Тілғұмырлар: (Қазақ лингвистері мен тіл жанашырлары)
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Өмірзақ Айтбайұлы
өмірзақ айтбайұлы Тілғұмырлар (Қазақ лингвистері мен тіл жанашырлары) Алматы УДК 80/81 ББК 81.2 А 32 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында шығарылды Айтбайұлы Ө.
Тілғұмырлар: (Қазақ лингвистері мен тіл жанашырлары) / Ө. Айтбайұлы. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 400 бет. ISBN 978-601-7172-33-6 Кітапта қазақ терминологиясының атасы атанған А. Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбанов, тіл тарландары І. Кеңесбаев, М. Балақаев және тіл мәртебесін биікке көтерген көптеген тілші ғалымдардың педагогтік және қоғамдық қызметі туралы жан-жақты баяндалған. Сондай-ақ мұнда өз кезінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін айқындаған С. Сейфуллин, ұлты үшін жаны күйген Ө. Жәнібеков, адалдық пен әділеттің жаршысы Н. Ондасынов, өлең сөздің білгірі З. Ахметов және сазгерлер Ш. Қалдаяқов пен І. Жақановтар туралы да көркем эссе тұрғысынан шебер баяндалған. Еңбек қазақ тілі жанашырларына және жалпы оқырман көпшілікке арналған. Мемлекеттік тіл тағдырына қызығушы мамандар мен жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттері үшін де танымдық мәні бар. УДК 80/81 ББК 81.2 ISBN 978-601-7172-33-6 © Айтбайұлы Ө., 2014 © «Абзал-Ай», 2014 А 32
Тілғұмырлар Қазақ лингвистері
ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ (1873-1937) Қазақ халқы жалпы архив жинау ісін дағдыға айналдырмаған ел. Соған қарамастан, өзімізде де, өзге шетелдерде де халықтың тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне, т.б. кәсіп, тіршілік жоралғысына қатысты дүниелердің сақтала бергені қандай олжа! Осыдан ойға түседі, 1988 жылы күз айында сапардың сәті түсіп, осы жазба авторының Америка Құрама Штаттарына барып қайтуына тура келді. Бір күні Мадисон қаласындағы университетке соғып, оның кітапхана қорымен таныстық. Таңғаларлық жағдайға тап болдық: әлгі кітапханада қазақ мәдениетінің, ғылымының, өнерінің бұрынғы, қазіргі өкілдерінің бар дүниесі тізіліп тұр. Өзімізде жоқтың бәрі осында. Компьютер арқылы бар сұрағымызға жауап алдық. Әл-Фарабиден М. Шахановқа дейін түгел жинақталған. Бір мезгілде көзімізге оттай басылып, Ахмет Байтұрсынұлы туралы мағлұматтар жетті. Жеті қат жер астына кеткен әйгілі «Қазақ» газетінің топтамасы сонда. Біз оның бірнеше санын көшірме жасап ала келген едік. Бұл да өзінше бір мұражайлық ескерткіш ретінде «Қазақ тілі» қоғамында сақтаулы. Ахаңның да көп дүниесі көңілде жатталып, көкейде түйіліп қалған ғой. Соның бәрі кейін шығып жатыр. Мұның үстіне, ата мұрасын індете іздеп, көп шындықтың бетін ашуға атсалысып жүрген жастар (Ғ. Әнесов, А. Мектепов) әкелген деректер бар. Жиналып келгенде, Ахметтану ғылымының негізін кешегі Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, Міржақып Дулатов тәрізді қазақ мәдениетінің тарландары қалады десек, сексен сегізден бері қарай ол толыға түсті деп толық айтуға болады. Бұл күн өткен сайын ауқымдана бермек.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ мәдениетінің тарихында үлкен бір дәуірді алып жатқан алып тұлға, өзінің құдай берген талантын туған халқына деген сүйіспендікпен суғарып, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым. Ол қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр, шуақ себумен өткен ағартушы. Не оқыту жүйесі, не өзіндік жазуы қалыптаса қоймаған халқының қамын жеп, сауатын ашпақ боп, сары масадай ызыңдаған үлкен ақын, талантты тілші, шебер аудармашы, түркі тілдес халықтар тұлға тұтқан түрколог, қоғам ісіне араласқан мемлекет қайраткері. Бұл санамалап отырған атақ, дәреже, лауазымдардың өзінен-өзі келмегені мәлім. Ол талмай ізденіп, тамаша туындылар берген. Өмірдегі өзінің басты мақсатын туған халқына қызмет ету деп түсінген Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) – небір тар жол, тайғақ кешулерден өте келе, тамаша еңбегімен қазақ халқының ары мен ұятына айналған Адам, Азамат. Патша ағзам бұратана елдерді билеп-төстеудің айлашарғыларын емін-еркін іске асырып, қазақтың әлденеше ғасырға ұласқан хандық билік құрылымының быт-шыты шығып, «күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап» деп тұрған қысылтаяң кезеңінде, 1873 жылы қаңтар айының соңғы күндерінің бірінде, бұрынғы Торғай уезі, Тосын болысына қарайтын Ақкөл жанындағы Сартүбек деген жерде Байтұрсын шаңырағында дүниеге келген Ахмет тумысынан зейінді де зерек бала болып өседі. Өз әкесі Байтұрсын, оның әкесі Шошақ Үмбетей еліндегі көзі ашық, көкірегі ояу, пікірін ашық та айқын айта білетін өте батыл адам болғанға ұқсайды. Әуелі Шошақ, кейін Байтұрсын балаларын араб елдері мәдениетіне сусындатқысы келген. Иран, Түркияға жіберіп те оқытуды ойлаған. Бірақ... Қара халықты қорлағанын тоқтатпағанына күйініп, ояз Яковлев дегеннің басын жарғаны үшін әкесі Ақтас және Собалақ дейтін екі інісімен бірге 25 жылға итжеккенге айдалып кетеді. Байтұрсын өздеріне тергеу жасалып, сот болған кезде тіл білмеудің зардабын әбден тартады. Сондықтан да олар айдалып бара жатқан сәтінде үміт етері Ахметке:
«Балам, сауатсыздықтан жоғарғы үкіметке шағымдана да алмадық. Олай еткенде жайымызды түсініп, мына кесімді жазасын азайтар ма еді, кім білсін. Сол себептерден айтарым: аш-жалаңаш бол, қорлық көр, бәрібір оқы, балам. Тым болмаса, артымда маған хат жазып тұратын халге жет», – деп өсиет айтқанын қайсыбір қариялар бертінге дейін аңыз ғып айтып жүріпті. Бұл кезде Ахмет 12-13 жас шамасында екен. Естияр баланың көз алдында болған бұл сурет оның жадында мәңгілікке қалып қояды. Ол әке өтінішін серт ретінде қабылдап, жас та болса, іштей байлам жасағандай болады. Мұны біз 1911 жылы Орынборда жарық көрген топтамасынан алынған – 1904 жылы Семей түрмесінде отырғанда жазылған «Анама хат» деп аталатын өлеңінен байқаймыз: ... Оқ тиіп – он үшімде ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам. Алданып тамағыма, оны ұмытсам, Болғандай жегенімнің бәрі харам. Адамнан туып, адам ісін етпей, Ұялмай, не бетіммен көрге барам?! Оқуды арман еткен зерделі жасты әкесінің інісі Ерғазы Торғайдағы екі сыныптық (кластық) орыс-қазақ мектебіне береді. Ахаң мұны үздік бітірісімен, әрі қарай талаптанып, керуеншілерге ілесіп барып, Орынбор қаласындағы мұғалімдер даярлайтын қырғыз (қазақ) мектебіне түсіп оқып, оны 1895 жылы тамамдайды. Алғашқы қадамын бала оқытудан бастаған Ахаң: Адамдық диқаншысы – қырға шықтым, Көлі жоқ, көгалы жоқ, құрға шықтым. Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім, Көңілін көтеруге құл халықтың, – деген өлең жолдары арқылы өмірлік мұратын паш етіп, өз мақсаты бейқам жатқан халқын сауаттандырып, өнербілімге, мәдениетке жетектеу екенін білдіреді.
Әрине, бұл тұста қазақта Ахаң тәрізді оқыған азаматтардың қарасы көріне бастаған-ды. Бір ғажабы, олардың көбі, халық, ел мүддесі деген сөздерден гөрі, ұлыққа жағынып, сол халықты қалай қанап, қалай пайда тапсам екен дейтіндер болатын. Олардың тілмаштыққа қолы жетіп, губернатор кеңселерін жағалап жүргенде, Ахаң ағартушылық жолына түсіп, «қайтсем халқыма пайдамды тигізем, қалай көзін ашам, ұйқысынан қалай оятам» деп, күндіз-түні соның амалын қарастырады. Төңірегіне қазақтың бірен-саран да болса көзі ашық оқыған жастарын жинап, елшілдік ұранын үдетіп, ел мұңы, халық қамы деген күрделі мақсаттардың іске асуын көздей бастайды. Жалғыз ағартушылық жолмен аса алысқа ұзап кете алмайтынын сезген ол біртіндеп күрескерлік жолға түседі. Жан-жақты әрекет етуге талпыну, ізденіс 1896 жылы Ахаңды Алекторовтың алдына алып келеді. Оған баруының да өзіндік сыры бар еді: Алекторов ол кезде Омбыда отырып, Ақмола, Семей оқу жүйесін басқарып тұрған болатын. Онымен қазақ даласындағы бала оқыту жайы туралы кеңеседі. Бұл кездесу оған екі түрлі әсер қалдырып, көп нәрсеге көзін аша түскендей болады. Ол жайында Мұхаң (М. Әуезов): «Біреуі – Алекторовтың қазақ турасындағы отаршылдық саясатының басын біліп, көздеп жүрген мақсатын сезген болар, атақты Ильминскийдің жолымен қазақтың көзін ашу үшін осы оқу керек деген саясатты тұтынып жүргендігін сөздерімен білдірген Алекторовтың ниетімен жақын келіп танысқан соң, Ахмет халқының халінің ауырлығын ұғып, ел турасындағы түкпірлі ойы сол кезде ояна бастаған. Алекторовпен танысудың екінші әсері – Ахаңның жолы ашылып, пікірі ашылып, бұрынғы білім-өнер жүзіндегі шала білініп, көмескілеу түсініп жүрген нәрселерін таза білуіне себеп болған». Бұл жерде Мұхаңның өз кезінде ашып айтуға аузы бармай, астарлап отырған бір жайы бар сияқты. Ол – орыс оқымыстыларының миссионерлік мақсатының Ахаң зердесіне жетуі, содан тіксінуі. Олар қазақтарды орысша
оқыту арқылы орыстандыруды көздеген ғой. Осыдан секем алған Ахаң ширыға түседі. Қазақты өнер-білімге жетектеу өзгелердің емес, өзі тектес оқығандардың халық алдындағы парызы деп түйеді. Ахаңның осындай мақсатты көздеп, саяси көзқарастарын шыңдай түсуі Қарқаралыда өмір сүрген 1896-1907 кезеңімен байланысты. Осы кезде Ахаңның айналасына әлеумет өміріне зер салып жүрген бірен-саран көзі ашық, оқыған қазақ зиялылары және бұрыннан өмірдің өзекті мәселелеріне көз жіберіп, ойын тайсақтамай айтатын білікті азаматтар топтана бастайды. Қазақ елінің қазіргі жағдайы оларды да толғандыра бастаған. Әсіресе, талан-таражға түсіп жатқан жер мәселесі, оқу-білім мәселесі, қазақ жұртына қажет земство жайы және орыстандыру саясаты қазақтың ең дертті мәселелері болатын. Осының жай-жапсарын жан-жақты ойластыра келе, Ахаң бастаған әлгі бір топ зиялы қауым, бастарын бәйгеге тігіп, Ресей империясының Министрлер Советі Председателінің атына петиция (тілек-арыз) жазады. Дәл осы тұста ол ақындық өнермен шұғылданып, И.А. Крыловтың мысалдарын аударып жүрген болатын. «Қырық мысал» осы жылдар жемісі еді. Төңкеріс рухында айтылған мұндай сөзді қазақ жұртының тұңғыш естуі болатын. Осыдан соң Ахаң атағы шартарапқа тарап кетеді. Алайда жұртты саналылыққа, еркіндікке үгіттейтін «Қырық мысалды» берген, патшаға қарсы петиция ұйымдастырған адамдардың бәрі де полициялық режімнің, үкімет адамдарының қырын қабағына іліне бастайды. 1905 жылғы төңкеріс қырғынға ұшыратылған соң, патша үкіметі қайта тіріліп, оның жер-жердегі жандайшаптары құтырына түскен кезде өз елін, өз жерін шен мен шекпенге сатып, ардан безген кейбір тілмаштар мен болыстар, «елді бүлдірер іс-әрекеттерге барды» деп, Ахаңдардың үстінен доностар жаудырады және олар дегеніне жетеді. Қарқаралыда ағартушылық жұмыспен айналысып жүрген Ахаңды алты жолдасымен 1907 жылы тұтқындап,
абақтыға жабады. Қарқаралыда олар ұзақ отырмайды, бірнеше айдан соң оларды Семейге айдайды. Патша үкіметі жалдаптарының ғана емес, өз төңірегінің де өрге бастырмас опасыздықтарына күйінген ол он екі жылдай өмір сүрген Қарқаралысымен қоштасып, бүкіл қазақ баласының бойындағы арылмас дерт – арсыздық пен арамдық атаулыға сес білдіргендей болып, мынадай жолдарды түзеді: Қош, сау бол, Қарқаралы жуылмаған, Айдай бер, қалса адамың қуылмаған. Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ, Жасырын дыбыс шықты шуылдаған. Бүркеніп, арсыздардың шайнауына, Жем тапты пісірмеген, қуырмаған. Шыққан соң талғамайтын доңыздарың, Қасыңа қиын болар жуу маған. Семейде сегіз айдай ешқандай тергеусіз, сотсыз тас қамауда жатқан Ахаң ақыры қазақ өлкесінен бір жарым жыл мерзімге Орынборға жер аударылады. Сол кеткеннен мол кетеді. Ол онда 1917 жылдың аяғына дейін тұрады. Жазалы адам ретінде айдалған Ахаңның бұл сапары оның өміріндегі ең нәтижелі де өнімді еңбек еткен жылдары деуге болады. Ол ғылым-білімге бұрынғыдан да тереңірек үңіліп, әділетсіздік жайлаған мына қоғамды бұрынғыдан да бетер ащы тілімен түйрей, шеней түседі. Қазақ балаларын оқытудың әдістерін, қазақ тілі, әдебиеті, өнері, тарихы, мәдениеті туралы өрелі ойлар айтып, бастауыш мектептерге арнап оқулықтар мен оқу құралдарын жаза бастайды. Халық мұраларын, ауыз әдебиеті үлгілерін, эпос, ертегі, жұмбақтар жинап, бастыру ісімен айналысады. Ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. А. Байтұрсынұлының қазақ елінің жоғын жоқтап, санасына сәуле құюға байланысты жасап жүрген еңбектері елге тарай бастайды. Әсіресе, сол кезде Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастарына Ахаңның туындылары, елдік істері қатты әсер етеді. Сол жастардың ұйғаруымен елден қаржы жиналады да, газет шығару мәселесі
қозғалады. Ол бейресми газет «Қазақ» деп аталады да, оған редакторлыққа А. Байтұрсынұлы шақырылады. Міне, сол 1913 жылдың басынан 1918 жылға дейін бас редакторлық міндетін мүлтіксіз атқарған Ахаң елге жеткізсем, ұқтырсам деп жүрген көкейіндегі көптеген мәселелерді хатқа түсіріп, жария етіп отырды. Қазақтарды надандықтың шырмауынан шығарудың бірден-бір жолы – ғылым-ілімге ұмтылу, оқу-ағарту жұмысымен айналысу деп ұққан Ахаң енді осы идеясын нақты істермен дәлелдей түседі. Сол кезде шығып тұрған қазақ баспасөзінің қай-қайсысы да осы мақсатты көздеді. Бұл жөнінде әсіресе «Қазақ» газетінің рөлі айрықша болғаны мәлім. Бірақ ел билеушілер, бәлеқорлар, полисайлар Ахаңның соңына түсуін қоймайды. Газет бетінде жарияланған материалдардың бәрін цензурадан өткізіп, үнемі ақшалай айып салып, қауіп-қатерді төндіріп отырған. Салынған айыпақының мөлшері тым асқынып кеткен бір тығырықта Ахаңның үш ай мерзімге абақтыға өз еркімен отыруға келісім берген кезі де болған. Мұны естіген газет оқырмандары тиісті ақшаны жинап төлеп, Ахаңды шығарып алып отырған. Халықтың көзін ашып, санасына сәуле құюдан басқа мақсаты жоқ бұл әрекеттерді қолдап, қуаттап отырудың орнына, көп ағайынның қияс тартып, аяққа оралғы, игі іске кедергі бола беретініне күйініп, Ахаң «Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ» деген өлеңін жазады. Шынында, білімсіз ел теңізде жүзіп келе жатқан ескексіз қайық сияқты емес пе? Сол кездегі қазақ елінің халі дәл осындай мүшкіл еді. Сауатсыздық салдарынан өзін, елін, жерін кім қалай саудалап, қалай иемденіп жатқанын түсінуге де мұршасы жоқ сорлы халық. Бұл аз дегендей, өз жағдайын таразылап, тығырықтан шығару жолын бірлесе, қауымдаса ізденудің орнына, алты бақан алауыздықты өрбітетінін қайтерсің. Ахаңды күйзелткен қазақтың осы жағдайы. 1911 жылы Орынборда басылған «Маса» жинағы халықты өз тағдыры үшін күреске шақырған, жұртшылықты шырт ұйқысынан оятқан дабылды топтама болатын.
Сары маса болып ызыңдаған өзі екенін Ахаң 1909 жылы Петербургте басылған «Қырық мысалындағы» «Малшы мен Маса» деген туындысында ашық айтады: Мысалы, қазақ – Малшы ұйықтап жатқан, Жыланды пәле делік аңдып баққан. Пәленің түрін көрген мен – Сармаса, Халықты оянсын деп сөзбен шаққан. Ойлаймын осы сөз де жетеді деп, Қатты айтсам, сөзім батып кетеді деп. Ұйқысы ашылмаған жұрт өзімді Қорқамын Сармасадай етеді деп. Өз тағдырының түбі не боларын алдын ала болжап, көрегендікпен айтып кеткен Ахаңның түбіне жеткен, шынында да, өзіміз емес пе едік?!. Халық басына төнген қатерден қорғанудың амалын тым құрыса сауат ашу арқылы үйретпек болған асылымызды ұйқылы-ояу халімізбен аяқ-қолын байлап бердік қой. Осыны бір ойланып, сабақ алсақ етті! Неге десеңіз, ұлттық сана мен ұлт мәдениеті жолындағы күресте осынау опасыздық пен алауыздық салқыны әлі де жетерлік-ау деп сезіктенесің. 1950,70, 80-жылдар ылаңы не ойлатпайды кісіге? Тәуелсіз ел болған қазіргі күйіміздің өзі көп жағдайда көңілге жұбаныш әкеле қоймайды. «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» (Абай) екенін түгел ұғып біттік пе?! Жаңадан тәй-тәй басып, Ахаң сияқты бірен-саран оқыған саналы азаматтардың арқасында оң-солын танып, ендіенді ес жиып келе жатқан қазақ елі үшін «Қазақ» газетінің атқарған қызметі ұшан-теңіз екенін тағы да айтсақ, артық емес. Бес жылға таяу уақыт оқырманмен үзбей қауышқан бұл газет кезіне лайықты көкейтесті мәселелерді бірінен соң бірін жариялап, жұртшылық мағлұматын кеңейтумен болды... Кезінде бұл газетті «ұлтшыл–буржуазияшыл орган» деп тыйым салып тастамағанда, талай тарихи шындықтың көзін ашып, халқымыздың төңкеріске дейінгі рухани, мәдени өмірінен әлі де мол мағлұмат беретін еді. Күні бүгінге дейін көмескі болып келген көп жайттардан
сыр шертетін бұл газет нені көздеп, жұртшылықты қайда бастағысы келгенін дәлірек байқау үшін оның алғашқы санында жарияланған мына бағдарламасын еске түсіруге тура келеді: «Қазақ арасында ғылым, өнер тарауына басшылық ету; басқа жұрттардың халінен хабар беріп, таныстыру; сол мақсаттарды орнына келтіру үшін закүндерді, хакімдердің бұйрық-жарлықтарын білдіріп тұру; Государственная Дума һәм Государственный совет жұмыстары турасында жете хабар беру; ішкі һәм сыртқы хабарларды жазып тұру; қазақтың бұрынғы және бүгінгі жайын жазу, күнелту, сауда, кәсіп, жер-су, егін-танап, мал шаруасы жайынан кеңесу; оқу, оқыту, мектеп, медресе, школа, ғылым, өнер, тіл, әдебиет турасында жөн көрсету; адам һәм мал дәрігерлігі жайынан жазу» («Қазақ», №1, 1913, 2 ақпан). Газет әлденеше рет жабылып, қайта тіріліп, шығынданып, сотталып жатса да, көздеген мақсатын түгелімен орындады деп тұжырым жасауға болады. Тіпті, кейде бұдан да шығыңқырап, әлемдік ой-пікірге азық болар мәселені де қозғап кеткен сәті бар. Айта кетер бір жайт, осы газет және оның редакторы А.Байтұрсынұлы жайында жазылған материалдардың қай-қайсысында да әлгі «ұлтшыл, буржуазияшыл» дейтін ала таңба қалмайды. Тіпті, күні кеше ақталғаннан кейін де жазылған мақалаларды қарап отырсаңыз, «марксизм-ленинизм идеологиясы тұрғысынан қарағанда, ол қылықтары кемшіліктері болып еді» деп, тағы да баяғы жаттанды қалыпқа салып, жалтақтай пікір түзетініміз бар. Осы бір халқының тағдыры, өз көсемдеріміздің болмысы туралы сөз қозғағанда, «бұған ана көрші қалай қарайды, мына көрші не дер екен» деп үрей шақырмай, жалтақтамай, мәселенің ақиқатын ашық айтатын уақыт жетті. Өйткені Ахаңның о бастағы рухани өмірінің қалыптасуы осы газетке де тікелей байланысты. Ахаң өмірінің төңкерістен кейінгі бөлігі тіпті күрделі, тіпті қайғылы. Жан түршігерлік азапқа бола туылған жан ба дерсің?!.
Жаңа үкіметтің мүшесі, Қазақ автономиялық республикасының Оқу-ағарту халық комиссары, соның жанындағы Ғылыми-әдеби комиссия председателі, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті председателі, Бүкілресейлік ВЦИК-тің мүшесі, Кирвоенкомның мүшесі, КазЦИК-тің мүшесі, сондай-ақ Академиялық Орталықтың председателі ретіндегі аз уақытқы шуақты күндерді басынан кешіргені болмаса, ең ауыр, ең қасіретті, шегінен асқан сұмдық пен зұлымдықтың тақсыретін тартқан қаралы кезең бұл! Төңкеріске дейінгі өзі айқасқан надандық пен қараңғылық жыл өткен сайын құбылып, тәсілденіп, әлденіп алғандай, Ахаңның қыр соңынан қалған емес. Қайта, зұлымдық пен қорқаулық, арызқойлық пен алауыздық дертін індеттей үдетуші қаскүнемдер, жаңа заманның терісін айналдырып киген бөрісіндей боп, жақсылықтың ұрығын шашушы жандардың соңына шам алып түскені мәлім. Ахаң езілген ел өміріндегі Қазан төңкерісін ойланыптолғанып барып қабылдап, армандай болып алғызбай жүрген көп шаруаға аянбай-ақ араласты. Жоғарыдағы санамалап шыққан қызметтің бәрі соны дәлелдейді. Бірақ Ахаңның ақ ниетіне арамдық іздеуші, іс-әрекетінен контрреволюциялық бүлік күтуші қараниеттілер оған аттап қадам бастырған жоқ. Басқан ізін аңдумен болды. Ол бұрын патша чиновниктерінен, болыстардан, тілмаштардан, жандармнан қаққы жесе, енді бостандық туының астында бірге жүрген жерлестерінен, большевиктерден, қызыл жағалылардан көрді көресіні. Аңдыған жау алмай қоймайды. Ол бір емес, бірнеше рет алды. «Мылтықтың басуына құланның қасуы» тура келгендей, дәл осы кезде қазақтардың сорына Қазақстан тарихының қаралы беттерін толтырып кеткен Ф.И. Голощекиннің «Кіші октябрі» басталады. Ал бұл «Кіші октябрьдің» қазақ халқына қандай қасірет әкелгені тарихтан мәлім. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп зіркілдеген Голощекин жендеттері негізгі күнкөрісі, тіршілігі, тынысы мал болып саналатын халықтың сол жанды жеріне қанжар
сұқты. Малын сыпыртып алды. Тігерге тұяғы, ішерге тамағы болмай, қалжыраған қарапайым шаруа адамы басы ауған жағына босып, діттеген жеріне жете алмай, жол-жөнекей қырылып жатты. Ахаң сияқты көреген адамдар бұл сұмдықтың боларын алдын ала сезіп, дабыл қаға бастаған. Бірақ бұлардың сөзіне құлақ асудың орнына, «төңкеріс рухына кері әсерін тигізіп, кедергі жасап отырған байшыл-ұлтшыл Алаш партиясының бұрынғы көсемінің бірі бұрынғысын көксеп жүр» іспетті жаламен ақыры оны 1929 жылдың 4 маусымында 30 адаммен бірге қамауға алады. Мұның, әрине, өзіндік себебі де жоқ емес. Голощекинге әлгіндей жаппай қыру саясатын емін-еркін жүргізу үшін халықтың көзін ашып, санасын оятып, көсемдік көрсетіп жүрген осындай ірі тұлғаларды алдымен жою керек еді. Ал Ахаң бүкіл қазақтың ақыл-ойы мен ар-ұятының бейнесіне айналып кеткен әйгілі қоғам қайраткері әрі рухани көсемі болатын. Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынұлы Голощекин тырнағына ілініп, Мәскеудің Бутыркасында 1929 жылғы шілдеден 1931 жылдың қаңтарына дейін отырады да, содан соң Архангельск облысының барған адам жолбасшысыз қайтып шыға алмас алыс түкпіріне жер аударылады. Бұдан ол Қызыл Крест ұйымы арқылы (М. Горькийдің жұбайы Е.П. Пешкованың араласуымен) мерзімінен бұрын босанып, 1934 жылы қайтып оралады. Бірақ бұл бостандықтың да өмірі қысқа болды. Небәрі үш жылға жетер-жетпес уақыттан кейін, 1937 жылғы 8 қазанда қайтадан қамауға алынып, ақыры атылады. Жоғарыда ескерткеніміздей, Ахмет Байтұрсынұлының азаматтық болмысын, қайраткерлік қарымын, ағартушылық, ғалымдық қызметін, энциклопедиялық білік-білімін негізінен үш түрлі салаға бөліп әңгімелеуге болатын сияқты. Әрине, мұның ең бастысы әрі сол кезеңдегі ең қасиеттісі де – ағартушылық қызметі. 1895 жылы бар оқуын тамамдап елге келгеннен бастап, ол бұл іспен түбегейлі айналысады. 1905 жылы жазылған петиция халық тағдырын ойлап, үздіксіз толғанудың серпіні сияқты шешім еді. Сауат ашар
«Әліпби» мен «Тіл-құралын» жазу үшін графика және қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дұрыстап алу қажеттігін сезінеді. Әсіресе «Айқап» журналының 1912 жылғы 9-12 сандарында жариялаған «Шаһзаман мырзаға», «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 34-інші және содан әрі қарайғы сандарында басылған «Жазу мәселесі» деген мақалаларында ол қазақ жазуын бір жүйеге түсіруге түбегейлі кіріскенін байқатады. Бұл жерде алдымен ескертетін нәрсе мынау: Ахаң қазақ жазуы дегенде, әу бастан-ақ араб графикасына бейіл береді. Осының өзінде ұлы ойшылдың түбірлі мақсаттары байқалады. Оның мұнысынан кезінде «панисламдық», «арабшылдық» сарын іздеп сарсылғандар болды. Тіпті, кінәлады да, айыптады да. Сондықтан да, ол ең алдымен таза ғылыми принципті негізге ала отырып, қазақ жазуын қалыптастырудың алғышарты ретінде: 1) қазақ тілі дыбыстарына қажеті жоқ араб таңбаларын алфавиттен алып тастауды; 2) сөздің жіңішкелігін білдіретін «дәйекші» деген белгіні енгізуді; 3) қазақ тіліндегі ы, е, и, о, ұ, ү дыбыстарының әрқайсысына жеке таңба белгілеуді, к, г дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің жіңішкелігін (яғни қазіргі ә, і, ү дыбыстарымен айтылатындығын) білдіру үшін сөздің аяғынан дәйекше таңба қоюды ұсынды. Міне, осының бәрі қазақ тілінің алфавиті өз табиғатына орай түзіліп, тіліміздегі сингармонизм заңына лайықталып жасалуының нәтижесіңде қазақтың төл жазуы қалыптасты. Бұл жазу 1912 жылдан былай қарай сол кездегі қазақорыс мектептерінде, мұсылман медреселерінде қолданылып келді. 1915 жылдың өзінде осы жазумен, яғни осы емле негізінде 15-тей кітап басылған екен. Ахаңның аталған еңбектерінен және сол уақытта шыққан қазақша кітаптардан тұңғыш терминдік қызмет атқара бастаған әріп, дәйекші, дыбыс, жуан дыбыс, жіңішке дыбыс, қағида, түбіршек тіл, жалғамалы тіл, қопармалы тіл, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы сөз, қосымшалар тәрізді байырғы сөздерді табамыз. Біртіндеп өмірге жолда-
ма алған қазақтың бұл ұлттық графикасын А. Байтұрсынұлы жетілдіріп отырды. Қазақ тілінің фонетикалық болмысына лайықталған араб таңбаларының әлі де олпы-солпы жерлері бар болатын. Баспа, полиграфия талаптарына байланысты кейбір сәйкессіздіктерді реттей келе, оны ұлттық жазуға айналдырады. Бұл жазу 1924 жылы ресми түрде қабылданды да, 1929 жылға дейін бүкіл қазақтың сауат тірегіне айналды. Біздіңше, бұл жазудың ең басты екі маңызын айта кеткен жөн сияқты: біріншіден, бүкіл қазақтың басын ұйыстырып, ұлттық жазу жүйесі бойынша жаппай сауат ашу шарасы жүргізілді. Осы арқылы ұлттық сана мен ұлттық мәдениетіміз арналы даму жолына түсті деп айта аламыз. Екіншіден, дендеп еніп бара жатқан орыстану саясатына кедергі қойылды. Осыдан былай қарай орыс тілінде, орыс әрпімен оқытылып келген мектептердің бәрінде өзіміздің ұлттық төл жазуымыз бел ала бастайды. 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку шаһарында өткен тұңғыш түркологиялық съезде А. Байтұрсынұлының араб әліпбиі негізіндегі жаңа жазудың артықшылығын дәлелдеп, латынға көшуге қарсы шыққандағы бір себебі – бұл жазудың Қазақстанда іс жүзінде қолданыс тауып, жаппай сауатсыздықты жоюдағы атқарған нақтылы қызметі болатын. Кейін «халық жауларын» аулаушылар Ахаңның бұл әрекетіне жерден жеті қоян тапқандай қуанып, оны керемет пайдаланғанын да білеміз. Әңгіме бұл жерде латын жазуында емес, Ахаң жанын салған мәселенің түп мәнісі сауаты жаңа ашылып, білімді ел қатарына ендіенді қосылып келе жатқан қазақ сияқты қауымға жазуын қайта-қайта ауыстыра берудің мүлде тиімсіздігінде еді. Мұның үстіне, бүкіл жұрт тез қабылдап, өзге де түркі тілдес елдер үлгі ете бастаған бұл жазуды ауыстырып, латынға көшу ертеңгі күні кириллицаға көшудің баспалдағы екенін сезген-ді. Ақыры солай болып шықты. Оқу-білім, мәдениеттің бүгінгі жеткен биігінен көз тастап байқағанда, айналдырған 14-15 жылдың ішінде үш
жазуды ауыстырып, қандай мұратқа жеттік деген сауал туындайды. Әрине, соңғы елу жылдан астам уақыт бойы әжетімізді өтеп келе жатқан орыс графикасына негізделген жазуымызды мүлде тиімсіз болды деп айта алмас едік. Сонымен бірге, біздің халқымыз үш рет сауатсыздық шырмауында болып, үш рет қайта сауат ашқанын жасыра алмаймыз. Сонда бұл қайта-қайта жазу ауыстыру кімге тиімді, кімге тиімсіз болды? Әңгіме осында. Бұл жағын қазір зиялы қауым түгел шамалайды деп білеміз. Сол отызыншы жылдар соңында, одан кейін де қазақ халқының тіліне, мәдениетіне, тарихына қаншалықты нұқсан келерін Ахаң күнілгері болжап біліп, өз тіршілігі үшін күресе алатын болашақ қаһармандарын алдымен ана тілінде оқытуға жанын сала кіріседі. Соңғы үш-төрт жыл бойы жүргізіліп келе жатқан тіл күресі Ахаң даналығын, оның көрегендігін дәлелдей түскендей. Өз тілімізді ұмытып, орыстанудың аз-ақ алдында қалған сәтте бүкіл ұлама-ғұлама болмысымен Ахаңның ортамызға қайта оралуы олжа болды емес пе?!. Барымызды ұмытып, керегімізді іздеуден қалған 70 жылдан аса мерзім ішінде кеңес өкіметі бүкіл бір ұрпақты өз қағынан жерінген құлан сияқты еткен екен. Ана тілін білмейтіндөр саны бұл күнде 25 пен 40 процент арасында ауытқи беретіні – қаскөй дәуір жемісі. Халқын мәдениетке, ғылым-білімге, парасат биігіне жетелеген кемеңгер Ахаңды қуғын-сүргінге салып, азаптаған, айдаған, атқан тоталитарлық жүйе нәтижесі. Енді, міне, заман түзелгендей, ел есін жинағандай болып отырған кезеңде, Ахаң қалдырған мұраның мөлдірінен сусындап, әлі де мейіріміз қанар емес. Бір ғана осы ағартушылық іс саласында жазған кітаптарының өзін игеру оңайға түсіп жатқан жоқ. Өйткені өзімізде ештеңе жоқ деп, өзгеге жүгініп, әбден еңсе түсіріп үйренген халықпыз ғой. «Апырай, мұндай да бар екен-ау?» деп, аң-таң боп жүрген ағайын да арамызда. Иә, Ахаң істері таңдай қақтырардай. Сонау 1912 жылы Орынбордан шыққан «Оқу құралы» халық сұранысын өтегені соншама, «1925 жылғы 7-ші ба-
сылымы» деуіне қарағанда, әлденеше баспа жүзін көрген. Ал 1925 жылы ол «Әліпбидің» жаңа түрін жариялайды. Бұл да бірнеше рет басылады. Кезінде бұған: «Мынау жаңа «Әліпбиі» бұрынғысынан қай ретте болса да аса артық. Бұл «Әліпбидің» мазмұны қазақ жағдайына қарай, Мемлекеттік Білім кеңесінің жаңа программасына үйлесімді болып шыққан. Әңгімелері балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық», – деп баға берілген екен. «Жұрт бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», – деп өзі айтқандай, байқап отырсақ, Ахаң замана ағысынан озыңқырап жүріп отырады. Әлгіндей құралдарын үнемі жетілдіру үстінде болады. Ал «Тіл-құрал» аталатын оқулығы қазақ мәдениетінің тарихында бұрын-соңды кездеспеген мүлде соны құбылыс болып қалды. Мұның тосын дүние екенін А. Байтұрсынұлының өзі де мойындай келе, кітап кіріспесінде мынадай түсініктеме береді: «Тіл-құрал» деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұны да әуелгі кезде сондай жат көрінер, өйткені бұл қазақта бұрын болмаған жаңа зат». Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық қызметінде тіл мәселесі ерекше орын алатынын осыдан-ақ көруге болады. Қазақ тіл білімінің қалыптасуында айрықша рөл атқарған бұл еңбектерді саралағанда, жалпы лингвистика ғылымының өрістеуіне даңғыл жол ашқан термин жасау мәселесін тіпті де аттап өте алмаймыз. Әлгіндей оқулықтар түзу барысында Ахаң әрбір ұғым, түсінік, нәрсе, затқа, әсіресе грамматикалық категориялардың бас-басына қазақша термин береді, атау телиді. Қазір бәріміз білетін зат есім, сын есім, етістік, есімдік, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, дыбыс, әріп, қағида, жазу, емле, т.т. толып жатқан терминдердің бәрін қазақ тілі ғылымына алғаш әкелген Ахаң еді! Сөздерді тұлғасына, мағынасына қарай бөліп, саралап, қолмен қойғандай етіп көрсетуі мамандардың қай-қайсысын да әлі таңғалдырады! Ахаң тапқан терминдердің ешқайсысын алмастырып, Ахаң тапқан жаңалықтардың ешқайсысын қайта жасау мүмкін емес. Мұның сыры Ахмет Байтұрсынұлы ұстанған принциптің ғылыми негізінде, та-
биғи заңдылығында жатыр. Ол қандай принцип? Біріншіден, А. Байтұрсынұлы термин жасау үрдісінде қазақ тілінің өз мүмкіндігін барынша пайдаланады. Әлгі терминдердің әрі қарапайым, әрі түсінікті, дәл болуы қазақ тілінің байырғы сөз байлығын сауатты пайдалануға байланысты. Сондықтан да олар өміршең. Сонымен бірге, оның интернациналдық терминдерден де реті келгенде қашпайтынын байқаймыз. Бұған көп дәлелдің қажеті бола қоймас. Фонетика, морфология, синтаксис, грамматика тәрізді ұғымдардың Ахаң қолданысында сол күйінде қалуы осыған дәлел. А. Байтұрсынұлының қазақ тілі морфологиялық тұлғатәсілдерін мүлде басқаша қарап түсіндіруге тырысқанын көреміз. Ол тілдің типологиялық ерекшеліктеріне аса зор мән береді. Әсіресе қазақ тілін зерттеген орыс ғалымдарының тілдің табиғи тегін, тінін аршып, ашып түсіне алмауынан кеткен қателіктерін анықтап, түзетіп талдай келе, өзіндік анықтамаларын береді. Ана тілінің даму ерекшеліктерін барынша ескеру ұстанымын қатты ұстанады. Осыларды ескере отырып, қазақ тіліндегі ғылым саласының осы ғасырдың 10-шы жылдарында пайда болғанын, оның негізін А. Байтұрсынұлы қалағанын айтқымыз келеді. А. Байтұрсынұлының тағы бір аса маңыз берген мәселесі – қазақ тілін оқытудың әдістері. Бұл жайында ол жиырма жылға таяу уақыт бойы дерлік талмай ізденіп, түбегейлі толғамдарын сол кездегі баспасөз беттерінде үздіксіз жариялап отырған. Атап айтқанда, 1910 жылдан басталған тәжірибесін жинақтап, 1920 жылы «Баяншы» деген атпен шағын кітапша етіп, Қазаннан шығарады. Ал келесі 1921 жылы осы тақырыпты сөз ететін тағы бір әдістемелік құралын Ташкент баспасынан бастырады. А. Байтұрсынұлының еңбек жолына үңілсеңіз, оның ылғи да бір жүйелі мақсат көздеп отырғанын байқайсыз. Басты да әуелгі мақсаты – қазақ баласының сауатын ашу болса, соны іске асыру үшін алдымен «Оқу құралын», «Әліпбиді» жазады. Тілді тереңірек түсіндіріп баяндау үшін «Тіл-құралын» түзеді. Ал «Тіл жұмсарын» алсаңыз, өзінің
аты көрсетіп тұрғандай, онда ана тілін дұрыс қолданып, дұрыс тұтынудың жолдарын қарастырады. «Баяншыны» оқысаңыз, тіл үйретудің жүйелі әдістері баяндалады, осылай мәселеге жүйелі келудің нәтижесінде сауат ашу барысы әлдеқайда шапшаң, анағұрлым жедел де жүйелі жүргізілгені мәлім. Сонда, өзінің алдында таза қазақ тілін оқытудың үлгі етерлік ешбір нұсқасы болмаған жағдайдың өзінде, оқыту жайын осыншама терең біліктілікпен, барынша сауатты жүйелегеніне таңғалмауға бола ма! Басқа еңбектерін былай қоя тұрып, осынысының өзімен-ақ ол қазақ халқының мәдени тарихында өшпес із қалдырары даусыз еді. Қазақ тілі жайында А. Байтұрсынұлынан бұрын да зерттеулер болған. Бірақ бәрі де орыс тілінде жазылған еді. Олардың бірде-бірінде (И.И. Ильминский, П.М. Мелиоранский, т.б.) қазақ тілінің өзіне тән терминдік жүйесі туралы сөз де болмайды. Сондықтан бұлардың ешқайсысы да, өзінше құндылығына қарамастан, қазақ тіл білімінің басы ретінде қарастыруға келмейді. Осылармен салыстыра келгенде де А. Байтұрсынұлының еңбектері шоқтықтанып шыға береді. Міне, сондықтан да Ахаңды біз қазақ лингвистикасының бастауында тұрған басты тұлға деп есептейміз. А. Байтұрсынұлы – қазақ тілінің ғана емес, әдебиеттану ғылымының да негізін салушы. Ол әуелгі кезде жоғарыда сөз болған оқулықтардағы анықтамаларды мейлінше дәлелді, ұғынықты мысалдармен жабдықтауға тырысып отырған. Шынында, бұларда берілген қосымша материалдардың қайқайсысы да негізгі ұғымды, ойды соншалықты дәлме-дәл түсіндіріп, тиянақтай түседі. Осыдан-ақ оның халықтың бай ауыз әдебиетін, ертегі-аңыздарын, эпостық жырларын, шешендік сөздерін, мақал-мәтелдерін, нақылдарын да игі мақсатпен үнемі жинап-теріп, соны бастырып шығарумен шұғылданғанын көреміз. Ол бұл жұмысты ертеден, 1895 жылдан бастаған. Бұған «Тургайская газетаның» бетінде бастырған «Киргизкие приметы и пословицы» деген материалы куә.
1923 жылы А. Байтұрсынұлы қазақтың айтулы эпостық жырының бірі – «Ер Сайынды» Мәскеуде бастырады. 1926 жылы Ахаң қазақ халқының басында болған қайғылы оқиғаларды сипаттайтын өзгеше бір жыр өрнегі – 23 жоқтаудың басын құрастырып, жариялайды. Бұл өзі халқымыздың ауыз әдебиетінде жанрлық сипаты басқашалау туынды қатарына жатады. Мұны жинағанда да ғалымның ең алдымен назар аударатыны – жоқтау жырының тіл шеберлігі мен көркемсөз қоры. Әдебиеттің осындай сан түрлі нұсқаларын жинап, зерттеп, бастыра келе, А. Байтұрсынұлы енді оның тарихына үңіліп, теориясын түзуге кіріседі. 1929 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» осындай жүйелі ізденістер мен барлаудың әрі жалғасы, әрі жиынтығы іспетті. Аталмыш еңбек Ахаңды нағыз теоретик ғалым ретінде танытты. Бұл кітап әлденеше жылдар бойы әдебиет сүйер қауымның қолынан түспейтін құрал болды. Өйткені мұнда ол әдебиеттің барлық жанрларына, көркемдік құралдарына, қалыптаса бастаған еуропалық дәстүрден кетіп, таза қазақша, мүлде соны, жаңа анықтама беріп, бәріне терминдік балама телиді. Қараңыз: арнау: зарлай арнау, жырлай арнау, ауыстыру, әсірелеу, бүкпелеу, бейнелеу, дамыту, қайталақтау, көрнектеу, кекесіндеу, мегзеу, теңеу, түйдектеу, теңдестіру, үдету тәрізді жеке сөздерді, өлең айшықтары, шумақ түрлері, тармақ толғаулары, тармақ кезеңдері, заман хат, тарихи әңгіме, саясат, шешен сөз, билік шешен сөз, қошемет шешен сөз, көсем сөз, айтыс өлең, үгіт өлең, үміт өлең тәрізді тіркесімдер Ахаң қолдануында тұңғыш рет терминдік мәнге ие болған. Ғалымның атылып кетуіне байланысты еленбей қалған ғұрыптама, зауықтама, қалыптама, сарындама, сауықтама сияқты қолданыстар терминденуге өзі сұранып тұрғандай. «Әдебиет танытқышта» өзінің терминдік өрісін табуға тиісті мұндай сөз үйірлері молынан кездеседі. Оны игеріп, ел игілігіне жарату, терминдер қатарына қосу – ендігі ұрпақтың міндеті. Сонымен, осы қысқаша шолудың өзінен-ақ А. Байтұрсынұлының
әдебиеттану ғылымының да негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған үлкен ғалым екенін танимыз. Туған халқын сауаттандырып, мәдениетке жетектеу идеясы Ахмет Байтұрсынұлын ақындық әлеміне де алып шығады. Қалдырған мұрасын қарап отырсаңыз, көркемдікпен көмкеріліп ой арқалаған сөз орамдарына тәнті боласыз. Бір қарағанда, бұл кісінің ақындығынан гөрі, қайраткерлігі мен ғалымдығы басымырақ боп көрінуі де ықтимал. Кезінде солай деп те бағаланған (С. Сәдуақасов). «Қырық мысал» мен «Маса» жинақтарын сүзіп шыққанда, Ахаңның тек қана ғалым, тек қана қоғам қайраткері немесе ағартушы емес, керемет ақын, шебер аудармашы екеніне де көзіңіз жетеді. Тіпті, керек десеңіз, барлығы да қазақтың поэзиялық мұрағаттарына тереңірек үңілуден туған тәрізді. Жалпы, оның ағартушылық, ғалымдық, қайраткерлік, ақындық, аудармашылық қасиетін саралай түскенде, еріксіз мынадай ой жетегіне еруге тура келді: Ахаңның алдында қазақ халқы үшін, оның болашағы үшін өлшеусіз мол қазына тастап кеткен үш алыптың – Абай, Ыбырай, Шоқанның болғанын білеміз. Бір ғажабы, осылардың мұрасын терең зерттей отырып, олар көтерген мәселелерді бар жанымен ұға отырып, ол осы үшеуінен тартылатын үш арналы жолды бір өзі таңдап алғандай. Шынында, қараңыз, Шоқанның ғалымдығы, Ыбырайдың ағартушылығы, Абайдың ақындығы мен аудармашылығы А. Байтұрсынұлының өмірлік мұратына айналған. Және бұларды заманаға лайықты нақты істерімен жалғастыра, дамыта түседі. Сондай-ақ, тыңдаушысы мен оқушысы аз болған үш алыптан гөрі, ол азын-аулақ болса да, өз еңбегінің нәтижесін көрген адам. Ал бірақ оның көрген тауқыметі мен шеккен азабын ешкіммен салыстыруға келмейді, адамгершілік өлшеміне сыя да бермейтін еді. Сөйтіп, Ахаңның ақындығы мен аудармашылығы өнерінің орны мүлде бөлек. Ол – өз алдына ғибрат алар ерекше бір мектеп. Бұл жолда да Ахаңның белгілі мақсат көздеп отыратынын байқаймыз. Өлеңін Абайша түрлеп, адам бо-
йындағы надандықты шенейді, саналылыққа, ел болып бірігуге шақырады. «Сауатың ашылмай, басың бірікпейді, ал басың бірікпесе, ел болып оңбайсың» деген мұратты уағыздаудан жалықпайды. Қалғып-мүлгіп күн кешкен қайран қазақты қайтсем оятамын, қалай ел қатарына қосамын деп, сары маса боп ызыңдауы да содан. Төл туындысы болсын, аударма дүниесі болсын, ол осы бағытынан жаңылмайды: Бұ неткен жұрт ұйқышыл?! Болсын кедей, болсын бай, Жатыр бейқам, жым-жырт, жай.
(«Жиған -терген»). Қазекеңнің ұйқыдан бас көтерген кезінде бітірері – өздіөзі шен-шекпенге таласып, өзгелерге жем болып жататынына күйінеді. Мұндай күйге: ...Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз, Алалық алты бақан дертпен кірдік. Немесе: ...Жат жақты жаратқанға көз еттіреп, Жақынмен араздастық, иттей үрдік, – деуінде ащы шындық жатыр. Бұл қазіргі біздерді де толғандырып, үлкен міндет жүктеп тұрған жолдар. Абайша күңіреніс, Абайша толғаныс. Абай шыншылдығы, Абай сыншылдығы оның әрбір өлеңінде осылайша жалғасын тауып, өзіндік жаңаша өрнектермен өзекжарды мәселелерді қозғап жатады. Абайдың бірде-бір өлеңін өткен уақыттың жайын ғана жырлайтын, кезеңдік дүние деп қарай алмайтынымыз сияқты, Ахмет туындыларының да шеңбері бір ғана сәттің, бір ғана кезеңнің ауқымымен шектеліп қала алмайды. Оның әрбір сөзі дәл бүгінгі біздер үшін де әсерін жоймаған, барынша көркем, мейлінше мағыналы. Тіпті, көп өлеңі бүгінгі тіршілігіміздің айнасындай боп көрінеді. Мысалы:
Тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп, Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған. Бос белбеу, босаң туған бозбала көп, Киіздей шала басып, қарпылмаған, – деген шумақ бүгінгі біздерді айтып тұрғандай емес пе?! Бас пайдасынан басқа уайымы жоқ, жақын-жуық, халық мүддесі деген ұғымға миығынан күліп қарайтындар аз ба қазір? Мына бір-екі жол соларды нұсқап, дәл басып көрсеткендей: Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма, Жаны – мал, жақыны – мал, малдың құлы? Ал «Жұртыма» деген өлеңінде қазақтың тағы бір тиімсіз мінезіне қадалады: Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар, Қайтейін өзге десе көнгішіңді. Сықылды сынық бұтақ төмендесең, Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?! Ахмет Байтұрсынұлының аудармашылық қызметінде мысал жанры өзгеше орын алады. Басқа емес, дәл осы жанрға баруының өзінде үлкен мән жатыр. Қазақ бойындағы ежелден қалмай келе жатқан әлгіндей ездік пен бойкүйездік, намыссыздық пен жігерсіздік, алаяқтық пен алауыздық, жалқаулық пен жағымпаздық, т.б. толып жатқан ес жиғызбас дертті әдеттерді сынау, шенеуге келгенде, ақын осы жанрды дұрыс таңдайды. Оның сыншылдығы да, сыршылдығы да осы мысал өлеңдерінде барынша ашыла түседі. Әсіресе шымшыма әзілмен әспеттелетін пәлсапалық түйін мен тағылым-тәрбиелік мәні зор тұжырымдары естен кетпей, көңілде жатталып қалады. Мұның бәрі, біздіңше, өлеңдегі ой мен сөздің, мазмұн мен түрдің өзара жымдасып, қабысып жатуынан. Сонау Эзоп пен Лафантеннен бастау алатын, И.А. Крыловтан баян табатын бұл мысал әңгімелерге Абай да, Ыбырай да қызыққан. Бұларды қазақша сөйлетудің олар да керемет жолын тапқан. Ол – әлі игеріліп бітпеген, тағылымдық өнегесі таусылмайтын өз алдына бір мектеп. Ахмет бұл
дәстүрді де әдемі жалғастырып, көркем аударманың дамуына зор үлесін қосып кеткен. Әрбір тәржіме өлеңі, бір қарағанда, аударма екендігі күдік шақырмайды. Екінші жағынан, тереңірек үңіле қарағанда, төл-тумалығын мойындауға тура келеді. Аударма екенін кейде байқамай қалатыныңыз – өлеңдегі бүкіл айтылмыш ой, мазмұнның қазақы ұғымға ешбір жаттығы жоқтығынан. Ал олай болу себебі Ахаңның қазақ сөзінің парқын мейлінше терең түсініп, оны орнымен қолдана білуінде. Өлең сөзге осыншама шеберлікпен балама табу кез келген ақынның қолынан келе бермесе керек. Мысалдың, ең алдымен, мазмұн-мағынасын ашып және оның көркемдік сапасын төмендетпей, шебер қаланған әсем ғимарат өсіріп шығарады. Қайсыбір тұстарда Ахаң өз тарапынан өнегелік түйін жасап, түсіндіріп те кетіп отырады. Бұл да өзіндік ерекшеліктерінің бірі. Мәселен, «Арыстан, киік һәм түлкі» деген мысал өлеңді ол былай тұжырымдайды: Кісіге таза жолдас табу қиын, Көбін-ақ дос етеді мал мен бұйым. Досыңнан, дұшпаныңнан бірдей сақтан, Басыңда, сірә, Ахмет, болса миың. Ойлама шын достарың мол екен деп, Сөзіне ере берме жөн екен деп. Досыңды қиын іске қайрап тұрған – Білгейсің шын дұшпаның сол екен деп. Немесе «Қара бұлттағы» қаңсып жатқан далаға жауудың орнына, онсыз да кемерінен асып-төгіліп жатқан теңізге барып құя салған бұлтты, мүмкіндігі болса да, еліне еш пайдасы жоқ кейбір адамдарға ұқсатады. «Дала – бейғам жатқан қазақ», – дейді. Бұлттай жерге жаумай, суға жауған, Қазақта іс ететін көп адамдар. Жұмсамай тиісті орынға мал, өнерін, Біреулер жүреді, оған не амал бар?
Мысалы, қазақ – дала, орыс – теңіз, Даланы, шама келсе, көгертіңіз. Жалпы, Ахаң қандай мысалды аударса да, аяғын қалай да қазаққа әкеп тірейді. Оянар ма екен, сабақ алар ма екен, серпілер ме екен деумен болады. Әйтеуір, қазақтың бар қылығына теңеу табады. «Баласын аяған адам оны сүймейді» деген мазмұнда жапонның бір мақалы бар екен. Ахаңның қазақты қаншалықты сүйетініне, сондықтан да оны бар жаман қылықтардан арылтып, адал адамгершілік жолына алып шығумен әуре болатынына қайран қалып отырасыз. Қаршадайынан ел деп езіліп, халқым деп қайғы жеп, азап пен тозақтың бәрін бастан кешіріп, ақыры қаратүнек надандықтың құрбаны болған аяулы да ардагер Ахаң мен сол сияқты кемеңгерлер жүріп өткен жолды аузың барып қалайша жайбарақат әңгімелей аласың! Сол бір бәйгеге басын тіккен есіл ерлердің шер мен сырға толы еңбек жолы жаныңды қалай күйзелтпесін! Неге бұлай болды, қаншама халықты саналы жолға салып, болашаққа жетелеген ел көсемдерін зәбірлеген, олардың тұқым-тұяғымен жер бетінен жойылып кетуіне себепші болған кімдер? Жалғыз Сталин бе, болмаса жалғыз Голощекин бе? Бұл жауыздардың сұрқия саясатын алақайлай үдетіп, дамытып, «құлпырта» орындағандар болды емес пе ортамызда? Олардың аты неге аталып, ардың, адамгершіліктің сотына неге салынбайды?! Адам баласы тарихында бұрын-соңды болмаған осынау теңдесі жоқ жауыздықтың авторлары мен орындаушыларын халық талқысына салмай, санада шөгіп қалған, бұғып жатқан арсыздық пен сатқындықтан, сірә, арыла алмаспыз. Ойлап қаралықшы, ағайын. Біздің халқымыздың басына төнген қатер тек осы ғана ма? Тең жартымыздан айырылдық деп күңіренеміз. Ол рас, әрине. Бүкіл бір әлемге, бір халыққа аз қайғы емес. Бұл орны өмірі толмас, өлшеусіз қасірет! Бірақ қазақтың көрген тозағы осы ғана ма, ол құрбандығымен тазарып, адалданып бітіп пе еді? Жоқ, ағайын, бақсақ, біз
ұлттық тәуелсіздік, ұлттық тұтастық үшін күрес алдында өз жүрегіміз бен санамызға өшпес қара дақ түсірген халықтың бірі екенбіз. Елдің тең жартысы аштықтан қырылып, ширегі шетелге қашып құтылды дейміз. Рас, ал елде, атамекенде аман-есен, халық, ұлт атына ие болып қалғандардың бәрінің бірдей ары, жаны таза деп айта аламыз ба? Халқымызды қырғынға ұшыратқандар, барсакелмеске айдатқандар, жауыздар, сатқындар әлі де жүрген жоқ па екен арамызда алшаң басып, ойланалықшы! Әшейінде әділеттің ақ жолын ұстаған боп, кезеңі, реті, сәті келгенде аянбай қимылдайтын бұлар кеше де, яғни 1986 жылғы Желтоқсанда да көрсетпеп пе еді көресіні? Ендеше, олар әлі тірі, сақ. Тек бой тасалап, жауыздығын жасырып, арамызда әлі жүр. Бар бәлені, дертті, ендеше, өз бойымыздан іздесек еді. Халқымыздың жан саулығына өлшеусіз зор зиян келтірер осынау көрмінез бен арам пиғылдан арылмай, тәуелсіздігіміздің іргесі нық болмай ма деп күйзелесің. Ол неше алуан түрге еніп құбылады. Ол біресе қоғамшыл, біресе партияшыл, біресе ұлтшыл, біресе халықшыл боп түрленеді, өрекпиді. Міне, Ахаң жайында әңгіме қозғағанда осындай ойлар мазалайды кісіні. Жалпы, Байтұрсынұлы оқуы енді ғана басталды деп білеміз. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін, оның сауатты да білікті ел қатарына қосылуы үшін ақтық демі біткенше күрескен осынау ұлы адамның аты ұлт жүрегінде мәңгі сақталатыны сөзсіз. Ахметтануға тереңдеген сайын рухымыз биіктеп, арымыз тазара түспек! ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ АТАСЫ Қазақ әдебиеті тарихында ұлы Абайдың орны қандай болса, қазақ тіл білімі мен мәдениеті тарихында Ахмет Байтұрсынұлының орны сондай. Елу жылдан астам уақыттан кейін ел қолы әрең жетіп отырған А. Байтұрсынұлының
бай мұрасын жай санамалап өткеннің өзінде, осынау адамның өмірдегі ғажайып ерлігі мен табандылығына, туған халқына деген шексіз перзенттік сүйіспеншілігіне, асқан білімдарлығына тәнті болмай тұра алмаймыз. Оның өмірбаяны, бар тірлік-тынысы, ой-арманы туған халқына деген қалтқысыз қызметтен тұрады. Оның өмірін сондықтан да жеке адамның, жеке бір маманның өмірі деп қарауға болмайды. Ол – халықпен біртұтас, қалың бұқарамен тамырлас, ел жүгін белі қайыспай көтерген нағыз халық перзенті. Ахмет Байтұрсынұлының сан-салалы мұрасын игеру ісі енді ғана басталды. Оның ағартушылық қызметі, ғылыми ізденістері, жазушылық жалыны, ақындық дарыны, аудармашылық өнері және қоғам қайраткері ретінде ісі, т.т. толып жатқан қоғамдық қызметтердің қай-қайсысында да ол өзінің өшпес ізін қалдырды. Бұл салалар бойынша әлі талай ізденістер, зерттеу еңбектер жазылары хақ. А. Байтұрсынұлының артына қалдырған мазмұнды да бай мұрасына қарағанда, оны әлденеше университет бітірген, әмбебап білімдар адам деп ойлауға болады. Ал, шынында, ол өз өмірінде екі-ақ оқу орнын көрген: бірі – Торғайдағы екі сыныптық (кластық) орыс-қазақ училищесі де, екіншісі – Орынбордағы мұғалімдер дайындайтын қазақ (қырғыз) мектебі. М. Әуезовтің сөзімен айтқанда, «Ахаңның тәртіпті мектептен алған барлық оқуы осы» болса керек. Ал оның өз бетінше оқып, өмірден әлденеше университетке татитын білім алғанын артында қалған мол мұрасы айқын танытады. Табиғат берген зерде оны өз бетінше іздендіріп, көптеген өнер, білімді игеруге итермелейді. Сондай толассыз ізденіс арқасында ол әрбір көзі ашық, сауатты азаматтың басына ертелі-кеш бір келер үлкен ойға қалады. Ол туған халқым үшін не істей аламын, не беремін, қолымнан не келеді деген ой еді. Сол бір кездегі халқының мүшкіл халін көріп күйзеліп, оны өзге жұрттармен салыстырып, қараңғылықтан, надандықтан шығудың бірден-бір жолы – оқу, білім деп табады да, өзінің бар күш-жігерін осы жолға жұмсайды.
Еңбек жолын ең әуелі ауыл мектебінің бірінде мұғалім болып бастауында осындай сыр бар. Ақтөбе уезі, Батпақты болысында басталған ағартушылық жолы Қостанай өлкесінде жалғасады. Ол әр жерге орын ауыстыра жүріп, қазақ ауылының жағдайымен түбегейлі танысады. Омбыға да барады. Ол болған жердің бәрінде де қазақ халқының ауыр халі оның нәзік жанын күйзелтпей қоймайды. Омбы, Ақмола, Семей өлкелеріндегі мектептерді басқарып тұрған А.Е. Алекторовпен кездескеннен кейін, оның көзі көп нәрсеге жеткендей. Патша саясатының шын мәнін сезіп, жүрегі мұздаған ол қараңғылық қапасында жатқан туған халқын оятып, дүниеге көзін ашқысы келеді. Сол жолда әлденеше әрекеттер жасайды. Ол 1896 жыл мен 1907 жылдар аралығында Қарқаралыда мұғалімдік қызмет атқара жүріп, қалада оқып, көздері ашыла бастаған жастарды және жергілікті жердегі біренсаран саналы ойлы азаматтарды төңірегіне жинайды. Олардың арасына ағартушылық рухын тарата бастайды. Осының көрінісі ретінде ол Россия Империялық Министрлер Советі председателінің атына петиция (арыз-тілек) жазып, жолдайды. Бұл өзінің кезеңінде айрықша батыл қадам болатын. Онда негізінен қазақ халқының жағдайлы өмір сүруіне қажетті деген басты-басты мәселелерді тізіп жазған: жер мәселесі, қазаққа земство беру, қазақты мүфтиге қарату туралы және ең бастысы – «Қазақ даласында оқуағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашатын болсын, оқу ана тілінде жүргізілсін» деген жолдар бар еді. Мектептерде оқу ана тілінде жүргізілуі үшін бұрын болмаған тың жол салынуы керек екенін Ахаң өте жақсы түсінеді. Сондай үлкен жауапкершілікті өзіне сенгендіктен де мойнына алып, әлгіндей хат жазған болатын. Ол хат жазумен ғана тынбай, енді сол қазақ балаларының өз тілінде сауат ашуына арнап, тұңғыш әліппені жазады. Оны «Оқу құралы» деген атпен 1912 жылы Орынбор қаласында бастырып шығарады.
Бұған дейінгі қолданылып келген «Букварь», «Самоучитель» (кейде оны «Жазуға үйрететін кінеге» деп те атап келген) дегендер қазақ балаларының сауатын орыс графикасы негізінде орысша ашатын құрал болатын. 1892 жылы Қазанда басылған «Букварь для киргизов» деген осындай құралға А.Е. Алекторов «Әрпі орысша, сөздері, текстері таза қазақша» («Букварь русские, фразы, тексты на чисто казахском языке») деп анықтама беріпті. Сонымен, А. Байтұрсынұлының 1925 жылға дейін 7 рет басылған бұл «Оқу құралы» – қазақ халқын төте оқу жолымен жаппай сауаттандыруға арналған тұңғыш әліппе болып табылады. Осыдан көп ұзамай, ол енді қазақ тілін мектепте пән ретінде оқытуды жоспарлап, оқулық жазуға кіріседі. «Тілқұрал» деп аталатын бұл оқулықтың фонетикаға (дыбыс жүйесі) арналған І бөлімі 1912 жылы тұңғыш рет жарық көреді. Мұның 1927 жылы Қызылордадан шыққан нұсқасында 7-ші деп көрсетілуіне қарағанда, бұл оқулық осы екі аралықта осыншама рет жарық көргенге ұқсайды. «Тіл-құралдың» морфологияға (сөз жүйесі) арналған ІІ бөлімі 1914 жылы баспадан шыққан. Ол да 1927 жылға дейін 6 рет басылып үлгерген. «Тіл-құралдың» синтаксиске (сөйлем жүйесі) арналған ІІІ бөлімі де көп ұзамай жұртшылық қолына тиеді. Бұл еңбек те бірнеше рет басылым көрген. Мысалы, ҚызылордаТашкенттегі «Казгосиздаттан» 1928 жылы басылып шыққан кітапта 6-шы басылым деп көрсетілген. Ғалым тіл үйретуде бұл еңбектермен ғана шектеліп қалмай, енді қолданбалы грамматиканы жазады. Оны «Тіл жұмсар» деген атпен 1928 жылы Қызылордадан шығарады. Сондай-ақ тіл үйретудің таза методикалық әдісін үйрететін «Баяншы» деген кітабын да жұртшылыққа ұсынады. Байқап отырсақ, бұл тұңғыш қазақ лингвисі өзінің алдына жүйелі мақсат, айқын программа қойып, сол бойынша өз бетімен жұмыс істеген тәрізді. Мәселен, оның бірінші мақсаты – қазақ баласының сауатын ашу болса, осыдан ба-
рып «Оқу қуралы» пайда болды, содан кейін қазақ тілінің грамматикалық құрамын ана тілінде талдап беруді мақсат етеді де, «Тіл-құралды» жазады. Тілді дұрыс жұмсай білу тәртібіне байланысты ойға қалады да, «Тіл жұмсарды» ұсынады. Оқытудың методикасын жасау мақсатында «Баяншыны» береді. Кезінде әлденеше қайталанып басылуының өзі бұл еңбектердің зәрулігі мен бағасының қаншалықты дәрежеде болғанын аңғартса көрек. Осы еңбектерді жазып, жарыққа шығармас бұрын ғалымға қазақ жазуымен түбегейлі айналысуына тура келеді. Неге десеңіз, ол кезде пайдаланып жүрген араб жазуының көптеген дыбыстық жүйесі қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендірілмеген болатын. Соның нәтижесінде арабша хат таныған адамның көбі сауаты шамалы болып шығатын. Міне, сондықтан А. Байтұрсынұлы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттерінің беттерінде араб емлесіне лайықтап икемделген жаңа нұсқа туралы жұртшылыққа түсіндіріп, мақалалар жазады. Ол жасаған жаңа жазу үлгісі ел көңіліне бірден жетеді де, қабылданады. Міне, осы тұста ғалым әрбір пәннің, әрбір ғылым саласының өз жүйесі, сол жүйесіне лайықты ұғым, түсініктері болуы тиіс екеніне көзі жетеді де, қазақ тілінің терминдік атауларын тыңнан жасауға кіріседі. Онсыз елдің сауатын ашарлық, білімін көтерерлік оқу құралының қандайын болса да жасаудың қиынға түсерін ұққан жанның тек осы саладағы еңбегінің өзі-ақ ол туралы мақтанышпен әңгіме қозғауға негіз болар еді. Олай дейтініміз оның орасан зор еңбегі – қазақ тіл грамматикасының орын-орнына барып тұра қалған, басқа көршілес туыс тілдер мамандарының күні бүгінге дейін таңдайын қақтырып жүрген, тамаша терминдік жүйесі еді. Жоғарыда айтылған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде қазақ жазуы жайында жазған мақалаларында А. Байтұрсынұлы қазақ ұғымына әлі жат, бірақ тіліміздің ішкі жүйесін түсіндіруге қажет кейбір сөздерді жаңаша қолдана бастайды. Олар дыбыс, әріп, емле, ноқат (нүкте),
үтір, буын, әліппе, сөз аяғы, белгі, сөз басы, дауысты дыбыстар, сүйеніш, дәйекші деген сөздер. Бұлар қазақ тілінде бұрыннан бар болғанмен, белгілі бір ғылыми ұғым есебінде нақты атауға иелік жасап отыруы тұңғыш рет. Қазақ тілі терминдерін жасауды осындай алғашқы мақала пікірлерінде бастаған А. Байтұрсынұлы өзінің үш бөліктен тұратын айтулы еңбегі «Тіл-құралда» мейлінше дамытып, ұластырып алып кетеді. Оның бұл еңбектерде пайдаланған терминдері жайында әңгіме қозғамас бұрын мына бір тұсқа назар аударғымыз келеді. «Тіл-құралдың» дыбыс жүйесін талдайтын бірінші бөліміне ол алдымен алғы сөз (сөз басы) жазып, кітаптың мәнін, мақсатын түсіндіреді. Тұңғыш рет ауызша сөйлеуден жазып сөйлеудің маңызын ғылыми тілмен баяндай келе: «Әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазусызуға үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен өтініп, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз», – деп болжауы қазіргі кезеңде де мәнді пікір болып тұрған жоқ па? Ол қазақ тілінің бұдан былайғы жерде негізгі жұмыс құралына айналуға тиісті сөз, сөйлеу, сөйлем, буын, дыбыс, таңба, әріп, тұлға, түбір, жалғау, жұрнақ, қосымша, тасымал тәрізді толып жатқан атауларды тауып, орын-орнына қойып, қалыптастырады, әрқайсысына нақты қызмет береді. Дыбыстардың не екенін, оның құрамын, түрлерін анықтай отырып, олардың, ең алдымен, дауысты, дауыссыз делініп, одан әрі қарай жарты дауысты дыбыстар, қатаң дыбыстар, ұяң дыбыстар, ымыралы дыбыстар, ымырасыз дыбыстар деп түр-түрге бөлінгенін айтып, әрі қысқа, әрі нұсқа түсіндіреді. Әрбір дыбыстың айтылу ерекшелігіне, сөз материалы есебіндегі ішкі, тысқы ажарына соншама зергерлікпен үңіліп, әрқайсысына өзіне лайықты ат тауып, шатастырмай саралап шығуы нағыз білімдарлықтың, тілдің небір нәзік тініне дейін үңгіп ене алатын қабілет-дарыны
зерек лингвистік болмысынан еді. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін саралауға байланысты туған бұл терминдік ұғымның бәрі дерлік тұрақты қалыптасты, тек ымыралы, ымырасыз деген тәрізді сөздердің қолданысы ғана онша өрістей алмады. Оның есесіне жеті септік – атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес деген терминдер өзінің дәлдігімен, өміршеңдігімен ерекшеленеді. Жалпы термин жасау дағдысында А. Байтұрсынұлы ұстанған ең басты екі принципті анық аңғарамыз. Оның бірі және ең негізгісі – термин жасауда қазақ тілінің өз мүмкіндігін барынша сарқа пайдалану. Ана тілі материалын жетік білген және оның барлық қыр-сырын, өріс-өзгерісін, дамығалы, дараланғалы тұрған қауызын аршып алатын ерекше қабілеті бар Ахаң мүмкіндіктен ескерусіз ештеңе қалдырмағандай. Жаңадан жасалған қай сөз, қай терминді салмақтап көрсеңіз де осыдан өзге атау болар-ау деген нәрсе ойымызға да келмейді. Термин жасау принципінде ана тілдің ішкі қарымынан қатты пайдаланды дегенде де, біз А. Байтұрсынұлының өзге озық ел тілдерінің грамматикалық категориялар түзудеп тәжірибесін жете меңгергенін байқамай тұра алмаймыз. Әсіресе, тілді фонетика, морфология, синтаксис деген дәстүрлі жүйеге бөліп қарауынан бастап, соның әрқайсының өзіндік құрылымын саралауда, әрине, ең алдымен орыс тілі грамматикасының әсері жоқ емес. Мәселен, сөздерді түбір сөз, сөз, қос сөз, қосалқы сөз деп, тұлғасына қарай беске бөліп, зат есім, сын есім, сан есім, етістік, үстеу, демеу, жалғау, одағай деп мағынасына қарай тоғызға бөліп саралау – бәрі сол қалпында тілімізге сіңіп, қалыптасып кетті. Бұл келтіріліп отырған мысалдар «Тіл-құралдың» фонетика және морфология бөлімдерінен алынып отыр. Ал 1924 жылы Орынборда басылған «Тіл-құралының» сөйлем жүйесін (синтаксиске) талдауға арналған бөлімінде орын берілген терминдердің өзін өз алдына жеке-дара зерттеуге тұрарлық. Мұнда ол сөйлем мүшелерін соншама бір
көрегендікпен саралайды. Алдымен оны тұрлаулы және тұрлаусыз деп екіге бөліп алады да, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталады. Жоғарыда әңгіме болғандай, оның термин жасау ісінде ең алдымен қазақ тілінің өз мүмкіндігіне көбірек сүйенгенін байқаймыз. Ол жасаған терминдердің бәрі дерлік ана тілдің өз байлығы, өз сөздері. Ал соны іске жарату барысында әртүрлі амалдар қолданылған. Ол әуелі заттық, атаулық ұғымын берерлік сөздерді іріктейді. Әріп, сөз, сөйлем деп, оларға терминдік қызмет жүктейді. Кейде сөздерді тіркестіре қолдану арқылы терминдер жасайды (түбір сөз, туынды сөз, сұраулы сөйлем, тұрлаулы мүше), сондай-ақ түрлі қосымшалар көмегін пайдалана отырып, сан алуан терминдер жасайды (бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, болымды, болымсыз, жалаң, жайылма, үстеу, одағай, шылау, есімдік, етістік, т.т.). Бұл терминдердің біразы орыс тілінің ықпалымен жасалған деген сылтаумен өзгерткісі, қолданыстан шығарып тастағысы келгендердің болғанын да білеміз. Бірақ бұл әрекеттен ештеңе шықпады. Қайта бұдан артық үлгіні қанша әрекет еткенмен жасай алмайтындарына көздері жетіп, елдің бәрі А. Байтұрсынұлы терминдерін негізге алды. Күні бүгінге дейін мектеп пен жоғары оқу орындарында пайдаланылып келе жатқан оқулықтардағы терминдік жүйе түгелімен Ахаң есімімен байланысты. Сонымен бірге өзінің ертелі-кеш жазған мақалалары мен «Тіл-құрал», «Тіл жұмсар» тәрізді еңбектерінде кездесетін программа, фонетика, морфология, синтаксис, синод, дума, школа, председатель, министерство, петиция сияқты сөздерге қарағанда, ол реті келген жерде (әсіресе, орыс тілінің) сөз қорындағы керекті сөздерді пайдаланудан да қашпаған тәрізді. Сондай-ақ ана тілімізде сөздік құрамына баяғыда еніп, байырғылардың қатарына қосылған оқу, білім, мектеп, кітап, өнер т.б. толып жатқан араб сөздерін де терминдік материал есебінде жиі пайдаланып отырады. Сайып келгенде, оның термин жасаудағы өнегелік үлгісі күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Әсіресе тілдің бар
қатпар-қыртысын, бар амал-тәсілін сарқа пайдалана білуде А. Байтұрсынұлы үлгісі таптырмайтын өнеге. Осы қысқаша әңгіменің өзінен-ақ қазақ тіл білімі терминологиясының негізін салған А. Байтұрсынұлы деп түйін жасауға әбден болады. Оның сан қырлы талантының біз бүгін бір ғана саласын баяндауға тырыстық. Ахаңның ақындық, аудармашылық, қайраткерлік қызметі, журналистік таланты, әсіресе әдебиеттану ғылымы терминдерін жасаушы ірі маман есебіндегі еңбектерін зерттеп, баяндап беру – келесі кезекте тұрған міндет.
ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНДАҒЫ Қ.Қ. ЖҰБАНОВТЫҢ ОРНЫ (1899-1938) Бүгінгі қазақ терминологиясының дамып, қалыптасуына Қ.Қ. Жұбановтың алатын оны ерекше. Ерекше болатыны ғылым тармақтары енді-енді ерекшеленіп, енді-енді айқындала бастаған тұсының өзінде еуропаша арнайы білім алған, сөйтіп қазақ тілі білімінің мәселелерін кезінде ғылыми тұрғыда жүйелеп қарастыра бастаған одан басқа маман лингвист бола қойған жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, алып Ахаң (А.Байтұрсынұлы) қазақ тілінде терминдердің алуан түрін жасап, өзі жазған оқу құралдарын ендіріп, қолданысқа қосып кетсе, зерек Құдекең сол терминжасамның принциптерін саралап, ғылыми тұрғыда негіздеп берген. Қазақтың ғылым тілін жасауға зор септігін тигізген Қ. Жұбанов бұл салаға неше алуан практикалық тәжірибе жинап, теориялық тұжырымдарды ой елегінен өткізе отырып келген болатын. Оның қазақ терминологиясымен айналысуы 1925-35 жылдар арасына жетелейді. Қараңыз, 1935 жылы Мәскеуде академик Е.А. Чаплыгин мен проф. Д.С. Лоттенің бастауымен Одақтық Академия жанынан ғылыми-техникалық терминология Комитеті құрылды. Дәл осы 1935 жылы біздің автономиялы Республикамыздың Халық Комиссарлар Кеңесінің жанынан Мемлекеттік терминология комиссиясы (Мемтерминком) құрылды. Осы комиссияның құрылуына себепкер болған проф. Қ. Жұбанов оның тұңғыш төрағасы болып белгіленді. Міне, осы кезеңнен бастап Қазақстанда терминология мәселелері жүйелі түрде, жоспарлы жұмыс ыңғайында жүргізіле бастады.
1935 жылы енгізілген мәдениет саласы қызметкерлерінің Бүкілқазақстандық съезі ашылар қарсаңында Қ. Жұбановтың жетекшілігімен Мемелекеттік терминология комиссиясы «Бюллетенінің» 4 саны жарық көрді. Бұл төртеуінде жария болған 17 зерттеу мақаланың тең жартысы термин мәселесіне бағышталған. Емле, әліппе, әріп жөніндегі мақалалардың өзінде термин сөзге соқпай кететіні жоқ. Бюллетеннің 1-ші санында терминология мен орфографияға қатысты бірнеше материал басылған. Олардың қайсыбірінің қазақша-орысша нұсқасы қатар беріледі де, қайсыбіреуі ана тілінде ғана жарияланған. Біздіңше, мұның мынадай себептері болған тәрізді. Біріншіден, саяси мәні ерекше сауаттылық әлемінде жасалып жатқан мұндай шаралардың деңгейін бүкілодақтық дәрежеге көтеру болса, екіншіден, айтулы ғұламалардың, партия-кеңес қызметкерлерінің және оқу-ағарту ісіндегі мамандардың мағлұматының кеңеюіне жол ашу. Қалайда, сол кезеңнің өресінен қарағанда, материалдардың осындай тәртіппен берілуі өзінөзі ақтады деп білеміз. Мәселен, осы алғашқы санының өзінде «Қазақ әдебиет тілінің терминдері туралы» және «Термины казахского литературного языка» деген атпен мақала екі тілде берілсе, «К пересмотру казахской орфаграфии» мақаласы орысша жарияланған. Бұл аталған дүниелердің авторы – Қ. Жұбанов. Ал «Теріс жазуға емле себепші болмасын» (К. Бегалинұлы), «Қосар ма, дара ма?» (Жұбанұлы Құдайберген) және «Қазақ тілінің емлесі мен әліппесіне кіргізілетін өзгерістердің жобасы» дейтін материалдар қазақша басылыпты. 2-ші санында «Терминдердің спецификасы жөнінде» («О специфике слов-терминов»), «Қазақ тілі орфографиясы мен алфавитіндегі өзгерістер жөнінде жоба» («Проект изменений орфографии и алфавита казахского языка») сияқты орыс тіліндегі мақалалар, сондай-ақ қазақ тілінде жазылған «Математика терминдері жөнінде», «Физика терминдері жайынан» тәрізді мақалалар басылған.
3-ші санында өткен 2-ші санда жарияланған «О специфике слов-терминов» деген мақаланың қазақшасын беріпті. Соған қоса дүнген тілі орфографиясы жөнінде Цунвазаның жобасы басылған. «Бюллетеннің» соңғы 4-ші санындағы материалдар тек қана қазақша. Олар мыналар: «Қазақ тілінің емлесін өзгерту жайы» (Қ. Жұбанов), «Емле, әліппені өзгерту, дұрыстау жөніндегі жоба» (Аманжолұлы Сәрсен), «Әріп, емле, термин мәселелеріндегі негізгі таяныш-тірегіміз не болуы жөн?» (Басымұлы Қажым), «Терминдер туралы». Сонда «Бюллетеннің» төрт санында жарияланған ғылыми мақалалардың термин мәселесін тікелей сөз ететіні соның жеті-сегізі. Басқалары терминді орфография мен алфавитке байланысты әңгіме етеді. Алайда сөзіміздің басында ескерткеніміздей, осы мақалалардың өзінде-ақ көптеген мәселелердің басы ашылып, жазуымызда жүйе бола бастады. Көптеген термин сөздерді ретке келтіріп, оны қолдану, қабылдау, тіпті жасау принциптері айқындала түскені мәлім. Мемлекеттік терминология комиссиясының бұл басылымында тағы бір көңіл қоюға тұрарлық бір мәселе бар. Ол мынау: Оның әрбір санында комиссияда қаралған, талқыланған термин сөздер тізімі жарияланып отырған. Бұл мәселенің дер кезінде шешім тауып, қабылдануына септігін тигізген шара деп білеміз. «Бюллетеннің» алғашқы санының өзінде алдымен қазақ әдеби тілінің теринологиясын жан-жақты әңгімелеп, оның жасалу, қалыптасу, даму және қолданылу өрісі жайында нақты мағлұмат-нұсқау беріп алған соң, «Социал-экономик пәндерінің терминдері» мен «Математика терминдерінің орысша-қазақша сөздігі» берілгені осыны ұйымдастырушы адамдардың білігін танытқандай. Ал екінші санда «Физика терминдері» мен «Ботаника терминдері», үшіншісінде «Математика терминдерінің жалғасын», төртіншісінде «Физика терминдерінің жалғасын» жариялап үлгеріпті. Сонда, байқап қарасақ, сол кездің өзінде-ақ біздің ғылыми мекемелер мен маман адамдар кезеңі-
нің тілек-талабына сай ел мұқтажын өтейтін мәселелерді әлеумет талқысына дер кезінде салып, көпшілік назарын уақтылы аудара білген екен. Ендігі мақсат осы «Бюллетеньде» жарияланған мақалалардың ғылыми мәнін саралап, ондағы көтерілген мәселелердің салмағын таразыға салу болса керек. Мұнсыз біздің жалпы әдеби тіліміздің, оның ішінде өте бай терминологиялық лексикамыздың жасалу, қалыптасу, даму жолын анықтай алмаймыз. Қ. Жұбанов «Қазақ әдебиет тілінің терминдері жайында» деп атаған мақаласында сол кезеңнің саяси-әлеуметтік болмысына бойлап, тіл мәселесіндегі неше алуан құбылыстарға тоқтайды. Қазан төңкерісінен кейінгі алғашқы жылдарда ұлттық мәдениетіміздің айқын бір көрінісі – сауат ашу саласында әрқилы талас-тартыс, айтыстардың болғаны мәлім. Айтыстың дені интертерминдерге қатысты туындап жатты. Шынында, бұл тіпті де оңай мәселе емес еді. Неге десеңіз, ол кезде айқайлатып айтылмағанмен әрбір іс-әрекеттен орыстандыру саясатының салқын салдарын көруге болатын. Осының түп негізін ерте байқаған көреген Ахаң (А. Байтұрсынұлы) қазақ тілінің заңды даму жолын алдымен өзі танып-біліп, сосын ел-жұртына білдіргісі келген-тін. Сөйтіп, ол тілде болатын өзгеріс, өріс, не түрлі құбылыстың бәрі тек ішкі заңдылыққа орай өрбуі тиіс деген түйінге келеді. Әсіресе ол қазақ тілінің ғылым мен білім әжетіне жарарлық қазынасын сарапқа салып, теңдесі жоқ терминдік жүйені жасап, қалыптастырады. Сөйтіп, ол өзінің тілге деген оң көзқарасынан таймай, ұлт мәдениетінің Хантәңіріндей болып, өз ұлтына, өз тіліне деген ұлы махаббатын сөндірмеген күйі дүниеден өтті. Тілдегі, әсіресе терминжасамдағы ол ұстанған бағыттың басты шарты әуелі ана тілінің бар байлығын іске жарату болатын, шеттен келген қандай сөз, қандай аталым болса да, оның тіл заңдылығын қабылдап, кіріге келуі қадағаланатын. 30-жылдардың екінші жартысында осы басты байламға күрделі өзгерістер енгізілді. Ол, әсіресе, орыс тілінен және
сол тіл арқылы келген интернационалдық терминдерге қатысты болды. Онда өз тіліміздің емес, әлгі кірме терминдердің өзгертілмей айтылуы мен жазылуы қатты қадағаланды. Сөйтіп ана тіліміздің табиғи болмысынан тыс, жат заңдылық күштеп енгізілді. Термин жасау принциптерінің алғашқы жобасын жасаған проф. Қ. Жұбанов екені даусыз. Алайда осы принципті түзу барысында профессор өз еркінен тыс қатал тапсырма торына түсіп қалған сияқты. Өйткені қазақ тілі заңдылықтарын бір білсе, осы адам біледі дейтін ғұламаның, «өзге тілдік кірмелерді бұлжытпай алайық» деуінде амалсыздық байқалады. Бұл сол кезеңнің білімпаздары амалсыз мойынұсынған шара демеске болмайды. Қазақ тілінің емле ережелері де сол баяғы Мәскеу ықпалымен жасалғаны мәлім. Бұл тілдің даму жүйесіне, сауат ашу ісіне жасалған қиянат еді. Әйтсе де Мемлекеттік терминология комиссиясы жұмысының айрықша болғанын атап айту парыз. Ол құрылған алғашқы күннен бастап осы тектес ең күрделі мәселелермен айналысып, әдеби тілдің нәрлене, қалыптаса түсуіне септігін тигізген талай шешім қабылдап келеді. 20-жылдардағы әлеумет өміріне, соған орай ғылым мен мәдениет тарихына зер салсақ, неше алуан ұғымдар мен көзқарастардың, қым-қиғаш талас-тартыстың болғанын да байқар едік. Әйтсе де білімге сусаған ел жаңа өмірдің жарқын істеріне араласып, өз әліпбиін түзіп, өз жазуын жолға қоюға кірісті. Сөйтіп, қазақ халқының тарихында бұрын-соңды болып көрмеген жаңалықтар мен оны білдіретін жаңа ұғым, түсінік, құбылыстардың бәрін тіл фактілерімен деректеп отырарлық термин сөздер қалыптаса бастады. Оқу, білім, өнер, ғылым, мәдениет, экономиканың қай-қайсысында да халық ұғымына тосын сөздер пайда болды. Оның әрқайсысының терминологиялық жүйесін жасау үшін сауатты, білікті мамандар даярлау проблемасы тұрды күн тәртібінде, ал мамандар жетіспейтін. Алға жетектеген шаралар ретінде мыналарды айтуға болады: кеңселерде ісқағаздары қазақ тілінде жүргізіле бас-
тады, қазақ тілінде шығатын газет-журналдар көбейді, қазақ мектептері ашылып, онда оқылатын пәндердің бәрі ана тілінде жүргізілді. Сонымен бірге қазақ тілі мейлінше кең қанат жайған көркем әдебиет тіліне, әлеуметтік өмірге тікелей араласу барысында қоғамдық-саяси әдебиет тіліне, түрлі шаруашылық пен экономика, өнер, жалпы мәдениет тіліне айналды. Сөйтіп, қазақ тілі күнделікті өмірдің қай саласына да белсене араласып, қоғамдық қызмет аясы кеңейе түсті. Күн өткен сайын, өмір алға озған сайын мына сөзді қалай жазамыз, ана сөзді қалай қабылдаймыз деген тәрізді сұрақтар көбейіп, терминге деген ділгерлік артып, мұқтаждық молайды. «Атаулар сөздігі» (Қызылорда, 1931) осындай мұқтаждықты сәл де болса өтеу жолындағы алғашқы әрекет еді. Бұл – Қазақстан Оқу комиссариаты Білім кеңесінің жетекшілігімен жасалған сөздік. Білім кеңесі сол кездегі бірінші кезекте тұрған мәселе ретінде осы пән атауларын жинап, тез арада жұртшылыққа ұсынды. Алғашқының аты – алғашқы. Мұның негізінен кейінгі жұмыстарға аздап септігі тигенмен, жоғарыда ескерткеніміздей, кемшіліктері де аз емес. Өйткені бұл әлі ғылым салаларынан маман адамдар даярланбай тұрған шағында, сол игі іске себі тие ме деген мақсатпен жасалған сөздік еді. 1935 жылы өткен мәдениет қайраткерлерінің Бүкілқазақстандық съезінің күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелердің бірі – орфография мен терминология мәселесі болды. Осы съезд қарсаңында Мемлекеттік терминология комиссиясы өзінік кеңейтілген мәжілісін өткізіп, онда ғылымның әртүрлі саласына байланысты жасалып жатқан терминдер жүйесі туралы сөз қозғады. Қазақ тілінің ғылыми терминологиясын жасап, оларды ретке келтіруде, сондай-ақ алдағы жұмыстар бағытын айқындай түсуде бұл съездің атқарған рөлі зор болды. Съезде терминология мәселесі ғылыми проблема есебінде қарастырылып, оның негізгі белгілері, ерекшеліктері анықталды. Лексиканың өзге қабаттарына қарағанда терминнің
өзіне тән өзгеше қызметі, жасалу жолдары, қалыптасу сырлары бар екені дәлелденіп, ғылыми принциптері түзілді. Осының негізінде бұдан былай қарай термин жасау ісі белгілі бір ғылыми жүйеге, тіл заңдылығына сәйкес, қабылданған принциптер негізінде жүргізілетін болды. Яғни термин жасаудың ортақ принципі түзіліп, оның басқа да маңызды мәселелері шешімін тапты. Съезд қарсаңында жасалып, жұртшылық талқысынан өткен, сөйтіп съезд мақұлдамасын алған қазақ терминдері Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің 1935 жылғы 23 маусымдағы 812-ші қаулысымен бекітілді. Съездің алды-артында қауырт жүргізілген осы тектес жұмыстар нәтижесі іле-шала І936 жылы терминологиялық сөздік күйінде «Қазақ тілі терминдері» деген атпен жұрт қолына тиді. Қ. Жұбановтың жалпы редакциясымен «Қазақстан» баспасынан жарық көрген бұл сөздіктегі терминдер негізінен үш саланы (әлеуметтік-экономика, физика мен математика) қамтыған. Жинақталған терминдер саны онша көп бола қоймағанмен, бұл қазақ терминологиясының сол кезеңнің талап-тілегіне орай ғылыми арнаға түсіріп, оның әлеуметтік мәні бар мәселе екенін танытқан игі іс ретінде тарихта қалды. Сөздікте үкімет қаулысымен бірге Мемлекеттік терминология комиссиясы басшылыққа алатын қазақ әдеби тілі терминологиясының он тармақтан тұратын принциптері берілді. Бұл құжат терминологтар алдына мынадай талаптар қойды: Бірінші шарт бойынша, әдеби тілдердің көбіне ортақ революция, совет, теория, практика, тенденция, медицина, хирургия, климат, абсолютный, конкретный т.с.с. халықаралық сипаты бар терминдерді сол түпнұсқадағы қалпынша қазақ тіліне аудармай алу; екінші шарт бойынша, әдеби тілдер тәжірибесінде аударылып алынып жүрген производство, труд, деньги, корень, стебель, мышцы, деление, умножение тәрізді халықаралық терминдерді аудару керек. Ал сословие, состав, клетка, слет сияқты қазақ
тілінде баламасы жоқ немесе терминнің қазақша нұсқасы бастапқы мағынадан ауытқитын болса, онда оны аудармай алған жөн, делінеді. Үшіншіден, әртүрлі ғылым салаларына ортақ терминдер болуы мүмкін. Мысалы, материя термині философия мен физикада, түбір термині математика, ботаника және лингвистикада, реакция термині химия, биология және саяси ұғым есебінде, экскурсия сөзі оқу-ағарту ісі мен физиология ғылымында кездеседі. Бұларды сол бірыңғай түрде қалыптастыру керек. Төртіншіден, әрқилы жағдайда әр алуан мағынаны білдіретін мануфактура (тарихи-экономикалық және товартану мағынасында), продукт (өндіріс өнімі және азық-түлік мағынасында) сияқтылар бір пәнде термин ретінде алынсын да, екіншіде жай сөз ретінде аударылсын. Бесіншіден, халықаралық терминдер орысшада қалай алынса, қазақшада да солай алынады. Егер ол сөздерді таңбалайтын кейбір әріптер жетіспесе, қазақ алфавитінің бар мүмкіндігі пайдаланылатын болсын. Алтыншы тармақ бойынша, аударуға келетін терминдерді аударғанда оның ғылыми мәні дәл берілуін қадағалау қажет. Аудару кезінде қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктері қатаң сақталуы тиіс. Беріліс – передача, көпбұрышты – многоугольник, тәжірибе – практика тәрізді терминдерді түсініксіз ететін жасанды сөзжасамға үйір болмаған жөн. Жетінші тармақта былай деп көрсетіледі. Есім және есімденген етістік түріндегі халықаралық (интернационал) терминдер сол түрінде алынсын. Ал -изация, -ификация, -ация жұрнақтарымен келетін машинизация, электрофикация, обьективация сөздеріне қазақ жұрнақтары жалғанып алынсын (машиналандыру, электрлендіру, объективтену). Ал -ский, -ный жалғаулары арқылы жасалған анықтауыш сын есімдер қазақшасында қысқартылып, популяр кітап (популярная книга), абсолют шама (абсолютная величина), буржуаз идеология (буржуазная идеология), экс-
тенсив шаруашылық (экстенсивное хозяйство), дифференциал теңгерме (дифференциальное уровнение) түрінде алынуға тиіс. Сондай-ақ түбір сөздің к дыбысы ч-ға айналып, -ский жұрнағымен келетін сын есімдер жалғауы қазақшасында қысқартылып, электршам (электрическая лампа), физикалық география (физическая география) т.б. түрінде берілсін. «Изолировать», «машинизировать» тәрізді есімнен болған етістік формалар қазақ тілінің жұрнақтары арқылы изоляциялау, машиналандыру деп аталсын. Сегізінші тармақта халықаралық терминология тәжірибесінде қолданылып жүрген кейбір -ист, -изм тәрізді суффикстер мен ре-, син-, де-, анти-, контртәрізді сөз алды префикстерінің қазақ тілінде баламасы жоқ болғандықтан, термин сөздермен бірге бұлар да қабылдансын, басқа қосымшалардың бәрін де қазақша түрінде алу керек делінді. Тоғызыншы тармақта қысқарған сөздер жайы әңгіме болады, авто, аэро, авиа т.б. қазақ сөздерімен біріктіріп, автожол, автоқатынас, авиашана, т.т. деп алынсын делінген. Осы күнге дейін қазақша аудармасы беріліп келген диктатура, революция, совет, теория, практика, контрреволюция, милитаризм тәрізді т.б. терминдер бұдан былай қарай аударылмай, бәрі сол халықаралық қолданыстары қалпынша алынуы тиіс. Оныншы тармақта өте маңызды мәселеге мән беріледі. Атап айтқанда, Қазан төңкерісінен бері, әсіресе орыс тілінің сөз жасау тәжірибесінде қолданылып келе жатқан біріккен күрделі сөздер мәселесі әңгіме болады. Саяси экономия (политэкономия), ауатком (райисполком), т.б. тәрізді жаңа тіркесім терминдер қазақ тілі заңдылығына орай жасалып, Мемтерминком бекіткен соң қолданысқа ендірілсін. Міне, ең алғаш түзіліп, басшылыққа ұсынылған терминжасам принциптерінен өзіндік сипаты осындай жетістіктермен қатар, кейбір кемшіліктерінің болғанын да жасырудың қажеті жок. Мәселен, кейбір халықаралық терминдер мен советизмдерді сөз еткенде қайсыбір жүйесіздіктер көзге түседі.
Оның бер жағында, терминжасам үрдісіндегі қазақ тілінің өз мүмкіндігі жан-жақты ашылып айтылмайды. Сондайақ аударылсын деген сөздердің біразын аударудың керегі жоқтығы, ал түпнұсқадағы күйінде берілсін дейтін сөздердің қайсыбірінің тамаша баламасы бар екені көрінеді. Қысқасы, күні кешеге дейін бұл істе орыста қалай болса, солай алу керек деген пиғыл үстем болып келді. Соған қарамастан осындағы көрсетілген ұстаным алдағы терминжасам үрдісіне қызмет еткен құжат еді. Бұл принциптер күні кешеге дейін қаймағы бұзылмай емле ережеріне де енгізілді, барлық сөзжасам мен терминжасам процесінде қолданылып келді. Терминжасам ұстанымдары туралы сөз қозғағанда, біз А.Н. Самойловичтің, Н. Сауранбаевтың, Қ. Шәріповтың, М. Балақаевтың, С. Бәйішевтің есімдерін еске аламыз. Бұлардың да терминжасам процесіндегі ұстанған негізгі бағыты интернационалдық терминдерді және орыс тілінің атау сөздерін өзгертпей, сол қалпында қабылдау дегенге саяды. Ахаң, Құдекеңдер тәрізді ұлы тұлғалар тастап кеткен ғажайып мұра жалғасын таппай қалған жоқ. Өмір сұранысына өзінше жауап беруге тырысқан зерттеулердің қарасы қазір баршылық. Солардың қайсыбір тұстарына да тоқтала кеткенді жөн көріп жүрміз. 50-жылдардағы баспасөз материалдарын қарап отырсақ, термин жасау ісінде кезеңіне лайықты аздаған өзгешіліктер кездеседі. Көптеген интертерминдердің қазақша баламасын (І. Жарылғапов, Ә. Сатыбалдиев, Р. Бердібаев) тауып, қолданысқа енгізе бастаған жандар болған. Бірақ мұндай бірен-саран әрекеттер кең өріс ала алған жок. Қазақ сөзін осылайша терминдендіру әрекеті 70-жылдарға дейін созылып келді. Терминдердің жалпы халықтық сипат ала бастаған тұсы кейінгі 15 жыл шамасы. Әсіресе қайта құру кезеңі көптеген сөздеріміздің терминдік қызметін жандандырып, қаласы бұзылмай сіресіп тұрған кірме сөздерді тіл заңдылығына сәйкестендіріп қабылдау бағыты қайта жанданды. Термин жасау процесінде әр алуан үлгілер өріс ала бастады.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебені иеленіп, ол «Тіл туралы» Заң мен Конституцияда заңдастырылуына орай термин шаруашылығындағы көптеген кемшіліктерді түзеу мүмкіндігі туды. Әсіресе терминжасам принциптерінен осы уақытқа дейінгі орын алып келген қайсыбір қисынсыз шарттарды қайта қарау қажеттігі көрінді. Кезеңнің сұранысын дәл аңғарған ғалымның бірі – академик Ә.Т. Қайдаров. Ол «Қазақ тілі терминологиясына жаңаша қөзқарас» деген мақаласында казіргі жағдайды баяндай келе, өзіндік екі принципті ұсынады. Сонау 1935 жылдан бергі аралықта терминжасам принциптеріне азды-көпті көңіл бөлген бірен-саран авторлар болмаса, ауыз толтырып айтарлық еңбек кездесе бермейді. Сондықтан академик Ә. Қайдаров ұсынып отырған бұл принциптерге көңіл бөліңкіреген жөн сияқты. Олардың қысқаша мазмұны мынадай: 1. Мемлекеттік тіл тірегі – терминологияға мемлекеттік қамқорлық. 2. Терминжасам ісінде көрініс беріп жатқан бұқаралық үрдістің жақсы үлгілерін орнықтыру. 3. Байырғы лексикалық байлығымызды сарқа пайдалану. 4. Туысқан түркі тілдері тәжірибесін іске қосу. 5. Интернационалдық терминдерді қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп алу. 6. Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкіндік болғанша қазақшаға аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фономорфологиялык ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау. 7. Салалық күрделі терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша қысқартып пайдалануды заңдастыру. 8. Көп жылғы тәжірибе арқылы қалыптасқан дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау. 9. Лексикалық байлығымызды салалық жүйе бойынша жіктеп, саралап пайдалану. 10. Тіліміздегі ұлттық және интернационалдық термин атаулардың сандық, сапалық салмағын табиғи қалпында сақтаудың жолдарын іздестіру.
- Терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу. Әрине, бұл көрсетіліп отырған принциптер ешбір пікірталас тудырмайтын қағидалық дүние емес деп ойлаймыз. Сондықтан біз де бұл принцип туралы ойымызды түйіндемекпіз. Біздің ойымызша, ең негізгілері деп 3-8 және 11-ші принциптерді айтуға болатын сияқты. Басқалары күнделікті қажеттілікке орай қатар жүргізіліп отыруға тиісті шаралар, солардың ішінде үнемі күнделікті назарда тұратыны – өз байлығымызды сарқа пайдалану, түркі тілдері тәжірибесін ескеру, интертерминдерді тіл заңдылығына сәйкестендіріп қабылдау, дәстүр мен шарттылықты мойындау, атауларды қысқартып алу жәйі, жазу дәстүрімізді сақтау тәрізділері. Терминжасам процесінде болып жататын ала-құлалықтардың көбі осы шарттардың ескерілмеуінен, тіл заңдылығының аяқасты етілуінен деп білеміз. Заман талабы ескерілген бұл принциптер, сөз жоқ, қазақ тілінде термин реттеуге себі тиер игі үлгі. Мұндай жаңа үрдіс қазақ тілінің қайта жасалуға тиісті емле ережелеріне енгізілгені жөн. Қысқасы, осы айтылғандардан байқалатынындай, қазақ тілінде термин жасау ісін шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарауға болатын сияқты. Бірінші кезең XІX ғасырдың ІІ жартысы мен XX ғасырдың басын қамтиды. Алғашқы қазақ басылымдары мен Ыбырай, Абай, Шоқандар өмір сүрген дәуір тіліміздің терминдену сипатына аздап болса да ізін қалдырған. Мектеп, медресе, ғылым, білім, оқу, өнер – осының айғағы. Екінші кезең XX ғасырдың 10-жылдары мен 30-жылдардың екінші жартысындағы аралықты қамтиды. Бұл термин жасау процесінің бастапқы кезеңі. Әуелгі қалыптасу тұсында түрлі талас-тартыстардың, неше алуан бағытбағдарлардың болғаны мәлім. Соған қарамастан, термин жасауда негізінен тіліміздің бар байлығын сарқа пайдалану бағыты, басқаша айтқанда, терминдерді қазақыландыру бағыты басым болды. Бұл жерде, сөз жоқ, А. Байтұрсынұлы,
М. Дулатов, Х. Досмұхамедұлы тәрізді тұлғалардың ықпалы зор болғаны көрінеді. Үшінші кезең 30-40-жылдарды қамтиды. Бұл кезде арабшылдар мен латыншылдар айтыса келе, кейінгілері жеңген, сөйтіп латынды тастап, кириллицаға ұласқан жылдар еді. Бұл кезеңнің басты белгісі – интернационалдық терминдер мен орыс атауларын тілімізге түпнұсқадағы пішінін бұзбай, сол қалпында қабылдау болатын. Осының нәтижесінде тіпті қайсыбір қазақ сөздерінің өзін орысша мақаммен айтатын дәрежеге жеттік. Алфавитімізге тіл табиғатына тән емес дыбыстар енгізілді, бөтен префикс пен жалғаулар енді. Емле ережелері осы бағытта түзілді. Төртінші кезең ретінде 40-80-жылдар аралығын әңгімелеуге болады. Мұның термин қолданыста алдыңғы кезеңнен айырмасы шамалы. Негізінен, сол терминологиялық лексикамызды интернационалдандыру, орыстандыру бағыты жүріп жатты. Бұл жылдардың ұлттық лексиканы дамытуға қосқан үлесі шамалы. Бұл – қазақ зиялыларының соғыстан кейінгі жылдары еңсе көтеріп, рухани дүниемізді зерделей бастаған дәуірі. Газет, журналдарда қазақ мәдениетінің мәселелері көтеріліп, жазу-сызуымызға көңіл бөліне бастайды. Сол кездегі баспасөз материалдарынан көптеген интертерминдердің қазақша баламалары жасалып, орыс сөздерінің қазақша сөйлей бастағанын байқаймыз. Тіпті әсіреарабшылдыққа барғыштап, асыра сілтеп те жіберген кездеріміз болды. Соған қарамастан, бұл өз тіл байлығымыздың қадіріне жете бастаған сәт есебінде бағаланды. Бесінші кезең 80-ші және 90-жылдардың екінші жартысына жататын аралықты жатқызуға болады. Бұл жылдардың ішінде болған сан алуан қоғамдық өзгерістер ыңғайына қарап, мұның өзін үш бөлікке жіктеп қараймыз. Алғашқысы – тоқырау жылдары атанып, тарихқа енген Брежнев заманы, екіншісі – қайта құру (Горбачев заманы), үшіншісі – Кеңес Одағының құлап, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының пайда болған заманға сәйкес туындаған тіл
қозғалысы. Бұл құбылыстың әрқайсысының тілде қалдырған өзіндік ізі бар. Әсіресе қайта құру мен тәуелсіздік туы желбіреген соңғы бес-он жылдың мемлекеттік тілімізге, оның ішінде қазақ терминологиясының қалыптасуы мен дамуына жасаған ықпалы ұшан-теңіз. Болашақ зерттеулер, біздіңше, осы кезеңдік сипат негізінде жүргізілгені мақұл деп ойлаймыз. Сонда ғана ғылым тілінің қалыптасу жолдарын нақты саралауға болады. ПРОФЕССОР Қ. Қ. ЖҰБАНОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ Қарт тарихтың қай бетін ашсаң да, ұрпақ санасына салмақ түсірер саралы жолдар мен сұңғыла соқпақтар кездеседі. Сонда елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қана қоймай, сол үшін күресіп, соны жетілдіре, жеткізе тірлік кешкен жандарды әздектете әңгімелеп, үлгі тұтпай өте алмайсыз. Әр кез өзінің осы тектес ұлдары мен ұлыларының ерен еңбектерімен әйгілі. Рухани әлемімізді асқақтатып кеткен ұлы Абайдан соң да тағдыр қазаққа таланттар беруден тарынбаған. Қараңыз, XX ғасырдың алғашқы ширегінің өзінде Ахмет, Әлихан, Шәкәрім, Мұстафа, Халел, Жаһанша, Міржақып, Сәкен, Тұрар, Сұлтанбек, Ілияс, Мағжан, Жүсіпбек, Мұқтар, Бейімбет, Қаныш, Марғұлан сынды алыптар шоғырын түйдек-түйдегімен берген. Бұдан да басқа ғылым мен өнерге, мәдениет пен білімнің өркендеп өсуіне өлшеусіз зор үлес қосқан тұлғалардың өздері мен еңбегін санамалап тауыса алмайсыз. Бір ғажабы, бұлардың қай-қайсысы да халқына қалтқысыз қызмет ете жүріп, ұлт рухын асқақтатқан рухы биік жандар. Сондағы олардың сүйенгені мен сиынғаны – қазақ тілі мен тарихы, мәдениеті мен өнері болған. Құдайберген Жұбанов – осы қатардағы ерен тұлғалардың бірі.
Өз өмірін тұтастай қазақтың тілі мен мәдениетінің өрлей түсуіне бағыштап, небәрі 40-қа енді шыққан шағында «халық жауы» атанып мерт болған тілшінің өзге еңбектерін өзге жұрт айта жатар. Менің бұл жолғы мақсатым – Қ. Жұбановтың қазақ жазуының емлесі мен терминологиясына қатысты еңбектеріне назар аудару, әсіресе, терминологияға байланысты ойлары мен пікірлеріне бойлау. Бір қарағанда, оның термин туралы жазған еңбегі шамалы ғана. Атап айтқанда, «О специфике слов-терминов» (1933 жыл), «О терминологии казахского литературного языка» (1935), «Принципы терминологии казахского литературного языка, принимаемые Государственной терминологической комиссией», «К пересмотру казахской орфографии» (1935) деп аталатын еңбектерін атауға болады. Ғалым бұл еңбектерінде емле ережелерінің дұрыс түзілмеуінің салдарынан бірнеше жыл бойы қаншама терминнің сан түрлі үлгіде жазылып жүргеніне күйінеді. Сауатты жазудың тірегіне айналудың орнына, анархияны үдетіп отырған бұл жағдайдың себеп, салдарын зерттеп, одан шығудың жолдарын қарастырады, ғылыми термин сөздерге қойылар талаптың басты-басты шарттарын анықтап береді. Термин сөздің тұңғыш рет ғылыми анықтамасын жасап, олардың лексиканың өзге қатпарларынан өзіндік ерекшелігін қолға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп береді. Анықтаманы сол тұпнұсқадағыдай түрінде ұсынамыз: «Термином называется специфический вид определенных словесных обозначений, передающих определенные понятия, установленные на данном этапе развития науки и революционной практики, причем передаваемые термином терминологическое понятие может не совпадать со словарным значением, которое присуще данной словесной величине в обыденной жизни» (Жубанов К. Исследования по казахскому языку. Алматы, 1966, 273-б.). Осыдан аңғаратынымыздай, термин дегеніміз белгілі бір кезеңнің сөз әлеміндегі ғылыми атаулық кейпі. Бұл ғылыми ұғым осы сөздің лексикалық мәнімен сәйкес келмеуі
де мүмкін. Атом, психология, яровизация тәрізді терминдерді мысалға ала отырып, Қ. Жұбанов бөлінбес ұғым деп жүрген бұл сөздер де қоғам дамуының кейінгі кезең сатыларында әрі қарай бөлшектеніп, жаңа бір мән туындатып кеткенін әңгімелейді. Қ. Жұбанов термин сөздердің эволюциялық даму ерекшелігін, өзіндік даму заңдылықтарын дұрыс болжап кеткен. Мұндай процесті көптеген терминдердің де жасалу, қалыптасу тарихынан аңғарамыз. Терминжасамдағы қателіктің ең бастысы, Жұбановша айтқанда, аударылмайтын сөздерді аударуға тырысудан, ал аудара қалғандай жағдайда терминнің өзін емес, оның лексикалық мағынасын аударудан туындайтыны рас. Орыс тіліндегі лощадь, корова, толстый, мелкий сөздерін қазақ тіліндегі ат, сиыр, жуан, жіңішке сөздерімен салғастыра сөз етіп, ескермеуге болмайтын қызықты тұстарға мән береді. Мәселен, бұл сөздер бір қарағанда бір-біріне тепе-тең балама іспеттес боп көрінгенмен, белгілі бір кезеңнің сұранысына орай олар ғылыми ұғымға ие бола алмаса, терминге қойылар талап шартына жауап бере қоймағаны. Қараңыз, шынында, лощадь дегенді қазақтар ат деп те, кейде жылқы деп те айта береді. Ал қазақтың атын орыстар кей жағдайда мерин деп, екінші бір тұста конь деуі мүмкін. Сонда аударып термин жасауға мәжбүр болып отырған маман сөздердің осы тектес құбылысын дәл басып саралай қолданбаса, шатасуы әбден мүмкін. Сол сияқты толстыйдың қазақта жуан (жуан сабақ), қалың (қалың қағаз) боп, мелкийдің – ұсақ (ұсақ тастар), тайыз (тайыз су – мелкая вода) болып құбылатыны жөнінде жасалған талдамалар терминтану іліміне қосылған үлкен үлес. Мұны ол қалыптасқан табиғи заңдылық қатарында сөз етеді. Оның ойынша, сөз дегеніңіз тек зат, нәрсе атауы ғана емес, сонымен бірге санаға сіңген, қалыптанған заттардың да атауы. Қоғам дамуының ерекшелігіне сәйкес бұл танымдық құбылыс әр халық ұғымында әр алуан қалыптасуы ықтимал. Қ. Жұбанов 1930-35 жылдары терминология мәселесіне жиірек көңіл бөлген. Бұған негізгі себептің бірі жоға-
рыда айтылғандар болса, екіншіден, оның 1933 жылы Мемлекеттік терминология комиссиясына төраға болуымен байланысты. Ол жазу мен терминология мәселесін нақты қадағалап, бір орталықтан басқарып, ұйымдастырып отырмайынша нәтиже болмайтынын ерте түсінген. Сөйтіп жедел түрде Мемлекеттік терминология комиссиясын ұйымдастырып қана қоймай, онда қаралған мәселелерді дер кезінде жұртшылыққа жеткізудің жолдарын қарастырып, «Бюллетень» шығарды. Ғалым «Бюллетеннің» шыққан 4 санының өзінде қазақ терминологиясының басты мәселелерін қозғап үлгерді. Сонымен бірге ғылымның әр саласында бой көрсетіп, әрі-сәрі қолданылып жүрген терминдердің дені (10 мыңдайын) Мемтерминком мәжілісінде талқыланып, бекітіліп, «Бюллетеньде» жарияланды. Бұл терминдер кейін қазақ ғылымының қалыптасуына негіз болды деп айта аламыз. Қазақ терминологиясының өзекті мәселесінің бірі – оның принциптерін қалыптастыру. Қ. Жұбанов өзі қарап бекіткен 10 мыңнан аса терминдері қандай принциптерге сүйеніп жасады. Ол бұл мәселеге алдын ала үлкен әзірлікпен келген. Бұл жөніндегі өзінің ойларын ол әуелі 1935 жылы 20 мамырда Алматыда өткен мәдениет қайраткерлерінің бірінші құрылтайында баяндап береді. Ол съезде 11 принцип ұсынады. Профессор Қ. Жұбанов ұсынған бұл принциптер съезде 10 пунтке шақталып, негізінен қабылданды. Әрине, негізінен ғылыми тұрғыда дәйектелген бұл қисындар термин жасам процесінде зор рөл атқарғанын айту ләзім. Біз профессордың осы жүйелеуінің арқасында ғылым тілін бір ізге салуға жол ашқандай болдық. Алайда кезінде қазақ терминологиясын жасау ісінде орыс тілі үлесінің ықпалы, яғни «орыстандыру» саясатының әсері айрықша болғанын аса сауатты лингвист Қ. Жұбанов еңбектерінің өзінен байқамай өте алмайсыз. Соның салқыны мына принциптерден аңғарылады. Қазақ тілінің даму, қалыптасу заңдылықтары мен ерекшеліктерін мей-
лінше терең білетін тіл білімпазының өзі ұлттық терминологияны ұлттық негізде жасауға кесірін тигізетін ұстанымдарды басшылыққа алуға мәжбүр болған сыңайлы. Әйтпесе, интернационалдық терминдер мен орыс тілінде қалыптасқан үлгілерді олардың қазақ тілінде баламасының бар-жоқтығына қарамастан бұлжытпай қапысыз қабылдай берейік деудің қисынға келе бермейтінін өмірдің өзі дәлелдеді. 1990-жылдардан бері терминдерді ұлттық негізге қарай икемдеу, ыңғайлау бағыты басымдық ала бастады. Бұл ретте қазақ баспасөзінің, журналист қаламгерлердің еңбегі зор. Күні бүгінге дейін ғылым тілінің 70-80 пайызын құрап келген интернационалдық терминдердің жап-жақсы қазақы нұсқасы жасалып отыр. Мұны кезінде кеңестік тәрбие өтіңкіреп кеткен кейбір әріптестер әлемдік өркениеттен алшақтау, ұлттық сыңаржақтық деп түсіндіргісі келеді. Қалай дегенде де терминдерді «қазақшаландыру» үрдісі жұртшылық сұранысы тұрғысынан кең қолдау табуда. Шынында, бұл кісі шошырлық үрдіс емес. Қайта ес жиып, есейген ұлттың әлемдік өркениетке нендей өзіндігімізбен барамыз, соған еркін апаруға өз тіліміздің қауқары жете ме деген саналы толғанысынан туындайтын заңды әрекет бұл. Мұндай әрекет қашан да қоғам мен тіл арасындағы өзара байланыстан, өзгеріс-өрістер барысынан пайда болады. Қараңыз, бір кезде программа (бағдарлама), устав (жарғы), совет (кеңес), презентация (тұсаукесер), коррупция (сыбайлас жемқорлық), гонорар (қаламақы), бартер (баспабас), юбилей (мерейтой), заказ (тапсырыс), самолет (ұшақ), вертолет (тікұшақ), церемония (рәсім), атмосфера (ахуал), договоренность (уағдаластық), оптимальный (оңтайлы) т.т. қазақша баламасын ойластыру түгілі «пәледен машайық қашыпты» деген сақтық жетегінде жүрдік емес пе? Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы көптің көңілін күпті етіп келді де, тәуелсіздік таңы атысымен өзінің бар аумағымен күн тәртібіне қайта көтерілді. Терминология мәселесі тұң-
ғыш рет докторлық диссертация тақырыбына айналып, оның көптеген көмескі мәселелері ғылыми сарапқа түсті. Содан бері қазір бұл сала 4-5 докторлық диссертация ауқымында қаралды. Ондаған кандидаттык жұмыстар терминологияның сан саласын зертеу объектісіне айналдыруда. Сөйтіп, ғылымның қазақ терминологиясы дейтін жаңа саласы қалыптаса бастады. Қазақ терминологиясының жаңа үрдісі өмірге жолдама алды. Тілші ғалымдардың жоба есебі бойынша (Ә. Қайдар), қазақ тілінде 70 мыңнан аса терминологиялық бірлік бар. Соның 70-80 пайызы әлі күнге терминдік сұрыпталудан өткен емес. Яғни бұлардың бәрі терминделу процесін бастан кешіруі тиіс. Ол мемлекеттік тіл мәртебесі үшін, әсіресе, оның негізгі тармақтарының бірі – ғылым тілінің қанат жаюы үшін аса қажет шара. Бұл көл-көсір жұмыс. Қазіргі қарастырылып жүрген терминдер теңіз астында жатқан алып мұздың аздаған үстіңгі жағы ғана. Оның өзі де көңілден шығып жатқан жоқ. Бұлай болуының себебі неде? Не істеу керек сонда? Мұның бірінші себебі мен мұндалап тұр. Яғни, терминология мәселесіне мемлекеттік көзқарастың орнықпауынан, қажетті қамқорлықтың жоқтығынан. Екіншіден, әлгіндей немқұрайдылық салдарынан арнайы дайындықтан өткен мамандардың жоқтығы. Үшіншіден, әлі күнге қажетті мамандарды дайындамай отыруымыз. Егер бұдан ары да маман даярлау ісі дәл осылай сөзбұйдаға салына беретін болса, қазақ тілінің терминологиясын жуық арада жөнге саламыз деу асылық. Өзін ел етіп ұстап отырған мемлекеттің қай-қайсысында да осы іспен шұғылданатын арнайы мемлекеттік мекемелері бар. Мәселен, Ресейде ғылыми-техникалық терминология Комитетінің жұмыс істеп келе жатқанына жарты ғасырдан асты. Мына тұрған іргелес көршілер Қытай, Моңғолия, Украина, Балтық бойындағы тәуелсіз мемлекеттер т.т. бұл шаруаны үнемі назарында ұстайды. Әрине, тілді жұмсай білу, сөзден сөз жасап шығару кез келгеннің қолынан келе бермесі мәлім. Ол үшін тер-
минологиялық лексика мен ұғымдар жүйесінің ерекшеліктерін дөп басып тани білетін қабілетті маман керек, бар маманға жағдай керек. Осыдан барып мынадай мәселе туындайды. Соның бірі – осы күнге дейін халықаралық терминдер жүйесін үш тілге аударудың принциптерінің, ережесінің жасалмай келуі, оларды жазу, қабылдау тәртібінің белгіленбеуі. Көп кесірін тигізіп жүрген мәселе осы. Сонымен бірге термин шаруашылығын ғылыми тұрғыда жүйелеп, оның мәселелерін түбегейлі қарастыру қажет екенін мақұлдайтын болсақ, бұл жұмысты бір орталыққа шоғырландыру қажет. Және бұған мемлекеттік тұрғыдан қамқорлық жасалып отырмаса болмайды. Бұл шаруа тек науқандық шараға ғана айналып кетсе, ең қиыны сол. Қаншама сөздіктер шығып, олар жұртшылық қолына тиіп жатыр. Ал оларды ғылым сарабынан өткізіп, қазақтың ғылым тілін қалыптастыруда септігі қай дәрежеде дегенді анықтайтын, саралайтын кім? Әлгі біз ұсынып отырған Орталық осындай шаруамен айналысуы тиіс. Бірақ мұндай жұмыс ешбір көмек, қолдаусыз жүріп кете қоймайды. Тағы да қайталап айтамыз, оған маман керек, маманға жұмыс істеткізу үшін жағдайын жасау қажет. Әрбір бас қосудың нәтижесі болып жатқаны қандай жақсы. Мына бүгінгі жиынның да нәтижесі болғай деп тілей отырып, жоғарыдағы айтылған ойларымды ұсынысқа ұластырмақпын. Қазақ тілінің ғылымдағы орны, ғылым тілін қалыптастырудың кезек күттірмейтін мәселелері туралы ой қозғап жүргенімізге бірнеше жыл болды. Мұның бәрі мемлекеттік тіліміздің мәртебесін орнықтыру амалдары ғой. Осы игі мақсатымызға жақында жеткендей болдық. Ұлттық Ғылым академиясы мен Ғылым және жоғары білім министрлігі дейтін мекеме бар екенін білесіздер. Ғылым тілі осында қанат жаймағанда, қайда барып баян таппақ. Мемлекеттік тілдің де өріс алар жерінің бірде болса бірегейі осы. Аталмыш министрліктің басшысы В.С. Школьник біздің көтерген мәселеміздің қаншалықты маңызы барлығын түсі-
ніп, қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде кеше ғана А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанынан бұрынғы бөлім негізінде Ғылыми терминологиялық Орталық құрылды. Әу баста біз дәріптейтіндей болмағанмен, жылдар бойы қатып, қалыңдаған тоңның қабаты жібігендей болып отыр. Ендігі әңгіме осы Орталықтың жұмысын жолға қою жөнінде. Ол ондаған мәселеге тәуелді. Ең алдымен айтарым: негізгі міндет, лажы болса қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуына септігі тиер жұмыстарды ғылыми тұрғыда зерделеп, оның әрі теориялық, әрі практикалық мәселелерін қалыптастыру; бұрынғы және қазір жасалған терминдерді реттеп, жүйеге түсіріп, қалыптандыру; барлық ғылым салалары бойынша ертелі-кеш жарық көрген терминологиялық сөздіктерді қамти, саралай отырып, ғылыми жұртшылықтың сұранысына жарарлық терминологиялық сөздік серияларын баспаға дайындау; Қазақстан Республикасындағы терминологиялық жұмыстарды үйлестіріп отыру және аспирантура, кандидаттық ізденістер шеңберін ұлғайту арқылы ұлттық терминология мәселесімен шұғылдана алатын сауатты мамандар әзірлеу. Бұл тіпті де оңай шаруа емес. Ол үшін аталмыш Орталықтың барлық мұқтаждығы қамтамасыз етілуі керек. Ең алдымен, қаржы жайы алаңдата береді. Біздің министрлік қал-қадарынша жәрдем қолын созғанмен, мәселеге түбегейлі қамқорлық жасар халде емес. Термин мәселесін қажетсінбейтін мекеме жоқ. Бүгінгі мәслихатты өткізуге мұрындық болып отырған ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің де бұл мәселеге тікелей қатысы бар. Егер өзара үйлестіре жұмыс істейтін болсақ, екі министрліктің де терминологияға байланысты мұқтаждығы өтеліп қана қоймай, ғылым тілін өрістете түсуге мүмкіндік ашылар еді. Осындай мақсатпен біз Тілдерді дамыту департаментіне өтініш қағаз түсіргенімізге біраз болды. Біз, қазір жоғарыда еске салғанымыздай, бірнеше сөздік дайындаудамыз. Бітуге таяуы, жалғасып жатқаны бар.
Тіптен Тіл департаментімен осындай жұмыстар жөнінде шартқа тұруға да бармыз. Ал тапсырыс беретіндей жағдай болса, оған да барғалы отырмыз. Әйтеуір, ортақ істі оңашаға тарта бермей, осылайша қауымдасып, қолға алатын жерде нәтиже басқаша болары даусыз. Биыл халық бірлігі мен ұрпақ сабақтастығы жылы. Біз елі үшін еселеп еңбек еткен кешегі зиялыларымыз – А. Байтұрсынұлы, X. Досмұхамедұлыы, Қ. Жұбановтардың ғылымдағы жолын жалғастырушыларымыз. Ұрпақ сабақтастығының бір түрі осы болса керек. Сонау бодандылық кездің өзінде ана тілін аялай тұтынып, атамекенін асқақтата білген ұстаздардың бүгінгі ұрпақтары тәуелсіздігіміздің бір тірегі – мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биіктете түспесе, төмендетпес дегем сеніммен сөзімді түйіндемекпін! Терминология мен аударма ғылымын қалыптастырудағы Қ. Жұбановтың рөлі Жалпы тіл атаулының қоғам өмірінде атқаруға тиісті басты қызметтерінің бірі – оның ғылым тіліне айналуы деп есептесек, бұл қасиет те белгілі бір даму сатысына тән құбылыс екенін мойындау керек. Қазақ тілінің даму тарихына үңілгенде де біз осындай жайды аңғарамыз. Тілдің ғылымға қызмет етерлік қабілеті болу үшін, тіл иесі сол халық ғылымның сан тармағын дамытуға тиіс. Ал ғылымды дамытамын деген ел, ең алдымен, оның неше алуан ұғымын, түсініктерін нақты өрнектейтін арнайы лексикасын жасайды. Әрине, бұл аспаннан түскен, не жер астынан алынған нәрсе емес, әрбір тілдің өз мүмкіндігінен туындап жататын заңды құбылыс. Бұл арнайы лексика деп отырғанымыз – тілдің терминологиялық жүйесі. Әрбір тіл өз терминологиялық жүйесін жасау мен қалыптастыруда әр алуан кезеңдерді бастан өткізеді. Қазақ тілі де солай. Сөйтіп, қазақ тілінің терминологиялық жүйесін сөз еткенде, біз осы проблеманың тууына, жасалуына, қалыпта-
суына тікелей қатысы болған, бастауында тұрған, негізін салған екі алыпты ең алдымен еске алуға міндеттіміз. Біріншісі – Ахмет Байтұрсынұлы да, екіншісі – Құдайберген Жұбанов. А. Байтұрсынұлы қазақ тілі мен әдебиеті терминдерін жасап қалыптастырушы болса, іле-шала бұның ғылыми мәселелерін сөз етіп, оны ғылым объектісіне айналдырған Қ. Жұбанов деп айтуға болады. Ендігі әңгіме осы тұлға жайында. Тілі тынысын жіті бақылап, оның сан сапасын саралауға және өз байқауларын өзгеше шабытпен сауатты жазуға келгенде Қ. Жұбановтан (1899-1938) асқан тілшіні таба қою қиынға соғады. Өзінің бүкіл білік-білімін ол, ең алдымен, туған халқын сауаттандыру жолына жұмсады. Алфавит, орфография, терминология мәселесін қалыпқа түсірмей, ешбір халық сауатты бола алмайтынын түсінген профессор өзінің күш-жігерін осы салаға да жұмсаған. Аталған бұл үш проблеманы біріне-бірін байланыстыра, бірінен-бірін туғыза аумағын қарастыру ол кезде кез келген адамның қолынан келе алмастығы түсінікті болар. Мұндай шаруаны заманының ғылым-білімін терең меңгерген Қ. Жұбанов сияқты зерек мамандар ғана қозғай алар еді. Біздің бұл жолғы мақсатымыз ғалымның қазақ терминологиясын қалыптастырудағы рөлін және аударма туралы ойларын айқындау болып отыр. Осыған орай оның «Термин сөздердің спецификасы» («О специфике слов-терминов»), «Қазақ әдебиет терминдері туралы» («Термины казахского литературного языка»), «Қазақ әдебиет тілі терминологиясының принциптері» («Принципы терминологии казахского литературного языка») және «Этюды к переводу трех стилей» деп аталатын зерттеулеріне айрықша назар аударамыз. Термин жайында жазылған мақалалардың алғашқы екеуі 1935 жылы Мемлекеттік терминология комиссиясының «Бюллетенінде» жарияланған. Ал терминология принциптерін сөз ететін үшінші еңбек 1936 жылы шыққан «Терминология сөздігінің» алғы сөзі ретінде берілген, кейін бұлардың барлы-
ғы ғалымның 1966 жылы жарияланған «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулеріне» енді. Қ. Жұбанов терминология мәселесін «К пересмотру казахской орфографии» және «Проект и изменений орфографии и алфавита» деген мақалаларында да қозғайды. Бұдан біз профессордың бұл мәселені ылғи өзінің назарында ұстағанын байқаймыз. Соның нәтижесінде кейінгі ізденушілерге пайдасы тиер бағыт-бағдар сілтеп отырған. Алдымен айтар бір шындық, еңбектердің қай-қайсысы да болашақ ғылыми ізденістерге үлгі боларлық дәрежеде жазылғандығы. Мәселен, «Термин сөздердің спецификасы» деп аталатын мақаласында ол қазақ тіл білімінің тарихында тұңғыш рет термин дегеніміз не екенін, оны қалай түсініп, қалай іске жарату туралы сөз қозғайды, өз анықтамасын ұсынады. Сөз бен терминнің аражігін айырып түсіну қабілеті әлі айқындала алмай жатқан, сол бір сауат ашу кезеңінде бұл мақаласының айрықша әсері болғанын сезіну қиын болмас. Мәдени революция кезіндегі әр алуан пікірталастар мен тартыстар, көзқарастар негізіне қарағанда, сан түрлі жолдармен қилы-қилы пішінде жасалып жатқан лексиканың бұл тармағын елдің бәрі бірдей түсініп, дұрыс қабылдай қоймаған. Жаңа өмірдің тілек-талабына орай ғылым мен техниканың сан саласы бойынша толассыз еніп жатқан терминдер тасқынын тоқтату қандай мүмкін болмаса, оларды бірден сол қалпында қабылдап, халық қолданысына енгізе қою да оңайға түспеген. Тіл дамуында етек алған бұл құбылысты ешқандай қараусыз, қадағалаусыз қалдыруға болмайтынын бірден аңғарған ғұлама бұл процесті бүкіл аумағымен алып, оның даму арналары мен көздерін түгел көрсетеді. Әлгіндей көзқарастар мен таным аласапыранында бұл мәселені аса біліктілікпен талдап, ол жөніндегі түсінік қандай болу керек дегенді ол кезде Қ. Жұбанов қана айта алды. Ол осы сала бойынша ізденушілердің, пікір қозғайтындардың ғылыми тұрғыда қандай бағыт ұстануы қажет екенін танытар ой өрбітті. Өйткені адамның ақылпайымына сыйымды іс-әрекеттің сан саласын айрықша да-
мыта түскен жаңа қоғам жұртшылықтың білуге деген құштарлығын арттырған ғалымдар тарапынан елеусіз қалуы мүмкін емес-тін. Жаңа ұйым, жаңа түсінік қазақ тілінің сөздік құрамын айрықша қозғалысқа салып, осы заман ісәрекетіне лайықты шапшаң қарқын берді. Сан ғасыр сүрленіп, сандық түбінде жатқан талай қазақ сөзі қайта жаңғырып, жаңа сапаға көшті. Сөйтіп қоғам дамуындағы заңды құбылыстар нәтижесі ретінде пайда болған лексикамыздың мүлде жаңа қабаты – термин сөздер табиғатын Қ. Жұбанов сынды ғұламаның түсіндіріп беруі ғылыми ой-пікірдегі бір адым ілгері басқандық болатын. Шынында, әуелі термин дегенді анықтап алмай тұрып, оның ғылыми мәселелерін қарастыру мүмкін емес қой. Қ. Жұбановтың алдымен анықтама берудегі көздеген мақсаты осы болатын. Терминнің анықтамасы берілгеннен кейін, термин жасау жөнінде белгілі дәрежеде жүйе бола бастайды. Неге десеңіз, терминология технологиясын жолға салып, бақылап, тіпті басқарып отыруға мүмкіндік туды. Бұл мақаланың ең басты маңызы осында. Мақалада тағы бір құнды пікір – термин аудару мәселесіне байланысты ойлар деп білеміз. Ол ортақшыл (коммунист), пішіндеме (геометрия), жан жүйесі (психология) т.т. сөздердің қазақылығын сынға ала отырып, ол жалпыға ортақ халықаралық терминдерді екінші тілге аударып әуре болудың қажеті жоқ деп түйеді; мұндағы қателіктердің көбі аударылмайтын дүниені аударудан, жалпыға ортақ сөздерді қазақшалаудан жатады дегенді мегзейді және мұндағы қателіктің негізгі себебі терминді емес, терминге телінген лексикалық мағынаны аударудан болып жататынын түсіндіреді. Дәл осыған ұқсас әрекеттен біз күні бүгінге дейін арыла алмай келе жатқандығымызды ойласақ, Қ .Жұбановтың бұл пікірінің өміршеңдігін аңғарамыз. Жалпы терминдерді қазақша тұрақтандыруды мақсат еткен жақсы ниетті қолдай отырып, біз мынадай жайды еске сала кеткіміз келеді. Әлемге ортақ, тілімізге сіңген халықаралық терминдерді де түгел аударуды талап ететін
қаламгерлер қазір де баршылық. Ондайлар пікіріне осы мақала толық жауап береді. Профессордың қазақ терминдерін жасауға тірек-негіз болған нәрсе не екенін әңгімелейтін тұстары аса маңызды. Ол екі нәрсенің басын ашып айтады. Оның бірі – көп ұлтты кеңес елінің бәріне ортақ халықаралық сипат алған терминдерді сол қалпында қабылдау болса, екіншісі – қазақ тілінің өз ішкі мүмкіндігі арқылы жасалған терминдерді дұрыс қолдану. Ол термин жасалу үрдісінде осы екі принциптің қатаң сақталуын талап етеді. Әртүрлі ағым, түсінік өрши-өрбіген 30-шы жылдардың басында мұндай кесімді пікір айту батылдықпен барабар болатын. Әсіресе, грамматиканы «тіл танытқыш», теорияны «қисын», базисті «түптірек», варваризмді «қотырсөз», стилистиканы «тіл қисыны», циркульді «жезбе» деп алып, лексиканы «сөз кенін тексеру ғылымына» айналдырушылар қарасы көбейіп тұрған тұста туған мұндай батылдыққа тәнті болмай тұра алмаймыз. Әңгіме дәлелсіз, дәмсіз айқайға құрылған құр батылдықта емес, ғылыми негізді тірек еткен дәйекті ойдың озықтығында еді. Қ. Жұбанов осы ойын «Қазақ әдебиеті тілі терминдері туралы» деген мақаласында тереңдете түседі. Ол мәдени құрылыс қайраткерлерінің Бүкілқазақстандық бірінші съезіне дайындық есебінде мемлекеттік терминология комиссиясының мәжілісін өткізіп, 10 мыңдай терминді талқыға салды. Талқыға түсіп, «Бюллетеньде» жарияланған бұл терминдер қандай принцип негізінде жасалғанын баяндайды. Ол ұсынған принциптің бірінші пункті бойынша революция, совет, теория, практика, медицина, т.б. терминдер аударылмай алынуға тиіс болатын; екіншіден, производство, труд, деньги, корень, стебель, мышцы, деление, умножение тәрізді аударуға келетін терминдердің қазақ тілінде баламасы болмаса, не аудармасы түсініксіздеу болып келсе, онда сословие, состав, клетка, слет тәрізді сөздер сол күйінде алынды. Сондай-ақ, әрқилы ғылым саласында бір мағынада қолданылатын түбір, форма, материя, морфология, реакция,
экскурсия тәрізді терминдерді бірегейлетіп алу, халықаралық терминдерді (пролетариат, pyreltarijt емес) орысша қалыптасқан түрінде қабылдау және -изация, -ификация, -ациялармен келетін машинизация, электрификация тәрізді сөздерді машина + ландыру, электр + лендіру деп, -ист, -изм және ре-, син-, де-, суб-, анти-, контрсияқты сөзалды қосымшаларымен келетін терминдерді сол қалпында енгізу, авто-, аэро-, авиаформаларымен келетін сөздерді автожол, аэрошана, авиақатынас деп қазақша сөздерді қосып жазу сияқты сан алуан ұсыныстарын он бір пунктке шақтап береді. Іле-шала бұл ұсынылған принциптер мәдениет қызметкерлерінің съезінде он пункт болып мақұлданды. Міне, осыдан былай қарай қазақ жазуында сәл де болса жүйелілік пен сауаттылық негізі қалана бастады. Себебі бұл принциптер Қ. Жұбановтың ойдан шығарған туындысы емес, қазақ терминдерін жасауға себеп болған негіздерден құралған заңды жалғастық болатын. Сөйтіп терминжасам принципінде ұстанатын негіз қаланды, халықаралық терминдер мен өздік терминдерді іске жаратудың, дұрыс жазудың бірыңғай жүйесі жасалды. Термин сөздерге жалғануға тиісті қосымшаларды, әсіресе орыс тілінен енген қосымшаларды қолданудың тәртібі қалыптасты. Мұны сауаттылық қарекетімізді өзгеше сапаға көтерген саналы әрекеттің бірі ретінде бағалауға тиіспіз. Қ. Жұбанов терминология мәселесін қарастыруда жоғарыда сөз болған бірер мақаламен ғана шектеліп қалмаған. Қазақ тілінің қандай да бір проблемасын сөз етпесін, ол әрдайым терминология мәселесін назарында ұстайды. Әсіресе алфавит пен орфография мәселесін тексергенде, пікіріне термин сөздер табиғатын тірек етіп, бұларды байланыстыра біріне-бірін ұштастыра қарайды. Мәселен, оның жоғарыда көрсетілген орфография мәселесіне арналған екі мақаласының екеуі де терминологияға тікелей қатысты. Мұнда ол латын жазуына негізделген қазақ емлесінің кемшілігіне байланысты аяқ алып жүруге болмайтын қателерге талдау жасайды. Әсіресе, орыс және интернационалдық терминдерді жазу барысында бой көрсеткен былықтар-
дың сан түрін көрсетеді. Paпetijke, revolutsija, gymija тәрізді терминдердің жазылуындағы өрескелдіктерді талдай келе, бұлардың өріс алу себептерін іздестірді. Оның себебін табады да. Сөйтіп одан құтылудың, оны болдырмаудың жолын қарастырады. Мұндай кемшіліктің негізгі себебін ол қазақ орфографиясында кейбір қажетті әріптердің болмауынан деп табады. Атап айтқанда, әлгіндей сөздерді толық пішінде таңбалау үшін «ф» мен «х» әрпінің жетіспей тұрғанын анықтайды. Осындай әріптерді енгізу арқылы ғана сорақылықтардан арылуға болады дегенді айтады. Сонымен бірге оның «у» дыбысының қосарлы таңбасы жайындағы пікірі де жұртшылықты толғандырғаны мәлім. Бірақ өкінішке қарай, ғалымның бұл әріптер жөніндегі ұсынысы дер кезінде қолдау таба алған жоқ. Тек, бірнеше жылдардан кейін ғана тіл мен жазудың даму сатысының өзі бұл пікірдің дұрыстығын дәлелдеп шықты. Сөйтіп, бұл әріптер қазір қазақ алфавитінің толық мүшесі ретінде қатар түзіп, термин қалыптастыру ісінде қалтқысыз қызмет етіп келеді. Аталған еңбектердегі өрбітілген ойлар мен қағидаға бергісіз пиғылдар Қ. Жұбановтың тілдің табиғи тыныстіршілігін, өріс-өзегін мейлінше терең сезінген дарынды лингвист, білгір терминолог ғалым екенін дәлелдейді. Мұның құндылығының тағы бір себебі терминология мәселесінің ғылыми тұрғыда тұңғыш сөз болуында. Осыдан былай қарай қазақ терминологиясы, үздік-создық болса да, ғылыми зерттеу объектісіне айналды деп толық айта аламыз. Соның бастауында тұрған Қ. Жұбановтың терминология саласындағы бұл еңбектерін қарастыру арқылы біз қазақ тілінің терминологиялық жүйесінің жасалу, даму, қалыптасу іздерін, жолдарын, тарихын дұрыс түсініп, дұрыс бағалай білеміз деп түюге болады. Қ. Жұбанов терминология мәселесінің ғылыми проблемаларын қарастырумен бірге, термин жасау ісімен де шұғылданған. Дара етістік, қаратпа, қыстырма, біріккен сөз, біріккен түбір, жетек сөз, түп мүше, жамау мүше, тұйықша, сүйеншек есімше, қосалқы сөз, қиюлы сөз, жалғауыш т.т. осыған дәлел. 1937 жылғы «Жаңа грамматиканың жаңа-
лықтары жайында» деген еңбегінде бұрын жасалған терминдерді нақтылай түсу бағытында біраз әрекеттер жасап көреді. Анықтауыш пен толықтауышты басқаша түсіндірігісі келеді. Үстеуді жұрнақ орнына, жалғауышты жалғау орнына қолдануды ұсынады. Алайда ғалымның терминжасам процесіндегі әлгіндей ұсыныстарының көбі ұтымды бола қойған жоқ. Оның рөлі термин жасауда емес, осы саланың сан қилы мәселелерін ғылыми тұрғыда қарастырып, тіл заңдылығынан туындайтын тұжырымды пікір өрбіте білуінде еді. Ол өзінің ойлы да ұтымды ізденістерімен терминологияның лингвистика ғылымының үлкен бір саласы ретінде дамып, өріс алуына ықпал жасаған дарынды терминолог. Қ. Жұбановтың ғылыми жұртшылық назарынан тыс қалып келе жатқан екінші бір қыры оның аудармашылық өнері мен аударма жайындағы ой-пікірінен көрінеді. Ол бұл саламен табиғи мұқтаждық арқасында айналысты. Тілдерді салыстыра қарастыру арқылы бір тілден екінші тілге аударуда оның асқан таланты байқалады. Құрылымы бөлек тілдердің семантикалық айшықтарын бірінен екіншісіне аударуда өзінің айрықша қабілетін танытады. Жоғарыда сөз болған «Бюллетеньде» жарияланған мақалалары ұдайы екі тілде жазылған. Осының өзінен-ақ оның аудару шеберлігін байқауға болады. Екі тілді бірдей жетік меңгерген ол ойларын еш қиналмай екі тілде еркін жазады. Ғалым аударма практикасымен ертеден-ақ шұғылдана бастаған сияқты. Оның алғашқы аудармасы есебінде К.К. Юдахиннің 1929 жылы Қызылордада өткен қазақ тілі бойынша ғылыми-орфографиялық конференцияда сөйлеген сөзін айтуға болады. Дегенмен Қ. Жұбановтың аударма проблемасымен арнайы шұғылданбағанын, қайта жұмыс ретіне қарай жол-жөнекей айналысып отырғанын ескеру керек. Әйтсе де Қ. Жұбановтың аудармашылық қызметін белгілі әдебиет маманы, профессор Б. Шалабаев былай деп әңгімелейді. Ол 30-шы жылдары В.Г. Короленконың «Без языка» деген повесін аударады. Оны баспагерлер ұнатпай, аудармашыға қайтарады. Мұны білген профессор баспамен
өзі байланыс жасап, аударманы әдеби өңдеуді өз міндетіне алатын болып келіседі. Сөйтіп аударманы түгел қайта өңдеп, «Тілсіз» деген атпен баспадан шығартады. Аудару процесінде Қ. Жұбановтың тілдердің ұлттық табиғатына қатты мән бергені байқалады. Оның тікелей аудармаға қатысы жоқ ізденістерінің өзінде де сөйлем құрау мәселесінде ылғи да өзге тіл бітімдерімен салғастыра қарап отырғаны қызық. Әсіресе оның қазақ тіліндегі сөз тіркесімділігі жайында жасаған талдауы көңіл аударарлық. Әдетте қазақ тілі аглюнитативті тілдер қатарына жататындықтан, ондағы сөзжасам түрлері жалғаулар көмегімен жасалады дейтін ұғым қалыптасқан ғой. Қ. Жұбанов «Жалғамалы тілдер тек жалғамалылықпен ғана шектелмейді» деп керісінше түйін жасайды. Оның ойынша, бұл мәселеде қазақ тілінің сөз тіркесімділігі айрықша рөл атқарады. Осының мысалы ретінде 15 сөзден тұратын сөйлемді талдап көрсетуі дәлелді. Сен көрген қымбат алпауыттан да қызылқұрт Ертай ұстаның Темірбайдан алған торы бесті аты жақсы. Осындағы 15 сөздің үшеуінде ғана сөз тудырғыш қосымша бар да, қалған 12-сі түбір сөз болып келеді. Сөйлемдегі сөздердің орнын ауыстыра отырып, түрлі тіркесім жасауға болатынын, сол арқылы жаңа мағыналық өзгерістер туғызылатынын тәптіштеп талдайды. Қ. Жұбанов келесі бір тұста түпнұсқаны қазақ тіліне дәл берудің жолдарын сөз етеді. Сондағы тіліне тиек ететіні колхоз қозғалысына байланысты ресми материалдық аудармасы. 30-ншы жылдарда пайда болған бұл материалдың басы мен аяғы жоқ. Түпнұсқа да, оның аудармасы да қолымызға түспеді. Алайда ғалымның бұл жөніндегі сауатты талдаулары назар аударарлық. Ол аударманың басты кемшілігі шамадан тыс дәлме-дәлдігінде деп түйеді. Оның талдамасына қарағанда аудармашы жеке сөздер мен мәнін жеткізе алмаған, қайсыбір сөздерді дұрыс қолданбаған. Сондай-ақ тілдердегі сөздер мағынасы бір-біріне сәйкес келе бермейтінін аудармашылар үнемі ескеруі тиіс екенін мегзейді. Мәселен, Қ. Жұбановтың айтуынша, орыстарда тектік ұғым (пастух) бар да, оның қойшы, жылқышы боп
түрленуі жоқ, ал немесе керісінше хлеб, конюшня ұғым түрлері бар да, олардың қора дейтін жалпы жиынтық атауы жоқ. Орыстың тетясын қазақша жеңеше деп те, апа деп те аударуға болады, ал қазақтың апасы орысша сестра боп кете береді. Сөйтіп Қ. Жұбанов әрбір сөздің контекске қарай құбылып отыратын қасиетін ескеріп, аудармашылардың бұған мән беріп отыруы керектігін ескертеді. Сондай-ақ, ғалымның контекске орай әр алуан мағыналық реңк алып жататын көңіл (настроение), күрес (борьба) сөздерін аударуда кетіп жататын өрескелдіктердің талдауы аударма саласындағы ізденістерге үлгі болуға жарайды. Мысалы: «Аурудың көңіл-күйі өте жақсы» (У больного очень хорошее настроение) деген сөйлемдегі көңіл сөзі настроениеге дәл келіп тұрғанымен, ғалым ұғымында «Повести решительную борьбу с этим и опасными и вредными для дела настроениями и изгнать их вон из партии» деген сөйлемде мұны былай деуге болмайды. Сонымен бірге жеке сөйлемдерді аударуда да қазақ тілінің мүмкіндігі мол екенін әдемі аңғартады. Қ. Жұбановтың аударма тілі туралы айтқан ойларының ішінде редакторлық ескертпелерінің де орны бөлек деп білеміз. Мұнда ол С. Аманжоловтың мақаласындағы қайсыбір пікірлерге қарсы дау айтып, аудармаға байланысты біраз қызықты бақылауларын жазады. Әсіресе оның халықаралық терминдерді қабылдау тұсындағы фонетикалық заңдылықтар әрекеті, сингармонизм туралы, сондай-ақ идиомалар мен қанатты сөздерді аудару жөніндегі ойлары аса құнды. Қысқасы, Қ. Жұбановтың қазақ аударма теориясы жайындағы пайымдаулары әлі түбегейлі тексеруді талап ететін және зерттеушінің зерделі ізденістерінің қатарында бағаланатын қазынамыз болып саналады. Оның бұлтартпас логикаға негізделген ойлары мен нәрлі де әрлі тілі, өзінің сөз саптауына тән стилі, заманынан озып, ғылым болашағын ойлайтын асқан білімдарлығы әлі талай ізденістерге үлгі бола берелігі анық.
Академик Нығмет Сауранбаев (1910-1958) Қазақ тіл білімінің барлық саласында өшпес ізі қалған, оның негізгі теориялық бағыт-бағдарын анықтап, іргетасын қаласуға үлесін қосқан санаулы саңлақтардың бірі – Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев. Оның қазақ тілі дамуының өзекті мәселелерін шешуде байқалатын ғылыми-теориялық өресі күні бүгінде де жолбасшылық бағытынан төмендемей келе жатқанын көреміз. Өрбітілген ой-пікірінің өміршеңдігі мен құндылығын тіл білімпаздары әлі күнге сезінуде. Өзгеше талапшылдықпен өмір бойы оқу іздеп, білім, ғылымның өріне талпынған ғалымның өмір жолы мен шығармашылығы өнегелік мәнге толы. Ол 1910 жылы шілде айында Қордай асуындағы Ырғайты өзенінің бойында орналасқан Шарбақты селосында (бұрынғы атауы «Бірлік») дүниеге келген. Нықаң жас шағында ауыл молдасынан ескіше сауат ашқан деседі. 15 жасында Қасық селолық орта мектепте оқиды, негізгі білімді осында алады. Ол алған білімін жалғастырғысы келіп, Алматыға аттанады. 1925 жылы Жоғарғы ағарту институтының дайындық курсына түсіп, онда 3 жыл оқиды да, 1928 жылы сол институттың негізгі курсына ауысады, яғни оның шын мәнісіндегі студент ретінде қабылдануы осы жыл. Жас талаптың білімге деген ынтаықыласын осыдан-ақ айқын аңғаруға болады. Келесі 1929 жылы институт Қостанайға көшеді. Н. Сауранбаев ұжыммен бірге көшіп, сол институтты ол 1932 жылы 22 жасында бітіріп шығады. Міне, осы жылдан былай қарай оның қоғамдық-педагогикалық өмір жолы басталады. Ол әуелі Халық Ағарту Комиссариатында инспектор болып қызмет атқара бастайды (1932-34). Бұдан соң
ол Винница қаласында әскери борышын өтейді. Сонда жүргеннің өзінде ол тынымсыз ізденумен болады. Білімін жетілдіре түсу мақсатымен сырттай дайындалып, Мәскеудің Герцен атындағы Мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне сырттай түсіп оқиды. Әскери міндетін де мүлтіксіз атқарады. Тіпті пулеметшілер взводының командирі ретінде 1937 жылы кіші лейтенант әскери атағына ие болады. Н. Сауранбаевтың еңбекқорлығына таңданасыз. 1935 жылы аталған институттың І және ІІ курстарының екеуіне қатар емтихан тапсырып, ІІІ курс студенті болады. Дәл осы жолы ол РСФСР Оқу-ағарту Комиссариатының жанындағы Ғылыми-зерттеу институтының Ленинград бөлімшесіне аспирантураға түседі. Ол осылай оқумен арпалыса жүріп қазақ тілінің қилықилы мәселелеріне көңіл бөле бастайды. Қараңыз, ол 1939 жылы Халық Комиссариаттар Советінің жанындағы терминологиялық Комитеттің ғылыми хатшысы болып қызмет атқарады. Бұл қазақ әдеби тілінде жаңа өмір талабына орай туындап жатқан сан алуан сөзжасам мен сөзқолданыстардың қаптап туындап жатқан кезеңі болатын. Жас маман Н. Сауранбаевтың бұл процестен тыс қала алмағаны аян. Республикадағы оқу ісін жақсартуға байланысты жұмыстардың қай-қайсысы да Н. Сауранбаевтың назарында тұрды. Әсіресе, орта мектеп пен педучилищелердің оқу жоспарлары бойынша жасалып жатқан оқулықтарға араласты. Ал бұл оқулықтардың құрылыс материалы – атау сөздер, терминдік атаулар әлі жүйе есебінде қалыптаса қоймағаны мәлім. Н. Сауранбаевтың бұл мәселелерге атсалысуы табиғи қажеттілік еді. Жалпы Н. Сауранбаевтың өмір жолы қоғамда болып жатқан процестермен қатарласа қисындаса дамып отырған тәрізді. 1941 жылы Кеңестер Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалы ұйымдастырылды. Сол филиалдың Тіл, әдебиет және тарих институттарының тұңғыш директо-
ры болып Н. Сауранбаев бекітілді. Ал жаңа ұйымдасып отырған бұл ғылыми мекеменің атқарылар ісі ұшантеңіз болатын. Осы тірлікке ол бар мүмкіндігін, қажырқайратын жұмсады. Тіл, әдебиет, тарих ұлттың ұлттық болмысының үш тағаны, үш негізі, яғни үш тірегі емес пе? Осыны терең түсінген Н. Сауранбаевтың сол кездегі атқарған істерін саралап, бағалап шығу тіпті де оңайға түспейді. Ең алдымен бұл салалар бойынша кадр іріктеу, жүйелі де іргелі ғылыми жоспарлар түзу, олардың сапалы жұмыс істеуі тәрізді қыруар шаруаның басы-қасында болған Н. Сауранбаевтың бұл кездегі атқарған істері зор еді. Жаңа бел алып жатқан зерттеу жұмыстарының сапасын арттырып, мазмұн-мәнін тереңдету үшін қаншама күшжігер ортаға салынып, жоспар түзілді, бағыт-бағдар жасалды. Осы іс-тірліктің жүйелі жүргізілуіне септігі мол болған «СССР Ғылыми академиясы Қазақ филиалының Хабаршысы» атты ғылыми журналдың «Тіл және әдебиет» сериясын ұйымдастырып, оның дер кезінде қажетті материалдардың жүйелі шығып тұруын қадағалаған, басшылық жасаған Н. Сауранбаев. 1936 жылы қазақтың Ұлт мәдениеті институты ұйымдастырылып, оның құрамына тіл мамандары, әдебиетшілер және тарихшылар енгізілген болатын. Жоғарыда аталған институт негізінде құрылған, ал кейін 1946 жылы Тарих институты өз алдына жеке мекемеге айналады да, Тіл мен әдебиет өз алдына институт болып шаңырақ көтереді. Тіл мамандары мен әдебиетшілер 1961 жылы ғана жеке-жеке институт болып бөлініп шықты. Жоғарыда айтылғандардан біз Н. Сауранбаевтың ізденіс жолдары мен ғылыми ұйымдастыру жұмыстарын көреміз. Сонымен қатар ол ғылыми зерттеу жұмыстарымен де үздіксіз айналысып отырған. Оның ең алғашқы айтулы еңбегі ретінде 1940 жылы жарияланған «Қазақ тіліндегі кө-семшелердің семантикасы мен функциялары» дейтін көлемді кітабын атауға болады, еңбек орыс тілінде жазылған тұңғыш монография еді. Ленинградтағы Н.Я. Марр атын-
дағы Тіл мен ойлау институты Н. Сауранбаевқа осы еңбегі үшін филология ғылымының кандидаты деген ғылыми дәреже береді. Қолжазба негізінде «Қазақ тіліндегі көсемшелер» деген атпен 1940 жылы жарияланады да, ол кейінірек 1944 жылы орыс тіліне аударылып қайта басылған. Н.Т. Сауранбаев ғылыми ізденісті одан ары тереңдете түседі. 1943 жылы «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» деген тақырып бойынша докторлық диссертация жазып бітіріп, оны қорғап шығады. Сонда қазақ тіл білімінен докторлық қорғаған топтың бастауында осы Нықаң тұрғаны анық. Ғылымның дамуы қоғамның дамуына орай өрбитіні белгілі. Қазақстан жағдайында да осы құбылысты үздіксіз байқап отыруға болады. Республиканың ғылыми-мәдени өмірі дами келе 1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясын құруға алып келді. Н. Сауранбаев тәрізді зерделі ғалым бұл ғылыми өмірден тыс қалмағаны мәлім. Академияның алғашқы сессиясында ол академияның толық мүшесі болып сайланды. Ұлттық академияның құрамына енген сол кездегі тұлғалардың төртеуі қоғамдық ғылым өкілдері еді. Атап айтқанда, жазушы, әдебиет зерттеушісі М.О. Әуезов, композитор, музыка зерттеушісі А.Қ. Жұбанов, лингвист түркітанушылар Н.Т. Сауранбаев және С.К. Кеңесбаев. Осыдан алпыс бес жылдай бұрын ашылған Ұлттық Ғылым академиясы республика тарихында тарихи мәні айрықша ірі оқиғаның бірі болып қалды. Міне, осы тарихи оқиғалардың басы-қасында Н.Т. Сауранбаевтың болуы, оның қаншалықты ірі тұлға екенінен хабар берсе керек. Ол қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы (кезіндегі атауы төрағасы) қызметіне тағайындалады. Әрі президиум мүшесі ретінде қоғамдық ғылымдар саласы бойынша сан алуан тірліктің бастамашысы болды. Нақтылы жұмыстар мен келелі міндеттер туралы мақалалар жазды, талқылаулар өткізді, ойға жетелер сөздер сөйледі. Күні бүгінге дейін үзбей шығып келе жатқан «Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабаршысы» (Қоғамдық ғылымдар сериясы)
сол кезде Н.Т. Сауранбаевтың жетекшілігімен шыға бастаған болатын. Қоғамдық ғылымдар саласы бойынша атқарылар қаншама жұмыстар осы журнал бетінде жарияланып отырды. Сөйтіп қоғамдық ғылымдардың даму арналары қалыптаса бастады. 1951 жылы Н.Т. Сауранбаев Қазақ ССР Ғылым академиясының вице-президенті болып сайланады. Республика аумағындағы қоғамдық ғылымдар ауқымындағы зерттеу жұмыстарының бәрі академик Н.Т. Сауранбаевтың басқаруына өтеді, яғни бұл кезде жасалған жұмыстардың бәрінде Н. Сауранбаев қаламының табы жатыр. 1956-58 жылдары Н.Т. Сауранбаев қазақ тілінің әлі онша зерттеле қоймаған тіл тарихы мен диалектологиясына зейін қоя бастағанын көреміз. Осы екі сала бойынша зерттеу жүргізіп, маман тәрбиелеу мақсатымен бөлім басқарады. Аталған мәселелерге арнап келелі мақалалар жазады. Бөлім қызметкерлерін күрделі мәселелерді қарастыруға жұмылдырады. Н. Сауранбаев негізінен ғылымды ұйымдастырушы нағыз ғалым ретінде қалыптасқанын байқаймыз. Сонымен бірге оның ұстаздық өнегесін де естен шығаруға болмайды. Ол бұл кәсібін 1932 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін үзбей жалғастырған. Ең әуелі ол мектеп оқушылары және оқытушыларға арнап оқулықтар жазады. Педагогикалық мекемелер кеңестерін басқарады. Ал 1938 жылдан жоғары оқу орындарында дәріс оқып, доцент, профессор қызметтерін атқарады, кафедра меңгереді. Ол ғылыми педагогикалық қызметті атқара жүріп, қоғам өміріне белсене араласуға да уақыт табады. Н. Сауранбаевтың осындай қайраткерлік қабілетінің байқалғанынан болуы керек, ол 1950 жылы Бүкілодақтық бейбітшілікті жақтаушылар комитетінің мүшесі болып сайланады. Бейбітшілік жақтаушылардың Үндістанда өткен конференциясына қатысып (1947), қазақ халқының атынан сөз сөйлейді. Үндістан халқының өмірі жайында кітапша жазады. Ол Дели мен Аграда, Аллахабад пен Калькуттада
жұртшылық алдында сөз сөйлеп, Мадрас, Хайдарабад Басра т.б. жерлерде болып, қазақ елінің жағдайын баяндайды. Иран, Ирак елдерінде де болады. 1954 жылы Н. Сауранбаев шығыстанушыларының Лондонда өткен бүкілдүниежүзілік ХХІІІ конгресіне қатысып, баяндама жасайды. Ол республикадағы ғылым мен білімге қатысты өткізіліп жататын шаралардың бірде бірінен қалыс қалмаған. Әлденеше ғылыми кеңестердің мүшесі ретінде күнделікті ғылыми өмірдің бәріне қолма-қол араласып отырды. Терминологиялық комитеттің жұмысына қатынасты. Бірнеше газет, журналдың редакция алқасында болды. Замандастары Н. Сауранбаевтың жоғары мәдениеттің адамы болғанын айтады. Әсіресе оның ішкі мәдениеті мен эрудициясына И.И. Мещанинов, Н.К. Дмитриев, С.Е. Малов, Н.В. Юшманов тәрізді орыстың әйгілі ғалымдары тәнті болғанын еске алады. Н. Сауранбаев ұстанған этикалық норманың жоғары екенін оның барынша әділ, турашыл болғанын байқаймыз. Ол жас мамандарға кеңес беруден жалықпайды екен. Талқылау, пікір алысу жиналыстарына жиі қатысып, әрдайым қадағалап отыратын болған. Ол үлкенді сыйлап, кішіге қамқор бола білген жан. Жолдастарына адал, қатардағы адамның біріндей қарым-қатынас жасайтын қарапайым қалпынан айнымай өткен жан болса керек. Н.Т. Сауранбаев 1958 жылы қараша айында небәрі 48 жасында дүниеден өтті. Оның артында өлмес мұрасы, ұмытылмас үлгі, өнегесі, оны қадір тұтып, қасиет санайтын шәкірттері, шәкірттерінің шәкірттері қалды. Оның ғылыми мұрасын бағалай білетін қаншама мамандар бар. Н. Сауранбаев мұрасын қастерлей білудің бір дәлелі – ол кісінің таяуда100 жылдығының аталып өтуі. Ендеше қазақ тіл білімі өркендеп тұрғанда Н.Т. Сауранбаевтың есімі ұмытылмақ емес.
Қазақ академиялық тіл білімін қалыптастырушы Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының іргетасын қаласқан құрылтайшы ғалым, аты әлемге әйгілі түркітанушы, қазақ академиялық тіл білімін қалыптастырушы бірегей тұлға Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаевтың туғанына биыл жүз жыл толып отыр. І.К. Кеңесбаев қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы Сызған ауылында 1907 жылы 15 ақпан күні дүниеге келген болатын. Жас шәкірт әуелгі кезде ауыл молдасынан сабақ алып, мұсылманша хат таныған соң, 1921 жылы Ташкент қаласындағы Қазақ ағарту институтына оқуға түседі. Бұл оқу орны 1926 жылы Қазақ педагогикалық институты болып қайта құрылады. Осы институттың екі курсын тамамдаған соң, 1928 жылы қазіргі Санкт-Петербург қаласындағы Шығыстану институтының түркология бөлімшесіне ауысады. Сөз болып отырған Шығыстану институты сол кезеңде өз саласы бойынша әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірінен саналатынды. Ғылымның осындай дәрежесі биік ордасында білім алып жүрген кезінде жас талапкер сол кезеңдегі тіл білімі мен түркітану ғылымының жарық жұлдыздары саналатын А.Н. Самойлович, И.Ю. Крачковский, В.В. Бартольд, Б.Я. Владимирцов, Н.Я. Марр, С.Е. Малов, И.И. Мещанинов, Л.В. Щерба тәрізді ғұлама ғалымдардың дәрістерін тыңдап, терең білім алады. 1931 жылы оқуын тамамдап, елге оралған соң жас маманның жан-жақты, көп қырлы шығармашылық еңбек жолы басталады. Ол 1931-34 жылдары өзінің алғашқы ұстаздық қызметін қазақ жоғары оқу орындарының қара шаңырағынан – Педагогикалық институттан бастайды. Осы оқу орнында қазақ тілінің мұғалімі ретінде жұмыс жасап, тәжірибе жинақтаған жас маман ендігі кезекте (1933-36) Қазақ мемлекеттік медицина институтында жаңадан ашылған тілдер кафедрасына меңгеруші бо-
лып тағайындалады. Үлкен ғылыми ордадағы ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие көріп, ғибрат алған зерек те зерделі, білімді әрі білікті студент елге келіп, аталмыш оқу орындарында жұмыс жасаған жылдары өнегелі, сырбаз да сұңғыла ұстазға айналады. Осы жылдары ұстаздық қызмет пен ғылыми-зерттеушілік жұмысын, ғылыми ізденістерін ұштастыра дамытып отырады. Бір мезгілде Орталық атқару комитеті жанындағы Ұлт мәдениетін зерттеу институтында ғылыми қызметкер, ССРО Ғылым академиясы Қазақ филиалындағы Тіл және әдебиет секторында аға ғылыми қызметкер болып істейді. Аталған оқу орындарында қызмет жасап жүрген кезінде ол мектеп бітіріп келген жас шәкірттердің қазақ тілі бойынша біліктерінің жақсы жақтарымен қатар, кемшін тұстарын да аңғарады. Сөйтіп, елдегі бастауыш, орта мектептер үшін арнайы жазылатын оқулықтардың тапшылығын айқын сезінеді. Бұл жағдай жас ғалымның алғашқы ғылыми ізденістерін педагогика саласында оқулық жазу мақсатына арнауына себепкер болады. 1934 жылы оның бастауыш сынып оқушыларына арналған «Қазақ тілі» оқулығы жарық көреді. Оқулықтағы қазақ тілі грамматикасы мен емлесінің негіздері оқытудың бастапқы деңгейіне сәйкестендіріліп түзіледі. Оқулық бірнеше мәрте басылым көріп, қазақ тілін оқуды жаңадан бастаған жас бүлдіршіндер үшін аса қажетті оқу-білім құралына айналады. Келесі кезекте 1938 жылы жас ғалым бастауыш мектеп сыныптарында қолдануға арналған «Әліппе» оқулығын жарыққа шығарады. Ал келесі 1939 жылы жоғарғы сынып оқушыларына арналған «Қазақ тілі грамматикасы» атты еңбегі жарық көреді. Бастауыш және орта мектептерге арналған қазақ тілі оқулықтарын жаза отырып, сол кезеңдегі елдегі оқу-білім саласына өлшеусіз зор үлес қосады. 1939 жылы соңғы аталған «Қазақ тілі грамматикасы» атты оқулығы үшін оған филология ғылымдарының кандидаты атағы беріледі. Қорғау сол кездегі Ленинград қаласында орналасқан Тіл және ойлау институтында өтеді.
Жас ғалым сол жылдары оқулықтар жазумен бірге қазақ тіліндегі әліпби, графика, орфография салаларының ғылыми мәселелерімен де шұғылданады. Алайда оның ғылымдағы басты назарында қазақ тіл білімінде мүлде зерттелмеген тың сала – қазақ тілінің фразеологиялық жүйесі болады. Өткен отызыншы жылдардан бері өзі жинастырып, жүйелеп, зерттеп келе жатқан фразалық тіркестерді ғылыми-теориялық жақтан тереңдете зерделеуді мақсат етеді. 1944 жылы зерттеу еңбегін тамамдап шығып, «Қазақ тіліндегі тиянақты сөз тіркестері» деген тақырып бойынша докторлық диссертация қорғайды. Еңбекте қазақ тілінің екі мыңнан астам фразалық тіркестері мен төрт жүзден астам қос сөздері ортағасырлық шағатайша түркі жазба тіліндегі шығармаларда, қазіргі қырғыз, қалмақ, татар, ұйғыр, түркімен, өзбек тілдерінде, сондай-ақ, құрылымы бөлек араб, парсы, моңғол тілдерінде кездесетін баламаларымен салыстырыла, салғастырыла отырып зерттеледі. Ғалымның ресми оппоненттері қатарында қазақтың заңғар жазушысы М.О. Әуезов, Бүкілодақтық түркітанушылар комитетінің басшысы, одақтық Ғылым академиясының корреспондентмүшесі С.Е. Малов, араб тілдерінің аса көрнекті маманы, одақтық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Н.В. Юшманов болады. 1945 жылы ғалым филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін, профессор атағын алады. 1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы құрылған кезде төл академиямыздың алғашқы құрылтайшыларының бірі болады. Академияға толық мүше (академик) болып сайланған ғалым академияның құрылған кезінен бастап 1951 жылға дейін вице-президент қызметін атқарады. 1946 жылдан бастап, академияда вице-президент бола жүріп, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық қызмет атқарады. Ғалым 1947-51, 1957-61 жылдар аралығында Тіл және әдебиет институтына басшылық етеді. 1961 жылы жаңадан құрылған Тіл білімі институтына директор болып таға-
йындалады да, 1978 жылға дейін осы институтты басқарады. Одан кейінгі жылдары Қазақ ССР ҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімінде академик-секретарь, кеңесші қызметтерін атқарады. Бүкіл саналы ғұмырын отандық ғылым мен білім игілігіне қызмет етуге арнаған алып азаматтың биік тұлғасында, табиғатында үш қасиеттің – зерделі зерттеуші ғалымдықтың, тәлімгер ұстаздықтың, парасатты ұйымдастырушылықтың бірлігі, бүтіндігі анық байқалатын. Ең алдымен, академик І.К. Кеңесбаев – ғұлама ғалым. Ол қазақ тіл білімінің, түркітану мен алтаистиканың алуан түрлі салалары бойынша құнды зерттеулер жазды. Қазақ тілінің фонетикасы мен фонологиясы, зерттелу тарихы, қазақ әдеби тілінің өзекті мәселелері, қазақ тілінің грамматикалық құрылымы мен лексика-фразеологиялық жүйесі, қолданбалы тіл білімі, инженерлік лингвистика мә-селелері ғалым еңбектерінде егжей-тегжейлі сөз болады. Фонетика мен фонология мәселелерін зерттеуді ғалым XX ғасырдың отызыншы жылдарында бастаған еді. Ол кезеңде, әсіресе қазақ жазуын кемелдендіруге, оның әліпбиін, графикасы мен орфографиясын жетілдіруге қосқан үлесі зор. Одан кейінгі кезеңде қазақ тіліндегі фонемалардың құрамы мен құрылымы, екпін мен буын, орфография мен орфоэпия мәселелері ғалым назарынан тыс қалған жоқ. Қазақ фонологиясындағы зерттеудің экспериментті тәсілінің қалыптасып дамуына қосқан үлесі өз алдына бір төбе. 1954 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» оқулығының фонетика бөлімі бүкіл түркі тіл білімінде жоғары бағаланған іргелі зерттеу болды. Қазіргі кездегі фонетика саласының білікті мамандары І. Кеңесбаев еңбектерінің өз құндылығын бүгінгі таңда да жоғалтпай отырғандығын айтады. Академик І.К. Кеңесбаевтың қазақ фразеологиясын зерттеудегі еңбегі ересен. Сонау 1930 жылдардан бері тілдегі тұрақты сөз тіркестерін тірнектеп жинау, жүйелеу мен зерттеу ісі зор нәтиже берді. Жоғарыда айтылғандай, 1944 жылы «Қазақ тіліндегі тиянақты сөз тіркестері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бұл – фразеология сала-
сы бойынша бүкіл түркі әлеміндегі тұңғыш докторлық еңбек еді. Ғалымның қазақ тіл білімінде лексикография саласының қалыптасып, жетілуіне қосқан үлесі мол. Ол Тіл және әдебиет институтындағы академиялық сөздік бөлімінің меңгерушісі болып отырған 1953 жылдан бастап «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» түзу ісіне басшылық етті. Сөздік жасаудың, жекелеген сөздер мен сөз топтарының мағынасын ашудың ғылыми негіздерін жасады. Картотекалық қорды молайтуға, сөздікші ғалымдардың сөздік түзудің ғылыми-практикалық тәсілдерін меңгеру ісін ұйымдастыруға, маман сөздікшілерді даярлауға қатысты іс-шараларды жігерлі түрде жүзеге асырып отырды. 1953 жылы түсіндірме сөздік түзудің Нұсқаулығы жарық көрді. Сөздіктің шығуынан алты жыл бұрын, алдын ала жасалған бұл Нұсқаулықтың сөздік түзу ісіндегі маңызы зор болды. Қазақстанның мәдени өмірі үшін аса қажетті, мәнді еңбекті түзуге қажетті іс-шараларды дер кезінде, сапалы түрде атқарудың нәтижесінде бастапқы жоба бойынша жоспарланған бір томдықтың орнына екі томдық түсіндірме сөздік дүниеге келді. Ғұлама ғалымның фразеология мен лексикография салаларында жасалған айтулы еңбектерінің бірі – «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі». Ғалымның фразеология саласында жарты ғасырға жуық уақыт бойы жүргізген ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық зерттеулерінің нәтижесі іспетті бұл туынды 1977 жылы басылым көрген. Бұл сөздіктің қазақ тіл білімінде сол кезге дейінгі кезеңде жарық көрген өзге де жанрлық, салалық сөздіктерден басты айырмашылығы – оның бастан-аяқ ғылыми еңбек болуында, ғалымның ғылыми зертханасынан зерделеніп шыққан туынды болуында еді. Он мыңнан астам фразеологизмді қамтыған еңбектің теориялық бөлігі сөздік бөлігімен бірбүтін, тұтас полотно құрайды. Қазақ фразеоогиясының кемелдене дамуы жолында бұл еңбектің атқарған рөлі туралы әлі айтылар сөз көп. Бұл еңбектің ізденгіш кейінгі ұрпақтың талайына өмірлік азық болары хақ.
Академик І.К. Кеңесбаев – ұлағатты ұстаз. Бұл тұжырымның ақиқаттығына оны ұстаз ретінде танып, мойындаған замандас-тұрғыластарының, өзінен кейінгі ізбасарлары мен шәкірттерінің жазған естеліктері куәлік етеді. Ұстаздың құдіретті тұлғасын айшықтай түсетін, шынайы көңілден шыққан ақ тілеулі, алғысты ағыстарға толы, буырқанған ішкі сезім селі арнасынан асып төгіліп жататын жазу жолдарын тебіренбей оқу мүмкін емес. Осындайда ұлы жазушы М. Әуезовтің оған «Қазақстандағы тіл ғылымының ағасы, үлкен ұстазы» деп баға беруінің себебін ұғына түсесің. Ғалымның 1930-50 жылдары жазылған оқулықтары мен оқу құралдары Қазақстандағы оқу-ағарту саласының барлық негізгі деңгейлерін (бастауыш, орта, жоғары мектеп) түгел қамтып, қамтамасыз етіп отырды. Олар ұзақ жылдар бойы дүркін-дүркін басылым көріп, қазақ тілін оқитын бірнеше өскелең ұрпақтың білімге деген қажетін өтеді. Ол кісінің тіл білімінің аса күрделі мәселелерін қазақ тілінде шешен жеткізетін қабілетін, дәрісін тыңдай жүріп тағылым алған ұрпақтың өкіліміз. Секеңнің ерен тұлғасы, естен кетпес сөйлеу мақамы, үні құлақтан кетпейді. Кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау кеңесінің басшысы ретінде көптеген ғалымдардың ғылымизерттеу еңбектеріне жол ашып, бағыт-бағдар беріп отырды. Ол басқарған Тіл білімі институты ғылыми кадр даярлау жағынан Одақтағы негізгі үш орталықтың бірі болып келген. Ғалымның өзі он шақты ғылым докторы мен жиырмадан астам ғылым кандидаттарының диссертациялық еңбек жазуына жетекшілік, кеңесшілік жасаған. Академик І.К. Кеңесбаев – ғылым мен білім саласындағы кемеңгер ұйымдастырушы. Ғалымның басшылық қызметке ерте араласқандығы белгілі. Ол сонау 1933 жылдан Медицина институтында тілдер кафедрасының меңгерушісі болған кезден бастап лауазымды қызметтер атқарып келді. 1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының вице-президенті болып сайланған соң ғалым көп жыл-
дар бойы қоғамдық ғылымдар саласына басшылық жасап, оның өркендеп дамуына зор үлес қосты. Тіл және әдебиет институтын басқарған жылдары қазақ филологиясының кемелдене түсуіне атсалысты. Ғалымның ұйымдастырушылық қабілеті әсіресе Тіл білімі институтын басқарған жылдары ерекше танылды. Осы бір ширек ғасырдай мерзім аралығында институт Одақтағы ең беделді ұлттық ғылым ордасына айналды. І.К. Кеңесбаев одақтық деңгейдегі жиындарда, симпозиумдар мен конференцияларда үнемі ұйымдастырушылар қатарында жүрді. Алматы қаласында, Тіл білімі институтында өткен одақтық конференцияларды (1962, 1973, 1976) білгірлікпен басқарды. Ғалымның әлемдік түркітанушылар ортасындағы беделі де өте жоғары болады. Ол шығыстанушылардың Мәскеуде өткен халықаралық конгресінде (1960), «Түрік Тіл қоғамының» Түркияда болған конгрестерінде (1966,1972), Алмания (1970) мен Мажарстанда (1971) өткізілген алтаистикалық конференцияларда маңызды мәселелер бойынша баяндама жасап, отандық тіл білімінің беделін асқақтатты. Ол Г. Ярринг, Л. Базен, Д. Синор, Н.А. Баскаков, А. Габен, К. Менгес, Н. Поппе, О. Прицак, Б. Серебренников тәрізді ғалымдармен бірге «Орал-Алтай» қоғамының құрметті мүшесі болып бекітілді. Ғалым 1978 жылдан бастап «Түрік Тіл қоғамының» корреспондент-мүшесі, ал 1988 жылдан бері аталмыш қоғамның толық мүшесі болды. Академик І. Кеңесбаев қазақ тіл білімінің туын жоғары ұстай білді, өзінің алдындағы ағаларының ұлы ісін аса біліктілікпен жалғастырған ұлы тұлға. Осы жерде, реті келгенде, айта кететін бір жағдай бар. Кеңес өкіметі дәуірінде өзге түркі республикаларына ұлттық тіл ғылымын дамыту ісіне көмек, жәрдем жасау үшін орталықтан мамандар жіберілгені белгілі. Қазақстан ол кезде ғылыми кадрлар жағынан толық қамтамасыз етілген ел деп танылды. Себебі қазақ тіл білімінің деңгейі мен дәрежесінің биік болуына аянбай атсалысқан тұлғалардың елімізде қай кезде де көп болғандығы көпшілікке аян-ды. XX ғасырдың
алғашқы ширегінде халқымыздың рухани көсемдерінің бірі А. Байтұрсынұлы бастаған ғалымдар шоғыры иық тіресіп тұрған болса, одан кейінгі кезеңде олардың ісін ғұлама ғалым профессор Қ. Жұбанов бастаған топ жалғастырды. Ғылымға олардан кейін қадам басқан тілшілер шоғырында академик І.К. Кеңесбаевтың шоқтығы биік болды. Тумысынан көсем серкедей болып жаратылған, бүкіл болмысымен ірі, кесек тұлғалы азаматтың біліктілігі мен білімділігі, ұйымдастырушылық қабілетімен, мәмілегерлігімен бірге айдыны мен айбыны да жетерлік болатын. Кеңес өкіметі кезеңіндегі түрлі «тар жол, тайғақ кешулерде» басшының рөлі зор болды. Қазақ тіл білімінің қара шаңырағы саналатын Тіл институтына ширек ғасырдай басшылық жасаған ғалым қазақ ғылымының мәртебесін үстем етті. Егемен ел болып отырған заманымызда ләйім осындай ұлтжанды, халқына тұлға боларлық азаматтарымыз көп болғай! Секеңмен тілдескен соңғы сәт естен кетпейді. Бірде ол кісінің халін білуге Ә.Т. Қайдар, К.Ш. Хұсайын үшеуміз үйіне сәлем бере бардық. Әбден жүдегенмен ойы сергек, тың екен. Кабинетінде жатыр. Айналасы толған кітап, газет, журналдар. Біздің барғанымызға қатты қуанып, абдырап қалды. Алып адамның мынадай халде жатса да сергектігіне таңғалдық. Кетерде «Тілге абай болыңдар!..» деді. Бұл бізге айтылған ол кісінің соңғы аманатындай еді. Құдайға шүкір, қазақ тіл білімінің бүгінгі мамандары І. Кеңесбаевтың бұл аманатын адал орындап келеді деп ойлаймын. (Авторлас) Тіл мерейі Қалың оқырман қауымның қолына жуырда «Ғылым» баспасынан шыққан құнды бір кітап тиді. Авторы – қазақ тіл білімінің іргетасын алғаш қаласқан ғалым, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, профессор Ісмет Кеңесбаев. Құнды кітап деуіміздің себебі тілге ажар, сөзге
нәр беретін тіл байлығының мақал-мәтел тәрізді берекелі бір бұлағы, бейнелі сөз тіркестерінің сөздігі жеке еңбек болып, түркология тарихында тұңғыш рет жарық көріп отыр. Кітапта тек фразеологизмдердің жалаң тізбесі ғана емес, сұрыпталған, жүйеге түсірілген, мән-мағынасы ашылған сан алуан тұрақты сөз тіркестері бар. Халық ауыз әдебиетінің мол мұралары – ертегі, дастан, эпос, ғашықтық жырлары, өлең, шешендік сөздер; қазақ әдебиетінің озық үлгілері, таңдаулы туындылары – Абай, Жамбыл, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, тағы басқа ақын-жазушы шығармаларынан алынған мысалдар сөздік жасауға ұйтқы болған. Сәтті алынған текстер автордың зергердей шеберлігін, жан-жақты білімдарлығын көрсетеді. Сөздіктің тағы бір назар аудартатын құндылығы мынада: сөздік материалдары тек қазіргі әдеби тілмен шектеліп қана қоймайды, жалпы халықтық тіл аясында жүрген фразеологизмдер, жергілікті ерекшеліктерде қолданылатын фразадиалектизм мен көне басылымдарда ұшырайтын тұрақты сөз орамдары жан-жақты қамтылған. Сөздікте кейбір вариант сыңарларды қоспағанның өзінде он мыңнан астам тұрақты сөз тіркестері берілген. Бірақ автор қазақ тіліндегі фразеологизмдердің бәрін қалдырмай танауынан тіздім деп отырған жоқ, ол жайында оқушысын хабардар да еткен екен. Біздің айтайық деп отырғанымыз – сөздіктің 88 баспа табақ көлеміне сапасының орайластығы. Егер осы сөздікте қамтылған фразеологизмдерге лингвистика тұрғысынан назар аударсақ, олардың табиғаты, бітім тұлғасы сан алуан. Кітаптан фразеологизм деп аталатын күрделі категорияға тән нәзік, қызғылықты, сирек сипатты құбылысты ұшыратуға болады. Мысалы, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар тәрізді тұрақты сөз орамынан «асқан сұлу» деген мағынаны білуіміз мүмкін. Ал ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ деген фразаның да тап сол мағынада екенін жыға біле бермейтініміз де кәдік. Немесе екі тізгін, бір шылбыр деген орамды сөйлеу тілінде қолданып, көркем әдебиетте ұшыратқанымызбен, осы фразеологизмнің екі тізгін, бір айыл тәрізді
лексикалық варианты екінің біріне таныс емес. Сөздік мұндай фактілерге өте бай. Бұл тәрізді материалдар тек мамандар үшін ғана құнды емес, жалпы тіл ұстартам, тіл қазынасынан нәр аламын, тіл жұмсау шеберлігін шыңдаймын деген талапкер қауым үшін де, әсіресе, автор бағыштап отырған жас ұрпақ, өскелең өрендер үшін де пайдасы зор болмақ. Сырт көзге фразеологизм керек жерінде білгеніңше қолдана беруге болатын пішімі дайын категория тәрізді. Бірақ ондағы нәзік реңк, астарлы мән-мағынаны жіті аңғармасақ, қалыптасқан тиянақтылықты бұзсақ, сөз қолдану, сөйлеу мәдениетімізге нұқсан келіп, мүлт кетпелер көбейер еді. Мәселен, кейбір авторларымыз құрыққа сырық жалғап дегенді сырыққа құрық жалғап деп «инверсиялап» қолдана береді. Немесе барар жер, асар тауым жоқ деген тұрақты сөз тіркесін «логикаға» сүйеніп, басар жерім, барар тауым жоқ деп қолдану дұрыс дегенді айтады. Айрандай аптап… тәрізді фразеологизмді айранын аптап деп түрлендіру; еңістен салса, төске озған деген бейнелі сөз орамын қапталдан салса, төске озған деп бұзып қолдану фактілері де аракідік жас қаламгерлердің тіл жұмсау дағдысында кездесіп отырады. Әрине, мұндайда сөздіктің нормалаушы функциясы бар, әдеби тілге көрсетер қызметі мол. Сөздіктің әрбір фразеологизмді мән-мағынасына орай орынды қолдануға тигізер септігі де осындай тұста. Сондықтан бұл еңбектің тіл мәдениетін арттыруда да өзіндік үлесі аз емес. Жекелеген сөздер тәрізді фразеологизмдерде де жарыспалы сыңарлар (варианттар) болады. Олардың ішінде де, бәлкім, қалып қоятын қосалқылары да, қолданыла келе өзіндік реңк, стильдік сипат алып, әдеби тіл кәдесіне жарайтындары да болады. Әрине, фразеологизм варианттарының сөздікте молынан, түр-түрімен қамтылуы құптарлық жай. Автор оларды қалай болса солай ендіре салмай, әдеби тіл нормасына лайық-ау дегендерін саралай білген, фразеологизмнің негізгі варианты деп танылғанын алдымен, қосалқыларын соңын ала беріп отырған. Мәселен, ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ тәрізді тіркесті алдымен, ал әй дейтін әже, қой
дейтін қожа жоқ деген вариантын қосалқы етіп берген. Варианттардың нормалану барысында мұндай шешімнің тіл мәдениетінде алатын орны ерекше. Автордың отыз жылдан астам уақыт қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестерін жинап, лексикографиялық сұрыптаудан өткізу барысында тіліміздегі фразеологиялық тіркестің табиғатына дөп келетін сөздіктің жаңа құрылымын табуы лексикография теориясы, практикасы үшін де ерекше мектеп дер едік. Түркология тарихында тұрақты сөз тіркестерінің бұрын-соңды мұндай академиялық сөздігі жасалмаған. Сондықтан сөздіктің құрылым жүйесіндегі кейбір өзгешілікті қысқаша айта кетуді жөн көрдік. Сөздік алфавит тәртібіне құрылған. Осыған орай оқушы өзі іздеген тұрақты тіркесті алфавит тәртібі бойынша табады да, керекті сөзін сөздік соңындағы индекс түрінде жасалған сөз тізбе арқылы іздейді. Автордың тағы бір тер төккен тұсы фразеологизмдердің мағынасын ашудағы еңбегі. Бұл ұзақ ізденіс, көптеген салыстыруды керек ететін, инемен құдық қазғандай қиындығы мен қызығы қатар жұмыс. Олай дейтініміз жазба тілде дерегі жоқ, үйірге қосылмай, мағынасы жыға танылмай жүрген тұрақты тіркестер қаншама? Немесе жалпы ұғымы таныс сияқты болғанымен, мағынасын дөп басып, тобықтай түйінін дәл табуға кез келген тұрақты тіркестің ырық бермейтіні де бар. Мәселен, жылқы мінезді, мәйегі шығып отыр дегеннің жалпы қандай мәнде екендігі байқалғанымен, нақтылы мағынасын аша қою қиын. Өйткені осындай жалпылық мәндегі фразеологизмді әркім өзінше топшылайды. Әрине, мұндай жерде фразеологизмдегі көпмағыналық пен мағынадағы жалпылық құбылысын шатастыруға болмайды. Сөздік құрастырушының мұндай тұста ізденіспен, білімдарлықпен жауап тауып, білгенін байқаймыз. Тағы бір қиындық – фразеологизмдер әлденеше мағыналы болып келеді, әртүрлі ұғымды білдіреді. Олардағы айырманы дөп тауып, әр мағынасын орынды, орайлас текстермен жабдықтап отыру да күрделі жұмыс. Мұндағы түсініктеме-
лер ұқыпты, анықтамалар ықшам. Автор сөздік түзу барысында озық лексикография теориясының үдесінен шыға білген. Олай дейтініміз – лексикографияда мағына ашудың бірнеше жолы бар. Олардың негізгісі синонимия мен сипаттама тәсілі. Қазіргі кездегі лексикографтар мағына ашуда синонимия тәсіліне алдымен бой ұрады. Осы сөздік авторы да фразеологизмдердің мағынасын ашуда синонимия тәсіліне көбірек жүгінген. Кітаптың екінші бөлімі қазақ тілі фразеологиясының теориялық негізіне арналған. Ана тіліміздегі тұрақты сөз тіркестерінің типтері, оны танып-білу, ондағы құбылыстар, тілдің басқа да қабаттарымен байланысты тағы да толып жатқан мәселелер қамтылады. Әдетте фразеологизм табиғатын танып-біліп, оны топтастыруда зерттеушілер арасында үлкен екі пікірсайысы бар. Фразеологизмді тар мағынасында ұғушылар мағына шарттылығын ғана мойындап, тұрақты сөз тіркесінің объектісіне тек идиомдарды жатқызады. Сан алуан тұрақты тіркес түрлерін фразеология объектісінен шығарып тастайды. Мұндай зерттеушілер тілдің мәнді бір қаттауын, көптеген тұрақты тіркестерін ескермей, шетқақпай қалдыратын тәрізді. Ал фразеологизмді кең мағынасында түсінушілер мақал-мәтел, қанатты сөз орамдарын, тіпті, мекеме аттары тәрізді күрделі тіркесті де фразеологизм деп таниды. Мұндайда тұрақты сөз тіркесінің мағына тиянақтылығынан гөрі қолдану тиянақтылығына баса мән береді де, өзге еркін тіркестерден фразеологизмнің шегарасы ашылмай, тым шексіз болып кетеді. Ал сөздік авторының бұл мәселеде пайымдауы өзгешелеу. Тіл білімінде фразеология саласының теориялық тұрғыда зерттелуі 1930-40-жылдардан басталады. Бұл салада басқаларға қарағанда кешегі кеңес тіл білімі көшбойы озық тұрады. Жалпы тіл білімінде зерттелуі кенжелеп басталған бұл саланы қазақ тіл ғылымында үлкен көшбасшы ғалымның өзі қолға алып, биік бір белеске шығарды, қазақ фразеологиясы дербес пәнге айналды. Алдымен тұрақты
сөз тіркестерінің типтері мен түрлеріне классификация жасалынды. Оларға тән сан алуан құбылыстардың табиғаты, сыры ашыла бастады. Қазақ фразеологиясының проблематикалары, міндеттері, тағы басқалары белгіленді. Міне, осындай зерттеудің нәтижесі қазақ фразеологиясының дербес пән дәрежесіне жеткендігін көрсетеді. Сайып келгенде айтарымыз: бұл сөздік қолына қалам ұстап, ой-пікірін ана тілінде өрбіткісі келген әрбір қаламгердің күнделікті тірлігіне көмекші құрал есебінде қолғабыс тигізері даусыз. Ойының орамды, сөзінің нәрлі болуын қалайтын әрбір сауатты азамат тіліміздің інжу-маржанын тізіп әкеп, таратып, талдап отырған мұндай сөздікті ешбір көркем туындыдан кем санамаса керек. Ана тіліміздің мәресі биіктен көрінуін ойлағанда мұндай еңбектердің шоқтығы тіпті биіктей түспек. Өзінің болмыс-бітімімен, салмақ-саралығымен даралана шыққан еңбекке жол болсын айтып, жолшыбай демеушілік жасаудың өзі де кейде артық. Сондықтан ендігі баға оқушының өресіне байланысты деп білеміз. (Авторлас) Алапат сезімге ие алпауыт тұлға... (Академик І. Кеңесбаев туралы) Қадірменді халайық, шырғалаңы мен шырайы алма-кезектеніп, адамды әлденеше саққа салып, ауысып келіп отыратын Өмір өлкесінде сенің тағдырың көбінесе өзіңе ғана байланысты емес, туған ұяң мен өріс ашар ортаңа байланысты да болады екен. Кімдерге кезігесің, қай ортаға тап боласың, ендігі өмірің соларға тәуелді. Мәселен, мен өз басым талайыма тап келген тағдырыма ризамын. Қолыма қалам ұстадым, тілді қалап алдым, ғылым атты киелі шаруаға өз өмірімді бағыштадым. Міне, осы жолда небір асыл жандармен, әсіресе өзінің кісіні шошындырар тосын мінезімен де, өзгелерге ұқсамайтын алып әрекеттерімен де
қымбат адамдармен сырлас, сыйлас, қадірлес болуға тура келді. Олардың көбі қазір ортамызда жоқ. Бар болмыс-бітімімен, келеңді-келеңсіз қылықтарымен, адамгершілік адал мінез-құлықтарымен жыл өткен сайын тұлғалана түскен сол бір ағалар табиғаты қазір аңсатады, іздейсің, іздегенмен таппайсың. Ойсырап жатқан орындарын толтыру мүмкін емес, қажет те емес. Өйткені олар жасап кеткен дүние тарихқа сол қалпымен енбек, ал келер ұрпақ оны ары қарай жалғастыруға, дамыта түсуге міндетті. Әңгіме өткеннің өнегесін танып, тағылым ала білуде ғой. Бәлкім, осы тұрғыдан кезінде қағаз бетіне түсіп қалған жазбаларымның қайсыбірін бүгін оқырманға ұсынған дұрыс шығар деп ойладым. Бұл жолғы әңгіме оқырманға сәл тосындау болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де Ісмет Кеңесбаевтың бұрыннан мәлім ғылыми еңбектерін тағы да таратып талдап беруден гөрі, оқырманға кейде оның адами болмысына тән қасиеттерін көрсететін тұстарын баяндаған да жөн бе дедім. Сондағы үзік сырлар мынадай еді. Туған күн 1973 жылдың ақпан айы орталап қалған. Қыс болғанмен, күн суық та емес, жылы да емес, әйтеуір адам онша қымтанбай, қысылмай жүрген шақ. Ғылым қарашаңырағы саналатын Тіл білімі институтының ұжымы бірде біраз жылдардан бері дағдыға айналған бір қарбаласқа кірді де кетті. Сыбыр-күбір көбейіп, оңаша сөйлесу, сыбырласудың аяғы туған күнге барып тірелді. Әңгіменің арқауы Секеңнің (Ісмет Кеңесбаевтың) туған күні туралы болып шықты. Секең көп жылдан бері ұжымды басқарып келе жатқан ұстазымыз. Ол кісінің туған күнін тойлау институт шаруасының біріндей болып қалыптасып кеткенін сезетінмін. Өзгелердей қоян-қолтық араласып кетпегенмен, ұстазға деген ілтифатымнан жаңылған емеспін. Ел тағы да сол дәстүр бойынша жиналып, Секеңдікіне бармақ екен. Бағанағы сыбыр-
күбірдің мәнісі осы болды. Осындайда кейбір әріптестердің қылығы маған мүлде ерсі көрінуші еді. Бұқпантайлап, жасырын жылғаласып, әйтеуір болмашы бір ұсақ-түйек нәрсені атан түйедей етіп бұлдап, туған күнге апармақ болып жататын. Тап сол күні үйге Керімбек келді. Ол М. Әуезовтің сыни көзқарастары жөнінен жақсы кітап жазып, кандидаттықты қорғаған зерделі зерттеуші Сыздықов деген азамат. Менің сырлас, сыйлас дос-жарандарымның бірі. Секеңнің жиені болатын. Бүгін Секеңнің туған күні екенін сол айтты. Оның бұл жолғы шаруасы да сол туған күнге «барамыз ба, қайтеміз?» дегенді кеңескелі келген екен. Мен: – Кереке, біз ертең барайық. Өйткені бүгін баратын кісінің қарасы көптеу екен. Үлкендердің арасында бізге орын да болмас, қыстырылмай-ақ қойсақ қайтеді, – дедім. Бұл ұсынысым көкейіне қонды да: – Осы жөн-ау! – деді де, ертең кездесетін болып кетіп қалды. Ертеңіне біз Секеңе құр қол бармаудың жайын ақылдастық. Мұндайда «бейілдің белгісін» танытатын ықыластың артықтығы жоқ деп қоямыз. Сонымен, ең дұрысы сол болар деп «Қазақстан» магазинінен домбыра алмақ болдық. Ол кезде тәуір домбыраны ел осы дүкеннен іздейтін. Сөйтіп 30 домбыраның ортасынан ойып тұрып біреуін таңдадық та, алған сыйымызға мәз болып, Секеңнің үйіне қарай аяңдадық. Осынымыздың өзіне біртүрлі қысылып, ыңғайсызданып та келеміз. Мұндайды жасап кім көріпті. Дегенде мына таңдауымызға өзіміз мәзбіз. Сөйтіп, келе жатқанда Керімбек: – Мұнымызды жеңгеміз ұната қойса, бір сәрі. Қу ағашың кімге керек деп жүрсе не істейміз? – деп оқыс ой тастады. – Домбыра қазақтың киелі қазынасының бірі ғой, өйте қоймас, – деймін мен. Керімбек тағы бір әңгімені бастай беріп, күліп жіберді. – Не болды? – Мана киініп үйден шыққалы жатсам, көкем (әкесі Сыздық қарияны ол осылай деп атайтын): «Е, қайда асы-
ғып барасың?» – дегені. Мен: «Көкемнің туған күні еді, бүгін. Соған!» – дедім. «Кімнің? Ісіметтің бе? О, тәңір алсын, тәңір алғырды. Сомадай боп онысы несі-ай, бала емес, шаға емес. 66-ға келдім деп туған күн жасап жатқаны ұят емес пе, қой ары!» – деп кейігені. Мен көзімнен жас аққанша күлдім. Шынында, көненің көзіндей Сыздекеңдей тақуа адамның миына кірмейтін іс қой бұл. Осындай күлкімен келіп, Секең үйінің қоңырауын бастық. Есікті Жұмаш жеңгей ашты. Кешегі қонақтан шаршаған ба, жеңгейдің қабағы қатыңқы. Әуелі біздің қойны-қонышымызды бір шарлап өтті де, бозарыңқырап барып үнсіз кухняға кіріп кетті. Біз жайлап шешіне бастадық. Кухнядан: – Сімет, саған кепті, Керімбектер ғой, – деген дыбыс шықты. Сол кезде арғы түкпір бөлмеден аңқылдаған атан дауыс кеп бізді құшаққа алды. – Өй, айналайындар! Қайдан адасып жүрсіңдер? Мә, мынаны қара, домбыраларын ала кепті (өзіне алынғанын аңғармай тұр). Жұмаш, ей! Ал, қане, сен басқа әңгімені қой да, қазаныңды қайта көтер. Жина, мыналарыңды (дастарқан үстіндегі қалдықтарды нұсқап). Екеуі келгенде бар ғой, ештеңе аяма, – деп үлкен басымен лезде әбігерге түсті де қалды. Жұмекең шаршаңқы кейіптен арыла алмай жай ғана: – Барын берем. Соған риза болар! – деді. Осы екі ортада біз де сырт киімімізді ауызғы бөлмеге іліп, домбыраны қалай тапсырудың ыңғайын таппай тұр едік. Секең ерекше бір ықыластана: – Ал енді бар ғой, жігіттер, мыналарың тамаша болды. Осы бір ғой енді, домбыраны сағынып жүрмін. Ән мен күйге бір кенелтіп кетіңдерші, бүгін домбыра ала келгендерің мұндай жақсы болар ма?! Өзіміз бір оңаша отырайықшы! – дегені. Секеңнің адамды бірден тартып әкететін осындай бір екпінінен елтіңкіреп тұрып: – Бұл домбыраны, Секе, Сізге әкелдік. 66 дейтін бір қарағанда көп көрінгенмен, қайраттысыз ғой. Жастық жалын бойыңыздан кетпесін! Домбыра әрдайым жақсылықтың
шақыртқысы болсын! – деп Керімбек екеуміз жарыса сөйлеп кетіппіз. Мұның осы үйге басымен келгенін енді аңғарған Жұмекең: – Бізге әкелдіңдерме-ей, анаң қара! Бәле ғой мыналар. Рахмет! – деп енді ғана жылы шырай танытты. Ал Секең сол бағанағы көңіл-күйі, ағыл-тегіл, тіпті тоқтар емес. Жалпы бұл кісі кішкентай қуаныштың өзін төңірегін түгендеп, ортақ мерекеге айналдырып жіберетін, тумысы бөлек жан еді ғой. Жұмекеңнің қабағына аздап жылы шырай енген соң Секеңнің кабинетіне өттік. – Ал, қане, Жұмаш, дастарқан жай, әкел бәрін! Қайда, әлгі, қазы-қарталарың? – деп Секең жеңгеміздің дегбірін одан сайын ала бастады да, бізге қарап: – Енді бар ғой, мұндайда бірер рюмка коньяк тастап алса да болады, – деп жымиды. – Коньяк жоқ, ол қайдан болады? – деп Жұмекең таңдайын тақ еткізді. Бірақ оған бола қоятын Секең бе? – Ай, енді, шын жыласа соқыр көзден жас шығады деген. Біздің Жұмаш бар ғой, қара да тұрыңдар, шындап кіріссе, таппайтынды табады, – дейді Секең қуланып. Осы қалжыңымен өзін де, бізді де бір жайлы да жайсаң қалыпқа түсіріп алды... Бұл әзіл-әжуасы аралас қалжың торынан Жұмекеңнің сытылып шыға қоюы қиын боп қалды ғой деймін. Бір мезгілде ол: – Бұл енді көрген нәрсесін ұмытсайшы. Кешегі кештен әдейі Сәулеге деп алып қойған бір коньягім бар еді. Сол ғой, бұның қоймай отырғаны. Тойдан сарқыт қалсын да, енді, қызыңа, – деді сонда да көнгісі келмей. Сәуле алыста, Германияда жүрген. Соған сақтамақ болғаны ғой, коньякты. – Әкел, әкел, табылады, бәрі табылады, – деп бастырмалатып әкетті Секең. Дәл осы кезде телефон безілдеп қоя берді. Трубканы көтерген Сәкең: – О ..ооо... ой, – деп дауысын емірене созып, соншама бір қуанышты хабар алғандай, – кел, кел, күтеміз, тездет. Оқасы жоқ! Енді бар ғой звандағаның мұндай жақсы болар ма, пожалыста. Жақсы, жарайды, жарайды!
Трубканы қойды да: – Еркебай ғой. Ойпырмай, енді бар ғой, өзі бір жақсы адам. Біреуге жақсылық ойлағаннан басқа залалы жоқ кісі. Мен кейде, әдейіге оның өзін қалайтын-қаламайтын адамдары жөнінде сөз қозғап, «осы қалай?» деп сөзге тартсам, міз бақпайды-ау, міз бақпайды, қайта әлгілерді мақтай жөнеледі. Сол кеше келе алмағанына өкініп, «кіріп шықсам» дейді. Келсін, ешкімді шақырғам жоқ. Бәрі де өз беттерімен келіпті. Мәкең (М. Балақаев) де бар. Ай, бір жақсы кеш болды ғой, несін айтасың, – деп барып тоқтады. Аздан соң Ерекең (Қойшыбаев) келді. Шай үстінде біраз әңгіменің бұлағы ақтарылды. Үзіліс кезінде Секең жаңа домбырасын менің қолыма ұстатып «аяқ алысын көрелікші» дегендей болған соң, Тәттімбеттің «Азаматын», Төлегеннің «Қосбасарын» шерттім. Секең көзін жұмып, елтіп тыңдап отырды. Қозғалыс, қимылынан қай-қайдағы ойлар жетегінде кеткені байқалады. Жанары көп нәрсенің байыбына ақылмен бара алатын үлкен азаматтың пайымын, түйсік, түсінігін әйгілеп жалтаңдады. Толғанып біраз отырды да, бір тосын әңгімені бастап кетті. Ән дәру Мұнтаздай таза бөлменің ішінде жалғыз жатқанымды енді-енді байқай бастағандаймын. Халімнің мүшкілдеу екенін сеземін. Приступ жиі-жиі ұстайды. Ара-арасында ес жиғанда жан-жағыма қараймын. Қасымда екі түрік жатқан. Оларды басқа палатаға ауыстырып жіберіпті. Оқтын-оқтын соғатын приступтан жан қысылады, әбден әлім құрыған. Бой-бойым шығып терлеп, естен тана жаздаймын. Приступ келе жатқанын алдын ала сезем. Көзім ашық, санам ұйқыда. Көз алдым мұнарланып бірді біліп, бірді білмей қиналысқа түсіп жатқан, бей-жай кезім еді. Дәл сол мезетте алыстан ғажайып бір таныс әуен құлағыма жеткендей болды. Түріктің небір тамаша әндері бар ғой. Олар
әбден миымды жеп біткен, мезі қылған. Ал мынаның жөні басқа. Тілмен айтып жеткізе алмас жақын да жайлы үн тұла бойымды мақпалдай сипап, мәпелеген, не деген тәтті әуен дерсің?! Жүйке-жүйемді балбыратып, еніп барады, емірентіп барады. Япырау, бұл не қылған ырғақ, қайда жатырмын? Әлгі әуен қайдан шығып тұр, неменеге сонша егілемін деймін. Бұл бір ғажайып сәт еді. Әуен бір де толастар емес. Бірінен соң бірі, бірінен соң бірі кетіп жатыр. Тыңдаған үстіне тыңдай түскім келеді. Тоқтап қалмаса екен, үзіліп кетпесе екен деп үздігіп жатырмын. Аздап есімді жия бастадым, қайда, қандай жағдайда жатқаным есіме түскендей болды. Анкарада екенмін деймін. Тағы да шала-жансар кейіпке түсіп, «Мұнда неғып жатырмын, қазақ музыкасы қайдан жүр, бұл қалай?» – деп аң-таң боламын. Алыста жүріп, сағынып барып тыңдаған музыканың қадірі қандай десеңізші! Өз музыкамызды мен өмірімде мұншалықты түсініп, мұншалықты еміреніп тыңдаған емеспін. Осындай аласапыран ойдың үстінде музыкаға елтіп жатқанда бетіме ып-ыстық бір нәрсе тырс-тырс тама бастады. Құлағым әуенде, көзімді жайлап ашып қарасам, бас жағымда бір ғажайып келісті келіншек отыр. Өңім бе, түсім бе білмеймін. Мөлдіреген көзін маған қадап егіледі. Дәл осы кезде тағы да приступ басталды. Есімнен танбайын, берілмейін деп жан қинауға түсіп жатырмын. Есімнен тансам, әлгі әуендер мен мына келіншектен адасып қалатындаймын. Тоқтап қалмаса екен, отыра тұрса екен деген екіұдай сезім жетегіндемін. Сөйтіп жатқанда приступ тоқтап, жаным жайлана бастады. Анықтап айналама қарасам, әлгі келіншек осы өткен жазда бізге Алматыға келіп кеткен атақты Америка ғалымы, әйгілі түрколог Ильза Циртаутес ханым екен. Ол да осы Еуропада өтіп жатқан дүниежүзілік конгреске баяндамамен келіпті. Менің ауырып, конгреске қатыса алмай жатқанымды біліп жеткен екен. Ал әлгі әндер, күйлер соның қолындағы кішкентай магнитофон-қобдишадан шығып жатыр. Мұны ол жазда
Қазақстанға барған сапарында жазып алған екен. Соны шетелде ауруханада жатқан маған әкеп тыңдатуы өзгеше бір ізгіліктің, мәдениеттіліктің белгісі еді. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Менің де көзімнен еріктен тыс ыршып түскен тамшыны байқамай қалдым. Енді ғана аңғардым, біздің музыканы мен ғана емес, есік алдында ентелеп тұрғандар да құмарта құлақ түріп тыңдап тұр екен. «Е!.. Жігіттер, біздің бастан осындай да бір сәттер өткен еді. Еліңнің, жеріңнің, Отаныңның, әнің мен өнеріңнің қадірін адам сыртта жүргенде айқынырақ сезінеді екен және кейде әннің дәруі дәрігердің емінен де күшті-ау деймін», – деп толғанып барып, әңгімесін тоқтатты. Майдақоңыр
Қай-қайдағысын еске алған, ақылды жанның аялы көздері жасқа толып тұрды. Ішкі жан дүние дариясын толқытып алған Секең енді бір мезет қаз дауысын қоңырлата ыңылдады. Бұл кісінің жас шағындағы үні қандай болғанын қайдам, осындай шабыты келген шағында жанға жайлы қоңыр дауысына таңданбай отыра алмайтынбыз. Сөзсіз, мәтінсіз ыңылдап кетті: «Оһо – һоу-у ... Май-да-а қо-о-оңыр, е-е-ей-ей!» – деп барып тоқтады да: – Айналайын, Өмірзақжан, егер мүмкін болса осыны, осыған бір салшы. О, шіркін, сендер білсеңдер ғой! – деді. Тағы бір сырдың шеті ашылғалы тұрғанына елеңдеп, Секеңнің сағыныш арқалаған лебізін қайтармай, қолға домбыра алдым. Домбыраны қазіргі күйіме сәйкестендіре бұрадым да, әнді жайлап шерте бастадым. Сонда Секең: – Әуелі, осылайша бір, толық шертіп алшы, – деді өзі қапысыз тыңдаудың қамын жасап, жайғасты да, мына дүниеден аулақтап, алыс бір күндердің елесіне ергендей қыбырсыз, үнсіз күйге көшті. Әннің соңғы қайырмасын жұмсақ қана сипап барып тоқтадым да:
Жігіттің падишасы Әмір Темір Бозбала әнге салсаң қайғың кемір, – деп Ақан серінің аруақты әнінің ырғағына еніп, белгісіз бір сезімнің арбауына түстім. Денем дуылдап, арғымақпен ағызып келе жатқандай аңырай беріппін. Бір мезгілде Секеңе қарап ем, ол көзін жұмып алып, аржағынан келе жатқан ағыл-тегіл сезім нөпірін тас бекіткендей түрі бар екен. Бетаузы мың құбылып, бүлініп отыр. Жігітке өлең де өнер, өнер де өнер. Жүйрік ат өрге салсаң өршеленер, – деген тұста Секең мол денесін ауыр қозғап барып, жеңіл тұрып кетті. Келесі: Бозбала жастығыңда ойна да күл, Шамшырақ, мың күн жанған бір күн сөнер! – деген жолдар шырқалғанда ол арылы-бері адымдап, аспандап, әлдеқайда алысқа көз тастап тұрғандай болды. Сонау тұңғиықтан оянып, лек-легімен бері ағылып келе бастаған ойлар мен сезімдер шеруін жасырғысы, жасырғысы емес-ау, көрсеткісі келмегендей, кей тұста: «О-ди-дау-дара-дай-дым-ой-и!» – деп қосылып кетіп отырды. Жүйрік ат, жақсы қатын – ер қайрағы, Жігіттің болып өстім сүр бойдағы, – деген кезде ол тіпті құлпырып, түлей түсті. Арқасында тұрған шақсасын ала бергенде: Қағаз шай, ащы насыбай – ер арқасы, Күйіне түсіреді қай-қайдағы, – деген жолдар құбыла жөнелді. Ән де, өлең де Секеңнің қазіргі күйіне дөп түсіп жатқандай еді. Ән мен тыңдаушы тұтаса келіп, сирек болатын қазіргі сәттің өзгеше бір мүсінін, сәулетін сомдағандай кез еді, бұл. Осы бір ғана әннің тұсында Ісмет Кеңесбайұлының қай қиянды шарлап, қай жерлерді
кезіп келгенін кім білсін?!. Әйтеуір, Ақан әнінің құдіреті осы бір адамның бойында жасырынып жатқан, кез келген сәтте көріне бермейтін, бөлекше бір сырды ақтаратын. Ән біткен. Ол біразға дейін өз ойымен өзі болып, қазіргі қалпын бұзғысы келмей, біраз үнсіз отырып қалды. Әлден уақытта барып «мен, қазір» дегендей, ишара жасады да, бөлмеден шығып кетті. Ерніндегі насыбайын тастап, аузын шайып, тазаланып келді. – Мен бұл әнді толғанбай тыңдай алмаймын, жігіттер, – деді Сәкең әңгімені өзі жалғап. – Өйткені бұл ән, мені көрген түстей өтіп кеткен тәтті кезеңдеріме жетелеп, қай-қайдағыны есіме салады. Болмысы бөлек тұлғалар оралады көз алдыма. Әсіресе, марқұм Мұхаңмен (М. Әуезовпен) болған, осы әнге байланысты бір сәт есімнен кетпейді. Бұрын осындай бір әңгіменің болғанын әлдебіреулерден шала-пұла естігеніміз бар. Бірден бірге сатылап жеткен естелікте мән қала ма, тәйірі! Нағыз куәгердің өз аузынан еститін болғанымызға қуанып, құмарлана құлақ түрдік. Секеңді осыншама толқытып, шабытты әсерге бөлеген Ақан әніне, «Майдақоңырға» ризалығымызды айтып, үнсіз отырмыз. – 1958 жылдың жаз айы. Қазақ зиялыларының бір топ өкілі Алматыдан пойызға отырып, Мәскеуге тартып барамыз. Арамызда Мұхаң, Сәбең, Ғабең, Құрекең, Қанекең, Ғабдол Сланов т.б. және мен. Бір вагондамыз. Купеміз басқа-басқа. Қайран, дүние-ай, Мұхаң жүрген жер әңгімедүкенсіз, думансыз болушы ма еді, тәйірі! Ол да бір қайта оралмас алтын дәурен екен-ау! Ия, Мұхаңның, әсіресе, әнге деген ықыласын өз эпопеясындағы Абайдың, Біржанның төңірегіндегі әнші-жыршы шәкірттерден білесіздер ғой. Ән араласқан тұста Мұхаң төгіліп бір жөнелмеуші ме еді! Мұхаң бұл жолы да былай шыға өз купесіне біразымызды жинап алды да, небір қызық әңгімелерге кенелтіп отырған. Бір мезетте ол: – Ісмеке (ол кісі мені осылай атайтын да, Секе демейтін еді), – деді төтеннен. – Сен мына Ғабдолдың ән салатынын білемісің?
– Жоқ, Мұха. Ондай өнер болса,біз тыңдауға дайынбыз. Жоғары орында жатқан домбыраны алды да, Мұхаң Ғабдолға ұстатты. Кімдікі екені есімде жоқ, бір білетінім, Мұхаң жүрген жерде домбыра болатын. Ғабдол домбыраны біраз күйлеп отырды да, өзін-өзі тұңғиық бір қалыпқа салып алды, өзгеше бір қоңыр үнмен жанымызды ә дегеннен балбыратып, шырқады дейсіз. Аң-таңбыз. Тұрғанымыз тұрған, отырғанымыз отырған күйімізше арбалған адамдай қыбыр-күбірсіз қатып, тыңдап қалғанбыз. Менің бұл әнді бірінші рет тыңдауым еді. Өзіме-өзім ие бола алмай, әрең шыдап отырып Мұхаңа көзім түсіп кетіп еді, не істерімді білмей аңырдым да қалдым. Ол ағыл-тегіл жылап отыр. Мұхаңның жылағанын ешқашан көрген емеспін, тіпті жылай біледі деген ой миыма кіріп те шықпайтын. Өзінің кейіпкерлері тәрізді «қанын ішіне тартып, сұрланып» отыра беретін мықтының өзі деп ойлайтынмын. Сөйтсем, олай емес екен. Ол мұнысын ешкімнен жасырған да, қымсынған да жоқ. Тіпті оны ойлап та отырмаған сияқты. Дәл қазір, ол бар асылын бір әннің жолына құрбан етіп жіберер түрі бар. «Шіркін-ай, Майдақоңыр!» деп барып тоқтағанда ғана Мұхаң Ғабдол Сылановқа қарап тұрды да, қалтасынан орамалын алып, көзін сүртті. – Пәлі, ән деп осыны айтад тә. Әннің төресі ғой, бұл. Осындай сәттерді маңдайымызға жазған тағдырымызға шүкіршілік етелік. Бұл қазақтың кеудесінен қандай-қандай әуендер шығады десеңші! Мұндай өнерді құлақпен емес, жүрекпен тыңдаған абзал! – деп бір кетті дейсіз ағылып. Бүкіл қазақ өнері, оның арғы-бергі тарихы, асылдары мен алпауыттары, сал мен серілер әулеті жайында ұзақ әңгімеге тереңдеп, көпке дейін әсерленіп отырды. – Әттең, сол тарихи сәттер осы күнгі техника тіліне түссе ғой, келешек үшін таптырмайтын қазына қалған болар еді. Әттең, дүние-ай! – деп барып Секең бүгінгі әңгімені тамсана аяқтаған еді. Бұл күнгі кешке біз де іштей ризашылығымызды айтып, осындай сәттерді сыйлаған тағдырымызға шүкіршілік жасап, үйді-үйімізге аяңдадық.
«Бізге енді сөз қалған жоқ» Ісмет аға өмірде қандай алып денелі жан болса, ол ғылымда да сондай алып еді. Қандай да бір іш пыстыратын, ұйқы шақыратын жиналыстардың өзін жандырып жіберетін. Тып-тынық жатқан суды лезде алай-дүлейін шығарып кететін жайын болушы еді ғой. Кеңесбаевтың да жүрген жерін күлкіге, думанға бөлеп жүретін жақсы қасиеттерін осы жайынға теңеуге болады. Ол жұмысты да дәл осылай жапырып істейтін. Оның соншалықты білімділігін, ізденімпаздығын, еңбекқорлығын өзіміз талай көріп жүрдік. Ал оның ғылымдағы абыройының аса жоғары екенін КСРО ғалымдарының бір үлкен жиынында байқап едік. Сонда тек кеңес өкіметінің ғана емес, көптеген шетел ғалымдарын аузына қаратқан Виноградов секілді ғұламалар Кеңесбаевтан озып, алдын орап сөз сөйлемейтін. Бәрі-бәрі Кеңесбаевтың аузына қараған-ды. Ол ғылыммен қатар ұлт жанашыры, жас ғалымдардың қамқоршысы болатын. Осының бір дәлелі ретінде Кеңесбаев басқаратын Ғылыми кеңесте өткен бір жиын туралы еске ала кеткенді жөн көрдім. Ғылыми кеңес жүріп жатыр. Төраға – Ісмет Кеңесбаев. Мүшелері: Мәулен Балақаев, Мүсілім Базарбаев, Ахмет Жұбанов және Ғабит Мүсірепов, т.б. Жұрт орындарына жайғасып бола бергенде Ғабең – Ғабит Мүсірепов кірді. Аяқты қарш-қарш басқан күйі төрге озып бара жатып жан-жағына амандықтың ишараты ретінде басын сәл иді де, үйреншікті орнына, Секеңнің сол жақ қанатына барып аяқты айқастыра отыра кетті. Басындағы жады телпегін үстелге қойды. Ол кісінің Азия, Африка елдерін аралап жаңа келген кезі. Киген киімі кіршіксіз, таптаза. Кеңес тізгінін қолға алған Ісмет аға: «Бүгінгі диссертация қорғағалы отырған азамат мына Оңтүстік Қаратау өңірінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген бір топ ақын-жыраулар туралы ізденістерін баяндамақ. Ол бір
зерттелмей жатқан біртұтас дүние еді. Соны біршама жүйеге түсіріп, зерттеп, зерделеп келіп отыр екен. Бүгінгі бас қосуымызда соны талқыласақ», – деп жан-жағына бір қарады-дағы, «Ал, Әсілхан, саған 20 минут уақыт беріледі», – деді. Бұдан бұрын да дәл осы кеңесте бірнеше мәрте тауы шағылған Әсілхан Оспанұлы біраз қобалжып тұрды да, тістеніңкіреп сөйлеп жұмысының жайын баяндап кетті... Атқарған жұмыстары жайлы бірсыпыра айтып болды. Сонсоң Ісмет аға: «Баяндамашыға қандай сұрау бар, жұмысының кемшіліктері мен жетістіктеріне байланысты пікір білдірушілер болса, айтыңыздар», – деді. Бұған дейін де талай тартысқа түскен бұл тақырып жөнінде ешкімнің батылы барып, пікір айта алмай, арада біраз кідіріс пайда болды. Осы уақытта ешкімнен рұқсат та сұрамай, қол да көтермей, орнынан да тұрмастан, аяқты айқастырған күйі Ғабең: «Осы мен түсінбеймін, жолдастар! Ескілікті аңсайтын, бұрынғы өткен хандар мен сұлтандарды дәріптейтін ақын-жырауларды зерттеу қандай қажеттіліктен туып отыр? Мен түсінбеймін, жолдастар!», – деп түйді сөзінің соңын. «Иә, Ғабе! Талқылауды бастап бергеніңізге рахмет! Міне, пікірін осылай ашық айтатын азаматтар керек бізге. «Обсуждение» басталды», – деді І. Кеңесбаев. Осыдан кейін-ақ бір серпін пайда болып, Мүсілім Базарбаев сөз алды. Дәл осы тақырып бойынша бұрын болған кеңестерге қатысып жүрген М. Базарбаев үлкен дайындықпен келген екен. Жұмысты тас-талқан етіп сынады. Ең ақырында: «Секе, бұл жігіт қалай өзі? Өткен кеңесте де жұмысына аз сын айтылған жоқ еді. Ішінде біраз алып тастап, қайта жазып шығатын жерлері бар. Бұл оның бірін де істемеген. Сонда бұл азамат кеңесті сыйламай отыр ма, әлде кеңес мүшелері – басы сіз болып мына біздерді менсінбей отыр ма?», – деп ентігін әзер басқандай болып тоқтады. «Ой, бәрекелді, Мүсілімжан! Үлкен дайындықпен келген екенсің, көрініп тұр. Бізде дайындықсыз келіп те
сөйлей салатындар бар», – деп Ғ. Мүсіреповті сөзбен бір қағытып өтті. Әсілханның жұмысын қолдап сөйлейміз бе дегендер Мүсірепов пен Базарбаевтан кейін «дарияның қасынан құдық қазбайық» деген сыңайда біраз тосылып қалған-ды. Дегенмен бұл жолы оның диссертантқа жәрдем қолын созғалы отырғаны байқалды. Көпшіліктен қайта-қайта ұсыныс, пікір сұраған Ісмет аға енді шындап сасайын деді. Осыны сезді ме, әлде ойын жинақтап болғаны сол ма, Ахаң – Ахмет Жұбанов жайлап қолын көтерді. Көктен күткені жерден табылғандай Ісмет аға жайнап сала берді. Оның да барлық атақ-даңқын тегіс түгендеген Кеңесбаев: «Ақа, пожалыста!» – деді. Бұл сөзді Секең осылай қазақша мақаммен айтты. Жайшылықта да жылдам сөйлемейтін Ахаң бұрынғысынан да баяу даусымен: «Осы біздің ғылымға қаншалықты қатысы бар екенімізді білмеймін. Әйтсе де «Бір ағашқа екі ішекті байлап, содан күнкөрісімізді ажыратып жүрген жанбыз ғой», – деп бір тоқтады. «Біздікі ән болған соң, сол әннің өзі тіл арқылы шығатын болған соң, біздің де тілге қатысымыз болғаны ғой», – деп тағы бір түйді. «Мен бұл жігітке, біріншіден, рахмет айтқан болар едім. Қазір біз Қазақстанның төрт бұрышын зерттеп болуға айналдық. Ал, оңтүстіктегі Қаратау өңірін мекен еткен ақын-жыраулардың өмірі тұтас бір тарих, шығармашылықтары бүтін бір әдебиет екен. Бұл жігітке соны қолға алып зерттеп жүргеніне рахмет, – деп алды да: – Әй, шырағым, сенің маңдайыңның ырысы бар жігіт екенсің. Мұны қазір қозғап отырғаныңа шүкір. Егер бұл тақырыпты осыдан 20-30 жыл бұрын қозғар болсаң, әрқайсы әлденеше салмағы бар сөзбен соққылағанда 12 мүшеңнің қайда қалғанын білмес едің», – деді. «Осы ғылыми кеңесте жыл сайын әдебиеті бар, тілі бар 5-6 кандидаттық, 3-4 докторлық диссертация қорғалады. Біз солардың барлығынан жаңалық талап етеміз де жатамыз. Ол дұрыс та, сөйтсек мына Америка деген құрлықтың өзін
ертеде Колумб деген саяхатшы ашып қойған екен», – деді де орнына отырды. Жаңалық атаулының шегі бар дегендей ишара жасап, сөзін тоқтатты. Ісмет ағаның да күткені осы екен, Ахаңа рахметті жаудырып, жұмысты әрі қарай өзі талқылап алып кетті. Оның қажеттілігін тәптіштеп тұрып түсіндіргенде жиналған жұрт ұйып тыңдамауға шарасыз еді. Ісмет аға сөзін аяқтай бергенде, бағанадан бері үнсіз отырған Ғабең: «Енді бізге сөз қалған жоқ», – деп орнынан тұрды да, қарш-қарш басып есікті бетке алды. Әсілхан Оспанұлына Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратау өңірінде ХІХ ғасырдың ІІ жартысында өмір сүрген ақын-жыраулардың өмірі мен шығармашылығын зерттеуді М. Әуезов өзі тапсырып және өзі жетекші болуды ұйғарған екен. Бірақ зерттеу аяқталмай тұрып, Мұхаң дүниеден озады да, бұл жұмыс ғылыми кеңестің әр жиынында сынға ұшырап, теперіш көріп жүреді екен. Соны сезген ұлт жанашырлары Ахмет Жұбанов, Ісмет Кеңесбаевтар ақылдаса келе осы кеңесте қорғатып жіберуге келіседі. Ойға алған игі шаруа сәтін салып, Ә. Оспанұлы кандидаттық диссертациясын қорғап шығады. Қазақ ұлтының жоғын жоқтайтын ақын-жырауларды ескінің сарқыншағы деп қабылдайтын заманда мұндай қадамға бару, әрине, көзсіз батырлық еді. Бұл жерде І. Кеңесбаевтың жас ғалымға қамқор пейілімен қатар ұлт құндылықтарын сақтап қалу мақсатында басын бәйгеге тігіп отырғанын да көруге болады.
Кеңес империясы Кеңесбаев қолымен от көсеуге тырысты Қазақ тіл білімінің қалыптасып, даму жолында, оны бір жүйеге түсіруде еңбек еткен ғалымдар соншалықты көп те емес. Санаулы ғана. Солардың бірі әрі бірегейі Ісмет Кеңесбаев. Жалпы, Ісмет Кеңесбаев тағдыры күрделі тұлға.
Ел ішінде, тіпті зиялы қауым арасында да «Кеңесбаевтың тіл біліміне сіңірген еңбегі қаншалықты мол болса, тигізген зияны да соншалықты» дейтін әңгімелер аракідік болса да айтылып қалады. Әрине, оған себеп Кеңесбаев пікіріндегі қарама-қайшылықтар. Өзі бүкіл саналы ғұмырын арнап қызмет еткен ана тіліне орыс тілін мақтау арқылы қарсы шыққандай болды. Бұл мәселелер Кеңесбаевтың бар еңбегін «күйсінге» шығара жаздады. Еңбек демекші, Ісмет Кеңесбаев ғылымға қандай үлес қосқан еді? «Қазақ фразеологизмдерінің сөздігі» Кеңесбаевтың есімімен тығыз байланысты. Сөздікті түзе отырып, жалпы редакциясын да басқарды, сөйтіп ғылыми институт атқаратын үлкен шаруаны бір-ақ өзі тындырды. Аталған сөздік қазақ тіл біліміне қосылған өлшеусіз зор дүние еді. Бұдан бөлек ғалымның тіл білімі мәселелеріне арналған бірқатар еңбектері жарық көрді. Ал, 1989 жылы «Красная звезда» атты әскери басылымға шыққан аты шулы мақаласынан кейін Кеңесбаевты білетін жұрт оны кәрілік жеңген екен десті. Әйтпесе ана тіліне қарсы шығатындай не қара басты деп таңғалысты. Сан саққа жүгіртті. Ғалымның дүниеден озғанына 10 жылдан аса уақыт өтсе де, осы мәселе күні бүгінге дейін басы ашық күйінде қалып келген-ді. Меніңше, Ісмет аға осындай асығыс пікірдің құрбаны болды, олай дейтінім, мен осы мәселенің түп-төркінін екі нәрседен іздеймін. Біріншіден, Кеңесбаевтың мақаласында орыс тілінің Қазақстандағы жай-күйі ғана сөз болады. Онда қазақ тілі, оған қарсы мағынада бір ауыз сөз жоқ. Екіншіден, Желтоқсан көтерілісінен кейін Қазақстанға қыр көрсету жан-жақты жүзеге асырылып жатты. Осы сәтте КГБ Кеңесбаевтың қолымен от көседі. Олардың ойлағаны болды. Біз мәселенің төркінін әріден іздеудің орнына Кеңесбаевтың өзінен іздедік. Сөйтіп қателестік. Әлгі мақаладан кейін ұстаз аға І. Кеңесбаевқа көбіміз ренжіп жүрдік. Арада біраз жыл өткенде «Ісмет аға нашар халде екен» деген хабарды естіп, Ә.Т. Қайдар, К.Ш. Хұсайын үшеуміз Кеңесбаевтың көңілін сұрауға бардық.
«Ат арыса – тулақ, ер арыса – әруақ» демекші, кешегі алыптың құр сүлдері ғана қалған. Салалы саусақтары да әдеттегіден ұзарып, тым жұмсарып, қолының терісіндегі әжімдер де қалыңдай түскен. Бірқыдыру уақыт отырған соң қайтуға жиналдық. Әрқайсымызбен қол алысып қоштасып жатып, Ісмет аға: «Тілдеріңе абай болыңдар, Тілге...», – деді. Және осы сөзді тағы бірнеше рет қайталады. Ұлы тұлғаның қазақ тілін келесі ұрпаққа аманат еткендей болған осы бір сәті есімнен кетпейді. Қайран, дүние-ай!.. Ұстаз (Әйгілі тілші Мәулен Балақаев) (1907-1995) Соғыстан бұрынғы және соғыстан кейінгі аласапыран жылдарда мектеп көрген қазақ баласы түгел Мәулен Балақайұлы деген есімді көңіліне тоқып, көкейіне жаттап өскен. Олай болатыны бұл адамның бүкіл саналы өмірі қасиетті қазақ тіліне қызмет етудің асқан үлгісі іспетті болды. Ол жарық дүниеде 88 жыл өмір сүрді. Егер оның тілге ынтықтығын мектепке барған күнінен есептесек (шынында, солай есептеу керек те), соның 80 жылы қазақ тілінің қыры мен сырына үздіксіз үңілумен өткен екен. Денсаулықтың арқасында 80, 90-ды қайырып жатқан жандар аз ба, өмірде. Әңгіме, құдайдың кісі талайына өлшеп берген осынау өзгеше сыйын кімнің қандай жолдарға түсіп, қалай өткізуде ғой. Осы ретте Мәкең өміріне саналы көзбен үңілер болсақ, небір ғажайып сәттерді, шырғалаңы мен сыр толғары көп кезеңдерді көз алдымызға келтіргендей боларыңыз хақ. Қатал тағдыр оны әу бастан аямай-ақ қақпақылдаған. 3 жасында әкеден, 10 жасында шешеден айырылған. Қазақтың ежелгі шаһары Түркістан маңындағы шағын ауыл Шағада 1907 жылы дүниеге келген Мәуленді бала кезіненақ осындай тағдыр күтіп тұрды. Осы бір шерге толы
ауыр жылдарын Мәкең 1992 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Зерде баспалдақтары» деген өмірбаяндық әңгімелерінде: «Анам қайтыс болған соң, біздер Шағаның шақа балапанындай шиқылдап, көз жасымыз көл болып, «соры қайнаған жетімдер» аталып, далиған суық үйде бір жатып, бір тұрып жүре бердік. Қайғылы көңілсіз өмір енді басталды», – деп жазады. Ел ағасыз, тон жағасыз болмайтыны рас. Ол балалық шағын Бесарық стансысында тұратын нағашыларының қолында тынымсыз еңбекпен өткізеді. Мамыт нағашы «... мені аямай жүріп, еңбекке баулудың бекем жібі шиыршықтана берді, шиыршықтана берді. Сол үшін қазір нағашыларыма рахмет айтамын». Осылай шиыршықтана түскен өмір жібі оны біртіндеп ширықтырып, білім жолына алып шығады. Жастайынан қолына алған істі аяғына жеткізбей тынбайтын қасиет Мәкеңмен өле-өлгенше бірге болғанын біз өз көзімізбен көріп, таңданатынбыз. Ақтық демі біткенше қолынан қаламы түспеген жанның бірі болса бірегейі Мәкең еді. 1918-20 жылдарғы жаңа заман шарпуы Бесарыққа да жетіп, панасыз балалар үшін интернат ашылады да, Мәкең соған жайғасады. Бірақ ол көп ұзамай жабылып қалады да, ол нағашының қолбаласы ретінде сиыр бағып жүре береді. Әйтсе де ауыл ақсақалы Сапабектің оқу жөнінде айтқаны құлағынан кетпей, ақыры оны 1925 жылы Шымкент қаласына жетелейді. Мұнда ол педтехникумда (192529) оқиды. Бала шәкірттің оқуға деген ынтасы өзгеше болатын. Ж. Аймауытов сияқты ұстаздың алдын көру оның сөз өнеріне деген құштарлығын үдете түседі. Оған еліктеп бірнеше әңгіме жазады. Ұстаздан қолдау тапқан «Күнсұлу», «Кездесе кетті», «Қаратайдың апасы» тәрізді бірнеше әңгімелері Ж. Аймауытовқа ұнаған. Кезінде жарияланған. Егер жазушылық жолды таңдаған болса, Мәкеңнің белгілі қаламгерлер қатарына қосылары кәдік еді деп шамалауға болады. Алайда «жазушы болсам қайтеді» деп қаншама ойлағанмен, өмір жолы оны басқа арнаға, тіл арнасына салып
жіберді. Бұған негізгі себепші болған қазақтың тұңғыш лингвист профессоры Құдайберген Жұбанов болатын. М. Балақайұлы техникумды бітіре салысымен ағарту жұмысымен айналысады. Мектептерде, Шу аудандық оқу бөлімінде қызмет ете жүріп, аштық жайлаған елдің сиқын көріп жаны күйзеледі. Қазақтың малынан айырып, сансыратып тастаған Голащекин саясатының зардабына іштей наразылық айтып қынжылады. Сол бір қаһарлы жылдарда қамыға жүріп, қайраттанған жас маман өз білгенін елге бергісі келеді. Адам түсініп болмайтын алапат қырғынның себеп-салдарына үңіліп, өзінің білімі әлі жеткіліксіз екенін сезеді де, 1931 жылы қызметтен босанып, ҚазПИ-ге келіп оқуға түседі. Осы институттағы төрт жыл оның білікті де білімді азамат болып қалыптасуына айрықша әсер етті. Ол кезде институтта С. Сейфуллин, Қ. Жұбанов сынды ұстаздар дәріс беретін. Негізінен шәкірттің болашағын айқындап алу көп жағдайда ұстазға байланысты болады емес пе? Басқаны қайдам, өзінің айтуына қарағанда, Мәкеңнің қазақ тіл білімі мамандығын таңдауы Қ. Жұбановқа тікелей байланысты. Кезінде одан дәріс алған шәкірттері мен замандастарының айтуына қарағанда, Құдекеңнің өнегесі өзгеше болғанға ұқсайды. Әсіресе, оның білімге сусаған жастардың тілге бейімділері мен зейінділерін тани білетін көрегендігі кім-кімді де таңғалдырмай қоймаған. Басқаны қоя тұрып, Мәкеңнің болашағы үлкен ғалым, зерек тілші болғанын тап басып тану ғажап емес пе?! Сөйтіп ол ұстаздың өзін жақсы көре отырып, пәніне құштарлығы артады. Ұстаз бен шәкірт арасында осылайша өзгеше бір сыйластық пен сенім пайда болды. Ә дегеннен орнаған осы сыйластық мәңгілікке қалғандай. Мәкеңнен үміттің зорлығы соншама, Қ. Жұбанов оны институт бітірісімен Ленинградқа аспирантураға (1934-37) жіберді. ҚазПИ-де алған білімді тереңдете, беркіте түсу үшін бұл аспирантураның рөлі мейлінше зор болғаны мәлім. Әлемге белгілі, айтулы ғұламалар С.Е. Малов, Н.К. Дмитриев, А.К. Боровковтар М. Балақаевтың ғалым-лингвист ретінде шыңдалуына айрықша ықпал етті.
Осыншама мол білім жинақтаған жас маманның ендігі еңбек жолы айқара ашық емес-тін. Оған өте қиын да күрделі кезеңде қызметке кірісуге тура келді. Қолынан іс келетін елдің ардақты азаматтары бірінен соң бірі «халық жауы» атанып, асылып, атылып жатты. Өмірді күдік пен күңгірт ойлар жайлады. Айналаңның бәрінен сенімсіздікпен қарайтын қаралы күндер жетіп, естияр азаматтың еңсесін көтертпей жатқан 1937 жылы арың мен жаныңды сақтап, еліне септігі тиер еңбек жасау тіпті де қиын болатын. Анау да жау, мынау да жау деп бірін-бірі жарыса көрсетіп жатқан сұрқия заманда М. Балақаевтың мойнына үлкен жүк артылды. 1937 жыл қорғалатын кандидаттық жұмыстың 1941 жылға дейін созылуында осындай өзіндік сыр бар болатын. «Байтал түгіл бас қайғы» боп тұрған заманда жеке бастың мүддесі жайына қалды да, ел мұқтажын өтеудің сансапалақ тапсырмаларына Мәкең белшесінен батады. Жаппай репрессиядан сыпырылып кеткен атақты мамандардың орнын жоқтатпай оқулықтар жазу, студенттерге дәріс оқуға тура келгендіктен, қорғау мәселесі кейінге қалған болатын. 37-нің әлегі оны да аман қалдырмады. Партия қатарынан шығарылып, «Құдайбергеннің құйыршығы», «жапонның шпионы» деген айдар тағылып, газеттерде бұрқыратып сынап жазып жатқанмен, тумысынан адалдық пен еңбек жолын таңдаған Мәкең итжеккенге айдалмай аман қалғаны қазақ тіл білімі үшін үлкен олжа болды. М. Балақайұлының өмірдің қай сәтіндегі қалпын алсаңыз да бір орнықтылықты, принципшілдікті, әділеттілік пен адамгершілікті байқап отырасыз. Оның ұстаздық өнегесі мен ғұламаға тән парасаттылығы өзгеше бір дастанға лайық. Әсіресе ол кісінің еңбекқорлығы ұстаздық өнер мен зерттеушілік қабілетінен айқын танылады. 1917 жыл мен 1932 жылғы ашаршылықты, 1937 жылғы апат пен 1941-45 жылдардағы жойқын соғысты, 1951 жылғы дүрбелеңді бастан кешірген, солардан аман өткен ғұламаның қалдырған мол мұрасы қазақ халқының, тәуелсіз еліміздің, қазақ лингвистикасының игілігі болып есептеледі.
Оның қай еңбегі де үнемі зәру мәселені қамтып отырған. 1941 жылы «Қазақ тіліндегі көмекші сөздер» деген тақырып бойынша кандидаттық, 1950 жылы «Жай сөйлем синтаксисі» атты тақырып бойынша докторлық диссертация қорғады. Содан бергі жерде 20-дан астам кітап, жүздеген ғылыми және ғылыми көпшілікқолды мақалалар жазған. Мұның бар-лығы кезіндегі нақты сұранысқа сай орындалып отырған. Ел сауатын ашудан бастаған оның еңбек жолы қазақ тіл білімінің сан саласын шарлайды. Грамматика, орфография, жазу, терминология, сөз тіркесі, тіл мәдениеті, стилистика, көркем әдебиет тілі, әдеби тіл мәселелері т.т. Мәкең айналысқан салалар. Бұл салаларға барған адам оның еңбектерін аттап өте алмайды. Әсіресе, қазақ тілінің тұңғыш ғылыми грамматикасы болып есептелетін «Қазіргі қазақ тілінің» (1954) жазылып, жарық көруінде М. Балақаевтың үлесі мол. «Жай сөйлем синтаксисі» мен «Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің түрлері» (1957) деген еңбектері отандық және әлемдік деңгейде жоғары бағаланған. Бұл қадірлі ұстаз еңбектерінің ғылыми-теориялық өресінің қаншалықты жоғары екенін танытса керек. Осы кейінгі аталған еңбегінде ол өзінің ұстазы Н.К. Дмитриев және Н.А. Баскаковтармен пікірталасына барып, ой жарыстырады. Бұл да көп зерттеуші бойынан көріне бермейтін батылдық болатын. Олар Мәкең дәлелдеріне құлақ түрді. Ол қазақ тілі синтаксисін, оның ішінде, сөз тіркесін бүге-шігесіне дейін зерттеп, оны өз алдына бөлек қарастыруды талап ететін тіл саласы екенін дәлелдеп, теориялық тұжырымдама жасайды. Бұл өзі кейін Мәкең қалыптастырған мектепке негіз болды. Мәкең идеясын тәптіштей түсетін талай зерттеулер жасалды. М. Балақайұлы әдеби тіл проблемасын үнемі қадағалаумен болды. Оның нәтижесі 1984 жылы «Қазақ әдеби тілі және оның нормалары» деген атпен кітап болып жұртшылық қолына тиді. Мұнда ол бұрын-соңды айтылып, жазылып жүрген пікірлерді сарапқа салып, мәдениетті ғылыми пікір-
таластың үлгісін көрсетеді. Әдеби тіл дегенімізге нақты анықтама беруге тырысады. Оның шегі мен шеңберін көрсетеді. Сонымен бірге қазақ тілінде норма мәселесінің қалыптасу жайын қарастырып, өзіндік ұстанымын береді. Қысқасы, бұл кітап, әлі күнге ешбір зерттеушіні бей-жай қалдырмай, пікірталасына жетектеп келеді. 1987 жылы жарық көрген «Қазақ әдеби тілі» атты көлемі 20 б.т.-тан асатын еңбегі осындай тұшымды ойлар мен толғаныстар нәтижесін танытатын өте құнды дүние. Жоғарыда атүсті айтылған жазу мен емле мәселесі де Мәкең назарынан тыс қалмаған өзекті салалар болатын. Оның 1948 жылы «Орфографиялық сөздігі», 1952 жылы жарық көрген «Қазақ орфографиясы мен графикасы мәселелері» деген еңбектері осы сала бойынша өрбітілген ойпікірлерге мұрындық болғаны мәлім. М. Балақайұлының редакциясымен басылып шыққан 30-дан астам монографиялық, оның жетекшілігімен қорғалған 44 диссертациялық жұмысты есепке алсақ, сондайақ түрлі ғылыми кеңестер мен республикалық, халықаралық конференция, жиындарда жасалған баяндамалар мен хабарламалар оның ғылыми өмірдегі орны бөлек өзгеше тұлғасын әйгілей түседі. Басқаны былай қойғанда, 1938 жылдан бергі көбі 20-дан қайта басылған 1, 2, 3 және 9 кластар үшін жазылған оқулықтарының өзімен де Мәкең тарих жадында болар еді. Ол ақырын жүріп, анық басу арқасында талай дәрежелі қызмет атқарып, атақ, абыройға ие болған адам. Шет тілдер институтының ректоры, ҚазМУ-дің кафедра меңгерушісі, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор т.т. Мәкеңнің терең білімі мен ақыл-парасатын, биік мәдениетінің өздері іздеп тапқан орынды дәрежелері. Қандай мадақ сөз естісе де, сұлу да сыпайы қалпынан өзгермейтін, болмашыға асып-тасып, күйіп-піспейтін, әрбір ортаны әдемі қалжың араластыра жадыратып отыратын тамаша ұстаз өмірі мен шығармашылық өнерінің
біз қадір тұтқан кейбір тұстары, міне, осындай. Тәйірі, өмірі өнегеден тұратын ғұлама жайлы сөз бір әңгімемен бітер дейсіз бе? Біздің ғалым болып қалыптасуымызға әсері мол болған ұстаз аруағына бас иіп, тағзым етудің бір түрі әзірге осы-дағы! Ол қазақ тіліне ғашық еді (М. Балақаевтың 100 жылдығына орай) Ұстаз туралы сөз айтудың тіпті де оңай шаруа емес екенін осы жолы тереңірек аңғарғандаймын. Адамның көзі тірі кезінде пендешілік пе, әлде алаңсыздық па, әйтеуір көп нәрсеге көңіл аудара бермейсің. Жалған дүниенің күндердің күні болғанда кілт үзілерін де ойлап жатпайсың. Сөйтіп жүріп қасыңда күнде бірге болып, өмір сүріп жатқан адамның бір басында кісі толғанар қаншама қасиет бар екенін сезсең де сезбегендей, көрсең де көрмегендей болып жүре бересің. Енді, міне, қадірменді ұстазым Мәулен Балақаевтың мәңгілік мекеніне сапар шегіп, тірілерден алыстаған сайын, кезінде ескермеген естелікті еске түсіре алмай сарсаң болып отырмын. Алайда Мәкең сияқты жандардың өмірі аша білсең, өздері сөйлей жөнелетін шежіре іспетті. Олар қалдырған ерен еңбегімен айтады, ешкімге ұқсамайтын сырбаз мінезімен айтады, шәкірт пен ғылым алдындағы қадір-қасиетімен айтады. Мәуесі пісіп майысқан жеміс ағашы тәрізді басы еңкек тартқан кішіпейілділігімен айтады, қанша үңілсең сарқылмайтын білік-санасымен айтады, даңқ-дәрежелердің қандай бір түрінен де биік адамгершілік парасатымен айтады екен. Бүгінгі әңгімеге қуат берген, делбе қақтырған аяулы ұстазым, асыл азамат, асқан білімдар М. Балақаевтың барынша мағыналы да мазмұнды, келісті де жемісті өткен өнегелі өмірі, өрісті творчествосы, шығармашыл шыншылдығы. Бардың бағасын біліп, жоқтың жөнін іздеу саналылықтың белгісі. Бірақ сол саналы өмірдің сан тараулы жолын-
да талмай еңбек етіп, елінің білік-білімінің өсе түскенін танытарлық мол іс тындырар қабілет екінің бірінде бола бермесе керек. Жаңа мен ескінің жанталаса жағаласып жатқан аласапыран заманға бозбалалығы тап болған Мәкең сияқты адамның сол бір кезеңде болашағын әйгілеп алуының өзі бір ерлік еді. Бұл, бір жағынан, тағдыр ісі болса, екінші жағынан, еңбек күші, үшіншіден, ол тәрбие алған ортасы мен мектеп тағылымы болатын. Сонымен, биыл 100 жасқа толып отырған әйгілі педагог, мәшһүр ғұлама Қазақ Республикасы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Республика ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымының докторы, атақты профессор-ұстаз Мәулен Балақайұлы Балақаевтың өмірі мен шығармашылығына ой жүгіртіп, оның сыпайы да сынық, мәдениет төгіліп тұратын жарқын бейнесін еске алалық. Содан егде тартқан өзіміз де, ана тіліміздің болашақ тірегіне айналар жастарымыз да бір сәт ұстаз алдындағы міндет-парызымызды осылайша да өтегендей болайық. Аңғара қараған жанға Мәкең тұрғыластары өмірінде ұқсастықтарымен қатар, әрқайсысының ізденімпаздық, еңбексүйгіштік, алғырлық сипатына орай өзіндік ерекшелік болмыс-бітімі де танылады. М. Балақаев өмірінен де біз осындай бір өзіндік жол мен дара тағылым ізін байқаймыз. Ең алдымен, көзге түсетін нәрсе – оның бала кезден шыңдалған еңбекқорлығы. Оның өткен өмір жолын, сол жолда жасаған қыруар мол жұмыстарын саралағанда мынадай тағылым аларлық жайды аңғарасыз. Тауқымет пен тақсіреті қатар жүріп отырған Мәкеңнің саналы өмірінің әрбір сәті мағынаға, мәнге және мұңға толы болған. Ол 3 жасында әкеден, 10 жасында шешеден қалып, балалар үйінің қамқорлығында болғанын ғылымға жаңа келген жастар біле бермейді, ал ересектер біледі. Айтылса, тәрбиелік мәні бар деген ниетпен айтылатын қайсыбір мәліметтер мыналар. Мәкеңнің ғалым, ұстаз, қайраткер азамат болып қалыптасуына зор әсері болған үш түрлі оқу орны
болды. Олар: Шымкент педтехникумы (1925-29), ҚазПИ (1931-33) және Ленинград университетінің аспирантурасы (1934-37). Және ол екі ұстаздық үлгіні көрді. Оның бірі – Қ. Жұбанов болса, екіншісі – С.Е. Малов, Н.К. Дмитриев тәрізді асқан білімдарлар еді. Үшіншіден, ол Т. Тәжібаев, О. Ағыбаев, Ш. Нұрмағамбетов, М. Қаратаев, Х. Есенжанов, Б. Шалабаев тәрізді талантты жастармен бірге оқыды, достаса білді. Осының бәрі жинақтала келе білімге сусыған зейінді жастың зердесін ерте ашқан. Ол осылайша білімге тереңдеген сайын тіл мен әдебиетке деген ықыласы арта түседі. Жасынан өлең шығарып, ән айтуға бейім баланың бағытын ұстаздар әу бастан-ақ дұрыс бағдарлайды. Ол аспирантурада жүрген кезінің өзінде-ақ, қазақ тіл білімі Мәкеңнің өмірлік кәсібіне айналып, мәңгілік несібесін осы саладан жинайды. Содан бергі жердегі өмірде Мәкең кандидат, доктор, профессор, академия мүшесі деген атақтарға ие болады. Осының бәрінде қаншама тер төгілгенін, әрине, есептеп шығару қиын. Тынымсыз еңбек, тындырымды іс ақыры оны ұлағатты ұстаз, ірі ғалым, тіл тағдырына араласар айтулы азамат дәрежесіне көтерді. Өткен жылдар осыны айтады, жылдар қойнауында тұнған сырлар осыны шертеді. М. Балақайұлының өмірі мен шығармашылық жолын біз осы жүйемен саралағанды жөн көрдік. 1. Сөйтіп, ол, ең алдымен, Ұстаз. Аспирант кезінен басталған оның ұстаздық өнерін біздіңше үш түрлі ыңғайда сөз еткен дұрыс сияқты. Біріншіден, М. Балақаев 25 жыл бойы Қазақ университетінде үзбей сабақ бере жүріп, 5000нан астам оқытушылар мен мұғалімдерді тәрбиелеген екен. Олардың көбі бұл күнде өз түлектерін ұстаздық дәрежеге жеткізіп жүрген жандар. Сол ұстаздық өнер бүгінде оның немере, шөберелеріне ұласып жатыр. Екіншіден, ол университет пен Қазақстан Республикасы ҒА Тіл білімі институтында көп жылдар бойы қатар қызмет істей жүріп, әлденеше ғылым кадрларын дайындады. 40-тан асқан ғылым кандидаттары мен докторлары Мәкеңнің бұл саладағы же-
місті еңбегін нақты танытса керек. Үшіншіден, оның асқан тәрбиеші екені өз алдына бөлек бір хикая. Ол мейлі мұғалім, мейлі ғалым болсын, қай-қайсынан да, ең алдымен, адамгершілік рухын жеткізіп, адалдық пен әділет жолын танытып, мәдениет пен әдеп дәнін сеуіп отырған. Мәкең алдынан дәріс алған адамның мұны сезбей өткені жоқ. Шәкірттерінің адал болатыны ұстаздың осындай тұрақты мінезі мен тиянақты ісіне байланысты болса керек. Ол айтатынын әзіл-қалжың араластыра, күліп отырып-ақ астарлап жеткізуге шебер еді. Лекция оқығанда да пәннің студенттерді жалықтырар бөліктерін қарапайым қазақ сөзімен түсіндіруі көпке дейін есте сақталатын. Мұның бәрі ұстаз Мәкең басындағы біз таныған қасиеттер, көп адамның еншісіне тие бермейтін қасиеттер. Әсіресе, жастар жадында болатын ерекшеліктер. 2. Мәулен Балақайұлы Балақаев – үлкен ғалым. Ол алғашқы ізденістерінен-ақ, ғылыми зерттеу жұмыстарына қабілеті зор талантты жас екенін бірден танытады. Оған дәлел ретінде белгілі тіл маманы Әділ Ермековтың мына бір жазып қалдырған естелігінен бір үзікті еске алған жөн сияқты. «Әлі есімде, 1935 жылдың көктемінде Ленинградтан демалысқа келгенімде Мәулен «Қазақ тіліндегі көмекші сөздер» деген тақырыпта Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында баяндама жасады. Осы бас қосуды Құдайберген Жұбанов басқарды. Баяндама жөнінде студенттер пікірін тыңдап болған соң, Құдайберген аға қорытынды жасап, жас ғалымның тырнақалды зерттеуінің нәтижелі екенін, Мәуленді қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы болады деген үміті зор екенін айтқан еді. Ақыры солай болды да». Осылайша басталған ғалым сапары, оны мынадай жолдардан өткізді. Ол 1941 жылы дәл осы тақырып бойынша кандидаттық диссертация, ал 1950 жылы «Жай сөйлем синтаксисі» туралы докторлық диссертация қорғады. Кейінірек бұл еңбек өз алдына жеке кітап болып жұрт қолына тиді.
Содан бергі жерде М. Балақаев тынымсыз еңбектенеді. 20-ға таяу кітап, жүздеген ғылыми және ғылыми көпшілікқолды мақаланы еңбекқорлықтың асқан үлгісі ретінде айтуға лайық. Және бір ғажабы, оның еңбектері уақыт талабына сай оқырман жұртшылықтың тілек-мүддесіне жауап ретінде жазылып отырған. Қай еңбегін алсаңыз да осындай дер кезінділік сыпатын байқамай тұра алмайсыз. Жалпы, тарихтың қоңыр тартқан беттеріне көз салсақ, М. Балақайұлының еңбек жолы 30-жылдардан басталған екен. Бұл жылдардың мәдениет тарихындағы рөлі орасан зор болғаны мәлім. Жаппай сауат ашу, ол үшін жазуды жөнге салу, оқу бағдарламалары, әдістемелер мен оқу құралдарын жасау тәрізді сан түрлі шаруаға М. Балақайұлы білек түре араласады. Сонымен бірге грамматика, орфография, терминология мәселелерімен шұғылданады. Бертінірек оның қаламы тіл мәдениеті, стилистика, көркем әдебиет тілі және әдеби тіл салаларында қызмет ете бастайды. Мұның нәтижелерін бірнеше еңбек ретінде көріп, оқып, көбіміз білім толтырған болатынбыз. Мәкең қаламынан туған еңбектер арасынан жай сөйлем синтаксисі, сөз тіркесі және тіл мәдениеті туралы жұмыстарын айрықша атау қажет. Неге десеңіз, бұл саладағы еңбектер арқылы ол қазақ тіл білімі проблемаларын бүкіл түркологиялық деңгейге көтерді. Қазақ тілінің тұңғыш ғылыми грамматикасы болып саналатын «Қазіргі қазақ тілінің» (1954) үлкен бір тарауын «Жай сөйлем синтаксисі» деген атпен Мәкең жазған болатын. Осы еңбекті және «Қазақ тілінің сөз тіркестерінің түрлерін» (1957) кезінде жалпы жұртшылық, тіпті отандық және шетелдік ғалымдар аса жоғары бағалаған еді. Осының өзі де ғалымның ғылымитеориялық өресінің қаншалықты дәрежеге көтерілгенін байқататын. Осы еңбегінде М. Балақайұлы өзінің атақты ұстазы Н.К. Дмитриев пен замандасы Н.А. Баскаковтың аталмыш мәселе туралы қалыптасқан пікірлеріне дәлелді дау айтып, таласқа түседі. Ол кезде ғылымда мұндай батылдық жиі
кездесе бермейтіні мәлім. М. Балақайұлының дәлелдемелерінен кейін синтаксис оқулықтарында «Жай сөйлем синтаксисі» мен «Құрмалас сөйлем синтаксисінен» басқа үшінші бір сала – «Сөз тіркесі» беріліп отыратын болды. Бұл еңбекті кезінде атақты түрколог А.К. Боровков (Боровков А.К. Изучение тюркских языков в СССР // «Вопросы языкознания», 1961, №5) жоғары бағалаған. Сөйтіп бүкіл түркология ілімінде М. Балақайұлының ашқан жаңалығы жаңа сала болып қалыптасты. Ол қазақ тіл біліміне тағы бір өзекті саланың уығын шаншып, шаңырағын көтерген. Және көңіл аударарлығы сол, Мәкең тіл білімінің керекті мәселелерін дер кезінде байқап, орыс оқымыстыларымен қатарласа қарастырып отыратыны. Мәселен, қазіргі «Қазақ тілінің мәдениеті» дейтін пән Мәкеңнің тікелей өзі ашып, өзі қалыптастырған сала. Осының өзімен де ол қазақ тіл біліміне шоқтығы биік тұлға болып қала берер еді. Міне, осы жоғарыдағы іспеттес іргелі еңбектер М. Балақайұлын көрнекті түркологтар қатарына қосты. Ол қазақ тілі синтаксисін, оның ішінде сөз тіркесін аса бір зеректікпен жазып, теориялық түйіндеулер жасады. Мәкең бұл проблемаларды өзі ғана зерттеумен тынбай, шәкірттер баулып, ғылыми жұмысқа соларды тартты. Оның жетекшілігімен жазылған 10 монографиялық жұмыстың негізгі объектісі осы сөз тіркесінің әрқилы мәселелері. Мұның бәрінде Мәкең үлгісі, Мәкең қаламының табы бар. Қазақ тіл білімінде өзіндік мектебі бар бір де болса бірегейі ретінде Мәулен Балақайұлының аталатыны осыған байланысты деп білеміз. Ғалымның қазақ әдеби тіл мәселелері жөніндегі ғылыми ой-пікірлерін өз алдына бір бөлек әңгіме етуге тура келеді. Ол қазақ тілінің қандай мәселесіне барсын, әдеби тіл мәселесін жадынан шығарған емес. Үнемі ой үстінде, қайсыбір пікірін қайта қарап, тереңдете қадағалап жүретін. Сөйтіп жылдар бойы толқытып келген ойларын жинақтап, ол 1984 жылы «Қазақ әдеби тілі және оның нормалары» деген кітап жазып, бастырды. Бұл еңбек сапасының қай
деңгейде болғанын Ш. Уәлиханов сыйлығынан артық дәлелдеуге болмас. Бұл тұста, атап айтар бір жайт мынау, зерттеуші ретінде Мәкеңнің адалдығы мен зерделілігіне тәнті болып отырасыз. Бұрынды-соңды әдеби тіл туралы айтып-жазылып жүрген пікірлердің бәрін саралай келе, қайсыбір тұстарымен әдемі де мәдени қақтығысқа барады. Сөйтіп әдеби тіл дегеніміз не және оның ауқымына не кіреді деген мәселелерді тұңғыш рет нақты ашып айтады. Бұл еңбек өзінің осындай қағидалық үлгілерімен көптеген зерттеулерге жол ашты. Ал «Қазақ әдеби тілі» (1987) атты 20 баспа табақ көлемді еңбегі ғалымның бірнеше жылдар бойы көкейге түйген ойларының бір түйінді қорытындысы іспетті. Қазақ тіл білімінің келелі мәселелерін құрастыруды мақсат тұтқан ізденушінің қай-қайсысы да мұны аттап өте алмасы хақ. 3. М. Балақайұлы – қазақ жазуы мен емлесін қалыптастыруға да көп үлес қосқан ағартушы қайраткер. Оның 1948 жылы жарияланған «Орфографиялық сөздігі» кейінгі жылдарда түзілген үлкен емле сөздіктеріне негіз болды. Және кезінде жазуымызда етек алған көптеген алақұлалықты реттеуге едәуір септігі тигені мәлім. Ал 1952 жылы жарық көрген «Қазақ орфографиясы мен графика мәселелері» деген кітапшасы осы саладағы ғылыми ой-пікірлерге жетекші қызмет атқарды. Сондай-ақ, ол 1963 жылғы және 1988 жылғы «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» басы-қасында болып, тіл мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан оқу ағарту ісінің озық маманы. М. Балақайұлы редакторлық жұмыспен де үздіксіз айналысып отырған. Ол кісінің редакциясымен 30-дан аса еңбек басылып шыққан. Ол соғыс жылдарынан бергі жердегі қазақ лингвистикасы проблемаларына байланысты көтерілген барлық қоғамдық және ұйымдастыру мәселелерінің бәріне тікелей араласып, соның қалың ортасында болып отырды. М. Балақайұлы бүкілодақтық және халықаралық мәжілістерге (Болгария) қатысып, іргелі ойлар мен салиқалы пікір өрбіткен әлемдік деңгейдегі ғұлама.
1938 жылы 1,2,3 және 9 сыныптар үшін жазылған қазақ тілінің оқулықтары Мәкеңді осы саланың айтулы маманы ретінде әйгіледі. Соңғы үшеуі 20 рет басылыпты. Ал жоғары оқу орындары студенттеріне арналып «Қазақ тілінің стилистикасы» (1966), «Қазіргі қазақ тілі грамматикасы» (авторлас, 1966), «Қазақ әдеби тілінің тарихы» деп аталатын авторлармен бірлесе жазған оқу құралдары күні бүгінде басшылыққа алынып келеді. М. Балақайұлының қазақ лексикографиясы саласында сіңірген еңбегі де алуан-алуан. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақша-орысша сөздік», «Орысша-қазақша сөздіктердің» бәрі де Мәкеңнің қатысуымен, басшылығымен түзілген. Сөйтіп, біз бүкіл өзінің шығармашылық ісі мен өмірін қазақ тіл біліміне, қазақ мәдениетіне бағыштаған әйгілі ұстаз, атақты ғалым, тамаша азамат М. Балақайұлының 100 жылдығын атай келе, тіл білімінің, қазақ ғылымының, қазақ мәдениетінің кеңестік дәуірде қаншалықты дамып, қаншалықты қанат жайғанын нақты елестете аламыз. Біз Мәкеңнің 100 жылдығы арқылы қазақ Тіл білімі институтының тарихын сүзіп шығып, оның жетістігі мен кемістігін ойша таразылағандай боламыз. Байқап отырсақ, біздің көбімізге кейде мәселені Мәкеңше түсініп, Мәкеңше еңбектену жағы жетіспей жататын тәрізді. Оның мейлінше қарапайым да кішіпейіл мінезі, ғылыми және қоғамдық мәселелерге келгенде таймас принципшілдігі, жора-жолдас, аға-іні, ғалым шәкірттер арасындағы бірқалыпты байыпты да тұрақты қасиеті кімге де болса үлгі. Ол сөз бен ісін қатар ұстай білетін күрескер адал жан, ғылым болашағын терең ойлайтын тәлімгер, басқа да тілдер мамандарын дайындауға зор үлес қосқан отаншыл, қайраткерлік дәрежеге көтерілген үлкен ғұлама еді. 4. Кейінгілер үлгі тұтар тағы бір қырын айтпай кетсек, Мәулен Балақайұлы болмысының бір жағы олқы түсіп жатар еді. Ол оның қаламгерлік қабілетінен байланысты. Бұл өнерді ол Шымкент педтехникумында (1925-29) оқып жүргенде әйгілі жазушы, қазақ сөзінің зергері Ж. Аймауытовтан мирас еткен. Сол ұстазына еліктеп, кезінде өлең
жазған, талай әңгімелерін Ж. Аймауытов мақұлдап, газет, журналдарға жіберіп отырған. Мәселен, «Күнсұлу», «Кездесе кетті», «Қаратайдың апасы» тәрізді туындылары жарық та көрген. Азғана шымшыма мысқылы бар жеңіл де түсінікті тілмен жазылған бұл дүниелер Мәкеңді көркем әдебиет ауылына да емексітетін және жақсы жазушы болуы да мүмкін екен-ау деген ойға қалдыратын. Сонау бір жастық шақта әйгіленіп, бастау алған Мәкең қаламының қарымын біз 80-жылдары да байқап отыратынбыз. Өмірінің соңғы жылдары ол өз заманы мен замандастары туралы «Зерде баспалдақтары» («Жалын», 1992) деген атпен мөлдірете жазып тағы бір үлгі тастап кетті. Бас-аяғы жып-жинақы осы бір шығарманың беттерін ашқан сайын, қасымызда болмыс-бітімі бөлек, мінезі ғажап, аса бір ізгі жанның сыпайы да сұлу өмір сүргенін және зиялылық кескініне дақ түсірмей, өмірден өз ізін қалдырып өте шыққан ғалымды ілтипатпен еске аласың. Қысқасы, Мәкең туралы айтылар сөздің бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Тек, халық игілігі үшін, ғылым болашағы үшін сіңірген зор еңбектерін айрықша бағалай отырып, сүйікті ұстазға деген ілтипатымды бірер шумақ өлеңмен түйіндегенді жөн көрдім. Аяулы тәлімгердің аруағына тағзым етемін! Ұстазыма Ұстазым менің ізгі армандармен ұласқан, Өзіңнен оқып, өзіңмен талай қырды асқам. Ғылым мен өнер, өнеге жайлы сырласқан, Кейде біз, тіпті, кейін емес едік құрдастан. Бітер ме, сірә, өзіңіз жайлы жыр-дастан, Тереңде жатқан тебіреніске толы сырды ашсам. Арайлы көзбен қарасаң маған ұстазым, Мейірін төгіп тұрғандай еді-ау нұрлы аспан.
Әдептен озбай, әдепсіздікті көргенмен, Жымиып қана қараушы ең сөзді бөлгенге. Әділеттің ақ жолымен жүріп ақырын, Табылдың талай тарландар шығар өрлерден.
Биікте тұру, шығудан мүлде күрделі, Екенін біліп, еңбекпен алдың жүлдені. Кемел шақты өзінше баптап тұта алмай, Айтушы ең ұстаз талайлардың жүргенін. Адалдық пен әділеттің жаршысы (Мемлекет және ғылым қайраткері Н. Оңдасынов) Бір жолы «Қазақ әдебиеті» газетінен (3 ақпан, 1975 ж.) «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген мақаланы оқыдым. Авторы Н. Оңдасынов, Мәскеу қаласында тұратын зейнеткер екен. Мені қызықтырғаны – мамандығы басқа адамның қазақ тіліне деген ықылас-пейілі ғана емес, түсінік-түйсігі. Қараңыз, автор бұл мақаласын: «Адамға ауа қандай үздіксіз керек болса, қалған өмірінде тіл де сондай қызмет атқарады», – деген сөйлеммен бастаған екен. Тілдің адам баласының және қоғам өміріндегі орнын дәл бұлай дөп басып айтқан жанға қызығушылық туды да, мақаланы түгел қарап шықтым. Осы мақаладағы тілдік толғаулар жөнінде сәл кейінірек тоқталармын. Айтайын дегенім, әлгі мақаламен танысқаннан бастап бұл кісінің жазғандарын үнемі қадағалап жүретін болдым. Әрі оның өмірдеректеріне үңіле бастадым. Бақсақ, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов Қазақстан тарихында өз еңбегіне лайықты орнын әлі толық ала қоймаған, бірақ естияр елдің жадында мықтап қалған аса ірі тұлғаның бірі екен. Мұны көзі қарақты ел енді ғана сезінуде. Еліміздің ең қиын да күрделі кезеңінде Қазақ ССР Үкіметінің Төрағасы қызметін он үш жыл бойы атқару (1938-51) қаншалықты күрделі болғанын кеңестік кезең тарихынан хабары барлар жақсы білсе керек.
Бұл кісіге қазақ қауымы 90-жылдардың басынан бері қарай ғана назар аудара бастаған сыңайлы. Адам дүниеден өткеннен кейін опынатын ежелгі салғырттығымыз болар. 1994 жылы Түркістан жұртшылығы Қазақстанға өлшеусіз зор еңбек сіңірген біртуар перзент, ұлы тұлға Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың 90 жылдығын атап өтті. Ел сонда халық үшін қалтқысыз қызмет етудің ерен үлгісін көрсеткен Нұрекеңнің болмыс-бітімін, қайраткерлік тұрпатын, биік адамгершілік сипатын тереңірек танып, тәнті болған еді. Онымен қызметтес болып, тағылым-тәрбиесін көрген, үлгі-өнегесін алған небір асыл азаматтардың ағынан жарылып, ақтарыла айтқан естеліктерін тыңдап, біз де тәнті болғанбыз, жазғандарын оқып, айызымыз қанған. Онда сонымен бірге Н. Оңдасыновтың 100 жылдығын бүкілхалықтық деңгейде атап өту қамы да қарастырылған болатын. Содан бері ә дегенше он жыл да өте шығыпты. Міне, енді сол 100 жылдық меженің есігін қағып тұрмыз. Арғы-бергі тарих тербелісінде адамдық жолдан ауытқымай қайраткер азаматтың кесек кескінін танытып өткен Н. Оңдасынов туралы шежіренің оқылмаған тұстары әлі қаншама?!. Мен бұл кісінің өмір жолын бұрын-соңды ақтармалап көрген жан емес едім. Қазіргі ел ісін атқарып жүрмін дейтін азаматтарымыздың көбінің құлқы бұзылған мына заманда Н. Оңдасынов сынды тұлғаның өмір жолы адамдық болмыс дегеннің не екенін айна-қатесіз танытатын асқан үлгі тәрізді көрінеді. Сондықтан бұл кісінің өткен өмірдерегімен таныса келе, оның әлденеше қасиетін даралап көрсеткенді мақұл көрдім. Ең алдымен, оның өмірде ұстанған темірқазықтай принципі қазақтың мынадай сөздеріне дөп келетін тәрізді: Ешкімнің ала жібін аттамау, сүттен ақ, судан таза болу; Қара қылды қақ жару; Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы. Түйіні – адалдық пен әділдік, ар мен ұят. Алда Нұрекеңнің осы қағидаттарға сай қасиетін таратып сөз етуге тырысамыз. Осы қағидаттарды
қатып ұстауды ол қайдан үйренді дегенде, ең әуелі оның таза еңбекпен шұғылданған, көп балалы шаруаның отбасы ойға оралады. Содан соң тағдыр оны оқу іздетіп Ташкент шаһарына алып барады. Ғани Мұратбаев сынды тұлғаға кездестіреді. Одан бергі жердегі кітапқұмарлық, еңбек адамына етене жақындық және сол кездегі елім деп еңіреп туған аса ірі тұлғалардан алған тағылым-тәрбие Нұрекеңді адамдықтың арналы жолына алып шыққан сыңайлы. Ауыл молдасынан сауатын ашып алған Нұртасқа кітапқұмарлық қасиет ертеден пайда болады. Ол бала кезінен «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Көрұғлы», «Айман-Шолпан», «Ләйлі-Мәжнүн», «Зарқұм» тәрізді қисса-дастандар мен батырлар жырлары, т.б. фольклорлық туындыларға құмартып, оларды ауыл адамдарына оқып берумен машықтанған. Бұл 1920 жылдың тамызына дейінгі сәт. Ал 1921 жылдан ол Ғ. Мұратбаев бастаған жалынды жастар қатарында жаңа дәуірдің жарқын істеріне араласады. Жастарды қауымдық жұмысқа ұйымдастырумен шұғылданады. Содан соң Ташкенттегі Қазақ орман шаруашылығы техникумында оқып, оны 1930 жылы бітіреді де, 193034 жылдары сол қаладағы Орта Азиялық су инженерлері институтында оқиды. Оны тамамдап, орман мен су шаруашылығы саласында (1934-38) басшы қызметте болады. Н. Оңдасыновты үлкен азамат, ірі қоғам және мемлекет қайраткері қатарына көтерген кезең 1938-62 жылдар үлесіне тиеді. Тазалық пен пәктікті пір тұтқан Оңдасынов бұл қиын да күрделі кезеңде Қазақстан көлеміндегі барлық ірі істердің бастамашысына айналады. Дәл осы жылдары оның ең алдымен адамдық болмысы айқын аңғарылады. Біртіндеп қайраткерлік қабілеті шыңдала түседі. Ел басқарудағы бұрынғы-соңғы тәсілдерін игеріп, әсіресе адамдармен жұмыс істеудің қилы-қилы жолдарынан өтеді. Шыңдалады, ширығады, шымыр да ширақ, көреген де көсем басшы деңгейіне көтеріледі. Бұған оның жүріп өткен өмір жолының әрбір сәті айқын дәлел. Қараңыз: қазақтың кең-байтақ даласынан табылып жатқан жердің асты мен
үстіндегі байлығын игерер маман жетіспей жатқанда, осы мұқтаждық өтеуін толтырудың тиімді жолын тауып, батыл әрекеттерге баруының өзі неге тұрады?! Жалпы халық шаруашылығының қай саласында да Оңдасынов салған жолдың сайрап жатқанын санамалап айтып беру бір мақала ауқымына сыя қоймайды. Соның ел жадында мәңгі қалған басты-бастыларын ғана еске алып кетуге болар. Мұны бізден де бұрын айтқандар бар, әрине. Десек те мұндай тұлғалар атқарған істерді қайталап айтып, құймақұлақ ұрпақтың санасына сіңдіре беру парыз. Тағылымдық мәні ерекше мұндай іріліктің жөні басқа. Атағы әлемге мәлім қазіргі «Кармет-Испат» металлургия комбинатының іргесі қаланып, алғашқы қазығы қай жерге қағылуы керектігіне дейін жол нұсқап отырған Оңдасыновтар екенін сол игілікке ие болып келе жатқан мына біздердің көбіміз біле бермейміз. Қазақстанның өндірістік қуатын арттырған Қазақ металлургия зауытына керекті мамандарды дайындау мен Самарқан аталып келген ауылдың Теміртау аталуына дейін Нұрекең араласқан іс екенін кім біледі? Міне, сол Теміртау қаласында темір тұлпарды ауыздықтап мінген Н.Ә. Назарбаев сияқты Елбасы тәрбие алғаны бір бөлекше хикая емес пе?! Қазақстанның экономикалық әл-ауқатын арттыруда теміржол қатынасы мен автокөлік жолдарының, сондай-ақ өзен, көл, су ресурстарын игерудің маңызы мейлінше зор екенін ертеден түсінген Нұрекең бұл мәселені де тікелей өз қамқорлығына алады. Бұл ретте Арқа мен Оңтүстік өңірін жалғастырған Мойынты-Шу теміржол құрылысының маңызы бөлекше. Аталмыш құрылыс кезінде соғыстан кейінгі бірінші бесжылдық жоспарға енбей қалған болатын. Нұрекең Берияға дейін барып жүріп, мұны бүкілхалықтық шараға айналдырып жібереді. Яғни құны 300 миллион сомнан кем түспейтін жұмысқа 10 миллион сом ғана жұмсай отырып, оны жалпыхалықтық деп жариялап, құрылысқа тікелей өзі басшылық жасайды. Оның басшы адамдарда сирегірек кездесетін бір қасиетін куәгерлер айрықша әңгімелейді. Ол – халыққа жақын,
көргені көп жандардан ақыл-кеңес сұраудан ұялмайтын. Сол құрылыс кезінде су тапшылығына байланысты жергілікті жердің мал баққан адамдарынан қазбалап сұрай отырып, теміржол бойының әр тұсынан жүзге таяу құдық қаздыру мәселесінің күрмеуін тез шешті. Сондай-ақ кешегі мал баққан қазаққа қайла-күрек, сүймен ұстатып, жаңа мамандық игеруіне мүмкіндік береді. Еңбеккүн жаздырып қана күн кешкен колхозшылар енді атқарған жұмысының құнын ақша ретінде қолына ұстап, отбасына нақты көмек көрсететін жағдайға жетеді. Жергілікті жердің мүмкіндігіне лайықты құрылыс материалдарын пайдалануда да Нұрекең көрегендік жасап отырған. Оңтүстік Қазақстан облысында Түркістан, Төрткөл, Сайрам, Ихан аймағы Қызылордаға дейін су жетіспей қаңсып кеуіп жататын өлке болатын. Міне, осы өлкені суландыру мақсатымен Арыс–Түркістан каналын қаздыру мәселесін де қолға алады. Әуелі Ж. Шаяхметовты көндіріп, екеуі СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Т. Ниязовты алға салып, оған Қазақстан үкіметі атынан дайындалған хатты ұстатып, Сталинге кіргізеді. Сөйтіп бұл мәселе де шешім табады. Қазір бұл аймақ бау-бақша мен түрлі дақылдар өсіріп отырған сулы да нулы өлкеге айналды. Міне, осылай ол үнемі халыққа, елге керекті, республика болашағы үшін мәні бөлек шаруаның бәрінің басы-қасында болды. Оның Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегінің өзі ұшантеңіз. Мәселен, орталықтан алыс жердегі Жезқазғанда жүрген Қ. Сәтбаевтың жазған бір ойлы мақаласын газеттен оқып, Н. Оңдасынов оны дереу Мәскеуге шақыртады. Өйткені ол кезде Жезқазғаннан Алматыға жетуден гөрі, Мәскеуге жету әлдеқайда оңайырақ болатын. Ұлы ғалым Қ. Сәтбаевтың болашағын алдын ала көрегендікпен болжаған Нұрекең оған үлкен сенім артып, Қазақ ССР-ның өз Академиясын құруды тапсырады. Табыстап ғана қоймай, өзі Қ. Сәтбаевты қасына алып, СССР Ғылым академиясының президенті, әйгілі академик В. Комаровқа бірге барып, академияның Қазақстанда филиалын ашу қажеттігі туралы мә-
селе қояды. Қ. Сәтбаевты академик ету туралы өтініш жасайды. Сөйтіп бүкіл Шығыс республикаларының ішінде ол тұңғыш рет одақтық академияның корреспондент мүшесі болып сайланып, Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті болады. Бұл елге мәлім ақиқатқа, көбінесе, өзіненөзі қалыптасқан, әрі солай болуға тиісті нәрсе сияқты деп, ден қоя бермейміз. Шынында, Қазақстан ғылымының жанжақты дамып, кадрлардың өсіп-жетілуіне академик Қ. Сәтбаевтың қаншалықты рөл атқарғаны, әрине, баршаға мәлім. Сонымен бірге ел болашағы үшін өлшеусіз зор қызмет атқарған ұлы ғұламаны жас кезінде танып, оған ғылымның алтын кілтін ұстатқандай болған Н. Оңдасынов сынды тұлғаны қалай ұмытарсыз!? Егер сол кезде Ғылым академиясының басына Қанекеңдей ғұлама келмесе, ол Одақтағы айтулы ғылым ордасының біріне айнала алар ма еді деген де ой келеді. Нұрекеңнің осы еңбегінің өзі бір азаматтың басына жететін мәртебе емес пе?! Алматы қаласында 60 жылдан астам қазақ қыздарын түрлі мамандық бойынша үзбей оқытып тәрбиелеп келе жатқан болмысы бөлек бір оқу ордасы бар. Ол – Қазақтың мемлекеттік Қыздар педагогтік институты. Бұл институттың да іргетасы соғыстың қақап тұрған шағында 1944 жылы қаланған. Сондай қиыншылық заманда қазақ қызының қамын ойлап, іске қосылған мұндай керемет оқу орны ол кезде де, қазір де ешбір елде болған емес (Қырғызстанда болды). Міне, мұның да басы-қасында Ж. Шаяхметов пен Н. Оңдасыновтың болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл институттың қамқорлығын көріп қанаттанған, сөйтіп республикамыздың жер-жерінде елу-алпыс жыл бойы еңбек етіп, еліміздің рухани, мәдени, экономикалық өрлеуіне өз үлесін қосып келе жатқандар, өздерінің осылай білімділер қатарына қосылуына зор мүмкіндік жасаған Н. Оңдасынов сияқты тұлғаның рухына үнемі тағзым ете жүргендері мақұл ма дейміз. Білетіндері солай етіп жүрген де болар. Сондай-ақ қазіргі Абай атындағы Опера және балет театрының іргесі де сол кезде көтерілген. Бұл – айтуға ғана
жеңіл жұмыстар. Орталықтың рұқсатынсыз аттап қадам баса алмайтын сол заманда ұлтқа керекті ұлы тірліктерді іске асыру мүлде оңай болмаған. Өз ұстанымыңды дәлелдеп, Одақтың сатылаған мекемелерінің сүзгісінен қаншама арпалыс, талас-тартыс арқылы өткізудің өзі ерлікке бергісіз жұмыс болатын. Осыдан-ақ Оңдасыновтар атқарған жұмыстардың орасан зор мәнін парықтауға болар. Осының бәрінің басы-қасында болған Нұрекең ел басқаруды тағдыр сыйы деп қабылдаған. Мұндай сый алған адам өз мүддесінен гөрі ел мүддесін көбірек ойлауы керек деп түсінген. Және ол осы ұстанымынан өмір бойы тайқымай өткен жан. Н. Оңдасынов ғылыммен қатар өнер мен мәдениетке де мейлінше жақын болған адам. Оның әрбір іс-әрекеті осы принципті дәлелдейді де отырады. Ол қай саланың да түйінді мәселелеріне көбірек көңіл бөліп отырған. Әрбір істің ақырына дейін өзі қадағалап, соңғы нүктесі қойылғанша өзі де тыным таппай, жұртқа да тыным таптырмаған. Қазір Қазақстанның батыс аймағы мұнай-газ өндірудің мол қорына айналғаны мәлім. Әсіресе Атырау мен Маңғыстау өңірінде оның өшпес ізі қалған. Маңғыстаудағы ұлу тастың құрылыс үшін таптырмайтын материал екенін ол ел аралап жүріп, бірден таныған. Мұндағы мұнай-газдың таусылмас қоры бар екенін, оның ел экономикасын көтеруге қосар үлесі аса зор екенін біліп, оны зерттеп түсінуге көп күш жұмсайды. Маман адамдарды жұмылдырады. Ол жүрген, болған жерінің бәрінің өзіндік қасиет-белгілерін зерттеп, соған лайықты ат қоюмен де айналысқан. Қазіргі Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау аты осылай қойылған. Оны қойған Н. Оңдасынов. Бұл аймақтың мұнайын ел игілігіне айналдыруда да Н. Оңдасынов рөлі орасан зор екенін кезінде бірге қызметтес болған, тәрбиесін көрген Ғ. Сағымбай, С. Құбашев, С. Мұқашев тәрізді мемлекет қайраткерлері егіліп еске алады. Н. Хрущевтің дөрекілігіне С. Құбашев куә болған екен. Алматыға Хрущев келетін болады да, Д. Қонаев осыған байланысты «Екі-үш мәселені дайындаңдар» деп тапсырма
береді. Н. Оңдасынов облыстан дайындалған 3 мәселенің екеуін: Маңғыстаудан ашылған үлкен мұнай кені және құрылысқа жарамды тастың қорына қаржы бөлу мәселесін айтып бола бергенде, үшінші мәселені айтқызбай, сөзді бөліп: «Бірінші, – дейді Хрущев, – Сібірде мұнай теңізі өнім беруде, бар мүмкіндік Сібірге жұмсалады. Екінші, тас деген немене, сен Оңдасынов өзгермеген екенсің, жаңа жағдайды түсінбейсің, темірбетонды пайдаланатын заманға көзқарасың дұрыс емес, әрбір совхоз өзінде кірпіш заводын салу керек, тастың қажеті жоқ», – деп көп сөйлеп барып тоқтайды. Сонда да Нұрекең айтқан бетінен қайтпай: «Никита Сергеевич, бізге екінші теміржол торабы керек», – деп сөзін бітіреді. Хрущев одан сайын ренжіп, Нұрекеңе тигізіп, кекесін анекдотын айтып, лағып кетеді. Бұл басқосуға қатысқан бірде-бір адам аузын ашпайды. Ауызбірлік көрсете алмаған ел қашанда ұтылыс тауып отыратыны белгілі. Сөйтіп Нұрекеңнің қызметтен жасы жетпей ерте кетуіне бейпілауыз Хрущев екеуінің арасындағы осы қақтығыс себеп болған. Алайда Н. Оңдасынов ұсыныстарының өте дұрыс екенін кейін өмір ағысының өзі дәлелдеді. Жайықтың жағасы мен Атырау көшелерінде жайқалған ағаштардың біразы «Біз Оңдасынов отырған көшеттерден жетілгенбіз» деп сыбдырлайтын сияқты. Бұл оның «Жайықтың жағасында ағашсыз, көгалсыз отыру ұят» деген бір ауыз сөзінің нәтижесі. Осы тектес «Оңдасынов айтты» деген есті сөздің біразы әлі ел құлағында. Облыста драма театры, Д. Нұрпейісова атындағы ұлт-аспаптар оркестрі, сондай-ақ педагогикалық институт шаңырағы Нұрекең кезінде көтерілген екен. Сонда Нұрекең аузымен айтылған: «Құрманғазының ұрпақтарысыз, театр, оркестрсіз отыру ыңғайсыз емес пе?», – деген бір ауыз сөзі елдің намысын қайрап, жігерін жани түскен. Ол өнер адамдарына ерекше құрметпен қарап, оларға барынша қамқорлық жасауды ұмытпаған. Жалпы ғылым, мәдениеттің қай саласында да Оңдасынов алақанының
табы тимеген қайраткерлер сирек. Ол адамтану мен қазақтанудың өзгеше шебері іспетті. Жоғарыда әңгіме болған Қ.И. Сәтбаев, Т. Тәжібаев, К. Тәжиев, Д.А. Қонаев, І. Омаровтардың, т.б. ерен қабілетін танып, жолын ашқанының өзі асқан өнеге емес пе?! Сол сияқты қазіргі халық мүсіншісі Х. Наурызбаевты халық арасынан ауылдан тауып, үлкен арнаға салуы – осының айғағы. Сөйтіп оған үкімет тарапынан арнайы қаржы бөлдіреді. Ол Мәскеу сурет училищесін, Харьковтегі институтты бітіріп, үлкен маманға, халықтық тұлғаға айналды. Сондай-ақ консерватория бітіріп, Алматыда үйсіз-күйсіз жүрген ерлі-зайыпты С. Құсайыновтарды Атырауға шақырып алып, халықты музыка кәусарына кенелткені қандай ғажап! Олар өздеріне жасалған жағдайды айтып, әлі тауыса алмайды. Н. Оңдасынов туралы аңыз да, ақиқат та ел арасына көп тараған. Оны «қорқақ еді, өзіндік ой-пікірі жоқ, кез келген шешімге қол қоя салатын, деңгейі мүлде төмен адам еді» деп қауесет таратып, нақақ әңгіме қоздырған өсек сөздің шырмауында қалған іші тар адамдар да болды. Олардың қайсыбірі әлі сол ауанынан арыла алмай жүрген болса, Д. Қонаев, Ғ. Сағымбай, С. Құбашев, С. Мұқашев, Қ. Едігенов, А. Қисанов естеліктерін қарағаны жөн болар. Осыған орай Ғ. Сағымбай жазған мына үзікті еске ала кетелік: «Нұрекеңдей үкімет басшысы болған емес, талабы күшті, ісіне тиянақты, айтқан сөзінен, қабылдаған шешімінен танбайтын адам еді. Біз оны «төраға» демей, «хозяин» дейтін едік. Алдындағы хатшысынан бүгін хозяин көңілді ме, ашулы емес пе деп сұрап алатынбыз», – дейді. Ғ. Сағымбай бір барғанымда Димекең аузынан естіген деп мынаны жалғастыра жазады: «Сен 20 минут өтпей, Саяси Бюро мүшесінің қабылдауына келесің, ал біз Нұрекеңнің қабылдауына 2-3 күн дайындалып, түрлі анықтамаларды жинастырып баратын едік». Мына бір деректі де еске ала кеткіміз келіп отыр. 1960 жылы өткен Қазақстанның 40 жылдығына Н. Хрущев келем дейді де, келмей қалады. Ол келесі жылдың 24 маусымын-
да келеді. Сонда Димекең «От Сталина до Гарбочева» деген кітабында былай еске алған екен: «Хрушев был в плохом настроении и рано ушел с приема», – деп жазады да, оның себебін ашып айтпаған. Ал оның себебі былай болған екен. Қолында арағы бар Хрущев Оңдасыновтың қасына келеді де: «Мақта өсіретін үш ауданды Өзбекстанға беруге үнемі қарсы болушы едің, ертең Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы алынады», – деп кекетеді. Сонда Нұрекең тайсалмай: «Мен қазір Қазақстанды басқарсам, әлі де қарсы болар едім», – депті. Неткен жүректілік?! Ол бұл кезде Атырау облысын басқаратын. Мұны оның қасындағылар да естіп тұрды ғой. Бірауыздылық танытып, мәселенің жөнін түсіндірелік деудің орнына әлгілер, яғни бюро мүшелерінің: «Кешірім сұрап ертең сессияда аудандарды беру туралы ұсыныс жаса», – дегеніне көнбей қояды. Міне, Оңдасыновты қорқақ, қауқарсыз адам деп атандырғысы келіп жүргендерге бұдан артық қандай жауап болмақ. Ел басқарудың әр алуан үлгісін көрсетіп, өнеге қалдырған Нұртас Оңдасыновтың қайраткерлік, ұйымдастырғыштық, көрегендік істері туралы әңгіме жалғаса бермек. Ендігі бір сөз оның ғұламалығы, тіл маманы, қаламгерлігі жайында. Үлкен қызметте болған жандардың көбі жұмыстан босаған сәтінде айналысатын кәсіп таппай, сенделіп кететіні жайында мысал көп. Ал Н. Оңдасыновтың олардан үлкен бір айырмашылығы – лауазымның тұтқынында қалмай, соның өзін халық игілігі үшін жұмсай білуінде. Жұрт қамын ойлаған адам зейнеткерлікке шыққанда да ел кәдесіне жарарлық өзіне міндет жүктей біледі екен. Сол бірен-сарандар қатарына Нұрекең жатады. Ол үкімет басқарып жүрген кездің өзінде-ақ тіл мәселесін көзден таса етпеген. Осы тұста Өзбекәлі Жәнібеков келтірген мына бір деректі еске ала отырған абзал: «Біздер Қазақстанда тұратындықтан, ең алдымен, менен бастап, осы елдің түпқазығы болған жергілікті ұлтының тілін үйренейік», – деген екен Л. Мирзоян сабаз. Сол кезден бастап бізде қоныс тепкен ұлыстардың қазақ тіліне
жетік өкілдерінің жалақысына он пайыз мөлшерінде үстеме қосылатын тәртіп енгізген екен. Соғыс лаңына байланысты Н. Оңдасынов бұған 1944 жылы тыйым салынғанын өкінішпен еске алады. Бірақ: «Уақытша шара болып табылсын және соғыс аяқталысымен қайта қалпына келтірілетін болсын», – деген қаулы аяқсыз қалады. Бәлкім, соның өкініші ме, Нұрекең зейнеткерлікке шыққан сәтінен ана тілінің сан алуан мәселелерін қаузап, керемет ойлар тастайды. Мәселен, «Тағы да тіл мәдениеті жайында» (1976), «Байырғы сөздерден қорықпайық» (1977), «Сөз ала-құлалығы сауаттылыққа зиян» (1979) тәрізді тіліміздің қазіргі жайы туралы келелі пікір өрбіткен мақалалары әлі күнге маңызын жоймаған. Қазақ тілінің қаншама сөздерінің қолданыс өрісін анықтап, оларды жүйелеп, сауатты қолдану жөнінде нақты ұсынып отырды. Ол ел басқарып отырған кезінің өзінде қайсыбір сөздердің қолданысын қадағалаған. Мысалы, бір кезде власть, правительство сөздерін өкімет (власть), екіншісін үкімет (правительство) деп жіктеп, тұрақтандырып алдық. Сондай-ақ техническая культура сөзін орыс тілінің ыңғайымен техникалық мәдениет деп сөзбе-сөз аударып жүрген болатынбыз. Осының түпнегізін байқаған Нұрекеңнің «техникалық дақыл» деген ұсынысы қабылданып, тілімізге сіңіп кетті. Қазақ тілінің әліпбиіндегі қазіргі «ұ» әрпінің қаламгерлерді талай сарсаңға салғаны бар. Бұрын «у»-дың үстіне кішкене қайықша қойылып жазылатын. Ол қайықшасы құрғыр баспаханадағы қарбалас жұмыс кезінде ұшып кете беретін. Содан бір жолы «улы Сталин» болып кетіп, елуінші жылдары талай редактордың тағдыры кері шешіліп жатты. Міне, «ү»-нің беліне кішкене таяқша қойып, «ұ» деп ұсынған да Нұрекең болатын. Осыдан-ақ оның тілге деген зердесін анық байқауға болады. Ал оның ең азапты жұмысы – сөздікпен айналысуы, шынында, нағыз ерлік еді. Мен тұңғыш рет ол кісіні сөздікпен айналысып жүрген жылдары көрдім. Жасы біразға келсе
де, сымбатынан айырылмаған бурыл шашты қараторы кісі екен. Өте ізетті де мәдениетті. Сөйлеу мәнері де ерекше, үлкен-кішінің бәріне «сіз», «пәленшеке» деп адамды өзіне тарта сөйлейді екен. Мұнысынан ешқандай жасандылық байқалмайды. Өзінің табиғатына тән жарасымды мінез екені байқалып тұратын. Тіл білімі институтына оның «өзіме ұстаз іздеп жүрмін» деп аса бір үлкен қарапайымдылықпен келуі біздерге қатты әсер етіп еді. Ол тілші ғалымдардың алдына Мәскеудегі Ленин кітапханасында жылдар бойы сарыла ерінбей-жалықпай істеген арабша-қазақша сөздігін осылайша әкеліп алқаға тастаған еді. Бұған «мемлекет қызметінде жүрген адамның тілде не шаруасы бар, әшейін ермек шаруасы да» деп, қырын қарағандар да болды. Еңбекпен таныса келе, таңғалғандар да болды. Сөздік академик Ә. Қайдардың алғы сөзімен басылып, жұртшылық қолына тиді. Сонда ғана ел Н. Оңдасынов айналысып жүрген бұл шаруа еріккеннің ермегі емес, халқымыздың қажет етіп отырған сұранысына нақты жауап екенін түсінді. «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» кейін екі том болып шықты. Мұны және «Парсыша-қазақша» сөздікті мұқият қараған адам бұрынғы лексикографиялық жұмыстарға қойылар талаптың шегенін бұзып, айрықша құрылыммен түзілгенін байқайды. Онда қазақ тілінің арғы-бергі қалыптасу тарихында бірі мүлде көмескі, екіншісі тіпті сирек қолданылатын араб текті сөздер сан алуан дереккөздерден жинақталған. Сөйтіп тілімізде шашырай қолданылып келе жатқан сөздер легі сұрыпталып, бір жүйеге келтіріліп, тұтас бір лексикографиялық туындыға айналған. Соның нәтижесінде бұл еңбек қазір кейінгі ұрпақ мұқтаждығын өтейтін аса маңызды мәдени әрі тілдік мұралар қатарына қосылды. Н.Д. Оңдасынов аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, сонымен бірге ол ғылым мен мәдениет қайраткері, тіл табиғатын терең түсінген ғұлама, керемет лексикограф. Ендеше рухы биік, зейіні зерек, ерен тұлғаға тағзым ете жүру бүгінгі тірілерге парыз деп білеміз.
ҚАЗАҚ АУДАРМА ҒЫЛЫМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ С. О. ТАЛЖАНОВТЫҢ РӨЛІ Өлшеулі өмірдің әрбір күні тағдыр сыйы екенін әркім өзінше бағаласа керек. Сол қайталанбас, қайтып келмес күндер әрбір пенденің басынан әр алуан күй мен сапада өтпек. Бағзы біреулер отбасы, ошақ қасының күйін күйттеп, өз тірлігін берік ұстайды. Енді біреулер өзінің де, өзгенің де қамын жеп, содан алатын өмір ләззатын қанағат тұтады. Ал үшінші біреулер бас қамынан гөрі ел қамын, орта қамын артық санап, сол жолға өмірін сарп етеді. Таразыласақ, бұл үш түрлі сападағы үш жаран да өмір, тіршілік атты зәулім ғимараттың қажетті бөлшектері, орын-орнына қаланатын кірпіштері. Өмірге бәрі де керек, бәрі де қажет. Осы бір қарабайыр өлшем тұрғысынан қарайтын болсақ, Сәйділ Омарұлы Талжановты өте күрделі де қызықты тұлға қатарында бағалар едік. Бүкіл өмірін, қалдырған еңбегін саралап шыққанда, көрген-білгенін кейінгілерге айтып, жазып кетсем деп асыққан адамның кейпін көруге болады. Қазақ ССР Ғылым академиясының қара шаңырағы аталуға қақысы бар Тіл білімі институтының тарихында ғылым мен мәдениетте із қалдырған, сөйтіп көптің көңілінен шығып, көкейінен орын алған зиялылар бар, бірақ олар көп емес. Біздің ойымызша, арғы-бергі тарихты қозғап, жатқа соғатын әңгімешіл эрудициясымен, аудармашылық шеберлігімен, жазушылық дарынымен артына кейінгі ұрпақ сүйінер із қалдырған адамның бірі – С.О. Талжанов. Өмірдің соқтықпалы-соқпақты сүрлеуін шарлап, ащы мен тұщыны жеткілікті татқан ғалымның өмір жолында, әсіресе кейінгі ұрпаққа ой салар өнегелік үлгілер мол. Соларды саралап, пікір тарату, шынын айтқанда, оңай емес. Оқырмандар алдында ақталып алар бір-ақ нәрсе, марқұмның ғылым ордасына келген кезіне куәгер ағайынның бірі болғандығымыз ғана; күнделікті қызмет бабында көп қырлы азаматтың
қайсыбір қылығы көңілге түйіліп, есте қалған еді. Біз көбінесе сол ретпен келіп пікір таратпақпыз, мұның үстіне біздің білмегенімізді толықтырған көптеген қосалқы материалдар болды. Олардың ішінде, әсіресе, замандастары мен қаламдастарының естеліктері мен жазғандары және зайыбы Зура апайдың көздің қарашығындай сақтап отырған керекті мәліметтерінің көп көмегі тиді. Бір үйдің туы жығылғанмен, артында түтінін өшірмей, ордасын орнықтырып отырған бұл кісідей салауатты жанның қалғаны Сәкеңнің мерейін көтере түскен тәрізді. Сонымен жұртшылық еске алып ілтипат көрсететіндей, Сәйділ Омарұлының ел үшін еткен қандай еңбегі бар еді, не тындырып, нендей қажетімізді өтеп еді? Біз осы сұрақтарға жауап беруге тырысамыз. Марқұмның 70 жылдығында жазушы Ғабиден Мұстафин: «Менің көз алдыма әманда өз тұстастарының көбінен алғыр, көбінен білімді, оқығаны, тоқығаны көп, бүкпесіз адал да аңқылдаған ақкөңіл Сәйділ елестейді», – деп суреткерге тән танымпаздықпен әділін айтып, ақтарыла жазған еді. Алайда тумысынан алғырлыққа, адалдыққа баулынған С. Талжанов ә дегеннен білімді, білікті азамат бола қоймағаны белгілі. Өзінің 70 жылға таяу жасаған өмірінде тағдыр оны талай тар жол, тайғақ кешулерден өткізіп, шыңдап, ширатып шығарғаны мәлім. Омар Талжанов отбасында дүниеге келген жеті ұлдың ең кенжесі Сәйділ Омарұлының өмір жолдарын ой елегінен өткізсеңіз, ең алдымен, сол кезеңдегі көп зиялылардың болмысына тән тарихты, екіншіден, Сәкеңнің өзіне ғана, соған ғана тиесілі өмір соқпақтарын танимыз. Ол оқуды 1921 жылы Орынбор қаласында сауатты ағасының бірі, коммунист Әшім Омаровтың қолында жүріп орысша бастайды. Сөйтіп 1928 жылы Петропавловскіде 9 кластық орыс мектебін бітіреді. Дәл сол жылы Ташкент қаласындағы САГУ-дің Шығыс тілдері факультетіне түседі. 1931 жылы ол иран тілі бөлімін аяқтаған соң кездейсоқ жағдайларға байланысты, диплом алуды да күтпей Алматыға аттанады. Алматыға келісімен ол қызмет істей жүріп, 1934 жылы ҚазПИ-дің
толық курсын бітіріп шығады. Ол бұл кезде (1931-ден 1933 жылға дейін) Халық ағарту комиссариатында, сосын ауыл шаруашылық институтында тіл, әдебиет кафедрасының алдымен ассистенті, кейінірек (1934 жылдан 1937 жылға дейін) доценті, меңгерушісі болып педагогикалық жұмыспен айналысады. 1956-58 жылдары Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында проза бөлімінің редакторы, аға редакторы қызметін атқарады. Ал 1958 жылдан өмірінің соңғы сағатына дейін ол Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтында еңбек етті, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер ретінде ғылымның жаңа саласы – аударма мәселесімен айналысты. Сәйділ Омарұлы творчестволық жұмыспен 21 жасында, яғни 1927 жылдан бастап шұғылданған. Ең әуелі өлең жазады, сосын әңгімеге ауысып, ара-арасында сын мақалалар бере бастайды. Сөйтіп әдеби процеске өзінің көзқарасын білдіріп, төрелік айтуға ыңғайы бар екенін танытады. Жалпы Талжановтың бүкіл ғылыми-творчестволық қызметін негізгі үш түрлі салаға жіктеп қараған дұрыс тәрізді. Ол белгілі жазушы, білікті маман аудармашы, танымал ғалым. Талжановтың жазушы ретіндегі кредосы жамандық атаулымен айқасқан жақсылықты үлгі ету. Оның қай шығармасын саралап шықсаңыз да, ең алдымен, осындай мақсат көзделетінін байқау қиын емес. Соны басқаларға ұқсамайтын өзгеше әдіс, амал арқылы, Талжановқа тән тіл, сөз өрнектерімен береді. Бұл оның даралық сипатын танытып келе жатқан қасиеттің бірі еді. Әрине, творчествомен айналысқан оның алғашқы кезеңі албырттық пен ала-құлалық та байқатпай тұрмайды. Өзінің жазу өнеріне деген ықыласы мен мүмкіндігін барлау ретінде ол әдепкіде әрқилы жанрға қармақ тастап, көркемөнер дариясында қалам қалтқысын ойнатып көргенге ұқсайды. Ол бірде өлең, енді бірде әңгіме, очерктер жазумен әуестенеді. Тіпті ауыл шаруашылығын өркендетуге байланысты да пікір таластырып қалатын тұстары бар.
Бастапқы кезеңнің айтулы белгісінің бірі ретінде, ақын Талжановтың 1928 жылы Ленинге арнап жазған «Жолбасшы» атты өлеңін еске түсіруімізге болады. Өлеңнің поэзиялық сапасын, сыпатын сарапқа салмағанның өзінде, әдебиетке жаңа араласа бастаған жас қаламгер С.О. Талжановтың социалистік өмір жайындағы түсінік-пайымының ерте жетіле бастағанын танытатын бір дерек бұл. Содан кейінгі сүбелі туындысы «Сералы» повесі («Әдебиет майданы», 1934, №7-8). Бұлар жазушы С. Талжановтың алғашқы адымын танытса, қалам сілтесін шеберлікпен шендестіре бастаған шығармалары деп 50-60-жылдары жарық көрген «Сейфулланың Сәкені» (1959), «Ұлдай кегі» (1968) повестері мен «Қайып қарттың әңгімесі» (1961), «Адам туралы толғау» (1965) т.б. туындыларын атау керек. Халқымыздың ардақты ұлы Сәкен Сейфуллиннің әдеби образын жасауға аталған повестің өзіндік орны бар десек артық болмас. Ол революционер Сәкеннің көпшілік біле бермейтін мол қасиетін ертерек елге жеткізсем деп асыққандай, әралуан керекті-керексіз оқиғаларды кірістіріп, кейде шашырандылыққа ұрынатын жері де бар. Қайсыбір басы артық кейіпкерлер де жүре береді. Алайда бұл повесть халқының болашағы үшін ешнәрседен тайынбайтын күрескердің бейнесін жасап берді. Жалпы С. Талжанов творчествосының мол бір саласы осы сәкентануға арналады. Мәселен, Сәкеннің жазушылық талантын айқынырақ көрсететін «Ұлдай кегі» повесінде де негізгі кейіпкердің бірі астыртын әрекетте жүрген Сәкен. Ал «Есен толғауларындағы» Сәкен жаңа заманның жақсылығын жырлаушы суреткер ақын ретінде еске алынады. Мінеки, осының бәрі жазушының сәкентануға елеулі үлес қосқанын дәлелдейтін әдеби мәліметтер. Сәйділ Омарұлының жазушылық өнерін шыңдай түскен бір сала – аударма. Шынтуайтқа келсек, ол ең алдымен аудармашы. Мәдени өміріміздің қат-қабат шаруасы мол сонау бір кезеңдерде С. Талжанов өзінің білімі мен сауатын аудармашылық өнерге жұмсаған. Аударма дегенде оның
сала-саласы көп қой. Соның қай-қайсысында да аудармашы Талжановтың қолтаңбасы қалып отырған. Аударма өнерін халықтар достығының бірден-бір дәнекерi деп жүрміз. Шынында да, бұлар өнердің ең бір ауыр жүгін арқалаған ардагер азаматтар. Міне, солардың нақ ортасында С. Талжановтың тұлғасы айқынырақ көрінеді. Ол өзінің саналы өмірін түгелге жуық осы өнерге сарп етті десек те болады. Орыс тілін жете меңгерген және оның рухани мәдениет үлгілерін құмарлана оқыған, құныға бойға сіңірген жас талапкердің осы тұстағы еңбегі ауыз толтырып айтарлықтай. Ә дегеннен-ақ, мәдени революция армиясының сапында болудың өзі оны өмірдің қайнаған қазанына салып жібергендей. Кеңестік Қазақстанның алғашқы жылдары онша жеңіл бола қоймағаны тарихтан мәлім. Білімге сусаған қазақ халқының алдында, ең алдымен, жаппай сауаттану міндеті тұрды. Сосын мәдени мағлұматын кеңейтіп, дүниетанымын тереңдете түсу қажет еді. Шаруашылықты, экономиканы, ғылымды дамыту үшін де сауат керек болатын. Міне, сол себепті, көптеген басқа зиялылар қатарында Талжановтың аударма шаруашылығымен айналысуы осындай елдік мүддені орындаудан туса керек. Мәдени өремен дүниетанымды кеңейтуге септігін тигізер әрқилы әдебиетті ана тілімізге аудару Талжанов тәрізді азаматтардың халық алдында сіңірген еңбегін әйгілей түседі. Сәйділ Омарұлы кезеңнің, дәуірдің қажетін өтеуге тиісті әдебиеттің (шаруашылық, мәдениет, медицина, халық ағарту т.т.) қандайын болса да аудара жүріп, біртіндеп өзінің икемі көркем аударма жағында екенін түсінеді. Халқына алдымен жеткізгісі келген жазушылар – М. Горький, Ф. Достоевский, А. Пушкин, В. Белинский. Осының өзінен-ақ жас аудармашының талғамы мен батылдығын аңғаруға болады. Аудармадағы тырнақалдысы – М. Горькийдің «Суайт саршымшық пен шыншыл тоқылдақ туралысы» (1929) талапкердің кеудесіне творчестволық сенім ұялатқан тәрізді. Әйтпесе, осыған іле-шала, ол мейлінше күрделі де терең
толғанатын психолог жазушы Ф.М. Достоевскийдің «Бишарасына» (1935) баруын қалай түсіндіруге болады? Бұл да творчество саласында жиі кездесе бермейтін жүректілік. Мұны аудару арқылы ол орыс ойшылының құдіретін танытса, екіншіден, сол құдіретті ойды бір де бәсеңдетпей, қапысыз бере алатын қазақ тілінің қауқарын көрсетті. Сөйтіп, екі тілді тел еміп, ел кәдесіне жаратудың жақсы үлгісін жасай бастаған азамат, осыдан былай қарай бұл істі өмірлік кәсіпке айналдырады. Пушкинге, Белинскийге, Чеховке, Тургеневке, Шолоховқа бару осындай игі мақсат көздеуден туған. С.О. Талжановтың аудармашылық өнерін сөз еткенде, шығыс әдебиетінің інжу-маржаны – «Калила мен Димнаның» жөні тіпті бөлек екенін ерекше атауға міндеттіміз. Біздің жыл санауымыздан бұрын дүниеге келген атақты «Махабхаратаның» он екі кітабынан алынған бұл мұра әуелде «Панчатанатра» деген атпен әлемге таралған болатын. Кейін «Калила мен Димнаға» айналған мұның шарламаған жері жоқ. Әлем әдебиетінің қай-қайсысы да бұдан нәр алып, сусындап отырған. Осындай өнегесі мол ғажайып дүниеге батылдықпен барып, оны ана тілімізге аударуы ұлттық мәдениетіміздің табысы деп бағалау жөн. С.О. Талжановтың өзге аудармашы-жазушылардан озық тұратын бір артықшылығы – екі тілден бірдей ерсілі-қарсылы аударғандығы. Қазақ әдебиетінің айтулы туындыларын орыс тіліне аударып, сол арқылы ұлттық өнерімізді баршаға баян ету – оның екінші қыры. Қазақстандағы революциялық қозғалыстың эпопеясы деп бағаланып жүрген С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» орыс тілінде С. Омарұлының аударуында жарық керді. Орысшадан қазақшаға, ана тілімізден керісінше аударылған сан түрлі шығармаларды санамалап жатпай-ақ, осы сөз болған бастыбасты дүниелердің өзі-ақ аудармашы Талжановтың тұлғасын таныта алса керек. Ал ол туындылардың тіл шеберлігі, стиль ерекшелігі, мағыналық реңкі т.т. тәсілдерінің сапасы жайында әңгіме қозғау басқа бір кезекте тұрған мәселе деп қараймыз.
Аударма практикасындағы мол тәжірибе Талжановты осы өнердің әрқилы заңдылықтарын ашып, соған сәйкес теориялық түйіндеулер жасауға жетектей беретін. Тіпті, 1935 жылғы лингвистикалық жинаққа енген «Парсы тілінің қазақ тіліне жасаған ықпалы туралы мәселе төңірегінде» деп аталатын алғашқы мақаласынан бастап-ақ ол өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарына қабілеті бар екенін танытқан еді. Сөйтіп аударма практикасы және іс үстіндегі толқытқан ойлар оны ғылымға алып келді. Ия, ол ғылымға әлдеқандай кездейсоқ жолмен емес, осылай заңды жалғастықпен келді. Шынында, ғылыми-зерттеу жұмысымен аударманың ащылы-тұщылы дәмін татқан осындай адамдар айналыспаса, бұл салада пәлендей тірлік тындыра қою оңайға сокпас та еді. Және бір ескере кететін нәрсе, С. Талжанов аударманың ғылыми проблемаларымен айналысуы осы мәселенің Қазақстан топырағында күн тәртібіне шыға бастаған кезімен тұспа-тұс келеді. Бұл да құлағы түрік ғалымның зердесін танытар қылық. Яғни аударманың ғылыми мәселелерінің күн тәртібіне қойылуы белгілі бір қажеттілікпен байланысты туды деп есептейміз. Өйткені 50-60-жылдар тұсында қазақ тіліне аударылған көркем дүние көбейді де, енді соларды ғылыми тұрғыдан қарап саралағанда дұрысы қайсы, бұрысы қайсы және ол аудармалардың тілі, стилі қай дәрежеде дегенге келгенде тартымды ештеңе жазыла қоймаған тұс болатын. Сонымен, С.О. Талжанов өзінің мол тәжірибесін жинақтай келе, қазақ аударма ғылымының дамуы, қалыптасуы, тарихына қатысты пікір таратып, принциптерін түзуге тырысқан бірнеше еңбек берді. Н.В. Гоголь шығармаларының ана тілімізге аударылу сапасын зерттеген «Көркем аударма туралы» (1962) монографиясы оған кандидаттық дәреже алып берсе, «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» (1975) деген кітабы докторлық диссертациясы болатын. Бұл кейінгі зерттеу – қазақ аударма ғылымының тарихында докторлық атақ әперген тұңғыш еңбек.
Автор бұл еңбегінде тіл мен әдебиетті диалектикалық бірлікте, өзара тығыз байланысты құбылыс есебінде қарастырып, қыруар мәселенің басын шалған. Әдеби байланыстың тіл дамуына да тиімді жақтары болатынын осы еңбек арқылы тағы бір көз жеткізесіз. Себебі сол аударылған көркем шығармалар арқылы біз қазақ тілінің табиғатында жаңа бір аралық жаңаша сөз тіркестері пайда болатынын байқаймыз. Ал тілдер арасындағы байланыс пен қарымқатынасты зерттей отырып, ол мұндай әсердің тіл дамуына бөгет бола алмайтынын, қайта мүмкіндікті аша түсетіні турасында тұжырым жасайды. Жалпы С. Талжановтың зерттеуші ретінде әйгіленетін бір қасиеті – объектіге алған мәселесін жеке-дара қазбаламай, оны өзге салаларымен қабаттастыра, байланыстыра қарап, аумағымен түгел тексеретіні. Жасыратыны жоқ, бұл әдіс, бір жағынан, ұтымды көрінгенмен, екінші бір жағынан, жинақтап нақты бір түйін жасап, белгілі бір ақиқат айтуға келгенде кемшін соғатын жайы да бар. Сондықтан да қабаттастыра, қатарынан қарастырылып жататын мәселелердің қайсыбірі түбегейлі зерттелінбей, ашылмай шашырап жатады. Алайда бұл ауқымды талдау, аумағымен қарастыру Талжанов зерттеушінің өзіндік ізденіс тәсілін танытатын ерекшелік деп білеміз. Бұл монография – ғалым Сәкеңнің көп жылғы көз майын тауысқан зерттеуінің нәтижесі. Әлемдік мәдениет тарихынан мол хабары бар ғалымның бұл кітабы кейінгі ұрпаққа әлі талай жолазық болары сөзсіз. Ол заманында кітапты мейлінше көп оқыған және сол оқығандарын, көргендерін көкейіне көп түйген адам болатын. Міне, сондықтан оның айтатыны да, жазатыны да жетерлік еді. Кейде, тіпті ауызекі әңгіме ағынында, ол талай тарихи кезеңдерді ойша шарлап, талай әдеби үлгілерді талдап отырып алатын. Әңгімесінің арасында әзіл-әжуасы да, жайма-шуақ жадыраңқы қалжыңы да, әлдекімнің әділетсіз кылығына байланысты өткір ашу-ызасы да араласып, алақұйын мінезге мініп кететін. Соның ізін кейде оның жазғандарынан да тануға болады.
Жазушы, аудармашы, ғалым С. Талжановтың ғылыми шығармашылығына қысқаша шолу жасағанда, біз оның тағдыр тауқыметін тартып, көп қиыншылық көрсе де, мойымаған қажыр-қайратын танып еске аламыз. Түрлі себептермен біраз кешеуілдеп қалса да, қыруар іс тындырған. Өмірінің соңғы он-он бес жылға таяу шамасында ол өзінің мүмкіндігінің әлі де мол екенін, ғылыми ой-пікірлерге бай екенін, керемет еңбек сүйгіштігін танытып үлгерген еді. Оның бергенінен әлі берері көп екенін сезетінбіз. Онымен тірісінде жиі араласып, жақсы қатынаста болған жандардың айтуына қарғанда, өз шаңырағын қатты қадірлей білген жар, әке болғанға ұқсайды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аяулы әке болған. Ал Зура апайымыз бен екеуінің арақатынасы кейінгі жастардың көбіне үлгі боларлық. Белгілі жазушы, білікті маман тілші, айтулы аудармашы, теоретик, танымал ғалым, туған әдебиетіміз бен орыс әдебиетінің, әлемдік әдеби мұраның білгірі, ішкі психологиялық кейіптеуге шебер тарихи мемуарлар авторы, бірнеше туыс тілдерді меңгерген түрколог әрі шығыстанушы, тіл мен әдебиет насихатшысы, шешен, қазақ журналистикасы мен баспа жүмысының ардагері Сәйділ Омарұлы Талжановтың сан салалы еңбегі әлі талай зерттеушіге жан азық болады деп білеміз. ТҰЛПАР БОЙ ЖАСЫРАДЫ…. (Ә. Қайдар және тіл мәртебесі) Әбекеңнің өмір жолындағы өзім білетін, өзім куә болған батылдығының, табанының бүрі бар өршілдігінің табиғатын түгелдей табиғи зеректік, зерделіліктен, ерте қалыптасқан кісіліктен деп топшылаймын. …Иә, осы жылы Әбекең 80-ге толып отыр. Оның алпыс, жетпіс жылдығында ауыл адамдарының біразымен сөйлескен едім. Олар Әбекеңді қолқалап ауылға да шақыр-
ған. Ол жөнінде көбірек білгісі келіп, мені де әңгімеге тартқаны бар. Мен жұрт алдында соғыстан төрт орден, бірнеше медаль тағып оралған офицер Әбдуали Қайдар туралы шамам келгенше айттым. Ал ол адамның соғыстан соңғы өмірі жайма-шуақ, мамыражай бола қоймағанын да білемін. Ғылымда даңғыл жол жоқ. Бұл да бір құлақ үйреніп, етіміз өліп кеткен құбылыс емес пе?! Әбекеңнің қыруар еңбегін тізбелеп шығу қиынға соқпас, ал әр жұмыс қамал бұзумен парапар екенін қалай жеткізерсің? «Тұлпар бойын жасырады» дейді дана бабалар. Осы сөз тұп-тура Әбекеңді көріп барып айтылған секілді. Ел алдына шыққанда да Әбекең сол табиғи қарапайымдылығынан аспайды. Сонда бәз-біреулер ойлар: «Оу! Академигіміз осы ма?», – деп. Бұл-дағы – уақыттың белгісі. Ол заңды да, газет-журналдар, радио-теледидар күллі адамды өмірдің сан саласында үздіксіз хабардар етіп отырады. Жаңағы үстірт информациямен жүріп жатқандардың жүзі жарқын, көзі мірдің оғындай келерін қайтерсің. Шығыстың әулиесі, я батыстың ел басшысындай мысыңды басқысы кеп тұрады. Кез келген әңгімені іліп әкетеді. Кез келген тақырыпта жорғалап алдыңды кес-кестейді. Содан да болар, көп жалтырақтың арасынан шын асылды табу, аршып алу қашан да қиын тиетіні. Академик Әбдуали Қайдардың кандидаттық диссертациясының тақырыбы «Қазіргі ұйғыр тілінің қос сөздері» болатын. Кезінде бұған біреулер езу тартып, біреулер «Өз тілінен неге қорғамады?» деп таңырқайтын. Оны түсіндіру үшін қырғыз халқының «Манасын» әуелі зерттеген Шоқан Уәлиханов екенін еске алсақ болар. Қашан да ернеуі толған бастаудан сыртқа бір нәрсе ауысады, сыңарезулеп құйылады. Ал ұйғыр тілі мен қазақ тілінің түп төркіні түркі тілі, жыртылып айырылысар жақындығы бар емес пе? Ол еңбекке аты әлемге әйгілі америкалық түрколог, профессор Карл Менгес, неміс түркологы, профессор Герхард Дерфер, атақты кеңес түркологы, профессор Э.Р. Тенишевтің берген аса жоғары бағасы біраз нәрсені аңғартса керек.
Әдетте, жаныңда жүрген ақыл-парасат иесін сырттағылар мақтағанда ғана бағалай бастайтын мінезіміз бар емес пе?! Жалпы туысқан ұйғыр халқының арғы беттегісі де, бергі жақтағысы да Әбекеңе риза болар. Түбегейлі бірнеше үлкен еңбек жазды, кітаптар шығарды. Бұл еңбектері үшін 1971 жылы Ә. Қайдарға қоғамдық ғылымдар және география саласы бойынша Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлық берілді. Сол мен айтып отырған мерзімге дейін Әбекең бір кісіге жетерлік даңқ, дәрежелерін алып та болған екен. 1972 жылы профессор, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, 1982 жылы Қазақ ССР-ның ғылым қайраткері, 1983 жылы Қазақ ССР Академиясының толық мүшесі. Осыдан соң тоқмейіл өмір сүруге де болар еді. Бірақ Әбекеңдерге еңбек ету, іздену, жаңалық жолында сарсылу – адамның үш мезгіл тамақтануы, толассыз жұтар ауа секілді табиғи қажеттілік. Онсыз өмір жоқ. Бұл да ғалымдарға жарасар қасиет. Ғылым мен Ғалым. Ғылым, сірә, теңіздің табанында жатқан маржан болса, ғалым сол тұңғиықтан маржан ілем деген сүңгуір іспеттес. Асылға, маржанға кім қызықпайды, кім талап қылмайды?! Алайда оған әркімнің шамасы, демі жете берген бе? Ішкі қуат, көрік демді адам болмаса маржан оңай ілінбейді, таптырмайды. Су түбі тереңдеген сайын қарауыта береді. Бар мен жоқты ажырату үшін көкірек көзі керек болар. Оған келгенде жаратылыс сараң. Ал Әбекеңдер сол тұңғиықта еркін жүзіп, інжу-маржанның өзін таңдайтын ғалымдар санатынан. Олай деуге негіз баршылық. Академиктің қаз-қатар алып келе жатқан ізденіс салалары шамамен былай болып келеді: тіл тарихы және этимологиялық ізденістер, түркі тілдеріндегі қос сөздердің жасалу жайы, лексика-грамматикалық түркі синкретизмдері, плеоназмдар, бөлінбейтін сөздердің өлі түбірлері… Осы секілді тақырыптар төңірегінде көп еңбектер жазылып, жарық көрді. Мақал-мәтел, фразеологизмдердің мағынасын ашу, қазақ тілінің этнологиялық лексикасын тереңдете зерттеу, этностар мен ру-тайпа бірлестігінің атаула-
рын тарихи-лингвистикалық тұрғыда қарастыру, алтаистика проблемалары… Бұл тізбе де Әбекеңнің кең қамтып, түренді терең салып жасаған еңбектерінің бәрі емес. Оның сыртында алпыстан астам ғылым докторы мен кандидатына диссертация қорғатқаны және бар. Олар қазақ, ұйғыр, қарақалпақ, хакас, якут, моңғол боп келеді. Жарық көрген еңбектері төрт жүздің үстінде. Оның бәрі де қиындықпен келген қымбат туындылар. Сөйте тұра тарының қауызындай мақалаға бәрін сыйғызу мүмкін емес. Бәріне бағасын беру үшін соны жасаған адам жайлы айту керек. Ал өз басым Әбекең туралы осы уақытқа дейінгі жазғандарымда, жұрт алдында айтқандарымда ойымды сарқа жеткізе алдым деуден аулақпын. Үлкен ғалым туралы мерзімді басылымдарда көп жазылды, әр қырынан көрсетілді, әлі де жазылып жатыр. Сірә, сол Әбекең туралы очерк, мақала, интервью-сұхбаттар ғалым портретінің шағын фрагменттері шығар. Мұндай тұлға туралы үлкен еңбек жазылмайынша мақсатқа жете алмаймыз. Осыны толықтыра алатын бір жай бар. Ол Әбекеңнің этимология бағытындағы еңбектерінің әлемдік аренадағы аса ірі түркологтар – ағылшын профессоры Джерар Клоусон (ХІІІ ғасырға дейінгі түркі тілдерінің этимологиялық сөздігін жасаған), мажар ғалымы профессор Арман Вамбери («Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігінің» авторы), советтік ғалым, профессор Эрванд Владимирович Севортян («Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігінің» авторы) еңбектерімен терезесі тең аталуы. Біздің елде жаңсақ ұлттық саясаттың өте ұзақ уақыт дәурені жүріп, бет қаратпас боп тұрғандықтан, қоғамның дамуы мен орыстан өзге тілдердің дамуында кереғар сипат болды. Бір ғана тіл еркін тайраң қақты да қалғандары жасқанып, бұғып жүріп, жарымжан халге тап болды. Ол құбылыс Әбекеңдей үлкен ғалымды бейтарап қалдырған жоқ. Ол жөнінде Әбекең өз пікірін қашан да, қай жерде де ашық айтып келген адам. Ал сөзден іске, пікір айтудан күреске шығу 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін
басталды. Сол 1986-87 жылдары қазақ жеріне телегей теңіздей боп жеткен жаңа уақыт саясатының бір тамшысы Тіл білімі институты еді. Теңіздің дәмін тамшысынан білуге болады. Ол кезде Республикадағы саяси-әлеуметтік ахуал өте қиын болғаны баршамызға аян. Қазақстанға келген жаңа басшы Г.В. Колбин әрине дүрдараз халықтың бетін бері қаратудың жолын іздеді. Экономиканы күрт көтерем деу ақылға қонбайды. Ал халыққа дем берер, жүрегін жібітер бір іс керек-ақ. Содан болар, 1987 жылғы 3 наурызда қазақ және орыс тілдерін дамытуға ерекше көңіл бөлу жайлы қаулы дүниеге келді. Бірақ бұл ұлттық, тілдік мәселеге деген үстірт көзқарастан, таяз пайымнан туған шара болатын. Рас, біраз жұрт қазақ сөздіктері шығатын болады, тілді дамытуды қолға алатын болдық деп әлдеқандай болып-ақ қалды. Шын мәнісінде ол қаулы Мұзды мұхитқа тамған бір тамшы ыстық жас тәрізді еді. Одан ешнәрсе өзгере қоймасы кешікпей-ақ айқындала бастады. Арал теңізіндей тартыла бастаған қазақ тіліне шын жанашырлық жасайтын адам оған мемлекеттік мәртебе беріп, Заңмен шегелеп тастауға тиіс-тін. Оны да Орталық Комитет пен институттың арасында сабылып жүрген Әбекең анық біліп отырды. Басқа республикаларда (Әзірбайжан, Армения, Грузия, Латвия, Литва, Эстония) өз тілдеріне мәртебе беріп, Заң қабылдай бастады. Осы самал бізге де жететініне ешкімнің күмәні болмады. Содан да болар, республикада Тіл жөніндегі заңға байланысты әңгіме үдей берді. Міне, академик Әбдуали Қайдардың әлемдік деңгейге шыққан ғалымдығымен парапар келетін адамшылық, кісілік, азаматтық қыры жарқ еткен тұсы осы еді. Тіл жөніндегі заңның нұсқасы көп болды. Соның ішінде өзгелерден бір демі артық деген қайраткерлер, ғалымдар, жазушылар, өнер адамдарының өзін жаңылтқан ойнақы варианттар аз еместін. Әсіресе қазақ тілімен қатар орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе берілсін деген жоба жұтынып, иненің жасуынан өтіп кеткелі тұрған. «Қостілділік – достықтың қос қанаты»
деген жылымшы тіркес миға салмақ түсіруге жоқ, жылтыраққа әуес көптеген ағайындардың аузынан шығып, биік мінбелерден айтылып, баспасөзде жазылып жатты. Боларболмас жылы қабаққа қағанағы қақ айырыла қуанып үйренген қазақы психологияның шеңберінен шыға алмағандар: «Қазақтың тілін орыс тілімен теңдестіріп қойса, екеуіне де мемлекеттік тіл деген мәртебе берсе несі жаман?» – деп жалбақтады. Бірақ өмірде орын алып отырған, қалыптасып, әбден баттасқан жағдайды ой сарабына салуға олардың ақылы жеткенімен, табандылығы жетпей, дегбірі қашты. Оларды да түсінуге болады. Құдайдан мүйіз сұраймыз деп, құлақтан айрылып қалмаймыз ба деген жасқаншақ, әбден запы болғандық еді, мұның сыры. Газет-журнал, радиотеледидардан пікірталас, тіпті, ашық айтыс жүріп жатты. Екі тілге қатар мәртебе берілсе, бір саты алға ілгерілейміз деген алдамшы түсінік дендей берді. Тіпті атақты ақынжазушылар арқылы қайсыбір ғалымдар да осы шырмауға шатылып, қазақ тілінің халі мүшкілдене бастады. Әрине, бұған да көнуге болар ма еді, егер ана тіліміздің алқындысы ғана қалып тұрмаса, онымен бірге дәл осы Заң дүниеге келер болса, бұл анау-мынау емес, қазақ тіліне берілген ең соңғы, ақтық мұрат болмақ. Міне, кім-кімге де дәл осы ащы шындық, басы ашық ақиқатты түсіну керек-тін. Ол төніп келген тажалға тайсалмай қараумен бірдей еді. Әбдуәли Қайдар дәл осы тұста өзінің жалғыз варианты – тек қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуі, орыс тілінің ұлтаралық қатынас тілі болуы, басқа халықтар тілінің дамуына жағдай жасау позициясынан бір сәт тайған жоқ. Республиканың сол кездегі басшысы Г.В. Колбин: «Осы академиктер ақшаны не үшін алатынын білмеймін. Жолдас Қайдаров! Сізге айтылды емес пе, «Қостілділік – достықтың қос қанаты!» – деп. Бұдан артық сіздерге не керек? Қазақ тілін орыс тілімен теңестірсек болмады ма?!» – деп жекіді. Г.В. Колбиннің даусы қатты-қатты шыққан. Бірақ Ә. Қайдар қызбалыққа салынбай, өзіне тән биязылықпен, тіл білімінің үлкен маманы ретінде, өмірдегі тілдер
теңсіздігін қоса дәлелдеп, қарсы пікір айтқан. Г.В. Колбин сонда: «Жолдас Қайдаров, Сіз басы бұлғақтап жүрген ешкімнің есебінде жоқ еркін суретші емессіз. Қалтасында партбилеті бар институт директорысыз», – деуге дейін барды. Академик Әбдуали Қайдарды осы әңгіменің маңында жүрген адамдар кеше көрген жоқ. Ешқандай буынсыз жерге пышақ ұрмайтын, уәжсіз сөйлемейтін, ұсақ саясатшылдыққа жоламайтын, ар жолы, иман жолымен жүретін адам осы тұста неге сонша сіресті екен деп сонда басшылар да, қосшылар да ойлана бастайды. Несін жасырайық, сол тұста біраз ғалымдар, жазушылар, өнер қайраткерлері қостілділікке үн қос деген әңгімеге тартылды. Ол, сөз жоқ, әркімді толқытты. Дегенмен көпшілігі-ақ халық мүддесін ойлаған мақалалар жариялай бастады. Ал Ә. Қайдар мақалалары редакцияларда сарғайып жатқан. Оның авторына мақалаңды жариялайық, тек қостілділікке қол көтер деп телефон да соғылды. Мәселе бірді-екілі мақалада ма екен? Мәселе қазақтың тілі, тілмен бірге өзінің де я бар, я жоқтығында еді. Күндердің күнінде осы ұшы-қиырсыз күресте үнемі жалғыз келе жатқан Ә. Қайдарға филология ғылымдарының докторы, ұлты украин А.Н. Гаркавец қосылды. Одан соң Орталық Комитетінің Идеология бөлімінің меңгерушісі Ә. Қайдардың пікіріне саятын хаттардан шолу жасап, Г.В. Колбиннің алдына апарып тастайды. Және аз уақыттан соң бұрынғы екпін, адуыны сәл бәсең тартқан біріншіге идеология жөніндегі хатшы, ұлттың үлкен жанашыры, ғалым Ө. Жәнібек былай дейді: «Геннадий Васильевич! Мнение большинства все больше и больше склоняется в пользу позиции академика Кайдарова. На предстоящей сессии мы как бы не оказались в гордом одиночестве…». Осылай асау Колбиннің бетін бері бұруға тура келді. СССР Халық депутаттарының бірінші съезі өтті. Қазақстан басшылары алмасты. Сол ауыс-түйістен соңғы алғашқы жиналыстардың бірінде Н.Ә. Назарбаев қазақ тілінің жаншылып қалған жағдайын, оны көтеру үшін, құтқару үшін жеке өзіне ғана мәртебе беру керектігін, орыс тіліне еш тосқауыл жасалмай, басқа тілдерге де кеңдік жасау
керектігін айтты... Бұл да болса уақыттың өз қазанында пісіп-жетілген құбылыс еді. Қазақша сөйлейтін, өз ана тілін қадірлейтін, өз ұлтын мақтан ететін, өз тарихы мен мәдениетіне жаны ауыратын саяси қайраткерлер легі келді. Соның нәтижесінде Ә. Қайдар секілді таразы адамдардың арқасында Одақтағы барынша әділетті, барынша кең, жанжақты ойластырылған Қазақ ССР-інің «Тіл туралы» Заңы қабылданды. 1989 жылғы қазан айының 21-інде республикалық «Қазақ тiлi» қоғамы құрылды. Оның тұңғыш президенті болып академик Әбдуали Туғанбайұлы Қайдар сайланды. Ол халқының тағдыры үшін күресті, халық оны дұрыс бағалап, өзінің аппақ үмітінен жаралған «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болуына делегаттар бір кісідей қол көтерді. Сол толқымалы заманда бастан өткен қайсыбір оқиғалар әлі күнде жүрек сыздатады: не қуантады, не қабартады. Әбекең Жазушылар одағында өткен жиналысқа Колбиннен келді. Жай келген жоқ. Көңілі алабұртып, ауыр сөздер естіп, толқып келді. Сөйледі. Ана тілі үшін еңбекпен жеткен атақ, даңқ, дәреже атаулының бәрін құрбандыққа шалып жіберуге дейін дайын ерекше қайсарлықпен айтып салған еді. Біз оның сөзіне сендік. Рухтандық. Ана тіліне деген осыншама құштарлық бізді әлі күнге қуаттандырып келеді. Нағыз қазақ ана тілін осылайша сүйсе керек-ті. Тәуелсіздік тұғырын ұлттық тіл ғана беркіте түсетіні осыдан көрінеді. АКАДЕМИК Ә.Т. ҚАЙДАРМЕН СҰХБАТ Сіздің шәкірт дайындау үлгіңіз қызықтырады. Сонда оларға тақырыпты қандай принцип бойынша таңдап бересіз? Жауап: Принцип болғанда мен берген тақырыптардың баршасы көне де жаңа үрдіске еліктеуден туындаған тақы-
рыптар емес. Олардың барлығы өзім шұғылданып, ойланып-толғанып жүрген идеялардан туындаған, өз зерттеулерімнің бір жалғасы, жаңа деректер арқылы жаңа қырларын ашып, тереңдете түсетін, өзім зерттеуге уақытым болмай жүрген мақсат, нәтижесі алдын ала айқындалған, тек соны ғылыми жүйеге салып, орындап шығуды талап ететін тақырыптар. Сондықтан да болар, жетекшілік жасап, ақыл-кеңес айту мен үшін қиын емес. Мен мұны өз ой-пікірімді шәкірттерім арқылы жалғастыру деп түсінемін. Мұны рухани жалғастық деп те айтса болар. Өз идеяларыңызды ойдағыдай жалғастырушылары бар ма? Жауап: Әрине, бар. Мәселен, түркі тілдер түбірін зерттеу идеясын доктор шәкіртім Ерден Қажыбеков ойдағыдай жалғастырды. Оның синкретикалық бір буынды түбірлерге, байырғы түркі сөздерінің мағынасына байланысты еңбектері осының айқын айғағы. Этнолингвистика саласы бойынша доктор шәкірттерім Жамал Манкееваны, Әділ Ахметовты т.б. атай аламын. Кандидаттық, диссертация деңгейіндегі зерттеулердің баршасы өз идеяларымның жалғасы. Сіз саналы өміріңіздің 25-30 жылын ұйғыртану саласына бағыштадыңыз. Бұл мамандықты таңдауыңыздың сыры неде? Жауап: Университеттің соңғы курсында оқып жүргенде мен Шоқан Уәлихановтың ұйғырлар туралы еңбектерімен таныса бастадым, оған қызықтым. Ұйғыр тілін білгендігімді пайдаланып, мен де Шоқан дәстүрін жалғастырғым келді. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген еді ғой ұлы Абай. Мен де солай, ұйғыр тілін таңдап алдым. Ол үшін мен өкінбеймін. Кандидаттық, докторлық диссертацияларым-
ды мен ұйғыр тілі бойынша қорғадым. Сөйтіп өз өмірімнің саналы да сапалы жас кезеңін мен ұйғыртануға арнадым. Еңбектерім бағаланды. Шәкірттерім де бар. Ұйғыр тілі бойынша ұжымдық еңбегіміз қытай тіліне аударылды. Қытайда ұйғырша араб жазуымен қайта басылып шықты. Ұстаздарыңыз кім? Және олар өзінің қандай ерекшеліктерімен Сіздің жадыңызда қалды? Жауап: Ғылымдағы ұстаз дегенді мен кең мағынада және тар мағынада түсінемін. Кең мағынада өз зерттеулерімізде еңбегін, ғылыми мұрасын пайдаланған ғұламалардың баршасы мен үшін ұстаз. Олар – ақыл-кеңесін, өнеге-үлгісін жазып қалдырған ұстаздар. Және олар біреу емес, көп. Ал тар мағынада тікелей жетекшілік еткен, ақыл-кеңес беріп, жөн-жоба көрсеткен ұстаздарымды айтамын. Олар да бір адам емес, тілін сүйіп өсуіме ұстаздық еткен, оның асыл қасиетін болмысыма сіңіріп, бойыма дарытқан анамды да (Жанбала, ол 95-де дүние салды) ұстаз санауыма, екінші ұстазым дұрыс сөйлеуге үйреткен алғашқы мұғалімім – Алтынбекова Мырза апай. Ғылым-білімнің тіл саласына баулыған ұстазым академик Ісмет Кеңесбаев. Тіл құдіретін тілші маман ретінде танып-білуге, жол-жоба көрсеткен ұстаздарым С.Е. Малов пен К.К. Юдахин сынды ұлағатты жандар. Олардың әрқайсысының бірін-бірін қайталамайтын өз орны, ерекшеліктері бар. Ұстаз шәкіртке сыншы дейді, әдетте. Мен айтқан болар едім: «Шәкірт те ұстазға сыншы». Сондықтан да бұл өз алдына әңгіме. Сіз 14 жыл директордың орынбасары, 18 жыл директор болдыңыз. Басшылық пен ғалымдықты қатар алып жүру жұмысыңызға кедергі келтірген жоқ па? Жауап: Басшылықтың өсуіме зияны болған жоқ, бірақ ғалымдық мүмкіншілігімді толық пайдалануыма кедергісі
(әсіресе уақыт жағынан) болды. Бастықтың көп уақыты жиналыстар мен қоғамдық-әлеуметтік шараларды орындауға кетеді. 75-тен кейін жариялап жатқан жұмыстарымды да көп жыл директор болмасам, әлдеқайда бұрын шығарған болар едім. Міне, ғылымда басшы болудың пайдасы мен зияны осындай. Сіздің зерттеулеріңіз тілтанудың негізгі салаларын түгел қамтиды. Осының себебін түсіндіре кетсеңіз? Жауап: Біріншіден, ғалымдар ұжымын басқару деген сөз өз тақырыбыңмен ғана шектеліп қалмай, тіл білімінің сан саласынан хабардар болуды талап етеді. Міне, осындай өндірістік қажеттілік менің де әр салаға қызығушылығымды арттыра түсті. Екіншіден, ұжымға бастық болу сол ұжымдағы істеліп жатқан зерттеушілердің баршасына бағыт-бағдар беру ғана емес, «баға беру» міндетін де жүктейді. Үшіншіден, тіл білімінің (синтаксистен басқа) әр саласына, әсіресе, лексикологияның салаларына (этимология, фразеология, парамилология, лексикография т.б.) жеке басымның маман ретінде қызығуы басымырақ болды. Қазақ тіл білімінде де, жалпы түркітану саласында да бұрын болмаған зерттеу нысаны – этнолингвистика да мені қатты қызықтырды. Бұл салада ғалымдардың пікірі бойынша (М. Копыленко) менің өз мектебім қалыптасты. Түбіртану бойынша да осыны айтуға болады. Егер Сіз дүниеге қайта келіп, мамандықты қайта таңдаған жағдай бола қалса, қандай мамандықты таңдаған болар едіңіз? Жауап: Тек қана тілші мамандығын. Өйткені тілші ретінде менің тап аңғарғаным, тіл – барша ғылымның бастауы, түпнегізі, тіні, ұстыны, мән-мағынасы, маңызы. Сондықтан
да тілші болу – барлық ғылымнан хабардар болу деген сөз. Ең бастысы, тілші адам дүниесін, рухын, дінін, ой-тұжырымын, өткені мен бүгінгісін, болашағын түсінуге болатын асыл қазына, мәңгіліктің мәңгілігі. Этнос өзін-өзі, тек өз тілі арқылы ғана танып-біле алады. Жастық шағыңыздың ұмытылмай жүрген сәттері бар ма? Жауап: Жастық шақ – ол қызығы мол өткен өмірдің елесі ғой. Әрине, есте қалған, жадымда сақталған жайттар баршылық. Бұған сол жастық өмірдің өзі (егер ол өмірді 25-ке дейін деп есептесек) де мен үшін тұтас дүние бола қойған жоқ қой. Ол жылдарым отты жылдардың өртіне шалдықты. Отан соғысы басталғанда мен 16 жаста едім. Он жетімде өзім сұранып майданға аттанып кеттім. Содан 22 жасымда оралып, қиыншылық кезеңде мектеп пен ҚазМУ-ді бітірдім. Студенттік өмірді де өз қатарымнан ересек шағымда өткердім. Мұның аржағы түсінікті болар. Сіз 9-шы сыныпты бітіре салып, соғысқа өзіңіз сұранып кеттіңіз? Бұл не, патриотизмдік сезім бе, жоқ әлде басқа ма? Қалай түсіндірер едіңіз? Жауап: Бұл сауалға дәл сол жылдардағы сезіміммен жауап берсем, иә, бұл Отанға деген шынайы патриоттық сезімнен туған әрекет еді. Бүкіл ауыл еркектерсіз қаңырап бос қалғанда, бір үйден бірден үш адам (әкем, екі ағам) аттанып, үй іші бос қалғанда мен өзіме лайықты орын таба алмадым. Солардың қатарында болғым келді. Соғысқа сұранып арыз жазуыма, бұл бір себеп болса, екінші себеп 41-ші жылдың қыркүйегінде еркек мұғалімдердің баршасы майданға кетіп, мектепте 10-шы сыныптың сабағы басталмай қалды. «Бәрі Отан үшін, жеңіс үшін!» дейтін ұран жас та болсақ жан дүниемізге қатты әсер етті. Көшеде ойнап жүруді ар көрдік! Несі бар, жас болсақ та, азаматтық борышымыз-
ды абыроймен орындап қайттық. 5 әскери орден, 12 медаль соның бір белгісі. Ғылыми тірлік «Олжабай» болып қайтқаннан бергі тірлік нәтижесі. Қызметтес болған ғалымдар жөнінде не айтар едіңіз? Жауап: Мен өмірім 54 жыл бойы Тіл білімі институтының қара шаңырағы астында өтіп келеді. Барым да, базарым да осы ұжым құзырында болды деп айта аламын. Ұжым болғаннан соң онда әртүрлі адамдармен қызметтес болуға тура келеді. Әсіресе бастық үшін солардың бәрімен тіл табысу міндетті нәрсе. Мен де соны істеуге тырыстым. Бірақ сөйтіп жүрсеңдағы, халық айтқандай, «Біреу даттап кетеді, біреу мақтап...». Талас-тартыс та болды, үстімізден «домалақ арыз» домалатқандар да болды, мақтап-мадақтағандар да аз болған жоқ. Қысқасы, өмірді өз салтымыз бойынша «қазақша» өткізіп келеміз. Олай дейтін себебім, қазақтың бір қасиеті біpeyді мақтаса, алты қабат аспанның ар жағына асырып жіберетін, ал даттаса, жетіқабат жердің астына батырып жіберетін әдеті бар ғой. Ғылымнан басқа уақытта немен шұғылданасыз, яғни хоббиіңіз не? Жауап: Күлкі болса да айтайын, «ғылымнан басқа» деген уақыт менде жоқ. Болған да емес. Өйткені ғылым деген – тұңғиық терең мұхит қой. Ғылымға тұтас берілген адам (атақ-дәреже алу үшін ғана жүрген адамдардай емес) оның өз саласы бойынша толық меңгеруге тырысады. Ол деген табиғат сыйлаған дарын мен қасиеттен басқа ұланғайыр уақытты талап етеді. Ал ол уақытты карта ойнауға, бильярд ойнауға, аңшылық, балықшылық т.б. осы сияқты еркектердің құмартып істейтін кәсіптеріне жұмсасақ, сөзсіз ғылымың ақсайды. Ал дәл осы құмарлық ойындарында «қызықты», рахаттанатын ермекті сол ғылымның өзінен тапсақ көп дүниені орындауға болады. Мен осы аталған қызығы мен рахаты мол дүниені сөз құдіретінен таптым.
Сөздіктерді қарап, сөздердің табиғатына үңілу, соны таныпбілу мен үшін ең жоғары рахат сезімін алумен барабар. Менің досым, құрдасым Шора (сұхбат алушының біpі) сияқты «коллекционерлік» кәсіпке мен үйрене алмадым. Менің коллекциям қазақ тілінің (басқа түркі тілдерімен салыстырмалы түрде) сөз байлығын жинақтаумен, жүйелеумен, соларды анықтаумен ғана шектеледі. 4 томдық «Қазақтар: ана тілі әлемінде» атты этнолингвистикалық сөздік, т.б. сөздіктер, міне, соның нәтижесі. Тіл білімі, тілтану Cізгe рухани, моральдық азық бола алды ма, жоқ әлде ол мамандық дәрежесінде ғана қалып қойды ма? Жауап: Егер таңдап алған мамандығың жан дүниеңе, болмысыңа рахат сезім сыйламаса, ондай өмірдің өзі де қызық емес. Мен өз өмірімді мәнді-мағыналы өткізіп, таңдап алған мамандығымның маған мол рухани, моральдық азық сыйлағандығына байланысты болғандығы. Сондықтан өмірді тек мамандық деңгейімен ғана өлшеуге болмайтын сияқты. Сүйіп іcтeгeн ісіңнен еш уақытта шаршамайсың да жалықпайсың. 80-ге келгенше 54 жыл бойы шұғылдансам да, мен тіл табиғатын зерттеуден жалыққан емеспін. Әрқашанда ойлайтыным: өзімнің ең сүйікті, «үкілі» еңбегімді, әлі жаза алмай жүрмін ғой деймін. Мүмкін, Алла тағала рақым қылса, оны әлі жазармын да. Достарыңыз кім? Дос таңдауда, достық қатынасты сақтауда ұстанатын принципіңіз қандай? Жауап: Дана халқымыздың «Мың досың болса да аз сана, біp дұшпаның болса, көп сана» деген дана cөзі бар. Әрине, дұшпандарым жоқ емес, біpaқ достарым көбірек. Қолынан келген жақсылығын күнде емес, күндердің күнінде, әсіpece қиын-қыстау сәттерде іcтeгeн достарды ұнатамын. Күн ашықта көлеңкедей жаныңнан қалмайтын,
бұлтты сәттерде іздесең де табылмайтын достардан аулақ жүргенді абзал көремін. Сондықтан да болар, барша сыннан өтіп сұрыпталған, «барлауға бірге баруға болатын» достарым көп емес және олар жыл өткен сайын азайып келеді. Ғылымдағы жастарға деген көзқарасыңыз қалай? Жауап: Ғылымға, тіл біліміне бүгін келіп жатқан жастар – ертеңгі сол ғылымның болашағы. Менің түсінігім бойынша ғылым да, ғылымның болашағы да санымен емес, сапасымен өлшенеді. Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың мұқият жинақтап жүрген мағлұматы бойынша, қазақ тіл білімі саласында бұдан 10-15 жыл бұрынғы 70 жылдай дәуірде қорғалған (докторлық және кандидаттық) диссертациялардың жалпы саны бір мыңға жетер-жетпестей болса, ал сол кейінгі 10-15 жыл барысында қорғалғандардың саны 500-ге жетіп қалыпты. Қазақ тіл білімінің бүгінгі даму үрдісі мен барысына көңліңіз тола ма? Жауап: Тіл білімі бойынша істеліп жатқан зерттеулердің санына, тақырып аумағына көңілім толғанымен, сапасына онша көңілім толмайды. Толмайтын себебі жаңалық аз, қайталау, таптауырын болған ізбен жүру көп сияқты. Біз кеше егемендік алғанға дейін өз зерттеулерімізде коммунистік идеология шеңберінен шыға алмай, диссертацияларымызды тек орыс тілінде қорғауға, еңбектерімізді тек орыс тілінде жазуға мәжбүр болып, көп нәрседен шектеліп келсек, бүгін «еркіндіктің» екінші бір әсеріне душар болып отырмыз. Филология саласында қазір ғылыми жұмыстар жаппай қазақша жазыла бастады. Ол ғалымдардың өз пікірін еркін айтуға мүмкіндік тудырады. Әрине, айтатын нәрсе болса, қазақша айтқан-ақ жақсы ғой. Бірақ сол айтылып жатқан пікірлердің, теориялық тұжырымдардың басым көпшілігі
кейде түркология саласындағы, орыс тіл біліміндегі, т.б. ғалымдардың бұрын айтып, тайға таңба басқандай танытып кеткен ой-тұжырымдарын аударып, өңін айналдырып қолдану, қайталау болып келетіні өкінішті-ақ! Тіл ғылымының бұл үрдісі мен даму барысын өзгерту қажет сияқты. Түркология – мол қазына-мұра қалдырған көне сала. Оны жеке тілдерді зерттеу арқылы дамытқымыз келсе, әрбір зерттеуші аз болса да, бір жаңалық қосқаны жөн болар еді. Тіл білімі бойынша зерттеулердің санының көп, сапасының төмендеу болуының тағы бір себебі – бұл ғылымның табысы мен жаңалығын бақылау және бағалау орталығы жоқ. «Әр кәлладағы – бір қиялға» бүгін де жол ашық. СССР ыдырағаннан кейін отандық түркологияның бұрынғы тығыз байланысы, түрколог ғылымдардың тығыз қарым-қатынасы тоқтаған сияқты. Сіздің осыған көзқарасыңыз қандай? Жауап: Тоқтағаны рас. Жеке тілдерді ғана зерттеумен шектеліп, жалпы түркологиядан томаға-тұйық қалу осы ғылымның болашағына нұқсан келтіретіні сөзсіз. Иә, отандық түркітану ғылымының біpтұтас іpгeтacы да құлаған сияқты. Ғалымдардың бұрынғы өзара тығыз қарым-қатынасы тоқтады, байланыс үзілді, түркі тілдеріне тән ортақ идея, ортақ проблемалар бары байқалмайды. Жалпы бұл түркология үшін оң құбылыс емес, келешекте біp орталық – түркология қауымдастығын құру қажет. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып, көп жылдар бойы тіл майданында жүрсіз. Осы еңбегіңіздің нәтижесіне қанағаттанасыз ба? Жауап: Біріншіден, ол іcкe мен емес, барша халық, қазақ қауымы қанағаттанарлық сезімін әлдеқашан білдірген, өйткені біз құрған Қоғам қалғып кеткен халқымыздың санасын оята алды. Жүздеген, мыңдаған қазақ балабақшалары
мен мектептері ашылды. Қоғамдық өмірден тәркілене бастаған ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді. Енді біз оны қорғауға заңды құқық алдық. Қоғам әрекеті алғашқы 4-5 жыл ішінде бұқаралық қозғалыс сипатына ие болды. Бірақ амал нешік, Қоғамды қолдаушы заң, қаржыландырған өкімет бола қойған жоқ. Оның үрдісі бәсеңдеді. Бірақ қоғам өз жұмысын жалғастырып келеді, әлі де жалғастыра бермек, жасым ұлғайған соң мен президенттікті тапсырдым. Ұстаз бенен шәкірт арасындағы қарым-қатынастың қалай болуын қалайсыз? Жауап: Ұстаз бенен шәкірт арасындағы қарым-қатынас әдетте ресми сипатқа ие болады. Бірақ кейбір шәкірттер бұл шеңберден шығып, ғалымдықпен қатар адамдық қарым-қатынасқа да бейім келеді. Олармен ғылым туралы ақылдасумен қатар өміp және өмір тәжірибесі туралы да сырласуға, пікірлесуге болады. Мұндай шәкірттер менің өмірлік ғылыми тәжірибемнен көбірек тағылым, өнеге-үлгі алуға мүмкіншілігі көбіpeк болады. Ал, кейбір шәкірттер о бастан-ақ тек ресми қатынаста жүруді қалайды. Ондайлардың кейбіреулері диссертациясын қорғағаннан кейін ұстазын ұмытып, тіпті аман-сәлеміңді жөнді алмайтыны болады. Өміріңізде жамандық іcтeyгe әрекеттенген адамдар да болған шығар? Қарымта ретінде қайырған әрекеттеріңіз болды ма? Жауап: Көбіне-көп «Таспен атқанды аспен ат!» деген принципті ұстанамын. Бірақ көп жағдайда маған ойлайтын жамандықтың себебін қолма-қол айқындауға тырысамын. Менің тарапымнан түсінбестік болса, кeшіpім сұрауға, оны жөндеуге тырысамын. Дос болып жүріп, қастық істеуге барған адамдар менің өмірімде аз болған жоқ. Оның ең басты себебі – пендешілік: «бірге өсіп, бірге жүрген адам қалайша менен озып кетті?»
деген іштарлық, көреалмастық. Мен ондай «достарымнан өш алуға, кегімді қайтаруға, шырақ алып, артына түсуге» ешқашан барған емеспін. Өз денсаулығымды сақтауды мен артық көрдім. Ал ұзақ ғұмырымда үстімнен «домалақ арыз» жазғандар да аз болған жоқ. Олармен де қатарласып, қауымдасып өмір сүріп келе жатырмын. Ұялса, өздері ұялсын, бірақ менің ұялатын жерім жоқ. Үйдегі бала-шаға тәрбиесіне қалай көңіл бөлесіз? Жауап: Үш қызым бар. Олардың бойжетіп, ересек болып қалғанын білмей де қалған сияқтымын. Барлығы дұрыс білім алып, ел қатарында өмір сүріп келе жатыр. Үлкен қызым – Жанна Америкада жұмыс істеп жүр. Компьютер техникасын, ағылшын тілін меңгеріп жүр. Оның қызы – Аян біздің қолымызда, студент, ҚазМУ-да орысша оқиды, қазақ орта мектебін бітірген, ағылшын тілін жақсы біледі. Екінші қызым – Әсел. Араб тілінен мамандық алған. Академияның Тарих институтында араб тіліндегі бұлақтар бойынша қызмет істейді. Үшінші қызым – Баян. Шетелдік фирмада қызмет істейді, аға аудитор. Ағылшын тілін жетік меңгерген. Мамандығы – экономист, КИМЭП-ті бітірген. Демалысты қалай өткізесіз? Жауап: Мен «демалыс» деген ұғымның шынайы мәнін түсіне алмай келе жатқан адаммын. Кейбіреулердей, демалысты жылына бір рет те жөнді ұйымдастыра алмай жүрмін. Ғылыми жұмысымды істеуге тыныштық, жағдай болса, мен үшін ең жақсы демалыс сол. Жастау кездерімде біраз санаторийлерге барғаным бар. Соларды қайталай беруді міндетті деп санамаймын. Алла тағаланың берген қуаты әзірше жетіп жатыр. 75-ке келгеннен кейін 25 кітап жазуды жобаладыңыз? Осының жайы қалай?
Жауап: Бұл Алла тағала денсаулық берсе, орындалуға тиісті реальді жоспар. Олай дейтін себебім: мен 32 жыл бойы институт бастығы болдым. Тілдің әртүрлі проблемаларын ойлану, ой елегінен өткізу көбірек болды да, кітап жазу мүмкіншілігі аздау болды. Солай болса да, мен жариялаған 40 шақты кітап менің ғылыми ой-толғаныс, идеяларымды толық қамти алмады. Мен әралуан мәселе бойынша (фразеологизм, мақал-мәтел, этимология, этнолингвистика, қос сөздер, еліктеуіш сөздер, тіл тарихы, азаматтық тарих т.б. ) материал жинап, топтастыра бердім. Міне, енді қол босағаннан кейін мен соларды кітап етіп жариялап жатырмын. Жобаланған 25 кітаптың жартысы жарық көрді. Қалғаны денсаулық болса, жақын жылдары жарық көрмекші. Солардың ішінде 2 томдық этимологиялық сөздік, 4 томдық этнолингвистикалық сөздік, «Қазақ қандай халық?» деген де еңбек бар. Өмірде ұстанған принциптеріңіз қандай? Жауап: Көп болмаса да, тұрақты ұстанатын принциптерім бар. Мысалы: 1) Жаныңдағы адамға қолымнан келгенше жақсылық қылу, бірақ «қанша жақсылық қылсаң да, оны міндет етпе, оның қарымын қайтаруды талап етпе» деген принципті қатал сақтаймын. 2) Жасы үлкен, атақ-лауазымды құрметтеуді ешуақытта құлшылдық, табынушылықпен шатастырып көрген емеспін. Демек, адамға деген шынайы құрмет пен жағымпаздану – екеуі мүлдем екі басқа дүние деп білемін. Менің өмірлік принципім – қандай адам болмасын, оның жамандығын, пасықтығын т.б. сүйкімсіз мінез-құлқын, іс-әрекетін өз көзіммен көрмейінше, оған оң көзіммен қарап, оған құрмет көрсетуге тырысамын. Жек көретін адамдарыңыз бар ма, олар қандай адамдар?
Жауап: Әрине, жек көретін адамдарым бар. Ол жалпы адамға тән ең жоғарғы адамдық қасиеттен жұрдай болғандар: айтқан сөзінің пәтуасы, шындығы жоқ, берген уәдесінде тұрмайтын, біреу туралы арамдық ойлайтын, жақсылық істеу қолынан келмейтін, мейірімсіз, қатыгез, қарау, даурықпа, даукес т.б. осы сияқтылар. Сөзі тәтті, діні қатты суайт, жалақор, бәлеқор т.б. осы сияқты қасиетсіздіктерді бойына сіңірген адамдарды жек көрем. Сөзінің пәтуасы жоқ, көк мылжың, малтасын езіп, көп сөйлейтін үлкен-кіші замандастардың қасында қас-қағым уақыт та тұрғым келмейді. Көпе-көрнеу өтірік мақтап, өзіңде жоқты бар етіп, өзіңе жамап, өзіңді-өзің танымайтындай етіп, аспанға шығарып, жерге түсірмей мақтайтындардың жанынан тұра қашқым келеді. Сыпайы түрдегі жақсы лебізбен жаныңа жарасатын достық пікірдің жөні бір басқа деп білемін. Рахмет, ұзақ өмір тілейміз! Адамға, ғылымға, достыққа адал жандардың қатарында аман-есен жүргенінің өзі үлкен олжа екен-ау, деген оймен бұл жолғы сұхбатты түйіндегенді жөн көрдік!.. Сұхбат жүргізген проф. Ш. Сарыбаев пен проф. Ө. Айтбайұлы 14.12.2004 жыл ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ Р.Ғ. СЫЗДЫҚТЫҢ ҒЫЛЫМИ, ПЕДАГОГТІК ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ СӨЗ Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында 1924 жылғы тамыз айының 17-сі күні Сәтіғали есімді қызметкер отбасында дүниеге келген Рәбиға Ғалиқызы Сыздық туралы сөз қозғап, осы екі аралықта өтіп келе жатқан оның өмірі
мен шығармашылығын баян ету мен үшін тіпті оңай болып тұрған жоқ. Өте күрделі де қызық өмір. Бір жағынан қызығып, екінші жағынан қиналдым. Қырық жылдай уақыт бірге қызметтес болып, оның көптеген еңбектеріне куә адамдардың бірі ретінде айтатын әңгімем біраз бар сияқты көрінген. Сөйтсем «білем дегенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыздай» екен. Дегенмен тәуекелдің қайығына мініп алып, ескекті қолға ұстауға тура келді. Зады, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп қазекем тегін айтпаса керек. Рәбиға өскен ұяның азамат пен адам тәрбиелеудегі өнегесі өзгеше болған. Яғни адамдық тәрбиенің уызын ол осы ұяда татқан. Әкесі Сәтіғали Құтқожин 1937 жылы «халық жауы» аталып атылып кетіпті. Осы деректің өзінен-ақ оның елге танылған білікті адам болғаны байқалады. Ал анасы Жеміс Қалуқызы сауаты шамалы болғанмен, жақсы-жаманның парқын білетін көргенбілгені, оқыған-тоқығаны жетерлік намысты адам болыпты. Әкеден жастай қалған балалардың еркін де намысшыл болып өсуіне осы ана себепші болса керек. Рәбиғаның бұлардан кейінгі пір тұтқаны өзінен екі жас қана үлкен туған ағасы – Хамит Құтқожин. Ол кісіні біз де көрдік. Оның бойынан бір бекзаттық болмыс байқалып тұратындай еді. Сірә, кемел жасқа келіп отырған Рекеңнің ағасын әлі күнге аузынан тастамай «маған барлық атақ, лауазымнан да «Хамиттың қарындасы» деген атымды биік қоямын!» деуі тегін емес. Соның атына ұят келтірмесем деген ой оны әлі күнге мазалайды. Шынында, Р. Сыздықтың адам болып ел қатарына қосылуына Х Құтқожинның атқарған қызметі мол болған. Ол кісінің дүниеден өткеніне он жыл болса да қарындастың ойынан кеткен емес, үнемі аруағына тағзым етіп, Құран бағыштап отырады. Ағайын арасындағы өзара махаббат, әсіресе ағалы-қарындастың осындай өзара сыйластығы қазаққа үлгі боларлықтай. Ойлай білген адамға осының өзі бір өнеге. Рекең бала кезінде аурушаңдау болыпты. Содан да болар, сабақты үзіп-жұлқып оқыған тәрізді. Ол кезде мұға-
лімдер де қым-қуыт ауысып жатады екен. Соған қарамастан мектепте өте жақсы оқыған балалар қатарында болған. Бір ерекшелігі қуыршақ ойнаудан гөрі Хамиттың достарымен доп ойнап, суға жүзіп, сырғанақ тебуді қатты ұнатқан. Шамасы, осы ұл балаларға үйірсектік оның намысын қайрап, жігерлі де өжет болып өсуіне септік жасаған. Бұл – Рекеңнің оң-солын танып, ғылымға жетілгенге дейінгі жүріп өткен өмір жолы. Бұдан оның турашыл да өжет қызға айналғанын көреміз. Оның еңбек жолы 1940 жылы Алға стансысындағы бастауыш мектепте мұғалімдіктен басталыпты. 1942-45 жылдары Темір қаласындағы орта мектепте, педучилищеде ұстаз қызметін атқарады. Бұл білімнің жетімсіздеу екенін ерте байқаған Р. Сыздық енді Алматыға аттанып, Абай атындағы Қазақ педагогика институтына түседі (1942). Оны 1947 жылы бітірген соң, осы институттың аспирантурасында оқиды (1947-51). Ал 1951-57 жылдары Қазақтың оқупедагогика баспасында (қазіргі «Рауан») редактор, редакция меңгерушісі қызметін атқарады. Бұл кезде оның әдебиетке, өнерге құмарлығы артып, қаламгерлікке ойысардай сыңай танытып жүрген шағы болатын. Алайда М. Балақаев, І. Кеңесбаев, Ш.Ш. Сарыбаев, А. Ысқақов тәрізді тілші ұстаздарының ықпалымен ол 1957 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясына ауысып, әуелі кіші ғылыми қызметкер (1957-61), аға ғылыми қызметкер (1967-80), 1961-67, 1980-94 жылдары бөлім меңгерушісі болады. Қазір осы институттың бас ғылыми қызметкері. Сөйтіп әдебиетке бейім Рекең керемет тіл маманына айналады. Мұнысына ол өкінбейді, бұдан Тіл білімі институты да ұтылған жоқ. Бұл Рәбиға Сәтіғалиқызы өтіп келе жатқан қызмет баспалдақтары. Рәбиға Сәтіғалиқызының жеке өмірінде тағылым аларлық сәттер мол. Туралық пен әділдіктің ақ жолында ол өзін тұрақты мінезге баулыған адам екені байқалып отырады. Адамды жақсы көру, бағалауда айқынырақ аңғарылатын бұл қасиет Рекеңді жар таңдауда да адастырмаған. Бұл жа-
йында сөзге тартсаңыз Рекең өзгеше толқыңқырап барып, тағдыр қосқан алғашқы жары – Сыздықов Мақаш деген азаматты елжірей есіне алады. Бұл кісі, шынында да, Рекең талғамына толық татитын, қазақша айтқанда, көрік десең көрік, білік десең білік бар, өте білімді азамат болған болса керек. Мәскеудің жоғары оқуын бітірген. Бірнеше шет тілін меңгерген, халықаралық құқық саласынан диссертация қорғаған алғашқы қазақ жастарының арасынан шыққан дипломат. Сол азамат 1954 жылы 32 жасында дүниеден озған. Рекеңнің асыл жарға деген қимас сезімінің керемет бір белгісі ретінде оның әлі күнге Сыздық деген фамилияны берік ұстап келе жатуынан көрінеді. Қазақ әйелдерінің бойындағы сүйген жарға деген осынау ғажап қасиеттің Рекең болмысынан да баян табуы кісіні сүйсіндіреді. Ерекше ризалық сезімге бөлейді. Р.Ғ. Сыздықтың ғылым қайраткері, азамат ретінде қалыптасуына туған ұжымы – А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының орны айрықша. Осы институт қабырғасында 1957 жылдан басталған қызмет нәтижелі жалғасып келеді. Институт – өзінің ежелден қалыптасқан дәстүрі бар өзгеше ғылыми орта. Бастауында А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Ғ. Мұсабаев сынды тұлғалар тұрған. Тіпті Ұлттық Ғылым академиясының шаңырағын көтеріскен бұл ғылыми орта Рәбиға Сәтіғалиқызы үшін де мейлінше баянды да бақытты мекенге айналды. Ол осы институттың кейінгі елу жылғы шежіресімен біте қайнасып, бірге жасап келеді. Ыстығын да, суығын да көріп, ұжымдағы әріптестерімен бірге тіл білімінің сан саласына бойлап, тамаша пікірлерін өрбітіп, ерен еңбектер туындатып келеді. Ғылыми мекеме болған соң, оның ішінде ойлайтыны қазақ тілінің қамы болған соң, соның неше алуан мәселелері ғылыми кеңестерде сөз болып жатады. Міне, осындай басқосуларда Рәбиға Сәтіғалиқызының ашық та айқын, дәлелді де дөп түсіп жататын пікірлерінің ел көкейіне қона түсетіні тегін емес. Кейде ол қатты айтады, бірақ ол зілсіз
айтады, айтса да мәселенің жөнін біліп айтады. Сондықтан ғылымға бет түзеген жас буынның көбі алдымен Рекеңнің сынынан өтуге тырысады. Сонымен бірге байқалатын бір ерекшелігі – оның институт ұжымындағы түсіністік пен тілеулестіктің тізгінін ұстап отыратыны. Өзінің Әбдуәли, Шора тәрізді құрдас, замандастарының бәрінің бойына тән осы мінез, осы қасиет ұжым адамдарының парасатты болмысын қалыптастыруға ықпал ететіні даусыз. Шамасы есті адам есейген сайын өз бойындағы жылдар бойында жинақталған, қордаланған асыл қасиеттерін төңірегімен бөлісе бастайтын болса керек. Әсіресе жастарға қамқорлық жасауға дайын тұратын Рекеңнің ынта, ықыласынан осыны байқауға болады. Бұл аға ұрпақ пен келешек иелерінің арасындағы табиғи жалғастықтың бір түрі. Жастардың ғылыми жолын айқындап, олардың қорғауына қамқорлық қолын аямай созып отыратын Рекеңнен олар да інілік, кішілік ізет, құрметінен тартынған емес. Осындай өзара жарасымды ортада өмір сүрудің өзі бір ғанибет қой. Рәбиға Сәтіғалиқызын ғылымға өмірдің өзі алып келген. Кейде «ғалым болуды жастайымнан армандап едім» деп жататындар да кездеседі. Рекең табиғаты шамасы сәл басқаша қалыптасқан. Өзінің айтуына қарағанда, онда арман қуатын жастық шақ болмаған. Әсіресе соғыстың 4-5 жылында арман аулаудан гөрі, аштан өлмеудің қамын ойлап күнелткен. Адам өміріне кейде кездейсоқтықтың қатты әсер ететіні бар. Рекең өміріне де осындай бір емес, бірнеше кездейсоқтық әсері тиген тәрізді. Баспа қызметінде редактор бола жүріп Академияға ауысуы. Әдебиетшілікті қалай жүріп, тілге берілуі т.т. осыны аңғартады. Сөйтіп оның бүкіл ғылыми ізденістері осыдан былай қарай өрбиді. Рекеңнің басында ғылым адамдарының көбінде кездесе бермейтін тағы бір қасиеті бар. Ол – оның өнер мен өнер адамдарына, ақын-жазушылар мен олардың өлең туындыларына деген тойымсыз құмарлық. Яғни оның ықыласынтасының бір бөлігі ғылымда, яғни тілде болса, екінші
бөлігі осы жағында. Есейе келгенде оның сал-серілер мектебінің үлкен өкілі Шахан Мусиннің етегінен ұстауының сыры осыдан. Бұл өзі өмір дариясының екі бетінде тірлік етіп жатқан екі асылдың, тіпті бейнелеңкіреп айтсақ, «суыққандылау» ғылым өкілі мен өрт құшақты өнер адамының қауышуы еді. Қазақы ұғымға салсақ, ел жағынан да, жер жағынан да, тірлік-кәсіп жағынан да бір-бірінен алшақ жатқан бұл екі жанның бас біріктіруіне таңғалғандарға Рекең «Шахаң мені жан тебірентерлік Арқаның әндерімен баурап алды ғой» деп әзіл айтса да, шынын айтатын. Осыдан оның ән өнеріне, әсіресе халық әндеріне деген өзгеше құмарлығы мен талғампаздығын танимыз. Ол сөз құдіретін біліп қана қоймай, соның сиқырын да танытатын ақын, жазушылардың бәрін өзіне жақын санайды. Әсіресе, О. Сүлейменов, О. Бөкей, Ф. Оңғарсыновалардың талантын керемет бағалап, туысынан бетер жақын тартып отырады. Ш. Мұртаза, С. Бердіқұлов, Ә. Кекілбаев шығармаларын зерттеу нысанына айналдырып, тілдік тұрғыдан талдай жүретіні тағы бар. Бұрынғы, кейінгі, орта буын, жас буын қаламгерлердің қай-қайсысын да көзден таса етпей, жылт еткен жақсылықтарын атап, өз мақтанышындай масаттана білетін осы бір жанға олардың да ықыласы бөлек. Әрбір сөзін он өлшеп, бір пішетін Қалихан, Ақселеу, Қадірбек, тіпті кешегі Мараттардың (Қабанбаев) өзін Рекең көркем тілдің шеберлері деп бағалайды. Ол үшін әсіресе нағыз ақын атаулының жөні бөлек. Оларды сөз құдіретінің сиқырмандары, ғаламат адамдар деп біледі. Абай, Махамбет, Дулат, Мағжан, Қасым тәрізді алыптарды (бұлардың тіл кестелері туралы керемет дүниелер жазылған) былай қойғанда, кешегі Мұқағали, Төлеген, Ізтайлар, қазір арамызда өмір кешіп келе жатқан «Қызкеліншектерге барғанда мені де ала кет» деп Шахаң ағасын «шайтан жолға» итермелейтін Тұманбайдан бастап (бұл Рекеңнің өз сөзі) Өтежан, Ақұштап, Марфуға, Нұрлан (Оразалин), Светқалиларды тебірене оқып, олардың сөз саптау машығына таңданыс білдіріп отыратын Рекеңнің оқырман ретіндегі талғамына сүйсінбеу мүмкін емес.
Проза өкілдерінің тіл кестесін лингвистикалық тұрғыдан зерделеп, монографиялық еңбектер мен мақалалар жазып, баяндамалар жасап келе жатқан Рекеңмен сырласа келе, ол кісінің тағы бір шығармашылық шабыттың үстінде отырғанын байқадық. Алла жазса, алдағы мүмкіндікті пайдалана келе, ол поэзия тілін зерттей түсуді мақсат етіп отыр. Тіпті осы ниетпен ол Ф. Оңғарсынованың шығармашылық табиғатына байланысты материал жинауға кірісіп кеткен тәрізді. Р. Сыздықованың ғалымдығын сөз еткенде, оның Абайға барған батылдығына ерекше тоқталуға тура келеді. Өйткені біз оның бұл әрекетінен өмірді Абайша толғап, адамды ақынша танып, оның жазған өлеңдерінің адам жанына әсер етерлік сиқырлы сырын тіл көркемдігі арқылы сезінуге тырысатындығын көреміз. Мұны «Абай прозасы тілінің ерекшеліктерінен» (1959) бастап, «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылымы» (1970) және Абай жылы тойланатын шақта жарық көрген «Абайдың сөз өрнегі» атты еңбектерінен айқын аңғаруға болады. Алдыңғылары кезінде ғылыми жұртшылыққа үлкен ой салған, Абайға тілдік тұрғыдан барудың кілтін ашқан дүниелер еді. Ал араға жылдар салып барып қолға алынған кейінгі кітап ұлы ақынның сөз өрнегін бұрын ескерілмей келген жаңа бір қырынан сөз ететін өзгеше туындылар қатарына жатады. Міне, бұл еңбектердің бәрі Р.Ғ. Сыздықты нағыз абайтанушылар қатарына қосты. Жалпы ақын-жазушылар тілін зерттеуді мақсат еткен жас ізденушілерге бұл еңбектер таптырмайтын үлгі болып табылады. Абай тілін зерделеуге бағышталған 1968 жылғы «Абай шығармаларының тілі» атты монографиясы үшін оған Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді. Бұл еңбекте автор қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы ұлы Абайдың қосқан зор үлесін, орнын дәлелдейді. Абай тіліндегі лексика-морфологиялық ерекшеліктерді саралай келе, ақын өмір сүрген кезеңдегі қазақ әдеби тілінің
де жағдайын жан-жақты қарастырған. Суреткер қолданған лексикалық, грамматикалық қатпар-қабаттарды әр қырынан талдап береді. Онда жаңадан жасалған, көнені жаңартқан, мүлде тың қолданыстардың себеп-салдарын анықтап, ұлы ақынның шығармашылығын даралай түсетін тұстары ерекше зерделілікпен баяндалады. Сөйтіп, «Абай – қазақтың қазіргі әдеби тілінің негізін қалаушы» деген тұжырымды тілдік деректермен тәптіштейді, беркіте түседі. Жоғарыда аталған «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (1970) атты монографиясы жалпы өлең синтаксисіне арналған алғашқы еңбек десе болады. Мұнда Абай тілінің құрылымқұрылысы соншама бір сарамандықпен, жаны сүйе отырып қарастырылған. Осынысымен де ол ізденушілер мен студенттер қолынан түспей келе жатқан бірегей еңбек қатарында. Рәбиға Сәтіғалиқызының қазақ әдеби тілі жөніндегі, оның теориясы, қалыптасу тарихы, бағыттары мен аспектілерін жан-жақты таратып, талдап беретін еңбектері өз алдына бір төбе. «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1993), «Сөздер сөйлейді», «Жами-ат Тауарихтың тілі» т.б. зерттеулерінен әдеби тіл тарихына қатысты бұрын қалыптасқан пікірлерден өзгеше тың ойлармен танысамыз. Бұл жерде әдеби тіл мәселесіне қатысты тарихи деректерге молынан жүгіне отырып және тілдің даму процесін қуалай іздестіре келе, әдеби тілдің тарихын бірнеше ғасырға тереңдетіп батыл тұжырым жасайды. Асанқайғыдан Махамбетке дейін ұласып жатқан бес ғасырлық жыр әлемін саралап шығады да, ғылыми ортаға «ауызша әдеби тіл» деген жаңа ұғымды ұсынады. Бұл қазір жаңа ғылыми термин ретінде қалыптасты. Осының негізінде пікір тұрақталып, әдеби тіл мәселесі барлық оқу орындарында Р. Сыздықова ұстанымдары негізге алынған. Жалпы қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихын, тілге тиек етер ескерткіштер мен үлгілерді жеке-жеке жіліктеп әкетуден гөрі, оларды белгілі бір тұтастық өлшеміне салып зерделеу керек екенін айтып, соны өзі бастаған болатын.
Әрине, ол жалғыз болған жоқ. Ұстазы М. Балақаев, қаламдас інісі Е. Жанпейісовпен бірлесе жазған «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1968) атты кітап, Рекеңнің әлгіндей ойда жүрген кезінде жазылған. Ол кезде әдеби тіліміздің тарихын қай кезден, кімнен бастау керек, қандай үлгіге сүйенеміз, қай дәуірге апарамыз деген сан алуан сұрақтарға әлі жауап жоқ болатын. Тіпті әдеби тілдің статусын айқындау, анықтау жөнінде де әрқилы пікір өрбіп тұрған кез еді, бұл. Ол кезде көбіміз жазба тіл ғана әдеби тіл бола алады деген қағиданы ұстанатынбыз. Ал кейбір жазу үлгілері XVІІІ ғасырдың ортасында әйгілі бола бастағандықтан, әдеби тіліміздің бастауын да сол кезеңге апарып жүрдік. Ал Р. Сыздық XV-XVІІІ ғасырларда өмір сүрген ақынжыраулар тілін зерттей келе, әдеби тіл тарихы осы кезеңнен бастау алады деп, оны бес ғасырға тереңдетті. Сонымен бірге қазақ халқының қалыптасу, даму тарихының өз ерекшеліктері бар. Сол ескермеуге болмайтын ерекшеліктерді ескерсек, біздің әдеби тілімізді жазумен байланыстырып, таңып тастауға болмайды. Көптеген әдеби үлгілер мен фольклорлық мұраларымызды ақын-жыраулар ел арасына ауызша таратып отырған. Сондықтан біз өз халқымыздың тарихында орны бөлек мұндай феноменді есепке алу қажет деген ыңғайдағы бұл пікірді әуелі 1984 жылы жариялаған «XVІІІ-XІX ғғ. Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты монографиясында әйгіледі. Сосын бұл зерттеуін кеңейтіп, тереңдетіп «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (XV-XІX ғғ.) деген атпен 1993 жылы екінші басылымын жариялады. Мұнда ол жазба тіл мен ауызша әдеби тілдің өзара айырмашылықтары мен ұқсастықтарын, әрқайсысының өзді-өзіне тән ерекшеліктерін талдап көрсете келе, ауызша әдеби тіл деген терминді ендіріп, мүлдем жаңа бағыт ұсынды. Рәбиға Сәтіғалиқызының тіл біліміндегі бұл батыл бағыты қазір өзінің өміршеңдігін танытып отыр. Р. Сыздық түркі тілдері тарихына байланысты ізденістерін Қожа Ахмет Ясауи хикметтері арқылы XІІ ғасырға қарай тағы да тереңдете түседі. Атап айтқанда, «Самарқанд
немесе Залеман нұсқасы» деген қолжазбаның тілін лексика-грамматикалық, текстологиялық тұрғыдан талдаған зерттеу жұмысын 35 баспа табақтың көлемінде баспаға ұсынып отыр. Көркем мұраларды құмарта оқитын жұртшылықтың қолына тиген «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994) деген еңбегі ғалымның аса бір зеректікпен орындаған жұмысы болды. Онда ақын-жыраулар тілінде кездесетін сан алуан тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер құрамындағы көне сөздердің байырғы мағыналарын ашып, олардың семантикалық өрімөзгерістерін саралап береді. Мұның тарихи лексикология бойынша өте қажетті оқу құралының біріне айналуы да сондықтан. Тіл мәдениеті мен қолданбалы лингвистика Рәбиға Сәтіғалиқызы зерттеулерінің ішінде өзгеше сипаттағы дүниелер. Бұл сала бойынша ол қаншама жылдар бойы өте нәтижелі еңбек етіп келеді. Ғалымның сондағы көңіл бөліңкірейтіні шешендік сөздер, сөзқолданыс, әдеби норма мәселелері. Осы ыңғайда оның жетекшілігімен бірнеше ұжымдық жұмыс орындалды. Мәселен, «Жазушы және сөз мәдениеті» (1983), «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» (1987), т.б. «Тілдік норма және оның қалыптасуы» (2001) атты жеке монография да норма мәселесі теориялық тұрғыда сөз болған тұңғыш еңбек. Сондай-ақ, Рәбиға Сәтіғалиқызының қазақ орфографиясына қосқан үлесі де мол. Ол қазақ тілінің орфографиялық сөздігін түзісуге 1960 жылдан бері үзбей қалам тартып келеді. Оның тікелей басшылығымен жуырда «Қазақ орфографиясы негізгі ережелерінің жаңа нұсқасы» жасалды. Р. Сыздық – қазақ тіл білімінің көкейкесті мәселелерін баспасөзде үзбей жазып, теледидар, радиодан үздіксіз насихаттап келе жатқан сергек ойлы, зерек тілші. Ол қоғамдық мәдени өмірдің қайнаған ортасында, әсіресе тілге қатысты мәселенің бәрінде өз үнін, өз пікірін ашық та анық айтып отыратын тіл сыншысы.
Кешегі репрессия құрбандары А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов сынды ғұламалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттауда жүргізген жұмыстары өз алдына бөлек әңгіме. Бұлар жөніндегі танымдық мәні айрықша еңбектері студент қауымының қолында. Оның редакторлық жұмысы мен ұстаздық қызметінің де жөні бөлек. Р. Сыздық туралы ұстаздары, қызметтес қатар құрбылары, замандас қаламдастар тебіреніске толы пікірлерін жазған. Солардың ішінен М. Әуезовтің Рекең туралы айтқан мына бір ойларын қайталап еске алсақ артық бола қоймас. «… Оның (Р. Сыздық туралы) сөзіндегі бір ерекшелік: тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар, орынды, кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты» деп жазған екен Мұхаң «Әдеби мұра және оны зерттеу» деген кітапта (351-бет). Ол ғылыми кадрлар дайындауда да сүбелі үлес қосып келеді. Бес доктор, жиырмадан астам ғылым кандидаты осының айғағы. Ғалым Р.Ғ. Сыздық еңбектері Үкімет тарапынан әлденеше рет жоғары бағаланды. Құрмет грамоталарымен марапатталды. «Құрмет білгісі» орденіне (1972) ие болды. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы (1954) берілді. Есімі Қазақ ССР-інің «Құрметті Алтын Кітабына» жазылды (1981), Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлықтың (1996) лауреаты атанды. Егер Р.Сыздық еңбектерінің мән-мағынасын ары қарай жеке-жеке талдап отырар болсақ, әлденеше мақалаға татитын ұзақ-сонар әңгімеге ұласар еді. Сондықтан академик Рәбиға Сәтиғалиқызы туралы бұл жолғы сөзді былайша түйіндегенді жөн көрдік. Сегіз онның ғажайып қақпасын еркін де серпе ашып, неше алуан сиқырлы сөз бен сергек ойдың әлдиінде жүрген Рекең, сол отты, жігерлі, қайсар мінезінен таймай, өзіне жарасқан көркем де көсем қалпында, қазақ тілінің тағы бір келелі мәселесі бойынша пікірталасқа қазір кірісіп ке-
тердей сыңай танытады. Ол кісінің академиядағы қызмет орнына келіп енгенінің өзі ұжымды өзгеше қозғалысқа салып, жан бітіргендей болады. Қысқасы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор, ғылым докторы Р.Ғ. Сыздықтың өмірде тынымсыз еңбекпен өрмелеп шыққан өрелі биіктерін, көркем дүниедей оқылатын ғылыми еңбектерін, жоғарыда ескерткеніміздей, ежіктеп баян етуден гөрі, қарапайым қазақ әйелінің кәдімгі адами болмыс-бітімін де сөйлетсек деп едік. Сол мақсатымыздың бәрі бірдей орындала қоймағанын сеземіз. Дегенмен мына ғажайып өмірде қазақтың қыздары мен аналарына ғана тән мінез бен қазақ тілінің құдіретін танытып, өнеге таратып жүрген осынау жанмен қатар еңбек етіп жүрудің өзі бір ғанибет емес пе? Ендеше өзінің болмыс-бітімімен ел анасы дерлік дәрежеге жеткен Рәбиға Сәтіғалиқызының бүгінгі мерейлі биігін осылайша да әйгілеп, шын көңілден құттықтап, ғұмыр тілейік, ағайын, дей отырып, сөз түйінін ұлы Абай өлеңінің: Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті, Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек! – деген екі жолымен бітіргенді жөн көрдім! Ғылымға өмірдің өзі әкелді Бұл күндері сегіз онның қақпасын серпе ашып, салиқалы сөз бен сергек ойдың әлдиінде жүрген Рәбиға Сәтіғалиқызының өмір жолындағы ерен еңбегі ұрпаққа өнеге, жастарға үлгі. Жастайынан ғылымға қадам басып, бар күш-жігерін осы зерттеуге сарп еткен қажырлы ғалым әлі де сол отты, уытты қалпынан айнымай, қазақ тілінің тағы да бір күрделі мәселесі бойынша пікірталасқа дайын тұрған сыңай танытады. Әйел баласына тән өзінөзі күте білу сауаты да өнеге таратып тұрғандай. Біз бұл жолы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профес-
сор Рәбиға Сыздықтың еңбегін баян етіп отырмай, академик Өмірзақ Айтбайұлымен өмір жайлы ой бөліскен сұхбатын ұсынып отырмыз. – Сізді ғалым ретінде танитын қауым бала кезіңіз бен ғылымға қадам аттаған жас кезіңіз туралы білгісі келері анық. Өзіңіз ол уақыттар туралы не айтар едіңіз? Өскен орта, туған ауыл, отбасы, ата-ана және туған бауырлардың қайсысы Сіздің сәби қиялыңызға көбірек әсер етті? Олардың қандай қылығы, мінезі, ісі есте қалды? – Әрине, адамның адам болып (тұлға ретінде) қалыптасуына өскен ортасы, әсіресе, сәби күннен тәрбие алған отбасы, ата-анасы әсер етіп, із қалдырады ғой. Менің де басымда игі адамгершілік қасиеттер болса, алдымен әкешешеме қарыздармын. Ес жиған кезде әкеміздің сөзін тыңдап, істеген істерін көріп, көңіліміз марқайып өсуімізге тағдыр жазбады. 12-ден аса бергенде 1937 жылы әкем Сәтіғали Құтқожин «халық жауы» болып атылып кетті. Ал анамыз Жеміс Қалуқызы оқымаған адам болғанмен, анаумынау сауаттылардан білген-танығаны көп, жақсы-жаманды айыра білетін парасатты, намысты адам еді. Әкемізден жас қалған балалары – біздердің жалтақкөз болып өспеуімізге, намысшыл, еңбекқор болуымызға баулыған анамыз. Ал бұлардан кейін пір тұтқаным өзімнен екі-ақ жас үлкен туған ағам Хамит Құтқожин болды. Бірде туыстар, жолдастар, әріптестер, қызметтестер жиылған үлкен тойда мен: «Бір ғалымға жетерлік ғылым докторы, профессор, академия мүшесі, академиялық, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты» деген барлық атағымнан «Хамиттың қарындасы» деген атымды биік қоямын», – деген едім. Ғылыми, әлеуметтік атақ-дәрежелерімді ақтармын-ақтамаспын, ал Хакеңдей аса мәдениетті, өте білімдар, іскер, ұстамды, айналасына мейлінше қадірлі, жұмыста үлкен абыройлы адамның ет бауыр қарындасы деген аттан жаза баспасам, атына ұят келтірмесем деген ойым әрдайым есімде жүретін. Менің
азамат болып ел қатарына қосылуыма рухани күш берген Хакең – Хамит болды. Он жылдай болды, ол кісі жоқ, аты жадымда, аруағы қолдауда. – Алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәтіңіз, қолға қалам алдырған ұстазыңыз есіңізде ме? – Алғашқы мұғалімдерімнің аты-жөндері көп есімде қалмапты. Бала кезімде аурушаң болып үзіп-жұлып оқыдым және мұғалімдер де ауысып жататын. Үй ішіміз де бір жерден екінші жерге (аудан орталығына) жиі-жиі көше беретінбіз (әкемізді жаңа құрылып жатқан аудандарға жұмысқа аударып жібере беретін). Әкеміз төңкерістен бұрын орысша оқыған зиялы адам болғанымен, балаларын қазақ мектептерінде оқытты (тіпті, кейбір алыс аудан орталықтарында орыс мектептері болмаған да болуы керек). Жақсы, өте жақсы оқыдық. Әсіресе, Хамиттің қабілеттілігі мен таланттылығы маған қатты әсер ететін. Қуыршақ ойнаудан гөрі, Хамиттің достарымен доп ойнап, коньки теуіп, суға жүзіп дегендей, көбінесе ұл балалардың арасында өстім. Сірә, жоғарырақ кластарда қазақ тілі мен әдебиетінен оқытқан Бақытжан деген ағай (Алтыбаев), тарихтан оқытқан Омар Перзақаев деген ағай, математика мен физика мұғалімдері есімде. – Ғылымның әр саласының өзіндік қиыншылығы, қызығы, сырлы қатпарлары бар. Оның ішінде тіл ғылымын таңдауыңызға не әсер етті? – Әдебиетті жақсы көретінмін, көп оқитынмын, бірақ тіл кафедрасының аспирантурасына ауысып кеттім. Сірә, бізде лекция оқыған, емтихан алған Мәулен Балақаев, Ахмеди Ысқақов, Ісмет Кеңесбаев, Шамғали Сарыбаев сияқты тіл мамандарының «тілге бар» деген үгіті (ақылы) күштірек болды-ау деймін. Әрине, өкінбеймін, өйткені лингвист бола жүріп, көзімнің бір қыры – әдебиетте, көңілімнің бір ын-
тасы қазақтың әсерлі, әдемі, айшықты көркем әдебиетінде. Еңбектерімнің біразы тіл мен көркем әдебиетті (оның тілін зерттеуде) қоса қамтиды. Ұстаз бен шәкірттің арасындағы шығармашылық байланыс болғанын дұрыс көремін, өйткені өзімнің жоғарыда аты аталған ұстаздарыммен де, жасы үлкен әріптес ағалармен де шәй десіп көргенім жоқ, сан жылдар бірге, бір институтта қызмет істедік. Жалпы, қазақы тәрбие берген үлкеннің алдынан өтпеу, орынсыз сөз жарыстырмау, ақылкеңестерін ықыласпен тыңдау сияқты қасиеттерді бойымызға жинап өскеніміз өте жақсы қасиет екенін айтар едім. – Кез келген адамның басында бола бермейтін және Алланың сыйы деп жататын Махаббат ұғымы жайлы, сезім құдіреті туралы ойыңызды айтсаңыз? – Сұрағыңның алғашқысына бүгін жауап беріп отыруым – томпақтау болар, әйтпесе бұл сұраққа жауап қана емес, роман жазатын тақырып қой. Алғашқы қосағым – Сыздықов Мақаш деген қазақтың бір асыл азаматы еді, қазақша айтқанда, көрік десең көркі бар, білім десең – Мәскеудің жоғары оқу орындарын бітірген білімдар, бірнеше шет тілін меңгерген дипломат маман, халықаралық құқық саласынан диссертация қорғаған алғашқы қазақ жастарының бірі еді. Тағдыр ұзақ өмірді жазбады. 1954 жылы жүрек ақаулығынан 32 жасында дүниеден озды. Мен сол кісінің атын (фамилиясын) сақтап жүрмін. – Сіздің ұзақ жылдан бері Тіл білімі институтында қызмет еткеніңізді білеміз. Осынша уақыт бір жерде табандылықпен жұмыс атқару ұжымыңызға туғандарыңыздай бауыр басып кетуге әсер еткен болар? – Қызмет істейтін ортаның ғылыммен айналысуда тигізетін әсерін айрықша атар едім. Мен А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жарты ғасырға жуық
(1957 жылдан бері) қызмет етіп келемін. Институт қызметкерлерінің арасында қарым-қатынас ахуалы (климаты) әр кезде әртүрлі болған болар, ал соңғы 20-30 жылдан бері институт ұжымы өзгеріп отырғанына қарамастан, біртұтас монолит-ұжым болып келеді: ұрыс-керіс, талас-тартыс, «домалақ арыздар», соттасу, тіпті, шаң-шұң айқайласып ренжісу дегенді көрмей келеміз. Ұжымдағы түсіністік, тілеулестік – ғылым адамдарына ауадай қажет нәрсе. Әсіресе, әзіл-қалжыңы жарасқан құрдас, замандастар болып, үлкендерді сыйлай білген жастар болып, жастарға қай жерден қамқорлық жасаймын, ғылыми ізденістеріне, қорғауларына қалай көмектессем екен деп тұрған үлкендер болып келе жатқанымыз әрқайсымызға да ғажап күш беріп келеді. Әйтеуір өзім былай сезінемін. Институттың жастары алыста тұратын балаларымның орнын басып жүргендей сезінемін. Және олардың еш қалтқысыз, шын пейілмен сыйлап тұратындарын да жақсы сеземін. Мүмкін, менің осынша біраз жасқа аса шаршап-шалдықпай келіп жатқаныма бала, немерелерімнен бастап, туған-туысқандарыммен қоса сыйлас дос-жарандарымның, қызметтес іні, сіңлі, балаларымның арқасы болар. – Ғылымға келуіңіз ішкі арманнан туған ба еді? Әлде өзге мамандықты иеленуді ойлаған кезіңіз болды ма? – Ғылымға өмірдің өзі әкелді. Жастайымнан армандадым деп айта алмаймын. Біздің тұрғыластарымызда арман қуатын жастық шақ болған жоқ. Соғыстың 4-5 жылында арман емес, аштан өлмеуді ойладық қой. Адам өмірінде кездейсоқтық деген көп болады ғой. Менің де ғалым болып аталуыма бір емес, бірнеше кездейсоқ жағдай, күтпеген тірлік ситуациялары себепкер болса керек. Ал ғылымда идеалыңыз кім еді, кімдерді бөліп атайсыз деген сұрағыңа ешкімнің атын атап, түсін түстеп отырмасам деймін. Бірге өмір жолын аттап келе жатқандардың біреуі жайдары мінез-қылығымен, екіншісі – жоғары адамгершілік
қасиеттерімен, үшіншісі – адам сүйгіштігімен дегендей әр жағынан қадірлі ғой, олардың не қосақтап, не бөле-жара атамаймын. Үзеңгілестерімді түгел қадірлеймін. – Сіздің әрбір іс-әрекетіңізден өнерді айрықша бағалайтыныңызды байқаймыз. Актерлер, әншілер, музыканттар, жалпы, өнер әлемінің ортасында жүресіз. Ақын, жазушыларға да ықыласыңыз ерекше. Қаламгерлерден кімдерді оқисыз? – Ең бір ұзақ жауап қайтаратын, ақтарыла сөйлеп, ағынан жарылатын – мен үшін жаныма ең бір жақсы сұрақ екен. Дұрыс аңғарасыздар, ықылас-ынтамның бір бөлігі ғылымда болса, екінші бөлігі өнерге, тіпті өзім түсінетін түрлеріне ауып тұрады. Сондықтан болар, есейе келе етегінен ұстаған екінші қосағым өнер адамы: актер, ақын, әнші, қысқасы, қазақтың күні кеше өткен сал-серілер мектебінің өкілі, жалғасы Шахан Мусин болды. Әсіресе оның ақындығы мен ән айту өнері ғажап ұнайтын. Екеуі екі қырдың астында тұрған «суық қанды» ғылым мен «алып ұшқан, от болып жанған» өнердің адамымен қалай табыстыңдар деп қатарларым сұрағанда: «Шахаң мені жан тебірентіп салған Арқаның әндерімен баурап алды ғой», – деп қалжыңдайтынмын. Тек актерлер, әншілер ғана емес, сөз құдіретін танытатын жазушы, ақындардың да бірсыпырасын жақсы танып, үлкендерін ағалап, кішілерін сыйлап дегендей, өмір өткізіп келемін. Кезінде Асқар Сүлейменовпен, Оралхан Бөкеймен, Фаризамен өзім танысып, таланттарын керемет бағалап, ет жақын бауырларымдай көріп кеткенмін. Олар Шахаңмен де жақсы танысып, бірнеше жастар болып, үйге де келіпкетіп жүретін, тіпті, қолымнан дәм татпаса да Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұловтардан өзім көркем тілін зерттеу нысаны етіп, өзім талдап-танытып жүрген, шәкірттеріме тақырып етіп ұсынып жүрген бір топ бүгіндегі орта буын ақын-жазушыларды тізіп атай
бастасам, олар біраз бар. Бұлардың ішінде әсіресе тілге, көркем тілге ерекше қарайтын, әр сөзін он ойланып барып жұмсайтын Қалиханды, Ақселеуді, Кәдірбекті, кешегі Маратты (Қабанбаев), тағы басқа үлкен жазушыларды атар едім. Ал ақындар мен үшін тіпті ғаламат жандар, сөз деген құдіреттің нағыз сиқыршылары. Абай, Махамбет, Дулат, Мағжан, Қасым сияқты алыптарды (бұлардың тілдеріндегі сөз кестесін ғылыми тұрғыдан зерделеген еңбектерім бар ғой) былай қойғанда, заманымыз бір кешегі Мұқағали, Төлеген, Ізтай (20 жасар мұғалімі болған менің 9-10 кластағы шәкіртім болып еді), арамыздағы Өтежан (Нұрғалиев), Фариза, Ақұштап, Марфуға, «Жаңа қазақ емеспін, ескі де емес» деп ағынан жарылып отыратын Нұрлан (Оразалин), «қыз-келіншектерге барғанда мені де ала кет» деп Шахан ағасын «шайтан жолына» итермелеген Тұманбайды, тіпті кешегі ғана Махамбет бабасына «Сенің барып тұрақтайтын Қараойың бар, ал менің Қараойыма мен тұрақтай алам ба?» деп заманы туралы толғанған Светқали сияқты ондаған ақынды толқымай оқи алмаймын. Тіпті, сүйініп оқитын қазіргі көп ақындардың біразы аузыма да оралмай жатыр. Прозаиктердің тілін лингвистикалық тұрғыдан біраз зерделедім, монографиялар жаздым, мақалалар мен ғылыми баяндамаларда сөз етіп келдім. Енді, құдай қуат берсе, Алла тағала жазса, поэзия тілін сөз етсем деймін. Оған Фариза Оңғарсынованың сөз кестесін әңгімелейтін материалын жинап, кірісіп те кеттім. – Қазақ киносы мен театрларына көзқарасыңыз қандай? Олардың тіл дамытудағы рөліне қалай қарайсыз? Телеарналар туралы кейінгі кездері сындар айтылып жүр. – Кино мен теледидарды үзбестен қарай алмаймын. Теледидарда берілген кейбір хабарлар туралы, онда сөйлейтін адамдардың, әсіресе, хабар жүргізушілердің, дикторлардың қазақша сөзді дыбыстап айтуда жіберіп жатқан қателіктері туралы, газет беттеріндегі тілдік ақаулықтар, жазудағы ол-
қылықтар жайында баспасөз беттерінде әрдайым жазып келемін. Бұл да арнайы сөз ететін үлкен әңгіме. Сондықтан бұл жерде бастамай-ақ қояйын. – Өмірдің қатпарлы жолында өкініш пен сүйініш қатар жүреді ғой. Қиналғанда жігеріңізді қамшылар достарыңыз жайлы айтсаңыз. – Өмірімде, әсіресе біраз өмір кешкенде күйініш те, сүйініш те көп болып жатады ғой. Оны рет-ретімен кім санап жүр дейсің. Дегенмен, дүниеде тани білсең күйініштен сүйініш көп, айналаңда жамандардан жақсылар көп. Мен үшін, сол сияқты қас көріп, жек көріп жүретін адамдарымнан жақын тартып, тілеулес көріп, дос көріп жүретін адамдарым көп. Өте көп. Сірә, кейбір ренжіткен адамдармен де сәлемім дұрыс болса деймін. Бірақ ондайлармен сырттай мәдениетті болғансып, көріскенде өтірік сүйісіп жатпаймын, жалған мадақ сөз айтпаймын. Қысқасы, әркім өз бағасын өзі біледі ғой. Әсіресе, ел атасы, ел ағасы, ел анасы дегендей жас біразға келгенде. – Адам бойындағы қандай мінез-құлықты бағалайсыз? Жастарға қандай өсиет айтар едіңіз? – Алдағы бір-екі жылда ХХ ғасырдың 60-70-жылдарындағы қазақ поэзиясын, тілін талдасам деймін. Институттың жоспарлы жұмысы тағы бар. Еңбектерімнің ішінде «Сөздер сөйлейді», «Сөз құдіреті» және «Абайдың сөз өрнегі» деген үш монографиям тақырыбы жағынан да, өзімнің баяндау стилім жағынан да және ең алдымен тақырыбы жағынан (тарихи лексикология мен көркем тіл) өзіме өте ыстық кітаптарым. Өзгелер бойындағы ашық жарқындықты жақсы көрем. Ішімдегіні тап деп сызданып отыратын, әсіресе әйелдерді жаным сүймейді. Кекшіл емеспін. Кешірімдімін. Бірақ бір қатты көңілім қалса, қайтарым шамалы, бірақ өш алуға тырыспаймын.
Біреумен өштесуге, ұстасуға кететін күшім мен уақытымды ең болмаса спорт хабарларын қарауға жібермеймін бе? Көп жасап, көпті көргенмен, ақыл айтуға құштар емеспін. Арзан дүние жауыр болған ақыл-насихат айтқаннан гөрі, еңбекпен, кісілікпен, қолыңнан келген жақсылық жасаумен үлгі көрсеткен дұрыс шығар.
Біз білетін Шөкең Адамның әуелі адам, сосын азамат болып қалыптасуына отбасы мен ортаның ықпалы ұшан-теңіз. Ол рас. Бүгіндері ұлтымыздың аяулы қазынасы – ана тіліне бүкіл саналы өмірін сарп етіп, сараман ғалым санатына қосылған Шора Шамғалиұлы Сарыбаев тәрбиеленіп шыққан шаңырақ «ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген нақылдың ақиқаттығын айқындай түсетін тәрізді. Қазақ баласын оқытудың негізгі әдіс, тәсілін жете меңгерген әйгілі педагог Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың текті тәрбиесін көрген зейінді жастың, әрине, дәстүрді жалғастырмауы мүмкін емес еді. Оның қазақ тілін өмірлік кәсіп етіп қалап алуында осындай сыр жатады. Атақты ағартушы, әдіскерғалым Шамғали ағаның қатаң тәртіпке негізделген оқыту әдісі Шора Шамғалиұлының болашағын айқындап бергендей. Осындай құнарлы топырақтан нәр алған көк шыбық М. Балақаев сынды ұстаз-бағбанның ауқымында тіпті түрлене, түлей түседі. Бірінен-біріне ұласқан, бірінен екіншісіне жүйелі түрде жалғасқан мектептер тағылымы Шөкеңді ақыры қазақ тіл білімі қайраткерінің қатарына әкеп қосты. Хронологиялық тәртіппен ол өткен мектептерді атасақ, былай болып шығар еді: ұшқан ұя, 12-ші мектеп, Қазақтың мемлекеттік университеті, аспирантура, Тіл білімі институты. Міне, бұлар – ғалымның өмір жолын шыңдаған орта мен өткелектер. Мұның әрқайсысының өз ізі, өз мөрі бар. Бұл – Шөкеңді сәбиліктен серкелікке, балалықтан даналыққа жетелеген баспалдақтар.
Тіл білімі институты саласындағы әрбір ғалым өтер салалардан ол да өтті. Бірақ оның өзіне лайықты, өзгелерге ұқсамайтын, әсіресе, жас ұрпақ өнеге тұтар өмір жолы өзінше қызық, өзінше тұнық. Содан бері табандатқан 50 жыл А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қабырғасында өтіп келеді. Бұл жылдары басқадай мүмкіндіктері болғанымен, ол базбіреулердей жылы жер іздеп алаңдаған жоқ. Күнкөрісті ойлап, дүние соңына түскен жоқ. Өзгелер қызыққан дүниеге қызықпады, ашкөзденіп құнықпады. Бір жерге ғана баян-далып еңбек етті. Есі-дерті – қасиетті қазақ тілінің қамы, жегені – соның наны. Қолында қаламы, көңілінде қанағаты – оның бар болғаны, міне, осы. Дарақтың бір жерде көгеретініне тағы бір дәлел осы. Ал ол түскен ғылым соқпағы қайдан, қалай басталып еді? Ол ә дегеннен қазақ сөзінің оқыс мәселесіне килігеді. Профессор М. Балақаевтың жетекшілігімен тілдегі одағай сөздер туралы ізденіп, сол жөнінде орнықты ойларын жинақтап, кандидаттық диссертация (1954 жылы) қорғайды. Бұл жұмыс оны қазақ тілінің сан алуан сырына жетелеп, сөз қазынасын жинауға да итермеледі. Қалада өскен жас ғалым әке өсиетін мұрат тұтып тіл байлығын ел ішінен, халық ортасынан іздеуді дағдыға айналдырады. Жылдар бойы диалектологиялық экпедицияға шығып, халық байлығының қайнарына, қазақ тілінің жергілікті ерекшелігін байқататын қыруар қазынаға жолығады. Міне, осы әрекеттер оны тілдің нәзік нақыштарын тамыршыдай дәл танып, талдай білетін диалектолог қатарына қосты. Тілдің тарихы мен диалектісі туралы мол мұра қалдырған проф. С. Аманжолов пен тілші ғалым Ж. Досқараев дәстүрін жалғастырып, оны тіпті тереңдете, кеңейте түседі. Осы бір қызықты саланы өз алдына бөлек қарастырылатын ірі ғылым тармағына айналдыруда Ш.Ш. Сарыбаевтың үлесі зор. Кандидаттық диссертацияны қорғаған жылдан бастап, ол қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімін басқа-
рады. Содан бері Шора Сарыбаев өзінің айрықша ыждағаттылығы мен еңбекқорлығының арқасында аспиранттан Ұлттық Ғылым академиясының мүшелігіне дейін көтеріліп қана қоймай, сонымен бірге ғылымның үлкен ұйымдастырушысына да айналады. 1979-87 жылдар аралығында Тіл білімі институты директорының орынбасары қызметін атқарды. Тіл білімінің бүгінгі таңда қандай салаларының зерттелу зәрулігін дөп басып, жоспарлы түрде қарастырылуына қызметкерлерді бағыттауға келгенде білгірлігі байқалып отыратын әрі сол жоспарлы жұмыстардың дер кезінде бітіп, баспадан басылып шығып, жұртшылық қолына жетуіне келгенде де Ш. Сарыбаевтың жарғақ құлағы жастыққа тимейтін. Ш.Ш. Сарыбаев қазақ диалектологиясымен ғана шектеліп қалған тар шеңберлі зерттеуші емес. Оның ғылыми ауқымы, шығармашылық өресі кең. Ғалымның 200-ден аса еңбегі жарық көрген екен. Өзінің ойлы да дәлелді ғылыми топшылауларын ол ұлтаралық қатынас тілінде де толғап келеді. Оның мақалалары «Вопросы языкознания», «Советское востоковедение» тәрізді әлемдік таралымы зор ғылыми-теориялық журналдар беттерінде және бірсыпыра шетел басылымдарында жарияланды. Ғалым назарында үздіксіз болатын ғылыми объектілердің біразы мына тектес: қазақ тілі тарихы, морфология, диалектология, лексикология, лексикография және библиография, аударма, есімнама мәселелері. Олардың қай-қайсысынан да біз Ш. Сарыбаевтың өзіндік қолтаңбасын көреміз. Алайда оның барынша ықыласын төгіп, құмарта кірісетін саласының бірі – диалектология болса, екіншісі – тіл білімінің тарихы. Еркін бейнелеп айтар болсақ, бұл екі сала – ғалымның ғылым әлемінде өзін еркін сезінуіне мүмкіндік беретін қос қанаты дер едік. Өзгесін былай қойып, ғылымның осы салалары бойынша тындырылған жұмыстарын санамалап шыққанның өзінде ғалымның қазақ тілі білімі тармақтарындағы болмысы тұлғаланып шыға береді. Мәселен, 1976 жылы докторлық диссертацияға не-
гіз болған «Қазақтың аймақтық лексикографиясы» атты еңбегі бүкіл түркі әлемінде маңызы зор дүние ретінде бағаланды. Неге десеңіз, бұл өзі шынында да түркітану ғылымында лексикография теориясын тұңғыш жүйелі талдап берген күрделі зерттеу болатын. Ш. Сарыбаев диалектология мәселесін қарастыра жүріп, дәл осы сала бойынша студент қауымының нендей мәселеге мұқтаж болып отырғанын сезінеді де, Ғ. Қалиев екеуі «Қазақ диалектологиясы» деген алғашқы оқулықты жазып, баспаға ұсынады. Бұл ғалымның өмірімен өзектес мәселені жіті аңғарып, зәрулік өтемін қайтара білетін зердесін байқатады. Яғни теория мен практиканың өзара жарасым тауып жатуы ғалым зерттеуіне тән құбылыс. Профессор О. Нақысбековпен бірігіп жазған «Қазақ тіліндегі аймақтық лексика» деп аталатын монографиялық зерттеу де өзіндік топшылаулармен елге осылайша ой салады. Ол 30 жыл бойы диалектология бөлімін басқарып, Қазақстанның түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастырды. Соның нәтижесінде тіліміздің жергілікті ерекшеліктері бойынша қыруар байлығы жинақталды. Ш.Сарыбаев осы материалдар негізінде бірнеше сөздіктер түзілуіне себепші болды. Атап айтқанда, «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі» (1968), «Қазақ тілі тарихы мен диалектология» жинағы (8 кітап), «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі» (І том) тәрізді еңбектерді жазуға қатысып, жетекшілік етеді. Сонымен бірге Ш. Сарыбаевтың жауапты редакторлығымен үш томдық диалектологиялық сөздік құрастырылып (80 б.т.), оның І томы баспаға тапсырылды. Ғалымның тіл білімі тарихында орны бөлек, айрықша аталып өтуге тиісті еңбегі – жеті томнан тұратын библиографиялық көрсеткіші. Мұнда ол қазақ тіл білімінің ертелі-кеш ел қолына тиген мақала, кітап, сөздік, оқу құралдары т.т. тәрізді еңбектер туралы түбегейлі мағлұмат береді. Бұл еңбектерімен ол қазақ тіл білімі тарихына теңдесі жоқ үлес қосып отыр. Тынымсыз еңбек Шора Шамғалиұлын түркі тілдес халықтар мұрасының басын жинақтай түсуге де итерме-
леді. 1989 жылы баспадан шыққан «Түркітану әдебиетінің библиографиясы» осындай мақсаттан туған. Бұл еңбек үшін автор Қазақстан ауылшаруашылық көрмесінің І дәрежелі дипломымен марапатталды. Сондай-ақ, «Қазақ тіліндегі одағайлар» (1959), «Еліктеуіш сөздер» (1960) деген еңбектері қазір қолға түспейтін сирек кітаптар қатарында. Ол «Қазіргі қазақ тілі» (1969), «Қазақ тілінің грамматикасы» (1966) авторларының бірі. «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (1966), «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі» (1969), «Жаңа атаулар» (1992) деген еңбектердің бәрі де Ш. Сарыбаевтың қатысуымен жарық көрген. Ғалым кейде қазақ тіл білімінің шеңберінен шығып, оның өзге туыс тілдерге қатысы жайлы мәселелерге де барып отырады. Мәселен, «К вопросу о монгольско-казахских языковых связах» (1960), «Монгольско-казахские лексические параллели» (1971), «Қазақ, моңғол тілдерінің туыстығы жайлы» (1967) атты проблемалық мақалалары осыған дәлел. Бұл бірер ғана ғасыр бойы сөз болып, түйіні шешілмей келе жатқан қиын да қызықты алтаистика (алтайтану) мәселесін талдайтын еңбектер. Зерделі зерттеуші ретінде Ш. Сарыбаев қазақ тілі мен мәдениетінде өз еңбектерімен мәңгі өшпес ізін қалдырған А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, Х. Досмұхамбетов, Т. Шонанов сынды тұлғалар туындыларына иек артпай тұра алмайды. Сонау 1960 жылдың өзінде-ақ ол «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткішінің» І томында олардың еңбектерін барынша жарқыратып, тізіп көрсеткен болатын. Бірақ олар ол кезде әлі ақталмаған еді. Сондықтан бұл еңбек шықпай жатып, өртелді. Авторы қызметтен қуылды. Ол сонда да бұлардың еңбегінен күдер үзбеді. Мұның өзі кезіндегі ерлікке сай іс еді. Ғалымның соңғы бес жылда жазып, жарық көрген жұмыстарының ішіндегі ең сүбелі де мазмұнды, көлемді еңбегі «Қазақ тіл білімінің мәселелері» деген атпен жарық көрді (Алматы: «Арыс», 2000, 612 бет).
Ш.Сарыбаев өнегелі ұстаз-ғалым ретінде ғылым кадрларын дайындау ісінде де елеулі үлес қосып келеді. Ол көп жылдар бойы жоғары оқу орындарында дәріс оқып, студенттерге арнап, оқу құралдарын жазуға белсене қатысып келеді. «Қазақ диалектологиясы» оқулығы (проф. Ғ. Қалиевпен бірлесіп) осы саладағы бірден-бір тұрақты, сәтті жазылған оқулықтың бірі болып саналады. Шөкең қазірде өзінің сүйікті кәсібі ұстаздықты «Қайнар» университетінде жалғастырып отыр. Ғалым еңбектерінің бір парасы ғылымды насихаттау, нәтижелерді ғылыми конференциялар мен халықаралық жиындарда баяндау болса, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ш. Сарыбаев та бұл салада кенде емес. Ол Венгрия, Болгария, АҚШ, т.б. елдердегі ғалымдармен шығармашылық байланыста болумен қатар, Германияда (1975), Түркияда (1994) өткен халықаралық конгресс, мәслихаттарда қазақ тілі проблемаларынан баяндама жасады. Сондай-ақ республикалық және бұрынғы одақтық конференцияларға қатысып, маңызды да қажетті мәселелер жайлы жасаған баяндамаларының саны да аз емес. Әсіресе оның Бүкілодақтық аймақтық диалектологиялық конференция (1973), Бүкілодақтық түркологиялық конференцияларды (1976) өткізуде ғалым-хатшы ретіндегі атқарған ұйымдастыру қызметі кезінде ерекше бағаланды. Ш. Сарыбаев терминолог ретінде де бірсыпыра мақалалардың авторы. Атап айтқанда, оның 1971 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған спорт терминдері туралы талдамалары, көптеген пайдалы пікірлердің өрбуіне ұйтқы болды. Осының нәтижесінде ала-құла қолданыста жүрген спорт терминдерінің біразы жүйелене түсті. Ол лингвист мамандар даярлауда нәтижелі еңбек етіп келеді. Ш.Ш. Сарыбаев жетекшілігімен ондаған адам кандидаттық диссертация қорғады. Мұның үстіне оның атқарып жүрген қоғамдық жұмыстары қаншама. Қырғызстан Ғылым академиясы Тіл білімі институтында, Алматы педагогикалық университетінде диссертация қорғау жөніндегі
кеңестердің мүшесі, ҰҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімі жанындағы «Қазақ тілінің даму заңдылықтары» деген үйлестіру кеңесінің төрағасы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Төралқасының мүшесі, т.т. сан түрлі шаруаға уақыт тауып жатады. Ғылымда, өмірде осыншама күрделі мәселелермен айналыса жүріп, оның торығып немесе қажып отырған сәтін бір көрмейсіз. Қашанда ақжарқын ашық әңгімесі мен уытты әзіл-қалжыңымен елді өзіне тартып, еліктіріп отырғаны. «Директор жиналыста жүреді, орынбасар қиналыста жүреді», «Ғылым библиографиясынан, театр ілгіштен, монша шылапшыннан басталады», «Жұмыстан қысқарсам, үйден де қысқарар түрім бар», «Велосипед бірден тоқтаса құлайды, зейнеткер де солай», «Машина көп тұрса тот басады, қимылсыз адам да солай», «қалқам...», «шырағиям...», «мөлшерсіз нәрсе – махаббат» деген тәрізді сарыбаевтық сөз саптаулар елдің жадында. Ол қашанда ұжымның бас біріктірер жиынының басы-қасында. Оның әнге, өнерге құштарлығының өзі бір бөлек өнеге. Оның өнерді, өлеңді, спортты, мәдени мұраны насихаттау тәсілі де қызық. Егер сіз «Қайрат» футбол командасының өмір жолымен танысқыңыз келсе, Шөкеңе барыңыз. Шоқан Уәлиханов туралы мағлұматтар да Шөкең жинаған қорда. Осы тұста әйгілі түрколог Ә. Диваев еске түседі. Оның себебі мынада: Шамғали Харесұлының алғашқы әйелі осы кісінің қарындасы екен. Ол кісі толғақ үстінде қайтыс болыпты. Екі ғалымның жиі араласқаны байқалады. Бірлесіп бірнеше экспедицияға шығады. Бұл жинаушылық қасиет Шөкеңе де ұласады. Ал Шөкеңнің осы бір ұқыптылық пен құнттылығы енді балалары мен немерелеріне ұласқан. Бұрын Түркияда, қазір Германиядағы Қазақстан елшісі болып қызмет атқарып жатқан Қайрат Шораұлы Сарыбаев бір кезде «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы адамдары» дейтін коллекциясы үшін филателистер қоғамының күміс медалімен марапатталған. Шөкеңнің немерелері – Әйгерім,
Диас, Динаралар да осы жинаушылық дәстүрді жалғастыра түскен. Ш.Ш. Сарыбаев Республикалық «Қазақ тілі» қоғамын құрушылар қатарында болды, күні бүгінге дейін кеңес бере қызмет етіп келеді. Мемлекеттік тіліміздің мәртебелене түсуіне қосқан үлесі едәуір. Бір мысал. Қазір қазақша ашықхат, конверт, теңге, ақша, маркалардың қолданыста барлығына ешкім таңдана қоймас. Ал бұлардың осылайша болуына бір кезде Байланыс министрлігіне жолдаған Шөкеңнің хаты да себепші болғанын біле бермейміз. Сондай-ақ, бір кезде пойыз перронына шығар болсақ, ақы төлейтін заман болған. Міне, Шөкең осы сорақылық жөнінде Мәскеуге хат жазып, тыйдырған болатын. Ол өмірден өзінің кәсібін ғана емес, сол арқылы несібесін де тапқан адам. Қай кезде де қызықты бір мәселемен көңілін алаң етіп жүргені. Шамасы, Шөкеңнің үнемі сергек күйде жүретіні – адамның өмірге құштарлығын шыңдай түсетін осындай керекті істерге әуесқойлығынан болса керек. Ғылыми ізденістерден шаршап-шалдыға бастаған тұста ол әралуан тақырыпқа байланысты қазақтың мақалмәтелдерін жинайды. Енді бір сәтте оның халық емшілігіне байланысты қыруар материалды жинақтап отырғанын көресіз. Осының ара-арасында 2000-нан асып түсетін анекдоттарын айтып, жұрт көңілін көтеріп жатқаны. Қысқасы, Шөкең – ғалым ретінде де, азамат ретінде де ортаның гүлі, жайсаң азаматтың бірі. Базбір адамдар өзі қарастырып жүрген ғылым саласын өмірмен байланыстыра алмай, томаға-тұйық тірлік кешіп жатады. Ғылым үшін ол да керек, әрине. Алайда ғылымның жемісін ел көріп жатпаса, оның несі қызық. Осы тұрғыдан алғанда да Шора Шамғалиұлының шоқтығы биіктей түседі. Осының бәрі оның тілғұмырлығынан, яғни бала жасынан шексіз тілсүйермен боп өсуінен. Сондықтан да біз әріптестері Шөкеңді тілғұмыр деп бағалаймыз!
ЕҢБЕГІМЕН ЕСЕЙГЕН Жақында ғана жетпіс жылдық тойын атап өткен қарт ҚазПИ-дің (қазіргі АлМУ) қара шаңырағынан кімдер түлеп ұшпады дейсіз?.. Республикамызда ұлағатты ұстаздар мен білімді тәлімгерлердің талай ұрпағын баулып, үлкен өмір жолына аттандырған осы алтын ұядан бір кездерде мыңдаған жас жеткіншектер балапан құстай қанат қағып, талпынып ұшқан еді. Сол түлектердің бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Телғожа Жанұзақов болатын. 1951 жылы институтты тамамдаған оны ғылым жолына баулыған ұстазы профессор С. Аманжоловтың өтінішімен аспирантураға қалдырған еді. Сол жылдың қазан айында Ғылым академиясының Тіл білімі институтына қызметке қабылданған Телағаң осы күнге дейін тапжылмай, табан аудармай бір мекемеде қызмет істеп келеді. Міне, оның ғылыми-ұстаздық өмір жолына да 50 жыл толыпты. «Әркім өзінің сүйген ісінің құлы» деген емес пе, жоғары оқу орындарына әлденеше рет түпкілікті қызметке шақырылғанмен, өз өмірін ғылымға бағыштаған ол әр жылдары университеттерде ономастика мен лексикологиядан дәріс оқып, ұстаздық жолды да жалғастыра берді. Ұлы Абайдың «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» деген нақыл сөзін берік ұстанды. Адам баласының өмірін бір арнаға түсіретін жағдайлар болады. Сондай бір оқиға оның да өмір жолына бағдар болды. Ол сәті түсіп, 1954 жылы Мәскеу-Ленинградқа іссапармен барады. Есімі әлемге әйгілі түркітанушы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор С.Е. Маловқа жолығады. Қарапайым да кішіпейіл ғалым онымен ұзақ әңгімелесіп, кандидаттық диссертацияның тақырыбын білген соң, сөздердің көпмағыналылығы туралы түркітану білімінде қазір қалам тартқан жан жоқ, ол өте ауыр, күрделі тақырып екенін айтады. Қазақ тіл білімінде, жалпы түркітануда ономастика мәселесі әлі тың жатқан дүние деп, С.Е. Малов оның бір саласы ретінде «Қазақ
тіліндегі есімдер» деген тақырыпты ұсынады. «Бұл халық тілінің тарихы, азаматтық тарих, этнография ғылымдарымен тікелей байланысты, арнасы кең тақырып», – дейді атақты ғалым. Міне, осы тақырып бойынша оның жетекшісі болып академик І. Кеңесбаев белгіленеді де, 1961 жылы кандидаттық, ал 1976 жылы «Қазақ тілі ономастикасының негізгі мәселелері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғап шығады. Содан бері ғалым қазақ тіл білімінің ономастика, лексика, лексикология, терминология салалары және фольклор, көркем аударма бойынша қалам тартып, қыруар еңбек жазды. Екі жүзден аса жұмыстарының ішінде бес монография, он үш кітап пен кітапша, он төрт сөздік болса, басқалары көлемді ғылыми және ғылыми-көпшілікқолды мақалалар. Олардың арасында жақын және алыс шетелдерде жарияланғандары да бар. Оның «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер», «Қазақ есімдерінің тарихы», «Основные проблемы ономастики казахского языка», «Очерк казахской ономастики», «Орталық Қазақстанның жер-су аттары», «Тюркская ономастика. Перспективы и развитие» сияқты еңбектерінің мәні айрықша зор. «Есімдер сыры», «Сіздің есіміңіз», «Қазақ есімдері» деген кітаптары әр үйдің кітап сөресінде, құжат дайындау мекемелері мен Азаматтық хал актілерін тіркейтін орындарда кеңінен пайдаланылатын қажетті құралдар. Ғалымның зерттеулерінде антропонимия (кісі аттары), топонимия (жерсу аттары), этнонимия (ру, тайпа аттары), космонимия, астронимия және зоонимия атауларының жасалу заңдылықтары мен ерекшеліктері, лексикалық қабаттары мен тілдік табиғаттары, этимологиясы қоғам өмірімен, тіл тарихы, азаматтық тарихымен, сондай-ақ тарих, этнография, география ғылымдарымен өзара байланысы кеңінен талданған. Әсіресе ру, тайпа аттарының (этнонимдер) шығу, тайпа болу тарихы, оның ішінде басты, негізгі тайпалар мен «қазақ» атауының шығу төркіні, этимологиясы қалың жұртшылық назарын аударған, елеулі еңбек ретінде бағаланады. «Қазақ»
сөзінің шығуы және басқа мақалаларының Қытай Ғылым академиясының ғылыми журналында 1989-90 жылдары қытай тілінде жариялануы да бұған толық айғақ. Ол І. Кеңесбаев, С. Аманжолов, А. Ысқақовтармен бірлесе отырып, көптеген еңбектердің жарыққа шығуына зор үлес қосқан ғалым. Телағаң «Тіл білімінің терминдері» атты тырнақалды тұңғыш еңбегін (1956) І. Кеңесбаевпен бірлесіп жазса, С. Аманжолов екеуі жинап бастырған «Қазақ халық жұмбақтары» деген кітапша (1959) кезінде М. Әуезовтің алғы сөзімен жарық көрген. Телағаңның тікелей атсалысуымен шыққан «Қазақ тілі түсіндірме сөздігі» (10 томдық), «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (2-томдық), «Абай тілінің сөздігі», «Қазақстан географиялық атауларының сөздігі» атты еңбектер өз алдына бір төбе. Телағаңның ғалым ретінде қалыптасып, елеулі табыстарға жетуі, тіпті тұтас тағдыры А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен байланысты. Қаршадай кезінде Тіл білімі институтына келген ол бұл кезде айтулы ғалым, ардақты аға, ұлағатты ұстаз. Барша жұрт құрмет тұтар сыйлы азамат. Осыншама құрметке Телағаң еңбегінің арқасында жетті. Ол 1984 жылы Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы сыйлығының, 1988 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сйылығының иегері деген жоғары атақтарға ие болды. 1991 жылы түркітану ғылымы бойынша профессор атағы берілсе, 1995 жылы Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды. Ол кісінің еңбегі ономаст ғалымдар арасында өте жоғары бағаланады. Польшадағы Краков, Германиядағы Лейпциг, Финляндиядағы Хельсинки қалаларында өткен халықаралық ономастикалық конгрестерде ол қазақ ономастикасының мәселелері бойынша баяндама жасады. Шетел ғалымдарына қазақ тілін, елін танытты. Қазақ ономастикасы жөнінде ол Мәскеу, Ленинград, Киев, Одесса, Баку, Ташкент, Самарқанд, Қарши, Бішкек, Алматы қалаларында болып өткен конференцияларға да қатысты. Баяндамалары жинақтарда жа-
рияланды. Оның осы мәселесі бойынша академик Ә.Т. Қайдармен бірге жазған «Атамекен атауындағы ақтаңдақтар», «О судьбе языка земли казахской», «Атаулыар – тарих айғағы», «Қазақ Республикасындағы қазақ азаматтарының есімдері» еңбектері мен әке аттары және ататегін реттеу туралы тұжырымдамасы зиялы қауымға белгілі. «Республикалық Мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық бірлестіктердің атауларын реттеудің, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихы, географиялық атауларын қалпына келтіру Тұжырымдамасы» да жалпыға мәлім. Ғалымның қоғамдық қызметтері мен ғылым кадрларын дайындаудағы еңбегі де елеулі. Ол көп жылдар ҒА Тіл білімі институты, ҚазМҰУ, АлМУ жанындағы кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғайтын арнаулы кеңестердің мүшесі болған болса, кейін де А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы докторлық диссертация қорғайтын кеңестің және Алматы облыстық, қалалық ономастикалық комиссиялардың мүшесі. Телағаң көп жылдардан бері ономастика бойынша Орта Азия мен Қазақстанда кадр даярлауға белсене атсалысып жүр. Оның жетекшілігімен оннан аса ғылым кандидаты, кеңесшілігімен екі ғылым докторы диссертация қорғады. Телағаңды көргенде менің есіме Абай атамыздың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген сөзі түседі. Ұлы ақын осы бір сөзді Телағаң тәрізді жандарға арнап айтқандай болады да тұрады. Қашан көрсең де аяңынан жаңылмайтын маңғаз ғалым ақырын жүріп жетпістің асқарына шықты. Міне, енді сексеннің сеңгіріне де селт етер емес. Бастаған ісінен үлкен нәтиже шығарып, ел-жұртының алғысына бөленіп, абыроймен еңбек етуде. Қаншама биікке көтерілгенімен, көзге оқшау түсуге тырыспайтын табиғаты сыпайы, мінезі сырбаз жанның қажыпқалжыраған кезін көрген емеспіз. Іні-қарындастарымен қатар жүріп, тіл ғылымының ауыр жүгін алқынбай көтерісіп келеді. Тіл білімі институты қызметкерлері дайындаған «Қазақ тілінің сөздігі» атты еңбекті (көлемі 160 баспа табақ)
жауапты редактор ретінде өңдеп, толықтырып, баспаға әзірлеген Телағаңды сексенге қалай қиярсың. – Телағаның көзі Алатаудың қарақатындай мөлдіреп, шашы мойылдай боп, тойған қозыдай томпиып жүреді. Қартаймаудың қандай құпиясы бар? – деп қалжыңдасақ, ол жымиып күліп, әдеттегі сабырлы мінезімен: – Біз қиын заманда қар төсеніп, мұз жастанып жүріп өстік. Өмір бізді қиындықпен сынады, сынбастай болып ержеттік. Өмір болса, ойда жүрген жоспарларды жүзеге асырсақ деген мақсат бар. Жанымыз қартаймасын, – деп жымиып күледі. Ерінбеген еңбегімен дегеніне жеткен ғалымның іс-жоспары көп. Ана тіліміздің білгірі, айтулы ғалым Телқожа Жанұзақов нағыз кемел шағында. Оның асықпай аяңдап жүріп те талай-талай биік асулардан аса береріне сенім мол. Тіл төріне шыққан еңбекторы Ұлы Отан соғысынан кейінгі, 1950 жылдардан бастап, еліміздің ғылым ордасының құдіретті есігін айқара ашып, бар ғұмырын ғылымға арнаған жас түлектердің көбі бұл күнде қалың жұртқа танымал, белгілі ғалым, академик, профессор, ұлағатты ұстаздар дәрежесіне көтерілген. Бұл жәйтті солармен замандас, тағдыры бір профессор Телғожа Жанұзақовтың өмірінен де көруге болады. Ол 1927 жылы маусым айының 15-де аты әлемге әйгілі аспантау Хантәңірі шыңының етегіндегі шуағы мол, табиғаты сұлу Нарынқол ауылында, текті әулет ұрпағы Сатаев Жанұзақтың отбасында дүниеге келді. Нарынқол, Қарқара, Кеген бастауыш мектептерінде Ә. Сымағұлов, Б. Момбеков сынды ұстаздардан білім алғанын күні бүгінге дейін есінен шығармай айтып отырады. Сапалы білім беріп, саналы тәрбиеге баулыған Ж. Жолаева, А. Серікбаев, Ә. Ишмухамбетов, Ш. Мұқаев, Ш. Батталова (кейін ҰҒА-ның академигі болған) сияқты ұстаздарын ыстық сезіммен еске алады. Бір отбасының
үлкені Күләйдің қазақ тілі мен әдебиетінің маманы, інісі Тельманның республикамызда белгілі журналист, ал Телғожаның ғалым болып қалыптасуына осы ұстаздарының ықпалы ерекше болғаны анық. Бірақ оның балалық, жасөспірім шағы Ұлы Отан соғысының нағыз өрт-жалынына тура келген еді. Өзінің құрбы-құрдас, сыныптастарымен бірге аудан орталығына жақын жердегі «Тоғызбұлақ» колхозында шалғымен шөп шабу, астық ору, бастыру, тазалау, балшық айдап, кірпіш құю, мал бағып, төл алысу сияқты жұмыстар бұғанасы бекіп, буыны қатпаған өрім жастардың жанына қатты батты. Бұл кезде аудан өңіріндегі азаматтар түгелімен майданға кетіп жатты. Бұл жағдайды көріп-біліп, қатты күйзеліске түсіп жүрген мекеме бастығы әкесі Жанұзақ Сатаев, қолында әскерге алмау туралы броны бола тұра, сұранып өз еркімен 1942 жылы шілде айында майданға аттанды. 1943 жылы абзал әкесінің соғыста ерлікпен қаза тапқаны туралы майданнан «қара қағаз» келді. Бұл кез шәкірт баланың 9-шы сыныпты бітіріп, колхоз шаруасында жүрген кезі еді. Енді жан бағу, күн көру үшін мектепті тастауға тура келді де, жұмысқа тұрды. Күзде 10-шы сыныпқа баруы керек еді, амал қанша... Дегенмен, білімге құштар озат оқушының мектепті тастап кетпек болғаны жандарына батқан ұстаздар қалайда 10-шы сыныпты тамамдап шығуға көндіреді. 1944 жылы мектепті бітірген жас жігіт жұмыс іздеп, табанынан таусылып жүргенде, әкесі бастық болып істеген мекеменің бас бухгалтері А.В. Кириллин оны есепшілік жұмысқа шақырғанда қатты қуанды. Әлгі шапағаты зор Алексей ағасы үш айдан соң оны Алматы қаласындағы 6 айлық бухгалтерлік курсқа аттандырады. Оқуын бітіріп, құжатын қолына алған соң қайта оралған қайратты жас бұл кісінің қарамағында табаны күректей үш жыл бухгалтер болып істеп, үлгі-өнеге, ізгілікті тәрбие алып шығады. Бұл шаруадағы тиянақтылық пен тыңғылықты әрекет, ұзақ та тапжылмас отырыс, мәдениеттілік пен ұстамдылық жалынды жастың студенттік оқу ісінде де, кейіннен ғалым болып
қалыптасуына да зор ықпал жасап, көп ізгі пайдасын тигізді. Жақсы да жайлы, жаны тыныш іс атқарып жүрсе де, енді жоғары оқу орнына түсіп, білім алсам, ұстаздарым сияқты ана тілі мен қазақ әдебиетінен маман болып, шәкірттерді оқытып, сабақ берсем деген арман бойын билейді. Сөйтіп жүргенде, Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, жараланса да, аман-сау елге оралған әкесінің інісі Сатаев Сейдінге ақыл салады. Бұл ізгі тілегін қуаттаған ол Алматыға алаңсыз оқуға аттануға рұқсат етіп, шешесі мен кішкене інісі Тельманды қолына алып келуге уәде береді. Талантты жас 1947 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының студенті болып қабылданады. 1951 жылы институтты ойдағыдай бітірген оны ұстаздары профессор С. Аманжолов пен доцент С. Бақшиловтың ұсынысымен институт ғылыми кеңесінің шешімі бойынша аспирантураға қалдырады. 1952 жылы сол кезде Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының директоры, ұстазы А. Ысқақов сүйікті шәкіртін қызметке шақырады. Қызметке қабылданғаннан кейін ұстазы кабинетіне шақырып, оның қолына қомақты жұмысты ұстатады да: «Мынау «Қазақ тілінің орфографиялық ережесі», осыны «Қазақстан мұғалімі» газетінің бас редакторы Омарғали Құдышевқа тапсырасың, ол кісінің айтқанын орындайсың», – деп тапсырма береді. Бұл жөнінде ғалым-профессор Т. Жанұзақовтың өзі: «Омекең мен берген жұмысты алған соң «ертең сағат 9-да келесің», – деді. Содан біз бұл ережені асықпай-аптықпай, ежіктей отырып, бір жетідей оқып шықтық. «Енді бұл ереже газет бетінде жарияланады да, жұрт пікір айтады, – деді байсалды редактор». Сөйтіп, 1953 жылдың бас кезінде «Қазақ тілінің орфографиялық ережесі» «Қазақстан мұғалімі» газетінде жарық көрді. 1954 жылдың басында газет бетіндегі мақалаларды жіктеп, іріктеу, жалпы қорытынды жасау үшін құрамында А. Ысқақов, Ә. Ермеков, О. Құдышев, Ә. Хасенов және Т. Жанұзақов бар, 5 адамнан комиссия құрылды. Комиссия 1954 жылдың мамырына дейін жұмыс істеп, «Қазақ тілінің
орфографиялық ережесінің» жаңа нұсқасын жасап бітірді. Одан кейін де талқылаудан өткен «Орфографиялық ереже» Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 1957 жылы жарық көрген еді», – деп еске алады ғалым. Міне, сол жылдан күні бүгінге дейін ол А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 55 жыл бойы еңбек етіп, оның тұтас тағдыры осы институтпен тікелей байланысты. «Дарақ бір жерде көгеріп, тамырын терең жаяды» деген қағиданың ақиқаттығын Телағаң өмірі айғақтай түскендей. Ол бұл күнде айтулы ғалым, ардақты аға, ұлағатты ұстаз. Барша жұрт құрмет тұтар сыйлы азамат. Осынша беделге ол еңбектену, үздіксіз іздену нәтижесінде жетті. Ғылыми ортаға келіп, оңы мен солын аңғара бастаған жас ғалым алғашқы жылдары тіл білімі терминдерін жинап зерттеумен қатар, академиялық сөздік бөлімінде құлшына іске кірісе бастайды. Бұдан былай оның ғылыми-зерттеулерінің ауқымы кеңейе түседі. Ғалым лексикография, ономастика, орфография, статолингвистика, фольклор және аударма мәселелерімен де шұғылданады. Адам баласының өмірін бір арнаға түсіретін жағдайлар болмай тұрмайды. Сондай бір оқиға оның да өмір жолына бағдар болады. 1953 жылдың желтоқсанында Мәскеу мен Ленинградқа іссапармен барады. Есімі әлемге әйгілі түркітанушы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор С.Е. Маловқа жолығады. Ғұлама ғалым оған ономастиканың бір саласы ретінде «Қазақ тіліндегі есімдер» деген тақырыпты ұсынады. «Бұл халық тілінің тарихы, азаматтық тарих, этнография ғылымдарымен тікелей байланысты, халықтың мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-санасын бойында берік сақтаған», – дейді атақты ғалым. Осыдан кейін жазу кабинетіндегі кітап сөресінен бір-екі кітапты алып: «Ертеңге дейін осымен таныс, содан соң күнде кешке сағат алтыда келіп тұр, әңгімелесіп, пікірлесеміз», – деп шығарып салады. Сол сапарында Ленинград қаласында бір ай болған жас талап көп мәселені көңіліне түйіп, ой-өрісі кеңейіп, аға ғалымдардан жақсы өнеге алып, елге қуанышты
келеді. Әсіресе ғалым кітапханасындағы А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Х. Досмағамбетов, С. Сейфуллин, т.б. зиялылар шығармаларын көрсеткенде, оның қуанышы қойнына сыймай мәз болғаны әлі есінде. Ол жылдары бұл авторлар мен олардың шығармалары «қамауда» жатқан кез ғой. «Бұл кітаптардың менің кітапханамда сақталу сыры – мені ешкім тінтпейді ғой», – дейді маңғаз ғалым. Міне, осы тақырып бойынша оның жетекшісі І. Кеңесбаев болып белгіленеді де, Т. Жанұзақов түркі тілдес республикаларда алғаш рет «Қазақ тіліндегі есімдер» атты тақырыпта 1961 жылы кандидаттық диссертация қорғап, 1976 жылы «Қазақ тіліндегі ономастиканың проблемалары» атты тақырыпта түркі тілдерінде бірінші рет докторлық диссертация қорғап шығады. Қазақ ономастикасы бойынша жарты ғасырдан артық зерттеу жұмысын жүргізіп, білікті ғалым кандидаттарымен қатар ғылым докторын дайындауға белсене атсалысып келеді. Ол қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыт – қазақ ономастикасын қалыптастырушылардың бірі, республикадағы ономастикалық мектептің негізін салушы ғалым. Онамастика бөлімін басқарған жылдары (1981-94) және ономастика бойынша зерттеу жұмыстарының жетекшісі болған жылдары (1995-2003) қазақ ономастикасы бойынша бөлімде 20-дан астам кітап, сөздіктер мен жинақтар және жүздеген ғылыми материалдар жарияланды. Ғалымның антропонимика, топонимика және этнонимика жайлы зерттеу жұмыстары мен ізденістерін республика ғалымдары мен шетелдік әріптестері шынайы көңілдерімен бағалағанын баспасөзде жарияланған сын-пікірлер мен кейбір ғылыми мақалалардан анық көруге болады. Ол жайында ғалымның өмірі мен шығармашылық еңбегін сипаттайтын 2002 жылы жарық көрген библиографиялық кітапта толық мағлұмат көрсетілген. Ғалымның ерекше күш-жігер сала еңбек еткен, қазақ тіл біліміндегі аса күрделі де қиын, ауыр сала – лексикография (сөздік жұмысы). Бұл ретте белгілі лингвист, «Орыс тілі грамматикасының» авто-
ры, профессор, КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі С.Г. Бархударовтың: «Егер билік менің қолымда болса, есектің эмблемасы салынған орден жасатып, сөздік жасаушыларды марапаттар едім», – деген ұлағатты сөзі кезінде аңызға айналған еді. Т. Жанұзақов қазақ тіл білімінде тұңғыш рет жарық көрген іргелі де ірі сүбелі еңбек – 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1996), 27 томдық «Қазақша-орысшақазақша терминологиялық сөздік. Әдебиет және лингвистика» (2000) кітабының авторларының бірі. Т. Жанұзақовтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде еліміздің тарихында тұңғыш рет жарық көрген ана тіліміздің 50 мыңдық сөзін қамтып, мағыналарын ашып, түсініктерін берген, көлемі 774 беттік «Қазақ тілінің сөздігі» (1999) барша зиялы қауымға кеңінен танымал. Өкінішке қарай, бұл аса қажетті сөздіктің таралымы 3700 дана ғана болып, қалың қауым қолына тимей отыр. Оның мемлекеттік тілді оқыту, үйрету, оның дамып, өсуіне тигізер пайдасы аса зор. Сондықтан көп таралыммен тез арада қайта шығарылса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ғалым 1952-98 жылдары туған тіліміздің сөз байлығын, жергілікті тұрғындардың сөйлеу тілін, жалпы халық тілінің құнарлы байлығын, сондай-ақ жер-су, тайпа, адам аттарын, аспан шырақтары атауларын жинау мақсатымен еліміздің Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жезқазған, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан (Семей, Өскемен өңірлері), Талдықорған жерлеріндегі диалектологиялық, эпиграфиялық, ономастикалық ғылыми экспедицияларда болды. Ономастика бойынша институтта ономастикалық база жасап, 400 мың атаудан тұратын ономастикалық картотека құрды. Ғалым ғылыми жұмыстарды ұстаздықпен ұштастыра білді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университеті мен «Қайнар» университеттерінде әр жылдары мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды.
1980 жылдардан бастап жеріміздегі өзгеріске түсіп, еріксіз халық жадынан өшірілген тарихи маңызы бар жер аттарын қайтару, қалпына келтіру, мезгілі өткен атауларды өзгерту, еліміздегі жер-су аттарын бұрмаламай дұрыс жазылуын реттеу жайлы халық тарапынан хат үстіне хат жоғары орындарға қардай борап жатты. Бірақ ешбір лауазымды шенеунік жұмған аузын ашпады. Бұл жағдай 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң тіптен қиындай түсті. Бірақ 1988 жылдан бастап мемлекеттік тіл мәселесі жедел көтеріліп, тиісті қаулы-қарарлар да қабылданды. Осы жағдайды пайдаланған А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі Т. Жанұзақов қазақ жеріндегі тарихи атауларды қалпына келтіру, заманы өтіп, ескірген атауларды өзгерту, жер-су және адам аттарын реттеу ісіне белсене қатысып, 1989 жылы Үкімет орындарына хат жолдап, Мемлекеттік ономастика комиссиясын құру жайлы мәселе қойды. Соның нәтижесінде Қазақстан Үкіметі жанынан Мемлекеттік ономастика комиссиясы құрылып, ол 1990-2003 жылдары оның ғалым хатшысы, мүшесі бола жүріп, қоғамдық негізде жұмыс істеп, қыруар шаруа тындырды. Жүздеген тарихи атаулар қалпына келтірілді. Ол ономастикалық комиссияның ережесін жазды. Академик Ә. Қайдармен бірлесе отырып жазған «Республикадағы мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық бірлестіктердің атауларын қалпына келтіру Тұжырымдамасы» мен «Қазақ Республикасындағы қазақ азаматтарының есімдері мен әке аттары және фамилияларын реттеу туралы Тұжырымдамасы» зиялы қауымға мәлім. Оған қоса бағдарламалық ірі мақалалар жарияланды. Т. Жанұзақов қазақ тілі білімін өзінің іргелі еңбектерімен байыта түсті. Ғалым осымен қатар халық ауыз әдебиетіне де қатысты мәселелер жайында да қалам тартты. Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Телғожа Жанұзақовтың ғылыми еңбектері тиісті дәрежеде бағаланып, Ш.Уәлиханов атындағы және Қазақстан Мемлекеттік
сыйлықтарының лауреаты деген жоғары атақтарға ие болды. Ол ҚР Үкіметінің «Көрнекті ғалымдарға арналған Мемлекеттік стипендиясының» иегері болды. Т. Жанұзақов – ғылымға басы бүтін берілген, мейірімшапағаты мол, қай кезде де жақсылыққа дайын, адамгершілігі күшті адам. Оның адамдарға адалдығы, жүрегінің мейлінше тазалығы, өз ісіне беріктігі, сыпайы әрі іскерлігі өз замандастары ғана үшін емес, кейінгі ұрпақтарға да үлгіөнеге болары күмәнсіз. Ғалымның шығармашылық іс-жоспарын орындап, әлі де шәкірттерін баулып, өсіре береріне сенім мол. «Егемен Қазақстан», 15 маусым, 2007 жыл Өрелі ойдың иесі Бабаш Әбілқасымовтың тіл біліміне келуінде өзіне тән заңдылық бар сыңайлы. Өйткені алтын ұя – отбасында көрген тәрбие оны ана тілінің қызметшісіне айналдырары сөзсіз еді. Ол 1931 жылдың 2 қарашасында Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Бұл талай тарихи аңызға негіз болған әйгілі Нарын құмының шығыс жағындағы Серікбай жағылы. Әрбір азамат туған топыраққа тартып тұрады екен деген сөз бар. Бабаш бойынан да осындай бір ұқсастық табатындаймыз. Төсіне неше алуан сыр бүгіп қатпарланып, мамықтай есіліп толқынданып, түрленіп жататын майда жағыл кейде адам мінезіне ұқсап кетеді. Қалай десек те, Серікбай жағылының көп адам байқай бермейтін қасиет, қадірі Б. Әбілқасымов мінезінен мықтап орын алған. Бұл атамекеннің адам болмысына жасайтын ықпалы. Бұған көргенді шаңырақтағы ата, әке тәрбиесі ұласса, жас өскіннің адам болып қалыптасуына даңғыл жол ашылмай ма? Бабаш тәрбие көрген отбасы осындай шаңырақ. Әкесі – Әбілқасым өз отбасында ғана емес, сол төңіректегі
ауыл-аймаққа аса беделді адам болған деседі. Беделді болатыны өзінің ісі мен сөзіне берік, адалдық пен әділет жолын таңдаған, сол жолдан еш таймаған тілі өткір, табанды жан екен. Ол Дуаберген ауылдық кеңесінің көп жыл төрағасы болыпты. Оның аузынан шыққан мақал-мәтелге бергісіз небір ұтымды сөз орамдары мен мысқыл әңгімелері әлі күнге дейін ел аузында жүргенін аузынан суы құрып отырып әңгімелейтіндер бар. Соның бірі – Бабаштың өзі. Тіліміздің таңдай қақтырар байлығын танытар мұндай мысалдың көбін оның өзі майын тамыза айтқанда Бабаштың мамандық ретінде тілді таңдағанына таңдана қоймайсыз. Мұның үстіне тігіншісі келіссе, киім жараспай тұрмайды. Екі ұл, төрт қыздың ортасында еркеліктің құлағынан ұстаған Бабаш зейінді бала болып өседі. Мектеп тәрбиесі оның осы зейінін ұштай түседі. Ол бір мен сегізінші кластарды Жамбыл, Айбас ауылдарындағы мектептерде оқып, оныншыны аудан орталығындағы Амангелді орта мектебінен тамамдайды. Сол тұстағы орын алған отбасы жағдайына байланысты Бабаш ынтасы болғанмен, оқуын жалғастыра алмай, Айбас ауылындағы мектепте екі жылдай мұғалім болып істейді. Оның ә дегеннен-ақ жауапкершілікті сезінуі осы кезден басталған. Және бұл жылдар жас жігіттің болашақтағы өмір соқпағын айқындап берген сияқты. Сол соқпақ оны 1949 жылы Орал педагогтік институтына алып келеді. Институтты ол айрықша (сталиндік) степендиямен оқып, оны үздік дипломмен бітіреді. Өз облысына арнайы жолдаумен келген Бабашты Атырау облыстық оқу бөлімі тәжірибесі бар маман есебінде және партия мүшесі екені есепке алынып, оны өзі оқыған Амангелді орта мектебіне бірден директор етіп жібереді. Сөйтіп ол қаршадай кезінде білдей мектептің директоры болып шыға келеді. Жасынан осындай жауапты қызметке тағайындалғанмен, ол өз мамандығына қарай ойысуды аңсайды. Осы ойын айтып, талай қолқа да салып жүрді. Бәлкім, осыны ескерді
ме екен, 1958 жылдың ақпан айында обком оны Гурьев пединститутына проректор және партия ұйымы хатшысы етіп жібереді. Б. Әбілқасымұлы аталған жұмыста өз мамандығынан дәріс оқи жүріп, тіл ғылымының мәселелерін зерделеуді бір сәт есінен шығарған емес. Өйткені оның ғылыми ізденіске деген ынта-ықыласы 1952 жылы студент кезіненақ басталған болатын. Осы ұмтылыс ақыры оны Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасына алып келді. Оны 1964 жылы бітіріп, қазақ тіліндегі алғашқы газеттің бірі – «Дала уәлаяты газетінің» тілі» деген тақырыпта Қырғыз ССР-ының ҒА академигі, көрнекті түркітанушы И.А. Батмановтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. Аталған газет 1888-1902 жылдар арасында Дала генерал-губернаторының ресми органы ретінде қазақ, орыс тілдерінде жұмасына бір реттен шығып тұрған. Бұл газеттің тіл ерекшеліктерін сөз ету арқылы қазақ әдеби тілінің өткен ғасырдағы тарихын сипаттаумен қатар, оның бетінде көтерілген ана тіліміздің байлығын дамыту, оның емлесін жетілдіру жайлы пікірлердің болғанын да көрсете білді. Б. Әбілқасымов бұл саладағы өз ізденістерін әрі қарай жалғастырып, аталған газеттен 20 жылдай бұрын шыққан ең бірінші қазақ тіліндегі газетіміз – «Түркістан уәлаяты газетінің» (1870-83) тілдік ерекшеліктерін де зерттеу объектісі етті. Бұл зерттеулердің нәтижесі «Алғашқы қазақ газетінің тілі» (1971) атты монографияда көрініс тапқан. Міне, осыдан былай қарай оның ғылым жолындағы табанды ізденістері басталады. ХІХ ғасырдағы әдеби тіліміздің сыр-сипатын толық ашу үшін тек қана мерзімді баспасөз материалдары жеткіліксіз екені белгілі. Сондықтан Б. Әбілқасымов сол тұстағы басылым көрген көркем әдебиет туындыларын, ғылымикөпшілік әдебиет үлгілерін, сондай-ақ ресми ісқағаздары мен эпистолярлық нұсқаларды Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Ташкент, Орынбор сияқты қалалардың кітапхана,
мұражайларынан іздеп тауып, оларды тілдік жағынан сараптауды мақсат тұтты. Бұл орайда оны сол кезде көптеп жарық көрген қисса аталатын әдеби нұсқалардың тілі қызықтырды. Шындығында да, қиссалық әдебиет басқа түрік тілдерінің қайсысынан да қазақ топырағында ерекше күшті дамыған, мәселен, өткен ғасырдың соңғы ширегінде ғана жүзден астам қисса аталатын шығармалар жарық көрген еді. Б. Әбілқасымов осы мол дүниені тілдік жағынан алғаш сараптаушы болды, олардың діни, азаматтық идеяны жырлайтын және халықтық туындылар деп үшке жіктеп, олардың әр тобына лингвистикалық сипаттама берді. Дәрігерлік, малдәрігерлік және басқа ғылым салаларына байланысты шыққан кішігірім кітапшалар мен мақалалардан ғылыми-көпшілік әдебиет стилінің элементтерін көре, көрсете алды. Ресми құжаттардың үлгілері қатарында әртүрлі бұйрық, жарлық, заң жинақтарымен қатар, Абай құрастырған «Қарамола съезінде жасалған ереже», эпистолярлық материалдар бірге қарастырылады. Сөйтіп, ол өткен ғасырдағы қазақ әдеби тілінің одан бұрынғы және қазіргі тілімізбен салыстырғандағы ерекшеліктерін көрсетіп, сол кезеңге тән әдеби, тіл заңдылықтарын ашып берді. Бұл бағалы деректер Б. Әбілқасымовтың «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» атты монографиясында (1982) кеңінен сөз болады. Осы монографиясы негізінде ол 1983 жылы докторлық диссертация қорғады. Ал аталған монографияда талданған мәтіндер мен материалдардың бірқатары оның 1988 жылы жарық көрген «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің жазба нүсқалары» аталатын кітабында көрініс тапты. Қазақ әдеби тілі тарихының ХV ғасырдан XIX ғасырдың аяғына дейінгі дәуірі біраз зерттелгенімен, XX ғасырдағы даму, жетілу тарихы, жеке кезеңдері ғана болмаса, толықтай жүйелі түрде зерделенген емес. Міне, ғалым осы дәуірді тұтас алып, өз аспиранты Ш. Мәжітаевамен бірге монографиялық дәрежеде зерттеп, «XX ғасырдағы қазақ әдеби тілі» (2000) деген кітапты жарыққа шығарды. Әрине,
бұл аталған ғасыр өте күрделі оқиғаларға толы және қамтитын уақыты да өте үлкен болғандықтан, бұл кезеңге қатысты оқиғалар мен проблемаларды түгел қамтып, бәрін шешіп берді деп айта алмасақ керек. Дегенмен әдеби тіл тарихын зерттеушілер мен қазақ әдеби тіл тарихы курсын оқушылардың қолына белгілі дәрежеде жүйеленген, экстралингвистикалық, тілдік деректері мол еңбек тиді деп ойлаймыз. Б. Әбілқасымов тіл тарихының көне дәуірлеріне де еркін барып, бұл салада да ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Оның біраздан бері нысанаға алып жүрген бір жәдігерлігі – ХVІІ ғасырда жазылған Хиуа ханы Әбілғазы Баһадүр ханның «Шежіре-и түркі» («Түрік шежіресі») атты тарихи шығармасы. Бұл шежіренің Б. Әбілқасымовты айрықша қызықтырған жері – оның тілінің қазақ тіліне өте жақындығы. Өйткені ол таза қыпшақ тілінде жазылған, ал қазақ тілі – қыпшақ тілінің тікелей мұрагері. Оның үстіне шежіре авторы Әбілғазы өз кезінде айдауда жүрген көп жылын Арал, Маңғыстау қазақтарының арасында өткізген, оның да әсері болса керек. 1992 жылы Б. Әбілқасымов аталған шежірені арабша нұсқасынан қазіргі графикамызға және қазіргі қазақ тіліне қотарып, жеке кітап етіп шығарды. Қазір ғалым сол еңбектің тілдік ерекшеліктерін сипаттап, түпнұсқасын, транскрипциясын жариялаумен шұғылданып жүр. Б. Әбілқасымов бұрынғы одақ көлемінде өткен бүкілодақтық, аймақтық конференциялар мен симпозиумдарда тіл тарихынан баяндамалар жасады. Ол тіл тарихынан шәкірт даярлауда да өз үлесін қосып келеді. Оның жетекшілігімен 7 адам кандидаттық, бір адам докторлық диссертация қорғаса, қазір оның басшылығымен бір докторлық, 5 кандидаттық диссертация дайындалып жатыр. Бабаш Әбілқасымұлы – 4 монографияның және 150-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Оның жарияланған еңбектері жайлы белгілі түрколог ғалымдардың әр кезде айтқан жылы лебіздері баршылық. Мәселен, оның жоғарыда аталған «XIX ғасырдың екінші жартысындағы әдеби тіл» атты монографиясы жайлы
белгілі түрколог А.М. Щербак «Қазақ әдеби тілі тарихында XIX ғасыр әлі толық, жеткілікті зерттелген жоқ. Сондықтан Сіздің зерттеуіңіздің нәтижесімен танысу өте қызықты болды», – десе, екінші бір көрнекті түркітанушы ғалым Г.Ф. Благова: «Сіздің кітабыңызда сөз еткен тақырыбыңыз өте актуалды және тек қана қазақ тіл білімі үшін ғана емес, бүкіл түркология үшін де өте пайдалы», – деп атап көрсетеді. Мұндай пікірді Н.А. Баскаков, М.З. Закиев, В.Х. Хаков сияқты белгілі түркітанушы ғалымдар да білдіріпті. Б. Әбілқасымұлы тіл білімінің лексикография, тіл мәдениеті, терминология және тіл білімі тарихы бойынша зерттеулерге де белсене араласып, бұл саладағы еңбектерде өз қолтаңбасын қалдырып келе жатқан ғалым. Ол үлкен «Қазақша-орысша сөздіктің» құрастырушыларының, әрі осы жұмыстың жетекшілерінің бірі, редакция алқасының мүшесі. Сондай-ақ ол 2000 жылы жарық көрген «Қазақ тілі сөздігінің» редакция алқасының мүшесі. Оның авторлығымен «Орысша-қазақша тілдескіштің» бірнеше басылымы (1981, 1988, 1992) жарық көрді. Бабаш Әбілқасымұлы Тіл білімі институтында еңбек еткен 40 жылдан астам уақытта ғылыми ізденістерімен қатар, институттың ғылыми-ұйымдастыру, қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысып келеді. Ол 1967-75 жылдары Институттың ғалым-хатшысы, 1987-91 жылы директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды, түркология және қазақ тілі тарихы бөлімінің меңгерушісі болды. Бірнеше мәрте институт партия ұйымына жетекшілік етті. Қазір институттағы Ардагерлер алқасын басқарады, бірнеше жыл халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының алқа мүшесі және институттағы бастауыш ұйымының төрағасы болып істеді, яғни бұл қоғамның алғашқы қалыптасу кезеңіне өз көмегін тигізді. Қысқасы ф.ғ.д., профессор Бабаш Әбілқасымов: Қазақ әдеби тілінің көптеген келелі мәселелерінің көзін ашып, көңіл тұшытар ғылыми еңбектер туындатып келе жатқан айтулы ғалым. Бұған жоғарыда аталған еңбектері куә, дәлел.
Көкейінде түйгені мен айтары көп, өмірлік мол тәжірибе жинақтаған жақсы ұстаз. Бұған Қазақстанның әлденеше жоғары оқу орындарында оқып келе жатқан дәрістері дәйек. Достықтың, жолдастықтың қадірін білетін, табан жолынан таймайтын бір сөзді, әділ, турашыл азамат. Мен мұны ондаған жылдар бойы қатар қызметтес болып, ғалымдық пен адамдықтың талай тар жол, тайғақ кешуіне куәгер болғандықтан айтып отырмын. Жігіттің отбасы оңалмай, өмірде жолы болуы қиын. Бәкең бұл жағынан да бақытты жанның бірі. Оның адамдық, азаматтық, ғалымдық болмысын аялап, тәрбиелеп ұстап отырған ажарлы да есті аяулы жары – Ақатай, өкінішке орай, өткен жылы дүние салды. Әкелік пен аталық парызына дақ түсірмей келе жатқан тамаша әке, кемел ата. Осы тектес адами болмысымен өзгелерге үлгі, өнеге таратып келе жатқан сараман-сайыпқыран замандасымыз Б. Әбілқасымов бүгіндері 25-ті үш рет бүктеп алып, 80 атты үлкен бір өмір белесіне шығып отыр. Бұл белесіне ол тірсегі дірілдемей, қолынан қаламы түспей, ойы ұшқырланып, ақылы кемелденіп, керемет кейіпте келіп отыр. Біз соған қуанамыз! Осындай замандасымыздың барлығына масаттанамыз. Ендеше бүгін мына Тіл білімі дейтін үлкен шаңырақтың кереге, уық, туырлық, түндіктерін түгелдеп жүрген үлкен-кіші әріптестеріміз тағдыр сыйлаған қуанышыңызға ортақ екенін білдіреді. Профессор Талғат Сайрамбаевтың өмірі мен шығармашылығы Талғат Сайрамбайұлы 1937 жылы 19 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Жиенқұм ауылында дүниеге келген. Әкесі Қонысұлы Сайрамбай ақсақал өз ортасының беделді кісісі болған. Талғат Сайрамбайұлының ұлы үйленіп, тойда ақын асаба жаңа түскен келінге кел-
ген жерін таныстыруда: «Оңтүстіктің төрінде, ежелгі тарих жерінде, Сайрамбай бабаң сіргелі, сақилықпенен, байлықпен қадірлі болған еліне», – деп сәлем-тағзым жасатып еді. Ал анасы Қарашаш көрікті әрі сабырлы кісі болады. Анасынан ерте айырылған Талғат Ұлпа атты аса мейірімді екінші анасының тәрбиесінде өседі. Он төртке келгенде әкесі дүниеден өтіп, алдағы арман дүниеге Талғат Сайрамбайұлының өз еңбегімен, өз қабілетімен, өз жолымен сапар шегуіне тура келеді. Онжылдықты Арыс қаласындағы мектеп-интернатта бітіріп, бір жылдан соң М. Әуезов атындағы Шымкент пединститутының филология факультетіне түсіп, оны 1961 жылы ойдағыдай бітіреді. Ғылым жолына түсу сапары Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспиранты, профессор Мәулен Балақаевқа шәкірт болуынан басталады. Нәресте күнінде анасынан, жеткіншек жасында әкесінен айырылып, ата-ана мейірімі мен тағылымын аңсап өскен жігітке Мәулен Балақаев әке орнына әке болғандай еді. Сол жылдардан бастап Талғат Сайрамбайұлы өмірінің соңына дейін ұстазын ғылым жолында болсын, сыйластық қарым-қатынаста болсын, ұстаз рухын қастерлеуде болсын ең биік адамгершілік деңгейде құрмет тұтты. Бұл ісіне «Мәулен Балақаев» атты жеке монографиясы, әрбір жылдарда жазған естелік мақалалары және ғылыми ортада айтылып жүрген жарасымды әңгімелері айғақ. Талғат Сайрамбайұлының ғылыми-педагогикалық еңбек жолы негізінен Қазақ Ұлттық университетінде (1971-2009) өтті. Жоғары оқу орнына оқытушылық қадамы Қызылорда қаласындағы (1965-71) қазіргі Қорқыт Ата университетінен басталды. Алматыда өз алдына шаңырақ көтерген Қайнар университетінде де (2004-09) қосымша профессорлық лауазымда қызмет атқарды. Талғат Сайрамбайұлының шығармашылық жолына келсек, ең басты еңбектері 1965 жылы қорғаған «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім мен сан есімнің етістікпен тіркесі» атты
кандидаттық диссертациясы мен 1982 жылы қорғаған «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестерінің құрамдықсемантикалық типтері» атты докторлық диссертациясы. Талғат Сайрамбайұлы не жазса да, сол нысаналы тақырыбы – сөз тіркесі мәселесі туралы жазды. Сондай-ақ сөз тіркесі жайлы жазылған еңбектерді талдап, авторлық көзқарастарын қолдап, қалайда осы тақырыптың көкжиегін кеңейтуге ерекше ниетті ғалым болды. Өзінің жетекшілігімен қорғаған 38 ғылым кандидаты мен 2 ғылым докторының да зерттеу жұмыстарының басым бөлігі осы сөз тіркесі мәселесі болатын. Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев қазақ тіл білімі синтаксис саласының ішіндегі сөз тіркесі мәселесімен түбегейлі айналысты. Осы мәселеге өзінің барлық шығармашылық еңбегін, кандидаттық, докторлық диссертацияларын, 15-ке тарта монографиялық зерттеулерін, 230-ға тарта ғылыми мақалаларын арнады. Жұмыстарының ішінде жеке өзінің авторлығымен шығарғаны 12 еңбек (монографиялар, оқу құралдары), 7-8 еңбек қосымша авторлықпен шыққан оқу құралдары, 5-6 еңбек қосымша авторлықпен шыққан сөздіктер, қазақ тілі тілашарлары, 14-і әдістемелік құралдар (әдістемелік нұсқаулар, пәндік бағдарламалар), одан басқалары ғылыми мақалалар болып табылады. Қазақ тіл білімі тарихында сөз тіркесі мәселесі – соңғы 50-60 жыл көлемінде ғана зерттеле бастаған жаңа бағыт. Бұл мәселеге синтаксис мамандарының көпшілігі арнайы бет бұрған жоқ еді. Тіл білімімен айналысқан әрбір ғалым халық танымына жақын мәселелерді бұл ілімнің барлық саласы бойынша жан-жақты зерттеді, тереңдетті, толықтырды, тілдің біртұтас заңдылығын қалыптастырды. Келешекке мұра етіп қалдырды. Ал сөз тіркесі мәселесін сол қалыптасқан тіл ғылымының (сөздің, сөйлем мүшелерінің, сөйлемнің) бір-бірінің байланысының заңдылықтарын қарастыратын ғылым деп атасақ орынды. Сөз тіркесі мәселесіне синтаксисте бір ға-
лым ғана білек сыбана кіріскен болатын. Ол әйгілі ұстаз – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәулен Балақаев еді. Ол кісінің шәкірті Т. Сайрамбаевтың да шығармашылық жұмысының дені – сөз тіркесі мәселелері. Соның кейбіріне тоқталған жөн. Атап айтқанда, «Күрделі сөз тіркестерінің кейбір мәселелері» (1976), «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері» (1981), «Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі» (1991), «Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері» (1996), «Синтаксис туралы ойлар» (1996), «Синтаксистің кейбір мәселелері» (2004), «Жақ категориясының функционалдық көрінісі» (2005), т.б. оқу құралдары мен «Мәулен Балақаев» атты зерттеу-эсселік монографиясы (2007) жарық көрді. Осы еңбектерінде сөз тіркесінің мынадай басты-басты мәселелері, яғни сөз тіркесінің түрлері, олардың өзіндік ерекшеліктері, сөз тіркесінің байланысу тәсілдері, басыңқыбағыныңқы сыңарлардағы синтаксистік қатынастар, сөз тіркесінің есімді-етістікті түрлері, күрделі сөз тіркестері, әрбір сөз табының басыңқы сыңармен тіркесу қабілеті және т.б. күрделі мәселелер егжей-тегжейіне дейін қарастырылды. Талғат Сайрамбайұлының «Мәулен Балақаев» атты монографиялық еңбегі профессор М. Балақаевтың 1939-92 жылдар аралығында шыққан еңбектеріндегі сөз тіркесі мәселесін талдап, жинақтап, бүгінгі күнмен үйлесімді етіп жалғастырған. Сөз тіркесі мәселесі – М. Балақаевтың кандидаттық та, докторлық та жұмыс тақырыбы емес, ғалымның қазақ тіл білімін дамытудағы жаңа көзқарасы. Сөз тіркесі мәселесі зерттеуді күтіп тұрған тілдік құбылыс екенін, бұл мәселені М. Балақаев дөп басып қолға алғанын, оны ерінбей зерттеп, жалықпай жазғандығын тарихи жылдар бойынша Т. Сайрамбаев аталған еңбегінде ашып көрсеткен. Талғат Сайрамбайұлы – осы ұстаздың шәкірті. Ол ұстаз ілімін жалғастыра, дамыта, жетілдіре жүріп, өмірінің соңына дейін осы идеяны насихаттады, өз шәкірттері арқылы тереңдете түсті.
Профессор Т. Сайрамбаев қоғамдық жұмыстарды да бір кісідей әділ де шебер атқарған қайраткер болды. ҚазҰУде қызмет атқарған 38 жылының бір бөлшегі жалпы университеттің дайындық бөлімінің деканы және орынбасары болып істеген 6 жылында ауыл жастарын, білімнен қол үзіп қалған жастарды жоғары білімге тартуда көп еңбек етті. Әрбір талапкердің өндірістегі ерен еңбегін, армия қатарындағы айбынды істерін бағалап, бір де бірін кейін қайтармай, олардың университет студенті болуына барлық көмегін жасағанын дайындық бөлімінде оқып, кейін лауазымды қызметте жүрген тұлғалар жыр қылып айтып жүргенін талай естідік. Бірнеше жыл өзі қызмет ететін филология факультетінің партия ұйымының хатшысы, өзі ашып, өзі топтастырған қазақ тілі кафедрасының 10 жыл меңгерушісі болып, қазақ филологиясы кафедрасына меңгерушілікке ауысып бара жатқанда жас оқытушылар былай деп шығарып салған екен: Осы ұжымды өз қолымен құрды да, Он жыл бойы өзі бас боп тұрды да, Есейгендік белгісі ме, білмедік, Кетіп қалды аттың басын бұрды да. Жастар жақтан ұзаңқырап кетіпсіз, Құрдастардың арасына жетіпсіз. Жаңа орында көгеріңіз, көктеңіз, Бірақ, аға-ау, бізді ұмытып кетпеңіз. Ия, жастардың «көгеріңіз, көктеңіз» деген ниеті анық болды. Ғылымды көркейтті, өзі де бірге көркейді. 38 жас өрен ғылым кандидаты, екеуін ғылым докторы етті. Келешекте докторлықтан, кандидаттықтан қорғайтын ізденушілері әлі де бар. Әрбір талапкерді ғалым етіп шығару оңай шаруа емес. Әркімнің қабілетіне орай тақырып таңдау, оның ғылыми жоба-жоспарын жасау, сол мәселе бойынша ауқымды кеңес беру, сол тақырыпқа қызығушылығын ояту да Талғат Сайрамбайұлының кезекті шаруасы болатын. Одан соң
жазылған жұмыстың жарияланымын, оның сауаттылығын бақылап, әрбірінің дер кезінде қорғауын мұқият қадағалап отыратын. Ең бастысы, диссертанттың ғылымға қосар жаңалығына көзі жетпейінше, тынымсыз жұмыс жүргізетін. Ал олардың қорғау сәтінде де қиналыс аз болмайтын. Балапанын қорғаған құс секілді қиындықтарды бастан кешіретін. Қашан қорғалған жұмыс Жоғары аттестациялық кеңестен бекіп келгенше, көңілі орнына түспейтін ұстаз болды. Т. Сайрамбайұлының шәкірттері де синтаксистің өзекті мәселелеріне ғылыми жұмыстарын арнады. З. Күзекова мен Ж. Көпбаева бірі мезгіл, бірі мөлшер пысықтауышты, К. Оңалбаева қазіргі қазақ тіліндегі есімді сөйлемді, Б. Елікбаева есімді құрмалас сөйлемді, А. Шойбекова сөз-сөйлем туралы қорғады. Сөйтіп жай сөйлем синтаксисіне жаңа сөйлем түрлері енді. Сөз тіркесінен Д. Байғұтова меңгеру байланысу формасынан, А. Әуелбекова матаса байланысу формасынан қорғап, сөз тіркесінің байланысу формасы құрылымын тереңдетуге үлес қосты. М. Мамаева фразеологизмді сөз тіркесін сөз етіп, тіл байлығы заңдылығын анықтай түсті. М. Төлеуов зерттеу жұмысындағы жаңа бағытқа сай қазақ тіліндегі себеп-салдарлықтың функционалдық аспектісін баяндатты. С. Иманқұлова мен Н. Түймебаева ХІХ ғасырдағы орыс түркітанушыларының қазақ тілін зерттеудегі ғылыми көзқарасына тиянақты талдау жасады, Б. Омарова сұрау есімдігінің грамматикалық ерекшелігіне, А. Таусоғарова өлең мәтінінің синтаксистік ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды. Осы тектес басқа да диссертациялық жұмыстың ғылымға қосар үлесі мол болды. Т. Сайрамбайұлының әрбір шәкіртінің қорғаған ғылыми жұмыстарының қай-қайсысында да ұстаздың пікірі өшпестей өріліп жатады. Ол шәкірттер ойымен өрбіп, жалғасып кете береді... Профессор Талғат Сайрамбайұлы өзінің 44 жыл оқытушылық жұмысындағы ең сүйікті ісі – студенттерге дәріс беру, түрлі формадағы сабақтар өткізу жұмысы еді. Ұстаз-
дың терең мәнді, мазмұнды лекциялары, тартысты сабақтары әрбір студенттің біліміне білім қосып, сол ғылымды қабылдауға деген танымдық белсенділігін арттырып отыратын. Көбіне студенттерді шығармашылық жұмысқа баулитын. Бүгінгі ғылым кандидаты болып жүрген шәкірттерінің көпшілігі өзінің сабақ берген бұрынғы студенттері. Бүгінгі студенттер, магистранттар және кең-байтақ Қазақстанның жер-жерінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген мұғалімдер мен жас ғалымдар білім берудегі сүйікті ұстаздары Талғат ағайларының есте қаларлық үлгілі сабақтарын және ұстаздың өз білгенін жастарға үйретуге құштарлығын, тіл ғылымының тылсым сырын, бай қазынасын жастарға үлестіруге, бөліп беруге асыққан ағартушылық ынтасын шәкірттері әзір ұмыта қойған жоқ, ұмытпайды да. Басқа құрмет түрлерін айтпағанда, ол өзіне берілген екі атаққа риза болатын. Оның біріншісі – Мәскеуден берілген «Отличник высшей школы СССР» және «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері» деп аталатын атақтары. Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев – ғылымда да, өмірде де үлкен мұра қалдырған, адалдықпен, пәктікпен, тынымсыз еңбекпен отбасына да, еңбек еткен ортасына да, әрбір шәкіртіне де сарқыла тағылым берген, әрбір дос-жаранына қимастай тұлға бола білген жақсы әке, жақсы жар, жақсы дос және ғалым-ұстаз. Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Осы сөз Талғат Сайрамбайұлына қатысты болады да тұрады. Аяулы ұстаз, көрнекті ғалым, жастарға жақсы аға, жаны жайсаң қадірлі дос Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев 2009 жылдың 20 қарашасында 73 жасында дүниеден өтті. Оның есімі әріптестері мен шәкірттерінің, туған-туыстарының есінен шықпайтыны хақ.
Талғат толғау (профессор Т. Сайрамбаевтың рухына) Сен өмірден өткенде Егілді шәкірт, достарың. Қордалы Ордаң өшкендей Еңіреді ұл-қыз, жан-жарың. Ойсырап қалды ортамыз, Аңырады ағайын. Суырып жүрек, қолқаны, Шерленді көңіл сарайы. Құдайдың бұл ісіне Бар ма, сірә, амалың. Кезек қой үлкен-кішіге, Бір күні берер жауабын. «ҚазМУ» менен «Қайнарда» Ізің қалды өшпейтін. Жетелеп елді ойларға, «Білім қайығын ес» дейтін. Кәсібіңді таңдаған Бөлекше сүйдің Талғатым. Талай шәкірт сомдаған Жылдарың өтті толғатып. Мынау ғажап өмірде Бітірген ісің мол еді. Медеу тұтар көңілге Қалдырған жолың сол еді. Шәкірті едің Мәуленнің, Өзінен кейде аумайтын. Өткінші мына дәуреннің Қалжыңмен көңіл аулайтын.
Соңғы бір сәтің есімде, Мұңайып қалжың айтқаның. Сол ауыр күннің кешінде Мәлім болды қайтқаның! О, опасыз, дүние, Не деген суық, келте едің! Қайғыртып бір ұяны, Бұлайша соққан неткенің! Берері көп жан еді, Көкірегі таза, білімді. Көңілі күлген бала еді, Дос еткен елді, ілімді. Сен жаққан оттың алауын Шәкірттер еш өшірмес. Ұлы-қызың – жалауың Ұмытпас сені, елің еш! Ұстаздық пен ғалымдықты қатар ұстаған (Профессор Ә. Әбілақов 70-те) Адам өмірі Алланың ауанымен жүріп отыратынын әуелде аңғара бермейміз. Әйтеуір бір алға, ілгері ұмтылыс сені жетелей береді. Бұл ұмтылыс таза еңбек арқылы іске асып жатса, онда жолдың болғаны. Оқу, білім, ілім, білімді мұрат тұтып, соған қарай талпынған жанның әманда айы оңынан тумақ. Осылайша еңбектенген адам қашанда мақсатқа жетпек. Әбжаппар Әбілақұлы осылай үздіксіз ұмтылыс нәтижесінде өз мақсатына жеткен адам. Мектеп, педучилище, ҚазПИ-де өткен оқу жылдарын саралап отырсаңыз, сондай бір ізденістердің ізін табасыз. Сүйсінесіз. Барлық оқу ор-
нын үздік бітіруге тырысады. Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Жамбыл ұжымшарында дүниеге келген оның өмір жолынан осындай талапшыл жанның үздік ізденістерін байқауға болады. Мектептен соң 1954 жылы Жамбыл педучилищесін бітіріп, екі жыл мұғалім болып қызмет істейді. Алайда білімге құмарлық оны Алматыдағы Абай атындағы пединститутқа жетелейді. Сондағы көздегені қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болу. Институтты 1961 жылы үздік бітірген соң, ұстаздардың көзіне түскен ол осында үш жыл, яғни 1964 жылға дейін аспирантурада оқиды. Оны да ойдағыдай бітірген соң Ә. Әбілақов өзінің туған жері Қызылордаға оралып, сондағы пединститутқа мұғалім болып орналасады. Мұнда тиянақты жұмысының нәтижесінде аға оқытушы, кафедра меңгерушісі деген қызмет сатыларынан өтіп, ұстаздық тәжірибесін жинақтайды. Институттағы беделді де білікті оқытушылардың біріне айналады. Қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына үңіле жүріп, ғылыми ізденістерге қарай бой ұра бастайды. Ғылыми ортаны аңсайды. Сөйтіп 1988 жылы ол Қазақ қыздары пединститутына ауысып келеді. Мұнда ол әуелі оқытушы ретінде ұстаздық қызметін жалғастыра жүріп, кейін қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болады. Ол ғылыми-зерттеу жұмысына деген ықылас-ынтасын «Қазіргі қазақ тіліндегі меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері» атты тақырып бойынша 1966 жылы қорғаған кандидаттық жұмысымен-ақ танытқан болатын. Сондағы идеяны ары қарай тереңдете, ауқымдата қарастырып, 1998 жылы «Қазақ тіліндегі меңгеріле байланысқан сөз тіркестері» деген тақырып бойынша докторлық диссертация жазып қорғады. Ол бұл жұмысымен қазақ тілінің күрделі мәселелерін ғылыми тұрғыда жан-жақты қарастырып, талдай алатын маман ғалым екенін көрсетті. Қазақ тіл білімінің осы тектес күрделі, қызықты мәселелерін терең толғай алатын әлденеше ғылыми мақалаларымен профессор Ә. Әбілақов жұртшылыққа танымал маманға айналды. Алматыдағы ғылыми ортада, әсіресе қазақ
тіл білімі саласы бойынша қалыптасқан ортадан өзінің түсінік-пайымымен, білік-білімімен өз орнын тапты. Әбжаппарды мен ең алғаш 1979 жылы көрдім. Сол жылы Қызылорда пединститутына мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болып барған едім. Ақжарқын, адал, меймандос қызылордалық жігіттердің ортасында ол өзінің сырбаз, біртоға, орнықты мінезімен есте қалған болатын. Бір көргеннен-ақ адамды баурап алатын жайдарыжарқын мінезімен көзге түсті. Содан былай қарай біздер көрген жерде ескі достардай шұрқырасып табысып, бірбірімізге адал ниетімізді білдіруге тырысып жүрдік. Әсіресе, оның қазақ тілінің бір қарағанда жалпы жұртты қызықтыра қоймайтын салаларына терең түсінікпен еніп, соны қызыға, сендіре жазатын қабілетіне сүйсінетінмін. Әрбір жазған мақалаларына зер салып, дәйекті ой-пікірлерін қадағалап оқып азық алғандай болатынмын. Әдетте ұстаздық пен ғалымдықты ұштастыра білу қабілетті адамның ғана қолынан келетіні мәлім. Әбжаппар өзін осы тұрғыдан да көрсете білді. Ұстаздықты да, ғалымдықты да бірдей алып жүруге тырысты және оның бұл әрекеті нәтижелі болды. Оны жоғарыда аталған еңбектерінен байқауға болады. Дүниеден өткен азаматтың артында іздеушісі болмаса, аруағын құрметтеп, дұға оқытып отыратын ұрпағы қалмаса, қасіреттің үлкені сол-дағы. Әбекең бұл жағынан армансыз адамдар қатарына жатады деп білемін. Түтінін түтетіп, ордасының жарығын өшірмей сүйген жары Маташ отыр. Артында қалған үш ұлы әке үмітін жалғап, ол көтерген шаңырақты биіктете, іргелендіре түскен. Олар әкенің аруағын ардақтап, қалдырған еңбектеріне үңіліп, оны өздері де түсініп, өзгелерге де ұсынғысы келеді. Самат атты ұлы маған арнайы келіп, әкесі туралы елжірей әңгімелеп: «Аға, сіз менің әкем туралы білетіндігіңізді қағазға түсіріп, бір-екі ауыз естелік айтып бере аласыз ба?» – дегенде, қатты ойда қалып, әсерлендім. Тіршілікте қоян-қолтық араласым болмасам да, Әбжаппардың бұл
өмірде ұстаз ретінде қалдырған еңбегін өзімше саралап, бағалап көруге тырыстым. Әкені іздеген ұлдың таза ықыласы толғандырды мені. Ұрпақ жалғастығы дегеннің бір түрі осы болар. Әкесі туралы жылы сөз естігісі келеді. Өзінің сәби кезінде аңғара алмай қалған әке қасиетін білгісі келеді. Білетіндерден тыңдап қалғысы келеді. Бұған да шүкіршілік айтуға тура келеді. Әйтпесе, мына жалған дүниенің қызығына алданып, ата-анасын әздектей алмай қор болып жүргендер қаншама?! Өзіңді ұмыта алмайтын ұрпақ тәрбиелеп кетудің өзі үлкен олжа емес пе деген ой үстінде отырып Әбжаппардың бұл жағынан да жолы болған азамат екен-ау деген түйінге келдім. Ендеше Ә. Әбілақов білім әлемінде өзіндік орны бар бөлек жан.
С.М. ИСАЕВ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘСЕЛЕСІ Бір қарағанда үкімет тарапынан мәртебеленген мемлекеттік тілге С. Исаевтың қандай қатысы бар еді деуге болады. Қанаты майырылып, еңсесі түскен тіліміздің еңкейіп барып ес жиюына септік жасап, тіл алаңында майдангерлік қабілет танытқан азаматтар бар. Бұл күндері оларды біреу білсе, біреу білмейді. Міне, солардың қатарынан Сейілбекті ерекшелендіріп тұратын өзім куә болған екі-үш мәселені еске алғанды жөн көріп отырмын. Ғылым академиясына жаңадан барған жас кезіміз. Студенттік дәуірде бір-бірімізді білгенмен, қоян-қолтық араласа қоймаған едік. Қазақ тілін зерттейтін әлемдегі жалғыз институтқа келгенімізді мақтан тұтып, масаттанып жүрген шағымыз. Ол кездегі ғылыми ортаның жөні бөлектеу көрінетін. М. Әуезов, Қ. Сәтбаев қалыптастырып кеткен дәстүрді ары қарай ұластырғандай болып жүрген А. Жұбанов, Ә. Марғұлан, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Ғ. Мұсабаевтардың өзі біз үшін қол бірде жетіп, бірде жетпейтін ерен тұлғалар. Көбінесе не айтар екен деп солардың аузына қарап, елти
тыңдап жүрген сарыауыз балапандаймыз. Міне, осы кезде Сейілбектің ғылымға, тілге деген ұмтылысы байқала бастады. Біз сөйлеуге, мәселеге араласуға айбынып шегіншектеп отырғанда ол өз ойын ортаға салып, пікір додасына қойып кетіп отыратын. Ерте әрекеттеніп, ерте қорғады. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Дәл осы кезде бізді жақындастыра түскен бір жағдай болды. Мен елден шешем мен 2-ші сыныпта оқитын інімді алып келіп соны орналастырар орын, қазақ мектебін таба алмай әбден сарсаңға түсіп жүрген болатынмын. Ол кездегі жалғыз №12 қазақ орта мектебі жеті жылдық мектеп үйін сағалап өлместің күнін кешіп жатқандай екен. Інімді соған жайғастырып, мектеп күйіне көңілім толмай, балабақшаға бара бастаған өз балаларымның да болашақ тағдырын ойлап, әр алуан ой ауанында жүретінмін. Біздің институттан бірнеше адам балаларын осы мектепке беріп оқытады екен. Солардың арасында С. Нұрханов, А. Қалыбаева т.б. болды. Мектеп жағдайы оларды да толғандырып жүрген. Сейітбек пен Сейілбек бір бөлімде істейтін. Солар бір күні мектепте ата-аналар бас қосатын болыпты деген хабар айтты. Бәріміз сонда бардық. Бұл жиналыс ештеңе шешпегенімен, көп нәрсенің бетін ашып берді. Қ. Ахметов деген обком хатшысы келді де, ай-шайға қарамастан жиналысты бастап кетті. Ауыр сөз айтып қорқытты, үркітті. Балаларын орысша оқытатынын мақтанышпен айтты. Қазақтардың шырқын бұзбайық, тыныштық керек дегенді баса айтты. Міне, осы уақыттан бастап біз ешкім тапсырмаған негізгі міндетімізге, ешқандай қатысы жоқ жұмысқа жегілдік те кеттік. Ашыла қалса балабақшаға, мектепке беретін балаларының тізімін жасау жұмысының бел ортасында Сейілбек жүрді. Сонымен санасына сәуле құйылғандай болып от алған жігіттер осы мәселені шешеді-ау деген мекеменің бәріне барып есік тоздыра бастады. Аудандық оқу бөлімінен басталған бұл шеру сол кездегі (Мәскеудегі) Саяси Бюроға дейін бір толастаған жоқ.
Бұл екіарада қалалық оқу бөлімі, Оқу министрлігі, қалалық атқару комитеті, облыстық партия комитеті, Орталық партия комитетін түгел адақтап шықтық. Барлық тұста да Сейілбек оттай тұтанып жалындап жүрді. Кейде тіпті ол кездегі кедергінің көптігіне қарамастан мәселенің аяғына жетуіміз керек деп бізді де жігерлендіріп қоятын. Кімдердің алдында болмадық біздер, қала бастығы Е. Дүйсенов, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Дыхнов, хатшылар Кәкімжанов, Ахметов, Орталық партия комитетінің хатшысы Н. Жанділдин т.т. Қазір ойлап қарасақ, біздің кеудеміздегі ұлттық сананың тебіндеп көрінген алғашқы нышандары екен, бұл. Әрине, ұлттық мектептер мен балабақшалардың тағдырын ойлап күйзелген, әрекеттенген жалғыз осы топ болды десек, ақиқаттан алшақтар едік. Бұл мәселені бізден де бұрын қозғаған азаматтар болды. Мәселен, «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінде белгілі ғалым профессор Р. Бердібай бастаған бір топ әдебиетші ғалымдардың жаны күйіп жазған проблемалық мақалалары кезінде талай жүрекке от тастағаны мәлім. Шона Смаханұлы бастаған іс-әрекеті өз алдына, ал мына тұста мәселе нақтылау қойыла бастады. Яғни қазақ тілінің дамымай жатуының негізгі себептері көрсетіліп, қандай шаралардың іске асырылуы керектігі нақты айтыла бастады. Қойылар мәселенің тәптіштелуі тұсында да Сейілбектің жігерін байқап отырдық. Жоғарыда айтылған шерулердің қайсыбірі еске түседі. Өзінен-өзі оп-оңай шешім тауып жатуға тиісті бұл мәселелердің соншама қиындап, күрделене түскеніне таңғалудан басқа шарамыз қалмайтын. Қараңыз, бүкіл Алматы қаласы қазақтарының бала оқыту жөніндегі табиғи сұранысын өтеуге тиісті жалғыз №12 орта мектептің тағдырын осылайша мүсәпір халге жеткізу не деген сұмдық! Кімді кінәлайсың?! Оқуға, білім алуға жол ашқан заманды ма? Жоқ, ұлттық мүддеге селқос адамды ма? Егер әрбір лауазым иелері өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындап отырар болса, біздің ел діттеген межеге әдеқашан жеткен болар
еді. Әйтеуір, сабыла жүріп, үлкенді-кішілі бастықтарды сарыла күткен шақтарымызда біздің көзіміз осыған жетті. Ақыры Саяси Бюро мүшесі Орталық Комитет секретары Ильичевтан оралып қайтқан бұл мәселе Дыхнов басқарған облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, шешім тапты. Осы шешімнен соң С. Исаев сол кездегі Фрунзе аудандық оқу бөлімінде бір айдай отырып, 204ші қазақ балабақшасына бала қабылдап отырды. Мұның өзінің де тарихы бар. Алматы қаласы атқару комитетінің төрағасы Е. Дүйсеновке барған бір жолы ол телефон трубкасын көтерді де: «Шахмардан, сенің бітіп тұрған балабақшаң бар емес пе, соны азаматтық жаса да тіл, ел қамын ойлап шырылдап жүрген бір жастар бар еді, соларға қисаң қайтеді соны. Қаржың бар, тағы біреуін салып алуға шамаң келеді ғой. Иә, иә, дұрыс, о, рахмет», – деді де, трубканы орнына қойды. Бізге қарап: «Жігіттер, жолдарың болды. Геология министрлігі анау бітіп тұрған балалар бақшасын берді сендерге, рахмет, ал енді қамдарыңды жасай беріңдер», – деп қол қысты. Мәселені осылайша шешетін адамдар көбірек болсайшы деген риза көңілмен қоштастық та шығып кеткен едік. Сол балабақшаға Сейілбек қабылдаған балалар бұл күнде жоғары оқу орындарын бітіріп, талай қызметтің басын ұстап отыр. Көбі мемлекеттік тіліміздің тірегіне айналды. С. Исаевтар араласқан алғашқы тіл жорығы, міне, осылайша бастау алған еді. Сексенінші жылдардың екінші жартысында тіл майданы жаңаша қарқын ала бастады. Бұл кезеңде де ол тіл туралы пікірталастарынан тыс қалған жоқ, қақ ортасында болды. Негізінен ол тілдің ғылыми мәселелеріне ден қояды. Әсіресе оның назарына қазіргі тіл қолданысындағы түйінді мәселелер ілігеді. Ол қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы дейтін мәселені зерттей бастайды. Сөйтіп ол бұл зерттеуін кандидаттық деңгейге жеткізеді де қорғайды. 1980-жылдардың екінші жартысы мен 90-жылдарда жазылған еңбектеріне қарап отырсақ, оның мемлекеттік тіліміздің
жекелеген нақты мәселелеріне тереңдей түскенін аңғару қиынға соқпайды. Ол әсіресе тілдің төркініне, этимологиялық сипатына тереңдеп, көптеген қазақ сөздерінің сырын ашады. Сондай-ақ, ол бұл жылдары әдеби тіл тарихы, тіл мәдениеті, әдеби тіл нормалары және қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар мәселесіне үңіледі. Ойға жетелейтін мазмұнды мақалаларын жазады. Тіліміздегі жекелеген сөздерді саралаумен ғана шектелмей, оның эстетикалық проблемаларына да бойлайды. Қазақ тілінің мақал-мәтелдері, тұрақты тіркестері, фразеологизмдері мен идиома тәрізді ең шұрайлы, бейнелі, сырлы да нұрлы сөздері жайында өзіндік шымыр талдамаларын ұсынады. Міне, бұл болашақ әйгілі тіл маманының мемлекеттік тіліміздің кеңірек қанат жайып, өріс ашуына тигізген өзіндік қолғабысы болатын. Мұның бәрі, сөз жоқ, әсіресе ғажайып тіліміздің қыр-сырын әлі біле қоймаған жас ұрпақ үшін өте қажетті материалдар болып тасқа басылып қалды. Профессор С. Исаевтың мемлекеттік тілімізге байланысты қызметін сөз еткенде, оның «Қазақ тілі» қоғамына қатысты тұстарын аттап өтуге болмайды. Өйткені баспасөзде, радио-, телеарналарда, көптеген жиындар мен басқосуларда қазақ тілі мемлекет тілі бола ала ма, жоқ па деген сауалдар төтесінен күн тәртібіне қойылып, елдің көбі сынға түсіп жатқанда ол «қазақ елінде тек бір-ақ тіл, яғни қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл болуға тиіс» деген академик Ә. Қайдардың көп талас тудырған ұсынысын әуелден-ақ қолдап шыққандар қатарында болуының өзі біраз жайды аңғартады. Кімнің кім екені танылып жатқан сын сағаттарда ұлттық мүдде маңынан табылудың өзі де оңай шаруа емес еді. Қоғам құрылар алдында да, құрылғаннан кейін де бұл бұқаралық ұйымның күнделікті жұмысынан қол үзген жоқ. Бірінші күннен Қоғамның басқарма мүшесі болып сайланды. Барлық аймақтық көшпелі жиындардың, республикалық конференция, Құрылтайлардың бір де бірінен қалмай, қатысып отырды. Қатардағы қатысушы ғана болып қалмай
мемлекеттік тіліміздің өзекті мәселелері жөнінде тың ойлар айтып, жалпы жұртшылықтың лингвистикалық сауатының ашыла түсуіне қолғабыс тигізіп келді. Әсіресе Ақмола, Семей, Жамбыл, Талдықорған, Торғай облыстарында өткен алқалы жиындар кезіндегі тіл үйрену мен игеруге байланысты айтқандары, тіл экологиясы туралы ойлары көкейден кетпейді. Тіпті Академия, институт, қоғам, т.б жерлерде кездескен сайын әңгіменің негізі тіл мәселесі, оның қазіргі жайы, келешегі, шешуін күтіп тұрған проблемалық мәселелері, лингвист мамандар дайындау туралы нақты ойтұжырымдарын айтып тауыса алмайтын. Қыздар педагогтік институтының ректоры, бірнеше ғылыми кеңестердің мүшесі, «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының мүшесі, ҚР ЖАК-тың сараптау комиссиясының мүшесі, бірнеше ғылыми жорналдардың редакциялық алқа мүшесі т.т. жұмыстарды қосымша атқара жүріп ол мектептер мен жоғары оқу орындары үшін түрлі оқулықтар, оқу құралдарын түзді және қазақ тілінің небір күрделі де қызықты мәселелері туралы монографиялық еңбектер жазды. Мысал үшін «Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы» (1983), «Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар» (1992), «Қазақ тілі туралы ойлар» (1997), «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1996), сондай-ақ 6, 7-ші сыныптарға, филология факультеттерінің студенттеріне арналған оқулықтарды атауға болады. Осының бәрі сөз жоқ мемлекттік тіліміздің мәртебелене, қалыптаса түсуіне қызмет етті. Қысқасы, «С. Исаев және мемлекеттік тіл туралы» деген тақырып төңірегінде әзірге айтпағымыз осы еді. Оның еңбектерін жеке-жеке алып тарата талдау келесі кезектің әңгімесі деп білеміз.
ЕКІ ТІЛДІ ТЕЛ ЕМГЕН Наурыз айының соңғы күндерінің бірінде Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының залында өткен Ғылыми кеңестің кезекті бір мәжілісі адам көңілінде
қалар өзіндік сипатымен есте сақталды. Бұл – коллективтің күнделікті тіршілігіне байланысты болатын кеңестің отырысы емес, ғылыми дәреже беру жайында шешім қабылдайтын қорғау кеңесінің мәжілісі. Зал толған. Талқыға түсер жұмыстың объектісіне қызығып, содан мағлұмат алғысы келіп отырған жас талапкерлер де, қай деңгейден шығар екен деп сынай қарайтын сарапшылар да бар. Басқа да тілектес ағайын, жора-жолдас, дос-жаран көп жиналыпты. Диссертант – Назипа Қабиқызы Демесінова, Тіл білімі институтының өз түлегі. Қазақ ССР Ғылым академиясының қорреспондент мүшесі Мәулен Балақайұлы Балақаев басқарып отырған Грамматика бөлімінің аға ғылыми қызметкері. Оның ғылымға келу жолы былай басталған еді... 1948 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне келіп түскен талапкер жас X. Махмудов, X. Сайкиев сияқты айтулы мамандардан дәріс алып, білім бұлағынан сусындады. Астана кітапханаларының алтын қорына қолы жеткен Назипа орыс тілі мен қазақ тілінің мәселелеріне тереңірек үңіле бастайды. Әсіресе, оны осы екі тілдің өзара бір-біріне жасаған игі әсері мен заңды құбылыстары қатты қызықтырады. Осы проблемалар төңірегіндегі бұрын-соңды жазылған әдебиеттерді оқып, қазақ жазушыларының шығармаларынан материал жияды. Соның ішінен оның ерекше көз тіккені – синтаксис мәселесі, яғни қазақ тілі синтаксисіне орыс тілінің жасаған ықпалы. Бұл өзі әрқилы дәрежеде бұрын да жалпылама сөз болып жүрген сала. Ал екі тіл материалын салыстыра нақты тексеріп, ғылыми-теориялық деңгейде қарастырған адам көп емес. Университетте алған білімі Назипаның болашақта айналысатын ісіне жол ашты. 1953 жылы жоғары оқу орнын бітіре салысымен Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының жанындағы аспирантураға түсіп, оны 1956 жылы табыспен аяқтайды. Сол жылы институттың орыс-қазақ тілдерін салғастыра зерттейтін бөлімінің кіші
ғылыми қызметкері болып орналасқан еді. Міне, осы жылдардан Н. Демесінованың нағыз ғылыми жолы басталады. Алғашқыда ол ізденістерін әрқилы ғылыми мақалалар түрінде байқап көрсе, біртіндеп өзін толғандырған топшылауларын кандидаттық диссертация деңгейіне көтеріп, түйіндеп шығады. Нәтижесінде 1958 жылы «Орыс және қазақ тілдері жай сөйлемдерінің сөз жүйесі» деген тақырып бойынша ол кандидаттық диссертация қорғап шықты. Ғылымға берілген адамның басты қасиеті өзі зерттеп отырған объектісінің жалпы ғылыми тұрғыдан келгенде проблемалық салмағы қаншалықты екенін дәл аңғарып, соның сырларын біртіндеп ашып, түбегейлі баяндау болса керек. Назипа зерттеуінде осындай бір мақсаткерлік, жүйелілік байқалады. Диссертациялық жұмыста жазылып, айта алмаған кейбір ғылыми ойларын ол «Орыс тілі мен қазақ тілі грамматикасын салыстыра зерттеу» деген монографиясында тәптіштеңкірей түседі. Және бұл жылдары Назипа советтік лингвистиканың жетістіктерін толық игере отырып, қазақ тіл білімінің айтулы мамандарының еңбектеріне үңіледі. Бұл тұста оның аса бір сүйіспеншілікпен айтатын ұстаздарының бірі – Мәулен Балақайұлы Балақаев. Шынында, оның синтаксис деп аталатын ғылым саласына соншама тереңдей баруына, бір жағынан, профессор М. Балақаев еңбектерінің, ойларының ықпалы болғаны даусыз. Назипаның әсіресе шұқшия қарайтыны – екі тілдің сөйлем құрылыстарындағы ерекшеліктер мен елене бермейтін етене жақын белгілер. Яғни синтаксистік құбылыстарды үнемі салыстыра қарай отырып, қоғам дамуына орай, тілдің осы саласында да ғылыми тұрғыдан бағалануға тұрарлық неше алуан өзгерістер, даму, жаңалықтар болып жататынын анықтау. Қазақ халқының басынан кешіп отырған саяси-әлеуметтік өрлеулер тілге әсерін тигізбей қойған жоқ. Соның ішінде, зерттеуші қазақ тілінің әлгі өзгерістер ыңғайына қарай, қоғамдық қызметінің кеңейгенін басты діңгек етіп
алады. Әрқилы стильдік тармақтардың тарамдана дамуын да қадағалайды. Тіл дамуының осындай ішкі мүмкіндіктер механизмін қарастыру Назипаның бұдан былайғы мақсатына айналды. Сөйтіп ол бұл мәселені бірнеше жыл бойы түбегейлі зерттей келіп, «Совет дәуірінде қазақ тілі синтаксистік жүйесінің дамуы» деген докторлық диссертациямен түйіндеді. Бұл мәселені қарастыру нәтижесінде Н. Демесінова таза синтаксисті ғана жеке-дара зерттеп қоймай, сонымен бірге, ең бастысы, қазақ тілінің қоғамдық қызметіндегі айтулы өзгерістерді, заңдылықтарды анықтап берді. Ол арқылы дамыған тіл иелерінің ұлттық санасезімінің қай деңгейге жеткенін де дәлелдеп шықты. Мұны диссертанттың ресми оппоненттері ретінде пікір өрбіткен профессорлар К.М. Мұсаев пен А. Жапаров та, Қазақ ССР Ғылым академиясының қорреспондент мүшесі Р.Ғ. Сыздықова да ашып айтты. Зерттеу қайсыбір мамандарды ғылыми таласқа шақырып, ой-пікірге жетектеді. Нәтижеде Ғылыми кеңес мүшелері еңбекті өте жоғары бағалап, оның авторына ғылым докторы дәрежесін беруге бірауыздан бәтуаласты. «Еңбек түбі – зейнет» деп халық қалт айтпаған. Бала күннен тынымсыз еңбек етіп, тырбанып, оқымысты қауым соңынан ерген жас қыз ақыры өзінің діттеген мақсатына жетіп, ғылым сардарларының қатарына қосылды. Бұл қорғаудың бір жағынан әлеуметтік мәнін де есте тұтуымыз керек. Өйткені докторлық дәреже жеке бастың ғана жетістігі емес, ол бүкіл бір ғылыми мекеменің, тіпті ғалым зерттеуіне объект болып отырған тіл иесі – халықтың мәдени өрлеуінің бір белгісі деп танимыз. Мәжіліс бітті. Айтулы ғұламалар мен білікті мамандар ықыласына бөленген Назипаның жанарында саналы жанның сабырға жеңдірген қуаныш оты маздайды. Атша тулаған жүрегін әрең игеріп, ол өзіне қаншама ауыр міндеттер жүктелгенін енді ғана сезгендей бір күйге түсті...
Қос қанатты ғалым Қазақ тіл білімінің іргетасын қалап, негізін салған ұлы Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлының жасампаз ісі бір сәт тоқталып қалған емес. Оның алғашқы, ізашар «Оқу құралы» мен «Тіл-құрал» еңбектерінің жарық көргеніне бүгінде бір ғасыр толса, міне, содан бергі кезеңдерде тілтанымның сан саласында лек-лек, шоғыр-шоғыр маман-зерттеушілеріміз шығып, таңдап алған жекеленген бағыттағы тақырыптарын індете қазып, жүйелі арнаға салып, ауыз толтырып айтарлықтай табысқа жетіп отыр. Сондай талантты да танымал тілші ғалымымыздың бірі Мырзатай Серғалиұлы Серғалиев болатын. Ол қазақ тіл білімінде стилистика мен тіл мәдениеті, көркем әдебиет тілі мен лексикография саласында толассыз тер төкті. Әсіресе лингвистикалық стилистикамызда синтаксистік синоним мен синтаксистік семантикаға қатысты орныққан, мойындалған ғылыми-теориялық көзқарас бар десек, ол тікелей академик М. Серғалиевтің есімімен байланыстырылады. Сонымен бірге ол көпке танылған сыншы, мойындалған әдебиеттанушы да бола білді. Оның замандас-әріптесі, тілтаным мен әдебиеттануға бірдей үлес қосқан таланты ғалымдарымыздың бірі марқұм проф. Ербол Жанпейісов осы тұрғыда былай деген екен: «Кеңес Одағы кезінде елімізге, тіпті әлемге есімдері әйгілі болған В.В. Виноградовты, В.М. Жирмунскийді орынды мақтан тұтып, қадірлеп жүргеніміз ақиқат еді. Ондай құрметке бұл ғалымдар өте лайық, себебі бірі – атақты тіл маманы, екіншісі – әдебиеттанушы бола тұра, лингвистика мен әдебиет тарихы мәселелерін бөле-жара қарамай, тең ұстап, құнды-құнды пікірлер айтатын. Өкінішке орай, қазақ топырағында ондай дарындылардың жоқтығын сөз еткенімізді де жасырмалық. Кейінгі ондаған жылдар аумағында осындай кең ауқымдылықтың нышандары арамызда да көрініп жүргені қуанышты. Әңгіме Мырзатай Серғалиұлының әдебиет сын-
шысы немесе журналист ретінде де еңбек беріп жүргенінде болып отыр. Сыншы әдеби процеске белсене араласады: жазушылар мен әдебиет зерттеушілерінің портреттері, жаңа шығармалар мен шығармалар тобына тың пікір, орайы келгенде пікірталасқа қатынасу сияқты мәселелерді жүйелі де нақтылы әңгіме ету ерекшеліктерін автор кітаптарынан кездестіреміз» (Жанпейісов Е. Ой өрнегіндегі өрістер. – Кітапта: Лебіз. Астана: Нұра-Астана, 2008), Осы орайда бәріміздің ұстазымыз, қазақ тіл білімінің корифейі Мәулен Балақаевтың есімі мен еңбегін еске ала кеткеніміз өте орынды. Бүгінгі айтар сөзіміздің тақырыбына шығарылған анықтама ең алдымен осы М. Балақаевтай таутұлға ұстазымызға тиесілі. Аспирант М. Серғалиевті өрге сүйреп, өз жанына ассисент қылып алып, одан соң ғылым кандидаты, докторы болған жылдарда оған тақырып ұсынып, тың арнаға салған да аяулы Мәкең болатын. Қазақ тілінің мәдениетін көтеруге бар ғұмырын арнаған Мәкең оның бойынан осы егіз негізді көре білді, бұл да болса оның тіл тамыршысы ретіндегі көрегендігінің бірі еді. Кейін, 1990 жылдардың ортасында М. Серғалиев ұстазының атақты «Қазақ тілінің мәдениеті» атты кітабының 3-ші басылымын баспаға дайындап, оған өз жанынан «Тіл мәдениетінің негізгі сапалары» атты тың тарау қосты. Осы көпке мәшһүр, сан қайталанып басылған еңбегін ұстазымыз М. Балақаев былайша бастаушы еді ғой: «Буыны бекімеген икемсіз саусақтарын ананың жылы төсіне жүгіртіп, ана сүтін қылққылқ жұтып жатқан нәрестенің құлағына алдымен ана сөзі естіледі. Ана сүті баланың қанына тарап, ана сөзі баланың сезімін оятады. Бара-бара баланың тілі шығып, ата-ананың, отбасының, бүкіл халықтың дәстүрімен емін-еркін сөйлесетін болады. Сүтпен еніп, миға сіңген сол тіл есейген адамның саналы өмірінің аса көрнекті рухани байлығы, адамның адамдық белгілерінің бірі болып табылады». Және оның: «Тілді жақсы білу оңай жұмыс емес. Өйткені оның шегі жоқ. Тіл адамдардың еңбек ету процесінде, қарым-қатынас жасау тәжірибесінде мыңдаған жылдар бойы
жұмсалған. Оның орасан көп байлықтары сол тілде сөйлейтін халықтың бастан кешірген ұзақ өміріндегі ойлау жұмысының нәтижесі ретінде үнемі дамып отырады. Тілді сіресіп қатып қалған қалпында емес, сол даму, жетілу процесінде үйренеміз. Сондықтан тіл байлықтарын түгел меңгердім, мен білмейтін ештеңе қалған жоқ, тіл өнерінің шыңына шықтым, болды деп ешкім айта алмайды», – деген толғаныстары (Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті. Ықшамдалып, өңделген үшінші басылымы. Алматы: Мектеп, 1995, 7-8-бб.) тек жалғыз оның шәкірті һәм ісін жалғастырушы ғалым М. Серғалиевке ғана емес, барша тіл жанашыры мен тіл зерттеушісіне қашанда Темірқазық болмақшы. Көркем туындыларға кәсіби тілші-ғалымның көзімен қараған М. Серғалиев кейін қазақ сөз зергерлерінің шығармаларын талдау үстінде ұстазы М. Балақаевтың идея, ұстанымдарын одан әрі жалғастыра түсті. Ол бұл тұрғыда: «Прозаик, ақын иә сыншы болсын – қай-қайсысы да жалпы халықтық тілді пайдаланатыны баршаға мәлім. Солай бола тұра, жеке таланттың тілі деген ұғымды қолданатынымыз да белгілі. Сол шарттылықтың өзінде шындық барын тағы ескермеске болмайды, өйткені көпшілікке етене таныс сөздерді жаңа қырымен, соны бояуымен, өзгеше өңімен жұмсай білушілік – жазушы талантын танытатын құбылыс. Әр қаламгердің сөйлем құру даралығы да осыны дәлелдейді. Жазушының сөз қолдануындағы жаңалық алғашында жаттау көрінуі мүмкін, алайда өнердің қай саласындағы да әртүрлілік, әр алуандық сияқты, көркем шығармадағы сөздердің де орайы келгенде жаңаша түрімен, мазмұнымен қолданылмағы жөн», – деп нақтылайды (Серғалиев М. Сөз сарасы (сын мақалалар). Алматы: Жазушы, 1989, 134-б.). Қазақ әдебиетінің классиктері Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабидендердің барша туындыларын стильдік тұрғыда талдап-тексеріп, Қ. Аманжолов, Х. Ерғалиев, Ә. Тәжібаев, Ғ. Орманов, Ж. Саин өлеңдерінің тілдік өрнектерін жарқырата ашып көрсетіп, белгілі қазақ романшылары С. Жүнісов,
Ш. Мұртаза, Қ. Ысқақов, Р. Тоқтаров, А. Жақсыбаев, Р. Сейсенбаев, Жайсаңбек Молдағалиев, М. Сүндетов, Д. Досжан, Ә. Тарази, Ә. Нұршайықов, Ә. Сарай және басқалардың сүбелі туындыларының тіл кестесіне баға беріп, ең бастысы, кейін өзінің артынан ерген ондаған шәкірттеріне осы қаламгерлердің стильдік даралық ерекшеліктері туралы диссертациялық жұмыстар жаздырып, қорғата білді. Ал бұл, шындығында, қазақ тіл білімі мен әдебиеттануы үшін ғана емес, барша қазақ мәдениеті үшін тазалық пен таразылық рөлін атқарған, көзге көп көрінбейтін және бағалана бермейтін еңбек еді. Осылайша академик М. Серғалиев филологияның қос қанаты – тіл мен әдебиетті тел емген, екеуін де қажет кезде қос өрім қамшыдай қатар қолдана білетін мамандар тобын дайындап шығарды. Ол М. Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтің жауһар туындыларының тіл ерекшеліктерін, стильдік даралықтарын ғана сөз етіп қойған жоқ, олардың әр жылдары ана тіліміз туралы айтқан келелі пікірлеріне арнайы тоқталып, толымды қорытындылар шығарды. Ұлы жазушының «Қазақ әдеби тілінің кейбір мәселелері», «Көркем әдебиеттің тілі туралы» мақалалары, әрине, тек әдебиеттанушылар арасында ғана емес, тіл ғалымдарына да көптен танымал, ауызда жүрген зерттеулер. Өйткені Мұхаңның өзі әдеби тіл мен оның көркемдігі туралы сөз еткенде араға «қытай қорғанын» орнатпайды, қайта күш біріктіріп, білекке білек қосуды үндейді: «Бұл жөнінде жазушы мен тіл зерттеушілерінің арасында үлеспей жүрген енші жоқ. Қайта, екеуі қосыла ойласпаса, талай күрделі мәселе көмескі, кемшін, сыңаржақ шешілуі мүмкін. ... Жазушы мен тіл маманының еңбегі қосыла қабысып, дұрыс іздену үстінде жараса табысып отырса, бәрімізге ортақ міндет өнімді түрде ада болмақ». Маржан-нәрі тым тереңде жатқан классиктің тілдік мұрасын жан-жақты талдап-таразыламас бұрын М. Серғалиев: «М. Әуезовтің көркем әдебиет тіліне деген көзқарастарын шартты түрде үш салада қарастырған жөн сияқты: көркем әдебиет тіліне қойылатын негізгі талаптар, Абай тіліне
қатысты мәселелер, замандас ақын-жазушылардың тілі туралы ойлар», – деп алдын ала өзіне бағдар тауып алады (Сонда, 162-б.). Сонан соң ұлы жазушының шығармашылық лабораториясының тілге қатысты тылсым беттерінің кейбір қырларын ашпаққа ұмтылады, әсіресе қатпар-қыртысы, сатыдеңгейі шыңырау терең мен шырқау биікке қол созатын «Абай жолының» синтаксистік құрылымының қазақ әдеби тіліне олжа салған соны жаңалықтарын ашып көрсетуге тырысады. Әрине, мойындауымыз керек, Әуезов биігіне де, оның тереңіне де әлі ешкім толыққанды бойлай алған жоқ. Бір ғана М. Әуезов туындылары емес, барша классик ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан рухани азық алып қана қоймай, олардың тіл кестесі мен өрнегін бүгінгі көркемсөз өрмегінде көмескілетпей, одан әрі құлпырта, кестелендіре түсу – жаңадан мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тілімізді жаңғыртудың, түлетудің бірден-бір жолы. Сол себепті де Тәуелсіздігіміз қолға жаңа тиген заманда академик М. Серғалиев: «Қолына қалам алып, қалың оқырман қауымға эстетикалық тәрбие беруді мақсат тұтқан адам өз заманының алдыңғы қатарлы мәдениет иесі болғандықтан, оның сөзге деген талабы мен талғамы сол мәдениеттің биігінен көрінуге тиісті. Дәлірек айтқанда, ана тілінің заңдылықтарын жете меңгеру үстіне, баршаға мәлім сөз қолдану тәртібінен айнымай, өзгеріссіз қалып қоймай, көркем шығарманың мазмұны мен идеясын, қаһармандардың ерекшеліктерін айқындайтын сөз өрнектерін жаңа бояумен, тың мағыналық даралықпен қолданудан жасқанбаған ләзім», – деп осы мақсат-үдені алға шығарады (Серғалиев М. Көркем әдебиеттің тілі. Алматы: Мектеп, 1995, 98-б.). Осы тұста, тақырыптан сәл-пәл ауытқысақ та, бір мәселені тағы бір қайталап еске салмай, тоқталмай өте шығу мүмкін емес. Өз қолымыз өз аузымызға жеткелі, әрине, қазақ тілінің өрісі кеңіп, төрге шығып кетпесе де, өрлеп келеді. Оны тек көрсоқырлар мен көре алмайтындар ғана көрмеуі мүмкін. Өзге ұлт өкілдері мен өз қандастарымыздың, оның
ішінде еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін бар, «тілін сындырудай-ақ сындырып» жатырмыз. Алаштың ақшақаражаты мен қор-қаржысы негізінен «тіл үйренушілердің» диірменіне құйылып жатқаны ешкімге жасырын емес. Тіл үйрену мен үйретудің ая-өрісін қаншама кеңіткенімізбен, жиырма жылдан астам уақыттан бері ғаламат жетістікке жеттік деп тағы ешкім айта алмасы анық. Былтыр оқығанын биыл ұмытып қалып жатқандар арасынан топ жарып шығып, қолына қалам ұстаған бір адамды тауып бере аласыз ба? Мемлекеттік қызметшілерімізге, депутаттық корпусқа мемлекеттік тіл оқытылмай, үйретілмей отыр ма? Жоқ, оларға да жыл сайын қыруар қаржы бөлініп, бір-екі жыл емес, 20 жылдан бері бар жағдай жасалып келеді. Сол лауазымды тұлғалар бүгінде аудармашы қызметінен бас тартты ма? Болмаса депутаттарымыз ана тілінде, ең болмаса, бір Заң жобасын жасап шыға алды ма?.. Сұрақ көп, жауап жоқ... Мемлекеттік тілдің «майын тамызып», теледидар мен шаршы топта сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілдері, жас «жұлдыздар» кімдер? Шындығын айтсақ, олар – қазақ тілінде білім алып, орта мектепті мемлекеттік тілде бітіргендер. Қазақ тілі мәдениеті ғылымының негізін салушы ғалым-ұстаз М. Балақаев айтқандай, олардың бойына қасиетті қазақ тілі «ана сүтіндей бойға тарамаса да», оның есесіне қазақша «Әліппемен» көзін ашып, «Абай жолымен» сусындағандар. Осы орайда, көп кілтипан мектепте, бала тәрбиесінде жатыр-ау деген ой көкейден кетпейді. Баба тілінде тәрбиеленіп, ана тілінде білім алған буын, ұрпақ ғана тіл қадіріне жетпек. Ал осы 20 жылдан астам уақытта ана тіліміздің – дүниедегі жалғыз тіліміздің мәдениетін көтеруге қанша қаражат бөле алдық? Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы сөз де, қолға алған іс-шара да жетерлік, десек те Ана тіліміз, Қазақ сөзі құлпыра, кестелене, өрнектеле түсу үшін арнайы жоспар, бағдарлама түзе алдық па? Осы жолда ақын-жазушы, әдебиетші-тілші, жалпы барша зиялы қауымымыз не істеді? Не істемек? Тіл мәдениеті жоғары, стилі
сараланған, терминологиясы тұрақтанған кемел тіл, ХХІ ғасыр басындағы жаңғырған, түлеген жаңа әдеби тілді тұғырына қондыру жаңа айтқан «тіл сындырушылар» мен «тіл үйренушілердің» емес, ең алдымен, қазақ атын иеленіп отырған мемлекеттің һәм алты Алаштың парызы мен қарызы болса керек. Сондықтан да біз бүгінгі әңгімеміздің арқауын ана тіліміздің тіл мәдениетін жаңа саты-деңгейге көтеру, соның нәтижесінде әдеби тілімізді жаңғырту, түлету турасында құруға тырыстық. Бүгінгі қоғамдық пікірдің қазанын қайнатып, қақпағын қақ айырғалы тұрған латын әліпбиіне көшу мәселесін де біз Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында айтқан ана тілімізді түлетуге, модернизациялауға тікелей қатысты деп білеміз. Жаңа жазу қазақ тілін жаңа белеске көтермек. Оның жаңа орфографиясы мен орфоэпиялық қағидаттары, жаңа емлесі мен пунктуациялық ережелері өзгеге жалтақтаған, жалынышты болған кейіптен айырып, тілімізді жаңа даму арнасына түсірмек. Осы жолда қолға алынар басты шаруа, ұлы ұран – «бір Ел, бір Тіл, бір Жазу үлгісі». Сонан соң сол жалғыз да мәңгілік тіліміздің мәдениетін көтеру, нәрі мен бәрін жарқырата ашу болмақ. Міне, біз бүгін арнайы жиналып, еңбегі мен есімін ұлықтап отырған академик Мырзатай Серғалиев та осы бағытта, атап айтқанда, қазақ тілінің стилистикасы мен тіл мәдениеті саласында елеулі із қалдырды. Осы абыройлы істі өзі тәрбиелеп, қанаттандырып ұшырған шәкірттері жалғастырып отыр. Ұстаздың, ғалымның бар да бақыты осында болса керек. Соларға ақ жол тілелік! * Көрнекті тіл маманы, әдебиет сыншысы және публицист Мырзатай Серғалиұлы СЕРҒАЛИЕВ 1938 жылғы наурыздың 17-ші жұлдызында Солтүстік Қазақстан облысы, Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданындағы «Жаңажол» ұжым шаруашылығының мүшелері Серғали Махметұлы мен
Нүрилә Сыздыққызы Махметовтердің отбасында дүниеге келді. Әкесі Ұлы Отан соғысы бастала салысымен қан майданға аттанып, содан оралмады. 1955 жылы Қостанай облысы, Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданына қарасты Қараоба орта мектебін тамамдаған Мырзатай сол жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің студенті болып қабылданды. 1960 жылы қазақ тілі мен әдебиетінің жоғары білімді мамандығын алған ол осы университеттің қазақ тілі (1990 жылдан қазақ филологиясы) кафедрасына ассистенттік кызметке қалдырылып, өзіне білім берген университетте 1999 жылға дейін профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы дәрежесіне дейінгі ұстаздық-ұйымдастырушылық жолдан өтті. Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының екі тілді сөздік және терминология бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болған жылдары да (1966-68) кафедрадан қол үзген жоқ, ұстазы проф. М. Балақаев шәкіртінің ғылыми дәрежесінің болмағанына қарамастан, қосымша оқытушылық жүктеме беріп отырды. 1968 жылдан осы университеттің философия кафедрасында аға оқытушы болып жүрген оны ұстазы 1971 жылы өзінің кафедрасына шақырды, 1989-99 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ жанындағы қазақ тілі мен орыс тілі мамандықтары бойынша кандидаттық (кейін докторлық) диссертация қорғайтын мамандандырылған кеңестің төрағасы болды. Аталған уақыт ішінде 8 докторлық және 90-нан астам кандидаттық диссертация қорғалды. 1999 жылы арнайы шақыртумен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келген ол дүниеден озғанша қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. М. Серғалиевтің ұсынысымен кафедрада аспирантура мен магистратура ашылды; 2000 жылдан бастап қазақ тілі мен орыс тілінен кандидаттық диссертация қорғайтын диссертациялық кеңес жұмыс істеді, 60-тан астам жас ғалым диссертациялық жұмыстарын қорғады. Кеңес 2008
жылдан бастап қазақ тілі, түркі тілдері, орыс тілі, салыстырмалы-тарихи, типологиялық, салғастырмалы тіл білімінен докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғайтын диссертациялық кеңес болып қайта бекітілді. Ұстаздық қызметімен қатар ондаған жылдар бойы ғылыми-зерттеу жұмысымен шұғылданды. Ғалымның негізгі ізденістері – қазіргі қазақ тілінің синтаксисі, лингвистикалық стилистика, тіл мәдениеті, шешендік өнер, көркем әдебиет тілі, лексикография мәселелері. Профессор М. Серғалиев – танымал синтаксис мамандарының бірі. Өткен ғасырдың 60-жылдарында бастау алған оның синтаксистік көзқарастары кеңестік кездің өзінде республикамыздан тыс жерлерге де белгілі болған-ды. 1991 жылы монография түрінде жарық көрген «Қазақ тіліндегі етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы» тақырыбына қорғалған кандидаттық (1967) және 1981 жылы басылған «Синтаксистік синонимдер» монографиясының негізінде қорғалған докторлық (1988) диссертацияларында ғалым синонимдік құбылыстардың лексика мен фразеологияда ғана емес, сонымен бірге еркін сөз тіркестері мен сөйлемдерде де болатынын нақтылы деректермен дәлелдеді; оларға ұқсас ұғымдар мен категориялардың өзгелік жақтар мен ұқсас сәттерін сипаттады. Сөйтіп, автор қазақ тіл біліміндегі синтаксистік синоним туралы теорияның негізін салушы ретінде белгілі болды. Авторлар ұжымымен бірлесіп жазған «Қазіргі қазақ әдеби тілі» (1991, 2006) оқу құралының «Сөз тіркесі», «Құрмалас сөйлем» және «Күрделі синтаксистік тұтастық» тарауларының авторы – М. Серғалиев. Жоғары оқу орнына арналған бұл құралда синтаксистік тұтастық теориясы тұңғыш рет берілді. «Синтаксис және стилистика» монографиясында (1997) қазақ синтаксисінің мәселелері соңғы жылдардағы жетістік деңгейінен сөз болады. ЖОО-ның талапкерлеріне ұсынылған «Қазақ тілі» (екі автордың бірі, 1979; 1994) оқу құралының синтаксис тарауларын және сөз таптарына байланысты біраз материалды М. Серғалиев
жазды. ЖОО-ның талапкерлеріне арналып М. Серғалиевтің жеке авторлығымен ұсынылған оқу құралы да («Қазақ тілі», 1992) жарық көрді. Ғалымның қазіргі қазақ тіліндегі салаласа байланысқан сөз тіркестері, сөйлемнің күрделі мүшелері, үйірлі мүшелері, еркін сөз тіркесі мен сөйлемнің арақатынасы, сондай-ақ еркін сөз тіркесі мен тұрақты сөз тіркесінің арақатынасы мәселелеріне байланысты өзіндік пікірлері де авторлар ұжымының «Қазақ грамматикасы» (2002); «Синтаксистік зерттеулер» (2004); «Синтаксистік зерттеулер» (Павлодар, 2006); «Синтаксис мәселелері» (2006) т.б. беделді басылымдардан орын алған. Профессор М. Серғалиевтің зерттеулерінің бір тобы тіл мәденитіне арналған. Ұстазы, көрнекті ғалым М. Балақаевпен бірлескен авторлықпен шығарған «Қазақ тілінің мәдениеті» оқулығының (1995, 2004, 2006) «Тіл мәдениетінің негізгі сапалары» тарауын жазды. Тілдің мұндай сапалары туралы ой-түйін бұған дейін мұндай оқулыққа енгізілген емес. «Сөз өнері» (1978), «Жазушы және сөз мәдениеті» (1983) сияқты академиялық жинақтарындағы, мерзімді, ғылыми баспасөз беттері мен республикалық конференцияларындағы өзекті жайларды сөз ететін пікірлері де осы мәселені қозғайды. Авторлар ұжымының «Тіл саясаты: тағылым мен тәжірибе» (2006) деген кітабында БАҚ пен электрондық баспасөз бетіндегі тілдік құралдардың қолданылу мәдениетін тілге тиек ететін мақалалар топтамасы көлемді орын алады. «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі» (1996) сөйлеу тілінің сұлулығы мен тазалығын сақтауға жәрдемін тигізсе, «Орысша-қазақша сөздіктен» (1993, 1995, 2001, 2003) мемлекеттік тілді оқып-үйренушілердің тіліміздің байлығы туралы алатын пайдасы аз болмаса керек. Ал Алматыда бір мұқабамен басылым көрген «Орысша-қазақша сөздік» пен «Қазақша-орысша сөздікті» (2004) оқырман қауым зор ықыласпен пайдалануда. Профессор М. Серғалиев бар саналы ғұмырын ҚазҰУдың, одан соң ЕҰУ-дың студенттеріне қазақ тілінің сти-
листикасынан дәріс оқуға арнады. Бұл пәнге қатысты көзқарастары бірнеше рет үлкенді-кішілі басқосуларда, БАҚ, электрондық баспасөз беттерінде ортаға салып жүрді. Осындай ғылыми-әдістемелік жұмыстарының және тіл біліміндегі соңғы жылдарғы табыстарды ескерудің нәтижесінде «Стилистика негіздері» оқулығы жарық көріп (2006), білім берудің пайдалы құралына айналды. Ғалым көркем шығарма тіліне қатысты еңбектерінде мәселені екі жағынан – біріншіден, көркем әдебиет тілі хақындағы өзінің қалыптасқан түсінігі тұрғысынан, екіншіден, жазушылардың, демек, шығарма авторларларының көркем туындылар тіліне өзіндік талғамы тұрғысынан қарастырады. Бұл ретте көрнекті прозашылар С. Мұқанов, Ғ. Мұстафин, З. Шашкин, С. Шаймерденов, танымал сыншы М. Қаратаев сияқты қаламгерлер тілінің стильдік өзгешеліктері жайындағы тұжырымдарды айтуға болар еді («Сөз сарасы», 1989; «Көркем әдебиет тілі», 1989, 2005; екі автордың бірі, «Қазақ ауызекі тіліндегі эмоционалдылық және экспрессивтік лексика», 1995). Автор қазақ лингвистикасында тұңғыш рет М. Әуезовтің әңгімелері мен повестерін жан-жақты ғылыми-стилистикалық тұрғыдан талдады («Мұхтар Әуезов және көркем шығарма тілі», 1998). Сондай-ақ Ғ. Мүсреповтің шешендік өнері де алғаш рет әңгіме арқауы болды («Ғ. Мүсрепов және тіл мәдениеті», 2003). Қазақ тіл білімінің негізін салушы А. Байтұрсынұлының, оның лайықты ізбасарларының, сондай-ақ бүгінгі өнімді еңбек етіп жүрген лингвистердің ғылыми туындыларын көпшілікке насихаттау мақсатында көптеген мақалалар жазып, баяндамалар жасады. «Кең өріс» (1983), «Сөз сарасы» (1989), «Ой өрнегі» (1995) атты сын кітаптары мен «Уақыт және қаламгер» (1975, 1978, 1982), «Сөзстан» (1980, 1982) ұжымдық жинақтарда қазіргі әдеби процестің елеулі мәселелеріне қатысты ой түйеді, белгілі қаламгерлердің шығармашылық портреттері, тақырып, кейіпкерлерді бейнелеу жайлы түйсік-түсініктерін білдіреді.
«Өнеге» (1998, 2006) кітабы мен баспасөз беттеріндегі М. Әуезов, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Ш. Есенов, К. Аханов, З. Қабдолов, Е. Букетов бастаған көрнекті ғылым қайраткерлері, С. Қожамқұлов, Қ. Жандарбеков, А. Тоқпанов бастаған театр тарландары, мектептегі шәкірттік жылдар туралы естеліктері мен эсселері оны публицист деуге негіз болып табылады. Ол көркем аудармамен де айналысты. Мұндай қабілетінің арқасында Я. Камал, К.С. Вирх, М.А. Заряб, К.С. Дугал, В. Валаж, Ә. Қадыров, В. Лацис, В. Кожевников т.б. шетел прозасы классиктерінің әңгімелері мен новеллаларын қазақ оқырмандарына таныстырды. Академик М.С. Серғалиев республика өміріндегі қоғамдық жұмысқа да белсене араласты. Лингвистикалық комиссия құрамында Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлерден мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтайтын емтихан алуға (1998, 2005) қатынасты. ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссия мен Астана қалалық ономастикалық комиссияның, бірқатар газет-журналдардың редакциялық немесе ақсақалдар алқасының мүшесі. Еңбегі әркез марапатталып отырды. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ЖОО-ның үздік оқытушысы, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің, Қазақстан ғылымы мен техникасына аса көрнекті үлес қосқаны үшін берілген мемлекеттік стипендияның иегері. «ЖАНСЕРІГІМ ДОМБЫРА» (Профессор Сапарғали Омарбеков туралы эссе) Жаздың бір жайма-шуақ кезі. Алатаудың баурайы құйқылжыта күй төгіп жіберетіндей демін ішіне тартып алған. Мәңгі-бақи үнсіз түнеріп тұрып алатын сұр тас та, тұңғиық ой түбіне батып кеткен шыңырау құз да, әлдебір құпия
сырдың ақтарылар шағын күтіп сақ тұрған тәрізді. Енді бірде ән шырқалып еді, айналаға жан біткендей бар тіршілік селт етіп тәтті ұйқысынан оянып кеткендей болды. Табиғат сан құбылып, құлпырып қоя берді. Далада, таудың баурайында ән тыңдағандарыңыз бар ма? Тегінде ән, өнер табиғи нәрсе ғой. Сол әнді табиғаттың төсінде еркін отырып тыңдағанға не жетсін!.. Әннің бар құдыреті, бар ләззаты сонда біліне ме деймін. Неткен тамаша! Ән әуені табиғаттың алуан түрлі әшекейімен астасып алысқа кетіп жатыр. Қыздар дауысы барабара үзіліп-созылып құлаққа әрең жетеді. Далада Татьяна әнін шырқап, Барады белден асып қарындастар, – деген Сырбай өлеңінің екі жолы еріксіз еске түсіп, ойыңды алай-дүлей етеді. Ән сызылып барып үзілгенде тәтті сезімнен еріксіз айырылғандай, «Оһ, шіркін!» деп өкіне дем аласың. Тағы да ән. Бұл жолы хор, көп дауыс тау аңғарларын күңірентіп жіберді. Алатаудың тамаша бір етегіне жайғасқан осынау топтың көңіл күйі де дәл қазір табиғаттың құлпырмалы мінезіне дөп келіп, кілем түрін ашар жарқырама әшекейі жараса қалған. Бір мезгілде домбыраның жанға жайлы қоңыржай үні келді құлаққа, манағы шулаған көңілді топ бір сәт тыныс алды. Сыбдыр қағып сусылдай жөнелетін «сөзшең аққайың жапырақтары» да саябырсып сабырлы қалпына түскен. Бір орында тұрақтай алмай тынымсыз жортар шымшық та шоршып, сол орнында қатты да қалды. Күллі табиғат: тау, тас, орман-тоғай, күллі алқап, бар тіршілік домбыра әуенін елти тыңдап, тәжім еткен тәрізді. Адамды баурап алғаны осыншалық, тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келеді. Күй сізді алысқа, қазақтың кең сахарасына жетелейді. Кең даладан орын таппай тынымсыз жортқан күй атасы Құрманғазы келеді көз алдыңа. Ол – ақ жолды, әділет жолын өнерімен, өр кеудесімен өмір бойы іздеген, халық үшін
қызмет еткен киелі баба. Алып тұлғасы, асқан өнерімен қазақтың ұлан-ғайыр даласын дүр сілкіндіріп, әрбір кеудеде адамгершілік, ерлік отын маздатқан. Мынау күйші жігіт тартып отырған күймен бірге Құрманғазының ұлы тұлғасы өсіп шығып, қалың топтың ортасында тұрғандай сезінесің. Күйші атаның бар өмір жолы алдыңыздан өтеді. Әне, ол халықты ту-талапайға салған аузы алты қарыс шонжарлармен алысып кетіп барады. Ұлы күйшінің күреске толы өміріне қызығасың да, сол ортада жалғыз қара боп тыңдаушысын таба алмай ел кезіп жүрген ер адамды көріп, көңілді мұң басады. Домбыраның екі шегін жебелеп, жеп қоярдай-ақ күйші саусақтары сағаға қарай шүйіліп барып, қия беттен құйылып кеп сұр қоянды іліп әкеткен қыран құстай қайқаң етіп өрлеп кетті де, кілт тоқтады. Күйге елтіген көпшілік маужырап кеткен. Әркім өз ойымен өзі боп, тәтті қиялдан арыла алмай отыр. Тек әлдекімнің: – Өркенің өссін, көп жаса, – деуі мұң екен, ду қол соғылған шапалақ кең даланы жаңғыртып, кәрі таудың заңғар биігіне ұласып кетіп жатты. Дуылдаған қол соғудың арасында: – Айналайын, рақмет! – Япырау, саусағың толған күй екен ғой. – Шіркін, күй деген көп нәрсені айта алады екен-ау, – деген дауыстар естіледі. Күйші жігіт әлденеге ыңғайсыздана домбыраның қасында отырған кексе адамға ысыра берді. Бақса, күйдің әсерімен өзі де ешнәрсені аңдай алмай қалған екен, сонысынан ұялады. Бір бұл емес, бұдан бұрын да дәл осылай күйге елтіп, өзге дүниені ұмытарлықтай дәрежеге жеткен еді. Жас жігіттің қиялы шарқ ұрып, сан түрлі сезімнің әсерімен дүниені шарлап кеткендей болатын. Бүгін де дәл солай болғанын енді ғана аңғарып отыр. Онысын елер адам жоқ, тұс-тұстан сұрақтар мен ұсыныстарды жаудырып, өзді-өзі күйден алған әсерін айтысып кетті.
– Өнер институтына неге түспедің? – Жоқ, осынысының өзі дұрыс, ғылым кандидаты, әрі өнер иесі. Ғажап емес пе? – Тек, қол үзіп қалмасын деңіз! – Е, шіркін, мұндай өнерім болса, өзге дүниені қояр едім. Осылай деп жамырасып әлі біраз отырар ма еді, егер егде тартқан көсем кісі: – Жә, немене түге, өзді-өзді даурығып…Көп сөзден күйдің өзін тыңдаған артық. Қане, Сапар, бұған не айтасың, – демесе. Қайтып ұсынылған күрең домбыраны күйші жігіт биязы қимылмен сыпайы алды да: – Енді не тартсам екен? – деп домбыраны олай-бұлай аударып, тиегін түзеп, жан-жағына ілтипатпен қарады. Әркім әртүрлі күйді ұсынып жатыр. Біреу Құрманғазының «Серпері» десе, енді біреу Тәттімбеттің «Сылқылдағын» айтады, ал үшіншісі Қазанқаптың, Динаның күйлерін де ұмытпа дейді. Не керек, бұл күні қазақ күйлерінің қазынасы ақтарылды. Сан күй тартылып, күллі қазақ жерін аралап, халқымыздың өткен өмір жолын, тарихын шолып шыққандай болды. Күйші кім, күйші жігітті қоршаған адамдар кім? Бұл ғылым дүниесінің өкілдері еді. Апта бойы, ай бойы, жылдар бойы архив қазынасын ақтарып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуші лингвист, әдебиетші ғалымдардың тобы еді. Олар қайсыбір жексенбіде тау бөктеріне сейілге шығып серуендеп, өнер, ғылым жайында әңгіме шертіп, демалысты көңілді өткізіп қайтатын. Сылдырап аққан бұлақ басына алқа-қотан отыра қап ән шырқайтын, күй шертетін. Бұл алғашқы серуеннің бірі еді. Ғылым соңында өзімен-өзі боп қияли ойда жүретін адамдар мұндайда басқа бір қырынан көрінеді. Оның адамгершіл қасиеті, ерлігі, қайраттылығы, өнері әйгілі болады. Тіпті, қызмет бабында жүріп біле алмаған нәрсеңді біліп, көре алмаған нәрсеңді көріп, еңбектес жолдасыңның өзгеше қыры мен сырын танып, біліп, бағалап қайтасың.
Жаңағы күйші жігіт осы көптің жаңа тауып, жаңа танып отырған адамы. Бұл жолы олар Сапарғали Омарбековты Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының ғылыми хатшысы ретінде емес, үлкен өнер иесі, күйші азамат ретінде танып отыр. Адам көңілін ырза ету әркімнің қолынан келе бермейтін іс қой. Ол өнерлі адамның ғана қолынан келеді. Тегінде, өнерлі азаматы мол ел әрқашанда әлуетті. Қилы-қилы мінезді адам баласын бірқалыпта ұстап, бір күйге келтіріп, уысынан шығармай үйіріп әкететін өнерден күшті, одан сиқыр не бар екен, дүниеде?! Сол өнерлі елдің өкілі, өнерлі көптің бірі Сапарғали. Ол алғаш мектеп қабырғасын аттасымен-ақ есіл-дерті домбыра, ән-күй болды. Қазақтың кез келген қара баласы сияқты ол да, ең алғаш «Елім-айды» салған еді. Бұл бір елдің елдігін, қайғы-қасірет, мұң-шерін қабырғаңды қайыстыра, өзегіңді өртей, сай-сүйегіңді сырқырата жырлайтын бүкіл халықтық ән, мұң, шер еді. Сондықтан да кез келген қазақ баласына бұл әнді үйрену парыз іспетті боп кеткен. Сапарғалидың да өнерге сапары осы әнге байланысты. Оның ол кездегі ұстаздары өнер сүйген өрендер – мұғалімдер, ауыл қарттары еді. Қарттардан халық күйлерін үйренді. Дегенмен Сапарғалидың өнерге, өмір жолына сапары университет қабырғасында басталған еді. Қазақстанның жер-жерінен жиылған, өнер-білімді аңсап келген жастар келе оқуды еңсеріп, өнерді де меңгере бастады. Оларға астананың өнер қайраткерлері көмекке келді. Өнерпаздар коллективі ұйымдастырылды. Әйгілі домбырашы – артистер Қали Жантілеуов, Үрістембек Омаровтардың басшылығымен ҚазМУ-де халық аспаптар оркестрі ұйымдасқан болатын. Сапарғали осы оркестр құрамында жүріп, тек күй үйреніп қана қоймай, домбыра дегеннің халық қазынасы екеніне, оны көздің қарашығындай сақтап қастерлеу қажет екенін түсінді. Әсіресе Динаның шәкірті Ығылман Әлжанов Сапарғалидың күйші ретінде қалыптасып, шеберлігін арттыруда
зор еңбек етті. Сапарғали көптеген күйді осы кісіден үйренді. Мысалы, Ұзақтың «Ақжелеңі», Қазанқаптың «Торы аты», Динаның «Бұлбұлы» мен «Көген түбі» осының айғағы. Сапарғали Тәттімбет, Дәулеткерейдің күйлерін де сылқылдата шерткенде айызыңыз қанады. Күйшінің бұл күнде өзіндік орындаушылық стилі қалыптасқан. Әрбір күйді бабымен шебер тартуға тырысады. Талғамы күшті. Университетті бітірген соң Сапарғали Қазақ ССР Ғылым академиясына қызметке келді. Өзінің күйшілік өнерін мұнда да тоқтатқан жоқ. Қайта репертуарын толықтыра түсті. Сапарғалидың кейбір жолдастары ғылым ордасына келген соң домбыраны қояр, ол жастық шақтың ермегі ғой деп те ойлады. Бірақ, олай болмай шықты. Сапарғали өнер мен ғылымды қарсы қойған жоқ, қатар ұстап, қабат алып жүрді. «Қайта домбыра шертсем басым тынығып, шабыттана түсем. Ғылыми жұмысқа ерекше жігермен кірісіп кетемін. Мен үшін домбыраның көмегі мол. Бұл – менің жансерігім», – дейді ол. Мұнысына кәміл сенемін. Ол осы ұстанымынан өмірден өткенше айныған жоқ. Өнерін де өрлетті, ғылымын да селдетті. Домбырада күйлерді қалай шебер шертсе, ғылыми ізденістерге келгенде қаламын да солай көсілте жөнелуші еді. Ол екі тілде (қазақ, орыс тілдері) бірдей еркін жазатын. Сапекең «Дарақ бір жерде көгереді» деген тәмсілді өз өмірімен дәлелдеген ғалым. Бар саналы өмірі осы Тіл білімі институтында өтті. Осында көктеді, өсті, жетілді, жетекші ғалым дәрежесіне еңбекпен көтерілді. Шығарған кітаптары халық тілінің құбылыстарын тарихи-салыстырмалы аспектіде байланыстыра сөйлейді. Лингвистикалық география саласындағы ізденістері тұңғыш лингвогеографиялық монографияға айналды. «Диалектологиялық сөздік» (1996) пен «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» (2005) кітабының негізгі авторларының бірі. Ол лингвистиканың бір саласымен ғана шектеліп қалған жоқ. Оның ғылыми өрісі кең болатын. Тіл білімінің сан саласында қалам сілтеп, ой тастады.
Сапарғали Омарбеков қазақ тіл білімінің нәтижелі еңбек еткен, ойлы да зерек сардарларының бірі еді. Марқұм проф. Е. Жанпейсов көбіміздің көкейіміздегі бір кезде Ғабит Мүсірепов айтқан Ілияс Омаров туралы «Үлкендер арасында кіші емес, кішілер арасында үлкен емес» деген сөзін дөп келтірген екен. Сапарғалидың ғылыми, адами өмірі де осы сөздің шындығын әйгілейді. ҚАЗМУ – БІЛІМ МЕН БІЛІК ОРДАСЫ Бала кезімнен Алматыдағы Қазақ университетінде оқуды арман еткенмен, Алматыға жетуім оңайға түскен жоқ. Әуелі бірге оқыған мектептес балалардың кеу-кеулеуімен Ташкентке жол түсті. Бұл қаланың әйгілі оқу орындары көп қой, бәрін аралап көрдік, бірақ ешқайсысы көңілге жатпады. Алматыны аңсадым да тұрдым. Содан Ташкент вокзалына қайта келіп билет іздедік. Аңқау ауыл баласы бір ересек алдамшының арбауына қалай түсіп қалғанымызды білмей қалдық. «Әй, жігіттер, билеттерің жоқ-ау шамасы, чемоданды маған беріңдер де, пойыз жүрген соң төбесімен маған келерсіңдер, мен осында болам, сендерді күтем», – деді. Билет таба алмай аңырап жүрген екі бала қайырымды аға табылғанына қуанып кеттік те, айтқанын екі етпедік. Пойыз зулап келеді. Айтқан вагон түгілі, барлық басқа вагондарын да аралап шықтық. Іздеген «ағамыз» зым-зия жоқ. Чемодан жоқ, онымен бірге бүкіл құжаттар кетті. Екі қолды мұрынға тығып, Темір стансысынан түстік. Оқимыз деген арман көзден бұлбұл ұшты. Емтихан уақыты жақындап қалған. Барлық құжаттардың көшірмесін (дубикатын) жасап үлгере аламыз ба, жоқ па, белгісіз. Тәуекелге бел байлап аудандық, облыстық мекемелерге шапқылаумен болдым. Мақсат: аттестат, комсомол билеті, паспорт т.б. қайта қалпына келтіру. Бұл екі ортадағы сарсаңға түскен күндерді еске алсам, әлі күнге жүрегім дірілдейді. 1954 жылғы шілденің 25-26-да әрең дегенде барлық құжаттарымды қамдап арманды Алматы, Қазақ университе-
ті қайдасың деп тағы да жолға шықтым. Темір шағын стансы. Пойызға билет бола бермейді. Тағы да солай, Базарбай деген кассир ағамыз аузын қу шөппен сүртіп отыр. Айтатыны «жоқ», «жоқ»… Иә, жоқты қайдан табасың. Арманым орындалмастай, үміт кесілгендей болып Мәскеу пойызын күтіп тұрмыз. Осы пойызға ілінсем іліндім, ілінбесем бәрі әурешілік боларын сезіп, дегбірсізденіп тұрмын. Бір кезде менің арманымды арқалағандай болып, Мәскеу пойызы келіп тоқтады. Вагондардан кілең спортшылар топырлап қарғып-қарғып түсе бастады. Бұлар Мәскеудегі жастар спартакиадасына қатысып келе жатқан спортшы студенттер екен. Ішінде мені жолға шығарып салып тұрған мұғалім аға Құрманбайдың таныстары да бар болып шықты. Олар Семейдің жігіттері екен. Мән-жайды білген соң: «Мына спорт костюмін ки де, біздің вагонға кір», – деді. Әлгіні киген соң менің олардан айырмам болмай қалды. Ұмытпасам, шілденің 28-ы күні болатын. Сөйтіп жеттім-ау, әйтеуір, Алматыға… Қазақстанның түкпір-түкпірінен ілім іздеп келген балалар басы көк майсаға көміліп, оранып тұрған Алматы шаһарында түйіскен еді. Қаланың көркем көркін суреттеуге тіл жетпейді. Мың бір түн хикаясындағы бір тамаша шаһарға еніп кеткендей күй кеше бастадық. Тау бұлақтарынан басталып, көше қуалай сылдырай ағатын мөлдір судың салқын сазды лебі денені балбыратып, бойды балқытады. Көше бойлай жасыл желегін желбіретіп тұрған алуан түрлі жеміс ағаштары өзгеше құлпырып, жас түлектер жүрегіне неше алуан ән-әуен ырғақтарын құя түседі. Діттеген жерім қазақтың сол кездегі маңдайалды оқу орны – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті. Филология факультетіне жас талапкерлермен қатарласа кезекке тұрып, құжаттарымды тапсыра бастадым. Суретім жоқ екен. Тез жасап бере қоятын суретші тек Көкбазардан төмен, қазіргі орталық мешіттен жоғары тұратын бір еврей екен. Барсақ, ол да жоқ, ертеңінде істейтін болып шықты. Сөйтіп, ертеңінде сурет пен керекті құжаттарды түгелдеп тапсырдым-ау, әйтеуір. Ертеңіне өзім сияқты басқа бала-
лармен бірге шығарма жазуға отырдым… Кейін байқасақ, бір орынға он, он бір баладан таласқа түскен екенбіз. Әр емтихан тұсында сейіле келе, ең соңында екі адамнан ғана қалдық. Менің оқуға деген талпынысым осындай тауқыметтермен басталған еді. Әйтсе де, қызығы да, қиындығы да мол ғажайып күндер осыдан былай қарай басталды. Бұған қоса университет және дәрісханалар аурасы біздің ықыласынтамызды мүлде байлап алды. Бірінен-бірі ерекше мұндай дәрісханаларды тұңғыш көруім. Дәріс бере бастаған ұстаздардың әдіс-тәсілдері алуан-алуан. Біріне-бірі ұқсамайды. Тіл мен әдебиеттің үздіктері екен. Алғашқы сәттерде лекция жазу орнына аузымызды ашып, аңқиып тыңдап отырып қалатынбыз. Сол ұстаздарымыздың көбі бұл күнде жоқ. Артына асқан үлгі тастап, елдің бәрі барар баянды мекенге аттанып кеткен, жарықтықтыр! Олардың әрқайсысының болмыс-бітімі, іс-әрекеті неше алуан мақала, кітаптарға негіз болар еді. Олар жайында жазылған дүниелер де аз емес, жетерлік. Бірақ тауысып айта алған ешкім жоқ. Түгел жазып бітем деу де мүмкін емес. Олар ұстаздық міндетін азаматтық парызбен ұштастыра білген, бар өнегесін шәкірттеріне қалтқысыз беруге тырысқан аяулы жандар еді. Олардың арасында Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге аты әйгілі профессор ұстаздар сабақ береді екен. Атап айтқанда, Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, профессорлар М.О. Әуезов, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Т. Нұртазин, Ы. Маманов, К. Аханов, О. Төлегенов, Т. Амандосов, З. Қабдолов, Х. Сүйіншәлиев, Герпсман, Мадзигон, Рубинова, Н. Киікбаев, Ж. Қарағұсов, А. Тілеубердин, т.б. Мына ғажайып өмірде менің және мен сияқты жас түлектердің жолын ашқан, көкейімізге ғылым мен білім кәусарын құя білген аяулы ұстаздарымды әрдайым еске алып жүремін. Міне, бүгін де осы мен оқыған университеттің абырой-беделін көтере білген ұстаздарыммен қайта тілдескендей болып отырмын. Ұстазға деген ықылас-пейілден әлі күнге танған емеспін...
Ұстаздарым менің Мұхтар Әуезов Бұл есімді естігеннің өзінде жүрегім елжіреп, өзгеше күйге түсемін. Мұхтар Әуезов бізге абайтанудан дәріс оқыды. Алғашқы сәт... Кең дәрісханада студенттер толып отыр. Адам әлі толастар емес. Факультет студенттері түгел жиналғандай. Сұрастыра келсек, басқа оқу орындарынан да келген жандар бар сияқты. Бір кезде есікті айқара ашып, төртбақтау келген толық денелі қара торы кісі «Сәлеметсіздер ме?» деп кіріп келді. Бәріміз жапа-тармағай тік тұрып қарсы алдық. Жайлап қана ырза көңілмен «Отырыңыздар» деді. Бас кескіні мүлде бөлектеу, ешкімге ұқсамайтын жан екен. Бала көңілмен жарқыраған маңдайына көзім түсе берді. Ол кісі сәл ғана жымиып алды да «ыһа, ыһалап!» тұрып, Абай дана туралы толғай бастады. Үні мейлінше жағымды, қоңырқай екен. Тоқтаусыз, толассыз, соншама әсерлі сөйлейтін кісіні тұңғыш рет көруім. Үнсіз құлақ қоюдамын. Байқаймын менен басқалар да үздіге тыңдап отыр. Ұлы Абайдың өмірі, өлеңдері туралы мектеп қабырғасында да оқығанбыз. Оның бәрінің атүсті өткен сабақтар сияқты болғандығынан ба, немесе өзіміздің ықтияттап назар сала алмағандығымыздан ба, Абайдың мұншалықты ғажайып тұлға екенін енді ғана біле бастадық. Абай өлеңдерін жатқа айтатын адамға таңғала отырып, ондағы мағына арқалап тұрған әрбір сөзді, сөз үйірлерін талдап түсіндіруіне тәнті болатынбыз. Мұхаңды алғаш көрген күннен бастап, біз ол кісінің дәрістерінен қалмауға тырыстық. Ол кісінің кескін-кейпінде, үнінде, сөз сөйлеу мақамында адамды арбап алар қасиет барын біртіндеп біле бастадық. Әрбір дәрісі өткен сайын өзі төгілдіріп, тамсана сөз ететін ұлы Абай бейнесін танып, көзіміз ашылғандай болатын. Тіпті кейде Мұхаңды Абайдың өзімен салғастырып, ол кісі кіріп келгенде Абайдың өзі енгендей әсерленетінбіз. Ұлы ақын өлеңдерін соншама бері-
ліп, төгілдіре жатқа айтқанда, ол шумақтар оның өз жүрегінен, өз кеудесінен шығып жатқан дүниедей көрінетін. Тек бұл өлеңдер өмірдің қандай сәтінде, нені меңзеп жазылғанын таратып талдай бастағанда Абайдың алып тұлғасы кескінделіп шыға бастайтын. Кейде жеке өлеңдердің мәнін, мағынасын талдай келе, оны Пушкин, Лермонтов, Бунин туындыларымен байланыстырып, тіпті ой ағымымен әлемдік әдебиет тарландарын шарлап, шығандап шығып та кететін. Соның бәрінен де бірінен-бірі туындап жататын үздіксіз даналық ойлар жалғасын сезініп отыратынбыз. Біз Мұхаңның дәрістері арқылы Абайды ғана танып қойғанымыз жоқ, бүкіл әлемдік әдебиет пен мәдениетке жол ашқандай едік. Бала кезімізде кемел қарияларды көп көріп ем. Солардың «көзің ашылсын, қарағым!» дейтін батасын көп еститінмін. Шамасы елдің көзін ашу дегеніміз осындай-ақ болар. М. Әуезов дәрістерін тыңдай-тыңдай бүкіл қазақ баласының көзі ашылды деп айтуға болар. Мұхаң шешен сөйлейтін. Шешендігі ділмәрліктен емес, алуан түрлі деректерді қазақтың кестелі сөздерімен көмкеріп отыруынан байқалатын. Ол кісі сөйлеп тұрғанда шыбынның ызыңы ғана білінетін. Сөзін бөлуге болмайтын. Бір жолы Мұхаңның қатты кейіген түрін көріп шошынғаным бар. Төгіліп дәріс оқып тұрған бір тұста арт жақта отырған студенттер ортасынан оқыс күлкіні құлағы шалып қалған ұстаз сөзін кілт үзіп біртүрлі тотығып, тоқтап қалды. Анықтап қарасам өзінің «Абай жолы» эпопеясындағы Құнанбай, Абай, Оразбайлардың бейнесін суреттегенде үнемі қолданатын «қанын ішіне тартып сұрланып» дейтін сөз орамындағыдай түтігіп, тотығып кеткен екен. Әлгі бір-біріне қалжың айтып, оқыс күлген қыз бен жігітке түтіге қарап: «Қарағым, қандай мамандықты таңдап келгеніңді білемісің. Қазақтың жүрегімен, өзімен тікелей байланысты дүние ғой оның тілі мен әдебиеті. Соның бүге-шүгесін түгел бойға дарытатын үлкен білім ордасы – Қазақтың университетіне келіп отырсыңдар. Мұсылман баласы мешітке игі ниет-
пен, иманды жүрекпен, таза оймен арылып шығардай енетін болса, филология факультетінің студенттері де осынау дәрісханаға сондай оймен, сеніммен келуі тиіс. Бұл жерге адам ілім іздеп келеді, басқа қылыққа орын жоқ…». Біраз толғанып тұрды да, үзіліп қалған дәрісті ары қарай жалғастырып әкетті. Содан кейін Мұхаң сөйлеп тұрғанда бір де біріміз бөтен қылық көрсетпейтін болдық. Есейіп, егделенген сайын әрбір іс, тірлікті бастар алдында ұлы ұстаз бейнесі үнемі көз алдымда тұрады. Ол ұстаздығын мәңгілікке қалдырғандай. Ісмет Кеңесбаев пен Мәулен Балақаев Университет қабырғасында студенттер есінде қалған ерекше тұлғаның бірі – Ісмет Кеңесбаев болса, екіншісі – Мәулен Балақаев. Екеуі де Ұлттық академияның мүшесі, екеуі де профессор. Екеуі де тіл маманы, әлемге әйгілі түркологтар. Қазақ тілі білімінің негізін бірге қаласқан, үзеңгі қағысып қатар жүрген құрдастар. Ғылым, білімде де, өмірде де бірге жүріп, ақтық сапарға да бірінен-бірі қалмай уәделескендей бірінен соң бірі қалмай аттанды. Өздері кеткенмен қазақ тілі білімінде өшпес іздері қалды, қаншама шәкірт тәрбиелеп, солар арқылы тағылым, тәрбиенің үлгісін қалдырды. Екеуі де университеттің айтулы ұстаздары еді. Екеуінің сабақ беру үлгісі екі басқа еді, сондай-ақ тыңдаушыны ұйытарлық қабілет-қарымы да әрқилы болатын. Секеңнің сөйлеу мақамынан мәселені аумағымен қопарып қисындата түсіндіру жағы басым көрінетін. Қай мәселеде де алғырлығы байқалып тұратын. Қаздың дауысындай саңқылдай шығатын қоңыр үні кімді де болса ұйытып әкететін. Сөзінің ара-арасында әзіл-қалжыңын да араластырып отыратын. Қалжыңның көбі өзінің қатар-құрбы достарына бағытталып жататын. Ондай әзіл-оспақтың садағы әсіресе М. Балақаев пен Ғ. Мұсабаевқа тураланады. Ал М. Балақаевтың тақылеті мүлде басқашалау. Ол еш уақытта дауысын көтеріп сөйлеген жан емес. Соған қа-
рамастан, оның айтқаны діттеген жеріне жетпей қойған емес. Қазақ сөзінің майын тамызып сөйлеуге шебер-ақ еді. Өйткені, ол кісінің сөзінде артық-ауыс ештеңе болмайтын. Мәкең әзіл-қалжыңға тіпті шебер болатын. Мақтамен бауыздайтын кісінің өзі. Қазақ тілі сабағының өзінде уытты қалжың сөзін тұздықтап, тыңдаушысын сергітіп алып, мақсатты ойын ары қарай жайлап жалғастыра беретін. Содан да болар, ол кісінің дәрісінен ешкім жалығып көрген емес. Ұстаздан ұят болмасын деп сабағынан қалмай, берген тапсырмасын бұлжытпай орындауға тырысатынбыз. Секең мен Мәкеңнің университетте дәрісін тыңдап өскен көп шәкірттерінің бірімін. Тағдыр бұйыртып, кейін екеуімен де қызметтес болып, шәкірттік ісімді жалғастыра бердім. Ісмет Кеңесбайұлы Тіл білімі институтының директоры да, Мәулен Балақайұлы сол институттағы Тіл мәдениеті бөлімінің бастығы болды. Мен ғылыми жұмысқа осы бөлімде баулындым. Екеуі де ұстаздық өнерін тоқтатқан жоқ. Екі ұстаздың тәрбиесін көп көрдім, тағылымын алдым. Кандидаттық жұмысты да, докторлық жұмысты да ұстаздарымның батасын ала отырып қорғадым. Аяулы ұстаздар қасында көбірек болғандықтан, олардың адами қалжың-әзілдері, адами ара қатынасы жадымда. Солардың қайсыбірін қайталап еске алған артық болмас. Білген кісіге олардың тәрбиелік мәні болар деймін. Жалпы Мәкеңнің қазақы тілмен айтқанда жатып атарлығы басымдау еді. Қисыны келген тұсын қалт жібермейтін. Жамбасқа салып тартып жіберетін. Қайсыбір тұста аңғалдық пен қопалдық жасап алғанмен, Секең де есесін жібермейтін. Елге әлдеқашан аңыз боп тарап кеткен мына бір қалжыңды қалай ұмытарсың?!. Бірде Ісмет Кеңесбайұлы қатты науқастанып ауруханада жатып қалады. Ежелгі досының көңілін сұрауға Мәулен барып: «Ә, сабазым, ол жақтан да аман қайтқанбысың?», – дейтін көрінеді. Сөйтсе, әрең сөйлеп жатқан Секең: «Құлағыңды жақындат, – дейді де. – Кетіп-ақ қалатын рет бол-
ған еді. Бірақ ол жақта да адамды алфавит тәртібімен алады екен. К-нің әзірге керегі жоқ, бізге Б керек деп саған мені шақыртуға жіберді, Балақаев», – деп жайлап езу тартқан екен. Жарықтықтар қисыны келген жерде қалжың сөзден екеуі де бас тартпаған. Тіпті Қаныш Имантайұлы қайтыс болып, ол кісінің мәйіті салынған табытты бүкіл ел орталық бейітке дейін жаяу апарғаны жадымызда. Сол қаралы шерудің бір тұсында Секең Мәкеңді нұсқап, ежелгі әдетіне басып: «Қашанғы қазақ қырыла береді осы? Сенің де кезегің келген жоқ па өзі?», – дейді жайлап. Сонда Мәкең қолын жоғары нұсқап: «Ісмет, ол бізге байланысты емес. Оның билігі жоғарыда, ол кісі бәрін біледі. Әзір кілең игі жақсыларды алып жатыр. Ендігі игі жақсымыз Сен деп жүрміз ғой», – депті. Жұрт ашық күле алмай, іштен булығыпты. Екеуінің бір-біріне деген қимастық сезімі терең болғанын Ісмет Кеңесбайұлы қайтыс болғанда көрдім. Мәкең ескі досының басында отырып егіл-тегіл жылады. Ол кісінің жылағанын бірінші рет көруім. Опасыз, жалған, дүние-ай!
Бейсенбай Кенжебаев Бейсенбай Кенжебаев өмір бойы осы университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі ретінде тамаша шәкірттер тәрбиелеген мейлінше терең білімді патриот ғалым болатын. Бір қарағанда оның дәрістері соншама бір кісі тартарлық болып көріне қоймайтын. Алайда әдебиет тарихының терең тұңғиығына Бейсекеңдей үңіле алған ұстаз көп емес еді. Ол кешегі Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтай алыптарынан айырылған әдебиеттің әлденеше ғасырлық тарихы бар екеніне көзімізді жеткізді. Әдебиет пен мәдениеттің түп негізі сонау орхон-енесей жазуларынан бастау алатынын дәлелдеді. Сөйтіп, оның асықпай, анық, сабырмен баяндалатын дәрістерінен қазақ
дейтін халықтың рухани жан дүниесі мейлінше бай екенін, оның тарихы әлі зерттелмей жатқанын, оны зерттеушілердің болашақта өз шәкірттері арасынан да шығатынын болжай отыратын, кейін оның бұл болжамы шындыққа айналды. Мәселен, Бейсекеңнен тағылым алған Ә. Қоңыратбаев, Қ. Сүйіншіәлиев, Р. Бердібаев, З. Қабдолов, Н. Ғабдуллин, Т. Қожекеев, Т. Кәкішов, Ш. Елеукенов, сондай-ақ ұстаз бауырында өз құлындарындай таласа-тармаса өскен А. Қыраубаева, М. Жолдасбеков, Н. Келімбетов, Р. Нұрғали, М. Мағауин және өзінің төл баласындай болып кеткен Қ. Ергөбек ұстаз үмітін ақтаған қазақтың айтулы азаматтарына айналды. Қазір ойлап отырсам, Бейсекең қалдырған мұра ұшан-теңіз екен. Дүниеден өткеніне біраз болғанымен, оның кітаптары мен жазған мақалалары қазіргі ұрпақтың да қажетін толығымен өтеп отыр. Ендеше, Бейсекең сияқты ұлы ұстаздың өнегесі әлі талай жылдарға азық болатыны хақ. Темірғали Нұртазин Бұл кісі қазақ кеңес әдебиетін барынша жетік білген адам еді. Сабақ беру үлгісі де басқашалау көрінетін. Басқашалау болатыны қазақ әдебиеті өкілдерінің өмір тарихын, шығармаларын жетік білетіні байқалып тұратын. Тіпті кейбіріне өзі куәгер болғандай баяндайтын. Әсіресе олардың жеке шығармаларын талдап түсіндіруде, әрбір жазушының қалыптасу тарихына байланысты, шығарманың жазылу сырына байланысты деректерді келтіріп түсіндіруі қызықты еді. Тіпті жазушының жеке өмірінен қызғылықты мысалдар келтіру арқылы, кейде тіпті олардың мінез-құлқына да сипаттама беріп отыратын. Аздап сайқымазақтанып та кеткендей тұстарын байқасақ та, ұстазымызды елітіп тыңдайтынбыз. Жалықтырмайтын. Мәселен, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, А. Тоқмағамбетовтың шығармашылық өмірлері жа-
йындағы дәрістерінің қайсыбір тұстары есімде қалып қойыпты. Жазушы шығармасын талдар алдында сол жазушы басынан өткен кейбір қызықты оқиғаларды баяндай отырып, студенттер ықыласын тартып алатын. – Мұхаң мен Сәбеңнің мінездері қызық қой, – деп бастады бір жолы әңгімесін ұстаз. Елтіп құлақ түре бастадық. – Жолсапармен Мәскеуге барған тұсы екен. Екеуі қонақүйге жайғасады. Бір күні күнделікті шаруамен Сәбең қонақжайға кештеу оралады. Есіктегі күзетші Сәбеңнің осында тұратындығын куәландыратын рұқсат қағазды сұрайды. Сәбең оны қайбір қадағалап қалтасына салып жүреді. Мұхаң ондайға ұқыпты, куәлігін көрсетеді де, кіріп кетеді. Сәбеңнің қағазы жоқ болып шығады. Соған қарамастан ол «Мен белгілі жазушы С.Мұқановпын ғой!» деп омыраулап кіре береді. Мұнысын әбес көрген кезекшінің кескестегеніне қарамай өтіп жүре береді. Бұған ызаланған кезекшінің аузынан «Өй, надан азиаттар!» деген дөрекі сөз шығып қалады. Бұған жасынан Балуан Шолақ атанған Сәбең қалай шыдап тұрсын?! «Не дедің сен, оңбаған?» деп майданды салады ғой. Бұл кезде сұлу, сыпайы торы аттай, ізетті қалпымен Мұхаң нөмірге көтеріліп кеткен. «Но зато, – дейді Темкең, – 6-шы қабатта Асқар Тоқмағамбетов жатыр екен. Төмендегі майданды естіген ол дамбалшаң жатқанына қарамастан «сүзетінім бар еді, жіберші жібер, төменде Сәбит төбелесіп жатыр дейді» деп жүгірген екен...». Біз Темкеңнің бұл әңгімесіне шек-сілеміз қатып күліп алдық., үш ұлы жазушының адам-пенде есебіндегі айна-қатесіз кескін-кейпі көз алдымызда қалып қойды. Жамбыл жәкеміз жайында, оған хатшы болған Әбділда, Ғали, Тайыр т.б. жайында айтатын естелік әңгімелері де мейлінше қызық болатын. Әсіресе сол хатшыларына Жамбылдың бір ауыз сөзбен мінездеме беретін қасиетін Темкең риза бола отырып айтатын. Студент кезімізде ұйымдастырылатын кездесулерде бұл әңгімелерді ол кісілердің өз аузынан да естіген едік. Темкеңнің де және Ғали Ормановтың, Әбділда Тәжібаевтың да айтуларына қарағанда, Жам-
был жәкеміз інілеріне мінездеме беруде қазақ тілінің шұрайлы, бейнелі, кестелі сөздерін дөп қолданады екен. Мәселен, ол кісінің Ғали Ормановқа берген сипаттамасын Темкең де айтты және Ғалекеңмен болған кездесуде өзіміздің де көзіміз жетті. Жәкең Ғалекеңе қарап тұрып, «Өй, суға тойып тыңқиған, қара шұнақ бұқадай қайдан шықтың?» дейді екен. Шынында, сол кездегі кескінім Жәкең айтқандай екен деп Ғалекеңнің өзінің де риза бола әңгімелегені бар. Сондай-ақ Әбекеңе (Тәжібаев) қарап тұрып, «Барыпкеліп, батып-шығып жүрмісің?» деген тәрізді теңеуді айтады екен Жәкең. Міне, осы тектес мысал, деректер Темкең ұстазымыздың дәрістеріне тән құбылыс еді. Бір ғажабы, әңгімеге дәйек болған М. Әуезов, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Б. Кенжебаев, Т. Нұртазин тәрізді ұлы ұстаздарымыз тар заманның талай тауқыметі мен теперішін көрсе де, өздерінің адамдық, азаматтық болмыс-бітімін жоғалтпаған қайсар жандар еді. Бұлар өмір бойы талмай жинаған білік-білімін шәкірттерінің бойына қалтқысыз дарытып, түгел сіңіруді, беріп кетуді мақсат еткен, аяулы да ардақты ұстаздарымыз болатын. Рухтарына мәңгі тағзым! Зейнолла Қабдолов Бізден бір мүшелдей үлкен жас ұстазымыз да болды. Ол Зейнолла Қабдолов болатын. Зекеңнің кескін-кейпі, киім киісі, сөйлеу мәнері бізге бірден қатты әсер етті. Бір қарағанда, оның сөз саптауында, дәрісханаға келіп кіру қимылында, өзін-өзі баппен ұстауында өмір бойы өзі табынып өткен Мұқтар Әуезовке ұқсауға тырысатыны байқалатын. Сонымен бірге өзіндік болмыс-бітімін әйгілейтін сөз саптау жүйесі, кербез керім тұрысы, қимыл қозғалысы ерекшеленіп тұратын. Әсіресе қазақ сөзінің құны мен парқын біліп, оны терең түсіндіруге келгенде Мұхаңша төгіле жөнелетін. Қазақ сөзінің астарлы сұлу сазын, жаныңды
баурап алар мағынасы мен үнділігін бұл кісідей ашып, ұқсата білетін жан көп емес еді. Көмейінен төгілген сөздердің көркемдігіне, әсер-пәрменіне әрдайым таңғалумен болатынбыз. Ол кісінің оқыған дәрістеріне тәнті бола жүріп, әдебиет дейтін ғажайып пәннің теориялық негіздеріне қанықтық. Зекең сөйлеп тұрғанда қазақ сөзіне қанат бітетіндей көрінетін. Сонысынан да болар, ол кісінің дәрісіне барынша қызығатынбыз. Көбіміз әлімізге қарамай Зекеңе ұқсауға тырысатын едік. Бұл кісінің әдебиетке, сөз өнеріне деген ынты-ықыласында шек болмайтын. Әдебиет теориясының ең күрделі мәселелерінің күнделікті өмірдің қызықты оқиғаларындай әңгімелейтін. Әдебиетті өнер деп, өнерді өмірдің өзі деп түсіндіруге бейіл еді. Ол әрбір шәкірт бойынан бір жақсылықтың нышанын көргісі келетін, соны іздейтін және табатын... Кейін ұстазымызбен заманымыз бір болған соң, ғылым-білім әлемінде қатарлас, қанаттас қызметте жүрдік. Бұл тұста да Зекең бойынан адамдықтың, адамгершіліктің, ізгі ниет пен ықыластың иісі аңқып тұратынын байқаушы едік. Ол өмірге ізгіліктің ұрығын себу үшін, адамдарға жақсы сөз айту үшін келгендей еді. Өйткені ол кісінің аузынан сіздің бойыңызға жылылық дарытатын ғажайып сөздер легі ағылатын. Ол кісімен кездескен адам бойында жақсылыққа деген ұмтылыс сезімі пайда болатын. Иә, З. Қабдолов өмір бойы жақсылықтың ұрығын себумен айналысқан ғажайып тұлға болды. Соның бір дәлелі ретінде өз өміріме байланысты бастан кешкен бір ғана сәтті еске ала кеткенді жөн санадым. ...Ғалымдардың Ғылым академиясының мүшелігіне ұмтылып жатқан кезі еді. Мен де араласқым келіп, екі ойда жүргенмін, өйткені менен жасы да, бітірген еңбегі де басымдау деп есептейтін біраз адам бар еді. Солардың алдына түспейін деп, тартыншақтап жүрген едім. Сайлау күні жақындап келеді. Қажетті құжаттарымды тиісті жерге әлі тапсырғаным жоқ. Бір жолы осыны біліп қалған ұстазым Зекең: «Сен неғып құжаттарыңды тапсырмай жүрсің?», –
дегені. Мен біртүрлі ыңғайсыздана: «Рахмет, аға, менен бұрын өтуге тиісті ғалымдар бар еді. Солармен таласқа түсудің жолын таппай жүрмін», – дедім. Ол кісі маған бажайлап қарап алды да: «Мұның қызық екен. Менің білуімше, сендер бір орынға 11-12 адам таласады екенсіңдер. Кімнің озып шығарын дауыс шешеді. Бұл – бәйге, оған әркімнің-ақ таласы бар. Сенің ойлап отырған адамың екеуің таласа келіп соңғы турға дейін жетіп, қатар тұрғандай болсаңдар ғана, сенің жол «мына кісінікі еді» деп шығып кетсең, мұндай «жестіңді» мен түсінген болар едім. Ал мына тірлігің ақылға онша сия қоймайды. Бағыңды сен де сына. Құжаттарыңды тапсыр!», – деп бір-ақ кесті Ұстаз. Мен шынында да, солай еттім, бағымды сынадым. Ұстазымның сенімін ақтағандай болдым, сөйтіп бірінші турда-ақ қажетті дауысты алып шықтым. Зекең, шамасы, менің бойымнан да өзінің талап-талғамына жақын келеді-ау деген нышанды байқады ма екен деп ойлаймын. Жоғарыда айтқандай, бұл кісі әйтеуір адамның бойынан жақсылықтың нышанын іздейтін. Ол ешқашан ешкімнен жақсы сөзін, жақсы ниетін аяған емес. Оның кеудесі ізгілік пен жақсылықтың қоймасындай боп көрінетін. Сондықтан шәкірттерінің көбінің оған ұқсауға тырысатыны тегін емес-ау деп ойлаймын. Мен білім ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ұстаздары арқылы көкейімде қалған ізгілік нышандарын әңгімелеуге тырыстым. Ұстаздар туралы сырдың бұл кейбір нұсқалары ғана. Ендігі бір әңгіменің желісі осы университеттің бүкіл Қазақстан түлектерін түлетіп, тәрбиелеп, ғылым мен білім, мемлекет және қоғам қайраткері боларлық тағылым тарата білген дәрежеге жеткізген ұйымдастырушылық іс-тірлік басында тұрған адамдар туралы да бірер сөз айта кетуді өзіме парыз санадым. Ең алдымен осы университеттің қаз тұрып қатарға қосылуына ғана емес, озық, айтулы білім ордасына айналуына да өлшеусіз зор үлес қосқан әйгілі академик, дипломат Төлеген Тәжібаев, академик, профессорлар Темірбай Дарханбаев, Асқар Закарин сынды білімгерлер
мен Өмірбек Жолдасбеков тәрізді тарландарды, сондай-ақ Төлеген Қожамқұловтарды да еске алмай өтуге болмас еді. Біз университетті Дарханбаев пен Закарин басқарған тұста оқып бітірдік. Ал университетті академик Ө. Жолдасбеков басқарған кездің біз тірі куәгерлеріміз. Бұл білім ордасының бүгінгідей гүлдену жолының басы-қасында Өмекеңнің тұрғанын қалай ұмытарсың?! Егер кезінде елімізге Г. Колбин тәрізді қараниет адам келмегенде, ғылым мен білімнің бағы одан сайын жандана түсер еді-ау деп армандаймыз. Өйткені Ө. Жолдасбеков сияқты ғылымды, білімді ұйымдастыра білер, қабілеті айрықша жандардың басы баршылық еді. Солардың біразының жолы кесілді. Құдайға шүкір, қазір тәуелсіздігіміздің арқасында Өмірбек тәрбиелеп үлгерген талантты шәкірттер білім, ғылым жүгін белі қайыспай көтере бастады. Солардың бір де болса бірегейі академик Бақытжан Жұмағұлов бастаған Қазақ университетінің жетекшілері Ө. Жолдасбековтың игі бастамасын жандандырып әкетті. Университет өмірінде күнделікті атқарылып отырған іс-әрекеттер жемісін көре отырып ел үміті мен Елбасы сенімін ақтай білудің жөні осындай-ақ болар деген ойдамын. Университет ендеше өзінің 75 жылдығын үлкен абыроймен қарсы алғалы отырғанын айбынбай айта аламыз. Байырғы шәкірт есебінде өрбітілген азын-аулақ ой ағымы осындай еді. 1954-59 жылдар аралығында Қазақ университетінде өткен өмір мен үшін және сол кездері бірге оқыған қазақтың ұл-қыздары үшін ғажайып көрген түстей болып өте шығарын кім білген. Сол сәттерді аңсаймын, қайта бір соғып өтсе, шіркін, деп армандаймын!..
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру