Мазмұнға өту
Home

Ұлы саяхатшы

Әлкей Марғұлан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ұлы саяхатшы

Әлкей Марғұлан — «Ұлы саяхатшы». Н.М. ПРЖЕВАЛЬСКИЙ

/uploads/892f6a23-d669-5803-baac-f9db3703b05b/cover.png

Н.М. ПРЖЕВАЛЬСКИЙ

ЗЕРТТЕУ

Пржевальский сияқты адамдар өзінің ғылымға, мемлекетке келтірген еңбегімен қатар зор тәрбие беретін маңызымен де ерекше орын алады»

А. Чехов

Орта және Ішкі Азия — ғасырлар бойы жұмбаққа бөленіп, тұңғиық жатқан бір жер. Оның аспанға меңзеген асқар шыңдары, ұшы-қиыры жоқ шөл далалары ешуақытта зерттеліп, жарыққа шықпаған. Атам заманнан бері ашылмас ұйқыда жатқан сол меңіреу даланы ең алғаш зерттеп, оны ғылымның игілігі еткен тек қана орыс ғалымдары болды.

Мәдениет жағынан артта қалған, сырлы Орта және Ішкі Азияны зерттеу өткен ғасырларда өте қиын еді. Дегенмен, мәдениеті бай, қоғамдық тәртібі күшті орыс халқы сол жұмбақ өлкені зерттеуде талай кемеңгер ғалымдар мен неше түрлі білімпаз адамдарды ғылым майданына шығарды. Бүгінде бүкіл дүниежүзіне белгілі П.П. Семенов-Тяньшанский, Г.Н. Потанин. Г.Е. Грум—Гржимайло, М.В. Певцов, академик В.А. Обручев сияқты ғалымдар осының зор дәлелі. Міне, осылардың ішінде Орта және Ішкі Азияның пердесін тұңғыш ашқан атақты саяхатшы Николай Михайлович Пржевальскийдің орны ерекше болды.

Бұл айтылған ғалымдардың барлығы да сүйікті отанына, орыс халқының мүддесі үшін оның ыстығына күйіп, суығына тоңып шыныққан патриоттар.

Н.М. Пржевальский өткен ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ұлы географ, ол жаратылысты тәжірибе жүзінде зерттеп танудың атасы. Ол өзінің терең білімі мен қажырлы қайратының арқасында ғалымдарының аяғы баспаған Ішкі Азияның соны жатқан жерлерін бірінші болып шарлап, оның заңғар тауларын, шөл далаларын қажымай-талмай зерттеу арқасында өзінің даңқын мәңгілікке қалдырған ғалым. Расында, Пржевальскийдің сұлық жатқан Азияда жүргізген зерттеу істері айтарлықтай географиялық жорық еді. Сондықтан ол «ғылымның алыбы», «ғылымның батыры» деген ұлы атаққа ие болды.

Жаратылысы күшті, қажыр-қайраты ерен, ерлік пен табандылық және білім — осы қасиеттердің бәрін өз тұлғасына ұялатқан. Отанның ардақты ұлы Пржевальский — ешбір қауіп-қатерден сескенбей, соны жатқан жердің сырын ашуды өзіне зор мақсат тұтты. Сол үздіксіз жиырма жыл жорықта болып, уақытының көбін дала кезумен арба үстінде, көшпелі шатырда өткізеді. Оның шарлаған жолының ұзындығы отыз мың шақырымнан артық. Сол аз жыл бойы Ішкі Азияны зерттеу нәтижесінде Пржевальский бізге мирас етіп том-томдаған баталы шығармалар қалдырды. Оның өзінің және оның ізін ала шыққан шәкірттерінің Азия туралы жазған еңбектері бүкіл дүниежүзілік география ғылымының игілігі болып отыр.

Пржевальскийдің айтуынша, Орта Азия жан-жағы тау мен көмкерілген байтақ өлке. Оның оңтүстігі Гималай, Қара-Қорым, Памир таулары мен шектелсе, батысы мәңгілік мұзға бөленген, жер алыбы Тянь-Шань тауларына тіреледі. Солтүстік жағы ну қарағай мен самырсын, қалың ағашқа бөленген сұлу Алтай шығысы, ұлы Хинган, Гоби даласының алдын алып тұратын биік таулар. Осылардың аралығында бөлек-бөлек тұратын көптеген шыңды таулар тағы бар. Олардың ең құдіреттісі Куньлунь, Алтынтау, Ала-Шань, Нань-Шань таулары. Тек, XIII тасырда шыққан белгілі саяхатшы Марко Поло болмаса, Пржевальский сияқты Еуропа халқынан бұл өлкені ешкім зерттеп көрген емес.

Атақты саяхатшы көп заманнан сыры ашылмай келе жатқан Азияны зерттеудің негізін жасап, кейінгі шыққан саяхатшы ғалымдарға жол көрсетті. Географияны, жаратылыс тану ғылымын ілгері бастыруда Пржевальскийдің сіңірген еңбегі тіпті орасан. Академик В.А Обручевтің айтуынша, «Ішкі Азияны ғылым жүзінен зерттеу тек қана Потаниннің, Пржевальскийдің, Певцовтің саяхатынан басталады. Бұл үшеуінің зерттеуі Ішкі Азия географиясының негізін құрып берсе, олардан кейінгі әр түрлі ғылым саласын зерттеуші саяхатшылар оның бетіне кесте тоқып, жалпы суретін толықтыра бастады. Потанин, Пржевальский, Певцовтардың саяхатына дейін қазіргі толықтыру істеріне керек болған негіз жоқ еді. Тек болғаны үзінді-кесінді құрақтар, не бөлшектер еді. Риттер, Гумбольдт, Рихтгофен сияқты географтар қанша тырысқанмен ол үзінділерді жалғап, тұтастыра алған жоқ».

Міне, ғылымның ілгері басуына көп еңбек сіңіріп, жол ашқан орыс халқының ұлы ғалымы Пржевальскийдің өмірімен оның істеген істерін біліп танысу біздің жастар үшін аса күрделі, маңызды істің бірі. Біз осы ғалымның өміріндегі алуан-алуан істерін, қызықты жорықтарын қысқаша баяндаймыз.

САЯХАТШЫНЫҢ ЖАСТЫҚ ШАҒЫ

Н.М. Пржевальский 1839 жылы Смоленск облысы, Кимборы деревнясында туды. Оның арғы атасы орта дәулетті дворян тұқымынан болса да, өз әкесі Михаил Кузьмич кейін әскери қызметінен босанып, тек пенсия алып тұратын болған. Анасы Елена Алексеевна да орта помещик семьясынан шыққан, ол әкесі өлген соң, оның жерін, мүлкін мирас етіп, «Отрадное» деген деревняны меншікті етіп қалады. Пржевальскийдің үй іші осылай өз алдына усадьбасы бар, ауқатты үй болған соң, болашақтағы саяхатшының балалық шағы ешнәрседен мұқтаждық көрмей, арда өседі. Кішкене Коля жас кезінен-ақ өте пысық, өткір, әр нәрсеге зейінді болып өседі. Бірақ Коля жеті жасқа келгенде әкесі қайтыс болады, сөйтіп жетім қалған баланы енді оның ақылды, жігерлі анасы тәрбиелеп өсіреді.

Пржевальскийдің балалық шағы жаратылыс құшағында өтеді. Ол кездегі жұрттың өмірлері дін шырмауында өтетін, оқитыны көбінесе дін кітаптары «дұғалық», «түс жорығыш», «әулие-әмбиелер ертегісі» болатын.

Алайда, Елена Алексеевнаның орыс халқының өткендегі жарқын өмірін, оның ерлік дәстүрін баяндап отыратынын естіген кәріқұлақ кісілер де аз емес еді. Соның бірі Пржевальскийді тәрбиелеп өсірген Макарьевна деген күтуші анасы, ол күн сайын қызықты ертегілер, аңызды әңгімелер айтып, баланың ой-қиялын өрістете түседі. Оны ауық-ауық далаға ертіп шығып, тау-тас, орман-тоғай, өзендермен таныстырады. Орманда сайраған сансыз құстар мен суда жүзген балықты көрсеткенде бала олардың тіршілігіне қатты құмарланады, кейін өсе келе оларды ерекше зауқы етіп кетеді.

Жас баланың жаратылысты артықша сүйіп, оның құшағында еркін жүргенін анасы да ұнатады, ол далаға шығуды тілегенде оның бетін қайтармай еркіне жібереді.

Николай өзімен тетелес Владимир деген інісі және көршісінің Василий дейтін досы болған. Николай есейе келе оларды қасына ертіп, күні бойы дала кезіп жүреді.

Отрадное маңайында тұтасып жатқан қалың орман, қопалы көл, жылжып аққан сулар болатын. Бұлар күн сайын осы жердің ой-шұңқырын кезіп, тек кеш бата үйге қайтып келетін еді. Өзінің жас шағын еске түсіргенде Николай Михайлович: «Біздің балалық шағымыз нағыз Спартак тіршілігінде өткен», — дейді.

Жаңа өспірім жеткіншектер жаз болса жауын-шашынды керек қылмай тау-тасты, орман ішін кезіп, ал қысты күні қар үстінде ойнақ салып жүреді. Сырғанақ теуіп, аққала тұрғызып, денелерін үскірік аязға шынықтырып өседі. Пржевальскийдің жаратылысы күші, алып денелі болуы осыдан еді.

Уақытының көбін далада, өз еркімен өткізген соң, Пржевальский бала күнінде аусар, арындау болады. Бірақ баланың бұл мінезін анасы ұнатпайды, оны кейде тежеп, қатты жазалап та отыратын. Дегенмен, анасының мұндай қатал шара қолдануы ақылды, сезімі күшті балаға кек болып табылмайды, қайта ол екеуінің махаббатын күшейтіп, бірінің айтқанын бірі қостауына берік дәнекер болады.

Пржевальскийдің туысы дворян төңірегі болса да, ол жас шағынан шаруа балаларының ортасында тәрбие алып, еңбекпен біте қайнасып өсті. Онда «ақсаусақ дворяндық» мінезі болған жоқ. Ол қара жұмысқа көндіге өскен адам сияқты, қиыншылыққа төзімді болып тәрбие алды. Сондықтан ол кейін Азияның тауларына саяхат жасағанда кездестірген үскірік аяздарды, шөл даладағы қатты ыстықтарды тіпті, мүлде елемей жүрді. Оның көздеген мақсатының жемісті болып шығуына тек оның қажыр-қайраты, төзімділігі себеп болды. Бұл қасиеттің барлығын да атақты саяхатшы бала күнінен бастап, бойына жинап өсті.

Пржевальскийдің жас шағынан аса бір сүйген ісі аңшылық еді. Ол жеті жасар кезінен садақ атып үйреніп, өсе келе құс, аң аулап аса көрнекті мерген болды. Ылғи жаратылыс құшағында еркін жүріп, аң аулап, құс атып жануарлардың тіршілігімен жақсы танысып өскен Пржевальский ересек болған кезінде бұған ерекше қызығып, көбінесе аң аулауға салынды. Бұл әрине, атақты саяхатшының кейін жаратылысқа аса құмартуына зор әсер етіп, қалыптаса бастайды.

Пржевальский ой-сана жағынан да ерте оянады. Ол кездегі салт бойынша, баланың сауатын жас күнінен ашып, оған қара таныту міндет болатын. Сондықтан, анасы Пржевальскийді бес жасынан мектепке беріп, білім алуға баулиды. Оған алғашқы кезде ұстаздар өзінің анасы мен нағашысы Павел Алексеевич болған.

Павел Алексеевич ол кездегі сауатты адамның бірі еді және өзі өте аңқұмар, мерген еді. Ол балаға хат танытып, білім берумен қатар осы мергендікке де баулып, өзіндей аңқұмар етіп шығаруды мақсат етеді. Бірақ өте алғыр, зерек бала есейіп, өзін-өзі жақсы тани бастаған соң, үй ішінен үйренген білімді місе тұтпай жоғарғы сатыға талпынады. Баланың бұл тілегін анасы сезіп, маңайдағы семинарияның оқытушыларын шақырады. Бірақ олар да керекті білім бере алмайды, бала жоғарғы білімге құштар болады. Ақырында он жасар Николай және туысы Владимир екеуі бірден гимназияға емтихан беріп, оның екінші класына түсіп оқиды.

Гимназияның екінші класында оқитын балалардың ішінде жасырағы Николай болса да оның дене құрылысы басқалардан зор еді, сондықтан өзімен бірге оқитын балалар оған «алып» деген атақ береді. Николайдың оқуға зерек, ойға тапқыр екені сезіле бастайды.

Кішкене күнінен анасының қолында арда өскен, денелі, күшті Пржевальский мектеп ішінде де өзгеше көзге түсіп, оқушылар арасында зор абыройға ие болады.

Гимназияда жүргенде Николайдың бар тілегі — жақсы оқу, көп білім алу болды. Тек қана математика сабағы болмаса, басқа сабақтың барлығынан ол алда болды. Оның аса ден қойып оқыған сабақтары әсіресе география, тарих, жаратылыстану еді.

Албырт, жеткіншектің күнделік ісі көбіне кітап оқу, аң аулау болып қалыптасқандықтан да өте шынығып өседі, шаршау, ауру дегенді білмей, өмірге сын көзімен қарап дағдыланады.

Пржевальский гимназияны 1855 жылы 16 жасында бітіреді. Оның өзінің айтуынша, бұл мектеп оның есейген ой-санасына сусын боларлық білім бере алмаған. Сөйтіп, үміті, талабы зор жас жігіт әлі де болса білімге шөліркеп, одан мол сусындаудың әрекетіне кіреді. Ол өзінің өмірбаянында: «Менің гимназиядан алып шыққан білімім өте селдір еді. Оқытқан пәндердің көпшілігі керексіз, оның үстіне оқыту әдісінің өте өрескел болуы қандай күшті тілекпен барсаң да үйреніп шығуға мүмкіндік бермеді» - дейді. Пржевальский сияқты адамның терең білім алуы тек оның өзінің талаптылығының нәтижесі еді.

Гимназияны бітірген соң талабы күшті Пржевальскийге туып өскен жерінде тұру қиын болды. Оған енді не жоғары дәрежелі білім алу керек, не әскери қызметке түсу керек болды. Бұл екеуінен басқа қызмет оның көңілін тартпайды.

Бұл уақыт Ресей тарихында ұмытылмайтын ұлы оқиға Севастополь қаласын қорғаудың кезі еді. Сондықтан Пржевальскийге бұл оқиға үлкен ой түсіріп, оның отан сүйгіш сезімін көтеріп жіберді. Өзінің жас шағын еске түсіріп жазған бір мақаласында Пржевальский бұл туралы былай дейді: «Севастополь қаласын қорғау жұртшылықтың намысы еді, оны қорғаушы даңқты ерлердің қимылы 16 жасар баланың көңілін оятып, ойын толқытпай қоймады... Ол кезде әскерлік қызметтің жағдайын толық түсініп білмесем де, елін қорғаған батырлардың ерлік ісі туралы жазылған қызықты әңгімелерді көп оқып, олардың барлығын ұғынушы едім. Менің ол кезде делебем қатты қозып, кітаптан оқығанымды іс жүзінде қашан көрер екенмін деп, минут сайын ынтығып отырушы едім», — дейді.

Пржевальский әскери қызметін Рязань полкынан бастаған еді. Бұл полк 1855 жылы Москва төңірегінде ұйымдасып, содан кейін оңтүстік өлкелерге ауысты. Ол кездегі барлық тіршілік қандай ауыр болса да, әскери тәртіп те сондай қиын болатын. Патша үкіметінің шашбауын көтеретін әскер басылардың көпшілігі саңылаусыз, томырық, топас болатын. Олардың күнделікті ісі жауынгерлерді жазықсыз жазалау, ішімдікке, карта ойынына салыну болды. Тағы сол ереже бойынша, жас күнінде әскерге алынған шаруа баласының қартайғанша үйіне қайтуға еркі болмайтын. Бұл қылықтар Пржевальский сияқты көкірегі саналы, көзі ашық кісіге, әрине, қара түнектей болып көрінеді. Ол өзінің шешесіне жазған бір хатында: «Біздің арамызда алпыс шақты кісі бар. Олардың көпшілігі жексұрын, маскүнем, картақұмар. Кейде тәуір адамдарда кездеседі, бірақ олардың саны тіпті аз», — дейді. Бұл Пржевальскийдің қауым тіршілігіне жаңа араласа бастаған кезінде, ең алғаш жазған хаттарының бірі еді. Бірақ хаттың терең мазмұнына қарағанда, Пржевальский сол жас шағының өзінде заманы бірге адамдардың көбінен озат, есті бола бастағанын көрсетеді.

Әскери қызметте бір жыл болғаннан кейін Пржевальский жас болса да шалымды, тыңғылықты адам екені көзге түсе бастайды. 1856 жылы оны өзінің туып өскен жері Смоленск өлкесіндегі Полоцкий полкына тағайындап, офицер дәрежесіне жеткізеді. Бұрын көпшілік жұмысында болмаған жас жігіт өзінің алғашқы адымына қуанып, көңілі сергісе де, бірақ төңірегіндегі жағдай еңсесін көтертпейді.

Анасына жазған хатында Пржевальский өзімен істес болған адамдардың надандық қылығын әшкерелеп, олар туралы тағы да былай деп жазады: «Бұл полктың офицерлерінің тұратын үйі қаланың тап ортасында. Ол үйдің тек қаңқайып тұрған сүйегі болмаса, ішінде жабдық дегеннен дәнеңе жоқ. Ең аяғы төсеніш-орын де жетпейді. Оның есесіне бөлменің ортасында арақ құйған шелек пен тостағанды көресің. Таңның атуы арақ ішумен басталса, күннің батуы да сонымен аяқталады.

Оның екі ортасы толған жанжал. Кінәсіз қала адамын ұстап ұру, жазалау әдет болған соң, олар офицерлердің көзіне түспей, олардың сотқарлық ісінен жасқанып, бұл үйдің маңайынан аулақ жүруге тырысады».

Пржевальскийдің бұл жазғандары, әрине, оның қауым тіршілігіне сын көзімен қарап, ой-пікірі сол кезден қалыптана бастағанын тан көрсетеді. Оның өзімен істес болған маскүнем надан адамдардың қылығын сынап қою ғана емес, сол кездегі шындықтың да суретін көзге айқын елестете алатын болған.

Пржевальский Полоцкий полкында төрт жылдай істеді. Бұл жерге келген соң ол ауық-ауық сағынып жүрген анасын көруге барып, жас кезінде шарлап өскен жерлерін де есіне түсіріп қайтып жүрді. Кейін бұл полк Смоленск өлкесінен көшіп, Карпат тауының етегіндегі Кременец қаласына барып тұрақтаған еді. Жаңа жердің жаратылысы жас офицер Пржевальскийге өте ұнайды. Алыстан көгеріп тұрағын Карпат тауы, оның қойнауы толған сыпсың орман, жайқалып тұрған көк шалғын, бауырынан аққан сансыз өзен. Таудың етегінен солтүстікке қарай созылып жатқан жайқын дала, алыстан сағымданып көрінген әдемі көлдер... Міне жаратылысты жан-тәнімен сүйетін Пржевальскийді бұл табиғат суреттер ерекше жігерлендіріп жібереді.

Пржевальский жаратылыс өмірін бақылауды гимназияда оқып жүрген кезінде бастаса да, әскери қызметке кіргеннен бері одан бірталай алыстап, оның соңына түсуге мүмкіндік таба алмай жүруші еді. Бұл жөнінде оның білім көтеру талабына бөгет болған көбінесе өзімен істес офицерлер тобы болды. Сөйтіп, олар көңілі таза Пржевальскийді әр нәрседен торықтыра беретін. Дегенмен, тілегі, мақсаты олардан басқа, Пржевальский ондай офицерлер тобынан безіп, өз бетімен оқып, білім толықтыруды мақсат етеді. Карпат тауының етегінде жүргенде уақытының көбін кітап оқу, аң аулау, жаратылыстың өзгеше түрлерін бақылаумен өткізеді. Оның көп көңіл бөлгені әсіресе, ауа райының құбылыстары, өсімдік тіршілігі, жыл құстарының қай кезде келіп, қай кезде жылы жаққа ауатынын бақылау болды. Бірақ мұның өзі де жаратылысы күшті, талабы зор Пржевальскийді қанағаттандыра қоймайды. Ол бір ұлы мақсаттың соңына түсуді арман етеді. Өзінің әскери ісіне, істес болған адамдарына наразы болған Пржевальский «Аңшының күнделігінде» былай деп жазады: «Мен әр уақыт өзіме-өзім сұрақ қойып: адамның есейгендегі атқаратын борышы не? Өзінің ар намысын ол немен ақтауы керек? Бала күннен қадір тұтып іздеген жұртшылық идеалына қалай жетуге болады? — деуші едім. Бірақ бұл сұрақтарға көңіл көншігіп жауап таба алмадым. Ай сайын, күн сайын зымырап өткен өмір мұның бәріне қайшы келіп отырды. Бес жыл бойы істеген қызметім адам мен өмірді жақсы танытып, оларға көзқарасымды бүтіндей өзгертті... Армияда бес жыл істеп, өмірдің ащысы мен тұщысын татып білген соң, істеп жүрген қызметіме көңілім тоймады, осы өзгерту керек екен деп түсіндім. Оның орнына жұртшылық ісінің бір күрделісіне ауысып, еңбек пен ойды бір керекті мақсатқа жұмсауды қажет деп білдім. Дегенмен, бұл бес жыл мен үшін бос кетті деп тағы айтуға болмайды. Ол бір ғана менің жасымды өзгертіп қойған жоқ, ой-санамды, дүниеге көзқарасымды да өзгертті, өміріме көп жаңалық кіргізді. Айналамдағы адамдар тобын жете түсініп, оларға баға берерлік сатыға жеттім».

Пржевальскийдің бұл ойлары бір жағынан өзін-өзі қамшылау болса, екінші жағынан өз тұсындағы қауым тіршілігіне сын көзімен қарағандықты көрсетеді. Оның негізгі тілегі ой-өрісін кеңейтіп, білімнің шыңына өрмелеу еді. Бірақ ол қолға оңай түсер нәрсе емес, оған жету үшін бірнеше сатыдан өту керек. Осы ретте жас Пржевальский талай рет толғануға, талай рет ғылымның шыңына көз тігіп қарайтын еді.

Сол ізденумен Пржевальский 1860 жылы әскери қызметтен босанып, жоғары штабтың академиясына түсуге мүмкіндік алады. Ол кезде Академияға түсушілер өте көп болатын, талаптылар тек қана конкурспен өтетін. Алайда, алғыр ойлы, өздігінен көп оқыған, өткір Пржевальский одан ешбір жасқанбайды, емтиханды өте жақсы тапсырып, конкурстың алдына шығады. Сөйтіп, академияға қабылданып, профессорлардың лекциясын аса ынта қойып тыңдайды.

Ғылымға аңсап келген ер көңілді, жарқын жүзді Пржевальский, академияда жүргенде уақытын тек қана кітап оқып, лекция тыңдауға жұмсайды. Оның аса ынталанып қарастыратыны тағы да тарих, география, жаратылыстану ғылымдары болады. Болашақ саяхатшы осы үш пәнді өте жақсы зерттеп, өзінің мамандығын солай қарай бейімдейді.

Пржевальский өте шалымды, қандай ғылымды болса да меңгере алатын алғыр болғандықтан, академияның ішінде еркін жүріп, тез өседі. Бұл кезде ол өте жақсы оқумен қатар, баспасөз ісіне де қатынасады. Сөйтіп, 1862 жылы «Аңшының күнделігі» дейтін мақаласын бастырады. Әдемі көркем тілмен жазылған мақала саяхатшының әскери қызметте жүргендегі басынан кешірген оқиғаларды суреттеуге арналған еді. Бұл мақала өзі оқып жүрген академияның адамдарына күрделі әсер етіп, Пржевальскийді бірінші рет көпшілікке таныстырады.

Академияда жүргенде жазған үлкен еңбегі «Амур өлкесін әскери-статистикалық шолу» Пржевальскийді ғалымдар дүниесімен таныстырып, оның география қоғамына мүше болып өтуіне себепші болады.

Пржевальскийдің өмірбаянын жазған Н.Ф. Дубровин: «Бұл еңбек Амур өлкесі туралы жазылған әдебиеттердің ішіндегі ең күрделісі еді, сондықтан география қоғамының мүшелері отан қатты көңіл қойып, Пржевальекийді қоғамға мүше етіп сайлауға ұсыныс жасады», —дейді.

Пржевальский әскери академияны 1863 жылы бітіреді. Ол үш жылдың ішінде өзін жұртшылыққа айқын көрсетсе де, патшаның жоғарғы ұлықтары оған ешбір мән бермей, қайтадан бұрынғы Полоцкий полкына жібереді. Бірақ Пржевальскийдің бұл келуі бұрынғыдан бүтіндей басқа түрде еді. Оның ой-санасы өскен, азулы, сақа жігіт және бірнеше еңбектің авторы болған кезі. Сондықтан ол төңірегіндегі шындыққа бұрынғыдан көрі даналық көзбен қарайтын. Ол патша үкіметінің жарлығымен бұрынғы Полоцкий полкына қайтадан келсе де, ойында ірі-ірі мақсаты бар Пржевальский сияқты адамға бұл жерде қалу өте аянышты. Өзінің барлық өмірін белгілі бір ғылым саласына арнаған адамға бұл өте қырсық еді. Сондықтан да Пржевальский мұнда бір жылдан артық болмай-ақ, академиядағы таныстары арқылы, Варшавадағы юнкер мектебіне оқытушы болып тағайындалады.

Көп айлар мәдениет орталығынан алыстап, ылғи дала кезумен жүрген адамға Варшавага келу бірталай жаңалық болып, оның ой-санасын сергіте бастайды. «Пржевальскийдің Варшавада болған кезі, —дейді академик Н.Ф. Дубровин, —оның ең бақытты кезінің бірі еді. Оның өз аузынан талай рет естуім бойынша, Варшава оны әбден қалыптастырады, ондағы жүргізген зерттеу істері кейін көп уақыт есінде жүреді. Бұрын Пржевальский қуаныштың сәулесі жоқ жерде күн өткізіп, өте көңілсіз және топас адамдардың ортасында жүрген еді, кейін одан шығып, ғылымның сәулесі бар қалаға келіп, бұрын әскери академияда өзімен бірге болған жолдастарын тапты. Мұның бәрі, әрине, Пржевальскийдің халін бүтіндей өзгертіп, ол өзінің сүйетін ісіне біржола берілуге мүмкіндік алды».

Варшаваға келісімен Пржевальскийде бос уақыт болмайды, ол бір жағынан юнкер мектебінде өзі сүйетін география мен тарих пәндерінен сабақ берсе, екінші жағынан көпшілік алдында география жаңалықтарына арналған қызықты тақырыптарға лекция оқиды. Пржевальскийдің жаратылысындағы бір ерекшелігі, алғыр ойлы болуымен катар, тілге де шешен, сөйлегенде тыңдаушыны еліктіріп, өзіне тез тарта білетін еді. Оның оқыған лекциялары сондай қызықты, көңілге қонымды болғандықтан көпшілік сүйе тыңдайды, оның даңқы қалаға жайылады. Оның лекциясын тыңдауға бір ғана оқушы студенттер қатынасып қоймай, университеттің профессорлары, белгілі әскер басылар да үздіксіз келіп жүреді.

Лекция оқып, сабақ берумен катар Пржевальский уақытының көбін кітапханада, университеттің зоология кабинетінде, өсімдіктер бағында өткізеді. География мен жаратылыстану ғылымдарына бұрынғыдан көрі көбірек ой бөліп, оны зерттеп жүрген белгілі ғалымдармен байланыс жасайды.

Варшавада жүргенде Пржевальскийдің істеген күрделі жұмысының бірі — бүкіл дүниежүзілік географиясынан әскери мектептерге лайықты шолу жазу еді, сөйтіп бұл кітап жас ғалым Пржевальскийді бұқараға өте сүйкімді етіп таныстырды, демек, оның білгіш, оқымысты адам екеніне жұртшылық енді біржолата ден қояды.

УССУРИ САЯХАТЫ

Пржевальскийдің жас шағынан арман еткен ісі - дүние шарлап саяхат жасау еді. Бұдан жасырақ кезінің өзінде ол Африканың сахарасына, Аравияға қиядан көз салып жат ел, жат жерді зерттесем деген зор тілекте болатын. Ол кезде Орта және Ішкі Азиядағы жұмбаққа бөленген тау-тастар, жапан тұзы сыры ашылмай жатқан. Олар алыстағы жас ғалым Пржевальскийге қол созып, оның көңілін бөліп, географиялық жорықтарға шақыратын сияқты еді. Ішкі Азияның суреті бұл кезде жас Пржевальскийдің жатса-тұрса көз алдынан кетпейтін. Оның шел даласына, адам аяғы баспаған биік тауларына саяхат жасау - ол үшін үлкен мақсат болады. Ойлаған осы мақсатын жүзеге асыру үшін белгілі саяхатшы көптеген мақала жазып, жоспар құрады. Алыста жатқан Азия өлкесін зерттеудің маңызы күшті екені туралы ғылыми орындарға ұсыныс жасайды.

Пржевальскийді бұл кезде жұртшылық жақсы біле бастаған еді, сондықтан оның құрған жоспары, ұсыныстары жоғарғы орындарда қабыл алынып, көптен ойлаған тілегі жүзеге аса бастайды.

Оның тілегінің тез орындалуына себеп болған тағы да ғалымның ескі достары болды. Сол достарының көмегімен 1867 жылы, қаңтар айының ішінде Пржевальский Варшавадан зор қуанышпен Петербор қаласына келеді. Бұл жерде ол көп уақыт болмайды, өйткені жоғарғы штабпен география қоғамы қаулы шығарып, оны Қиыр Шығыс өлкесін зерттеуге жіберуді ұйғарып қойған болатын.

Петерборге келісімен Пржевальский ең алдымен атақты географ П.П. Семенов-Тяньшанскийге жолығып, онымен танысуды өзіне міндет санайды. Орыс географтарынын, атасы П.П. Семенов-Тяньшанский ол кезде география қоғамының беделді адамының бірі еді, өзінің жас әріптес және көптен география қоғамының мүшесі Пржевальскийді ол тек сырттан жақсы білетін. Сондықтан, ол Пржевальскийді аса жылы жүзбен қарсы алып, болашақ ғылыми зерттеу жұмыстары туралы терең әңгіме жасайды. Пржевальский өзінің жасаған жоспарын, ғылыми зерттеу жұмыстарын қалай жүргізу туралы пікірін айтқанда, П.П. Семенов-Тяньшанский оны қатты ұнатып, жас ғалым Пржевальскийден зор үміт күтеді. Пржевальскийдің алғашқы адымы туралы берген бір сынында П.П. Семенов-Тяньшанский былай деп жазады: «Бұл жаратылысы күшті, дарынды жас жігіт, кейін одан асқан ғалым, саяхатшы шығуына күдік жоқ», —дейді. Ол Пржевальскийді бірінші рет көргенде, оған ерекше көңіл қойып, оның ғылыми зерттеу жұмыстарының жемісті болуы үшін бірталай кеңестер айтады. Оның үстіне, сапар жүргенде оған көмек көрсету үшін Қиыр Шығыс өлкесіндегі беделі бар адамдарға хат жазып береді.

Ғылым жорығына жаңа аттанып тұрған Пржевальскийге Семенов-Тяньшанский сияқты ұлы ғалыммен жолығып, ауызба-ауыз сөйлесу оның өміріндегі ерекше бір кезең болады. Бұрын оның ойында қиял болып жүрген тілектері енді іске аса бастағаны айқын көрінеді. Орыс география ғылымының екі алыбы осы жолыққанның өзінде болашақтағы ғылыми жорықтардың торабын айқын суреттеп, география ғылымында талай жаңалық ашудың мақсатын топшылаған еді.

Бұл қуанышты жолығудан кейін Пржевальский жол жабдығын қамтамасыз етіп, ақпан айының соңғы күндерінде ұзақ және қиын сапарға шығады. Ол кезде бар көлік ат пен түйе ғана еді. Саяхатшының жолында созылым Орал тауы, Сібірдің қалың тайгасы жатады. Осының бәрінен ол бір айдың шамасында әзер дегенде өтіп, тек наурыздың соңғы күндерінде ғана Иркутск қаласына жетеді. Иркутск ол кезде Шығыс Сібір мен Қиыр Шығыс өлкесінің әкімшілік орталығы еді. Мұнда Пржевальский екі айдай дайындық жұмысымен бөгеліп, ақырында мамырдың 26 күні Қиыр Шығысқа тартады.

Ол кезде Қиыр Шығыстағы ең бай өлке Уссури аймағы болатын. Ол Ресейға 1860 жылы қосылды. Сондықтан, оның жері, суы, жаратылыс байлығы, географиялық көлемі зерттелмей соны жататын.

Саяхатшы бұл өлкені қалай зерттей бастағаны туралы өзінің күнделік дәптеріне бірінші рет былай деп жазады: «Әрбір адамның көп қиындықтан кейін тілеген мақсатына жеткенін көрсететін, оның ойында мәңгі қалған бір ардақты күні болады ғой. Мен үшін ондай ұмытылмайтын күн 1867 жылдың 26 мамыр еді. Бұл күн менің Уссури өлкесінде зерттеу ісін жүргізу үшін барлық жол жабдығымен Иркутск қаласынан аттанып, Байкал көлі арқылы жүретін жолмен Амур өзеніне қарай беттеген күнім еді», — дейді.

Пржевальскийдің жолында әдемі Байкал көлі, Аргунь, Селенга, Уда, Амур өзендері жатады; одан әрі толықсып аққан Уссури, Сунгари өзендері кездеседі. «Ауыздығымен алысқан аттар, — дейді саяхатшы, — пәуескені ұшырып келеді. Алдымыздан дүркін-дүркін өтіп жатқан тау-тас, орман, үйіріліп аққан сансыз өзен, кең жазық. Анда-санда орыс деревнясы мен буряттың ауылдары кездесіп қояды... біркелкі тоқтаусыз жүріспен мың шақырым мөлшеріндей болатын Байкал өлкесін бірнеше күннің ішінде-ақ өткен едік».

Пржевальскийдің көңіл бөлген жерінің бірі атақты Хинган тауы мен Сихотэ-Алинь таулары болады. Оның өз айтуы бойынша, Байкал көлінен кейін оған аса қуаныш берген, әсіресе, Қиыр Шығыстың кең байтақ өлкесі, оның ішінде Ханка көлі. «Жерінің шүйгін, шұрайлылығына қарағанда, — дейді саяхатшы, — Уссури өлкесіндегі жердің ең құнарлысы Ханка көлінің маңайы. Бұл келешекте қала салуға да аса қолайлы жердің бірі. Мұның қара топырағы егін салуға да артық күш керек қылмайды», — деп жазады.

Пржевальский Уссури өлкесін екі жыл бойы (1867-1869) шарлап, оның тау-тасын, суын, ауа райын, ландшафтын зерттейді. Неше түрлі кездескен қиыншылық, аштық, қауіп-қатерге қарамастан Уссури даласын кезіп, ғылымның бірнеше саласына жататын көптеген мағлұмат жинап алады. Оның ішінде геология, ботаника, география, археология, зоология туралы көп деректер болады. Сол ерінбей кезудің қортындысы ретінде саяхатшы 1870 жылы «Уссури өлкесіне саяхат» деген көркем тілмен жазылған өзінің алғашқы зерттеу еңбегін шығарып, оны көпшілік алдына тартады.

Өзінің отанын ерекше сүйетін ер көңілді, жарқын жүзді Пржевальскийге Уссури өлкесі сондай ыстық, сондай қызықты көрінеді. Ол осы сапардан қайтар күнінде өзінің күнделік дәптеріне былай деп жазады: «Екі жыл бойы еркін шарлап, талай қызыққа батқан өмір — тек түс сияқты өте шықты. Қош Ханка! Қош бүкіл Уссури өлкесі! Сенің сыңсып жатқан қалың орманыңды, жойқын суларыңды, тамылжып тұрған бай табиғатыңды, мүмкін, енді көре алмаспын. Бірақ сенің бауырыңда сайрандаған қызықты күндерім ешуақытта есімнен кетпес».

1869 жылы қазан айында Пржевальский Уссури өлкесінен Иркутск қаласына қайтып келеді. Бұл жергілікті халық үшін бір мерекелі күн сияқты болады. Оның екі жылдық саяхаттан есен-сау қайтқанын олар үлкен сән-салтанатпен қарсы алады, үсті-үстіне құттықтаулар жауады. Қазаның 29 күні география қоғамының Сібірдегі бөлімі салтанатты жиылыс ашып, Пржевальскийдің экспедициясы туралы баяндамасын тыңдайды. Ол өзінің әдетінше, баяндамасын өте қызықты, халықты еліктіре тыңдайтындай етіп жасайды. Пржевальскийдің сөйлеген сөзіне, істеген ісіне тыңдаушының ұюы сонша, оның сөзі кейін Сібір жұртшылығының аузында көп уақыт мәтел болып жүреді.

Сөйтіп, ісі жемісті, көңілі қуанышқа батқан Пржевальский Сібірде көп айналмайды. Көптеген ғылыми табыстармен 1870 жылы қаңтар айында Петерборға қайтады. Саяхатшының қайтуын мұндағы достары мен ғылыми орындар көптен күткен еді. Оның келуін зор қошеметпен қарсы алады. Оның ұзақ сапарда басынан кешірген қиыншылықтары, арып-ашқан күндері мүлде ұмытылады. Ол екі жыл бойы жүргізген жұмысы туралы география қоғамында баяндама жасауға кіріседі.

Пржевальскийдің зерттеген ғылым саласы өте көп еді, сондықтан оның барлығын тұжырып, бір баяндамаға сыйғызып айту, әрине, мүмкін емес. Зерттеген заттарын бірнеше салаға жіктеп, жаз шыққанша көптеген баяндама жасайды.

Баяндамаларында Пржевальский өзінің кім екенін атақты ғалымдарға айқын танытады. Баяндамалардың тілі ашық, көркем болуымен қатар, ғылыми заттарды тап-тапқа бөліп айқындауы астана ғалымдарына, оның ішінде география қоғамының мүшелеріне зор әсер етіп, олар Пржевальскийдің жаратылысты тәжірибе жүзінде зерттеуші үлкен ғалым болғанына таңданады.

Шалымды, алғыр Пржевальский бұл ғылыми табыстарын тек қана баяндама мен мақала түрінде қалдырмай «Уссури өлкесіне саяхат» деген белгілі еңбегін шығарып, география ғылымына мәңгі бекітеді. Осыдан былай қарай Пржевальскийдің өзгемен ісі болмайды, ғылым жолына бүтіндей беріліп, география қоғамының белгілі бір қайраткері болып саналады. П.П. Семенов-Тяньшанский оны 1870 жылдан бастап «Географиялық қоғам төңірегіндегі өз кісіміз болып табылған еді» — дейді.

МОНҒОЛИЯ САЯХАТЫ

Күш-қуаты мол, қажымайтын ер Пржевальский Уссури өлкесінде өткізген саяхаттың нәтижесін місе тұтпайды. Енді көп жылдан бері қиял еткен негізгі ойларын жүзеге асыруды қолға алады. Оның негізгі мақсаты: Монғолия, Батыс Қытай, Тибет өлкесін аралау болады. Бірақ, география қоғамына жасаған ұсынысында ол зерттеу жұмысының алғашқы кезеңдерін біраз тұжырып көрсетеді. «Мені көбірек қызықтыратын, — дейді ғалым, — әсіресе, Қытайдың солтүстік шетімен, Оңтүстік Монғолияның шығыс жағы. Бұл жерлерді еуропалықтардан ешкім келіп зерттеген емес. География мен жаратылыс тану үшін бұл жерлерді зерттеудің маңызы өте зор. Петерборға келіп жатқан Қытайдағы елшіміз Влангалидің айтуынша, «бұл алыс жатқан жерге ғылыми зерттеу жұмысы мен баруға бөгет болатындай кедергі жоқ сияқты. Егер география қоғамы бұл айтқан өлкелерге жіберуді өз тұсынан мүмкін деп тапса, ол күнде көмек ретінде менде өз жанымнан жыл сайын мың сомнан қосып тұруды ұсынар едім, бірақ экспедицияның мерзімі үш жылдан кем болмауы керек. Тағы бір мәселе, егер бұл сапарды жүзеге асыруда менің істеп жүрген қызметіме бөгет жасайтын болса, мен одан мүлде босанып, барлық өмірімді ғылым жолына сарып етуге дайынмын», — дейді.

Пржевальский бұл ұсынысында ғылым зерттеу жұмысына аса баға беріп, оны терең түсінген, тәжірибесі күшті екенін көрсетеді.

Өз отанының ғылымын көркейтіп, оған жаңалық келтіруді мақсат еткен саяхатшы ол үшін өзінің дүниесінде, қызмет орнында аяғысы келмейді, оның барлығын сол іздеген мақсат үшін құрбан етуге дайын тұрғанын білдіреді.

Саяхатшының алдына қойған бағыты осы тәрізді ашық, маңызы зор болған соң, география қоғамы оның ұсынысын қарсы алып, экспедицияны тез жөнелту жабдығына кіріседі. Ол үшін ең алдымен Семенов-Тяньшанский мен Пржевальский екеуі бірігіп, экспедицияның толық жоспарын жасайды. Ол жоспар бойынша экспедицияның бұл жолғы негізгі мақсаты Орта және Ішкі Азияның географиялық ерекшеліктерін зерттеу, оның ішінде Гоби, Алашань, Ордос, Ганьсу өлкелері, Кокунор көлі болады.

Пржевальский экспедициясын толық жабдықтап, жол қаражаты мен қамтамасыз етілген соң, 1870 жылы, 20 шілдеде Петербордан шығып, Сібірге қарай беттейді. Қасына Варшавадағы юнкер мектебінде оқыған өзінің сенімді шәкірті Пыльцовті ертіп алады.

Арада үш айдан аса жол жүріп, тек қараша айында ғана ол Ресей мен Қытай мемлекетінің шекарасындағы Кяхта қаласына жетеді. Мұнда экспедициясын бірнеше күндей жаңадан жабдықтап, одан кейін Урга (біздің заманымызда Монғолияның астанасы Ұлан-Батор) қаласына беттейді.

Бұрын көрмеген жат жерде экспедицияның мақсатты жұмысын жүзеге асырып қайту өте қиын тиеді. Пржевальский мұны біле тұрса да, ешбір қауіп-қатерді керек қылмай, ғылыми жаңалық ашқанды ұлы мақсат көреді. Саяхатшы өз отанының шетінен өткен соң, қауіпі көп ұзақ жолға бара жатып, өзінің күнделік дәптеріне былай деп жазады:

«Егер осы сапардан отаныма қайтуды маған жазбаса, менің барлық қағаз, коллекцияларымды қасыма ерген жолдасым жоғалтпай жеткізер деп сенемін», — дейді.

Бұл, әрине, жаратылыстың сырын ашып, оның жемісін көпшілік алдына тартуды мақсат еткен ғалымның әрі ұзақ, әрі қиын сапарға бара жатып айтқан жан-күйінің сыры.

Қыстың жаңа басталып келе жатқан қараша айының ішінде саяхатшы Кяхта қаласынан шыққан соң, бөгелмей, аз күннің ішінде Урга (Ұлан-Батор) қаласына келеді. Ұлан-Батор ол кезде бүгінгідей сәулетті, қызықты қала емес, түрі астанаға ұқсамайтын, көшесі лас, нашар қала еді. Онда діни орындар, қытай саудегерлерінің жатаған фанзасы ғана болатын. Ал, бұдан басқасы түгелімен киіз үйлер еді. Сөйтіп, қаланың сыртқы түрі үлкен қыстақ тәрізді көрінетін. Оның бұл көрінісі саяхатшыға жақсы елес бермеді, ол көргенін сол қалпында жазып отырады.

Урга қаласында бірнеше күн болған соң, ол қараша айының соңғы кезінде Азияның тұйық жатқан жерлеріне бет алып шығады.

Урга қаласының тұрған жері Хан-ула тауының солтүстік шеті, Толы өзеннің бойы. Биік тау мен қалың ормандар осы жерден бітеді де, саяхатшының алдынан енді алыстан мұнартқан бұйраттар мен созылып жатқан шексіз дала көріне бастайды.

Сары дала жапан түзде, көне замандағы елдердің қарым-қатынасының дәлелі болғандай, ұзыннан—ұзақ созылып жатқан керуен жолы. Бұл жолмен ерте кезде Ресейден Қытайға баратын елшілер жүрмесе, Еуропа жұртынан ешбір ғалым жүріп көрген емес. Пржевальский жапан түздің «кемесіне» — бір топ түйеге жүк артып келе жатқан Урга мен Қалған қаласының арасындағы керуен жолы осы жерде жолдың ең үлкені. Оның алдынан ұшы-қиыры жоқ құба жон, созылып жатқан монғолдар «Гоби» деп атаған шөл дала басталады.

Бұл жерде анда-санда кездесетін көшпелі моңғол ауылдары болмаса, қоныстап отырған ел болмайды. Жолаушының көзіне молырақ түсетіні тек жүйрік ақбөкен мен қарақұйрық сияқты аңдар ғана. Құлазып жатқан ескі жолда мыңдаған түйені тізбектеп керуендер күн сайын Қалған қаласынан Кяхтаға қарай өтіп жатады.

Мұндай шөл далада керуендердің біріне бірінің кездесуі — зор қуаныш. Жапан түзде келе жатқан жолаушылар бірін-бірі көргенде жөн сұрасып мәз-мейрам болып қалады.

Гоби - дүниедегі ең үлкен шөлдің бірі. Оның бір шетінен екінші шетіне шығу оңайлықпен түспейді, адамның өмірін өксітіп, жүзін сарғайтатын өте қиын жер. Мұнда көңіл жадырататын көркем табиғаттың ешбір сілемі жоқ, бет-аузын баялышпен қармық басқан құба жон тіршіліксіз жатады, жер реңкі бір қалпынан өзгермейді.

Алайда, ертегілі сырға бөленген Гоби даласын басып өту Пржевальскийдің көптен қиял еткен бір ісі еді. Сондықтан ол асығу, не жапан түз деп қауіптену дегенді білмейді, күндегі дағдыланған әдетінше бір жерге қонып, бір жерге түстеніп, шөл даланы зерттейді.

Сөйтіп, ол ұшы-қиыры жоқ Гоби даласынан да өтіп, Қытай мемлекетінің шекарасына таянады. Неғұрлым оңтүстікке, Қытай жеріне жақындаған сайын, соғұрлым жер түсі өзгеріп, Гобидың түсі суық даласының орнына енді оңтүстіктің ажарлы табиғаты көріне бастайды. Ол қытай елінің «Ұлы қамалына» тіреледі.

Бұл атақты қамалдың тұрғызылғанына екі мың жылдан асты. Оның ұзындығы бес мың шақырымға созылып, Монғолия мен шектесетін Қытай жерін тегісімен орап жатады. Қамалдың солтүстік шеті Манчжурия жерінде басталса, оңтүстікте Сары-өзеннің (Хуан-Хэ) басы, Ганьсу, Алашань өлкесіне дейін барады.

Желтоқсанның 24 күні саяхатшы бұл қамалдан өтіп, Қытай мемлекетінің шетіндегі Қалған қалаға келеді. Бұдан соң Пржевальский Қалған қаласынан шығып Пекинге қарай сапар шегеді. Өйткені, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін оған сол елдің паспортын алу керек болады. Жолшыбай қытай шаруаларының тұрмыс салтына, рухани тіршілігіне аса назар аударып отырады. Сөйтіп, 1871 жылдың қаңтар айының 2 күні Пекинге келеді.

Бұрынғы жоспары бойынша Пржевальский Пекин қаласында көп айналмақшы емес те, ол тек ұзақ жолға аттану үшін экспедициясын жабдықтап, жол басшы кісі және паспорт алып кетпекші еді. Бірақ мұның бәрін Пекин қаласында толық ұйымдастыруға болмай шықты. Уақытын бос өткізбеу үшін ол енді Гобидың шығысындағы Далайнор көлін зерттеп қайтпақшы болды. Бұл Монголияның Қытай жақ шетін ала жатқан өлкесі.

Оның жерінің түсі, өсімдік түрлері Гоби даласына ұқсамайды, одан көрі Манчьжурия өлкесінің жаратылысына жақын. Дегенмен, Шығыс Гобидың жаратылысы, ауа райы тәуір деп айтуға келмейді. Бұл жердің ауа райы өте құбылмалы, борандатқан қара дауыл бір көтерілсе, тынбастан бірнеше күн соғудан жалықпайды. Мұның бәрі Пржевальский үшін үлкен жаңалық. Осының бәрін ол қылға тізгендей өзінің дәптеріне жазып отырады.

Шығыс Монголия жерінде екі ай шамасындай болған соң ол сәуір айында тағы да Қалған қаласына қайта келіп, ат көлігін, түйесін, қасына ерткен адамдарын жаңартып алады да өзінің мақсат еткен ұзақ сапары Азияның байтақ даласына аттанады. Сол күндерде күнделік дәптеріне жазғаны: «Міне нағыз экспедиция енді басталады. Болашақтың қандай болатынын болжап айту өте қиын. Қай жерде жүріп, қандай халде болатынымыз бүтіндей белгісіз. Бара жатқан жағымыз бұрын көрмеген жат жер. Монғолдарға қанша ақша берсең де қорыққаннан барғысы келмейді».

Саяхатшы экспедициясын толық жабдықтап болған соң, қасына Пыльцов пен екі атты қазақты ертіп, мамырдың 3 күні Қалған қаласынан аттанып, Орта Азияға қарай бет алады. Оның алдында Коку-хото (Көк-сеңгір), Шара-хада (Сары-қия), Суме-хада (Суме-қия) дейтін сеңгір таулар жатады. Бұл жерлерді мекендейтін, көбінесе, көшпелі монғолдар. Сонымен қатар некен-саяқ қытай қыстақтары да кездесіп тұрады. Бұл таулардың ішіндегі ең көркем Суме-хаданың бауыры толған арқар, құлжа, таутеке. Пржевальский осы таудың етегіне біраз тоқтап, аң аулап, сейіл құрады.

Одан әрі Сары-өзенге (Хуан-Хэ) қарай үңіліп тұрған атақты Инь-Шань, Муни-ула тауларын кезеді. Ол жердің табиғаты бұрын көрген таулардан сәл өзгешерек. Олардың іші бір жағынан сыңсып тұрған қою орман болса, екінші жағынан жақпар-жақпар қия тастар болады. Инь-Шань тауының бұл ерекшелігіне қарай оның толған аңдары да ерекше көзге түседі. Онда көп кездесетін киік, елік, ал қия тастарын мекендейтін сұңқар.

«Муни-ула тауының басына шығу — көңілге шаттық сезімін тудыратын істің бірі, — дейді саяхатшы. — Оған шықсаң алыстағы жердің бәрі көз алдыңа келіп, аяғыңның астында тұрғандай болады. Таудың аспанмен тілдескен биік шыңы, бай табиғаты маған артықша әсер етті. Мұндай жерлерге мен жиі тоқтап, шың басына шығып, маңайдағы меңреу далаға барынша назар аударып, көз жіберетінмін».

Муни-ула тауынан оңтүстікке қарай асып түскен соң ландшафт бүтіндей өзгеріп, оның алдынан енді сағымдалып жатқан жойқын жазық басталады. Бұл жазық Сары-өзеннің (Хуан-Хэ) бойына түскенінің белгісі еді. Осы таулы жерде тағы аңдардың орнына дамылсыз сайраған бозторғай мен егін жай, көп қыстақтар кездеседі.

Сары-өзеннен оңтүстік-батысқа қарай Ордос, Алашань, Ганьсу өлкелері созылып жатады. Олар өткен дәуірде көп елдің тағдырымен байланысқан тарихи жерлер болатын. Ол жерлерді адам баласы ерте кезден қоныс етіп, оның байтақ қойнауларына мал толтырып, өзен бойындағы көгалды өлкелеріне егін еккен.

Саяхатшы осы айтқан өлкелерді зерттеу мақсатымен Ордос, Алашань, Ганьсу бойына беттейді. Сөйтіп, шілде айының ішінде Сары-өзеннің (Хуан-Хэ) бас жатында тұратын Бауту қаласына келеді.

Бауту - саяхатшының бұл өлкеде бірінші рет кездестірген үлкен қаласы. Ол Сары-өзеннің сол жақ жағасында, Муни-ула тауына қарама-қарсы тұрады. Пржевальский қала халқымен, оның өмір тіршілігімен танысып болған соң, көп кідірмей, Сары-өзеннің басына қарай өрлейді.

Сары-өзен мыңдаған жылдар ертегіге бөленген, оны қытайлар «Хуан-Хэ» дейді. Оның тек Алашань тауынан ағып түсетін жері болмаса, өзге арнасы тегісімен кең алқап, сай-сала, жазғытұрым су тасығанда ол арнасынан шығып, көп жерге жайылатын болғандықтан жан жағы көкмайсаға бөленіп тұрады.

Сары-өзеннің бойы тастақ емес, көбінесе жұмсақ топырақ, балшықты келеді. Сондықтан ол біздің Амудария сияқты кейде жаңа арнаға түсіп отырады.

Сары-өзеннің бұл құбылысы Пржевальскийдің саяхатына дейін география ғылымында мүлде белгісіз еді, зерттеу нәтижесінде Пржевальский Сары-өзеннің көп заманнан омсырайып жатқан ескі арнасын ашып, география ғылымына күрделі бір жаңалық қосады.

Сары-өзен үйріліп ағатын терең болғандықтан одан ауыр жүкті керуен түйелерін өткізу Пржевальскийге оңай болмайды. Ол күнде Сары-өзеннің Бауту қаласы тұрған маңында көпір деген болмайтын, бар болғаны тек қана ескірген көне қайықтар. Оны Бауту қаласындағы қытайдың кедейлері не жатақтағы монғолдар жүргізетін.

Жер түсіне қарағанда Ордос жан-жағын Сары-өзен орап жатқан кең төскей. Оның келбеті өзен бойындағы ойпат жерге ешбір ұқсамайды. Климаты көтеріңкі жері салқын, биік төскей, мұнартып жатқан кең үстірт. Оның жан-жағын алыстан көтеріп қоршап тұрған биік таулар, бұйрат адырлар. Ол таулардың ішіндегі ең сәулеттісі Шара-хада, Суме-хада, Нарын-ула, Муни-ула тауларының батысын ала шөгіп жатқан көк сеңгір Арбус-ула, Алашань таулары. Дегенмен, Ордос өлкесінің көгалды жерінен шөл даласы басымырақ, Сары-өзеннің оң жағы сіресіп жатқан атырау құм, оның кейбір барқын бұйраттары тұтасқан бетімен Алашань құмына барып ұштасады. Мұндағы құмдарды монғолдар «Кузупчи» деп атайды, оның сыртқы келбеті Қазақстандағы Мойынқұмға ұқсас.

«Тау-тау болып үйіліп жатқан бұл құмдардың ортасына барғанда, — дейді саяхатшы, -—адам қатты булығып, еңсесін көтере алмайды. Өйткені, төңіректі басып жатқан құм мен төбеңдегі аспан болмаса көзге жылы тиер дәнеңе жоқ. Бар көретінің құмның бетін шарлайтын сары-кесіртке, одан өзге не өсімдік, не аң дегенді көрмейсің. Ешбір тіршіліктің сілемі болмаған соң бұл жойқын құмның ортасында адам өзін бір қапасқа түскендей көреді. Маңайың мүлгіп тұрған меңіреу дала, оны жаңғырықтыратын ешбір дыбыс жоқ, ең ақыры шегірткенің даусы да естілмейді».

Осында аңнан кездесетін тек қарақұйрық (моңғолша қара-сульти). Бұл жайран деп аталатын әдемі киіктің бір атасы Гоби, Алашань, Ордос, Цайдам өлкесінде тараған аң. Тек жағынан алғанда бұл аң Қазақстан өлкесінде мекендейтін қарақұйрықтан еш бөтендігі жоқ, оның денесі, түрі-түсі, мінез-құлқы, жүрісі ұқсас. Ол өте сақ аң болғандықтан адамнан қатты сескенеді, көгалды жерге жоламай, көбінесе, жапан түз, шөл далада жүреді.

Сары-өзеннің басы мен Ордостың көгалды өлкесі Ішкі Азиядағы ең шұрайлы жердің бірі. Қытай тарихының дерегі бойынша, біздің заманымыздан үш ғасыр бұрын Ордостың байтақ жайлауы үшін ғұн мен қытайлар арасында талай рет қыртын соғыс болып, ол оқиға кейін халықтың аузында аңызды әңгімеге айналып кеткен. Пржевальский Ордос бойындағы жердің тек жаратылыс түрлерін зерттеп қана қоймай, ол жерді қоныстайтын елдердің рухани тіршілігіңді бақылап, олардың тарихи аңызды әңгімелерін жазып алып отырады.

Ордос өлкесінде бірнеше уақыт болып, оның елі, географиялық жағдайымен танысып болған соң, Пржевальский қыркүйектің 2 күні Сары-өзеннің Алашань тауынан ағып түсер жерінде тұратын Дэнкоу қаласына келеді. Ондағы ойы Сары-өзеннің батыс жақ бетіне қайта өтіп, Ішкі Азиядағы ең атақты Алашань шөлін зерттеп шығу.

Алашань Гобидың оңтүстік жағымен тұтасып, түтеп жатқан ақшағыл құм. Оның ұшы-қиыры батыстан шығысқа дейін көлемі мың шақырымға созылады.

Алашаньның құмы жетіп келген жолаушының өмірін өксітетін аса мейрімсіз жер. Пржевальский бұл туралы былай дейді: «Алашань жүздеген шақырым жерге созылып жатқан жойқын құм. Бұл құм өзінің ауа айналып түсетін ыстығымен жолаушыны тұншықтырып өлтіретін, не долдана соққан құмды боранымен басып қалатын аяусыз жер. Бұл құмның кейбір жері тау-тау болып шөгіп жатады. Сондықтан монғолдар оны «тәңірі» деп атайды. Бұл жерде бір тамшы су болмайды, сондықтан ұшқан құс пен жүгірген аңды ешуақытта көре алмайсың. Сұлқ жатқан мылқау жаратылысты көргенде, бұл жерге келген кісінің үрейі ұшып, жүрегі қабынан шыққандай болады».

Алашань бірыңғай сырғып жататын көшпелі құм.

Оның бетінде өсімдік өте сирек кездеседі. Оның кейбір қойнауларында сексеуіл мен құмаршық ғана болады. Монғолдар «сульхир» дейтін құмаршық суды керек қылмай, шағыл құмның өзіне шығатын аса қоректі өсімдік. Шөл кезген саяхатшыны аштан өлтірмеу үшін жаратылыс оны бұл жерге әдейі арнап шығарған тәрізді. Өйткені, оның биік сабағы да, дәні де түйе мен адамға қорек болады. Пржевальскийдің өзі және жолдастары астықтары таусылғанда осы құмаршықтың дәнін жеп күнелткен. Құмаршықтың дәнінің пісіп жетілетін кезі күзгі айлар. Бұл кезде монғолдар оны қап-қабымен жинап, қысқа сақтап қояды.

Пржевальский Алашаньның құмына күзгі салқын түсе бастаған кезде келіп, оны аралап өту бұл жолы онша қиындыққа соқпады. Бірақ от пен судың тапшылығы жолаушыны қалайда зарықтырмай қоймайды. Жойқын құмды бірнеше күн кезіп қажыған соң, ол енді бетін шығыста мұнартып тұрған Алашаньның құз тауларына бұрады.

Алашань таулары Азиядағы ең сәулетті көркем жердің бірі. Оның аспанмен тілдескен биік шыңдары, көкке бойлап тұратын қызыл сораң жақпар тастары, сылдырап ағатын күмістей тасқын сулары жолаушының жүрегіне еріксіз әсер етеді. Бұл тау жапан түздің ортасына әдейі қолмен қойғандай ақ. Оның басына шықсаң бір жағынан Алашаньның құмы тұнжырап көрініп тұрса, екінші жағынан Сары-өзеннің үйіріліп аққан суы аяқ астында жатады.

Бұл жердің арқарды жергілікті монғолдар «куку-яман» дейді. Біздің Алатауда жүретін арқар тәрізді куку-яман да өте сақ, сергек аң. Ол күндіз көбінесе таудың құз тастарында бекініп тұрса, кеш түскенде отауға шығады. Қия таста тұрғанда куку-яманда қозғалу деген болмайды, тек анда-санда ғана жан-жағына қарап қоятын әдеті бар.

Пржевальский Алашаньның асқар тауларына, оның бауры толған аңына қызыққан соң, бұл жерде екі жұма жатып, тау кезіп, аң аулау қызығына түседі. Бұл туралы өзінің күнделік дәптерінде былай деп жазған: «Алашань тауында болған күндерде мен жолдастарымды ертіп, ылғи арқар аулау қызығына салындым. Ой-шұңқыры көп, жат жерді біле қою өте қиын. Сондықтан басшылыққа бір аңшы монғолды ертіп алған едім, ол бұл жердегі таудың қуыс-қуысын, арқардың (куку-яман) мінез-қылығын өте жақсы біледі екен. Біз ерте тұрып, күн шыға бастаған мезгілде таудың биік шыңдарына көтеріліп шықтық. Жадыраған ашық күндері төңіректегі жаратылыстың мүлгіп тұрған кезінде биіктен төмен қарай қарасаң тау етегі адамға бір сұлу дүние болып суреттеледі. Алашань тауының шығыс жатында Нинся қаласының маңайы тізген меруерттей жалтырап жатқан сансыз көл, одан әрі мың құбылып аққан Сары-өзен. Таудың батыс жағына қарасаң ұшы-қиырына көз жетпейтін жойқын құм мен шөл даланың суреті көз алдыңда тұнжырап жатады. Мелшиіп жатқан тау-тау құмның арасында анда-санда дөңгеленіп көрінетін көгалды сызаттар. Төңірек құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Мүлгіп тұрған тау ішінің тынышын кетіретін тек қана ауық-ауық шақыратын мұйғақтың дауысы».

Алашань тауын кезгенде Пржевальскийдің аса бір таңсық көріп, құмартқан нәрсесі жоғарыда айтқан «куку-яман». Бұл хайуанның тіршілік етуі тек тау-тастың, құз жартастың ортасында өтетін болғандықтан, оған бір қиядан екінші қияға орғуға түсу дағдылы іс болып кеткен. «Бір нәрсенің қарасын көріп үріккен арқар, — дейді ол, — бетің бар, жүзің бар демей, асылып тұрған қия тастан төмен қарай секіргенде: апыр-ай, бұл сияқты үлкен хайуан оқ жетпейтін шың жартастан қалай ұшып түседі екен деп, адам таң қалады. Оның үстіне куку-яман быртық аяғымен-ақ қия тастың сорайып тұрған ең үшкір басына шығып тұрып алады. Кейде сораң тастың ілініп тұрған сынықтары орғып қашқан хайуанның салмағын көтере алмай құлап, төмен қарай домалап түседі. Ол одан әрі секіріп, бір қиядан екінші қияға орғып кетіп бара жатқанын көресің».

Қазан айы басталып, қыс мезгілі таянып келеді. Жаз бойы жапан түзді кезіп, жаратылыс пен аң тіршілігін зерттеген ғалымның киімі тозып, азығы азайды. Бірақ оның арып-шаршап қиындық көрген кездері далаға кеткен жоқ. Азияның көп жерін аралап, оның географиялық ландшафтысын, өсімдік ерекшеліктерін, жануарлар өмірін жете зерттеп, олар туралы көп мағлұмат жинап алады. Ұйқыдан оянып тұрысымен не көрсе соны бұлжытпай жазып алу — Пржевальскийдің әдетті ісі еді. Кейбір сирек жолығатын заттарды тек қана жазумен қанағаттанып қоймай, оның суретін де түсіріп отыратын.

Пржевальский Алашань тауынан шығып, оның етегіне таяу тұрған Динь-Юань-инь деген қалаға келіп, біраз тыныс алмақшы болады. Бұл қала Алашань өлкесінің әкімшілік орталығы, үлкен ескі қала еді.

Бұл өлкені басқаратын амбан (бек) көп жерде болған, көпті көрген кісі екен, ол Пржевальскийдің алдынан даяшы шығарып, құрметпен қарсы алады. Бірақ Пржевальскийдің жазуына қарағанда, Алашаньның бегі жергілікті елдің бұқарасын аяусыз қанайтын барып тұрған қансорғыш. Ол феодализм дәуірінде болатын кертартпа, парақұмар, мансапқор, қол күш жұмсап, бұқара көпшілігін өзіне бағындыратын нағыз қанаушының өзі болады.

Бірыңғай халықты езіп тіршілік жасап, ылғи сонымен масаттанып отыратын болған соң, оның жеке басының қамы да өзгеден басқарақ болады. Қалада және оның сыртында өзіне арнап салған сәулетті сарайлар, жайнап тұрған бау-бақша — бәрі соның меншігінде болады.

Алайда, Ганьсу мен Алашань өлкесінің бұқарасы ұлы орыс халқына көрсеткен достық ретінде, оның ардақты ғалымы Пржевальскийді зор қуанышпен қарсы алып отырған соң, жергілікті бегі бұл жағдайдан асып кете алмайды.

Дегенмен, жаз бойы дала кезіп, арып-ашып жүдеген кісіге Алашань өлкесінде ұзақ жатуға болмайды. Оған қыс жабдығын қамтамасыз ету керек. Сондықтан, ол қазан айының ортасы кезінде Динь-Июань-инь қаласынан аттанып, енді Пекинге жол тартады.

Күзгі лайсаң қыс түсіп келе жатқан кез. Алашаньның жапан түз даласынан Пекинге жеткенше талай қиындықты бастан кешіріп, қыстың үскірік аязына шыдап келеді. Бұлардың жүріп келе жатқан жерінің көбі таныс, ол бұрын көрген Нарын-ула, Муни-ула таулары, Сары-өзеннің сол жақ беті. Тек ғылыми зерттеу мақсатымен ол Нарын-ула тауының теріскей бетін ғана шолып өтпекші болады.

Қараша айының бас кезінде жолаушылар Сары-өзеннің алабын кесіп өтіп, Оңтүстік Гобидің биік жотасына көтеріледі. Неғұрлым жазықтан өтіп, биік дөңеске өрлеп шыққан сайын күн суытып, шатынаған аяз жолды бөгей бастайды.

Мұндай жағдайда шатыр тігіп, түнеп шығу да қиын, әсіресе жағатын отын мен көліктің азығы табылмаса. Түйелер қатты жүдеп, кейбіреуі жүруге жарамай жолда қалады. Алайда, бұл қиыншылықтың барлығын Пржевальский елемейді, оған ешбір мойымайды. «Гобидің даласын еске түсіргенде, — дейді ол, — ойымнан кетпейтін бір нәрсе: кешке таман күннің шапақтап батқанымен, түннің бірте-бірте аспанды жапқаны еді. Бұл кезде біз күндегі әдетіміз бойынша түйелердің жүгін түсіріп, жердің қарын аршып, шатыр тігіп жататынбыз. Бұдан кейінгі күрделі мәселе отын табу. Қасымдағы атты қазақтың біреуі жақын арадағы монғол ауылына орасан қымбат болса да тезек (арғал) сатып алуға кетті. Тезекке біз өте қымбат төлеп жүрдік, бірақ соның өзі бізге жәй табылғанмен бірдей болып көрінуші еді. Өйткені кейде тезекті мүлде сатпай қойған күндері де болды, бізге ең қиын тиетіні осы еді. Бір күні мұқым дәнеңе табылмай, түйенің ашамайын жағып, шай қайнатып жан шақырдық. Бұл күні боран мен үскірік аязға қарамай, отыз шақырым жер жүрдік.

Қыстыгүні шатырға от жақсаң едәуір жылу береді, жылынатын көбінесе дененің отқа қараған жағы. Бірақ шатырдың іші түтінге толып, көзді ашытып, берекені кетіреді. Ал желді күні тіпті отырғызбайды. Ол кезде жеп отырған ет аузыңа барғанша қатып, қол мен аузың майға сіресіп тұрады, оны жай кетіріп болмайды, тек пышақтың жүзімен қырып түсіресің».

Күндіз тоңып шаршап келген жолаушылардың түн ұйқысын бұзатын қасқыр. Даладан аң таба алмай ашығып жүрген тау қасқыры көліктердің иісін алыс жерден сезеді. Қыстың боран-шашынды күндерінде олардың құтырынуы сонша, атқан мылтықтың дауысына қарамастан экспедиция көліктеріне ауық-ауық шауып, жолаушылардың мазасын кетіріп, түні бойы ұйықтатпай шығатын күндері аз болмайды.

Сөйтіп, қыстың сақылдаған сары аязына қарамай, саяхатшы Гоби даласы мен Оңтүстік Монғолияны кезіп, жаңа жылдың бір күн бұрын Қалған қаласына келеді. Бұл жер оның түбегейлі салық қылған жері, өзінің отанына таяу тұрған қытайдың шет қаласы. Оның бұдан аттанып Азияға кеткеніне бір жылға таяу болған. Содан бері ол барлық уақытын жапан түз сардалада өткізіп, ел жұртынан хабар алмай, құса болып жүретін.

Қалаға келісімен Пржевальский ең алдымен поштаға жүгіреді, көп айлардан бері жиналып жатқан топ-топ газет, достары жазған сансыз хаттарды алып оқып қуанады. Мұнда ол Ішкі Азиядан тауып қайтқан ғылыми қазыналарын өзінің отанына жіберу, бір жыл ішінде жүргізген зерттеу жұмысы туралы география қоғамына есеп беру, экспедицияның екінші кезеңіне дайындалу, ақша алу, одан кейін ел-жұртын сағынып арып-ашып жүрген жолдастарын елге қайтару, олардың орнына жаңадан кісі алу жұмыстарымен шұғылданады. Бірақ ол кездегі жол қатынастың мешеулігі экспедиция жабдығын тездетуге мүмкіндік бермейді. Өйткені Ганьсу — Тибет өлкелерін аралау үшін жаңадан қытай паспортын алу керек болады. Пржевальский сол әрекетіне кіріседі.

Қыстың суық айлары өтіп, жаздың жылылық сілемі де біліне бастайды. Бұл кезде оның күткен ақшасы да, қасына ертетін адамдары да келіп жеткен. Олар жергілікті елдің тілін, тұрмыс салтын жетік білетін адамдар еді. Ең тамашасы солардың ішінде ұзақ қиын сапарда жан-тәнімен көмек көрсеткен өте сенімді және көп тәжірибесі бар, кейін Пржевальскийдің барлық саяхатына қатынасқан белгілі Дондок Иренчинов пен Панфил Чебаевтар болды. «Біз Пыльцов екеуміз, — дейді саяхатшы, — бұл аяулы жігіттермен аз күннің ішінде шүйіркелесіп достаса бастадық. Бұл әрине, істің жемісті болып шығуының зор кепілі еді. Отаннан өте алыс қиыр шетте жатқан жат ел мен жат жерде жүргенде біз бұл жігіттермен бір атадан туған бауырдай болып, қиыншылық пен қорқынышты, қайғы мен қуанышты бірге бөлісіп отырдық. Экспедиция ісінің көңілдегідей болып шығуына себеп болып, сондай ерлік, сенімділік, қайрат көрсеткен бұл жолдастарымды мен көрге кіргенше есімнен шығармақшы емеспін».

Арып-ашуды білмейтін Пржевальский осы жолдастарымен екі ат және он бір түйеге артқан ауыр жүгімен 1872 жылы наурыз айында тағы да Сары-өзеннің басына қарай шығады. Саяхатшының бұл жолғы мақсаты: бұрын көре алмай кеткен жұмбақ жері Кокунор көлі мен Цайдамның жалпақ сорын аралау. Кокунорға бару үшін Алашаньның дүлей құмын тағы да кесіп өту керек болады.

Алашань мен Кокунордың арасы елсіз жапан түз. Оның үстіне ол жер 1872 жылы феодалдық қытай үкіметіне қарсы дұнғандар көтерілісінің орталығы болды. Ол жерден жүріп өтудің қауіпті екенін қытай үкіметі Пржевальскийге паспорт берерде ресми түрде ескерткен. «Сонда бір шапқыншылыққа, талан-таражға ұшырағандай болсаңыз біз жауапты бола алмаймыз», —деп айтқан.

Кокунордың жолы осындай қорқынышты, қиын болса да, ақылы мен қайратына сенген ер Пржевальский оған қарамай, өзінің мақсатты жұмысын орындағанды бәрінен артық көреді.

Маужыраған жаз түсіп, жер жүзі масаты кілемнің түріндей құлпырып тұрған кезі. Бұл кезде Пржевальскийдің түйелері асу-асу белдерден өтіп, тағы да Алашаньның барқын құмдарын бөксере басып келе жатады. Алашань жаздың ыстығында адамға мейірі түспейтін қатал жер. Саяхатшылар оның шөлінде ақ сүйек болып шашылып жатқан керуен түйелерінің сүйегін кездестіріп отырады, кейде жыртқыш аң, қасқыр жеп кеткен адамдардың сүйегі де жолығады.

Алашаньның шөліндегі құдықтардың барлығы не заманнан аршылмай жатқан батпақ, суы сасық, кейде түбі адамның, малдың, не аңның өлексесімен толып жатады. Алашаньнан Кокунорға баратын жол Ганьсу өлкесін басып өтетін жермен жүру дәл 1872 жылы аса қауіпті еді. Өйткені Ганьсу өлкесінің көп жерін көтеріліс шығарған дұнғандар басып алғандықтан, қатынас көптен бері үзіліп қалған. Сондықтан, Прежевальский ертіп баратын басшы адамды іздеп таба алмай жүрді. Жергілікті моңғол мен қытайлар дұнған көтерілісінен үрейі ұшып, оған баруға ешқайсысы шешіліп шықпады.

Енді не істеу керек? Пржевальскийдің байқауынша, бұл кезде Динь-Юань-ин қаласына Пекиннен керуен келіп жатыр екен. Олардың баратын жері де Ганьсу өлкесіндегі белгілі бұтхана Чейбсен деген жер. Бірақ олар да дұңған көтерілісінен қорқып, сондықтан қалада тоқтап жатқан. Басқа мүмкіндік болмаған соң, Пржевальский олардың басшыларын үгіттеп, бірге жүруге шақырады. Егер көтеріліс шығарған дұнғандар керуенге шабатын болса, одан ешбір зиянсыз аман-есен өткізуге сенім береді. Топтанып тұрған жолаушыларды сендіру үшін ол мылтықтан бірнеше рет оқ атып, оларға үлкен әсер етіп, рухын көтереді. Біраздан кейін бәрі жұмыла көтеріліп, жүруге де дайын тұрады.

Бұл керуенмен келе жатқан адамдар бір жердікі емес, оның көпшілігі Ганьсу өлкесінде тұратын таңғұттар, өзгесі Тибеттің далай-лама орталығы Лхасқа табынуға бара жатқан моңғолдар. Пржевальский осы керуенмен бірге маусым айының басында Кокунорға бет алып шығады.

Оңтүстік Алашаньның тау-тау көшпелі құмда жатқан жолдың сілемі тек анда-санда көрінетін түйенің құмалағы мен жол бойы шашылып жатқан ақ сүйектер.

Бұл жермен жаздыгүні жүріп өту азап отына түскенмен бірдей. Жол білмейтін кісі бұл жойқын құмның ортасында не адасып өліп, не ұйтқып соққан құмды боран басып қалуы ашықтан-ашық көрінеді. Пржевальскийдің қасына ерген кісілердің көпшілігі бұл жердің жолын, суын жақсы білетін адамдар екен. Олар керуенді тек отын-суы бар жерге ғана қондырып отырады. Пржевальский бұл жолын еске түсіргенде былай деп жазады: «Біз күндізгі ыстыққа ұшырамау үшін ылғи түн ортасында тұрып, түн салқынымен отыз-қырық шақырымдай жүріп, кез келген құдықтың басына тоқтап отырдық. Дайын құдық таппаған жерде өзіміз құдық қазып суды шығаруға тура келді. Біздің қасымызға ерген кісілердің көпшілігі бұл құмды талай рет кесіп өтіп, оның жолын, қай жерде суы барын жақсы білетін еді. Бірақ бір жаман жері, жол бойында кездескен құдықтардың суы өте сасық, оның үстіне көтеріліс жасаған дұнғандар кісінің өлімтігін осы құдықтарға тастап су ішуге жарамсыз еткен. Менің есіме түскенде осы күнге дейін жүрегімді айнығанын бір нәрсе мынау еді: Алашань даласын кезіп жүріп бір күні бір құдықтың басында дем алдық. Шай ішіп болғанбыз. Жолдастарым аңсап тұрған түйелерді суаруға кірісті. Түйелер әбден шөліркеген екен, құдықтың суын тауыса ішіп қойды. Сол кезде құдықтың түбіне үңіліп қарасақ, іші толған адамның шіріп жатқан өлексесі екен, сол жерде мен не істерімді біле алмадым».

Дүниеде адам баласы жеңбейтін зат жоқ, бірнеше күн жүрген соң олар Алашаньның құмынан өтеді. Бірақ, бұйрат құмның орнына енді жапан түз бен сор дала кездеседі. Саяхатшылар бұдан да өтеді. Алыста, көз үшінде бұлдырап биік тау көріне бастайды, олар неғұрлым соған тез жетуге тырысады. Біраздан кейін ландшафт бүтіндей өзгеріп, жолаушылар Ганьсу тауының ішіне кіре бастайды. Бұл таудың төңірегі құлазыған шөл даладан бүтіндей өзгеше екен. Оның мұнартқан ала бас биіктері шаршаған жолаушыға дем беріп, көңілін қуанышқа бөлегендей болады. Алашаньның шөлінен кейін Пржевальский бұл суретті көргенде басқа бір дүниеге кіргендей болады. Асқар тау, одан аққан сансыз бұлақ, толып жатқан егін жай, қазылған арық, қарауытып жатқан мал, қыстақ осының бәрі Ганьсу суреттері. Бұл таудың іші сыңсыған орман, сай-салалары толған қалың тоғай, бұраңдай аққан сансыз өзен, оның өн бойы неше алуан өсімдікпен құлпырып, таудың қойнауларындағы қызылды-жасылды жаратылыс. Саяхатшы бұл көркем жаратылысты зерттеп, күнделік дәптеріне жазып алып отырады.

Ганьсу — Батыс Қытайдың байтақ бір өлкесі, оның жері шүйгін бай болған соң оның тау тасын, өзен суларын мекендеп жүретін аң мен құстары да өте көп. Оның ішінде арқар (куку-яман), марал, бұғы, киік, елік, аю, қасқыр, барыс, түлкі, тағы басқа түрлі аңдар басым болады.

Мұнда, әсіресе, көп жолығатын жыл құстары, оның ішінде олардың су мен қырда бірдей жүретін түрлері. Пржевальский бұрын жүріп өткен жерінде жыл құсының топталып жүруін тап Ганьсу өлкесіндей ешқайда кездестірген жоқ. Жаратылысты сүйетін, аңқұмар кісіге бүл әрине үлкен жаңалық болып табылады.

Ганьсу тауларында Пржевальскийдің көзіне ерекше түскен биікте жүретін алып құстар. Нань-Шань Азиядағы бір ең биік таулардың болған соң Гималай, Тянь-Шань, Памир тауларын мекендейтін алып құстар бұл жерде де ұшып жүретіні байқалады, олардың ішінде алақұмай, көкжөре, көшеген, қанкерде дейтін құстар.

Пржевальский Ганьсу тауларының асу-асу белдерінен бірнеше рет өтіп, бұрын көрмеген жерлермен танысады. Тау ішінен Чағрын-гөл, одан әрі Ярлын-гөл деген суларды кездестіреді. Бұл жер Таңғут елінің тау ішіндегі әсем жайлауынан саналады. Пржевальский бірінші рет олардың тіршілігімен танысып, жұртшылық салтына көңіл аударады. Таңғұттар мал бағатын көшпелі халық, олардың шаруашылығында көрнекті орын алатын қодас дейтін сиыр тұқымдас мал. Оның шудасы шұбатылып, жерге түсіп жататын өзгеше бір хайуан. Таңғұттар қодастың шудасынан киіз жасап, неше түрлі киім тігеді. Қодастың шудасы көбінесе көмірдей қап-қара болғандықтан таңғұттардың тігіп отырған үйі де ылғи қараша үй болып келеді. Пржевальский Ганьсу тауларынан асып, Ярлын-гөл өзеніне келгенде оның бойында самаладай тізбектеліп таңғұттардың қараша үйлері тұрады, ауыл маңында шудасын төгілтіп, жайылып жүрген қодастар. Бұларды бірінші рет көргенде, Пржевальский қатты таң-тамаша қалады.

Жолаушылар тағы да бірнеше кезеңнен асып, Ганьсу тауының күнгей бетіне шығады. Олардың алдынан көлденеңдеп ағып жатқан сұлу өзен Датун-гөл (Тэтунгу), оның бойында жайлап отырған таңғұттар кездеседі. Осында Чертынтон дейтін бұтхана бар. Жердің маңайын айнала қоршап тұрған құз жартас биік тау болған соң, Чертынтон қыстағы дұңғандардың шабуылына ұшырамай аман тұрады. Ал Ганьсу тауларының теріскей бетіндегі қыстақ пен қалалардың шапқыншылыққа ұшырамай қалғаны кемде-кем. Пржевальский өткенде олардың мал басы күйзеліп, қатты жүдеушілік үстінде отырады. Оның бақылауынша, Ганьсу өлкесіндегі бұқараны жүдетуші көтеріліс шығарған дұңғандар емес, оларды басуға шығарған қытай хандарының жазалау әскері. Күн-түні ішімдікке салынып, жергілікті елдің бұқарасын шексіз жәбірлеуменен ығыр қылады.

Датун-гөл жағасы шапқыншылықтан тыныш, әрі жаратылысы қызықты болған соң, Пржевальский бұл жерде бір жұмадай жатып тыныс алады. Бұл жердің маңайы самаладай тізілген биік тау, асылып тұрған құз жартас. Таудың асулары өте қиын, ылғи қапшағай тар кезеңдер. Ондай тар кезең жерден тек ғана атпен не есекпен шұбырып өтпесе, жүк тиеген түйемен асуға болмайды. Сөйтіп, Датун-гөл тауларын зерттегенде оның асуларынан тек қана есекпен қашыр жалдап асады. «Бұл таудың ішінде, — дейді ол, - жол деген жоқ, бары тек сайдың басына қарай өрлеп жатқан тар соқпақ. Маңайдың барлығы зәулім қия тастар, олар кейде сайдың қылта жерлерін орап алып, жүріп өтуге ешбір мүмкіндік бермейды. Оның үстіне таудың құлай берісі қолмен қалап қойғандай тіп-тік. Асуға таянғанда жол тауды бөктерлей, айналып шығады. Тап сол жерден жүкті көлікпен жүріп өту аса қауіпті. Асуға шығысымен таудың арты бетінен әдемі табиғат көрінісі ашылып, жазықтағы толқынды бұйраттар тұнжырап көз алдыңда жатады. Менің есімнен кетпейтін бір нәрсе мынау еді. Бір күні бізге тағы да осы таудан асуға тура келді. Оның басына шығып жан-жаққа көз салсам, аяғымның асты толықсып тұрған бұп-бұйра ақ бұлт. Оған қарсы аспан жүзі көк мөлдір, ап-ашық, жарқыраған күн сәулесі жоғарыдан нұрын төгіп тұрған еді».

Ганьсу тауларының күнгей жақ етегінде, осы өлкені зерттеген кезінде Пржевальский жиі тоқтаған Чейбсен деген сүмбе (қыстақ) тұрады. Бұл жерге Пржевальский таңғұт тілін білетін басшы моңғол ертіп, оған талай рет оралып отырған.

Ганьсу тауларының асуы қиын, жері қия тас болған соң, ол мамырлаған түйелерін Чейбсенде қалдырып, жер аралауға бірнеше қашыр жалдап алады. Шілде-тамыз айларын тегісімен солтүстік Ганьсу тауларын зерттеумен өткізіп, олардың геологиялық құрылысын айырады. Сонымен қатар қаншама өсімдік түрлерін, аң, құс тектерін жинап алып, коллекция жинайды.

1872 жылдың бүкіл жазын ол бір ғана Ганьсу өлкесін зерттеуге жұмсап, қыркүйектің басында өзінің негізгі салығы Чейбсенге қайтып келеді. Сол кезде көтеріліс шығарған дұңғандар осы жерді астан-кестең қылып, жергілікті халықты бір тарының қауызына сыйғызғандай тықсырып тұр екен.

Бұл жағдай Пржевальскийді бірталай ойландырды. Ең қиыны бұтханада жаугершіліктен үріккен ел оған қорған болғаны былай тұрсын, қайта бөгеу болатын сияқты. Сондықтан бұл жерде бекініп жату қолайсыз деп тауып, шатырын бұтханадан аулағырақ жерге апарып тігеді.

«Бұл жерге қонысымен абайсыз болмау үшін, - дейді Пржевальский, - шеп жасауға кірістік. Коллекциямен толтырған барлық жәшікті, былғары қаптарды, түйенің ауытыларын қалап, төрткүлді қамал жасап, өзіміз соның ішінде отырмақшы болдық. Қасымызға мылтық, алты-атар, оқ-дәріні дайындап қойдық. Түнге қарай қамалды айнала түйелерді шөгеріп жатқыздық, олар өзінің соқталы денесімен атпен шабатын жауға бірталай кедергі жасайтын еді. Оның үстіне атқан оқ босқа шығын болмауы үшін оның тиетін жерін күні бұрын өлшеп, таспен белгілеп қойдық.

Мынау алдымызда тұрған бірінші қауіпті түн... жұрттың бәрі бұтханаға бекінген, айдалада мыңдаған жаудың шабуылы бетінде жалғыз қалған біз ғана... ол күні әуе ашық, ай жарық еді, біз көп уақыт ұйықтамай, бұрынғы өткен-кеткен оқиғаны, алыста жатқан отанды, көптен бері көрмеген туысқан-достарды еске түсіріп ұзақ уақыт әңгімелесіп отырдық. Таң атқанша кезекпен күзетте отыруға ұйғардық. Келесі түндер тағы да осы сияқты тыныш өтті. Ең соңында Чейбсеннің тұрғын халқы бізді арқа тұтып, малдарын бұтханадан шығарып, оны біздің шатырымыздың қасына әкеліп жаятын болды...

Содан не керек, біз өзімізді жаугершілікке әдейі түсіргендей Чейбсеннің түбінде алты күн тұрдық. Бірақ ол далаға кеткен жоқ, сол қорықпағанның арқасында біз Кокунор көліне бөгетсіз өтуге мүмкіндік алдық».

Пржевальскийдің ешнәрседен сескенбей, Алашаньның құс ұшып бармайтын дүлей құмын кезіп, қорықпай жүруі жергілікті елге үлкен әсер етті. Олар Пржевальскийді керемет иесі деп біліп, ол туралы неше алуан ертегі-әңгімелер шығарады. Оның ерлік ісін өте қызықты әңгімеге айналдырып, көпшілік ортасына зор мақтанышпен таратып отырады. Пржевальскийдің сыртқы тұлғасына сүйсініп, оны мыңдаған жауға жалғыз өзі төтеп беретін батырдың батыры деп шығарады. Бұдан кейін моңғолдар жаугершіліктен қорқуын қойып, саяхатшының барам деген жеріне ертіп барудан бас тартпайтын болды.

Жаз айлары кезінде Ганьсу, Нань-Шань тауларының ішінде болып, оның жаратылыс ерекшелігімен, елімен танысып болған соң, күзге салым Кокунорға бет алып жүреді. Бұл екі орта неше түрлі шытырман тау, кей жері елсіз дала еді. Бірнеше күн көрген қиындықтан кейін Пржевальский Кокунор ойпатына түсіп, қазан айының орта кезінде оның жағасына келіп шатырын тігеді.

Кокунор көлінің жағасына келу көп заманнан құмар болған ғалымның бір тілегі еді. Пржевальскийдің мақсаты қазан айында 12 күні орындалып, сол күні ерекше сезімге бөленіп, көңілі қуанышқа сыймайды. «Өмірімдегі арман еткен тілегім, міне, орындалды. Экспедиция көңілге алған мақсатына жетті. Күні кеше қиял етіп, соған жетер ме едім деген тілектерім енді жүзеге асқан деректің өзі болып шықты», — деп жазады.

Кокунор тау ішінде дөңгелене біткен бір сұлу көл. Ол Тибет тауларының солтүстік шығысымен Ганьсу, Нань-Шань тауларының арасында тұрады. Монғолдар оны «Кокунор», қытайлар «Цин-хай» деп атайды, оның қазақша аудармасы Жасыл-көл мағынасың білдіреді. Азияда бұл өте сұлу жердің бірі. Оның айдыны біздің Алатаудың ішінде Ыстық-көл, Жасыл-көл (Есік) сияқты, қашанда суының түсі неше алуан түрге түсіп, жібек тәрізді құлпырып жататын болған соң монғолдар Кокунор деп атаған. Осындай көлдер асқар таулардың қойнауында болмаса өзге жерде өте сирек кездеседі. Бірақ тау ішіндегі көлдерден Кокунордың айырмасы оның суының ащы болуында.

Пржевальскийге Кокунордың көк торғын түсі бейне, бір көк бұйра мақпал сияқты болып көрінеді. «Кокунор, — дейді ол, — таулардың қара барқын етегіне дөңгелене біткен бейне бір үлкен айнаға ұқсайды. Ол жаратылыстағы сұлу жердің бірі. Оның ең көркем кезі, әсіресе, күзге қарай болады. Бұл кезде оның төңірегіндегі тауларды қар басып, көлдің жағасы ақ мамық қармен көмкерілгенде оның толқындап жатқан көк бұйра айдыны құбылып, әлденеше түрге түсіп жатады».

Кокунордың қасиеті туралы монғол халқының ауыз әдебиетінде аңызды әңгімелер өте көп. Пржевальскийге дейін бұл көлдің жағасын Еуропа ғалымдарынан ешкімнің аяғы баспаған, сондықтан оның жаратылыс қасиетін, шүйгін жерін, аңын, құсын, географиялық орнын ешкім білмейтін. Кокунорды тек қана монғол халқының тарихи аңыз арқылы біліп танысқаны болмаса, оның нағыз ерекшелігі көп заман тек жасырын сыр болып жататын.

Мыңдаған жыл жұмбақ болып жатқан сол жерді саяхатшы зерттеп, оның географиялық көлемін анықтап, жаратылыс ерекшелігін ашып, ғылымға көп жаңалықтар келтіреді. Оның анықтауынша, Кокунор биік тау арасында кездесетін көлдердің өзгеше бір түрі. Көлдің тұрған жері маңайындағы жерлерге қарағанда ойпаңырақ, жазық болып келсе де, теңіз бетімен салыстырғанда одан биікте тұрғаны байқалады, көлемінде бір қатар үлкен.

Көлдің сыртқы құрылысындағы ерекшелік оның күнгейі мен теріскей жағы самаладай тізілген биік тау, көлдің жағасы ол таулардың етегіне тұспа-тұс келіп, кейде оның асау толқыны тау бөктеріне соғылып жатады.

Кокунор көлінің ойпаты тұтасқан шалғын, ылғи соңы жататын аса бір шүйгін жер. Бұл жерге жаңбыр жиі жауатын болғандықтан ондағы өсімдік дүниесі өте бай. Оның тауларының іші сыңсыған қара орман, қою тоғай, тауының беткейіне дейін жайқалып тұрған көк орай шалғын, кілемнің түріндей құлпырған неше алуан шөптер.

Аң тіршілігінен Кокунор даласында көзге ерекше түсетін, әсіресе, құлан. Бұл жануарды Пржевальский бірінші рет Ганьсу тауларының ішінде, Датун (Тэтунг) өзенінің бас жағында кездестірген еді. Кейін зерттеп байқаса оның мекендейтін жерлері Кокунор, Цайдам өлкелері екен, сонда негізгі тұрақ етіп, жайылуға олар солтүстікте Ганьсу тауларына дейін барады. Құланның көп жүретін өлкесі, әсіресе, Тибет тауларының іші.

Құлан бұрын Қазақстанда да, әсіресе, Бетпақдала көп кездесетін аңның бірі болған. Бірақ олардың жүретін жерлері шаруашылыққа пайдаланып, тұрмыспен меңгеріле бастаған соң, олар адамнан ығысып, басқа жерге ауып, не азайып біткен.

Құланның сыртқы пішіні есекке ұқсаған, түсі ақтанкер, бауыр жүні ақшыл, жылқы тектес хайуан. Олар далада жүргенде топталып, үйір-үйірі мен жүреді. Бір үйірде он бестен алпысқа тарта болады. Үйірді бастап жүретін құланның айғыры болады, бұрын оны қазақтар «жыға» деп атаған.

Құланның айғыры неғұрлым шақар, азулы болса, оның үйірі де көп болады. Үйірді топтау үшін жаз шыға олар қан майданға шығып, бірін-бірі шайнап, қатты таласуға түседі. Үйірге ие болып қалатын олардың ең мықты, азулы, шалымдылары ғана. Үйір жанаған жас сәуірік айғырларды сақа айғырлар әрқашан үйіріне жолатпай сауырлап қуып тастап отырады. Ондай үйірден қуылған тоғышар айғырлар не мәңгіріп жеке жүреді, болмаса өзге бойдақтар мен бірге топталып кетеді.

Қырда жүретін аңдардың ішінде құлан аса сезгіш, түйсікті, әрі қашса жеткізбейтін, жел аяқ аңның бірі. Оның қаруы тұяғы мен тісі. Құлан қауіптенген жауынан қашқанда басын жоғары көтеріп, құйрығын тігіп қашады.

Кокунор көлінен кейін Пржевальскийдің алдында ең атақты жердің бірі Цайдамның жалпақ соры жатады. Оған бару үшін Кокунор көліне құятын Бухайн-гөл өзенін өрлеп шығып, одан әрі оңтүстік Кокунор тауларын кесіп өту керек.

Кокунор таулары жайған кереге тәрізді батыстан шығысқа қарай созылып жатқан, зәулім таулардың бірі. Оның сыртқы құрылысына қарай жаратылыс қасиеті де әр алуан. Ол таудың Кокунор өлкесіне қарайтын теріскей беті жаратылысқа бай, шүйгін шөпті болса, күнгей жақ беті шөл даланың реңкін көзге елестетіп, оның қуарған сұрғылт беті сол қалпында Цайдамның жалпақ сорымен ұштасып жатады. Бұл таудың күнгей бетінде Кокунор өлкесінде кездесетін қара орман, көк орай шалғын, биебау дегеннің сілемі де жоқ, жер реңкі көбінесе шөл далаға ұқсайтын болғандықтан, оған шығатын өсімдіктерде қармық сияқты тырбық бұталар болады.

Пржевальский осы таудан асып Дуган-кит деген белгілі жерге келеді. Бұл Кокунор өлкесін билейтін бектің тұратын мекені. Күзгі қарасуық түскен кез еді. Күн-түні дала шарлап, жүдеп келген жолаушыны Кокунор бегі қадір құрмет көрсетіп, шын достық пен қарсы алады, және достықтың белгісі ретінде ол жүрерінде оған бір киіз үйді сыйға тартады. Пржевальскийдің айтуынша, кейін қысқа қарсы Тибет тауларын кезгенде бұл киіз үй оларга бірталай пана болған.

Цайдамның жан-жағы таумен қоршалған ұшы-қиыры жоқ кең дала, жалпақ, сор, оның шығыс сауырын басып Баян-көл өзені ағады. Сөйтіп, бұл бір кездегі тау ішінде болған айдыны үлкен теңіздің түбі. Оны монғолша «Цайдам» деп атаудың өзі де солай екенін көрсетеді. Сордың алабы батыс теріскейден шығыс-түстікке шейін 600 шақырым жерге созылып жатса, ал көлденеңі 250 шақырымнан кем түспейді.

Цайдамның сырт көрінісі ойпат болып келсе де оның тұрған жері теңіз бетінен жоғары екені байқалады.

Цайдамның көп жері балшықты саз, кейде тастақ, жалпы реңкі күңгірт, адамның еңсесін ешуақытта көтертпейтін құлазып жататын жапан түз.

Жаратылыс түріне қарай Цайдам өлкесін Пржевальский оңтүстік, солтүстік деп екі аймаққа бөледі. Оның оңтүстік өлкесі теріскей жағына қарағанда бірталай шұңғыл, ойпат, сондықтан, оның жері ылғи саз балшықты келіп, сор, борбастың көбірек кездесетіні де осы оңтүстік өлкесі болады. Оған қарағанда Цайдамның солтүстік жағы көтеріңкі қырат, жер реңкіде жаман емес, әр алуан түрде кездесіп тұрады.

Жалпы алғанда Цайдамның жалпақ сорында тіршіліктің сілемі мүлде жоқ деп айтуға болмайды. Оның көп жері ұшы-қиырына көз жетпейтін жалпақ сор басып жатса да, жан-жағы көгалды алқап, суармалы егін жай, шүйгін шөпті мал өрісі де бар. Мұндағы өсімдік дүниесінен көзге ерекше түсетін самаладай тізілген қамыс, жекен.

Цайдам өлкесінің өсімдігі оның жер реңкіне қарай әр түрлі болады. Оның қопалы көлдерінің маңдайы сыңсып тұрған қарақоға, жекен, қамыс, жиегін шырғалаған бидайық болса, сортаң жерлерін қаптап тұратын изен, кермек, алабота (бударғын) болады. Құмайт жеріне теріскен, майқара, боялыш шығады. Ал, өзен бойларына келсек оның ең бойын көркейтіп тұратын қармық, жыңғыл, итмұрын, тырбық бұталар көп болады. Осылардың ішінде Цайдам өлкесін қоныстаған елдердің шаруашылық тіршілігінде зор орын алатын, ол кезде, әсіресе, қармық екен.

Қармықтың биіктігі 1,5- шамасындай қарақатқа ұқсаған бұта, оның маңызы жемісінде. Осы жемісті адам да, мал да, аң да қорек етіп тіршілік жасайды. Қармықтың жемісін өршелене жейтін, әсіресе, түйе, аю, қырғауылдар. Цайдамның өз бойында аю өте сирек кездеседі, бірақ қармықтың жемісі піскен кезде олар топ-тобымен Солтүстік Тибет тауларынан келеді де, қашан қыс түскенше осы жердегі жыңғылдың ішінде жүреді.

Қармық жемісінің жетіліп дәнденетін кезі — тамыз айының соңы мен қыркүйектің басы. Бұл кезде монғолдар оны қап-қабымен теріп алып, қысқа қарсы кептіріп қояды. Қармық жемісінің дәмі қышқылтым келген тәтті, піспеген жас кезінде түсі қара қошқыл, шала піскен кезінде қызғылт қоңыр, әбден жетілген кезінде қып-қызыл шие сияқты болады. Монғолдар оны әбден піскен кезінде ғана теріп алып, қақ жасап, не бітеудей кептіріп алады. Сол кептірген жемісті қыстыгүні нанға қосып қорек етеді, не қайнатып суын ішеді.

Пржевальскийдің бақылауынша, Цайдам монғолдарының егін жайы бұл өлкенің солтүстік аймағында көбірек орын алатын сияқты. Олардың егетіні бидай мен арпа. Егінді Балтын-гөл дейтін өзеннен арық шығарып, бірыңғай қолмен суарып өсіреді. Бірақ егін кәсібі сондайлық күшті емес, жер өңдеу ісі өте артта қалған, жабайы қалыпта болған соң егіншілік артық көркейіп белең алмаған.

Пржевальский Цайдам өлкесін бірнеше рет кесіп өткен соң, оның географиялық түрін жақсы айырып, аң тіршілігінде жете бақылайды. Оның анықтауынша, Кокунор өлкесінен кейін құланның түпкілікті мекендейтін жерінің бірі осы Цайдам даласы болып шығады. Ол сонымен қатар солтүстік Цайдам өлкесіндегі Кокусай дейтін жерден тағы түйелерді көріп, Азияның географиясына үлкен жаңалық келтіреді.

Пржевальскийдің кезінде Цайдам өлкесі әкімшілік ретінен Кокунор аймағына бағынып, беске бөлініп отырады. Олардың ішінде саяхатшының көбірек мекен қылған ауданы оңтүстік Цайдамдағы Дзунжасақ қыстағы болады.

Бұл өлкені мекендейтін көбінесе монголдар мен таңғұттар. Олар феодалдық дәуірінің бұғауында болғандықтан, араларында шапқыншылық, жаугершілік істер ауық-ауық болып тұрады. Бірақ ол жағдайға қарамай, Пржевальский бұл жердегі халықтың көбімен дос, тамыр-таныс болып кетеді. Солтүстік Тибет пен Цайдам өлкесін мекендейтін монғолдар мен таңғұттар арасында Пржевальскийдің атын білмейтіні кемде-кем болады. Оның аты жергілікті халықтың арасында сондай даңқты болған сон, Кокунор өлкесін зерттеп жатқан кезінде онымен танысуға Тибеттің елшісі әдейі іздеп келеді. Бұл елші Лхастаты далай-лама атынан бұрынғы салт бойынша Қытай жұртына сый тартуға бара жатқан еді. Жолшыбай келе жатып Кокунор бойында орыс халқының атақты ғалымы зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр деген даңқты естіген соң Тибеттің елшісі Қамбы әдейі бұрылып келеді.

Қамбы Пржевальскиймен сөйлескенде отан өзінің ақ ниетін білдіріп, Тибет жерін зерттеуге шақырады, «керек болса Лхасқа дейін өзім ертіп барайын» - деп ұсыныс жасайды. Бірақ Пржевальский жол қаражаты жеткіліксіз болғандықтан дымы құрып, ондай ұзақ жерге барудан әзірше бас тартады.

Алайда, ол Тибетке жақын тұрған тауларды араламай кете алмайды. Ол Цайдамның Дзунжасақ қосынында бірнеше күн даярлық жұмысын істеп, 1872 жылы қарашаның жиырмасы кезінде Солтүстік Тибеттің шытырман тауларына бет алып шығады. Қасына басшылыққа бұрын Лхаста талай рет болған Чутун-Дзамба деген қарт монғолды ертіп алады. Ендігі ойы Тибетке ұштасып жатқан асқар таулар мен Хуан-хэ, Көксу (Ян-Цзы) өзендерінің бас жағын зерттеп қайту еді.

Қоңыр күз өтіп, қыстың үскірік аязы басталып келе жатқан кез еді. Бұл жолы саяхатшыларда қысқа лайықтанған жылы киім жоқтың қасы еді. Бірақ жаратылысты ерекше сүйетін ер Пржевальский қыстың ызғарлы суығына, боран-шашынға қарамай, Солтүстік Тибет пен ұштасып жатқан тауларды зерттеп, олардың жаратылыстағы ерекшелігін айырады. Оның бұл өлкеге назар аударғаны, әсіресе, шығыс Куанлун тізбегіне кіретін таулар, оның ішінде Бурхан-будда, Шуга, Торай, Урундуши, тағы басқалары. Одан әрі алыста Тибеттің асқарлы биігі Баянқара-ула, Кукушили таулары тұрады.

Тибет тауынан шығатын ұлы судың бірі Көксу (Ян-Цзы), оны монғолдар Меренсу, таңғұттар Дычу—дейді. Бұл өзен — Солтүстік Тибеттегі ең биік Танла тауының теріскей бетінен шығып, Тибет жотасының көп жерімен қытай халқының байтақ өлкесін қақ жарып, Шанхай тұсында Тынық мұхитқа барып құяды. Пржевальский осы тауларды ерінбей-жалықпай бірнеше жыл кезіп, оның тау-тасын, жерін, суын, өсімдігін, аңын зерттеп, қандай ерекшелігі барын бірінші рет анықтайды. Сонымен қатар олар туралы жергілікті халық аузында бұрыннан сақталып келген аңызды-әңгімелерді жазып алады.

Ішкі Азияны қоныстайтын елдердің тіршілігінде ерекше орын алатын, әсіресе, Сары-өзен мен Көксу болады. Бұл өзендер Ішкі Азияның байтақ өлкесін ғасырлар бойы суарып, оның миллиондаған халқына тіршілік берген соң, жаратылыс күшіне табынатын ел бұрын бұл өзендер шығатын Баянқара-ула тауларды, олардың ішінде әсіресе Одан тала деген жерді ерекше қасиеттеп, жыл сайын өсімдік піскен кезде бұл таулардың басына шығып, құрбан шалып, Сары-өзеннің суының мол болуын тілейді.

Қыстың үскірік аязында Солтүстік Тибет тауларында жүргенде Пржевальский ешуақытта бел шешіп дем алған емес. Күні бойы тау кезіп, жаратылысты бақылаумен шаршап қайтқан кісі, енді жапан түзде қыстың ұзақ түнін өткізе алмай сарғаятын.

Түні бойы жөнді ұйықтай алмай, жыртық киіз үйдің ішінде дөңбекшіп шыққан адамдар «Таң сәулесі білінер білінбестен-ақ, тұрып, киініп, —дейді Пржевальский, — от жағып, шай қайнатып, монғолдардың дзамбасы мен шай ішетін едік. Кейде қызып тұрған шоққа таба нан пісіріп, түнде қалған сорпаны да ысытып ішіп жүрдік. Кейін таң бозарып атқан кезде қосты жығып, барлық жүкті түйеге артып, жүру жабдығын қолға алатынбыз. Бұл күйбеңнің өзіне кемінен бір жарым сағат уақыт керек, сөйтіп жолға шаршап шығатын едік. Таңертеңгі сақылдаған сары аяз, қарсы алдыңнан соққан үскірік жел өңменіңнен өтіп жүргізбейді. Салт жүруге мүмкін емес. Асынған мылтық, дорба, оқты арқалап жаяу жүру тағы да ауыр. Бұл жерде асудан көп нәрсе жоқ, өрге шығу өте қиын. Оған көтерілгенде тынысың бітіп, кеудең сырылдай бастайды, болмаса жүрегің толқып, басың айналып, аяқ қолың қалтырап, құсқың келеді. Ол онымен тұрсын, біздің жылы киіміміз екі жылғы жорықта әбден тозып, үстіміз дал-дұл, қырық жамау еді. Суыққа қарсы лыпа болар киім жоқ. Етік дегендер әлдеқашан тозып біткен. Қазір олардың ескі қонышына қодастың терісінен шәрке байлап үскірік аязда да сонымен жүретінбіз».

Пржевальскийдің Азияда жүргізген ғылыми ісінің маңызы сондай күшті болса да, патша үкіметі оған жеткілікті қаражат бермей, оны қатты зарықтырады. Бұл туралы ол өзінің күнделік дәптеріне талай рет жазған. «Біз жаңа жылды (1873) ешуақытта мұндай шөл далада өткізген жоқ едік, жұт жеті ағайынды дегендей, бұл жағдайға сәйкес бізде азық қоры да мүлде таусылған. Жоқшылықты айтып болмайды. Тек экспедицияның ұлы мақсаты үшін бар қиындықты көтере бересің. Жаңа жылдағы тілегіміз осы қадірлі жұмысты орындау жолында күш-қуатымызды сарқа пайдаланып, игілік іске жұмылу... кешеден бері Пыльцов екеуіміз алыста жатқан отанымызды, үй ішімізді көбірек еске түсірдік».

Ғалым өзінің бұл саяхатында Көксу әрі қарай өткен жоқ. Ал, Тибет орталығы Лхасқа бару оның бір арманы болса да, керуен түйелерінің індетке ұшырап, ақша қаражатының кемсін болуы ойлаған мақсатын толық орындауға мүмкіндік бермеді.

«Азияны кезуде жеткен жеріміздің шегі Көксу өзенінің жағасы болды. Бұл жерден Лхас 27 күндік жер, болмаса сегіз жүз шақырымдай еді, оған баруға болмады. Солтүстік Тибеттің шөл даласымен жүріп өту орасан қиын; оның үстіне жүк артқан көлігіміз тегісімен істен шығып, он бір түйенің үшеуі өліп, қалғаны аяғын әзер-әзер алып жүретін.

Екінші жағынан, қаражатымызда мүлде таусылып, қайтар жолда Цайдам өлкесінен түйе алуға ғана қалдырған бес ландай ақша қалған. Алдымызда әлі де мыңдаған шақырым жер жатыр. Бұл кейде тапқан нәрсеміздің өзін аман жеткізудің өзі қиын болған сияқты. Сондықтан, тезірек Кокунор, Ганьсу өлкесіне қайтуды ойладық. Тегінде бұл көптен бері ойлаған ісіміз еді, тек Көк-өзенді артта қалдыруды қия алмай жүрген едік. Сөйтіп, Тибет астанасына баруға бұл жолы бөгет болған жоқ, тек қаражаттың жоқтығынан бара алмай қайттық».

Пржевальский талай уақыт жебелеген Көксу өзенінің алқабынан шығып, көктем түсе бұрын жүріп өткен Цайдамның жалпақ сорын, Кокунор, Нань-Шань тауларын аралап, Алашаньның шөлі мен өзінің тұрған еліне қайтады.

Пржевальский Алашань тауына жеткенде қатты нөсер жауынға, тау ішіндегі өзендердің жойқын тасқынына ұшырап ұдайы үш жыл бойы жиып алған ғылыми материалдарын суға кетіріп ала жаздайды. Тек қасына ерген кісілердің елгезек, қажырлы қайраттылығынан ғана қымбат бұйым аман сақталып қалады.

Алашаньның тау-тау құмынан жаздың ыстық күндерінде жүріп өту аса қиын соғады. Пржевальский оған қарамай, осы екі шөлдің ортасын қақ жарып өтіп, Урга қаласына төте жолмен шығуды ойлайды. Шөлге шығудың алдында ол Динь-Юань-ин қаласында үш жұмадай бөгеліп, біраз демалып, есін жиіп, екінші жағынан Алашань тауларын жете зерттеп қайтуды мақсат етеді.

Сөйтіп, Ганьсу өлкесімен қоштасып, көп ғылыми табыстарымен Пржевальский шілде айының орта кезінде түтеп жатқан Алашаньның ақ шағыл құмдарына кіреді.

Бұл құм мен ол бұрын таңғұт керуендерімен бір рет жүріп өткен еді, жаздың шыжып тұрған ыстығында бұдан өту аса қауіпті еді. Бірақ, бұл құмнан өтпей болмайды, басқа жол жоқ.

Саяхатшылар көп жүріп, әлсіреп, құмның шетіне шыға алмады. Экспедицияның алып шыққан суы да бітуге таянады. Әрі-беріден соң адам да, көлік те, оларға еріп жүрген аңшы иттерде су аңсап, тарыта бастайды. Күн өте қатты ысып, аспан айналып жерге түскендей болады, оның үстіне Алашаньның түтеп жатқан ақшағыл құмы жолаушылардың көзіне ажалдың рақымсыз дүлей түрі сыяқтанып көрінеді.

Пржевальский осы қиыншылықтың барлығына төзіп, тезірек су табудың амалын іздейді. Оны ертіп жүрген монғол жолбасшысы Алашань шөлінің орталық жерінде қандай құдық барын, бурын еміс-еміс естіген екен. Сол кезде Пржевальский екі атты қазақпен әлгі монғолды өзі білетін барша құмдағы құдыққа шаптырады. Олар сол жерге жан таласып келсе тоқымның қарамындай көк шалғын желбіреп тұр екен, оны көргенде жолаушылардың қуанышын тілмен жеткізіп айтуға болмайды. Көк шалғынның түбіне үңіліп қараса, құдықтың тұнық суы мөлт-мөлт етіп жатыр. Бұл құдықты монғолдар «Бору-Санжы» деп атайды. Барлаушылар одан мейірін қандыра ішіп, аттарын суарып алған соң, бір шелек су алып, қайтадан қосқа шабады. Арада жарты сағаттай уақыт өткен, шөліркеумен қаны кеуіп, әлсіреп тұрған жолаушыларға бұның өзі қиямет болып көрінеді. Әлден уақытта су іздеп кеткен кісілердің шаңдатып келе жатқан қарасы көрінеді, ыстық соғып, аңсап, жаны үзілуге таяу тұрған экспедиция адамдарының жүректері лүпілдеп, шыдамы кетіп, оларға қарсы жүреді.

Пржевальский:

— Қалай, жақсылықтың белгісі бар ма? Өлеміз бе, тірі қаламыз ба? — деп сұрайды.

Жолдастары одан сүйінші сұрайдай бір шелек суды қолына ұстата береді. Сол кезде қасындағы қаны кеуіп тұрған кісілердің де көздері оттай жайнайды. Алашань сияқты мелшиіп жатқан құмның ортасынан шілде айының ішінде су тауып ішу жолаушыға зор бақыт болады. Сол жерде Пржевальскийдің қосы дереу жаңағы айтқан құдықтың басына келіп, есін жыйып, көліктерін суарып, сумен қамтамасыз болған соң, тағы да ілгері басады. Әлден уақытта оларға қарсы Ургадан Лхасқа бара жатқан монғол керуендері жолығады. Олар атақты саяхатшыны бұрыннан білетін. Көрген жерден мынау жанкештілер «бұл жерге қайдан келіп жүр», — деп, бәрі таң қалады.

Пржевальскийдің айтуынша, олардың жан күйі бұл кезде сондай берік, қандай қиыншылыққа мойымайтын болса да, түрлері өте жүдеген, киімдері тозған еді. «Ұзақ, қиын жол әбден қажытып, аш-жалаңаш, үсті басымызды кір басып далба-дұлба болған соң, түріміз тіпті адам көргісіз еді», —дейді.

Олар осы күйінде Алашаньның дүлей құмынан есен-сау өтіп, енді ұшы-қиыры жоқ жапан түз Гоби даласына кіреді. Бұл Алашаньның ауыр құмынан кейінгі жолаушыны сарғайтатын Азиядағы ең үлкен шөлдің бірі.

Пржевальскийдің жазуынша, Алашаньның мелшиген құмы қандай мейірімсіз болса, Гобиде одан кем түспейді. Мұнда тек өн-бойын баялыш пен қармық басқан құба жон мыңдаған шақырым жерге созылып жатады. Гоби туралы «сулап жатқан меңіреу дала, ол түнеруден басқаны білмейді. Бұл шын мағынасында өлімнің орны, — дейді Пржевальский. — Ұзындығы мен көлденеңі жүздеген шақырым жерге созылып жатқан Гобиге қарағанда атақты Сахара қорқынышты емес».

Өзінің білімі мен қажыр-қайратына сенген саяхатшы Гобидің жаратылысын, географиясын жете зерттеу мақсатымен, бұрын еуропалықтар бармаған оның соңы жатқан ұзақ, орталық жерін кесіп өтіп, оңтүстік шетінен теріскейіне дейін аралап шығады.

Гобиді кесіп өту сонша ұзаққа созылмайды, бір жарым айдан кейін олар қыркүйектің басында Толы-өзеннің бойына жетеді.

Гоби даласында оның көбірек көңіл бөлген жерлері Нарын-ула тауларының батыс сілемдері және Хурху таулары болады. Сондықтан осы жерлерде ұзағырақ тоқтап, көлігін, адамын тынықтырып отырады.

Пржевальскийдің бақылауынша, Гобидің теріскей өлкесі сондайлық меңіреу дала емес, жаңбыр көп жауып, жер жүзі түрленген жылдары Солтүстік Гоби аң мен құсқа сыймайды, ондай жылдары бұл жерді мал өсіретін көшпелі монғолдар жайлап қайтады. Олардың көпшілігі мал бататын көшпелі, тұратыны киіз үй, күн көрісі төрт түлік малдың еті, сүті, жүні, терісі болады. Мал батумен қатар Ордос, Ганьсу, Цайдам өлкесін қоныстайтын монғолдар егін кәсібімен де көп айналысады. Олар арпа, бидай, тары егеді, бақша өсіреді.

Гобидің солтүстік шетіне неғұрлым жақындаған сайын шөл даланың реңкі өзгеріп отырады. Қармық сияқты қара оттың орнына енді бөтегелі боз шөп көріне бастайды. Біраздан кейін ландшафт бүтіндей өзгеріп, жолаушының алдынан мұнартқан биік таулар көрінеді.

Бұл жердің жаратылысы шөл даладан мүлде өзгеше, тау ішінен бұраңдап аққан таза бұлақ, көз тұнжырайтын сұлу тоғай. Саяхатшылар арып-ашып Толы-өзенінің бойына жетеді. Ұзақ уақыт жапан түз, шөл-даланы кезіп, қажып келген кісіге тау ішінің мұндай тасқын сулары ерекше қуаныш беріп, бір мерекелі жаңа өмірге бөлегендей болады. Қыркүйектің 5 күні бұлар Урга қаласына келеді.

«Урга қаласына келісімен, — дейді Пржевальский, — тау-тастан еліміздің сөзін бірінші рет естіп, олардың беті-жүзін көргенде жан күйіміз қандай қуанышта болғанын сипаттап айтып жеткізе алмаймын. Қалаға келісімен дүниеде не болып жатқанын сұрап, бала сияқты болып кеттік. Қуанышымыз қойнымызға симады. Ұзақ уақыт дала кезумен мәдениет тұрмысынан алыстап, тұрпайы болып қалған екенбіз. Тек бір неше күн өткен соң өзімізге өзіміз келіп, мәдени тіршілікке бірте-бірте үйрене бастадық. Кеше ғана бастан кешірген қиындық пен бүгінгі күнімізді салыстырып қарасақ екеуінің арасы жер мен көктей. Өткендегі көргеніміз көңілімізге бейне бір қорқынышты түс сияқты болып көрінді».

Урга қаласында бір күн болып тыныққан соң, ел жұртын сағынып келе жатқан саяхатшы суыт жүріп, жаңа жыл түсе Петербор қаласына келеді (1874 ж.).

Туып өскен отанын үш жыл бойы көрмей, талай тар жол тайғақ кешуді басынан кешіріп, географиялық жорық жасап қайтқан Пржевальскийді оның сүйікті жұрты аспанға көтеріп, зор қуанышпен күтіп алады. Оның есен-сау келгені бір ғана достарының қуанышы болмай, барлық орыс халқының қуанышы болып, саяхатшыны қолдан-қолға түсірмей, бірнеше күн қошеметке бөлейді. Бұл кезде астанадағы әңгіме бір ғана Пржевальскийдің жорығы төңірегінде айтылып, оның ардақты аты жұртшылық аузынан түспейді. Алғашқы күндері бірыңғай мерекелі жиналыс, соған сый тарту болады. Бұл күндері оған арналған ардақтау, қошемет, құттықтау сөздер үсті-үстіне құйылып жатады. Сыйды бір ғана өз отаны тартып қоймайды, шетелдердің ғылыми орындары да жібереді.

Пржевальскийдің Ішкі Азияда үш жыл бойы жүргізген саяхаты осымен бітеді. Бұл жорықтың ғылыми табысы сондай асқаралы болған соң оған бүкіл оқымысты дүниеден қойып, оны ғылым тарихынан қадірлі орын алатын шын мағынасында географиялық жорық деп атайды.

Бұл бірінші жорықты еске түсіргенде оның ең бағалы қорытындысы болып көзге түсетіні әсіресе Пржевальскийдің «Монғолия және таңғұт жұрты» деген екі том күрделі шығармасы. Атақты саяхатшы бұл еңбегінде бұрын сыры ашылмай жатқан Ішкі Азияның тау-тасын, жер-суын, неше алуан жаратылысын әдемі көркем тілмен төндіре суреттеп, бұрынғы география карталарын жете білмеген Алашань, Гоби сияқты Ішкі Азияның шөл далаларын, Ордос, Ганьсу тәрізді байтақ өлкелерін, Кокунор тау ішінде сырға бөленген шалқар көлдерін тұңғыш рет жарыққа шығарып, олардың ғылыми бейнесін көрсетті.

Ішкі Азияның географиясын елі-жұртын тануда көп жаңалық берген бұл шығармалар өткен ғасырдағы оқымысты дүниеге қандай күшті ықпал етсе, Ішкі Азияны кейінірек зерттеген ғалымдарға да ол сондай тірек болып, география-зерттеу жұмысының сарқылмайтын бұлағы болып табылады.

ҚАШҒАРИЯ САЯХАТЫ

Бірінші саяхаттың табыстарын меңгеріп алумен арада екі жыл өтеді. Бірақ «талапты ерге нұр жауады» дегендей, бұл табыстарға оның көңілі көншіп отыра алмайды, жаңа түлеп ұшқан қырандай оның көңілі әлі де қияда жүреді.

Орта Азияның сырын толық ашып, оның жаратылыс ерекшеліктерін жете зерттеу Пржевальскийдің ойынан шықпайды. Сондықтан атақты географ көп жылға арналған ғылыми экспедициялардың жоспарын жасап, 1876 жылдың басында география қоғамына түсіреді. Ондай игілікті іске география қоғамы қарсы болмайды, тез күннің ішінде қарап бекітіп, Пржевальскийді тағы да екі жылға Орта Азияны зерттеуге жіберуге ұйғарады, екінші жағынан қаражатты да бұл жолы жеткілікті беруге қаулы шығарады. Бірақ зерттеу ісі екі жылдың ішінде бітпей, ілгері соғылатын болса, география қоғамы тағы да үстеме қаражат бөлуді өзіне міндет етеді.

Міне, осындай дайындықтан кейін, 1876 жылдың жаз айында саяхатшы қасына Эклон мен Швейковскийді ертіп, Орта Азияның екінші жорығына шығады. Пыльцов үй ішінің жағдайымен бұл жолы экспедицияға ере алмайды.

Тәжірибесі күшті Пржевальский бұл жолы кемістік көрмеу үшін қажет деген нәрселерін толық алып, бес паратқа тиеген қыруар жүкпен шілде айының аяғында Пермь қаласынан шығып Жетісу өлкесіне тартады. Жол-жөнекей Семей қаласында оның экспедициясына бұрынғы жорықта болған сенімді жолдастары Чебаев пен Иринчинов және монғол тілмашы қосылады. Одан Алматыға келіп Жетісу полкынан үш атты қазақ ертіп, Құлжа қаласына барады. Бұл жер оның Орта Азияны зерттеуде күш алған негізгі бір орталығы болады. Құлжа қаласы ол кезде Ресей ықпалында болатын. Сондықтан Пржевальский экпедициясын осы арада толық жабдықтап, тамыз айының 12 күні таңертең Жұлдыз тауларына беттеп шығады. Жұлдыз тауы Тянь-Шаньның шығыс жонын ала, биік таудың үстінде созылып жатқан байтақ үстірт, жалпақ төскей, жері жайылымы, суы мол, жаздыгүні тек мал семіртіп, жататын әдемі жайлау.

Саяхатшы Құлжадан Іле өзенін өрлей шығып, одан әрі оның бір саласы Күнгес өзенін жағалап отырады.

Пржевальскийдің айтуынша, Құлжа өлкесі Орта Азиядағы ең көркем, байтақ жердің бірі. Оның ішінде Іле мен Күнгес бойлары көптеген қыстақ, бау-бақша, суармалы егін жай. Тау етегі сыңсып тұрған алма бағы, тамылжыған өрік ағаш, тағы басқа түрлі жемістер.

Пржевальскийдің аса қызыққан жері —Жұлдыз тауларының іші. Онда аң өте көп болады екен. Мұнда тоб-тобымен жүретін алатаудың арқары, таутеке, киік, марал, аю, қасқыр, қабан, тағы басқалар.

Саяхатшы осы арада біраз бөгеліп, одан әрі Тарим өзенінің бойына қарай беттейді. Оның бұл жолғы негізгі мақсаты Шығыс Түркістан, Қашғар өлкесін зерттеу.

Өзінің географиялық құрылысы бойынша Шығыс Түркістан (Қашғар) жан-жағы таумен бөленген байтақ ойпат. Оның оңтүстігі Куньлунь тауларына тірелсе, батысы Памир тауымен астасып, теріскей жағы Алатауға (Тянь-Шань) тіреледі. Осы өлкенің ортасымен ағатын өзені Тарим (Жаркентдария) дейді.

Жаркентдарияның ұлы салалары Ақсу мен Қашғардария, Жіңішкедария өзендері. Бұл үш өзен Тариммен Сырдарияның су айырығы болған орталық Тян-Шаньның ең биік шыңы Хан-тәңірі мен Көкшал тауларынан шығып, одан әрі Шығыс Түркістанның шөл далаларына беттейді. Егін, бақша шаруашылығы дамыған Қашғар өлкесінің тіршілігі осы өзендерге байланысты. Егер Тянь-Шаньмен Куньлунь тауларынан ағатын Тарим өзенінің саласы болмаса жаз бойы қаңсып жатқан бұл өлкеде тіршілік жасау тіпті қиын болар еді.

Қашғардың егін мен бақша өсіруге қолайлы жерлері, әсіресе, Тянь-Шань, Памир, Куньлунь тауларының етегі болады.

Тақла-Мақан дүние жүзіндегі ең жойқын құмның бірі. Оның түстігі Куньлунь тауларының етегіне тіреліп, теріскей жағы Тянь-Шань тауларының іргесіне барып тіреледі.

Пржевальскийдің айтуынша, Шығыс Тянь-Шань мен Куньлунь тауларының арасын тұтасымен басып жатқан бұл ойпат бір кездегі теңіз орны болуға тиісті.

Тақла-Мақан құмынан басқа да бұл ойпатта бірімен-бірі ұштасып жататын Лобнор (Тарим), Құмтау, Хами шөлдері бар. Бұлардан басқа Тянь-Шань тауының теріскей бетінен Тарбағатай, Саур тауларына қарай созылып Жоңғария даласы жатады. Міне, ешуақытта зерттелмей тұйық жатқан бұл өлкелерді аралап көру саяхатшының мақсат еткен көп жылғы арманы еді. Пржевальский сол мақсат еткен жеріне жетіп, Қашғар өлкесінің жүрегі болған Тарим өзенінің бойын, Лобнор көлін зерттеп, Куньлунь тауларының тізбегіне кіретін Алтынтауды кезеді. Бұл айтқан өлкелерді еске түсіру тек қана Марко Поло мен Шахрухтың сапарын жазғанда кездеспесе, ол туралы ғылыми әдебиетте жөнді дерек жоқ. Бірақ, бұл игілікті жұмысты ойдағыдай орындау жолында ол толып жатқан қиыншылық, соның бірі экспедицияға ерген кісілердің көпшілігі шалағай, жұмысқа икемсіз болуы және саяхатшының ауыр науқасқа ұшырауы еді.

Экспедиция Құлжадан шығып, Жұлдыз тауларын аралап жүрген кезде оның қатарындағы адамдардың кейбірі самарқау жұмысқа шалағайлық көрсетіп, Пржевальскийді қатты ренжітеді. Соның бірі өзіне көмекші болып жүрген Шведковский болып шығады. Ондай қабілетсіз, мешеу кісілермен істес болу ғалымның бір аса сүймейтін ісі еді. Сол арада жолдың қиындығына, адамдардың аздығына қарамай, іс жүзінде сенім тудырмаған шалағай адамдарды босатып, тек бұрынғы жорықта өзін айқын танытқан төрт-бес сенімді жолдастарымен қалады.

Жорық адамдарын сайдың тасындай іріктеп алған соң, саяхатшы бұрынғы мақсаты бойынша Тарим өзенін жағалап, Лобнорға бармақшы болады. Бірақ Хайдагул өзені бойындағы Қарабұға деген жерге жеткенде жергілікті әкімшілік орындары (тоқсаба) оны бір жұмадай бөгеп, ілгері бару үшін Қашғардағы орталық үкіметтен рұқсат күттіреді.

Ол кезде Қашғар үкіметін басқаратын (1867-1878) феодал табының өкілі Якуб-бек Бадаулет болатын. Көп жылға созылған халық көтерілісінен кейін бостандық сүйгіш Қашғар жұрты қытай феодалдарының бұғауынан жаңа ғана босанып, «жеті-шаһар» деген атпен белгілі болатын.

Алайда, ғасырлар бойы көксеген тілегіне сай келетін үкімет құрылысы болмаған соң «жеті шаһар» халқының тұрмысы өте ауыр еді. Оның үстіне оларды Якуб-бек бастаған жергілікті феодалдар біржағынан қанаса, екінші жағынан феодалдық қытай үкіметі қанап, халықтың жағдайы аса аянышты болатын.

Міне, осындай жағдайға түскен Қашғар жұртының ол уақытта көз сүзіп қарайтыны Ресей еді, сондықтан оның ардақты ғалымы Пржевальскийге Якуб-бек Бадаулеттің бөгет жасауға шамасы келмеді. Саяхатшының Тарим өлкесіне келгенін естісімен Бадаулет жергілікті үкімет орындарына нұсқау беріп, Пржевальскийдің экспедициясына тоқтау жасамай, көлік беріп, азық-түлікпен қамтамасыз етуді тапсырады. Дегенмен, Бадаулет астыртын Заманбек бастаған бір топ бақылаушы жіберіп, Пржевальскийдің ғылыми-зерттеу жұмысына бір талай бөгет жасайды.

Бадаулеттің ресми рұқсаты келген соң Пржевальский айналмай Курля қаласына келіп, одан кейін қарашаның 4 күні Якуб-бектің кісілерімен бірге Лобнорға шығады.

Саяхатшының өз бағыты бойынша Тарим өзені бойындағы ашық алаппен жүру керек еді, бірақ Бадаулеттің кісілері әдейі үлкен жолды көрсетпей, ылғи қиын жолмен жүргізіп, зор сулардан өткізіп, қорлық көрсетеді. Осылай етсек саяхатшы кейін қайтып кетер деген мақсатты көздейді. Алайда өзінің мақсатты ісін орындамай қайтпайтын Пржевальский қиыншылықтардың барлығына көніп, қай жолмен болса да Лобнорға баруды аңсайды.

Бұл өлке Пржевальскийдің көп зерттеген жерінің бірі. Оның айтуынша, «Лобнор шөлі өсімдік дүниесіне тек кедей, Азия өлкесінде кездесетін түз-араның ең тағысы. Алашаньның құмынан да сорақырақ». Тек су жағасына шығатын қамыс, қарақоға, құрақ болмаса, Лобнор мен Тарим өлкесінде көк шөп, шалғын деген болмайды, өн бойы кеуіп жатқан қу тақыр.

Тарим өзені Лобнорға батыс жағынан келіп құяды, ол өзеннің құятын жерін жергілікті ұйғырлар «Чоң-көл» не «Қарақошун» дейді. Пржевальскийдің зерттеуінше, бұл көлдің тереңдігі кісі бойынан аспайды, ұзындығы 100, көлденеңі 20 шақырымға созылып жатады. Көлдің өн бойын жауып тұрған қамыс, қарақоға болады.

Лобнор келінің іші сықасқан балық. Ол жерді мекендеп отыратын Қарақошун, Абдал, Чигелік, Чарқлық деген ұйғыр қыстақтары бар, олардың негізгі кәсібі - қайық пен балық аулау. Қарақошунның тұрғын халқы жылдың мезгіліне қарамай жазбен қысты, көбінесе, балық аулаумен өткізеді.

Олардың тіршілігінде көрнекті орын алатын шаруашылықтың бір түрі - төрт түлік мал, оның ішінде, әсіресе, қой мен сиыр.

Саяхатшының айтуынша, Тарим сағасындағы елдің сиыр малы өте ірі, құнарлы келеді, ал жылқы мен есек аз кездеседі. Мұнда егін шаруашылығы сондайлық күшті емес, жері сортаң, топырағы құнарлы болмаған соң астық саябыр шығады. Арпа, бидай, жүгері тек су күшімен шығады.

Бұлардан басқа Қарақошундықтардың белгілі кәсібінің бірі - аңшылық. Олар тау ішінен тағы түйе, қодас, арқар, қарақұйрық аулап, су жағасынан қаз, үйрек, бір қазан ұстап, қысқа қарсы азық қорын жасайды. «Қарақошундықтардың күнелтетін тіршілігі, — дейді. Пржевальский, — қайығы, балығы, үйрегі, көлі, қамысы. Онан өзгеге ой бөлмейді... Аштық, жалаңаштық, жоқшылық белең алып, оған қысқы суық қосылған соң олардың еңсесі көтерілмей, қабағы түсіп, күлкі, қуану дегенді мүлде ұмытқан. Сол кездегі үлкен жәбірлік әкімдер мен саудагерлер жергілікті халық бұқарасын аяусыз талап, алым-салықтан бас көтертпей, оларды мүлде адамшылық қалпынан шығаруы еді. Осындай жәбірлеудің зардабынан Тарим сағасындағы елдің ол кездегі тұрмысы сондай ауыр, жоқшылықта болған соң, олардың тіршілігінде қызық қуаныштың сілемі болмай, көбінесе налу, кейіспен өтеді. Олардың баспанасы да өте нашар, берік үйлер жоқ, тек қана қамыстан өріп жасаған лашықты бүркеніш етіп отырады. Сыртқы киімдері жаз күні шекпен, қыста қой терісінен істелген тон, аяғына киетіні шәрке, жаз күні көбінесе жалаңаяқ жүреді».

Дегенмен, жоқшылық аздырғаны болмаса Тарим сағасындағы ұйғыр шаруалары қолөнер кәсібіне өте шебер, кейде аса қымбат бағалы бұйым да жасап шығарады. Олардың шеберлік ісінде кездесетін жүннен, кенептен тоқыған әдемі шекпен, кілем, алаша, көншілік, теміршілік, зергерлік, ұсталық істері. Өздері жасап шығара алмайтын бұйымды олар қаладан алып тұрады. Базарға шығатын жері — Курля және Турпан қалалары.

Тегінде, Қашғар - ұсақ өнеркәсіптің бірталай өркендеген жерінің бірі. Ондағы ұсақ өндірістің түрлері: жібек, шұға, кілем тоқу, кеншілік, зергерлік, ұсталық, теміршілік. Кейде ептеп тау-кен жұмыстарының да сілемі жолығып тұрады.

Пржевальский Шығыс Түркістан өлкесін үш рет аралады: бірінші рет Құлжадан Тарим өзенінің аяғы Лобнорға дейін, екінші рет Зайсаннан Баркөль, Хами арқылы Тибетке дейін, үшінші рет Кяхтадан шығып Ганьсу, Тибет тауларын аралап, одан қайтқан жолы тағы да Лобнордың, Керия, Хотан оазистерін, Ақсу, Үштұрпан өлкелерін басып, Бедел асуынан өтіп Қарақолға келеді. Міне, осы үш сапарында ол Шығыс Түркістанның бірнеше қалаларын аралап, олар туралы бірталай пікірлер қалдырады.

Саяхатшының жобалауынша, Қашғардың яшма, жібек саудасымен аты шыққан, ескі мәдениеті бай, даңқты жердің бірі. Оның тарихи дәуірден белгілі болған қалалары Қашғар, Хотан, Ақсу, Қарашар, Тұрпан, Үрүмчи, Хами. Бірақ ол кездегі саяси жағдайдың қолайсыздығы мен уақытының жоқтығынан ғалым кейбір көрнекті қалаларға соға алмай кетеді. Дегенмен, оның бақылауынша, Шығыс Түркістан қалаларының сыртқы келбетінде бірінен-бірінің ешбір өзгешелігі жоқ, бәрі-бір қалыптан шыққан тәрізді. Олардың көпшілігі революциядан бұрынғы Орта Азия қалалары сияқты ылғи балшықтан (пахсадан) жасалған, көшелері ұйысқан тар, көзге түсер сәулетті үйлер аз. Әрбір қалалардың сыртқы көрінісі тек кейіннен қытай үкіметі тұрғызған жаңа қамалдармен жаңартылып тұрады.

Саяхатшының сипаттауынша, Шығыс Түркістанның қалалары бір ғана белгілі оазистердің бойында өркендеген. Ондай оазистер оңтүстікте Куньлунь тауларының тегін ала жатса, теріскейде Тянь-Шань тауларының екі жақ табаның ала ауық кездесіп тұрады.

Орта Азияның сусыз шөл даласында бөлек жатқан бұл оазистер ерте заманнан отырықшылық, егін жайдың ат төбеліндей мәдениет ісі орны, қала тұрмысы бір ғана осы оазистерде өркендеуге мүмкін болған. Бұл оазистердің барлығы шөл даладан бөлектеніп биік таулардың етегін ала жатқан соң, ол жерді мекендейтін халықты таудан аққан өзендер мен толып жатқан бұлақтар суға кәнігі етіп, тіршіліктің арқасы болады. Су жеткілікті болған соң, бұқара шөл далаға арық жүргізіп, бақша егіп, егін суарып, бара-бара адам еңбегі оазисті бір мәдени өлкеге айналдырады.

Мұндай өлкелер шаршаған жолаушының тыныс алар орны, ақын-жазушылардың әр уақыт еске түсіріп отыратын шежіре беті болып табылады. Осы тәрізді ерте кезде жасап, кейін қаусап қалған қалалардың орны Қашғар өлкесінде жиі кездеседі. Саяхатшының айтуынша, ондай бұзылған қалалардың орны, әсіресе, Тақла-Мақан құмында, Керия мен Хотандария өзендерінің ескі арнасында көп жолығады. Ол жерлерде осы күнге дейін қаңқиып тұрған ескі үйлердің қабырғасы, шашылып жатқан шөлмек, керден аяқтың сынықтары, балшықтан жасаған адамның кескіндері, кейде түйе табаны түрінде, алтын ақша мен күмістің сынықтары, темір заттар да кездеседі. Ескі мәдениет ізінің көп жолығатын жерінің бірі — Черчендария бойы. Мұнда «қаланың іздері, — дейді саяхатшы, — солтүстіктен күнгейге қарай жеті-сегіз шақырым жерге созылса, шығыстан батысқа екі шақырымнан аса жерге барады. Мұнда толып жатқан ескі мұнараның, үйлердің бұзылып жатқан орны, ескі дәуірде жүргізген арықтың іздері көп».

Бүгінде құм басып қалған ескі қалалардың байтақ белгісі Тарим өзені бойында да көп кездеседі. Пржевальскийдің айтуынша: «Ерте заманда Тарим өзені бойында сансыз қыстақ, толып жатқан қалалар болған. Оның кейбір қалдығын біз өз көзімізбен көрдік... жергілікті елдің тарихи деректері бойынша, бүгінгі құм басқан Таримнің алабында бұрын халықтың жиі отыруы сонша, Кучадан Лобнорға дейін ызғындай қыстақ үстімен баратын болған. Қазірдің өзінде Хотан мен Керияның тұрғын халқы күзбен қыс айларында шөлдің ортасына барып, ескі қалалардың орнынан әр түрлі зат, алтын, күміс тауып қайтады... Іздеушілер кейін адаспай қайту үшін, түйеге бір тең тал артып, оны жол-жөнекей құмға шаншып, басына қызыл шүберек байлап кетеді».

Бұл айтқан қалалардың күйреуіне себеп болған екі нәрсе: біреуі судың азайып құрып бітуі, екіншісі — соғыс. Тау ішінен шығатын өзендердің бас жағында ел көбейіп, суды төмен қарай жібермей бір ғана өз тұсындағы егінді суаруға жұмсаған соң, өзеннің аяғында отырған ескі қыстақтарға су жетпей, олар қатты мүшкілде болады. Сусыз қалған ел бұрынғы мекен еткен қаласын, қыстағын тастап, басқа жерге ауып кеткен соң, ол қалаларды кейін құм басып қалады. Қашғар өлкесіндегі тарихи қалалардың көбінің тағдыры осы тәрізді болған.

Шығыс Түркістан оазистерінде саяхатшының Құлжадан кейін бірінші рет кездескен үлкен қаласы — Курля. Ол Тянь-Шань тауының оңтүстік бауырынан ағатын Кокчедария өзенінің жағасында, таудың етегінен 3-4 шақырым қашығырақ тұрады. Пржевальскийдің кезінде Курля қаласы екіге бөлінетін: Жаңа-қала, Ескі-қала. Жаңа-қала сол кездегі Қашғар үкіметі салдырған әскері қамал, оның жан-жағын төрт бұрыштап келтіріп, үлкен дуалмен қоршап, ауыз қақпа жағын орлап тастаған. Қамалдың биіктігі бес құлаш, ұзындығы 150 құлаш. Оның үстіңгі жиектерін өркештеп, жаумен атысуға ыңғайлы болу үшін, арасынан көз шығарып қояды. Қамалдың төрт бұрышы мен орта кезінде дөңгелете соққан биік мұнарамен қарауыл қарайтын сүмбесі болып тұратын.

Ескі қала бұдан әлде қайда үлкен, олда төрт бұрышты қамалмен қоршалып, ортасында базар, тұрғын үйлер, шеберлер дүкені орналасқан. Қаланың маңайы сыңсыған қыстақ, егін жай. Оның көлемі бірнеше шақырымға созылып жатады. Егінді Кокчедариядан алатын арықпен суарады. Пржевальскийдің айтуынша, Кокчедарияның бойы кілең қыстақ, егін жай. Әрбір қыстақ - үйлердің маңайы жеміс бақша, тұт ағаш, бау-бақша.

Шығыс Тянь-Шань тауының оңтүстік етегінде тұрған ең үлкен қала Ақсу. Оған саяхатшы Тибет сапарынан соңғы рет қайтқанда соғады. Ақсу — ауыл шаруашылығы бай, саудасы мол, Қашғардың аты шыққан қалаларының бірі. Оның үстіне ол ерте заманнан бір жағы Қашғар, бір жағы Үрумчи, Тұрпан қалаларын байланыстырып, керуен жолының торабында жатқан орталық қала. Тянь-Шань тауының оңтүстік етегімен жүретін үлкен қара жол — осы Ақсу қаласының үстін басып өтіп, одан әрі бір жағы Үштұрпан, екінші жағы Қашғар болады. Ақсу өлкесіңде егін шаруашылығынан ерекше орын алатын күріш пен мақта. Пржевальскийдің кезінде Ақсу, Үштұрпан, Қарашар, Куча аймақтарын біріктіретін, өлкенің әкімшілік орталығы болады. Сонымен қатар Ақсу, Қашғар, Хотан сияқты қашаннан бері Ресеймен сауда қарым-қатынасының белгілі бір орталығы болған даңқты қала. Пржевальский 1885 жылы күз айларында Ақсуда болып, одан Мұзарт, Бедел асуларынан асып, өзінің туған еліне келеді.

Шығыс Түркістандағы ескі дәуірден аты шыққан оазистің бірі—Камул (Хами) оазисі. Ол Тянь-Шань тауларының күнгейі мен теріскей етегін ала созылып жатқан көп оазистің ең шығыс жақ шеті. Бұл оазиске Пржевальский Зайсаннан шығып, Тибетке бара жатқан үшінші сапарында Жоңғария даласы жағынан келеді.

Жоңғарияның жапан түз шөлінен кейін, ұзақ жүріп шаршаған жолаушыға Тянь-Шань тауының оазистері сондай тартымды, сондай қызық көрінеді. Оның бауырынан сылдырап аққан сансыз бұлақ, қойнаулары, толған орман-тоғай, көк шалғын, талбарқы, қарақат. Тау етегі толған қыстақ, егін жай. Тау бөктерін қаптаған аң — арқар, таутеке, марал.

Саяхатшы бұл жолы ең алдымен Баркөл қаласына келіп, одан әрі Камул өлкесіне беттейді. Баркөл —Тянь-Шань тауының етегіне таяу тұрған ескі қала.

Тянь-Шань тауының шығыс бетіндегі үлкен қала Хами. Ол Тянь-Шань тауының етегінде қырық шақырымдай жердегі жазықта тұрады. Бұл қаланың тұрған жері Орта және Ішкі Азиядағы атақты шөлдерге Құмтағ, Алашань, Гоби таяу болған соң, Хами барлық Шығыс Түркістан қалаларының ішінде аса маңызды, көрнекті орынға ие болады. Қаладан 40 шақырым оңтүстікке қарай шыққан соң алысқа созылып жатқан Хами көлі басталады. Оның бір шеті шығыста Алашань, Гоби шөлдеріне барып ұштасса, батыста Құмтағ, Лобнор шөлдері мен астасып жатады.

Хами — өлкенің орталығы. Оның жапан түз шөл далаға таяу тұрған соң, ерте заманнан оны баспай өтетін керуен жолы болмаған. Оның тұрған жері Орта Азиядағы жойқын құмдардың ортасындағы бір қылта өткел сияқты, ол тоғыз жолдың торабына айналады. Орталық Қытайдан келетін үлкен керуен жолы Ганьсу өлкесін кесіп өткен соң, тура Хамиге келіп, одан әрі бір жағы Үрүмшіні басып Құлжаға барса, екінші тарауы Тянь-Шань тауының оңтүстік етегін жағалап Курля, Ақсу арқылы Қашғарға тартады, үшінші тарауы Гученді басып Тарбағатай, Шәуешекке келеді. Бұл жолдың ең қиын кезеңі —Хами мен Аньсидің арасы төрт жүз шақырым жерге созылады. Мұнда су тек қана Бейшан тауларында болмаса, өзге жерде табылмайды, бірыңғай құлазып жатқан шөл дала.

Пржевальскийдің кезінде Хами үш қалаға бөлінетін: ұйғыр қаласы, ескі қытай қаласы, жаңадан салған қытай үкіметінің қамалы. Әрбір қаланы қорғанмен айналдыра қоршап, олардың бұрыштарын биік мұнарамен көтеріп қойған. Бұл қалалардың арасы толған баушарбақ, егін жай, самсыған жеміс ағаштары.

Саяхатшының айтуынша, Хами өлкесі—Шығыс Түркістандағы егін кәсібінің ерте өркендеген жері. Оның алабы - өте құнарлы, егін бақша өсімдіктері де аса қауырт шығатын, өнімді жер. Мұнда егілетін дақылдар: күріш, бидай, арпа, тары, сұлы, бұршақ, тағы толып жатқан дәнді өсімдіктер мен қарбыз, қауын болады. Бұл жердің қауыны өте шырын болғандықтан, бұрын оны сый ретінде Пекинге тартуға жіберіп тұратын.

Қашғария жұрты ерте заманнан ұйғыр халқының түпкілікті мекені болса, Хами қаласынын тұрғын халқы да көбінесе ұйғырлар. Олар егіншілік және ұсақ қолөнер кәсібімен шұғылданады. Хами ұйғырларының Қашғар (Тарим) ұйғырларына қарағанда тілінде, тұрмысында біраз өзгешелігі бар. Олар көбінесе солтүстік ұйғыр диалектісімен сөйлейді, сондықтан олардың сөйлеуі Үрүмші, Құлжа ұйғырларының сөйлеуімен бірдей.

Хами ұйғырларының салтын ашығырақ көрсететін — олардың бас киімі. Әрбір Хами ұйғырлары шамасы келгенше сұлу бөрік тіктіріп, оны желкесіне қарай алшысынан киюді тәуір көреді.

Пржевальский Хотан және Керия оазистерінде болып, олардың табиғатын зерттеген. Хотан тарихи дәуірлерде даңқы шыққан жер, Қашғарияның бай өлкесінің бірі. Оның бір кездегі байлығы, шалқыған саудасы, мәдениеті Хотан өлкесін тарихта белгілі еткен. Хотан Қашғариядағы ең ескі қала. Ол Куньлунь тауларының теріскей етегін ала, Юрунқаш өзенінің бойында тұрады. Бұл өлкені суаратын осы айтқан Юрунқаш пен Қарақаш өзендері. Тақла-Мақан құмына жеткен жерде бұл сулар қосылып, Хотандария деп аталады.

Пржевальскийдің айтуынша, Хотан қаласының тұрғын халқы мачин деп аталатын ұйғырлардың бір тегі.

Олардың көбі саудегерлер, ұсақ кәсіп иелері, шеберлер, егіншілер екен. Олардан басқа бір топ қытай әкімдері, саудагерлер, жергілікті алпауыт бектер, ишан-қазилер тұрады. Олардың барлығы жергілікті бұқарасын сүліктей сорып қатты қанайды.

Бай мен бектер, әкім мен саудагерлер кедейдің баласын жас күнінен сатып алып, кейін өскен соң оны не құл қып ұстап, не қымбат бағамен сату әдетін де шығарған.

Хотан қаласының атын ерте кезден шығарған, әсіресе, жібек тоқу ісі, одан кейін тау-кен жұмысы. Мұнда жібек шығару кәсібінде Хотанмен қатар жүретін бір ғана Жаркент пен Қашғар, одан өзге бұл жердегі қалалар оған тең түсе алмайды.

Жібектен торқа, дүрия, қамқа, мәре, торғын, шәйі сияқты әрі нәзік, әрі қымбат тұратын жібек мата тоқиды, жібек кілем шығарады. Одан басқа биязы жүнге жібек қосып кілем, дақа, түс киіз жасайды. Жергілікті шеберлердің қолымен шығаратын бұйымдар мен қатар онда жеміс, бау-бақша шаруашылығы да өркендеген, жемістен шарап жасалған.

Пржевальскийдің кезінде Қашғарда істелген құнды заттарды шығарып өткізетін жер, көбінесе, Ресей мен Қытай болған, олардың сыртқы саудаға шығаратыны – алтын, нефрит, яшма, жібек, кілем, тағы сол тәрізді қымбат қолды бұйымдар. Ал Ресейден Қашғарға келетін тауарлар: мата, шұға, темір, қалайы, олардан істелген әр алуан заттар мен қант, тәттілер, түрлі бояулар. Өзінің фабрикасы, заводы болмаған соң, Қашғар жұртын көпшілік қолды заттармен қамтамасыз еткен ол кезде тек Ресей саудасы еді.

Хотан өлкесінде көзге түсетін еңбек ісінің бірі тау-кен жұмысы, оның ішінде алтын мен яшма шығару кәсіптері. Бірақ жергілікті елдің бұқарасының маңдай терімен табылатын бұл алтын қазына олардың өзіне пайдасы болмай, бірыңғай әкімдерімен саудагерлердің ашық талауында болады.

Яшма — ерте заманнан әрбір халықтың ортасына көп тараған асыл-тас. Оны көбінесе қолданатын байлар. Қытай хандары мен әкімдері бұрын Қашғар жұртына салықты бір ғана яшмамен салған соң, жергілікті елдің бұқарасы көп уақытын яшма табу бейнетімен өткізеді. Яшманың қаттылығы шақпақ тасқа ұқсаған өте шымыр, құйған қорғасындай тығыз келеді. Оның сыртқы бітісі қырнап безеуге әдемі, неше түрлі сурет, өрнек салуға қолайлы болған соң, ерте кезде жергілікті елдің шеберлері оған ерекше көңіл қойып, одан неше түрлі сыпайы, қымбат нәрселер жасайтын болған.

Шығыс жазушыларының айтуынша, тарихи дәуірде жырға бөленген Хотан өлкесінің байлығы, оның мәдениеті, өнеркәсіп өркендеуі, көбінесе, осы яшма шығару ісімен байланысты болды. Өйткені яшма ертегіге айналған асыл тастың аса бір құндысы. Сондықтан ол бір ғана сауда ісінде даңқты болып қоймай, халықаралық қарым-қатынаста да үлкен орын алады.

Бұл асыл тасты қытайлар «үй», монғол мен ұйғырлар— «қаш» дейді, бірақ әдебиеттегі даңқты аты — яшма. Бұл жерде яшма үш түсте кездесетін сияқты: «жасылқаш», «аққаш», «сарғылқаш».

Жасылқаштың түсі құлпырған көк торғын тәрізді өте көркем, өзгесінен жиірек кездеседі. Аққаш күнмен шағылысатын мөлдір ақ тас, не ақсұрғылт тас, одан кейінгісі қымыз түсті көлкілдеген ақ сарғылт тас, бұлар өте қымбат саналады.

Хотан өлкесінде кездесетін асыл тастың ең қымбатты бір түрін ол жердегі ұйғырлар «лағыл» дейді. Оның түсі тамылжыған қырмызы-күрең келеді. Шығыс әдебиетінде сұлулықтың меңзеуі болған асыл тастың бір көркемі осы.

Тегінде, Хотан өлкесіндегі яшманың түрлері бұдан да көп болу керек, оны «Қарақаш», «Юрунқаш» деген өзендердің аты айқын көрсетеді.

Қашғар жерін шарлағанда Пржевальский бұл асыл тасқа көбірек көңіл бөліп, оның қай жерден шығатыны, қалай іздеп табу жайында бірталай ғылыми деректер қалдырады. Оның айтуынша, яшманың ну жері, әсіресе, Хотан мен Керия оазистерінің оңтүстігін ала тұрған таулар, оның ішінде батыс Куньлунь таулары, Тоғыз-Дабан, Алтынтаудың қойнаулары, солардан шығатын Қарақаш, Юрунқаш, Қарамурен, Мульжадария, Керия өзендерінің бойы. Бұл жерлерде яшма сеңгір тастардың арасында тақталанып жатады, кейде бітеу, тұтас қалпында кездеседі. Яшманың сумен шайылған түрі өзен бойларында, шөкпелі жыныстар астына да жиі кездесіп отыратыны байқалады.

Дегенмен, техникасы дамымаған Қашғар жұртына яшма шығару бұрын өте қиындықпен түсетін еді. Олар оны аса тұрпайы түрде қазып тауып, содан кейін қалаға әкеліп тазартатын.

Екінші саяхатта Пржевальский Лобнор көліне қоңыр күз түсе келген еді, оның географиялық жағдайын зерттеп болған соң, Куньлунь тізбегіне кіретін Алтынтауды кезбекші болады.

Орта ғасырда Лобнор көлінен Алтынтауға қарай шығатын екі керуен жолы болған. Оның бірі Алтынтаудан Тибетке қарай өтсе, енді біреуі Алтынтаудың етегін жағалап Ганьсу өлкесіне баратын. Бірақ сол жылдары болған дұнған көтерілісі кезінде бұл керуен жолдарымен еш пенде жүрмей, оларды құм басып қалады. Алайда, бұрын еш уақытта зерттелмеген Алтынтауды зерттеп көрудің ғылыми маңызы өте зор еді.

Пржевальский жаңа 1877 жылды өткізген соң, қасына Эклонды және жерді жақсы білетін екі ұйғыр аңшысын ертіп, Алтынтауға серуенге шығады. Барлық ауыр жүкті үш атты қазаққа тапсырып, Чарықлық қыстағында қалдырады. Өзі баспана қылуға тек бір жолама үй алады.

Ол Алтынтауды географиялық жағынан зерттеумен қатар, әсіресе, тағы түйенің біреуін қолға түсіру еді. Бірақ ұйғыр аңшыларының айтуынша, қыстыгүні Алтынтауға тағы түйе іздеп шығу пайдасыз екен, өйткені бұл кезде олар таудан ойпатқа түсіп, сексеуілдің, қармықтың басын кеміріп жүреді екен. Алтынтау Орта Азиядағы ең биік таулардың бірі, Куньлунь тауларының солтүстік тізбегі. Алтынтаудың батысы — Хотан, Керия тұсынан басталса, шығысы Нань-Шань тауларының тізбегіне дейін созылып барады. Бұл таудың ең биік шыңы Улуг Мұзтаг, Куньлунь тізбегіне кіретін таулардың өте биіктерінен саналады.

Алтынтаудың алыстан мұнартқан түрі Чарықлық қыстағына келгенде тіпті ашық көрінеді. Саяхатшы бұл тауға аса қуанышпен қарап, оған тез жетуге ұмтылады.

Саяхатшы Алтынтаудың бөктерін қырық күн шарлап, оның бес жүз шақырымдай сай-саласын, қойнауларын кезеді. Тау бауырында орман-тоғай деген жоқ. Некен-саяқ ағаштар тек таудың жоғарғы сай-саласында ғана кездеседі, одан өзгесі тек шөл далада шығатын жыңғыл, қармық, долана сияқты бұталар.

Тибет тауларындағы тәрізді мұнда да куку-яман, ақтөс-арқар, қодас, құлан, тағы басқа аңдар көп.

Алтынтаудан тағы түйені іздеген кездерде ол өзінің күнделік дәптерінде былай деп жазады: «15 қаңтар 1877 жыл. Дала шарлағаныма, міне, бұған тура он жыл толды. 1867 жылы 15 қаңтарда тап осы күні, кешкі сағат жетіде Варшавадан шығып, Амур өлкесіне тартқан едім... Саяхаттың тап осы он жыл толған күні, ойдағы жоқ бір тосын іс кез болды. Тап осы күні көптен іздеген тағы түйеміз тосыннан-тосын кез болар ма. Бірақ не керек, қолға түсіре алмай қапыда қалдық. Әңгіме былай еді. Біз күндегі дағдымыз бойынша ерте тұрып, кешеден қалған сорпаны жылытып ішкен соң, түйелерге жүк артуға кіріскенбіз. Тоқтаған жеріміз биік таудың қаптаған үңгірі еді. Суық таңертең 17 градусқа жетіп, күншығыс жақтан ызғарлы жел соғып тұрған. Біз енді жүрейік деп тұрғанымызда, 300 кадамдай жерде тұрған бір оқшау түйеге қасымыздағы атты қазақтың біреуінің көзі түседі. Бұл ауа жайылып жүрген тағы түйе екені оның есіне де келмейді, керуен түйелерінің біреуі шығар деп, жігіттердің біреуіне алып кел деп айқай салады. Сол арада жалма жан керуен түйелерін санасақ, олардың он бірі де түп-түгел екен. Мен жалма жан асынып тұрған шаңғыл мылтықты (штуцер) қолыма алып, ілгері қарай жүгірдім. Тағы жануар біздің кім екенімізді әлі де түсіне алмай, 500 қадамдай жер жүріп барған соң, қалт тоқтай қалды. Ол менің күн жағымды ала бірталай қашық тұрған еді, мен кешелдеп ата қоймадым, айуан тағы да ондаған қадам жүрді. Енді бұдан әрі жүгірудің қисыны жоқ, бір сескенген айуан мылтықтың даусы шықпай-ақ жылжып кеткелі тұр. Сол арада мылтықтың көздеуін 500 қадамға қойып басып едім, оқ мылтықтың аузын жалап нысанаға жетпей қалды. Жүгіріп бара жатқан аңның соңын ала тағы да атқан едім, ол тіпті ағат болды. Айуан бар дәрменімен қаша жөнеліп, көз ұшынан алыстап кетті, оны бөгеуге ешбір шара таба алмай, тек артынан қарап тұрдық. Салт атпен қуып көрейік деген едік, тұлпарға жеткізбейтін жүйрік жануар, ері мойнына кетіп жүрген біздің тұлақтарға өмірі жеткізсін ба... Содан не керек, таңсық еткен түйе қолымыздан шықты да кетті. Ол өте қызықты шудасы желбіреген, екі өркеші сүйріктей, тіп-тік орта жасқа келген бура еді. Бұл өмірімде ұмытпайтын бір мүдіріс болды».

Пржевальскийдің саяхатынан жиырма жыл бұрын тағы түйе Лобнор мен Алтынтау төңірегіндегі дағдылы аңның бірі болған. Жергілікті аңшылардың айтуы бойынша, ол кезде бір табында кейде жүзден аса түйе болған. Бірақ Лобнордың маңайын кейін ел жиі қоныстап, аңшылар тобы көбейген соң, тағы түйе басқа жақка ауып кетеді және атып алумен оның тұқымы азая береді. Пржевальскиймен әңгімелескен бір қарт аңшы өзінің өмірінде жүзден аса тағы түйе атып алғанын айтады.

Тарим бойындағы аңшылардың тағы түйені аулайтын кезі көбінесе күз айлары, бұл уақыт тағы түйелердің әбден кемеліне келіп, семіріп жетілетін кезі. Тағы түйенің еті, жүні мен терісі де сондай қымбат болады. Тарим ұйғырлары оның терісін көпшілікке пайдаланып, жүнінен неше түрлі қымбат кілем тоқып шығарады.

Лобнор аңшыларының айтуынша, тағы түйе қыстыгүні Құмтауда болып, жаз шыға суы мол Алтынтаудың сай-саласында жайлап жүреді. Қыстыгүні түйеге судың керегі жоқ, оған тек алабота, қармық, сарсордан сияқты ірі өсімдік не бұта болса болғаны. Бұл айтқан өсімдіктер Құмтауда жиі кездеседі. Оның үстіне түйе жаратылысында сусыз шөлге төзімді жануар болған соң, ол көбінесе адам аяғы баспайтын жапан түз, шөл далада жүргенін артық көреді.

Пржевальскийдің анықтауынша, Құмтаудан кейін тағы түйенің көп тараған жерлері Цайдамның теріскей өлкесі, Гоби, Хами шөлі, Жоңғария даласы. Бұл айтқан жерлердің барлығы тағы түйенің мекендеуіне өте қолайлы, олардың жақсы көретін сарсордан, алабота, мия сияқты ащылы сортаң жерге шығатын шөптері жиі кездесіп отырады.

Тағы түйенің ерекшелігі, қолдағы асыранды түйедей салғырт емес, өте сергек, алыстан көргіш, алыстан сезгіш, қашса жеткізбейтін, өте сумақ келеді.

Пржевальскийдің бақылауынша, тағы түйенің жаратылысында асыранды түйеден аса артық өзгешелігі жоқ. Өркеші анағұрлым кіші, бураларының шүйде жүні өте аз, шуда жүндері төгілмелі ұзын емес, қысқа. Оның үстіне, тағы түйенің жүндері жер реңкіне бағыныңқы келеді. Олардың ерні келте, жинақты және кілең ақтұмсық болып отырады. Аяқтары да дембелше, тұрқы орта бойлы, құлақтары өте кішкене болып, барлық мүшесі жапан түзде жүруге лайықты біткен.

Тағы түйелердің шабынатын кезі ақпан айы. Бұл кезде олардың сақа буралары ауызынан көбіктерін шұбыртып, қасына ондаған інген үйіріп алады. Олардың маңына ешуақытта басқа бураны жолатпайды.

Басқа жануарға қарағанда тағы буралардың өзара таласуы тіпті өрескел көрінеді. Олар өштескен кезінде бірімен-бірі қырғын шайқасқа түсіп, мықтылары әлсіздеуін шайнап өлтірмей тынбайды.

Қайыған інген ботасын бір жылдан аса көтереді. Басқа жануардан көрі тағы түйенің ботасы мен енесі біріне-бірі сондай мейірімді болады. Енесінен адасып, далада қаңғып жүрген тағы ботаны ұстап асырау - бұрын Лобнор аңшыларының бір кәсібі болған. Ондай асыранды тағы ботадан кейін жүк тартатын сабаз атандар шыққан.

Лобнор аңшылары аса қиыншылықпен бір жылдай соңына түсіп жүріп, Пржевальскийге тағы түйенің бір інгені мен бурасын атып әкеліп, сыйға тартады. Бұл туралы саяхатшы өзінің күнделік дәптеріне былай деп жазады: «Бүгінге дейін Еуропа жұртынан ешкім білмейтін, тек Марко-Полоның әңгімелерінде ғана кездесетін жануардың тұлыбы қолға түскен соң ол, әрине, мені қатты қуанышқа батырды».

Пржевальскийдің аса сүйіп зерттеген ісінің бірі жыл құстарының тіршілігі еді. Ол жаз шыға (ақпан, наурыз айлары) бір тана Лобнор көлінің төңірегінде болып, енді құс тіршілігін бақылайды.

Лобнор Орта Азияның ұшы-қиыры жоқ шөл даланың ортасында дөңгелене біткен бір шалқар көл, ол оңтүстіктен теріскейге ұшып өтетін жыл құстарының тыныс алатын белгілі бір мекені. «Егер, - дейді саяхатшы, - осы Тарим өзенінің алабы болмаса, Орта Азиядағы жыл құстарының жолы басқа түрде болған болар еді (бірақ ондай жол жоқ). Олай болғанда Индиядан Сібірге қарай ұшып өтетін жыл құстары, жол-жөнекей тыныс алатын жер таба алмай, көп қиындыққа ұшырар еді. Өйткені, ешбір жерде тыныстамай, Гималай тауынан асып, одан кейін Тянь-Шань тауларының үстімен үдере ұшып өту -қанатты жануарларға оңай емес».

Пржевальскийдің күткеніндей, Лобнор көлінің батыс жағасына келген соң-ақ, неше алуан жыл құстары оны өте қызықтыра бастайды. Бұл кезде (ақпан айы) ең алдымен шағала, аққу, қоңыр қаз, аққұтан, керқұтан, сары-ала қаз, үйректің бірнеше түрі келеді. Сөйтіп, ол күні-түні бірдей осы құстардың қай жақтан қалай ұшып келгенін бақылап отыратын еді.

Саяхатшының айтуынша, жыл құстарының Лобнор көліне қауырт ұшып келген кезі -ақпан айының аяғы мен наурыз айының басы. «Бұл кезде, - дейді Пржевальский, - таңның атқанынан күннің батқанына дейін тыным алмай, ағылып, ұшып келіп жатқан жыл құстары. Олардың барлығы батыстан ұшып келіп, күншығысқа қарай өтіп жатты, тегінде, қақшымақ қар суын іздеп жүрген сияқты. Олар Лобнор көліне тоқтамай, оның шығыс жағасына қарай өтсе де, алдында созылып жатқан шөл даланы көрген соң, үйректер кейін қайтып, Лобнор көлінің мұздан жаңа ғана босаған жалтыр суларына, буы шығып жатқан жылымдарына тоқтайды. Көл маңында олардың көбірек топталатын жері, әсіресе, ащылы сортаң жерлер. Біздің тоқтаған жеріміздің маңайы тегісімен сондай ащылы жер еді, оған күн сайын, әсіресе, түстен кейін үйректер қара бұлттай қаптап, көл бетін жауып жатқан жалпақ мұздың үстін өзінің балшық басқан іздері мен шимайлайтын. Олар тобымен шу көтеріп аспанға ұшқанда екпіні бейне бір дауыл тұрған сияқтанып, болмаса олардың сонша көптігінен көк жүзін қара бұлт жапқандай көрінетін. Асырып айтпағанның өзінде, ондай топталып жүрген құстардың саны он мың, не жүз мың емес, миллиондаған құс десе де болатын еді».

Лобнордағы мекенді құстардан көшпелі құстардың мінез қылығын тез айыруға болады, -дейді Пржевальский. Жыл құстары ұшқанда сымпылдап, әрі тез, әрі биіктеп, тізбектеліп шұбыра ұшады.

Лобнор көліне жиналатын жыл құсының осындай қауырттығы Пржевальскийді аса таң қалдырады. Саяхатшы бұл туралы өзіне өзі сұрақ қойып: «Мұнша құсқа күн сайын қанша азық, қанша жем керек, оның үстіне бұл құстарды оңтүстіктің маужыраған жылы жағынан мұнша суық, әрі шел жерге сонша ерте келтіруге себеп не?» - деп оның сырын ашпақшы болады.

Лобнор көліне жыл құстарының қара-топыр болып жиналуы қандай тез болса, оның кетуі де сондай жылдам. «Алғашқыда, - дейді саяхатшы, — сонша жер қайыстырған жыл құстары келген соң, біз Лобнор көлі қыстыгүні құлазып жатқан түрінен шығып, енді жанданар деп ойлаған едік, бірақ ондай болып шықпады. Топ-тобымен ұшып келген сансыз жыл құстары бұл жерді сондайлық масайрата қойған жоқ. Көлдің маңайы күндіз-түні думан, көзге бықып жатқан құс базары болып көрінсе де, бірақ өз отанымыздың жағы сияқты мұнда аспанды жаңғыртып масайраған құс дауысын ести алмадық. Бұл жерде көрген қанаттылар не ойын, не сауық дегенді білмей, өзінің топталған жігін берік ұстап, күні бойы бір ғана тамақ іздеумен болады. Олар бұл жер өзіне тұрақ емес, тек тыныс алып өтетін, өткінші жер екенін жақсы түсініп, олардың алдында әлі де ұзақ, қиын жол барын білдіргендей болатын. Жаратылысты жанындай сүйетін кісіге музыка мен жан тербететін үлбір нәрседен гөрі де артық көрінетін, әсіресе, тынық күндері ертелі-кеш аспанда ұшуға, әнге бөлеп сайраған құстардың әдемі дауысы ғой, бірақ бұл жаңғырығуды біз Лобнорда көре алмадық. Бұл жердің жазы адамға жан кіргізіп қызық қуанышқа батыратын лептің орнына әлде бір қанағат лебімен соққандай еді. Мұз үстінде бейуаз-сұлық отырған құстардың тобына көз салғанда, олар өзара күңкілдесіп, ертеңгі күні солтүстік өлкеге қалай ұшып баруды кеңесіп отырған сияқтанатын.

«Сөйтіп, - дейді саяхатшы, - Лобнор көліндегі жыл құстарының думаны көпке созылған жоқ, олар өткінші дәурен сияқтанып, наурыз айының басында тегісімен қопарыла солтүстік жаққа ауып кетті, көл тағы да бұрынғы меңіреу қалпына түсті».

Бұдан соң Пржевальский көп уақыт зерттеп, ой-қырымен сырласқан жермен қоштасып, бұрынғы үйреншікті жолмен Құлжаға келеді.

Лобнордан қайтарда ол күнделік дәптеріне былай деп жазады: «Көп күн жатып жазғытұрғы аң аулау қызығына батқан жерден кету өте ауыр болды. Әсіресе, ашық-жарқын ақ ниет көрсеткен жергілікті халықпен қоштасу да оңайға соқпады. Біз жүретін күні бізбен қош айтысуға маңайдағы қыстақтың адамдары түгел жиналып, Лобнор аймағының ақсақалы Күншыққанбек бізді шығарып салуға өзі дайын тұрған еді».

Сөйтіп, ол кездегі саяси жағдай саяхатшыға қанша бөгет жасағанмен, оның жергілікті халық бұқарасымен достасуы арқасында, өзінің мақсатты ісін орындап қайтады. Оның бұл жолғы көрнекті табысы - Қашғар өлкесін зерттеу мен қатар, әсіресе, жұмбақ жатқан Лобнор мен Алтынтаудың сырын ашып, оны география ғылымының алдына тарту еді. Бұл игілікті табыстарды ол кейін маржандай тізіп, оны «Құлжадан Тянь-Шаньның ар жағына, Лобнорға дейін» —деп атаған белгілі еңбегінде ғылыми жүйемен суреттеп жазады.

ТИБЕТ САЯХАТЫ

Пржевальскийдің Азияны көбірек шарлаған кезі, әсіресе, оның үшінші және төртінші саяхаты, не Тибет тауларын кезген соңғы жорықтары. Жүрген жолының ұзақтығы, көңілде қалған әсерлерінің күштілігі жатынан бұл оның ең қуанышты, бақытты сапары болған. Бұл жолдарын саяхатшы «бірінші және екінші Тибет жорығы» деп атаған. Бірақ, анығында Орта және Ішкі Азияны талай рет кезіп жүргенінде Пржевальскийдің Тибет тауларына соғып кететін. Пржевальскийдің ішінде соңғы екі жорығы Тибет өлкесін ерекше зерттеуге арналған.

Бірінші Тибет жорығын атақты географ 1879 жылы осы күнгі Зайсан қаласынан бастап, келесі жылы Сібірдегі Кяхта қаласына барып аяқтады. Екінші саяхатын Кяхта қаласынан бастап, Тибет тауларына қарай өрлеп шығады. Одан әрі Цайдам, Лобнор, Хотан, Ақсу өлкесін басып, 1885 жылы Бедел асуынан асып, өзінің сүйікті Қарақолға келіп аяқтайды. Бұл соңғы саяхаттарында ол өзіне бұрыннан таныс болған Гоби, Алашань, Цайдам, Кокунор, Ганьсу өлкелеріндегі бұрын көрмеген түкпір-түкпір жерлерін аралайды, Тибет тауларын кезеді.

Бұл екі саяхаттың өткен жорықтардан өзгешелігі, осы жолда қасына орыс халқының белгілі ғалымдары В.И.Роборовский мен П.К.Козлов ерген еді.

1879 жылы наурыз айының ішінде Пржевальскийдің экспедициясы Зайсан қаласынан шығып, Тибет тауларына тура бет алып жүреді. Көктем кезінде саяхатшылар Жоңғария даласында тағы жылқы тобына кездеседі. Бұл жылқының сыртқы келбеті, адам үйренген жылқыдан бүтіндей басқа, түс-түгі ақтанкер, танауы, бауыр жүні ақшыл келеді. Тұлғасы кішірек болған соң, оны тұрғын халық «кертай» деп атайды. Міне, осы жылқыны ең алғаш ашқан атақты Пржевальский болған соң, кейін ғылым жүзінде ол «Пржевальский жылқысы» деген әйгілі атақ алады.

Жоңғария даласынан кейін саяхатшы Хами шөлінен өтіп, Сачжау қаласына келеді. Мұның маңы толған қытай халқының қыстақтары, теңселіп тұрған бәйтерек, тораңғы, үйеңкі, теңіздей толқыған егін.

Сачжау қаласынан шыққан соң саяхатшы оңтүстікті бетке алып, Нань-Шань тауларының бөктеріне қарай жүреді. Жолшыбай ол жан-жағы көркем ағашқа бөленген бір мөлдір бұлақтың басына кез келген еді. Сұрастырып қараса, бұл қытай халқының өткендегі тіршілігімен байланысты бір тарихи жер екен. Оны қытайлар «Ченфу-дун» дейді, мәнісі «Мың-үңгір». Осындай үңгірлер жаратылыста болған емес, оны адам қолымен жасаған. Әрбір үңгірдің жасалуында өзінше әсемдік бар, бәрінің де қабырғасын сатылап келтіріп, төбе жағын күмбездеп қойған.

Жергілікті қытай халқының тарихи әңгімесі бойынша, бұл «жер үйлер» біздің заманымыздан екі ғасыр бұрын жасалған. Үңгірлердің қабырғасына неше түрлі әдемі нақыстар, алтын жазулар, адам кескіні түсірілген. Әсіресе, үлкен үңгірлердің кіретін аузы, ішкі қабырғалары соғыс әрекетін еске түсіргендей, бірыңғай қару асынған батырлардың, жауынгер жігіттердің суретімен безелген. Олардың көбіне соғыс қаруынан басқа қолдарына жылан ұстатып қойған. Көп үңгірдің бірінде көзге ерекше түсетіні пілге отырған кісінің суреті.

Үңгірдің біреуінде қытай тілімен жазылған қара тас тұр. Ол тастың жоғарғы бөлігінде бір алуан қаріппен түсірген тағы бір жазу бар, бірақ қытайлар оны шығарып оқи алмады.

Бұдан кейін саяхатшы тамыз айында Цайдам өлкесіне келеді. Ұзақ жол жүріп, шаршап келген жолаушы Тибет жотасына шығу алдында Цайдамда бір айдай жатып, тынығып, көліктерін жаңартып, бес салт ат алып, 34 түйеге артқан жүкпен қыркүйектің 12 күні Тибет тауларына шығады. Дзунжасақ бегі ескі достық белгісімен саяхатшыға бір басшы моңғол қосып жібереді. Бірақ Цайдам монғолдары оның Тибет өлкесіне бармауын үгіттейді. Олардың айтуынша, биыл ол жерде қыс қатты болады, қар найза бойы жауып, көліктерді жүргізбейді. «Ондай жылы Тибеттің асуларынан асу өте қорқынышты болады», - деп қауіп айтады. Пржевальский өзінің білімі мен қажыр-қайратына сүйенетін ер, ондай кертартпа сөзді естігісі де келмейді, мыңдаған шақырымға созылып жатқан ұзақ, қиын жолға шығады.

Ол күнде Тибет тауларының арасымен өтетін үлкен керуен жолы атымен жоқ еді. Сондықтан жолаушылар зәулім қия тастың ара-арасымен тырмысып, тау басына әзер-әзер шығатын. Мұндай асулардан ауыр жүк артқан түйемен өту былай тұрсын, тіпті, жаяу кісінің өзіне де үлкен қауып келтіретін.

Дегенмен, мұндай кедергілердің барлығы да Пржевальскийге әсер ете алмайды. Асқар тауларға жеткенде олардың он бойын, терең қойнауларын күні бұрын зерттеп алады. Ол Тибет тауларының толып жатқан қиын-қыстау асуларынан асып, тар кезеңдерінен талай рет өтіп, өз бетінше жол салып жүреді.

Солтүстік Тибет таулары - біздің Алатау, Памир сияқты соларға жалғаса шогіп жатқан сеңгір таулар. Олардың теріскей шетіндегі ен асқар биігі, аса бір зәулім «Орта Азияның сауыры» деп аталған Куньлунь таулары үш тізбекке бөлініп жатады: Батыс Куньлунь, Орта Куньлунь (Арқатау), Шығыс Куньлунь. Бұлардың ішіндегі Пржевальский жүріп өткен асқаралы тізбектері Бурхан-будда, Шұға, Торай, Марко Поло. Олардың оңтүстік бетін ала алыстан көгеріп, асқар таудың екінші бір зәулім тізбектері жатады. Олар Кукушили, Думбуре, Баянқара таулары. Одан әрі тағы да оңтүстікке қарай жүргенде, Тибет жотасының арқасы сияқтанып Таңла тұрады. Бұл Көксу (Янцзы), Салуэн (моңғолша Хара-Усу) өзендерінің айырығы болады. Содан әрі бұлдырап Гималай тауларының солтүстік сілемдері мұнартып жатады.

Пржевальский осы айтқан таулардың жоталарын қақ жарып өтіп, Гималайдың солтүстік бөктерін ала, Оймурен суының бойындағы Тибет жұртының астанасы Лхасқа дейін бармақ болады. Бірақ бұл жол кедергісі бөгеті көп, аса қауіпті жол. Мұның үстіне таныс емес жердің тау-тасының бәрі жұмбақ. Сонымен қатар қыстың үскүрік аязында Тибет жотасының сеңгір тауларын зерттеп, оның географиялық сырын ашу - ер жүрек, төзімді, алып денелі Пржевальскийдің тана қолынан келеді. Атақты ғалым ұйтқып соққан сұрапыл боранмен, үскірік аязды елемей Солтүстік Тибеттің зеңгір тауларын аралайды. Оның басына шығып, биіктігін, көлемін өлшеп, күнделік дәптерін жаңа мағлұматтармен толтырып отырады.

Цайдамнан шығып, Пржевальский Бурхан-будда тауына келеді. Бұл халықтың ертегі-жырына бөленген Орта Азиядағы асқар таулардың ең зәулімінің бірі - Тибет жотасына өтетін ұлы қақпа. Мұның он бойында асу деген жоқ. Бұрын Тибетке баратын жолаушылар тек қана Номохун-гөл өзенін жағалап, оның жіңішке жерінен өтіп асатын. Пржевальский де осы әдісті қолданады.

Ғалымның айтуынша, Бурхан-будда екі түрлі географиялық ландшафтының арасын бөліп тұрған зәулім қақпа сияқты. Одан тек асып түсу мұң екен, жаратылыс бүтіндей өзгереді. «Бұл таудан асып түскен соң, - дейді саяхатшы, - біз бейне бір басқа дүниеге кіргендей болдық. Мұнда жолаушыны таң қалдыратын, адамнан сескенуді білмейтін ағылып өрген аңдар. Оның ішінде табын-табынымен жайылып жүрген құландар, жусап жатқан тағы сиыр (қодас), керіліп тұрған оронгі, құйындай ұшқан әдемі киіктер (ада). Міне, мұндай аңдар тобын бірінші рет көргенде, қасындағы жолдастарым қатты қуанды».

Тибет жотасына көтерілудегі екінші асу - Шұға тауы. Оның жаратылысында Бурхан-будда тауынан ешбір өзгешелігі жоқ, таудың қойнаулары жалаңаш, орман, тоғай, бұға деген атымен жоқ.

Шұға тауынан асқан соң саяхатшы бірыңғай Тибет жотасының сауыр үстімен жүріп отырады. Тибет жотасының үстінде ойпат жер сирек кездеседі, оның биіктігі теңіз бетінен 5000- жоғары болғандықтан, ауа райы өте суық, әрі дем алуға ауыр, булықтырып жүргізбейді. Оның үстіне, жер дүниені мығым басқан ақша қар, күн-түні бірдей соққан ызғырық жел. Осының бәрі Пржевальскийдің қасына ертең қарт моңғолдың үрейін ұшырып, Марко Поло тауындағы Чум-чум асуынан асқан соң, ол уайым мен қайғыны көбейте бастайды. Бір кезең асқан соң «бұдан былайғы жерді білмеймін, елсіз жапан түз. Қысқы үскірік аязда ілгері бару - аса қорқынышты, босқа қырылып өлеміз. Одан да шыққан жерімізге қайтайық», — деп кеңес береді.

Қарт монғол ту баста Пржевальскиймен жолға шыққанда Цайдамнан Лхасқа дейінгі жолды «жақсы білемін, ол менің талай рет жүріп өткен жерім», - деп айтқан еді. Енді оның қиын жолдың үстіндегі сөзі саяхатшыны қатты күйіндіріп, кейіске түсіреді. Дегенмен, оны қалайда ақылға көндіріп, ертіп жүруді ойлайды.

«Біздің қазіргі тоқтаған жеріміз, - дейді Пржевальский, - көлік жайылуға қолайлы болса да, халіміз өте ауыр. Кеше жауған қалың қар мелшиіп сол қалпында жатыр. Өткен түнгі қатты суық аяқ қолды бүрістіріп жіберді. Күн райы тез арада ашылар деген үміт жоқ... «Аңдар қыстың қатты болатынын сезіп басқа жерге ауып жатыр», — дейді қасымдағы қарт моңғол. Ол ешуақытта көңіл жұбатарлық кеңес бермейді, оның орнына бар айтатыны: «Ілгері жүруге болмайды, босқа өлеміз, Цайдамға қайтайық», - деп зарлайды. Мен бұл сөзді естігім де келмеуші еді, қасымдағы жолдастарыма басқа не түссе соны көрерміз, ілгері жүре беру керек, дедім. Олар айтқанды бұлжытпайтын, бәрі бір кісідей ілгері жүруге құлшына кірісті. Қасында ондай жанкешті жолдастарың болса, ойыңдағы нәрсені орындамай қоярсың ба!».

Саяхатшының бұдан кейінгі аса бір қиыншылық көрген жері-Кукушили тауларының асуы. Он бойы қарға көміліп жатқанда, ондай зәулім таулардың асуын тауып өту өте қиын болады. Жолаушыға жөн көрсетерлік не соқпақ, не сорап деген жоқ. Бұл жерді жете білмейтін қарт монғол саяхатшыны адастырып, екі күн бойы босқа сергелдеңге түсіреді. Жолсерікке аздап азық беріп қайтарып жібереді.

Содан кейін тау ішін атпен кезіп, қорқынышты болса да, бір тар кезеңнен азар дегенде өрмелеп шығады. Бірақ онымен де мақсатқа жете алмайды. Жолаушының алдында кесе-көлденең шөгіп Дүмбуре таулары жатады. Ол бір жағы Кукушили, енді бір жағы Баянқара-ула тауларымен тұтасып жатқан Тибет жотасындағы үлкен зәулім биіктің бірі деп саналады. Оның оңтүстік іргесімен Көк-өзен (Янцзы), монғолша Мур-усу ағып жатады. Мұның асулары өте көп және орасан қиын.

Бірнеше күн тау асып қажып жүрген жолаушылар Көк-өзеннің саласын көргенде, көңілдері біраз жадырап, жүректеріне үміт сәулесі ұялай бастайды. Бұл жерде олардың көзіне ең алдымен түскен айдалада сарылып жатқан үлкен керуен жолымен көшкен елдің ізі. Көп уақыт жапан түзде зарығып келе жатқан жолаушыларға көшкен елдің сорабы мен керуен жолын көру бейне - бір үлкен қалаға кіргеннен кем болмайды. Жолаушылар ол жерде екі күндей тоқтап, аунап-қунап, Мур-усу бойындағы қаптап жүрген аң тіршілігін зерттейді. Қажып жүрген көліктері де біраз сергіп күш жияды.

Содан кейін Пржевальский Мур-усу өзенін жағалап, қар үстінде сайрап жатқан керуен ізімен Танла тауының етегіне келеді. Бұл Тибет жотасының сауыр жоны, бұл жерде одан биік тау жоқ, оның аспанға тілдескен шыңдары кейде 7000 метрден асып жатады. Саяхатшының айтуынша, оның етегінен шың басына шығудың өзі бір сапар жол, қанша ентелеп тырмыссаң да ол жуық арада жеткізбейді. Бір тау бөктерінің өзі кемінен бір жұма жүретін 125 шақырымдай жер.

Саяхатшы Таңла тауының солтүстік тізбегімен ұштасып жататын «Бұғы-магнай» деген бір шыңының түбіне келіп тоқтаған. Оның басына шығып қараса, барлық Тибет жотасының зәулім құздары тұнжырап көрінеді. «Бөктерін қар басып, мәңгілік мұзбен мұнартып жатқан бұл зәулімді көргенде, адам бір қуанышқа толып, оның асқар бейнесін сипаттауға тіл жетпейтін еді», - дейді ғалым.

Бірақ Таңла тауы Лхасқа қарай асудың аса бір қиын кезеңі. Бұл таудан асарда жолаушылар әрдайым апатқа ұшырап, көліктері қырыла берген соң, жергілікті халық оның асуын аңызға айналдырып, «сол жерде жауатын тас бұршақ бар, және асудан не әрі, не бері өткізбей жүргінші керуенді қырып отыратын жеті басты жалмауыз бар», - деп шығарады. Саяхатшылар бұл таудан өтерде оның асуында жаңадан ғана жүріп өткен керуеннің ізі сайрап жатады. «Егер ол із болмағанда, оның асуларын салт атпен іздеп табу ақылға үйлеспейтін іс еді», - деп дәптерінде жазады.

Бұл таудың да өн бойы жып-жылмағай, әлдеқашан қар басып жұтатып қойған. Оның бауырынан не отын, не жайылым тауып болмайды. Оның үстіне жақын арада жаңбыр жауып, жер беті жойқын көк мұзға айналған. Тау бөктерінің жылтыр мұзы көлікті бір адым ілгері бастырмайды, түйелер тайғанап табаны қырқылып, аяғынан сорғалап аққан қызыл қан жол бойы шұбырып отырады. Сөйтіп, бұл таудан асып түсу күмәнді еді. Алайда күндіз-түні соққан үскірік жел, сақылдаған түнгі сары аяз, жердің мұздағы, жайылымның болмауы - бәрі қосылып саяхатшыларды бірталай апатқа ұшыратады. Оның Цайдамнан алып шыққан 34 түйесінің сегізі өліп, қалғаны арып, аяғын әзер-әзер басады. Міне, осының бәріне қарамастан алып ер ұдайы сегіз күн жүріп, Таңла тауының басына шығады.

Бұл таудың басына көтерілу — саяхатшының ойында болған зор арманының бірі. Оның басына шыққанда алдынан оңтүстікте алыстан Гималай таулары, теріскейде өзі жүріп өткен Солтүстік Тибет тауларының тізбектері жатады. Бұл қуанышты уақытты ол күнделік дәптерінде былай деп жазады: «Зайсаннан шыққанымызға міне жеті ай болды. Содан бері ешбір жадыраңқы күн көргеніміз жоқ. Бүгін Таңла тауының басына шығу - біз үшін зор қуаныш болды».

Бұл атақты таудың басына шыққанын есте қалдыру үшін Пржевальский обаның басына шөлмек қадап, ғасырлар бойы мүлгіп тұрған тау ішін жаңғырта салют беріп, үш рет «ура» деп айғайлайды.

Таңла тауының күнгей бетіне шыққан соң, жаратылыс көңілге жайлы тиіп, күн райы жылына бастайды. Бірақ оның басына шығу қандай қиын болса, одан түсу де сондай ауыр. Оның бөктері толып жатқан құз жартас, кезең, жарлауыттар болады. Саяхатшылар бес күн жүріп, ең соңында Салуэн (монғолша Хара-усу, тибетше Напчу) өзенінің бір саласы Санчу бойына келеді.

Бұл жер Тибеттің солтүстігіндей емес, елі жиі қоныстанған, басқалармен салыстырғанда шаруашылығы да аздап болса да өркендеген.

Осы жерде саяхатшы Лхастан келе жатқан өзінің ескі досы Дадай деген Цайдамның монғолын кездестіріп, олардан Лхас туралы бірталай жаңалықтар естиді. Содан кейін саяхатшы монғол жолдастарын ертіп, Бумза тауының іргесіне келіп тоқтайды. Бұл жерден Лхас алыс емес, мөлшері 250 шақырым шамасында болады.

Бумза тауы - Тибет саяхатында Пржевальскийдің мәңгі есінде қалған белгілі жер. Бұл тау ылғи қызыл граниттен құрылған жалпақ үстірт. Оның басына шыққанда оңтүстікте Гималай тауының тізбектері Ниенчен-Таңла, Самтын-Қансыр таулары мен солтүстікте кереге-жал сияқтанып Таңла тұрады. Бұл өлкенің суы мол, елі жиі қоныстанған, қолайлы жер болғандықтан саяхатшы алдында басынан кешірген қиындықты ұмытылып енді бүтіндей ғылыми зерттеу жұмысымен шұғылданады.

Пржевальскийдің шамалауынша, Тибет тауларының құрылысы бүтіндей өзгеше сияқты. Онда бытыраңқы ұсақтық жоқ, кесек біткен аса жойқын, зәулім жота, дүние шарының ең биік үстірті. Оның жан-жағы зәулім таулармен қоршалып келсе, ортасы жоталанып, мұнартып жатады. Бұл жотаның солтүстік шетінде кеудесін көкке тіреп, Куньлунь тауларының тізбегі тұрса, - оңтүстік шеті Гималай тауларына барып ұштасады.

«Азия өлкесінің жаратылыс құрылысы орасан жойқын, - дейді Пржевальский, - онда бір жағынан Сібірдің көз жеткісіз қалың орманы мен байтақ тундрасын көрсек, екінші жағынан Гобидің сусыз шөл даласын, материктегі аспанмен тілдескен зәулім тауларын, мыңдаған шақырым жерге есіліп аққан өзендерін көреміз. Міне, осы табиғат суретті бұдан гөрі де кесек түрде көрсететін, континенттің орта кезінен түстікке қарай созылып жатқан зәулім жотаны Тибет деп атайды. Жан-жағы биік таулармен қоршалған бұл жотаның сыртқы түрі түзу емес, трапецияға ұқсайды. Бейне бір алып сәкі сияқты жасалған мұндай жота дүние шарының еш жерінде осы сияқты жойқын түрде кездеспейді. Оның жан-жағын айнала самаладай қоршаған биік таулар Тибет жотасының үстіне адам баласының аяғын бастырмайтын ылғи зәулім құздар, сеңгір-сеңгір жоталар».

Осы күнге дейін бұл таулар зерттелмеген, олардың жаратылыс сырын тұңғыш рет ашқан орыс халқының географы Пржевальский. «Тибет жотасын кеңінен алғанда, - дейді Пржевальский, - ол өте байтақ. Жер реңкіне қарай оған солтүстікте тұратын Алтынтау, Нань-Шань таулары, Кокунор алабы, одан әрі оңтүстікке қарай серпіліп жатқан таңғұт жерлері түгел кіреді». Тибеттің толық зерттелген өлкесі - оның солтүстігі мен теріскей батысы ғана. Оны ашып, география ғылымының игілігі етуде аса күрделі еңбек сіңірген орыс ғалымдары Г.Н. Потанин, В.И.Робровский. П.К.Козлов. М.В.Певцов -Пржевальскийдің шәкірттері мен жорықтас замандастары.

Пржевальскийдің байқауынша, Тибеттің солтүстік өлкесі адам аз қоныстаған жапан түз, ұшы-қиыры жоқ түз ара. Оның жер реңкі түнерген шөл далаға ұқсайды. «Мұнда орман, тоғай деген жоқ, жері тастақ, қу тақыр. Бұл жердің жаратылысы өте көңілсіз, - дейді Пржевальский, - жер беті кілең ұсақ тас, оның бетінде қылтанақ жоқ. Тек анда-санда ербиіп тұрған шөкелер, не тақыр жердің бетін жалпағынан жауып жатқан сары қына болмаса, өсімдік дүниесі өте кедей. Кейде бұл қыналардың өзін аппақ қар сияқты тұз басып, оның көп жерін үздіксіз соғатын қара дауыл айғыздап қойған. Көк шалғын шөп мұнда бірғана тау ішінен ататын бұлақтардың жағасында не тымаларда ғана кездеседі».

Тибет тауларының жаратылысы өсімдікке тапшы, қуаң болуы оның ауа райына байланысты, жазда ауасы өте ыстық болса, қыс күндері сондай суық, кей жылдары үскірік аяздан адам көз ашпайды. Оның үстіне мұнда қыс пен жазғытұрым үздіксіз боран, қара дауыл соғып тұрады. Бұл жердегі ауа райының жайлы, тынық болатын кезі жаз бен күздің басы. Қоңыр күз мұнда бірталай уақытқа созылады. Қар көп түсіп, мұз қататын кез қараша айының басы.

Тибет жотасының жаратылысы осы тәрізді қатты суық, ауа райы қатаң, тыныс алуға қиын болған соң оның байтақ кең өрісін ел жиі қоныстамайды, жері құлазып, көбіне елсіз жатады. Ел өте сирек кездесетін жерлері - Тибеттің солтүстік өлкесі мен орталық жотасы. Ол түз араны монғолдар «гуресу-гадзыр» дейді, «аңның мекені» деген сөздер. Елдің жиі отыратын өлкесі Таңла тауының күнгей бетінен оңтүстікке қарай басталады.

Таңланың оңтүстік жағы кең жазық, онда толып жатқан шалқар көлдер, олардың ең атақтыларын Тәңірі-нор, Амдо-Цанак, Митык-Джансу деп атайды.

Саяхатшы осы өлкедегі Бумза тауына жеткенде, оның алдынан Тибет үкіметінің әкімдері шығып, Лхаска өткізбей далай-ламаның рұқсатын күттіреді. Бір жағынан ұзақ жолдан қажып келген адамдарға, көліктеріне біраз бөгеліп тынығу уақыт керек болады. Өйткені Напчу қыстағы мен Лхастың арасы кілең қия тас, таудың өте қысылшаң тар кезеңдерінен тек қашырмен не есекпен шұбырып өтпесе, ауыр жүк артқан керуен түйелерімен өту мүмкін емес. Сондықтан, Монғолиядан келетін керуендер түйелерін әрқашан Напчуде қалдырып, Лхасқа қашыр жалдап баратын.

Бұл жағдайдың барлығы саяхатшының мақсат еткен тілегіне кедергі болып, Лхасқа жете алмай қайтудың күдігін тудырды.

Лхасқа жетпей кеткен күннің өзінде де Пржевальскийдің екі жылға таяу уақыт Тибет даласын кезіп, елсіз жапан түзде неше түрлі қауіп-қатерді басынан кешіріп, үркердей аз кісімен жүріп істеген географиялық жорықтары шын мағынасында бір ұлы эпопея.

Тибеттің тауларын аралап, оның қиын асуларынан асып жүргенде, саяхатшының тағдыры не күйде екені сыртқы дүниеге бүтіндей мәлім емес еді. Ол күнде бүгінгі қызықты дәуіріміздей күнбе-күн хабар алатын радио жоқ, болмаса біздің совет үкіметінің Солтүстік полюсті зерттеген ғалымдарға көрсеткен қамқорлығы сияқты, ғалымдардың тағдырына ол кезде көз салатын халық үкіметі жоқ еді. Патша үкіметінің Пржевальскийге көрсеткен бар көмегі, дипломатия жүзінде Қытай үкіметіне хат жазып, саяхатшының қайда жүргенін сұрау, оның аман-есен болуына көңіл бөлуді өтіну ғана еді. Бірақ өзінің көз алдындағыдан басқаны білмейтін үкімет әкімдері Пржевальскийге назар аударуы былай тұрсын, бұл сұрақтардың өзіне де тыңғылықты жауап бермейді. Олардың айтқаны: «Пржевальский Цайдамнан әрі қарай өткелі ешбір хабар-ошар жоқ». Цайдамнан арғы жерде керуен талау, кісі өлтіру көп болатын. Егер саяхатшы жазатайым бір нәрсеге ұшыраса, Қытай үкіметі оған жауапты болмайды. «Расын айтқанда, - қытай үкіметінің ресми хатында айтылғаны, -саяхатшыға ешбір қорғаушы пана болуға мүмкін емес. Қазір қыс түсіп, таудың ішін қалың қар басып қалғандықтан, жаз шыққанша ол жақпен қатынасу мүлде тоқталды, қазір ол жермен жүріп өтуге болмайды».

Қытай үкіметінің бұл хатында айтылып отырған жерлер Пржевальскийдің 1879, 1880 жылдары күз бен қыс айларында жүріп өткен жері. Ал Пекиндегі Ресей елшісі бұл жауаптың бүтіндей дұрыс емес екенін дәлелдеп, Монғолиядан Лхасқа баратын керуендер сусыз шөл дала мен қар түсе өтетінін келтіреді.

Дегенмен, саяхатшының бір жылға таяу хабарсыз кетуі-бүкіл оқымысты дүниені үрейлендіріп, оларды қатты қорқынышқа келтіреді. Ол онымен тұрсын, талым Лхасқа қалай жетуді ойлап, Бумза тауының түбінде отырғанда «Пржевальский барлық кісілерімен, ашқан қанша ғылыми табыстарымен Тибеттің жапан түз, cap даласында өлді» - деген қауесет бүкіл дүниежүзіне тарайды.

1880 жылы 14 қаңтарда Пекиндегі Ресей елшісінің жіберген телеграммасында былай делінген: «Қытайлардың айтуына қарағанда, Пржевальский қасындағы жол білмейтін басшы адамын қуып жіберіп, қазан айының басында жапан түзде жалғыз қалған. Содан бері оның тағдыры не күйде екені жөнінде еш хабар жоқ». Тағы сол жылғы «Голос» газетінің 176 санында: «Алматыдан алған хабарға қарағанда, Пржевальский қытайлардың қолында тұтқында қалған көрінеді» - деп жазылды. Саяхатшының хабары неғұрлым белгісіз болған сайын, оның тағдыры туралы дабыл көтеру, ол кездегі газет-журнал бетінде жиілене бастайды.

Ол дәуірдегі баспа сөздің бір көрнектісі «Исторический вестник» журналы еді. Оның 5 санында (1880 ж.) Пржевальский туралы үрей ұшыратын бір суық хабар басылып шығады. «Жақын арада, — дейді журнал басқармасы, — шетел газеттері арқылы Пржевальский жаманатқа ұшырады деген аянышты хабар естідік. Оның қасына ерген қосшыларының біреуі Зайсан қаласына келген екен, ол одан айрылғанша ешбір жаманат болды деп айтпайды. Бірақ тағы соның айтуынша, Пржевальскийдің қасындағы сақшы адамдары бет-бетімен қашып, қызметшілерінің де бірде-бірі қалмаған сияқты. Пржевальский жападан-жалғыз Лхастан қайтқан ламаларға еріп шыққан екен, бірақ қайда қалғаны белгісіз. Орталық Қытайда саяхатта жүрген мадьяр графы Сеченидың айтуынан алып жазған Австрия газеттерінің хабарына қарағанда, біздің отанымыздың ардақты ерін елсізде қарақшылар талап, өзін өлтіргенге ұқсайды. Көңіл жұбатарлық жалғыз нәрсе Пржевальскийдің жаманатқа ұшырағаны туралы біздің Пекиндегі елшіміз үндемей отыр».

Мақаланың соңында саяхатшының тағдыры үшін бәйек болған жазушы патша үкіметінің ешбір шара қолданбай, самарқау жатқанына күйініп: «Ливингстонды іздеп тапты, Пайерді тапты, Норденшельді тапты, сорлы Пржевальскийді іздеу ешкімнің де ойына келмейді», —деп қатты қамығады. Оның не күйде болғаны осы тәрізді бүкіл оқымысты дүниені күңірентіп, орыс халқының патриот адамдары саяхатшының тағдыры үшін қобалжуда болған кезде, Пржевальский бұдан ешбір хабары болмай, жарты айдан аса Бумза тауының түбінде сарылып, далай-ламаның жауабын күтіп отыра береді.

Міне, ең соңында, Бумза тауының ішінде 16 күн түнеген соң, қарашаның 30 күні, далай-ламаның кісілері де келіп жетеді. Бірақ саяхатшы үшін олар жақсылық хабар әкелмейді. Тибет үкіметін басқаратын Номин-Хан мен жоғарғы ұлықтардың жарлығы бойынша, «Лхасқа баруға сізге рұқсат бермеді», - деп жауап береді.

Бұл хабарды жеткізуші далай-ламаның өзінен келген елші емес, төменгі ұлықтардың біреуі. Лхастан келген үкімет өкілі Пржевальскиймен көрісуге сырғақтап, ауырған болып Напчу қыстағында қалып қояды.

Бұл хабарға, әрине, саяхатшы риза болмай, «екі-үш күннің ішінде далай-ламаның жіберген өкілі өзі келіп жетсін, келмесе тұра Лхасқа бет аламын», - деп серт қояды.

Саяхатшының бұл сөзін естіген соң, Напчуде жатқан Тибет ұлықтарының төбе шашы тік тұрып, бұл расында келіп қалар дегендей, ауруынан жазылып, ертеңінде өзі келеді. Бұл келген, тегінде, Тибет үкіметін басқаратын жоғарғы ұлықтарынын біреуі болу керек. Оның қасында оған таяу тағы да бір-екі далай-лама әкімдері, және Тибет өлкесіндегі 13 аймағының әр бірінен бір-бір өкілден болады.

Далай-лама адамдары өздерінше салтанатты түрде келіп, жиылыс үстінде олар бұрынғы сөзін тағы да бұлжытпастан айтып, «үкіметтің қарары бойынша, далай-лама ордасына алыс жердің адамдарын кіргізуге болмайды», - деп жариялайды.

Пржевальский бұл фактыны тарихта қалдыру мақсатымен «Тибет үкіметінің бұл қарарын маған қағаз жүзінде беріңдер, ауыз айтқан сөз маған дерек болмайды, егер қағаз жүзінде бермейді екенсіңдер, мен Лхасқа алып шыққан бетімнен қайтпаймын», - деп отырып алады.

«Лхасқа бармай қайтпаймын» деген сөз далай-ламаның діншіл әкімдерінің жүрегіне тікендей қадалады. Ол сөзді естігеннен гөрі оларға басқа бір қиын шартты өтеу анағұрлым жеңілірек болар еді.

Сол жерде далай-лама елшілері өзара бір күндей кеңесіп, келесі күні Пржевальскийдің сұраған түсінік хатын табыс етеді. Бұл оқиға, әрине, ғалымды қатты күйзелтеді. Ол қанша географиялық жорық жасап, ғылымға белгісіз жатқан Тибет тауларының сырын ашса да, оған Лхасты көруге мүмкіндік болмады. Сөйтіп, Пржевальскийдің Лхас қаласының тап іргесіне келгенде, далай-лама үкіметінің оны кері қайтаруы - ол үшін аса өкінішті, күйінетін іс болады. «Лхасқа жете алмай қайтамыз ба? Осы ой көңілге көптен бері ұялаған еді және бұл қарарға тоқтау жүрекке сонша ауыр тиді. Міне, көптен бері мақсат еткен жұмысымыз тағы да ұзаққа созылды. Бұл жағдайда оның көпке дейін жүзеге аспай қалуы ғажап емес».

Лхастың тап қасына келіп, бара алмай қайтқанына қатты өкініп, Пржевальский өзінің күнделік дәптеріне былай деп жазады: «Тибеттің астанасына осымен төртінші рет кіре алмай қайттық. Бұған кедергі болған бірғана рухани діншіл адамдардың тұрпайылығы. Сонша қиын жолды артта қалдырып, таяу келіп, мақсатты орындалмай отырмыз. Оған жете алмай қайтқанымыз аса өкінетін іс.

Далай-лама ордасына баруға бұл менің төртінші рет жасаған жорығым еді: 1873 жылы келемін дегенде көлігіміз індетке ұшырап, оның үстіне қаражаттың жоқтығынан Көк-өзеннің басынан қайтқан едік. 1877 жылы бұл жерге бастап әкелетін кісінің реті болмады, екінші жағынан Якуб-бектің кедергі жасауынан тек Лобнор мен Алтынтауды зерттеп қайттық. Тағы сол жылы келемін дегенде ауруға шалдығып, Тучен қаласынан Зайсанға қайтуға тура келді. Міне, осы төртінші рет Тибеттің орталығына 250 шақырым қалғанда оған жете алмай, босағасынан қайтқалы отырмыз».

Тегінде, Лхасқа кіре алмай қайтқан бір тана Пржевальский емес. Ол кездегі діншіл руханилер шығарған кертартпа ереже бойынша, далай-лама астанасына бардық шетелдің кісілері кіре алмайтын болған. Лхасқа шетелдің адамдарың жолатпауды, ол кездегі феодалдық қытай үкіметі де астыртын жақтап отырады. Пржевальскийден кейін бұл оқиғаны басынан кешірген ғалымның бірі Дютрейль де Ренс еді. Ол да Лхастың түбінде далай-лама рұқсатын бір айдай күтіп, ең соңында Лхасқа кіре алмай, Тибет тауларының ішінде қаза табады.

Пржевальский Тибет орталығы Лхасқа бармағанымен, бұл елдің шаруасы, тарихы, әлеуметтік құрылысы туралы көп мағлұмат жинап, оны кейін өзінің жорығына арналған шығармаларына кіргізеді.

Саяхатшының айтуынша, Тибет тарихи заманнан Қытайдың белгілі бір аймағы. Оның халқы 3-4 миллион шамасында. Халықтың көпшілігі жергілікті таңғұттар, мұны өздері «бод» деп атайды. Олардың шаруашылық кәсібі жер жағдайына қарай әр алуан келеді. Тибеттің солтүстігін қоныстайтын көбінесе мал өсіретін көшпелі шаруалар болса, оңтүстігін отырықшы егіншілер мекендейді.

Пржевальскийдің кезінде ол жерде Еграй, Голык деген таңғұттардың екі ру елі тұрады. Олардың кәсібі аң аулау, мал бағу, жерден алтын қазып шығару. Қолданатын малы: қодас, қой, сиыр, жылқы. Түйе өте сирек кездеседі.

Барлық көшпелі елдің тұрмысы тәрізді, солтүстік Тибет өлкесін қоныстайтын рулардың да тіршілігі төрт түлік малдың сүті, еті, жүні, терісі.

Ал, Оңтүстік Тибет елінің негізгі кәсібі-жер өңдеу, егін салу, бақша өсіру. Оңтүстік Тибетте егін кәсібінің белгілі бір орталығы — Брамапутра өзенінің бойы. Бұл өзеннің алабы кең, жері құнарлы болған соң, ол ерте заманнан егін шаруашылығының көрнекті бір орталығы болады. Онда тары, бидай, арпа, күріш, жүгері, тағы басқалар егіледі. Бақшаларында әр түрлі уылжыған миуа, жемістер өседі.

Тибет өлкесі тегінде егін егудің не бақша өсірудің дүние жүзіндегі ең биік жері болып саналады. Бидай Нанда теңіз бетінен 4000- биікте өссе, жеміс ағаштары Лxac төңірегінде биікте өседі.

Егін шаруасымен байланысты Тибеттің қыстақ, кенттері көбінесе оның оңтүстік өлкесінде. Бірақ ондай кенттер мұнда сондайлық көп емес, санаулы ғана. Олардың ішіндегі ең көрнектісі - Тибеттің орталығы Лхас қаласы. Лхасты моңғолдар Барундзу, не Мангудзу деп атайды. Ол Ой-Мурен (тибетше Кичу) өзенінің жағасында, биік үстіртте () тұрады.

Лхас көбінесе тастан, қыштан салынған қала. Мұнда қодас пен арқардың мүйізінен тұрғызған үйлер де кездеседі. Лхас буддизм дінінің орталығы болған соң, сонда үйлерінің көпшілігі дін орындары (бұтханалар), ал қоғам үйлері аз. Қаланың маңайы толған бұтханалар - табыну орындары. Олардың ішіндегі далай-лама тұратын сәулеттісі Потала деп аталады, ол Лхастың батыс-теріскей шетінде, биік қия тастың үстінде салынған биік қамал. Мұның төменгі жағын ала кедей жатақтардың ұйысып жатқан жатақ жер үйлері, баспана лашықтары тұрады.

Пржевальскийдің кезінде Лхастың тұрғын халқы 20 мың шамасында екен. Олардың арасында ұста, іскер, шеберлер аз емес, көзге түсетін темірші, кенші, зергерлер тобы, шөлмекші, көзе шығарушы, кілем тоқушы, үй салушы, тағы басқалары бар.

Тибет қамалары бір ғана дін өкілдері емес, IX ғасырдан бастап олар үстемдік жасап, өзінің қарамағына қыруар байлық топтады. XIII ғасырдағы Қытай патшалығының ұйғаруы бойынша, Тибеттің рухани адамдары жұрт басқару ісіне де қатынасып, өзіне «далай» (жоғарғы) деген ат қойды. Сол XIII ғасырдан осы күнге дейін Тибет халқының шаруашылығын, мәдениетін билеп-төстеп келген осы руханилер.

Тибет — тарихы заманнан бері Қытай елінің бір аймағы деп саналады. Мыңдаған жыл бірге жасасқан туысқан ел болғандықтан, олардың рухани тіршілігінде де жақын. VII ғасырдан бері қарай Тибет рулары Қытай халқының мәдениет ықпалында болады. Міне, бұл тарихи жағдай Лхас қаласында осы күнге дейін сақталып келген шежіре тасқа жазылып қойылған.

Пржевальскийдің ізін ала шыққан, Тибет жерін зерттеген орыс халқының белгілі саяхатшысы П.К. Козлов еді. Ол кездегі Тибет әкімі Тубдан П.К. Козловпен сөйлескен бір әңгімесінде өзінің мақсатты ойын ашып жайып, үміті, тілегі орыс халқында екенін айтып, дос жарандық көңілін білдіреді. «Ресейдің өрісі кең, - дейді Тубдан, - біз сырттан зор қуаныш, тірек етіп отырамыз, мұны еліңізге айта барыңыз. Келешекте Ресей мен Тибет жұртының арасында да шын достық, қарым-қатынас болады деген сенімім зор. Менің байтақ таулы жерімнің жаратылысын кеңірек зерттеу үшін, бұдан былай да Ресей бізге саяхатшы ғалымдарын көбірек жіберіп тұрсын». Бұдан соң ол Козловты Лхасқа шақырады. Достық құшағын жаяды.

Пржевальскийдің кезіндегі Тибет жұртын басқарған ламалар Тубдан сияқты көреген емес еді, олардың барлығы дін шырмауында болған себепті Пржевальскийді Лхасқа кіргізбей қайтарады.

Пржевальский қайтар сапарында сенімді моңғол жолдасы Дадайдың көмегімен жергілікті елден өзіне керек азық-түлік заттарын толық қамтамасыз етіп, он салт ат, 26 түйемен желтоқсан айының ортасында туған еліне беттеп, Солтүстік Тибет тауларына шығады. Бұл жолы да Пржевальский Лхасқа тартқан сапарындағыдай жолшыбай талай-талай кедергі, қиыншылықтарға кездеседі.

«Мынау қыстың сақылдаған сары аязы, - деп жазады ол, - ұйытқып соққан боран, барлық дүние көзіңнен бір-бір ұшқандай, жан сақтауға керекті нәрсені еш жерден тауып болмайды. Қиыншылық күн-күн сайын алқымнан алып, күш-қуатты алғандай. Біздің қазіргі күйіміз шын мағынасында тіршілік үшін алысу. Тек ісіміздің ғылыми маңызы зор болғандық санасы бізге күш-қуат беріп, ешбір қиыншылыққа бағындырмай, оны қалайда жеңіп шығуға ұмтылдырат».

Міне, осы сияқты төзімділік, ақылға тірелген қажыр қайрат арқасында саяхатшы Тибеттің елсіз даласымен қыстың үскірік аязында екі мың шақырымдай жер жүріп, қаңтар айының 3 күні (1880) арып-ашып Цайдамдағы өзінің белгілі орны Дзунжасақ қыстағына келеді. Алып шыққан түйесі жол-жөнекей қырылып, 13 ғана қалған.

Ауыр жолдың азабынан құтылып Цайдамға келген соң Пржевальский көптеген ғылыми жұмыстар істейді.

Тибет тауларында біздің жерде кездеспейтін тағы хайуандар өте көп. Олардың ішінде саяхатшыны таң қалдырған, әсіресе, топ-тобы мен жүретін құлан, шудасы жерге түсетін қодас, мүйізі қарағайдай Тибет арқары (куку-яман), ақтөс арқар, киіктің ада, өренгі дейтін екі тегі, Тибеттің қызыл-қоңыр аюы, сұр қасқыры, таты басқалар.

«Ішкі Африка мен Австралияда болмаса, - дейді Пржевальский, - Тибет тауларындағыдай аңның көптігі еш жерде бола қоймас. Бұл жермен жүріп көрсең, ертеңнен кешке дейін алдыңнан жөңкіліп жатқан аң, оның ішінде жүздеп, мыңдап өрген қодас, жел аяқ құлан, қаптаған қалың киік. Тау ішінде осынша бықып жүрген жануарларды көргенде олардың тағы екендігіне нанғың келмейді де». Солтүстік Тибет өлкесі елсіз жапан түз болған соң, аңдардың мекендеп өсуіне өте қолайлы болған жер.

Мұнда ең алдымен көзге түсетін Тибет қодастары. Қодас - жаратылыста өзгеше біткен төрт аяқты жануардың бір түрі. Оның денесі үлкен, келбеті көз тартатын айбынды, бауыр шудасы төгіліп жерге түсіп жүретін бір қызықты жануар. Оның жауына қарсы қолданатын қаруы - алып денесі мен қарағайдай екі үлкен мүйізі.

Пржевальскийдің анықтауынша, осындай тағы сиырлардың көп тараған өлкелері - Тибет пен Ганьсу тауларының аралығымен Кокунор көлінің бойы. Олар топ-топқа бөлініп, жүз-жүзден, кейде мың-мыңнан жүреді. Тобымен жүретін көбінесе ұрғашы сиырлар мен бойдақ таналар. Ал, үлкен бұқалар әдетте олардан бөлектеніп, өз алдында бір топ болып жүреді. Тобымен жүрген қодастар даладағы жыртқыш аңнан ешуақытта қорықпайды. Мысалы, қасқырдың келгенін сезсе, олар алқа-қотан жиналып, жас төлдерін ортасына алып, айбат шегіп тұрып алады. Мұндай шабынып тұрған кезде қодастың түрі тіпті айбынды, бураның шабынғаны тәрізді, құйрығын жоғары көтеріп, көзін ақшитып, денесін күжірейтіп жібереді.

Қодас төрт аяқтылардың ішіндегі өте самарқауы. Ол өзінен басқаны киік сияқты дыбыс не көру арқылы сезбей, иісінен біледі.

Қодас жайылуға таңертең мен кешке жақын шығады. Одан басқа уақытты ыңғай жусаумен өткізеді. Жусағанда ойпат, жазық жерде жусайды. Таудың күнгей бетін онша жаратпайды, өйткені жүні қалың болған соң таудың теріскей, салқын жағын ала жүргенің жақсы көреді. Денесі сондай сөлекет, ауыр болса да, қодас тау басына шығуға да аса епті келеді, кез келген жерге жайыла береді, шөп таңдамайды. Қодастың күй шақыратын кезі -күзгі қыркүйек айы. Бұл кезде олардың бұқаралары бұрынғы самарқау түрінен шығып, күн-түні қыр кезумен болады. Әбден табаны қызып, лекі болған бұқалар бірімен-бірі кездескенде қырғын соқтығысқа түсіп, сүзісіп, мықтылары босаңдауын жарақаттап отырады.

«Қодастың мінезінде, - дейді саяхатшы, - ең алдымен көзге түсетін оның самарқаулығы. Олар тек таңертеңмен кеш алдында жайылуға шыққаны болмаса, өзге уақыттың барлығын құлаққа ұрған танадай жусаумен өткізеді. Жусағанда олар не сұлап жатып, не сілейіп тұрып жусайды. Сол кезде олардың тірі екенін тек күйсеуінен ғана айырасың. Күйсемей, мелшиіп тұрған кезде қодастың болбақ сурет тастан еш айырмашылығы жоқ. Ол кезде ең ақыры оның басы да қозғалмайды, тұрған қалпында қатып тұра береді». Пржевальский бұл жерлердегі барлық аңдардың тегін, күн көрісін де жете зерттеген.

«Тибетте болған саяхаттың бірінде, - дейді ғалым, - әлден уақытта бір қодастың ашына тап берген үстіне кездестім. Бұл іс 1880 жылы мен Тибеттен қайтып келе жатқанда Дүмбуре тауының ішінде болған еді. Біз дағдымыз бойынша ерте жүріп, сәске кезінде тоқтап, салық қылған жерімізге таяу тұрған тауларға аң аулауға шығатынбыз. Бізге керегі, әсіресе, Тибеттің ақтөс арқары еді. Бірақ кездесе қалса қасқыр, қарсақ, қодас сияқты аңдарды да құтқаруға ойымыз жоқ, өйткені олардың тұлыбы коллекция жасауға өте керек еді. Құлан мен киік, оның ішінде ада бізді әбден тойдырған соң, бұл жолы оларға артық көңіл бөлгеміз жоқ.

Мен тау-тауды аралап, кезіп жүргемін. Бірақ не арқар, не қасқыр, не қарсақ дегенді еш жерде кездестірмедім. Жүрген жеріміздің барлығы - қаптап өрген құлан, киік. Тек ауық-ауық бұталардың арасында жайылып жүрген қодасты көресің. Тау кезу мен түс ауғанша далада болған едім, байқасам, тоқтаған жерімізден он шақырымдай ұзап кетіппін. Біраз дем алып отырған соң, таудың екінші бөктерімен қосқа қайттым. Келе жатып абайласам, толып жатқан көп сайдың бірінде бір топ қодас жайылып жүр екен. Олар менен үрікпеді, қасына екі жүз қадамдай жуық келтірді. Сол жерде мен он шақты оқ шығарып, оның біреуін жықтым. Қодастың өзгесі тауды бөктерлеп, жылысып кеткен екен. Жүгіре басып бір қыраттың басына шыға келсем, олар қатты ашынып, маған қарама-қарсы келе жатыр. Мен тағы да оқты үсті-үстіне жаудырта бастадым. Сол кезде қодастың біреуі тобына ере алмай жығылып, таудың жар қапталынан төмен қарай домалап кетті. Қалғаны жөңкіле қашты».

Тибет жорығын осылай аяқтап, Пржевальский жаз айларын Кокунор көлі мен Сары-өзеннің (Хуан-хэ) бойында өткізіп, бұрын талай рет жүріп өткен таныс жолымен өзінің отанына қайтады.

ШЫҒЫС ЕЛДЕРІНІҢ ДОСЫ

Пржевальский өзінің жиырма жылдық саяхатында Орта және Ішкі Азияның тек қана жерін, суын, жаратылыс өзгешелігін зерттеп қойған жоқ. Ол бір жағынан бұл байтақ өлкеде ғасырлар бойы белгісіз жатқан кейбір ұсақ жұрттардың тіршілігін бақылап, оларды тұңғыш рет тарих жүзіне шығарды.

Ғылымын биік шыңға көтеруге белсене қатынасқан ұлы адамның бірі атақты саяхатшы Пржевальский болды. Сондықтан да Орта Азия халқы оны жақсы түсініп, әр уақыт саяхатшыға қатты қадір-құрмет көрсетіп тұратын. Сол қадір-құрмет көрсетудің арқасында Пржевальский Орта Азияны ерекше сүйіп, өзінің қызықты жас шағын бірғана соның жерін, тарихын зерттеуге арнайды. Бұл мақсатты орындау жолында ол ауру, шаршау дегенді білмей, жиырма жыл ұдайымен уақытын көшпелі, шала көшпелі елдердің ортасында өткізіп, елдердің сол кездегі тіршілігі мен тарихы жатынан көп мағлұмат жинап алады.

Осындай игілікті істің соңына түскен Пржевальскийді Орта Азия халықтары өте ардақтап, халық бұқарасы жергілікті феодал үкіметінің оған бөгет жасауына қарамастан, өздерінің көп жылғы досы Пржевальскийді көруге ынтық болып, онымен шүйіркелесіп сөйлесуді бір қызық қуаныш көретін.

Пржевальскийдің байқауынша, Орта және Ішкі Азияның халықтары мыңдаған жыл қараңғылық пен дін шырмауында тұншыққан соң, олардың мәдениеті, шаруашылығы ілгері баспай, орасан артта қалып келген. «Біздің төрт рет болған саяхатымызда, оларды бір жағынан феодалдық қытай хандары жәбірлесе, екінші жағынан өздерінің алпауыт бектері қанап, еңбекші жұрт феодализм бұғауынан құтылудың жолын бірғана орыс халқынан күтетінін сыпаттайды, - дейді ғалым. Жергілікті ел орыс халқын сондай жақсы түсініп, оған сонша сүйіспеншілікпен қарайтынын байқадық. Бізді жете білмейтін бір ғана Тибет, Орта Азиядағы өзге елдің барлығы көңілін Ресейге аударып, олардың бізге қол созу тілегі зор сатыға жеткен. Бұл, әрине, өте қуанышты, игілікті іс. Өйткені, Орта Азиядағы елдің арасында ешкім ешуақытта бізді жақтап үгіт таратқан емес, бұл сенімге келіп отырған халық тіршілігінің өзі».

Пржевальскийдің көп жыл зерттеген саяхатында Орта Азияның көшпелі мен отырықшы елдерін бірдей аралады. Көшпелі елдер арасында болғанда жаз күні олармен бірге тау ішінде жүріп, олардың шаруашылық тұрмысын, әдет-салтын, рухани тіршілігін, істейтін кәсібін, тұратын үйін, ішетін тамағын, киетін киімін, үй ішінде қолданатын аспаптарын да зерттеп, олардың мәдениет сатысы қай түрде болғаны жайында өзінше қортынды шығарды. Орта Азияның келешегіне, оның шөл далаларына күдіктеніп қараған. Шөл даламен күресіп, оны гүл-бақшаға айналдыру біздің социалистік қоғамымызда ашық дәлелін айқын көруге болады. Соңғы он жылдың ішінде жасалып біткен Үлкен Ферғана каналы, Фархад каналы, Сырдария мен Шу өзендердің бойынан жүргізген каналдар бұрынғы тіршіліксіз жатқан жапан түз шөлдерді бүтіндей өзгертті. Бұлардың барлығы Пржевальскийдің шөл дала туралы айтқан жорамалын теріске шығарып, жаратылысты адам баласының мақсатына бағындырудың жаңа бір дәуірін тудырды.

Орта Азиядағы елдер тіршілігінен Пржевальскийдің зерттеген жұртының бірі - таңғұттар. Бұл ру-руға бөлініп Ганьсу өлкесінен Тибет тауларына дейін қоныстап отырған бақташы ел. Ғалымның айтуынша, таңғұт руларының өзі бірнеше ұлысқа бөлінеді. Олардың ішіндегі жанды-жақты көбірегі: қара-таңғұт не панака (қытайша хэй-фань), сары-таңғұт (бэй-фань), салыр (аз ру), қам (Шығыс Тибет руы). Бұлардың бәріне ортақ нәрсе - олардың көшпелі тұрмысы, мал өсіріп күнелтуі, жазы қысы баспана қылып отыратындары қодас жүнінен істеген қараша үйлері. Бұқараны билеп төстейтін кілең ру басы ақсақалдар не алпауыт бектер жайылым, мал өрісі, суат, егін-жай барлығы солардың қарауында.

Ганьсу мен Тибет таңғұттарының арасында тіл, рухани тіршілігі жағынан бірталай өзгешелік бар сияқты. Ал, бұлардың әрі-сәрісінде тұратын қамдардың өзі де Ганьсу және Кокунор таңғұттарынан басқарақ, тіл-ұқсастығы жағынан олар егрей мен гөліктерге (бод) жақын екені байқалады.

Пржевальский әсіресе Ганьсу Кокунор таңғұттары, олардың ішінде қара, сары, салырлар рулармен өте таныс болған.

Қара-таңғұт өздерін панака дейді, Сары-өзеннің (Хуан-хэ) басы мен Кокунор көлінің оңтүстік шығыс алдын қоныстап отырады. Шаруашылық жағынан олар көшпелі (рунва), егінші (джаху) болып екіге бөлінеді. Егіншілері көбінесе отырықшы, Сары-өзеннің бойында егін мен бақша кәсібінің соңына түсіп, кілең қыстақ пен қала төңірегінде болады. Ал, мал өсіретіні бірыңғай көшпелі келеді.

Барлық бақташы елдің тіршілігі тәрізді таңғұттардың да қысқы-жазғы ойлайтыны мал өрісі, соны қалай дұрыс пайдалану. Шөбі тақырланған жерде олар көп отыра бермейді, әлсін-әлсін жұрт жаңартып, ылғи соны жер іздейді. Кейде өріс үшін ру арасында үлкен талас, жан-жал шығып, кейде сондай оқиға кісі өлімімен де аяқталады. Соғыс үстінде қолданатын қарулары білтелі мылтық, ұзын сүңгі, қылыш, садақ. Дегенмен, әрбір рудың өзіне тиісті көшіп қонып жүретін меншікті қонысы бар, бірақ ру атын сатып, оны пайдаланатын ру басы ақсақалдар не малы көп байлар. Бұлар кең өрісті өзіне меншіктеу үшін ру қауымынан басқаланып жеке-жеке шаруашылық ауылға бөлініп отырады. Әрбір шаруашылық ауыл жеті-сегіз, не одан көбірек үйден құралып, өз алдына бір қотан жасайды.

Панакалар тіршілігінен ерекше көзге түсетін - олардың будда діні мен қатар бақсыға табынуы, бақсылық белең алып, оған табынушылық панакалар арасында өте күшті болған. Пржевальскийдің айтуынша, әрбір панака ауылында бірнеше лама болса сонша бақсы да кездеседі.

Панакаларға қарағанда сары-таңғұттар көбінесе отырықшы, егінші, не шала көшпелі. Негізгі қоныстап отыратын жері Нань-Шань тауларының етегімен Датун-гөл өзенінің бойы. Бұлардың мал бағатын көшпелілері жаз күні Нань-шань тауларының ішін жайлап, қысқа қарай оның етегінде тұрған қыстауларына келіп бекінеді. Бұл таудың іші толған зәулім қарағай, самырсын ағаш, көшпелі жұрт жаратылыстың бұл тегін сыйын пайдаланып, қысқы қорасы мен үйлерін осы қарағайдан салып алады.

Дегенмен, барлық Орта Азиядағы халықтар сияқты, таңғұт жұртының бұқарасы да көп заман алпауыт бектері мен қытай феодалдардың жәбірлік азабын көп тартқан жұрт. Сол жәбірліктің зардабынан олардың кейбір рулары 1870 жылдары дұнған көтерілісіне қатысып, соңында қатты қырғынға ұшырайды. Пржевальский айтуынша, таңғұттардың ортасында еркін күлгендерін жолықтыра алмайсың, барлығының түрі жабыңқы, ең ақыры балаларының өзі ойын-күлкі дегенді білмей түнеріп жүреді. Өзара жолыққанда бірін-бірі «оро» дейді, оның мәнісі «жолдас» деген сөз.

Пржевальский Орта Азияның зәулім тауларын, шөл даласын жиырма жыл бойы кезіп, басынан неше түрлі қиын-қыстау іс кешіргенде, оның ауық-ауық тірек қылып, қуанышы мен қайғысына ортақ болған Қашғар ұйғырлары мен Кокунордың монғолдары, Ганьсудың дұнғандары мен Сары-өзеннің қытайлары. Пржевальский ұзақ жолдан арып-ашып бұл елдердің ортасына келгенде өзінің туып өскен еліне келгендей көңілденіп, жаңа жорыққа аттанардың алдында бірнеше күн жатып, күш жиятын.

Пржевальскийдің заманында «жапан түздің көмесі» деп аталған керуен түйелері ғана еді. Орта және Ішкі Азияның ұлан байтақ шөл даласын, тізбек-тізбек тауларын жиырма жыл бойы ерінбей аралап, отыз мың шақырымнан аса жерді зерттеп шығу - сол адал міндетті жүзеге асыру Пржевальский мен оның қасына ерген жолдастарының қажыр-қайратына, төзімділігіне байланысты болса, екінші жағынан орыс халқының ғалымына көрсеткен жергілікті елдердің достық көмегіне де тіреледі.

Пржевальский өзінің саяхаты туралы жазғанда Зайсан қазақтары мен буряттардың ұзақ жолға арымайтын атан түйелерін ұсынумен қатар олардың жарқын жүзді сенімді, елгезек, тыңғылықты жігіттерін, қиын жолдан адастырған алып жүретін жырынды басшы адамдарын да әр уақыт есінен шығармайды. Өзінің күнделік дәптерінде ерекше аса жарқын түрде еске түсіретіні, әсіресе, барлық саяхатында бірге болған бурят Дондак Иринчи-ноз, одан кейін оған көп уақыт еңбек сіңірген ұйғыр Абдул Юсупов, монғол Дадай, тағы басқалар. Бұлардың барлығы саяхатшының мақсатты ісін жүзеге асыруда белсене қатынасып, оның жемісті болуына тілектес болған дос-жаран адамдар.

Тибет тауларын кезгенде Пржевальскийдің әрдайым тоқтап, салық қылған өлкелері Кокунор мен Цайдам бойындағы Монғолия қыстақтары еді, оның ішінде Чейбсен, Доланкит, Дзунжасақ, Барунжасақ дейтін аймақ (хошун) орталықтары болатын. Бұл өлкеде Пржевальскийді білмейтін адам кемде-кем болатын. Оның Чейбсенге не Дзунжасаққа келгенін естісе-ақ, монғолдар жүгіріп, алдынан шығып, көрген білгендерін айтып бастайтын. Олардың кейбіреулері Алашаньның құмында Пржевальскиймен бірге болып, ауыр жолдың азабына ортақ болған адамдар.

«Кокунор мен Цайдамға келгенде, - дейді Пржевальский, - осы жоғарыда айтқан адамдардың барлығы бізге сондай жарқын көңіл білдіріп, қуаныш пен қарсы алуды өздеріне зор міндет санаушы еді». Саяхатшының оларға сенімінің күшеюі сонша, Тибет тауларына аттанарда барлық ауыр жүгін, қымбат бұйымын, алтын-күміс, ақшасын (жамбы) Дзунжасақ аймағын басқаратын таныс монғолдарға аманат қалдырып, Тибеттен қайтар жолында оны сол бұрынғы қозғалмаған қалпында қайтып алады. Кейде бұл жерге арыған түйелерін бір-екі бақташымен жаз бойы семіртуге қалдырып, Цайдам өлкесін өзінің тұрақты бір салығына айналдырады.

Тибет жотасын зерттеуде көлікпен, кісімен, азық түлікпен күш алған Цайдам монғолдарын ол ешуақытта ұмытпайды. Бұл туралы бір еске түсіруінде ол былай деп жазады: «Біз қалай Дзунжасақ хырмасының қасына келіп, шатырымызды тіге бастасақ, ол жерде бұрыннан тұратын ескі таныстарымыз кездесіп, бізді өзінің досындай күтіп алатын еді». Бұл, әрине, Пржевальскиймен жергілікті халықтардың арасындағы достығын көрсетеді.

Орта Азиядағы елдердің ішінде саяхатшының сапарының оң болуына тілектес болған жұрттың бірі дұнғандар. Пржевальскийдің саяхаты кезінде дұнғандар қатты ауыртпалықта болып, феодалдық Қытай үкіметінің қанды шеңгелінде еді. Ғалым дұшпандарға аянышты көзбен қарап, олардың еңбек сүйгіш, тәртіпті, тазалықты сүйетін қажырлы ел екенін айтып, оларды жарқын түрде суреттейді. «Бамба қыстағын басқаратын дұнған ақсақалы, -дейді Пржевальский, - күн сайын біздің жатқан жерімізге ұрланып келіп, елінің басынан кешірген ауыр халін, қырғынға, апатқа ұшырағанын айтып, қатты егіліп жүрді. Ганьсу дұнғандардың қытай үкіметімен өштесуі сонша, олар өзінің отырған жерін байырғы мекен деп атамай, «біз бұдан төрт жүз жыл бұрын Орта Азиядан, Самарканд төңірегінен ауып келген едік» деп айтады.

Ганьсу өлкесін қоныстайтын бір ғана дұнғандар емес. Пржевальскийдің соңғы саяхаты кезінде ауыр халдің үстіндегі елдің, бірі Қашғар ұйғырлары мен тағы соның дұнғандары еді. Бұл кезде жиырма жылға созылған халық бостандығы үшін қозғалысты феодалдық қытай үкіметі аяусыз басып, оның жазалау әскері бұқараны бір тарының қауызына сыйғызғандай, қыспаққа алып жатқан кезі. Бұл кезде күн сайын шапқыншылық, талан-тараж, панасыз жатқан елді ұрып-соғып қорқыту, жазалау болып тұратын.

Қашғарға келгенде қытай үкіметінің жәбірлеуінен қамыққан бұқара Пржевальскийді зұлымдық бұрауынан құтқаратын өзінің сақтаушысы келгендей қуанып, оған бар көрген жәбірлік-жапасын бастан аяқ қалдырмай айтады. «Машын руын басқаратын ақсақалдар бір күні маған келіп былай деді: бүгінде қытай үкіметінің әрбір әкімдерінің бізге қылған ісі былай тұрсын, жай әскерлерінің өзі бізге не істеймін десе де ерікті - жазықсыз ұрып-соғу, дүниемізді талау, қатын-баламызды тартып әкету... Алым салық деген елді бас көтертпей қойды. Бірақ бұл ауыртпалықты ұзақ уақыт көтере беруге шыдай алатын халық жоқ. Қазір біздің көпшілігіміз қару-жарақ дайындап, оны білдірмей жасырып отырмыз. Аянышты нәрсе - біздің басшымыз, қолдаушымыз жоқ. Бізге ең болмаса қасында еріп жүрген атты қазақтарыңның біреуін қалдырып кет, ол біздің қолбасшымыз болсын». Досына ғана бұл жан сырын айтуы, әрине, тегімен-тегін емес, оның зор себептері бар.

Қашғар Пржевальскийдің аса жақсы көріп ұнатқан бір өлкесі. Оның елі жүрегін қандай тартса, жері де сонша жылы көрінеді.

Лобнор көлінің маңайы толған ұйғыр ауылдары. Бұл жер Пржевальскийдің талай рет жебелеп, талай рет оның елі, жерімен сырласқан өлкесі. 1885 жылы ол ең соңғы Тибет саяхатынан осы араға келгенде, ол жердегі ұйғырлардың қуанышы қай түрде болғанын тілмен жеткізіп айтуға болмайды. Саяхатшының Алтынтаудан асып келе жатқанын естісімен Лобнор маңайындары қыстақтардың кәрі-жасы жиналып, ескі досы Пржевальскийді қарсы алуға алдынан шығады.

Ұйғыр халқының досын қарсы алғандағы ескі салты бойынша жолаушының алдынан жаңа пісірген ыстық нан ала шығады. Халық жорасы бойынша бұл ыстық нан өмірді жылытып, оған күш қуат беретін тіршілік негізі болса, ол сонша достықтың да бұзылмайтын анты (нанымы) орында жұмсалады.

Пржевальскийдың достарының бірі - Лобнор төңірегіндегі ұйғырлардың ақсақалы Күншыққанбек. Ғалымның досы туралы айтқаны: «Өте сезімді, сирек жолығатын адам». Күншыққанбек Пржевальскийге Тарим сағасын, Лобнорды, Алтынтауды зерттеген кезінде көп жақсылық істеген, жарқын жүзді адамның бірі. «Лобнор жиегінде елу күндей тұрып, -дейді саяхатшы, - кілең жарқын жүзді адамдардың ортасында болғанымыз біздің күш-қуатымызды арттырып, ілгергі сапарда қажымауға көп көмек етті. Қыстыгүнгі Тибетте көрген қиыншылықтан кейін бұл жерге келіп тынығып күш жыйғанымыз - біз үшін табылмайтын сыйлық болды, өйткені ілгеріде де зерттелуге тиісті тағыда бірталай белгісіз жерлер жатқан еді». Бұдан соң: «Көп күн жатып, қуанышқа батқан жерді артымызда қалдыру аса қиын болды, - дейді ғалым. - Әсіресе ақ көңіл, адал ниет көрсеткен жергілікті елді қиюға қиын екен. Тап біз жүретін күні бізбен амандасып қалуға маңайдағы қыстақтардың бар адамы жиналып, бізге бірнеше күн басшы болып, шығарып салмақшы болды».

Отаршылдық жаншуымен ұйғыр бұқарасының Пржевальскийге көрсеткен қошеметі тіпті өзгеше еді. Ол Қашғар өлкесіне келгенде жергілікті ұйғырлардың арқа-басы кеңіп, көңілі жадырап, оны арқа таяныш етеді. Ұйғыр халқының бұқарасы Пржевальский туралы әлденеше аңызды әңгіме шығарып, өзінің азат етуші, қорғаушысы келгендей қуанады.

Керия мен Хотан өлкесі отаршылдық елдердің баурындағы алтын мен яшмасын, мақтасы мен кілемін жергілікті елдің бұқарасы өз игілігіне жұмсай алмай, істеген еңбегі еш болған соң, олар ауық-ауық наразылық білдіріп қоятын. Пржевальский соңғы Тибет сапарынан қайтқанда Керия ұйғырлары сондай бір ұлы толқынның үстінде болған. Жергілікті елдің бұл ашынған бетінен қорыққан мандарин әкімдері оларды Пржевальскийге жолықтырмау әрекетін жасап, «қасына бармандар, еш нәрсе сатып, еш нәрсе айтушы болмаңдар, бұны орындамасаңдар аяусыз жазаға тартыласындар», - деп, үрейлерін алады. Бірақ, ұйғырлар оны тыңдамай саяхатшының келу сапарына арнап той жасап, шексіз құрмет көрсетеді. Мандарин әкімдерінің бұйрығына олар бір күні былай деп жауап қайырады: «Орыстар туралы сіздің бұйрығыңызды орындау қазір біздің қолымыздан келмейді, өйткені олар қарулы күш жұмсайды, қарсы тұруға біздің шамамыз жоқ. Егер сіз олардан күшті болсаңыз мұнда келіп, оларды жазалап көріңіз» - дейді.

Керия мен Хотан ұйғырлары (таулықтар) саяхатшының өте достасқан бір жұрты. Олардың бұған көрсеткен қошеметі, жан тәнімен берілгіш дос-жарандық істері сондай мүлтіксіз таза болған соң, Пржевальский бірден қиып кете алмай, бірнеше күн олардың ортасында болады. Бұл туралы былай деп жазады: «Полу қыстағында біз бес күн тұрдық. Бұрынғы Ясылғанда болған тәрізді мұнда да жергілікті ел мен тез шүйіркелесіп, достық базарына кірдік... Мұндағы тұрған адамдармен досжарандық көңіліміздің жақындасуы сонша, олар біз үшін сауық кешін жасап, би билеп музыка тартып, әр түрлі ойын көрсетті. Сауық кешін өткізу үшін ашық қораның ішіне киіз төсеп қойған екен, бізді төрге отырғызды. Музыка аспаптары дутар мен дауылпаз екен. Сахнаға ең алдымен биші әйел мен жас жігіт шықты. Олар билегенде қайран қаласың. Жігіт сыпайылықпен әйелді өзіне иіле шақырып, әр түрлі ырғақ жасады, би музыканың тактысымен төгілетін қол мен аяқтың баяу ырғағы. Көрушілер мұны ұнатқандықтан қатты дауыспен «әлей, әлей» деп отырды, өздері қосылып ән де шырқады. Сауық үстінде өнерпаздарға сый тарту - бұл елдің жорасы екен. Біраздан кейін біздің атты қазақтарда шыдап отыра алмай, бұл думанға араласа бастады. Олардың бірі құшырлана би билеп, әр түрлі ырғақ көрсетсе, бірі гармон тартып, тыңдаушыны өзіне еліктіріп әкетті.

Би тоқталғаннан кейін сахнаға ойыншылар шығып, әр алуан ойын көрсетті. Олар маймыл, соқыр теке түрінде шығып, енді біреуі салт атты әйел түрінде болып әр түрлі қызық нәрселер көрсетті. Жергілікті ел алғашқыда бізден қатты ұялып, әйелдерінің жақсы киімі жер астында тығулы жатқанына бірталай қапа болған еді, кейін думан үстінде оны елең қылмай кетті.

Біздің кісілердің ол жердегі байлардың шеңгелінде отырған әйелдерге әсер етуі сонша, кейін біз жүрерде олар бізді қия алмай, «орыс жігіттерімен бұл өлкедегі қызық өмір бірге кетеді», - деп көздері жасқа толып, егіліп жылады.

Қауым тіршілігі Орта Азия халықтарының орыс халқының мәдениет игіліктеріне қол созып, одан мейірімділік күткенін бірғана Пржевальский арқылы біліп қоймаймыз. Олардың бұл тілегі өздерімен туысқандай сырласқан орыс халқының атақты ғалымдары В.А. Обручев, Г.Н. Потанин, И.В. Мушкетов, П.К. Козлов, Г.Е. Грум-Гржимайло айтқан досжарандық сөздерінен белгілі болатын.

ОРЫС ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛЫ САЯХАТШЫСЫ

Николай Михайлович Пржевальский XIX ғасырдың екінші жартысында Орта және Ішкі Азияны зерттеу мен даңқы шыққан атақты саяхатшы-географ. Ішкі Азияның жерін, жаратылысын зерттеуде оның география ғылымына келтірген жаңалығы орасан көп. Бұрын жаңа материк ашқан ұлы географтар қандай болса, Пржевальский де Ішкі Азияның белгісіз жатқан ұлан байтақ даласын тұңғыш рет зерттеп, оны ғылым жүзінде айқындауымен әйгілі атақ алған ғалым. Оның елі, жері, жаратылысы ғасырлар бойы жұмбаққа бөленіп, география ғылымына бүтіндей белгісіз жататын. Сондықтан ескі географияда «terra incognita» (белгісіз жер) деп, тегін аталмаған. Бұл өлке туралы ескі география ғылымының пайдаланған мағлұматы тек қана Қытай халқының тарихи әдебиеті болмаса сол жерді мекендейтін елдердің тарихи аңызы ғана болған. Бұл мағлұматтың өзі де көп заман қолға түспей, тек шығыс елдерінің тарихын, тірлішігін зерттеген атақты орыс ғалымдары Н.Я. Бичурин, Палладин сияқты оқымыстылардың көмегімен ғана жүзеге асыруға мүмкіндік болды.

Ішкі Азияның ең жатқан даласын, тау тасын, жер құрылысын ғылым жүзімен тану - тек ғана Пржевальскийдің көп жылғы еңбегінің жемісі. Бұл өлкенің география құрылысын ғылым жүзімен анықтауда Пржевальскийдің атымен қатар айтылатын кісі өте аз. Ал оның соңынан ала шыққан П.К. Козлов, М.В. Певцов, В.И. Роборовский сияқты - оның өз шәкірттері, Г.Н. Потанин, Г.Е. Грум-Гржимайло, В.А. Обручев орыс ғалымдар.

Атақты географ ғасырлар бойы белгісіз жатқан Орта Азияны тұңғыш рет зерттеп, оның жаратылыс ерекшелігін ашып, география ғылымына жаңадан жол салған соң Н.М. Пржевальский орыс географтарының атасы деген қадірлі атқа ие болды.

Өзімен тұстас ғалымдардың бағалауынша, Пржевальскийдің Ішкі Азия материгін зерттеуі география ғылымына жаңадан бір дәуір тудырған, ғылым тарихын ардақтап оған алатын географиялық табыстың жарқын бір кезеңі. Олардың айтуынша, бұл өлкенің география құрылысы туралы көп уақыт қолданылып келген Гумбольттың картасы еді, бірақ Пржевальскийдің зерттеуінен кейін бұл карта бүтіндей ескіріп қалды.

Бұрын белгісіз жатқан Тибет тауларын тұңғыш рет кезіп, Монғолияның ұшы қиыры жоқ даласы мен Ордос, Алашань, Лобнор, Қашғар өлкелерін тұңғыш рет жарыққа шығару Пржевальскийдің зор ғылыми маңызы бар еңбегі.

Солтүстік Тибет тауларың тұңғыш рет зерттеп біздің заманымыздағы географиялық жаңалық ашудың аса бір күрделі кезеңі болып шығады. Пржевальскийге дейін қазіргі география картасына таныс Кукушили, Баянқара-ула, Дүмбүре, Таңла сияқты Солтүстік Тибет бүтіндей белгісіз еді. Пржевальский бұлармен қатар Тибеттің орталық жотасы Самтын-қансыр тауларын зерттеп олардың оңтүстік шеті ұлы Гималай тауына дейін тізбектеліп баратынын айырды.

Пржевальскийге дейін жұмбаққа бөленген жердің бірі «Азияның Қырат Жотасы» деп аталған Куньлунь тауларының тізбегі еді. Бұрынғы картада Куньлунь тауының тек аты кездескені болмаса, оның географиялық құрылысы қай түрде екенін белгісіз болған. Саяхатшының Куньлунь тізбегіне кіретін Алтынтауды жаңадан ашуы, Азияның картасын көз алдымызға жаңадан суреттеп, оның географиясын, тарихи дәуірдегі қарым-қатынас іздерін айыру үшін аса күрделі жаңалықтар келтірді. Ол онымен тұрсын, Пржевальскийден бұрынғы картадан Куньлунь тұтас жатқан бір тау болып суреттеліп, оның екі шеті қандай жер мен астасатыны мүлде белгісіз болатын. Пржевальскийдің зерттеуі бойынша, Куньлунь тұтасып жатқан бір тау емес, ол арасы бірнеше сай-салаға толып жатқан таулар тізбегіне бөлінетін зәулім жота. Оның батыс шеті Памир тауларының іргесіне дейін барса, шығысы Нан-Шань тауларымен ұштасып жатады. Мұның ең зәулім тізбектері батыстан шығысқа қарай Текеліктау, Керия, Тоғыз-Дабан, Пржевальский жотасы (Арқатау), Ғарынғы, Торай, Шуға, Бұрхан-будда. Батыс Куньлуньнің солтүстік шетін ала тұрған жойқын тау тізбегі - Алтынтау ескі география карталарында бүтіндей жоқ. Біздің заманымызда бұл Тибет жотасының ең теріскей шеті, оның солтүстік зәулім қабырғасы деп аталады.

Пржевальскийге дейін жұмбақ болып жатқан жердің бірі Алтынтау мен көрші тұрған Қашғардың шығыс алды, оның ішінде Тарим өзенінің сағасы, Лобнор көлі еді. Бұл айтқан жерлерді Пржевальский тұңғыш рет зерттеп бұрынғы география білмеген тау-тас, шөл даланы ашты.

Белгісіз жатқан бұл өлкені тұңғыш рет жарыққа шығарып, көңілі жай тапқан соң, күнделік дәптерінің бір жерінде: «Көп заман жұмбақ болып жатқан Лобнор алабы ең соңында ғылымның игілігі болды», - деп жазады.

Пржевальскийдің көп зерттеген жерлері Кокунор көлі, Цайдам, Ганьсу өлкесі, онымен көрші жатқан Сары-өзеннің (Хуан-Хэ) басы, Ордос, Алашань, Гобидің жапан түз сардаласы. Пржевальскийден бұрын бұл айтқан жерлерді ешбір саяхатшы ғалымның аяғы баспаған. Пржевальский Гобидің ұшы-қиыры жоқ шөлін төрт рет кесіп өтіп географиялық жорық жасайды. Атақты географ бұл шөлдерден тек кездейсоқ өте шықпай, оның географиясын, жаратылыс өзгешелігін, қадағалап зерттеп, Гоби даласының сыртқы келбетін тұңғыш рет келістіре суреттеумен бүкіл дүниелік география ғылымың байытады.

Тегінде, жапан түз даланы Пржевальский сияқты еш бір ғалым төзіп зерттемеген. Шөл даланы жеңу, жапан түздің сырын ашу - Пржевальскийдің аса бір құмартқан жаны сүйген ісі. Пржевальский мен тұстас шыққан Ливингстон, Стэнли саяхатшыларын алсақ, олар картаға тек жүріп өткен жолын ғана түсіргені болмаса, ол жердің географиясын, жаратылысын тану туралы күрделі білім қалдырмаған. Жүрген жерінің өсімдігін, аң тіршілігін зерттеуді Стэнли «баланың ермегі» деп, оған тек әсемпаздық пен қараған. Ал, Пржевальский кезген жерінің бәрін қадағалап бақылап, оның ғылыми маңызына зор көңіл бөлді. Ол көз алдында тұрған нәрсенің барлығын да қылға тізгендей, күнделік дәптеріне жазып алып отырды. Пржевальскийдің бұл еңбек сүйгін төзімділік мінездерін еске түсіргенде, оның өмірін баяндаушы ғалымдардың бірі былай деп бағалайды: «Пржевальский сияқты жүздеген пұт ауыр жүк тиеген керуен түйелерін соңынан шұбыртып, қанша қауіп-қатерге қарамай, белгісіз жатқан өлкелерді шарлап, кейде басшы адам ертпей-ақ мақсатты ісін орындап, ауыр жолды оңайлату бұрын соншалық қиын еді. Кейін мұның бәрі зерттеліп, жүріп өтуге қауіпсіз қолайлы жолдар картаға түсіріліп, экспедиция ұйымдастыру ісі белгілі бір арнаға қойылған соң, ол даңғыл жолмен зоолог те, ботаник те, басқа да жүріп өтіп, бұрын жұмбақ жатқан жерді қай жағынан болса да зерттеу енді оңайлана бастады. Пржевальскийдің бойында саяхатшылық қасиеттің екеуі де болды. Ол - әрі білімге жол салушы пионер, әрі ғалым. Оның тағы жатқан емін-еркін өмірді сүйіп, қауіп үстіндегі күшті сезімді, жаңалықты аңсап күтуі, одан жол ашушы саяхатшы пионер шығарса, жаратылысты жанындай сүйіп, ұшқан құс, жүгірген аң, өсімдіктің қалай жасап, олардың қалай тыныс алып, қозғалуын бақылауы - одан асқан ғалым-саяхатшы шығарды».

Пржевальскийге дейін ғылымда бүтіндей белгісіз бірі Орта және Ішкі Азияның өсімдігі, аң тіршілігі, ауа райы еді. Ол өзінің көп жылғы ғылыми-зерттеу саяхатын оларға ерекше көңіл қойып, толып жатқан өсімдік түрлерін, жануар тіршілігін суреттейтін байтақ коллекция жинап, ғылымның әрбір саласын байытуға мүмкіндік туғызды. Саяхатшының Орта және Ішкі Азия даласынан көп жыл ішінде жинап алған бұл коллекциялары ғылыми-зерттеу орындары үшін аса бағалы қазына болып саналады.

Пржевальскийдің география ғылымына қосқан үлкен бір жаңалығы Орта және Ішкі Азияда қандай аңдар мекендеп, олардың жүретін жерінің қандай аудандар мен шектесуін айыруы. Оның зерттеуінше, бұл жер неше алуан аңдардың жиі кездесетін ну орталығы. Олар тегінің әр түрлі көп буымен қызықты көрініп қоймай өзара орасан көптігімен де ерекше көзге түседі.

Пржевальский ашқан аңдар дүниесін бүкіл дүние ғылымына әйгілі болған әсіресе тағы түйе, тағы жылқы, қодас, Тибеттің ақбауыр арқары, куку-яман, киіктің ада, өренгі дейтін тектері, Тибет аюы, тағы басқалар. Бұл айтылған аңдардың жануарлар жаратылыс ғылым үшін зор маңызы бар.

Атақты саяхатшы-географ, жаратылыс ғылымына тағы жемісті іс қалдыруына болатын еді, бірақ білім мен қайратының толған кезінде қайтыс болуы бұл мақсатқа жеткізбеді.

1888 жылы Пржевальский Азияға бесінші рет ғылыми-зерттеу жұмысына аттанып бара жатқанда, ауырып, 20 қазан күні, бүгінгі Ыстық-көлдің шығыс жағасында, Қарақолда қайтыс болды.

Ауруы меңдеп, әл үстінде жатса да экспедициясын есінен шығармайды. «Мен өлімнің аузында талай рет болғанмын, әйел сияқты босқа жыламаңдар», - деп қасындағы жолдастарын қайраттандырады. Бірақ меңдеген ауру жолдастарымның үмітін үздіреді. Орыс халқының отан сүйгіш озық адамдары атақты саяхатшыны, өз өсиеті бойынша, оның денесін Ыстық-көлдің Қарақол қаласы тұрған көркем биік жағасына жерлеп, кейін отан Алатаудың сұлу граниттен сәулетті ескерткіш орнатады. Отанын ерекше сүйіп, бар өмірін соның көркеюі үшін сарп еткен ардақты ғалымды бір ғана оқымысты адамдар жоқтап қоймай, оның өліміне барлық орыс халқы болып күйінеді. Мұрасын жариялайды.

Пржевальскийдің қазасына қатты қайғырған кісінің бірі жазушы Антон Павлович Чехов. Оның саяхатшының өліміне арналған мақаласы «Новое-время» газетінің 1888 жылы 26 қазан күнгі санында шығады. Чехов Пржевальскийді өте қадірлеп, оны орыс халқының мақтанышы етеді. Мұны оның достарына жазған хаттарымен Пржевальскийдің өліміне арнаған мақаласы айқын дәлелдейді. Ең дос-жаран кісілерінің бірі Е.М. Линтваровара жазған хатында Чехов былай дейді: «Новое время» газетінің бүгінгі санында (қазан 26, сәрсенбі күні) менің Пржевальскийді жоқтаған қысқаша егілу сөзім шықты. Пржевальский менің шексіз жақсы көретін кісілерімнің бірі еді», - дейді.

Бұл мақаласында жазушы Пржевальскийді тек қана саяхатшы ғалым деп ардақтап қоймай, оның жұртшылық алдындағы патриоттық істерін, адамшылық бейнесін, дүние жүзілік ғылымнан алатын биік орнын жарқын көрсетеді.

«Пржевальский өлер алдында, — дейді Чехов, — мені Ыстық-көлдің жағасына жерлеңдер» - деп сұраған. Айбынды ер өлейін деп жатқанның өзінде де туып өскен жерін елемей, күш қуатын әліде бойына жиып, өзінің моласын жапан түзге орнатуға ерік береді. Пржевальский сияқты адамдар қай дәуірде, қандай қоғам тұсында болса да ғылымға, мемлекетке келтірген еңбегімен қатар, зор тәрбие беретін маңызымен де ерекше орын алатын. Міне сондықтан да Пржевальский мен Миклухо-Маклайды мектеп оқушылары тегіннен-тегін жақсы көрмейді. Сол сияқты олардың жүрген жеріндегі халықтар да бұлар туралы әңгіме, жыр, ертегілерді тегін шығарған жоқ. Жапан түз шел даланы кезген осындай адамдар - ерліктің, айта қалғандай жорық жасаудың, нанымның, ашық түсінген мақсаттың адамдары, халықтың адал ұлдары.

Пржевальский сияқты адамдардың бізге сонша қадірлі болуы, әсіресе, олардың жасаған өмірі мен ғылыми жорығының, мақсатты ісінің, адамшылық қасиетінің өте түсінікті болуында. Адам неғұрлым шындыққа жақын тұрса, ол соғұрлым кішіпейіл болады. Пржевальский де дәл осындай еді.

1939 жылы совет үкіметі орыс халқының ұлы саяхатшысы Пржевальскийдің туғанына жүз жыл толған мерекесін өткізіп, оның атын мәңгілікке қалдыру үшін бұрынғы Қарақол қаласын сол кісінің атымен атауға ұйғарды.

Пржевальский жаратылысты тәжірибе жүзінде таңдауды мақсат етіп, ғылымға күрделі жаңалықтар келтірген ұлы ғалым, саяхатшы. Жаратылыс сырын ашудағы жүргізген ғылыми жорықтары - жастарды қажырлы шабытқа бөлейді, оның үстіне олар үшін таусылмайтын білім бұлағы болуына еш күмән жоқ.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙