Шевченко
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
(1814-1861)
Тарас Григорьевич Шевченко — Украинадағы құл крестьянның (крепостной) ең бір езілген тобынан шыққан адам. Ақынның өзімен бірге туған ағалары әуелі байдың құлы боп еңбек етіп жүріп, артынан сол заманның заңы бойынша, ұзақ жылдарға солдаттыққа жіберілген. Апа, қарындастары батырақ боп күн кешкен. Тоғыз жасынан бастап сондай ауыр өмірдің зәрін ақынның өзі де татады. Бірде қойшы, бірде поптың батырағы, бірде помещик-мырзаның малайы боп күн кешеді. Тарас жасынан суретшілікке бейім еді. Сол өнерін байқаған помещик, бұл құлын өнерпаз қып ап, керекке жаратпақ боп, бұны Петербургтағы бір бояушы мастерге "жалдамаға" береді. Сонда жүріп сәті кеп, Соченко деген суретшінің көзіне түсіп, жас жігіт ақын мен суретшілердің арасына кіреді. Бұған сол күндегі атақты суретші Брюллов пен ақын Жуковский көмек етеді. Осы екеуінің талабы бойынша, Шевченко үшін оның қожасына 2500 сом төленіп, жас жігіт құлдықтан азат боп шығады. Тарас суретшілік академиясына оқуға кіріп, Брюлловтың ең сүйікті шәкірті болып алады. Шевченко өмірінің аз жылдық бақытты дәуірі басталады. Петербургтың мәдениетті қауымының арасына кіріп, әрі суретшілік, әрі ақындық талантын жарыққа салып, дами бастайды. Осы дәуірде, 1840 жыл мен 1847 жылдар арасында: "Қобызшы", "Гайдамактар", "Катерина", "Наймычка" деген шығармалары басылады. Шевченконың атағы зораяды. Бірақ ол осы жағдайда ұзақ дәурен сүре алмайды. 1847 жылы абақтыға жабылады. Патшалыққа қарсы боп жазған саяси өлеңдері табылып, он жылға жаза кесіледі. Әуелі ықтиярсыз солдаттыққа беріліп, Орынбор маңына айдалады. Артынан Закаспий далаларына, бүгінгі Ақтөбе облысына айдауға жіберіледі. Әрі ақын, әрі суретші Шевченкоға енді өлең жазуға да, сурет салуға да рұқсат етілмейді. Бірақ он жылдық ауыр жазаға қарамастан, Шевченко бұл уақытта көп көркем шығармалар туғызады. Украин тілінде жазған өлеңдерінен басқа орыс тілінде де әлденеше поэма, әңгімелер шығарады. Ол күнгі қазақ даласында, Қосарал деген жерде (Ақтөбе облысында) тұрып жазған талай шығармалары бар. Ірі суретші Шевченко өзінің суреттерінде де сол поэзиядағы бағытын қолданады. Қазірде ол салған суреттердің 800-дейі жиналған. Шебер суретші болғандығы үшін ол көркем өнер академиясының академигі, мүшесі боп та сайланған. 1857 жылы жазалы он жылы бітіп, жеріне қайтса да, Шевченко жандармдардың бақылауынан құтыла алмады. Он жыл бойындағы айдауда көрген азап, бейнет ақынның денсаулығын жойған еді. Басына азаттық алған соң, үш-ақ жыл өмір сүрді. Бұл жылдарда Шевченко, бұқараның көсемі болған революцияшыл Чернышевскиймен жақындасады. Еврейлерге қарсы үндеу таратқан ескішіл "Иллюстрация" деген журналды мінеп, ереуіл көрсетіп, Чернышевскиймен бірге қол қояды. Өкімет 1861 жылдың реформасын әзірлеп жүрген кезде Чернышевский, бұдан крестьянға келетін түк пайда жоқ деп түсінген. Ол Лондондағы Герценге: "Орыс халқын балтаға, балтаға ұмтыл деп үгіттеңіз!" — деп жазады. Шевченко Чернышевскийдің осы бетін қуаттап, "Жоқ, мен ауру емеспін" деген өлеңінде крестьян атаулыны революция жасауға үндейді. Орыстан, украиннан, поляктан шығып жаңағы жаңалық болмысты мақтаған, либерал, құлшылдар болса — соның бәрін Шевченко аямай ұрады. "Игілік күтпе, көксеген еркіндігі келер деп дәмеленбе, ол ұйқыға батты. Николай патша оны ұйықтатты" дейді. Енді өздерің оны "балтамен оятыңдар" дейді. Герцен Шевченко туралы сөйлегенде: "Бұл, халық ақыны ғана емес, оның үстіне бостандық үшін алысқан саяси қайраткер", — деп бағалаған. Шевченконың абақтыға алынғандағы докуметтеріне қарасаң да және басқа толып жатқан фактілерін байқасаң да, бұның езілген крестьян арасында және Николай армиясының солдаттарының арасында үнемі үгіт таратып жүргенін көресің. 1861 жылдың февралында ақын қайтыс болды. Сүйегі Украинада Канаев қаласының тұсында, Днепр жағасына қойылды. 1935 жылы Харьковта Украинаның ұлы ақынына ескерткіш қойылды. Шевченко "қоғамдық, ұлттық езгіні көрген крестьян көпшілігінің революцияшыл бұқарашыл қозғалысының жыршысы". Бұның шығармаларында құлдық жағдай мен патшалықтың ұлт саясаты арқасында қатты езгі көрген құл крестьянның өмірі үлкен шындықпен суреттеледі. Өзі де қалың бұқара ішінен шығып, көп тепкі көргендіктен, Шевченко патшаға, помещикке және басқа түрлі қанаушыларға өзінің таптық қарсылығын айқын қып, ашық қып айтады. Украиндағы құл крестьянның өмірін, ойын, сезімін, үмітін Шевченко поэзиясы ашық көрсетеді. Ақын сол бұқараның жыршысы. Өзінің бірталай шығармасын "Қобызшы" деген атпен шығару себебі де содан. Поэзиясының түп-тамыры — халық өнеріне, халықтың әңгіме, жыр, өлеңіне сүйенгендікті білдіреді. Бірақ арғы түбі сондай қордан шығумен қатар Шевченконың өз талантының тереңдігі, ірілігі және мәдени, саяси білімінің молдығы бұның поэзиясын ірі дәрежелі көркемдікке жеткізген. XІX ғасырдағы дүние жүзі әдебиетінің алдыңғы қатарына қосылған шығарманың бірі осының шығармалары болады. Шевченко поэзиясының негізгі сарыны — халықтың бақыты үшін күресу. Еңбекші крестьянды қанаған патша, пан-помещик, жуан бар-барлығына қарсы шыққан сарын. Шевченко поэзиясының негізгі сарынын айқын қып, көңілге қонымды етіп көрсететін шығармасы — "Түс" деген поэма. Бұнда ақынның таптық пішіні, ой-ниеті, сезім-санасы баданадай боп тұрады. Поэмасын түс түрінде жазып, Шевченко І Николайдың дәуірін, крестьян құлдығының ауыртпалығын, полицей билеген қараңғы күннің жайын толық суреттеп береді. Патшалықтан халықтың көрген қорлығы күшті. Бірақ, сол бұғауды үзетін кім? Ақын оқыған зиялыларға сенбейді. Барлық құрметтегені "декабристер" еді. Бірақ, олардың ізін басқандар жоқ. Соңдықтан, ақын жалғыз халықтың өзіне ғана, келесі ұрпаққа ғана сенеді. Бұл поэма — ақынның ең революцияшыл шығармасының бірі. Баспаға Шевченконың өзі өлгеннен кейін барып шықты. Поэмасында қанаушы тапқа қарсылығы, еңбекші крестьянға барын салып, тілектес боп жаны ашуы ерекше. Ақын өзге шығармаларында да осылайша жырлайды. Барлық жерде бұқараның досы, қанаушылардың қасы боп шығады. Революцияның жеңетіне Шевченко барынша сенген. Сол сенімін "Өсиет" деген (1845 жылы жазылған) өлеңінде өте күшті қып айтады. Өзі өлген соң, денесін "Сүйікті Украинасы 11 ың" топырағына, Днепр жағасына көмуді өсиет ете кеп:
Аттаныңдар көмгесін,
Үзіңдер бұғау темірді!
Жау қанымен суғарып,
Өсіріңдер өмірді!
Мені де ұлы отанда,
Жаңа ел, үлкен өлкеде
Ескеріңдер ұмытпай,
Шапағатпен әр кезде! — дейді.
"Ұлы өлке, еркін дүние" дегенді Шевченко қай түрде түсінген? Дәлдеп, ашып айтамын дегенде, ол құл крестьянның үмітін, мұңын өзінше шешеді. Өз меншігіндегі жеке шаруасы болғанын қиял етеді. Өз егіндігі, өз қорасы болсын, дейді. Шевченконы өсірген коғамдық орта — Украинның құл крестьяндарының ортасы. Сол бұған ұлтшылдықты да, ұсақ байшылдықты да сіңіреді. "Ақсүйектер монархиясы мен помещиктер қожалығына барынша қарсы алысқанмен, ол байшылдық құрылыстың түп негізіне қарсы шықпады, шыға да алмады. Анығында Шевченко буржуазды демократ (бұқарашыл) еді" (Шевченконың туғанына 120 жыл толған күні Украина Коммунист партиясының Орталық комитеті жанындағы үгіт, мәдениет бөлімінің тезисінде осылай деп баға берілген). Біздің заманымызға Шевченконың пайдасы, оның құлдық дәуірінің ауыртпалықтарын үлкен шындықпен көрсетуінде, революцияшыл жырлармен әсерлі етіп көрсетуінде. Шевченконың поэзиясы құлдық дәуірінде революция бағытына беттеген крестьян атаулының үні есепті болады.
ҚАЗЫЛҒАН ҚОРҒАН
Ұлы өлкем Украинам,
Қиратты сені не үшін!
Өлесің, анам, сен неге,
Әлі де ерте күн шықпай,
Табынбап па еді тәңірге?
Ұлдарыңа табансыз
Үйретпеп пе ең әлі де
— Әдет-ғұрып өнерге?
Дамыл таппай күн-түні,
Табынғанмен тәңірге,
Кірпік қақпай ұйықтамай,
Балаларым баққанмын
Үйретіп тұрып-өнеге.
Өсіп менің ұлдарым,
Ашылып әсем гүлдерім,
Жасаған жақсы бір кезде,
Ей, ақылсыз Бағданжан,
Менен туған сен бала,
Қарашы ел мен жеріңе.
Қарашы сені әлдилеп
Өсірген мендей анаңа!
Әнге қосып тағдырды,
Күтіп, тілеп бостандық,
Жылаған өксіп зарлана!
Әй, Бағданым, Бағданым!
Білсем мұндай боларын,
Тұншықтырып бауырымда,
Өлтірмес пе еп мен ғана!
Жат елдерге — неміске
Сатылды менің кең далам.
Жат жұмыста, жат елде
Жүр бұл күнде өз балам.
Туысым менің Днепр,
Суы қайтқан, тартылған,
Тастады мені артына,
Келместей болды қалпына.
Мейлі қазсын, ақтарсын,
Таппайды онан керегін,
Оған дейін есейіп,
Ала аяқтар жетілсін.
Патшаға берсін көмегін,
Орындасын дегенін,
Әз анаңды көмуге,
Асығыңдар, залымдар,
Денесінен көйлегін
Сыпырыңдар, алыңдар!"
Ашылған қорған үңірейген,
Төрт жағынан қазылған,
Іздейді олар не содан?
Не қалды екен атадан?
Табыла қойса алдынан
Іздегені моладан.
Еңіремес ед бала да,
Үн шықпас ед анадан.
1 март 1843 ж. Аударған — Әбділда
ӨСИЕТ
Өлгенде мені көміңдер,
Қорғанға биік жерімде,
Кең далалы жазира,
Сүйікті, туған елімде.
Үйткені биік таулары,
Днепр мен кең дала
Көрінсін де, естілсін!
Судың шуы айнала.
Ақса қаны дұшпанның
Украиннан езілген,
Ағып сумен аралас,
Қосылса көк теңізбен.
Тастап сонда тау-тасты,
Тәңірге ұшам, табынам,
Оған дейін тәңіріні
Ешқашан да таныман!
Аттаныңдар көмгесін,
Үзіңдер бұғау темірді!
Жау қанымен суғарып,
Өсіріңдер өмірді!
Мені де ұлы отанда,
Жаңа ел үлкен өлкеде
Ескеріңдер ұмытпай,
Шапағатпен әр кезде!
Аударған — Әбділда
УКРАИНАМДА – ЕЛІМДЕ
Украинамда - елімде,
Болмаймын ба, болам ба?
Еске ал ар ма әлде кім,
Жат өлкеде жүргенде,
Әлде ұмыт қалам ба?
Бәрі де маған емес мұң,
Жаны ашымас жұртым мен
Арасында жат елдің
Еріксіз өстім, есейдім,
Өлемін зарлай еріксіз,
Ала кетем бәрін де,
Біткен күнде шын демім.
Украиндай қымбатты,
Байтақ өлкем, елімде,
Қалдырмаймын ізімді
Өз мекенім — жерімде.
Естен мені шығарар,
Әке менен бала да.
"Украинға езілген,
Арнап дұға оқы" деп,
Айтпас әке балаға.
Оқыр ма бала дұғасын...
Бәрі бір ғой мен үшін,
Бірақ улы жыландар
Украинды арбаса,
От ішінде оятса...
Осы қиын мен үшін.
Петербор, 1884 ж. Аударған — Әбділда
АСПАН ТАРҒЫЛ
Аспан тарғыл, толқын жуас,
Жатыр өзен сұлаған,
Желсіз қамыс бұғып басын
Бейне мастай құлаған.
Тәңірім ие, көп жатам ба,
Кең түрмеңде, далаңда,
Аралында сорлы теңіз
Өтіп өмірім қалам ба?
Тілсіз, үнсіз жаншылғандай,
Далада шөп сарғайған.
Айтпайды олар маған шынын,
Сұрарлық жоқ өзге жан.
Қосарал, 1848 ж. Аударған — Әбділда
ЖАТ ӨЛКЕДЕ
Жат өлкеде қартайдым мен,
Өстім жат боп — жат елде.
Жоқ сияқты еш жақсылық,
Жат боп жалғыз жүргенде.
Міскін ғарып Днепрмен
Кең, байтақты жерімде,
Бар сияқты шын жақсылық
Өзің жоқта сол елде...
Жолым түсіп жақын кезде
Украинада болдым мен,
Ауыр күнде анам мені
Күткен елді көрдім мен.
Баламенен ұзақ күнде
Тауып анам шырағын,
Жалбарынып Мариямға
Тілеп ізгі сұрағын,
Жалынғанда әулиеге,
Жағып тапқан шырағын,
Жетсін, өссін мұратына —
Дейтін, ұлым шырағым!
Жайлы күнде қайтқаныңыз
Жақсы бопты, жан ана.
Бұлақтарды қурай басқан,
Өртенгендей үй-орман.
Ел-азамат естен танған,
Езушіге бас ұрған,
Көргенімде бұл қорлықты,
Өксіп-өксіп жыладым.
Кеттім және жат өлкеге,
Жалғыз ғана бір жер емес,
Жетпеген соң шыдамым.
Барлық өлке жерімде:
Сұмдардан ел киген қамыт,
Бас ұсынған өлімге,
Қамыт киген қазақ ұлы,
Ішкен қулар ел қанын.
Сатқызады помещикке
Жұрттың соңғы дамбалын.
Өте жаман қасіретті
Бұл далада текке өлу,
Одан да ауыр Украинада,
Көру, шыдау, күңірену.
Днепрде нәрестедей
Емшек емген, тойынған,
Сүйеді ол Украинды
Өседі ауыл бойынан.
Сол өсетін ауылдардың
Шаттанар еді елі де,
Қалмаса ірі мырзалар
Украинның жерінде!
Қосарал, 1848 ж. Аударған — Әбділда
ЖЕЛ ШАТЫРЫ ЖЕЛПІЛДЕГЕН
Жел шатыры желпілдеген!
Көтерілді кең кемеден,
Қоға аралап Сырдарияға
Жылжытты көк толқынменен.
Қош, бишара, Қосаралым!
Болдың ортақ тап екі жыл.
Қарғыс атқан қайғымменен,
Рақмет "достым", мақтан сен де,
Тауып саған жұрт келгенде,
Билеп сені іске асырып,
Елегенге кез келгенде.
Қош бол, достым, сені сөгу,
Яки мақтау болмас менде.
Мүмкін өткен қасіреттерді
Еске алармын, ойланармын,
Жүрген кезде бөтен елде.
Қосарал, 1849 ж. Аударған — Әбділда
ЖАТҚАНДЫ ЕШКІМ ҰРМАЙДЫ
Жатқанды ешкім ұрмайды,
Жатуға тағы болмайды.
Саған, қаншық, сөзіміз,
Баламыз бар, өзіміз,
Ол жетпесе көп халық,
Барлығы нәлет айтады...
Айтып қана қоймайды,
Күшіктерге сен тапқан
Түкіреді қайнап қан,
Қайғы, сана, азап-ай!
Өткелден қашан өтерсің?
Әлде патша, министр,
Барлығы сені құл етіп,
Деймісің улап өлтірсін?
Улап олар өлтірмес!
Ашылса да араны...
Жиналып алып көп халық,
Ақырын ғана қозғалып,
Кесірсіз етіп, патшаны
— Жендетке алып барады!
Петербор, 1860 ж.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру