Өлеңдер жинағы. ІІ
Ілияс Жансүгіров
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ілияс Жансүгіровтың кез келген шығармасы ақын дарынын, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын көрсетеді. Тақырып өрісі кең, көп қырлы шығармашылығы – өнімді еңбектің нәтижесі. Кез келген туындысы елдің тұрмыс-тіршілігі, халық тағдыры тақырыптарына арналады. Қуатты суреткерлік дарыны шығармаларының бояуын...
ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ
(1921- 1924)
ЖАС БҰЛБҰЛДАРҒА
Ал сайра, жас бұлбұлдар, мұңды үнмен,
Көңілің көтеріңкі көгілжуімнен,
Еркін таң, маңайға жан көз тігіп тұр,
Сайра әнмен, сайра күймен, сайра мұңмен.
Қара құс, қаршығаның қанаты жоқ...
Солқылдат, қаупің жоқ енді ешкімнен.
Солқылдат, бақытына кез болып тұр,
Зарыққан неше жолғы қызыл гүлден.
Жас бұлбұл, құлағыңа салдым мұны,
Халыққа айт, білдір, сайра алдыңғыны.
Ем болсаң ғаріп көңіл нашарларға,
Жабығып жатқан жалпы жарлың, міне.
Солардың мұңы менен мұқтажын айт,
Атқанын қышқыр еркін таңның міне.
Көргенді, көк қанатты, күйлі құсым,
«Бос сөз» деп көре көрме қалжың мұны.
Қайыспас қанаттарың қия тастан,
Құтылдың сусыз шөл мен қу ағаштан,
Қарасаң жанның бәрі кетіп жатыр,
Қу шөлден, қараңғылық тұман басқан.
Дауыстап «ел мұндалар», ер таба алмай,
Адасқан таянып тұр өлуге аштан.
«Соларды маңайына тартады» деп
Сайрасын дейтұғын сөз қарлығаштан.
1921 жыл.
ЖАРЛЫЛАР ҰЙЫМЫНЫҢ ЖЕТІСІ
Тұрмысы толғап, Теңдігін қорғап,
Ашылдың ұйым жетісі.
Тарихта тұңғыш,
Бірінші қуаныш
Бұл жетінің өтісі.
Жетілерің көркейсін,
Жетімдерің үлкейсін.
Бірігіп ауыз,
Жойылып жауыз,
Құтты болсын жиының,
Тұрмысқа тұтқа,
Ұйтқы боп жұртқа,
Қуатты болсын ұйымың!
Болсын ұйым дуалы,
Жойылсын жұдырық - жуаны!
Басынды жиып,
Қасынды тыйып,
Жанданса жарлы ұйымын,
Ашылып мерей,
Қосылып кедей,
Теңесе көппен иығын.
Теңестірген кеңесің
Кіргізбей ме ел есін.
1921 жыл.
АҚШАМ
Көкше көкте ақша бұлт,
Көміліп күн нұрына;
Жел байырқау, жер сұлық,
Қызыл алтын шұғыла.
Ақ шашты ана - ала асқар
Оқыды сам жығыла.
Жау көргендей жартастар,
Жамылды тұман дулыға.
Қабағын түйіп қожыр күз,
Қарағай, қайың қалтырап;
Талда аңырап әнші құс,
Таста суыр тантырап.
Жазыла есінеп жапан қыр,
Маужырар сұлап, балбырап,
Даладан, таудан көшті нұр,
Салбырап, сам жамырап.
Тауды тұман бөкселеп,
Өзен төлі жамырайды.
Көз жұмғанда көкше көк,
Көсіліп жер тырайды.
АҒЫНДЫ МЕНІҢ АҚСУЫМ
Ағынды менің Ақсуым,
Арқырап әлі ағасың,
Ақиланған ашумен,
Ақтарды асқар сабасың.
Тас тарпуын, шапшуын
Қарасаң қайран қаласың,
Жалғыз жазғы бір кеште,
Жағаладым жағасын.
Тұнжыраған торғын түн,
Төндім сұлу суына.
Таңырқап тау - тас тамсанып,
Жымиды жұлдыз мұңыма.
Сүмпиген сүңгі сұрша тал,
Шомылды таудың суына.
Таймаңдаған тайпақ ай,
Желегі ме, тауы ма?
Шүйке шарбы бұлтты
Қалақай қалды қылмия.
Аспанды, ай алтын құшағы,
Қусыра қайың құшады.
Қарамай қайың, қалайша
Құжиған құшсын бұтаны.
Қайың мен сәуле сүйіссін,
Сүймегенді нысабы.
Итмұрыны мөлдіреп,
Қудырлап қоңыз ұшады.
Бауырлаған ашынын
Сумаңдап суы сылдырайды.
Құдиған қоңыр құрақтың
Аусағы суда судырайды.
Суға төнген бір шыбық
Дірілдейді, суда сырылдайды;
Оған қонған бір шымшық
Шиқ - шиқ етеді, шырылдайды...
ЖАЛПЫ ЖАСҚА
Әйел, еркек, жалпы жас!
Көтеріл, көрін, көзіңді аш!
Жаңбырлы жазғы жапырақтай,
Көркей, көгер, гүлің шаш!
Баршаларың бауыр жас,
Бастас бәрің бауырлас.
Иықтасып теңеліп,
Қамдан, жатпа, қауымдас.
Оян, ойлан,ұрандас!
Қатарлас, теңел, құрал жас!
Құлқыны жаман құзғындар
Құралсаңдар - тұра алмас!
Оқы, орталас, ұйымдас!
Бірлік, бірлес, жиыл, жас!
Жиылатын күн жетті
Қайтып ұйқың қиылмас.
Топтан,тұтас, туғанда!
Жасасын еркің! Жоғалмас.
Жамырас, үлес, жалпы жас,
Қосыл, қозғал, қоғамдас!
1921 жыл.
* * *
Қою қара бұлт аспан,
Қалың бұлттың, аласы жоқ.
Құяды жауын жел шашқан
Күндіз - түні толасы жоқ.
Кезек - кезек қар, жаңбыр,
Қыстың күні - қос қырсық.
Кісі өлгендей шулап қыр,
Жынданып тұр жел ұрсып.
1921 жыл.
ЖЕТІМ
Балбырап жер
Балаусаға бөленді.
Жалбырап көл
Көк жапыраққа кенелді.
Маралдай жел
Ақырын айтты өлеңді.
Ақын - бұлбұл
Өлеңдете жөнелді.
Тыңдады оны жан - жақ
Бар жан, бар құлақ.
Бұлбұл шешен
Бар құлақты алса да.
Зарлы, әсем
Тәтті күйге салса да.
Жыр қыдырып
Бар әлемге барса да,
Аңдар аңырып,
Таулар қалғып қалса да.
Тыңдамаған құлақ:
Жетім жылап...
1921 жыл.
1921 жыл
АНАМ ТІЛІ
Қадірлі, бағасы алтын анам тілі,
Сенімен бағаланған балаң түрі.
Төрт бөліп түн ұйқысын жұбатам деп,
Сенімен әлдилеген анам мені.
Бесікте белім буып бітіскенмін,
Сөйлесіп шешем жүнін түтіскенмін.
«Апа», - деп, «Ә», - деп жылап, аузымды ашып,
Емшектен еңбек қылып сүт ішкенмін.
Маңымды сеніменен танығанмын,
Сеніменен қуанып, налығанмын.
Дене ауырлап, жан жалқау тартқан шақта,
«Уһ» деп шаршап, дем алып шалығамын.
Тілегенім, қорыққаным - бәрі де сен,
Сасқанда да жармасам ойбайыңмен.
Ақ кәусар болса дағы ұжмақтағы,
Тәттілікті көрмеспін сенімен тең.
1921 жыл.
* * *
Қозғалар көңіл,
Қызғанары өмір,
Талайдың тауы шағылар.
Ми толғап, ойлап,
Жүректе қан қайнап,
Салқын жас кезден ағылар.
Ақ кәусар - таза су; .
Байқа, сәулем,
Біздің жай - арман ауыр осындай.
1921 жыл.
ҚАЗАҚЫ ҚОРЫТЫНДЫ
(«Қалыңмал қалды» хабары естілгенде)
− Алейкум салам, Қайдан, балам?
− Қаладан.
− Не жақсы, жаман?
− Ел аман.
Әйелге бостандық болды:
Әйел ерге барады қалаған,
Еркек әйел алады таңдаған.
− Ұғынбаймын, балам.
Бұ не заң заман?
− Қазақшылық қалады білем,
Құриды білем құдалық.
− Шырағым, түбі тыныштық па,
Онша тарылды бұл нағып?
− Тыныштық.
− Қалыңмал ше?
− Оқасы жоқ.
Мұның. түбін Отағасы, ұғын:
Жаңаның жолы да!
− Ұғындым, балам, ұғындым.
«Ұлы бошалаң, Қызы қашаған»
Шалдың соры да.
1921 жыл.
НЕКЕШІЛДЕР
(Жақсыбайдікінде)
1
Молда
Саламалейкум, Жақа!
Жақсыбай
Ойбай, жоғары... жақ - қ - ға.
Молда
Е, осы киіз де болады ғой,
Тіпті болмаңыз қапа.
Жақсыбай
Тақсыр, қайдан келесіз?
Молда
Сығайбайдан келеміз...
Көрмегелі көп болды,
Сізге сәлем береміз...
Жақсыбай
Ұлжалғас!
Әй Ұлжалғас!
Тұр, заула, қазан ас!
Молда
Кешігіп қалармыз,
Қазанға қарап болмас.
Жақсыбай
Асыққаныңыз не, жақсы келдіңіз,
Мал алдыралық, жеңіз!
Болмаса, мына даяр ет бар семіз.
Елігіп, желігіп барады,
Келіннің некесін оқып беріңіз.
Молда
М - м, олай болса, кәдімгі той.
Қолыңды қусыр, қойыңды сой.
Иманқұл, сен отырма,
Ер тоқымын алып, атты отқа қой.
Жақа, келің әлі оңаша,
Бұл өзі қалайша?
Жақсыбай
Қаза болған ініміздің қатыны еді ғой.
Молда
Иә, білем, солайша.
Жақсыбай
Мұны бір мұғалім иектеп жүр.
Молда
Астапыралла, қанға, тамаша.
Шақырсақ келмей ме?
Жақсыбай
Келмес, кесірлі кісі еді.
Робком ештеме демей ме?
Молда
Не болса сонан қорқасыз,
Шариғат ісін адам жөндей ме?
KEЛІH ОТАУЫНДА
Молда
Келін, құда бұйрығы,
Шариғат пиғылы.
Жақанды жат көрмессіз
Бұрынғы соңғының жолы.
Келін
Тақсыр, сіз де сөкпейсіз,
Жат істі жамап, несіне ептейсіз?
Молда
Өйтіп қыл жақтамаңыз, келін,
Ерден кетсеңіз де, елден кетпейсіз!
Келін
Молда - еке, жаным жаралы, ашындырмаңыз,
Қайнағаның басқаға басын бұлдаңыз.
Молда
Не дейсің?
Сеніп жүргенің әлгі, қу аяқ,
Жалғыз айыл ма?
Ондай қудың басын құртармыз.
Келін
Көрерміз.
Молда
Шығарма ерініңді ыбылыс,
Басыңа таяқ тиеді.
Таңда мақшар күніңде
Шығарған ернің отқа күйеді.
Келін
Күйсем күйгенім- ақ,
Науыңа тимедім - ақ.
Өз басымды биледім - ақ.
Ашындырсаң, ашулансам:
Аллаңа да, сәлдеңе де ...игенім - ақ.
Аулақ,аулақ, аулақ!
1921 жыл.
* * *
Атадан да балаға ана жақын,
Бірақ өтер бала кім ана хақың.
Менен шеше, әкеден қатын өлсе,
Екі арамыз тартады қоңыр салқын.
Жасым кәрі, басым шал бас болса да,
Мен анамды көкседім.
Менен де әрі қу қурайдай солса да,
Иіскер едім емшегін.
1921 жыл.
ЖАСТАР ҰРАНЫ
Біз, жастар, заманның
Иесі, қожасы.
Жаралған адамның,
Жалынды, жаңасы.
Ұйымшыл, ұраншыл,
Мейірімшіл, қоғамшыл.
Кіршіксіз, ақ жүрек,
Біздер шын тазасы.
Біздер бір жас шыбық,
Кім кесер қас қылып?
Біздермен кіреді
Тұрмыстың мазасы.
Рақымсыз жауыздар,
Өзімшіл, іші тар.
Біздермен табылар:
Жауыздың жазасы.
Жүрегі қара қан,
Жарлыны талаған,
Ондайдың. біздерден:
Қайрымсыз қазасы.
Қастығын жасырып,
Келмесе бас ұрып,
Алтыатар, ақ балдақ:
Сондайдың сазасы.
Борандар көп еді,
Бұршақтар сартылдап,
Ел ығыр боп еді,
Нажағай жарқылдап.
Бас кетіп изеліп,
Шаруа күйзеліп,
Мейрімсіз күн еді
Әлсіздер қалтылдап.
Неше жыл толғатып,
Бауырлықты орнатып,
Біз шыққан жарық, күн
Бұлттан жалтылдап.
Еріні кезерген,
Еңкейген, желінген,
Жарлының жапырағы
Гүлденер жалпылдап.
Біз, жастар, заманның
Еңбекшіл еліміз,
Еңбекке таянып,
Еркелер серіміз.
Көмекшіл көбейер,
Шаруа көркейер,
Еңбекпен ағылар
Ел үшін теріміз.
Жолымыз ортақшыл,
Жоқ бізде қорқақшыл.
Мейірімсіз жауыздан
Бір бөлек жөніміз.
Жаңадан жасалған,
Гүлденіп жасарған,
Тұрмыстың тұтқасы
Көмекшіл көбіміз.
Кел, жастар, алға ұмтыл,
Ел үшін еңбек қыл.
Көркейер біздің ел,
Кеңесшіл кебіміз.
1922 жыл.
TІЛEK
Tac домалай,
Тау тулай,
Құз құлай,
Жер сілкінсін!
Қырда жарқ жұрқ
Нажағай,
Түссін жай,
Көк күрсінсін!
Кетсін тұман,
Бұлт көшсін!
Аңырасын,
Соқсын жел...
Мұз құласын,
Қар кетсін!..
Сай шуласын...
Ақсын сел.
Астан - кестен
Болсын қыр,
Аударылсын ой, дала.
Күн ашылсын,
Тоқсан нұр,
Жарқыра көк!
Мажыра!
Ескі дүние
Күл - талқан
Болсын!
Еңбек елді алсын!
Болсын жұмыс,
Қыр дарқан
Сонда көзім бір қансын
1922 жыл.
ТАПАНША
Әке
− Апырым - ай, балам, түнеугі,
Кеткеннен жаңа келдің бе?
Ай жоғалдың, ағылдың?
Аманысың? Тегін бе?
Мықыныңды мықшитқан
Мынауың не беліңде?
Үлпершек пе? Үйрек пе?
Тіккен бе өзін теріге?
Құдағи байғұс құнттап
Жіберген шығар келінге.
Баласы
− Әке - ау, қайттым қаладан,
Асынғаным тапанша,
Оқ жатары алты ұя,
Тапанша - мылтық тапалша.
Сүмблесі мынау сойылша,
Басары мынау бақанша.
Құндағы мынау құс мойын,
Оғы мынау бақалшақ.
Қарауылы мынасы,
Мынасы кейін қақайса,
Бас бармақты баса ұстап,
Сұқ саусақты тақаса,
Тартып қойса тарс етеді,
Өлтіреді от алса.
Милиция болдым мен дағы
Жарқымбай мен Жақанша.
Үкімет ісін орындап,
Шапқылаймын Шақарша.
Әкесі
− Ойпырым - ай, балам, бері ап кел,
Алты атарың осы ма - ау?
Қайшаға тізгін болатын,
Қайыстан екен осы бау.
Қабы қалың былғары,
Темірі көк жасылдау.
Алты оғы бар дедің бе
Бөтегесінде осынау?
Тапаншаға жетіпсің,
Бар тапқаның осы ма ау?
Мелисей болсаң, балам - ау,
Қаптайды ғой сойыс, лау.
Алты атарың құрысын!
Ағайын бізден шошиды - ау.
Заразап болған ел еді,
Бір шошыса жосиды - ау!
Баласы
− Қой, әке, қой кейіме,
Адам болам, аттанам,
Ауылдың бәрін үркітіп,
Қайда барып бақ табам!
Ауылда болған шатақтың
Ақ, арамын ақтарам.
Ұры ұстап, тентек тиын,
Үкіметке жақпаған.
Байға тепкі көрсетем,
Жалшыларын таптаған.
Қазынадан ақымыз,
Айлық санап, ақша алам.
Қазынадан киім бар:
Шенел, шалбар, шәк алам.
Әкесі
− А, не дейсің? Келді ме,
Қашанғы сөзім қақсаған.
Тымақты тастап, делегей
Емісің? Масқарам...
Барақ иттің басындай
Келісер ме, шаш саған.
О дүниеден үміт жоқ,
Безіп құдай, патшадан.
Аз күнде жер жастанам,
Бұл дүниеден үміт жоқ.
Елге, жұртқа жақсы адам
Бола алмадың, шырағым,
Тілімді алмай қақсаған.
Сақалымның ағында,
Өлерімнің шағында,
Бастадың неге, жасаған!
Малыңды бағып жай жүрсең,
Дедің бе, шіркін, аш қалам.
Баласы
− Қойсаңшы, әке - ау, не болды ;
Бұл бір ісім бастаған.
Ел қорғаны біздерміз,
Елді мен де тастанам.
Енді мен мал шашам ба,
Бұл күнге шейін шашпаған.
Ағайын менен қаша ма,
Бұл күнге шейін қашпаған.
Өзіме оқу оқытады,
Қара танып, хат жазам,
Әлеуметтің ұлы боп
Ауылды бағам, басқарам.
Әкесі
− Жарайды, жарайды,
Жақсы, балам...
Мелисей болсаң мейлің,
Кете көрме алысқа.
Айлық ақша ап тұрсаң,
Ұрынбассың, шырағым,
Борыш пенен қарышқа.
Ауылға қарай айқайлап,
Сала көрме, шырағым,
Шалқарлардай шабысқа.
Шошып қалған ел еді,
Ақырма ауыл байғұсқа.
Тәуір екен тапаншаң,
Тот бастырма, бап ұста.
Түсі суық неме екен,
Бері қаратпа, ары ұста.
Ана жылғы айтыстан
Заразаппын, зәрем жоқ,
Тарс - тарс тапанша.
«Ал ұста да, ал ұста!»
Малда, жанда билік жоқ.
Қаштық қорқып қамысқа.
Сонан шошып қалыппын.
Берік жерге тығып қой,
Аулағырақ, алысқа.
Кезінде тауып аларсың,
Келінге берші, шырағым
Сала салсын талысқа!
1922 жыл.
БҰЛТ
Түнгі жаймен жуынып,
Көгілдір көк күлімдер,
Шөгіп шоқ - шоқ тұман, бұлт,
Шоқы сүйіп, дірілдер.
Көк мұнарлы белбеуін
Алып тау бел буына;
Сәлем беріп бұлт керуен,
Таңда тауға жығыла.
Қабағы мұз, суық шал
Қолын алып, қас қаға.
Желде, құзда несі бар,
Қалғыды тас жастана.
Бұлт - бөбек, тау - ана,
Ана төсін аймалай,
Ұйықтай тұрсын ол бала,
Шыққаныңша жел қалай.
1922 жыл.
ЖАНАР ТАУ
Зәулім - зәулім заңғар тау
Шығыс - батыс шегінде,
Лапылдақ жалын, іші қау,
От ойнақшыл тегінде.
Қарындай кепкен қампайып,
Борсып, бықсып, булыққан.
Ашылып аузы аңқайып,
Түтеткен түтін, бу шыққан.
Ұшқыннан от бұлқынып,
Күрс - күрс, быж - быж оқ...
Жалаңдап жалын жұлқынып,
Айнала түскен қызыл шоқ.
Лаба жалын жандырды
Тас, қоқыр, тікен, сіріні.
Тұншыққан жылан түтінге,
Көзінен ақты іріңі.
Қызыл жалын тазалап
Қуарған қорданы өртеді.
Жас балдырған жаңалап,
Жайқала шықты өртеңі.
Жанардың жанған жалыны,
Жердің жүзін жарық етер,
Жарылқар жалшы - жарлыны
Жаңа жұрт жасар, қарық етер.
1922 жыл.
ЕГІНШІ
Адырайып тамырың,
Балшықты балтыр, балағың,
Күн жеген қара жауырын,
Қарында айран, шалабың.
Топырақ шашып, жер айдап,
Жалтылдап ақ кетпенің.
Жұлма құлақ, су байлап,
Жырым етек шекпенің.
Қарынға құйып сусынды,
Мызғымай шалпыл салғаның.
Үңірейтіп көзіңді,
Келер түске талғаның.
Енбегің жанып, мінеки,
Жайқалып тұр егінің.
Еңбегі ғой көгерген
Егіншідей еріңнің.
1922жыл.
ЖАЗҒА САЛЫМ
Күркіреп, күңіреніп ұласып аспан,
Сіркіреп, бұлт тұмшалап, жаңбыр жауар.
Дүркіреп жауқазындар жарар гүлін,
Үлбіреп өсер шегітер, құлпырар қыр.
Жалтылдап жүнін тастар тай - тайлағы,
Бықылдап, көлде қиқу - шағала, қаз.
Былқылдап малға толар қырдың қойны.
Сылқылдап әзілдесер, күлер сылқ - сылқ.
Желіндеп төлді түлік көкке тояр,
«Кәне!» - деп шал асатар уызынан.
Жеңілдеп көшетін ел қояр жүгін,
«Егінші» деп егіншілер жабдыр жабдық.
Сылдыр су, тал тамылжу, құрақ қудыр,
Ізі - шу, ию - қию көшеді ауыл.
Ит ұлу, сиыр мөңіреу, бота боздау,
Құр - құру! Кә - күшік - кә, айғай, дырду.
Жарысып тайлы ұландар ашамайлы,
Тайы ұшып, тепкішегі жалп - жалп етер.
Қайысып, қайын сіңлі қайта оралса,
Майысып кербез келіншек аттанады.
1922 жыл.
ЖАЗҒЫ ТАҢ
Түн - түнек қайтты,
Ақ таңдақ таңның сәулесі
Ынтықты мұңайтты.
Тоқтады, тынды әуресі.
Жыршы құс мақтады,
Табиғат таңды қарсы алды.
Ақын құс қақсады,
Жырлады, жар салды.
Айдың да өңі бәсең,
Жұлдыздар ауырып өлді.
Үрледі самал әсем,
Жыбырлақ жапырақ түзелді.
Жасыл қыр, жапан - жарық,
Көбелек - шыбын өрді.
Көк құндақ көлдер толып,
Көксеген күнді керді.
ЖАЗҒЫТҰРЫМ
Ой, балалар, балалар!
Жылы - жылы жел соқты,
Жылғалардан су ақты.
Қаңқыл - қаңқыл қаз кепті,
Жер қарайды - жаз кепті.
Желкілдейді көкмайса,
Желіндейді мал жайса.
Ауыл көшті қыстаудан,
Әне! Адамдар қой сауған.
Құс ұясын түзеді,
Тайымды ағам күзеді.
Ел ешкісін қырқыпты,
Егіндерін жыртыпты.
Ой, балалар, балалар!
Айналықта күлелік,
Қос басына мінелік.
1922 жыл.
САЯСАТ ҚОШҚАРЛАРЫ
Не айтар екен «Ұза»?
Шығар ма екен тозаң?
Мен мойнымды созам...
Үрит,, үрит!..
Руға жасақ барды,
Кемір кенін алды.
«Қошқардың» көзі қызарды,
Үрит,, үрит!..
Француз емінді,
Герман шегінді,
Америка көңілді,
Үрит, үрит, үрит!..
Ағылшын арбауда,
Жапон жалмауда.
Еңбекшіл зарлауда,
Үрит, үрит, үрит!..
Түркия бір кесек,
Ұсақтар бір есек...
Гу - гу өсек,
Үрит, үрит, үрит!..
РСФСР батыр
Шаруада жатыр.
Дәулерге заманақыр,
Үрит,, үрит!..
1922 жыл
АЛА БИЕ
− Иса - ау, мұның не?
− Ала бие.
− Бұған кім ие?
− Мен ие.
− Қайдан?
− Тұлғабайдан.
− Бұрын бәйбіше бие - ау, өзі,
И... жануар... айуан!.. Тұлға байың әлгі таз ба?
− А, таздың сыйлауы аз ба?
− Жарайды... жарайды...
Өзі буаз ба?
− Өңі жас? Тісін аш!
− Тісі сары қайрақ,
Бір қу қақбас.
− Жем жер,
Өңденер.
Күтсе, бір құлын берер,
Не, оңалтып сойсам
Жемін телер...
− Май етті мал еді деп,
Шулады Шүйелер.
− Қызын кімге берді?
− Үйге берді.
− Қанша мал келді?
− Не қыласың, малды күреді.
− Йенің қайсысы екен?
− Мына Сәдуақас, Бекен.
Екеуін жақындастырған
Мына Иса екен Жекең.
Ауылын болыстар, бөтендер басты,
Тұлғабай да, Шүйелер де састы.
Қызба табаның үстіне
Песір мен судья да араласты.
− Бекенді қыз бекем сүйді?
− Сүймесе қойсын,
Малы тиді.
Тоғызы тоғанақтасып,
Әй, кетірді - ау күйді.
− Е, болью не алды?
Секретарь орыс.не алды?
− Оларды айтпа,
Сонда қонып қалды.
− Е, тағы?
− Тоқан ұйғарғаны:
Судьяға сары атан,
Комиссияға жорға бурыл,
Нарядчикке тарғыл өгіз,
Песірге көк айғыр,
Сәлім мен Оспанға екі қой,
Шәріп ақсақалға қоңыр құнажын сиыр.
− Пәлі!
Құйрықтарымен майланыпты - ау, ие,
Ақсақал да, болыс та, би де.
− Бұрын құлақтас қулар ғой,
Дәл малды алып келгенде
Болғаны ғой үйме - жүйем.
Қағазды жайып тастап,
Сазарып отырып алысты
Не бәлені үйе.
Ары сөйлесіп, бері сөйлесіп,
Болды, береке, жүйе.
Басында алмақ едім түйе,
Бермек еді Шүйе.
Қулар, құзғындар қаптап
Қылмады ие.
Не шықты?
Ат майы қайтты.
Тигені ала бие.
1922 жыл.
ЖАЗҒЫ ШІЛДЕ
Ой, балалар,
Шілдем, - шілде айым,
Шырлап торғай күн сайын.
Шұбар ала шешектер,
Шудаланған көк шөптер.
Жапырақтар жалпайды,
Жас қозылар марқайды.
Ұшты көкек сай құлдай,
Сайда пісті таңқурай.
Құрт, ірімшік қайналды,
Құлындар да байланды.
Нәм, бауырсақ,
Ағын суға шомылсақ.
Ой, балалар,
Ойналық та күлелік,
Үйретіп тай мінелік.
1922 жыл.
КҮЗ
Ой, балалар,
Қоңырқай күз болыпты,
Қурап жапырақ солыпты.
Ел егінін алыпты,
Ақ үзіктер жауыпты.
Ел күйекті шешіпті,
«Есепші айтты» десіпті,
Ел мектебін күтіпті.
Енді мая салыпты,
Ел күзекке қоныпты,
Қойшы қойды тоғытты.
Ауыл күзем алыпты,
Тоқты шақтан бітіпті.
Ой,балалар,
Ойналық та күлелік.
Енді оқуға кірелік.
1922 жыл.
ҚЫС
Қыс, қар, мұз, қырау, қылау - жерді көміп
Бұлт бүркеп, тұман төніп, баса шөгіп,
Жер - көкті аяз бүріп, қызыл жалап,
Бұрқ - сарқ боран құсып, шашып, төгіп.
Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ,
Кейде ергек, кейде күрпік, кейде сырғақ,
Жер тарпып, аспанды аршып алтын күрек,
Сапырар сұрапылды кейде бір уақ.
Ойда омбы, дөңде қағыл қырдың қары,
Жылмық, мұздақ болса - қырғын дағы.
Қатындар қалтырасып судан кайтқан,
Қарғанып қыдырғанға қырдың шалы.
Көл өлік, қаз, қуы жоқ дауыстаған,
Қалған құс - қарға, шөже, сауысқаннан,
Көтеріп көтеремін, көз түртті боп,
Арсыз жоқ азық - шөбін тауысқаннан.
Шөкитіп шөбін тиеп шанасына,
Қазақ бар қатынасқан қаласына.
Ас - тойдың, бата қырдың, бірі де жоқ,
Мал қамы, ауыл алаң шаруасына.
Күн күңгірт, аспан шаңғыт. Қылаулаған.
Қылаудан бұта бұғып қырауланған.
Ол бір жұт, арамза қой қоздаған,
Ол бір құт сиыр ерте бұзаулаған.
Қой, жылқы қайрат қылып жерді қазған,
Ауыл да жүдеу - жадау қыстан азған.
Үсініп аяз, боран үскірікте,
Өткізген қырда өмірін малшы жазған.
Қорада жабуланған арық - тұрақ,
Шөмшеңдеп шөп айнала шыбыш, лақ.
Шанасын шиқылдатып, ит үргізіп,
Ауылға тартқан қонақ, ымырт уақ.
Болмаса түлкі алдырған, қасқыр атқан,
Бір қазақ таба алмайсың қысты ұнатқан.
Өтіпті «ақ қояндай» қырғын қыстар,
Түкірік түспей қатқан, жұрт жұтатқан.
Істеген жаздай еңбек Иван- мұжық
Базарды асырап тұр мая бұзып.
Етпеген жаздай енбек Иса қазақ,
Сасулы, көрінеді қыс құбыжық.
Жалғыз - ақ мектеп іші қыста қызық,
Балалар ду - ду оқып, жазып - сызып,
Үйде тар, далада қар, суық қысаң,
Мектептен басқа жерде көңілсіздік.
1922 жыл.
ҚЫС
Табиғатты құбылтып,
Денеге суық ұрынтып,
Бұл мезгілде қыс қожа.
Басындағы шалмасы,
Үстіндегі салмасы
Кіршіксіз аппақ тап - таза.
Киімсіз, жайсыз, жалаңаш,
Қабағы салқын, қарыны аш,
Сүмірейген сұлы көз.
Олардың жаттап жүргені:
«Іш шай алдай» деген сөз.
Қожекеңе бұл наза.
Жылмаған жылы күнінен,
Жылдамырақ айрылып,
Аһлап ауру әнімен,
Қабағын жауып қайғырып,
Жерге жетті бір қаза.
Аяз қызыл үскіріп,
Бетіне жаман түс кіріп,
Осы қожа қақап тұр.
Науқасы тым ақ беймаза.
Сырты ажарлы, іші жау,
Тәрізі жаман тамақсау.
Азығы шөбі аздарға,
Енбексіз жалқау наздарға,
Құлқыңды қожа, оңаза.
Жинақты жылпың шаруаға,
Жем, шөбі көп қораға
Қожаның аузы ораза.
АҚСАБАН
Түу түзуде тоғай томсарар,
Төбеде төнер торғын көк,
Қыбыр - қыбыр қырда мал,
Жыбыр - жыбыр егін, шөп.
Егінде еңбек, шөпте асар,
Жыбыр - жыбыр бар кісі.
Қырт - қырт орады орағы,
Сыңғыр - сыңғыр шалғысы.
1923 жыл.
ЖАУЫНДА
Жауын,
Толастамас сорғалар.
Су болды ауыл,
Малы - жаны қорғалап.
Үйде от жоқ,
Өйткені отын және жоқ.
Тоқтар тоқ боп,
Жоқтарда баспана жоқ.
Ыбырайымның ауылы
Анау ақ үйлер.
«Құдайыңның Ыбырайымға өзі иер».
Қорасының Шетіндегі лашық
Баласының Отырғанын жыласып.
Кім көреді?
Айтатын жан болар ма?
Күңіренеді...
Жауын жаумай қояр ма?
Сорғалауын
Сорлыларға мына күн.
Бала, жауын - Бәрінің де жылауын!
1923 жыл.
Бауырым, сәулем Күләнда!
Неліктен солғын ажарың?
Тұтылған айдай тұманда,
Неліктен төмен назарың?
Ақ дидарың тотығып,
Ақша бетің солыпты.
Жігерің жасып, от құрып,
Жанбастай болып сөніпті.
Жазық жауырын қайқайып,
Шыбық белің бұралып,
Құлағың қапты қалқайып,
Тамағың, жағың суалып.
Бүлдірген бетің сұрланып,
Тыржиып қабақ қатыпты.
Алмадай піскен нұрланып,
Тартылып ұртың батыпты.
Мөлдір тұнық қара көз,
Ажарсыз тартқан алайып.
Келте қара шашыңыз
Түбіт бопты шолжайып.
Ақ білегің азғындап,
Білезіктерің босапты;
Қарағанға байымдап,
Саусақта жүзік бос қапты.
Ұзақ, сары таң көрмен тең,
Кірпігінде жоқ ұйқы.
Ұзақ, сары күн шермен тең,
Езуінде жоқ күлкі.
Көзіңнен аққан суық жас
Айғыздап бетті шайыпты.
Суық жаспен аралас.
Жүректен талап тайыпты.
Тамаша сауық, жиын той
Біреуі де көңілсіз.
Достық, қастық, қызықты ой
Біреуі де келімсіз.
От лебін дей ып - ыстық
Аузыңнан шыққан ащы зар!
Кеудеңді кернеп, дерт қысып,
Кезіңнен сығып ағызар.
Өз жөніңді ұмытып,
Итке басынды иесің.
Ұзақ таңға у жұтып,
Аһлап жастық сүйесің.
Айт шыныңды, сәулежан,
Кім мұңайтты? Кім соқты?
Айырып ажар ақылдан,
Әлде пері, жын соқты?
Шыныңды айт, неге бөгелдің,
Жүрекке жара салған кім?
Махаббат, талап, жігердің
Тамырын қиып алған кім?
Кім сарғайтты, налытты,
Айт, жасыма, жасқанба!
Дауыл менен жауыздың
Ұшқан күлі аспанға.
Өсекшіл жауыз қас дұшпан,
Деді - ау әлде: күң екен.
Біз бұғаусыз арыстан
Күң қылатын кім екен?
1923 жыл.
МЕЗГІЛ СУРЕТТЕРІ
ЖАЗ
Жерің анау,
Жасыл жолақ кілемдей.
Желің мынау,
Жігіт айтқан өлеңдей.
Көңіл анау,
Той ғып жатқан ауылдай.
Күнің мынау,
Елжіреген енеңдей.
КҮЗ
Жерің анау,
Шала илеген терідей.
Желің мынау,
Дарымшының деміңдей.
Көлің анау,
Насыбайлы түкірік,
Күнің мынау,
Ауылнайдың мөр індей.
ҚЫС
Жерің анау,
Ақ кебенек, кебіндей.
Желің мынау,
Ел күңіренген өлімдей.
Көлің анау,
Көк пияла темірдей.
Күнің мынау,
Тұманды, түк көрінбей.
1923 жыл.
МЕНІҢШЕ
Құйын сезім қусырып,
Құштарлық көз тұндырар.
Құштарлық көз тұндырса,
Ой қылмастан көз жұмар.
Құштарлық көз тұндырса,
Ой қылмастан көз жұмар.
Әр қылмыстан құмарлық
Іздер бидің орны бар.
Ұғынған жөн әуелі
Жазалының жан сырын.
Жазалыны күйдірген
Жан бар шығар жасырын.
Құмарлық - жан жұмысы,
Соқса құйын кей - кейде,
Қалмайды ақыл, әл менде.
Мендей шығар бар пенде.
1923 жыл.
ЖЕЛ
Дауылдат!
Дауыл,
Дабыл қақ!
Ұшықта!
Шалқыт, ұшыршы!
Ұшқыр ұшта
Дамылдат,
Ойдағы жерге түсірші!
Ойда бар, Білем...
Жақсы жер;
Онда бар, Білем...
Күн күмбез.
Ойда бар, Білем...
Бейбіт'ел;
Онда бар, Білем...
Қой мінез.
Ертерек сонда жетелік.
Жеделдет!
Желдет!
Жел, жылдам!
Жетуге.
Еңбек етелік!
Тура тарт, желім!
Мен міндім!
1923 жыл.
БӨЛЕК - САЛАҚ ОЙДАН
Сияқты маған бал тұщы.
Өзгеге де, өзіме,
Сендім бе көп сөзіне?
Басқа, бәлкім, бал ашып.
Дүние, білем, тым алыс,
Көзден, қолдан,денеден.
Жалғыз - ақ, ой көреген
Алыс, жақын - бір қарыс.
Көз не көрер өмірден,
Кеткенімен өлеңге.
Тіл не сөйлер өмірден,
Келгенімен сөйлемге.
Өмір шарқы тым шалғай.
Өмір түбі тереңде.
Сол тереңнен тербейтін
Ой жеткізер кемелге.
Сыр түйіні ақиқат,
Ақиқат, шындық көпке ортақ.
Одан алар сыбаға:
Әр кісіге жеке тақ.
Өмірде екі білім бар:
Бірі - танық, бірі - анық,
Тән, көз, құлақ, басқасы:
Бұлардың сөзі екі ұрық.
Бұлардан аулақ білгенің
Әнеки анық, сол тұнық.
Дүниеде елім деген жоқ,
Одан бір зат өлген жоқ.
Өлмеуінің себебі:
Әуелде тұрып келген жоқ,
Жоғалған жоқ, туған жоқ,
Өмірдің ізі осылай.
Ізінде жар, кезең көп,
Сол кезеңнен асқанды,
Бір соқпаққа басқанды,
«Туды», «өлді» деген көп.
1923 жыл.
ЖАС ЖАЛШЫҒА
Туғанда алғаш анаңнан,
Балапан едің ақ үрпік.
Құндағың тері, саламнан,
Жеткіншек едің жез кірпік.
Әкең қойшы, шешең күң,
Жылы орны да жоқ еді.
Қазан жалап сен үшін,
Әйтеуір анаң «тоқ» еді.
Азаппен жиған ақ сүтін,
Мезгіл - мезгіл сорушы ең.
Жұмыста анаң, жоқ күтім,
Өксікпен өкпе соғушы ең.
Шөп төсекпен шығысып,
Денең тастай шираған;
Күн қағып, жел жеп, отқа ысып,
Бейнеттен күш жинаған.
Аязды суық боранда,
Қалшылдап өстің сүмсиіп.
Танды атырдың қораңда,
Қар құшақтап, мұз сүйіп.
Ақ бәтестей ақ денең,
Ыстаған бейне қара көн.
Қабағың салық, жоқ елең,
Ойнамайсың баламен.
Ұрысу, соғу, зықынау,
Жүректің қалған тоты боп,
Өстірген шайып жас былау...
Өмірлік соны тең оты жоқ.
Үміті біткен тірліктің,
Жас басыңнан шалғайсың,
Қызығу, талап, ерліктің
Біреуін де ойға алмайсың.
Жасыңнан - ақ құлдыққа
Ыңғайланып алыпсың,
Мұқтаждыққа, мұңдыққа
Мұңайыпсың, қалыпсың.
Емес пе ең жазғы көбелек,
Көгалда көлбеп ұшпайсың.
Не себеп, мұнша уһілеп,
Қу таяқты ұстайсың?
Өзіңдей жанның баласы,
Оқып жүр ғой мектепте.
Бет, білек қолдың саласы,
Айлашы, аппақ па?
Мектебі жақсы, көңілді,
Арқалап боқша барады.
Киімі бүтін жып - жылы,
Ойнап асыр салады.
Жабырқаусың, жасықсың,
Ондай көңіл сенде жоқ.
Жалынды жастай басыпсың,
Пендеге де пенде боп.
Ұйымы қайда жастардың,
Әлде сені білмей ме?
Әлде асусыз асқардың
Жібермей желі үрлей ме?
Бұған қандай мәніс бар?
Сен бұл күйде отырсың.
Еске алар, аяр танысар,
Оқырсың, қарғам, оқырсың!
Ұран жақсы, үміт көп,
Жамырар жастар, бас құрар.
Өсерсің көпке жігіт боп
Жасыма, жаным, жас құрғар.
1923 жыл.
ТАС
Көгілдір, мөлдір көк аспан
Көлеңке, сәуле ойнағы.
Ойнаса, өңде жылпың жел,
Жыртылады шарбы, қаймағы.
Жел қуалау, бұлт қашу
Жігіт - қыз айтта, тойдағы.
Кек күмбезде күнде ойнақ,
Ойнады да қоймады.
Бұлт бір мезгіл бұрқырап,
Астарлады аспанды.
Асқарға соққан асқақ жел,
Тас сүзді де жасқанды.
Нөпір нөсер шүмектеп,
Жасылдан жалтыл басталды.
Балбыраса да барлық зат
Тас күйінде тас қалды.
1923 жыл.
ЖАЗ
Алты ай қыстай ауыртып,
Қыс қысты жер шешені,
Жайнаң қақты, жаз кірді,
Жаз жайдары, жаз сері.
Желдетті, жерге дем салды,
Есілте ескегі еседі.
«Қырық аяқпен» ұштасып,
Нөпірледі нөсері.
Жамылған жалба жамылшың
Жер жиіркене шешеді.
Өлген өзек еңіреп,
Жылғалар еңіреседі.
Көлге бата қылғандай
Сендер суда көшеді.
Жапыра жауы қуғандай
Балықтар дүркіреседі.
Жібіді көні, жібіді
Дімкәс шешем кешегі,
Сәл - сәл болды, терледі,
Терге батты төсегі.
Ауруынан айықты,
Кірбіңсіз кетті кеселі.
Сабыры кепті, сауықты,
Самсады бәйшешегі.
1923 жыл.
ЖАЙЛАУ
Көк кілем қатипадай жасыл жайлау,
Қаз - қатар ауыл арты желі байлау.
Жайлаудың жаз мезгілін елестетіп,
Мақтаншақ мінезім бар жұртқа айқайлау.
Айы алтын, көк жайлаудың күні күміс,
Ақ тасы бұлағының маржан, күріш.
Етегін шалғын шалып, жел шайқаса,
Бейне той секілденер жасқа жүріс.
Құлын, тай кісінесіп шіңгір - шігір,
Тас бұлақ жайлау мақтар қағып сылдыр.
Тырайып көк жотада қой шетінде,
Мастанған қатық. ішіп қойшы құрғыр.
Қарағай қалың отыр қарсы бетте,
Қарашы Қалиман мен Бейсембекке:
Теңселіп, тебісіп түр алтыбақан
Байлап ап отын жібін әлпеншекке.
Айналған аспанында алғыр бүркіт,
Қатындар күрпілдетіп піскен іркіт.
Әуені анда - санда бұлты торлап,
Жайлауды шомылдырар жұпар бүркіп.
Сапырып бәйбіше отыр сары қымыз,
Бай отыр жалшы жұмсап, сөзі нығыз.
Өзекте мұрын жарып, мастандырар,
Қой үзген таңқурайдан акқан уыз.
Үңілген қыз, келіншек бүлдіргенге,
Қуқыл мәз төбеде елді күлдіргенге.
Жапар таз қой, қозыны жамыратты,
Әуей боп бүлдіргенде бір жүргенде.
Үй басы құрт қайнатқан, өре жайып,
Күнделеп бие сауған келін, зайып.
Дауылда жел қапсырған арқаны жоқ,
Кедейдің қауешеті түр қисайып.
Іңірде жылқы жиған жылқышылар,
Сызылтып көңіл тербеп әнге шырқар.
Ән толғап бойжеткенді қыбылжытса,
Күрсініп көзден кекіл кейін сипар.
Қысырақ. үйірленген бөрте бурыл,
Саяқсып шет жайылып емес жуыр.
Қайнатқан қазан түспей, таң білінсе
Азайды сықақ. қылар таста суыр.
Алады гүлші ұйқыны күндіз сәске,
Сәскеде сары қымыз түсер бәске:
Манаурап гүл толқытқан самал жұтып,
Ақ сұлу ірге жақта тігер кесте...
1923 жыл.
КӨКТЕМДЕ
Жауыны жауып, жасылы
Жарқылдайды - жаз кепті.
Өкіреді өзен тасуы,
Қаңқылдайды - қаз кепті.
Ширады шымайт, шаң шықты,
Құрғады құмайт, саз кепті.
Төңірек ашық, тұман жоқ,
Көктен нұрын күн септі.
Тоғайда, келде той қылып,
Қаптады құстар жер - көкті.
Ауылдың малы балалап,
Айран шықты аз - көпті.
Қоңына құйып қоламта,
Қоқан емдеп таз көкті,
Манаурап мал, жан жадырап,
Жан - жануар мәз бопты.
Құлазыған қыстайғы
Малға толды сай, қоқты,
Күпісі жалба жабағы
Тойтаң қағып, тай бопты.
Ісек шығып есіреді, К
Көрпелдес көнтек көк тоқты.
Есінде шығар, елім - ау,
Емдеп еді Қоқаң қай көкті?
Қоқаң көгі құлпырды,
Құм сіркеден құтылды.
Күнәң қақты, қоң бітті,
Көгі көкке тойынды,
Құтырып Қоқаң орғытты;
Көмір жинап, көрік жағып,
Ұсталар, ойдай, іс соқты.
Ауылдың пейілі биыл кең,
Өйткені мал - жан дін аман.
Қисаймай шықты қылшығы
Қысыңнан да қысаған.
Азықсыраған ауыл жоқ,
Ашып алды астық ұрадан.
Ақ шықты, жатыр жағысып,
Жарлысы жоқ жылаған.
Шығынсыз шыбыш лақтап,
Төлеген тоқты бір заман.
Астығын, малын базарлап,
Қажетін алды қаладан.
Кооперативтен кездеме ап,
Киінді ауыл жанадан.
Бас - аяғы бір болды,
Бастап еді баладан.
Шаңқиған жейде шал киіп,
Киінді кемпір аладан.
Кәрістетті келіншегі,
Шомытын тастап жамаған.
Қыдырынды азайды,
Қыдырып үйді шұбаған.
Жалқаулары көрінбейді
Жатып ішіп сұлаған.
Елдің түрі көрінді
Етек - жеңін жинаған.
Шаруасына көрінеді
Кебінің көңілі құлаған.
Тісін сайлап, тырбанып,
Тіршілік етті тірі адам.
Қызыл ма, қыз ба, қызғалдақ.
Қырға біткен, көз салшы?
Көк масаты көрпе көк,
Көлпілдейді, ойға алшы.
Көк ала бат шәй көбелек,
Көбелектей ме ол қайсы?
Көлде тойлап толы құс,
Қызығына тойсамшы!
Мал маңырады өрісте,
Қайырып оны жүр малшы.
Өзгесін былай қоялық,
Онда қайда диқаншы?
Диқаншы кім ауылда?
Айтамысың, Қоқанды?
Қоқаң байдан қол үзген,
Жалшы шығып, бай қалды
Тоқпақтаумен тоқалды.
Тоқал да тұруы екі ұрық,
Тоқалға да тақалды.
Соңында ноқта сүйретіп,
Қоқаң байдан ақы алды,
Жалшыға да жар шықты,
Бай жегенін қақалды.
Бай жылады, жұлқынды,
Сатала сауыс сақалды.
Қосшыға Қоқаң жазылды,
Қоғам болды, соқа алды.
Tіc темірін тапта деп,
Оны ұстаға апарды.
Қазына берген қарызға
Арбасы мен ат алды;
Сайлады саймандарын да
Жықтап мойына апанды;
Қырқаға әкеп қос салды,
Сықыр - сықыр соқасы,
Солқылдатты сол маңды,
Қоқаң шақты тұқымды,
Қоқаң жерді қопарды.
1923 жыл.
БАСПАХАНАДА ҚЫР ҚАЗАҒЫ
Нұрқыдыр мен Байқара
Келіп еді қалаға,
Иванның тартып саржасын.
Бұрып еді ат басын,
Жабық екен қақпасы,
Таба алмады маржасын.
Мама ағашқа жалтарып,
Шолақтарды қаңтарып,
Доғара салды арбасын.
Тамашалап адамын,
Қарасып тұр қаланың
«Ызбырай - сайман» - шаруасын.
Алдында үлкен сарай тұр,
Әшекейлеген ала сыр,
Қаңылтырлаған мұржасын.
Сығаласып тесіктен,
Еңкейісіп есіктен,
Қарасты қазақ, ордасын.
Қыбырлаған қымызшы,
Қымызшы емес, жұмысшы,
Қожалақтаған қол - басын.
Ойынындай баланың,
Сындай араның,
Керулі көрді дорбасын.
Дорбасының ішінде,
Қолдарының ұшында,
Қотыр - қотыр қорғасын.
Керіле алмай кекшеңдеп,
Күйелеш қолмен шөпшеңдеп
Жиыстырады тұлғасын.
Қарай алмай жан - жаққа,
Қолындағы қалаққа
Қиыстырады бір басын.
Сықырлап машина айналып,
Ұршықтары майланып,
Ыңырантады ырғасын.
Қырдан келген қазекең,
Көргені тіпті аз екен,
Шамалайды ұзын - ырғасын...
Қағазды жұтып ішіне,
Арпылдаса машина,
Ойлайды қазақ бурасын:
Шеккен мынау көлденең
Асатып жемін бураның
Бағып тұр біреу турасын.
Арпылдайды ол сабаз,
Жарқылдайды ақ қағаз
Бейне қарлы борасын.
Резеңкелі қара оқтау
Ғаріпті майлап, қағазға
Үйкейді екен арқасын.
Айналдырған жігіттің,
Тұла бойын жібітіп,
Ағызады екен сорпасын.
Қағаз жасап отыр жас,
Жұмысынан алмай бас,
Қолының көрді жорғасын.
Нұрқыдырға Байқара
Түртіп, деді, - Бер қара,
Көрдің бе анау газеттің
Жазатұғын молдасын.
Арқасында әдістің
Тапқаны ғой орыстың,
Көрдің бе мұнша олжасын.
Берекелі істеу жоқ,
Машина - сайман ұстау жоқ,
Жайылып жүрген «мал казак»
Кімге тамақ болмасын?
Бөдірет алып отынға,
Қарағай тартып қатынға,
Жүрміз міне, жолдасым.
Кел, мөлимей қайтайық,
Маржанға жайды айтайық,
Здавайттап саржасын.
Нұрқыдыр дейді:
− Жүреміз, Ауылда қашан көреміз
Осындай өнер ордасын?
Басымыз жүр қосылмай,
Үйреніп өнер осындай
Малданамыз ба қорғасын!
1923 жыл.
КЕДЕЙ ТОЙЫ
Күндегіден көп нұрлы
Сызылып атқан сұлу таң.
Су да өзгеше сылдырлы,
Дейді: «бүгін шын мейрам!»
Тас кеуделі Алатау,
Жайдары жатыр маужырап,
Жапырақ, жалбыз, қалақай
Ымдасты бүгін саудырап.
Көк торғындай аспан - көк,
"Төбеден тесіп тосып тұр,
Орман, тоғай, бәйшешек
Тойларың құтты! - десіп тұр.
«Тұр, кедей!» - деп тойыңа.
Бозторғай шырлап жар салды.
Шақырып жан - жақты ойынға,
Тоғайда бұлбұл ән салды.
Манаурап тойған төрт түлік,
Маужырап қалды өрісте.
Жадырап толқып аспан, жер
Құшағын жайды егіске.
Айдаһар қоршап, патшаға
Отар болған Жетісу.
Қан жасымен бет жуып,
Желім жеген, ішкен у.
Елдіктен әбден кеткенде,
Сүйекке зардап жеткенде,
Шыққамыз бүгін жарыққа,
Лағынет айтып өткенге.
Біз ол күнді ұмыттық,
Мұз жүректі жылыттық,
Қан сорпалы еңбектен
Жалғыз - ақ бүгін тынықтық.
Қарашы, көз сал, байқашы,
Кедейдің мынау тойына.
Өмірде көрген қорлығы
Келетін де емес ойына.
Жарлы - жалшы, батырақ,
Қолаңшылар, қойшылар.
Жарқырап жан - жақ атырап,
Бәрі болды тойшылар.
Топырақ жұтқан байғұстар
Сапырып отыр сары қымыз.
Қиғаштай кесіп жамбасты,
Дейді «алыңыз,».
Бәйге жүйрік шабыста
Балуандар да алысты.
Қыз, келіншек айтысса,
Найзагерлер сайысты.
«Көкпары» талас, тартыста,
Ал ұста да, ал ұста,
Құрметті тойдың қонағы
Тамаша қылып аңдыста.
Біз әлпештеп бұл күнді,
Осымен үш жыл ойнаймыз.
Жыл он екі ай, бір күнді,
Бас қосып жылда тойлаймыз.
Жетісудың кедейі,
Көрген қуғын - сүргінді.
Сол себепті әдейі
Ардақтайды бұл күнді.
Кедейдің жанын сергіткен
Мейірімді сәуле бір күнсің.
Жетісуда ел күткен,
Бұл күн көпке білінсін.
1923 жыл.
ҚОЙШЫ ОЙЫ
Ауылы Қойлыбайдың қолат қонған,
Сілбі рең ұзақ сары таң жауын болған.
Тон, шалбар түзуі бойы көксоқта боп,
Қорада қой күзетіп қойшы тоңған.
Иірген түніменен ыққан қойды,
Таңғы жел ширықтырып тұла бойды.
Жантайып таң атқан соң жабуында,
Иіріп ыңырсиды мынау ойды:
Құл мен күң әкем, шешем ежелдегі,
Мал баққан, отын шапқан өз еңбегі.
Бай, батыр, жалшы, мырза, әлді, әлсіз бар,.
Тіршілік, мынау аққан өзендегі.
Суық тас әкем тәні қара кесек,
Жаншылған шешем жаны балшыққа есеп.
Көлігі көз ашқаннан көрінгеннің,
Жаны өлік, жүрегі өлік, бір көк есек.
Езілмей, елжіремей жас жандағы,
Суысып күзгі бұлттай аспандағы.
Суық, сұр соқтығыстан туған жаймын,
Салмағы салқын қанды басқандағы.
Болатын дүние сарсаң туған шақта,
Өскемін отын жастық, құм құндақта;
Жер теуіп темір өкшем балға болған,
Иленген тікен, шеңгел бұл құшақта.
Бұлшық ет, бұлтық боршам тұтасуы,
Суғарған қар, жаңбыр мен көктің суы.
Былғары қара мүсін сүбе етімді
Бөріттірген, талқылаған бейнет уы.
Құр қалған табиғат жоқ танбай менен,
Мейлі алыс, мейлі киын, мейлі терең.
Нөсерге қара денем малшынғанда
Қойнымнан боран гулеп айтқан өлең.
Менімен бірге өскен мырза
Керім, Бір жылда санап болмас кигендерін.
Ақ. балтыр әміркеңнен алтау кисе,
Қатты ұлтан, қара балтыр табан терім.
Мен сонан суықпын ба дүниеге,
Желп етіп желікпедім ештемеге.
Масылдық, мақтан, паңдық, ақсүйектік
Адыра емес пе суық. жан, мұз денеге?
Табан ет таянғаным, маңдай терім,
Малын сол таласатын жалғыз сенің.
Қыруар Қытайдағы қиналған жұрт,
Құл негр құм қыдырған бауырым мен
ің.
Әміркен резеңкесі еліндегі,
Жер астында, көмірдің кеніндегі,
Маржанға Үндістанда сүңгуірлер,
Диқаншы жер тырнаған егіндегі.
Байдағы жалшы, құтан қай - қайдағы,
Мәутен таз өзіміздің малай дағы.
Теңізде, темір жолда, фабрикте
Ондағы жұмысшылар талай дағы.
Бауырым мұның бәрі, туысқаным,
Тілімен тіршіліктің, ұйыспағым.
Ел талар, еңбек қанар, жұртты жұтар
Жалмауыз - жауым менің, бай дұшпаным.
Уланған мен улы жан кедейлікпен,
Жара боп жан жаншылған басқан жүкпен.
Дін, мақтан, дәулет тапқан арсыздықпен
Атаққа, аруақ, құдай тізе бүкпен!
Жыладым, ызаландым, жүрдім жалға,
Көмегін көрсеткен жоқ аяп «алда».
Күн бар ма кететұғын, құтылам ба,
«Кедей» деп сүйектегі басқан таңба.
Быж - тыж қып бай, жуанды осы маңда,
Кенелді - ау кедей біткен бүгін таңда.
Жайнады таң асынан қырмызы нұр,
Масайрап маңдайында орақ - балға.
Ұмытам бұған қарап баяғымды,
Аттайын соған таман аяғымды.
Балғаның орақпенен ортасына
Қояйын мен де апарып таяғымды.
1923 жыл.
ҰЛЫ КҮН
Аспанды қара бұлт орап,
Маңайым тұман болғанда;
Үсті - басты жау тонап,
Жаным - тәнім тоңғанда;
Еңбек пенен ақылды,
Көрінген олжа қылғанда;
Бауырласты, жақынды,
Иттер қалжа қылғанда;
Құзғын, қорқау қамалап,
Айрылғанда сүректен;
Жылан, шаян жырмалап,
Айрылғанда қоректен;
Қармалап жол таба алмай,
Қараңғы көзсіз түнектен;
Қармалғанды ала алмай,
Қан аққанда жүректен;
Қараңғы жарға болып түс,
Қамалғанда тұйыққа;
Көзді шоқып қара құс
Мінгенде басып иыққа;
Үрейленіп, үрпиіп,
Көтеремдей сиықта;
Мойынға ауыр жүк үйіп,
Батырғанда ұйыққа;
Он алтыншы жыл еді - ау,
Шулаған дала жамырап.
Ол ұмытпас күн еді - ау,
Күңіренген жұрт аңырап.
Ауыздан жалын аһлап үн,
Кеткенде иық салбырап,
Қолдан келіп алған кім?
Жығылғанда қалжырап.
Тұман болып жан - жағы,
Қамауда қатып қалған кім?
Қолтықтан сүйеп сондағы
Жарыққа тартып алған кім?
Сол күндердің әр уағы
Есте емес пе күн бүгін,
Ол күнді естен алмағы
Оңай болмас әркімнің.
Ол бүгінгі күн еді,
Көтерілген көкке бу.
«Қозғал, кедей» үні еді,
Жұмыскер, солдат шу да шу...
Ол бір күнгі Октябрь
Жарқырап нұрын шашқан күн;
Патша, төре саудагер
Қояндай бұғып қашқан күн;
Қызыл жалау ұйтқытып
Әлемге нұрын шашқан күн;
Айдаһарды қорқытып,
Аптығын судай басқан күн;
Үш тосарлық қанды ауыз,
Ол бораға түскен күн;
Қара қабан, жалмауыз,
Қорқырап қанын ішкен күн;
Алаламай әлемді
Жарқырап сәуле түскен күн;
Кең, байсалды, мәнерлі,
Еңбекші тонын пішкен күн.
Тапшыл жолын анықтап,
Ат ойнатқан далаға.
Қорғасынмен ұшықтап,
От жайнатқан қалаға.
Айдаһардай ақырған,
Алтын иық, сары ала,
Бақадай шулап бақырған
Деген «жаным қала ма».
Жұмыскерді, кедейді
Оққа апарып байлаған.
Құлды, күңді, өгейді
Майданға топтап айдаған.
Сол соғысты сындырған
Сен емес пе ең, Октябрь?
Еңбекші көңілін тындырған
Сенен басқа неткен күн?
Еңбегі жанған, боп жолы,
Сен еңбекшіл серкесі.
Ардақтайтын әр жылы,
Сен еңбекшіл еркесі.
1923 жыл.
МАЙ ТОЙЫНДА
Бүгінгі күн үлкен той,
Бірінші май - перуай май.
Қуаныштап, құлаштап
Тойлайтұғын келді орай.
Шашу жарлы - жақыбай,
Не қылды екен, апыр - ай?
Сал тарланға, ер қайда?
Ырғайға қызыл ту байла.
Томыртқа қылып торсыққа,
Шөлдермін, сусын су байла.
Мінейін дауыл тұлпарды,
Асынбақ, қанжар - зұлпарды
Тақиядай, топтай боп,
Жер денесі құрғақ су...
Төбесіне шоқтай қып
Шаныштым әкеп қызыл ту.
Жел, жалауды желбірет!
Желіктеп шықсын іштен дерт
Жарысқа тартып жарлымды,
Жырлайын жалпы май тойын.
Қамшылап жүйрік даңғылды,
Салайын бүгін ат - ойын.
Тарт, көлденең жүйрікті!
Жау қамалды, ұйлықты!
Мызғыдым да түс көрдім.
Кедей озды, болжал түс!
Есінедім, түшкірдім:
«Жаракімалла!» - дедім үш.
Тарт, кедейлер, ақ жолға,
Әлемнен бәйгені ал қолға!
Патшада бар арғымақ,
Алтын тұрман, зер түлік,
Май тойында шаба алмас
Май қарын, бопау, қан жілік.
Ол шаба алмас қараға,
Мұндай тойдан садаға.
Байларда бар боз азбан,
Кебеже қарын кең құрсақ.
Мұндай ұзақ бәйгеге
Жарамас аңғал ұрыншақ.
Шабам десе шын соры,
Аударылар жын, тоғы.
Тесік өкпе, бейнетқор,
Қажымаған қамытқа;
Арып - ашып, күйсіз боп
Сүйреген еді бағытқа,
Бар шығатын тұлпарым
Айнала шауып жер шарын.
Жүрегі таза көңілі ақ,
Жарлыларым, кедейім.
Жабырқапсың, мұқалып,
Бауырым - ау, саған не дейін?
Майдан жерсін жемісті,
Ел боларсың келісті.
Қаһарман қызыл әскерім,
Жолбарыс білек жастарым.
Еңбек шілдің қорғаны,
Мұзбалақ, қыран, жас, кәрім,
Қаруды асын, шық тойға
Тойыңды тойла жүр, Әйдә!
Сүйел қолды қара ұста,
Сайманды сал талысқа.
Бүгінгі бәйге сенікі,
Шылбырынан ал ұста!
Таста бүгін балғаңды,
Көр күрескен балуанды!
Қыр жауырын диқаншы,
Кетпенді бүгін жерге шап.
Көмектес, жүйрік талықсыр,
Өрге тарт, сүйре белге сап.
Жу балтырдың балшығын,
Ұста қолын жалшының!
Етікші, үйші, теріші,
Заводшы, жолшы, көмірші,
Жарлы, жалшы, құл - құтан,
Шіріген күндер өмірше.
Жарыс, тойға жабырла,
Әуеніңнен жаңылма!
Жас жетімдер, балалар,
Қатар түзе, сап жаса.
Әндет, шықсын жас дауыс,
Болсын қызық тамаша.
Қызғалдақтай өңденіп,
Май тойына бер көрік!
Киімім нашар, жаман деп,
Арланба, жарлы, жүр тойға.
«Жаса, жарлы, жасар» деп
«Шық ту алып атойға».
Тарт көмбеге, дүркіре,
Дауыста, күндей күркіре!
Жаныңда, төмен, теріскейде
Жаны тәтті байлар бар,
Айдаһар улы, ашулы,
Дәуден бесеу, алтау бар.
Көрсет бүгін қырынды,
Сал жолына қыңырды!
Сол айдаһар баурында
Күйелеш, әлсіз құл, күн кеп,
Қорқау қасқыр аузында
Үн шығады: «өлдім!» деп.
Сал қайратты сол үшін
Ол - адамдық борышың.
Осы айқайды салысып,
Езілген елдің көбіне,
Осы бетпен жарысып,
Шығамыз жердің дөңіне.
Тарт, бөгелме, көмбеге,
Көтермеле, өрмеле!
Жалпы еңбекші тойлап тұр,
Ресейдің топырағын.
Қарашы, туын байлап тұр,
Шақырып тойға жан - жағын.
Қайырып даусын көмейден,
Айқайшы шықсын кедейден
− «Жалпы еңбекші, қоғамдас!» -
Майдың айқай ұраны.
«Жалпы еңбекші, аралас»
Майдың қару, құралы.
Май кедейдің мақтаны,
Лауқұлмақпоз тақтайы.
1923 жыл.
САПАРДА
І
Төніп әуе,
Тұнып теңіз,
Қызықтырған басында.
Ыңсыз, желсіз,
Теңіз, елсіз...
Үміт
Ілгері асуда.
Қайықты сырып,
Кеттік бұғып
Алыс жолға
Жыраққа!
Кезді жас қып,
Қош - қоштастық
Қара кемер
Құраққа.
Үздік - создық,
Жүрдік, жүздік,
Көк теңізді айырып.
Су да «шусыз»
Біз қайғысыз,
Кеттік ұзақ
Ай жүріп.
ІІ
Таппай жаға,
Су сарқыраға,
Күн жығылып сүңгиді.
Жылдам, шапшаң,
Жамырап сам,
Түн тұнжырап
Мүлгиді.
Желпіп теңіз,
Шықты лебіз,
Көкті бұлт торлады.
Қайық қылпылдап,
Су ылпылдап,
Бізге безгек
Орнады.
Біз шалқалап,
Желді арқалап,
Кеттік бетсіз түу - түуге.
Өкіріп дауыл,
Аһ - у - у - шу!
Салды бізді
Шүу - шүуге.
Сапырып теңіз
Жел соғады.
Қалтыл қайық толқында.
Ақырып теңіз,
Сең соғады.
Кеткен жүрек
Қорқуда.
Таудай қайжаң,
Шұңқыр, ойпаң,
Әлсіз отпен көз түсті.
Көлденеңдеп,
Көкке өрмелеп,
Жынды толқын
Сүзісті.
Қара жаңбыр
Сыр - сыр, сыр - сыр...
Сорғалады, сорлады.
Үпі әулие,
Сүлеймен де
Түк септігі болмады.
Мәңгі - мәңгі.
Қап - қараңғы,
Соқыр көзді жұмғандай.
Үсті желең,
Асты терең...
Өмір зымиян
Зындандай.
ІІІ
Әлдеқайда
Қандай жайға
Келдік, кеттік белгісіз.
Қандай мекен
Қай жақ екен,
Ажыратып ми
Бергісіз.
Кетті сүрек
Өлді жүрек,
Сезім - сана қалған жоқ.
Еш шықпаған
Өлімтік жан,
Сенде аһлау,
Арман жоқ.
Жүздік - жүздік,
Соққы көрдік
Бәсеңдеді жел - дауыл.
Соққан толқын,
Тартқан опқын,
Ақырындады
Жай ауыр.
Жыртылды бұлт,
Етті жылт - жылт,
Сығалайды «босаға».
Маған әлі
Қап - қараңғы
Бетсіз - шетсіз
Осы ара.
Үріккен үркер
Ұшқан арқар,
Ол да біздей адасқан.
«Жетіқарақшы»
Кімге тауып
Жол ашқан?
«Ақбозат» та,
«Көкбозат» та:
Арқандаулы, байлаулы.
Алыс па арал?
Қоңыр самал
Бұлтты түріп айдаулы.
Біз сенбейміз,
Бос «жел» дейміз,
Үркер - арқар, өңгені.
Біз іздейміз,
Біз көздейміз
Аумас қазық шегені.
«Темірқазық»
Бойын жазып,
Шықты бұлттан жалтылдап.
Бет түзедік,
«Ал жүзелік!»
Дестік
Қайық қалтылдап.
Қажып - талма,
Жеттік таңға.
Жел басылар, түн де өтер.
Аумас қазық,
Талма қажып,
Ел қарасын көрсетер.
1923 жыл.
ЖОҚ
Арғымақ тұрпат, қу сынды,
Ай жүзді сөңгел мүсінді.
Сұңғыла, сұңқар аңсағы,
Үлпершек үкі, шоқбар жоқ.
Кер құба камшат шекеде,
Кербез қас, кергіш тізеде.
Майысса да саусағы,
Сүйген бір жары құшпаса,
Сұлудың сұлу сыны жоқ.
Сүбеден сұлу кескінді,
Серкеден сұлу пішінді,
Жанат - жүн жалдас, жез құйрық.
Жаясы жайлау, жанары от,
Су орнына жұтып сүт,
Қоян жүн, құс тос, бөкен бұт,
Бапталса да жел жүйрік,
Сүйген бір ие шаппаса,
Жүйріктің жүйрік сыны жоқ.
Күз қабақты мар жүнді,
Мұз балықты, аршынды,
Тақымдап, таптап қайыртқан,
Тегеуріні темір, тас жүрек.
Саятта қунақ, сақсыған,
Қарсыдан қарсақ қақшыған,
Тақымнан түлкі айыртқан,
Сүйген бір бегі салмаса.
Қыранның қыран қыбы жоқ.
Бұлбұл үнді, бал тілді,
Тұңғиық ойлы, сыр жырлы,
Жырын жорға жырлаған,
Жүйрік жан, сара көкірек.
Аулы тойдай анталап,
Қоғамы қойдай қоршалап,
Таңырқап тобы тыңдаған,
Сүйген бір елін таппаса.
Ақынның ақындығы жоқ.
1923 жыл.
ТҰҢҒЫШ ТОҒЫСУ
Ақ ауыл. Ауылда орда дүмбірлеген
Ол ауыл, ордада ондай кім жүрмеген.
Қақшиып кежімді кер кермеде тұр
Қатырған, үкілеген, дүлдүл дөнен.
Ойысып орда аузына ұсынған жан
Тіресіп бір - біріне жүр - жүрлеген.
Жаюлы үй үстінде жастық жатыр
Дабырмен жинап әлі үлгірмеген.
«Уа, сөйлес!»
Орда артында тұра қалдық;
Шығады домбыра үні дүңгірлеген.
Еңкейіп екіндіден күн құдиды,
Келе жатыр ауылға мал бір - бірлеген.
Аспанға ақын әні шығады өрлеп,
Асқақтап Алатаудың тауын тербеп.
Ұшқыр үн көкке күліп толқығанда,
Көбіктей көкше бұлттар қағады көлбеп.
Шынайы үн шырқауымен шыңнан шығып,
Қайтадан қалықтаса жай төмендеп,
Алдартар әдейі қосқан тың тұяқтай
Домбыра қосылады сонда сөйлеп.
Бірде ойда, бірде өрде жарысқандай
Дауыс тынса жүйріктей ән дірілдеп.
Желпілдеген жүйрік терің желше сарнап,
Іліп ап төгіледі күй мәймөңдеп.
Таңырқап қарай қалды келіншек қыз.
«Шық!» - деді қорғасын үн үйден дыбыс.
Шықты үйден шақша ұстаған шұбар жігіт,
Түкіріп насыбайын, басып нығыз.
− Жол болсын! Жақын келді жөн сұрады.
− Құдайы қонақ едік, жолаушымыз...
− Түсіңіз.
Шылбырларды шұбар алды;
Маймаңдап үйге таман келе атырмыз.
− Ассалаумағалейкум...
− Әлек сәлам.
− Жоғары. Төрге таман...
− Қош келдіңіз!
Отырдық ордасында алты қанат,
Жайнаған жасау көздің жауын алады.
Тегеріш, терме басқұр орда ораған,
Уақтың қарны күміс жарқыл қағады.
Түс киіз шым кестелі, шәй шымылдық,
Ішіктер ілулі тұр түлкі, жанат.
Сандықтар былғары қап күмістеген,
Жиюлы көрпе - жастық қабат - қабат.
Кебеже баймүңкелі, жұқаяқтар
Сырланған, сүйектеген төсек аяқ.
Іргеде емізіктеп қара саба,
Піспегі шекемікті алма сағақ.
Текемет төсегені кілем, көрпе.
Босаға жақ ер - тоқым ауыр тұрман.
Он жақта бәйшешектей қыз төсегі,
Шымылдық шағи, нұры шомылдырған.
Кер құба камшатымен кербез отыр,
Кергіштің бізі сырт - сырт, саусақ, сумаң.
Жүнін жұлған тайлақтай тазығыр шал,
Жас тоқал жанында отыр қаққан қылмаң.
Арса арық, күрең көсе тер сорғалап
Ақ бурыл ақыны отыр ән салдырған.
Анталап ащылаған қойдай болып,
Мәз - мейрам салған әннен осы думан.
Байсалды бәйбіше отыр бөстегінде,
Екі айна айналыпты төстегі інге.
Секілді күйген тері беті бопты,
Итиген иек, ауыз түскен көрдей
Түсіпті опырайып ішкеріге.
Моладай жауын шайған мұрын қапты,
Қартайса анау ақ қыз өстеді ме?
Пішінді кәрлі кәрілік пішкені ме?
Алайда ақылы тый, айтып отыр
Жалшыға, жас тоқалға, қыз - келінге:
«Мал алдыр, мейманыңа мезгілімен,
Атаның ұлы шығар бата тіле!»
Түстейін тоқалды да түс тоқтатып:
Қара көз, қаймақ ерін, қасы жатық.
Қайрақтай қара жайдақ, қаймаң қаққан,
Қайқы төс, жатағандау, тілі тақ - тұқ.
Кірсіз ақ кимешегі жарасып тұр,
Тіктірген жағын маржан, оқалатып.
Орасы шүберектің о бір шатақ
Салпитып екі құлақ ұшын сарқып.
Самсаулы саусақтары сақинадан,
Омырау ілгек, түйме, маржан, ақық.
Бай билеп, бәйбіше илеп алған адам
Қосағын қойған кісі қақшақтатып.
Ақ орда шыпылдаған шыбығынан
Төр толы томар шалдар томырайған,
Еңсегей, еңгезер бар омырайған.
Ебелек, ергежелі - бәрі сонда,
Қошқардай қожырлар бар қожырайған.
Жүн сақал, күміс сақал, көсе, шоқша,
Көздер кеп сығырайған, бажырайған.
Майталман, ділмар, тұйық, томырықта
Бар пысық та, боқбасар да, қылшық айран.
Түкіріп алды - артына былыш - былыш,
Сатала сақал біткен насыбайдан.
Қозғалды ақын әні қайта қозып,
Қонақ кеп, қобыраумен қоя қойған.
Еңкейді емізікті қара саба,
Алқымға тегеш тосты ала сала.
Құлаштап қол қайырып үй иесі
Сапырып қымыз берді шара -шара.
Түрулі төңіректі қамады жұрт,
Қалмай жан қатын - қалаш, бала - шаға.
Қыдырып қымызымен қызыл шара,
Қылғынтты кезек - кезек және шара.
Той - топыр, тұяқ басты боп отырмыз,
Тапжылмай тамам халық тамашада.
Тарлан көк, тазы, тұлпар салды құлаш,
Тала ма, талықси ма, таң аса ма?
− Арғынмын, атым Әсет, арындаған.
Арындап ән сала мадарымаған.
Аспанның аясында ән шалқытқан
Бұлбұлмын даусы көкте дамылдаған.
Көмекей көк қапысын әнмен ашса,
Төгіліп меруерт, маржан сауылдаған.
Тұлпармын топтан озған, тосырқама,
Шаршы топ, шаршы өрім жоқ шабышмаған.
Жорғамын жұрттан озған, жортарманмын,
Майдамын, майда желіс мамырлаған.
Аулымнан алыстағы мейман келді,
Бүгінгі ән адыра салынбаған.
Тауықпын, тердім тары Найман шалдан.
Найман - ел айы туған маңдайшадан.
Үйректей, қаздай қалқып, жүрмін жүзіп
Көл елде, көп Найманды қыдыр шалған.
Ертіс, Сыр, Еділ, Жайық өзенім бар,
Тау өтпес Тарбағатай, Тянь - шаньннан.
Шығысым қытай, қалмақ, маңғолды өрлеп,
Ауылым бар ауғанға да теуіп барған.
Ән құмар әлеуметім анталап тұр,
Өрле әнім, шапшы шыңға «інжу-маржан».
− Амин! –
Деді, малға бата қылдық.
Тершіткен қызуы бар қымыз зымғып.
Тегешті тайқазандай тақырлатып,
Отырдық кекірісіп, кейін сырғып.
− Әсетжан, ән жаңала, - деді ақсақал,
Шүкейт шал, үй иесі бөрте быртық.
Толқынтып тоқсан буын әнге салды,
Тарлан боз тартқан сайын түседі ырғып.
Бес саусақ перне билеп, ойнақ салады,
Екі ішек ентелейді, саусақ лып - лып.
Қолқалап жанның сірә құштарланды:
− Әсет аға, «Қыз Жібекті» сөйле жыр қып
Тұйық топ түрдік құлақ, тұра қалдық,
− Өзгені, «Қырғауылды» айт, сұрамалық!
Самайдан сары өзендей саулап аққан
Ақын да терін сүртті тұра қалып.
Қымызды шағын шара және ұсынды,
Сапырып, салқындатып, секер салып.
Көз мүлгіп, тарбықтанау таңырайып,
Күлтілдеп күре тамыр қалды қағып.
Алды да домбыраны оңтайына,
Тиекке бір түкіріп, бұрап алып,
«А» деді «Қырғауылға» түсіп кетті,
Аспандап ән асқағы кетті лағып.
Ән шықты кейде асқақтап, кейде баяу,
Алыстап кейде талды, кейде таяу,
Тақымдап, тәбетіңе тап - тап берді,
Көңілді кейде ұйтқытып, кейде ояу.
Айқасып әлденеше үн аударысты,
Жамырап жарысқандай атты - жаяу.
Оқ жылан үн оқтары ирең қақты,
Тарыс - тұрыс кейде ұйтқиды тулақ, сабау.
Көтеріп көңіл күйін, өрлетті ойды:
Суретін Сарыарқаның тартты анау.
Көкте күн қырға қарап қылмаң қақты,
Сайда су сыңқылдады тоғыз тарау.
Қалың көш бұлттайын бұларлаңды,
Қалың қол қаптап кетті қолда жалау.
Қой маңырап, түйе боздап, жылқы орқырап,
Самалмен шайқап қақты балғын, балау.
Аспанда ай, астында көл күлмең қақты,
Ақ ауыл, орда. Отауы оңашалау;
Сүйгенін сүйіп сұлу сылқ - сылқ күлді,
Кермеде қатты жүйрік — қамшы жарау.
Ән баурап әлеуметті алып кетті,
Қоздырды ой, ырғақты үні салып қозғау.
Толы топ:
− Уәде, жазған, - деді, - бәлі - ау!
Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,
Қоздырып делебені дәсерлетіп.
Салдыртып, саңқылдатып, сау желгізіп,
Өрлетіп, өрелентіп, бәсеңдетіп.
Серпілтіп, секектетіп, сексен ырғап,
Қырық қарпып, тоқсан толғап, бес өрлетіп.
Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,
Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп.
Талдырып, талықсытып, тамылжытып,
Орғытып, орағытып баса өрлетіп.
Қарқынды үн қан қайнатып, жүрек жұлып,
Жан жалмап, көңіл тербеп, әсерлетіп.
Сарайым - саба, құям пісіп, пісіп,
Қоя алман ән шіркінді ой кернетіп.
Сөз - жаңбыр, даусым - дауыл, әнім - ескек,
Ойнақтап басылайын аз желдетіп.
Тандап сүй, сүмеңдеттім сөз сұлуын,
Тілін бал, сілекейін секерлетіп.
1923 жыл.
ҚОСЫЛЫС
Аспанды абайлашы маужыраған,
Алатау намазында, шалма ораған.
«Жөн - ақ!» - деп жұлдыз біткен жымың
қағып.
Түн торып, түні бойы жаудыраған.
Сыр толқын, сынап ағын сылқ - сылқ
күліп,
Сүйсініп сүйіске су шу - шулаған.
Құласып қол соғысып қияда тас
Құттықтап қос қосақты, саудыраған.
Жылпың жел бетін шымшып, жымың етіп
Жеткізсе, балдыр елтіп балбыраған.
Ай шашып қосылысқа алтын шашу,
Толықсып түр бір - екеу таң қылаңнан.
Қыз:
Ей, жаным, жүрегімді жұла сүйген,
Ерітті - ау, елжіретті - ау ернің тиген,
Жібердің, қымсынбадым, қысыңқырап,
Төсіңе батпады ма төстен түймем.
Көрмесем күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ,
Өрт пе, дерт? Бір пәлем бар іште күйген.
Себер су ол өртіме сілекейің,
Дәндеттің, дедің «солай сүйіп үйрен».
Өрт жүрек, от махаббат, жалын жанға,
Керек пе, жарсыз қызық, жиған дүниең.
Өртке су, дертке дауа өзінде тұр,
Таяй бер тамағыңды сүйем, сәулем.
Жігіт:
Менде де өрт, өртенемін өзің ұсап,
Менде дерт тыншытпайды жанды қысап.
Сергітер делбе жанды сенсің, сәулем,
Жүрекке таса болсаң сұқтың. пышақ.
Өзіңсіз өмір - өлім, дүние - қараң,
Бір пәле маған дағы болды бұ шақ.
Аузыңнан асыла түс алайын бал,
Жұпар гүл айнала ұшқан шыбынға құсап.
Сен шырақ, мен пәруана - боз көбелек,
Кеш, неткен арсыз деме кеткен ынсап.
Ерте - кеш, жатсам - тұрсам тілегім бұл:
Осы өмір, осы сүйіс, отты құшақ.
БОРАНБАЙ НЕ ОЙЛАП ОҚЫП ЖҮР
Мен өзім қағаз алып қала барсам,
Қаланы үлкен - үлкен араласам.
Қалада пәленше бар, түгенше бар,
Қазыналық школға кіріп алсам.
Шаш жарып, кекіл қойып, артын қырсам,
Алуға айна - сабын келсе мұршам.
Шапанды сым - түжіркеге айырбастап,
Шалбар, тон, тымағымды лақтырсам.
Құшақтап, «көңіл қосты» бақса барсам,
Көшемен желіп - жортып қақшаңдасам.
Қыздармен гармонь тартса сереңдесіп,
Бүкеңдеп, қылмың қағып, ақсаңдасам.
Базарға күнде лып етіп бара қалсам,
Ақшама арақ. алсам, тарақ алсам,
Оқуға жазуменен әуреленбей,
Серейіп көше көздеп қарап қалсам.
Елде көп осы күнде алыс - беріс,
Орысша судырласып оңды - теріс,
Босанып, жаз жылт етсе, қырға кетіп,
Шабуыл ел аралап салсам желіс.
Шәпкімді елбіретіп қыңыр киіп,
Бүрмелеп жейде кисем белімді иіп.
Аралап қазекеңнің қалың аулын,
Қыздарды қызықтырсам, әйел сүйіп.
Қыз күліп аттанғанда жырқылдаса,
Жалтырап қара бегім жылтылдаса.
Қойдырып қос жастықты шалқаласам,
Ауыздан иір түтін бұрқылдаса.
Қасымда құзғын ақын қыңқылдаса,
Дегендей қыз - келіншек «сылқым жаса».
Ат байлап келген аулым тауариштап,
Сескеніп кемпір - семпір мыңқылдаса.
Мен шықсам тіл - міл біліп оқуды үзіп,
Қошқарша көрінгенді қойсам сүзіп.
Жалпы жұрт ағармаса, қоңыр болар,
Әттең - ай болар ма екем «Баянсызов».
1923 жыл.
ЫҚШЫЛБАЙ
Еп үйрен епшіл болсаң Ықшылбайдан,
Жылпылдақ қорыққанына сары майдан.
Басы үшін ұстап жүрген әдісіне,
Дүниеде өте қалмас одан айуан.
Ықшылбай надан емес, «совработник»,
Аңдысқа ұсақ өсек тіпті жетік,
Досқа бал, дұшпанға тас мінезі бар;
Қояды «қап» дегенді бірдеңе етіп.
Бойыңда сүт мінезді жағымталдық,
Әркімге үйірсінеді өсек аңдып.
Борсиған портфелінде «материал»,
Бір күні ақтартпақшы бір асар қып.
Ықшекең көріп өтті талай «ұлық»,
Көрсетіп бәріне де қыздай қылық.
Орындап өз дегенін келе жатыр,
Бетімен көрінгенге ықтай жүріп.
Ажарлы, алапатты оның. беті,
Мансапшыл, ұлық сыйлау бар ниеті.
Қойыртпақ қойны толған пәле - жала,
Төменнен сый кермесе, қисық тіпті.
Сөйлесе басын мақтап адалдайтын,
Артқыға алдыңғыны жамандайтын.
Жолдасты жаңаланған жаны сүйіп,
Жалпақтап, жалпылдайтын, амалдайтын.
Табақтас Ықшылбаймен Жапар қалды,
Орнына Жарқымбай боп жаңаланды.
Түлкідей Ықшекеңнің бұлаңы бар,
Жақындап қолтығына кіріп алды.
Жапарды, дейді, «ескермей» қатуланды,
Ірітіп ел арасын лаң салды.
Біздерге ауыз ашар күн болған жоқ,
Сүйтті де саясатты бұзып алды.
Мұның да құлағына құйды талай,
Болысты бір Жарқымбай, бір Ықшылбай,
Өштігін, үстемдігін, өз пайдасын,
Осымен іске асырып жүр Ықшылбай.
Мұнымен тағы да өтті ойын - сауық,
Істесті, саясаттың кілтін тауып.
Басынан Жарқымбайдың, кетпек болды
Уақытсыз, толқымалы заман ауып.
Жарқымбай сол бойымен кетті шығып,
Ықшекеңнің қылған ісі оған жұғып.
Жарқымбай жаман атпен жала арқалап
Ықшылбай ықтасындап қалды бұғып.
Орнына Мәулет тұрды Жарқымбайдың,
Шақылдап түсі суық, ызғарлы айды,
Жарқынмен жарқылдасып дірілдеген,
Ендігі амалы не Ықшылбайдың?
Алдымен жүз танысты, қолын алды,
Кісідей түк көрмеген болып алды.
Жамандап Жарқымбайды «ел бұзғыш» деп
Мұның да оң жағынан орын алды.
Айтып жүр елдің бетін, жұрттың жайын,
Салып жүр қынжылғансып сарыуайым.
Сыбырлап күндіз - түні мұны дағы,
Жүнжітіп, жолдас қылды қарапайым.
Бірқатар мұңыменен дәурен етті,
Қарық қылды Ықшылбай да талай көпті,
«Мәнісі мынаның да болмады», - деп,
Өрмелеп төске таман сыпсың етті.
Сонымен иістеніп ол да кетті,
Ықшылбай ықтап қалды ежелгі епті.
Одан соң періштесіп біреу кеп еді,
Ықшекең бірге тепті әлпеншекті.
Келсе де жүзі түгіл, мейлі мыңы,
Бәрін де жетелейді ашық сыры,
Өзіне жалпаң қағып ықтаған соң,
Аулақтап сыртқа тебер қандай жынды?
Осылай өтіп келеді қандай заман,
Ысылған Ықшекең де заманадан,
Аударыс болса дағы сыпсың сүргін,
Бұлтаңмен келе жатыр есен - аман.
1923 жыл.
САУДАГЕР ТАМАШАСЫ
Еу! Хеу! Айт!
Біздің заман шын туады!
Айда, заула,
Еркін сауда!
Қол соғысып,
Жылмаңдауға...
Қылқып алып,
Қылмаңдауға...
Уай- уай, бұ заман!
Қызығына қызамын...
Биыл налог ақшадай.
Қалтасы бай, ақсамай,
Ақша іздеген қазақтың
Шарадай басы шақшадай.
Ха-ха-хау, қазағым!
Көр малыңның базарын.
А, ерен... шервен... шервен.
Біздің мерген...
Қап қарыным
Шермен, шермең.
Мал базары.
Жолдың бәрі,
Толған қазақ.
Тентіреген,
Малын айдап,
Барын байлап,
Жаман тымақ
Ербең - ербең.
Мұны бізге
Қақтырып
Аллам берген.
Аллам, пірім.
Алдап берген.
Апкел тағы
Сұйық сары,
Бізде серуен,
Уа-уа-уа, айт соны!
Соқыр күйші, тарт соны.
Көпіретіп!
«Кооператив» деп
Жазып қойған
Маңдайшаңа жарқыратып.
Қаңқайып тұр
Көзін сатып;
Бір тәксімен
Қалды қатып,
Сыбағасын
Біз жеп жүрміз
Сылқылдатып,
Алып, сатып.
Атып, қақшып,
Қақшып, атып,
Тықақтатып,
Тағын заказ.
Заказ тағын...
Сыңғырлатып,
Шыңғырлатып...
һеу-һеу-һеу, құдаша!
Күнде мұндай тамаша!
Шолақ төре...
Өздері әуре...
Алғашында
Көрсетпекші
Емес еді
Жарық сәуле;
Енді олардан
Бұрынғыдай
Кетпес зәре.
Тағын заказ...
Заказ тағын...
Пәле!.. Пәле!.. Пәле!..
Ах, сансыз сап знак,
Қалтаны бізге жағызбақ.
Қалтадан кассаға ағызбақ!
Шыныдан ауызға тамызбақ.
Қосшы союз,
Олар даюз,
− Союз қосшы...
− Соны қойшы!
Сыра, боза,
Қалта, қожа,
Екеу- екеу...
Екеу- үшеу...
Әлденешеу
Бес уақыт
Болмас қаза.
Бас! Бас! Бас! Уау, Айт!
«Гүләуләні» тарт!
Әкем- укам,
Тағын заказ...
Заказ тағын...
Емшегі де Екен үлкен,
Үлкен екен.
Гәзмал толы
Біздің дүкен.
Уай,, налог!
Тағын керек!
Керек Жаркент...
Лепсі... Талдықорған...
Қашан қайтар
Екен одан?
Ақша ап кеткен,
Әзім дадаң,
Мата ап кеткен
Ғаппар молдаң...
Іші! Іші! Іші! Балақай!
Қазақ малы талапай.
ИТ - АЙ
Туғанбай
(үйден шығып, белдеуде тұрған көк шолақ атының арқасын
жақындап көрді де, кейіп дауыстай бастады.)
− Алтынай? Ай, Алтынай! (Алтынай үйде)
− Иә, не қылды - ай?
− Жүр жылдам, жүр!
Мына қу шолақтың арқасы ошақтай!
Құрым киіз күйгізіп әкел!
Бар арқасы сыдырылып, сылынып қалыпты
ғой.
Ай, нәрәтшік ит- ай.
Түу обалы жібермегір - ай.
Құдай - ай, ит - ай. (Тағы да дауыстап.)
− Алтынай? Ай, Алтынай!
Нағып байланып қалдың?
Бақытсыз қудың қатыны - ай!
Алтынай
(үйден құрыш киіз күйдіріп, түтінін
бұрқыратып жүгіре басып келіп.)
− Мә! Мә! Ұстасаңшы!
Қолым күйіп кетті ғой, байғұс - ай.
Туғанбай
(аттың арқасына қарап.)
− Мынаны көрдің бе,
Малдықтан кетіпті.
Тақ түбіне жетіпті.
Ыстық қойып, лоңкаға шаптырып,
Өкпесінен ері әбден өтіпті.
Алтынай
− Мен басында айттым, берме деп.
Сол иттің жылпылдатқанына ерме деп.
Тақ сені бір айдатып жіберетін немедей
Қыпылықтап едің кеп...
Нәрәтшікті Құдайдай көресің,
Отыр енді, жалғыз шолақтың, жасығын жеп.
Туғанбай
(Алтынайды жақтырмай)
− Ой, оттамашы!
Мен мырзалық қылғанмын ғой шамасы!
Күйіп тұрған жанымды өртеп,
Сен де бір жағымнан мылжыңдамашы!
Алтынай
− Мырзалық қылмасаң тартып алды ма?
Туғанбай
(Алтынайға зекіп)
− Шаптықпа бет алдыңа!
«Күші - налогі» бар, мінемін деп тұр,
Болмаса, болысқа алып жүремін деп тұр.
Мен өзіме - өзім тілеп алдым ба?
Алтынай
(тағы да)
− Болысына - ақ барсаң неғылады?
Алса, болыстан қалсаң неғылады?
Күн көріп отырған жалғыз атым еді деп,
Бұл қу ойбайыңды сонда салсаң неғылады?
Әйтеуір, тоңмойындық мінезің көк ат пен
Менің сорым дағы.
Тым болмаса қасындағы жасауылға жалынсаң неғылады?
Туғанбай
(зекіп)
− Жә, болды, жарайды,,
Ақсақ қой түстен кейін маңырайды.
Қылышымен шылбырды қиып, атты қуып,
Қазанды қиратып кеткен итке,
Жасауылға жалынсаң еді деп қалжырайды.
Жасауылға жалынбақ түгіл,
Жасауыл қандай адырайды,
Жылдам бола қоймайсың деп
Атпен омыраулатып,
Өлтіріп кете жаздаған жоқ па Баянбайды?
Алтынай
(теріс қарап)
− Көрінгенге өзі елбіректеп жүреді,
Көрінген мұны иектеп жүреді.
Қабаққа қарай албасты болып
Алдап - сулап ептеп жібереді.
Алтынай
(атқа қарап жауыр жарасынан жиіркеніп)
− Үй, жануар - ай!
Арқасы борша - борша,
Жылқышы ата көрмегір - ай, сонша!
Қонаға кайтып келеміз деп еді - ау!?
Әлі мұны мінгелі қанша?
Туғанбай
(ойланып бармағын санап)
Жұмадан жұма сегіз,
Сенбі тоғыз,
Жексенбі бүгін он.
Алтынай
− Жоқ, қайнағаның асынан соң...
Туғанбай
− Мен не айтып тұрмын?
Құдай алжыта береді екен ғой,
Баспаған соң - он.
Көбірек әкелуге құрып қалдың ба?
Бұл құрғырыңды.
Дереу құманға су құйып әкел!
Жуайын мына екі қапталдағы іріңді!
Алтынай
(үйге кіріп кетеді)
(Туғанбай тағы да дауыстап)
− Алтынай! Ай, Алтынай!
Табыла ма бір қасықтай май?!
Пай - пай, құдай - ай,
Ай көрінде өкіргір, нәрәтшік - ай!
Май табылса бақырға шыжғыр!
Сауысқан шоқиды ғой енді,
Қоя берсек қара күйе қылмай,
Түу! Мынаның бәрі іркілдеген ісік екен ғой,
Алда үйің күйгір - ай!
Түу! Ойбай - ай! Құдай - ай!
Обал - ай, ит- ай!
1923 жыл.
ЖАРҚЫНБАЙ, БЕРКІНБАЙ
Беркінбай
− Жарқынбай - ау, неғылды?
Қабағың неғып жабылды?
Айтсаңшы ойбай, жолдас - ау,
Жабырқаған шағыңды?
Жарқынбай
− Е-е-е, шіркін!
Бүл да бір күн...
Алдады, соқты
Дүние, түлкің.
Жайды жақсы білесің:
Бадырақ, қосшы, кедеймін.
Осы өзімді шұқыламай жүрсе,
Біреуді қылқып,
Біреуді жұлқып,
Алайын демеймін.
Мұсабек байдың биешісі едім,
Исабек байдың түйешісі едім,
Қалберген қажының есігіндегі
Қара қазаншысы, күйешісі едім.
Иванның соқашысы едім,
Мәселейдің бұқашысы едім,
Мынау тұрған
Кольканың запұлатыны
Маңдай терді сыпырып жүріп,
Мен ұқсатып едім.
Аш - жалаңаш балшық та айдап,
Сергейдің тезек қорасын
Мен шошайтып едім.
Беркінбай
Алғаның жердің сауыры еді ғой.
Союз қосшы да бір қауым еді ғой.
Бүгін жабырқап, жасып қалыпсың,
Жиырма бірінші жылы айғайың тәуір еді ғой.
Жарқынбай
− Тоқта, Беке, тыңдап тұр.
Ол, жиырма бірінші жыл!
«Жарлы», «жалшы» деп айғайлап,
Көшеде жосылғамыз жоқ па?
Одан - бұдан құралып,
Қосшы союз қосылғамыз жоқ па?
Міне «нәп, нәп» шықты.
Алғашқы айғай әлсіреп,
Басылды аяқ тәнтірек.
«Әпке» сиынған жұдырықтардан,
Садағаң кетейін, кеңес үкіметі арқасында
Байлардан сауын алып едім.
Көлік, соқа құрастырып
Тауып алып едім.
Өз еншіме тиген соң,
Кольканың езім соққан запұлатын
Жөндеп, жауып алып едім.
Міне «нәп» шықты
«Нәпке» арқаланып Колька шықты.
Жуан мен жұдырық,
Оған құйрық бұлдырық
Сұм ұлық,
Бәрі қамажаулап,
Алқымдап,
Қылғындырып,
Буындырып,
Сасқалақтап отырғаным жоқ па?
Беркінбай
− Сен саспа!
Өз араңды ашпа!
Заман өзі солай болды.
Құрғақ айғайды қойып,
Енді іске баста!
Жарқынбай
− Жарайды - ау, Беке, жарайды...
Әркім - ақ соны ойлайды.
Ит пен құстың бәрі
Қожайын болып барады.
Басынды байлайды
Үстіңнен арыз айдайды
Қожайын қылып бір қуды сайлайды
Осыған қаның қайнайды.
«Осы үйде не жұма тұрсын, не мен тұрайын»,
Деп Қожанасыр айтқандай:
«Жетісуда не қосшы, Не бай, манап, тұрсын!» -
Деп осы үшінші съезге жетіп алсам,
Салғалы отырмын ойбайды!
1923 жыл.
ҚЫРМАН
Қылмаңдап қырға сұлу күн,
Қызуы қыздай жайнайды.
Сәлемдесіп сәулемен
Су сумаңдап ойнайды.
Салалы талдар салбырап,
Сайда самал еседі.
Қарағай көкке маужырап,
Бұлт керуендей көшеді.
Алатау беті шұп - шұбар
Шырғанақ, дүлей бадалды,
Алатау бауыры егіндік
Бұрқыратқан сабанды.
Төскейде бұлақ сылдырап,
Оятады даланды;
Төбеңде торғай жыр жырлап,
Тербетеді мазаңды.
Естіледі жалғыз - ақ; «Өк! шүу!»
Бекен сарыны.
Бес сиыр қоста, жалғыз ат,
Бекен айдайды тарыны.
Көк шолақты қақпалап
Қара пұшық, баласы,
Қараша үйде қап жамап
Отыр оның анасы.
Діңгекті сиыр айналса
Бақайлары сыртылдап,
Қызыл маржан жайнаса,
Мұз қырманда жылтылдап.
Мұртынан күліп Бекеміз,
Көлеңкелеп бұтаға.
Қожалақ қолды қояды
Ышқырдағы шытаға.
Қой айдаған баланың
Құрықшасы тақымда;
Бекем қағып шытасын,
«Сусын!» - дейді қатынға.
Жамаған қабын доғарып,
Басады Балдан жүгіре.
Мелшиген мес шұбалып,
Жетеді жығыла - сүріне.
Сапты аяқ қалған саламда,
Қоқымға көже сыңсып,
Топанды көже жұтқанда
Күреден шығып тер шып - шып.
Сусын жұтып, қырманды
Жаңалап қайта шешеді.
Қырман дап қыдыр диқанды,
Диқаншы қызыл көшеді.
1924 жыл.
ОКТЯБРЬ КҮНІ
Аспандағы алтын күн
Жылмияды неліктен?
Әлде оятқан мынау үн?
Әлде жүректі еріткен?
Мәңгі меңіреу Алатау,
Жабыққан қабақты ашқандай,
Күміс сумен жуынып,
Жұпар иісін шашқандай.
Айқайшы қораз шақырып,
Таң тамаша атқандай.
Төсін төсеп жер ана,
«Ойнақта!» - деп жатқандай.
Дуылдаған қалың ел
Тығыз күйреп үйгендей.
Зуылдаған торғын жел,
Жалауды жалап сүйгендей.
Ауыр тұман, ауыр бұлт,
Ашылғандай аспаннан.
Әуені сасық жел аршып,
Асырғандай асқардан.
Сондықтан еркін дем алып,
Елге еркіндік туып тұр.
Масайрасып бар халық,
Бет алып белін буып тұр.
Сар далада сайраңдап
Сағымнан қорыққан қоян ек.
Тас бүркеніп ұйықтап,
Жатпаушы ма ек, ояу ма ек?
Қоян қуған жыртқыштан
Айырған сенсің, төңкеріс.
Қарақшыға бет алып,
Елдің беті жөңкеріс.
Қайырлы болсын осы бет,
Қадамды болсын осы ниет.
Ел таласты көмбеге,
Ұранда дала, жосып от.
Ел тойлаған Октябрь,
Қадірлісің, жылдан - жыл.
Мақталарсың, боларсың,
Жылдан - жылға жырдан жыр.
1924 жыл.
ОРАҚ НАУҚАНЫ
Күн шыжып, жалпақ егін кетті пісіп,
Ораққа жан жабырлап жатыр түсіп,
Қым - қиғаш қыруар жұрт орып жатыр,
Жел шықса, күн бұлттанса зәресі ұшып.
Шоқпардай cap тары тұр басын иіп,
Көрінбес ат құлағы тоғай биік.
Судырлап теңселеді, сұлу сұлы,
Сумаңдап сылдырлаған суды сүйіп.
Шалғыны шыңғырлатып жанып - жанып,
Жоңқа бай жоңышқаға қалды салып.
«Әлінің кеудір қырған зүлперіндей»
Үйіріп қырып - жойып кетті жарып.
Аспаннан күн төгеді алтын сәуле,
Науқанға жер құрттаған қылып тәубе.
Ине іліп, күміс тізген жиде шамкес,
Үскі алып аулақ жүрлеп боп түр әуре.
Бидай түр өткір мұртын тікірейтіп,
Қонақ тұр шал жауырынын бүкірейтіп:
Сыланған бойжеткендей күнбағыстар
Кәмшатын шекесінде шекірейтіп.
Қозыдай қауын, қарбыз көгендегі,
Тайтұяқ алма күміс төбеңдегі,
Қой жайғыш бая қуып тақыс шалдың
Ұстады қойын, тоның шөгелдегі.
Дүрдитіп інжу тағып доланасы,
Әлі бар шырмауықтың оралысы.
Суырып суыртпақты қаршылдата,
Жоқанның жоғары айтқан торы аласы.
Қаралы қоңыр қойдай орылған бау,
Қара жал жиылған бау? қырман қорсау,
Өзенге дамылдауға қаздар қайтты,
Қаңқылдап қатар түзеп, істеп жемсау.
Жоңқабай айтады ақыл Сүйеубекке:
Ор, баула, айда, тасы, талда, епте.
Жем байла, жауырын жаз, жаныңды ашыт,
Қоңырдың қолтық, қоңын толтыр етке.
Қырманның күндіз - түні басында бол,
Мал жейді, күс шоқиды шықпа шетке.
Бата оқыр, той- томалаққа әуейленбе,
Күпілдеп көкпар көрсең қуып кетпе.
Әңгіме, әзіл, сияз, қымыз аулап,
Дау даулап, желбезекті желпеңдетпе.
Қылжақбас, қыдырынды, жалқауларды,
Ашаңмен салып жібер басқа, бетке.
Науқанды төкпей - шашпай жинап алсаң.
Бермейсің ханға сәлем, бір дүрмекте.
1924 жыл.
ҰЛТ ОТАУЫН ТІККЕНДЕ
Ұлт отауын тіккенде
Жойылар елдің «қорлығы».
«Закатқа» жетім ұстайтын
«Қоқанның» болмас қол құлы.
Еріксіз езе қыстайтын
Ұлықтың, болыс өрлігі.
Қылтасынан қиылар,
Қырғыздың манап шондығы.
Қазақтың да тыйылар
Байшыл - сасық зорлығы.
Сола бастар суалып,
Рушылдық қоржыны,
Жадырар, жұрттың жазылар
Қыңыр қабақ солғыны.
Оттатармыз арқандап,
Бай, манап, болыс, боржойды.
Езілген таптан ел құрап,
Қосармыз өңкей сорлыны.
Шаруаны қоса бағыттап,
Билер кеңес органы.
Шаңырағында отаудың
Желбірер желмен жалаудың
Қырмызы қызыл торғыны.
Езілген ең, Орта Азия,
Жаңа қонған аулыңа,
Ауылдағы отауларыңа,
Жалынды жырмен құттықтайды
Кеңесшіл елдің шолжығы.
1924 жыл.
ӨК, КӨК ӨГІЗ
(Газеттерде жер сілкінді деген хабар көбейіп кетті.)
Өк, көк өгіз!
Сыпыр алғыр, сүйкенбе!
Неткен қаскөй, мұрнын жерге үйкеуге.
Сүйкенем деп әзі бос жерді қиратып,
Осынша елді дозаққа құлатып үйте ме?
Сыпыра алғыр, тыныш тұрса нетеді,
Жер шайқалса жұрттан зәре кетеді.
Бас шайқаса, қоқалақтап қара жер,
Тақиядай елпең - елпең етеді.
Өк, көк өгіз!
Қарасаң келгір, қышынба!
Сәйгелді ме алып тұрған қысымға?..
Дәл басып тұр тұяғыңды аудармай,
Балығыңның төбесінің тұсына.
Қой, көк өгіз, оқыралап тулама,
Мұсылманды құлатқаның тура ма?
Сабан да сол, топан да сол, күйсей бер,
Мұса молдан көл көтерсін дұғаға.
Секектетіп салғаның не азапқа,
Не өшін бар еді, мұсылманда, қазақта?
Мұсылмандар қоламтаға күймей ме,
Салдыр-күлдір құлап кетсе дозаққа?
Өз астында орнықты емес балық тұр,
Одан төмен ыстық дозақ жанып тұр,
Жер шайқалса, ана балық туласа...
Астапыралла! құлап кетпей, неғып тұр...
Өк, көк өгіз, ошақ болғыр!
Сүйкенбе, оқ!
Мүйізіңді нық қадап тұр икемдеп.
Сиырлығың ұстап тұр ма сипақтап,
Құлатасың кикең - кикең етем деп.
Жыбыршыдың, тықыршыдың сонша көп.
Астың су - бу, былаулап тұр монша боп...
Үстің қазақ, астың дозақ, туласаң,
Үйтілерсің қара құйқа борша боп.
1924 жыл.
ЖАЗУШЫЛАР МОДАСЫ
Аулым тауда,
Ел жайлауда,
Асқар ала қонысым,
Жас ойнауда,
Мал қунауда,
Шайқап шалғын сонысын.
Жұлдыз «зау» да,
Жылмыңдауда,
Ай, тайтұяқ күмісім.
Бұқпалауда,
Төбет «уау» да,
Жақтырмайды үрісін.
Шықты Рауза, Қош!
Қош! Баура!
Көрдіңдер ме сүйісін!
Жаз - жаз заула
Жайлауда ауна,
Қазақтың көңілі иісін.
1924 жыл.
ЖЕЛДІ КҮН
Гу-гу, гу- гу жел шықты,
Желдетті де бұлт қуды.
Жел соққан соң жер тіпті,
Жын соққандай жұлқынды.
Қаңқылдады, қарға ұшты,
Қарға салды у - шуды.
Қалбаңдады қарысты.
Қаңбақ қашты, жел қуды.
Жарық қамыс ысқырып,
Ыңыранып қобыз тартады.
Күңіреніп, сыңсып, ышқынып,
Тартса қобыз тартады.
Жапырағы аудыр лап,
Тал таранды сұлуша.
Сұлу құрақ сылдырлап,
Салды саусақ бұрымша.
Судан қайтты келіншек,
Шалпылдайды шелегі.
Майысады селкілдеп,
Жалпылдайды желегі.
Ақырын ғана аттайды,
Адымында әдіп жол.
Ауылынан батпайды,
Әйтпесе айтар мұны мол.
Желегін жұлған жынды жел
Жүрегін және тербеді.
Теңселеді бұраң бел,
Ұйтқыды ойы, өрледі.
Анау қарға, қара ұзақ.
Өшкен, ұшқан ұшқын ба?
Мен бе сорлы жалғыз - ақ,
Мен де ұзақтай ұштым ба?
Ұзақ емес, сұқсырдан
Сұлу едім, нұрлы едім,
Жарын жерге тапсырған
Жаралы едім, сорлы едім.
Өлгеннің жанын ұрады,
Тірінің несі кетеді.
Молдасы қолда құраны,
Нәменгер дік - дік етеді.
Молдалар, байлар жамандап,
Нанбан, айтса қанша кеп.
Күнелтер едім амалдап,
Келер ме екен большевик?
Жел мен келіншек жылайды,
Келер ме деп большевик?
Даттап аруақ, Құдайды
Желде келіншек теңселеді.
1924 жыл.
БҰЛАҚ БОЙЫНДА
Сылдыр - сылдыр су сылдырар бұлақтан.
Тәңірі ме екен тауды - тасты жылатқан?
Анда - санда көңіл айтып
«Көк! Көк!» деп,
Шығар даусы көкектің де жұбатқан.
Ертелі, кеш сыңқылдайды, жылайды.
Не көксейді? Қыңқылдайды, сұрайды?
Көк жүлгемен көбелесе көбелек,
Төсін төсеп «көбешім» деп шулайды.
Сыңқылдау не? Бұлақтағы зар ма екен?
Бұлақ тілін білетін жан бар ма екен?
Сықылықтап күліп жатқан өмірге,
Әлде бұлақ бір ойнақы жан ба екен?
Жоқ, бұл асқар Алатаудың өлкесі,
Бұлақ соның ойнақтаған еркесі.
Бұлақтың да сырласатын жаны бар,
Онысы анау: келе жатқан тәтесі .
Айым Жамал Ақтайлақтай монтайып,
Екі көзі жылап ісіп томпайып.
Сыңқыл қағып жылап жатқан бұлақпен,
Жыласатын жанына кеп жантайып.
Жамал қыз еді, қыздың
Шолпан жұлдызы еді,
Шашы қолаң, қасы қара құндыз еді.
Бұршақ салып тілеп алған Құдайдан,
Есекеңнің ұл қып сүйген бір қызы еді.
Есекең, де бәйбішесі Динамен
Жылқы жылы қайтып кеткен дүниеден.
Малды үлесіп, үйді бұзып ағайын
Жамалды да талқылаған, сүйреген.
Өз шешесі, өз әкесі болмаса,
Өзі ұнатып сүйгеніне бармаса.
Қараңғы елде қаңғып қалған жетім қыз,
Сөгіс пе екен, сумен бірге зарласа.
Жетім Жамал тоқалдыққа сатылған,
Теперішті көрген күндес қатыннан.
Қойнына алып Қожағұл шал жататын,
Сабадай боп күнге көннен қатырған.
Күндес қатын шағыстырса күңкілдеп,
Шал қоятын зекіп, нұқып, желкелеп,
Мөлдір көзден мөлтіл қағып меруерт жас,
Келетұғын бұлағына ертерек.
Еңіреп жүрек, майыса басып өлкелеп,
Көк шалғынды құшақтады көрпе деп.
Жұбатқандай, жылатқандай бал бұлақ,
Сылдыр қақты тәтесіне еркелеп.
Сырласқандай сырды шешіп сылдыры,
Жылатса да, жұбатса да су жыры.
Сырды, шерді, мұңды, зарды толғайтын
Сондай да бір судың бар ғой құрығы.
Сылдырлады, сыр жылады, сөгілтті.
Көздің жасын көк майсаға төгілтті.
Су сылдырап, торғай шырлап, күн сүйіп,
Жел сыбырлап ауыр ойды жеңілтті.
Сорлы Жамал тұрды жерден «аһ» ұрып,
Суға еңкейді жүресінен отырып.
Қолды малып жүзіктерді ағытып,
Аузын шайды күміс сумен толтырып.
Салқын сумен жуды бетін, білегін,
Сергіткендей болды жастың жүрегін.
Салқын сылдыр, сергітер деп жүректі,
Су тәтесі келетұғын күнбе - күн.
Қарап еді ауыл жаққа «Аһ!» ұрып,
Күндес қатын жұлқынып тұр шақырып.
Әке... баба... боқтап сойыл сүйретіп,
Қожағұл да шықты ауылдан ақырып.
Салқын сылдыр сергіте алмай жүрегін.
Дауыл айқай алды жастың жүрегін.
Өмірге қор, өмірге ез боп жас Жамал,
Ұялады жүрегіне тірі өлім.
1924 жыл.
ОЙЛАНУ
Ойлану - кейде наркескен,
Жүректі сара тіледі.
Ойланбасаң жаның жай,
Қысыла қыңда жүреді.
Ойлану - кейде айбалта,
Айыра айдай шабады.
Ойланбаса тотығады,
Топырақта қалады.
Ойлану - өткір ұстара,
Кейде кеуіл кертеді.
Кертілсе тамады тамшы бал,
Тамса шекті шертеді.
Ойлану - кейде өтті жел,
Өткізе өтіп соғады.
Кезге топырақ құятын,
Ой да боран болады.
Ойлану - ескек жылы жел,
Көңілдің алтын күрегі.
Көз ашады жүрек жуады,
Бұлт қуа, тұман түреді.
Ойлану - ойдың ойнағы,
Ойынға оймен кіресін
Ондағы ой күміс, сілен су,
Судай сылқ - сылқ күлесің.
1924 жыл.
САНАЛЫ ЖАСТАРҒА
Тербелесің, шайқаласың, жас қайың,
Жылы желің желпігенге жыл сайын.
Желің де емес, желік те емес, қозғалсын
Өмір үшін әзірленген жасқайым.
Иісі аңқып, өскен балқып сабағым,
Құтты болсын көкке өрлеген талабың.
Сасық дала, мынау жатқан қараңғы ел,
Ауылына қайырыл, қара, қарағым.
Жас мұраты, білім, тәлім - талабы,
Таудай болсын, оңалуға алабы.
Жас қанжары жүректегі жігері,
Өнер, оқу жастың қару - жарағы.
Қозғаласың, ұмтыласын жас ұлан,
Жасты жасау - жас міндеті жасынан.
Тілектесіп өміріне, жолына,
Сол тілекпен бетті жерге жасырам.
1924 жыл.
ЖАСТАР
Жастар,
Заманның қызыл гүліміз.
Жастар,
Наданның сәуле күніміз.
Тегістік тұрмысқа.
Жастар,
Ортақшыл, өркен, жаңа тап,
Жастар,
Лениншіл, еркең жаңа топ,
Тұрмысқа ол нұсқа.
Лениншіл жас,
Атта алға бас,
Кел, аралас еңбекке.
Елмен жетіс,
Еңбек етіс,
Елге жеміс бермекке.
Жастар,
Ортақшыл, Маркс салған жол.
Жастар,
Аттанған сендер әскер, қол, Жүгің мол сол жолда.
Жастар,
Жаттасаң, Ленин сөздерің,
Жастар,
Қопарсаң Маркс кендерін,
Данышпан сен сонда.
Бұл жас ұйым,
Жаңа жиын,
Жастың миын
Молайтады.
Бірлік, ұран,
Тірлік қоғам,
Бар жас ұлан
Соны айтады.
Жастар
Елінің тұқым себісі,
Жастар
Лениннің еккен жемісі.
Қарық қылар деген ой.
Жастар
Қырандай қырға қырағы.
Жастар
Үміттің жанған шырағы,
Жарық қылар деген ғой.
Сол дәмені,
Жастар енді
Мезгіл келді
Атқарар.
Жастың көзін
Ашар сезім,
Ленин сөзін
Жатқа алар.
Жастар,
Жамалсын жалпы атырап,
Жастар,
Ауылда жалшы, батырақ.
Соларды қоғамда.
Жастар,
Жас жетім,
Жалпы панасыз,
Жастар,
Жылап жүр жас қыз шарасыз
Қолың соз оған да.
Болды ғой қор,
Таба алмай жол,
Қоғамың сол,
Жаңа жас.
Жас, еңбекпен,
Тапшыл бетпен,
Әлеуметпен
Аралас.
Жастар,
Езілген елдің баласы,
Жастар,
Еңбекшіл таптың панасы
Қараңғы боранда.
Жастар,
Ұйымшыл, тапшыл, ұраншыл.
Жастар
Елге ұйтқы, басшы, қоғамшыл
Жаңа заң, заманда.
Білім қоры
Жастың жолы.
Іздеу соны
Міндеті.
Жастар кемел,
Болса шебер,
Жұрт жөнделер
Әдеті.
1924 жыл.
КӨЛГЕ
Көмкеруің көк көгал,
Күлмеңдеген күміс көл,
Кенерең кесте - құрақ, тал,
Кестеңді өртер күзгі жел.
Оранып ұлпа ойдымды,
Ойпанда жатып еттің наз,
Төсінде құстар той қылды,
Той бастады қу мен қаз.
Сүңгуір, сұқсыр сүмеңдеп,
Қасқалдағың қалтылдап,
Шүрегейін шүмеңдеп,
Шағалаң шулап шаңқылдап.
Шомылған сұлу суыңа,
Шалпылдатып алақан.
Мығшиған мерген қуыңа,
Балалар қуып балапан.
Көк құндақты күміс көл,
Күбірлеме, жыр айтам.
Сал құлақты, көңіл бөл,
Болды сендей бір қалқам.
Ол да сендей сұлу еді,
Жасы да оның жас еді.
Жаз өмірімде туып еді,
Жазы да оның аз еді.
Бейне біткен қайындай,
Білегі мінсіз балғынның.
Ақша төсі айдындай,
Шашы сенің шалғының.
Қасы сенің қабағың,
Лебі сенің лебіндей.
Саусағы сенің шабағың,
Шынтағы шыбық өрімдей.
Оның да өмірі жартымсыз,
Болды, лажсыз күз жетті.
Өмір күзі сұрқыңсыз,
Екі он бестен жасы өтті.
Сен де сондай боларсың,
Жаздың жақын өтері.
Сен де сондай боларсың.
Бір боларсың екеуің.
Күлмеңдемес көзің көл,
Лезі де тұнжырар.
Күй күйлетер күзгі жел,
Бақа - шаян шыңғырар.
Толқын бетіңді ажымдап,
Қартаярсың қалтырап.
Долы дауыл азынап
Жалп - жалп ұшар жапырақ.
Қиқу салған кұстарың,
Қош айтысар күн болар.
Құшағыңа құштардың
Қалмас бірі, жым болар.
Қарашалап қар жауса,
Қал армысың қартаймай?
Қамыс, қоғаң сарғайса,
Қартаярсың қалқамдай...
1924 жыл.
БІЗДІҢ КҮЗ
От жақтырды жауратып
Шыңылтыр күзгі тымырсық.
Мұздаған от болмаса,
Кемпір мен шал ыңырсып.
Қара қи қалап от жанса,
Жылынар бала жыбыршып,
Бүрсеңінен жазылар
Қызыл қарын, бұты шыт.
Кәрі қойдың сорпасы,
Таңдайға татыр жылымшып.
Атасы берген жілікті,
Келіні тістер қылымсып.
Қойшыға жылытқан көженің
Бет - аузы мың қылшық.
Лақ, тоқты күйлесе
«Шашыратқы» дер ырымсып.
Қора жамап Бекей жүр;
Өзгелерден бүйірсіп,
Ат майлап мініп Әлі жүр
Мал тапқыш, асқан ұрысып;
Қызды ауылда Ержан жүр,
Бабайдың ұлысып.
Барын жөндеп бақтырмай,
Жоғын жөндеп таптырмай
Әлі менен Ержанды
Иектеп жүр бір қырсық.
1924 жыл.
ЛЕНИН ӨЛДІ
(Ленин қайтыс болған күні)
Қара күн! Қайғылы өлең лебіздегі,
Кемені неге айтпайсың теңіздегі.
Тарихтың тар кезеңі - тап тартысы,
Өмірдің кеме емес пе негіздері.
Дауылда су шайқаған долы дүлей,
Қараңғы халық шуласа ұшып үрей,
Қырқысып жайын, жауын, жалмауыздар,.
Қан сасып қара кеме қалса жүрмей.
Сондағы өлім күткен сансыз ғаріп,
Өзеуреп күйсіз, мисыз кетсе талып.
Тұрмыстың желі ойнатқан асау толқын
Кемені құшақтаса ойнақ салып.
Шүмектеп көктен нөсер шылқылдаса,
Жел ұйтқып, теңіз ойнап ылпылдаса.
«Кеттік ау су түбіне» дегендей боп
Қажыған діңгек, тақтай шиқылдаса.
Таусылып, көз қарайса азық - түлік,
Кеулесе неше жерден жанжал, бүлік,
Тіл шалып, ой болжамас шеберлікпен,
Қозғаса бір капитан жөнін біліп.
Кетеусіз мұрындықты қолына алып,
Жарлыға, жаралыға жалын жағып,
Капитан аудармастан алып жүрсе,
Қиырдан қырағы көз жұлдыз шалып.
Айнымас құрыш ерік, салқын қанмен,
Жылжытса қажымастан қайықты әрең.
Қайықта қалтылдаған қаза тауып,
Құласа сол капитан түпке терең.
Көк дауыл, тұңғиықта қамап толқын,
Бұлт көшкен, жай жарқылдап, үркін - қорқын,
Өмірде соққы жеген жалпы жалшы,
Қалайша тартпас екен жүзі солғын...
Жоқ, тартпас, тартылмас та, тарықпас та,
Жамаудан жалшы табын жалықпас та.
Әділдік, туысқандық, тегістікке,
Адаспас оның жолы анық қасқа.
Ажағай сүңгігенмен ойнап көлге,
Бұлт оты сарқыла ма одан өңге.
Көпшілік күн нұрының көк теңізі,
Санақта жебір саны қалады нелге.
Шіріткен асыл миды, көп қиялды,
Көксеген адамшылық, әділ танды,
Талайдың «пайғамбарлық фәлсафасын»,
Ленин қолмен әкеп қоя салды.
Қойдырған оған қолмен ұлы күш бар,
Қолында көп жалшының үлкен іс бар.
Сол көптің көшін тура бастайтұғын
Дана еді данышпан еді тізгін ұстар.
Не қылдың, нені істедің, кеттің қалай,
Дүние оқыр сені, Ленин бабай,
Жылады жалпы жалшы, жетім қалды,
Қош, бабай! Қоштасамыз енді былай:
Қарс ұрып, қара киіп қалдық сенен,
Өмірдің жөнсіз беті әлі терең,
Қалтылдап қайығыңда қалған халқың Жаңылмас
«Жаса, жалшы!» дегеніңнен.
Еткен іс, айтылған сөз, салған ұран,
Қорыды қорғасындай жүректе иман.
Өмірдің тербетілген кемесінде
Адасады сілтеуіңнен ауытқыған.
Бастығып қалған табың қозғалғанға,
Түн кетіп, қаймығар ма таң атқанда!
«Ұшпақтың» кілтін бұзып кірер кедей,
Қарудың қайратымен орақ, балға.
1924 жыл.
ТҮН
Қараңғы түнін жамылып,
Қайыққа міндік бір түні.
Аспаннан шашу шашылып,
Алтынға толды көл түбі.
Сылдырап, толқын сыбырлап,
Жеңіл жел жұмсақ желпіді.
Сүйтсе де түнгі ауырлық
Аударғандай еркімді;
Денемді басып, дел - сал қып,
Жүдетті жан шіркінді.
1924 жыл.
АЖЫРАУДА
Қайдасың, қайда жүрсің, жөнің қайда?
Күн қайда, қызық қайда, көңіл қайда?
Сүйіскен салқын ағаш саясында
Жаны гүл, лебізі бал өмір қайда?
Япырым - ау, шынымен - ақ ұмыттың ба
Жүректі ыстық жанған суыттың ба?
Болмаса қызықтан да қиыс қашып,
«Аһылап» бір мен үшін у жұттың ба?
Шыжғырып әлі өртеп жүр жүрегімді от,
Шалды екен айтқан сертті қандай кір, тот!
Сүйістік, саулық, маза таба алмадым,
Беттегі әжім - куә, ақ шашым - сот.
Табам ба көл, теңізге кірсем сүңгіп,
Қазам ба он саусақпен тау - тасты үңгіп?
Толықсып айы жарық тоғайыңмен
Сағындым бір кірмейсің түске мүлгіп...
Ағашқа ықтағанда жауып жауын
Төбеттің жақтырып па ең сұңқылдауын?..
Аузыма түседі де сағынтады
Сәулем - ау, «айдайың» мен «ахахауың».
Кім жолдас, осы күні, кімге жарсыз.
Сағынам, өлең айтам ықтиярсыз.
Жазылмас жас жүрекке жара салған
Аяу жоқ «ажырауда» айтқан арсыз.
1924 жыл.
ЛЕРМОНТОВ
Қиялмен аспан шарпып, арсы ораған,
Зарлы ақын кім? - Лермонтов дәл сол адам.
Қарысып улы отарға қайсар черкес,
Күні еді қан - қанжарға қарсы оралған.
Қан майдан, қаннан жанға сәуле түсіп
Жыр қылған Кавказдағы «қан сонардан».
Ақынның ойы майдан, тілі қанжар,
Тіл жаныр, ой тербетіп ұшқыр жан бар.
Оқ, отты түтіндеткен суретінде
Ақындық бар, астарлы үлкен мән бар.
1924 жыл.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру