TELEGEI

Home

Жер киесі

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жер киесі

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Жер киесі» шығармасы.

Әңгіме

Сапарғали келгенде Ақан, Оразмұхаммед Қоныспен кеңесіп тұр екен. Аман-түгел алысқанша Қожанияз да жетті. Сапарғали қисық аяқ торы айғырдан түспеді: күміс шақшасынан насыбай атты. Дөңгелек татарша тақиясын маңдайындағы бас бармақтай төбелі көрінгенше кейін ысырды. Үзеңгіге шірене салмақ салды. Сол жақ жамбасын ерден шығара қисайтып, диқандарға жасыл көзін жүгіртіп шықты.

— Құметекке тіке саға алған жөн. Ақан әуелден құлаққағыс еткен. Оразмұхаммед те диқаншылық жасайды. Ел арасынан келіп тұрған жап көпке бөлініп тұр: су мөлшерінен атыз көлемдері асты.

— Ақой "Захметкеш" пен "Мәдениет" арасындағы шекара: Арқашта бос жатқан жер көп, Ақан соған егін салмақшы, - деп Қоныс Сапарғалидың сөзін бөлді. - Осы жап суармаса Арқашқа қарай су айдау қиын - салма көтермейді: ауылға ұрып кетуі кәдік.

Сапарғали көкірегін көтере қоқиланып, туу алысқа Арқашқа назар салды: көз ұшына созылып жатқан жазықтық екен - қанша қос таралғыға салмақ сала құйрық көтерсе де Сөзендіге қарай құлаш жайып жатқан алып даланы жанарына сидыра алмады. Теп-тегіс. Көптен су да тамбаған, соқа тісі де тимеген: Күн нұрын жұтып, есіріп шаңғытып жатқан жер - диқан қолы араласса күліп шыға келгелі тұр. Сапарғали "Мәдениеттің" мұрабы: өзін диқандарды жарылқаушы деп ойлайды, лебізін тосып тұрған адамдарды ойлаған сайын көңілі көтеріле түсті - Құрбанмәммед сердардан кеммін деп тұрған жоқ. Қоныс тіл қатты.

— Сағаны мына Ақан мен Қожанияз жалғыз әулиенің түстік қасынан алуды мақұл тапты. Сапеке, өзіңмен ойласуды пәтуа еттік: жер жағдайын аңдасақ та өзіңдей су ыңғайына жетік емеспіз - ат үстінен көз тастап, биіктен өлшеп-пішіп жүріп өтсең ізіңмен жап қазамыз.

—Е-е, айтарың барма: "Кеңесті тон қысқа болмас", - деп Оразмұхаммед сөзге қосылды. -Жапты су барлық атызға еркін шығатындай биік жалды жерлерді қуа қазғанды теріс көрмедік. Қате ме?!

Сапарғали бір шама желпіне түсті. Үнсіз қоштап тұрған диқандарды шолып өтті: бәрі де аузынан ұшатын лебізіне ынтық. Мұрап жұмырығына жеңіл жөтелді, жіңішке мысық мұртын сипап өтті де:

— Жаптың көлемі мен тереңдігі қалай болар екен? - деді.

— Біздерге бағдар керек, - деді Қожанияз. - Жапты өзіміз қазатын: Оразмұхаммедте екі бала - Нарбай, Кәрімбай бар. Ақанда Әжібай, Әйкелбай, мен.

Қоныс пен Ақан да қауқылдасып қалды.

— Қазамыз. Жердің тоңы толық кетті.

— Боз топырақ қазушыларға артық күш салмайды, - деді Ақан. — Су апарсақ тусырап жатқан жер алдамайды: ескі жұрт, атыз-шелдің нұсқасы бар, ата жолымен қимылдаймыз.

Сапарғали жігіттерге қарады: аузын бағып, лебізін күтіп тұр; бастасаң, ере түсуге дайын. Мұрап шындан толғатты: "Көптің көңілінен шығу - аңсат шаруа емес: жер төсін қопарып жап қазу, тусырап жатқан жерге су шығару да ойыншық емес - жердің көңілінен шықпасаң киесіне ұшырайсың, көгенкөз ұрпақ аузын ашып отыр. Осы топыраққа емешесін артқан: кешегі ақ қапшық аштық пен белсенділердің тырнағы батып қалған адамдар жер емшегін еміп, қара қарнын тойдырмақшы - ниеттерін Алла қабыл еткей тек. Е-е, Жаратқанием су атасы Сүлеймен, өзің қолда қоңыр қозыңды"... Диқандарға ым қақты да:

— Кәне, бастайық! Қуат берсін бәріңе, - деді.

Олар сағаға Дәуденнің жағасына топтасты. Сапарғали атқазықты жерге шанышты. Оразмұхаммед:

— Су ағысы сәл түстікке бұрылыс жасайтын осы тұс көптен көкейімізде жүрген. Мақұл десеңіз пәтия жасаймыз, - деді. Бәрі де қауқылдасып қалды.

— Жөн, дұрыс!

— Оң болсын!

— Сапекең жап тартылатын жобамен жүріп отырады, - деді Ақан. - Қожанияз белгі соғып бара береді: шамасы, бес шақырымнан аспас. Біздер ені мен тереңдігін осы сағадан көңілге түйіп бара береміз. Асылы тездете қазамыз ғой. Уақыт күтіп тұрмайды. Сапеке, үйге соқ: серке шалып, сағатой жасаймыз. Ішінде бол!

Сапарғали атқа қонды: еңбегіндегі төбелі жарқырап, ертеңгі су ағысын ілестіре Батысқа маңдай түзеді, Қожанияз белмен жер төсін шауып, белгі соғып, өкшелей еріп отырды. Кендір арқан тартылып, Дәуденнен жаңа саға алынды. Қожажап солай қазыла бастады... Жаптың қазылуы да, ат тағылуы да өң мен түс арасында өте шықты: жалды жігіттер он қадамнан шек тастап, ұзынына шұбап қатарласа кетті: арқан тарқан сызық меже - раштың топырағы тау болып үйілді, кейін қарай серпіліп тасталып отырды. Сіңірлі білектер құдірет көрсетті: адам қаруын аңсап жатқан боз топырақ бусанып, жан-жүйені иітетін жұпарын шашты; Қожанияз көсіп алып, танауына тақап-тақап қояды топырақты. Жап қазылып болғанша Қоныстың жамбасы жер иіскеген жоқ: шегін де алады, жер қазғандарға көз құлақ та болады, шай-суын да ұйымдастырады. Жап астаудай болып шықты: табаны да, қабырғасы да теп-тегіс, пышақпен жонғандай - шебер қолдан шыққаны ап-айқын. Қожажаптан су аққан күні Ақан шаңырағында ұланасыр қуаныш болды: бәрі Айданның мол дастарқанының төңірегіне жиналды, қауқылдасып, желпінісіп қалды. Қоныс қара бұйра насыбайдан бір шөкімін қошқар тұмсықтың кең танауына саусақ ұштарымен шымшып ұстап, ытқытып-ытқытып жіберді. Тұшырқанып, көзі жасаурап, барынша дауыстап түшкіріп те алды: дені жайылып, жылан көзін жылт-жылт еткізіп, әзіл найзасын қадайтын нысана іздей бастады. Мәңкиіп нан жеп отырған Қожаниязға жанары қадалды.

— Ә-әй, Қожеке, мына ашылған жермен сөйлестің бе? Сағада топырақ иіскеп жатыр ең -қалай, еңбегіміз желге ұшпай ма?!

Қожанияз асыққан жоқ: кеседегі шайынан ұрттады да, аузын толық босатқан соң:

— Тілдестім. Ілгері де тілдескем: Ақан бір атыз тары еккен, су ұстап жүр едім. Сәл көзім ілінген-ді, еңсемді салмақ басып бара жатқан соң көз қиығымды тастасам, жауырынымда сәлделі бала отыр. Кәлимамды қайырдым да тұруға ниеттендім: бала түскісі жоқ. Жарқ еткізіп сүйек сапты болат пышақты суырып алдым, сілтеп жіберуге оқтала бергенімде баж етті де пыр етіп ұшып, анадай жерге диуалға қонды. Байғыз сынды. Тілге келді, - деді де Қожекең әңгімесін жалғастыра түсті.

— Жермен ойнауға бола ма? Неге су әкелмейсіңдер. Алақандай атыз кімді тойдырады, ә-ә, - деді Жер киесі.

Ызмұхширда сөз мағынасын ұғынып, қосыла шаппай үнсіз тыңдау – дәстүр: бәрі де тегіс құлаққа айналды, кей жүзді үрей билеп, көздері алаңдай да бастады. Қозғалақтап қойғандар да табылды.

— Ұшып үйге жеттім. - Қожанияз шай құйып отырған Айданға қарады. - Жеңешем бар екен. "Қасқа не болды, су іш" деп жатыр. Таңдайымды басты. Адыраспан түтетті. Бойыма жан енді.

— Айдекең тәуіп екен ғой, - деп Қоныс сөзге араласты.

— Атадан көргенім ғой. - Айдан Оразмұхаммедке көз тастады. - Әуліріп, жүрегі қабынып кеткен екен. Сабасына түссін дегенім да.

— Дұрыс болған, - деді Оразмұхаммед, - Шошынған адамға қосыла қорықпай, сабырлы көрініс беру керек. Жүйке тыныштала түседі сонда.

Қожанияз қауқылдасқан көпшілік саябыр тапқан соң Қонысқа тіктеле қарады:

— Ақанға бедел салдым: "Мына Арқашқа су шығарсақ. Тек емес, киелі жер, біздерден тәме етеді. Уысымыз толар" деп. Оразмұхаммед те сезіп жүр екен - қуаттады. Жер суға қанса, құдірет көрсетеді.

Солай да болды. Арқаштан ашылған атыздар тұра қалды: орталықтың бидайы да, жеке меншіктің еккені де аттың қара қапталынан болды; күнжі, жүгері дегендер шаш етектен жайқалып шыға келді. Қоныстың көңілі көтерілді: ұйқыдан безді, егіннің басы-қасында көгерді. Орақ науқанында жамбасы жер иіскеген жоқ: құлқын сәріден үй аралап, ауылды тік аяқтан тұрғызды, жас-желеңдерді ай жарығында да ораққа салды. Қабақ шытқан жан жоқ: бригадір айтса, заң - қатарласа қалып, сілтей береді. "Көптің ықыласы - көл, - деп ойлады Қоныс. - "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген: ұшы-қиыры жоқ жалпақ көлемді ору жүрегіме түскені кеше еді, қас пен көздің арасында сұлатып салды. Ақжелең жандар: аянбайды, барын салады кіл. Отыз екінің аштығынан ығысып, несібе қуып, бас қосып қоныстанған халық ес жинап толығып та келе жатыр. Көз-тілден аулақ: атпал азаматтардың төбелері көрініп қалды, түпәлеме, іс үстінде көзге түсіп жүр. Өмірдің ащы-тұщысын татқан Ақандар бас қосып игі шаруа бітірді - Қожажап рысқал тиегі болып ақты: жайқалған егінді көргенде қуаныштан ұйқы қашады, жүректі шаттық, мақтаныш сезім кернеп, өкшем жерге тимей кетеді. Бал татыған таба нанның иісі жүйе-жүйеңді иітеді, ақ бидай құдіретін көрсетті" Ойымен арпалысып келе жатқан Қоныс ауылға араласқанын бірден сезді: жан-жағына жіті көз салды, құлағын тігіп тың тыңдады - шілденің ып-ыстық түні тымырсықтанып, тынысты тарылтып тұр, шеткі тоқал жайға жиі-жиі үңіле-үңіле көз тастады. Тым-тырыс, өлі тыныштық жайлап алған - бұзаубас пен қара шегірткенің шырылынан басқа дыбыс құлағына ілген жоқ. Төмен қарап, басын шайқады. Манағы қара торы келіншек бір-ер рет Қонысты аңдамаған болып жанап өтіп, соқтығып қалып еді-еті тып-тығыз тастай, ып-ыстық жанып тұр екен. Бригадір санын соқты: сонда не шымшып, не көз қысып, демеңкіреп емеуірін білдіріп жібергенінде... Дәуденге бір суңгіп алып, тазарып, Қоңыршаның қасына барар еді-ау... "Алла, өзің кешіре ғөр, не ойлап кеттім, - деді Қоныс өз ойынан өзі шошып. - Қырыққа келсек те шикілігіміз көп. Ұят-ай"... Жебелей басып, ауылдың ең шығыс шетіндегі уйіне қарай емпеңдей жөнелді. "Қоңыршаға жетейінші"... Қожанияз қызылданған қырманның басында Ақанды күтіп алды: бидайдың сабаны да көп екен, етек- жеңін жинап, төбе қып үйгенде үлкен шөмеле болды, шетіне құйрық басты. Ақан қаптарды реттеп шетке қойды да Қожанияздың қасына келді.

— Қауын жеп алайық, - деді Ақан. - Ерте үзгем, сап-салқын шығар. Қырман сүземіз: ұрада, сусек те дайын - қаптар, міне.

Қожанияз болат кездігін суырды.

— Қожеке, Гулжанға барып қайтарсың,- деді Ақан ас қайырған соң. - Қыздың да улесі бар әке еңбегінде. Арқашқа терің сіңді: жер танып, игі қадам жасадың - "Көз - қорқақ, қол -батыр", молшылық, міне, нан бар жерде.

Қожанияз Ақанға тесіліп ұзақ қарады.
Қәтеп ауылы
1998 барыс жылы, маусым - шілде

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙