Мазмұнға өту
Home

Шығармалар жинағы 1 том

Жұмекен Нәжімеденов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Шығармалар жинағы 1 том

Авторы: Жұмекен Нәжімеденов

Жұмекен Нәжімеденов Шығармалар жинағы 1 том Жазушы КІТАП СЫН-ДЫ, ҚАЛЫҢ-ҚАЛЫҢ ТҮБІМЕН… Кітап сын-ды, қалың-қалың түбімен төңкеріліп, күндер жатыр алда көп: екі көзді жағып алып үңілем оқитыны бар ма деп. Ашып қалып абайсызда, кей бірін жапқанымша асығамын тағы да. Жақсы кітап – көктем болып, мейрімін төгер менің енді көктер бағыма. Көп кітапты оқығаным жоқ әлі, көп күндерді көре алмаспын деп кестім. Жаман кітапты – оқымауға болады, жаман күнді қалай ғана кешпессің!

МЕН КЕТЕР ЕМ ӨЛЕҢНЕН… Мен кетер ем өлеңнен, үмітіммен, мынау шөкім-денеммен, бүкіл осы тірлігіммен кетер ем. Кетер едім, айыптар ем ішімнен адамдарды – мені ақын деп түсінген. өзімді-өзімді келеке етер едім мен. Тілегім де болмас еді басқа онша – Тек бір адам мені шындап жоқтаса...

ЗАЛ ОРТАЙЫП БАРАДЫ… Зал ортайып барады – тесік қазан секілді. Жыр ортайып барады – несіп-тағам секілді: бір-бір іліп әрқайсы салды аузына бұ жырдан,– тұрды күліп біреуі, бірі мұрнын тыжырған. Дәмсіз болды, білемін – тамсанбады таңдай көп, Автор деген жанға бұл – не десең де көнеді, арнап тартқан ақ дәмін – жемесең де көнеді. Тек елесең оны – келсең болды жерге осы, серілердің ойы мен сергектердің зердесі. Кешіреді ол бетіне күл шашсаң да долдана, есінемей тыңдасаң – бақыты оның сол ғана... Көтерілді орнынан, әне, бір топ дүркіреп, Әне, бір топ күңкілдеп тез бітуін тұр тілеп. Зал ортайып барады – тесік қазан сықылды, Жыр ортайып барады – несіп-тағам сықылды. Көбі ағып кетіпті – кәдімгі су сықылды,

Сиресе де адамдар әлі қалған сықылды, Суы ағып таусылып, дәні қалған сықылды. Ағызса егер көп суын мынау үлкен қазан-зал, Мүмкін сол бір суменен дән жуылып тазарған? Керек, керек тазарту! Айналайын өлең-ау, Сені де бір сүзетін тесік қазан керек-ау.

ҚҰРМАНҒАЗЫ-ҚАЙРАН ШЕШЕМ Не көрсеттім мен саған, Азапты ойдан өзге не? Көріп едің, анажан, мен секілді «кезбеден». Әр күн сайын басыңа бір уайым тосылды, Әр түн сайын шашыңа бір уыс ақ қосылды. Ұл тіледің құдайдан – алдың оны зорға, ана, ар тіледің құдайдан – жоқпын арды қорлаған; ақ тілеуің құдайдан – жалғыз мен ғой, балаң ғой, бақ тіледің құдайдан – құдай оған сараң ғой; көрмейтінін құдайдың – көріп қайтып шыдадың, бермейтінін құдайдың– неге ғана сұрадың. Қайран шешем, аяулы анам, тісті едім мен – тұмша жапты. Салмаса егер бұғау маған, бұлқынбас ем мұнша қатты!

Қайғырма, ана, серттемін – бал берсе де айныман, Күйім болар шерткенім – жан берсе де айныман. Суық едім, жан ана,– тыншытпады күй деген, туып едім далада – өсіп келем түрмеде; бұлқынбасам қаттырақ – мүшем де ұйып барады, ханға бермес қолымды – кісен қиып барады, Жылау салса жаныма – торыққаны деп түсін, бұғау салса қолыма – қорыққаны деп түсін! ҚҰРМАНҒАЗЫ - ЕРТЕҢ КЕТЕМ Күзетшіге Жаппай-ақ қой қораны да, бақпай-ақ қой түрме есігін. Түн – тым суық, оранып ап, ұйықташы, дос, бір көсіліп. Әр дыбысқа қарай қалып, әуре болма, не түңілме. Шылымды әзір сор ойланып, кейін ойсыз өкінуге.

Көп қадалма қыр ұлына – Көзінді құр талдырады. Өзім кетсем, орыныма кісенімді қалдырамын. Мынау жермен кім жүрді, кім? Бұғауға көп сүйенбелік. Менен қалса, шынжырды бұл басқа біреу киер келіп. Саған айтар бір кеңесім: Қорықпашы, заман үдеп, бос қалар деп түрмені осы, шынжыр иесіз қалады деп. Күзетесің... түсінбейсің... бітпеді ме ой таяқ құрлым. Сен ғой мені мүсіркейсің, ал, мен сені аяп тұрмын. Білем сенің түсің жылы! Қарап қалдың нағып үркіп? Қануы үшін ұйқың бүгін, Тұтқын болам тағы бір түн, Содан кейін: бүгінгідей ақыл келмес басқа да ұдай. Бұза берер түріңді үрей, Мылтығыңды таста былай.

Көп қадалма қыр ұлына – Көзінді құр талдырады. Өзім кетсем, орыныма бұғауымды қалдырамын. Кісенді үзем, батпады адам, қабырғаны қажап тестім. Айтпақшы, әлгі ат қорадан алған жоқ па бөз атты ешкім? Жаппай-ақ қой, қораны да бақпай-ақ қой түрме есігін. Қара тонға оранып ап Ұйықташы, дос, бір көсіліп. Ертең кетем, енді асылы үлгірмеспін – кетем, кетем, кең далаға – жолға шығып, аз боз атпен тепеңдетем! Кетем, кетем, ар-үнім шын Солай дейді – көну керек. Мынау торда қалу үшін тым есуас болу керек. ҚҰРМАНҒАЗЫ-ТҮРМЕДЕН ҚАШҚАН Күйші қашты түрмеден, Қорыққаннан емес қой. Айдын-құмға сіңіп кетті бір дене – торыққаннан емес қой.

Күйші қашты түрмеден, сыңғырынан бұғаудың; жыңғылына даланың. Ыстық ұрды маңдайға – Көкірегінде бірте-бірте еріді үн. Күйші қашты мазағынан түрменің азабына бүкіл байтақ елінің. Күйші қашты – күй мәңгі азат деп еді, Оны бірақ кез келген тор қамады, Не кеңшілік беріп еді сол өмір кеңдігінен басқа туған даланың! Дала жатыр, Жиылымапты-ау етегі, кеңдік жатыр өзіне-өзі күш бермей, Қыр бастары қараң-қараң етеді – ақиықтың көлеңкесі түскендей. ...Күйшіге тек кеңдік болса – болады, топырақты танымасын, танысын; Желк-желк етіп ақ селеуі даланың үдетеді ақ боз аттың шабысын. Бүкіл маңай тарғылдана береді, күй оянып келе ме әлде зердеде?

Шөп ызыңы – бостандықтың өлеңі мынау жер ме, әлде сансыз перне ме?

ҚҰРМАНҒАЗЫ-АДАЙ Екі ішек: бірі бостау, қатты бірі, бес саусақ беретіндей ат дүбірін. Қүйшінің қатты ішекте қайраты өсіп, екінші бостау ішекте ақты мұңы. Секілді қорғасын-сел балқып ағып, асығып, арна салып аңқыды анық... Түтіліп түбірінен кеткен бұта, толқынға батып-шығып малтығады. Көк ала дүрмек болып ағады ағыс, шаңқылдап шықты биік шағала-құс. Ең соңғы жармасқаның жұлынғандай қарайсың жанталаса жағаға алыс. Бұралып бар толқынды қолтыққа атып; мың сұлу бір қызықтан елтіп татып, бәрі де суға кетіп баратқандай мың жібек орамалды желпіп батып... Бейне бір төңкерілген өлі қайық жағада жартас қана қоңырайып. Әйтеуір ала-тарғыл бұл көріністі ұқпайсың не шаттанып, не мұңайып. Азулы үн аңдағанның қаусатты ішін, шаншып кеп сезді жүрек саусақ күшін; кірсе егер құлағыңа, күй әлемін не жек көр, не бір затты аңсап түсін...

ҚҰРМАНҒАЗЫ-АЛАТАУ Алатау, деймін, Алатау деймін... Не түсіндің бұ дүниеде – ұлы болып, Алатау, Не тындырдың мына әлемде – шыңы болып, Алатау. Шыңы болсаң – жанды да ұқпай шығандаған шығарсың. ұлы болсаң – жаңғырықпай тұра алмаған шығарсың, Мұнар басқан қар шыңдарың – тыйылғаның болды ма, сол мұнардан аршылғаның – жымиғаның болды ма, Тыйыла алсаң, неге адымдап жүре алмайсың, Алатау, жымия алсаң, неге ағындап күле алмайсың, Алатау.

Аталы ер, сен! тұйық қарап сонша күні төменге, Жата берсең ұйып қалар қаншама ұлы денең де. Сүгіреттей сұлулықтың киіп алып атағын, Қыбыр етпей қыңыр шыңдар әлі қанша жатады?! Сені демеп «бата беріп» қанша түн мен күн кетті, Неге керек жата беріп ұлылықты міндет қып! Салып қалсаң – өз бетің жоқ – тасқа тидім нән шыңдар, Жаңғырықтан өзге түк жоқ, босқа тұрған жансыңдар. Тербетейік көгіс тасты – Тартыс керек, жел керек, кел, кетейік, қол ұстасып, кетейікші кезбе боп!.. Алатау, деймін, Алатау, деймін...

ҚҰРМАНҒАЗЫ-САРЫАРҚА Дауыл, дауыл! Күркіреп тұр; Қырдан қырға шаң шұбады. Бурыл бұлтты жыртып өтті Найзағайдың қамшылары. Атылады ақтаңдақ ат, Ер жорытса – қияда жол. Жүрген жоқ ер мақтан қалап, мақтанбауға ұялады ол. Мынау жалпақ Нарын құмы артты ақынға нардай арман. Көп шақырды сағым мұны, Жоқ қой бірақ алдай алған?! Ер басына төнді бір бұлт. Дауыл, ішін тартса да ұлып. Жұтам дейді елді қылғып «Екі басты қарт самұрық...» Батыр өзін кінәлаған, сол кінәсін көтерді кек. «Бұл табиғат мына маған Берген екен бекер жүрек! Қыран, деді ел, қарға алдында жасыта алман жан қуатын. ...Жәңгір сын-ды хандардың да Келді-ау кезі қаңғыратын!»

Көтерілді қанды желік, Биле, саусақ, бас пернені. Дүбір-дүбір... қалды келіп

Қарауылдың әскерлері. Аттан батыр, жаның қайда, Жатыр жауың қырқа астында, Ұсап кетті қалың найза Көкбуырыл бір тасқынға. Жұдырықтай түйілді ауыл, Түйілді кек шемен болып. Көтерілді құйын-дауыл, Көтерілді ел өлең болып. Аттанды өзі кек пен ыза, Неге керек «аттандамақ», Шыға берді көптен ұзап Манағы бір ақтаңдақ ат. Жар мен ордан жасқанбады ол, Әпере ме ерге кегін? Жерді де емес, басқандай ол Домбыраның пернелерін... Сарнады-ай кеп дала сонда, Құм да оянып аунады ақыр, қызды найза алақанда. Ер тіл қатты жауға батыл: «Қайт, қайт, қайт, қайт!» Дауыл, дауыл!... Ағала шаң... Жалба-жұлба көрінді иық. Қолдар жүрді жағада сан. Ел тіл қатты кегін жиып: «Қайт, қайт, қайт, қайт!»

ҚҰРМАНҒАЗЫ-ҚЫЗЫЛҚАЙЫҢ Жұлдыздар тұр суық күліп, Суық, жылтыр жанарымен. Дүние тұр бұйықтырып Қарауытқан қабағымен. Жас жапырақ қалады үркіп… бірі үзіліп түсті шеткі. Түнгі дала алабұртып Өз-өзінен ыс-пыс етті. Қимыл кірді бар алапқа, көз үйренді әрең бұған. Қөлеңкелер – қара қатпа жүгіреді қараң-құраң. Содан кейін... тынды тағы – Көлеңкелер қалды қатып. Қозғалды тек бір бұта, әне, Жапырағын сылдыратып.

Тек сол қайың изеп басын, түсінгендей түн сырына – Түрмелердің бір қақпасын ашып кетті күйші мына. Тағы тыныш, тағы айнала Үнсіз күйін тартады үдеп. Шығыстағы арай ғана Бір үмітке артады иек. Дәл осы сәт жырланады, Жырлаған жан ұтады да... Қызылқайың бір қарады Ауырлаған бұтағына...

Кім жеңеді түнді мына, Күйге еркіндік кім береді? Тынды бұта сыбдыры да, Қызылқайың үндемеді. Түн не деген сыйқыр еді! Кетті кенет жел де ыңырсып. Оқ ысқырып, ит үреді... Бала жылап, кемпір ұрсып... Азан-қазан болды маңай, керіскендер... сұрағандар... Екі ішекті домбырадай арба жолда жүр адамдар; Іздейді олар «қылмыстыны», Күйші отырды күй ығында. Жеңген жанның бір мысқылы қалып қойды миығында. Таппады олар, «қара басты» Тінтсе де түнді кілең, Кісен даусы араласты жапырақтың сыбдырымен. Тағдыр өзі шабыттанып Күй бұғауын ағытты, әне. Күйді қорғап қалды атырап, Күй қорғады халық бағын. Өз өлкесі – өлең төсі Көңілге күй кұйып қойды... Күрекеннің көлеңкесі бірте-бірте биіктейді...

ҚҰРМАНҒАЗЫ-БАЛҚАЙМАҚ Өкпеле, не тілде, болады жан қилы. Күрең шай бетінде балқаймақ қалқиды. Жас болса қонағың, болса өзі өнерлі, ұмытпа, қарағым, қыз болу дегенді. Әуелі шай ұсын, құя алсаң – жетеді, Сөз таппай майысып, ұялсаң – жетеді. Кірпікті төмендет, Сәл қызар – жетеді; дәл осың өлең боп күйдіріп кетеді. Сал шайды күп-күрең,– Жантайса қонағың. Ал, ондай «мықтымен» Сағырақ бол әрі. Қолың аз именіп, құй әлгі... кесені. Бәрі де күй болып туады деседі. Ойдың да тосыны-ай, содан соң... білсін кім. Осылай, осылай Өзін бір күрсіндір – жаман ба, сыр бүгіп кетсе ішке от жанар. Тым құрса бір жігіт мұңайып аттанар.

Өкпеле, не тілде, бар дейді жан қилы. Күрең шай бетінде балқаймақ қалқиды. Жас екен қонағың, ал, өзі өнерлі. Ұмытпа, қарағым, қыз болу дегенді....

ҚҰРМАНҒАЗЫ-АҚСАҚ ҚИІК Орғиды кеп, мимырт құмға қып-қызыл, үш аяғын шашасынан жұтқызып. Құмның бетін шымшып, шымшып өтеді үш аяқты айыр тұяқ екі елі, келед шауып кең даланы бауырға ап, сұп-сұйық құм, қата қойшы бауыр боп!– Жүйріктер де құмға батар сияқты тірейтұғын түк болмаса тұяқты. Өңменді жыртады үн, Көнгенді бірақ та, Ап-ащы бір сарын жетеді құлаққа: «Не керек өкініп, не керек жақсы атып, өзіңдей жүйрікті алған соң ақсатып? Неге алдың мылтықты, нені аттың – қарашы. Өзіңнің жараң ғой жүйріктің жарасы. Бір титтей тірлікті ап қашады байғұсың. Өзіңнің қайғың ғой жүйріктің қайғысы!» Шығады дуалы Киігі секіріп, Қуады, қуады күйшісі өкініп. Киік қашты титтей жаны талып та, күйші қуды өз кінәсін танып қап. Киік қашты ажалына өзінің, күйші қуды жанып қашқан сезімін. Киік қашты – құтылмасын білсе де, күйші қуды – жете алмасын білсе де... Дала момын,– әр басқаның – тепкідей; қашуға да, қууға да жетті ғой.

ҚҰДІРЕТТІ БОЛМАЙТЫН-АҚ КІСІ ЕДІ… Құдіретті болмайтын-ақ кісі еді, Қысып тұрып тағдыр бұғау салмаса. Салмас еді тағдыр да оған кісенін, Оның ерек құдіреті болмаса. ДОМБЫРА ТАҢДАП ҚЫЗА СӨЙЛЕР ДҮРІЛДЕП… Домбыра таңдап қыза сөйлер дүрілдеп, құрысын деп ек күйшілердің мінезі, ал, құрыды. Табылмайды бүгінде шын домбыра – жоқтық емес бұл өзі. Күйшілер тек – сахнада болды ма, қол соққанмен концерттерге барып ел: көп үйлерден таптырмайды домбыра, Рояльдар табылғанмен бәрінен көп нәрсені қымбаттатты уақыт, көп нәрсені арзандатты уақыт Үлкеніміз күй тыңдаймыз кемсеңдеп, баламызды рояльмен жұбатып.

ҚЫҢЫР БОЛДЫ НЕ КЕРЕК – БОЛАЙЫН ДЕП БОЛДЫ МА…

Қыңыр болды не керек – болайын деп болды ма, бір үн болды керемет – болайын деп болды ма: ол асау да болмас ед – болмасына қойды ма түрме, бұғау, қудалау, Дала және домбыра Қыңыр болмас еді ол – түзу болса тағдыры, жұмыр болмас еді ол – ғұмыр бойы қаңғыды. Үміт ішті кеседен – бар керегі түзде еді, Түңілейін десе де – әлденені іздеді. Ұқты ма оны көп адам –тапты бәрін жаңадан. түрме, бұғау, қудалау, домбыра мен даладан. Іздеді ол түздегі бал-арадай азайып, гүлден бірақ бал емес, тұз жинады ғажайып; әйтеуір бір асқарда – бұлақ барын түсінді, Әйтеуір бір бастарда – құлақ барын түсінді. Төзім етсе – бұлақтан бір қануға болар деп, Өзі кетсе – құлақта үн қалуға болар деп. Ел тірлігін ойласа – ер тірлігін ойлады, ер тірлігін ойласа – еркіндігін ойлады. Сондықтан да үзілмей шертілді күй ұдай бір, дүбірі мен жүйріктің, сыңғырындай бұғаудың.

АРЫЗҚОЙҒА БӘРІ БІР… Арызқойға бәрі бір – Кімге болсын арыз айтса – жетеді. Кейде ол да қалад дейді тарығып Таусылып бар мекеме. Сыбырла оның құлағына күп-күрең: «Құдай» – екеу болыпты де. Аман бол, жазбаса арыз біреуінің үстінен Маған кел!

ДҮНИЕ – МЕНІҢ ТҰРАҒЫМ...

Дүние – менің тұрағым. Дүниеде жалқы ұғымға орын жоқ: Күн тұрса егер – көлеңке де тұрады. Жақсы рольді жаман бұрсаң – сынады. Жаман кезден жақсы досың шығады. Жамандыққа үлгергенше қайғырып, Жақсылығы жадыратты кеудені... Жатқан кілең егіз ұғым, егіз ой, Әрі-сәрі ғып бітірді ғой пендені. Көлеңкеде қалса егер бір бетің, Шуақ жақта – бір бетің. Найза салсаң біреуге, Біреулерге жасаған ол құрметің. Қабат көрем жексұрын мен сұлуды – Көңілім бейне – айна болып барады. Біреулерге сыйға тартқан семсерім, Біреулерді қан жоса ғып салады... Жақсылыққа жұмсамақ ем бар күшті! Алғыс етіп жібермек ем қарғысты! Амал қанша, ұясынан кей қаздың Жаман шірік сауысқан мен қарға ұшты. Көңілім бар ақша бұлтқа ораған. Қарамасаң қоңырқайлау өңіме, Тағы біраз уақыт бер, о, маған! Жамандығын көріп безген жеріме, Жақсылығын көріп қайта оралам – ...Дүние – менің тұрағым.

ШЫҚТЫМ, ШЫҚТЫМ ӨЗ СӨЗІМНЕН – ШЕҢБЕРДЕН… Шықтым, шықтым өз сөзімнен – шеңберден, Қайла, күрек, қайдасыңдар – кел бермен! Қағаз, қалам, сия сауыт – кет аулақ, Шабыт тауып жарымадым сендерден. Енді алдымда: қызыл ұшқын тұр борап, Қара тасқа қадалады сұр болат. Менің орным – жалын атқан лава іші, Менің сөзім – темір шеге бір қорап. Қағылады ол таба алса егер өз орнын, Таба алмаса?– Қобдишада жатады. Басып озса – қалай ғана төзермін, Ақын даңқын бұрғышының атағы! Жо, жоқ, достым, атақ емес мұрадым, Жақындаған сайын оған бір адым, адал аққан әр тамшы тер алдында бөркімді алып тұрамын!..

КҮН КҮЛЕДІ, КҮЛМЕГЕНДЕ НЕМЕНЕ… Күн күледі, күлмегенде немене жайлап алса бүкіл дүние төбесін. Күлдің-дағы бір күлгісі келеді жылыта алса суып қалған денесін. Ей, тіршілік! Суық күлдің сұр түсі болар мүмкін өлілердің күлкісі?! Ғашық болып ошақ пенен өмірге от өшіпті, тірі адамдар көмілген – Күлкі керек! Күле білмес пендеге құпиямды көрсетемін мен неге! Көл күледі, күлмегенде қайтеді – жасырған соң ылайы мен қоқтығын. Мен де күлем, күлмегенде қайтемін – жасыратын жоқ түгім. ҚАСҚА ЖОЛДЫҢ ҮСТІНДЕ ЕКЕН БҰЛ ЖҮРЕК… Қасқа жолдың үстінде екен бұл жүрек – Ылғи ғана отырамын күтініп. Біреу өтті риза боп, елжіреп, Біреу өтті түкіріп.

КҮЛКІ ДЕГЕН КӨП ТЕГІ… Күлкі деген көп тегі, Күліп қана жеткізе ме жұрт үнін? Күн күлмесе көктегі Ұқпас едік жылылығын күлкінің! Кей күлкімді жүрегіне жауымның Оқ қып атам – өлтірем деп сенбеймін. Бір күлкіммен онашада ауырдым – Бір күлкіммен емдеймін. Күлкі шіркін күліп шықса кеудеден Әйел құсап рақатқа батамын. Бірақ барлық күлкілерді кейде мен Жалғыз тамшы көз жасына сатамын.

ДАНЫШПАНДАР СӨЙЛЕЙДІ... Данышпандар сөйлейді: «Бүкіл әлем – тозаңдардан тұрады». Сонда осы адамдар да тозаң ба? Көне алмаспыз о заңға! Тозаң, тозаң... тірілерден шығады, Ал, өлінің кетеді өзі тозаң боп. Кім ойлаған: тұрғанда күн шуағы тозаңдарды жазам деп. Тозаңдар да үйір екен шуаққа, шуақ әні – өз әнім. Қағып-сілкіп жанымды ұшырамын тозаңын. Аяғыңа қуып жүріп жұғады, Тозаңның да болады екен өз әлі...

МУЗА МЕН МҰҢ АУЫРЛАТТЫ БІР-БІРІН… Муза мен мұң ауырлатты бір-бірін, Қатпар-қатпар бұлт үстіне бұлт қонып. Елден ерек өсіп еді бір гүлім, Ол да міне... жатыр екі бүктеліп. Көңіл деген – бір үлпілдек мақта ғой, Кірлі қолдар ұстауға оны қымсынбақ. Таң алдында қармағымды қапқан ой Қалтқымды батырады шым-шымдап. Мен де ұнатпай отыра алман «Мен» деуді, Менің қолым – көп жағада кеткен қол... Қоңыр далам, көрсетер ем бейнеңді, Ми жетпейді, момындығым жеткенмен. Жүз күдікке қарсы жалғыз келді үміт, Майдан ізі көп өлікті санатты. Оған да мен кете бердім көндігіп Қайқаң етіп бір шытқан соң қабақты...

КІММІН ОСЫ... Кіммін осы? Не бердім мен? Не берем? – Алушы еді пенде не. Лақылдатып жалынды жыр төгер ем – Тарлау екен кеуде де. Қырсыз ойдан күйініш пен ыза алдым, Жан екенмін тас маңдай... Ақырында өз-өзімнен қызардым, Таң алдындағы аспандай.

МЕН ДЕ ОЛ ҚҰСАП СОҒАР ЕДІМ ӨТІРІК… Мен де ол құсап соғар едім өтірік, Күзгі көлдің толқынындай көпіріп. Сөз көбігін тілмен шайқап шашар ем, Жағалауда жартас болып отырып. Сапырар ем толқынымды – барда өлең, Ұйқасты да қалар едім әр неден. Желік барда мынау жалпақ әлемде, Сөз болып па жаға деген, жар деген! Бірақ, шындық ұрып тұрсың көзге сен,– Қалай ғана, қалай ғана кездесем! Соғар ем мен, өтіріктің бәрінен Өзім кейін өлерімді сезбесем... ДАҢҚ... Даңқ!– Мынау тас бетінде жүр жүзіп, бәз біреудің жанын тірі тас қылып; бәз біреуді демеп тасқа мінгізіп, бәз біреуді кетті таспен бастырып.

Жалақтап кеп жанады от, Қызыл ұшқын ұшады кеп шырқырап. Көріне ме көз байғұсқа жаңа боп ескі ошақтан шыққан әрбір жылтырақ? Есер көңіл еспе сөзге жүзіп тұр, Мендегі ұшқын бір жылт етіп көз жұмды. ...Тұтандырар түк таппаса қызыл тіл айналып кеп өртейді екен өзіңді... ОТ АТАУЛЫ ЖАНАР ЕДІ БІЛІНБЕЙ… От атаулы жанар еді білінбей – Көріп қойса айқай салар ел оны. Ол да кейде, өсекшінің тіліндей, әділетсіз келеді. Сол секілді, ой да жалын, тіл жалын, тіл шіркінмен талай қағаз былғадым.

Аппақ туды отпен жудық, от-жалын Айтты әлемге көк дауылдың соққанын. Ақ ту жанып: қып-қызыл ту болды ақыр, Сол қызыл ту алдына кеп тоқтадым... Махаббат бар – қызыл деймін мұны да, Қызыл ұшқын шығады ұшып ызадан. Қоңыр бояу көп жағылса жырыма, Қызыл бояу алдында мен қызарам. Қызыл бояу – жану үшін. Жалғыз үн: Мен жарықты қараңғыға сынатам. Жүрек – қызыл, ерін – қызыл, қан – қызыл, Сол үшін де қызыл бояуды ұнатам.

ЖАН БІР– БӨЛМЕ, КӨҢІЛ ЕСІК – ҚАҒЫП КІР… Жан бір– бөлме, көңіл есік – қағып кір, Сыр баспалдақ – көтерілсең жоғары. Ақыл байғұс босағасын бағып тұр, екі көзім – қос терезе болады. Тағдыр маған өмір берді аямай, сенім-шамын қоям ылғи бұқтырып. Қорықпаңдар, бір бөлмеде аядай мен бәріңді күте аламын тік тұрып. Бұған шейін келмесең сен – келме енді, Кеш қалдық қой, үлгірмеспіз сырды ашып. Онсыз-дағы бір бөлмелі кеудемді кеп ойлардың ақ түтіні тұр басып.

Тек есіктен енгендерді сүйемін, тәтті сезім шарабынан ұрттатам. Ал, әйнектен түсе қалсаң біреуің, Сол әйнектен тас кесекше сыртқа атам. Жо, жоқ кешір! Кешірмесең – сол керек, кім келмесе – күтем соны құнығып, Қараймын кеп, дүниеге дөңгелек төрт бұрышты терезедей үңіліп. Жалғыз бөлме болса да, сол бөлме егер көзіңді алса – көре бер. Тізеңді бүк, неғып тұрсың соншама, босаға бар, қашық болса төр егер...

ДАРИҒА... Дариға! Басқан сайын әр адым бір нүктеге жақындап-ақ барамын, Жеткенім жоқ бірақ әлі, ол – алыс Кетті тағы... қайдан болсын демалыс! Сәл кідірсем... кідіре алам мен қайтып – алардаймын сол нүктені жоғалтып. Тағы аттаймын, аттадым ба мен осы? Не күтіп тұр қырқалардан келесі? Әр жанарда қараңдайды бір нүкте, дәл осынау алқынысқан тірлікте. Өмір – кітап сөзден шебер қалаған, оқып бітуге асығады әр адам... Кейбір жанның жолы тіпті қойды өнбей, Көке-мылжың құрып қойған сөйлемдей, өз нүктемді мен де қуам, қуам мен бойымдағы бар желікпен, шыдаммен – Жетер ме екем? Жетпеспін-ау, әй тегі! Ал, кенеттен...жетіп қалсам қайтемін?

АСЫҚПАЙМЫН ЖЕҢІСІМДІ ТОЙЛАУҒА… Асықпаймын жеңісімді тойлауға, Қартаюға асықпа да жап-жас жан. Дүниеде ақыл барда, ой барда Үлес алып қалсам деп ем ақ шаштан. Қайран! Талай ақ шаштылар қалды өліп, Өз кеудемді өртер ме екен өз демім. Алсам деп ем мен де сондай шал болып, Шалдары бар кезде бұл… Алыстатып барады өмір мақсатты, Мен кейін қап барам ба әлде күнбе-күн? Достарыма тілеймін де ақ шашты, Қиындатам жауларымның міндетін. Ақ шаш сыйын аямаймын ешкімнен, Ақ шаш – менің ізгі ағам. Қиям оны мақтаншақ пен кещеге, Тек... жендеттен қызғанам.

БҰЛ ДҮНИЕДЕ БАР ЕКЕНІМДІ ӨЗІМНІҢ… Бұл дүниеде бар екенімді өзімнің сені көріп, саған қарап түсінем – Мен айтпаймын өзге жанға сөзді бұл, сен тыңдама менен өзге кісіден. Әлемдегі жарық құнын, от құнын уғу үшін тоңып қанша керегі! Онсыз-дағы жанған оттың көптігін сөнген күлдер соқыр боп-ақ көреді. Семсер ұстап көрген емен бас кесіп, бас қадірін білмегеннен емес ол, Мен де қалам кейде жұртпен бәстесіп, сол бәсіңді ала алмадың демесең. Тұрар едім жауым бар деп аттан сап, достарым мен ұятымнан именем. Жауды керіп өз күшіме мақтансам, досты көріп сол күшімнен жиренем...

ҒҰМЫР ДЕГЕН БІР ҰЗАҚ КҮЙ БОЛАДЫ… Ғұмыр деген бір ұзақ күй болады, бар ғой менің сатып алған домбырам. Перне сайын өрмелесем жоғары, егіз ішек бола алады жол бұған. Жылдар – перне; саусақтарым сабылып… әр пернеден бір-бір арман жанады. Бір пернені бассам кейде жаңылып, одан әрі тартқым келмей қалады. ТАСТАР ЕДІ КӨГЕНДЕП… Тастар еді көгендеп Құрекеңдей ерлерді. Қор етпейін деген жоқ, қорқыта алмай қор болды. Белең-бидің, бай таптың иттері де «саңлақ» боп, шапқанымен айтаққа, батып тістей алмапты. Қызарыпты қорлықтан, елім, сенің кегіңнен; от болыпты ол, сондықтан ұстапты тек темірмен.

ТАҒДЫР ОҒАН БЕРДІ-ДАҒЫ ДОМБЫРА… Тағдыр оған берді-дағы домбыра қалды кенет өзі керең болды да. Тағдыр оған жолын берді, ерлеген сол жолға өзі жатып алды көлденең. Тағдыр оған намыс берді масқара, масқара ғып билік берді басқаға,– намысты ұлдың тауыссын деп зердесін, қамыс құрлы жанышсын деп ерді есіл. «Құдай» оған тұлпар берді, мақтаныш арқан керді тұрған кезде шапқалы. Дос та берді – көріссін деп ай аспай, жау да берді – алыссын деп аяспай, келіпті оның жүз досына мың жаудан, бірақ бәрі бір бопты күй тыңдауда. Пәнде ғұрлы көрмеген соң басқаны, «Құдай» да ақыр ептеп күндей бастады.

Жаратушы жаңылып-ақ бітті ғой, жасағанның қатесі де – мықты ғой: жолына оның жатпаса ешкім көлденең, болмас еді мұнша биікке өрлеген. Домбырадан қорыққаннан бұраулы, аяққа емес, қолға салды бұғауды. Сол бұғауды күшті қолға салмаса, тәңір күші көрінбес ед елге аса. Құрекеңе бұғау «сиқыр жүзіктей»... Ұлылардың бақыты да қызық қой.

ДИНА - 1916 ЖЫЛ

Бірінші өлең

Құрық, сойыл белдеулерде тұр андап: Азамат жоқ елде емге. Кештіғұрым қыр басына ербеңдеп Шал-кемпірлер шығып-түсіп келер тек, Азамат жоқ елде емге,– Сойыл, құрық қақсып қапты белдеуде. Сәйгүліктер арқандалар жазыққа Ешкі-лақты жатқызыпты көгендеп. Сәйгүліктер байланатын қазықта Жатыр жалғыз қызыл бұзау елеңдеп. Азаматтар атпен жортар жол-дағы Тарылыпты, шөп шығып. Тозған тұмақ – төзімді бас, болғаны Сол баяғы аңқаулық пен жоқшылық. Бүкіл елден бар жақсылықты алған да – Түк қалмаған, бір күнді бір күн ұтып. Ауыл дел-сал, қалғандай Қайғыруды да ұмытып. Бір қарт қана төңбекшиді төсекте: Ғұмыр бойы шеккен жәбір-жапасын бүгін ғана есептеп. Ал, далада бұралқы көк күшікті бір топ бала қуалайды кесектеп. Азамат жоқ елде емге. Әр үй сайын құрық, сойыл белдеуде – Қаңтарулы қалған күйі; Бір түрлі... Елестейді маған бұл: Сол бір керең заманның Құра салған антеннасы сықылды.

Екінші өлең Дастарқан «бар мәзірін» құртпен демеп, Ортаға ап кемпірді отыр жұрт дөңгелеп. Күй тынды. Көз жасыңды, қыз-келіншек, Жыламау үшін тағы – сүртпеу керек. Жақсы ғой қуатты күй – сырласарға, Қатайтты бос мойынын бір бас анда. Әсерлі-ау үн дегенің – үн қашан да, Есектің құлағымен тыңдасаң да. ...Мүйіздеп жағал ешкі жатты іргені,

– Жыртады-ау ірге-аяқты қатқыр неме! – Келінжан, кетті білем күн сіркіреп, тезекке жаба салшы қап бірдеңе. ...Жігітке әскер болу – ерлік, демек, киізді патша басса – ел бүктемек... – Қой оны, Одан да әлгі Батырбайлар кеп қалса атқа тоқым, терлік керек. Көрген жоқ сонда да көп ел еңіреп, Отырды, әттең, көптен төменірек.

Мәз бопты ақ көңіл шал, Қасіретің де Ұмытпай мына бізді еледі деп. Күйігі – шырқап салар өлеңі боп, Иығы – кең даланың көлемі боп, Салып ап сапты аяқты, Шаруасына Жөнепті, аман болса келеді деп. Ал, күйші шығарып сап жұртын демеп ойлапты домбырамен бір түн бөлек. Күй солай... Күлу үшін, қыз – келіншек, Көз жасты жылдамырақ сүрту керек! ДИНА - БҰЛБҰЛ Маған десең бір күнде – сан масайра, қайрат тап, қалам десең бұлбұл боп – сайра, сайра, сайрап бақ. Ұғынбасаң, титтей құс, бар бақытың – көмейде, Тілімді алсаң сөйт, байғұс, Көмей сені демейді.

Торықпа сен жалғыз қап ойыңды үрей мекендеп, қорықпа сен байғұздан – бойым бірдей екен деп: Үрей деген немене – бір шырқа да соқ бүктеп, Сен – бұлбұлсың сондықтан байғыз ба? Ол... (көп нүкте.). Жетер еді ғаламға сенің үнің – ептесе, Жомарт жандар бірақ та татырмайды – төкпесе. Қайда, қашан тесілсең тығырықтай – жассың ғой, Сайрамасаң несің сен? Жұдырықтай тассың ғой. Әсте керек ішіңде үрей болса – қайрат та, Әшкерелеу үшін де байғыздарды – сайрап бақ, О, керемет тағдыры берекесіз бір істің, О, керемет ән-жыры, Мерекесі дыбыстың! ДИНА - ӘСЕМ ҚОҢЫР

Менің де кетті бүгін күйім жылып, Күлші әсем, көк күмісті құйылдырып! Шашың да әсем екен үйірілген, Өткендей тас төбеңнен құйын жүріп. Тамшыдай тұнып жанса көз дегендер, Қайтесін, мөлдірлікті сезбегенде. Шаттық жоқ бұ көшені кезбегенге, Қайғы жоқ кәріліктен өзге менде. Айнала күбір-күбір, мың-мың ғашық бал әуен құйылады ындынды ашып. Егіз үн жараспай ма, кеткен кезде екі ішек бір-бірімен қылмыңдасып, Ғұмыр-ай, қарттар сүйген, жас ұнатып, Көңілді күлкі, назға асыратып. Жұмақты ешкім керек етпеген соң Жүр дейді құдайдың да басы қатып... Қоңырым, әсемсің ғой әсерден де, Тек күйдің күші келер әсемдеуге, Күлмесек, Жылымасақ бұл шуаққа ұқсармыз емшек емес, тас емгенге. Тамшыдай тұнып жанса көз дегендер, қайтесің мөлдірлікті сезбегенде. Шаттық жоқ – бұ көшені кезбегенге, қайғы жоқ– кәріліктен өзге менде. ӘЙЕЛ ЕДІ ДЕП ЕМЕС… Әйел еді деп емес, күйін бәрі сүйіпті. Дина апай Ере емес, Сол өнерге тиіпті.

Өйткені ол би-елді, айналдырыпты ерке-елге, бар екенін күйеудің ұмытып күй шертерде. Өйткені ол айнысты босағамен, «Күнә» ғып – келін деген байғұсты Шаршы төрге шығарып. Матапты ол ұрыны Міне қуып қасқа атқа. Әйел деген ұғымды Сонда-ақ сызып тастапты. Болыпты ерлер, бай елде көп десең де иланам. Еркектігі әйелдің басталыпты-ау Динадан. БҮГІН ҚЫЗДАР, ТЕЗ ӨСКЕН… Бүгін қыздар, тез өскен Сұлулықтар дер ем мен. Ол сұлулық емес тек қосу үшін өлеңге. Жаның болса – сүйінгіз, бозбалада көңіл мәз. Деуші едік қой, Сұлу қыз Өнерде – көп, Өмірде – аз. Үйіріліп бір батады беттің ұя-шұңқыры. Өтіп бара жатады Өріп тастап күлкіні.

Кірпікті көп көтермей Көрінеді-ау бұ шақта. Жоқ боп еріп кетердей Ыстықтау бір құшақта. Ауызбен тек өндіріп, Қыздар аға десе де, қарамаған боп жүріп, қалғың келед көшеде. Сен – көзіңді сүйінгіз, бозбалада көңіл мәз. Дей алмайсың: Сұлу қыз Өлеңде – көп, Өмірде – аз. Сұлулар көп. (бұрынғы ұғымдар жоқ әмәнда) бұзып шығып жырыңды тарағандай алаңға... БҮГІН ҚЫЗДАР, ТЕЗ ӨСКЕН… Бүгін қыздар, тез өскен Сұлулықтар дер ем мен. Ол сұлулық емес тек қосу үшін өлеңге. Жаның болса – сүйінгіз, бозбалада көңіл мәз. Деуші едік қой, Сұлу қыз Өнерде – көп, Өмірде – аз. Үйіріліп бір батады беттің ұя-шұңқыры. Өтіп бара жатады Өріп тастап күлкіні.

Кірпікті көп көтермей Көрінеді-ау бұ шақта. Жоқ боп еріп кетердей Ыстықтау бір құшақта. Ауызбен тек өндіріп, Қыздар аға десе де, қарамаған боп жүріп, қалғың келед көшеде. Сен – көзіңді сүйінгіз, бозбалада көңіл мәз. Дей алмайсың: Сұлу қыз Өлеңде – көп, Өмірде – аз. Сұлулар көп. (бұрынғы ұғымдар жоқ әмәнда) бұзып шығып жырыңды тарағандай алаңға... ӨЗІМІЗ ЖӘЙЛІ Жатса да сын айтылып, «шатақ» болып, Жыр бастырдық, шыққанын атақ көріп. Бақсақ біз: жүріппіз ғой, Сыншыларға Аяқтан өзімізді матап беріп. Ғашық қып ду-ду еткен жыр кештерді, Асықтық: құрбы алдында бір бөскелі. Бетіңе күлсе біреу– күндес дедік. Сыртыңнан тілсе біреу – тілдеспедік.

Әйтеуір айттық қой деп шыншылдықты; Қалай айттық? Жұмыс жоқ. Тылсым жұттық. Неғұрлым осал жазсаң, Солғұрлым да Көрініп қалады екен сыншың мықты.

АЛДЫРА БЕРМЕДІ ҒОЙ БИІК МАҒАН… Алдыра бермеді ғой биік маған, Сондықтан да кезім аз ұйықтаған. Әр жинағым арқылы – оқушы емес, дос пен қасты өз басым үйіп табам. Алдыра бермейді екен биік маған, Қас мерейі – түндерім ұйықтаған. Күшті жауым кезде бір иықтаған, Әлсіз достың болғаны күйік маған, Күшті жазсам – кей қасым тұйықталар. Әлсіз жазсам кей досым сүйіп қалар. Жақсы жазып ұнаймын біреуіне, Жаман жазып ұнаймын біреуіне, Осы екеудің біріне жол табамын, адасқанда оқушы жүрегінен. Көзге оғаш, әйтеуір жүрем бітпей, ақ матаны қайыған күрең жіптей. Оқушы жоқ өзімде, Дос пен қас бар, Сол екеуін келемін «іренжітпей».

САРЫ ЖАЙЛАУ САЗДАРЫ Жазғы жайлау

Ағаштардың бойын жұлқып тебіскен, Білеу-білеу тамырлармен қан тарап; Жабайы өскен көкшілдеу бір жемістен, Әже барып алып келді нән табақ. Бәрі де ұқсас «Сары жайлаудың» сазына, Аппақ-аппақ гүлге толы түкпір-түп. Қайыс белді жібісін деп азырақ Шаруақор жоқ кеткендейін сүт бүркіп. Қысырақтар сүйіседі шыңғырып, Қазығынан айналады қай құлын. Жігіт үшін – қыз жанары тұр күліп, Кемпір үшін – құтылмайтын қайғы бұл. Келін – шалт, сондықтан да көбейді шашылған зат. Жылағанға сый – таяқ. Айран ұйытар табақшасы кедейдің Мұндай күні таптырмайтын итаяқ. Адамдардың көңілімен астасып, Көркем бұлақ күлімсірей береді. Жалаң аяқ тітіркене тас басып, бала-қыздар батырады шелегін. Ағаштардың бойын жұлқып тебіскен білеу-білеу тамырлармен қан тарап: жаңа піскен қып-қызыл бір жемістен, тағы біреу алып келді нән табақ. Қышқыл жусан; бауырсақтың дәмді исі – балалардың жадыраған қабағы. Жарлы байғұс, Мұрыныңмен қаңғисың, ауызыңа түсетіні – шамалы. Кешір, достар! Ескі сурет осылай, (ал, күй деген жаңарған да жоқ әлі.) Көркем десең көне орныңды шошымай «Сары жайлауды» бір тыңдасаң болады.

Күзгі жайлау Қайыңның шашы сиреп... күз боп қапты,

тырна келіп аспанға тізбек тақты. Жалғыз уыс көк шөпті кәрі саулық қалың ағаш түбінен іздеп тапты. Жүдеулікті уақыттың белгісі ғып Жарлы бала суыққа тоңды үсігіп. Мұңаяды қайыңдар, қайтеді енді төбе-шашын берген соң желге ұшырып. Ірі жапырақ әр жерді сипай аттап, Үйріледі қоқтыққа қиқалақтап. Кедейдің айран ұйытар табақшасы кеуіп қапты, бола алмай итаяқ та. Десең әжем тым жиі ауырады, тұсау есті ол құрықтың бауын алып. Шешесінің шекпенін киген жас қыз етегіне сүрініп ауық,ауық. Көне сурет– күй сазы! Таста! Болар! Жо-жоқ, бәрі бір кезгі бастамалар. Сен де самай сиресе – өкпелеме, әдеті ғой мезгілдің шаштан алар.

КҮЙ ДЕСЕ ІРКЕ АЛМАЙСЫҢ БҰ ҚАЗАҚТЫ… Күй десе ірке алмайсың бұ қазақты: оқылмай намаз қапты, дұға қапты. Кәрілер күй естілген үйге толып, Жабықтан келін-кепшік сығалапты. Жылытып суық көңіл, шашы аппақты, Көсіліп күйші де бір жасап қапты Түндегі күйші түскен ат кекілін таңертең бір қыз тұрып шашақтапты. Сондықтан күйлер шыққан асып биік, Жан шіркін ышқынғанда ашып-күйіп, Қайғыдан аман қапты әдемі қыз күйшіге он бес жаста қашып тиіп. Ол да бір тағдыр екен тасып өтпек, жаныпты өзге оттан ғашық от көп. Күйшіні күтіп алу – мереке боп, ал, оны аттандыру – қасірет боп...

БОС УАҚЫТ Уақыттың бестен кейін бос болғаны емес пе жамандығы дастандардың? Уақыттың бестен кейін бос болмағы демек пе ең күйшінің де қасқайғаны? Жо-жо-жоқ, Жұртпыз ғой біз, өрепкіп бір көкірек нәр іздейді ерек тіпті. Сондықтан концерт залдар толмай жатыр, Стадион кеңейтуді керек қып тұр – Футболға көп барамыз. Достар, бәрің жүріңдер, қызу айқас басталды, әне. Қалидың күй шерткені – тамаша ғой, Тимурдың қызық одан доп салғаны... Уақыт бос бестен кейін десе біреу, Футболдан дауламасам да есені мен, уақыт босады ма деп қорқамын Концерт пен кітап оқу есебінен.

АУЫЛДЫ САҒЫНУ

Алматыдан қараса аулым қандай аласа. Сағынбас ем мен аса, Алматыны одан тамаша. Сағынбас ем – аңсаймын, (қойды-ау тұрмыс та оңбай бір) барар едім ай сайын, жағдайым болмай жүр. Онда әже көп, сәлемі түзулерден дәмелі; сәлем берер әуелі үлкен кісі бар еді. Мұнда да жұрт түсінед сәлемнің не көкесін. Ал көбіне кісі боп, басыңды изеп өтесің, Онда достар күмбірлеп бір күліп ап, сіреспе белбеу буып, бір-бірлеп шығатұғын күреске. Күрес те бар, бірақ та формасы оның өзгерген: күресесің бұ жақта қызыл-қызыл сөздермен. Әнші қыздар кешқұрым жібермейтін сөзге есе. Мұнда да өлең естідім, бірақ ол жыр өзгеше.

Бәрі – менің аулымда, дайын шай мен сыра тұр. Қарындас та бар мұнда қалжыңдасып тұратын. Мұнда бәрі әдемі, тек бір нәрсе жетпейді. Боталардың әуені құлағымнан кетпейді; Енді барсам мен оны Құшақтар ем түсіне, сонсоң сәлем берер ем әкемді көрген кісіге. АУЫЛ ТОПЫРАҒЫ Әр қурайы бас иіп шығады алдан о, тоба-ай. Әр сүйемі – қасиет, әр басқан із – нотадай. Әр тамыры аршаның ішек болып кетулі. Әр бұтаның саусағы күй шертетін секілді. Түнде қандай Айлы өңір түскен кезде аңсап кеп. Башайларың бейне бір кететіндей саусақ боп. Қошалақ-құм аталған үлпіп жатыр жер осы. Темір қаққан тақаңды тым дөрекі көресің. Жан-жағың күй – саз түрлі, сен сәбисің,

ана – қыр. Қалғандайсың қаз тұрып столына дананың. Киелі әр тас мұнда, енді аттау ұят-ты. Табаныңның астында бір құпия жазу жатқан сияқты. СӘБИ ТУДЫ– ӘДЕМІ АРБА ТАБЫЛДЫ… Сәби туды– әдемі арба табылды, тербетті күй жүректерді орныққан. Күй дегенің – даңқ дейді кәдімгі, Көбімізге түсініксіз сондықтан. Өлді біреу – табыт беті жабылды, сондағы күй қуатына болдық таң. Күй дегенің – қайғы екен ғой кәдімгі, біразымыз түсінеміз сондықтан. Келін түсті – бір домбыра табылды ойнатты күй көңілдерді орныққан. Күй дегенің қуаныш қой кәдімгі, бәрімізге түсінікті сондықтан.

КҮЙ АТҚАРАР ЖҰМЫС БҮГІН КӨБЕЙДІ… Күй атқарар жұмыс бүгін көбейді, түк қалмады молла аталған сорлыға. Өлгендерді – өлген екен демейді, күй тартады, иман айту орнына. Күй атаулы алға қашар ұдайы, ұста жылдам – пернелерді қуып бер. Болмаған соң баска жастар құраның, бір домбыра ұстау керек, жігіттер. ДИНА - БЕСІК ЖЫРЫ Әлди, дала, баладай әлди, әлди, әлди ғой. Құшақтайын, далам-ау, құшағымда қалғи ғой. Аймалауы ананың – Жайлы, жылы самалың; Неғып жатсың қалғымай, Әлди, әлди, әлди-ай. Болса біреу кінәлі – Жуады да шуағың. Беткейлерден мына бір бесік исі шығады

Ақ тікенің – тік кілең, тісің шықты, сүйінші! Ақ селеудің үстінен бұрқырайды күн исі. Әлди, әлди, еркемді, тапсын ақыл, тапсын ой. Бүгінгі ұйықтау, ертеңгі оянуға жақсы ғой. Алтын қамдам – көңілім, Әлі қандай батыр шын,– талпынғанмен момыным, тани алмай жатырсың. Әлди, әлди қоңыр ән, Менің әнім – керегі. Жұбатпау үшін соңынан Жылатпайын деп едім. Әлди, әлди Еркемді есейтсін де тапсын ой. Бүгінгі ұйқы, ертеңгі Оянуға жақсы ғой...

ДИНА - КЕРБЕЗ

Бірінші өлең Бес жасында ата-анадан айрылды, Жеңге бар-ды, айырылды одан да. Арқалатады ғой тағдыр қайғыңды, қырсықты да көтеретін адамға.

Қайғы – іші тарға біткен іш білем, күштілерге өшігеді ол несімен! Жазатайым жаза тартса күштіден, одан сайын түседі екен өшіге. Жетімдік пе – көне ме оған адам жай – Әләуләлә, әләуләлә, әләуләй. Жиырма бесте жан-жарынан айрылды. бала бар-ды, айырылды одан да. Арқалатады ғой тағдыр қайғыңды, қырсықты да көтеретін адамға. қасіретті білді сонда сезіне, Ол сезіну аспады тек бір түннен, қайғы оның қонбақшы еді көзіне, көзі бірақ босамады күлкіден – Жесірлік не қайраты бар адамға, Әләуләлә, әләуләлә, әләуләй. Отыз жаста шалға шықты қайрымды,

қайны бар-ды, айырылды одан да. Арқалатады екен тағдыр қайғыңды, қырсықты да көтере алар адамға. Сұр жігіттен шалдар артық қызыл бет, келіншегін күтеді олар бұзаудай, еркелете атаса да қызым деп, Қасірет жоқ дейді шалда қыз алмай. Қасірет пе? Бай болса оған – адам бай, Әләуләлә, әләуләлә, әләуләй. Екінші өлең Тұрған соң сыр бүгіп Кербез ғой күй мен жыр. Бар болса бір жігіт Кербезге үйлендір. Бар болса әрине, бар болса ниет шын. Жақсының бәрін де Кербезге сый етсін. Бар екен ерде үміт – Кербезге жолықтыр. Ізіне телміріп, Өлетін болып тұр. Табылса жаман жар, шығар ол қасың тек? Әйгіле ғаламға, Кербезден жасыр тек.

Дүние-ау, сөз бердің, Өсірдің ерке етіп, Қор етпе көзді енді Жамандық көрсетіп! Сұлу сөз –жанар тез Сұлу боп отырып, айтпашы жаман сөз, айтсаң да өтірік. Бар болса жамандар шығар ол жау ғана? Тым әлсіз жарам да жауымнан аумаған. Кел мұнда жәрдемге, Сұлуға – бөлек ой. Жақсылық бар жерге Кербездік керек қой. Арлыны пір біліп, ақиқат сүйгенді тауып ал... Тұр жігіт! Кербезге үйлендір. 1 Кербез – Динаның құрбысы жесір келіншек. Күй соған арналған. ДИНА - АЛҒАШҚЫ БАҚЫТ Дина алғаш сахнаға шыққанда 76 жаста еді. «Ғасырлар пернесі»

Үн төгілді түрленіп – көк гауһардан кетті аумай, Жарқындығы – күлкідей, мұңдылығы – жоқтаудай, ащылығы – шындықтай, тәттілігі – шабыттай, Жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай. Үй өрепкіп өрттей боп жанды жағып жатты-ау бір, бетке шарпып қан ойнап – әсеріндей мақтаудың,– Жатып алды бес саусақ пернелерді жастанып, Жаңа талап күйші отыр жетпіс алты жастағы. Жетпіс алты дәурен-ай, жетпіс алты жыл өткен, Жетпіс алты қасірет – жетпіс алты жүрекпен, бастан өтіп бар қызық еңкеюге қалғанда, толы ыдысын ғұмырдың төңкеруге қалғанда,

Өр тынысын өнердің «құдай» күндеп тұрғанда, енді аттаса аяғым – құлаймын деп тұрғанда, Келгені ғой шын уақыт тым кештетіп болса да, кеуделіге бұл бақыт керек бопты-ау соншама, бапты алмаса пернеңді – жаңылардай екен ғой – ақтармаса шерді енді – жарылардай екен ғой – таң боп күйші қарады мына залға – тың жұртқа, көрген түсі ертеде айналғандай шындыққа. Шымшып іліп сезімді, жүрегіңді түртіп жеп, әр саусақтың астынан үн оянды бүлкілдеп. Бейлі толған өмірді бір түлетті-ау, жарықтық, кей жұқарған көңілді жыртып өтті-ау, жарықтық! Түрленгені көп үннің – көк гауһардан кетті аумай, төгілді-ау бір төгілді – беделдіні мақтаудай, жарқындығы – күлкідей, момындығы – тереңдей; ауырлығы – жаладай, сұлулығы – өлеңдей...

ТОПЫРАҚ Ыстық тілген еріні... тікен тескен тізені бүкті қашқын, жығылды топырақты сүзе кеп. Қайдан шыққан бұл адам – айта алмаймын, әйтеуір, көкжиектің қалыпты ар жағында ізі оның. Неге ғана құлады – айта алмаймын оны да, сүрінсін деп мен оның жіп кергем жоқ жолына, Құлады ол жалп етіп – шаршаған-ау, ай тегі, (Мен де сөйтіп құлар ем – шаршамасам қайтемін) Содан кейін... ыңырысып құлаш жерді қысты кеп, қышқаш дерсің қолдарын – жоқ, одан да күштірек. Бүріп алып иіскеді бір көденің түбін ол, иіскегендей жарының қос бұрымын түбінен. Алақандай жерді сол сүйді бір сәт пысынап, кеберсіген еріні тас қиқымын қысып ап. Көзін тас қып жұмды ол – дұрыс болса шамалау – адам, сірә, ләззатты көзін жұмып табады-ау, Екі бетін шаң басқан – екі тамшы жас тіліп, екі бетті төрт бөліп ағып түсті жақсы үміт – әлденені тапсырды; жаны кетті. сол жаңағы көдені маңдайымен бастырып... Жатты енді Дәл осы сәт қуғыншы... төзе алмасаң – тілді кес,

әр екі қол – бір-бір ит, әр кеудеде бір крес. Өліп кеткен ер жанды – өлтірмек боп тағы да, өлікті емес, ол жатқан – жерді тепті жабыла – жырынды ғой жау деген – сескенбес ед жау да аса, жетіп өлер жігіттің топырағы болмаса... ПАГАНИНИ Моцарт пен Сальерилер Қали Жантілеуовке Жақсы ұлына ананың жаман білмес табына. Сондықтан әр дананың соры да бар, бағы бар. Соры оның – жандырып күндес тапты жақыннан. (Басы бардың барлығы дәмелі ғой ақылдан). Бағы оның... бағы не, бағы – ұл боп тууда; бұрын өліп бәрінен Кейін ұмытылуда... Тірі қалу сол түнгі Сальериге қорлық, ә? Өлтірді ол, өлтірді, Өзі өлудің орнына.

Жылады ғой жан сап ол, Көз жас қызық – түсі жоқ. Өзгенікі болса жан Өлуге де кісі көп. Өсті Моцарт, менсінбей кетті алыс елес боп. Не үшін өсті дейсің бе? Өлу үшін емес тек. Оқыды өмір жат үкім. Тастады ақыр бір сызып, достарының бақытын жауларының қырсығы. Кім ойлаған өсед деп, бала – Моцарт – сөз бе еді. Күндеп яки өсектеп Өсіретін өздері...

Зал Күлдіре ме зал іші – үн жамырап, өріп ән, үлбіреме, танысым, жылдамырақ орын ал. Қолдан келсе артқа отыр – ағалығым, ақылым жамандасаң күйшіні – жамандай гөр ақырын: тым естігіш келеді құлағы оның ақылгөй, ал, тынышы бәрінен – үндемеген мақұл ғой. Бұған шамаң жетпесе, осы залдың ішінен сен де таныс іздейсің – түсінем ғой, түсінем. Келеді екен кейбіреу жүріс болсын деп бүгін және мақтан етуге танысының көптігін. Енді бірі келді дейд концертке емес – өсекке, көркем үнмен көңілді асыраймыз десек те, Көрінгенмен мына апай жүзі сынық, ойлы өңі, келді дейді жаңа алған көрсеткелі көйлегін, түгел қаттап етегін, қадап басып өкшесін, тізеңді аттап өтеді әрі аунатып бөксесін. Кешірім де бәріне. Бірақ мына бір шірік үкім айтты күйшіге – Кетті жаным түршігіп.... Кейбір жеңгей қызынып қол соғып ап тепеңдеп, Күй шерткенге (сұрайды ол) қанша алады екен деп. Жо-жоқ, досым, ешкімге кінә тақпақ жоқ ойым, тым құрыса, ақ деген бір атақты ап өлейін. Әйтсе де осы залға әркім әр түрлі боп келеді, біреу алып қайтады, біреу барын береді. Осы екеуден өзгесі – қауіпті жан ұдайы, содан сақта – сақтасаң, ауытқыған «құдайым!»

Концерт Тентек үн кетіп еді дауылдап бір,– аңқиып әр жерде бір ауыз қапты. Түтінсіз жанды көздер, ал, қылшыбық сағадан скрипканы бауыздап тұр: қан емес бірақ одан, дыбыс шапшып, әркімге өз шекесін уыстатты. Біреудің шайқады күй толы жанын, біреудің көңілінен қуыс тапты. Біреулер отырды ескі тастай жүдеп, жамалып көне арманға жас қайғы кеп. Біреулер елегізді: мына шіркін қаққылап қайда апарып тастайды деп. Ұққандар күйшіні аяп, күйді еске алды, жүздерде рахат пен бейнет талды...

Үшінші біреуге күй аю басын иді де, жүрегіне жайылды асыл. Сездірді содан кейін, бас пен Бастың, өнер мен өлерменнің айырмасын... Зал тымық... күй кетті тек дауылдап бір, аңқиып әр жерде бір ауыз қапты. Күшті қол скрипканы қылқындырып, алқымнан ақтарылтып бауыздап тұр. Қайтеді өзін таспен атқанды аяп, кек алды өз күшіне мақтанбай-ақ. Шыңғырта тартады ол, қырғышпенен Жауының басын кесіп жатқандай-ақ. ПАГАНИНИ - ПАГАНИНИДІҢ МОНОЛОГТАРЫ Бірінші монолог

Көрген жоқ ем бұл күні соқырға ұқсас ешкімді, таяғының тықылы қай жағымнан естілді? Көргенім жоқ тал нулы, үздім бірақ бір түбін. Көргенім жоқ ауруды естідім тек ыңқылын. Ұғыншы, аға, әл келсе, есер де де кес билік, сіз көресіз, ал, мен ше? Мен тек қана естимін. Айдың жүзін көргем жоқ,– Нұр сіңгенін естідім. Қайғылыны көргем жоқ – күрсінгенін естідім. Махаббат па жердегі? Көрмегенім бұл менің. Жастық шақты көрмедім, естідім тек күлгенін. Аққан шуақ: тау қыры, көл, тас, орман күңіреніп, кеткені ғой үн болып? менің үшін барлығы Табиғат па, көңіл ме, келтіретін не түрлі үн? Қосылмасам сол үнге өлтіретін секілді.

Ұғыншы, аға, әл келсе, есер де де кес билік. Сіз көресіз, ал, мен ше? Мен тек қана естимін. Екінші монолог

Ей, ағайын, дүниеде бар екенін анық күн кіршігі жоқ сендердің күлкілерің танытты. Көк теңізге көз тігіп қарағанда кешқұрым рахат бар дегенді – өздеріңнен естідім. Көркемдік бар дегенді – ғашықтардың тілінен, еркіндік бар дегенді – ескен желден біліп ем. Ләззат бар дегенді естіп едім, сезіп ем диқаншының күрегі, шабыттының сөзінен, Шын азап бар дегенді тұңғыш рет, түнімен кірпік қақпай таң күткен төсегімнен біліп ем. Қасиет бар дегенді – топырақтан естігем, қасірет бар дегенді – жесірлерден естігем. Құлшылық бар дегенді – өз басыңнан түсінгем, шыншылдық бар дегенді – көз жасынан түсінгем – солай, солай ағайын. Италия мен әкемнен мен де өзіңдей бос келгем – түгім жоқ-ты әкелген. Қас батырдың қаны мен жағымпаздың көзінен... Бәрін, бәрін үйренгем бұл дүниенің өзінен. Күн болды анық аспанда – бүгін де бар, болады. Жақсылық бар дүниеде – ертең-дағы болады... Сезу үшін салмағын – шыдау керек болады, көру үшін, ал, бәрін – шығу қалды жоғары!

Үшінші монолог Шындық іздеп келіп ем, Сөйлеп едім жетіліп, таппаған соң, тегі мен алдым жиып өтірік. Бешпетімде – бар терім, өтірік күліп келем ғой. Шыққаннан соң әйтеуір құр қайтпайын деген ғой. Анда бардым – сорым да, мында келдім – кешіктім. Шындық гүлдер орынға өтіріктер өсіпті. Қол соғылды – өтірік,

көздер күлді – өтірік, мақтап жатса лепіріп сенген болдым өтірік. Желпінемін несіне, жеңіліспен отырып. Жеңіп кетсем – өшігер, Жеңілемін өтірік. Жо, жоқ! Бақыт – ұтқанда, алқындырып өжет дем арыстанға шыққанда, таяқ жедім көжектен. Мұның бәрін қажетсіз еріккенің ісі деп, кеттім мен де көжекті менсінбеген кісі боп. ...Шындық деген асыл, ә? Асыл ма екен ал осы? Таптым ақыр басыма жоқты іздеудің бәлесін! …Шындық – құдай-қыз дейді, құдай бар деп жұрт әлі, таппаған соң іздейді, тауып алса – құртады. Төртінші монолог

Айтпай-ақ қой биік деп, биіктеген кезде мен Дәл өзіңнен биік боп Көрінбеуге сөз берем. Қате – менде, жөн – сенде, келмейді ойды мол деуге. Сөз беремін, өлсем де сенен артық өлмеуге. Ызаң жүр ғой іш тіреп, жалықпайық төзуден. Серт етемін күшті боп Көрінбеуге өзіңнен. Көнбесе өмір мұндайға, көнбегені мақұл-ды. Серт етемін, болмауға сенен гөрі ақылды. Сөз беремін, кемсеңдеп сөйлейікші сенісіп: ақымақтыққа келсең де біріншілік – сенікі. Жан азабын – жан шегер, жан жоқ болса – сөз басқа. Ант етемін, дәл сенен ғұмыр бойы озбасқа. Бесінші монолог

Ғұмыр деген оспадар, өткізер ек аңдыспай, бір тұяқта тас жанар, бір тұяқтан шаң да ұшпай. Бұрынғылар есептеп, кетіп қапты күбірлеп: арғымақ пен есектің жарысқанын ғұмыр деп. Бұрынғылар есептеп айтып сапты тағы да: туған ғой деп есекті арғымақтың бағына. Сейтсек ғұмыр – ерке үміт, бәріне де жетіпті. Арғымағың мертігіп, есек озып кетіпті. Жүйрікпін – деу – болмайды, (Шабан десең – өзің де). Айтасың тек ондайды шаба алмаған кезіңде. Ал, ұмтылдық! Қалыспан, жолды тәңір оңдаса, Жарысу үшін – жарыспан, озу үшін болмаса. ПАГАНИНИ-ТАПҚАНЫ СОЛ БОЛДЫ МА… Тапқаны сол болды ма? Табанына даңқтың барқыт төсеу орнына Әйнек үгіп салыпты - 1.

Тапқаны сол болды ма, «Қонақ үйлер» бастапқы, мамық төсеу орнына тікен шашып тастапты. Білгені сол деп пе едің, білегіне сауықтың темір кісен теп-тегін Лайық деп тауыпты. Кедейліктен деп пе едің, Наданы бар, басқасы Скрипачқа кектеніп, жақсы көрсе ақшасын? Жо-жоқ, достар, артықтау бағалай гөр пысықты: оларға сол барқыттан, әйнек қымбат түсіпті... Ұсақ дұшпан – кәнігі, Сондықтан тек біл де қой: тікен оның мамығы, қонақ үйі – түрме ғой. Барқыт түгіл, бағыңа, батпайды ғой кенеп те. Ал дұшпанға, Жаныңа бататыны керек те! 1 - Паганини бір концертке шыққанда «достары» білдірмей бәтеңкесіне әйнек үгіндісін салып кигізген.

САЛЫСТЫРУ Нені айта алсам – сенің кінәң емес қой, нені айтпасам – менің кінәм емес қой – сен түсіріп жатқан кезде скрипкаға күйді бір, батыр Сейтек отыр еді қамауда. Қонақ үйден орын таңдап сен жүргенде, үйді бұл Жау түткілеп,– түсіп еді талауға, Сенің жарың алтын алқа таққанынша күлдіріп, Әуес-шешей тезек терді бір қауым. Сен әлемді таңдантқанда – Құрманғазы «бүлдіріп», киіп еді Спартактың бұғауын. Сен тұрғанда кештіғұрым ақ балконға сүйеніп, түсіне еніп сары бөз бен кенеп көп бабам менің бүтін үйге кіре алмады, түйе жүн Шекпенінен ұялғаннан емес тек. Сен отырдың Амадидың - 1 скрипкасын жаратпай, Махамбет те тумайтұғын ер тіпті,– домбыра жоқ – қой шетінде отырғанда таң атпай,

көршілердің көсеуін ап шертіпті. Мұның бәрі сенің бағың емес қой? Сонда осы... Менің сорым да еместей. Сені бүкіл Европаның «Әулиесі» мақтаса, Ұлы Абайды өсектеді тобықты. Жақсымызды бетімізге күйе қылып жақпасақ, бізде-дағы талай мықты болыпты. 1 Амади – әйгілі скрипка жасаушы, шебер.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ - ТОПАН -1

Көзіме жас кетті іркіп, Сүйсіну ме, күйік пе. Қара мойын көк бүркіт, Қалқуын-ай, биікте. Түндік ашық, жел тымық, Күй келеді тыңайып... Алып едім желпініп, Қалдым содан мұңайып. Биіктік қой – сүйікті ой, Ой сүйем деп мақтанба. Шаңырақ та биік қой, Шалқасынан жатқанға. Екі көзім – сегіз боп, аласа едім жетпеген – биіктедім, сені іздеп қарай-қарай көкке мен. Сені күтіп қарайлап, Жас ұлғайса – шер дедік. Өрлік жәйлі көп ойлап, кеттім бе екем өр болып. Кеттің, мені тастадың, Тұтқын ғып ем – кекті ме ең, қатал екен аспаның, қатал болып кетті иең. Жә, қойшы оны, сөкпеймін, Сен қырансың, мен бе Мен? Ашу, өкпем жоқ деймін, Сыймаған соң кеудеме.

Ал, енді айтшы, ұққандар елді ұмытып кетпей ме; тым аспандап шыққандар Жерді ұмытып кетпей ме? 1 Топан – Дәулеткерейдін бүркіті. Күйші ылғи торда ұстауға аяп, босатып жібереді. Жыл өткен соң Топан үйреншікті мекеніне қайтып оралады, ашық түндіктен төбесінде қалқып жүрген бүркітті көріп, күйші осы күйді шығарады.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ - ТАРТЫС–КҮЙ Бәз біреудің ауыр болса артқаны,– амалсыз жан, қимылдай гөр молырақ. Бәз біреудің жеңіл болса тартқаны Сол әлсіз жан – соны бақ. Қашан мықтап болғаныңша олжалы, қашан қолыңа ілінгенше мол жағы, тарт, тарт, бала, ілінгенше мол жағы, ал, ілінсе – жібермессің сен-дағы. Өкпе айтқанша аз алдым деп жұлып көп, Көп алуға болады де – бәрібір. Нені тартып ала алсаң сен жігіт боп, айрылғаны сол болады кәрінің. Күші де көп, тартысы да көбейді, Күш сыналса – тік тұрады алуан көп. Күрескені үшін палуан демейді, жыққаны үшін атайды ғой палуан деп.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ - САЛЫҚ ӨЛГЕН

Реквием Мынау қаза тұр шығып, Түсінерміз кеш қалып: Ұмытармыз күрсініп, Күрсінерміз еске алып. Туған ғой ол бүгінгі Ой, мұңыңмен іш тіреп, Және осалдығыңды қорғау үшін күшті боп. Туған ғой ол, беліңді бір көтеріп берем деп. Сенің тайыз жеріңді толтыруға терең боп. Туды ғой ол – жығылды, көп жығылу бірі деп. Сенің ұсақтығыңды көрді-дағы ірі боп. Өлді ғой ол, ұғымды ауыр баспен тас тіреп: Сенің жамандығыңды Жасырды да жақсы боп. Неткен қаза; тіршілік көгере ме еш халық. Ұмытса тек күрсініп, күрсінсе тек еске алып. Тағы да ойлап жақсылық, Жамандыққа таң қалып, Жылқы иіріп, ат мініп Қартаямыз аң қағып.

Керек еді бір ұту есемізді тағдырдан. Жоқтау, тағы ұмыту, бізді ұятқа қалдырған. Өлді ғой ол! Адамдар Маңдайыңды соқ қанша, Салық өлді! Не болды ал бір жыладық көп болса?! 1 Салық Бабажанов – Дәулеткерейдщ бөлесі – орысша мол білім алған, патша үкіметінің ұлттық саясатына қарсы келген адам... Күй соның өліміне арналған. ДӘУЛЕТКЕРЕЙ - ЖЕҢГЕМ СҮЙЕР Шашбауы бар теңгелі, Сұлулығы емес ол. Жасық дейді, жеңгенің құртын ұрлап жемесең. Үлгі болса-ау өңге бір, тағы мені жүр сынап: жұрт көзінше жеңгені ұялтпап ем шымшылап. Тыңдамадым мен оны, Сыйламадым сөзін шын. Ұялғаны әдемі, Ұялтпаймын сол үшін.

Жылылықтың адамға Жарасарын ұққалы. Әдемірек одан да бие сауа шыққаны. Жасырақ бол, кәрі бол, Қымсынады ол – болғаны. Әдемі ғой бәрінен қызарғаны сондағы: Жұрт дегенің бір керім, Келін деп ап «бұзықтар», ерсі көріп күлгенін, ұялғанын қызықтар... Мұндай жеңге аз өте, Жоқ дер едім – анық дау. Қой өсірген Қазекең қыз өсіре де алыпты-ау. Жеңгем – біреу, айнымас, қалса да күй теңелмей. Теңелмейтін қайны да біреу болса деген ғой...

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ - ЖІГЕР Күңіренеді қос ішек – әлсіздіктен деме оны, қаққан сайын саусақтың қуаты өсіп келеді: Серпіп қалса бағыңды өтетіндей быт-шыт қып, шертіп қалса жағыңды кететіндей шықшыт қып. Өре тұрып ешкімді шертпейді де, соқпайды, Сол өкініш – баяғы күрсінумен тоқтайды. Құдірет бар қорлыққа тұнып жатқан дейді аса – Неге кеңге шықпайды – таршылыққа сыймаса, Бір жаныңа батса күш – күш емес қой онда әлі, Көрінбесе қуатың – әлсіздігің болғаны! Күй ағады қос ішекте – жүйрік дейді керемет, естілмесе дүбірі – жүйріктігі не керек. Тұлпар жеткен жеріңе – есектер де жетеді Неге керек жеткен соң кімнің тұлпар екені. Күшті болса күй мына – дүбір неге шықпайды, ертең шығар шыңына – бүгін неге шықпайды.

Жылағанша кіл бұғып – неге майдан салмайды, Сұрағанша қылғынып – неге тартып алмайды?! Үн дегенің немене– шыбын да ызыңдап ұшады, Қын дегенің не берер – жасық болса пышағың; той дегенің немене – қалыңдықтан бақ тайса, ой дегенің немене – өкіну ме бас шайқап?! Күй рухы мол дейді (тағы айтамын) күш-қайрат тынады бар болғаны әлдекімге тіс қайрап. Тіс қайрау да күш қой бір – тісін қайрап алысса, бірақ мұнда күңіренді ол өзін-өзі жаныштап. Кіжінгенше – жалындыр! Зорлап сыйып қалыпқа, Мүжігенше жанын құр – тыншымай ма салып қап!. КҮЙШІ Сұлтан болып, Мықты боп атанса да би өскен, өз жүрегін түткілеп, Жібектей бір күй ескен.

Мырзалығы, барлығы Шығып кетіп жиі естен, ауған жүгін жарлының Жотасымен сүйескен. Аласарған көп ойды, Көтеріпті күй беріп: қайта тігіп кедейдің құйын жыққан үйлерін. Таңдайы сәл жібіпті бар малына өзінде – ол да сырқат жігітке сусын берген кезінде. Жас төгіпті ол, тек жасып көрінбепті кісіге – Сақалға емес, Көз жасы құйылыпты өз ішіне: Сері боп та желкілдеп Шығармаған атағын. Әр күйінде мөлтілдеп Көз жас содан жатады. Көкірексіз адамға Көрініпті ол дүриіп, Керек болғасын заманға Көтеретін бір иық. Өліпті ол да тұншығып, ел – омырау бояпты: Біреу өлген күйшіні, біреу халқын аяпты.

Қосыламын өз басым Сөнгендерге асығып, Өлгендерге, Көз жасын өзінен де жасырып.

ЕЙ, КҮЙШІ ДОС…

Ей, күйші дос! Сенің еркің – шертем десең өзің біл, Менің еркім қалай ұғам: қайғырам, не серпілем. Сенің еркің болған сайын қалай шерту күйді. КЕЙДЕ Ұғыспайтын бар тұстар ұрыспаймыз дегенмен. Шықса кейде тартыстар Шықты бәрі өнерден. Адам – түрлі, Көп адам кіргізді өзін санатқа: қолмен жұлып жағадан, тіспен тартып балақтан. Бітіре алмадық күліп түк, бәрібір ақыл қонбайды. Жағадан алу – жігіттік, балақтан тістеу – болмайды. Көрген кезде мен анау тістеп тартар «еріңді», сүйіп алғым келеді-ау Жағадан алған қолыңды.

ҚОЛ СИПАЙ ДА, СОҒА ДА АЛАР… Қол сипай да, соға да алар. Тоқта әлі, көнер ме екен айтарымыз ұйқасқа; сипағандай – кейбір қолдың соққаны, ал, кейбірі – жаралайды сипап та. АБАЙСЫЗ КЕТКЕН ТАЛАЙДЫ… Абайсыз кеткен талайды, Талайсыз өткен сөзіңді Аяймын; Заманға қарап – Абайды, Абайға қарап – өзімді Аяймын.

ЕРЕЙМЕН ТАУЛАРЫНДА

Жатыр дала аяқталмай, басталмай, Ұлылығы – Данте жазған дастандай. Жылығы – кәрі ананы аяудай, Сұлулығы – Репин жаққан бояудай. Аспан биік – Әсет айтқан ән сын-ды, тастар – киік, үрке-үрке таусылды. Бір шоқыға шығып алып шырқасаң, бүкіл дүние еститіндей даусыңды. Жасыл таулар, ойдым-ойдым қайыңдар, бір суреттен бір суретті дайындар. Бала-бұта, иықты қыр, киік-тас, мен сендерді қия алмайтын жайым бар. Жүрген жақсы машинамен желдіріп, жақсы одан да тұрып қарау телміріп – түседі еске өткен ойшы, жыршылар: «Ерейменге бүркіт ұстап бір шығар»... Ерейментау! Неғып тұрсың мақтанбай! Кейде аспаның оңып кеткен мақпалдай. Дөңдер желіп, жапырақтар жаутаңдап, бәрі маған еріп келе жатқандай – көңілде бір дала құсап басталды ой. Сұлулығы – Репин жаққан бояу ғой, жылылығы – сүю және аяу ғой...

ЖЕР ЕЛЖІРЕП, САМАЛ ЕСТІ БІР ЖІБЕК… Жер елжіреп, самал есті бір жібек – Таң келеді, таң келеді үлбіреп Әйелдердің ақ тамағы секілді. Гүлдер жүрді жасыл жаға, ақ маңдай – Жұпар иіс – алақаны мақпалдай Сыйпайды кеп менің ашық бетімді. Су сылқытып әлденені жұтады, Селк еткізіп серіппелі бұтаны Тиін-тамшы иығыма секірді. Алыс тартып әкетер ме көз мені, Көре алмаса осы таңнан өзгені Бұл көз маған – көз болмайтын секілді.

БҮКІЛ ӘЛЕМ МАХАББАТТАН ТҰРАДЫ… Бүкіл әлем махаббаттан тұрады – Таңғы шапақ – от боп жанған еріндер. Бүкіл әлем мейірімнен тұрады – Әжелердің әжім жүзін көріңдер. Жаса десе дүниенің картасын Көл орнына көз салар ем тұп-тұнық. Алатау мен Балқан таудың ортасын Бір тал шашпен жалғар едім мықты ғып. Білеу-білеу қырларының орнына Білегімнің сүгіретін салар ем. Өрбіп жатқан өзендердің орнына Қан-тамырдың сүгіретін салар ем. Бүкіл әлем – мейірімнен тұрады, Бүкіл дүние – махаббаттан тұрады! Жуады ғой қатып қалған қайғыны Жаңа туған бала күннің шуағы. Көрсет десе ғұмырыңның бар сырын Күн көзіне тосар едім күректі. Жаса десе, жаса десе жер шарын Сүгіретін салар едім жүректің!

ӘКЕ ТУРАЛЫ Үзіліпті сол өмір... Жо, жоқ, өлген жоқ бірақ. Тек ерлік пен еркіндіктің өлеңін Айтар болдық бұрынғыдан қаттырақ. Тек оны ешкім шақырмайды дауыстап, Алматыда көре алмайды әке ұлын. Бірте-бірте құлақтардан алыстап Бара жатыр аты оның. Бұдан өзге тіршілігі сол күйі – Әйнек салған рамада бейнесі, Оған арнап, «ас береді» енді үйі, Жумайд бірақ ешкім оның жейдесін. Соғыс бітті, біткенде ме бар айып,– Соғыс, соғыс... ұмыттырмас ол атын. От өшкен соң осылайша қарайып Орны қалар болатын. Ұмытар ем соғыс атын, ел оны Бес құрлыққа таратыпты бес бөліп. Және соғысты ұмыттырмай келеді Әкелер жайлы естелік.

ШЕГІНІС Солай, достым, кәріміз ғой қашаннан – Он бес жаста Кошевойдың шашы ағарған деседі. Төрт жаста біз жетім болдық аяулы, Сегіз жаста колхозшы боп Күннен бұрын ояндық; Он сегізде әке болдық қой бағар, Жиырма бесте он жылдықты бітірдік, Институтқа енді түсу – ойда бар. Біз осындай адамдармыз, ағайын, Отыздамыз дәл бүгін. Бірге ауырды жанымыз – Доктор қазып шығарса Денелерден бомбалардың қалдығын. Сонда сынған қабырғамыз біздің де – Сырқырайды әлі күн. Сонда өртенген ормандар Әлі бізден жасырады жалынын. Көрген жоқпыз бас қамдап, Оқ жоғалса – жүректерден шығады. Сонда оқ тиген жас солдат Құлай алмай тұр әлі. Сонда атылған жалғыз оқ Келе жатыр әлі ұшып Уақытпен алысып Уақытпен жарысып – Сонау баста осы оқпен Ойнап атқан адамды іздеп келеді ол, Іздейді ол космостан, төсектен, Әрбір жапа шеккеп кекті денеден.

Сол оқты атқан адамның Табылары маған хақ. Оқ – әлемдік құныкерді тауып ап Маңдайына мықтап тұрып қадалмақ... Жасалмасын қиянат, Отыз жаста қартаймасын деп адам, Денелерге осколка емес, Жылы шуақ ұялап, Қайғы атаулы жоғалсын деп санадан, Мылтығымызды оқтап қойып жауға атар, Көгершінді асыраймыз мәпелеп – Мұның бәрін ойлаймыз біз – қайда апар, Отыз жаста бір яслиге әке боп.

СУРЕТ Қып-қызыл кеш. Аппақ айдын. Қоңыр үн. Жанып тұрған бір шүйке бұлт жаңағы Басам дей мен лапылдаған көңілін – Тұнық суға төсін малып алады. Теуіп шығып ақ бетіне қызыл қан Айдын жатыр... Құтырынды сәуле ойнап. Жағадағы көне тамдар бұзылған Әлденені ымырт құсап қалды ойлап. Шалқайса да мен-мен аспан көкірек, Жұлдыз жылып көл төсіне жабысты, Төбелері қылт-қылт етіп шоқы көп Суға түсіп тұра-тұра қалысты.

АЛА БҰЛТ Мына алапты сең тоғытып бара ма, Теңбіл, теңбіл, қара теңбіл, ақ теңбіл – Көлеңкелер келед жөңкіп, қара ала алашасы секілденіп әпкемнің. Будақ-будақ қара шуда-көлеңке Тамағыңды қытықтайды – сілкін қыр; Бірі мынау дөң үстінен жөнелсе, Бірі сонау сай табанын сүртіп жүр. Бұлттар бірақ сонау биік тұр көкте, Көлеңкесі жерді кезед дірдектеп. Қаптайды кеп көлеңкелер топаны,– Қырлар жатты қара маңдай, ақ маңдай. Қара ала шыт келеді ағып, о тәңрі, Бұталарға мизамдардан жіп керіп, Бір станок мата тоқып жатқандай. Ей, достарым, сезіне бер, сезіне, Ештеңені бере алмаймын түйіп мен. Сұрапыл ғой көлеңкенің өзі де Түссе егер биіктен...

СОНАУ БІР СОҒЫС КҮНДЕРІ Көкбеттеніп тұрды аспан, Құмның жүзі қарасұр. Жел суыпты күн асқан,– Аласұр, қияқ, аласұр. Ұлылығы не керек – Уілдеп тоңып дала тұр. Дір-дір етпей ебелек, Бір тасаға бара тұр. Сұлыбас – жас, мұрт – кәрі, Шықсаң, сұлы, биік шық. Желпілдейді жұрттағы Ұмыт қалған қиық шыт. Сыйдаң бұта – суылдар, Суық пен жұт – егіз мұң. Арық-тұрақты қуыңдар, Ауласына семіздің. Тартса қарт қой құрсағын, Қойшы қартаң бүрсеңдеп, Кемпіріне ұрсады: «Не бітіріп жүрсің деп». Ол бітірмей жүр несін – От жанады жылтырап. Итарқаның іргесін Ит қазады жұлқылап. Жоқтық пенен суықтық! Әніңді айтып жаңағы, Көрпе астына қуып тық Жалаңаяқ баланы. Жалт-жұлт еткен табандар, Жылт-жылт еткен танаулар, Көрпе астынан қараңдар: Келе жатқан адам бар. Тұр ғой оны шал боқтап, Тоңса – кімнен көреді? Екі етегі далбақтап Бригадир келеді...

ҚҰМ ТЕҢЕУЛЕРІ

Жайдақ құмдар суырлып Жалын сияқты ағатын. Жалпылдаған туырлық – Жапалақтың қанаты. Шегірткелер тобы ұдай Қып-қызыл боп қанаты, Ақтікеннің шоғындай Пышыр-пышыр жанады. Шұбырады құлан-қыр, Дөңнің беті тары нандай. Түскен жері қыранның Мамық жастық жарғандай. Атшалман бар – қуа алсаң, Күнге күйсең – өстіп күй. Тоғай ғой деп қуанып Жетіп келсең– бес түп ши. Сұрғылт жылан, ол-дағы Бұл жер үшін – жау жаман; Түсіп қалған жолда бір Дойыр қамшы аумаған, Таңдай-таңдай құм ұйып, Ат ізі – тамшы сияқты. Күн тұрады жымиып Қабығында қияқтың. Ал, аспанның өзін мен Жырлап мінсіз бола алман, Ол бір – мөлдір сезім мен Түпсіз жатқан мол арман.

БЕТПАҚ ДАЛАДАҒЫ ШОҚ ГҮЛ Бетпақ дала... Жалғыз шоқ гүл тұр дөңде, Неткен ерлік жалғыз гүлдің өмірі! Әлде тағдыр оны әдейі берген бе Қарт даланың қалмасын деп көңілі. Құм, құм бәрі; сезімің – құм, жігер – құм, Тек жалғыз гүл. Аңызақ жел бетке ұрды. Сол бір гүлді аяп... жылап жібердім Көз жасты да күн ыстығы кептірді. Құм ағысын қақ айырып екіге Қызыл шоқ гүл тағдырымен тұр ойнап, Бетпақ дала бедірейген бетіне Ойнап шыққан қызыл қандай бір оймақ... ЖАЛПАҚШАҒЫЛ ШӨЛІ Мезі болып тынбай соққан сар желден Дала жатыр – қоңыр айдын көлбеп бір. Сулы сорлар көрінеді әр жерден Құмға батқан сынығындай шөлмектің.

Желдің демі, құстың даусы, шөп үні – Сол құлақты қанша жатты кеміріп? Сор-тақырдың жалақ болған еріні Қатып қапты қимылдауға ерініп. Айғыз-айғыз әжім жыртқан шықшыттай Дала жатыр, жалғызсырап жатыр мұң; Шимайлана, шимайлана түк шықпай Ұмыт қалған парағындай ақынның.

СӘБИ КЕЛДІ... Ол – келді, сәби келді, келді міне, Келді ие бүгінгіге, ендігіге. Келді ол, табылды бір азамат-қол Әкенің қамшысы мен белдігіне. Келді ол қызыл-шақа бетте мүлде Жоқ, тіпті үміттену, кектену де. Титімдей жүрек қана талпынардай Сүюге және мықтап жек көруге. Без тірлік безек қағып іңгәлаған, Тым жәйлі емес дей ме мұнда маған?– Сәбидің алғаш шыққан ащы даусын Ең соңғы тәтті үмітпен тыңдады Адам... Келді ол байтақ баба даласына – Бір бұлақ ақты шапшып, аласұра. Асфальтты шықты жарып бір тал шыбық, Бір тамшы қосылды көл шарасына. Ай аппақ, әлем ұйып болды жым-жырт, Бір жұлдыз тағдырына көнді мүлгіп. Бір арман көкіректен көтеріліп, Шыңына Алатаудың қонды бір бұлт. Шайқалып шарап кесе – шабыт жанды, Көңілдер көгенінен ағытты әнді. Манадан түссіз тұрған әке байғұс Бір бокал ақ арақты қағып салды...

МАХАМБЕТ ТУҒАН ЖЕРДЕ ...Бұл бұтаны шалды талай ат арық, Талай-талай тамырларда тасты қан. Бір ғасырды қазып алсаң қопарып Махамбеттің ізі шығар астынан. Үзілген жол – түсіп қалған тұсаудай, Қара қаудан – жалындай торы айғырдың. Тас шоқылар – ер қасына ұсардай, Батыр баба, қамшыңды сен қайда ілдің?!

Шектеп қойған кәрі құлақтай дала бұл, Ерттеп қойған арғымақтай дала бұл. Бір баспаса сағынады табаным, Жылда жаңа бір ізімді саламын. Мынау құмдар кімнен ғана қалмады, Торы айғырға кімдер тақым салмады; Күйшілік пен жыршылықтың қонғаны – Махамбет пен Құрекеңнің әруағы. Көк сүңгінің шаншылған бір жері бұл; Көрінбейді бірақ одан тамған қан; Кеудесіне біткен жырдың желігін Айырбастап калдырыпты арманға... Қазір мұнда той боп жатыр деседі, Басыңызды көтерерсіз бүгін сіз? Өзіңізді туған төбе кешегі Жата ала ма дүбірсіз!

ҚЫРАН ҚОНҒАН Қар да жұқпас .. түк жұқпас, Дала – әппақ, ол – қара. Қайсар шоқы, ынжық тас, Қайғырмайды сонда да. «Қыран қонған» деседі, Қыран – тегін қонбайды. Қыран қонған жерлерді Сыйламаса болмайды Қыран қонса – несі мін, Ұшты ғой ол қайтадан. Сонда шоқыны осы бір Секілді ме шайқаған? Қайсар қара тұр тұнып; Қомданады ұшардай. Әлде ұшам деп ұмтылып Қалғандайын ұша алмай. Ұмтылады ол алға – «Қыран қонған» атануы содан ба? Әлде қыран қонғанында ақырғы Дәмелентіп кетті ме екен «пақырды»?..

"ҚҰДАЙ" ОНЫ АДАМ ЕТІП ЖАРАТТЫ… «Құдай» оны адам етіп жаратты, Адам болып жүруді ол да жөн көрді. Ауыз берді сімірсін деп арақты, Рюмкасын ұстасын деп қол берді. Ішіп алып әлдекімге тістенсе, Тіс те берді керек болады ғой деп. Бас та берді – ауырсын деп ішкен соң, Аяқ берді – анда-мұнда жүрер деп. Бірақ «құдай» білмепті ғой, ақымақ, Бұл «пәндесі» ішетінін жатып-ап. ЭПИГРАММА «А, дүние» деп бастап еді өлеңді, сонау кезгі ұлыларға ұсап қап. Бар әлемді құшпақ еді, ол енді қалды мынау бос ауаны құшақтап. Салқын тартып сала берді сөзі де, көп ұстаздың тасасында бұқпақтай, «а, дүниені» қаратып ап өзіне Отыр білем айтатұғын түк таппай.

ШАХТАДА * Қара аспанды көтеріп тұр бағана, біздің осы лавада. Көлбеп түскен көлеңкесі тіреудің терең қазған орға ұқсайды алдыңда – түсіп кетер секілдісің– аттасаң, ал мұнда крепильщик жата қалып іргеге Жатыр сол бір қара аспанды шегелеп – О, керемет! Жүзі де оның қап-қара, қос қара аспан жеп барады бір-бірін! Аспанымен лаваның мөл-мөлт етіп ақ тамшылар ағады, ақ тамшылар жетеді.

Сол жігіттің күйе басқан жүзінен ақ тамшылар біртін-біртін үзілген Метеордай ізін тастап кетеді...

  • * Қайла... Күрек... Көмір қара, көз қара, мөлтілдер тек аппақ тамшы сүт-шамдар. Алақанын алдырыпты бозбала, алқынды шал... ащы ауаны жұтпаңдар! Аппақ жарық ақтарылды аңқа сып, Қоп-қою шаң тұнып жатса тымырсық. Өз шыдамын жеді әрбір жан таусып, Сым бойында жасыл ұшқын жүр ыршып. Қос рельс – мандолиннің қос шегі, қара вагон күмбірлетті – жүгір, шық. Мұндағы күй – күш тілейді, өстеді – Бұлшық еттер бейне темір шығыршық...
  • * Қара бұйра сел алса, Қара вагон толып шығар біртіндеп. Қара толқын аяқтарға оралса, Мотор-жүрек соғып кетті зіркілдеп. Қараңғыны шаммен іреп жүр кеме, бақытты еді шам қандай! Екі-үш адам сәл жантайса іргеге, екі-үш үйдің оты сөніп қалғандай. Екі-үш бұлшық тулап кетсе толқын боп, мың-сан көңіл рақатқа батады. Екі-үш тамшы тер төгілсе мөлтілдеп,– жылынар деп бүкіл байтақ Отаным.
  • * Тозбаса егер тізелер мен табандар, Заулайды Жер. Шұбартады дала бұл, Түк аңдамай қарайды тек аңқау күн, Заулайды Жер, Жанарында дананың, Жамбасында жалқаудың. Қиялшылдар қаламының астында Ұқсайды жер ала-бурыл тасқынға. Заулайды Жер. Өзін-өзі қиған күн, Неғылады шапағатын «иманның!» Заулайды Жер, табанында тағының, Тізесінде тиранның, Көрген кезде диқаншының күрегін, Екі ой түсер: бірі – топырақ, бірі – өмір. Осы екі ойға бір кеудеңнен пана бер, Қайда барсаң қос көлеңке қараңдар... Әлдеқашан тозар еді қара Жер.
  • * Іші қуыс, сырты бар. Ұйысқан шаң – түнгі ойлардай қалың-ды. Қара жалын секілденіп бұрқырар қара көмір кәдімгі. Әр білекті жүз қан-тамыр шертеді, жем шоқыған құс тұмсығы – көп қайла. Қағып жатқан секілді ме кеудені тиген балға тақтайға? Жеңілме, дос, жеңілме – қайратыңды құмарлыққа қосақта!.. Кен – әуелі жанады да көңілде, сөнеді ғой ошақта.
  • * Электрдің станциясы мен де бір, ток өткізгіш секілденді әр тамыр. Тас қараңғы түкпіріне кеуденің өт-өзенін жіберемін, тартамын Жүрек бейне вольтметр іспетті, Метр, метр – метрлерге тірелген. Енді менен күш кетті – электрдің қуатымен жүрем мен. Мүмкін, мүмкін айналармын күлге де, миым менің – оқ-дәрідей үрейлі. Тиіп кетсең өртенердей бұл денем, не өртейтін секілдімін біреуді. Жүрер менің электрлі әмірім электрлі заманда Менің осы көкшіл тартқан тамырым ток өткізгіш бола алса, ол – жаман ба?
  • * Жарық! Көрем сені жанарынан тамшының, шешендердің таңдайынан көрем мен; Көрем сені көмейінен әншінің, ал, кейде бір... туып кеткен өлеңнен. Көрем сені күлкісінен сәбидің, соған деген мейірінен ананың. Тұтанған от ошағында әр үйдің, саған, саған келе берер қарағым. Көрем, көрем! Көру-дағы өзгерер, Жарық, жарық, көрем сені құнығып.. Көрінбейтін жарық болса көзге егер, Оның да аты – жылылық!

ҚАРАҒАЙЛАР СЕНДЕЛЕДІ ЫҢЫЛДАП…

Қарағайлар сенделеді ыңылдап, Іші пысқан бойдақтардай кешқұрым. Тас төбеде үңірейіп аспан тұр, ақ тісі жоқ ауызындай кемпірдің. Жымың етіп жабысса егер ақ жарық кеберсіген ерініне сұр тастың, Сол тастың да көкірегін қақ жарып, ағатындай от аралас бір тасқын. Асфальт көше қайқаң-қайқаң етеді, Көтере алмай көлеңкені түскен кей. Зәулім үйдің төрт бұрышты көздері Сұйық-түнді сылқылдатып ішкендей... Жапырақтар би билейді шарқ ұрып, әндетеді бұтағынан айналып. Кәрі емен тұр өз-өзінен сарқылып: «Бұ тіршілік бара жатыр қайда алып!»

Сездірмейді тістеніп ап маңай түк, Жел еркелеп тал мойнына оралды. Бар дүние теңселеді ән айтып, Мен ғана үнсіз.– Тыңдау үшін сол әнді.

БОЯУЛАР ТУРАЛЫ Бояуы бір ақша бұлт пен ақ қардың, Көк аспан мен шалқар көлдің түсі бір. Сен де өзіңше талай ойды ақтардың – Мықты болсаң дәл осыны түсіндір. Ақ көбелек айналады ақ гүлден, Көк көбелек қызыл гүлге қонар ма. Гүл шырынын «татырмайды жат тілге»– Өзге түстен сақтанады олар да. Туыстық бар көлеңке мен қойнауда, Асқақ шың мен алтын шапақ сықылды. Қоңыр бояу – жаралғандай ойлауға, күннің күлуге жаралғаны сықылды. Ақ, қара, көк, қызыл, қоңыр – әр алуан, Әр қайсысы өз мінезін баяндар. Осыншама көп бояуды көре алған Екі көзде бәрінен көп бояу бар.

КҮЗГІ КӨҢІЛ Терек, қайың; гүл мен тікен; жас, кәрі – қалтылдайды сап-сары шөп бастары. Көңіл желін бұлтпен басып тастады; күзгі өңірдің шаттығы да сап-сары. Сары бәрі, тек асау шың тұр аппақ, Теңселеді алтын емен күңіреніп, әр бұтағы бір-бір батпан мұң болып. Сап-сары жел бәрін-бәрін қуғындар, боз аспан тұр қылау бүркіп, суытып. Жас жігіттен сырт айналар сұлулар көктемдегі ғашықтығын ұмытып. Қызыл перде қыз әйнегін жаңағы, жігіт емес, сары жапырақ қағады... Күн сараңсып сарғыш сәуле құяды, сарғыш тартқан секілді ғой сия да? Қыз алдында көктемде айтқан сөздерін Жігіт те енді есіне алар ұяла...

АЛМА ...Жағып тұр бұталар қып-қызыл шырағын, Жымыңдап ағады бір ағын – Көрсем де көп қызыл алманы алмадым – шыдадым. Өзімді жеңдім мен – алмауға келгенде, Бірақ бұл жеңісім – баянды болмады. Қып-қызыл бір сәуле күн бата бергенде, Боп-бозғылт ернімде құтырып ойнады. Бір жанға болып па аз айып – Бұтақтан үзілді бір алма. Осындай сәттерде ғажайып, Бақыт боп сезілер кінәң да... Көңілім тек күн шыға айықты – Бір ана таяғын тасқа ұрды; Бір жігіт алмасыз қалыпты, Бір қыздың көзінде жас тұрды..

ҚЫЗЫЛ ГҮЛДЕР, САРЫ ГҮЛДЕР, АҚ ГҮЛДЕР… Қызыл гүлдер, сары гүлдер, ақ гүлдер, Әр гүліңді – бір шам қылып жақтың жер. Мені-дағы гүлге жаны жақын дер – Бөбегіме бір гүліңнің атын бер. Мен – тасты да жылытуды аңсап ем, Шіркін, от боп мендегі әрбір жанса дем! Болса егер әр сөзімде бір-бір көл, Оны да мен гүлге құйып тауысар ем. Гүлдер, гүлдер! Көз жасымды төгер ем, Тек сонымен десең егер көгерем. Сені... сені көрсетпес ем бұл түнге, Сәуле болса егер менің күлкімде.

ҚЫМЫЗ САТУШЫ Ата-еке-ау, болдыңыз сіз неден кедей, Өзекті қойыңызшы тегі өртемей; ақ саттың қалт-құлт етіп, адам емес адамнан құлап түскен көлеңкедей. Мұрынды барады әбден жарып қымыз, қымыз ғажап, рас, танып тұрмыз. Күн ыстық. Қаңсыйсыз кеп. Қалқып ішпей – сатасыз, неден ғана тарықтыңыз?! Дейді ол: «Келін – ғалым, балам – әкім», болса олай, кім әкеткен қанағатын. Қымызын біреу ішті; қалтасына тиындар сыңсып түсіп бара жатыр. Айтайын айтарымды (ақыр кетем), мен сізді деп тұрғам жоқ: ақылды етем, дәл қазір тиын түгіл, мың сомың да қымызды бір жұтқанға татыр ма екен! Түсінем, сізді базар ақтайды ғой, сондықтан кінәлауға батпайды да ой. Аппақ қой сақалыңыз, атажан-ау, ешкімге ағын-адам сатпайды ғой?..

ЕКІ САТУШЫ Әйел ұстап тұрады көне кепка кейде бір, жігіт сатып тұрады әйелінің көйлегін. Кепка ұстаған – Күйеуін еске ала ма күйіне, көйлек сатқан жас жігіт неге қайтпайд үйіне! Түрлеріне қарасаң – жұпыны емес секілді, осы екі жан бірақ та бүтін емес секілді. Күйеуі өлсе – кепкада исі қалай қалмады, әйелі өлсе жігіттің – күні бар ғой алдағы? Жас келіншек, кепканы сатпа, апарып іліп қой, кепка деген тұсыңда тұрса ілулі – үміт қой. Күйеуіңмен кеште бір қайғырысқан шығарсың. ішіп келіп «тентегің» – айырылсқан шығарсың. Қайта ал, жігіт, көйлекті, сен де апарып бөлек қой, қосылсаңдар қайтадан – сатып алу керек қой?!

ТОҒАЙ АРАСЫНДАҒЫ ЖОЛДА Ат – шабан, аяғы оның ептеп басқан Көзіңді, көңіліңді шектеп тастар. Қызыл гүл қалтырайды, дәл жаныңда жатады шімірікпей көк бет-тастар. Кетеді жас бұтадан ыршып кептер; Итініп шабан атпен бір шық деп пе ең – ну ағаш жібермейді желді де алдан, шығады самайыңнан бүршіктеп тер. Тізеңді көмсе кейде жасыл шалғын, пысқырып бөрте дөнен басын шалды. Сығалап қарт қайыңның қолтығынан қояды жалт-жұлт қарап ашушаң күн. Жолдың бар қиындығын үмітке артып, емес қой ойлану да жігітке артық. Шапақтап екі жақтан ерке-бұта қалады қалпағыңды іліп-тартып. Алады аш маса мен ара беттен, ізіңді шөп бүркейді жаңағы өткен. Тым сирек тиед жерге ат тұяғы, бейне бір жалқау шапқан қара кетпен. Ақ жіп-жол – барар жері қиыр шеттей, жіп қайтсін ұзындықтың күйін шертпей. Сол жіптің ең ұшында бір жолаушы секілді титтей қара түйіншектей....

АШЫЛА ТҮС – ГҮЛІҢ БОЛСА ЖАНЫҢДА…

Ашыла түс – гүлің болса жаныңда Тікен болса – гүлдеме. Тыңдар құлақ болмаса, Байланбайды тіл неге! Бір басыңда арпалысты жүз ұғым, өлер болсаң, ауруыңа Төзбедің не, төздің не... Ей, дүние, жоқ болса егер қызығың, Керек бопты көз кімге!

ҚҰРМЕТТЕЙМІН ЕРТЕ АШЫЛҒАН ГҮЛДЕРДІ… Құрметтеймін ерте ашылған гүлдерді, Ерте атқанын ұнатам мен таңның да. Қандай жақсы үйден шыға келгенде Аппақ болып таң жатқаны алдыңда. Қандай жақсы қалса ашылып қабағың, Әр шыққанда жаңа күн. Қандай жақсы аттағанда әр адым, Таңға салса алғаш ізін табаның! Келер сонда тек шығысқа қарағың. Шық-моншақты жіп керек-ау тізуге, Әр тамшы шық – бір-бір көз боп жанады. Шық үстіне басылды алғаш ізім де, Таңғы ауаға жүзіп кетіп барамын. Алдым – жарық!.. Бір жанатын кезім бұл, Жанбасам да қызғанымды сезіндім. Тек жарыққа қарсы жүрем мен кейде, Көлеңкемнен қашқан кезде өзімнің, Ғажап! Ғажап таңды көзімше атырдым,– Келді бәрін дауыстап кеп шақырғым. Дөңгеленіп ып-ыстық шар-күн тұрды Иығында Алатау мен ақынның...

БІР МЕЙІРІМ ТӨГІП ТҰРДЫ КҮН-ДАҒЫ…

Бір мейірім төгіп тұрды күн-дағы, Бүкіл дүние шуақ әнін тыңдады – Бір тал қу шөп басын жерден көтерді, Бір түйір дән аунап түсті құмдағы. Алатаудың бұлт-шарқатын жел түрді, Ол – көңілді бір үмітпен толтырды. Күн мейірлі, мейірленді жер-әже, Қос мейірім арасында мен тұрдым...

ТҮН ЖЫРЫ

Бұталардың арасында қап-қалың Ұйыған түн жатты іркілдеп, бөкпе боп, Бір абайсыз ашпақ еді қақпаны – Күдірейіп түрегелді көк төбет, Содан кейін... тістеп көріп шынжырын Өз-өзінен өзі айналды тіміскіп. Қара судай тұнық екен түн бүгін, Бірақ суда қайдан болсын тыныштық – Толқиды түн... үнсіз тілмен түнгі ызғар Сора-сора бозартуға аз қап тұр. Сабырлы аспан сәл қозғалса, жұлдыздар Тамып кете жаздап тұр...

ЖАҢА ЖЫЛҒА Келдің бе, жыл? Әлде саған мен келдім, Қарай-қарай компас пенен сағатқа. Мен – нашарлау есепші едім, тең бөлдім Бар жүгімді тәуекел мен талапқа. Жүгім менің – өткен жылдың есебі, Жүгім менің – содан қалған көп үміт. «Бала, саған ауырлау ғой» – деседі, Әлдекімдер қыр астынан көрініп. Қандай жыл да ортайтпаған көңілін Біздің ел де – бір керемет ел еді. Күншуақтың өлмейтұғын өмірін Көлеңкенің өзі жасап келеді. Бір арманды баспалдақ қып бір арман – Бәз біреуді ең биікке шығарған. Бәз біреулер қалт-құлт етіп жүр сапта, Бәз біреулер әлі жатыр құрсақта... Саған айтар тағы да шын сөзім бұл: Ұзақ ғұмыр туралы адам толғады, Өлгендерді тірілтпесең – өзің біл, Тірілерді өлтірмесең болғаны!

АППАҚ ШУАҚ АРАЛАСЫП КҮЛКІМЕН … Аппақ шуақ араласып күлкімен Сәскедегі көл бетіндей кілкіген; Көңілдердің күдігі мен күмәні Мұнар болып көкжиекке тұнады. Кілкиді кеп ақ айдын, Сіміреді ол сұлулығын маңайдың. Көк аспанды жамылып ап төсіне алданады ол,– паңданады несіне?!.. Шуақ, шуақ! Жалғыз талмап жұт мені,– Ақ қағазға түскен қара нүктені. Көлеңкесіз болса егер бір дене, Ол дененің – жатқан жанға біткені! Шуақ жатыр жарқырап, Қарайды кеп жез кірпігін күн тіге. Шай бетінде шама құсап қалқимын Шуақ пенен күлкіге!

ЕҢКЕЙ АСПАН, ТӨМЕНДЕ БҰЛТ, ТӨК ЖАҢБЫР… Еңкей аспан, төменде бұлт, төк жаңбыр, Қорықпаңдар, біздің кеуде толған нұр. Қара жерді қақ айыра толғандыр, Еңкей аспан, төменде бұлт, төк жаңбыр! Жарқылдасын алтын бұтақ – жай атсын, Тапсыншы бір тентек дүние тоят шын. Қара бұлт пен найзағайдың рухы Қалғып жанған көп оттарды оятсын! Көк сағым боп кезе-кезе тау үстін, Қойнаулардың құпиясын тауыстым. Толқынынан құтырынған бұлақтың Келіп отыр қос алақан тағы ішкім. Сілкін, жапырақ, бір сілкінсең – нең кетер, Сен сілкінсең – бүкіл дүние желдетер... Мен көтерем сендегі бар салмақты, Ей, қара жер, мына мені сен көтер! Қиналады ол жанарынан жас тамбай, Жатыр ағып аяқталмай, басталмай. Бұлтым болса – мен де биік болар ем Дәл осы бір аспандай.

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ОЙПАҢЫ НЕ, ӨРІ НЕ… Туған жердің ойпаңы не, өрі не, Қос қарашық қараған соң құмартып. Жалған айтып күлдіргеннен гөрі де, Шынымды айтып жылатқаным – мың артық. Жез жалтылдап еліктейді алтынға, Саф алтынның салмағы бар дегенге. Мынау жүрек ұрынса сол салқынға, Жез секілді жеңілдейді денең де. Саф алтынға еліктемек жоқ ойым, Қолда барды жез болып-ақ төгейін. Солқ еткізіп соғар күшің болмаса Кімге керек сұңқылдаған көмейің? Кімге керек ауырлығы алтынның, Білмесең сен қандай қолмен өлшеуін. Кімге керек аспандағы алтын күн Жарығы мен жылуы жоқ болса оның!

САҒАН ЫСТЫҚ ЕСТІЛЕДІ ӘУЕЛГІ ҮН… Саған ыстық естіледі әуелгі үн, сезім – тұман, басар ол да мұнартып; Пәтерінен кейде сұлу әйелдің көкше мұздың көшкен орны мың артық. Саған әйел тілер едім жалғаннан, Кейде одан бақыт тапқан жан емен. Кей әйелге ғашық болып жанғаннан, сөнген артық – жазып шығып жаңа өлең!

ҚЫЗ ҚҰЙҒАН ШАЙ Бұдан тәтті не бар дейсіз әлемде, Бұдан ащы не бар дейсіз әлемде, Тәттілігі: сол қызға бір тік қарауға бата алмау, ащылығы: шешесінің болатыны қаталдау. Әкесін де тағдыр тағы жасапты ғой қатты ғып – Қой, қой достым, біле білсең мұның өзі тәттілік. Сәл өкініп ұсынасыз тас-ақты жазып сіз, Жай отырып қысыласыз, жазықсыздан-жазықсыз. Жұтқан шайың тамағыңда тарсылдайтын секілді, бұққан сайын – күнәң ауыр, аршылмайтын секілді. Әжесін де маңдайыңа жылжымас қып жазыпты-ай, ақ тартқаны болмаса бұл, әйел емес қазық қой. Көк дастархан мына жатқан – бейне түпсіз көк теңіз, Көк теңізде маяк құсап төрт көз жанды – сөкпеңіз; екеуі оның – жерде отырған момын қыздың өзі де, екеуі оның – төрде отырған қонағының көзі де! Қызға қарау қызық-ақ қой, ал аңдысу – ауыр жәй, аман кетсек жарар еді біреуіміз ауырмай. Қыз құйған шай – одан ащы не болады, білмедім,

Қыз құйған шай – одан тәтті не болады, білмедім. Ащылығы – тым ертерек әке болып қалғаным, тәттілігі – айлар бойы аялайтын арманым.

(ӘЗІЛ - ШЫН) Махаббат деп атар едім мен нені? Тастамаса сезім байғұс кеудені: махаббат та қиял дер ем, алдымен сол қиялға шомып жатып қалғыр ем. Сұлулыққа ғашық болсаң сен егер, Рас, одан әйел заты сый алған, ақыл сұрап жылдам маған келе гөр бірақ олар сұлу емес қиялдан. Бірін жақсы – бірін жаман деп жүріп, қарағанын көрмей қалсаң телміріп, Ерке мінез, еділ-көңіл бір қыздың – қатемізді кешіреді кім біздің? Сары қызың, қара қызың – бәрібір, тек көңілі аппақ болсың жарығым. Ұнамаса құлағы не бұғағы, басқа бірін іздегің кеп тұрады? Ал, қанеки, ғашық болшы, көр де сен, бір бұжыр қыз табайын мен өлмесем,– жаны қандай! Міні болса дененің, нең кетеді, қиялыңмен өңдесең. Құлағымда сенің әлі тұр үнің: «Неткен ғажап балтырың мен бұрымың!» Шаш ағарар, көңіл қалар, нұр таяр, түбі оны да «байғұс-ай» деп жұрт аяр. Өшер бәрі бейне күлкі, жаңғырық; сен де өтерсің «ақ балтырды» ән қылып. Нағыз сұлу – қиялыңда болса егер, махаббат бар, және де ол – мәңгілік!

КЕЗІМ ЕДІ КӨЗДЕН ТАМШЫ ЖАС ШЫҚҚАН… Кезім еді көзден тамшы жас шыққан, екі бетті теуіп еді шапшып қан; Сонда менің көңіліме аптыққан көрінген ол көйлек киіп ақ бұлттан. Сол ақ бұлтқа талмай қарап келем мен, Безгем және бұлттан өзге теңеуден. Бір ақ бұлттан отыр едім өңгеріп, Бір ақ бұлтты көрдім тағы төбемнен – Сол қос бұлттан бір найзағай ырғып кеп, Салды мені қабырғамнан бір бүктеп. Қос ақ бұлттың іле алмаған біреуін Кәрі шыңдай теңселеді жүрегім...

ДОС ЖЫЛАСА – МЕН ҚАЛАЙША КҮЛЕ АЛАМ... Дос жыласа – мен қалайша күле алам, жылар едім – жылата ма Дос мені, Жуа алмасам Дос жанын мұң-кінәдан бұл тілімді жауым неге кеспеді! Дос қолтығын сүйемесе, қол мына Неге керек – Күншуақпен қосыла, сол баяғы қызыл тіл мен домбыра бір ләззат бере алмаса досыма?! Адалдықпен өлшенсе егер ар құны, Мен – үйренгем бәрін... бәрін зор тұтып. Жақсы досқа жанды қию арқылы өмір сүрем жаман жауды қорқытып! МЫСҚАЛ АСЫЛ ТАБА АЛМАСАҢ КЕЗІНДЕ… Мысқал асыл таба алмасаң кезінде кеудеңдегі кеніңді айтып бұлдама. От болса егер өсекшінің сөзінде бар дүниеден қалар еді күл ғана.

ЕКІ КӨЗ ТҰР – ЕКІ ЖҰЛДЫЗ ЖАНАДЫ... Екі көз тұр – екі жұлдыз жанады, бірін-бірі көріп тұрған жоқ, бірақ. Ақ қағазға екі нүкте тамады, бірін-бірі көріп жатқан жоқ бірақ. Екі нүкте көрер болса бір-бірін қос нүкте емес, сызық болар еді ғой. Екі көзің көрер болса бір-бірін бір басыңды бұзып болар еді ғой.

ЖЕҢІЛ МІНЕЗ ТАСҚА БІТСЕ, ТАС-ДАҒЫ… Жеңіл мінез тасқа бітсе, тас-дағы Безер еді атағынан бұрынғы. Қайтер еді Алатаудың аспаны Менің мынау шөп-басылау жырымды! Бәрі, бәрі ұрар еді маңдайдан, Бәрі, бәрі тұрар еді мелшиіп. Жапырақта болар еді қандай жан, Сыбдырлатып тұрмаса оны жел сүйіп. Бірақ, бірақ... жеңіл күйлер сөнбейді, Жеңіл ойлар туғаны үшін әлемде. Жеңілдікке алғыс айтам мен кейде Біткені үшін кей әдемі әйелге.

ЕКІ АЙНА ТҰР: БІРІ ҚОҢЫР, БІРІ АППАҚ... Екі айна тұр: бірі қоңыр, бірі аппақ, Бір тар жолмен келемін мен өткелі. Екеуі де бір нүктеге тұрақтап, Екеуі де көретіндей тек мені – Бірі менің жеңісімді көреді, Сондықтан да ылғи күліп тұрады ол. Бірі менің кемісімді көреді, Сондықтан да қоңырайып тұрады ол. Ал, мен келем екі айнаға жалтаң боп, Бейне екі қыз бірдей сүйген жас жігіт: Бірі қирап қалатындай талқан боп, Біреуіне қарамасам қас қылып.

ЕКІНШІ ЕСКЕ АЛУ Ол күндері жап-жасыл ем, жас ем мен, Секілді едім Алматының көктемі. Ақылыма алғаш тиген әсерден Жүрек байғұс жарылып-ақ кетпеді. Қуанып па ем сол күні мен? Білмеймін, Өкіндім бе? Есімде жоқ о-дағы. Әйтеуір тек... сол жоғалған күндей бір Әлденелер еске түскен болады. Нені ұмыттым? Ұмыт болдым ба әлде өзім? Неткен бақыт – ұмыта алсаң өзіңді. Енді бүгін... оятады әлдекім Сол күндері оянбаған сезімді: Махаббат бар – бәрі қызық, бәрі бақ, Бәрін, бәрін ойлаймын мен қызарып...

Өңменіңді өкінішпен қарып ап, Үмітімен үрлейді өмір ыза ғып. Көзім кейде гүлден өзге көрмеді, Бір ыстық леп шарпып өтті бетімді... Бұл күндердің маған арнап бергені – Сол күндерден алмағаным секілді...

КҮЛІМДЕУДІҢ ЖОҚ СЕКІЛДІ КЕРЕГІ… Күлімдеудің жоқ секілді керегі, Күлмесе де жып-жылы оның жанары. Жұмыр иық, жуас біткен денені Қақ айырып қара бұрым ағады; қара бұйра толқындары бұралып, бүлк-бүлк етіп ағып жатыр қос бұрым – Алматының аспанындай қуанып сылқылдаған судың үнін естідім. Ақша бұлттай үлпілдейді тамағы, аузын ашса – отырасың ән күтіп. Кеудедегі егіз шыңды, табиғат бір-біріне қойды ма екен аңдытып? О, дариға, жан тыныштық іздеп ем, болмады ақыр... бір керемет жыр құшты ой. Бәрінен де... аты әдемі-ау қыз деген, Қыз болған соң – сұлу болмау қылмыс қой!

ӘЖЕЛЕР Қызық қой қызы бар әже, Қызықпыз ғой біз де тым, Сәл сынасам әжені – оған деген ізетім: Толтырсаң да қыз жәйлі дәптеріңнің жүз бетін, Жүрген жоқсың қыз аулап, Қыдырғаны – қызметің. Сен жымисаң – қорқады ол, Қорқа ма адам күлкіден, Бірақ мықты құмға өскен ши секілді бір түп ол. Әр қимылың әйтеуір береді оған бір күдік,– Жалт қарасаң қау құсап жанатындай дүрлігіп. Әбігер боп ине іздеп – шай алады дорбадан, Іздейді есік кілітін – өмірінде болмаған. Жаулығының ұшымен сүртіп бір сәт кебісін, деп қояды күбірлеп: «бала-шаға не білсін!» Кім біледі онымен не қоярын, не бітіп –

Қызы жәйлі сөйлейді төрт-бес жасты кемітіп. Бойжеткенді сәби деу, ойлап көрші, обал, ә? Онсыз-дағы... ұғады, ұғады ғой о бала. Бұдан кейін... ішінде «бұзық» бұғып тұрады, Аузын жапқан ақ сандық – қызықтырып тұрады. Тегін емес мінезі аза шыбын-жан дейді, Ерін емес бұл өзі – таза шырын-бал дейді... Қамшыңды алсаң сол әже бәрін бір-ақ ұмытып: «Түгеншежан, ағаңды аттандырып сал»– дейді. Қызық-ау бұл әжелер, Қызықпыз ғой біз де осы; Бізден қызық пендені бұл дүниеден іздеші! Қанша іздесең алдыңнан әже шығар жаңадан, Кеткен қыздың соңынан көзін сүртіп қараған.

СОНАУ... СОНАУ ЖОТАЛАРДА ҚАЛДЫ ІЗІМ… Сонау... сонау жоталарда қалды ізім. Жолым менің... арты – қысқа, алды – ұзын, Көзім менің түрлі бояу көрсе де, Көңілім менің ести алар жалғыз үн. Көп жүрген жер – көк езу жол, ақтабан, Бір мақсатқа екі жетіп таптаман. Ойламаймын басамын деп өзге ізді, Тек қана осы... өз ізімнен сақтанам. Қазығымды қағар ма екем олқы ғып, Ойда шыдам, бойда қуат мол тұрып; Көңілім менің толқи-толқи ортайса, Қос жанарым берер ме екен толтырып?! Көктем елі, шаңқай аппақ түс елі, Қызығыңды – екі көзім ішеді. Алатаудың қабағына бұлт қонса, Көленкесі өлеңіме түседі. Айып етпе, айып етпе мені елім, Кей көңілден алыс қонса өлеңім. Көрмеген соң көп көңілдің көлемін, Қайта-қайта сарқыламын, өнемін. Неге керек бір шындықты екі ұғып, Екі айта алман – бір жүрекпен отырып. Өмір – біреу, өлім – біреу, мен – біреу, Екеу болса – біреуі оның өтірік!

АЙ ҚАРАЙДЫ СЫҒАЛАП АЛА БҰЛТТАН… Ай қарайды сығалап ала бұлттан, қос қарайған келеді иықтасып. Қызған ерін қыз демін алады ұрттап, ай қарайды сығалап ала бұлттан. Бала бұлақ мәз болып күліп жатыр,– қос қарайған кетеді біреу болып. Тиіп кетсе қапыда жұмыр балтыр. шөп бастары тұрады үрейленіп. Ай қарайды сығалап – амалы не. Ауыл жым-жырт, тек қана екі шетте екі-ақ үйдің сөнбепті шамы әлі де... ЖҰМЫР МОЙЫН, ТАР МАҢДАЙ… Жұмыр мойын, тар маңдай, Шаш иықта бос қалар. Қос алмасы – армандай, Күдікшілдеу қос жанар. Етегі тар, тізе аппақ, Жүрмес белін буынбай, Сөзі шығар сызаттап Шыңыраудың суындай.

Байқамайды әр адам Шүлжіңдігін тілдегі. Сөйлегеннен гөрі оған Жарасады күлгені. «Күлкі қымбат»– түсінсең, аз күледі ол – сөкпе көп. Бір күлкісі үшін сол көп керек-ау, көп керек. Алыс қой деп той әлі, бұрылып-ақ кетер ең,– үмітті ғып қояды Кеберсіген қос ерін... ЕСКЕ АЛУ Сол бір жанның асылын Сезгем бала шағымда. Жұмсақтығы шашының Әлі алақанымда. Әлі жасап келеді Көзі менің көзімде, Жылылығы – денеде, Сұлулығы – сезімде. Жан қадірін білгелі Кім артты одан тегінде, оның қоңыр үндері – домбырамның шегінде. Домбыра ғой – досым ғой, онсыз менде күй жоқ қой; билейтін ол осылай,– он саусағым, билеп қой.

Әр бір жақсы түн маған Сол бір жаздың, түніндей. Әр әдемі үн маған Сол бір жанның үніндей. Үнді, күйді бүгін мен Ұғынбас ем жөнді-аса, Көңілімнің түбінен Көтерерім болмаса...

ТУҒАН АСПАН. ҚЫЗЫЛ ШАПАҚ – КЕШКІ БҰЛТ… Туған аспан. Қызыл шапақ – кешкі бұлт Қызыл тудың қанатындай десті жұрт. Жалт етсе егер найзағайдың қанжары – Қан майданның үні тұрар естіліп. Жылт еткен от, жылу тартқан әр жанар Ол күнгідей жасауға енді арланар. Бір көлеңке көлбеп түссе кешкі отқа, Өткен күндер қиялыңда жанданар. Тып-тымық боп жатыр сұлап жол әне, Әлде қайда ол шақырғандай болады. Батқан күннен қалған шапақ күп-күрең Сол күндерді есіне әкеп салады. Батыс жақта қызыл бояу, қызыл нұр Кешкі ауаның мұхитында жүзіп жүр. Туған жерді ымырт болып сүзіп жүр Сол күн жәйлі қайғылы жыр, қызық жыр… Көкжиекті орман мүлгіп отырды. Гүр етті бұлт– Жалғыз тамшы секірді. Сол майдынның оғына ұшқан бір батыр Бүгін ғана құлап түскен секілді. Желге мініп таратады ел әнін, Көңілдерге күркіреп кеп толады үн. Кешкі бұлттың көрген сайын салынын –

Ерлік отын жаққандаймын тағы бір, Тағы бір ту көтергендей боламын… МЕНІҢ ЖАУЫМ – ОСЫ ЖЕРДІҢ ҮСТІНДЕ… Менің жауым – осы жердің үстінде, Біткен болса әділетсіз күш кімге Кімнің қолы адамды атса – сол жауым; Менің жауым – осы жердің үстінде. Менің жауым – бар құрлықта, бар елде Жаман ойлы Адам болса әлемде, Жақсылықты танымаса, және де ол Айырмаса адалдықты бәледен, Қанша қырсық келген қолдан сол мықты, Келмесе егер жеңу қатер қорлықты; Кім бағалай білмесе ыза кек күшін – Соның бәрін менің жауым деп түсін!

ОТЫРҒАМ ЖОҚ ҰНАТҚАННАН ЖЫР ЕТІП… Отырғам жоқ ұнатқаннан жыр етіп, – Соғыс деген неткен жайсыз сөз еді! Сол соғыстың жоғалмайтын суреті – Кәрі ананың тілім-тілім өзегі. Соғыс деген жарды жалғыз түнеткен Жетім төсек – жеті қабат Жан мұңы. Соғыс деген сырқыраған сүйек пен Денеңдегі осколканың қалдығы. Соғыс деген самайлардың ағы мен Үзім нанды арман еткен бала ойы. Қалып еді, қалып еді тағы нең, Айтпағанда тізелердің жамауын? Ей, қаламдар! – Оқымасын жат хабар, – Жазбаңдаршы соғыс деген сөзді осы. Сүртіңдерші аппақ, адал мақталар Сол соғыстың жеңісінен өзгесін!

БІЗ ДЕ БІРАЗ КҮН ӨТКІЗДІК, КӨКТЕДІК… Біз де біраз күн өткіздік, көктедік, Шахта, вокзал, театрда, түрмеде. Соның бәрін жалғыз жүрек өткеріп, Соның бәрін көтеріпті бір дене! Бар қайғыны жуып кетті бір бақыт, Бар шаттықты жуа ала ма бір қайғы? Сол бір күндер алсам нені ұрлатып, Бұл күн соған іздеу салмай тұрмайды. Мен – іздеймін сол күндердің төзімін, Бейнеті мен қасіретін емес тек. Кім қуанса, соның үні – өз үнім, Кім қайғырса – соғыс кетер елестеп… МОМЫН ДАЛА… Момын дала! Әр көңілдің түбінен Тебіреніп туатұғын ел әні; Сол тереңге әлі де мен үңілем, Сол көмейден ән күтемін мен әлі.

Құмы, суы, жыңғылдары... кешкі жел – Бәрі, бәрі жаралды ма ән үшін. Кездерімде қарға даусын естіген, Келер менің бұлбұл күнгі намысым. Бір кезде есті әрі көңіл, әрі бой, Сендегі бар – бар бола ма басқаға. Тары деген – тауық үшін тары ғой, Бұлбұл үшін – бір қиыршық тас қана...

БАСҚАН ІЗ БЕН ЖАНАРДАН ЖАРЫҚ СӘУЛЕ БАСТАЛАР… Басқан із бен жанардан жарық сәуле басталар, Кейде көзге, кейде ізге бітеді екен от деген – Көздің оты сөнеді, жұмылса егер қос жанар, Ізге біткен от бейне дән секілді көктеген. Жеңіл әйел көзіне біткен ұшқын – көп күлген, Тұтанар тек еркекті кезіктірген сәттерде. Бейне қағаз шоғындай жылыта алмас ешкімді ол, Өлі түскен сөздердей немесе осы дәптерге. Мынау дүние аз тыңдап, қанбапты ғой сырға әлі, Бір мұхитта жүзіп ем – жұлдыз алдым, сүзіп ем. Жұлдыз теред тіршілік, жұлдыз теріп жүр бәрі Жалғыз ғана Маркстің жүріп өткен ізінен.

ҚАЙЫҚШЫНЫҢ АҚЫЛЫ Ес, ес балам, қайығыңды есе біл,– Жерің алыс, желің қарсы, толқын сұр.

Қайық – қыңыр, есе білсең – есегің, ес, ес балам, қайығынды есе біл. Ықтай көрме – сол тілек, Тағы ойлама өз күшіңді олқы деп. Балам менің құдіретін көрсетсін,– Соқ соқ дауыл, толқы дария, толқы көк. Тағдыр деген бүйіріне өш қайықтың, Соғар жерін білер болар жел-дағы. Саған артқан үмітке атаң байып тұр, Өзге дүние қонбай жатыр қолға әлі. Қайықшыға мін тағушы көп болар, Мінің болса, өзің түзе жоқта олар. Қош, қош балам, қалам енді мен алыс, Сенің үшін – мен бір қара нүктемін. Бір-ақ бағыт ұстау керек – тек желге, Сәл бұрылсаң – біткенің. Қарсы жүрсең – қайсарлыққа үйренер Қамсыз ойың, қасиетті маңдайың. Өлгеніңше өзіңді-өзің сүйреп өл, ал, әйтпесе мен ақылшы болмаймын!

МЕКЕНІМЕ

Ей, мекенім, көркейе бер, өсе бер – Көгер жапырақ, теңсел теңіз, көкте гүл; Қайтесің сен қартайғанын шешелер, аталардың дүниеден өткенін?! Неғыласың: құлай берсін кәрі емен, саған одан шыбық артық ендігі. Ол да қурар, тағы да өсер, және өлер, тағы да ұшар сары жапырақ жел күні. Мен әлі де тірі келем – болғаны, жата бер сен, сол тірлікке жылын да. Мен не ойладым – шаруаң қанша ондағы, саған оның бәрі бір ғой шынында.

АЛЫСТАҒЫ АУЫЛДА

Жұлқынып шығып мұржадан барады маңып, паң қарап Жап-жасыл түтін; Қонды ол табанын сайдың таңдап ап. Бүгін бір қонақ келер деп қабаққа анау ең биік Ұмтылып шығып бір жаман атымен тұр ғой шал қарап.

Қажыдың, достым, білемін сенің атың сүріншек, Табармыз тағы бір емін, сіріңке міне – шылым шек. Құрт жайған сөре бұж-бұж боп, қоңырайып кепкен ет мынау – Уһ, дариға, күн барда бір қараға жеттік-ау! Сарыжағал серке мүйізін сұрақ белгідей тұрды иіп, Қос тентек лақ бір-бірін ала алмай жатыр тырбиып. Қарала бұзау бас жібін шұбата қашып айнала, Қарала бұқа шыңғыртып қара күшікті жүр қуып. Мейлің ұял досыңнан, мейлің күйіп-піс мейлі – Көк-шулан төбет ырсаңдап ат құйрығын тістейді. Көрпесін қағып шешелер, Әкетіп барад үйге қыз, Күшіңіз болса «тағдыр-ау», бізді де солай сүйреңіз. Келдік қой, достым, ауылға, Атыңның басын ірке бер; Анекдот түгел таусылды, Тек шылым қалды бір шегер. Көк түтін көлбеп барады жұлқынып шығып мұржадан, Көреді күнін төрге тек ұмтылып шығып мұнда адам – Қысылма, достым, бұра бер, қай үйге түсе қалсаң да Атыңды сенің байлайтын бар шығар інің бір жаман?!

МАҚТАЛЫ АЛҚАПТА Шалықтап еседі бір самал тұрып, Қойнауға тығылады шаң алқынып. Жалаңаш балтырлардан «кәріқыз» бүрсе, Көк сүйрік құм астынан табан тіліп. Бұл елдің жілігі де илігеді, Бұл жердің шілігі де би біледі. Аяқты аттап қалсаң, майлы топырақ Бұрқ етіп тобығыңа үйріледі. Қоңыр шаң, барлық маңай қоңыр тұман, Шаң емес қоңыр, мүмкін, көңіл шығар? Әйтеуір мұржалардан қашты түтін Исін ап бауырсақтың қоңырсыған. Бұл жерге еңкеймеуің – айып тіптен, Ақ мақта – алақаның жайып күткен. Жүйектер кетіп жатыр батып-батып Жіп құсап қалың күпіні қайып тіккен. Болса ғой шіркін бір топ емен, терек, – Тамсандық суық су мен көлеңке деп. Қыздардың плащын ап «күрке» тіктік, Суырып ақысына өлең төлеп. Жел сонда етектерді бітті түріп, – Тақасын отырды қыз тық-тық ұрып. Таңдайға тұрып қалған тілді қозғап, Қояды біреу әппақ сүт түкіріп.

Мақта әппақ – қауашағын ашыпты үміт, Ақтықты адалдыққа ғашық қылып Кетесің өлке жәйлі ұзын ойға, Қып-қысқа көлеңкеңді басып тұрып... Сұп-сұр боп шыға келер қара жейде, Шаң өзі қашып кіріп жаға-жеңге. Төзімін тістеп тартсаң жыртылмайтын Май сіңген кенеп сын-ды дала кейде. Аймалап аптап ыстық-ерке құшақ, Ойнаса шаң мен құйын жер тегіс-ақ. Тесіліп шұр-шұрқ болып алқап жатты Мақтасы шыққан көне көрпе құсап...

АҚ НӘРСЕНІ БІЛЕЙІКШІ ҚАСТЕРЛЕЙ … Ақ нәрсені білейікші қастерлей – Сенем аққа, қалай сенсе арға адам; Әйел жаны жазылмаған дәптердей. Жазу үшін дайын тұрар әр қалам. Абайла, тіл, алма сөзді бүлдіріп, Ақ нәрселер тез кірлесе – несі айып? Біз әйелді білмесек те күлдіріп, ептеп-ептеп ұнайтын жыр жасайық. Мықты болсаң ақ нәрсені қорғап көр! Оған үйір кір мен бояу не түрлі. Біреу үшін – шимайланған сол дәптер, Біреу үшін – басталмаған секілді. Ақ параққа талай сөздер жазылар – «Махаббат» деп, «қасірет» деп, «күлкі» деп. Ал кейде бір жазылатын шағы бар: «Бәрінің де көшіп кеткен жұрты» деп.

ӘЙЕЛ… Әйел! Әйел!– қай тілде де әдемі, әйел деген сөздің өзі – сүйікті ән. Құмарлық пен махаббаттың әлемі жаралған ба ақ тамақ пен иықтан! Қаймақ-ерін сәл ашылса күлгелі, күлмес бұрын көңіліңе келеді үн. Сонда оның жеңіл алған бір демі сатып алар жүз ақынның өлеңін!

ӘЙЕЛ ДЕГЕН – БІР ДРАМА КҮРДЕЛІ… Әйел деген – бір драма күрделі, Дүние емес драма деп жүргені! Салыстырсаң мінезімен әйелдің Жай нәрсе боп көрінеді әлем бұл. Бірде күлкі, бірде қайғы, бірде наз – Дәл осыны шын бағалап жүрген аз. Сан сахна, сан шымылдық... сан қилы Кейіпкер бар, әне, бірі жан қиды, Сол әйелдің күлкісі үшін тірі өлді – Тым беріліп ойнап еді рольді! Бір жымиып, күрсінсеңіз бір тұрып Драмаңыз сала берер құлпырып! Ұлы тартыс, шым-шытырық сезімдер,– маған, маған тағы біраз төзім бер; Айып етпе! Әйелдердің көзінде Бір рольді ойнап келем өзім де. АҒА ЖЫРЫ Қартаяр ем мен осы, ойланбаған аз айым. Кітабымды келесі Қарттық жәйлі жазайын.

Кәрілік бар, ызғар бар, Жоқ уақыт «алжуға». Бір қарасақ қыздарға Жасарамыз он жылға. Жасырғанмен құлаққа Шашқа қырау қонады. Аяғымыз бірақ та Үшеу болған жоқ әлі. Қайда қарттық! Өзі біз Жаспыз десек болады. Біздің екі көзіміз Төртеу болған жоқ әлі. Қарындастар кемеңгер, Өздеріңсің өрен жыр. Бізді кәрі демеңдер – Жеңгелерің ренжір. Біздің әр із – есепте,– Тұлпар ма бұл, есек пе? Қартаяйық десек те Құтылмадық өсектен... Қарындас-ай, қыздар-ай, Көңілімізді бұзған-ай, Сізден көңіл мұздамай Қартаярмыз біз қалай!

МЕН – ӨЗІМНЕН ӨЗГЕЛЕРДІҢ БАРЛЫҒЫН…

Мен – өзімнен өзгелердің барлығын Құдай тұтам – құлшылығым жоқ бірақ. Мен сыйлаймын жаманның да барлығын, Жақсыларсыз – тіршілігім жоқ бірақ. Мен – сыйлайтын ағаның Кебісін де аяғыма ілмес ем, Бірақ ондай аға қайдан табамын, Өзім өмір іні бола білмесем. Мен сыйлаймын иттің иттік кезін де, бірақ одан қорықпаймын – қимаймын. Мен сыйлаймын жағымпаздың өзін де, бірақ оны... қорыққаннан сыйлаймын. КӨҢІЛІМНЕН КЕТПЕДІҢ… Көңілімнен кетпедің, сенің көңілің мендей ме. Өкпелегіш деп мені, өкпеледің сен кейде. Солай... білсең түсіне, пәлен екен деме енді. Ренжітпейтін кісілер ренжігіш келеді.

ТАБИҒАТТАН БОЛАДЫ ОЛ… Табиғаттан болады ол; табиғат қой, тегінде, болатұғын ала қол ақыл-ойды бөлуде. Мына адам ба? міні көп, солай де де – жүре бер. Күшің жоқ-ау құдірет, жонып-жонып жіберер. Болмайды оған, сен еппен – нені болсын қолыңнан өзің жасау керек қой, жөндеу үшін соңынан. Мына біреу бас мүлде ағаш ожау есебі; бұл басқа да жас күнде ми тұрыпты деседі. Ал, жас жігіт жүр бірде шашып-төгіп, қарпынып: кімге қосарын білмей ақылының артығын. Біреу, әне, тірі өлді, көлеңке ойға ұялап: қараулығы біреудің қайрымдыға қиянат. Неғыласың, көздеме шағынуды еңіреп, өнерде ел өзгеден кем көреді мені деп.

Қолдан келмес құрысын дау шығарма, барын ал, шағын болса ыдысың – аз құяды, налыма. КІСІ БОЛСА КӨТЕРІЛЕР… Кісі болса көтерілер, биік деген жетеді: альпинисте екі өмір бар, екеуі де өтеді. Біріншісі: шыңды барып, құшу үшін кетеді. Екіншісі: мың бұралып, түсу үшін кетеді. Әзіл сөзді көтеріңдер, айтсақ егер түйілмей: кей әкімде екі өмір бар, екеуі де қиын ғой. Біріншісі: жаңа орынға бару үшін кетеді. Екіншісі: сол орында қалу үшін кетеді. ДАҢҚТА ДӘМ БАР ДЕЙДІ… Даңқта дәм бар дейді, өзінше әркім гулейді. Аз татқандар: бал дейді, көп татқандар: у дейді.

БІТТІ, БІТТІ БІРАЗ БЕДЕЛ ТҮСІРІП… Бітті, бітті біраз бедел түсіріп, түйсіксіздік – жанның арам ісігі, ол да кейде алаңқы боп, қинайды біреу тым «кем», біреу «артық» түсініп. Тауық сын-ды бір үйретсе қыт-қытқа қалмайды екен, алдайды екен жұрт мықтап: жыр жазып ем – бір танысым ұялтты «Статьяңды оқыдық» – деп, «құттықтап». Өнерге үлкен талап бар ғой, асылы барлық талап – талап емес, осыны ұқ. Құрекеңнің «Кішкентайын» шертсең сен, жігіттер бар: «Жібер, – дейтін, – қосылып». Рас, жан көп алатұғын ұғына, ой тоқтатар әр теңеудің ығына. Ал, кейбіреу қарайды екен алдымен мұқабаңның қатты-жұмсақтығына. Бұлай айту ащылау ма?

Сен өйтіп аз нәрсені жазба дейсің кеңейтіп. Сені кей жан бұлдар, бірақ, біліп қой, кітап құнын тиражына көбейтіп. Қанша байтақ болғанымен, тапшы әлем Өлшегенге мұқабамен, ақшамен. Салмағың, шын, қатырмамен өлшенді, сатылмайтын өнер жасай бастап ең .. Жүрсің, әйтеу, айналайын түсінік, біреуді ит қып, біреулерді кісі ғып... БҰРАУ КЕРЕК, ҚЫЛБҰРАУ, СЫНАУ КЕРЕК ШЫҢҒЫРСА… ...Бұрау керек, қылбұрау, сынау керек шыңғырса, ауырмайтын жандарға тұмау керек тым құрса. Керек, керек ағайын, бәрі керек дер едім, ауыртуға кей басты дәрі керек дер едім.

БІЗДЕ ҮШ ТҮРЛІ ПІКІР БАР… Бізде үш түрлі пікір бар, үш түрі бар – шүкір де, бірі: өзіңе айтылар – жырыңды тез бітір, бер; екіншісі: сен жәйлі айтылады басқаға, ал, үшінші: ешкімге айтылмайтын пікірлер. ШЫНДЫҚ Дым өтпес ұлтанындай етікшінің, қояр ек сені, мықтап кесіп, тігіп, – күштінің шынтағындай көне киген сыймадың әр жерден бір тесіп шығып. Анда бардың – мінезің іш пысатын, мында келдің – күн езіп, түсті шашың. Қалтаға да сыймадың, қынсыз пышақ, немесе, секілденіп, ішкіш ақын. Сонда да саған түгел жаққымыз кеп, көңілшектің көзі еріп – қатты мұз боп. Ұнау үшін өзіңе жан ұшырдық, атамызға жүргендей ақтық іздеп.

Есепке де, өсекке ала қашпа от сыймадың, дау мен жанжал аралас боп. Иініңе түк ілмей осыншадан әлі күнге келесің жалаңаш боп. 1967, 1982 ӘЗІЛ СӨЗГЕ БЕЙЛІ ҒЫП АУДАРАДЫ БӨСКЕНДЕ … Әзіл сөзге бейлі ғып аударады бөскенде – қазір төбе дейді жұрт, тау болады өскенде. Табиғаттың осы бір мінезінен үмітті, төбешік боп кішкене топ-топ етіп жігіт жүр. Қазір жаңа – бір кезде көне болған шығар-ау, қазіргі тау бір кезде төбе болған шығар-ау. Бірақ қарлы шыңдарды қалтыратқан талай бір, «төбелігі» Пушкиннің, «төбе күні» Абайдың.

МҰНАРЛАНСАҢ ШЫҢ ДЕЙДІ – ЕЛЕҢДЕЙДІ НЕ БІЛІП… Мұнарлансаң шың дейді – елеңдейді не біліп, құмарлансаң білмейді – терең дейді сені жұрт. Теңізде емес, – кемерде ақтара алмай жатқан жыр, содан шығар өнерде мақтана алмай жатқаның. Сені ұнатқан түсінер – терең деген бүгінгі, көріп жатқан кісі жоқ іздеп келіп түбіңді. Тереңмін дер едің-ау – судан ұят-ау жалған, биікпін дер едің-ау – ұят екен таулардан. 1967, 1982 БӘРІН АЙЫРСАҢ БОЛАДЫ… Бәрін айырсаң болады, тек қана қайғы менен ақындарға тоқтама. Ол екеуін ажырату, есебі су мен сүтті айырудай деседі. Бірақ су да «күнелтеді» су болып, бірақ сүт те «күнелтеді» сүт болып;

ал, қайғысыз ақын – белсенді емес пе, ақыны жоқ қайғы да бір өлексе. ЕМЕС-АУ БҰЛ ЖӘЙ ТОЛҒАС, ЖӘЙ ЫРҒАЛЫС… Емес-ау бұл жәй толғас, жәй ырғалыс: сүю үшін туғандар тұйық халық, күйгенде де – күйеді сүйіп барып. Шыңға қонған бұлт сын-ды тиіп қалып, зор жүрекке қайғы да қайырлағыш.

БҰЛТТАР ҚАМАП, ШЫҢДАР ӘРЕҢ ШЫДАП ТҰР… Бұлттар қамап, шыңдар әрең шыдап тұр, неменеге мәз боп күлді бірақ бұл? Жапырақтар жұлынып тұр, құлап тұр, неменеге мәз боп күлді бірақ бұл? Күз аспаны сындырып тұр, сыбап тұр, - Неменеге мәз боп күлді бірақ бұл? Жас бұталар ебіл-себіл жылап тұр, Онда-дағы күлді мәз боп бірақ бұл?! Қарс айрылсын қара шыңдар қақырап бір, жылағаны былай тұрсын жапырақтың – мен түгілі, табиғаттың өзі де ойланта алмайды екен-ау, шын ақымақты. ОЙЫҢ ҮШІН СОТ БАР МА, ЖАЗА БАР МА… Ойың үшін сот бар ма, жаза бар ма, жаза болса – дәл мені жазалаңдар: «өршіл үнін өмірдің» ұқпағандай, өлең жаздым қайғыға, қазаға арнап.

Неге? Неге дейсіз бе? Неге деген сұрақ қойсам ернімде кебеді өлең. Құй сен, сенбе өзің біл, осы сұрақ Мені мынау столға шегелеген. Кез келгенге оп-оңай неге дейсіз, неге десем мен егер – елемейсіз. Көлеңкесіз бола ма, айтшы, Шуақ, жан қайғысыз жана ма, өлең – ойсыз. Неге? Неге? – Апыр-ай қиын бұйым, көп «негені» жинады миым биыл. Сұрақ деген неғұрлым-қойылса оңай, жауабының солғұрлым қиындығы. Қиындыққа сот бар ма, жаза бар ма, жаза болса – дәл мені жазалаңдар... ДОСҚА ДЕГЕН СЕНІМНЕН АЙРЫЛМАҒАН… Досқа деген сенімнен айрылмаған, қасиетін жоймаған қайғыңда да, сараң берген тиындай сирек-сирек, сен ұқсайсың дәл маған, қайрымды адам.

Көкейіңде көкшіл ой қатып мұздап, берген сертін жар құшып жатып бұзған, сеніспеген махаббат... сен де ұқсайсың сүйген жаны сырт берген, бақытсыз жан. Жүргендерге кінә көп қалам ұстап – бұл жолдарды оқушым жарады ұқса. Ауру адам көрсем мен ауырамын, үйткені ол тұрады маған ұқсап. Өсірдік пе екеуміз мәпелесіп ақымақтық атаулының ата-енесін? Сен де маған ұқсайсың егізімдей, ғұмыр бойы жүрген жан қателесіп. Сен де маған ұқсайсың – мақтана алам, сен де маған ұқсайсың – мақтана алам. Салқындығың жағынан сен де ұқсайсың, тыным алып... табытта жатқан адам.

Бәрің маған ұқсайсың. ұста, байла, жақсы ойларды басымнан шықсам айдап. Көңілдерің, қаупім тек, қалар деген өзім түбі сендерге ұқсамай қап. 1967, 1982 ДӘЛЕЛ КЕРЕК ҒЫЛЫМҒА – КІМ ЖАСЫРДЫ… Дәлел керек ғылымға – кім жасырды, қойны-қоншын архивтың сырлас үңгіп. Тым болмаса алдайтын бір ғасырды, шындық керек ғылымға – бұл да шындық. Ал, ғылым шындық үшін керек екен; дәл осыған оқушым не дер екен: тірінің сену үшін тірлігіне, тіріні кейде өлтіріп көреді екен.

1967, 1982 ӨСЕК ДЕСЕ – БӘРІ ДЕ БЕТТЕМЕДІ… Өсек десе – бәрі де беттемеді, өсек десе – бәрі де жек көреді. Түсіп қалса өсектен көреді әкім, өсектен көрді есепші – жетпегенін. Сыналса ақын – өсекті тергейді екен, кір алса атын – өсек деп терлейді екен. Сол өсекті айтпайтын кісі ғана ештеңені өсектен көрмейді екен.

1967, 1982 САЛАҚТЫҚ БАР САҚТЫҚТАН ДА КҮШТІРЕК… Салақтық бар сақтықтан да күштірек: бір салақтың қалтасынан түсті ме, тері-шилан жолда жатты, қыдырған үш жас жігіт келе қалды үстіне. Бірі көріп – өз көзіне тұр нанбай, екіншісі – тас төбеден ұрғандай. Үшіншісі шошып кейін шегінді, шыңыраудың жиегінде тұрғандай. Тапқан ақша шығар-ау бұл қасықтап, әлде, мүмкін... қой, қой оған асықпа, «Сен ал!» – деді. Мүмкін бұ да күш еді? «Сен ал! – деді екіншісі – ішелік» – «Сен ал!» деді үшіншісі қайқайып, «Сен ал!», «Сен ал!», «Сен ал!» – деді үшеуі. Бірақ ешкім бас салмады демігіп, кетті бәрі, кетті кейін шегініп. Үрейленді алдарында ақша емес, жатқан сын-ды әлдекімнің өлігі. Бәлкім олар сескенді ме мынадан: көрді ме деп төртінші боп бір адам. Сондықтан да көше оңаша болмады?

Жо-жоқ, үйтіп бата алмаспын «күнәға». Тапсырса ғой милицияға: бір ұнап қалар еді, жасамады мұны да; бұрылды да кетті үшеуі. Қалды өсіп ақша толы әмианның құны да... Тыңда, жолдас!. Сол үшеуі қаймыққан жолдағыны жан емес қой пайда ұққан. Аштығынан емес шығар – қызықса, ақша жатса – болмас мүмкін байлықтан?! 1967, 1982 СЕН АҢҚАУ ЕҢ АҚ ҰЛПА БҰЛТ СЫҚЫЛДЫ… Сен аңқау ең ақ ұлпа бұлт сықылды, мен қатал ем қатпарлы шың сықылды. Сен жақсы едің – бірден сенен бастадым, мені мақтап жазылған сөз сықылды. Мазасыз ең мықты сұрақ сықылды, жазасыз ем – керең құлақ сықылды. Сен қызық ең – бірден сенен бастадым, газеттің ең соңғы беті сықылды.

НЕГЕ ЕСІМЕ ТҮСТІ ЕКЕН ЕСКІ ЖЫРЫМ… Неге есіме түсті екен ескі жырым, неге аңсадым ескі-ескі досты бүгін. Кідірте тұр асыңның түсіруін, достар келіп қалатын кешқұрым. Суытты ма лақабы көптің бөтен, лақапшы еді бірінің келіншегі. Жақсы жырымды оқыса – келуші еді, келмегені – жаза алмай кеттім бе екен? Кешікті ғой, дос қайда, таныс қайда жақын едім – сол үшін алыстай ма. Кешегідей тағы да жалғызбын мен, «Кетік» қайда, япыр-ау, Әбіш қайда? Кідірте тұр асыңды, өліп-талып түңілейік, түңілсек сеніп барып. Асықтың деп жатуға дау сап жүрер әлде болса біреуі келіп қалып...

1967, 1982 БІР СҮЙІНІШ СЕЗІНГЕНШЕ… Бір сүйініш сезінгенше, сол әлі жүрек байғұс арып-ашып болады. Анда-санда бір соғатын қуаныш, анда-санда бір келетін қонағым, келер болсаң – сүйінте кір, кір демеп, мен де сені мақтап талай кірген ем; келерде тек достарыммен бірге кел, кетерде тек қастарыммен бірге кет. 1967, 1982 ТЫҢДАП ЕДІҢ КҮЙІМДІ СҮЙІП, ТҮЛЕП… Тыңдап едің күйімді сүйіп, түлеп, бірте-бірте мен содан биіктедім; Түрім гипс секілді ед, сенің үшін алтын болып шықты ғой менің ішім. Сұлу емес едім мен – болып кеттім, батыр емес едім мен – жеңіп кеттім. Тыңдай-тыңдай күйімді жаныма ендің, көре-көре жүзімді көніп кеттің.

1967, 1982 ӘЙЕЛ Үбектейді, үй-іші – көлденең шөп жатпайды. Столыңды жиысып, кітабыңды қаттайды. Келгеніңде даладан бәйек болып, біртүрлі көрінесің сен оған жүдеп қайтқан сықылды. Бір жымиып ішіңнен, құс жастықты бауырға ап, Қырып қайтқан кісідей шіренесің ауырлап Ылғи солғын боп түрің көрінеді, күтіп кеп бәтіңкеңді кептіріп, балағыңды үтіктеп, жүргені ылғи тегістеп, бір кіріптар пендедей: Сен ішкенді – ол ішпей, сен жегенді – ол жемей. Әйел сондай. Кемдікүн шашын сипап, асын жеп, жүргендейсің сен бүкіл жақсыларға “масыл” боп. 1967, 1982 ПАРАДОКС Күй мейлің: жақсы әйелді – еркегі, жүйрік атты – тізгіні, жақсы авторды – жазғаны билейді.

Күл мейлің; жаман еркекті – әйелі, жаман атты – тізгіні, жаман жырды – авторы сүйрейді. ҮМІТІ КӨП КҮНДЕР ЖАҚСЫ… Үміті көп күндер жақсы, ұйқың қап, жанып тұрып ән айтасың, күй тыңдап. жан желігің елге сыймай, үй тұрмақ, Жар белінен құшақтайсың «сиқырлап». Өкінішті түндер жаман, ұйқыңды ап бітер бәрі – жанды ерітер күй тұрмақ. Ән орнында – жөтел қалып қиқылдап, жар орнында – төсек қалып шиқылдақ. 1967, 1982 СҮЮ ҮШІН ЖҮР ҒОЙ ЖҰРТ КЕҢЕС СҰРАП… Сүю үшін жүр ғой жұрт кеңес сұрап, сүйетін жан былай сүй демес бірақ. Саған ұқсас қыз көрсем – айрылғым жоқ, бұл, әрине, мықтылық емес, шырақ.

Жанарыңды қоя тұр дөңгелетпей, көздің жасы тұр қазір емге жетпей, саған ұқсас қыздарға – осалдаумын, (мықты болғым кеп жүрген мен де жоқ қой). Бәрі – сүю, құдайым оңдасын тек, жанса – жансын жүректер, тоңбасын тек. Саған ұқсас қыздардың сүйем бәрін, маған ұқсас жігіттер болмасын тек. 1967, 1982 ЖІГІТ КЕТТІ ЖАРАЛЫ… ...Жігіт кетті жаралы – кінә арттыңдар несіне: әр қызға бір қадалып қарайтыны несі деп. Семья тозды ішінен жүр ол да өзін табалап.. көйлегі тозған кісілер матадан көзін ала ма.

БҰЗЫЛМАСЫН ҰЯ БІР… Бұзылмасын ұя бір, туған ауыл, от басы; сол от басын қиял ғып біттің әбден, тоқташы. Ұя жақсы, тек онда балапан боп сыясың. Шықпас еді қырандар қия алмаса ұясын. ІЗІ – АППАҚ ТАСПАДАЙ… Ізі – аппақ таспадай, Ракеталар жүгіріп Шыққан кезде, аспанға ілініп қалар гүрілі. Одан гөрі... бір түрлі мына аспанға сиқырлы, жарасатын сықылды қарашаның қиқуы. ЖАН КЕШПЕГЕН КӨЛ СҰЛУ… Жан кешпеген көл сұлу, жан баспаған қыр сұлу, қайыршыға – бәлсіну, қайраттыға – күрсіну; қатыбасқа – нәресте, қайрымдыға – арамза; ашылған соң – бәрі ескі, ашылған соң – бәрі арзан. 1967, 1982 КӨТЕРМЕЙДІ КӨЛКУДІ, КӨБЕҢСУДІ… (Абай ескерткішіне)

Көтермейді көлкуді, көбеңсуді, қайратты ойдан өрілген өлең сырлы; қатал заманнан шыққан қайрымды жан, қара тасқа көктеген емен сын-ды. Дара туған тұлғалар, ең кемінде қалады екен ешкімге теңгерілмей. Осал ортадан шыққан мықты кісі, мықынсыздың буынған белбеуіндей. Қазналы жан алтынын төккен күлге, күл боп жанып кетіпті көппен бірге. Қараңғы елде жарқырап туған өлең, қара түнде маздаған отпен бірдей. Емен-дағы құласа – бетеге екен, дара туған тұлғаң да өтеді екен. Тек қана қараңғыда жанған оттың, жарығы тым алысқа жетеді екен.

1967, 1982 ЖАҚСЫ ДЕСЕ – ЖЫЛЫНЫП ЖҮРЕК ЖІБІП… Жақсы десе – жылынып жүрек жібіп, жаман десе – жұлынып бірер жігіт, мінімізді өзіміз мойындаған өзге біреу көрсетсе – ренжідік. Ақтарыла қап кейде қақырап кеп, сындық кейде шөлмектей шатынап кеп. Ақымақтық жасаппыз алпыс түрлі, көрінбейік дегенде ақымақ боп. Бәрі жора бұлданбақ, ісінбекке, айқай салдық бізді жөн түсін деп те. Адалдықтан тайқыппыз кейде өзіміз, арам болып көрінбеу үшін көпке. Жігіт атын тұтқанмен көрпе қылып, асы біткен аяқтай төңкеріліп, қызартыпты бет-жүзді бояудай ғып, нені мықтап жасырсақ – сол көрініп.

Жақсылығың не керек бір жанбасаң, жамандығың не керек бір жанбасаң, жамандығың үшін бір жасымасаң, жақсылығың үшін бір бұлданбасаң?! 1967, 1982 БІР СЫР АЙТАЙЫН БА, АҚЫН… Бір сыр айтайын ба, ақын, рас, саған ауыр бұл: қол создырған қымбатың қолыңда қас жауыңның. Басың бақыр тиын бір, рас, саған бұл да ауыр: босқа... босқа сиындың – алдап кетті «құдайың». Шын сыр айтайын ба, ақын, жіберші енді бүріп бір: ала алмаған қымбатың алақаныңда жүріпті. Басың алтын, ал, жаса, «алтын» ойлар жанбақшы. «Құдай» сені алдаса, сен «құдайды» алдапсың.

1967, 1982 БАР НӘРСЕНІҢ ДӘЛ БҮГІН – БОЛҒАНЫ ҒОЙ КЕШЕ ДЕ… Бар нәрсенің дәл бүгін – болғаны ғой кеше де, Мезгіл кесе шайқалса – толғаны ғой деседі. Бүгінгіні өшірмеу үшін жан сап – несі мін – ертеңгіден сұрасақ жалбарына кешірім. Қасы азайып өлгеннің, шығады екен досы үдеп, бас изейміз көндігіп, өмір деген осы деп. Кеткендердің өлік боп – бәрі дана десіп ек, кектегенің желік пе – естелік жаз есінеп. Шын таланттан Бақ пен Даңқ соң жүрсе егер уақыт қой. Бақ не керек талантқа – талант өзі бақыт қой? Іренжісең, ағайын, бір жиында ұрсып кет – жүр-ау біраз досыма сондай бақыт – қырсық боп. Жанып ұшпай тістен сөз жүдеп өлер, ішімде ой, осыған да кейбіреу жүре ме деп түсінбей; Бір кісінің ғұмыры дегеніміз: шынында Кеше менен Ертеңін арасындағы ұғым да. Бүгін жазған жырыңды өшірерде, бейлі ғып кешегіңді мақтайды – «кешіреді» кей жігіт. Көрер күнің көрші енді деседі де өшіріп, өлетінің ертеңгі – кешегіңе кешірім. Түбінде еркең ер жетер – береріңді шамалы бүгін берсең нең кетер – ертең өзі де алады.

1967, 1982 ҰЙЫС-ҰЙЫС БҰЛТ ШАШЫ – ТАРАМАУДАН БОЛДЫ МА… Ұйыс-ұйыс бұлт шашы – тарамаудан болды ма, қуыс-қуыс тастары – қарау ойлар болды ма, қойнаулары түнек бір – қиянаты секілді, көрсетуге жүректі – ұялатын секілді. Еті өлген-ау биікке – бауыры тас, басы өлік, еңкеймеуі шыңдардың өскендіктің әсері. Қата-қата тас болып көніп кеткен секілді, өсе-өсе, ақыры, өліп кеткен секілді… 1967, 1982 АЛАТАУЫҢ – АБАЙ ЖАЗҒАН ӨЛЕҢДЕЙ… Алатауың – Абай жазған өлеңдей, жаратылған мықты болып «өлердей». Қатып қапты тағдырына мас болып, «құдайына» не жалынбай, не көнбей.

Ал, төбелер? Төбелер ғой – дау қанша, көгерер ғой қазан қары жауғанша. Төбе шығар асқар Алатауды сол қазақшадан орысшаға аударса. ТАБИҒАТ Қасиет бір, қадір бір, – баста қырау, сақалда ақ: шыңдар отыр сабырлы, жөнелердей мақалдап. Қарттық пен тау ашына, кінә да жоқ тағар түк; не шықса да басына жібереді ағартып. Ал, шыршалар түу сайдан тауға өрмелеп, асылып, бара жатқанға ұсайды қартаюға асығып. ТАҒДЫРДЫҢ ДА ҚҰДАЙДЫҢ… Тағдырдың да құдайдың тек сен үшін шығарған сол «қаулысы»: балаң – ерке, күйеуің – жалқау кісі. Бірін сыйлап, біріне төзуменен біраз жерге кеп қапсың, байқаймысың.

Менің қамым – әйтеуір балаң қамы; мен де қамыңды іздеп ем – таба алмадым: Қара қасың мақтадым – сыланғаның, қара шашың мақтадым – таранғаның таздың таранғанындай – неге күлдің? Бар құрметім: өзіңе сене білдім. Экраның – бір менің қас-қабағым, театрың – күлкісі бөбегіңнің. Басқа қыздар бұрымын түтеді кеп, модалардың кезегін күтеді кеп. Ал, сен жүрсің ас үй боп – «шаштаразың», ательең – азық-түлік дүкені боп. Кимедің сен дүкеннің тар етегін, білмедің сен, білмеген – кәрі етеді. Соның үшін ырзамын: білмедің сен менен басқа мықты ақын бар екенін.

1967, 1982 КҮН БАТТЫ, КӨТЕРІЛДІ ТҮТІН ҚЫҢЫР… Күн батты, көтерілді түтін қыңыр; қайда әлгі жапырақтың бүтіндігі: саудырап өрім-өрім бұталар тұр, диуананың шапаны сықылды бір. Жел қайда соғатұғын көлге қарап? Құшты самал шалғынды белден орап. Күздің жомарт екені рас білем – ағаштарға берді алтын теңге қадап. Сұйқыл тартып шикі айран-шалапша әлем, шұбырған бұлт бейне бір арабша өлең. Ай дөңгелеп аспанға шыға келді, жиырма тиын сықылды (жаңа ақшамен)... 1967, 1982 ЖИНАҚ БІТТІ… Жинақ бітті; жуықта «мезгіл-әуен» бітпейді. Оқушы дос, ұмытпа, келген жерді бүктеуді. Тағы оқырсың; ақтарып табарсың да нашарын. Бір кітапты жапқаның – екіншісін ашады.

Соңғы беттің түйгені, соңғы сөзі деп пе едің: келетұғын күндерім – оқылмаған беттерің... ҰЙҚТАҒАНДА СЕН ТЫНЫШ… Ұйқтағанда сен тыныш шыбын деген бәле бір: алақаным желпуіш болып алды әдемі. Қауіптенем бір түрлі, қауіптенем, әйтеуір: Мен қорғаған ұйқыңды бомба бұзса қайтемін! Дірілдейді ет жүрек, дірілдейді, әйтеуір: шыбын қонбаған бетіңе оқ қадалса қайтемін. ДОМБЫРАНЫҢ ІШЕГІ МЕН ПЕРНЕСІ… Домбыраның ішегі мен пернесі, мақал менен өлеңді бабаң еккен жерге осы. Суырып сап солардың айтқан сөзін табанда Ұялып қап жүрмін мен он күн ойлап таба алмай.

Қелген жауды алыстан өзін-өзі зор тұтып, шұбыртып-ақ қайтарған шоқпарымен қорқытып. Бабаң байтақ даланы сойылмен-ақ қорғаған, қорғай алмай жүрме сен зеңбірекпен, бомбамен Домбыраның ішегі мен пернесі. 1969, 1982 АДАСА БЕР, ШОҚ ЖҰЛДЫЗ, АДАСА БЕР… Адаса бер, шоқ жұлдыз, адаса бер, адаса бер, ақ жұлдыз, адаса бер, Қой санаған қойшыдай астроном сені бір күн табады, адаса бер. Жоқ асылдар, тып-тыныш жата берші, қорғасындар, тып-тыныш жата берші, Қара жердің калтасын тінтіп бір күн Кенші тауып алғанша, жата берші. Белгісіз ой, жүректе жүре тұршы, бедерлі өлең, қойнымда жүре тұршы, Менің-дағы шаңымды қағып мезгіл, іздеп тауып алғанша бір оқушы.

1969, 1982 ЖЫР ЕСТІ ЕКПІНІ БОП ТАУ-САМАЛДЫҢ… Жыр есті екпіні боп тау-самалдың, ал, тыңда жырға шын-ақ ауса жан бір. Бітесің сен өкпелеп қай мініме, мен жөндеп қай мінімді тауса алармын. Көңілің болса сенің аңсаған жыр, жыр жазып берейінші мен саған бір. Сен оқып үлгіресің қай өлеңді, мен жазып қай сырымды тауса алармын. Сонда да оқисың сен қажып-талып, сонда да жазамын мен шабыт жағып. Жалғыз сен тауысардай бәрін оқып, жалғыз мен үлгірердей жазып бәрін. 1969, 1982 ДОП Ақтарылып алайын, ақтарылып, қиял деген бір жүйрік атқа мініп. Оқып жатқан әзірге сен емессің, сен емессің бәрібір жатқан ұғып.

Ақтарылып алайын, ақтарылып, сен жоқсың ғой бәрібір жатқан ұғып. Жырдың добын тебейін зырқыратып, оқушының көңілін қақпа қылып. Қатал уақыт-таразы, төтелетіп сол добымды тебемін көтере тік: бәлкім біреу байқамай ұғып қалар, бәлкім бір доп аңдаусыз кетер өтіп?! 1969, 1982 ҚАНША МАҚТА ТЕҢІЗДІ — ТОЛҚЫМАСА АМАЛ НЕ… Қанша мақта теңізді — толқымаса амал не, қанша мақта сөзіңді — балқымаса амал не, ауға түскен ақсазан — бұлқымаса амал не. Думан, думан дегенің — ас боп шықса амал не, досым, досым дегенің — қас боп шықса амал не, асыл, асыл дегенің— тас боп шықса амал не.

Бәріне де көнесің, амалың не, жақсылар, көнсең мұның бәріне — көнбейтінің жоқ шығар?! ӘН БҰЛАҒЫ 1. Қара Ертіс жағасында Бір мезет дала шаршап, тау құлазып, Сай, жыра қарауытып қалды ұзарып. Жалтақтап жан-жағына қарап жатты, Қара Ертіс жалыққандай жалғыз ағып. Жағада ескі жартас тұрды налып, Көл жатты бір қайғырып, бір қуанып. Толқындар ұзай алмай түсті әлекке, шатысып бір-бірімен мың бұралып. Қырына көк толқынның жел жығылып Жүр еді; көңілді бір белгі ғылып айнала шалқи қарап бала-бұлақ Сарыарқа құшағына келді кіріп...

Екі арна: ән арнасы, су арнасы Биік ед екеуінің туар басы: Біреуі – табиғаттың таңдаулысы, Біреуі – адамзаттың шығармасы...

Күн жүрді ала бұлтта билеп басып, Айдында: қырғи қуды, үйрек қашып. Екі арна – егіз арна қосыла ақты, Бір-бірін жетекке алып, сүйреп қашып...

  1. Х о р л а н

Бір қыз бар Хорлан атты Маралдыда Деген сөз кетті желдей таралды да. Со қыздың шашбауындай сыңғырлайтын

Маралды ши-қамысы таң алдында.

Көңілді ед көл секілді қарапайым ерке-сал, ер жүрек деп тағы атайын: Ауылда балалармен бірге үйретті Қысырдың құла тайын, қара тайын...

Жел күнгі Маралдыдай көңілі де өктем, көңіл барда күз де оған болды көктем. Секілді көл шарасы, көз жанары әлде не тәтті бір сыр мөлдіреткен. Сөйлесе тау суындай еркін еді, Кедергі тапқан сайын серпіледі. Көз күлсе жүзі жайнар, сол бір күлкі Алдыңа Маралдыны келтіреді... Өзгеше бітті қызға зерде мүлде, туғандай толғану мен тебіренуге. Маралды дауыл күні бір күрсініп, Осындай бір сұлуды берді өмірге.

Он бес пен он алтыға келгенінде, Құмартты көкте жұлдыз, жерде гүлге. Он бес пен он алтыда жасы қыздың... байқаңыз, ағарғанын басыңыздың! ...Мейлі ғой оқымаса “басы қатып”, ермексіз болды деп қыз жасыма түк; қыз болып жалғыз сәтке кесте тіксе, артынша кетуші еді асық атып. Көңілін дос-жаранның тасыттырды, ал, Қымыздай тар ыдыста ашыттырған... Кінә жоқ бозбаласында ауыл үйдің өзі еді бәрін бірдей ғашық қылған. Өзі еді сол жалғанда адам гүлі, адам гүлі – көңілдің адалдығы. Бір сөзбен: атақ-даңқы Хорлан қыздың Арқаға таныстырды Маралдыны.

“Бір қыз бар Маралдыда Хорлан атты, Хорланды көп көзінен қорғамақ кім?! Бишілер бу жамылып, суға қызып, күйшілер перне бойлап жорғалапты.

Жел есті Маралды деп алып ұшып, Шың тұрды Маралды деп сағым құшып. Арқада ақ кеуде бұлт Баян-таумен, Көрісті Маралды деп сағынысып.

Шыдамай Қарқаралы қар жамылған, Қарайды қара бұлттың ар жағынан. “Бір қыз бар Маралдыда... ал, болса ше? Сен өзің қайдан шықтың, зар-жақ ұлан?”

...Құс-бегінің жүзінде сыз бар әлі: көжекті де ілмеді мұз-балағы. Мергендер тал тасалап, бір-бірінен Маралды маралын да қызғанады.

  • *

“Бір қыз бар Маралдыда Хорлан деген, Барар ем адаспасам Орманменен. Маралды аспанындай алыс арман, Маралды көлі жақын болғанменен”– Деген ән иен өлкеде талып ұшты, әндердің талып ұшқан мәні күшті. Сол әнмен күндер өтті, көл қалды сол тербетіп махабатты, сағынышты.. .3. Е с т а й Еркіндеп қаға алмас ән қанатын, Серілік қыз бен атқа алданатын. Қайғырса ақын байғұс арман аңсап, Несі бар қайғысына таң қалатын?! Ол ақын кәдімгі Естай – қайғылы ақын, Сол қосқан өнер деген бәйгеге атын. Дұшпандар, сол-ақ екен, ізін аңдып, Достары жол іздеді айрылатын.

Содан да көңлі қалған әнші мұңды, тұтса егер аяғынан бал шыбынды, қыранды қанатынан көл тұтыпты, жүрегін сынап біраз толқытыпты... ...Келеді ол тағдыр салған жолды басып, Жол үсті кеудесіне домбыра асып, Сорына, уа, сорына өз басының, бағына өнерінің – болды ғашық. Найза емес, бұл майданға көңлі налып, Шығып ед екі ішекті домбыра алып. Ұшқан үн екі ішектен қоңыр қаз боп Төсіне Маралдының қонды барып... Жол жатты қара белде қайқаң қағып, (Бұл өзі жол ма, сор ма – сайтанға анық). Осынау аз ғұмырда Естай ақын Уәде етті қанша қызға – айта алмадық.

Бұл жолы келеді Естай тағы асығыс, Көңіл алабұртқанмен, дала тыныш. Жатса да дала тыныш, көлде – толқын, Не деген қызық еді жаратылыс!

Сол көлдей толқытты оны ой-арманы, ой-арман құмарлықты қоя алмады. Ежелгі жалқау дала жатты ұйқыда, көл қанша толқыса да – оянбады. Уәдені бергенімен күліп тұрып, Кетіп ед қызды шын-ақ үмітті ғып, Ақталса үміт – бақыт күліп келер, шын қасірет екенін біліп пе еді ол?!

Ал, егер ақталмаса үміт деген Анық ед тағдыр жолы ол атаған, сенімін сері кеуде тонатпады, ал айрылысарда үзіліп қыз көзінен бір жұлдыз бұл кеудеге қонақтаған...

  • *

Ақ үйдің іші де адам, сырты да адам, Аралас сөз бен күлкі бұрқыраған. Ас, тойға жиылғанға ұсап кетті, Арқаның дүйім елі-жұрты маған. Ақ үйдің іші қайғы, сырты жайлы, Сырты жайлы дүние жылтырайды. Сол үйде біреу отыр дауыс етіп, Тыңдасаң сай-сүйегің сырқырайды. “Мен – бір жанмын шерменде, үміт те маған көп пе еді? Үмітім өшті кеудемде, Күнім сөнді көктегі – Көрмейсің ғой, ағайын!” Қалың малға сатылдым, Он жетіге келгенде. Бір қу шалға қатынмын, Қатыннан нәлет сендерге – Сезбейсің ғой, ағайын! Келмеді ме сол бір жан, Сарқылды ма бұлақ-ән?! Тірлігім бар болдырған, Бір гүлім бар құлаған – Құлаттың ғой, ағайын

КӨЗСІЗ БАТЫР Поэма І ...Тұр осы бір салқын жан Тесе қарап бір түрлі: бір нүктеге шаншылған прожектор сықылды. Кеңістікте ғалам бұл бір нүкте боп заулайды. Ал, жер осы адамның Бір табанында аунайды. Өтпейді ызғар табанға, – Неғыламыз ерте аяп. Жер басатын адамға Жетер еді-ақ екі аяқ. Бірақ осы солдатта Жалғыз аяқ – болғаны! Екіншісін сыйлапты Туған жердің орманы. Елу шығар жас шама, Қате бұлай түйген ой, Көз орнында... Масқара! – Әйнек тұр көк түймедей. Қарады алыс ол, әне, Қарағанмен төбеге, аспан – әйнек, көз – әйнек, Әйнекті әйнек көре ме! Бар екенін көкте күн Жылуынан сезеді. Бұл мезгілдің көктемін Кермесе де – өз елі! Өз үйінде,

Жар барын Дауысынан сезеді. Сол бір көздің жанарын Көрмеуге де төзеді?! Қарайды солай қасқайып, Кейде босап елжіреп. Әйнек-көзге жас тайып, Дөңгелейді көкжиек. Көрмесе де аспанның Бар екенін біле ме? Баяғы жар елі де Жар екенін біле ме? Келеді ол солай, біздермен Біраз жүріп қалғалы. Бір аяғын кескенмен Азайған жоқ қой салмағы?! Күн төгеді жарығын, Қайтем ақсақты аяп мен. Бәрібір... Жерге бәрібір Жүрсең де неше аяқпен... Бара бер, айлар, бара бер. Өте бер, күндер, өте бер. Аман-сау болса қара жер Бәрімізді де көтерер!

Сонау... кез... Көктем... Батыс... Жер... Күн ғана көкте түр бүтін. Алқынып жүріп атысты Ер, Таза ауа үшін бір жұтым. Іздерге қалды қан ұйып, Бұталар бірақ елгезек. Жататын дүние далиып, Бір уыс болды сол мезет, Қорғап жатыр қарысып, Денелер мұздап... ар қызып. Бір сүйем жерде секілді Дүниедегі бар қызық. О, қайран да қара жер, Тіреді ер саған табанды. Өзің де сенің жаралы ер, Таңбайсың ба жараңды?! Қара жер бірақ не білді? Қара жер қайран – қара нар. Қайыстырды-ау, беліңді! Мүгедектер мен молалар... Бұтағын мынау теректің Жанайдар отыр пана ғып.

Кеудесі – үлкен бір кектің Ұясы құсап қарайып. Көздейді ол жауды бір керім, Жылай бер, жаулар о, жыла! – Сенің сеніп жүргенің Мылтықтың соқыр оғы ма? Кекпен-ақ атсақ болмай ма? Қан шығаруға жиіркендік... Түседі еске сондайда Құмдағы сері мергендік. Онда адам қауіп сезбейтін – белгісіз: ер кім, өжет кім. Қасқайып тұрып көздейтін Далаға шіркін, не жетсін! Ататын еді ол онда, Атуды оған үйретпе. Ататын тағы қабанды, Жабайы қаз бен үйректі. Ешқайсы бірақ олардың Бұған қарсы оқ атпады. Қарсылық бәлкім болар бұл – Түк үнсіз өліп жатқаны?!

  • * Бірақ... бірақ оларды Аяушы еді мерген де, тыпырлап жатқан қоянды Бауыздар жерге келгенде. Ал, мұнда ше? Жеңеді Аяудың заңы басқаша: Қиналып өлер денені Қинамай атып тастаса, Аяудың нағыз шегі осы – Оны да қияр жан қайда. Кирзі етіктің шегесі қағылды талай маңдайға. Қып-қызыл тудың күн жағын, Жел тербетіп – от өрді. ...Қасиетті соғыс туларын Қасиетті қолдар көтерді.
  • * Бұтағын сол бір теректің Әлі отыр жігіт пана ғып. Кеудесі – үлкен бір кектің Ұясы құсап қарайып. Түтінсіз жанып тұр беті, Ашынып қатер, азаппен. Алдында тұрған міндеті – көп өлтіру аз оқпен.

Мергендер ойы – жұрт қамы, мүлт кетпеу – жалғыз тілегі. Қаншасын жаудың құртқанын Патронын санап біледі. Кектенсең шыдап жатпа сен, Отанның ұлы еңселі; Сен жауды да атпас ең, Атады бірақ ол сені. Демейсің қазір: сау қаппын, Сау қалу басқа атымен, Мергені де жау жақтың Санайтын шығар патронын? ...Есіне түсті дала. Түн! – Минуттар мұндай тым ұзын. ...Сарғайтып барып алатын Жарының тосқан қымызын. Көзге-көз біраз телміріп, – Көлге-көл әрең сыятын. Бір көзге бір көз жеңдіріп, Қымсына қымыз құятын – Ол жылдар – сонау іңірде Сол көзге батып кетті ме? Елжіреуші еді ет-жүрек... Ет-жүрек бүгін кектірек. Ол жылдар, қалды ол жылдар, Аң атып, қымыз ішетін. О, қымыз, қандай орның бар Осында еске түсетін! Жау жатты алда, қиялдың Қымызы да емес, жар емес. Мырс етті ол... ұялды, сейіле берді бар елес. Сол күндердің жүз әнін Бір күндік соғыс жасытып Отырды ол уын ызаның Стволда ашытып.

Кенет... мылтық атылды, Сілкініп қалды шөптер де, Тәтті ойды ілез жасырды Ащы түтін – көк перде. Тағы да атты, бұ да атты, Бұталар үнсіз сынады. Біреуін бұл да құлатты, Екінші – өзі құлады... Төсекте жатыр Жанайдар Қызарды аппақ мақта да. Көкірегі – бұрын қарайған,

Көз алды – бүгін қап-қара. Байланған мықтап көзіне Түнектей мылқау бір ымырт. Көршінің айтқан сөзіне Қарайды бірақ бұрылып. Көршісі: Дидар ауылын Алады еске сағына. – Солай де енді... бауырым. Хат жазам деші тағы да. Тіл қатты солай күрсініп Жанайдар біздің – Дидарға. – Осындай ғой тіршілік, Дейді Дидар, – қиналма. Қиналмау қайда; мұны ұдай Бәрі де іштей жүр аяп. Бір соғыстың құны ғой Екі көз бен бір аяқ. “Екі аяқ бар деп жүруші ең, Сүрінсе бірі, бірі ұстап. Енді... енді сүрінсең, Сүрінесің дұрыстап!” – Жиналды ауру басқа мұң, Мұң үшін бас та – мекен ғой. “...Сол даланың аспанын Соңғы рет көрген екем ғой, Қызыл сары – ала гүл – Терген екем соңғы рет. Қарап еді-ау, мөлдіреп Көк аспаны даланың Өкініш, үміт, арманым – Ауырсынбай-ақ көтергем. Сол даланың аңдарын Атқан екем бекер мен. Жар жүзіне саналы Аз телмірдім мен неге? Мөлдір-тұнық жанары Құйылғанша еріп кеудеме Қарай беру екен де, Бәріне де ол баста. Туған ауыл – мекенге, Жаны бірге жолдасқа. Жазғы бұлттың түсі де Ұқсаушы ед ақ мақтаға. Енді... соқыр кісіге Бүкіл дүние қап-қара! Жарқырап атқан таң нұры Түнек боп мені батырды – Сол көргенім барлығы Көру екен ақырғы...”

Шықты ол ауруханадан Өңінде емес, түсінде Келеді қайтып, жан аман Жұмсақ вагон ішінде... Міне, ол енді елінде... Үйіне кірді жігерлі: Баласы шошып шегінді, Жар шыңғырып жіберді... Оянып кетті ол. Жан-жағын Сипалап көрді тұспалдап. Содан соң ыстық маңдайын Ұстай алды қос қолдап... Тағы да біраз күн өлді Күлдерін тастап көңілге. Жазылып шықты бұл енді Түсінде емес, өңінде. “Ғұмыр шіркін жас әлі!” – ”Ғұмыр шіркін, жас әлі!” – Келмеді оған ой бөтен. Жерді ептеп басады – Ойылып кетер дей ме екен!..

Ол бата алмай тұр мұнда, Бойда қауіп не түрлі: Енді аттаса, құрдымға Құлап кетер секілді... Басты ақыры паңдана Бір мүгедек бұл жерді. Ағаш аяқ, жап-жаңа Ізін тастап үлгерді. Тұңғыш тамшы жас ақты Оның соқыр көзінен... Ол – өмірін жасапты биік етіп өзінен.

  • * Біразға келді ол, міне, Қарт қайғысы, жас үні... Ермегі мен ендігі Өзгерді тірлік-кәсібі. Бір жүрекпен бір өкпе Шыныға берді күнбе-күн. Жүктеді темір күрекке Физзарядка міндетін. ...Шалғы берсең қолына Жайпайды көк қияқты Атыраудың толқынын Есіп жүрген сияқты... Сол жылғы еккен талы, әне –

Қолындағы таяғы. Басына оның бір орман Жапырағын жаяды... Өмірді еңбек тұр ұстап, Еңбек етпеу – мол қайғы: “Күніне бір дұрыстап Терлемесе болмайды!” Содан бері бұл жерге Жиырма қыс келіп жолықты. Жиырма рет көктеп гүлдер де, Жиырма рет қурап солыпты... Жас шағын қайтып қия ма, Жыл шіркін оның басына. Қарайсың кейде ұяла Көбіктей аппақ шашына. Көз-жанар қатып тас болды, Көңілді жуып тазартты ән. Ал, мына қалған шаштарды Мен емес пе екем ағартқан? Осындай бір ой кінәлі Бұрғызбай әнтек бетіңді, Алдыңнан ылғи шығады Қорқыттың көрі секілді... Ағарады екен шаш неге, Қара болса қайғы егер. Мына бір аппақ сәскеге Бәлкім, ақ шаш сай келер?..

Қап-қара түнде адасқан Жолаушы қонса молаға, Бір отын, мынау кең дала Жақпады деуге бола ма!.. Көрмейді ол, бірақ – сене бер, Болмасқа сену емес тек, Жылытқың келсе оны егер Өткен күнін елестет. Болса егер содан нәр табар – Азаптан басқа немене! Сол күннің жүгін арқалар Бүгінгі кемтар дене де. Орнады ма екен еске нық Қан майдан. Түтін-жабағы; Сарғыш тартқан естелік Сарғайтып уы сананы – Егіліп кейде тұрады Әйнек көзбен бұл әлі Ақпайды бірақ тамшы жас – Боласың тағы кінәлі.

“Төкпейді нұрын күн неге?.. Жатады кейде осы адам, Домаланып іргеде Бөтелкедей босаған. Кейде ызғып өтеді Кешегі жолды жаны оның. Аралап кеп кетеді Түстің сиқырлы әлемін: Құбылған сурет сан түрлі Құбылып барып кетті ұшып... Пулемет бірде алқынды Қызыл ала от құсып... Енді бірде қамады Тарғыл шаян – қаш әрі. Танктердің табаны Омыртқаңды басады... Қышырлатып құм өріп, Жатыр, әне, бір өлік. Бейне күлдей түнеріп біреуге ажал жүр еріп... кенет... анау іргеден Екі ғажап шар тулап, Жанып ұшты бірден ол Найзағайдай жарқылдап. Келеді ағып жайымен Екі нән шар іркілдек. Жақындаған сайын ол Үлкейеді біртіндеп. Бір от жалын шарпыды. Жердің бетін жеті кез. Сол екі шар ақыры Болып шықты екі көз... Қатып қалды ол қылғынып – Жо, жоқ түсі ғой әлгі. Сонсоң бәрі ғайып боп, Ышқына кеп оянды. Енді бір күні көрсең ол Рақаттанып шынайы, Жапырақтың жел теңсеген Сыбдырын тыңдап тұрады. Тұрады кейде ол кейіп, Тұрады қатып ұзақ күн, Сонсоң қарар еңкейіп Арнасына бұлақтың. Кейде барып құрылысқа Қарап тұрып бұрқанар. Қиыршық құм ап бір мысқал Ұнтағанша уқалар... Өтуде солай күні оның, Тындырар ісі – жаңағы.

Аяй көрме біреуің, Аясаң – налып қалады.

Үміті ердің сол еді, Өсіріп еді қастерлеп – Сол жылғы туған бөбегін Шығарды бүгін әскерге. Денеге мұндай, жан асыл Біте қалса сор бұ да... Өскен дейді осы баласы Жоқ аяғының орнына – Көтерді ол әке салмағын, Бір жерге түсіп кетед деп, Сонда оны бүкіл ел қалың Жүргендей еді жетектеп... Аттандырды ол өз ұлын, – Аттандырды дәл бүгін: Ап қалды бірақ төзімін – Ескі жараның ауруын. Тыныш қой бүгін... аңдыған Құпия қауіп бар әлі: “Солдат!” – десе, алдына Мүгедектер тұра қалады. Шыдады ол жылдар сынына, Ондағы төзім-ерікті айт! Қоштасарда ұлына: “Көріп барып, көріп қайт” – Айырып мүлде болмады, Батасы, әлде, тілегі? Бір дір етіп қолдары, Бір аунап түсті жүрегі. Бұрылып ауыр денемен Кіші ұлына, жарына, Қайталады екен неге ол Жаңағы сөзді тағы да?

  • * Шығып тұр бүрі жас талдың Адамда да осы үміт. Бейнесін мөлдір аспанның Көл алыпты көшіріп. Жастығын маңай тұр сақтап, Жанайдар ғана тұр тынып: Аға алмаған бұршақтап Көз жасындай іркіліп. Өлмеудің өзі – өрлік–ті, Өрлікті мәңгі сақта, аға, Жиырма жыл бойы көріпті Тек түнді ғана қап-қара. Ал, күні қайда? ‘ Күндері

Өзге аспанмен өтеді. Алмаса да жарығын, Жылуын алса – жетеді. Көзі оның, расында Тек қара түс береді. Ағарып кеткен шашын да Қап-қара ғылып көреді. Сол жылғы бір олақтық Түзелмеген секілді. Аспандағы сол ақ бұлт Әлі тұрған секілді. Ұясы ой, қызудың – Екі көз бен бір маңдай, Сонда көрген қызыл күн Әлі батпай тұрғандай. Көз шіркіннің барында Қараушы еді-ау сүйіне: Көреді ол жарын да Сол келіншек күйінде...

Жақсылықты қолдағы Көріңдерші тағы да: Көзі барға ол-дағы Бермейді ғой табыла. Тез өтеді бар ғұмыр, Тез өтпесін, тез өтсін, Жамандықтың барлығын Көрмегенге не жетсін... Келеді ол, келеді, Бұл өлкеге аты әйгі, Соқыр демей, ел оны Көзсіз батыр атайды. Жерді иіскесе таяғы, Дүр-дүр ұшып, “иманы”. Келе ме іздеп баяғы Жарылмай қалған минаны? Атталған сайын сол адым Таяқтың ұшы сұғына, Шаншылғандай болады Адамның жұмсақ миына. Басы бейне орман бір Ойлары да не түрлі. Сол соғыстан қалған бұл Тірі ескерткіш секілді. Қара, дүние, қара алға, Өзің сұлу, өзің жас! Қара мынау адамға, Ей, дүние, көзіңді аш!

БАСЫҢА ОРАЛҒАНДА КҮЙ ТҰМАНДЫ… Басыңа оралғанда күй тұманды, өзіңнің тап болғанда сиқыңа әлгі, сезгенде көп биікті шөгіп кеткен, немесе көргенде бір күйкі жанды, жаныңда жадау ойлы әуен аунап, кірпіктен көңіл жасы құрғамай қап, көкірек ортайғанда, ей, Алатау, жақсысың-ау шағына бір қарауға. 1967, 1982 АПОРТ Шын піскендер осылай пісетін де: жасқанардай маңынан кісі өтуге; дауыстасаң қаттырақ – үзіле үркіп топырлап кеп алдыңа түсетіндей. Шым-шым өтіп күн шуақ піскен қызыл, кінә сын-ды қол салу, тіспен де үзу. Аш пейілдер ішіне – азаппен тең, тоқ пейілдер үшін ол – түстен қызық.

Үзілді үні – ауада уылжып бір, қызылдығын – көңілге жылу ғып тұр. Ауыз салудан гөрі, дәл мен үшін, көзбен жеуге ылайық сұлулық бұл. Бәрі де өсіп, піседі-ау ексең егер? Ойда піссе, осылай кексе келер: пісіп тұрған апортты көрген кезде жырдағы шикі жерің еске келер. 1967, 1982 МАҚТАНАТЫН АДАМ ДЕП, АТАМ ДЕП БІР… Мақтанатын адам деп, атам деп бір, салған ізі десек те жатар көп күн, дала саған болады көңіл айтса, қазасы үшін кешегі Махамбеттің. Барлық жүйрік бір туды, бір-ақ өлді, бір-бір аңыз әрқайсы «мұра» берді; дала, саған болады көңіл айтса, ажалы үшін кешегі «Құлагердің».

Сарқынды, сап ойларын ішіндегі тұрған шақта ел де енді түсінгелі... дала, саған болады көңіл айтса, кешегі өткен Мұқаңдар үшін де бір. Кеткен орнын бәрі де қоңырайтса... тарих-ата толтырар оны қайтсе; дала, саған болады көңіл айтса, дала, саған болады көңіл айтса!

1967, 1982 ШҰБАТЫЛЫП ЖАЗА БЕРУ ӨНЕР МЕ…

Шұбатылып жаза беру өнер ме, таусылмайды соған біткен күш нағып. Жарасады жалыны бар өлеңге жақсылардың ғұмырындай қысқалық. МЫҚТЫ АҚЫНДЫ ТАС БЕКЕМ… Мықты ақынды тас бекем, мақтап айттым; сұмдық-ай: дұрыс екен, жақсы екен деп бір досым күлді жәй. Шығар мүмкін бұ да аяу, күтпеп едім, кенеттен күлген несі, кұдай-ау, таң қалдырам демеп пе ем?! әй ақынды және бір оқып бердім; жұтынып, күлкі қалып жаңағы шыға келді түтігіп. «Жана ма екен қызығып, жазамын деп отты ғып, көрсеткенде қызуын, сөйлей ме екен соқтығып!» Дұрыс дедім – қайтейін: баса алмады ентігін. Дұрыс дедім, әйтеуір кейіді ол – мен күліп.

Көріп тұрмын: құрбының батты ойына тап басып. Ақын-дағы жырды бұл жазғаны ғой батқасын! 1967, 1982 ӨНЕРЛІ ЖАН ҚАЙЫССА – ТІРШІЛІК ҚОЙ… Өнерлі жан қайысса – тіршілік қой, тағдыры оның – майысқақ бір шыбық қой: қалай исең олай и – арқаңды осар; ондай кезде хақың бар, күрсініп қой. Шыбықты жұрт, ойлама, сүйеді-ау деп, ойла одан да соққан қол киелі-ау деп; шыбық осқан жерлерде сүйек-ау деп, оған тиген – маған да тиеді-ау деп. Өнерлі жан қайысса – байқалмайды, не көтеріп жүргенін айта алмайды. Кімге тисе сол шыбық оған тисін, тек өнердің арқасы қайқаңдайды.

Ән-жыр болсын ұғынып көздегенің, тағдыр болсын ғұмыры төзбегенің; өнер қанша әдемі болам десін, өмір бірақ істейді өз дегенін. СЕНДЕ ТУҒАН, ЕЙ ДАЛА, ЖАС БАЛАЛАР… Сенде туған, ей дала, жас балалар, аман болсын қорлықтан, масқарадан. Өңменімен өзіңді сүйген жігіт пәтер алсын, тым құрса, астанадан. Қумас үшін тағы да сағымыңды, шертпес үшін бір күйді тағы мұңды. дарынсыздар қайын ата тапсын мықты, дарындылар үйренсін жағынуды. Жазу кем бе, әйтеуір, күту кем бе, кемшіліктен емеспіз, шүкір, кенде. Бір жаманды бір әйел туа салса, дала, саған ұқсайды ол түкіргенге.

Бұл сөздерді бәз біреу десе де ерсі: өсірерсің жақсыңды, еселерсің; жырлай берсін ақындар, жырлай берсін, өсе берсін достарым, өсе берсін. 1967, 1982 ТАЛАЙ МАЙДАН, ҚАН ТӨГІС ТҰСЫНДА ДА… Талай майдан, қан төгіс тұсында да, не көп болса – жер көп, ел қысылмаған. Бәрін, беріп, даланы сақтап қалған, ерлігіне мақтану үшін бабам. Кетіскен бір тер үшін ұсынбаған, бір сөз үшін суытқан түсін жаман. Атын түсіп, шапанын шешіп берген, мәрттігімен мақтану үшін бабам. Сақтанған тек, қанымен қызу келген, азаматпен аралық үзілгеннен. Сенім үшін семсерін ауыстырып, серті үшін бесіктегі қызын берген.

Найзағайдай рухпен шатырлаған, жалғыз сөзін жауының батырмаған; «Жан керек» – деп, мақалдап – батырға да, қыр басында енді, әне, жатыр бабам... 1967, 1982 КЕҢДІК Кім келмеді бұл жерге, кім кетпеді. Тозған арқан секілді ірмектеліп. ұмыт қапты іздері, Кейбірінің өзі қапты тарихқа бір бет болып. Дастарқаны көңіліндей толы ортаға кінә тақты талайлар, тағар тағы. Кір жаулығын әжемнің жамандапты, қымызына қызып ап Сарыарқаның. Талайлардың күн сорып бетін қызыл, бесіктерден алыпты отын бұзып. Пушкин ғана қия алмай аттаныпты, Тарас қана терегін отырғызып.

Талай достар елпілдеп келді, білем, талай қастар еркіндеп енді, білем. Соның бәрі бабаның ерлігінен, соның бәрі даланың кеңдігінен. 1967, 1982 МЕЙІРІМ Даланың өзі ескерткіш өткен күнге, сондықтан көкірегі теп-теңбіл де: Шаттықтар – қурапты да шөппен бірге, қайғылар – шөгіп қапты төккен күлде. Ерліктер – ерлік үшін есеп берме, артсаң – о да жүк болар есектерге; аңқаулық – жабылмайтын есіктерде, жалқаулық – жиылмайтын төсектерде. Достықтар – шық-тамшыда тұнып қалған, қастықтар – қураған бас күліп қалған; адалдық – армандарда, ал мейірім, мейірім топыраққа сіңіп қалған.

1967, 1982 МОЙНЫНА АРҚАН ТҮСІП, КҮШ БАТПАҒАН… Мойнына арқан түсіп, күш батпаған, көнбеген жаз – кермеге, қыс – қақпаға, бір асау әлі қашып жүрген сын-ды, құрыққа сол күндері ұстатпаған. Айдаудан, арыздардан, қамалғаннан, қырсыққа қырсық үстеп жамалғаннан, бір «бұзық» әлі бағып жүрген сын-ды сол күндер абақтыдан аман қалған. Қусаң да бұғалықпен, құрықпенен, әккі ұры, әккі асаудай бұғып төмен, бір өлең әлі ұстатпай жүрген сын-ды Абайдың да қаламына ілікпеген. ҚАЛАЙ ӨТСІН ӘЙТЕУІР БІР ӨТЕР КҮН… Қалай өтсін әйтеуір бір өтер күн, дала сені тіріде жыр етермін: дәл бүгін сыңғыр қағып тұрған жоқ қой, кескен кісен білегін Құрекеңнің.

Шындық қана кеудеме құйған дыбыс, өтірікке ұста емен иландырғыш: дәл бүгін жалаң қағып тұрған жоқ қой, Махамбеттің желкесін киған қылыш. Әркім де әлденені етеді арман, әркім ойшыл кезінде жеке қалған: бірақ әлі Қособа көлдерінде жатқан сын-ды жол тосып Бекежандар. БАЙҒҰС ДАЛА, БІЛМЕППІН ҒОЙ, КЕТЕМ БЕ… Байғұс дала, білмеппін ғой, кетем бе көп сырыңа көңіл бұрмай бекерге: көңіл кірің – қоңырлығың екен ғой, қоңырлығың момындығың екен ғой; көлгір желің – өпкен ерін екен ғой; көкжиегің – жетпегенің екен ғой; қаңбақ көшсе – қартайғаның екен ғой; қазан-сайлар ортайғаның екен ғой;

Қайран дала, білмеппін ғой, Алматыға кетерде қайырылып қараппын-ау бекерге: қурайлардың әндеткені жоқтағаның екен-ау, жал-жал болып шөккен құмдар тоқтағаның екен-ау; Бүлдіргендер – бал ұсынып, мені өзіңе балағаның екен-ау, қарақаттар – мөлдіреп бір қарағаның екен-ау. 1967, 1982 ДАЛА, ДАЛА, ДАЛА ҒОЙ ЖАТҚАН АСЫЛ… Дала, дала, дала ғой жатқан асыл, ала шықсақ бір жасап, боп қаласың; самалына сағына төсіңді ашсаң, дала құсап далиып мақтанасың. Көзің бәрін көңліңе құяр бояп, көргендерің кеудеңе сиярдай-ақ; бір төбеге шығып ап, бар даланы менікі деп саласың ұялмай-ақ.

Қойны-қоншыңды аралап жиен-желі, ойнаған боп ақырын тиер келіп; қарт нағашы сықылды қауқыл қағып, мәз боласың сен бәрін иемденіп... Арқалай бер, арқала, жетер жүгің, қайратты екен бойың да бекем, мығым; үлкен күдік ойыңа салады-ау тек өзіңнің кіп-кішкене екендігің. ШЫҚҚАНДАЙСЫҢ АТ ТА ЕМЕС, КИІК МІНІП… Шыққандайсың ат та емес, киік мініп, шабасың кеп шаң түтіп, құйықтырып: Мақсат сын-ды алыстан көрінген тау, жеткізбейді, қарашы, тиіп тұрып. Ұмтылғаның барыңды салып бір шақ, түк болмапты мезгілмен салыстырса. Жетем дейсің жап-жақын көрінгесін, бүйтпес едің әуелден алыс тұрса.

Аласа екен алыс тау; бала шабыт, сөне көрме жалт етіп жана салып. Алыс мақсат, жақын боп көрінбеші, асқар таулар, алдама аласарып! ҚАНШАМА ҰЗАП АЛҒА ТҮССЕҢ ЖҰЛЫНЫП… Қаншама ұзап алға түссең жұлынып, мезгіл саған дәл сілтейді құрығын. Жүрек жиі соққан сайын, жол ұзап, одан сайын қысқарады ғұмырың. Жолың ұзақ, жолаушы дос, айныма, ұзақ жол мен қысқа ғұмыр – қайғы ма. Ұзақ жүрсең: басың сенің мықтаса, ақылының қысқасынан айрылар. 1967, 1982 ҚЫР МАҢДАЙЫН СҮЙІП ТҰР… Қыр маңдайын сүйіп тұр мұнар деген бір елес. Шыққаныңша биіктік, шыққан соң не? Түк емес. Қартаясың, көнбе сен ал өс деген үгітке, ақ шаштарға сенбесең

тік биікке шығып көр. Сүйт. Биікке барма аса, ұмтылғанның тарт қолын, шыңға қара шанбасаң, биік болу – қарт болу. Биік болу – жаза бір, қар жамылып, мұз басып жатысу ғой сазарып, кетісу ғой сыздасып. Бұлақ емес, су ақты көгал тамаша бүгін. Хан жайлау сияқты қайран аласалығым.

1967, 1982 ҚАНДЫ СҮТ

Айта алмаймын қай қалада болғанын, Әйтеуір бір Ана болды – сол мәлім. Әйтеуір бір жер мен аспан арасын Мекен еткен – өзің тауып аласың. Сезер болсаң түтін иісін, дәрі иісін, Мезгілді де, Ананы да танисың. Құлағыңа естілсе егер бомба үні – бұл оқиға болған еді сол жылы. Жүрегімді тағы... тағы тырнады Қасірет пен қайсарлықтың жырлары.

Екі сәби, жас Ана. Жылжып барып Күн де түсті тасаға. Селдір-ымырт үйдің ішін тұр сүзіп Тұр мелшиіп екі жетім босаға. Бір бұрышта ұлы Тарас, ұлы Абай Қарайтындай әлдекімді кінәлай. Сәбилер де осы ымырттай тым-тырыс, отыр үнсіз нан сұрамай, жыламай. Жаяды Ана су шұлғау мен етігін, Жылынады – сүйіп, құшып екі ұлын. Кеткен еді күйеуі алыс орманға, Бүгін, міне, жеті күн. Бір бұрышта темір төсек, қос адам қажетінен біржолата босаған, Сол төсекке жатпағалы бел шешіп, түсті Ананың еңсесі. Шар-айна бар – көрері ылғи күлкі еді, Оның-дағы жүзіне енді мұң толды. Иіс майдың қорабына шаң басқан қарайды Ана – көздің жасын іркеді. Қарайды Ана ілулі анау қамшыға. Жас тамшысы, тамшылайды – Мұндай сәтте даласына Қазақтың Ойша оралу да – азап бір: Ері – жаңсақ естімесем тегі мен Келген екен Қазақстан жерінен. (Оған-дағы болыпты енді талай жыл,– “Талай” дегеннен басқа, Бір санды дәл айта алуың – неғайбіл. Ала кепті ол төрт өрмелі қамшыны, Және мынау сүгіретін Абайдың). Содан бері украиналық Катяны Өзінше өңдеп Қарашаш деп атады. Сол жас жігіт – әлгі Ананың жары еді, Әкесі еді қос сәбидің әдемі. Еркек кіндік атаулыны жау атып, Кеткен кезде ыза-кекті оятып, бір топ адам сол бір кекті қорғауға ‘ қара түн боп сіңген еді орманға. Күнде олар жас Анадан жаңағы ыстық дәм мен суық хабар алады...

Жамырады үн көше жақтан шу шығып – Отырды Ана әр тал шашын тыңшы ғып, Терезеге, төсегіне қарайды, Қорқыныш пен ыза-кекке тұншығып. – Ауық-ауық күрсінсе Ана үзіле, Екі сәби жалт қарайды жүзіне. Бір-бірінің іреңіне өзгерген Қарады олар үрей толы көздермен. Дабыр-дүбыр болып кетті үй маңы. Атып тұрып Ана үй-ішін жинады. Қос сәбидің жұмбақ толы көңілін Жұмбақ Ана үнсіздікпен қинады, – Қалай ғана тез жинады ол үй-ішін, Әрең-әрең алып жүріп тынысын? Шам жақты әне. Айна алдына барды өзі... Бұл сәндену – керек бопты кім үшін? Тек темірдей жүзі ғана сазарған, Бір сұмдықты көргендейін көзі алдан. Тосын пенде ойлар еді, әйтпесе, Жары келе жатыр ма деп базардан. Міне ғажап: тұрды бір сәт таранып, Қасын аздап бояп қойды қара ғып. Содан кейін күлген болды жай ғана Қос сәби мен бұрыштағы айнаға – Екі сәби көңілденіп боп қалды, Енді бірде “мама” деуге де оқталды. Амал қанша, бітті осымен бар шаттық Барлығы да бір жымиып тоқталды. Ана тұрды жасайтындай бір айып, Айна тұрды өз орнында мұңайып. Ана жүзін арпалыс-ой талқандап, Екі сәби қарады енді аң-таң ғап. Осы сәтте қақпа алдына толды бір Жат адамдар, темір тақа, мол дүбір Көтеріп ап жат сөздерді, жат желді Мұздай ауа әппақ боп лап берді...

Бір офицер қалайы үнмен шаңқ етті, Жаңғырықты оған да өз кеудесі. Содан кейін күліп тұрды жылтырап, Маған сенсең – сол күлкіге сенбеші! ...Қарсы келді кек пен кек, Найзалар да, еріндер де, көкпеңбек. Қан көгеріп кеткен бе – Нұр-жарық та кетеді екен көгеріп Қарсы келсе кек пен кек! Әрең-әрең шыдады Ана көрмеуге Үрейленген екі ұлды. Тісін ашса Украина – құпия аузынан түсіп кетер секілді. Шыдады Ана – соның бәрі кек пе еді! Тек бір тамшы көздің жасы жосылды...

Ол да бірақ далаға ағып кетпеді – Ақ Жайық пен Днепрге қосылды... Қасарды Ана тергеді көп жау қамап, Мылтықпен де, айламен де аймалап, Бір басылып, кекті жау бір өрленді, Біреуі кеп әзілдеп те көрді енді: Айтсаң – дейді, – партизандар мекенін, Аман-есен Берлинге алып кетемін. Ол жаққа да керек боп тұр әдемі ұл, Сүйеміз біз коммунистің әйелін. Мамық жастық, жібек кілем – бар бәрі, Бәрі, бәрі – әйелдердің арманы. Ақ төсіңді жылытқан соң бұяқты Ұмытасың жылы пеште ұйықтаған Ерке-құйрық бала мысық сияқты. Мұндағыдай кенеп көйлек кимейсің, Ақ арақ пен азиатты сүймейсің. Атар таң мен батар күнің – мен болам, Сені алдаймын, саған өзім де алданам...

“А, солай ма? Жем екем-ау тегін мен, Топас дүние бұған шейін не білген? Ыстық еді жарымның да құшағы, Бірақ, бірақ ол-дағы Ыстық емес жауға деген кегімнен! Әрі тартшы, сасық екен тұмсығың, Әйтпесе аздап... бой үйретер едім мен, Ал, Берлинге ту тіккенде қол мына, Не тігесің, өз басыңның орнына?..” – Ұмтылды Ана – шарт етті бір шапалақ, Кірш етті бір көк сүңгі. Қатал уақыт Анаға Ақырында шыдауды да көпсінді! Ананың ақ төсінен Түнере кеп шүмектеді қара қан. Шыңғырып-ақ жіберді Екі сәби тілсіз тұрған манадан. Масайра, жау! Ендігіде жоқ ісің, ана өлсе – азаматтық борышы! Қос сәбиді бірі ұмсынған атқалы, екіншісі қолын оның қақты әрі: “Балаларды атып қанша керегі – Өздері де өледі...” Содан кейін... арылды үйдің “қонағы”,

Ана менен айна қалды құламай. Құшақтасып күңіренгендей болады Қабырғада Шевченко мен ұлы Абай. Құламады! Құламайды Ана әлі; Көзі аймалап екі сәби баланы, Туған жерде тұр әлі оның табаны. Туған жерде жұтады әлі ауаны. Кетіп бара жатыр, әне, үзіліп, – Бәр-бәріне қарайды құр қызығып, Көп ақынды қартайтқан сол қыз-үміт Ақырғы рет өтті алдынан сызылып. Ана – әлі тұр қүламай, Өлім, өмір арасында сынадай. Құлар еді ол, құлата ма, қолтықтан Сүйеп тұрды ұлы Тарас, ұлы Абай. Құлар еді ол, қан суалды, ет өліп – Өр Днепр құлатпайды толқынымен көтеріп! Құлар еді ол, құлата ма оны елі, Адамзаттың Ана жайлы өлеңі!..

Қан мен сүтті екі сәби бір емді, Бар тіршілік қан мен сүтке тірелді. Ана жүзін көрген айна жаңағы Қан мен сүтті қабат көріп тұр енді... Соңғы минут – қан да, сүт те болды ағып, Соңғы тамшы әрең ақты зорланып, Ей, Аяныш! Шыдамасаң – қарама, Қан ембейді, сүт емеді бала кіл. Қан қосуға бола ма Ақ сүтіне Ананың!..

Ана – тірі, қан да өлі, сүт өлі, Жан жібегін енді өлім түтеді. Жабылар ед сәл ашылған еріні – Соңғы демнің алынуын күтеді. Алмады Ана не өлтіре, не тілдей, Телмірді құр мынау екі жетімдей. Солғын тартып бара жатты көзі де Тұман күнгі Днепрдің бетіндей. Бірақ ана құлаған жоқ, құлай ма Бір қарсылық жасап алмай “құдайға” – Құламайды ол болса-дағы құр сүйек, Оны бүкіл Украина тұр сүйеп! Украина топырағы нұр сіңген, Қанға бөгіп қалып еді-ау құр сүлдең. Сол Ананы жерлеген бір күндері Қайсың едің сонша қатты күрсінген? Тарам, тарам, тарам, тарам, көп тарам, Әр қақпаға бір бұрылып тоқтаған, Ық жағына үйірілген шөп-шалам: Иірім жол, сен бе едің?!

Әр жанарда бір тамшы боп жылтырап, Әр кеудеде бір қызық боп жұрты қап, Ойдан өрге көтерілген бұрқырап, Дала күйі, сен бе едің? Алған демі найзағай мен дауыл боп Жалба-жүлба қара бұлтты бауырға ап, Күннен-күнге бара жатқан ауырлап, Сұрғылт аспан, сен бе едің?! Алып күнді қалқытқанмен нүкте ғып, Ауырсынған әр жаңқаны жүк көріп, Ышқына кеп атылатын бүктеліп, Өр Днепр, сен бе едің?!.. Айтшы, айтшы, Дала, Дария, нұр сіңген, Қайсың едің сонша қатты күрсінген?!...

Жерленді Ана, жерлеген жоқ оны ешкім, Емес адам, емес аспан, емес түн, Жерледі оны қан көктеткен кең өлке, Қара орманнан бөлінген бір көлеңке. Жерледі оны темір күрек бір де екі, Жерледі оны жесірлердің құрметі. Жерледі оны махаббат пен қасірет, Ақырында... тарихтың бір беті... Екі жетім қалды тірі, қалды аман, Пана тауып көршілес бір ауладан. Ертеңді-кеш мөлтілдеген көз жанар, Қорғасындай әрең-әрең қозғалар.

Қалт-құлт етіп басса аяғын аш, арық, Дүние тұрды одан сайын қасарып. Қос жетімнің үлесіне тиді ұдай Аяныш сөз, бір үзім нан, бір құдай. Білеу-білеу тамырлары аңдаған Күзгі ағаштың бұтағынан аумаған. Өтіп жатты сәби ғұмыр – жаны асыл, Бір жымиса – екі ұмытып анасын. Қарт Днепр күні-түні күркіреп Тілеп жатты бір тілек... Қалың орман. Қапырық ой. Сөнген от, Бір дір етіп тына қалды жел кенет. Тек шығыстан Ай келеді албырап, Ағаштардың арасымен дөңгелеп. Орман ішін көлеңкелер жүр кезіп, Үнсіз аспан иықтарды тұрды езіп. Тұрды бәрі Ай көзінен ұрланып; Бір көлеңке келеді әне зыр қағып

Бір көлеңке сүйенеді ағашқа, Бір көлеңке әлденені тұр бағып. Бір көлеңке кезенеді мылтықты – Шегінетін емес бірақ түн тіпті. Біреу жатыр анау сайда – табанда, Ол жатыр ғой – көлеңке де жоқ онда...

Әлденені біреу, әне, өтті алып, Көлеңкелер қалды сол сәт топтанып. Байқалмайды ешкімнің де түс-өңі, Бәрі ерітіп бір тыныштық ішеді. Бір бас әне көтерілді, жанына Бульба-мұрттың көлеңкесі түседі. Бірте-бірте өрмеледі Ай көкке, Ұқсайды аспан көкшіл түсті әйнекке. Орман тұрды бір ой ойлап тымырсық, Ауық-ауық ыңырсып. Жиектегі Ай шыққан сайын жоғары, Көлеңкелер аласарып барады Ал, адамдар маңдай терін дегдітіп Тыныстайды кек жұтып. Су-ызғарды сезбес болып кетті жұрт, Әрбір аяқ өз шұлғауын кептіріп. Өмір тұрды көлеңкенің үстінде, Көлеңке ме, әлде бәрі түс мүлде?! Мен ол түннен көрген емен ешкімді, Тек бір ауыр алған демдер естілді... Жауларға да пана керек болғанда, Жалын болып ұмтылып ед орманға – Ала алмады, жаға алмады бәрі бір Ормандардың қоңыр ала ағынын. Орман, орман! Өртенді де, оталды, Орман бірақ қорғап қалды Отанды. Батырлары, жақындары, ен елдің Тамырындай тереңдеді еменнің. Орман тұрды тыныштыққа тиеліп, Жау ұстаса – алды қолын күйе ғып. Жаралы орыс құламады сол күндер Орманына сүйеніп!

Орман-аңқау, орман-қайсар: ол әрі Партизандар моласы да болады, Панасы да, анасы да болады. Көтер, орман, рухыңды жоғары! Жел де шалқып орман жақтан соғады! Әрбір бұтаң тұрса бір–бір күй іліп, әрбір көңіл қарады оған сүйініп. Орман тұрды, жауға деген бұл елдің, Қабағындай түйіліп. Түтін-дағы орман жақтан шығады Іздесең сен сол күндерге куәні, Ол да – орманда. Орман, орман ұлы орман, Орман жақта бір жаңғырық жүр әлі...

Қалай айтсам болар екен дәл мұны, – Көзім менің қос сәбиді аңдыды. Түс көрсе олар – сияр ма екен ақылға,– Сыйса егер... мынаны айтып жатыр ма?! “Тоңдырды ғой таңы күздің, Күздің таңы – сары ала. Кірледі ғой жанымыз бұл, Кірледі ғой жаға да”. “Көр, көр, балам, көр тағы да Тірі жанға немене! Мола болып жорта мына Жатқаным жоқ төбеде. Қайырымсызбын, маған бүгін Түспейді күн шуағы. Көрші-қолаң жағаңды, ұлым, Бір күрсінсе – жуады”. “Ашпыз қазір – кінәміз не, Қор болдық-ау, әй, тегі. Сол күнгідей мына бізге Бір қарасаң қайтеді?” “Бір түгілі, жүз қарар ем, Көтере алман денемді. Сол бір түні мұздаған ем, Жылынбаспын мен енді.

Бәрін әлі таниды ішім, Мола деген – құр атақ. Байтақ жер мен арың үшін Өлген де бір – рахат!” “Болса рахат аяшы, ана Бізді-дағы ала жат. Атымызды бір атасаң, Біздер үшін – қанағат”. “Қинамашы жанды, балам, Бәлкім сөзің шын шығар. Күн-күн сайын саудыраған Сүйегім құр сырқырар”. “Аударайық тасты үстіңнен, Бір емізші, жан–анам”. “Емізер ем, ақ сүтіме Араласты қара қан”. “Таста әйтпесе қырды мына, Ауламызға барайық. Біздің үйдің орнында Күл қалыпты қарайып”. “Бара алмаймын, енді өзіме Қарап қалған молам бар. Мейірімді ел көзіне Тамшы жас боп тараңдар.

Бүкіл дүние өзге күнмен Сендерді де еншілер. Жәутеңдеген көздеріңнен Кім аяса – сол сүйер...” Жарқ-жұрқ етті бір найзағай – жанды бұлт, Лау етті де артынша ол да болды ұмыт. Туған дала қарқылдап кеп күлді бір, Көкжиекке соқты толқып жаңғырық. Тағы қайта кетті мүлгіп әлем құр, Бірте-бірте ымырт түсті санаға. Дәл осы сәт сәбилері әр елдің Үнін қосты қасиетті Анаға... Немен ғана жұбатар ем көңілді, Жаудың оғы анаңды атса қолдағы? ...Адам деген қойса егер өлуді, Қайғыруды қояр едім мен-дағы! Таң көтерді боз торғайын жыршы ғып, Күн қарыны қара жерді тұр сызып, Әлдеқайда бомба түсіп, тараса үн,

Біреу жатыр ызылдатып арасын Тақтай тіліп, қағып-қағып қалды әне Көтеріп ап біреу ауыр балғаны – Өсірсе Отан бір перзентін күш біліп, Бір перзенті шылым орайды ысқырып, Біреуі әне, табақ алып жүр шығып... О, атыңнан айналайын тіршілік!

...Екі сәби қалды солай пана ғып Көрші көше, қайырымды шал, аула ішін. Қалай ғана көтерді екен балалық Сол күндердің шын қасірет, қайғысын! Көк аспанға тұнған түтін жабағы Секілденді қара орманның қабағы. Екі жетім түк түсінбей қалады Жасқа толса әлдекімнің жанары. Бір жылы жүз еркелете қараса, Бүкіл дүние көрінеді тамаша. Шын күлкімен күлсе шіркін адамдар, Күлкі бұзбас қандай ғана қамал бар! Күншуақпен жадырай бер жер өңі, Жан шуағы тек күлкімен келеді. Болса адамда титтей ғана жылылық, Оны өзгеден сәби бұрын көреді. Көрінсе егер жадыраңқы бір маңдай, Күллі дүние күлім қағып тұрғандай. Шын бейілін берсе біреу балаға, Сол бала үшін көңілденер бар ана. Көзі барлар! Бұл тірліктің жүзіне Одан әрі кеп тесіліп қарама... Екі сәби көрші аулада жүр солай, Күтті екеуін ақшыл тартқан бір самай. Жүрді үш өмір бір аулада күнұзын, Үшке бөліп қара нанды бір үзім. Үшке бөлді төсекті де зар илеп Үш бөлінді бір адамның жүрегі. Үшке бөлді, үшке бөлді бәрін де, Тек қайғыны арқалады біреуі. Сол бір адам, бурыл самай шал адам Талай рет бір ерлікті қалаған. Талай рет жіберсе де намысын, Тірі жүр ол мынау екі бала үшін. Күзетеді жау қоймасын күн-түні, Көз жанарын күзеткендей кірпігі. Мынау екі сәби үшін күледі, Әйтпесе ол да ұмытар ед күлкіні. ...Қалғып кетсе күндіз аула ішінде, Жау қоймасын өртеп жүрді түсінде. Сенбес еді... сенді бірақ ел оған, Екі титтей жетім бала үшін де.

Сенді адамдар, Украина сенді оған, Екі жетім үшін түнде тоңбаған. Сенді оған болмас еді сенбеуге Үш бөлінген үзім нанды көргенде...

Сол үш адам бірге жатып жүрді ұдай, Қосты үшеуін бір үзім нан, бір құдай. Мұржасынан шыққан түтін кешқұрым Күңгірт көкте бұралады бұрғыдай. Бір бөлмелі кішкене үйді сол тұрған Үш тіршілік үш үмітпен толтырған. Бүдан өзге мүлік тапсаң ол үйден Алты көз бар; бір-біріне мөлиген. Адамды өмір тек қайғымен сынай ма, Қайғыра алса – қайысар ед құдай да. Ер Ана мен бұзылған үй мұрасы – Екі жетім, екі сурет, бір айна... Айна тұрды бәз қалпында баяғы, Көріп тұр ол қос сәбидің жанарын; Көріп тұр ол қабырғаға сүйеніп, Өлсе-дағы құламаған Ананы. Көріп тұр ол, көрмеуге онда жоқ шыдам, Қан мен сүтті араласып шапшыған. Көріп тұр ол сол бір іңір мезгілін, Сөніп бара жатқан Ана көз нұрын. Көріп тұр ол, жасыра алар ол несін Тағдыр оған тек көруді бергесін. Көріп тұр ол сол бір ымырт қабағын, Кекті Ананың қайсар біткен кеудесін... Көріп тұр ол, өшпейді одан бәрі де – Шашын тарап қарайды Ана әлі де – Осы сурет қатып қапты айнаға, Енді соны... Жуар екен тағы не?!... Көз жас па әлде, күлкі ме әлде, кім білер, Келер күнге қарайыншы – дүрбі бер, Күліп тұрып жақсыншы Ана бояуын – Мен айнамды жарқыратып қоямын!.. Бір бұрышта Абай, Тарас, тұр ойлы: Тиеп алып батырлық пен үрейді, Сол ымыртта құламаған Ананы Әлі де олар сүйейді. Ашпайды олар, ашпайды тек қабағын, Тұлданса да тудырмайды жаңа әнін. Ілулі тұр қақ төрде сол қамшы да, Қайратындай қасиетті даланың...

  • * Байтақ Отан, бақытты аймақ, кең мекен, Сені осынау жырларыммен тербетем.

Жетім жапырақ, кепкен бұта, жесірің, Еске келсе ескі күнің – несі мін! Таңғы сәуле: таудан аққан ақ бұлақ, Тынып қалсам – толқыта гөр қаттырақ. Кешегі күн болат киген сұр елді Тыныштық пен Жарық қорғап тұр енді! Мылтық бомба... ұмыттым мен дәл оны, Сен де ұмыт, адамзаттың әлемі. Бірақ еске салар оны, там-тұмдап Жүрген жандар таяқ ұстап, қалтылдап, Жеңдік қой біз, сақтадық қой елді аман, Сол кез қазір секілді әсте болмаған. Дала жасыл, қып-қызыл боп жатыр бақ, Жеңген елдің рухындай лапылдап. Анда-санда ойшыл ана құр қалып Қояды тек жасын төгіп, ұрланып. Басқа дақтың бәрін жуды сәуле-өзен Сәбилердің күлкісімен бірге ағып...

ҚАРТТАР Алматыда кәрі көп, сәлемдессең бәріне тілің талып қалмайды, қол тозбайды әрине. Талпынғанмен көңілің уақыт жоқ, туысқан – не жұмысқа барасың, не қайтасың жұмыстан. Ғанибет қой қарттарға сәлем беру, жолығу, ол жолығу болады – не жетпесе соны ұғу. Сөйлемейтін жан олар не күлмей, не күрсінбей, әнеугі айтқан әзілі бойыма әлі жүр сіңбей. Қейбіреуі сыздықтап сауал тастар қыңырлау; «Балам, мына шашыңды өрейін деп жүрсің бе, ей?»

Жанарымен содан соң әрі сыншыл, әрі ойлы, бақайыңнан басыңа сыпыра бір қарайды. Сен кетесің онсыз да әлсіз мойының бір түсіп, Қарт қалады жүзінде – ой, миығында – күлкісі. Ақтарасың ішіңді, ақталасың жасымай: «біздің мода осылай, біздің мода осы ғой. Қарттарыңның модасы – таусылмайтын қонағы және осы дода-бас бізді сынау болады». Әр кездің өз модасы, шалдардың да шалы бар, сол модаға – шалдарға еліктеуші тағы бар. Ақылдының атағы – ақылсызға күш емес, үлкен үнді қайталар – жаңғырық қой, кісі емес. Көргім келер ылғи да: ақылды сол сыншы қарт орағытып алысты отырғанын шымшылап.

МОЛШЫЛЫҚ Бұл өлкенің көлге айналған шалшығы, майға айналып кеткен білем балшығы; кетіскенді келістірер көңлі бар, бөлінгенге берері бар енші ғып. Тұрмыс күйлі болған соң да жан асыл, жеңгейлер жүр үйге киіп жаңасын. Ит жатпайды сүйек үшін таласып, тәтті ұсынсаң – ұмтылмайды баласы. Кейбірі кем, кейі әрине артықтау, келін дәме етпейді екен сарқыттан. Шым жібектен шоферлердің көйлегі, пішеншінің шымылдығы – барқыттан. Еңбек қызу ал күн ыстық-ашық деп, жатпайды ешкім бригадирден қашып кеп. Машиналап есептейді астықты, арағыңды санайды да жәшіктеп.

Бәрі бар, тек жоқшылық жоқ, ниетіңе босағада керінбейді еш «жетімек». Салынбайды екен құлып шоланға, ұят бітсе сұғанақтың бетіне... Асық ойнауды ұмытып ем, дәл шыным: иірдім мен талай асықты алшы ғып: бір хатшыны шофер екен деп қалып, директормен шатыстырдым малшыны... 1967, 1982 КИІМ ДҮКЕНІНДЕГІ ОЙ ...Тоқтады ақыр «костюмдер» деген жерге, жүрген жандай кеудесін өлең кернеп: бірін өлшеп кең деді, бірін тар деп, үшіншісін шығарды төмендеу деп. Таппады ма шынымен мықты киім, бірі – жылтыр, біреуі – түкті бұйым,

нашар екен матасы деді, бірақ «кең» менен «тар» аузынан шықты жиі. Әрнені бір көсеу-қол көседі көп, пұлың болса талғамың да өседі үдеп. Бірақ маған өзге сыр тіл қатады, екі түрлі бетіндей бір матаның: кең деп кейіп іздегенше алас ұра, кең костюмды алмай ма ағасына, – үлкен бешпет қымбаттау шығар бәлкім? Жо-жоқ, ол қарамады бағасына. Тарды көрсе тарта ма салқын іші, тар деп неге айтады болса інісі, «кеңді» ағаға апарса, «тарды» – ініге, базаршының емес пе алтын ісі? Түк болмаса дүкеннің толғаны да, сай келмесе киюге, қолға алуға, «кеңді» киер ағасы, сыймай жатса шешіп берер іні жоқ болғаны да. Оңда мұндай ой жоқ деп өршеленбе; «тарды» алар ем бір іні берсе мен де... Кіндіктен жалғыз жандар кінәшіл ғой, бәр-бәрі тек өзімен өлшегеннен.

1967, 1982 БІР АЗАМАТ КЕЛДІ ДЕП БІЗ БІЛЕТІН…

(Калинин атындағы совхоз инженері Зейнұр Сейдеғалиевке.) Бір азамат келді деп біз білетін, ауыл барсаң көрсетер қызыметін. Бір сөзіне күлсең сен, одан сайын тырысады сөйлеуге қызық етіп. Өздерінше күлсең сен сақылдап-ақ, ағайынмен аралық жақындамақ. Үй иесі соған мәз; көрші-қолаң: келді десе алыстан ақын бала. Оңды-солды алдыңа сап тағамын, қысылтады сені аса баптағаны. – Бүгін мына төсті ұста, ырым болсын, ертеңге бар кемпірдің сақтағаны. Аға болып, қамқор боп, бауырға ала, өзіңе ептеп ұрсады – ауырлама; көргің келсе адал жан, биік жанды, аласарған кезіңде ауылға бар!

1967, 1982 СӨЗ ІЗДЕСЕҢ МАҒЫНАЛЫ, БАҒАЛЫ… Сөз іздесең мағыналы, бағалы, босқа өзіңді қамшылама, сабама, Ауылды ойла, тасып кеткен кезіңде – түсесің өз сабаңа. Ауыл бүгін оқымайды демеші, оқиды – тек кітаптардың төресін. Кездеріңде өзіңе-өзің сенбеген, ауылды ойла – сенесің. Ауылды, дос, артта қалды демеші, сонда жатыр адамдардың төресі. Ауылды ойла, кездеріңде тарылған – кеңіп сала бересің.

"ШАҚШАБАЙҒА" ҚАРАП Сұйық алтын – талып тұрған арай ғой, Үйдің артын малып тұрған арай ғой, көргің келсе «Шақшабайдың» келбетін, күреңітіп күн батарда қарай ғой: әр тамшы су күміс болып ағады, әр кесек тас алтын бола қалады. Жомарт болмас, Жұмбақ болмас дәл мұндай Робинзон Крузоның аралы. Көкжиегі бірте-бірте алыстап; қарысады қолың сенің тал ұстап. Ақ қайыңдар көлді кешіп кетеді, көтеріп ап жасыл-торғын етегін. Жіңішке бұлт қызарады тілдей боп; бояушыдан әнтек кеткен міндей боп; шыңның ұшы – алтын киік аумаған, әу деп қалсаң – ырғып кететіндей боп.

Байқа, байқа! Мұнда қара, тұра қал, Хабаршысы шығар түннің сірә олар қап-қара боп, ағаштарды тасалап, ирелеңдеп келіп қалды жыралар!.. 1967, 1982 ИМЕНШЕК СӘУЛЕ ЖҮЗІП ЖҮР… Именшек сәуле жүзіп жүр, жәй қысылатын сықылды. Жайнайды келіп қызыл гүл, қайғысыз ақын сықылды. Қайыңдар сұлу, сұрама, толысқан белің емес пе? Қарайып қапты жыралар – қамыққан көңіл емес пе? Жылжиды Тобыл жарқырап, арманды да болар-ау: ұлылардың артында қалған мұра болар-ау. Бұталар ойдан сызбай түк, бықсып-ақ тұрған шығар-ау, мені ұнатқан қызды айтып сыпсыңдап тұрған шығар-ау.

ЖУРНАЛИСТ Біреуді ізгі дегеннің өзі де ізгі ой... Ол жәй адам кәдімгі өзіміздей. Жазғаны да сонша бір елеулі емес, газеттерден қалсаңыз сөзін іздей. Тұнса-дағы тың тіркес, ой салалы, әр жазғаны жатпайды той саналып. Оның үшін бар құрмет жетіп жатыр летучкада арқаға қойса қағып. Таңертеңгі жазғанын кеш күдікпен оқиды өзі – Не бопты, ескіріп пе? «Есерден де жақсылық шығад – дейді ол, бірақ оған қарау жөн естілікпен». Сүрінгенді дем беріп, демей келіп, бүлінгенді теңгеріп, теңейді өліп. Жақсы сөзін себуге көмейдегі, жақсы адамның қалайды көбейгенін. Адал жандар, таныстар қимас қылық – пішенші мен қойшының сыйластығы... Әккі жемқор әкімін алдына ұстап, сылт-есепші сылтауын жинастырып қарбаласар;

тың тіркес, ой салалы, туып қалар, ойлауды қойса-дағы. Оның үшін бар құрмет бітіп жатыр летучкада арқаға қойса қағып. Жазып кетті... Ілікті.... Шатады деп, кейде арыз артында жатады үдеп. О, бейнетқор, бақытты бауырым менің, еңбегі бар – лаузым, атағы жоқ! 1967, 1982 ЯПЫР-АУ МЕН НЕҒЫП АЛҒАМ САМАЙДЫ… Япыр-ау мен неғып алғам самайды, кәріліктің келгені ме, қалай бұл? – өз көзіне өзі сенбей; шынымен қартайғысы келмей отыр ағайдың. Ақ мұрттарды жұлады да тал-талдап, сақалыма өтпейд дейді балтаң да. Айна алдында үбектеп кеп жөндейді әжімдердің кеткен жерін талқандап.

Сұлулығы – жастығы ма жеңгейдің, – оңғы кезде жеңгейге де сенбей жүр. Мезгіл жағады ақ қырауын өндіріп, ал, ағаның талдап жұлғаны – өнбейді… Уақыт сондай, Қырсығады, көнбейді, сақал, шашты, тек өзінше жөндейді. Одан сайын қартайтады ағайды, одан сайын жас көрсетіп жеңгейді.

1967, 1982 КЕШТІҒҰРЫМ ЕКІ ЖАН ЖҮЗІП БАҚҚА…

Кештіғұрым екі жан жүзіп баққа кіріп келді гүлді ұстап, қызықпаққа. Қызық тапқан жан үшін гүл-бақ егіп, бұлар тапты рақат үзіп, таптап: Жас жігіт жанын салды – қызулы еді, гүлдер тұрды алдында үзілгелі. Лақтырды біреуін ақ деп алмай, енді бірін тым ерсі – қызыл деді.

Отырды олар майсаны жаншып, басып, бір-біріне еріндер талшық тасып. Жұлды тағы бір шоғын мөлдіретіп, (кеткендей боп көрінді жер дір етіп) қолын созды бойжеткен үлгірмеді – қарт бағбан ақырып келді жетіп: – Неғылғаның жатқаның бүйір малып, асырайтын шөп беріп сиыр ма қыз... – түтін болып шал тұрды... (қарындасым, артық айтса айыпқа бұйырмаңыз). Намысты еді жас жігіт – ашу бар-ды, таспен ұрып бағыбанның басын жарды. Қан боп қалды кәрия, әлсіз қолмен жинап жатты гүлдердің шашылғанын... Кетті екеуі тағы да жүзіп баққа, Нені ұқпаса – дәл соған қызықпаққа. Гүл өсіріп бағыбан таяқ жесе, бұлар тапты рақат үзіп, таптап. Жалба-жұлба болды ала – қираған ба, әрең тұрды кей гүлдер қиралаңдап. Жігіт жүрді серігі асыққанша, гүлдер қалды үгіліп, жасып қанша... Бүлінумен ақыры бітеді екен сұлулыққа топастық ғашық болса.

1967, 1982 ГҮЛ МҰҢЫ (Монолог) Тегі менің шын екен жаралғаным өзге боп, көрінеді екенсің сорың үшін көзге көп. Бәрі сені қызықтап жатқанымен, шын ұнап кетсең егер көңліне – қояды екен жұлып ап. Қызығушы көп екен болғандарға әдемі, қысқалығы ғұмырдың – сұлулығының әлегі. Танисың-ау жақсыны, ей, саусақтар, әмірлі, сипай ма екен маңдайдан жұлу үшін тамырды! Ғашық болса біреулер – оған да мен кінәлі. Айрылысса қос ғашық – мен тапталам табанға, қалса екі қас достасып – сақтанамын одан да. Сүйіп тепсе, немене – гүлім дей ме сол үшін, тиіп кетсе денеме дірілдеймін сол үшін. Толған сайын қорқамын – сенен келер немене, қонған сайын қорқамын көлеңкелер төбеме: нелер жеңіл бүгінде – азаң батқан секілді, төбемде – өмір, түбімде – ажал жатқан секілді...

1967, 1982 ҚАМШЫ Бала десе – нан көрген кездерінде шешен еді шешеміз сөзге мүлде. Алла атынан алдымен алғыс айтып, ұстатты әкеп қамшыны жездемізге. Босап кетіп буынсыз кәрі көңіл, ойлап көріп жездеміз әрі-бері, қамшы үшін әкемізден қалған со бір, қуантты жарты қаптай тары беріп... Қамшы түгіл әке де сол дүбірде жоқ боп тынды. Қорлық қой көндігу де. Содан соң тек нан кірсе түсімізге, жездеміз де енетін болды бірге. Бертін келе шешеміз сөзден гөрі. түйер болды түсінде сезгендерін: «Қамшы осады түн сайын, дейді, арқамды, Сол қамшыдан айрылған кезден бері».

1967, 1982 СОҚЫР ТЕКЕ Көзді таңып, сүрініп, әкетті деп «жеті ұры» іздеуші едік жүгіріп, соқыр болып өтірік. Ұстата ма шын ұры соқыр түгіл, айыққа: кететін-ді бұрылып, таппадың деп айыптап. Ұстап алсаң, сор бұ да өшіңді бір аласың: көзін таңып, орныңа «соқыр» ете саласың. Ұстағанша, мазақ қып досың күліп, әрине, көретінсің азапты. көзі бардың бәрінен. Теке емеспіз, елікпіз, ей, балалық, желіккіз! Теке қоймай құтылмайтын едік біз. Кінәлайтын жұрт өңге айдаладан сөйлеп құр. Ұрсатұғын үлкендер жаман ырым ғой деп бұл. Жаман ырым? Жәйдан-жай сөз де айтылмас боп алды. бір ағамыз майданнан шын соқыр боп оралды.

Көздің жоғы жаман-ақ ербең қағып қолдары, әлдекімді шамалап ұстамақ-ты ол-дағы. Тайқып жүрдік жолынан, үрейлендік, отырдық. Кім түссе де қолына жіберердей соқыр ғып. Іздейтін ол тарығып, кеудесін бір кек кернеп, – бар қаскүнем, бар, ұры соны тонап кеткендей. Ұстата ма шын ұры, соқыр түгіл айыққа. Қалды ағамыз бұрлығып, әлдекімді айыптап. Біз қойдық қой, әрине, ойын қалды, жетілдік. Бірақ ағай әлі де ойнап жүрген секілді... 1967, 1982 СОҒЫС ЖЫЛЫ ЖАЛҒЫЗ СИЫР САУЫН-ДЫ… Соғыс жылы жалғыз сиыр сауын-ды, біздің ауыл сауынымен ауыл-ды. Күтетұғын сауынындай біреуді ел кісілікпен, махаббатпен жігермен.

Бригадир адам еді ол қара сұр – көп жұмыстан тотыққан-ау шамасы. Маңғаздана қарайтын-ды біздерге бригадир қонған үйдің баласы. Ауызына қарайтынбыз түп-түгел қарайтұғын бүкіл ауыл, бүкіл ел. Атын әкеп беру оның, тіпті де, біздер үшін төбелессіз бітті ме. Ешкім бізді жібермесе де ерікке, бір шыбыққа міне сала желіп кеп. Соған ұқсау үшін ашу шақырдық, шылым тарттық бригадирге еліктеп. Жалғыз соған шағынатын бір ауыл, түспесе де домбыраның бұрауы. тиятұғын тентек бала жылауын. Қиятұғын күлкілерін үлкендер, Жалғыз қолдың саусақтары секеңдеп, темекі орап, ылғи төрді мекендеп, күрсінетін еді ағамыз сол шақта «ел басқару қиын жұмыс екен» деп...

1967, 1982 БЕЛ ОРАҚТЫҢ ЖАРҚЫЛЫ… ...Бел орақтың жарқылы көзді кессе, найзағайдай – елестей Ол – «итжығыс» тәртібін білмегендік емес қой. Бала болып, тәп-тәуір ойнап едік, әрине. Айыр, күрек саптауды бұрын білдік бәрінен. Бұзау бағып, лақ бағып «шаруа жігіт» саналдық: жүгірсек те, мақтан ғып шөңге өтпейтін табанды. Желдеп кетсе бір ешкі шапалақ жеп – сый көрдік. Жасырынбақ, күресті кейін барып үйрендік. Ойын деген – әдемі, ойнамасаң – адамсың Шаруа біліп әуелі, ойнадық қой содан соң. Біз – осындай жандармыз; таң қаламыз тағы да: бала болмағандардың ақын болғандарына.

1967, 1982 МЕЙМАНДОС Ауыл барсаң «Волга» мін – үйлеседі, «Волга» міну қонаққа сый деседі. Ағып келсең алдыңнан әже шығар теріс киіп кебісін, кимешегін. Кісі келді, мезгіл жоқ кідіріске, асыққанға болады бұрылыс көп – сүрініп, бірін тастап, бірін істеп, кетеді үй маңы кіл жүгіріс боп. Қонақтан жасырған боп «кінәлі ісін», келінге інішек келер су алысып. Қарт кетер теріс қарап пышақ қайрап, – қалады жымың етіп бұған ішің. Жолшыға керек, сірә, сый да мұндай, хақың бар мықтылығыңа илануға, қақ төрге қисаясың қасиет боп, сол үйдің мейманы емес, «иманындай»

Жанынан сезіліп бір аңсау бары, әңгімесі – секілді ән салғаны: ақсақал қойын әуел сойып алып, сұрайды ат-жөніңді сонсоң барып... Бір үйдің өзің енді күтімдісі, көсем жігіт, көңілі бүтін кісі кеуде хош, мықтысың да мықындысың.. Босаған көп шөлмекті көрген кезде қонақ емес, шапқыншы сықылдысың. 1967, 1982 ТОБЫЛ Қару ғып қайсарлық пен қоңырлықты, қара су қазып апты-ау жолын мықты. Әдейі көзін алдау үшін көптің Табиғат қайратты ұлын момын қыпты. Шалдардың әзіліндей епті, астарлы, Толқындар қажайды еппен көк тастарды. Жағаны жаймен сипап аймалайды, орнына жалғыз қарпып жеп тастаудың.

Сыр, мұңын көрсете алмай жайып бекер, бәрін жайып көрсетсе – байып кетер... Тайыз боп танылғысы келеді оның сонда осы... терең болу айып па екен?! Аяйсың. Сүйінесің, жүгінесің, құмартып тереңдіктің түбіне осы. Неғұрлым терең болса өзен деген, со ғұрлым үңілесің! Құбылып, қыртыстанып, не түрге еніп жатпайды ол; болмаса аздап көпіргені. Сабырлы, салмақты оймен ағад Тобыл қазақтың қара өлеңі секілденіп. 1967, 1982 ӘРКІМНІҢ ӨЗ ЖҰПАРЫ БАР… Әркімнің өз жұпары бар. Әр қилы болады екен таланттар да бұл елде: бәз біреуден гүлдің исі аңқиды, бояу исі бұрқыраса біреуден.

КЕСІРЛІ ОЙЫН КЕЙ ЖАННЫҢ ТЕЗ ҰҚПАҒАН… Кесірлі ойын кей жанның тез ұқпаған Кездерімде керемет төзіп бағам. Ондай шақта жүдеген жүзімді мен Қабағынан жарымның сезіп қалам. Асау күшін өлшейді қазығымен, Осал табар сөз астын қазып үнем. Астын қазсаң – су шығар бір жол жазсам, Ұғам оны достардың әзілінен. НҮКТЕ Көз алысқа қадалады не біліп, күйші қапты не берілмей, не көнбей. Көкжиектен бір қарайған көрініп, содан енді адаспайын дегендей. Телміріпті тесіп жіберердей боп, кірпіктері жебе болар садаққа. Мынау дүние – толып жатқан жерден көп жалғыз нүкте қадалуға жарап па.

Сызық еттім нүкте түссе қолыма, аялдатып көрген емес түк мені. Нүкте қоям кез-келген жол соңына, таппаған соң ең негізгі нүктені. АУЫЗЫНА ОЛ СЕНБЕС ЕДІ… Ауызына ол сенбес еді, бірақ та Дәм салғанда сеніп қала береді. Сенер ме әсте күй естіген құлаққа, ешкім тартып ауыртпаған соң оны.

АСАУ Ақ пейілді ауыл халқын білсем де, Жылқышылар сұрамады кімсің деп; Жалғыз-ақ тек қымыз ішкеніме қарап, Асау берді, Жігіт екен, мінсін деп. Тым адуын жануардан сақтандым, Алдап тұрып артпақ едім тақымды – Білмек болып жүрегімнің «орынын» Шабынан кеп түртті біреу атымның – Батып кетті-ау! Атып кетті секіріп, Әйтеуір басын ұстап қалдым бекініп. Әзілін сол жаңағы қу жігіттің Елемеген боп жатырмын өтірік. Қулар: енді бата алмас деп жүрегі,

Ауыздықтан алды келіп біреуі, Қолтығымнан сүйемек боп біреуі – Үш-төртеуі қатар келіп тұр еді; Мұны көріп тұрған бір шал күдік қып, бала күнгі намысымды тірілтті, Зекіп қалды ол: «Мінеді ғой өзі де, Тәйт, әрі тұр, қорламаңдар жігітті!» Қайрат болып бітті білем шал сөзі, Қайтыңқырап қалсам-дағы қанша өзім. – Қарғып міндім... Күлімсіреп қарт қалды, Қалды әзілқой жігіттердің тәлкегі. Кеттім ағып, Мен деген – мен еместей, Шұбарытып жатты дала елестей, Жігіт атану – неткен абырой, Дегенмен, Асау міну – қымыз ішу емес қой. Мен осылай мінгем атқа; Тартыпты-ау Сол асауға кездерім де малтыққан... Кейін ұқтым... қарттың құны не екенін, Сүйетпеудің не екенін қолтықтан.

ЖАҚСЫЛЫҚ КӨП МЫНА ӨМІРДЕ, ЖАС ЖІГІТ… Жақсылық көп мына өмірде, жас жігіт, Күдік айтып қанша саған керегі, Кім – қолынан келмесе егер жақсылық, Ол – өзгенің жақсылығын көреді. Жақсылықты танымасаң – қорлық та, Жақсылықтар сатылмайды сірә да; Ең «Қайыршы» деген жан да сондықтан Бір жақсылық еткісі кеп тұрады. Ал, ізгілер жасамаса жақсылық Ауырады, батқандай сын, ағайын. Жауыздар да жасай алар жақсылық, Бірақ одан сақ болғайсың, ағайын! МАҢДАЙҒА ӘЖІМ ТЕРЕҢ-ТЕРЕҢ ҚАЗЫЛЫП… Маңдайға әжім терең-терең қазылып, Бір терең жыр кетсе дейсің жазылып, Көп сыншының өзіңе айтқан кінәсын, Опынасың, аз ұғып.

Қайбір әділ достарыңды қазы ғып, Соларға ойша қарайсың да шағынып, Сонау күні кетіскен бір құрбыңды Отырасың сағынып. ТҮКТІ ДЕ АЙТЫП БІТІРГЕМ ЖОҚ, ХАЛАЙЫҚ… Түкті де айтып бітіргем жоқ, халайық, әлі отырмын бір мықты өлең таба алмай. Ақ беттерім барады тек азайып қомағайдың алдындағы тағамдай.

САРЫЖАЙЛАУ Басталды күй бір ырғалып, Күйші отырды «кел де келге». Күлсе қыздар жымың қағып, күй қайтеді жеңбегенде! Күй сөйледі – тынды бәрі, соқты теңіз көкіп жарға. Жапырақтың сыбдырлары араласты толқындарға. Күрсінді күй – не тіледі, Келді бір сәт «бер де берге». Жеп-жеңіл үн секіреді пернелерден-пернелерге. Күйші бір сәт күлді міне, ой күдіктен болды ма ада. Жата кетті бір дүние Иегін сүйеп домбыраға.

Жайлау – сары, жалқын гүлі Сардаламен сыңсып ақты, көлеңкенің салқындығы жылылығы күн шуақтың; жапырақтың сарғайғаны, күзгі құстың сайрағаны; Жылқышы әні шалғайдағы, Үйде қазан қайнағаны – қосылды да бәрі, бәрі... Исі, түсі күйге сіңген. Жыр жолы да ағылады Күй секілді үйлесіммен. Келді кенет тұман жым-жырт

тұман жапты кепелерді. Бар үмітті күмән қылғып, Жұтып алып кете берді. Күлді Тотаң тарқап мұңы, Жеңілдетті іш құсаны. Тәттімбеттің бар шаттығы Бірақ бұлдыр түске ұсады. Ұшты жапырақ қалқыды да, сыбдырын сай тыйды кенет: домбыраның алқымына кек тірелді бір керемет. Күй сағадан бұрылып ап кетті, тағы... неге егесті? Бірі тұрып, бірі құлап көп толқындар төбелесті. Қайда, қайда... бар жаңағы бір-бір адам жүз көрінген?– Күйші көңлі қарманады Әлдекімді іздеп үйден. Толқыды күй, жыра сайды Толтырды да алға аттады. Әр қырқаны бір асады, Әрбір тауды салмақтады. Күй – кек еді, жетім кегі, Әр жетімді құшақтады; өрт теңіздің бетіндегі көлеңкеге ұсап бәрі, өрт үстінде тұрды қалқып бірі шошынып, бірі құмартып... Сұлулықты сырлы етуге Келді екі ішек бір «жетімге»– Көрді Тотаң күй бетінде, Көрді өз бейне-суретін де. Беті сұлу, ар жағы дерт, шикі дүние – жаман еді: арман өсіп, арман үдеп, кішірейді адам өзі. Күйдің жағы талды жырлап «Сарыжайлауды...» заманын да. Іркілді күй, қалды кұрғап Домбыраның тамағында. Күйші жанға батқан кекті жіберді әрі сәл жұтынып. Күй көтерді аспан-көкті, Күй аспанда алды тұрып... Бір боранда, бір жаңбырда қазақ көшті қырдан-қырға, Күй де кешті қырдан-қырға, іздеп бізді – келешекті. Барлық дала – бір домбыра,

мезгіл қолы шебер шертті. Түскенде арай кешкі көлге, Жаңарды ылғи көне күйші. «Сарыжайлауды» естігенде боз жусанның келеді исі... Әкел, өмір, күйіңді әкел, күлмек едім күйіңменен. Күй көңлімен сыйынбақ ем, Күй басымен иілмек ем! Шертем Тотаң күйін бүгін, көрген жоқ қой құмар тарап. Туған жердің сұлулығын «Сарыжайлау» жүр арқалап. Әр нотасы желпінтеді, Әр нотасы мұңайтады «Сарыжайлаудың» жел тілдері, Жел тілімен Күй айтады: Тыңдаңыздар – тамаша бұл, отырыңдар мұнда, бері, Көркемдікті қаласа кім, болса содан кім дәмелі; кім зар-мұңның татса дәмін, сол қарасын аяп маған! Солар үшін басталамын, солар үшін аяқталам».

АҚСАҚ ҚҰЛАН I Хан түгіл, баласы да – қызба халық, бірінің құмары бар жүз балалық. Беред деп бал-сөзді де тұзға малып, Қой, достым, күні бұрын сыздамалық. Ерттеп ап атын осы бала бір күн, жөнелді айдалаға алабұртып. Кемпірлер кемсең қақты, тұғырында дір етіп бір сілкінді қара бүркіт. II Жар салды қаһарлы хан, жинатты елді; адамның беріктігін – қинап көрді... Ақыры кім естіртсе бала өлімін қорғасын сол көмейге құймақ болды. Қаралы ел қарамайдай тұнып іштен, шыдады зор қайғыға ұлы күшпен.

Күш түсті отыз тіс пен тілге мүлде, болғанда кеткен ұлға жыл кемінде. Үркуге ел дайын тұрды – қора қойдай, немесе, қара ормандай күңіренуге. Осындай бір күндері, көлді жасыл көрді де қарт жолаушы көмді басын. Содан сон, «ханға!» деді, үрпиісті ел, мылтық деп арқалаған домбырасын... Жолшы бір көк бет екен, тәмәм бұ да көп кіріп жалыққан ба хан алдына – ешкімнен емеурінсіз домбыра алып, хан мінген тақ жанына қонды барып. күй кетті. Қатал еді хан құлағы, бес саусақ перне теріп қаңғырады. Дүбірлеп жөнелді бір жортуыл-үн, Дала ғып көкірегін домбыраның.

Ол әуел сәл жылынып, тыңдады ұйып, артынша-ақ бұл үмітті құмға құйып, аз жібу хан жүрегін ішек бойлаған бес саусақ бүрді келіп,– бүрді ақиық. Күй айтты: көз жас,– деді,– су асылы, болса асыл тозбас деді сірә асығып. Әйтеуір, кеңге шыққан толқын құсап, долы хан жайылды да жуасыды. Төмендеп кетті кесір кірпігі де, асаудың ақылы – сап, ырқы міне байланды бір пернеге... Түк болмайды-ау, аударсақ күйдің тілін жыр тіліне. III Ағызып бір қыратты бір қыратқа шаң жуды, келеді улеп үн құлаққа. ханзада шапты келіп, бөрте-төбе бөріктей дөңгеленіп сырғыды артқа. Жел байғұс бас-көзге ұрып бір ызғыды-ай, жырлады қамыс-қоға сыбызғыдай;

жер – дүние шулап, сарнап жатса-дағы жалғыз-ақ тіл қатпады нығыз құдай. Кенеттен... тұяқ үні... Мына қара Шұбырған бұл немене шұбар-ала! «Әйтеуір аң шығар» деп, Садақты сақ қолға алды, ұшты жебе тарақ құсап. Ұқсаған ұзын сирақ шынарға тік, әр жерге екі-үшеуден тыраңдатып, жас аңшы жыға берді құланды атып. Қайда ол – бірі түгіл, жүзін де аяу, жүзінен жалғыз тамшы үзілді ояу. Содан соң түкті түстеп көре алмады – бәрі де болып кетті қызыл бояу. Құм – қызыл, ағаш –қызыл – қызыл бәрі, қосылып қызыл бояу ызыңдады. Шоқтай боп жанып тұрды қызыл дүние, көк, қара, ақ пен сұрдың бұзылды әні – сұр тастар қызыл гауһарға ұсап қалып, қызыл су ақты бәрін құшаққа алып. Қөк орман қып-қызыл боп алды тұнып... ал, енді мына апаттан ал құтылып! Құлан да құтылмады! Бірақ анау жебеге жалғыз құлан құламады-ау. Өзі ақсақ, шапты тағы өрге малтып, бар түгі шықты кенет төрге қалқып. Намыспен жаралы аяқ тепті жерді – Құланға ақсағаннан өлген артық.

Ханзада бұл майданды тегін ұтып кетпек ед... қалды бірақ оғы бітіп. Осы сәт... Құландықпен ащы да аршыл, аңшыға Ақсақ құлан шапты қарсы. Тарқады қызыл бояу – қып-қызыл нұр, тартылды қызыл өзен... бітті, үзілді. Дүние тапты өз түсін сонда ғана, бәрібір қасіреттен болмады ада – қуатты ажал сепкен жан да жаңа айналды омырылған дарбазаға. Қабырға қауырсындай шырт-шырт сынып, орнатты омыртқаны шықшыт қылып. Жылт етті алтын телпек тұяқ астында, қызыл су зер-шапаннан шыпшып шығып. Үн кетті, үш аяқтап ақсап кетті, көңілге қарауытқан дақ сап кетті, тұяқтан ұшқан тастар жасқап бетті, бір тастың тасасында бас қап кетті...

IV Бұрқырап беті бейне қара түбіт, Орнынан тұрды сол сәт хан атылып: «күйіне қу ағаштың жуасысам хан болып керегі не жаратылып! Ал жұлып домбыраны қолдан ана, дұғаңды оқы жылдам, молда бала, балқытып қорғасынды әкел бері – бұл кегім: балам кегі, Әкем кегі – тос жылдам көкірегін домбыраның, ол айтқан сұмдық хабар болды мәлім. Екінші еш өлімді есіттірмесін – тіліне қорғасын-мөр қондырамын!» Қос ішек содан бері... пернелері осынау аңызды айтып тербеледі; қорғасын құйса да, сол қара шанақ қалыпты бір ғұмырды арашалап. Кеппеді екі ішектен күй ылғалы, әкімнің өнерге өтпей бұйырғаны қайғыны – хабар етіп жеткізгенге қорғасын одан былай құйылмады...

НАР ИДІРГЕН Ыңырсып, әлсін-әлсін боздаған үн төбесін шымырлатты боз даланың. Не қарғап, не бір дұға оқығандай еріні қара нардың қозғалады. Жоқ шығар бұл жалғанда жетім өзге? Бір азап бар секілді етін езген. Дүние буалдыр боп.. аунап кетті қос тамшы баданадай екі көзден. Келеді бір қыз бұған күнде ырғалып, бө-бө-леп, жасыл шашақ жыңғылды алып, Майда қол нар мамасын сипай тартса, шелегі тұратұғын сыңғыр қағып. Тырсиып жатты алдында қара тұлып, алдау мен мазақтаудан жаратылып. Иісі бар сол тұлыпта ботақанның, әйтпесе тебер еді нар атылып...

Кенеттен үн жетті бір құлаққа ағып; сылқ етіп құлап түсті бұлақ талып. Күй жетті әлдеқайдан еміс-еміс, бір тұрып, бір жығылып, құлап қалып. Қара нар жаутаңдады, түк көрмеді, сол ма еді, кең дүние, біткен жерің! Естілді әлдененің боздағаны, көрінді әлдененің бүктелгені. Күй кетті термелеп бір, төкпелеп бір, Мұңға-мұң жамала кеп дертке жетті. Бота боп боздаса да бүкіл алап, қара нар берілмей тұр – өкпелеп тұр. Күй жатты еміреніп, керім келбеп; нар тұрды бедірейіп, берілмен деп. Дүние кетті қалқып, қылт-қылт етіп әр жерден бір-бір шоқы көрінген боп.

Жоқ шығар бұ жалғанда жетім өзге? Дүние су боп тұнды екі көзге. Қара нар қасарысып тұрып алды, айналып бауры мұзға, еті – безге. Қара нар қазығынан шыр айналып, ұға алмай не болғанын тұр ойланып, күңіреніп, көкірекпен боздаған үн ағызып барады алыс боз даланы. Қара нар аласұрды, – жаны ышқынып, күрсінте қозғады күй алыс мұңын. Табар ең бір ұқсастық, білсең егер күй менен жетімдікті салыстырып. Аруана без-без етті, дірдек қақты, алғандай аяулысын кірлеп қатты. Бауыры сыздап кетті... Қасарды әлі жеңем деп тағдыр атты бір бетпақты.

Күй кірді бота болып түртініп бір бауырына ана атанған тіршіліктің. Ағылған аласапыран – сиқыр сурет көзінде бота болып іркіліп тұр. Кенеттен... Салды ауызды әлденеге, бұ шіркін азу салса – әлдене ме! Найзағай басқандай-ақ, табанынан бір діріл тарап жатты бар денеге. Қара нар басты азуды, салды тағы, тағы да... тағы тістеп қарбытады. Құныға жас ботаның жұтты иісін – (Шытырлап сынды кепкен тал бұтағы.) Сүйді иіскеп, қасаң-тулақ манағы өлік баурына енді сол сәт қара болып. Қасірет қатырған сол бір қайсар бауыр қайтадан шыға келді ана болып... ИІПТІ НАР ОСЫЛАЙ… Иіпті нар осылай. Сүт құйылды қатты өмір күй алдында бітті, иілді.

Бұлттың да бауры босап, тіні жібіп – боз жусан тамшы тағып, шық киінді. Бұлақ та жалт-жұлт етіп күлім қақты, ебелек екі көзде діріл қақты. Ұқпады не болғанын Қара нар тек: алдында пәре-пәре тұлып жатты. Аузында аруананың бір шөкім жүн үлбіреп, тұрды өртенген гүл секілді. Жаңағы сиқырлы үннің орынында құнысып бір шөкім боп күйші отырды. АХМЕТ ЖҰБАНОВ "Дирижер"

Пультте тұр, ойы жалқын, даңқы лаулап Жайы жоқ күйдің кәзір аңқымауға. Шаш жатыр шалқасынан, батып-шығып Басына кеткен білем толқын аунап. Саусағы шыққан кезде биік қалқып, Кей үнді бір пернеге түйіп, сарқып. Дүниенің тарқатылған барлық жібін, Тұрғандай екі қолға жиып тартып. Жөнелер әдемі үндер күліп тұрып, Таяқша жібергенде тіліп-тіліп, Дирижер үбектейді пәре-пәре Әлденені тігердей біріктіріп, Әлденені түтердей түбіт қылып. Сотқар күй кеткен кезде шекені ұрып, Жатқан шаш бірте-бірте көтеріліп: Пультте тұрады Ахаң дәл осылай барлығын құдай құсап жеке біліп. «Би күйі»

Бұрқырап жөнелгенде осы бір күй, Ойлайсың жалғыз тал гүл өсіруді. Ту сыртыңда тұрады орман қалғып, аунайды өзен алдында есігіңнің. Кетесің өз-өзіңнен екпінденіп, Басқан аяқ тиердей тепкің болып.

Тегеуірінің темір боп, құлшынасың біреуге бір жақсылық еткің келіп. Әлсіздіктің өзінен күш ап тағы, Ештеңені келеді ұсатпағың. Кей досыңнан безгің кеп ілік тауып, Кей жауыңды келеді құшақтағың, Бал ұйыған секілді таңдайыңа, Ойлайсың ел жайында, ән жайында. Көк желкеңнен ұрардай бар жұдырық, Бар алақан сипардай маңдайыңнан. Тұрмайсың тірі жанға кезек беріп, Жырлайсың өткірленіп, өжеттеніп. Әйтеуір әр-сәрі емес, барлығына Қарайсың ғашық болып, не жек көріп. Төгіліп жөнелгенде осы бір күй, Аңсайсың ән мен күйді өсіруді. Ту сыртыңда қалады орман ұйықтап, Өзен аунап алдында есігіңнің.

"Әңгіме" Күй бірде скрипкада күйіп, түлеп, Айналып ақ көңілді сүйіпті үдеп. Үзіліп кетіп ішек – Аңыз айтады: Ақаңның бір көзіне тиіпті деп. «Бір басқа бір көз соған жарап қапты» Тағдырды әрі айыптап, әрі ақтапты. Бас жалғыз, Жүрек жалғыз, Көз де жалғыз – Күйдегі Құнанбайға ел қарап қапты. Жүріп ап отыз жасар адамдай тік, Қосыпты күй сандыққа бабамды айтып. Көп құлақ көп ауызға сене қалсаң – Алмапты ол скрипканы содан қайтып. Солай ма, басқа ма әлде – біліпті кім, Кім өлшепті аңыздың биіктігін. Шығарады әйтеуір әр түрлі аңыз мақтарда жұрт, өзінің сүйікті ұлын... "Ақаң" ...Сөйлетуші ек жиылып со шалды бір, Кездерінде күлкіге қосар мұңын.

Сезілетін осалдық кей сөзінен, Ол да бірақ мықтының осалдығы. Жылтырата ойлар ек біз жаңаша, жаңамызды кей ескі «тұздамаса» Өнердің жастығы ғой деп қоямыз, Алпыстағы атаға қыз қараса. Жүрген адам емес қой құмарды ойлап. Тас лақтырсаң – терең де шығар қайнап. Үлкендердің күй күнгі ұсақтығын Жүрміз, әйтеуір, тым жиі ұға алмай ғап. Күшті жандар жасырғыш күшін дейді, – (Болады таласпауға, ісінбеуге). Ақаң сондай. Тереңдік – содан шығар, Содан шығар Ақаңды түсінбеу де. Өзін бірақ қоймады мақұлдатпай, Жырға қостық сол үшін атын баптай, Бәрімізді іздеді ол күні-түні, Бірімізді маңына жақындатпай. Қазақ жомарт деседі «қиын» ұлға, «Қиын» бүгін – мықты боп құйылуда. Мықты адамнан өз басым алыс жүрем, алыс жүрген жақсы ғой сиынуға.

КӨРГЕН КӨЗДЕР КӨБІНЕ ЖАҚТАЙДЫ ҒОЙ… Көрген көздер көбіне жақтайды ғой, көрмеген бар деуге енді батпайды да ой: көрінбесе күй түбі – терең шығар, ал, терең – көріну үшін жатпайды ғой. ЖЫР БОЯУЫН ТЕҢЕУ ҒАНА ЖЕТКІЗЕР… Жыр бояуын теңеу ғана жеткізер, теңеу іздеу – ғашықтықтың бір түрі: ұзақ түнді кірпік ілмей өткізем, жазу үшін бір сұлудың кірпігін. ХИКАЯ ...Ат шананың үстінде тұр топ адам, орын берді ығысып жұрт арадан – отырды әкем. Жүгіріп әжем үйден алып келді, есімде бір таба нан. Әлде бата, әлде ырым іспетті ме, көндірмек пе «құдайды» күштеп тілдеп? Кетік нанды ап кірді әжем үйге – әкеме шетінен бір тістетті де.

Содан әжем, жығылған есеңгіреп, ұрсып-ұрсып жұбатты шешемді кеп: «баланы еміз, бұзауға шөп әкеп сал, жұғын етпей жусаңшы кесеңді» – деп. «Жүрек бұрса құдайға – жай бұрмаған, пәнде басын тәңірім қайда ұрмаған! Тістелген нан ешқайда жібермейді, жібермейді – келеді, қайғырма оған. Ырым ғой бұл, алла бар, қалмайтұғын, нан жарықтық бақсы емес алдайтұғын, ерте болсын, кеш болсын қайтып келіп, тауыспақ ол осы бір нанды әйтеуір».

Келіп жатты майданнан... кетіп жатты... жаназаға, тойға да ел жетіп жатты. Жау қанша адым шегінсе жерімізден, сонша бала білмеппіз жетім қапты. Күте-күте жақсылықты одан-бұдан, мешел әжем жайғасты төр алдына. Қара шашы таусылып – қайғы қалды, семіп жатты сандықта ораулы нан... Жылдар өтті... Әжем де әлі бітіп, кәрілікті мезгілден алып ұтып. Сартап болды сандықта нан баяғы, ол да жатыр, қарашы, әлі күтіп. Үміт шіркін жақсы ғой – жанға жайлы, мен де күтем – оны әжем аңдамайды. Сенердеймін мен де оған – кетік нанға, ал, шынында нан бар ғой? Алдамайды!... 1967, 1982

ЕСТЕЛІК Қарыса әлі сол соғыс ызғарлары, ол да сенен шығар-ау із қалғаны. Кеселер түгел сынып үлгірген жоқ, көнергенмен дастарқан сіз бардағы. Қыз-ойнаққа айналып сұқпат кешкі, қара етіктің табанын мықтап тестім. Төр төсектер бүтін тұр әлі бірақ, үйткені оған сенен соң шықпапты ешкім. Сіз бардағы біткенмен қазы, қымыз, көп аузында әлі жүр әзіліңіз. Кім біледі жығылмай тұрған шығар, бір жұртта ат байлаған қазығыңыз. Домбыраң да сондағы бұрауында, ішекке қонған тозаңын тұр ауырлап. Сен мінген ат сүйегі қурағанмен, сені көрген кісілер жүр ауылда.

Бәрі ескерткіш өзіңе тұнып тұрған, бәрі сені келеді ұмыттырмай. Жанды, жансыз – бәрі де сені айтады, әжем қайтсін келер деп үміт қылмай. 1967, 1982 ҚЫЗДАР Сүйіп қалса – аһ ұрып, алданады гүл иіскеп; билер сонсоң қатырып «чарльстон» мен «твиске». Жаңа жылап, енді, міне, күліп тұр – о, түсінем, түсінем: «Ұятсыз» деп тілдеп алып жігітті аяйды ептеп ішінен. Ұнатады қазіргі қарындастар сезгенді, өткірлеуін әзілдің, астарлысын сөздердің. Ұнатпаса – күліп құр, қоштасумен шектелер. Бәрінен де жігіттің, жасықтарын жек көрер. 1967, 1982

МЫҚТЫЛЫҚ БАР, ОСАЛДЫҚ БАР ҒАЖАЙЫП… Мықтылық бар, осалдық бар ғажайып сұлуларда, соның бірін жазайық: Мықтылығы – ғашықтары көп оның, осалдығы – соның көбін елеуі. Мықтылық бар сұлуларда не түрлі, ең бастысы – осалдығы секілді. ЖІГІТ СӨЗІ ЖЫЛЫ ТИСЕ ЖАНЫНА… Жігіт сөзі жылы тисе жанына қыздың тыңдағысы келер тағы да, ойламайды сол жігіттің бір кезде жалтақтарын өзге қыздар жағына. Сыпайы емес, рас, бәрі бір ыңғай, қайсыбірі жүре алмайды «ұрынбай» – қыз таң қалар ыстық сөзін жақсының, жаманның да айта аларын ұғынбай. 1967, 1982 ОСЫ ЖЕР ДЕП КЕУДЕНІ… Осы жер деп кеудені қос анары түртіп бір, ыза-ашуы келіп еді – алды шылап кірпікті.

Бір кеш жалғыз жүрер де, екінші күн кетеді: назын айтып біреуге бір арылса жетеді. Түсін, мейлің түсінбе, сенің де өтті қорлығың, сорлы болмау үшін де, кетеді қыз сорлы ғып. Ойланып ал әуелі, кінәлама адамды: сұлуларың әдемі сүйіп кетсе жаманды, әуре болма үгіттеп; жорта істейді қыз байғұс: жақсы, жақсы жігітте оянсын деп қызғаныш. 1967, 1982 ОТ БАСЫ Жарақат бар жанымда – ашып қалма, атом жәйлі, жер жәйлі ой осып салған. Аштық пенен жетімдік туралы ойлар, ұйқтап жатқан ұлымды шошытпаңдар. Түнгі ойларың түк те емес – жаза ғана, әр минуты келеді азап ала. Жесірліктер туралы қасіретті ой, ауру, кәрі шешемді мазалама.

Ұл қайғысыз еркі бар есеюге, қайғы адамды өсірер десе – күлме. Тек айрылу туралы ашқылтым ой, дөңбекшітпе жарымды төсегінде. Ұйқта тыныш үй-іші, санаңды ап шын алаңдатса тек жақсы ой алаңдатсын. Жұмсақ төсек, дүние – сендердікі, бататыны болса, тек маған батсын! 1967, 1982 ЖҮРЕ ТҰРШЫ… Жүре тұршы, пұл болғанша бір малың, өлімді ойлау – не берер, жүре тұршы, үйленгенше ұлдарың, есейгенше немерең. Қопарылсаң тым ерте дауыл күнгі емендей, ұл-немерең күні ертең, «әжем қайда» демей ме? Не айта алам, ұл – ынжық, не бере алам енші етіп; Отырам ба күмілжіп, суретіңді көрсетіп?

Қарау керек «обалға», немереңнің бата – емі. Керек шығар оған да, бір «шүйке бас» әперу?.. 1967, 1982 КӨҢІЛІМНІҢ ЛЕКІТПЕСІ СЕКІЛДІ… Көңілімнің лекітпесі секілді, шідерімнің бекітпесі секілді. Отау үй боп құралғанда ең алғаш көрші берген кетік кесе екілді; қолға сеніп: «шап» дегенім секілді, жанға сеніп: «шат» дегенім секілді, тұңғыш ұлым, ең қымбатым, сенімім, тұңғыш жазған сәтті өлеңім секілді. 1967, 1982 ШЫНДЫҚ Неге мұнша кешікті деп таңдана, ас пісіріп күтпе көп; жерім де көп бармаған, ісім де көп бітпеген. Кешікті деп қарама, ерте келсем – ол да сын. Жүрдім, рас, далада, үйде өзің болғасын.

Кінә тақпа, құрсыншы, күттің, рас, күнімен. Ауырып қап бір сыншым, Көңілін сұрай кіріп ем. Күткеніңді – ар көрме, мән берме ондай-ондайға. Жалақысы бар жердің, Жиналысы болмай ма. Өкпелейсің несіне, ал, айтайын дұрысын: кетіскен бір досыммен табысып ем сыра ішіп... 1967, 1982 БІР ТАҒДЫРМЫЗ… Бір тағдырмыз, қайғы арман ортақ бізге соққы да; бір қазыққа байланған екі жетім тоқтыдай, екеуміз де ынжықпыз, екеуміз де сенеміз, екі ұшындай бір жіптің бір-бірімізге ереміз. Бір тағдырмыз, дегенмен дауымыз бар не түрлі. Ұнатқан бір өлеңді екі оқушы секілді. БОЛМАҒАН СОҢ МАХАББАТСЫЗ… Болмаған соң махаббатсыз. сүюсіз, өмір өссе – атамақсыз: тыюсыз.

Қалай ғана тыйылады, ырғалған қыз бен жігіт күйіп-жанып тұрғанда. Жазғырасыз жанды-гүлді, түк ойсыз: махаббаттың мәңгілігін тілейсіз. Қалай мәңгі демек едің, бір жанға: айрылысу менен өлім тұрғанда. 1967, 1982 ШЫМ-ШЫМДАП СЕЗГІШ ЖҮРЕК СЫЗДАРДА ӨЛІП… Шым-шымдап сезгіш жүрек сыздарда өліп, маған – жылу, жар үшін ызғар болып, қолтықтап конспект, кітаптарын, тұрады біздің үйге қыздар келіп, Имене амандасып, иіп басын, сабағын әңгіме ғып, тиіп-қашып табақтан қос саусақпен шымшып татып, отырады жарыммен иықтасып.

Атып бағам әзілмен, тілмен көздеп, жанады олар сөз сырын білген кезде. Жар отырар жалтаңдап екі жаққа, жатыр ма деп бір пәле күлген көзде. Қысыласың, сол сәтте сезім күшті-ақ, өз пиғылың алады өзіңді ұстап. Аға болып, әке боп, содан кейін отырасың кінәсіз сөзіңді ұштап. Отырасың «сап, сап» деп, сүйіп барып өзіңді-өзің жатырқап, күйіп, талып; өз жүрегің еместей кеудеңдегі, өз көйлегің еместей иықтағың. 1967, 1982 ҚАРАЙ-ҚАРАЙ ҚАСЫҢА… Қарай-қарай қасыңа, қарлығашты ұнатқам. Қарай-қарай шашыңа қара орманды ұнатқам. Көп үңіліп көзіңе тереңдікті таптым ба. Ери-ери сөзіңе, ерімес боп қаттым ба.

Қуа-қуа сезімді сездірмеуді үйрендім. Көре-көре өзіңді, көрші қызға үйлендім. БАЛА БОППЫН… Бала боппын: бақ талап, ойламаппын ғұмырда; жалғыз ұлды қақпалап, өзіңді шын ұғуда. Бала боппын: көрдің бе, бата алмаппын дірілдеп, сенен өзгелердің де жақсы екенін білуге. Есейіппін: қызумен жүріп қалып кешқұрым, кешіккенде жүзіңнен бір суық сөз естідім. Есейіппін: бүгінгі қабағыңнан түсінген, және де... өз мінімді ойлай-ойлай ішімнен. 1967, 1982 ШАРАСЫНАН ЖҮРЕКТІҢ АРМАН АСЫП… Шарасынан жүректің арман асып кеткен кезде жас төгіп алған асыл. Көз жас үшін біреуден ұяласың, біреуге көрсетуге арланасың.

Тар көрініп кең пейіл үй-іші бір, аз көрініп жарыңның күміс үні, жаныңменен алғашқы жылағаның, секілді екен алғашқы сүйісуің. Тиген шақта тұрмыстың балғасы дөп, жаншады екен бір сәтте бар қасірет. Алғаш рет кісіден көңілің қалып, танисың-ау өзіңді алғаш рет. Одан әрі? О, досым, сұрама әрі – домбыраңның құлағы бұралады: қайғыра алсаң, ол – сенің жұбанғаның, жұбанғаның – сезгенің күнәң барын.

1967, 1982 АЙТҚЫШ ДЕЙДІ БІР АСА… …Айтқыш дейді бір аса, әзілдері – жанар май; сұлу-сұлу құдаша, сүйіп-сүйіп алардай. Дастарқанда – тамада, тұрады-ау бір қыдиып, қыздар жағын бағалап, жігіттерге жымиып. Жымияды… Сонымен бәрі “оңдалып” жөнеді, бір қалыңдық жолымен он қалыңдық келеді. Той көбейер (үндеме), той соңында: о, құдырет, құшақ-құшақ гүлменен, альбом-альбом сүгірет. Түйеді ғой жұрт ойды, айтқаныңмен әзіл ғып: бітуі екен бір тойдың екіншісіне әзірлік.

1967, 1982 ЕРКЕСІҢ-АУ, ДОСЫМ СЕН… Еркесің-ау, досым сен, шүкір, күндеп көрген жоқпын ешкімді ұтып жүр деп. Түсе алмаған ғұмыры оқуымды, асықпаймын, әрине, бітіргім кеп. Рақатсың, досым сен, Жүріс осы Бос деп ұқсаң – бір мықтап кірісесің. “Қайрат” жеңіп, “не зачет” алған күні, түк ойламай, тым құрыса бір ішесің! 1967, 1982 ЛЕКЦИЯ Жазса – қалам әрең-әрең жүреді, Жігіттердің біреуі – “ауру”, бірі – “өлі”, бірі күтсе мұғалімнің ауызын, қоңырауды күтіп отыр біреуі. Жо-жоқ, ұстаз, бұл зал – сенің үйіңдей, айтарыңды әдемі айттық – күйінбе. Айтушыға – бәрі ақиқат, бәрі анық, Тыңдаушыға, түсінесің, қиын ғой.

Ал, соңғы жақ залдың бұрыш – тұйығы: өлең жазып отыр біреу құйылып. Айтыматов оқып бірі, біреуі түртіп ойнап көрші қыздың бүйірін. Мың-сан арман – студенттер әлемі, Сусағанға – бәрі ғылым, бәрі өмір. Еңбекқорға – қазына ғой, қазына, жалқауларға – құтылмайтын бәле бір. 1967, 1982

ШАБДАР Жарыстың болса керек кәрі мықты – тұяқтар тасты шашып тары қыпты. Жеткенде нысанаға Шабдардың тек табаны қақ айырылып жарылыпты. Майданға кетті әкеміз. Содан қайтып, ат қалды «Шабдар жорға» бола алмайтын: Жорғадан – жүріс, бізден әке кетті, мезгіл құсап ізіне оралмайтын. Ал, Шабдар тұрды суып күні-түні, бір кезгі бәйгелері ұмытылып. Есімде, бұзау шапса да елеңдейтін, болды ма тұяқ үні – үміт үні? ...Арзан шақ – кез келгенге күле кетіп, Шабдарға «әзіл ойлап» – жүген етіп, әрнені сылдыратсақ: жалт қарап бір

ышқына кісінеп кеп жіберетін... ТҰРМЫС Көңілдің көзге шығып жарықшағы, су қосып керосинге, жағып шамын, шешеміз от тұтатып жылытатын, бір талын сіріңкенің жарып шағып. Жарытпады жабығып жаншылып та, кейісе шығатын тек даусы мықтап. Есімде, көп күлмеңдер деп ұрсатын, күлкі де өкінтердей таусылып қап. Қара шәлі жарасты өз басына, сенді ол тек сол шәлінің тозбасына. Жыласаң – жылама деп тағы ұрсатын, таусылып қалатындай көз жасы да. Тамақ жәйін сөз етсе... кейде, кенет кебетін таңдайымыз бейне кенеп. Ондайда отыратын, ойланатын, айтпайтын, бір ғажабы, сөйлеме деп.

Кей күні қап ұстасын – бір арлансын, Мейлі бір нан ұстасын – құмар қансын – қолдары дірілдейтін, ұстағаны таусылып запы еткеннен шығар бәлкім?! Еске алсаң – мұңаясың, білем мен де: бел байлап ед әйтеуір тіленбеуге. Байқасақ: үйреніппіз сол күндерден, сөзден өзгенің бәрін үнемдеуге. 1967, 1982 КӨЙЛЕК Көйлек кір-кір, қалайша кірлеу емес – тозғаны Шешем байғұс жамау сап, алатын бір қозғалып. Есімде жоқ қой менің, етік қалай тесілді. Есімде жоқ көйлегім, тек жамауы есімде. Өйткені ол баттиып көз алдыңда қалатын: қара жамап, ақ киіп – үсті-басың ала-құла болатын.

Көйлек жуу... сергелдең – жамаулардың өрнегі; жуылғанын көргенмен, жайылғанын көрмедім. Қыстың мұзды суына түспедің не, түстің не: шылапшында жуылып, кепсе көйлек үстіңде. Көйлек тозғыш, қалайша жамалғаны – тозғаны: шешем тағы жамау сап Қоятын бір қозғалып.

1967, 1982 ЖАМАУ Осы күні жыр жаздық, көйлек көк те, Әжім салды демеші бейнет бетке; бейнеті аз бүгіннің, көйлегі көп, іші пысқан жұрт қайтсын сөйлеп кетпей. Көп сөйлеудің өзі де қартайтады, сөйлемесең болмайды жарты ай тағы. Үндемеген соң бізді жақсы ағалар жас ақын деп, әрине, жорта айтады. Бір жалған ой іліксе сөйлеміңе, кішіреймес кінәдай дейді еліңе. Әрбір жаман жырыңа қынжыласың, жаңа жамау түскендей көйлегіңе. 1967, 1982 ОЙЛАНУДАН ШЫҒАР-АУ БАСЫ ҚАТЫП… Ойланудан шығар-ау басы қатып, ақынның атануы жасық ақын. Жасимыз, тұнжыраймыз, жатырқаймыз, бала боп көрмегендей асық атып.

Туғандай ой боп бірден, «екіндіміз» таянған кісі құсап кетіп жүрміз. Қарындасқа қырындап кештіғұрым, бойдақ боп та көрмеген секілдіміз. Бір көйлек екі көзді сегіз қылып жүруші ек, бізді ана емес, емізді үміт. Шалбардың қыры кетсе – қайғы қазір, ғұмыры көрмегендей өгіз мініп. Ойланбай қарамасақ ештеңеге, шығар-ау қонғандықтан кештеу өнер. Бүгінгі молшылықты көрген сайын, кешегі тапшылығың еске келер. 1967, 1982 СТУДЕНТТЕР Сілкіп тастап шаштарын, ойнап оқып жатқа жыр, лекциядан қашқаны – Бас почта жақта жүр. Галстукті сүйірлеп, бәтіңкені сүйірлеп; сүйір жігіт, келеді ЖенПИ жақка үйір боп.

Кербездер аз шынында, ең кербезі – қырсызы, жарайды ол да, шығуға Тюз-дің алдын бір сүзіп. Ал, біреуге ауырлау кино көру «батты» әзір; содан кейін ауылға уақыт жоқ деп хат жазу. 1967, 1982 ҚАРЫНДАСТЫ СӨЗБЕН ІЛІП «ТҮЗЕТЕ»… Қарындасты сөзбен іліп «түзете» жөнелсе олар – таңданбаңыз сіз өте. Құны азайған дүние көп, жігітке ең құнсызы: бірге оқыған қыз екен. «Қыз» дегені алабұртып жаны ысып, – іздегені – ақша сұрау, алысып ойнайды да қыздарымен КазГУ-дің, ойлайды кеп ЖенПИ-дегі танысын. Жасықтарға батылдық боп қызғаны, қыздан бұрын жүрсе де ылғи «жүзді» алып, «өз қыздарын» сыйлайды олар тек қана өзге ВУЗ-дың жігітінен қызғанып.

1967, 1982 БЕЛОМОРДЫ ШИЫРЫП… «Беломорды» шиырып, тіп-тік ұстап иығын, оқуға емес, фотоға түсетіндей киініп, күліп қана қабағы – сөздің іздеп иінін, жігіт бола қалады – ел баласы бұйығы. Қойнындағы дәптерін жаза-жаза өлең ғып, үйренеді содан соң сыраға ақша төлеуді. Жо-жоқ, сынап жатқам жоқ, – өзіміз де сол едік, стипендия алғанда қалушы едік кенеліп. Айырма тек: алғашқы жылдардағы ақын ұл, келе-келе сыншы боп «заказ» алар ақырын. Ақындық пен сыншылық – ақыл беріп қатырып, мұғалім боп ауылға аттанады ақыры.

1967, 1982 САБАҚ Кешірімшіл ұстазың қаққанымен арқаға, жағрафия сабағы, әсіресе, картаға қиналатын едік-ау көп-көп іздеп, көп іздеп, тауларды іздеп баттық біз талай-талай теңізге. Мемлекеттер арасы – ирек сызық қинайтын, бірін-бірі сызықтар сүйреп шығып қинайтын. Қай жағыңа қарасаң – бас қатырар шимай тұр. Шимайлаймыз бүгін де өнер жәйлі, үй жәйлі, кей шимайың ми түгіл, қағазыңа сыймайды. Мемлекеттер арасы – шекарадан гөрі, тек, адам менен адамның аралығы қинайды. 1967, 1982 ЖАТАҚХАНА Шалқасынан ашып тастап есікті, үш-төртеуі дауға басса бөсіп бір, кеше кештен қайтқан бірі көңілді айна алдында үш тал мұртын есіп тұр.

Таңдайына тәтей салған құрт ұнап, ақ көңіл дос күліп жатыр жыртыла. Ауыл исін білдіреді бұрқырап, ілінген тор терезенің сыртына. Әдемі ғой – тым шулылау десең де, сабақтан да кетпес мұнда есең көп: кітап ашық жатады ылғи төсекте, оқу дегенді ұмытуға кесел боп. Жатақхана – тамаша жер: сен де аса сене алмассың көңілсіз деп алдаса. Стипендия алған күндер, тек қана, қаңырап бос қалатыны болмаса. 1967, 1982 ӨНЕР ...Кірпік – жебе, қасын ол садақ қылып, ататұғын көз оғын қадап тұрып, жігіттерді ыза ғып, келетұғын ұнау үшін қыздарға сабақ біліп.

Елтіп ұғып алған жан, еріп оқып, қалатұғын кей күндер «кері кетіп». Бір сабақта қыздарға қалса ұнамай, бәрін тастап кетердей көрінетін. Пластинканың бейне бір ескі беті, қыз деген сөз ызылдан естілетін. Кербез жігіт жүретін секілді еді, ұнау үшін қыздарға бес жыл оқып. Оқитұғын, көнетін, көз ілмейтін, нені болсын аларда – өзім дейтін. Ұнау үшін бәрі тек, біреуді ол да ұнататын «ыңғайы» сезілмейтін. Ұнау – оңай жақсыға! Туған, егер бес жыл өтсе – біздің де қуған өнер. Ал, кейде бір жақсыны тану үшін, ғұмыр бойы оқуға тура келер.

1967, 1982 ӘЗІЛ Үйрегі жоқ; қонбаған қазы қайтып көл секілді көргенге аз ұнайтын ынжық жігіт шықты ілез шоқтық алып, күлдіріп ед бір қызды әзіл айтып. Бола ма екен күлкісіз күйлі көңіл, күлдіре алсаң – бастығың да илігеді. Әзілі үшін ақылды бас кесілген, әзіл үшін бір сұлу сүйді мені. Әркім өзін қылжақпен тыңайтқалы әзіл сөзді қыздарға кім айтпады. Күлдіргенің біреуін әзіліңмен – екіншісін ғашық қып мұңайтқаның. Жүрген асыл емес бұл біз ғана ұстап, отырғам жоқ мен бәрін қызға нұсқап. Байқап тұрсаң, басталған жақсы әзілден махаббат та, ажал да, қызғаныш та.

1967, 1982 БЕЛЕТ Қиын белет – бар жауың, құлатқанда бірер кеп, сенің қайғыра алмауың, – қуанбаудан білем деп. Бірақ кейбір «қатені» түзетем деп жүрмеңдер: Миғұлалар «екі» алып, «бестік» алса білгендер. Бәрін оқып, бірін тек үлгірмесең зорыға, суырғанда дірілдеп, сол ілігер қолыңа. Қол шыққанда барлығы сәттілік ап келетін. Қырсыққанда: барлығы оқымаған белетің. 1967, 1982 САҚТАН, ДОСТЫМ, ҚЫЗЫҚТАН… Сақтан, достым, қызықтан! Жақсылардың көзі отыр, Олар сезсе қиындық – қуанатын, төзетін: қызық кітап, әдетте, тез таусылып қалатын, қызық күндер, әдетте, кететұғын тез өтіп.

1967, 1982 ЖАҒА АЛМАДЫМ КӨБІНЕ… Жаға алмадым көбіне, жайында адам басқа келсе жақпас ой – уәйім маған. Тек жарыма жақтым мен, жақтырды ол: мақтап едім тамағын дайындаған. Маған көп жан жақпады, жақпады әлі, осы күннің есігін аттағалы жарым ғана жақты тек, жақтырдым мен соңғы жазған жырымды мақтағалы. Мақсатымыз «кең ойлап», «қиыр кешіп», түсініссең түйеді бүйір несін. Біздің үйде «жұмысын» жүргізеді, «Кулинария-әдеби» үйірмесі. КЕН ҚҰСАП АЛЫНҒАН… Кен құсап алынған тереңге бұрғы сап, тебіреніп жазылған бір шумақ жыр құсап. Келдің сен, жоқ менде айтар сөз түрленіп, тандайым кепкенде бір жұтым су болып.

Келдің сен... күткен көп жыр томым боп келдің: бүгінім біткенде, ертеңім боп келдің. 1969, 1982 ӘКЕҢ ҚАЗІР БІР ОРҒА АТЫ ҚҰЛАП… Әкең қазір бір орға аты құлап, тарығып тұр әркімнің ақылын ап; содан шығар: жау жоқта батылырақ, үндемеген кезінде – ақылдырақ. Көкірегін кермек ой – күйік тіреп, ащы сөзді алыпты сүйіп, тілеп: теңесер жан жоқ жерде иықты боп, сүйе алмаған кезінде – сүйікті боп. Әкең талай ызадан дірдектеді, талай үміттен қалды кірлеп көңіл. Жетіскеннен деп пе едің осыны айту, жетіскеннен жыр жазып жүр деп пе едің?!

1969, 1982 ӘЛДЕ СЕНІҢ ТІЛІҢ БЕ, ЖЫРЫМ БА, ӘЛДЕ ҚЫЗДАР МА… Әлде сенің тілің бе, жырым ба, әлде қыздар ма, бір сұлулық түбінде ұрынады-ау ызғарға... Үйретем деп саған тіл қара тер боп болмасқа, сұлуларға жыр арнап «бүлінемін» мен қасқа. Алатау ма, ән бе әлде, арманы ма ақынның,— бір биіктік бәрінен биік өсер ақыр күн. Әйтеуір бір сұлулық жанатұғын секілді, әйтеуір бір биіктік қалатұғын секілді. 1969, 1982 ӘЛІ БІРАЗ ЖҰМЫС ЕТ, ӘЛІ БІРАЗ ҚАТЕЛЕС… Әлі біраз жұмыс ет, әлі біраз қателес, өз дұшпаның өзің бол, өз ойыңмен жат, егес. Алтын балық емес қой даңқ деген ау салар, не ұстап ап өрістен жайдақ мінер ат емес.

Әйтеуір бір білерім: машақат тап, машық тап,— бұдан әрі сұрама, желкемді көп қасытпа. Кен болса ол — кен шығар алынатын мысқалдап, Көл болса ол — көл шығар жиналатын қасықтап. Әлі біраз жұмыс ет, көсіле біл, күйе біл, тапсырамын өзіңе мына сені ие ғып. Даңққа сен асықпа, төбе ғой ол, қарттықта қайғырып бір шығатын таяғыңа сүйеніп. Әдемі үннің әр тамшысын аулап ап, әлдеқайдан тартады әнші саумалап. Бір жақ ұшы сайда жатыр бұл әннің, бір жақ ұшы сонау асқар тауда қап; Үзілмейді, ән шұбалып тұр қалғып, әр көңілде аунап түскен сырды аңдып. Әр көңілдің өз алаңы өзінде, әнге балқып босаңсыған кезінде.

Әр кеуденің өзіне аян өз жаны, жарысты ойлар бір-бірінен озғалы. Алқалы ана бір күрсінді… Мынау ән Қайдағыны қайдан ғана қозғады?! Ән желеңін жел иығы бос ілді, сөйтіп бұл ән желге мініп жосылды. Ән біреуді жеңілдетіп жіберді, ән біреуге салмақ болып қосылды. Ер тыңдаса – екілене тасыған, ез тыңдаса – ежегейдей жасыған. Атыраудан көтеріліп асыл ән, Бір қайрылды Алатаудың басынан... Бұл жүрекке жолай алмас тосаң-мұң ән жанымен тосамын мен дос алдын. Сөзбен айтып жеткізе алман, мен Сізге өзін салып берсем қайтед осы әннің?

1963, 1982 МАЙ ШАМ СЫН-ДЫ КЕЙДЕ АДАМ ӨМІРІ… Май шам сын-ды кейде адам өмірі, адам да әлсіз жаралған ба әуелде? Қараңғыны аңсар кейде көңілі, өз жарығын бұлдау үшін әлемге. Май шам-дағы жанғасын өз отымен тағдыр отқа қыңыр қарар өшігіп. Кетер кейде сол май шамды, атымен, уақыттың желі соғып өшіріп. О дариға! Өшу деген – бір ұғым, өшпесең де тағылмайды аз айып. Әрбір май шам сөнген сайын, жарығым бара жатқан секілденер азайып...

МАҚТАЙМЫЗ КЕП ӨЛГЕНДІ… Мақтаймыз кеп өлгенді, мақтаймыз-ау төкпелеп, Мақтаймыз кеп жазғанын тірісінде өтпеген. Жорғалаймыз алдында табытының, сол өлік тұрып кетер секілді некрологқа өкпелеп. Мені бүгін бір досым мақтап жазды, секірді жолдан-жолға сұлу сөз, бәле ғой бұл, не тірлік шошып кеттім: «мен осы өлгенім жоқ па екен» деп, өйткені кей мақтаулар некролог секілді. 1969, 1982 МЕЗГІЛ ӨЗІ АЛДАСА… Мезгіл өзі алдаса, алданайық, тайсалма. Ұйқы қайда болмаса, болады екен ой сонда. Шылым тарттық сол үшін, ойлау үшін ұдайы. ойлау содан борышым, ой дегенің — уәйім.

Заман жақсы, ел өсті, тұрмыс кетті оңдалып. Қайғысыздық емес тек қарынның тоқ болғаны. Сонда да бар жан нелер, сонда да бар бір қайғы: ойланбайтын пенделер ойландырмай тұрмайды. Уәйім бар, шыдайын, уәйімнің көп түрі. Ең мықты бір уәйім — уәйімнің жоқтығы... 1969, 1982 МЕЗГІЛ Шайқап ішіп дүрілдеп, жүрген әкім кешегі, сол ауылда бүгінде қарауылшық деседі. Шындық іздеп, үздігіп, әр кітапты бір үңгіп: кешегі оттың біз бүгін күлін көсеп жылындық. Таласамыз өжетсіп: жұрт көңілін қомсынтып, кеше шыққан газеттің жыртығына қол сүртіп. Мезгіл қатал, ендеше: мынау төсек-көрпемде жоқ едің-ау, сен кеше, жоқ боламын ертең мен.

МЕН ҮЙРЕНДІМ КҮЙІНУДІ КҮЙРЕП БІР… Мен үйрендім күйінуді күйреп бір, тағдыр маған жастан дауды үйретті. Тамсандым мен дәмін татып бейнеттің: тағдыр маған мастанбауды үйретті. Мен үйрендім өзімді-өзім сүйреп бір, әр асулар — жалтаңдауды үйретті. Менің ізім сызық болды ирек сір: адасулар — жол таңдауды үйретті. Қыз-бозбала қызығынан әлі де, бос қалмауды үйретіп жүр өлеңім. сене-сене, сене-сене бәріне дос таңдауды үйренбей-ақ келемін. МЕН — ЖОЛ БОЛСАМ, АСЫҚҚАНҒА НЕҒҰРЛЫМ… Мен — жол болсам, асыққанға неғұрлым, келер еді ұзақ болып көрінгім. Бастар едім көбіңді үлкен мақсатқа, адастырып кетер едім көбіңді.

1969, 1982 МЕНДЕ БАР БІР АУРУ… Менде бар бір ауру, қайтесің, сұрама. Дәрісі тұмаудың ем болмай тұр оған. Бір жарам бар әлі, жара ма? Сұрама. Дәрісі жараның ем болмай жүр оған. Жылы сөз асырап жүр мені, сонан ба – жасыра-жасыра ұлғайды жарам да. Ауырдым тегі мен, бәр-бәрін сезем деп, жазбаса сені мен мезгілдің өзі емдеп. 1969, 1982 МЕНДЕ ҮШ ҚЫЗ БАР —… Менде үш қыз бар — үшеуін ұшырармын, үш жаққа, шыдай алмай құда мен күйеу салған қыспаққа. Төртінші боп өзің де жөнелерсің тіс қақсаң, біздің үйдің келінге кесесін де ұстатпай.

Дастарқаным жаюлы қалмаса екен деген ғой, еккен гүлім төріме — солмаса екен деген ғой. «Жердің серіктері» ұшып қайта қонбас, біздің үй космодром сықылды болмаса екен деген ғой. Ұшса — алыс, ұшатын оқ ұшқалы керемет, «Жер серігі» қонбай жүр, тез ұшқаны не керек. Кораблі қонбайтын космодром болғаннан, іздеп қонар құстарға ұя болғым келер ед.

МЕНІҢ АРМАНЫМ

Күз күндері, не суық қыс күндері, істеп жүргенде әйтеуір іс мүдделі, ажал шіркін аяңдап жетсе-ау маған, кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп. Сыншылардың ұрсуын, тамсануын, алдан күтіп қалса-ау бір қанша жырым, бір жинағым басылып үлгіре алмай, машинкаға берілмей қалса бірі. Не бір түнде құйылып, қара кәріп, көп ұйқас отырғанда қамап еріп, кетсем өліп нүктеге жете беріп, жан таппаған бір теңеу таба беріп. Өліп кетсем қағаздан жалыққанша, өлтірмеймін дегенмен шабыт қанша, Сия қалса сауытта, толып қалса, шамым қалса бас жақта, жанып қалса. Не ащы айтып біреуді тызылдатып, не біреулер өзімді қызулатып,

не ұзақ жол үстінде өліп кетсем, не бір нашар жолымды сызып жатып. Әдетте бір ызғарлы қыс күндері, істеледі қызумен іс мүдделі, сондай шақта ажалым жетсе-ау менің, кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп.

МЕНІҢ ЕЛІМ

Көкірегімнің үміті мен тілегі Күй боп түлеп, күн боп шығып күледі. Күн астында көк төбелер түледі – Менің елім, менің елім – гүл елі! Айтпағым бір ағыл-тегіл сыр еді – Шежіреңе ол өлең болып кіреді. Мендегі өнер сен деп өмір сүреді. Менің елім, менің елім – жыр елі! Қанат қомдап таң атқанда шығыстан Торғайым бар қыраныңмен бір ұшқан. Жүрегім бар жүрегіңмен ұғысқан, Менің елім, менің елім – гүлстан! 1960, 1982 ӘЖЕ Қарынға сап сары май сақтайсың ғой маған деп, отырсың ғой күнде сен балам келіп қалар деп. Машинаға көрінген кеп қалды деп жүгіріп, көрінгенге үзіліп: балам, балам, балам деп.

«Қырық бір тас» дорбада күнде шешіп, күнде ашып,, отырсың ба ойдағы «әулиеңмен» ымдасып? Сүт бетінде қаймақты көрген сайын мені ойлап,... қырқып алып шетінен шәйға салып бір қасық. Сол баяғы күтумен, сол баяғы жер үймен, қажыды ма қолдарың ақ шашыңды өруден. Қажыды ма көңілің түс көрумен түнімен, ертесіне сол түсті жақсылыққа жорумен. Ал, өзім ше? Көрінген қарасынға тартамын, сенімі бар көңілде күдік, үрей бар тағы. бір жымиған жігітті жылынамын дос етіп, бір шәй берген кемпірді алданамын шеше етіп. Тірлік солай болып тұр, жағдай солай, қайтейін, күту, күту ғұмыр бір, күту екен әйтеуір. Бір мұңайып алам да хат жазамын мен саған,

ІІ Қалың елді қақ жарып, «беделімді өсіріп», бардым талай, қарт ана, қайтайын деп көшіріп, ермей қалдың сен маған, көнбей қалдың — қинадың, жалғыз ұлды қидың да, жалғыз қырды қимадың. Мен жіберген аз пұлды таңдайыңа түйір ғып, көсеге ғып отырсың жалғыз қара сиырды. Астананың самала-шамдарына, баяғы шым-үйіңнің түтінін ауыстыруға аядың. Жаулығыңның бір ұшын иығыңа асып ап, үш шығасың күніне Қызылоба басына, асықпадың бірақ та біздің төрге, қарт ана, бір-ақ рет шығуға шөбереңді арқалап. Сен отырсың баяғы бөстегінде ешкінің, мен отырам кафеде шампан ұрттап кешқұрым. Сен, саласың сақсиян-құраныңды оқып ән, ал, мен қайбір жиында президиумға отырам. Шеген үйді сен тұрған ойлай-ойлай ми алаң, сонда өзімнің паркетті пәтерімнен ұялам. Төрді сайлап едім мен, неменесін іркемін, отыратын өзің жоқ — үңірейіп тұр төрім. Әй, қартым-ай, қартым-ай, туған жер деп... кетпедің, туған жерді сен титтей Қызылоба деп пе едің..

1969, 1982 ҚАЙТАЛАП ЖАЗ, ҚАЙТА ТУ… Қайталап жаз, қайта ту, туған болсаң асығып, бір сөзім бар айтатын сыншылардан жасырып. Еккен болсаң тегінде жыр егінді жаңадан, сабақ керек егінге, керегірек дән одан. Шабыты бар дегенге сөзден сөзді асырып, төгілем деп өлеңде қалып жүрсің шашылып. Бақбақ сын-ды келеді аз қуаныш, аз қайғы: жел үп етсе өлеңің ұшып кете жаздайды. Ұқпайсың-ау, келесі жолды жазсам жазғырып: ақын еткен сені осы ұятыңның аздығы. Жалтыр сөзге талпынба, ой мен шындық одағы, Бір көргенге алтыннан жез жалтырлау болады. Сөздерімді семіз ғып қойсам дейсің, сенер жұрт. Толқытатын теңізді дауыл да емес тереңдік.

Буырқану — не теңің, асып-тасып, иланшы: тасып қайда кетеді тас табаққа құйған су?! 1969, 1982 ҚАЙДА КЕТТІҢ, ҚАЙДАН ІЗДЕП ТАБАЙЫН… Қайда кеттің, қайдан іздеп табайын, қайда кеттің, алыс қиял, пәк үміт. Жан түрлі ғой: кейде отырам ағайын, алданудың өзін-дағы сағынып. Алданыштар, қайда кеттің, қайда ығып, ақша бұлттар көтерілші, көтеріл. Көп досыма кездесуден қаймығып, мен де сенше алыс тартып кетемін. Ақ бұлттарды сағынбай ма оңды адам, бас изейді анау аппақ сыңар шың. ...Өкпелейсің, өкпелейсің сен маған, өкпелесең сенетұғын шығарсың?!

КЕТТІМ ІЗДЕП БІР ҮМІТ… Кеттім іздеп бір үміт, жүрегімді жыр езіп... Құлап түссең сүрініп, сүйеуші жоқ, тұр өзің. Көрші бала кемітіп, танауыңды «сынаса», «папалама» сен үйтіп, өзің жұбан — жыласаң. «Папалама», шыным бұл, мен алыста тұрамын: өзің шаққан шыныны өзің жина, шырағым. Өзін, үйрен, сескенсең, бос қалудан қаңырап, өзің үйрен өскенше, ал өскен соң, тағы да демесінші түрленіп бір дұшпаның тар, сасық: «адам болып жүргені әкесінін, арқасы».

КІШКЕНЕ БАЛЛАДА Ақын жатыр табытында, қаралы Жар егіліп, жұбатады ел оны. Қазір, қазір... суық топырақ жабады, Мынау сұлық денені. Шықты біреу ауыр басып мінбеге, (Сықырлады тақтай біткен сол күні) Ол тамағын алды әуелі бір кенеп, Көзін сүртті... алғашқы үн толқыны Шөп басындай қозғады Тұнып тұрған көп ойды... Ытқыды сөз бір-бірінен озғалы Керней ағып көмейді. Сөздер – ыстық; өлік жатыр – салқын қан, Цитат болып жарқылдады көп өлең. О, адамдық, айналайын салтыңнан, Өлгенді де демеген.

О, ғажайып! Кенет ақын табыттан атып тұрып сөз тастады шаңытқан: «Ей, халайық, тыңда мені, тыңда әлі, Көп болған жоқ мен көзімді жұмғалы; Рас болса айтып тұрған сөздерің– Мен енді осы... өлік емен, өзгемін. Неге айтпадың, ағайын-ау, сөзді бұл, Кетпей тұрған кездерімде көз нұрым. Тірлігімде сөйлегенде осылай Мұнша асығыс өлмес ем ғой, досым-ай. Өздеріңе қиғаныммен өлеңді, табытыңа қия алмаймын денемді– Қалғым келед енді мәңгі тік тұрып, ақындардың өлмейтінін ұқтырып»,– Деді де, ол тас мүсінге айналды, Жанарында жібімеген ой қалды; Ортасында қасірет пен бақыттың Ол – өзіне ескерткіш боп қатып тұр. Ал біреулер тас-мүсінді сол тұрған бүріп алып жағасынан, алқымнан, Әр күн сайын қараң-құраң – дүрбелең Сол өлікті, қайтадан табытына түсіре алмай жүр білем...

КҮДІК ҚАСҚА ӘМАНДА… Күдік қасқа әманда Түртіп сорып жүректі, өңменіңе қадалған кірпік болып жүдетті. Үміт байғұс аманда масыл болып жүрекке, алдыртпайтын адамға асыл болып жүдетті. КҮШ БЕРГЕН ӨМІР МАҒАН ДА… Күш берген өмір маған да, ағайын, өзің білесің: жартысын жойдым жыр есіп, жартысын жойдым күресіп. Толтырған сия қаламға толтырғам құйып әр түсін: жазуға кетті жартысы, сызуға кетті жартысы. КӨГЕН КЕРІП, ҚОЗЫ АЛЫП… Көген керіп, қозы алып, өстік біздер мұздап-ақ айлы түнде, бозамық шық үстінен із қарап, Адасып ек көп ізден, өгіз мініп, дегенмен өмірден кеп өгізбен, құр ат міндік өлеңнен.

Қар талдырып, не керек, өмірден бір үздігіп, киіз басып келген ек, өлең бастық біз бүгін, Шыбық осса арқаны налымаушы ек тұншығып, бүгін жаман батады жалғыз сөзі сыншының. Мыңқ етпеуші ек қараңыз: балшық бассақ ат ұстап, Бүгін шаршап қаламыз бір жиынға қатыссақ. Жанды күттік мәпелеп, жыр-қиын деп зар илеп, бала бізде әкеден күтімдірек әрине. Сенде бір күн білгір боп ақыл айтып ұлыңа, ауыр кезде тудым деп тиерсің-ау, жыныма. КӨК БАЛАУСА ЕГІЛЕР… Көк балауса егілер, Көгерер-ау тал, шынар. Тал, шынардан төгілер Моншақ-моншақ тамшылар. Сол моншақтай мөлдіреп, Сол тамшыдай дір қағып Мен қараймын елжіреп, Сен қарайсың ұрланып.

Бұлттар, бұлттар, ақ бұлттар Жайлайды ғой тау басын. Дауыл да бар, дақпырт бар – Бұлттар қайтып жаумасын!

1960, 1982 КӨКЖИЕККЕ ҚАРАЙМЫН Көңіл шалқып кеткен шақта көкжиекке қараймын: батып жатыр, шығып жатыр талай күн. Бір қуаныш болып тұрса – жарайды он бесінде әр айдың. Жалақы алар күні сын-ды жарлының бір үмітпен өтіп жатыр бар күнім. Ал, кей күнім түңілдіріп кетеді, қара жерге үңілдіріп кетеді. Бір күн кетсе, бір күн жолда келеді бірақ бәрі тірлік нұрын себеді: қайнай-қайнай сірі болдым әйтеуір, ойлай-ойлай тірі болдым әйтеуір. Болды күнім ашу менен ыза алған, қара бұлттың қабағынан қызарған. Бір күн мені қартайтты деп айта алам, Бір күн мені сәби қылды қайтадан. Бір күн маған ұсынып ед қоңыр нан, Бір күн оны қағып кетті қолымнан. Бір күн маған құшақтатты қыр гүлін... бәрін қоссаң – шықты менің тірлігім! Жаңа күннен не түсінер екем деп, көкірегімді бір ыстық ой мекендеп, көтерілем күнмен бірге тепеңдеп, көкжиекке күнмен бірге жетем деп.... Бірақ... бірақ келер күндер көп еді – бәрін де өзім қарсылағым келеді. Кеткен күнмен қоштасамын қия алмай, Келер күнді көру үшін ұялмай.

1963, 1982 КӨЛГІРЛІКТЕР ТУРАЛЫ ТЕК КӨЛ АЙТСЫН… Көлгірліктер туралы тек көл айтсын, Биіктіктер туралы, тау, Сен айтшы. суайттықтар туралы айтса – су айтсын, Қаталдықтар туралы айтса – шың айтсын. Құлан айтсын, айтса қырдың қайғысын, жылан айтсын жымысқылық жәйлі шын. Қыран айтсын аспан жайын, бозторғай, өзің айтшы бұта жайын, байғұсым. 1969, 1982 КӨП ЕМЕС-АУ САҒАН АРТАР МІНДЕТІМ… Көп емес-ау саған артар міндетім, ең оңайы: өзіңе-өзің жүр жетіп. Бір өлеңін жатқа оқысаң Абайдың, сол болады еліңе еткен құрметің. Көп емес-ау саған артар міндетім, ең қиыны: өз халқыңды біт жетік. Жақсы білсең Құрекеңнің бір күйін ол да сенің еліңе еткен құрметің.

Өз мініңді тексере алсаң қолға алып, сол болады халқың жәйлі толғану. Ақырында... Жазғандарын әкеңнің өз тілінде оқи алсаң болғаны. КӨРПЕ, ЖАСТЫҚ СУЫРЫП БЕЗЕК ҚАҒЫП… Көрпе, жастық суырып безек қағып, сен сөйлесең сенеді кезек талып. Шайын құйып шамасын қылтылдатып, қазанының астына тезек салып. Кіршіксіз жан сенгіш қой өтірікке, сенеді деп сөйлейсің көпіріп кеп. Өтінеді аңқаулық, адалдықтар: «айналайын, қонып кет, отырып кет!» Ылғи сәби қайтеді қате көріп, қатем жоқ деп қайтасың мәпеленіп. Сәби-жанды аулыңды көрген шақта, «Сақалыңды» сипайсың әке болып.

КӨҢІЛДІ ҰШҚЫН ЕНСІН ДЕП ІШКЕ ДЕ ЕРЕК… Көңілді ұшқын енсін деп ішке де ерек, шарап құйдық бокалға үстемелеп. Қызып тұрып қызулы қойдық бір ат, қомсынбадық біз сені кішкене деп. Көп есімнің ішінен ұстап алып, бердік саған есімін күшті ағаның: көк семсердің болатын қидық саған, қидық саған ақ жүзін ұстараның. Семсер-сынды ерке бол – болады рұқсат, көнбіс болма кебісше, жаялықша. Ердің есімін бердік, байқа, бала, елдің ұлы болсын деп соған ұқсап... ІСТЕЙ АЛМАЙ ҚОЙДЫМ-АУ ЖҰМЫС МҮЛДЕ… Істей алмай қойдым-ау жұмыс мүлде, әр сөзді аңдып отырмын қыл үстінде. Ұшып-ұшып түседі парақтарым, жымысқы жел жүгіріп тыныш түнде.

Түндер жүзіп барады түн үстінде, өнбей қойды, өнбеді жұмыс мүлде. Мен – зергермін асылды құмнан соғар, керегі жоқ алтынның, күмістің де. Күңкіл ақыл, кер сөзді аз ұқпаппын, ақымақтан да ақыл ап – азып қаппын. Енді ойландым: көп топтан көшіп шығып, көз көрмеген бір сайға қазық қақтым. Көшіп кеткен жазудай тақтайдағы, көшіп кеткен жұртын жұрт мақтай ма әлі?. Бір сұлумен бейтаныс білісіп қап, бейтаныс бір белдеуге ат байладым... 1969, 1982 ІСІ ӨНБЕСЕ ТҮРТІНІП… Ісі өнбесе түртініп, өндіртем деп жұрт әуре,— дәукестерден бір күні кұтыларсың сылтаумен. Төгіп сөздің түр-түрін жөнелетін былғалай, көк мылжыңнан бір күні құтыларсың тыңдамай.

Көріп жүрміз қыз атын жүрсе біреу бұлдамай, ондай қызды ұзатып құтылады, бұл да оңай. Керегі не ренжіп, тапты да заң үкімді, жаман әйелінен жұрт әлиментпен құтылды. Жаман болсаң — аз өкпе, өкпе артасың қас қылып жаман жырдан газетке құтыламыз бастырып. Сыншы деген бауырға ұнап жүрміз, шүкірлік. Ал, оқушы дауынан жақсы жазып құтылдық. Бәрін қиын сезінбе, түк емес бәрі, расында: көлеңкеңнен-өзіңнен құтылудың қасында. 1969, 1982 МЕНІҢ-ДАҒЫ ШАШЫМА ҚАЛЫПТЫ ҒОЙ АҚ КІРІП… Менің-дағы шашыма қалыпты ғой ақ кіріп, өрмекші жүр көзімнен айнала тор лақтырып. Қарашы енді, маңдайым шұбырған көп жол болған, кәріліктің аулына барад дейді ол жолдар.

Сол жолға мен түспес ем, жөнім де жоқ асығар, қыздар жәйлі жырларым әлі талай басылар, әке болған кісілер ойлайды екен ел жайлы, әке болған кісіге жас болуға болмайды. 1969, 1982 МОСКВА САПАРЫ 1. Қарулар палатасында Қ. Мұхамеджановқа

...Кіріп келдім сонау өткен күнге мен, Ат делбесін, сабын ағаш найзаның Ұстады екен қай данышпан, қай залым?! Салқындықты сезініп-ақ тұр денем. Сары алтындар – салқын рух, жылы ұшқын жүзінде тұр дір-бір етіп қылыштың. Қаталдықтан патша болған баяғы, анау әлгі... Қаһарлы Иван таяғы. Мынау бөрік... неткен ауыр, жасаған! жеңіл шығар Мономахтың басы одан. Патша сыйлық жасаса егер патшаға Береді екен алтын қылыш, ат-шана... бір бұрышта: ауыр арба, пар-пар ат сол заманның күнәсін тұр арқалап. Көзі өмірде тоймаған-ау шамасы, мынау киім түрлеріне қарашы: бір шапаннан нұрлы шығыс бояуы маған қарап күлімсіреп қояды. Мына аяқта Фирдоусидің көз жасы, төгіп алма, достым, байқап қозғашы! Ал, мынасын түсінбедім тегі мен Сыйлық дейді Уйтменнің елінен. Одан-бұдан келіп кірген «олжаны» Күзете ме Лермонтовтың қанжары?– бір бұрышта көрген түстей тұр алыс, жүзінде – кек, желкесінде – қуаныш... О, керемет! Шымырлатты құйқаны қамшыларға жұғып қалған құл қаны. Балшыққа емес, қанға шіріп тозғандай сол кездегі патшалардың ұлтаны. Бірақ, бірақ... табақшаны көр мына гүл салыпты құдай салу орнына. Сол бір өшіп бітер күннен – обадан, келешекке қол созыпты сол адам. Көріпті ол бүгінгінің гүл-жүзін көріпті ол ертеңгінің жұлдызын, гүл салған қол қуаттырақ дер ем мен мың-сан мылтық жасап шыққан шеберден! Салқын сәуле құйылады төбеден, Қарулардың ызғары өтті денеден.

Жүр, Қалеке, шығайықшы, салқын бұл, Салқын екен сәулесі де алтынның...

  1. Адам – толқын

Қандай ғажап, көптігінен теңіз болып толқығаны адамның, Тосын, әсем – ырғағындай жаңа әннің. Келеді, әне, жаңа толқын, жаңа ырғақ Әрбір қанатына дамылдап.

Секунд сайын туған ойдай санадан, Секунд сайын көрінеді жаңа Адам. Көз алмаймын, көз алмаймын манадан: Көп екен-ау біздің жерде жаңа Адам!

Орыс, Негір, Қазақ, Қырғыз деп атап, Тарих-ана атықтырып үлгерген адамдарды, адамыңды бір көрген қайта көру қиын екен бұл жерден.

Секөнт сайын жуылады бұл алаң көлеңкемен көп аяқтан құлаған. Ескі ұғымын, ескі шаңын сананың, жуып жатыр әрбір секунд – жаңа адым!

Қарт Москва лүп-лүп етіп жүрегі, әр сәбидің адымымен жүреді. ...Әрбір халық сөйлесе де әр тілде, барлық халық бір-ақ тілде күледі! 3. Қыздар моласы Мраморлар, мраморлар!..

Жұрт көзінен аққан жасты бұршақтап, мраморлар қайсарлықпен тұр сақтап. Мраморлар, мраморлар безерген – безергеннен сезім іздеп кезем мен. Айнала үнсіз, үнсіз болып мен тұрмын, Түк белгі жоқ мына біреу сорлыда. Жота-жота топырақты көр мына: ұқсайды екен бір апаттың орнына... Мраморлар, мраморлар – кіл үнсіз, Сөйлеуге тіл, иілуге буынсыз .. ...Міне, мынау Гоголь ақын әйгілі, Блок жатыр – баяғыша қайғылы. Есениннің кең даласы жап-жасыл Анау жерден көтерді бір шал басын: «Неғыламыз тағдыр басқа салғасын Сезем күйдің енді жерде қалмасын!»– Затаевич отыр құрып малдасын.

Кенеттен бір жуан дауыс гүр етті, Мрамордан жұлып алды ол жүректі – «Владимир Маяковский» жазуы Әр әріптің ақсияды азуы. Мраморлар жаңғырығып жатты бір, естігендей бұл есімді тап бүгін, Владимир Маяковский деді алап,– тастар кетті төмен қарай домалап... Кешір, досым, болған жоқ-ты дәл олай, қиялыма сенемін мен баладай. Естілсе егер Маяковский деген үн дәл осылай естілер деп сенемін! Мраморлар – ескерткіштер тұр үнсіз, сөйлеуге тіл, иілуге буынсыз... Қызық атау: «Қыз моласы» несі бұл, қайда қоймақ ақындардың есімін! Сұмдық! Деуге жетпей тұрды батылым, Әлде ақынды... ескерткіштен қызғандым?! Әлде халық барлық жақсы ақынын жүрегіне жерлеген бе қыздардың?!– Тоңбасын деп бұла-жырлар...

Мраморлар, мраморлар! 1963, 1982 СЕНЕН АРТЫҚ БАҚ СҰРАП… Сенен артық бақ сұрап отырғам жоқ, бір түрлі – сенің кезің жақсырақ болатұғын сықылды. Литфондыға жұрт бірден, танылмайтын сықылды. Қатал бастық күттірмей қабылдайтын сықылды. Үкімге емес, адам бір назға құлар сықылды. Бүгінгіден жаман жыр аз жазылар сықылды. Бүгінгіден екі әлем жақын тұрар сықылды. Бір ас-үйде екі әйел тату тұрар сықылды. Пысық жары тас түлек, күйеуіне бір түрлі, ақшаны аз таптың деп кінә артпайтын сықылды. Бәрі көрген көзінен тойым тартар сықылды. Өтірікшінің сөзі де қою тартар сықылды.

Сенің күнің өрлейді, күндеуге де болады-ау... осыншаны көрмеуім маған тіпті обал-ау. СЕНІ БОСҚА АТАЙМЫН-АУ ЕР ДЕП МЕН… Сені босқа атаймын-ау ер деп мен, жоқ нәрседен шатақ шықты шырағым. Шешең қолын құтқарғанмен жөргектен, азан-шудан құтқармадың құлағын. Қулау бастық құтылатын өсіріп адамынан ақыл-үгіт қонбайтын: біз де сені жігіт қып тез өсіріп, «құтылмасақ» болмай тұр. СЕНІҢ ШАШЫҢ ТҮН ДЕСЕМ… Сенің шашың түн десем, адасумен өтем ғой. Күліп тұрған күн десем – сенің күлкің екен ғой, Сыңсып кетсе ну орман сенің лебің екен ғой. Шөлдеп едім, суарған сенің көлің екен ғой.

Жапырағы гүлдердің алақаның екен ғой. Маңдайыңда жүзген нұр дала таңы екен ғой. Бұлт түйілсе кәрленіп. Білмей жүрген екем ғой. Біздің жерде бар көрік сенде де бар екен ғой.

1960, 1982 СЕНІҢ ҒАНА КӨЗІҢМЕН АЙНАЛАҒА ҚАРАСА…

Сенің ғана көзіңмен айналаға қараса, көк әйнектен көргендей жайнар еді бәрі аса. Жаман кісі, жаман іс, жаман пиғыл болмас ед,– сенің ғана көзіңмен бәр-бәріне қараса. СОНДА БІЗДІҢ АУЫЛҒА… Сонда біздің ауылға жақын еді-ау көлшік бір. Сен шықтың су алуға, ат суғара мен шықтым. Құстар ұшты дүрлігіп, суық тамшы бүркіп бір. Шелегіңнің сылдыры Бозжорғаны үркітті. Сол бір көл сүт секілді көрініп ед,— аңсау ма: ақшылдығы бетіннің көлге ұқсады дәл сонда. Көл секілді сырымды біл дей алмай сен тұрдың. Бұлт секілді бұлыңғыр үндей алмай мен тұрдым. Ұяң едің сен де тым, айта алмадым мен де түк. Шымыр етті көл беті Шөкім бұлтты тербетіп.

«Би алаңы» қазақтың көл жағасы деп алып, сен жетектеп боз атты, суды қайттым мен алып. СОҚ САҒАТ Бірінші өлең Тау сүйеп иегін көкжиекке үмітін тұр артып. Тағы бір ғажайып түн өтті – тек қана үлгердім құмартып. Тағы бір таң атты арайлы, тағы бір жаңалық сезінем. Көк аспан әйнектен қарайды кызыл күн көзімен. Кешегі жырым ба – бұл жырым, кешегі ойым ба – масқара-ау! Мына таң өзгеше сайратып бұлбұлын ұялтып тастады-ау! Алатау оянды жаңғыра, Нұр-шуақ жапыраққа жымиды. Бұйырды, бұйырды таң мына төсекті тезірек жиюды...

Екінші өлең Аймалап ақша бұлт нән шыңды, көлеңке сайларды ұя ғып, Сұп-сұйық ақ нұрға малшынды айнала; көздер тұр ұялып. Шалғайда – қан майдан, еңбекті бақыт деп жүр атап. Ащы тер құйылса маңдайдан тұп-тұщы рақат! Рақат мына жер үстінде Әйтеуір еңбектен кенде емен Еңбек бар! Құдірет-күш кімде, шынымен менде ме?! О, онда сене бер! Біл тағы еңбекке жететін бар әлім. Сондықтан сөгілсе Дүние ұлтаны Өзімді шеге ғып қағамын!

Үшінші өлең Секундтар қуалап бір-бірін, толқын боп соғады мезгілдің жарына. Тыңдасам дәл сондай бұлақтың сылдырын қуанам құлақтың барына. Мезгілдің қысы не, күзі не, шілденің лебі ессе өлеңнен. Алдағы күндердің жүзінен жеңісім көруге келем мен! Маңдайым мақсатқа бұрылды. Жүрекке қадалды бір күдік тыз етіп,

осыдан бір сағат бұрынғы отырмын қатемді түзетіп. Әр сәтте бар білем ой анық, Әр секунд әлінше қатады үн... Таң ата бала боп оянып, күн бата шал болып жатамын. Төртінші өлең Қағылар қабақтар, кірпіктер... Уақыт көзінде нұр болып ойнасын. Алатау, бұлтыңды жыртып бер Сүйіктім шәлі ғып байласын! Көңілдер шаттыққа бір қансын, Қуаныш, көз жас боп домала: Ел болып елу жыл тұрған соң Әрнені еске алмай бола ма, Біразын ұмытпай бола ма! Ей, жастык, қызық тап, таныс тап, өзіңді өзгеге мақұлдат. Біреуден барасың алыстап, Біреуге жақындап. Сағаттар, соға бер! Біз де есе жіберген жоқпыз ғой, жоқ әлі. Бұл күннен кім бізді іздесе, келер күн төрінен табады. Соқ, сағат! Ұш, қиял! Ой, ізден! Арқамда ауыр жүк – сын бәрі. Келемін Дыбыстық поезбен, Рельс – телеграф сымдары. Аспаннан, ауадан, дірілден, Уақыт жүйкесін түсіндім. Сонау көп жұлдыздың бірін мен жарыма сырға ғып ұсындым!.. Минуттар, өте ғой, жарайды Мен үшін жасадың бір шығын... Секундтар саусағы санайды жүректер дүрсілін.

Бесінші өлең Әдемі-ау, Алатау, тұрысың, Ғажап-ау кеңдігің, далам-ай, Тек менің өнбейді жүрісім, неге олай! Тезірек соқ, жүрек, дүрсілің Сөз болып ойнасын тілімде, Ертең мен бүрсүгін тезірек айналсын бүгінге. Беріліп махаббат, мақтануға Кеш қалдым. Өзіме сол керек! Көкжиек жасаурап жатты алда, Сұлудың көзіндей дөңгелеп. Мені алыс мегзейсің бүгін сен, О дала, ой салдың бай талай. Алатау сүйейді, сүрінсем Байқамай. Тұтанып келем мен – білемін: түнерген қабақтар қатпайды үн. Сен қанша тез соқсаң, жүрегім, Мен сонша аттаймын!

1963, 1982 СЫР Сенің әкең ешқашан тарылмады, тарылмады сен үшін барында әлі. Кетсе егер кемшілік көп ісінен, кетті бәрі ойлаудан қарын қамын. Бәрін көрді, бүгінде көбі ескірген, бәрін көрді, тек көрген емес күндеп. Өзіңді көтерді тек төбесіне, қарыннан жоғарырақ боп өссін деп.

СІРӘ, САҒАН ҰНАЙ АЛМАС БҰЛ АҒАҢ,— …

Сірә, саған ұнай алмас бұл ағаң,— кұтылмаспын өсек, ғайбат, бопсадан: әдейі арнап ұнамасын деп саған, ойымды айттым өз көңліме ұнаған. Сен ақылды болсаң екен, міне — арман, Үміт, сүю, түңілуден құралған. Жақсы жанның ұнатқаны — тілегім, қауіптенем жамандарға ұнаудан. Сен әуелі тереңірек көр, үңіл, ілер болсаң — биіктіктен көріп іл, әрбір жолым қиынырақ қиысса, қиындыққа жасаған бір жорығым. Тек әйтеуір, асықпашы, байқа әлі, қарап көрші, қарап көрші қайта алып. Тілге көнбес нәрселерді кейде мен емеурінмен, иегіммен айтамын.

Көркемдікті жасырамын мен кейде, түк қалдырмай көз көретін деңгейге. Мен түгілі табиғат та, асылын тереңірек, тереңірек көмбей ме?! 1969, 1982 СҮТ ОРНЫНА СУДЫ ҰЙТТЫҚ… Сүт орнына суды ұйттық, сөз орнына аңқылдақ, жезімізді жылмиттық бергісіз ғып алтынға. Қайда айырма: бір болды осалдық пен мықтылық. Ақыл болса – үйрендік, ауру болса – жұқтырып. Жер мен көкке теңеп ек, арзан, қымбат арасын. Ол теңеу де, не керек, ескіріпті-ау, шамасы. Себебі: мен ұтылдым, қабырғаммен сөйлестім – аспан жақын сықылды көңілінен кей достың. Анау алыс дегенді жақындатсақ анық біз, мынау жақын дегенді алыстатып алыппыз.

Жанын жақса от ұстап, берер бетті «бүтіндеп», Нокаут аз бокста, ұпайменен ұту көп. Дана емессің – даңқың құр, сүйсіну де – ой деп пе ең, Сары құмды алтын ғып, алмас кесіп әйнекпен; Жезді алтын деп мейлің Мақта! Сенген болам ғой. Жездің түгі кетпейді, тек алтынға обал ғой. Бал орнына – су жұттық, жыр орнына аңқылдақ, жезімізді жылмиттық бергісіз ғып алтынға Анау қымбат дегенді арзандатсақ анық біз, мынау арзан дегенді қымбаттатып алыппыз. СҰЛУ ҚЫЗДЫ СҮЙГЕН КЕЗДЕ ҚҰШЫП ҚАЛ… Сұлу қызды сүйген кезде құшып қал, сұлу гүлді тиген кезде құшып қал. Қонақтарым күткен кезде келіп қал, жомарттарым, сұрағанда беріп қал.

Сұлу қызың бір жылар да жат болар, Сұлу гүлің бір қурар да шөп болар Тым кешігіп келген қонақ аш қалған... бар қасірет кешігуден басталған. 1969, 1982 СӘЛ ШЫДАЙ ТҰР, АҒАЙЫН, МЕН ӨНЕРДЕ ЕНШІ АЛАМ… Сәл шыдай тұр, ағайын, мен өнерде енші алам, ұқсамайтын ешкімге жаңадан бір жол салам. Сай қуалап, жұрт құсап, соқпақ қуман жымысқы, басқан ізін ешкімнің аңдымаспын тіміскіп, керек болса, ағайын, нағыз бұлақ, нағыз ән,— қара шыңның төбесін тесіп тұрып ағызам. Сәл шыдай тұр, ағайын, мен түбінде енші алам, алтынға кім қызықса — бәрін жиып бер соған, Маған темір күрек пен болат қайла бер мықты — көрсетейін көкесін қайсарлық пен ерліктің.

Сәл шыдай тұр, Мен ертең өз тайыма ер салам, қартайды ғой Пегасың, кім қызықса — бер соған. Жақсы өлеңді достарым жазсын менің жан сала, мықты өлеңнің көкесін керсетейін мен саған. 1969, 1982 СӘУІР ТУДЫ, БҰЛТТАР АППАҚ, СУ АППАҚ… Сәуір туды, бұлттар аппақ, су аппақ, Шұлғиды алқап әлдекімді қуаттап. Жайрап жатты осынау ұлы дүние Кіп-кішкентай күн көзіне шуақтап. Жолдың түгел ашылуын күтпелік: Секір, толқын, шың, басынан тік келіп! Дәл қосымда еміс-еміс сыбдыр бар, Жанбасымда шалғын жатыр бүктеліп.

Мен де титтей бір шыбық боп көктедім. Көктем, көктем, өлеңімді төк менің! Мойындамай Алатау тұр жалғыз-ақ Баурындағы Алматының көктемін. 1960, 1982 СӨЗ БЕН ІС Қазанаттың тұлпарша сілкінісі жараспай, біреулердің жүр бізде сыртына іші жараспай: адалдықтар туралы, таңдайынан май тамып, арамзалар айтады, және ғажап айтады. Қазанаттың тұлпарша сілкінісі жараспай, біреулердің жүр әлі сыртына іші жараспай: Жомарттықтар туралы таңдайынан май тамып, тас сараңдар айтады, және әдемі айтады.

Жараспай-ақ келеді-ау, бізде көп іс, көп тірлік: қанжардағы топастық, қырғыштағы өткірлік... Қараңызшы өзіңіз: қонар ма еді ойға аса бұлбұл құстың үнімен жапалақтар сайраса?! 1969, 1982 ТАУ БАУРАЙЫНДА Жасыл-жасыл жағалай жал, жағалай жал, саған айтам! Жылан қабық шұбар шыңдар, Сендер де тас шығарсыңдар? Содан да даңқ-атақ үшін құр шіреніп жатамысың? Шұбар шыңдар! Жағалай тал, жағалай тал, саған айтам!

Шұбар шыңның балағына шұбар тасты ала құлап, бұрқыраған бала-бұлақ, Саған айтам, Саған айтам: Мұнша екпінді қайдан алдың, қайдан алдың – ойға қалдым. Көк толқынның төсін көрдім: түтінденген, секілді ол бір жұлынған шаш кәрі бастан – әрі өкініш, әрі дастан... Тауды бір күш жатты тіреп, сай күңіренді, тас тітіреп. Тас табаны терең өткел, бір сиқырлық – кереметпен, буырқана тепті бұлақ қара еменді қалтыратып... Қара тасты қар тұратын толқын ұрып барады айдап, Ақ қайың тұр қара байлап. Жағалай тал, жағалай жар, қалды бұғып қарағайлар, Қайтара алмай бетін бәрі – ала бұлақ секірді әрі.

Аспан ғана жатқан үнсіз бұл дүниенің мақтанысыз. Ауық-ауық бұлтын іркіп, қояды тек бүркіп-бүркіп. Тамшыны, аспан, қайдан алдың, қайдан алдың – ойға қалдым. Әлде удай мас сайтан жылап – Көз жасын сен пайдаландың?! Жағалай жал, жағалай тал, жасыл әлем, саған айтам. Қайсар бұлттар, қар жалаған, бір жауыныңды арна маған! Бала гүлдей құлшынайын, Құлшынайын, бір шығайын. Деп ем – дүние тыңдамайды, Жылап аққан жылғадай бір ылай-сазды былғалаймын, Шың басына бір қараймын, бұлт астынан сығалаймын күмбезіме салынбаған, қамалыма алынбаған. Табаным – сыз, төбемде күн,

алып қашып көбең-көңіл біресе сәл жоғарылап, біресе сәл төмендедім. Ойға қарап өлең құрып, Өрге қарап келем жүріп...

1960, 1982 СЕН ТУҒАНДА КӨКТЕМ ЕДІМ, КӨРІКТІ ЕМ… Сен туғанда көктем едім, көрікті ем, енді мені ұрады жұрт бөрікпен. Бір сүйініш келді-ау, деп ем – келді шын, сонда мені сүйіндірген сенбісің? Бір күйініш келді-ау деп ем – келді шын, сонда мені күйдірген де сенбісің?! сенсің, ұлым! Айдарымнан жел ескен, жел ескені: ұлым бар деп емес пе, ал, қалғанын шарап жуды – жоқ есте. Алайықшы, нені айтсақ та, сенісіп, – бәрі, бәрі тек сен үшін, сен үшін. Тәңіріден тәуір жан боп келіп ем, нашар болып аттанам ба тегі мен?! Ертең өзің де ойлайсың ғой, ал, әзірше ақыл тыңдап көкжиегің кеңісін: әзірше мен ойланайын сен үшін... 1969, 1982

САҒАН АРНАП ӨРІЛГЕН СОЛ ҚАМШЫНЫ… Саған арнап өрілген сол қамшыны бермей кетті ат мінген бір ер шіркін. Саған деген Сақа бар-ды, дәл шыным: баласы алып жойып кетті көршімнің. Жоғалды көп ықыласы құрбының, оны өзімнің аңқаулығым жоғалтты. Жоғалды енді саған жазбақ бір жырым, оны өзімнің жалқаулығым жоғалтты. Саған... саған деген ыстық сезімді Ақыл! Ақыл! деген бір шал тоқтатты. Саған... саған айтам деген сөзімді Сабыр! Сабыр! деген бір шал тоқтатты... САҒАН АЙТПАЙ КІМГЕ АЙТАМЫН МҰҢЫМДЫ… Саған айтпай кімге айтамын мұңымды, мұң дегенің бұлт секілді бұлыңғыр: ай сықылды бір ақиқат, бір шындық батып кетіп, батып кетіп, шығып жүр.

Айтатыным ақыл боп жүр үйткені, тыңдаған жан мақұл деп жүр үйткені: өз есігім қысты талай қолымды, аз ауламда қапты талай ит мені. Қызық-қызық сөйлейді адам, күйінбе, бұзып-бұзып сөйлейді адам, күйінбе. Безе алмадым тілі тиді деп құрбымнаң ит қапты деп безе алмадым үйімнен. Өмірімді өтер күнмен күйттедім, көңілімді көтерумен күйттедім. Мен үшін сен кішкенесің, ел үшін мен сенен кішкенемін өйткені... МЫНА ҚОНАҚ МЕНІ ӨЛТІРМЕЙ ЖЕРЛЕП ТҰР… Мына қонақ мені өлтірмей жерлеп тұр, ептеп ішті: ағыл-тегіл тер кетті. Мен отырмын — мылжыңымен қонақтың домбыраның екі ішегін ермек қып.

Оңаша бір кешім еді жыр жазаар, қашан ғана бітер екен бұл «базар»! Мен отырмын азар шыдап, қарашы: құлап түскен бокалымда сынды азар. Қайдан келді, неткен бәле бұл өзі? шылым түтіні сақина емес, білезік. Бұрыш сеуіп кетті біреу миыма, көмейіме құйды біреу күл езіп. О, жалғыздық! Жаман деген кім сені, дәл сол адам біздің үйде тұрса еді; Мына мылжың келер еді-ау оған да, о, жалғыздық, жаман деген кім сені... Тыңдаушы еді тойып алған ер нені, мен болдым-ау езіп жейтін ермегі. Шын беремесе дым бермейтін «құдайым» жалғыздықтың өзін түгел бермеді, ...жартылықтың өзін бүтін бермеді.

1969, 1982 МЫНАУ ОЙДЫҢ ТӘТТІСІ-АЙ, ҚАНАР МА АДАМ… Мынау ойдың тәттісі-ай, қанар ма адам, тым тәттілік таңдайды ояр болар. Үміт деген әдемі көбелек қой, қай жеріңе гүл өссе – соған қонар. Мынау, ойдың ащысы-ай, болар, болар! Тым ащылық... қайтесің, обал болар. Күдік деген Сауысқан, ал сауысқан қай жеріңде жара бар – соған қонар. Жан әсерін жүрдің-ау күтіп ықтап, жараң ашып, гүл тоңып жыпылықтап; бір жағыңнан көзді арбап көбелегің, сауысқаның бір жақтан шықылықтап. МІНЕ, БІР ҮЙ ТҮСЕ БЕР… Міне, бір үй түсе бер, келген жоқсың молаға. Жолда жүрген кісі егер үй таңдаса оңа ма.

Сықырлауық қақпа бар, кір тезірек, бәрі үйде. Бала деген қаптаған шығады өріп, әрине. Қарап саған сүзе бір, дауаламай жүрегі, аздан кейін тізеңе қонар келіп біреуі. Ал, кәрілеу шешесі бәрін қуып дүр сілкіп, қымыз құяр, кесесін бармағымен бір сүртіп. Келгенінше шамаға, Көрінбе ірі, байқа әлі. Жүргеніңді қаладан калпағың-ақ айтады. Дастарқан мол онсыз да, қайсібірін асарсың: түнде жортқан жолсызда жолаушыдай сасарсың. Домбыра тұр тұсында, бұрауын көр көтеріп. Жөн сұраса қысылма, қонақпын де — жетеді. Ал, кетерде... сезімге ауыр тиер — қиын бұл, үмытпассың өзің де бір баласын сүюді.

1969, 1982 НЕ ЖЕТПЕЙДІ, ЖЕТПЕЙТІН ЗАТ КӨП ДЕЙДІ… Не жетпейді, жетпейтін зат көп дейді, біреуге атақ, біреуге орын жетпейді. Не жетпесе — соны көбейт, уақыт, көбейткеннен сенің түгің кетпейді. Өссе біреу осы күні қарқындап, қалатындар болмай ма оның артында?! Биіктікке басталса бір талпыну, басталып жүр етектерден тарту да. Көп болсыншы креслолар-пенсионер, содан құны түспейтұғын болса егер. Жағымпазға он бес-жиырма бастық бер, арызқойға отыз-қырық кеңсе бер! ОЙ НЕТКЕН КӨП ЕДІ… Ой неткен көп еді, ой мен ой белдесіп, ой айтам дегелі маза жоқ менде осы. Босаға бөстегің меншік қып көп-көрім бір күшік өскелі балағым жоқ менің.

Тұрмысты, тірлікті, аз өтіп, көп білген, шыққалы бір мықты, мықты боп кеттім мен. Ешкімді жеңбедім, жықпадым белдесіп: ұлым, сен келгелі бір ұл бар менде осы... ОЙ ТҮТІП, СӨЗ ЕСІП… Ой түтіп, сөз есіп, құясың сырға мұң. Кезесің, кезесің Абайдың жыр-бағын. Шабасың, таласып шықты анау алға кім? Таласпа, аласың Абайдан қалғанын. Абай-ай, әй, тіпті берген-ау берерін. Айтарын айтыпты, алыпты керегін. Көп нәрсе қалыпты оған да көрінбей: қыз қапты өрімдей, шешілмей дау қапты. Қанша Абай күрессін, жығылмай анық бір, бір жаңа, бір ескі күншілдік қалыпты. Жанғырық қайталап даңқты танытты. Кеткенмен тау-талант,

бұлттары қалыпты. Тек қана... азғана таңданам, таңғалам: Сол Абай жазбаған жақсы өлең қалмаған.

1969, 1982 ОЙЛАНАРСЫҢ ШЫНЫМЕН ӨМІР ЖӘЙЛІ… Ойланарсың шынымен өмір жәйлі, бір ынжық уәде берген бастығың қалған шақта күмілжіп. Ойланарсың ашына алып беттен, сені аттап, сенген досың сертінен тайып кеткен сағатта. Өткеніне өкініп, түзетем деп әкеңді, болдырам деп болмасты көбейтерсің қатеңді; көңлің қалып бәрінен, көбік қауып —тоярсың, қателікті содан соң қате деуді қоярсың. Ұғынарсың жарайды: өз әлінше мықты ағып, бұл жолдардың талай бір қатеден соң шыққанын. Сосын барып екеуміз қайтадан бір кездесіп, өмір жәйлі тағы да ой пішерміз, сөз кесіп, Әзір осыны ойлай тұр, оңаша үй бар анда бір, екіншіде айтармын білгенімнің қалғанын.

ОСЫ МА ҚАРАШАНЫҢ АЙЫ ДЕГЕН…

Осы ма қарашаның айы деген, Не болды, күлмегендей қайың, емен, Су кетіп мойынынан қайың, емен, үстінде тамшы аунайды жапырақтың Тау мен бұлт көк жүзінде дидарласып, сусылдап тастан сырғып ағады сел. Қыс пен күз бір-бірімен тұрды арбасып, арада ұйтқып жүрді әзәзіл жел. 1960, 1982 ОТАН ҮШІН СОҒЫСТЫҚ, ҚАН ТӨГІСТІК ЖЕР ҮШІН… Отан үшін соғыстық, қан төгістік жер үшін, от басы үшін соғыстық — соғыстың ең берісі. Күрес көп қой тірлікте, соғыстың да түрі көп, от басы үшін соғысу тұр-ау соның бірі боп.

Отан үшін, сондықтан, мылтық ұста десем мен, от басы үшін жөн шығар күресуің көсеумен. Бізде кейде, не шара — таңданып көр, күліп көр, қырып кете жаздайды көсеуі бар жігіттер. Ал, жігіттің қаншалық ер екенін шынайы, көсеу емес, қолына найза беріп сынайды. ОҢ ЖАҒЫҢДА ІЛУЛІ ТҰРҒАН ЖЕРДІҢ КАРТАСЫ… Оң жағыңда ілулі тұрған жердің картасы, өзендері тентектеу – кететіні бар тасып. Сол жағыңда іліулі Лениннің бейнесі, – сенің тілің шықты осы суретпен «сөйлесіп». Оң жағыңда ілулі туған жердің картасы, самал сипап жатады көгалының арқасын. Сол жағыңда Ильичтің суреті тұр ілулі, – содан үйрендің-ау сен сүйкімді боп күлуді.

Оң жағыңда ілулі Отаныңның картасы, жұдырығын жауларға түйіп жатыр әр тасы. Сол жағыңда ұлы адам рамкада бояулы, – мейірімнің шуағы жүзінде әлі ояу жүр. Адам болсақ біз осы – мейірімнің арқасы, ақын болсақ біз осы – туған жердің арқасы. Лениннің бейнесін көшір ұлым, көзіңе, жақсы білгің келсе егер Отаныңның картасын. ПАГАНИНИ - ҚАШЫҚТЫҚТАР Қанша жылдар! Кетті ол алыс, бірақ та күйі бүгін... бүгін жетті құлаққа. Алыс еді Жетті бірақ үн бізге, Сәулесіндей сөніп қалған жұлдыздың, Бүгін ғана жақын келді үні оның.

Италия жастығы мен тілегі әр нотада жарқырайды, күледі. Теңіз жақтан келген самал лебі біздің жасыл ауламызға түнеді. Күйі – лайлы, естілсе де өр үндей, тазалығы – Атыраудың көгіндей. Тұлғасы Оның соншама ерсі еместей, қолдары да соншама ұзын көрінбей. Шайтан емес, жын емес Ол, кәдімгі Ол да аттады адымды, адам екен – естілмейд тек тақасының тықылы, және үлкен жүрегінің лүпілі. Паганини?. Сахнаға қарашы – Ондағыдан жақындау ғой, шамасы, адамдар мен адамдардың арасы. Ондағыдан биіктедік әлде біз? Биіктіктер аласарды сәл деңіз? – Мұның өзі сыйса жарар ұғымға, біз олардан көп тыңдадық, аз айтып. Өмір жасап келеміз ғой шынында арадағы қашықтықтарды азайтып...

САЛҚЫНДАП САЯСЫНДА САМАЛ-КӨЛДІҢ… Салқындап саясында самал-көлдің, бұла өскен баяғыдан балаң менмін. Сіміре саумалыңды, бұл жолы да, Сабылып, сағымды өлке, саған келдім. Тағы да топырағыңда жаңарды ізім, Сен десем бал-бұл жайнап жанар жүзім. Бір пейіл, бір ықылас – қолда бары, әкелген базарлығым – сол болады. ...Тікенге балтырымды талатып ем, ал қазір дала барқыт, дала – кілем. Кетіп ем сол даладан шыбық мініп, Оралдым бір талаптың қанатымен. Сырым бар тереңімде көрінбеген, жырым бар шебер қолмен өрілмеген. Әйтеуір біреуімін көп балаңның өзіңді елім деген, жерім деген! 1960, 1982

САН ОЛАҚТЫҚ… Сан олақтық, сан «қырсық» құтқармапты қайдан да. Кірісіп ем алғырсып осынау бір майданға. Тану үшін бір қарап ақыл сыртын айла ішін, керек екен жырға да, бес қаруы сай кісі. Мынау келген қай жасық демесін деп бір текті, тәуекелдің найзасын тәңіріге сілтеппін... Ұйқас деген мылтықты жойдың десе, сыны — шын. Майырылып құртып тұр, теңеу деген қылышым. Барын жойған тойменен солдатқа мен барабар. Әйтеуір сол ой деген гранатам ғана бар.

1969, 1982 САНАМАҚ Кел, кел, ұлым, бермен кел мойныма кел, кел асыл, асыл, көрейікші екеуміз туыс-туған санасып: сен әкеңді білесің жазбаса да тілдей жыр, мен әкемнің сүйегі қайда қалды — білмеймін, сенің шешең жүр үйде ақыл айтып тарынып, менің шешем ауылда аты Қайғы-Кәрілік. Сенің екі апаң бар: бірі — ұйқы, бірі — ойын, үш апа бар, ал, менде: шабыт, сана, уайым. Сенде жалғыз қарындас — еркелігің ол әне, менде жалғыз қарындас: жаңа жырым болады. Ұйқы — апайың әлдилеп, үлбіреді керемет, ойын-апаң ән-күймен күлдіреді керемет. Қарындасың — Еркелік, екі көзі жылтырап, қанша тырбыңдағанмен шыға алмапты қырқынан.

Шабыт-апам біраздан жоламай жүр, жоламай, Сана-апайым басқаны жағалай жүр, жағалай. Үшінші апам — Уайым, уһ, жаным-ай, күйем бе, Жыр-қарындасты ұзаттым журнал атты күйеуге. Менен сенің тумаң көп, көрдің бе, ұлым, сүйенген, ал мен қалдым Жалқаулық деген жалғыз жиенмен.

1969, 1982 ТАҒЫ, ТАҒЫ...

Ақ бұлақтың тағы тулап ағысы, анау қыран кетті шыңнан тағы ұшып. Сен отырсың тағы маған ұрысып, мен отырмын бір досыммен тағы ішіп. Бір сотқардың қас-қабағы тағы ісіп, бір момынның кетті тағы намысы. Екі лашын екі бөлек өтті ұшып, екі қарға қалды тағы табысып. Көп ғалымнан тағы шықты бір надан,— тағы менің бір ойымды ұрлап ал. Тағы тартып бітірдім мен бір күйді, бір тыңдаушым тағы өкпелеп тұр маған.

Тағы да іздеп ойдың жаңа түр-түрін, тағы ілінбей отыр менің кірпігім. Отырғанда осыларды тағы ойлап өтіп кетті-ау тағы менің бір күнім. 1969, 1982 1945 ЖЫЛ Көкжиек кең. Көңіл жомарт – береке, Аспан асты – тұнық ауа, тұнық үн. Кемсең қағып киіп жатты кәрі әке Киімдерін қайтпай қалған ұлының. Түтін исі. Сұр шинель мен кирзі етік, Қайыс белбеу қалыңдығы – төрт елі, Кей көңілді қуанышпен тербетіп, Кей өзекті аяусыз-ақ өртеді. Ақ жаулық пен ақ самайлар өтті алдан От ішінен аман шыққан мақтадай. Барлық бала бес-алтыға кеп қалған,

Олар-дағы қарттардай. Мықтап ұстар бір күдіктің ұшынан Одан кіші бала көрсе ел тегі. Екі-үш жасар бір сәбидің тұсынан Екі-үш кемпір бетін шымшып өтеді. Кемпірлерде шаруамыз не біздің, Сол бір сәби байғұстарға биіксіп, Мүйізіне маубас қызыл өгіздің Тағып едік қып-қызыл бір қиық шыт... Жеңіс аты – қызыл жалау... нан деген Сәби ойы – айта алмайсыз бекер деп. Енді ойлаймыз: Жеңіс: тамшы қан менен Өз күшіңе мықтап сену екен деп. АҚ ЖАУЛЫҒЫ СЕКІЛДЕНІП ҚАРЛЫ ШЫҢ… Ақ жаулығы секілденіп қарлы шың, жүн түтетін мұнар құсап қалғысып, бармысың сен, айналайын ақ шеше, опырық тіс тентек әже, бармысың.

Жасағанға арнап жарты қарғысын, Қайнайтұғын күйік қысып, зар қысып, бармысың сен, шынашақтай кәрі әже. Қутыңдаған қызыл әже, бармысың. Әскер-ұлға арнап бүкіл алғысын, мұң шертетін ошақ қазып, қан құсып, бармысың сен, арық шеше жылауық, жіп иіргіш жадау әже, бармысың. Жаңа қонған жапалақтай жарға ұшып, жасыратын «жоқ» пен жауып «барды» шын, бармысың сен, сараң шеше құдайдай, май былғағыш момын әже, бармысың. Бармысындар айналайын шешелер, өрмегіңді көп үзіп ем, кеше гөр... Арашашы болыңдаршы өздерің, аулын жігіт ұмытыпты десе егер.

1969, 1982 АҚЫЛДЫНЫ КӨРСЕҢ СЕН — БІР СӨЗІНЕ ЖАРАП ҚАЛ… Ақылдыны көрсең сен — бір сөзіне жарап қал, енді қайтып сен оны көресің бе, қарап қал. Ақымақты көрсең сен — күліп опа таппайсың, үйткені оны «құдай» да күліп тұрып жаратқан. Қайғылыны көргенде көз жасыңды сүртіп өт, күңгірт тартқан көңілі бір сүйеніш тұр тілеп. Айналаға көрінбеу үшін ерсі-түрпі боп, бақыттыны көргенде күліп бұрыл, күркіреп асып-тасқан көңілі бір қошамет тұр тілеп. 1969, 1982 АҚЫН ДЕГЕН КӨП БІЗДЕ… Ақын деген көп бізде, тіршілікте бірі ұтылса, енді бірі ұтады: өткіз мейлің, өткізбе «темпланға» кітабын.

Көп ақынды шығарды сыншылармен жекпе-жек: біреу мықтап қуанды, енді біреу өкпелеп. Сенде қазір аз өкпе, таниды жұрт біртіндеп, тек жиі бар газетке, бастыққа кір бүлкілдеп. Солай, достым, барлығы, тақырып тап, жаз, жүгір. Жаман пейілтарлығы, – жақсы жырдың аздығы. Өстік содан жоғары, «сәт сапар» бар батадай. Бізді де енді соғады атымызды атамай... 1967, 1982 АҚЫНДЫҚТЫ КӨРІП ЖҮРМІЗ НЕ ТҮРЛІ… Ақындықты көріп жүрміз не түрлі, батылдықты көріп жүрміз не түрлі; қастықты да көріп жүрміз не түрлі, достықты да керіп жүрміз не түрлі. Бірақ ақын — ақын болып қалсын тек,

бірақ батыл — батыл болып қалсын тек; бірақ досың — досың болып қалсын тек. Ақындық пен әуреліктің арасы, қастықтар мен достықтардың арасы — қор қылатын осы-ау адам баласын. АҚЫНДЫҚТЫ ҚАЙТСЕМ ЕКЕН МЫНА САҒАН БІТПЕГЕН… Ақындықты қайтсем екен мына саған бітпеген, батылдықты қайтсем екен мына маған бітпеген. Майлап алып жағар ма еді қайғы-мұңды сендегі, байлап алып сабар ма еді қаймығуды мендегі. Сұлулығың жесір ғой ол, ақылдыға бітпеген, ұлылығың, кесір ғой ол, адал жанға бітпеген, Қыңырлықпен бөліп бәрін әділетсіз табиғат, соған қарап таңдануды екеумізге жүктеген.

БАЛА БІТКЕН ШАТТАНДЫ…

Бала біткен шаттанды, Төменде – олар, төрде – біз, Кебежені ақтарды Табақ алып жеңгеміз. Есік алдында жазық бар, жазықта екен киіз үй. Жағал теке қазыққа, Қасып тұрды мүйізін. Табалдырық тақтайлы, Көздер соны күзетші: әрлі-берлі аттайды ақ балтырлар, біз өкше. Аяққапқа ұмсынып, үлдірікке бір барып, қыз қарайды қымсынып, біз қараймыз ұрланып. Көрісу ғой әуелгі, сөз таппадық «емге» біз. Дей бергенде «ал, енді..» сезіп қойды жеңгеміз. Айықты ойлар біріндеп... ымырт жапты алқапты. Үй сыртына дүбірлеп, келіп қалды салт атты. Иттер тосты жолынан, ит үре ме «үр» десе. Ал, үйде қыз қолынан, түсіп кетті бір кесе...

1960, 1982 БАРЛЫҚ ЖЕРДІ ҮЛГЕРЕР ЕМ ЖАСЫЛ ҒЫП… Барлық жерді үлгерер ем жасыл ғып, саған да бір жұмыс тұрсын демесем. Табар едім жердегі бар асылды, саған да бір жұмыс тұрсын демесем. Арамдыққа қарар едім көндігіп, ұлым менің адал болсын демесем. Тауысар ем мына нанды мен бүгін, қақ жартысы саған қалсын демесем.

БАУРАЙ БҰЛТЫ ЖАҢА КӨШТІ БАЯУЛАП…

Баурай бұлты жаңа көшті баяулап, Медеу-сайдан самал есті жаяулап. Көкжиекке барып қапты Ай аунап, Осы бір кез, осы бір шақ аяулы-ақ. Бал-балауса, байтақ өлке, кең мекен, Бала гүлді кім оятты, жел ме екен? Сен кетпеші шыңды тастап, ақша бұлт, Кету керек болса түбі – мен кетем! Жатыр ашық дария-дала далиып, Далиғанды – дарқандық деп таниық! Бұлттар жүзді қаршыға боп қызыл төс, Бұлттар жүзді қыран болып ақ иық. Неғып тұрсың, сыбдырамай қара ағаш, Жүгір, самал, жапырағын ала қаш! Неғып тұрсың, махаббатшыл дүние, Келе жатыр сәуле-сұлу жалаңаш. Сәнге тастап қос бұрымын шолпы өріп, Су-бұлақты шым жібекпен көмкеріп; Алып келіп уылжыған аспанын Төбемізге қоя салды төңкеріп... Осы бір сәт қызарды да жанды жүз, Осы бір сәт түсті жерге жалғыз із. Күн көзімен жалт етті де, құшты кеп, Алатаудай кәрі шалды әлгі қыз.

1960, 1982 БАУРЫНА АП ТАУ МЕН ҚЫРДЫ ТҮН ҚЫЗҒАНДЫ… Баурына ап тау мен қырды түн қызғанды, тыныштық талды айнала қамады кеп. Теңізде ашық жатқан жұлдыздарды Толқындар ұмтылады жабамын деп. Талықсып ескен самал баяулайды, сайларға бозғыл сағым қалады ұйып. Кәрі аспан төсегінде ай аунайды, жабысып жамбасына жабағы бұлт. 1960, 1982 БОЛМАЙТҰҒЫН САНАСУ, БОЛМАЙТҰҒЫН ЕСЕБІ… Болмайтұғын санасу, болмайтұғын есебі бірімізге біріміз кереметтей дос едік. Сіздің үйде сынатын біздің үйдің кесесі, біздің үйде тозатын сіздің үйдің төсегі.

Қонақ келсе бір келді, өзіміз де бір барып, шарап ішсек бірге іштік үлкендерден ұрланып. Кезек қонып жүргені бір домбыра екі үйге, бір самаурын екі үйде кезек қайнап тұрғаны. Енді бүгін не болды, не болды енді деп мені мазалайды бір сұрақ, сен емессің өкпелі, мен де емеспін өкпелі, қанша болды санашы, біздің үйдің кесесін сен ұстамай кеткелі?! Менде пәтер бүгінде, сенде де бар от басы, тартпағалы ат басын қанша болды, тоқташы. Қатысамыз қатыссақ аңдысып кеп, арада көше де емес, жатқандай шахматтың тақтасы.

БІР ПӘТЕРДЕН БІР ПӘТЕР ІЗДЕП КӨШІП БІЗ БАСТА… Бір пәтерден бір пәтер іздеп көшіп біз баста, екеуміз де сенуші ек шын достықты бұзбасқа; бір пәтерден бір пәтер төменірек боп шығып, бекітетін достықты іреніш пен жоқшылық. Содан кейін: ептеп кітап жинадық терді төгіп, жан салып, жарымыздың жүзіне күлкі үйірілді, қан шауып. Пәтер алдық тұрақты, аяқ-табақ құралды, келіншектер бір-бірін ұқпайтынды шығарды. Содан кейін: тауып жүрдік көз жұмып Жазушылар Одағын, содан кейін не болсын, болды-дағы болары: атақ деген бір күні бомба түсті-түнерді, достық деген қамалды быт-шыт қылып жіберді.

Сол қамалдың-достықтың орынына ақыр біз дипломатия деген күрке салып жатырмыз. БІР ӨЗІҢЕ ЕКІ ЖАҚТАН ҮЗДІГІП… Бір өзіңе екі жақтан үздігіп, екі жақтан сені ғана қыздырып, жатушы едік арамызға сені алып, бөлек төсек салдық саған біз бүгін. Тіпті бөлек кететініңді ертеңгі ойлағанда көкірегім өртенді. Бүйіріме қадалып жүр бір шаншу, – тұйығынан жел соғады көрпемнің. Өстің енді, бөлек жаттың, қарашы: өсу, өсу, өсу деген шамасы, осылайша алыстатады екен-ау адамдар мен адамдардың арасын.

1969, 1982 БІРІ СӨЗІН, БІРІ ӨЗІН БЕРІЛЕ ӨҢДЕП… Бірі сөзін, бірі өзін беріле өңдеп, беттен ажар, өлеңнен жол үнемдеп, ақындар мен арулар жүріп жатыр, бірі – шебер, бірі – әсем көрінем деп. Толып кетті дей көрме ақтабан-жыр, солып кетті дей көрме мақтаған гүл. Екеуі де қызыққыш, қызылға үйір, екеуі де сүйеді мақтағанды. Беттен ажар, өлеңнен нәр таймасын десең егер, үйретем жарты айласын: екеуін де мақтай бер десең егер ақын өссін, арулар қартаймасын.

1969, 1982 БІРІМІЗДІ БІРІМІЗ ЖАТА ҚАЛЫП КЕМІТТІК… Бірімізді біріміз жата қалып кеміттік, мін қазыстық жата қап, сонымен біз нені ұттық. Бірімізді біріміз жаман дедік, жаман деп үшінші бір жаманның жүрер жолын кеңіттік. Жақын болса болсын деп екеуміздей әр адам, үшінші бір ағайын арамыздан қараған. Қос қабырға сықылды суый-суый ақыры: үшінші бір қабырға пайда болды арадан. Тамырыңның лүпілдеп тұрған жерін тап басып, айтайыншы бір ақыл, жақсын мейлі жақпасын: ғашықтықта, достықта, қастықта да — екеу бол, «тәңірім» сені сақтаса — үшіншіден сақтасын.

1969, 1982 АЯЗ – ЖЕҢГЕМ Аяз, аяз! Бозарды бет шымырлап, үлпек қарда ізім қалды қыбырлап. Қыс келгенін, мұз басқанын даланы, суық жел тұр құлағыма сыбырлап. «Бұрынғыдай иығыңды керме!» – деп, өн бойыма ызғар шықты өрмелеп: кешке жақын жанай өтіп көрме деп, боз қырау тұр қыз әйнегін перделеп. . Аяз-жеңгем қориды сол қызды анық, Өзім түгіл Көзімнен құр қызғанып; Күйеуі бар – ұмытқан ғой құдайды – Құлағымды жазықсыз Қызартқанша бұрайды... 1960, 1982 АУЫЛҒА АЯҚ БАССАМ ЖҰМСАП КЕТЕМ… Ауылға аяқ бассам жұмсап кетем, шегіне домбырамның үн сап бөтен. Бірдеңе айтсақ па екен анау шалға, әлде айтуды ойлап қана тынсақ па екен.

Әйтеуір жұмсап кетем, жұмсап кетем, көңілде ұят бөтен, ынсап бөтен. Ауылдың кемшілігін көрмеу үшін, тарс қылып екі көзді жұмсақ па екен. Ит біткен қуып үріп тірсектете... осылай у-шу қылып жүрсек пе екен. Боз үйді мына біреу орап өтіп, күркеге әне біреу кірсек пе екен… Осымен осы жырды түйсек пе екен, өлең де көп көпіртсек күйсеп кетер. Мына жадау күркеге кіре салып, кір-қожалақ бір ұлын сүйсек пе екен... АТАҚ ДЕГЕН НЕМЕНЕ… Атақ деген немене? Ақ жорға ма деп қалам, әр тақымда бір шауып, бір қазыққа тоқтаған. Мен де мінем демеші, дұрыс болса топшылау: кісі мінер онда енді бүтін арқа жоқ шығар.

Байлық деген немене? сараңдық па деп қалам, жайған қолға тоқтамай, жұмған қолға тоқтаған. Мен де болам демеші, екі көздің құны не: екі көзің бітсе егер жан қалтаңның түбіне. Бақыт деген немене? сұлу қыз ба деп қалам, әр жігітпен бір билеп, бір жігітке тоқтаған. Менімен де бір билеп кетпеді деп күймеңіз: шақырушы көбейсе шықпайды ғой биге қыз. ВОДОЛАЗ БОЛЫП ЖАСЫРЫНЫП… «Водолаз» болып жасырынып, ой деген терең теңізден, көп сүңгіп, маржан-асылды мен таппадым, сен ізде. Теңізде нем бар, теңізде! Альпинист болып тегі ізгі, шыңдарға шығар жол іздеп, мен таппадым, сен ізде.

Дәрігер болып сезгір бір Іздедім, әттең, негізгі күре тамырын мезгілдің мен таппадым, сен ізде... 1969, 1982 ҚАСТЫҚ КӨП-АУ ЖАЛҒАНДА… «Қастық» көп-ау жалғанда, жатам күліп, ерлер жәйлі ел айтқан мақалды ұғып. Атын берді, берсе өмір, белеңі бар, досын берді, берсе өмір, қатал қылып. Жеңгесімен көп қыздың амандастым, жаулықтыдан жау шықса — жеңе алмаспын… Мен үйленіп қойғасын, қарашы енді, қыздар жақсы боп кетті маған қас қып. Жастық — асау тай сын-ды бастықпаған, тайды да асау дегізген жастық қана... Өнерімді сыйлайтын бір азамат түсіп қалды орнынан қас қып маған.

Тағдыр талай көрсетті қатал қылық,— «қылыштың құрығында батар қыры». Өмір солай деп қойып жатам күліп, қанжарымен қастықтың сақал қырып. 1969, 1982 АЙНАЛАНЫ ЫЗҒАРЫМЕН ШАРПЫҒАН… Айналаны ызғарымен шарпыған, суығымен ұрып кетер сұқтансаң – бұлтқа еліктеп қалыңдар ем, бұлт болсаң, нөсерлету керек екен артынан. Жаһаннамға жалғыз қада-тіреу боп, айналаға салғырт қарап түнерген, шыңға еліктеп асқақтар ем, шың болсаң, аттап кетпеу керек екен біреулер. Көк аспанға күркіреп ауар жәй, бұлт рухын жұтар едім ауамдай. Қайбір бұлтша түнеріп кеп, түнеріп, өтем бе деп, қорқамын мен, жауа алмай.

Пірім, достар, талас мейлің, көн мейлің: шың секілді мен де ешкімге көнбеймін. Шың секілді асқақтар ем, бір күні біреу аттап кетпесіне сенбеймін.

1969, 1982 АЙТАСЫҢ-АУ, АЙТАСЫҢ

Әй, ағайын, ағайын-ай, білмегесін айтасың, асықпашы, мезгіл-дауыл мені де бір шайқасын. Ненің қалып, не қойғанын көресің ғой сонсоң да, әй, ағайын, ағайын-ай, тым асығыс айтасың. Алма ағашы шығармын мен түйін салған шықта алғаш, мезгіл-дауыл бір сіліксе мүмкін менен түк қалмас. Бүгін менің бір жемісім түсіп кетті үзіліп, мүмкін ертең бәрі түсер, бәрі түсер, түк қалмас. Бәлкім мына шып-шып еткен мөлдір-мөлдір тамшылар, қағып төгер суың емес, қажып тапқан бал шығар? Асықпа, аға, мезгіл-дауыл мені де бір шайқасын, әй, ағайын, ағайын-ай, тым асығыс айтасың.

1969, 1982 АЛА АЛМАҒАН ЖАУ БІЗДІҢ МЕКЕНДЕЙ БІР… Ала алмаған жау біздің мекендей бір, мекендей берік болсаң екен деймін. Жақсыңның бәрін өзім мақтан етіп, жаманыңды көрмесем екен деймін. Саған мұным қаталдау жетер, мейлі, бұл тілегім кетпес-ау бекер деймін: Ылғи сенің тойыңда күй тартқанмен күйігіңді тартпасам екен деймін. 1969, 1982 АМАНАТ Командировка мені сүйреп кетті, паровоз түтін биін түйдектетті. Шешеңе жұма жуар кір дайындап, қырғыш қылып қайтармын бүйрек-бетті. Аяқ киім ауыз-үйде араласып, шарап тасып жүрмеңдер, тамақ асып, Кимесін кебісімді біреу келіп. біреу кеп қолжазбамды қарамасын.

Ертек айтып, журналдан сурет кесіп, отырыңдар шешеңмен құрметтесіп. Сүлгім қалды ілулі «ванныйда», біреу келіп қол сүртіп кірлетпесін. Енген кісі есікті сұрап ашып, тым еркіндеп кетпесін сынағасын: кілті жоқ деп шкафтан кітап ұрлап, домбырамның құлағын бұрамасын. Қашан келем, білмеймін, айлап кеттім, мұз сықылды уәдем тайғақ боп тұр. Бір серт пенен бар еді бір сенімім, соны есікке күзет қып байлап кеттім... АНА Ойлатпай өсірем деп жаман пиғыл, әлдекімге өкпе артсақ – одан тыйдың. Тағдырдың бізді соққан «бұзау тісі» алдыменен, анажан, саған тиді.

Жүзбесе де сол жылдар күнің күліп сөйлемедің ешқашан түңілдіріп. Күн көрдік қой бір қолда бес саусақтай бірімізді біріміз жылындырып. Ұлды ерке етіп, ал, қызды қылықты етіп, өсірем деп жүн түттің, шұлық тоқып. Қуанған сәттеріңде – құштың, бізді, жылағың келген кезде тұрып кетіп. Біздің жыртық көйлекті жамай-жамай, қалыпсың қартайғаныңды абайламай. Жесірлік өтті; бірақ қара түндер ақ шаш боп қоныпты ғой самайға, ана. Кетті, кетті келмеске өткен күндей жүрген кезің аязда шекпен кимей. Өкпелетсең де өзіңе кейде бізді, есіріпсің өзгеге кектендірмей.

Кеткенім жоқ әзірге елтіп, асып, көргеніммен көп жайды талқыласып. Біреуді жек көрейін десем бүгін, ылғи, ана, алдымда сен тұрасың. 1967, 1982 АНАУ КЕЗДЕ ТҮС БОЛЫП… Анау кезде түс болып, маған енген нан саған енбесе екен, іштегі бір тілегім аңсаған. Найза, қылыш түске еніп, кектен жүдеп, қаусаған, Шаппаса екен тістеніп бізге шапқан жау саған. Күдік ойлап бостан-бос, дұшпанына теліп бір, менен безіп кеткен дос сені тапса – болыпты. Даңғаза боп басым құр, ойдан өтіп ең қауып, мен іздеген асылды алсаң екен сен тауып. Жыр айтып бір сарынды, арасында жөргектің қартайса екен жарым да сенің ұлыңды ермек қып.

АППАҚ БОЛЫП БАРЛЫҚ МАҢАЙ ТҰР ЖАНЫП…

Аппақ болып барлық маңай тұр жанып, Жоқ қой ешкім ақ жарықты кірлеткен! Тасқа түссе бұл жарық, тасқа-дағы қараймын мен құрметпен. Құйылып тұр, құйылып тұр нұр-жарық – емен, шырша шыға келді бүр жарып! Жарық түссе қасіреттің өзі де кетер еді нұрланып! Жарық, жарық! Мынау жердің бетінде көлеңкелер ұқсайды екен жетімге, Нұр-әкенің жанарынан тыс қалған. Жарық болып көкірекке түсті арман. Жарық деген – ең әйгілі есім бұл, бөбегімді сәуле болып өсірдім. Бұл өмірдің көктемі мен шуағы – Махаббат пен мейірімнен шығады. Жарық деген әлемдегі ең әдемі, демен, бірақ тек жарықпен жанасың; Жану үшін –қызу керек әуелі, Ол қызуды – өзің іздеп табасың.

АПРЕЛЬ ТАҢЫ

(Цикл) I Апрельдің таңы арайлы – күншығыс жақ тұрды күліп. Біздің қала қарағайлы, таңғы ауада жүр қыдырып. Шыдам болып шық мөлдіреп жапыраққа қонады кеп. Бірақ таңды күткен жүрек Минут сайын соғады үдеп. Таң арайлы, таң – ғажайып; Әлденеге көңіл құлап, Бойда шыдам қалды азайып, өсе берді сенім бірақ. «Осындай ма ед жылы, күні, Осындай ма ед бұл алаптың; Осындай ма ед ұлылығы, Сұлулығы мына жақтың?!– Деді ол,– неғып байқамағам, Әлде өзге ме ед күн бұрынғы?» Сөзін ән ғып

айтады адам, Таң, бір сайрат бұбұлыңды! II Жаңа туған күнге ұсады, ал, космоста – тұңғыш Адам. Тұңғыш адам – жаңа адам-ды, Жаңа адамдар бағаланды. Берді ол тұңғыш биікте үнін туған жерге – қалған жаңа. Сол бір үннің биіктігін өлшей алар арман ғана.

III Таң арайлы... тау шыңдары, Тау шыңдары құбылды, әне, Таң жырлары таусылмады, Таң атты бір бүгін-дағы. Жаңа ой туды – ең асқан күн,– Жаңа Күнге ұсады да. Біздің жеңіс, тек аспанның сыя алады құшағына. Таң бояуы жанға жұғад, Таң сүйіп тұр бұ маңайды. Жыр секілді, таңдар бірақ бір-біріне ұсамайды. Басы ғой таң арманның да, Таң мен арман дос болады... Ендігі әрбір таңдардың да Болар бір-бір космонавы!.. 1963, 1982 АСПАН АШЫҚ… Аспан ашық, шүкір ғой, қайғыдан ел құтылды. Қара тастың түтіндей салмағы жоқ сықылды. Қара шың да түйіліп қарамайтын сықылды, сараңдар да тиынын санамайтын сықылды.

Әттең күннің, санаулы қысы бардай әлі де. Көк мылтықтық анау бір сұсы бардай әлі де...

1969, 1982 АСПАНДА КҮН БАРДА, ӘЛЕМДЕ СЫР БАРДА …

Аспанда күн барда, әлемде сыр барда адамдар маңдайын жуған тер құрғар ма! Беремін барымды, аламын жоғымды екі қол, бір кеуде өзімде тұрғанда. Дайын сөз, теңеумен, бояумен бір түне! Ойға орта кеуделер жарайды күлкіге. Арманда, жұрт, ойлан, орманда нұр тайған Аю ма, қасқыр ма, білмеймін түлкі ме? Торғай да, тоғай да көнбейді ырқына Көк бұлақ, өлме сен көнбесең – бұрқыра! Өлім деп нені айтқан – ұқпаймын, жоқ қайғым. Әлде ол өмірдің тоздырған жұрты ма? Аспанда күн барда, жерде ауа барында ақ бұлақ, ақ құлап, арында, арында. Аласа шынында шыңың да, жарың да – Аламын бәрін де, жұртым тек тарылма!

1960, 1982 АСЫЛЫ БАР МЕНДЕ ОЙДЫҢ… Асылы бар менде ойдың, не деп айтам, кім деймін: ән етуге келмейді, күй шығара білмеймін. Қыңыры бар менде ойдың қалай айтам? Күл мейлің: сыр етуге келмейді, сурет сала білмеймін. Қалай айтам, айтам ба, ойым ауыр бейне өлім. Кей жолдарым қайқандап, мертігіп тұр кей жолым. Айтсам ой көп масқара, көбігі жоқ, ақ қағаздан басқаға көбі — шын... тіл қатпадым сол үшін. 1969, 1982 АСЫҒАМ, АСЫҒАМЫН… Асығам, асығамын, барында үміт дара барып тапсам деп дарындылық. Асығам, ертеңіме асығамын, алсам деп тез-тез жетіп бәрін біліп.

Асығам, асығамын, ұлым, тыңда. кім білген, мен шығармын ірі тұлға? Асығам елден ерек өлімге де, тезірек білгенімді ұмытуға. Жоқ-жоқ, мен жәйімді айтып кемсеңдемен, сырымды саған айтам ел сенбеген. Деп едім бұрын өлсем өз жырымнан, ертерек өз тілімнен өлсем деп ем! Әйтеуір бір ұлының елесі ұрып, жүргем жоқ сол боламын деп есіріп. Әйтеуір кетсем деймін молдау айтып, әйтеуір өшсем деймін сені өсіріп! 1969, 1982 БҮЛДІРСЕҢ ҮЙ ЖЕТЕДІ, БҮЛДІР ДЕДІМ… Бүлдірсең үй жетеді, бүлдір дедім, сындырсаң, үйретемін, сындыр дедім. Жасаған саған, балам, қиянатым: тікенге табаныңды тілдірмедім.

Мына қол күрек ұстап, күй білгелі, ешкімге шерткізбедім, тидірмедім. Жасаған саған, балам, қиянатым: өкшеңді ыстық құмға күйдірмедім. Өркеші қара шыңдай қатты, айыр тік, түйеден үйретпедім атты айыртып. Мен саған үйретпедім, кешір, ұлым, кешқұрым қозы алдырып, лақ қайыртып. Іргені көрсетпедім түннен түрген — күдіктен, кірлен, көңіл, кірлен, кірлен: білмеймін қалай адам боларыңды шыр етіп шыбық жемей бір кемпірден.

1969, 1982 БҮЛКІЛДЕП КӨМЕЙІМЕ КЕЛІП-ҚАЙТЫП… Бүлкілдеп көмейіме келіп-қайтып, шындығым бір детальмен толықпай тұр. Дүниеге сен келгелі көңілімде бір қауып бар секілді сен ұқпайтын. Сырыма лай қонып мөлдір деген, күледі кей сөздерім көлгірлене. Дүниеге сен келгелі көңілімді бір нәрсе қорқытады мен білмеген. Шаттықтан сен келгелі татып бір-ақ, төсектен бал-қиялға батып тұрам. Сескенем сен келгелі сәл нәрседен, үйткені болып кеттім бақыттырақ.

1969, 1982 ЖАЛҒЫЗ

Мықтылардың барлығы жалғыз екен дегенге, жалғыз ұлым мен сені қосып жүрмін өлеңге. Сенің жалғыздығыңнан үміт етем кейде аса, сәби жалғыз бола ма, құдай жалғыз болмаса. Жақсылардың барлығы жалғыз екен дегенге, жанып-күйіп, мен сені қосып жүрмін өлеңге. Сенің жалғыздығыңнан шошынамын мен кейде, құдаймен де сені онда салыстырғым келмейді. ЖАМАНШЫЛЫҚТЫҢ БЕЙНЕСІ — … Жаманшылықтың бейнесі — күн көрістердің шатағы, күн көрулерден кейде осы күншілдік шығып жатады. Күншілдерге, өмір, бір ой бер, қиыныңа қарай баста да. күн көреміз деп біреулер күн көрсетпейді басқаға.

ЖАСАЛАТЫН ЖАМАНДЫҚТАР КӨП БІЗДЕ… Жасалатын жамандықтар көп бізде, жамандықтан да әрегірек кісіге. Жасалатын жақсылық та көп бізде жақсылықтың керегі жоқ кісіге. Сөкпе мені, артық айтсам, сөкпе, елім, сүйеніш жоқ берері көп кісіге. Айтатұғын ақылым да көп менің, сол ақылдың керегі жоқ кісіге. 1969, 1982 ЖАСЫРМАЙТЫН СӨЗІМ БҰЛ… Жасырмайтын сөзім бұл, айтпасам да мақтана: бір мінімді өзімнің қазып аппын шахтадан. Ырқына еріп сезімнің арман ойлап, қауып қып, бір мінімді өзімнің домбырадан тауыппын. Адал шыным — анық бұл, күңгірт шықты дегенмен, қоймай жазып, алыппын бір мінімді өлеңнен.

Ой — кенім боп, ой — ән боп, ойдан бәрі бас апты. бір мінімді жоям деп, екіншісін жасаппын. Мінім көп-ау, байқайым, сіңіп қапты бояуы, қайсыбірін айтайын, қайсыбірін жояйын...

ЖАТПАСАМ АЛТЫН АРШЫП, КҮМІС КҮРЕП…

Жатпасам алтын аршып, күміс күреп, Қайтейін, алған емен тынысты көп. Мына ми жаңа ой тілеп тыншымайды, тынбайды қолым жаңа жұмыс тілеп. Тың әуен аулаймын деп құлақ алаң, жаңа сөз жазамын деп мына қалам. Жұлдыздай бұлтта адасқан жылт-жылт етіп теңеулер өтіп жатыр ұнамаған. Әурелеп кеттім білем бір істі көп, жел құсап жыртық үйді тіміскілеп. Тілейді тың көрініс екі көзім, екі аяқ жаңаша бір жүріс тілеп. Ескі ойдан шыға ала ма босап адам, бір ерлік – бір ессіздік жасамаған. Әйтеуір бір ессіздік етсем деймін, бір жылжып кету үшін осы арадан.

1969, 1982 ЖАҚ АШПАЙМЫН БІР СӨЗДІ АЙТУ ҮШІН ОЙЛАНЫП… Жақ ашпаймын бір сөзді айту үшін ойланып, бір тал гүлді сындырмау үшін өтем айналып. Ал, кей жігіт менімен кетісіп жүр бәрібір, ал, кей жігіт менімен шекісіп жүр бәрібір. Жүрмей қоям: ешкімнің түспеу үшін алдына, жүріп кетсем талайды мен де артыма қалдырам. Ал, кей жігіт менімен кетісіп жүр бәрібір, ал, кей жігіт менімен шекісіп жүр бәрібір. Даулайтынын жұрт менен даулап алсын дегенмен, жаулайтынын жұрт менен жаулап алсын дегенмен, тапсырмасам Пегасты бір пысыққа өлермен, менің жәйім болмай жүр, достым, мына өлеңде.

ЖЕРГЕ ЕЛІКТЕП ӘЖІМ ТҮСТІ БЕТКЕ ДЕ… Жерге еліктеп әжім түсті бетке де, Бұлтқа еліктеп ұйысады жабағы. Ошақтағы от күнге еліктеп көктегі, Ол да өзінше қып-қызыл боп жанады. Кейбір жігіт шабытына құрайлап, Бәріне де бар шығар деп бір өлім. Сахнада өліп өшіп жүр ойнап, Ақындардың ролін. ЖЕТКЕНІНШЕ БОЙДАҒЫ ДАРЫН, БІЛІМ… Жеткенінше бойдағы дарын, білім, кетпесем деп әркімге жалындырып, Қолдағыны мен сенен аямадым, аямадым өзіңнен барымды, ұлым: Өсірсем деп арманшыл адам қылып, білгенімді ағыттым саған бұрып. Бола алмадым мүмкін мен сүйікті әке, ұстаз болу үшін де табанды бір.

Сабыр ұстап, сана ойлап, алтындай тұл, бәлкім болған шығармын салқындау тым? Кекіліңнен тым сирек сипадым ба, «айналайынды» аз айттым бәлкім, бәлкім. Менің ісімді ақыл де, қиқасын де, біреу бірдеңе дер деп сескенбедім, қатал болдым жүз рет, өскенде елің мандайыңнан бір рет сипасын деп. 1969, 1982 ЖЕҢІС Тұңғыш жырдың өзі де басылудан басталып, ақын етіп әп-сәтте бір көтеріп тастады. Кейін бастым көңілімді — ақын деген аты шын, бір мықтыны сынаған жиналысқа қатысып. Махаббатым бір қыздың ықыласынан басталып, жігіт етіп жіберді уақытта қас-қағым. «Қыздар мені сыйлайды» деген есер-желікті бір сұлуға ақыры үйленумен жеңіппін.

Айтайыншы шынымды кездерімді сүрінген, жеңіп жүрдім тіземді қағып-соғып тұрумен. Жеңу деген бәле бір... жеңу болып біреуді ойламайтын ойымды ойлайтын ғып жіберді. «...Жеңді! Жеңді мынау» деп жұрт айқайлап келеді, ал, мен енді оларды үндемеумен жеңемін. ЖЫРЫМ ЖОҚ, СЕН АЙТҚАНДАЙ, МИ ҚАТЫРАР… Жырым жоқ, сен айтқандай, ми қатырар, табиғат жыр сый етсе – сыйға тұрам. Кей мезгіл жүнжіп кетсем езді көріп, бір қарап қайраттыға ширатылам. Қөңлімде көрікті үннің «зираты» бар, Шерткізсең домбыра әкеп күй – қатырам. Мен тұрсам шындық болып сөзге тұрам, мен тұрсам пікір болып миға тұрам.

Ән-жырдың қоймасы едім игі аты бар, ой-дәрі, ұшқын-ыза тиді – атылар. Қамал ем, жеңер болсаң – қайратпен жең, қамал ем, алар болсаң – қиратып ал! 1969, 1982 ЖІГІТ БОЛЫП БЕЛ БУЫП, БЕКЕМСІНСЕҢ… Жігіт болып бел буып, бекемсінсең, қандай қызға үйленер екенсің сен? Мүмкін бір қыз ілесіп келер саған, мүмкін еріп біріне кетерсің сен? Өзіңе ерсі көрініп бұрынғы ісің, бірін сүйіп таңдарсың, бірін құшып. Ауыл барсаң ала гөр ауыл жақтан, не болмаса қаланың бұрымдысын. Ұрыспайтын болса екен өре тұрып, ал әйтеуір өзіңе сенетінін: енесіне шанышқы ап шаппайтынын, қонақ келсе шәй қойып беретінін.

Жиырма жаста тұрғанмен ол атылып, сұлулығы: жақсы ана болатыны. Маңдайынан қасықпен қонжитпасын, етегіне кетсе ұлың оратылып. Тап келеді қандай қыз? Сыйы бөтен қандай қыз бар өзіңді сүйіп өтер? Көетергенмен өкшемді көре алмадым, алғы күннің ауласы биік екен. 1969, 1982 ЖҮРЕ БЕРСЕҢ, ЖҮРЕ БЕРСЕҢ ДАЛАМЕН… Жүре берсең, жүре берсең даламен, алма бақ бар, шақырады ол ынтық қып. Оһ, шіркін-ай, бір сайранды салар ең, күзетшісі болмаса егер мылтықты. Жүре берсең, жүре берсең даламен, ару қыз бар, ынтықтырар ол да аса. Оһ, шіркін-ай, бір жасанып қалар ең, Жөтелі көп қарт шешесі болмаса.

1969, 1982 ЖҰЛМАЛАСА БІР СИЫР ГҮЛ-БАҒЫМДЫ МӘУЕЛІ… Жұлмаласа бір сиыр гүл-бағымды мәуелі, бұрмаласа бір қыңыр жырларымның әуенін, саған айтқанша асығам бір жиында мақталсам, бір жиында сыналсам саған айтам әуелі. Сен көрсе деп асығам жан көрмеген қырымды, ақылымды аңғырттау, ойларымды кіл ынжық. Ашылмайтын қоймамды саған ашам, ақтарам өзге түгіл өлеңнен жасыратын мұңымды; үйі бөлек сен менің екінші бір менімсің, көрмеген жан сен болып не біледі, не білсін. Мен альпинист болғанда, ұмтылатын шыңым — сен, саған қарап түңілем биіктіктен түңілсем.

Мынау біздің ғұмырды домбыраға теңедім, сен — астыңғы ішек болсаң, үстіңгі ішек — мен едім. Менде үн бар мұңдылау, сен де тіл бар қырғилы, егіз ішек боп екеуміз шертіп едік бір күйді. Барыс құсап қашатын түгі түстес қамысқа, саған қашам біреумен бет жыртысып қалыссам. Бәрі сонда маңайдың көк теңіз боп сен маған қарыс қара жер болып көрінесің алыста… ЖҰМЫС БАБЫ ҚУДЫ МЕНІ САН ҚАЛАҒА, САН САҚҚА… Жұмыс бабы қуды мені сан қалаға, сан саққа, жүрген адам секілдендім, сырт көздерге, жан сақтап, Жұмыс күйін күйттедім мен, ұқсап кезбе-бақсыға, өз бабыңды табу үшін, бағу үшін жақсылап.

Талай болды жүрмін елде: күтім күйлі, сөз күйлі, Ал, сен үйде дастарқаннан орын сақтап, еңіреп үйрендім мен тағамынан ұялмауға өзге үйдің. қорып жүрсең болғаны папам отырады деп. 1969, 1982 ЖАЛҒЫЗ ҚАРА ШЫҢ ЖАТЫР КӨКЖИЕКТЕ ТҰРАҚТАП… Жалғыз қара шың жатыр көкжиекте тұрақтап, жалғыз ауыз сөз құсап, не оқ құсап бір атқан. Қайраттылық жөнінен, сен де осы шыңға ұқса, қайырымсыздық жөнінен ұқсай көрме бірақ та. Жалғыз емен жартасқа өсіп қалды тұрақтап, жапырағын жел ұстап мінбек дейді құлақтап. Жалғыз ұлым, еліңнен емен құсап тұрақ тап, жалғыз қалма түбінде емен құсап бірақ та.

Жалғыз шыңды көрсем мен — сені ойлаймын әйтеуір, жалғыз емен керсем мен — сені ойлаймын әйтеуір. Жалғыз ұлды көргенде жалғыз ой жеп кеудемді: жалғыз емен, Жалқы шың, аяп кетем сендерді. ЖАЛЫНДАП БАРДЫ ДА БАТТЫ КҮН... Жалындап барды да батты күн, Оның да уақыты болып қап. Жүйрік жел баса алмай аптығын Бұтаға сүйенді солықтап. Жапырақ дір етіп басылды, Қалың қау қалды ұйып – жабағы. Бояулар қызылды-жасылды Аспанда дыбыссыз ағады. Жабырқап ой ерте, дөң ерте, Ұзын бел баурынан жарады. Сайлардан қаптаған көлеңке Тауларды қусырып барады.

Бір ымырт пердесін түсіріп, Мүлгіді, мызғыды кәрі ағаш. Ақ бұлақ көрпесін ысырып Көк тасқа ұйықтады жалаңаш... 1960, 1982 ЖАЙДАҚ ҚЫРДАН ТҮҢІЛСЕҢ — ГҮЛ ӨСЕДІ БІР КҮНІ… Жайдақ қырдан түңілсең — гүл өседі бір күні, қайраттыдан түңілсең— күреседі бір күні. Мына заман артқанда бойға — бейнет, ойға — сын, күш-қайратты түңіл деп беріп пе екен, ойлашы. Көп түңілсең момыннан — ашу шығар бір күні, көп түңілсең тұнықтан — тасу шығар бір күні. Мына заман артқанда бойға шыдам, ойға сын — күш-қайратты түңіл деп берген жоқ қой, ойлашы. Үміт етем тастардан асыл шығып қалар деп, үміт етем қастардан: досым шығып қалар деп.

БҰТАҒЫН СЕРПІП ҚАЙЫҢНЫҢ… Бұтағын серпіп қайыңның құлағанын көрмесең деймін, Ұлын ана уәйім ғып жылағанын көрмесең деймін. Моласыз мүрде – ауыр бұл,– жүзін көрмесең деймін. Жеріңнен қас жауыңның ізін көрмесең деймін. БӨЗ ӨТЕДІ ДЕСЕДІ МАТАЛАРДЫҢ АТЫМЕН… Бөз өтеді деседі маталардың атымен, сөз өтеді деседі аталардың атымен. Таудың атын қойып ап титтей төбе-үрпекке, түйе қылып түймесін өткізіп жүр жұрт ептеп. Өткізіп жүр көп істі жұмыс қып көп сатымен, өткізіп жүр соғысты тыныштықтың атымен: көгершіннің қанатын желпуіш қып жау мына жанап-жанап кетіп жүр сенің туған аулыңа.

Қой терісін жамылған жамандайды ел қасқырды, қыз шәлісін жамылып талай дұшпан басқа ұрды. Адастырып ақылды қинайды екен адамды, жақсылықтың атымен өтіп барлық жамандық. Бүйте берсе бүгінде матаға да сенбессің, бүйте берсе түбінде атаға да сенбессің, Не жақсылық дейсің бұл, көңіліңе жара сап, жақсылықтың өзіне күмәндана қарасақ. 1969, 1982 БӨРТЕ ҚАЙЫҢ, КӨРСЕМ ДЕЙМІН МЕН СЕНІ… Бөрте қайың, көрсем деймін мен сені, бүршік жарған кездеріңде теңселіп. Балғын сұлу көрсем деймін мен сені, ғашық болған кездеріңде теңселіп.

Аспан сені, көрсем деймін ылғи да түс кезінде, күн төбеден нұр құйған. Өз орныңнан көрсем сені, стөлім, өз ұяңнан көрсем деймін, құс, сені!.. ДАЛА, САҒАН ҚАРАСА… Дала, саған қараса менің көзім қарасын. Тұманыңда адасам, керек болса адасу. Орман, саған қараса, менің көзім қарасын. Соқпағыңмен адасам, керек болса адасу. Адасайын мен де енді, ал, адасшы, жаным-ай. Адаспасам, көп жерді өтетінмін танымай. 1969, 1982 ДОСТЫҚ Тентек едік екеуміз, бақытты едік содан да, бір қайнап ек қиындық, тұрмыс атты қазанда. Сен албырт ең, мен жасып тұнып жүрмін, туысқан, бір тай қазан су құсап қайнап-қайнап буы ұшқан.

Тентек едік екеуміз, бақытты едік, содан ба, еркеледік екеуміз шалғын құсап самалға. Сен өттің ғой зырқырап майдан құсап болған бір, оғы кеткен атылып мылтық құсап мен қалдым.

1969, 1982 ДЫМҚЫЛ ЖАПЫРАҚ МАЙЫСТЫРЫП ТАЛДЫ ИІП…

Дымқыл жапырақ майыстырып талды иіп, Жасыл бұта бір-бірінен сәл биік, Бөбектері секілді осы көктемнің, Көктем, көктем... тал басына қалды ұйып. Көктем әкеп гүл букетін салды үйіп, Қақсып қалған тамырларға қан құйып. Байғұс ара шырын іздеп шарқ ұрды, Тіршіліктің таңдайы үшін бал жиып. Ду-ду етіп гүлден-гүлге көшеді, Тәттілерге ауыз неткен өш еді – Өздері жеп бітірер ед жиғанын, бал екенін білмей жүр ғой деседі. Оу, аралар, неткен ғана өжетсің!! Өз нәпсіңді жүрсің бе әлде тежеп шын? Өмір бойы араға ұқсап бал жинап, Өзің оны сезбегенге не жетсін!

1963, 1982 ДҮНИЕ ДЕГЕН ҮЛКЕН СӨЗ… Дүние деген үлкен сөз: күн ұрғанда шекені, жапырағын бүркенсең, бір ағашы-ақ жетеді. Дүние деген сөз ұлы, ұлы сөзден талай бір, өлсең, көмуге өзіңді қарыс жері жарайды. Ал, осындай әлемге бір кездері, сенер ме ең: тарлық көріп біреулер сыймай етті дегенге! 1969, 1982 ДӨҢ ДЕ ЖАҢА, БЕЛ ДЕ ЖАҢА, САЙ ЖАҢА.. Дөң де жаңа, бел де жаңа, сай жаңа, желкеміз – шаң, маңдайымыз – жел ескен. Жасылдана жатыр дала айнала, Кеше, дала, құла дала емес пе ең?! Елең қағып айналаны тыңдаймын, ойға құлап, қыраттарға асылып. Мотор, мотор гуілдейді, тынбайды үн, Төрт дөңгелек – төртеуі де асығып.

Омырауымның бар түймесін ағыттым, ой-хой шіркін, алдан ескен самал-ай! Екіндіге барып қапты ағып күн қызыл сәуле жамылды алап жағалай. ...Күн де батты ақырғы рет төгіп нұр, Мен аңсадым дамыл алар төрімді. Ошақ басын түтін жайлап көгілдір, «түгеншекең» ауылы да көрінді... 1960, 1982

ЕЙ, ДОСТАРЫМ, ТІРЛІКТЕ КӨЛЕҢКЕ ЖОҚ ДЕДІҢ БЕ... Ей, достарым, тірлікте көлеңке жоқ дедің бе, Күнге он рет сен оған кездесесің кемінде. Десең егер жер үсті тек күншуақ мекені, Күншуақтар жайлы жыр жазу сенің не теңің! Бүкіл дүние тек қана қуаныштан тұрса егер, Қайғы-мұң бар дегенге күлден өзге кім сенер. Бүкіл дүние тек қана қасіреттен тұрса егер, Куаныш бар дегенге Күннен өзге кім сенер. Сенім керек дүниеге, сену керек, ағайын, Өмір үшін бәріне көну керек, ағайын. Бір тиынның қос беті секілді өмір! Төледі Құнын оның шаттық пен қасіреттің өлеңі. Бір беті оның – қосылу, айрылысу – бір беті, Қай бетінен көрсең де танисың ғой сен оны?! Тану керек дүниені, тану керек, ағайын,

Сөну үшін дұрыстап – жану керек, ағайын. Көреміз де бұтаны – көкпеңбек жыр бер дейміз, Сол бұтадан құлаған көлеңкені көрмейміз. Көргім келед мен бәрін – көру қолдан келе ме? Күдіктене қараймын көлеңкесіз денеге; Көлеңкені қолдан мен жасай алман – сенсең ғой, Биік болса көлеңкең – ол да өзіңнің еңсең ғой... ЕКІ ҮЙІМІЗ БОЛҒАНМЕН БІРГЕ ӨСІП ЕК ЕКЕУМІЗ… Екі үйіміз болғанмен бірге өсіп ек екеуміз, екі қамшы ап бір тайға мінгесіп ек екеуміз. Ертегіден естіген «дәу перінің» күшімен, бір кеуделі,— ойнаушы ек — екі басты кісі боп.

Екі басты кісі боп бітіріп ек мектепті, қуа-қуа тірлікті жеті басты боп кеттік. Кітап жиып қалада кісі болып мен кеттім, кілем жиып далада кісі болып ол кетті. Биыл іздеп көріп ем — ұмытыпты, жорта ма, соңғы модамен тіккен костюмімнен қорқа ма, Жақындады сақтана ұрып қалар секілді, ол — мақта да, мен күйе, жұғып қалар секілді. Ұғыспақ боп елді айттым — қостамады көріне, жымиды құр: сен елден не білесің деді ме. Ұғыспақ боп жырды айттым — қостамады көріне, жымиды құр: соныңның керегі не деді ме.

Кінәлі емес шығар ол, мен де емеспін, өкіндім: айрылыппын бір достан арқасында оқудың. Енді отырмын, оқушым, мұңымды айтып саған жәй, бір досымды жоғалтып, бір досыма сене алмай. ЕРСІ ДЕМЕ, ТУЫСТАР… Ерсі деме, туыстар тоқсан қабат бұлт болып, тоқсан түрлі ой миымда жатып алды бүктеліп. Бұлтсыз ашық тұрады кейде Алатау шоқтығы, бірақ менің басымның ойсыз тұрған жоқ күні. Алатаудың басына қаншама ауыр қонса бұлт, менің қара басыма ой қонады соншалық. Түйіліп кеп жауа алмай кетті көп бұлт, тегінде тамшы жырсыз көп ойым тарап кетті менің де.

1969, 1982 ЕС, ЕС, САМАЛ, ЕС ҮДЕП… Ес, ес, Самал, ес үдеп, есіп, есіп тоқташы, қиратайын ба осы деп қимылдаттың шөп басын. Күштісің-ау жеңілге, ауыр болғың келеді. Білем, Самал, сенің де дауыл болғың келеді...

ЕШКІМНЕН ҚОРЫҚПАЙ-АҚ КҮН КӨРЕМІН… Ешкімнен қорықпай-ақ күн көремін, біреуді мен де өлтіріп тілдер едім: әу десем өзің түсіп есіме ұлым, тиер деп бір кесірім үндемедім. Ешкімге жағынбай-ақ күн көремін, мен де бір мықты адамды күндер едім: өзімді өртеп жүрген осалдығым көрініп қала ма деп үндемедім. Ақым жоқ алынбаған тілде менің: анекдот айтып та күн көремін. Көпірме – бұлағы емес, туған жердің тауларына еліктеп үндемедім. Ешкімнің іздемеймін кешірімін, маған клуб, кеңсенің есігі бір. Бөсер ем-ау шалқып бір, сондай кезде жаман жырым түседі есіме, ұлым.

ЕҢБЕК ҚЫП КҮН-ТҮНІМЕН… Еңбек қып күн-түнімен елім, сені сүйгенмін. Бір қызыңнан туып ем, бір қызыңа үйлендім. Жыңғылыңның түбірін жағып, жасап бата-емін, Ат қойыпты бір ұлың, бір ұлыңа әкемін. Әлсіз отпын әлі мен, жайымды айтсам сенер кім?! …Бір сайыңда жанып ем, бір төбеңде сөнермін. 1969, 1982 ЖӘЙ АҚЫН ЖАҚСЫ АҚЫНМЕН АРАЛАСЫП… Жәй ақын жақсы ақынмен араласып, біреулер қатарыңнан барады асып. Сыншылар сынағанмен, сен де кейде жа-жақсы жазатынсың «қара басып». Теңеулер, образдар араласып, келіп ең сен де өнерге дара басып. өлеңде шешіп едің бәтіңкеңді – құтылып кетті біреу ала қашып.

Сыртыңнан, бүйір тұстан әлі аңдыған біреулер жүр, әнеки, қараң-құраң. Андатр бөркің бар-ды жырда сенің, – қашып кетті біреу ап қараңғыда. 1969, 1982 САМАЛ, САМАЛ, СЕРІ САМАЛ, САЛ САМАЛ… Самал, самал, сері самал, сал самал, самал жұтып, сана жұтып тамсанам. Бұл өмірде қайғылы екен қанша адам, бұл өмірде бақытты екен қанша адам! Соның бірі – мен емес пе, мен екем, Еңбек, бейнет болды менің мерекем. «Құдайға да», адамға да – бір тірлік, Бір тірлікті бәріңмен де тең етем. Мен біреуді, мені біреу тербетті, Жер-анаға өзге өнерді бермепті. Адамзаттың рахатын, бақытын Бағзы біреу қинап аққан тер депті.

Самал, самал, құлақ салшы сөзіме, кептірмеші, тер құйылсын көзіме. Өзгелерге кешіретін кінәні кешірмеймін (қайғым осы) өзіме! 1960, 1982 ЖАЙЫҚ ЖАҒАСЫНДА Ақ Жайық жарға бас ұрып, Асығып кейін қайтады. Толқынды толқын асырып, Жасырып сырлар айтады. Мұнарлы арна ыңқылдап, Жабағы жалдар ұйысып; Күледі тағы сыңқылдап, Толқын мен толқын сүйісіп. Жүзінде көшіп жыл легі, Қарайып барып тұтылды. Жылағаны, күлгені – Бәрі жалған сықылды. «Мен – Жайықпын, тумаңмын, Жоқ шығар-ау, таласың. Тазартып қаннан жуғанмын Махамбет ердің жарасын. Немене? Таң қаласың! Деміңді ауыр аласың – Жалғыз сен бе жан ашыр? Баласың-ау, баласың!»

Бір салмақ түсті сезімге, Аумады көзім елестен: «Жарасын жуып, өзін де Жұтқан өзің емес пе ең!–» Дегім келді мен кенет, Жайыққа жардан үңіле. Тарих тұнды дөңгелеп Жанарымның түбіне. Ағады Жайық қарайлап. Көрінді қатпар бір маңдай,– Батырды еске ап бар аймақ Бөріксіз, үнсіз тұрғандай.

МАХАМБЕТКЕ

Дамылда, жыр, дамылда! Сондағы мұңды аймақта, Қараған бұлттар дауылға Қуасың деп қай жаққа. Қанды көз тағдыр – бір құнсыз Хандардың махаббаты ғой. Замана-түнек тұрды үнсіз, Жер жастанды ақыл-ой. Боталар боздап түзде өліп, Тапталды жауға жаралы ер. Қаһарлар қатты мұз болып, Қарманып жатты қара жер. Мақтанып айтпас жыр несін?– Жаңаның толқынды айбары, Ескінің мұзды іргесін Сең қылып бұзды, айдады. Соқты ғой сонда бір дауыл, Салмақтар кетті азайып. Қақты ғой сонда жыр дабыл, О, ғажайып, ғажайып!.. Шамданған жерден шаң шығып, Шашты бұлттар пұшпағын. Найзағайды қамшы ғып Айдады ақын дұшпанын. «Ереуіл атқа» белдеме Батырдың махаббаты ғой. Нарында – үлкен кеуде де Көтерді басын ақыл-ой...

ЖЫР КЕЛЕДІ ЖЫЛДЫ АТТАП… Жыр келеді жылды аттап, Жырларға жыл жол ашқан. Ақылды арман құндақтап, Тербетіп тұр көк аспан! Тербеліп тұр шуақ жақ, Тербеледі көлеңке. Қызық қой өмір сыңар жақ – Жыры тірі, Ол өлсе Көрдің бе анау көдені, Жапырылған қоғаны; Махамбеттің өлеңі Зіл-зала боп соғады. Жата алмайды жыр текке, Жыр да жазда көктейді. Бұл аспаннан бұлт өтсе Бір жыламай өтпейді. Аңызы да көп жұрттың – Ескен желдің ермегі. Көз жасымен сол бұлттың Гүл жылайды жердегі. КЕЛЕДІ АТЫП ТАҒЫ ДА… Келеді атып тағы да, Ғажап кой дала таңдары. Ұялап жатыр жаныма Үміттің балапандары.

Күтіп ап дала таңдарын, Жолды аңдып байқайын деп ем. Сол үміт балапандарын Арман ғып шайқайын деп ем! Сарғайма, шығыс сарғайма, Күтем деп сен де күн өңін. Бұтадан ұшқан торғайға Сапардың сәті – тілегім. Бір сапар бар ғой менде де, Жанымда ойлар жүр ізгі. Туған жер, сенің кеудеңе Салайын деп ем бір ізді... БОЛСА ДА АЛАП – ОЙЛЫ АЛАП… Болса да алап – ойлы алап, Ағады өзен аңқылдап. Қыздардың жолы қайдалап, Жәудіреп қарайд салқын бақ. Даланың жанын жылтқан күн Аспанда емес, мұнда тұр. Сабылып өткен бұлттардың Сарқыты құсап шық жатыр. Шығыңды, көктем бұлдама, Шыныңды ұғар жан қайда: Боразда салса, бұл дала Ұқсайды қатпар маңдайға.

Әр бұта тынып жасырды үн, Жасыру мүмкін қиянат? Осын-ау жерде ғасырдың Ақылы жатыр ұялап. Не керек ақыл, ой маған, Өз басыма қонбаса ол. Табан ба кейде таймаған, Үзіліп қалса – жол ма сол!.. Қасиетіңді сезем, жер, Әр бұтаң болды баспана. Ылайсыз ақса өзендер Сәулесі түсер тасқа да. Айналды тасқа кейбіреу, Мезгілін сезіп жығылар. Қолынан келсе елжіреу Тас болып не жыны бар?! ...Қоңырқай дала, баспалап Өседі гүлдер – салқын бақ. Құм жұтынып, тас жалап Ағады өзен аңқылдап. Келбейді аспан көзінде – Ойлану солай басталар. О, дала сенің өзіңде Тастар да бар, бас та бар...

ДОМБЫРА Майысып қос шегіңнен күй өткенде, Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де. Домбырам қайран менің, қайран менің, Ризамын сені маған сый еткенге. Қолтықтап көктем келсе жыр-сұлуды, Ізіне жыр сұлудың гүл шығулы... Мені де қойдың ақыр жұмбақ қылып, Күлу мен үйреттің де күрсінуді. Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып, Жанымның жазығына күй ектіріп. Ой, арман – екі шегің болсын сенің. Берейін жүрегімді тиек қылып. ...Күй екен мынау аққан бұлақ десек, Бұлақтар таудан ғана туад десек, Ал, кәне, бір тыңдайық домбыраны, Төсіне туған жердің құлақ төсеп...

АҚША БҰЛТ АСПАН ҚАЙМАҒЫ…

Ақша бұлт аспан қаймағы, Тыныштық балқып тұрды ойда. Ойларды жиды қайдағы Көкірек деген бір қойма. Ақша бұлт аспан тасқыны, Өтеді ай, күн оны аттап. Өмірдің мынау жас күні Көкіректерге қонақтап. Ақша бұлт аспан түбіті Ұшады желмен бұрқырап. Осынау ғасыр жігіті, Құрығанда, болар бір шырақ. Ақша бұлт аспан қонағы, Нөсер боп өлең төгеді. Осынау жерге қонады Оның да көлеңкелері. Ақша бұлт аспан сеңдері, Көшеді күліп, күркіреп. Менікі деді... мен деді. Адамға біткен бір тілек. Ақша бұлт... атса таң егер Қып-қызыл болып боялар. Тағы да қара... және көр, Көз көрсе – басың ой алар. Боялса ақ бұл – әдемі, Үлгерді бар күн сүйіп те. Қарайды адам әлемі Біздің де туға – биікке. Ақша бұлт – аспан қабағы, (Қабағыңды бер маған.) Бір жадырап қалады Жақсылық қылса Жерде адам...

ӨЗ МҮЛКІМНІҢ БАР САЛМАҒЫН ҰҚСА ЖАН… Өз мүлкімнің бар салмағын ұқса жан, Одан сайын ауырлата жүк салам. Ойхой, менің қанағатым тойымсыз Қайыршының дорбасына ұқсаған. Алу керек, алу керек, көп керек, Ақысына көкірегімнен от төлеп, Алдағымды арман қылам алғанша, Ал, алған соң, тағы қалам өкпелеп. Тағы жүрек... ақыл – қызу, ой – аптық, Талай ойды есік қағып ояттық. Тағы жүрем... сүйенермін шаршасам, Туған жердің әр бұтасын таяқ қып...

МЕНІҢ ӘЖЕМ Міне, міне менің әжем қазан асып от қойды. Онда тағам аз ба, көп пе – ешкім оны сөкпейді. Жалғыз-ақ тек: «асқа қара»– деген сөзге жұрт ұйып Жата кетер құсжастықты шынтағымен бір түйіп. Сол қуаныш жетер еді бар ғаламға бөлсе де! Сонда әжем жүзі жайнап қалмас шаттық-түрге енбей, Бұл даланың барлық отын өзі жағып жүргендей. Сонда қайран көкіректе бір күн туар күлімдей, Басар жеңіл, тізесінің сарсуы да білінбей. «Үйде– қонақ..!»–деген сезім, көп қуаныш – өлшеме, Дастархан да жайылар тез, шегіндіріп қонақты, Жомарт қолдың елпілдеген алақаны сияқты... Қоңыр табақ босанады көп қолдардан кешікпей, Алғыс айтқан жұрттың сөзін тұрар әжем есітпей. «Рахмет!» керек емес, керек емес сірә оған, Онсыз да әжем бақытты ғой қонақ болса бір адам «Қарақтарым келе берсін, келсін дейді ол, бәрі де», Шыға беріп күлеміз-ау осынау бір кәріге!..

ҚЫЗЫҒАМ:… Қызығам: тау үстінен алтын арай Түскенде көлге сырғып қалтырады-ай. Көтеріп көк етегін күн келеді, Тау қары қалай жатсың жалтырамай! Қызығам: төзбесе тас балқымасқа, Менімен жұрты бірге, салты басқа. Алдынан ақыл-ойдың шыға келді. Алатау ақ қасқа емес, алтын қасқа. Не шара сұлулыққа талпынбасқа, Кеудеде сұлулықсыз жан тұрмас та. Қара көз дөңбекшиді малтып жасқа, Көңілде – ой, алда – сурет, ән тұр баста. Қиялды қызықтырып құлақтағы үн, Өргіздім Алатаудың бұлақтарын. Дүниеде қанша сурет болса дағы Келеді дәл осыған тұрақтағым.

Қызығам: табиғаттың көркеміне, Осын-ау тірі тұрған ертегіге. Төсіне бала таудың бұлттан сырып, Өз қолым жапқандайын көрпені де. Қызығам: тұнық сурет бұзылар ма, Әлемде суретшінің ізі барда. ...Әр затқа көңіл шіркін қызығарда Көк бүршік – боп көрінер қызыл алма. КӘРІ ШЫҢ РИЗА БОП ӨЗІНЕ-ӨЗІ… Кәрі шың риза боп өзіне-өзі, Құшақтап қиял, мұңды көз іледі. Төсіне көтерілсе көлеңке-бұлт Тау оны түс көрдім деп сезінеді. Көңіл-ай, алданумен күн өткізген, Кезінде көп сезімді дір еткізген. (Қара тас үйретеді қайсарлыққа, Қайсарлық қашып кетер жүрексізден)

Топырлап төмен қарай бұлақ-киік, Табаны тасқа әр жерден бір-ақ тиіп, Асығыс шыға келді ай далаға, Аяғын әр бұтаның құлап сүйіп. Дәм татып көп үміттен, аз арманнан, Туған жер, ол да керім базарланған. Мінгізді мың алғысын бір толқынға, Шаңдағы кеудесінің тазарған жан. Сұлу ед Алатаудың бұлты неткен! Болса да менен жақын түн-түнекпен. Қараймын қарбаласта қабағына Өзім мен оған аян бір тілекпен. Бұлттай боп, қалың ағаш тұр кеңесіп, Ғажайып сыршылдықпен іргелесіп. Төсінен көп шоқының қоналқы іздер Көк бұлты жер бұлтымен бірге көшіп...

КӨКЖИЕКТЕН КӨТЕРДІ КҮН КІРПІГІН.… Көкжиектен көтерді күн кірпігін. Ерке сұлу күле оянды құрбысы-ау. Шәлі-бұлттың мойнына іліп жыртығын Күн сәулесін қабыл алып тұрды тау. Күн келеді, күн келеді, тысқа шық, Мезгіл келді сүйреп алтын шылбырын. Сағым жатты көк орманмен ұстасып, Арбасты олар әкетем деп бір-бірін. Күн солдаты, нұр солдаты – сәулелер Күзетіп тұр менің байтақ жерімді! Көтеріп тұр күмісімді-көгімді, Сәуле бұлтқа біздің туды байлады. Сәуле, сәуле, сәуле көктен төгілді, Сәуле мына жер-әлемді жайлады.

Сол сәулені қызға теңеу – жарлы ұғым, Көтер, жүрек, дүниені шабыт қып. Құйып ап тұр сұлулықтың барлығын Көл шарасы жер төсінде ауытқып...

КІСІ БОЛА ҚАЛҒАНЫМ ЖОҚ МЕН ДЕМДЕ…

Кісі бола қалғаным жоқ мен демде, өз ойымнан өзім талай айныдым. Шын айтсаң да сын айтуға келгенде керек екен парасаттың байлығы. Кей сәттері қамалып кеп шіркін ой жаңсақ алған адымыңды айыптар. Су бетінде жүзіп көрші... күлкі ғой, ескегің жоқ, таяуың жоқ, қайық бар. Сол қайықтай шыр-көбелек айналып, иге көніп, иірімге бір шығып, Бұралқы жел кетеді деп қайда алып, жағалауға қарап қоям күрсініп. Кейде аяқты нықтап келіп тіреймін, кейде алысқа үрейімді ап жан ұшып. Судың бетін алақанмен күреймін, толқындардың сақалына жабысып... 1960, 1982

ТАҒЫ ДА, ТАҒЫ ДА БІР ЖЫР БАСТАЙЫН… Тағы да, тағы да бір жыр бастайын, тыңдады, құрдас терек, сырлас қайың: өлең бар әр бұтақта жүз жапырақ, өмір бар жүз драма бір бас сайын. Пердесін ашады оның тіл мен көңіл, осы ма, тіл мен көңіл, білгендегің?! Рөлін артист-сөздер ойнай алмай ақылдың жылап берді күлген жерін. Қай жаққа, енді қайда бұрыла алам, Жаным бар шындық дарын, жыр ұнаған. Осы бір кеудемдегі кішкене бас Үп-үлкен дүниенің сырына алаң...

1960, 1982 ЖАЛҚЫ ДОСЫМ, КЕЛСЕ МЕНІ ШЫН ҰҚҚЫҢ.. Жалқы досым, келсе мені шын ұққың: менің дағы көп мінім бар, жаным бар. Көкірегімнен көре қалсаң бір ұшқын үрлеңдер де маздатыңдар, жағыңдар. Бұл күйбеңмен өтер екен жыл қанша, ұшамын деп ойламаймын желіңе. Ал, егерде кеудем толы күл болса сол күлдей ғып өшіріңдер мені де. Мен өзімді байлай алам қатерге, сол қатерді жеңемін де ендеше. Бар айтарым: арзан атақ әперме, өзің де арзан, досым, болғың келмесе.

1960, 1982 ҚАРТ ЖАУЫНГЕР СӨЗІ

...Қара дауыл, құлағымда тұр үнің, Қара түтін, көз алдымда бұрымың.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙