Мазмұнға өту
Home

Мұң Ай

Нұрбек Нұржанұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мұң Ай

Авторы: Нұрбек Нұржанұлы

Нұрбек НҰРЖАН Мұң Ай Алматы - 2015

ББК 821.512.122-1 Н 28

Нұрбек.Нұржан. Н 28 Мұң Ай! Өлеңдер. - Алматы, 2015. - 120 бет.

ISBN 978-601-282-487-8

Бұл кітапта өзіндік үні бар жас ақын Нұрбектің лирикалық өлеңдері топтастырылған. Сағынышқа толы студенттік сыршыл күндер мен қарбаласы қапылыстыратын бүгінгі күрделі кезеңді ұштастыратын бұл кітаптың мағынасы да, тағылымдық мәні де мол. Ақын жырлары сыршылдығымен, нәзіктігімен ерекшеленеді. Кітап барша жыр сүйер қауымға арналған.

ББК 821.512.122-1

ISBN 978-601-282-487-8 © Нұржан Н., 2015.

АЛҒЫ СӨЗ

Қолына қалам алып, киелі өлеңге келген әрбір жас, ең әуелі махаббатты, қызығы мол ләззатқа толы жастық шақты жырлайтыны түсінікті һам құптарлық құбылыс. Бұл – М.Мақатаев айтқан « поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады» деген тұжырымның көркем де, жанды дәлелі. Біз Нұрбектің балаң жырынан, университет қабырғасында жүріп жазған лепті өлеңдерінен жастық өмірдің әуезді ырғағын, асқақ дауысын, тек өзіне ғана тән мұңын көргендей боламыз. Жапырақтай сезімдерді тона, күз! Күзден ұштық, енді қайда қонамыз?! Екеумізде ұнатамыз балмұздақ, Балмұздақтай жүректерден тоңамыз. Немесе,

Жазға көктем, күзге бәлкім қыс егіз, Сарғаямыз, жабығамыз, үсеміз... Жету үшін көктемге ме, жазға ма?! Бәріміз де автобустан түсеміз. – дейді жас ақын. Бұл орамдар мен сезімдер ордалы жырдың табалдырығын енді аттаған жаңа буын – жас ақындарда көптен кездеседі. Нұрбектің де осылай жырлауы жарасымын тауып тұр. Осындайда ойға келеді: қазіргі жас қаламгерлердің кіндігі ауыл өмірінен, тұмса табиғаттан ажырап барады; Жаңа өмірге – қалалық мәдениетке жақындады. Осыған орай өлеңдегі байырғы бояулар мен сезімдерге тың ой, соны серпін қосылды. Жоғары да біз мысалға келтірген шумақтар соның жарқын айғағы. Ақын тағы да:

Ағарған айдың шашынан, Өреміз мұңды кейде біз. Үзіліп жұлдыз түймесі, Аспаным қара жейдесіз. Қарайыншы көзсіз-ақ, Құшақтайыншы кеудесіз, - деп жырлайды. «Теңіздің дәмі тамшыдан» дегендей, осы жолдарға қарап-ақ. Нұрбектің өлеңдерінің романтикаға, образға, ішкі мән мен иірімге құрылатыны байқалады. Біздің мақсат – өлеңге зор ынтамен, ыстық махаббатпен, қайтпас талпыныспен келген жастың тырнақалды жинағынан кемшілік іздеу емес, керісінше – балғын жырларындағы айшықтары мен бөгенайын оқырман қауымға көрсету; «Болам деген баланың бетін қақпай, белін буу». Ендеше жыр ғұмырың ұзақ болсын! Мұрат Шаймаран, ақын

БІРІНШІ ТАРАУ

Сағыныш жапырақтары Өкпеліміз кеш оралған көктемге Екеуміз де қол созамыз көктерге, Мұңаямыз құстар ұшып өткенде. Екеуміз де толған айға ғашықпыз, Өкпеліміз кеш оралған көктемге. Леп ізімен жүзіп барад әр қайық, Жетер енді, жылы жаққа самғайық. Екеуміз де күз келгенде жалғызбыз, Сағынамыз жапырақтай сарғайып. Жапырақтай сезімдерді тона күз! Күзден ұштық енді қайда қонамыз? Екеуміз де ұнатамыз балмұздақ , Балмұздақтай жүректерден тоңамыз. Көктем қазір... Кеуделерде тірі күз, Менің аппақ әлеміме кіріңіз. Екеуміз де өле сүйген ғашықпыз, Қинайтұғын бірімізді біріміз.

Таң келеді, етегін түн жия алмай, Біздің ғажап сағынышты қия алмай. Тәкаппармыз, танып тұрып танымай, Сүйіп тұрып, жек көреміз ұялмай. Мың жыл уақыт сарғайған хат бұл күзден, Жапырақ қыз құсқа еріп жүр бізбен. Екеуміз де мұңдасамыз қайыңмен, Сырласамыз сыбыр-сыбыр жұлдызбен. Шақырады қарындасын жел, енді, Қашқақтамай құшағыма кел, енді. Түнгі лептен естиікші әуенді, Жапырақтан оқиықшы өлеңді. Бетінде Ай, Аспан деген меңді қыз, Сол аруға сыр айтамыз енді біз. Балконыңнан қол бұлғайсың тағы да, Кел дейсің бе? Қош дейсің бе? Белгісіз...

Екеуміз де қол созамыз көктерге, Мұңаямыз құстар ұшып өткенде. Екеуміз де толған Айға ғашықпыз, Өкпеліміз кеш оралған көктемге. Кірпігіңді күзетем Жүрек түннен ішеді мұң, таусады, Қабырғам жоқ... Қабырғам да қаусады. Пианино кірпігіңде ойнайды, Мөлдір мұңның моншақ-моншақ саусағы. Есімің бар... жүрегімде тыртығым, Сәулесі бар көздерімде шырпының. Жанарыңдай жарық таңға тап болдым, Түрілгенде қара түндей кірпігің. Күн тілгілеп, бұлт кеудесі қанады, Күнге жайған ақ көйлегі жанады. Жауған сайын жанарыңның аспаны, Қолшатырдай кірпігіңнен тамады...

Жауын асты, қуайыншы, қашсаңшы, Құшағыңды бұлт көгіне ашсаңшы! Жаңбыр бізге мұң сыйлайды ылғи да... Біз де оған сыйлайықшы қос тамшы... Қара аспаннан төгіледі мұң әні, Оқып жатыр ғазалымды түн әлі. Жанарымыз жолықпаса жолдарда, Оған сенің кірпіктерің кінәлі. Дұрыс, жаным! Жасамайық күнәні, Екеумізге өкпелі ғой күн әлі. Күз тұрақтап қалса біздің жүрекке, Оған менің сағынышым кінәлі. Самал есіп, өлең оқып міңгірлеп, Түн жатады жұлдыз ұрлап бір-бірлеп. Күй ойнайды, мөлдір мұңның саусағы Кірпігіңді шерткен сайын күмбірлеп.

Қайыңдардан өзің жайлы хат алар, Жүрек қалай ұясында жата алар? Жанарыңнан төгіледі өлеңдер, Кірпігіңнен төгіледі ноталар... Мұң жүзеді көңіліңде шомылып, Кетем қара терезеңе шам іліп. Ұйықтай қойшы, бәрінен де шаршадың... Жанарыңа кірпігіңді жамылып. Терезеңде қалғып қалған күз екен... Терезеңе жүз қараумен жүз өтем. Жастығыңа тамбас үшін мөлдір мұң... Мен ұйықтамай кірпігіңді күзетем... (Әр түні...) Сен сыйлаған түйме Сүрем өмір қос мезгілде: күз бен қыс, Сен жақта ғой көк аспанда жүзген құс. Суық сүйген төсімдегі сұңқарым, Қарлығаштың жұпары бар ізбен ұш.

Өртеп өтед қарағаның сұрыма, Сырды ашып ақтарсам ба бұрыла. Мені көрсең қалушы едің ұялып, Батқан күннің шағылысып нұрына. Жақындадың жетектеп-ап ірі үміт, Қорған іздеп, құшағыма жылынып. Үзілердей костюмімнің түймесі, Жалғыз жіпке тұрған еді ілініп. Сол бір күзде жапырақ сыр тоналды, Сол бір ару сезім шырақ жаға алды. Жүргеннен соң үсті-бойға қарамай, Костюмімде жалғыз түйме жоғалды. Бір күні сен мені қатты қинадың, Өз тәніме өзім тағы сыймадым. Сандықшаға қара түйме салып-ап, Жүрегіңді қоса маған сыйладың. Жанарыңнан көріп таңның шапағын, Нұр төгілген көздеріңе қарадым. Костюмімнен тастамаймын қорықпа, Қара түйме — қарашығың, қарағым!

Екі жүрек жақынырақ танысты, Ғашық едік, жақындаттық алысты. Құшағына сіңіп кетіп жаңбырдың, Тоқтағанша билеуші едік вальсты. Біздің бақты тойлағандай бар алап, Ән айтушы ек өзен, көлді жағалап. Құшағына сіңіп кетіп қаланың, Күн батқанша жүруші едік аралап. Бақыт мәңгі деп өзімді жиі алдай, Аңғал, аңқау әдетімді тыя алмай. Сол баяғы жүйткігенде автобус, Қол бұлғаушы ең терезеден қия алмай. Екі бақта адасумен жүр үміт, Қара күздің келгені де білініп. Үзілердей жүрек-түйме кеудемнен, Жалғыз ғана үмітке тұр ілініп.

Үзілді жіп, түйме жерге құлады, Көбейді сөз, жауабы жоқ сұрағы. Сен сыйлаған, мен серт берген түйменің Костюм емес, жүрек еді тұрағы. Кетер болсаң, жеңіл болсын, жылап кет, Тыйылмады қоңыр күзден сұрақ тек. Қара түйме... мың жоғалтып, мың таптым, Жоғалттым ғой сені сонда бір-ақ рет. Сен бөтенсің — жүрегімнің күйгені, Бәлкім көрем сен отырған күймені. Жылдар өтті, костюмдерден үзіліп, Қаншасына сыйладың-ау түймені. Сәби сынды сезімменен сүйген ем, Сен кеткелі сең соққандай күйге енем. Мен келемін баяғы сол костюмде, Сол баяғы қара көзді түймемен, Үзілмейтін... Ренжіме, шеше

Қайтейін, шеше, қайтейін! Белгілі сізге, белгілі күзге жай күйім. Жанарың жаста, қабағың әжім, қатулы, Өмірің анау, өмірім мынау, әй, қиын! Қайтейін, шеше, қайтейін! Ән айтшы, аспан, еркіндік жайлы, жағымды, Қиырсыз дала құлынын, білем, сағынды. Сағындым күзді, сағынып жүрген кезімді, Сағындым мұңды балалық тентек шағымды. Адамдар мынау адамды мүлдем байқамайд, Шимай да шатпақ ойымды тұман ой қамайд. Жабылып ұрып кететін бұзық балалар... Жабылып мұңдар... Өмір де соны қайталайд. Өткеннің сонау сағымдарынан келмес ем, Қайдағы жоқты еске салады өр өзен. Жалғыз едім ғой, сағыныш еді сырласым, Жалғызбын әлі, сырласым да сол терезем.

Не істейін, шеше, не істейін!? Алдыңда сенің байлықтың бәрі бес тиын. Қамшылап тұршы, ағысқа қарсы шабайын, Нұрыңмен бөліс, дауылға мынау өшпейін. Не істейін, шеше, не істейін!? Бұзықпын білем, бұзыппын талай мұрынды, Бұза алмай жүрмін ішіме тынған мұңымды. Өмір көшесін саяхат жасап күзетем, Шамдары — жұлдыз, қара терезе — түнімді. Білесің бе, шеше, адамдар аз шын күлетін, Жалғанда таппай арманға жетер тірегін. Кір-кір боп үйге қаңғырып келсем, ұрсушы ең, Білесің бе, шеше, кірлемесінші жүрегім.

Ренжіме, шеше, ренжіме! Мен салған сурет, әжім басты ма реңді де. Бір тамшы жасың құласа, жаным садаға, Қорғадың, жетер, қорғаймын сізді енді мен. Ренжіме, шеше, ренжіме! *** Түсінікті еді бізге гүл тілі, Бақытты едік... иә... білем... күлкілі. Жүрегіме, тереземе буланған... Суретіңді өрнектеймін бұл түні. Кім түсінсін? Қуарсақ та, солсақ та, Жылуы жоқ жарықтарға тоңсақ та. Есіңде ме? Күлуші едік сол кезде, Есіңде ме? Бақытты едік сол шақта. Түсінікті еді бізге көктем де, Құстар бізбен сырласатын көктен де. Түсінікті еді бізге жапырақ, Біздің тілді түсінбейтін көп пенде...

Күтетінбіз қайтқан құстар сапарын, Кір шалмаған тұнық еді жан, арың... Түсінікті еді маған кірпігің, Түсінікті еді саған жанарым... Солу, үсу... күздің де бұл жарлығы, Қиын екен кең әлемнің тарлығы... Қайың, емен, Ай да, Күн де, аспан да, Түсінікті еді бізге барлығы... Түсінбесең, Ай көзіне көп қара! Ай нұрына оранады көк қала. Түсініксіз емес еді ештеңе, Түсініксіз өмір еді тек қана. Киімімнің ішінде біреу егілді, Көздеріңе түсірмеші кекілді! Түсініксіз бұл өмірді жанарың, Үнсіз ғана түсінгендей секілді... (Түсінбедім мен әлі...)

*** Тірімін бе? Өлімін бе? Белгісіз... Күндерім бар қол бұлғаған, келгісіз. Бір-бір үміт жапырағын жұлуда Әлі күнге кеудемдегі желді күз. Мына үйлер сіміруде жас, мұңды, Адамдары темірге ұқсас, тас сынды. Шеше, сені жылатқан талай бұл қала, Мына менің мұңымды да азсынды... Ақ көйлек киген Ай... «Мен айға ғашықпын» Cенің сөзіңнен. Белгілі ғой, белгілі жайым менің, Жапыраққа үрлейді қайың демім. Ақ жүзінен аппақ нұр шашыраған, Аппақ көйлек киінген Айым менің. Мейірім бар, жылу бар ана күнде, Саған ғашық ғашықпын лала гүлге. Көйлегіңнің нұрымен жарық берші, Қара көйлек киінген қара түнге.

Ай басынан төгіліп ағын шашы, Бір ауық тек кеудемде дамылдашы. Ақ көйлектің ажарын бұзып тұрған, Қара бұлттың күпісін жамылмашы. «Төсің толса, қайтесің, шерге» дейсің, «Махаббатта сын аз ба ерге» дейсің. «Мойыныма лағыл ғып тағып жүрем, Әперші» деп «жұлдызды» еркелейсің. Суретіңді салады қалам мына, Саған ұқсас сүйемін даламды да. Саған ұқсас ғашықпын Ай кербезге, Саған ұқсас сүйемін анамды да. Бізде бақыт, бізде сыр, бізде қаяу, Жолдар әне, апарар күзге жаяу. Өлеңімді көктемгі саған жазған, Жапырақтан оқырсың күзге таяу.

Ақ көйлегің пәк, таза арың сенің, Ақ көйлегің кіршіксіз жаның сенің. Көйлегіңді кірлетпе, шеше көрме, Айым менің, не дейін, жаным менің. Ақ қауырсын, сыйладым саған қанат, Сен қымбатсың бағасыз маған ғана. «Мен мұңайған ғашықпын айға» дейсің, Ал мен болсам ғашықпын саған ғана. Мен ғашықпын өмірге Сезімменен тұтатсам жыр, жақсам сыр, Қия алмай тұр тас түнекке ақшам нұр. Мына мені, бұл қаланы кірлеген, Хәлін айтып жылап жатыр ақ жаңбыр. Самал соқса, жапырақтай билейміз, Қызыл отқа қалай жатыр күймей күз? Бізді ғалам жетімсітпей сүйсе егер, Неліктен біз бұл өмірді сүймейміз?

Қымтап, орап түнерген бұлт жарамды, Сен кеткенсің, көргенім жоқ қараңды. Кірпіктері кірпігіме байланып, Күн сүйеді жанарымнан қараңғы. Уа, жүректер! Не қалайсың шетіңнен? Кеудемдегі әлсіз ғана етімнен. Ол да маған, мен де оған ғашықпын, Ай сүйеді салқын ғана бетімнен. Жапырақ пен самал ерні сүйіспек, Қанатым бар көшкен бұлтпен түйіспек. Сағынған ғой менің бала шағымды, Жел сүйеді маңдайымнан иіскеп. Батыстағы қызыл қою шайыңды, Шөлдеген жер, сіміріп түн жайылды. Жаураған ғой менен іздеп жылуды, Қайың сүйед құшақтап-ап қайыңды.

Неткен сұлу жаратылыс адам да, Махаббат бар жүрегімде, санамда. Мен сүйемін бұл өмірдің жарығын, Мен ғашықпын маған ғашық ғаламға. Жалғыз қаламын сені есіме алу үшін Әдемі көздер, шұрайлы сөздер айласы бар, Аңсаймын досты жүзінде нұр бар Айға сыңар. Бақытты шақта қасымнан ылғи табылған, Әй, бәтшағарлар, қайдасыңдар!?.. Білемін достар, досыңа мынау кектісіңдер, Кектенбес бұрын кеудемде бүтін етті үзіңдер. Дертімді түсін, әй, бауырлар, қайдасыңдар?.. Гүліме менің үшбу хатымды жеткізіңдер.

О, махаббат! Сен жайлы менде сыр айтылмас, Жалғыз қалғанда ойлаймын тағы, ұнайды, рас. Терезесінен қара аспанның бұлт көрінсе, Көзілдірігі қабат үйлердің жылайды... жас. Жетеді қалқам... Түсімде көріп табысқаным, Бақытың үшін сезіммен өзім алысқаным. О, пәк махаббат! Кірлемес үшін асқақ атың, Мен сенен қашық, алыстамын... Өзіммен күзді, білемін, қайтем, ала келдім, Саябақ суық... Сезімге суып қала бердің. Ғұмыры ұзақ қара аспанның шамдары ма? Жұлдыздары ма қара жердің?.. Ақылың ұшқыр, сезімің терең, ісің мәнді, Кетсек пе екен көктемге бірге ұшып мәңгі. Жалғыз қаламын сені есіме алу үшін, Жалғызсыраймын жалғызсырамау үшін мәңгі...

Сағындым... «Сағынып алмай шығушы болма сапарға» Төлеген Айбергенов Қош келдің көктем, Қош келдің құстар, Қош келдің! Жапырақ бердің қайыңға мынау, дос бердің. Сағынып жеткен, жабығып жеткен көктемім, Оралса күзім, қалайша қиып қош дермін?! Сағындым көктем... Атамның қара шидемін, Тоңғанда жаны, тоңғанда әлем кигенін. Өзгергем жоқ, баяғы бала бұзықпын, Құлаймын қуып соңынан өмір күйменің. Сағындым әже... Жаным да тыным тапсашы, Сен еккен толы солмайтын гүлге бақша іші. Көктемді шексіз сағыныпты артық менен де, Мұңлы жанары, әжім келбеті, ақ шашы...

Іздейді самал, іздейді құстар жалғызды, Ғашықпын мәңгі, ұмытам қалай сол қызды? Жапырақ үнсіз... Ол тұрды жылап, мен үнсіз... Жапырақ мылқау... Сағындым алғаш сол күзді... Сатқындық неткен аяусыз еді? Жаным мұң... Тостаған едім, тастаған едің, шағылдым. Қуансам бірге қуанатындар көп менде, Мұңайсам бірге мұңаятынды сағындым... Сағыныш дерсің жанымды менің ораған, Сағынған жанар маған да бір сәт қараған. Сапарға шықсам, сағыныш ізін аралап, Мың жылдан кейін сағынып қайта оралам. Жылытып Күннің, көздердің жарық шуағы, Жылытып сезім, үміттің сөнбес шырағы. Сарғайған нәзік жапырағында кеудемнің Сағыныштардың, сағыныштардың тұрағы. Сол баяғы...

Сол баяғы күз бағындай көңілім, Сол баяғы қарапайым өмірім. Мені іздеп телефонға үңілсең, Сол баяғы өзгермеген нөмірім. Сол баяғы себінемін әтірден, Сол баяғы өмір сүрем хатыңмен. Жаяу келіп, жаяу кеткен үйіңнен Сол баяғы тесік табан бәтіңкем. Сол баяғы жалғыз көше, жолдарым, Сол баяғы тесік қалта шалбарым. Сипалаған жүздеріңді аққұба Сол баяғы тастай қатты қолдарым. Сол баяғы қол жайғанда тілегім, Сол баяғы жымиып тек күлемін. Тоңғаныңда ызғарына жалғанның, Сол баяғы жылытатын жүрегім. Сол баяғы қара жұмыс, жан бағыс, Содан кейде көріспеуші ек апта біз. Келу... Кету... Соңғы орындық... Терезе... Сол баяғы 105-ші автобус.

Жапырақтар — жүрегімнің әр хаты, Ақ жауын ғой ақ көңілдің шәрбаты. Сені маған қия алмаған бұл шаһар, Сол баяғы сырласым да Алматы. Сол баяғы арман тұлпар шабысым, Сол баяғы өзен мінез ағысым. Кейіп кейде, сүйіп кейде сөйлейтін Сол баяғы мұң аралас дауысым. Көктен жауды қанша сезім? Қанша жыр? Сезім сіңген дымқыл көше жол жатыр. Жаңбыр — сылтау... Екеу едік бір болдық, Сол баяғы бізді қосқан қолшатыр... Дауысың да жете қоймас, ал шақыр! Кеттің сәулем... ізің сіңген жол жатыр. Жаңбыр — сылтау... Екеу едік, бір болдың, Сол баяғы бізді бөлген қолшатыр.

Сол баяғы шақырады кең дала, Сол баяғы жусан исі — ем ғана. Өзгергенмен жүрегімнің тұрғыны, Сол баяғы өзгермеген мен ғана. Сенің сөздерің Сен маған «ойламаймын, ұмытамын» дегенсің, Сен маған «өзге жанды жылытамын» дегенсің. Сен маған «сағынбаймын, жыламаймын» дегенсің, Сен маған «мұң алдында құламаймын» дегенсің. Сен маған «басқа үйде шам боламын» дегенсің, Сен маған «басқа жерде таң боламын» дегенсің. Сен маған «сезім шашын текке өремін» дегенсің, Сен маған «өкпеледім, жеккөремін» дегенсің. Сен маған «көктем болам, бақ боламын» дегенсің, Сен маған «сені көрсем, сақ боламын» дегенсің. Сен маған «хат жазбаймын, сөйлемеймін» дегенсің,

Сен маған «жапырақпен билемеймін» дегенсің. Сен маған «ұйықтаймын, демаламын» дегенсің, Сен маған «зар-шерімді жеңе аламын» дегенсің. Сен маған «құс боламын, ұша аламын» дегенсің, Сен маған «өзге жанды құша аламын» дегенсің. Сен маған «басқа бақтан гүл теремін» дегенсің, Сен маған «күз біледі гүлдер емін» дегенсің. Сен маған «сенсіз болам, түнсіз болам» дегенсің, Сен маған «жырсыз болам, мұңсыз болам» дегенсің. Сен маған «шер айтпаймын, күз демеймін» дегенсің, Сен маған «түннен сені іздемеймін» дегенсің. Сен маған «ымырт түссе сабылмаймын» дегенсің, Сен маған «пальтоңды да жамылмаймын» дегенсің. Сен маған «оттан мұздай күйге енемін» дегенсің, Сен маған «өмір сүріп үйренемін» дегенсің. Сен маған «сағыныш не, білгенім жоқ» дегенсің, Сен маған «жалғызсырап жүргенім жоқ» дегенсің. Сен маған «оралмаймын сөз бергенмін» дегенсің, Сен маған «мен бөтенмін, өзгергенмін» дегенсің. Сен маған «өлтіреді уақытты мұң» дегенсің, Сен маған қайта-қайта «бақыттымын» дегенсің. Өтірікші...

Сүйер едім... Ғасыр қарап тұрар ем жанарыңа, Сыздаса да жүректе жара мына. Қарай алман, кеш, гүлім, сенсем дағы Өңіріңе ақ моншақ тамарына. Сипар едім қолыңнан тек, өтінбей, Ақ саусағың еріксіз көнетіндей. Алақаным жылытса қолыңды мұз, Жүрегімнің ақ нұры сөнетіндей. Құшақтар ем кеудеме қатты қысып, Қандай опа табармын жатты құшып. Тағдыр айдап, қайтерміз бір күндері Сезіміміз қалса егер қақтығысып? Сүйер едім ерніңнен... Пәктігі тұр. Айтшы, қалқам, қаламас тәттіні кім!? Болашақты кім білсін? Шыдайықшы! Сақтап қойшы жарыңа тәттілігін.

Елемеші жырақтар, қашықтарды! Сағыныштың есігі ашық қалды. Таза сезім қалсыншы таза қалпы, Ғашық жүрек қалсыншы ғашық қалпы! Көктемгі сағыныш Салқын леп жұпары — сағыныш, Сезімің еседі тоңдырып. Қанатың шаршаса ұшудан, Кеудеме аласың қондырып. Жанарда тығылған бір маржан — Мендегі ұялшақ соңғы үміт... Жалғыз ай, жалғыз мұң, бір жүрек, Терезе сыртынан аңдиды. Ақ тәнді аймалап Ай нұры, Сағыныш жұпары аңқиды. Мас болып сезімге көкте Ай, Жерде мен, Екеуі қаңғиды. Сан мың от жарық боп түнекке, Сан мың мұң жанады әйнектен. Бұлттарға байлап-ап ақ жібін, Өкпелеп өмірге Ай кеткен. Сезімнің гүлдері жайқалған, Солды ғой... Оралмас қай көктем?..

Мұң ішіп төсінен мезгілсіз, Айдың ақ анарын емгенмін. Махаббат мен сені өлтіргем, Түбіне жүректің көмгенмін. Тіріліп келер деп ойлап па ем, Бақилық сол сезім, өлген мұң. Кешірші, сол сұлу, ертіп-ап Көктемнен күзге мен қалдырдым. Сағымнан сарайды тұрғызып, Мұңдардан қамалды салдырдым. Мен жүрмін бір жылу таба алмай, Астында көктемгі жаңбырдың... Кірпігі ілініп Күн қыздың, Маған кеп тірейді жағын түн. Өзімді өзіңмен жоғалтып, Сараңдау тағдырға бағындым. Сендегі жұпар бар көктемде, Мен сені тым қатты сағындым, Сағындым! Жүр, қалқам, ауылға! «Мен Парижде өмір сүргім келеді» Cенің сөзіңнен.

Себепшісі жүрегімде бір емнің, Сені көрер сылтау бітпес білем мың. Сен Алматы апортысың қып-қызыл, Мен Меркінің арғымағы, күреңмін. Жылынасың құшағымда күліп сен, (Отау құрып өзіңменен біріксем...) Армандайсың қайдағы жоқ Парижді, Меніменен Алматыда жүріп сен. Ынтық жерің жазық па еді, таулы ма? Мені жылтыр дүниеге баулыма. Біле білсең Парижден де мың артық, Жүр менімен туған жерім аулыма. Өзге өңір қалай жатты құшады? Ұша берсін шаһарлардың ұшағы. Көшесіндей қалалардың тар емес, Даламның да, анамның да құшағы.

Таусылмасын жүректегі жыр сия, Жанарыңнан көңіліме сыр құя. Маған ерсең – Шымкент, Тараз, Алматы, Қалады ғой – Нью Йорк, Париж, Түркия. Барар болсаң ауылыма бүгін сен, Орысшаңды қысқартасың тіліңнен. Жеңгелердей орамал тақ, ұзын ки, Аттап өтпе дәстүріңнен, дініңнен. Бұл өлкеде жанын ұлтқа қиған бар, Бар байлығы ілім-білім жиған бар. Дүниенің бақытынан бақытты, Бұл ауылда махаббат бар, иман бар. Өзгелердің жер-көліне құмартып, Алғандаймыз жүректерге жүк артып. Туған дала ақ гүлдерін солдырып, Қалай жүрем тобылғысын қуартып.

Өзге жерді сүйгендігің — сасқаным. Билей алмас басқа шаттық, басқа мұң. Сүйген емен өзге елдің тілін де, Ғашық емен жүрегіне басқаның. Жеңілмейік мұң басқанда еңсені, Күтіп жатыр кең алқапта ел сені. Қытайдікі болса дағы жакетім, Қазақшалап құшақтаймын мен сені. Қай бақтарға атылады көз оқша? Жапырақтың орнын баспас мәз ақша. Сүйсем дағы сүйемін мен қазақша, Ғашық болсам, ғашықпын мен қазақша. Сен жүресің сәукелемен тойымда, Бітпес арман болашаққа ойымда. Көндің білем, кетеміз біз ауылға, Сөзді қой да чемоданды дайында. Қос Перизатым Асыл анам мен жан қарындасыма

Сағынамын, терезеге қараймын, Астананың шығысында арай мұң. Жан анашым, құшағыңдай кең емес, Кеңістігі зәулім-зәулім сарайдың. Қарындасым, неткен сиқыр күлгенің!? Ұқсатамын сені нәзік гүлге тым. Қарындасым, құшағың-ай кішкене... Жылыта алмас ыстығы да шілденің. Екі күнім, перизатым, қос гүлім! Жарты шаһар ұсынады достығын. Алматыдан сағыныштың лебі есіп, Астанада жүрген мені басты мұң. Балалықтан байқаусызда ығыстық, Есейдік те, бұл жалғанмен ұғыстық. Анашым-ау! Мейірбандық нұр берген Жүрегіме алақаның ып-ыстық. Анашым-ау, өзі көктем, өзі күз! Қалдырыпты ай жүзіңе сезім із. Анамыздың жанарына ұқсайды, Қарындасым екеуміздің көзіміз.

Нұр жүрекке, жайылады жыр таңға... Сағыныш бар, махаббат бар бұл маңда. Қарындасым екеуміз де туа сап, Ғашық болдық бір жанарға, бір жанға. Қуа алмайтын еш қиындық шаттықты... Естен кетпес балалық сол шақ тіпті. Қарындасым екеуміз де емгенбіз Ақ жүректі аппақ жаннан ақ сүтті. Анам әлі шөбересін көреді... Анаң әлі шашыңды да өреді. Жұбатқан жан қарындасым жыласа, Мені де әлі жұбатумен келеді. Қарындасым түніменен зар жылар, Анам айтып бесік жырын, таң шығар. «Әлди, әлди» естімедім алғаш рет, Ұйықтай алмай жүргенім де сол шығар. Ең әдемі анамыздың күлуі! Ең қуатты анамыздың жылуы! Қарындасым екеуміздің анамыз, Әлемдегі сұлулардың сұлуы!

Мен күткен көктем Қарындасым Інжуге Гүлім менің, жазым менің, көктемім! Сеніменен мақтанады текті елің. Қуантуға жабырқаған күздерді, Көктем болып бұл өмірге кеп пе едің? Қарындасым, жанымдасың, кеудемде, Шын қуандым сен өмірге келгенде. Мезгіл күзсіз, аспан бұлтсыз болмайды, Қорған болам дауылдан да, селден де. Ғұмырыңның кірпіштері қалана, Гүл боласың, нұр боласың далаңа. Ауызынан түскендейсің әкеңнің, Тек жанарың ұқсапты ғой анаңа. Жаратқанның бізге берген сыйысың, Сағыныштың көптен күткен күйісің. Былдырлаған тілің сенің тәп-тәтті, Қылығыңа тоймайды ғой үй ішің.

Жолда сансыз соқпақ болды: есенмін. Өзен – сынақ әлі талай кешем мың. Ете алады мені шексіз бақытты, Сенің күліп, жымиғаны шешемнің. Шашады нұр көтеріп ап Күн туын, Айдың аппақ сәулесіне, түн, жуын. Жер жаһанның маржанынан ең қымбат, Өзімнің бар баға жетпес Інжуім. Саған кәмпит толы қалтам бар, күнім! Мейіріммен баққа толсын әр күнің. Жаман ағаңның алдынан шығып еркелеп, Қайда жүрсең, аман жүрші, жарқыным! Мен Нұржанмын... «Мына, бала айнымаған Нұржан ғой...» Әкемнің көзін көргендер

Иә, Нұржанмын... мен Нұржанмын... Нұржанмын... Жаралдым ба, жұлдыз құйған нұрдан мың? Нұрбек пенен Нұржан мүлдем бөлінбес, Бір жүрекпін, бір денемін, бір жанмын... Сағат тілі өтіп жатыр бірі кем, Қайта оралмас уақыттардың бірі екем... Танып тұрмын бұл Аспанды, бұл Жерді, Бәсе, бәсе! Өлмегенмін, тірі екем. Нұрсың, әке! Қаулай алмас өрт енді! Нұр ішегін, бұлт саусағы, шерт енді! Барып қайттым қабіріңе кеше мен, Барып қайттым қабіріме ертеңгі... Қабіріңді сипалайды мың бір леп, Жапырақтар қоштасуда бір-бірлеп. Мен туғанда, сен қайтыпсың өмірден... Ғұмырыңның жалғасы ғой бұл Нұрбек...

Қайың, жүрші, әкемізді сұрайық! Жүрегімен жапырақтың жылайық. Шешем мені туған кезде қайғырып... Мен өмірге келген екем мұңайып... Күз жетектеп, бұлтқа еріп көшем мың, Жүрегімнің табанымен кешем мұң. Саусағыңның иісі бар, ізі бар... Қылау басқан кей шашында шешемнің... Қайың, әке! Тамырыңнан сыр ұқтым, Қайың, әке! Жалғасыңмын, шыбықпын. Жиырмадамын... Жиырма бесте кеттің ғой... Жасым енді, бесеуінде қырықтың... Кемпірқосақ — сағым мұңсыз, қаяусыз, Маңдайына көк аспанның бояу сыз. Қарап тұрмын көзіменен әкемнің, Қысқа ғана бұл өмірге баянсыз...

Гүл өседі қабіріңнің басында. Мен күздемін, сен көктемнің қасында. Мен түндемін, сен таңдасың, жан әке! Мен ұйқыда, сен ояусың, расында! Шыдаймыз ғой түскеніне еңсенің, Көнеміз ғой, көкіректе семсе мұң. Мен өзіңдей қуанамын, мұңаям... Балаңмын ғой, көшірмеңмін мен сенің. Орайым да саған ұқсас, Әрдайым сағыныштан шөліркеген таңдайым. Орайымды «сиыр жалаған» дейтін жұрт, Күн жалаған «жарқырасын» деп маңдайым. Әке! Сенің осы жалғыз балаңды, Біреу «жақсы» дейді, біреу «жаман-ды». Шаштарың деп иіскеймін жусанды, Құшағың деп құшақтаймын даламды...

Туған жердің құшағынан хат ашып, Жырым менен мұңдарым да матасып. Маңдайымнан иіскейді қайран жер, Қойнындағы төмпешік деп шатасып... Суретіңдей сарғаяды сезімім, Кірпігіме қайғы сіңген, көзім — мұң... Әке, сенен маған қалған мол мұра — Портретің және менмін... Өзіммін... Сағыныш сапары Сағынамыз... мұңаямыз... күлеміз... Күткен бізді міне қайғы, міне күз! Кету үшін жұлдызға ма? Айға ма? Бәріміз де автобусқа мінеміз... Бәріміз бұлт ішіндегі араймыз, Санамызды тұманменен ораймыз. Кейін тастап зулап жатқан уақытты, Бәріміз де терезеге қараймыз...

Бәрін білген жан жоқ шығар туғаннан, Шипа керек сезімдерге уланған. Бұл өмірге қараймыз кеп тұманды, Терезеге қараймыз кеп буланған. Мөлдірейді жанарды жас жуғаннан, Арулардың кірпіктері суланған. Мүмкін, көктем келіп қалар хабарсыз, Терезені сүртіп қойшы буланған. Мұң шығады төсімді кеп қақсам бір, Жанарлармен шағылысқан ақшам нұр. Терезеден сырғанайды көз жасы, Жүздерінен тайғанайды ақ жаңбыр. Бәріміз де сағынамыз түнімен, Жылаймыз кеп ақ жауынның үнімен. Сағынайық жүрегімен құстардың, Күрсінейік жетім күздің мұңымен.

Күз жайында шер тарқатып күнімен, Көктем жайлы аңсаймыз ғой түнімен. Сырласайық ақ қайыңның ойымен, Сөйлесейік жапырақтың тілімен. Жазға көктем, күзге бәлкім, қыс егіз, Сарғаямыз... жабығамыз... үсеміз... Жету үшін көктемге ме?.. Жазға ма?.. Бәріміз де автобустан түсеміз... Бөрі жүрек Айға ұлиды Көрдім сенім ақ жүзіңнен еркелеген, Көрмей сезім бұрылдың-ау ерте менен. Бекежанның оқ жанары садақ болып, Қыз Жібектен айрылды ғой ер Төлеген. Көңіліңнің мұңын ағыз, жырын ағыз, Достық сезім құшағына жылынамыз. Үш жүректің үшіншісі, артығымын, Үш ай бойы қонақ болған жылына күз.

Ұтылыс көп бұл тағдырдың ұтарынан, Бақытыңды ғашығыңның күт арынан. Танауымда әлі күнге гүлдің иісі, Аңқып тұрған тамағыңның жұпарынан. Мән бермеші сүйем деген сол сөзге де, Сүйіктіңнен қызғанамын әр кезде де. Дос боп мәңгі болсақ дейсің шал мен кемпір, Мен шалыңнан қызғанар ем сол кезде де. Бәрі өтті, бәрі кетті, бекер емес, Сағымданған қиял сәттер, өтер елес. Махаббаттың пойызына мініп кеттің, Тұлпар жүрек екпіндейді, жетер емес. Сені көрсе адасады айла кілең, Мен сондамын, қайда күз, қайда күрең? Жанарыңнан көріп жүрген жарық сәуле, Енді мұңда, мекендейді Айда білем.

Сені көрем келбетімнен айна қылып, Мен кілттеген жүрегіңде қайда құлып. Түннен қорқам... өртенеді жұлдыз мұңым, Жоқтап сені бөрі жүрек Айға ұлып. *** Беу, қалқам! Бір өлең оқышы күз жайлы. Күз жайлы, екеуміз, біз жайлы. Сұр бақтан әуенің естілсе, Сағына жүрегім сыздайды. Тыпыршып, тырналап барады Кеудемді жүз қайғы... Бір өлең оқышы күз жайлы. Беу, бикеш! Бір өлең оқышы, жылайық. Кірпіктен моншақтар құласын. Жанарды мұңменен шылайық. Сырласың айың мен қайыңнан Айыпты кім екен, сұрайық! Осынау тынымсыз жүректі, Бірдеңе қылайық. Бір өлең оқышы мұңайып...

Айым-ау, Бір өлең оқышы шешіліп, Бұлттардан шешініп. Сол күзде жоғалтқам өзіңді, Ақ жаңбыр жауып ед өшігіп. Қолшатыр іздеумен кеткен ем, Қалдым-ау кешігіп... Бір өлең оқышы кешіріп. Таудағы сұлу Арманға ұмтылып алдағы, Кеземін тау мен тас, қыратты. Ақыл мен жүрегім қосылған, Арманым шың биік, тұрақты. Тау — менің сұп-суық жүрегім, Жарылып, өзен боп жыр ақты. Сол тауда бір сұлу жүреді, Түнекте жағып-ап шырақты. Жалғыз тау, жалғыз қыз, жалғыз Ай, Жалғыз бұлт төгеді жаңбырды. Адам мен табиғат өткізер, Бірлесіп бұл тұман тағдырды. Жалғыздық түнектен шаршаған, Сұлу қыз кетуге сан тұрды. Ақыры кетті ғой алысқа, Бірақ та шырақты қалдырды.

Келеді, сол сұлу келеді, Шырағы қалмас ед шеттесе. Тау болып қаламын, күтемін, Сезімім, самалға беттесе. Сендегі шырақты сөндірмей, Тағдырға тұрамын кектесе. Күтемін. Қалдырған шырақтан Тау, орман өртеніп кетпесе. Бұлт жамылған Ай Қараушы едім жанарыңа баласынып, Өтті бәрі түс келді ғой таң асырып. Жапырағын сұрап жатыр тіленші күз, Жүрегімді іздеп жүрмін аласұрып. Кетіп қалдың біздің бақтан басқа баққа, Көзіме шық, әжім түсті қас-қабаққа. Сен кеткен соң, менде кеттім сезімдерді Жүрегімнен жұлып алып тастамаққа.

Сезімімді мұңдарыма асыраттым, Жұлдыздарын жоғалтпайды шашып-ап түн. Сезім толы жүрегіммен Айға кетіп, Сәулелерін бар әлемге шашыраттым. Жерге келдім жұмыр басын тастап Айдың, Аппақ-аппақ мұңдарымды ластамаймын. Сен сыйлаған сезім толы бұл байлықты Қара көрге ала кетем, тастамаймын. Түн... Мұң... Жұлдыз... Отырмын ғой тынығып мен, Қап-қараңғы бұл халімді ұғынып пе ең? Жанарыңның сәулесін бір түсірдің де, Кете бардың бұлт ішіне тығылып сен. Қар қызы...

Қара аспан жұлып-ап кеудесінен Ақ жүректі, ақ отты төкті көктен. Суық жүрек, суық көз ызғар келді, Жанарыңда жылу бар өтті көктем. Әлеміңе мен келдім суық сұлу, Сені іздеп ғашығың жетті көптен. От жүрекке жақындап суық жүрек, Суық ерін қар қызы өпті беттен. Біле алмадым өртімді кеудемдегі, Кеудем нені қалайды, сезім нені? Ызғарына жаһанның кетіп мәңгі, Жылуымды қар қызы сезінбеді. Мұз боп қатқан тас кеудең ерісін деп, Отты жұлып берер ем өзімдегі. Аппақ қар мен тас түнек, Ай ғана бар, Әлемінде мен жоқпын көзіңдегі.

Жүрші, жаным, ақ қарым суық сүйген, Қар оранған жүректің табам емін. Жылытамын жүрекпен бар әлемді, Бұдан артық қаласаң жанам дедім. «Өз жарығын өзгеге сыйламаған, Өз отына өртенген жаман» - дедің. «Жылуы бар суықта жаурағаннан, Ызғар басқан суықта қалам» - дедің. Жаурап тұрып... Оралшы Сендегі сезімді түсінбей жүргенмін, Бірақ та жылы леп есетін сен жақтан. Ай құшып жүргенде күн барын ұмыттым, Әлі де күйемін шыраққа сен жаққан. Жылама, кеудеңнің көлінде айнам бар, Байланып жүрегім тамшыңа мен аққам.

Дәл сендей сүймеген, күтпеген мені ешкім, Байлығын бағалай алмаған кедеймін. Сап-сары алтынын бұлттарға ұрлатып, Мәңгілік суықта қалды ма кедей күн? Кешірші, бұзықтау мінезім бар еді, Сүйемін сағынып, ұмыттым демеймін. Айды біз үй қылып, аққуды қанат қып, Кетейік... Ып-ыстық қолымды тек алшы. Қараңғы біздегі аймаққа таң ару, Сәуле боп, нұр болып, жарық боп таралшы. Гүлі бар, Күні бар, нұры бар, Айы бар, Жүрекке көктем де келді ғой, Оралшы! Балалық сезім Адам болмас теңі жоқ, Сен секілді теңі кетсе — емі жоқ. «Достығымыз мәңгілікке» деп едің, Сол достығым махаббат қой шегі жоқ.

Қатты жаны түссе де нұр, тасқа Күн, Сендік бөтен басқа шаттық, басқа мұң. Мен жаныңнан табыламын әрдайым, Сен жанынан табылсаң да басқаның. Уақыт шіркін, бақытымды ұқтырды, Жүрегімде көтере алмас жүк тұрды. Досым сені сүйетінін айтатын, Сол сезімін мына маған жұқтырды. Қызарған шам, жаздың жайлы кешінде, Маған ұзақ қарағаның есімде. Жүрегімнің шертіп едің ішегін, Әлі күнге күмбірлейді төсімде. Жылағың келген шығар...

Жылағың келген шығар... Айнадан, көктен, жерден де, Суреттерімді көргенде. Жылағың келген шығар... Бұзылып мәңгі әсте ұйқың, Аспанның санап тасбихын. Жылағың келген шығар... Нұрымды іздеп таңдардан, Көзімді іздеп шамдардан... Жылағың келген шығар... Ойымды іздеп бөктерден, Жанымды іздеп көктерден. Жылағың келген шығар... Шошынып өзің ойыңнан, Тәнімді іздеп қайыңнан. Жылағың келген шығар... Мұңдардан мәңгі қашқаннан, Арымды іздеп аспаннан. Жылағың келген шығар... Көзіңнен сезім тайғанап, Мұңымды іздеп Айдан ақ. Жылағың келген шығар... Кофеңді үрлеп ұртталған, Сағыныш іздеп бұлттардан. Жылағың келген шығар... Жасырып мені тағдырға, Жасырып жасты жаңбырға. Жылағың келген шығар... Іздеумен бақтан сырымды, Жапырақтардан жырымды. Жылағың келген шығар...

Өте алмай уақыт қамалдан, Ернімді іздеп самалдан. Жылағың келген шығар... Құшағымда боздап бір, Жаныма сіңіп, аздап кір. Жылағың келген шығар... Іздеумен таппай ғаламды, Автобустардан қарамды. Жылағың келген шығар... Мендегі таппай жолымды, Жібермей ыстық қолымды. Жылағың келген шығар... Жастықты мұз қып шер деген, Таба алмай жылу көрпеден. Жылағың келген шығар... Уақыттан аттап өте алмай, Көктемге ұшып жете алмай. Жылағың келген шығар... Терезең қалып ақшамда, Гүлдерің қалып бақшамда. Жылағың келген шығар... Хатымды өртеп мың қырық, Телефоныңды сындырып. Жылағың келген шығар... Іздеумен... саған күй сіңді, Күзекте қалған иісімді. Жылағың келген шығар... Соңғы рет мұңмен түйісіп, Соңғы рет түнмен сүйісіп. Жылағың келген шығар... Кеткің кеп менен үш аттап, Айдың ақ жібін құшақтап. Жылағың келген шығар...

Бәрінен безіп тым ұзап, Теңізге қарап күн ұзақ. Жылағың келген шығар... Айхайлап, зарлап, тек үнсіз, Сүюмен мені, тек мұңсыз. Жылағың келген шығар... Көзімді іздеп көзіңнен, Өзімді іздеп өзіңнен. Жылағың келген шығар... Жылатқың келген шығар... мені... *** Шөлің қанбас толғандай ма шай шерге, Құшақтай алмай созады қолын Ай жерге. Мен өзіңді, мен өзімді жоғалттым, Қай ғасырда? Қай заманда? Қай жерде? Суық бақта қолыңдағы шырақ қап, Жылы баққа кеттің бе екен жырақтап? Қай аспанда самғап жүрсің қалықтап, Қай мезгілде қалып кеттің тұрақтап?

Көрінбедің еменімнен, талымнан, Қай сағатта ізің өшті жолымнан? Қай минутта алдым сені жоғалтып, Қай секундта ұшып кеттің қолымнан? Жылап тұрып шаштарыңды тарайсың, Жаным ескі сезім толы сарай шын. Қай жүректің сағатында секундсың? Қай жанардың әйнегінен қарайсың? Қай сөйлемге қалдың екен матасып, Қай шимайға түсінбедің шатасып? Қай қиылыс сені менен жасырды, Қай көшеде кеттім екен адасып? Келші маған уақытқа бұл бас ұр да, Араласпай қызылға да, жасылға. Сені менен жасырып жүр жылдар да, Сені менен қызғанып жүр ғасыр да.

Ақ бұлттарға қиял гүлін күнде егем, Екеуміздің арамызда түн бе екен. Біздің ғасыр өтіп кеткен, амал не? Мына ғасыр екеумізге тым бөтен…

ЕКІНШІ ТАРАУ

Жалғыздық жамылған күз Жанымның мезгілі «Қош, құстар! Сәлем айтыңдар көктемге...» Ескі күнделіктен Кеудеме кеп тұрақтады күз демде, Жүрегімнен жапырақты үзгенде. Ұшып кетсем мәңгі жазға... көктемге... Ұшып кетсем өзімнен де... күзден де... Хәлімді еш жан болмады сұраған, Сүрінгенмін, оңбай тағы құлағам. Мен ешкімді... мені ешкім түсінбей, Өкпелегем... өкінгенмін... жылағам... Қиял қуып, сағымға да текке ергем, Зағип жандай қараңғыны тек көргем. Мен өзімді дұшпан көргем... жау көргем... Мен өзімді танымастай жек көргем...

Шаршағанмын... жабықанмын... безінгем... Тамыздан да Қаңтар мұзын сезінгем. Жүрегімде қанша жұлдыз жоғалған... Қанша арман, қанша үміт көз ілген?.. Түңілгенмін өмірден де, тағдырдан, Қабағым жүр қараңғыда қаңғырған. Төсімдегі тамырыма шөлдеген, Нәр беремін жанардағы жаңбырдан. Шаршағанмын қараңғыдан... түнектен... Мен езіліп... ал, көлеңкем жүр, өктем. Сағыныштың, жапырақтың иісі, Аңқып жатыр көкіректен, жүректен... Мен өзімнен қалай енді тыс қалам? Көктем аңсап кеудемдегі қыс ғалам... Іздесеңдер көктен мені іздеңдер... Жетер енді! Самғаймын мен, құс болам...

Мөлдір мұңнан ақ қайыңдар жырланды, Жоғалтпашы жапырақтан сырғаңды. Таң оралды терезесіне кеудемнің, Ымырттағы жүрек бөлмем нұрланды. Көз жасына жуынатын түнімен, Сынған Айға малмаңдай су мұң ілем. Өз кеудемде өз-өзімді өлтіргем, Өз кеудемде өзім қайта тірілем... Мені іздеп құстар ұшад көктен де, Мені іздеп гүл күтеді бөктер де. Асығамын жылуға да... жарыққа... Асығамын Сәуіріме... КӨКТЕМГЕ... Жалғыздық жамылған күз Көшені кезеді ақ тұман Ажалдың күпісін киініп. Жапырақ құлайды сыбдырлап, Самалмен үзілген күй іліп. Күн батып барады қарашы, Қып-қызыл мұңдарға құйынып. Мен тұрмын жанымды ұға алмай, Белгісіз күйікке күйініп...

Сұп-суық, тым суық бұл қала, Бұлттар жүр тәкәппар, кекейіп. Бәрінен тығылып батыста Жабырқап барады от бейіт. Құстар да жып-жылы аймаққа Ұшуда... Тоқтаңдар, жетейік! Жауратты бұл қала, жүректер... Құстармен ілесіп кетейік. Самалға еріп-ап жапырақ, Елес мұң кезуде көшені. Ызғарлы бұл күзде мен жалғыз... Жапырақ қыздардың өсегі. Тұманға адастық бәріміз, Көктемді ұмытып кешегі. Мәңгілік көктемді іздеумен, Бұл жалғыз бұл күзден көшеді. Қоп-қоңыр көшені кескілеп, Бір сұлу жүгіред асығып. Қоп-қоңыр даладай шашынан, Бұл күздің жұпары шашылып.

Мен сені бұл күзге қимадым, Көктемгі шоқ гүлді жасырып. Жапырақ жылады, құлады... ақ моншақ мөп-мөлдір жас үміт. Шаштарын тарады тағы да, Сәулесін түсіріп Айым ақ. Шомылып сәулеге ағарған, Мұңайды тағы да қайың-ақ. Сен басқан жапырақ жүректі Әкетсе өзендер шайып-ап. Қоңыр шаш бұл күзден мен кеттім, Құстармен қанатты жайып-ап. Осы бір күз... «Пешенесіне жүз жылғы жалғыздық жазылған адамзат әулетіне екінші қайтара өмірге келуді жазбаған» Габриэль Гарсиа МАРКЕС Осы бір күз жанарымда қалып қалды, Үйретеді мұңайғанды, жабыққанды. Қоңыр, әжім алақаны сәлем беріп, Осы бір күз мені көріп танып қалды...

Танып қалды жапырақты төсімдегі, Келді қайта бала мұңым есімдегі. Осы бір күз қайтып келді «жұбатам» деп, Осы бір күз жылатады несін мені... Бұлт жамылып, жалғызсырап Ай қалады, Аспан жылап жапыраққа ой тамады. Есігіме қайта келген сол жалғыздық... Осы бір күз... Сол бір күзді қайталады... Талай жылдар бұлт көшіне мұңым ерген, Маған жұлдыз суық, әлсіз нұрын берген. Тереземді сығалап жүр бір бейшара... Мынау жетім жалғыздықты бұрын көргем. Жұбата алмай әлек болдым жаңбыр қызды, Қош бол, құстар! Күз бен мені, қалдыр бізді. Сол жапырақ... Сол жалғыздық... Сол сағыныш...

Осы бір күз ертіп келді сол бір күзді... Қайыңдар да құламай тұр уыс қайғы, Сағыныштар кеудеме кеп тыныстайды. Жүрісі де, отырысы, мұңайғаны, Жалғыздықтың өзі маған тым ұқсайды. Тау басынан қарап жатыр әсем шынар, Күнім болса тас төбеме әкел, шығар! Оралатын сағыныш боп, мен көрмеген, Осы бір күз... мүмкін менің әкем шығар... Қайың досым! Екеумізде мұң бір еді, Сырымызды Ай біледі, түн біледі. Жете алмай сол бір күзде жылап қалған, Осы бір күз... ғашығым ба, кім біледі?.. Күзді қысқа қия алмаймын, тоқташы қар! Күз өмірім. Сарғайтпашы, сақташы ар. Көктем менің қиялым ба? Түсім бе әлде? Бәлки, мезгіл күзден басқа жоқ та шығар?..

Жаурадым ба? Сарғайдым ба? Солдым ба екен? Уақыт мені танымады, болдым бөтен. Осы бір күз, осы тағдыр қайталанған, Мүмкін, жалғыз сол бір күзде қалдым ба екен?.. Келер ме екен жүзінші қыс, жүзінші қар? Көшедегі жапырақтар ізім шығар. Осы бір күз... алғаш көрген күзім бе екен?.. Осы бір күз... мүмкін, соңғы күзім шығар... Сен жайлы соңғы өлең Бәрі бітті... Жылама, жыламаспын менде енді, Мен келмеймін сол баққа, сен де сәулем келме енді. Сұрқай күздің жөтелі үрледі ғой сезімді, Өшті, сөнді, қайтейін, жаға алмаспыз сөнгенді.

Қос жапырақ қайыңда бірі үзілді, қимадым, Қиналмаспын, дегенмен сен өзіңді қинадың. Жер жаһанға, ғаламға махаббатым айқара, Бірақ, қалқам, сен ғана құшағыма сыймадың. Күпісінде былғары өзге жанға кетерсің, Күзден көштің көктемге мизам көктей екенсің. Мінезімді мезгілдей түсінбепсің, ұқпапсың, Сүйсең дағы қаншалық, соншалықты бөтенсің. Неше гүлдер солды екен, тамшылады неше тер? Биік өкшеңе тапталып жапырақтар төселер. Бізді күткен Көктөбе бұлтқа оранып қалыпты, Шам күйген бе? Қараңғы біз жүретін көшелер...

Біз баратын ресторан, біз баратын кафелер, Тәтті ерніңді сүйгізген ыстық, шіркін, кофелер. Қазір мүлдем басқаша... Мұздай қолың, кофе де... Қолыңды ыстық сол кезде жібермес ем қап, егер... Қараушы едік от өрім үміт көріп таңға біз, Сағынады сыбызғы, мұңаяды шаң қобыз. Түнгі Алматы бұлыңғыр... Аялдама жабырқау... Дырылдаған моторы бізді күткен автобус... Ақ сезімнің қанаты, әттең, әлсіз, талды ғой, Қауырсында жазылған өлең отқа жанды ғой. Бізді күткен театр... Бізді күткен саябақ... Күткен қалпы... Күткен қалпы қалды ғой... ***

Қол бұлғаймын достарыма көктегі, Құс біткеннің бәрі маған өкпелі. Өкпелеңдер, мейлің, мейлің ренжіңдер, Жат көрмеңдер, жеккөрмеңдер тек мені. Қалай күлем кірпігімде мұз барда, Қолтығымнан демейді кеп жүз қарға. «Ұшамын» деп, уәде бергем былтыр мен, Қанаты бар бақытты анау құстарға. Жапыраққа сыбырлаған жел еді, Сарғайды ғой, біледі ғой өледі... Жапырақ боп құлап кеткім келеді, Қарлығаш боп ұшып кеткім келеді... Жүрегімде бақ пен қайғы астасып, Жаныма гүл, мінезіме тас ғашық. Жұбатады жапырақтар сипалап, Жылатады жапырақтар қоштасып...

Көктем күтіп, күзім мені шақырад, Ғұмырым бар: аспан және топырақ. Сенесің бе? Оу, көктемім, құстарым! Жаным күзде, қауырсыным — жапырақ... Жапырақпын Тал өмірге жармасқан сырға, жаным, Қобызына шанақ болдым жыр даланың. Алматым-ау, терезеңнен мұң ағады, Тамшысымын жылап тұрған бұл қаланың. Жауыныңнан ықтай түсіп қол шатырға, Айтшы, сол бір ұраңқайда олжа тұр ма? Мұң жапырақ жүрегіме оранып-ап, Тоңған көше... Адасқан із... Жол жатыр ма...? Жүздеріне сұрғылт күздің табы сіңген, Күз мінезді жүректермен табысып ем. Ақ жаңбырға үзілдім ғой жапырақ боп, Жүзіп барам мен өмірдің ағысымен. ***

Менің аппақ аққуым ұшқан кезде Жыр кеудемде жұмыр ет езілген күн. Біздің аспан сағынып жылағанда Қанатымның сынғанын сезінгенмін. Ақ қауырсын кірленіп бұл көшеде, Күнәлардың исінен безінгенмін. Шөлдің шерлі құмына зарым сіңді. Боздағандай ботасы Бозінгеннің. Қарақошқыл қызғылт рең шапақ нұрын, Жұтып жатыр қара жер шер қойнына. Ғашығымен туған ел махаббатын, Ауыр болмас көтерсе ер мойнына. Жолай алман ол көше ұмыт болған, Кірсең шықпас құшағы көр ғой мына, Ымыртына сезімнің ұшқым келед, Айтшы құсым ол жақта сел қойды ма? ***

Сұрқай суық күз, қоғам жүрегі, Қапырық ой жалмаған қырт міні. Сәулесіне айналсам мен күннің, Мені іздеп жоқтайды күрт түні. Шымшылайды жапырақ жүректі, Соғылған әр аяздың шытқылы, Ғашығыма сәлем айт ей, тұман, Қара түннің жылайды тұтқыны. Азалы аспан Қай баққа ұштың? Қай көкке? Аспаным бұлтты... жерім сыз... Жыласаң еді жассыз-ақ, Ғашық болсамшы сезімсіз. Мұңаяйықшы мұңсыз-ақ, Сүйісейікші ерінсіз... Ағарған Айдың шашынан, Өреміз мұңды кейде біз. Үзіліп жұлдыз түймесі, Аспаным қара жейдесіз. Қарайыншы көзсіз-ақ, Құшақтайыншы кеудесіз...

Ұялып мені іздейсің, Шығыстан қарап шапақ қыз. Бір бұрышында жаныңның, Сезімдер тоңған қабат мұз... Билейік көкте әнсіз-ақ, Ұшайық бірге қанатсыз... Терезесінен аспанның, Тамшылап тағы тамамыз. Қоп-қоңыр шашын жел өпкен, Ұқсайды саған дала, күз. Ғашықпыз біздер тәнсіз-ақ, Сағынып жүрміз санасыз... Жапырағына жанымның, Тиіспе мүлдем, үзбе де. Тастардың сараң сезімі, Керек-ау осы бізге де. Сағыну үшін көктемді, Оралу керек күзге де... Сезім мен мұңның тұтқыны — Ғашықтар мәңгі жазалы. Жырлайды жанын күз ақын, Жапырақ хатта ғазалы. Айналған бұлтқа кеудесі, Аспан да біздей азалы. Өзіңдей өмір...

Жапырақ болсамшы жап-жасыл, Дегенмен, қараша келеді. Аспаннан бір тамшы күтемін, Қаңсырап көңілдің шелегі. Жүректі қайтеміз жылатып, Онсыз да семеді... Мұңсыз да өледі... Күн болсам қызарған шығыста, Батысқа түзеген бағытын. Шерлесер күз жайлы жан бар ма? Менімен мұңдасар тағы кім? Адамзат шаршатқан уақытты, Көп екен шашында ағы тым... Бүгінде шаршайды, себебі Тағы түн... Жан қалқам, күн қақтап, күз сүйген, Қоп-қоңыр шашыңды сүйсемші! Түннен де жалықтық... Күннің де нұрына сіңейік, Жүрсеңші! Онсызда мұңайып жүрміз ғой... Бақытты көрейін, Күлсеңші! Күлкіңдей жалғандау өмірді білсемші...

Қарауылдап мәңгі мұңыңды, Көзіңде қалғанмын... Кеудемде... Жанардан жас ақпас, Менікі әшейін жалған мұң. Көзіңді нұрымен шайған күн, Кірпігіңді мұңға малған түн. Көзіңдей мөп-мөлдір өмірге алдандым... Бақытқа несіне кешіктің? Несіне асықтың? Алматы... О шеті, бұ шеті, Арамыз қашық тым. Жүзіңді түнімен сағынған, Сүйеді сезімін шашып Күн. Жүзіңдей әдемі өмірге ғашықпын... Гүл емес, мен саған сап-сары Жапырақ сыйлаймын, алсаңшы! Жүректің терезесі ескі... Жарық бар... Үйіңде қалсаңшы... Жеккөрем дейсің-ау, Көзің де басқаша сөйлейді Ал, тамшы! Сөзіңдей өтірік өмір де алдамшы...

Асппаннан сығалап Күн көзі, Ашылып қара түн етегі. Пойыздар, ұшақтар темір ғой, Сен жаққа құстар тек жетеді. Сен сүйген құстардың барлығы, Мен сүйген аспаннан өтеді... Сен менен кеткендей, Өмір де кетеді... Бір күні... *** Сен сарғайдың мың мұңға, мен қайтем? Жапырақ-ай, өлермісің, не етерсің? Аспан ана көз жасына жуынып, Сен де бір күн үзілерсің, кетерсің. Жапырақ-ай, сағынған сол жоқтаған, Ауру дала бір күрсініп жөтелсін. Жапырақ-ай, қай күз екен белгісіз, Мен сарғайсам, мені өлтіріп өтерсің.

Қалқам, соны неғыласың деймін ау, Дәл өзіндей құмартқанда гүлге қыз. Сізге оданша жапырақты сыйлайын, Бұл мезгілдей жүрегімде күнде күз. Сіз сарғайып меніменен кетерсіз, Жапырақтай ғұмырымда сүрсеңіз. Жапырақ-ай, үзілсек те бір болып, Көктем келсе, бүр жарайық бірге біз. Ұйқысыз түн Ақ пен пәкке ұмтылады жан, арым да, Ойланбадым мұңнан көрпе жабарымда. Қайтем енді, жоғалттым ғой мен өзімді, Күзгі бақта, қоңыр қыздың жанарында. Сәлем, аспан! Арызым бар көктегі Айға! Жылу күтем бір жолаушы өткен бойда. Мен келемін сұрқай күзде тұнжыраңқы, Сен айтқансың келеді деп... Көктем қайда?

Сүюші едің бұл ғаламда күнді, мені, Есетұғын сағыныштың түнгі лебі. Бізді тағдыр қосқан, бөлген аялдама, Мен жалғызбын... Күтіп тұрмын кімді, нені?.. Нұр жинайды ақ төсіне мұңнан Ай тек, Сұрай көрме бүгін менен күн қандай деп. Мен... Ескі үй... Қараңғылық суық құшқан, Жұдырық қан... Көзімде жас... Сынған әйнек... Бет жүзімді жуып жатыр сұйық қайғым, Сұлық кеуде тоңа берді. Суық па-ай түн? Жүрегімді тырнамашы, түн қайғысы! Қойшы бәрін... Шаршадым мен, ұйықтаймын. Ұйықтай алсам... *** Күн нұрына шомылармын азанғы... Мына іңір алды менің мазамды. Көше көзі... Көлік көзі... Қыз көзі... Жалыққанмын жарықтардан жасанды.

Қараша үй, далам менің аңсаған, Сенің ғазиз пейіліңе тамсанам. Сағындым мен жүректерді сағынған, Сағындым мен жұлдыздарды самсаған. Қайда қазір көкшіл бозғыл айлы түн? Сағындым мен аққулардың айдынын. Сені көрдім, о, тәкаппар жарықтар! Көшесінен сол баяғы қайғының. *** Сынды талай сын алдында сағымыз, Аппақ Айдың сәулесіндей арыңыз. Жапыраққа жан бітіріп қойдың ба? Сағындырған сары күзде сары қыз. Мұңсыздардың жүр ішінде жігітің, Ауыр, ауыр жүрегімнің жүгі тым. Жарық беріп сен келетін көшеге, Шамдарында жанып тұр ғой үмітім. ***

Ай төсіне, түн қойнына сақтап қойғам, Жанарымнан таба алмассыз мұңымды сіз? Адасқандар көшесінен мені көріп, Шақырмадың... Бірақ, бір сәт бұрылдыңыз. Қарашада шаштарыңмен жүрегімді, Сыпырып-ап әкеттің ғой бұрымды қыз. Көктем келді бүршік жарам... Сарғайтқанмен, кеудемдегі жапырақты бұрыңғы күз. Мұң патшасы Қарап тұрған жалғыз жанар тесіле, Ай көзінен сіңдіріп мұң төсіме. Тәнсіз жүрек ақтара сап қайғысын, Төне қалды бұлт көйлегін шешіне. Қызғанды ма? Нұрын тыйып сөнді Күн, Айдың ұлы мен емес пе, енді кім? Бөтен бәрі, жүрегімді ұқпайды, Жерден Айға көшіп кетем мен бүгін.

Қонақ келді, жүрегіңе кірсін бе? Аппақ шашын жайды білем, күрсінбе. Айға кеттім шаштарына жармасып, Жаным, мені жерден таппай жүрсің бе? Мұң бар дедің, құшағымды жайдым мен, Білесің бе? Сол бір мұңым, қайғым сен. Жалғыз жүрсем алған мені асырап, Ұлы болдым мұң патшасы Айдың мен. *** Кеткім келеді алыстарға... Қайда барам? Мылқау әуен сыр шертеді айдаладан. Сезім — малай, тән билікте жерідім мен, Кеш, жер ана қоныстанған Айға балаң. Тас түнекке күрең сыйлап ақ басты мұң, Маған емес, жаны жазға жақтасты күн. Мен секілді мұң тұтатқан жұлдыздарды, Санай алмай сандырақтап алжасты түн.

Жетім сезім хат ала алмай сырласынан, Жұлдыз ақты қараңғы аспан сырғасынан. Ай басынан аппақ сәуле төгілгенде, Сені ойлап өлең өргем әр шашынан. Түн тағына жайғасты кеп мұң патшасы, Сол бір күзгі сол бір қыздың жұмбақ жасы. Сағынышы сыймай жүрген жер мен көкке, Мен және Ай. Шам. Орындық. Түн бақшасы. Кірпігіне шуақ сіңген жұлдыздай мұң, Жанарыңда мекендеген сансыз қайғым. Жүрегімде өмір сүрер аппақ сезім, Сәулесінен жаралғандай жалғыз Айдың. *** Аққу өлді көлінде жүрегімнің, Суығына аймақтың шыдай алмай. Сен отырсың сезімнің түре күнін, Терезеңнің алдында жылай алмай.

Ұмыт мені, мәңгілік қош, сұлуым, Бақытты бол дейміз-ау, бақытсызбыз. Бөрі жүрек бүрісіп кеш ұлуын Естимісің, Ай қызы, бақытсыз қыз?! Кездесейік дедік те кездеспедік, Жара жаным әлі де жазылмады. Мені мәңгі өлтірдің жүрегіңде, Тіпті табыт кеудеңнен табылмады. Арманыма сенсіз-ақ жетемін де, Сол көшеден тағы да өтемін де, Жылап тұрып жаныңмен қарағаның Білмеппін ғой соңғы рет екенінде. *** Хор қызы жерге түскен пейіштегі, Ақ сәулеңнен Айға айналды көр іштегі. Қанатыңды Ібіліс кеп сындырды ма? Нұр жүзіңнен көруші едім періштені.

Ханшайымым, жүрегімнің тағындасың, Сарқырама — сағынышым, ағын — жасым! Аппақ гүлім көз жасымнан суарылған, Енді міне, басқа үйдің бағындасың. Қарай-қарай жанарыңды жарық қылдым, Жүре-жүре көшелерді жалықтырдым. Аққуымды жоғалтқан сол тар көшеден, Аққуымның көлеңкесін жолықтырдым. Ай қызы

Сол түні жұлдызды жасырып, Қара түн, Ай қызды жылаттың. Кірпігі жуынып сезімге, Жанардан мөлт етті құлап мұң. Күн сенен жарығын қызғанды, Жаныңды түсінді бірақ, түн... Ай жылап... Жұлдыздар мұңайды, Қасыңда отырды бірақ, кім?.. Көп нүкте... Көп жұлдыз... Түсінем, Жауабын таппадың сұрақтың. Жаныңда болмадым, білемін, Түнгі леп самалмен жұбаттым. Жыладың, бірақ та сезбедің, Сол түні сен мені жылаттың...

Жерді біз ұмыттық Айдамыз, Жаныңда болу ғой — көшкенім. Бұлттарды бөлме ғып алыпсың, Есігін таппадым, «Аш» дедім!.. Ай қызы, кел бермен, жылытам, Кеудемде нұрым бар, өшпедім. Атары–атпасы белгісіз, Қайғысын шашады кешке Күн. Көрерім, көрмесім белгісіз, Жарығым, оралшы, кеш, дедім! Бұлттарды қайық қып, Ай жаққа жүздің де, «қош»-дедің!.. (Мен қалдым жерде...) Амал жоқ сүйемін Тек менде боран бар, бұлтым бар, Жап-жарық бұл әлем нұрланған. Уа, барымташы қыз қайтаршы, Мендегі бақытты ұрланған. Сен кеттің, көктемді әкеттің Біздегі жап-жасыл бұл маңнан. Табанға тапталды бұл бақта, Сарғайған жапырақ мұңданған...

Бірақ та сүремін өмірді, Еске сап біздегі сәттерді. Сені де жіберем арманға, Қолымнан ұшырып кептерді. Тауға ма?.. Бұлтқа ма?.. Айға ма?.. Самғарсың мекен ғып көктерді. Сезімнің шегін мен іздеймін, Өрнектеп шегі бар дәптерді. Несіне мұңаям, толғанам, Сен жүрсің жанымда, бағымда?! Тәкаппар сезімдер — сыңарың, Мейірім тұншығып ағынға. Сен мені мәңгілік ұмыт тез, Соңғы рет жылап-ап сағын да. Тек менің сезімім сөнбесін, Уа, сезім! Уа, жүрек! Жалында!

Шырқалған көмейде ән едің, Кеудемде күмбірлі күй едің. Мен саған тым жақын боп кеттім, Сәулеңе ып-ыстық күйемін. Өзің кеп жандырған, өшірген, Жүректе қарайған күйе мұң. Туылдық, амал жоқ өлеміз, Амал жоқ мен сені сүйемін... Сен кеткелі... Бұл әлем қап-қара тас түнек, Қара бақ, қара жер, қара құм. Әлем — от, жүрегім мұп-мұздай, Сұп-суық оттарға жанатын. Сендегі әлемге барар ем, Жаралы жаным да, қанатым. Отырмын жалғыздық жамылып, Жетімдік сездірген қара түн. Бұл әлем қара мұң...

Бұл әлем қараша күз ғана, Жапырақ жүрегім сарғайды. Күтеді жап-жасыл бақтарды, Көктемге ұмтылған тал қайғы. Даланың әжімі көбейіп, Ағаштар жөтеліп қартайды. Бұлттардан күн нұры көрініп, Тығылып тағы да алдайды. Бәрі де сарғайды... Сендегі көктемгі аймақтан, Кей кезде ән салып құс өтер. Сенемін, жапырақ жайқалып, Көктем кеп, бұл маңнан күз өтер. Бұл бақты аралап сарғайған, Мүлдем бір бейтаныс қыз өтер. Бұл маңнан көктемге кетсем де, Жүрегім бұл күзді күзетер. Мәңгілік күзетер...

*** Түкірдім, бейшара қайғыға, Ит болып жүрміз ғой байланып. Сезімді ұмытып жүрегім, Ей, нәпсі! Отырсың жайланып. Жаңбырлы боранға, дауылға, Кетті ғой жүрегім айналып. Бұлттардың ішінде адасып, Барады қайыршы ай лағып. Ай сынды қарашы ай мұңды, Тұр жалғыз өмірден безініп. Көлеңкем — мұңлықтың күпісі, Жамылып жүрмеңдер кезігіп. Қол бұлғап суық қыз «қош» деді, Жанымның суығын сезініп. Қайтейін, мұхит мұң кеудемде, Жыладым... Жыладым мен тағы езіліп. Апама ұқсайсың Ойыңнан сенің қайғырам, Жырыңды оқып түңілем. Аппақ жаныңды парақтап, Кітап жүзіңе үңілем. Қақтығысады сезімдер, Жанарлардың жолынан. Апамның әжім саусағын, Мұңыңның көрем қолынан.

Кірпігің әнтек қозғалар, Құлатып алмай моншағын. Түнге ұқсаған көзіңнен, Әкеткен Айды сонша кім? Қоңыр сағыныш төселген, Күзге де жаяу жетіпсің. Апамның жасыл көйлегін Көктемге шешіп кетіпсің. Жауады көздің жаңбыры, Жанымның күзін шайып-ап. Жүрегің, сезем, жылап жүр, Ағарған шашын жайып-ап. Мұңаймасын деп терезең, Ай күзетшісі жүр тұғын. Апамның ине, жібімен, Жүректің тікші жыртығын. Құстардың мұңын естимін, Үніңнен діріл, сөзіңнен. Апамның мұңлы жанарын, Көремін қара көзіңнен. Бұл ғұмырыма жетердей, Көзіңнен сәуле тарады. Жүзіне ұқсап апамның, Қартайып жаның барады.

Қоңыр аруды босатшы, Дертіңнен бір сәт, түн, айық! Апамдай сен де қарайсың, Ақшамға неге мұңайып. Соры көбірек расында, Сезімнің шаттық бағынан. Бетінен иіскеп апамның, Балалығымды сағынам. Мұң сүйді сенің көзіңді, Қара шидемін түн киді. Орамалынан апамның, Күз иісі мүңкиді. Күн кесесі төгіліп, Бұлақтай нұрын таң құйды. Орамалынан апамның, Қоп-қоңыр шашың аңқиды. Қоңыр күзімді сағындым... *** Шешті бір аспан қара жейдесін таң ата, Қып-қызыл нұрға қап-қара тәнін талата. Ұйқысыз тағы қарсы алдым нұрды, таң атты, Тіліне Күннің маңдайын аспан жалата.

Қарадым Айға, қарадым саған, егіздер, Жанарың көрсе жанарымды жас теңіз дер. Күміс мұңдары шашырап Айдың шашынан, Алтын шашыңнан сипалап түннен ем іздер. Қараймын күзге, қараймын саған, ұқсайсың, Құстарға еріп көктемге неге ұшпайсың? Төгілген Айдың аппақ жібегін, матасын, Мұңым деп жамыл, сағынышым деп құшқайсың. Моншағы көздің келеді түнге сіңгісі, Қай жерде жүрсің, қоңыр қыз, күздің сіңлісі. Жаныңнан үзген жапырақ хатың қолымда, Сарғайып жазған әрбір қаріптің мұңлы іші. Қоғамнан неге, адамнан неге ығыстық? Түсінбей нені, тағы да нені ұғыстық? Нұрыңдай сенің сәулесі Айдың сұп-суық, Нұрыңдай сенің сәулесі Күннің ып-ыстық.

Батыста мұңға бұлыттың жаны өртеніп, Тарқатып шерді, жүректің қылын шертелік. Жұлдызы түннің, көктемнің құсы, жүріңдер! Қоңыр қызымды, қоңыр күзімді ертелік.

ҮШІНШІ ТАРАУ

Мені іздейді мекендер Жырланған ғалам Өшпейтінді қалайша өшіремін, Ілеседі бұлттардың көшіне мұң. Жаратқанның жаратқан туындысын, Көшіремін өлең ғып, көшіремін. Жер жаһанды таң нұры жадыратты, Көшіремін тарих бар топырақты. Күзге айтып өкпесін сыбырлаған, Көшіремін жылаған жапырақты. Жүре аламын ауыртпай жанды несін, Шам келеді, бола алмас мәңгі бесін. Жүрегімнің ғаламға сырын ашқан, Көшіремін жұлдыздар әңгімесін. Өлеңменен сурет қып салсам бәрін, Бұл жанардың қарашы тамсанғанын. Көктем іздеп самғайтын жылы жаққа, Көшіремін құстардың аңсауларын.

Мекен етпей жердегі жаһан шарын, Мен білемін аспанда шаһар барын. Жай оттары жарқ еткен жанарында Көшіремін бұлттардың қаһар, зарын. Сең соққандай өтеді бұлай да күн, Сезінеді жалғызды жылай жаным. Терезесін сипалап қара түннің, Көшіремін ақ Айдың мұңайғанын. Табиғаттың тәні жоқ, жаны мүсін, Күресемін мен де әр таңым үшін. Әлдеқайда қараған аппақ жаны, Көшіремін қайыңның сағынышын. Екі жаққа жолдарды пойыз қия, Көшеде де, жүректе аяз, ия! Жерге төккен аспанның шумақтарын, Көшіремін жаңбырдан поэзия. Нұр жайлы сыр төгіп күн шапағынан, Құс айтады көктердің хабарынан. Том-том кітап жазып-ап сезімінен, Көшірер ем сол қыздың жанарынан.

Ана үні жалықпас сазым менің, Бақытың ғой, апажан, тәжім менің. Эх, уақыттың қатесіз жазуынан, Көшіремін маңдайдың әжімдерін. Мен бір жаққа асығып кешігемін, Ақынмын ба, білмеймін, кешір, елім?! Кітап болған ғаламнан дәптеріме... Өлең болған өмірді көшіремін. *** Тығылып тамшылар бұл төске, Жиылып төгілер пәк моншақ. Жас терек, бәйтерек, жүз отын, Болашақ, бала шақ, шақтан шақ. Қаншама тауларды басынған Бұлттар жүр тәкаппар мақтаншақ. Бірі бұлт, бірі тау, бірі жел, Бірі жер, бірі Ай, бірі Күн. Жер мен көк суығын, жылуын, Жамылған жалғыздың бірімін. Тәнсіз ой, тәнсіз мұң өлмеген, Тәні бар мен әлі тірімін... Екі шың

Мұңды сүйер, мұң көтерер ер деген... Жан-жүйкеңді жыр әлемі кернеген. Ғашығың бар, жан досың бар, мұңың бар, Бай адамды сен секілді көрмегем. Бұлтын жиып алса да түн төсіне, Тарам-тарам бұлт кетеді кесіле. Серік болған саған мәңгі сол бір Ай, Менмін досым төніп тұрған тесіле. Адалдықты көрдім достың түрінен, Аулақ болдық надандықтың кірінен. Көріп тұрсың кербез биік тау, шыңды, Білесің бе? Бірі сенсің, бірі мен. Қол созамыз, жығылғанда көтеріп... Төбемізге келер және өтер үк. Бірімізге қорғанбыз ғой біріміз, Тағдыр желі соқса дағы жөтеліп. Туған жермен тілдесу

Қаға, қаға қанатымен шарықтайды, Кеңдігінен кеңістіктің жалықпайды. Қарғаның да, қыранның да аспаны бір, Бірі төмен, бірі биік қалықтайды. Бөтенсіген қарғалардың қарқылынан, Аттап өттім әр кездескен ар қылынан. Жалғыз емес екенімді сезінемін, Аспандағы жұлдыздардың жарқылынан. Балалағым қалған үйдің бүтіні ме? Далам барда мекен етер жұт ініне. Шу қаланың газдарына тұншығып-ап, Демаламын ауылымның түтініне. Сәуле болып сан жүректі аралағын, Әлі-ақ мен нұрың болып тараламын. О, туған жер, топырағыңнан жаралғанмын, Топырақ боп топырағыңа ораламын.

Балалығым бал теңіз ғой қусам кешпек, Әкем қайда, таң жұпарын туған иіскеп?! Ешбір адам бөтен емес далам саған, Әкем жатыр құшағыңда жусан иіскеп. Шашырата бастап еді нұр шұғыла, Күннен қашты бұл өлкеге түн тығыла. Бұл өмірге жүгіремін қойыныңда, Әр тасыңа мың сүрініп, мың жығыла! Сен аман бол, мекеніңде, елім, елім! Мезі мұңға езілемін, егілемін. О, туған жер, мен де әкемдей әз төсіңде, Бұл торқалы топырағыңа көмілемін... Өзіңді жоғалтпа Таңдай алмай келем әлі бір жолды, Тамыр-тармақ таңдар жолдар сыр болды. Бала шақта сыртқы бетім кір болса, Өскен шақта ішкі бетім кір болды.

Жарық іздеп жүрсең шығар Күн алдан, Тау үстінен жарқырауға құмар таң. Бала шақтың түйіскені бұл шақпен, Әлі күнге биіктікке құмартам. Ерте жүрем бала шақты қасыма, Жастанамын қиял ойды басыма. Бала кезде жер тасына құласам, Құлап жүрмін қазір тағдыр тасына. Адалдықты іздеп шықтым бөктерге, Таппай, іздеп ерік бердім көп терге. Жасыл қырда бар надандық, адалдық, Тікендер бар араласқан шөптерге. Шуақ шашар өміріңе құрақ таң, Төбемізден табылмастай сыр асқан. Мың әлемді мекендеген, мың жерді, Мың жұлдыздың жанатыны бір аспан.

Қара шашты қара мұңмен ағартпа, Алда үміт, алда арман, жоқ артта. Өмір сені жоғалтады бір күні, Сен өзіңді, тек өзіңді жоғалтпа. *** Өлең болам өмірдің өрнегіне, Сезім мұңым соңымнан ермеді ме? Айналамды қоршаған сұрақ белгі, Айналдым ба тағдырдың ермегіне? Қара басып жүректі жара басып, Көңіл мұңы лай судай араласып. Ақ қайыңға қонғандай қарға келіп, Өкінішім кетпейді жағаласып. Өзімді де өзгені танымадым, Кіріп алған қараңғы жаныма түн. Тық-тық еткен белгілі уақыт келсе, Бомба бардай кеудемде жарылатын. Мен өзімді іздеймін анда-санда, Қанатына қиялдың жармасам да. Жүрегінде оты бар қызыл шоқпын, Өшкенім жоқ лапылдап жанбасамда.

Мен өмір сүремін...

Мен өмір сүремін... Нұр жанарында бақыттың, Ақ кірпігінде уақыттың. Мен өмір сүремін... Қауырсынында құстардың, Суық ернінде мұздардың. Мен өмір сүремін... Орамалында апамның, Тақиясында атамның. Мен өмір сүремін... Нүктесіз мүлдем сұрақсыз, Ақша бұлттарда түрақсыз. Мен өмір сүремін... Іздерім сіңген көшем мың, Әжімінде шешемнің. Мен өмір сүремін... Домбырасында әкемнің, Күмбірлеп, жоқтап әкел мұң. Мен өмір сүремін... Таранған Күннің шашында, Жұп-жұмыр Айдың басында. Мен өмір сүремін... Қайғысында әлдидің, Қуанышында сәбидің. Мен өмір сүремін... Көк сиясында қаламның, Топырағында даламның. Мен өмір сүремін... Құшағын кезек ашқан күн, Қос парағында аспанның. Мен өмір сүремін... Нұрында түнгі шырақтың, Ойында сансыз кітаптың. Мен өмір сүремін...

Жалғыздық жүрген жондарда, Бақытсыз жүрген жолдарда. Мен өмір сүремін... Терезесінде жетімнің, Сарғышы күзде бетімнің. Мен өмір сүремін... Жұлдыз шамында түндердің, Күміс шығында гүлдердің. Мен өмір сүремін... Мезгілсіз өткен шақтарда, Сарғайып қалған хаттарда. Мен өмір сүремін... Ақ ұлпа қарда құлаған, Қол шатырларда жылаған. Мен өмір сүремін... Саусағы әжім талдарда, Аяғы талған жолдарда. Мен өмір сүремін... Қоңыр күпіде күз киген, Көктемгі гүлде қыз сүйген. Мен өмір сүремін... Қарағай, қайың, орманда, Кешеде, бүгін, арманда. Мен өмір сүремін... Жақсылық барда, ар барда, Бұлытсыз атқан таңдарда. Мен өмір сүремін... Жүрегінде өмірдің.

Мен іздеген біреу бар Мен іздеген біреу бар... Ол жүреді асфальтында қазақтың, Топлиымен қытайдың. Оған білем, сұрғылт күзде жолыққан, Аққұба қыз ұнайтын. Дәл өзіндей жапырақтан жанының, Жауаптарын сұрайтын. Ол мұңайса, тамшысында зиян жоқ, Үнсіз ғана жылайтын... Мен іздеген біреу бар... Оның жаны күзгі суық түк емес, Ызғарға да төзімді. Мәңгі кетті махаббаттың бағынан, Көшесінен безінді. Жас жүрегі, үзілердей үп етсе, Жапырақтай сезімді. Көктен, жерден іздеп келем, Бір мұңлықты – өзімді. Күз бен өмір

Бір соғылмай тұра алған бұл бас қашан? Жарқ етсін от, жүрегіңе тас қаша! Ертеректе мен сезінген, мен көрген, Мынау өмір басқаша еді, басқаша! Түссе ымырт Ай сәулесін сауады, Бұлт шаһарға аңсарым да ауады. Күз оралды бұлыттағы қайыңға, Көк аспаннан жапырақтар жауады. Төсімдегі қара аспан ашылды, Аспан ана тойдырды кеп аш ұлды. Бұлт мойнынан алқалары үзіліп, Көк аспаннан күміс моншақ шашылды. Құлақ түрші күз зарына, тек үнге, Саумал самал әтірінен себін де. Жамылады күзгі шаһар тұманды, Тар көшелер киінеді кебінге.

Тоқтатпашы, мұңның күйін шертем мен, Жоқтаймын кеп сезімдерді ерте өлген. Адамдардың жүректері сұп-суық, Ақ қайыңның жапырағы өртенген. Кім түсінсін жүзі сынық бұл айды, Қара аспанның терезесі жылайды. Мен секілді күз тағдырға шыдамай, Жапырақтар жығылады, құлайды. Құлпын бұзып шыққан екен сөз неше? Бүгініме қарап тұрды көз кеше. Қазір ғана мен сезінген, мен көрген, Мынау өмір енді мүлдем өзгеше! *** Жалғанда бұл қанша жанды жараладым? Неше мұңды қайғы болып араладым? Шығамын да Әуезов театрынан, Өмір деген театрға ораламын.

Тағдыр деген сахнамыз көнерген жоқ, Кейіпкерімді бүгінгі көрерме ең кеп. Өмірімді сүріп жүрмін актер болып, Өміріме қараймын көрермен боп. Қара шал... Ермек атама Жел тербеген жусан, шалғын биіне, Қарап тұрып сағынышым үйіле, Асығамын өткеніме кешегі, Балалығым қалған сонау үйіме. Қара шалдың мен едім ғой баласы, Мынау біздің Нұрбек-ау деп шамасы. Ескі үйдің есігінен көрінед, Тақиялы қарияның қарасы. Біздің шалдың шаштарында ағы бар, Іздесеңіз селдір бақтан табылар. Қара шалдың құс жүрегі, жаны ақ, Келбетінде бейнетінің табы бар.

Атам кейде ақын болад, хәкім де, Құлақ түрем зор дауысқа, пәк үнге. Тракторшы болған бұрын біздің шал, Бір көрген жан ұқсататын әкімге. Мынау дала біздің шалдай тым жазық, Жүрегіне қадап алад мұң қазық. Қаншалықты ашуланса қара шал, Жаны оның соншалықты тым нәзік. Көкте жанған шомылады отқа түн, Намыс ерге, бәйге шындап атқа сын. Шалың қазір конторда жүр қарауыл, Қарауылдап жүр ғой тағы отбасын. Өсиетіңнен өскен мынау сыршыл бақ, Қарға қонып, бұлбұл сайрап жүр шулап. Маңдайыңа өрнектелген әжіммен, Мынау өмір өлең жазған бір шумақ.

Құйқалы адыр, қалың таулар, мол жайлау, Қабат-қабат таудай үйлер шалғайлау. Бұлыңғыр жауын, қара суық қаладан, Бәйтерек шал, жапырағың сарғайды-ау. Көктем іздеп таң сәулесін құшады, Қиял құсы өткен шаққа ұшады. Талай жылдар ызғарында тағдырдың, Тон болды ғой сезім толы құшағы. Менің теңіз мұңдарымды, түн, ұртта! Сағынышты сергелдеңде шұбыртпа. Қара шалың киіп ескі шидемін, Ақ тоғаймен сырласады ымыртта. Сырын айтты жапыраққа, шөпке де, Арман гүлін жүретұғын көкке еге. Арқалайтын мені ылғи ат болып, Арқалап бір апарсамшы Меккеге.

О, сағаттар! Қара шалым қартайды. Сары балаң сағыныштан сарғайды. Тереземді ұрғылайды әр тамшы, Жүрегімді соққылайды әр қайғы. Бұл қария жан емес қой шалқайған, Жан әлемі емес жүдә қартайған. Білім том-том парағында ойының, Кітабым ғой мұқабасы сарғайған. Жүрегіне сыйған жылу, сыйған Күн, Жанарына жиған шаттық, жиған мұң. Күпісінде иісі бар жусанның, Жүрегінде жұпары бар иманның. Қара таудың бұлт басыпты басын да, Қара шалдың ақ басыпты шашын да. «Он төртімнен еңбек еттім» дейді шал, «Сен оқышы, оқымадым жасымда».

Есімде ғой шер жаңбырдың төккені, Мұң көйлектің кеппегені-кепкені. Мойынына отырғызып алатын, «Тек биіктен көрінсінші» деп мені. Қатып қалған жүректерді түн тілсін! Жылуы жоқ жанарларға Күн күлсін. Кешкі салқын отырады шәй ішіп, Шәй іше ме, мұң іше ме, кім білсін? Құс жолынан ғарыш үні шыңылдап, Ән айтатын шегірткелер шырылдап. Оятқышым болатұғын таңертең, Қара шалдың тракторы дырылдап. Тікен, тасты алып тастап жолынан, Айналасың осы үйдің шалынан. Өз сағатын санап жатқан секілді, Сағатын да тастамайды қолынан. Шындық үшін өмір сүрді от ары, Жұмбақ әлі бұл жанардың батары. Трактордың жөндей беред моторын, Кеудесінің тоқтамасын моторы.

Қарызбын ғой қара шалға, ақ шалға, Мұңы жанад көкжиекте, от, шамда. Бір кездері сәби болған таңертең, Енді, міне бара жатыр ақшамға... Сары кемпір Әртіскүл апама Қорқып қалам ызғар шашқан кей демнен... Дала исі аңқып жатыр жейдемнен. Кеткім келед туған жерге, апама, Суық шаҺар итергенде кеудемнен. Сары кемпір, сары апа, сары нұр, Үні — әуен, көзі — өлең, жаны — жыр. Жете алмай қалатындай қорқамын, Көтерілсе қара жолдың шаңы бір. Сағынышпен баурап алды кеш бірден, Құлыныңмын ақыл кірген, ес кірген. Шығыс жаққа ұшқан құспен сырласып, Отырады ақ жаулықпен ескірген...

Жапырақпен төгіледі жыр қандай? Жүрегімді сағыныш кеп ұрғандай. Қара ағаштар қолын созып аспанға, Көктем аңсап дұға тілеп тұрғандай... Мұңайсам да, жан емеспін жасыған, Сары кемпір! Саяңа мен асығам. Аяғынан тастамаған мәсісін, Орамалын тастамаған басынан. Қайғы бұлты мың оралып, мың көшті, Құшақ ашып бұлт көйлегін Күн шешті. Сары кемпір қара галош киіп-ап, Не кешпеді... бейнет кешті, мұң кешті... Сары кемпір — жапырағым, күзім бе? Біз келеміз өмірінің ізінде. Ғұмырының көшелері сызылған, Ұзын-қысқа әжім басқан жүзінде...

Кемпіріме сыр айтамын, ашылам, Жылу шашад өте берсең қасынан. Тағдырының суығы есіп тұрады, Аппақ қардай самайдағы шашынан... Бұлтты тіліп Айдың өткір пышағы, Қара аспанға сағынышым ұшады. Күз аңқиды орамалын иіскесең, Көктем, бірақ, жылы, жұмсақ құшағы! Сары кемпір, құшағында бала түн, Перизаттар кірпігіме қонатын. «Тікен, тасқа қалама» деп, «жығылып», Арқасына отырғызып алатын. Меніменен бәйшешекті теретін, Меніменен жұлдыздарды көретін. Тығып, жинап қия да алмай өзіне, Мыған ылғи өрік, мейіз беретін. Өмір өтер пәни — күндіз, бақи — түн... Қол босаса, кілем, көрпе тоқитын. Қас қарайса, алақанын жайып-ап, Күбір-күбір дұғаларын оқитын.

Ертегі мен ән айтады, торықсам, (Балалықпен қайта, шіркін, жолықсам!) Жұбатады еркелетіп, жыласам, Көтереді таңдайымнан, қорықсам. Күмбез Айға берді бүгін тағын түн... Есейдім ғой, өмір заңы... бағындым. Саусағының сіңген исі, ыстығы, Қиға көмген көмбеш нанын сағындым. Ауыл білед аппақ, жарқын пейілін, Махаббат бар сөздерінде иірім, Қалтасына қолды салсам болғаны, Табылатын тәттілер мен мейірім. Уақыт сызған әжімдерің өше ме? Әй, оралмас бүгін, өткен кеше де. Кейде анам ұрысса маған, сары апам «Ұрыспа» деп кейитұғын шешеме.

Тердім талай жұлдыз, Айдың гүлдерін, Көктем еді әрбір атқан күндерім. Қара шал мен сары кемпір қойнында, Өтіпті ғой ең бақытты түндерім... Сары кемпір — біздің үйдің тойы да, Нұрға толы жанарының Айы да. Босамаған дастарханы тоқаштан, Таусылмаған самаурында шайы да. Бітпейді еш балалығым, ертегім. Қарызбын ғой, еш кетпейді еңбегің! Мені қалай мейірімге бөлесең, Сені солай бағады ғой тентегің. Адамзатпен сырласу Мынау тұрған жиырма бір замансың ба? Бауырсың, жақсысың ба, жамансың ба? Ел мен ел, жер мен жер боп бөлінетін, Адам ата ұрпақтары амансың ба?

Иман жібек киіп, рухың жайланайық, Аш қалдырып бауырыңды тойған айып. Арулардың орамалы қайда кетті? Адам ата ұрпақтары ойланайық. Мен де құлмын, сен де құлсың, сынақтамыз... Күтер бізді көктем, әлде жырақта күз. Өтіріктен көз ашпадық, дайынбыз ба? Ақыретте қойылатын сұраққа біз? Бірімізді біріміз кеп атпадық па? Баламызды жетім қылып сатпадық па? Біздер осы Адам әкенің үмітін, Хауа ананың аппақ сүтін ақтадық па? Өлеміз-ау біреуіміз Абыл болып, Өлтіреміз біреуіміз Қабыл болып. Жер жаһанда бейбітшілік орнаса-шы, Мүміндердің тілектері қабыл болып.

Топырақтан жаралды ғой тәніміз де, Ораламыз жасымыз да, кәріміз де. Жер үстінде не жетпейді адамзат? Жер астына сыямыз ғой бәріміз де. Ренжіспейік, атыспайық, қағыспайық, Қол созайық, құлап түссек оқыс тайып. Сабыр сақтап жалғанда бұл бес күндік, Адам ата ұрпақтары, соғыспайық. Бірі қисық, бірі түзу жүр есейіп, Хақ жолында рухты көтер, тұр, өсейік. Бейбітшілік, шындық үшін, ар үшін, Адам ата ұрпақтары күресейік... Неліктен біз...? Мезгілімен жемістер де пісуде, Мезгілімен жапырақтар түсуде. Автобуста аялдама күтпей-ақ, Неліктен біз асығамыз түсуге...?

Өзімізді ой тұманнан таппаймыз, Болашақты күдер үзіп жоқтаймыз. Баяу жүріп, жүгіреміз жолдарда, Неліктен біз адыр көрсек тоқтаймыз...? Бола қоймас күнсіз бұлт та, шың таусыз, Ән тербемес жүректерді шырқаусыз. Жылы сөзді қия алмаймыз өзгеге, Неліктен біз аузымыз бар мылқаумыз...? Жапырақты жамылғанмен тақыр күз, Жемісі жоқ жүректерміз, пақырмыз. Өзге жанның жақсылығын көрмейміз, Неліктен біз көзіміз бар соқырмыз...? Күтіп тұрса алдымызда терең құз, Қалай ғана жүре аламыз елеңсіз. Ұмытамыз ғибрат айтса дін жайлы, Неліктен біз құлағы бар кереңбіз...?

Өмір болмас сынақтарсыз, сабақсыз, Иман көйлек кірлеп қалған, салақпыз. Алуды біз білеміз тек, бермейміз, Неліктен біз қолымыз бар шолақпыз...? Тірі болса төсіңдегі бір етің, Тек баянды ғұмырың бар сүретін. Қол созбаймыз бір бауырың құласа, Неліктен біз мүгедекпіз жүретін...? Ғұмырымыз қалды қазір көріктен, Қалды тағы иман деген серіктен. Сүреміз біз бұл фәниді мәңгідей, Біле тұра жалғандығын, неліктен ...? Әдемі-ақ келбетіміз, сыртымыз, Жүрегіміз көрсетеді бұлқыныс. Жер жаһанға көрінсекте сап-сау боп, Зағип біздің жүрегіміз, рухымыз. Мені іздейді мекендер

Мені іздейді... Атамекен туған жер тынысы — мұң, Сыр сақтаған бағы — дала, ырысы — құм. Күтеді, әне, қарт бабам үй алдында, Бүкір белі, баяу-ақ жүрісі тым. Мені іздейді... Орман өлкем, Алатау сыңарыммен, Мақтанасың шың басы шынарыңмен. Мендік сыңар сенсің ғой, уа, биігім! Жалғызсың ғой биік боп тұрғаныңмен. Мені іздейді... Шулы қалам Алматы танып тұрған, Жүре-жүре көшелер жалықтырған. Жүрегімнің сәулесін ұрлаған ба? Шамдарында әр үйдің жанып тұрған. Мені іздейді... Мына Күн де, мына Ай, арақашық, Күнді сүйем, болғандай жаңа ғашық, Айды сүйем пайғамбар келбетіндей, Көзімде жас, нұр тамшы, далада шық.

Мені іздеген мекеннің біріндемін, Сусыз қалған жүректің гүлінде мұң. Жаратқанның хақ жолын іздеп жүріп, Осы жаңа өлі боп тірілгенім. Жалаңаш қоғам Жапырағын қимай жерге шешінді күз, Ақ көйлегін ары қашып шешінді қыз. Бұл жалаңаш қоғам менен адамзаттан, Жинаймын кеп етегім мен есімді жүз. Шын махаббат – иманда тек, сағым еттім, Жас жүрекке, қарт өмірден тағып ек мұң. Қыз бен жігіт махаббаты төсекте деп, Арбайтын бұл саясаты лағынеттің. Анау ұшқан ақ құсыңды шақыр жерге, Ар іздесе жапырақ боп жатыр жерде. Шатын, бұтын жарнама ғып жер, жаһанға, Теледидар ермек болды кәпірлерге.

Бөрі көздер, аш қасқырлар, тоя алсаңшы, Жүз дүреден соғылса ғой тояр қамшы. Сен шешінсең, ұрпағымыз не болады? Қарындасым, әпкетайым, оянсаңшы. Жүрек тоқтап, кеткендей ме сағаттан үн? Жаулап алды сансыз сайтан таратқан мұң. Орамалмен, сәукелеңмен, арыңменен, Тәуелсізсің тек алдында жаратқанның. Бара жатыр бұл қоғамның күйі кейіп, Не табамыз, айқайлайық, күйінейік. Жаурады ғой тәніміз де, Жанымыз да... Тарих куә... Уа, қазағым, киінейік! Біз студентпіз, жалынбыз! Қаланың мынау мінезін бөтен аңғардым, Ауылдың қара баласы едім аңғал тым. Үлкен шаһарда кішкене жүрек соғады, Сезбейді соны, сезбейді неге!? Таңғалдым...

Қабат үйлердің қабақ түйген мұң тұрғыны, Студент болдым, жалындап жанып бір күні. Сол кезден бері ұмытам кейде шер, мұңды, Сол күннен бері ұмытам кейде күлкіні. Өмірді біреу, біреуді өмір жеккөред, Жайқалды, өсті шомылып нұрға көк терек. Басталды әне, ұйықтап қалу, кешігу, Басталды тағы өмір көшеде кептелек. Сезімге келсек, ұяң едік қой, қайттік біз? Жібердік хаттар өлең ғып, жыр ғып айттық жүз. Сері жігіт боп шығарып сап қызды үйіне, Ақшасыз жаяу әндетіп талай қайттық біз. Тып-тыныш жүру болатын бізге абақты, Былғары күпі кидік те түйдік қабақты. Киініп мұздай, қырындап қызға кетуші-ек, Ұмытып үйді, ұмытып мүлдем сабақты.

Ғашық та болып, қиялдап, сүйіп, жырладық, Самғадық көкте, мекендеп жерде тұрмадық. Көшеде өскен ұрладық жұлып раушанды, Білмеппіз сонда, жүректі алдық ұрлатып. Бұзық та болдық, төбелеске едік құмар біз, Жекпе-жек келіп күштің де күйін сынармыз. Тағдырдың, досым, соққысын байқа тым басқа, Құлармыз білем, бірақ та түбі тұрармыз. Жаздыққа қалдық, қоржында үш пен екілік, Өткенге қарап, бүгінге қарап өкініп. Қара жұмысты аянбай істеп пұл таптық, Жүрекке қара дақ түсірмеуге бекініп. Лекция болса, ойлаймыз кешкі сауықты, Сессия! Айтпа, еске алсаң да қауіпті. Өтеді бәрі... Терезе жылап қалған ба? Шіркін-ай, бәсе! Өткінші жауын жауыпты.

Біз студентпіз, жалынбыз, отпыз, жігерміз, Өмірді сүйіп жылармыз, кейде күлерміз. Сүрініп жүріп, құлап та тұрып, әйтеуір, Өмірді мынау, сүрерміз түбі білерміз. Көшесі шумақ, айналды қала өлеңге, Тағдыр-көшеде адаспай түзу келем бе? Алып шаһарда, жанады әлсіз бала шам, «Жарық болам» деп, «жылу болам» деп әлемге! От кеудеме үңілем Мені тағы ұйықтатпады қинай мұңым, Дос боп отыр жалғыздыққа қимай түнім. Мына әлем қаншалықты кең болғанмен, От жүрегім соншалықты сыймайтының... Сезімімді бұлтқа орап күнді құштым, Соққысында құлап барам мұңлы күштің. От кеудемнің мұң құйынған сәулелері, Аспаныңда жанып тұрған түнгі ұшқын.

Жарығымды сыйдыра алмай мұң көшіне, Азғырады қара жүрек түн шешіне. Егер Күннің нұры сөнсе бұлттан қорқып, Жүрегімді жұлып берем Күн төсіне. Қайтсем екен, бөрі мұңды, қап, ұлыған! Шерім жауды қара аспанның жатырынан, Бөтен кеуде, бөтен оттан қорықпаймын, Бәлкім, ажал өз кеудемнің лапылынан. *** Сынық Аймен сырласады қайың жалғыз, Суық маңнан біз кетеміз, дайындал, қыз. Орамалмен қара түсті оранған бұлт, Сары, қоңыр теңіздермен шайылған күз. Оралады мойныма кеп жыланды қыз, Шаққан сайын мұң жүрегім уланды жүз. Жылы нұрын қызғануда тәкаппар шам, Жапырағын жасқа малған жылаңқы күз.

Сезім-жүрек бір тостаған бақ сыныпты, Бұл жалғанда мейрімділік тапшы тіпті. Жүрегіме бар қайғыны сыйдырып-ап, Адамдарға сыйласам ғой жақсылықты. Туылғанмын тас жүрекке қашап өлең, Жан айқайды кім естісін, жаһан керең! Мен тірімде жамандықпен күресемін, Мен өлерде жақсылықты жасап өлем! Түнгі ой... Жүректердің тас екенін сезініп, Қара кеште қалдым тағы езіліп. Ағынына қарсы жүзіп заманның, Кетіп барам... Ғасырдан да безініп... Күзге, білем, алыс көктем, алыс бақ, Жүріп келем бұл қоғамнан қалыс қап. Сағаттарға қарсы жүріп келемін, Кетіп барам... Уақыттан да алыстап...

Қарашы әне, заман тұр ғой тұнжырап, Адам үшін Ай мұңайып, түн жылап. Күз бен көктем ортасында адасып, Кетіп барам... Мезгілден де тым жырақ... Мекеніңнен мұң мен тамшы — қос ғашық, Жанарымның терезесін аш та шық! Әр жүректің маңдайынан иіскеп, Кетіп барам... адамзатпен қоштасып... Даланы гүл, тауды жатыр тас мақтап, О, жүрегім! Қайда кеттің асқақтап? Мұң табы бар әжімінде жанымның, Кетіп барам... Өзімнен де қашқақтап... Шашылады күміс шашы мойныма, Адамзаттай жетім түнде, Ай мына! Кетіп барам күннің сіңіп көзіне, Кетіп барам түннің сіңіп қойнына.

Белгісіз үн естілмейтін айтады ән, Бейуақта мұң табамын, ой табам. Түсіну үшін бұл өмірді, өзімді... Кетіп барам, келу үшін қайтадан. Қалай жүрем жанымдағы кірменен! Жылаймын да, жұбанамын жырменен. Келіп қалам түн сыйлаған мұңменен, Келіп қалам күн сыйлаған нұрменен. ...Таңертең. Жоғалмас байлық Жылады, жас жүрек жылады, Сөнгендей кеудемде шоқ үміт. Құлады, от жұлдыз құлады, Қап-қара аспанға шомылып. Тұрады, сенемін тұрады, Жоғалмас шыңдарға соғылып. Сыңғырлап сезімнің сыр үні, Кеудемнің алады мазасын. Гүлдерден жасалған бұрымы, Таудағы өзенсің, тазасың. Жүректі жоғалтқан ұрыны Мұңайған тоғайдан табасың.

Жүректің керегі шамалы, Байлық жоқ, сенделген мұң ғана. Мұңменен салынған қамалы, Жан-жағы құла дүз, құм, дала. Жұлдыз бар дос болған саналы, Түсінген жүрегін түн ғана. Жоқ, досым! Жүрексіз жүрмеймін, Көнбесін көңілім құмартып. Тас кеуде, шөл дала болмаймын, Өтсем де өмірден мұң артып. Жүрексіз атақтан, байлықтан Мұңайған жүрегім мың артық. Біз қоштасқан күз... Жыламашы жетім қайың, жесір күз, Жек көрмеші, болдық неге, кесір біз!? Кешір мені жапырақ қыз, қайың қыз... Кешір мені, Ай мен жұлдыз, кешір күз! Айдың шашын мұң тарағы тарап ал, Ай айнадан мұң жүзімді қарап ал... Көктем саған сыйлар еді гүл көйлек, Күз сыйлады жапырақтан орамал...

Жалғыздыққа, ақ тұманға таң көнді, Көзіңнен нұр, терезеңнен шам сөнді. Жүрегімде суретің бар ескірген... Төс – альбомым мұңға толды, шаң көмді... Таңға таяу ораламыз жерге біз, Іңір сайын шомыламыз шерге біз. Ымырт түссе мені есіңе салатын, Сәлем айтшы терезеңе пердесіз... Күз тек бізді түсінгенде, менсінген, Қабағыңа қайғы деген мең сіңген. Неге, неге мұңаяды, жылайды..? Трамвайдың терезесі сен мінген... Самғай бер, ұш, көктем саған жақса егер! Енді ұшқан қанатыңды жақсы игер. Сені менен бара жатыр әкетіп, Трамвайлар, автобустар, таксилер...

Көздің жасы толы бокал ішіле, Кіріп шықтым жүрегіңе, ішіңе... Сүңгіп кетсем жүрегіңнің түбіне... Батып кетсем жанарыңның ішіне... Тоңған сезім, кеудемдегі мұз теңіз, Қабырғамның жапырағын үзбеңіз. Күліп тұрып танысқанбыз көктемде, Жылап тұрып қоштасқанбыз күзде біз... Сүріндік біз басқан сайын жәй қадам, Сенің ғана жүрегіңнен жай табам... Қалса егер тағдырымыз түйісіп, Танысайық... Қоштасайық қайтадан...

МАЗМҰНЫ

Алғы сөз .................................................................... 3 Бірінші тарау Сағыныш жапырақтары

Өкпеліміз кеш оралған көктемге.... ........................... 6 Кірпігіңді күзетем ....................................................... 8 Сен сыйлаған түйме ................................................. 10 Ренжіме, шеше .......................................................... 12 Түсінікті еді бізге гүл тілі ........................................ 14 Тірімін бе? ................................................................. 15 Ақ көйлек киген Ай... ............................................... 16 Мен ғашықпын өмірге .............................................. 18 Жалғыз қаламын сені есіме алу үшін ..................... 19 Сағындым... .......................................................... 20 Сол баяғы... .......................................................... 22 Сенің сөздерің ........................................................... 24 Сүйер едім... .......................................................... 25 Көктемгі сағыныш .................................................... 26 Жүр, қалқам, ауылға! ............................................... 28 Қос Перизатым .......................................................... 30 Мен күткен көктем ................................................... 32 Мен Нұржанмын... .................................................... 33 Сағыныш сапары ...................................................... 36 Бөрі жүрек Айға ұлиды ............................................ 38 Беу, қалқам! ............................................................... 39 Таудағы сұлу ............................................................. 40 Бұлт жамылған Ай .................................................... 41

Қар қызы... ................................................................ 42 Оралшы ..................................................................... 43 Балалық сезім............................................................ 44 Жылағың келген шығар... ........................................ 45 Шөлің қанбас толғандай ма шай шерге ................. 48 Екінші тарау Жалғыздық жамылған күз

Жанымның мезгілі ................................................... 50 Жалғыздық жамылған күз ....................................... 52 Осы бір күз... ............................................................. 54 Сен жайлы соңғы өлең ............................................. 56 Қол бұлғаймын достарыма көктегі ......................... 58 Жапырақпын ............................................................. 59 Менің аппақ аққуым ұшқан кезде .......................... 60 Сұрқай суық күз, қоғам жүрегі ............................... 61 Азалы аспан .............................................................. 62 Өзіңдей өмір... .......................................................... 64 Сен сарғайдың мың мұңға, мен қайтем? ................ 66 Ұйқысыз түн ............................................................. 67 Күн нұрына шомылармын азанғы... ....................... 68 Сынды талай сын алдында сағымыз....................... 69 Ай төсіне, түн қойнына сақтап қойғам .................. 70 Мұң патшасы ............................................................ 71 Кеткім келеді алыстарға... ....................................... 72 Аққу өлді көлінде жүрегімнің ................................. 73 Хор қызы жерге түскен пейіштегі .......................... 74 Ай қызы ..................................................................... 75 Амал жоқ сүйемін .................................................... 76 Сен кеткелі... ............................................................. 78 Түкірдім, бейшара қайғыға ..................................... 79 Апама ұқсайсың ....................................................... 80 Шешті бір аспан қара жейдесін таң ата ................. 82

Үшінші тарау Мені іздейді мекендер

Жырланған ғалам .................................................. 84 Тығылып тамшылар бұл төске ............................. 86 Екі шың ................................................................... 87 Туған жермен тілдесу ............................................ 88 Өзіңді жоғалтпа ..................................................... 89 Өлең болам өмірдің өрнегіне................................ 90 Мен өмір сүремін... ................................................ 91 Мен іздеген біреу бар ............................................ 93 Күз бен өмір ........................................................ 94 Жалғанда бұл қанша жанды жараладым? ............ 96 Қара шал... .......................................................... 99 Сары кемпір ............................................................ 102 Адамзатпен сырласу .............................................. 104 Неліктен біз...? ........................................................ 106 Мені іздейді мекендер ........................................... 107 Жалаңаш қоғам....................................................... 108 Біз студентпіз, жалынбыз!..................................... 110 Сынық Аймен сырласады қайың жалғыз ............ 111 Түнгі ой... .............................................................. 112 Жоғалмас байлық .................................................. 114 Біз қоштасқан күз..................................................... 115

Көркем басылым Нұржан Нұрбек Нұржанұлы

МҰҢ АЙ

Өлеңдер Редакторы Роза Серікбайқызы Дизайнер Әсел Асанова Корректорлар Әсел Қойшыбаева, Жұлдыз Ақбарова Беттеуге 15.10.2015 ж. берілді. Басуға 11.11.2015 ж. қол қойылды. Пішімі 75х90 1/16. Офсеттік қағаз. Сандық басылыс. Көлемі 7,5 б.т. Таралымы 500 дана. Тапсырыс №89. 050035, Алматы қаласы, Абай даңғылы, 41. «Роза» баспалық-полиграфиялық қызмет көрсету орталығында дайындалды.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙