Шығармалары 5 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Тәкен Әлімқұлов
Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ Шығармалары Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ Шығармалары 5-том Алматы
Қымбатты Тәкен! Көптен күткен арманымыз, қол жетпестей болған тілегіміз, мінеки, алдымыздан шығып отыр. Үкімет бағдарламасы бойынша бақандай сегіз томдығың үлкен өмірге жолдама алды. Бүкіл қолжазбаларыңды, бұрындыкейінді шыққан кітаптарыңды ақтарыстырып, толыққанды дүние жасауға тырысып бақтық. Ең өкініштісі сол – жекелеген жинақтарыңның табан тоздырумен, жүйке жұқартумен ауық-ауық жарық көргені болмаса, көзің тірісінде оқырманыңа қаншама рет мазмұнын түзіп, сарыла күткен бірде-бір қомақты жинағың жарық көрмеді. Сенің шығармаларыңды биік санайтын, есіміңді қадір тұтатын азаматтар баршылық екен, қалың орман оқырмандарыңның қатары селдіремей, қайта қарасы молая түсіпті. Мына сегіз томдығың – соның дәлелі. Соған шүкіршілік деймін! Құрметті оқырман! Бүкіл саналы өмірін шығармашылыққа арнаған, қағаз бен қаламнан басқада шаруасы болмаған, дүниеге, қызметке, басшылық атаулыға жалтақтамай, тек қана шындыққа жүгініп, шығармаларына арқау еткен Тәкеннің мына сегіз томдық таңдамалы шағармаларын Өзіңе ыстық ықыласпен, өміріңе серік болсын деген үлкен тілекпен ұсынамыз. Қаламгердің жүрегін жарып шыққан асыл арман, ізгі тілектер, адамның көңіл-күйінің қалтарыс-бұлтарыстары, өкініш-сүйініштері сырмінез досыңның, сырлас замандасыңның бүкпесіз әңгімесіндей әсер етсе, Тәкеннің бүкіл өмірдегі тыңдырған ең үлкен шаруасы сол деп білемін. Есімкүл ӘЛІМҚҰЛОВА
Сөз шырайы – құрғақ қиялдың емес, тірі өмірдің бетке шыққан шырайы. Құнарлы ойдың, асыл сезімнің, биік сананың серпіні бір күнмен, бір жылмен шектелмей ұзаққа бойлағанда, ұрпақтан ұрпаққа ауысқанда, көзге ілікпес құдірет “сөз“ деген ұғымда жатпақ. Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ. УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Ә 55 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды
ӘЛІМҚҰЛОВ Т. Шығармалары. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2013. ISBN 978-601-03-0202-0 Т.5. - 380 б. ISBN 978-601-03-0207-5 Тәкен Әлімқұлов шығармалар жинағының V-томына «Сейтек сарыны» хикаяты мен «Ақбоз ат» романы еніп отыр. Күй мен тұлпар тағдыры жазушының қайта-қайта оралып соғатын тақырыптары болса да, қызықтыра, түрлендіре жазады. Әр туындыны жазушы жаңа бір мәнермен, өзгеше бір тәсілмен баяндайды. «Ақбоз ат романы» Т. Әлімқұловтың қарымы мол қаламгер екенін паш етеді. УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 ISBN 978-601-03-0202-0 © «ҚАЗақпарат», 2013 ISBN 978-601-03-0207-5 Ә55
СЕЙТЕК САРЫНЫ хикаят БІРІНШІ ТАРАУ I Тұңғыш перзентінің шілдеханасына барын үйіп-тө-ге салған Сәрсеннің дастарқаны әлі жаюлы. Бұл сәттерде рюмкалар жиналған. Жігіттер шам-паны быжылдаған қырлы стакандарды ауық-ауық шақшұқ қағыстырып, исі аңқыған қызылқоңыр бауырсақ-тан тиіп-қашып ауыз тиіп отыр. Үркердей бір шоқ қызкеліншектер де өздеріне жететін ермек тауып жатқандай. Бұлардың бәрі осы маңның, осы «Қызыл Сеңгір» совхозының селтетерлері. Егер Сәруар шал мен Құлжан қария қосылмағанда, кәдуілгі қызойнақ екен деп қалатындайсың. Біздің Дәрменнің де жүрмейтін жері жоқ. Ала-ша-быр көпшіліктің ішінде
бас қонақ есепті боп, төрде қалшиып отыр. Республикалық бір газетте қызмет істейтін Дәрмен Нұсқабаевтың осы жаққа командировкаға келгендегі түпкі ойы осы Сәрсеннің әкесі – атақты күйші Сәруарды көру еді. Күйшінің ауданын білгенімен тұрақты жерін дәл білмейтін де. Сондықтан ол келген бойда Сейдін парткомының хатшысына кірді. Хатшы обкомының пленумына жүргелі жатыр екен. Машина таба алмай, көлікті әрең тауып берді. Қоштасып жатып: «Сәруар бұл күнде домбыра қағудан қалған. Ал, бірақ, баласының өзі керемет. Жалпы, «Қызыл Сеңгір» совхозы – домбырашылардың ұясы. Бара көресіз», – деген. Содан Дәрмен нардай биік лоқылдақ аламен қырық шақырым жол жүріп келгенде сырқынды шал қырсығып қалды. Алматыдан арнап келген ақынмен шешіліп сөйлеспеді. Домбыраны қолына да алмаған. Дәрменнің бұл үйдің табалдырығын аттауы – бүгін үшінші рет. Бұрын екі мәрте келіп, күйшіден күдер үзген ол совхоздың шаруашылығымен танысып, очерк жазбақ боп жүргенде, Сәрсен шілдеханаға шақырды. Тұз-дәмнің бұйрығы қойсын ба, Дәрмен кежегесі кейін кеткен сүйкімсіз шалдың қара шаңырағына қайта оралды. Дәметпестен дәмететін ақын күтпеген сұқбатқа қуанған. Дүниеге жаңа келген немересінің қызығы үстінде көпті көрген кәрі шал шешілер, өткен-кеткеннен әңгіме шертер, күй тартар деп топшылаған. Бірақ Сәруар қатарға қосылмай, қалшиып отырып қалды. Тәспиығын аударып, өзімен-өзі боп кете берді. Сондықтан да шалғайдағы Қаратаудың теріскейіне белгілі ниетпен келген Дәрмен Нұсқабаев үшін манадан бергі көл-көсір сыйлық, мол отырыс әншейін тыныс
сәтіндей, минуттердің уанышындай өтіп жатыр. Дегенмен, дастарқаны жаюлы бейілді үйде Дәрмен өзін жайлы сезінеді. Не де болса, қойшының құттыханасы, күйшінің қара шаңырағы осы. Дәрмен де осындай босағада іңгәлап, осындай ошақ бұтында алғаш дәм татқан. Алғашқы аңыз-ертегіні осындай төрт қанат қараша үйдің ішінде құлағына құйып алған... Қойшының орта-шарқы үйі сығылысқан жұрттан қапырық болып кеткендіктен іргесін түріп тастаған еді. Қазір де күнгей жағынан күннің сәулесі түсіп, аламыш жарық берсе, теріскей жағының көлеңкесі қоюланып, саясына шақырғандай болды. Үй сыртында, көлеңкеде жатқан сары төбеттің бүйірі солқ-солқ етіп, аузынан сілекейі шұбырады. Осындай аптапта жұрт желпініс тілегендей, мәжілістің бір саябырлаған кезі еді. Көлеңке жақ іргеде ұйықтап жатқан нәресте іңгәлады. Қария тәспиғын тастай беріп, қалт-құлт еткен қолдарымен немересін тербетті. Көне бесік, ашамайлы арбадай сықырлады. – Көке, мейманның қасына кеп отырсаңызшы. Баланы Нағима жұбатады ғой, – деді Сәрсен. Сәруар «лық» еткізіп таңдайын қақты: – Жоқ, өздерің отыра беріңдер. Әңгімеден біз қалғалы қашан... «Кежегесі кейін тартқан бір сорлысың-ау!» деді Дәрмен ішінен. Қабағы тұнжырап, түсі сазарып кетті. Сезімін жасыра алмайтын адамның біреуі осы Дәрмен. Көңіліне түскен кірбің бетіне шыға келеді. Сәруар түгіл оның көкесіндей дөкейлердің алдында да жалған жайраңдап көрген пенде емес. Көкірегі сезімділер Дәрменнің көңіл күйін таныды. Шалдың қыңырлығын жуып-шаймақ боп, қайсыбірі ыңылдай бастады. Бұнысы өлең айтайық, ән салайық
дегеннің белгісі еді. Теріскейліктердің үрдісіне Нұсқабаев бұрыннан қанық. «Әу» деуді білмейтін иіс алмасы болмайды. Домбыра жоқта оқтау шертіп, өлеңдете береді. Кыз бен жігіттің, қатын мен еркектің аяқ астынан айтыса кетуі – ойда-жоқта бұрқ ете қалатын өрттей. Сол айтыстың басталып кетуі бек мүмкін еді. Бірақ Дәрмен ыңылдаушыларға ыңғай бермей, мәжілістің бетін әннен гөрі күйге қарай аудара берді. Домбыраның күмбірлеген үні шықса, кәрі тарланның бүйірі қызбас па деген үміті әлі де бар-ды. Сыйлы қонақтың қалауы солай болған соң, сауықтың ендігі ермегі домбыраға қарай ауысты. ...Түрулі іргенің көлеңкесі кәдімгідей ұзарып қалған. Сары төбет орнынан тұрып кеткен. Күннің аптабы қайтқанын бабына келген домбыраның күмбір-дүмбір үні де аңғартып тұр. Алқа-қотан отырған жұртты домбыра, өзбектің шай құйған пияласындай, шетінен қыдырып шықты. Тек, совхоздың директоры мен партия ұйымының хатшысы ғана тың қонақтың алдында именгендей қағажу қалды. Шорқақтығын айтып, жалтартқан. Сейдіндегі секретарьдың айтқаны расқа айналды. Шалғайдағы совхоздан бұндайлық өнерпаздарға ұшырасамын деп Нұсқабаев ойламаған. Жігіттер шетінен бипыңдатып, екі шекті асты-үстінен қосарлай басып, дәмді ызыңдарды сары қымыздай сапырып жатыр. Дертке шипа, денеге қуат бітіретін Арқаның қоңыр желіндей, сазды, қоңыр күйлер, жұмбақ сарындар, ақжелең әуендер құлақтың құрышын қандырып, жүректің қылын шертеді. Олқылы-толқылы осы үндер Дәрменге бұрыннан таныс. Бірақ бірде-біреуі ол білетін машықта қайталан-
байды. Не асып түседі, не кем қайрылады. Кербез бұралаң-бұрылыстар тіптен көп. Әркімнің қағысы мен шертісі де әртүрлі. Нұсқабаев қилы-қилы қиялға шомады. Өрімдей жас буынның тартысынан ежелгі дастанның әр алуан нұсқасын оқығандай әсер алады. Осы сарын, осы әуен, осы күйлер – сансыз ғасырдың шежіресі, сыры, кейінгіге жалғасқан жүрек лүпілі ғой, қара қылды қақ жарған ғаделет лебізі ғой. Ендеше жансыз аспаптың жанын ұғыну – көңілге қуат, тілге ырыс бітіреді. Мұңы мен ләззаты аралас бейтаныс әлем сиқырдай шақырып, саналы жүректі тынымсыз талпындырады. Дәрмен домбыраның тілін түйткілсіз түсінетіндей. Бебеулесе, боздаса, бұның да көкейіне қасірет құйылып, сылқылдаса, күлсе, бұ да бірге жадырайды. Осы мінезден айыға алмай-ақ қойды. Көзі тірі күйші туралы поэма жазам деп әуре-сарсаңға түсіп жүруі де сондықтан еді. ...Қиялшыл Дәрмен домбыраның Сәрсенге тигенін байқамай қалды. Сәрсен «Сарыжайлауды» шертіп келе жатқанда, қутыңдаған Құлжан қарт: –. Е, қайырып тартатын жерін келтіре алмадың! Заманында көкең төрт саусақпен қиялай қағушы еді ғой, – деді. Намыстанған Сәрсен: – Мә, домбыра! Қиялай қайырғыш болсаңыз, қолыңды қақпайын, – деп өзіне жабыса түсті. – Е, мені қаужап қайтесің. Біздің тұқымға өнер дарымаған. – Құлжан қашқақтады. Қайырып тартудың кілтипанын білгісі келген Дәрмен қашқақтаған кісіге қолқа сала бастаған еді. Кісі: – Күй перісі – қара шал тәспиқ аударып отырғанда домбыраға жармасып мені жын қақты дейсің бе?
Өздерің ойнай беріңдер, – деп шынтақтап, Дәрменнің жанына қисая берді. Совхоз партия ұйымының хатшысы: – Ата, бүгінгі қызықтың бәрі қара шаңырақтың қуанышы үшін боп жатыр ғой. Кәрі жолдасыңызды бір толғап жібермейсіз бе, – деп еді. Шал жауабын қысқа қайырды: – Пернені басуға қолым жарамайды. Көкірегім де көміліп қалғандай... – Жаны шықсын, өтірік айтады, – деп Дәрменге күбір етті жантайып жатқан Құлжан. – Көкірегі сайрап-ақ тұр. Қолының қалтылдайтыны бар. Бірақ бүйірі қызса, оған қарамайды. – Ендеше неге бұлданады? – деп Дәрмен де күбірледі. – Іші тар. Көңілі жүйрік, құлағы сергек жастар қағып алады деп қызғанады. Дәрмен осыны бұрын да естіген. Өз басы бұқпантайды білмейтін ол: «Әлде, бұл ғайбат сөз шығар. Тұғырдан түскен күйші төрінен көрі жуық кезінде өнерін қызғанушы ма еді», – деп ойлайтын. Енді, Дәрменнің әкесіндей кәртаң кісі риясыз күбірлегенде, ол сенерсенбесін білмеді. ...Домбыраның кезегі Дәрменге келді. Бұлтартайын десе, көпшіліктен ұят. Әсіресе көзі жаудырап отырған қыз-келіншектер «аузын буған өгіз екен» деп кетері сөзсіз. Сондықтан «барымен базарлауға» мәжбүр болды. Домбыраның құлағы қатты бұралған екен. Дәрменнің байырғы текірегіне ырық бермей, басы қатты асаудай алып қаша жөнелді. Әуелінде «Көңіл ашардан» бастамақ еді. Бірақ өзіне де түсініксіз тызалақтаған сары дыбыстар салдыр-күлдір етіп кеткендей болды. Әлдекімдер мырс етіп күлген. Соған қарсылық ретінде
қыз-келіншектердің арасынан: «Қалада өскен жігіт домбыраны қайдан білсін», – деген сыбыс шықты. Дәрменнің қара сұр келбетіне ұяттың қаны теуіп, кең маңдайынан тер бұрқ етті. Аянар жері қалмаған Дәрмен қалтырай бастаған қолын сабырға жеңдіріп, домбыраның құлағын лықсытып, үйреншікті әуенге көшіріп алды. Енді, шертісі де байсалды тартып, сенімі күшейе түскендей. «Жығылсаң – нардан» демекші, Нұсқабаев бұл Қаратау атырабына таңсық бір тосын күйді тартуға оңтайланды. Домбыраның бабы – бұрауында. Әр күй әр түрлі бұралады. «Ақсақ құланды» тарту үшін, мысалы, домбыра шиыршық атып тұруы шарт. Ал, «Көкейкестіні» күмбірлетерде екі шек, кербездің желегейіндей, бос жатуға керек. Осындайлық қалтарыстардың бәріне қанық бола тұра, Дәрменнің өз басы домбыраны күйлете алмайды. Тегінде, оның көңілі жүйрік те, қолы құрсау. Дегенмен, намысқа тыртысқан ақын домбыраны әрі-бері біраз дыңылдатып, оң жамбасына дөп келердей күйттеп алды да, мұңлы бір күйді булықтыра бастап, бірте-бірте күңірентіп әкетті. Өзі қабағын түйіп, шүйіліп алған. Болмашы ырғалады. Неше түрлі дыбыстар дүбірлеп, бірі үзіліп, бірі созылып, шалғайдағы сағымдай толқындағанда осы отырыста өнер көрсетушілердің өздері: – Мынау бір керемет сарын екен! – Қонағымыздың өзі жорға екен ғой! – Барған сайын шымырлап ішке кіріп барады ғой! – десті. Күн ұзаққа бір селт етпеген Сәруар осы күйдің тұсында тәспиғын қойып, құлағын тігіп тыңдап қалған.
Ұмыт болған әлденені еске түсірген адамдай аузын ашып, жағына сүйеніп отырды-отырды да, әлден уақытта: – Қарағым, жаңағы тартқаның кімнің күйі? – деп сұрады. – Бұл, ата, Сейтектің «Заман-айы» ғой. Дәрменнің даусында діріл бар. Шиыршық атқан нервінің әлі сабасына түспегені көрініп тұр. Сәруар тым-тырыс, үнсіз отырып қалды. Шегір көзі тұнық тартып, тұнжырап, түбінен өрт шығатын теңіздей ауыр тыныштыққа шомған. Әлден уақытта шал баршын тартқан тарғыл даусымен: – Уа, дариға-ай, ұрпақтар ауысады екен. Күй өлмейді екен ғой, – деп көзінің жасын бөз көйлегінің ұзын жеңімен сүртті. Жұрт аң-таң. Домбыра толас тапты. Әзіл-оспақтар үзілді. Мәжілістің шырқы бұзыла ма деп қауіп илеген Сәрсен, әкесінің жантайып жатуын тілегендей шынтағына жастық әкеп қойды. Бірақ шал жантаяр емес. Қайта, малдас құруды да қойып, жүрелеп, еңсесін түзеп, тіп-тік отырып алды. Арада және де екі-үш минуттай уақыт өткенде Сәруар: – «Заман-айды» қайталап бір тартшы. Тек, домбыраңның құлағын әлі де босатыңқыра. Үстіңгі дыбыс қоңырлау шығатын сияқты еді, – деді. Дәрмен домбыраны күйттеуге қыры жоқ екенін айтқанда шал қабағын болмашы кіржің еткізді де: – Қолы түскір икемге келсе, мен бұрап берейін, – деп сұңғақ ұзын мойын сұлу қара домбыраны дың-дың еткізді. Күйттелген аспап Дәрменнің қолына майдай жақты. Ол асығып-аптықпай, етене күйді бабымен, сазымен
тартып шыққанда шал тағы да көзіне жас алды. Ол енді Дәрменге екінші рет қолқа салған. Бұл жолы Дәрмен тіптен еркінсіп, сондайлық шынайы мақаммен, ыстық ынтамен орындап еді. Шал: – Тым беріліп тартады екенсің. Ішіңде арыстанның күшігі тырнап жатқан баласың ғой, сірә! – деп шегір көзімен бажайлай қарады. Бұл шал зерек шәкірттердің ортасында сірә де өнер көрсетпейді, үйреніп алады, басып озады деп қызғанады дегенді құлағы талай шалған Дәрмен әккінің қабағын бағып қалды. Бірақ шалдың есіне «Заман-айдан» басқа бір жәйттер түскен. Оны Дәрмен қайдан білсін. Біреудің ішіне кіріпшығу оңай дейсіз бе? Әсіресе, баяғыда жанып сөнген жанар таудың шоқтығындай шөгіп қалған сырқынды шалдың іші қалтарысты ғой. Не де болса, Дәрменнің бір күйді үш мәрте қайталап тартуымен мәжіліс тынды. Жүрт біртіндеп ыдырай бастады. «Заман-айды» тыңдағанда Сәруардың не себепті көзіне жас алғаны таңсық боп қала берді. II Сәруар: –Уһ! – дегенде көкірегі қарс айрылардай болды. Шырт ұйқыда жатқан Дәрмен беймаза дауыстан шошып оянды. Шал түні бойы дөңбекшіп, қайта-қайта жөтеліп, іргеде жатқан Дәрменнің ұйқысын бөле берді. Есі-дерті бір нәрсеге ауып кеткен адамша, Сәруардың ұйқысы шала болғаны таңертең кіртиген қабағынан танылып тұрды. Шал азанғы намазын оқығанда буындары сыртыл-
даған. Дәрмен абайсыз күліп, артынша қартайған адамның не себепті діндар болатыны жайында әр түрлі жорамал жасап, ойға шомды. Осы кісі жасында сері болған деседі. Теріскейдің он екі болыс елін күймен қырған. Бертінде атқа мініп, белсенді болғанын Дәрмен совхоз партия ұйымының хатшысынан естіген. Осындай екі заманның қилы-қилы күндерін бастан кешірген, сауаты бар, көзі ашық кісінің қартайған шағында дүниелік тіршіліктің әммесінен безіп, алласы аузынан, тәспісі қолынан түспейтін тақуа бола қалғанына қайран. Мүмкін, ол домбыра тартуды күнә деп ойлайтын да шығар. Олай дейін десе, Сейтектің күйін Дәрменге үш рет тартқызуына жол болсын! Әлде өзі құралпыл қарттардан ұяла ма екен? Құбылаға бас қойып, тоңқаңдап жатқан кемпір-шалды Дәрмен осы жақтан көп көрген. Біздің Дәрмен қутыңдап арақ ішетін шұнақ шалдарды да Теріскей елінен жиі кездестірді. Соның бірі кешегі Құлжан. Арақ пен намаз, әрине, әріптес бола апмайды. Ендеше Сәруар кімнен ұялсын, неден қаймықсын? Сірә, бұл шалдың сопылыққа түсіп кетуінде бір гәп болу керек деп топшылайды Дәрмен. Таңертеңгі шайға қыдырмалар келе қойған жоқ. Совхоздың директоры мен партия ұйымының хатшысы түнделетіп Мойынқұмдағы шөпшілерге кеткенін Нұсқабаев біліп отыр. Бөпесінің шілдеханасына байланысты үш күнге мәулет алған Сәрсен құлқын сәріден тұрып, қарауындағы бір қора қойды өріске өргізісіп, қолқанат жігіттерге тапсырып қайтқан. Күн шықпай жатып самауырға шөпшек салған да өзі еді. Енді келіншегінің жанында, жасы өзі құралпыл қонаққа кесе өткізіп отыр. Тостаған толы қаймақты мейманның алдына қойған. Тоңазыған еттің шұрайлысын да соған
қарай ысыра береді. Өзі көбінесе бауырсаққа басып жатыр. Сәруар болса, өзінің байырғы орнында, ала бұзаудың терісінен жасалған бөстектің үстінде. Сүт құйғызбай, қаймақ қостырмай құрымдай қара шайдың өзін ішіп отыр. Дәрмен де шайшыл-ақ. Азанғылықта ащы шайға қанып, темекіні үстемелеп тартып, ішкі сарайын ашып алмаса, бойының байсалдығы күнұзаққа арылмайды. Әсіресе, кешегі көл-көсір отырыстан кейін жылдам ширататын сусынға қанатын емес. Оның үстіне, Нағиманың шай құйысы да өнбейді. Қасқалдақтың қанындай ғып, кесенің түбіне құйған құйтымдай шай сусаған адамның екі ұрттауынан артпайды. Осындайлық тапшы құйысына қарағанда, Нағима, тегі, Ақтөбе жағының қызы болуға керек. Қазақстанда Дәрмен Нұсқабаев араламаған ел, ол көрмеген жер жоқ десе де болғандай. Тіпті, қалмақтың беті кілкілдеген майлы шайын, өзбектің сұйқылт көк шайын, ұйғырдың қоймалжың күрең шайын да ішкен. Ел кезген ақынның кәртамыс таңдайы татпаған дәм бар дейсіз бе. Азанғылық ұзаққа созылды. Қараша үйдің жапсары шұрық-шұрық еді. Қиялай көтерілген күннің сәулесі дастарқанға аламыштанып түсіп тұрды. Шай үстінде Дәрмен Сәрсен мен Нағимадан онымұны сұрап, жоқтан кеңес, бардан базар тудырғандай болды. Тек, өз басы әлдеқашан күдер үзген шалды ғана қаужамаған. Осындай әбі-тәбі жарасымды күйде отырғанда бесіктегі нәресте шар етіп оқыс жылап еді. Қария қауқалақтап: – Өй-өй, мына тентек қайтеді, – деп орнынан сүйретіліп тұра берді. Нағима баласын емізіп жатқанда, Сәруар Дәрменге
күлімсірей қарап: – Қарағым, руың не ел? – деді. Әкесінен он жасында жетім қалып, «балалар үйінде» баулынған Дәрмен «рушыл» емес-ті. Бірақ шыққан тегін білетін де. Сөйте тұра, ол: – Руым – қазақ! – деді. Шал күлкіге шашалып қала жаздады. Дымқылданған көзін сүртіп жатып: – Әй, шіркін, жастық-ай. «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Руыңды білмесең, жауабың – жөн. Жөн! – деп жадырап қалды. Томаға-тұйық Сәруардың оқыс жадырауы оның бала мінезділігін, табиғатының әсершілдігін аңғартқандай. Өнер үшін туған жандардың мінезі көктемдей құбылмалы келетінін Дәрмен білетін де. Көңіл райының дауылсыз, жауынсыз шағында ондай кісілер болмашыға қолқ етіп, күтпеген жерден ақтарылушы еді. Дәрмен осының жайын ойлап отырғанда, шал тағы да оқыс тіл қатты: – «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген бұрынғылар. Ырым ғылып отырмын, нәрестеміздің атын өзің қойып кет, қарағым. Сәрсен мен Нағима құптағандай, Дәрменге қарады. Дәрмен кәдімгідей қысылып отыр. Ол өмір-бақи тумаға ат қойып көрген емес-ті. Дәрмен ойланып қалды. Ескіше қою керек пе, жаңаша қою керек пе? Бұл – Нағиманың тұңғышы. Ескіше қойса, «Тұңғышбай» деуге келіп-ақ тұр. Бірақ, үндестік заңы бойынша, Тұңғышбайдың «Тұңғыштай» болып кетуі кәдік. Сонда, Дәрмен қойған есім күндердің күнінде «тұңғыштай», яғни «алғашқы тай» боп шығады-ау. Тіптен сөз түбірі басқаша өзгеріп, «Тұңғысбай» болса да жетісіп тұрған жоқ. «Қой, құрысын, не де болса,
өзгермейтін есім қояйын», – дейді Дәрмен. Бірақ қазекеңде өзгермес не бар? Абылайдың есімінің төркіні «Сабалақ», Абайдікі – «Ибраһим», Шоқандікі – «Мұхамбет-Ханафия», Сәкендікі – «Садуақас», Бейімбеттікі – «Бимағамбет», Мұхиттікі – «Мұхамбеткерей». Осылайша шұбап кете береді. Өзгермесе бір өзгермейтін есім Дәрменнің өзінікі. Бірақ тым жұпыны. Мүмкін, Сәруардың немересі «Дәрмен» ғана болмай, одан дәуірек болар? Ендеше келісті, үнді есім қоймақ керек. Осындай себептермен Нұсқабаевтың қиялы шартарапқа жүгіріп, жарастықты тиянақ таба алмады. Содан бірте-бірте есімді бүгінгі күннің үрдісінен іздестірді. Бірақ «Тельман» десе, астамшылық болатындай. «Советбек» не «Колхозбек» десе, феодализм мен социализмді ұластырып жібереді. Ал, кейбіреулердей күнәсіз техникаға ойысып, «Трактор» немесе «Локомотив» десе, тым ерсі сияқты. «Япырмай, бесіктегі бөбекке ат қоюдың өзі машақат екен ғой!» – Ау, қарағым, ұнжырғаң түсіп кеткені несі? Өз еліңде өсіп-өнген әулет жоқ па еді. Көп жасаған біреуінің есімін қоя сал-дағы! – дейді Сәруар. – Көп жасаған кісі – Сейтек. Балаңыздың аты Сейтек болсын. Дәрмен Сейтектің есімі аузына қалай түскенін өзі де байқамаған. Шал жатырқамай: – Е, бопты. Кіші жүзден берекелі, көп ел жоқ. Аузыңа май. Өркенің өссін, қарағым! – деді. Осыдан барып, Сейтек туралы әңгіме қоза бастады. Дәрмен Сейтектің о бастағы есімі Сейтқали екенін, ел-жұрт еркелетіп басқаша атап кеткенін айтып өтті. Өмір бойы қуғын-сүргін көрген қүйшінің қайыспас қайсарлығы жайында әркімнен тиіп-қашып естіген
аңыздарын қиялмен қиыстырып, қызықты әңгіме етіп шертіп еді. Жалықпай ұзақ тыңдаған шал: – Есімін мың кісі білетін адам қиямет қайымда дозаққа кетпейді деседі. Ел аузында аңыз болған Сейтектің де арманы бар ма екен? Арман мына біз бақырда ғой! – деп күрсінді. Күрсіністің аяғы уһілге айналып, томсарылып, тұнжырап отырды да, күтпеген жерден: – Шайларың бітіп қалған ба? Әлгі быж-быж еткен зәмземіңнен құйсайшы мына мейман балаға, – деді. Дәрмен азанғылықта ішкілік ішпейтінін айтып келе жатқанда, шал оның сөзіне қонақ бермей: – Шарапты пайғамбарым да ішкен. Араққа жуымасаңдар, бопты. Кәне, бүйіріңді қыздырып ал да, кешегі «Заман-айды» тағы да бір тартып жіберші, – деді. Дәрмен өзінің машық күйін күңіренте тартып шыққанда, Сәруар: – Домбырашы болатын түрің бар екен. Әттең, тәрбиең болмаған. Үстіңгі шектен үн шығара алмайсың. Қажырлы жігіттің саусағы пернеге жабысып қалмас болар ма! – деп қабағын түйді. Дәрмен енді шалдың өзіне жармасып, бір нұсқа көрсетуін қолқалады. Бірақ Сәруар сылтауды көбейтіп, домбыраға жуымай, басқа жәйтке көшті. – Қарағым Дәрмен, баяғыда, ұмыт болған Сейтекті есіме салып, көңілімді жарым етіп қойдың. Түнде ұйқым да шала болды, – деген. – Сейтекті білетін бе едіңіз? – Білгенде қандай! Бала кезімде өз көзіммен көргенмін. Жел қуған қаңбақтай, жазмыштың өзі айдап әкеліп, табыстырып еді. Бірақ кейін қол үзісіп кеттік. Күйлерін де там-тұмдап кешелі бері еске түсіріп отырмын.
– Бәрекелді! Бар қызық өзіңізде екен ғой. Айтып берсеңізші! – Айтсам, айтайын. Мүмкін, газетке жазуыңа керек болар. Тек, «осының бәрін баян қылған Сәруар қария» дегенді ұмытпа. – Ойбай, ата, о не дегеніңіз! Абырой-атағы сіздікі. Мен – сіздің хатшыңыз есепті боламын. Сәруар біраз ойланып отырып, тамағын қырнады. Бұл – бір бастасам алысқа сілтеймін дегеннің белгісі еді. Шынында да, шал ақырын бастап, алыс көсілді. III – Сейтекті, мен, қарағым, он алты жасымда көрдім. Біздің ел ол кезде қыста Шудың ну қамысын паналап, жазда Сарысудың өн бойын жайлайтын. Кей жылдары ойыса-ойыса Ұлытауға шейін барып қалушы еді. Әлі есімде. Кәдімгі жазғытұрым маужыраған жаймашуақ күн еді. Әкем екеуміз Атбасардан базаршылап, көйлек-көншек, қант-шай алып, жолаушылап келе жатып, Көксеңгірдегі шұбыртпалылардың аулынан түстік ішпек болдық. Әкейдің Қоңқақ деген танысы болатын. Соның үйіне түстік. Қоңқақтың үйіне ауыл адамдары жиналып отыр екен. Біз танымайтын тосын біреуді тергеуге алып жатыр. Өзіне есікке таман орын беріпті. Қолға түскен пенде екенін айтпай таныдық. Жат кісінің түсі адам аярлық жүдеу. Бірақ шүңірек көзі өңменіңнен өтіп кетердей сұсты. Ауыл адамдарының адыраңдағанына әпшісі қуырылар емес. Байсалды, орнықты жауап қайырып отыр. Менің жас кезім ғой, балауса көңілім бейтаныс
кісінің тегін адам емес екенін сезді. Киімі де өзгеше еді. Қисық табан шегірен етігі, күпі тәрізді қалың қамзолы, саудырлаған көнетоз кенеп шекпені «шыққан жерім жұмбақ» деп тұрғандай. Біздің ойда-жоқта сау ете қалғанымыз үйдегілерге қолайсыз тиді білем, екеу-екеуден қайта-қайта тысқа шығып, үй сыртында күңкіл-шүңкіл сөйлеседі. Әрірек ұзауға ерінеді. Несіне күлесің, қарағым, қарақұрым қазақтың түбіне жеткен еріншектік қой. Үйден ұзау былай тұрсын, сәлемдесуге мойны жар бермейтіндерді көргенбіз. Баяғыда біреу ғаламат апатшылықта тәңірге жалбарынып жатқан жолдасына: «Әй, мен үшін де «құдай» деп айта салшы» депті деген қунақы қауесетті естуің жоқ па еді? Жер барып айтпасын, Қоңқақ – қолы суық адамды. Өне бойы кәсіп етпегенмен, ұрымтал жерінде жымқырып жіберуші еді. О да еріншектік салдары ғой. Жаңағы үй сыртындағы сыбыр-күбірден «осылар ұры аттандырғалы жатпасын?» деген күдік туды менде. Бірақ көп ұзамай құпия қарбаластың сыры ашыла бастады. Өйткені, әлі қылау шалмаған менің жіті құлағыма: «Жаңбыр өтпейтін кенеп шекпенін сен ал, етігін мен киейін...», «Жоқ, түзде көп қаңғыратын сен едің ғой, шекпенін өзің ки де, етігін маған байла...», «Жалаң аяқ қалай жібереміз?..» «Біздің үйде тұмсығы қайқиған шоқай бар, сүт бүркіп жібітсе, лыпаға жарайды...» – деген сөздер үздік-создық естіліп жатты. Қулардың тосын кісіні тонамаққа тоғысқанын түсіне қойдым. Тегі, шұбыртпалылардың жалғыз-жарым жолаушыны зар илететін озбырлығы жалпақ елге мәлімді. Осы жәйді әкей де байқаса керек. Сырттағы күбірге
құлағын тосып, басын болмашы шайқап қояды. Қолға түскен пендеге қабағының астынан барлай қарап, ішінде не ұлып жатқанын білуге құмартады. Үй қожасы Қоңқақтың өзі де тысқа шыққыштап, жыбыршып жүрген. Бір кезде: – Үдербай, бері шығып кетші, – деп әкемді тысқа шақырды. Екеуінің не сөйлескені мәлім емес, далада недәуір уақыт бөгеліп қалды. Менің домбыраға әуестеніп жүрген елірме кезім еді. Үй оңашаланып қалғанда керегеде ілулі тұрған қара домбыраны алып, тыңқылдата бастадым. Ауыл адамдары жиналып, үйге қайта кіргенде, жамырап мені мақтай жөнелді. Бірақ менің білетін әуендерім тез бітіп қалды. Қайталасам дәмі қашатын болған соң тоқтай қойдым. Осы уақытта есік жақта отырған манағы тосын кісі домбыраны алып, біздің жақ естімеген сазды күйлерді төгіп-төгіп жіберді. Талай талапкердің қолынан өткен көне домбыра жаңа сарынға басып, жат қылық көрсетті. Қасіреті, назы аралас әуенмен ыңқылдап, сыңқылдап бара жатқанда, жасуы қатты Қоңқақ: «Жә, жетеді, тоқтат!» – деп зекіп еді, күй күрмеліп, талмаурап барып, үзіліп кетті. Біздің әкей ер көңіл кісі еді. Күйден қатты тебіренген екен. Қонаққа жатсын да жабыссын: «Қақа, салмақпен салған қолқам осы. Жаңағы ниеттен қайтыңдар. Мүсәпір жолымен келе жатқан жолаушы көрінеді. Маған қиыңдар. Ауылға апарып, біраз күн бағыпқағайын. Сәруарым күй үйреніп қалсын», – деген. Сонымен, не керек, шұбыртпалының сотқарларымен әрі ырғасып, бері ырғасып, ақырында, домбырашыны әкем ертіп кетті. – Бұл қай жылдары?
– Жыл санағы жадымда тұр дейсің бе. Сол жылы он алтыда екенімді анық білемін. Биыл жетпістің бесеуіндемін. Есебін қайырсаң, сопаң ете қалады ғой. Дәрмен ой есебіне орашолақ. Орта мектепте оқып жүргенде математикадан ылғи «бес» алушы еді. Бірақ кейін журналистикамен шұғылданып, одан бері ақындық жолына түскелі «көбейту кестесінің» өзін ұмытып қалғандай. Мүшелік жарналар төлерде процентін қағазға жазып шығарады. Бұл жолы да Сәруардың Сейтекпен кездескені қай жылы екенін оймен қайыра алмай, төс қалтасындағы қаламға жармасты. Жез жебелі, ұзын, қара-қасқа қаламмен блокнотқа цифрлар шимайын түсіріп жатты. – Отағасы, ол – бір мың тоғыз жүз бесінші жылы екен, – деді Дәрмен ақырында. – Қайдам, болса болар. Сол жылы қыста сарғылт қар ғаламат қалың болды ғой. Қоянды түйемен қуып алушы едік... Қарттықтың аты қарттық та. Сәруар бірді айтып, бірге кетіп қалады. Баласындай Дәрменге ол туудан он жеті жыл бұрынғы оқиғаға куә ете сөйлейді. Дегенмен, жетпіс бестегі шалды жаңсақтықтың жеңе қоймағанына Дәрмен қайран қалып отыр. Көрдіңіз бе, қардың түсіне шейін ұмытпаған! Үш көкшенің шағылында немесе Шудың қамысында күн сәулесі шалған қардың сарғылт көрінуі бек мүмкін ғой. «Задында, Сәкең сүйегі асыл кісі болу керек», – деп ойлайды Дәрмен. Дәрменнің есіне Сейтек түсті. Ол қай жылы туған еді? Жадында жоқ. Бірақ қай жылы, неше жасында дүние салғанын біледі. Ендеше, есептеп шығаруға болады. Дәрмен қайтадан блокнотқа үңілді. «Сейтек ағамыз 1861 жылы дүниеге келген екен, – деді ол есеп қайырып
болғанда. – Демек, Сәруар көргенде ол 44 жаста. Бұл оның Сахалиннен қашып шығатын жолы». Дәрменнің көз алдына шалғайдағы Сахалин аралы елестегендей болды. Оның өз басы Барнаулдан әрі асып көрген пенде емес. Бірақ аты шулы Сахалинді кім білмейді? Көрмегендер көргендер арқылы біледі. Көргендер көп заманға шейін ұмыта алмайды. Осы Сахалиннен 1905 жылдың январында қашқан тұтқындар туралы Дәрмен әр кезде әр түрлі аңыздар естіген. Тиіп-қашып оқыған шығармалары да бар-ды. Соның ішінде Ахмет Жұбановтың орыс тілінде жазған «Ғасырлар пернесі» атты кітабы есінде қалыпты. Кітапта Сейтек жөнінен келтірілген соны деректер Дәрменді талай қызық қиялға шомдырған. Енді Дәрмен Сейтектің қалай қашқанын көзбен көргендей болып отыр. Жапонның зеңбіректері тұс-тұстан атқылап құрқшұрқ қылған Сахалин... құлаған дуал, қаусаған үйлер... көше толған у-шу... жанұшырған қарбалас... қарауылдары шетінеп, қабырғасы қираған абақты... Тымтырақай қашқан тұтқындар... Алғы шебінде өзіміздің шалымды Сейтек... Сейтектің осы күйі Дәрменнің есіне орыстың «Бақытсыздық бақытқа бастады» деген мақалын түсірді. Мақал бүкіл орыс-жапон соғысын еске салды. Нұсқабаев баулынған, тәлімданған толып жатқан оқулықтарда, партия тарихында, Лениннің еңбектерінде паш етілген орыс-жапон соғысының сырын ол әдебиетте Степановтың «Порт-Артурынан», Новиков-Прибойдың «Цусимасынан» ұққандай еді. Әсіресе орыстың белгілі бір әні оған тарихтың шебер түйініндей әсер ететін. Дәрмен әннің «Врагу не сдается наш гордый «Варяг» деген секілді жолдарын өзіндей қарапайым да күшті,
әуенді де әсерлі етіп аудара алмай әлек болатын. Енді, сол ықылым жәйттердің бәрі көңілге оралғанда, Дәрменге Сейтектің тағдыры Сахалиннен түйіскен тоқсан тарау жолдың бір айрығындай әсер етеді. Бұл айрық көміліп қалмай, жоғалып кетпей қазақ сахарасына жалғасқан. Оның келесі іздері Нұсқабаев үшін тіптен қызықты болып бара жатқандай... Дәрмен жаза баспаса, сол жолы Сахалиннің қапас қамалынан алпыс үш адам қашып шыққан. Қаланы басып алған жапондықтар артынан іле-шала қуып, көбісін қолға түсірген. Қолға түспей сытылып шыққан он алты адамның дені апатқа ұшырап, екі-ақ кісі аман қалғанын да Дәрмен біледі. Қиян-кескілесте асығыс сал байлап, нар тәуекелмен қиырсыз мұхитқа құлаш ұрған осы екі кісінің жарты ай бойы дүлей толқынмен арпалыса, жан ұшыра аққаны, аштықтан көзіне көк шыбын үймелегенде меңіреу бір аралға іліккені, сол қатерлі меңіреу аралда бастан кешкен қайғы-қасіреті Дәрменнің көңілін қажады. Жол бермес жыныс орманда қажырлы Василийдің мерт болып, Сейтектің жалғыз қалуы тым аянышты еді. Осы жерге келгенде Дәрмен дауыстап: «Әттеген-ай!» дегенін байқамай қалды. – Неге өкініп отырсың, қарағым? – деп Сәруар оның ойын бөлді. – Тек, әншейін, өткен бір жайлар еске түсіп отыр... – Жазудан жолы болмаған адам қияли боп кетеді деседі. Сондайдан сақ болғайсың, қарағым. Кешелі бері бір-екі жерде жат мінез байқап қалдым ба, қалай... Нұсқабаев риясыз күлді. Шамданбай, жадырап күледі. «Шөптің басы жел тұрмаса қимылдамайды» демекші, осы сөздің жаны бар ма, қалай?» – деп те қояды ішінен.
Өзіне ризалығы жоқ, тындырған ісіне көңілі толмайтын адамның бірі Дәрмен Нұсқабаев. Өзінің олқылығына, осалдығына, дәмешілдігіне күле білетін де өзі. Бұндайлар осы қылығын өзгелерге де істейді. Және жұрттың бәрі өзімдей деп түсінгендіктен аузы ашық, қалтарысы бұралаңсыз болады. Дос табуға ебі жоқ; қағажу қалатын жайлары көп. Талқы сәттерінде жалғызсырап, мұңын домбыраға шағатын мінез де осылардан шыққан. Аузы шайпау, іші тар тарпаңдарға бұлардың күнәсыз қылығының өзі күнәлыдай көрінеді, бота тірсек – бос белбеу бейқам жүріс-тұрысы тәкаппардың талтаңындай ұнамайды. Тұзы жеңіл, соры ащылық күндердің күнінде дұспаннан түңілдіріп, достан торықтырып, сағыныштың сары жайлауында жалғыз қалдырғанда, медеуді саналысынан, жұбанышты қарапайым көпшіліктен табады. Кім білсін, мынау сұңғыла Сәруар да олқылы-толқылы тағдырдың пендесі шығар. Кім білсін, сонау Сейтек ағамыз да табиғи жаратылысын қорлай алмай, көресісін күншілдерден көрген шығар. Мүмкін, осы екеуінде жігі байқалмайтын іштей байланыс бар да шығар. Не де болса, Сәруардың оқыс шымшығанына көнтерілі Дәрмен сыр бермеді. Ол енді жан жолдасы Василийден айрылғанда Сейтектің ұзақ жалғыз қаңғырғанын, қауіп-қатермен дара арпалысқанын, аштықтан құла дүзде тәлтірек қаққанын, ақыры, үмітсіздік жеңіп, жүректің сағаты тоқтап, көздің қарашығы сөнер шақта әлдеқалай балықшы орыстардың поселкесіне тап болғанын ойлап кеткен. Балықтың етін жеп, сорпасын ішіп, ішіне шыр байлаған қашқын сол бойда Хабаровскіде біраз уақыт аялдап, ақырында поезбен ұрланып елге қайтқаны
тарихтан мәлім еді. Демек, сол сапарында, жазғытұрым маужыраған жайма-шуақ күндердің бірінде, Сейтек осы Сәруармен, оның әкесі Үдербаймен ұшырасқан боп шықты. «Япырай, шындық шіркін жер астында жатпайды екен ғой. Төрінен көрі жуық мына тақуа шалдың сөзі сәбидің куәлігіндей күнәсыз ғой. Көмескі күндердің шындығына көзі жеткен Дәрмен қатты тебіреніп отыр. Кейде болмашы нәрселер баданадай сыр ашады. «Сұлу сөздің сыңғырынан шыншыл сөздің дөрекілігі жақсы» деп пайымдайды Дәрмен. «Мың сіз-бізден бір шыж-быж» деп қазекең біліп айтқан. Көріпкелі бардай, біреудің бүккен сырын әшкере етіп, кейіпкерді құлшындыра сайратып қоятын жазушыларға Нұсқабаев осы сапарында ерекше қызыққандай. Оған неге ешкім сайрамайды? Неге ішінің ұңғыл-шұңғылын ақтармайды? Асылы, жұрттың сыры шыңыраудағы маржан сияқты. Теріп алуға ерекше көрегендік, ептілік, төзімділік керек. Осы қасиеттің өз бойында бар-жоғын білмесе де, топшылауының дұрыстығына Дәрмен кәміл сенеді. Сартамыз шілдеде ел аралап жүруі де сондықтан. Сәруардың бала кезінде үш ұйықтаса түсіне кірмейтін Сейтекпен ұшырасуы туралы қапияда туған күнәсыз кеңесінен Нұсқабаев осы алуандас ойларға шомғанда, көңілінің түкпірінде жаңа бір талпыныстар да пайда бола бастаған еді. Сол ораймен ол үзілген әңгімені қайта жалғап, Сәруардан Сейтектің қашан, қалай аттанғанын сұрап кетті. Сәруар бұған «тоқ етер» жауап бермей, өткен-кеткеннен қалған жол-жоралғыларға қарға тамырлы қазақтың «Бір күн тұзын татқанға қырық күн сәлемнен» басталатын бауырмалдығын сабақтап, Сейтекті ұзатпай, орағыта берді. Қоштасуға қимаған адамның қалпы бар еді.
IV Дәрмен тағы да Сәрсеннің үйіне түнеп шыққан. «Бір күн қонған – құт, екі күн қонған – жұт» демекші, бүгін Сәрсеннің қимылында бұрынғыдай көңілді ширақтық жоқ, ал, Нағиманың қабағы көрінеу салбыраңқы. Тек, Сәруар шал ғана ғайыптан кездескен ермектей Дәрменге үйірсек қалып танытады. Шегір көзі шапыраштанбай, мұңая, тұна қарайды. Немересінің есімін қойып берген Дәрменнің, өткен-кеткеннен дерек жинап, сөз терген талапкер ақынның, басбілгі домбырашының әлі де екі-үш күн аялдағанын тілегендей бейілі бар. Бірақ Дәрмен бұл күнде күйші шалдың қолында дәрмен жоқ екенін жақсы біледі. Қойына кететін Сәрсенге де, шілдехананың ырду-дырдуынан шаршаған Нағимаға да өкпе жоқ. Сондықтан ол Мойынқұмда кешіккен совхоз басшыларын да күтпестен асығыс қайтпақ болды. Екіндіге шейін Сейдінге жетсе, кешке самолетке ілігуі мүмкін. Осы ойын азанғы шай үстінде-ақ айтқан. Сәрсен мен Нағима екі жақтап, «неге асықтыңыз, басшылар келгенше аунап-қунап жата тұрсаңыз етті» десті. Бірақ арғы көмейлерінің босаңдығын жасыра алмай, ақыры Сәрсен өрістегі аланы әкеліп, ерттеп те үлгірді. Дәрмен бөлек-салақтарын көк масатыдан тігілген спорттық сумкаға салып, жиналып жатқанда, шал тысқа шығып, баласымен недәуір сөйлесіп қалды. Біраздан кейін дауыстап келінін сыртқа шақырды. Күңкіл-шүңкіл көбейді. Дәрмен, «Бұлары несі» деп секем алып отырғанда біртіндеп үйге кірді. Бәрінің де қабағы жадыраңқы.
Сәруар жүресінен тіп-тік отырып, тамағын қырнады: – Қарағым Дәрмен! Ат мінгізіп, шапан жауып жіберуге лайық бала екенсің. Әттең, қолы түскір қысқа. Совхоздың басшылары сырымызды әбден біліп алған. Сәрсеннің табысы қонақтан артпайды... Нағима намыстанды: – Ата, қойыңызшы, жоқты айтпай!.. – Тігісін өздерің жатқыза беріңдер. Мен мәймөңкелеріңді білмейтін қазақпын... Үй ішіне шамалы ыңғайсыздық орнады. Дәрмен де не дерін білмей, қысылып отыр. Сәруар тағы да тамағын қырнады: – «Сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді» депті ғой біреу. Бірді айтып, бірге кетіп қалдым. Күлсеңдер, кәрілік бастарыңа келсін... Шал келініне ым қақты. Келіні үлкен алабажақ әбдірені ашып, саудыраған елтірілерді қонақтың алдына қойды. Дәрмен қапелімде сасып қалған. Қонақтың қуқыл тартқан түсін өзінше жорыған шал: – Барға мәзірлік етерсің, қарағым. Көк бұйраның оңдысы. Екеуі жаға, екеуі бөрік болады, – деді. Баяғыдан бергі қарбаластың мәнін Дәрмен енді ғана ұққандай. Ішінен: «Әй, қазекем-ай!» – деп күліп отыр. Екінші жағынан, жартымды лауазымы жоқ Нұсқабаевқа бейтаныс жандардың осыншалық құрмет көрсетуі ақынның көңілін танытқандай да еді. Сөйте тұра, ол оқыс сыйлықтан үзілді-кесілді бас тартты. – Отағасы, әуре болмаңыз! Елден сый-сияпат жинағалы келген жоқпын. Ықыласыңызға тоямыз, – деп елтірілерді саудыратып қарияның алдына қарай ысырып тастады. Қария болмай, қайтадан тыққыштады.
Сонымен, не керек, екеуі біразға дейін ырғасып, жеңісе алмай отырып қалды. Сәрсен мен Нағима да қосарласып, бейіл білдіріп жатыр. Әсіресе, жас ана сондайлық бір биязылықпен қиылады: – Бөпеміздің бауы берік болсын деп кіндік атасына әдейі тартып отырмыз. Қабылдамасаңыз өкпелейміз. Тумаға есім қойып мал табуды сүйекке таңба санаған Дәрмен бұған да жауап айтып, жалтартқан. Осы кезде шыдамы таусылған шал: – Өздеріңдей шаштылар берген арағын ішпесе, шынысын жерге ұрып сындырады ғой. Сол секілді, жолжоралғымызды менсінбесең, от қойып өртеймін! – деп құлпырған қара-көк елтірілерді табалдырықтың алдына алып барды. Баяғы момақан, тақуа шалдан тамты қалмағандай, шегір көзі шатынап, селдіреген бурыл мұрты жыбырлап кетті. Қолы қалтырап, даусы әнтек дірілдейді. Нағыз көк соққан күйшінің тарпаңдығына басып тұр... Дәрмен лажсыз көнді. Ыржаңдап күліп жатып: – Жарайды, отағасы, меселіңіз қайт болмасын. Осы елге беріп кетпесем, алып кетейін деп келген жоқ едім. Тауыңыз шағылмасын! – деген. Шал елтірілерді бабымен бүктеп, газетке орап жатып: – Әр жылда біртіндеп қолға түсірген бұйымым осы. «Өлгенде сүйегіме салыңдар» деп тығып тастаған едім. Өзіңдей біліктіге бұйырғанына мәзбін, – деді. Бұл сөздерден Дәрменнің тұла бойы тітіреді. Абайсызда, ит жалаған айран ішіп, артынан білген адамдай, өзінен-өзі жиіркеніп, атқа қонғанша асықты.
ЕКІНШІ ТАРАУ I Дәрменнің Қызыл Сеңгірден аттанғанына екі сағаттан асқан. Жалғыздың жүрісі өнбей келеді. Аптадан бері шүйгінге тойығып, белін жинап алған биік ала ат ауық-ауық лоқылдаса да, жүріс ұта алар емес. Есілген аяңы болмаған соң, жолаушы да қинамайды. Жолаушы алғашқыда даңғыл жолға түскен. Бірақ машина салған жолдың бұралаңы көп болып, әрі борпылдақ шаң мазасын кетірген соң, күндік жерден көрінетін Мыңжылқыны пайлап, төтелей тартты. Көкпек жусанды қара ойпаңда тастақ аз, жүріске өте жайлы да еді. Жолсыз даламен жүрген жолаушыға тірі пенде ұшырар емес. Тек, аяқ астынан пыр-пыр етіп молда торғайлар ұшады. Оқта-текте қиғаш құрылдап ұшқан қара бауыр, сары бауыр бұлдырықтар. Табиғаттың көркіне тоймайтын Дәрмен жан-жағының бәрін қызықтап келеді. Қамшылар жағында – мойны қашық Мойынқұм. Оның ірге жағында шалқыған сағым ойнап, Балқаштың көліне ұқсап тұр. Мінер жағында – кәдімгі Қаратау. Оның іркістартыс өркештері сонау Мыңжылқының шоқтығына жалғасады. Аспанда баяу жылжыған шатырдай ақша бұлттар. Көлеңкесі тау бөктерін оймыштап тұр. Бір жағы әйгілі құм, бір жағы әйгілі тау – осы екі ортада келе жатқан жолаушы табиғаттың шеберлігіне сүйсінеді. «Тау – жайлауың, құм – қыстауың» деп қолмен орната салғандай. Әттең, су молырақ болар ма еді. Бірақ табиғат берекенің бәрін бір жерге үйіп-төге салмайды ғой. Судың көптігінен жұтқа ұшырайтын
елдердің барын да біледі. Осы ойпаң бір замандарда жыныс орман болғанын Дәрмен кәрі құлақтардан естіген. Ертектегі кер атты Кендебай батырдың аң аулаған жері екен бұл. Эпостағы Қамбар батырдың қара бұлағын әдейілеп көрген. Кім білсін, Дәрмен келе жатқан осы өзекпен кенеп шекпені саудырап Сейтек ағамыз да өткен шығар. Бүгінгі Дәрменге ұқсап табиғаттың көркіне сүйсінген шығар. Бір кезде осы Қаратауды бөктерлеп өткен Сейтек Дәрменнің көз алдына келеді. Қашқынның жүдеу реңін аяп, шалымды жүріс-тұрысына сүйсінеді. Сәруардың әкесі қаншама сыйлады десек те, отбасы, ошақ бұтына не жетсін. Заманынан қуғын көрген күйші сонау Орда өңіріне қалай жетті екен? Қатын-баласымен қалай қауышты екен? Кім білсін, өмірінің көбін қуғын-сүргінде өткізген Сейтектің жасымауына сүйген жары да себеп болған шығар. «Жүрмес ат, өтпес пышақ, жаман қатын қартайтар осы үшеуі ер жігітті» деп ертедегі қазақтар тауып айтқан. Ал, Сейтектің аты жүйрік, пышағы өткір, әйелі ақылды болғанын Дәрмен біледі. Дәрмен жалғыз келе жатып жымиып күлді. Көлігі – қырсау ала. Пышағы – тырнақ алатын кішкентай бәкі. Қатыны – Қамзира. Қамзираны, әрине, «жаман» деуге болмайды. Бірақ «жақсы» деуге Дәрменнің аузы және бармайды. Асылы, жақсы әйел бар да, жақсы жар бар ғой. Қамзира осының бастапқысы сияқты. Көлденең жұртқа көбірек ұнайды. Ал, күйеуіне өзіне ұнамайды. Өмірде осындай қайшылықтар да болады екен... Әсіресе, соңғы кездерде Дәрменнің көңілі келіншегінен тым суынып қалған. Соның себептері еске түсе бастады. Еске түскен сайын жаны жабырқап, жапанда
жалғызсырауы күшейді. Ия, Дәрмен бір кезде періштедей көрген қаракөз Қамзира – бұл күнде сүйкімі жоқ жамағат есебінде ғана. Оның жасанды күлкісі де, жаққан опасы да, қолтығынан бұрқылдаған қымбат жұпары да, бейсауат уақытта мәлімсіз жүріс-тұрысы да ұнамайды. Ал, аузы сүйреңдеп, шашы дудыраған қайдағы бір күдікті келіншектермен шөп-шөп сүйіскенде, Дәрменнің құсқысы келеді. Қамзираның отбасының тіршілігінен қол үзуіне, «кухарка болып кеттім» деп бұрқылдауына, тамақ дүкеніне ылғи күйеуін жұмсауына осы күдікті келіншектер кінәлі сияқтанып елестейді. Немесе, ертеде, Қамзира неге бұлай емес еді? Дәрмен осылай қарай жүрерде қолайсыз бір оқиға болды. Адам айтса күлерлік. Бірақ айтпасқа тағы болмайды. Бүкпентайды білмейтін Дәрмен үшін күнәлі болу қиын ғой. ...Дәрмен Қасым Аманжоловтың «Оралым» дейтін өлеңіне ән шығарыпты. Ояна келсе, түсі. Ән көқірегінде сайрап тұр. Түнгі сағат үште Дәрменіңіз орнынан тұрып, домбыра шертсін. Әйелі жанжал шығарсын. Кінәсын мойындаған ақын домбырасын қолтықтап, кухняға тығылды. Түнгі салқында бабына келіп тұрған саңлақ домбыра күмбір-күмбір етті. Қамзира ішкі бөлмеден айқайлады: «Сені жын қаққан шығар!» – дейді. Даусы шәңк-шәңк етеді. Сөзі қандай тұрпайы. Қыз кезіндегі назды күлкі, дәмді сөз жоқ. Кәдімгі беті ашылған бетпақтай шабынып тұр. Дәрменнің жазықсыз, жат мінезін Қамзираның ұлан-асыр өсекке айналдырғаны екі-үш күннің ішінде мәлім болды. Нұсқабаевты парткомға шақырғанда, секретарь ананы-мынаны жақауратып отырып, ақынның неліктен жеті түнде домбыра тартатынын
сұраған. «Денсаулығыңыз қалай, дәрігерге көрінбейсіз бе?» – деп бір қалған еді. Дәрмен намыстан жарылып кете жаздады. Үйіне жеткенше ол: «Өзің сүйгенге үйленбе, өзіңді сүйгенге үйлен» деген мақалды қайталаумен болды. Сол бір көңілсіз жәйттер елегізген Дәрменнің көңіліне оралып, жолды ұзартып жібергеніне де біршама уақыт өтіп еді. Жолаушы жалпы өмір жайында ойланып келе жатты. Асылы, әрбір адамның өмірінде шырғалаңы көп романтика да, драма да жетіп жатады. Біз соған бойлай, байыптай білмейміз. Біреудің көкірегінде булыққан сезімді айнытпай айтып бере алмаймыз. Не асырып жібереміз, не кем түсіреміз. Екеуі де жалғандыққа әкеліп соғады. Біреулер әдебиетті сылдыраған бұлаққа теңейді, біреулер балбыраған баққа балайды. Асқар Алатаумен таластыратындар да толып жатыр. Өзен, теңіз, жайқалған егін, қойшы, – осының бәрі ішкі байланысы аз сыртқы көріністен туған. Дәрменнің өз басы әдебиетке төрт аяғы теңселген мінсіз теңеу таба алмаса да, осынау жалпылама әлпештеулерге иланбайды. Әдебиет сылдыраған бұлақ болса, белгілі ағыспен ағар еді. Балбыраған бақ болса, көктемде гүлдеп, күзде сидамданар еді. Асқар Алатау болса, аласарғанын, биіктегенін мың-мың жылдар сездірмес еді. Іс жүзінде олай емес қой. «Асылы, тамыры тайыз теңеулер қиялдың жалқаулығынан, ойдың қауқарсыздығынан пайда болған, – деп жорамалдайды Дәрмен. – Әр нәрсенің түсін тору оңай да, қалтарысын ақтару қиын. Шіркін, теңеудің маңызы мәнді, әсері мәңгі болсайшы! Қызы ұзатылған ауылды:
«Қалды ауыл, қараңғыға ай батқандай» деп бейнелеген қазақтың халық дастанында қаншалықты түбегейлі тапқырлық жатыр!» Бірақ осындай тапқырлықты тереңінен тани білу бір басқа да, өз жаныңнан жасай білу бір басқа ғой. Бұл жағынан келгенде, Дәрмен өзінің тым сыншылдығынан кейде күдік алады. «Осы менде интуиция аз боп жүрмесе игі еді?» – деп шошынады. Табиғаттың дарыны әр түрлі. Ал, ақылды, білімді адамдар тіптен көп. Жазушылықты «жаратылыстың жұмбағы» дегенде, Белинский нені меңзеген? Дәрмен қағида көшірген хатшы баладай, ортаң қолын босқа жауыр етіп жүрмесін?.. Нұсқабаев өзін әдебиетте көк шолағын қамшылаған қолы қысқа адамдай сезінеді. Осының себептерін іздестіргенде, жазғандарының бәрі әбі-тәбі екенін пайымдайды. Жалпақ жұртты шулататын бір дүниелік тудырмай тасы өрге домаламайтынын және сезеді. Ақын-жазушының бетін қауым алдында барлық шығармасы ашпайды. Бір-ақ шығармасы ашады. Даниэль Дефо екі жүз қырық тоғыз кітап жазған деседі. Бірақ «Робинзон Крузоға» дейін оны кім білген? «Ақын өліміне» шейін екі жүзден астам өлең жазған Лермонтовты кім таныған? Достоевскийдің «Бишараларға» шейінгі еңбегі қанша? Бальзактың атағын жайған кейінгі тарланбоз «Горио атайы» ма, жо, болмаса, ертедегі құба төбел «Шуандары» ма? Дәрменнің есіне Абайдың сөзі түседі. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп еді-ау. Сол Даниэль Дефоңыз да, Лермонтовыңыз да, Достоевскийіңіз де, Бальзагыңыз да аяғы аспаннан салбырап түспеген. Олар да сәби болған, бала болған; күлген, жылаған.
Бірақ олар мәдениетті ортада ерте оянып, ерте ұшқан. Табиғи дарынын далаға жібермеген. Нұсқабаевтың күндердің күнінде ол дүниеге бірге әкететін екі түрлі өкініші бар. Ол ерте талпынды, бірақ кеш оянды. Өлең жазғанның жөні осы деп алғашқыда термелеп, тақпақтап жүрді. Кейін көрінгенге таңырқап, жел сөзбен лепірді. «Өмірге мен ғашықпын!» деп көкірек қақты. Бірақ сол ғашықтығының шынайы сырын қарапайым тілмен суреттеп бере алмады. Сұлу сөйлесем жұртқа жақсы көрінемін деп ұққан ол өлеңнің әр жолын майыстыра мәнерлеп, сыңғырлаған ұйқас қуған шақтары да бар. Осының бәрі мәдениетті жұрттарда баяғыда болған балалық машық екенін бертін келе байқады. Бұл күндері Дәрмен өткен күннің олқылығын анық таниды. «Әдебиет – жас буынды тәрбиелеуде таптырмайтын құрал» деген тәрізді қауқарсыз қара сөзбен жазылған сонау бір қазақша оқулықтардың шалағайлығын да енді бес саусағындай салалап бере алады. Бірақ, не пайда, жастықтың ең қуатты, жалынды күндері білместіктің базарында өтті. Рас, Дәрмен әлі тұғырдан түсіп отырған жоқ. Абай өлеңді осы жаста бастаған. Ал, Гетенің ең қызу махаббат сазы алпыс жасынан кейін туған. Бірақ әркімнің табиғаты әр түрлі екені де хақ қой. Дәрменнің бір өкініші осы болса, екінші өкініші – жеке бастың игілігін құра білмеуінде. Алданғыш, аңқылдақ ақын қалтарысының тайыздығынан таяқ жегенін кейін аңғарған. Енді бақса, Дәрмен ішкі сұлулықтан сыртқы сұлулықты ажырата алмайтындай. Онысына толық айғақ әйелі. Пішіміне қызығып тар етік киген адамдай,
өмір сапарында Дәрменнің жүрісі өнбеуіне әсершіл жүректің үлкен кінәсы жатқан сияқты. Бұ да бір сәрі болар еді. Өз басының тіршілігіне ризалығы жоқ, жардан торыққан Дәрменнің көңілі, елі кеткен жайлаудай, құлазып қалған. Оның көкейінің жұпыны боп жүргеніне негізгі дерт емесіне кім кепіл? Өз жайын өзі ақылдың елегінен өткізген сайын елгезек бойы ауырлап, шікәмшіл көңілі жабырқау тартып барады. Басы мең-зең боп, шекесі шаққандай. Жалғыз жолаушы жабырқап, аспанға қарады. Бағанағы көлеңкелі ақша бұлттар таудың өркешіне, шоқтығына бөкебайдай оралып, көк-ала түске еніпті. Мыңжылқының басы мұнарлана бастапты. «Самолет аса алмай жүрмесе не қылсын?» Нұсқабаевтың байқауынша, ақша бұлт түсін өзгерткенмен ақ жауынға айнала алмайды. Үйреншікті тұғырына барып қонған қалпы. Көріністен көрініс туып, ойды ой қозғап дегендейін, Дәрменнің есіне шалғайдағы «Баянауыл» әні түсті. Бала кезінен етене әнді салмағанына да көп жылдың жүзі болыпты. Дәрмен ақырын бастап келе-келе бар даусымен шырқап жібергенін байқамай қалды. Астындағы лоқылдақ ала да желіккендей, құлағын қайшылады. Қасында мін тағар тірі пенде жоқ жолаушы еркін шырқап келеді. Даусының көркінен именбейді. Иісі аңқыған көкпек жусан, үрке қашқан бұлдырық, жауаржаумасы мәлімсіз сонау көк-ала бұлт ырза болсын, Қаратаудың шалқыған сағымы қыдырма желге ұласып, лебізімді Сарыарқаға жеткізсін дегендей, ерекше ілһаммен, нәзік нәшпен жырлап еді. Өз жанын өзі қажаған Дәрменнің тұла бойы шымырлап кетті.
Баянауыл басынан бұлт кетпес, Қиядағы түлкіге, дариға-ау, құсым жетпес-ай. Ақбоз үйдің тұсынан аттандырып, «Қош, ағатай! – дегенің, дариға-ау, естен кетпес-ай. Қай-қайдағы сағынышты қозғайтын мұңды наз, сыңсыған саз жалғыз жолаушының көңілін босатып, көзіне жас келтірді. Дәрмен ішкілік ішкен адамдай, ат үстінде теңселіп бара жатты. Астыңғы ернінде күрек тістің болмашы ізі қалғанын байқаған да жоқ. Әлемдегі ең қимас аяулысынан айрылғандай, ақынның іші әлемжәлем болған. Өзі қатты шөлдеп қалыпты. Осыдан кейін ол үнсіз-түнсіз ұзақ жүріп отырды. Тізесінің қарысқанын сезгенде аяғын үзеңгіден шығарып, салбыратып алады. Қырсау аланың ілбіген жүрісіне қарсы еместей. Бір кезде жолаушының қарсы алдынан қоңыр самал соқты. Самал ұшқан гүлдің, піскен жусанның исін аралас әкелді. Дәрмен ширағандай, аяғын үзеңгіге салып, атын тебінді. Есіне және де Абайдың өлеңі түсті. Көк-ала бұлт сөгіліп, Күн жауады кей шақта. Өне бойың егіліп, Жас ағады аулақта. Жауған күнмен жаңғырып, Жер көгеріп күш алар. Аққан жасқа қаңғырып, Бас ауырып, іш жанар.
«Шыншылдың бәрі данышпан емес, бірақ данышпанның бәрі шыншыл, –деп түйді Нұсқабаев. – Абай аулақта жылағанын жасырмайды. Біз жасырамыз. Неге жасырамыз? Біз басы жұмыр пенде емеспіз бе?» II Дәрмен көкірегіндегі запыранды жапан далада құсып тастағандай болды. Ішкі сарайы ашылып, тынысы кеңи бастағандай. «Тапшы талант тақырып таба алмайды, – деді ол. – Қырсау ала, сағымы шалқыған сонау Мойынқұм, басына бұлт айналған мынау Қаратау, – осының бәрі өлеңнің өзегі емес пе?» Жаңа ғана көңіліне мұң ұялатып, көзіне жас келтірген әнді тудырған Арқаның аяулы тауы турасында поэма жазуға болар еді. Бірақ Дәрмен Баян тауын көзбен көрген емес. Тарихын да шала біледі. «Осы Қаратау туралы неге жазбаймын? – дейді іштей. – Нағыз ұтықты тақырып!» Дәрменнің құлағында «Қаратау!», «Қаратау!» – деген сөздер шыңылдайды. Көпті көрген кәрі тау, тілін тапсаң, шежіредей сайрамақ. «Қаратау, жарықтық, жалпақ қазақтың ежелгі бесігі ғой, – дейді Дәрмен өзіне өзі. – «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламадан» басталатын аянышты ақуал кімге танық? Олжаға кәнігіп, қанға құныққан шетелдік басқыншылардан тоз-тоз болған қара жаяу қазақ талай рет осы жерді паналаған». Осындай өңірге этнографтардың ілуде бір ғана келетініне таң. Жанамалап қана көңіл қойған Дәрмен осы азғантай күннің беделінде талай нәрсені жадына түйіп алды. «Орманбет хан өліп, он сан ноғай
бөлінгенде» сонау Еділ, Жайық бойынан үркіп шыққан қыруар алшын, жалпақ тама ойыса-ойыса келіп, осы жаққа ірге тепкен. Бертіннің өзінде он екі болыс ел болған деседі. Бүгінгі даусы баршын тартқан, буындары сыртылдаған Сәруар шал – сол тамалардан. Қалың Қоңырат, сыңсыған ысты, сіргелі де ежелден осы өңірді мекендейді. Кенесарының жасауылдарынан жырылып қашқан Төре-Төлеңгіт, Арқадан ауған ділмәр Тарақты, – қойшы, не керек, кәрі таудың қойнауында тарихшылар үшін, сарқылмас сыр жатқандай. Осы таудың қойнауында Шыңғыс ханның зеңбіректі әскері жермен-жексен етіп жіберген ежелгі қалаларды Дәрмен біледі. Бұл күнде ертегіге айналған Құмкент, Саудакент артта қалды. Созақ шаһары алда. Ол Сейдіннен әрі күндік жер. Сол жақта аты шулы Баба-түкті Шашты-Әзіздің күмбездері қалып барады. Бертінге шейін қожа, молдаларға напақа болған ордалар осы. Оңтүстікте екінің бірі білетін «Сауда ишан» хиссасындағы Шолақ қала да алыс емес. «Діннің тіл жеткісіз сұмдықтарын дәл «Сауда ишандай» суреттеп жеткізе білген хисса жоқ шығар», – деп ойлайды Дәрмен. Осындайлық ежелгі ескерткіштер ойына оралған Нұсқабаевтың бірауық, діннің зардабын әшкерелейтін дастан жазып тастағысы да келеді. Мысалға Сәруар шалдың өзі де жетіп жатқандай. Бір кездегі сері – бүгін тақуа. Бірақ осының әлеуметтік астарын, психологиялық сырын қалай ашпаққа керек? Жұртты жалықтырмайтын желі қандай болмақ? Талқы таразысына түсетін күштер қандайлық? Нұсқабаевтың есіне Энгельстің белгілі бір сөзі түседі. Орта ғасырлардағы қанды жорықтың бәрі саяси мақсаттан туып, діни уағызбен жөргектелген демеп пе
еді? Ендеше діннің сұмдығын даттаумен жазушының жұмысы тынбайды. Иерусалимның жазықсыз халқын қойдай бауыздаған жасақты рыцарьларға қарғыс жаудыру оңай. Қанішерлердің алпыс екі тамырына тараған уды ажырата білу қиын. Бұған зерек емшілік керек. Тұла бойға шапшыған ыстық қанды лүпілден танитын тамыршыдай, табиғи сезімталдық керек. Дәрмен дәм-тұзын татқан осынау алшақ аймақты жазсын. Кәріқұлақтардан естігенін пайдалансын, қиырсыз ертегі-аңыздарды еске түсірсін, Қаратау хикаясын қойқаптан бастап қозғасын. Сонда сонау Баба-түкті Шашты-Әзіз, бертіндегі Шолақ қала тұсынан бергі сапырылысқан сансыз ұрпақ өкілдерінің жан жүйесі, жүрек лүпілі, бүкіл бейнесі табиғи қалпымен, тосын, таңсық нәшімен оқушының көкейіне қонар ма? Сезімнің жалпы адамзатқа тән құбылысы, сыр-сипаты қандай болмақ?.. Дәрмен әдебиетте не иіс алмас надан, не алдына жан салмас майталман болмағанына өкінеді. Білмей жазған білмегендіктен өндіреді. Біліп жазған – білгендіктен өндіреді. Дүниеде әрі-сәрілік жаман. Шідермен текіректегендей, кібіртік күнді итке бермесін... Осылайша әрі-сәрі шәркез күйде келе жатқанда бағана ажырасқан даңғыл жолға қайта кезікті. Жол қалың шиді жарып өтеді екен. Дәрмен шамалы аяңдап отырып, жол айрығында бұрқылдап қайнап жатқан бұлақ басына түсті. Шөлейттегі су қадірін шілдеде жол жүрген кісі біледі. Жолаушы жалма-жан аттан түсіп, бұлаққа бас қойды. Ол суға еңкейгенде екі тізерлігі де балшық боп қалған екен. Шөлі қанғанда байқады да, шалбарын бір түп шидің үстіне жайды. Белі қынамалы спорттық сұр бешбентін де шешіп, бұлақ жағалап өскен көгалға
аунады. Ойқай, дүние-ай, Дәрменнің дәл осылайша дарқан далаға еркелемегеніне қанша заман?! Дәрменнің дүниеде ең қатты қорқатыны жылан еді. Аңдаусызда иреңдеп шыға келе ме деп үрейленген ол аздап терлеген атының ер-тоқымын қасына әкеп қойды. Жылқы терінің исі шыққан жерге жыланның жоламайтынын білетін де. Әрі көлігін де шалдырып алмақ. Дәрмен ер-тоқымды жастанып, шалқасынан жатты. Көзі аспанда. Бір кезде қара бауыр бұлдырық үйірімен ұшып келді де, кісіден қаймығып, ойыстай берді. «Қонамын десең, жануар, Міне майдан, міне саз!» – деді Дәрмен Төлегеннің сөзімен. Дәрмен бала кезінде мергендерге көп ілескен. Өзі де сілтегенін жібермейтін атқыш боп өсті. Бірақ бұл күнде ұлғайды ма, ой кірді ме, әлде басқа нәрседен қамкөңіл болды ма, әйтеуір, жазықсыз құсқа, жазықсыз аңға көз тіге алмайды. Жаны ашиды. Вездеходпен киік қуғандарды газетке жазғаны да бар. Тау мен құмның арасындағы осынау ойпаңдар бір заманда жыныс ағаш болғанда, қол тимеген орманда қаншама әнші құстар сайрады десеңізші! Содан қалғаны құрылдаған бұлдырық болса, оны ақын неге үркітсін? III Шақырайған күнге біресе кеудесін, біресе арқасын тосып, рақаттанған ақынның көз алдына Қара теңіздің жағалаулары елестеді. Жартылай жалаңаш қызыл-шақа тәндер өстіп «тотығушы» еді-ау! Сондағы күн – осы
күн. Тек, теңіз жоқ. Бірақ ақын үшін түздің өзі теңізге бергісіз. Жүзе бер! Сайрандай бер! Дәрмен кешкі самолетке ілікпек екенін де ұмытқандай. Аптап өткенде бұлақтың суын қос қолдап үстіне шашып, салқындап алады. Осылайша ол недәуір аялдады. Шай қайнатым, немесе ет асым уақыт деуге болар еді. Бірақ бұны батырдың өзі байқамаған соң біз қайдан анықтайық. Оның үстіне, әркім шайды әр түрлі қайнатып, етті әр түрлі асатыны және бар. Біреулер бұрқылдатады, біреулер сақылдатады, енді біреулер – шым-шымдап шымырлатып, діңкеңді құртады. Не де болса, жапан түзге жарасым берген жалғыз бұлақтың басында жолаушының қанша кідіргені өлшеулі емес. Тек оның бір мезетте машинаның боларболмас «гүк» деген даусын естуі анық. Дәрмен жалт қарағанда, әнеугі күнгі Мойынқұмға кететін кісілер үсті-басы шаң-шаң болған вездеходтан жамырай күлісе түсіп жатқан. Сасып қалған Дәрмен апыл-құпыл киініп, кісілердің алдынан шыққанда: – Ау, бұныңыз қалай? – деді партия ұйымының хатшысы. – Біз оралғанша аунап-қунап жата тұрсаңыз етті, – деді совхоздың директоры. Дәрмен өзінің жағдайын түсіндірген болды. Қожайындар мен қонақ және де біраз ырғасты. Ақырында, хатшы зілденіп: – Сіздің Сәруар сопыға зиярат ете келуіңіздің өзі қате. Жоспарды жүз он процент орындап отырған совхоздың қойшыларын, жо, болмаса, маман директорын неге көрмейсіз? Домбыра тыңдағаннан басқа, кәне, не бітіріп қайттыңыз? – деген.
Дәрменнің алғашқыда кімнің сөзіне болса да иланып қалатын мінезі бар. Бұл жолы да солай болды. Әрі шымыр хатшының мысы басып кеткендей де еді. Не де болса, ақын орнықты уәж қайтара алмай, жеңілгенін танытып қойды. Совхоз басшылары жөнеліп кетті: жұртта жалғыз қалған жолаушы сұмдық елегзіді. Ол атын ерттеп жатып: – Соншама абдырап, мені не қара басты? – деді өзіне өзі. – Қойшы жазғанды жарылқар болсаңдар, пәлен өлеңімді, түген очеркімді оқыңдар деп неге айтпадым? «Жаманның ақылы түстен кейін келеді» деген осы. Енді олар «Ақынның әкесін таныттық» деп кеңкілдеп, күліп бара жатыр-ау. Қап!.. Жолаушы кешкі самолетке ілікпек боп, қырсау аланы лоқылдата желдіртті. ҮШІНШІ ТАРАУ I Биылғы күз құбылмалы. Шуақ күн шұғыл бұзылып, сұрлана қалады. Тұмансыз қырбық қар түссе, арты желдетіп, қара суық соғып, әлі жылы киім киіне қоймаған сырбаз қала жұртын бүрсең қақтырып тұрған шақ. Тымауратушылар тіптен көп. Балдырған кезінде ақша қарда жалаң аяқ жүгірген Дәрмен, әкесінен шикі өкпе жетім қалып, қаңғырма өмір көп кешкен жалғызілікті ақын суыққа оңайлықпен бой алдырмаушы еді. Бірақ жақында «Қайраттың» соңғы ойынын көруге қоңылтақ киіммен барып, ертеңіне бойының бейсалдығын байқады. Оның ертеңіне кәдімгі
келте сүзекше шекесі шағып, мұрны бырқылдап, төсек тартып жатып қалды. Осы кезде домбырашы, қобызшы, сырнайшы, сыбызғышылардың республикалық тоғысуы басталғалы жатқан. Қырсыққа қарай, Дәрмен соны көзімен көре алмайтын болды. Грипке бақылау қатты-ақ. Осының алдында «шет елден белгісіз біреу сүзек тарата келіпті-міс» деген қауесет тараған. Алып-қашпа сөзге әуестер бірден-бірге таратып әкеткенде, Дәрмен басын шайқап күлген. Енді өзі мұрттай ұшқанда, Қамзира шоқ-шоқ деп табалағандай болды. Дәрмен: «Менікі – соқпалы кесел. Осыдан кейін, келесі күзге шейін маған тымау жоламайды» десе де келіншегі қоймай дәрігер шақыртты. Дәрігер – дәл Қамзираша солқылдаған, көрікті, сұңғақ қыз екен. Әттең, кескінін аузы-мұрнына жапқан шомыт дәкесі бұзып тұр. Дәрігер Дәрменнің қолтығына градусник салды да, «Аурудың тарихы» деген маңдайша жазуы бар сары жолақ қағазға сыр аттың жасын, аты-жөнін кәсібін жазып жатып: – «Сәруар шал туралы балладаның» авторы сіз емес пе? – деді. Дәрмен күмілжіп, өзіне сұрақ қойды: – Сізге ұнады ма? – Ұнамаған нәрсе ұмыт болады. Үш айдан бері жадымда... – Я очень рад! – деді Дәрмен. – Радоваться хорошо, но грустить лучше, – деді қыз орысшылап. Дәрмен оқыстан ұят жасағандай, қысылды. Маңдайынан тер де шыққан. Жазда, Сейдінге барып қайтқан сапарында, қазақ-
тың күйші шалы туралы баллада жазған. Сәруардың баяғыда Сейтекпен ұшырасқан талапты жастық шағы мен шөгіп қалған бүгінгі қалпын ойып алып суреттеген еді. Сыншылар: «Жақсы екен, әттең, Ілияс Жансүгіровтің «Күйшісіне» ұқсап кететін жолдары болмаса!» – дескен. Үлкен ақынға еріксіз еліктегенін Дәрменнің өзі осыдан кейін барып қана аңғарған. Дәрігер қыз орысшылап: «Қуанған жақсы ғой, бірақ қайғыра білгенге не жетсін!» дегенде, ақынның қысылуы сондықтан. Дәрменнің қатты ұялғанын таныған сұңғыла қыз абайсыз әзілдің зілін жуып-шаймақ боп: – Ағай, қай-қайдағы күй сарынын суреттей бергенше, махаббатты неге жырламайсыз? – деді. – Оған олақ едім, – деп Дәрмен ағынан жарылды. Қыз шек-сілесі қатқанша күлді. – Как тебе не стыдно, – деді Қамзира қара пианиноның тозаңын сүртіп жатып. – Маған шығарған өлеңіңді оқып бермейсің бе, ең болмаса. Дәрмен үшін дәрігер жауап қатты: – О, ол өлеңді білемін. Студентка кезімде оқығамды. Құрбылар өзара сырласқанда: «Осындай қыздың да арманы бар ма екен?!» десуші едік. Жауап Қамзираға жақпағандай. Ол күлімсірегенсіп: – Өлең қыздарға ұнағанымен, өз әріптестеріне ұнамайды. Біздің Дәрмен осы күні тіптен нервный болып кетті, – деп бір қойды. Дәрігер сырқаттың қасына отырды. Бүктемелі су жаңа диванның ернеуі сықырлады. «Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?» деген осы» деді Дәрмен ішінен. Шыңдалған шымыр денсаулыққа қызыға қарап қалыпты. Сырқаттың қолтығынан градусникті аларда дәрігер қыз шұғыл ойысып кетіп еді, Дәрменнің мұрнына иодтың исі шалынды. «Айыға бастаған екенмін» деп
топшылады ол. – Үш күннен кейін жұмысқа шығуыңызға болады, – деді дәрігер градусникті сілкіп жатып. Қыз кетуге оқталғанда Дәрмен еңсесін көтерді. – «Қуыс үйден құрауыз шықпа» деген, Қамзираш... – Екеуіміздің де мұрнымыз таңулы, – деп Қамзира сықылықтады. Дәрігер қыз келіншектің мезіретіне болмай, құрауыз шықты. Есіктен бір қырын шығып бара жатып артына жалт етіп көз тастай кетті. II Дәрменнің құлағы радиоқабылдағышта. Филармонияда өтіп жатқан өнерпаздар жарысының қызған кезі. Залдағы у-шу, некен-саяқ одағай үндер анық естіледі. Домбырашы, қобызшы, сырнайшы, сыбызғышылардың республикалық тоғысуы кеше басталған. Ертең аяқталмақшы. Тоғысудың ашылысына Дәрмен радиодан қанармын деп ойлаған еді. Бірақ кеше кешке Тбилисиде қызықты футбол боп, соны тыңдап қалды. Әуесқойлықтың кесірі қатты тигенін ертеңіне аңғарған. Олай дейтін себебіміз, диван үстінде таңертең бүгінгі газеттерге көз жүгірткенде осы жиынға шалғайдағы Сейдіннен Сәруар шалдың келгенін білді. «Қаратаудың тарланы күй тыңдаған көпшіліктің құлақ құршын қандырды», – деп жазыпты тілші. Бүгінгі кеш бойында Нұсқабаевтың радиоға үздіксіз құлақ тосып отыруында осындай гәп бар еді. Бірақ, өкінішке қарай, ол күткен күйші көпке дейін сахнаға шықпады. Дәрмен осыдан екі аптадай бұрын Сәрсеннен хат
алған. Әкесінің Алматыға жүрмек боп қамданып жатқанын хабарлаған. Сәрсен Дәрменнің өлеңі сейіндіктердің арасында көш-құлаш аңыз тудырғанын, шалдың көңілі босап жылағанын тәптештеп жазыпты. Сәрсеннің айтуына қарағанда, Алматыға барса күйлерінің пластинкаға түсетінін естіген Сәруар ай бойы домбыра шертіп, қутыңдап жасарып кеткен сияқты. Бірақ осының өзінде көктемдей құбылмалы күйшінің қашық қалаға келер-келмесі Дәрмен үшін қараңғы болатын. Бүгінгі газет хабарынан кейін ол Сәрсеннің хатына толық иланды. Бұл иланым сенімсіз көңілге уаныш, қуаныш әкелгендей болды. Шалдың жылағаны рас болса, ақын басқан перненің әсерлілігі де айқын. Дәрмен, тек шалдың осылай шығарда не себепті телеграмма бермегеніне түсіне алмайды. Мүмкін, әурелегісі келмеген шығар. Әлде, жазда елтірілерді орта жолдан қайырып жібергеніне өкпелеп қалды ма, кім білсін? Осылайша жартымсыз жорамалдарға малтыған Дәрменнің құлағы радиода болғанмен көңілі әр жаққа алып-қашып, филармонияда тартылған әр алуан музыка әуенінен пәлендей әсер ала алмаған. Кәдімгі кербез домбыра шертіліп жатыр. Сыңсыған сыбызғы, сазды сырнай, сарнаған қобыз үні. Орындаушылардың кім екені де Дәрменге танық. Залдағы жұрт бәріне де ілтипат көрсетіп, қол шапалақтап қояды. Бірақ қайталап шақырып жатқандары некен-саяқ қана. Оның өзі де – бұл күнде таңсық дүниеге айналып бара жатқан сыбызғышы, қобызшылар. Қобыздың қоңыр сарыны, талмаураған сыбызғының сыңсуы неше ықылым ескі жәйтті тірілткендей. Қызыл тілге жұбанбаған қаралы үйді жұбата білген осы қобыз. «Ой-бауырымның» орнына шалғайдан сыңсып
келіп табысатын да осы сыбызғы! Екеуінде де жүрек қылын шертетін сиқыр күш бар. Екеуі де қысқа өмірдің кейінгіге қалған жалғасындай, мұңмен жұбатады, арманмен тербетеді. Қобызға, сыбызғыға байланысты неше түрлі тарихты, ертегі-аңызға айналған шырқау шындықты еске алып, өзімен өзі боп кеткен Дәрменнің құлағына бір мезетте таныс есім шалынды. Конферансье әйел күмістей сыңғырлаған таза, ашық үнмен: – Сахнаға Сейдіннен келген домбырашы Сәруар Үдербаев шығады, – деген. Осы-ақ мұң екен, залдағы жұртқа қобалжу кіріп, у-шу молая бастады. Дүбір көбейді. Дәрмен телевизор орнатпағанына бірінші рет өкінді. Бар ақшасын қымбат пианиноға жұмсап, қысқа жіптің күрмеуге келмей жүрген шағы еді. Амалсыз, радионы қанағат етіп, жіті тыңдап қалды. Дәрмен көңілдің дүрбісімен көріп жатыр. Сәруар қолы қалтылдап, баяғыдан қалған ұзын қара домбырасын толғай бастады. Тіп-тік науша шал салмақпен отырғанда, қағілез орындық сықырлады. Осы кезде залдан: – «Заман-ай», «Заман-ай!» – деген дауыстар шулап кетті. Дәрмен сырттай-ақ бәрін ұғынып жатыр: Сәруар кеше Сейтектің «Заман-айын» тартқан болды. Күй көпшілікке ұнап қалған. Мына дүбір, мына шу соның белгісі. Күйші көпшіліктің меселін қайтарғысы келмеді ме, жоқ, әлде өзінің сонау Сейдіннен баптап әкелгені осы ма, әйтеуір, бірден «Заман-айды» шерте бастады. Нұсқабаев қайран қалды. Шалдың шертісі мүлдем бөлек. Құлаққа қонымды, көкейге оралымды қоңыр
үндер күмбірлеп шыға бастады. Күйдің жиі-жиі оралатын қайырмасы булығып, қамкөңіл адамның даусындай аянышты әсер туғызды. Сірә, шалдың саусағы кенедей жабысып қалған болуға керек, пернелер сыңсып, астыүсті қатар боздап, дәмді әуендер дүмбірлеп кетті. Дүниеден торыққан, дәмеленген, ашынған жанның ішкі сыры бейнелі тілде мұң шақты. Қанша заман өтсе де, кейінгі ұрпақтар тілмәшсіз түсінетін шыншыл мұң еді, бұл. Дәрмен елтіп, белгісіз іңкәрлікке талпына берді. Нұсқабаев енді байқағандай. Оның домбыра шертісі тым бертіндегі шоқырақ екен. Кейбіреулерше алаңғасар, тасыр-тұсыр немесе тызалаңдаған ұшқары дыбыс шығармағанға мәз боп келіпті. Ал, Сейтектің «Заманайын» мүлдем түсінбепті. Сәруардың орындауы бөлек. Тіптен шырқау жатыр. Дәрмен жазда Сәрсеннің шілдеханасында осы күйді тартқанда Сәруар білмегенсіп еді. Қолқалап үш рет қайта тартқызғанда ұмытып қалғаны анық сияқты да еді. Әлде білмегенсіп, ішіне қулық сақтады ма екен? Не де болса кәрібоз күйшінің бүгінгі қимылына Нұсқабаев әрі риза, әрі таң. Сәруар күйін аяқтағанша Нұсқабаев осылайша әр неше жәйдің басын шолып өтті. Ұзақ күй үзілгенде, тыңдаушылар бұрынғыдан да бетер дуылдап, залды жаңғыртып жібергендей болды. Дәрмен бағып жатыр. Шал сахнадан тайған тәрізді. Бірақ жаңғырық, дуыл әлі басылған жоқ. Ара-кідік айқай-ұйқай да шығады. Шал сахнаға қайта шыққанда, нендей қылық көрсеткені белгісіз, жұрт жапырыла қыран-топан күлді. Жастар «бис!» деп ысқырып, шыдамсыз тентектері еден тепкіледі. Содан арғысы Дәрменге қараңғы. Уақыт тар болды
ма, кім білсін, домбырашы қайтып күй тартпады. Бірақ бір күйдің өзімен жалпақ жұртты жусатып кетті. Дәрмен түні бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмай шықты. Ойына Сейтек орала берген. О баста көзі тірі күйші туралы шығарма жазамын деп әуреленгенде Сәруардан жартымды еш нәрсе өндіре алмай, бар болғаны бір балладамен тынып еді. Оның өзі де Ілияс Жансүгіровке еліктеу боп шыққан. Енді бақса сәтсіздіктің тамыры тереңде тәрізді. Сәруар – өз жанынан күй шығарушы емес, өзгенікін жаттаушы ғана екен. Олай болса, Сейтектің көлеңкесінде күн көруші жалғыз Сәруар ғана ма? Көп қой. Бұның сыры неде? Дәрмен осының жайын ойланды. Таңертең ол ерте тұрған. Айнаның алдында қырынып жатқанда өз түрпетінен өзі шошыды. Азу тістен айрылғандай, ұрты салпиып, жақ сүйегі суала бастаған. Қабағы тым салқын. Қысық көздің азғантай аласын қан жуып кетіпті. Күн жексенбі еді. Бұндай күндері Қамзира төсектен түске жармаса тұрады. Дәрмен шай қайнатты. Шайнек сақылдай бастағанда темір құтыдағы шайдың жарты шөкім ғана қалғанын аңғарды. Сүт жоқ. Тамақ та тапшы сияқты. Тымау-сымаудың қаупі өткенін анық сезген Дәрмен дүкенге бармаққа оқталғанда, ояу жатқан Қамзира бажылдады. – Қайталап ауырып қаласың. Түске шейін шыда деймін. «Кәпірдің даусы қандай ащы еді. Ертеде не ғып аңғармағанмын?» – деді Дәрмен іштен тынып. Көнбіс ақын стол жанына отырды. Дені сауыққан. Бірақ көңілінде алаңдық бар. Жазу жазайын десе, қолы жүрмейді; кітап оқиын десе, көзі жүрмейді. Сазарып отырып-отырып, ақырында домбыраны ермек етті.
Әуелі Құрманғазының «Алатауын», одан кейін Тәттімбеттің «Көкейкестісін» тартқан. Екеуі де сайсүйегіңді сырқырататын сиқырлы сарын. Қайталап тартып отырып, бір мезетте Сейтектің «Заман-айына» көшіп кетті. Бұныкі, әрине, кешегі Сәруар шертісінің ширегіне келмейді. Бірақ ермекке жетіп жатыр. Тыңдаушы жоқ болғандықтан асып-саспай, кысылып-қымтырылмай, ұзақтан қайырып еді, құлағы күйде болғанымен көңілі күйді шығарушыға ауып, Сейтектің шырғалаңға толы өмірі көз алдына елестей берді. «Баяғыдан бері жазатыным Сейтек екен ғой!» деген ой келді оған. Ваннаға шомылғанда ернеуінен асып төгілген судан физикалық жаңа заң шығарған Архимедше, Дәрмен: – Таптым, таптым! – деп алақанын сартылдатты. – Сені жын қаққан шығар! – деп Қамзира үдірейе қарады. Дәрмен әйеліне жауап қайырған жоқ. Бұрауын босатып, домбыраны құндағына салды да, столға шүңілді. Қолында қарындаш, алдында сонардай ақ қағаз. Ашаң ақын сұрау белгісіндей иіліп отырып қалды...
АҚБОЗ АТ Роман Сен бе едің ертеменен қозы ағытқан, Мен едім ақбоз атпен орағытқан Халық өлеңі. I бөлім БІРІНШІ ТАРАУ I – Осы қаладан шибарқыт табылмай ма, қарағым?! Жиналыстан шыққан бетте Нұршаның аузынан шық-қан сөз осы. Елеусіз бұған таңбады. Сонау Қаратаудың теріскейінен келген қыр қазағының базарлыққа не іздері астаналық журналистке түсінікті. Ол екіұшты етіп: – Қайдам, іздестіріп көрейік, – деді. Олар Абай проспектісі мен көк
базардың арасын жаяу кезіп шықты. Басына көнетоз құндыз бөрік киген қызыл шырайлы, дөңгелек жүзді Нұрша терлеп, самайы айғызданды. Шибарқыт ұшпайды! Батыс елдерінде мүлік қаптауға жұмсалатын құнсыз матаның жібі жерге тимеуіне Елеусіз аң-таң боп келеді. – Отағасы, шибарқыты түскірің табылмады ғой. Қайтсақ қайтеді? – деген Елеусіз. Нұрша дағдарды: – Бір табылса, кемасия магазинінен табылады деп еді біздің ауылда Шынар дейтін бір білгіш қыз. Сонысына бір кіріп шығайық. Сосын қайтсақ қайтармыз. Шынар! Елеусіздің тұла бойы шымырлады. Айтпақшы, Шынардың ауылы Қаратаудың теріскейінде еді ғой. Соның дәл өзі болмасын! Елеусіз орағытып сұрай бастады. – Шынарыңыз кім, отағасы? – Біздің елде механиктің қызы. Мәскеуде оқу тауысқан өнерпаз! «Мәскеуде оқу тауысқан» дегенде Елеусіздің күдігі қалмады. Қаратаудан Мәскеуге қай қыз бара берер?! – Фамилиясы Есболова емес пе? – Ия, оны қайдан білуші едің? Елеусіз Шынар Есболовамен Москвада таныс болғанын, өзі мұнда қызметке келгелі бері көріспегенін бейтарап адамсып-ақ айтып шықты. Қаратаудың сөз бағып қалған әккісі: – Сұраса-сұраса келе қарын бөле шығады деген осы, шырақ. Шынарды білсең, бізге де бөтен бала болмағаның! – деп, үлкен нәркес көзін төңкере қарап қойды. Малшылардың республикалық кеңесіне шалғайдан келген Нұрша Керімбердиев облыс делегациясымен бірге бүгін қайтпақшы еді. Жиналыс үстіндегі әңгімеге
жарымаған Елеусіз Досов көшеде өткен уақытына ренжіп келе жатқанда күтпеген хабарға душар болды. Осыдан кейін ол күн ұзаққа Нұршаның қасында болып, кешінде поезға шығарып салды. Бүйірі қыза келе бірінші Алматыдан екінші Алматыға шейін барды. Қоштасарда: – Нұреке, очерк шыққан кезде газетін өзіңізге жіберемін! – деді. Ол кете бергенде, делегацияның басшысы: – Мынау инелігің кім? – деп сұрады. Нұрша Елеусіз естіп қалды ма деп қыбыжықтады. * Асқар-шақар таудың арасында таспадай тілінген жіңішке жолмен кішкентай поезд жүйткіп келеді. Батып бара жатқан күн селдіреген бұлттардың арасымен сары доптай зырылдап, әр заңғарға бір жасырынып шығады. Елеусіз Досов жер бетімен жүргенді жақсы көреді. Ал жолдасы Қараш Беков ылғи аспандап ұшқанды ұнатады. Кеше: «Шабан поезбен жүйке құртқанша, ертеңгі самолетті тосайық» деген. Елеусіз: «Оған шейін осының өзімен де барып қалармыз» деп көнбеді. Елеусіз Досов – республикалық газеттің қызметкері де, Қараш Беков – кинооператор. Екеуі мойны қашық бір ауданға командировкаға келе жатыр. Қызмет бабынан екеуінің ниеті бір болса да, жеке бастың тіршіліктүйтпегінен ішке түйгендері әр түрлі. Ең алдымен, Қараш мойны қашық ауданда тұратын сырқат апасының көңілін сұрап қайтпақ. Ал біздің Елеусіз... Ғафу етерсіздер, «біздің» дейтін себебіміз, біздің де жұрт қатарлы іштартарымыз бар. Жіпсіз байланысып,
жіксіз жымдасқан дос-жаранымыз бар. Елеусіз солардың бірі де бірегейі еді. Осылай болғандықтан, ол турасында кейінірек кеңес шертуді лайық көреміз. Бұл арада, ұмытып қаларлық жәйттер жария болсын дейміз. Қараштың жақын туысқандары Бұхар облысында тұратынын Елеусіз білетін де. Отызыншы жылдары әлде бір себептермен сонда өтіп кетіпті де орын теуіп қалып қойыпты. Қараш қолы тиген жылдары сол жаққа аракідік бара жүрсе де, өзінің кір жуып, кіндік кескен жері Қызылкен атты көлге бір рет те соға алмаған. Туған апасы Кәмиламен дидар көріспегеніне де отыз жылдың жүзі толыпты. Қазір Қараш Қазақстанның жағрапиялық картасына жарты тамшы нілдей боп түскен көлге жол тартып келе жатыр. Тіршіліктің ығыты осылай келген соң, сағынышты апасы өкпе-назын кешеді-дағы. Расында да, ештен кеш жақсы ғой... Елеусіз болса, Қарашпен бірге бара жатқанына шексіз қуанышты. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп демекші, сырлас жолдастың ергенін сапардың жақсы нышанына жориды. Тегі журналистің қызметі қызық қой. Дүниеде нендей жаңалық боп қалды деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, елеңдеп жүргені. Кейде, үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін нәрсенің үстінен шығатының бар. Әйтпесе осы сапарда отыз жыл ұйықтап оянған адамға душар болам деп Елеусіз ойлаған ба? Бір атқа бола жалғыз қызын шырылдатып, сүймеген адамына зорлап қосқан қатыгез әкені, махаббат дастанының көзі тірі кейіпкерін, күллі ел көшіп кеткен сары жұртта тапжылмай жалғыз қалып қойған қыңыр кісіні көремін, есітемін деп те болжаған емес-ті. Жермен жүрген аяққа жөргем ілінетінін Елеусіз осы жолында анық байқады. Бірақ оқиғаны өз ретімен баяндамасақ, Елеусізге
қиянат жасаймыз. Сенімнің көзіне шөп салар жайымыз жоқ. Қиыстыру, құрастыру бұл жерге жүрмейді. Сонымен, Елеусіз Досов пен Қараш Беков селкілдек поезбен түні бойы жүріп, ертеңіне ұлы сәскеде Қаратаудың қалың ортасындағы бір кенге келіп түсті. Үлкен саймен қоймалжың сары өзен ағып жатыр. Руданың иісі сезіледі. Қараш мұрнын шүйіріп түшкіріп қойды. Бұлар келе-ақ іздестіріп еді, мойны қашық ауданның «Бозтөбе» совхозына қатынайтын машина таң салқынымен кетіп қалғанын есітті. Сейдін ауданының орталығы «Бозтөбенің» арғы жағында талай жер болғандықтан біздің жігіттер сапарды совхоздың өзінен бастамақ болған. Енді ел шетіне іліге алмай, діңкесі құрып тұр. Қараштың өткен іске өкінбейтін мінезі бар. Елеусіздің ұнжырғасы түсіп кеткенін көріп: – Крепись казах, атаманом будешь! – деп, иығынан сілкіп қойды. «Қазақ» деудің орнына «казах» деуі әзілін ойнақты ете түсіп еді, Елеусіз еріксіз езу тартып күлді. Жолдастың тапқыры жақсы ғой, шіркін... Жолаушылар көшені біраз аралап, қыр басында құжынаған базарға барды. Күн қызып кетті. Бешпентінің желке бауынан ұстап, иығына асып алған Қарашқа жұрттың бәрі тосырқай қарайды. Басындағы бауы қызыл береті де, көзіндегі мүйізді, қара көзілдірігі де ерсі көрінетін сияқты. Қараштар қымыз ішпек болды. Қымыз сатушы әйелдер: «Мынаны көр, мынаны көр!» деп шулап жатыр. Олар қымыз ішіп тұрғанда ақ сақалды, бурыл қасты, күн қаңсыған тосын шал кеп жөн сұрады. Қараш өзінің жөн-жапсарын айта бастағанда, шал: – Бәсе, өзім де түсіңді шырамытып ем. Әкеңе
ұқсапсың. Дауысың да айнымайды, – деді. Жігіттер қариямен танысты. Есімі – Біркімбай. «Бозтөбе» совхозының үшінші фермасынан келіпті. Ауылы жонда. Осында, онжылдық мектепте немере қызы оқиды екен. Соны көріп қайтуға келген. Басқа да кәкір-шүкір шаруалары бар секілді. Біркімбай қария Кәмиланы да біледі екен. – Қызылкенде емес, совхоздың орталығында отыр. Баяғыдан жіңішке кеселі бар еді ғой. Биыл дімкәстігі меңдеп бара жатқан соң, совхоздан сауындық бие берген. Соның саумалын ішіп, әлсін-әлсін бері қарапты деп есіттім, – деген. Қараштың көңілі жарым боп, уайым кіре бастағандай. Ол сабырсызданып, ылауды қалай табуға боларын сұрап еді. Біркімбай: – Бір көлікті мен беремін. Екіншің осындағы «Ат қорасынан» ылау сұрап алыңдар. Қызмет бабындағылар алып жүр ғой, – деді. Көп ұзамай, Елеусіз куәлігін көрсетіп, «Ат қорасынан» ат жалдап алды. Біркімбай «Ат қорасынан» үлкен ала атты жетектеп шығып, жігіттерді немере қызы оқып жатқан үйге ертіп апарды. Бұлар таудың төскейіне текпіш-текпіш салынған байыту фабрикасының қасындағы барактың ұзын коридорымен жүріп отырып, үлкен бір бөлмеге кірді. Бөлменің өзін шымылдықпен бөліп қойыпты. Есік жақта жұмыс киімдері саудырап ілулі тұр. Руданың, карбидтың иісі аңқып кетті.Қараш мұрнын шүйірді. – Иіс майы бұрқылдаған бұ қайсың әй? – деді шымылдықтың тасасынан әйел дауысы. Біркімбай дыбыс беріп, қақырынды. «Шымылдықтың тасасынан шыға келген кексе әйел: «Бетім!» деп
тартынып қалды да, жас қыз қысылмай күлді. Қараш жатық иілді. Қыз қол беріп жатып, «Шолпан» деп есімін де атап үлгірді. Үй иесі әйел тұйық адам екен. Ернінің ұшымен ғана амандасып, ойысып қалды. Есімі Қарлығаш екенін қонақтар кейін білді. Бірекең қояр да қоймастан, қазан көтерттірді.Тысқа шығып кеткен Қараш қағазға орап ішімдіктер алып келді. Хозяйканы ішінен аяп отырған Елеусіз серігінің тапқырлығына риза болды. Бірекеңнің де оң қабағы жымың ете қалған. Шолпан жас та болса ас қамын көбінесе өзі жасап жүр. Олай-былай өткенде таңсық қонаққа жалт етіп көз тастап өтеді. Киімі жобалқы, өзі ілмиген, еңкіш Елеусізге назар салар емес. Шыны керек қой, сол сәтте Елеусіз шалымды серігінен солқылдаған жас қызды қызғанып еді. Сол қызғанышын әдейі өршіте түсейін дегендей, Қараш та текке отырмай, реті келсе-ақ қызға көмектесіп оралымдылығын, кішіпейілділігін танытып жатыр. Ет-жүрегі елжіреп бара жатқандай, рабайсыз омырылып, көзімен қымқырып, тымсырайып отыр. Бұны Қараш сезсе де сезбегенсіп, өз қызығымен өзі. Шарап үстінде ғана Қараш жолдасына ілтипат көрсетіп, осы үйдің ішімен бірге суретке түсіріп алды. Астан желік байлаған жігіттер күн еңкейіп таудан асқанда атқа қонды. Елеусіз бағанағы алаға мінген. Бірекең совхоздан мініп келген алқаракөк маңғыл қасқасын Қарашқа беріп, өзі осындағы біреудің ақ есегін сұрап алды. Қыр қазағының ізетшілдігі... Сыйлы жолаушылар қайтарда соғатын боп, жеңгейге де, қарындасқа да көп-көп рақмет жаудырып, қайтақайта бас шұлғып, қимай қоштасты. – Мүмкін, тойға мен де үлгіріп қалармын, – дейді Шолпан.
– Нұр үстіне нұр, – дейді Қараш жымия қарап. Қараштың қуанышы қойнына сыймай келеді. Фотоаппараты мен кинокамерасын мойнына асып ап, қаракөк аттың үстінде қодилана түседі. Жарау ат астында тұрмай, ойнақшып, желікке желік қосады. Оқудағы қызын көріп, әрі кенеп қоржынның бүйірін шығарып қайтқан Бірекең де көңілді. Шоқша ақ сақалды, сирек, ірі мұртты, бурыл қою қасты тіп-тік науша шал әсте еңкеймейді. Жылқыдан қалма дегендей, ақ есекті қайта-қайта «ықылап» қояды. Шал да аппақ, есек те аппақ. Жалғыз қалса, бейне бір аруаққа ұқсайтындай... Жолаушылардың көңілсізі – Елеусіз. Арбадан шыққан биік ала ат аяңға тіптен жоқ-ты. Жүрісі іркіс-тіркіс, кіді. Қамшыласа лоқылдап оқыс желіп, ішін ауыртады. – Осы жүрістен таңбасақ, таң алакеугімінде ауылға барамыз, – дейді қария. – Одан да, бір жерге қона кетсек қайтеді? – дейді мазасы кетіп келе жатқан Елеусіз. – Қонам десеңдер, ел орынға отыра Үштөбеге жетеміз. Сонда аялдайық. – Үштөбеде тамыр-таныстарыңыз бар шығар? – Қарға тамырлы қазақ емес пе, – дейді Біркімбай. – Мені былай қойғанда, мынау баланың әкесін білмейтін адам жоқ бұл өңірде. Әңгімеге «мынау бала» деп аталған Қараш килігеді. – Журналистің досы көп бола ма? – деп сұрайды ол Елеусізден. – Көп болады, – деп жауап қайырды Елеусіз ойланбастан. – Сенің досың қанша? Елеусіз аңырып қалады. Шынында да, осы күнге шейін Елеусіздің ойына бұндай сауал оралған емес. Оралмаған соң досының
санын санап, жіпке тізіп көрген де емес. Елеусіздің сыйласатын да, сырласатын да дос-жараны бар. Қастандық ойлайтын дұшпаны да жоқ емес. Жаттанды ізетпен жарасып жүрген дүбаралары да толып жатқан секілді. Қысқасы, бастан кешкен тіршілікте Елеусіздің өзіне лайық досы да, қасында болды. Кейде достан көңілі қалып, айрылысты; қасымен табысып, татуласты. Татуласарда: «Ер шекіспей бекіспейді» десті. Әртүрлі адамдармен аралас-құраластары еске түсіп, қалың ойға шомған Елеусізге Қараш шұқшия түседі. – Сонымен, сенің досың қанша? – Екі жүз миллионнан асады, – дейді Елеусіз күлімсіреп. – Оны капиталистік баспасөздің тілшісіне сөйле. Және баяғыда ұшқыш Чкаловтың айтып қойған тапқырлығын малданба. «Осы екеуі не деп келе жатыр?» дегендей Біркімбай есегін «ықылап», Қараш пен Елеусіздің дидарына кезек қарап қояды. Елеусізге Қаратау майданнан келіп тұрған қара айғырдай боп көрінеді. Солығын баса алмай, денесіне бу ұшырып тұрғандай. Сонау іркіс-тіркіс шың тастары жылқының жалына ұқсайды да, мынау тарау-тарау жолдары салт аттың сауырындағы құйысқанды еске салады. Елеусіз ойға шомғанда өзімен-өзі боп кетер-ді. Ешкіммен дау-далабаға түспес те, ешкімнің сөзін естімес те еді. Шахмат ойнаған адамдай, өзге дүниенің бәрін ұмытар да. Осы жолы да сөйтіп, қиялға мүлгіп келе жатқанда жолдасының оқыс шыққан даусынан селк ете қалды. – Что мы будем ишашить со стариком? – дейді
Қараш, – давай поскачем, дорога надежная. Қараш тебінгенде, кешкі салқынмен күндізгі терін үгіп, желдеп, желіге бастаған көкқасқа пысқырып, құлағын қайшылап, басымен жер сүзе бастады. Қараш пен Елеусіз қиыршық жолмен шоқыта тасырлата жөнелді. Олар шаба-шаба жайлауға жеткенде, абалап иттер қарсы алды. Ел жатып қапты. Қоңыр үйлер мүлгіп тұр. Тек шеткі үйден ғана сығырайған шырағданның сәулесі көрінеді. – Кім бар-ау? Далаға әйел шықты. Шықты да: – Ойбай-ау, мынау көкемнің көкқасқасы ғой, – деді таңданып. Жолаушылар үйге кіргенде әйел шырағданның бұғыңқы пілтесін көтеріп, жарықты молайтты. Төрде дөңгелек жүз, жирен сақал біреу ұйықтап жатыр еді. Елеусіз әнеугі күнгі Алматыда өзі поезға шығарып салған жылқышы Нұршаны таныды. – Мына кісі Нұрекең ғой, – деді ол. Нұрша самарқау оянды да, алақанын шырағданның сәулесіне тосып, қалқалай қарады. Сол сол-ақ екен, орнынан атып тұрды. Екеуі шұрқырасты да қалды. Осыдан кейін үй иесі әйел де қонақтармен түгел танысты. – Е, айналайын-ай, түсің де, дауысың да әкеңе келеді, – деді Қарашқа. – Сыртыңнан естуім бар еді, қарағым, – деді Елеусізге. – Шынаржан қазір ылдида. Біз өзіміз мал қамымен жонда отырмыз. Арамыз алпыс шақырым болса да, жол жаман болғандықтан айында, жылында бір-ақ қатынасамыз.
Бұл әйел – Шынардың шешесі Гүлнаш екенін Елеусіз енді ғана білді. II Ат соғып тастаған жолаушылар ұзақ ұйықтаған. Ылғи ерте тұрып дағдыланған Елеусіздің өзі күн көтеріле оянды. Жирен сақал тұрып кетіпті. Түрілген іргеден майда-қоңыр самал соғып тұр. Есік алдында қағілез сары жігіт көк лақты сойып жатыр. Жер ошақта шажылдап қайнаған бауырсақтың иісі еміс-еміс келеді. Елді жиі-жиі аралайтын Елеусіз мал сойылған жерге қатын-қалаштың өш келетінін білуші еді. Қазір де солар сойылманың маңына келгіштеп, қол үшін бергіштеп, күйбелеңдеп жүр. Және бәрі қыбын тауып, осы үйдің әйеліне бірдеңе деп қалады. Мосқалдары «Әй, Гүлнаш» деп, келіншектері «жеңеше» деп жатыр. Көзі ұйқыда болғанмен, сырттағы дыбыстарды Қараш та естіп жатқандай. Кәдімгі, бейғам өскен адамның манаурап жатқан байсалдылығы. Елеусіз темекі тартты. Әдейі сіреңкенің үш шырпысын қосарлап тұтатып еді, «пыр-пыр» етіп біріне-бірі жалғасқанда «бұл немене?» дегендей, Қараш ұйқылы көзін жыпылықтатты. – Доброе утро, Қараш Бекович, – деді Елеусіз. Қараш жадырап күлді де, есінеп, аузын қалқалап жатып: – Ох, все тело ноет, – деп енжар ыңыранды. Қонақтар тысқа шықты. – Малды бекер сойғансыз, апай, – дейді Елеусіз үй иесі әйелге. («Жеңгей» деуге кәрілеу, «шешей» деуге жастау.) Гүлнаш, лақ етін олқысынды ма дегендей, қипақтап қалды. – Қожайынымыз механик, көбінесе совхоздың орта-
лығында, Бозтөбеде тұрады. Бар мәзіріміз осы боп жатыр, қарақтарым. – Ойбай, атамаңыз, апай! Жазда етті кім жейді? – Ет жейтін ауыз табылады ғой, – Гүлнаш жымиып күледі. Гүлнаш жуан да емес, жіңішке де емес, толысқан қалыпта шалқақ кеудесін тік ұстайды. Түрулі жеңінен толық ақ білегі түгелге жуық көрінеді. Келісті ақ құба бетінен әжім байқалмайды. Тек көз жанарының тым салқындығы ғана әйелдің талай жерге келіп қалғандығын аңғартып тұр. Елеусіздің есіне «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» деген мақал түсті. Елеусіз енді ғана толық аңғарды. Шынар да, кешегі жас Шолпан да Гүлнаштың аузынан түсіп қалғандай екен. Ал, Гүлнаштың өзі Біркімбайға қоянның көжегіндей ұқсап тұр. Осы іспеттес, нәсілі айнымайтын әулетті көргеніңіз бар шығар. Олардың кем дегенде, жеті атадан бергі ұрпақтарын айтпастан ажыратып алуға болады. Ал, кейбіреудің жеті баласы болса да, бір де біреуі не әкесіне, не нағашысына ұқсамай күйдіреді-ау... Қой, құрысын, әзілді шынға жорып жүрерсіздер. Елеусіздің тамыр-таныстарының ішінде ондай семьялар жоқ та. Сенбесеңіз, ант ішуге әзірміз. Күнәсіз нәрседен күнәлі болар жайымыз жоқ. Оның үстіне: «Ал, қазір мен бір сөз айтамын, ол – қалжың сөз» деп алдын ала ескертіп қоймасаң, ойыннан от шығаратын ожарлардан да бойымызды бағамыз. Түнеген үйінен ұзаңқырап шығып кеткен қонақтар бастау басында шұрқыраған жылқыға қарай бұрылды. Кілең алқаракөк, алшақ кеуде, ботатірсектер қамыс құлағын тігіп, үріккен киіктей еліріп тұр. Танауларының желбіреп, кеудесінің болмашы алқынғанына қарағанда алаңсыз жайылып жатқан үйір емес, шамалы бүлік
көрген үйір сияқты. Жылқылы елдің баласы Елеусіз Досов осылай түйсінді. Елеусіздің топшылағаны тура келді. Осының алдында ғана жылқыны жарқабаққа қамап, мұздай қаракөк биені ұстап тұр екен. Бие ноқтаға мойын ұсынбай, басын кекжеңдетіп, осқырды. Түндегі жирен сақал қуанышын қымтай алмай жымыңдап, асау биемен алысып жатыр. Қасында жансыз бағандай қалшиып Біркімбай шал тұр. Кескіні өрт сөндірген адамның кескініндей әлем-тапырық. Басқаларының да түсі сынық. Жарау, жатаған қарагер ат пен қаракөк биені жетегіне алған Нұрша: – «Болар істің басына, жақсы келсін қасына» дегендей, дер кезінде ұшырастыңдар, шырақтар. Аютөбеге келіп аунап-қунап қайтыңдар. Арнап шақырғаным! – деді. Жігіттер рақмет айтты. Біркімбай дауысы дірілдеп: – Ішінде көк қасқаның баласы жатқанын ұмытпа. Арбаға жегіп, рәсуа қылып жүрме. Құлындағанша мәпелеп қолда бақпасаң қашып кетеді. Ақбоздың тұқымы аяғына кісен салғызбайтынын ескер. Мертіктіріп аласың. Ал, хош бол, Нұрша, жолың болсын! – деді. Үлгермей қалармын дегендей, соңғы сөздерін асығааптыға айтты. Жирен сақал басын қайта-қайта шұлғып, жөней берген. Бірақ қаракөк бие тартыншақтап жүрмеді. Өз еркімен жүрмес сыңайын көрген соң, соқталдай бір жігіт артынан сойылдай, ұзатып салмақ болды. Қаракөк бие біресе оқыранып, біресе кісінеп, барынша тартыншақтап, бұлғақтап бара жатты. – Үйірін қия алмай, бақұлдасып бара жатыр жануар! – деді Біркімбай көңілі босап.
Қаракөк бие жүз метрдей ұзап шыққанда артында қалған қара жабағысы шырылдап, үйірінен жырылып шықты. Біркімбай алдынан шығып, қақпайлап, жылқы ішіне қуып тастады. Қара жабағы шалғайлап бара жатқан енесін қоңыраулы нәзік үнмен тағы да жоқтап еді, ана жақтан, мына жақтан кісінеу көбейіп, екі-үш үйір жылқы азан-қазан болды да кетті. Елеусіз қызықтап қарап тұр. Қаракөк бие мүлдем қырсауланып, қырсығып, көткеншектеп қалды. Басынан тартқан, сауырынан сойылдаған адамдарға ерегіскендей, кекжеңдеп, керенаулап, ілгері қарай өндірімді жүріс бермейді. Бұл жақтан қара жабағы Біркімбайға қайыру бермей, қаңқалақ атып, шеттеп шығып кетті. Дәл сол сәтті күтіп тұрғандай, недәуір алыстап қалған қаракөк бие оқыс жұлқынып, екі адамның арасынан тулап шығып кетті. Ноқтаның үзілген бауы толарсағын соғып бара жатыр. Қаракөк бие жабағысына келіп табысты. Емшектен баяғыда шығып кеткен құлыны бауырына енді. Енесі оқыранып, құлынының сауырынан иіскеді. Жайшылықта жалтаңдап, жаутаңдап тұратын нәркес көзі жасқа толып, жанарын қашырды. Жаңа ғана қызық көріп тұрған қаракөк биенің ноқтасына жармасқанда, ақ сақалды Біркімбай: – Тарт қолыңды! Бұл биені енді саған жетектетіп жібере алман! – деп саңқ ете қалды. Осыдан кейін кәдімгідей қызыл кеңірдек керіс басталды. Жирен сақал да өжет кісі екен. Ақ сақалмен төбелесерменге келіп, қамшысымен нұсқап-нұсқап өзеурейді. Қызыл шырайлы жүзі дуылдап, ашу-ызаның тұтанып келе жатқан өртін аңғартады.
Зиялы жігіттердің араша түсуіне тура келді. Жанжал күшейсе, жасырын сыр жария болады. Екі жылқышының егесі арқасында журналист Досов бірталай бұқпантай сырға қанды. Өткен қыста орасан жұт боп, «Бозтөбе» совхозының он мыңға жуық қойы қырылып қалған да, жылқысы аман шыққан. «Қой мыңға жетсе, керегеден бас кетпейді» демекші, жетпіс бес мың ұсақ малдың жыл сайын азды-көпті шығасысы болып тұрушы еді. Бірақ ешуақытта мынадай ойсыраған шығасы шығып көрмегендіктен совхоз басшыларының зәресі ұшып, жоғарғы орындарға жіберген ақпарында жұтаған қойдың санын азайтып көрсеткен-ді. Азайтып көрсеткен соң, әрине, орнын толтыру керек. Совхоз басшылары шопандарды кіналап, жеке меншігіндегі ұсақ малдарын сыпырып алады. Басқа жұмысшылардан да мал жинайды. Онымен де орны толмаған соң, қыстан аман шыққан төрт жүз жылқының бес процентін шығасы етіп, ұсақ малға айырбастайды. Жаңағы қаракөк бие шығасыға қолдан шығарған жарамды жиырма жылқының біреуі болатын-ды. Көрші Шаға ауданының Киров атындағы колхозының жылқышысы Нұрша атышулы Ақбоздың нәсіліне ынтық боп, совхоздың директоры Жүніс Олжабаевтың қағазымен кеше кешке келіп, жылқышы Біркімбайды тосып жатқан еді. Гүлнаш өзі ферма меңгерушісі бола тұра, жылқы түлігіне келгенде әкесінің ризалығынсыз бір малды не етке өткізіп, не басқа шығасыға шығарып көрген емес. Өйтсе, Бірекең қара есекке теріс мініп, лаңды салады. Сондықтан ферма меңгерушісі: «Қыл құйрықтың жайын Бірекең біледі ғой. Сол кісімен ақылдасып шешейік» деп тентек шалдың көңілін аулап, алдарқатып түсіреді.
Директордан әмір келген соң, Бірекең таңертең ылажсыз көнген. Бірақ қаракөк биенің үйірін қимай көрсеткен аянышты қылығынан кейін дәті шыдамай егілген көңілімен жылап алды да, сол жылау ішіне мұз боп қатып, қайтадан қайратқа мінгізді. Нұрша қайтадан құлатпақ болды. – Қаракөк бие өз бәсіреме тиеді деп ойлайсың ба? Мәмләкаттың малына қимаң несіне қышиды?.. Біркімбай байсалды жауап қайырып жатыр. – Біз сендердей колхозшы емеспіз, керек десең, өзіміз де мәмләкаттың адамымыз. Сондықтан төтенше дәулеттен дәме етпейміз. Тек, Ақбоздың ұрпағы көз алдымда шұрқырап жүрсе, көңілім тоқ. – Е, менің де құмартқаным Ақбоздың нәсілі болғандықтан ғой. Баласын алғымыз келеді, – деді Нұрша жалынышты үнмен. Не керек, Біркімбай көнбей қойды. Қаракөк биенің ноқтасы сыпырылып, өріске жіберілді. Жирен сақал қаракер атын шаужайлап, Гүлнаштың үйіне қарай желе шоқырақтатып барады. – Вот вам конфликт! – деді Қараш журналист жолдасына. III Елеусіз бен Қараш жылқы басындағы жанжалдан кейін ауылға оралғанда алдынан бір топ адам шығып Қарашты қаумалады. – Бәрекелде, аман ердің аты шығар деген осы. – Ылдиға бара жатыр ек, дидар көрісе кеткіміз келді. – Біздің үй де осы жерде, – десіп қалбақтап еді. Көзі күлкіден арылмайтын қағылез сары, Жамаш: – Бұл ауылда маңыраған лақ көп. Кім бұрын
тұздый құрып қойса, қонақ соныкі. Немесе, қолға түспейтін кісілер қайсыңа жетеді, түге! – деп емеурін білдіргендерді шаптады. Кісілер шай іше бастағанда үйге Біркімбай кіріп келді. Ұзын кірпіктері шаңдатып тұр. Біркімбай қатарға қосылып, жүресінен тіп-тік отырды. – Қария, түнде қай мезгілде жеттіңіз? – деп сұрады Қараш. Айтайын дегені басқа еді, әлдеқалай шатасып кетті. Онсыз да сызданып жүрген Біркімбай жарылып кеткендей болды. – Шырағым, сенің жасың нешеде осы? – деп саңқ ете қалды. Ақ түстен көзі шапырыштанып тұр. Қараш іле жауап қайырмай, қыбыжықтады. – Көке, баланың жасында нең бар. Қария кісі өз жөнімен отырмас болар ма, – деп Гүлнаш жақтырмай қалды. Елеусіз қыбы қанғандай, шаншулы сұрақтың жауабын тосып, серігіне қайырылады. Қараш отыздардың маңындағы жігіт сияқтанып жүретін. Елеусіз енді бақса, ол қырқыңызды еркін соққан қу көрінеді. Бұндайлар кәртамыстығын куәлар арқылы танытпаса, келбетінен ұстатпайды. Орта бойлы, дембелше, қарасұр Қараштың бетреңінде әжімнің нышаны да жоқ. Самайын да әлі қырау шалмағандай. Осындай сүйегі асыл адамдар сыланыпсипанып, күтініп өссе, елуіңізге дейін өңін бермейді. Қараштың май сылаумен жалтыраған бет ажары жасанды ажар екенін Елеусіз енді ғана ажырата бастады. Ежик қып, қысқа бастырған шашы да, спорттық костюмы да, айқара ашып тастаған ақ жағасы да реңін жасартып тұрады екен. Жағасы мен жеңінің ақ
қағаздай тазалығы да, қияқтап өсірген тырнағын кірбең шалмауы да, денесіне сіңіп қалған жұпардың исі де өмір-бақи бабын бұзбайтын, сыпайы-кербез адамның кейпін танытып тұр. Үйдің іші біраз жым-жырт боп тұрды. Тек, құлағынан су ағатын сары самауыр ғана пыс-пыс етеді. Жым-жырттықты тағы да шалдың өзі бұзды. – Сен туғанда, – деді ол Қарашқа кіді бұрылып, – Бек екеуміз Әулиеата шаһарында едік. Әкеңнің еркек балалары шетінеп, тұрмай, қападар боп жүрген кезі еді. Мақбалдың босанар күні таяу-ды. Күнде құмалақ ашамыз. Бекең күрсінеді. Бір күні ұйқтап жатып түс көріппін. Мақбал бесікке асылып, оң қолына ат басындай көк қаршыға қондырып отыр. Қаршыға талпынады. Ояна кетсем, жүрегім дүрс-дүрс соғады. Бекенді жұлқылаймын. Ұйқысы қатты еді, әрең ояттым. «Уа, беке, сүйінші, әйелің ұл тапты!» деймін. Көрген түсімді баяндаймын. «Ой, тәйір, ауылдан біреу кеп қалған екен десем» деп қисая кетеді. Мен тағы сүйінші сұраймын. «Ондай күн қайда, – дейді Бекең, – ал егер айтқаның келсе, астымдағы Ақжал сенікі». Содан елге келсек, осы сен бесікте іңгалап жатырсың. Әкең ер кісі еді, сыпайыгершілігіме болмай, астындағы атын түсіп берді. Сосын есіміңді де өзім қойып бердім. Сол Қарашым сен болсаң, кеше мені айдалада жападан-жалғыз тастап кеттің. Жазығым – әкеңнің аруағын сыйлап, астымдағы атымды түсіп бергенім бе? Білімділігің қайсы? Ұры тонап, қасқыр жеп кетсе қайтер ең?.. Шал Елеусізге де тиісіп өтті. – Бәйге аттың үстінде желік бар, екі құлағында екі шыны шарап бар. Ал, қырсау аламен сенің едіреңдегеніңе жол болсын, қарағым?.. Шай ішілмей қалды. Самауыр әлі пыс-пыс етіп тұр.
Қараш пен Елеусіз бар қателігін енді түсініп, төмен қарап, көзімен жер шұқып отыр. Араға Жамаш түсті. Ол сипаңдап, қипаңдап, тарпаң шалдың сауырынан сипағандай болды. – Бұл кісілердің түнделетіп жеткені абзал болды, асылы. Көкқасқа мұздай таң асты. Күн шыға отқа қойдым. Өзінің жүні жығылып қалыпты. Еншалла, бас бәйге біздің ферманікі болар. Біркімбай болмашы жымың етіп, қасын қағып қалды. Елеусіз томсарылып отырып-отырып: – Қария, мына жігіттің есімін не себептен Қараш қойдыңыз? – деп сұрады. – «Қараш» емес, «Қаршыға» болатын о баста. Бірақ кейін шешесі еркелетіп, Қараш атандырып жіберді. – Қызық екен. – Қызық болса, мені де қызық қылдыңдар ғой, – дейді Біркімбай өкпесін баса алмай. – Бекең тірі болса, өлсе жалғыз тастап кетер ме еді! Уа, дариға-ай, біздің дәурен өткен екен де! Маздауық шал кімге дәрі?! Біркімбай көзіне жас алды... ЕКІНШІ ТАРАУ I Елеусіз Досов үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жайлардың үстінен түсті. Ең алдымен, сырмінез деп жүрген Қараштың өзінің өмір тарихын жетік білмей келгенін енді-енді ғана аңғара бастағандай болды. Біркімбайдың сонау түсінен бастап бүгінгі Қараштың арасында қаншама алшақтық
жатыр? Сол екі ортада көлденең кісіге белгісіз нешеме кезеңдер, шатқалдар, асулар қалды екен? Екінші, Елеусіз Алматыда малшылардың республикалық мәслихатында сөз сөйлеген жылқышы Нұрша Керімбердиевті «іс үстінде» көрді. Оның қаракөк бие үшін сойқандасуынан тамыры тереңде жатқан малшы дертін таныды. Жоқ, Нұршаның сол күнгі сөзі, шынында да, өзекті жарып шыққан ділгер лепес екен. Бұл сахараның жаны, шынында да, жылқы екен. Олай болса, «Қаракөк бие жетекке неге жүрмейді?» деп, қазірдің өзінде-ақ табаны күректей бір очеркті айдап жіберуге болады. Нұрша қаракөк биеге қызыққанда Ақбоздың нәсілі деп қызықты-ау! Осы бір аттың оқиғасын Елеусіз ана жылы Шынардан естіген. Бірақ мән бермеген. Сол Ақбоз енді алдынан шығып отыр. Елеусіз Ақбоз аттың оқиғасын есіне түсірді. ...Гүлнаштың қарқаралы қыз кезінде әкесі оны Шоңбай деген байдың баласына бермек болады. Ондағы мақсаты – байдың Ақбоз дейтін бәйге атын алу. Гүлнаш көнбей, бұлғалақтап жүріп, ұзатар тойы үстінде басқа жігітпен қашып кетеді. Екі елдің арасы бүлініп, ақырында, Шоңбай барып отырған жерінен жесірін тартып алады. Бұдан кейінгі сергелдеңдер де шым-шытырық еді. Елеусіз ұмытып қалыпты. Тек, Нұрша мен Біркімбай Ақбоздың ұрпағына таласқанын көзбен көргеннен кейін ғана көңіліне осы бір оқиғалар тозығы оралды. Не де болса, Елеусіз бейтаныс ауылға келгенде алғашқы қадамын Гүлнаш апай туралы очерк жазудан бастамақ болды. Малға сатылған кешегі қазақ қызының бүгін ірі ферманы басқарып отыруының өзі қызық факт сияқтанды. Әрі, «бір күн тұзын татқанға қырық күн
сәлем» демекші, шешесі туралы жазылған шығарманы оқыса, Шынардың ішінде ертең ыстық құйын ұйтқитыны сөзсіз. Сұлу Шынардың өзімшіл көңіліне алаң салып, мазасыздандырса, еруліге қарулылық содан басталмақ. Осындай ниетпен Елеусіз жонға келісімен-ақ Гүлнаш апайды тілге ала бастады. Бірақ Гүлнаш апай ақтарылмады, шешіліп сыр жармады. Тіршілік талқысына көп түскен адамның аузына берік келетінін естіген. Келгінші тілшілерге айта-айта дағды боп қалған жадағай мәліметтерден әрі бармай қойды. Суретке түсуге де құлықты болмай, әзер көнді. Елеусізге кім ішін ақтара салар? «Сырлассақ қайтеді, ағайын?» дегеніне кім көне қояр. Қазекеңнің сырын жата-жастана, шым-шымдап, шыжымдай тартпасаң, өзіңді тәлкек қып, сазға отырғызып кетуі қиын емес. Бірауық Елеусіз икемі кем өз басына өкпелесе, бірауық Гүлнаш апайға ыза болады. Сонау Алматыдан жол тартып келгенде бір ауыз жылы лебізі жоқ, ылғи сырғақтап сөйлеседі. «Сиырдың танығаны жапырақ» демекші, Қарашпен ғана шүйіркелесіп, Елеусізді елемейді, жатырқайды. Қап, Шынардың кешіккенін қарашы! Ол болса, ботасына иіген нардай, Гүлнаш апай, мүмкін, жадырар ма еді, шешілер ме еді, кім білсін! Елеусіз осындай тығырықта әрі-сәрі боп жүргенде, үшінші күні екінді кезінде Бозтөбеден салып ұрып Шынар жетіп келді. Күн ыстық болғандықтан киіз үйдің іргесі түрулі еді. Елеусіз сонау қыраңдағы желкілдеген жібек сағымға көз тігіп жатқан. Бір уақытта әлдеқайдан салт атты біреу сау желдіріп қыраңға шыға келді. Сағыммен еліріп, біртүрлі оғаш көрінді. Салт атты жолаушының әйел екенін байқағанда: «Осы жақта арба, тарантас дегеніңіз
ырымға кездеспейді екен», деп ойлады Елеусіз. Сөйтіп жатқанда, есік алдында самауырға шөпшек салып тұрған Гүлнаш апайдың: – Күнім, сәулем! Ылдилағылар аман ба? – деп айналып-толғанған дауысына жалғас Шынардың да дауысы шығып еді. Елеусіз тысқа жүгіре шықты. – Боже мой какой сюрприз! – деп Шынар атынан апыл-құпыл түсе бергенде, аяғы үзеңгіге ілінгіштеніп, жалп ете қалды. Елеусіз бен Қараш қатар жүгіріп, Шынарды шешесінен бұрын іліп әкетті. – Бір жерің ауырып қалған жоқ па, құлыным? – деді шешесі қысыла, күле түрегелген қызына. Шынарды күн қаққан. Қара торы реңі тотығып, ерні жарыла бастапты. Жаудыр көзіне бұрынғыдай ыстық наз жоқ, әлсіреген салқындық бар. Бұны Елеусіз бірден байқады. Шынар Бозтөбеден таң алакеуімде шыққанын айтып өтті. Қаракөк дөнені пысқырынып, пырылдап тұр. Сауырында сабанданған көбік бар. – Құлазыған асулардан қорықпай, жападан жалғыз қалай астың күнім-ау? – дейді шешесі. – Жұрттың бәрі тойға әзірленіп, әбігер боп жатыр. Және... – Шынар Қарашқа қарап, тұтығып қалды. – Және... ну, кейін айтармын, әйтеуір, жолдас шыға қоймады. Сосын, көрген жерде ауыл бар деп, тартып кеттім. – Көкең неге келмеді? – Той өткенше ешқайда шыға алатын емес. Шынар үйге кірді. II
Гүлнаш шай қамына кірісті. Далада жүріп абысынажындарына: «Құлынымның түсі түтігіп кетіпті. Шөлдеп келген ғой» дейді. Үйде отырған Елеусіз езу тартып күлді. Мәскеуде жүргенде Шынар шай орнына компот ішуші еді. Өріктің етін жұтып, дәнегін жорта Елеусізге беруші еді. Сол кездегі толысқан дененің енді сүмиіп қалуы күнәсіз жорамалға меңзейді. Елеусіз сахара тұрмысы туралы хиялданады. Таныс самауыр келгенде Гүлнаш: «Шайды өзің құя қойшы, шыбыным!» дейді. Қызын аяп, түз салтын бұзуға меймандардан қаймығады. Осы сәтте Шынар құдды ауыл қызы! Шайды сарылдатпай кесенің ернеуіне тигізе, там-тұмдап құяды. Шөкиіп отырысы, кесе ұсынғанда саусақ қорғауы, қиғаш майысуы Елеусіз үшін жатырқау да қызық! Дәм үстіндегі үнсіздікте кекжеңдеп, кейіншектеп, сандыққа сүйене қиғаш отырған Елеусіз осынау Шынармен алғаш таныс-біліс болған кездерін ойлап кетті. Шынар Алматының жолдамасымен Москваға келіп, ветеринариялық академияға түскен. Елеусізді онымен Қараш таныстырған. Қараш ол кезде кинематография институтын тауысуға жуықтап жүрген-ді. Академия қаланың сыртында қарағайлы орманның шетінде еді. Елеусіз бен Қараш қалың жолаушы сығылысқан автобуста қырық минуттай түрегеп тұрған. Жолда машина басып кетіп, қызыл-жоса қан болып жатқан біреуді, төңірегінде үймеленген жұртты көріп, тітіреніп қалған. Олар автобустан түсіп, төрт қабатты шомбал, сұр үйге қарай бұрылды. Сұр үйдің алдындағы алты колоннаның арасында тұрған екі қыздан Шынар Есболова-
ны сұрады. Бірінші курстағылар лекцияда екен. Елеусіз бен Қараштың қырық минуттай күтуіне тура келді. Соңғы лекция да бітті. Студенттер іштен жапырлап, асыға шығып жатыр. Солардың орта шенінде, жалаңаш аяғына аласа өкшелі ақ танкетка киген қара торы қызы алты колоннаның арасымен тық-тық басып, төмен қарай түсіп келе жатты. Күн қақты болған толық балтыры жұмырланып, ойыңқы толарсағын қылдырықтай қып көрсетті. Шынар Есболова осы екенін Елеусіз айтпай таныды. ...Кейін қайтып келе жатқанда Қараштың жол бойындағы әңгімесі Шынар болды: – Бесікке бөленбей, бұла өскен бала еді, – деді. – Шаһар тәрбиесін көріп, ілімге қаныққан бойжеткен болды ғой. Қайсы қазағыңның қара қызы Алматыңды менсінбей, Москваға ауысып келіп жатыр? – деді. Қыздың ұдайы гимнастикамен шұғылданатынын, қыс бойына коньки теуіп шығатынын да дәріптей түсіп: – Өзі біздің қарындасымыз екенін айтып ем ғой. Екеуіңді таныстырғаныма бақыттымын, – деді. Елеусізді санасыз аңсатып, саналы толғауға талпындырады. ...Шынармен танысқасын көп ұзамай Елеусіз оны серуенге шақырды. Жексенбі күні еді. Химкидан қайыңды орманға сапар шеккен олар жеңіл-желпі кеменің үстінде-ақ думанды жастардың ортасына түсіп қалды. Тимирязев атындағы Ауылшаруашылығы академиясының біраз студенттері кішкентай татар жігітіне гармонь тартқызды. Гармонға қосылып ән салып, би билеушілер де болды. Бір күндік саяхатқа шыққан бозбалалар мен қыздардың көңілді ың-жыңы басылыс тапқанда гармонды Елеусіз қолға алған еді. Тосын саусақпен тілдерін
ақырын-ақырын басып-басып көрді. Сырнай сарнап кетпей, ырың-жырың дыбыс шығарды. – Ничего себе» – деді татар жігіті кекеткендей. Жолдастары мырс етісті. Шынар көрнеу қысылып қалды. Елеусіз намыстанды. Әуелінде ол қиын бір бидің ырғағына баспақ еді. Енді қысылғанда баяғыдан бері жатқа білетін ән сарыны құлағына шыңылдады. Елеусіз гармонның қанатын қомдатып, шалқақтата қиғаштата толғап-толғап қалды. Сырнайдың сыртылдаған тілдерінен Нартайдың әні құйқылжып, сорғалап, аңырап қоя берді. Қыз, бозбалалар Елеусіздің маңына үйіріле бастағанда татар жігіті кекесінді райынан тез қайтып: – Е-ей, шул қазақлардың музыкасын бек жаратамын, – деді. Шынар Елеусізді қазір ғана көріп тұрғандай, қиыла, ұзақ қарап қалды. Елеусіз ұмытқан жоқ, шағын кеменің аты «Чайка» еді. Оның ұмытылмас және бір себебі, кәдімгі шағалалар «Чайканың» сіңлісіндей сыңсып, соңынан қалмай ұшып жүрген. Кеме үстіндегі серуеншілер нан үгіндісін лақтырғанда суға түскенше қағып әкетіседі. Шағалалар шиқылдасып, жолаушылардан қорек ажыратысады. Шынар да Елеусіздің арқасына асып алған рюкзагіне қол салып, нан уатып тастайды. Нәрестеге жақсылық істегендей қызықтайды. Нан орнына қағаз бүктеп тастаушылар да бар еді. Бірақ етпеттеп құйылып келген сұлу құс алдамшы қағазды қағып әкетпей, тайқып, қайқайып шыға берді. Зәбір көрген шағалаға жаны ашыған Шынар: – Ой, что вы делаете! Разве можно обманывать птиц? – деп шыжкөбелек болады.
Ол Елеусіздің рюкзагіне тағы да қол салды. Елеусіз жонарқасын төсей түсіп, ішінен: «Не деген нәзік, аяулы жан едің!» деп қояды. ...Қайыңды орманның жағасы ығы-жығы. Әне жерде де, міне жерде де шомпылдатып, лайлау өзенге рахаттана түсіп жатқан жұрт. Елеусіз бен Шынар өзенді біраз жағалап кеп суы көк үйірімдеу деген бір мүйістен, жарқабақтың жанынан орын алды. Бұл маңда да кісі көп еді. Кәдімгі курортшылардай, күнге қақталып жатқан жартылай жалаңаш тәндер. Өзен жағасы қызылшақат тартады. Біреулер кітап оқып, біреулер шахмат ойнап отыр. Енді біреулер волейбол ойнап жүр. Ермек үшін бірін-бірі қуып, зіркілдеушілер де бар. Осының бәрінен Шынарға өзенге шомылмақ қызық көрінеді. Елеусіз болса, оның икеміне көне береді. Шынар шешініп, жарқабақтың басына шықты. Күн шыңдаған шымыр денесі қолдан құйған қоладай еді. Шалқақ кеудесіне жіңішке белі ерекше өрлік беріп тұр. «Жастайыңнан спортпен шұғылдану керек екен ғой асылы!» деп ойлайды Елеусіз. Елеусіз бала кезінде атқа көп мінгендіктен аяғы қисықтау еді. Сонысынан қорғанып, сұлу қыздың қасына кібіртектеп келді. Бұл кезде татар жігіті жүзістің неше түріне салып, өзеннің көз бұлдыратар арғы шетіне шығып, бермен қарап тұрды. – Кеттік пе? – деді Шынар серіппедей солқылдап. Елеусіз іркілді. Бар білері «ит жүзіс» қана екенін айтқанда, қыз өктеп кетті. – Асып-саспасаңыз болды. Өзім демеп әкетемін. – Жарайды, тек жағалаудан ұзамайық. Екеуі күмпкүмп етіп, үйірімге құлады. Түскен жері шымырлап, қайнады.
Елеусіз «ит жүзіспен» күмпілдетіп, аяғымен су шалпылдатып, жағалауды сағалайды. Онысына ішексілесі қатқан Шынар алысқа таман меңзесе, Елеусіз аяқ баспайды. Жүзгіш қыз шұңайтқа сүңгіп жоқ боп кетіп, күтпеген жерден шолп етіп шыға келеді де, басын сілкіп тастайды. Алыстап барып, ақ сазандай жалт бұрылғанда, толқын жарылып жол бергендей болады. Сондайда, арғы жағалаудан қайтып кеп қалған татар жігіті деңгейлесіп, жарысқа шақырады. Бірақ Шынар еріп келген серігінен ұзақтамайды. Бұнысына Елеусіз шексіз риза да. Осылайша ұзақ жүріп жүрді. Суға жүзген адамның жайдарылығы қандай. Әзілдері жарасып, ұяң иба орнын батыл базыналық басып бара жатқанын өздері сезбеді де. Сондайлық бір кілтеңде Шынар жағалауға қарай малтып келе жатқанда Елеусізді желкеден нұқып қап еді, ол қапылыста су жұтып, шашалып қалды. Енді екеуі де күлкіге қарық боп, түрегеп тұр. Су көкіректен келеді. Әйел баласының шомылыста өте-мөте сұлуланып кететінін Елеусіз осы жолы ғана аңғарды. Сонарға аунаған түлкідей, Шынардың реңі мүлдем құлпырып кетіпті. Назы мол қой көзі сондайлық бір пәктікпен қарайды. Бұрымынан мойнына сорғалаған тамшылар да табиғаттың таққан алқасындай сән беріп тұр. Егіз анары тіреп тұрған тоятты төсінде болмашы діріл бар. Елеусіз Шынардың әлгіндегі тұңғыш та тосын ойнақылығына орай етіп: – Шұңайтта сорымды қайнатып едіңіз. Ал, сақтан, Шынар! – деп, үйірімге тоғытып жібермек болды. Сұңғақ қыз сықылықтап күліп, қолымен су шашқылап, қарсыласты. Елеусізге керегінің өзі осынысы сияқты.
Ол бетіне шапаттаған су шашырандысынан қорғақтамай, Шынарды қаусыра құшақтағанда екеуі тағы да тұңғиыққа шомып кетті. Көк үйірім тағы да шымырлап, толқыны ақжалданып қалды. Осылайша олар тіршілік қамын ұмытты. Өздерін су сорып тастаған да еді. Жағаға шыққандарында дірдектей бастағасын, күннің көзін сағынған түлендей шуаққа жылынып жатты. Екінді әлетінде рюкзактағы түрлі тағам мен сусын ақтарылды. Екеуі де газет төсеніп, бір біріне қарсы шөкиіп отыр. Елеусіздің құж-құж қайнаған шаһардан қасқалдақтың қанындай іздеп тапқан бір шыны «Хванчкарасы» болатын. Сонысын ашты. Бірақ Шынар ішкіліктен бас тартты. Елеусіз сол қолымен Шынарды қаусыра ұстап, оң қолында, қағаз стаканда шайқалған шарапты аузына апарды. – Тым құрмаса, дәмін көрші, айналайын! – Қойыңызшы қинамай! – деп қыз қылымсып, бұрала түсті. Елеусізде ес қалмады. Қолы қалтылдап, шайқалған стаканды қағілез ерінге тағы да апарып еді. Шынар түсін суытып: – Не могу! – деді. Елеусіз стаканды қоярға жер таппай, сасқалақтап қалды. Қыз жаны ашыған қалыппен қайтадан күлімсіреді. Осылайша олар біраз үнсіз отырды. Бұл уақытта жолдастарынан жырылып қалған татар жігіті осылардың қорушысы мен торушысындай, анадай жерде қылқиып отыр еді. Жалаңаш иығына гармонын асып ап, татардың сазды, сиқыр әуенін бұлбұлша құйқылжытады. Және қайта-қайта құбылтып
тартатыны бір-ақ әуен. Аңсары терең, тым аянышты, күйлі лебіз еді. Құлағының құрышы қанған Елеусіз сырнайшыны қалай шақырып алғанын байқамай қалды. – Есіміңіз кім? – Нәрсә»? Елеусіз сұрауын орысшалап қайталады. – Э, теперь, түшіндім. Атым – Рафих, фамилиям Габибулин. Значит: – Рафих Габибулин боламын Елеусіз қолын ұсынды. – Менің атым – Елеусіз, фамилиям – Досов. Значит: Елеусіз Досов боламын. Шынар жымиып күлді. – Матор қыз кім? Шынар өзінің аты-жөнін айтты. Сонымен, Рафих онымен де танысып қалды. Қалаға олар іңір шапағы жамырағанда қайтты. Елеусіздің бастапқы ойы – Шынармен өзен жағасында, орман ішінде сейіл құрып, оңаша тілге алмақ еді, сыр түймек еді. Бірақ суға жүзуден артылып шешіліп сөйлесе де алмады, сыр түйіскендей де болған жоқ. Кәдімгі ахахумен бір күн өтті. Жол бойында Елеусіз Рафихқа оқтын-оқтын гармонь тартқызумен болды. Есі кете елтіп, аузының суы құрып, татардың ән-күйлерін мақтаумен болды. Шынар күн ұзаққа өзі ешқандай елемеген тұғыжым жігітке енді біртүрлі жылы ұшырай қарауда. Қызға Елеусіздің мақтағаны татардың ән-күйлері емес, дәл осы Рафих сияқтанып әсер еткен. Осыны сезген Рафих та «матор қызды» көзімен ішіп-жеп, телміріп барады. Елеусіздің де көңілін аулағансып, бірауық гармонын ұсынады. «Сіз де бек жақсы ойнайсыз» деп мақтауымен алдарқатып, өзі бойжеткенді жақақтайды. Жампаңдап, таныстықтың қайырын
тілеп, Шынардың телефоны мен адресін жазып алмақ болады. Әуелінде бұған мән бермеген Елеусіз көп ұзамайақ кіді алып, жаңада танысқан Рафихқа жыны келді. Шынар телефоны мен адресін беруге ұялып, қашқақтағанда, қызғаныштан сызданып тұрған Елеусіздің қыбы қанып, көңілі көтеріліп қалды. Елесуіздің әлі жадында. Рафих қоштасарда Шынардың қолына кенедей жабысып, алақанға ақша басар парашыдай, көлбей толғап қалған. Елеусіз салқын ғана қоштасып жатып: – Попутного ветра! – деген. Елеусіз онымен енді қайтып ұшырасармын деп ойлаған жоқ-ты. Бірақ ұшырасты. Және қандай жағдайда ұшырасты десеңізші. Бірақ бұл турасынан көп шертуге әлі әзір ертелік қылады. Әр нәрсенің ашылар мәуірті болғандықтан сабыр тұтамыз. Әзіргі айтарымыз, сол жазда Елеусіз өте жүдеп кетті. Жатса, тұрса есі-дерті Шынарда болады да тұрады. Оның сықылықтаған сылқым күлкісі, күлімдеген қоңыр көзі, сынық ибасы, шырын назы жүдетті. Елеусіз Шынармен бас қосқанда күнілгері әзірлеген сөзінің бір де бірі кәдеге аспай қалады. Не сиқырының барын білмейді тек, әйтеуір сұңғақ қыздың әрбір қимылына елтіп, тілі ұтымды оралымға келмей қалады. Шынардың өзі де шешіліп сөйлесуге зауқы жоқ адамдай, әңгіменің бетін әр жаққа тез бұрып отырады. Әке-шешесінің тапқан-таянғанын еркін жұмсап үйренген Шынар киноға, театрға, стадионға барғыш-ты. Сондайда көбінесе қасында болатын Елеусіз орынсыз тыраштанып, бар ақшасын шығарып алады. Бір күні екеуі орталық «Динамо» стадионына барды. Метроның іші иін тірескен жұрт. Электричка жиі-жиі
қатынап, адамды үсті-үстіне төгіп жатыр. Үш эскалатор қатар жүріп, құж-құж қайнаған адамды, сеңмен тасыған өзендей, сыртқа құсып жатыр. Соңыра, ойын тарқағанда, осы метроның осы адам толқынын түпсіз оқпандай жұтып жататынын де Елеусіз біледі. Ойын тарқағасын Елеусіз Шынармен саусақ ілмектестіріп келе жатты. (Сол жылдары осындай бір сән шыққан). – Әскери командаға не себепті іш тартасыз? – деп сұрады Елеусіз. Шынардың бір жерлесі таяуда ғана әскерден ауылына қайтыпты. Соның құрметіне «Шымқай қызыл жейделердің» тілеуін тілейтінін айтып еді. Бойжеткеннің бала мінезділігіне Елеусіз жаны ашығандай болды. – Жерлесіңіздің есімі кім еді? – деп сұрады ол Шынарға хаттың көп келетіні есіне түсе кетіп. – Есімі – Мырзаш. Фамилиясы – Смағұлов. Оның да Сіз сияқты өлең шығаратын өнері бар. Бірақ шығармасы баспа жүзін көре алмай жүр... Шынар жымиып күлді. Көзі жоқ Мырзаш Смағұловты әжуалағанын немесе өзін әжуалап тұрғанын Елеусіз байыптай алмады. Не де болса, оның көңілінен көмескі бір күдік орын тепті. Осыдан бір жұмадай өткенде Шынар мен Елеусіз Лизаның үйіне барды. Аулада алты жасар Арикті ойнатып жүрген Лексюша әжей кездесті. (Алексеевнаны еркелете осылайша атап кеткенін Шынар мен Елеусіз білетін де). Лексюша әжей үйде Қараштың отырғанын айтты. Москвалықтардың меймандостығы бойынша шай келді. Елеусіз ыстық шайға бір түйір қантты тастап жібергенде чашканың түбі быжылдап, беті шымырлады. Ақ фарфордан құйылған әдемі чашканың бүйірінде көл
жағалауына қонғалы келе жатқан қанатты періштенің суреті бар еді. Елеусіз соған қарап, ойланып отырды. – Конфета алыңыз, Елеу, – деді Лизаның шешесі Нелла Борисовна. (Елеусіздің есіміне тілі келмей қойған соң осылайша атауға өзінен алған ризалығы бар-ды). Елеусіз бір түйір кәмпит жеп, қарлығаштың суреті салынған сарыала қағазын қайда тастарын білмей отырғанда, көзі стол үстіндегі күлсалғышқа түсті. Күлсалғышта кеудесі мен бас бітімі адамға, бөксесі мен аяқ жағы текеге ұқсаған Зевс мүсіні бар еді. Зевс жебедей көк сүңгіге сүйеніп, аяғын кішкене шардың үстіне қойып тұр. Шар жіңішке дөңгелек қаңылтырға қондырылған. Бір кезде сәнге қойылатын, күміспен күптеген қола статуэтка бұл күндер тозығы жетіп, жай күлсалғышқа айналған. Шандаровтың үй іші соғыс тұсында Қазақстанның бір облыстық қаласына көшкен-ді. Николай Ивановичтің өзі одақтық мәні бар үлкен заводта техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы болып істеген. Жау самолетінің ызыңы астында асыға көшкенде көп мүлкі қалып қойып, дерексіз кеткенін бір ретте Нелла Борисованың әңгіме еткені бар. Қазір шай үстінде, Елеусізге: «Кесе-шәйнектерді, күлсалғыштарды саудыратып алып жүруге ерінбегенде, тастаған дүниелері қандай болды екен?» деген күдікті бір ой келді. «Әй, асылы мақтаншақ бәйбіше болмасаң игі еді» деп қойды ішінен. Ваннасы мен кухнясын қоспағанда, шағындау үш бөлмеден құралған кәдімгі қоңырқай пәтердің екі бөлмесі осы. Елеусіздер ас ішетін, қонақ күтетін ауызғы бөлмеде отыр. Төргі бөлменің қаусырма есігі айқара ашық. Онда да пәлендей жасау көрінбейді. Ағаш кереует тұсында ілулі тұрған әйел суреті ғана үй шырайын
келтіріп тұрғандай. Нелла Борисованың келіншек кезіндегі көркі көз жауһарын алып тұр. Рафаэльдің мадоннасы сияқты жалаңаш иығы жұмырланып, екі емшегінің сызығына шейін көрінеді. Күшті де уыз кеуде көтеріліп-басылып тұрғандай. Бұндайда тыныш отыра алмайтын Қараш сырмен салған суретке қомағай көзбен қарап, тамсана мақтап жөнелді. Художниктің шығарма шешімін дұрыс тапқанын да бөлектеп аңғартпақ болды. Келіншектің кескініне жалаңаш иық, жас кеуде ерекше жарастық беретіні бұрыннан белгілі жай екенін, бірақ мына суретте сол жарастық шымыр денсаулыққа, арманшыл көңіл күйіне жалғасып тұрғандығын айтқанда Лиза әлденеден ұялғандай, қызарып кетті. Нелла Борисованың өзі мақтауын пісіре түс дегендей, шалқи жадырап, үй ішінде киетін кең қара жібек шалбарын сусылдатып, әрі-бері көлбеңдеп өтті. Лиза әңгіменің бетін бұрғысы келіп, альбом ашты. Курортта түскен, дачада түскен, дастархан үстінде түскен неше түрлі суреттер ақтарылды. Жалқыны, солғыны аралас берекесіз көп суреттердің ішінен Елеусіз Қараштың кескінін де көріп еді. Сендерден қалыспайын дегендей, Шынар сумкасынан бейтаныс жігіттің суретін шығарды. Әскери киімді, талдырмаш ақ құба жігіт күлімдеп тұр. Иығында лейтенант погоны. – Смағұлдың баласы ма? – дейді Қараш әлденені есіне түсіргендей. – Ия. Елеусіз суретті қарап отырғанда сыртындағы бір шумақ өлеңді көзі шалып қалды. Шынар көрсең көр дегендей қысылар емес. Қайта, Елеусіздің оқығанын ішінен тілеп отырғандай.
Шалғайдан сағынамын, сәулем Шынар. Екеуміз егіздей ек, қалдым сыңар... Қалған екі жолын Елеусіз оқып үлгірмеді. Беті дуылдап, көзі мұнарланып кетті. Бойы мең-зең боп, құлағы шуылдады. Күлімдеген ақ құба жігіт шалғайдан мазақтап тұрғандай елес берді. Елеусіз қолы дірілдеп, суретті қайырып жатып: – Күлімдеген көзі өзіңізге аздап ұқсайды екен! – деді. – Бауыр болған соң ұқсайды да. «Бауыр! Қандай бауыр екенін көреміз!» – деді Елеусіз ішінен. – Екі туып бір қалғаның болса, «сәулем Шынарына» жол болсын?!» Елеусіз сыр бермеуге қаншама тырысса да, кәдімгідей түсі сынып, томсырайып қалып еді. Дәл осы сәтте есіктің қоңырауы шылдыр ете қалды. Лиза: – Папам келген болуы керек, – деп жүгіре жөнелді. Николай Иванович қалпағын алып жатып, қонақтармен болар-болмас иіліп амандасты. Күлгенде алтын тісі көрінді. Алдынан шыққан әйелімен меймандардың көзінше шөп етіп сүйісті. Жігіттер мен қыздар отырыс таппай тысқа шыққанда, күн де кешкіріп қалған еді. Елеусіз қаланың сыртында тұратын Шынарды метроға дейін ұзатып салды. Қоштасарда Елеусіз Шынардың қолын толғап қатты қысты. Көзіне де өткір қарады. Бірақ, «келесі жолы қай жерде, қашан кездесеміз?» деп сұрамастан, қызыл фуражка киген бақылаушы қыздың қасында қала берді. ...Студенттер жазғы демалысқа тарқасып жатты. Қараш самолетпен Ташкентке ұшып, одан Бұхар облысындағы туысқандарына баратын болды. Августың орта шенінде Елеусізбен Алматыда табысатын боп сөз байласты.
Қарашты Елеусіз, Лиза, Шынар үшеуі аэропортқа шығарып салды. Түнгі мезгіл еді. Такси жалдап алған Қараш машинаның ішінде бұлғақтап, шалқақтап, орысша ән салумен болды. Қайсы бір қайырмасына қос қыз бен Елеусіз қосылып та кетеді. Әсіресе, әлі ыстық-суығы басылмаған «Подмосковные вечера» секілді таңсық әндерге қосылады. Қаланың сыртына шығып кеткендіктен шофер қарсылық білдірмейді. Ән тоқырағанда Қараш неше түрлі күлдіргі әңгімемен жолдастарының езуін жиғызбайды. Бірауық аспандап жүргенде олай-былай боп кетсем, бақұл болыңдар деп, астарлы әзілмен әлдекімнің көңіліне қорқыныш та салады. Қараштың қылығына Елеусіз ішінен қызыға қарайды. Ал, қыздар болса, шексіз ұйып, магнит тартқан асылдай үйіріледі. Аэровокзалда сапырылысқан адам. Шалбары қушиған шетелдіктер де жүр. Радио сәт сайын сампылдап, ұшар, қонар самолет жайын хабарлап тұр. Әлде бір жолаушылардың аты да аталып қояды. Қараштың самолеті ұшуға екі сағаттан аса уақыт бар еді. Сондықтан ол шығарып салушыларды қояр да қоймастан екінші қабаттағы ресторанға алып барды. Бұлар түкпірдегі нән шар айнаның алдынан орын алды. Шар айнаға қарсы отырған Елеусіз бен Шынарға есіктен кірген, шыққан адамдар бір түрлі одағай көрініп тұрды. Қараш тамақ тізімінің қолоқпандай қара мұқабасын айқара ашып: – Сыпайыгершілік жасамай, қалағандарыңды алдырыңдар. Бір жолға Қараш Бековичтің қалтасы шыдайды! – деді. Және: – Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екем ғой. Сұраған бұйымтайың, мә, – деп Елеусізге жүз сомдықтан үш
қағазды сытырлатып суырып берді. Елеусіз кеше қарыз сұраған. Оңашасын тауып бермей, қыздардың көзінше бергеніне ішінен ренжіп қалды. Қараштың ағайындары Бұхар облысында түйемен керуен тартатынын Елеусіз білетін де. Бірақ мұны қыздар білмесе керек. Сондықтан олар жолаушылап бара жатқан жігітті төтен шығынға ұрындырығысы келмеп еді. Елеусіз ырық бермей, қымбат-қымбат тағамдарға заказ бергізді. – Ішкілік не болады? – деді Қараш масаттанып. Қыздар шошып түспеді. Бірақ бірден көнбеді де. Тек, ұсыныс үш рет қайталағанда ғана Шынар жарты бокал «Хванчкара» ішуге зауқы соғатынын білдірді. Елеусіз қайран қалды. Осыдан екі-ақ ай бұрын екеуден екеу өзен жағасында отырғанда, су сорып дірдек қаққанда, ертіп келген жігіт өлердегі сөзін айтып жалынып-жалбарынғанда татып алмаған шарабын Шынар қыз енді сыңғытқалы отыр. Ресторанда аталмыш шарап жоқ боп шықты. Елеусіз байқұстың қасқалдақтың қанындай іздеп тапқан кәт шарабы қас пен қабақтың арасында қайдан табыла қойсын. Қалағаның жоқ болса, қармалғанына қанағат. Стол басына портвейн келді. Басына гүл шашқан күнбағыстай әдемі ақ кокошник таққан официантка нән қара бөтелкенің тығынын бұрандамен тартып шығара алмай, мықшыңдап қалды. Елеусіз «ұлықсат етіңізші» дей беріп, бөтелкені қолына ап әрі тартып, бері тартып шығара алмай қойды. Бөтелке Қараштың қолына көшкенде ол түбінен алақанымен қағып қап, тығынын шопаң еткізді. Лиза кешірім сұрап, іше алмайтынын кесіп айтты.
Қараш: «Осыны ішпесең менде қастандығың болғаны» деп келетін, әркім бір айтып сілікпесін шығарған кәрі әзілді қайталап еді. – Шарап түгіл сыра ішсем басым айналады. Осыған сенші, Қарашка! – деді Лиза. Сонымен, үшеу ара ыңғайлай бастағанда: – Не үшін ішеміз? – деді Шынар ойнақы көзі күлімдеп. – Қараштың сапары сәтті болуы үшін! – деді Елеусіз. – Ал, мен сен екеуіңнің жарастығың үшін көтеремін! – деді Қараш өрдеш кеудесін кере түсіп. Айнадан қара торы Шынардың реңіне қан жүгіріп өткендей болды. Бұлар бойшаң жіңішке бокалдың аш белінен ұстап, қақтығыстырғанда сыңғыр-сыңғыр етті. Жаңғырған нәзік үні шыңылдап, алысқа маңып кетті. Екінші кезекте бокалдарды шүпілдетіп толтыра құйған Қараш: – Күннің шипа сәулесін көкірегімізге құятын от шарап жасасын! – деді. Бұл Алексей Максимович Горькийдің, ұмытпасақ, Қырымнан Чеховқа жазған бір хатында айтылған сөз еді. Қараш соны қайталағандай болды. Елеусіз бұл жолы Шынарға келгенде толғаңқырай қағыстырып еді. Шүпілдеген шарап шайқалып, бокалдың ернеуінен асып төгілді. Ақ салфетка қағазға қарға тамған қандай қызыл дақ түсіп қалды. Самолет түн ортасында ұшты. Қызыңқырап алған Қараш шығарып салушылармен шарбақтың жанында шөп-шөп сүйісіп, шалқақтап, кердең басып барды. Содан басқышпен самолеттің ішіне кіріп бара жатқанда ғана, жолдастары есіне түскендей, салмақпен бұрылып, қол бұлғады. «Шәкірт кезіндегі кесірлігі мынадай
болғанда, ертең қырар бұл!» деп ойлады Елеусіз. Шарбақтың маңайы сарғылтым сәуле еді. Шынардың көзі өткірленіп, жүзі құлпырып тұр. Ал, Лиза қырын қарап, көзін жаспен шылап тұр. «Мені шығарып салған қыздар неге жыламайды осы?!» деп күйінді Елеусіз. III
Шынар, Лиза, Елеусіз үшеуі Москва – Алматы поезымен келе жатты. Вагон іші ың-жың. Әр түрлі адамдар. Балалы әйелдер. Екеу-екеу, үшеу-төртеу боп, күңк-күңк сөйлескен жолаушылардың дауысы әлдеқайдан ұласып, у-шуға да айналып кетеді. Сендерден қалыспайын дегендей, паровоз да ауық-ауық шыңғырып, миыңнан шағып-шағып алады. Вагон тізбектің ең алдында еді. Сондықтан паровоздың төбесінен ұшқан қиыршық көмірлер терезенің қиюларынан кіріп, мазасыздайды. Осыған қарамай, екі қыз бен бір жігіт қағанағы қарық, сағанағы сарық боп келеді. О, жазғы демалыстың қадірін студенттер ғана біледі! Лизаны да Шынар мен Қараш таныстырған. Содан бері екеуі тату-тәтті боп кетіп еді. Лизаның нақ осы жазға белгілеген барар жері жоқ болғасын құрбысы алыстағы аулына ертіп бара жатыр. Жер көресің, ел көресің деді; таза ауада денсаулығыңды көтересің деді; сағынған шешем екеуміздің бабымызды табады дейді; әйтеуір көндірді. Соғыс кезінде Лиза сол жерлерді қайта оралып көргісі де келген. Шынардың шақыруы қамшы болды. Ал Елеусіз болса, Алматыда тұратын ғалым нағашысынікіне бара жатыр. Елеусіз Досов жалғызілікті жігіт еді. Жұпыны ғана
шаруаның баласы Арқаның ақ төсін жайлап, Шудың ну қамысын қыстайтын елін еміс-еміс қана біледі. Ел көшкенде ол жадылы түйенің үстінде, кебежеде мойны қылқиып отырар болар еді. Әкесі бес жасында ашамайлы тайға мінгізіп, тоғыз жасарында ауылдастың бәйге күреңіне шапқызған еді. Елеусіз бір мүшелге толар жылы әке-шешесі қайтыс болады. Қалай қайтыс болды дейсіз ғой. Қалай қайтыс болғанын қайдан білейік, әйтеуір, Бетпақтың даласында жамбасы жерге тигенге ұқсайды. Елеусіздің өзі, шешесі үзілерде: «Жетімегім, көзіңді кімге сатар екенсің?» деп кемсеңдеп жылағанын ғана біледі. Өлікті жерлеп қайтқандардың етігіне жұққан ақ топырақ көз алдынан кетпейді. Қазір Елеусіз мұңдық шеше, арманды әкенің бейітін іздеп таба алмасына көзі жетеді. Биік белгісі жоқ, тым құрмаса, тас қорымы жоқ, құлазыған жапантүздегі түймедей төмпешіктер әлдеқашан жермен жексен боп кеткені анық. Елеусіз он үшке қарағанда балалар үйінің панасына алынды. Қара тануы да содан басталған. Қарағандыдан Семейге, Семейден Қызылордаға ауысты. Бертінде Алматыда тұратын ғалым нағашысын тауып, соның көмегі арқасында осы институтқа орналасты. Содан бері оқта-текте хат жазысатыны да, барып-келетіні де сол нағашы жұрты. Елеусіздің әкесі Дос та жалғызілікті болған. О баста «Қаратаудың қу аяғы» атанған кезбе екен. Етік тігетін өнері бар екен. Кедейлігіне қарамай, сәнмен киінетін кербез екен. Бір жылы жазда Сарысу өзенінің бойын жайлайтын елде етік тігіп жүрді. Үстінде шытырмалы ақ жібек бешпенті болады. Аяғында сықырлаған әміркен етігі болады. Сондықтан да, кілең саптама етік киетін арқалықтар оны «Қаратаудың қу аяғы» атандырады.
Ал, бірақ өздері қисық табан қаздима етікті біртіндеп тұрмысына сіңдіре бастайды. Сол елде Торанғұл деген кісінің Мәлике деген сұлу қызы болады. Қызға көңілі кеткен етікші оймыштанған кебіс-мәсі тарту етіп, қырындай бастайды. Содан хауіп иеленген Торанғұл: «Кедейдің кербезінен сақтан» деп, етікшіні елден қумақ болғанда ол бір түнде қызды алып қашып кетеді. Мәликені алып қашқан Дос жылға жуық жасырынып жүріп, шілдеханалы болған соң қайын жұртына қайтып барады. Торанғұл кешірім жасап, енші бөліп береді. Сол Торанғұлдың ағасының баласы қазір Алматыда тұрады. Республикаға мәшһүр ғалымның бірі. Есімі – Кәриман. Елеусіз соған бара жатыр. Ол Ташкенттің өкпе тұсына шейін жолы бір болғандықтан Шынарлармен әдейі бір поезға мінген. Сол тұста екі қыз Т. Станциясынан түсіп қалады да, Елеусіз Алматының өзіне шейін тарта береді. Ол кезде бүгінгідей шапшаңдық жоқ. Поезд ойдымойдым ормандардан шығып, оймыш-оймыш көгалдарды баса, екі тәулік шамасында Ақтөбенің бозғылт даласына иек артты. Терезеден қарап отырған Елеусізге таныс бетегелі беткейлер шайқалды. Өзі құралпас бір жас ақынынң осы жолмен осы даланы басып, аралап бара жатып жазған бір өлеңі Елеусіздің есіне түсті. Бесікке асылып, нәресте немересін тербете, қоңырлатып ән салып отырған кемпір көз алдына келді. Салдыргүлдір көшкен керуендей, тарлан тарихтың әр жерге белгіге қойып кеткен шөкім-шөкім ауылы елестеді. Сол ауылдан шыққан айнымас махаббат иесі – жас жігіт пен жас қыздың бастаңғы жүрек лүпілі естілгендей болды. Біресе жасауы мол қызыл-жасыл қыз-келіншек түрінде, біресе сарыала киімді, шалқыған сері түрінде,
біресе ақ шапанды ашушаң шал түрінде суреттелген сиқыр сахара: «Көгім қуарып болмаған көңілді кезімде өтіп барасың. Поезыңнан түсіп, аунап-қунап кет!» деп шақырғандай болды. – Не ойлап отырсыз, философ? – дейді Шынар терезеден телмірген Елеусіздің иығына қолын салып. Елеусіз ойының шет-жағасын ағыта бастағанда: – Сіздің ел Сарысудың бойында емес пе еді? – дейді. Сарысудың бойы! Елеусіз өзінің өмір тарихын Шынарға жырдай қып айтып бергені бар еді. Соның бәрін ұмытып қалған секілді. Немесе мына сұрау не сұрау? Тіпті, әнеукүні ғана қала сыртындағы «Көгілдір Дунай» аталатын қауыздың жағасында, жайқалған көк майсаның үстінде, сөзден сөз шығып, арғы тегін баян қылғанда, Шынардың: «Адасып жүрген ағамыз екенсіз ғой» дегені қайда? «Адасып жүрген ағаның» жалғызілікті екенін білгенде көріне аяп, жыларманға келгені қайда? Әйел заттың аянышына махаббаттың шалығы тисе, айықпас дертке айналушы еді. Шынарда, сірә, бастапқысы болғанмен, соңғысы жоқ сияқты. Әйтпесе бітеу жараны несіне білтелейді. – Елдің жайын да, өзімнің жайымды да, нағашыларымның жайын да айтып едім ғой, Шынар, – дейді Елеусіз қалың ойдан серпіліп. – Ертең Қаратаудың бергі шетіне іліккесін көп ұзамай сіздер түсіп қаласыздар. Менің қапалығым сол боп келе жатыр... – Шіркін, дүние-ай, «жоққа жүйрік жетпейді» деген осы да, – деп Шынар күлді. Қоңыраулы, назды күлкі еді. Елеусіз өзін жіңішкелей әжуалап тұрғанын сезсе де, ризалық пішінмен қарайды. Ішінен: «Бикештің сиқырысың-ау!» деп қояды. Түнде Елеусіз көпке шейін дөңбекшіп, ұйықтай алмады. Алакөлеңке вагон іші қорылдаған ұйқы, күлімсі
иіс еді. Елеусіз оқтын-оқтын тысқа шығып, темекі сораптаумен болды. Жар құлағы жастыққа тимеген ол «ел жатса да елекем жатпайды» деген сәбилік жұмбақмәтел есіне түскенде өз халіне өзі күліп те алады. Елеусіз бірауық Шынардың айрылысарда әдейі арнап келе жатқан сиқыр назына мастана, бірауық ертең оның жолдан түсіп қалатынын ойлап, уайым жейді. Қасынан кету өкініш болса, одан арғысы мүлдем қараңғы болғалы отыр. Шынар оқудан арып-ашып алыстағы ауылына барғанда «қарағым-шырағымнан» кеңде болмайтынына Елеусіздің кімдер болатынына көзі жетпейді. Шынардың алдынан ертең көзі күлімдеген аққұба жігіт шығады-ау! Әскерден жаңада қайтқан сүр бойдақ сағыныштан сарғайған қарындасқа нендей лебіз білдірер? Онымен қалайша көрісіп, қалайша сыр ақтарысар? Шынардың сумкасындағы сурет Елеусіздің көзіне елестеп, екі жол өлең есіне түсті. Шалғайдан сағынамын, сәулем Шынар, Екеуміз егіздей ек, қалдым сыңар... «Егіздің адасқан сыңары табылса, шұрқырасып табыспағанда не ғылады?» деп ойлады Елеусіз. Осынау екі жол өлең екі басты жыландай ирелеңдеп, әсершіл қызды шаққалы келе жатқандай елестеді. Дүниедегі ең қымбатынан айрылардай, Елеусіздің көңілі жарымданып, іші әлем-жәлем болды. Шылымды тарта-тарта жүрегі қыжылдады. Сондайлық беймазалықта таңға жуық қана төсекке бас қойып, көзі ілінгендей болған еді. Одан арғысын таңертең екі қыз сықылықтасып күліп отырғанда барып қана пайымдады. ...Елеусіз аяғымен қаздаңдап көтеріліп, екі қолын қанат қып ұшып жүретін болған екен дейді. Әлдеқайдан самғай ұшып, шалқар көлдің жағасындағы Шынардың
ауылына барған екен дейді. Барса, ауыл-аймақ көл жағасында ұлардай шулап тұр. Көл сарылайланып, жалданып, бұрқ-сарқ тасып жатыр. Сол лайсаң толқында кеудесі жалаңаш сұлу Шынар мен баяғы аққұба жігіт екеуі құшақтасып, арғы жағалауға қарай қашып барады. Қай-қайдағы ақ бас қарақұстар қалбаңдап, екі қашқынды бүріп әкетпек болады. Анау екеуі жан ұшырып, лай толқынға батып шығып, батып шығып, ықылық атқан секілденеді. Шынардың кимешек киген шешесі мойнына қыл шылбыр салып, зарлап тұр. Бұдан әрі тағы да бірдеңелер шатасып кетті. Дүние даң-дұң болғандай болды. Елеусіз ұшайын десе ұша алмайды, Шынарға: «Хош бол!» деп айқайлайын десе үні шықпайды. «Япырмай, маған не болған?» деп ойлайды ол. Содан бар күшін жиып, айқайлаймын дегенде оянып кетті. Сөйтсе өзі бастығырылып жатыр екен. Қасында екі қыз сықылықтап күліп отыр. Елеусіз бойра-бойра терге түсіпті. Балдырған шағында Елеусіздің миына сіңіп қалған ұғым бойынша, түсінде лай су көру жақсылықтың нышаны емес. Ал, лай суға шомылған адамның мүлдем соры қайнамақ. Сондықтан әуелінде Елеусіз кәдімгідей тіксініп қалды. Оның есіне бала кезінде естіген бір ауыл аңызы түсті. Екі қабат әйелдің көкірегін қасқырдың екі бөлтірігі кеміріп жатады. Әйел шошып ояна кетсе, түсі екен дейді. Жүрегі лүпілдей бергесін шыдам қылмай, жүгіріп көрші ауылға барады. Барса, алдынан тәжікешіл қайынсіңлісі шығады. «Шырайлым-ау, мен осындай түс көрдім. Түсімді атама жорытайын деп едім» дейді келіншек. Қыз атасының аң аулап кеткенін айтып, аяғын сайқымазақ
әзілге шаптырады. «Тәйір, көкірегіңді қасқырдың екі бөлтірігі кеміріп жатса, түбінде ажалың бөріден болады да» дейді. Келіншек: «Қойшы, қайдағыны айтпай» деп қымсынып, аулына қайтады. Бұл екі ортада аң аулап кеткен атасы да қайтып оралады. Қыз келіншектің келген шаруасын, өзінің тәжікелеп жорығанын айтады. Шал санын бір-ақ соғады. «Екі бөлтірік – анасының мамасын еметін егіз ұл еді ғой. Балам, теріс жорығансың. Атыма мініп, артынан қуып жет те, келінді қуантып қайт» дейді. Қыз жеңгесінің артынан барса, екі ауылдың арасында оны қасқыр жеп жатыр екен дейді. Түсті біліктіге жорыту осыдан қалған деседі. Елеусіз көрген түсінің шет-жағасын ғана аңғартып, соған жалғастыра ауылдың осы аңызын айтып шығып еді. – Түу, қандай қисынсыз нәрсе, – деді Шынар пісте мұрнын шүйіріп. – Жоқ, Чинар, сенің мұнына қосылмаймын. Меңінше, өте қызық аңыз! – деді Лиза. Бұл уақытта поезд ақтаңдақ даладағы бір станцияға келіп тоқтаған еді. Елеусіз күндегі әдеті бойынша шәйнекті алып, қайнаған суға қарай жүгірді. Лиза бала мінезді адамдарға қызыға қарайды екен. Елеусізді қызықтап, мақтап жатты. Оның олпы-солпы жүріс-тұрысының өзінде өзіндік романтика барын айтқанда, Шынар «осынысы шыны ма, мазағы ма?» дегендей, құрбысына үрке қарап қалды. – Рас айтам, – дейді Лиза. – Менің Қарашым тым көбірек сыланып сипанады. Өз басының қамын ұмытпаған адам ғылымға тереңдеп бара алмайды деседі. Сенің Елеусізің емес. Тіпті ол ешкімге ұқсамайды да. Шынар «Сенің Елеусізің» дегенге қарсылық білдір-
мекке оқтала бергенде оның өзі келіп қалды. Шәйнегінің шүмегінен бу шығады. Қақтаған балықтар әкеліпті. «Өзеннің балығы!» деп мақтай келді. Шай үстінде Лиза халықтың аңызы, ертегісі, салтсана, әдет-ғұрып жайынан әңгіме қозғап отырды. Болашақ филолог осының әммесінен толық хабардар болғысы келеді екен. Қазір Шынармен бірге шығандап, көшпелі малшыларға бара жатқандағы іш есебінің бірін осылайша аңғартып өтті. Шаңқай түс кезінде Қаратаудың құйрығы қылаңдап, жүрген сайын шоқтығы көріне бастады. Бір уақытта көгілдір мұнардан Мыңжылқының басы да көрініп еді. Шынарлар тыпыршып, буынып-түйінуге кірісті. Елеусіздің көңіліне түндегі мазасыз ойлар қайта оралды. Шынармен бірге поездан түсіп қалғысы, оның отбасын, әке-шешесін барып көргісі келіп кетті. Елеусіздің әкесі Дос марқұмның атамекені осы Қаратау емес пе еді? «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне!» деп тартып тұрса, Елеусіз Досовты кім шауып алады? «Әй» дейтін әжесі, «қой» дейтін қожасы жоқ шағында жасамаған тентектікті қашан жасайды? Алматыға барғанда нағашысының қарық қылары да шамалы. Жалпы ғалым атаулы сияқты, Елеусіздің нағашысының да әрбір тиыны есептеулі. Оқымаған жеңгейдің қалай қарсы алары да белгісіз. Қабағынан қар жауып отырмасына, теріс айналып, бұрқан-тарқан боп жүрмесіне кім кепіл? Жұлдызы оңынан туса Елеусіз бірер ай аунап-қунар. Тегін машинамен қыдырар. Соған мәз болып далақтайтын жастан өтіп кеткен жоқ па? Ендеше, өз қызығы өзінде болар шағы да жеткен. Елеусіз Алматыға барғанда газеттерге мақала, очерктер жазып, қаражат қармап алмақшы еді. Онысын осы жақтың өзінен де ілдебайлауға болады. Қайта, облыс-
тық газеттер қаламының ебі бар жастарға көбірек зәру. Елеусіз осы алуандас олқылы-толқылы ойда тұрғанда Шынар базарлыққа алып бара жатқан бөлек-салтағын буып-түйіп болған еді. Елеусіз оған: – Бері таман шығып кетіңізші, – дегенін байқамай қалды. Екеуі тамбурға шықты. Поезд сартылдатып тартып бара жатыр. Елеусіз ойымдағыны айтып үлгере алмай қалармын дегендей, асығып-аптығып сөйлей жөнелді. Даусы бірде көтеріліп, бірде бұғып, жүректің тілегін жеткізуге тырысты. Жоқ, Елеусіз: «Мен сізді сүйемін. Қосылмасаң – құримын, күйемін, жанамын!» деген жоқ. Осы сапардың жағдайын ғана сөз қылған болды. Манағы ойлардың нобайымен төтелеп, Шынардың ауылын көргісі келетін себептерін жылдам-жылдам айтып шықты. Қарашпен Алматыда бас қоспақ болғанын да ұмытты. Осы жақтың өзінен қайтып кетуге бел буып тұр. Сөзінің ең соңында, ғашықтық салтымен күрсінбей, жұмсақ қана тұнжырап, қолын қыздың иығына салды. Мұнысы: «Жауабыңды тосып тұрмын» дегені еді. – Осы емеуірінді осымен екінші мәрте байқатып отырсыз, – деді Шынар басын сілкіп тастап. Елеусіздің қолы иығынан түсті. – Мен сізді ауылға қалай шақырмақпын? Кім деп ертіп апармақпын? Ауылаймақтың «пыс-пысы» болады. Ол түгіл, көзі ашық деген әке-шешенің өзі: «Бәрекелде, сыйлы қонақ ертіп кепсің» десе, құба-құп. Олай демей, өзімді дәнекүс қып жүрсе, қайтпекпін? Совхозға айналып, жұмысшы болдық деп күпілдегені болмаса, біздің ағайындарымыздың қазақшылығы қалмаған. Заң, заман өзгерсе де, әдетғұрып, үрдіс-дәстүр дегеніңіз тез өзгермейді екен. Анау
Лиза менің көзімше әке-шешесіне талай рет «Папуля, мамуля, мен Қарашты ұнатып қалдым» деген! Ал, мен әке-шешеме олай деп тіс жара алмаймын. Мұны өзіңіз де жақсы білуге тиістісіз. Елеусіз ойланып қалды. Шынында да, Шынардыкі дұрыс-ау. «Ертіп келгенім – өзіме қырындап жүрген жігіт еді» десе, ел-жұрты оны дәлду, тәлпіш, көргенсіз атандырар еді. Ал, «көлденең мейман» десе, онысы және келіспейді. Қаңғырған жолаушы бейтаныс елде не бітіреді? «Қой, мұным болмайды екен» деп ойлады Елеусіз. Оның Алматыға барғаны жөн екен. Нағашы да сонда, жора-жолдастары да сонда. Тек, Шынармен қоштасарда қайта оралып көріскенше ұмытпастықтай, қандай қылық, қандай сөз лайық? Енді ол осының қамын ойлап кетті. Еңкілдете тартып келе жатқан поезд екпінін сылық түсіріп, баяу ағынға түсті. Жолаушылардың шыдамсыздары жүктерін жыпырлатып, шыға беріске қарай ығысты. Солардың орта кеудесінде Шынар, Лиза, Елеусіз тұр. Шынардың жүрегі алысынан сезеді. Өрдеш төсінің дірілінен сезеді. Кіндік кесіп, кір жуған жерге жақындағанда кім тебіренбейді дейсіз. Көйлекшең Елеусіз шірей сықалған нән екі қара чемоданды алып түскенде талдырмаш денесі майысып, жауырыны қушиып кетті. Ішінде зат емес, тас жатқандай сезінді. Автобустың аялдамасына тәлтірек қағып, әрең жеткізді. Бұл кейпіне екі қыздың да жаны ашып еді. Сол аяныш онымен қолдасып қоштасқанда мүлдем ұлғайды. Себебі, Елеусіздің алақаны қайыспен ысқандай, жанып бара жатыр еді. Нәзік сезімнің иесі Лиза шыдам қылмай: – Давайте, на прощание я вас поцелую, – деп
Елеусіздің бетінен шөп еткізіп сүйіп алды. Шынар сүйіспейді. Қалай сүйіссін, жан-жағы самсаған адам еді. Балалы әйелдер де бар-ды. Бірақ Шынар бекер қылды. Сүйісуі-ақ керек еді. Ол тосырқағасын Елеусіз айрылмышта айтам деп түйгенін айта алмай қалды. Тек, қанжардай өткір көзі жуаси жаутаңдап: – Хат жазысамыз ғой. Апай мен ағайға сәлем де! – деді. IV Елеусіз Алматыға келісімен тыным таппай жұмыс істеген. Баспа мен редакциялардың табалдырығын тоздырып, «қағып тастайтын» жұмыс аулаумен болған. Айтулы мерзімде Алматыға Қараш та келіп еді. Шалымды серігіне қосылғасын Елеусіз бір жасап қалғандай болды. Қараш баяғы қалпынша жалт-жұлт етеді. Балауса көңілін сары уайым шарпып көрмеген мұңсыз адамның кейпін танытады. Алматыда тамыр-танысы көп Қараш Елеусізді талай үйге ертіп барды. Заң қызметкерлерінің, артистердің отбасын көргені Елеусіздің әлі есінде. Солардың көбін Қараш «жекжатымыздың жекжаты еді» дегенде, жолдасының сіңімділігіне Елеусіз таң қалып та қояды. Қайсы үйге барса да, Қараш орағытып, мәжіліссұқбаттың алдын бермейді. Әңгіме нендей тақырыпқа ауса да, көп білетін сол боп шығады. Сегіз қырлы, бір сырлы жолдасының ұстараның жүзіндей лыпылдаған мінезіне Елеусіз бірауық қызыға қараса, бірауық сескеніп те қалады.. «Тұрақтылық томырық адамнан көбірек кездесуші еді. Осының өзі күндердің күнінде баянсыз боп жүрмесе игі еді» деп ойлайды Елеусіз.
Бір күні Қараш Елеусізді баспаға ертіп барды. Онда бөлім редакторы боп істейтін жерлесі Жәнібек Шақабаевпен таныстырды. Елеусіздің қаламы жүйріктігін айтып, аударма сұрап еді. Жәнібек директормен сөйлесіп, Буденныйдың басқаруымен шыққан «Жылқы туралы кітаптың» атақты екі томын аударуға берді. Елеусіз екі томдықты он екі айдың ішінде аударып беретін боп шартқа отырды. Шарт бойынша, көп ұзамай, несие ақша да алады. Ақша алған күні Жәнібекті, Қарашты қонаққа шақырды. Олар және біреулерді ертіп келіп, екінші Алматы вокзалының ресторанында кәдімгідей той-томалақ боп тарқады. Сонымен, Москваға қайтарда Елеусіздің қуанышы қойнына сыймай қайтқан. Әсіресе Шынармен танысқалы бері қаражаттың тақсыретін тартқан ол ұзақ уақытқа жетерлік шыр байлағандай, желігіп еді. Астанаға келгесін Шынарды анда-мұнда апарғыштап, әрі жора-жолдастарын шақырғыштап, бір-екі айдың ішінде қалтасының түбі көрініп қалды. Содан кейін Елеусіз сарыла жұмыс істеуге көшті. Күздің ұзақ түнінде «Жылқы туралы кітапты» аударып, ұйқысы ылғи шала. Қарындашпен көп жазғандықтан ортан қолының буыны жауыр болды. Сөйтіп жүргенде денсаулығының жүдеп кеткенін байқаған жоқ. Жағы сопайып, көзі шүңірейіп, ілмиген үстіне ілмиіп кеткен түрпеті Шынарды жуықтата түспей, қашықтата түсетінін де білмеген. Москваның құбылмалы күзі Елеусіздің бүгінгідей көз алдында. Стадионда не бары бір жарым сағаттық футбол ойынның бірінші жартысында оңтүстіктен соққан жел екінші жартысында солтүстіктен соғатын кез еді. Бейқам келген жұрт театрдан шыққанда жауыншашынның астында қалатын, көз қимас не бір бикештер
метрода дірдектеп тұратын мезгіл-ді. Сондай күндердің бірінде Елеусіз, Шынар, Қараш, Лиза төртеуі костюмшең жазғы «Эрмитаж» театрына келген. Ойын басталуға шейін екі сағаттай уақыт бар. Сондықтан бау ішінде серуендеп жүрді. Күн шуақты болғанмен, ағаштардың ажары сынық, аралары сиреп қалған. Ләззаты жаздың сағынышындай сарғайған жапырақтар қалбағайлап түсіп жатыр. Біреуі дөңгеленіп кеп Шынардың кеудесіне қона бергенде, Елеусіз қағып алды да: – Топшысы қиылған жапалақтай жалбаңдауын қарашы! – деді. Қараш басын шалқайта, күміс күлкісімен «ақха-ха!» лап, қысқа күлді де: – Орыстың бір ақыны сарғайып үзілген жапырақты иыққа қонған погонға теңейді, – деді. Елеусіз уәжден жығылып, көңілі жүдеп қалды. Ақындықтан дәмеленіп, ара-кідік өлең шығарып жүргендегі тапқан теңеуі, шынында да, түкке тұрғысыз екен. Жапырақ пен жапалақтың арасында қандай ұқсастық бар? Және жай жапалақ та емес, топшысы қиылған жапалақ. «Ей, осы менен ақын шығып жарытпас!» деп ойлады ол. Елеусіздің көңіліндей, күн де кенет бұзылып терістіктен ызғарлы жел тұрды. Жеңіл-желпі киінген жігіттер мен қыздар бүрсеңдей бастады. Әсіресе, жайшылықтың өзінде «үп» десең ұшып кетерлік жіңішке де нәзік Лиза уыстай жиырылып, жауырынын қушита береді. Жаны ашыған Қараш бешпентін шешіп берді. Елеусіздер төбесі ашық жаздық театрға енгенде, азынап кетті. Салқын-ақ еді. Білдірмеуге тырысса да, дірдектей бастаған Шынарға Елеусіз бешпентін шешіп
бергенде ол кимей қойды. Өзіндей Қараштың көйлекшең отырғанын көріп, Елеусіз мүлдем қысылды. Шешкен бешпентін қайда қоярға жер таппай, желең жамыла салды. Болбырлау жігіттің осы күйіне жаны ашығандай. Шынар бірдеңені сұраған боп, қысыла түсіп еді, Елеусізге бітпеген батылдық пайда болып, желегей бешпентінің өңірін қыздың арқасына жапты да, оң қолымен қаусыра қысты. Толып піскен сұңғақ қыз жарасымды салмақпен Елеусіздің құшағына енді. Бұрқ еткен қымбат жұпардың исі Елеусіздің мұрнын жарып жібере жаздады. Спектакльдің бірінші актысы аяқталып, залға жарық берілгенде, Елеусіздің беті қызылшырайланып, аяз шалғандай құлпырып, өрт жігітке айналған еді. Әншейіндегі салалы салқын саусақтарына шейін жанып бара жатқандай. Бұл «2:0 ғып ұттық» деп аталатын, спорт тақырыбындағы постановка болатын. Рольді жанды қуыршақтар атқарады. Бас геройы Елеусізге аздап ұқсайтындай. Жас инженер ылғи жұмыспен, іліммен ғана шұғылданып, денсаулығын нашарлатып алады. Ауырып төсек тартып жатқанда шақырумен келген дәрігер ешқандай сырқатының жоқ екенін айтып, спортпен айналысуға қосады. Жас инженердің мойны жар бермейді. Сөйтіп жүріп әрі студентка, әрі спортсменка бір қызға ғашық болады. Қыздың жетелеуімен спортпен шұғылданады. Күндер, айлар өтеді. Ақырында жас инженер футболист болып шығады. Ол ойнайтын команда басқа бір күшті командамен кездесіп, «2:0» ғып ұтады. Спектакльдің мазмұны бөгде автор баян қылғанда сұйылып кеткені болмаса, көрерменге үйрімді-ақ,
ыстық-ақ еді. Жас инженердің төңірегінде толып жатқан күлкілі жайлар бар-ды. Жұрт рақаттана күліскен. Қараш ауық-ауық Елеусізге бұрылып: «Көрдің бе?!» деп сыбырлап қояды. Тіптен, бір орайда Шынарға иіліп: – Махаббаттың қолынан келмейтін керемет жоқ. Елеусізді осы инженердей ғып шығаршы! – деп салды. Шынар: – Қойыңызшы, Қараш! – деп қысылып қалды. Шынар Қарашқа ылғи «сіз, біз» деп сызылып сөйлесе, Қараш оған «Сен» деп базынасып, басынып сөйлейді. Бұл арасы Елеусізге бұрыннан танық. Жолдасының осы мінезі бір ұнамаса, екінші жағынан, ойда жоқта жанашырымсынып өбектей қалғаны Елеусізді ыза қылды. «Қайда жүрсең де өзіңнің артықшылығыңды көрсетіп қалуға тырысатының барау» деді ол ішінен. V Елеусіз ұмытқан жоқ. Сол қысты Шынар екеуі бірге өткізген. Екеуі киноға да, театрға да барады. Серуенсаяхатқа бірге шығады. Шынардың арқасында, Елеусіз коньки тебетін болды. Мұның өзі оның денсаулығының шынығуына үлкен дәнекер болды. Елеусіз бұрынғыдай жиі-жиі тымауратудан арылды. Оқуын да жақсы үлгере бастады. Сөйтіп жүріп көктемнің қалай келгенін байқамай да қалып еді. Көктемде мынадай бір көңілсіз оқиға болды. Май мейрамы қарсаңында Шынар кенеттен Ленинградқа жүретін болып қалды. Оқу бөлімінен бес күнге кететінін естігенде Елеусіз өкінді. – Қап күнілгері білгенде мен де барып қайтатын едім ғой! Неге айтпадың?
– Жалғыз өзім қыдырғым келді! Елеусіз шығарып салмақ боп қалбақтайды. Шынар жас баланы жұбатқандай, салалы саусағымен арқасынан қағып: – Поезд түнделетіп жүреді. Өзім-ақ кете берем. Әуре болмай-ақ қой! – дейді. Елеусіз Шынардың «Сен» деп сөйлескеніне мәз. Оның есіне Пушкиннің «Сіз бен сен» дейтін өлеңі түсті. Пустое «вы» сердечным «ты», Она, обмолвясь, заменила. И все счастливые мечты, В душе влюбленной возбудила. «Сапар шегіп бара жатқанда әдейі «сен» деп тұрған шығар! Олай болса, Елеусіз бармаса да риза! Сенбі күні еді. Елеусіз кешке қарай жатақханада байыз тауып отыра алмады, көшеге сыймады. Оған өзінөзі ұмытарлық ермек керек болды. Бұндайда Елеусіз басының ауған жағына қаңғырып кете беруші еді. Сол әдетіне басып, Горький көшесін одан Ленинград шоссесін бойлай отырып, «Динамо» стадионынан келіп шықты. Былтыр Шынармен бірге болғаннан кейін қайтып көргені осы. Пәлендей өзгеріс болмапты. Тек жаңадан жасыл сырмен сырлаған орындықтары кешкі арайда көз тартып, жалтырап тұр. Темір торлы қақпан соққан салқын желден сырдың иісі келгендей болады. Елеусіз Батыс трибунаның түбінде үйме-жүйме боп тұрған адамдардың қасына келді. Оның аңғаруынша, футбол әуесқойлары ертең осында өтетін ойын жайынан әртүрлі болжаулар айтып, даурығысып тұрғандай. Кісілер бес-алты жерге шоғыр-шоғыр боп бөлініп тұр. Шамасы, әрқайсысы әр команданың жанкүйерлері сияқты. Шоғырлардың әрқайсысына бір жанасып, ұзақ
тұрып қалды. Адам қанша болса болжаулары да соншама екен. Елеусіз қайсысына иланарын білмеді. Сөздері бірікпейді. Бәтуасыз ырың-жырың кеңестер таусылатынемес. Әуесқойлар ойыншылардың кейбіреуін марапаттап, кейбіреуін мұқатып, қылжақ қып, өзара ерегісіп, өзеуресіп қалады. Осының бәрі берекесіз әңгіме көрінсе де, белгісіз ермек іздеген Елеусіз еріксіз қызықтанған. Содан ол бір уақытта сағатына қараса, оннан өтіп барады екен. Бағана келгенде сағат жеті еді. Елеусіз болымсыз әңгімелерге құлақ асып, үш сағат бойына аяғынан тік тұрғанына қайран қалды. Метроға түсіп келе жатып ол: «Асылы, адам баласы – құмарлықтың құлы болса керек, – деп ойлады. – Немесе мына тұрыстар не тұрыс?» Елеусіз өзінің де құмарлық сезімге пенде боп жүргенін енді байқағандай болды. Оның ынтызары Шынар болса, сол Шынардың басқа адамға қатардағы қыздың біреуі ғана боп көрінуі бек мүмкін ғой. Және Елеусіз сүйген қызын құс қып қолға қондырған күннің өзінде баянды бақыт таба қоярына кім кепіл? Осындай сүйкімсіз, шашыранды ойда келе жатқан Елеусіздің көз алдына Шынар елестеп өткендей болды. Елеусіз әлденеден құлағы шуылдап, жүрегі тітіренді. Елеусіз бұны күтпеген жаманаттың нышанындай сезінді. Ол түсер жерінен түсіп қалмай, Ленинград вокзалына қарай тартты. Бейтаныс шаһарға бара жатқан Шынарға «жолың болсын!» айтып қоштасып қалғысы келді. Елеусіз Ленинград вокзалына келіп шыққанда «Қызыл Жебе» поезының жөнелуіне бес-ақ минут уақыт қалған еді. Әйел даусы радиодан сампылдап, хабарлап тұр.
Елеусіз платформада Шынарды іздеп, жүгіріп жүр. Қап, вагонын сұрап алмағанын қарашы! Жалтыраған сәнді вагонның бәрі бірдей. Қайсысында отырғанын қайдан білесің! Досов әрі-бері жүгірді. Айқайлағысы да келіп кетті. Бейуақыт болғандықтан ба, әлде жолдың жақындығынан ба, әйтеуір шығарып салушылар тіптен аз еді. Кейбір вагонның алдында ғана терезеге қарап ымдасып тұрған некен-саяқ шығарып салушы бар. Елеусіз «Әуеден сүйісудің» ырымын жасап, ернін шүйіріп тұрған әдемі ақ сары қыздың қасынан өте беріп, «ынтызарын көрейінші!» деп терезеге қарады. Купенің іші самаладай жарық. Терезеге бетін тақап түрегеп тұрған – аппақ шоқша сақалды ақ шал. Елеусіз «е, әкесі екен ғой» деп ойлады. Шалдың тасасында бір еркек, бір әйел иін тіресіп отырған сияқты еді. Поезд жүруге айналғанда орындарынан тұрып, шалдың қасына келді. Бұлар Шынар мен Рафик еді. Иә, иә, баяғы гармоншы Рафих Габибулин! Елеусіз бірден таныды! Елеусіздің жүрегі аузына тығылды. Басына қаны шапшып шыққандай болды. Шынардың Елеусізге «Әуре болмай-ақ қой» деп вокзалға маңайлатпауында осындай гәп бар екен ғой! Ол күні бұрын Рафихпен құпия уәде байласып, басқа қалаға әдейі саяқтап бара жатыр екен ғой»!.. Елеусіздің басына осы ойлар ғана келіп үлгерді. Поезд ырғалып, жүріп бара жатыр. Анау екеуі де Елеусізді анық көрді. Өйткені, екеуі де жалп етіп отыра кетті. Елеусіздің байқауынша, Шынардың беті ұяттан қызарып кеткендей болды. Әдемі ақ сары қыз вагонмен жанаса, он шақты қадам жерге шейін барып қалды. Елеусіз, қаққан қазықтай,
бір орыннан тапжылмай тұр. Ол жылжып бара жатқан вагондағы өзі білетін екі жолаушыға «жолдарың болсын!» деп қол бұлғаудың орнына: «Көрсетермін сендерге көресіні!» деп жұдырығын түйді. – Кімге күш көрсетіп тұрсыз? – деді ақ сары қыз. Қызғаныштың ызасынан жарылып кеткелі тұрған Елеусіз жауап қатпай қалды. Ертеңіне ол Қарашқа барып, болған оқиғаны түгел айтты. Айтпаса ішіне сыймайтын болды. Содан, татар жігітінің Ленинградта туған-туысқаны болуы да мүмкін, екеуінің неке қиысып қайтуы да ғажап емес, дегендей кешеден бері көңіліне бірте-бірте оралған зәрі мол күдігін мысқылдап жеткізген еді. Манадан бері сазарып тыңдап отырған қарасұр Қараш жорамалдың осы жеріне келгенде кенет жадырап күлді. – Ол қисынсыз нәрсе ғой. Шынар – сыйлағанды сүйетін қыз. Жолы түскесін бірге кеткен шығар. Көрмеген қаласын екі сылтау, бір желеумен көріп қайтқысы келген шығар. Біз, бауырым, жиырмасыншы ғасырда өмір сүреміз. Дуэльдің заманы өткен. Ендігі ар-намыстың нормасы да басқа... – Сенің философияң қызық екен, – деді Елеусіз. – Заман өскен сайын әр істе баяндылық орын тебеді, арнамыс күшейеді деп жүрсек, бәрі алдау боп шықты ғой. – Жоқ, менің айтып тұрғаным Шынар туралы ғана. «Жақсы болсаң – сәулемсің, жаман болсаң – әуремсің» деген өлеңді естіген жоқ па едің?! Шынар – сол сиқырыңның өзі. Оңай алдыратын жау ол емес. «Оңай алдыратын жау ол емес!». Бұны Қараш қайдан біледі? Әй, осының өзі антұрған болмасын! ...Дегенмен, Қараштың сөзі Елеусізге едеуір әсер етті. Әлсін-әлсін қызғаныштың уыты әлсіреп, күйігі басыла берді.
Шынар да Ленинградтан қайтып оралғанда көпке шейін Елеусізбен дидар көрісіп, тіл қатысқанда да, жүзі төмендеп, кібіртік қақты. Елеусіз де бір түрлі ыңғайсызданып жүрді. О баста, Шынармен танысқан сәттен бастап-ақ, Елеусіздің жүрегіне бір ыстық жұлдыз орнап, кеудесі жанып тұратын секілді еді. Енді сол жұлдыз алыстап, жылтырап, сөніп бара жатқан тәрізденді. Елеусіз кеудесінің суынып қалғанын анық-ақ сезінген. VI Қағазға түскенде ұзарып кеткені болмас, Москвада өткерген студенттік күндерінің бәрін Елеусіз қиял қанатында тез-ақ шолып шыққан. Асылы, адамның іші – сиқырлы әлем тәрізді. Тіршілікте не көрдің, не түйсіндің, неден дәмелендің, неден түңілдің – бәрі-бәрі көкірегінде аян. Көлденең жұрттың көзіне төрт құбыласы түгел жігіттей көрінетін Елеусіздің көңілінде қаншама қаяу, сағыныш, мұң жатыр! Күні кеше кіндігі бір кісідей ажыраспайтын студенттердің диқан шашқан тұқымдай жан-жаққа шашырапшашырап кеткенін Елеусіз енді ғана пайымдауда. Ұзынқұлақтан естуінше, көбісі-ақ Елеусізден бұрын көгеріп, бұрын піскелі тұрған сияқты. Есімі күллі Одақ көлеміне паш бола бастаған жолдастары өз алдына. Әр нәрсені салыстыра бағалап дағдыланған Елеусіз Досов өз құралыптастарының көбінен кейіншектеп қалғанын жақсы-ақ сезеді. Сондықтан да өз тірлігіне ризалығы жоқ. Ол өңге тұрғылыстарындай жар қызығын кешіп, бөбек былдырын естіген жоқ әлі. Ерке әсершілдіктен айырылып, әйел баласына сын көзімен қарайтын болған.
Тіршілік еткен ортаның Шынарға мықтап әсер еткенін анық байқағанда, Елеусіз оның келешегін де ойлады. Осы күн қақты түрпетімен, майысқақ қалпымен, имене сөйлеу нәшімен ауыл қызы боп қала бермек пе, жоқ әлде ұлы астанада бес жыл оқыған оқуының жемісін сусаған сахарасына емін-еркін шашпақ па? Шынар Есболова оқуын бітіргенде, оны Жамбыл қаласындағы зооветтехникумге оқытушы етіп жіберген. Бірақ техникумде ұзақ істеп тұра алмай, әке-шешесінің қолына барады. Ол жерде өз мамандығы бойынша мал дәрігер боп істемей, бос жүріп-жүріп, ақырында орта мектепке орыс тілі мен тарихтан сабақ беретін мұғалім боп орналасады. Бұдан кейінгісін Елеусіз Алматыда Нұршадан есітті. Шынардың мамандығынан қол үзіп кетуіне Елеусіз ешқандай таңданған жоқ еді. Академияда жүргеннің өзіне биохимия, органическая химия, аналитическая химия, физколорийная химия секілді толып жатқан «химиялардың» мезі қылғанын, тәжірибеге келгенде төлдеген малдың шуын ажырату сүйкімсіз істің сүйкімсізі екенін талай рет дат қып шығатын. Елеусіз елуден астам профессоры бар, ғылым кандидатынан дәрежесі төмен адам дәріс оқымайтын академияны Шынардың қалайша бітіріп шыққанына ғана таңданған. О баста бұл қыздың академияға келіп қалуының өзі де ғайыптан болған іс еді. Шынар Алматыда ЖенПИге де, КазПи-ге де түсе алмай Зоовет институтқа барады. Сәті келгенде, емтиханды үздік тапсырып, осы институттың жолдамасымен ұлы астанаға сапар шегеді. Москваға келіп қалғасын, соның өзіне мәз боп, өгей академияны бітіріп шығуға төзеді. Осының бәрінен хабардар Елеусіз Шынардың мамандықтың көзіне шөп салғанын кешірілмес күнә
санамайды. Тек, бес жыл уақытын орнын таппай жұмсағанына өкінеді. Институтты үзіліп-созылып әрең бітірген Елеусіздің өзі де мамандығы бойынша оқытушы болмай, басқа кәсіпке ауысып кетті. Алыстағы ауылдан келген жылқышы Нұрша Керімбердиевпен танысқанда ол республикалық газеттің белді қызметкерлерінің бірі болып қалған еді. Білім мен зейін не істетпейді дейсіз! Жылқышы Нұршаның жазықсыз әңгімесінен кейін, Елеусіздің жүрегінде сөніп қалған шоқ жылт етіп қайта тұтанғандай болды. Бұл баянды махаббаттың ұшқыны ма, жоқ әлде өзімшіл әуестіктің желіктіруі ме, ол арасын Елеусіз ажырата алған жоқ. Тегі Елеусіз сияқты адамда осы сезімнің екеуі де қатар жүруі бек ықтимал еді. Не де болса, Елеусіз сонау шалғайдағы ауылдарға барып қайтуға бел буды. Осы кезде Қазақстанның түкпір-түкпірінде өткелі жатқан Шопандар күні тойына республикалық газеттер арнаулы тілшілерін жаппай аттандырып жатқан. Елеусіз Оңтүстіктің ең мойны қашық Сейдін ауданына командировка сұрады. Оңтүстік облыстарын жақсы білетін редактор сонау ит арқасы қияндағы ауданға Елеусіздің тіленіп отырған себебін біраз тәптештеп келді де, ақырында: – Жарайды, емеурініңді таныдым, жіпсіз байламайақ қояйын. Бірақ әдейілеп барған соң, кірең арзитын болсын. Малшылардың тұрмысынан өткір очерктер жазып қайтқын. Мұнда келгесін жазамын десең, соңыра бірдеңесі жетіспей жүретіні болады. Сол жердің өзінен бастап, біткенін біткенше жібере бер. Біздің газет мал шаруашылығын өркендетудің толғағы піскен мәселелерін мықтап көтере алмай жүргенін өзің де білесің, – деген.
– Тек, ақсақал, менің очерктерімді өзіңіз қарап жіберетін болыңызшы. Секретарыңыздың қанатты сөзді күзеп, астарлы сөзден үркіп тұратын мінезі бар. Оңтүстікке барғасын жергілікті елдің тілін молырақ пайдаланбасаң, тағы болмайды. Редактор ақ шашты, шомбал, дойыртпақ кісі еді. Нәркес қара көзі тұнып, тұнжырап, Елеусізге ұзақ қарап отырды да: – Қолымнан келсе, қарап көрейін. Бірақ өзің де масаның тұмсығы өтпейтін етіп жазуға тырыс, – деген. Сол бетпен Елеусіз Досов шалғайдағы Сейдін ауданының шетіне ілікті. Шетіне ілікпей жатып, Шынардың атасына тап болды, сіңлісін көрді. Одан беріде Гүлнаш апаймен танысты. Енді Шынардың өзімен де табысып отыр. ҮШІНШІ ТАРАУ I Не себепті екені белгісіз, келген бетте Шынар өзінің сырмінез достарымен шешіліп сөйлеспеген. Көмейіне бірдеңе тығылып тұрғандай болды. Әсіресе, Қарашқа тура қарамай, назарын тайдырып әкете берген еді. Кешке қарай Елеусіз бен Қараш киіз үйдің сыртында Шынардың тосын мінезін әңгімелеп тұрды. Үй ішінен күбір-дүбір дауыстар шығып жатты. – Бұрнағы күні Кәмила қайтыс болды. Кеше жерленді. Өлікті көргенім осы еді. Түнде түсімнен шошып ұйықтай алмай, құлқын сәріден жүріп кеттім... Елеусіздің аңғаруынша, Шынардың мынау сұмдық, суық хабарын Қараштың да құлағы шалған сияқты
еді. Бірақ ол сыр жармай, сазарып тұра берді. Тек, бір-екі секунд бойына қарасұр кескіні бөздей бозарып кеткендей боды. «Япырмай, мынау қалай шыдап тұр, – деді Елеусіз ішінен, – мен болсам, «не деп тұрсыңдар, ағайын?» деп еңіреп жіберер ме едім, қайтер ем?» «Әлде мен жаңсақ естідім бе?» деп те ойлайды Елеусіз. Оның құлағына алдамшы дыбыстар шалына беруші еді. Елеусіз аң-таң болды. Ертеңіне азанда Жамаш келіп, Мүсірәлі деген озат шопанның қонаққа шақырып жатқанын, осы ауыл, Гүлнаш апай мен Шынардан бастап, тайлы-таяғымен түгел баратынын хабарлады. Сонымен, біздің жігіттер атқа қонуға мәжбүр болды. Біркімбай көк қасқа атын келген күні-ақ алып қойған. Қарашқа көлікті Гүлнаш тауып берді. Тоғынан жараған жатаған қаракер ат тыпыршып, жер тарпып шыға келді. Қонақтардың қасына Жамаш ерді. Почтальон арқасына рюкзагін шандып алған. Бұлай шыға бере ол: «Күдірейген жылқының жүрісі жайсыз болады» деп, астындағы ақ бестісін Елеусізге беріп, өзі лоқылдақ алаға мінді. Ақбесті лыпыл қағып, шаба жөнелуге сәл-ақ келеді. Елеусіздің де көңілі өсіп, жарысқысы, құйындатқысы келіп кетеді. Бұлар екі кемердің арасындағы кең тепсеңде отырған қойшы ауылға келіп түсті. Мүсірәлінің өзі шығып қонақтардың аттарын байлады. Бойшаң келген мосқал сары екен. Қызыл-қошқыл шибарқыт костюмі өзіне жарасып тұр.Үстіне қылау түспегеніне қарағанда, әдейі күтініп отырған тәрізді. Балалары соңынан шұбап өріп жүр. Қараштың киім-кешегіне жатырқай, таңырқай қарасып, сыбырласады.
– Сурет тартқышы бар екен! – Көз әйнегі қара екен! – Маңдайына түргені несі?! – Әй, бешпентінің етегі жырық екен! – Тақиясы қызық екен! – Қораз айдарлы ғой! – десіп жатыр. Әсіресе он екі-он үш жастағы үрпек сары бала таңсық кісілерді көзімен тінтіп, тұла бойын шолып тұр. Қонақтар үйге кірді. Анығында, бұл үй емес, кәдімгі күрке еді. Керегелерінің көгі сөгіліп, тарбиып кеткен. Уықтары ыс-ыс, туырлықтары шұрқ-шұрқ. Ішіне мың торғай қамасаң, біреуі тұрғысыз еді. Осыған қарамай, қонақ шақырған Мүсірәлі жайдары-ақ. Кемпір боп шөгіп қалған біржапырақ әйелі де ізет қып, есік алдында түрегеп тұр. Қойшының босағада ілулі тұрған шоқпыттары күн сасиды. Төрде, қиюы қашқан талыс ауыз сандықтың үстінде деңкиіп-деңкиіп үш-төрт құс жастық тұр. Күркенің бар сәні сол ғана. «Жаман үйдің қонағы билейді» демекші, біздің зиялы жігіттер тізесін бүкпей жатып, сандықтың үстінен бір-бір жастықтан алды да, төрге қылжия кетті. Бұған Мүсірәлі шамданды. Ол насыбайын атып жатып: – Әй, кемпір, – деді әйеліне, – өңшең боздақ оққа ұшып қирап жатқанда біздің аман қалғанымыз келіспес. Құла сен де, жығыл! Мүсірәлі есік жаққа серейіп, жантая кетті. Мұнысын балалары да қызық көріп, шықылықтап, томпаңдап құлап жатыр. Тек, әйелі ғана меймандарын әлі де әжуәға қимай, ізетпен түрегеп тұр. – Жығыл, кемпір! Қараш пен Елеусіз тағы да бір әбестік жасағанын сезіп төмен қарасты. Тек, маймақ сары ғана әжуаны әзілге айландырғансып, бипаңдап, жуып-шайып жатыр.
Бірақ оның сөзін ешкім тыңдаған жоқ. Қойшылардың көбі келесі аптада Бозтөбеге тойға кететін болғандықтан, ит-құстан сақ болу үшін балашаға бас құрап отырсын деп бірнеше үй осының азақ алдында алқа-қотан қонып алған еді. Қонақ түскен ауыл адамдары ілезде жиналып қалды. Көп ұзамай Гүлнаштар да шоғырымен келіп, Мүсірәлінің күркеден құралған қара шаңырағына симағандары далаға отырысты. Далада семіз көк серке сойылып жатыр. Күркенің ішіне үш дастархан жайылып, көл-көсір шашылған бауырсақтан кісілер дәм татып отыр. Көрші ауданның Киров атындағы колхозынан адам жіберіп алдырған нән саба қымыз ет піскенше таусылар емес. Бетінде жыланкөз май жүзген, шамалы ыс дәмі бар, кәдімгі «жіліктің майындай» дейтін сынық, сары қымызды Қараш та, Елеусіз де қанбай ішіп, қызулы табын шылымның түтінімен басып отыр. Елеусіз Досов талай елдің, талай жердің қымызын татып көрген кәрітаңдай еді. Ішінен: «Шөбінің өзі дәрі ғой бұл жақтың. Ашытушы да бабын келтірген екен сабаз!» деп бір қойды. Тек, «Бозтөбе» сынды бірыңғай мал шаруашылығы совхозының қымыз ашытпай, көрші ауданның колхозынан алдырғанына түсінбей отырды. Көпшіліктің ортасында қымыздың қызуынан әңгіме лаулай бастаған. Әркім бұрынғы-соңғыдан білген, естігендерін таратып айтып жатты. Шаруашылықтың жай-күйінен, биылғы жылдың ауа райынан басталған кеңестер өрби келе осы өңірдің өткен-кеткенінен талай қызықты сырлар ашып қалды. Бұның өзі әсіресе Елеусіз үшін қымбат-ты. Елеусіз Досов көшпелі ауданда туса, есейгейлі қызметті қалалық жерлерде істеген еді. Оңтүстіктің күңгей
жағын бұрын аралап көргені бар-ды. Ал, теріскейіне бірінші келуі осы. Саттар Ерубаев марқұмның «Күнгей менен Теріскей боп, егіз жатқан ел едік» деуіне қарағанда, екеуінің айырмасы болмауға тиісті еді. Бірақ іс жүзінде Қаратау теріскейінің табиғаты да, ел үрдісі де Қаратаудың күнгейінен басқаша екеніне Елеусіздің күн сайын көзі жетіп келеді. Оның аңғаруынша, бұл ел – Кіші жүздің Тамасы, Орта жүздің Шаншарлары сияқты ең бір қу тілді, мысқылшыл, тәжікешіл ел. Жай отырыстың өзінде бірін бірі қағытып, шымшып отырады. Екі сөзінің бірі ишарат, бірі тұспал. Момынының мондыбайы өлеңдете жөнеледі. Елеусіздің және бір баққаны, бұл – мейлінше албырт, сауықшыл ел. «Ауру қалса да әдет қалмайды» демекші, әркімнің ішкі аңсары осы мәжіліс үстінде-ақ ашылып отыр. Алабөтен шешіліп, көсіліп сөйлесіп отырған Мүсірәлі. Сөйлеп қалған жезтаңдай әдетінен танбай, әңгімені маздатып-маздатып кеп, атшабыс, сайыс, күрес, мергендік, аңшылық, құсбегілік тәрізді сахараның ежелгі егесіне, құмарына, дертіне саяды. Әсіресе, көкпар, салымның қызығын құмарта, екілене айтып, сүйсінген, не өкінген жерінде оң қолымен санын соғып қалғанда, Отан соғысында оққа ұшқан сол қолының үш саусағы селтиіп, шолтаң ете қалады. – Америкаға барғанда Қазақстанның артистері көкпар шауып, қырғын ғыпты деген сөз рас па? – деп сұрайды Мүсірәлі бір ойда. Қараш түсіндіре бастағанда, Мүсірәлі: – Қой, ағаш атпен көкпар тартып не жарытады? – деп басын шайқайды. Жамаш дүдамалдың тігісін жатқызып жатыр.
Бұл кісілердің лепесіне күман келтіруге болмайды, ақсақал! Кино шығаратын, газетке сөз беретін осы кісілер. – Қайдам, шырағым, солай болса солай шығар. Үйде отырған біз нені білейік, – деп Мүсірәлі басылып қалды. Құлағы босаған қобыздай қиқылдап, жөтеле бастады. Ет пісіп табақ тартылды. Қонақтар тамағын жеп бола бергенде әңгіме қайта қозды. Енді, бірақ, бағанағы құмарлықтың қызықтары қағажу қалып, ылғи пендешілік кептері шертіліп жатыр. Көңілді, күлдіргі кеңестердің орнын көңілсіз, салқын сарын басып келеді. Бұрынғы-соңғысының ылғи қапалы, қайғылы кебі шертіліп, осынау «пәни жалғанның» опасыздығына үлкен-кішінің бәрі мойын ұсынғандай боп отыр. Сонымен қатар, баяғыда баласы өлген, әкесі өлген, шешесі өлген, қарындасы өлген қарға тамырлы қазақтың қаза естірдегі ерлігі де мадақталып қояды. Сөз үзілгенде бала екеш балаларға шейін қыбыр етпей, тыныштықтың үрейлілігін күшейте түседі. Елеусіз бір тықырдың тақалғанын сезіп, тынышы кете бастады. Жолдасына қараса, нокдаун болған боксердей мең-зең есеңгіреп отыр. «Апырай, мына ауылдың салты қандай жаман еді!» деп ойлады Елеусіз. Қол шайып болғанда бағанадан бергі алыстан орағытқан қаралы кеңестің түйінін Мүсірәлі шешуге айналды. Мүсірәлі тіршілік шіркіннің тұрақсыздығын, бұл жалғанда бауыры бүтін бенденің жоғын, түбінде баршамыздың барар жеріміз бір екенін айтты. Нелер жақсы-жайсаңның жазмыштан тартқан қайғы-қасыретінен аянышты мысалдар келтіріп өтті. Содан ұзын сөзін иіп, түсін суытып, даусын құбылтып: – «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар
жоқ» деген бұрынғылар, қарағым Қараш. Сырқат апаң үзіліпті. Топырағы торқа болсын! – деп салды. Елеусіздің тұла бойы шымырлады. Ол: «Қараш шыдамас, сыңсып қоя берер» деп еді. Бірақ Қараш сөйлесе-ақ даусы бірге шығарын біліп, іштен сыздап, шымшып тіккен қаптай тырсиып отыра берді. Естіртушілер де Қараштың бұрқ етіп жарылуын тосып, бір минуттей үнсіз отырып қалды. Тұнжыраған тыныштықты шыбынның ызыңы ғана бұзып тұрды. Содан кейін, шыдамы таусылған Гүлнаш болмашы теріс айналып, мұрнын тартып қорқ ете қалғанда жұрт батылданып, Қарашқа көңіл айта бастады. – Иманы саламат болсын апаңның. – Арты қайырлы болсын. – Көп айналдырған ауру алмай қоймайды деген осыдағы. Кейбіреулер өзара күңкілдесіп жатыр. – Жүкті нар көтереді, дұрыс, шыдады... – Азамат азаматтығын істейді де... – Әттегене-ай, келген күннің ертеңіне тартып кеткенде апасын көріп қалатын екен-ау! – Біркімбай атын өзі алып қойып, жаяу қалдырған жоқ па? – Суытып жүрген атты қалай берсін. – Машинасы құрғыр да тыйыла қалды ғой. – Таудан өте алмаса қайтесің. Қараштар шайға қарамай атқа қонғалы жатқанда: – Апа, Қараштармен бірге қыдырып келсем қайтеді? – деді Шынар. – Қыдырып келе ғой, күнім! – деді шешесі Шынардың маңдайынан иіскеп. Осыдан кейін шешесі қызын анадай жерге шығарып алып, оңаша сөйлесіп тұрды.
– Бозтөбе осы арадан неше шақырым? – деп сұрады Елеусіз. – Таумен тіке асқан адамға елу-алпыс шақырымдай болар, – деді Мүсірәлі. II Шаңқай түсте Қараш, Елеусіз, Жамаш, Шынар төртеуі ақ кемерге қарай қайқайып шығып бара жатты. Ат тұяғының түсірінен басқа дыбыс естілмейді. Жолаушылар үнсіз-түнсіз келеді. Қараш қалың ойда. Оның қиялын аяқ астынан пыр-пыр етіп ұшқан торғайлар да, шалғайдан құрылдап ұшқан бұлдырықтар да бөлмейтіндей. Сол бетпен сансыз адырлардан, кемерлерден асып, Құрттыға құлағанда Қараш атының тізгінін тежеп, айналасын шолып тұрды да: – Осы беткейде біздің ауыл отырушы еді, – деп қойды. Қараш атынан түсіп, төрт бұрышты сандық тастың қасындағы қаулаған бозға аунап-аунап алды. Серіктері таңырқай қарап тұр. Әлден уақытта Қараш: – Бала кезімізде осы жерде асыр сап ойнаушы едік. Мынау сандық тастың үстінде Кәмила ұршық иіріп отырушы еді, – деді. Сол сол-ақ екен, Қараш әр жазда қауындап боз шөп өсетін, күзінде қуарып, көктемде қайта көгеретін елсіз тепсіз тепсеңде солқылдап жылап қоя берді. Елеусіз жолдасын жұбатып, сүйемелдеп атына мінгізді. Жамаш қосыла жылағансып, орамалымен көзін сүрткен болды. – Көңілім босап кетті, кешірерсіңдер, – деді Қараш, атына мінгенде. – Қазаға кім ара тұрады? Бірақ әдейі арнап келгенімде ақтық сәтінде көре алмай қалғаныма
өкінемін. Бүйтерін білсем, жондағы ауылға титтей аялдармын ба?! Елеусіз өзін Қараштың жолай кідіріп қалғанына себепкердің біреуіндей сезініп, сасқалақтап қалды. Білген жұбанышын айтып жатыр. – Біркімбай қарияға жолыққалы бері мен ұйқыдан оянған адам сияқтымын, – деді Қараш былай шыға бере. – Бейне бір көміліп қалған памятім күн сайын, сағат сайын, минут сайын ашыла түскендей. Ес білгелі өмірім көз алдымнан көлеңдеп өткендей боп келеді. Тіршілікте көрген қызығым, шеккен жапам, жасаған қатем – бәрі еске түседі. И все это представляется теперь бесконечно мелким, лишенным смысла и интереса... Қараш қазақша сөйлеп келе жатып орысшаға ауысып кетеді. Екі тілде де асықпай, нәшін келтіріп, әшекейлеп сөйлесуге тырысады. Елеусіз бұған біртүрлі қызыға қарайды. «Осының өзі жазушы боп жүрмесін» деп те қалады. Қараш қошемет тұтқанды жақсы көретін секілді. Қасындағы жолдастары жығыла тыңдаған сайын шешіле сөйлеп келеді. – Қазақта: «су ағады, тас қалады» деген мақал бар. Жаңағы біз кідірген сандық тас осыдан отыз жыл бұрын сол күйінде еді, әлі сол күйінде жатыр. Одан бері менің әкем өлді, шешем өлді, кеше апам қайтыс болды. Өзіміз жігіттіктен шығып, жер ортасына келдік. Шіркін, ақын болсам, «Сандық тас» деген поэма жазып тастар ем! – Мен очерк жазамын, – деп күлді Елеусіз. – Жазсаң несі бар, жаз! Сандық тас тұрған тепсеңді «Қалмақ қырған» деп атайды. Ертеде кең саймен күркіреген өзен ағып, осы тепсең белуардан балшық, шылқылдаған саз болыпты-мыс. Қазақтар қалмақтарды батқылға қамап, қырып салыпты деседі. Ұмытпасам,
арғы қырқаның үстінде қалмақтардың қорымы бар. Бала кезімде әжем байғұс талай-талай ертегі-аңызды тамылжытып айтып беруші еді. Енді ойласам, нағыз ақпа құлақтың өзі екенмін. – Құймақұлақтық жағынан өзіміз де мақтана алмаймыз, – деді Елеусіз жолдасының көңілін аулап. – Табиғаттың зеректігіне өкпе жоқ, – дейді Қараш, – менің өкінішім – өткенімді ойламауымда. Память жөнінде Аристотельдің не дегенін білетін шығарсың? Елеусіз, өзі де байқамастан, мырс ете қалды. Қараш шамданып қалған тәрізді. Реңі қарауытып тұр. Жамаш «жөні түзу әңгімелері құрып қалды ма?» дегендей екеуіне кезек-кезек, жалтақ-жалтақ қарайды. Бұл кезде жүргіншілер таудың етегінде, он қанат үйдің орнындай жерде бүлк-бүлк етіп, қайнап шығып жатқан бір бұлақ басына келіп еді. – Осы жерде кішкене ат шалдырып алсақ қайтеді? – деді Жамаш. – Жарайды. Жамаш аттарды апыл-құпыл шідерлеп, отқа қойды да, рюкзакты ашып, дастархан ғып жайып жатып: – Мыналарды мана Мүсекең салып жіберіп еді. Қане, отырыңыздар, құтты жеріне қондырайық, – деді. Жолаушылар салқын еттен жей отыра, салқам шөлмек шарапты сылқытып алды. Қызара бөрткен Қараш көкіректен келетін үйірім суға күмпілдетіп шомылып жатып: – Нағыз рақатизмнің өзі болды-ау! – деп қояды. Елеусіз де мәз-майрам. Балаша екі қолымен суды сабалап, күмпілдетіп, өзімен-өзі ойнайды. Жамаш «жел қармап қалады» деп, шешінбей, одырайып тұр. Шынар да
суға түсуден тайынып, беті-қолын ғана шайды. Елеусіздің есіне Москва түбіндегі баяғы шағалалы өзен, сыңсыған орман түсті. Көк үйірімге күмп-күмп құлаған кездері, шымырлаған су, ақжал толқындар көз алдына келді. Сондағы шортандай жүзетін қола тәнді Шынар мынау қара қыздан басқа адам сияқты боп елестеді. «Кімнің жерін жерлесең, соның суын суларсың» деген сөз рас деді Елеусіз ішінен. Күн екіндіге қарай еңкейгенде төрт жолаушы тағы да атқа қонды. Қараш жатаған қаракерді шаужайлап, ортада келе жатты. Тау бөктері кеңіс ойпаңға ұласты. Алғы жақта жалаңаш қызыл-шақат сеңгірлердің іргесінен көкпеңбек көл көрінеді. Қызылкен көлі осы! Қараш танып келеді. Баяғыда да өстіп мөлдіреп жатушы еді. Шіркін, табиғат-ай, адасқан бір бөбегінің қайта оралып келе жатқанын сезіне ме екен! Шығыс жақта бір үйір жылқы жайылып жүр. Тайқұлындар көкпар бастаған адамдай айнала шауып, ортаға сіңіп кетеді. Баяғыда да өстіп тай-құлындар құйрығын шаншып, асыр сап ойнаушы еді-ау! Құбыла жақтан шаңғытып, қора-қора қойлар құлап келеді. Бұл да бұрыннан таныс көрініс. Тек, ылдида дыр-дыр етіп, діріл қағып, түтін саңғып бара жатқан трактор ғана бұрын бұл атыраптың түсіне кірмеген нәрсе. Жүргіншілер төте бұрылып, тракторды қуып жетті. Шалбарланып алған кеспелтек қара келіншек жүргізіп барады. Қасында қаршығадай қалшиып, шегір көз қара кісі отыр. Беті қыртыс-тыртыс. – Асалаумағалейкум, Ореке! – деді Жамаш қырсау аланы тебініп.
Кісі «Әлейкумассалам» деудің орнына: – Үйбай-ау, Шынаржан қайтып кеп қалған ба? – деп таңдана қарады. Дыр-дыр еткен трактор тоқтап қалды. Бұл – Орал Есболов еді. Ремонттан жаңа шыққан трактордың аяқ алысын көрмек боп аңызға бара жатқан. Шынар жылдам сөйлеп, меймандарды әкесіне, әкесін меймандарға таныстырып өтті. Орал Қарашқа көңіл айтып болды да: – Шынаржан, бері шығып кетші, ақылдасатын шаруа бар еді, – деді. Осыдан кейін Орал жұмысын тастап, кісілермен бірге жүретін болды. Жамаш оған лоқылдақ аланы түсіп беріп, өзі Шынардың қаракөк дөненіне мінгесті. Бұлар он шақырымдай жерге шейін көл жағалап, былқылдаған көк майсамен жүріп отырды. Самал есіп тұр. Теңізге ұқсас көгілдір жасыл көлдің толқынды төсінде шағалалар жарқ-жұрқ етеді. Жолаушыларға «жолдарың болсын!» дегендей, үстерінен сымпылдап екі көкала үйрек ұшып өтті. Елеусіз барған сайын анық байқауда. Стадионның алаңындай көлденеңінен тұрқы ұзындау бұл көлді екі қабырғалығынан да жалаңаш қызыл сеңгірлер қоршап тұрады екен де, басы бұталы тауға, аяғы бұйратты құмға тіреліп жатады екен. Көлемі Кавказдың Рицасынан үлкендеу сияқты. Көлдің лебінен шамалы тұз исі келіп тұр. Елеусіз көлдің не себепті Қызылкен атанғанын сұрады. Орал түсіндіріп келеді. Бір замандарда бұл жерде тұз кені болыпты. Кейін бірте-бірте су басып, көлге айналыпты. Бұл жайында ертегі-аңыз да бар. Оған сенбейін десең, көлдің суы күні бүгінге шейін
ащы. Ішуге де, егін суаруға да жарамайды. Осындай майсалы көл тұрғанда, совхоз орталығының құмшауыт Бозтөбеге орнығу себебі де сондықтан. Көл жағалай өскен көк майса бірте-бірте сейіліп, сары ала түзге ұласты. Аттар да бөгелектеп пысқырып дамылсыз жер тарпуын қойып, көсіле аяңдап кетті. Жүргіншілер Бозтөбенің шетіне күн талаурап батып бара жатқанда ілікті. Елеусіздің көзіне бір түрлі тосын көрінеді. Арқаның ығай-сығай ағаш үйлері жоқ. Оңтүстіктің мығырайған тамдары бар. Терезелері қулық ойлаған адамның көзіндей сығырайып тұр. Тек, аракідік қызығы әктеген ақ үйлер ерекше назар тартады. Және бір қызығы, осынау ала-құла қыстақтың іші киіз үйлерден аяқ алып жүргісіз. Осының бәрі Елеусіз ертелі-кешті оқыған «Шыңғыс хан», «Бати», «Салават Юлаев», «Абай» алуандас кітаптарда бейнеленген киіз үйлерді еске салып тұр. Елеусіз Назым Хикметтің мазмұн мен түр туралы айтқан бір сөзі есіне түсіп, жымиып күлді. Елеусізге жұмыстан қайтқан адамдардың аяқ алысы да біртүрлі оғаш көрінеді. Әркімнің диы, күйі жүрісінен-ақ аңғарылып тұрғандай. Біреулер салы суға кетіп, ілбиді. Біреулер қутыңдап, домалайды. Енді біреулер асықпай шалқақтап, дегдар аяңдайды. Елпеңдеген, қаздаңдаған, құнжыңдаған, бүгжеңдеген, шойралаңдаған жүрістерде үйдегі шаруаның аңсары да жатқандай. Елеусіз осылай түйсінеді. Тіпті оған осынау жүрістерден аяқ иелерінің кейбір әдеті мен мінезі де аңғарылып тұрғандай әсер етеді. Елеусіз Оралға қарап: – Ақсақал, осынша жанның ортасында бір лау болмағаны несі? – деп еді. Орал: – Е, қарағым, оның хикметі көп, – деп, кейіннен дәмелендіріп қойды.
Қыстақтың шетінде шаңдатып, бір қора сиыр қаптап бара жатты. Мөңіреп, елірме ауаны азан-қазан қылды. Елеусіздің есіне кешкі Алматының шеткі аудандары түсті. Өзі қаланың солтүстік шетінде тұратын да. Күн батса-ақ өстіп дабрығу басталушы еді. Тек, онда сиыр мөңіремей, шынжырлы иттер, төбеттер үріп, біріне-бірі үн қатып, шәуілдеп, арсылдап, көше тыныштығының әңкі-тәңкісін шығарушы еді. Сол дыбыстар қайталап құлағына шалынғандай болған. Елеусіз мынау қыстақтан ит дауысы шықпағанына қайран қалды. «Иттері отарда ма екен, әлде ұрықары болмаған соң ұстамай ма екен?» деп ойлады. Жолаушылар қыстақтың жуан ортасына кіргенде мандолиннің әуені естілді. Ойға мүлгіп келе жатқан Елеусіз жалт қарады. Мандолинде ойнаушы жас жігіт сияқты. Бешпентін желең жамылып апты. Тосын кісілерді көрген соң, мандолиннің сым ішектерін толқындата қағып-қағып жіберді. Сым ішектер безілдеп, шырылдап, сыңғырлы әуенге басты да, асылды тартқан магниттей, көңілі алғыр жолаушыны үйіріп әкетті. Елеусіз әуенге ыңылдап қосылғанын өзі байқамай да қалды. Что ты бродишь всю ночь одиноко, Что ты девушкам спать не даешь... – Орысшалап келе жатқан кім десем, Жамаштар ғой, – деді бір кісі көрнеу менсінбеген үнмен. Бұл кезде ымырт үйіріліп, көз байлана бастаған. Бірақ совхоздың директоры Жүніс Олжабаевты біздің жігіттер танымағанымен, басқалары бірден-ақ таныды. Орал Жүніске жігіттерді таныс етті. Жүніс мәнжайды түсінгеннен кейін:
– Бейуақытта айналаны азан-қазан қып басына көтеріп жүрмесін, әуелі осыны өзің кіріп айтып шық Жамаш! – деді. – Ботасынан айырылған кәрі нардай зарлап отырған кемпірге «ой-бауырымсыз!» қайтып кіремін? – деп Жамаш қипақтап, аяқ баспай тұрды. Жүніс киізі құрқ-шұрқ болған шайлаға өзі кіріп, бірдеңе дегендей болды. Сол сол-ақ екен, кемпір айқайды салып қоя берді. Қараш не ғыларын білмей, қысылып қалды. Бір тәуір жері, қасындағылар қаумалап, ертіп апарды. Шайланың іші қара көлеңкелеу. Кемпір босағасында бүйірін таянып, жылап тұр. – Қайтейін, Қараш-ау! Өстім көрем деп пе сені! Тілеуімді имеді ғой жасаған, ой-бай-ай!! Жұрт тұс-тұстан тоқтау айта бастады. – Қой, Қадиша, бейуақытта дауыс салма! – Сабыр қыл, шеше! – Ат қағып келген кісілер тынықсын! «Ат қағып келген кісілер» дегенде Қадиша жел үрлеген өрттей қайта қозды. Жарықшақ дауыспен барқылдап, термелеп кетті. – Дақбыртыңды естіп ек, Қараш-ау! «Жалғызымды көре алмай кеткенім бе шынымен?!» деп, көзі жалтаңдап, артына қарай-қарай арманда кетті-ау Кәмилам!! Ойбой, ой-бой-ай!! Қараштың басына қаны шауып, құлағы шуылдап кетті. Сыр жармас үшін төмен шүйіліп, бүк түсіп отырып қалды. Тек иығы селк-селк етеді. Ың-жың арасынан оған жұбату сөздер еміс-еміс естіледі. Әлден уақытта басын көтерсе, сығырайып, шырағдан жағылыпты. Кемпір өксігін басыпты. Көзін сумен шайып жатып: – Үй ішің аман ба, қарағым, – дейді.
Кәмила мен Гүлнаш қыз кезінде сап түзеп, қатар өседі. Екеуі де «ақын қыз» аталады. Өнер сынасар жиын-тойда, Қаратау елінің әдеті бойынша, өлеңді екеуі қосылып айтып, талай ділмар жігітіңді сазға отырғызған. Қыздардың ұтымды келген әр сөзін былайғы жұрт алып қашып, осынау аймақтың аңызына айналдырған. Кәмила соғыс жылдарында ауруға шалдығып, ілініп-салынып жүріп, ақырында мешел боп қалыпты. Дәрігерлер сүйек туберкулезі деп таныған соң үрейі ұшып, әрі-бері тыпыршып, Сочиға, Мацестаға баруға дәрмені келмей, Жаңақорғанның балшықты санаторийінде, Қызылдорданың арнаулы ауруханасында бас-аяғы он айға жуық емделеді. Бірақ ем қонбайды. Әрі тірнектеп жинаған тиын-тебені ада боп, тұрмыстан қысыла бастаған соң, «өзіміздің тұз кенімізден жарылқасын» деп, енесі аулына алып қайтады. Енесі болса кемпір, күйеуі Отан соғысында дерексіз кеткен, өзі болса жарымжан Кәмила өмірінің соңғы кездерінде көп кемшілік көрген тәрізді. Оған мынау киізі құрқ-шұрқ, ішінде іліп алар бұйымы жоқ жабырқау баспанасы да куә боп тұр. Айтушылардың айтуына қарағанда, Кәмилаға көп қарайласқан – Гүлнаш. Ол өз еңбегінен дімкас құрбысының қалжасына ет, сусынына сүт бергізіп, демеп келген. Қадиша кемпір жаз бойы түздегі аңыздан масақ теріп, қыс азығына ілекер жасап отырыпты. Осындай аянышты халді естігенде, Елеусіздің Қарашқа көңілі суып қалды. «Отыз жыл беделінде туған апаңа бір рет те қарайласпаған безбүйректің өзісің ғой»
деген. Құрқылтымдай күркеде Елеусіз іштей егіліп, қауқарсыз кемпірді пенсияға іліндірудің қамын ойлап отырды. Жігіттер тысқа шығарда қаралы кейуана: – Қарақтарым, сәл аялдай тұрыңдаршы. Ішімнен жегідей жеп жүрген бір намыс бар еді. Соны айтып қалайын. Сендерге дат қылмағанда кімге дат қыламын! – деген. – Е, айтыңыз, шеше! Қадиша арызын айтып шықты. Соғыста хабарошарсыз кеткен баласының бір қаралық құранды ері болады екен. Кемпір бейбақ көзінің қарашығындай сақтап жүреді екен. Соны совхоздың директоры жата жабысып қолқалайды. Қадиша бермейді. Дүниепұлына қызықпайды. Содан не керек, ақырында Жүніс сол ерді ұрлатып алады. Қазір: «Біреуден сатып алдым» деп иемденіп жүргеніне барлық қыстақ куә. – Это же возмутительно! – деді Қараш сұрланып. – Ты поговори с директором, пусть возвратит седло, – деді Елеусіз. Қараш ойланып тұрды да, жауырынын қысты. IV Жігіттер Шіркімбайдың үйінде шай ішіп отыр. Шіркімбайдың әйелі жұмысқа кеткендіктен шайды Шынар жасайды. Елеусіз оны-мұны сұрап, қажет тапқанын сары дәптеріне жазып алып отыр. Төрде совхоздың директоры отырғанына қарамастан есік алдындағы Шіркімбай сөзге қонақ берер емес. Шаруашылықтың да, басқаның да жай-күйін өзгелерден бұрын баян етуге ұмсынады. Әсіресе Елеусіздің қызметін білгелі қасынан екі елі ұзамай, жақақтап жүр. Бір орайда Елеусіз «Бозтөбе» совхозы жайлаған
жердің ұшы-қиырсыз кеңдігіне таңданып еді. – Бұрын Қаракөл, Жылбұлақ дейтін екі болыс ел мекен еткен жер еді бұл, – деді Шіркімбай. – Екі болыстан үлкен-кішілі тоғыз артель құралған-ды. Қазір шілдің боғындай бытырап кеткен шағында көріп отырсыздар ғой. – Неліктен бытырайды? – Неліктен деріңіз бар ма. Асыра сілтеу болды, ашатұяқ қалмады. Сосын, «кішт-кішт» деп мал бағудан басқа кәсіпті білмеген жұрт басы ауған жағына кете барды. Мынау Қараштың туысқандары осы күнге шейін Өзбекстанда. Менің өзім қорғасын кенінде қойманың қарауылы едім. Малшылардың тұрмысы оңдалған соң, былтыр күзде ғана қайтып оралдым. – Бұнда кім боп істейсіз? – Бұл кісі бұрын белсендінің белдісі болған, – деді совхоздың директоры күлкіге жеңдірген боп, – жаңа өзі айтқан асыра сілтеуге әжептеуір үлесі бар. Шіркімбай шамданып қалған секілді. – Бас жағына барыспасақ қайтеді, Жүке? – дейді ол. – Сіздікінің қасында біздікі жабырқау отырды да: – Колхоздастыру кезінде аздап атқа мінгенім рас. Бірақ кейін жөнімді тауып, еңбекші болдым. Қазір, ата кәсібіміз ғой деп, қой бағайын десем, соған қолым жетпей жүр. – Бағатын қой жоқ па? – Қой көп қой. Бірақ шопанның табысы көбейген соң тіленушілер де көбейіп тұр. – Қызық екен! Елеусіз дәптеріне бірдеңелер жазып алды да: – Жаңа өзіңіз айтқан екі болыс ел не себепті Қаракөл, Жылбұлақ атанған? – деп сұрады. Осы арадан қырық шақырым жерде Қаракөл дейтін
үлкен көл бар. Бір болыс ел соның атымен аталған. Ал, «Жылбұлақтың» мәнісі – «жылы бұлақ» деген сөз. – Кеше өздеріңіз шомылған бұлақ сол, – деп Жамаш орайлы сөзін қыстырып жіберді. – Оның «Жылы бұлақ» атанатын себебі, – дейді Шіркімбай, суы қысты күні буы бұрқырап, жып-жылы болып жатады. Сондықтан қожа-молдалар «Әулиебұлақ» деп те атандырмақ болған. – «Жынды бұлақ» деген де атақ тағылыпты ғой, – дейді Жамаш білгірлігін жасыра алмай. Жылбұлақ болысының атқамінерлері өзара қырқысып, жік болысып, партиягершілік күшейіп, ел басынан бүлік арылмаған соң ертеде бір киелі ауыздың солай атандырып жібергені рас. Бірақ кейін қайтадан байырғы есіміне ие болды ғой, – дейді Шіркімбай: – Жікшілік қайсы жылдары күшейіп жүр? – Жиырмасыншы жылдарда. – Совет үкіметі тұсында жуандар ығып қалмап па еді? – Біздің ел – түгелінен көшпенді ел еді. Күні бүгінге шейін малшыларымыз қысы-жазы көшіп жүреді. Қаладан алыс болғандықтан ба, қайдам, колхоздасқанға шейін атқамінерлер құтырып келді ғой. Тіпті аудандық мекемелердің өзінде байдың сойылын соғатындар болды ғой. Мынау отырған Оралдың: Шардары – баласы еді Іскендірдің, Кедейге біреуі еді тістенгеннің. Бұл күнде сот орнында қызмет қып, Біреуі бола қапты іскерлердің, – деген өлеңі сондайлардың үстінен жазылған арыз болатын да.
– Қайта айтыңызшы әлгі өлеңді, – деді Елеусіз жазып алмаққа оңтайланып. Шіркімбай қайталап айтып берді де: – Бұндай өлеңдер біздің ауылда бір қап. Мынау отырған Орекеңнің дәптерлеріне қолыңыз жетсе, қарық боласыз, – деп сөз жинаушы жігітті емексітті. – Е, қойшы, қайдағыны айтпай, – деп, Орал қашыртпақ. Елеусіз механик Оралдың бір уыс бойында сөз өнері бар деп ойлаған жоқ-ты. Енді, Шірекең айтқан дәптерлерді қолқалап, жабыса бастады. Орал: «Біздікі – баяғының бәлдір-батпағы ғой» деп қашқақтады. Бірақ қолқалаушы қоймаған соң: – Жәрайды, бір қағаберісте көрсетермін. Кәдеге асары болса, тартынбайын, – деді. V Орал жігіт кезінде зергерлігімен тұрмай, аудандық газетке ауыл тіршілігінен хабар-ошар беріп тұратын тілші болған. Бір-екі мәрте өлеңі де шықса керек. Бірақ одан әрі бара алмайды да, кексе тартқан шағында басқа кәсіпті айналдырады. Ол ел аузынан естіген ертегі-аңыздарын, жыр-дастандарын, айтыс өлеңдерін, тапқырлық сөздерін жазып алып, тірнектеп жинай берген. Дәптерлерін ерінбей-жалықпай нақыштап көшіріп, Алматыға жіберер екен. Бір жолы Ғылым академиясынан тасқа басылған хат және үш мың сом ақша кепті. Осындайларын білген сайын біздің Елеусіз жаңа таныс болған Оралдың тосын жазуларына қызықты. Олар болса, күміс шауып нақыштанған көнетоз қобдишаны Елеусізге селқос ұсынып жатып:
– Сөлекет жері болса, ішке сақтайсыз ғой. Осыған уәде бересіз бе? – деген. – Уәде беремін, ағай! Сонымен, көзқарақты журналисіміз түбі сөгіліп, шеті мүжілген, уақыттан сарғайған қалыңды-жұқалы дәптерлерді қобыртып, парақтарын сытырлата аударыстыра бастады. Елеусіздің бұдан бұрын естігеніндей, Орал дәптерінің көбісінде ел аузынан жиналған сөздер жазулы еді. Бір қарағанда-ақ журналист өзіне бұрыннан белгілі фольклор туындыларын таныды. Сонымен қатар, ол естімеген кеңестер және ол білмейтін ақындардың – Шәдінің, Шақалақтың, Дайрабайдың, Мәнсүрдің өлеңжырлары шамалы сияқтанды. Содан келе-келе Елеусіз Досов басқа бастаңғы жазулардың үстінен түсті. Мезгілі қойылмай, басаяғы сапырылысып жатқаны болмаса, бұлар кәдуілгі «күнделікке» жуық еді. Емленің пішін-бітімінің өзі-ақ талай жылдың туындысы екенін танытып тұр. Елеусіз біреудің қалың альбомы әлдеқалай қолға түсіп, іші толған суреттерін қапылыста шашып алғандай болды. Шегіне жетпесе де, шеттігіне ілінбек боп, ретсіз жазуларды ынтыға оқи берді. Әуелінде Орал жаңадан қара таныған қиялшыл баладай көрген-білгенін талғамай қағазға түсіре берген екен. Елеусіз езу тартып күліп алды. Содан кейінгі бір орайда баян қылғаны: «Артельдің боз тайлағын әдейі мертіктіріп, етін белсенділердің пышақ үстінен үлесіп алуы». Бұнысы фельетонға мен мұндалап, қол бұлғапақ тұр. Бірақ уақыты өтіп кеткен. Елеусіз оң көзін қысып, аз ойланды да: «Балдыр-баяғының батпақтары кімге дәрі?» деп қойды.
Зергер Оралдың ысылмаған қаламы әр нәрсенің басын бұтып-шатып келіп, әлден уақытта құнарлы бір деректерге душар етті. Шым-шытыр, шалғай жазуларда, екшей білетін кісі үшін, о бастағы ат төбеліндей «Қызылкен» серіктігінің артельге, артельден колхозға, колхоздан совхозға айналғанын, екінші сөзбен айтқанда, кішігірім бар қауымның құралу, қалыптасу, өсу жолдарын паш ететін директор бар еді; белгілі адамдардың бастан кешірген дәурені қарапайым қалпында баян шырғалаңы, шеккен қасіреті, кешкен қызығы қалытқысыз куә лепесімен жыр боп, сыр боп шертілген еді. Ұзақ жалдар дүкенде темір қақтаған ұста да зергер Орал жалғыз сыр шертіп, ұлылы-кішілі құбылысты бас білмеген қолмен қағазға түсіргенде, күндердің күнінде кәдеге асады деп ойлады ма екен? Елеусіз жоғын тапқан адамдай қуанды. ТӨРТІНШІ ТАРАУ I Елеусіздер жақындап келе жатқан шопандар күнінің алдында арасы алшақ шаруашылықтарды аралап, көзбен көріп шықпақ болды. Бұл сапарда қастарына Шіркімбай ерді. Елеусіз почтаның жұмысымен темір жол торабына кеткен Жамаштан: «Ат қорасына тапсыр» деп лоқылдақ аланы қайтарып жіберді де, өзі совхоз директоры берген күрең жорғаға мініп алды. Қараштың астындағы – әнеугі жатаған қаракер. Ал, Шіркімбайдың ылауы – құйрық-жалы төгілген жирен шобыр. Үш жолаушының
көліктерінің түсі де үш түрлі, өздерінің түрпеті де үш түрлі. Қараш – өзімізге белгілі – көрікті қарасұр. Шіркімбай – Оңтүстікте жиі ұшырасатын жұтқыншағы шығыңқы, сылыңғыр қара. Елеусіз... – оны кейінірек кескіндерміз. Автор байқұстың, әмсе өзіне жақын адамдарға келгенде тартыншақтай беретін әдеті болады. Сонымен, салт атты үшеу жайлау-жайлауларды қыдыра шықты. Шынар «сәт сапар!» тілеп, Бозтөбеде қалып қойды. Елеусіздер Жылбұлақтан, Құрттыдан, баяғы сансыз адырлардан, кемерлерден кері асып, Мүсірәлінің үйі отырған тұсқа келгенде бұрылып, жалғыз аяқ жолмен қайқайып күнгейге қарап тартты. Содан арасы қозы көштік отарлардың біреуіне түстеніп, біреуіне қонып жүре берді. Елеусіз қыстыгүні Қарағандының көміршілеріне барып, шахтаның үстінде де, астында да жұмысшылармен ұзақ сөйлесе алмай қойған. Қауырт қарбаластағылар уақытын жұмысшылар қысыр кеңестен қашатын емес. Қайта, іздегенде сұраған дегендей, қасына барсаң жампаңдаса қалады. Кешке, шайласына қонақтасаң, барын ұсынып, қабағыңды бағып, қалбақ қағады. Сондағы сенен бар тілейтіні асса – ән-күй, қалса – қысыр әңгіме... Елеусіздің ән салуға даусы жоқ. Ал, бірақ, домбыраны әжептеуір-ақ сылқылдатушы еді. Жетік біліп, сүйіп тартатыны Құрманғазының «Серпері», Тәттімбеттің «Сарыжайлауы» болатын. Мынау далада, теріскейдің қоңыр кешінде «Серпердің» қос қоңыраулы қоңыр үні қалай шығар еді? «Сарыжайлаудың» шалқыған арман назы түздіктердің көңіл хошын қаншалықты қозғап, туысқан табиғатпен қалайша жарастық табар еді? Елеусіз құндағымен даяр тұрған шешен домбырасын
ала шықпағанына өкінді. Жайлау-жайлаудан ілуде бір кездестірген қалың қақпақты домбыралары мыңқылдап, қағуға да, шертуге де келмей қойды. Елеусіз: «Астанадан да осындай аспаптар шығарады екен» деп ызаланды. Елеусіз қонақ кәде есебінде әңгіме соғатын болды. Малшылардың ыңғайына қарай айтатыны – көбінесе ертегілер. Әсіресе, «Мың бір түн» десе, тыңдампаздардың құлақ құршы қанады. Кейде Досов: «Балалық дәуірден жалықпаған бұл не қылған жандар!» деп те қояды. Сөзуар Қараштың әңгімелері малшылардың құлағына онша қонбады. Әрісі Пикассоның суреттері, берісі «Қайраттың» ойыны ешқайсысының бүйірін қыздырмаған. Тіпті, жолдастың көңілін жықпайтын Шіркімбайдың өзі бір қойшының үйінде отырғанда: – Аузыңның суы құрып отырғаның – әлгі аяқпен тебетін доп па?! Әй, қарағым, Қараш-ай, сен де жоқты мақтайды екенсің. Одан құйындатқан көкпар қызық емес пе?! – деген. Қараш алғашқыда жауырынын қушитып таңданып, артынан іле-шала: – Әй, қазекем-ай! – деп ренжіп қалды. Осыдан кейін Қараш көбінесе жас-желең жағына үйір бола бастады. Қай-қайдағыны айтып қызықтырып, картадан неше түрлі фокус көрсетіп, өз ермегін өзі тауып жүрді. Ал, Елеусіз сөз теріп үйренген әдетіне басып, кәріқұлақтармен көбірек мәжіліс-сұқпат құрысатын болды. Елеусіз әртүрлі адаммен ұшырасып, әртүрлі жәйттерден дерек жинаса да, орағытып келіп Гүлнашқа бір соқпай кетпейді. Сондайда кәріқұлақтардың да, жігітжыртыңның да, қыз-қырқынның да мәмілесі Ақбоз атқа тіреле береді. Біреулер сол атты «Ақ қоян» деп,
біреулер «Шаңқан боз» деп, енді біреулер «Шаң тимес» деп те атайды. Не де болса, Гүлнаштың, өткен күні Ақбоз атпен, бүгінгі тіршілігі – сол Ақбоз аттың алқаракөк ұрпағымен сабақтасып жатыр. Олай болса, бұған очеркист ілтипат қоймай өте алар ма? Әлпетіңді шар айнадан көруге де болады. Әрине, шар айнаның қолға түскені дұрыс еді. Бірақ Досовтың талайына шағын айна душар болды. Оны қомсытып, жүре тартып кетсе, келген еңбегі зая кететіндей. Сондықтан барына шүкіршілік етеді. Гүлнаш ғұмырының көзге қораш айнасына жауырыншыдай үңіледі. Қайда барса есінен Гүлнаш шықпай, кейде түсіне де енеді. Гүлнаш, Гүлнаш! Қоңыр қалпыңызбен неткен жұмбақ жансыз! Елеусіз Досов тірі болса, жұмбақтың шешуін таппай қоймайды. Адамның өмірлік жолын туған күнінен бастап зерттеуге де болады, бүгінгі күнінен туған күніне қарай зерттеуге де болады. Қайта, бұл өңірге бірінші келген Елеусіз Досовқа соңғысы қызығырақ. Сондықтан ол қашыртқан ізге шөп салып іздеген жоқшыдай, Гүлнаштың өткен күндеріне сұрау салудан жалықпайды. Гүлнаштың туып-өскен жерлерін бетегеден биік, жусаннан аласа боп жүріп аралағанда Елеусіз Досовтың іздеміші осы болатын. Бірақ оны жергілікті адамдардың көбісі түсінбей, өзін сыртынан мазақтауды шығарды. Бұны ақкөңіл Елеусіз байқаған жоқ. Сарыарқаның білімдар, бауырмал баласы тұңғыш душар болған теріскейліктердің жоғын жоқтап жырын жырлаймын деп, жел қақты боп қабарып жүргенінде оның «инеліктей ілмиген форымын», «ботатірсек – босбелбеу жүріс-тұрысын», «кеңсірігін бүрген
көзілдірігін» неше саққа жүгіртіп келекелеушілер болды. Бір ретте сиырдың әукесін білмей сұрағанын, атын солақай қамшылағанын ерсі көріп қалысқан екен. Соларын тілге тиек етті. Осымен қатар, зиялы жігіттің қай-қайдағы қалың ойға шомып жүретін жат мінезін, сұрауларының шымбайға батып кететін шымырлығын, өзінің шікіреюді білмейтін кішіктігін, тамақ талғамас қарапайымдылығын аңғарып, іштартушылар да бар еді. Әсіресе Елеусіз Досовтың жер-судың және өсімдікшөптердің аттарын сары дәптеріне жазып алғандағы, топырақты уыстап құнарын ажыратқандағы, жалбызды иіскегендегі, ұшып бара жатқан қызғалдақтардан төсіне қызыл шоқ таққандағы кескін-келбетін мың құбылтып, өсіре жеткізушілер болды. Көпті көрген бір қария: «Е, байғұс қайтсін; жазушы – жерінің перзенті-дағы!» деді. Осындай қилы-қилы лақап отардан-отарға, жайлаудан-жайлауға желдей жылдамдықпен тарап жатты. Сондықтан атышулы үшеу бір ауылға келіп түскенде бала-шағалар шулыға жүгіріп, қатын-қалаштар саңылаудан сығалайтын болды. Бұны Елеусіз Досов байқаса да, байыптаған жоқ. Журналист, жазушылардың қарақан бастың қамына қырсыздығы қалған ба!.. Сонымен, не керек, Елеусіздер «Бозтөбенің» шашыраңқы шаруашылықтарын сүзіп шығып, қайта беттеп келе жатқанда жол бастаушы Шіркімбай ұзақ бір әңгіме шертті. Оралдың дәптерлеріндегі жазулар есіне түскен Елеусіз о баста Шоңбай байдың баласына Гүлнаштың қалайша атастырылғанын сұрап еді. Шіркімбай жол қысқарсын деді ме, әлде сыйлы қонақтарға сөзуарлығын танытқысы келді ме, әйтеуір, тоқетерінен қайырмай, таратып айтып кетті.
II ...Сылыңғыр Шіркімбайдың жұтқыншағы бүлкіл қағады. Мұнысы Елеусіздің көзіне балықтың желбезегіндей елестейді. Елеусіздің өзі сұрақтың қармағын қылтыңдатып келе жатқандай сезінеді. Шіркімбай екі болыс елді дүрліктірген Ақбоз аттың әңгімесін шертіп келе жатыр. Ұстамды Елеусіз сырмінез болмаған сапарласының көңілге қонған сөздерін ғана қабыл алады. Өзіңізбен жүзбе жүз кеңесе отырып, өзінің басқа шаруасын қоса тындыратын көңілі жүйріктер болады ғой. Елеусіз Досов сол қалыпта келе жатты. Сондықтан Шіркімбай сөзінің бәрін келтірмей, досымыздың жадында қалғанын ғана келтіреміз. «...Алақаншықтанып әпшімізді қуырған ақпан-тоқпан да өтті. Күн райы да сынып, арқамыз кеңи бастады. Кәдімгі, «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» десетін шақ туып еді. Сондай бір жалдараңқы күні күнгейден аңқылдап алтынкүрек соқпасы бар ма! Үшкөкшенің онсыз да тесік өкпе боп жатқан қары сылқылдап еріп берсін. Сіздердің қазір «Мойынқұм» деп жүрген жеріңізді жергілікті халық о баста «Үшкөкше» десетін. Сондықтан мен де «Үшкөкше» дей берейін. Үшкөкшеде қар дегеннің қадірі қанша екенін, мүмкін, біле бермессіңдер. Сондықтан мезгілсіз соққан алтынкүректі көк егінге түскен шегірткемен теңеулеріңізге болады. ...Айтайын дегенім не еді?.. Ия, сонымен, қар суымен күн кешіп отырған шаруалар бала-шағасымен шуласа қарбаласып, теріскей қиялардың қарын үйіп, томпайтып, көмгіштеп жатты. Бірақ апыл-құпылда көмілген көк жентек қар ұзаққа шыдамай, шылқылдап еріп, құмы жерге шөгіп, шөмиіп-шөмиіп қалды.
Ол кезде Үшкөкшеде бүгінгідей қазылған құдықтар жоқ-ты. Сондықтан шаруалар жайлауға қарай ерте ойысты. Жылы жерде отыра берсе малы шөлден қырылатын болғандықтан амалсыз ойысты. Сонымен, Үшкөкшені қыстаған қалың ел марттың басында Қаратауға қарай қаптай көшіп келе жатты. Қаптай көшкен қалың елдің рулары: Ысты, Сіргелі, Ошақты, Қыпшақ, Қоңырат, Алшын, Тама, Төре, Төлеңгіт. Соның ішінде Сіргелінің Жолдыбай деген тайпасы. Төлеңгіттің Мамадайыр деген тайпасы қысыжазы қатар көшіп жүреді. Қыс қыстауы, жаз жайлауы жаптас болғандықтан бір-бірінен қара үзіп қалмайды. Осы екі тайпа арасында көш үстінде ойда жоқ бір ерегіс басталды. Оның мәнісі былай-ды: Мал-мүлкі көп жолдыбайлар ырғалып-жырғалуы да ұзаққа созылатын болғандықтан ылғи құлқын сәріден, кейде тіпті бір ұйықтап тұра, түнделетіп көшіп, үдере тартып, мамадайырларға қарасын шалдырмай қойды. Мамадайырдың көбісі тасымалдатып, итініп-тартынып жеткенде орнығып алған дәулеттілер ерулікке шақырып, сары түймеш сүр етке жыға берді. Ағайын, жекжат боп араласқан ел үрдісінде мұндайдың таңсықтығы жоқ еді. Бірақ Жолдыбайдың ішіндегі кірме, Мүсірәлі деген қуы: Түйенің қырсауындай мамадайыр, Көш-көште Жолдыбайдан тамақ айыр, – деп өлең шығарып, қонақ болушыларды келемежге айналдырды. Өлең қалың сіргеліге тарап кетті... – Осы Мүсірәлі емес пе? – деп сұрады үнсіз келе жатқан Қараш. – Осы Мүсірәлі, – деп жауап қайырды Шіркімбай.
– Е, оның істемегені бар ма. Бір кезде «У төккен» де атанған ол. Екі адамды ұстастырып қоймаса көңілі көншімеуші еді. Басқа табылмаса, түздегі қойшыларды шағыстырып, төбелестіретін. Сол У төккеннің өлеңіне шамданған біздің мамадайырдың пысықтары бір күні іңірде бас қосып, гулесе, күжілдесе келіп, сол түнде ұйықтамастан көшіп кетті. Жолдыбайларды алдынан тосып, ерулікке шақырып, желінген қонақасының есесін қайтармақ болды. «Әсіресе Мүсірәліге ет алдында майсөк беріп, кекірігін аздырып, әжуа қыламыз, артынан Шақалақ жырауға өлең шығарттырамыз» деп күпілдесті. «Тостағанына сабын жалатайық» деп кеңкілдеп күлгендері де болды. Мамадайырдың белді адамының бірі – бүгінгі жылқышы Біркімбай-ды. Туған ағаммен пәлен жыл қырғиқабақ болудың басы сол жылдан басталған еді... Шіркімбай шамалы күрсініп алды да, сөзін қайта жалғады. Біз бір атадан төртеу едік. Ең үлкені Үркімбай. Ол ертерек дүние салған. Одан кейінгі үлкені осы – Біркімбай. Ортаншысы мен – Шіркімбай. Ең кенжесі – Міркімбай. Сіздер күлесіздер, ал, біздің өзімізге ешқандай ерсілігі жоқ. Баламыздың есімін ұйқастырмай қойсақ адасып кететіндей көреміз. Және біздің қара қазақта үрдіс, ырым деген болады. Туманың атын ұйпалақтап қоя салса, көзден-тілден аулақ болады деп сенеді. Біздің әулеттен есімі келісті бір-ақ адам шықты. Ол – Гүлнаш. Біркімбай, әйелі Дариға бірінен соң бірін шұбыртып үш ұл тапқанда үшеуіне де уысиқы, елеусіз ат қоя салып еді. Бірақ біреуі де тұрақтамай, тегіс шетінеп қалды. Соған ерегіскен Біркімбай төртінші перзенті қыз болып туғанда есімін Гүлнаш деп қойған.
Бірді айтып бірге кетіп жатырмыз. Сол жылы Гүлнаш бойжетіп қалған қыз еді. Біркімбай үйінің шаруасын дөңгелек айналдырып, қыз да болса ұл орнына қызмет етіп жүретін-ді. Әлі есімде, қызының қарымдылығы арқасында көршілерінен бұрын жиынып-терінген Дариға жүгінің ауырын екі түйеге, бөлтек-салтағын тайлаққа артып, өз ауылының көшін бастап кетті. Отбасының түйтпегімен ісі жоқ. Біркімбай, ауылдың селтетер кісілерін қасына ертіп, аң қаға жүрмек боп, озып кетті. Көктем көшінің өз салты бар: жазды аңсаған жалпақ ел жайлауға жеткенше асығады. Алға қарай ілгері үмітпен талпынады. Тасымал тасыған кедей-кепшікке шейін қараөзек шақтың қысымына қыңбай, қабырғасы мұздай жабықсынып, қутың қағады. Қыс пен жаздың құбылмалы аралығында алдынан не тосып тұрғанын білмейді... Қалың ел мәз-мейрам боп, қапталдай көшіп келеді. Бүйірқұмы жаңа ғана бөртіп, көк шөптері қылтанақтап шыға бастаған кең еңіс мал тұяғының дүбірінен оянғандай керіле түсіп, таңертеңгі көгілдір мұнарын сейілте бастады. Тобарсыған топырақтың дымқыл исі шығып тұр. Көштер маңында жігіт-жыртың, қыз-қырқындар жарқылдасып, қақтығысып, өздеріне жететін ермек туғызып бара жатыр. Бәрі де аттарының құйрығын шарт түйіп тастаған. Биеге мінгендері тіптен жоқ сияқты. Қыз, бозбала түгіл, жалпы жұрт атаулыда биеге мінген жалғыз мен ғана едім. Көн шоқайымның тұмсығы қайқайып, үлектің бұйдасын селкеулетіп тартып келемін. Үлектің үстінде мелшиіп Дариға отыр. Көшкен жұртта отауы қалып қойған сорлы басым сомпайып, осынау үш түйенің екеуін алып қайту
үшін келе жатырмын. «Дәулеті түскірдің тапшылығы да! Немесе, Мақы әулетінің місетіне енді бір-екі тулақ біткенде, жас келіншегім көзі жаутаңдап жұртта қалар ма еді? Анау Қақудың, Шоңбайдың ауылындай тасымалсыз көшіп, ырғалып-жырғалып, салтанатпен шалғып жүрмес пе еді? – деп те ойлаймын. Аты отау болғанымен заты жаппа баспанамды алып жүру үшін маған белді бір-ақ нар жетпейді! Пысықсынған ағам сорлы ойсылқараның басын үшеуден асыра алмай-ақ қойғаны. Былтыр ұсақ малының қақ жартысын сыпырып беріп, сатып алған сары інген көктемде шытырлап, іші жарылып өлді. Күзде құдасынан қалап алған қара нар жардан құлап арам қатты. Мен ауық-ауық күрсініп, уһілеймін. Біркімбай бейбақ та әліне қарамай, тыраш-ақ. Немесе көші-қон біздің не теңіміз? деп ойлаймын. «Жатқанға берсең, маған бер» деп, тауды қыстап отырмаспыз ба. Жә болмаса, бір үйір жылқы ұстамай-ақ түйеге айналдырып алмаспыз ба. Жоқ, Біркімбай бұның біріне де ықтияр емес. Таудың құрағынан құмның еркегін құнарлы санайды ол. Әрі алажаздай шөп шауып, жинақтауды қиынсынады да. Біркімбай үшін ең қасиетті түлік – жылқы. Одан қол үзсе қараң қалатындай көреді. Жалғыз үйір жылқыға бола байланып, Міркімбайдың қысы-жазы салпаңдап жүргені анау. Менің жылқы айдап кеткен ініме де жаным ашиды, айдалада қалып қойған келіншегіме де жаным ашиды... Қайта оралмас қайран жиырма бестегі мен серімсінген ағаның босағасында салпақтаудан басқа өзі құралыптастарымдай бозбала боп, бой жазып көрген де емес едім. Ел құмға құларда ағамыз бір жатақтың жас қызын алып берген. Содан кейін тіпті Біркімбайдың құлақкесті құлы есепті болдым да қалдым. Шүйке-
басымның істейтіні де осы үйдің түйтпегі. – Шырақ-ау, ылдиға қарағанда еңкілдетіп тезірек жүрсеңші. Жер ұтасың, – дейді Дариға түйенің үстінен. Мен еңкілдетпейін, демеймін. Бірақ қырсау биенің бары сол. Тебіңгі өтпейді, қамшы батпайды. Жарамды атты бізге билетпей, Гүлнаш мініп алған. Мақы тұқымның мәтібиісініп, салқамсоқтанып, балағы жырық шалбар киіп, тәлпіштенгеніне жынымыз келуші де еді. Міркімбай екеуімізді момын-болпашсынып, басынып жүр-дағы. Әйтпесе, Ақжал – әйел мінетін жылқы ма! деген ой ыза қылады мені. – Жығылғырдың жүрісі осы ғой, жеңеше! – деп жауап қайырдым әлден уақытта. – Маған берші. Есектей қазтаңдатайын! – деп Дариға бір мойын үлектің үстінен сырғып, жерге дік ете қалды. Тобарсып қалған соқпақ жол табанынан көтеріп тастағандай болды. Адуын жеңгеге қарсыласарға дәрмен бар ма? Мойынға су құйылып, биеден түстім. Түйеге мінуге намыстанып, жаяу жүрдім. Бірақ жол ауыр еді. Екі-үш шақырым жер басқан соң шаршап, үлекке міндім. Дымқыл топырақ жабысқан көн шоқайым ақтаңдақтанып, тұмсығы рабайсыз қайқайып кетті. Маған үлектің үстінен дүниенің жері көрінгендей болды. «Тышқаннан ғой менің еңсем әлденеше рет биік, – деп ойлаймын, – Сонда, тышқан жаңа туып келе жатқан жылды көргенде, мен одан да арғыны көремау!» Найза бойы көтерілген күн алтын шапақтарын шашып, жадырай қарайды. Ішімнен ырым ғып: «Пешенеме көшімдік түйе біткей да!» деп күбірлеймін. Үлектің үстінен жасаураған көзіме ана жақтан да, мына жақтан да құжынай көшкен қалың ел көрінеді.
Еркек кіндіктен түйеге мініп отырған жалғыз өзім екеніне намысым қозады. Менің әріптесім – жаулығы қақарадай қатындар, кимешекті келіншектер, кебежеден мойны қылқиған балалар бопты. Қыз екеш қыздарға шейін тегіс желдіаяққа мініп, кең далада емен-жарқын серуен құрып барады. Смағұл, Гүлнаштарға басқа көштің жас-желеңдері қосылған. Жарқылдасып, әзілдескен дауыстар оқтын-оқтын естіліп қалады. Бір уақытта қыз-жігіттер бірін-бірі қуғыштап, жапатармағай жарысып кетті. Ішім күйгендіктен: «Ақжал жалт беріп тастап та кетпейді-ау!» деппін. Гүлнаш аттан жығылар ма. Тек, ақжал артындағы қиқу, дүбірден еліріп, қайыру берместен, үш-төрт шақырым жердегі селдіреген шоғырмақтың ішіне қойып кетті. «Асылбектер болмаса игі еді» дедім қарақұраның кімдер екенін анық ажырата алмай. Кейінірек қандым, ол шоғыр шынында да, Асылбектер екен. Қасында Мүсірәлі, Садуақас және басқа төрт-бес жігіті бар. Біркімбай көшін әдейі алыстан торып келе жатқанында Гүлнаштар жарысып шықты. Асылбектің сырлас серігі Мүсірәлі: «Қанды басың бері тарт!» деп үзеңгіге шіреніп, қояндай өзі кеп ұрынды. Бұған Асылбек қуана жымыңдап, ерінің басын қақты. Тіршілікте осындай ұшырасулар бола береді. Оны әркім әрнеге жориды. Асылбек: «Оң жамбасымнан тұрып ем, жолым болады екен!» деп ойлайды. Алыста ілбіген мен: «Сонау шоғырмақ Асылбектер болса, тоқайласқаны да жақсы. Көз – көрсе қызығады. Мүмкін, ертерек жесірін алып кетер. Ақжал Шірекеңнің тақымына тимегенде кімге тиеді сонда?!» деп шіренемін. Несіне күлесіздер. Менің орнымда болсаңыз, өзіңіз не істер едіңіз? Біздің де ат жалын ұстап мінгіміз, аз күнгі тіршіліктің қоңырқай қызығын кешкіміз келеді.
Ал, ағаның арманы одан да әріде болатын. Ол жалғыз қызы Гүлнашты сіргелінің ең ірі шонжары Шоңбайдың баласына атастырғанда Ақбоз ат арқылы атағын жалпақ елге жаймақ болған. Шоңбай мен Біркімбайдың құда болу тарихы да қызық. Шоңбайдың қатар жатқан көп елге бәйгенің алдын бермей қойғанына екі-үш жыл. Күзге таман Айтжанның асынан тараған жұрттың аузындағы әңгіме сол Шоңбайдың екі аты болды. Бәйгеден Торыалаяғы бірінші боп, Ақбозды екінші боп келді. Екеуі де қаңғып, қара үзіп келді. Ысты, сіргелінің не-не жақсы мен жайсаңы талаптанып, қолға түсіре алмай қойған қос жүйріктің ақбозына төренің төлеңгітінен шыққан жобалқы Біркімбай жатты да жабысты дегенге кім сенеді. Шоңбай оны кісімсімей жүре тыңдағанымен, араға баласы кірісіп, қояр да қоймай қыңқылдап, өлердей жалынып, кейде керіс шығарып жүріп, ат құмар, атақ құмар әкені көндімге келтіреді. Шоңбайдың баласы Гүлнашқа көптеген көз тігуші еді. Бірақ бір әйелді өлтіріп, екінші әйел алғанына да үш жылдың жүзі толған кәртамыс Асылбек біреудің маңдайға ұстаған жалғыз қызы қатын үстіне келе қояр дейсің бе деп сөз салуға жүрексініп жүргенде түлен түртіп Бірекеңнің өзі ұрынады. Бірекең әрине көне кетті. Тіпті, оның өзінің ойындағысы да Гүлнашты ұзату еді. Немесе мыңғырған байдың бір қыздық сәйгүлігін малға жығып аларлық қауқар бар ма Біркімбайда! Ауызтамырлыққа ат берер ме Шоңбай! – Шоңбайдай байдың жалғыз ұлына қимаған қызды кімге қиямыз. Шаңқан бозын жетектетсін де, күйеу бала
боп келсін! – деді Бірекең араға жүрген Мүсірәліге. Жарыста Торыалаяқтан қалса да, көкпар мен салымда қырғын қылып жүрген ақбоз айғырын қимаған Шоңбай «осы бір қыл құйрықтан басқаның керегі жоқ» деп қарысып отырып алған Біркімбайға ыза боп, ерегісіп, «мамадайырдың қызын бәйге атына баспа бас алғызатын» болды. Біркімбай оған да көнді. Бірақ кейін құда түсісіп, бетке ұн жағызып, базына-дырду күшейгенде Шоңбайдың әуелгі ашуы тарқап, пейілі кеңейді. Бірекең мені үйлендіргенде қалың малының көбін шіріп жатқан бай құдасынан алып өтеді. Гүлнаш алғашқыда Асылбекке бармаймын деп бұлқынып бақты. Отыздағы адамды, өзінен он үш жас үлкен болғандықтан, шалға санады. Қияқ мұрты да, шоқша сақалы да Асылбектің әдемі ақ сұр бетін кәрімсітіп көрсетті. (Ол кезде ысты, сіргелінің жігіттері «орны көктұқылданып кетеді» деп, сақал-мұртын қырынбаушы еді). Бірақ әке-шеше мен ағайын-андының талқысына шыдамай, жас қыз ақырында көз жасына жалынып, көніп қалды. Тек, ел құмға құлап, құда түсірер алдында, Гүлнаш Асылбекке: «Менен үміті болса, әйелін қоя беріп, басын аршып алсын. Қатын үстіне бара алмаймын» деп сәлем айтты. Асылбек бұрын да менсінбей жүрген мондыбас әйелін ақпан-тоқпанның үскірігінде төркініне апартып салды. Сонымен, отызында бозбала боп, қайта жасарған Асылбек көш жөнекей шалғайдан торуылдап жүріп, қалыңдығымен тоқайласып тынады. Кейінірек Мүсірәліден есіттім, бұрынғыдай емес, сол сапарда Гүлнаштың көзіне Асылбек әзірейілдей көрінбейді. Кәртамыстығын танытатын шоқша сақалы
болмаса, мүсінінде басқа мін жоқ та еді. Орта бойлы, шалқақ кеуде күйеу ат үстінде әдемі көрінеді. Дом боп жараған торы дөнені де сауырынан төңкеріліп, дөңгеленіп, үстіндегі шабандозбен бітім-пішімі ұласып кеткендей бір түрлі жанды жарастық туғызады. Бос тартылған күміс құйысқаны сартылдап, жалтылдап; күміс нақышты ер-тұрманы да, барқытпен әдіптеген түйежүн шекпені де, құндыз бөркі де бай баласын қасындағылардан қастерлеп, бөлектеп тұрады. Асылбек қалыңдығымен алғашында сыпайы амандасты да қойды. Көпшіліктің көзінше жампаңдаса қоюды қолайсыз көрді. Бірақ үзеңгі қағыса келе, недәуір тілдесіп қалды. – Ақжалдың бүйрегі біздің елге бұрады екен, – дейді ол қалыңдығына әзілдеп, – екінші жолы алып қашса сақ болыңыз. – Бүйрегі сіздің елге бұрғанмен, байлауын басқа елден тауып жүрмесін, – дейді Гүлнаш та әзілге орай. Ойнап айтылса да, бұл ишарат күйеудің шымбайына батып кетеді. Оның ақ сұр беті сазара қалады. Дауысына болмашы діріл бітеді. – Байлауын басқа елден тапса, желісін қиып әкелеміз де, – дейді Асылбек сыздана қалғанын жасыра алмай. Гүлнаш жауап қайырмайды. «Аузыңа әзілі жоқтың қолында тоқпағы бар» деген мақал есіне түсті ме, қайдам, әйтеуір, асқақ күйеуден суына бастағандай болды. Араға кіріскен Мүсірәлі дәнекерлікке жарамай қалды. Гүлнаш көпке қайта оралғанда жүгі ауыр түйелер титықтап, бұйдасын тартыншақтап, бақырып, қиралаңдап қалған еді. Түс ауа Құрсайдың жағасына қондық. Бірақ жолдыбайлардың келуін күте алмадық;
ұйқыдан қалжыраған әйелдеріміз де үй тігуге шамасы келмей, көрінген жүкті жастанып, қисая-қисая кетті. Дариға мен Гүлнаш та киім-кешегімен жантайып, көз шырымын алмақ болды. Таң бозамығымен үдере көшкен жолдыбайлар да бесін кезінде Құрсайға құлап еді. Әрқайсысы әр жерде тырайып жатқан біздің мамадайырларды көреді. Шәйкүл бәйбіше: «Әй, анау ұйықтамай көшетін тыраштардың түрін қара!» деп сықылықтап күледі. Сонымен, не керек, Жолдыбайларды ерулікке шақыра алмай қалдық. Түн қатып үдерудің де желігі басылды. Ендігі жерде асығып-аптықпай, жылыстап отырып, көктеменің жаймашуақ бір күнінде Қаратаудың етегіне де жеттік. Мен көлікті біраз шалдырып, белін суытып ап, құмда қалған жаппамды әкелуге кері қайттым... – Ал, Ақбоз не болды? – Шоңбай қарашада Ақбозы мен Торыалаяғын Үсіктаста тұратын бір жекжатсымақ жатағына бағуға тастап кеткен-ді. Құда түскендегі уағда бойынша, ел жайлауға келісімен Ақбоз Біркімбайдың қолына тиешек еді. Қыс бойы ынты-дерті Ақбозда болған Бірекең Қаратаудың төбесін көрген күні тұғыжым торысына мініп, «Үсіктас қайдасың?!» деп тартып кетті. Сенімділік үшін Шоңбай баласын ертіп жіберді. Бірекең Үсіктасқа құдасының ауылынан аттанып еді. Әлденеден жүрегі лүпілдей берген соң, ішінен бозқасқа құдайы айтады. Осыдан аяулы Ақбоз аманесен қолына тисе, жаз шығып мал семірсе, бір нән ісек сойып, көрші-қолаңды қызылға жығуға ниет қылып аттанады. – Бұл қай жылдары болып жүр? – деп сұрады Елеусіз. Шіркімбай ойланып қалды. – Қай жылдары дейсіз бе? Сенің Ақбозға мініп
шабатының қай жылы еді, қарағым Қараш? Қараш иығын қозғады. – Жаңылып қаппын... Қараш бала кезінде Ақбозға мініп шапқанын өз аузымен айтқысы келмегеніне қарағанда, бұнда бір гәп бар секілді. Сол түйін шешілсе, Ақбоздың мұнарлы оқиғасы айдан анық болар еді. Мүмкін осының бәрі бір-ақ штрихқа сыятын нәрсе шығар. Онда журналист Досов өнімсіз істі қазбалап қайтеді? Елеусіздің көңіліне осы алуан күдіктер ұялап, жанын жабықтыра түседі. Инемен құдық қазғандай, өмір-жасым өксіп, босқа әуреленемін бе деп қорқады. Дүниеде өз басыңнан кешірмеген нәрсеге қалам ұрудан қиын не бар? Қаратаудың теріскейіне тұңғыш рет келген Елеусіз Досов қобалжығанда, қиналғанда балалық шағында осы жерді, осы елді, арқыраған Ақбоз атты, бұлғақтаған қыз Гүлнашты бір көріп қалмағанын арман етеді. Бірақ Елеусіз туып-өскен Сарысудың өңірінде де осы тамырлас оқиғалар болған. Бұндай жәйттер Қазақстанның қай түкпірінен болса да ұшырасуы бек мүмкін. Сондықтан қаны сорғалап тұрған айғақтың жетпеген жерінде ноғайбайымен толықтырып, дамытып әкетермін деп күдікті көңілге жұбаныш табады. Жалпақ жұрттың бойына айықпас дерттей сіңген құмарлықтарды жинақтап, қорытып бере алмаса, Досовтың жазуда несі бар? Гүлнаш ішін бермесе бермей-ақ қойсын; Елеусіз ең әуелі дәуір шындығын біліп алғысы келеді. Сыр шындықтан туады деп шамалайды. Осы себеппен ол өткен күндердің куәсіндей кәрі, кәртамыстардың дәмді-дәмсіз кеңестерін құлағына құя беруден жалықпайды. Білерін біліп алып, кәдеге асарын кейін екшегісі келеді.
Шіркімбай жалғыз ағаштың түбінен ызалап аққан бастырыңқы бұлақтан атын суарып алды. Жалы төгілген шобыры белі күжірейіп, құрақтан бас алмай күрт-күрт жұлып, тізгінінен тартқанға болмай қарысып қалды. Ылауының аужайын анық танығасын: – Жамалдатқыр жирен: «жеткен жерім осы!» деп тұр. Біраз шалдырып алмасақ, жолда болдырып қалады, – деді. Жігіттер де аттарын отқа қойып, өздері жалғыз ағаштың көлеңкесіне отырды. Шоқ қамыстың ара-арасынан шегірткелер дамылсыз шырылдайды. Шалшық басында қасқалдақтар бірін бірі қуып, шық-шық етіп ойнайды. Осы бұлақтың суына бала кезімізде шомпылдатып шомылушы едік. Кісі қарап тұрмаса, бұлақ екеш бұлақ та көміліп қалады екен ғой, – деді Шіркімбай. – Тапшы бұлақтың тандыры тез тартылады-дағы, – деп Елеусіз ойының арғы жағын ірікті. – Жоқ, күпірлік айтпаңыз. Ілгеріде бұның суын тоғандап, Көзтаңбалының жатақтары мөлтек егін егетін. Күтімі болмағасын жердің астына кеткен ғой, жарықтық... Елеусіз де, Қараш та күлді. Елеусіз бұл жақтың шөлейті егінге қол емес екенін, трактор кібіртіксіз айналып шығарлық қойнаулардың ілуде бір кездесетінін айтты. Асылы, бұл жер – мыңғыртып мал өсіре беретін жер ғой деген еді. Шіркімбай «күпірлік айтпаңыздан» танып: – Ойбай-ау, теріскейдің самалды өңіріне пәлен жыл бойына мақта еккізіп, еңбегімізді еш еткендер болды ғой. Мынау теріскейдің шегірткесін шырылдатқан ыстық күнгейдің мақтасының тамырына жылулық та жеткізе алмайды. Бекерден бекер құйқалы адырларды
аяусыз айғыздап, рәсуа қылдық қой, – деп өршелене түсті. Досов сары дәптеріне: «Жер байлығын тани білейік» деген ірі жазу түсірді. Ілгеріде Қаратаудың терістік сілем-сілемінде бастауларды, көздерді, бұлақтарды аршып, әр жыраның қиясына жырғыштап егін салып күнелткен жатақтардың күні келгенде бас құрап, Бозтөбе секілді рабат поселкеден баян табуы бейтаныс Елеусіздің көз алдынан елестеп өткендей болды. Сонда мынау құлазып жатқан жалғыз ағаш сияқты Сарыжайлаулардың шырайын немен келтіруге болады? Зиялы екі жігіт елегзіп отырған бұлақ басында қозы-лақтар маңырап, құлындар шұрқырап, малшы қауым тірліктің тамырын тартып жатса, жер жарастығы сол емес пе? Екінің біріне, егіздің сыңарына аян жәйларды қомақтап қозғау үшін Елеусізге керегі бір-ақ нәрсе. Ол – адам тағдыры. Оны көрсетпей көтерген мәселем – құмға сіңген сумен тең деп ойлайды Елеусіз. Қарапайым журналистің кімге ақыл айтарлық қауқары бар? Қайта, өз басы жиналыс атаулыдан қаға беріс қалмай, үлкеннің де, кішінің де өсиетін құлағына құйып алып жүрген жоқ па? Елеусіздің есіне және Гүлнаш түсті. Қазынасы бар жерге қазық қаққан геологтай, қайта айналып соға беретінін сезеді. Сондықтан Гүлнашқа қатысты Шіркімбай сөзін тамамдатпақ болып: – Сонымен, Шіреке, Бірекең Ақбозды алып келді ме? – деп сұрап еді. Шірекең: – Алып келерін алып келді-ау. Бірақ бұл екі арада талай ікімәттар болды, – деп бір қойды. – Нендей «ікімәттар»? Шіркімбай шырқауда бұлдыраған әлденені көңілмен
шолғандай, қиырға көзін тігіп, бір қырындап отырды. Бұнысы – ұшып-қонуды сүймейтін дегдар әңгімешінің салты еді. Және тыңдаушыларға жасаған ишараты да болатын. Сөз бағып қалған Елеусіз «құлағымыз сізде» дегендей ілтипат көрсетті. Шіркімбай үзілген кеңесін жалғады. – Мен құмнан жаппамды көшіріп келген соң, тұзымыз ада боп қап, құдамыздың ауылына бардым. Барсам, алты ай бойы қыстаққа қамалып іші пысып қалған жатақтар келіп, жапыр-жұпыр қауышып жатыр екен. «Байлардан сүр жейміз» деп сілекейі шұбырып, сіңірі сыртылдап келген кедей-кепшікті Шоңбай ауылының үлкен-кішісі бірдей шүйіркелесе қабыл алды. Қыдырмалар қағанағы қарқ, сағанағы сарқ боп, жампаңдасып, бауырмал бейілде. Жылқы етінің исін аңқытып, тәбәт қоздырып, шымырлап қайнаған қара қазан жанында дәулетті ағайын мен жарлы ағайындар көшпелі ел былтыр күзде құмға қарай ойысып кеткелі бергі көрген-білген жәйттерінен неше ықылым кеңестер шертісіп отырды. Өткен-кеткенді еске алғанда жамырап көңілдене келушілер де, ішінара жыларманға келіп қамығушылар да болды. Қысыр әңгіме қыза түсті. Бірде өрт жаланған дауылдай гуледі. Бірде күздің желіндей ызыңдады. Лаулап басылып, қайта тұтанып жатты. Ет желініп, сорпа-су ішіліп, жұрт тарқасарда бөгде кеңестер тиылып, тіршіліктің қамы ғана сөз болды да, дүмділер есендік сұрай келген жарлы-жақыбайдың мойнына түрлі-түрлі шаруашылықтың міндетін жүктей бастады. Әсіресе ертеңгі ақ егіс, көк егіс жайын қазбалап, пісенде етіп қоюды мақұл көреді. Жатақтардың пысықтары ортақтық мөлшеріне, сауындық, сойымдық мал санына таласып, табан ақы,
маңдай терін бұлдады. Ал, Момын-мондыбайлары: «Бәйекем ақымды жер дейсің бе» деп айтылмашқа көне кетті. Күллі ысты, сіргеліге «жомарт» атағы жайылған Шоңбайдың ақ ордасына түсушілердің отағасы Бек еді. Ия, ия, осы Қараштың әкесі. Ол кезде Қараштың жарбиған бала кезі... Сол күні сен, байдың малайының тазы жұғады деп, қолыңа су құйдырмай, қиғылықты салған болатынсың. Есіңде ме, Қараш? – Есімде жоқ... – Есіңде болмаса, сол жолы сен әкеңнің артына міңгесіп келгесің. Бекең қыста бір шаруасымен құмға барғанда Шоңбайдың үйіне қонып отырып, бір тайдың майын сұрайды. Жылап жүріп көрген жалғыз ұлынан атқа міңгесе-міңгесе ығыр болғанын жасырмай, қиыла қолқалайды. Бірақ әккі Шоңбай жағдай айтады. Пәлен, пәштуан дейді. Біркімбайдың қызын айттырғалы жылқының кеміп қалғанын тілге тиек етеді. Қойшы, сонымен, Бекеңнің дәулетті ағайыннан көңілі қалып қайтады. Көңілі қалатын да реті бар еді. Шоңбайдың қыруар олжа түсірген, ақырында, бір қызды баспа бас алғызғалы отырған Ақбоз аты құлын күнінде осы Бекеңнің қолынан шыққан-ды. Соның әммасын ұмытып, бір малдың майын қимай қасарысқанына қынжылмағанда неге қынжылады? Содан бері Шоңбайға өкпесі қара қазандай Бекең дау-шарын алдына сала келген екен. Тым-ақ сызданып отырды. Бекті жұрт «Нығыз би» деп атасушы еді. «Нығыз би» десе дегендей де еді. Отырған жерін ойып түсетіндей ырғалып, шірене береді. Денесі жұп-жұмыр,
беті дөп-дөңгелек; тұла бойы, шымшып тіккен қаптай, тырсиып тұр. Жылтыраған қоңыр-қошқыл жүзінде жаратылысына шексіз ризалықтың белгісі жатқан тәрізді. Жолдыбайларға алыстан қосылатын жиырма үй Жылкелдінің еті тірісі осы Нығыз би. Ең қуатты дегені де сол. Мінерлік аты, көжеге қатық боларлық ұсақ тұяғы бар. Бірақ көшермендік көлігі жоқ. Сондықтан жазда ғана киіз үй тігіп, суық түсе тамда қыстап қалатын да. Әрбір пысықсымған шіңкілдектің міндетін істейтін бір иісалмасы болатыны белгілі. Бектің де атқа мініп «Нығыз би» атанып жүргені көбінесе үйелмелісүйелмелі екі інісінің арқасы. Ыбырайы осы Шоңбайдың жылқысын бағады. Оның тапқан-таянғаны Бектікі. Ал, Төлені жалғыз өзі жер жыртып, тұқым сеуіп, егін орып, о да бар өмірін ағасының үй ішін асырауға сарп етеді. Ыбырайдың алашақ еңбек ақысына, ауыс-түйіс болған астықтың өтеміне қарай Бек пен Шоңбайдың қарым-қатынасы әр кезде әр түрлі бола беруші еді. Бастары қосылған сұқбат-мәжілістері де бірде тәтті, бірде ащы болатын. Жалбаңдап әкесінің қасынан қалмайтын бала бұны сезетін-сезбейтінін кім білсін. Әйтеуір, сол жолы он жасар бала атысқан суық қабақтардан жасқанып, жыпылықтап, қыпылдап отырған тәрізді еді. Алғашқыда баяғыдан мысалдар, өнеге-өрнектер келтіре, алыстан орағыта сөйлеген сөздердің түйінін, шыны керек қой, өз басым түсінген жоқпын. Шайкүл бәйбішенің сары мейіздей сақтаған жал-жаясы желініп болған соң айқындала бастады. – «Тұлпар түбін табар» деген бұрынғылар, Шоқа! – деді бір уақытта сызданған Бек. – Мені қойыңызшы, Арыстағы нағашыларым қысып барады. Тайлы-таяғымен жазғасалым келеміз деп жатыр. Сіздің
Ақбозды Біркімбайға бермек болғаныңызды естігенде Біләл боғын пышақтап, шала бүлініпті. Ел мен ел ұстасып, әңгіме насырға шауып жүрмесін!.. Шойындай қара Шоңбайдың кескіні онан сайын қарая түскендей болды. О да суырылып сөйлеп кетті: – «Сауда сақал сипасқанша» деген мақал қалған бұрынғылардан, Бәке! О баста айтпап па едім, ескертпеп пе едім. «Түбінде жүйрік шықса өкінбе» дегенім қайда? Ыңыршағы айналып, көзі іріңдеген, қыршаңқы құлынның бодауына тыңқиған семіз құнажын сиыр, арқардай-арқардай он саулық бергенімде жүрегі жарылып, жымың-жымың еткен кім еді? Біздің тұяқтан тараған тұқым өнімтал екенін білесің. Қазіргі күн көрісің сол он тұяқтың тұқымы емес пе? Ал, сатыпсауынғаның қаншама? Егер сенің нағашың тұлпардың түбін жоқтаса, біз атадан ауысқан адал малымыздың өнім-өсімін жоқтамай тұрамыз ба? Жолдыбай да бір қауым елміз деп отыр. Жолдыбайдың қатындары да ұл тапқанбыз деп жүр. Әңгіме насырға шапса, озбырсынған нағашыңның әуселесін көреміз-дағы, қайтеміз!.. Онан да, орынсыз тызақтамай, бұл сөзді басуға тырыс! – деді. Ауыл адамдарынан Садуақас, Мүсірәлілер бар еді. Бәрі де отағасының аузынан шыққанын құптап, қоқиланады. Әсіресе Мүсірәлісі: – Бәсе, баяғыда өтіп кеткен нәрсені жаңғырту жөнге келер ме екен? Келмес, болмас! – деп басын шайқап қояды. Күні бойғы салғыласудың себептерін енді-енді ғана түсіне бастадым. Пәленің бәрі Ақбоз аттан шыққан екен. Төбе шашым тік тұрғандай болды. Бек тұнжырап, тымсырайып қалды. Бұнысын уәжден жығылудың, татуласуға бейімделудің белгісіне жорыдым. Бірақ кейін білсем, сол бір сәтте өткен істер
Бекеңнің есіне түсіп, басына неше түрлі ой оралған екен. 1919 жылдың қысында мал жұтап, жазында егін шықпай, қысаңшылық болғанын сіздер, кітаптан болмаса, білмейсіздер. Бек сонау ит арасы қияндағы Арысқа барып, нағашы жұртынан екі-үш қап астық ап қайтып еді. Сол сапарында нағашысы Біләл: «Ашамайға отыруға жарап қалған жиеншарымыз Қаршығаның байғазысы; қолда барымыз осы болды» деп жүдеу қызыл құлынды жетектетіп жіберген еді. Жолай келе жатып, Бек Шоңбайдың үйіне қонды. Таңертең шай ішіп отырғанда шалшық судың жағасында шыбындап тұрған алқам-салқам көріксіз құлынға түрулі есіктен Шоңбайдың көзі түсті. Көзі түсті де, құлынның мән-жайын сұрай бастады. Бек бар істі баян қылды. Шоңбай құлынды екі-үш мәрте айналып шығып, тісін, құйымшағын ашып көрді. Тұяғын қарады. Тілерсегінен қағып, ұмасынан ұстап, сауырынан сипады. – Арабтың алмамойыны мен күнгейдің қарабайырынан туған текті құлын екен. Бабымен өсіріп, үйірге салайық. Маған сатып кет. Сенің жылқың жоқ, көтерем құлынды бағып қайтесің, – десін. Қаршығасына арналған құлынды сатуға Бек, әрине, қимайды. Және Шоңбайдан сұңғыланың алабөтен алабұртып, сұқтануына қарағанда, қызыл құлыннан күндердің күнінде ерен жүйрік шығарын да сезгендей болады. Бірақ сатқысы келмегенмен, жоқшылық шіркін діңкесін құртқан Бекең, бай ұсынған нарықтан тартына да алмайды. Бір қора малды айдап қайтқысы келеді де тұрады. Содан кейінгінің бәрі жаңағы Шоңбай айтқандай. Шоңбайдың семіз құнажын үстіне арқардай деңкиген он
саулық айдатқаны да рас. «Нартәуекелмен желдіаяқтың құнын өтеп тұрмын, түбінде жүйрік шыға қалса, өкініп жүрме!» дегені де рас. Бектің бүгінгі азын-аулақ дәулетінің басы сол он тұяқтан құралғаны және де хақ... Бек мойындайды. Бірақ мойындай тұра, Ақбоздың сұраусыз кетіп бара жатқанына іші күйеді. Былтыр Айтжанның асында жүз елу ат қосылған ұлы шабыста Ақбоз екінші боп келгенде, сол екінші бәйгенің өзінде жеті қара, елу қой тиген жоқ па еді. Олай болса, құнажын сиыр мен он саулық Ақбоздың бір терлегенінің садақасы емес пе?» «Сауданың сақал сипасқанша» екені даусыз. Бірақ, Ақбоздай саңлақтың саудаға сыюы даулы емес пе? Жүйрік жұрттікі. Жұрттың беделін көтеретін жүйрікті бір адам билей алмайды; күллі ел билейді. Ендеше Шоңбайдың айтып отырғаны теріс. Мұны сұм қараның өзі де сезеді. Сезгендіктен де аяулы Ақбозды Біркімбайдың шолжаң қызының қалың малы үшін жаман төлеңгітке жетектетіп жібергелі отыр. Шоңбай береген болса, үйірге түспейтін атқа атын – Торыалаяқты неге бермейді құдасына? Жоқ, сырқынды бай істің түбірін түсініп отыр. Сондықтан да жаз шығып, жер аяғы босап, төркіні келмей тұрғанда Ақбозды құтты жеріне қондырып тынбақ. Елден елге өтіп кетсе, даушардың әлегі аз боларын да біледі. Бекең ішінен Шоңбайды қомағай қара төбетке, қасындағыларын төбеттің алдында құйрығын қысып тұратын қаншықтарға теңейді. «Қара тұмсығына ұрып, қаңсылатар ма еді!» дейді. Бірақ сыртынан сыздағаны болмаса, көзінше тілдерлік Нығыз бидің басында дәурен де жоқ еді. Өйткен күнде жуан Жолдыбайлар жүндей түтіп жіберуі сөзсіз еді. Сондықтан Бек насыбай атып, тырсиған терісін
кішкене кеңейткендей боп, байсалды үнге көшті. Жайшылықтағы шіңкілдек дауысы қоңырлау шыққанда сабырлы айла да туа бастады. Ол: – Мен сөздің сырағысын айтып едім, Шоқа. Сіз шоқпарыңызды ала ұмтылдыңыз. Шоқпарда шындық жоқ. Бауырыңа кіріп отырған жатақ Жылкелдіні мұқатумен іс тынбайды. Құдай ақында, Біләлді сізден жақын да тұтынбаймын. Сау басым саудада қалып, екі елдің ортасындағы кергіге түскелі отырғаным батады жаныма. Әйтпесе, бәйге ат менің не теңім? Қабырғам қайысқасын келіп отырмын, – деген. Шоңбай болмашы жымиды. Ішінен: «Е, барысар жерің осы-ақ екен ғой!» десе керек. Қап-қара кескініне жіңішке сәуле ойнап шыққан еді. Енді о да насыбайын мол атып, тілімен астыңғы ерініне нығыздап, томпайтып жатып, шолжаңдаған сақау тілмен: – Шонда маған не қыл дейсің? – деп қойды. Бек мүлдем монтаны пішінге түсе қалды. Дауысында да алдаусыз кішілік, сынықтық бар. – Не қыл дейін, Шоқа. Бір пақырды нағашы жұртымның дау-далабасынан құтқарып ал. Басыма бостандық, құлағыма тыныштық әпер. Шаһар маңында заңзакон үйреніп, шетінен қағынған жандар еді. Әтірет әкелуден де тайынатын емес деседі. Әтіреті ме, мелисасы ма, күмпуі ме, әйтеуір, көк сүмбілі, жырық етектер сау ете қап жүрмесін деймін. Егер Бек бұл хабарды кейінге сақтамай, шүу дегеннен айтқанда, Шоңбайдың иланбауы бек мүмкін еді. Айлалы сөз шоқпары абайсыз, ұрымтал жерден сілтенгендіктен Шоңбай қапы қалды; қарау түсі қуқыл тартып, іші қалтырап кетті. Тулаған тарғыл үнмен: – Не дейт мынау?! – деп шошып түскен. Жұрт жым-жырт болды. Есік алдында екі иінінен
дем алып, толықсып, ысылдаған сары самауырдың ауыр үні ғана тыныштықты бұзып тұрды. Бек түк сезбегенсіп, жерге қарайды. Мүсірәлі күдіктеніп тұрғанын жасырмай, Шоңбай мен Бекке кезек-кезек сынай қарайды. Екеуінің ішіне де кіріп шыққысы келеді. Нығыз би ешкіммен көз алыспай, жер шұқып отыр. Шоңбай қалың ойда. Шоңбайдың дүниеде ең қатты қорқатыны: отряд, милиция, ГПУ еді. 1918 жылы Колчактың бір топ солдаты (Шоңбайларша әтіреті) жүйрік атын жетелеп қашқан Шоңбайдың әкесі Шораны оққа ұшырған. Содан бері «әтірет» деген сөзді естісе Шоқаңның тұла бойы мұздап сала береді. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында астық жинау, мал жинау жұмысында даланың құрық тимеген тарпаң байлары милициядан көп қысым көрді. Соның біреуі осы Шоңбай еді. Кейінгі жылдары милиция елге сирек шыққанмен және ұры-қарылардан басқаны айналдырмағанмен Шоңбай әлі де қатты сескенеді. Көк мауыт галифе шалбар киген, шаш қойған адам көрсе, шайтан көргендей шошиды. Ал, ГПУ-дің жалпы дақпыртынан қорқады. Онда істейтін қандай адамдар екенін, немен шұғылданатынын білмесе де, керек десеңіз, оның бір де бір қызметкерін өз көзімен көрмесе де, сахара шонжарларының үрейі ұшатыны көбінесе сол мекеме еді. Атын да ГПУ демей, «Күмпу» деп қызық қып айтады.(Шоңбайдың Қызылорда қызмет қылатын адвокат жиені былтыр жазда тынығуға келгенде: «түбінде» үш харыптен «сақ болыңдар» депті. Содан бері Шоңбайдың өте-мөте зәресі ұшары да сол «күмпу»). Бектің пұшайман лепесінен тоспаған суық, жат
атаулар естігенде Шоңбай осындай себептермен шошып, жүнжіп қалды. Басқа жәйтте болса, бүкіл ғаламның қара бұлты басына төнсе де қарақожыр дидары шымырлап, сыр бермес еді. Бұл жолы Шоңбай, өзі жүрекшайлы боп қалған мылтықтылардың дүмпуін естігенде, шыдам қыла алмай, түсі құбылып, үні әнтек қалтырап кетті. Салмақсыз Нығыз биге салмақты Шоңбай ішінің ұңғыл-шұңғылын танытып қойды. Соған өзінің ызасы да келеді. Нығыз бидің ит терісін басына қаптап, қуып жіберейін десе, істің артынан тағы қорқады. Бұның Арыстағы нағашылары шетінен қағынған законшік екені рас. Қаракөл, Жылбұлақ болысынан қалаға барған арызгөйлер көбінесе Біләлді сағалайтынын Шоңбай талай естіген де. Азамат соғысында қазақтан солдатқа сұранып барушылардың біреуі Біләл екенін де Шоңбай білетін. Ана жылы елге отряд шыққанда Біләл басқарып жүрген. Шудың қалың қамысына жасырынған бандаларды ұстағандағы Біләлдің тапқырлығы, ерлігі осы аймаққа аңыз боп жайылған-ды. «Құралайды көзге ататын мерген екен!», «Дүрбісімен жеті қырдың астындағы қыбырлаған тышқанды көреді екен!» деген сөздер тараған. Сол лақапты ұмытты дейсіз бе, Шоңбай бағанағы ұр да жық ырайынан қайтып, лажсыз жуасыды. Сонда да, әлі де болса сыр алдырмауға тырысып: – Жәрайды, нағашыларың заңдасатын болса біздің де әтбекет жиеніміз бар. Өңшең шаштылар шарпысып, біреуі жеңер. Әзірге шай-пай ішіп, ішімізді жылыта тұрайық, – деді. Осы сөздерді айтқанда Шоңбай лекіте күлмек болып еді. Бірақ кеңкілдеп, жөнді күле алмады. Жарықшағы бар қара қобыздай қиқылдап, тез басылды.
...Шай үстінде Шоңбай әлгіндегі ырғастың тігісін жатқызып, жаз жайлаудың жайына ауысып кетті. Жолдыбайлар биыл түгелімен Аютөбенің айналасын жайламақ екен. Жер иесі – Үшқаралармен келісіпті. Тоқты-торым өткізіп, ауыздарын майлайтын болған. Ал, өзінің ата жайлауы – Көсегенің көк жонынан шөп шапқызып, жылқысын түгелімен тау қыстататын ойын аңғартты. Шоңбай елде малдың көбейіп кеткенін дат қылды. Құмның еркегін он екі болыс елдің жарты миллион қойын жеп қойып, қалың жылқы қай-қайдағы сояуды кәшектейтін болғанын мұң қылып баяндайды. Жылдан жылға жердің тарылып келе жатқанын күрсіне айтып еді. Енді, далбаспен жатақ үшқаралардың өрісін жалдап алғанда, биылғы қату қыстан жүдеп шыққан жылқы шыбын-шіркейі аз, бетегелі белестерде тезірек есін жиып, шыр байлай ма дегені екен. Осындай жәйларын жария қылғанда, Бекті өзімсініп, ағайын тұтатынын әдейі танытып отырды. Бек те бөтен кеңеске бармай, «дұрыс қой», «әрине ғой» деп басын самарқау шұлғып, керегенің көгіне ауық-ауық шырт-шырт түкіріп қояды. Сөзінің соңында Шоңбай: – Қаршыға мырза жігіт боп қапты ғой. Сөзге де үйір екен. Адам болар баланың міңгесіп жүргені жараспас. Бір тай мінгізіп жіберейік. Мүсірәлі, сен мына кісілерді жолай жылқыға ертіп апарып, сүбди көктің қара тайын жетелетіп жібер, – деген. Шоңбай қара тайдың майын бере ме, жоқ, әлде басы бүтін берді ме, ол арасын ешкім анық білген жоқ. Сонымен, Ақбоздың дауы ақырамаш шешілмей қалды. Біркімбайға бергізбей тежету – қолдан келмесіне Бектің көзі жетіп кетті.
Шіркімбай біраз үзіліс жасап алды да, сөзін жалғастырды. – Мен құдамыздікінен қайтып келгенде күн кешкіріп қалған еді. Ауа райы аяқ астынан бұзылып, іңірде қар басталды. Аузы көкке жаңа тиген мал қырылып қалатын болды. Таң аппақ атқанда қаңғалақтап Смағұл келген. Ол мал басы барлардың қыстақтарға адам шаптырып, қарекет қып жатқанын хабарлайды. Қамшысымен нұсқапнұсқап, қатты-қатты сөйледі де, атын борбайлатып, боранның бозғылт тұманына сүңгіп кетті. – Әлгі сорлы да құрып кетті-ау. Бәйге ат біздің не теңіміз еді, – деп Дариға Ақбозды әкелуге кеткен байына сыртынан кейіді. Дариға қызымен ақылдасып, мені Шоқтастағы жатақтарға жөнелтетін болды. – Көзтаңбалыларға сәлем айт: егіздерімен үш-төрт қап арпа жеткізіп берсін де, сұраған қақын күн ашыла алсын! – деген. Өткен іс қой, несін жасырайын, бораннан жол тауып жүре алмай, шай қайнатым уақытта сүмірейіп қайтып келмесім бар ма. Өй, жеңгеміз де адуын еді-ау! – Осы тұрған жерді таба алмай, қарабасқыр! Енем сені де еркек деп туды-ау! – деп қамшымды жұлып алды. Содан жеңгеміз Шоқтасқа қызын жіберген. Гүлнаш сол сапарында Оралға іші жылып қалыпты-мыс деседі. – Ол қалайша? – деп сұрады Елеусіз. Шіркімбай көктемнің көк сабалақ боранында Гүлнаш қыздың көп бейнет шегіп, Шоқтасты әзер тапқанын айта келіп, тісқаққан әңгімешінің әдеті бойынша, оқиғаны өз көзімен көрген адамша баяндайды.
– Содан, не керек, Гүлнаш өлдім-талдым дегенде Шоқтасты тапты. Астындағы Ақжалы қамыспен жапқан үйге басын тіреп, тұра қалды. Қаракүңгірт дәлізде үсті-басын қағынып жатқанда, есігі ашық бөлмеден басқан көріктің дауысын естіді. Көмірдің исі мүңк ете түсті. Ұста темір илеп жатыр екен. Шидем шалбар киіп, жалаңаш иығына киіктің терісінен жасаған жамылғы жамылған. Тоқпақпай қара балғамен отқа балқыған қызыл темірді гүрсілдетіп соғып жатыр. Оралдың бұлшық еттері түйінтектеліп, ойнап кетті. Іші аш арыстанның ішіндей қусырылып, қабырғалары көрінеді. Гүлнаш «Көкірегін жүн басқаны болмаса, зергердің денесі әдемі екен!» деп ойлайды. Гүлнашты көрік басып отырған Нұрша Оралдан бұрын байқады. Ол: – Ойбай-ау, мынау Гүлнаш па?! – деп атып тұра келгенде, жел кеулеп, гулеп тұрған көрігі семе қалды. Орал да ісін тастап, маңдайының терін сүртіп жатып: – Тіршілікте біздің қол босаған ба. Жерағаштың сынған тісін жамап жатыр едім, – деді. Орал бойжеткеннің борандатып жүрген шаруасын білмесе де: – Кәне, үйге жүріңіз, Гүлнаш! Бел шешіп отырып сөйлесейік, – деп қаракүңгірт дәліз арқылы өзінің отбасына алып барды. Оралдың шешесі Күләнда мен жас қарындасы Қарлығаш қонақ қызды жылы шыраймен қабыл алып, жалбақтап жатыр. Пешке де жусан салмай, сары майдай сақтаған ағаш кесінділерін салып еді, темір пеш сытырлап, тез қызып, гуілдей бастады. Пештің үстіне тастаған пияздың исі шығады. Гүлнаш Оралды бұрыннан білетін-ді. Бірақ құтты-
ханасын көргені осы. Басқа жатақтардай емес, бұның үйі жап-жарық, тап-тұйнақтай екен. Терезесін көнмен қаптамай, әйнектеп қойыпты. Боран шерткенде сыртсырт етеді. Төрден есікке шейін алашалар төселген. Екі-үш жерде, арқардың терісінен жасалған бөстек жатыр. Өзбекше, үйдің қабырғасына орнатылған текте төртбес сәтен көрпе, шыт көрпелер, құс жастықтар жинаулы тұр. Гүлнаштың ауылындағы баз бір әйелдер «Оралдың зергерлігі әдіра қалсын, үйі темір сасиды» деуші еді. Олар бұл сөзді ауыздарының шайпаулығынан айтады екен. Темір сасымай-ақ, мырсындай боп тұрғанын Гүлнаш енді өз көзімен көріп отыр. Мынау ақ боранда мыңғырған байлардың ауылдары әбіржіп, берекесі қашып жатқанда ұстаның құттыханасы ішіне кірсең шыққысыз, мұнтаздай боп, дүмбірлеп тұр. Оралдың шешесі мен қарындасы да бауырмал, аяулы жандар еді. Көлденең қонақтың іші-бауырына кіріп барады. Баяғыда, жеті аталарында бір жекжаттық болғанын айтып: «Өзіміздің бала екенсің» деп кәріқұлақ кейуана кішірейе елбектейді. Қарлығашы нән қауақта ашытылған арпаның мүсалласын ағаш кергенге құйып, сапырып жатыр. Быж-быж көпіршіген мүсалланың исі аңқып, мұрынды жарып барады. Күләнда қазан көтермек болады. – Әуре болмаңыз, шеше, – дейді Гүлнаш, – мен ізімше қайтамын. – Түтеп тұрған боранда қайда бармақсың, қарағымау? – дейді Күләнда таңырқап. – Дәм татып кетіңіз, Гүлнаш! – деп Орал да қиылады. Гүлнаш келген шаруасын айтып өтті: мезгілсіз соққан бораннан мал қырылғалы жатыр.
Гүлнаш небары үш-төрт қап арпа қолқалап келіп отыр. Мынадай аласапыранда пішен жеткізіп беру қиын болар. Ал, бірақ, жаны ашыған ағайынның қаптап, қапшықтап, дән жеткізіп беруіне әбден болады. Гүлнаш осылайша, келген жұмысының тоқетерін нақтап-нақтап айтып шыққанда, шешесінің: «Сұрағанын күн ашыла алсын» дегенін қалдырып кетті. Белгісіз емеуріннен бой тартты, «Арпаның қақына саудаласпайтынымызды өздері де түсінер» деп ойлады. Орал түсінді. Екі сөзге келмей қалбақтап жатыр. – Арпа да, бидай да баршылық еді. Бірақ көлікке ұяттымыз. Жалғыз аттан басқа көлік бізде болмайды. Дегенмен, қарастырып көрейін... Орал қипақтап, тысқа шығуға ыңғайланды. Бағанадан бері үндемей, әлдененің аңысын аңдып отырған Нұрша: – Қой, болмас, қара табан жатақтарды ағайынға балап келіп қалған екен, Гүлнаштың меселі қайт болмасын. Берешек астығыңды менің екі өгізіммен апарып сал: жол да, жөн де сенікі, – деген. Нұршаның көзі күлімдеді. Гүлнаш ішінен: «Мына шіркіннің мұнысы несі?» деп күдіктеніп қалды. Бір-бір зереңнен мүсәлла ішкеннен кейін Орал: – Ендеше, апа, арқардың етінен қуырдақ қуырып жібере ғой. Гүлнаштың жеңсік асы шығар, – деп Нұршамен бірге тысқа шығып кетті. Орал қайта кіргенде: – Бәрі де даяр болды. Дәмнен кейін өзім апарысып саламын, – деген. Олар қуырдақ жей бастағанда сырттан біреу терезе қақты. Қарлығаш әйнектің буын жеңімен сүртіп, үңіліп қарады да:
– Жетегінде ақбоз аты бар екі кісі түсіп жатыр, – деді. Сөйткенше болған жоқ, екі кісі дәлізге кіріп, үстібасының қарын қаққандай болып жатты. Орал қолын сүртіп те үлгермей, дәлізге шығып еді. – Бә-ре-келде! – деп таңданған, сүйсінген даусы естілді. Кісілер ішке кіріп, сәлем бергенде Гүлнаш оқыс қысылып, аққұба өңі ду етіп, қызарып кетті. Көрнеу ұялып ыңғайсызданып қалды... Шіркімбай тағы да болмашы үзіліс жасап: – Келгіншілер кім деп ойлайсыздар? – деп сұрау қойды да, жауабын өзі жалғап кетті. Бұлар – Біркімбай мен Асылбек еді. Үсіктастан Ақбозды алып қайтқан бетінде боранға ұрынып, адасып жүріп-жүріп, аттарының жарамдылығы арқасында ғана Шоқтасты тапқан еді. – Жатақтың иті де үрмейді екен, – деп Асылбек астарлы әзілін қыстырып жіберді. Біркімбай күлкісін әзер тиып, жымың етті де, оң қабағын қағып қалды. Орал шамданды. Сөз ұтымын жібергісі келмей: – Байдың иті байламшыл. Ал, кедейдің иті үргеннен қапқанды жақсы көреді, – деп салды. Сөзден тосылған Асылбек: «Тісі шығайын деген екен кәнденнің. Қамшының сабымен езуін айырып жіберер ме еді!» деп ішінен кіжінді. Біркімбай Ақбозын бағып-қағып, күн ашылғанша Оралдікінде қалатын болды. Бәйге атты боранда алып келуге жүрегі дауаламады. Орал уәдесі бойынша, төрт қап дәнді екі өгізге теңдеп, Гүлнашты апарып салатын болды. – Көсегең көгерсін, қарағым. Мың жаса! – деп Біркімбай жарылқасынын жаудырып, батасын берді.
Орал мен Гүлнаш ұбап-шұбап, шуласып, «ош-ош!» десіп, қарақыланданып, алыстап барады. Тамның ығынан қарап тұрған Асылбекке екеуі ат үстінен жуысып, аймаласқандай елестейді... Асылбектің іші әлем-жәлем болды. Қалыңдығын жас зергерден қызғанып, терісіне еті сыймай, тырсия қалды. Түртіп қалсаң жарылып кеткелі тұр. «Әттегене-ай!» – деді ол інісіне, – ешкімнен ұялмай-ақ, «Гүлнашты өзім апарып салам, Орал, сен әуре болмай-ақ қой» деуім керек екен ғой. «Жаманның ақылы түстен кейін келеді» деген осы-дағы!» Тықыршыған Асылбек шыдай алмады. Ақырында: – Жатақтың баласы борандатып жол жүріп көрген дейсіз бе? Адасып кетер. Ауылдың қарасы көрінгенше өзім апарысып салсам қайтеді, Біреке? – деген. – Е, бар! Зобалаңда ізет жүрмейді. Үйге кіргізіп салсаң да ықтиярың, – деді қайын атасы. Асылбек торы дөненінің босаған шапайылын шірене тартып қалғанда белі майысып, бауыры қусырылып кеткендей болды. Ол шыға бере құйындатып шауып кетті. Біркімбай: «Жігіт біткеннің көзі Гүлнашжанда. Бір сойқан шықпай тұрып, құтты жеріне қондырсам екен!» деп қалды. IV Түс ауып, теріскейдің самалы соқты. Шырылдаған шегірткелер де саябыр тапты. Тек, қара бауыр, сары бауыр бұлдырықтар ғана ауық-ауық шендеп келіп, бұлақ басындағы адамдардан қайта ойысып кетеді. Бір тамшы суға зар болып, қияндап, құрыл қағады. Жүргіншілер жалғыз ағашты шегірткелерге, қасқалдақтарға, бұлдырықтарға қалдырып, атқа қонды.
Шіркімбай шобырының тартпасын тартып жатып: – Тартпалығы екі елі көтеріліп қалыпты. Мынадай шүйгінге жайылған мал айға жетпей шайлап қалады ғой! – деп еді. Елеусіз осындай шұрайлы жайлаудың құлазып жатқан себебін сұрады. Жер көрші Шаға ауданының Киров атындағы колхозына қарайды екен. Колхозда «Бозтөбедегідей» мыңғырған түлік жоқ. Сондықтан бос жатыр. Мемлекетке салықты жалпы жер көлемі үшін төлейтін болғандықтан сыртқа жалдамақ ойы болғанымен, аз күнге ірге аударып көшіп келушілер табыла қоймайды. «Киров» тәрізді жері мол да малы аз колхоздарды совхозға айналдырып, мемлекеттен енші бөліп беру мәселесі шешілмей келе жатыр. Малы шағын колхоз өзіне қарасты жердің шөбін де түгел шауып ала алмайды. Түлігінің дені жылқы болғандықтан, қыс бойы қоқты тоғайлардан тебін теуіп, қолға қарамайтыны және бар. Шіркімбай кеңес шертуден тиылып қалды. Қырсау жиреннің күдіс жүрісінен шаршағаны көрініп тұр. Ат қақты болған Елеусіз де қаужамай, екі аяғын үзеңгіден шығарып, салақтатып келеді. Тек, бір орайда ғана, биік жонның жалындай бұйраланып ағып жатқан бұлақтың атын сұрап еді. Шіркімбай әріден таратып айтып кетті. – Бір ертегіде: «Қаратаудың қойнында, Қарасудың бойында Кендебай атты ер болған» деуші еді ғой. Сол Қарасуыңыз осы. Қамбар батырдың құмай тазы жүгірткен жері де осы маңай. Шіркімбай және де бір ертегі-аңыздардың басын шалып өтті. «Қаратаудың басынан көш келедіден» басталған талай жай Елеусіздің есіне түсті. Аспаннан аяғы салбырап түскен ешкім жоқ екені белгілі. Олай болса, Елеусіз бүгінгі Қаратауды паш еткенде, оның
сонау кәрі тарихына бойламай қала алар ма? Ал, Қаратаудың кәрі тарихына бойласа, оны бүгінгі күннің тіршілігімен қалайша байланыстыра білер? Осы алуандас сұрақ Елеусіздің көңілінен шықпай қойды. Бозтөбеге қайта оралып келгенше «кешегі Қаратау мен бүгінгі Қаратау» деген төрт сөз құлағында шыңылдады да тұрды. II бөлім БІРІНШІ ТАРАУ I Елеусіз кейде өзін геологтай сезінеді. Жер қатпарының қазынасын іздеуге шыққан геологтың апталар, айлар бойы босқа қаңғыратыны болады. Сөйтіп жүргенде, оны бір күні Қараш апасының бейітіне ертіп барды. Жас қабірдің басында екеуі біраз үнсіз тұрді. Екеуі екі түрлі ойға шомды. Қайтарда Қараш дәті шыдамай, көзіне жас алды. Елеусіз жұбатқан болды. Неге екені белгісіз, өзінің әкешешесінің өлімін аянышты әңгіме етіп шертті. Содан келе-келе, Қараш та абайсыз шешіліп, Кәмиланың қарқаралы қыз кезіндегі бір оқиғаларды сөз қылды. Ол оқиғалар көбінесе Гүлнашқа байланысты болғандықтан Досов ерекше ілтипат қойған. Кейін Гүлнаштың өзімен де, Оралмен де, Шіркімбаймен де көп-көп әңгімелесіп, жаңа экономикалық саясат дәуіріндегі біраз шындықтың басын ашып алды. Сонымен, Елеусіз Досов көміліп қалған қазынаның үстінен түскен геологтай көзі тірі кейіпкерлерінің өткен
күндерін үңги бастады. Адамның өмір тарихын әріден бері қарай да, беріден әрі қарай да зерттеуге болатынын осы жолы анық білді. Білгендіктен де теңіздей терең, сахарадай шексіз хикаяның ұшы-қиырына шыға алмаспын деп қауіп иледі... Мынадай картинаны көз алдыңызға келтіріңізші. Тау бөктерінде жалғыз үй көшіп барады. Тасымалмен көшкен қораш көш соңында жарау, жұмыр торыға мінген бай баласы келе жатыр. Ол қораш үйге кіріптар боп ілесіп келеді. – Гүлнаш, менің дөненіме мін, – дейді Асылбек. Ашулы Гүлнаш үн қатпайды. Осыдан апта бұрын қалыңдық ойнай келгенде «қол ұстатар», «білек сипатарлар» үшін шала шабылып қалған Асылбек Гүлнаштың менсінбегендей рай көрсетіп, шолжаңдап шығып бара жатқанына жыны кеп, шолпысын жұлып алған. Сол жерде екеуі ұрысып, жаман сөзге барысқан. Жеті түнде жолдасы Мүсірәліні оятып, аулына қайтқан Асылбекке адуын шешесі кейіп, дүнекүс қылған. «Енді саған Біркімбайдың қызынан аспандағы жұлдыз жуық» деген. Содан сағы сынған Асылбек бүгін Біркімбай үйінің көшін тосып, артынан ергіштеп, кешірім сұрағаны еді. Бірақ күшік күйеуше салпақтаған оған ызбарлы Гүлнаштың іші жыли қоймады. – Мінсеңші мынау дөненге, – дейді Асылбек атын Гүлнашқа көлденең тартып. – Мен-ақ жаяу жүрейін! – Мінбеймін! – деп өршеленеді Гүлнаш. – Көзіме көрінбе! Кет! Құры! – Қарағым-ау, – дейді Гүлнаштың шешесі Дариға күйеу баласына жаны ашып, – ауылыңа қайта ғой. Бұл бетпақтың ашуы ертең-ақ тарқайды...
– Тарқамайды, ойбай, тарқамайды! – деп Гүлнаш сабаумен жерді тартып-тартып жібергенде шаң бұрқ ете қалады. – Тарқамаса, тарқам кетсін! Менің көзім тірі тұрғанда бұл қыз сенікі! Асылбек зорға ыржиып, жылы қоштасып, жырылып қала берді. Көш ұзап, ылдилап, сайға маңып кетті. Былай шыққан соң, күні бойы ләм-мим демей, мөлиіп келе жатқан Шіркімбай: Өзі міндадар боп тұрғанда торышасын маған бір мінгізсең етті, – деп мыңқ ете қалды. – Е, немене, сенің тақымың да қышыды ма? Ақбоздың әлегін аз көресің бе? – деп қарындасы бетінен алып тастады. Шіркімбай Гүлнаштың зекіп тастағанын көңіліне дық алып қалса да, қарсы жауап қатпай, көштің басын селкеулетіп тарта берді. Сол бетпен Құрттыға келгенде бір жылғаға көшті қондырды да, ымырт шапағы жамырай көлікті кері алып қайтты. Қалған ағайынмен бірге өзінің жаппасын көшіріп келмекке кетті. Бұл жерде екі-ақ күн аялдайтын болғандықтан және күн кешкіріп қалғандықтан Дариға үш қанат керегенің басын иіп, шайла тұрғыза салды да, қызына белінің желін үздіртіп, жатып қалды. Ертеңіне сәскеде: «Шайы құрғыр таусылып қалып еді, шекем шағып отыр» деп, еру отырған Бектің аулына қыдыра кетті. Көп ұзамай оралмақшы еді. Бірақ «от сұрай келген қатынның отыз ауыз сөзі бар» демекші, Дариға Бектің үйінде кідіріп қалды. Мақпал самауыр қойып, қазан асты. Оның абысын-ажындары: «Күйеуі жоқта неғып түтіндетіп жатыр екен?» – деп, балаларын жұмсасты. Баланың аузында сөз тұрар ма?
Ойын үстінде Қарашқа айтып қойды. Қараш келіп, шешесіне айтты. Мақпал ернін шығарып: «Адыра қалау!» деп шаптықты. Қара қазан екі иінінен дем алып, бүлкілдеп, асылыптөгіле бастағанда Мақпалдың абысын-ажындары түк сезбегенсіп, біртіндеп келе бастады. Жаңа ғана балалар тасып жеткізген күндестік қырбағайлығы дем арасында ұмыт болғандай, әйелдер бірте-бірте, гу-гу кеңесіп кетті. Қыз Кәмила ғана әңгімеге араласпай, қол машинасын тырсылдатып, бірдеңе тігіп отыр. Далада ойнап жүрген Қараш үйге келіп: – Апа, анау қырқада бір әйелді үш атты қуып, сабап жүр, – деді. Әңгіменің қызығына батқан қатындар елең қылмады, Қараш тысқа шығып кетіп, әлден уақытта қайта оралды. Бұл жолы қасындағы балалары бірге кірген. Балалар жарыса, аптыға сөйлеп, шулап кетті. – Ойбай, өлтіретін болды. Әйелдің үсті-басы албажұлба. Жұлқына қашып, ылдиға құлады. Қатындардың лаулаған сөзі су сепкен өрттей басылды. Шайлада қызы жападан-жалғыз қалғаны есіне түсіп, Дариға орнынан атып тұрды. Ол сүріне-қабына тысқа шыққанда зіңгіттей-зіңгіттей үшеумен жалғыз өзі жаяу арпалысып, бұлғақтап, қашқалақтап жүрген қызын таныды. Қуғыншы – Асылбек, Мүсірәлі және бір шой қарасы бар. Дариғаның қолына үзікке сүйеулі тұрған сырық ілінді. Ол: – Ойбай-ай, жүзқаралар-ай, бұл қай қорлығың еді! – деп аттыларға тұра ұмтылды. Оқыс дауыс жарықшақтанып жаман естілді. Аттылар кіді бұрылып, қырқаға қарай қайқайып
шыға берді. Гүлнаш шешесін құшақтай алды. Көкірегі дірілдеп, иығы селкілдеп, қалш-қалш етіп тұрды да ентігі басыла өксіп-өксіп жылады. Үсті-басы ебіл-себіл болған. Денесі көкала қойдай. Аққұба өңі өрттен шыққандай, әлемтапырық. – Құлыным-ау, порымың не боп кеткен! – деп Дариға да жылап жіберді. Дариғаның күйеуі көктемде Үсіктастан борандатып алып қайтқан Ақбозын жаз бойы суытып, Қызыл кендегі тойға алып кеткен болатын. Бұл ауылдың селтетерлері де сонда кеткен екен. Қатындар жау тисе қайрат қылатын еркек жоқта осының өзіне шүкіршілік қыл деп жұбатты. Гүлнаш болған оқиғаны үзіп-жұлып айтып шықты. – Апам неғып кешікті деп елегізіп отырсам, Асылбектің Қоңыраттардағы сүмелек апасы сыпың етіп кіріп келді. «От ала кеп ем» дейді. Қолында шоқ салатын сымпылбайы да жоқ. Жансыз екенін сезіп, ішім суып сала берді. Кетісімен бері қарай зыттым кеп. Қырқаның үстіне шыққанда артымнан үш атты құйындатып қуып жетті. Үшеуі жабылып, өңгеріп әкетпек болды. Жүгірежүгіре өкпем аузыма тығылып қалды. Айқайлайын десем, даусым шықпайды. Жердің қиясы жақсы болды. Бұлтарып, құтылып кете бердім. Қолым мен тісім тиген жерін шиедей қылдым шіркіндердің... – Ойпырмай, қызың қасқыр екен! – десіп әйелдер шулап жатыр. – Өзіміз болсақ, көз жасына жалынудан басқа амал қыла алар ма едік? Бұзау көкпарды тақымына қысып кететін перілер емес пе өңкей?! У-шу басыла бастағанда: – Қайта шапқан жау жаман. Біздікіне қона кетіңдер, – деді Мақпал.
– Адыра қалсын! – Дариға ернін шығарды. – Жалғыз қызға шамасы келмеген сіргелілер, қасында қара дәу тұрғанда, қайтып оралуға әддіне қарасын. – Сонда да сақ бол. Андушы алмай қоймайды. Бұл сөзден көңіліне қауіп кіре бастаған Дариға: – Көз байланғанша шырақтың үйі де келіп қалар, – деді. II Қатындардың даң-мұңы басыла бергенде Ақбозды жетегіне алып Смағұл жетіп келген. Біркімбай атқа шабатын баласын жылан шағып ап, сасқалақтаған соң Бек қаршадай Қарашын мінгізбекші болыпты. Белгіге қамшысын беріп жіберіпті. Ұшына қорғасын құйған, бұзау тіс қамшыны Бектің үй-іші жыға таныды. Смағұл пісіп тұрған дәмге қарамай жүрмек болды. Асылбектің қылығын естігенде жеті атасынан бері қарай сыбап алды: – Қорықпаңдар, қайтып соға алмайды. Соқса, жеңеше, өзің қайрат қыл: Бірекеңнің қосауызын жұмса! – деген. Дариға бел алып, айбат шегіп тұр. Мақпал машықтанып жаттықпаған Қарашым желдіаяқтан жығылып қала ма деп қобалжыған. Бірақ өзі тіленіп тұрған баланың шылауына оралғы болғысы келмей, «жамандыққа жорымайыншы» деп қойды. Қараш жарбиып, Ақбозға қонғанда: – Айналайын, жолың болсын. Қайберен қырық шілтен шылауыңда жүрсін, – деді. Қатын-қалаш жапырлап қарап тұр. Ернін сылп еткізіп, таң көрісіп жатқандары да бар. Ақ көйлегі дүрілдеген Кәмила атқа мінген інісінің үстінен бауырсақ шашқанда, Ақбоз танауы желбіреп, шапшып түсті.
Алдыңғы екі аяғын қыбыр-жыбыр еткізіп, шабыс тілеп тұр. Ақбоздан бүгін қамау тер алынатын болғандықтан баланың тақымы үйрене берсін деп Біркімбай әдейі беріп жіберген. Ауылдан шыға бере, Смағұл, Қараш қатар түзеп, шоқыта жөнелді. Былай ұзаңқырап, жайпауытқа ілігіп, аттың бүйірі қызар шақта көсілтіп жырысып кетті. Бұлар, қанша шақырым жер шалғаны есептеулі емес, үдеу шабыспен екінді кезінде Қызылкенге жетті. Тігілген үйде есеп жоқ секілді. Құмырсқадай құжынаған адам. Қара-құра да көп-ақ. Қызыл сеңгірдің басында жаңа соққан боз мұнара – шартақ екен, Қараш танып келеді. Мезгілді шамалап, тосып тұрған Беркімбайлар келген бетте Ақбозды бір қабырғасы құлап қалған ескі сарайға кіргізді де, жел кеулемес үшін ашық жеріне көрпешелер тұтып қойды. Ескі сарайдың іші күйіп тұрған. Көрпешелер тұтқасын мүлдем қапырық болып кетті. Ер-тоқымы сыпырылған Ақбоз ауыздықтан көбік шашып, алқынып, барып-келіп тұр. «Өкпем күйіп бара жатыр» дегендей, жанарлы көзімен бапкеріне жаутаңдай қарайды. Иі қатты Біркімбай аты солығын баса алмай, бойра-бойра терге шомылған сайын рақатқа батып тұр. Біркімбайдың үзеңгі жолдасы Бек те осы көрініске риза секілді. Ол Ақбоздың қабырғасына құлағын тосып, терін татып көрді де: – Көкірегінің сырылы таза. Бірақ терінің дәмі кермектеу. Бір-екі күндік суыты жетпеген бе, қалай, – деді. Бұл Ақбоздан гөрі бапкердің өзіне арналған күдік, сенімсіздік еді. Біркімбай шамданды. – Атасы арғымақ, енесі қарабайыр бұдан тым
қоңылтақтықты көтермес болар. Жолдыбайлар Ақбозды суытқанда жүнін жығамыз деп күшін үзіп алатын да, тартуға келгенде басының кекжеңдеп қалатыны сондықтан болатын. Осы жолы Торыалаяқтың әуселесін көреміз, – деген. Бек Біркімбаймен сөз таластырмай, ыңғайына көше салды. Тек: – Ылайымда айтқаның келсін. Бірақ сақ болғын. Азынап тұрған айғыр үйірлігін тастап қоймасын, – деген. Ақбоз солығын басып терін үккенде қайта ерттеп, жалпоштап, далаға шығарды. Тер жеп шираған жүйрік жұтынып, сергек, сейдін басып шыға келді. Бұл шақта басқа да бәйге аттары серуен құрып, желпініп, желдеп жүрген. Бәрін де, жаңа түскен келіншектей, жалпоштап, тұмшалап қойған; – көз тимесін, тіл өтпесін дегендері. Жетектеп суытушы балалары да көз-қарақтан қашқақтап, аулақ жүр. Біркімбай, Бек бастаған шоғыр сәйгүліктердің ешқайсысына жуықтай алмады. Әсіресе бұлардың бажайлығысы келетіні: Келіншектаудан келген қоңыраттың Шаңтимесі, Әулиеатадан келген ыстының қайысаяғы. Иіні келсе, Шоңбай құдасының Торыалаяғының да сауырын сипап өтпекші. Ат көрушілер әрлі-берлі ауытқып жүріп, Шаңтиместі айналып шыққанда: – Танауы шелектей екен, – деді Бек. – Омырауы аяққаптай екен, – деді Смағұл. Біркімбай мұрнын шүйірді. – Тәйірі, «Шаңтимес» деген дақпыртынан қорқып жүрсем, күлді-бадам бір нәрсе ғой. Біркімбай басы етшең Құланқараның да қырып кетер пішіні жоқ екенін айтқан.
Біркімбай бірдеңе білсе, задында, қаракерден, шұбардан, шабдардан, жиреннен жүйрік шықпайды. Шын жүйрік тобылғы торыдан, алқаракөктен шығады. Ақбоз да құлынында мұздай қаракөктің өзі еді. Кейін тарлан ашты. Әрі айтқанда, бері айтқанда Біркімбайдың хауіп илейтіні – баз-баяғы Шоңбайдың Торыалаяғы және де Арыстан келген ыстының қаракөк Қайысаяғы. Соңғы атты алыстан барлаған. Басында қырым ет жоқ сияқты. Аяғы ботаның тірсегіндей бұралып жатыр. Соған қарағанда, қырғынды Қайысаяқтан тосуға болады. Біркімбайлар қайта беттеп келе жатқанда Торыалаяқты жетектеген бала қарсы ұшырасты. Кіді қайырылса аты су кешетін болғандықтан жалтартпаған еді. Біркімбай: – Жалпошың ауып кетіпті ғой, – деді де Торыалаяқтың сауырын ашып кеп қалды. – Тиме деймін! – деп бала шаж-бұж етті. Бейне бір жалпоштың астында тұрған ырысын түсі суық адамдар сыпырып әкеткендей, баланың көңілі әлем-жәлем болды. Ол Шоңбайға келіп, болған істі баяндап өтті. Шоңбай шамданып, ашуланып, шала бүлінді. – Қап, мына мамадайырлардың көзінің еті өсейін деген екен! Атымның жамылғысын ашып!.. Әкеңнің аузын... Қап, сені ме, бәлем! Қызыңа қатыныңды қосарлап тартып алмасам, Шоңбай атым құрысын!.. Сәтсіз шабуылдан өкініш жеп, ат сабылтып келген Асылбек, Мүсірәлілер есік жақта өзара күңкілдесті... III Шаңқай түсте, жадылаған екі түйемен Мақпал,
Кәмила, Дариға, Гүлнаштар келді. Асылбектің шабуылынан кейін Дариға үйінде байыз тауып отыра алмай «өрттен қорықсаң – өзенге бардың» керімен келген. Олар келіп қалған соң үлкендер түгелімен Бек түскен үйге көшті де, Біркімбай түскен үй қатын-қалаш, балашағаның бәсіресіне тиді. Ауыз жүзінде той деп жария етілгені болмаса, жиынның барлық үрдіс-салтанаты асша өтіп жатты. Той қылушы Сәтібектің желеуі – баласының шілдеханадан шығуы болған. Ал, шындығында, осыдан үш жыл бұрын дүние салған әкесі Мәтібекке берген асы еді. Осындай сыбыс-сыпсыңды құлағы шалған белсенді Алтын тіс асты тарқатамын деп ауданға шауып кеткенін естіген жұртқа шамалы қобалжу да кірген-ді. Дегенмен, думанның аты думан. Үлкенді-кішілі, жігіт-желеңді көпшілік көңілі ауған ермегімен айналысып жатты. Біреулер домбыра шертісіп, өлең айтысты. Біреулер күресіп, күш сынасты. Енді біреулер шеткі үйде карта ойнасты. Қараш «құмарпаздардың» атын естігені болмаса, түсін торып көрмеген. Сондықтан карташылардың қасында айналшықтап, кетпей тұр. Құмарпаздардан Қараштың танитыны – Мүсірәлі, Асылбек, Оралдар. Қалған үшеуі Сарысу бойындағы алшын тамадан келген атақты ойыншылар десті. Ойнаушы алты-ақ адам болғанымен, анталаушысы көп. Иін тіресе қоршалап тұрған әуесқой-әулекілерден қорғалақтаған құмарпаздар шалғақ қағып, қисайып, картасын жиегінен шым-шымдап ашып, сығырая қарайды. Мүсірәлі мен Орал оңбай ұтылып отыр. Мүсірәлінің көзінің алды іріңдеп, Оралдың өңі қуқыл тартқан. Мал ашуы оңай емес, өзіне кезек келген бір мезетте Орал
қалған-құтқан тиын-тебенін банкке үйіп-төгіп сала салды. Үстіне ағайыны Нұршадан бес сом пұл алып қосты. Бұл жолы Оралдың қолы жүрді. Жұрттың бәрі шетінен жапырлап түсіп жатты. Асылбек қарғаның тұзына ұрып, 20 сомға күйгенде сұп-сұр боп кетті. Содан карта екінші қайта айналғанда ең түкпірде отырған Мүсірәлі: – Ұрдым бәңкеңе! – деп поднос тола қопырсыған қағаз ақшаны басып қалды. – Кепілі не? – деді Орал қыбыжықтап. Мүсірәлі қалтасын қағып, барын шығарды. – 11 сом 80 тиын екен. Осыныңа ойнай ғой, – деді Орал. – Жоқ, бәңкеңе ұрамын! – Кепілі не? – Белдеудегі атымды ер-тұрманымен тіктім. Қамшысы мә! – деп Мүсірәлі қамшысын ақшаның үстіне тастады. – Парлағанда көкшолағың 25 сом дейік. Шоқпытың 3 сом, қамшың 20 тиын болсын. Сонда бас-аяғы 30 сомға тәуекел қыласың, – деді Орал. – Жоқ... бәңкеңе толайым ұрамын! – Кепілін көрсет дедім ғой! – Қатынымды тіктім! – деді Мүсірәлі өршеленіп. – Аузы сасық қатының кімге дәрі? Қызықтаушылар қырыла күлді... Сары Мүсірәлі долығып, қызыл-күреңденіп кетті. Ол Асылбекке шаншыла қарап: – Сүйегіңде намыс бар ма? Сал мынаның бодауын! Ұтылсам, қатынымды сен-ақ күң қыл, – деген. – Көнің қанша? – деп сұрады Асылбек сұрланып: – 157 сом.
– Ендеше, мынаның ішінде 175 сом пұл жатыр, – деп Асылбек қайыс әмиянын подностың шетіне қойды. – Жауапкерің мен! Орал қолы дірілдеп, Мүсірәліге карта берді. Мүсірәлі түйенің балтасын ашып тастап үстіне екі карта тартқызды. Қолы күйіп қалардай, аузымен үрлеп, шалқая сығырайып, шым-шымдап ашып көрді де, сәл ойланып тұрып: – Ізден! – деді. Оралдың қолындағысы қарғаның алтылығы еді. Үстіне ондық шықты. Ол не ғыларын білмей, сазарып көп отырды. Жұрттың бәрі тымсырайып, төзіммен тосты. Ақырында, он алтыға тұрып қала алмай, тағы бір карта ашты да: «Күйдім!» деп қап-қара боп кетті. Мүсірәлінің де қолы дірілдеп, подносты алдына қарай тартқанда, Орал оның картасын ашып, он алтыға тұрып қалғанын көрді. Өкініштен іші әлем-жәлем боп кеткен Орал картаны парт-пұрт, пәре-пәре айырып, далаға шығып жүре берді. Артынан ілесе шыққан Нұрша: – Осы «жиырма бірі» түскірге жолама деп қақсағаным қашан! – деп ұрсып жатты. – Кәззаптардың қолын сындырғалы ерегіспен килігіп едім. Онымды құдай қос көрмеді. Ендігәрі картаны желкемнің шұқыры көрсін! – деді Орал. Бұл кезде үйдегі әулекілер: «Сауға, сауға!» десіп, Мүсірәліні ортаға алғыштап жатқан. Мүсірәлі қолым қайтып кетеді деп, соқыр тиын да шашау шығармай, пұлдың бәрін тақымдап, көрпенің астына басып алды. Бұған наразы болған сауғашылар өзара күжілдесті. – Құдды өзі түстес сары балтаға ұрды! – Карта – қолы арамға шығады да!
– Қой, несібесі бар да, сабаздың! – Дүниенің ақшасын ұтты-ау! – Әлі сүт көп, көмір аз! – Орал әукелектеп кетті ғой! – Ол ысқаяқта қаншама қауқар бар дейсің. Шыр мыналарда ғой! – Олай деме. Өнерлінің іші майлы. Шонжар жұтайды, зергер жұтамайды. Қараш көрген-білгенін әкесіне кеп айтқанда, әкесі ұрысты. Бұдан былай құмарпаздардың қасына жуыма деп пысықтап қойды. Кешке оқшау шетте Шоңбай, Асылбек, Мүсірәлілер той қылушы Сәтібекті іштеріне алып, күңк-күңк сөйлесіп отырды. Ай қорғалап туатын мезгіл еді. Жер ошақтардан бұрала шалқып, лапыл ұрған жалындар алақаудан-аламыш жарық беріп, айқара байластырған аттарды, қыбырлаған адамдарды көрсетіп тұрды. Ай туғанда қотанда «құнти» ойыны басталып кетті. Қымызға мас боп желіккен, елеуреген адамдар кез келгеннің бөркін жұлып ап, аспанға лақтырысады. Бөрік жапалақтап жерге түсерде жұрт жаппай ұмтылып, жапырылып құлап жатады. Бірін-бірі басып, жаншып, таптап, өлген-тірілгеніне қарамайды. Олжаны қолы жеткен әкететін болған соң, әркім-ақ алып қашуға тырысып, көпшілік дүрлігіп, ұйтқып, қақтығысып, соқтығысып, сүрініп-қабынып жатыр. Күлкі де, ыңқыл да естіледі. Осы күнгі регби ойынына ұқсайтын сол опыр-топырдың қалың ортасында Мүсірәлі, Асылбектер жүр. Нұрша мен Орал да сонда жүрген. Асылбек сусары бөркінен айрылып, бодауы үшін біреудің ақ қалпағын беліне қыстырып алыпты. Онысын Орал жұлып ап, аспанға лақтырып жіберді. Жұрт қалпаққа қарай лап қойғанда, Асылбек:
– Мәжнүнбісің ей! – деп Оралды қос қолдап итеріп қалды. Бағанадан бері, біреу-міреу қағып кете ме деп, бойын бағып, шеттеп тұрған Қараш осы екеуінің бітпейтін бір кикілжіңі барын сезінді. Ай қалықтап көтеріліп, өлке бойын қылаң мұнар басқан. Қараш «жұрттың ендігі ермегі не болар екен?» дегендей, жан-жағына қарайлайды. Бұл кезде ай шарбы бұлттарға кіріп-шығып, зырылдап бара жатты. Сол бетімен зыр жүгіре берсе аспан жиегіне әудемде-ақ барып қалатындай көрінеді. Қараштың естіген ертегіаңызы бойынша, әуел баста ай сұлуға ғашық екен дейді. «Жеткен жеріңде аласың» деп ай қаша жөнеліпті, күн қуа жөнеліпті. Содан бері дүниенің төрт бұрышын шыр айналып, бірін-бірі қуып келеді-міс. Бала алыстағы айға қарап, қиялмен балқып тұрғанда жақыннан гармонь дауысы естілді. Тапылдап жүгіре басып келгенде үй іші сығылысқан адамды көрді. Сақалы сапсиған Біркімбай: – Міне, мырзаның өзі де келді. Бері шық, әкеңнің оң тізесін басып отыр, – деп болмашы жылысып, Бек пен екі арасынан орын берді. Гармонь тартқан Орал еді. Күндізгі ұтылыстың, өкініш-реніштің бәрі ұмыт болғандай, сауықшыл шабытын танытады. Гармонның қанатын қаусырмалатып, иіп-қайырып, қоңыр сарынға басады. Орал гармонь үнін құйқылжытып, сорғалатып, аңыратып-аңыратып алды да, өзі қосылып кетті. Әлтайдың толқындаған, сазды әніне басты. Әнші алғашқы лебізін осы отырған игі жұртқа арнап, мерекемен құттықтап өтті. Содан бірте-бірте әркімнің есімін атап, жыршылық кәдесін жасады. Әсіресе Бекең мен Қарашты марапаттағанда, әр сөзін нәштеп, ұйқасын
қайтармалап, гармонын ырғап отырып алды. Оралдың бұнда келуінде астар болатұғын. Біркімбайдың үзеңгі жолдасына жыр айтса, Кәмилаға ілесіп Гүлнаштың келмей тұрмайтынын біледі. Әрі көлденең ғайбаттан да қағыс қалады. Жырда жазық жоқ, көкейкестісін өлең тілімен, гармонь әуенімен жеткізеді. «Әу?» деген жерге қазақтың үйіріле кететіні қандай жақсы. Әне-міне дегенше ән шыққан үйді жұрт қоршап алды. Әлі жеткендер иықтап ішке кіріп, жамбастап жантая түсісті. Әлі жетпегендер сыртта қалды. Әсіресе қатын-қалаш, қыз-қырқындар сығылысып, жапсардың, босағаның саңылауынан сығалап тұр. Кәмила мен Гүлнаштар да үйге кіре алмай қалды. Қастарында шешелері. Дәл жыршының тұсынан туырлықты түріп, керегенің көгінен қарап отыр. Бұны көргесін Орал мүлдем жайнап кетті. Ол Әлтай әнінің әуеніне өз нақышын қосып, жанынан өлең шығарып, жаңа серпінмен сілтеді. Жаңағы марапат лебізінен танып, жастықтың шыншыл сөзіне көшті. Өз көңілінің ынтызарын ишарат сырындай шерте бастағанда ән әуені де құлпырып кетті. Орал ән ырғағымен бірге ырғалып, малдас құрған күйінде дөңгеленіп, төрден есікке шейін барып қалады. Әуеннің екінші толқынымен бірге есіктен төрге қарай қайта жылжиды. Тыстан тыңдаушылар үйді қапсырмалап, сықырлатып, аударып тастай жаздады. Жапсардан сығалап тұрған кемиек кемпір: «Қабырғамызды қаусатар мына шіркіндер!» – деп қиралаңдап шетке шыға берді. Жұрт үйді жығатын болған соң туырлықты түгел сыпырып, үзікке шейін түріп тастады. Үйдің іші-тысы бірдей кеңігендей, жұрт емін-еркін желпініп, тынышталғанда Оралдың:
«Көзіңнен айналайын жалтаңдаған», – деп бозбастықпен өлеусіреуін іші ұнатпаған Біркімбай Бекке бұрылып: – Хиссадан шертсе қайтеді, – деді. Кемиек кемпірге де саңылау тиген екен. Ол іргеден мыжырайып: – Бәсе, өлдім де талдым деп сарната бермей, құлағымыздың құрышы қанатын салихалы сөз айтсын да! – деп қойды. Отағасылардың қалауы бойынша, Орал жыр айтатын болды. Ол жыршылардың үрдісі бойынша, «ананы айтсам бола ма, мынаны айтсам бола ма?» демей, осы сәтте көңілі қалап тұрған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастанын шертіп кетті. Ақсақалдар ұната қоймағанмен, жасаңдаулары елтіп қалған соң, «бұны таста, басқаға көш» дей алмады. Орал ығытты, ұтымды жерінде қас-қабағын ойнатып, маңдайын қыртыстандырып, тақиясын қимылдатып, жұртты күлкіге қарық қылды. Әсіресе қарабайырды құбылған үнмен де, қыңырайған кескінмен де құбыжық қып көрсеткен. Бұнысы Баян сұлудай қарқаралы қызын бір желдіаяқ жылқы үшін қор етіп жүрген Біркімбайды көрнеу көзге түрткені еді. Сайқымазақ ишаратын көңілі жүйріктер кәміл түсінді. Қодарды да жыршы оңдырмай келемеждеп, Асылбекке деген қыжыл-кегін үйіп-төгіп салды. Шеткі үйде «құмарды» қайта бастап, салғыласып жатқан Асылбектер бұдан түк сезген жоқ. Түн ортасына тақалғанда Смағұл есіктен саусағын шошайтып, Қарашты шақырып әкетті. Ұйқы буып отырған бала тәлтіреңдеп әрең шықты. – Жел жақтағы биенің иісін сезіп құтырып тұр, – деді
ол. – Үйірлігін тастатып алма. Оқыранса, шабына су шаш. Мен барып, кішкене жыр тыңдайын. Ішім пысып кетті. Ай сүттей жарық. Ақбоз су бүріккен құрақ жоңышқаны күрт-күрт шайнап тұр. Ың-жыңнан шыққан бала оңашада мамырлап, балбырай бастады. Ол Ақбоздың ер-тоқымын жастанып, көзінің шырымын алғысы келді. Жантайғанда жылқы терінің, жоңышқаның иісін сезінді. ...Ақбоз оқыранғандай болады. Бірақ бала манаурап, ұйқылы-ояу қалпын бұза алмайды. Сөйтіп жатқанда Смағұлдың ащы дауысы шақ ете қалды. Қараш селк етіп, орыннан тұрса, Смағұл айғырдың шабына су шашып жатыр. – Сорымыз қайнап қала жаздады, – дейді ол ентігін баса алмай, – тірі жанға тісіңнен шығарма! Сентябрьдің недәуір ұзарып қалған түні ауып, таң қылаңы біліне бастағанда Оралдың дастаны аяқталып еді. Тоңазыған адамдар тез бытырады. Гүлнаш пен Кәмила шешелерін жатын үйіне апарып салып, өздері шапандарын бүркеніп, сеңгірді айналып кетті. Олар қайтып оралып келе жатқанда алдынан біреу бүгжеңдеп шыға келді. – Көтек! – деді Гүлнаш. Орал оның білегінен ұстай алды. – Шолпыңның сылдырынан таныдым! Осы уақытта Мақпалдың самбырлаған дауысы құлаққа шалынды: «Әлгі екеуі қайда құрып кетті-әй?..» – Ой-бай, кетейік! – деп жан-жағына алақтаған Кәмила «біз мұнда!» дегендей дыбыс беріп, жөтелгенсіп, үйге қарай жылжыды. Гүлнаш тоңған адамдай, дірдектеп кетті. Ол: – Сіргелінің қылығын естіген шығарсың, тыныш
ұйықтаудан қалдық, – деген. Орал асығып-аптығып, уәделі мезгілін пісенде ғып жатты. Қалш-қалш етіп тұрған қыздың салқын саусағының ұшынан қысып, ынтыға қоштасты. Былай шыққан соң, артында бұқпалап тосып тұрған жолдасы Нұрша: – Сенің арманың жоқ қой, Орал. Жаман айтпай жақсы жоқ, осыдан Гүлнашқа қосыла алмасаң да, менен сен бақыттысың. Әкем сорлы сүймеген шүйке басқа үйлендіріп, менің бағымды байлады. Тіпті, қасына жатқым да келмейді, – деді. Орал үндеген жоқ. Жан жолдасын не деп жұбатарын білмеген. IV Қызыл жалау көтерген даяшы сәскеде тойханадан «Атшабар-атшабар!»деп шыға келді. Соның алдында ғана аудан орталығынан қайтып оралған Алтын тіс даяшыға дауыстап, доңайбат шекті. Алтын тіс аудандық мекемеден бір жапырақ қағаз әкеліпті. Қағазда: «Ас – ескіліктің салты. Дереу тоқтатылсын» деген. Бірақ оған Сәтібек қыңбады. – Шілдеханамның шырқын бұза алмаймын. Той өткесін көресісін көрем! – деген. Сонымен, даяшының азаны шыққанда етек-жеңі мол жұрт шартаққа қарай лек-легімен ағыла бастады. Тек осы кезде ғана шеткі үйдегі карта ойыны доғарылған. Асылбек, Мүсірәлілер тәлтірек қағып, есеңгіреп, сыртқа шықты. Екеуінің де көзі іріңдеген. – Олжалымысыңдар? – деп сұрады Орал ат үстінен. – Сақалды қолдан беріп, сымпиып шықтық, – деді Мүсірәлі есінеп. Асылбек ұнатпай қалды.
Орал атын борбайлатып бара жатып: – Тәйірі, бай баласының шотын шабушының несі құраушы еді, – деп қарқ-қарқ күлді. «Шоқ-шоқ» деп көріне мазақтап барады. – Қап, шартық немені атынан аударып ап, ішке тепкілегенде сауап болатын еді, – деп Асылбек шаптықты. Осы сәтте анадай жерден Алтын тіс те өтіп бара жатқан. Шаптығып тұрған Асылбек шұғыл жуасып: – Сасық шекпені саудырлап қызыл көз пәле қайтып кеп қалыпты ғой, – деп қойды. Біркімбай астындағы ақжалын Смағұлға беріп түп тартуға соны жіберді. Өзі сыншы, өзі бапкер бола тұрып Біркімбай арынды атпен қорықпай шауып көрген пенде емес-ті. Смағұл Қарашты қатарға алып, өзгелерден озып кетті де, түпкі тартуға шейін шоқырықтатып барып, терін үктіріп, қайта ерттеп, артынан келген жүз қаралы аттың ең шетінен тізіп жіберді. Және даяшының «қайтқайт!» дегеніне болмай, біразға дейін жандайшаптап, Қарашты пысықтап жіберді: «Қасыңдағы балалардан сақ болмасаң, жығып кетеді. Ағытқанда арқанға шырмалып қалма. Тартушылардың қарасын көргенше тізгініңді тұқыртып, атыңның басына сүйеніп отыр. Ал, бірақ та Торыалаяқты ұзатып алма. Жел жағыңды берме; атың шаң жұтады. Артыңа көп қарайлама; атыңның белі талады. Дөңеске қарай тік шаппай, қиялап шап. Шаңқанның көзін сүртіп отыр. Тұяғы ақ жылқы тасырқағыш келеді. Тастаққа ұрынбай шап. Көлденең кісі ұрынса, жалтартып кет...» Қараш шаңқан боздың үстінде қалшиып, басын изеп барады. Шаңқан да қырым еті жоқ қағілез басын әсем шұлғып, жітілікке жаралған қамыс құлағын
тігіп, қайшылайды. Ашыққан арыстандай сауырлығы сүмиіп, алшақ кеудесіне сүйене текірек қағып, серпінді шабытты танытып-ақ бара жатыр. Толарсағын дәкемен таңып тастаған Торыалаяқ та желдей жеңілдігін аңғартып, ботатірсегі бұраңдап, аяғын дестелеп, сергек, сейдін басады. Шағын тұлғасымен шалқыған шабыс тілеп, ауық-ауық жер сүзіп, елегізіп пысқырады. «Жығылғырдың жотасы тұп-тұтас екен ғой!» – деп ойлайды жырылып қалып бара жатқан Смағұл. – Тек Бірекеңнің «суытуын асқындырып жіберген» дегені расқа шыққай да! Сонысынан бір рауа болғай да! Тіптен тартуға келген көтермешілер белгіге қызыл жалау тігіп қойған бір қыраттан аса алмай, ошарылды. Тайлы-таяқтылар, биеге, түйеге мінгескен қатынқалаш, бала-шағалар шартақ түбінде құжынайды. Мақпал, Кәмила, Дариға, Гүлнаштар күн шыжып кеткен соң жадылы екі түйені сеңгірдің басына шөгеріп, көлеңкесінде отырды. Сабада сусыны мол оларға келгіштеушілер көбейіп жатыр. Шартақ түбі мен түп тараудың екі арасы 15 шақырымдай жер еді. Өзге жұрт сол екі аралықта, әр жерде алақауданып, шоғырланып тұрды. Шаруақорлар аттарын шідерлеп отқа қойып, жантайып-жантайып жатты. Олжадан иегі қыжынағандар құмалақ ашып, балгерлікпен әуреленді. Ошақтылар бір жерде, қоңыраттар бір жерде, ыстылар бір жерде алқа қотан отырып ап, балгерлікке долбарлықты қосып, гуілдесіп, гүжілдесті. Қара-құрасы көп топ – іргелі ел, сіргелі тобы. Ортасында – шойындай шотпақ қара – Шоңбай. Азғантай шоғырмен келген Біркімбайлар – шеткеріліп, тауықтың шөжесіндей шүпірлеп. Үйме-жүйме. Асылбектің ат ойнатқанын естігелі бері Біркімбай
құдасымен жүз көріскен жоқ-ты. Намысқа бекінген ол қазір де әдейі оқшау бөлек отыр. Үлкендердің аңдысуымен ісі жоқ бозбастар сартылдап жүгіріп, бірін-бірі қуып; «тоңқайма» ойнап, иықтан секірісіп, «әуеде не бар?» ойнап, арқаласып, белдесе күресіп, шірене алақан шертісіп, жоқтан желік, бардан ермек туғызып жатты. Екі иінін жұлып жеп, сылтау іздеп құтырынған жігіт-жыртың дүрмегінде Асылбек, Мүсірәлі, Оралдар да ымы-жымы бір адамдай араласқұралас жайраңдап жүр. Бұлар бүйтіп жүре берсін, енді бәйге аттарынан гәп шертейік. Әлде оның қажеті жоқ па? Қажеті жоқ десеңіз, екіүш бетті аудара салыңыз. Ал, өзіміз хикаяда бұдан былай атшабыс кездеспейтін болғандықтан аттап өтуге қимаймыз. Күндердің күнінде бір кәдеге асып қалмасын кім біледі. Құйрық, жалын сүзіп тастаған жүйріктер жұтынып, екі иінін жұлып жеп, арқанда тұрмай ауыздық шайнап, арпалысып бара жатты. Мәрелі жерге жеткізбей, арқан қиып, қашып кете ме деп қауіп илеп, қыпылдаған даяшылар еңкейген баланы көрсе қамшымен шыпыртып өтеді. Жылаған балалар да бар. Олар ұзақ жүрді. Түс ауып кетті. Балалар «енді қашан?!» деп тыпыршудан да тиылды. Содан бір уақытта, Қоғалы Сарыөзектен өте бергенде арқан сыпырылды. Бұл – даяшылардың «Беттеріңнен жарылқасын!» дегені еді. Тісқаққан, әккі балалар кілт бұрылып, тасырлатып шаба жөнелгенде Ақбоз орғып-орғып кетті. Қапылыста Қараш ұшып кете жаздады. Ақбоз бет түзеп, қатарынан оқтай атылып шықты. Арындап, ауыздық шайнап, тізгінімен алысып, қарыс-
қан Қарашқа ырық бермей, езуінің жырылғанын елемей, алдыңғы дүрмекті қуып жетті. Қараш ызғытып бара жатқан Торыалаяқты, Қайысаяқ – Көкқасқаны, Шаңтиместі, Құланқараны танып, жел жағына шыға берді. Олардың алдына бір түсіп алса, Ақбоздың құйрық тістескен түсірден тежеу бермей, бекерге барлығатынын байыптаған Қараш қымқа қиғаш қанаттасып, бапкерінің есебі бойынша сілтеп келеді. Содан біраз уақыт өткенде аттар үздік-создық боп, селкеу беріп, түйдек-түйдекке бөлінді. Манағы алға шығып болғандар бұрынғыдан да ұзай түсіп, ұмаржұмар келе жатыр. Олардың артында шаңдатып, ұбапшұбаған балаларда есеп жоқ. Жолда кесе-көлденең түсіп жатқан түйетайлы биік өр бар еді. Соған жеткенде Торыалаяқ пен Шаңқан қанаттасып, жер бауырлап, құлағын қайшылап, егесіп, суырылып шықты. Әсіресе, қайта-қайта жер сүзіп, екпінмен етпеттей ұшып келе жатқан жатаған торы биік өрге қарай тура шауып кетті. Қараш атын бір езулеп, қияға салып, қиғаштап бара жатып көз тастағанда, Торыалаяқ дөңес басына құйымшағы сүмпиіп, мықшыңдап шатқаяқтап шыққан секілденді. Қараш дөңді жырыла, жырақ қиып өтті. Ылдиға құлағанда Торыалаяқ оқ бойы ұзап кеткенін көрді. Қараш Торыалаяқтан қара үзіп қалғысы келмей, атының басын ағытты. Бір-екі рет қамшы да ұрып қалды. Адымы ұзын Шаңқан өзінің де қуып жеткісі келетінін танытып, өршелене қарыштап кетті. Жайшылықта алқам-салқам, ірі жылқы кішірейіп, жіңішкеріп, созылып, көсіліп кетті. Гулеген желден Қараштың көзі парлап, бірауық, жер шыр айналып бара жатқандай сезілді. Қараш күшпен есін жинай, орамалымен көзін сүрт-
кенде Торыалаяқтың деңгейіне таянды. Байқайды, торыда бұрынғы сілтес жоқ. Төрт аяғымен түйдектеп, дестелеп тастамай, тапырықтай бастапты. Қалың терге түсіп, сауыры қоңырланыпты. Қараш үзеңгі қағысардай қатарласып, басып оза берді де қатты айқайлап: «Бәлем, саған осы керек!» деді. Торының үстіндегі бала ызасы өткен Қарашты қамшымен тартып жіберді. Қамшы Қараштың мойнын осып, тіліп кетті. Қараш шоққа күйгендей ыршып түсіп, алақанымен баса қойды... Түпте тұрған көтермешілер екінді кезінде шалғайдағы шаңды көріп, аттарының тартпасын мықтап тартып, тықыршып тұрған. Смағұл да қақпанбел ақ жалды көлденеңдетіп, ойқастатып тұр еді. Шаң құйыны жақындағанда Шаңқаның маңғыл маңдайы жарқ ете қалды. Смағұлдың тұла бойы шымырлап, көзінен жас шығып кетті. Ол: «Жеті күлше құдайы!» деді. «Боз қасқа құдайы!» деуге шаруасы шағын болғандықтан аузы бармады. Смағұл ақжалды шаужайлап, баурына шапаттап, шиыршық аттырып тұрғанда қыратқа қарай жеке қаңғып шыққан Ақбоздың соңында ұмар-жұмар ұйлығып келе жатқан Торыалаяқты, Қайысаяқты, Құланқараны таныды. Ақбоздың ең бір шабытты сәті екен. Ақжал тартуға жарамай қалды. Ақбоз қуғын көрген ақбөкендей желбезегі желбіреп, танауы жыбырлап, дестелей сілтеп, қайқайып шығып кетті. Смағұл көз жазып қалмас үшін босқа далақтап келеді. Жолдан қосылған Біркімбайлар да ілесе алмай қалып қойды. Біркімбай қуаныштан жылап жүр. Шаңқаннан кейін Торыалаяқ, Қайысаяқ, Құланқаралар шылбырын қатар берген. Аузынан көбік шашып, көзі қанталап, өкпесі сырыл қаққан, сауыры парт боп
ісінген Құланқара көтермеге іліккенде басы бұлғақтап, болдырып қалды. Қайысаяқ та тарту сүймейтін жылқы екен. Алқымы әнтек ісініп, басы кекжеңдеп, үдеу шабыс қоса алмай, Торыалаяқты өткізіп жіберді. Бұлардың ішіндегі дилысы Торыалаяқ-ты. Денесі жұмыр келген тұғыжым торы қиқу шыққанда кенет ширап, құлағын кезек-кезек қайшылап, қояндай зымырады. Қиқу қалыңдағанда екіленіп, тартқан шылбырға иегін сүйей ұшты. Бірақ оны місе тұтпай, қалың сіргелі қаптай шауып, торыны шылбырынан ғана емес, тізгінінен де тартып, құйысқанынан көтермелеп, үзеңгіден демеп, білгенін істеп, жанталасып, даурығысып бара жатты. Бірақ шырқау шығып кеткен Ақбоз қарасын шалдырар емес. Өкпесі тесіліп, қолтығы сөгіліп, жойқын дүбірден желігіп, өршеленіп алған желдіаяқ көтермешілердің көбісіне шылбырын сипатпай, сытылып, шеннен шыға берді. Ақбоз шартаққа жақындап, ойысқан тайлы-таяқты, биелі, түйелілер қыбыры жиілегенде, көк атты біреу бүйірден шаншудай шаншылып, сақпанның тасындай сарт ете қалды. Ол Қараштың беліне қыстырып қойған шылбырының ұшынан жұлып алды да, қыраңға қарай қисық тартып, жолдан көрнеу шығарып әкетті. Бұл – Мүсірәлі еді. Қарғадай Қараштың жалыныпжалбарынғанына, шыж-көбелек боп шырылдағанына қарамай, жырақтап барып, тұрып қалды. Сеңгір басында түйеге мініп, алыстан сағымданып, елеуреп тұрған Мақпал мен Кәмила, Дариға мен Гүлнаштар да маңдайы жарылып, жарқырап келе жатқан Ақбозды көріп, сүйініп, шуылдай бастағанда осындай қырсық ұшырасты. Манағы қалың тобыр қаумалаған күйінде қиқулап,
ұран салып, Торыалаяқты алып өтті. Оның артында, арқан бойы жерде, басы кекжеңдеп, Қайысаяқ бара жатыр. Құланқара қалып қойыпты. Бір кезде сауырынан төңкеріле тапырық қағып, Шаңтимес өтті. Жарыстан амалсыз шығып тұрған Қараш өкпесінің алқынғанын әзер басып, еңкейіп, Шаңқанның көзін сүрте бергенде ақжал сары атпен әлдеқайдан құйындатып Орал жетіп келді де: – Жүйріктің жолын тосқан жүзқара, мә! – деп Мүсірәлінің басынан қамшымен тартып-тартып жіберді. Ұстаның серпіні темірдей тиді. Мүсірәлі толықсып, атының жалын құшып, құлап түскенде, арт жақтан: «О, көсегең көгерсін!» деген Біркімбайдың даусы естілді. Осының бәрі қағазға түсіргенде ұзап кеткенімен, іс жүзінде апыл-құпыл болған қимылдар еді. Қараш шылбырын жинап ап, шартаққа қарай бүйірлей шапты. Аз да болса тыныс алып қалған Ақбоз атыла шығып кетті. Бірақ бұл уақытта алдыңғы аттар мәрелі жерге тақап қалған-ды. Қызыл сеңгірдің басына шығарда ғана төрт аяғы төрт жаққа кетіп, тапырықтаған Шаңтиместі Қараш қапталдап басып озды. Сонымен, бірінші бәйгені Торыалаяқ, екіншіні – Қайысаяқ алды. Ақбоз үшіншіге әрең ілікті. Асылбек бас боп, сіргелінің жігіттері Оралды ортаға алып сабағанын, Оралдың көпке топырақ шаша алмай, жытқыр ақжалмен қашып құтылғанын Қараш кейін есітті. V Бас бәйгеге тоғыз, тоғыздан тігілген дүние-малдың қызығына батқан сіргелілер Біркімбайдың өкпесін,
дізе көрсетіп, жүре тыңдап кетті. Бірақ олжа бөлісуге келгенде ымырашылдығы бұзылып, күңкіл көбейіп, ақыры гүжілдесіп, бажылдасып барып басылды. Ат иесі Шоңбайдың өзі қара-құраны сіргелінің белді-белді адамдарына байлап, қалған дүние-пұлды қалың дүрмекке пышақ үстінен үлестіріп бермекші болды. Соны құлағы шалған пысықтар өзгеден бұрын қимылдап, қуталаңдап, Шоңбайды қоршап алды. Шоңбайдың көпшілікке таратары – аты дардай болғанымен, заты шамалы еді. Ол атдорбада саудыраған күміс теңгелерді ғана үлестіріп жүр. Біреуге жиырма тиын, біреуге қырық тиын береді. Адамдар соның өзіне таласып, қырылысып қала жаздайды. Шоңбай бір шоғырмақтың ырымын жасап боп, басқа бір төбешікке шоқытып шыға келеді. Тосыннан дәме қылғандар артынан шегірткедей қаптай жөнеледі...Шоңбайдың тілегені де осы. Ертең дүйім ел осының бәрін көшқұлаш аңыз ғып таратып әкетеді. Әркім көрген қызығын, жанқалтасына тәбәріктей салып кеткен тиын-тебенін аузының суы құрып айтып жүреді. Сөйтіп, жүйрік торының арқасында Шоқаңның даңқы жер жаратын болады... Атшабыс біткесін жұрт бет-бетімен тарқап кетті. Тойға тігілген үйлер де жығылып, қызыл сеңгірдің баурайы жалаңаштанып қалды. Біркімбай, Бектер де бала-шағасымен ауылына қайтты. Қатын-баласыз, сыбай-салтаң келген ошақтылар, қоңыраттар, ыстылар ат таңасыратын боп, желе-шоқытып, жусанды даланы шаңдатып бара жатты. Қалың сіргелі де ыдырап, өмір-бақи ырың-жырыңы бітпейтін жолдыбайлары ғана кешеуілдеп, Шоңбайды қоршап, Торыалаяқтың көтермеде үдеген шабысын айтып, күмпілдесіп келе жатқанда жалаңаш тойхананың
бергі шетінде ұйлығып тұрған он шақты адамды көрді. Бәрі де басын орамалмен шарт байлап, үстін шылбырмен шандып тастаған. Қолдарында ұстаған күрегі, бақаншасы, тоқпағы бар. Түстері тым-ақ суық. – Ойбай, қанішер көзтаңбалылар бізге тиейін деп тұр. Сары аттысы – Орал. Қолына күрек ұстаған сол! – деді жолдыбайдың біреуі. Асылбек торышасының басын тежеп, сұрланып қалды. Бұлар елу шақты адам еді. Шоңбайдың ақылы бойынша қапыл-құпыл аттан түсіп, тас, кесек жинап жатты, сөйткенше болған жоқ, көзтаңбалылар «ой, бауырымдап!» атты қойып қалды. (Адамы өлмесе де «ой, бауырымдап» шабатын әдеті еді). Жолдыбайлар ырылдатып тас, кесек лақтырысты. Бірақ жау одан қаймығар емес. Қапталдай, бытырай шауып, қаруын сермеп, келіп қалды. – Күрегі қырынан тисе өлтіреді ғой! – деп жолдыбайлардың біреуі зытып берді. Сол сол-ақ екен, Шоңбай шоғыры жауға жол ашып, қақырай жөнелді. Шоңбай Асылбектің «қорықпаңдар!» деп баж-бұж айқайласқанына қарамады. Қолы қашқан соң, Шоңбайлар да қашты. Тек бірекі жерде ғана Мүсірәлі, Асылбек екеуі ақсақалын қорғалап, қайрат көрсетіп қайырыла ұрыс сап, Оралмен, Нұршамен сарт-сұрт сабаласып, қайтадан қашқақтап шыға берді. Оралдың сілтеген күрегі Асылбек ерінің қапталын сындырды. Шоңбайлар тырқырап, еңістеп аулына құлағанда, Нұрша «қайт! қайт!» деп, Орал: «қайтпа! қайтпа!» деп айқайласып, ақыры қуғыншылар тоқырасты. Тоқырасты да, түк көрмегендей боп, қарқылдап күлісіп, аяңдап ауылына қайтты.
«Ауылы» дегенде бұларда салиқалы ауыл жоқ та. Кілең жатақтар еді. Киіз үйі барларының өзі жазда тамының қасына тігіп отырады. Бір-бір жарамды ат ұстау – бірінші салты. Екіндіге дейін көр-жер түйтпегін істеп боп, кешке қарай көкпар іздеп шығады да, қайқайдағыны алып қашып келеді. Маңайдағы ел көкпар етін жеуден қалғалы да талай жыл болып бара жатқан. Жайлауда шалқып жатқан малы жоқ, жұтқаны жұмырына жұқ болмаған жатақтар барымта-сарымтадан қорықпай, жанжал десе тіленіп тұрушы еді. «Шылауымнан ұстадың», «Атымның қолтығынан қақтың!», «Үзеңгімнен көтердің!» деп, көкпарда төбелес шығарушылар да осылар болушы еді. Бүгін ат тартуда Оралға жолдыбайлардың қамшысы тигесін көзтаңбалының құдайы берді. Осыны естігенде Тәттіқара дейтін біреуі алақайлап, атын тебінді. «Бәсе, алақаным қышып, сол қабағым жыбырлап еді! Бұндай дырдудың төбелессіз тарқағаны болмас!» – деген. Сонымен, таяқ тиді, шымыр өскен он шақты жатақ өздерінен бес есе көп келетін көбендерді тырқыратып, ауылына қуып тығып қайтты. Бұл хабар ертеңіне-ақ жалпақ елге тарап кетті. Хабарды естігенде, Смағұл: «Көзтаңбалылар ердің басын тықылдатса, жолдыбайлар қаша береді!» деп мысқылдады. Бұ да талай елге тарады... VI Қайда барса алдынан көзтаңбалылардың ердің басын тықылдатқаны туралы мысқыл сөз шыға берген жолдыбайлар «Қап, бәлем, сені ме!» деп тісін қайрап жүрген. Көшпенді ел құмға қарай ауытқып жайлаудан ұза-
ғанда жолдыбайдың еркек кіндігі Шоңбайдың ауылына жиналып, жатақтарды шауып алмаққа мәслихат құрып еді. Өз араларында іріткі басталды. Әншейінде тіл алғыш Жұмабай, Ыбырай сияқты жарлы-жақыбайлар бармайтын боп, қатынамаса да, дорба қатынап, қыстық қорегін ажыратып отырған егінші жатақтарға көшпенді тайпаның кедей-кембағалы сойыл сілтемейтін болып шықты. – Кетпеніміздің жарығына дейін жамап-жасқап, жең ұшынан селбесін отырған зергер Оралда өзіміздің қыжылымыз жоқ, – десті олар, бәтуаласып қойғандай. Дәулеті орта-шарқы текешіктер Шоңбайға еріп көтерілейін десе де, шынтуайтқа келгенде қобалжып, солқылдай бастады. – Жалаңаш батыр атанған жанкештілердің несін аламыз? – десті олар сайып келгенде. – Тәттіқара, Исабектері балтасымен келіп, маңдайшамызды шауып кетер. Буаз қатынымызға іш тастатар... Сонымен, Шоңбай тобы аттануға бата алмай, жасып қалды. Ызасы асқынған Шоңбай Біркімбай қызының бетін беріп, Ақбозды қайтып алмаққа бекінді. Баласы оған көнбей, ендігі ырғас екеуінің арасында қалды. Жұрт тарқап кетті. Асылбек: «Бұл райдан қайтыңыз! – деп, бірауық жалынып-жалбарынды. Бірауық мөңкіп ашуланды. Ақырында, әкесі беттеген жағынан қайырылмай, Біркімбайдың ауылына Мүсірәліні жіберетін болған соң, ол жыларманға келіп, қамықты да: – Ендеше, екі қолымды төбеме қойып, қаңғырып кетемін, – деп жайылып жүрген торы дөненге қарай жүгірді. – Е, Ләйлінің Мәжнүні мен болам десейші! Біркімбайдың қызынан басқа ұрғашы құрып қалды ма
саған?! Байдың жалғыз баласына!! – деп Шоңбай зекіре айқайлап қалды. Мүсірәлі аттанып бара жатқанда Шәйкүл бәйбіше байының қасына келіп: «Байқұс-ау, жалғыз балаңды торықтырып, Ақбозы түскірді қайтпексің?!» деп сипақтай бастап еді. Шоңбай ұрсып тастады. Ұрысқанда Шоңбай заманның тарылып келе жатқанын, аяқтың астында құлдық ұрып жататын жарлыжалшының бүгінгі көрсеткен құбыжығын айтып ұрысты. Жаман айтпай, жақсы жоқ; істі болар күн туса, Ақбоз ердің қанаты екенін, қос жүйрік қатар тұрғанда қолының ұзын боларын, осыны саудайы баласының түсінбей, бекерге шайқысламданып жүргенін қатынының құлағына құя кейіген. Мүсірәлі Біркімбайдың ауылына жақындағанда Асылбекке ұшырасты. Асылбек не істерін білмей, осы ауылдың сыртын торып жүрген. – Уһі, жақсы кездестің-ау! – деді Асылбек, – мамадайырларға төбеңді көрсетуші болма. Әңгіме насырға шауып кетпесін! Мүсірәлі Шоқаңның әмірін екі қыла алмайтынын айтып, Асылбекті әдейі қинады. Асылбек әрі-беріден соң «ағажан!» деп жалынды, жалбарынды. Бірақ Мүсірәлі мызғымады. Ақыры шыдамы таусылған Асылбек: – Жапан түзде қаңғырып босқа өлгенше, сенің қолыңда өлейін! – деп Мүсірәлінің тізгінінен шап етіп ұстай ап, бұра тартты. – Шылаудан ұстама деймін. Жол болмайды! – Е, жолдың әкесінің аузын... – деп Асылбек қарауытып, Мүсірәлінің Шоңбайдан мінген сөбди көгін сауырдан қамшымен тартып жіберді. Сөбди көк басын кекжеңдетіп, орғып түсті.
Екеуі ойын-шыны аралас біраз тартқыласып, итжығыс түсіп, ақырында ымыраға келісті. Біркімбайдың ауылына бармай, аралық Бектің айлына барып, кісі салатын болды. Әнеугі күнгі бас бәйгенің олжасынан Бекке бір тайынша, бір тайлық байлаған-ды. Аулына келген соң Бек елеусіз бала жіберіп, астыртын айдатып алған болатұғын. «Енді, көп болса, тағы бір шоғыр мінгізерміз, – деп ойлайды Асылбек. – Гүлнаш құшаққа тисе, малым түгел емес пе?!». Асылбектер Бектің үйіне келіп түсті. Екеуі бел шешіп жайласпай жатып, оңаша сөзіміз бар еді деп, үй иесін тысқа шығарып әкетті. Мүсірәлі қалыңдық пен күйеудің арасындағы шәркездікті білгенінше бипаздап, сыпайылап айтып шықты. Біркімбайдың да екі кеменің басын ұстап, қауіпті кілтенде жүргенін дат қылды. Қызына әлі келмейтін болса, о баста неге құда түсіртеді? Ақбозды неге алады? Тұлпардың бағын неге байлайды? Сәтібектің тойында жолдыбайлардың Ақбозды бөгегені рас. Бірақ мамадайырлардың ызасы өтіп кеткендіктен бөгеді. Егер Біркімбай қызын қиқылжыңсыз ұзатар болса, ол айыбын Шоңбай мойындайды. Біркімбайдың да, бітістіруші дуалы ауыздың да сыбағасы қайтарылады. Мынау Асылбек мырза мал аямайды. Ретін тапсын да, Тәңір берген мол дәулеттің шетінен кертіп жей берсін. Дайын тұрған боркемікті кеміре берсін! Бұл мырза намыс жолында жан пида ғып келіп отыр. Абзал Бекеңе мұңын шағып, жүгініп, ісмерлігінен дәметіп келіп отыр. Осы істің айласын Бекең таппаса, ешкім таппайды. Сондықтан Бекең атқа қонып, үзеңгі жолдасынікіне барып, сөйлесіп қайтса. Біркімбайдың қыз ұзатар мәрелі мезгілін білсе, дескен. Одан әрі, Біркімбай құдай қосқан құдалықтан
айнымайтын болса, қанқұйлы көзтаңбалылармен аралас-құраластан біржола тиылсын. Мүттәйім Нұршаны ауылының маңынан жүргізбесін. Зергер Оралдан кемер белдік буынып, қызына шолпы соқтыруын қойсын. Хатте, бұрынғы ауысқан-түйіскенін кісәпірдің өзіне қайтарып жіберсін. Сонда Жолдыбай атам баласының қыбы қанып, кегі қайтады, ашуы тарқайды, дескен. Ал Біркімбай бұны істемей, бір таяқпен екі қоянды қатар соғамын десе, ендігі қиқаңына көніс жоқ. Бата бұзып, барқадар таппақ ойы болса, алысқа сүйретпей, Ақбозды көлеңдетіп жетектетіп жіберсін. Басқа ауысқан дүниемалдың есебі кейін шыға жатады, дескен. Бағана Асылбекпен арбасқанын, тартысқанын, осында тізгінінен жетектеліп келгенін ұмытып, ілезде жалт беріп шыға келген Мүсірәлі қасындағы жолдасының көңіліндегісін түк қалдырмай паш етіп, осылайша қаратілденіп, сайрап шықты. Асылбектің өз жанынан қосқаны бір-ақ ауыз сөз болды. – « Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, өзіңізге үміт артып тұрмыз. Сый-сияпаты менің мойнымда! Бек жел қармап, белінің шойырылып қалғанын айтып, бұлданып, отырып-отырып, ақырында: «Қой, болмас, болмас, баралық!» деп, ыңқылдап, атына қонды. VII Ақылдаспақ кезегі Біркімбайларға келген. Қатыны мен екеуі Шіркімбайдың жаппасына кіріп, күңк-күңк сөйлесіп отырды. – Байқұс-ау, маған кәйт дейсің, – деді әйелі. – Өз қолыңды өзің кесесің бе? Қызың көнбейді. Қақсайқақсай шаршадым. Өзің тілдеспесең, менің амалым
таусылды... – Шақыршы Гүлнашты, – деді Біркімбай, маңдайының терін жеңімен сүртіп. Жаппаға Гүлнаш кірді. Біркімбай тамағын кенеп, сөз бастады: – Қарағым, үш ұлым бірінен соң бірі шетінеп, жылап жүріп көрген жалғыз перзентіміз ең. Қимағанмен, қыз бала жат жұртқа жаралған соң, қайтеміз. Әйтеуір ішімнен-жемнен кемтар болмасын, ешкімге көзін сатып телмірмейтін болсын деп, орынды жерге, қатар жатқан көп ел қолы жетпей жүрген байдың жалғыз баласына атастырып ек. Ендігің не?.. Гүлнаш үндемеді. Қынай бел бешпентінен тырсылдаған көкірегінің дірілі сезіледі. Ерке-тәйтіктікті енді таста, қарағым, – деді Біркімбай. – Бата бұзған барқадар таппайды. Ертең құмға көшіп құлағанда той-томалағыңды қылып, ырғап-жырғап, құтты жеріңе қондырамыз. – Мен Асылбектікіне бармаймын, көке. Бекерге әуре болмаңыз! – деді Гүлнаш сазарып. – Мойнына салып өсірген әкеңді жерге қаратып кетесің бе? Досқа күлкі, дұшпанға таба ғып, сағымды сындырасың ба?! Жоқ, оның болмайды! – деп Біркімбай түсін суыта бергенде, қызы сабына араб әрпімен «Гүлнаш Біркімбай қызы» деген жазу оймышталған күміс шаппасын жанқалтасынан суырып ап, қылшылдаған жүзін қарнына тақап: – Әттең, кәпір өлімінде кетемін-ау, уға толған ішімді жарып жіберер едім! – деді. Өңі құп-қу боп, танауы қусырылып, дауысы қалтырап кетті. Ашуланғанда әйел баласының көзі қанталайтынын Біркімбай бірінші рет көрді. Ол: – Астағыпыралла! – деп шошып кетті.
Гүлнаш сыңсып, жаппадан шыға жөнелді. Біркімбай ұнжырғасы түсіп, төмен қарап отырыпотырып, әлден уақытта: – Енді не ғыламыз, қатын? – деді. – Қайдан білейін? – деп Дариға қипақтап қалды. – Ел аузына бір іліккесін үйде отыра алмайды ғой. Сонда қызыңның ойы кімде? – деді Біркімбай басын көтеріп, торыққан үнмен. – Қайдан білейін? – Дариға қипақтап алғашқы жауабын қайталады да: – Зергер Оралмен сөз байласқан көрінеді ғой, – деп қойды. Бұны бұрыннан естуі бар Біркімбай қабағын шытынды. – Тапқан-таянғанын «құмарға» салатын қиянқыдан не барқадар таппақ? Үйі де темір сасиды иттің! – Үйленсе, «құмарды» қояды-дағы. Ал, үйі темір сасымай-ақ, әшекейлі мүлікке толып тұр ғой. – Шоңбайдың өткенін немен қайырамыз? – Бәйге ат біздің теңіміз емес деп баяғыда-ақ қақсамап па едім. Ақбозды қайыр. Қалғанын тағы да көрерміз. Азар болса, құмға көшпей-ақ, там салып, жатақ болармыз! – Смағұлды шақырып жіберші, – деді Біркімбай. Дариға қуанғаннан далаңдап, далаға шыға жөнелді. Біркімбай Смағұлдан сыр бүкпей, жай-күйді таратып айтып шықты. Кіші бапкері істің насырға шауып тұрғанын түсініп, аяулы Ақбозбен қоштасуға ризалық білдірді. – Бір-ақ өкінішім бар, – деді ол. – Алажаздай суытумен әуре боп, үйірге де сала алмадық. Тұқымын алып қалғанда есебіміз түгел болатын еді. Қолына бір тиген соң іші тар Шоңбай сауырынан сипатар ма? Әлгі сүмелек Жұмабайдың биесіне былтыр Ақбоз шапқан
екен. Шоңбай соның құлынын алмаққа ниеттеніп, жанжал шығарды деп есіттім. Біркімбай дағдарды. Тірнектеп жинаған ақшасын жоғалтқан адамдай, іші әлем-жәлем боп ұлыды. Біркімбай Асылбектерге жауабын екіұшты етіп қайырды. Көзтаңбалымен Біркімбайдың бес бересі, алты аласысы жоқ. Қатар жатқан ел болған соң жазда аралас-құраласы болып тұратыны рас. Бірақ зады Жолдыбайға қарсы ұжым жасап көрген емес. Диханшы жатақтармен ортақтасып егін егіскені болмаса басқа әмпайлығы да шамалы. Көзтаңбалы, жолдыбайлар той тарқарда төбелессе, басы-қасында Біркімбай болмаған. Ал, баламен бала шекісіп қалса, оған да ата-ене айыпты емес. Ежелден өкпе-наздың емін уақыт шіркін таппаушы ма еді? Араға ай салмай жатып, Асылбектің бұл не ұшқырлығы. Шоқаңның да жастардың бастаңғысына кірісер реті жоқ еді. Кеше, тамам елдің алдында Біркімбайдың атын ұстатып, қорлағанымен тұрмай, талтүсте ауыл торытуға айналды ма деген. Шоңбай алда-жалда ат құйрығын кесісемін, ала жіпті үзісемін десе, зауал өзіне. Өткен дүние-малын Біркімбай қайыруға әзір. Тек, Ақбоз қазір қолда жоқ. Аяғын шауып, ақсап қалған соң, тауда, салткер ағайынның қолында қалдырып кеткен еді. Ноябрьдегі үкіметтің айналма бәйгесіне қосылу-қосылмасы неғайбыл боп тұр деген. Бекті аттандырып жатып, осындай-осындай уәжінің үстіне Біркімбай және бір жылы рай білдіріп қалды. – Шоқаңа сәлем де. Ашудың пышағын сермемей, ақылдың таяғын жонсын. Бір қыс шыдасын. Біз де қапы қалмай, жалғыз баламызды құтты жеріне ырғапжырғап қондырайық. Ауылына келгенше жауабының ұзын-ырғасын ойла-
нып алған Бек Біркімбай сөздерінің тігісін жатқыза, әрлей жеткізді. Асылбек көңілі көншіп аттанғандай болды. Ол қоштасарда: – Беке, бұл жақсылығыңызды өлсем ұмытпаймын! Ертең бала жібере қойыңыз. Бір бордақы жетектетіп жіберейін, – деді. Шоңбайдың жанына батқаны – Ақбоздың аяғын шауып алғаны болды. Аяғын шауып алғаны рас болса, қайтып алудың қажеті де жоқ. Бордақыға зәру Шоңбай емес. Сондықтан сабыр тұтып, істің ақырын күтуді мақұл көрді. ЕКІНШІ ТАРАУ I Жаздың шалқыған сары күні қусырылып, суық сұр күзге айналған. Жайлаулар тері сүйреткендей тыптипыл. Бурыл, шұбар түз құлазуда. Шырқау биіктен тырналар ғана тыраулап ұшып өтеді. Құмға қарай ойысқан қалың елдің дүрмегінде Біркімбайдың ауылы да жылыстай отырып, жер қара қатқақ болғандықтан қар түсуін тосып, шабырда біраз күн қоныс тепті. 10-15 шақырым жерде көл болушы еді. Азғана жылқысын содан суарып, ауыз суды содан тасыды. Осындай қысылшаң жерде, тығыл-таяң кезеңде Біркімбай қызын ұзатуға ниет қылды. Түнеу күні, араға Бек жүргенде, Шіркімбайдың жаппасында өз қарнын өзі жарып тастай жаздаған долы қызынан қаймыққан Біркімбай кейінірек кәрі әуеніне қайта басқан. Ақбозбен қоштасуға дәті шыда-
май, Гүлнашты күн сайын мезі қылып, жалыныпжалбарынып, айналып-толғанып жүріп, ақыры бері қаратқандай болды. Көз жасына жалына-жалына қалжыраған Гүлнаш: – Көке, құлағымның құртын жеп, діңкем құрыды ғой. Ақбоз мұратқа жеткізетін болса, мен-ақ құрбандыққа шалынайын, – деген. Біркімбай: – О, ақылыңнан айналайын! – деп қаупалақтаған. Содан көшпелілер мен жатақтардың арасы алшақтап кетпей тұрғанда, Гүлнаш ұзатылатын қыз салтымен ағайындарын, нағашы жұртын аралап, «танысып» шыққан. Гүлнаш Келіншектаудағы нағашы жұртына жол шегіп бара жатқанда жолай Орал қосылып, Үштөбеге шейін ұзатып салады. Шешесінің көзінше екеуі ат үстінде ұзақ айтысады. «Не деп айтысады?» дейсіз ғой. Қазақтың қайсы өлеңін жатқа біле берейік? Әйтеуір, айтысуы анық. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер, ақыр заман болғанша мен сендікпін» деп серт байласыпты деген қауесет жалпақ елге тарап кеткен. Осы қауесеттен қауіп илеген Біркімбай ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған қыз айнып қалмай тұрғанда абыра-дабырасыз жөнелтпек болған еді. Бірақ сахарада сыбыс жатпайды. Біркімбайдың ағайын, жекжаттарына ғана құпиялап хабарлаған домалақ – тойынан ысты, сіргелі түгел құлақтанғандай болды. «Біркімбайдың тойына шақырмағаны несі?» Бір тостаған ботқаға тарынғаны ма?» дескен өкпе-наздар да естіле бастаған. Содан Біркімбай көңілі жақын дегендердің біразын амалсыз шақырды. Шақырушылардың ішінде, әрине, Бек те бар. Ал, Бекең, әрине, Қарашын тастамайды. Сонымен, қара қатқақ қарашада, шырпылы шабырда
Гүлнаштың тойы болды. Тойға Шоңбайдың өзі келмей, баласының қасына Мүсірәліні ертіп жіберді. Ия, ия, кәдімгі өзіміз білетін Мүсірәлі! Оның жанында және бір қошеметшісі бар. Шіркімбайдың жаппасы тарлық ететін болғандықтан күйеулерді Смағұлдың үйіне түсірісті. Үлкендер Біркімбайдың қара шаңырағында, қалғандары әр үйге бөлініп-бөлініп орналасты. Арнаулы үйлер тігіп, салтанатпен шалқитын кезең емес. Жер аяғы босамаған қисылшаң шақ. Сондықтан әншейіндегі желөкпе Дариға да «Жетім қыздың тойындай етіп өткізе алмаймын» деп тулай алмады. Той салтанаты осындай қоңыр күйде, бұғыңқы қалыпта болғанымен, келушілер ермексіз қалған жоқ. Карта ойнасты, күресті, көкпар шабысты. Көкпарды көлденең жұрт қаншама алып қашса да, Біркімбайдың Ақбозы қайырып әкеле берді. Қаракөл жақтағы нағашысыныкінен келе жатып «дырдудың үстінен шыққан» Орал да, оның қасындағы Нұрша да тойханаға болысты. Бір ретте Орал жатаған ақжалымен қашыртып жүріп, көкпарды қарап тұрған қыздар тобына әкеп тастады. Бұл – Гүлнашқа білдірген бейілі, жасаған ишараты еді. Көкпар тарқаған соң Қараш күйеулер түскен думанды үйде болды. Ол үйдегі қыздардың ішінде апасы Кәмила да бар. Орал мен Нұрша да жылыстап, сонда келген. Мақпал шапанды қыздар, кимешекті келіншектер, түйе жүн шекпенді жігіттер тізерлесіп, сығылысуда. Ине шаншар жер жоқ. Оқтын-оқтын әзіл-оспақ, көңілді күлкі естіледі. Мәжіліс құрған жас-желең бірін-бірі аңдып, жарасыммен қағытысады. Бәрінің тілегені тәжіке, сауық болғанымен, әрқайсысының көңілінде әртүрлі дерт, әртүрлі мақсат бары да аңғарылады.
Тәтті мұңдылық әсіресе шаңқобыз тартқан қыздар тынысынан танылады. Шаңқобыз үнін тыңдап көргеніңіз бар ма? О, тыңдап көрмесеңіз, жұмбақ жаһаннан тыс қалғансыз. Шаңқобыз үні аспаптан шықпайды, адам көкірегінің пернесінен шығады. Шаңқобыз тілін саусақ басып, тіл қайырады. Құмыр бұлбұлдың күйсандығындай құйттай аспап талайларды іштей таныстырып, жүрек қылымен жалғастырған. Көп қыз қатар тартқан шаңқобыз әуені неше түрлі құбылады, әлденені арбаған сиқырша ысқырып, ыстық дауылша ұйтқиды. Көкіректер дүрсілдеп, титтей темір тілден тамылжыған мұң шығарады; сыбызғыша сыңсытып, домбыраша ызыңдатады. Әсіресе Гүлнаштың демі ұзақ. Құрбыларынан шырқау озып, шығандап, кеш қайырылып отырған да сол. Шаңқобыз тілін қиын нақышпен қағып, ерекше оралыммен қайырған Гүлнаш осынау жалынды үнімен, бірауық, сарғайған шілдені еске түсіргендей болады. Жібек желегін желкілдете қашқан сиқыр сағымдай әсер етеді. Жастар мәжілісіне ағалық етіп отырған үй иесі Смағұл-ды. Ол Гүлнаштың домбырасын алдыртты. Үкілі домбыра қолдан қолға өтті. Жігіттер тарапынан өнер көрсетісуді күйеу жолдасы Мүсірәлі бастаған. Ол үлбіреген үкілі домбыраны сабалап, ақпа тартысқа салды. Саусақтары жеңіл қозғалып, үйреншікті сарынға машықтығын аңғартады. – Пау, шіркін! – Мынау қайтеді, ей! – деушілер болған. Бірақ олар қошеметтеуден тез-ақ тыйылып қалды. Осыдан кейін күй саңлағы Асылбектің қолына тиді. Асылбек домбыраның құлағын қатайта бұрап, ширыққан екі шекті безілдетіп, безектетіп, әшекейлі,
жіңішке әуенге басты. Бірақ жеңіл де ойнақы ырғақ құлақты елеңдеткені болмаса, көңілді әлдилей алған жоқ еді. Сондықтан: – Күйеудің де бір шоқырағы бар екен ғой! – Саусақтары маймаңдап бара жатыр ғой! – деушілер де алғашқылардай жылдам басылды. Ендігі кезек тойхананікі. Бірақ жалпы мамадайыр тайпасының өнерлісі Гүлнаш күйеудің ізінше салқомсоқтануды ерсі көрді де, күй біраз толастады. Әлден уақытта, дәті шыдамаған Орал іргеде сүйеулі тұрған домбыраның құлағын болмашы лықсытып, дың-дың еткізіп, өзінше күйлеп алды. Содан айна қондырған аққұба қалақты әсте-әсте сытырлата шертіп, қоңыр сазды көңіл күйін саусағынан сорғалатып төге бастады. Бейне бір шілденің аптабында жаңбыр сіркіреп өткендей, қоңыр-салқын самал ескендей болды. Жұрт: – Міне, шертіс осы ғой! – Көкейдегіні қозғайды ғой! – Осы бармақ та жер астында жатар ма екен?! – десті. Гүлнаш үн-тілсіз сазаруда. Бала Қараш домбыраның толқындаған үнін салт аттың екпініне ұқсатады: Мүсірәлінің тартысында арындап шаба жөнелгендей болды. Асылбектің тартысы – тыпыршып тызылдаған ұшқыр құнанды еске салды. Ал, мынаның шертісі мүлдем бөлек. Бұныкі – тайпалған жорға. Хиссадағы Сандалкөк! Қараш осылай түйсініп отырғанда, Гүлнаш: – «Қыз қашқанды» шертіңізші, Орал. Түгел жаттай алмай жүр едім, – деген. Қараш бала болса да бағдарлайды, Оралдың сазы Гүлнашқа ғана арналғандай. «Шаңқобыздан сыңсыған шеріңе жұбанышым осы» дегендей, сылқым домбыраны қамықтырып, «қайтейін, қайтейін» дегізіп, бебеуле-
тіп отыр. Бебеулеген осынау арман лебізі әркімге-ақ тілсіз табысып, мейірбандық, бауырмалдық сезім туғызуда. Көңілдің қашығында мүлгіген армандар оянып, талпынып тұрған сияқты. Осындайлық ләззатты дыбыстардың шырқын Біркімбайдың сұңқылдаған дауысы бұзды. – Смағұл-ау, Смағұл, қайдасың? Мұнда кеп, ас қамын жасасшы, – деген. Қараш тысқа ере шығып еді. Біркімбай оны елең қылмай, Смағұлды шегелеп жатыр. – Анау қу жатақтар қайдан қаңғалақтап кеп қалды? Қызымды айнытып қоймасын, сақ бол. Бастаңғы сырды бала жаяды. Қараш тапырықтап үйге кіре берді де, Біркімбайдың сөзін бұтып-шатып айтып шықты. – Бірекең қу жатақтар қайдан келді деп кейіп жатыр. Қызымды айнытады, сақ бол, дейді... – Тәйт, қайдағыны оттама! – деп Смағұлдың әйелі зекіп тастады. Үй ішін мазасыз, қорғасын жым-жырттық басты. Ақ сұр Асылбектің реңі қарауытып, тұлан тұтты. Сары Мүсірәлісі де күреңітіп, намыстанып отыр. Мүсірәлі нағашысының нағашысы – Шоңбайдың баласының намысын жыртудан гөрі, Гүлнашты Оралдан қызғанып күйінеді. Өз басы Асылбекке жампаңдағанда, көлденеңнен олжа түсіріп, қисынсыздан тамақ ажырату әдетіне айналып кеткендіктен жампаңдайды. Немесе жекжатын сағалау – баяғыда адыра қалған үрдіс еді. Мүсірәлінің де көңіл іңкәрі, көз құрты – Гүлнаш. Бірақ Гүлнаш оны менсінбеген. Асылбек әйелдікке еріксіз алатын болғанда қуану себебі де сондықтанды. Асауға тұсау түсетініне қыбы бір қанса, екінші
жағынан, Гүлнаш сүймеген сұрқайына келгенде, күндердің күнінде, ішқұсталығын өзімнен тарқатпағанда кімнен тарқатады деп те топшылаған. Қараштың қапыда жайған хабарынан кейін Асылбекпен бірге тұнжыраған Мүсірәлі ашуынан тез-ақ қайтты. Бұған оқыс басталған өлең де себеп болды. Әуелі екі қыз қосылып ән салған. Жігіттердің де бір-екеуі желігіп, әндетіп, қыздарды айтысқа шақырды. Содан не керек әне жерде де, мына жерде де айтыс өрті бұрқ-бұрқ етіп шыға бастады. Айтыс әртүрлі. Біреулер ескі ауылдың әдеті бойынша ру сұрасып, әріптестің жеті атасынан бір ақау табуға талаптанады. Өз елінің қонақжайлығын, сауықшылдығын дәріптеп жатқандар да бар. Енді біреулері: «Көре алмаған көп дұшпан іші күйсін, сыбырласып тұр-дағы сылқ ете қал» деп күнәлі ләззат қолқалайды. «Қозы менен Баяндай бірге өлейік» деп жалған серт байласып жатқандар да жоқ емес. Соның бәрінен Мүсірәлі мен Гүлнаштың айтысы бөлек. Мүсірәліге Асылбек қосылмай, басқа біреуі қосылды (той үстінде күйеудің қалыңдықпен айтысуы бұл маңның салтында жоқ та), ал, Гүлнашқа ерген Кәмила. Ие, ие, Қараштың апасы, бойжеткен Кәмила. Мүсірәлі өлеңін алғашқыда бейкүнә жайдан бастағанымен, келе-келе, Гүлнашқа шаншудай қадала берді. Әр сөзінен ши шығарып, мін тауып, өктеп кетуге тырысты. Гүлнаш та ықпай, тіктесіп, тайталасып барады. Гүлнаш Мүсірәлінің Жолдыбайға кірмелігін мін қып тақты. Жалбақтап саған не жоқ? деді. Мүсірәлі Гүлнашқа жолың кірмелерден болып жүрген жоқ па? деп, қай-қайдағы болымсыз өсекті таңбақ болды. Қыз,
әрине, шамданып, ашуланды. Мүсірәліге керегінің өзі де сол сияқты. Ол: Жылқыдай ашаң қалған ырандағы Беліңіз азғана күн бұраңдады, – дегенде жұрт ду күлді. Әзілдің ұтымдылығына, өлеңнің қонымдылығына тәнті боп күлісті. Гүлнаш жеңілгенін сезген сайын ызасы асқынды. Енді аянатын түгі қалған жоқ-ты. Ол Мүсірәлінің сөзін нәжүйе етпекші боп: Сөйлесең, жөніңмен сөйле, бұтып-шатпай, Үстінен көрінгеннің өсек айтпай. Бар ма екен ұят, иба келбетіңде, Қаптаған майқауақты қатпаршақтай, – деп салды. Өзі сары, көзі көк, науша Мүсірәлінің бар міні – бетінің сиырдың бүйрегіндей қыртыс-тыртыстығында болатын. Сәтібектің тойындағы бәйгеде Ақбозды ұстағанында Оралдың қамшысы тілімдегеннен кейін дидары біртүрлі шұбар-тарғыл тартып кеткен. Гүлнаш ең осал, намысты жерінен соғып өтті. Жұрт та жапырыла күліп, қырылып қалды. – Айтар болсаң, осылай айт! – Сүмірейтті-ау! – Кәкірейтті-ау! Біразға шейін осылайша қыран-топан күлкі, даурық басылмайды. Бірақ сырқынды жырау жығылатын емес. Тізе бүгіп, тұрып кеткендей болды. Ерегіске бекінген Мүсірәлі тамағын қырнап, еңсесін тіктеп алды да, қайтадан шырқады. Ол сөзім жөн, уәжге кел деп жатпай, нақтап ұстар, күмәнсіз жығар жерін жанұшыра іздеді. Ырғағы ұзын ән оралғанша көңіліне қонымды, ұтықты ұйқастар дөңгеленіп үйіріле қалды. Некен-саяқ туатын тың, асау шабыттың бетін қайтара
алмаған жырау: Мен емес, айтып жүрген – ағайының, Ашылар айта берсем тағы айыбың. Үйіңе қара сайтан қонған түні, Босапты екі мәрте шап айылың, – деп салды. Әңгіме насырға шапқанын енді байқаған жұрт кеу-кеулеп күлмей, ойып-ойып қана күлді. «Қара сайтанның» кім екенін де іштерінен түсініп отыр. Орал да сыр бермеуге тырысып, теріс айналды. Жастар өлең айтысып жатқасын дәті шыдамай, Дариға мен Мақпал жаңа бір әзірде ғана келіп, жапсардан тыңдай бастаған еді. Жеңілген қызына жаны ашып, әрі Мүсірәлінің сөзі шымбайына батып кеткен Дариға үйге шабына кіріп келді де: – Не деді жаңа, ойбай, Мүсірәлі? Ол иттің білмеуші ме ең ісін әлі?! – деп өлеңдете жөнелді. Жастар жым болды. Мүсірәлі, әрине, құдағимен айтысудан бас тартты. Ыржақтап күліп, әзілге жеңдір-ген боп жатыр. Осыдан кейін көп ұзамай, Орал мен Нұрша тойдан кетіп қалды. Себебі, ушыққан айтыстың мән-жайына қанған Біркімбайдың Шіркімбайын жіберіп: «тойымды бұзбай, аттансын» деп сәлем айтыпты. Оралдар жүрерде, қатындар Гүлнашты аңдып, сөйлестірмей қойды. Қораш қонақтарды Шіркімбайдың бәлекейі Бадан аттандырып, арқан бойындай жерде күңк-күңк сөйлесіп тұрды. Бұны ешкім ерсі көрген жоқ. Бұдан ешкім секем алған да жоқ: Бадан Оралдардың жама ағайын, жатақтың қызы болғандықтан, «төркініне оңашалап сәлем айтып жатыр ғой, бақыр» деп болжасты жұрт.
Бірақ бәлекей де бәле ойлай алатынын жұрт кейін білді. Дәлірек айтқанда, арада бірнеше жыл өткесін барып қана білді. Біркімбайдың тапа-талтүсте Оралдарды тойдан қуып жібергені жаман болды. Бұдан да ел енді түгел құлақтанады. «Қара сайтанның» кім екені күллі теріскейге жария болады. Осыдан қам жеп, намысы қозған күйеудің түсі бұзылып, денесі тырсиып, ісінді. Маңдайының тамыры білемденіп, көгеріп тұр. Ертең аулына барғанда, досқа күлкі, дұшпанға таба қылған шыжың ауыз Мүсірәлінің ит терісін басына қаптамақшы, Гүлнаш қаншықты қыңсылатып, шашынан сүйретпекші болып отыр. Қанына қарайып, тымсырайып, тырсиып отыр. Күйеудің рабайсыз өзгерген түрін қулар неше саққа жүгіртіп, бірі атып, бірі қағып, әжуа етісті. – Сұр бесті қам екен, лезде-ақ ісінді. – Маңдай тамырының көгергені несі? – Басынан қан алу керек, – деседі. Ашу буған Асылбек бұл тұспалдардың төркінін түсінбей қалғандай. Бірақ көңілі жүйрік Гүлнаш бүгешегесіне шейін біліп, күйініп отыр. Шоңбайдың босағасына барғанда менмен Асылбектің маңдайынан сипамасын да Гүлнаш қатесіз болжайды. Әсіресе мынау қан бұзарлық қарау өлеңнен кейін бай баласының жүрегіне өшпенділіктің мұзы қатқаны анық. Оны жібітуге Гүлнаштың құдірет-күші жетер ме? Сүймеген адамының құшағында ерке Гүлнаш райкелік жасай алар ма? Гүлнаштың көңіліне осы алуандас құбыжық қобалжулар оралады. Оралған сайын басқа бір байлауға, тосын да батыл байлауға бекінеді. Мүсірәлінің әзәзілдей екі ауыз өлеңі жаңа қатерге қарай меңзейді.
II Сәрсенбінің сәтті күні Гүлнашты ұзатамыз деп отырған. Жол жабдығы толық қамдалып, аттану ғана қалған. Гүлнаш та іліп алар киім-кешегін киініп, қалған-құтқанын жиынтықтап, буынып-түйініп, өз үйінде күтініп отыр еді. Күн бата, асығып-үсігіп Шіркімбай кіріп келді. Келді де: – Ойбай, ауылды Орал мен Нұрша торып жүр. Жаңа жылқы қайырып келе жатып, шағылда көріп қалдым. Екеуі тырқырап қашты, – деді. Біркімбай: – Не дейт! – деп, төбесінен салқын су құйып жіберген адамдай, шошып түсті. Біркімбайдың көзіне зергермен қол ұстасып қашып бара жатқан қызы, шоқпарларын шошаңдатып келген көп қуғыншы елестеді. Аяулы Ақбоз оқыранып, «хош бол» деген тәрізденді. Біркімбай жанұшырды. Дереу Шіркімбайын жұмсап, жаптас ауылдағы молданы шақыртты. Түн ішінде Гүлнаштың некесін қиғызып, таң ата аттандырмақ болды. Гүлнаш та қол қусырып қарап отырмай, тыпыршуда. Орал Баданмен қоштасарда қайтып соғатынын айтып кеткен. Гүлнаш сертіне жетер болса, қанатын қомдап, шақ отырсын деген. Хабаршы Нұрша болар деген. Енді жау жағадан, бөрі етектен тартар қысылшаң кезеңде қайрат өзінен болмаса, өзгеден дәрмен жоқ. Гүлнаш шапанын жамылып, түзге отыруды сылтауратып, төбеден асты. Қасында Бадан. Төбеден асуы-ақ мұң екен, екеуі далақтап жүгіре жөнелді. Шіркімбай атаған жаққа қарай жүгіре-жүгіре, өкпелері өшіп, көкіректері дүрсілдеді. Содан бір уақытта шағылға келсе, ешкім де жоқ. Бір сексеуілдің
бұтағында Оралдың тұмағы ілулі тұр. Гүлнаш қойнына тыға беріп: – Ой-бай, сорлы түні бойы жалаң бас үсіп кетеді ғой, – деді. Гүлнаш баспалап, ақырын-ақырын дауыстады. Еш дыбыс жоқ. Айқайласа, еліріп тұрған кешкі ауа ауылға саңқ еткізері анық. Сондықтан: – Ой-бай-ай, енді қайтейін? – деп қиналды. Гүлнаштар қайта оралғанда қара-күңгірт іңірде қалбаңдап іздеп жүрген Біркімбай мен Дариғаға қарсы ұшырасты. Ентігін баса алмаған Дариға: – Апақ-сапақта қайда жоғалдыңдар? – деп зекіді. Буынып-түйінген қызының түрінен шошынған Біркімбай барқылдап: – Әй, Асылбек, қайдасың? Әлгі жатақтар торып жүр деседі. Менің Ақбозыма мін де, ауылдан тірі жан шетеу шығармай, қорып тұр. Немесе, неке қияр молда келгенше мынау қыздың етегінен ұстап тұр. Құдай алдында сенікі! – деді. Асылбек ауылды қоруға да, қыздың етегінен ұстауға да арланды. Жолдастарымен күбір-күбір сөйлесумен тынды. Ел орынға отырып саябырлағанда жаптас ауылдан 7-8 адам қараңғы түзді тысырлатып, жаяу келе жатты. Ішінде сәлделі молдасы бар. Бұларды иттер абалап қарсы алды. Тойлы ауыл қайтадан даң-дұң боп, күйеу жатқан үйге жинала бастады. Біркімбай мен қатыны далада, молдаға не берудің жайын ақылдасып тұрды. Дәл осы сәтте үйге Бадан кіріп, Гүлнаштың құлағына сыбыр ете қалды. Бадан жаппаның сыртында Нұрша күтіп тұрғанын айтқан. Гүлнаштың жүрегі аттай тулады. Гүлнаш үйінен сытылып шыға бергенде аяғына
Құтжол дейтін сары мойнақ күшігі оралды. Гүлнаш оған қараған жоқ. Гүлнаш пен Нұрша төбеден қылт етіп аса бере, жүгіріп кетті. Ылдида балапан шырпыны бетке ұстап, Орал тосып тұрған. Бойжеткенді міңгестіріп алып, бостандық даласына маңып кетті. Арада бірнеше жыл өткенде осы қашыс сөз болған еді. Сонда Нұрша: – Ауылға кіруге бата алмай, жүрексініп тұрғанымда неке қиюшылар дабырлап өтіп бара жатты. Солардың соңынан жүре бергем, – деді. III Гүлнаш қашқаннан кейінгі зобалаң-дүрбелеңдерден Елеусіз қараң-құраңы көп, бұталы, бұйратты, түнгі даланы, түнгі далада тасырлатып шапқан қуғыншыларды көз алдына келтірген. Қараңғыда әр жерден ағараңдаған Ақбоз атты көріп тұрғандай болған. Ертеңіне ұлы сәскеде, қызын қашырған ауылға қарай сойылдарын сүйретіп қаптап келе жатқан қалың қолды, қалың қолдан жүрегі ұшқан Біркімбайдың: «Жабағыны соя беріңдер, қан-жынның иісі шығып тұрса қомағай жолдыбайлар тілге келеді» деп жан ұшырғанын Елеусіз көңіл көзімен шолып шықты. Жолдыбайлардың Біркімбайдың өзін кепілдікке алып, жесірін іздегені, Шоқтасқа барып, Оралдың шешесін, қарындасын қинағаны, маңдайшасын шапқанда қарындасының қорқып, айтып қойғаны, қалаға жол тартқан қашқындарды қуып жетіп, Оралды таяққа жығып, Гүлнашты тартып әкеткені бір десте қызық кеңес еді. Бірақ сатыр-сұтыр сойылдар, едіреңдеген есерлер Елеусізді тартпады. Сойылда шындық жоқ.
Елесуіз көңілдің пернесін басып, жүректің тынысын тыңдағанды жаратады. Бапты, сазды жақсы көреді. Осы ретпен ол Оралдың дәптерлеріне қайта үңіліп еді. Бұрын байқамаған жүрек сәулелерін көргендей болды. Елеусіз Қараштың әңгімелеріне Оралдың «күнделіктерін» жалғап, бейтаныс, байтақ шырайлы әлемнің ішіне қайта кірді. ҮШІНШІ ТАРАУ I Жасаулы ақ отау құлазып тұр. Ерлі-зайыпты кісіге ұқсап, күңкіл-шүңкіл сөйлесу, шүйірлесу болмаған соң, отбасының берекесі қашқанына да көп болған еді. Көрші-қолаң, көлденең мейман орын теуіп отыра алмайтын көңілсіз отауға аздап көрік беретін балалар ғана. Асылбектің қайтыс болған бірінші әйелінен қалған үрпек бас сары бала Жамаш, әкесі жоқта әріптестерін ертіп келіп, опыртопыр ойнап, үйдің әңкі-тәңкісін шығарып кетеді. Бүгін де отауда бірнеше бала ойнап отырды. Олардың ойынынан Гүлнаштың есіне өзінің балдырған шағы түсті. О да өстіп бейқам ойнаушы еді-ау! Қайғы-қасірет, кемшілік-қорлық дегенді білмеуші еді-ау! Енді, міне, бөтен босағада қолға түскен пенде боп отырғаны!.. Гүлнаштың туған жері, өскен елі көз алдына келді. Есіне әлдеқайдан: «Апатай, амал бар ма мына сорға, құс едім аспандағы түстім торға» деген өлең түсті. Гүлнаш ыңырсып, «Уәйдайдың» әуенімен сол өлеңді айтты. ...Апатай, амал бар ма мына сорға?
Құс едім аспандағы түстім торға!.. Осы екі жол өлеңмен Гүлнаштың көз жасы бірге шықты. Содан ол «Уһі, дүние-ай!» деп, түбіт шәлісінің ұшымен көзінің жасын сүртті. Шөкиіп отырған орнынан түрегеліп, кебежеден балаларға көсіп-көсіп бауырсақ алып берді. Күшігі Құтжолға тоңазыған ет тастады. Асылбектің еншісі бөлек болғанымен, ыстық ас әлі үлкен үйде асылатынын білетін ауыл жандары отаудан шыққан түтінге үйіріле қоймай, Гүлнаштың жалғызсырауы асқынып жүрген. Бар серігі күшігі мен балалар болған соң, кебежедегі астың рақатын көретін де солар. Құтжолдың күшік аты қалмағанымен қазір есейіп, серейіп қалған. Басқа иттер сияқты лақтырылған сүйек-ке таласып, қызғанысып ырылдамайды. Итаяққа құйған жуындыға да өштігі жоқ. Майлы астан түгі жылтылдап, зіргек қағып, құтырынып жүр. Бұралқы иттердей қаңғыбастанбай, көбінесе өз үйінің босағасын сағалайды. Кейде балалығы ұстап, ойнап кетсе де, нан тамақ ішерменге келгенде өз мекенін табатын бір зерек мінезі бар. Төркініне барып келген біреуден дұғай сәлем айтып, күшігі мен домбырасын қолқалап алдырмақ болғанда абысын-ажындары бетін басып келген еді. Бірақ оны «бетпақ келін» елең қылмады. Сол абысын-ажынның ауыз жүйріктері атышулы келіннің төркінінен қалағаны не жорға, не нар болмай, үкілі домбыра, сабалақ күшік болғанын сан-саққа жүгіртіп, мысқылдап, өсек-аяңның у жыланын талай жерге сүйреңдеткен. Мысқылшыл, қаңқу, шаншу сөзді құлағы шалған Асылбек те әйелінің мұнысын теріс санап, шамданған. Үлкен үйде түстік дайын болып шақырғанда Гүлнаш «басымның сақинасы ұстап отыр» деп бармады. Содан
соң Шәйкүл бәйбіше қызметкер жігітінен ет беріп жіберді. «Үлкен үй» Шоңбайдың өз үйі. Күллі ысты, сіргелі болып сыйлайтын, алдынан ешкім көлденең өтпейтін қара шаңырақ. Мал көп сойылатын сол үйге қатынқалаш, бала-шағалар ғана еркін. Бәйбіше түстік асты ішіп болған соң кетуге оқталған Асылбекті ірікті де, баласына кейістігін шыжымдап шығара бастады. Ері қара-қожыр беті шымырлап, ойға шомған қалпында, төрде, киіктің терісінен жасалған ақ бөстектің үстінде қос жастыққа сүйеніп, үнсіз отыр. Шешесінің емеуірінен-ақ сазара бастаған Асылбек сол қалпынан сынбай, орайымен салқын уәжін қысқақысқа қайырып қояды. – Байғұс балам, – деді бір уақытта Шәйкүл, – көнбіс шобыр қатыныңды қоя беріп, құрыққа көнбейтін тарпаңды тапқан өзің, тілге көндің бе? Жалпақ елге аты жайылған науетекке намаздыгер намазшамның арасында ынтық болдың да қалдың. Ендігің не? Асылбек уәж қайырмады. Шәйкүл қожайынына қарады. Қожайыны сыр жармай, сызданып отыра берді. Бірақ байының ішіндегісін қабағынан бағып үйренген бәйбіше өзіне ерік беріп отырғанын түсініп, еркіндей түсті. – Біреудің ерке-тәйтік қып өсірген баласын алмағай ең. Алған соң – тілін табу керек, жарасу керек. – Бөтен босағада неткен тәйтіктік ол? – деді Асылбек шамданып. – Көзінің еті өскен мамадайыр қызына құлдық ұрамыз ба? – Ей, балам, – деді бәйбіше қоңыр үнмен, – өз ықтиярымен келмей, шалбыр бұғалықпен келген тарпаң қыз бір күнде жуаси қалмайды. Бір ауыз жылы сөз жанашыр қылық көрсетсең нетті. Самайға ақ кірген
соң ақылға айла қосылушы еді. Гүлнаш құр әкіреңге көнбейтін әйел. Не жөндеп отас, не төркініне апарып сал. Бұдан әрі Шәйкүл ошақ бұты; отбасынан берекесі туралы ұлағатты сөздер айтып, мақалдап, мәтелдеп кетті. Гүлнаштың артынан құйындай ұйтқыған шулы сөз, ол салған ылаң, көрсеткен қорлық түгел есіне түсіп, Асылбек іштен сыздады. Түсі тұлан тұтып түктеніп, қолы дірілдеді. Әкесі мен шешесінің келініне болыса қалуында бір гәп бар. Отбасының кірбеңі, қырғиқабақ көңілсіздігі, шәлкем-шалыстығы айықпастай асқынып, жедбуаз жалпақ жұртқа жайылды деген сөз. Асылбектің намысы қоза түсті. Ашу қысқан ол сөйлесе даусы қалтырап кететінін сезіп үндемей құтылмақ боп, тысқа шығуға ыңғайланғанда, бар құбылысты бағанадан бері бағып отырған әкесі де өз байлауын айтып қалды. – Қояр да қоймай қыңқылдап, қиғылық сап, ақырында екі елді бүліктіріп алған нақ сүйерің емес пе еді? Ертең сақалы шошайып Біркімбай, көкірегі қарс айрылып Дариға келгенде, баласын танымай қалса кімге абырой? Көңілге оңалатын әйел жаман болмас дүр. Келіннің көзі тіктеу болғанмен, жүріс-тұрысы, мүсін сымбаты зат әйелді танытады. Бесікті болған адамсың, шікіреңдеуді қойып, анау құттыханаңның берекесін келтір! – деген. Асылбек ойланып қалды. Шынында да, бұлардың кірбелеңіне кім кінәлі? Гүлнаштың артынан ұйтқыған ғайбат құйындарын о баста ол көрмеп пе еді, естімеп пе еді? Еркетайлығын біле тұра етпеттеген өзі емес пе еді?! Олай болса, ендігі қыспаққа жол болсын? Гүлнаштың домбырасын неге қорлады? Ән салудан оны несіне
тыйды? Қайта, бабын тауып, бұлбұлдай сайратып, домбырасын сылқылдатып қоса шертісіп отырғанда, көңілдің шері айығып, реніш-өкпе әлдеқашан тарқамас па еді?! Асылбек тысқа шығып, орамалымен бетін сүртті. Денесі бусанып, мойнына тер құйылған екен. Жел де басылып, күн райы сына қалыпты. Осындайдан кейін күтпеген құбылыстар ұшыраса беруші еді. Асылбек соның жайын ойлады... Ол отауына келгенде Гүлнаш үйде жоқ еді. Асылбектің жүрегі су ете қалды. Үйде отыра алмай, аулаға шығып, ауыл жанындағы қызыл шағылдың басына көтеріліп бара жатқанда бауырын кесіп өткен Гүлнаштың ізін таныды. Бұл ауылда Гүлнаштан басқа әйел атаулыда биік өкше кебіс жоқ-ты. Сол кер кебістің кере қарыс ізі бұраңдап жатыр. Асылбек із нобайымен жеделдеп, қаздаңдап жүріп келе жатып, көп ұзамай-ақ Гүлнаштың өзін де көрді. Гүлнаш күшігіне күркешік жасап бермек боп, еңісте алабота шауып жатқан. Семіңкі жүдеу денесі нән кетпеннің екіпінімен шөмиіп, шөгіп кетеді. Кетпенді жоғары көтерерде майысып, әнтек тәлтірек қағады. Өзі бұлаудай терге түсіпті. Аялдағанда жүрегінің дүрс-дүрс еткені естіліп тұр. Асылбек аяп кетті де: – Кетпеніңді маған берші! – деді. Ол құмақ қияны бұрқылдатып, алаботаны әудемде үйіп тастады. Өзі де недәуір алқынып тұр. Сол күйінде: «Жарайды, ит ұясына осы да жетер, қайтайық, Гүлнаш» деп қойды. Олар төбеден құлап келе жатқанда бәйбіше ақбоз үйдің сыртында, еңкейіп бара жатқан екіндіде ішігін бүркеніп, құманын алып түрегеліп еді; отын арқалап,
мықшиып келе жатқан келінін, кетпен ұстап, алдына түсіп келе жатқан баласын көзі шалды. Бәйбіше шөп сындырып, жаратушыға ішінен шүкіршілік айтты. Сол замат құлағы шуылдап еді. «Лә ілләһи, іллалла, Мұхаммәди Әбдірәссулла!» деп күбірлеп, мінажатының аяғын: «Алыстан, алыстан!» деп шошына дауыстап, қазақшалап қайырып қойды. Кешқұрым Асылбек пен Гүлнаш кәдуілгідей-ақ күңкіл-шүңкіл сөйлесіп отырды. Гүлнаш қымыран құйып берді. Шөлдеп қалған Асылбек иісі аңқып, көпіріп, быж-быж еткен қымыранды қана сіміріп, тұшырқана кекірді. Сусын берген жары өте сұлу көрініп кетті оған. Кешкі күңгірттікте Гүлнаштың әрбір жүрісі, шолпысының сылдыры, жанасып өткен жағымды, жылы, жұмсақ қимылы, сынық қылығы бастаңғы ләззаттен дәмелендірді. Асылбек дәл солай түйсініп, солай топшылады. Талайдан бергі жат төсектің жарасымы бүгіннен бастап кететіндей сезілді. Сондықтан ол ерекше елпектеп, бәйек болып қалды. Бір рет Гүлнаштың төсек басында ілулі тұрған ішігін алып, арқасына жауып та қойды. Жұмсақ иіліп, сүйерменге келіп, әрең теткіді. Іңірде аспалы шырағдан жағылып, отау іші селдір сәулеге толды. Селдір сәуледе Гүлнаш мүлдем сымбатты көрінеді. Асылбек одан-бұдан әңгіме шертіп, әйелінің көңілін ашуға тырысады. Сөз аяғын Гүлнаштың төркініне соқтырып, жуық арада солардың келетінін, күллі ауыл боп, әсіресе үлкен үйдің шабыла қам жасап жатқанын қызықтыра айтады. Бұл сәтте Гүлнаш кәдімгідей жібіп, ери бастаған сыңайда. Бұрын бір емес, екі әйелді кір жуып, кіндік кестірген қартамыс үйіне, сүймеген суық адамына бармаймын деп, қаншама бұлғалақтап тулағанымен,
тағдыр талқысы ақыры қажытты да. Шер-шемен боп қатып қалған көңіл талайдан естімеген, көп сағындырған жылы лебіз, жанашыр қылық көргенде еріксіз құлауға айналды. Жұрт тарапынан құрмет-қолпаш, сыйлау, еркелету көріп дағдыланған Гүлнаш Асылбектің бүгінгі пейіл-мінезіне илана бастағандай болды. Гүлнаштан бұрын шешесі алпамсадай үш ұл тауып, үшеуі де құтаймаған. Баласы шетіней беріп, қамкөңілді боп жүрген Біркімбай мен Дариға қыздың өзіне мың шүкіршілік қып, ұлан-асыр той жасаған екен. Майдабеттің арғы жағындағы көк төбені мамадайырлар осы күнге шейін «Гүлнаш туған төбе» деп атайды. Төртінші перзентінің бауы берік боп, селтиіп өсе бастағаннан-ақ балазар әке-шеше бетке қақпай, ерке ғып өсірді. Гүлнаш еркек балаша киініп, атқа еркек балаша мініп жүрді. Домбыраға, сырнайға әуес болды. Ойын-сауықтың арқасында атышулы сылқым қыз болып шыға келді. Сол әке-шешенің мыңнан қалап берген жері – осы үй. Асылбектің үйі. Олай болса, Асылбекпен дәм-тұзі жарасса, Гүлнаштың әке-шешесі де риза, құда да риза, құдағи да тыныш. Рас, Гүлнаш Ақбоз аттың бодауына келгеніне өлердей намыстанады. Бірақ намыстан не пайда? Рас, Гүлнаштың сүйетіні Орал. Бірақ тіршілікте кім қалағанына қосылып жатыр? Бағы заманнан бері шын сүйіскен жандардың арасына күтпеген қырсық кесе-көлденең душар болмаушы ма еді? Бірін-бірі сүйген адам Қозы Көрпеш, Баян сұлудай-ақ болар. Солар да опа тапты ма? Кешегі Шұға мен Әбдірахман не күйге ұшырады? Иықтылардан ықпаймын деп мерт болған жоқ па? Олай болса, дәуірінде озған күштілердің үкіміне көнуден, мойын ұсынудан басқа не қалды? Гүлнаштың ендігі өмірі отбасының күйбеңімен өтеді
де. Ертектегі Алпамыс батырдың дұшпанының қолында қалған қатынындай салпақтап, отымен кіріп, күлімен шығып, іштен тынып жүре береді-дағы. Сөйтіп, ажалды сәті соққанша итшілеп күнелтеді-дағы... Бала жанды ата-ананың арқасында Гүлнаш еменжарқын, өнерпаз боп өсіп еді. Ендігі үміті неде қалды? Оралдан бастап әлденеше ақын аңызға айналдырып, іңкәр болған Гүлнаштың өнері туған жұрттың кәдесіне жарамай семіп қалғаны ма? Миуалы ағаштың жаңа піскен жемісі беріштеніп, балғын жапырағы мезгілсіз сарғайғаны ма? Күні кеше тұлымы желбіреп жүгіргенде, алғаш «әу» деп ән салғанда, алдымда әдет-ғұрыптың тосқалаңы бар деп ойлаған ба еді Гүлнаш! Дүниенің бәрі іш тартып, еркелетіп тұрмаушы ма еді? Гүлнаш қамықты. Молынан қамықты. Көкірегі мұңға тұнып, тынысы әлсіреп, қой көзі жасаурап тұр. Аққұба өңі құбылып, қападар боп, қара-қоңырланып, шымырлап балқыған. Жарасымға жаңадан жуықтап келе жатқанда мұңлы жардың іштегі бітеу жарасын түрткілеп асқындырып алмайын деп, Асылбек ерте жатып қалды. Сабағынан бұрап пісірген қауынның дәмі болмайтынын білетін еді де. Сондықтан ендігі жерде көңілдің сәулесін мол шашпаққа ниет қылды. II Гүлнаштың төркіні тайлы-таяғымен келіп те қалды. Ыстылар сойылға жығылған Орал үшін қаны қызып, намысқа бекініпті, жесірін тартып алмақ боп қол құрап жатқан көрінеді, шаһарға да кісі шаптырыпты деген қауесет тараған. Орал – ыстының ішінде көзтаңбалы. Арғы атасы
татар екен деген өсек бар. Жаугершілік заманында осы жаққа кеп, орын теуіп қалып қойыпты-мыс. Оралдың атқамінер туысқандары – Әшір, Әлжандар шаһарда милиция начальнигі татармен ашынажай екен деген де лақап бар-ды. Осының бәрін естіп, бәрінен қаймыққан Асылбек әкесімен ақылдасып: «Гүлнаш төркіні келсе тезірек табысар» десіп, қайын жұртын астыртын шақырып алып отыр. Шоңбай ауылына келін болуға арғы дейі әлі құламағандықтан ба, немесе өзінің әке-шешесіне айықпастай өкпелеп қалғандығынан ба, әйтеуір, төркіні келгенде Гүлнаш ұзатылған қыз салтымен сыңсымады. Мұнысын абысын-ажындары сан-саққа жүгіріп, өсекке айналдырды. «Шіркіннің жасуы қатты екен!», «Көзіне жас алмай, едірейіп тұрды да қойды!», «Бетім-ай, тым құрмаса ырымын жасап, шешесімен көріспеді-ау!», «Безбүйректің өзі екен!» десіп жатты. Отау тігіп әкелуге қауқары жоқ Біркімбай кішкене кілем, тұскиіз, текемет, көрпе-төсек сияқты орташа жиһаздар, әбі-тәбі киім-кешектер әкеліпті. Бай ауылы онысын қораш көрсе де, сыр бермей, шырайлы қабақ танытты. Шоңбай төрт-бес дөнен қой үйткізіп еді. Бәрі де таңынан жарылып, майы ағып, деңкиіп-деңкиіп қалды. Ық жақтағы ауылға үйткен құйқаның исі тарады. Соғым сойылған жер қан сасиды. Иттер сүмеңдеп, айналсоқтайды. Жер ошақта, нән қара қазанда майы шыжылдап, қуырдақ қуырылып жатыр. Бала-шағалар ұзақтай шуылдап, шүпірлеп жүр. Кешке қарай тұман түсті. Соған қарамай, ас-су ішіп болған жігіт-желең, қыз-қырқындар отауға жинала бастады. Бұл уақытта Асылбек талайдан бері жүктің
тасасында бұғып жатқан аққұба домбыраны қолына ап, ақырын дыңылдатып отыр еді. Жұрт келе бастаған сайын шертуін жиілетіп, ақырында машық саусақтармен сабалай жөнелді. Домбыра күмбір-күмбір үн шығарды. Қыза келе Асылбек бір-екі ауыз өлең де айтып жіберіп еді. Ол жыршылардан тыңдағанда жадында қалған бір жырдың екі шумағын айтты. Жамашқа арнап, Жамашты мақтап айтты. Оны мырзаға, бекзадаға, батырға теңеді. «Әу» деген жерге қазақтың үймелей қалатыны қандай! Әне, міне дегенше отаудың іші адамға толып та қалды. Жұрт басы құралған соң еті тірі жастар желігіп, бірі домбыра шертіп, бірі ән салып, кәдімгідей думандата бастады. Қу тілділері күлдіргі әңгімемен, қасқабақтың құбылмалы қимылымен жұртты күлдіріп, қызықты ермек тудырып жатты. Біреу тонын айналдырып киіп бүгжеңдеп, бақаннан аяқ жасап сереңдеп, орақ тісін ақситып, аузынан жалын шашып кіріп келгенде «ойбай» деп шошып түскендер де, мәз боп күлгендер де болды. Орақ тіспен жан-жағына қармалап, үркітіп жүрген Мүсірәлі еді. Көп аялдаса қызықтың дәмі кетіп қалатынын сезіп, қорбаңдап тысқа шығып та кетті. У-шу даңғырық, қыран-топан күлкі боп жатқан жерге Шоңбай мен Біркімбай, Шәйкүл мен Дариға бастаған үлкен кісілер де келіп: «Бәрекелде, ойын қыза берсін!» айтқанда, Гүлнаштың жанары құбылып, көңілді ажар танытып тұрды. Талайғы мұңлы дидар дем арасында бақытты бола қалғандай. Сұрқай отауға ақшам арасында ғайыптан шырай біткендей. Құбылмалы көңіл шіркін азғана алданышты талшық көріп, түрлене қалған. Көлеңкеде көп жатқан қауын күннің көзі түссе лезде құлпырып шыға келуші еді. Кәмек түйнек сәулеге жүзін жуып сарғайып, иісі шығып, пісіп қалушы еді. Гүлнаш
бүгін сол сияқты болды. Құрысқан көңілі жадырап, көзі жаудырап, еңсесі биіктеніп, денесі толысып, іріленіп қалған іспетте. Мұны Асылбек түгіл өзгелер де сезген. Сондықтан нұр үстіне нұр жауа берсін деп, сауықтың аяғында көпшілік Гүлнаштың да бір лебіз білдіруін қолқалады. Әсіресе жастар жағы шулап кетті. Көпшіліктің меселін қайтарудың амалын таппаған Гүлнаш даусының қарлығып жүргенін желеуреткенде, отырған жұрт: – Онда домбыра шерте қойшы! – Сүгірдің күйіне салып жіберші! – «Тоғыз тарауды» тартып, сылқылдатшы! – десті. Мұндайда желөкпелігі ұстап кететін Дариға да шыдамай: – Тартып жібере ғой, күнім! – деп қойды. Осыдан кейін Гүлнаш сағынып қалған серігін қолына алып, сүйрік саусақтарын төгілдіре қағып-қағып жіберді. Гүлнаш шуу дегенде не тартқанын аңдамай қалғандай. Кербез домбыраның кеудесінен бейтаныс бір күй шалқып шықты да, көмейіне тығылып, тұншығып қалды. Домбыра булығып, күмбір-дүмбір етті. Шалқып шыққан жаңа лебіз сол күйінде шалқып кетпей, ұйтқып, үздік-создық түйдектеліп, Гүлнашты омбылатып, барлықтырып келді де, ақырында бір аңырау күйдің сарынына ұласты. Сол тұсқа келгенде Гүлнаш сәл саябырлап: – «Боз інген» күйін тартайын, – деді. Жұрт жапырыла елеңдеді. Бұл атырапқа таныс ертегі-аңыздың бірі – «Боз інген-ді». Сондықтан күй сарыны түсінікті сияқтанады. Шалғайда бота боздай ма, қыз сыңси ма, қалай? Күй ырғағы талмаурап, жіңішкеріп, діріл қағып тұрды да, қайтадан бел алып, қоңыр сарынға көшті.
Сірә, күйшіні өз мұңы баураса керек, алғашқы жадыраудан, балқудан танып, жұдырықтай жұмылып, қырғидай шүйіліп алды. Рақымсыз саудагерлердің жетегінде артына қарайқарай белгісіз қиырға кетіп бара жатқан Боз інген домбыраның кеудесінен аңырап, боздап қоя берді. Жетімсіреп жылап, алыстап қалған ботасына Боз інгеннің ұшқан құстан, жүгірген аңнан жолдаған жалынышты сәлеміне келгенде домбыра мүлдем бебеулеп кетті. Гүлнаштың аққұба реңі қоңыр қошқыл тартып, қой көзі болмашы жасаурап тұр. Өзі отырған жерінде теңселіп қояды. Күйдің серіппесі сол теңселуде тұрғандай, күйшінің шерлі саусақтары домбыра емшегін шымшылай тартып, жебей толғап, екі шекті еңірете безілдетіп, дәмді ызыңдарды сары қымыздай сапыра бастады. Құйқылжыған, жүйткіген, текіректеген, тойтырақтаған дыбыстар бас құрап, жер қайысқан дүлей күш дүбірлетіп келеді. Бейне бір қайғының қара топаны қаптап, сарыны жер жарғандай. Қоңыраулы керуеннің күлдір-салдыры арасынан үздік шыққан желмаяның зары назды да, сазды да. Домбыра сыңқылдап, серпінді шабытпен бебеулейді. Туған жерден алыстатудың, анадан бала, баладан ана айырылудың аянышты күйін шертеді. Жансыз ағашқа жан бітіп, тамыр байлағандай, он екі перне түгел иіп, ыңқылдап, сырқылдайды; безілдеп, боздайды, күңіреніп, сарнайды... Жұрт құбылмалы күй тамырын тауып ұстағандай, құлақпен де, жүрекпен де құлай тыңдап қалған. Соның ішінде Гүлнаштың әке-шешесі де бар. Гүлнаш жер қайысқан қалың күйді қайырып, дүбірлетіп, машық саусақтармен домбыра-саңлақты сабаулап
отыр. Ашынған домбыра ыңыранып, аңқылдап, алысқа сілтеп тұр. Мал баласының мұңын сиқырлы үндермен бебеулеп бейнелеп тұр. Әлде, мүмкін, Бозінгеннің кебін киіп келген Гүлнаштың өз көңілінен шыққан жалынды арман шығар бұл? Немесе дүйім жұрттың қалаған аяулы саздарын тартып бермей, қаяулы күйге неге әкетті? Бозінген бейбақты бейуақытта неге боздатты ол?.. Неде болса, Гүлнаш шерткен сол күй сол бір кеште тыңдаушылардың жүрегін түгел оятып, әлденеге талпындырып қойғандай болды. Жұрт тарқаған соң да Асылбек көпке шейін денесінің тәтті безгегін баса алмай отырды. Әсіресе Асылбекке осы сәттерде Гүлнаш ерекше бір қастерлі де жұмбақ жандай әсер етеді. Гүлнаштың көкірегі күміс сағат; қатты бұрасаң сынып кетеді, бұрамай қойсаң тұрып қалады. «Жүрістұрысы, мүсін-сымбаты зат әйелді танытады» деп сыншыл әке әнеугі күні тауып айтты. Асылбек зорлап әйел етіп отырған сол Гүлнаш әлі күнге шейін ләззат дүниесіне талпынбаса, оған кім кінәлі? «Жас-жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» деп келетін жаттанды әзілге елтіп, басы айналып қалатын әйелден береке тапса, Асылбектің мүйізі қарағайдай болар еді. Оның талақ қылған екінші әйелі «итке көлеңке бермес бұйра шаштың» дәл өзі болды. Қытықсыз ұйқыдан басқаны білмеді. Ал, түні қараңғы, түңлігі жабулы Қаратау қойнауында түсіне нелер кіргені бір өзіне ғана мәлім... Өткенін жабырқау оймен шолған Асылбек үзілген күдері қайта жалғанғандай, Гүлнаштан назарын алмай, ел жатып қалғанша көзімен ішіп-жеп, ынтығып отырды. ...Ағаш кереует сықыр ете қалды. Жақтауына қонжиған Асылбек Гүлнаштың қақпай көрсеткеніне болмай,
қаусыра құшты. Бұл кезде дүрдараз отаудың ішіндегі оқыс күңкіл-күбірге құлақ тосып, сыртта іргелікте тізерлеп Мүсірәлі отырған. Сөйтпесе ол ел ішінде «у төккен» аталар ма еді? Аталса аталсын, осындай сығалағыш көздер, тыңдағыш құлақтар болмаса, ауылдың шырғалаңын аңдуға өз басымыздың қыры жоқ. Сол Мүсірәлі бүгжиіп шөкелеп отырғанда отау ішіндегі қыбыр-дыбырдың бәрі құлағына құйылғандай болды. Асылбек пен Гүлнаш тілсіз арбасып, үнсіз кінә-ласып жатқандай. Қара тастай қатып қалған әйел көңілін бауырдай балқытам деп құмарлықтың құлы жанұшыра қимылдағандай. Мүсірәліге Асылбек аққуға қонжиған күшігендей елестеді. Ол кіжініп, қызғанып тұрғанда: – Неге жібімейсің, Гүлнаш? Алты ай бойы сықырлап, Ақжардың айдын көлін құрсап, қысып тастаған көк мұз да күні жеткенде еруші еді ғой. Менің әйелім болғаның – болған, енді жарастық табайық, – деген Асылбектің сөзі құлағына шалынды. Бұқбантайлап сөйлегенмен, дірілдеген даусы көтеріп әкетті. Мүсірәлі ішінен: «Жылы сөзбен жыққың келеді ғой, кәззап!» – деп қойды. Гүлнаш үн қатпады. Үн қатпаса да тыныс алысы жиілеп, кеудесі дірілдеп, құрдым суға сүңгуден тартынып тұрған сұлудай сезілді. Сырттағы Мүсірәлі дәл солай сезінді. Бірақ сезімтал, сымпыс Мүсірәлі де қателеседі екен. Анығында, Гүлнаштың есіне өткен күндердің бір оқиғасы түсіп, ол өз халіне өзі күлгелі жатыр еді. Баяғыда кәрі шалға еріксіз барған бір еркебұлан қыз көп түндерін жылуы жоқ төсекте өткізе-өткізе әбден іші пысып, ақыры бір күні әлдеқашан күдерін үзіп, теріс
қарап жатуға үйренген жарғақ шалды түртіп: «Құдай қылды, біз көндік, – ақшұнақ шал, бері жат!» – деген екен. Соның кері Гүлнашқа келгені ме? Мынау ақсұр кісі не деп қыңқылдап отыр? Дүмше молдалар айтушы еді: қиямет-қайымда күнәһарлар от ішінде жүріп те ойнайды, – деп. Сол қунақы сөз есіне түсіп, Гүлнаш қараңғыда жымиып күліп қойды. Дәл осы тұста: – Гүлнаш, бауырым! – деді Асылбек ынтығып. Айтайын дегені басқа еді, әлдеқалай оғаш кетті. Онсыз да өз халіне өзі күлгелі булығып жатқан Гүлнаш сықылықтап күліп жіберді. Кәдімгі сыңғырлаған сиқыр күлкі еді! Енді Асылбектің дегбірі мүлдем қалмағандай. Ол Гүлнашқа жалынып, жалбарынып, құлдық ұрды. Қайтқан көңіл тіріліп, жуысса, алда әлі де талай игілік барын айтып, кекшіл өкпені кешуін сұрады. Шын-ақ монтаны пішінмен бұға зарлап, тұншыға жылағандай болды. Қамкөңіл Гүлнаш бір ауық аяп кеткендей де еді. Бірақ ол әрі-сәрі боп, толқып, дағдара бастағанда, сыртта Құтжол шәу ете қалды. Есіктің алдынан тысырлап біреу өткендей болды. Гүлнашқа сол дәл Орал тәрізді боп елестеді. Шегір көзімен ежірейе, болмашы күлімсірей қарап тұрған секілденеді. Осы мезетте Асылбек Гүлнашты тағы да қаусыра құшып еді, Гүлнаш қараңғыда әлденеге талпынып, шала елермелеп, солқылдап жылап жіберді. Ол көз алдынан елестеген Оралын шақырып жылаған! Бірақ бұл оқыс құбылысты Асылбек өзінше жорыды. Ол: «Гүлнашым, сәулем, жаным!..» деп Гүлнаштың шамалы тұз дәмі бар дәмді көз жасын жұтып, төсінен иіскеп, өктеп, зорлап аймалай бастағанда солқылдап жылап жатқан Гүлнаш оқыс сақылдап күліп қоя берді. Содан ол бие сауым уақыттай жылауы, күлуі алма-кезек араласып, біресе солқылдап, біресе сақылдап сұмдық жат мінез көрсетіп
жатты. Асылбекке «байтал түгіл бас қайғы» болды. Оның тұла бойы суық шымырлап, төбе шашы тік тұрды. «Боз қасқа құдайы!» – дегенінде дауысы еріксіз шығып кетті. Сыртта манадан бері тықыршып, тісін қайрап тұрған Мүсірәлі ауылдастың құты қашқанына айызы қанып, жеңімен аузын басып: «Хық, хық, хық!» – деп тұншыға күлді. Осындай шәркез-шалыс хикметтермен қыстың түні қысқарып, таң атуға жақындады. Бұл кезде тұман сейіліп, түн де суыта бастаған. Жанды-жансыздың бәрі бұғып, даланы тыныштық басқан. Сол тыныштықты бұзып, таң қараңғылығын жамылып, Асылбектің ақ отауына Орал келіп кіріп еді. Оның діттеген мезгілі – жұрт шырт ұйқыда жатқан уақыт болатын. Бірақ түзде, тұманда адасып жүріпжүріп, бөтен ауылды тапқан беті осы болды. Атын арғы қияға байлап, жан-жағына елеңдей қарап, еңбектеп келген-ді. Таң алдындағы суықта иттер де үруге ерініп, мыңқ-мыңқ етіп тынды. Орал отауға кіріп, етпеттеп жатып, ұйқылы дыбысқа құлақ түрді. Іргеде қорылдап жатқан «дәу де болса Асылбек шығар» деп топшылады. Олай болса, ағаш төсекте жатқан Гүлнаш болды. Ол жақындап келіп, шашынан сипап, Гүлнашты таныды да, білегінен ұстай алды. Темірдей суық қолы ыстық білекке жыландай тиетінін байқаған жоқ-ты. Гүлнаш шошып, шар ете қалды. Бір тәуір жері, бастырылығып жатқан Асылбек оянбады. – Гүлнаш, қорықпа, мен ғой! – деді Орал дауысын бұқтырып. – Орал?! Ойбай, кет! Ұстап алса өлтіреді ғой, жалғызау?!
Орал қаймықпады. Неге болса да бекініп келгенін танытып тұр. – Гүлнаш, мен сені тастап кетпеймін. Жүрмейтін болсаң, қолға түсіп, кісенде шіримін. Жүрер болсаң, тез қамдан. Таң атып қалады. Жарау, жүйрік ат дайын тұр, әне-міне дегенше іргежалдың жынысына сүңгіп кетеміз, – деді ол. Басын тәуекелге тағы да бір рет тікпеске шарасы қалмаған Гүлнаш апыл-құпыл киініп, мәсісін қоңылтаяқ киіп, Оралмен қол ұстаса, бостандық даласына шығып еді; Есік алдында алаботаны үйшік қып бұйығып жатқан Құтжол оянып, сілкіне тұрып, еркелеп, құйрығын бұлғалаңдатты. Өзімен бірге ала жүрсе, барлық ит шулап кетерін білген Гүлнаш басынан сипап қайта жатқызды да, ішінен: «Хош, Құтжолым!» деді. Қашқындар қол ұстасып, ойыстай бергенде шалымды Мүсірәлі шап етіп екеуін ұстап алды. Гүлнаш селк етіп басылып: «Мүсірәлі-ай, сен-ақ қыр соңымнан қалмадың-ау! Не жазығым бар еді, ағатай-ай!!» – деп жылап жіберді. Жұлқысып құтыла алмасын пайымдаған Орал да Мүсірәліге жалына бастады. – Жар басында зәру тоспа, Мүсеке! («У төккенді» ол бірінші рет осы жолы «Мүсеке» деді). Жігіт жігітке жолдас. «Ер мойнында қыл арқан шірімес...» Бірақ, Мүсірәлі у төккендігін істеді. Жалыныпжалбарынғанға жібермеді. – Мәймөңкенің орны бұл емес, Орал! – деді ол жауабын қысқа қайырып, – ат басындай алтын ұсынсаң да, Гүлнашты саған ертіп жібере алман! Ал, жібере қалған күнде де қара шаңырақтың құрығы ұзын. Құтылып кете алмайсыңдар. Ғашығыңның абыройын төкпей тұрғанда жөңінді тап!.. Осы уақытта қой қора жақтан иттер үріп еді.
Артынша біреу: «Айт!» – деп қалды. Дамбыр-дұмбыр дауыстар еліріп, жаңғырып шыға бастағанда: – Ойбай, тез жет атыңа! – деп Гүлнаш Оралды асықтырды. Орал жөнеп бара жатып: – Хош бол, Гүлнаш! – деді. Гүлнаш үйге беттей бергенде Мүсірәлі құшақтай алды. – Жібер! – деп бұлқынды Гүлнаш. Өзі дірдектеп тұр. Мүсірәлі дауыс әнтек қалтырап, асығып-аптығып, ынтыға сөйлеп кетті. – Тар асудан тосайын деген жоқ едім, Гүлнаш. Сенің сықылықтап жылағаның жаныма батып, көзін тіккен қаршығадай айналсоқтап жүргенімде, өздерің тап болдыңдар. Қанша рет тәуекелге оқталып, отауға кіре алмай қойып ем. Саған менің іңкәр болғаныма қанша заман! Ұмытайын десем де, ұмыта алмасам қайтесің сені? Күндіз-түні есімнен шықпай, басымды әуреге салғаныңды сеземісің?.. Денесі дірілдеп, тісі тісіне тимей сақылдап кеткен Гүлнаш бар күшімен жанұшыра итеріп жіберіп еді, еңгезердей кісі шалқақтап барып, тәлтіректеп тұрып қалды. Гүлнаш зыта жөнелді. – Әліде болса ойлан! Ауызбастырықты да ұмытпа! – деп У төккен үзілмеген үміттің зілді әжуасын айтып үлгерді. III Гүлнаштың басынан сүреңсіз, сұрғылт күндер өтіп жатты. Ертелі-кеш қой маңырап, түйе боздап, жылқы кісінеп, иттер үріп, балалар шулап, ауыл-аймақ азан-
қазан болып жатқанда ол селт етпейді. Шаруа қамына көңілі де соқпайды, қыры да түспейді. Отаудың баяғы құлазуы – құлазу қалпында. Гүлнаштың абысын-ажындары «Домбыраның салқыны бар ғой, күйші келіннің қояншығы ұстап қалыпты», «Асылбек жылапты», «Бесік көрмей, есік көрген неме қыбын тапса қашпақ көрінеді», «Күйеуімен әлі күнге шейін тұз-дәмі жараспаса керек», «Шыдағанға шығарғанның нақ өзі болды ғой онда!» десіп өсек таратты. Мұндайға құлағы үйренген Асылбек елемейін десе де, «шөптің басы жел тұрмаса қимылдамайтынын» біледі. Көп-көп күдікті болжаулар жанын қинайды. Төркіні кеп, Гүлнаш домбыра шертетін күні азанда Асылбектің намысына қаскөйлікпен басып кеткен таңбадай боп, отаудың іргесінде соны із сайрап жатқан. Ақ қағазға айламен бұрап басқан мөрдің бедеріндей, кетерінде таптап кетсе де, түн жамылып ұзақ тұрған адамның ізі екені күмәнсіз болатын. Арғы жағы қоянның жымындай шым-шытырық тартып кеткен соң, жұмбақты шеше алмай, ауылдың сыртынан із кезіккен. Сол жерде қаңтарулы ат бұтаны шырқ айналып, шиыршық атып тұрыпты. Бұнысы Ақбоздың мінезіне келіңкіремейді екен. Асылбек тезекті жарып көргенде ішінен қонақ шыққан. Демек, бұл Ақбоз емес. Оған ауыр болады деп, Біркімбай қонақ жегізбейді. Ақбоздың жемі – арпа мен сұлы. «Жолдассыз жортқан жанкешті – дәу де болса Орал шығар» деп түйген еді. Содан бері үйкүшік боп отырып қалды. Үйкүшік боп отырып қалған Асылбек басы меңзең боп, еңсесі басқан ауыр ойдан құтыла алмайды. Көңілінен қорқыныш кетпейді. «Жау жоқ деме, жар астында; бөрі жоқ деме, бөрік астында» деп бұрынғылар
біліп айтқан. Оралдың қайта айналып соқпасына, соқса осы ауылдың өзінен оған жансыз табылмасына кім кепіл? Асылбектің жауы мынау киізі шұрқ-шұрқ шайлалардың біреуінен сығалап, кіжініп тұрмағанын қайдан білдің? Оралдың құнан қойға айырбастамайтын күміс кездікті өз қолымен нақыштап, сабына есімін оймыштап, сіңірі шыққан Ыбырайға сыйға тартуынан да Асылбек секем алады. Асылы, Асылбек дәурені өтіп бара жатқанын сезінеді. Совет өкіметі орнаған алғашқы жылдарында қуғын көріп, қалбыр жүрек боп қалған дәулетті әулет бертін келе қайғы-қасірет атаулыны түгел ұмытып, арқа-басы кеңіп, сайын сахарада қайтадан шалқып келе жатыр еді. Малы мыңғырып, «керегеден бас кетпейтін» күндер туып, тері-терсегіне, жүн-жұрқасына шейін пұл боп, қарық қылып тұр еді. Былтырдан бері қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныштықтың шырқы бұзылып барады. Ең алдымен, көшпелі елде өкілдер қаптап кететін болды. Және мал хаттайтын хатшыларға шейін, алым-салық жинайтын шауыпкелдерге шейін, тіпті, егіннің суын бақылайтын мұраптарға шейін бай ауылға басымсып, шікірейіп келуді шығарды. Әсіресе «қосшылар одағы» – кедей болыстар иіс алмас малайлардың атамзаманғы еңбегін есесімен өндіріп беріп, жарлы-жақыбайдың басын құрап, жиналыс ашып, сөз сөйлетіп, есіртіп қойды. Соның бірі – Ыбырай. Ыбырай – қаршадайынан Шоңбайдың жылқысын баққан сенімді қызметкер еді. Жеті атадан қосылатын жама ағайыны болғандықтан қолбала есебінде жарытып ақы да алмай келген-ді. Сол жуас Ыбырай былтыр жер бөлігі басталғанда белсенді боп, өкілдерге еріп кетті. Сотқа арыз беріп, Шоңбайдан он екі қой, бір бие өндіртіп алды. Қойының бәрін сатып, жауқазынның
қабығындай неше қабат киініп, салқамсоқ серімсіп шыға келді. Жиналыс болса-ақ қолын сермеп сөйлеп тұрған Ыбырайды көресіз. Ол «және» деудің орнына «и» деп, орысша араластырып сөйлеуді шығарды. Ана жылы ысты, сіргелінің жақсы мен жайсаңдары бас қосып, сұқбат-мәжіліс құрып отырғанда қызметкерінің бір қылығы жақпай қалған Шоңбай: «Қазақтың Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай» деп қалған еді. Содан кейін Ыбырай-Сұмырай да аталып жүрген. Енді, былтырдан бері, «Сұмырайлықтан» айрылып, тіпті «Ыбеке!» деген атауға да ие боп келеді. Шоңбайдың дұғалы аузының уәлілігі қашып, жаман дегені жақсылар санатына қосылып барады. Сол Ыбырай былтырдан бері қалаға барғыштап жүр. Не бітіретіні ешкімге мәлім емес. Айлар бойы жатып қайтады. Шашын өсіріп, орысша киініп, қисық табандатып, өзгеріп кеткен. Сонысына қарап, Шоңбай, Асылбектер одан қаймығады. Қаймыққандықтан да ағасы Бекке кәрі-құртаң қойдан соғым беріп көңілін аулаған. Сыйлықтың төркінін түсінген Бек: «Жасы жиырма беске шыққан соң желігіп жүргені ғой иттің. Қара шаңырақтан асып қайда барады дейсіз» деп астарлап, соғымның бодауын өтеп қойған. Ағасының бетімен Ыбырай Асылбектің үйіне келгіштеп, ағайындық бейіл білдіре жүрсе де, оған бай баласы шешіліп сыр айтып көрген емес-ті. Бір күні ауылдың пысықтары бас құрап, кешке қарай төбенің басына шығып, әңгімелесіп тұрғанда, мылтық асынған біреу желе-шоқытып келе жатты. Үзеңгіге сүйене, дүмін көтеріп тастап, көтеріп тастап, қопаңқопаң етеді. Шабдар атының басы ауылға тірелгенше аяңға ауысар түрі жоқ. «Дені дұрыс неме ме өзінің» деп Асылбек аттыдан көзін айырмай қарап тұр. Жүргінші
шеткі үйге жеткенде көлденеңдеп кіді қайрылып еді, сырт киімі, ер-тұрманы анық көрінді. – Етегі жырық. Орыс сияқты! – деді Асылбек сұрланып. – Ер-тұрманы сықырлаған былғары екен. Күмпудің адамы боп жүрмесін, – деді Шоңбай да түсі қарауытып. Бұлар төбеден құлап келе жатып, асығыс айла да жасап үлгерді. Әдетте, «Шоңбайдікі» осы деп суыт келген жолаушыны Мүсірәлінің жыртық үйіне түсіретін. Ылдидағы дүкенге кісі шаптырып, қонақты араққа жығып, мәңгіртіп жіберетін. – Аман, тамыр! – деді Шоңбай атын отқа ыстықтай қоя берген орысқа. – Аман, аман! – деді орыс қазақшаға шалалығын байқатып. – Біздің үй мынау! – Шоңбай Мүсірәлінің қораш баспанасын нұсқады. – Үйге жүр. – Менікі ночевать болмайды. Менікі ат алады... Басқа сөзіне түсінбесе де, «ат алады» деген сөзін қалтқысыз ұғынған Асылбек отауына қарай жылыстады... Ол отау жанында жем жеп тұрған Торыалаяқты үйүйдің тасасымен қашыртып бара жатқанында орыстың даусы шаңқ ете қалды. Ащы шыққан дауыстан жүрегі шайлыққан Асылбек сүйкімсіз ыржаң етіп, күлкіге жеңдіргенсіп, атын жетелеп келе жатты. Орыс: «нехо-ро-шо!» деп басын шайқады. (Ол орыс сөзінің өзін әдейі бұзып айтты). Бала-шағалар үймелесіп, қызықтап, шулап жүр. Торыалаяқ у-шуға еліргендей, құлағын тігіп, көзі жалтаңдап, жұтынып тұр. Шоңбай Ыбырайға қайырылды: – «Әншейінде ауыз жаппас, той келгенде бірін таппас» демекші, неге мөлиіп тұрсың? Уәждаспайсың
ба мынау кісімен?! Ықпалды ағайынның базыналықпен шаптаған Ыбырайы былдырлап, орысшалаған болды. Сондағы бұтып-шатып айтқаны мынау еді: «Ауфманский, Кауфманский, ташкенский железный дорога. Откуда приедешь, куда пойдеш, покажи мандат!» Алдыңғы сөзін ұғынбаса да, соңғы сөздерін шала түсінген орыс оқыс күліп, шинелінің ішінен асынған түздік сумкасын ашып, куәлік қағазын көрсетті. Сол мезетте: – Пай, шіркін, шаһар көрген адам қиын да! – Өзі орысшаға судай екен ғой. Аузы аузына жұқпады ғой. – Бекерге шаш қоя ма кісі?! – Мынау әкімнен титтей тайсалмады-ау! – Қайта, өзінің әпшесін қуырған жоқ па! – Нағашысының нағашысы көзсіз ер адам еді. Содан жұғыспады дейсің бе! – десіп, ауыл адамдары Ыбырайды қолпаштап кетті. Кейбіреуі әдейі естірте сөйлеп тұр. Бірақ сауатсыз Ыбырай куәлік қағазды оқи алмады, әрине. Оқи алмаса да, қасындағыларға сыр бермеуге тырысып, иесіне қайта ұсынысып жатты да: – Қарсыласқан бай-құлақты атып тастауға мандаты бар екен, – деп қойды. Беті бүлік етпеді. – Астағыпыралла! – деп Шоңбай шошып кетті. Ауыл иесі Шоңбай екенін және оның құты әбден қашып тұрғанын бағдарлай қойған жолаушы Торыалаяқтың тізгінін Асылбектен жұлып ап, өз атының ерін аударып ерттеді. Асылбек сұрланып, сазарып тұр. Ыбырай да ығып қалған қалыппен болысуға дәрмені жоғын танытады. Орыс Торыалаяқтың мінер жағынан мінбей, қамшы-
лар жағынан мінуге оқталып, оң аяғын үзеңгіге сала бергенде, бұндай қимылды көрмеген қытықшыл дала жарауы көзі шатынап жалы дүрдиіп, үркіп, шатқаяқтап орытқып түсті. Орыс асаудың тізгінін тұқыртып: «но, но!» деп қойды. Мәмлеге жол қалмағанын көрген Шоңбай: – Дереу жылқыдан басқа ат әкелдіру керек. Басы бүтін алса да, Торымды қалдырса, ризамыз, – деп шыжықтай бастады. Бұны Ыбырай түсіндірмек боп, тілі жетпеген жерінде ымдап, әуреленіп тұрғанында, орыс «болмайды!» дегендей, басын шайқап, үш саусағын шошайтты: – Через три дня меникі келеді, и сеникі ат алады. Ақыл-айласы таусылған Шоңбай: «келін!» деп дауыстап қалып еді, үй-үйдің есігінен, босағасынан сығалап тұрған әйелдер жапырлап шыға бастады. Бәрінен бұрын Гүлнаш пен Шәйкүл келіп үлгерді. – Шырағым, келін, – деді Шоңбай Гүлнашқа қамыға қарап, – орыс әйелдің сағын сындырмаушы еді; мынау қалдырып бара жатқан шабдар шобырын жетелеп, артынан шамалы ерсең, бәйге торыны тастап кетеді. Өзгемізде дәрмен қалмады... Гүлнаш күтпеген, жат жауап қайырды. – Бір ат түгіл, барлық малды айдап кетсе де, ешкімнің артынан салпақтап ерер жайым жоқ! Шоңбайдың түсі қазанның күйесіндей қарайып, тұлданып кетті. – Ой-бой, мен-ақ ерейін, бұл бетпақты қайтесің! – деп бәйбіше шабдар атты жетектеп, орыстың үзеңгісінен ұстап, дегдар жүріспен ырғалып шыға берді. Жүргінші Шәйкүлге әлде бірдеңе деп, басын шайқап бара жатты. Күн де батып, дала күңгірт тарта бастады... Ыза, намыс буған Асылбек безгектей қалшылдап,
селкілін баса алмай, отауына келгенде, Гүлнаш қағанағы қарқ, сағанағы сарқ адамдай, Құтжолға біртіндеп бауырсақ шашып, ермек қып ойнап тұрғанын көрді. Сол бетінде ол итті аяғымен теуіп жіберді. Құтжол қыңсылады. Гүлнаш: «Оның не?!» деп ренжіп, Құтжолға жаны ашып, қасына бара беріп еді, Асылбек тарс етіп жарылып кетті. Ол: Орыстың маржаларындай күшік жандылығын қарай көр! – деп Гүлнашты аш бүйірден теуіп кеп қалды. Ашулы екпінмен қатты тепкен еді. Гүлнаш мықшиып, бүйірін сүйеп, шөгіп қалды. Содан ол бүк түсіп, ішігін жамылып, төсегінде теріс қарап жылап жатқанында, көпті көріп, көктен өткен ісмер бәйбіше олжалы боп, жүйрік торыны салақтап жайдақ мініп, ауылға оралды. Сол кеште Шоңбайлар үлкен үйде ақылдасыпақылдасып келіп, таңқараңғысынан үдере көшпек болды. «Қайта шапқан жау жаман», шығынсыз тұрғанда ың-шыңсыз қоныс аударып, «Жанайдың жалғыз аяғы» арқылы Шудың сыңсыған қамысына сіңіп кетуді абзал көрді. Байдың ауылы жаптас отырған ауылдарға хабарласпастан ертеңіне құлқын сәріден көшіп кетті. Күн тым ызғарлы еді. Маңдайдан қарсы соққан қарасуық бетті қарып, жеңнен кіріп, жан біткенді бүрсең қақтырды. Ызғырық жел жердің ой-қырына қарай бірде уілдеп, бірде гуілдеп, ебелек-қаңбақтарды зырғақ қақтырып, қоқты жерге үйіріп тығып жатты. Салт атты кісілер Шоңбайға еріп, ілгері жүріп кетті. Қалған қатын-қалаш, бала-шаға түйеге, биеге мінгесіп, итең қағып, өнімсіз жүріспен улап-шулап, әбігерленіп келеді. Тиген жерін темірдей қаритын үскірік ызғырықтан әсіресе Гүлнаш қатты жаурады. Асылбектің тепкісінен белі шойырылып қалған ол
басқалардай ауық-ауық жаяу жүре алмай, қутыңдап жүгіре алмай, түйенің үстінде мелшиіп отырды да қойды. Гүлнаш әуелгі кезде намыстанғанмен, жүре келе ызғырыққа шыдамай сыртынан көрпе жамылғанды. Бірақ көрпені қымтап отыру – үлкен күшке түсті. Шаңдылмаған жамылманы солталаңдаған түйе үстінде жел кеулеп, далитып, берекесін қашырды. Гүлнаш: «Әдіра қалғыр-ай!» деп, қабағын шытынып, екі қолымен үздіксіз қымтанған болады. «Жанайдың жалғыз аяғы» – баяғыда Арқадан жылқы айдап қайтатын бір баукеспесінің салған сүрлеуі екен. Жылға-жыра, сай-қобыларды қуалап, белестердің қылдырығын баспалап өтетін соқпақтың бір ғажабы – ылғи шеңгелді, жыңғылды, шырпылы, сексеуілді жыныстың панасымен жүреді және басы артық иірімдері, бұрыс-бұраңдары жоққа жуық. Көш сондай бір бұтасы қалың қобыға келіп түскенде беймаза жел ызыңдап, күн райы сына бастағандай болды. Бұл – түс ауған шақ еді. Жұрт «күн сынды!» деп мәзмейрам боп жатқанда, Гүлнаштың саусақтарының ұшы ашып, бір түрлі жайсыз сезім пайда болды. Содан біраз уақыт өткенде суыққа етене боп қалған тұлабойынан әл кетіп, басы меңзіп, көз алды бұлдырап, салқын ұйқы баурай бастады. Шоңбай ауылы Шудың қамысына жетпей қонғанда Гүлнаш үй тігуге шамасы келмей, көрпесін оранған күйде ықтап, қисайып жатты. Көгеріп кеткен бетінен шошынған Шәйкүл: «Ойбай, қақаған қарасуық өтіп кетіпті ғой сорлыға!» деп үстіне нән текеметті жаба салды. Бәйбіше ең алдымен Асылбектің отауын тіккізіп жатқанда қаракер атты біреу кібіртіктеп келе жатты.
Аяғы ақсаған аты кібіртіктеп, келеңдеп келеді. Көлігінің аужайы осылай болған соң жолаушы әншейін сән үшін ақсақ атын мінер жағынан сипай қамшылағансып қояды. – Атын солақай қамшылап келе жатқан кім екен? – деді Шоңбай шалқайып, маңдайын қалқалаған алақанының астынан қарап тұр. – Аты сәлем ғып келе жатыр ғой шіркіннің, – дейді бәйбіше. Бүрсеңдеп, берекесі қашып тұрған еркек, әйелдер жадырап, мәз боп күлісті. Жолаушы – Смағұл екен. Ауылынан ертелеп шыққан ол осы ауылдың малына ұшырасыпты да, көштің ізімен тарта беріпті. Құмнан қашқан түлкіні қуам деп атын ақсатып ап, өнімсіз аяңмен жеткен беті осы көрінеді. Гүлнаш жайшылықта болса сыңсып көрісер ме еді, кім білсін; қазір әлсіреген халде кемсең-кемсең етті. Смағұл ас-суға қарамай қайтып кеткен. Ертеңіне ұлы сәскеде құда-құдағилар сау ете қалды. Біркімбайдың астындағы Ақбоз үйірін танып, оқыранып, ойқастай басты. Қызының сырқатынан шошынған Дариға: – Құлыным-ау, порымың не боп кеткен! Ой-бой-ой, сорлы басым-ай! – деп дауыс салып қоя берді. Дариға Гүлнаштың тамағынан иіскеп, маңдайынан сүйіп, тұншыққан өксігін баса алмай, көп отырды. Қызының арқасын сипап, аяқ-қолын уқалады. Гүлнаш ымыртта елермелеп, түні бойы ауықауық сандырақтап шықты. Сол сандырақ екі тәулікке созылып, үшінші күні дегенде сәл тершіп, тынышталып, бері қарай бастағандай болды. Бұл уақыттың бәрінде көз шырымын алмаған Дариға қызының қасынан екі елі шықпай, өз қолынан сусын беріп отырды. Тек,
үшінші күнге айналғанда, таңға жақын қалғып кеткен Дариға: «Ой-бүй, бетім-ай!» Ұйқы менің не теңім?!» деп орнынан сүйретіле тұрып өзін-өзі қайрады. Осының бәрін көрген, естігендер «Шіркін, перзентай!» десіп, құдағидың бәйектігін көш-құлаш аңызға айналдырып жатты. Біркімбай, Смағұл және құдалар Шоңбайдың өз үйінде жатып, анда-санда сырқаттың халін біле, келіпкетіп тұрды. Гүлнаш бері қарай бастаған күні қалың қар жауған. Ертеңіне Шоңбай, Біркімбай бастаған он шақты атты құлқын сәріден аңға шықты. Олар екінді кезінде аң аулаудан қайтып келе жатқанда, жанында екі қазағы бар әнеугі орысқа ұшырасты. Қанжығаларына қырғауылды толтырып тізбектеп тастаған. Шоңбай: – Түлкіні байлап құтылайық, – деп күбір ете қалды. – Е, Айырплан аман ба? – деді Біркімбай. – Аман, Біреке. Олжа көп пе? – деп орыс үйіріле қалды. Былай шыға бере, Шоңбай: – Қайран, Біреке-ай, қасқырсың-ау, күмпумен де танысып апсың-ау! – деген. Біркімбай: – Қайдағы күмпу? – деп таңырқады. Шоңбай осыдан төрт-бес күн бұрын болған оқиғаны баяндағанда, құдасы қарқылдап күлді. «Аңқау елге арамза молда» деген осы. Бұл – жүнжұрқа жинайтын біреу. Түбі – татар. Есімі Ғариполла екен, тілі келмеген жылкелділер «Айырплан» атандырып жіберіпті. Әскерде ат ойынын ойнатқан деседі. Мүсіні түзу ат көрсе, жалдап алып шабады. Ал, мергендігі сұмдық. Сілтегенін жібермейді. – Қасындағылары кім екен? – деп сұрады Шоңбай
сызданып. – Жүн-жұрқа таситын момындар. Шоңбайды ыза, намыс баурады. – Көлеңкеңнен үркіп көрген күнің құрсын! – деді ол мырс етіп. – Қаңғырып жүрген шақша бас ноғай басынған соң, бізден не үміт, не қайыр?.. Шоңбай ерінің басын тықылдатып, насыбай атты. Артындағы Ыбырайды тосып алып: – Сені не қара басты? Мандатын көрген жоқ па едің? – деп шұқшиды. Ыбырай міңгірледі. IV Аңшылар қайтып оралғанда Гүлнаштың бүгін екі рет қысылып қалғанын естіді. Дариғаның үні бітіп қалыпты. Көзі домбығып, қызарып тұр. Гүлнаштың хал үстінде жатқанын естіп, көңілін сұрап Кәмила келіпті. Қасында кішкентай інісі, Қараш бар. – Уһі, өкпем қысылды-ау! – деді Гүлнаш ыңырсып. – Қарғам-құлыным!.. – деп Дариға үні жарғыштанып, бәйек болуда. Біркімбай да күндізгі ат үстінің шаттығынан айырылып, қауқарсыз қаупалақтайды. Гүлнаштың өңі қуарып, көкірегі болмашы сырылдап, демін ентіге, зорыға алады. Кезерген ернінде басқа дүниеге алып кететіндей түсі жат қара сызық бар. Гүлнаш жат сапардан тартынақтап, тіл қармап жатқандай... Біркімбай қызының арқасынан жастық тиеп, еңсесін биіктетті. Қазақтың ежелгі ұғымы бойынша, меңдеген ауруға қатер шақтың бірі – күн байыған шақ. «Жұлдыз шыға жөнеп кетпесе игі еді» деген құпия үрей әкенің де,
шешенің де көңлінде бар-ды. Сондықтан олар қазіргі бейуақытта қызы ұйықтап кетсе, қайтып оянбайтындай көріп, күзетті күшейтіп отыр. Гүлнаш қиналған сайын қамкөңіл ата-анасы тамырын күрт үңгіген теректей теңселеді. Бұл теректің жапырақтары әлдеқашан ұшып, бауырында жарыса өскен жалғыз шынары қалып еді. Сол шынардан айрылса, ендігі медеу тұтары, дәме етері кім болмақ? Бір атаның орны омсырайып, ізсіз қалмақ па? Ата-ананың сол мұңын сезгендей Гүлнаш та ентігін баса алмай, шешесіне таусыла, ери қарайды. Артында қалып бара жатқан арманын қимағандай, жаудыраған көзін төңкере қарайды... Мүмкін, мұңдықтың көз алдынан кербездей көлеңдеп, сиқырдай сылаңдап туған жері өтіп бара жатқан шығар. Мүмкін, ақтық сәтте есіне Оралы түскен шығар. Немесе, нәяты бір желдіаяқ жылқы үшін сүймеген адамына еріксіз теліп, гүл шашқан өмірін мезгілсіз солдырған әкеге айта алмай жатқан наз-наласы шығар. Жоқ, болмаса, сөнер жанның артқылардың баршасына кешірім-салауат айтқан белгілі босаңдығы шығар... Неде болса, сол көзқарас тым аянышты еді. Мұны ересек кісілер түгел, бала Қараш та байқап, сезіп отыр. Бір уақытта Гүлнаш жан ұшыра тынышсызданып, көрпесін серпіп тастады. Бозаң түсі балбырап жанып бара жатыр. Есі кетіп қалған Біркімбай, Дариғадан қайран жоғын білген Шәйкүл батыл қимылдап, сырқаттың маңдайына сулы орамал басты. Гүлнаш сәл саябыр тауып тынышталды да, артынша қайтадан ыңырсыды. – Уһі, шыбын жаным қиналды-ау! Қайтейін, сорлы апа?! – деді. Біркімбай иығы селкілдеп, тұншыға жылап отыр.
Кәмила да жылауда. Жаулығының ұшымен көзін сүрткен Дариға қызының жалынышты арызын естігенде шыдамай, қолқ ете қалды. Ол қаралы, қоңыр үнмен: – Құлыным, бізді қия алмай, қиналып жатырсың ба?.. Қайтейік, құдайдың салғаны шығар!.. Ақ сүтімді кештім! Сен де риза бол, құлыным!.. – деп кемсеңдей бергенде, Қараш шар ете қап, үйден шыға жөнелді. Ол Шоңбайдың үйіне жылап келіп, өксігін баса алмай отырғанда, артынан Шәйкүл келді. – Қайтсін, бейшаралар, ризалығын берді!.. – деді Шәйкүл бәйбіше шошыған баланы жұбатқандай болды. Тағдырға мойын ұсынған осы суық хабардан кейін Қараш өксігін басты. Ол тумақ бар да, өлмек барын алғаш рет сол жолы сезінді. Ата-анасы арыздасқан Гүлнашпен іштей егіле қоштасты. * Ата-анасымен арыздасқан Гүлнаш өлім аузынан қалды. Қатқан мейіздей семіп қалған әйел көктемеде аққа аузы тигесін қайтадан толыса бастады. Бұл туралы әркім әртүрлі долбар жасады. Біреулер: «Шәйкүлдің дер кезінде маңдайына сулы сүлгі басқаны ем болды» деді. Енді біреулер: «Әке-шешесінің көз жасын аллатағала мүсіркеген шығар» десті. «Тәуіп емдепті ғой» дегендер де болды. Біркімбайдың өзі: – Гүлнашжан беске шыққанша сүт орнына қымыз ішті. Қыста еркекке бие байлап, қоректендірдім. Қызымды сақтаған жылқының сүті мен еті! – деп мақтанды.
III бөлім БІРІНШІ ТАРАУ I Алматыға жіберген очеркінде Елеусіз Оралдың дәптерлерінен, Шіркімбайдың, Қараштың және басқалардың әңгімелерінен ойып-ойып алып, оған көзбен көргендерін жалғап, желдіаяқ жылқыға айырбас етілген қазақ әйелінің тағдыры туралы дөңгеленген пішімді мүлік жасағандай болды. Асылбектің тепкісінен Гүлнаштың ауыр сырқатқа ұшырауын, әупіріммен өлім аузынан қалуын өзінше толғады. Бұдан басқа да көп-көп жайларды нұсқалаған. Ірі байларды жер аударып аластау қарсаңында көшпелі елді қаптап кеткен өкілдер, көкпар шапқан көпшілікке түзде айтылған хабарландырулар мен үгіттер, ат үстінде өткізілген жиындар бүкіл бір дәуірдің сыр-сипатын танытатын сияқтанды. Әсіресе, шынжыр балақ, шұбар төс Шоңбайдың әулетімен бірге жазықсыз аласталған Гүлнаштың туып-өскен жерін қимай сыңсығаны, мылтықты адам айдаған қаралы көштің артынан ұзақ ілескен Құтжолға: «Бізді отарбаға мінгізеді деседі; тескен таудан өткізеді деседі; сені алып кетерлік күн жоқ; қайтейін, Құтжолым, Сарыжайлауда қала ғой; несібеңді теріп жерсің» деп жұбаныш айтып, басынан сипағаны, Құтжолдың қыңсылап жылағаны ыстық қалпында, аянышты еді. Конфискеден еншіге екі бие алған Орал жасырынып келіп, Үштөбеге шейін ұзатып салғанын, Гүлнашқа
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру