұсақ талдар егiлген жолмен келiп, берi қарай кiлт бұрылды да екi кəрiнiң арт жағындағы бiр тасты паналаған. Тек еңбегi еш. Сағаттап жатып, сөздерiн тыңдаса да одан еш қорытынды шығарып, мағына түйiндеуге қауқарсыз. Еркекше киiнген кемпiр сiңлiсiне: – Күздiң уағы ғой, бəрi сарғаяды, Сəкүн. Құс екеш құс та, əне, қарашы, ұшып келе жатып, тұмсығын желге берiп, қыс қарының бұл жаққа қадам басуына қанша уақыт барын мөлшерлейдi, – дейдi. Мұның даусы жуан, сөз саптасы да еркек тақiлеттес.
Сəкүн: – Менiң алғашқы күйеуiм Қапас, жарықтық Шөкiмнiң үйiндегi шiлдеханада, шiркiн заман-ай десеңшi, сыртта қар борап тұр, жастарға арнап қалай болса солай тiгiле салған қоста желбегей отырып, өзiмен айтысқан ақын келiншекке арнап, ай, өлеңдi аңыратты-ау! Уықтарын қалың қарға шанши салған қос немене, туырлықтары да қайбiр оңды деп ең? Далада отырғандаймыз. Жасыл барқытпен тысталған қасқыр iшiкке оранған бiз жаурап отырмыз. Ал Қапас өлеңнiң қызуымен бода-бода боп терлеп барады. Тiптi əуелде сырт киiмiн шешiп тастады емес пе? Жұрт сонда жағасын ұстады. Өлеңнiң аруағы қонған шығар дестi бұған. Айтса айтқандай-ақ. Ана келiншектi бəлем шаққа келтiрмей жеңiп, өзiмен қайтып айтыспастай қылды ғой. Лағыл: – Тас кесектей атылған құста дəнеме жоқтай көремiз. Жұдырықтан да кем бозша торғай тəңiрдiң ол да бiр жаратындысы емес деп қалай айтарсың? Шыбын-шiркей қуып, əуеде ойнап, балапанын асыраған қарбаласы қандай əсем? Ол жартымсыз нəрсе болғасын да көңiл қоюға қырсызбыз. Əйтпесе, сол айтып ауыз толмайтын торғайдың өзiнде маған кең сарай дүние жатқандай болады. Танадай жарқыраған көзiн көргендеймiн кейде. Оның көзi танадай емес, тарыдай ғана. Сол тарыдай көз көре бiлгенге танадай болып, шақырайып жанады. Қыстың қыс екенiн бiледi, жаздың жаз екенiн бiледi. Кейде адамның терiсi сезбегендi оның терiсi сезетiнi болады. Оған пiшту деп қарау құдай сүйер қылық емес. Сəкүн: – Қапасты қойсаңшы, жiгiттiң төресi едi ғой. Қанды көзiн жайнатып, қыран бүркiт ұстайтын. Аузымен құс тiстеген тұлпар ат, құмай тазы өмiр бойғы жолдасы боп кеттi ғой. Бүркiтiн тұғырға қондырып, сəндi киiнiп, аңға аттанып бара жатқанда төңiректегi үйлердiң кəрi-жасы тегiс сыртқа қотарылып қарап тұрар едi. Қапас аңнан оралмай жатып-ақ, бiразы бiздiң үйге жиналып, өздерiнше ырым əкелiп, ақ тiлеу айтқансып, «Қапасжанның бiр түлкiсi менiкi», «Қасқыры менiкi», «Сəкүн келiнiмнiң қолы ашық, қоянынан болса да құр қалдырмайды» десiп, əлi көзге көрiнбеген ырысты өзара еншiлесiп, бiздiң үйдiң шаңырағын аспанға көтеретiн. Қапастың екi қанжығасы сықап келсе бүкiл ауыл тойлайтын. Сол қыран бүркiт əлi есiмде. Қапас бауыздаған аңның жұмсақ етiн, өкпе-бауырын шоқып жеп отырғанда қасына
жақындасаң, басын көтерiп қараса көздерi керемет. Қанға тоймағандай өзiңдi iшiп-жеп бара жатады. Үрейленiп, тез керi шегiнiп кететiнмiн. Əйел адамның ондайға жүрегi осал ғой. Лағыл: – Бұл жаратқан ием не деген дана! Артық бiр нəрсе табылсашы. Бəрiн қиыстырып, келiстiрiп, алпыс екi ғаламды жарастырып қойған. Торғайы мен бүркiтi, арыстаны мен тышқаны, анау тауы мен мынау төмпешiктерi бəр-бəрi бiр-бiрiмен үйлесiп, үндесiп мынау дүниеге топ еткендей əрқайсысы өз орнын тауып, орнығып қалған. Кəрi басым қара жерге жеткенше осыған таңғалудан танар емеспiн. Сəкүн: – Қапас бұл дүниенiң бiтiм-нұсқасында кемдiк бар дейтiн. Кейде тау мен далаға ұзақ қарап, осы екеуiнiң орнын ауыстырса қайтер едi деп қиялдайтын. Ұлы кеуде ер-азаматтың көңiл көзi шалғанға бiзге ой жеткiзу қайда? Қапас ол сөздердi неге айтушы едi, күнi бүгiнге дейiн басымды неше шақсам да сол қиялының байыбына барған емеспiн. Осы тақiлеттес екеуара жарыс төңiрегiнде Саймасай не қорытынды жасай алсын? Сол еркекше киiнген кемпiр Лағылдың да, оның сiңлiсi, үстiне жапсырғаны кiл асыл, көңiлi жарым, кiрпияз Сəкүннiң де өмiр тарихын естiгенi бар. Саймасайша Сəкүннiң созатыны бəз баяғы жыр, атам заманда қыршынынан қиылып, суыққа ұшып өлген Қапас атты бiреудi күйттеп, қай əңгiменiң де арасына қыстыра бередi. Лағылдiкi де сол, қоңыр даусы күмбiрлеп, бұл үшiн дүниенiң тау мен тасы бəрi жарқырап, басқа ешкiмнiң көкiрек қуысына бойламайтын тамаша əн салып, атойлап тұрғандай масайрайды. Екеуара əңгiме желiсi осылай екенiне Саймасай өзiне құлақ тосқандардың бəрiн сендiргiсi келдi. Iстер шаруа жоқ, қолдары бос кəрiлер уақыт өткiзу үшiн айдалада осылай тiл мен жақтарына ерiк бередi. Бiрақ олар бiр емес, екi емес, құдайдың құтты күнiне неге оңашаланады, неге бұл дағды жылдар ға созылады? Адамдардың қартайған шақтағы өзара табатын жарастығы шығар деген оңай тұжырымға бұлар балталасаң сенбейдi. Осы ауылдағы көптi көрген ақсақалдардың өздерi апалысiңлiлi екеуiнiң арасындағы өмiр бойғы қатыбастықты əлi күнге жағаларын ұстап айтады. Əсiресе, Сəкүн бiр замандарда, бүгiнгiдей колхоз жоқ, ағайын-туған шашау-шашау отыратын уақытта осы ауыдың үстiнен сəн-салтанатты топпен өтiп бара
жатып, апасы Лағыл əл үстiнде жатқанын, құдайды ойласқан екiүш кəрiнiң күзетте отырғанын естiсе де кiрiп-шығуға ат басын iрiкпептi. Тiптi қазiрдiң өзiнде Сəкүн жұрт шақыр ған жерге бара қалып, онда Лағылдың жоқтығын көрсе апасының адам көргiсiз ұсқынын, оның небiр қылықтарының өңiн айналдырып, шаңын қағады да отырады. Жорғалаған кiшкене құмырсқаға да зияны жоқ сол пақырдан мұның таудай басы зорлық-зомбылық көргендей шаңқылдап, таусыла сөйлейтiнi де бар. Сөйткен Сəкүн күн құрғатпай кəрi сүйегiн сүйретiп, апасына неге бара бередi? Тiптi сонау ен аулақта тарғыл тастың үстiнде маңдайын құла дүзге берiп мелшиген аруақ бейнелес жанды көре алмаса, онымен дидарласпаса ас батпайтындай осынау дағдысын неге бұлжытпай сақтайды? – Жеңеше-ау, өйтiп зығырданыңызды қайнатар болса неге бара бересiз өзiңiз? Тiптi айдалада əңгiмелерiңiз таусылмайды ғой? – деп оқта-текте бiреулер сұраса Сəкүннiң де жауабы əзiр: – Ендi бармаймын. Бас кессең де жуымаймын, тойдым одан! Елге осылай дегесiн Сəкүн шынында бiрер күн бармайтын. Иə, тек қана бiрер күн. Одан арыға шыдауға жоқ. Белiн бекем буған күйi еңкiш кеудесi мен мойнын алға созып, талдан кесiлген, қабығы аршылмаған таяғын сермей тастап, Лағыл қайдасың деп, жөнеп бередi. Осыны көрген жұрт өз тiршiлiгiндегi опырайған жарықшақ, оппалары көп Саймасайдың сөзiн мүлдем қанағат тұтпады. Саймасай да өлермен: – Əй, сол екi көк-мылжыңның сырына неменесiн жерiк болдыңдар? Алжыған немелер не сөйлеп, не қойғанын өздерi де бiлмейдi. Əйтпесе, сол екеуi келiсе-келiсе осы елдi көшiрiп жiберер дейсiңдер ме? Уақыт өте бердi. Саймасай солай десе сол өткен уақыт мұның түйген түйiнiн де күлтөбедей үрлеп, жұқарта бердi. Апалы-сiңлiлi екеу дағдысына берiк едi. * Шұбар ауылы. Шұбар. Бұл атау қайдан шықты екен? Домбыра күркiлдетiп, кейбiр қисса-жырларды үзiп-жұлқып, өзiнше қиыстырып айтары бар бiлiмпаздардың жариялауынша осы маң өте ерте замандарда кiсi бойы қалың қурай басқан иесiз жер екен. Қурайы жай емес, əр сабағы ағашқа бергiсiз қатты, балтамен шаппасаң тамырымен жұлуға адамның əлi жетпейтiн, заты бөлек өсiмдiк тұқымынан екен. Ара-тұра өсетiн шоқ талдар
да теңiз бетiнен атқып көтерiлген толқын түйдегiндей кейбiрiнiң басы қауқиғанмен жапырайған болмысымен сол қурайдан мықтылық танытпайтын. Əрi олар сирек кездесетiн болғасын да қалыңның iшiнде жоталары жыбырлаған аңдарға ықтасын жасауға жоқ. Бəрiне жылу беретiн, жер бетiн жалап, жапырып кетердей екiленген ызғар, дауылдың өзiн беттетпейтiн, əрi алты ай жаз төбеден төңкерiлген көк аспанмен бiрге тұрып алатын аптап ыстықта сая жасайтын да осы неше жылғысы – қуы мен жасы қабаттаса атойлаған қалың қурайы екен. Ал оның арасын мекендеген аңдар көбiне мысық тұқымдастардан өсiп, өрбiптi. Жолбарыс, қабылан, барыс қана емес, бүгiнде көбiсiнiң аты да, заты да жоғалған сол мысық тұқымдастардың неше алуаны шұбарланып, жыртылып-айырылады екен. Қаймағы бұзылмаған аң патшалығы аспандағы алтын күннiң аясында неше ғасыр бойы ерен сұлулығымен жарқырап жата берiптi. Адам баласының көзi оған кейiн келе түссе керек. Терiсi шұбар, қара дақ, қара жолақтары мол осы тағыларға адамның есiл-дертi бiр ауғасын қиын ғой. Оларға қарап ең алғашқы садақ тартқан батырдың да кiм екенiн бұл күнде ешкiм бiлмейдi. Аңдар əулетiнiң тарих үшiн бар iстегенi осы аядай тұсқа «Шұбар» деген атау ғана қалдырыпты. Бiр кезде иесiз жатқан жерге қойылса, қазiр ауылдың, колхоздың атауы. Ұзынынан да, көлденеңiнен де жетi-сегiз көше кесiп өтетiн бұл орталық түнге қарай ауыр ұйқымен бүктүскен алып жануарға ұқсайды. Əлдекiмдердiң терезесiнде шам жарығы жылт етсе сол жануардың денесiндегi ояу ағзадай ол жарық бiр терезеден екiншi терезеге көшедi. Бiрақ екi терезенiң қатар жануы сирек. Ұйқыдағы алып жануардың ояу ағзалары əр жерiнде ұшырасатыны сияқты мұнда да жарық үлкен қадам жасап барып əр тұстан бiр көрiнедi. Бүгiн де ауылды қалың ұйқы басқан түн. Үрген иттiң де да усы шықпайды. Жақтары семiп, таң ата бұрқ көтерiлетiн жұрттың тiршiлiк ыңғайына бұларың да көндiккендей. Тек терезесiнен от көрiнген үйдiң итi шабына шоқ түскендей шабаланады. Бiрақ оның да басылуы тез. Құйрығын артына қысып, тым момақан күйде, мүлəйiмсiп қорасына қайта кiредi. Ендi үйдiң төңiрегiнде не ойран орын алса да ол қайтіп «əуп» демейдi. Таңғы төрттiң кезi. Ерте күздiң уақыты, түннiң ұзарған шағы болғасын ба, таң белгiсiнен еш хабар жоқ. Айнала қап-қара шуданы басы-көзiне орап, тас бүркенiп жатыр. Тықыр еткен дыбыс та, түн құсының үнi де естiлмейдi. Тап осы сəтте бəрi де
тыныштықты қалап, ұйқының терең тұңғиығына сүңгiп, бетке салқын тиетiн сұп-сұр ауаға дейiн қозғалмай тұр. Түн дүниесiнiң айтып тұрғаны бiр ғана жыр. Ұйқы, тағы да ұйқы. Көше ортасымен түн жамылып, бiр адам жаймен қозғалып келедi. Есiк, терезелерiнен ұйқыдағы адамдардың қорылы бiлiнетiндей əр үйге мойнын бұрып, үңiле қарайды. Кей бiреуiне əдейi кiдiрiп, жақындап барып, шарбағына асылып, ауласын бақылап, бiраз тың тыңдағандай тұрады. Қолына тас алып, көшеге қараған əйнектiң күл-паршасын шығармақ пейiлi бар екенi осы тастай қараңғылықта да секемдендiрiп, көзге ұратын сияқты. Басын кекжите жоғары қарауынан бұл бейтаныстың осы жүрiсiн ешкiмнен жасыратын да емес екенi аңғарылады. Ұры-қары бүйтiп баса-көктеп, төбеден қарауды əдет қыла алмас едi. Бұл кiм қалай ұйықтап жатыр деп, жұрттың тыныштығын ойлағанға да ұқсамайды. Қайта кей бiреу лердiң итiн өре түрегелтiп, шабаландырып кетедi. Мiне, ол зор денесiмен көшенi қақ жарып келе жатқан бойда бiр үйге кiлт бұрылды. Бұл жолы аулаға қарап аңдаған ештемесi жоқ, келдi де ақай-тоқайсыз көше жақ терезенi тықылдатты. Iште шам жанды. Сыртқы есiктiң ашылуын күтпестен, иттен де қорықпай солай қарай жүрдi. Үлкен сұр төбет даусын да шығарып үрмей, шынжырын сылдырлатып, берi жүгiрiп едi, келген кiсiнi танығасын ырылдаңқырап, ақыры онысын есiнеумен аяқтады. Шынжырын сылдырлатып жат қан орнына қарай қайта бүлкектедi. Бейтаныс тақағанда сыртқы есiк те айқара ашылды. Iштен көйлек-дамбалшаң адамның бүкiл денесi ағараң еттi. Екеуiнiң арасында гүбiр-гүбiр қысқа ғана сөз болды. Сөйттi де келген адам берi көшеге шығып, iштегi адам ары қараңғылыққа қайта сүңгiдi. Бейтаныс көп ұзап кетсе де жаңағы үйде жанған шам бiрден сөнбедi. Ол тағы да бiр үйдiң терезесiн тықылдатты. Онда да сырт қы есiктi ашып, iш киiмдерiмен ағараң еткен адаммен қысқа ғана күбiрлесiп, көше жаққа қайта бұрылды. Бұл үйде де шам бiрден сөнбедi. Бейтаныс ұзағасын əлгi екi үйден екi адам шығып, көше бойлап, түстiк жаққа қарай жүрдi. Ауыл сыртына жетiп, екеуi тоқайласты да ұзақ ақылдасты. Ақыры ең шеткi үйлердi жағалай шығысқа қарай өтетiн шаңдақ жолға түсiп, аяқтарын нық басты. Бұл екеуi алғашқы бейтанысқа қайтып ұшырасқан жоқ. Ол алғашқының келе жатқаны орталық көшелердiң бiрi едi. Сəл
жүргесiн ана екеуiн адастырып кетпектей көлденең жолмен батыс жақты бетке алды. Екi-үш көше өткiзiп барып, тағы бiр бұрылысқа жеттi де бағыт-бағдарын мөлшерлеп, бiраз бөгелдi. Бiрақ көп тұрған жоқ, тағы да тас жолға шығып, солтүстiкке қарай жүрдi. Екi жақта тiзiлген ұйқыдағы үйлер қараңғы түнек көздерiмен мылқау қарайды. Түн жамылған жан ендi тым баяу қозғалды. Əр үйдiң түртұлғасын, сырт нобайын, ауласын тегiс көз өлшемiнен өткiзiп барып, ары жылжиды. Кейбiрiне бiраз бөгелеңдейдi де. Мұндағы қай үй де əлдекiмдердiң саман кiрпiштен қаланған қарапайым мекен-жайы емес, сонау ескi заманнан қалған қиюы, бедерi мол, əдемi ескерткiштей мұның көзiн тартатыны несi? Оны мынау түнде бейтаныстың сырт ажарынан ашып-айыру мүмкiн де емес едi. Мiне, ол бiрнеше үйдi сараптан өткiзiп, келесiге жақындағанда iздеген нəрсесiн ендi тапқандай солай қарай тез адымдады. Бұл үй басқалардай емес, малды-жанды адамдар тұратынға ұқсайды. Ауласында кесiлген ағаш, үйiлген шөп, бiр атқа жегiлетiн қос тертелi жекеменшiк арба, əрi қораның iшi қазiргi уақытта тым ыстық болғасын сыртқа байлан ған iрiлi-ұсақты мал – бəрi алқасалқа шашау-шашау жатқан тынымсыз шаруа тiрлiгiнiң белгiлерi едi. Бұларды көргесiн бейтаныс бөгелген жоқ. Шарбақтың сықырлауық есiгiн серпе ашып, шалқайта тастады да, адымдап барып, терезе қақты. Бұл жолғы ұрысы жаман едi. Дəу ақ ит келе бергенде жерден тас алып оны ары қуды. Тас алды ма, жоқ па, əйтеуiр сондай қимыл жасады. Ақ ит мына бейтаныс терезесiн қаққан алғаш қы екi үйдiң сабалақ жүндiлерiндей естияр емес екен, ұясына қарай қаша берiп, шынжырын салдырлатып, қайта ұмтыл ғанда тiптi қаһарлы шықты. Бейтаныс адамның басына шапшып секiргенде бойы одан да биiктеп кеткендей азу тiстерi мен көмекейiнен бiрте-бiрте күшейiп, арпылдап шыққан үн темiр болса шайнап жiберер қайратпен булығып, сақ-сақ еттi. Бейтаныс оның жетер жерiнде тұрса да қозғалған жоқ, қолында тас бардай ауаны тiлгiлеп, арлан тiстердi дарытпады. Ақ иттiң шектен шыға долдануы бейтаныстың бұл күзеткен қақпаға баса-көктеп кiргендiгi үшiн емес, жөндеп қорғанбай-ақ, мұның осыншама екпiнiн құр қолмен жасқап селт етпеуiнен сияқты. Соған ғана шыдай алмай қиқылдап, ендi-ендi жарылып кетер түрi бар. Үйдiң арғы-бергi терезесiнде түгел шам жағылды. Сыртқы есiктен: – Ай, ай! Құттөбет! Жат! Құттөбет! – деп айқайлап, қартаң үй иесi шыға келдi. Құттөбет əп-сəтте шегiне жетiп қал ған екен,
оған да бағынбай бейтаныстың басына секiре ұзын шынжырды кергiлеп, жерге əлсiн-əлсiн көтерiп ұрып, қайтсе де алмай қоймас өлермендiкпен ұмтыла бердi. Өз итiнiң мiнезiн жақсы бiлетiн қарт бейтаныстың шынжыр жетер жерге кеп тұрғанынан қауiптенiп, долы мақұлық талап тастар ма екен деп жаны шықты. Бұл Құттөбетiмен арпалысып жатқанда бейтаныс өз шаруасын айта да бастап едi. – Алдымен мына арланыңды байла! Тоқтат тез, мынауыңды! Сенiмен сөйлесетiн шаруа бар! Баяғының сасық байларына ұқсап, қойны-қоншыңнан тер сасып кетiптi! Аздап жетiс сең-ақ отырған орныңды шөп-шалам қып жiберетiн, сөйтiп шалқаятын дағды ескi аурудай басыңа қайта соққан екен! «Қайта шапқан жау жаман»,– дейдi қазақ. Құрты қайта қозған сүйек тегi ауру да солай! Үй иесiнiң Құттөбеттi қайтаруға шамасы келмей жатыр. Бəрiнен де бататыны келген кiсiнiң темiрден жаралғандай-ақ ит жететiн жерде қақиып тұрып алуы едi. «Апырым-ай, сəл керi шегiнiңiзшi, мына көкжалды ұясына қамайын да, əуелде» деудiң жөнi бар болса да ондайға аузы барар емес. Иттiң арпылдаған үнi, өзiнiң онымен арпалысы ештеме естiртпестей көрiнгенмен жаңағы сөздердiң бəрi құлағын тесiп өтiп, пiс-пiстеп, миына, кеудесiне шаншылып жатты. Бұл кəрi кеуденiң қайратын да қайтарғандай. Итiне шамасы келмеуi де содан едi. – Мен сенiң өткенiңдi де бiлемiн, – деп бейтаныс сөзiн одан əрi дуылдатты. Ендi үй иесiне мынау төрт тағанын жерге терең сiңiрiп орныққан мекен-жайдың бiр тағаны босап кеткенге ұқсады. Дүниенi сел қаптардағы қара дауыл соққандай. Буындағы дiрiлге қажырмен ие болып, итiнiң даусын булықтыра, ұясына əрең қамады. Мұның өткенiнен бұл бейтаныс не бiледi? Бар өмiрi маңдайына құдай жазған ақ таяқты қолынан тастамай, бiр отар қойдың соңынан iлбумен өттi. Мұның бiр отарынан сан отар өрбiдi де. Еңбегi ерекше жанған кейбiреулердей көкiрегiне Алтын Жұлдыз тақпаса да, «сенiң өткенiңдi де бiлемiн» деп, əлдебiр тағылымсыз тiрлiгiн бетiне басардай мұның еш қылығы жұртқа əйгiленбеген. Бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн дегендей қарапайым ғана бiреу. Бiрақ жұрттың көзiне солай да, мына бейтаныстың көзiне мүлдем басқа. Мұның не нəрсенi тiлге тиек еткенiн үй иесi жақсы бiледi. Сосын да үндемейдi. Iштен кемпiрi, тағы осы жасы келген адамдардың өз ұлынан гөрi немересi деуге лайық тоғыз жасар бала шықты. Кемпiрдiң
шүйкедей ғана шашы дудырап кетiптi. Бəрiнiң соңынан ұзын көйлектi, белден төмен түскен қос бұрымының өрiмi бұзылмаған, маңдай шашының да түн демей үрпиiп тұрған ештемесi жоқ, шамасы тез тарап үлгерсе керек, жас келiншек жəне шықты. Ол табалдырықтан берi бiрден аттамай есiкте аялдаңқырап, iштен құйылған жарықты көлегейлей қалды. Алғаш шыққандар бейтаныстың барын ұмытқан сияқты. Үшеуiнiң ортасында «лəм-мим» деген сөз болмастан осы жер жүзi ашыла қоймаған шақта аула ортасында жұмыс басталды. Екi кəрi ғана емес, тiптi анау тоғыз жасар балаға дейiн мұның өзi көптен күткен зобалаңындай-ақ кiшкентаймын деместен сол екi үлкеннен қалыспай, тiптi оларға дем бере бұл да қимыл ға кiрiстi. Есiктiң сыртқы маңдайшасына iлiнген шам жоқ, тек андыздап терезелерден, сыртқы есiктен түскен жарық қана бар. Бейтаныс əлi сөйлеп тұр. Есiктен ең соңынан көрiнген жас келiншектi бұл танымады. Түстеп қарауға қиын, жарық арқа жағынан жанғандықтан жүзi қараңғы. Келiншек қолқабыс жасауды ендi ғана ойлады, шамасы, мынау апыр-топыр жағдайды əлi де түсiнбеген қалыппен табалдырықтан берi аттады. Таңғы ұйқының қайда қалғанын ұмытқан кемпiр мен шал, жас бала жəне оларға қосылған келiншек – төртеуi ең алдымен малдарды қораның көше жақтан көрiнбейтiн тасасына апарып байлады. Сосын шалдың өзi арбаның екi тертесiн ұстап, қалғандары артынан итерiп, оны да тасаға тығып жоқ қылды. Жұмыстың ең үлкенi кесiлген бөренелер екен. Ауырсынатын бұлар емес, шал мен кемпiр иықтарына салып көтере бастады. Баланың да бұдан дəмесi бар екен. Келiншек бiрақ оған тиым салды. – Сен тиiспей-ақ қой бұған! – Сөйдедi де соқталдай келiншек өзi тасуға кiрiстi. Бөрененiң бiр жағын иығына салып, екiншi жағын жермен сүйрете əкете берiп едi, сергек бала: – Тоқта, тоқта! – деп жарық төгiлiп тұрған сыртқы есiкке қарай зып бердi. Қайта ытқып шыққанда қолында жалпақ қайыс бар екен. Сонымен жерге сүйретiлген бөрененiң екiншi басын iлiп алды. Ендi келiншекке де жеңiл. Бейтаныс əлi сөйлеп тұр. Даусы таңғы салқын ауаның əсерiнен бе, қырылдаңқырап, бiрақ бiркелкi шығады. Бiр айтқанын екiншi рет қайталамайды. Əрбiр сөзi бiр-бiр жыртқыш құсқа ұқсайды. Ауыздан ұшқан бойда сап етiп, иыққа, не төске
сояу тырнақтарымен жабысып, еттi ауыртады. Ендi олар көбейе бастады. Қазiр бəрi жабылып, үй иесiн осы өз ауласының ортасынан бала-шағасының көзiнше көтерiп, сонау бiр қайтпас сапар, алыс қиырға əкететiнге ұқсайды. Үй иесi содан қауiптенiп, берiк болғысы келедi. Бейтаныс ит қамалғанмен манағы тұрған орнынан көп жылжыған жоқ. Төрт-бес бөрене əкетiлгесiн бəрiнiң қырпуын аңдыған ол сөзден жаңылғандай-ақ елең еттi: – Əй, андағыларды қайда апарасыңдар? – Сөйдедi де қораның арғы жағына қарай аршындай басты. – Мына қораның тасасына, басеке, – дедi екi балағы қос шоқпардай ағараңдаған қарттың ендi ғана үнi шығып. Бейтаныс – осы «Шұбар» колхозының бастығы Хақназар Халықбергенов бөренелердiң бейберекет, əйтеуiр, көзден тасада жатуы үшiн ғана тасталып жатқанын көрiп, одан əрi бұрқан-талқаны шығып, самауырдағы судай буы бұрқырай сақылдады. – Саған мына жер мен дүниенiң қадiрiн бiлетiн ақыл бiте ме, жоқ, ол сен дегенде аспанға шырқап, басыңа бiр айналып қонбайтын көктiң құсы ма? Шашыңа ақ түсiп, бетiң əжiммен айғыздалғанша бiр шаруаны тақ еткiзiп, айыз қанарлықтай атқара алмайсың, бiздiң «Шұбарға» адасып кеп қалған қай қырсыз, қай епетейсiзсiң? Өз үйiң, өлең төсегiңдегiнi жөндеп ала алмасаң не тiрлiгiңдi жұртқа дабырайтпаққа қалбалақтап жүрсiң? Əлде, «иттiң боғы қылшықсыз болмас» деген, менi көрмес, көрсе де елемес деп, дəмеленесiң бе? Құдайға шүкiр, əзiрге көретiн көз де бар, көздiң көргенiн көзiңе шұқып көрсетер дəрмен де бар! – Келесi сөз арнасын осы бағытта тоғытты. Аузы дамыл таппай жүрiп, өзi де қимылға көштi. Табанда арасы үш аттам екi жерге екi-екiден мықтап, төрт қада қақтырды. Тағы екi ағашты жерге көлденең төсеп, сол қадалардың арасына сыйыстырып бөренелердi қалата бастады. – Мiне, ендi ағаштарың да шiрiмейдi, əрi бiраз жер үндемделдi. Мына үнемделген жерге жуа ек! Ұқтың ба? Сен маған алайып, менiң аларманым боп қарама! «Жуа ек» деп тұрмын мен саған мына жерге! Түсiнемiсiң, жуа ек! Бозала таң қылаң берiп, жер жүзi ашылайын дедi ме, жоқ əлде көздерiнiң үйренгенi ме, əйтеуiр, бiр-бiрiне бет-əлпеттерi осы қараңғылықта да ағараңдап, көрiне бастады. Шалдың алайып қарағаны да рас. «Мен кетсем орныма жуа егейiн деп пе едiң?» «Жолыңа жуа бiткiр!» сықылды қыршаңқы ескi сөз, қарғыстар
есiне түсiп, «жуа ек» дегенi бұған да түрпiдей тиген. Бiрақ оның мəнiне жету үшiн бiраз ой сiлкiнiсi керек едi. Солай болды да. Шал мылқау жанша таң қараңғылығында денесi қорбаңдап, бiрте-бiрте ол сөздiң жақсы мағынасына бойлай бастады. «Жуа ек». Хақназар мұның ескi қасаң болмысын қақ айырып, көп қоқсықтың iшiнен алтын суырғандай оның жақсы сыпатын аршып алып, көлденең тосып тұр екен. Бұл бастықтың шынында үйiңнiң айналасына көкөнiстi мол ғып ек, қурай-мурай, отын-тамызықпен ыбырсытпа дегенi ғой. Оны басқаша айтпай, «жуа ек» деп зiркiлдеуi оң iске терiс мағына берген ескiлiкке де тас лақтырғаны. Жер жүзi ашылса да бөрене тасып, жан терi шыққан келiншектi Хақназар əлi де таныған жоқ. Тек шырамытты да қойды. Иықты тұлғасында қайрат мол. Бөренеге қоса анау-мынау еркектi де сүйретiп əкететiнге ұқсайды. Өзi тым жас дегенмен, есiк көргендiгi анық. Шiркiн, еңбекке жаратылған бала екенсiң деп, Хақназар ендi iштей сүйсiндi. Кiрпiгiнiң астынан қос жанары жасқанусыз қарайды екен. Өзi – бойшаң. Тек өңiн қыр желi қатты шалған, бетiнiң ұшында тобылғы түстес қызыл шырайы бар, шамасы. Үй иесi – шалдың аты Шəмiлбай. Мына отырғаны өзiнiң мекен-жайы емес едi. Көп жылдар мал соңында жүрiп мына кiшкентайы – Жауар оқуға баратын болғасын ғана былтырғы қозы айыруда таяқты тастап, орталыққа көшiп келген. Малда жүрген басқа бiреудiң осы үйiне орнығып, ендi өзi-өз болып, бiр шаңырақ тұрғызудың қамында. Жиып жүрген бөренелерi де сол үшiн. «Бұл бiздiң үйiмiз емес қой» дегендi айтуға болмайтынын Шəмiлбай жақсы бiледi. Жаз жайлау, қыс қыстауда жүргенде бiр күндiк қонысыңды неге дұрыстамайсың деп, осы бастықтың талай нықыртқаны есiнде. Жаңа «мен сенiң өткенiңдi де бiлем» деп тұрғаны содан. Ал осы ауылдан iрге аудармай, ежелден тұрып келе жатқандар мұндай құқайдың талай көкесiн көрген. Одан Шəмiлбай да хабарсыз емес. Кiм-кiмнiң де осындай борандатулар үстiнде «Апыр-ау, колхоз ережесi бойынша бiзге бөлiнген жер, оны қалай пайдалансақ та өз еркiмiз емес пе, осы құдайдың түнiнде сол сiздiң қабырғаңызға батпай-ақ қойса қайтедi» деген ой бұлардың бастарынан айналып та ұшпайтын. Шəмiлбай үй iшiмен, қонаққа келген қарындасы бар – бəрi тас түйiн қимылдап, құлақтарына мақта тыққандай небiр шанышқы сөздерге де қың демедi. Аулада қараңдағандардың бəрi əкетiлгесiн
қолдарына сыпырғыш алды. Ендiгi жұмысқа бəрiнен шапшаң кiшкентай Жауар екен. Ол сабы өз бойымен бiрдей сыпырғышпен мықшыңдап, ауланы бiр шетiнен шаңдата бастады. Сонда ғана Шəмiлбай Хақназарға қарап тiлге келдi: – Бiздiң бiр атамыз өткен. Сiз бiлмейтiн де шығарсыз. Жарықтық, мазасыз болғанда бұл жерде жоқ едi. «Ұйқы дұшпан» дегендi жағы талмай айтатын. Алыс па, жақын ба оған қарамайды, шаруаң өнбей жатса жар құлағы жастыққа тимей жұлқылайды-ау келiп. – Ол бейшараның жар құлағы жастыққа тимейдi, сiздер миықтарыңыздан күлесiздер. – Неге олай?... Бiзге миықтан күлу қайда? Ол аруақты адам едi ғой, жаның жəннатта болғыр! Хақназардың ендi екiленгiсi жоқ. Сəл сабыр етпесе ана тобылғы реңдi келiншектiң алдында абыройсыздыққа ұшырайтындай бiр үркек сезiмнiң құшағында қалды. Шəмiлбай сөзге ұста емес, шоқша сақалды иегi кемсеңдегендей үздiк-создық етiп, сыпырғышына сүйенiп əрең сөйлеп тұр. Бұның бəрiн жаңа естiгендей бүкшеңдеген кемпiрi мен бойшаң жас келiншек те мұқият тыңдады. Тек Жауар жұмысын тоқтатпады. – Бiздiң ата-бабамыздың қыстауы да қазiргi колхоз малы қыстайтын Ортаөзек жақта ғой. Ортаөзек ол өзi бiр қасиеттi мекен ғой. Сiздiң арғы аталарыңыздың бiрi Балпық əулие Дербiсəлi баласының да үй тiккен жерi, бiлетiн шығарсыз. Сонда бiр күнi əлгi мен айтқан жарықтық айғайлап, ұран тастады. Шамасы, қаңтардың аяқ кезi. «Ойбай мен түс көрдiм, малды бiз осы қыстауда төлдетемiз. Буаз малды айдасақ тап биыл бiз бiр қырсыққа ұшыраймыз»,– дедi. Менiң ол бала кезiм, бүгiнгiдей колхоз жоқ, əркiм өзiнiң малын бағып отырған заман ғой. «Жарықтық-ау, бұл мал төлдегенше мына қар кетедi, сосын мынау бас-аяғы жоқ құмда суды қайтемiз?»,– дестi жұрт. «Қар көмемiз»,– дедi əлгi кiсi. Сонымен қойшы, əлгi кiсiнiң айтқаны болды. Жұрт жапа-тармағай қар көмсiн. Құм төбенiң ық жағын ала кiсi бойы етiп, шұңқыр қазыла бастады. Хақназар бұл сөзге елең еттi. Соңына жеткенше шыдамсызданып: – Сонымен, қысқасын айтшы, сөйтiп, қар көмiп, малды құмда төлдеткеннiң пайдасы тидi ме? – деп сұрады. – Неге тимесiн? Төл түсiмi жақсы болды. Бұл дағды бiразға созылып, кейiн жұт, басқа да аласапыран кезiнде ұмытылды ғой. Əйтпесе ол ақыл-ақ едi.
– Соны былай көптi көрген көненiң көзi ретiнде жұртқа бұрынырақ айтсаң ырысым кетер деп қорықтың ба? – Ей, Хақа-ай! Бiзде не ес бар дейсiң. «Үндемегеннiң iшiнде сөздiң атасы өледi деген осы-ау». Хақназар тiлiнiң ұшына бар уытын жиып, тағы да атқыламаққа оқталып тұрып, өзiн əрең тежедi. – Сонда айтайын дегенiм, қыстауда қысқа күннiң өзi ұзақ қой. Əлгi кiсi тыным таппай, əй, мына қар ертең еридi деп сабылып жүрiп, жұртты түнде оятатын. Əркiмнiң жекеменшiк малы, жарықтық-ау, соншама неге шала бүлiнесiз, өз малымыздың қамы ғой десе де жаңағы кiсiге дамыл жоқ, «ұйқы дұшпан» деп қойып, ал кiрiссiн. Хақа, өзiңiздi көргенде, сол атамыз тiрiлiп келгендей қуанатыным бар. Хақназар осы естiгенiн iште қорытпақтай орнынан қозғала берiп едi, Шəмiлбай адамның басына бұдан да ауыр зiл салатын тағы бiрдеменi суырып қойып қалды. – Əлгi, аруақты атамыз, «ұйқы дұшпан» деп жүрiп, өлiгiмен де сонысын растайын дедi ме, сонау құм ортасында бiр аялдап, тыныстаған жерiнде жылан шағып өлтiрдi. – Аруақты адам болса оған жыланның тiсi қалай батқан? – Ай, Хақа-ай! Ажал жiберсе ол пайғамбарыңа да қарасын ба? Хақназар кеткесiн Шəмiлбай мен оның тобылғы реңдес қарындасы арасында осы таңғы ауадай салқын əңгiме болды. Қарындасы қатты сөктi: – Жаңағы атаңызды аруақты дей отырып, оны бастыққа тұп-тура ұқсата отырып, артынан жылан шағып өлтiрдi деуiңiз қалай? – Ойбай-ау, солай болғасын айта салғаным да. – Ендi соңын айтпай-ақ қою керек едi ғой. Бұл мазасыздығыңды қоймасаң сенi де жылан шағып өлтiредi дегенге келтiрдiң ғой. * Хақназар осы таңда тағы үш үйдiң терезесiн қағып, тəттi ұйқының құшағынан салқын ауаға жұлқып шығарды. Олардың да аулаларында сапырылыс, қарбалас тудырған. Таң əбден атып, ел сиырын өрiске айдағанда бұл да түнгi жорығын аяқтап, кеңсеге жақындады. Тынымсыз жүрiс пен сөзден арқасы терши бастапты. Маңдайында да ұсақ-ұсақ күмiс тамшылар күн шықсаақ сəулеленiп, жылт еткелi тұр. Тiзеден төмен түсетiн ұзын
ақ макентош киген иықты Хақназардың қозғалысы мана түн жамылып, көше кезгендегiдей баяу емес, аттан жаңа ғана түсiп, асыққан, ентелей басқан адамның түрiне ұқсайды. Ұзын клубтың бергi тұмсығына таяу кiшкене кеңсенiң алдына келгенде ғана бұл артына бұрыла тоқтап, көше жаққа қарады. Қалпағын алып, жалпақ сарғыш маңдайын ақ орамалымен ұзақ сүрттi. Төбесiнен ұшқан бу аспандағы бұлт үйiрiн iздеп кетiп жатқандай. Алғашқы шақырған тауықпен бiрге көтерiлсе де жүзiңде шаршағандық жоқ. Кiшкене шегiр көздерiндегi қос жанар айбатты жүзiнен ендi-ендi атылғалы тұрған екi қорғасын оққа ұқсайды. Қазiр де айналасын жiтi бақылаған қалпында сол қорғасын оқтар бұл адамның iшкi жiгерiнiң бiлтедей тұтануын күтiп, көше бойын, клуб, кеңсе маңын түгел кездi. Қалпағын қайта кигенде басы құрғап қалыпты. Төбеден ұшқан буы да басылған. Кiшкене кеңсенiң сыртқы табалдырығынан iшке аттап, екi адам əрең айнала алатын аядай дəлiзде сəл бөгелiп, маңдай алдындағы өз кабинетiне емес, оң жақтағы есiктi ашты. Бұл – бас агрономның кабинетi. Қазiр мұнда екi адамның отырғанын Хақназар сырттан-ақ сезiп келдi. Хақназар кабинетке енгенде ана екеуi орындарынан көтерiлдi. Бұлар бастықты терезеден көрсе керек. Бiрi өзiнiң орынбасары Хакiм де, екiншiсi бас агроном, ұлты немiс Курт Цихлер едi. – Иə, не iстедiңдер? Қайда түстiңдер? Елгезектеу Хакiм жауап бердi: – Бiрiншi бригада. Үш ат алынды. Бес қамыт. Сақаттың үйiне апардық. Хақназар сəл үнсiз қалды. Қалпағын қайта шешiп маңдайын сипалай бердi. Қарсы алдындағы екi адамнан көзiн тайдырып əкетiп, айналуға жер тар бөлменiң бұрыш-бұрышынан əлдененi iздей бастағанға ұқсады. Денесi тығыршықтай, аласа бойлы, өңiнiң қаралығы басым Хакiм мен одан сəл биiгiрек, бұл да етжендiлеу, басы сары үрпек балапанға ұқсайтын Курт Цихлердiң түрi командирiнiң алдында бой түзеген екi солдаттың тұрысына келiңкiрейдi. Тек дом болып жараған денелерi ғана ондай ұқсастыққа кезмайыс сияқты. Жер жүзi ашылмай жылы төсектен ыршып түрегелген бұл екеудiң қияпатында не ренiш, не ұйқыдан тұрғанның белгiсi жоқ, қайта тапа-тал түс, қызу жұмыс үстiнде болатын бөлек сергектiк бар. Тек Курт Цихлердiң артқа қайырылған, тарақ iзi айқын, сəл бұйралау сарғыш шашының бiр тармағы оң жақ құлағының үстiне
құлап түсiптi. Тек сол ғана сыр беретiндей. Ал Хакiмнен ондайды да көрмейсiң. Ақ жолақ сызықшалары бар қара костюмiнiң түймелерi түгел салынған, бəтiңкесi мұқият тазаланған, кiрпiдей тiкiрейген шашыңда да, тұрған тұрысында да мiн жоқ. Таңғы сəуле ұялаған, күн табы молырақ қонған, бармақтың басындай ғана бар мұрны мен домалақ бет өңiрiнде тазалық белгiсi жылтырайды. Сыртқы пiшiндерi осы, ал iштерiнде осы таңғы шақпен үйлеспейтiн көңiлдiлiкке ұқсас бөлек саз бар. Жаңа осы кабинетке Хақназардан бұрын келiп, оны күтiп отырғанда екеуара бiраз əңгiме болған. Курт Цихлер көк көздерiне əдемi күлкiсiн жиып: – Сыртқы жағдай – анау, iшкi жағдай мынау, тап осындай астындағы орындығы сықырлаған шақта Хақназар Халықбергеновичтiң жұрттың апшысын қуыратын ескi дағдысын қоя тұрғаны абзалырақ-ау. Қазiр бұл кiсiге ең керегi жұрттың оң қабағы емес пе? Сол қабаққа өз қолымен көлеңке түсiретiндей көрiнедi маған. Ақыл тыңдарға да жоқ, – дедi. Хакiм сəл кеудесiн көтере ерсiне жауап қайырды: – Не дауыл соқса да қалпын бұзбас емен ағаштар болады. Сөйту үшiн не жүз жылдық емен ағаш болып жаратылу керек, не Хақназар болып туу керек! Курт Цихлер ұлты немiс, тəрбиесi солай болғасын да ма кiмкiмнiң алдында да кiшiк, қысыр сөз, орынсыз дау таластыруға жоқ, оның осы мiнезiн жақсы таныған Хакiм оған оңашада əр нəрсе жайында iрi сөйлеуге тырысатын. – Алтын Жұлдызды бригадирдiң қорасына түскен екенсiңдер ғой, – деп ауыр үнсiздiктi оқыс үзген Хақназар Хакiмге сұқ саусағын қадай қарады. – Сен, Хакiм, сол бригадаға қайта бар. Арбалардың түгел жегiлмей жатқанын маған сен айтып келген бол! Бригадир мен күзетшiнi осында жеткiз! Болды! «Алтын Жұлдызды бригадирдiң қорасына түскен екенсiңдер» дегендi сыртқы сесi үшiн айтты. Өзiнiң солай қарай нұсқағанын ұмытқан жоқ едi. Хақназар қайта шығып, бiр аттам дəлiздiң оң қабырғасындағы есiктi ашты. Өз кабинетi бұған əлдекiмнiң мейiр-шапағатсыз ажарындай салқын көрiндi. Жiпсiген денесi ендi осында кеп мұздайтындай. Сонда да ол макентошын да, қалпағын да шешiп, шкафқа iлдi. Бұл кабинетке бөлек суық қайдан келдi деп, сезiктенген адамша аз-кем тұрды да терезе алдына барды. Жалтыр басын тағы да мұқияттап сүртiп, клуб алдындағы алаңға ендi осы терезеден көз жiбердi. Алаң түгел сыпырыл ған.
Егер онда бiр шөп-шалам қисайып жатса Хақназардың үлкен ойран салатынын ет-сүйегiмен түйсiнген тиiстi адамдар ол алаңды өздерiнiң бет терiсiнен əрмен күйттейтiн. Хақназардың көзi алаңдағы тазалықты аңдап болды да ары жекеменшiк бақшаларды жиектей егiлген талдардың үстiне қарай сырғып, жоғары көтерiлдi. Ерте күздiң буалдыр таңы мұны қиялға жетелегендей. Талдардан биiгiрек түтiн бе, шаң ба, əлдебiр мұнар перделенiп тұрғанын көрдi. Желсiз таңда осылай екенiн Хақназардың бақылағаны бiр бұл емес. Ол терезе алдында көп тұрды. Жап-жалтыр мойынсыз басы денесiне қондырыла салған даланың тақыр тасындай зiл көтеремге ұқсайды. Хақназардың қыбырсыздығы сол кiшкентай бастың мұның еңселi денесiн тiкесiнен басып, тырп еткiзбеуiнен емес, қайта мол пiшiлген кеудедегi қайрат оның тегеурiнiне төтеп берiп қана қоймай iштен көтерiлген бiр дауылды қосақ етiп, əрi жоғарыдағы сол ауыр салмақпен де одақтастық iздегендей. Əзiрге қимылсыз осынау адам мүсiнi iшiнде неше мың тонна тас көшкiнi қопарылса да былқ етпейтiн, ең соңынан ғана вулканша атылып, жер-дүниенi дүр сiлкiңдiрер таудағы құзар шың тыныштығын еске салады. Ол не ойлап тұр екен? Сонау жапырайған үйлердiң тiрлiк иелерiн көз алдынан өткiзiп, өмiрлiк майда-шүйделердi кезiп кеттi ме? Əлде өзiнiң мазасыз түнгi тiрлiгiнен кейiн мынау таңғы көрiнiстен кеудесiне күш-қуат сiңiрем дей ме? Жоқ, таң атпай жылы төсектен ыршытып тұрғызып, кең аулаларында үлкен ойран-топыр, қимыл-əрекет тудырған үй иелерiнiң бұл кеткеннен кейiнгi жыбыр-жыбыр сөздерi құлағына жете ме? Оның қазiргi жайын қалай жорамалдаған дұрыс? Адамдардың басындағы кей құпия қуыс кеуденiң ықпыл-жықпылында жатып, жарық дүниенi көрместен жетi қат жер астына бiрге кетедi. Хақназардың да сондай аузы ашылмас бiтеу жарасы бар ма? Мұның да өлеөлгенше аузы ашылмай кiлттеулi күйiнде өзiмен бiрге əкетер жұмбақ сандықшасының болғаны ма? Ол əлденеден мана Шəмiлбайдың ауласында көрген тобылғы реңдес бойшаң келiншектi елестеттi. Ол кiм? Шырамытады да ар жағын есiне түсiре алмайды. Басындағы бiраз тонна кен-топанды қопарып барып, санын бiр соқты. Шəмiлбайдың сыртта күйеуде жүрген немере қарындасы ғой, бəтiр-ау. Сонау соғыс бiткен жылы бiр көрген едi, қалай өзгерiп кеткен? Оның алғашқы күйеуiнiң де сол соғыстан оралмағанын бiледi. Манағы
тоғыз жасар қутыңдаған бала да осы келiншектен туған. Қазiр өзi сыртта басқа бiреуде. Баласын көруге, əрi ағасына қонаққа келген ғой, шамасы. Хақназар ойша бəрiн сап-сабымен орынорнына қойды. Қайда жүрсең де бақытты болғыр! Тобылғы реңдес келiншектен көңiлiне əлдебiр ұйтқы келгендей. Күз емес, көктемнiң лебi оянғандай. Бұған сирек ұшырасатын бiр жайлы тербелiс басталмақшы едi, өзiн жыланша шаққан оқыс түйсiк дiр еткiздi. Ол не? Жаңа Шəмiлбай айтқан, түс көрiп, құмда ел-жұртына қар көмдiрген аруақты адамның iсi мұны қатты ойға қалдырған. Соған елiтемiн деп, Шəмiлбай сөзiнiң соңындағы жамандыққа мəн бере қоймапты. Денеге жаққан дəрiнiң уытындай мұның iш құрылысына ол ендi барыпты. «Жақсының айтқаны емес, жаманның сандырағы келедi» деген қазақ, осы жолы да солай шықпасын. Шəмiлбайдың көкiрек қуысы оншалықты кең сарай еместiгiн Хақназар бiледi. Сонда да ол ойсыз сөзiмен ойлы ескерту жасағандай. «Сен қонған жерде улы жыланның тəбетi ашылады, содан сақтан» дегендей. Өз жүрегiнiң сайрауы емес, аузына құдай салған сөздей оқыс шығуыңда да бiр гəп бар сияқты. Хақназар төрдегi өз орнына жайғасты да, кабинеттi жағалай шолды. Алдында көп кiсi самсап отырғандай-ақ бұл солардың əрқайсысының қияпатын аңдып, өңменiнен өткiзе көзiн қадамақтай. Бос тұрған əр орындыққа назар тоқтатып, қалқиған құлақтары қозғалысқа келетiндей. «Кəне, сен сөйлешi» деп белгi бергенi ме дерсiң. Сосын столдағы əйнекке шұқшиып, оның бетiнде саусағымен əлдененi ұзақ сызды. Қымбаттау қалам, қарындаштардың неше түрлiсi iстiктей шаншылып тұрса да оларды ұстайтын сəтi сирек. Өз ойын көбiне əйнек бетiне саусақпен сызады. Қазiргiсi де басын мұнар шалғандағы əрекетi. Саусақтан қандай iз қалып жатыр, оны ажырата ала ма, əлде тек бiр өзiне ғана аян белгiлер, сезiм ноқаттары соңынан жүздерi айқындалып, бұған сайрап бере ме? Есiк ашылып, өзiнiң шаруашылық жəне құрылыс жөнiндегi орынбасары Игорь Матвеевич Штерн кiрдi. Бұл ашаң жүздi бойшаң қуқылдау адам. Көп жылғы сыралғы достар мəселе жайын аман-саулықсыз бастай беретiн: – Сiздiң əнеукүнгi ұсынысыңыз ең бiлгiр инженерлердi шалқасынан түсiрер тапқырлық. Мұным қызыл сөз үшiн емес. Тыңдаңыз! Мен терең бойладым, жерiне жете тексердiм, – дедi де жайғасар-жайғаспастан қағаздарын жайып ұзақ сапар баян ға
кiрiстi. Хақназар жас балаша томсырайып, маңдайын алақанына басып, шаруашылық жөнiндегi орынбасардың баянын ықылассыз тыңдады. Мұны Штерн де көңiлге түйдi. Бастықтың қатты ойланғанда, не ашуланғанда көкпеңбек қорғасын түстенетiн қос жанарындағы құбылысқа бұрыннан қанық едi. Сосын да оның осы селқостығын бөгетсiнбей, əрi өз дəлел дерiнiң жiбiн босатпай сөзiн жалғастырды. Аядай бөлмеге сықаған таңғы салқын ауа орынбасардың бойын мұздатқандай. Бiрақ өзiнен жасы үлкен адам қыңбағанда мұның сыр беруi орынсыз. – Жоқ, тоқтат! – деп, Хақназар əлден уақытта алақанымен столды сарт еткiзiп, сүзетiн бұқаша Штернге төне қарады. Сол қалыпта одан едəуiр көз айырмады. Немiс орынбасар мұндай сынаққа шыдамды. Ендi байқаса, жаңағы қорғасын түстес жанардың бояуы сұйылып, шегiр көздерiнде сирек шалынатын бiр аяушылық сезiм көпе-көрнеу жалаңаштанып қалыпты. – Сен екеумiздiң бұл əуенiмiздiң де басы аяғына ауысып түсуi мүмкiн! – Қалайша? – Штерн қабағын көтере қарағанда маңдайына көлденең түскен əжiм сызықтары оның бар ынтасы осы ұсыныста, өзге дүниенi ұмытқан қалпын айқын бейнелейтiн едi. – Ол мына колхоздарды iрiлендiру туралы үкiмет қаулысына байланысты! Штерн қабағын керген қалпы ол жайды ендi ғана есiне алғандай еңбегi еш адамша үнсiз дағдарды. Бұдан шығатын жолды қоса қарастырғандай қияпатында əлдебiр елес жүгiргенге ұқсады. Бұл сурет Штерннiң сыртқы бет пердесi ғана. Шынтуайтында мұның да iш дүниесi соңғы бiр ай бойы қыл кеңiрдектен алған бөгде бiр жайдың əлегiмен ойран-асыр. Бас тық пен орынбасар бiр-бiрiн сөзбен алдандырып, сол iштi жегiдей жеген күдiк, белгiсiздiк атаулының жарасын жеңiлдету үшiн ғана өзара сөз алмасатындай. Штерннiң таң атпай кеңсеге келуi де содан. Жайшылықта Хақназар ең алдымен егiншiлiкке, оның тап бүгiнгi қарбаласына қатысты мəселелер бойынша кiсiлердi қабылдайтын. Бригадирлерге наряд кешкiлiкте берiлгенмен, оның созбұйдаланып, iске қосылмай қалған бөлiктерi жоқ па деп, ең алдымен соны тексеретiн. Ал құрылыс сияқты бiр күндiк емес, толғақты мəселелердi соңынан колхоз бас алқасының төрт көзi түгелде кең отырып, шешiсетiн. – Бiздiң «Шұбар», оған қоса көршiлес «Жаңалық» пен «Қызылту» – үшеуiнiң бiрiгiп, бiр колхозға айналғалы тұрғанын бiлесiң ғой. Болашақ iрiленген колхоздың бас жоспарын жасағанда
бəрiн бiр-ақ қамтымаймыз ба? Сол iрiленген колхозда бастық мен болайын, мейлi басқа шорт-морт болсын, бəрiбiр илейтiн терiнiң пұшпағы ғой. Хақназардың «шорт-морт болсын» деуiнен оның рухы тым түсiңкi екенiн аңғарды: – Ал бiздiң осы сызбаларымыз сол iрiленген колхоздың да бас жоспарына кезмайыс келмесiне мен кепiлдiк беремiн, Хақназар Халықбергенович! – Əй, Матеиш, денедегi жараға дəрi жаққанда сол жараның дəл аузын тауып жағу керек! – дедi Хақназар осы адаммен екеуарада сирек шаң беретiн ашуына басып. – Нағыз қаны тамшылаған жара ана екi колхозда! «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң» дейдi қазақ. Əңгiме осы үш колхоз бiрiкке сiн болады. Бұрын осы «Шұбарда» бiр көше колхоз күшiмен жаңғыртылып, стандартқа сай жаңа үйлерге еңбек озаттары кiрген. Ендiгi кезекте соған қатар көше қолға алынбақшы едi. Оған Хақназар қарсы болған. «Бiз қайта жаңғыртуға дəл сол көше нiң қатарына емес, ары аттаңқырап барып, алтыншы көшеге түсейiк. Ол жақ шет, ен аулақта қалып барады. Сол көшенi бiр түлетсек, ол арғы жəне бергi көшеге де түрткi жасайды. Көргеннiң əуесi кетедi емес пе? Қазiр көбiнде тазалық жоқ. Үй ұстаудың жөнiн бiлмейдi. Ауызды алтыншыға салсақ нағыз қоқыр-соқырдың үстiнен түсемiз. Бұл ауылдың өңiн өзгертудi тездетедi» – деген. – Өйтiп, үлкен секiрiстердi дағдыға айналдыру үнемi оң нəтиже бермейдi, Хақназар Халықбергенович! Архитектуралыққұрылыстық жобалар нақтылы табылған үздiк шешiм бо йынша жүзеге асса ғана көз қуантады. Бiрiккен жаңа колхоздың орталығы жұрттың ең көп жиналатын, үгiт-насихатты ең көп тыңдайтын жерi екенiн де ұмытпайық! – Ал мен осы орыннан екi аяғым аспаннан келiп құлағанша өз дегенiмде қаламын, Матеиш мырза! Сөйтiп осы аттың жалы, түйенiң қомында да бастық пен орынбасардың арасындағы ескi бiр қарама-қарсылықтың тө бесi қылтиып едi. Қашан да асығып, аптығып, көп iстi бiр-ақ қарпып атқарамын деп, алды-артын ойлаудан да жаңылатын Хақназар мен оқыған-тоқығаны бар, бiлiмдi инженер Игорь Матвеевич Штерннiң бастары кейде бiр қазанға сыймайтындай да едi. Есiктен бас бухгалтер көрiндi. Бiр-бiрiнiң iзiн бағып, бұл күндерi кеңсеге ерте келгiш колхоз белсендiлерiнiң тағы бiреуi осы.
– Əй, кiр, кiр! Неден жас келiншекше ыздиып, табалдырықтың ар жағында бой түзей қалдың? Бас бухгалтер табалдырықтан берi аттады да есiктi ақырын iштен жапты. Мұның да қолында бiр бума қағаз. Бұл да амансаулықсыз: – Менi бой түзеген жас келiншекке балайсыз. Осы мен аяғына жем түскен кəрi жабыға көбiрек ұқсаймын, Хақа! – дедi. – Аяғыңа жем түссе асап-күйсегенiң мiсеңнен асқан да! – Өйтсем арман не, жұрттың асап-күйсегенi буын-буыныңды сырқыратса ше?... – Қоқсыққа күрек салғандай ненi көңiрсiттiң? – Бұл елдi жағалай түлен түртiп келе ме, бұл дүние не болып барады, соған бас қатырып, түйiнiн шеше алмағандағы налам емес пе? Кеше мына көршi «Қызылту» колхозында бiр жамағайынның үйiнде келiнiңiз екеумiз шiлдеханада болып, ырду-дырдумен бiраз отырып қалыппыз. Той-думанды сағынған «Қызылтудың» қатындары ой əндетсiн келiп... Оған бiздiң үйдегi келiнiңiз де қосылсын... Əжем күмiс көмей əншi болған дейдi. Содан жұққан ба, əйтеуiр көңілi жазылса мұның да тамағында тоты құстың ұясы бар. Еркектердiң «болды, жеттi» дегенiне қарамай «шер тарқатайық та бiраз» десiп, қатындарың ескi əуендердi бiрiнен соң бiрiн қоздатсын. Сонымен қойшы, одан бiр уақытта сыртқа шықсақ қыз-бозбалалар «ақсүйек» ойнап жатыр екен, оның шетпұшпағын көргенсiп, шiлдехана жасаған үйден бiраз ұзағанша түн ортасы ауып кетiптi. Бiздегiдей емес, «Қызылтудың» көшелерiнде шам жоқ, тастай қараңғы, əрi кедiр-бұдыр, «апыр-ай, тобығымызды тайдырып алар ма екенбiз» деп, келiнiңiз екеумiз қаланың ерлi-зайыптыларынша қолтықтасып келе жатсақ тап өзiмiзше тапырықтаған бiреу қарсы жолықты. Байқасақ, сол «Қызылтудағы» бригадир Сүгiрбек. Аздаған жасы үлкендiгi бар, алдымен өз жөнiмiздi айтып, соңынан «ау, Сүке, сiздiкi бұл неғылған жүрiс мезгiлсiз уақытта» деп жөн сұрамаймын ба? Сөйтсем, оған да керегi осы, iштегi запыранын құса алмай келе жатқан жайы бар екен, «бəрiбiр естисiңдер ғой, жасырып қайтем» деп, бəрiн ақтарып салды. Сол кеше кеште Ауқынбай колхоздың бес басалқасын шақырып, жиын өткiзiп, осы биыл еңбеккүнге алты келiден астық айналдыру туралы мəселе қойыпты. Бұған дейiн естiгенiмiз, мына «Жаңалықтың» бастығы Дəкенов бес келiден айналдырмап па едi? Сөйтiп халқымды қарық қылсам бəрi менi жақтап шығар деген дəмесiн бiр-ақ күнде адағайлатпады
ма? Бiз соның өзiне ожырайыстық. Ал Ауқынбайың одан да зор шығып, алты келiнiң желкесiне бiр-ақ мiнiптi. Сүгiрбектiң айтуынша, «Қызылтудың» бес басалқасы бiрден Ауқынбайдың ығына жығылмай «артымызды ойлайық» десiп тартыншақтапты. «Қырық кiсi бiр жақ, қыңыр кiсi бiр жақ», Ауқынбай тiзеге басып, ақыры алты келiнi бекiттiрiптi. Сүгiрбектiң өзi де разы емесау дедiм, кеңседе керiлдесiп, қызыл өңеш бол ғандарын қылқыбырына дейiн тəптiштеп, басымызды əңкi-тəңкi етiп жiбердi. Ал сенбей көр!... Бас бухгалтер сөзiн тауысып, өз-өзiнен мырс еттi. Мұның көзi де Хақназардың көзi түстес көкшiлдеу, бiрақ бiраз нəрсеге одан гөрi сергек қарайтындай. Мырс еткенде жанарында еш өзгерiс жоқ, екi бетiнiң ұшында ғана қас қағымдық дiрiл бiлiндi. Екi көзi сияқты жалпақ өңi де қайратты, əрi Штернше сыпайы емес, не мəселеде де төтесiнен тарта сөйлейдi. Кабинетте ауыр үнсiздiк орнады. Хақназар маңдайын төмен салып, ұзақ томсырайды. Əлден уақытта өзiнен тың күш тапқандай: – Дəкенов жолдастiкi түсiнiктi, ал Ауқынбайды мұндайлыққа азғырған қай сайтан? Əлде өзiн емексiткен жоғары жақта бiр жуан тiлипонның иесi бар ма? Бас бухгалтер əлдекiм өзiн шоққа лақтырғандай шаж еттi: – Хақа! Хақа! Құлыңыз болайын! Тап бүгiн-ертең маған ондай ауыр сұрақты қоймаңызшы! Жан алсаңыз да оған жа уап беруге еш қауқарым жоқ! Дəкенов – бiрiктiрiлетiн осы үш колхоздың бiрi «Жаңалықтың», ал Ауқынбай «Шұбармен» iрге тиiстiрген «Қызылтудың» төрағасы. Дəкенов сонау отызыншы жылдардың елең-алаңында колхоздар алғаш шаңырақ көтергенде-ақ жоталы басшы ретiнде танылған. Үлкен-кiшiге бiрдей жаққан мiнезi бар, бiр жайдан осы Хақназардың өзiне ұстаз есептi адам. Түркiстан-Сiбiр темiр жолын салысып, осында келген Хақназарды тез байқап, звено жетекшiсi, бригадир, одан колхозға бастық сайлануына жағдай жасап, жоғарыдағыларға да сөзiн өткiзген. Соғыстан кейiнгi шаруашылықты қайта көтеру арпалысы үстiнде асқан жiгерi мол нəтиже берiп, қырық сегiзiншi жылы осы Хақназар бар – бəрi Алтын Жұлдызды бiрге таққан. Ол қарсаңда «Жаңалық» пен Хақназар басқарған «Шұбар» мықтапақ дəуiрлеген едi-ау! Дəкенов дегенде Хақназарда қашан да ризалық та, кiшiлiк те мол. Балық сүйегiндей тап қазiр тамаққа қадалған нəрсе
үшеуi бiреу боп, бас құрайтын мына жаңа iрi колхозда бiрiншi тiзгiн осы екi Алтын Жұлдыздының қайсысына тимек деген сұраудың баршасын тығырыққа тiреуi едi. Жоғары-төменгiлердiң бас қатырғанына да едəуiр уақыт. Ал өздерiне салса Əлiпбай Дəкеновтiң де, Хақназар Халықбергеновтiң де – жылы орындарын бiр-бiрiне қиып, ығыса кеткiсi жоқ. Өз еркiмен төмендеудi бастарына мiн де көредi. Хақназар мен бас бухгалтер Айтықтың бүгiнге дейiн бiр бiлетiнi Дəкенов өз колхозында жылдық қорытынды бойынша колхозшылардың тапқан əр еңбеккүнiне бес килограмнан астық айналдырды. Əдетте, барлық астық түсiмiнiң мемлекетке тапсырылатыны, тұқымға қалатыны жəне там-тұмдап iшкi қажетке жаратылатыны бар – бəрi бөлiнгесiн, содан артылғаны ғана еңбеккүнге шағылатын. Бұл мөлшер осы өңiрдегi бiрде-бiр шаруашылықта əлi күнге екi жарым, мықтағанда үш килограмнан асқан емес. Биылғы астық та орылып бiткен. «Жаңалық» колхозындағы түсiм мөлшерi Атымтай-Жомарттың өзiн сол межеден асуға жiбере қоймайды. Бұл – баршаға аян. Сөйте тұра, Дəкенов «Кiм кетiп, кiм қалардың» əуселесi үстiнде жұртты өзiне мықтап бiр қаратып алу үшiн еңбеккүнге айналатын астықты бес келiге бiр-ақ көтердi. Осыдан қайтсем де өтейiн, арғысын көрiп алармынның өзi. Хақназар мұны айна-қатесiз ұққан. Дəкеновтiң бедел, бiлiм-парасатымен оның артын реттеу шiркей қаққандай ғана iс. Хақназар ондайға барған жоқ. Бас бухгалтер Айтық та бұл шара жұқпалы аурудай өз бастығының да iшiне жел бiтiре ме деп, пəленiң алдын алмаққа Дəкеновтi айыптап, оның төңiрегiндегi неше түрлi қауесеттi қарша боратқан. Мұнысы артық та едi. Онсыз да Хақназар өйтiп, «қол көтермес шоқпарды белге байлауды» жан-тəнiмен жек көрген. Бұлар өз колхозындағы астық түсiмiне орай еңбеккүнге екi жарым келiден ғана бөлген. Ал мына Ауқынбайдiкi не? Оның колхозы пəлендей тасы өрге домалаған деуге келмейдi. Аудан көлемiнде басқалардың шаңын қауып, ең соңынан iлбiгендердiң қатарында. Үш колхоз бiрiксе сол бiрiккен аса iргелi жаңа шаруашылыққа Ауқынбай бастық болар-ау дейтiн болжам ешкiмнiң түсiне де кiрмейтiн. Əлде екеу таласса жемтiк үшiншiге тиер дейтiн есек дəме басын айналдырды ма? Хақназар осылай шамалады. Столдағы əйнек бетiнде екi жұдырығын қабат түйдi. Сол Ауқынбай қарсы алдында тұрса оған бiр жұдырық аз дейтiндей.
– Сүгiрбектiң саудыратпасынан тағы бiр ұққаным, – деп, Айтық қайта сөйледi: – Ауқынбай былай ойлайтын көрiнедi. Бiрiккен үш колхозға бастықтың кiм болатыны жоғары жақта емес, сол бiрiккен үш колхоздың мүшелерi қатынасқан жалпы жиналыста сол көпшiлiктiң дауыс беруi арқылы шешiледi. Ендi шынында колхоздың Жарғысында солай жазылған ғой. Атақдаңқы дардай дегенмен небəрi екiжарымнан астық айналдырған Хақназарды жақтаушылар екi дай болуы мүмкiн. Дəкеновтiң де жарамсақтарының iшiнен ол кексе бастыққа iштей наразылар табылары хақ. Сонда еңбеккүнiне алты келiден бидай алған, бүйiрi тоқ «Қызылту» колхозының мүшелерi бiр кiсiдей өзiмдi жақтап дауыс беру үстiнде басым түсер деп дəмеленетiн сияқты. «Қызылтудың» ол жандайшаптарына мына екi колхоздан да қосылатындар шығады ғой. Иə, Ауқынбайдың талғамынша солай, шамасы. Сөзге Штерн араласты. Бұл мойны мен қолының сыртындағы тамырлары күдiрейiп, Айтықтың қасында белсендiден гөрi қара жұмысшыға көбiрек ұқсайды. Картоп қабығындай күн қаққан жүзi мен алақандағы күсi де соны айтады. Айтық сөздерiнен кейiн бұл да сəл шешiлiңкiрегенге ұқсайды: – Апыр-ау, əңгiме басқада емес пе? Жарайды, Ауқынбай өз колхозшыларын уақытша жарылқады. Сосын ол колхоз тiптен банкротқа ұшырады. Сосын ертең үш колхоз бiрiккесiн Ауқынбайдың ол молқолдығының зардабын басқалар қоса көтермей ме? – «Бiр қатынның қырсығы қырық есекке жүк болған», – деп, бас бухгалтер Айтық қазақ мақалын қыстырды. – Хақназар Халықбергенович, Ауқынбай ондай заңсыздыққа барса, бiз оны бiле тұра үндемей қалуымыз дұрыс па? Аудандық партия комитетiнiң бюросында сiз неге дуылдатпайсыз мұны? Мынау шын айтып тұр ма дегендей оған Хақназар бұрыла түксидi. Бастықтың iшкi райын iлiп əкетуге Айтық шебер: – Матеиш-ау, қазақта ел таразысы деген де сөз бар. – Ондай сөз орыста да, немiсте де, басқада да бар, – деп Штерн Айтықтың тұспалын анық түсiнбесе де iштей долбарлап, бастырмалатты: – Мемлекет қаржысына қатысты мəселенi ресми орында ресми тiлмен жариялағанның еш сөкеттiгi жоқ. – Ал жақсы! – Айтық ендi күле сөйледi. Ол өз сөздерiнiң Хақназардың көңiлiнен шығатынына сенiмдi едi. – Ал басқалардың да тап солай ойлайтынына кепiлдiк бересiң бе?
– Басқаң кiм? – Кiмi несi? Аудан басшыларын айтам. – Əкем-ау, аудан басшылары мынадай заңсыздықты айыптағаның үшiн жазғыруға тиiстi ме? – Əй, Матеиш-ай! Сонша ақылды халықтың өкiлi бола тұра сенiң де кейбiр шикiлiктерiң бар-ау, – деп Айтық Хақназар жаққа бiр қарап, жырқ-жырқ етiп күлiп алды. – Жақсы! Аудандық партия комитетiнiң бюро мəжiлiсiнде Хақаң мұны дүрс еткiзсiн. Бұрын да Хақаң өйтпей жүрген жоқ. Ал мына жолы да сөйтсiн. Сонда мəселе қалай ауан алады? Ауқынбай өзiндегi астық өнiмiмен санаспай алты келiден астық айналдырып отыр десiн. Ал осыны айтқанда Дəкенов қайда қалады? Оны да айтпақ па? – Айтсын! – Айтсын дейсiң. – Е, несi бар екен? – Сосын Хақаңды жұрт iштей болса да қандай жағалауға апарып тастарын бiлесiң бе? – Қандай жағалауға апарып тастамақшы? Мен тiптен түсiнбеймiн! – Апыр-ау, ендi олар ойламай ма? Мынау үш колхоз бiрiктiрiлейiн деп жатқанда неғып Хақаң пысықсып кеттi деп. Хақаң мемлекет алдындағы заңсыздықты əшкерелесе де мына жолғысы басқаға тас лақтырғаны деп өзiнше көкитiндердi қайте сiң? Кiмнiң аузына қақпақ қойғандайсың? Басқаңды қайдам, қазақтың арасында ондайлар тезекше ыбырсып жатыр. Қой, айналайын, тап қазiр бұл ырғылжыңға Хақаңның кiрiсуiнен абырой таппаймыз. Қайта, тым-тырыстығымыз абзал. Ондай заңсыздықтарды көретiн көздер, құдайға шүкiр, баршылық. Тап бiзге арсалаңдаған жараспайды. Əзiрше, əрине. – Айтық, сенiкi де дұрыс. Бiрақ Матеиштiкi де дұрыс. – Айтықтың тiксiнген назарын байқап, Хақназар сөзiн жалғастырды. – Жоқ, жоқ, ол жайды ауданға апарып бықсытар мен емес. Жəй, мына, қазақшылықпен қол-аяғымыздың маталатынына iшiң ашиды. Қазақтың салт-санасы шариғатымыз екен. Сол қоспайтын болыпты. Бұған да көнемiз де! Өлемiз бе ендi? Коридорда сырттан енгендердiң аяқ дыбысы естiлдi. Хақназардың күткенiндей-ақ бiрiншi бригаданың бригадирi Жазылбай екен. Бастық кабинетiнiң де есiгiн ашып, табалдырықтан берi аттады. Бұл – басының қасқасы бар, ұзын бойлы адам. Иықты да. Бiрақ тап қазiргi кiрiсiнде алдын ала күнəсiн мойындаған
адамның именшектiгi, ұят қысқан түрi бар едi. Кабинетте отырған Штерн мен Айтықты бiр барлап алды да, Хақназардың тура өзiне қарады. Мұның соңынан колхоз бастығының бiрiншi, əрi жас орынбасары Хакiм де көрiндi. Коридорда бұлардан басқа да бiреу барын Хақназардың iшi сездi. Хакiм қайта шығып, сол бiреудi желкелегендей етiп, оны да табалдырықтан берi аттатты. Көзi бақырайған кiшкене шал, бiрiншi бригаданың базын күзетушi Сиқым екен. Хакiмде ызаланған, ентiккен пiшiн бар. Сол қарқынын жоғалтып алмау үшiн екiлене сөйледi: – Бiрiншi бригаданың қазiргi халi, мiне, Хақа! Үш ат жоқ, бес қамыт жоқ. Алты ат-арба жегiлусiз қалды. Ұрының iз-тозы жəне жоқ. Бригадирi, мiне, күзетшiсi, мiне. Хакiмнiң балбыраған жас өңiн қан теуiп тұр. Ұйымдастырылған қулық таңбасы да сол өңiне тасырлай шауып шығып, белгi берiп кете жаздайды. – Иə, не қара басты? Айт! – деп Хақназар ең алдымен күзетшi Сиқымға шүйлiктi. Сиқым өзiн бiреу дарға асқалы тұрғандайақ Хақназардан көзi тайқып кетiп, ең алдымен кабинеттiң бұрыш-бұрышын сүзiп шықты. Қауiптi ештеңе таппағасын ғана жұдырықтай неме таудай боп, төнiп келген бастыққа шалқая екi көзiмен ата қарады. Бар болғаны сол, лəм деп аузын ашпады. Хақназар төрт қабырғаны солқылдата бiраз ұрысты. Шал ендi тiке қарай алмай бүгжиiп, көзiнен жас шығарманға келгенде ғана оны босатты. Сосын бригадир Жазылбайға қарады. Манадан берi күзетшiнi ұрысқан Хақназар сөздерiнен əккi бригадир бұл оның кезектi бiр айла-əдiсi екенiн аңдаса керек. Ат жақты бетiнiң шұңқырында күлкi нышаны тұр. Хақназар оны байқады да. Сонда да сыралғы досқа мүлдем басқа шыраймен қарады: – Осы аңғал-саңғалымыз, ашық ауыздығымыз кейiн бас қаларға азық болсын дейсiң бе? – Тiкесiнен тiк тұрған Жазылбай одан əрi күлiмсiредi. – Ертең басқа бастық келер, сонда Хақназардың колхозында осындай-осындай кемшiлiктердi түзеттiк деп, сол басқаның өзiне абыройды арбалап тасуына ұйтқы болмақсыңдар ма? Онсыз да табады iздеген адам! Есiк-тесiктерiңдi бекiтiп ұстасаңдаршы! – Таусылуыңызға жол болсын, – дедi ендi ғана Жазылбай. – Мен бiлсем таразының салмақты басы сiз жақта. – Немене, көрiпкелiң бар ма? – Хақназар даусын көтерiңкiрегенмен одан арғы зiлдi сөзге тауаны жетпегендей тез қайт ты. Хакiмге қадалды:
– Ана алғандарың қайда екенiн айт! Сиқым базға өзi алып барсын. Жазылбай Хакiммен бiрге шықты. Жаңа мұны Хакiм базда жоғалған қамыт-сайманға, жұмыс аттарына байланысты айғайшудың тап ортасында сөзiн аяқтатпай кеңсеге алып кеткен. Хақназар орнатқан тəртiп бойынша əрбiр жоғалған ине үшiн есептi бастықтың өзi алады. Ондай құқайға үйренген Жазылбай Сиқымды ертiп, дедектей жөнелген. Кiшкене коридорда көзi бақырайған күзетшiге Хакiм мəнжайды түсiндiрiп, жоғалған дүние, малдың қайда екенiн айтты. Өңiне ендi-ендi қан жүгiрген Сиқымды сосын Жазылбай өзiне қаратып, базда қалған есепшiге бүгiнгi жұмысқа байланысты кейбiр сөздерiн жеткiзудi тапсырды. Бұдан миына тағы да зiл түскендей көрiнгенмен əлдебiр ауырлықтан арқа-басының босағанын сезiп, күзетшi шал сыртқы табалдырықтан сергек аттады. Хакiм өзiнен жасы үлкен Жазылбайға қарап, ыржия күлдi. Бұлар бастықтың кабинетiне қайта кiрдi. Хақназар төрдегi өз орнына шөккенде кеудесiнен ауыр дем шықты. Бұл жiгерi мұқалғаны емес, ой қорытып, не оның бағытын өзгертердегi қалпы екен. – Шынында бiрiккен жаңа үлкен колхозға төрағалыққа Дəкенов лайықты. Ол – сауатты. Мен болсам тек қарып танимын. Ал сол құрғырлардың былай басын қосуға келгенде бəрi жанжаққа тарақанша тырағайлап, iзiн де көре алмай қаламын. Жазылбай сауаты жағынан осы Хақназар шамалас. Оған бəрi түсiнiктi. Тек Хакiм: – Хақа, сонау жылдары Түрксiбте партаға отырғаныңызды айтқасыз. Сонда сол қарпы құрғырлардың басын қосуды үйренбедiңiз бе? – деп салды. Бұл түйеден түскендей сөйлегендiк. Жас орынбасардың мұнысынан тiптi Жазылбай астынан су шыққандай ыңғайсызданды. Хақназар: – Бетiме неше жерден шыжғырып бассаң да барым осы, – деп бастады да алғашқы ойын жалғастырғансыды. – Бiрақ бары көп болғанмен жоғы одан да асып жығылатын басқалар аз ба? Дəкеновтi қырына алар мен емес. Ол – бəйтерек. Сосын да құқылы. Тек тұғыр басымен тұлпар шықпақ басқалардың қылығы жүрек қыжылдатса қайтесiң? Хакiм бастықтың сөз ауанының қалай қисайғанын ақылға салып жатпады. Тек Жазылбай ғана оның тосын бiр жайды көлденең тартпақ екенiн ұқты. Хақназар көп сарылтқан жоқ.
Ауқынбайдың алты келiден астық бөлгенiнен бұларды да хабардар еттi. Екiншi бригаданың бригадирi, дене жағынан Хақназардың өзi құралпылас, мол пiшiлген, көзi қысықтау, селдiр мұртты, толық екi бетi ашумен түйiлгендей қап-қара Абыл да келген. Бас агроном Курт Цихлер де кiрдi. Ендiгi əңгiменiң бəрiне бұлар да қатысты. Жазылбайдың да, одан сəл төменiрек орналасқан Абылдың да көкiректерiне бiрдей түйiлген сұрақ: «Ауқынбай ненiң исiн сезiп өйтiп отыр?» Абылдың тырсиған жүзiнен таңырқаған, не соған ұқсас еш белгi танылмады. Оған қарағанда жеңiлдеу, жалпақ бетiнiң шұқырында күлкi нышаны əлi бар, басы қасқа Жазылбай мəселенi ашығырақ қойғысы келедi. – Бұл жұрт қып-қызыл борышқа батудан қорықпай ма? – Мұны айтқанда Жазылбай Дəкеновтi де есiне алған. Осы тұста Хақназарды да, басқаларды да бəрiне белгiлi бiр жай алаңдатты. Соңғы уақытта Хақназар мен Дəкенов облыс пен аудан орталықтарына шапқылауды, өздерiнiң сөздерi өтетiн адамдар арқылы ши жүгiртудi жиiлетiп жiберген. Сөйтiп, əрқайсысының бiрiккен үш колхоздың бас тiзгiнiн өзi ұстамаққа жасаған айлаамалдары тым жалаңаштанып-ақ қалып едi. Осыны есепке алған жоғарыдағылар бұл екi қадiрмендi адамды бөле-жарып, алалап жатпау үшiн тосын үшiншi бiр жолды ойластырды ма екен? Ол жағдай Ауқынбайдың да түрiк құлағына саңқ етiп жеттi ме? Хақназар өзiнiң добалдай тiлiмен осыны долбарлап едi, Жазылбай басын шайқады: – Ауқынбай жең ұшынан жалғасуға шебер. Мынау сонысының бiр қыры, шамасы. Бiрақ бүркiт тұрып, қарғаны қай əпенде аңға салмақ? – Жазылбай, бiреудiң алтын басы мен екiншiнiң бақыр басы əрдайым өз орнын таба ма? – Хақназар осы райынан өзi де шошығандай қос жанарындағы қорғасын түс қоюлап бердi. Бiрауық төмен тұқырып барып, қайта күш алды. – Осы колхозды басқарғаныма он бес жылдың жүзi бопты. Хат танымаған басым əйтеуiр көкiрекке басып, айғай-ұйғай, күнде қиқумен өрге сүйреп бақтым. Ал басқалар не iстедi? Баршы, ана «Қызылтуға», не «Жаңалыққа». Əлi күнге кешкiлiк жұрттың шиеттей бала-шағасы сығырайған май шамның түбiнде шыбын құқсап, жыпырлап, сығылысып отыр. Көзi ашық Дəкеновтiң, не ана шегiрткенiң айғырындай бар Ауқынбайдың жетесiнiң жеткенi осы ма?
Хақназар сөзiн қалт үздi. Кеудесiнде бiр алақұйын бар. Ойсыз кетiп бара жатқанын сездiрiп, перiштесi бүйрегiнен түрткендей. Əйтпесе, ет қызуымен Дəкеновтi өзi айтқан шегiрткенiң айғырындай бар Ауқынбаймен iлiктестiрiп жiберуi өрескелдiк едi. Сол жанына батты. Жарға жығыла жаздап сөйлеуiмнен басқалар да тыжырынды ма деп, кабинет тегiлердi қорғасын түстес жанармен жағалай шолып едi, қапысы жоқ, аталы сөз құлақтарына құйылғандай бəрi кəдiксiз күйде екен. Абыл орындығын сықырлатып, төмен түсiңкiреп отырды. Аяғын жазып, мойнын кеудесiне тыққан күйi мақұлдаған пiшiнмен басын изедi. Хақназар бұдан жiгерлене түстi. – Бергенiн бұлдайтын бөркi қазандай жаманның кебiн кимек емеспiн! – деп бастады да тағы бiраз сөздi тоғытты. – Дəкеновтiң асығы алшысынан түссе мен таңданбаймын да, қорланбаймын да. Тек бiр айтарым, мейлi ол, мейлi басқа, əйтеуiр жазатайым мына орынға басқа бiреу қонжиса осы колхоздағы мен салған жол, менiң тындырған шаруаларым аяққа тапталып бара жатса, былай қабырғаларыңа батып, көкiрек терiңдi ауыртпай ма? Қара сөздiң астарына жүйрiк Жазылбай, Абыл, Айтық түгiл шаласы мол Хакiмнiң өзi дүр сiлкiндi. «Неге мегзеп отыр?» Хакiм жаңа ғана лауазымы төмен Жазылбай сөйлегенде өзiнiң шет қалуын жөн көрмей белсендiлiгi ұстап, тамағын кенеген. Бiрақ айтар ойының нарқын ақыл таразысына салып едi, қарын ашырарлықтай екен, сосын үндемеген. Ендi Хақназар қармақты тереңге салды. Оған сұңғыла екi бригадир, бас бухгалтер жəне басқалар ғана бойлай бере ме деп, бұл да бел шеше қо йып кеткiсi келдi. Бiрақ ол тереңiнiң өзi неше бұлың қуыс-қуыстан тұратын сияқты. Оның қайсысын таңдаған жөн. Мұның ойынша, Жазылбай, Абыл, Айтықтар бəрiн түсiндi. Тiптi қазақшасы шала Штерн мен Курт Цихлер де солай сияқты. Ендi олардың бетбедерiнiң қандай белгi берерiн, не айтарын жiтi бақылағаннан басқа амал таппады. Бiрақ басқалардың да, əсiресе, жасы үлкен үш адам – Жазылбай, Абыл, Айтықтың да Хақназардың соңғы сөзiнен түйген ойларында айқындық жоқ, күлдiбадам едi. Бұл колхоздың iшкi-сыртқы ажары аудандағы барлық шаруашылықтардан бөлек-тiн. Жаңа Хақназар тiлге тиек етiңкiреген, осыдан үш-төрт жыл бұрын, ойда жоқта қолға түскен Штерннiң көмегiмен салынған Қусақ бойындағы электр станциясы, əр үйде дерлiк нүктесi бар радио торабы, жаңартылып,
таспен көмкерiлген көшелер, бiраз еңбек озаттарының, əрi орталық көшеде тұратындар мекен-жайының стандарттық үлгiмен жаңартылуы бұл ауылдың бет-бедерiн мүлдем өзгертiпақ жiберген. Клуб та жаңа. Кино, не əртiстер қауымы келе қалса, əсiресе, iргелес «Қызылтудың» кəрi-жасы осылай қарай ағылатын. Кино, не ойын-сауық үшiн ғана емес, бұл «Шұбардың» өзгеде жоқ сын-сыпаты да оларды өзiне тартатын сияқты. Сосын да олардың қырмызы қыз-бозбалаларының аңсары осылай қарай ауа беретiн. Бұл жұрттың көрмей, аңдамай жүрген жайы емес. Ауқынбайдың «солай қарай («Шұбарға» қарай) аттап бассаңдар аяқтарыңды кесемiн» деп, бəз бiр жастарына қоқиланғаны да бұл жаққа жетiп, талай елдiң күлкiсiн келтiрген. Тек ауылдың бет-бедерi ғана емес, мұнда тəртiп те бөлек едi. Хақназар қатты түйiлiп барып, ойын қайта жиып алғанға ұқсайды. Ендi қорғасын түстес көздерi тез жадырап, сарғыш жүзiнен iштегi тоңы жiбiгенде байқалатын ерекше мейiрiм дiлiктiң буы бұрқырап тұр едi. – Мына, Матеиш жазғырады менi, Дəкенов пен Ауқынбай iстеп отырған заңсыздықтарды жоғарыдағыларға көптiң көзiнше неге айтпайсың деп. Бiз ол ұсынысын Айтық екеумiз қабылдағамыз жоқ. Мəселенiң тұп тамырынан ұстасақ Матеиштiкi дұрыс. Ендi не, көре тұра бiз неге үндемей қалуға тиiспiз. Бұдан сұңғыла Абыл, Айтық, Жазылбай үшеуi ғана қорытынды шығарды. Мен емес, мұны сендер жеткiзiңдер деген дегiсi едi. Мынадай оңаша отырыс, құпия жиналыста аты аталған Штернге басы сары үрпек балапанға ұқсайтын бас агроном Курт Цихлер көзiне əдемi күлкiсiн жиып, тамашалай қарады. Абыл мен Жазылбай бас агрономның осындай ойсыз қалпын көрiп, кейде оны əпендеге балайтын. Хақназардың қалған сөздерiнiң түйiнi бұл шаруашылықта мен салған дəстүр, бастамалардың қадiрiн бiле жүрiңдер дегенге ғана сайды. «Хақа-ау, сiз кетсеңiз бiздi осы орындарда тапжылтпай ұстар кiм бар? Сайда саны, құмда iзi жоқ дейтiннiң кебiн əуелде бiз кимейiк. Əр перғауынның қасында бiр сұрқылтай ғой» дегендi екi-үшеуi жамырата жеткiзiп едi Хақназар ол жағына бойлауға жоқ екен. «Жаман айтпай жақсы жоқ, егер осы үш колхоздан құралған жаңа iрi шаруашылықты бас қаратын басқа бiреу сiз тындырған iстердi аяқ асты етсе, бiздiң оған көкiрегiмiз ауырса нақтылы қандай əрекетке ба руымызды қалар едiңiз» деген сияқты бұлардың көздерiнде ап-айқын жазулы сұрауды да жауапсыз қалдырды.
Тек бiр аңдатқаны, мен қашанда адал еңбегiме сенген адаммын, егер басқа жерде тап осы «Шұбардағыдай» сол еңбегiмнiң туын шалқыта алсам, соның арқасында менiң не қалайтынымды тыңдар құлақ табылса, бар атақ, бар абыройды тəрiк етемiн де тап осы «Шұбарды» қалаймын, сөйтiп қайтып келемiн, маған деген адалдықтарың сол күнiме сый болсын дедi. Иə, не қасиетi барын кiм бiлсiн, үш колхоздан құралған жаңа iрi шаруашылықтың да орталығына айналмақ осы «Шұбар» баршасы үшiн көз қимас ыстық мекен едi. Бұдан кейiн де менiң атыма кiр келтiрмеңдер, жинақы болыңдар дегендi қайталап қадап айтты. Мана таңертеңгiлiк Жазылбайдың қорасына түскен мақсат та оның алдағы күнде ашылып-шашылып жатпауы үшiн бұрауын қатайтып кетпек бiр амалы екенiн жасырған жоқ. Екiншi бригаданың бригадирi Абылға сенiң базыңа түспей-ақ қояйын, бүгiнгi Жазылбай күзетшiлерiнiң ашықауыздығы саған да сабақ болар дедi. Абыл кеудесiн кере басын изедi. Сөйтсе де келесi күннiң таңында Хақназар осы Хакiмдi ертiп барып, күзетшiнiң бейқамдығын пайдаланып, Абыл басқарған бригада базынан екi жылқы мен үш қамыт-сайманды өзi əкеттi. Абыл Жазылбайға ұқсап, күзетшiсi арқылы ғана сөз естiген жоқ. Күзетшiсiн, бригада есепшiсiн – үшеуiн қатар тұрғызып қойып, Хақназар екi сағат бойы жержебiрiне жеттi. Бұл Абыл басына үлкен мiн едi. Хақназардың күтпеген тұстан қалай келiп қаларын ең бiр əккiлердiң өздерi де бiле бермейтiн. Ол жылдар бұл өлкеде ашқарақ ұры-қарының анда-санда бас көтерiп қоятын шағы-тын. Қоғам мүлкiн сақтау сосын да көп адамға көз iлгiзбейтiн. Ал Хақназар сияқты мазасыз жанға тiптi солай. Өзi басқарған колхозда əрқилы құндылықтар сақтаулы орындарға өзi ұры боп түсiп, күзетшiлердiң жұмысын тексеру бұл Хақназар Халықбергеновтiң сүйегiне сiңген ескi дағдысы. Қайтесiң?!...
ЕКIНШI ТАРАУ – Күлшетай-ай, мына кебiстi қайдан алдың? – Ойбу, əкпе-ау! Мұны мен жаңа қалай жүрдiм екен? Бұл қаласы түскiрге күнде келе бермегесiн басың айналып, шатасасың да қаласың. Осы көшемен былай жүрiп, екi-үш көше өтiп барып, жаңа бiр темiр құдықтың қасынан өттiм-ау деймiн, иə, содан өтiп, оңға қарай бұрыласың. Бiрақ онымен көп жүрмей тағы осылай бұрылып, жоғары өрлешi. Əйтеуiр есiгiнiң алдында етiкшi отырған дүкенге кiрсең толып тұр. – Əттеген-ай, менiң енеме де осындай бiр кебiс керек едi. Бiраз зат алып қойып ем, бұларды көтерiп, мықшыңдап жеткенше қара сорпам шығады ғой. – Бiраз жерi бiраз жер ендi. – Əлгi жынды осында қанша келедi, қанша зарлап айтсаң да дүкен атаулыға бiр бас сұқпайды ғой. – Ой, еркектiң аты еркек емес пе? Сiздiң еркек ол бiр колхоздың бiлдей басшысы, анау-мынау шаруасымен мұршасы да келмейтiн шығар ондайды ойлауға. Ал бiздiң ат-арба айдайтын сорлымыздың өзi қалаға келсе-ақ тымырайып, кепкiсiн бiр жаққа қисайта киiп, осындағы сəн-салтанатты көрiп қалғысы кеп, елiрiп кететiнi бар. Əрi шөлдеп, көнi кеуiп тұратыны бар. Анау-мынау кəкiр-шүкiр сататын дүкендi пəруəйiне де iлмейдi. – Е, өзiң айтпақшы, еркектiң бəрi сол емес пе? Асып бара жатқан ешқайсысы жоқ. – Айтпақшы, əкпе, жаңа бiр қарадан қарап жүрiп ұялып, жерге кiре жаздағаным, сол мына кебiстi алған дүкеннiң ар жағында əлгi рестораны түскiр тұр екен маңдайшасы кекiрейiп. Бiздiң үйдiң балалары соның пирəшкесi мен бəлшiсiне əуес. Соның бесалтауын алайын деп сол немеге кiрсем, қақ төрiнде алпамсадай болып, əлгi Дəкенов отыр. «Бетiм» дедiм де, үлкен кiсi болғасын қымсынып, көзiне түспей кетiп қалдым. Пирəшкесi де, бəлшiсi де – бəрi де құрсын дедiм. Жəмиқа тез өзгере қалды. Iштен қыл өзегiн тартып қал ған сезiктi өзiнен бес-алты жас кiшi Күлшетайдан жасырып қалды. – Сен қалаға немен келдiң? – Əкпе-ау, өзiңiз ше? Мен ана Далабайдың арбасымен келдiм. Осында бес-алты қап ұн əкелдi. Қайтарында соған айырбастап темiр-терсек əкетпекшi, шамасы. Ендi сонымен салдырлаймын ғой жеткенше.
– Ендеше, Күлшежан, сен базарға барып, дəу қақпаның қасында менi тос. Мен машинамен келгем. Соның үстiне отырып барарсың. – И-и-и, əкпетай, сөйтсеңiзшi. – Əзiрге барып, базарды, анау қасындағы дүкендердi аралай тұр. Əй, неше түрлi дүниелер сықап тұр-ау. Тура көздiң жауын алады. Алмасаң да алғандай боласың. – Шiркiн-ай, десеңшi. Оның бəрiне бiзде пұл қайда? Жəмиқа айдаладағы бiр арбакештiң қатынын мүсiркемек емес едi, осы қазiр ғана iшiн бүлк еткiзген сезiктен жас та болса жасамыстан əрмен Күлшетайдың көзiн бұра тарту үшiн, қапелiмде тапқан iлiгi сол көлiк жайын сөз ету болатын. Ауыл əйелдерi бастықтың əйелiмен қыдырғанды да дəреже көредi. Жəмиқа қас пен көздiң арасында соны да ойлап үлгердi. «Əкпетайлап» жабысып алар деп, оны сол машина келетiн базар жаққа, ондағы көздiң жауын алып, сықап тұрған дүниелiктерге қарай желiктiрiп, айдап салды. Жəмиқаның осы облыс орталығы Талдықорғаннан алған заттары шынында бiраз едi. Бiр тораша, мойнына қоржынша асқан екi түйiншегi жəне бар. Бастықтың əйелi қаладан өстiп арқаланып қайтпаса көршi-қолаңнан ұят та ғой. Құдайға шүкiр жоқ емес. Əрi жұрттың көзiн қызартуға да жақсы. Күлшетайдан сəл ұзағасын алған заттарын ауырсынып, теңселе басқан жүрiстi тез өзгертiп, жеңiл-желбегей, тiптi үстiндегi терден жотасы суланған көйлегiн де шешiп тастағандай-ақ асыға аяғын дiк-дiк басты. Етжендi денесi осылай бiраз жүрсе майға қуырылғандай болатынын сезсе де бұл жан ая мастығынан қайтар емес. Өмiрiнде ештеме көрмеген, қалаға келсе нағыз əңгүдiктiң өзi Күлшетайдың кебiс сататын дүкендi нұсқаған жағын бұл өзiнше дəл болжап, қайтсе де əлгi ресторан адастырмас деп, анадан бiр, мынадан бiр сұрастырып, соны нысана етiп келе жатыр. Ақыры дəл тапты. «Маңдайы кекiрейген» ресторан осы, қатесi жоқ. Жаңбырда ауласы балшық болмасын деп, кепкiнiң күнқағарындай шатыры қабырғадан берiрек тартылып, екi-үш оюлы ағаштан жасал ған тiреуге бекiтiлген. Жəмиқа мұның алдына келгесiн бiраз жүрегiн басуы керек едi. Ресторанның ауласы жел ұшырып түсiрген сарғайған күзгi жапырақтардан ыбырсып жатқан. Əйел торашасы мен мойнына асқан екi түйiншегiн сол жапырақтардың қалыңдау төселген бiр тұсына қойды да алқына, ауыр дем алып тұрды. Қазiргi бұл үшiн
үлкен сын сағат едi. Онсыз да қызыл жүзi оттан суырылғандай лапылдап, тер дегенiң көзiн жауып, ашытып барады. Басындағы орамалын шешiп, дамылсыз сүртiне бердi. Көйлегiнiң сыртынан киген тоқымасын сыпырып, қолтығына жел соқтырса қандай жақсы, əттең. Бiрақ ауыл əйелдерi үшiн мынау иен қалада, көше ортасында олай ету жарасымсыз iс. Атақты бастықтар Дəкенов, Халықбергеновтермен терезесi тең Ауқынбайдың əйелi Жəмиқа үшiн, əсiресе, солай. Несi бар, бəрi де жарасады ғой дейтiн бетiнен оты шыққан пəлендей жас та емес. Қырықтың бесеуiнде қазiр. Сондықтан тыйым-сыйымның бəрiн ескермеске хақысы жоқ. Қалай да күз уақыты, күн пəлендей ыстық емес. Жəмиқа терiн тез басты. Орамалын оңдап тартып, үстi-басына қол жүгiртiп, тоқымасын, көйлегiн жөндеген болды. Сосын жердегi қос түйiншектi мойынға iлiп, торашасын оң қолына алып, «əупiрiмдеп» ресторанның биiк басқышты табалдырығына қарай қозғалды. Қазiр үш колхоздың бiрiгуiне байланысты Алтын Жұлдызды басшылар Дəкенов пен Халықбергеновтың бiр орында қайсысы қалады деген жоғары-төмендегi алып-қашпа сөз, сол екеуiнiң тынымсыз əрекеттерiнен обком мен аупарткомдардың өздерi де бiр шешiмге келе алмай тығырыққа қамалуы, осыған орай Ауқынбайдың ұстанған iшкi, сыртқы саясаты – бəр-бəрi Жəмиқаға бүге-шiгесiне дейiн аян. Жаңа Дəкеновтiң ресторанда отырғанын Күлшетайдан естiгенде ол облыс басшы ларының бiреуiнiң осында аузын алып отыр деп түйген. Қа лайда Жəмиқа колхоз бастығының əйелi ғой. Келiмдi-кетiмдi зиялылар көбiне өз үйiне түсетiндiктен олардың талайын түс теп танитын. Қазiр Дəкенов қай мықтымен əмпейлесiп отыр, соны күйеуiне бiр жеткiзiп берсе бұған қанша абырой? Ол үшiн Жəмиқа ештемеден тайынбайды. Жалпы Дəкеновтiң Ауқынбайдан жасы да үлкенiрек, əрi Ауқынбай одан қатты именетiн. Мұндайда Жəмиқаның Дəкеновтiң бетiне тiптi тура қарай алмасы анық. Бiрақ Жəмиқа тəуекелге бел байлап, абайсызда үстiнен түсiп қалғанға келтiрмек. Жаңа Күлшетай айтқан пирəшкi мен бəлшiнi сылтау етедi. Мұның да балалары жоқ емес. Ал көзiне түспей кетсе нұр үстiне нұр. Жəмиқа жоғары көтерiлгенде неше түрлi дəмдi тамақтардың исi мұрнын жарды. Қасында тағы бiр əйелдiң жоғын қарашы, асықпай ауқаттанып та шығар ма едi. Ал Күлшетайды ертудiң жөнi жоқ. Мұнда Дəкеновтiң отырғанын бiле тұра кiруi күдiк тудырмай қайтсiн. «Сөйлей, сөйлей шешен, көре, көре көсем
болар» деген ғой. Неше түрлi ой, сезiк басында түйдектелiп тоғысқасын ба əншейiнде көп жоламайтын өткiр болжам, топшылаулар көз iлестiрмей миының тоңын ойып тал қандап жатты. Мұнда не мақсатпен кiргенiнен де жаңылып қаларманға бар. Бiрақ Жəмиқа сергек, сақадай сай қалпынан танбауға бар күш-жiгерiн жұмсады. Əр жерде қарағай тiреу қойылған үлкен залда шашау-шашау жайғасқан адамдар арасынан Жəмиқа сасқалақтап ешкiмдi танымады. Көзi бұлдырлаңқырап, сəл ес жиып қайта қарады: – Бетiм! Сорлы əйелдiң жүрегi шоршып түстi. Өзiнен бес-алты адым ғана биiк терезенiң алдында отырған Дəкеновтi көрмей мұны не қара басты? Қасындағысын да айна-қатесiз таныды. Кеудесiне екi оқ қабат тигендей. Күтпеген жағдайда жолықса тiптi ат басындай алтынның өзi жаман қорқыныш тудырады. Əрине, мына олжа Жəмиқаны ағаш еденнен көтерiп, ұшырып əкете жаздады. Былай қалқаланбай əкесiнiң үйiне ентелегендей-ақ түйенiң жарты етiндей денесiмен табалдырықтан берi аттап кiрiп келуiн, əрi состиып тұра қалған ебедейсiздiгiн өзiне-өзi кешiре алмай зығырданы қайнады. Абұйыр болғанда Дəкенов мұны байқамады, есiк жаққа қырын отырған ол қарсы алдындағы сұлу бухгалтер əйелге əлдененi байыппен əңгiмелеуде. Иə, Дəкеновтiң қасындағы оның өз колхозындағы бухгалтерi Нұрбике едi. Ол бастығының əңгiмесiн жан-тəнiмен берiле тыңдауда. Екi езуiнде əдемi күлкiсi бар. Маңдайын қақ жара тараған, қос бұрым етiп өрген шашы қап-қара, май жаққандай жылтырайды. Өңiнде де кiршiк жоқ. Осы қаладағы қынама бел, аппақ келiншектердiң арасына қосып жiберсе мұны бөле-жарып алу қиын-ақ сияқты. Əңгiмеге елiккенi соншама, Жəмиқаны бұл да байқамады. Өткен жылдары Дəкеновтiң семьясынан шу шығып, əйелi күйеуiн бухгалтерден қызғаныпты дегендi Жəмиқа да естiген. Тек Дəкеновтың мол қайраты ғана шабына шоқ түскен əйелдi бұғалықтап ұстауына, сөйтiп, ел-жұртқа дымын шығармауына мүмкiндiк берiптi. Ендi, мiне, əрi-сəрi күнде Жəмиқа мынадай адам айтқысыз сұмдық жəйттiң тура үстiнен түстi. Мұның орнында Дəкеновтiң шəлкем-шəлiс мiнездi өз зайыбы болса қайтер едi? Мүмкiн бұл Ауқынбайдың қолына бiр жiптi ұстатар да. Ағаш баспалдақтан құлап кетердей əрең түскен Жəмиқа былай шыға бере, жүрегiн басып осылай пайымдады. Əлдеқалай күнде Күлшетайға сезiк тастамау үшiн ол айтқан дүкеннен кəрi енесiне
кебiс алуды да ұмытқан жоқ. Ал пирəшкi мен бəлшiге зəресi зəр түбiне кетiп, мүлдем мұршасы болмап едi. Қалаға келсе кiрмейтiн тесiгi, қарамайтын бұйымы қалмайтын Жəмиқа уақыт ерте болғанмен ендi ешқайда алаңдамастан базарға тура тартты. Дəу қақпаның қасында Күлшетай жоқ едi. Жəмиқа нұсқаған көздiң жауын алатын дүниелiктердi саралап жүрген екен. Ол бiраздан соң жеттi. Сүйек-сүйегiнен гөрi басы қатты шаршаған Жəмиқа қанша сыр бiлдiрмейiн десе де онымен мана көше ортасында кездескендей ашық шырай бiлдiрiп, шүйiркелесе алмады. Екi қабағының ортасына əлдебiр көзге көрiнбейтiн құс болат тырнақтарын батырып, бүрiстiре бергендей. Сол жылдарда колхоздарда аса көп емес, полуторкалардың бiрiмен бұлар ауылға кештете жеттi. Ашық кузовта əрі-берi аунап кетiп, əрең отырса да айында, жылында бiр баратын Талдықорғаннан мұндай көлiкпен қайтқанына Күлшетай мəз. Ал кабинада жұмсақ орындықта жайғасқан Жəмиқа көргенбiлгенiн күйеуiне жеткiзгенше шыдамы таусылып, көкiрегi тарс жарылатын сияқты. Басы да құрсаулы кеседей сыңғыр-сыңғыр етедi, шамасы. Əйтеуiр, бұл заманның тұлпары – жүрдек машина мына тас жолдың үстiнде қоңызға ұқсап тоңқалаңдап қалған сияқты. Өмiрде аяғының ұшынан арғыны көрмеген, сосын да тоқығаны аз жандардың мұндай шақтарда қауырт əсерден өзiн қоярға жер таппай жүйкесiнiң жұқалық ететiнi табиғи да. Ол əлсiн-əлсiн мана мейманханаға кiрiп барғанда өзiне қырын отырған Дəкеновтiң үстiне тау құласа да былқ етпес, бет өңiрi үлкен өрiстей бар келiстi қалпын, қыр мұрынның үстiндегi көздiң байсалды, ылтипатты қарасын елестете бердi. Маңдайын қақ жара тараған шашы май жаққандай жылтыраған, екi езуiнде əдемi күлкiсi бар сұлу Нұрбикенi ойлағанда мүлдем жарыла жаздайды. Анадай үлкен адамның қасы-қабағын өзiне қаратып қойған басындағы сайтанын қағып тастар ма едi, шiркiн! Тiптi осы жəйттi жеткiзуге асығуы өз қосағының мəртебесiн ойлауынан емес, сол iштi жегiдей жеп, тауысып бара жатқан қызғаныштан сияқты. Ауқынбай өзiн мысы басып кетер Дəкеновке ештеме iстей алмаса да осы бiр сайқалдың басындағы бағын қақ айырар ма едi, еңғұрмаса. Бiрақ бұл бiр сəттiк ұрлана кiрген түйсiк, сезiм. Оны Жəмиқа жұрттың көзi түгiл өзiнен де жасырғысы келедi. Ертеңiне Жəмиқаның белi бүктелген кəрi енесi «Жаңалыққа» тартты. Аяғында қап-қара жаңа кебiс. Кемпiрдi ол колхоздың бергi шетiне дейiн өздерiмен ағайындас бiр арбакеш апарып
тастады. Ары өзi жаяу кеттi. Көше ортасымен асықпай басқан кəрiнiң аяғындағы су жаңа кебiс Дəкеновтiң үйiне қарай жылжып бара жатқан қос бүйi секiлдi. * «Қызылту» колхозының бригадирi Сүгiрбектiң ащы айғайы шықты: – Əй, найсаптың баласы, қайда кетiп барасың? – Мұның айғайынан астындағы тортөбел аты да селк-селк еткендей. Балуан денелi ингуш жiгiтi Зайпулла жаңа ғана сылбыр да болса жонып отырған қызылшасын тастап, ай-шай жоқ, тал түсте желкесi күдiрейiп, ауылға қарай сырғып барады екен. Жеткен жерiнде тоқтап, бригадирге бұрыла «не айтып тұрсың» дегендей қарады. Сосын Сүгiрбектi кiшкене баладай-ақ сұқ саусағымен ымдап, өзiне шақырды. Жайшылықта да тапалтақ, ат үстiнде мүлдем қарғадай-ақ шоқиған бригадир бiр көрiм жiгерге бар едi. Тортөбелiн тебiнiп жiберiп, қасына зулап-ақ келдi. Көкпеңбек алқапта қызылша жонушы əйелдер бұл екеудi алыстан-ақ бақылай қалып едi. Сүгiрбек солардың көз алдында жазатайым масқара болмауды ет қызумен ойламапты. Ингуш жiгiтiн басып кетердейақ қызылшасы алынған топырағы борпылдақ жермен өңмендей жеттi. Сол-ақ екен, ендiгiге көз iлескен жоқ. Зайпулла бригадирдi ер үстiнен жұлып түсiрiп, үлкен сапы пышақты кеңiрдегiне бiрақ тақады. Бригадир көзi тұманданып, өңi ме, түсi ме, айырмады. Сонда да иманын айта бастады. Бiрақ ернiн жыбырлатуға жүрегi дауаламады. Кеңiрдекке тиiп тұрған суық пышақ жүзi сол ерiн жыбырынан-ақ ары қарай өзi сып ететiн сияқты. – Сен маған бұлай айқайлауды тоқтат! Əйтпесе сенiмен мына пышақ арқылы əңгiмелесемiн! – Жүзi көкке қарап қалған Сүгiрбектiң көзi Зайпуллаға түсiп едi, иегiне қылтанақтап шыққан сақалы бар, үлкен көк көздi бет əлпетiнiң сұсы жаман екен. Шешен-ингуштар өздерiмен көп жылдар аралас тұрса да мынадай сұрапыл бет-əлпеттi Сүгiрбек бұрын олардан көрмептi. Сояудай суық қаруды ойнап отырып-ақ бойлата салу бұған түк емес. Бригадир мұны жаны мұрын ұшында тұрып, айна-қатесiз түсiндi. Ақыры Зайпулла өзiн босатып, ары жүре бергенде бұл сорлы атының қасында тəлтiректеп əрең тұрды. Көзден бұлбұл ұшқан жарық дүние көк аспаны төңкерiлiп, қайта оралыпты. Тез ес жиып, қаңқу сөзi көп əйелдерге таба болғанын да түсiнiп, атына
мiне қойды. Ендi бригадир қайта ерсiндi. Көп ұзап үлгермеген Зейпуллаға тағы айғайлап: – Əй, қызталақ, мына соқталдай қалпыңмен сенi кiм асырайды, еңбек iстемесең? – дедi. Зайпулла тағы тоқтап, жаңа өзiнiң бекер аяушылық жасағанына бармақ тiстегендей қарады. Бригадир оны сезсе де, ендi көп қорқа қойған жоқ. Астымда атым бар, азар болса қашып құтылармын, ар жағы ел iшi ғой деген сыңайы. Соңғы сөздi Зайпулланың еңбекке жарамсыз жалғыз шешесi барын еске алып айтып едi. Бұл он тоғыз жасар неме қай жұмыстан да жалтарып, бой тасалап, колхоз белсендiлерiнiң ашу-ызасын тудырған. Соңғы кезде тым тақақтап кеткен Ауқынбайдың тапсыруымен, кешеден берi ғана Сүгiрбек мұны əке-көкелеп, еңғұрмаса қызылша тазалауға болыс деп осында алып келген. Мұнда да тындырған ештемесi жоқ, бiрдемесi жұғып кетердей жұмысты саусағының ұшымен ғана iстейдi. Ендi, мiне, мүлдем өкшесiн жалтыратып барады. Осы күз айында Ауқынбайдың жаман күшiктей желке жүнiнiң тым күдiрейiп жүргенiн Сүгiрбек бiлмей кiм бiлсiн! Əрi оның себебiне де қанық қой. Мұндай жалғыз-жарым сенделiп жүргендердi көрсе жұмысқа жұмылдырмадың деп, бригадирдiң өзiн ата жауға балап шыға келуi мүмкiн. Соңғы күндерi əр атқамiнерге «менiкi ме», «жаттiкi ме» деп, күдiктене сыналай қарайтын Ауқынбай кейде кеудесiне тосын дерт жабысқан адамға ұқсайтын. Жұмыстағы əрбiр кемшiлiкке ымырасыз. Сəл кем-кетiк, жiбi босаңдықты көрсе оны дұшпанға бүйрегi бұрған опасыз бiреудiң қылығына балайды. Бұл колхозда рулық, туыстық жағынан Халықбергенов пен Дəкеновтерге барып тiрелетiн талайлардың барын ол бiледi. Мiне, Сүгiрбек те сондайлардың бiрi. Алыс аталасы Дəкеновтiң мүддесi үшiн сыныққа сылтау iздеп, түртiнектеп, осы Ауқынбайдың алдынан ор қазып жүрмесiне кiм кепiл? Көпшiлiк ортасында езуiн жимай мəз-мəйрам көрiнгенмен Ауқынбай белсендiлердiң қай-қайсымен де оңаша кездессе-ақ қияқ мұртын жыбырлатып, шот маңдайдың астындағы шұңғыл көздерiмен тесiп жiбере жаздайды. Iштегi алалығыңды аңғарып, масайрағандай болады. Құдайға шүкiр, Сүгiрбекте ондай опасыздық жоқ. Дəкенов бастық бола кетсе бiрдемесiн бөлiп берер деймiсiң. Алыстағы ағайынның рақымынан гөрi өзiнiң күнделiктi қам-қарекетiне көбiрек сиынады. Сөйте тұра Ауқынбайдың шұңғыл көздерiндегi сенiмсiздiктен жан азабын шегiп-ақ жүр. Қысылтаяң уақыт.
Əйтпесе, мұны Ауқынбай орнынан алып-ақ тастар ма едi. Əнеугүнi түнгi жиналыста Ауқынбай еңбеккүнге алты келiден астық айналдырам дегенде «оның арты неге соғар» деп, шүбəланғандардың қақ ортасында осы Сүгiрбектiң де төбе көрсеткенiн жақтырмай қалғаны бар. Сүгiрбек оны қалай ұмытсын? Ауқынбайдың да жаман кек сақтағыш екенiн алақандағы жазудай таниды. Сосын да мына басқа ұлттың өкiлi, қаны қазандағы судай қайнағыш, түрiнде кiрпiк қақпай кiсi өлтiре салатын жойдасыздық, терiс пиғыл тайға таңба басқандай атойлаған көкжалқау ингуш жiгiтi Зайпулланы жұмысқа жекпекке тəуекел етуi, онымен текетiреске баруы сол өзiне деген сенiмсiздiк бұлтын сейiлтудiң амалы едi. Зайпулла тоқтаған бойда бригадирдi аз-кем бақылағасын үндеместен əрі кете барды. Ұстаған бағыты «Шұбар» едi. Мұнда жеткесiн қасына бiр бала ерттi. Ендi екеуi «Шұбардың» бел ортасынан көктей өтiп, арғы бетiне шықты. «Қызылтудан» қашып, «Шұбардың» жұмысына қол ұшын тигiзбектей бұлар ендi осы колхоздың қызылша танабының дəл үстiнен түстi. Мұнда да сол «Қызылтудың» жерiндегiдей көрiнiс. Ай-жай қызылша танабы. Биылдыққа күз айы барлық колхоздарды жарылқап тұр. Қарашаның екiншi жартысы болса да əлi суық түскен жоқ. Жауын-шашынсыз, жайдары шуағы мол алтын желектi күндер тапжылатын емес. Көкпеңбек қызылша алқабы күз түгiл борандатып қыс келсе де өңiн берместей. Тек iсмер адам қолы тиген тұстардың қара топырағы шығып, көк пүлiштiң етек-жеңi қусырылып барады. Зайпулланың қасындағы мұның өзiнен көп кiшi, небəрi он беске жаңа толған Қаяз. Зайпулла үлкен көк көздерiне ашу түйдектетiп, қылтанақтап шыққан сақалы бар иегiн шошаңдатып, Қаязға əлденелердi дамылсыз соғып келедi. Жаңа «Қызылту» колхозының бригадирi Сүгiрбектiң шыбын жанын ұшыра жаздағанын бiраз жерге жеткiзе əспеттей баяндады. Сосын Қаязға ақыл үйретуге көштi. Ендi иегiн ғана шошаңдатып қоймай алыстағы əлдекiмдерге кiжiнгендей түюлi жұдырығын ойнатып, қызбалана сөйлегенi байқалады. Жуан мойны, ұстара тигенiне көп болмаған тақырлау басы да бұлғалақтап, iштегi отының маздай жанғанын айғақтайды. Бұлар мұнда да қызылша жонушыларға жолаған жоқ. Қайта əйелдердiң ақ жаулықтары молырақ ағараңдаған тұстарды айналып өтiп, көбiне қара топырағы қалған танаптарды жағалай
жүрдi. Қаяз бойы аласа, кеудесi сəл еңкiштеу көрiнгенмен қайраты тез толысып келе жатқан тығыршықтай бала жiгiт. Ол Зайпулланың «ғақлияларын» ашқарақтықпен бойына сiңiрiп, содан одан əрi күшi толып, сiңiрi қатая түсетiндей. Көптен берi осы маңда тұратындықтан Зайпулла қазақша жылмайтын. – Жолдастық, жолдасты сатпау, жолдасты қорғау, мiне, бiлесiң бе, ең бастысы сол. Кавказда ең жоғары нəрсе сол. Онда қанжармен серт берiседi. Нағыз мұсылманшылықтың қағидасы солай! Ол бұлжымайды! Мұнда тегiс жол қайдан болсын. Танап жиектеген бойда Зайпулланың уағыздарына құлақ қоямын деп, Қаяз бiр арыққа тоңқалаңдай құлады. Оны Зайпулла жұлқып шығарды. Қолы қолына тигенде Зайпулла оның бiлегiне сүйсiндi. Атан түйенiң жiлiгiндей бар өз бiлегiне де əлденеден қан жүгiрiп, бiр сəт сабырдан айырылды. Терең қазылған бас арықтан алыстаңқырап, шөптесiндi жазаң тұсқа келгенде «уһ» дегендей дыбыс шығарып, Зайпулла Қаязды жерден көтерiп алып, төбесiнде ұршықша иiрдi. Жерге ұрып соқпақтай. Қаяз осыны сезгесiн бе бiр қолы оның мойнына, екiншi қолы иықтан сəл төмен бұлшық етiне қата жармасты. Қалай ұрса да табанымен түсу үшiн көктегi екi аяғын тарбитып жiбердi. Əрi қолдарының шеңгелiн батыра, əсiресе, Зайпулланың мойын сүйегiнiң бұрауын қатайт ты-ақ. Шынашаққа қарай сəл жылжыған сол қолы да сөйттi. Мұны қалай ұрса да бұл Зайпулланы өзiмен бiрге алып түсердей. Сосын да ол төмен қарай қатты құлдилатқан жоқ. Табанымен жерге дiк қойды. – Молодец! Қайратың бар! – Зайпулла Қаяздың арқасын қақты. Оқыс қимылдан екеуiнiң бетiне де қан теуiп кетiптi. Аспанға тулақтай көтерiлiп, иiрiлгенiмен Қаяз дым деген жоқ. Қайта Зайпулла сыр берiп алардай. Қаяздың жiгiттiк намыспен тырысуы Зайпулланың дом боп жарап, бұрқ-сарқ арпалыс аңсаған бұлшық еттерiне бiраз салмақ боп түсiптi. Өзiнен көп кiшi жiгiттiң мұндайлығын бұрын да байқаған. Иə, Зайпулла мұны тегiн таңдамаған, сiрə. – Егер сен жолдастыққа үйренсең сенен мынау деген жiгiт шығады. Жолдастыққа үйренбесең ыдыс-аяқ жуатын қыз да бiр, сен де бiр! Əр сөзiн пысықтап, шегелеп, қайталаған сайын Зайпулланың үлкен көк көздерi от шашады. Тiптi қылтанақтап шыққан əзiрге мардымсыз сақалы да ерекше қайрат, жiгер белгiсiне ұқсайды.
Бұлар колхоздың бау-бақшасына жақындағанда Қаяз сақтық айтты: – Бiз бiреу-мiреулердiң көзiне түсiп қалмайық. Кiм көрсе де дереу Хақназарға жеткiзедi. – Ау, сен қорқақсың ба? – Мен ешкiмнен қорықпаймын. Тек Хақназар естiмесе болды! Хақназардың есiмiн соншалық ылтипатпен атағанын түсiнен таныған Зайпулла одан əрi сөз жарыстырған жоқ. Тек «Шұбардың» шығыс шетiндегi айналасын қалың ағаш қоршаған бау-бақшадан бергi əйелдер қызылша жонып жатқан көк танапты айналып өтуге тура келдi. Зайпулла көршi «Қызылту» колхозынiкi ғой. Сондықтан жүрер жолды көбiне Қаяз белгiлеп отырды. Бұлар нысаналы жерге тақау келдi. Қаяз тағы сақтықты ескерттi: – Байқамасақ, күзетшi бiздi тұзбен атады ғой. – Ол ештеме емес. Маған екi рет сондай тұзбен атып, дəл тиген. Тұз тиген жерiңе топырақ сепсең, екi-үш-ақ күнде жазылып кетедi. Қаяз бұдан да кiшiрек кезiнде өз қатарластарымен көшеде ойнап жүрiп, қолын не аяғын қанатып алса оған топырақ себетiн. Жалғыз бұл емес, басқалар да сөйтетiн. Ал тұз оқ тиген жердi олай «емдеуге» болатынына сенгiсi жоқ. Ондайдың тек бетiн аулақ қылсын. Зайпулла жер жағдайын мөлшерлеп бiраз тұрды. Баубақшаның бергi шетiндегi қалың ағашты кемерлей қа зылған арықтың төменгi жағы қалың қурайлы екен. Соны нұсқап: – Əне көрдiң бе, ана арықтың iшiн. Қурайы көп. Соған жасырынасың. Бiреуден сезiктене қалсаң қарбыздар соның iшiнде қала берсiн, өзiң ештеме болмағандай жөнiңе жүре бер, – дедi. Жейдесiнiң iшiнен кеудесiне жапсыра қап байлап алыпты. Соны Қаязға шешiп бердi, өзi күзетшiнi алдандыруға кеттi. Күзетшi шалды тез тауып алды. Оған мал қарап шыққанын сылтау еттi. Күзетшi Жəкен осы маңнан өтiп бара жатқан бiреулер, арбакештер өзiне арнайы бұрылып, қысыр əңгiме айт са, əрi шөлдеген сыңай бiлдiрсе, бекер обалы кəнi, жал ғызжарым қарбыз берiп сыйлайтын да. Ондай жөнiмен iстелген iске Хақназар да терiс қарамайтынын бiлушi едi. Одан ешнəрсе кемiп қалмайды, тек қанжығасына байлап, не артына бөктертiп, мөлшерден асып кетпесiн.
Ал мына үлкен көк көздi, бетiне пышақ жанығандай, қылтанақтап шыққан сақалы бар ингуш жiгiтi Жəкенге алыстан келген иман жүздi меймандай көрiндi. Əрi күнде келер дейтiн шұбарлық емес, осыдан таяқ тастам жердегi қызылтулық болса да əйтеуiр исi бөлек колхоздiкi ғой. Тарлық еткеннiң жөнi жоқ. Көзiнiң алды iрiңдеп жүретiн, бетi əжiмнен ағал-жағал ақкөңiл шал бау-бақшаның арғы бетiндегi күркесiнiң қасына апарып, кiшкене əңгелектi жарып бердi. Екеуi жайғаса бергенде Зайпулла ағаш басынан бiр құсты көрген болып, ысқырып қалды. Мұнысы күзетшi Жəкеннiң құлағын жарды. Сосын одан бұл маңда жылдың осы мезгiлiнде қандай құстардың болатынын сұрады. Əңгүдiк шалдың оған бiраз ойлануына тура келдi. Зайпулла да асықпады. Күзетшi өзiнiң жеуiне таңдап алған əңгелек те тəттi екен. Тiл үйiредi. Бiраз уақыт өткiзiп, Зайпулла манағы уəделескен жерге келсе Қаяз қалың қурайдың iшiнде қара сорпасы шығып, басына көлеңке де жетпей болдырып отыр едi. Алдында жарты қаптай қарбыз. Мұны мұнда тасу үшiн жаңа Зайпулла ысқырып белгi бергеннен берi қайтсе де жер бауырлап, бақшаға төрт-бес қатынады, шамасы. Зайпулла ендi бөгелген жоқ. Жарты қап қарбызды ең алдымен өз арқасына салды да арық бойлап, төменге беттедi. Қаяз соңынан ердi. Сəлден соң Қаязға көтерттi. Ондайда Зайпулла алға озыңқырап кетедi. Мықшыңдаған Қаяз көз жазып қалмайын дегендей тапырықтап, аяғын əрең басады. Жаңағы жер бауырлап, екi-үштен, бақшадан қарбыз тасыған ештеме емес, зордың зоры мына зiл көтерем қапты арқалау екен. Қаяздың əп-сəтте бұрынғыдан да жаман борша-боршасы шықты. Алға озып кеткен Зайпуллаға ысқырып белгi бердi. «Тоқта» дегенi едi. – Неге ысқырасың? – деп зекiп, Зайпулла қайта оралып келдi. Нағыз батыр емес, мұнда да бiр шикiлiк барын сезсе де Қаяз үндеген жоқ. Бұлар ағаш көмкерген бау-бақша төңiрегiнен бiраз ұзаған едi. Тек жаңағы қалың құрайлы арық əлi таусылған жоқ. Сол арыққа қайта жасырынып, қарбызды екiге бөлдi. Бiр жартысын Зайпулла алады да, жаңа келген iзбен емес, керiсiнше мына оң жақпен айналып, Қарабұлақ-Тентек жолына түспекшi. Ол жолдан бiреумiреу көрсе де бұл қарбызды Қарабұлақтан сатып алған болады. Оған сенбеушiлер де шығуы мүмкiн. Бiрақ бет бақтырар Зайпулла ма? Ал екiншi жартысын кешке қарай əйелдер қызылшадан қайтқасын əкетпекшi.
– Мына жартысын мен аламын, – дедi Қаяз. – О, есалаң! Сосын əкеңе қалай айтасың мұны? Қайдан алдым дейсiң? Қаяз ойланып қалды. Шынында осы колхоз белсендiлерiнiң бiрi – əкесiне неғыл демек? Зайпулла сияқты қалтасына ақша сап жүруi мүмкiн үлкен жiгiт те емес. – Бақшаға тығып қойып, күнде өзiм жеп тұрам. – О, сен нағыз су ми екенсiң, – деп Зайпулла одан сайын ұрысты. Бiраз сөзiн шығындатып барып, «қарбыз жегiң келсе күнде бiздiкiне келiп тұр» дегенге қисайтты. Қаязды көңiлдендiргiсi келдi ме, сол жерде бiр қарбызды үлкен сапы пышағымен жарып салды. Кенезесi кеуiп қалған Қаяз қып-қызыл тiлiмдердiң бiрiнен соң бiрiн қылғытты. Тек ар жағына бiрдеме барғасын ғана мұның көңiлi қайта құлазыды. Осыншама бейнет бұған тамақ асырау үшiн ғана керек болыпты. Соны түсiнуi жас жiгiттiң тұла бойын сарыуайымға толтырды. Керек десең Қаяз жоқ-жiтiк отбасыдан емес, əкесi, туған ағасы екеуi бiрдей колхоз белсендiлерiнiң қатарында. Қарбызға бүйтiп өлiп-өшпей-ақ қолын жеткiзе алады. Кəнiгi Зайпулла Қаяздың түнерген жүзiн қақас жiберген жоқ: – Сен мына қалған қарбызды мен жоқта əкетудi ойлап отырсың ба? Тоқта, өйтсең көресiң. Иə, көредi. Ол – айдан анық. Зайпулланың жойдасыз, аяусыз жұдырығының дəмiн мына жотасымен талай түйсiнген. Сол жұдырықтан қорыққаннан ғана ғой, мұның соңынан сүмеңдеп қызмет көрсетiп жүргенi. Қаяз ендi Зайпулланы өлердей жек көре бастады. Зайпулла үлкен қарбызды тiлген екен. Оның қалғанын тойдым деген желеумен Қаяз жеген де жоқ. Орнынан тұрды да жан-жақты барлаған болып, алысырақ барып тұрды. Зайпулла қалған тiлiмдердi өзi қарпытып отыр. Кенет алысырақтан салт атты көрiндi. Қаяз оны бiрден таныды. Бой жасыруға да болатын едi. Бiрақ жаңағы Зайпуллаға деген ашу-ыза мұны басқа бiр пəлеге бастады. Ол қозғалмастан қалшиып тұра бердi. Хақназар егiс алқабында жалғыз-жарымдаған оқшау адам қарасы көрiнсе оған соқпай өтпейтiн. Атты тура Қаяз жаққа бұрып, тiптi жүрiстi жеделдеттi, тебiндi де. Зайпулла iшек қуысының шұрылын басамын деп, ештемеден алаңсыз. Оқ бойы жақын келгенде ғана Қаяз қарама-қарсы жаққа жылыстап қаша жөнелдi. Хақназар оны тұра қуса Зайпулланың тура үстiнен түсерi хақ. Қаяз соны есептеп, бағытын осылай ұстады.
Бұның болжағанындай-ақ Хақназар Зайпулланы қарбыз тiлiмдерiн шала жеп, отырған орнын қызыл ала қан шашырағандай еткен жерiнен желкеден басты. Қызылшасы алынған, топырағы борпылдақ танаппен келгесiн бе ат дүбiрiн бұл естiмей де қалыпты. Зайпулла Хақназардың барлық кəрiне ұшырады. Əуелде бəрiн əкетуге ауырсынып, екi бөлiп тасуға оңтайланған қарбызын бiрден түгел көтертiп, табанда колхоздың қоймасына апарып өткiздiрдi. Одан əрi тағы да ешкiмдi жұмсамай, жаяу Зайпуллаға өзi атты айдауыл болып, «Қызылтуға» беттедi. «Шұбардың» қақ ортасын басып жүрдi. Мойны-басы сылқ түсiп бара жатқан соқталдай ингуш жiгiтiнiң күйiн бұл ауылда талайлар байқады. Ал оны өз аулында қызықтаушылар одан да көбейдi. Сырт колхоздың бастығының бүйтiп айдауыл болып келгенiн олар өмiрде көрмеген. Қасыңдағың, сенi тастай қашқан жолдасың кiм деп Хақназар қадала сұрап едi, Зайпулла одан сайын дымын шығармай тiлжағын қарыстырды. Шешен-ингуштардың мұндайда дiнге берiктiгiн бiлетiн Хақназар бұл мəселенi одан əрi қазбаламады. Сол «Қызылтудан» ерiп келген əлдекiмге жорып, «неғыламын оны, бүгiнгi саясатқа осы да жетер» деген iшкi есеппен шектелдi. Түсi бұзыла төмен шұқшиып, адымдаған Зайпуллада алдағы көресiсiн ойлап, ширыға шошынған кескiн бар. Бұрқан-талқан қайрат көрсетiп, құтылып кететiн бұл манағы бейшара Сүгiрбек емес, дене пошымы өзiнен екi есе үлкен, ап десе аузымен жұтып алардай бет қаратпас адуынды пəлекет. Əрi ат үстiнде. Басқасын қой, қаңтарда соғатын борандай талмай ескен сөздерiмен-ақ ұрып құлататын түрi бар. Зайпулла өз болмысының бiлектей жуан темiр құрсау iшiнде екенiн сезедi. Оның үстiне «Шұбардың» бастығы мұншама қазымыр болар ма? «Қызылтуға», одан кеңсеге жеткенше жағы сенбедi. Кеңсе алдында бiреулер хабарлай қойды ма бұлар тақағанда Ауқынбайдың өзi сыртқа атқып шықты. Иiлген қияқ мұрты бар, шот маңдай, көздерi жүндес қабағының астынан шүңiрейiп қарайтын кiшкене адам. Хақназардың ненi қара борандатып келе жатқанын ұқпаса да жүгiре басып, шылбырына жармасты. – Хақа, түсiңiз. Хош келдiңiз! – Ұстама, жабыспа! – деп Хақназар тiзгiнiн қатты тартып, атының басын жұлқып қалды. – Хақа, не жайшылық па? – Ауқынбайдың сасқалақтаған түрi бар.
– Сен онсыз да сырттан келетiн ұры-қарыға қосақ жалғайын дегесiң бе, мұрныңның астынан мынадай суыққолдыларды талтүсте жынша қаптатып, не қара басты сенi?! Мынау нау қанның күйiп тұрған уағы, қолының күшi бар соқталдай жiгiттерiңдi жұмысқа жегудiң орнына көршi-қолаңның бақшасына түсетiн ойы шала кiшкентай баланың тiрлiгiн жасатып, ойнақтатып қойғаның қай жетiскенiң? Ібіліс, жын иектеген жерде осылай болады деушi едi аталарымыз. Əлде соның керi келдi ме? Қызылшаңның мұрты ойылмай жатқанын əнеукүнi аупарткомда көзiңе шұқып тұрып көрсеткенде аузыңды аша алмап едiң, ендi неғып апта өтпей арқан үзетiн асаулығыңа басып тұрсың? Жоқ, əлде алты келiден астық тараттым, ашпа-жалап жұртымды бiр тойдырдым, болдым, жеттiм деген сес көрсетуiң бе? Хақназар жалтарма сөзге жоқ, нендей кикiлжің үстiнде де бəрiн белiнен басып қалатын. Ауқынбайдың еңбеккүнге алты келiден астық айналдырғанын тап қазiр айтуының пəлендей өз басы үшiн жарасымы жоқ едi. Соны бiле тұра оны айналып өте алмады. Ауқынбайдың кiшкене жүзiнен қысылғандық па, кекесiн бе, жоқ, əлде келемеж күлкi ме, қайсысы екенi, не қайсыларының қоспасы екенi айырғысыз, əйтеуiр алақұйын бiр рең жүгiрiп өттi. Күлген, көзiн көлегейлеген болып, онысын жасыр ғысы келедi, шамасы. Мойнына су құйылған Зайпуллаға бiрер көз тастады да қайтып оған бұрылмастан ат үстiндегi Хақназардың өзiнен жаза күткендей-ақ алақтап содан жүзiн аудармады. Хақназар аудандық партия комитетiнiң бюро мүшелiгiне кандидат есептi адам едi. Бұрынырақ мүшелiк жөнiнде сөз қозғалып, мынадай ауыс-күйiстiң төбесi қылтиғасын сəл шегерiле тұрған. Есесiне, аудандағы ең iрi шаруашылықтың «Алтын Жұлдызды» төрағасы екендiгi, облыс, аудан шеңберiнде əр алуан комитеттер мен ұйымдарда мүше екендiгi кеудесiне жел бiтiретiн. Салиқалы жиындарда, жай басқосуларда киiп-жарып кететiн ол кейде ет қызуымен өзi тұрғылас шаруашылық басшыларының көзiн шұқып тұрып сөйлеушi едi. Мына Ауқынбайға да аупартком бюросында ма, басқасында ма, осы Хақназардың аузымен талай таяқ тиген. Тек шаруашылық емес, аудандық басшыларға да мұның сөзiнiң түрпiдей тиетiнi бар, орайы келсе кейде олардың өзiн де түйгiштейтiн. Сөйткен Хақназар бiр ғана Дəкеновтiң алдында кiшiк. Оның колхозы талқыға алынып жатса сүтке тойған
мысықтай тыныш отыратын. Ал Ауқынбай ше?.. Ауқынбай Дəкенов емес. Көлдiң шағала құсындай мұны шайнап жiберуге бар. Хақназардың осы мiнезiн жақсы бiлетiн ол əлi де дұрыстап жақ ашқан жоқ. «... А, Хақа, түсiңiз, қонақ болыңыз» деген бiрер сөз ғана шықты аузынан. Кiшкене жатаған үйге орналасқан кеңседен орынбасар, хатшы, бухгалтер дегендердiң бəрi шығыпты. Көршi колхоздың бастығының мына келiсiне, əсiресе, солар таңырқаулы. Тiптi олар бiрауық Хақназардың өзара байланысы да берiк емес, алақұйын сөздерiнен Зайпулланың не қылығымен қолға түскенiн де ажырата алмай дағдарысты. Кеңсе алдындағы жұрт өткен-кеткендермен, кеңсе маңындағы үйлерден шыққан кемпiр-шал, қатын-қалашпен молыға бердi. Қара-құра көбейген сайын Хақназардың да бауыры жазылғандай. Ендi даусы көкке тиiп, жаңғырыққандай шаң қылдап шықты. Хақназар бұрын да көрмей жүрген адамдары емес. Сонда да осы жолы жиналғандар атышулы немеге жан-жақты тереңiрек назар аударды. Ауқынбай сияқты шот маңдай, кiшкене боп жаратылмаған, бет өңiрi, тұрыс-тұлғасы мол пiшiлген үлкен өрiстiң адамына ұқсайды. Жан баласына бағынбай, үнемi колхоз жұмысынан қашқақтап жүретiн жырынды Зайпулланы мұрнын тескен тайлақтай жуасытып əкелуi соның бiр белгiсi сияқты. Тек мына ызғары, ұсақ-түйекшiлдiгi аса ұнаңқырамай тұр. – Қанша айтқанмен жас перi, қызыл көрген қарға сияқты ғой бұлар. Бiздiң ондай шөп-шаламға көп үйiрсектiгiмiз жоқ. Екпеймiз, сосын ғой сiздiң жаққа барып жүргенi, – деп едi Ауқынбай. – А, шөп-шалам дейсiң бе? – деп Хақназар одан сайын шатынады. – Шөп-шалам болса ана Қусақтың төменгi жағында көзге шыққан сүйелдей етiп бiр гектар ғана жерге еккен қауынқарбызды неғып, сенiң, сосын мына қасапшының итiндей бесалты белсендiңнiң үй-iштерi жеп тауысты. Бас қаға жеткiзе алмайтын болғасын оны шөп-шалам деп атапсың, ə!... Тiлiңдi үйiртiп, өз кеңiрдегiңе жөнелткенде ғой, ол олай емес. Осы тұрыста Хақназар тағы ненi сөз қылмады десеңшi. Тұлымшағы желбiреген кiшкене қызын (немересi, шамасы) жетектеп, бiр белi бүкшеңдеп кемпiр де келе қалыпты. Əлi ақылы кiре қоймаған қыздың көйлегi сатала-сатала екен. Соны да Ауқынбайдың көзiн шұқып көрсеттi. Сенiң нең басшы, жұртыңа, артыңда анталаған анау белсендiсымақтарыңа не үлгi көрсете алдың дегенге сайды. Бiрiншi басшының ондай кəкiршүкiрге дейiн тесiк моншақша жiпке тiзгенiн бұл ауылда ешкiм көрмеген.
Ақыры, Хақназар тəлтiректей басқан атының басын керi бұрып, келген iзiмен кете барғанда соңынан үңiлген жұрт ол қарасын батырғанша бойын жия алмады. Бiрте-бiрте ауыр тыныс ала бастаған белсендiлер едi. Ауқынбайдың жүзiнде басқа реңнен гөрi келемеж күлкi белгiсi басым екен. Соны байқады ма, жарамсақ белсендiлердiң бiрi тыныштықты бұзып: – Мынадай бастықтың уысына түссек көретiн күнiмiздiң шақпақ шаққандай шырайы ашылды емес пе? – деген сөз тастады. Мұны естiгенде Ауқынбай қақсал айғырша селкiлдеп, кекiрiне күлдi. Оның күлкiсiн кеңседен шығып тұрғандар қостады. Ауқынбай жан-жағына ешқандай əмiрсiз, мейiрбан көзбен қарап, жұрттың бəрiн шолып өттi. «Өз көздерiңмен көрiп, өз құлақтарыңмен естiдiңдер ме?» деген сұраулы жазу бар едi жүзiнде. Жаңағы сөздi айтқан осы колхоздың бухгалтерi, Ауқынбайдың iшкi ойын айна-қатесiз танитын тақыстау неме едi. Алғаш қы лебiзiнен алған абыройын ендi одан əрi нығайтпақ: – Үлкен басымен ел ақтап, күн-түн демей мазалап, от басы, ошақ қасымызды сабалап, апшымызды қуырады деп, бүкiл «Шұбар» зар жылаушы едi. Онысы тегiн емес екен. Мынадан сақтану керек шығар. Ауқынбай жан-жағына қарап тiптi масайрады. Мұның шынында көңілi шалқыды. Осыдан екi-үш күн бұрын шешесiнiң кəрi сүйегiн сүйретiп, «Жаңалықта», Дəкеновтiң үйiнде болып қайтқаны есiнде. Iштен шыққан шұбар жыланның қамы қапысыз айлакерлiкпен тапсырма орындатқанға ұқсайды. Артынан Дəкеновтiң тəкаппар əйелi өзiнен-өзi отырып, талып қапты дегендi де естiген. Ондай сыпсыңға Ауқынбай үйдегi сол кəрi шешесi мен əйелi Жəмиқа арқылы құлақ тiгiп отыратын. Олардың бұған айтатыны риясыз шындық, қоспасыз жететiн ел сөзi. Шеше мен жұбай естiгендерiн саралап, қорытындылап жатпайды, тек кiмнiң аузынан қалай шықты, соны буы бұрқыраған ыстық күйiнде дереу алдына тосады. Ал таразылап, түйiн түйетiн Ауқынбайдың өзi. Кейде осы қызметтi кеңседе Ауқынбайдың көлеңкесiнде жүрген кейбiреулер де атқаратын. Олар естiгендерiн ғана емес, өз топшылауларын да қосақабат ала жүгiретiн. Олардың есебiнше Дəкенов семьясындағы жағдайдың тап осы алмағайып шақта бұлайша ушығуы небiр бағлан басты да ұшырып түсiретiн қайқы бел, қара шұбар зобалаңнан бiр былай емес. Тек қана тартып қалар жiптiң ұшын тауып ұстау керек.
Ал мына Хақназарды осыншама оспадарсыз күйде құдайдың өзi жетелеп əкелдi. Аты дардай болғанмен өзiнiң қандай екенiн бiраз жұрттың көзi көрдi ғой. Ол солай деп, Ауқынбай ешкiмге айтқан жоқ. Өзiнiң оңтайы келдi. Көпшiлiк дауыспен шешiлетiн мəселеде мұндайдың маңызы, əсiресе, зор. Ауқынбай Зайпуллаға мектептен бестiк баға алып қайтқан туған ұлына сүйсiнгендей пiшiн бiлдiрдi. Кеше ғана жылап келген Сүгiрбекке өзi одан əрi қыдыңдап, мұны қызылша тазалауға апар деп нұсқау бергенi есiне түссе де қыңқ деген жоқ. Ал Зайпулланың өзi ашық күнде төбесiнен жай түскендей өз халiн өзi түсiне алар емес. Бiр кiшкентай қылмысы екi колхоздың жұртына жария, басы əңкiтəңкi, тағы қандай жаза тосып тұр деп, тұла бойын қорқыныш кернеген бұл Ауқынбайдың нұр шуақты жүзiн көрiп жан баласы шеше алмас жұмбақтың астында қалды. Ауқынбай төңiрегiндегiлер ингуш жiгiтiн жайына қалдырып, жаңа Хақназар көзге сүйел еткен, белi бүкшиген кемпiрдiң кiшкене немересiнiң сатала-сатала көйлегiн жаңа көргендей сөз етiп күлiстi. Ұялған кемпiр немересiн жетелеп, тез қарасын батырды. Оқыранған, кекiрiнген дауыстар Ауқынбайдың айналасында бiрiн-бiрi басып-жаншып, оның жығылған жүнiн тiрiлтiп, ендi айдынын асырып жатты. Бұл тұрыс қасақана ұзаққа созылды. Осы оқиғаның хабары сол күнi-ақ ауыздан-ауызға көшiп, неше түрлi қыстырма, жапсырмаларды қоса iлiктiрiп, əр үйдiң табалдырығын аттады: «Халықбергенов, Дəкенов дегендерiң неше жерден атағы Алатаудай дегенмен қара борасын мiнездерi бар хас диюлардың өздерi екен. Құдайға шүкiр, Ауқынбайдың бiр үйдiң есiгiнiң алдына зiркiлдеп келгенiн көргемiз жоқ. Ал мына Халықбергенов дегенiң колхоз егiстiгiне бұзауың түсiп кетсе-ақ, соны ұялмай өзi айдап əкелiп, жетi атаңнан дым қоймай сыбап, жер-жебiрiңе жетедi екен. «Тырнадан бастық қойсаң төбеңнен қиқу кетпес» деген. Құрсын, аш құлақтан тыныш құлақ». Бұл түйсiк əркiмнiң санасына жоспарлы түрде сiңiрiлiп жатты. Сол Зайпулланы «Қызылтудың» кеңсесiнiң алдына айдап апарған күнi Хақназар өз колхозының бау-бақшасына таяу танаптардың бiрiнде жиналыс өткiзiп, əлгi қарбыз күзетушi Жəкен қызылшашы əйелдердiң алдында бұршақтап аққан көз жасы сақалының ұшына қарай домалап, еңкiлдеп тұрып жылады. * Сəске түске таяу облыстық атқару комитетi председателiнiң орынбасары Шиманов «Жаңалыққа» келгенде Дəкенов кеңседе
жоқ едi. Күннiң бұл уағында көбiне есепшiлер ғана қалатын. Солардың бiрi: – Дəкенов егiс аралап кеттi, – дедi. Маңдайы томпақша қызыл жүздi Шиманов оған қадала қарады: – Анық бiлесiң бе? Ауданға, не облыс жаққа кетiп қалған жоқ па? – Ол жаққа барса «Москвичiн» мiнер едi ғой. Ол кiсi атпен кеттi. – Москвичi қайда тұр? – Гаражында шығар. – Барып көрсек қайтедi москвичiнiң тұрғанын. Жоғарыдан келген үлкендi-кiшiлi өкiлдердiң сөзiн кеңседегiлерден ешкiм екi етпейтiн. Есепшi жiгiт алдындағы қобдыраған қағаздарын жинап, кабинеттегi əрiптестерi – екi əйел, бiр еркекке кезек көз жүгiрттi. Осыны Шиманов та пайдаланды. Жiгiттiң назарына елiткен боп, қалғандарды бұл да мұқият барлады. Əсiресе, екi əйелдiң бiрi көз сүрiнерлiк екен. Мойылдай қара шашын маңдайынан қақ жара тарап, сала құлаш қос бұрым етiп өрiптi. Өңi қандай аппақ. Қамқор алақанның аясында бұл даланың өкпек желi мен шыжғырған күнi бұған тимей жүргенiн əдейiлеп қараған адам ажыратады-ақ. Əрi отырысы да бөлек, керiм. Аядай бөлменiң қожасы өзi екенiн кiрген-шыққан байқасын дей ме көлдегi ұзын мойын ақ шағала құстай көтерiңкi сеспен қарайды. Өзiнен төменiрек жаңағы шошаң етiп орнынан тұрған жiгiтке ол сұрамаса да: – Барып кел, – деп, рұқсат берiп жатыр. Май жаққандай жылтыраған өңi əр қозғалысы сайын қосымша сəуле төгетiндей. Есепшi ол рұқсат бермесе де бөгелетiн емес едi. Аяғы тыпырлап, Шимановтың соңынан тез шықты. «Дəу де болса сен шығарсың» деп, Шиманов сұлу келiншектi жадында тұтты. Анау екiншi əйелде Дəкенов сияқты дөкейдi естен тандырар сиқырлы ештеме жоқ едi. Облыстан келген басшының қайықтай жүзген су жаңа машинасына мiнiп, көшенi қақ жарып өтудiң өзi бiр ғанибет едi. Бұлар колхоздың Көксу жақ шетiндегi гаражға тез келдi. Одан əрi осы тұста жайылып ағатын өзеннiң тарам-тарамдары, құмдауыт, қиыршақ тасты жайдақ жағалаулары, бозша торғайлары ұшыпқонып жүрген шоқ-шоқ талды, жатаған бұталы аралдары алақанда тұрғандай көрiнетiн. Əрi «Шұбарға» қарағанда бұл түстiктегi
Лабасыға да бiр табан жақын, сосын да тау дың қойнау-қойнаулары анығырақ көрiнедi. Осы өзен, тау бедерiне Шимановтың да көзi түскенмен қала адамының мiнезiне лайық оны қызықтап, ой салып жатпады. Шаруа қамы асықтырған түрi бар. Бiр жағы кiсi бойы кiрпiш қабырғамен, екiншi жағы тақтай қағылып бекiтiлген бiрiншi бригада базының бiр бұрышы гараж аталғанына да көп болмаған. Колхоздың небəрi оншақты машинасы түнге қарай осында тiзiлiп тұратын. Қазiр қызылша қазудың ең бiр қауырт шағында маңдайын жабатын қаңылтыры шалқая ашылып, «iшек-қарны» көрiнiп, бiреуi ғана қаңтарылып қалыпты. Əрi бұрын мал қамалғанға ұқсас, аузы құлыптаулы қоралардың бiрiнде Дəкеновтiң «Москвичi» қараң ғыланып алып, мызғуда екен. Шиманов оған жақындап барып, есiктiң жарығынан анықтап көрдi. Сол қорадан берi қайтқанда ғана қаңтарулы жалғыз машинаның астында шалқасынан жатқан шофердi байқасты. Оның ешкiммен шаруасы жоқтай. Баздың кең шарбақты есiгiнен енген қалалық «Москвичтiң» де дыбысын естiмеген сияқты. Қолындағы бұрандасымен машинаның бауырын түртпектеп жатыр. Шимановтың тапсыруымен есепшi одан барып бастықтың машинасы неге тұр, алда-жалда бұзылып қалғаннан сау ма деп тəптiштеп сұрады. Ақыры «сау болатын» деген жауап əкелдi. Есепшi тағы да Шимановтың тапсыруымен абыр-сабырсыз кездi пайдаланып, ұйықтап жатқан баздың күзетшiсiн оятып, егiстiкке Дəкеновтi шақыруға кiмдi жiберуге болатынын сұрады. Күзетшi ұйқылы көзiн ажырайтып, есепшiнiң сұрағын бiрден ұқпады. Дəкеновтi «кiм арқылы шақыртамыз» деуi бұл үшiн көктен түскен адамның сөзiндей едi. Бұл маңда ондай шаруаға оңтайлы ешкiм шықпады. Бастықты шақыруға жiберетiн адам жаңа кеңсе маңынан табылатын едi ғой. Бiрден сөйтудiң орнына оның машинасының бұзық-түзiгiн тексеру үшiн мұнда келуiнiң мəнi не екенiн есепшi ақыл сарабына салған жоқ. Шиманов өз машинасының қасына келiп, қатты түйiле ойға шомды. Көп тұрған жоқ, есепшiге «отыр» деген белгi бердi. Бұлар жайғасқасын, шофер машинаны шегiншектетiп, баздан шығарып алды да рульдi ауыл ортасындағы жалғыз көшеге қарай бұрып едi. Шиманов оны тағы тоқтатты. Ендi бұл есепшiден сыр тарта бастады. Жаңа мұнымен бiр кабинетте отырған екi əйел, бiр
еркектiң кiм екенiн, олардың жолдастары, əрi осындағы парторг, бригадир, агрономдардың əйелдерi қайда iстейтiнiн сұрады. Бас бухгалтер Нұрбикенi де ұмытпады. Оның күйеуi жоқтығын естiгенде iшi қылп ете қалғанын есепшiге сездiрген жоқ. Қайта қабағын түкситiп, ар жағындағы ой қалыңдығынан белгi бердi. Кеңсе жұмысына iлiккен, сауатты бiрен-сараны болмаса мұндағы бар белсендiлердiң де əйелдерi қарапайым қызылшашылар едi. Жағалай кезек Дəкеновтiң өз қосағына да келдi. Сауатты, əрi алғыр əйел көп жылдар кеңсе жұмысында, есепшiлiкте жүрiптi. Былтырдан берi денсаулығына байланысты үйде екен. – Сонда ол кiсiнiң қай жерi ауырады? – Естуiмiзше, басы ауыратын сияқты. Шимановтың iшi тағы да қылп еттi. Оны тағы да сездiрмей үлкен сұқ саусағымен мұрнын үйкелей бердi. Машинаның алдыңғы терезесiнен Көксудың жайдақ жағалауларына, шоқ-шоқ талды, жатаған бұталы аралдарына ендi ғана ұйқыдан оянғандай түйiлген көздерiнiң астымен қарап, табиғат көркiне көңілi кеткенге ұқсады. «Үйiне барсам қайтедi» деп ойлады да томпақша маңдайын, шашы тым селдiреңкi төбесiн сипалап, одан сайын түнердi. Шиманов облыстық басшы болғанмен Дəкеновтiң бағасын бiлетiн. Үйiне өзi жоқта баса-көктеп кiргенiме ол қалай қарайды екен деген бiр тiкенек сұрақ кеңiрдегiне қадалды. Дəкеновтiң арыстай тұлғасы, көз қиығымен қарасындағы ауыр салмақ, бетжүзiнде жазулы бiлiм-парасаты есiне түскенде бұл ойынан тезақ қайтып едi, өзiн осы жаққа жөнелткен шұғыл тапсырмаға тiрелгенде «жоқ, бару керек шығар» деп қайта жiгерлендi. Көксудың жағалауын қызықтағандай ұзақ отырыстан соң бұлар қозғалды. Бастықтың үйiнiң тұсына жеткенде шо ферға «тоқта» деген белгi бердi. Шиманов есiктi ашуға тағы да батылы жетпей бөгелiп, ақыры есепшiнi кеңсеге апарып тастап қайтып кел деп бұйырды да өзi жол ортасында түсiп қалды. Төбесi шифермен жабылған стандартты үйлер бұл ауылда саусақпен санарлықтай ғана. Соның бiр көрнектiсi Дəкенов тiкi. Сырты да мұқият əктелген. Ауласы биiктiгi белден келетiн, садақтың оғындай ұшталған ағаш қадалармен қоршалыпты. Тал, көкөнiс көп байқалмайды. Тек күнделiктi сылап-сипайтын адам қолының ғана iздерi Дəкенов тұрағын бөлекше көзге жылтыратады. Шимановтың осы екi ортада да мұрнын, не маңдайын, төбесiн сипалауға қолы жүгiре берiп едi қай жерде тұрғанын тез еске
алып, ол қимылын дереу тыйды да ендi ештемеге алаңдамастан таза сыпырылған аулаға қарай адымдай басты. Дəкеновтiң өзi сияқты сүйектi iрi əйел Шимановты күдiк пен қарсы алды. Аршагүл Шимановтың өзiн де, оның лауазымын да жақсы бiлетiн. Сонда да ол үлкен қонақ келгендегi ауыл əйелдерiнше құрақ ұшып, дəм-тұзға жүгiрмедi. Тiптi шүйiркелесiп амандаспады да. Шиманов түпкi бөлмедегi диванға жайғасқан соң өзi алысырақ, бұған қарама-қарсы орындық алып отырды да не шаруамен келгенiн күттi. Шимановқа керегi де осы едi. – Əлiпбай түскi шайға келушi ме едi? – Түскi шайға келетiн. – Аршагүл не нəрсеге де сақ құстың қимылымен орнынан бiр көтерiлiп қойды. «Əлде тап бүгiн келмейтiнiн бiлiп кеп отырсын ба, неге сұрадың?» дегендей əрi қабағын ажырайта Шимановтың осы сұрағынан да секем алды. Бiрақ Шиманов оған мəн бермей, ең алдымен Аршагүлдiң түртүсiн бағдарлады. Ұзын бойлы кесек əйелдiң ақылды жүзiнде жасырулы ештеме жоқтай. Үлкен қыр мұрны да Дəкеновтiң келбетiн еске салады. Ұзақ қосақтасқан ерлi-байлы жандарда мiнез, көзқарас ұқсастығы болатыны көптi көрген сақа Шимановқа аян едi. Ал Дəкенов пен оның зайыбы арасындағы ұқсас тық сол мiнез, көзқарас шеңберiнен де асып түсiп, сыртқы ажар, нышанға да ауыз салғандай. Көзiм бұлдырап отырған жоқ па деп, Шиманов бет-аузын қышымасы бардай ұзақ сипалап, қайта қарады. Аршагүл қалт етпей мұның аузын бағып отыр екен. – Өзiңiздiң халiңiз қалай? – Бiздiкi жай отырған. – Əлiпбай жұртты жұмысқа жұмылдыруға керемет, осы жұмыс десе жақын-жақыбайдың да бет-жүзiне қарамайды деушi едi, мынадай мəре-сəре жиын-терiннiң уағында сiздi үйге отырғызып қойғаны қалай? Əлде тап сiзге келгенде ғана тiсi батпай ма? Шимановтың жеңiл əзiл айтқандағыдай жүзiне күлкi үйiрiлдi. Аршагүл басшы адамға iлтипат көрсете қоса күлiмдеген жоқ, қайта ұзын көйлегi жапқан тiзесiн сипалай, көзiн төмен түсiрiп, өңi суық тартты: – Мен көп жыл кеңсе жұмысында едiм. Кеңсе болғанда бiздiкi сол соғыстың алдында «а» деп, «б» деп алған ескi оқу ғой. Əйтпесе «шолақетек»1 деп айдар тағатындай көп бiлiмiмiз жоқ. Құдайға шүкiр, қазiр жетiжылдықты бiтiрген жастар да өсiп қалды. Биыл соларға орнымды бердiм де босадым. Сосын да мына əйел адамға қиын ғой. Анау-мынау жұрттың сөзiн де
ойлайсың. Бүгiн кеңседен шығып, ертеңiне қызылша қайдасың деп, жөнеп бермей, еңғұрмаса биылша шыдай тұрайын деп, Əлекеңнен рұқсат алған едiм. Əйтпесе, ол колхоздың қызылшасы менен қайда қашар дейсiз. Шиманов тосылып қалды. Келген шаруамды осымен бiтiрсем қайтедi деген түйсiк оянды. Жоқ əлi ерте. Шиманов ендi шешiле түстi. – Осы мына колхоз iрiлендiру iсiне жұрт қалай қарап жатыр? Не айтысады? – Ондай ұзынқұлақтың жырынан бiз аулақпыз ғой. Ештеме естiмеймiз. – Сiз аулақ болсаңыз да Əлекең қан майданның ортасында. Сол кiсi арқылы болса-дағы. – Əлекең от басы, ошақ қасында ондай мəселеде көп ақтарыла қоймайды. Қарапайым жұрт ортасында да солай. Тек сiз сияқты үлкен адамдардың алдында айтатын шығар... ал былай... – Осы колхозда бұл мəселеде сыр тартып көруге жарайтын белсендiлерден бе, басқалардан ба, былай кiмдер бар? Сол мəселеге аздап өресi жетiп сөйлей алатын дегенiм ғой. Аршагүл қабағын кере тiзесiнде жатқан қолдарына қарап ойланып қалды. – Əртүрлi адамдар бар ғой. Анау «Алтын Жұлдызды» Айтан қария, екiншi бригаданың бригадирi Табылды, анау атақты сушымыз Айбас, ол да былай көкiрегi ояу адам, басқа ендi кiм бiлсiн, бiздiң ауылдан көзге көрнектi дегендерiмiз осылар. Шиманов бұл аталғандардың есiмдерiн қойын кiтапшасына жазып жатып: – Ал əйел жолдастардан кiмдер бар? – дедi. Сөйдедi де бiрден көзiн көтердi. Аршагүлдiң жүзiне ешқандай кiрбің ұялаған жоқ. Тек қабағын кере ойланған пiшiн бар. – Жақсы қызылшашы деп, Жамалтайдың аты шығып жүр ғой. Ол да былай бiлгiр, сөзге бар əйел. Сосын ана бас бухгалтерiмiз Нұрбике. Əдемi, сұлу келiншек. Нұрбикенiң есiмiн атағанда да Аршагүлдiң қасы-қабағында еш кiрбең белгi бермедi. – Ойпыр-ай, əдемi сұлу келiншек дейсiз бе? – деп, Шиманов жас балаша ыржалаң еттi. Лауазымына сыйымсыз бұл жеңiлтектiгiнiң де себi тимедi. Аршагүлдiң қалың кiреуке жамылғандай жүзiне желдiң де, сөздiң де лебi жетпейтiн сияқты. Сонда да Шиманов батылырақ баруға тырысты:
– Бас бухгалтер боп, ол көптен iстей ме? – Осы соғыстан бергi мезетте ғой. – Өзiңiз де сол кiсiнiң қол астында болдыңыз ғой, шамасы. – Ендi, əрине. – Бiрақ ол басбух болғанмен сiздi бастықтың əйелi деп, өзiңiзден қатты именетiн-ақ шығар. – Аршагүлдi жеңгесiне айтқан əзiлi iспеттес. «Сонда да ол сиқыры бар əйел ғой» деген кеңiрдегiне кеп тiрелген сөздерiн Аршагүл бүгiп қалды. «Апырау, ол не сиқыр?» деп Шимановтың жабыса кететiнiне күмəнi жоқ едi. Осы тұста ғана зерделi əйел облыстық басшы көздеп отырған нысананы айна-қатесiз танығанға ұқсады. «Апыр-ау, бiздiң үйде соңғы күндерде болған жағдайды бiреу-мiреу таптұйнақтай етiп жеткiзгеннен сау ма? Бетi жылтыраған сайқал немеге айналшақтап соға бередi ғой». Аршагүлдiң көздерi жаман түйiле қарады. Шиманов мұны байқады да сұрақтарының соңын сиырқұйымшақтатты. Ендiгi бөгелiсiн артық көрдi. * Дəкенов бригадир Табылдыны астығы орылған сары аңыздың үстiнде жолықтырды. Атынан түсе қалып, ентелей басып келген Табылдыға бұл машинасының есiгiн аша қарап, қыс қаша бұйрық бердi. – Бүгiн кештен қалдырмай ана Мырзабектiң үйiне дəу бiр арба жоңышқа түсiрт! Менiң өтiнiшiм! Жаңа ғана елпелектей жеткен бригадир сұстана қалды. Күн еңкейген шақ едi. Сол кешкiлiк шұғыладан мұның көзiнде қан ойнап, жарқ-жұрқ еткендей. – Мырзабектiң үйiне дейсiз бе? – Иə, Мырзабектiң үйiне. – Апыр-ау, Əлеке-ау, ол соқталдай неме, күнiн көре алмай жүрген жоқ қой, оған неменеге түсiрмекпiн мен? – Жоқ, түсiр, бүгiн кештен қалдырмай! – Сөйдедi де машинасының есiгiн тарс жапты. Көзiнде қан ойнағандай бригадир аңыз ортасында жалғыз қала бердi. Бастықтың бұл бұйрығында бiр мəн барын сəл дағдарып барып ойына түйдi. Сол күнгi кешкi алагеуiмде өзi де арбакеш Мырзабектiң үйiне дəу бiр арба жоңышқа əкелiндi. Өзiнiң арбасын жаңа ғана доғарып, аттарын базға қарай айдап салып, қол шайып, үйiне кiрмек боп тұрған Мырзабек өз ауласына бұрылған нəн арба жоңышқаны көрiп, қатты таңғалды.
– Əй, мынауың кiмге? – Сiзге, – деп жауап бердi Мырзабектiң өзiнен бiраз жас кiшi бозбала арбакеш. – Сiзгесi несi? Маған кiмнiң бүйтiп бүйрегi бұрып жүр? – Табылды айтты. Бастықтың өз нұсқауы бар, бүгiн кештен қалдырмай сiздiң үйге жоңышқа түсiр деген дейдi. Мырзабек сонда ғана өзiн құдайдың ұрғанын ұқты. «Шұбар», «Қызылту» сияқты мұнда да колхозшылар жекеменшiгiне шөп шаппайтын. Күзгi жиын-терiн аяқталғасын арзан бағамен колхоздың өзi түсiрiп беретiн. Тек шөптi ғана. Ал жоңышқа сияқты екпе мал азығы колхоздың өз қажетiне ғана жұмсалады. Тек iлуде-шалуда, онда да қыстың көзi қырауда кейбiр көңілi босаң жесiр əйелдер жалғыз сиырымыздың күйi нашар деп жыласа ғана Дəкеновтiң өз айтуымен жарты арбадай жоңышқа бөлiнетiн. Кеше ғана осы Мырзабек жарым күнге қызылша тасудан босатылып, жайлаудан етекке айдалып, астығы орылған сары аңызға тiстерi тие бастаған колхоз малына қызылша жапырағын тасуға жiберiлген. Ал жоңышқаның соңғы шабындысы маялана қойған жоқ едi. Сары аңызға тиiп тұрған дəу бiр шөмеле жоңышқа қалай есiнен айырғанын құдай бiлсiн, əйтеуiр соны үйiне тиеп қайтты. Оны Дəкенов не өзi көрген, не бiреу жеткiзген боп шықты. Мырзабек осыны түсiндi. Бозбала арбакеш таудай жоңышқаны ауласына төңкерiп тастап кеткесiн де Мырзабек байыз таба алмады. Жүгiрiп базға барып едi, бақташы жұмыс аттарын түнгi жайылымға айдап кете қойыпты. Түнiмен сергек ұйықтаған ол ендi таңертеңгiсiн жер жүзi ашылмай тұрып, базға қайта барды. Аттарын келген бойда ұстап, үйiне əкеп, арбасына жектi де, əйелiн, бала-шағасын оятып, солардың көмегiмен осы таңда, күн шықпай тұрып, кешегi бозбала əкелген, бұрнағы күнi өзi ұрлаған жоңышқаны екi қатынап тасып, бригаданың базына жеткiзiп салды. Таңғы шайын шала-пұла ұрттап, қызылша басына келгенде байғұстың жүзi арса-арса едi. Дəкенов бұл жүретiн маңнан көрiне қоймады. Арбасын айдаса да, қызылша тиессе де жан-жағына алақтап, екi көзi төрт болып едi. Түс ауа, сағат үштiң шамасына дейiн бұл Қарабұлақтағы қант заводына екi рет барып келген. Тап сонда ғана қара айғырымен қызылша басында жүрген Дəкеновтi көрдi. Ендi бұл арбасын тастай салып, Дəкеновке қарай жаяу жүрдi. Қызылшасы алынған жердiң топырақ кесектерiне сүрiне-қабына келе жатыр. Аяғына жете жығылмақ. Бiрақ анау тұрған Дəкеновке жеткенше мұның дiңкесi құрып бiтетiн сияқты. Дəкенов мұның
тап өзiне келе жатқанын сезiп күтiп тұрғандай бұған қарсы қарап тұр. Жалпақ өңi, үлкен қыр мұрны, қысыңқылау өткiр көздерi алыстан-ақ өңменiнен өтiп барады. Ендi топырақ кесектерiне сүрiнуi де жиiледi. Еркектiк қайратын жимаса көзiнен жас та шығып кететiн сияқты. Ұят дегеннiң мұнша қысарын, бала-шаға өсiрiп, осынша жасқа келгенше Мырзабек бiлмептi. Жақындағанда ғана байқады, қара айғырды жетекке алған Дəкенов қысыңқылау көздерiн мұның төбесiнен асыра қарап тұр екен. Оның көз салғаны не деп, алаңдап, бiр рет болса да артына бұрыла қарауды Мырзабек ойлаған жоқ. Мұның ойынша Дəкенов өзiн күтiп тұр. Көзiн төбесiнен асыра қарауы ұят қысқан бұдан назарын ала қашып, қылғырта түспек өзiнше бiр айласы деп түйдi. Үш аттамдай жақындап келiп: – Əлеке! – дегенi, ашық таза ауада шың ете қалды. Бiрақ мұның сөзiн де, өзiн де Дəкенов аңғарған жоқ. Əлi де көзi айдалада. Тарс жабылған машина есiгiнiң дыбысынан Мырзабек те селк еттi. Жалт қарағанда су жаңа машинадан түскен Шимановты бұл да көрдi. Өзiнiң соңынан ентелеп кеп қалған машина гүрiлiн естiмегенiне таң қалды. Мырзабек оған алақтап ес жиғанша Шиманов та жеттi. Дəкеновпен жылы шыраймен амандасып, елiм-телiм, арсы-гүрсi боп тұрған Мырзабекке де назар аударып үлгердi. Осы колхозға келгелi бергi үш-төрт сағаттың iшiнде əрбiр болмашы нəрсенi салмақтап, қадағалап, қырағыланып қалған Шиманов: – Алдымен мына кiсiнiң шаруасын бiтiрiңiзшi, – дедi. Сөйдедi де онымен болатын əңгiмеге өзi де ортақтасқысы келетiнiн бiлдiрiп, Мырзабекке сəл жақындай қадала қарады. Не жайында болса да мұның айтпақ шаруасы тегiн еместiгiн бiрден байқаған. Шынында да жүзi алабұртып, қан теуiп кеткен, көздерi алақжұлақ етiп, жердiң жарығы болса қазiр-ақ кiрiп кетуге дайын Мырзабек ешбiр көлденең көк аттының да көзiнше сыр жасыра алмастай едi. Көздiң жауын алар анадай машинамен топ етiп кеп қалған адамның тегiн емесiн, жоғары жақтағы, Дəкеновтiң өзi де именуi мүмкiн дөкей басшылардың бiрi екенiн сезсе де ойындағысын кейiнге қалдыра тұрмай тап осы арада айтып қалуға бел байлады. Түнiмен, бүгiн күнi бойы қысқан ұят мұны осындай шыдамсыздыққа жеткiзiптi. Дəкенов Мырзабектi Шимановтың сөзiнен кейiн ғана көргендей бар денесiмен бұрылып, қысыңқы көздерiндегi өткiр жанармен тым самарқау қарады.
– Əлеке! Мен сiзден кешiрiм сұрауға келдiм! – деп Мырзабек басындағы күнқағары қырқылыңқырап, қағазы көрiнген ескi кепкiсiн жұлып алды. – Бiр қателiк өтiптi! Бала-шағамның атымен ант етейiн! Ендi өйтсем құдай ұрсын! – Əй, не? – Дəкенов ештеме сезбегендей тұр. Бiрақ Мырзабек оны есепке алмай сөзiн жалғастыра бердi. – Кешегi сiз түсiрткен бiр арба жоңышқаны да, оның алдында құдай атып өзiм əкелгенiмдi де бүгiн жер жүзi ашылмай тұрып, екi рет тиеп, базға апарып салдым. Табылды көрдi. Аяғыңызға жығыл десеңiз жығылайын, тек кешiрiм жасаңыз. Ондай терiстiгiмнiң ақыр-тақыры сол, ағасы! Бетiндегi қызылын Дəкенов те байқап, бұл халге оңайоспақпен кеп тұрмағанын iштей болжалдады. Əлденеден кеше жол-жөнекей бригадир Табылдыны көрiп, осының үйiне жоңышқа жеткiз деп бұйырғанда оның көзiндегi кешкi күн шұғыласынан түскен қызылды еске алды. Ендi сол қызыл бригадирдiң көзiнен ұшып, мұның жүзiне түсiп, тұла бойын өртеп бара жатқандай. Бригадирдiң көзiндегi қызыл – ашудың белгiсi де, мұның жүзiндегi қызыл өзiнiң ағат iсiнен сағы сын ғандағы iшкi жан күйзелiсiнiң бояу-нақышы. Дəкенов əрбiр орынды шараның ақтық нəтижесiн осындай белгiлерден ажырататын. Қол-аяғы балғадай, сөздерi саудырап тұрған, соншама ибалы Мырзабектi Дəкенов сүйсiне ұнатты. Сонда да сыр бермей: – Əй, оны неге қайта базға апардың? Менiң ағалық бiр қамқорлығым емес пе едi саған жасаған? – дедi. – Жоқ, ағасы, онан да жон терiмдi екi рет сыдырсаңыз соныңыз жеңiл тиер ме едi, мынауыңыз батып кеттi. Дəкенов амалсыз мырс еттi. – Жарайды, осыған кеткен колхоз аттарының майын сенен ұстамай-ақ қоялық. – Ұстаңыз, ұстаңыз, еңбеккүнiмнiң есебiнен! – Мырзабек тағы ентелеп едi. Бiрақ одан əрi сөз жарыстырғысы келмеген Дəкенов: – Жақсы, болды, – деп Шимановқа бұрылды. Өмiрi бүйтiп, бойы жеңiлейiп көрмеген Мырзабек кепкiсiн басына ұрып қап, ат-арбасына қарай жүгiре басты. Шиманов бұл екеудiң сұңқылынан ешнəрсе ұқпапты. Дəкенов мəн-жайды түсiндiргесiн ғана ішек-сiлесi қата күлмесi бар ма? Адамдарда кереғар мiнездер бола бередi ғой. Оның қайсысын терiске шығарып, қайсысын ақтап аласың? Əсiресе, əрқайсысы
өз орнында жарасып тұрса бұл сұрақтан тiптен басыңды алып қашасың. Осы төңiректе дүркiреп аты шыққан екi бастықтың арасындағы қарама-қарсылықты Шиманов осымен нешiншi мəрте түйсiндi екен. Егер мұның орнында Хақназар болса ғой, дүйiм жұртты арнайы жиып, жаңағы жоңышқа ұрлаған колхозшыны солардың алдында жерге қаратар едi. Еттен өтiп, сүйекке жететiн сөздердiң талайын сұр жебеше атқылар едi. Ал Əлiпбай Дəкенов бiр қаңқу сөзсiз колхозшының кiнəсiн мойындатып, бетiнен отын шығарды. Осыған разылығы Шимановты шешiле сөйлеуге итермеледi. Мұнда келер алдында мына Дəкеновтiң əйелi атағандардың бiрi Айтан қариямен дидарласып шыққан. Үйдегi асығыс iшiлетiн түскi шай үстiнде көсiле сөйлеуге уақыт жоқ, сонда да Айтан «бұл сұрақтың мəне не?» деп тiктеп қарап едi, ар жағында бiр шикiлiгi бар Шимановтың өзi бөгелдi. Дəкеновтiң өз бухгалтерiмен iлiктестiгi, осыған орай оның үйiнде шат-шəлекей жағдайдың орын алғаны жөнiнде кiм жазғаны белгiсiз облысқа егжей-тегжейлi арыз түскенiн ол қалай айта алсын. Мағынасы басқа, бiрақ өйттiбүйттiсi көп мұндай арыздың екi-үшеуi Хақназардың үстiнен де бар. Бұл тез шешiлуi тиiс мəселенiң одан əрi созбұйдалануына апарып соққан. Бiрiнiң үстiнен бiрi сықпыртып жүр ме деген күдiк те ащы жемiстей облыстық басшылардың талайының көкiрегiне тұрып қалған. Жылы орнынан қозғалғысы жоқ, екеуiнiң де осы берекесi мол, табан тасы жақсы қаланған «Шұбарда» қалғысы келiп, əрқайсысының өз бетiнше ши жүгiртiп жүргенi сондай күдiкке мегзейдi. Егер бұл күдiк расталса екеуiн де орнынан алып, екi жаққа жiбергеннiң еш айыбы жоқ. Осындай ұсыныстар да бiр бүйiрден сұңқылдап шыққанына талай болған. Мана Дəкеновтiң машинасы орнында ма, жоқ па деп, басқаға сенбей өз көзiмен тексеруi де содан, кiм бiлсiн, бүгiн де Дəкенов жан баласына бiлдiрмей соңғы кезде Халықбергеновпен бəсекелесе табалдырығын тоздырған облыстық, не аудандық басшылыққа қарай салып ұрып кеткен шығар. Егер осының бəрiн басын тап-тақыр етiп, ұстарамен қырған, бiрақ еттi жүндес жүзiнде, қаба сақалында көп күтiм жоқ,мiнезi бiр тоға, көзқарасында жiгер мол Айтанға ақтара салса бұл жөнiндегi қауесет тексерiстiң өзiнен де озып барып, Əлiпбай мен Хақназарға жетпесiне кiм кепiл. Қалай да олар тiс қаққандар ғой, ондайда тонын өзгерте салып, қауырт басқа саясатқа көшпей ме? Бұл тексерiстi одан сайын қиындатары анық.
Осыны ойлаған Шиманов Айтанға ашығына баспай Аршагүлмен болған əңгiмедегiдей жортақтата, алыс орағыта сөйледi. Бұған бар алған жауабы – колхоз iрiлендiру туралы үкiмет қаулысын баршасы қолдайды. Дəкенов пен Халықбергенов екеуi де қолдың басындай адамдар, үшеу түгiл, сексен колхоз бiрiксе де шырқ үйiрiп басқарып кете алады. Тек Айтан Хақназар аузына бiр iлiксе сол туралы көбiрек сөйлеп кетедi екен. Тағы көз алдында бұған бiреу қарсы дау айтып тұрғандай көбiне ақтай сөйлейдi. Айғай-ұйғайы көп болғанмен Хақаңның сөздерi ешкiмдi жасытып, жiгерiн мұқалтып жатқан жоқ. Шиманов бұған тақырқамады. Жер-суы iргелес, бағыты бiр екi шаруашылықтың адамдары бiрiн-бiрi өз алақанындағыдай көрiп отырады. Оның үстiне Хақназар осы «Жаңалықтан» шыққан. Сондықтан оны да жақсы бiледi. Ал ақтап сөйлейтiнi, бiр қарағанда Хақназардың жан шошытар мiнездерi көп. Ал Дəкенов олай емес, оған келгенде небiр əсем мақтау сөздер өзiнен-өзi тiлiңе үйiрiле кетедi. Өзi де, сөзi де, мiнезi де керiм. Мəселенiң осы жағын жоғарыдағылар дұрыс ажыратсын деген емеурiнi, шамасы, Айтан қарияның. Шиманов Дəкеновпен осы маңда некен-саяқ кездесетiн талдың көлеңкесiнде отырып, бiраз əңгiмелестi. Сөз арасында осы ауданда колхоз iрiлендiру iсiнiң жүрмей жатқанын, «Шұбар» мен «Жаңалықта» отырған екi Алтын Жұлдызды бастықтың, баршаға қадiрлi екi адамның қайсысын қалдыруды бiлмей, бұлардың көңілiне қараушылық аудан басшыларына қолбайлау болып, облыс жаққа көбiрек жалтақтап кеткенiн ескерттi. Дəкенов Шимановтың бұл жүрiсiнiң астарында тосын бiр мақсат барын бiрден аңғарған. Жайшылықта облыстық деңгейдегi басшылардың бiрi алдын-ала аудан арқылы хабарласып, сол ауданнан бiрер адамды ерте келер едi. Ал мынанiкi ойда жоқта машинасымен тыз ете қалған, жалғыз-жарымдаған кездейсоқ құйын жүрiс. Əлде мұның отбасындағы кiшкене шаң-шұң аудан асып, бұлардың да құлағына жеттi ме? Кiм жеткiздi, қалай жеткiздi? Облыс басшыларының бiрiн астынан су шыққандай тiк көтерiп əкеткенiне қарағанда жеткiзушi бұл iске бар өнерiн салған. Ысқаяқ бiреудiң тiлдiң майын тамызып, əрлеп, жанға тиетiндей əспеттеп жасаған дүниесi. Солай толғаса да Дəкенов сыр бермей тал көлеңкесiнде отырғанда мынадай бiр шумақ сөз тастады: – Iрге тасын, қабырғасын қалап, ендi шаңырағын көтерейiн дегенде сол терсiңдi отау орнымен хош айтысу қай пақырға жеңiл
тисiн. Əңгiме тек онда емес, бiз партияның солдатымыз. Қайда жұмсаса сонда. Тек мəселеге мына қырынан қарасаңыз. Хақназар менiң шəкiртiм едi, сонау отызыншы жылдардың басында ашаршылықтан кейiн iле-шала мен ауыл советтiң төрағасы боп тұрғанда ол менiң атқаруым боп iстедi. Неге жұмсасаң да елгезек, көзiндегi отын көрiп, алғаш мен көтерiп едiм. Шиманов бұл əңгiменi мойнына су құйылғандай мұңайған пiшiнмен тыңдады. Талдың көлеңкесi селдiр, күн өтiп бара жатқандай желкесiн сипалай бередi. Екеуi беттерiн ұшан-теңiз көк-жасыл алқапқа берiп, қатар отырған. Алыстан бiрен-саран қызылша тасыған қос атты жəшiктi арбалар, əйелдердiң ақ жаулықтары көрiнедi. Əлдеқайда адасып жүргендей соңына тiркелген қазғышпен қызылшаның түбiн қопаратын «Универсал» тракторының даусы жетедi. Одан арырақ маңдай алдарында сарғыш жатаған тау Ешкiөлмес. Дəкенов көбiне сол таудың қырқасына, даусы сəл ызғарланса қолындағы бырт-бырт сындырып отырған қу бұтаққа қарап сөйлейдi. Сол Ешкiөлмеспен екi арадағы түгiн тартсаң майы шығатын кең-кең алқаптарда бұл қанша өмiрiн өткiзiп, қанша мəртебеге көтерiлдi. Оны ойша да тiзбектеп тауысу қиын. Ендi, мiне, өзiнiң бiр кездегi атқаруы... Атқару дегенмен қазiргi Хақназар тұлғасы қасында бұл сөздiң жазғы сағымдай көзге бұлдыр, мағынасы сұйық екенiн бiледi. Бiрақ ол сонда да солай. Шиманов Дəкеновтiң соңғы сөзiне бiраз бөгелiп барып жауап бердi. – Көзiндегi отын көрiп, өз қолыңызбен көтерсеңiз, қателеспеген екенсiз. Оның əр жақсы iсiнде өзiмнiң де үлесiм бар деп мақтансаңыз терiс емес. – Кей-кейде дақпырттың құлы боп, жарлау жердi аңдамай кететiнiмiз бар. Сиырдың жүгiрiсi сабанға жеткенше дейдi. – Дəкенов бүйтiп ашық кетедi деп Шиманов ойлаған жоқ едi. Мұның тiлге тиек, көзге сүйел етiп отырғаны Хақназардың сауатсыздығы. Шиманов оны анық шамалады. Бұл сөздерден соңғы айлардың алды-салдысы Дəкеновтiң де жетесiне жетiп жүргенiн сездi. Түсi де одан сайын қара күреңiтiп алыпты. Ит жылдан берi iшек-қарнына дейiн аралас-құралас, iнi, дос, əрiптес – Хақназар жөнiнде сырттан ғайбат жаудыру мұның өз басына да оңай емес, шамасы. Шимановтың бұл бағытта сөз жарыстырғысы жоқ. Бiр жайдан облыс орталығында таразының Дəкенов жақ басы салмақтылау
едi. Онсыз да үлкен саналатын бұл үш колхоз бiрiксе «Шұбар» тiптен iрiлейдi. Бұған жойдасыз Хақназардан гөрi, сабырлы, бiлiмдi Дəкенов лайық деген пiкiрдiң де күш алғанына бiраз уақыт. Осы екi ортада əлгi арыз түсiп, Дəкеновтiң семья жағдайын бiлiп келуге, басқа да жағдаяттарға құлақ тiгiп, аужайын түйiп қайтуға Шиманов шұғыл жiберiлiп отыр. Ендi бұған қайтпек керек? – Жаңа сiздiң үйге кiрiп, жеңгеймен дидарласып шықтым, – дедi Шиманов. Бұны неге айтқанын жұмбақ етiп, сөзiнiң артын қасақана сиырқұймышақтатты. Дəкеновтiң түр-түсiнде əлдебiр ұшығын аңдататын еш белгi жоқ едi. Тек алғашқы ой ағынынан қара күреңiткен қалпы ғана бар. – Сiздiң түскi шайға келетiн, келмейтiнiңiз анық болмағасын кетiп қалдым. Оның алдында сiздi кеңседен iздедiм . Ойпыр-ай, Əлеке, айтпақшы, – деп Шиманов мана мұның əйелi Аршагүлдiң алдында отырғандағыдай əзiлкештене жайдары түрмен санын бiр соқты. – Сiздiң ана бухгалтерiңiздiң сұлуы-ай! Керiм əйел ғой, тiптi! Бухгалтерiң тым сұлу деп, сiздiң үйдегi жеңгей қызғанбай ма осы? Дəкенов те алаңғасар емес, Шимановтың көмекейiндегiнi ендi айқын түстеп таныды. Аумалы-төкпелi күнде бiр залалы тие ме деп, əнеукүнгi əйелiмен болған жанжалдан бойын үрейге алдырып жүрушi едi. Оны жұртқа бiлдiрмей мұқияттап жабу үшiн Əлекең бiраз қайрат жұмсаған. Əйелдi де жуасытып, көрiпбiлiп қалған сырмiнез көршi-қолаңның да аузына төрт елi қақпақ қойған. Сөйтсе де бiр өсек көк ала үйрек боп ұшып жеткен сияқты. Шиманов соны бiлуге келген. Дəкенов ендi сақтық жасады. Қара күреңiткен жүзiне бозала рең жүгiртiп, Шимановтың жаңағы əзiлiне орай əзiлмен ғана жауап қайырды: – Ендi жеңгең қызғанады екен деп, бас бухгалтердiң бетiне қара күйе жағып қояйын ба? Жоқ, өзбектерше пəранжа жабайын ба? – Жоқ, əңгiме күйе жаққанда, не пəранжада емес. Мұндай бухгалтер аузының салуы бар адамға ғана жолығады деген еркектiк қызғанышым ғой. Кешiрiңiз. Дəкенов оның бұл жалтармасын жауапсыз қалдырды. Бұл күнi Шиманов Дəкеновпен бiрге шаруашылық аралады. Жоңышқаның соңғы шабындысы маяланбапты, қызылша жапырағын сүрлеу де дəл ойдағыдай жүрiп жатқан жоқ, қызылша қазу мен тасу аралығында алшақтық бар, əйелдердiң жонған
қызылшасы үйiлген күйiнде екi-үш түнеп қалады екен. Облыстық басшы осы кемшiлiктердi көрсеткенмен көп қазымырламады. * Кешке қарай Шиманов қайтпақшы едi, Дəкенов қонақ болуын өтiндi. Оным əлдеқандай көрiнедi деп дағдарған Шиманов тосын бiр оймен қонып қалды. Бiрақ Дəкенов оны колхоз орталығына апарған жоқ. Ешкiөлместiң төбесiнде, күзеуге көшiп кеп отырған бiр малшының үйiнде қой сойғызып, сонда сыйлатты. Шимановқа бұл аса ұнамаса да көнуге тура келдi. Дəкеновтiң бiрқалыпты қоңыр даусы мен сабырлы келбетiндегi кiм-кiмдi де ырқына көндiретiн тегеурiнге қарсы қайрат қылуға жiгерi ояна қоймады. Кешкiлiк ас үстiнде Шимановтың өтiнiшiмен жақын маңдағы бес-алты шопан да келген. Оларды алып кеп жүрген колхоздың мал фермасының меңгерушiсi – Тұрдақын мен осы ферманың есепшiсi Жұрқабай. Ол шопандармен Шиманов ұзақ сөйлестi. Бiрақ Дəкеновтiң iшкi ойын қабағынан танып үйренген əккi Тұрдақын мен Жұрқабай оларды шақыруға барғанда жолай өз бiлетiн ақылдарымен суарып та үлгерсе керек, шопандар алғашқыда Шимановтың көңiлдi əңгiмесiнiң өзiнен бiр жамандықты барлағандай көп елiге қоймады. Тек бiрте-бiрте ғана езулерiн күлкi кере бастады. Дəкенов сөзге көп араласқан жоқ. Тiптi ауық-ауық сыртқа шығып кетiп отырды. Семiз қызыл жүздi, етжендi ферма меңгерушiсi Тұрдақында да өз бастығына елiктеген бiр сыңай бар. Ол да сөзге араласпай, томсарып, Шимановтан аулағырақ, оң жақ iргеге арқасын жабыстырып, былқ етпей отыр. Дəкенов бiр шыққанда оған iлесе бұл да шығып едi, бастығы «аналардың қасында бол» дегесiн қайтып келдi. Тек жұтқыншағы одырайған, ұзын мойынды арық Жұрқабай ғана бөгде ештемеге алағызбай Шимановтың ығына жығыла берiле тыңдап отыр. Оның баянындағы кейбiр тосын, қызық жайлардан жасаурағандай көздерi жылтырай қарайды. Облыстық басшының айналасындағы жұрт бiр төбе де, Дəкенов өзiнше бiр төбедей тағы да сыртта тұр. Аспан қалың жұлдызды едi. Қанша жатаған дегенмен де Ешкiөлмес тау ғой. Мұның үстiнде жел қаттырақ, əсiресе түнге қарай. Аспандағы əлсiз шырақтарды сол жел дiрiлдетiп тұрғандай. Дəкенов осынау салқын ауа қозғалысына ашық көкiрегiн берiп, «Жаңалық» пен «Шұбарды» бақылады. «Жаңалық» жақынырақ дегенмен ол қара
шудаға оранып, түн түнегiне батса, «Шұбардың» үстiнде сам жамыраған шақ əлi iлiгiп тұрғандай. Əсiресе, шайтан жаққан оттай болып, орталық көшелерiне тiзiлген электр шамдары шытынап, көз тарта бередi екен. Дəкенов оны пəлендей жетiстiк санамайтын. Колхоз жылма-жыл көлденең тартылатын жоспарды орындап, ет, сүт, қант, бидай, жүн, тағы басқаларды уақтылы тапсырса, артылғаны аштық, жалаңаштықтың неше қыспағынан өткен жұрттың жұмырына жұқ болуға жараса одан артық не мəртебе бар? Одан артықты бұлардан тақақтап сұрап та жат қан ешкiм жоқ. Ал ауылға электр жарығын əкелу сияқты сырт көрiнiс, даурықпа сөз үшiн ғана керек шаруаға бұл əзiрге ел игiлiгiн шашқысы жоқ. Биыл 1950 жыл, алапат соғыстың бiткенi кеше ғана, демек ондайлық атты үшiн мұны ешкiм қылкеңiрдектемейдi. Сонда да мұның бiр түсiнбейтiн нəрсесi бар? Бұл қай жерден қателестi, соны ажырата алмайды. Əлде сонау бiр Хақназар өзiне атқару боп жүргенде оны шыбын-шiркейше сығып тастауы керек пе едi? Ол ойынан өзi де дүр сiлкiндi. Сол ойдан ба, мына түнгi суықтан ба көкiрегiне шаншу қадалғандай болды. Жалма-жан екi өңiрi далақтаған пенжегiнiң түймелерiн салды. Өңменiнен өтер суық жоқ, тек осы бiр бақталастық салдарынан өзiнiң тым құлдырап кетуiнен шошынғандық едi. Құлдырамаса жаңағы ойы не? Бұдан дереу басын ала қашқысы келдi. Бұл дүниеде көңiл көтерер не жақсылық бар, қиялмен болса да соны шарламақ. Жұлдызды аспанға қайта қарады. Əлденеден кiм көрiнгеннiң көзiне түсе беретiн сұлу əйел Нұрбике ойына оралды. Нұр шуаққа оранып, бiр қиядан қылт ете қалғандай. Оның ар жағынан қара бұлтты түйдектеп атып, Аршагүл көрiндi. Екi қабағының ортасында екi түйеге жүк болар зiл жатыр. Бұл əйелiне деген көкейдегi орын бөлек. Бiрақ көп жылғы қажасу, қызғаныш Дəкеновтi емес, оның өзiн жаныштап, тақа тауысып барады. От тисе тарс атылатын бiлтелi мылтықтай бүгiнде алып жер ауруына айналған ба? Мұның Талдықорғанда сұлу бухгалтермен ресторанда отырғанын естiгендегi халi, осымен екiншi мəрте тиген талма ауруының соққысы шынында қауiптендiредi. Ауқынбайдың тапсыруымен оның кəрi шешесi сүйегiн сүйретiп, аралық мiндет атқарып, сол жайды Аршагүлдiң құлағына сыбырлап кеткенiн Дəкенов бiлмейтiн. Қай желбуаз жеткiздi деп, өзi бажайлап анықтай алмағасын ол жағын ойлауды да доғарған. Тек Аршагүл мен өз басының ғана халi санасында сартаптанып қалған.
Бiрнеше баласының анасы – Аршагүл хақындағы мəселенi өз зердесiмен барынша əдiл шешкiсi келедi. Иə, тек қана қара қылды қақ жарып шешкiсi келедi. Апыр-ау, соншама бүлiнiп, ойрандалған дүние жоқ қой, жер ортаға келген əйел, кеудесiн құтыртқан құйын мiнезден арылып, былай басалқалы сабырмен, от басы ошақ қасының тыныштығын ойлап, қолын жылы суға малып отыра берсе қайтедi? Дəкенов осыны да түсiне алмайды. Судың бетiнде ғана қалқып, оның тереңiн аршуға құлқы жоқтығын ескермедi. Ал осы күндерде оған құлқы ғана емес мұршасы жоқ едi. Бұл тұрысында əдiлет атты үлкен ұғыммен беттескенде көз алдына Хақназар да келдi. Бiрауық аспандағы суықтан қалтырағандай қалың жұлдызға қарап, алыс қиырға қиялмен сапар шеккен сыңайы да бар едi. Жоқ, Хақназардың бұл қияға көтерiлуiнiң өз қисыны сапсабымен қатар түзеп тұр. Осы Дəкеновке алғаш атқару боп жүргенде əлi күнге ұмытылмайтын көзiндегi от, айт десең атып тұратын жiгерi қандай едi. Бара-бара байқаса алып кел, шауып келдiң шаруасы мұның қабiлетiнiң қасында арық аттың жүгi де құрлы жоқ екен. Су суаруға жiберiп едi осының кетпенiнiң жүзi тиген жердiң алғаш рет айызы қанғандай болды. Бұл кезде ауылсоветтiң төрағалығынан босап, Дəкеновтiң өзi де осы «Шұбарға» бастық болып сайланған. Ендi бұл Хақназарды тiптен мұқият бақылады. Хақназар күн-түн дегендi бiлмедi. Егiс басында қонып қалып, ай жарығымен iстеген iсi əлдеқайда өнiмдi шықты. Бұл тегiн емес, Түрксiбтен мықтап ысылып келген екен десетiн. Сол отызыншы жылдың жиырма бесiншi сəуірiнде жер дүниенi дүрсiлдете аяқталған темiр жол құрылысынан тап қан табысына бiр ат сатып алып, мiнiп қайтқаны жұрттың есiнде едi. Шын маңдай термен келгеннiң бодауы көп болады емес пе? Бiрақ Хақназар ондай қиқым-сиқымға бас қатырып жатпады. «Өткiз» деген бiр сөзден-ақ сол жалғыз жануарын Шұбарда ұйымдасқан колхоздың еншiсiне берiп, өзi қай белсендiнiң де айдағанына көнiп жүре берген. Бұл көнбiстiгi алғашқыда оңай олжадай көрiнген. Сөйтсе бiр қарағанға аш қарынға жұбаныш қана сол олжаның тасасында нағыз алтын қазына жатыр екен. Атқарушылықтан босап, қолына кетпен алып, қара жердiң тоңын оюға кiрiскенде не шаруаны да шыр айналдырар жiгердiң көкесiн көрсеттi. Тағы Хақназар жұрттан озып, жеке дара шабар жүйрiкке мүлдем ұқсамады. Айналасындағыларға да ұйтқи
соғып, құйындай тиетiнi байқалды. «Əй, жұмысты дұрыстап iстелiк, өндiрiп iстелiк, ұят қой» деген алғашқыда абайлап басталып, бара-бара күшiне мiнген мазасыздығына жұрттың бiрте-бiрте етi үйрендi. Етi үйренiп қана қоймай қосымша қайрат та тапты. Қолмен орақ орған сол бiр қиын жылдары ол егiс басында ұйықтап жатқан колхозшыларды таң бозынан оятып, өз қимылымен елiктiрiп, сөзiмен қоса желiктiрiп, жан шыдамас шаруа тындыртатын. Сондағы бiр əйелдер мұны қайынсынып, «əй, өзiң не бригадир, не бастық емессiң, сенiкi не осы əупiлдеп маза бермейтiнiң, құйрығымыз ға жер иiскетпейсiң ғой, түге» десетiн. Ақыры бұған «Əупiлдек» деген ат қойылды. Əупiлдек десе, əупiлдек. Егiс басында бригадирдiң емес, осының көбiне даусы сұңқылдап жетiп тұратын. «Ойпыр-ай, мына Əупiлдек қояр емес, қимылдайықшы» деген жұрт сөзi Дəкеновтiң де құлағына жететiн. Кейiн Хақназарды көпшiлiк жиналысында бригадирлiкке ұсынды. Сосын ол Дəкеновтiң жiбек баулы алтын қазығына айналды. Бұл басқарған бригададағы тiршiлiк басқадағыға мүлдем ұқсамай кеттi. Қай науқандық жұмыстың да апалаң-топалаңын шығарып, суын сарқа дер мезгiлiнде тындырымды аяқтап отырды. «Ана Хақназар басқарған бригаданы қарашы» деп, Дəкенов екiншi бригададағы үлкенкiшiнi көзге шұқитын едi. Олар аузын аша алмайтын. Қалай ашсын, өздерi де көрiп жүрген шындығы. Кейiнiрек, 1938 жылы iргелес «Жаңалық» колхозы құрылғанда жаңа шаруашылық қой, жетiспей жатқан ауы мен бауы көп болады, оған тəжiрибелi iскер адам керек деп, Дəкенов соған ауыстырылды да «Шұбарға» жаңа бастық сайлауға тура келдi. Хақназар күн-түн қатып, сырттан ешкiмдi алдырмаңдар, менi сайлаңдар деп, колхозшыларды үгiттеумен болды. Əрi Дəкенов те көмекке келдi. Бiр жеткiзсе сендердi осы жеткiзедi деген сөзiн бiразына таратты. Əрi аудан басшылары да өзiмен ақылдасқанда қарып танымайды демесең тап осыдан шырғасы мықты адам таппайсыңдар дедi. Ақыры Қусақтың жоғары тұсындағы иiннiң қасында талтүсте көпшiлiк жиналысы ашылды. Хақназар жиналыс ашылмас бұрын менi сайлаңдар деп, бəрiнiң құлағына қайталап сыбырлап, бұрауын қатайтып қойған. Ауданның өз ұсынатын адамы да бар екен. (Сiрə, Хақназарды қаріп танымайды дегесiн аудан басшылары өз тарапынан ұсынуға жүрексiнсе керек). Бiрақ ең алдымен көпшiлiктiң өзiмен ақылдаспақ лазым ғой. «Бастық
болсын деген кiмдерiң бар?» деген өкiлдiң бiр сұрағынан соң-ақ «Хақназар, Хақназар» деген дауыс Қусақтың бойын тiтiркенттi. Бүкiл колхоздың тiзгiнi өз қолына тигесiн Хақназар мүлдем бүлiндi. Ендi бүкiл ауыл-аймақ жаз бойы сонау кемерге балаған тiгiп отыратын болды. Сушылар суды жайып қойып, борозда басында ұйықтап жүрдi. Таң ала көбең тартқаннан-ақ Хақназардың өзi бастап, бəрiн оятып, таңертеңгi шайға дейiн баршасы өндiрте жұмыс iстейтiн. Қызылшаның шөптелуi, тазалануы, астық ору, шөп шауып, шөмеле салу, маялау – бəрi осы тəртiп, осы қарқынмен жүргiзiлдi. Қол күшiн неғұрлым толық пайдалану үшiн еңкейген кəрiлерге дейiн қозғалысқа келтiрiлдi. Колхоздың жұмысына шамаларың келмесе еңғұрмаса балаң мен келiнiңнiң үш мезгiл шайын, ас-ауқатын дəл мезгiлiнде дайындап отырыңдар дегендi əрбiр кемпiр-шалға өзi барып айтып жүрдi. Адамның алакөбең мiнезiне сай өз əрекеттерi болады. Бiреуге шақ киiмнiң екiншi бiреуге қолпылдайтыны сияқты. «Сырттан бөтен бiреудi əкелдiрмей менi бастық сайлаңдар» деп, жағалай жұртты үгiттегенi сияқты «жұмыстағы бала рыңның ас-суын уақтылы əзiрлеңдер» деп, кемпiр-шалдарды адақтауы да бəз бiреулерге жараспасы анық. Жараспауы былай, күлкi тудырарлық та қылық қой. Ал соның бəрi Хақназардың тап өзiне өлшеппiшкен киiмдей қона кеттi. Тiптi тiгiсi де жатық. Дəкенов, мiне, жиырма бес жыл колхоз басқаруда. Осы уақытта бұл бiр үйдiң ауласына барып дiкеңдемептi. Жалпы ондай үй ақтап кетушiлiктi Дəкенов өз басы үшiн мiн санайды. Сосын да ол Хақназардың түн ортасында көше кезiп, ауласында бiр тал шөптiң қисық жатқаны үшiн жұртты терезесiн тоқпақтап оятатынын еске алса амалсыз мырс етедi. Сөйте тұра Дəкеновтiң өз жұмыс тəртiбiнде де басқаға ұқсамайтын нышандар көп-ақ. Жə, қазiргi əңгiме ол туралы емес. Қазiргi əңгiме мұның қай жерден қателескендiгiнде. Бұл соны түсiнбейдi. Хақназар мың жерден алып-жұлып бара жатсын Дəкеновке жете алмайды. Биылғы елуiншi жыл тұрғысынан алсақ Əлiпбай Дəкеновтiң бiлiмiндей бiлiм кiмде бар? Ешбiр шаруашылық басшысында жоқ. Орысша сөйлесе де, қазақша сөйлесе де бiр ноқатынан қате жiбермейдi. Ал Хақназар ше? Қазақша сөйлесе көз алдындағыларды шайнап тастардай, не қазықша жерге қағардай адуындап, борандатып-ақ кетедi. Анау-мынау топан араласса да дəйек, дəлелдерiн ажырату оңай. Кейбiр тiркестердi қолдан құрастырса да онысын мiн етiп тағы алмайсың. Қалайда бiр
сыдырғы дүние. Ал орысша сөйлесе ше...? Ə, «қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң». Қызықтың көкесi бұл орысша сөйлегенде болады. Əрбiр қарапайым сөздiң өзiн бұл жұт жылғы бұйымдай адам қарағысыз етiп, не ит талағанға ұқсатып, əрi басаяғын қоса сапырылыстырып, быламыққа айналдырады. Мұның орысшасын түсiну үшiн бiраз көндiгiп, етiң үйренуi керек. Сонысына қарамай сөздi орысша бастаса ұзаққа шабады. Кейде бала-шағаға дейiн күлетiнiн қайтерсiң. Осылай толғап барып, бұл алғашқы əуенiн қайта тапты? Апыр-ау, бұл қателiктi қай жерден жiберiп алды? Осындай бiлiм-парасатымен бұл Хақназардың өзiмен иық теңестiрiп, тiптi озып кетуiне қалай жол бердi? Соғысқа дейiнгi, соғыстан кейiнгi жылдарда екеуi көршiлес екi колхозды қатар көркейттi. Алғашқыда Хақназар өзiнен жетi жас қана кiшi екенiне қарамастан оны туған iнiсiндей, тiптi баласындай көрiп, оның əрбiр табысына қуанды. Қараса ол бара-бара шектен шығып, тiптен зорайып, мұның өзiн табанға басып кетерменге жақындапты. Əсiресе, қазiргi таласта неге оның мерейi аса бередi. Бұл басқарған колхоз да пəлендей артта қалып, тұралаған шаруашылық емес қой. Ол берген табысты бұл да берiп келедi. Тек соңғы екi-үш жылдың бедерiнде ғана «Шұбардың» кейбiр көрсеткiштерi шұбалаң құйрық асау жылқы сияқтанып, үркiп алға шықты. Бiрақ қара үзiп кеттi дей алмайды. Осы жасқа келгенше Дəкеновтiң бiр ұққаны мұндай уақытша табысқа тым елпелектеп құлай кету сөлекеттiк. Əрбiр шаруашылықтың дамуында бұралаңдар, iркiлiстер кездесе бермек. Тек тiзгiндi қолдан шығарып, құлдыратып алма. Орыстың «мол арналы өзен баяу ағады» деген мақалы бар. Дəкенов мұраты бiр күннiң жылт етпесi емес, салмақ пен сабыр қатар дарыған, қайығы мен кемесi қатар жүзер шалқар айдынды, кең өрiстi дүние. Мiне, соны ұға алмағандарға мұның аздап зығырданы қайнайды. Бұған қоса санасына өткенде Хақназардың басында болған бiр масқара жайды қоса iлiктiрдi. Баяғыда егiс басында «Əупiлдек» атанып жүргенде мұның бiр жас келiншекке үйленгенi де бар. Тек бұл Хақназардың ол келiншектен гөрi күнделiктi жұмысқа көбiрек аңсары ауды ма, бiр күнi əлгi келiншек Талдықорған жақтан келген хром етiктi, галифе шалбарлы, түсi жылтырлау, оқығаны бар «шолақетек» бiреумен қашты да кеттi. Қызылшашы əйелдер «əй, бiзге əупiлдегенше ана өз қатыныңа неге ие болмағансың» деп қыжыртпаққа тiлдерi
қышып-ақ едi, бiрақ оған мұршалары келмедi. Хақназардың бетжүзiнде жұрттың табасынан қорқып жалтарғанға ұқсас дəнеме де жоқ едi. Керiсiнше, «əй, мына жұмыс қаңырап қалды ғой, өндiрiп iстейiк те» деп, одан əрi нықыртқанда басқаларға өтiрiк, қызылшашы əйелдерге шын, бəрiнiң тiл-жақтары буылып, қолаяқтарына қан жүгiрiп, жұмысқа одан əрмен жандарын са лысты. «Бұл Хақназардың өзiне ғана жарасатын қылықтары бар» деген сөз сол кезден бастап таралып едi. Дəкенов Хақназар өмiрiндегi осы бiр жарықшақты олжа көргендей мұртынан күлмек едi, əлдене жүрегiн осқылап, тосқауыл қойды. Жүйткiген қиял кенет оны басқа бiр шындықтың төбесiнен түсiрдi. «Апыр-ау, ол қай кез?» деген сұрақ алып дiңгектей көз алдына дiк еттi. Оқығаны бар, сауатты Дəкенов ондай сұрақтан басын арашалай ала ма? Ендi соның айналасына арқандаулы аттай шырқ үйiрiлдi. Иə, бойлай берсең Əлiпбай Дəкеновтiң еске түсiрерi көп. Отызыншы жылдардың оқиғалары мұны əрдайым жиырмасыншы жылдарға шегiн шектетедi. Себебi, олардың арасындағы байланысты балтамен шауып үзе алмайсың. 1928 жылы кəнпеске басталғанда бұл Əлiпбай Дəкенов жиырма тоғыз жастағы, оңы мен солын таныған, көзi ашық, үйлiбаранды алпамсадай азамат едi. Сонау Петерборда, Мəскеуде, Сiбiр өлкелерiнде не əпселең өршуде, олардың мына бергi Верныйдағы жаңғырығы қандай, бəрiне құлағы түрiк. Айнала жұрт көп жайдан осы Дəкенов арқылы хабардар. Сөйтсе де талма тұстан тигендей кəнпеске науқаны осы оқыған адамның үш ұйықтаса түсiне кiрмес, қиялы жетпес жайларды тудырды. «Көңiл жүйрiк пе, көк дөнен жүйрiк пе» дейдi қазақ. Байқаса көк дөненнiң де жүйрiк шығатыны бар екен. Кəнпеске заманды бас бiлмес көк дөненше тулатып, ұйқы-тұйқы қылды. Қалың ел сең соққандай екi қолы алдына салбырап, қобырап қалды. Жоқ, Дəкенов ештеменi қағыс естiген жоқ, аса iрi байлардың малы тəркiленiп, кедей-кепшiктерге үлестiрiледi деген хабарды бұл дəл кезiнде дұрыс-ақ ұққан. Осы өңiрдегi ауқаттыларға да бұл солай түсiндiрген. Өзге де келiмдi-кетiмдiлер оны одан əрмен рас тай түскен. Тiптi осындағы бiр Дəкеновке алыс ағайын есептi Тiлек деген бай ол науқанға алдын-ала əзiрлене де бастаған. Бұл өзi шын мəнiнде Қызыр баба дарыған дəулеттi жан едi. Бiрде оның бiр құлыны туғанда бауырында бiр аяқтай сүт болыпты. Содан дəм татқан əрбiр бала ұзақ жасап, əрi үрiм-бұтақты болыпты. Бұған Дəкеновтiң өз басы куə.
Мiне, сол Тiлек деген бай өз малының тəркiге түсетiнiн бiлiп, алдын-ала кедейлерге тарата бастаған. Əр нəрсенi бiр сылтауратып, ат шаптырып той жасап, бiрiншi бəйгеге мың жарым, екiншi бəйгеге мың, үшiншiсiне бес жүз жылқы тiккен. Қойды да солай. Сөйтiп Тiлек жүз жылқы, жүз қоймен қал ғанда да кəнпеске қарқыны үстiнде оны шiрiген бай атап, сол қалғанқұтқанының өзiн сыпырып-сыйырып əкетiп, өзiн сонау Сырдария жаққа жер аударған. Қайтiп, бұл маңда ол кiсiнiң өзiн де, балашағасын да ешкiм көрмеген. Басқа да байлар солай. Аса iрi байлар таусылғасын кiшiгiрiм ауқаттыларға тiс салынды. Тiс салынбай қайтсiн, бiр-екi жүз қой-ешкiсi барларды ботадай боздатып, барларын əкеткесiн олар қарап жата ма, «менi кəнпескелегенде анаған неге тиiспеген, ол құдайдың құлы ма едi» деп, екiншi бiреулердi көрсеттi. Ол кезде арыз деген ең жаман нəрсе. Арызды тексермеген адамның, мейлi ол мың жерден жоғары мəртебелi «шолақетек» болсын, өзiнiң басы кетедi. Сөйтiп, кəнпеске емес, жаппай талан-тараж басталды. Тiптi елу-алпыс уақ малы барлар таза тақырланды. Ал «өкiмет» адамдарының айдап əкеткен малы қайттi? Алдын-ала ешқандай дайындық жасалмаған, ол мал сол айдап апарған жерлерiнде бiр қыстың iшiнде жаппай қырылды. Тiптi оларды Ресейдiң азықтүлiк тапшылығы бiлiнген iшкi губернияларына əкетемiз деген қаулы да қағаз жүзiнде қалды. Сол жаппай қырылған малдың обалы ең алдымен қарапайым халықты ұрды ма қазақ даласында ұлы ашаршылық басталды. «Асыра сiлтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранның ақыры осыған соқты. Арғы ата-бабаларынан берi тек малға үйренген, өзге кəсiпке қыры жоқ кедей-кепшiк түз кезiп жүрiп бидайықтың дəнiн жиды, кейбiр шөптiң тамырын аузына салып сорды, бiрақ аш қарын оған жұбанбады, екi жылдан астам уақытқа созылған осы нəубетте қазақтың тең жарымына жуығы жусап түстi. Көп жұрт Қытай, Ресей, Моңғолия, Ауғанстан, Өзбекстан сияқты елдерге қарай шекара асып, жан сауғалады. Ал осында қалған қазаққа ашаршылық қана емес, оған егiздiң сыңарындай iлесе жүретiн «сатқақ» деген ауру қоса жабысты. Бұл – iш тоқтамайтын өте жаман ауру. Адамдар қараптан қарап отырып, қас пен көздiң арасында өле салатын. Мұның бəрi Əлiпбай Дəкеновтiң көзiмен көрген жайлары. Есiне алса əлi күнге жаны түршiгедi, кейде түнде ұйқысы бұзылып, дөңбекшiп шығады. Сосын да 1929-30 жылдардағы ашаршылыққа қатысты қиял атаулыны асау жылқыдай бүктеулi қамшымен қақ маңдайдан ұрып қууға тырысатын.
1930 жылы колхозға бiрiгiңдер деген ұран шықты. Бұл кезде ашаршылықтан аман қалған кедей-кепшiк тiптен дуылдады. «Апыр-ау, қалай бiрiгемiз, қазақ бiткен тау-тасты паналауда, ал Шұбар, Тентек, Қарабұлақ, Көкорай сияқты егiн салуға, суаруға жарамды жазық жерлердi орыс переселендерi басып ал ған» десiптi. Сол жылы қазан айында бұл өңiрге Қазақ автономиялық КСР-i Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары Ұзақбай Құлымбетов пен Алматы облыстық ат қару комитетiнiң төрағасы Ораз Жандосов ат басын тiредi. Аштықтан, ашуызадан сансыраған жергiлiктi ел осы наразылықтарын осы екi қайраткердiң алдында қап-қап етiп төгiп салды. Құлымбетов пен Жандосов облыс картасына шүйлiгiп, ақырында жоғарыда аталған елдi мекендердегi орыс пере селендерi Талдықорған айналасындағы өзге мекендерге жиырма төрт сағаттың iшiнде көшiп, мұнда қазақтар орнықсын деген үкiм шығарды. «Бiз Қапал уезiне барамыз, қайтар жолда осы үкiмнiң орындалғанын тексеремiз» дестi. Əрине, бiр тəулiк өте қысқа мерзiм едi, орыстардың бiразы көшiп үлгермей дүние-мүлiктерiн жол бойына үйiп қойып отырды. Ал қазақтар олардың босаған үйлерiне жапатармағай кiрiп жатты. Бұл жақта қазан айы бiршама салқындау ғой, бiр қазақ отбасы пешке от жағамыз дегенде алапат жарылыс болып үйдiң күлi көкке ұшты. Əлгi отбасы түгелiмен күлдiң астында қалды. Сөйтсе осы үйдiң бұрынғы иесi пештiң iшiне оқ-дəрi көмiп кетiптi. Құлымбетов пен Жандосов қайтар жолда шынында соғып, өз үкiмдерiнiң қалай орындалғанын тексердi. Қазақтар болған жайды баяндады. Дереу бiр республикалық, бiр облыстық екi қайраткер əлгi жарылыс болған үйдiң бұрынғы иесi – орысты таптырып, жұрттың көз алдында жазаға тарттырды. Бұл бiр жайдан осы өңiрде тəртiп жағын нығайтуға ықпал еттi. Ал ендi колхоз құрамыз. Колхоз құру үшiн егiн салмақ керек. Егiн салу үшiн тұқым таппақ керек. Шөптiң тамырын талғажау еткен қазақ iшiнен тұқымдық астық қайдан табылсын? Осы кезде Түрксiбтен келген жұмысшы, жалғыз атын ортақ меншiкке өткiзiп, колхозға кiруге тiлек бiлдiрушiлердiң бiрi Хақназар бейнесi қайта шалынды. Ол бiр қапты белiне байлап, Талдықорған айналасындағы орыс мұжықтарына жаяу тартты. Орысша бес-алты сөздiң ғана нобайын келтiредi, есесiне ерiн ұшымен, ыммен, саусақтарымен түсiндiруге шебер Хақназар бiреуден бiр уыс, екiншiден екi уыс бидай сұрап, бiр жарым пұттай дəн жинады да онысын арқалап, жиырма бес шақырымдай
қашықтықтағы Шұбарға жолсызбен төтелей ентеледi. Жолай оған бiр қарақшылар тап бердi. «Бiткен жерiм осы екен» деп ойлады Хақназар. Сөйтсе олай емес екен, бiр қарақшыға қол тигiзiп едi ол қаңбақша ұшты. Бұдан жiгер тапқан Хақназар екiншiсiн де, үшiншiсiн де сөйттi. Сөйтiп, бəрiн жайпап тас тап, бiр жарым пұттай тұқымдық дəн салулы қапты иығына асып, ары қарай жүгiре басып едi, қарақшылардың iшiндегi бiр шал қалмай келе жатыр екен. Өсiп кеткен шашы жаман тiкiрейген, сақал-мұртында да береке жоқ, шеке тамырлары бiлеуленген, көздерi жасаураған ол: – Əй, қарағым, тоқта! – деп айғайлайды. – Бiз ұры-қары емеспiз, тоқта, еңғұрмаса бiр тiлдесiп қалайық та! Хақназар жастауларының бəрiн жайпап тастадым, мына жалғыз өлмелi шалдан не қауiп бар деп, сəл дамылдап, қабын жерге қояды. Шал бiрден жөн айтып, Хақназардың тiзесiн құшады: – Бiз сонау Семей жақтан, Шүбартаудан тағдырдың жазуымен осы Жетiсуға босып келген аш-арықтармыз. Жаңа өзiң көрдiң ғой, анау жап-жас қылшылдаған жiгiттер сенiң бiр ұрғаныңнан қалмай тырапай асып жатыр. Неше заман нəр сызбағандарда қайдан əл болсын? Бiз алыстан келген ағайынбыз, ана қабыңдағыдан бiр уыс бере кет, қуырып жейiк. Талай туған-туысымыздан айырылдық, егер бiр уыс бидай бермесең сол жоғалт қан туғантуыстарымыздың соңынан өзiмiз де кеткелi тұрмыз. – Ақсақал, сонау Семейден осы Жетiсуға босып, мұндағы елдiң шекесi қызып жатыр деп ойладыңдар ма? Сонда əлгi аш-арық шал Хақназардың тiзесiн босатып, қара жерге шоқия кетiптi де маңдайын алақанымен сүйеп, бiр зарлы əуенге басыпты: Басында Шұбартаудың боз бетеге, Бақанас, Байқошқарға жер жете ме? Құдайдың салғанына не шара бар. Əйтпесе, туған жерден ел кете ме? Бұл өзi ұзақ өлең екен, бiраз тыңдағанда Хақназардың төбе құйқасы шымырлайды. Ақыры, шалға бiр уыс бидай берiп ары жөнеле бергенде ол соңынан тағы айғайлапты: – Əй, балам, мен жалғыз емеспiн, менiң қасымдағыларды өзiң көрдiң ғой, тағы бiр уыс бидай бер! – Ендi бере алмаймын! Бұл жаңа құрылмақшы колхозға керек тұқымдық астық! Обалдарың бай-құлақтарға! Колхозға кiрiңдер!
– Балам, колхозға кiру үшiн оған жету керек қой. Бiзде оған жетерлiк шама қайда? Сəл иi! Сонда Хақназар шалдың жасаураған көзiн, жалынышты жүзiн көрiп шiмiркенiп, тағы бiр уыс бидайды алақанына салып берiптi. Иə, мұның бəрiн Əлiпбай Дəкенов неге еске алып тұр? Ол қай кез, қандай кезең едi деген өз сауалына жауап ретiнде ойша тiзбеледi емес пе? Колхоздар қаз тұрып, тəй-тəй басқан баладай алғашқы адымдарын санатқанмен бəрi бiрдей жүрiс түзей алмады. «Табан ақы, маңдай тер бəрiн бередi» деп сенген жай шаруа қазақтар бел жазбай еңбек еткенмен соларға басшылық етушi адамдардың өздерiнен ши шығып жүрдi. Иə, көпшiлiк жиналысында сайланған колхоз төрағаларының бəрi бiрдей емес едi. О, бұл жағына келгенде Дəкеновтiң еске түсiрерлерi тiптi көп. Жыр қып айта жүрер қызықтары қаншама?! Солардың да бiразын тез-тез жiпке тiздi. Бiр колхоз бастығы жұртқа көп көрiне берсем беделiм ортайып қалады деп, сай-саланы қуалай бұқпантайлай қашып, бет-аузын тiкенге жыртқызыпты. Бiр колхоз бастығы «аш пəледен қаш пəле» деп, бəрiн тастап, мүлдем қашып кетiптi. Ал тағы бiр бастықты колхозшылардың өздерiнiң қуып жiбергенi де бар. Ал тағы бiреуiнiкi тiптi қызық. Бұл бастық бас бухгалтерi екеуi аудан орталығына барып, өздерiндегi мөрдi пайдаланып, анаумынау шаруашылық қажетiне деген сылтау мен көп ақша алады. Неше жылғы жоқшылықтан шыққан бұл екеуге мына ақша өмiрбақилық қажетке жететiндей көрiнiп кетедi ғой. Сонымен не керек, бұлар ауылдағы бала-шағаларын да тəрiк етiп, сол ақшамен бет-албаты қашады ғой. Ол кезде ешқандай байланыс жұмыстары жолға қойылмаған, оларға iздеу салатын да ешкiм табылмайды. Тек жарты жылдан соң екi қашқын мойындары ырғайдай, биттерi торғайдай болып, өздерi оралады. Тiлiнiң қышымасы бар қазаққа мұның өзi қанша əңгiмеге тамызық болды десеңшi. Ал тағы бiр колхоз бастығының қылығын тiптен атап сұрама. Оны айту үшiн сахнадағы əртiстiң шеберлiгi керек. Бұл еске түскенде Əлiпбай Дəкенов мынау тау үстiнде, жұлдызды аспан астында жападан-жалғыз тұрып, жынды кiсiше селкiлдеп күлiп алды. Егер айтушысы келiссе бұл күлмесiңе қоймайтын жай. Бiр колхоз бастығы бас бухгалтерi екеуi ел iшiнен бiр орыс шофер жiгiттi тауып, ауданнан өздерiне бөлiнген жүк машинасын алуға барады. Қайтар жолда мынадай олжадан көңiлдерi көтерiлген
үшеу дүкеннен екi шиша арақ алып iшедi. Тiске басар дəнеме жоқ, құр арақтың өзiн темiр кружкамен қылқылдатады ғой. Сонымен жолда машина үлкен бiр тасқа соғылып, бастық та, бас бухгалтер да қаза табады. Мас күйiнде рульге отырғаны үшiн орыс жiгiтi жауапқа тартылады. Сотта сұрақ үстiнде ол: – «В районе машину получили и ехали. По дороге водку купи ли. У председателя и главного бухгалтера были хорошие настроения. Сами пили, и мне совали кружку. Председатель приказал «выпей до дна», я выпил. Главный бухгалтер сказал «выпей до дна», я выпил. Ехали дальше. Председатель приказал «нажимай на газ», я нажал. Главный бухгалтер приказал «нажимай на газ», я нажал. Вдруг страшный удар. Смотрю, председатель есть, а головы нет, а бухгалтера нет, голова есть. Председателя райком даст, а бухгалтера черт с ним, сами найдем, карбюратор кто даст?» – деп, еңкiлдеп тұрып жылапты. Жиырма бес жылға қатаң режимде бас бостандығынан айырылғалы тұрған жiгiттiң карбюраторды ойлап, бүйтiп қабырғасының сөгiлуi сол заманның қолмен қойғандай айқын көрiнiсi. Одан берi де жиырма жыл зымырап өттi, осы уақытта бұл оқиға неше адамның аузымен ежiктелiп, неше адамды күлкiге кенелттi екен? Иə, ауыр қасiреттiң де тасасында қап-қап күлкi жатқан неткен заман десеңшi. Ойлай берсең, бойлай берсең мұндай оқиғалардың түбiне жетпейсiң. Отызыншы жылдардың басында сонау Талдықорғаннан Шұбарға тұқымдық астықты жаяу арқалап тасып, жолай ұры-қарылардың соққысына ұшырай жаздаған Хақназар сияқтылардың еңбегiн осылай аяқ асты еткен колхоз төрағалары да болған. Мiне, сондай кезде, солардың қасында жай қызылшашы, звено меңгерушiсi, бригадир, колхоз бастығы сияқты сатылардан сүрiнбей өтiп, əрi өз заманының озық ойлысы, тамаша ұйымдастырушысы Əлiпбай Дəкенов сындылармен иық теңестiрiп, тiптi одан бақ асырмақ ниетi бар Хақназар Халықбергеновтiкi шынында ерлiк қой. Айтуға тұрарлық ерлiк. Сол кездiң аласапыраны, ұғым-түсiнiгi тұрғысынан қарасаң сөз жоқ, солай. Кенет Дəкенов тұла бойымен дүр сiлкiндi. Əлдекiмнiң шашбауын көтерiп, өзiне өзi сатқындық жасағандай көрiндi. Əкем-ау, бұл қай əуеннiң əуселесiмен кеттi. Өзiнен дүлей күшқайрат тауып, əуел баста ыңылдатқан əуенге қарай қайта жарқ бердi. «Жоқ, мың жерден əспеттесең де Хақназар мына тұрған Əлекеңе жете алмайды».
- * Əлденеден осы қараңғылықта «Шұбар» жақтан жымыңдаған электр шамдарына тағы көзi түстi. Сол жылтырақтардың əзiрге пайдасынан гөрi даурықпасы көп екенiн əлдекiмдерге түсiндiргiсi келгендей. Даурықпаға жұрт желiгер болса осы жақында ғана Дəкенов еңбеккүнге бес килограмнан астық айналдырды. Еңғұрмаса сол осы Əлекең басқарған ел-жұртқа бiраз желiк бiтiрер едi. Əзiрше ол байқалмайды. Қайта бiзге кiм келсе, ол келсiн деп, бəрi ауыздарымен шаң қапқандай, ештемеде ойлары жоқ, күнделiктi тiрлiктерiмен тыпырлап сүлесоқ жүр. Осы тұста анау «Қызылтудағы» Ауқынбайдың өзiнен де асып барып, алты килограмнан астық айналдырғанын есiне түсiрiп, тағы мырс еттi. Бiрақ бұл жолғы мырс етуiнде ащы кекесiн бар едi. Денесiнiң қатты тоңазып қалғанын ендi ғана сездi. Көз алдындағы дүние қараңғылығына ойындағы мұнар, кеудедегi ашу-ыза араласып, мүлдем тұңғиыққа кетiп бара жат қандай. Дəкенов сыртта бiр жайдан əдейi көбiрек тұрды. Бұлар қоналқы жасаған үйге жиылған көршi-қолаң шопандар Дəкеновтiң қадiрiн көбiрек бiлетiндер едi. Шиманов олармен армансыз-ақ сөйлессiн, зияны тимес дегендей едi. Жалғыз ғана жетiлiк май шам жалтылдап жанған алакөлеңке киiз үйдiң iшiне қайта оралғанда өз күткенiндей ешкiмнен сын-сыпат көзiне түспедi. Бəрi мүлдем басқа жаймен көл-көсiр екен. Алқа-салқа боп сөйлеп отырған Шимановтың маңдайы тершiп кетiптi. Көп ортасында домбыра шертiп, ұзақ қисса соққан жырау секiлдi. Тамағының түймесi ағытулы жейдесiнiң астынан да денесiнiң бусана қызарғаны байқалады. Облыстық басшының өздерiн қорашсынбай кiшiлiк жасап, осыншама арқажарқа ақтарыла сөйлеуiн мəртебе санап, көңiлдерi өсе шылқымай болғаннан өзге шопандар қауымында да дəнеме жоқ. Дəкенов кiргенмен Шиманов əңгiме желiсiн бұзбады. Неден басталғаны белгiсiз, ол соғыс кезiндегi өзiнiң бiр ерлiгi туралы əңгiменi аяқтап қапты. Дəкенов бұдан кейiн де Шимановты шопандармен оңаша қалдырып, бiрнеше рет тысқа шығып қайтты. Əр шыққан сайын туған жердiң лебi мұның көкiрегiне бiрiнен-бiрi ауыр мұң салды. Ертеңiне түске шейiн Шиманов тағы кiдiрдi. Кетпедi. Шаруашылық аралаған болды. Дəл сəскенiң кезiнде ғана ол райынан қайтып: – Əлеке, мен жүрейiн, рұқсат болса Аршагүл жеңгейдiң қолынан шай ұрттайын да аттанайын. Əйтпесе ол жеңгей
өкпелер. Жоғарыдан келгендер көбiне бастықтардың əйелдерiне салмақ боп түседi. Бiрақ сiздiң үйдегi жеңгей анау-мынауды ауырсынатын жан емес қой, – дедi. Бұлар Шиманов машинасында қызылша алқабын қақ жарып өтетiн жолды шаңдатып келе жатыр едi. Дəкенов жаңағы сөзден сасқан жоқ. Үлкен қыр мұрнын көтере қараған қалпынан аумай, тiптi сол бағыттан жанарын да тайдырмай, селт еткен еш белгiсiз, ұйқыдағыдай манаураған күйде жауап бердi: – Ол дұрыс қой. Тек мана бiр үй түскi шайға шақырып едi. Мен сiздi де ертiп барам деп айтып қойып едiм. Күтiнiп отырған жұрттың екi көзiн төрт қылуды жаным жек көредi. Айтпақшы... – Дəкенов қысыңқылау көздерiн адамның өңменiнен өтетiн шанышқыдай етiп, ендi ғана Шимановқа бұрылды. – Кешке де баратын жерiмiз бар емес пе? Кешегi шопандардың тағы бiреуi қозының жас етiне шақырды ғой? Шиманов ол шақыруды естiмеген болатын. Машинаның арт жағында Дəкеновпен қатар жайғасқан ол жұмсақ отырғышқа төмен түсiп кеткендей. Бойы да, рухы да. Дəкеновтiң маңдайындағы ғана емес, көкiрегiндегi де қырағы жанарды байқап, амалының таусылғанын сездi. Жоқ, Дəкенов бұл ойлағаннан да əрмен сұңғыла. Облыстық басшының не мақсатпен келгенiн де сезген. Дəкеновтiң апарған үйiнен Шиманов iшкi селсоқтығын əрең бүгiп отырып, шай iштi. Кешкiлiкке күтiп тұрған қозының етiнен үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Сөйтiп, Дəкеновтi өз зайыбымен көзбекөз отырған шағында көре алмай аттануына тура келдi. Ондайдан Дəкеновтiң өзi де қаймықты. Қанша дiмкəс дегенмен əйелiнiң сыры бұған аян. Шиманов оңаша жолыққанда араларында қандай əңгiме болғанынан беймағлұм қала тұра Аршагүлдiң ондай бар жауапкершiлiк өз басына жүк телген шақта от басы, ошақ қасының күл-көмешiн сыртқа шашау етпей өзiн биiк дəрежеде ұстайтынына сенiмi мол. Ал көзбе-көз отырса кiм бiлсiн, облыстық басшының тұспал сөздерiнiң тұсында заты əйел неме, босаңдыққа берiлiп, əрi күйеуiне деген ашуы қанша сарқылды дегенмен, сол ашу сар қындысының түпте қалған бiр тамшысынан да солқ етiп, белгi берiп алар. Шиманов келгелi өз үйiн алыстан айналып жүруi содан едi. Шиманов салқындау қоштасты. Жолай «Шұбарға» келдi. Облыстық басшының мынадай аумалы-төкпелi күнде Ешкiөлместiң басында марқа қозының етiне бөгiп жатқанын кеше-ақ естiген Хақназар бүгiн ертемен Талдықорғанға кетiп
қалыпты. Бұл қайтарында қайтсе де соғады-ау деген Шима новқа көрсеткен қыры едi. Əрi қарап жатпай Талдықорғанда екi-үш есiкке бұл да кiрiп шықпақшы. Шиманов қайтсе де Дəкенов жаққа қисайды. Əйтпесе, қазiр таяқ тастам жердегi облыс орталығынан келiп, қыдырыстап, жата-жастанып қозы жейтiн уақыт па? Хақназар осылай ойлады. Əлiпбай Дəкенов үйiндегi кикiлжiң, əрi ол туралы жоғарыға түскен арыз бұның құлағына жете қоймаған. Иə, Хақназарға да қапы қалмау керек едi. Шиманов бастықтың орынбасары Хакiм, бригадирлер Абыл, Жазылбайлармен бiраз əңгiмелестi де ары кеттi. Соңғы екеуi бiршама батылдық жасап, сөз бiр басқа, шындық екi бас қа деген мағынада осы үш колхоздың төңiрегiндегi бiраз жағдайларға оның мықтап көзiн ашты. Артық астық үлестiрiп, көптiң аузын бүгiн алғаныңмен ертеңгi күннiң өз талабы жəне бар емес пе? Мұндайда кiмнiң қолы таза болса соның мəртебесi озғаны дұрыс қой. Бұл ғана емес, Абыл мен Жазылбай, Хакiм жəне қосылып, үш колхоздың өмiрiндегi көптеген өзгешелiктердi, болғаны мен боларын, толғаны мен толарын еш қоспасыз таза тiлмен облыстық басшының алдына тартты. Бұлардың бiразына Шимановтың өзi де қанық. Осы үш адамның сөзiне бiршама айрандай ұйыған Шиманов «Қызылтуға» бұрылмастан облыс орталығына тура тартты. ҮШIНШI ТАРАУ Осыдан бiраз жыл бұрын, соғыс бiткеннен кейiнгi алғашқы көктем күндерiнiң бiрiнде кешкi зауал шақта Қарабұлақ пен Тентектiң екi ортасындағы жолдан мас адамдай аяқтары тапырықтап, бiр адам «Шұбарға» қарай бұрылды. Шеткi үйге жетпей ауыл торыған қасқырша бiраз шоқиып, əлдененiң аңысын аңдады. Иiс иiскегенге де ұқсайды. Кескен теректей ұзын тұра, бiрақ бойы иiңкi адамның киген киiмiнен жоқжiтiк, алқымнан қысқан жоқшылық ортасынан сытылып кеп тұрғаны байқалады. Қай заманда тiгiлгенi белгiсiз, екi омырауы далақтаған күпəйкесiнiң бой-бой боп мақтасы көрiн беген жерi жоқ. Шалбары да солай. Екi тiзеге ұқыпсыз қолмен жапсырылған жамауының өзi тесiлуге шақ. Тiптi бiреуi сөгiлiп, жалбырап та тұр.
Бар жүзiгi аяғындағы етiгi сияқты. Əзiрге қақырамапты. Сонда да былғарысының аппақ шаң түстенiп, бозаруынан мұның да не ықылым замандарды арт қа тастап, шалшық пен сор-батпақты, құм мен топырақты басып, шеңгел мен қурайдың талайына бет жыртқызып өткенiн сезiнесiң. Сақал-мұрты бiр елiге жуық өскен, ат жақты арық өңi де сол үстiндегi киiмнен бөлiп алғысыз. Адырайған жұтқыншақты жiңiшке мойнынан бастап, маңдай, бет терiсiнiң өзiнен-ақ бес ит тойғандай кiр шығатыны осы бейуақ шақта да аңғарылады. Көздерiнiң кiрпiгiне дейiн сол баттасқан кiрден əрең қыбырлайтын сияқты. Тек тереңiндегi сұйық жанар ғана шыдамсыздана сiлкiлеп, қозғалысқа бiршама көндiктiрген, шамасы. Колхоз орталығының ең шетiндегi төбесi саз балшықпен сыланған үй бұған жонын берiп тұр едi. Одан еш сыр аңди алмағасын, аяқтарын ендi тапырықтатпай байқап басып əрi жылжыды. Соғыстан кейiнгi алғашқы жыл, жұрт əлi тұрмыс түзеп үлгермеген. Үйлердiң сыртқы қабырғаларынан-ақ оның iшiндегi жоқ-жiтiк, тапшылық кəрi кiсiнiң жүзiндей айқындалып тұратын. Сонда да бiр ала-құлалықты көру қиын емес. Кейбiр үйлер уақыт қысымын өзiнше сезiнгенмен де аса абдырамай, айналаға сергек қарайды. Колхоздар iрiленiп жатқан қазiргi елуiншi жылдай емес, ол кезде төбесi шиферленген самаладай кең сарай үйлер бұл маңда əлi дүниеге келе қоймаған. Сонда да болса сол төбесi саз топырақпен жабылған мекен-жайлардың бiразы алыстан айшықтанып, сырты əктелген сыпатымен, қора-қопсысының шекесi опырылмай жамаужасқауы берiк, орнымен пайдаланылып келе жатқан ыңғайымен, ауласы таза тақыр емес, қайта үйме-жүйме отын-суы, шөп-шаламы барлығымен бүйiрi тоқ көрiнетiн. Ел iшi болғасын, ондай етекжеңiн қымтап, барымен базар, осы күнiмiзге де тəуба деп, еңсесiн көтерiңкi ұстайтындар да шығады ғой. Жаңағы ұзын тұра кiсi мұндайлардың тұсынан тез сырғып өтедi де, көбiне жер бауырлаған, қора-қопсысы əр жерiнен шұрқшұрқ тесiлiп, өз мəнiн баяғыда-ақ жоғалтқан, айналасында iлiп алар ештемесi көрiнбейтiн, күйi нашар үйлерге көбiрек алаңдайды. Iшiнен адам даусы естiле ме екен деп, тың тыңдағанға ұқсайды. Кезек-кезек ауыстырған екi аяғы бiрiн-бiрi қағып кетсе тегiс жердiң өзiнде құлап түсердей тəлтiректеген қалпы бұл адамның көптен берi аш өзекке талғажау етерлiк ештеме таппай келе жатқанын айтады.
Бiрер күйi нашар үйлердi бақылап, тағы ары жүрдi. Бұл көшеден көз тоқтатар ештеме жолықтырмағасын жоғарғы шеткi көшеге шықты. Мұнда жермен-жексен, əрi ашық-шашық адамдар тұрағы көбiрек кездеседi екен. Ендi бұл əрқайсысын мұқият бағдарлады. Iздеп жүрген мекен-жайының төңiрегiнде өзiне таныс белгiлер бардай əрқайсысына ұзақ үңiлiп шұқшияды. Ақыры есiгi ар жаққа қараған, қабырғасынан саз балшықтары əр жерiнен түсiп тұрған тым жұпыны, қораш бiр кiшкене итарқаның тұсына кеп тоқтады. Жолдан ауласының бiр шетi ғана көрiнедi. Iздегенiн жаңа тапқандай солай қарай бұрылып, екi-үш адым жасады да тағы бөгелдi. Тағы тың тыңдады. Құлаққа тана ұрғандай тыныштық мұның ортан белiнен сəл бүгiңкi ұзын тұра денесiне жiңiшкелеп қайрат бiтiргендей ары жылжыңқырады. Ендi молырақ көрiнген алақандай ауланың арғы шетiнде бiр бас мал ғана сиятын аласа қораның iргесiнде құлағы салпиған жүндес қызыл ит жатыр екен. Ұзын тұра кiсi ит естiсiн деп, аяғын əдейi тыпырлатты. Мойнында жалпақ қайысы бар ит бұл дыбыстан басын көтердi де. Бiрақ тым жалқау неме, басын көтерген бойда келiп тұрған кiсiнiң ұсқынына бiр қарады да жақтырмаған пiшiнмен сылқ етiп қайта құлай кеттi. Қабырғасын басып кетсең де қайта көтерiлетiн түрi жоқ. Ұзын тұра батылырақ адымдады. Үйдiң есiк жақ қабырғасына шыққанда сол есiкпен жапсарлас, тек адамның белiнен ғана келетiндей тым төмен орналасқан терезеден қызарған шам жарығын көрдi. Ит əлi сол күйiнде едi. Бiрақ ұзын тұраның оған сонда да сенiмi болмай аяғын тағы тыпырлатты. Үй қоруға тиiс арлан тұқымдас неме маса шаққандай тұмсығын бiр қозғап қойды да мұның дыбысына басқа жауап берместен өлi қалыпта одан əрi жата бердi. Бейтаныс ендi ғана тəуекелге бел байлап, табалдырығы жерге сiңiңкiреп, тақтайлары қарайған есiктiң тұтқасынан тартты. Бiлте шамның алакөлеңкелi сəулесi тасасынан жалғыз ғана адамның нобайын ажыратты. Басында орамалы болғасын: – Амансыз ба, апа? – дедi. – Аман, шырағым. Басқа лəм-мимсiз келген кiсi табалдырықтан ұзамай керегеге арқасын сүйеп, жүресiнен отыра кеттi. Бөлме iшiндегi өлеусiреген жарыққа көзi үйренгесiн ғана үй иесiнiң бетi əжiм-əжiм өте кəрi кiсi екенiн, сөйте тұра неге екенi белгiсiз еркекше киiнiп алғанын
көрдi. Мұның сəлемiне жауап бергенде де даусының гүрiлдеп шыққаны есiнде қалған. Байқаса iстеп отырған шаруасы да əйелдiкi емес, қолдың басындай бар ағаштан түйiн түймекшiдей оны қашаумен ойып, жаңқалап отыр. Кiрген кiсiден үй иесiне лайық жөн де сұрамады, түстеп бiрер қарағаны болмаса, оған көп назар аудармай өз шаруасымен бола бердi. Ұзын тұра бұл, мүмкiн, еркек шығар деп едi, жоқ, басында орамалы бар, əрi бет əлпетi де əйелге келедi. – Апа, жолаушы едiм, бiр кесе су болса. Кемпiр ағашы мен сайманын қасындағы қазандықтың желке жағына қойып, орнынан тұрды да қысқа бешпентiне қон ған ұсақ жаңқа түйiрлерiн бiр қағып, бейтаныс қонақтың оң жағындағы бұрышқа барды. Сонда шүберек дорбаның iшiнде сүзбе бар екен. Соны суға шылап, шалап жасап бердi. Үлкен кесе шалапты ұзын тұра тамағы бүлкiлдей демалмай жұтты. Аш өзектiң кеберсiген жықпыл-жықпылына тiл үйiретiн қышқылтым сусын жылыстай жетiп болғанда мұның көзi шарадай жанды. Бойындағы түгi жатып қалған қуатына дейiн қайта тiрiлгендей. Еркекше киiнген кемпiр жаңағы жұмысына қайта кiрiстi. – Апа, мына кесенi қайда қояйын? – Қоя сал аржағыңа. Шалап iшiп, түйсiк енген басына, апыр-ау, бұл неге жөн сұрамайды деген ой келдi. «Əлде менi бiр жақын-жаңбарымен шатастырып отыр ма?» Үйдiң қабырғаларына жағалай қарап едi, көз тоқтатар ештеме таппады. Ескi елгезер, тесiгi бар қалақ тақтай ғана iлулi тұр. Есiктен сол жақтағы жоғарғы бұрышта қарлығаш ұя салыпты. Қазiр ерте көктем, қарлығаштар əлi келе қоймаған, мынау өткен жылғы мекенi. Iшi алакөлеңке, иесiнде үн жоқ, аядай бөлменi қарлығаштың жатсынбағанына қарап, өзiнiң де қателеспегенiн түсiндi. Көздерi шақшиып, кiрген-шыққан адамның жетi атасына дейiн хатқа түсiрмей жуытқысы келмейтiн сауысқаннан сақ басқа бiреудiң ошақ басы болса бұл оған қалай жол табар едi? Келген кiсi өз түрiнен де көрiнетiндей жоқшылықтың не екенiн бiлетiн. Сонда да жалғыз басты, неғылса да пайғамбар жасына келген адамның жалғыз есiк, жалғыз көзi бар, басы-аяғы төртбес аттам құйтақандай мекенiнде көзге жылт етер бiр дүниелiктiң жоқтығына таңырқаған да жайы бар. Жаны ашығандық емес, үзiп-жұлқыған артық сезiмсiз жалаң таңырқау. Еденге төсенiштерi де сан жыл бойы тепкiсi шығып, шiрiген ескi-құсқы бөлек-салақ киiздер. Бiр кезде ою салынып жасалғаны
байқалады, бiрақ ол оюлардан ештеме қалмаған. Төргi сол жақ бұрыштағы қазандықпен қатарлас төрт-бес тақтай тасталған жер төсекте жастық пен жамылғыларға ұқсас əлденелер үйiлiп жатыр. Бiрақ олар кəдiмгi құс мамыққа толтырылған жастық пен көрпелерге мүлдем ұқсамайды, тек солардың сүлдерiн сақтаған бөгде бiрдемелер. Ортада, келген кiсi мен ағаш ойған еркек киiмдi кемпiрдi бөлiп тұрған аласа дөңгелек стол ғана бар. Үйдегi барша дүниелiк осы ғана. Келген кiсi осылардың бəрiне өзiнше ойлана қарап, шолып шыққанша ұйқысы келiп, маужырағанын сездi. Жаңағы iшке барған үлкен кесе шарап бойын ендi əлсiрете бастапты. – Апа, мен жолаушы едiм. – Е, жөн, шырағым. Апыр-ау, бұл мына ағаштан не жасамақ? Қолының күшi-ай, киiмi ғана емес, қашауды ұстасы да еркектен бiр аумайды. – Апа, түнеп шығуға рұқсат па екен? – Е, жетi түнде қайда барасың, жата кет. Тағы да орнынан тұрып, өз төсенiштерiнiң астынан есiк жаққа қарай бiр тулақ, сосын ат көрпе дерлiк, əр жерiнен мақтасы көрiнген тағы бiр ескiсiн тастады. Келген кiсi сол екеуiн төсенiп, босағаның түбiнде жата кеттi. Кемпiр бiраз отырғасын, шамды өшiрiп, төр жағына өзi де қисайды. Жөнi – түзу, кiрпияз, əрi танымаған басқа бiреу болса ұйқы қашыратын неше түрлi жамандықтан шошынып, бiр бөлмеде бұлардың қай-қайсысымен де саябырлап, тыныш жата алмас едi. Ал алабөтен мына екеуi өз өмiрлерiнен қимас ештеменi көрмегесiн бе, жоқ, балықшы балықшыны алыстан ажыратады дегендей өз ұсқындарынан бiр-бiрiнiң кiсiге зиянсыздығын қатесiз аңғарды ма, əйтеуiр, бастары жерге тиiсiмен-ақ алаңсыз қорылға басты. Ертеңiне Лағыл өз қонағына шай бердi. Оның кесе ұстағандағы қолының дiрiлдейтiнiн байқады. Шайдан соң ол неме үйден тапырақтай шығып, iз-тозсыз жоғалды. Бiрнеше күннен соң бейуақ шақта тағы оралды. Бұл жолы салпаң құлақ, жүндес қызыл иттiң тұсынан сескенбей өттi. Тағы да сол үнсiз жолығысып, шалап, шай iшiп, түнеп шықты да ертемен қарасын батырды. Төрт-бес күн аралатып, үшiншi рет соқты. Сол үшiншi келiсiнен соң бiр ай жоғалып кеттi. Лағыл неше сорлы болса да жөнiн тапқан шығар деп ойлады. Бiрде ел жатып қалған едi. Тек Лағыл ғана бiлте шамын өшiрмеген. Осындағы тағы бiр бала-шағалы үйдiң өтiнiшi
бойынша ағаштан қасық ойып жасап отырған. Кенет үй сыртынан осылай қарай жүгiрген аяқ дыбысын естiдi. Ол жетiп болғанша əншейiндегi жуас салпаң құлақ итiнiң абалаған жаман дау сы шықты. Сарт-сұрт етiп есiк те ашыла берiп едi, абалаған иттен əрмен ересек адамның балаша шыңғырғаны құлақ жарды. Ит үйге кiрмек неменiң балтырынан тiстеп, керi тартып жатқандай. Қапелiмде ештеменi аңғарып үлгермеген Лағыл кəрi көздерiн жыпылықтатып, қайта қарап едi, келген кiсiнiң есiктен, табалдырықтан берiде тұрғанын көрдi. Иттiң абалаған даусы сыртта қалыпты да, мұның шыңғырған даусы iштен естiлiп тұр екен. Байқаса баяғыда түнделетiп кеп, өз үйiнде екi-үш қонып кететiн ұзын тұра жiгiт. Бiрақ бұл жолғы келiсi мүлдем бөлек, тамұқтан шыққан күнəкардың тап өзiндей қан аққан қолын көлденең тосып, бүкiл денесi селкiлдей ойбайлап тұр. Лағыл не iстесе де саспайтын дағдысымен оған бiраз бажайлап қарады. Ұзын тұра бұл үйдегi ешкiмдi байқайтын емес. Қолдан аққан қанын аузымен сорардай көлденең ұстаған күйi ышқынған ащы үнiмен əлдененi ежiктеп айтқысы келедi. Бiрақ жан азабы оған ырық бермейтiндей. Сөздерi үзiлiп-үзiлiп, гөй-гөйлеп жылап, Лағылдың аядай бөлмесiн басына көтердi. Лағыл əлi де сасқан жоқ. Ұзын тұраны дəл иегiнiң астынан үй iшiне жiберiп алғанына долданған қызыл иттiң есiктi сыртынан тырналай арпылдаған үнiнiң аржағынан тағы бiр адамдардың аяқ дүрсiлi мен дабыр-дұбыры естiлгенде ғана Лағыл бейсауыт қонақтың бұл жолғы келiсi тегiн еместiгiн сездi. Əлдекiмдер: – Жат, Бөлтiрiк, жат! – деп, қызыл иттi тыныштандырумен əлек. Бiлектей шынжырын жерге ұрғылаған қызыл ит буыр қанып оянған мына ашуын оңайлықпен баса алар емес. Жаңа ұзын тұра iшке ене бергенде қалтыраған қолы тұтқаны таппай есiктiң қырынан ұстап жабам дегенде сыртта қалған саусақтарына Бөлтiрiктiң пышақтай тiстерi сақ етiп тиген. Адам қаны тiлiне де жетiп, оған тояты қанбай қалғандай бұзылған неме өзiн тыныштандырушылардың сөзiн кəперiне алар емес. Лағылдың өзi шығуы керек едi. Бiрақ оған осы у-шудың бəрi тым сұрқай, мəнсiз шаруадай көрiнiп, ештемеге мойны жар бермеген күйi бар. Ұзын тұраның қолынан аққан қан өзiнiң Бөлтiрiгiнiң тiсiнен екенiн сезсе де солай. Лағылды бойкүйез еткен бiр нəрсе сырттан естiлген дауыс тың таныс екендiгi де едi. «Бөлтiрiк» деп итiнiң атын дəл атайды, кiм де болса көршi-қолаңның бiрi деп шамалады. Сол таныс дауыста
мұның құлағын жарған жақындық бiр нышан ғана кеудесiне бiрте-бiрте дендеп енiп, елiктiргендей. «Апыр-ау, мынау Сəкүн ғой»,– деп топшылады. Ендi бiрауық табалдырықтың қасында жас балаша еңiреген ұзын тұра сол Сəкүннiң таяғын жеп кеп тұрғанға ұқсады. Ұзын тұраның ойбайы мен бəлдiр-батпақ сөздерiнен Лағылдың бiр ұққаны «Əкем айтып едi-ау» дегенi ғана. Сыртта кеп тұрған Сəкүн ғана емес, тағы бiреулер бардай. Ақыры олар Бөлтiрiктi əрең тыныштандырды-ау. Сол-ақ екен есiктен iшке қарай қалың нөпiр ентелегендей болды. Сəкүн, тағы екi еркек адам. Лағыл олардың да түр-түсiн əрең ажыратты. Сəкүннiң үйiнен өрт шыққандай көздерi шатынап кетiптi. – Ойбай, Лағыл-ау, мынауың кiм? – деп, кiрген бойда аттан салды. Ұзын тұра, келген тағы үш адам бар, бəрi топырлағанда Лағылдың кiшкене бөлмесiнде айналуға жер тар едi. Бойы аласа Сəкүн алакөлеңке үй iшiнде тап қасында тұрған, бойы кескен теректей бар ұзын тұраны көрмегендей Лағылға бiр, үйдiң қараңғы бұрыштарына бiр алақ-жұлақ етiп, соңынан ғана бейтаныстың жүзiне көздерiн көтере қарады. Еңкiлдеген түрiнен де, қолындағы қанынан да кəрi кемпiрдiң жүрегi шошы ған. Келуiн келiп алып, ендi өзiне бас сауғалар қуыс бар ма дегендей артындағы екi адамға көз тiгiп қана қорқынышын басты. – Əкем айтып едi-ау, сорлы əкем айтып едi-ау, – деп, ұзын тұра ендi аузындағы сөздерiн анығырақ етiп зарлай бастады. – Əкең не айтып едi? Əй, өзiң кiмсiң, қарағым? – деп, Сəкүн сап еттi. Үндемеген Лағыл апасына да бiр жиiркенiшпен қарап қойды. Қолындағы қашау мен ағашын бiрауық былай қоя тұрса табанынан қара жер тайып кетер ме екен деген ызғарлы кекесiнi бар. Сəкүн ерткен екеудiң бiрi етi тiрiлеу екен, ол да ұзын тұраға қарай ентелеңкiрей кемпiр айтқан сұрақты iштен қайталап, «иə, кiмсiң?» дегендей қадала қарап тұр. Лағыл мұны таныды. Бұл соғыстан кейiнгi алғашқы жыл ғой. Тұрдақын онда қазiргi елуiншi жылдардың басындағы колхоздар iрiлендiрiлiп жат қан кездегiдей ферма меңгерушiсi емес едi. Қан майданнан аман, əрi төрт мүшесi сау келген адамдардың бiрi ретiнде өзi тұратын «Жаңалық» колхозында белшесiнен батып еңбек етiп жүрген. Ал екiншiсi – шалдау адам. Сəкүннiң көршiсi. Жə, оны қойшы. Мынау бөтен колхозда тұратын Тұрдақын бұл «Шұбар ға» келiп, жарым түнде неғып Сəкүнмен iлiктесiп, одақтаса кетiп жүр.
Мынау, сорлы бейтаныстың соңынан бiрге дүрлiктiрiп əкеткен қандай пəле? Қаншама томаға-тұйық, көкiрегi бiтеу жан болса да бұлардың осы келiсiнде мұны бiр селт еткiзер жайдың нышаны бар емес пе? Бiрақ Лағыл қозғалар емес, қолындағы жұмысын да доғармады. – Лағыл-ау, тiл-жағың неше қат қыл шылбырмен байлаулы болса да бiрдеме десеңшi, мынауың кiм? Танисың ба? – деп еңкiлдеген ұзын тұрадан жауап ала алмаған Сəкүн шарт еттi. Еңкiлдеген ұзын тұраның гөй-гөйiнен құлағының құрышы қанғандай Лағыл əлi де үндемедi. Тек бажайлап, келгендердi тағы бiр шолып шықты. Ендi ғана байқады, Сəкүнге ерген көршiсiнiң – шалдау адамның қолында қосауыз мылтығы бар екен. Сiрə, бұлар ұзын тұраны тегiн қумаған. Лағылдан еш қайыр болмағасын келген адамдар ендi өзара əңгiмеге кiрiстi. Тұрдақын: – Мен ана шалдың үйiнен шығып едiм. «Жаңалыққа» кетiп бара жатқан едiм, менен Лағыл апамның үйiн сұрады. Қайдан бiлейiн, сiздерге алыс бiр туыс екен дедiм де, сiздiң үйдiң тұсы болғасын сiздiң үйдi көрсете салдым, – дедi Сəкүнге. – Ойбай, мұндай туысқан бiзде жоқ, – деп Сəкүн осы арада тұрып-ақ азар-безер болды. – Сосын, сiздiң үйге кiрдi де, бəрiңiз улыған-шулыған болдыңыздар ғой. – Ойбай, ендi қайтейiк. Қазiр ұры-қары дегенiң жосылып жүрген жоқ па!? Мен сасқанымнан мына Жүкеңнiң үйiне жүгiрдiм, – деп мылтықты адамды нұсқады. – Қазiр ұры-қары дегенiң тонайтын үйдегi адамдардың тегiс ныспысын бiлiп келетiн болыпты ғой. – Сəкүн қасындағы атпалдай екi азаматтың қасында өзiне ешқандай қауiп жоқтығын сезiп, ашыла сөйлеп тұр. Тұрдақынның айтқаны рас. Мұның астында аты бар едi. Жақын ағайынның үйiнен ас iшiп шыққан бұған ұзын тұра кезiгiп, Лағылдың үйiн сұрады. Лағылдың жай-күйiн бiлетiн Тұрдақын туысқаны шығар деп, Сəкүндiкiн нұсқады. Алаң ғасар неме, Лағыл үйiнiң қандай екенiн естен шығарып ал ған ба, бұл нұсқаған үйге ойсыз кiрiп барғанда Сəкүн мұның түрiнен шошып, аттан салды. Келiн-баласы аса саспағанмен Сəкүн тұра қашқан бейтаныстың соңынан өзi жүгiрдi. Баласының да, келiнiнiң де мұндай у-шуға жоқтығын бiлетiн Сəкүн ауласы тиiп тұрған Жүсiпбектiкiне айғай салып кiрдi. Ол мылтығын ала шықты. Көшеде Тұрдақынды
жолықтырып, ол түр-түсi жат əлдекiмнiң Лағыл үйiн сұрағанын айтқасын, ендi үшеуi бiрiгiп, оның соңынан қуып осында кеп отырған беттерi едi. Сəкүн осы қарқынында бұдан аса қауiптi ештеменi байқай алмай отыр. Сонда да түрi қайыршыдан бетер ұзын тұраның Лағылмен iлiктестiгiн бiр сезгесiн осы сəттi құр жiбергiсi келмейдi. Өз апасын үнемi сырттан ғайбаттайтын оның осы да бiр кəдеге жарап қалар деген үмiтi бар едi. Айғай-шуды қасақана молайта келуi де содан. Жаңа Тұрдақынның да шылбырына жармасып, «ер азаматсың ғой» деп, осылай қарай сүйрелеген. Лағылдiкiн iздеп жүрсе оған бiр қиянат жасар деген екi туып бiр қалғанның аузынан шығатын сөздi айтқан. Көршi колхозда тұрғанмен Тұрдақын қайтсiн, таныс, бiлiс, əрi үлкен адам ғой деп, бiр жайдан өзi де шошығасын, мына екеуiне ерiп едi. Мiне, ендi күтпеген жағдай. Бейтаныс қолынан қаны сорғалап, еңкiлдей зарлаған хас бейшара. Тұрдақын асығыс та едi, бiрақ ақыр бөгелгесiн осы бiр бөгде адамның кiм екенiн бiле кеткiсi де келiп отыр. Асылы, бұл маңдiкiне ұқсамайды. – Əй, жiгiтiм, сабыр етiңiз, – деп Тұрдақын өзi кiрiстi. – Ойбай, шөлдеп барамын, – дедi əлден уақытта ұзын тұра зар илеген даусын үзбей. Сонда ғана Лағыл орнынан тұрып, баяғы дағдысынша оған шалап жасап бердi. Сəкүн осы тұста апасына одан сайын көзiн ата қарады. Қасындағы екеуге де алақтап, жағасын ұстап қояды. Шалапты лықылдатып жұтып, iштегi жыланы басылғасын ұзын тұраның өзi де икемге келейiн дедi. Даусы əлi де үзiлген жоқ. Тек манағыдан баяуырақ уiлдейдi. Сəлден соң қиялдана сөйлегенге ұқсады. Мойын сүйегi ауырғандай басын бiр жағына қиқаң-қиқаң еткiзедi. – Менiң əкем, сорлы əкем болушы едi, – деп бiр қойды. Бұл кезде ұзын тұра қабырғаға арқасын сүйеп, жүресiнен отырған. Сəкүн де Лағылға таяу барып, тiзесiн бүктi. Басқалар түрегелiп тұр. Ұзын тұра сөйлесе сөздерi анық шығады екен. – Баяғыда, баяғыда, – деп бастады ол бiр сөзiн, – əкем бiр ұрысқанда үйден кетiп қап, бiраз жоғалып, жүрiп-жүрiп қайтiп кеп едiм. Əкемнiң қайта ұрсатынын сезiп, оның тiл-жағын бiржола байлайын деп, ойлап тапқанымды айтсаңызшы. Өз сорыма ойлап тапқаным ғой. Əкем сонда тегiн айтпап едi. Бiлiп айтқан ғой. Бұрынғының адамдары көзi қарақты деген емес пе? Əкем мендей емес, басында саңлау бар едi. Сол кезде бiлген. Əкемнiң тiл-жағын
бiржола байлайын деп, ойлап тапқанымды-ай десеңшi. Енесiнен жаңа туған қозыны бауыздамай, терiсiн сыпырып алдым да «Мə, əке, басыңа бөрiк iстетiп ки» деп алдына тастай салдым ғой. Сонда сорлы қозы терiсi сыпырылғасын да бiрден жаны шықпай қып-қызыл қызыл шақа денесiмен аяғын əлтек-тəлтек басып, бiр жығылып, бiр тұрып кетiп бара жатты. Сонда əншейiнде қатты ұрсатын əкемнiң мойны бiржола қайырылып түсiп, «Қарағым, адам болмайды екенсiң» деп еңiреп, бетiн басып отыра кеттi. Ол əкемнiң аузына құдай салған сөз боп шықты. Мiне, сол сорлы қозының обалы менi өмiр бойы еңiретуде! Еңiретуде! Бұл сөздiң мағынасы ең алдымен басына жеткен Тұрдақын бiлем. Оның қызыл жүзi түйiлiп, шошығаннан ба, жиiркенiштен бе жаңағыдай Сəкүнмен бiрге ұзын тұраға сұрақтарды қара борандатпай, ендi одан бойын аулақ салып, тiптi осында өңкей жын соққандармен бiрге ай-шай жоқ ентелей кiрiп келгенiне өкiнгендей денесi тыжырына бастады. Тезiрек кеткiсi келген адамның қипақтауы бар. Мылтықты шал Жүсiпбек те терiсi сыдырылған, аяғын əлтек-тəлтек басқан, қызыл шақа қозының халi бiрте-бiрте көзiне айқын елестегендей қасындағы Тұрдақыннан таяныш iздеген кейiппен оған жалтақтай бердi. Тек Сəкүн ғана ештеме ұқпаған шамасы, ең алғашқы таңырқаған қалпы бiр мысқал да өзгермептi. Басқаның сана-сезiмiнен сел жүрiп өтсе бұған ылғал да тимеген. Бəз-баяғы ұзын тұраның түрiнен, жүрiсiнен шошыған, кiсiмсiген шырайы ғана бар. Бейтаныстың уiлдеуi созыла берiп едi. – Келiп-кетiп жүрген бiр құдайы қонаққа неменесiн соншама жау шапқандай дүрлiктiңдер? – дедi Лағыл. Аядай үйiнде осыншама айғай-ұрыс боп жатқан манадан бергiде бар айтқаны осы ғана. Құдайы қонақтың басында елден бөлек қалың сор барын, əншейiнде басынан теуiп өтсең де қыңқ демейтiн салпаң құлақ қызыл итке дейiн ойда жоқ жерде сойқан мiнез шығарып, осыны қабуы, аз-кем тəн жарақатынан азамат басының осыншалық қан жылауы сол сордың бүлк-бүлк қайнаған қара қазанынан шашыраған ыстық тамшылар екенiн Лағыл үнсiз күйiмен-ақ ұғып отырған сияқты. Сол сергектiк Тұрдақында да бар едi. Бұл таныстықтың соңын күткiсi келмей мынау түнде «Жаңалыққа» баратынын сылтау етiп, шығып кеттi. Қызыл ит бұған əуп деген де жоқ. Жүсiпбек те шығуға ойтайланып едi, оны Сəкүн ұстап қалды. Бiрақ бұлар да ұзын тұраның Лағылға қандай қатысы барын бiле
алмады. Қонуға үй iздеген, белгiлi мекен-тұрағы жоқ қаңғыған бiреу деген өз болжамдарын қанағат тұтып, ақыры бұлар да кеттi. Олардың бұл болжамдары бiр жайдан дұрыс та. Лағылдың үндемегенi өзi жай-күйiн жақсы бiлетiн Сəкүндi тағы бiр сынақтан өткiзген сыңайы едi. Одан берi бiраз жыл уақыт өттi. Ұзын тұра (аты Саймасай) ауылға келiп-кетiп жүрiп, ақыры осында орын тептi. Алғашқыда Лағылдың үйiнде тұрып, мұның бiр емшегi кемiс мама сиырының құрт, майын аузына тигенiнше қарпыды. Ақыры бұл үйдегi алты малта өзiне ас болмасын сездi ме, iшiп-жемi баршылық бiр кемпiр-шалдың үйiне ауысты. Бұл шал əлгi осы Саймасайды Сəкүнмен бiрге Лағылдың үйiне түнделетiп қуып барған екеудiң бiрi – Жүсiпбек едi. Баласы соғыста өлген бұлар Лағылдай емес, Саймасайға құдайы қонаққа деген кəде ғана жасамай оны отынсу шаруасына пайдалануға тырысты. Бiрақ Саймасай қолына не ұстаса да бəрi сусып тұратын iске жоқ, қас бейшараның өзi едi. Кемпiр-шал соны да мiсе тұтпақ. Орайы келсе түптiң түбiнде мұны бiржола қолдарында қалдырмақ та ойға бекiндi. Үй иесi Жүсiпбек қайраты қайт қанмен тiлi уытты, əрбiр сөзiнде зəр, əмiр бар сұңғыла жан. Ол Саймасайға əр қырынан қарады. Өктем даусымен шырқ үйiрiп те көрдi. Бiрақ Саймасайдың өзi ұстаған күрекке өзi сүрiнетiн оралымсыздығы, аяғына тiкенек кiрсе айналаны басына көтерiп, зар еңiрейтiн көңілi бостығы еш дауасыз, аяқ-қолын қырық құрау етiп бөлiп əкеткен, əбден асқынған дерттiң өзi екен. Сонда да Жүсiпбек шал бiразға дейiн шыдамдылық еттi. Саймасайдың колхоз жұмысында да тiрлiгi осы. Бригадирдiң қамшысы талай мəрте арқасын тiлдi. Арбаны сындыру, бүлiнген дүниелердi сол орнында қалдырып кете беру, жiберген жаққа бармай əлдебiр сылтаумен орта жолдан керi қайту, бара қалса да қолым, не аяғым деп, күнi бойы жас балаша ойбайлап жатып алу не шара қолдансаң да айықпас дағдылары едi. Өзi тұратын қос кəрiнiң де үйiнен кетiп тынды. Əмiрлi қарттың мазасыздығы мұны титықтатса керек. Ер азаматы жоқ тағы екi-үш үйде тұрып шықты. Саймасай осы берекесiздiгiне қарамай жұрттың сенiмiне ие болуды, басқалармен тең саналуды жаны қалайтын. Сол үшiн өзiне абырой əпермейтiн кейбiр оғаш iстерге де баратын. Ақыры жұрттың күлкiсiне қалатын. Мұндайда оған өзi терiсiн сыпырған, аяғын əлтек-тəлтек басқан жас қозының сүйек-саяғы елестейтiн.
Мұның сорлы тiрлiгiн қадам басқан сайын жарға соқтыртып, өз үкiмiне бағындырып тұрған сол сияқты көрiнетiн. Саймасайда өлермендiк те жеткiлiктi. Жұрт сенiмi үшiн қолындағы барлық ырзығын (егер ондай ырзық болса) төге салуға да əзiр. Кейде ол үшiн өзi асын iшiп, аяғын жалап отырған үйге сатқындық жасап та əрекет ететiн. Ешбiр опасыздық жұрт сенiмiн əпермейдi дейтiн қағида мұның басына қайдан қонсын. Бiрде қырман басына тамақ уақтылы жеткiзiле қоймай жұрт ашығыңқырайды. Қырман колхоз орталығынан аса алыс емес. Саймасай өз абыройы үшiн осыны пайдаланғысы келедi. Əншейiнде саусақ қимылдатуға жоқ неме бұл жолы жiгерлi шығып, арбасын жеге салып, өзi тұратын үйдiң ауыл сыртында, қызылша жиегiне арқандаулы бұзауын əкелмесi бар ма? «Мiнеки, сойып жеңдер»,– дейдi. Ашқарақ заман ғой, бұл ұсынысқа бiразының аңсары ауып, көзi сұқтанғанмен үлкендер жағы тоқтам салып, батылдары бармайды. Ақыр соңында Саймасайдың өзi күлкiге қалады. Бұзау иесi Саймасайды үйiнен қуып шығады. Осылай тағы бiрнеше үйдiң босағасын алмастырып, баяғы əмiрi қатты Жүсiпбек шалдың үйiне қайта оралады. Осы құралпылас қылықтарына қарап, Саймасайды ақылы ауысқан ауру жан деуге де келмейдi. Мойнына мiнiп алған, көзге көрiнбес бiр шайтан ғана екi аяғымен мұның төсiн қаққылап, санасын билеп, əр қабырғаға апарып, бiр соқтыратындай. Əмiрi қатты Жүсiпбек шал, көптi көрген көне, пəтершiсiнiң осы сиқын танып, өзiне көп дарытпай, сақтанып та жүрдi. Сосын да Саймасайдың иығына мiнген шайтаны мұны ол шалға қарсы беттете қоймайтын. Бұл кезде өрiстен қайтқан сиырын ауыл сыртында отырып күтетiн Лағылдың қасына Сəкүннiң келiп, екеуiнiң айдаладағы күн ұзаққа созылатын əңгiмесi ел аузына iлiнiп қалған. Саймасайдың жұрт сенiмiне ие болу үшiн осы шақта тапқан бiр амалы, екi кемпiр не деп сұхбаттасады соны ашып-айырып беру едi. Бiрақ Лағыл мен Сəкүннiң бiр-бiрiн iлiп-шалған, жұмбаққа ұқсас сөздерiндегi жасырын мағына мұның санасына қайдан жетсiн, сосын да оның бəрiн ерiккен қырқылжыңдардың тiл мен жаққа салған салмағы деп қана пайымдаған. Бұл пайымдауын өлермендiкпен қорғағанмен де ештеме шығара алмады. Саймасайдың сөйтiп, басын тау мен тасқа ұрған «iзденiсi» созыла бердi.
- * Бiрiккен жаңа колхозда екеуара бiр орынға таласушы екi бастықтың қайсысы қалады деген мəселе бұдан əрi созбұйдаланбады. Шиманов Талдықорғанға келiсiмен обкомның бiрiншi хатшысы Саудабаев екi үмiткердi де шақыртып алып, бiрнеше бюро мүшелерiнiң көзiнше орталығы «Шұбар» болып ұйыстырылатын жаңа колхоздың төрағалығына Хақназар Халықбергенов ұсынылады деп бiрден тақ еткiздi. Əр шаруашылықтағы көрнектi кадр атаулының қадiрiн iшiбауырымен түйсiнетiнi бар, ұзын бойлы, əскери киiм қона кететiн сыптай денелi, тек бетiнде шешек дағына ұқсас секпiлдерi көп, бұжыр бет Саудабаев мұны көзiн төмен салған Дəкеновке қарап айтты. (Ал «Қызылтудағы» Ауқынбай облыстық басшылық тарапынан үмiткер санатына да енгiзiлмептi). Колхоз уставында шаруашылық басшылығына кiмнiң тағайындалатындығы сол колхоздың жалпы жиналысында көпшiлiк дауыспен шешiледi делiнген. Бiрақ мына жағдайда əңгiме кiмнiң ұсынылатындығында болып тұр. Екi үмiткердiң де атақ-абыройы Алатаудай, көпшiлiк қайсысын да мақұлдайтыны белгiлi жай. Осының алдында Дəкеновпен оңаша тiлдескенде Саудабаев оған: – Əй, Əлеке, осы сауатсыз адам ғой. Тап осыны өкпелетпейақ қояйықшы. Ендi не қайраты болса да сонысын түгел сарқа игiлiгiмiзге жаратсақ қайтедi. Оған қарағанда сiзбен түсiнiсуiмiз жеңiл емес пе? – деген. Бұл Дəкеновтiң жеке өзiне арнап айтқан сөзi. Ал обком бюросының мүшелерi өздерi оңаша ақылдасқанда «Шұбарда» электр шамы да жанды, радио да сайрап тұр, ағыны қатты тау суы жоқ, сондықтан тоқ күшiмен жұмыс iстейтiн диiрмен де өзгеден бұрын салынды, шаруашылықтың өркендеуi де жақсы, құрылыс мəселесi тiптен қара үзiп кеттi, халқының жалпы көңiл-күйi де жоғары деп Хақназардың еңбегi ерекше аталды. Түп шешiмнiң қазығын осылай табысты. Дəкеновтiң көнген шырайы айдан анық, бiрақ көңілiнде жаман дық кеттi. Жай пендешiлiк қызғаныш емес, одан əлдеқайда уыты қатты бүйi сезiм. Саймасайдың иығына қонған шайтандай мұның еркiн билеп-төстеген пəлекет. Бiрақ Дəкеновке тиген үлес те айтарлықтай олқы емес. Табан аударды дегенi болмаса «Шұбардан» жұрт арбамен қатынайтын
аудан орталығы Қарабұлақтан ары оншақты шақырымда жерi басталатын «Көкорай» колхозына жiберiлдi. Бұл да үш колхоздың басын бiрiктiрiп, берекелi қолға тисе суармалы алқабы, шабындығы, жайлау, қыстауы мол iргелi шаруашылыққа айналғалы тұрған түс. Ол да Дəкеновтi жұбата алмады. Қайтсе де «Шұбардың» аты «Шұбар», атамекен қоныс қой. «Шұбардағы» көпшiлiк жиналысында өзiнiң дауысқа түсетiнiн естiгесiн Хақназар облыс орталығына өзiмен бiрге барған бас бухгалтерi Айтық екеуi осы қуанышқа орай қаладағы ұшыраса кеткен бiр асханадан қырлы стақанға толтыра ақ арақтан өңештерiне құя салды да, көңiлдерi тiптi шалқи мана таңертеңгiсiн өздерi келген полуторканың шанағына мiнiп қайта қайтты... «Москвичiне» бiр қосымша бөлшек табылмай гаражда қаңтарулы күйде қала берген. Тiптi тап қазiр бұл екеуiне есек арба берсе де алтын шашағы желбiреген оқалы күймеден бiр былай емес едi. Оның қасында полуторка жұмақтың көлiгi емес пе? Шанақта сəкi iспеттес, көлденең тақтай ештеме қойылмаған. Бұлар астық, қызылша тасығанда кəдеге асатын, қазiр бос илектенiп жатқан ескi брезенттi жайып, соған шоңқиған. Əр нəрсе бiр тиелген машина шанағында беттерiн шаң қапса да былқ ететiн емес. Хақназар басқа уақытта өз лауазым, мəртебесiне орай кабинаға отырар едi. Оны көңiлiне алатын Айтық емес қой. Бiрақ Хақаң қойнына сыймаған қуанышын жалғыз өзi игере алмасын сезiп, əдейi Айтықтың қасына жайғасты. – Əлекең шынында артығырақ кеттi, – дедi Хақназар. – Осы мəселенi облысқа жеткiзбей-ақ өзiмiз-ақ шешсек жараспас па едi? «Сонда қалай шешпек едiң?» деген сұраулы жүзбен қарады Айтық. – Сол-ақ бастық болып, мен орынбасарлығында қалсам да келiсер едiм ғой. Бiрақ Əлекең алғашқы бетте-ақ мiнез көрсетiп, iстi ушықтырып алды. Айтық екi езуi құлағына жете жымия күлдi. Бұл күлкiсiн Хақназар түптеп таныды. Бұлай күлу Айтықтың мiнезiнде жоқ. Рас, Айтықтың көкiрегiнде де шаттық мол. Егер Дəкеновтiң мерейi асса осы жылы орнында отыра берер ме едi, əлдеқайтер едi? Мықтағанда оның сайтандай сұлу Нұрбикесiнiң қолжаулығына айналар ма едi, кiм бiлсiн. Ендi ол қауiптiң бəрi тұмандай сейiлдi. Ал мына жымия күлуi сол қуанышының жүзiне шапқан белгiсi емес, бұл Хақназардың сөзiне күлiп отыр. Үш ай бойы
алашапқын болып əрекет еткен екi адамның бiрi ендi бұлай дейдi. Айтық езуiн тез күшпен жиып алды. Хақназардың өзiне тiлек айтып отырғанын түсiндi. «Болар iс болды, жарасымдысы да, жарасымсызы да бар, тек оны ендiгi жерде дамыта бермей, қайта өшiрген дұрыс, ұмыттырған дұрыс». Қалайда өзiне ұстаз есептi Дəкеновпен арақатынасының мүмкiндiгiнше шаң-тозаңсыз болуын жаны қалайды. * Ертеңiне «Шұбардың» қақ ортасы, клуб маңы нағыз мерекеге айналды. Күнi бұрын хабарланған, қызыл-жасылды киiнген жұрт жаяуы жаяу, аттысы атты «Жаңалықтан» да, «Қызылтудан» да берi ағылды. Той асынан құр қалғысы келмегендей барын киiп, бақанын сүйреткен кəрi-құртаңдар да жүздерiне шуақ жүгiре жайраңдасып, бүгiнгi оқиғаның салтанатына асығыпты. «Шұбардың» өз адамдары да азшылық емес. Некен-саяқ балалар да кездеседi. Қарға адым жерде тұрғанмен қарға тамырлы қазақ бiрiн-бiрi күнде көре бермейдi. Клуб маңында ошарылған жұрт көбiне туыс-туыстары, жамағайындарын жолықтырып, жайкүй сұрасып, дабыр-дұбыр сөз ашық аспанды осы таңертеңгiлiк шақтың өзiн дүбiрлетiп, қан базарға айналдырып жiбергендей. Құлағы саңырау бiрен-саран шалдарға айғайлай сөйлегендердiң даусы өзiнше бiр бөлек. Кеңiрдегiн кергендер өз сөзiн ести қоймағаны үшiн налып жат қан жоқ, мереке буы бəрiн асқақтата көтерiп, не қозғалыс, не сөз – баршасы да жарасымды, сыйымды, өз орын, өз жөнiмен жасалып, айтылып жатқандай. Оннан-мұннан жылт етiп, Хақназардың елгезек орынбасары Хакiм, бас агроном Курт Цихлер көрiнiп кетедi. Əр топқа бiр жақындап, бажайлай қарап, iздегенiн таба алмағасын ары кетедi. Кiмдi iздеп жүр, ешкiм бiлмейдi, сұрап жатқан да олар емес. Бүгiн ерекше сəндi киiнген бас бухгалтер Айтық та жұрт дүрмегiн екiүш рет қақ жарып өттi. Езуiнде күлкi, кейбiр ақсақал адамдарға iзет бiлдiрiп, иек қаққаны демесең ешкiммен шұрқырасып, дидарласқан да, амандасқан да жоқ. Көк матадан тiгiлген су жаңа кителi мен галифе шалбары, мұқият шөткеленген қарағайдай етiк бұл адамды мынау олпы-солпысы көп ел ортасында ерекше сымбатты етiп, еңсесiн де жоғары көтерiп тастапты. Бойы аласа болғанмен жұртқа биiктен қарайды. Тəкаппарлық ретiн тауып қонса адамға қосымша өң де бередi. Жүзiнде сəл күлкi табы бар, нұры тасқан Айтық сол тəкаппарлықтың алтын шуағын төбесiне
қондырып алғандай. Екi қолын белiне айқастырып, қарағайдай етiк киген аяғымен кавказдық бишiлерге ұқсап, жүрiсi тым кербез. Клуб ауласына сыртын берiп тұрған кiшкене кеңседен бригадирлер – Жазылбай мен Абыл да шыққан. Бiрақ олар жұрт дүрмегiн ары-берi кескiлеген жоқ. Шыққан бетте ең таяу тұрған қариялар тобына жақындап, солардың əңгiмесiне араласып кеттi. Мұнда «Жаңалықтан» келген Алтын Жұлдызды шал Айтан да бар едi. Ол əрқашанғы салмақты жүзiмен Жазылбайға қарап, бiр жайды манадан басталған желiсiнен аудармай жалғастыра бердi. Ара-тұра сөз бөлетiн Жазылбай ғана. Басқалар үндемей тыңдасты. Сəл тұрыстан соң Абыл бұларды тастап, «Қызылтудан» келген бiр топқа қосылды. Олар да Абылды жатсынған жоқ, қайта əңгiмелерiн осының қабағын баға дамытқанға ұқсайды. Хакiм мен Курт Цихлер сияқты əр топқа бiр барлау жасап, түртiнектеп жүрген тағы бiр адам бар. Ол – Саймасай. Бiрақ таза киiнген олардың қимылын қайталаған Саймасайдың өрiмөрiм күпəйкесi мен шалбары, алқа-салқа омырауы мұның бейшаралығын көлденең көзге одан əрмен далита түседi. Колхоздың көпшiлiк жиналысын облыстан Шиманов ашуға тиiстi едi. Əрi онымен бiрге аупартком хатшыларының да бiрi келмекшi. Мынау толқыған шоғыры мол жұртшылықтың соларды күткендегiсi едi. Клуб маңында əр тұста, əсiресе, көшенi жиектей қазылған арық бойында бастарын төмен салбырата мүлгiген үйеңкi, қарағаштар бар. Қазiр күз айларында «Жаңалық» пен «Шұбардың» қызылшасы мен шөбiн, астығын тасыған көлiк атаулы осы жолмен өтетiндiктен жауын-шашынның да жоқтығынан, шаң қапқан ағаштар ауыр ыстықта ұзақ сапардан жаңа орал ған жолаушыларға ұқсап, ұйлығысып тұр. Желсiз, тымық таңертеңгiлiкте ол ағаштарды жатсынбайтын бозша торғай ғана. Қанат-құйрығына, тұмсығы мен аяғына шаң жұқтырып аларын ойламайды, сол ағаштардың басына не iлiнсе өздерi де солардан жаратылғанын сезетiндей-ақ шықылықтасып, өзара тiл табысып, сайрап бергенде құлағыңның құрышы қанар едi. Ал қазiр мұнда дабырласқан адам дауыстары басым тұрғанда олардың үнi естiлмейдi. Адам екпiнiне табиғаттың тау-тасы да, өзен суы да ығысып жол беретiнiне мұның өзi де бiр мысалдай. «Қызылту» мен «Жаңалықтың» бүкiл белсендiлерi де осында. Қазiр олар көпшiлiкке аса жүз көрсеткiсi келмей ме, жоқ,
Хақназардың ырқына бағынғаны ма, барлық тобырымен бiрiккен үш колхоз бастығының кабинетiнде соның əңгiмесiн тыңдап отыр. Тек келуге тиiстi негiзгi екi адам жоқ. Олар «Қызылтудан» Ауқынбай да, «Жаңалықтан» аты əйгiлi сұлу əйел, бас бухгалтер Нұрбике. Өздерiнше қыр көрсетiп жатқаны мұндағы бес жастағы балаға дейiн аян. Ал сондағы жететiнi не, кiмдi мұқатпақ, қалай мұқатпақ, жер, суды тастап көшiп кетемiн демесе бұл қырыс мiнез қай ұшпаққа шығармақ, көпшiлiктiң ойша дал болып, шеше алмай тұрған жұмбағы осы ғана. Əркiм өз тобындағы гу-гуге қанша берiлгенмен жол жаққа да көз сап қояды. Жаңадан кiмдер кеп жатыр, əлi кiм жоқ, бəрiн санаққа, есепке алады. Осы таңертеңгiлiк таза ауада аспанға ту боп көтерiлiп тұрған Əлiпбай Дəкеновтiң есiмi. «Əлекең, Əлекең» деген сөздер əр топтан-ақ жетiп тұр. Ал Хақназарды ауызға алған ешқайсысы жоқ. Ол қасымыздағы адам ғой, ендi қайда кетер дейсiң деп, сол кетер адамның ғана есiмi мен атақ-абыройын, кiсiлiгiн айыз қандыра бiр айтып қалайық деген уəдесулерi сияқты. Ұшқыннан от туып, жалын боп, лаулап бара жатқандай. Дəкеновтiң өзi ғана емес, ол баратын «Көкорай» колхозының ел-жұрты, жайлауқыстауы хақында да əркiм өз бiлгенiн ортаға салысуда. Мұның көбi кейбiреулер бастан кешкен қызық жайларға байланыстырыла баяндалады. Шимановтар келе қоймады. Уақыт əлдеқашан ай-жай болған. Шөбi сарғайып, ағаштары қуқыл тартқан күздiң күнi бүгiн қатты қызатын түрi бар. Көкпеңбек аспан да албырап, қат-қат қойнаулары тұнжырап, бетiне нұр жаққандай көрiнедi. Кенет жұрттың көңiлi мен көзiн манадан алаңдатқан көлденең көшеден көк «Москвич» зу етiп өте шықты. Адамдар, бала-шаға көп болуы, мүмкiн, ауыл ортасындағы шектеулi жылдамдық мөлшерi де ескерiлмептi. Айдаладағы айдау жолда келе жатқандай-ақ алды-артына қарамай аңыратып өте шықты. Осында қанша жан тұр, бəрiнiң қыл өзегiндегi тарамыс жiптi бiреу жалғыз қолмен-ақ тартып қалғандай баршасы жол жаққа жалт қарасты. Көк «Москвичтi» көбiсi көрiп қалды. Көпке тас лақтырды деуге де келiңкiрейтiндей адамның қылығы емес, сол адамды өз араларынан ығыстырып шығар ған астамшылығының ащы дəмi iшi-бауырды тегiс жайлағандағыдай тым-тырыс ауыр үнсiздiк естен айырды. Буын-буында жүгiрген қанда да бөгесiн бардай.
Бұл – Əлiпбай Дəкеновтiң туып-өскен ел ортасынан бiржола кетiп бара жатуы едi. Оны солай деп бұларға айтқан ешкiм жоқ. Бiрақ оның солай екенiн бəрi де салған жерде түсiндi. Шаруашылық басшылары, жалпы белсендiлер, əсiресе араларындағы бiренсаран арнайы бiлiмi барлары жоғары орындардың ұйғарымымен ол кезде аса жиi болмаса да анда-мұнда ауыса берушi едi. Бiрақ ол басқа да, бұл басқа. Талайдан берi тарамыс қолмен жармасқан түбiрi жұлынып түскесiн Дəкенов ендi жəй кетпей қайта кiрмес есiгiн қатты серпе кеткенi бəрiне айқын едi. Сыр мiнез адамның астарлы қылығы үйреншiктi жұртқа бүркемелеусiз ашық көрiнедi ғой. Бұл жолы да солай. «Шұбардың» үстiмен əрдайым өтiп бара жатып, бес-алты көршiнiң жай ұсақ-түйек шаруа қамы, не қысыр əңгiме үшiн бас қосқаны емес, одан гөрi молырақ адам шоғырын көрсе, əсiресе, араларында өзi сыйлайтын ақсақалдар болса Дəкенов ат басын iрiкпей кете алмайтын. Ендi қайтсiн. Шұбарлықтар да бұл үшiн əлдеқайдан көшiп келгендер емес, өзiнiң ел-жұрты. Тек жас өсiп, жарлы байып дегендей, шаруашылық қанаты кеңiгесiн пайда болған «Жаңалық» колхозына барғанымен де iрге тиiстiрiп тұрған өз «Шұбарынан» аулақ кеттiм демейтiн. Қайта оның да өсiп-өркендеуiнен, қан тамырының соғысынан хабардар болып, ол жақтан тың тыңдап жүретiнiн өмiрдегi бiр қызық, рахатына балайтын. Сосын да мейрамға жиналғандай мынадай мол көпшiлiктiң тұсынан сес көрсете зу етiп өте шығу Əлекеңнiң мiнезiне жат нəрсе. Ал жаңағысы өмiрдiң ойда жоқ, кезектi бiр бұрылысында iлiктестiрiп алған бөлек пошым, пиғылы. Дəкенов өткен соң көп кешiкпей Шимановтар да келдi. Сүңгуiр қайықтай болып, сып етiп жеткен су жаңа машиналар мұндағы салтанат көркiне бөлек серпiн, қосымша көрiк бергендей. Осы сəтте кеңседен шыға келген Хақназарлар, басқа да белсендiлер Шимановтармен қол алысып амандасып жатты. Өзге көпшiлiк алқа-қотан болып, клуб iшiне лап қойды. Шашы селдiреңкi басын сипалай беретiн Шиманов жиналысты ұзақ сөйлеп ашты. Қасында мұның сөзiн де мұқият тыңдап, əрi залдағы жұртты да бiртiндеп жiтi бақылап отырған Хақназардың қабағына қарап, ойын жалғастыратын сияқты. Колхоз iрiлендiру – Сталин жолдас басқарған Компартия мен Кеңес үкiметi саясатының жаңа кезеңде одан əрi жүзеге асырылуы. Мiне, осы мəселенi көптен-ақ көп ежiктедi. Дауыс беруге келгенде үн-түнсiз барлық қол тегiс көтерiлдi.
Шиманов: – Бiр ауыздан! – деп, қасындағы Хақназарды құттықтауға бұрылды. Колхоз ережесiне сай тiзгiндi заңды түрде қолына алғасын Хақназар сол жерде-ақ Шимановтың, əрi аудандық хатшының көз алдында iске кiрiсiп кеттi. Кадр мəселесiн де бұл жиналысқа дейiн мықтап шешiп келiптi. Соларды да көпшiлiк даусымен бекiттiрiп алды. Орынбасар Хакiм, бас агроном Курт Цихлер сол орындарында қала бермек, ал бiрiккен бұрынғы үш колхоздың əрқайсысы бiр-бiр бригадаға айналмақ. «Шұбарға», яғни бiрiншi бригадаға бригадир болып Жазылбай, «Қызылтуға», яғни екiншi бригадаға Абыл, ал «Жаңалыққа», яғни үшiншi бригадаға Хақназардың көзiне əрi жас, əрi жiгерлi көрiнген сондағы бұрынғы екi бригадирдiң бiрi Табылды тағайындалды. Бас бухгалтер Айтық пен мал фермасының меңгерушiсi, Отан соғысының мүгедегi (бiр аяғына протез киген) Киiзбай да сол орындарында қалды. Басқа да iрiлi-ұсақты «мансаптар» бiраз адамдарға телiнiп, бұрынғы көрнектi белсендiлерден əзiрге аты аталмағандар «Қызылтудағы» Ауқынбай, «Жаңалықтағы» Нұрбике, əрi Дəкеновтiң сондағы оң қолы есептi – бұрынғы ферма меңгерушiсi Тұрдақын ғана. Залда жоқ алғашқы екеуге жеңiл, ал түйенiң жарты етiндей дөңкиген Тұрдақынның семiз қызыл жүзiн жұрттың назары одан сайын өртеп жiбергендей бетiнiң ұшы балбырап, қалың қабағының астынан төңкерiле қараған қос жанар ендi-ендi ағып түсетiнге ұқсады. Атқамiнерлiкке бiраз жылдан етi үйренген Тұрдақын одан айырылуға қашан, қалай көндiгерiн шамалай алмайды. Жиналыс соңында Хақназар бiр жарым сағат сөз сөйледi. Саясатқа аса жетiк емес, бiрақ оның мəн-мағынасын кең сарай көкiрегiмен жақсы тұспалдайтын ол əр тұжырымын сол саясат маңына қарай бұрғылап, шаруашылық қамын да содан туындатып жатты. Шұбарлықтар үшiн үйреншiктi ғой, ал қалған екi елдi мекеннен келгендер өздерiнiң жаңа бастығын ендi ғана танығандай оның иiрiм-қойнауы, соқпағы мен соқтықпасы мол, тiптi жұлым-жұлым шет-пұшпағы да селт еткiзетiн сөздерiн көздерi ежiрейiп, əрi қалт жiбермей берiле тыңдады. Шимановтар да солай. * Күздiң ашық жауынсыз күндерi тез-ақ таусылғандай Октябрь мерекесi өтiсiмен-ақ борандатып суық соқты. Қары да, жаңбыры да
аралас мазасыз жел ауыл-ауылдың, астығы орылып, қызылшасы қазылып бiткен алқап-алқаптың үстiнде ойнақтап бақты. Қалың киiнген, брезент плащпен тұмша ланған ер-азаматтарға болмаса кей күндерi əйелдер мен бала-шаға ларға, кəрi-құртаңға қарға адым жерге шығу мұң болды. Алғашқы қарқынында-ақ қатты қысқан суық жан алқымға алып, осының аз-ақ алдында өткен жайма-шуақ күндердiң рахатын ұмыттырып та жiбергендей. Жұрт атам заманнан күннiң көзiн көрмегендей. Мұздай жаңбыр тамшылары беттен, тiптi қалың киiмнiң сыртынан ұрғанда-ақ өне бойыңа түгел жетiп, сүйегiңдi қалтырататын. Бұл қатыбастығынан айнитын да түрi жоқ. Күндiз де, түнде де талмай екiлендi. Əсiресе, түнге қарай төпелете жауады да таң алдында аппақ қар ұшқындары борап тұрады. Түске қарай қайта жауындатып, ағарған жерлер қап-қара балшыққа айналады. «Шұбардың» күтiм көрген, тас төгiлген орталық көшелерi демесең, басқасы тегiс, əсiресе, «Жаңалық» пен «Қызылтудың» бел ортасы аттың жiлiншiгi сынардай болып сойылып жатты. Бұл табиғат құбылысы ғой. Ал үш колхоздың бiрiгуiнен туған жаңа шаруашылықтың iшкi өмiрi де сол табиғат құбылысынан бiр былай емес едi. Бүкiл колхоздың бес басалқасын өзiнiң тас түйiн жұдырығы етiп алған Хақназар өзiндегi күш-қайратты қоса жұмсап, баршаға бет қаратпайтын аяздай тидi. Осы күндерi облыстан, ауданнан мамандар келуi жиiледi. Олар жаңа жағдайға орай келесi жылы егiлетiн əртүрлi дақылдарды қалай орналастыру, əрi жалпы мүмкiндiк қанша, жоспар мəселесi қалай болмақ, жер-су, қол күшi, техника, ат-көлiк, тұқым мөлшерiн қатаң есепке алу сияқты жұмыстармен айналысты. Бұл тексерiс ең алдымен Хақназардың көңiлiне жақты. Бұл науқанды ол өзiнiң қара дауылдай мiнезiмен одан əрi дуылдата жүргiзуге ықпал еттi. Əнеукүнi Хақназарды бастық сайларда көпшiлiк жиналысын тəрiк еткен Нұрбике мен Ауқынбайдың қылығы тамаққа өкпелеген жас баланың бұртиғанындай ғана екен. Алғаш жолыққанда-ақ Хақназар олардың қаққанда қанын, соққанда сөлiн алды. «Мансап» тиген, тиме генiне қарамастан осы тексерiске, əрi келесi жылғы егiлетiн дақылдарды орналастыруға үш колхоздың бұрынғы барлық белсендiлерiнiң қатысуын талап еттi. Қазiр өздерi тұратын ауылдар мен «Шұбардың» екi ортасында Ауқынбай мен Нұрбикеден жүрдек адам жоқ. Қабағын керiп, сыпайы сөйлейтiн Дəкеновтiң зиялылығына үйренген
Нұрбике, əсiресе, Хақназардың дөйт мiнезi қасында көкiрек сүйегi бытырлап сынғандай жаны мұрнының ұшына келдi. Жаңа жағдайға да дереу икемделмек райы бар. Кетер адам кеттi, ендiгi пайғамбар сенсiң дей ме, түздегi, үйдегi ібіліске қарамай, Хақназарға келерде бұрыннан да кiршiк жуытпайтын қасы-қабағын одан əрмен күйттейтiндi шығарды. Адамның сырты түгiл, iшiне ұңғитын Хақназардың сергек көздерi мұны байқамасын ба? Нұрбикеге одан сайын жиiркене қарады. Тау тұлғалы Дəкеновке аппақ өңiмен қап-қара кiр жап сырған осы-ау деген сезiкке басы байланды. «Иə, иə, солай» деп, оған өзiнөзiн күштеп сендiруге бет алды. Сөйтсем, əнеукүнi ғана дүркiреп өткен тақталасы кезiндегi өзiнiң кейбiр қылықтарынан туған жан жарасын жеңiлдетермiн деген үмiтi де көкiрек қуысында бiлтелi шамдай жанды. Нұрбике Хақназар алдында қанша жылтырағанмен басына жеңiлдiк келген жоқ. Хақназар осы тексерiс, қорытындылауға белшесiнен батқан Айтықтан да Нұрбикеге ымырасыздықты талап еттi. Нұрбике талайды естен тандырған өз көркiнiң мына ортада «дүнием» болмасын сезiп, iшiн ит жыртқандай есеңгi редi. Екi қабағының ортасын қылдай сызықтар кескiледi. Ал Ауқынбай жаңа бастықтың «алып кел, шауып келiндегi» атқаруына айналды. «Қызылтудан» бiреу керек болса басқа емес, осы Ауқынбайдың өзiн жұмсайтын. Мұның сөзiн екi етуге жоқ арсы-гүрсi Ауқынбайдың шот маңдайына қарап, Хақназар бiрде оған «сен мықтағанда осы шабармандыққа лайықсың ғой» деп салды. Iшiне-ақ бүгетiн ойы едi, байқамай тiсiнен шығарып алды. Ауқынбай қалжың көтеретiн адамның реңкiмен мырс күлгенсiдi. Хақназар есеп-қисап төңiрегi ғана емес, басқа да шаруаларды қоса қабат өрбiттi. Кейде ет қызуымен жаңсақтыққа да ұрынатыны бар. Сондайының бiрi – бұл əлгi қарбыз ұрлағаны үшiн Ауқынбайға айдап апаратын қызылтулық ингуш жiгiтi Зайпулланы аудандық милициясыз өз бұйрығымен қаматып қойды. Бұл ендi колхоз базынан жоңышқа ұрлау үстiнде қолға түскен едi. Бұл – таңертеңгiлiк оқиға. Сол күнi де дала суық едi, тек сəскеге таман жел де, жаңбыр да басылды. Ал, кəне, қасында Абыл бар Хақназар «Қызылтудың» қақ ортасында тағы бiр айғай-ұранды бастасын. Бастағанда бұл ауласы ыбырсыған көп үйлердiң iшiндегi бас иесi аман-сау, басқа да қол күшi баршылық бiреуiн анықтап, жауға бiр бүйiрден тиген батырдай екпiнмен тап бердi. Хақназардың даусы жеткен жердегiлердiң бəрi əп-сəтте жиналды. Тура əлгi осыдан
бiр айдай бұрын Зайпулланы алғаш айдап əкелгендегi көрiнiс қайталанғанға ұқсады. Бақса, бұл жолғы мəселе одан əлдеқайда зордың өзi екен. Себебi, Хақназар қолға iлiккен жiгiт-желеңдi жұмсап, шет-пұшпақтағыларды да шақыртты. Хақназар көздi шұқып көрсеткен аталмыш үйдiң ауласындағы қоқыр-соқырды тамашалауға бүкiл «Қызылту» аяғынан тiк көтерiлiп келдi. Мұндай сұмдықты бұрын кешпеген үй иесi ми батпақты кешiп, қан базарға жиналғандай өз ауылдастары алдында өлмегенi қара жер болды. Хақназардың добалдай сөздерi басқалардың да миына тақтұқ тиiп жатты. Колхоз төрағасы нысанаға алған үй ғана емес, оның көршiлерiнiң де қора-жай ұстауында ашық-шашығы, олпысолпысы көп екен. Баршасы оны Хақназардың соңынан шұбырып жүрiп көрдi. Осы шерудiң ең бiр қызған шағында бас тықтың дəл құлағының түбiне келiп, бiреу: – Хақа! – дедi. Бұл жалт қарады. Осы колхоздағы бұрынғы екi бригадирдiң бiрi Сүгiрбек екен. Бойы тапалтақ егде адам, маңызды хабар жеткiзгелi тұрғандай жүзiнде батылдық бар. Бұдан бiрер ай бұрын қызылша жону кезiнде бүгiн таңертеңнен берi қамауда жатқан Зайпулланың ат үстiнен аударып алып, үлкен сапы пышақты кеңiрдегiне тақап, жанын көзiне көрсеткен Сүгiрбегi осы. Ол оқиғаның куəгерлерi – əйелдер кейiн мұны келемеж де қылған: – Əй, Сүке, сол ингуш жiгiтi пышақты кеңiрдегiңiзге тақағанда не ойладыңыз? – дескен. Сүгiрбек: – Ой, нағылет, бəрiнен де бұрын адамның жүйкесiне тиедi екен, – деп жауап берген. Бұдан əйелдер одан жаман қыран күлкiге батып едi. Сол Сүгiрбек – осы. Хақназар: – Не айтпақсың? – дегенде Сүгiрбек бiрден аузына сөз түспей мүдiрiп барып тiлге келдi: – Мiне, түс əлетi болды. Ана таналар не өрiске шығарылмапты, не шөпке қойылмапты. – Кiм бағушы едi? – деп, бастықтың қасындағы, екiншi бригадаға айналған осы «Қызылтудағы» жаңа бригадир Абыл тақ ете түстi. Сүгiрбек осындағы бiр шешендi атады. Хақназар бұған бiр, Абылға бiр қарағанша Сүгiрбек тағы бiр сұмдықты суырып үлгердi. – Солардың тым-тырыс жатуы бiртүрлi. Басқалары да жұмысқа шықпаған сияқты. Ана бiр екi шешен базда iстеушi едi,
есiк-терезелерiн бекiтiп алып, үйлерiнде отыр. Ауласына шыққан қариясынан былай ескi таныс қой, жөн сұраған болып, сыр тартып едiм, аузына құм құйылғандай үндемейдi, тiптi, амандығыма да оң ишараты жоқ. Сүгiрбек осындағы көрнектi бригадир делiнгенмен колхоз бiрiгу үстiнде басқа кейбiреулермен бiрге бұл да ескерусiз қалдырылған. Мына жеткiзiп тұрған хабары өзiнiң iшкi адамгершiлiк толқынының əсерi едi. Сүгiрбектi жақсы танитын Хақназар мұны табанда бағалады. Абылдың да түсi өзгерiп кеттi: – Есепшi Ұлықбек қайда? – Бiр қайран қалатыным, сол Ұлықбегiң көрiнбейдi. – Оған бiрдеме болған ендеше, – дедi. Мұны айтқанда Абылдың қалың еттi ерiндерiнiң астына бiрдеме кiрiп кеткендей одан сайын дүрдиiп, селдiр мұрты қозғалысқа келген. Əрi аяғын да ызғар шалғанға ұқсайды. Бригададағы жағдайдан келмей жатып жырақ қалғаны сүйегiне таңба ғой. Бүгiнгiсi кешi рiмдi деуге лайық болса да солай. Қырына алған күнде Хақаң мұны ұмытпайды. Бүгiнгiсi кешiрiмдi делiнетiнi қазiр колхоздың iрiлен дiрiлуiне байланысты ауданнан, облыстан келген мамандар шаруашылық басшыларының қолын байлауда едi. Əсiресе, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жiберген жетi адамнан құралған жерге орналастыру тобы ертелi-кеш, кейде күнi бойы Хақназарды ғана емес, бригадирлер Жазылбай мен Абылды, «Жаңалықтағы» бригадир Табылдыны қастарында тапжылтпай ұстайтын. Олар колхоз жерiнiң жаңа шекараларын сызып, əрi ауыспалы егiстiң ережелерiне, əр дақыл жөнiндегi жаңа жоспардың мөлшерiне сəйкес қай танапқа не егiлдi, мiне, соны анықтауда жергiлiктi адамдардың көмегiн минут сайын қажетсiнуде едi. Абыл да кеше күнi бойы, бүгiн таңертеңгiсiн де солармен бiрге болып, осылай қарай Хақназармен бiрге босап шыққан. Колхоз бастығының манадан бергi осы бригададағы айғай-шуының ортасында жүрiп, бар болғаны оның атқосшысына ұқсап едi. Кеңiрдектен алып тұрған пəлендей науқандық жұмыс жоқ, лайсаң күз күндерiндегi асығыссыз жұмыстарға есепшi Ұлықбектiң өзiақ бас-көз болушы едi. Бүгiн де солай деп ойлаған. Хақаңның басынан неше түрлi шешiмдер мен топшылаулар жүйткiп өтiп жатты. – Кеттiк жаңағы екi шешенiңе! – деп сəл бөгелiстен соң бұйрық еттi. Абылға қайтып қарағыштаған жоқ. Болған жағдайдың түп
тереңiне өз басының сүңгiп жетпек ойы бар. Ақпар-мақпар, лақап сөздiң жөнi бiр бөлек. Бұл маңға сонау соғыс жылдары үкiмет шешiмiмен қоныс аударып келген шешен-ингуштар екi көшенiң бойына ұйлығыса орналасқан едi. Ал «Шұбарда» олардан екiүш-ақ отбасы бар. Жалғыз-жарым тұрғасын ба қарға тамырлы қазақтың көп туысының бiрiндей əлдеқашан-ақ қойындасып кеткен. Не жұмысты да ыждаһатпен орындайтын ұқыптылығы өз алдына. Сосын да Хақназар олардың арғы табиғатына үңiлiп қайтсiн. Жалпы, осы «Шұбарда» жəне «Қызылтуда», яғни жаңа бөлiнiс бойынша бiрiншi жəне екiншi бригадада орыстар мен немiстер көп қоныстанған. Қазақтар жалпы халық санының үштен бiрiндей ғана. Ал шешен-ингуштар, неге екенi белгiсiз, тек екiншi бригада орталығында ғана шоғырланған. «Жаңалық» атауы бар үшiншi бригада ғана бəрiнен жырақтау болғасын ба, таза қазақы ауыл санатында. Ал қазiр жол-жөнекей батпақты көшемен Хақназарға əрең iлескен Сүгiрбек шешен-ингуштер хақында неше түрлi пəленi суыртпақтатты. – Ойбай, бұлар – сұмдық! Бiреуiне сəл-пəл тiсiң батты ма, бүкiл көше боп бұрқ көтерiледi. Ал мынадай тым-тырыс жатып алуы қайта оңайына басқаны. Мен бұлардай ұйымшыл халықты көрсем көзiм шықсын. Ал сөйте тұра бұлардың өзара қырықпышақтасқанын көрсең ғой, жаннан тағы түңiлесiң. Бұлар топ-тобымен пышақтарын жалаңдатып, бiр-бiрiне лап қойғанда бар ғой, араларынан тiрi тышқанның өтуi қиын. Кейiн солардың кiнəлiсiн тауып, милицияға берiп көршi, бұлардан өткен бауырмал халық тағы жоқ. Жаңағы милицияға тапсырғаныңды оның досы бар, қасы бар, қарсы пышақ жұмсағаны бар – бəрi болып, ақшаларын төгiп, жандарын салып жүрiп босатып алмай тағы тоқтамайды. – Сонда немене қызыл жағалы милиция осылардың жандарын салғанына мүттəйiм бола қала ма? – Ойбай, Хақа, мүттəйiм болар болмас, осылардан пара алды дегенiн де естiген емеспiн. Бiрақ олар да адам баласы ғой. Кiнəсi бар, кiнəсiзi бар, бəрi құмырсқадай құжынап, бəрiн мойындарына алып кеп тұрғасын аш пəледен қаш пəле деп, олар да былай көңiлшектiк жасайтын шығар, кiм бiлсiн. Бiр адамның сөзiн сонша адам кеп сөйлеп тұрғасын қайсымыздың iштегi тоңымыз жiбiмейдi. Əйтеуiр араларындағы небiр қаныпезерлерiн тайлытаяғымен барып босатып алғанын көзiмiзбен көрiп жүрмiз ғой.
Кеше өзiме қарсы пышақ жұмсаған ит осы едi деген сөз бұлардың ауыздарынан өлсе шықпайды. Кейде бiр көңiлдерi шалқыған кезде «мұсылманбыз, мұсылманбыз» дейдi, осылардың шариғаты бөлек пе деймiн. Жаңа ғана ауыл үйдi бұлармен бiрге шұбырып жүрiп көрген жұрт қалың киiмдей сыпырылып түсiп, артта қалды. Хақназардың қасына iлескендер Абыл мен Сүгiрбектен басқа осы «Қызылтуда» кеңсе маңында түрлi қағаз жұмысында жүрiп қалған екi-үш бозбала жiгiт қана. Жер-дүниенi көшiре айғай-ұранмен келген жаңа бастыққа қайтсек көрiнемiз деген талап, үмiт көкейлерiн тескен бұлар да бiр замана бұралқылары едi. Шешен-ингуштармен бетпебет шайқасқа баруға өздерi қатты жүрексiнедi. Тек Хақназарды қалқа тұта көзге түсудiң қамында келедi. Хақназар оларға түстеп қарамады да. Бар ынта-зейiнi Сүгiрбекте. Сүгiрбек өзi еңкiштеу, əрi жүрiсi өнiмсiз екен. Хақназар да соның ыңғайына бейiмделе бастады. Хақназар да көктен түскен жоқ. Осы бiр кавказдық халықтың икемге келе бермес шорт мiнездерiнен бұл да хабардар. Айтқан сөзге де əрқайсысы əртүрлi қарайды. Еңбек етуге де солай. Талдықорған мен Қарабұлақтың қан базарының ортасында артынып-тартынып осылар жүредi. Аяқтарына қонышы тiзеден келетiн қарағайдай етiк, бастарына əдемi елтiрiден сол кавказдық үлгiмен тiгiлген папаха киген, басқа киiмдерi де су жаңа еркектерi басқаларға жарты əлемнiң жаратушысындай қарайды. Ал жанасып, тiл қатыссаң айтқан сөздерi бастарына лайық еместей. Бұлардың қасында киiмдерi жүдеу, кеудесiне емшектегi баласын таңып, əлем-жəлем түйiншектерiн қоса арқалап жүретiн əйелдерiне бұл қызмет əлдеқайда жарасатындай. Олар да ығыжығы халық ортасында бiресе оннан, бiресе мұннан шығып, əркiмге əрқилы дүниелiктi, көздiң жауын алатын, қазiрде барша үшiн соншама қат бұйымдарды ұсынып-ақ жатады. Ол жылдары ауыл қазақтары жұтынып-ақ iздейтiн қорғасын шай, ши барқыттан тiгiлген бұйымдар – бəрi осылардың қолынан табылады. Еркектерiнен əйелдерiнiң өлермендiгi басым. Ұрлық-қарлық та көбiне осылардан шығады. Бүгiн қамауда жатқан балаң жiгiт Зайпулла тамырын əрiден алатын сондай үрдiстiң құрбаны. Хақназардың санасын əрқилы ойлар одан əрi кескiлей бердi. Сүгiрбектiң сөзiне бақса Ауқынбай олар не қиғылық көрсетсе де ешқашан бетпе-бет шайқасқа бармаған екен. Қайта сыр алдырмай, абырой түсiрмей солардың ыңғайына
көне салудың неше түрлi əдiсiн меңгергенге ұқсайды. Бұл болса iшiндегi еркетотайы, бас асауы – Зайпулланы өз еркiмен жаптырып тастады. Хақназарға тəуекелшiл көңiл ғана сүйеу. – Апыр-ау, сонда Ұлықбек қайда? – дедi тағы Абыл. – Үйiнде жатып алатын ол емес едi ғой. Оған Хақназар да, Сүгiрбек те жауап қатқан жоқ. Тамақтарына кеп тiрелген бiр күдiк бар, оны ешқайсысы шығарғысы келмейдi. Шешендер тұратын көшеге жақындағанда Хақназар қалпағын баса киiп, макентошының жағасын түзедi, жейдесiнiң тамақ түймесi салулы ма, соны тексердi. – Əлгi тана бағатын қайда тұрушы едi?, – дедi Абыл. – Ушыққан жараның аузын дəл басамын десеңiздер алдымен мына екеуiне барған жөн, – дедi Сүгiрбек. – Екеуара орталарында бiр қариясы бар, мен алжаспасам пəленiң бəрi тап осылардан шығып отыр. Қазiр Сүгiрбектiң сөзi сөз едi. Шешендердiң аласа, ұзын етiп салынатын үйлерiнiң ауласы көшеге емес, ары бақша жаққа қараған. Үй-мүлкiмен, бар пейiл жаратылысымен дү ниеге сырт берiп тұрғандай. Мыналардың да үйi солай екен. – Самрат! – деп айғайлады Сүгiрбек. Аула жақтан иттiң дыбысы бiлiнбейдi. Бұлар сонда да жақындамады. – Самрат! – Тым-тырыс. Көше жақ қабырғаларында терезе жоқ. Хақаңның ойына ең алдымен сол сырт қабырғалардан терезе ойдырып жасату туралы қиял келдi. Тек мына Сүгiр бектiң əңгiмелерi оған дейiн де бiраз жетесiне жететiн шаруалар бар екенiне меңзейдi. Сүгiрбек бiрте-бiрте күш алып айғайлай бастады. Бiраз сал ғыртып барып, қауғадай елтiрi папаха киген, аласа бойлы шал көрiндi. Үстiнде етек-жеңi қырқылған ескi əскери китель. Ауласынан берi көше жаққа айнала берiп, Хақназарды танығасын кiлт тоқтады. Көзi көзiне түскенде тас қабырғаға тiрелгендей тұрған орнында шегелендi. Атылғалы тұрған қорғасындай қос жанар уытты да, əрi адамның басындағы саңы лауын ашардай өткiр екен. Көптен күткен қаупi осы ма едi? Самрат атты шалдың дүниеге сырт берген қалпында ендi отыра беруiне шамасы жоқ, сұңғыла көкiрек өзiн əлдеқайда қуатты жаратылыс берi қаратып, тезге салмақ екенiн ұқты. Күш арасалмағын мөлшерлеп жатудың да қажетi жоқ, онсыз да көзге көрiнiңкi. Самрат та оңай пенде емес, Хақназардың мысы басқанын сезсе де, қалқан-бүркенiш болар айла iздедi. Құлағына жеткен жирен
аралас ұзын мұрты мен шықшытының жыбырлағаны байқалды. Былшық басқан көздерi де жасаурап, көпе-көрнеу аласарып бара жатты. Бiрер минут Хақназар да үнсiз томырылды. Оның бұл ұстамдылығына Абыл таңданды. Əншейiндегi ақай-тоқайды бiлмейтiн құйын мiнезiнiң желсiз күнгi ауадай сап басылуы жүрек шайлықтырған тосын бiрдемеден бе? Сүгiрбек əңгi мелерiн бұл да естiдi ғой. Бiрақ Хақназар оны ауырырақ қабылдады ма? – Самрат, берi кел! – дедi Абыл. Шал сонда ғана жақындады. – Мына үйлерде кiмдер тұрады? Абылдың нұсқағаны жаңа Сүгiрбек айтқан базда iстейтiн екi шешеннiң үйi едi. Бұлар түсiнетiн ортақ тiл – орысшаға Самрат шорқақтау екен. Əрi кавказдық мақамның екпiнi де басым. Екi қолын сəл ербеңдете онда Вахит пен Шалимнiң тұратынын айтты. – Олар қайда? Самрат иығын қиқаңдатты. – Барып шақырып келшi. Сөйлеп тұрған Абыл. Бiрақ Самраттың қауiптi Хақназардан күткен түрi бар. Самрат өз үй жағына бұрылып, бiреудiң атын атап айғайлады. Сол-ақ екен, аула жақтан бiр кiшкене қыз шыға келдi. Хақназар ең алдымен оның аяғына оратылған ұзын көйлегiне назар аударды. Жас балаға осынша ұзын көйлек кигiзе ме деп, Хақназар таңырқай қарап едi, онысының да тiзесi жыртық екен. Сiрə, өзi тоздырып үлгерген нəрсесi емес, шешесiнен бе, басқа бiреуден бе қалған қырық жылдық ескi-құсқының өзi. Қос бұрымы да соншама ұқыпсыз жатыр, маңдай шашы көзiне жабыса түсiп тұр. Танадай жарқыраған көзiнен басқа бет өңiрiнде, мойнында, жалаңаш аяғының башайларында көз ашып, дүниеге келгелi сабын көрмегендей бес батпан кiр бар. Хақназардың жүрегi сыздады. Əсiресе, қыздың еш күнəсiз танадай жарқыраған көздерi мұның жанына бататын сияқты. Самрат өз тiлiнде бiрдеме дедi. Қыз сөзге келместен ары қарай ата жөнелдi. Делбеңдеген ұзын көйлегiнiң етегi аяғына байланған тұсаудай. Хақназар бұдан екi айдай бұрын қарбыз ұрлаған Зайпулланы осы ауылға айдап əкелгенде Ауқынбай, басқа да жылтыр бет белсендiлерi тегiс бар, бүкiл алқа-қотан жұрт алдында бiр қазақ кемпiрi жетектеген кiшкене қыздың сатала-сатала көйлегiн бəрiнiң бетiне салық қылғанын есiне алды. Ол күй мен бұл күйдiң төркiнi бiр екенiн шамалап, жаңағы ұзын
көйлектi шешен қызына да, мына Самратқа да, мана таңертеңгiсiн өзi қаматып қойған Зайпуллаға да əлденеден жаны ашыды. Жоқ, Хақназар қаншама оспадарсыз бол ғанмен бұлармен шайқасты бет-албаты бiрден бастамайды. Сол жерде басына оқыс ой түстi. Сөйтсем қайтедi деп, Абыл ға, соңына ерген қызылтулық жiгiттерге бiр-бiр жалтақтады да мұнысының тым пiсуi жетпеген шала шешiм екенiн түсiнiп, тез райынан қайтты. Хақназардың мына жас жiгiттердi жұмсап, Зайпулланы табанда босаттарғысы келiп едi, бiрақ болар iс болды, ендi осы қателiктiң де таңдайға татыр бiр малтасы түбiнде жатуға тиiс қой, соны кəдеге жаратып қалайынға көштi. Иə, əр қателiктен де бiр сыбаға қарпып қалмасқа не? Хақназар кəрi шешенге қайта бұрылғанда оның көзiнде бұл аласұрып не ойлап тұр деп, ұшып-қонып ақиланған ақ сəуле бастықтың түр-түсiн қалт жiбермей нысанаға алыпты. Сəлден соң Вахит пен Шалим көрiндi. Үйлерi бiр-бiрiне тиiстiрiле салынғасын ба бұлар да сол Самрат ауласы арқылы келдi. Қырықтың қырқасына көтерiлген əжептеуiр семья басы дейтiндей апталдай азаматтар. Вахит тура сырғауылдай бар, қақпақтай жауырын сүйегi шығыңқырап, кеудесi сəл ғана еңкiштеу демесең, Сырдың суы сирағынан келмейтiн нiң нағыз өзi. Жүзi арса-арса, нағыз кавказдық қошқар мұрын да осынiкi. Маңдай сүйегi де құлап түсер жартастың жиегiндей берi еңкейе бiткен. Сол мұрын мен маңдайдың ортасында қалғасын ба көздерi тым шүңет көрiнедi. Шалимi одан аласарақ, əрi шымыр денелi. Көк көздерi мен танауының сыртқы иiрiм-иiрiмдерiнде ғана өз ұлтына тəн ожар нышандары бар. Екеуi де сақал-мұртты сирек қырады екен, ақ кiре қоймаған ұзындығы бiр елiдей бар қара қылтанақтар əрқайсысының бетiне екi алқаптағы орманның орналасуындай əрқилы өрнек салған. Вахиттiң сақал-мұрты құлама тау шыңдарында бiр-бiрiнен үркiп барып иiрiлiп қалған шыршадай үздiк-создық, əр жерде шашаушашау тұр. Ал Шалимдiкi бет-аузын тұтас басқан қалыңға ұқсайды. Тек оң жақ бетiндегi жiңiшке жаңқадай жылтыраған тыртық қана (пышақ iзi шамасы) бiлеу ленiп көрiнедi. Көздерi отты қарайды екен. Бетiндегi пышақ iзi, иə басқа болар, сол көздерi отша лапылдаған қайратты мұқалтпаған, қайта май құйып, одан əрмен өршелендiрiп жiбергендей. – Сендер неге үйде отырсыңдар? Жұмыс қайда? Абылдың бұл сұрағы қайсысына қатысты екенiн өзара аңғарыса алмағандай Вахит те, Шалим де үндемедi. Қайта
тұңғиықтана не құқайдан да үндемей құтылып үйренген əккiлiктi қалқан еткендей. Абыл өз сұрақтарын қайта бастырмалатты. Тағы да үнсiздiк. Бұлардың меңiреу қалыптарына мұз оятын сүймен салмаса басқаға былқ етпейтiндей. Əр адамдағы iшкi айла-сыңайын дəл танитын Хақназар: – Мысалы, сен айт, – деп нысана аумағын тарылта Шалимдi нұсқады. Мұны бiрiншi кезекке сүйреп шығарған оң жақ бетiндегi тыртық пен осқырынған жылқыдай отты қарасы сияқты. Хақназар сұрағынан соң ғана Шалимнiң жүзiнен бiр мысқыл жүгiрiп өттi. Ол бұлтты аспанға бiр, көшенiң бiраз батпағын езiп келген бастық пен бригадирдiң аяқтарына бiр қарады. Оның ойша не айтып тұрғанын тез болжаған Хақназардың басына қан тептi. Сонда да өзiн-өзi тежеп: – Не, ауа райы бұзылды, жер лайсаң деп, сол сендерге жұмысқа шықпауға сылтау ма? – дедi. Шалим ендi ғана оң қарағанға ұқсады. Хақназардың қорғасын түстес шегiр көздерiндегi салмақты ендi-ендi түсiнген дей. Жоқ, мынау бұрынғы шот маңдай Ауқынбай емес, қасындағы қияқ мұртты Абыл да көшенiң батпағынан аяғын əрең суыратын Сүгiрбекке ұқсамайды. Бiрақ қорқақтық та шешен дердiң қанында жоқ нəрсе. Тапқан айласы келгендердi өз түйсiксiздiгiмен жеңiп көрмек. Бiрақ оған ақыры болмады. Бiр адым керi шегiнуге тура келдi. Себебi, Хақаң колхоздан шығарамыз деген қоқан-лоққы жасады. – Жалғыз бiздi шығарасыз, жұрттың бəрiн шығара алмайсыз ғой. – Бұл – Вахиттiң сөзi. Бұл Шалимге қарағанда жуастау көрiнiп едi. Байқаса мұның сырғауылдай бойындағы менмендiгi өз алдына бiр төбе боп жатыр екен. Бар пəле осыдан туындайтын сияқты. «Жұрттың бəрi несi, бұл не айтып тұр» деп Хақаң ендi өзi əлсiздiк көрсете Абыл мен Сүгiрбекке жалтақтады. «Бұлардың тым-тырыс жатуы бiртүрлi» деп жаңа жол бойы Сүгiрбектiң жеткiзген күдiгi мынадай шынайы болмысымен жан алқымға жабысқандай: – Əй, сенiң жұртта не шаруаң бар, өзiң колхоздан шығып қалсаң бала-шағаңды қайда апарып асырайсың? Бiз жаман мiнездеме берсек сенi еш жерде ешкiм маңына жуытпайды. Хақназар не десе де ендi мына үш шешен – екi жас, бiр кəрiсi бар, жауға алдырмас қорғанға бекiнгендей кеуделерiн көтере түстi. Хақназардың онда жұмысы жоқ, жаңағы «жұрттың бəрi» деген сөз мұның кеудесiн тызылдатып барады. Сүгiрбектiң жорамалы дəл болып шығып, екi көше толы шешен-ингуш атаулы бүйтiп,
қыр көрсете бас көтермей жатып алса, олардың бəрiн көшiрiп жiбере алмайсың. Бұл Хақаңның өмiрiнде көрмеген құқайы. Ақай-тоқайсыз бiрден қатты кетуге болмайтынын Хақназар табанда түйсiндi. Абыл да, Сүгiрбек те солай ойлайтындай. Бұлардың өзара тiл қатысуын Самрат та мiз бақпай тыңдап тұрған. Ендi оның да былшық басып, жасаураған көздерiнде жарқыл молайып бара жатты. Мына екi жас перiнiң дiнге берiктiгi оның да күшiн тасытқанға ұқсайды. Құлағына жеткен жирен аралас мұрты мен шықшыты ендi бiр ыммен жыбырлайтындай. «Қазiр жұмыстарыңа бармасаңдар колхоздан шығасыңдар» деген қоқан-лоққыны Вахит пен Шалимге арнап, ашумен, зiлмен қайталаған болып, Хақназар тайып тұрды. Жолай əлгi тана бағатынға соқты. Ол иi жұмсақтау неме екен. Күш көрсетiп бедiрейген жоқ, ауырып қалғанын сылтау еттi. Абыл өздерiнiң соңына ерген қызылтулық жiгiттердiң бiрiне сол таналарға барып, бас-көз бола тұруды табыстады. Одан əрi көше кезiп байқастаса шешен-ингуш атаулыдан шынында бiр адам жұмысқа шықпаған. Қазiр күз уақтысы дегенмен қыруар шаруа қолға алынып жатқан. Колхоздардың iрiленуiне байланысты əр жердегi шашау-шашау гараж, шеберханаларды бiр орталыққа көшiру, болашақ осы тектес мекеме-ұйымдардың орнын белгiлеу, iрге тасын қалау қашан да ойы сан-саққа жүгiрiп жүретiн Хақназардың бiраз уақытын алған. Əрқайсысына адымдап жүрiп жер өлшеген. Мұндайда көп адам Хақаңның түпкi ойын танымай да қалатын. Мысалы, шеберхана үшiн бiр қуыс бөлменiң өзi жетiп жататын сияқты. Ал Хақаң оған айналасы ат шаптырым үлкен бiр алаңды белгiледi. Гараж үшiн де солай. Хақаң жұмбақ қимылды сүймейтiн. Мұның бəрiн құлақ жаңғырықтыра айтып жүрiп iстедi. Бұлар кейiн бүгiнгiден де ұлғайып, қанат жайған шақта орналасқан жерi тарлық жасап, iске кезмайыс болмауын осы бастан ойлаған жөн. Иə, Хақаң кеңшiлiк, кең майданды сүйедi. Гараж, шеберханалар ғана емес, бұрынғы əрқайсысы екi бригададан тұратын колхоздардың бiр бригадаға айналуы да олардың баз, басқа да шаруашылық орындарын орталықтандыру мəселесiн тудыр ған. Олар да тап осы шақта адам күшiн бiраз қажет етiп едi. Оларды Абыл, Жазылбайлар, «Жаңалықтағы» Табылды бар – бəрi тас-түйiн етiп ұйымдастырып жатыр деп ойлаған. Қараса төбелерiнен құлағалы тұрған қара тастай үлкен абыройсыздықтан
өзiнiң оң қолы iспеттi мына тап қасындағы Абыл да хабарсыз екен. Жалғыз Абыл ма? Хақаңның өзi ше? Хақназар бұл күнi Сүгiрбектi қасынан тастамады. Бригадирдiң тапсырма беретiн орны бұрынғы екi баздың бiрiндегi қауашақтай бөлме едi. Бəрi сонда келiп тығылысты. Лас, ыбылыс мол көшемен əрi-берi көп салпақтағасын ба Хақаңның маңдайы бусанды. Түйiлiп, ауыр ой ойлап, алдындағы екi тақтайдан олпы-солпы етiп жасай салынған столға шұқшиып, бұрынғы əдетiнше сурет салмақтай саусағын жүгiрте бастап едi, нашар сүргiленген ағаштың инедей үшкiр жаңқасы сау сағын жырып кеттi. Адамдары ғана емес, бұлардың дүниесi де тiкенектей ғой деп, қан бұрқ еткен саусағына жас балаша жалтақтап қарай бердi. Ауқынбайға тағатын кiнəм бекер ме деген де ой келдi. Ол қалай шыдап жүрген? Дереу оны да шақыртты. Бұл арқаны кеңге салып отырып ойласатын мəселе емес, шұғыл шешiмiн табу керек едi. Ауқынбайдың келгендегi бар айтқан сөзi: «Бұлармен байқамаса болмайды. Бiрақ бəрi бас көтермей жатып алған мұндай сұмдықты мен бұрын көргем жоқ». Хақаңның маңдайы одан сайын бусанды. Көз алдына Дəкенов келдi. «Ал, оспадарсыз неме, көресiндi ендi көресiң» деп, əрқашан сабырлы жүзiнде мəз-майрам күлкi пайда болғандай. Бiр кезде осы Дəкеновтi көз алдында жығып берген обкомның бiрiншi хатшысы Саудабаевты да елестеттi. Ол əскери киiм үшiн жаратылғандай ұзын сұлу денесiн сəнмен түзеп, ат шаптырымдай бар кабинетiнде ерсiлi-қарсылы жүрiп, бұған «сенген қойым сен болсаң...» дегендi айтатындай. Мына бүлiк табан астында тыйдырылмаса шартарапқа тарап, Хақназардың жаман атын желдi күнгi өрттен əрмен далитатындай. Əрине, бiр бiлместiгiң үшiн бүгiн тағайындап, ертеңiне жұлып алып тастамас, бiрақ «мешкей деген жақсы атақ емес». Қабырғалары əктелмеген, қуықтай ғана кiшкене бөлме. Балшық сылағының өзi ұқыпсыз жасалған, əр жерден лайға араластырылған сабан ұшы шығып тұр, сылақшының саусақ iздерi де байқалады. Жаңа ғана саусағын жырып кеткен алдындағы стол – осының бəрi де бұрынғы иесiздiк, немқұрайдылық белгiсi деп, Хақаң жазықты, жазықсызы бар – отырғандарға шап етер едi. Жазықтыға жазықты болғаны үшiн, жазықсызға алдағы күнге ескертпе ретiнде айтар едi. Ал тап қазiр сөздi олай бұру мұның өз пайдасына емес қой. Ауқынбай ашығын айтып тұр, менiң тұсымда мұндай сұмдық болған жоқ деп, ал бұл осындай өрескел жағдайға келмей жатып ұрынды.
Апыр-ау, бұл ненiң белгiсi? Əлдекiмнiң улы дəрi сеуiп, ушықтырмақ қылығының беташары ма? Алғашқы қарқынында бұлай, соңы неге апарып соқпақ? Ауқынбай жəне мана Хақназарға iлесе кiрген қызылтулық екiншi жас жiгiт, осы баздың күзетшiсi – таяқ ұстаған кiшкене еңкiш қара шал əзiрге ештемеден түңiлердей емес, тек Абыл мен Сүгiрбек қана амал, əрекет iздестiргендерiн айшықтай маңдай терiлерiн кергiлеп қояды. Ақылдасу үстiнде Абыл: – Ауданға хабарлайық. Бiз жаңадан келген адамдармыз. Не iстесек те оларды да ортақтастыра отырып қам қылайық. Кiм бiлсiн, олардың да бiр ұсынары бар шығар, – дедi. – Ұсынары бар адамдар қастарыңда ғой, – деп Хақназар Ауқынбай мен Сүгiрбектi кезек нұсқады. Ауқынбайдың түр-реңкi ағайынның қайғысына ортақтасқанмен өз түйесi түгелге көбiрек келiңкiрейдi. Шын ықылас Сүгiрбекте ғана. Ол басқалармен қатар қабырғаға жапсырылған сəкiде отыр, шал қаймай, қабырғаға арқасын да сүйемей талай жылдар кiрген-шыққанның аяғымен ойқы-шойқы, əрi тас кесек боп бiткен жер еденнен көз айырар емес. Ол жаңағы Хақназардың сөзiнен соң ғана бiр нəрсенiң аңысын аңдағанын ортаға салды: – Осы сiз əлгi қанiпезер ингуш жiгiтiн, ныспысы Зайпулла ма едi, соны жаптырып қойдыңыз емес пе? Соған орай қыр көрсетуi емес пе бұлардың? Əлдекiмнiң кiнəсiнен өз қандастарының бiрiнiң басынан бiр тал шашы түссе бастарында қан ойнап, намысы қозып шыға келетiндер нағыз осылар ғой. Баяғыда сiз ол Зайпулланы қарбыз ұрлағаны үшiн жаяулатып айдап келгенiңiздi кейбiреулерiнiң əлi күнге кек тұтып жүргенiн мына құлағы құрғыр естiген сияқты едi. – Əй, анық олай болса оны босату қолдағы дүние ғой. Бiрақ өкпемiз сол деп, ашығына басса өкпелерi тесiлiп, опырайып қалмас едi ғой. Бiреуiнiң аузынан ондай тұспалдың пұшпағы бiлiнген жоқ, – деп, Абыл ендi ғана шала бүлiндi. – Кiм бiлсiн, көсемдерi солай деп тəртiп белгiледi ме? – Көсемдерi кiмдер? – Көсемдерi – ақсақалдары. Ол ақсақалдарының бiрi жаңағы шықшыты жыбырлаған Самрат. Көзге қораш болғанмен үкiмi қатты. – Иə, олар ақсақалдарын қатты қадiр тұтады, – дедi Ауқынбай ортақ шешiм iздеуде өзiнiң кəдеге аспағанын бүркемелеу үшiн. Абыл мен Сүгiрбектiң жаңағы сөз алмасуларынан Хақназар тез ой түйдi. Осында ерте келген екiншi қызылтулық жiгiттi
жұмсап, қазiр барып Зайпулланы босаттыруға бұйрық бердi. Бұл шегiнiс едi. Бiрақ бұған жалғас қарсы əрекет-айланы да ойлап тапты. Бұл – түс əлетi жаңа болған кез. Хақназар мына отырған Абыл, Сүгiрбек, Ауқынбай – үшеуiн де дереу атқа қондырды. Қай тұстағы қай жұмысқа қанша шешенингуш шықпай қалды, шама-шарықпен есебiн алып, солардың бəрiнiң орнына бүгiннiң өзiнде, бүгiн бол ғанда тап осы түс əлетiнде адамдар шығару бұйырылды. Жұмыс күнi өлмесiн деген құр желеу, үйлерiнде жатып ал ған шешендерге қарсы қылығына қарай жазасы дейтiндей шара қолдану негiзгi мақсат, оны қазағына қазақша, басқасына бас қаша табанда жеткiзiп, қалайда бiраз адамдар табу бəрiне үлкен сын ретiнде жүктелдi. Не жұмыс та қолға жұғып қалмас, əйел, еркек, тiптi сөздi тез түсiнетiн кемпiр-шалдарға дейiн жегу бiр күнгi жексенбiлiк сияқты шұғыл ұйымдастырылуы керек едi. Мұны жүзеге асыруға осы маңдағы иi жұмсақтарды танитын Ауқынбай мен Сүгiрбектiң көп қолғабысы тидi. Əрқайсысы əр көшеге барып, əрбiр он бес, жиырма шақты үйден адамдарды көшеге дауыстап шақырып, қысқа сөзбен Хақназардың саясатын түсiндiрдi. Қосымша еңбеккүн жазылатынын ескерттi. – Əй, сендер барып, осы жарты күннiң iшiнде ештеменi қопарып тастамайсыңдар. Бəрi – көз қылу үшiн жасалып отырған нəрсе. Осы тұрыста бəрiң қозғалыңдар. Бүгiнше ғана. Егер ұнаса, ертең де барыңдар! Ол жұмысты сендерден ешкiм тартып алмайды, – дестi. Қалайда, ел iшi, сүт пiсiрiмде əжептеуiр жұмыс күшiнiң басы құралды. Абылдың да сөзi өтiмдi едi. Кейбiреулер кесесiндегi шайын тауыспай орындарынан тұрды. Қазiр егiс басында ешқандай тiрлiк жоқ, негiзiнде баз, шеберхана, гараж, аздаған құрылыс сияқты орталықтандырылған жұмыс орындары болғандықтан кiмнiң қайда баратынын белгiлеу аса қиынға түспедi. Абыл, Ауқынбайлардан соң Хақназардың өзi де атқа қонды. Бiр адамды жұмсап, «Шұбардағы» бүкiл кеңсе қызметкерлерiн аяқтарынан тiк көтердi. «Қызылтуды» айғай-ұранмен өзi де бiр айналып шығып, жаңа кеңес құрған ескi бригада базының өзiнде басы қайырылмаған нақтылы қандай шаруалар бар, соны анықтауға бар пəрменiн салды. Сағат үш шамасында тойға жиналғандай базға қатын-қалашы бар көп адам келдi. Хақназар олардың бiреуiн жұмыссыз қалдырған жоқ. Барлық ат-арбалар жегiлдi. Əсiресе, сауын сиырларға шөп, жем таситындар тез жөнелтiлдi.
Осы лайсаң күз уақытындағы бiр жауапты iс аудан орталығы – Қарабұлақтағы қант зауытынан жем тасу едi. Кейiнiрек қар жауып, шана жол түскенде оған бөлiнетiн күш-көлiк əлденеше есе ұлғайтылады. Бiрақ аздап болса да қазiр де тасу керек. Ол ең алдымен жаңағы сауын сиырлардың қамы үшiн. Бүгiн таңертеңгiлiк олай қарай екi-үш арба кеткен екен. Оған тағы үш арба бөлiндi. Олар кешке дейiн бiр қатынай алады. «Қызылтудың» сауын сиыр фермасы бұрынғы осы бригада базынан таяқ тастам жерде ғана, Қусақтың жағасында. Малдың асты күнде тазаланып тұрады дегенмен Хақаңның қиялындағы тазалықтың мұнда жұрнағы да жоқ едi. Күш-қуаты аз дегендердiң қолына сыпыртқы, күрек берiлiп, ұзын екi қораның iшi-сыртын айнадай жалтырату тапсырылды. Бiраз адам «Универсал» тiркемесiмен егiс басына көң тасуға бөлiндi. Қар бекiгенде-ақ iстелетiн шаруа. Бiрақ Хақаң мұндай шақта бiр де бір қол күшiнiң бос қалуын қаламады. Жағы тынбай дауыстап жүрiп, алдағы күнде осы қарқыннан айырылмаудың да қамын ойлады. Жүрiске аса жоқ, шоқпардай кекiлi бар, дода құйрық семiз бурыл ат мiнген Хақаң базға қайта келгенде Абыл да осында екен. Ол манағы өздерi кеңес құрған қауашақтай бөлмеден бастық мiнген аттың дүбiрiн танып, атып шықты. Сауырынан қап-қара тер аққан бурыл аттың күйi Хақназардың өз күйiн де бейнелегендей. Басындағы қалпағына қолды көп салған ба, мыжырайып қалыпты. Қыры сынбайтын адамға ол да мiн сияқты. Бетiне қан теуiп, қорғасын түстес қос жанарымен бригадирге осы бүгiндiкте алғаш рет түстеп қарағандай. Ашқарақ көңiлдi мұның жұрт қимылына əлi де айызы қанбағанға ұқсайды. Бiрақ Абылдың аузында бұл ойлағаннан əлдеқайда басым дүние жатыр екен. – Хақа, Ұлықбек келдi! – дедi ол iштен шықса да демiгiн əрең басып. Шамырқанған шақтағы дағдысы бойынша ерiндерi дүрдиiп кеттi. Қысыңқы көздерiне де Хақназарды ат үстiнен жұлып түсiрердей қайрат жиып алған. – Бұларың, ойбай, оңай тентек көрiнбейдi. Абылдың шешендердi айтып тұрғанын Хақназар табанда түйсiндi. Тынымсыз жүрiстен тұла бойы бусанған бастықтың тiл-жағы бiрден икемге келмедi. Мана Ұлықбектiң үйiне кiсi жiберiлiп, азаннан жұмысқа кеткелi қайда екенiн бiлмеймiз деген хабар алынған. Ендi Абылдың мына түрi сұмдық жұмбақтың шешiмiн көлденең жайып тұрғандай. Хақаң өз кеудесiнен аз-кем тiтiркенiстi сездi.
– Не бопты оған? – Ойбай, атамаңыз! Мана өзiмiз барған Самрат деген қақ пастың қорасында қамауда жатыпты. – Не дейдi? Қай Самраттың? – Мана өзiмiз барған Самраттың. Сүгiрбек шешенингуштардың көсемi дейтiн шалдың. Манағы өзiмiз ең алғаш баратын үй ше? Хақназар оны зорлана еске түсiрген адамға ұқсады. – Бұл қайсысынан шыққан зұлматтық? – Солардың өздерiнен. Мен таңертең сiзбен бiрге кеңседе болып, мұнда келе алмадым емес пе? Ұлықбек базға жалғыз барған. Сонда сiздiң əлгi қарақшы Зайпулла деген пəленi жаптырып тастағаныңыздан əлдекiм арқылы құлақтанып, табанда ерулiге қарулы деп шыға келсе керек. Самраттың үйiне Ұлықбектi жоқ сұмдықты айтып, алдап апарыпты. Содан босатқаны осы қазiр ғана екен. Хақназар ат үстiнде қатты теңселдi. Шықшыты жыбырлаған, ұзын жирен мұртты кiшкене шалды ойына алды. Оның өрiмпөрiм ұзын көйлек киген, танадай жарқыраған көзi бар, əлгi Вахит пен Шалимдi шақыратын кiшкене қызын да елестеттi. Көңiлдегi бiр сурет пен екiншi суреттiң оқыстан өзара жалғастық тауып алатыны да бар. Баяғыда осы ауылға Зайпулланы айдап əкелген жорығының барысында бұл Ауқынбайлардың көзiне сүйел еткен қазақ кемпiрiнiң жетегiндегi сатала-сатала көйлектi жасөспiрiм де жағаласа көлбеңдейдi. Сүгiрбек қанша дабырайтқанмен Самрат аса жырынды көрiнбеген. Көзi былшықтанып, лайсаң күндегi адамдар жүрiсiне тосырқай қараған түрiнде күнəсiздiк басым едi. Көйлегiнiң етегi делбеңдей жүгiрген жалаңаяқ қызының да түр-сипатында күнəсiздiк тұнып тұр. Сол жаппай күнəсiздiк тасасында мына Абыл айтқан шындық жылы төсектен табылған сояу темiрдей жан шошытады. Сүгiрбек қайда екен? Хақназардың қазiргi жорамалынша ең сұңғыла, дана көкiрек сол Сүгiрбектiкi. Алтынға бергiсiз амал таптық деп, жаппай желпiнiске басқанда жiлiншiк сындырар суыр iнi жолығар деп кiм ойлаған? Бұл дүрбелеңнiң бəрiн жоғалған Ұлықбектi жаппай iздестiруден бастау керек едi. Көпшiлiк қарбаласын көру, бəрiн көптiң қимылымен шешу – Хақаңның ежелгi үрдiсi. Кейде ол көзiн қара тұмандатып, басқаны ұмыттырып та жiберетiн. Мiне, сондай қарқынмен кетiп, тағы да аз-кем жаңсақтық жасағанын ұқты.
Хақаң бурылдан түсiп, бригада кеңсесi аталатын бөлмеге кiргенде Ұлықбек қабырғаға тиiстiрiле қойылған сəкiде оң қолымен маңдайын сүйеп отыр екен. Бастықты көргенде оның құр сүлдерi ғана орнынан көтерiлдi. – Иə, қайда жүрсiң? Ұлықбек Хақназардың сұрағын көңiлiне ауыр алмады. Абыл екеуiнiң сырттағы сөз алмасулары бұған толық жеткен. – Хақа, кетпен шапқанға да кiсi керек қой, осы есепшiлiктен менi құтқарыңызшы. Хақаң тағы да айғай-ұрандатып əкеттi. Тек көп ұзамай күрт басылды. Аяқ астында жар барынан сезiктенуi тiзгiндi тарта ұстауға мəжбүр еткендей. Ұлықбек – сүйектi iрi жiгiт. Қос алақанға сыймас жалпақ бет өңiрiнде де, қасы селдiр қабағының астында кiшiгiрiм көлшiктей бар көздерiнде де қайрат iздерi айқын. Тек қазiргi тұрысында əлдененiң шалығы шалғандай былқыл-сылқылы шектен тыс едi. Хақаң қатты ойға қалды. Мынадай қылмыстық əрекетi үшiн Самратқа не жаза кессе де орынды ғой. Дереу кiсiлер жiберiп, ол шалдың өзiн қамауға алдырса деген желөк пе ой да құлағының түбiн мазалап өттi. Бiрақ бұдан iстiң одан əрi насырға шабуы оп-оңай. Адам жаптыруға заңды құқығы жоқ Хақназардың мұнысына таңертеңгi iсi қосылып, тағы бiр зобалаңның шиi шығып жүрмесiне кiм кепiл? Бойы сырғауылдай бар, қошқар мұрын Вахиттiң «бəрiмiздi колхоздан шығара алмайсыз ғой» деген сөзi де есiнде. Иə, бiрге iстегенiңдi көпке iстей алмайсың. Айқасып, үйiлiп жатқан қу шөп, бiрiне от тисе бəрi кетедi. Хақназар кiшкентай терезеден сыртқа қарап, бесiн уақытының таяу екенiн сездi. Үшеу болып ақылдасудан ешнəрсе шықпады. Бүгiн осында көтерiлген жұрттың бұдан арғы қимылына басшылық етудi Абыл мен Ұлықбектiң өздерiне тапсырды да орнынан тұрды. Кешкiлiк «Шұбардағы» орталық кеңседе басқарма мəжiлiсi шақырылды. Оған бiрiккен үш колхоздағы бұрынғы-соңғы белсендiлер тегiс шақырылды. Хақназардың кiшкене кабинетiнде жұрт бөшкедегi балықтай топырласып, ине шаншыр жер қалмады. Əншейiнде мұндай көп адамды бастық клубта, соның бiр бұрышында жинайтын. Ал бүгiнгiсiнде бой тасалап, тар жерде төс қағысып, бақуаласайық дегенге ұқсас жасырын есеп бардай. – Сиысып отырыңдар! – деген Хақназардың бұйрық сөзi соған мегзейдi. Аса тарс-түрс болмай бүкiл кеңседегi орындықтар осында қойылды, шамасы.
Шешен-ингуштар жайын əрқайсысы өз бетiнше жаттап өскендей-ақ түбiрi бiр, кейде бiр-бiрiне кереғар түрлi ұсыныстар балапандай бастады. Мəселе шешуден аулақ, бiрақ ортақ қазанның сорпасын сапырғанға ұқсас əңгiмелер де туды. Ұлты немiс, бастықтың құрылыс, шаруашылық iстерi жөнiндегi орынбасары Игорь Матвеевич Штерн мен бас агороном Курт Рейнградович Цихлер ғана үндеген жоқ. Манағы Сүгiрбек пен Ауқынбай да, Ұлықбек пен Абыл да басыңқы отыр. Басқалары желпiнiп-ақ бақты. Бiрiнiң иегi екiншiсiнiң желкесiне тиердей сығылысқан отырыста кiм-кiмнiң де сыбырлаған сөзiнiң өзi-ақ құлаққа айқын жететiн едi. Бас бухгалтер Айтық бiр алуан əңгiменiң тиегiн ағытты. Шешен-ингуштар туралы қызық жəйттер аузынан шыққан тұста өзi де кербез күледi. Кербездiк мұның қашанғы жолдасы. Соңғы кезде мұнысы өзiне тiптен жарасып барады. Айтықтың түр-түсi аздап Хақназарға келiңкiрейдi. Тек одан сүйегiнiң ұсақтау жаратылуы, əрi етi ояздау қатпа кеудесi бөлектендiрiп тұратын. Тек көкшiл көздерi мен жалпақ сар ғыш өңiнде Хақназардан ұшып келiп қонғандай бiр белгiлер бары талайлардың көзiне шалынып та болған. Сол Хақназардың тiкелей ықпалымен қалыптасқан жүрiс-тұрысындағы ұқсастық өз алдына. Бұл бастығының кейбiр дағдыларын қайталағанда кейде одан асып та түсетiн. Ал оған қазiргi кербездiгi қосылса былайғы жұрт тасы өрге домалады дейтiн Хақназардан гөрi осының бағын көбiрек қызғанушы едi. Əп-сəтте жиналғандардың демiмен, бiрен-саран шылым тартқандардың түтiнiмен ауасы буалдырланған бөлмеде бастыққа жақынырақ отырған Айтықтың жүзiне бөлек жарық түсiп тұрғандай. – Əлгi Далабайдың əйелi қарашайлық қой, – дейдi Айтық тағы бiр кезекте жұрттың назарын өзiне аударып. Далабай деп отырғаны – осындағы бiр арбакеш. Көршi колхозда əйелiнiң сүйегi жарылмаған бiр қартаңдау адам балалар үйiнен бiр қарашайлық қызды ес бiлмей тұрған кезiнде асырап алған. Түртүсi нағыз кавказдық əлгi қыз қазақ тəрбиесiнде өте ақылды өседi. Сонысына қызыққан Далабайдың əке-шешесi оны баласына алып бередi. Одан берi он жылдай уақыт өткен. Қарашайлық қыз – қазiр бiрнеше баланың анасы. – Сол Далабайдың өзi айтады. Бiр күнi түн ортасында əлденеден елегiзiп, ұйқым қашып далаға шықсам дейдi, ай-шай жоқ, əлдекiмдер қораның аузын бұзып, ашып жатыр дейдi. Байқастап қарасам, соқталдай үш шешен. Үйдiң иесi бар-
ау деп сескенетiн емес, түге, дейдi. Жанынан қорқып қастарына бармаса керек. Əлгiлер мұның жалғыз сиырын қорадан шығарып, бiрi жетектеп, қалғандары айдап əкетiп бара жатады. Бiрақ олар Далабайдың сыртқа шыққанын көрмесе керек. Сосын, Далабай не iстесiн, ұрланған малдың бұйдасын олар мойынға тағып жүре алмайды, табанда жарып тастайтынын сезедi де, балаларының аузын аққа жарытып отырған жалғыз сиырынан айырылу оңай ма, əлгiлердiң соңынан бұқпантайлап бұл да жүрiп отырыпты. Жүрiп отырып, олардың «Қызылтуға» тартқанын, əрi онда қай аулаға кiргенiн бiледi де сол бетiмен салып ұрып, сондағы жаңағы сiздер айтқан Самраттың үйiне барады.Оны түн iшiнде оятып, «Самратау, бүкiл қазақтың iшiндегi жалғыз туысқаның мен емес пе ем, мен күйеу балаларыңмын ғой» дегендi ежiктейдi-ай келiп. Сосын Самрат дереу қозғалып, əлгiлердiң үйiне барып, Далабайдың сиырын шығарып берiптi. «Содан берi сол үш шешенмен де, Самраттың өзiмен де өлердей доспын, тышқақ лағыма дейiн ешқайсысы тимейтiн болды»,– дейдi. – Ендi бəрiмiз солармен жаппай құда болайық па? – деген Хақназардың сөзi таудан құлаған тас көшкiнiндей дүр еттi. Шын күлкi, жарамсақ күлкi жарыса шықты. Хақаң солай сайқымазақтана келеке етсе де, Айтық əңгiмесiнiң əсерi кемiмептi. Ендi əрқайсысы үзiп-жұлқып, шешендердiң қазақтан гөрi дiнге берiктiгi, орайы келсе достыққа да солай екендiгi хақында өз байқауларын көлденең тартты. Хақаң əр пенденiң қанжығасында бiр əлсiздiк байлаулы жүретiнiн жақсы бiледi. Оны ұтымды пайдалану əлдеқайда мол нəтиже берерiнен де хабардар. Бiрақ өз басы ондай əдiске жан-тəнiмен қарсы. Майысқақтық деп атайды оны. Еш шара бiреуге жаманшылық жасау мақсатында жүргiзiлмейдi, ал оны жақсылықпен қабылдағысы келмегендерге күшпен қабылдаттырудың еш айыбы жоқ. Тек мына тұста, басқаша ойлап, сəл тiзгiн тартуға тура келдi. «Əттеген-ай» деп, сəл зығырданы қайнай долы мiнезiн буынбуынына күштеп те жасыра алмай жұдырығымен столды қойып қалды. Бұған жалғас бiр ескi жарасы қайта ашылды. Бүйтiп тығырыққа тiрелуi өзiнiң сауатсыздығынан туындайтынын сезгендей. «Қайран оқу, кiмге қор болып, кiмге қол жетпеске айналғансың?» Қатты түйiлiп, отырғандардың iшiнен көзiмен Хакiмдi тауып алды:
– Сен осы мына заң, соның жөн-жосығы жөнiнде қандай қазит (газета дегенi), кiтап бар, соның бəрiн өзiмiзден бе, ауданнан ба, əйтеуiр тауып əкелшi. Ертең кештен қалдырмай тек. – Екi сөйлейтiн Хақаң емес. Хакiм орнынан сəл түрегелiңкiрей басын изедi. Мəжiлiстен ешқандай қорытындысыз тарасты. Жаңағы Хакiмге берген тапсырмасы соның ай қын белгiсi едi. Орындықтарын сақырлата тұрысқан жұрттың құлағын бiр алабөтен дауыс шың еткiздi. Бəрi жалт қарасқанда Табылдының мəз-майрам жүзiн көрiстi. «Жаңалықтағы», яғни осы iрiленген жаңа колхоздың үшiншi бригадасының бригадирi Табылды бұл «Қызылтудағы»(жаңаша екiншi бригададағы) бүгiнгi жайжапсарды бiраз адамдармен бiрге осы бас қосуда ғана естiген: – Бұл Ұлықбек кеуде қағып, «əкем құдай, құран дегендi бiлмеген нағыз атеист, жалаңтөс батыр адам едi» деп бөсушi едi. Ендi бұл Ұлықбекке сəл обалдау болған екен. Самраттың қорасының бұрқыраған жұпар иiсiнен кейiн өйтiп, əкесiн атап, асқақтамайтын шығар. – Басқа түссе баспақшы. Өзгеде де бiр шыбын жан, батырда да солай. «Батыр аңқау, ер көдек» деген. Құдай қыспаққа алғанда неше батыр құтылып шығыпты. Батыр бастас болар. Сенiң бастастығың осы табалауың екен, аужайыңды түйдiм! – Ұлықбектiң де бiр атары бар. Тек мүдiре қоятын Табылды емес. – Əй, өтiңменен жарылма! Айнаға қарашы! Өмiрден баз кешкендей мына түрiңмен сөздi өзiң сұрап алып тұр емессiң бе? Ұлықбек одан əрi салғыласпады. Екеуiнiң құрдастығы баршасына белгiлi. Хақназар «шаян шаққандай тiлi ащы немелер, шама-шарқыларыңды алда көрермiн» деп, iштей бұл да кекесiн бiлдiрдi. Бастық əдеттегiдей қасына ешкiмдi ертпей, қараңғы түндi жамылып, жалғыз, жаяу кеттi. Кеңседен өз үйiне қарай апаратын көлденең тұйық көшеге электр шамы тартылмаған. Түн қойнауы ызғар танытып, беттен-мойыннан ала түстi. Үйреншiктi болғасын ғана қалай басарын екi аяғы өздерi ажыратып келедi. Хақаңның басындағы ойлар да осынау түнектей кiрер есiгi мен шығар тесiгi мүлдем ажыратқасыз опалаң-топалаң дүние. Жарқ етiп, қарсы алдына жай түссе қандай қуанар едi. Бiрақ уақыт басқа, ондай атты күндi ойлаудың да қажетi шамалы. Көздi тарс жұмып алып, екi аяққа сенгеннен басқа амал қайсы. Шынында аштың не, жаптың не, қос шырақтан пайда жоқ, бəрiбiр ештеменi ажырата алмайсың. Жаңа Табылды тiлге тиек еткен Ұлықбектiң
əкесiндегiдей жалаңтөс ерлiк қана бұл жерде керектiсi. Жеткiзсе ұшпаққа сол жеткiзедi. Əлденеден Табылдының жаңағы əзiлiне Хақаңның iшi жылыды. Мынау қараңғы түнде тiлеген найзағайдың бiр ұшығын соның сөздерiнен көргендей. Дəкеновтi есiне алып, оның адам танығыштығына сүйсiндi. Табылдыны сол Дəкенов қойған орнынан қозғамағанына қуанды. «Сiрə, Дəкенов деп, Ауқынбай деп, олар iстеген iстiң бəрiн су толы бөшкедей төңкерiп тастап, лайсаңды көбейтiп алып жүргем жоқ па, байқастау керек шығар». Бұрын орын алмаған жайлар құлақтарын қалқитып, мұның алдын кес-кестей бергенi несi? Əзiрге Табылды басқарған «Жаңалықтан» сыр берген ештеме жоқ. Басқаны қоя тұра ең алдымен пыш-пыштаған құр өсектiң өзi сол жақтан шығуға тиiс едi ғой. Дəкеновтiң нақсүйерi Нұрбике, атқа мiнерлiктен алас татылған Тұрдақын, тағы басқалар астаудан жерiген аттай осқырынып, Хақназардың əрбiр iсiн құбыжық етiп, анау-мынау сөз шығармай жүр дейсiң бе? Хақаңның мынау қараңғылықтағы сансыраған ойы бойынша солардың бəрiнiң аузына қақпақ – тұла бойында жiгер ойнаған Табылды сияқты. Оған неменеге сонша еметайым езiлдi деп ертеңiне сарапқа салса мұнысына жауап таба алмас едi. Əзiрге қарға адым жер көрiнбес түн түнегiнде қолының ұшы тиген бiр таянышы сол болғасын ғана жабысып, айырылғысы келмейдi. Қапелiмде мұның бəрi жайына қалды. Жаңа ғана Хақаңның көктен тiлеген найзағайы жерден келдi. Өз үйiне жақындай түскен шақта қараңғылық сəл сырылғандай көршiлерiнiң қорақопсылары мен бау-бақшаларыңдағы өзiне таныс белгiлер көзiне шалына бастаған. Кенет жер астынан шыққандай қарсы алдында бiреу пайда бола кеттi. Қолындағы қос қарыс сапы пышақ боз бурылдың түнгi түсiндей қылаң еттi. Хақаңның қос жанарындағы қырағылық та тегiннен емес едi. Ол əлгi ингуш жiгiтiн тани кеттi. – Зайпулламысың, ей? – деп, бұл оның өзiне қарсы батыл адымдап барып, маңдайын маңдайына тигiзердей тура бетiне үңiлдi. Ингуш жiгiтi сүйек-сүйегi қарысқандай қыбырсыз тұрды да жалт берiп, жолдың бiр жақ шетiне тайқып кеттi. Сол бетте-ақ оны қараңғылық одан əрмен жұтып əкеттi. Хақназар оның аяқ дыбысы əбден өштi-ау деген кезде ғана оянды. Өзiнде қорқыныш сезiмiнiң мүлдем болмағанына та ңыр-
қады. Ажалдың азу тiсi кеңiрдегiн сүйкеп өтпегендей-ақ лайсаң жолды кешiп одан əрi жылжыды. «Апыр-ау, менiң денiм сау ма, неге былай аздап селт етiп, сескенбедiм». Соғыстағы күндерiн еске алып, өзiн ақтағысы келiп едi, «жоқ, ол əуеннен бұл əуен тiптен басқа» деп түйдi. Ендi қарақшы жiгiттiң қос қарыс сапысы емес, өзiнiң жаңағы томырық, ессiз түйсiксiздiгi алып жейтiн айдаһарындай жанын мазасыздандырды. Қырық қадамдай ғана қалған өз ауласына аттағанша қатыбас дүлей тiршiлiктiң неше алуан қыртыстары, шың мен шыңыраулары аударылып-төңкерiлiп миынан зуылдап өттi. Есiктi тоғыз жасар қызы Хансара ашты. Əлi ұйықтамаған екен. Кейде өстiп, əкесi тым кешiкпей келетiн күндерi күтiп алатыны болушы едi. Табалдырық алдында Хақназар сырт киiмдерiн шешiп, мойнына оралмақшы қызын көтерiп ал ғанша əйелiне түстеп қарамады. Қарарға бет жоқ, жеңiлiс күйiгi iшiн қарыған əрбiр əлуеттi ер адамдағыдай өзiнiң ең жақындарынан терiс айналмақ бұғыңқы сезiм мұны да меңдеп едi. Хансараны залдан ары түпкi бөлмедегi төсегiне өзi апарып жатқызып, ол ұйықтағанша қасынан кетпедi. Əйелi Күнес қала үлгiсiне жуық жабдықталған кең зал ортасында күйеуiнiң бүгiнгi сырт ажарынан əлдененiң салқынын сезгендей состиып ұзақ тұрды. Екеуара жалғыз баланы ерi əкеткен түпкi бөлме жақтан тың тыңдады. Бұл бетiнде аздап, шешек дағына ұқсас секпiлдерi бар, етжендiлеу, қимыл-қозғалысына, жұмыңқы көздерiнiң қарасына мүлгiген тыныштық шақтың белгiлерi мықтап жабысқан, мамырлаған жүрiстi адам. Ақыл-ойы жағынан да ауылдың ең бiр қарабайыр əйелдерiнiң қатарында. Тек көптi көрiп, Хақназармен бiрге үлкен аяқтан ас iшуi ғана оны кей жағынан ерекшелендiрiп тұратын. Əрi айнала жұрттың өзiне төменшiктей қарауына етiнiң үйренуi де бұған аздап салмақ қосқан. Ас үстiнде: – Бiрдемеден сағың сынып келдi ме? Кейпiң келiспей тұр ғой, – дедi. Хақназар «Қызылтуда» шешен-ингуштардың ұйымдаса жұмысқа шықпағанын ғана айтты. Ұлықбектiң қамалғанын, өзiнiң пышаққа түсе жаздағанын əзiрге iшке бүктi. – Бағана таңертеңгiлiкте Жəмиқа келiп кеттi. Таныс есiм, бiрақ Хақназар бiрден есiне түсiре алмады.
– Жəмиқаң кiм? – Сол «Қызылтудағы» Ауқынбайдың əйелi ше? – Ол неғып бiздiң үйге келгiштеп кеттi, – дедi Хақназар оның бұдан жарты айдай бұрын ғана бұл үйге семiз екi қаздың тұтас етiн əкеп тастағанын есiне алып. – Бiр бүйен май əкептi. Мынау жеп отырғаның сол. Хақназар тамағынан өтiп кеткен екi-үш қасық майды қайта құса алмайтынын бiлдi. «Тап ертең сол бүйен майды өзiне апарып таста» деп бұйрық бермекке оқталды да əйелiн ондай кəкiр-шүкiрмен ары-берi сандалтуды жөнсiз көрдi. Бүгiнгi төбесi көрiнген аласапыранның қасында бұл шынында кəкiр-шүкiр ғой. Ана кезде, үшеуара тақталасының ең қызған шағында Жазылбай оңашада: «Ауқынбай жең ұшынан жалғасуға қашан да бар»,– деп ескертпеп пе едi. Сөйтсе де бүгiнгiше бас бiлмеген асаудай арындап, жардан құлай жаздағанын (мүмкiн құлағаны ма, қай сайтан бiлiп кептi) ойлап, өзiне дейiнгiлердiң бəрiне топырақ шашпақтың астамшылық екенiн есепке алды. Сосын да сол бейшараны бiр терiс қылығы үшiн əзiрге маңдайдан ұрмай-ақ қояйын деген тоқ тамға келдi. Күнеске ендiгi əкелгенiн қабылдама деп, қысқа айт ты да төсегiне құлады. Жəмиқа əкелген бүйеннен татқан екi қасық май iшiнде жүгiрiп жүргендей. * Хақназар өмiрiнде бүйтiп төсектен кеш тұрған жоқ шығар. Кеш тұрғанда соншама уақыт ұйқы басты деген сөз емес, қайта тауықтың алғашқы шақырымынан-ақ оянып, бозала таңды көзiмен атырды. Тек жастықтан басын көтерген жоқ. Таудан көшкен тұмандай елестер легi маң-маң басып сапырылысты. Кейi ойға сирек алынғасын ба о бастағы кейпiнен айырылған ескi дүниелiктей көмескiленiп, ұмытыла да бастапты. Қазбалап олардың қыр-сырына қайтадан жетiп алғысы келедi. Кеше күнi бойы бастан кешкендердiң бəрiне тас лақтырып, əрi онысын дөп тигiзу үшiн сол өткен күндерден бiр қайрат, амал əрекет iздегенге ұқсайды. Мұндай қылық бұрын өзiнде жоқ екенiн де түйсiнедi. Шыр етiп өзi дүниеге келген сонау Малайсары тауының етегiнде ес бiлген шағы. Ашаршылықтан өлген əке, шеше. Апыр-ау, əке мен шеше аштан қабат өлгенде Хақназардың өз қара басын сақтап қалған қай құдай? Малайсары маңында төрт жасар шағында тұлдыр жетiм қалған мұны осы жаққа бiреулер
алып келiптi. Күн жақсыда бала қылуды да ниет еткен, шамасы. «Бiрақ байтал түгiл бас қайғы» деп, олар мұны бiр жерде тас тап кетiптi. Олардың кiм екенiн бұл əлi күнге бiлмейдi. Иə, олардың қалдырған жерiнен көтерiп алған Лағыл апасы. Кейiнгi сақтап қалған құдайының аты Лағыл. Апыр-ау, сол апасы қазiр не күйде? Бұл неге барып бiлмейдi? Алғашқы құдайлары тастап кеткен жерде, жол ортасында отырып, аштан өлермен қыршын шағында ақ шаңды ұнға айналдырып, неге одан нан пiсiруге болмайды деп ойлағаны əлi есiнде. Аштықтан ба, əлде туа бiткен зерделiлiктен бе, ол жағы өзiне де бұлдыр. Лағыл апасының қолында бұл тез ержеттi. Тоғыз жасында орыстарға жалданып, қорек табуға талпынды. Бiрер жылдан кейiн мұнымен аталас боп шыққан бiр қазақ байы өз қарамағыма кел деп, қой соңына салып қойды. Бұл тепкiшек өмiрден мың тоғыз жүз жиырма сегiзiншi жылы Түркiстан-Сiбiр темiр жолын салушылардың қатарына қосылғанда ғана құтылып, көзi ашылып, оң мен солын танитын дəрежеге жеттi. Сонда тапқан ақшасына сатып алған жалғыз торы атымен келiп кiрген осы Шұбарда ұйысқан колхоз тiрлiгiне белсене араласуы да соның арқасы. Бiрақ Лағыл апасын ешқашан ұмытқан емес. Соғыстан кейiн өзi домалатып салып берген кiшкентай үйде ол əлi тұрып жатыр. Тек соңғы кезде қарайласуды сиректетiп алыпты. Тiптi хал бiлуге де мұршасы жоқ. Осы тұста Хақназардың көзiнен бiр тамшы жас тырс етiп жастыққа тамды. Кейбiреулерге құбыжықтай көрiнетiн, Күнестiң айтуынша тiптi екi туып бiр қалған дейтiн туған сiңлiсi Сəкүнге дейiн сырттан ғайбаттаудан жағы сембейтiн, алабөтен түрi бар, еркекше киiнген Лағыл апасы мұның бiлуiнше жер бетiндегi екi қасиеттiң бiрiнiң, тiптi ол жалғыз болса, сол жалғыз қасиеттiң өзiнiң бас иесiндей. Туыс-тамырластығы жоқ бiреудiң баласын қыршын кезiнде аштық атты айдаһар тiстi ажал уысынан жұлып алып, өсiрiп, қатарға қосып, ол ендi мынадай ел басшысы атанып, дүркiреген күндерде не бiр мұң, не бiр өтiнiш айтып алдына келiп көрмегендiгi Хақаңның басына əртүрлi ой салатын. Қарымтасын қайтарып тауысу мүмкiн емес зор шарапатына қарлығаштың қанатымен су сепкендей де бiр өтеудi неге талап етпейдi? Хақназар өзiне солай сұрақ қойса да, оның жауабы да дайын күйiнде iшiнде бүркеулi жататын. Хақназар Лағыл апасының өзiнен бұрынғы өмiр тарихын ел сөзiнен жақсы бiлетiн. Лағылдың əкесi тақыр кедей емес, бiрақ
асып бара жатқан дəулетi де жоқ ортақол шаруа адамы екен. Сонда да екi ұлдан кейiн туған екi қызы – Лағыл мен Сəкүннiң қамын ерекше ойлайды. Ол заманның есебiнше оң жақта көбiрек отырып қалған аса көрiктi Лағылға құда түсушiлер келгенде олардың сiңiрi шыққан тақ-тұқ адамдар екенiне қара мастан тез келiсiмiн берiп, ақыры сүйiктi қызын өз шама-шар қына қарамай барынша шашылып, күмiстелген ер, қара жорға мiнгiзiп, мол жасаумен отаулап шығарады. Лағылдың күйеуiнiң түр-тұлғасы сай көрнектi жiгiт делiнгенмен мал берiп, қалыңдық алуға жағдайы жоқтықтан қырыққа дейiн жүрiп қалған кекселiгi бар едi. Əке-шешесi Лағылға құда түсуге келгенде бұйрықты болса кетпес деген тəуекелге ғана бекiнген. Əрi ақылды адамдар ғой, қызының да көп отырып қалғанын ойлар дескен. Шынында солай шықты! Лағылдың əке-шешесi күйеу баланы ұнатып, мал баққанға бiтер, тiршiлiк етсе аштан өлмес деп қарсы құшақ жаяды. Күйеу бала шынында көрiктi екен, оған тiптi Сəкүн де қызығып, құдалық, басқа да рəсiмдер үстiнде орынсыз сықылықтап, көлбеңдеп, өнегесiздiк жасапты деген сөз бар. Сонымен Лағыл ата-енесiнiң үйiне келiн боп барып, күйеуiмен тұрмыс құрып жатады. Құдай атқанда кексе күйеудiң бұрыннан iлiктесiп жүрген ашынасы бар екен. Бұл бiр байдың шодыр мiнездi кəрi қызы екен. Оны алар мұнда дəулет қайда, сол аптасында, айында бiр жолығысатын лəззат шақтарды ғана мiсе тұтып жүре берiптi. Ал Лағыл қолына iлiккесiн бұл басқаны неғылсын, байдың қызына қарай апаратын жолды да ұмыта бастайды. Қаны қайнап, басына бiр-ақ шыққан бай қызының бұған төзгiсi келмейдi. Таң азанда Лағыл күйеуi екеуi жатқан отауға ұрлана кiрiп барып, молдаға терiс дұға оқытқан бiр аяқ мұздай суды қаперсiз, тəттi ұйқының құшағындағы келiннiң жалаңаш денесiне ақтара салады. Күйеуiне де аздап шашырайды. Бiрақ ол атып тұрып кетедi. Ал Лағыл сол күйiнде жатып қалады. Бiраз уақыт өткесiн бұл орнынан тұрып, кенет бөлек мiнез көрсете бастайды. Кимешегiнiң бiр ұшын аяғымен басып тұрып, төрт елi етiп кестеленiп, əрi қымбаттық моншақ тастармен əшекейленген жағын қақ айырады. Үстi-басындағы киiмдерiнiң де дал-дұлын шығарады. Сандықтағы басы артық дүниелерiне де солай қырғидай тиедi. Шошынған күйеуi, ата-енесi бұған еш тоқтам бере алмайды. Тек өз əкесiнiң сыйлығы – күмiс шапқан
ерге де балта ала жүгiргенде сол балтасын ғана қолынан жұлып алуға шамалары жетсе керек. Дəмiл-дəмiл тауға қарай қашып, жоғалып кете бередi. Қолдыаяққа тұрмай еркек адамды көрсе мүлдем зəресi ұшып, құлындағы даусы шыға, безе қашатын болған. Күйеуiнiң, оның ата-анасының, барша жақындарының амал-айласы таусылып, ақыры Лағылды өз əке-шешесiнiң үйiне əкеп салысады. Əкесi молда шақырып, дұғадан жабысқан кеселдiң дұғамен бетiн қайтартпаққа əрекет жасайды. Тiптi кəрi молдаға осы қызымды емдесең өзiң əйел үстiне ал дегендi де айтады. Бiрақ молда оқып отырғанда, құраны қолынан үш рет түсiп кетiп, өзi талып қалады. Мынау менен əлдеқайда оқуы күштi адамның дұғасының нəтижесi деп, ол бас тартады. Басқа молдалардың да жүрегi дауаламайды. Ал Лағыл еркекше киiнiп, бұрын өздерiнше отау тiгiп, түтiн түтетiп, бөлiнiп кеткен екi ағасының үйiне келiп, солардың егiнiн егiп, тауда жатып алады. Бұл жерде Хақназардың ойына оралған жəйт, осы биылғы күздiң басында өзi таңғы алғашқы тауық шақырғаннан бұрын барып терезесiн тоқылдатып оятқандардың бiрi – Шəмiлбай Лағылдың сол екi ағасының бiрi едi. Шəмiлбай да, оның ертеректе қайтыс болған өзiнен үлкен бауыры да жалқау, шаруаға икемсiз боскеуде жандар едi. Маңдайынан бағы тайып, қай ғылы халге ұшыраған осы Лағылдың ғана күшiмен етек-жеңiн қымтап ұстайтын дəрежеге жетедi. Хақназардың жүрегiн əлдене шым еткiздi. Сол Шəмiлбай дың түн iшiнде итiн абалатып, бала-шағасымен аяғынан тiк көтергенде оның ауласында басқалармен бiрге жұмыс iстеген əлгi тобылғы реңдi келiншек есiне түстi. Оған деген разылық егер Хақаң ырық берсе мұның кеудесiнде табанда ұлғайып, шамадан тыс күш алып кететiн сияқты. Хақаң тек өзiне қа тысты мəселеде мейлi ол мың жерден бас айналдырар жұмақ болса да iштегi не пəленi де тежеп ұстауға дағдыланған. Апыр-ау, оған деген не разылық, ол қай дүниенi соншалықты қопарып тастап едi? Егер Лағыл апасындай бар қызықты тəрiк етiп, қара жердiң тоңын ояр қажыр-қайратымен көптiң кəдесiне ғана жараған жан болса бiр сəрi. Ойы тағы солай қарай ауа толқымақ едi, əлдене екiншi мəрте жүрегiн шым еткiздi. Бұл жолы тобылғы реңдi бойшаң келiншек жайына қалды, пайғамбар жасынан асқанша сөздiң реттi, ретсiзiн ажыратуды үйренбеген, кейде түйеден түскендей сөйлейтiнi бар Шəмiлбайдың сондағы бiр айтқаны кеудесiне
инеше шаншылды. Малды қар суымен суарып, құмда төлдетудi үйреткен бағзы күндегi бiр аруақты адамның «ұйқы – дұшпан» деп сабылып жүрiп, ақыры айдалада зəуiммен бiр тыныстаған шағында өзiн жылан шағып өлтiргенi туралы əңгiмесi сонда-ақ бұған жəйсiз тиген едi. Байқайды, сен сол адаммен тағдырлассың ба деп, аузын ашса көмекейi көрiнетiн Шəмiлбай екеш Шəмiлбай бiлдiрген күмəннiң өзi бiрте-бiрте шындыққа айналып алқымнан алатындай. Ол ұзақ алағызып барып, Лағыл апасы туралы қиял сорабына қайта түстi. Иə, Лағыл апасының сол мiнез өзгерiсiнен кейiн алғашқыда елден қашқақтап, жырақ жүруi əртүрлi қауесет те тудырады. Басқасы басқа, дəл алабөтен еркекше киiнуiне жұрт көзi оңайлықпен үйрене алмайды. Басына орамал тартқаны демесең кəдiмгi ерлер киетiн терi, не алаша шалбар, жарғақ тон, не белiн тас қып буған шидем шекпен мұның қысы-жазы үстiнен тастамайтын лыпасына айналады. Жақын-жамағайындар еңғұрмаса осы əдетiн тыйдыруға күш салады-ақ, бiрақ еш нəтиже өнбейдi. Жұрт арасынан безiнiп, бұрынғыдай еркек қараны көрсе адағайлап қашатын əдетiнен бұл кейiн келе арылады. Осы уақыттың iшiнде оның даусы жуандап, қамыт-сайман жөндеу, ағаштан ойып үй-тұрмыс бұйымдарын жасау, мал бағу сияқты iстерге əбден жаттыққаны, ал əйелге тəн iс-əрекеттiң бəрiнен бiржола ажырап болғаны айдан анық едi. Хақназар Лағылдың қолында тұрған жасөспiрiм кезiнде-ақ оның үй-iшiлiк тiрлiк-тынысы, салт-санасындағы өзгешелiк тердi таныған. Ол кезде Лағылдың бұрынғыдай елiрме, ожар мiнезi жоқ, кiм не өтiнсе ақысыз-пұлсыз соған жан-тəнiн салып iстеп беретiн дағдысы əбден қалыптасып үлгерген. Күн ұзаққа бас алмай бiреудiң бақшасының шөбiн отау, пiшенiн тасысу, кiрпiш қаласу, не баласын бағып беру (əйелге тəн iстерден айналысатыны аракiдiк осылай бала бағу ғана едi) мұның маңдайына жабысқан бас-аяғы таусылмас бейнеттей. Көрген күнi əлi сол. Хақназар оны мұндай жаны сiрiлiктен арылтуға талай рет күш салып бақты. Бiрақ адамның аңсары ауған ескi əдеттен қаншама тосқауыл қойсаң да бiржола бетiн қайтарып əкете алмайды екенсiң. Бiрер күнге бөгелгенмен ертеңiне сол əуенiне қайтадан түсiп жүре бередi. Хақназар əлденеден тағы ұзақ жабықты. Апыр-ау, кеше түнде ингуш жiгiтiнiң бұған кезенген пышағы сонау бiр заманда
Лағылдың жалаңаш денесiне құйылған мұздай суық судың керiн келтiрiп кеткен жоқ па? Бөлме толған жарық соның хас белгiсiндей. Дүр сiлкiнiп, басын жастықтан жұлып алды. Көрпенi лақтырып тастап атып тұрды. Мұның қимылын баққан қасындағы Күнестiң көзiн шалды. Соның қарасынан тезiрек құтылғысы келгендей апыл-ғұпыл киiне бастады. Өзiмде еш мiнез өзгерiсi жоқ па деп соны да тексергендей. Кеңсеге келдi. Кешегiдей емес, күн ашық болатын түрi бар. Клуб, кеңсе айналасындағы жапырағынан айырылған үйеңкi, қараағаштар да бiр жылылық күткендей ұйлығысып тұр. Өз кабинетiне кiре Айтық, Хакiмдi шақыртты. Хакiм жоқ екен, Айтық келдi. – Хакiм қайда? Айтық бүгежектеп жауап бердi. – Ана екiншi бригададағы Абыл егер Хақаң кеңседе болса тез келсiн дептi. Сосын оның не шаруа екенiн алдын ала бiлмекке Хакiм солай кетiп едi. Хақназар тағы да бiр анық зобалаңды күттi. Сонда да сыр бермей: – Не Абыл менi күн-түнi қанжығасына байлап жүрмек пе екен? – дедi. Айтық өз бастығының iшiн түйсiнiп тұр. Хакiм көп күттiрген жоқ. «Қызылтумен» екi араға атпен тез жүрiп қайтқан. Хакiмнiң жеткiзген хабары мынау: Кеше жұмыс атаулыны тəрiк етiп, үйлерiнде бұққан шешен-ингуштардың ат-арбаларына уақытша иелiк еткендер бүгiн де бригадир Абылдың нұсқауымен соларды қайта қолға алмақта базға шешен-ингуштар келедi. Күнделiктi өздерiне тиесiлi көлiктi басқалардың жетегiнде көрiп, олар ашық бүлiк шығарады. Абыл да оңай тентек емес, айғайлапұрандап, ырыққа көнбегендердi аудандық милицияға өз қолымен тапсыратынын, кешегi «прогулдары» үшiн əрқайсысына бес еңбеккүннен айыппұл салынатынын жариялайды. Бес еңбеккүн көбiрек, бiрақ Абылдiкi тəртiпке мойынсынбағандардың тəубасын есiне түсiрмек шара ғой. Тек бiр шегiнiсi тиiстi ат-арбаларды шешен-ингуштардың өздерiне қайтарыпты. Тап бүгiн Хақназардың олай аттап басқысы жоқ. Əзiрге бəрiн Абылдың өзi жайғасын. Тек аудандық милицияға хабарлауына тыйым салу керек. Өйтiп айғайға аттан қоспайық, ертеңгi күннiң əуселесiн кiм бiлiп кептi. Тағы да Хақназар шешiмi жоқ көп
сұрақтардың астында қалды. Кешегi бүлiк, бүгiнгi бүлiк, кешегi өзiне кезенген пышақ пен өзi ойсыз жұтып қойған Ауқынбайдың əйелi Жəмиқа əкелген май – ешқайсысы iрiлi-ұсағы жоқ кесекөлденең тұрған, қарсы қайрат қылмасаң алып жейтiн кесепатқа айналар пəленiң басындай. Ол алдындағы Хакiм мен Айтыққа ештеме айтпастан қабағы салбырап, макентошын жүре түймелеп, кабинеттен шықты. Өзiне көптен сырмiнез Ақтанау атын алдырып, «Жаңалыққа» қарай тартты. Аға, ұстаз Дəкенов бас-көздiк етiп келген «Жаңалық» бұл үшiн, ең бiр тыныштығы мол беймарал жатқан елдей едi. ТӨРТIНШI ТАРАУ «Шұбарда» қалған Хақназардың үй-iшi қалай тым-тырыс, ал сыртқы колхоз дүниесiнде адағайлап шыққан улыған-шулыған қалай көп болса Дəкенов барған «Көкорай» атты шаруашылықта бəрi керiсiнше едi. Тау бөктерiнен, Текелi аңғарынан оқтыноқтын соққан самал жел мұның үйiне қапелiмде бiр қап долы құйынын енгiзiп жiберiп, отбасы, ошақ қасында ойнақтатыпақ баққандай. Оны толастатарға қасы-қабағымен ел басқарып үйренген Дəкеновтiң де əккiлiгi оралымсыздық, дəрменсiздiк еттi. Ал өз табалдырығынан аттап шықса-ақ аспан мен жер шырайы, адам шырайы мүлдем басқаша. «Көкорай» тұрғындары Дəкеновтi жаман қарсы алған жоқ. Қайта Алатаудай атағы бар адамның өзi келiп, шашыраңқы колхоз тiзгiнiн темiрдей бiр қолға жиып алуын Қыдыр шалдың дарығанындай да көргендер бар. Бұл да үш колхоздан бас құраған шаруашылық едi. Олардың ешқайсысының бұған дейiн елге тұлға болған жетекшiсi кекiрiк аздырып, «əй, ерiм-ақ екенсiң» дегiзуге айла-амалы жетпедi. Қайта жылма-жыл еңбеккүнге ештеме айналдыра алмай, колхозшыларды үй iргесiндегi учаскесiне егетiн кəртөшке, жүгерi түсiмiне қаратып кеттi. Ал Əлiпбай Дəкенов пен Хақназар Халықбергенов басқарған колхоздардағы мол дəулеттiң дүмпуi мұндағы жұрттың құлағына əдемi ертегiдей боп құйылып жататын. Мiне, ендi «көкорайлықтардың» көктен тiлегенi жерден келдi. Сол Əлiпбай Дəкенов өздерiнiң бас қамқоршысы.
Шұбардағыдай келесi жылғы қызылша, астық, басқа да дақылдарды қалай орналастыру жөнiндегi облыстан, ауданнан келген жетi адамдық комиссия мұнда да жұмыс iстеп жатқан. Оларға септесуде, артық сөз, қимылға жоқ Дəкеновтың iскерлiгi айқын көрiндi. Əрi өз айналасына адамдар таңдауда да мұның қырағылығы ерекше едi. Маңдайларында жазулы тұрғандай-ақ арұятты, жұртқа сөзiн өткiзерлiк қауқарлары барлардың мəртебесi күрт өсiп жатты... Ел аралап жүрiп, бұрын ат үстi жұмыс дегендi бiлмеген қарапайым арбакештi тауып алып, бригадирлiкке ұсынғанда жағасын ұстағандардың түрiн көрсеңiз ғой. Кiлтшi, қамба күзетшiсi де осылай тосын адамдармен алмастырылды. Бұл кiсiнiң бiр бiлгенi бар деп, сонда да бəрi сенiммен қарасты. Ал үйiндегi жағдайды көрсеңiз ғой. Əйелi Аршагүл екi рет талма ауруы ұстап құлап қалды. Оның бiрiншiсi «Жаңалықта» қалған бұрынғы сұлу бухгалтер əйел Нұрбикенiң жылап-сықтап келiп-кетуiне байланысты едi. Келiп-кеткенде ол Дəкеновтiң үйiне кiрген жоқ, кеңсесiнде жолығып, бар мұңын сонда шақты. Нұрбикенiң сыпаттауынша Хақназар мен Айтық кезектесе тiзе батырғанда мұның шыбын жаны мұрын ұшына қонақтап отырады екен. Дəкенов Хақназардың мiнез-құлқын елестетiп, тiсiн қайрағанмен ай мен күндей ашынасына еш рақымшылық жасай алмады. Бұған себеп, өз зайыбының басындағы хал. Алда-жалда Нұрбикенi осында көшiртiп алып, кеңсе жұмысына қосса (бұл Дəкенов үшiн қиын емес) ашықтан-ашық өз қосағының намысын таптағандық емес пе?.. Ол ғана ма, өйткен күнде Аршагүлдiң денесiнде ауру қоздырған бұрынғы қылықтарын бетiң бар, жүзiң бар демей расқа шығарып, айдай əлем алдында өзi айғақтап бермей ме? Қазақтың найзасынан өсегi алғыр. Басшылық, кеңсе қызметiнде көп жүрулерiне орай қалыптасқан ба, Дəкеновтiң де, жұбайы Аршагүлдiң де бойларында ақсүйектiк нышандардың көптiгiнен бұлар үй iшi жұмысында көршi-қолаң əйелдерiнiң көмегiн көптеп пайдаланатын. Сұлу Нұрбикенiң келiп-кетуi Аршагүлге солардың сыбысы арқылы жеттi. Ал Аршагүл мен оның күйеуi арасындағы бiлтелi мылтықтай тарс бергелi тұрған дүрдараздықтан бейхабар олар Нұрбикенiң жылап-сықтаған түрiн бұрын-соңды көрмеген ерсiлiкке балап, бояуын қандыра суреттедi. Өзiн зерделi санайтын Аршагүлге оның келiп-кетудегi мақсатын, көз жасын көлдетуiн талдап жатудың қажетi жоқ
едi. Еркiнен айырылып, бойын қозба аурудың соққысына тағы да жеңдiрiп алды. Дəкенов дəрiгер шақыртуды ойлаған да жоқ. Оны Аршагүлдiң өзi де қаламайтынын жақсы бiледi. Тумысынан сүйектi, еңселi жаралған, өмiрi қыңқ деп, басы ауырып, балтыры сыздап көрмеген əйел ондайды басына келген ақырғы зобалаң деп те түсiнуi мүмкiн ғой. Мəселенiң көкесi екiншi ретте болды. Бұл жолы жылапсықтамаса да, бiрақ сұлу да нəзiк Нұрбикенiкiнен кем емес мұңмен Тұрдақын келдi. Бұл Нұрбикедей кеңседен қайтқан жоқ, Дəкеновтiң үйiнде бiрер күн жата-жастанды да. Ажырайып Тұрдақынның қасы-қабағынан көзiн алмаған Аршагүл оның тұнжыраңқы қалпының тасасында не жатқанын ажыратуға тырысып-ақ бақты. Ажыратқанда алғаш қарауылға алған нысанасы өзiне аян. Мұны Нұрбикенiң елшiлiгiнде жүрген адам деп қабылдады. Бiрақ бiрден тарс етпей соны ақырына дейiн болжап бiлуге қайрат жұмсады. Тұрдақынның толық қызыл жүзi де дiнге берiк екен. Əлiпбаймен шаруа жайын сөйлескенде тымырайып, бетiнiң бiр қылы да селт етiп бөгде еш нəрсенiң шиiн шығармайды. Екеуара сөздерiнен ұққаны Тұрдақынның осында көшкiсi келедi. Дəкенов ертеңгi күндi ойла, тiлеулес адамдардың ұялас күшiктердей бiр жерде ұйлыққаны бар жағдайда да тиiмдi бола бермейдi, көң тартсаң да сол орныңнан қозғалма дегендi айтады. Бұл əңгiменiң жалғасы, не Тұрдақынды осынау лайсаң күздiң күнiнде мұнда жетелеп əкелген құпия мəселе оңашада айтылатын сияқты. Аршагүл осыдан қатты күдiктендi. Бiрде шай үстiнде Дəкеновтiң көзiнше Тұрдақынды өзi сөзге тартты: – Тұрдақын қайным-ау, «Жаңалықта» қалған жұрттың бəрiнiң астынан су шыққан ба? Бұларың не сонша? – Су шыққан жоқ, жеңеше. Бiрақ анадай алайған көздердi көрiп, қашанғы шыдай бересiң? – Алайып, немене, сенiң қолыңдағы күрегiңдi тартып аламыз дей ме? – Күрегiңдi тартып аламыз демейдi. Бiрақ өз басыңды əлдекiмнiң иiсшiл итiнiң басындай көредi. Сөйтiп алаяды. Өз басын соншама кемсiте сөйлеген Тұрдақынды Аршагүл одан сайын жек көрдi. Дəкеновтiң алдында мұндай мiнезiн бұрын да байқағанмен тап мына жолғысы тұла бойын жиiр кендiрдi. Сонда да сыр бермегенсiп: – Өзiң жақсы болсаң басқалардың сенде не жұмысы бар? Олар да бiз көрмеген адамдар емес қой, – дедi.
Тұрдақын ендi қызуланып сөйледi: – Ау, жеңеше-ау! Анау бүкiл «Қызылту» шешен-ингуш, қазағы – бəрi қосылып, дүрк көтерiлiп олар жатыр. Қазiр Хақназардың қолжаулығына айналған, анау бармақтай ғана бойы бар Ауқынбайдың тұсында да ондай сұмдық болмап едi ғой. «Жаңалығың», əне! Ию-қию əңгiмеден жұрттың құлағы сарсып барады. Жарайды, мен-ақ жаман болайын. Ал анау «Қызылту» мен «Жаңалықтың» бүкiл жұртын не жын жайлап кеттi сонда? Жоқ, жеңеше, мынауың айналуға жер таппай тынысы тарылып келген неме екен. Тынысын кеңейтiп, былай, айт-шүу деп қоя бердiң бе бұл кем дегенде жарты əлемнiң тұнығын лайлап, əлемтапырық етпесе арғы қолыңды берi əкел. Жоқ, жеңеше, айтпады деме, сұры жаман мұныңның! Шошимын, шошығанда қатты шошимын! Не болса да пəлесi өзiмен кетсiн деп, ат-тонымды ала қашқаным емес пе? Дəкенов Тұрдақын сөзiнiң бар жобасы өз қалағанындай болмаса да «айта түс» дегендей дастархан басындағы бар сөзге кеңшiлiк жасап отыр. Аршагүл сəл бөгелiп: – Табылды не дейдi? Ол қалай шыдап жүр? – деп сұрады. – Ойпыр-ау, аузына майлы бөксе iлiнген адам не деушi едi? Жаурынына батса да қарын тоқтығын ойлап, тырп етпейдi ғой. Тұрдақын Дəкеновке керек жол сорабынан мүлдем айырылып қалды. Тiлiн жаттықтыра түсер ме едi деп қиялдады. Тамағын кенеп, сөзге тоқтау салмақшы едi, Аршагүл алдын орап кеттi: – Көкiректегiңдi айтпағасын көр жерде адасып тұрсың ғой, қайным, əйтпесе, тап сол Хақназар не ұран салса да жұртым аш болсын демейдi. Екi айдың жүзi болмай сенi осылай қуған ол не қылған көктен түсе қалған аштық? Не еңбеккүнiңе тиген үйдегi астығыңды тиеп əкеттi ме? – Ойбу, жеңеше, сенсең сен, сенбесең сенбей-ақ қой. Дəл төбесiнен түстiң! – деп Тұрдақын ендiгi сөзге жақсы iлiк табылғанына қатты қуана санын бiр соқты. Қызыл жүзi де одан сайын нұрланып сала бердi. – Дəл осы айтқаныңның өзi. Үйiмдегi астығымды тиеп əкетпесе де, тап соның керiн келтiрейiн деп жатыр. – Жə, болды... – деп аласа дөңгелек столдың төр жағында отырып, кесесiнiң түбiн оң қолының саусақтарымен қыса ұстаған Дəкенов бұдан арғыға тыйым салды. Отағасына деген наразылық көкiрегiн қанша кернесе де Аршагүл ол кездегi ең бiр зерделi, жасамыс əйелдер жетпей тоқтайтын шеңберден аттап көрген
емес. Қазiр де сөйттi. Əлекеңнiң зiлсiз бұйрығына бойсұнып, Тұрдақынды одан əрi сөз жарыстыруға шақырмады. Сонда да оның ауытқымасы көп сөзiнен өзiнiң о бастағы болжалының шындығына бетпе-бет бiр табан жақын келгендей. Сөйтiп, күдiк бұлты айықпады, қайта қоюлай түстi. Оның үстiне Əлiпбай мен Тұрдақынның оңаша күңкiлiнiң одан əрi көбеймесi бар ма? Оны Аршагүл күйек асты бiрдемеге ұқсатты. Задында қызғаныш, кикiлжiң атаулыдан ада, отбасы, ошақ қасындағы бұрынғы ұйыған айрандай тыныштық заманында Əлекең зайыбынан сыр жасырмайтын. Небiр хикматы мол шаруаларды қай мықтымен де тiзе қосып, талқылау үстiнде Аршагүл еркектердiң сөзiне көп араласпағанмен де мəселенiң шешiлуiне тап солардың өздерiндей мүдделi, əрi терезесi тең адамша қатынасып отыратын. Сөздiң, ойдың тұйыққа тiрелген шақтарында əйелдiк сезiмталдықпен, тiптi кейде ойнақы ерке мiнездiлiк те тауып, қарлығаштың қанатымен су сепкендей демеп те жiберетiн. Кiм кiм де Аршагүлдiң осындай қайрат-қасиетiн, амал-айлалығын үнсiз бағаласатын, iштей тəнтi болысатын. Тегiнде, Аршагүлдiң адамның сұңқарына лайық əйел деген атағы бұрыннан келе жатыр. Əлiпбай Дəкенов көтерiлген тұғырдың бiр аяғы сол Аршагүлдiң иығына сүйеулi екенiн көзбен көрiп, қолмен ұстағандай түйсiнетiндер де бар. Жар таңдай бiлу жiгiт үшiн бiрiншi сын десек Əлекеңнiң бұл мəселедегi мəртебесi сонау Жоңғар Алатауының ең биiк шоқыларымен бой таластырар едi. Ал сөйткен Аршагүлдiң табанының бүрi жоқ, тұрлаусыз Тұрдақын келгенде шетке ығыстырылуы қалай? Мұндай өзгерiстiң түп себебi жөнiнде жаңылыспадым ба деген бiр мысқалдай да күмəн-сұрақ жазған əйелдiң басына келмей, қарасын көрсетпей тым алыс айналып ұшты. Сұлу Нұрбикенiң айдай жүзi Аршагүлдiң көз алдында найзағайша жарқылдады. Дəкенов те, оның итаршысы Тұрдақын да сол найзағайдың бiр ұшы тиiп, қанаты, жал-құйрығы өртенген тiрi өлексеге ұқсады. Iштегi жегi құрттың жаңа қозғалысы осыдан басталды. Ақыры Тұрдақын кеткен күннiң ертеңiне Аршагүл тағы талып түстi. Бұл жолы Дəкеновтың өзi де шошыды бiлем, жоқ, бiр шарасын iстеу керек шығар деп, ақыры аудан орталығынан дəрiгер шақыртуға тəуекел еттi. Өмiрi басы ауырып, балтыры сыздап, бiр адамға тамырын ұстатып көрмеген əйел ақ халатты бейтаныс адамды көргенде бұрын-соңды болмаған сұмдық қорқыныш
қол-аяғын селкiлдетiп əкеттi. Ол кезде ауыл қазақтары есi ауған адамды жындыханаға өткiзедi екен деген лақапты оқтын-оқтын естiп қалатын. Ол қандай жындыхана, оған кiм түсiп жатыр, оны ешқайсысы көрiп бiлмесе де сондай атаулы «мекеменiң» барынан бəрi хабардар-ақ. Аршагүл өз күйеуiнiң қиядағыны шалып, алыстан ойлай бiлетiнiн ерте-ақ таныған. Мынау ақ халатты адамды оның сол көптен көздеген айласының iске асардағы сұрқындай қабылдады. Қызғаныштан сау адамның да көзi қарауытады. Ал қалай да денсаулығының бiр тиегi босаған Аршагүл үшiн ол қара аюмен алысқаннан да бетер едi. Ешкiмге ие бермей аттан салып бақты. Жындыханаға өткiзiп, өзiнен бiржола құтылмақ болған күйеуiн тұла бойы тыжырынып, өмiрiнде тұңғыш рет сұмдық жек көрдi. Ендi бай да емес, бақ та емес, Аршагүлге бас қорғау керек едi. Дəкеновтiң де жiгерi құм болып, iштей үгiтiлiп кетуге шақ тұрды. Бiрақ бастаған iстi аяқтау шарт. Дəрiгер шақырылғасын бұл iстi ақырына дейiн жеткiзу керек. Аршагүлдiң аяқ-қолын бiрдей жұмсап, көрсеткен қарсылығына қарамай, көп болып қимылдасып, аудан орталығындағы ауруханаға қарай жөнелтiп салысты. Дəрiнiң күшiмен онда бiраз саябырсыған едi. Дəкенов күнде барып, халiн бiлiп тұрды. Бiр жолыққанында Аршагүлдiң тыныш, сау қалпын пайдаланып, оған асықпай əбден жазылып шығуға кеңес еттi. Аршагүл мұны да асқан күдiкпен қабылдады. Мынау төрт қабырғаның ортасында өзiн қамаудағы адам ға ұқсатты. Əрi Дəкеновтiң қысыңқы көздерi мен үлкен қыр мұрнынан айласы əлi толық жүзеге асып болмаған адамның сабырлылығы мен салқынқандылығы танылатындай едi. Аршагүл аудандық ауруханада жатып қалған бiрер аптаның iшiнде бұл өңiрдi белуардан қар басып салды. Үндемей келiп, қалың тонын кигiзе салған Жетiсудың дағдылы қысы. Қар жауардың аз алдында жауын-шашын толастап, тiптi күн де жылынып сала берген. Жаз қайта шығардай арқа-басты кеңiткен нағыз жайма-шуақ шақтың өзi туған. Сондай күндердiң бiрiн өткiзiп барып, ертеңiне ұйқыдан оянған жұрт ақ мамыққа бөленген туған өлкесiн танымай да қалғандай. Жел де жоқ, бұлт та жоқ, осынау күнi жарқыраған ашық аспан астында мынау қалың қардың қайдан келгенi түсiнiксiз де сияқтанған. Аурухана терезесiнен сыртқа қараған Аршагүлдiң өзiне кiшкентайдан таныс қыс көрiнiсiнен бойына бiткенi бар
əйелдей басы айналды. Бiрақ бұл ұзаққа созылған жоқ. Барабара терезенiң ашық көзiнен соққан қар лебiнен қайрат жия бастады. Дəкеновке ұқсас кесек қыр мұрнынан жоғарырақ өткiр көздерiнiң айналасында батыл əрекетке бел байлаған адамның нышаны айқындала бердi. Күн тимей, жел қақпай бiраз уақыт жатып қалғасын да тəнi тазара түскендей жүзi бозғыл тартқанмен соның тасасынан денi сау кезiндегi қалың қайраты қара күреңiтiп атойлап шықпақшы екенiн көреген көз жаза баспай таныр едi. Қар жауып, шана жол түскесiн Қарабұлақтағы аудандық ауруханаға төңiректегi колхоздардан қатынаған адамдар бiршама көбейдi. Келетiндер көбiне ескiлiктi ауруы барлар. Алып-жеп бара жатпағасын олар əдетте осылай науқандық жұмыстардың түгесiлiп, жүруге ыңғайлы шана жолдың түсуiн күтiп жата бередi. Мiне, Аршагүл де осыны пайдаланды. «Есiң барда елiңдi тап» деген. Бүгiн мынадай өнер шығарған Дəкенов ертең басқаға да барады. Сан жылды бiрге кешiп, өмiрдiң ыстық-суығын бiрге өткерген жар-қосақ ендi өз үйi, өлең төсегiнiң қасынан дəрiгер əкеткен күнгi құбыжық қалпында бiржола қатып, сiресiп қалғандай. Өздерi көшiп барған «Көкорай» мен «Шұбардың» аралығындағы кеңiстiкке жерi орналасқан, осы аудан орталығынан таяқ тастамдай ғана қашықтықтағы «Жамбыл» колхозынан келген бiреудiң шанасымен кете барды. Дəрiгерлердiң босатқан еш рұқсаты жоқ, өзi амалын тауып қашып шықты. Атағы жер жарған Дəкеновтiң əйелi ғой, əрi өзiнiң де сөзi өтiмдi жан, «Жамбыл» колхозынан осында ауру əкелген колхозшы адам, мынау қыстың көзi қырауда Аршагүлдiң тiлiн алып, оның тоңып қалмауы үшiн ауруханада қалдырылған ағайынының барлық жылы киiмiн үстiне жауып, өз аулына жақсы жағдайда қастерлеп əкелдi. Аршагүл дереу өзiн сол колхоздың кеңсесiне апаруын өтiндi. Мұнда ол телефонның құлағын бұрап, «Шұбарға» звондады. Аршагүлдiң туыс атаулыдан бары «Шұбардағы» бiрiншi бригаданың бригадирi Жазылбай едi. Туыс дегенде екi туып бiр қалған емес, аталас ағайындардан тарайтындықтары ғана бар. Басқасы жоқ болса қарға тамырлы қазақ осындай iлiктестiктiң өзiн керек кезiнде дүниедегi асылындай қадiрлейдi ғой. Аршагүл телефон арқылы Жазылбайға зар илеп, мұңын шақты. Мына Дəкенов «су аяғы құрдымға», «жындыхана» атты пəлекетiне бiржола жiбермей тұрғанда келiп өзiн алып кетуiн өтiндi.
«Шұбар» да аудан орталығынан қашық емес. Сəл күтсе ол жақтан да ауруханаға бiреу қатынап қалар ма едi. Бiрақ үстiнде киiмi жоқ, қашқын күйiнде ол жақтың тiрi пендесiне көрiнгiсi келмейдi. Өзiн Қарабұлақтан осы «Жамбылға» əкелген, əрi жұрт көзiнен тасада телефонмен сөйлеттiрген колхозшыға тiсiнен сыр шығармауы үшiн артық-кемi жоқ бiр сойыс малын уəде еттi. Ол бейшара онсыз да Аршагүлдiң бар өтiнiшiн орындауға əзiр едi. Жазылбай Аршагүлдiң сөзiн естiгенде талып түсе жаздады. Еркектiк қайраты, көптi көрген əккiлiгi ғана там-тұм медеу болды. Аршагүлге не олай, не бұлай дей алмай, тап сол күнi кешкiсiн өзiнiң «Жамбылға» жететiнiн ғана айтып, ешқайда қозғалма, сонда бол деп тапсырды. * Осыдан айға жуық уақыт бұрын Тұрдақынның «Көкорайдағы» Дəкеновтiкiне келiп, Аршагүлмен сөз алмасуы үстiнде «Хақназар үйiмдегi астығымды тиеп əкетпесе де тап соның керiн келтiргелi жатыр», – деп шағымдануы көктен түсе қал ған сөз емес едi. Сұраусыз кетер дүние жоқ. Бұл шындық, əсiресе, Хақназардың қоластында қалған «Жаңалық» пен «Қызылту» тұрғындарының қабырғасына батты. Колхоздарды iрiлендiру, мансап таласы кезiнде жұрттың аузын алу, əрi жоғарыдағыларға көз қылу үшiн артық жомарттық жасап жiберген Дəкенов пен Ауқынбай қылықтарының мəн-мағынасы ендi ғана жалаңаштанып жатқан. Əдетте астық орылып бiтетiн күз айының алғашқы жартысы-ақ түйенiң қарны жарылатын кез, колхозшылардың ең бiр аузы аққа жарыды дейтiн де осы шақ. Қолда бар жалғыз-жарым сиырдың айраны молырақ қатылып, қазан-қазан бидай көже асылып, жаңа астықтың нанынан ауыз толтыра асайтын да жағдай осы күндерi туады. Егiн орылып бiтер-бiтпестен-ақ колхоз бухгалтериясы оның шығымдылығына қарай басқарма мүшелерiнiң келiсiмiмен əрбiр еңбеккүнге шағылатын бидай мөлшерiн белгiлейтiн. Сол мөлшермен колхоз мүшелерi аванс есебiнде өзiне тиiстi бидайын орталық қамбадан қап-қап қып əкетiп жатады. Бұл күндерi жұрттың барлық тыныс-тiршiлiгi, қуаныш-күлкiсi əдетте кең дарбаза етiп қоршалатын осы орталық қамбаға көшедi. Қос ат жеккен екi көлiк қатарласа еркiн енетiн кең есiгiнен кiргеншыққан дөңгелек шиқылы, айт-шүулеген еркек-əйелi аралас, қолдарына ұзын шыбыртқы ұстаған арбакештер даусы мейрам
дабылына айналады. Ақ түтек шаң да осында. Бiрақ ол қолқаны қаппайды. Қайта хош исi мұрын жаратындай. Осы екi-үш аптаның iшiнде «абансаңды алдың ба?», «абансаңа қанша тиiптi?» деген сөздердi айтпайтын да, естiмейтiн де жан баласы қалмайды. Бiрiн-бiрi торқалы той үстiнде көрiп жамырасқандай дауыстары да шыңылдап, тым ашық, жарқын шығады. Ендi қайтсiн, көбiне бiр iшек боп жаратылған олардың «тоқшылық», «баршылық» дегеннiң не екенiн де түйсiне тiнi осы кезең. Бұл əрi қызылша қазу, жону сияқты қауырт нау қанның тауқыметi бастала қоймаған, арқа-басты кеңiрек ұстауға аз күндiк мұрша бар шақта өтетiндiктен жайбарақат, көтерiңкi көңiл-күйдi одан əрi үстей түсетiн. Бұл аванс негiзiнде колхозшылардың сол күз айына дейiнгi еңбегiне шағылатын. Ал жыл аяғындағы есеп айырысуда қалған үш-төрт айда жазылған еңбеккүннiң ғана өтеуi өтеледi. Үш-төрт ай дегенмен оның қант қызылшасы қазылатын отызқырық күнiнде ғана қол күшi барлар опырып еңбеккүн табады да қалған уақытта, əсiресе, қыс қары түсе колхозшы ер адамдардың денi, ал əйелдердiң барлығы үшiн жұмыс доғарылатын. Сосын да жылдық есеп шығарылғасынғы айналатын астық аса көп болмайтын. Əйткенмен, əркiмнiң өз қамбасындағы алтындай дүниесiне аз-кем ырзық қайтсе де қосылушы едi. Мiне, биылғы жыл да аяқталуға жақын. Тұрдақынның «Көкорайға» сол жолғы келiп-кетуi қарсаңында «Шұбардағы» колхоз кеңсесiнде бүйiрден қыстырылған тосын бiр мəселенi шешуде ақыл-айла iздескен iрiлi-ұсақты басқосулар, мəжiлiстер көбейiп кетiп едi. Бұл сол баяғы Дəкенов пен Ауқынбай жомарттығының шұбалаң құйрық нəтижесi. Күз маусымына дейiнгi еңбеккүндерiне бес, алты килограмнан колхоз астығынан қарбытып асап қалған «Жаңалық» пен «Қызылту» тұрғындарына жыл қорытындысында бiрдеме iлiнбек түгiлi өздерi борыштар болып қалатыны анықталған едi. Борыштар болғанда анаумынау емес, алған аванстың үштен бiрiндейiн колхоз қамбасына қайта апарып төксе артық емес. Ауданнан ревизор да келдi. Айтық бастаған комиссия (комиссия құрамында «Жаңалық» пен «Қызылтудың» да өкiлдерi бар) ағымдағы жылдың есеп нобайын оның алдына жайып салды. Мұнда еш қателiк жоқ екен. Ревизор бас шұлғып қайтып кеттi. Əрине, колхоз басшылары жұрттың алған астығының бiр бөлiгiн орталық қамбаға тасытпақ емес, ол алдағы жылдың
табысынан ұсталады. Тiптi, облыстық, аудандық мекемелердiң табалдырығын тоздыра жүрiп, Хақназар бастаған адамдар тiлiн де, беделiн де жұмсап, артық үлестiрiлген бидайды жарымжартылай, тiптi қолдан келсе түгелдей де шығынға жатқызуға да күш салмақшы. Бiрақ əңгiме онда емес. Жалақы қорынан ана екi елдi мекендегiлерге ештеме тимейiн деп отыр ғой. Оны тек «Шұбар» тұрғындары ғана үлеседi. Мұны жұрт қалай түсiнедi? Дұрысынан ба, бұрысынан ба? Алтын күзбен бiрге ашық күнгi найзағайдай болып, төбелерiнен төгiле салған көл-көсiр молшылық қуанышы, сол қуаныштың дəмiн татып қалған көңiл делебесi ендi су сепкендей басылып, iрiленген жаңа колхоз басшылары оларға əзiрейiлдей көрiнбей ме? Жоқ, күтпеген олжадан «бұл не деген батпан құйрық, жол үстiнде жатқан құйрық» деп, қанша айлалы дегенмен хайуан аты бар түлкi екеш түлкi де күдiк тенiптi дейдi ғой қазақ. Сондай бiр күдiк олардың да басына ақыл салар ма екен? Осындай бiр-бiрiне кереғар екi сұрақ мазалаған хал «Шұбар дағы» бес басалқаны бiраз күн матап, шырмауында ұстады. Атқамiнерлiктен аулақ қалғанына өкпесi қара қазандай, бiрақ сауысқандай сақ, «Жаңалықтағы» Тұрдақын осының бəрiн айтақатесiз танып, мұқият есепке алып жүрдi. Сол жолы Дəкеновке келгенде оның түрiк құлағына құйған ең маңызды жаңалығы осы. «Қызылтулықтардың» колхозға берешегi мұнан да көп болмақшы екен. Бiрақ бəз бiр тосын оқиға олардың жағдайын жеңiлдетiптi. Баяғы Зайпулла атты қарақшының қамалуына байланысты үйлерiнде жатып алған шешен-ингуштардың нарызылығына орай оларды басқалармен алмастырмақ болып, баршаны дүрк көтерген Хақназар мен Абыл əрекетi бригаданың iшкi жағдайы үшiн текке кетпептi. Сол күннiң ертеңiнде өздерiне тиген ат-арбаны айдауға, жұмыс орнын басуға келген алаңсыз қазақтар мен жатып тұрған «өкпешi» шешен-ингуштар арасында шарт та шұрт кикiлжiң туғанмен, бəрi реттеле келе бұл кикiлжiңнiң бiр игi жалғасы шаң бере бастаған. Ол «бəсеке» атты жын қоздырғыш пəле едi. Бiрақ бұл жолы оны жақсы мағынада атаған абзал-ақ. Ол кездегi қарапайым колхозшылар үшiн тұрақты, əрi көрнектi жұмыс даңғыратып, пар ат жеккен арба айдау. Ол бəрiне бiрдей жете бермейдi. Ендi сол «пышақ үстiнен бөлiнiсетiн мансап» үшiн талас бұлардың өзiн-өзi қамшылап отыруына мұрындық
болыпты. Құнарлы топыраққа түскен дəн өнiм бермей қоймайды. «Қызылту» «Жаңалықтай» емес, «Шұбармен» iрге тиiстiрiп тұр. Түбiнде бұл екеуiнiң қосылып, бiр ауылға айналатыны орталықтың бас жобасы жасалмай-ақ Хақназарларға аян едi. Бiрақ қазiрдiң өзiнде колхоздың гараж, қырман, шеберхана сияқты шаруашылық орындарын орталықтандыруға «Жаңалық» тұрғындарынан гөрi жақын болғасын да «қызылтулықтар» көбiрек қатыстырылатын. Бұл қол күшiнiң бұл маңда кеңiрек қамтылуын қамтамасыз еттi. Əрi əлi де бастықпаған асаудай болмашыдан көпiршiп, қан түленетiн содыр жаратылысының нышан-белгiлерi ара-тұра бiр қылаң бергенмен сол шешен-ингуштардан кей-кейде «айтшүу» десең ытып тұратын жаңа мiнез-құлықтың да там-тұмдап шет-жағасы бiлiне бастаған. Мiне, Хақназар мен Абыл сол жаңа мiнез-құлықтың түп тамырынан қолды бойлата мықтап ұстағысы келдi. Анау-мынау ұсақ кикiлжiңдi елемей, ал еңбек үстiндегi əрбiр ұқыптылық, жинақылық атаулының шаш бауын дуылдата, думандата көтеруге күш салды. Бiр жақсысы, шешенингуштардың бiразы ондайға көңiл қойғыш, бой алдыр ғыш екен. Осының бəрi «қызылтулықтардың» жылдың қалған мез гiлiнде өз атына жазылатын еңбеккүн көлемiн едəуiр көтерiп тастауына жағдай жасады. Бұл колхозға берешек астық мөлшерiн едəуiр құлдыратты. Бiрақ бəрiбiр жылдық есеп қорытындысы оларды жарылқай алмайды, аз да болса берешексiң деген атаққа қалады. Ақыры «əкесi өлгендi де естiртедi» дегендей бұл хабарды да жариялауға тура келдi. Жылдық қорытынды бойынша белгi ленген жалақы қоры тек шұбарлықтарға бөлiндi. «Қызылту» жағынан пəлендей бiр-бiрiнiң бүйiрiн қоздырған қозғалыс байқалған жоқ, ал үшiншi бригада – «Жаңалықтан» қыс қары тау мен даланы мықтап бүркеп жатқан жаңа жыл қарсаңында ау дан ға отыз адам қол қойған табаны күректей арыз түстi. Мiне, соңғы кезге дейiн аға, ұстаз Дəкенов бас-көздiк еткен, Хақназарға ең бiр тыныштығы мол беймарал елдей көрiнген «Жаңалық» тұрғындары да алғашқы қарқында-ақ осындай мiнез көрсеттi. Арыздың мазмұны «бiзде Дəкенов тұсында астық көп едi, оны шұбарлықтар, олардың төл басшылары өз пайдасына жаратып кеттi». Мiне, Дəкеновтiң əйелi Аршагүлдiң қоңырауы Жазылбай туысқанына тап осы күндерi жеттi. Алғашында Жазылбайға Аршагүлдiң өтiнiшi ерте замандарда ел таразысын аңдамай сүйiспеншiлiктiң құлы болып, ру мен рудың арасында аласапыран майдан тудырған аңғал жастардың қылығына ұқсады.
Хақназарда да тiл мен жақ бар, жаңағы арыздың түп-төркiнi бiр кездегi Дəкенов қолданған айла-амалда жатқанын алғашқы күнi-ақ айтып шыға келген. «Дəкенов сөйткен» деп, ашықтанашық айғайламаса да (Дəкеновтiң есiмi аталған тұста өзiн кiшiк ұстайтынын бұл жолы да көрсеткен) тиiстi тексерушi адамдардың құлағына мұқияттап құйған. Оны қиырдағы Дəкеновтiң де сезiп жатуы əбден ықтимал. Бiр кезде қайта көрместей есiктi тарс жауып кеткен, көңiлiнде қыжыл бар Дəкеновтiң қойнындағы əйелiн ай-шай жоқ тапатал түсте осында алдырып алса мұның арты неге соқ пақ? Үй болғасын шыны-аяқ сылдырамай тұрмайды. Бала-шаға емес, қырық жыл отасып, қыңқ дегенi естiлмеген үлкен шаңырақ иелерiнiң бiр түсiнiспеушiлiгiн айдаладағы шұбарлықтар бұлай дамытып əкетсе пенденiң мықтысы Дəкенов қалай қарап жатады. Жазылбайдың өз туысқаны – Аршагүлдi Шұ барға əкетуiнен хас зұлымдықтың нышанын көрмесе де сыныққа сылтау етiп шыға келмесiне кiм кепiл? Мiне, осындай сұрақтар Жазылбайдың басына бiрден ұрды. Сол сұрақтарымен ол Хақназарға келдi. Хақназар өзiн жылан шаққандай бажылдады. Ақыры, екеуi ұзақ кеңесiп, Жазылбай Аршагүлдi қалайда «Көкорайдағы» өз үйiне апарып салатын болды. * – Саймасай! Тау қиясында қалың қарды тiзесiнен бүркенген топ қарағайдың тасасынан естiлген бұл дауыс көңiлдiлiк белгiсi. «Қарқ» деген қарға даусымен қабат шықса тiптен құлаққа жағымды. Бiрақ Саймасай жақтан жауап жоқ. Сiлтеп жатқан балтасының да дыбысы бiлiнбейдi. Қарағай əзiрлеушiлермен келгенiне бiр жұма асса да басқалардың iстегенiнiң төрттен бiрiн тындыра алмаған ол бүгiн аса көңiлсiз. Тiптi сiркесi су көтермейдi. – Саймасай! – Əй, ол бейшараны қинап неғыласыңдар-ей! – Бұл Сүгiрбектiң даусы. Иығында, етегiнде қос қарыстан жыртығы көрiнген қысқалау жарғақ тоны бар, басында ши барқытпен тысталған қара елтiрi тымағы қауқиған, қалың терден жүзi айғыз-айғыз ол Далабайға жақын жерде балтасын сiлтеп жат қан. Далабайда да бəтуа жоқ. Саймасайды мазалауын сəл қойған болады да, екi-үш қарағайды құлатып, бұтақтарынан жып-жылмағай етiп
шығарғасын өз құрдасын дауыстап қайта iздей бастайды. «Əй, саған осы құрдастыққа лайық па?» деген сөздерге де қыңбайды. Қызу жұмыстан тұла бойынан буы бұрқыраған Далабайдың көңiлi күнi бойы тасып-төгiлiп, сақылдап қайнап тұрған қара қазан сияқты. Онсыз да қысыңқы көздерi күлгенде одан сайын жұмылып, көрiнбей кетедi. Қысы-жазы күнге күйiп тотыққан бет терiсi жақ сүйегiне жабысып, пышақ жанығандай жылтырайды. Бұл ұзын бойлылау, бiтiм-пошымы əр нəрсеге көнтерiлеу, сабырлылау көрiнгенмен əзiл-оспақ десе iшкен асын жерге қоятын нағыз қылжақбастың өзi. Мұның осында келгелi мықтап ұстасып жүргенi Саймасай. Далабайдың назарына əуелгiде оның өзi сұранып барып iлiккендей едi. Алғаш келген күндердiң бiрiнде кешкi отырыста əлдеқалай осы маңда адамға шабатын жынды аю бар деген лақап еске алынған. Əдетте аю дегенiң қара басына, не қонжықтарына қауiп төнетiндей жағдайда болмаса екi аяқты атаулыға өз бетiнше соқтықпайды, қайта ондайдан бойын аулақ салуға бейiм, бейбiт мiнезi басым хайуан екендiгiн мұндағылардың көбi бiлетiн. Ал жаңағы еске алынған ашынған жынды пəлекет адам исiн сезсеақ iздеп жүрiп табады екен. Көптi көрген көне көз сұңғыла Сүгiрбектiң өзiмен бiрге қосауыз мылтық алып шығуы соңғы бiрер жылдың əлетiнде осы лақапты бұл жаққа қатынаған кейбiреулердiң растауынан едi. Мұндайлық əңгiме Саймасайға сол аюдың тырнағы көкi регiне сақ етiп тигендей əсер еттi: – Жынды аю? Осы маңда ма? Жұрттан бөлек шошынған Саймасайдың түрi қызық көрiнген. Жақ терiсi жоғары ысырылып, екi көзiнiң айналасына жете жиырылып қалыпты. Қос жанарының да жан-жаққа жүйтки қарасы жаман. Əлдекiмдер тұс-тұстан қаумалап, қарақұрымданып, жiгi ашылмай тұр, əйтпесе жабыса жаратылған ет пен сүйектен бөлiнiп, бозша торғайша ұшып жоғалатын сияқты. Шарасыздық қос жанарда ғана емес, маңдай сүйек, одан шықшыт, жұтқыншағы адырайған жiңiшке мойын арқылы төмендеп, екi иыққа дейiн жетiп селкiлдете бастады. Ендi-ендi еңiреп жiберетiн адамның анық түрi бар. Сүгiрбек те, Далабай да Саймасай туралы əңгiмелердi бiлетiн. Бiрақ онымен тап бұлай бетпе-бет келiп, қыр-сырын таныған жерлерi жоқ. Жас балада болмайтын үрей мұның кескен теректей кеудесiн кеулеп кеткенiн аңғарғанда сол көргенi көп Сүгiрбектiң өзi жаман таңырқады.
– Иə, жынды аю! – дестi Далабай, тағы бiреулер. – Онда бiз мұнда неғып жүрмiз? – Ендi қайда бар дейсiң? – Ойбай-ау, ол аю бiзге шаппай ма ендеше? – Е, өзектi жанға бiр өлiм, шапса қайтемiз? – Апыр-ай, сiздер былқ етпейсiздер ғой, тегi. Мен... Мен... – Əй, сонда осы жұрттың бəрiнен сенiң жаның əулие ме? Бұл сөздi айтқан Далабай да, басқалар да Саймасайға жанжүрегi жоқ, темiрден жаралған дүниелiктей қарауытып көрiне бастады. Мұның ендi өзi болып бас қорғамасқа амалы жоқ. Бəрiнен жаным əулие деуге табаны тайғанақтағандай тегеурiнi жетпедi. – Жынды аю деген жаман ғой. – Жынды аю бар екен деп, ендi қатын-баламызды асырамаймыз ба? Əне, абансаңа көп алып қойыпсыңдар деп, екiншi бригаданы, бүкiл «Қызылтуды» жыл қорытындысында қарыз қып қойып отыр! «Жаңалықта» да солай дейдi. «Шұбар» да солардың маңында. Бiз тырбанбай ендi кiм тырбанады? Сенiң үйiңде аузын ашып отырған ешкiмiң жоқ, жаныңнан қорықсаң жөнiңдi тап. Шегiрткеден қорыққан егiн екпейдi. – Далабай-ау, аю аю да, шегiртке шегiртке ғой. – Əй, қарағым, – дедi мiсесiне сыймаған Сүгiрбек. – Аю келсе iштегi бiздi не қылсын. Ең алдымен ана далада түнiмен ашық аязда тұрған Мырзабектiң биесiн жейдi. Сен қорқатын ештеме жоқ, тыныштық бершi, былай. Мырзабек мұнда өзiнiң жекеменшiк биесiн шанасына жегiп келген. Күндiз онысын оты мол тепсеңге арқандайды да, түнге қарай бiр дорба ғана жем берiп, палаткаға таяу байлап қояды. Бұдан кейiн де бұрыннан келе жатқан лақаптың етек-жеңiнен жұлқылап, əрқайда бiр тартқан бiраз хикаяттар өрбiдi. Бiрақ ешқайсысы Саймасайды саябырсыта да, қанағаттандыра да алған жоқ. Тамағынан ас та жүрмей қалды. Əрi түнiмен ұйықтамай тiсi сақылдайтын мiнездi қоса жапсырды. «Алтын шыққан жердi белден қаз» дегендей Далабай Саймасайдың осы жаратылысынан қармақ салуға жарамды көп иiрiмдердi танып, соған аңсары ауды. Сол күннен бастап, Саймасай күндiз баласы қалыңға қарай жалғыз беттеудi қойды. Жұрттың жүрiп өткен жолынан ғана кесетiн қарағай iздеп, əр түпке бiр барып тiмiскiлене бередi. Бұл Текелi қаласынан көктей өтiп, суық соққан шығыстағы қарлы шыңдарға қарай Шажаның суын бойлай өрлегенде ат-
шанамен бiр күнде барып жететiн тау қуысындағы қия тұс едi. Əлi қанша жүрсең де бiр-бiрiне иық артып жатқан таулар таусылмайды, тек сонау Қытай шекарасына тақағанда ғана құмды дауылда болдырып шөккен түйедей мойнын ұзынынан салып барып бiтедi. Шығыстағы қарлы шыңдардан ауық-ауық соғатын суық осы маңнан өткенмен ықтасыны мол мынау қалың қарағайлы иiнде лүп еткен жел жоқ. Инесi қураған сары ала шашты орман арасы дүние мұңынан аулақ ерекше бейбiт тыныштықты атам заманнан сақтап келе жатқан, тек құлаққа естiлер-естiлмес ескiлiктi күй ырғағы ғана хош иiстi ауасында, аяқ бассаң сықыр-сықыр ететiн қалың қарында, құшақ жетер-жетпес дiнi жуан қарағайларының болмысында неше қат болып iркiлiп, сығымдалып қалған сияқты. Оған тек ұзақ, қарғалардың даусы ғана күйсандық үстiнде жорғалайтын саусақ ұшындай тиiп, тас қып буылған үн аузын əр тұстан бiр ашып, ақтарып кететiн сияқты. Ал мына балташылар келгелi сол томаға-тұйық үн дүниесi мүлдем басқа ырың-жырыңмен алмасып, азан-қазан болып, июқиюы шығып жатыр. Тапа-тал түсте, ел аман, жұрт тынышта, ақсақал-қарасақалы түгел көптiң ортасында көздiң жауын алатын ескiлiктi қымбат дүние-күйсандық талқандалғандай. Аюдың жұмсақ табанынан басқа ешнəрсе тимеген жүз жылдық қарағайлар темiрдiң өткiр жүзiмен тамырынан бөлiнiп, жаратылғалы бергi сырлас-мұңдас көршi-қолаңдарын құшақтай, тiлiн кəлимаға əрең келтiрiп, «ах, дариға құдай» деп, құлап түсуде... Мұндай ел көзiнен аулақтағы жұмысқа кiм-кiм де ең бiр ескi-құсқысын киiп келедi. Далабай да солай. Күпəйкесi, оның сыртынан киген брезент күпiсiн өзiмен бiрге алып жүргенмен үйiлген қарағай бұтақтарының үстiне тастайды да күнi бойы оның маңына жуымайды. Ол өзiн қорғайтын жылу көзiн дене қимылынан ғана емес, iшiн тесiп бара жатқан əзiл-оспақтан да табатын сияқты. Бұған қой-қойлаған Сүгiрбек осы сырғауыл дайындаушылардың жетекшiсi ретiнде келген. Жамауы жалбыраған ескi қаудырлақ тонын ауық-ауық бұл да тастағанмен бiр кезде белiнен шойырылып ауырғанын еске алып, қайта киедi. Басқаларға ұйытқы болайын дей ме, жасының егделiгiне қарамай өнiктi қимылдайды. – Саймасай! Əй, қаншауын жайратып тастадың? Еңғұрмаса мына ақсақал адам Сүкеңнен қалыспасаңшы! – деп айғайлайды Далабай.
Белуардан қар, əр ит тұмсығы батпас қалың орманның iшiнде көрiнбей кеткен Саймасайдың үндемей құтылғаннан басқа амалы таусылғандай. Бұл екi құрдассымақ кешкi ас үстiнде бiр-ақ ұшырасты. Саймасай Далабайдан бiрдемесi жұғып кетердей қашқақтайды. Ауқат жасағанда да одан аулағырақ отыруға тырысады. Қазiр де солай. Еденiне малшылардан қалған қырық жылғы ескi қос туырлығы төселген брезент палатканың iшiне сырттағы тас ошақтың үстiнен дəу қара қазан əкелiп қойылды. Түбi жұмыр қазанның бiр жағына қисайып, құлап кетпеуi үшiн бiлектей жуан бұтақтар төрт бұрыштата жерге тасталыпты. Сығылыса жағалай отырған колхозшылар ортадағы жалғыз ожаумен əрқайсысы темiр табақтарына толтыра көже құйып алып, сораптасып iше бастады. – Əй, Мырзабек, еркек кiндiктен тап мұндай дəмдi көже жасағанды көрсем көзiм шықсын. – Далабай күлкiден шашалыңқырап барып, сөзiн жалғастырды. – Түрiң келiспейдi, əйтпесе басыңа ақ жаулық салып ал дер едiм. Мұнда шам жоқ, кешкiлiк апақ-сапақта, күндiзгi жарық бiржола таусылмай тұрғанда тамақ iшiп алудың қамына кiрiскен жұрт Далабайға да, Мырзабекке де бiр-бiр көз қиықтарын салғанмен олардың бет-жүздерi қара көлеңкеленiп көрiнгесiн де ме, ешқайсысы желiге қоймады. Əрi аш қарынның ыстық көже жөндеп жетiп үлгермегесiн де жұбана алмай жатқан жайы бар. Тек манадан тым елеусiз отырғысы келген Саймасай ғана тiл қатты: – Мырзабектi дəмдi тамақ жасап бергенi үшiн де түртпектейсiң ғой сен, сығыр. – Бұл есiктiң көзiне таяу екi бүктелiп отырған, бүгiнгi тамақты жасаушы Мырзабектен одақтастық iздегендегi сөзi едi. Бiрақ Мырзабек осы алакөлеңкеде темiрдей қарауытқан күйi бұл жаққа елең етпедi. Тек Далабай: – Ау, Саймасай! Сенiң тiлiң бiржола байланып қалған екен десем, сайрап тұрсың ғой, тегi! – деп, даусын шiңкiлдетiп ала жөнелдi. Түкпiр жақтағы оған оқыс бұрыламын деп, қолындағы көжесiн де төгiп ала жаздады. Сүгiрбек тағы кiрiсiп: – Əй, Далабай, оның құлағына тыныштық берсеңшi былай. Тамағын iшсiн де ол да, – дедi. Сүгiрбек осылай сөйлесе де Саймасайды ойласа бүлк еткiзер өз iшiнде де бiр күлкi тұрғанын сезедi. Қарағай əзiрлеуге ең бiр қолының қаруы бар аптал азаматтар iрiктелiп алынған. Сүгiрбектiң
бiр түсiнбейтiнi осындай топқа екi аттаса бiр сүрiнiп, көлденең жатқан жаңқадан да таяқ жеп жүретiн мына сорлы Саймасай қалай тап болды. Сүгiрбек əр бригададан адамдар жинақтаған Штерндi еске алды. Қанша айтқанмен ұлты басқа ғой, мынаның кескен теректей бойына қарап, қандай ібіліс, шайтан қуып зар қақтырып жүргенiн бiр қазақтай бiлмегесiн қоса салған ғой. Иə, Сүгiрбектiң ойынша Саймасайдың мойнына мiнiп алып, екi төсiн қаққылаған шайтан сырын бiлу үшiн тек қана қазақ болып туу керек. Ендi Далабай үлкен адамға сөйлегенiн ескергендей тым басалқалы бола қалды: – Əй, Сүке-ай, Саймасайдың бiз көрмегендей қанша тамағы бар дейсiң. Адамның сұңқары бiр iшек болады дейдi ғой. Бiз ғой хас мешкейдiң өзiмiз. Екi-үш табақтан төңкерiп тастасақ та iшiмiзде жыланымыз бардай ұлып тағы отырамыз. Қасиет бермеген адамға құдай кебеже қарын бередi екен ғой. – Сəл бөгелiп сөзiн жалғастырды. – Мен Саймасайды сондай бiр қасиетi үшiн жақсы көремiн. Əйтпесе нем бар онда көп қалжыңдасып. Мұнда «Жаңалықтан» Мырзабекпен бiрге келген Тұрдақын да бар. Қалғандары шұбарлықтар мен қызылтулықтар. Бұл Мырзабек өткен күзде Дəкенов кете қоймаған кезде колхоздың бiр шөмеле жоңышқасын ұрлаймын деп, ақыры мұның ұрлығынан оны байқап қалған Дəкеновтiң айласы асып түсiп, сол бастықтың алдында баяғы Шиманов деген дөкейдiң көзiнше қара жер болатын арбакештiң өзi едi. Өзi бiртоға, қайратты, анау-мынау сөзге елең етпейтiн адам. – Адамның қасиетiн танитын көз саған қайдан бiткен, Далабай-ау? Үйiңдегi қатыныңнан дарығаннан сау ма? Жалпы жұрт сенiң зайыбыңды ақылды, аңғарымпаз деп, көп əспеттейдi, – деп осы арада ғана Мырзабек бiр сөйлеп қалды. Далабайдың əйелiнiң мұрны қошқардай қарашайлық екенiн мұндағылардың бəрi бiледi. Дала қазақтары кейде сондайдың өзiн көзге түрткi етуден жалықпайды. Мынау сол дəстүрмен қағыта сөйлегенi ғана емес, ер адамдардың өзi жасаған тамақты кiрпиязданып iшетiнi бар, əрi басқалардың таңдайына қалай татып жатыр, бұл ортада ондайға да мəн бермесе болмайды, əйтпесе шанышқы тiлдiң бiр ұшы өзiңе де қайраулы тұрады, мiне, сондай тараптардан сыр тарту үшiн жеңiл отырыс үстiнде айтқан терең астарсыз, зiлсiз сөздерiнiң бiрi едi. – Қатыннан дарымай-ақ өзiмiз туғанда да көзiмiзбен туғанбыз. Не бопты соны айыра алмай.
Тұрдақын қасындағы Мырзабектен екi елi ажырамайды. Анау еркетотай Далабай шанышқы тiлiн қадаған Саймасайға өлердей жиiркене қарайды. Ол неме осы ауылға қалай кiрiктi, қалай келдi, соның бəрi күнi кеше ғана болғандай мұның көз алдында сайрап тұр. Сонау соғыстан кейiнгi алғашқы көктем күндерiнiң бiрiнде кешкiлiк мұны «Шұбардың» көшесiнде жолықтырып, одан Сəкүндi көршiсiмен қоса дүрлiктiрiп, одан еркекше киiнген кейуана кемпiр Лағылдың үйiнде болған оқиға көңілiндегi əртүрлi қыжылды оятқандай. Лағылдың бұл күнде о дүниеге барған бетте қарсы алар мүңкiр-нəңкiрдiң қолындағы күрзiдей мұның төбесiнен төнiп тұрған Хақназарға шеше iспеттес екенiн есiне алғасын да солай ма, кiм бiлсiн. Жоқ, əлде Саймасай бiтеу сойған, қызыл шақа күйiнде аяғын əлтек-тəлтек басқан сорлы қозының шиқандай түрi мұның да тұла бойына суық су құйып шоршыта ма? Əйтеуiр, ол келе жатса құрығанда екi аттам алысырақ айналып өтуге тырысады. Тек құдай қор қылғанда бұлардың бəрiн көгендеулi қозыдай бiр қазанға телмiртiп, соның iшiндегiсiне ортақтастырып қойыпты. Осыдан ғана жаны күйзелетiндей. Жұрт бiр табақтағыны тауысып, тəбеттерi одан сайын ашылғандай қазандағы жалғыз ожау қолдан-қолға өтiп жатты. Тек iрге жақта бет-жүзi, тұла бойы одан сайын қараңғылана бастаған Саймасай ғана берi қарай ұмсынбады. Алғашқы табағының өзiн тауысуға жоқтай, тым сылбыр сораптап отыр. Қасығы темiр ыдысына тақ-тұқ тиедi. Түнде анық көретiн байғыздан бiр былай емес, əрi аңдыған-баққаны сол болса Далабай мұны қалай байқамасын. Жаңағы əуенiн одан əрi жалғастырды. – «Арғымақ аттың баласы аз оттар да көп жусар» деген. Бұрынғылар бiлмей неге айтсын? Менiң бiр жиеншарымның жабысы болушы едi. Күндiз-түнi күрсiлдетiп, шөптi жегенде ғой, ой, тойымы жоқ мал. Ал арбаға жегiп айт-шүу дешi бiр басуы екiқабат əйелден əрмен мұң. Қарны қампиған сондай жабылардан құдай сақтасын. Бiр тал шөп жесе мың күнiне азық, қаны таза, жалы жiбек, белi сыптай, желден жүйрiк арғымақ аттарға не жетсiн? – Əй, Саймасай, тағы құйып iш, – деп Далабайдың жаңа жортағының мəнiн түсiнген Сүгiрбек дауыстады. – Жоқ, ақсақал, тойып қалдым, – деп, Саймасай одан сайын тоқмейiлсiдi. Табағының түбiнде қалғанды сылбыр ғана жалапжұқтап отыр. Күнi бойы өзiн сөзбен қажап бiткен Далабайдың
осы бiр айтқанынан шықсам құлағым тыныштық тауып, абыройға жетем деп ойлады ма екен, тап осы кештен бастап, Саймасайдың тəбетi күрт өзгердi. Келесi күнгi үш мезгiл тамақ үстiнде де Далабай сол əуенiнен танбады. Қайта онысын Саймасайдың көкейiне қонып, делебесiн қоздыратындай етiп жаңартып, жетiлдiре бердi. Бiрде: «Саймасай, осы сен төре тұқымынан емессiң бе»,– деп сұрады. Саймасай өзiнiң қай əулетке жататынын бiлмейтiн. Бiрақ Далабайға «ия, солай» деп қалды. Бұл мойындауы Далабайға тағы бiрер күнге азық болды. Саясатқа көшiп сөйлесе бұдан артық салиқалы адам жоқ екен. Күндiз қарағай шабу кезiнде Саймасайды қажауды мүлдем қойды, қайта оның көңiлiн көтерiп, сыйласымды адамындай көрiп, өз басынан өткен кейбiр жайларды айтты. Тек түскi, не кешкi асқа отыра Саймасайдың басындағы қасиет хақында аузының суы құрып тамылжыта бастайды-ақ. – Қайран ақсүйектiк, бекзадалық-ай десеңшi. Асылына тартпай тұрмайды ғой. Задында, мына бұрынғы хан тұқымдары, төрелер – жiлiктiң майын ғана жеп, жемiстiң шырынымен ғана сусындайды дейдi ғой. Қарны қампиып домаланбай қарағайдай тiк келетiнi содан екен. Саймасай, саған осы бiздiң iшiп-жеп жүрген тамағымыз қатқылдау тиiп жүрген жоқ па? – Қатқылдау болса қайтейiн, маған жiлiктiң майын кiм бередi? – Əй, анау еттiң арасында жiлiгi жоқ па екен, ертең соны асыңдаршы, iшiндегi майын Саймасай жесiн. Ақыры оған жiлiк шағып берген күн де туды. Сүгiрбек Саймасайға жаны ашып, ара түсiп көрiп едi, Далабайға басқалар да қосылып кетiп ырық бермедi. Əрi Саймасайдың олар не айтса соған құлап тұрған өлермен көнбiстiгi жəне бар. «Сорлының жаратылысын-ай»,– деп Сүгiрбек не күлерiн, не күрсiнерiн бiлмей дал болды. Мынау ақ қар, көк мұздың ортасында, қалың жынысты тау қойнауында елiм-телiмi шығып, ағаш шаппай-ақ қарап жүрген адамның өзiн суық сорып, анау-мынау тамақты мiсе тұтпайтын ашқарақ етедi. Ал Саймасай сияқты онсыз да жел соқса иiлiп тұрған арық немеге соңғы үш-төрт күнгi Далабайдың əзiлi анық апаттың өзiне айналып бара жатты. Жiңiшке мойнындағы жұтқыншағы одан сайын адырайып, ат жақты арық бет өңiрi өлi адамның бас сүйегiне ұқсап, шұқанақ-шұқанағы мүлдем тереңдеп кеттi. Жас жетiп, жамбас жерге тимей нұры таймас дейтiн көздiң
өзi мынау дүние азабынан, таршылығынан ендi-ендi сөнiп бiтердей арыдан жылтырайды. Екi елiге жуық өскен сақал-мұрты да мұның соншама өңiн берiп алғанын жасыруға дəрменсiз, қайта өздерi түбiрiне су бармай, көп ұзамай ұшып түсер қуарған қылтанақ шөпке ұқсайды. Денесi де иiлiп-жазылып, бойын əрең ұстап жүргенi байқалады. Бiрде сiлтей бергенде балтасын қолынан ұшырып алып, өзiнiң қарағай түбiрiн маңдайымен сүзе құлағанын Сүгiрбек көрiп қалды. «Əй, ендi қой, доғар ендi!» – деп сол күнi Сүгiрбек ашуына басып, Далабайға қатты тыйым салды. «Анау балтасымен өзiн жарақаттап алады» деген қауiптi де көлденең тартты. Кешiнде ас үстiнде Далабай да, басқалар да тiлiн тартып-ақ едi, бiрақ, Саймасайдың өз намысқойлығы ұстап, тамаққа тағы жөндеп зауқы соқпады. Жұрт сенiмiн ақтаймын деген ескiлiктi пəлекет ауруының тапжылтпай ұстағаны көрiнiп тұр. Мұнда етi тым мардымсыз қара көже деуге лайық асты ғана талғажу етедi. Басқалар оны екi-үш табақтап iшiп, аш қарынды барынша сықап алуға тырысады. Ал Саймасай жарым-жартылай құйып алған табақтың өзiн тауысуға жоқ, iшiн осының алдында ғана ат-көпiр қып жеген жал мен жая тiреп тұрғандай-ақ тым селсоқ шұқылайды. ...Түн ортасында Мырзабек палатка iшiнде өзiмен қатар жатқан Далабайды шынтағымен түртiп оятты. – Əй, ана байғұсты өлтiретiн бопсың-ау? – дедi сыбырлап. – Кiмдi? Не айтып жатырсың? – Сыртқа қарашы. Далабай үстiне жамылған дəу қара iшiгiн түре есiкке қарай еңбектей жөнелдi. Тыста əлдекiм тас ошақтың үстiндегi қазанға еңкейiп, итаяқтан ас iшкендей сылп-сылп еткiзiп жатыр. Ай қараңғы болғанмен қардың жарығы бəрiн айқын етiп тұр. Далабай да тани кеттi. Саймасай. Əдетте көже кешкiсiнге молырақ асылып, оның үштен бiрiндейi таңертеңгiсiнге жүрек жалғауға қалдырылатын. Саймасай соған бас қойып жатыр. Мұнысы да оңған тiрлiк емес, мынау суықта ол көже бетiне бiр елi мұз қатып, тас кесек болып қалатын. Сол мұзын тырнақтап ойса да Саймасай кеңiрдегiне бiрдеменi өткiзiп жатыр. Далабайдың iшiндегi ала күшiгi тағы оянды. Палатка есiгiн түсiре қойды да тас ошақ жақтан тасадағы iрге бауын шешiп, дəу қара iшiгiн сүйретiп сыртқа шыға жөнелдi. Мырзабек тосын бiр қызық күтiп үн-түнсiз жатты. Саймасайдың сылп-сылп еткiзiп, тамақ iшкенi əлi естiлiп тұр.
Əлден уақытта орман жақтан ақырған аюдың даусы түн дүниесiн қақ айыра естiлдi. Саймасай өзiн бiреу биiк құздан лақтырғандай құлындағы даусы шыға палаткаға қарай ұмтылды. Палатка жанжағынан ағаш қадалармен бекiтiлетiн. Тап есiк аузындағы сондай қадалардың бiрiне маңдайын соғып, кiрер тесiктi таба қоймай бөлек-салақ аяқ-қолымен мың бүктелiп, палатканы орнынан қозғап жiбере жаздады. Жұрт не болды деп ұйқысын ашып та үлгермедi. Саймасай, əйтеуiр, iшке енiп, бөшкедегi балықтай сығылысып, иiн тiресiп жатқандардың үстiмен төрге қарай төрт аяқтап жорғалай жүгiргенде кiмнiң қай жерiн басқанын өзi де бiлмейдi, iргедегi кiндiк қада ағашқа барып, соры арылмаған маңдайын тағы бiр соқты. – Ай, ай! – Əй, не болды. – А! А! А! Бəрi бастарын жұлып-жұлып алып, шошына зар қақсаған Саймасайды əрең ажыратысты. Бұл төрге қарай жорғалай жөнелгенде тиесiлi нəрсе бəрiнен де Тұрдақынға көп тиген екен. Ебедейсiз неме тiзесiмен Тұрдақынның жұмсақ қарнын, аузымұрнын жаншып кетiптi. Кең жерде болса бұл оны басы-көзiң қайсы демей салып жiберер едi. Бiрақ мына қара шуда мойынға оралған түн түнегiндегi айғай-сүреңнiң мəнiн ұға алмай ауырған iшiн баса басын бұл да жұлып алды. – Ойба-а-а-ай! Ой-а-а-ай-ай! А-а-а! – Саймасайдың аю дегенге бiрден тiлi келмедi. Төрдегi қадаға ендi арқасын тiрей, қол-аяғын тырбаңдатып, бас сауғалар басқа пананың жоқтығынан бiржола жүрегi жарылып түсердей айғайлап бақты. – Əй, не болды? – О не, о не, əй?! – Неден шошыды бұл ойбай?! «Аю, аю» деген сөздi Саймасай бiраз зарықтырып барып қана айта алды. Шынында да Саймасайдың құлақ жарған айғайы үзiле қалған тыныштық сəтiнде аюдың ыңырана ақырған даусы қайта естiлдi. Бұл бəрiне жеттi. Мырзабектiң сақ-сақ күлкiсi тап қастарынан шықты. Бəрiнен сергек Сүгiрбек болса керек. Оның оң жақ iргеде қос ауыз мылтығы оқтаулы тұратын. Оған қолын да созған жоқ. Мырзабектiң ақтарыла күлiсi Саймасайдан басқа естиярларға бiрден ес жиғызды. Палатка iшiнде Далабайдың бар-жоғын ешкiм байқай қойған жоқ едi. Бара-бара бiлiстi. Айтпай бiлiстi.
– Сенде ғана жан бар да басқаларда жан жоқ па, ей? Неге соншама аттандайсың? – деп Тұрдақын дүрсе қоя бердi. – Ойбай, ендi аю... – Аю болса қайтейiк? Өлейiк пе? – Саймасай оңдырмай басып кеткен iшiнiң ауырғаны басыла қоймаған Тұрдақын шынында қатты ызалы едi. Əрi өзi өлердей жиренетiн адамның бiрдемесi жұққандай көрiп, осы қараңғылықта да Саймасай жаққа оқты көзiн қадады. Осы тұста Тұрдақынды бiр нəрсе шiмiрiктiрдi. Сонау соғыс бiткеннен кейiнгi алғашқы көктемде Саймасайды басқалармен бiрге Лағылдың үйiне қуып келгенде сол Лағылдың құйрығын бассаң былқ етпес жуас итiнiң сақ етiп мұның қолына тiсi тигендегi зарлаған даусы жылдар өткесiн де қылау түспегендей сол қалпында қайта жаңғырып, жүрегiне ауыр мұң салды. Тұрдақын сезiмталдықтан аулақ, iшiнде қос қыртыс қабаттары көп адам. Сайсамайдың қазiргi жүрекжарды даусы мұның сол қос қыртыстарынан да тесiп өтiптi. Əне, қараңғы орман iшiнде терiсiнен айырылған қозы отқа оранып бара жатқандай. «Апырым, мен ауруға шалдығып отырғам жоқ па?»,– деп Тұрдақын дұға оқыған адамша ернiн қыбырлатып, алақанымен төсiн басып, жантаймаққа оңтайланды. Бұл түнгi айғай-шу бiразға созылды. Сүгiрбек өзi үлкендiк жасамаса, мыналардың таң атқанша дарылдайтын түрi бар. Ақыры «Ойбай, аю көп адам жатқан жерге жуымайды» деп, Саймасайды əрең тыныштандырып қайта жатысты. Əлден уақытта Далабай өзi шыққан бауы ағытулы iргеден қара iшiгiн сүйретiп қайта кiрдi. Бiрақ оның кiрiсiн Мырзабек орнынан жүрелей түрегелiңкiреп, қалың iшiгi мен көрпесiн оңдап, қайта жамылған болып, Саймасай жақтан көлегейлеп тұрды. Оны Мырзабекпен қатарлас бiр-екеуi ғана көрдi. Бас қалар да iштерiнен сезiп жатты. Тек Саймасайға ғана мұның бəрi қара жамылып келген ажал, тiсi ақсиған аларман ажал, бiтеу сойылып, тiрiдей терiсiнен айырылған қызыл шақа қозы жiберген айлакер ажал болып көрiндi. Ертеңiне түнгi оқиға есiне түскен сайын Сүгiрбектiң өзi де бүлк-бүлк еткiзген күлкiден арыла алмай жүрдi. Тек түскi ас үстiнде қатты ашуға мiнiп, Саймасайды қасына отырғызып, оған айғайлап ұрсып, дұрыстап көже iшкiздi. Кешкiсiн де солай. Осылай əкесiнше сөйлеп, қамқорлық жасамаса iштегi жыны, «намысқойлығы» бəрi қосылып, мұны алып жейтiн аждаһаның өзiне айналып едi.
Саймасай мынадай ақ қар, көз мұздың ортасында қарын тойғызудың қадiрiн бiрте-бiрте түйсiне бастағандай. * Қысқы тау баурайындағыларға аптасына бiр рет ауылдан атшанамен адамдар қатынап, дайын сырғауылдарды тиеп əкететiн. Олар əрi осындағылар талғажу ететiн нан, ұн, ет сияқты тағам түрлерiн де жеткiзетiн. Елдегi əрқилы жаңалық та осылармен келедi. Бiрде олар «Шұбарда» соңғы он, он бес күннiң əлетiнде Игорь Матвеевич Штерннiң есiмi бөлек аталып тұрғанын айтысты. Хақназар Халықбергенов əр күнгi таңғы ұйқыдан жаңа бiр науқанды ойлап тауып, жаңа айғай-ұранмен оянады екен деген сөздiң таралғанына бiраз уақыт. Ал мына Штерн сол айғайды үйiнде жатып естiп, Хақназардың осы шақтағы арманын iске асырудың адам болжап бiлмес жолдарын ол кеңсеге келгенше əзiрлеп отырады екен деген тағы бiр қауесет сумаңдап жүгiре бастапты. Осындағы ағаш кесушiлер əлi бiраз бөгеледi, себебi, Текелi қаласына қарасты орман шаруашылығы белгiлi мөлшерде құрылыс ағаштарын дайындауға рұқсат ететiн үш колхозға тиесiлi билеттердi басқа екi шаруашылықтағы адамдар уақтылы келмегесiн, əрi «Шұбардың» басшылары қиылып сұрағасын түгелiмен соларға бере салыпты. Бұл алғаш көзделгеннен əлi де үш есе көп сырғауыл дайындалады деген сөз. Мұның өзi де Хақназар мен Штерн белгiлеген жоспардың жұмырына жұқ болмайды екен. Ендi Штерн Хақназар шалған қиырдан табылу үшiн басқа тосын айланы жəне тауыпты. Қазiр қыс айы, құдайға шүкiр, жұмыс қолы баршылық, соны пайдаланып, сонау Сiбiр, тайга жақтағы Иркутск қаласына барып ағаш дайындайтындар бөлiнiп жатыр дестi. «Ойбай, қазiр əрбiр түп қарағай өкiметтiң есебiнде тұрған заман емес пе, ол жақта кiм бiздi қолымызға балтамызды ұстатып, орманына жiбере қояды?» деген сұраққа да Штерннiң жауабы дайын екен. Бiр кезде өзiнiң жүрiп өткен жолдары, сондағы таныс мекемелерге арнайы хат жазып, ұлықсат алыпты. Ол жақта да құрылыстың көкесi, тiптi сұрапыл құрылыс жүрiп жатқан көрiнедi, əрi соғыстан бүлiнген қалалар да түгелiмен қаз тұрып үлгерген жоқ, соларға жiберетiнi бар, əйтеуiр, шет-шегi жоқ қалың жыныс ормандарда екiншi қан майданның ең қызған шағы
екен. Мiне, соған қол күшi жетпей жатса керек. Сол Иркутскiде əрбiр жүз тонна ағаш дайындап берген мекемелердiң он тонна осындай құрылыс материалын сатып алуына рұқсат берiлiптi. Ондай шараның исi осындағы Штерннiң де мұрнына жетiптi. Қазiр Ир кутскiге жүретiн топ шұғыл əзiрленiп жатса керек. Топтың басшысы Штерннiң өзi. Бұл хабарды естiгенде Жоңғар Алатауының алыс бiр шатқалындағы мына адамдар өздерiн өз үйiнiң босағасында отырғандай сезiндi. Осындай дабыр-дұбыр арасында Штерннiң бұл «Шұбарға» қалай келгенiн де еске алысты. – Ойпыр-ай, мынау мен сүйетiн Штерн деп, найзағайдың отымен маңдайында жазулы тұрғандай-ақ Хақаң оған бiр көргеннен-ақ жабысты ғой. Сүгiрбек Далабайдың бұл сөзiн қоштамады: – Жоқ, Хақаң оған бiр көргеннен жабысып қайтсiн. Өйтсе Хақаң бола ма? – Ойбай-ау, Сүке-ау, айдаладағы сiз бiлесiз бе, жоқ, осы Хақаңның тапсыруымен сол немiстiң айт-шүуiнде жүрген мен бiлемiн бе? – Менi айдаладағы деп алыстатып қайтесiң. «Шұбардағы» шыбынның ызыңына дейiн бiзге жетiп тұрды емес пе? – Жақсы, Сүке, мен сiзбен таласпайын. Штерн осында электр станциясын салуға көмектесем деп, облыстан келген адам едi ғой. Келдi-ақ, Хақаң өмiрде тұңғыш көрген тамашасындай-ақ оның айналасынан шықпай қойды. – Танығаны да. – Несiн таниды көрмей, бiлмей жатып? – Хақаң құдай тегiн жаратқан адам емес. Ол ауызыңа қыл түссе соны қалай алып тастайсың, соныңа қарап сенiң кiм екенiңдi бiледi. – Əй, қайдам, сонда да болса, оны бiрден тым асқақтатып жiбердi. Бригадирдiң алмайтын еңбеккүнiн берiп, қазақта жоқ швед тұқымды сиыр берiп, үй берiп, салған жерден соншама шашылмаса қайтер едi? Бұйрықты болса бəрiбiр алысқа кетпейтiн едi ғой. – Бұйрықты екенiн қайдан бiлесiң? Дер кезiнде бiлiп шашылсаң ондайдың қарымтасы мол болады. Мiне, ақырында Хақаңдiкi дұрыс болып шықты емес пе? – Жүргенi, көргенi көп болғасын солай да. Əйтпесе, Штерн соншама құдайдың құлы ғой деп пе едiңiз.
– Жоқ, немiс дегендердiң көп қасиетi таңдайыма татыды деп Хақаңның бiр емес, бiрнеше рет ағынан жарылғанына өз басым куəмiн. Не iске де маман, пышақтың жүзiндей жолмен түзу, дəл жүретiнi, бұлжымас еңбеккерлiгi жəне бар, бiздiң қазекеңдер неге солай емес деп, бармағын шайнайды ғой. Далабайдың сəл үндемей қалғанын пайдаланып, Сүгiрбек дəйегiн одан əрi жалғастырды. – Байқаймын, сол немiстерге ұқсас мiнез-құлық Хақаңның өзiнде де бар, – дедi. – Сүке-ау, ендi барып, Хақаңды немiстермен туыс қып шығарайын деп пе едiңiз? – Қалың қарлы, қарағайлы тау қуысын күлкi жаңғырықтырды. Тым ақылсып кеткенiне ұялғандай: – Жоқ, ə, – деп Сүкеңнiң өзiнiң де селк-селк етiп күлмесiне шарасы қалмап едi. Күлкiсi əбден тыйылғанда ғана Сүгiрбек есiн жинады: – Жалғыз электр стансасын емес, анау диiрмендi де сол немiс орнатып бердi емес пе? – Бiлем, бiлем. Сол жолы бiр шаруасымен Штерн Қарабұлаққа менi де ертiп барған. Анау əлгi элеватордың қасынан диiрмен тасын қашап жатқан бiр кiсiнi көрiп, ол тасты бiр қой, екi мың сом ақшаға сатып əкеп орнатқызды ғой. – Соның өзi қай қазақтың басына келе қоятын iс. Ол диiрмен бiр «Шұбарға» емес, «Қызылту», «Жаңалық» бар – бəрiне ырзық болды емес пе? Сүгiрбектiң сөздерi қоспасы жоқ шындық едi. Басқа қазаққа қанша ерсi көрiнгенмен ол солай. Соғыстан кейiнгi уақытта Игорь Матвеевич Штерн «Сельэлектро» облыстық кеңсесi жабдықтау бөлiмiнiң бастығы болып iстейтiн. Мың тоғыз жүз қырық сегiзiншi жылы «Шұбарда» Хақаңның бастамасымен электр станциясы салынарда көмек көрсетуге келген адамдардың iшiнде осы Штерн де бар едi. Колхоз қаражатына жүргiзiлген бұл құрылыс үстiнде наряд жабу, басқа да құжаттарды реттеуде «мынау өзiмiзге қатысы жоқ, айдалада жатқан бөксесi майлы шаруашылық қой» деген азғын көңiлден ада, ешкiмнiң ала жiбiн аттамас адалдығы Хақаңды бiрден тəнтi еткен. Оны Хақаң менiң шаруашылық жəне құрылыс жөнiндегi орынбасарым болып колхозда қал деп үгiттейдi. Айына алатыны алпыс еңбеккүн, əрi бiр реттiк көмек ретiнде басына үй, асыл тұқымды сауын сиыр беретiнiн де айтады. Бұл ұсыныс Штерндi қатты ойға қалдырған. Ендi қайтсiн. Бұған дейiнгi өзiнiң айлығы
жетi кило ұн мен мың екi жүз сом ақша едi. Мың екi жүз сомның ол кездегi нарқын картоптың шелегi алпыс сом екендiгiнен-ақ аңғаруға болады. Ал мына колхоз бастығының айлық ырзығы тоқсан еңбеккүн де, сол бастығыңнан бiр былай емес, түкiрген түкiрiгi жерге түспейтiн бригадирлердiкi қырық бес еңбеккүн екен. Хақаң сол екi меженiң ортан белiн ұсынып тұр ғой, əрi Хақаң Штерндi таныса, Штерн Хақаңды да таныды. Колхоз бастығының сауатсыз басы бұған шөл даладағы жалғыз аққан бұлақтай қастерлей қарайды. Штерндi жеңген ой: «өзiңдi қатты қажетсiнетiн жерде болғанға не жетсiн». Сөйтiп, бұл күрт сынды. Талдықорғаннан осында көшiп келдi. Сүгiрбек болжалдағандай бұл екi адамдағы өзара ұқсастық оларды қабыса бiткен қос қайыңдай одан сайын айқастыра түстi. Штерн колхоздың барлық керегiне жарады. Диiрмен тасы ғана емес, басқа да керекжарақтың көзiн тауып, оны əкелiп жүрдi. Ол кезде өсiп келе жатқан шаруашылық үшiн шеге дегеннен қат нəрсе жоқ. Хақаңның тапсыруымен екi-үш қап ұнды қалаға апарып, бiрнеше орам сымға айырбастап, одан ұсталар шеге соғатын. Бұл бiр жағынан қол күшiн көп керек етсе екiншi жағынан өнiмсiз, тиiмсiз жұмыс. Ал Штерн келгелi колхоз қоймасындағы қобдиша, сандықшалардан арнайы заводта шығарылған шегелердiң түр-түрi бiр үзiлмедi. Далабайдiкi де дұрыс: Штерннiң шындығында да көргенi де, бiлгенi де, түйгенi де көп едi. Иə, Штерн туралы ел ортасында ғана емес, мынау тау қуысында да осындай əңгiмелер əлсiн-əлсiн ақтарылатын. Тек бұған жалғас таудағыларды басқа бiр хабар жəне алаңдатты. Қарағай тасушылар Хақназар Алматы мен Талдықорғаннан əке-көкелеп, шұғыл шақыртқан мамандар жасаған колхоздың бас жобасына сəйкес келмесе «Шұбар», «Жаңалық», «Қызылту», яғни осы үш бригададағы барлық бұрынғы үйлер жаңа, не ескi екендiгiне қарамастан тегiс бұзылып, қайта салынады екен, оған көнбегендердiң тұрағы бас иесiнiң көз алдында бульдозердiң табанында тапталады екен дегендi айтысты. Бұл iрiленген жаңа колхоз ең ары дегенде бес жылдың iшiнде бiтiм-пошымын өзгертiп, қала үлгiсiне көшуi керек. Мұны Хақназар жан сала жариялап, көпшiлiк ортасында емес, əрбiр үйдiң ауласындағы кəрi-құртаңға дейiн құлағына құйып, талмай жариялайтын көрiнедi. Ол жобаның кейбiр шет-пұшпағын елестеткiсi келiп, ақыл таразысына салмақшылардың бастары айналады, шамасы. Беймарал жатқан елдiң үстiмен жер қайыс қан қалың қол жүрiп
өтетiндей жойқын қозғалыс, ертегiдегiдей өзгерiс келедi көз алдарына. Бұл хабарға алабөтен алағызғандардың бiрi Тұрдақын. Ол үш-төрт жыл бұрын ғана «Жаңалық» колхозындағы бүкiл қой шаруашылығын басқарғанда Дəкеновтiң үнсiз келiсiмiмен асты-үстi тақтай төрт бөлмелi үйдi даңғыратып алған. Ол кезде колхоздың бас жобасы деген ұғым Тұрдақын түгiлi Дəкеновтiң түсiне кiрмейтiн. Жоқ, Тұрдақынның аса сасқысы жоқ. Қайта тағдырдың не тəлкегiне де қарсы қайрат жиғысы бар. Бұл ретте оның сүйенер де, табынар құдайы да Дəкенов. Тұрдақын көкiрегiндегi қыжыл Дəкенов көкiрегiндегi қыжылдың қасында түк емес. Бұл одан əрдайым сусындап отырмақ. Дəкенов бұл үшiн емес, өзi үшiн алдағы амал-əрекеттiң бағыт-бағдарын белгiлейдi. Ол биiктегi адам, сосын да алыстағыны шалады. Бұл тек оның назары ненi аңдады, соны қақас жiбермесе болды. Түптiң түбiнде мұны алып шықса Дəкенов алып шығады. Асқар тауға сүйенбей төбешiк күн көре алмайды. Əрине, асқар таудың басынан аққан кейбiр жойдасыз сел төбешiктiң iргесiн ойып та кетуi мүмкiн. Бiрақ Дəкеновтiң күш-құдiретiне ертеден сенген бұл ондай қауiптен басын ала қашады. Тұрдақынның көкiрегiндегi қыжылдың түп-төркiнi əкесiнен қалған мұрадай иемденiп, əбден етi үйренген атүстi жұмыстан қол үзiп қалуында ғой. Əкем-ау, атүстi жұмыстан айырыл ғандар, тiптi оған өмiрi қолы жетпегендер де аштан өлiп, көштен қалған жоқ қой. Мысалы, анау Сүгiрбек, мынау Далабай мен Мырзабектер кiмнен кем? Қайта демдерiне нан пiсiп, тiптi мына соңғы екеуiнiң үстi-бастарынан жастықтың, бұлтсыз көңiлдiң, тасып-төгiлер қайрат-жiгердiң буы бұрқырайды. Бұл неге соншама кеудесiнде мəңгiлiк мұз қатқандай, дүниеге көзi қарауыта қарап, iш мыстаны iшiнде бола бередi. Бəрiн жадынан шығарып, айналаға жадырай қараса бəлкiм өзiне де жеңiл тиер ме едi? Мiне, бұл сұрақтар ауыр мұңмен қыстыққандай бəрiнен ада, аза бойы қаза Тұрдақынның басын маңайламайды да. Бұған кiнəлi бiр жайдан Дəкеновтiң үлкен қыр мұрнының үстiндегi қысыңқы көздерде тұнған қалың жұмбақ ой. Ол ойлардың шет-жағасын Дəкенов бұл колхоздан iрге аударып кететiн күнi-ақ Тұрдақын болжап бiлген. Дəкеновтiң өзi де оның сондай «болжамына», «бiлiмпаздығына» жағдай жасаған. Иə, ол ойлардың түп қазығы неде? Дəкенов «сиырдың жүгiрiсi сабанға
жеткенше» деген мақалды жиi қайталайтын. Ол Хақназарды қанша танып, бағалағанмен мұның түбiнде өлшеусiз зор сенiмдi бiржола еншiлейтiн адам екендiгiне күмəнданатын. Рас, бiр кезде Хақназардың көтерiлуiне Дəкеновтiң өзi мұрындық болды. Бiрақ одан берi қанша су ақты. Бұлар бiр кезде кезектесе басқарған шаруашылық уақыт өте келе мұншалықты құдiретке айналады деп, оқығаны бар, сауатты Дə кеновтiң өзi де ойламаса керек. Мұны жаманшылыққа балап неғыл сын, қайта Дəкеновтiң Хақназар жөнiндегi түп күмə нiн растайтын өмiрдiң асау арнасы шалқып тасыған күн туды емес пе? Дəкенов Хақназарды көтерсе оны сол бұрынғы өтпелi кезеңнiң ғана мүддесiне, өресiне лайық көрiп көтердi. Қол күшi қат заманда аяғын қаз-қаз басқан қай бастамаға да көлденең көк аттылар да қатыстырылып, олардың да аз-мұз себi тиетiнi бар. Хақназардың алғаш атүстi жұмысқа iлiгуi сондай уақытша қажеттiктен туған. Ал басталған iс қалыпқа түсiп, шын арнасын тапқанда ондай көлденең көк аттыларға осы еңбегiң үшiн мың да бiр рақмет деп, тiзгiн де, тұтқа да жаңа заман, жаңа қарқынға даярлығы бар адамдарға табысталуы тиiс. Хақназар тектес адамдар бiр қателессе мықтап қателеседi. Əр қатеден келер зиян да əртүрлi. Арықтың құлағын ұстаған адам қателессе көп болса бiр шөлмек суды артық ысырып етер. Тек кең арналы ағысы қатты дарияның бағыт-бағдарын белгiлейтiн адамның қатесiнен құдай сақтасын де. Ондайда бiрдiң емес, көптiң жазира орманына, жасыл алқабына, тiршiлiк отын жаққан қан базар мекенiне алапат қатер төнедi ғой. Кезiнде қажетке молынан жараған, бiрақ замана көшiне iлесе алмас, өрiсi шектеулi, аяғы шiдерлi, тек не нəрсенi де ойсыз, көзсiз омырауға салар өркөкiректiгi ғана өрге сүйреген адамның түптiң түбiнде үлкен iстiң басында сол оспадарсыздығы басым түсiп, өзiн де, өзгенi де айдың, күннiң аманында опқа құлатпасына кiм кепiл? Дəкеновтiң Хақназар жөнiндегi сенiмсiздiгi көбiне осы тұрғыдан туындайтын. Бұған Тұрдақын да қанық. Тұрдақынның Дəкенов алдындағы өлермендiгi де сол Хақназардың алысқа бара алмас алаөкпе мiнезi мен Дəкеновтiң зеңгiр аспан, жұмыр жердiң өзiндей сабырлы, ойқы-шойқысыз жолы сызулы, бағыты белгiлi, баяу болғанмен қозғалысының үзiлместiгi жəне бар, мəңгiлiкке жаратылғандай тас-түйiн, берiк тұлғасына тiрелiп жататын. Бүгiнгiге алданып, бiр күндiктен қоң жиып, ертеңiне артын ашқаннан гөрi баянды мұраттың соңында бiржола түсiп,
соған жеткiзер адамның етегiнен осы бастан мықтап ұстаған жөн ғой. Иə, бұл Тұрдақынның iштей таңдаған, өзiне-өзi белгiлеген сара жолы. Сол жолға бағыштаған күш-қайрат, ақыл-айласының бұрауы күннен-күнге қатайып та бара жатқандай. Қарағай тасушылармен бiрге Тұрдақынның құлағына əдемi əуездей тиген басқа да хабарлар келдi. Түнеукүнгi қызылтулық шешен-ингуштар жаппай жұмысқа шықпай наразылық көрсетiп жатыр деген хабардың егжей-тегжейiн Тұрдақын əбден бiлетiн. Кейiн Хақназар, Абыл болып, олардың тiлдерiн тауып, жөнге салыпты дегендi де естiген. Алайда, ол шешен-ингуштардың бер жағы ғана екен. Бiразы айт-шүуге көнiп, колхоз шаруасына белсене араласқанымен бiразы бастықпаған байталдай бəрiне үрке қарап, бөлек топ құрып, түн баласы көшеде жолыққан бiрер адамды ұрып та кетедi екен дестi келгендер. Хақназар оларға қарсы бiз де топ құрып шығайық деп, белсендiлердi шоқ-шоқ етiп бөлiп, əр көшеге түн сайын қарауылға қояды екен. Мұның бəрi бұрын болмаған, тек Хақназардың оспадарсыз мiнезiнiң кесiрiнен бой көрсеткен нəрсеге баланады. «Жаңалықтан» да сондай хабарлар бар. «Шұбардың» төл басшылары бiздiң астығымызды өз пайдасына жаратып кеттi деп ауданға арыз бергендердiң желiгi əлi басылмапты. Ол ол ма, оларға қызылтулықтардан да қосылғандар бар дейдi. Рас, бас бухгалтер Айтық баршасы тоғысқан колхоздың көпшiлiк жиналыснда мəселенiң мəнiн ашуға күш салып, бiр сағат сөз сөйлесе керек. Ешкiмнiң есесi ешкiмге кеткен жоқ, тек алынған мен бөлiнген бəр-бəрi орнына түстi, аудандық тексерушi лер де мұнымызды растады деп, жұрттың құлағына құймақ сөздерiн жеткiзу үшiн тiл мен жағын аямапты. Əрине, момын көпшiлiк ол сөйдеп тұрғасын қайтсiн, кейiн шегiнген сыңай бiлдiрiптi. Тек бəрi емес, бiрбiрiмен жең ұшынан жалғасып, домалақ арыздармен ауданнан да жоғары жақты көздеп жат қандар бар көрiнедi. Осының бəрiн естiгенде Тұрдақынның өзегi өртендi. Ең бiр керек кезiнде өз тобынан жырылып мынадай елсiз, күнсiз қуысқа барып қамалып қалғаны үшiн бармағын тiстемесiне лажы қайсы? Əттең көз алдында Табылды жоқ, бар болса соның кеңiрдегiне жабыса кетер ме едi, əлде қайтер едi. Өз iшi майлы адам басқаның iшегi шұрқырағанына құлақ тосып неғылсын. Қасақана ел ортасындағы оқиғадан аулақ жүрсiн дегендей мұны дедектетiп апарып, Штерннiң жетегiне қыстырып
жiберiптi. «Иə, əркiм сыйлағанның құлы. Мен бiлген Табылды болса Хақназардың айтқанынан шықпайды, шығамын деп талап та қылмайды, қайта шаш ал десе бас алатын жандаралына айналмасын. Бiр кезде өзiн алақанында аялаған Дəкенов ол үшiн ауылдан ғана емес, бұл өңiрден баз кешiп жоғалған пəни дүниелiк пендедей ғана шығар-ау». Иə, Тұрдақын осылай ұзақ толғайды. Осы тау қуысында бұларға Дəкенов үй-iшiнiң емiс-емiс хабарлары да жетiп жатты. Бiр кезде ауруханадан қашқан Аршагүлдi Жазылбай туысқаны «Көкорайдағы» өз үйiне апарып салғанмен Дəкеновтiң отбасы, ошақ қасында тыныштық орнамапты. Аршагүл «Шұбарға» əлi де бiржола кетем дейдi екен. Тек Жазылбайдың «қой-қойлауы» əзiрге бөгет, бiрақ Аршагүлдiң бұзылысы жаман көрiнедi. Тұрдақын бiр кездегi Жаңалықтағы сұлу бухгалтер əйел Нұрбикенi елестеттi. «Сен Дəкеновтiң семьясын бiржола бұзып тынасың-ау»,– деп бiр қойды. «Жоқ, оларда нем бар» деп, өз ойын өзiнен бүркегендей ақыл-санасын басқа жаққа ала қашуға күш салды. Осындай ойлар, болжамдармен басын тұмшалаған Тұрдақын күннен-күнге тұйықтала бердi. Бұрын да əрбiр отырыс, ас iшу үстiнде сөзге көп араласпайтын. Ендi құлағын, аузын тас бүркеген меңiреуге ұқсады. Өзiн қайдағы бiр қарақшы топтың ортасына тап болғандай көретiнi бар. Далабай мен Мырзабектiң көңiлдi қалжыңдарына қызықса да солай. Далабай соңғы кезде Саймасайды қажауын қойып, Мырзабектi көп айналдырып кеттi. Қарағай шабудың тауқыметi аз болғандай екеуi аппақ қар үстiнде алысып, қапы қалғанының жауырыны жерге тиiп, одан қайта аударысып, ұмар-жұмар болады да жатады. Бiрақ сөйтсе де бұл екеуi Саймасайды бiржола ұмытпапты. Тағы бiр усойқы күлкiге Саймасай өзi барып iлiккендей едi. Осы жолы Тұрдақын оның басындағы сорға жаман тiксiндi. Ендi қайтсiн, бiр емес, осымен бiрнеше мəрте əртүрлi жағдайлар өзара уəделескендей қиыннан қиысып келiп, мұның маңдайын ауыр тоқпағымен сарт еткiздi. Бұл ес-түсiнен айырыла құлап түседi. Мына жолғысы анық солай. Бiр ретте əзiрленген сырғауылдарды тиеп əкетуге келгендердiң iшiнде Шəмiлбай да бар едi. Көп жыл мал соңында жүрiп, таяқты биыл ғана тастаған оның əрi жиған-терген пұлы да бiразға жеткесiн бе, көктем шыға жақсылап бiр үй салуға ниеттенген жайы бар. Сосын да осындай құрылыс ағаштарын дайындау жұмыстарын жағалағысы келiп-ақ жүретiн. Бiрақ жалындап тұрған жас емес,
қайраты шектеулi, кəртамыс адам, қарағай əзiрлеуге оны кiм жiбере қойсын. Жазылбайға жалынып жүрiп, мынадай дайын сырғауылдарды тасуға шығуының өзi бұған бiраз күшке түсiп едi. Шəмiлбай келген күнi-ақ бұл Саймасайдың көзiне туған ағасындай жылы ұшырады. Бұрын ешқандай қатысы жоқ, тек оның бiр кезде өзiне пана болып, сусын берген Лағылға туған аға екендiгi ғана Саймасайға бiр жiптiң ұшын ұстатқандай едi. Шəмiлбайды оңаша шығарып, менi алып кет деп, жата-жабысты. – Ойбу, қарағым-ау, маған сенi алып кетудiң ешқандай хикметi жоқ. Аттарға да ауыр болады дейтiн емес, еңiске қарай ағып тұрған шана жол ғой. Тек мұншама көз жасыңды көлдетiп жалынуың қалай? Əлде сендердi əкетудiң бiр гəбi бар ма? – деп Шəмiлбай бiр күдiкке тiреле сөйлеп едi. Айла жасауға жоқ Саймасай сырды өзi ашып алды: – Ойбай, ана Сүгiрбек деген пəле өзiме сөз келедi деп көлiгiңiзге алдырмайды. Сəкүн қарындасы сияқты секемшiл Шəмiлбай оңашалап Сүгiрбекпен ақылдасты. Сүгiрбек: – Шəке, ала көрмеңiз. Қол күшi жетпей жатқанда бөлiнген адамдардың өзiн шашыратып-пышыратып жүрсiңдер деп, колхоз басшылары ренжидi. Хақназарға жетсе тiптi пəле. Ауылдағы жаңалықты бiзден жақсы бiлесiз, бұл ағаш дайындау деген бүгiнгi таңда басты науқан болып тұрған жоқ па? Əзiрге байқастап көрермiз, тiптi болмай бара жатса бұл пəленi келесi қатынағандарға iлестiрiп жiберермiн. Бұл жолы тұра тұралық, – дегендi айтты. Бұдан артық сөздiң Шəмiлбайға керегi де жоқ едi. Ендi ол оңашада тағы жалынған Саймасайға кесе жауап бердi. – Қарағым, мен «бөдененiң үйi жоқ, қайда барса бытпылдық» дейтiннiң өзiмiн. Сосын да ғой бұл жаққа сүйегiмдi сүйретiп кеп жүргенiм. Əйтпесе, қарасаңшы түр-түсiмдi, менде не қауқар бар дейсiң. Көктем шыға бастықтардың аяғын құшсам да бiр үй салмақ ойым бар. Оған маған ағашты, басқаны кiм бередi? Егер мен сенi əкетiп, олардың кəрiне ұшырасам айтпай ма: «Əй, қақпас, сен ағаш сұрағанда тiлдiң майын тамызасың, сөйтiп жүрiп кезмайыс iс қыласың деп». Сонда өлмегенiм қара жер болмай ма? Табиғатында шаруаға да жоқ, сөзге де жоқ Шəмiлбайдың өзi мынау бейшара Саймасайдың алдында таңдайы тақылдап сөйледi. Бiрақ Саймасайдың дəл осы жолғы келгендерден қалғысы жоқ едi. Ендi өз бетiнше амал табу жағын қарастырды.
Қарағай тасушылардың бұл жерден шамамен қай мезетте шығатынын бiлетiн. Көбiне ол таңертеңгi шақ. Кешкiсiнге шаналарына сырғауылдарды тиеп, темiр сымдармен, шынжырмен бекiтедi де таңғы шайдан соң аттарын жегiп жүрiп кетедi. Дəл солар жүретiн таңда құс ұйқылы Саймасай жұрттан бұрын тұрды да ешкiмде сезiк тудырмас үшiн палаткадан арырақ тау жаққа ұзаңқырап, ерте бастан қамдап, бүгiнгi кесетiн қарағайларын iздестiрiп, белгiлеп жүргенге ұқсады. Бiрте-бiрте тiптен ұзап, көзден тасаланғасын сол қалыңның iшiмен палатка орналасқан маңды айналып өтiп, төменгi ауыл жаққа апаратын жолға түсiп аяғы аяғына тимей жөнеп бердi. Жоқ, ауыл дегенiң мынадай ақ қар, көк мұзда жаяу баратын жер емес. Жүйткiп тұрған ат-шананың өзiмен бiр күндiк жол. Тек Саймасайдың кешеден берi ойша белгiлеген жоспарының алғашқы тармағы осылай-тын. Омбы қарды белден басып түскен шана жол тереңдiгi тiзеден қос жыраға ұқсайды. Тек Саймасайдың аяғындағы ескi етiктiң табанындағы бұдыры əбден кетiп те болғасын ба тай ғанақтау. Саймасай қалай да өзiн қарағай тасушылар қуып жеткенше ел жаққа қарай бiраз ұзағысы келдi. Жұрттың мүсiркеуiнен де пайда көрiп үйренген ол елсiз, күнсiз аулақта тастап кетуге ешқайсысының дəтi шыдамас деген сенiмге мықтап ұстанды. Сосын да, əрi төмен қарай еңiс жолмен əп-сəтте-ақ бiраз жер ұтты. Екi-үш рет тайып жығылып, жол жиегiндегi омбы қарға құласа да жүрiсiн бəсең детпедi. Иə, неғұрлым алыс кетсе ат-шана айдаушылардың қайырымды көкiрегiнен өзiне бал тамардай екi аяққа сиына дедектей бердi. Бұл əрекетiм қате шығар деген ой басына кiрiп те шықпады. Апырау, ит-құс жүретiн мынадай тау жолының үстiнде тiрi адам түгiл өлiктi де қалдыруға тиiс емес қой. Не бопты, соншама? Əсiресе, Шəмiлбайдың мұндайда иi жұмсақ сияқты едi. Тек қарағай кесушiлерге қайта айналып бара алмастай бiраз ұзап кету керек. Бұл – осы маңдағы қазақтардың ежелгi жайлау-мекенi. Жан-жақтан анталаған биiктердiң бəрiнiң де азан шақырылып қойылған атаулары бар. Ертеде өмiр сүрген белгiсiз бiр ақын былай өлеңдеткен екен: Ақ кезең, Көк кезеңмен шөл жоталы Қайрақты, Кебежеде мал жатады.
Көксай мен Қара кезең шыққан адам Айғайлап бiр-бiрiне тiл қатады. Бiрақ мұның бəрi бiлген адам үшiн қасиеттi, қастерлi. Саймасай жүрген сайын екi таудың қуысындағы мылқау аңғар алшиып ашыла бердi. Желке тұстан күн көтерiлiсiмен сол аңғардағы аппақ қар жамылған көл-көсiр дүние көрiнiсi көз шағылыстырып, көңiл қытықтай бастады. Екi таудың арасын алып жатқан кеңiстiк молая келе iрiлi-ұсақты төбе шiктерге айналды. Шана жол да ирелеңдеп, солардың арасын қиып өтедi екен. Азын-аулақ өрге шығып барып, тiк төмен түсiп кететiн де жерлер бар екен. Ондайда Саймасайдың тайғанақ табаны тiрек болудан мүлдем қалып, ұзын тұра кеудесi екi бүктелiп, құлап түсiп, арқа-жамбасымен де бiраз жерге дейiн сырғанайды. Сүйексаяғым саудырап қалар ма екен деген қауiп те қорқынышты түстей кеудесiндегi дiрiлдi молайта түседi. Бiрақ мұның бəрi əпсəтте өтетiн нəрсе ғой. Шанашылар өзiн қазiр-ақ қуып жетуге тиiс. Сосын бар азап таусылды деген сөз. Ет қызуы осылай оны əкете бердi. Бара-бара бұл сырғанақ тебуге де үйренген сияқты. Тек жүйткiп тұрған, бұдыры жоқ етiктiң резеңке табанымен емес, жамбаспен. Бұл тұсқа келгенше əлденеше рет құлап тұрған ол осы əдiске машықтана да бастапты. Шана жол құлама, ылдиға əкелгенде қос аяқтың бұл жерде өзiне таянышқа жарамасын сезiп, бiр жамбаспен отыра кетедi. Кей тұста жер ұтуына да сеп. Керiсiнше тегiс, бiрақ өте айналма жолдар да көп екен. Қос ат жегiлген шанамен тiкесiнен басып өтуге кез-келген түс ыңғай бермесе керек. Бара-бара буын-буыны, сүйек-саяғы сыр бере бастады. Аяқ жолымды аңдимын деп аспанға қарамаған секiлдi. Байқаса уақыт əлдеқашан ай-жай болған. Желкеден көтерiлген күн тау қырқаларынан жал-құйрығын бiржола бөлiп əкетiптi. Əдетте мынадай тау қуысында күн өте кеш көрiнедi. Ал бұлай тым шырқап шығуы сағат тiлiнiң де бiразға сiлтегенiн айтса керек. Саймасайдың басына ендi ғана түйсiк жеттi. Таңертең нəр сызбай шыққан ол жүрегiнiң саза бастағанын сездi. Бiрақ ол аштыққа шыдайтын едi, көрген құқайы бiр бұл ғана емес қой, тек мына артта қалғандардан ешқандай қыбыр бiлiнбеуi кеудесiне инесiн сұққылап кеп бердi. Жоқ, бұл ендi асықпайды. Жайымен жүрсе де жарайды. Сырғауыл тасушылардың шықпай қалуы мүмкiн емес.
Кеше күнi бойғы тiрлiк бұлардың бүгiн таңертең жол жүруiне бағышталған едi. Əрi кешкi ас үстiнде де осы бүгiнгi жол жайы мықтап сөз болған. Айналма жол, тiк жолдардың талайы əр бiлгiштiң аузымен əрқилы ежiктелген. Бiлгiштердiң көп болатыны бəрiнiң ата-бабасының жайлауы мен қыстауына баратын көш ежелден осы екi аралықта жылжумен өткен екен. Ол сөздердiң ешқайсысы Саймасайдың құлағына кiрiп, кеу-кеу дырду əңгiмеге елiктiрген жоқ. Аттардың соңғы жемi берiлiп, ағаш тиелген шаналар, қамыт-саймандар мұқият сайланып бiткенiн ғана бұл iшiне жақсылап түйiп, сонымен масаттанып жатты. Əкем-ау, шынында да бұлар құдалыққа келген адамдар емес, бар болғаны қарағай тасушылар ғой, екi қонымнан артық бөгелiске кiм жол бере қойсын? Саймасай басын қалай шақса да олардың бүгiн қозғалатынына күмəнданудың еш ретi жоқ едi. Ал қозғалса қайда жүр? Басқа жақпен айналып кеттi дейтiндей де емес. Мiне, көз алдында, омбы қардың үстiнде құдай мен адам салған бiр ғана шана жол ешқайда мойын бұрғызбастай болып сайрап жатыр. Ал мынау екi қапталдағы ақ қар басқан, түсi суық мұзарт тау сiлемдерi де құс болып ұшып шықпасаң бөгде бағдарға қарай қия бастыратын түрi жоқ. Иə, жан-жағына қараса бар дүние Саймасайға осы жүрiсiң дұрыс деп жар салып, мақұлдап тұрғандай. Əне, биiк құздың басына ұйлыға бiткен бiр топ шырша сұлу қыздың маңдайына үйген шашына ұқсайды. Сұлу қыздың аппақ қардай боп күлiмдеген өз бет-жүзi, көз қарасы да бұған ап-айқын шалынатындай. Əсiресе, осындай күнəсiз дүниенiң сенiң тiршiлiк-əрекетiңдi құптағаны жүрекке қалай жылы тиедi десеңшi. Ол келiп мұның бетiнен өпкендей Саймасай барған сайын жiгерлене түстi. Жүрiсiн ширатып, алға қарай тағы ентелей бердi. Бiраз жер ұттым ғой, ендi сəл аялдауға да болатын шығар деген ойы да көкiрегiнен бу боп ұшып кетiптi. Апыр-ау, ақ бəтестен бой-бой жабу жабылған құлама шыңдардың бет-нұсқасы қалай тез өзгередi, қарашы. Бетнұсқасы ғана емес, мынау бiрде құмырсқаша жорғалап, бiрде тасша домалап, ендi бiрде жас балаша арқа, жамбаспен сырғанақ теуiп келе жат қан бейшара адамға деген ылтипат, назары да əрқилы реңмен қас пен көздiң арасында жаңартылып, құбылып отырады екен. Бiрде күн шуағымен жарқырап жүрек жылытса, бiрде көлеңке басып, түсiн суытады. Бара-бара сол күн шуағы түскен тұстардан да пəлендей жылу жетпейдi, қайта сақ-сақ күлiп өзiн мазақ ететiндей.
Ендi байқаса осы тау шыңдарының əрқайсысы бiр-бiр адамға келiңкiрейтiн сияқты. Əне, анау бiр шоқы мұны талай ығыр қылған Далабайдан аумайды, мəз-мейрам, кеудесiн шаттық кернеп, жайқалып тұр. Ал мынау қарсы жақтағы басындағы қарын жел ұшырып əкеткен шоқы, бүгежек шоқы бетi үнемi қара күреңiтiп отыратын Тұрдақыннан бiр былай емес. Саймасайдың көз алдына Далабайдың көлбеңдей беруi түсiнiктi. Осы күндерде бұған замана таршылығын тудырып жүрген көп себептердiң бiрi темiр iстiктен жаман тиетiн соның əзiл-оспағы, қысас-қиястығы. Ал бұған бiр сөз айтып, не саусақ ұшын тигiзiп көрмеген Тұрдақын бейнесiнiң иесiз ен аулақта бұлай қарауытуына жол болсын. Жоқ, қаншама əңгүдiк көрiнгенмен Саймасайда да бiр саңылау бар. Бұл сəл жуып кетсе Тұрдақынның жыланша жиырылатынын талай байқаған. Жұрт сенiмiне ие болу үшiн кейде жан пида деп, көзсiз ерлiкке баруға бар Саймасайдың жан түкпiрiнде сол Тұрдақынның қабағын жадыратарлық бiр iс қылсам деген арман бүктеулi дүниедей жасырулы жататын. Бiрақ ол сол арман күйiнен əлi қозғала қоймаған. Оған əзiрге Саймасайдың шамасы да жоқ едi. Бұл аяқ басқан сайын тағы бiр адам бейнелес шоқылар тiзiле бердi. Байыптап қарасаң нақтылы адам сықылды ештемесi де жоқ, тек шодырайған шекелерiне бiткен жақпар тас, шашыла жайылған қарағайлы жоталары мен құлама шыңырауларында əлдекiмдердiң маңдайы, қас-қабақ, мұрын, аузында болатын кейбiр iзет, нышан белгiлерi iлiгiп тұрғанға ұқсайды. Əне, анау ең биiк тұсында қиыршақ тастары аршылған, төбесi де тақырлау, тұла бойында салиқалылық мол шоқы Сүгiрбектi еске түсiредi. Оның қасында сəл бұйығыңқы отырғанды Мырзабек демей көршi. Саймасай қарағай əзiрлеу шiлердiң қай-қайсысына да лайық жота мен шоқыларды саусақпен санағандай саралап келедi. Ендi олардың бəрi жол үстiндегi мұны басып озып, əлсiнəлсiн қатар түзей жүрiс мехнатын шеккен түрiне айыздары қана күлiп теңселiп тұрғандай əсер етедi. Кенет Саймасай қатты селк ете қалды. Апыр-ау, мұның соншама жын қуғандай алға елпелектеп келе жатқаны қалай? Шанашылар қайда? Шынында бiр сұмдық жағдай қоса қабаттасып, мұның басын тағы шыр айналдырып жүрмесiн. Саймасайдың есi бара-бара кiрдi. Күн түске тырмыса сүйексаяғы саудырап, жейдесi арқасына жабысып, бар мен жоқ дүниенiң ортасында жүзiп жүргендегiдей қауiп келбетi көз алдында бiр
жоғалып, бiр өшiп, көлбеңдей бердi. Кейде ол бiрден өше қоймай көбiрек көрiнiп, əлдебiр қимыл-қозғалыс байқатады. Кейде онысы жын-шайтанның селкiлдеп, билегенiне де ұқсайды. Бұл Саймасайдың жүрегiн дүрс-дүрс еткiзiп оятты. Ендi манадан бергi жүрiс мұның өз мойнына өзi салған қыл арқандай оратылып, тұншықтыруға жақын қалғандай. Суға батқан адамның жан дəрмен əрекетi керек екенiн ұғады. Тайғанақ табандарын əрең жөнге келтiрiп, жүрiстi доғарды. Сонда айналадағы аппақ қар басқан тау қуысының, шоқыларының Саймасайды табалаған түрiн көрсеңiз ғой. Мана артта қалған əрқилы адам жүздерi ендi осында келiп, жан-жақтан қаумалап қалған, шамасы. Кейбiрi екi елi қардан қалпақ киген тап жол жиегiндегi атты кiсiдей бойы бар тасқа да айналып, мұны «ендi не iстер екен» дегендей қалт жiбермей бағып тұр. Əне, ана бiр тобыл ғы ма, үшқат па, қайсысы екенi айырғысыз аласа бұтаның тасасынан да əлдекiмдердiң қасқабағы қылтияды. Ал екi қапталдағы құлама құздар осындай адам жүздерiне мүлдем толы сияқты. Бұл Саймасайды əрi қорқытып, əрi жүрегiне басу болғандай. Саймасай жан-жағына ұзақ қарады. Тас төбеден төнгелi тұрған күн құлап түсiп, мұның мынау жұмыр жер бетiнде тарының қауашағындай ғана бар болмысын өртеп, күлге айналдырып жiберердей шақшияды. Ұзақ қадалсаң басыңды айналдырар зеңгiр көк те Саймасайдың осы шатқалдан ұшып шығып кетпеуi үшiн сол күн құдiретiнен жасалған тор iспеттес. Саймасай басын қайда қоярға бiлмей тұрған орнында шыр көбелек айналып ұзақ қалбалақтады. Бар бiтiретiнi артта қалған жолдың ұзына бойына алақтай бередi. Танауларынан буы будақтап, жал-кекiлдерi желкiлдеп, шанаға қос-қостап жегiлген аттардың бастары бұрқ етiп көрiне ме деген үмiтiнiң бұл шақта қысыр қиялға айналғанын сезсе де мойны солай қарай бұрыла бередi. Басқа сүйегiн қойғанда сол мойын сүйектiң өзi сынып түсуге жақын қалыпты. Саймасай анық қор болғанын сездi. Қара жердiң жарығын iздеуден басқа шарасы жоқ халге ұшырап тұрғаны бiр бұл емес. Туғаннан туырлығы тесiк жаратылған жарлы өмiрi мұндайдың талайын кесе көлденең тартқан. Ал бүгiнгiсiне Саймасай ең бiр қанаты тозып, мыңыншы рет сағы сынып, көзiн шел басып, бiржола қарауытар шағында кездесiптi. Бiрақ табиғат адамды қаншама кемiс жаратқанмен барлық қасиеттен бiрдей жұрдай еткен емес. Кiм-кiмнiң де басқада жоқ бiр өзгешелiгi болмай
қоймайды. Саймасайдағы өзге жұртта кездесе бермейтiн бiр ерекшелiк шамадан тыс жансебiлдiгi, əрi мұзды су құйсаң өшпес жарық дүниеге деген ерен құштарлығы едi. Мұны бiржола алып жер апатты шаққа қарсы iштей бой көтерген сол қасиетi едi. Əйтпесе, Саймасайдың тап қазiргi мынау ен аулақтағы тұрған тұрысында өткенде шеккен тауқыметтерi мен абыройсыздықтарының санада сарқылып, жүректе тас емен болып қатқан қалдықтарының аузы қоса ашылып, қараңғы көрге ғана нұсқар соңғы дəрменсiздiктен басқа ешнəрсе жоқ едi. Бiрте-бiрте кейiн қарай жүру керек пе деген ой құлақ түбiн мазалаған суық желдей сумаңдап келе бердi. Бiрақ ол ойды бүкiл өмiрiнде шеккен қасiретiнен ауыр көретiнiн iштей түйсiнiп, қайтсе де оған қарсы қарысып бақпақ пиғылын оятқысы келедi. Ол не пиғыл? Осынау қуыстағы жол үстiнде қоянша шоқиып арттан келетiндердi күтiп отыра беру ме? Апыр-ау, сонда шанашыларға не болды? Бұл сұрақ осымен нешiншi мəрте Саймасайдың өңменiнен өте мазалады екен? Əлде олар бұл естiмеген басқа бiр шаруамен айналшақтап қалды ма? Əлде қос-қостап жеккен аттары шынында ертегiнiң пырағына айналып, қанат бiтiп, анау таулардан көктей секiрiп өтiп кеттi ме? Саймасай шана табаны тайғанақ еткен жол үстiне бiр жамбасымен құлай кеттi. Сəл демалу керектiгiн сезгендегiсi едi. Бiрақ бұлай ұзақ жантаюға қар суығы шыдатпайды екен, қырық жылғы мақта шалбарды бұйым құрлы көрмей бiрден сүйегiне жеттi. Қайта түрегелмесiне лажы қалмады. Осы өңiрде ерте кезде өмiр сүрген мың түрлi құстың тiлiн бiлдi дейтiн Уəли Шора атты атақты құсбегi болған екен. Оның есiмiн емiс-емiс Саймасай да естiген. Сол Уəли Шораның қанаттыдан ұстамағаны, қолға үйретпегенi қалмапты. Дəстүрде бар қыран, қаршығаларды қоя тұрғанда сауысқан, ала қарға сияқтылардың өздерi асыранды күшiктердей мұның соңынан ерiп жүрсе керек. «Аспанда ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Уəли Шора алады» деп құс жылаған екен деген аңыз əлi күнге ел аузында. Мiне, сол бейшара құстың жағдайы тап қазiр Саймасайдың да басында бар сияқты. Түрегелсе аяғы талып, жерге жантайса қар суығы өтiп, алпыс екi ғаламды құшағына алып əлдилеген жұмыр жер Саймасайға келгенде ғана мұның бұтақсыз сексеуiлдей ғана бар сидиған кеудесiне тiрек, таяныш болуға жарамады. Уақыт өте бердi. Күн тас төбеге көтерiлiп, ендi еңiске еңкеймек ыңғай бiлдiргенде Саймасайдың жүрегi де тас төбесiнен
шықты. Мына қарқынмен алдамшы күн сынапша сырғып кетiп, бiржола жоқ болуға да əзiр тұрғандай өзiне ешкiмнен аяушылық байқалмаған, адам мен тағдыр тəлкегiне ұшыраған күндердегi замана, табиғат қатыбастығының дəмi таңдайынан қалай кетсiн. Алдамшы, сиқыры мол күн жып берiп, ұясына кiрiп кетсе хас сұмдықтың өзi сонда орнамай ма? Жоқ, қаншама санасы тұманданғанмен Саймасай дұрыс шешiмге келдi. Құдай, аруақты атап, «терiсiнен тiрi айырылған сорлы қозы, кешiр» деп, керi бұрыла өрге қарай салды. Бұдырсыз табанның шын қорлығын Саймасай ендi көрдi. Төмен қарай сырғанақ тебуге, жүрiс өнiмдiлiгiне себi тиген ол өрге қозғалғанда сирақтан тартатын, аяқтан шалатын шайтан қолынан бiр былай емес екен. Алғашқы бес-алты қадамды жасап үлгермей-ақ тайып жығылып, тұмсықты мұзға соқ ты. Алда қанша жүрiс барын тез болжап ол бұл құқайды елегiсi де келмедi. Сүйек-сүйегiнiң сырқырай ауырғанын ескерiп, мұрын деген оның қасында немене, əзiрге қызмет етiп жатқан жоқ, қол-аяғым аман болсын деп, жан-дəрмен қайта көтерiлдi. Жоқ, табанның машақаты көп екен. Етiктi шешiп, байпақпен жүрсем қайтедi деген де ой келдi. Бiрi кемнiң бəрi кем деген сөз бар, Қайсы бiрiн айтайын жəкелерге. Бұл да өткен заманда осы өңiрде өмiр сүрген, жаңа аталған құсбегi Уəли Шорамен ағайындас, от ауызды, орақ тiлдi ақын, бiрақ сiңiрi шыққан кедей Бақтыбайдың таршылық қыспағына түсiп, айналасынан жылу жинауға мəжбүр болғанда айтқан сөзi. Иə, бiрi кемнiң бəрi кем. Етiктi шешiп, байпақпен жүрсем деген Саймасайдың қысыр қиялы ғана. Себебi, байпағының сыры өзiне мəлiм едi. Сiрi жан, тiрi жан мойны қылышпен қиылып түспей қалай берiлсiн. Бiр адым алға аттаса, екi адым керi шегiнiп кеткен алынбас асудай қайқаң тұстар кезiккенмен де он саусақты шеңгелдеп, жерге салып жiберсе де амалын тауып жылжи бердi. О ғажап, жоғары қарай қозғалғанда өзiн қоршаған тау мүсiндерiнiң мүлдем өзгерiп кеткенiн көрiп қайран қалды. Жаңа ғана бет-жүзi күлiмдеп келiп, сəлем берген адамның ендi сыртын берiп тұра қалғаны сияқты. Аздап, басы ауырыңқырап, миы шатасыңқырап, «осы мен қараптан қарап тұрып, басқа жолға түсiп кеткем жоқ па?» деген қауiп те келдi. «Жо-жоқ, мынау тау қуысы ешкiмдi ешқайда бұрылтпайды».
Осылай өрге қарай екi сағаттай жүрдi. Бiрақ түске дейiнгi жолдың үштен бiрiн де еңсермедi. Аспандағы дойыр жарық көзi еңкейiп барады. Қыстың қысқа күнi қадамы шолақтығын мұның ендi желкесiн қыздырып бiлдiре бастады. Саймасай денесiнiң ауырғанын да, басқаны да сезбейдi. Əйтеуiр күн ұясына жеткенше бұл да ұяма жетсем дейдi. Таңертең өзi қашқан ұя, ендi мұның жанын алып қалар бiрден-бiр жұмақ төрiне айналыпты. Бiр уақытта бүгiнгi қателiгiнiң сұмдық сыры көз алдында ашыла кеттi. Алғашқыда өрге қарай тартылған шана жол сүйiрленiп екi айырылды. «Апыр-ау, мынау қайдан шықты?» Саймасай бiрден қатты шошынбай мұны ақылға салғысы келдi. Өзi жүрiп келе жатқан бұл ескi шана жол, мынау екi айрықтың бiреуi соның жалғасы. Ал екiншiсi несi? Байқайды, омбы қарды шана табанының аса таяу арада ғана тiлiп өткенi көрiнiп тұр. Қолмен ұстап та көрдi, ат тұяғы мен шана табанында шашыраған қар жаңа төгiлген ұндай ұлпаланып тұр. Ал мынау ескi жолдың жиегiнде ондай жоқ, бəрi мұз кесек боп, қатып жатыр. Саймасай екi жолдың да ұзына бойына көз жүгiрткiсi келдi. Бұл тау қуысындағы кеңiстiктiң ең бiр алшиған тұсы едi. Қараса мына екi жол осы ортадағы үлкен бiр төбешiктi айналып өтетiн сияқты. Саймасай мұны мұқият барлағысы келiп, əлi де ескi жолдан ауытқымай өрлей бердi. Төбешiк төменнен қарағанда кiшкене көрiнгенмен жоғары қарай Саймасаймен бiраз жерге дейiн жарысып барды. Əрi мұның да өзi бiраз айналма тұс екен. Есi кiресiлi-шығасылы неме мана төмен қарай өткенде мұны дұрыстап бағдарламаған ға да ұқсайды. Ентелектеп, сүрiне-қабына жүрiп келедi. Берi қарай белi бүкiрейе бiткен ұзынша төбе бұдан бiр сұмдықты жасырғандай жексұрын көрiне бастады. Бiрақ бiрден қорытынды жасауға асықпады. Анау төменде, қардың үстiнде шана табаны сойып түсiрген iз жоғарыдан барып, мына ескi жолмен тоқайласа ма, жоқ па, мiне, қазiргi бар бiлгiсi келгенi осы. Тоқайласпағанда мына қуыста ол қайда барып жоғалмақшы? Бiрақ ол күдiкке онсыз да шаршаған миын сарп еткiсi жоқ. Төбе қаншама ұзақ, айналма көрiнгенмен ол да таусылды. Одан өтiп, он қадамдай тағы ары жүргенде манадан қауiптенген сұмдық сыры көз алдында еш жұмбақсыз ашулы кiтаптай айқындала кеттi. Екi жол тоқайласқанда мықтап тоқайласты. Сорына қарай жаңа iздiң үстiнен буы əлi басылмаған дерлiк жылқының жас қиын да тапты. Саймасайдың шыдамы осыған дейiн ғана жетсе
керек. Аттан салып, отыра кеттi. Бұл бүгiнгi бiрiншi шығар ған даусы едi. Болған жағдай былай. Қарағай тасушылар бұл екi тау қуысындағы əрбiр тас, төбешiкке дейiн жатқа бiлетiн. Қазiр Саймасай өткен ұзынша төбенiң сыртындағы жол жоғары қарай жылжығанға ыңғайлы болғанмен, төмен қарай қозғал ғанда тиiмсiздеу. Кейбiр əккi шанашылар оны айналма көрiп, мына жаңа iз жатқан жермен төтесiнен салып ұрып кеткендi артық санайды. Алда жүз қадамдай ғана құлама ылди бар, ол мынадай қалың қарлы күнi түк емес, аттар одан ойнақтап, емiн-еркiн шауып түседi. Жүрушiлер оқта-текте болғасын да ол жаңа iз бар жердi бүгiн таңертеңгiлiкке дейiн қар басып жатқан. Саймасайдың оны байқамауы да содан едi. Ал əккi жүргiншiлер белуардан неше мəрте қар басса да өздерiне таныс жол сорабынан жаңылыссын ба? Мына Саймасай тап осы айналма тұсқа жеткенде шанашылар осы төтемен ызғытып өтiп кеткен. Мұны Саймасай айқын түсiндi. Мұның шырқыраған даусынан екi жапсардағы тау қозғалып, бiрбiрiмен маңдай тиiстiрерге ұқсады. Өз даусы өз құлағын жарған Саймасайға солай көрiнген едi. * Мана таңертеңгi шанашылар шай iшiп, тамақ жiбiтiп, аткөлiктерiн сықырлатып жүрiп кеткесiнгi əлетте қос басында қалғандар Саймасайдың жоқ екенiн аңғарысқан. Ол бейшараның қандай айла ойлағанынан хабарсыз топ «е, əңгүдiк неме шанашылармен кете алмағасын тəттiге өкпелеген баладай қыр көрсетiп жүргенi ғой» деген сыңайға тоқырасып, анау қалың қарағайдың iшiнде кесiлген түбiрлердiң бiрiнде белi бүкiрейiп, мойнына су құйылғандай отырғанын əркiм өзiнше елестеткен. Ал сəл уақыт өте оның мүлдем жоқтығын естен шығарарлық, байтал түгiл бас қайғыға айналған мұнда бiр оқыс оқиға болды. «Жақсының айтқаны емес, жаманның сандырағы келедi» демекшi, осыдан бiраз күн бұрын Саймасайды қорқыту үшiн айтылған əзiлшыны аралас «жынды аю» туралы əңгiменiң өң бе, түс пе екенiн айырғысыздай болып шындыққа айналмасы бар ма? Бұларға шынында да аю шапты. Бұл маң расында аюлы жер. Ертеректе мүлдем көп болған екен, кейiн келе сирептi. Осында өсетiн қара, қызыл жемiстi ырғай тəрiздес бұтаға аюбадам деп ат қойылуы да содан, шамасы. Аюжүн, аюқурай дегендер өз алдына.
Бiрақ қаншама аюлы дегенмен алты ай қыста табанын сорып үңгiрде жататын ол бейшарадан мынадай уақытта еш залал жоққа тəн деп саналатын. Рас, кейбiрiнiң қыста оянатыны да болады. Оны жынды аю, не ашыққан аю деп атайды. Ал мынаны қайсысына жатқызу керек, оны ешкiм елеп-екшей алған жоқ. Мүмкiн қарағай əзiрлеушiлердiң айдан аса уақыт тыйылмаған балталарының тарс-тұрсынан да оянған шығар. Шанашылар кетiсiмен осында қалғандар да жұмысқа тұрған. Қалыңға сiңiсiп жоғалып, əр тұстан тарс-тұрс еткен үйреншiктi дыбыс басталды. Жарым сағат өткен соң, құлама шың жақтан бiр аңыраған дауыс шықты. Алғашында Саймасай ма, жоқ, сол Саймасайдың үстiнен түскен Далабайдың əзiл-сымағы ма деген күдiк төңiрегiнде бiр-бiрiне əзiр көрiнбей тұрған балташылар айналсоқтап қалып едi. Далабай болса оның мына даусын ешқайсысы жақтырған жоқ. Бəрiнен əккi, сезiмтал Сүгiрбек екен. Ол омбы қарға малтығып, қосқа, өзiнiң қосауызына қарай жүгiрдi. Далабайдың қалжыңы боп шықса да сақтықта қорлық жоқ қой. Жолай Мырзабек пен Тұрдақынның қарасын алыстан шалып, «берi қайтыңдар, басқаларға да айтыңдар» деген ым жасады. Сүгiрбек жарғақ тоны жалпылдап, қара елтiрi тымағы қауқиып, қосауызын алып, балтасын да тастамай берi қайт қанша Мырзабек пен Тұрдақын басқаларды да тауып, Сүгiрбекше ым жасаған ба, бəрiнiң басы құралып қалыпты. Күдiк артысқан Далабайдың өз араларынан табылуы қорқынышты екi-үш есе ұлғайтып жiбердi. Бұл көп адам, бəрiнiң қолында балта, Сүгiрбектiң қосауызы жəне бар, жайшылықта қайтсе де бiр аюға қарсы тұра алады. Бiрақ жынды аюдың машақаты, қаупi көп, себебi, ол өлер жерiн аңдамай, қаймықпай, жасқанбай шабады. Сүгiрбек қалтырақтап жүрiп, қос ауызын бiр қолынан екiншi қолына өткiзiп, жарғақ тонынан босады да, онысын қар үстiне лақтырып тастады. Ұшы үшкiрлеу қыр мұрын мен шүңiрек көздерiнде тумысынан мерген адамның бiр сипаты пайда бола кеткендей. Басқаларға да онысы жiгер бердi, шамасы. – Аса шашау тұрмандар! – деп бұйрық бердi ол. – Тым ұйлығыспаңдар да! Бəрiң былай жағдайға қарай! Жiгiттердiң iшiнде ширағы Далабай сияқты. Қысыңқы көздерi түйiлiп, жақ сүйегiне жабысқан бет терiсiне қолына оңтайлап ұстаған балтасының сəулесi түсiп тұрғандай. Сонда да Сүгiрбек жаққа қатты жалтақтайды. Мырзабекте де ер мiнездi пiшiн
бар. Тек бұл болған жайға аса сенбейтiн сияқты. Басқалардың дүрмегiмен ғана күтпеген қимылға сайланған түрi бардай. Тұрдақынның жүзi əдеттегiсiнше нарттай қызарып кетiптi. Сəл алқыныс бар етжендi денесiмен бұл да өзiнше iрiлiк көрсетпекшiдей басқаларға жоғарыдан қарайды. Қорқыныш табы мұнда да жоқ, мыналар табиғат қатерiн қалай көтередi, соны ғана бағдарлап алмаққа ұқсайды. Өзi қашанда жұғыса жүргендi ұнататын Мырзабектен бес-он қадам арырақ барып тұрды. Басқалар да солай Сүгiрбектiң екi жағына бөлiнiп, бiр-бiрiнен бес-он қадамдай қашықтыққа шашырай тарасты. Жынды аю да, ашыққан аю да адамдарды өзi iздеп келiп шабуға тиiс. Сүгiрбек орнынан сəл ауытқып, бiр жас қайыңның көлденеңдеу бiткен бұтағына қосауызының ұңғысын артып, селт етпей алға қарады. «Бiреу-мiреуiмiздi жарақаттап, не одан да жаманшылығын iстеп кетер ме екен, құдай» деп iштей қауiптенiп қояды. Қазiр айналасын апталдай азаматтар қоршағанмен де негiзгi күш өзiнiң қолында, мүлт кетпес мергендiгi пəленiң бетiн iшке дарытпай алыстан қайтаруға бiрден-бiр сеп екенiн түйсiне сақадай сай болуға тырысты. Ақырған аю даусы қайта естiлiп, бұл жолы тiптi иек астынан, таяқ тастам жерден шыққандай едi. «Е, аруақ!» Сүгiрбек мылтықтың құлағын қайырып, шүрiппеге саусақ тигiздi. Жiгiттердiң бəрi орындарында қозғалақтап қалды. Тұрдақынның нарттай қызыл жүзiне дейiн реңiн сəл өзгертiп алғандай. Ақыры аюдың өзi де шықты. Бiр тұмсығымен қараң етiп, жолындағы үлкен қарағайды айналғанда баршаның көз алдында бүкiл денесiмен ашыла кеттi. Сүгiрбек асықпай көздедi. Тарс еткен мылтық даусынан аю сүрiнiп барып, қайта жүрiс түзегенге ұқсады. Балташылар шымыр топ болып, ұмтылмақшы едi, Сүгiрбек: – Тоқтаңдар! – дедi. Мылтықтың екiншi даусы аюды аунатып түсiрдi. Далабай жүгiрiп барып, бiр бүйiрiнен балта сiлтедi. Бұл жəйт бəрiн таң-тамаша етiп те, есеңгiретiп те өткендей. Өлi аюды тамшалағандардың дырду-дүрмегi бiразға созылды. Əлден уақытта ғана ес жиысып: – Апыр-ау, Саймасай қайда? – дестi. Бəрiнiң басына ыстық қан болып шапқан ой: «Мына аю жеп қойды, шамасы». Сүгiрбек зар жылады: – Сорлы басым-ай, манағылармен жiбере салмай? Несiне ұстадым ол сорлыны? – Мұның жаңағы мерген қалпы бу боп
ұшып, ендi еңкiш, еңкiлдек шалға айналғандай. Аю да, басқа да жайына қалды, жаппай Саймасайды iздеуге шығысты. Еңғұрмаса шашылған қанын, аюдың жемтiгiне жарамаған сүйек-саяғының қалдықтарын табамыз деп үмiттендi. Ең əуелi келген аюдың iзiн таба алмай əуре-сарсаңға түстi. Жүз жылдық, елу жылдық зəулiм қарағайлардың басынан күрткүрт құлайтын қар аңның жұмсақ табанының iзiн ажыратпастай етiптi. Бас-аяғы жоқ қалыңмен тау қияларына беттеген сайын балташылар омбылап, аяқ қозғалтудың қиындығын көрдi. Əрi, манағы аю жалғыз емес шығар деген де күдiк бар. Сондықтан бұлар аса шашырамай жылжыды. «Саймасай!»,– дескен дауыс мылқау орманның өне бойын үштөрт сағаттай тiтiркенте жаңғырықтырды. Ендi сонау айдаладағы Саймасайдың басындағы азапты бұлар да бөлiскендей. – Əй, Саймасай-ай! Тiрi қолға түспейсiң-ау! – деп, омбы қардан аяғын əрең суырып келе жатқан Далабай кiжiнiп қояды. Қосауызын омырып, қайта оқтап, иығына асып алған Сүгiрбек басына қара жамылған күйде. Бұл бəрiне өзiн кiнəлi санайды. Қыстың қысқа күнi таусылуға айналғанда бұлар елiм-телiм болып қосқа оралды. Iз де жоқ, үңгiр де жоқ, Саймасай да жоқ. Ыстық тамақ iшiп, жан шақырысқан соң бұлар тағы бас қатырысты. «Апыр-ау, ол қайда, жер жұтып кеттi ме?» Ауру адамның басына келген ой сау адамның басына келсiн бе? Ешқайсысы дұрыс бағдар сiлтей алмады. Əбден қас қараяр шақта Саймасайдың өзi дыбыс бердi. Дала адамдарының құлағы сақ, осында отырып, Қырымдағыны естидi емес пе. Уiлдеген бiр үн төмен жақтан талмаурап жеттi бұларға. Бəрi орындарынан атып тұрысты. Қайта құлақтарын тосты, еш жаңылыс жоқ, шынында бiр үн талмай шығады. – Əй, Мырзабек, жек шанаңды! Кеттiк! Мырзабек мұнда жекеменшiк ат-шанасымен келген. Онысы əп-сəтте дайын болды. Сүгiрбек қосауызымен, тағы екi-үшеуi балтасымен шанаға отырып, төмен қарай зырқырата жөнелдi. Жарым сағаттай уақытта Саймасайды алып келдi. Тырнағының көбесi сөгiлiп, саусақтары қанға боялған, даусы қарлыққан, денесi мұз кесек, шығарға жаны ғана бар. Осындағы бар көрпеге орап, аузына ыстық көженiң суын тамызып, жапа-тармағай қамқорлыққа алуға кiрiстi. Далабай осындай шақта əркiмге бiр күбiрлеп, бүгiнгi атып алынған аю жайында Саймасайдың бiлмей тұра-тұруын өтiндi.
Сүгiрбек оның түп ниетiн таныса да Саймасайға бүгiнгi əлегi үшiн өзiнiң да ашуы қатты ма, əрi миы шайқалып кетердей ауыр қалпының əсерi ме, əйтеуiр, Далабайға «қой» деп тыйым салып жатпады. Саймасай осы жатқаннан уiлдеп, үш-төрт күн бойы бас көтермедi. Сүгiрбек те оған «жұмысқа тұр» дегiсi келмедi. Бар арманы – бiрiншi қатынағандармен мұның көзiн құрту. Ақыры ол бiр күнi палаткадан шығып жүретiн болды. Əбден қалпына келiп, əрi жата-жата жамбасы да ауырса керек. Далабай осы шақты күткен. Жалпақ бетi пышақ жанығандай жылтырайды. Қысыңқы көзiнде де уыт мол, бiрақ онысын Саймасайға қадамайды. Қазiргi оның аңдыған-баққаны Мырзабек, оны ертелi-кеш тамақ үстiнде қағытқанына да екi-үш күн. Көрпе астынан тамақ iшiп дағдыланған Саймасай оның бəрiн естiген. Мырзабек тiлiне тұсау түскендей мiңгiрлеп, оған жарытып, жауап айта алмайды. Мiне, бүгiн де Далабай жатқан жерiнен ойнақтап тұрғандай таң атпай Мырзабекке тиiсiп, оны ығыр ете бастады. Таңғы шай iшiлiп, бəрi сыртқа шыққанда екеуi алыса кеттi. Далабай күштi екен, Мырзабек астында қалды. Түс болды, қабағы түйiлген Мырзабек ыстық көже келердiң алдында Саймасайды оңаша алып шықты. Далабай маңайда жоқ болатын. Бұлардың əңгiмесiн қанын iшiне тартқандай үнсiз Тұрдақын ғана тыңдады. Мырзабек одан сыр жасырмастығына басып, Саймасайды бөгде қимылға үгiттей бастады. – Əй, Саймасай, – дедi Мырзабек шынында əбден кенеуi кеткен адамша қарап. – Осы Далабайдан көресiмiз жеттi емес пе? Сенiң де əнеукүнгi елден-жұрттан қашып, тұмсығыңмен жер сызып қайтқаның соның қысымшылығынан. Ендi ол маған күн көрсетпей жүр. Екеумiздi де жұртта қалған жұрындай көредi. Күтпеген сөздерден Саймасайдың жұтқыншағы адырайып, мойны иiлiп-жазылып, басы қоса бұлғалақтады. Осындай қозғалыс үстiнде-ақ тереңде шелденiп жатқан екi көзi Мырзабектiң iшiне үңги қадалды. Тұрдақын Мырзабектiң не ойлағаны барын бiлмейтiн. Сонда да оның сөзiнiң ақырына алаңдаған жоқ, бар ынтасы Саймасайдың түр-түсiнде. «Адамды бұлай да қор қылып жаратармысың?»,– дейдi iшiнен. Көп жылдар тоқшылықтан буы бұрқыраған кейбiреулердiң мүсəпiр атаулыға жиiркене қарайтын əдетi. Тұрдақын да солай. Мырзабек Саймасайды əбден үгiттедi. Саймасай оның тапсырмасының қандай жағдайда iске асуы мүмкiн екендiгiне
көп алаңдады. Мырзабек iстiң сəтiн өзiм келтiрiп берем деп уəде еттi. «Тек сенiң қолың тая соқпасын? Өзiң үшiн де, мен үшiн де. Байқа, мен саған үлкен сенiм, үлкен үмiт артқалы тұрмын». Екеуара əңгiменi бас-аяғына дейiн түгел тыңдаған Тұрдақын Саймасайдың түрiнен шошыды. «Мына итiң қалжыңсыз-ақ кiсi өлтiрер? Арты неге соғарынан еш кəдiгi жоқ». Шынында жүзiндегi құбылыс өрiстен бiреудiң қойын ұрлап əкелетiн адамның секемiнен əрi аспады. Мырзабектiң сөзiне құлақ қойған күйi Тұрдақынды да назарға алды. Бұл екеуiнiң жұбы жазылмастығын бұрын-ақ аңдаған ол ендi Мырзабектiң тапсырмасын екеудiң тапсырмасына балады. Ұйқысынан оянып, үңгiрiнен шыққан ашыққан аюдай бұл да дағдылы үркек, тым бейбiт қалпынан ажырап, ел естiп, көз көрмеген бiр қиырдан жемтiк аңдаған сұмдықшыл, сұңғыла жанның биiгiнен бiр-ақ шыққандай. Шелденген көздерi, былқсылқ еткен мойны-басы, ұзын тұра кеудесi өткен-кеткен мазаққорлықтың бəрiн топтап, соны шешудiң қыл өзегiн көрiп, түйсiнiп, ендi-ендi тартып қалар шақтағы жан тебiренiсiн бастан кешкенге ұқсайды. Саймасайды, əсiресе, жiгерлендiрген қол-аяғы балғадай Мырзабектiң кiмге де ұнайтын серпiндi, қоңырқай жүзi мен етжеңдi Тұрдақынның қызара бөрткен сал қынқанды тұрысы едi. Қай-қайсысы да бiлмей сөйлеп, бiлмей құптамайтын сияқты. Түскi тамақ iшiлiсiмен Далабай «ауырдым» деп, палаткадан шықпай жатып қалды. Жұмысқа Саймасай да көтерiлiп, Мырзабек пен Тұрдақынға ерiп жүрдi. Саймасай Тұрдақынның екi көзi өзiнде екенiн сезiп, бiртүрлi қыстығумен болды. «Тоқта, сен қазiр-ақ маған басқаша қарайтын боласың». Тұрдақынның өзiне жадырай, мейiрiммен көз салғанын байқаса төбесiне ай мен күн келiп, қабат орнағандай рахаттануға бар бейшаралығын қайда қоярсың. Саймасайдан басқа балташылар əр тұста бiр сағаттай өнiмдi қимылдады. Далабай қайтсе де ұйықтап қалатын уақыт болды. Мырзабек Саймасайға ұстарадай етiп қайралған, ұшы қанжардан жаман, сала құлаш сапы пышақ ұстатты. «Я, ханнан, я, маннан». Мiне, Саймасай бiр көрiмге бар адамға ендi ұқсады. Қалыңнан берi шығып, Далабай ұйықтап жатқан палаткаға қарай жүрдi. Жақындағанда ғана мынадай ер-азаматты тапа-тал түсте өлтiре қоюдың оңай-оспақ нəрсе емес екенiн сезiп, одан бас тартты. Бiрақ өзiн арт жақтан бақылаған екi адамның төрт көзi мұны желкеден итермелегендей. «Жақсы, өлтiрмесем де бiр қорқытайын, азар болса қашып құтылармын, басталар iс басталды ғой».
Палатканың дəл аузына келгенде пышағын артына жасырды. Есiгiн ашып, ұйықтап жатқан Далабайды бiр барлап алғысы келдi. Мiне, ашты да. Апыр-ау, өң бе, түс пе, палатка iшiнде мүлдем басқа дүние. Саймасай бiр ауыр түс көрiп, ендi содан малтығып шыға алмай қалғандай. Ұйықтап жатқан Далабайдан iз-тоз да жоқ. Мүлдем басқа, басқа. Мынау күнде өздерi ас iшiп, аунап ұйықтайтын палаткаға да ұқсамайды. Ендi ол есiктi молырақ ашып, басын иығына дейiн сұғыңқырады. Сонда ғана анық көрдi, палатканың есiк пен төрiн түгел алып, бұған қарама-қарсы қарап сиырдай аю тұр. «А-а-а!» Бұдан əрi Саймасай есiн бiлмейдi. Бұны қалпына келтiру үшiн балташылар тағы үш күн машақаттанды. БЕСIНШI ТАРАУ Хақназардың қыстауда он күндей жүрiп оралғаны осы едi, Шиманов телефон соқты. Сөзi – қысқа, үнi салқын. – Хақа, бiр қолға алатыныңыз анау кавказдық ағайындар ғой. Тiптi Саудабаевқа дейiн мазасызданып жатқан көрiнедi. – Ол кiсi неге мазасызданады? – Апыр-ау, неге мазасызданбасын, улыған-шулығанның бəрi сiздiң жақтан шығып жатыр ғой. – Жiгiт пен жiгiт иық қағыстырса да, не екi əйел бiр-бiрiнiң бетiн тырнаса да сiздер үшiн облыстық көлемдегi улығаншулыған ба? Ондайдың бəрiн көзiнен өткiзiп, жiпке тiзсек қай колхоздан болмасын табылар-ау, улыған-шулыған. – Хақа, «жел соқпаса шөптiң басы қимылдамайды » дейдi. Жiпке тiзу керек болса жiпке тiзiлiп келiп жатыр. Сiздi елге сыйлы, үлкен адам санағасын ғана əр фактiнi көзге шұқып көрсетуден бойымызды аулақ салып, осылай жалпылама айтып жатырмыз. Хақназар үндей алмай қалды. Трубканы аузына тақаған күйi астыңғы, үстiңгi азу тiстерiн бiр-бiрiне соғыстыра бердi. Жақында ғана аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып ауыстырылған Шиманов бұған тым ұрымтал жерден қадалған едi. Хақаңның тiлi кесiлуi де содан. – Ал ана шаруаны өзiмiз бiлемiз, оған байланыстының бəрiн жауып тастап отырмыз ғой.
Шиманов орнына қойған трубканың дыбысы Хақназардың маңдайына тақ етiп тигендей. Бұл да телефоннан босанып, екi қолын үстел үстiндегi əйнекке тастады. Осынау ақпан айының бастапқы күндерiнде Хақаң қыстаудан көп шаруа тындырып қайттым деп ойлаған. Байқаса бiр қысыр қиял соңында жүрiп тапқан шарасын сондағыларға жүзеге асыруды тапсырыпты да келiптi. Ол не шара? Қазiр Шиманов қоңырауынан кейiн саралап қараса мұның да көңiл ден шықпаған күнде əперер ұшпағы топан су жүрiп өткендегi ойрандалған дүние кейпiнен бiр былай емес екен. Бұл шешiмге Хақаң бiрден келдi деу де қате. Ескiлiктi, көңiл көзi ояу көп адамдардың сарабына салды. Қой фермасының меңгерушiсi Киiзбайды ертiп, қыстауға барғанда да мал соңында өмiр өткiзген қарттар пiкiрлерiнiң бiрiн қалдырмай есепке алды, əрқайсысын жеке-жеке салмақтады. Таяқ ұстағандардың көбi жасамыс екенiн де осы жолы ұқты. Бұл жағы алда ойластырылатын шаруа, ал мынаны қас пен көздiң арасында шешпесе болмайды. Бұл бiр жайдан Хақаң ықыласының шындап ауғандығының да белгiсi едi. Əңгiме баяғыда Шəмiлбай аузынан естiп, Хақназардың түнде түсiнен, тұрса есiнен кетпеген қойды құмда төлдету мəселесi туралы едi. Бұл жақтың малы сонау Балқаш құмынан бергi Iле мен Қаратал өзендерiнiң аралығын алып жат қан бас-аяғы жоқ, қары аз құмдардың iшiне кiрiп, алты ай қысты сонда өткередi. Қолдан əзiрленетiн там-тұм жем-шөп өз алдына, мұнда қай түлiктiң де өз аяғымен жүрiп, қорек табуына жарайтын жайылым дегендерiң ұшан-теңiз. Жатаған сексеуiл, дүзген, көк жусан, изен, еркек шөп, ақ таспа, көк таспа, ебелек, қылша, шағылды жерлердегi селеу – осылар сияқты қой малы сүйсiнiп жейтiн өсiмдiктердiң алуан түрi бар. Тек бiр қиыншылық су жоқ. Сосын да күйек түсуден бұрын, қыстаудан қар кете буаз саулықтарды айдап отырып, бергi құмсыз, шалғынды өлкелердегi өзендерге жеткiзетiн. Малдың жолай, тiптi кейiнгi күндерi де iш тастауы, немесе, көп төлдiң тым нашар туып, өлiм-жiтiмге ұшырауы сияқты ертеден бар залал содан емес пе деген сұрақ əбден-ақ мазасыздандырған. Жасы жер ортаға келген, соғыс мүгедегi Киiзбай да, басқа жасамыс шопандардың денi де сол қойды құмда төлдету iсiне аса үрке қараған жоқ. Ақыры солай шешiлген. Ол үшiн құм төбелердiң ықтасын жағын кiсi бойындай етiп қазып, оған қар көмiп, үстiн екi қарыстай етiп топырақпен жабу
керек едi. Əр отарға осындай жиырма бес, отыз үймеден жасаса күйек науқаны аяқталғанша адамның да, малдың да iшiмдiк суына жетiп-ақ жатыр. Қозы алынып болып, олар аяқтанысыменақ түнге қарай айдап шығып (малды шөлдетпеу үшiн) ертеңiне түс шамасына қарай ағын суға жетiп бару көзделген. Мiне, кеше келiсiмен үш бригадирдi шақырып алып, қыстауға шопандарға шұңқыр қазып, қар көмуге болысатын адамдар бөлiнiп, Киiзбайдың қарамағына көшiрiлуiн табыс таған. Басқа да шаруасы көп Киiзбайдың жалғыз өзiн бұған шегелеп қоймай ол науқанды жүргiзуге жеке-дара жетекшiлiк ететiн қосымша адам тағайындауды да ойластырып едi. Бiрақ мұндай жауапты iске кiм лайықты? Артын ойлайтын, ең ақыры бұлардың жауап алуына да тұрарлық кiм бар? Бұл мəселенi шешуге Хақаңның əйелi Күнестiң қол ұшы тиiп едi. Хақназар қыстаудан оралғанда əйелi бұған бiр маңызды хабар əзiрлеп отыр екен. Өткен күзде Талдықорғанда Дəкеновтiң өзiнiң сұлу бухгалтерi Нұрбикемен ресторанда отырғанын əлдекiм жеткiзiп, Аршагүлдiң талма аурудың ең алғашқы соққысына содан ұшырағанын жұрттың бəрi бiлетiн. Тек кiм жеткiздi, Аршагүлдiң құлағына ондай усойқы хабарды сыбырлап кеткен кiм, оны ешкiм ажырата алмаған. Тiптi Дəкеновтiң өзiне де əлi күнге шешусiз бiр құпия осы. Ал Аршагүлдiң өз аузынан ондай ақпарды етiнен ет кессең де шығара алмайсың. Ол дiнге де, уəдеге де берiк адам. Тас екеш тастан да қатты. Мiне, қай жылымнан ағып келгенi белгiсiз, сол жұмбақтың шешуiн Күнес бiлiптi. Күнестiң айтуынша, ол хабарды жеткiзушi Ауқынбайдың шешесi екен. Хақназар бармағын аямай тiстеледi. Ауқынбайдың шешесi сонау қала ортасындағы ресторанға барып жүретiн адам емес. Сол бiр шегiрткенiң айғырындай бар, Ауқынбай атты неменiң бұған ұстаз есептi Дəкеновке ауыз салғанына бұл намыстан ған болды. Оған сөйткен адам оңтайы келсе бұған да уын дарытпай тұра ала? Ақыры Ауқынбайды шақыртып, қыстауға қар көмуге баратын адамдарға жетекшiлiк етесiң дедi. Бұл құқайдың ойыншық емес екенiн де ескерту керек едi. Əрi Күнестен алған ақпары да аузындағы отына май құйып, кеңсеге шақыртып алысымен ең əуеле Ауқынбайды бес басалқаның көзiнше бiр жарым сағат жерден алып, жерге салды. Осынша жылда «Қызылтуды» оңдамағанын, тəртiп атаулыны құрдымға жiбергенiн, таяқ тастам
жердегi «Шұбар» мен «Жаңалықты» үлгi етудiң орнына ол жаққа қарай тас лақтырып баққанын, беттiң арын белге байлап жалған ақпармен əуестенгенiн, бəр-бəрiн қазбалап, тiптi оны-мұныны қосыңқырап та жiбердi. Ауқынбай жақ ашқан жоқ, бəрiне де шот маңдайын тосып төтеп бердi. «Кiшкене артығырақ кеттiңiз, Хақа» деп, сəл-пəл жотасын қиқаңдатса бұл мана Күнестен естiген хабарын да күрзi қылып, сiлтемек едi. Сондай сезiктi көп арқалағасын ба, əлде өзiне абырой əперуi мүмкiн тосын мiндет жүктелгелi тұрғанын iшi бiлдi ме, əйтеуiр Ауқынбай бас қорғаудың қамын ойламады. Ақыры, Хақназар бұған тапсырылған iстiң мəнiн түсiндiрiп, егер көктемде қар суы жетпей бiр қозы, не бiр адам шөлдей қалса (өлiм-жiтiмдi тiптi атама) үй-iшiңмен жер аударыласың дегенге дейiн барды. Ал бүгiн сол Хақназардың өз алдынан күш атасын танымас басқа бiр жағдай шығып отыр. Бұл бiреудi қабырғаға тiреп, кеудесiн сығымдаса өзiне де сондай бiр қоқан-лоққы бар салмағымен төнiп, саусақтарын тарбита жан алқымнан алып тұр екен. Хақанды бəрiнен де көп алаңдатқан Шимановтың сөз саптасындағы одағайлық едi. Жаныңды жалдап, битiңдi сығып жүрiп, екi қол, екi аяғыңмен жармасқан орында қалып едiң ғой, ендi ешкiмнiң жүйкесiн тоздырма, алдыңдағы дүниеге дұрыстап бас-көздiк ет деген қатаң үкiмнiң өзi. Бұл – бүгiндiкке Хақназардың өз кабинетiне екiншi рет кiрiсi. Мана бозала таңда əдеттегi көше аралаудан соң бiр болып кеткесiн, үйге барып, шайын iшiп, ендi қайта келiп отыр. Қазiр сағат он шамасы. Көршi бөлмедегi қыздардың шот қағысынан басқа еш дыбыс бiлiнбейдi. Əншейiнде жылпыңдап бiр бас сұғып кететiн Айтық та көрiнбейдi. Əрине, қазiр Хақназар ешкiмнiң де кiруiн керек қылып отырған жоқ. Жападан-жалғыз ойға шомғысы келедi. Бiрақ қолға ұстарлық ой да табыла қоймайды, бəрi тақ-тұқ етiп шешуiн күтiп тұрған кезек күттiрмес мəселелер. Шимановтың телефон соғысы соның бiреуiн, əсiресе көлденең тартып, көлбеңдетiп тұр. Ол онсыз да өзiнiң жанына батып жүрген нəрсе. Ал Шимановтың сөзi оның ұңғысын мұның кеудесiне одан сайын тереңдете батырып кеткендей. Ашық терезеден сыртқа көз жүгiртiп едi аппақ қар басқан əлем ештеменiң шешiмiн таппас мұның өзiнен де меңiреу сияқтанды. Қайта адамдар тарапынан бiр тербелiс, қайрат-жiгер күтiп, онсыз жүз жылдап, мың жылдап та тап осылай мызғымастығын жалынышпен айтатындай. Хақназардың денесi бiр қызып, бiр
суып, əлденеге делебесi қозайын десе оның ар жағында ешқандай демеу боларлық күш, амал-айла жоқтығын қабат түйсiнiп, қолаяғы шынжырмен матаулы азулы аңдай iштен томырылды. «Беу, сауатсыздық-ай! Ол болмаса анау қалың-қалың кiтаптарды күнi-түнi кiрпiк iлмей оқып, мына жан алардай анталаған сауалдардың бiр жауабын табар едiм ғой. Бұрын ғы мен соңғының бiлгiштерi бұл хақында бiр ойланбады дейсiң бе?» Аупарткомның бiрiншi хатшысы Шимановтың «ана екiншi мəселенi өзiмiз жауып тастап отырмыз ғой» дегенiн де айнақатесiз ұқты. Бұл сол баяғы өткен күзде елге бөлiнген астықтың əлегi едi. Дəкенов пен Ауқынбайдың лауазым үшiн жасаған жомарттығынан туған арыз-шағымдардың ақыры. Оған Хақназар, əсiресе, қазiр қыңбайды. Бəрi тексерiлуге оңай, əрi тексерiлген нəрсе, заң-жоба, жөн-жосық атаулы Хақназардың жағында. Мүмкiн Шиманов оны бiле тұра Хақназарға жасаған ескертпесiне қосымша салмақ арту үшiн қасақана iлiктестiрген шығар. Жə, оны қойшы. Мынау бiрiншiсi шынында Хақназарды ауыр сынаққа алған сыңайда. «Беу, сауатсыздық-ай!» Ел мен ел, ұлт пен ұлт, бұл хақында өткендегi жəне бүгiндегi ақылдылар не ойлайды екен? Хақназар құр отырыспен ештеменiң түбiне жетпесiн сезiп, сыртқа шықты. Соңғы кезде тақымына жаққан Ақтанау атты жүрiстi жылқыны да алдырмады. Машина жайын ойлағысы да жоқ. «Қызылту» жаққа жалғыз жаяу тартты. Көлденең үлкен жолдан ары өтiсiмен жан-жағына барлай қарап едi, жұрттың бау-бақшасындағы аппақ қар көз шағылыстырады екен. Ол Хақназардың қорғасын түстес көзiнiң айналасын шытынатты. Сондай бiр шытынаған дүние мұның көкiрегiнде де бар. Мынау аппақ қар ғана Хақназарды əзiрге барлық абыройдан айырылудан сақтап, жақсы мен жаманды тегiс жасыра бар дүниенi матап, қымтап ұстап тұрғандай. Бiрақ оның да тегеурiнi, қарымы қаншаға жетер дейсiң. «Таң атпайын десе күн қоймайды, өтiрiк шықпайын десе шын қоймайды». Жер əлемдi ағыл-тегiл ететiн ертеңгi жiпсiң кезiнде бұл қардан жұрнақ та қалмай, жаппай қозғалыс, тiршiлiк басталғанда айналадағы анталаған, аңдыған-баққан көздер түйе сойғандағы қуырдақтың көкесiне тойып жүрмесiн. Осынау ақ қар, көк мұздай құрсанған кейбiр колхоз мүшелерi сол жiпсiңмен бiрге жiбiмей, сол ақ қар, көк мұздай құрсанған күйiнде қалып, бұл қауқарсыздық етсе түйе сойғандағы қуырдақ емей немене? Оған аузы майланатындар қаншама. Жо-жоқ, оған
жiбермес. Маңдайына баса киген ақсұр қаракөл құлақшыны мен тап сондай елтiрiден жағасы бар қалың пальтосы бойын аласартып, мығым, шымыр етiп тұрғандай. Бiрақ жүрiсi ширақ емес. Қатқан жолдың ой-шұңқырына сүрiнiп, не тайып жығылардай бүгежектеп əрең келедi. «Шұбар» мен «Қызылтудың» аралығында үш-төрт көше емiн-еркiн сиятындай кеңiстiк бар. Хақаң бұл аралықтан колхоз орталығының бас жобасын болашақта жүзеге асыру төңiрегiндегi əртүрлi қиялмен өттi. Бүгiнгi Хақназардың басын құрсаулаған мəселенiң отына май құйып отырған да осы жаңа жыл қарсаңында жарияланған бас жоба едi. Кiм-кiмнiң де мекен-жайы оның ноқат-сызығына қайшы келсе бұзылып, белгiлi мөлшердегi колхоз көмегiмен қайта салынбақшы деп, көпшiлiк жиналыстарда Хақназардың, басқалардың аузымен əлденеше мəрте қайталанған хабар, əсiресе, шешен-ингуштарды мазасыздандыр ған. Себебi, олар салған үйлердiң бəрi қағазда көзделгеннен мүлдем бөлек, бiр-бiрiне егiз қозыдай ұқсас, құмырсқаның илеуiндей тым қораш жатқан дүние. Ал бас жоба əрбiр үйдiң төбесi шиферленген, биiк, стандарттық үлгiде, əрi ауласы, қабырғалары көше жаққа бiр қырымен қараған күйде салынуын талап етедi. Бiрiккен колхоз жаңа жағдайдағы алғашқы шаруашылық жылын ендi бастап отыр, оның не əкелерi белгiсiз, оған алаңдап, қарайламастан Хақназардың бар науқанды түп-тамырынан ұстап бiр-ақ қозғауы қосымша бейнет те артқан. Бұл хақында Абыл, Жазылбайлар да өз күдiктерiн жасырған жоқ. – Хақа, баршасын қоса қабаттастыра дүрлiктiрмей биылша аңысын аңдасақ қайтедi? – Төрт аяғын тең баспаған ат ешқашан бəйге алмақ емес! – деп, сонда ешкiмге дес бермеген Хақаң тап қазiр өзiнiң бұзуы қиын тас қабырғаға тақалғанын сезедi. Қисықты табанда тезге салам деп, бас-көзге қаратпай бастырмалатқан мұның мiнезiне де аз-кем наразылық белгiлерiнiң бiлiнгенi рас едi. Өткен апталарда түнде көшеге шыққан бiреулерге əлдекiмдердiң жұдырығы тиiптi. Ол Хақаңның «тəрбиелiк» жұмысына жауап ретiнде ұйымдастырылса керек. Түн жамылған «жазалаушылар» өз құрбандықтарына сөйдеп айтыпты да. Бiр жайдан Хақаңның өзiнде де бар. Былтырғы жоңышқа ұрлаған Зайпулла ғана емес, одан кейiн де шешен-ингушы, қазағы аралас екi-үш адамды колхоз қамбасына жатқызып шығарды.
Бiрақ ешқайсысын аудандық милицияға тапсыр ған жоқ. Ондай атты шараны бəрiн қолдан шығарып алғандық деп бағалаушылар да табыла кетедi ғой. Хақаң, əсiресе, содан сақтанды. Мiне, сақтанғанмен болмады, аудандағылардың, тiптi облыстағылардың өздерi-ақ естiп, телефон құлағын бұрауда. Бұл жерде Хақназар мынаны да ескердi. Кавказдық ағайындардың да наразылығы дейтiндей алып-жұлып бара жатқан ештеме жоқ, шынына көшсе бəрi де ет пен терiнiң арасындағыдай ғана нəрсе. Өзiнiң Шимановқа айтқанындай ел iшi болғасын иыққа иық тимей тұрмайды. Қаза берсең басқа ауылдардан мұндайдың көкесi табылады, тек «Шұбардағы» хал-ахуалдың ерекше бетке ұратыны мұндағы əрбiр шыны-аяқ сылдырынан əлдекiм олжа тапқысы келiп, түгiн қалдырмай көзiнен өткiзiп, жiпке тiзiп, жөнелтiп жатқаны анық едi. Əсiресе, бастықпаған асаудай, ерке мiнездi тау халқы – кавказдық ағайындармен болған өткендегi бiр кикiлжiң талай түлкiге қарғаның аузындағы iрiмшiктей көрiнген. Одан берi бiраз уақыт өттi. Хақназар, Абыл бəрiмен дерлiк түсiнiстi де. Жұмысқа мойны жар бермейтiндер жоқтың қасы. Соның өзiнде де ел болғасын тарпаң мiнездiлер кездеспей ме? Хақназардың ендiгi мiндетi сол тарпаң мiнездiң өзiн де болдырмау ғой. Басқаның желкесiндегi жүк бұған үш есе ұлғайып түсетiнi өз жаратылысына лайық тағдыр жазуы екенiн де iштей мойындайды. Солай-ақ болсын, Хақназар оны да көтеруге бар. Апыр-ау, бiр жайдан бұл дұрыс та ғой. Басқаның үйiнен естiлiп жатқан шыны-аяқ сылдыры өз үйiмнен шықса, менiң Хақназар атануыма не жорық? Екi оттың ортасында жүргендей əлек-шəлегi шыққан Абыл кезiнде қарсы сөйлеп те көрген: – Хақа-ау, дос бар, дұшпан бар, əйтеуiр айналамыз толған аңдыған көз, оның ұзын құлағы жəне бар, ол ұзын құлақты əлдекiмдердiң суық қолы одан əрi ұзартып жүргенiн сiз ғана емес, мен де бiлемiн (Дəкеновтiң, не Ауқынбайдың есiмiн сап еткiзуге аузы бармады), осыны ескерiп, былай басқа басқа, тап осы адам жапқанды қояйықшы. – Ендi оны маңдайынан сипайық па, əке-көке деп? – Ұрсайық, айтайық, адамбыз ғой, былай. – Жақсы, бiр арба шөп əкеткенге айттың, ұрыстың. Ал сынық шеге əкеткенге сосын не дерiң қалады? Əлде оның да кесiмi сол болмақ па?
Сынық шеге! Сол сынық шеге үшiн Хақаңның бүтiн шегеден əрмен сөздерi қанша адамның көкiрегiне қадалып, сүйегiнен өттi екен? Ұрланғаны өз алдына, сол сынық шегенiң жерде аңдаусыз жатып қалғанына буырқанып, оны көтерiп əкеп, əркiмнiң бiр көзiнiң алдында ұстап, қап-қап алтын үшiн айтуға қимайтын ауыр-ауыр сөздердi қалай тоғытушы едi? Мұны жақсы бiлетiн Абыл одан əрi қалай сөз жарыс тырсын. – Өйте берсек, – деп Хақназар одан əрмен екiленген, – барабара кiсi өлтiрген мен маңдайдан шерткеннiң күнəсiн таразылай алмай қалармыз. Қылығына қарай жазасы! Тай салма! Мiне, осылай ымырасыз морт мiнезiне салып баққан. Бұл қарқыны, мiне, күнi бүгiнге дейiн басылмаған. Тек Шимановтың телефон соғысы ескермеген бiрдемең бар шығар, ойланшы деп, тiзгiн тартқызатындай. Мiне, «Қызылтудың» Шиманов атағандай кавказдық ағайындар тұратын екi көшесiнiң бiрi. Хақназар бұлар жөнiнде ескiнiң бəрiн ысырып, соны шешiм таппақшы. Манадан берi бас шаққаны да сол үшiн. Осы көше кезуден, үй ақтаудан балтырым iсiп, жағым талатын болса баяғыда-ақ соның бiрiнiң кезегi келетiн едi ғой. Ол ата кəсiбiмдей үйреншiктi iсiм, мынау жапырайған үйлерге жағалай кiрiп, əрбiр семья басы адамдармен отбасы, ошақ қасында жеке-жеке жүрекжарды сөйлесiп шықсам қайтедi. Ол сөйттi де. Екi-үш үйдiң маңдайшасы тым аласа есiгiнен екi бүктелiп əрең кiрдi. Бiр-бiрiнен көктей өтiп қана ең түпкiсiне бара алатын етiп, ұзыннан-ұзақ салынған үш-төрт бөлмелi үйлердiң төбесi де еңсеңдi көтертпейдi, əктелген сырғауыл, тақтайлары желкеден басып тұр. Күн көзi түсуге тиiс терезелерiнiң де жерге иек сүйей орналасқанынан шығар, үй iшi қаракөлеңкелеу. Бар мəзiрi қылау қалдырылмай таза сыпырылған едендерiнде ғана жатқан сияқты. Ересек шешен-ингуштар бұның сөзiне алғашқыда оқшырайып, соңынан құлдық ұрысты. Түн баласы қарақшылық, бұзақылық жасаушыларға бұлардың ешқайсысының қатысы жоқ екен, қайта ондай қылықты бұлар жан-тəнiмен айыптайтын көрiнедi. Хақназар осындай кезектi бiр үйден шыққанда көңiлiнiң қатты құлазығанын ұқты. Бекер əурешiлiкпен жүргенiн түйсiнгенi, шамасы. Қалай да өзi мен бұлардың ара сында көзге көрiнбес бiр тас қабырға тұр, оны бұзып-жарып өтуге мұның ақылы да, қайраты да жетпейдi. Жоқ, мен бұл iсте жалғыз шауып жау ала алмаспын, қалайда басқалармен ақылдасайын, не оларды ерте жүрейiн! Осыдан
бiраз күн бұрын Хакiмге кавказдық мұсылман қауым жөнiнде оқымыстылар не дейдi, соны бiлiп бершi деп өтiнiш еткен. Колхоздардың iрiлендiрiлуiне орай бiр ұяға тiркелген коммунистер саны өсiп, уставқа сəйкес партия ұйымының хатшысы сайланған Хакiмге де бұл кезектен тыс шаруа көрiнген. Қазiр ол қайтсе де кiтап, газет-журнал атаулыға тұмсығымен көмiлiп жатыр. Бəрiнiң түбiне жетпесе де кей нəрсенiң бет пердесiн ашып, шет-пұшпағын ұстаған шығар. Сонымен де сөйлесейiн. Осындай толқын ойлармен кейiн қарай бұрылмақ едi, қалың қарлы көшенiң о шетiнен бiр-бiрiнiң iзiн басып келе жатқан екi адамды көрдi. Араларында таяқ тастамдай ғана қашықтық бар. Қоқырайған бас киiмiне қарап, осындағы кавказдық ағайындардан екенiн ұқты. Жақындағанда таныды, алдыңғысы баяғыда Сүгiрбектiң бас тауымен əккi шал Самраттың ауласына барғанда соның шақыруымен шыққан екi жас перiнiң бiрi – Вахит екен. Соңындағысы – артынып-тартынып, əлем-жəлем екi-үш түйiншектi əрең көтерiп мықшыңдаған əйел осының зайыбы екенi де анық. Хақназардың көкiрегiне əлдене оқтай қадалды. Өзiне ернiн жыбырлатып қана сəлем берген Вахитке жаман көзiмен қарады. Бiр қимылға оқталып едi, бiрақ Вахиттiң сырт пiшiнiндегi өзгерiс мұны сəл бөгедi. Бiр кездегi Самраттың ауласында көрген Вахит пен мына Вахиттың арасында жер мен көктей айырма бар. Ұзын адамға киiм де жараса ма, мына Вахит түз аңындай болып құлпырып алыпты. Белi сыптай етiп тiгiлген, өңiрiне, жеңiне, етегiне терiнiң жүнiн сыртына қаратып, əртүрлi өрнек салынған, тiзесiне дейiн жететiн су жаңа қара тон, адамның жүзi көрiнердей жылтыраған қарағайдай етiк, басындағы қара елтiрi папаха iсмер қолдан шыққан бар мiнсiздiгiмен мынаның сырғауылдай денесiне қона кетiп, қуыршаққа айналдырып жiберген бе дерсiң. Қошқар мұрны қақ бөлiп тұрған бет өңiрiндегi шашау-шашау сақал-мұрт та мiнсiз киiм киiсiндегi əдемi өрнектi одан əрi жалғастырып əкеткен сияқты. Аяз қарығасын ба, сəл нұрсыздау көрiнген шүңет көздерiнiң осы қарасында-ақ бiр салиқалылық бар. Əрi Хақназар жөнiндегi iш пiкiрi қалыптасып бiткен адамның да нышанын шырамыту оңай. Ал əйелi ше? Неше жылғы ескi-құсқыны үстiне жапсыр ған түрi Вахит бойындағы мiнсiз бекзадалықтан мұны тым аулақтатып əкеткен. Вахитте кiнə жоқ, қайта ол əйелдiң сараңдықтан туған
ұқыпсыздығына наразылық көрсетiп, намысқойлықпен əдейi қашқақтап, таяқ тастам алда кетiп бара жатқан сияқты. Хақназар мұны ойлап жатпады, еркектiк iлтипатпен Вахитке қалайда бiр қысастық жасамаққа пейiлi ауып, ақай-тоқайсыз əйелдiң мойнындағы түйiншектерге жармасты. Жұлып алып өз мойнына салмақшы едi. Бiрақ Хақназар күтпеген жағдай болды. Əйелдiң жанкештi түрi жаман екен, əкеле жатқан дүниесiн жырынды ұрыдан арашалап қалмақтай, өз тiлiнше бiрдеме деп айғайлап, жабысып өлердей қимылдасын кеп. Гүлдi шəлiсiнiң астынан шашы дудырап шығып, одан сəл төменiрек шошына қараған танадай көздерi дүние емес, тiрi жанынан айырылып қалардай қауiппен ұшқын шашты. – Əй, үйiңе апарып берем! Мына менiң мойныма сал! – дегендi Хақназар добалдай орысшасымен де, қазақшасымен де, ыммен де үстi-үстiне жеткiзiп жатты. Бiрақ бəрi бекер, қолы қолына тигенде əйелдiң темiрдей саусақтары ешбiр ымыраға көнбестей жабысқанын түйсiндi. Тiптi Хақназар зiл көтерем қос түйiншектi күшпен өз мойнына салған күнде де əйелдiң саусақтары ажырамай бүкiл денесiмен бiрге сүйретi летiн сияқты. Вахит бұлардың қасына екi-ақ аттап жеткен. Оны сезсе де Хақназар көңiл бөлмей əйелмен аз-кем арпалысып қалып едi. Болмағасын ғана ол Вахитке көзiн көтере бұрылды. Вахиттiң қарасында жаңағы бекзадалық жоқ, қайта қос жанары ары тереңдеп кетiп, алыстан оқ ата бастапты. Тек қысқы аяздай қатал, суық жүзi еш өзгерiссiз. Хақназардың iшiне қауiп кiрсе де елемей: – Əй, əйелдi сыйлау деген қайда? Мына зiл көтеремiңдi оған артып қойып, қойқаңдап кетiп бара жатысың еркек басыңа мiн емес пе? – дедi. Вахиттiң бiр қолы қалтасында едi, тонының сыртынан онысының қыбырлағаны байқалды. Сапы пышақ сарт етердегi қимыл екенiн сезсе де Хақназар сыр бермеуге тырысып, түр-түсiн бар болғаны оң жауап күткен адамға ұқсатты. – Анау менiң əйелiм, – дедi Вахит сырттағы қолымен нұқып көрсетiп. – Сенiң əйелiң үйiңде. Мен оған тимеймiн. Сен де менiң əйелiме тиiспе. Сонда ғана əдiлет. Сен мұсылман, мен мұсылман! Өмiр бойы меңгерген ең бiр даналық сөзiндей шегелеп, мəнерлеп айтты. «Мынау топасыңа қара тасқа жеткен нəрсе де жетпес» деген ой Хақназардың миынан зауылдап өтсе де ақыр
аяғына дейiн өз ниетi, пiкiрi үшiн ауызба-ауыз шайқасып бағуға тəуекел еттi: – Əй, барша еркек əйел атаулыға қамқорлық жасауға тиiстi емес пе? Сонда ғана Вахиттiң қабағы ажырайып, тереңдеп кеткен қос жанары берi қарай қайта бұлқынып шығып келе жатты. Тап бiр Хақназар əйел атаулы барлық еркек үшiн ортақ деп буынсыз жерге пышақ ұрып, қасарысқандай-ақ қадалып кеп бердi. Бұл неме сөзiмдi шынында солай ұқты ма деп, Хақназардың да зəресi ұшқандай. Тек əлi де сыр бермей Хақназар бұдан да ашығырақ, мейiрбандылау сөйлеп, жаңағы пiкiрiн дамыта бердi. Ақыры бұлар түсiнiспей айырылысты. Сырты бүтiн, iшi түтiн Хақаң кеңсеге келдi. Хакiмдi айналдырды. – Сен мұсылман, мен мұсылман дегенде ол не айтпақ маған? – деп сұрады. Бiраздан берi əр нəрсенiң басын шалып үлгерген Хакiм бұл сұраққа тiкелей жауап таппады. Сонда да Хақназардың Вахит пен оның əйелiн кездестiрген шақтағы көрiнiсiнiң астарын аша алды. Кавказ халықтары да шапқыншылықты, опасыздықты көп көрген. Сөзiн осылай бастады да, кабинетте екеуiнен басқа жан жоқ болса да Хакiм аузын алақанымен бүркей Хақназардың құлағына тақап, «кезiнде Ресей патшалары Кавказ халықтарын қарудың күшiмен бағындырған, оның жырын бұл тiршiлiкте айтып тауыспайсың, соның əуселесi бұл жазғандардың ақылойына, мiнез-құлқына өз таңбасын қалай баспасын» дегендi сыбырлай жеткiздi. «Жə, ол бiз бiлмейтiн шаруа, ал мына Ұлы Отан соғысы басталғанда немiс-фашистер шешен-ингуштердiң жерiне басып кiрерде Сталин жолдас өз үкiмiмен бұларды Қазақстанға көшiрттi емес пе? Оны қайсысы қалай түсiнiп жүр, iштерiне кiм кiрiп-шығыпты» дегендi сəл көтерiңкi дауыспен айтты. Хақаң сұқ саусағын тiкiрейте ерiндерiне тигiзiп, «тоқта» деген белгi бердi. Ұлы көсемнiң ныспысы, iс-əрекетi, үкiмi аталғанда əлдебiр тылсым күш иықтарына құлап, тiл-жақтарын қоса байлап, сана-сезiмдерiне де тұсау салушы едi. Бұл шынында ұлы сенiм бе, жоқ, қорқыныш па, оны ажыратып талдауға ол жылдарда ешкiмнiң тəуекелi жетпейтiн. – Иə, əуелгi жол жорғаңа көш! – деп, Хақназар тосын бiреулер бұлардың сырттарынан тың тыңдағандай секеммен Хакiмге бағыт сiлтедi. Хакiм оны дұрыс түсiндi.
– Иə, Кавказ халықтарының көргенi көп. Кей кезде кавказдықтар сақтықты ойлағанда кiрпiк қақпауға да бар. Əйел қашан да арттағы дүние-мүлiкке ие, ер адам қашан да оны қорғай алуы үшiн екi қолы бос тұруы керек. Вахиттiң түз аңындай құлпырып, алда жүруi, əйелiнiң артынып-тартынып, соңынан мықшыңдауы сондай тар жол, тайғақ кешу, сүйексiңдi дағдыдан қалған. Хакiм кенет құлашты тiптен алысқа сiлтеп, мұсылман дiнiнiң жер бетiнде пайда болуы хақында бiраз сөз қоздырды. Мұсылман дiнiне дейiнгi араб халықтары бастан кешкен жəһиллия дəуiрi жөнiнде толғап, Хақназардың аз да болса көңiлiн алдандырам ба деп дəмелендi. Мұхамед пайғамбарға дейiн арабтардың адамгершiлiк түсiнiктерi өте төмен жатқанын, ағасы мен қарындасының, əке мен қызының, шеше мен баласының некелiнекесiз қосыла бергенiн, мысалы, атақты Клеопатра патша өзiнiң туған бауырына тұрмысқа шығып, ақыры оны тақ таласы үстiнде өлтiрiп тынғанын бiраз созбұйдалады. Хақназар желкесiне одан əрi ауыр жүк түскендей қабағын тұнжыратты. Сосын Хакiм əңгiменi берiрекке көшiрдi. Мұсылмандар шииттер, суниттер болып екiге бөлiнедi екен. Кеңес Одағының жерiндегi мұсылмандар негiзiнде суниттер де – олар Мұхамед пайғамбарды пiр тұтады, ал шииттер Мұхамедтiң немере iнiсi, əрi күйеу баласы Əли ибн Əбутəлiптi, яғни дiни қисса-жырларда шектен шығара дəрiптелетiн Əзiретi Əлiнi жоғары ұстайтын көрiнедi. Əзiретi Əлi туралы бiлгiштердiң, қиссашылардың аузынан Хақназардың өзiнiң де үзiп-жұлқып естiгенi баршылық. Бiрақ ол туралы Хакiмнiң оқып-бiлгендерiнiң ауаны мүлдем басқа. Мұхамед дүниеден өткесiн оның жақтастары екi жiкке бөлiнiп, бiр айғайлағанда он мың адам қырылып, үш айғайласа дүниенiң бұзылатынын бiлген «алланың арыстаны» Əзiретi Əлi ел, билiк үшiн соғыстарда ешқандай шешушi жеңiске жете алмай ақырында мешiтке кiрiп бара жатқан жерiнде бiреудiң у жаққан қанжарынан жан тапсырған көрiнедi. Шииттердiң бiр ерекшелiгi «шахсей-вахсей» деп аталатын адамның өзiн-өзi жазалауы – отқа күйдiруi, пышақтауы, буындыруы сияқты дiни ғұрыпты сақтап келген екен. Бұл Əзiретi Əлiнiң баласы Хусейн имам жер бетiндегi əдiлет пен жақсылық үшiн ауыр азаппен өлген мукеррем айының оныншы күнiнде өтедi екен. Сол Хусейн құрметiне ұйымдастырылатын бұл
жиiркенiштi науқан, əсiресе, шиизм мемлекеттiк дiнге айналған Иран, тағы басқа бiрқатар елдерде жалпыхалықтық қасiрет күнi ретiнде үлкен салтанат-шеруге айналады екен. Ал ғылымның тұжырымдауынша, Хусейн имам – əдiлет пен жақсылықтың емес, сол кезде тым етек алған билiк жолындағы феодалдық күрестiң ғана құрбаны. «Шахсей-вахсей» бiздiң кеңестiк Əзiрбайжан, Грузия, Түркмения жерлерiнде де о баста азын-аулақ орын алыпты. Тек мың тоғыз жүз жиырма тоғызыншы жылы сол республикалар үкiметтерiнiң шешiмiмен бұл сынды дiни ғұрыпқа ресми түрде тыйым салынған көрiнедi. Хакiмнiң осындай əр жақтан бас құрағандай əңгiмелерi тым ұзаққа созылды. Хақназардың өзi жетелеп айтқызғандағы Хакiмнiң тұжырымды жауабы шешен-ингуштардың бiзге түсiнiксiз мiнез-құлқы сол адам баласы əлi тiзiп үлгермеген, көне заманның көнтерілi ұрпақтарға сiңiре берген мың сан ғасырлық сан қилы дəстүр-тағлымдардың жемiсi дегенге ғана сайды. – Сонда бұлардың тiлiн табатын дұрыс жолды ешкiм айтпаған десеңшi. – Хақназар маңдайы тершiмесе де жұмсақ алақанымен сипалай бердi. Алакөлеңке кабинет сол Хакiм айт қан өткен замандардан əлi күнге жарық түспей келген бiр дүние бөлшегiне ұқсайды. Алдындағы əйнектi столды бiр ұрып, от шығарудан басқа амал жоқтығын сезген адамша отырған орнында ыңыранып, тұла бойы қозғалыс тiлейдi. – Өзiм де ойлап ем, ондайдың оқуы бар болса оқымыстылар басқарған дүние əлдеқашан-ақ көкке шырқап кетер едi деп. Бұл не сөзi екенiне Хакiм бiрден ой жеткiзе алмады. «Оқымысты» деп кiмдi iлiп-шалып отыр, тағы да Дəкеновтi ме, жоқ Дəкеновтi емес, қазiр Хақаң өз дүниесiнiң жамау-жасқауын бүтiндей алмай жүрген адам. Дəкеновтiң құлағын шулатып қайтсiн. Сол күнi қыстауға қар көмуге жөнелтiлетiн адамдар iрiктеу жұмысының барысымен қысқа танысты да Хақназар машинасына Абылды, Хакiмдi қоса мiнгiзiп, шешен-ингуштар тұратын көшеге қайта келдi. Бiрден Самраттың үйiнiң қасына тоқтады. Бұлар ай-шайға қарамастан ит жоқ па деп, абайлап, ауладан өттi де табалдырықтан аттап iшке ендi. Маңдайшалары аласа екi-үш есiктен кейiн түпкi қаракөлеңке бөлмеде темiр төсектiң үстiнде жатқан шалдың өзiн де көрдi. Құлағына жеткен ұзын мұрты мен шықшыты жыбырлай орнынан көтерiлдi. Былшық басқан көздерiнде сау етiп кiрген
мынау еңгезердей адамдардан сезiктенiп, қамсыз қалған жанның үрейi бар. Бет ажарындағы доғал мұрын, үрейлi жанар, қырыс маңдай, ұзын мұрт сияқты ескiлiктi «дүниелiктерiнiң» ара-арасын қуалай бiткен əжiм iздерiнде жаңа Хакiм айтқан əңгiмелердiң кейбiр ұзын-ырғасы iлулi тұрғандай. Көздерi танадай жарқыраған кiшкентай қызы да осында екен. Бұл да əкесiндегi үрейдi бөлiсе қарағанмен анық шошынған түрi жоқ. Қайта көп заманғы ауасы iркiлген, аузы-мұрны бiтеу қауашақтай бөлмеге даланың сары аңызақ желiн, тап-таза қар исiн қап-қабымен ала кiрген бұл адамдардан бiр жақсылық дəметкен сыңайы бетке ұрады. Бөлменiң ортасында қолдан орнатылған тiреудей тұрған Хақназар аман-саулықсыз: – Мына үйдi салғаныңа қанша болды? – деп сұрады. Самрат орысша, шешенше, ара-тұра қазақша сөздердi араластырып, əрең жауап бердi. Бұл соғыс кезiнде бiр қазақтан қал ған соқпа үй екен. Оны сол жылдары жаңа бөлмелер қосып, ұзартып алыпты. Одан берi айналасы жетi, сегiз жыл өтсе керек. – Бiзбен бiрге жүр! – деп Хақназар бұйрық бердi. Бұл жерде қарсылықтың жөнсiздiгiн ұққан Самрат оңай ердi. Бастық машинасының артқы отырғышына парторг, бригадирмен қатар орныққан Самрат бiр жұмбақ хал кешкендей. Бұлар сырғып отырып, қас пен көздiң арасында «Шұбарға», қазiр сонау алыстағы таулардың қуысында басқалармен бiрге қарағай əзiрлеп жүрген Далабайдың үйiне келдi. Далабайдың қарашайлық, бiрақ өте қазақы əйелi колхоз басшыларын есi шыға, құрақ ұшып қарсы алды. Хақназар оның құрметiне көңiл бөлместен, Самратты ертiп жүрiп, бөлмелердi аралатты. Өткен жылы «Шұбарда» осы бiр көше түгелiмен жаңартылып, үйлерi стандарттық үлгiмен салынып шыққан. Оларға негiзiнен еңбек озаттары, бiрлi-жарым мамандар, мұғалiмдер кiрген. Мынау сондай үйлердiң бiрi. Асты-үстi тақтай, күннiң жарығы молынан шалған самаладай бөлмелер, əрi оны кiршiксiз ұстаған өзi тектес кавказдық, қарашайлық жас келiншек Самрат бойындағы қара түнектi бiр ұрып, жоқ қылғандай. Сұлулықтың, тазалықтың мысы басып, аласа бойын одан əрмен жер жұтып, еңгезердей колхоз басшыларының қасында жүз жасырудың амалын таппағандағы шарасыздық айналдырып əкеттi. Хақназар төбесiнен төне Самратқа сұрақ қойды. – Сен осындай үйде тұрғың келе ме? Самрат осы тұста ғана бойын жиды. Тағы да əр тiлден үзiпжұлқып ұзақ сөйлеп жауап бердi. Мұның айтуынша əркiм өз
үйiнде тұрғысы келедi. Мысалы, жапалаққа алтын сарай қоныс болмайды. Əркiмнiң несiбесi өзiне. Хақназар тығырыққа қамала сəл бөгелiп барып, қайта сұрақ бердi: – Егер саған тура осындай үй салдырып берсем оның ақысына сен маған қандай жақсылық жасайсың? – Маған əзiрге мұндай үйдiң қажетi жоқ. Əзiрге баспанам бар ғой, – дедi Самрат бiр сұмдықтың пұшпағы ендi ғана көрiн гендей Хақназарға үрке қарап. Хақназарлар Самратты ертiп, осындай тағы екi-үш үйге кiрдi. Сонда ғана Самраттың сағы сына бастады. Иə, тазалық атаулы күтпеген жерден кездессе адамды өз құшағынан ығыстырып шығарардай көрiнедi. Тек бiрте-бiрте ғана мейiрбандылықпен баурай бередi. Ендi олар «Қызылтуға» керi қайтып, шешендер тұратын мыжырайған ескi үйлердiң бiрiне барып, оны да Самратқа мұның көрмей жүрген дүниесiндей-ақ тамашалатты. Бұдан көп асып бара жатқан ештемесi жоқ қазақтардың да қораш екi-үш мекен-жайын тұмсықтарымен сүзiп шықты. Бəрiнен құр шыққан жоқ, Хақназар дағдылы əдетiне басып, отыратын ғұмырлық орындарыңды дұрыстай алмайсыңдар деп, айғай-ұран салды. Оны Самрат, Абылдармен бiрге бес-алты көршi-қолаң да естiдi. Бара-бара Самраттың көзi тек қана Хақназарда болды. Тазалықтың да, ластықтың да бұл үшiн ендi мəнi жоқ, бəрiнен де колхоз бастығының өз басын қызықтауы үстем едi. Неткен тегеурiн, неткен сарқылмас қайрат. Осы бүгiндiкте Самратты ерткен кездiң өзiнде-ақ айтқандарын бес-алты адам қайталаса, олардың жақтары талар едi. Əрi Хақназардың əр сөзiн қақас жiбермей қатал қалыппен тыңдаған Абыл мен Хакiмнiң бет пiшiндерi де Самратты ойсырата жыққандай. Кешке қарай Самраттың Хақназар үшiн шығарда жаны жоқ едi. Жүрiс аяқталып, бұлар күн батып, көз байланған шақта Самраттың үйiнiң қасына қайта келдi де бəрi машинадан түстi. – Иə, Самрат, менiң басымдағы ойым да, көрген күнiм де осылай. Сен көп жасаған адам ретiнде маған не айтасың? Қолдайсың ба, жоқ қарсысың ба? Самрат Хақназарға бiр, айта алмасам сендер дұрыстап жеткiзiңдершi дегендей Абыл мен Хакiмге бiр алақтап, жалынышпен сөйледi. – Бiз алланың нұр боп жауған рахымының арқасында ғана жүрген адамдармыз. Бiз ешкiмге жаманшылық ойламаймыз,
ешкiмге жаманшылық та жасамаймыз. Бiзге колхоз бастығы не айтады, соның бəрiн хал-қадарымызша iстеймiз. – Бұл сұңғылаң бəрiне көнiп тұрған сияқты ғой, – деп Абыл мырс еттi. Сөйтсе де оның ағынан жарылуына Хақназар сене қоймады. Өткен жылғы күзде шешен-ингуштар жұмысқа шықпаған күнi бригада есепшiсi Ұлықбектiң осы ұзын мұрты мен шықшыты жыбырлап, көзi жасаураған неменiң қорасында жатып қалуы көкiрегiне мұз боп қатқан. Ол үшiн кейiн Самратты Абыл тергеуге алғанда «мен бiлмеймiн, мен жоқта бiреулер əкеп қамапты» деп өз басына қыл жуытпапты. Ол жай əлi ұмытылмағанмен тап бүгiн Хақназар оны көзге түрткi қылғысы жоқ. Ертеңнiң қамы үшiн сол дұрыс шығар деп шештi. – Менiң айтқаныма құлдық ұрсаң онда қиқаймай-жиқаймай миыңды түзу ұстап тыңда. Саған көп салмақ артылғалы тұр. Бiрiншiден мына екi көше жөнiнде сен бүгiннен бастап менiң орынбасарым боласың. Орынбасар деген сөздi ұғасың ба? Орынбасар! Мен жоқта сен бiрiншi. Бiрақ сен тəртiп жағын бақылайсың. Тек қана тəртiп жағын. Ол жөнiнде тiкелей маған бағынасың. Ал мына бригадир Абылдың шаруасы бөлек, тəртiп жөнiнде оған да қолқабысыңды тигiзесiң. Бұл жұмысың үшiн саған айына он бес еңбеккүн жазылады. Бiрақ осы екi көшеден бiр адам тəртiп бұзса анау кеңседе дүйiм жұрттың алдында сенен жауап аламын. Ұқтың ба? Екiншiден, мынау қар кетiсiмен бiрiншi болып үйiңдi бұзасың. Анау «Шұбарда» көргенiңдей стандартты үй саласың. Тақтай, шифер – бəрiн жартылай қарызға беремiз. Iрге тасын, қабырғасын көтерiсуге, төбесiн жабуға көмектесетiн мамандар жiберемiн. Менiң сөзiмдi ұғып тұрсың ба, сен былай! Самрат бəрiн ұққан едi. Оған бүгiнгi күнi бойғы естiген сөздерi де ықпал еткен. – Дұрыс, дұрыс, бiз бəрiн мақұл аламыз ғой. Тек қана менiң кiшкентай қызым, балам, кемпiрiм бар, ол үй бiткенше қайда тұрамыз? – Бəрiнен қиыны осы екен ғой, – деп Хақназар мұның арамза аңқаулығынан осымен сан мəрте түңiлген сыңаймен Абыл мен Хакiмге қарап, мырс еттi. – Жақсы, басқа басқа, ал тап саған ол үйiң бiткенше мен өз үйiмнiң жартысын босатып беремiн. Келiсесiң бе? Самраттың бет-жүзiнде өзгерген ешнəрсе жоқ, алыстағы бiр нүктеге қадалып, шынайы пейiлмен бiр шешiм қарастырғандай ұзақ мелшидi. Осы қараңғылықта да Хақназарлар Самраттың сол қалпын анық бажайлады.
– Ол кезде күн жылынады. Мүмкiн ана кiлетке кiре тұрармыз, – дедi Самрат сосын өз үйiнiң ауласын нұсқап. – Ендi, ойбай-ау, сондай бiр амалын айтқызбай-ақ таппайсыңдар ма? – деп Хақаң қуана кеттi. Расында қуанған ештемесi жоқ, Самратқа деген сенiмiн нықтайтын меже əзiрге құйрығынан ұстатар емес. Соған шамданады. – Егер жалғыз өзiңе тəртiп орнату қиынға түссе өзiң сияқты былай беделдi, тiлiнiң уыты бар, ақсақал адамдарды кө мекшiге ал! Ондайлардан кiмдер бар, кəне аташы! – Бұл сөздердi Хақназар екi-үш рет ежiктеп қайталағасын ғана түсiндi. Самрат түкiрiгiне шашалғандай бiрнеше адамның атын əрең атады. – Халиль, Хамид, Ибрагим. – Бұл есiмдердi Хақназар да, Абыл мен Хакiм де мұқият есте тұтты. Ол көсемдерiмен де алдағы күнде тап бүгiнгiдей жұмыс жүргiзу белгiлендi. Самрат алақанымен төсiн басып, əлденеше рет бас иiп, аса риза пейiлмен қоштасып қалды. Хақназарлар мiнген жеңiл машина түн қойнауына сүңги жөнелдi. Бұлар «Шұбарға» қарай бұрылу үшiн, көшенiң басына шықпақ керек едi. Соған жетiп машина көлденең жолға бұрылғаны сол едi, фардың жарығымен алда оқ бойындай қашықтықта екi адамның бұларды байқап, жалт берiп, қалыңға кiрiп, жоғалғанын Хақназардың əккi көзi байқап қалды. Мұны тағы да түлен түрттi. – Сендер машинаны тоқтатпаған болып осылай жүре берiңдер. Тек алыстап барып қана, бiржола қара жоғалтқан болып, машинаның алдыңғы, артқы жарығын тегiс сөндiрiп, менi күтiңдер. Мен осы жерде түсiп қалайын. Жаңағы екеу қайтсе де тегiн емес. Төбелерiнен басу керек, – дедi. – Хақа, мен де, – деп елгезек Хакiм ыңғайланып едi. – Жоқ, мұндайда, жалғызға жақсы. Хақназар лып етiп түсiп қалды. Машина жүрiсiнен жаңылмағандай жылжи бердi. Қазiр қыс айы, ағаштар жапырақсыз сидам болғанмен бұл маңда жол жиегiнде қараңғылықпен қосылып, адам сұлбасын жасырар қалың едəуiр едi. Керосин шам жағатын үйлердiң терезелерiнен бiлiнген жарықта не қауқар бар. Көзге түртсе көргiсiз қараңғылықта Хақназарды байқау да қиын, сонда да бұл сақтық жасап, жол жиегiндегi қалыңға бой тасалай жаңағы екеу жалт берiп жоғалған тұсқа қарай мысықша жымын бiлдiрмей адымдай басты. Бұл арырақ кетiңдер десе де аса ұзамай Хакiмдердiң машина жарығын сөндiре тоқтаған жерiн де
мөлшерлей кəперге алды. «Сiрə, мен өз ажалымнан өлмеспiн» деген ой осымен нешiншi мəрте кеудесiн кеуледi екен. Қазiр де шайтан түртпегiндей бiр желiк мұны ойламаған жерден қауiпсiз машина iшiнен жұлқып сыртқа шығарыпты. Қарсы алдыңда кезеулi жарым кез екi пышақ тұр десе де бұл ендi бетiнен қайтпас. Тек табанының астындағы қар сықырынан қорқады. Себебi, ол сықыр алдағы екеудi үркiтедi ғой. Хақназар аяғын жұмсақ басқысы келедi, бiрақ құдай берген салмақ ауада қалқып тұра алмайды ғой, қос балтырға кезек-кезек түседi. Жүрiстi баяулату да жөн емес, өйтсе жаңағы екеу тiптi адастырып кетедi. Сонда да бұл сақтық жасап бақты. Қос табаны жердiң сықыры аз тұстарын сипақтап iздеп жүрiп табатындай. Сiрə, түн баққандар алысқа қашқан жоқ. Əйтпесе, Хақназардың құлағы ұзап бара жатқан адам дыбысын бiр шалуы керек едi ғой. Ондай ештеме белгi бермейдi. Қайта құлаққа ұрған танадай тыныштық өзiңдi одан сайын меңiреу қылады. Кенет гүр еткен адам даусынан Хақназар аз-кем шошынды да. Бiрақ олжаның үстiнен түскендегi қуанышқа ұқсас бiр сезiм басу болды. Не айтылғанын ажырату қиын, тоқтаусыз ағытылған дабыр-дұбырдан өзiне ұғынықты бiр сөздi ұстай алмай алғашқыда аз-кем дағдарды. Жуан дауыс көп бастырмалатты, бiрақ тез суырылып, ешбiр ұғымның қарасын шалдырмайды. Тек оны қоштаған жiңiшке дауыс қана анық, сөз арасында қыл сиятындай кеңiстiк қалдырады. Бiрақ онiкi тақ-тұқ, тым қысқа. Тек бiр сəтте ғана ол жуан дауысты сəл бөле шешi лiңкiредi. – Иə, менiң көкем де айтады. Жердiң астынан шыға келген, не көктен құлаған диюдай тап қасыңнан табыла кетедi дейдi. Жуан дауыстың дабыр-дұбыры қайта күшейдi. Хақназар ендi ғана ажыратты: «Апыр-ау, мынау əлгi көк соққан Зайпулланың өзi ғой». Осыдан кейiн ғана ол жуан дауыстының кейбiр сөздерiн ұстай бастады. Ал қасындағысы да тегiн емес, сақылдап тұрған бiр қазақтың баласы. Тек кiмнiң баласы екен. Жаңағы екеуара сұхбаттың бəрi Хақназар жайлы едi. Оны машинасынан танып, мынадай мезгiлсiз уақытта түн кезген өздерiнiң көзге түспегендерiне жүректерi өрекпи қуанып, соның екпiнiмен колхоз бастығын бiраз жерге апарып тастады. Зайпулла бiрдеме деп едi жiңiшке дауысты қазақ баласы оны құптап жатыр: – Иə, дəп солай. Көкем де сөйдеген. Иттен де иiсшiл дейдi. Хақназар қараңғы тасадан айғайлап шыға келудi де ойлады. «Жұрттың бəрi мен туралы осылай көпiре ме» деген күдiк қабырғасына батқан.
– Сен былай, – деп Зайпулла даусын кенет күрт құбылтты. Тiкелей iске көшкенде сөздерi де анық екен. – Жаңағы айт қа ным – айтқан. Гертаға кiресiң. Түрiңде ешқандай қобалжу болмау керек. Əйтпесе қу қыз бiлiп қояды. Кəдiмгiдей момақан түр жаса. Айтасың, əпкем шақырып тұр дейсiң. Егер өзi неге кiрмейдi десе олар көп, қасында құрбылары бар дейсiң. Егер əке-шешесi кiрiссе оған да дайын бол. Саспа. Əкесi, не шешесi бiрге шығам десе оған да «мейлi» дей бер. Далаға шыққанда сен мен жақты нұсқа. Мен бiрнеше қыздың күлiскен дауысын салып ұзай беремiн. Сендер өздерiң қуып жетуге тиiссiңдер. Сендермен əкесi, не шешесi бiрге өкiреңдей бермес. Общым, «Шұбарға» киноға барамыз. Содан жаңылма. Бiрге шыққан адам кейiндеп, Герта екеуiң ғана қалғанда қатты түшкiр. Ар ғысын өзiм бiлем. Ұқтың ба, Қаяз. Жолдас деген осындай болады. Давай, жөнел! Тек қобалжыма, еркiн кiр! Қаяз! Хақназардың құлағына бұл есiм жайлы тидi. Анау-мынау емес, бұл əлгi қолақпандай белсендi – ауылдық кеңес төрағасы Сақаттың баласы ғой. Жалпақ бетi сап-сары, iрi сүйектi, не iстесе де аспай-саспай салиқалы мiнезiнен жаңылмас Сақат пен оның керiсiнше қолды-аяққа тұрмас ұшқыр қимылды баласының түртүсiн бұл елестетiп болғанша ағаш бұтақтарын сыбдырлатып, ұзай бастаған Қаяздың аяқ дыбысы да естiлдi. Зайпулла атты жырындының бүгiнгi жорығы бозбалашылық екенiн, ол үшiн əзiрлеп əкелген стратегиялық жоспарын да Хақназар айқын түсiндi. Герта деген қыз кiм, оның əке-шешесi қандай адамдар, оны Хақназар бiлмейтiн. Iстiң ақырын күтiп, тұра берсе соңы жарасымсыз iске айналарын болжап, бұл қа раңғылықтан ақырып шыға келдi. Зайпулла жердi дүрс еткiзiп, жол жиегiмен жаңағы машина кеткен жаққа барыстай атылды. Қаяз өзi беттеген бақшамен одан əрi қашты бiлем. Хақназар ең əуелi Зайпулланы қолға түсiрмектей оның соңынан жүгiре тағы ақырды. – Тоқта! Атамын! Екi адамның жүгiрiсiнен қара жер де солқылдағандай, оған Хақназардың өз жүрегiнiң дүрсiлi қосылды. Бұл тағы айғай лады: – Тоқта! Атамын! Қайда барасың! Зайпулла оқ бойы ұзап үлгермедi, тап қарсы алдынан машина оттары жарқ еттi. Тас қараңғы түндегi болмашы жарықтың өзi аждаһаның от шашқан көздерiнен жаман ғой. Мынау да солай. Зайпулла бақша жаққа жалт бердi. Бұл жолғы жылдамдығында
тiптi шек жоқ. Бөрiден қашқан қоянның өзi бүйтiп жан сауғаламас. Бақшаға Хақназар да бұрылып едi, тұтасқан тiкенекке кездестi. Əрi қарға да омбылайтын түрi бар. Зайпулланы ендi қуғысы жоқ, тек соңынан əлi де қалмай келе жатқандай тағы да екi-үш ақырды. Бұл машинаға келгенде Абыл мен Хакiм мəз-мейрам екен: – Ойбай, Хақа, жаңа машинаның оты жанғанда Зайпулланың былай жалт берiсiн көрдiңiз бе? Тас кесек сияқты атылып жоғалды ғой. Əйткенмен құрғырдың жаны тəттi екен, – дедi Абыл. Хакiмнiң есiне орыс ақыны Лермонтовтың: Гарун бежал быстрее лани, Быстрей чем заяц от орла. Бежал он в страхе с поля брани, Где кровь черкесская текла, – деген өлең жолдары түсiп едi. Хақназарға мұның қазақшасын айтып бердi. – Бұл не өлең дұрыстап айтшы! – деп, əлi демiгiн басып үлгермеген Хақаң қадала сұрады. Хакiм түн түнегiнiң ортасында шамы жанған машина iшiнде отырған күйi М.Ю.Лермонтовтың тау халықтарының аңызына құрылған «Қашқын» атты өлеңiнiң мазмұнын ежiктедi. Хақназар ойланып қалды. – Шынында олар ездiктi, опасыздықты көтермейтiн ер халық болуға тиiс. Мынауың да жаңағы айтқаның сияқты түздегi майданға жоқ, от басының ойранына ғана бар, қарғысқа ұшыраған бiр шiрiген жұмыртқасы ғой. Əйтпесе, соқталдай басымен өстiп жүре ме? Сосын Хақназар жаңа өз құлағы шалған Зайпулланың стратегиялық жоспарының түр-ұсқынын баяндап бердi. – Сонда бұл неменiң қызға барғандағысы осы екен ғой, – дедi Абыл. – Иə, қызға барғандағысы. Машина ары жылжығанда Абыл сəл түнерiп, тағы сөйледi: – Хақа-ау, ендi сен бозбалашылық еттiң деп те осылай түре қуамыз ба? Осымыз дұрыс па? – Бозбалашылығының сиқы жаңағыдай болса түре қумағанда басынан сипаймыз ба? Жаман ойы бар-жоғын қайдан бiлесiң? Жаман ойы болмаса қызды жаңағыдай шақыра ма? Бiреудiң əке-шешесiн ұлардай шулатып, өзiн қанжылатса одан артық не хикмат керек? Кiсi өлтiргенiн күтiп отыра беремiз бе? – Əр елдiң салты басқа дегенiм ғой.
– Өй, өйткен салттың... – Машинаның алдында отырған Хақназар сəл бөгелiп барып, артқы отырғыштағы Абылға шұғыл бұрылды. – Əбеке, өзiңiздiң жүрегiңiз шайлыққаннан сау ма? Абыл бұл қарастан едəуiр тiксiндi. Хақназардың жүзi қаракөлеңкелеу болғанмен ондағы қаһарды анық байқады. Герта деген қандай қыз, оның əке-шешесi кiмдер, оны Абыл мен Хакiм де бiлмейдi екен. Ертеңiне ол үйге Хақназардың өзi келдi. Гертаны көргенде Хақназар баяғы Самраттың көзi танадай жарқыраған кiшкентай қызын есiне алды. Бiрақ мынау оған қарағанда əлдеқайда ересек, киiм киiсi де ұқыпты, сұлулығы да айқын шалынады. Жұпынылау əке-шеше үйiне осының үстiбасындағы сəн-көрiк қана нұр кiргiзiп тұрған сияқты. Танадай көздерi ешкiмге жасқанбай қарайды. Хақназар қызды салған жерден ұнатты. Ендi Зайпулланы осынау сəн-көрiкке сояу тырнақтарын батырмақ жабайы аңға ұқсатты. Қатты шiмiрiктi. Жоқ, бұған жол бермеу керек. Солай десе де Хақназардың басында басқа айла да оянды. Ол Гертамен əке-шешесiнiң көзiнше ұзақ сөйлестi. Əкесi, бүгежектеген кəрi шешен, колхоз бастығының мұның қызымен əдейiлеп келiп дидарласуын жаманшылыққа жорымағандай. Қайта дүрiлдеп, соңғы төрт-бес айдың жүзiнде неше түрлi лақап, қауесетке ұқсас əңгiмелер тараған осы адамды жақыннан көруiн олжа санайды. Ол үшiн қызына да дəн риза. Хақназардың Гертадан бiлгенi бұл қызылшашы екен. Үйiшiнiң жалғыз асыраушысы да өзi. Соңғы үш жылда жұмысты жаман iстемегенге ұқсайды. Бiр кездегi бригадир Сүгiрбек те мұны жақсы көрiптi. «Сен осы көктемнен бастап, жұмысты алдыңа жан салмай iсте, осы биылдан қалдырмай жаңа үй салдырып берем» деп, Хақназар уəде еттi. Зерделi қыз Герта колхоз бастығының мұншалықты назарын бар қайрат-жiгерiмен қабыл алды. Хақназар аулада байлаулы жалғыз сиырдың талшығының аздығын көрiп, бұл үйге сол күнi-ақ шөп түсiрттi. * Толассыз жаңбыр, лайсаң атаулы өткен күзде таусылғандай көктем күндерi көбiне ашық келдi. Жер дүниеден көтерiлген бу адам буымен араласты. Көктемнiң ерте тууы, əрi жауыншашынсыз жадырап салуы малға жайлы болғанмен егiстiкке жақсы емес. Бұл жағдай диханды ұйқысынан ерте оятатын мазасыз таңғы құстың өзi. Жердегi ылғал кеппей тұрып тұқым
сiңiрiп үлгермесе кей жылда шаң-топырақ қауып қалатын халге ұшырайсың. Бұл осы өңiрдiң бесiктегi баласына дейiн аян. Сондай көктем биыл төбеден ерте шықылықтап төндi. Бұған масаттанып, жайбарақат қараған өрiстегi мал мен жерде жорғалаған құрт-құмырсқа, алыста тау қойнауларында езулерiн кере есiнеп, жан-жақты жəдiгөй көздерi тiмiскелеген жабайы аңдар ғана. Ал екi аяқтыдан тек апалы-сiңлiлi екi кемпiр Лағыл мен Сəкүн. Осылардың ғана басқалардың жаппай қарбаласында жұмысы жоқ. Жекеменшiк сиырлар өрiске шыққалы бұл екеуi баяғы ауыл сыртындағы тарғыл тастың үстiнде қайта табысатын болып жүр. Кейбiреулер көктемнiң туғанын осылардың отырысына қарап бiлгендей. Лағылдың қолында баяғы мұқият аршылған ағаш таяқ. Бұжыр саусақтарының арасынан өткiзiп сипалайды да отырады. Бет пiшiнiнде де, киiм киiсiнде де еш өзгерiс жоқ. Сол ескi алаша бешпент-шалбарымен бiрге туып, бiрге жаратылғандайақ оларын үстiнен тастамапты. Тек үңiле қараған адам ғана бет əжімдерінің қыртыстары тереңдей түскенiн байқар едi. Оның есесiне көлкiлдеген жанарының қарасы бұрынғыдан өткiрлеу. Соңғы бiр жылғы өмiрi сол қос шырағын сергектеу еткендей. Мұны Сəкүн де байқайды бiлем, апасына шамшыл келетiнi де содан сияқты. Қашатын қыздай кiл асыл киiнген, аты жоқ саусағына бүркiттiң көзiндей тасы бар алтын жүзiк салған, ақ жүзiнде нұры тасқан адамның ылтипатындай жұмсақтығы мол (Сəкүннiң өз ойынша) бұның мынау ел кезген кейуанадан жаман ұсқынсыз пенденiң қасында өрге өрлеп, табаны тайып құлаған бейшарадай неге тауы шағыла бередi. Қайтсе де Сəкүн бар адам, əрi өмiрiн жақсы өткердi, ал мынаның көк тулақтан өзге дымы жоқ, адамға ұқсап, өмiр сүрген де бұл емес, демек қай жағынан алса да Сəкүннiң жоғары тұруы керек емес пе? Ал керiсiнше осының төбесiнен биiк бiр көтерiлсем деп, тырнағын сындырғандай керi қайтатыны несi? Шынында Лағыл бұл үшiн бүркiт ұшып қана шыға алатын мұзарт шыңнан бiр былай емес, асу беретiн түрi жоқ. Бұл қызғаныштың төркiнi қайда жатыр, сорына қарай одан берi неше ықылым заман өтсе де оның бəрi Сəкүннiң есiнде сайрап тұр. Сəкүн ең алдымен сонау балауса кезiнде Лағылдың көп отасуға құдай жазбаған кексе күйеуiн өлердей қызғанды. Кексе дегенмен маңдайына ай мен күн қабат қонғандай көркi қандай едi оның. Ол жiгiттiң көзiне жақсылап бiр түссем деп, бұл қалай жанын салды
десеңшi. Той-томалақ үстiнде балдызсынып көп жырқылдап, елжұрт алдында сыр алдырып алғанын да өзi жақсы бiледi. Ол ол ма? Сол заманнан əлi күнге дейiн есiнен кетпей, тiптi бiр құдайдың өзiнен де жасырғысы келген бiр сыр жəне бар. Лағылдың ата-енесiнiң үйiнде келiн түсiруге орай өткiзiлген тойдан кейiн қыз жақтан келген құда-құдағилар тегiс керi қайтады да жаңа ортаға топ еткен апасының қасында бiраз болмаққа Сəкүн де қала тұрады. Мiне, ашынасынан айырылған долы мiнездi бай қызы жас келiн Лағылдың ыстық денесiне мұздай суық су құйған зұлымдығын жасағанда Сəкүн де апа-жездесiнiң үйiнен əлi кете қоймаған едi. Еркетотай Сəкүн қайда асықсын, əрi ешкiм өзiн мазаламағасын сол жақта айлап жата берген. Ең қорлығы сол, кiсi өлтiрердей түрi бар бай қызы Лағылдың отауына бiр аяқ суымен ақай-тоқайсыз кiрiп бара жатқанда сол таңғы алагеуiмде құдай оны Сəкүннiң сыртынан көрiп тұруына жазыпты. Сəкүн отауға көршiлес тiгiлген Лағылдың ата-енесiнiң үлкен қара үйiнде, кемпiр-шалдың қасында ұйықтайтын. Сол таңда, Лағылды мəңгiлiк бақытсыздық құрсауына бiр-ақ апарып түсiрген таңда Сəкүн əлденеден ұйқысы бұзылып, ерте оянып, сыртқа шыққан. Мiне, сол бойда қолында бiр аяқ су бар, жүрiсқозғалысы жаман бай қызының Лағыл отауына беттегенiн көзiмен көрдi. Мұның тегiннен-тегiн емес екенiн де жүрегi сездi. «Əй, қайда барасың?» деп аттан сала жүгiрiп барып, жолын бөгесе мұндағылардың да, ондағылардың да оянатыны хақ едi. Бiрақ көптен бергi қызғаныш мұны өз апасына оқ атуға да бар тас жүрек, қара ниет етсе керек, ап-айқын сұмдықтың бет-бедерiн тани тұра өзiн күшпен тежеп қалды. Кейiн шат-шəлекей шу болғанда Сəкүннiң бай қызын көрiп тұрғаны анықталды. Бұл оның мұндай қаскөйлiк жасайтынын бiлгем жоқ, күнделiктi араласып жүрген көршi-қолаңның бiрiне жори салдым деп бас қорғап шықты. Ол кезде де бiреудiң ет пен сүйегiнiң арасындағыны танып тұратындар бар емес пе? Үстi-басын дал-дұл етiп, қарайғанның бəрiнен безе қашқан Лағыл мiнезiмен арпалысудың ара-арасында сол бiр осы бейшараның басына қасiрет төнгелi тұрған таңда оның екi туып, бiр қалған дейтiн, жат жұрттың ортасында бiрге жүрген жалғыз сiңлiсiнiң тым немқұрайдылық етуi кейбiр көзi қырағы сұңғылалардың арасында күдiк те тудырған. Өсек те таралған. Iлуде бiр жаралатын хас тас жүректiктiң өзi ме деген күдiк те айтылған. Құр сөзден арғыға тереңдеп, олардың не əуресi бар? Онсыз да олардың тауқыметтерi бiр бастарына жетерлiк едi. Жəне
Сəкүн үшiн бiр жақсысы, бұл күнде ол адамдардың ешқайсысы жоқ. Бəрiнiң де сүйектерi қурағалы қашан? Кəрi моланың үстiнде өскен қурайлардың еш сыбысты о заманнан бұ заманға тасымасына Сəкүн кəмiл сенедi. Тек ұрпақтар арасындағы жүрек жалғастығын ғана ескере алмайды. Бұрынғылардың сүйегi қурағанмен олардың аузынан шыққан күдiк кейбiр қазымырлардың көмекейiнде əлi жүретiн. Тек олар қаншама қазымыр болғанмен ол жайды Сəкүн алдында тақпақтамайды ғой. Басқалар да солай. Сүйегiн сүйреген кəрiнiң жанын жаралап неғылсын. Сосын да Сəкүн ештемеден хабарсыз, алаңсыз. Иə, апасы Лағыл сөйтiп, өмiрiнiң қызыл гүлi ең бiр ашыл ған шақта сондай халге ұшырады. Бiрақ соның өзi де Сəкүн тұла бойындағы қызғанышты өшiруге жарамапты. Қайта жылдан жылға май құйып, өртке айналдырып жiбергендей. Оның азабын Сəкүн өмiр бойы шегiп келедi. Осы күндерi, төрiнен көрi жуық қалған шақта уыты қайтпаған сол қызғаныш аш денесiн шаққан кезде Сəкүннiң Лағылды ұратын бiр ғана тасы қалған сияқты. Бiрақ оның өзi де тым көп марапатталғандықтан жауыр боп бара ма? Сонда да жауырдың жарасын одан сайын ашып, мұның секектей бермеске лажы жоқ. Ол не қылған тас? Иə, ол не қылған тас болсын. Ерте заманда, мұның да, өзiнiң де қыршын кезiнде боранда адасып, суыққа ұшып өлген Қапастың жайын жырлай бергiсi келедi. «Иə, Қапас жiгiттiң төресi едi!» Сəкүн үшiн бiр ұтымдысы оны өлi аруақтардың да, тiрi аруақтардың да ешқайсысы жоққа шығара алмайды. Аңшылық, серiлiк, ақындық бiр басынан артылған өнер ме едi? Аузымен құс тiстеген жүйрiктi, атасы қыран ақ тiрнек балапандарды, құмай тазыны жер шетiнен болсын барын берiп, тауып əкелетiн. Кейбiреулер Қапасты ел үстiнен күн көредi десетiн. Ал шындығында ол елiнiң хас ырзығы едi. Қапас болмаса ауылдың қай қазағы белiн жазып, күннiң нұрын тамашалай алушы едi. – Қапасты қойсаңшы, ондай жiгiт жүз жылда бiр ғана туатын сияқты. Есiме алам да аһ ұрам. – Мынау ауаға қарашы, қандай тұп-тұнық. Шiркiн, жер басып қыбырлап жүргеннiң арманы бар ма екен? – Түп-тұнық ауада не тұр, көкiрегiңе қонбаса. – Осыны айт са да Сəкүн бұл неме «көкiрегiңе қонбағанда iшiңнен жылмай аға ма?» деп бетiме былш еткiзiп салып қала ма деп, өз сөзiнен өзi шошыды. Шошынғаны соншалық қатер оғын күткендей Лағылдың
бетiне бар кеудесiмен бұрылып, қадала қарады. Лағылдың жүзi тым бейбiт қалыпта екен. Анау сояудай əжiмдерiне дейiн тұнық ауаның əрбiр қозғалысын рахаттана қабылдап, бəрiн мақұл көретiн сияқты. Сəкүн көңiлiндегi алай-түлей тынышсыздықпен еш жұмысы жоқ. Бұл жаңағы өзi күдiктенгендей сөздi Лағыл тарапынан естiсе жанына өте ауыр алар едi. Ауыр ғана алса бiр сəрi, əуелде тереңiндегi онсыз да бiлiнiп тұрған жарықшақты қақ айырып жiберер ме едi, кiм бiлсiн. Шындығында Сəкүн бүкiл өмiрiнде қаншама жақсылық көрдi. Бiрақ соның қайсысы мұның бойына жабысып қалды, бəрi де бiр-бiрiмен уəделескендей жылмай ақты емес пе? Мiне, құр қаңқасының өзi желмен ұшып кете жаздап, қалбалақтап əрең тұр. Сондай күйi мұны Лағылдың мызғымас бiтiмiнiң қасында тым дəрменсiз етедi. Сəкүн соған ашынады, бағзы заманғы, əлдеқашан сөнiп, қоламтасына шейiн желге ұшып жоғалуға тиiс қызғаныш ескi аурудай қайта айналып соға бередi. – Қапас өлерiнiң алдында ай-шайсыз айтқан сияқты едi. Дүние шiркiн-ай, екi айналып келсешi. Екi рет жүз жасасам да мұның қызығына тоя алмаспын деп. Бiз болсақ бiр жетпiстiң өзiн ауырсынып отырмыз. – Жас тумақ, туған өлмек. Құдай жаратқан жаратылысты кiнəраттап неғыламыз? Барын барша ұқсата бiлгенге не жетсiн?! – Осы сөзiңмен маған бiр кiнə тақпақсың ба? Барын ұқсата алмай не iстедiм? Ұл өсiрдiм, қыз өсiрдiм. Не замандарда болыптолып тұрсам да ешкiмге залалым тиген жоқ. Ел қатарлы тұрмыс құрдым, қартайдым. – Екi рет жүз жасамадым деген сөз хақында ғой менiкi. – Өлi аруақпен айтыспас болар, Лағыл. – Өлi мен тiрiнiң айырмашылығы неде? Олардың соңынан бiз жетпей қалады дейсiң бе? Тек өткендiкi ұлағат деген бар. Бiрақ ұлағаттың да ұлағатын бiлсек нетедi? Сəкүн тағы шошынды. Апасы бұл сөздi «соқыр көргенiнен жазбайды» деп жалғастыратындай-ақ зəре-құты қалмады. Өмiрi қабырғасына батырып, ештеме айтып көрмеген Лағылдан бұл соншама неге сескене бередi? Лағылдан тағы бiр соққы көрiп бетi қайтқандай Сəкүн сəл үндемей қалды. Лағылдың «соқыр көргенiнен жазбайдысы» «сен өз өмiрiңдi қанша марапаттағаныңмен Қапастың жалғыз елесiнен өзге малданарың жоқ» деп, мұны басқа, көзге ұрғаннан бiр былай шықпас едi. Осыдан сезiктене Сəкүн мұрнын көкке көтере қарады. Көкпеңбек аспан, шынында өткендегiге алаңдап неғыласың, бiздi
қызықтасаңшы деп, Лағыл жырын қайталап, сақ-сақ күлгендей. Осы көктем күндерiнiң өзiнде-ақ бозарып, тышқан жонданып көрiнетiн қарсы алдыңдағы жатаған Ешкiөлмес тауы да мұның қарға адымына ұқсас iлбiген жүрiсiне жеткiзбейтiн жер шетiндегi жаратылыстай. Сəкүннiң есiнде қалған сол ескiлiктi бəз-баяғы өң-түссiз дүние кейпiн еске салып, бар мен жоқтың ортасындағы неғайбыл аралықтың бояу-нақышына келiңкiрейдi. Оң жақ беттегi, Ешкiөлместен аулағырақ болғанмен еңселi бойын көтерiп, мен мұндалап тұратын Лабасы тауының да тап қазiр бұған жомарт пейiлi жоқ, қайта жасырған бiрдемесiн ала қашпақтай бетiн алакөлеңкелеп алыпты. Ап-ашық күнде де мұнар жамылып, бiрте-бiрте алыстай бергiсi келедi, шамасы. Бiрден жалт берiп, жоғалар да ма едi, тек Сəкүн қасында жаны жайма-шуақ тартып, өзгеше күймен отырған, кiм-кiмге де, адамға да, табиғатқа да мейiр-шапағаты бiрдей, кең көкiрек Лағылдың ғана көңiлiне қарап, бөгеле беретiндей. Лағылға бəрi де түсiнiктi. Сосын да көңiлi орнықты. Ал Сəкүн ештеме түсiне алмайды, сосын да көңiлi күптi, жүрегi орнықсыз. Əлде бұл мұның тек дегбiрсiз жаратылысынан ғана ма екен? Жоқ, ондай оңай тұжырымға келмейдi, iш дүниесiн түгел бұрап, жанын жегiдей жеген бiрдеме бар. Оны Сəкүн жазбай таниды. Жалғыз жұбанышы Қапас елесiн де мынау жер мен көк тартып əкететiн сияқты. Оны кейде табиғаттың өз тұрпаты да айтатындай. Əрi жерiне жетпей тоқтайтын Лағыл сөздерi де соған мегзейдi. Егер қара жердi маңдайдан бiр ұрып, бəрiн есiне алса мұның да түп себебi Сəкүн көкiрегiнде сайрап тұр. Сəкүн Қапастың əншiлiгiн, ақындығын көп езгiлейдi. Əсiресе, қаңтардың қақаған аязында қостың туырлығын түрiп қойып, өлең қызуымен суықты да елемей, қайта ағыл-тегiл терлеп отырып, өзiмен айтысқан қыздың жер-жебiрiне жеткен тұсына келгенде бұл байғұс аузының суын қалай ағызады десеңшi. Мұның ар жағында пəлендей ештеме де жоқ сияқты. Өткен-кеткен өмiрде ауыл аймақты таңырқатқан өнершiлер аз болып па? Ондайды таңсық көрудiң де, мансұқ етудiң де жөн-жобасы өз алдына. Ал Сəкүн құлайтын биiк жарқабақ тап осы мақтан сөздерден арқан бойындай ғана арыда жататын. Сол Қапас, сол боздақ, Сəкүнмен қосақтасқан алғашқы жылдарда-ақ мұны мiсе тұтпады ма, жоқ, əлде басқаның мысы басты ма, ол жағы бiр құдайға ғана аян, əйтеуiр сол қаңтардағы аязда туырлығы түрiлген қос iшiнде өзi айтысқан қызға өлердей ғашық болып, өз тобымен аттанып кеткен оның артынан қуамын деп, суыққа ұшып өлген едi. Сəкүн
көкiрегiндегi бiр жазылмас жара осы. Тап осыны əлдекiм көлденең тартқалы тұрғандай бұл əлi күнге қалтырақтайды. Орынсыз қимылдаған шөп басынан да сондай сезiктi байқайды. Апыр-ау, одан берiде де неше ықылым заман өттi ғой. Ол жараның жазылатын уақыты да жеттi емес пе? Əрi Сəкүннiң сол Қапаспен бiрге босағасы бiржола күйреп қалған жоқ. Əйтсе де Сəкүн көкiрегiңдегi ол жара əлi сол күйiнде. Кейiн Сəкүн басқа бiреуге шығып, қосағымен қоса ағарған күй кештi. Алабөтен жоқшылықтан аулақ, қайта тұрмыс ты халде болды. Бiрақ бұған ол қосағы қалай жұғымсыздық етсе, бұл да оған сондай жұғымсыз болып өттi. Оған қарап, шаңырақ шайқалмады, қайта үзiк бауы мықтап тартылғандай осыдан он жылдай бұрын ол кiсi дүние салғанша тапжылмай тұрды. Кейiнiректе басқа нəрсе көлденеңдедi. Алақұйын мiнез, алакөбең жан түйсiгiнен бе, бұл iштен шыққан шұбар жыландарымен де сиыспайды. Баланың да, келiннiң де, қыздың да, басқаның да тұрған тұрысы мен жүрген жүрiсiнде бұл қабылдай алмайтын жөнсiздiктер қалай көп болса мұның да бар бiтiмi олардың солай мазасын алатын. Отырса опақ, тұрса сопақ, кейде баяғы заманғы апасы Лағылша ел көрмейтiн тау мен тасқа қарай қашсам ба деп ойлайды. Қашып қайда барады? Баяғы Қапас серiнiң қыздай қосылған сүйiктi жары деген атағы бар ғой. Иə, серiнiң қалаулысы. Бiржанның Лəйлiмi, Ақанның Ақтоқтысы, Естайдың Хорланы, Пiшəннiң1 Ғайшасы. Ал Қапас тың Сəкүнi ше? Осыған орай сауыққой көңiлi əн де тiлей ме, пəтшағар-ау! Бiр жайдан сондай əннiң жоқтығынан да зығырданы қайнайтын сияқты. Ол үшiн Сəкүн бұл дүниенiң бəрiне өкпелi. Бiрақ серiнiң қалаулысы дегенге лайық бойын таза ұстап, асыл киiнетiн дағды мұнда əлi күнге дейiн бар. Ол дағдысын өзiмен бiрге көрге де əкетедi. Балаларына ашуланғанда айтатыны мынау: «Бар өтiнiшiм, сүйегiмнiң көрге таза жуылып салынуын қадағалаңдар. Басқа жақсылықтарың өздерiңе». Айдалада шоқиған екi кемпiр елуiншi жылдардың басында «Шұбарда» тiрлiк еткендердiң осы маңдағы көктемнiң бiр ерекшелiгiндей болып, есiнде қалыпты. * Облыс орталығында отырған Саудабаев пен аудан орта лығындағы Шимановқа, олардың аузына қараған басқаларға да 1 Пішəн Жəлмендеұлы - осы өңірде ХХ ғасырдың басында өткен ақын-əнші.
«Шұбардан» бiр пəледен соң бiр пəле туындап жатқандай көрiндi. Қармақ жұтқан жайындай езулеп, Хақназар Халықбергенов айшайға қарайтын емес. Үлкен бiр кеменi теңiз түбiне батырып, бiржола жоғалатынға ұқсайды. Оған қой-қойлауға жер алыстай бұлар да тым дəрменсiз күйде. Саудабаевтың бар бiтiретiнi Шимановтың құлағын бұрайды, Шиманов Хақназар мен Хакiмдi мазалайды. Телефонмен ғана емес, соқтырып, осында екi-үш мəрте келiп те кеттi. Басқаларды да жұмсады. Хақназардың айтуынша, көрсетуiнше бəрi де дұрыс, бəрi де сақадай сай дайындықпен жүрiп жатыр. Адамды сенiмсiздiк бiр жайласа оның iштегi құрт сияқты одан əрi үңги беретiн əдетi ғой. Əсiресе, қыстың көзi қырау сонау бiр күндерi шешен-ингуштердiң бұрын байқалмаған мiнез көрсетуiнен Саудабаев пен Шимановтың жүректерi мұздап сала бергендей. Хақназар колхозды көпе-көрнеу жарға жығар деп ойлаған. Себебi, Ауқынбай екеш Ауқынбайдың заманында болмаған құқай ғой ол. Ендi, мiне, көктем туды, шешен-ингуштердiң де сабыр суы басылған сияқты, тек жайбарақат егiс жұмысымен айналысса қайтер едi? Жоқ, Хақназар қай-қайдағы ойда жоқ, жоспарда жоқ науқандарды ойлап тауып жатыр. Əсiресе, малды құмда төлдетем деген əлегi аудандық партия комитетiнде бiраз күн ырду-дырду тудырды. Содан облысқа жеттi. Сонау Балқаш көлiмен жапсарлас атақты Сарыесiк Атырау атты құмның бiр жалғасы Ортаөзек қыстауынан буаз саулықтар отар-отарымен, маңырап боздап, шалғынды, өзен-бұлақты өлкелерге қарай жылжып жатқанда «Шұбарға» ғана қарасты мал қозғалмай сондағы қар суына қарап қалды. Онысына Шиманов алғашқыда үзiлдi-кесiлдi қарсы болды. Əншейiнде қатты сыйлайтын Хақназарға столды тоқпақтай айғайлағанда Хақназар мұртынан күлiп қана оған мəн-жайды түсiндiрген. Шимановқа ештеме қонатын емес. – Хатшы жолдас-ау, екiқабат əйелдi аттың баурына салып, қамшылап айдасақ, атам қазақтың басына келмеген қылмыс болмай ма? Мал да солай ғой. – Ежелден келе жатқан тəжiрибе, оны өзгертем деп бүйректен сирақ шығарып отырсыз. Қыс пен көктемнiң айырмасы жер мен көктей. Қыста сусын болған қар көктемде сусын болмайды. Буаз мал шөлдеп қаталап өлiп жатса оған кiм жауап бередi? – Мен. – Жалғыз сiз емес, мен де, Хақа!
– Қар суы неге көктемде сусын болмайды дейсiз? – Апыр-ау, қардың аты қар, көктемнiң жайма-шуақ күнiнде сылдырап аққан бұлақ суына жете ме? Өзi – буаз мал. – Жеткенде сондай жетедi. Аспаннан түскен қар, тұзы жоқ, басқа бiрдемесi жоқ, науа-науаны толтырып, алдына қойсақ мал неге iшпесiн? Ақыры Шиманов бұл бiрдеменi бiлiп iстеп отырған шығар дегенге сайған. Бiрақ көңілi күптi. Сөйтсең сөйт деп, бас изеп мақұлдай да қойған жоқ. Бұл жайды Саудабаев та естiп, Ортаөзекке кукурузникпен ұшып барып келдi. Əр отарға лайықтап, қар көмiлген жағдаймен танысты. Бiрақ бұл iстiң нəтижелi болатынына сенбедi. Облыстық басшы дереу əртүрлi қалалық мекемелерге тапсырма бергiздi. Ол жылдары су таситын машина саусақпен санарлықтай ғана, оның өзi кейбiр өнеркəсiп орындары үшiн пайдаланылатын. Ал анадай Ортаөзек сияқты жүз елу шақырымдық қыстауларға су тасуға олардың шама-шарқы жетпейтiн. Саудабаев осы көктем күндерiнде қолда бар əртүрлi өнеркəсiп орындарындағы сол жалғыз-жарым су, тiптi сүт таситын машиналардың ақаусыз жұмыс iстеп тұруы қамтамасыз етiлуiн, тiптi керектi жағдайда олардың дереу күрделi жөндеуден өткiзiлуiн табыстады. Ондай машиналардың жалпы саны қаншалық, бəрi есепке алынды. Саудабаевтың ойы «Шұбардың» отар-отар қойы қыстауда қапелiмде шөлге ұшырап жатса, осы машиналарды жаппай жарағанынша пайдаланып, ол малды өлiм-жiтiмнен қайтсе де аман сақтау. Сосын, осының бəрiн мықтап тiлге тиек етiп, атағы қаншама жер жарғанмен мұндай бүлiншiлiк науқанды ойсыз кiрiстiргенi үшiн Хақназарды орнынан алу. Мұндайлық шараның қайтсе де сөзсiз екенi Саудабаевтың миына тақ-тұқ жеткендей. Бұл ғана емес, «Шұбар» жақтан басқа да алақұйын сөз, пəле хабарлар саудырап түсуде. Бұл үш колхоз бiрiккеннен кейiнгi алғашқы көктем ғой, егiндi жаңа жағдайда жерге орналастырудың əуселесi өте көп-ақ. Өткен күзде облыстан барған жетi адамдық комиссия бiраз жұмыс iстегенмен бəрiбiр олар жетесiне түгел жетiп, бүге-шiгесiне дейiн тегiс анықтап кеттi деу қиын. Буы бұрқырап, бауыры ашық қалған қара топыраққа тұқым сiңiрудi оның бас иесi тiкелей басқарып, бақыламаса болмайды. Ал Хақназар қайттi? Басқа уақыт жетпегендей, тап осы қарбалас көктем күндерiнде бiлгiрлiгi мол, қолдың басындай бас агроном Курт Цихлердi қай-қайдағы бiр ешқандай жемiс
бермейтiн, тек болашақ колхоз кеңсесiнiң төңiрегiн, соның алдындағы алаңды əшекейлейтiн шетелдiк ағаш тұқымдарын тауып əкелесiң деп алты айға орнынан боса тыпты. Əйтеуiр, анаған-мынаған деп, қоластындағы адамдарды жеркөкке аттандырып жатыр. Штерн деген қу мыстаны анау. Сонау Сiбiрден, Иркутскiден дүниенiң ағашын көшiрiп əкелдi. Ол оң жолмен iстелген iс пе, жоқ, кейiн ашық күнде төбеден найзағай ойнататын хас зобалаңның сiлекейi шұбырған тұмсығы ма? Оң iс болсын-ақ, сонда да аннан-мұннан бас құраған жаңа шаруашылық бұғанасы қатпай тұрып бəрiн бiр-ақ қарпып асаймын деп, асыра сiлтеп, аяғы аспаннан келсе нағыз масқараның өзi емес пе? Астық, қант қызылшасының өнiмiн, мал төлдетудi құлдыратып, сəн ойлаған басы өзiн ғана емес, басқаны қоса жұтып, бiр қарын майды шiрiткен жалғыз түйiр құмалақ болып шықпасына кiм кепiл? Саудабаевтың бұлайша күмəндануына негiз мол едi. Өз басы шешен-ингуштердiң бiржола сабыр суы басылды дегенге сенбейтiн. Себебi, қазiр бiрлi-жарым қазақтардан да арыз түсе бастаған. Олардың айтатыны Хақназар дап-дайын үйiмiздi бұзбақ дейдi. Əйтеуiр, жатқан былық-шылық. Ең бас тысы қарапайым халық та Хақназарға сенбейдi. Өткен күзде Хақназар Халықбергенов пен Əлiпбай Дəкеновтi таразылағанда жiбе рiлген дөрекi қателiктi орайын тауып түзете қоймаса iс насырға шабатын түрi бар. Осы жарым жылдай ғана уақыттың iшiнде бүкiл облыс көлемiндегi бiр де бiр шаруашылықтың улыған-шулығаны тап «Шұбардiкiндей» болып, Саудабаевтың құлағында жаңғырыққан жоқ. Сосын да ол осындай ұрымтал шешiмге келдi. Шимановқа да ауық-ауық тiсiн басып қояды. Себебi, басы-қасында көбiрек жүрген сол едi ғой. Саудабаев көбiне соның ақпарына сүйенген. Байқайды, Шиманов та өз қателiгiн мойындайды. Ол да Хақназардан түңiле бастапты. Саудабаев пен Шиманов осылай екеуара шат-шəлекейлесiп жатқанда Хақназардың өзi бастаған сан-салалы iске көзқарасы мүлдем басқа едi. * – Сен төмен қарап, мiңгiрлеме, басыңды көтерiп сөйле! – деп Далабай шымқай қызыл жаймалы ағаш столды жұдырығымен ұрып қалды. – Бiзге келiн боп түскен жоқсың ұялатын.
Бұл баяғы қалың қар басқан, сонау тау қуысындағы Саймасайды тəлкектейтiн Далабай емес, мүлдем басқа Далабай. Ондағы түрiмен салыстырсаң қазiргi Далабайды танымай да қаласың. Қысыңқы көздерi ашумен түйiлiп, томырық мiнезi жақ сүйегiне жабысыңқы бетiнiң ұшында дiр-дiр етедi. Қызыл жайманың ар жағында Далабаймен қатар тағы бiрнеше адам отыр. Басы шоқпарға келiңкiрейтiн таяғына екi алақанын қабаттастыра қойып, оған иегiн де сүйемектей еңкiштене жайғасқан қара мұртты, егделеу адам, қой фермасының меңгерушiсi Киiзбай, шашын маңдайынан қақ жарып, қос бұрым етiп өрген, жұқа таза өңдi жас келiншек, қауғадай бөрiктерiн қолдарына ұстап алдарындағы шымқай қызыл жаймаға тиiп кетуден қорқып, сəл шалқайыңқыраған тағы үш шопан көрiнедi. Бəрiнiң көзi ортада тiкесiнен тiк тұрған бiреуде. Ол бiреудiң ұнжырғасы əбден-ақ түскен. Бұтындағы iсмер əйел илеген жаңа терi шалбардан өзгесiнде береке жоқ. Мойны салбырап, омырауы алқа-салқа, жейдесiнiң жағасына дейiн бiр жағына қисайып кетiптi. Қара тер жуып, бетiнде өң мен түстен ештеме жоқтай. Далабайлардың мұны тергеуге алғанына бiраз уақыт, шамасы. Мұның ар жағында жай қатынасуға шақырылған бiраз адам топырлап тұр. Алдыңғы төрт-бесеуiне ғана орындық тиiптi, қалғандары терi-терсектерiнiң iшiнде пысынап, екi аяққа атша мiнгесiп алған. Қабырғаларына əртүрлi плакаттар, озық, қалық шопандардың көрсеткiштерi, сықақ суреттер жапсырылған аядай қызыл отау бөлмесiнде бəрiне орындық қоюға орын да жетпес едi. Екi аяқтыларға табан тiрейтiн ғана жер керек қой. Бiр қызығы сол екi аяққа мiнгескендердiң iшiнде Ауқынбайдың да болмысы қарауытады. Бұл шот маңдайын қыртыстандырып, қияқ мұртын ернiмен тiстелеп, ортада қаққан қазықтай тұрған айыпкер бейшарадан гөрi Далабайға көбiрек қадалады. Əлде бiр жұмбақ жайға тап болғандай түрi «тағы бiр Хақназар мұнда жүр екен ғой» дейтiндей. Былтыр ғана колхоз басқарған адамның жыл өтпей қызыл жайманың ар жағынан айғайлаған арбакештiң даусынан балтыры дiрiлдеп, босағада қалшиюы қандай ғана тағдыр тəлкегiнен екен. Жұмыр басты пенде болғасын ол осылай толғанады, шамасы. Ауқынбай ара-тұра Киiзбайды да бақылайды. Басы жылтыраған ол неме бəрiн сонысымен жасырмақтай төмен тұқыр ған. Бар ермегi жаңа ғана етке тойып шыққан адамша ауық-ауық жанынан
тастамайтын аршасын алып, тiсiн шұқылайды. Тергеуге көп қатысып отырған жоқ. – Ей, сен жауап бересiң бе, жоқ па? Қатын сабағанда құдайдай барсың. Бiз сенi мына үйге тiреу болсын деп шақыртқамыз жоқ! – Не айтам ендi? – Не айтушы едiң? Қатыныңды неге сабайсың? Соныңды айт! Бiз мынау қызыл отау мүшелерi шешiм қабылдауымыз керек! – Ағайындар-ау, ендi, – деп, ортадағы шопан түбiрi босаған ағаштай шайқақтап, басын көтердi. Əбден ұят жеңгесiн бе көздерiн мұнар басыпты. Сөйлегенде күстенген қап-қара бет терiсi əр жерiнен бiр жыбыр-жыбыр етiп, сап-сары сояу тiстерi қалың ернiнiң астынан күректiң сабындай болып адағайлап шығады екен. – Ағайындар-ау, ендi бiр кемшiлiк кеттi. Жаз ған басым сондайға бiр барып қалыппын. Неше жылғы үйреншiктi қатыным болғасын қолым тиген екен. – Үйреншiктi қатыным! Үйреншiктi қатының болса сабай бермекпiсiң? Сөзiн қарашы мұның! Мүмкiн осы жиналыстан соң барып тағы сабарсың. – Жоқ, ойбай! – Сiздiң зайыбыңыз болғанмен ол өзiңiзбен тең құқықты кеңес адамы, – деп сөзге Далабаймен қатарлас отырған жұқа өңдi жас келiншек араласты. Мұның манадан берi ортадағыны көзiмен атуы жаман едi. – Оған қол жұмсауға сiздiң еш қандай құқыңыз жоқ. Жалғыз сiз емес, ешкiмнiң де ешкiмге күш қолдануға, не тiл тигiзуге құқы жоқ! Келiншек оқыған адамның бiлiгiн танытып, соңғы сөздерiне ерекше зiл тастай, қайталап, шегелеп айтты. Киiзбай бет-жүзiн басының қасқасымен жасыра, мүлдем мойнын төмен салды. Жаңағы сөздер қарсы алдарындағы қақайған шопанды емес, тап осыны басқа, көзге ұрғандай. Тым омырылып кеттiм-ау деген күдiктен соң ғана кеудесiн қайта көтергенсiдi. Ендiгi түрi де қызық. Жүнi салбыраған қабағының тасасынан ұрлана қараған көздерi қалың орман арасында бой тасалаған үркек аңның сақтығын еске түсiретiн едi. Ортадағы шопанды қатынын сабауға итермелеген тап өзi болып шыққандай-ақ сыңайы бар. Қызыл отау меңгерушiсi Далабай ғана ақай-тоқайға қарайтын емес: – Егер өзiңдi сабаса ғой, шыбын жаныңды шырылдап қалай қорғар едiң? – Қайтейiн, сабасаңыздар сабаңыздар, шыбын жанымды қорғамай-ақ қояйын, – деп ортадағы айыпталушы сап-сары сояу
тiстерiн тағы жалаңаштады. Көздерiнен ауыр мұнар арылып, қайта бұдан соны тəуiр көретiндей. – Жоқ, сен ондай əзəзiлiңдi доғара тұр! Ендi бiзге адам сабатып, өзiң құлаған көң-қоқсыққа бiздi қоса жықпақсың ғой! – Далабай-ау, өзiң емессiң бе, сабасақ қайтесiң деп тұрған! Сабасаңдар сабаңдар! Сөйтiп, жазамды өтейiн, еңғұрмаса. – Тоқтат, сен ондай құқайыңды! – Далабай столды тағы ұрып қалды. Бұл тарсыл төрдегi жұқа өңдi жас келiншектiң осымен нешiншi мəрте құлағынан өттi екен. Бiрақ ол сыр бермей ортадағы əйел сабағыш мықтыға əлi де салқын қарайды. – Бiз саған жазаның одан əлдеқайда зорын қолданамыз. Екi қарулы адамның алдына салып, жер түбiне айдатамыз! Ұқтың ба? Далабайдың асыра сiлтеуiн айыпкер де ұқты бiлем, бұл ендi сəл күш алып сөйледi: – Айдалсам менiң нем кетедi, азар болса бiраз жүрiп қайтармын. Бəрiнен сорлайтын сiздер сойылын соққан менiң қатыным болады да малды жалғыз бағамын деп. «Ондайы бар екен ғой» деп Далабай тығырыққа қамалды. Одан айғайлап құтылғысы келiп, қайта стол тоқпақтай бастап едi, Киiзбай көмекке келдi: – Əй, қарағым! – дедi ол сiрiңкенiң талындай аршасымен айыпкердi нұсқап. – Сен кеттiң, ал əйелiң елiм-телiмi шығып мал бақты. Əрi балаларға қарады. Бұл сенiң қабырғаңа батуы керек пе, жоқ, бiздiң қабырғамызға батуы керек пе? Осыны анықташы. Бұл сөз Далабайға қосымша күш бердi. Тiлi күрмелген айыпкерге сөздi боратсын кеп. Осы уақытта төрдегi Киiзбай мен босағадағы Ауқынбайдың көздерi түйiстi. Киiзбайдың тiс шұқыған түрiнде мысқыл, ал тiкесiнен тiк қақиған Ауқынбайдың жүзiнде қауiп бардай. – Сен менi анау-мынау деп ойлама! Менiң қызметiмдi аудандық мəдениет бөлiмi бекiткен! Мен əрi-берiден соң Хақаңның өзiне де бағынбаймын! – деп салды Далабай. Ауқынбай мен Киiзбайдың көздерi тағы түйiсiп, одан əрi түсiнiстi. «Жер астынан жiк шықты, екi құлағы тiк шықты» дескендей. Бұрын басшылық қызметтiң исi мұрнына бармаған адамның шалалығын екеуi де танып, Киiзбайдың iшiн күлкi, Ауқынбайдың iшiн күйiк тестi. Сонау тау қуысында қалың қарға омбылап, қарағай əзiрлегендер шана жол бұзылар қарсаңда ауылға қайтқан. Хақназар олардың арасынан қыс қыстауға, жаз жайлауға малшылармен бiрге көшiп-қонып жүрiп, мəдени, үгiт-насихат жұмысын
жүргiзетiн қызыл отау меңгерушiлiгiне жiгерлiлеу адам таңдаған. Iштерiндегi ең көрнектiлерi Сүгiрбек, Тұрдақын, Мырзабектi жəне осы Далабайды оңаша шақырып сөйлескен. Сүгiрбектi қартаңдау, бұған қиын болар деген. Тұрдақынды өзiне қабағының астымен қарай бергесiн ұнатпады. Хақаңның ештеменi қақас жiбермейтiн шегiр көздерi бұдан аз-кем сезiктендi де. Мырзабек те сөзге жүйрiк еместiгiнен бе көңiлiне олқы соқты. Дəл табылған адам Далабай сияқты көрiндi. Жiгер десең жiгер, сөз десең сөз, бəрi бiр басынан асып-төгiлiп тұр. Əрi мұның үйдi таза ұстайтын, баяғыда Самраттарға үлгi еткен қарашайлық əйелiн де ұнататын. Тек қошқар мұрын демесең, тамағынан күн көрiнгендей сұлу, əрi орталықтағы, өз үйiндегi тазалыққа үйренiп қалған сол əйелi көшпелi тұрмысқа көне қояр ма екен деп дағдарып едi. Оның да орайы келе кеттi. Задында қарашайлық келiншек маңдай терi арқылы келетiн табыскерлiктi жоғары қоятын. Сұлулық, жылтыр сөзге машықтық ол үшiн екiншi кезектегi мəселе. Үйде де, түзде де қолының берекесi бар, жазда да, қыста да бiр қалт етiп, қарап отыруға жоқ Далабаймен мықтап iлiктестiрген де сол. Колхоз орталығында өмiр бойы омала бергенше осы жас уақытта екi-үш жыл қыруар еңбеккүн үшiн малшылармен бiрге көшпелi тұрмысты да бастан кешiп қайтуға келiсе кеттi. Бұл Хақназар үшiн екi жеп, биге шыққандай едi. Қарашайлық келiншек көк майса жайлауда да алақандай киiз үйдiң iшiн ыбырсытып жiберетiн кейбiр малшылардың əйелдерiне үлгi болатынына күмəнданған жоқ. Далабай жөнiнде бiр күдiктi Сүгiрбек айтты. Кəрi сүйегiн сүйреп, малшылармен бiрге көшiп-қонып жүруге зауықсыз болғасын да ол Далабаймен бақ таластырмақ емес, тек өз бiлгенiн бүгуге жоқ дағдысынан едi. Сүгiрбектiң жеткiзгенi: «Далабай тым тасыр мiнездi, еркетотай, сонау тау қуысында екi қолы алдына сыймағандай Саймасай сияқты бейшараларға күн көрсеткен жоқ». «Қайраты тасып, екi қолы алдына сыймай тұрса қайта жақсы», – деп Хақназар Далабайдың ол мiнезiн тiптi құп көрдi. – «Сол тасыған қайратын төкпей-шашпай дұрыс бағытқа сiлтесең ырзығы мол болады». Хақназар адамдармен жұмыс iстеу жөнiндегi өз қабiлетiне шексiз сенетiн. Далабайды дереу оқу-шоқудың астына алды. Қағаз, қалам, кiтаппен емес, ауызша. «Сен менiң алдымда, райкүлтiрəнiң алдында жауап бересiң» деп, астына көпшiк қойып, бiраз көтердi де. Қызыл отау меңгерушiсi мен оған мүше адамдардың қызметi не, оны Хақназар əбден жiлiктеп, тəптiштедi. Облыс орталығындағы екi күндiк семинарға да жiберiп алды. Онда не
естiдi, Хақаң бəрiн тыңдап, ендi Далабайдың өзiмен жарыса сол шаралардың қалай жүзеге асырылатынын талқыласты. Хақназар үшiн құрғақ сөз жоқ, семинарда айтылғанның бəрi қол қимылы арқылы тiршiлiк қамына айналуға тиiс. Мiне, содан берi бiр айдай уақыт өттi, қазiр Ортаөзек қыстауында күйек науқанының ең бiр қызу шағы, қызыл отау үйiнен аттап шықсаң-ақ құм даланың əр тұсынан естiлетiн маңыраған қозылардың даусы құлақ тұндырады. Далабай өзiне тапсырылған қызметтi еселеп орындауда. Жақында ол мынау бəрiне басшы, əрi жасы үлкен, Ұлы Отан соғысының мүгедегi Киiзбайдың да тəртiбiн қарай жаздады. Киiзбайдың қазiр өзiмен қатар отырған, малшылармен бiрге көшiп-қонып жүрген, жұқа өңдi жас фельдшер əйелге тiлi тиген екен. Сонау «Шұбардағы» Хақназарға шағынуға жер аяғы алыс, жақындағы Далабайға жылап-сықтап келдi. Далабай дереу қызыл отау мүшелерiн шақыруға кiрiстi. Атқаруы жоқ, мұндай iске көкқасқа атын ерттеп мiнiп, өзi жүретiн. Қызыл отауға мүше, əрi айыпкер Киiзбайдың өзiн де келуге мықтап мiндеттедi. Киiзбай мынау шынында бiр пəле шығарып, жұрттың көзiнше масқара болармын деп iстiң алдын алды. Далабай сексеуiлi селдiреп, құм төбелерi бiрiнен соң бiрi тiзбектелiп, айқасып жатқан, бас-аяғы жоқ қыстауда бiр-бiрiнен алыс-алыс отырған шопан-мүшелердi жинағанша Киiзбай басқа iстi қамдады. Ол ең жақын жердегi екi-үш қарт шопанға барып, бiрiне кешiрiм өтiнген сөздерiн артып, фельд шер келiншекке жұмсады, екiншiсiн ағайыншылық жолмен шешудi өтiнiп, Далабайға салды. Сөйтiп қана iстiң бетiн қайтарғаны бар. Жаңа фельдшер келiншектiң сөзiнiң тұсында қуыстанғаны содан. Сол күндерi Ауқынбай келiп, Киiзбай замандасына бiр күңк еттi. – Бiздiң заманымызда басшы – басшы, қосшы – қосшы болушы едi. Хақаң бүйтiп əркiмнiң iшiне жел бiтiрiп, қоқаңдата берсе кейiн өз басыма да қоқсық төгiлер деп ойламай ма? – Өзiнiң басы тым биiк тұрғасын сөйтедi де. Ауқынбай Хақназардың «Қызылтуда» Самраттың да өстiп бөркiн қоқырайтып қойғанын бiлетiн. Жə, оны шешен-ингуштарға əлi келмегесiн iстеген шығар. Ал мынаусы несi? Мұны Ауқынбай Киiзбай жауабынан кейiн де ұқпады. Жаңағы қатын сабағыштан кейiн де екi-үш шопанның мəселесi қаралды. Бiрi жүз қозының терiсiн ұрлаған екен. Оны да ұстаған Далабайдың өзi. Жайшылықта қоржын толы газет-журналды
малшыларға тарататын ол бiрде бурадай шөккен қалың құмның арасында өзi сияқты қоржын артқан салт аттыны көредi. Бетпебет келiп, екi көз жақыннан түйiскенде Далабай ананың көзiнен бiр сезiктi байқайды. Ондайды құр жiберетiн Далабай ма, дереу оның қоржынына қол салады. Қараса екi басы толған елтiрi. Оның бəрiн есепшiге өткiздiрiп, өзiн бүгiнге шақыртқан. Қалған шопандар отарды өрiске тым кеш өргiзiп, ерте керi айдаймын деп, көзге түскендер едi. * Мал жаппай төлдеп жатқан тап осы қауырт күндерi қыстауға Хақназар келдi. Шопандар еңбегiн бақылауда ферма меңгерушiсi Киiзбайдың өзiнен аса соқпаса кем түсуге жоқ Далабай бұл шаққа да жақсы əзiрленген екен. Хақназар ең алдымен барлық отарды аралады. Салт атты адамға бұл екi-үш күндiк жұмыс. Əр отардың басы-қасында не жоқ, не бар, бəрiмен танысты. Əсiресе, буаз саулықтар мен төл күтiмi, оларға арналған жылы қоралар, жем, тұз, су жағы қалай екенiн анықтады. Қалыңдығы екi қарыс топырақпен көмiлген қар үйiндiлерiн қолмен ұстап, iшiн көзiмен үңгитiндей ұзақ барлап тексердi. Бұлар бу боп ұшып, не қара жер жұтып жоғалатындай Хақназарда қауiп те бар едi. Үшiншi күннiң соңында Хақназар мыжырайған қызыл отау үйiнiң сыртында жиналыс шақырды. Əр барған жерiнде бiр жиналыс ашпай кетпейтiн ежелгi əдетi. Кiшi бесiннiң шамасында мұнда алқа-қотан жиналған адамдарды күтпеген жəйттер қарсы алды. Далабай қызыл отау үйiнiң сыртқы бiр жақ қабырғасын түгел, шатырынан iрге тасына дейiн ине шаншар жер қалдырмай сын-сықақ газетке айналдырып жiберiптi. Мұнша қағазды қайдан тапқаны белгiсiз. Сол елуiншi жылдардың басында үш колхоздан бас құраған «Шұбар» сияқты iргелi шаруашылықтың өзiнде ұсақ малдың барлығы жиырма отардан сəл ғана асатын. Мына енi мен ұзыны неше құлаш қабырға газетiнде сол қой төлдетушi жиырма бес, отыз шақты шопанның, сақманшылардың 1 көбiсiне орын тиiптi. Тигенде анау-мынау емес, суретiмен, сөзiмен, бүкiл iсiмен осынау жапырақ-жапырақ қағаздардың бетiне қона кеткендей. Хақназар 1 Сақманшы - төл алу кезінде шопандарға төл күтіміне болысуға жіберілетін адамдар.
мен Киiзбай жиналысты бiрден бас таған жоқ. Жұрттың қабырға газеттi тамашалауына мұрсат бердi. Күн еңкейгенмен аспан ашық. Құм даласындағы жарықтың жуық арада таусылатын түрi жоқ. Мана таңертеңгiлiкте ауада сəл салқын қозғалыс байқалғасын Ебiнiң желi соғар ма екен деп қауiптенiсiп едi, қазiр ол да құйрығын қысты бiлем. Не, жұрттың көңiлдi күлкiсiне кеңшiлiк жасағандағысы, шамасы. Күйек науқаны үстiнде малшылардың қас жауы сол Ебiнiң желi. Өңменiңнен өтетiн суық бiрнеше тəулiк бойы талмай соққанда абай болмасаң шаранасын ашқанына екi-үш тəулiк қана қозыларды топ-тобымен қоса əкетедi. Бауыры жер сызған саулықтарды да оңдырмайды. Қондылығы төмен нашарларына тiптi жаман. Мұндай сұрапыл ауа қозғалысында шопан семьялары тайлы-таяғымен тiк тұрып қана малын арашалайды. Хақназар малшыларды аралаған үшiншi күн сондай қауiппен басталып едi, аяғы мынадай мəз-мейрам күлкiмен аяқталатын түрi бар. Ылайым осылай болғай деп тiлейдi Хақаң. Күн сəулесi тура түскен қабырғадан əртүрлi адам жүздерi мүлдем сайқымазақтанып көрiнедi. Бiрi қолағаштай мұрын байлап алып, мамық төсектiң үстiнде аяғын көкке көтерiп, тал түске шейiн отарын өрiске айдамағанын мақтан етедi. Мақтангөй сөздерi суретiнiң астына өлеңмен жазылған. Ендi бiр шопан маңғаз қалыпта баурында егiз қозысы тыпырлаған саулық қоймен тiл қатысып тұр. Саулық шуының түспей қойғанын айтады. Ал шопан: «Е, шуың түспесе қайтейiн, қолмен жұлып алайын ба? Бүгiн-ертең бiр тiкенекке кездессе өзi де түсiп қалады, шыда!» деп зекiрiнiп, кешегi iшкен арақтан өзiнiң басы ауырғанын айтады. Құмда мал төлдетудiң бiр қиындығы жаңа туған қозы жас шөптi жеп, оған құйылған құмды бiрге жұтып, кiндiгiн тырналап, бүрiсiп жатып қалатыны бар. Мұны қазақ түйнек боп ауырды дейдi. Осындай жағдайға да немқұрайды қараушылар сұр жебенiң ұшына iлiнiптi. Қойдың шуы түспесе оған қант қосқан шай беру, түйнек бол ған қозының аузына күнбағыс майын құю – бұл жақтағы қазақтардың ежелгi емi. Соны бiле тұра қолданбау, не ара-тұра қолдану сияқты салдыр-салақтықтың кездесетiнiн мына қабыр ға газетi айшықтап-ақ тұр. Бiрлi-жарым қатын сабағыштар, елтiрi ұрлаған суық қолдылар, түнде тұрып, бiрер мəртебе толғақ қысуы мүмкiн саулықтарды аралауға мойны жар бермейтiндер бет ажарымыз, мiне, деп, əр жапырақ қағаздың бетiнен сайқымазақтана күледi.
Қас қылғандай əр суретте қай шопан бейнеленгенi жəне анық, бадырайып, үлкен əрiптермен аты-жөндерi жазылған. Малшылардың арасында жөндi хат танымайтындары да бар. Оларға фельдшер келiншек дауыстап оқып берiп жүр. Оған ішексiлесi қатқан екi-үш жас шопан да болысты. – Əй, Мақұлбай! – деп дауыстайды сеңсең бөрiктi, көзiнен жас аққанша күлген бiр кəртамыс шопан. Топырласқан тонiшiктiлердiң ешқайсысы оған қарай қойған жоқ. Мақұлбай аталғанның қасақана естiмей тұрғанын сезген сеңсең бөрiктi шал, əлi де күлкiсiн баса алмай екi-үш адамның ар жағындағы бiреудiң арқасынан қамшысының елiк сирақты сабымен нұқып қалды. Ол сонда ғана жалт бұрылды. Бұл да қалың тоннан денесiнiң дөңкигенi болмаса сеңсең бөрiктiмен шамалас қартаңдау, қасы да, сақал-мұрты да селдiр, жүзi сұйықтау адам екен. Сеңсең бөрiктiнiң не айтатынын бiлгесiн де ме оны көзiмен туралай атып, бет-бедерiн қатуландыра қойды. – Əй, Мақұлбай! Берi қарашы. Сенiң мына жатысың тегiн жатыс емес. Кемпiрiңмен бүгiн қосылғандай майқан шегiп, əйдай бiр рахат көргеннен кейiнгi керiлуiң ғой. Малға тұрсаң көрген қызық көрмегендей деп, төсектi қимай жатырсың ғой. – Е, Тұреке, бiз ретi келгенде тырайып жатуды да бiлемiз. – Суретшi бала дəл сол кезiңдi аңдып тұрып, қалай түсiрiп алған? Түсiрiлген емес, қолмен, долбармен салынған сурет екенiн бiле тұра малшылар солай сөйлеп жатыр. Мақұлбай қарыздар қалмайын дедi ме, ендi Тұрекеңе бiржола бұрылды: – Тұреке, жығылып жатып, сүрiнгенге күлмес болар. Осы сiздi де оңдырмаған-ау деймiн. – Е, бiздi қойшы кəрi сүйек сықыр-сықыр етсе де жұртқа жаға бермейдi. Соның өзi қырық ауыз сөзге желеу. – Ал бiздiкi жастықтың аспанға атқан буы болғаны ғой. Па, шiркiн... – Мақұлбайдың сұйық жүзiне ендi ғана қан жүгiрiп, селдiр сақалын ешкiнiң құйрығындай көкке көтере бар даусымен қарқылдай күлдi. Сонда Киiзбай мен Ауқынбай бiр-бiрiне күңк ете қалды. Киiзбай: – Əй, мына шалың өзiне келетiн сөздi бiлмей ме? Жаңағысы несi? Ол Тұрекеңнiң қақ маңдайынан ұрғандай етiп өзiне айтылатын сөз ғой, – дедi. Ауқынбай: – Шалдың өз қышымасын бiреуге апарып қасытатын əдетi.
Киiзбай: – Ал Мақұлбай неге бас-көзiң демей, төтесiнен түсiп, есесiн қайырмайды? Ауқынбай: – Шалдың мiнезiнен қорқады да. Ол қатқыл даусын шығарарда өзi бiреуге барып түртiншектейдi. Өзiне тиетiн сөздi тiлеп алады. Мiнезiн бiлетiндер аузын бағып, жалтарма жауаппен құтылады. Ал төтесiне басып, Мақұлбай «жылы төсекте жас қатынның қойнында майқан шегетiн мен емес, сен» деп дiкеңдедi ме, шалдың кəрiне шыда да тұр. Киiзбай əлi түсiнген жоқ. – Ал ол мiнездi көрсетудiң тап осы жерде не қажетi боп тұр? Əлде бiрдеме жанына батты ма? – Е, қитыққан шалдың бiр қыры да. Хақназарға суреттерден гөрi астындағы жазулары ұнаған. Оларды əркiмге екi-үш мəрте оқып шыққан фельдшер келiншектi ендi өзi қолтықтап, қайта оқытып жүр. Келiншек қай суреттiң астындағы сөздi оқыса Хақназар сонда бейнеленген шопанды көптiң iшiнен көзiмен тауып, мəз-мейрам күлкiге басады. Қатал бастықтың мына қалпы өзiнше бiр алуан оқиғадай. Əр сықақты осылай бiр-бiр ақтап бiткесiн келiншектi қалдырып, өзi көптiң арасынан берi сытылып шықты. Күлкi тасып-төгiлген жүзiнде шаттық мол. Сеңсең бөрiктi Тұрекең мен Мақұлбайдың соңғы сөздерiн бұл да естiп қалды. – Онда бiрiңдi бесiкке бөлеп, екiншiңдi күнге қақтап қояйық. Қаланың жап-жас өрiмдей жiгiттерi тумай жатып, жасымыз жеттi деп, пенсияға шығып алып, өзен-көлдiң жағасында тыр жалаңаш күнге қақталып жатады екен ғой. Бұрнағы жылы Хақназардың Мəскеу, Киев, тағы бiраз қалаларда болғаны бар. Демалыс орындарын аралағанда жағажайда күнге қыздырынған бұрынғы интеллигент-зейнеткер шалдар сақал-мұртсыз, əрi толық беттерiнде əжiм аздықтан бұған тым жас көрiнген. Соны еске алып едi. Өмiрi демалыс орны, жағажай дегеннiң не екенiн бiлмеген мына шалдардың алдында артық кеттiм де деп, Хақназар ендi өз қателiгiн өзi түзеуге асықты. – Неғылса да Шəмiлбайдан үлкен емес шығарсыздар. Қартайдым, малшының таяғы ауырлық етiп жүр деп, қойды тастап едi, онысы жай ойыншық сөз бе деп қалдым, қыс бойы
əкесiн танытып, сонау Ойсаздан 1 арыдан бөрене тасыды. Оған желкелеп, жегiп қойған да ешкiм жоқ, Матейшке 2 барып өзi тiленiптi. Мiне, жылаңқы кəрiң. Қартайғанда боз бие жорға шықты дейтiндей бiр қуат бəрiңде де бар. Өлсең тiк тұрып өл деген ескiден қалған нақылды өздерiңiз бiлесiздер. Бұқсаңыздар одан сайын бұғасыздар, ол жақсылық емес. Кесiмдi ажал өрге шыққанды да, iнге бұққанды да өзi iздеп табады. Қайта оны-мұны ыңқыл-сыңқылды, кəрiлiктi көп ойлап, жаман ырым ға бастап, жеделдетiп алмасаңыздар игi. – Осылай сөйлесе де Хақназар өз сөзiнде зiл жоқтығын бiлдiрiп, əзiлкештене екi шопанға мұртынан күле қарады. Тұрекең сол Хақназардың өзiнше күле жауап бердi: – Басеке-ау, бұл таяқты тастайын деп жүрген кiм бар? Ежелден ет-сүйегiмiзбен бiрге жаратылған нəрсе ғой. Егер ажалды алыстататын қасиетi болса тiптi құба-құп, сөзiңе құлдық, бiз бəрiне көнген адамбыз. Бiзге алаңдама! – дедi. Бұл сөз Хақназардың көкiрегiне қадақтай тидi. Аяушылықтан ба, жоқ өз басы үшiн бұл сөздi кекесiн көргесiн бе, ол арасын қас пен көздiң арасында айырмады. Ал Ауқынбай мен Киiзбайдың өзара не дегендерiн бұл естiген жоқ. Қазақтың iшiнде не көп, құрдас, балдыз, жезде, құда сияқты əзiл айтуға лəзiм iлiктестер көп. Дос, дұшпан дейтiндерi жəне бар. Солардың алдында жүнжiп қалмайын деп, малшылардың сырт пiшiнi көңiлдi күлкiге толы көрiнгенмен сынға iлiнгендердiң iштей қысылғаны анық едi. Кейбiр терiсi жұқалар ашықтан-ашық сыр алдырып та алды. Хақназар Далабайдың мұндай өнерi барын бұрын бiлмеген. Оны мақтап, Киiзбай мен жанталақтап жұғыса берген Ауқынбайға айтпаған сөздерi қалмады. Əлсiн-əлсiн жаңағы сеңсең бөрiктi Тұрекең жаққа қарап қояды. Сыр бермегенмен iшiнiң ашығаны əлi басыла қоймапты. – Апыр-ау, сонда Далабай мына суреттердi де өзi салып, өлеңдерiн де өзi шығарып жүр ме? – деп Киiзбайдан сұрап едi, ол келген сақманшылардың iшiнде өнерлiлерi бар екен, саралап терiп жүрiп, солардың күшiн пайдаланғанын айтты. Бұрын ғыдай қызыл отау iшiндегi бiр жапырақ қағаз емес, мынадай кездесуге ерiнбей-жалықпай сыртқы тұтас бiр қабырғаны бұлай əзiрлеп қоюы өте орынды екен. Далабайдың мына iсiне жиналғандардың құмары басылайын 1 Ойсаз - қыста қарағай əзірленген тау қуысынан беріректегі жер аты. 2 Матеиш - Иван Матвеевич Штернді айтқаны.
дедi. Хақназар жиналысты ендi бастамақ едi, Далабай қызыл отаудың iшiнен жүгiрiп шығып, сəл мұрсат беруiн өтiндi. Бұған басқалар да елеңдедi. Көп ұзаған жоқ, қызыл отаудан малшыларға ұқсап, қалың киiнген екi жас жiгiт шыға келдi. Қолдарында домбыра. Бiрiншiсi ай-шай жоқ, қос iшектi қағып-қағып жiбердi. «Əу» деп барып, өлең шумақтарын бiрiнен соң бiрiн төгiлттi. Менiң атым Батырбай, Кетшi басты қатырмай. Жартылықтың күнəсi, Сонша көп пе япырмай. Мынаның тiлге тиек еткенi əлдеқайдағы көктен түскен Батырбай емес өз араларында басқалармен бiрге қос өнерпазды тамашалаған шопан Батырбай екенiн бiрден сезiстi. Оның мұндай əлсiздiгi барын бəрi бiлетiн. Қауғадай бөрiк киген ол неменiң бүйрек бетi қаракүрең қызылданып, лаулап жанып, жердiң жарығы көрiнсе түсiп кетуге шақ қалыпты. Ендi екiншi сақманшы сұңқылдады. Бұл да əркiмнiң иығына, төбесiне жабайы бүркiтше төндi. Тисе терекке, тимесе бұтаққа дейтiн емес, əр шопан мал күтiмiнде не кемшiлiк жiберсе, мiне, өлең жолдары да еш бұлталақсыз дəл соған бағышталыпты. Сiрə, материал жинауға Киiзбай мен Ауқынбайдың да, ауруларды аралап жүрiп, тазалық жағынан əрненi байқайтын фельдшер əйелдiң де көмегi тисе керек. Мына екi домбырашы кетiп, орнына тағы екеу шықты. Бұл анық сұмдықтың өзi едi. Далабай өз басына пəле тiледi дестi көбi. Екеудiң бiреуi анау-мынау емес, ақ китель, жаңа қалпақ киiп, шiкiрейген колхоздың бастығы Хақназар екенi оның алғашқы сөз саптасынан-ақ аңғарылды. Бұл басқа, көзге салып қалғандай əсер еттi бəрiне. Екiншi осында қой төлдетiп жат қан малшылардың бiреуi. Кəне, екеуi айтысып кеп берсiн. Малшы айтады: Терезенiң көзi жоқ, Көзi болса өзi жоқ. Бiзге қамқор болатын, Басқарманың сөзi жоқ. Терезенiң көзi ғана емес, күнбағыс майы, тоң май, ондық, жетiлiк шамдардың əйнегi, шай, сабын сияқты қыстаудағылар үшiн қат дүниелiктердiң де уақтылы келмейтiнiн тақ-тұқ еткiздi. Хақназардың сөзi:
Мен колхоздың бастығы, Бастықтың да қасқыры. Қалада кейде жүремiн, Жалдап алып таксіні. Ол кезде бұл жақта жұрт «такси» дегеннiң не екенiн анық бiлмейтiн де. Қалада жұрт такси жалдап жүредi екен деген сөз лақап боп таралып, оның өзi ерекше сəн-салтанат белгiсiндей айтылатын. Такси деген төрт дөңгелектi машина екенiн жұрт бiлсе, оған басқа-басқа дəл Хақназардың зəру емес екенiн де ескерер едi ғой, əңгiме ол сөздiң тойынған, iсiнген адамдардың сауық-сайранына саятындығында едi. Жиналғандар ұятты қойып, үлкен-кiшiсi бар жаппай күлдi. Ол күлкiнi ең алдымен бастаған да Хақназардың өзi. – Əй, Далабай, менi ақын ғып қойыпсың ғой! – деп, күлкiден шашала айғайлады. Таяғына сүйенген Киiзбай да жүнi салбыраған қабағын төмен салып, бүлк-бүлк етiп тұр. Жұрттың шат-думаны дарымаған бiр ғана адам бар. Ол – Ауқынбай. Тiптi мынау алқақотан сапырылысқан жұрт бəрi жиылып ап, осының қара басына күлгендей сұмдық хал кешкен түрi бар. Далабай жөнiнде əнеукүнгi Киiзбайға айтқан күдiгi бұлай да расқа шығар ма? Қолын жылан шаққан адам бажылдап жылаушы едi, ал Хақназардың iшегi түйiлгенше қарқылдайтыны қалай? Əлде күлу мен жылаудың шегi жымдасқан бiр аралық хал ма? Жиналыс үстiнде ұзақ сөйлеген Хақназар жаңағы сеңсең бөрiктiнiң де сөзiне дəлдеп емес, орағыта жауап бергiсi келдi. «Иə, соғыс болды, ер-азаматтар тапшы, кəрiлердiң де еңбегiн мүмкiндiгiнше пайдалануға мəжбүрмiз» дегенге оқтын-оқтын айналып соқты. Əрi қанша мықты болғанмен өзiнiң де ойсырап жеңiлетiн адамы барын түйсiнгендей. Сол күнi түнде Хақаң рация арқылы ауылмен хабарласып, манағы айтыс үстiнде ауызға алынған малшылар мұқтаждық көрген дүниелiктердiң бəрi бiрер күннен қалмай жеткiзiлуiн табыстады. Сеңсең бөрiктi шал Тұрекең (шын аты Тұрсынбай) əлденеден Хақаңның есiнен кетпедi. Қырыс сөздерiнiң тасасынан менiң жайымнан аңдамай жүргенiң көп деп, əлсiн-əлсiн iстiк темiрмен мұның кеудесiн нұқитындай. Қалайда, от басы, ошақ қасын əдейiлеп сүзiп шығуды жөн көрдi. Тұрсынбай негiзiнде «Қызылтудан». Сырт танитыны демесең үй-жай, бала-шағасы жайында хабары жоқ. Көзi жасаурап, қолы
қалтыраған шалдың сау көмекейiнен шыққан сөздер əлденеден көкiрегiне мұң салғанын Киiзбайға да, Ауқынбайға да айтқан жоқ едi. Əлi де шопандарды аралап жүрiп, жолай бұрыла салған болып, қасында осы екеуi бар Хақназар бiр кеште сол шалдың үйiне кiрдi. Құм арасындағы бұралаң жолдармен келе жатып, ат басының осы тұста кiлт iркiлетiнiн Ауқынбай сезбегесiн бе шал жайында бастыққа ештеме айтпапты. Хақназардың бəрiн тосыннан көрiп таңырқауына тура келдi. Кешкiлiк жетiлiк шам өлеусiреген, аяқ жолы əрең шалынатын абыр-сабыр аядай тар бөлмеде Хақназардың ең алғаш көңiл бөлгенi үйелмелi-сүйелмелi кiшкентай балалар едi. Бұл немере сүйiп отырған, шырғасы берiк бiреу болды ғой деп, ойлап та үлгерместен: – А, жақсы келдiңiздер, жоғары шығыңыздар! – деген шалдың даусын да естiдi. Буалдыр тұман басқандай алакөлеңке үйдiң төрiнен ақ көйлек, дамбал киген Тұрекеңнiң нобайын əрең ажыратысты. Мұншама зор денелi адамдардың үйдi одан əрмен толтырып жiбергенiне аңырайысқан балалар да тына қалыпты. Сипалап жүрiп, төрге төселген көрпенi əрең тапқандай жайғасқан Хақназарларға шалдың алғашқы айтқандарының бiрi мынау: – «Құдай маған қылса, мен құдайға қылдым» деген осы, қарақтарым: «Құдай саған не қылды, сен құдайға не қылдың?» деген сұрақ кеудесiн тескенмен Хақназар оған айналшықтамай ең алдымен үй iшiн көзiмен тiнтiп шығуға тырысты. – Құдайға тəуба деген де болады. – Е, сөйдесеңiзшi, – дескен Ауқынбай мен Киiзбайдың сөздерiне де ой жүгiртпедi: Хақназардың ең алдымен мықтап көңiлге түйгенi аралары тым жақын төрт ер бала. Ең үлкенi мектепке баруға ендi ғана жараған. Сiрə, бұл шалдың баласы өлiп, мына төрт немересi өзiне қарап қалған ғой. «Бұл құдайдың қылғаны, ал өзiм құдайға не қылдым деп тантып отыр». Жаңа өздерiне көрпе жайған шалдың кемпiрiне ендi ғана түстеп қарап едi, сезiмтал Хақназардың тұла бойы дүр сiлкiндi. Мынау кемпiр емес, көп болса отызды ендi ғана қусырған өрiмдей жас. Тек киiм киiсi ғана сол кəрiге лайық олпы-солпы. «Мұның құдайға қылғаны осы екен ғой». Хақназар алғаш рет мына шалға сұмдық жиiркенiшпен қарады. «Рас па?». Баласы өлiп, əрi кемпiрi қоса көз жұмғасын, аруақ, құдайды ұмытып,
қаралы келiнiнiң төсегiне баса-көктеп кiргеннен сау ма мына қырқылжың қақпасың? Бұл ендi қасындағы Киiзбай мен Ауқынбайға да көзiмен ата қарады. Тiптi ештеменi бiлмегендей мүлəйiмсiген Ауқынбайдың шот маңдайынан ақай-тоқайсыз салып жiберсем бе деп те оқталды. Хақназардың басына бiржола түн-түнек орнады. Кеше кеште алқа-қотан жұрт ортасында туы шалқыған көңiлдiлiк айыққан сағымдай жоғалып, орнында өртеңнiң iзiн қалдырғандай. Егер осы долбары расқа шықса кəрi ит қолындағы таяғын қазiр лақтырса да бұл үйден аузына дəм алмақ емес. Шал зарықтыратын емес екен: – Соғыста екi бiрдей баламнан айырылған адаммын, шырағым, – деп, Хақназарға арнай айтқан əңгiмесi екенiн бiлдiре оған түстей қарап сөйледi. Хақназар да жаңағы қырыс сезiмнен арыла алмаған. «Е, сол екеуiнiң қайсысының əйелiн алып отырсың, үлкенiнiң бе, кiшiсiнiң бе?» Үй iшi буалдыр болғасын ба, жоқ, Хақназардың көзi бұлдырады ма, кеше ғана бейшара көрiнген шалдың тамыры күдiрейген, шандыр бет-жүзi темiрдей қарауытты. Жетпiстi алқымдаған түр-түсiнде ендi ұрт мiнез, сұрапыл қайрат атойлағандай. Салалы саусақтары да бүркiт тырнағындай қанқұмарлықпен бүгiлiп-жазылатынға ұқсайды. – Кемпiрiмiз екеумiз ұлардай шулап қалдық. Үй-жайды тастап, аңырап өлең айтып, ел кезiп кетейiк пе деп те ойладық. Бiрақ «ораза, намаз тоқтықта» екен, аш құрсағың құрсаумен бiр қысса өз жаның көзiңе көрiнiп, көбелек болып ойнайды екен. Сол көбелек отқа түсiп кете ме деп, тұла бойыңды қор қыныш басады екен. Адам шiркiннiң мұнша терiсiн жұқа етiп жаратар ма? Екi бала үшiн ышқынған жан даусым байқаймын, ендi өзiм үшiн шығатындай. Сосын кемпiрiм екеумiз ақылға келудi ойладық. Бiрақ мен келейiн дегенмен оның келетiн түрi жоқ. Ол əбден-ақ шөктi. Мен болсам кəрi бура жер-көкке симай солқылдап жүрмiн. Ақыры маған бұзық ой келдi. «Апыр-ау, мына заңғарың кемпiрiн өлтiрмесiн» деп ойлады Хақназар. Ауқынбай мен Киiзбайға қарап едi, олар момақан қалыпта, содан ғана аздап жүрегiн басқандай. – Кемпiрiме айттым, «əй, дүние жалған дегендi неше жерден саңылаусыз бiтеу жаралсаң да ұққан шығарсың, құдай маған қылса менiң құдайға қылмақ ойым бар, не айтасың» дедiм. «Ойбу, сөзiңе құлдық, мен бұл дүниенiң қызығы түгiл оның
өзiнен бетiмдi аулақ салған адаммын, имандай шыным, бəрiне де рұқсат» деп зар иледi. Соғыстан қайтпаған екi баламның екеуiнен де тұяқ қалған жоқ едi. Мiне, сөйтiп, қоса ағарған қосағымның рұқсатымен бөлiнiп шығып, анау тұрған шүйкебастан соғыста өлген сол екi шырағымның ақы-пұлындай етiп, мына төрт жаманды көрiп отырмын. Хақназар «уһ» деп дем шығарды. Бiр қызынып, бiр суын ған денесiнде көптен болмаған бiр ентiк бардай. Ендi содан ғана арылудың қамымен отыр. – Бəрi құдай жолымен болған iс екен ғой, ақсақал. Сiздiң «құдайға қылдым» деген сөзiңiзден шошып қалып едiм, – дедi Хақназар. Бұл кеште қонақ сағынған шал Хақназарға бiраз əңгiме айт ты. Бiр кезде «осы таяқ маңдайыма жабысып қалса да қояйыншы» деп, қойды тастаған да кезi болыпты. Бiрақ басқа тiршiлiкке де көндiге алмайды. Ақыры мал бағуға қайта шығады. Бұл кiшкентай мына қара домалақтарының ең алғашқысы туған жыл екен. Емшек сүтiне жарымай шырқыраған нəрестенiң дауысына да елең етпестен өмiр бойы көшпелi тұрмысқа дəнiккен көңiлмен жас əйелiн сүйреп, күзгi қозы бөлiмiнде бiр отар қойды алдына салып, құмға қарай айдай жөнеледi. Орта жолда қалың сексеуiл iшiнде бұған жабайы қабан шабады. «Аһ, ажалымның жеткен жерi осы екен ғой» деп, бұл сүрiне-қабына қашады. Шапқан аттан жүйрiк қабан мен кəрi кiсiнiң жүгiрiсiн салыстыруға келе ме? Оны өзi де сезген шал ажалдың жоқтығы ма, əйтеуiр көлденең жатқан бiр сексеуiлдiң бұтағын жерден iлiп əкетiп, қорғана қашады. Қасында тайдай екi төбетi бар едi. Олар қасқырдан, түлкiден, тiптi аюдан да жасқанбайды. Ал мынау олардың көрмеген құбыжығы болғаны ма, əйтеуiр, алғашқыда иесiне араша түсудiң орнына өздерi бас сауғалап, екi жаққа ыта жөнелгендей көрiнедi. Тұрсынбайдың қолына түскен сексеуiл бұтағының əбден қатайған, бiршама түзу, əрi салақұлаш ұзындау сиқы болса керек. Əйтеуiр өкшелеп жетiп қалған қабанның тұмсығын өзiне дарытпаудың қамын iстеп, арт жаққа бар күшiмен сiлтеп, қаша бередi. Жан бермек оңай емес, аяқтың алысқа əкетер дəрменi жоқ, бар қуаттың қолда екенiн бiлiп, жебер аруақ болса соны жаңылыстырмауын сұрайды. Бiрер мəрте жыртқыш хайуанның тұмсығына сексеуiлдiң дəл тигенiн де қолының созылып кете жаздаған сiңiрi арқылы сезедi. Бiрақ ол төрт аяқты пəлеге шiркей
шаққандай ғана сияқты. Тағы қол, тағы қолға, ол ұстаған қатқан сексеуiлге сиынады. Бар дəрмен, қайрат соған кеткен. Бiрақ оның да таусылар шағы бар екен. Ақыры шал етпеттей құлап, қолдағы сексеуiлмен жатып қайрат қылу үшiн бе, əйтеуiр, құм қапқан жүзiн аспанға берiп, арқасына қарай аунап түседi. Бiрақ байқаса сексеуiлi жоқ, құр қол жатыр. «Аһ, дариға, құдай» деп, шал иманын айтады. Бiрақ бұған шапқан қабан əккi хайуан ба, əйтеуiр, мұның iшек-қарнын ақтарып тастауға асықпайды. Кеудедегi киiзден тiгiлген кебенегiн иiскелеп, түртiншектей бередi. Тiптi мойнына да жақын келiп, шал хайуан тұмсығының жылы лебiн де түйсiнедi. Ахирет алдындағы ерлiгiне балап, бұл көзiн ашып қараса қабанның екi жаққа сойдиып тұратын екi тiсiнiң екеуi де жоқ. Мұның көкiрегiн құр тұмсығымен түртпектей беретiн шарасыздығы содан екен. Бұл Тұрекеңе көктен перiште келiп, қол ұшын бергенмен бiрдей едi. Ажалсызға өлiм жоқ. Бұл қайта аунап тұрып, қолдан шығарып алған сексеуiлiн iздейдi. Төнiп келген ажалдың қос бiрдей пышағын сол сексеуiлмен өзiнiң қағып түсiргенiн де болжалайды. Бұл қаруы алысқа кетпептi. Жармаса, жабыса ұстап, қос қолдай көтерiп, үйреншiктi итiндей тiмiскiленген доңызды қақ маңдайдан ұрады-ау келiп. Сонда ғана шалдың көзi көредi. Өздерi бас сауғалап қашып кеттi деп, қос төбетiн өң мен түстей қарбалас сəтте бекер-ақ жазғырған екен. Олар қабанның артқы екi сирағына жабысып, қатып қалыпты. Жаңа доңыз шалдың соңынан ұмтылғанда сол екеуiн сүйрей шапса керек. Мiне, жансебiлдiк деген. Шалың ендi күшейедi-ау. Қанжардай тiстерiнен айырылған доңызда қайрат та жоқ, əрi екi артқы сирағын екi төбеттiң тiстерi қиып барады. Төбесiнен төнген соққы да оңай ма, аспанға секiрiп, ендi шалға қарай емес, қу далаға кетiп құтылуға бар пəрменiменақ жұлқынып бағады. Сəл жұлқынудан соң ғана екi ит өз иелерiнiң қауiпсiз жағдайда екенiн көрiп, тiстерiн босатты ма, не жақ сүйектерi талғандағы амалсыздық па, əлде жауға соқтығам деп, қара басы қатерге түскен доңыздың ыршыған долы қайратынан ба, қай себептiң мысы басқаны белгiсiз, əйтеуiр дала хайуаны қалайда құтылып шығып, қанды iзiн қалдыра қалың сексеуiлге қарай тас кесектей атылып, домалай жоғалады. Тұрған орындарында мелшие есеңгiреген үшеуi бiр-бiрiне бас сүйеп, ұйлыққан аз-кем үнсiздiктен соң ғана жан шақырып, ес жиса керек. – Мiне, сол-ақ екен көкiрегiме бiр түйсiк қадақтай келiп тидi-ау, шiркiн, – дейдi Тұрекең. – О, алжасқан басым, алжасқан
басым, бiр тастаған соң бұл қойға қайта сұранып нем бар едi? Жас босанып отырған қосағым анау, шырылдаған жас нəресте мынау, соларды көре тұра астымнан су шыққандай бұл шошаңдауымның мəнi не едi? Қой, бұл асылығымды құдай хош көрмеген екен деп түйдiм. Ертеңiне-ақ көшiп бара жатқан бiздiң артымыздан қуып жеткен заппермеге сақалымның ағын алдына жайып салып жыламасым бар ма? «Ойбай, балам, менi кешiр де кешiр, менiң мұным қателiк бопты, ендi малдың соңынан iлесе алмайды екем, кəрi сүйек жаман сырқырайды, кəрi көкiрек жаман сырылдайды» деп, əйтеуiр айтпаған сөзiм жоқ, барымды ақтарып, отарын өткiзiп алуды өтiнбеймiн бе? Заппермеде де жазық жоқ, елдiң қарасы алыс та қалған, аяқ астынан менiң орныма кiсiнi қайдан таба қойсын, күрт құбылған мiнезiмдi де түсiне алмай əлекшəлегi шықты. «Ақсақал, не, түс көрiп ояндыңыз ба?»,– дейдi. Менi бiрдеңенiң шалығы шалғанға да ұқсатады iштей, шамасы. Екi-үш күн тыныштандырып көрсем деп те əурелендi. Бiрақ соңдағы қабанның шабуылынан жүрегiм шайлыққаны соншалық, оны тура құдайдың өзiме жасаған ескертпесiндей көрiппiн ғой. Жас нəресте мен жас əйелдiң обалына қалмауым керек деп, ешбiр сөзге мойын бұруға жоқ едiм. «Өзiм мал соңында адам тапқаныңша қала тұрайын, үй-iшiмдi келген iзiмен қайта ауыл жаққа көшiр» деп қиғылық салдым ғой. Бұл кезде малшылардың алды қыстауларына жетiп те қалған едi. Жолда бөгелеңдеген бiзбiз. Ақыры, амалы таусылған запперме бiздiң үйдiң көшiн ертеңiне таң бозынан ауыл жаққа бұрмаққа келiстi. Мiне, түс көрiп оянғанның да, түсiнен шошығанның да көкесi сол күнi түнде болды. Мал көшi үстiнде малшының ұйқысы қана ма? Онсыз да құс ұйқылы бейбақпын. Əйтеуiр, түн ортасында бiр мызғыған шағымда ақсақалды əкем келiп, аян бердi. «Балам, бұл таяқты мен сенiң маңдайыңа жазып кетiп ем ғой, оны тастама»,– деп, тап өңiмдегiдей келiп, ап-анық етiп айтпасы бар ма? Шошып оянған екем, жастықтан басымды да жұлып алыппын. Содан көз iлгем де жоқ, жантайып қисайғам да жоқ, қараңғы қос iшiндегi жер төсектiң үстiнде таң атқанша жүрелеп отырдым да қойдым. Ал сол-ақ екен, шалдың басындағы дүние қайта аударылыптөңкерiлдi дейсiң. Малды тастаймын деген ой-пиғылдың бəрi жайына қалды. Қайта одан айырылсам жер жұтардай көрiнiп, жабысып, жалпалақтап келе жатқан жайым бар, қарақтарым. Ендi доңыз түгiл, арыстан шапса да бетiмнен қайтара алмас деп шамалаймын.
Хақназар бұл үйден ауыр құсамен аттанды. «Кəрi сүйек маңдайына құдай жазған кəсiбiн iстейдi, ал бiз оны қабырғаға суретiн жапсырып əжуалаймыз, осы Далабайың бар, басқамыз бар, шаш ал десе бас алып, артық кетiп жүргемiз жоқ па?!» Осы ойын Ауқынбай, Киiзбайлармен де бөлiстi. Олар кеше Тұрекеңнiң өз тұрғыласы Мақұлбаймен арадағы қалжыңын естiгендегi екеуара күңкiл сөздерiнiң мазмұнына ұқсас жайды Хақназарға да жеткiздi. Иə, шалың шынында да шамданғанға ұқсайды. «Мен құдайға да қылған адаммын, сендер құдай емессiңдер, ал малшылық болса əкемнен қалған, сендердiкi текке шығасы арам тер» дегендi астарлап жеткiзгендей. Хақназардың көз алдында бүкiл дүние өзгеше қалпымен құбылғандай. Мəңгiлiк сұрғылт бейуақ орнап, «қане, мықты болсаң осыны өзгертiп жiбершi» деп, аспан мен жер арасы жабайы құстай саңқылдап үн қатқанға ұқсайды. «Иə, бiзсiз де таң атып, күн шығады, осы ел басқардық, колхоз тiзгiнiн ұстадық деп кеуде керуiмiздiң өзi осы шал сөзiнен танылатындай бос əурешiлiк, текке арам тер болғандық емес пе?» Хақназар осы ойдың жетегiнде өзiн өмiрдегi адал харакетсiз, басы артық адамдай көрдi. Осы халi сағыздай созылып, бiрауық титықтатқанға да ұқсайды. Келесi кездескенде ферма меңгерушiсi Киiзбайға бұл шопанға сақманшыдан бөлек жалпы отардың қысы-жазғы бағым-күтiмiне тұрақты көмекшi беруiн тапсырды. Артық еңбеккүн өзiме де керек деген желеумен шалдың ол көмекшiден бас тарт қаны кейiн белгiлi болды. «Əйелiн қызғанады, шамасы, сосын да жас немелердiң өз төңiрегiнде үйiрсектеуiнен сақтанады кəрiң»,– дептi Киiзбай. Мұны естiгенде Хақназар: «О, сорлы қылған құдай»,– деп санын бiр соқты. Хақназар əлi де екi күн болып, төл алу науқанының барысын бақылады. Маңыраған қозының дауысынан құлағы тұнды. Бұл оны осы дүниедегi жұмақтың үнiндей қабылдағысы келедi. Дəл кетерiнде Ауқынбай да ауылға қайтуға сұранып едi: – Жоқ, сен осы малдың аузы ағын суға жеткенше басықасында боласың! Ұмыттың ба тапсырылған iстi! – деп сұрлана жауап бердi.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ Осыдан жиырма күндей өткесiн ғана Ауқынбай ауылға келдi. Төл алу науқаны аяқталып, қозылар аяқтанысымен-ақ шопандар малды жолда шөлдетпеу үшiн түнде айдап шығып, ертеңiне түс ауа Шеңгелдiнiң суына келiп құлады. Шеңгелдi Ортаөзектен бергi байырғы көш жолының үстiнде емес, бұрылыста, бiрақ ағын сулардың iшiнде ең жақынырағы. Сосын да солай бұрыла көшу алдын-ала келiсiлген. Құйқалы өңiрдiң бетiмен сəл айналып жылжығаннан малдың ештемесi кетпейдi. Ең жаманы сусыз, шөлейт, аңызаққа ұрынған ғой. Содан сақтанысты. Малдың аузы ағын суға тиiсiмен ұшарға қанаты жоқ Ауқынбай атына қамшы басты. Бұл ерен көңiлдi. Өзi басқарып, құм астына көмдiрген қар суы барлық отарда да молынан жеттi. Бiр бас мал шөлдеген жоқ. Соның арқасында емей, немене, биыл төл сұмдық жақсы алынды. Баяғы малды қар суына қаратсақ қозы ала алмаймыз, қырғынға ұшыраймыз деген сонау облыс басшыларынан бастап, талайдың тамағына ас жүргiзбей қойған қауiп пен күдiктiң күлi көкке ұшты. Бұған Ауқынбайдың мықтап қайрат қосқанын Хақназар мың жерден тасжүрек болса да бағаламай тұра алсын ба? Жаңа əдiс ойдағыдай шықпаған күнде оның да абыройын оңдырмай опырып түсетiн едi ғой. Ежелгi дəстүр бойынша малды ен-тегiн ағын судың жағасында төлдетемiз деп, баяғыда-ақ ақ иiрiмдей отарларын қыс қарымен бiрге айдап əкеткен басқа шаруашылықтардың жағдайы онша емес екенiнен Ауқынбай осында жатып-ақ хабардар. Шұбарлықтардың шаңына да iлесе алмапты. Ауқынбайдың мiнгенi жүрiстi жылқы едi. Таң асып, əбден жараған ол қара жон, сары жазықтарды ұршықша иiрердей табаны жерге тимей келедi. Еш жерде оның да, иесiнiң де аялдайтын ниетi жоқ. Тек Сарыөзектен өте бергенде ғана сəл тiзгiн тартуына тура келдi. Қос аттан жегiлген, отын тиелген үш арбаны қуып жеткен едi. Ауқынбай ештемеге алаңдайтын да емес, тек отын дейтiн пəлендей отыны жоқ алдыңғы арбадан бiр таныс көздер мұның назарын аударды. Олар да, бұл да бiр-бiрiне қадала қарасты. Байқаса, өзiне сонау жер түбiне ығысып кеткендей көрiнген алыстағы өз ауылының адамдары. Əкем-ау, бұлар қайдан жүр? Тағы əлдекiм емес, мына бiреуi колхоздың бiлдей бас агрономы Курт Рейнградович Цихлер. Иə, тап сол. Өз көзiне өзi сенбей шұқшиған Ауқынбайға ол да «асықпай танып ал» дегендей
сығырая күлiмсiрейдi. Сары үрпек балапанға ұқсас басын шаң қапқанмен сығырайған көздерiндегi тазалық Ауқынбайға «жаңылысқан жоқсың, менмiн, мен-ақпын, бiзбiз» деп дауысын қаттырақ шығарғандай айқын-ақ сөйлеп тұр. Қазiрде айғайы жер жарады дейтiн Хақназардың оң қолын, егiншiлiк жөнiндегi орынбасарын бұл жағдайда, мынадай қиырда жолықтырмақ түгiл, түсiмде көрем деп Ауқынбай ешқашан ойламас едi. Делбешiнiң тап желке жағында жайбарақат шылым ораған түрiнде еш бүкпесiн жоқ. Ауқынбай қалған екi арбадағы (оларда тал отын молырақ тиелген) делбешiлердi де тани кеттi. Бəрi де жүздерiн шаң қапқан шұбарлықтар. Шұрқырасып кеп амандассын. – Ау, жол болсын! – Ау, əлей болсын! – Ау, ауылға ма? – Иə, ауылға! Өзiңiз де ме? – Иə, иə, ауылға, ауылға. – Қайдан шықтыңыз, Əуке? Ауқынбай жөнiн айтты: – Ау, өздерiңiз қайдан шықтыңыздар? Мыналарың не сұмдық? Ауқынбай өз көзiне əлi де сенетiн емес. «Колхоздың бас агрономы бастап, осы қиырдан отын тасуымыз ғана қалған екен ғой. Бұлар жынданды ма, əлде бiрдеңенiң шалығы шалып, мен жынданып тұрмын ба?» Осыдан бiр айдай бұрын Ауқынбай колхозға арнайы оқуы бар бас зоотехник келдi деп естiген. Ол жəне алабөтен бiреу емес, өң бе, түс пе екенi айырғысыз мынау қарсы алдында отырған бас агроном Курт Рейнградович Цихлердiң, Хақназарша айтқанда «Раймолдыштың» туған iнiсi екен. Жəне ол неме келген бетте Хақназардың кəрiне ұшырапты. Малдың басы-қасында жүрсе де Ауқынбайдың оны əлi күнге көрмеуi де содан едi. Осы Ортаөзектен арырақта Ақдала деген өңiрде мемле кеттiк жер қорынан осы «Шұбарға» бес-алты саулық отарын, əрi бiрнеше қос жылқы ұстауға болатын шағын қыстау орны бөлiнген. Жаңа келген бас зоотехниктi Хақназар ең алдымен соған жiбередi. Мал жаппай төлдеп жатқан шақ. Жаңа бас зоотехниктiң соңынан Хақназардың өзi келсе, ол неме бұл маңнан табылмайды. Бiр шопан қатты науқастанып, бар шаруа оның жас балалы əйелiне қарап қалыпты. Бас зоотехник қайда? Сөйтсе ол бұдан да арыдағы Бақбақты қыстауындағы бойдақ малдың арасында жүр
екен. Хақназар оны Ақдалаға желкелеп əкелiп, əлгi науқастанған шопанның таяғын қолына ұстатып, мына кiсi емделiп, əбден жазылып шыққанша мына отарды сен бағасың жəне ең кемi жүз саулықтан жүз жиырма бестен қозы аласың деп тапсырыпты. Сөйтiп, оқу-шоқудан басқа ештеңенi көрмеген ол неме «биттепқұрттап», өз мамандығы бойынша жұмысын солай бастап жатыр деп естiген Ауқынбай. Оған мына ағасы ара түспекшi екен, бiрақ ештеме шығара алмапты. «Iнiңнiң кесiрiнен өзiң қоса қоңыз терiп кеткеннен саумысың»,– деп Ауқынбай Курт Цихлерге шынымен-ақ күдiктене қарады. Бiрақ ол күдiктiң бəрi бекерге шықты. Бұлардың əкеле жат қаны Жетiсу түгiл бүкiл иiсi қазақ жерiнде өспейтiн, тiптi кейбiрi шетелдерде ғана болатын ағаш көшеттерi екен. Хақназар Раймолдышты көктемгi егiс жұмысынан əдейi босатып, болашақ колхоз паркiне отырғызылатын осындай ағаш тұқымдарын, көшеттерiн iздеуге жiбергенiн, оның да жоғары мен тө менде əртүрлi қауесет туғызғанын ендi есiне алды. Арбакештердiң бiрi – «Жаңалық» тұрғыны Мырзабек. Далабай құрдасы сияқты қалжыңбастау неме өзiнен жасы үлкен Ауқынбайға бiр сөз айтып қалды: – Ойбай, Əуке, бұл ағаштар сұмдық дейдi. Екi жылдың iшiнде аспан тiреп шыға келедi екен. Жəне ең қызығы, бiрiнiң түбiнде арыстан, екiншiсiнiң түбiнде жолбарыс, араларынан қыл өтпейтiн тату көршiлердей мылжыңдасып жата бередi дейдi. Ол ол ма, бұтақтарында ақ тиын дегендерiң алтын жаңғақ шағып отырады дейдi. Өзi арсы-гүрсi Ауқынбай мұндай сөздердi мiсе тұтқысы жоқ, атына қамшы басып озып кетпекшi едi, бас агрономға сəл қарайлап бөгелдi. Кiрпiгiне дейiн шаң қапқан Курт Цихлер Мырзабек əзiлiне қоса елiге ыржыңдап күлетiн сияқты. Алматы, Əулиеата, Шымкент қорықтарынан осы көшеттер мен тұқымдарды iздеп жүргенде бұл ағаштардың өз аулымызда қаптап өсетiн қайың, үйеңкi, теректерден не əулиелiгi бар деп Мырзабектер сұрағанда Раймолдыш аузына қайдан түскенi белгiсiз жаңағы əзiлдi айтып едi. Бiр жайдан ұзақ сенделiстен жалыға бастаған колхозшыларды көңiлдендiру үшiн де ойлап тапқан шығар. Ендi сол əзiлдi Мырзабектiң өзiнше кəдеге асыр ғанына бас агрономда дəн ризалық та бардай. Ауқынбай мұның сол райына наразылық бiлдiргiсi келдi.
– Бiздiң бастық «Мың бiр түннiң» хикаяттарын көп тыңдағанау деймiн. О дүниедегi жұмақты бұ дүниеге көшiрем деп, арасы алшақ жатқан дүние ғой, шаты айырылып кетпей ме? Қайдан шықса одан шықсын, Ауқынбай Мырзабекке емес, Курт Цихлерге қарап тура осылай дедi. Курт Цихлердiң қазақшасы бiраз бар, бiрақ жатып атар жауабын анық жеткiзейiн дедi ме, Ауқынбайға орысша сөйледi. – Хақназар күрек бойы жер қазса, ар жағынан апан көрiн гендей жұртты шошытатынына қайранмын. Мұның не қияметi бар екен? Рас, Хақназар көптi бiрақ қамтимын дейдi. Қайраты жетiп тұрса қамти берсiн. Əркiм өз шамасын мөлшерлеп, қимылдайды ғой. – Сəл бөгелiп, сөзiн жалғастырды. – Ол кiсi сырттан не жақсылық көрсе, соның бəрiн өз колхозымда жасаймын деп жарғақ құлағы жастыққа тимейдi. Мейлi, сөйтсiн, бiз хал-қадарымызша көмектесейiк. Бас агрономның көздерi балаша күлiмдегенмен сөздерi соншама салқын шықты. – Жарайды, сөйтсiн-ақ. Ал бұл əкеле жатқан ағаштарыңның тұқымы бiзге астық, нан болмайды ғой. Ауылдағы егiс жұмыстарың не боп жатыр? «Ол жағының қамын сiз жемей-ақ қойыңыз» деген мағынада жауап бердi Раймолдыш. Ауқынбайдың бұлармен бiртүрлi сөзi жараспады. Əрi алыс жолдан шыққасын да ма, ат-арбаларының жүрiсi мүлдем өнiмсiз. Асығыс екенiн айтып, Ауқынбай озып кеттi. Жаңағы «бастықтың шаты айырылып кетпей ме» деген сөздердi айтуын айтса да аздап қауiптенген сиқы бар. «Бiреуi болмаса бiреуi жеткiзуi де мүмкiнау мына сығырлардың». Ауқынбай осылай Алматы – Талдықорған жолын жиектей жылжып, Сарбастаудан көктей өтiп, Көксудың жағасындағы көршiлес Киров ауданының орталығы Тентек селосына жеткенде күн де ұясына иегiн сүйедi. «Түнге қалмағаным қандай жақсы»,– деп, жас балаша лепiрiп, қара терге малшынған атын тағы да тебiне түстi. «Жануар, өзiңдi мықтап таң асырмасам болмас, ал əзiрше шыда, таяқ тастам жер қалды ғой». Көксудың ағаш көпiрiн Ауқынбай мiнген ат тұяғымен дүсiрлетiп өттi. Көз байлануға дейiн əлi талай уақыт бар. Сонда да Ауқынбай асығыс. Көксудан өте бере жол екi айырылады, бiрi Талдықорғанға, екiншiсi «Шұбарға», одан Қарабұлаққа əкетедi. Ауқынбай сол айырықта қос ат жеккен бiр арбаның
«Шұбар» жаққа бұрылғанын көрдi. «Бұлар да бiздiң адамдар болмасын» деп, ендi осы қалған аралықта серiктес керек қылды ма, Ауқынбай ер үстiнен ұшып кетердей тiптен елпелектедi. Колхоз басқарып, дəуiрлеген заманынан қалған ескi қалпағын маңдайына басыңқырай атына қамшы салды. Манағы Курт Цихлердiң тобымен болған жайсыздау əңгiменiң табы көңiлiнен өше бастаған. Байқайды, арба үстiнде ақ кимешектерi қоқырайған кəрi кемпiрлер отыр. Осында тойға, не өлiмге келгендер ме деп ойлады. Қарға тамырлы қазақ торқалы той, топырақты өлiм десе сүйегiн сүйретiп жүре бередi ғой. Ауқынбай оларды тез-ақ қуып жеттi. Бұған шеше iспеттес үлкен адамдардың iшiнде делбе ұстаған бiр ғана шал бар екен. Оны бiрден тани алмады. Май мейрамының қарсаңы, көк əбден жетiлген, мынадай жазға бергiсiз жайма-шуақ шақта тақиясының үстiне бөктерiп бөрiк киген, бетi күс-күс ол неме көзiнiң ағын жалт-жұлт еткiзiп, Ауқынбайға бағжия қарады. Ауқынбай сонда ғана есiне түсiрдi, өмiр бойы «Шұбардың» малын баққан Шəмiлбай деген шал ғой. – Ой, қайдан келесiздер? Аузындағысын шайнағандай жақ терiсiн жыбырлатып, осы Шəмiлбай жауап бердi. – А, мына сарымсақ сатқан кемпiрлердi алып қайтып едiм. – Сарымсақ сатқаны несi? – Ауқынбай Шəмiлбайдың сөзiн əкеле жатқан кемпiрлер өз тұстастары болғасын соларды iлiпқаққанға ұқсатты. Сонда да қалжыңнан тыс, мəн-жайды ашатын бiр жауап арнар деп, шыдамсыздана күттi. Бiрақ одан əрiге шалың былқ етпейтiн сияқты. Кемпiрлермен бiрге мұның өзiн де келемеж еткендей Ауқынбай əлжуаз Шəмiлбайды əлденеден өлердей жек көрдi. Жол бойы бұған кiм кездессе де, мейлi өлi тышқан болсын, бəрi де тiсiн ақситып, езуiн керiп ыржиятын сияқты. Ауқынбай соған ашуланды, бiлем. Шəмiлбай өзiн түсiне қоймаған Ауқынбайға нұры бiржола сөнiп қалғандай қос шұқанақ көздерiмен бiр бұрылып қарады да арбаға жегулi есiк пен төрдей сүйектi жылқыларына қайта алаңдаған болып, делбенi қағып қойды. Ауқынбайға қалай жауап берерiн ойланғаны едi. Шəмiлбайдың аузына сөз түс кенше: – Ау, Əукешiмбiсiң? Ау, Əукем! – деп, кемпiрлердiң бiрi сұңқылдап қоя бердi. Ауқынбай өз шешесiнiң даусын жазбай таныды. Жер түбiнен ат арытып, өз сүйегi қоса саудырап түсуге шақ, сонша тауаны таусылып келе жатқан, бiрақ үмiт шiркiн
көкейiнде құсша сайрап, көңiлi көтерiңкi Ауқынбайды ендi жеттiм ғой дегенде күтпеген жерден əлдене қақ маңдайдан қара сойылмен қаққандай əсер еттi. Делбешi шалдың жаңағы «сарымсақ сатқан кемпiрлер» деген сөзi бұған алдын-ала бiрдеңенiң сезiгiн аңғартқандай құлағына жайсыз тиген. – Апа-ау, сен де келе жатырсың ба! – деп, бұл шешесiн күнде көрiп жүргендей-ақ аман-саулықсыз ат үстiнен төне саңқ ете қалды. – Иə, мен де келе жатырмын, жаным. Иə, өзiңнiң ат-көлiгiң аман ба? – Қайдан келе жатырсың? Шешесiнiң қасындағы кемпiрлердiң бiрiнiң етi тiрiлеу екен. Кешкi ауаны дауысымен сүңгiдей тiлiп, сол жауап бердi: – Ойбай, мынау Хақназар жерге қолмен еккен дүниемiз аздық етедi деп, таудың жабайы жуасына дейiн тергiзiп жатқан жоқ па? Соны мынау қалалы жерлерге бiз сияқты кəрi-құртаңдар сатып жүрмiз. Бiздi қыстаған ешкiм жоқ, балаларымыздың тапқанына сеп болсын деп, əйтеуiр бастықтар айтқан соң, жə, болды, қиын шаруа емес қой деп, құлшына кеткен өзiмiз. – Апа, саған кiм тапсырды бұл жұмысты? – деп, бұл əлi де өзi шешесiне қадалуда едi. – Қарағым, əлгi Абыл ғой! Аузынан бал тамызып! Қыстаған ешкiм жоқ бiздi! Үйде мүлгiп отыра бергенше деп. – Абыл түгiл құдай айтса да бұл сұмдығыңды ендi көрсетпе! – деп, Ауқынбай бүктеулi қамшысының сабымен ерiнiң басын аямай ұрды. Кепкен ырғай болған соң ғана шыдағандай, басқасы екi бөлiнiп түсер ме едi, кiм бiлсiн. Сондай қайрат қана Ауқынбайдың қазiргi ашуына сай. – Ертеңнен бастап үйден табалдырық аттап шықпайсың! Кеше ғана жаман-жақсылы колхоз басқарған адамның мына қалпын кəрiлер дұрыс ұққандай үндеспедi. Шеше, туған шеше. Оның халiн бұл бала өз басына мiн көрiп тұр. Дұрыс-ақ. Еш айыбы жоқ. Мұндайды кəрiлер мықтап мақұлдайды, абырой, ұжмақ санайды. Ал Ауқынбайдiкi шеше халiн басына мiн көргеннен он есе артық едi. Миына қан шауып, көзi қарауытып, ер үстiнен құлап түсер күйге жетiп, қатты қорланды. Көз алдында Абыл түгiл Хақназардың өзi тұрса да кеңiрдегiне жабыса кетердей тiзгiн мен қамшы ұстаған саусақтары тарамыстай тартылып, тас түйiн болып қатты. Бетi күс-күс Шəмiлбайдың өзiн бiр жақ көз қиығымен
бақылағанын байқап, ол да бiр бүйiрден қанжар сұққандай əсер еттi: – А, балам, шешеңдi соншама кəрi дейсiң бе? Бұл ауылда қазiр кəрiлердiң iшiне жел бiтiп тұр емес пе? Тайлы-таяғымен қалмай ертеңгiсiн шұбалғанын көршi. Анау қызылшаның басына барсаң ғой тура құрт-құмырсқа. Кəрiмiн, жаспын деп тұрған жоқ. Жерге жабысып өлердей тура бастарын алмайды ғой. Бұл – Шəмiлбайдың сөзi. Шал шын ойындағысын айтты, шамасы. Көп жыл мал соңында жүрiп, мұндайлық адам қозғалысын көрмеген ол Ауқынбайды да тап өзiнше таңырқатам деп ойлады ма, оны сөзбен төпелеп, сырластыққа шақырғандай. Бiрақ мұның сырласатын адамы «Шұбардың» осы қатпа қара шалы емес қой. Кəрiлермен селбелесемiн деп, ендi аялдаса өзiн бiрдеңеге ұшырардай көрiп, атына қамшы басып, бұлардан да озып кеттi. Үйiне келген бетте тындырған шаруасы əйелi Жəмиқаны қамшымен екi тартты. Үш айдай су аяғы құрдымда жүрiп, құдай қосқан қосағымен алғаш көрiскендегi дидарласуы осы едi. Жаңа ғана Абыл мен Хақназарды қоса қабаттап кеңiрдектен ала түсердей мықтап сайланған қол жəне ол сiлтеген қамшы аясын ба? Күнi бойы қызылша сиретуден дамығып, шаршап-шалдығып, шөлiркеп оралған, үстiнде шыт көйлектен басқа дəнемесi жоқ сорлы əйелдiң денесiн оңдырмай тiлiп түстi. – Жалғыз шешемдi қаңғытып, жетiсейiн деген екенсiң! Не қара көрiндi, iшiп-жемнен кемсiң бе, жалмауыз қатын? Жəмиқа құр бiр-екi рет шыңғырып жылағаннан басқа бас қорғап ештеме айта алмады. Бiрдеңе десе-ақ төбесiнен қамшы одан сайын төпелеп кететiнiн Ауқынбайдың түсiне қарап таныды. Тек енесi келгенде ғана күш алды. Оған шашын жайып, дауыс салып жылады: – Ене-ау, мен сiзге колхоздың жуасын сат деп зорладым ба? Өзiңiз емес пе едiңiз, қарап отырғанша ермек қылайын деп! Қайта Ауқынбай ашуланар деп, құдайдың зарын қылдым емес пе? Айтсаңызшы, ана балаңызға! Өлтiрдi ғой! Жəмиқаның бұл сөзiне шешенiң зары қосылып, ұлардай шуласа бастап едi, Ауқынбай бет қаратпай одан сайын қатты кетiп, екеуiнiң дауысын пышақ кескендей тыйды. Жəмиқаның етжендi денесiне тиген қамшының iздерi бiлеудей боп iсiп шыға келгенi көйлектiң сыртынан-ақ белгiлi сияқты. Ол жан азабын əрең бүркедi, шырқырап жылай берейiн десе соққының бұдан да əрмен сорақысын, көкесiн тiлеп алармын деп қорықты. Өксiгiн
баса алмай iштен жаман үгiтiлдi. Еркетотайлық, наразылық бiлдiрiп жатып алу ол кездегi əйелдердiң мiнезiнде жоқ. Жəмиқа сөйтiп жүрiп те шай қайнатты, кешкi ас əзiрледi. Ауқынбай ұзақ жолдан қатты қаталап келген. Шайды сұмдық көп iштi, əрi асықпай iштi. Шам жарығына тура қараса жүзiнен əлдененi сездiрiп алардай кесесiн түбiнен қыса ұстаған күйi бiр жақ қырымен отырып, жерге төселген төсенiшке ұзақ үңiледi. Кəрi шешенiң қолымен жасалған құрақ көрпеде оның осы кештегi бар ойының қазығы шаншулы тұрғандай көзiн алар емес. Бастағы ауыр ой шот маңдайын ендi-ендi қақ айырып, жерге домалап түсетiнге ұқсайды. Келiнiн қорғаштап, дауыс салған шеше мен жаңа ғана жақсылап, мейiрi қана қамшы жеген Жəмиқаның өзi де мұншама ауыр ой тұралатқан Ауқынбайға аяушылық бiлдiре бастады, шамасы. Қамшы деген немене тəйiрi, ол салған жара бүгiн болмаса ертең жазылады, ал анау ұлы кеуде ер-азаматтың көкiрегiндегi қаяудың дауасы не, ол қашан жазылады? Оны Ауқынбай шеше алмаса шашы ұзын, ақылы қысқа əйел адамның оған қалай шамасы келмек? Кешкi ас үстiнде бұлардiкiне Сүгiрбек келдi. Ауқынбайдың хабарын жаңағы арба үстiндегi кемпiрлердiң бiрiнен естiсе керек, көп қарап жатпай сəлем бермекке əдейiлеп бас сұққандағысы. Кешегi басшы, үзеңгiлес азамат, Сүгiрбектiң бұлай қайырылуы азаматтық тұрғысынан дұрыс едi. Сүгiрбек есiктен көрiнгенде-ақ Ауқынбай қатты қуанды. Ұшып тұрып, қол алып, төрге өзiнiң қасына отырғызды. Жəмиқа қыстың сүрiн аямай-ақ асқан екен. Ауқынбай əйелi нiң тап бүгiнгi молқолдығына дəн риза. Сүгiрбек табақтағы еттен шеңгелдеп алып отырып, ой əңгiме тиегiн ағытты-ау келiп. Ел өмiрiндегi жаңалықтарға сусап, құлағы тосаңсыған Ауқынбай ет жегеннен гөрi əңгiмеге көбiрек ден қойды. – Əлгi Ұлықбектi қорасына қамап қоятын залым шал ше? Самрат ше? Бастапқыда Хақаң қорлықты сол қақпастан көрдi емес пе? Ойбай, ол жаман қылды ғой. Бүткiл шешендерге жұмысқа шықпаңдар деп, iштерiне жел бiтiрiп. Мiне, сол Самратың қазiр Хақаңның бiрiншi досы. Дос болғанда сұмдық досы. Ойбай, кiлтiн таба бiлсең бұл шешендерден еңбекқор халық жоқ па деп қалдым ғой. Əрi ұйымшылдығы, əрi үлкендi сыйлауы. Баяғыда түн баласы далаға шығуға қорқушы ек. Қазiр ол шешендерден
бауырмал халық жоқ. Ана Самратың бар ғой, нағыз көсем екен. Қазiр қиқаңдаған бiр шешендi көрмейсiң. Ертеден қара кешке дейiн елiм-телiмi шығып, жұмыс iстейдi-ау келiп. Хақаңның қазiргi ұраны, ана шешендерден үлгi алсаңдаршы дейдi. Қазақтарға айтады сөйдеп. Самратың қазiр бiрiншi болып, үйiн бұзып жатыр. Бұл шынында мықты орынбасар болатын түрi бар. Əлгi Халиль, Хамид, Ибрагим деген өзi тұрғылас шалдар бар емес пе? Оларды да үйлерiн бұзуға көн дiрген Самрат. Текелiден келген құрылысшылардың көбiсi осы шешендер жақта тақтай тарсылдатып жатыр. Ертең шықсаңыз көресiз. Бұлардың қозғалысы жаман. Əуелi осы шешендер бəрiңнен бұрын өз көшелерiн жаңартып алмасын деп Хақназардың талай қазаққа дiгiрлегенiн өз құлағыммен естiдiм. Сендердiң ырғатылуларың көп деп ұрсады бiздерге. Ауқынбай Сүгiрбек əңгiмелерiнен ауыр ойға одан əрi шомды. Ел басқару iсiнде өзiнен қара үзiп кеткен адамның əр қылығынан бөлек салмақ аңдауы жанына бата ма? Жоқ, бiр кезде бұл да бiр елдiң тұтқасы едi ғой, қалайда тегiн пенде емес, ендi оның осы жаратылысын мына басшының аңдамауы қандай ғана саясаттың ұрығы екен. Əлде, алғашқы қарқында сыр тартып, сынағаны ма? Олай болса Ауқынбай алғашқы сыннан абыроймен өттiм дей алады. Тек Хақназардың оны көргiсi келмесе əңгiме басқа. Ондай атты күнде бiр емес, мың сыннан өтсе де «көрмес түйенi де көрместiң» керi келмекшi. Сүгiрбек əңгiмесiнен Хақназардың орыс, немiс, шешенингуш, қазақ, тағы басқасы бар бəрiн тастүйiн етiп, бiр уысқа сыйғызып алғаны анық едi. Ауқынбай мойнына су құйылғандай болмайын деп, сəлден соң қабағы жазылыңқырап, көңiлдi қалыппен Сүгiрбектен анау не iстеп жүр, мынау не iстеп жүр деп, бiраз адамдар жайында ақпар алды. Жағалай кезек «отқа салса күймейдi, суға салса батпайды» дейтiн Зайпуллаға келдi. Зайпулланың атын естiгенде Сүгiрбек мүлдем елiрiп санын бiр соқты. – Əуке-ау, мен сiзге қызықтың көкесiн айтпай отыр екем ғой. Сол Зайпулла итiңiз жөнге жүрмей, талай зықымызды шығармап па едi осы?! Əуелде бiр рет жұмыс iсте дегенiм үшiн менiң кеңiрдегiме сала құлаш сапысын тақады емес пе иттiң баласы. Ендi қазiр барып қарашы, тура мұрнын тескен өгiз дерсiң. Өгiз десең өгiз. Сол өгiз ендi қара күшiн жұмысқа салып жатыр. Сүгiрбек – задында ақкөңiл адам. Аузындағы сөзi де солай, кiмге айтып отырмын, қалай айтып отырмын деп ойламайды,
көкiректегi қалпымен тоғыта бередi. Мынау Ауқынбай Хақназардың бiр кездегi бақталасы, жыл шамасына жетпей дүниенi төңкерiп бара жатқан Хақназарды соншама дəрiптеп, əр iсiн тəптiштей созбұйдалауы бұрынғы бастығының көңiлiне келмей ме, ол жағын ойлап жатқан жоқ. Өз сөзiнен өзi қызынып, ағылып отыр. Ауқынбайдың көзiнше Сүгiрбек бұрынғысынан да кiшi рейiп кеткендей. Жоқ, əлде Хақназар шырқ үйiрген үлкен iстердiң қасында мұның өткенде оң қолы болған адамдар да осылай қораш көрiнбек пе екен? Əрi əңгiме тыңдап, əрi ойы сан саққа жүгiрген Ауқынбай дағдыдағы күйiнен əлдеқайда аңғарымпаз болғандай. Атүстi жұмыстан аластатылғасын ба, Сүгiрбек бұл көрмеген осы үш айдың iшiнде бұрынғысынан көп қартайып, маңдайындағы, мойнындағы буынтық-буынтық əжiмдерi ұлғая түсiптi. Көзiнiң айналасындағы жыпырлаған iздер де тереңдептi. Өзi кiм айт-шу десе соған ытып тұратын қаңбаққа айналған ба? Ауқынбай осы көктем туардан көп ертерек қыстауға аттанарда Хақназар бастаған кей iстiң шет-жағасын өзi де көрiп қалған. «Ең алғашқы қарқында əркiм-ақ осылай елiредi» деп, көп мəн бермеген. Байқаса Хақназардiкi жай елiру емес, дүниенi бiржола төңкеру үшiн түп етектен бiр-ақ ұстаған түрi бар. Айырылатын бұл емес. Қайта мызғымас дүние мен Хақназар тайталасы үстiнде осының аруағы асып бара жатқандай. Мана машина шаңы мен адам буы бұрқыраған қалалы жер деуге лайық Тентекте өз шешесiне таудың жуасын сатқызып қойғанын естiгенде «жақсы, бұл менiң жаныма батсын-ақ, ал осындай ұсақ-түйекшiлдiк, түймеден түйе құраймын деу сол Хақназардың өз үлкен басына лайық емес əбестiк қой» дегендi бiр жақ бүйiрiмен түйiп қойып едi. Шешесi айтқандай бұған Абыл жұмсағанмен мəселенiң төркiнi Хақназарда жатқаны Ауқынбайға анық. Ендi байқаса ол жəйт мұндағы бар қарбалас тiршiлiктiң бiр пұшпағы ғана екен. Жəне мұны əбестiк көрушi де жалғыз Ауқынбай емес, бұл бар, басқасы бар, жалпы Хақназар бастаған көп шараның кейбiрi құлақтарына түрпiдей тиiп, аудандағылардың өздерi тулап жатқан көрiнедi. Бала бiткен əр жексенбi сайын тауға шығып, жуа тередi. Кеңседегiлер кеңсе жұмысын ұмытқалы қашан. Таң азаннан үйлерiнен дедектеп шығып, жекеменшiк биелерiне мiнiп, Ешкiөлместiң баурайын жанап өтетiн темiр жолға таяу тұста, аяқтарымен балшық илеп, кiрпiш құйып, жанталаса жаңа мал
фермасының қабырғасын тұрғызуда. Хақназардың өз əйелi Күнес күнде соларға түскi тамақ жасауға барады екен. «Шұбардың» iргесiндегi сүт-тауарлы ферма (МТФ) жайрап ол жатыр. Сауын сиырлар уақытша ескi базға көшiрiлiп, ферманың қабырғасы бульдозермен бұзылып, тегiстелiп, оның орнында бұрын бұл маңда ешкiм көрмеген жаңа құрылыстың iрге тасы қалануда екен. Сиырды аппаратпен сауу Хақаң басқарған «Шұбарда» бұрыннан да бар. Ендi ол ғана емес, сауылған сүт арнайы түтiкшелер арқылы суытылатын, сақталатын, артық майы алынатын үлкен ыдыстарға жөнелтiлмекшi. Бұрынғыдай фляг көтерiп, мықшыңдау жойылмақшы екен. Ол ол ма, қала үлгiсiмен, екi қабат кеңсе үйi, сол тұрғылас Мəдениет сарайы, мейманхана, мектеп, балалар бақшасы, бəрiнiң орны əзiрленiп, қиялдағы сол ғимараттардың айналасына егiлетiн əртүрлi шетелдiк ағаш тұқымдары қазiрдiң өзiнде отырғызылып жат қан көрiнедi. Мана жолай ұшыратқан, араларында Курт Цихлер бар арбакештердiң əкеле жатқаны сол iстiң жалғасы болса керек. Шет-шегi жоқ басқа құрылыстар қаншама! Оған колхоздың қаржысы жете ме, жоқ па, көп ойласпағанға ұқсайды. Аудандағылардың наразылығы соған меңзейдi. Оған қарап негiзгi науқандық жұмыс қызылша, астық та егусiз қалмапты. «Құлашты кеңге салған екенсiң, Хақа»,– дейдi iштей Ауқынбай. Дəкенов сияқты мұнда қызғаныш емес, сол құшағы кеңнiң бiр кəдесiне жарасам деген ынта басым едi. Осының бəрiне ол Сүгiрбек арқылы қанып отыр. Жаңағы Зайпулла жөнiндегi əңгiменiң жалғасы мынау: Қайтсек те Хақназардың қайраты жеңiп, Зайпулла жұмысқа илiккен едi. Бiрақ ашық күнгi найзағайдай ол жақтан ойда жоқта тағы бiр тарсыл-гүрсiл естiледi. Зайпулла Шалим деген бiреумен қан-жоса болып төбелесiптi. Кiсi өлiмiне де жеткендей екен, тек Самрат дер уағында ара түсiп үлгерiптi. Шалим кiм? Бұл – баяғыда Хақназар, Сүгiрбек, Абыл, басқалары бар Самраттың ауласына алғаш келгенде сол Самраттың шақыруымен шыққан екi неменiң бiреуi едi. Екiншiсi, ұзын бойлы, үйде жүрсе ескi-құсқыны үстiне мол жапсырып, сыртқа шықса түз аңындай құлпырып кететiн Вахиттi Хақназар жақсырақ бiлiңкiрейдi. Ал аласа бойлы, шымыр денелi, жанарында жасын отындай қайрат бар Шалим сол алғашқыдан кейiн мұның көзiне көп шалынбапты. Тек оң жақ бетiндегi, тұтаса өскен сақалын ойып
түскен, пышақ iзiнен аумайтын тыртығы есiнде қалыпты. Зайпулламен төбелесiн естiгенде сол тыртығын маңдайына құдай жазған белгiсiндей елестеттi. Басқада жоқтың онда болуы сол өз жаратылысынан шығар. Хақназарға ең алдымен керегi төбелес неден шықты? Құдай қор қылғанда бұлар əлгi Зайпулла түнделетiп үйiнiң сыртын торитын, шақырып шық деп Сақаттың баласын жұмсайтын, кəрi əке-шешесiнiң жалғызы Герта есiмдi қыз үшiн төбелесiптi. Шалим отызды қусырғанмен əлi үйленбей жүрген неме екен. Қыз үйiнiң сыртында кездесiп, қызғаныштан бiрiн-бiрi жарып жiбере жаздапты. Бұл қастандық кейiнге де жалғасады. Əр жамандықтың да бiр жақсылығы болмай қоймайды. Хақназар сұқ саусағымен маңдайын шұқып отырып, табанда бiр айла табады. Не нəрсенi де кейiнге қалдыруға жоқ ол дереу бас агроном Курт Рейнградович Цихлерге қолқа салады. Қолқа салады емес, бұйырады да: – Əй, Раймолдыш, сен мына үйiңе жаңа кiрдiң емес пе? Соған тап осы бiрер күнде нəбесел (новоселье) жасайсың, – дейдi. Курт Цихлердiң үйiне осы қыста кiргенi рас. Бiрақ сырттан ағаш тұқымдарын, көшеттерiн əкеп отырғызу басты мiндетi делiнгенмен, егiс жұмысына да қатты алаңдап, мұрнынан су кетiп жүрген ол мынадай қауырт шақтағы бастық қолқасын бiрден түсiне қоймады. Ырыққа көнетiн Хақаң ба, ақыры екеуi қоныс тойға кiмдер шақырылады, соның тiзiмiн жасай бастайды. Бухгалтериядан, бригадирлерден есеп алысып, ең бiр еселi еңбек етiп жүргендер тiзiмге iлiгедi. Олардың iшiнде Хақаңның бақылау, қамқорлығынан мықтап жiгер алған шешен қызы Герта да бар едi. Ол қызылша сиретушiлердiң алдыңғы сапында екен. Ал Шалим мен Зайпулла тамақ əкелу, су тасу сияқты жұ мыстарға жегiледi. Кешкiлiк кең аулада шақырайған шам жарығында iшiп-жеу басталады. Алғашқы тосты көтерген Хақназар ұзақ сөз сөйлейдi. Кiм қанша шаруа тындырды, қанша еңбеккүн тапты, бəрiн ойша тiзiп алған екен. Сөзiнiң бiр тұсында жұртты елең еткiзiп былай дейдi: – Вот Герта молодец! Один он два гектар сбеклы шаропкалаған. Кəне, Герта, тұршы, стан, стан! – Шебер қолдан шыққан тамақтың неше алуан түрi сықап, тау гүлiнен алқа таққандай құлпырған ұзын столдың орта шенiнде отырған тана көздi шешен қызы Гертаның жүзiне қан бұрқ еткенi алыс-жақын
жайғасқандардың бəрiне танылып едi. Басында алтын жiппен зер төгiлген барқыт топысы1. Ұят па, қуаныш па, қайсысының оты екенi белгiсiз, əйтеуiр көзiнен ұшып түсiп, өз нəсiлiне лайық, дөңестенiп, салбырай бiткен мұрнының ұшына келiп, iлiгiп қалғандай. Табиғи сұлулық бұл шақта тiптен атой бердi. Колхоз бастығының бұйрығымен орнынан тұрғанда көз қызықтыратын күмiс тұғырлы шынарға айналғандай. Сол кезде Хақназар даусын одан əрi шығарып, сөзiн былай жалғастырады: – Ал ана Зайпулла жəне Шалим, қараңдар. (Бұл екеуiнiң сол жақтан бiр фляг суды шам жарығы жететiн жерге əкеп тұрған бетi едi. Стол басындағы Хақназарға қараймыз деп, екеуi де бет-жүздерiн жалт етiскен қалың жұрттың назарына тосады). Олар жұмыс iстейдi. Но жұмыс есть жұмыс. Жұмыс разный бывает. Вот Герта – четыре вон такой Зайпулла стоит. Бiр Герта төрт Зайпуллаға татиды. Ал Шалим, вон Шалим, вот таких пять Шалим чем один Герта мало. Бiр Герта бес Шалимге татиды. – Ой, алла-ай! – деп осының бəрiн Ауқынбайға əңгiмелеп отырған Сүгiрбек өз сөздерiнен өзi мəз-мейрам бола, көздерi жылтырап, жайқала түстi. – Сондағы əлгi екi бейшараның түрiн көрсеңiзшi. Анталаған жұрттан жүздерiн жасырып əкете алмай, қара жердiң жарығын iздедi ғой. Сол екi иттiң баласына алғаш рет жаным ашығаны. Қонақтар өз алдарындағы майлы тамаққа тұмсықтарын тыққалы отырса, ол екеуi су тасып, əрi бүйтiп күлкiге қалып, хас масқарасы шықпас па? Хақаң онымен де қойсын ба, бiраз тамақ iшiп-желiнгесiн «айда билеймiз» деп бұйрық бердi. Раймолдыштың өзiнiң гармон тартуы қандай əсем. Тура буыныңды балқытады ғой. Сонда көзiм шыққыр мынаны да көрдiм бе дедiм ғой. Ай-шай жоқ, əлгi Хақаң аяғын тыпырлата басып, ортаға шыға келдi емес пе? «Өлiм-ай, ұят-ай» деп, жағамды ұстай бердiм. Басқалар да бастықтың мұндайын бiрiншi рет көрiптi. Бəрiн ұят қысты, шамасы. Жоқ, былай аздан соң жарасып-ақ кеттi. Сосын ғой Хақаң дауыстап, «Герта, мен сенi биге шақырамын» дегенi. Əлгi қағынған қыз да соны күтiп отырған ба, бiр қолымен орамалын желпiп шыға келгенi. Хақаңды айнала сырғи жөнелгенде тура су бетiмен жылжыған аршын төс аққу дерсiң. Ал əлгi екi дүлей – Зайпулла мен Шалим анадай аулақта жиын-тойдан сүйек дəметкен аш төбеттерге ұқсап, мелшидi де тұрды. Раймолдыш əдейi бiр шаруаға керек болып қаласыңдар деп, қазан-ошақтың басы-қасында ұстаса керек. Не 1 Топы - шешен қыздары киетін тақия.
керек, бұл отырыс еңбекте кiм озық солардың дыр-думанына айналды ғой. Қаншама гу-гу сөз боп тарады десеңшi. Адам былай бiр жiгерленсе қиын екен ғой. Сондағы нəбеселде болғандар бар ғой, əй, жұмыс деп түнде шала ұйықтайтын да шығар. Қазiр бiр-бiрiнiң арасындағы бəсеке деген сұмдық! Қайтсек қара үзiп жоғаламыз деген жанталас, ойбай, мен мұндайды бұрын көргем жоқ, Əуке. Ал анау Гертаң бар ғой, ендiгi Алтын Жұлдызды сол таға ма деп қорқам. Қызылша сиреткенде бар ғой, Хақназар, Абылдар өздерi барып тексерiптi, басқаларға да көрсетiптi дейдi, қыздың тiккен кестесiндей деседi тура. Артық бiр қылау жоқ дейдi ғой. Ал ана Зайпулла мен Шалим ше? Хақаң екеуiне екi жыланарықты берiп қойыпты. Бiрi мынау Шаңғарақтың аузында, екiншiсi төменде. Өтiрiк-шынын қайдам, қайсысың арықты түзулеп, егiстiкке молырақ жер шығарып бересiң, Гертаны соныңа қосамын дептi дейдi. Қара жердi талқандап олар жатыр. Басқаның айтқаны емес, Зайпулла иттiң жанталасып жатқанын əнеукүнi өзiм көрдiм. Қайрат дегенiң сонда ма деп қалдым ғой. Ойбай, бұл Хақаң адамның жанды жерiнен бiр ұстаса мықтап ұстайды екен. Ауқынбай ұйқыға жатқанда да көпке дейiн құлағыңда Сүгiрбектiң сөзi, даусы күмбiрлеп тұрғандай көрiндi. Ертеңiне асықпай шай iшiп, кеңсеге беттедi. Өз үйiнен қарға адым ұзамайақ ауылдың ақ жаңқасы шығып жатқанын көрдi. Талайдың ауласында қолдан құйылған кiрпiш пен құрылыс ағаштары аткөпiр болып айқасып қалыпты. Iшiнара заводта күйдiрiлген қызыл кiрпiш те көрiнедi. «Анау, қолдан құйыл ған, жақсы, ол əркiмнiң өз күшiмен, ал басқасын қайдан тауып жатыр?» Бiрден Штерндi еске алды. «Апыр-ау, ол қаншама иiсшiл, жер түбiндегiнi көре бiлгенмен де сұраусыз дүние жоқ қой, мұның ағыл-тегiл, ақысызпұлсыз көзi бар дегенге кiм сенер?» Ауқынбай ешкiмге iштарлық, дұшпандықпен емес, шын ақ көңiлiмен-ақ бұл жағдайды жаманға жорығандай. «Ұрлық түбi қорлық» деген. Штерн қалай келсем, солай кетермiн деп көзсiздiкке барар, ал осында қалатын Хақназардың, басқалардың көзiн шығарып, абыройын ашып кетпесiне кiм кепiл? Ауқынбай бəрiн өз көкiрегi, өз тұрғысынан мөлшерлеп, ұрлық-қарлыққа бармай-ақ көзiн таба бiлсең молшылық аулы қол созым қашықтықтан аулақта жатпайтынын түйсiне алмады. Кейде адамға өз мүмкiндiгi дүниенiң шетi, одан əрiде ештеме жоқтай көрiнедi. Қол-аяқты байлайтын да сол. Қазiр Ауқынбай сол күрмеулi жiпке буын-буыны мықтап iлiккендей көзi, басы
қоса тұмшаланып келедi. Иə, бас жоба, ауылдың бас жобасы, бəрi соған лайықталып iстелiп жатыр. Кеше өзi жолай қуып жеткен, араларында Курт Цихлер бар арба кештердi еске алды. «Олар да, бұлар да тасымалдауда, ақыры не болар екен?» Ескi кеңсенiң қасынан өттi. Қаңырап қалған ата-бабасының қыстауындай-ақ көңiлiн құлазытты. Осы маңда тұратын, былтыр күзде, күз болғанда соның маужыраған алғашқы айының бiр күнiнде əлгi Хақназардың қарбыз ұрлаған Зайпулланы айдап əкелген айғай-сүреңi үстiнде көпшiлiктiң iшiнде болған белi бүкшеңдеген кəрi кемпiрдi ұшыратты. Қасында сол баяғы кiшкентай немере қызы. Хақназар осының сатала-сатала көйлегiн де көзге түрткi қылып едi-ау. Байқайды, кiшкентай қызының үстi-басы ол күнгiдей емес, тап-таза. Қуыршақтай сүйкiмдi бола қалыпты. Ауқынбай қысқа амандықтан соң кемпiрге астарлы əзiл айтты: – Немене, қызыңды күйеуге берейiн дегесiң бе, соншама жасандырып қойыпсың? – Ойбу, қарағым-ай, ойын баласының үстi-басына қарау деген оңай болып па? Айналайын, өзiң басшы боп тұрғанда осынша жылдың iшiнде есiгiмiздiң алдына зiркiлдеп бiр келгенiңдi көрген жоқ едiм, мынауың болса таң атырып, күн батыратын көрiнбейдi. Осы көктеменiң өзiнде талай рет шаңымызды қағып кеттi. Жалғыз бiз емес, осы жағалай кiрмеген есiгi жоқ. Бəрiнiң де үйiн басына көшiрiп, астына төсеген көк тулағына дейiн былай емес, былай төсе деп, соған дейiн аузы барып айтты ғой. Кəрi кемпiр қыстығып, iшiне əрең сыйып келген сөздерiн ақтара салғандай. Бетiндегi əжiм iздерi жиырыла əлi де суырылмақшы едi, Ауқынбай онымен тəжiкелескендей тұрысын бойына мiн көрдi ме, тез ары сырғып кеттi. Хақназар хақында кiмнен сыр тартса да бəрi түбi түскен шелектей бас-аяғы жоқ, самбырлап кеп беретiн сияқты. Кешегi Сүгiрбек, мына кемпiр, бəрi-бəрi... Жұрттың аузына аңқиғаннан гөрi оның өзiмен беттескен əлдеқайда абыройлы емес пе? Бұл ендi Шұбардағы орталық кеңсеге асықты. Ауқынбайдың бұл келiсiнде де Хақназар жылы шырай танытпады. – Бар шаруаны жайғап келгендей былай айдарыңнан жел есiп қарайсың ғой, түге. Ондайыңды бар дүние төрт аяғынан тiк тұрғанда ғана көрсет. Əзiрше ойқы-шойқының үстiнде найқалып
жүруге жағдай жоқ. Малшылардың халiн арасында боп келдiң, бiзден жақсы бiлесiң. Кəрiлiк деген бес батпан жүктi артып, басқасы тағы бар, бəрiн көтерiп, маңдайына құдай жазған таяқты тастамай жүрген оларға бiздiң аяушылық бiлдiруiмiз керек пе, жоқ па? Бiлдiруiмiз керек. Ендеше саған тапсырылатын тағы шаруа бар. Бiрер күн кiр-қоңыңды жуғыз, тынық, оған тарылмай-ақ қоялық. Сосын қыстауыңа қайта жүресiң. Бiз қазiр мұндағылардың бəрiне мыжырайған үйiңдi бұз, асты-үстi тақтай жаңа үй сал деп жатырмыз. Ал малшылар не, алты ай жаз жайлауда отырар, ал еңғұрмаса қыста сондай үйге кiрсе тақиясына тар келе ме? Ал ондай үйдi қайдан табамыз? Ол саңырауқұлақ емес қой, жаңбырдан кейiн өзi-ақ қалқиып шыға келетiн. Мiне, сондай жауапты жұмысты бас қарма мүшелерi саған жүктегелi отырмыз. Ағаш, кiрпiш, адам – бəрiн жiберемiз, солардың бiр қылын да шашау шығармай сен басқарасың. Алдағы қысқа дейiн бiрнеше үй дайын тұру керек. «Бұл не дер екен» деп, Хақназар қорғасын жанарымен ата қарап едi, Ауқынбай сылқ түскен кейiппен соншама жiгер сiздiкке ұшырады. Шот маңдайдан төмен əлi ақ шалуға ерте қас-қабақтан жас домалап, қияқ мұрттың ұшымен жерге құлайтын сияқты. «Мұны бiрдеменiң шалығы шалған шығар»,– деп, Хақназардың өзi қауiптендi. «Кiм бiлсiн, жел қақпай, күн тимей өскен неме құмда көп жүрiп қалды ғой». Есек дəме көп айналдырған адам осындай күтпеген бұрылыстарда аз-кем тұралайтыны табиғи нəрсе. Ауқынбайда тап соның салқыны бар едi. – Ол жақтан қашатын ештеме жоқ, – деп Хақназар əуелгi қарқынымен сөзiн жалғастыра бердi. – Ортаөзек Ескелдi, Балпық бабаларың мекендеген киелi жер. Бiз ол кiсiлерден əулие емес шығармыз. Тек судың жағасы деп осында өзеуреге нiмiз болмаса сайын дала, айхай дейтiн шалқар кеңiстiк сонда емес пе? Атам заманда өтiп кеткен өлi аруақтарды бұл жерге қай саясатпен кiрiстiрiп отыр. Ауқынбай оны талдап жатпады. Ескелдi, Балпық, Қабан жырау, Жолбарыс би сонау Абылай хан заманында қалмақтарға қарсы əскер ұйымдастырып, кейiнгi жер бөлiсiнде Iле, Қаратал, Көксу бойын өз қарауындағы елге алып берген атақты батыр, шешендер. Əулие деп пiр тұтатындар да бар. Осы маңдағы рушыл, қарға тамырлы қазақтың бiразының арғы аталары болып келедi. Бiрақ бұл жерде əңгiме басқа, мүлдем басқа əуен.
Аруақ есiмдерi Ауқынбайға хас аямастықтың, қатыбастықтың белгiсiндей естiлiп, iшiн лайлады. Иə, «iш қазандай қайнайды, күресерге дəрмен жоқ». Хақназарға сəл бөгелiп барып жауап бердi: – Бақшам егусiз екен. Кəрi шешеме дейiн ана антұрған Абыл жуа сатқызып қойыпты. Жетпiстегi адамды жұмсап, не барқадар табам деп ойлағанын бiлмеймiн. Келiнiңiз елiм-телiмi шығып ол жүр. Бiрер күн аздық етер, – деп тiл ұшымен ғана наразылық айтты. «Антұрған Абылдың» iсiн ескерткенi бұл сөздiң бiр ұшығы Хақназардың өзiне де тиетiнiн бiлiп, əдейi қыстырды. Тым қолжаулық болып кетпеудi ойлап, тəуекелге басып, бiр тұяқ серiпкендегiсi едi. Бiрақ тауансыздық етiп жауабының соңын өзi жайма-шуақтатты. – Тағы ол жаққа ай-шай жоқ тарта бермеймiз, оның осында да шаш-етектен келетiн дайындық жұмыстары бар шығар. Ауқынбайдың Абыл жөнiндегi сөзi өзi ойлағандай Хақназардың жүрегiн шым еткiзгенмен бұл оған бөгелектемедi. Анада қыстауда Тұрсынбай шалдың жайын ұққалы кəрiге деген бөлек бiр iлтипат, секемшiл сезiк көкiрегiнен мықтап-ақ орын алыпты. Сол тырп еткiзбедi. Ауқынбайдың ендiгi пiкiрiне қарсылық жасамай, дайындық көлемi, оның жүргiзiлу тəртiбi хақындағы мəселелердi өзiнiң шешуiне мұрсат бердi. Тек əр күнгi iстелген шаруаны бұған хабарлап отырса болғаны. Ауқынбай кабинеттен ауыр мұң арқалап шықты. Екi аттап коридордан өтiп, жолай ешбiр қуысқа бұрылмай сыртқы есiктiң тұтқасын ұстағанда ол өзiнен-өзi ары ашыла кеттi. Көзiне жарық шағылыса бетпе-бет келген адамды бiрден танымай бұл аз-кем мүдiрiп едi. – Ау, Əуке, келуiңiзбен! Ат-көлiгiңiз аман ба? Ауқынбай көптен көрiспеген «қызылтулық» ауылдастарының бiрi деп ойлаған. Бажайлай келе өзiнiң пəлендей шүйiр келесетiн адамы емес екенiн көрiп, аз-кем дағдарды да. Бұл – Тұрдақын едi. Қолында бiр жапырақ қағазы бар, өтiнiш, не шағыммен кеп жүргенге ұқсайды. Ауқынбайға соншама iлтипат көрсете жол берiп, есiктi сырттан жапты да семiз қызыл жүзiне көптен болма ған жылы шырай, нұр сəуленi түйдектеттi-ай келiп. Таңертеңгiсiнгi күн шуағы ол iлтипатын одан сайын үстемелегендей. Ауқынбай да ақымақ емес. Өзiн талайдан күткен сыңайы барын жүрегi сездi. Бiрақ ар жағы бұлдыр. Кешегi Дəкеновтiң алаөкпе итаршысы мен сол Дəкеновтiң өзiмен бақталастыр ған
мұның арасында қандай байланыс болмақ. Тұрдақын ештеменi аңғаратын емес, күн жылынса да тастамай жүрген күпəйкесiнiң омырауын сипалап, көзiне күшпен жиылған мейiрiмiн мөлдiретiп, телмiрiп бақты: – Əуке-ау! Қыстауда жатып алып, өзiңiздi бiр көруге зар қылдыңыз ғой. Ағайынның арманына айналдыңыз, түге. Ауқынбай алғашқы райынан қайтып қалды. Осы сəтте-ақ одақтас iздеген пиғылы бiр бүйiрiн қатты түртiп өттi, шамасы. Əрi Хақназардан басы аздап əңкi-тəңкiленiп шыққан ол өзiнiң ендiгi күйiн басқалардың ақыл сарабына салып тексерiп алғысы келдi ме, бiрден ашығына басты: – Ағайынның арманына айналғанның көкесi ендi болайын деп тұр ғой. – Көкесi несi? Түсiнбедiм, Əуке! Ауқынбай Хақназардың тапсырмасын айтты. – Е, бұған дейiнгiсi бiр бөлек. Ендi сiздi ала жаздай масаға жегiзейiн деген екен ғой. Ауқынбай Тұрдақынның бұл сөзiн көкiрегiне ауыр алды. Кенет одан жиренейiн де дедi. Көлденең көк аттының ендiгi айшайы мен қошеметiне алаңдамастан жүрiп кетудi жөн көрдi. * – Əй, Табылды, адамға былай қарайлай кетсеңшi, алыстан орағытпай. Қолмен ұстап, құлағынан тартуға жарап қалған қызылша кешегi айдау жердiң өңiн өзгертiп, көк пүлiшпен шымқап тас таған. Желдiң қозғалысын сол қалың көктiң үстiнде жүгiрiп жүрген күннiң сəулесiне қарап бiлесiң. Ашық аспанды жайма-шуақ шақ, аннан-мыннан бiр шығып, ойнақтаған күн сəулесi демесең ауада да адамның түгiн сипар қауқар жоқ, бөшкедегi судай тұп-тұнық, мүлдем тұяқ серiппейтiндей. Сабан тиелген арбамен бiрге қиқалақтаған Тұрдақын осы тыныштықтың бүйiрiне бiз сұққысы келгендей алыстағы Табылдыға айқайлап жатыр. Табылды салт атты, бiр бороздаға түсiп алып, аулақтап, қызылша танабының қалыңына қарай беттеп едi. Ол аузын жыбырлатып бiрдеңе деп-ақ едi, алдыңғы екi дөңгелек арыққа күмп берiп қайта шығып, артқы екi дөңгелек те соны қайталап, белi опырылып түсердей болған арбаның салдыр-күлдiрiнен Тұрдақын бригадирдiң не айтқанын ести алмай қалды.
– Əй, не қыл дейсiң? Естiмедiм. Əлдене ойына түстi ме, Табылды ендi атының басын берi бұрып, кең алқапты қақ жарып өтетiн арба жолмен шоқпардай кекiлi бар жарамды бурылын шоқалақтатып, Тұрдақынды тез-ақ қуып жеттi. – Немене, менi сағынып қалдың ба? Əлде беретiнiң бар ма? – Беретiн ештемем жоқ, ал сағынсақ айып емес шығар. Немене ендi, бiр қарайлай кет дегенге де жазықтымыз ба? Бұрын мұндай емес ең жүйкең жұқаруға бет алған-ау. Тым шамшыл боп барасың. – Тұрдақын аузындағысын шайнап жұтқандай жұтқыншағын қозғалтып, екi бетiн томпайта ернiн жымқырып, нықтанып, күлiмсiрей қарады. Көзiндегi күлкi тəмпiш мұрнының ұшында да жылтырап тұр. – Əй, осы бұрының қашан, қазiрiң қашан? Былай соқырдың сiлтесiне салмай, мөлшерiн анық кесiп айтшы. Табылды дробинкасынан асырыла сабан тиелген арбаға жанаса берiп, оның үстiнде аяқ-қолы жансыз адамдай ошарыл ған Тұрдақынға қатал қарағысы келдi. Кекесiнге кекесiнмен жауап бермектей көзiне от, жүзiне қайрат жиды. Табылды Тұрдақын сияқты денесiнiң олпы-солпысы көп етжендi емес, сырықтай түзу, бетi сопақша келген, жақ сүйегiнiң бедерi айқын, қарасында да қылау жоқ, ойы мен сөзi де бүкпесiз танылатын адам. Қазiр де күрт сол мiнезiне басты. Бiрақ Тұрдақын ештеменi пəруəйiне iлiп, елең алатын емес екен. – Соқырдың сiлтесiне салып тұрған кiм бар? Бұрынғым Əлекеңнiң заманы, қазiргiм Хақаңның заманы. Бұрын да осы жұмысың жұмыс едi, өзгерген ештеме жоқ, бiрақ ол кезде аттай жараған бабыңдағы қалпың болушы едi. Қазiр сiркең су көтермейтiн сияқты. Шыбық тимей шыңқ етердiң өзiсiң. Соныңа кейде қайран қалатыным да. – Осы сары ауруыңнан қашан жазыласың, Тұреке? – Табылды жоғарыдан төмен қарағанмен де сабан үстiндегi Тұрдақынды сол қарасымен iлiп əкетердей зəрлi сұс танытты. – Сары ауруы несi, əкем-ау? Оны қайдан шығарып тұрсың? – Адамның iшi-бауырын езiп əкететiн сары ауру болады дейдi. Естiмеп пе ең? – Апыр-ау, ендi ағайынның қамы үшiн iшi-бауырымыз езiлiп тұрса ол да жамандығымыз ба? Табылды сəл сөзден тосылып едi, оған себеп те болғандай, қызылша алқабын қақ жарып өтетiн жол үстiндегi су жырып,
кеңейтiп тастаған тағы бiр арық кездесiп, Тұрдақынның арбасы алдымен бiр, артымен бiр гүрс құлап, белi шойырылғандай сықырлап, шиқылдап, əрең өттi. Табылды мiнген жарамды бурыл да тұмсықты жерге салып жiберiп, бөгелеңдеп тұрып, қарғып кеттi. Табылды осы үзiлiстi ойға арнады. Бiр жайдан Тұрдақынға тым қатты кеткiсi де жоқ: – Iшi-бауырың езiлетiндей қай қасiретiмiздiң үстiнен түсiп едiң? – Апыр-ау, ендi жыл өтпей жатып, iшкен-жегенiңдi бiр емес, бiрнеше мəрте құсып жатсаң ол аз ба? Жоқ, сен əлде кiсi өлiмiнен басқаны қаперiңе алғың келмей ме? Асықпасаң оған да жетерсiң. Арыны қатты пəле көрiнедi ғой. – Тұреке, өз iшiңдегi қыжылды басқаға таңып, қара аспанды төндiретiнiң не осы? Iшкен-жегенiмiздi құссақ күнəлi шығармыз. Тап адал ақы, маңдай термен келгендi ешкiм тартып ала алмайды. – Табылды шырақ! Сен екеуiмiз ұрыспайық. Сен қайдағы бiр қыжылды айтып, адамның жөн сөзiн айдалаға бұра тартпасаңшы. – Жөн сөз естiп тұрғам жоқ. – Жоқ, сен сабыр ет! Қыжыл дейсiң... Қайдағы қыжыл? – Ендi адамның бiр сөзiне жармасып алып, арқандаулы атқа ұқсап, шырқ үйiрiл! – Жоқ-жоқ, сабыр деймiн. Сен немене, өзiң адамның аузындағы сөзiн бөле бересiң. Бiр жас болса да үлкендiгiм бар сияқты едi ғой. – Тұрдақынның семiз қызыл жүзi алабұртып, шынында ашу шақыра бастапты. – Iшiңдегi қыжыл дейсiң? Қайдағы қыжыл? Бiр кезде рас, болса болған да шығар. Ендi пендешiлiк кiмде жоқ дейсiң. Осы бүгiн Хақназар бiрдемеден ашуланып, қызметiңдi жұлып алып, астыңдағы атыңнан аударып тастасыншы, сен де бес-алты күн томсыраймай қоймайсың. Сондықтан ондай кəдесiз сөзге жармасудың түк те қажетi жоқ. – Тұреке, сен менен қанша үлкенсiң. Бұлдағаның екi жас па? – Түу, не деген сабырсыз едiң. – Ендi сөзiңнiң тоқ етерiн айтсаңшы. – Тоқ етерi сенiң мына сабырсыздығыңда. Сөз осыдан шыққан. – Бұл – құдайдың берген мiнезi. – Жоқ, құдайдың берген мiнезi емес. Көр-жердiң бəрiн құдекеңе апарып жапсыра берiп қайтесiң? Оның да бiз ойлағандай
жаны сiрi емес шығар. Қайсымызға қауындай жарыла берсiн. Құдайдың берген мiнезi дейтiндей түк те жоқ. Көз алдымызда өсiп келе жатқан баласың. Мəселенiң түп төркiнi арыда. Мен бiлсем, əңгiме заманның таршылығында ғой. Жүйкеңнiң тозуы да содан. – Заманның таршылығы деп, ненi айтып тұрғаныңды түсiнбеймiн. Кiм жетiсiп жүр дейсiң. Ал жүйкем тозса тозған шығар. Елмен, жұртпен жағаласу оңай емес, оны өзiң де бастан өткергесiң. – Жоқ, сен Табылды, бiрдеменi бастайсың да, соңына келгенде көзi таңулы бурадай айдалаға бұра тартады екенсiң. – Ащы iшекше созбұйдаламай өзiң жол көрсетiп жiбер сеңшi ендеше. – Жол көрсетсем мынау. Қарағым Табылды, бiздiкi жай қысыр əңгiме ғой. Осы мен Дəкенов бастық болып тұрған кездi «қой үстiнде бозторғай жұмыртқалайтын заманға» балайтынды шығарып жүрмiн. Тегi қадiрiн бiлмеген екенбiз ғой. Ол əлi тұрса бар ғой сенiң бүйтiп жүйкең де тозбас едi. Қайта иран бақтың гүлiндей жүзiңде нұр ойнар ма едi. Əнеукүнi сабантойдың соңындағыдай масқараң да шықпас едi. Тiптi сонда саған қатты жаным ашыды. Аштан өлмейсiң ғой, тiптi сонда да болса. – Ендi қайт дейсiң? – Қайт деушi ем? Менiкi жай қысыр əңгiме, қайталап айтам. Бiрдеменi астарына бүгiп тұр деме. Тұрдақын осылай сөйлесе де «сұрың жаман, абайламаса сен бiрдемеге ұрындырарсың» деп, Табылды бұдан қауiптене қарады. Осы көктемде қызылша сирету жөнiнде бригадалар арасында жарыс ұйымдастырылған. Науқан осылай аталғанмен тек қана сирету емес, қызылша онсыз да тым сирек шыққан тұс тар ға басқа танаптардан əкелiнген көшет отырғызу да қоса қабат жүргiзiледi. Бұдан бiр апта бұрын ол жарыстың қорытындысы шығарылып, алдыңғы орын Табылды басқарған осы «Жаңалықтағы» үшiншi бригадаға тиiп, оған арнайы сыйлыққа бөлiнген ақша қос басында iшiп-желiнген. Ертеңiне озық атанған үшiншi бригаданың қызылшасын Хақназардың өзi аралап көрсе қалған екi бригададан бөле-жарылып, оза шапқан ештемесi жоқ, қайта олардан əлдеқайда артта, iстелген iс мүлдем аз, тұнып тұрған салдыр-салақтық алдынан шығады. Тек қана Алтын Жұлдызды Айтан шалдың
звеносында ғана жағдай басқаша екен. Табылды келген комиссия мүшелерiн сол звеноға ғана қарасты танаптардың төңiрегiнде көп айналшақтатып, алдандырса керек. Хақназар бұлан-таланы шығып, ашуланып, қос басындағы сабантойға кеткен ақшаны Табылдының жəне комиссия мүшелерiнiң мойнына жаздырған. Бұл Табылдының өзiне де оңай тимеп едi. Құрдастары: «Тəке, сабантой қалай?»,– десiп, əжуалауға дейiн барған. «Сабантойда» мұрты майланғандардың да кейбiрi бұдан жүз жасыра, сылқ-сылқ күлiскен едi. Тұрдақынның Табылдыға жаны ашығансып, қара өзегiн жарып шыққан сыры осы. Өткен жылғы қызмет бөлiсiнде өзiне ештеме тимей қалған Тұрдақынның көкірегiнде шыныңда да қыжыл барына Табылды күмəнданбайтын, əрi iш майына дейiн араласып кеткен Дəкеновтiң бұл жақтан iрге аударғанынан да ең көп ұтылған адам осы, күнi бүгiнге дейiн ол перғауынның сұрқылтайынан бiр былай емес, жасырынып та, жасырынбай-ақ та «Көкорай» колхозына салып ұрып барып келуден шаршамайды да, жалықпайды да, мұндайда жолды, жолсызға да қарамайды, əйтеуiр көмулi алтыны Дəкенов мiнген «пəуескемен» бiрге кеткендей, ол жақпен байланыс жiбiн үзбейдi-ақ. Мұнысы Табылдыны қатты таңырқататын. Болар iс болды, кетер адам кеттi, ендi осындағы тiршiлiктi-ақ маңдайдағы нəсiп деп, жазмыштың жазуына көнiп, ел қатарлы ортақ дыр-думанға араласып, белшесiнен батып, араласып жүре берсе қайтер едi, жоқ, бұл өйтпейдi, қызыл жүзi ауық-ауық қан күреңденiп, əркiмнiң тiлiнен, пиғылынан сыр ұшығын аңдап, сөзi өтетiндердiң құлағына қорғасындай ауыр долбарларын тықпалап, жайшылықта-ақ iшкен асы тамағынан өтпей жүргенi. Ал Дəкеновпен соншама кiндiгi бiр жаратылса солай қарай неге көшiп кетпейдi? Мұның аяқ-қолына батпандай ауыр кiсен салып, ұстап тұрған ешкiм жоқ қой. Бұл жағы да буалдыр тұман басқандай жұмбақ. «Жыл өтпей жатып, iшкен-жегенiңдi бiр емес, бiрнеше мəрте қайта құстың» дегендегiсiнiң бiрi – жаңағы «сабантойдың» əңгiмесi де, екiншiсi – өткен жылдың қорытындысында астық бөлiсудегi түсiнбестiк. Оны қазiр жұрттың бəрi ұмытты да. Тек Тұрдақын жəне оның түртпектеуiнен iштерiндегi ала күшiктерi оянған кейбiр сыңар езулер ғана əлi күнге көлденең тартып, құлақтың етiн түп тамырына дейiн кемiрiп жеп келедi. Табылды ыстықта жүруге ерiнгендей құлағын қалқитып, басын ақырын ғана шұлғи басқан бурылдың мол бiткен жалы
мен кекiлiне үңiле қарап, өзi де сол жылқының əуенiмен теңселiп, көкпеңбек танап үстiндегi ауаны ары-берi кескiлеген бозша торғай үнiне құлақ салды. Əлдененi жеткiзгiсi келгендей жiңiшке дауыс үзiлiп-үзiлiп естiледi. Кiшкене құстың не айтқанын анықтап бiлуге бiрауық ынта қояйын десе тап құлағының түбiнде салдырлапгүлдiрлеген Тұрдақынның қос ат жегiлген арбасы мүлдем басқа жəйтпен айналаны даңғаза етiп мұрша беретiн емес. Табиғат соншама мейiрiмдi, жұмсақ əуездi, бəрiн бүлдiретiн адамның өз қолымен жасалған тарсыл-гүрсiл сияқты. Табылды да осыған ұқсас бiр ыңғай танытқысы келедi: – Адам бiр нəрсенiң соңына түсе берсе кейде жадағай тыныш уақыттың өзi аласапыран сияқтанып, қара боран соққандай көрiнетiнi болады. Əр жылымға бiр үңiлiп, бас шағып, ой тауысып қайтесiң! Кеткен Дəкеновтi бiзге ешкiм қайтарып əкеп бермейдi. Менi кiнəлайсың, iшкен-жегенiңдi қайта құстың деп, менiң өзiме де обал жоқ. Ана Айтан қарияның қызылшасы мен Жамалтай апаңның қызылшасын салыстыршы. Айтандiкi тура əрқайсысын қолмен егiп, кестенiң бiзiмен өрнектегендей тұнып тұр. Ал Жамалтай апамыздың звеносы шынымды айтайын менi жерге қаратты. Мен оны бiлмей қал ған жоқпын, жай жұрттың көңiлi көтерiлер ме екен деп, мына жаңа басшылықтың тұсында да еңбек жақсы бағаланады екен дегенге меңзеп, шала бүлiнiп, шатты-бұтты қылдым емес пе? Қайдан бiлейiн? – Əй, Табылды-ай, қой аузынан шөп алмайтын момын бол ғың келедi ғой. Айтан мен Жамалтайдың қызылшасының арасында не айырма бар екен? Оны сен қандай бiлсең, сушыларға күнде сабан, тағы оны-мұны тасып жүрген мен де сондай бiлемiн. Түк те айырмасы жоқ. Қайта Айтаңдiкi төмен бе деймiн. Əйтеуiр бастық солай дегесiн ығына жығыла кеткенiң ғой. – Жоқ, Тұреке, қателесесiз. – Солай-ақ болсын. Бұлардың алдарынан екi бала жол кесiп өттi. Екеуi де жалаңаяқ, көкпеңбек қызылшаның үстiмен кетiп барады. Табылды үлкенiн ғана, Тұрдақын үлкенiн де, кiшiсiн де таныды. – Мыналар қайдан қаңғып жүр? – Шешелерiне болысуға бара жатқандар шығар. – Табылды ойсыз сөйлей салды. – Бұлар – «Шұбардың» балалары, шешелерi «Жаңалықтың» қызылшасына кеп iстемейдi ғой, – деп, Тұрдақын оларға ажырая, ұзақ телмiре қарады. Ауылдық кеңес төрағасы Сақаттың үлкен ұлы
Қаяздың зiңгiттей жiгiт боп қалғанын бұл қазiр ғана байқағандай. Кеудесi сəл еңкiштеу, бұлшық еттерi бунақ-бунақ, темiрдей қайратты қолдары алдына қарай салбыраңқы бiткен. Жота, мойын еттерiнде де, басының ары-берi қозғалысы мен көзқарасында да сол қайрат пен жiгер тұнып тұр. Қасындағы кiшкентайға салқын сабырмен ақыл айтып келе жатқан ол көлденең жолдан үшiншi бригада бригадирi Та былды мен арбакеш Тұрдақынның ұшырасқанын жақтырмағандай да. «Қызылтулық» ингуш жiгiтi Зайпулла мен осы Қаяздың «достығы» жөнiнде бiраз өсек естiлiп едi. Бiр қолдан шыққан баланы қайтып үйiрге қосу қиын болады екен деп, Сақаттың өткен қыста бiр мəрте жыларман халге жеткенiнен де Тұрдақын хабардар. Мұның, əсiресе, осындайларға құлағы түрiк. Бұрынғы жылдары, қазiр Тұрдақынның ойынша мұрнын тескен тайлаққа ұқсаған Зайпулла Қаязды бiраз жерге жеткiзiптi де. Бiрақ əлуеттi қолдар екеуiн дер кезiнде екi айырып əкеттi. Сонда да Қаяздың зердесiнде Зайпулладан бiр ұшқын қалыпты. Əкесi, əсiресе, содан қорқатын сияқты. Осы бала үшiн Хақназар, басқа да басқарма мүшелерi алдында бiр-екi рет қара жер болған Сақат бұл iштен шыққан шұбар жыланды «ендiгəрi Зайпуллаға жоласаң көзiме көрiнбе» деп үйден де қуып көрдi. Бiрақ өз қолын өзi кеспек қайда? Сол бауыр ет, қан-жыны бiр өз нəсiлiмен арпалысуы əлi бəсеңсiмегендей. Бiрде тап осы кезеңде жұрт есiнде қалған мынадай бiр оқиға да орын алды. «Шұбардың» клубында облыс драма театрының ұжымы бiр спектакль қойып жатқан. Залда Хақназар бастаған бүкiл колхоз белсендiлерi бар. Бiрақ бəрi шоғырланбай əрқайсысы залдың əр тұсында өз отбасымен отырған. Спектакль бүгiнгi ауыл өмiрiне арналған. Ауылда қайтсем тəртiп орнатам деп, жар құлағы жастыққа тимеген ауылдық кеңес төрағасының тiрлiгi бейнеленедi. Кенет ол төраға үйiне келсе аулада өз əйелi көршiнiң əйелiмен жер-көктi басына көтерiп, шаптығып ұрсысып жатыр екен. «Пəленi шығарған менiң балам емес, жетпей жер жастанғыр, көктей солғыр сенiң балаң» деп, адамның төбе құйқасын шымырлатар небiр қарғысты тоғытуда. Ұрыс-керiстiң баладан шыққанын бiрден сезген төраға өз əйелiнiң ту сыртынан келiп: «Тоқтат!» деп ақырып қалады. Əйелi жалт бұрылып, «Əй, менiң аузыма қақпақ қоятын сен кiм едiң, ей?»,– деп, бұл ендi өз күйеуiне дүрсе қоя бередi. Күйеуi əскери адамша бойын түзеп, екi өкшесiн бiр-бiрiне сарт еткiзiп, рапорт бергендей сөйлейдi:
«Мен осы ауылда баршасының тəртiп мəселесiн қарайтын ауыл советiнiң председателiмiн»! Ол заманның актерлерi де саф алтыннан құйылғандай таза дарын иелерi едi ғой. Мына соңғы жауапты ол əр сөзiн өз орнына шегелеп, келiстiре жеткiзiп едi. Сол кезде залдың орта шенiнде отырған Хақназар өзiнен бесалты қатар артта жайғасқан Сақатқа бұрылыңқырай: – Сақат! – деп, дауыстап қалып едi. Ананың да өз орнынан: – Ау!? – демесi бар ма? – Естiп отырсың ба? – Естiп отырмын, Хақа! Мiне, осы шақта залда сықасқан жұрт сахнадағы көрiнiстен гөрi залдағы колхоз бен ауылдық кеңес төрағаларының осы сөз алмасуын көбiрек қызық көрiп, ду күлiсiп едi. Сақаттың баласы Қаяздың қылықтары осындайға да жеткiзген. Ал қазiр сол Қаяз үшiншi бригаданың бригадирi Табылды мен Тұрдақынның көз алдынан өтiп барады. Қасындағысы – Шəмiлбайдың сыртта жүрген қарындасының алғаш қы күйеуiнен қалған бала Жауар ғой. Оны мынау түйе палуандай жойдасыз неме қайда апармақ екен? Бұлар бет албаты кетiп бара жатқан жоқ, мына жүрiстерiнде бiр мақсат барын Тұрдақынның iшi сездi. Ингуш жiгiтi Зайпулла өзiнен көп кiшi балалардың қолымен от көсейтiнiн бұл бiлетiн. «Мынау Қаяз да сол көргенiнен көз ақы алайын деген неме-ау, шамасы». Бiрақ Тұрдақын үлкен адам болып, былай кiшкентай Жауарға бүйрегi бұрудан аулақ едi. Табылды ештемеге мəн беруге жоқ, жаңағы Тұрдақынмен екеуара əңгiменiң ендi өзiне жайсыз жалғасы бардай тұнжырап, жарамды бурылдың бiр емес, бiрнеше шылбыр есуге жетерлiк тоқпақ жалы мен түйдектелген кекiлi ғана назарына iлiге бердi. Бұлар Айтанның звеносына жеткенде алқа қотан топ уəделескендей-ақ тап осында кеп бiр-ақ төңкерiлдi. Алғашқыда Айтанның жалғыз өзi тақыр басына күн өтпес үшiн беторамалын жапсырып, жер тiзерлеп жалғыз өзi жұмыс iстеуде едi. Қолындағы кiшкене тəпкесiне көз iлеспейдi. Даланың жалғыз-жарым тарғыл тасындай оның бұл қалпына соңғы он-он бес жылдың жүзiнде талайдың көзi үйренiп те болған. «Айтекең туғанда да жер тiзерлеп туыпты» деген ел арасында сөз де бар. Қаба сақалын жейдесiнiң көкiрекшесiне тiреп қойып, еттi жүндес жүзiн бұлтитып, шұқшия төмен қарап, қызылша сиреткен Айтанға желдiң сыбдыры не, адамның сөзi не, тiптi Жоңғар Алатауынан тас құлап, көшкiн түстi
не, бəрiбiр. Мұның аяқ-қолын дымқыл топырақтан жұлып əкетер ешбiр күш жоқтай. Мiнезi де ауыр, өзiне қарасты звено мүшелерi – əйелдер де сол ауыр мiнездiң мысы басып, Айтекеңнiң тап өзiндей тапжылмай сол қара жерге жабысып бағатын. Тек қана олар тiзерлемейдi, жүрелеп отырады. Шөптеуде де, сиретуде де, қызылшаның қай жұмысында да солай. Жер тiзерлеп жүретiн Айтанның өзi ғана. Қалың былғарыдан тiзе қап жасатып алуы да содан едi. Онысын түрегелiп жүрсе де тастамайды. Бүгiн де жұмыс күнi əдеттегiдей басталды. Əр танаптың жайкүйiн, топырағын уыстап отырып бiлетiн Айтан аурудың халiн тамырын ұстап айыратын емшiге де ұқсайды. Ол таңертеңгiлiк алдағы күндер суарылатын екi танапты бiраз уақыт кезiп жүрдi. Құлағынан ұстап тартуға жарап қалған қызылша жапырақшалары бұған əрқайсысы өз қырынан таныл ғысы келгендей бұлғаңбұлғаң етiседi. Көк ажарында бiр жүдеулiк жоқ па деп, кəнiгi диқан жыпырлап өскен қылтанақтарды жағалай көзiнен өткiзiп, бiраз уақыт бөгелдi. Əр жерде бiр тiзе бүгiп, жерден топырақ алады. Оны саусақ арасынан өткiзiп қайта төгедi. Ендi саусақты тереңiрек батырып, топырақты қызылша тамыры жете қоймаған əрiректен, дымқылдауынан алды. Оны да алақанында бiраз езiп, қайта төктi. Келесi танапты да солай кездi. Бұл кезде сушы Айбас та жеткен екен. Бұл – төртбақтау келген қара кiсi. Екеуi бас арықтан бүгiн суарылмақшы танаптың төрт бороздасына су бөлдi. Оның дəл бөлiнуiн қамтамасыз ету үшiн қырағы көз жəне керек. Бас арықтан суды алдын-ала арнайы арбакеш таситын сабан, ағаш қадалардың көмегiмен көтерiп, тақтаймен өлшеп отырып, бороздаға қарай жiбередi. Ылғалдың одан əрi жайылуын Айбас пен оған көмекшi əйелдер бақылайды. Айтан мен Айбас осы жұмысты бiтiре бергенде бұл танаптарда шағалаша шаңқылдасқан əйелдер қарасы көбейiп кеттi. Айбастың кетпен ұстаған көмекшiлерi екi-үшеу-ақ, қалғандары шелек көтерiп келгендер. Белдерi бүгiлiп-жазылып, олар мынау қызылшасы мықтап көтерiле қоймаған тақыр танаптан қоңыз терiп жүргенде де ұқсайды. Шынында да қоңыз терген емес, көшет алып жүргендер. Абыл басқарған екiншi бригаданың алқабында биыл қызылша тым сирек шығыпты. Оған осы үшiншi бригададағы Айтан звеносынан көшет тасып, отырғызу келiсiлген. Екiншi бригададан келген əйелдер көшеттi сушылардың соңынан жүрiп отырып жинайды. Қалайда басқа бригаданың адамдары ғой, өз аттарына келiп жатқан ештеме жоқтығын ескерiп, топырағын су езiп кеткен
қызылшаны орынсыз таптап, бүлдiрiп жүрер ме екен деген қауiп Айтанды айналдырып-ақ едi. Бұл жайды сушы Айбас пен оның көмекшiлерiне де ескерттi. Жоқ, ол қаупi орынсыз екен, Абыл бұл жағын өз бригадасынан жөнелткен əйелдерге мықтап тапсырса керек. Қазағы, орысы, немiсi, шешен-ингушы бар – бəрi аяқтарын қатар аралығына абайлап тастап, қалың тұстардан көшеттердi бiр-бiрлеп қана жұлып барады. Мұны Айтанның өзi бiраз бақылады. Басқаларымен салыстырғанда шешен-ингуш əйелдерiнiң жұмысы əрi ыждаһатты, əрi өнiмдi сияқты. Бұларға қарап, өткен қыс пен күз айларында осылардың ер-азаматтары тарапынан əртүрлi жағдайда көрiнген бiраз наразылық болды дегенге сену де қиын. Сушы Айбас – звено жетекшiсi Айтан ақсақалдан бiр мүшелге жуық кiшi. Бiрақ түр-түсi сол Айтанды өкшелеп қуып жетiп қалған, тiптi онымен құрдас деуге де лайық ескi көрiнуiшi едi. Қырым ет жоқ бет-əлпетi сүйектi, өңiнiң тым қаралығынан ғана таудан құлаған көшкiн iзiндей маңдайдан төмен жосыл ған, мойынға жете бере тiптен жиiлеп кететiн əжiм iздерi жақыннан мұқият үңiлмесең көзге көп шалына бермейдi. Дене бiтiмiнде Айтан ақсақалға аздап ұқсастығы бар. Ол сияқты толық болмағанмен кеспелтек қол-аяқ, жалпақ жауырын, əрi бiр өлшеммен кесiп алғандай бойларының бiрдейлiгi екi адамды өзгелерден бiр табан жақындатып-ақ тұр. Екеуiне жұрт Кекiл, Шанаш деп те айдар таққан. Осы маңда ертеректе осы аттас егiз қариялар өткен екен. Екеуi өле-өлгенше жұптарын жазбапты. Егер жазатайым əлдебiр шаруа қамымен жырақ жүре қалса, бiр-бiрiнiң қамын ойлап, көкiректерi қарс айырылып отырады екен. Ағайын арасындағы татулықтың алтын айдар, ал қызыл туындай дəрiптеледi ел аузында. Əйелдер жағы Кекiл, Шанашты аруақ санап, аттарын да тура атамай «егiз атам» деп сөйлейдi. Мiне, Айтан мен Айбастың да бiр-бiрiнен арқан бойындай да ұзамайтын үйiрсектiгi сол егiзектердi еске салатын. Көшет алу үшiн екiншi бригададан келген əйелдердiң жүрiсiн бiраз бақылағасын Айтан танап бетiмен жылжыған сумен бiрге төмен кетiп бара жатқан Айбастың қасына келдi. Таң азанда жұрттан бұрын келiп алдағы күндерi суарылуға тиiс екi танапты барлағандағы өз қорытындысын айтты: – Айбас, сен ертең ана төрт бұрыштыға түсем деп пе ең? Менiңше ана бəлəлайкаң шөлiркiп, күйсiздеу сияқты. Мұндағы қызылша танаптары үш, не төрт бұрышты, кейде бес бұрышты болып, бiр-бiрiнен ерекшеленiп тұратын. Оларды
бороздаға бөлгенде де сол ерекшелiктерi ескерiлмей қалмаушы едi. Үшбұрыштысын ертеректе əлдекiм орыстың музыкалық аспабы балалайкаға ұқсатып, солай атау үлкеннiң де, кiшiнiң де сүйексiңдi дағдысына айналған. Айбас кетпенiн қалың батпаққа көмiп-көмiп жiберiп, судың жүрiсiн келесi қатарларға қарай бұрды да өзiнен жасы үлкен ақсақал, əрi звено жетекшiсi Айтанға қарады. Шалдың қабағы сəл қатулылау көрiндi. Оны жаңа бас арықтағы суды бөлу үстiнде байқаған. Сiрə, тым ерте тұрған шығар. – Ақсақал-ау, ол балалайкаңыз өткенде суды төрт бұрыштыдан бiр жұма кейiн iштi ғой. – Ол менiң есiмде. Бiрақ бəлəлайка негiзi жарымай қалған жер ғой, топырағы қолға ұстасаң-ақ тозаң боп ұшқалы тұр, Ал төртбұрыштынiкi нанша иленедi. Кеше Раймолдыш та айтып едi, бəлəлайкада жер астының суы алыс та, төртбұрыштыда тым жақын деп. Оның алыс-жақыны қаншалық, бiр құдайдың өзiне аян, қалайда сол немең бiлiп айтып тұр. – Айеке, сiздiң осы ақжүректiгiңiздi-ай! Сол Раймолдышты осы араға кiрiстiрмей-ақ қойсаңыз қайтедi? Онсыз-ақ өз көкiрегiңiз сезгендi оған апарып таңасыз. Осы тұста Айтанның жүндес жүзiндегi сынық рең одан сайын қоюлай түстi: – Құр көкiрек қанша жерге апарар дейсiң. Оқығандардың көкiрегiмен бiр салыстырып алғанның артығы жоқ-ау. Айбастың қап-қара жылтыр өңiңде күннiң сəулесi ойнағандай қарт тұрғыласына ашық, жарқын жауап қайырды: – Əй, Айеке-ай, сiздiкi де дұрыс. Көкiрек десек, айтулы бiр көкiрек Хақназар бастығыңызда да бар ғой. Сол кiсiнiң өзi кеш сайын бүкiл белсендiлердi жиып алып, мұғалiмдерге дауыстап, кiтап оқыттырады екен. – Иə, иə. Заманның түсiн танығасын сөйтедi де. Аяғының астына су жайылып бара жатқан сушы Айбастың бұдан əрi мағыналы əңгiмеге уақыты да жоқ едi. – Жақсы, сiздiң-ақ айтқаныңыз болсын. Бəлəлайканың топырағы тозаң болып барады десеңiз ертеңдер содан-ақ бастайын. Айтпақшы, əлгi Тұрдақын сiздiң жақтан өтедi ғой. Көзiме көрiнсе мен де ұмытпаспын. Əгəр дə, көре қалсаңыз айтарсыз, бүгiнгi сабанды сол бəлəлайкаға апарып төксiн деп. Айтан содан қайтып ешкiммен тiл қатысқан жоқ, кешегi қызылша сиреткен жерiне келiп, тiзерлей отыра кеттi. Екi жағында
əрқайсысы əр бороздаға түсiп, қызылша сиреткен əйелдер қатары дауыс жетер жерге дейiн созылып жатыр. Түс əлетiне дейiн əлi бiраз бар. Жұмыстың ең бiр қызу шағы, аспандағы күн де соны сезiп, жерге қадалған əйелдердiң алдындағы оймақтай тақтаны барынша жарық еткiсi келгендей төбе құйқасына тура шаншылып, шақырайып тұр. Қасында салт атты бригадир бар, сабан тиелген Тұрдақынның арбасы жақындағанда Айтан орнынан көтерiлдi. Кiшкене көздерiн алақанымен көлегейлеп: – Əй, сабаныңды ана бəлəлайкаға апарып түсiр! – дедi. – Мына төртбұрыштыға төк деп едi ғой Тақсыр Айбас? – Əй, Айтан ақсақалдың айтқанын iстесеңшi, – деп мына жақтан кетпенiн иығына салған сушы Тақсыр Айбастың өзi келiп қапты. Тырбиған бұта құрлы көлегейлер қара-құрасы жоқ, жылан жалағандай жазық қызылша алқабының үстiнде Тұрдақынға сушы жерден өсiп шыға келгендей көрiндi. Мұны неғып байқамадым деп бiраз таңырқады да. Саясат ойлаған басының тұмшалануы бар, əрi оң жақтағы жапсарлас келе жатқан Табылдының салт атты болмысы қалқалаған ғой, шамасы. Сушы Айбас Тұрдақынның қалжыңдасатын адамына жатпайды. Əрi мана ертеңгiлiк Айтанмен дидарласуындай жұрттың бəрiне кiшiк сөйлейтiн де бұл емес. Жəне қазiргi түрi де манағыға ұқсамайды. Бұрқ етiп ашу шақыруы оңай, ойда жоқта қит ететiнi бар, бiр беткей қырыс мiнездiнiң нағыз өзi. Сүйектi бет терiсi, мойыны, тiптi құлағының сыртына дейiн ойын баласының аяғындағы күстен əрмен қап-қара, бойы аласалау бол ғанымен иығына кетпенмен қоса артқан қайрат-жiгерi мол, ажырайған қарасы да сондай Айбас Тұрдақынға қаршығадай қадалып, жақындағанда бұл өзiнiң бiр пəлеге қалғанын ұқты. Ол екеуiнiң арасында жартасқа қонған бүркiттей бригадир болмысының қарауытуы ғана жақсы бiр ықтасын сияқты. Еселi еңбегiмен аты шығып жүрген сушының шын аты Айбас та, Тақсыры – құрдастары мен жеңгелерiнiң қыстырмасы. Бұл – əлгi «егiздiң сыңары», «Кекiл-Шанаш» дегендердiң қосымшасы едi. Кiм көрiнгеннiң жаңағыдай атауын орынсыз қалжыңға көнтерлiлiгi жоқ сушыға көтеру қайда? – Əй, – деп Айбас Тұрдақынды, қасындағы Табылдыны қоса өзiне қаратып алды. Үнi тым қатқыл едi. – Тақсыр болсам тақсыр шығармын. Тек сен неғып, менiң қошеметшiм боп, шашбауымды көтере қалып едiң?
– Əй, Тақа! – Жұт жетi ағайынды ғой. Тұрдақын сушының сөзiн бөле арты жаманға айналуы мүмкiн кейiстiң алдын алмаққа өзеурейiн деп-ақ едi, күтпеген тұстан құдайдың тағы да ұрғанын бiлiп, сылқ ете қалды. Басын төмен салып, өзi де күлiп, қасындағы Табылдыны да қырқылдатып, түкiрiгiне шашалдыра селкiлдеттi. – Өй, Айеке! – деп сөзiн қайта бастады. «Тақасы» жаңағы «Тақсыр Айбасына» мұзға тайғанақтағандай қайта кетiп қалғандағысы едi. – Үлкен адам болғасын былай иығымызға салып, көтергенiмiз ғой. Онда кекесiн көретiн дəнеме де жоқ, менiңше. Айбастың ажырайған қарасында ештеме де өзгермептi. Иығындағы кетпенiнiң сабын қысып ұстауы да қауiптi. Бұл жақта үлкендi сыйлау деген бар. Айбас иығындағы кетпенмен жiберiп ұрса, Тұрдақын мейлi қайраты мың жерден ассын оған ештеме iстей алмайды. Айбастан ондай сойқандық шықпас та, сонда да бiр табан, екi табан жақындағандай мұны қатты қы сымға алғалы келедi. – Иығыңа көтеретiндей сенде неше иық бар едi, бəрiмiздiң бiрдей шығып түсуiмiзге жете ме, жарай ма? Мынау – ешқайсысының күтпеген сөзi. Жаңа ғана жасы үлкеннiң алдында қатты қысылып, кiрерге тесiк таппаған Тұрдақын ендi кiлт өзгерiп, сушы қақ маңдайдан қойып қалғандай қыртысы мол iшiнде неше қабат ашу түйдектелiп қалды. Тұрдақынның өзi түгiл анадай жерде тұрған Айтан ақсақал да қибыжықтап: – Пай-пай, Айбас-ай, жастардың күш-қуатына шəк келтiрiп қайтесiз. Егер бұлар шамырқанса бiз түгiл мына жұмыр жердiң өзiн иығына салып алады, – дедi. Айбас шалға бiр қарады да үндеген жоқ, арбалы мен аттының жолын кесiп, солай қарай жүрдi. Жаңағы сөздерiнiң Тұрдақынның аш етiне ине сұққандай əсер еткенi даусыз. Тұрдақынның əлгi жол бойы Табылдыға айтқан сөздерi мұның былтырдан бергi ел iшiнде жүргiзген саясатының жалғасы едi. Одан бұл шаршамайды да, жалықпайды да, қайта етке құныққан мысықтай аузын одан əрi тереңге салып, талайдың құлағының құртын жеп болған. Тұрдақынның ең алдымен, əсiресе, шүйлiккенi халыққа қадiрлi осы екi адам – Айтан мен Айбас. Хақназарға жұртты қарсы қоюдың бар iлгегi, тегершiгi осыларда жатқандай бұларды мықтап өзiне қаратып алмаққа өнерi мен бiлiмiн аямай салып баққан. Бiрақ бұл екi шал жер қозғалса да қозғалмайтындай екен. Ақыры олардан тауы шағылып, iргесiн аулақ салған. Ал екi шал Тұрдақынның ет-жүрегiн елжiреткен арғы түкпiрiндегiсiн
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру