TELEGEI

Home

Өлеңдер жинағы 1955-1960

Қалижан Бекхожин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы 1955-1960

Қалижан Бекхожин табиғатты суреттеу арқылы адам көңіл-күйін, қимыл-әрекетін бейнелейді. Оқырманға жеткізер лирикалық толғаныстары да жетерлік. Шығармаларында тілдік көркемдік-эстетикалық талғам деңгейін биікке шығарды.

ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ

(1955-1960)

АЗАТПЫН COЛ ШАҚҚА

Көремісің күн сүйген шың басынан,
Таңғажайып әлемді тың ашылған?
Көремісің теңіздің құдіретін,
Толқындаған айбынды тұлғасынан?

Құзыңнан да биікке астым міне,
Қалың толқын қауыммен бастым бірге,
Көріп тұрмын әлемді таң-тамаша,
Ертегідей көрінген жас күнімде.

Толқыныңнан айдында тез есемін, —
Шақырып тұр алдымда келешегім.
Компартия нұсқады — келер күннің
Кең жұртымен қазір де кеңесемін.

Туымыздың өрнегі — еңбек, ерік...
Кеудемізді келеміз кең көтеріп.
Адамзаттың арманы шешек атты
Алтын орман секілді сәулет беріп.

Атом-кеме секілді тіліп өтіп
Біз келеміз мұз тауды дүбірлетіп.
Коммунизм көтерді мұнарасын,
Капиталдың іргесін дірілдетіп.

Жарығымыз пара-пар күн көзімен,
Күн сәуледен нұр алсын күллі езілген, -
Дүниеге жақтық біз бақ жұлдызын,
Жарқыратып Лениннің күмбезінен.

Асуымыз — дауылды, алып құздар
Артымызда — жеңістен алтын із бар.
Коммунизм туында бәріміздің,
Коммунист деп жазылған атымыз бар.

КӨКТЕМ ТОЛҒАНЫСЫ

І

Сәріде бүгін ояндым,
Есітіп бұлбұл дауысын.
Тамылжып шыққан баяу үн,
Тербеткендей тау ішін.

Сүйемін көктем бұлбұлын,
Сүйемін көктем жаңбырын.
Жаңбырдай елге бұл жырым,
Жөнелсін алып таң жырын.

Бұлбұл да мүмкін бағында
Сайраған шығар сұңқылдап.—
Күлімдеп келген тауыма,
Көктеммен ғажап сыр тыңдап.

Аспаны жермен сырласқан,
Келді жыршыл көктемім.
Қарашы, қандай гүл басқан,
Алатаудың бөктерін.

Жырласа, мейлі, гүлдерін,
Былдырлап бұлбұл бұтада.
Көктемнің жұпар күн лебін,
Өзімдей бірақ жұта ма?!

Жұтып таңғы самалын,
Желпіп келем гүл-бақты.
Жаңғыртып таудың алабын,
Жамырап жан-жақ тіл қатты...

Үн берді сонау еңістен,
Егінші көктем сырласы:

— Шырқаймыз жаңа жеңіспен,

Жердің жырын тыңдашы!
Үн қатты малшы қырқадан,
Шымырлап таудың шың басы:

— Көктем де шалқып шырқаған,

Елдің жырын тыңдашы!
Сілкінтіп таңғы орманды,
Ағылды ән қаладан;
Көктем күймен толғанды,

Күн менен жер қалаған.
Мені де сол күй тербеткен,
Сөздің бе соны бұлбұлым.
Кереметсің сен, көктем,

Өшпейтін жыр — бұл күнің!
Көктемім, әнге, гүлге де
Мәңгілікті анасың.
Туғыздың күндей, дүниеге

Адамзаттың данасын!
Күн жайнап ол туғанда,
Осылай көктем гүл атқан.
Еділде, үнсіз opманда,

Бұлбұл да солай үн қатқан.

ІІ

Көктемсіз болып бұл әлем,
Көктемесе қайтер ек?
Жайқалып жыл да гулеген,
Жапырағы мол бәйтерек.

Бойы сұңғақ, ол асқақ,
Мұнара болып өткенге.
Қартайғанға ой тастап,
Жасарар ылғи көктемде.

Өтті заман бірқатар,
Туса да сонау ғасырдан,
Сол бәйтерек гүл атар,
Жас торғын киіп жасылдан.

Білмеймін бұлбұл қашанғы
Бұтасында тұр сайрап?
Көз алдымда жасарды,
Көктем сайын масайрап...

Болса да қайғы маған жат,
Теректі сол бір күндедім.
Жасарса солай адамзат,
Көктемде жұтып күн лебін?!

Осылай оймен адымдап,
Әлі де алға басармын.
Өмір шіркін — алтын-бақ,
Келеді жылда жасарғым.

Көңілге қонар қуаныш,
Көктесе дәйім жапырақ.
Өмірге кетер ту алыс,—
Келеді жайнап жас ұрпақ.

Көктемдей гулеп ән шырқап,
Келеді гүлді алаңға,
Сәлемін беріп жас ұрпақ,
Жасайтын мәңгі адамға.

Бәйтеректен биік ол,
Тұлғасы тік асқардай.
Бәйшешектер жиі мол,
Айналасын басқандай.

Әлемге жайып тамырын,
Жер түлеген нәрімен.
Ол көктемгі таң нұрын,
Жайнатқан жаңа дәуірмен.

Жайнайды Ленин гүлдері,
Көктейді жылда жас ұлан.
Өшпейді оның күн лебі, —
Жаралған дана асылдан.

Нұрлары оның тұр жайнап,
Жұлдыздан кеп көктегі.
Отаным орман — кең байтақ,
Адамзаттың көктемі.

Бәйтерек мәңгі көктер ме? —
Қария-тарих, айт маған.
Қуанам жылда көктемде,
Туғандай Ильич қайтадан!

Құлпырар дәйім бұл көктем,
Шуағы шалқып елімде.
Көктемгі күндей нұр төккен,
Жасайды мәңгі Ленин де!

ЛЕНИН АЛАҢЫНДА

Менің алма қалам қандай тамаша!
Асқары тұр аспанымен таласа.
Таудай үйлер аймалаған алаңда,
Асқақтайды құздай тұлға жараса!

Сермеп қолын кең жазықты тұр нұсқап,
Айналасы ғажап орман, тыныш бақ.
Маңайында көгершіндер гуілдеп,
Бауырында жүр бөбектер гүл ұстап.

Тойлы күндер тулар толқып сол маңда,
Қанаттарын көтергендей орман да.
Шалқиды жұрт толқынындай теңіздің,
Тағзым етіп сол тұлғасы зор жанға.

Заводтардан, сарайлардан, аулақтан
Сап-сап халық ағылады жан-жақтан.
Көріп осы дана көсем келбетін,
Шалқыр қазақ сонау құзда мал баққан.

Тауды жарып жаңғырығып қалың үн,
Жеңістердің қағып өтер дабылын.
Көсем өзі тыңдағандай ырғағын,
Байқағандай алыптардың адымын.

Өзі қосып ұрпағын сол маршқа,
Жөн сілтеп тұр жарқын сонау алысқа.
Сол алысты жақындатып келеміз
Түскендей бір ұлы бәйгі-жарысқа...

ӨЛКЕМЕ БАРДЫМ СОНЫРҚАП

Өлкеме бардым сонырқап,
Өрінен жыр тыңдадым.
Теңіздей дала толқындап,
Өріске жайған тың дәнін.

Тауыма бардым таңырқап,
Ұқтым сырын тасынан.
Қуатын қырға тау шырқап,
Шамшырақ атқан асылдан.

Асып талай қырқадан,
Асыға кездім ой-шыңын.
Шаттық өлең шырқаған
Естідім даусын қойшының.

Сол бір қырды тұл жатқан
Көргенмін жылда сонау бір.
Қонып қала, гүл атқан,
Құлпырыпты сол адыр.

Менің туған өлкемнен
Жаңғырығып үн шыққан.
Қонысқа тың, үлкен, кең
Қонуға тез ынтыққан.

Дауылдатып адырдан,
Дүбірлеткен тау ішін.
Естідім алға шақырған
Партияның дауысын.

Ғажайып үні ғасырдың
Көктей өтті тың үстін.
Сол дауысқа қосылдым
Дабылымен туыстың.

Шаттан, далам, ән шырқап
Жарқыраған жол үшін.
Күтіп тұр алда болашақ,
Коммунизм — қонысың.

ХОШ КЕЛДІҢІЗ, КӨРІҢІЗ!

Хош келдіңіз, көріңіз
Аралап түгел қараңыз —
Таң-тамаша жеріміз,
Қырында талай бар аңыз.

Аталар етсе тарығып,
Түнекті дала төрінен.
Заманадан зар ұғып,
Күңірене көшсе керуен.

Дауылдан күткен үмітті,
Тебірене туған ұл-қызы.
Жайнатты қара түндікті,
Октябрьдің жұлдызы.

Көріңіз тудай түрленді,
Тауым да, маңғыт тыңым да.
Ленин өзі нұр берді,
Республикам туына!

Көріңіз сол ту желпілдер,
Жайлауда қырын гүл басқан.
Малшы қазақ серпілер,
Сырларын шертіп мың дастан!

Төсейді сізге кең жайып,
Бәйшешектен кілемін.
Көрерсіз көркі ғажайып,
Құлпырған дала түлегін.

Соғылған мәңгі мәрмәрдан,
Сарайлар ашар қақпасын.
Шашу қып терең заңғардан,
Шашар гауһар — ақ тасын.

Ғалымы шығып мінберге,
Тұнығын толғар өлкенің.
Толқындай толы өнерге,
Республикам — өркенім!

Жүйріктей түскен жарысқа
Ақыны шығар аңқылдап.
Атағы кеткен алысқа,
Республикам — алтын бақ!

КОМСОМОЛ КӨКТЕМІ

Келді міне, қырларыма ағылған
Поездарға жаңа толқын күй еріп,
Біздің дала сілкінді сол дабылдан
Қырға жаңа өмір келді тиеліп.

Соны қырдың қырқалары жұталақ,
Кеткен де жоқ өңірінен қар әлі.
Жас өрендер жан баспаған жотадан
Көктемді алып, күлімдетіп барады.

Кең жайлауды жатқандай бір жасырып.
Осы дүзге құлшыныпты сол ұрпақ,—
Кім ойлаған —
Бақытты жас асығып,

Алыс қырға ағылар деп — сонырқап?!
Жас кеудеге таң нұрындай құйылды,
Партияның кереметті зор үні.
Жаңартуға жалаң жатқан қиырды,

Басталды бұл жас жігердің жорығы.
Өңшең өндір.
Қалды алыста туғаны,
Нұрлы қала, өскен қызық мекені.

Бірақ жастың дос өмірі, думаны
Бұл даланы әсем қызық етеді.
Көздері бір қуаныштың жұлдызы
Жүрегінен достық лебі еседі.

Ұлы орыстың, украинның ұл-қызы.
Іздерінен ізгі жеміс өседі.
Құрыш жастар — машиналы, темірлі,
Соны қырдың өрлеріне өктеді,

Жастық лептен — қыр қары да еріді,—
Комсомолдың туды шуақ көктемі!

АЙРЫЛЫСПАЙТЫНДАР

Соңғы емтихан берілді. Бұлар шат
Студентше сүйген жақсы өмірді,—
Алда қызық — жас махаббат, болашақ.
Жас өмірдің шаттығына сенімсің,

Оқулы шақ, қандай албырт қиялың!—
Студенттік сонау төрт жыл сен үшін,
Өмірімнің қырық жасын қиямын...
Залда жастар жүр толқындай тербеліп,

Тәтті күлкі... Бәйшешектей жүздері.
Тарайды ертең даламызға өң беріп,
Тың алқаптың жемісіндей күздегі.
Ал, Гүлмира неге мұнша ызалы?

Мүдірді ме емтиханда кейінгі? Жоқ.
Жалындап қыз жаны,
Өзі сүйген жігітіне кейіді.

— Сен опасыз екенсің,

Серт етіп ек қалада бір қалуға,

— Жоқ, Гүлмира, бұның маған бекер сын,

Бөлген мені — министрлік, ауылға.

— Жігітпісің, министрден ұялған?!

Айтпадың ба жүректегі сырыңды?
Төрт жыл бірге жалындатқан қиялдан
Жанған жүрек қайтып қана суынды?!

— Айттым бәрін, болмады,

(Осындайда жалтаруға ептіміз).
Махаббаттың ашық бізде жолдары.—
Ойлап соны кең көшемен кетті қыз.
Білмей қалды — министрлік алдында,

Қымсынды қыз... қалды абыржып жөтеліп.
Махаббаты қанат қағып жанында,
Қызды әкелді кабинетке көтеріп.
Мосқал ағай маңызданып қарады:

— Ал, айтыңыз. Тағы студент дауы да?

— Қаламайды көңілім бұл қаланы,

Бармақшымыз екеуміз бір ауылға.

— Қай ауылға? Кімдер едің екеуің?

Қыз ұялды қызғалдақтай қызарып...
Келді жігіт: — Мен де арыз етемін,
Айрылмайтын достар едік біз анық.
Жіберіңіз екеумізді сол жаққа...

Мосқал ағай қасын қағып тыңдады.

— Онда ваканция жоқ.

Барыңыздар аулаққа —
Совхозға бір сонау соңы қырдағы.
Әрең ғана, шыдап тұрған екен қыз:

— Мейлі жердің ең шетіне барсақ та,

Тек Отанның жері болса, екеуміз
Бірге жүрсек — бақыттымыз әр шақта!
Путевка да екеуіне берілді. Бұлар шат.
Студентше сүйген жақсы өмірді,

Алда қызық — рақат, еңбек, болашақ!

ЕРУЛІК

Түлегендей бүгін жаңа тұл адыр,
Үстіндегі тіршіліктің тың бәрі.
Жас өмірден құйылғандай тыңға нұр,
Далам жаңа жастық жырын тыңдады.

Қалалы көш келіп қонды қырыма,
Масайрады май айында cap өңір.
Ел қонбаған иен жазық қиырға,
Өздерімен келді бірге бар өмір!

Платформа үстерінен гуледі
Машиналар
Күйге басты баяны.
Қастарында артып жүрген үйлері —

Көшкен қала, көшпелі емес баяғы.
Орнап қала, ақ шатырлар тігілді,
Бұл қауымның айналаға таң ісі.
Ауылыма алып келді тың үнді,

Жүз мың жастың жаңғырыққан дауысы.
Естіп соны Ерейменнен жүгірді
Біздің Малқар ар жағына Есілдің.
Мен де шықтым айтып жаңа жырымды,

Жырмен қақтым тың қоныстың есігін.
Әжем келді күлімсіреп тау жақтан
Құшақтауға қырдың жаңа ұл-қызын.
Ұрпағына, — жазықтарын жайнатқан,

Сыйлап жатыр cap майы мен уызын.
Келіп еді ол қуанышпен ауылдан,
Есіңде бұл құба жондар: күйеуі
Ертеде кеп сонау Ұлы — тауынан,

Астық іздеп, жортқан мініп түйені.
Қара жондар жатушы еді түксиіп,
Аңның ғана аузы тиіп түгіне.
Қайран қырда ол кезде жоқ түк сиық,

Ата-баба өткен екен түңіле.
Көрді әжем: Жаңа қоныс, соны қыр,
Даласына жатыр жаңа күй беріп.
«Жастарым — гүл, ауызында сұлу жыр,

Жапанды да идіреді игеріп!»
Далама құт — әрбір дәні егілген,
Бұл жемістер халқымызға — өмірлік.
Соны қырдың ерлеріне елімнен,

Ана уызы, жүрек лебі — ерулік!

ГВАРДИЯШЫЛАР

Ақмола облысының «Гвардеец» совхозының тракторшыларына жеңіс мерекесі кезінде бұрынғы майдандас достары көп сыйлықпен қонаққа келіп кетті.

(Газеттен)
Кездесті олар көкше белде, кең үстін
Жапқан жасыл желеңдері егістің.
Гвардия туын көкке көтеріп,

Бейбіт қырда қалықтады Жеңіс күн.
Құшақтасты,
Ер жүздері жайнады.
Жалауындай жеңістің сол майдағы.

Алдарында Есіл жатты ойнақтап,
Ойларына түсті Шпрее майданы.
Естерінде сұрапылы соғыстың,
Үстерінен зымыраған оқ ұшқын.

Гвардия, қанды өзеннен асырды
Жеңіс тапқан кереметін сол күштің.
Естерінде соңғы майдан от лебі,
Оттан күшті жанды бірақ кектері.

Ақсай басып гвардеец ұмтылды,
Қан мен оттан
Туды жеңіс көктемі.
Сол көктеммен жаралы қол жазылды.

Керілді де Отанның кең жазығы
Миллион қол қырға шықты сыбанып,
Гуілдеді машиналар қаз үнді.
Белестерге

Мәңгі қоңыр қапталды.
Гвардия ерлері де аттанды,
Полк енді бейбіт белде, совхозда.
«Гвардеец» деген бірақ ат қалды.

Дивизия әлі шепте,шеткері,
Көктесін деп Жеңістің сол көктемі.
Сақталсын деп
Суық қолдан сырттағы

Еліміздің ен жазыққа еккені.
Достарымның естіп қырдан дүбірін,
Жауынгерлер аңсап келіп тұр бүгін.
Сүйіседі, қағысады арқадан,

Айқастан соң тапқандай-ақ бір-бірін.
Гвардия елдерінен ту алып,
Тракторшы Вася тұрды қуанып.
Жас офицер Байжановтың жүзі шат,

Көзін қырдың нұрларымен суарып.
Деді офицер: — Сонау шетте тұрсақ та,
Сендерменен дивизия бір сапта.
Жүр көтеріп бейбіт көктем туларын,

Жеңіс гүлін желбіретіп құшақта.
Тракторшы қарап ерке Есілге,
Сонау өзен түсті қайта есіне.

— Шпрее шайқастарын ұмытпан,

Гвардия белгісі бар төсінде...
Бейбіт қырда, қуанышты кеңесте
Түсті осылай өткен сырдың бәрі еске,
Бірақ дала, тыңның күйін тыңдатты,

Дүбірледі тракторлар белесте.
Қуанды олар, белестерге қарады,
Жайқалады дәнді толқын алабы.
Танкист қолы тракторды гулетіп,

Кестелеген енді бейбіт даланы...

КЕЗДЕСУ

Кездесті бұл екеуі
Түн ішінде құмда бір.
Бұрылып қалай өтеді?—
Қалың оба, сұр дауыл.

— Ей, бұрыл да, тұра тұр,

Мен өтейін, жолды бер.

— Жоқ, өзің-ақ бұра тұр,

Асығыспын, бол, жібер.

— Бұрыл, уақыт кетірме,

Суыт жүрмін мен тіпті
Мал жайлымы шетіне,
Алып келем бұл жүкті.

— Я, мен де солаймын...

Бетпақ шөлдің өрінен,
Жүріп келем талай күн,
Моторлармен, темірмен...

— Таныс маған дауысың,

Айтшы, досым кім едің?
Құмда шофер танысым,
Жоқ еді ғой, білемін.

— МТС-ке келдім мен,

Шофері едім қаланың.

— Мен де келіп Сибирьден,

Жайлау жолын қаладым...
Майданда сен болып па ең?

— Біз ғой, өткен бұрын кеп —

Гвардия полкпен,
Днепрден дүбірлеп.

— Мен де өткемін, тап сол түн

Қисайған тар көпірден.
Днепрге — қан толқын,
Ар жағы жау бекінген.

— Уа, Колечка!

— Бекенім!

Майдан досым, кел бері!—
Құшақтасты екеуі,
Кең көтеріп кеудені.
Қоса шегіп шылымды,

Машинаны суарып...
Достық кеңес құрылды,
Жол сырлары сұралып.

— Онда майдан... мұнда да

Шоферге әлі жол ауыр.
Жүргізбейді бұл дала,
Бұрқап кейде құм дауыл.

— Жорту қызық жапанда,

Іздеп алыс жайлауды.
Келсем жүйткіп отарға
Қойшы жүзі жайнайды.
Мен де қырға қызығам,

Бұл бір рақат іс мүлде,—
Толқып жатса қызыл дән,
Машинаның үстінде.

— Жолдар жақсы зулаған

Жарып дала қу шөлін.
Қуаныш қой бұл маған...
Партияға мүшемін.

— Ендеше дос, қимылда,

Уақытты бос кетірме.
Шұғыл, шапшаң бұрыл да...
Бұрылғандай көпірде.
Екеуі де бұрылды,

Өтті жарып өр белді.
Тездікпенен бұрынғы,
Құйындата жөнелді...

КОМБАЙНШЫ ПРОКОФИЙ НЕКТОВ

Ұлы Отан соғысында екі аяғынан бірдей айрылған мүгедек Прокофий Нектов комбайншы болып істеп, жоғарғы көрсеткіштерге жеткені үшін оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

(Газеттен)
Көтерілмес
Арыстан да қансырап,
Құласа бір екі аяқтан айрылып.

Мертіккенде,
Ыстық қандар тамшылап,
Басар еді талайларды қайғы нық.
Бірақ оның

Қырқылмады қадамы:
Қуып жауды,
Қайтты туған жеріне.—
Тоқтау білмес ол советтің адамы,

Адымдайтын зор өмірдің өріне.
Бесігіңдей оған ыстық даласы,
Тербеді оның
Кең кеудесін керілген.

Қырға шықты өжет орыс баласы,
Дүбірлетіп,
Тау тұлғалы темірмен.
Жүрегі отты,

Ойы құстай қанатты,
Жатқызбады,
Ер тұлғасын қозғады.
Ол сүйетін егін басқан алапты,

Ол сүйетін,
Жазықтарын жаздағы.
Айдын шолған
Адмиралдай айбарлы,

Теңіз-қырға қадала бір қарады.
Аяқсыз-ақ
Күткендей бір майданай?
Көріп дәнді, жайнады көз жанары.

Ол тағдырға бағынбады қарысып,
Ертті оны еңбек, бақыт үндері.
Аяқсыз-ақ
Жүйріктермен жарысып,

Дән қырында комбайнмен гуледі.
Оның ылғи қуанышы — көлбеген
Қалың егін,
Батыр еңбек қарқыны.

Бақытты ол —
Кемтарлыққа көнбеген,
Бақыты үшін,
Қуаты үшін халқының!

Қорғаса ол
Азаттығын елінің,
Қалса аяғы,
Жүгіргенде ту ұстап,—

Құрыш қолы —
Енді ішінде егіннің
Көтерілді, толқын дәнді уыстап,
Арыстан да құласа бір мертігіп,

Тұрмас мұндай
Көтеріп зор тұлғаны.
Нағыз ердің даңқы қырда шертіліп,
Машиналы адымдары зулады.

Жүрісінен ырыс елге құйылып,
Ер Нектовтың аршындады қадамы.
Білсін әлем өр даңқына сүйініп,
Кереметті біздің совет адамы!

МЕНІҢ МОМЫН ЖЕҢЕШЕМ

Қырдан көрдік көп егін...
Көзбен шолып келемін
Көк теңіздей көлбеген
Көз жеткісіз көлемін.

Егін басы толы адам,
Егін толқын — тулаған.
Мотор гуі, қыз шуы,
Толқып келіп тұр маған.

Көрдім алып кемені,
Қырқа жарып келеді.
Қауыз ұшып қардайын,
Дүрілдеген комбайн,

Рулін тура бұраған,
Үстінде тұр бір адам.
Ұстап көріп бидайды,
Мотор күйін тыңдайды.

Машинаша бұралған
Қолы шапшаң ыңғайлы.
Бұл айбынды кім десем?
Менің момын жеңешем.

МТС-те қыруар іс...
Партиялық жиналыс.

— Қайда сертің кешегі?

— Қайда мотор бөлшегі?

Бізден алған астықты?
Қамбада кім өлшеді?
Қамбада жоқ электр,
Тәртіп қайда, директор?—

Деп жалындап бір адам
Директорды сынаған.
Өткір тілді бұл шешен,
Қайдан келді, кім десем? —

Менің момын жеңешем.
Өтсем жасыл жылғадан,
Мал соңында жүр ағам.
Шерттім осы жырымды,

Жеңешемді жырлаған:

— Бұрын тіпті бұйығы,

Көрмеген көп жиынды,
Мотор түгіл арбаны
Жүргізу боп арманы,
Сізге батпай жасқанып,

Жүрген момын жеңешем,
Қандай ғажап! Басқарып,
Комбайнды жүр — десем,—
Қойды баққан ойлы аға

Жымияды жай ғана.
Мейлің, аға, не десең —
Озды сенен жеңешем!

ВАСИЛИСА БАРАБАШ

(Баллада)
Буалдыр түн, аспаны —
Жұлдыз бұлтқа аралас,
Қырға жорық бастады

Василиса Барабаш.
Құлазыған қырат бұл,
Дән шықпаған бос алап.
Гүрілдеді трактор,

Қыр сауырын жосалап.
Суық дала сүреңсіз,
Болса да бұл май айы.
Неткен қырлар бұл елсіз

Қара бұлдыр маңайы?
Бір шоқы жоқ өрінде,
Жадау жондар жалаңаш
Таңданады бәріне

Василиса Барабаш.
Кең жазыққа жайылып
Трактордың оттары,
Қыр түнегін айырып,

Темір аттар аттады.
Бусанғандай бұл оттан
Көтеріліп жер лебі.
Қанаты бар болаттан

Қырда сол қыз өрледі.
Қара қырды кестелеп,
Гүлденгендей арманы.
Жайқалады еске кеп,

Днепрдің орманы...
Днепр ғой ұясы,
Жағасының бәрі ағаш.
Сол ағаштың сырласы

Василиса Барабаш.
Әкесі бар сол маңда
Бәйтеректей тұлғалы.
Қарт кеңесін орманда

Василиса тыңдады.

— Дос болдым бір жігітпен

Партизандық күресте.
Жайнаушы еді үмітпен,
Үміттері тұр есте.
Соңында бір айқастың

Яки болса жаралы,
Мынау еді сол жастың
Жүректегі бар әні:
«Алыста бар кең далам,

Сүйем айдын жазығын.
Қырларынан тыңдағам,
Гүлдің шуын, жаз үнін.
Сол далада қалды бір

Гүл екпеген бетегем.
Тынса майдан, алып гүл
Сол жеріме жетер ем...»
Солай дейтін әндетіп,

Аңсап жазық даласын,—
Жатса да бір әл кетіп,
Жатса да орап жарасын.
Ол сүйетін.мені де,

Досқа жылы жүрегі.
Украина жерінде,
Туған сол бір жыры еді.
Өтті біздің орманда

Жаумен талай талас түн.
Қырғын ұрыс болғанда,
Сол жігіттен адастым.
Кетті жырын қалдырып

Есімде сол өр әні.
Сақтар еске, жаңғырып
Днепрдің орманы.
Болсам шіркін жасырақ,

Сол далаға жетер ем.
Сол жігіттей ән шырқап

— Гүлден, қоңыр бетегем!.

... Қарт әкеден сол әнді
Орманда қыз естіді.
Бұл түн кезіп шығанды
Сол жігіттің есті үні.

Алыс қырды бұл түнде
Қыз таңырқап жүр әлі.
Ал жүректің түбінде
«Далам...» деген тұр әні.

Василиса гүл етіп,
Жайнатуға шет дүзді,
Тракторды гулетіп,
Гүлдің күйін шерткізді.

Болмаса да белеңі —
Оған таныс, етене,
Қыз күлімдеп келеді,
Билегендей бетеге.

БАҚТАШЫ ДОСТАРЫ

Шығандап қарды, жамылып сағым,
Бақташы жүрді қаптатып малын.
Алдынан жалын аптайды желмен,
Қайырып малын, асады белден,

Шолады кейде қолбасы сынды.
Жапанды бейне тұйық жау сырлы.
Кейде асау құмы құйындап, тулап,
Түтіліп түгі, көмілер бұлақ.

Шөліркеп малы, бата ма құмға?—
Кім ашып жаны — келеді мұнда?
Сұр жапан дүлей, жалыны — түтек.
Салады үрей, дауылы түтеп.

Түлегі қырдың далада дара,

— Мал бағып жүрмін, — дейді, — мен ғана.

Малымен көшіп, асты бір белден,
Cap құмды кешіп, анау кім келген?
Қалпағы шаң-шаң, жас жігіт нұрлы,
Адымдап шапшаң, қырқада жүрді.

Ұстап көріп қоламта құмын,
Алып жүр теріп даланың түгін.
Көрді де жігіт бақташы шалды,
Жүгірді күліп, көтеріп шаңды.

Малшы ата, сәлем! Аман ба малың?
Білуге келем малшымның халін.
Малшының жері — бұл жапан дүзге,
Москва мені жіберді сізге.

Зерттейміз сырын, түлейді бұл жер,
Қуамыз құмын, қонады гүлдер.
Малыңыз сонда... — Ол рас, достым.
Айталық соңыра, ішінде қостың...

Естілді дүбір, тағы бір жақтан,

— Тақырды кім бұл бұрғылап жатқан?

Қозғалып қоймен тұспалап түгін,
Терең бір оймен толғанған бұл кім?

— Мені де мұнда, жұмсады ғылым...

Өзіндей қырда малшымын бүгін...
Қостары — дала, аясы — кең кеш,
Достармен жаңа қозғады кеңес.
Бір малшы — ғалым, инженер — бірі,

Тербеткен бәрін малшының жыры.
Шуыл сап жапан, шертеді құм күй,
Тыңдайды сырын малшылар ылғи.
Жаңарып жапан, кең жайлап малы,

Ескендей шат ән, шалқиды бәрі...

БРИГАДИР ТУРАЛЫ ЖЫР

Жапан түзге жасап жатыр қыс бүлік,
Қар жасағы ойнақтайды ысқырып.
Қиян қырдың аспанында жүр жосып
Ақ шудалы аппақ бура түсті бұлт.

Қар тынымсыз белестерге борайды,
Ақша таулар басты жазық маңайды.
Белуардан қарға батқан жас жігіт
Бұрқасынға күлімсіреп қарайды.

Қамаласа қалың құйын жасағы,
Ұмтылып жас, құшағын кең ашады.
Қабағы мұз,мұрты қырау сол жігіт
Қар құрсанып қырда нығыз басады,

Ұмтылады боранға қыр серісі,
Құйын дала — бейне майдан өрісі.
Боран — дабыл ұрыстарға қағылған,
Бұл басталған — қырдың жазғы жеңісі.

Алды оның қалың қорған аққала,
Тұр сыртында тракторлар топтала.
Айқайлады. ол:
«Ей, құйындар, лақпа сен,

Аспан нұрын төк жеріме, қапта да.
Көрсін аспан қар моншақтың ізінен
Қыр жұлдызын қызыл дәнмен тізілген.
Қар астында өрнегім бар оюлы,

Соның буы қыздырып тұр бойымды.
Соқ, соқ боран, жүгір, құйын, ойнақта,
Күміс қарды қырларыма жайнат та,
Қар маялар орынына дән мая

Орнатамыз мынау маңғыт аймақта!» —
Деп қайсар жас, қар боратып төсіне
Басты алға, келді жайнап есіне:
Дулы көктем кестелеген барқыт қыр,

Алтын күзде толқындаған несібе...

ҚАРАҚҰМ

Қара сұр қалың мұздай қуқыл жазық,
Үстінде аласапыран құм құлазып,
Жөңкіген жойқын тобыр секілденіп,
Тас бұрқан сұрапылын қырға жазып.

Дауылы жоталарды жүндей түтіп,
Қаңғыған құла дүзде құм құтырып.
Жандырған селдір-селеу дала түгін
Жалақтап қызыл жалын жел жұтынып.

Жәндік те, жануар да, шошып аң да
Тыным ап тұра алмаған осы маңда.
Асыр сап алапат құм жөнелгенде,
Бәрі де олжа болған тас боранға.

Бұл жерде бота боздап, аң азынап,
Ұйтқытып құм құйынды жел аңызақ.
Баяғы баяу бұлдыр заманадай
Қарақұм қарауытып жатқан ұзақ.

Нәлетін айтып ылғи аң да, адам да,
Жоламай кеткен бәрі сұр жапанға.
Ғасырлар керуені күңіреніп,
Басыпты Қарақұмға қарғыс таңба.

Өріне сол жапанның барып тұрмын;
Қозғалды құмда жаңа тарих бүгін:
Қалың жұрт Қарақұмда шабуылда
Жүр екен жоталардың жарып құмын.

Көрдім мен — самолеттер ұшты самғап,
Тілімдеп Қарақұмның көгін шаңдақ.
Жалын бет жауынгердей жорықтағы
Кезіп жүр инженерлер құмды шарлап.

Адырлы. құмның заңғар асулары,
Әлі де құлан ойнақ асыр маңы.
Теңізді тітірентіп крейсердей,
Барады гулетіп жұрт машинаны.

Бұрғысы сүңгіп терең бұрғышының,
Толғанып топырақтың түрлі сырын.
Алқымдап жатыр экскаваторлар
Басуға айқай-сүрең құмның шуын...

АСЫҒЫС АДАМ

Жүрді бір топ далада,
Қалың белді омбылап.
Тас бұрқасын айнала,
Көтерілген құм тулап.

Өрлеу керек бірақ та —
Алда зерттеу, бұрғылау.
Алда талай алқапта
Қазылмақшы шықырау.

Келеді өрлеп құм жарып,
Жүздерін от жел аптап.
Сәл ғана істі доғарып,
Түнде ғана қонақтап.

Ұзақ, ауыр жол қиын,
Бөгелісті құм көшкін.
Ойқастайды жел-құйын,
Бүркеп жолын белестің.

Түтеп тас пен топырақ,
Болса дауыл тынбаған —
Бөгелсе топ азырақ,
Асығады бір адам:

Көнбеу керек дауылға,
Өрлеу керек асығыс.
Алда шұғыл тағы да
Талай-талай жатыр іс!

Өткір көзі сенімді,
Жанып құмға қарайды.
Кәрі бір шандоз секілді,
Құмда жортқан талайғы.

Тұрса көзді тас ұрып,
Тауып бұрын жотаны,—
Қазып құмын асығып,
Бұрғы салып жатады.

Тұрса да күн жалындап,
Соқса-дағы сұр боран.
Бурыл шашы жалбырап,
Тартады алға сол адам.

Өйткені алда көп әлі іс,
Бөгелмейді боранға!
Асығады, ол — коммунист,
Көп міндеті бар алда!

АҚСАҚ ӘЛІМ

Ақсай басып келген бетте майданнан,
Қарақұмға қарап Әлім ойланған:—

— Әттең, жалғыз болып қалды аяғым,

Шалқытар ем суды саған сайлардан!
Сен ойлама, мені Әлім деп бұрынғы,
Ақсақ менің аяғым да дүбірлі.
Дон бойында қуғанымдай дұшпанды,

Ол сау болса, — оятар ем құмыңды...
Айтып соны кетіп еді сол құмнан,
Онда тек жел ызыңдаған соңынан.
Онда елсіз жапан ғана бұл өңір,

Су аңсаған бұлдыраған сағымнан.
Сол жапанда ойға батқан оңаша,
Енді міне, таңғажайып, тамаша!
Қала қонды құлазыған құмына, —

Соған Әлім қуанады қараса.
Құмға біткен зәулім жаңа қаланы,
Қат-қат үйдің төбесінен қарады —
Алып завод, сәнді сарай заңғардай,

Көзді тартып, қызықтырып барады.
Көшелерде темірден от жарқылдап,
Соғылысқан сом балғалар шаңқылдап,
Қара-құрық қалың еңбек жан-жағы,

Қопарылып аспанға ұшқан шаң тулап.
Қарап соны балташыға бұрылды:

— Сен, ойлама, мені Әлім деп бұрынғы.

Дон бойында дүбірлесе аяғым,
Қолым енді қопарып жүр құмыңды.
Білер енді, бұл Әлімді Қарақұм,
Шеберімін шөлге біткен қаланың.

Бұл қолыммен талай қышты құйып мен,
Талай үйдің қабырғасын қаладым.
Әрбір үйдің білем ірге тастарын,
Әрбір үйге өз белгімді тастадым.

Бақыт маған — қолмен салған қаламның,
Көшелерін мына аяқпен басқаным.
Ойла, достым, қызықпауға бола ма?
Өзен ағып келгенде ертең қалама —

Тұрмаймын ба Дондағыдай даңқпен,
Жеңіс тауып жаңа жарқын жағада?..
Айтып соны тағы да тас қалады,
Әлім қайта қаласына қарады:

Алып завод, сәнді сарай үйлері
Көзді тартып, қызықтырып барады.

ЖАРЫЛУ

Алып таудай жарылған
Аулақта жер тітіреп,
Айлы түнде адырдан
Шықты гүрсіл күркіреп.

Қопарылып Қараадыр,
Көкке шықты құм тулап.
Діріл қағып дала тұр,
Шатырлаған күй тыңдап.

Ақсақ Әлім сыналап,
Жатыр еді дуалды.
Сескене қап:— Снаряд!
Деді де, тез қуанды:

— Қандай қызық! Өр құмда,

Белдер жатыр бұзылып.
Шалқиды кеп орнында,
Құм қопарса взрыв.

БОРАНДА

Бүркеп түгел құм жосыған қырқаны,
Аппақ нөсер бұлан-талан бұрқады.
Қалың аңдай қарлы құйын ойнақтап,
Жапан дүзде дүлей даусын шырқады.

Бүлік боран! Бүрліктірген жер-көкті,
Бұғып дария, үстін басып сең кетті.
Төтеп бермей аң да, мал да ығысты...
Соқты боран, ақ топанды селдетті.

Мейлің соқ, қармен қоса тас құйын!
Біз боранға көргеміз жоқ басты иіп,
Экскаваторын ер жұмысшы көтерді,
Құба жонда боранға сол қасқиып,

Ол опырып құм жоталы асуды,
Тас құйынды бораннан да асырды.
Алып ауыз құмды алқымға алғанда,
Бұқты боран, аяғына бас ұрды...

ҚАРИЯ МЕН ДАРИЯ

Алтын сақал омырауын алқалап,
Қария тұр қабағынан ой тарап.
Күркірейді орғып долы дария,
Аласапыран толқындарын арқалап,

Шал сөйледі күліп қана мұртынан:
«Уа, бүлікшіл жарға сыймай бұлқынған,
Білмейсің-ау...
Батыр қолдар түйіліп,

Келе жатыр төніп сенің сыртыңнан».
Саған шоқ-шоқ!
Неге есіріп тасыдың?—
Батты маған сенің кесір-асырың.

Әлек салдың талай апат нөсермен,
Мені тіпті жан демедің, басындың.
«Ту-түлегей толқыныңды тулатып,
Талай кеттің қырларыма құм атып.

Талай менің лашығымды әкеттің,
Талай бұздың қорғанымды қиратып».
«Ал далада, шөлдегенде көрмедің,
Үркіп менен өз бетіңше өрледің.

Уа дариға, бұл асауға бір тұсау —
Болар ма деп, баяғыдан шерлі едім».
«Енді өрмін, тұрмын тіпті қуанып,
Тентек шіркін, биле алдымда бұралып.

Құрыш қолын өрендерім сермеді,—
Қыл мойныңа түседі енді бұғалық..»

АДАСҚАН ӨЗЕНМЕН ӘҢГІМЕ

(үзінді)
Көп ойлап тағдырыңды келем Әму,
Сол ойым түбіңнен де терең Әму.
Берді Кербабаев.

Сағына кеп қарасам,
Сел атасың бұрқанып.
Асау күшпен орасан,
Қайда қаштың бұлтарып?

Білем, басың қалың мұз
Бұлт бүркеген Памирдан!
Шайқап сені алып құз,
Толқыныңды тау ұрған.

Сені ақтарып асқардан,
Құйды құмға долы күш.
Бола қалдың тас-талқан...
Таудан тауып соғылыс,

Жерді жарып жөнелдің,
Селің орғып аулаққа.
Таппай жердің тереңін,
Жаутандадың жан-жаққа.

Сонда саған қойынын
Сұлу Каспий кең ашқан1.
Аптығып сел құйының,
Толқынымен жымдасқан...

Кенет бір кез кесірмен,
Құмды қуып күркіреп.
Көк теңіздің төсінен,
Кеттің қырға тентіреп.

Қалды Каспий күрсініп,
Түйіліп жар қабағы.
Қалды өзегің қушиып,
Құр құлазып алабы.

Нәрсіз қурап қырың да,
Құлазыды Узбойың2
Еміренген суыңа,
Ел-жұртыңның бұзды ойын.

Сен қалдырған Қарақұм
Ғасырларға мұң салды.
Жайлаған жұрт алабын,
Тілін жалап тамсанды...

Ал сен болсаң, бетіңше,
Бұрқ-сарқ етіп тынбадың.
Ерініңе құм тисе,
Құтырына туладың.

Талай қала, қорғанды,
Бұлқан-талқан қиратып,
Салдың жойқын ойранды,
Тас-телегей тулатып.

Енді, өзенім, құбылма!
Қаша берме бүлікпен.
Құмар сенің нұрыңа
Қарақалпақ, түрікмен.

Толқыныңды тербетіп,
Самсады, әне кемелер.
Шалқыт соны өрлетіп,
Енді ырқына көне бер.

Қалап сенің жағаңа,
Граниттен алқаны —
Егіндікке, далаға,
Толқыныңды тартады.

Саған ғашық Қарақұм,
Жасарады, көр өзін.
Миуа басып алабын,
Жайқалады Хорезм3.

Сені құмнан айырып,
Біз бөлейміз бетонға.
Қырға суың жайылып,
Нұр себеді Отанға...

Өзен түгіл, бұрдық біз
Ғасырларды адасқан.
Екпініміз мұхиттай,
Мәңгілікпен ұласқан...

ТАҚИЯ-ТАС

Қала да орнар өңірге,
Білемін — гүлдер бақша да.
В. Маяковский
Сұрғылт жар құмдарынан қаққан елес

Қызықты аңыздардың аттары емес:
«Қыз кеткен», «Тақия-Тас», «Долы дария»...
Алыста «Барса келмес» жатқан белес.
Бар шығар сырлары да аңызының,

Құм жаға сөйлегендей қағып ызың.
Сүйемін, Тақия-Тас, қазір сенің
Үстіңде жарқыраған таң қызығын...
* * *

Келешек кереметтің басы ғана,
Таң болып дүбірлеген осы арада.
Тірілді елі жаға, құм қунақтап,
Жан кірді сұп-сұр мақта тасына да.

Сұрғылт құм кеше ғана елсіз өңір
Жарқ ете қалды шапшаң қызулы өмір —
Бұл кезде құрыш-болат гүріл қағып
Тас құмның зіл ұйқысын бұзды темір.

Өзенде өрігі кеме толқынды ұрып,
Ашуын айдағандай жойқын бүлік.
Жағада құж-құж ерен шойын күштер,
Қосылып кетіп жатыр жорық құрып.

Шаңқылы тас, гранит, бетондардың,
Майданның көрсеткендей төтеп алдын.
Бұл ара шабуылдың алғы шебі, —
Жеңіске бұл арадан кетер қарқын.

Басталды осы жерден құмға жорық...
Бәрін де биік жардан тұрмын көріп:
Қалың құм қырқасына қаптап адам,
Құйындай машиналар жөнелді өріп.

Мұнара мойындарын сілкіп асқақ,
Жүр экскаваторлар құмды тастап,
Ауызы тиген белде апан қалып,
Барады зор өзектің жолын бастап.

Түнерген қу жапандай құм жағада,
Тез ғана таң-тамаша туды қала,
Қаланың қат-қат үйлер, орман гулеп,
Сән берген сәулетімен айналаға.

Тұр қала. құмға қарап, өр пішінде,
Қуаныш жарқын сенім бар ісінде.
Екпін бар толқыннан да шапшаңырақ,
Асығыс жандарының жүрісінде.

Көз тартып түкпірдегі тұйық алқап,
Отанның өрлерінен ұлан-байтақ,
Ағылған мұнда халық, самсап келіп,
Жосалап айдын құмды жатыр шайқап,

Тың қоныс адамдары қандай ғажап!—
Бәрі де қосылғандай сүйіп қалап.
Құлшынған орыс, өзбек, украин,
Түрікмен, қарақалпақ, тәжік, қазақ...

Аты бір естілмеген тас мүйістің,
Зор даңқ, зулағандай басып үстін.
Тасынан жалын атты Тақия-Тас,—
Бастауы құмға шапқан тасқын күштің.

Бас Арна басталады осы жерден,
Айқасып мұнда дүлей долы өзенмен,
Саламыз бұғалықты жойқын күшке,
Асамыз тасқын селмен қалың белден.

Темірлі, мраморлы соғып арна
Өзенді жөнелеміз тартып алға.
Толқыннан алтын отты жайнатамыз,
Сәулесін жеткіземіз мың жылдарға.

Үстіне Қарақұмның жатқан алшақ,
Бұл жерден құйылады толқын моншақ.
Тереміз коммунизм гүлдерін біз,
Жайқалған жаңа белде жайып құшақ.

Сол күннің салтанаты осы арада,—
Шың қақты міне, құмда өсіп қала.
Дүбірі сол қаланың келешекке
Кеткендей қазірде де өсіп — жара.

Басыңа алып маяк нұрын жағып,
Жанып тұр келешекке дабыл қағып.
Жайнайды Қарақұмда жасыл жайлау,
Басынан коммунизм өзені ағып.

ТАШАУЫЗ

Шел дала...
Талай құм белді
Зулап тағы асамыз.
Құмды жарып үн берді,

Алдымыздан Ташаузы.
Шықты халқы нұрлана,
Күткендей бір той бізді.
Көрді бүгін бұл қала,

Ең бірінші поезды.
Шалқыды шу поезбен
Ташауыздың құмында.
Бірінші рет өзіммен

Келді бірге жырым да.
Қала әбігер, жыр түгіл,
Көрген де жоқ өзімді.
Келелі сөз көлкіп бір,

Кең көшеге созылды.

— Көп күтіп ек құмартып

Жатып құмды аралда.
Поезд келді жүк артып,
Біздің жаңа каналға...

— Әке, әзір бол енді,

Құмдағы бұл майданға.

— Ертең канал келеді,

Су шалқиды сайларға.

— Қанша арық, қанша яб4

Қазылмақшы ауданда? —
Көзбен көріп кел қарап,
Бар агроном, ойланба!
Мына жоспар дұрыс па,

Жолдас бастық не дейсің?

— Сай боп жаңа құрылысқа,

Мақта өрісі кеңейсін!

— Қат-қат үйлер тізілсін,

Жаңа жоспар жасаңыз.
«Ескі шаһар» сырылсын,
Жайнап жаңа Ташауыз.
Қуанышты үндері

Кезді осылай көшені.
Құлағыма гуледі,
Шаттық үннің нөсері.
Шықты даусы поездың

Жаңғырта бір тағы да —
Тартты құрыш жол ұзын
Амудария жарына.
Құм белдерден дүбірлеп,

Зулап тағы асамыз.
Қуанышпен күлімдеп,
Қала берді Ташауыз.

ТҮРІКМЕН ҚЫЗЫ

«Он жеті өрім шашыңды,
Қайта неге тарадың?
Сұр өзенге ашулы
Күліп неге қарадың?

Әлде жарың көп күткен
Кемеменен келе ме?
Ұнады қай үмітпен
Саған мынау селебе?»

Қара көзі жарқылдап,
Сақ-сақ күлді сонда қыз...
«Ғашығым бар, ол бірақ
Қандай екен, тыңдаңыз:

Жаз бойымен мақтаны
Суардым су себелеп.
Сүйем өзен аққанын —
Маған тасқын сел керек.

Жас күнімнен ағынға
Құмарлығым сақталды.
Су апарып бағыма
Шомылдырам мақтамды.

Бұл жағадан бұрылып
Ағады өзен жеріме.
Толқын моншақ құйылып,
Құлпыртады мені де...»

Айтып соны, күлімдеп
Қарай қалды ағынға.
Ақты дария гүрілдеп,
Төсін керіп дауылға.

Жымың қағып толқынға
Түрікменнің тұр қызы:
Жайнағандай алдында
Бақытының жұлдызы...

ЛИДА ВОЛКОНСКАЯ

Қалың құм жоталанып оппа қардай,
Ызғын жел ойнақтаған шаң көтеріп.
Жүре алмай жолбарыс та тоқтағандай
Қыр басқан құйындардан қаптай өріп.

Жер түгін өртеп күні, құм құрылып,
Көресің аш даланың жұтынғанын.
Жас әйел келе жатыр күн-түн жүріп,
Қу шөлде таңдай қағып, жұтып жалын.

Бірақ та мөлдір көзі неге оқталып,
Қарайды төбелерге іздеп нені?
Жүр екен құмнан қандай бақыт тауып,
Кезеді неге сұлу дүзді тегі?

Жырларын Бетпақ шөлдің кезген сұлу
Өткізген қуанышта жастық шағын.
Бақыттың бақшасында аясы ну,
Қызықты құшағында Москваның.

Аттап қыз институт босағасын,
Құштар боп келген еді осы құмға.
Жалындап махаббатпен асыға шын
Міне, тұр құм қиырдың асуында.

Москва, жасыл парк, зор театр,
Сән киім — тұрған шығар бәрі есінде.
Алдында қыздың бірақ құм қия тұр,
Тас құйын ойнақтаған белесінде.

Қиырлы құмнан оған желпілдеген
Гүлдері тың сол қоныс кең аяның.
Жүрегі сүйіп соны лүпілдеген
Сұлу қыз Лида Волконскаяның.

Қай жерге дән шығады, гүл өседі,
Зерттеп қыз әр төбеге көз қадады.
Жапанның жайнап сұлу келешегі
Жалындап қыз жүрегі қозғалады...

Есіме ежет әйел түсіп сол бір,
Жүзіне осы қыздың қарай бердім.
Сар аяз, сұрапылды сонау Сібір
Шөлде бұл, көз алдыма қалай келдің?

Келді еске сол айбынды Княгиня5
Үлгі боп Россияны даңқы жарған
Жетуге ер намысты мұратыңа,
Сібірдің шалғайына шалқып барған.

Ал боран шошытпаған сол сұлуды,
Ар үшін сәннен безіп, жанын қиған.
Сескенбей кезген дүлей осы құмды,
Емес пе сол арудай менің Лидам?!

Сұлу жүз, жалын жүрек, әрі ынталы,
Теңейсің мұны қызға қай елдегі?—
Кіреді майдан болсын, жанып жаны
Орыстың өр қыздары, әйелдері!

АРХИТЕКТОР МЕН ТАРИХШЫ

Басталды да соққан дауыл әлгіде,
Бір төбеде өршіп кетті әңгіме.
Шарлап келіп шөл даланың өрлерін,
Барлағыштар айтып жатыр көргенін.

Сарадырдың топырағы тамаша,
Кірпішінен сарай салып қаласа!
Өзгертуге құмның құйын ойнағын,
Әркім солай айтып жатыр ойларын.

Тұрды кенет тарихшы бір маңызды,
Құрметтейтін ертегіні, аңызды.
Хорезмның сарайлары, қорғаны,
Жыр боп оған, әңгімесін толғады:

«Үргеніштің ордаларын көріп ем,
Талай шебер өткен екен өмірден,
Көзің тоймас қарасаң да мың рет —
Үргеніште бар ғажайып минарет,

Тұр шағылтып жалтыр тасы күн көзін,
Көрсең анау Шайхы-Шараф күмбезін.
Төккен екен аямай-ақ өнерді,
Үлкен сарай дуалдары мәнерлі.

Мұнарасы күйдік жерден қарайған,
Пирамида секілді бір қаланған.
Нақышталған, қыштары да сан қырлы,
Бояуы да мені қайран қалдырды.

Көне — Үргеніш сарайларын қалып таң
Көрді көзім, білуші едім тарихтан.
Мұрасы ғой замандардың талайы,
Салайықшы солардай ғып сарайды.

Демекпін мен үлгі болсын бұл-дағы
Салынатын қалаларға құмдағы».
Архитектор, жүзі қоңыр жас жігіт,
Тарихшыға сөйлеп кетті қасқиып:

— Тарихшым-ау, осынша тан, қаласың

Көріп көне Шайхы-Шараф моласын.
Ол жұрнақ қой қалған жұрдай заманнан
Құр сорайған қалың құмнан, тозаңнан.
Жапан дүзде жалғыз біткен жартастай,

Қу күмбез тұр босағасын жан баспай.
Көне дүние келбетіндей сүреңсіз,
Қирап, құлап, сол бір орда тұр өңсіз.
Қызығы емес, сәулеті емес халықтың, —

Ол бұлдыры, ертегісі тарихтың.
Көрші барып шөлдің анау қаласын,
Түрлендірген жаңа өзеннің жағасын.
Жан көрмеген салтанаты бар анық,

Жатыр әне қат-қат сарай қаланып,
Жалғыз емен, қалың құздай топтала,
Шел далаға орнап жатыр көп қала.
Бар ма сенің сірә де бір көргенің,—

Жаға салған сарайлардың өрнегін?
Көрдің бе сен, Москваның зәулімін?
Шатырына қанаттарын жайды күн,
Төбелері асқақтаған аспанға,

Теңелгендей заңғар биік асқарға.
Отыз бес қат! Берік бәрі қамалдан,
Ірге тасы мрамордан қаланған,
Шар болаттан дуалдары өріліп,

Бағандары қия тастай — бәрі нық.
Сол сарайлар секілді бір құзар тас,
Ешбір дауыл оны мәңгі бұза алмас!
Нақыштары сұлу сырмен жалтылдап,

Қойғандай бір қабырғасын алтындап.
Төбесі де құз басындай биік шың,
Мақтанамын зәулімдігін сүйіп шын:
Басы айналып құлар еді шынында,

Шайхы-Шараф шықса сарай шыңына.
Қаңқаланған қызықпа, дос, көнеге,
«Шайхы-Шараф» болмас бізге өнеге.
Сауаты асқан сарайлары нұрлы кең,

Самсатамыз салып жаңа үлгімен.
Өйткені біз сол сарайға иеміз,
Бақыттымыз — салтанатты сүйеміз.
Орнап қала, елсіз құмда жаңғырып,

Сарайымыз жасар біздің мәңгілік!..
* * *
Сәулетшінің сөзі сырлы, ашық, шын, —
Ұялды да, үн қатпады тарихшым.

ЖЫЛ КЕЛЕДІ

Қағып аппақ қанатын жыл келеді,
Қарлы мамық қаусырған қыр белеңі.
Қаз бұлттарға кестелі тосты төсін,
Қыспен бірге құйындап жыр келеді.

Жыр келеді тербетіп бірге мені,
Толқындады даланың тың өлеңі.
Миллиард пұт жеңісі қыр туғызған,
Дастан болып бұл жылға тіркеледі.

Жылжыды жыл жыры көп, өмірге тың,
Кестеледі дәнменен қырдың бетін.
Жапанға да жан берді, әр тынысы,
Жүйткіп келе жылдарға жыр беретін.

Келдік жүзбен жалындап жыл басына,
Ән шырқалды шығанның қырқасында.
Құйын қарда жүз мың жас шықты жайнап,
Жаңа жылмен жапанда сырласуға.

Келген олар, қасымен қағып қарды,
Дүбірлетіп ақ таулы адырларды.
Борандарды бұқтырып лебіменен,
Басып қырға, батпан күш адымдарды.

Қырда жеміс гүлдеген сол іздерден,
Жыл табысы теңелер теңіздермен.
Жаңа жылға тосамыз ыстық бетті,
Сәулет берген өмірге, жеңіс берген.

Заводтарда, қалада, қиырларда,
Жеңістердің жалынын түйіп жанға.
Күле қарап қыраулы көк күніне,
Даусымызды қосамыз құйындарға,

Шығандарға шырқасын құйындар ән,
Жас дауыстар жеткізсін жырын маған.
Жаңа дастан бастаймын жыл сырынан,
Жаңа күймен алдымда биле боран!

ҮКІЛІ БАСТАР ҚАЛҒЫҒАН

Келемін бұйратта
Кеудемді керіп, желпініп.
Аспанда бір жақта
Ағылды бұлттар жөңкіліп.

Теңселді ырғалып
Cap бұйра жайсаң алдымнан.
Керіл бұлданып
Үкілі бастар қалғыған.

Жел шіркін шалдуар
Шайқауға соны құмар-ақ.
Ала толқын жалы бар
Бұлттарды келді қуалап.

Әне, дауыл ысқырды,
Аспан сермеді қанжарын.
Үйірлі жәуміт ышқынды,
Сілкінтіп сұп-сұр жалдарын.

Жүгірдім дуылдап
Көтеріп дөңдей кеудемді.
Өлеңмен дүбір сап
Оятып дәнді белдерді:

Ей, долуыр, сап-сап!
Нажағай жалт бер қыныңа!
Жайна күн, нөсерді жасқап,
Тұнып тұр гүлнәр қырымда.

Үзіл, жаңбыр сымдары!
Өрбіген сенен несібе —
Шалқан дән сабағы,
Даламның алтын төсінде

Самса мың-мың саусақтар,
Моторлар бас әлдиге!
Билесін үкілі алқаптар,
Шолпысын қақсын дән Бике.

Жырларым желдей есіл де,
Шерт миллиард дабылын.
Үркіт лайсаң жасағын,
Отанның күмбез төсіне

Тағамын жұлдыздар етіп
Дәннің алтын шашағын.

БҮРКІТІҢДЕЙ ШАРЫҚТАТ, ЕРЕЙМЕНІМ!

Алқынбай-ақ адасқан аңшыдайын,
Бүркітсіз-ақ басына мен шығайын.
Бүркітіңе ұқсайын бірақ өзім,
Қияларға қадайын жырдың көзін.

Көрейін бір келбетті кең өлкемді,
Көшірейін кеудеме көлеңкеңді.
Ата таулар маңқисын көз алдымда,
Бұлғаңдасын қайың-тал қыз қалпында.

Көрдім, әне, көлбеген көк даланы,
Қалың қойды, жылқыны көк алалы.
Аюлының алшиған шың басында
Аю емес, өрмелеп жүр машина.

Көл секілді егін ғой сонау сағым,
Жұпары ғой аңқыған балаусаның.
Несібеге кен болған кең бір таусың,
Естіп тұрмын жаңғырған елдің даусын

Сол дауысқа шөлдеген өзегім бар,
Өзеніңдей ағылсын өлең-жырлар.
Көтерейін саңқылдап ер еңбегін,
Бүркітіңдей шарықтат, Ерейменім!

БҰЛ ТАУДА...

(Ленин атындағы совхоздың жас жылқышысы Ақан Секуовқа арналды)
Бұл тауда тұлпар-ата жылқы баққан,
Жылқысын Ерейменнің жұрт ұнатқан.
Тұқыртып ақ борандай асауларын,

Жапанға жел жүйрігін зымыратқан.
Осы тау өңірінен жүйрік тынбас,
Қалапты аталардан ерлік мирас.
Көрдім мен терең сайлы бір адырда,

Асаумен алысып жүр бір өршіл жас.
Асау кер арыстандай астындағы
Қарғиды, арындайды осқырады.
Тебініп қадалыпты тік жалына,

Ер жігіт — Ерейменнің жас қыраны.
Үйреткен тұлпар атты, жігіт – тұлпар
Бозбала, қыз бәйгіден үміті бар.
Серігі — қарлы боран, асау жүйрік,

Қыз қайда бұл жігітке келетін пар?
Ал, әне, қарады қыз егіндіктен,
Сол шығар сүйемін деп сені күткен.
Асаудың тұқырт басын, Ақан, тоқта,

Жайраңдап жас құрбыңа кел үмітпен.
«Жоқ! — Қамшы тиді аттың сауырына,

— Уақыт жоқ қазір қыздың сауығына.»

Құйғытты көп жылқыны қайырғалы,
Егіннен, тұнып тұрған тау ығында.

КҮЛІМДЕЙДІ РАҚЫМ ШАЛ

Көк майсаның аңқиды қалай исі? —
Кенеле бір иіскеп қалайыншы.
Аунайыншы кілемдей көгалыма,
Қазотысын кеудеме қадайыншы.

Кенет бізге түйілді лаңшы тағы,
Ұзын сымдай, найзадай тамшылары,
Жауын жасақ, қап-қара қабағы бұлт,
Бейбіт жерді сабалап қамшылайды.

Мен қалыңмын серігім жұқа бірақ,
Паналайтын болсайшы бұта, құрақ.
Заңғар оба секілді бір маяға
Екеуміз де жүгірдік жылдамырақ.

Сел жұтқандай Ереймен сеңгірлері,
Көк мұнарлар жапандай селдіреді.
Төбемізде жарқылдап жасын атып,
Шартылдады аспанның зеңбірегі.

Қалың тобыр қолдай бір дүбірлеген,
Арасында әлдекім күбірлеген.
Рақым ата, қойларын қайыра сап,
Нажағайға қасқиып күлімдеген.

«Ей, кім бұл нөсерден бұқпалаған,
Кер кеудеңді жауынға, шық маядан!»—
Деп ақырды біздерге Рақым ата,
Көзін қадап аспанға бұлт қамаған.

— Бұл әтір ғой, тәйірі, жауын деген,

Жұт, жауынға сергісін қалың денең.
Жаңбыр сөз бе? Өзіміз қарысамыз
Қалың селмен, ақ қарлы дауылменен.
Екеумізді жауынға тік тұрғызып,

Өз басының сырларын кетті тізіп.
Құр қол қыста қасқырды соққандығып,
Сондай талай ерлігін өткен қызық,
Өзі таудай билеген сол даланы,

Нажағайдан қалайша қорғанады?
Ол сөйлеп тұр, ал менің мойыныма
Көлбақадай тамшылар жорғалады...

ТУҒАН ҚАЛА ТУРАЛЫ ЖЫРЛАР

(Жастық шағымның досы, байырғы журналист, марқұм Әнуар Әукеновке ескерткіш)
Сол бір көшеде
Жандай бір жоғын іздеген,
Жүрсем де мен кеше де,

Бүгін де бұлдыр ізбенен
Жүрмін сол бір көшеде.
Жүрмін жалғыз, жым-жырт кеш,
Момын үйлер тұр мүлгіп.

Балалық шақ берді елес,
Келді баяу жыр жылжып.
Тек толқиды төбемде
Ақжал бұлттар дәуірлеп.

Тек шіңкілдеп төменде
Үреді бір шәуілдек.
Толғап бәрін келемін,
Көзбен жарып түн ішін:

Әр үйге сәлем беремін,
Сол үйлер менің туысым.
Мейлі кімдер тұрса да,
Сәлемім қақсын есігін.

Мың бала мендей туса да,
Сол үйлер әлі бесігім.
Әйнектерін сүйер ем,
Ерсі ме біреу қараса?

Немесе естіп күлер ең,
Жүгірсем қазір балаша.
Ысқырсам ғой, шіркін, бір
Мүлгігем үйді жаңғыртып.

Жастық іздер шертіп жыр,
Жайнар ма еді жан бітіп!
Иә, қазір талайға
Бурыл басты ағамын.

Жасыңа әкең қарай ма?
Бұл қалаға баламын.
Жүрмін міне, соңырқап,
Бойында өз көшемнің.

Таныс үйлер тұр ұқсап
Жасауына шешемнің.
Сағынып ескі көшені,
Білмеппін ғой гүл барын.

Аңдамасам, кеш мені,
Көшемдегі бульварым!
Кеш мені, жаңа көрші мен
Үй сайын жанған жұлдыздар.

Қызғанба жастық еншімнен,
Қазіргі ерке ұл-қыздар.
Жырлармын жаңа күлліңді
Үйлердей қат-қат тізілген.

Оңаша бер бір түнді,
Жүрейін жастық ізіммен.
Түсті менің есіме
Сырласымдай бір кезгі,

Бір үй маған қадірлі.
Тұрған момын мінезді
Етікші Әукен кәдімгі.
Тұңғыш көрген зергерім

Бармағы бізді билеткен.
Қайысқа сызып өрнегін,
Өнерін жұртқа сый еткен.
Үйден ішпей асымды,

Үйіне ерте келуші ем.
Бар еді мендей жас ұлы,
Сонымен ойнап, келісем.
Өзгелер озбыр секілді,

Сол ғана мені түсінген.
Сүйкімді бала, кекілді,
Сезілген мейірім түсінен.
Ойынымыз ұнасты,

Асықты бірдей иірдік.
Кейінге достық ұласты,
Балалық бізді үйір ғып.
Жүгірдік бір алаңда,

Мойынға тағып галстук.
Ағызбақ соғып боранда,
Аунап қарға алыстық.
Сол досым болса, дариға,

Қазір де ойнап кетер ем.
Ертістің сонау жарына
Жарыса бір жетер ем.
Толқынға бір аунар ек,

Өзенді де теңселтіп.
Жас күндей сол жайнар ек,
Құлашты да кең серпіп...
Қызықтары сонша мол

Балалық шіркін тез өтті.
Шақырды бізді комсомол,
Өмірден беріп кезекті.
Тұрдық ерте кезекке

Жастық шақты алаң ғып.
Керекулік газетке
Әріп болып қаландық.
Сонда да бала екенбіз,

Іске қалай батылмыз?
Мәз болыппыз екеуміз,
Газетке шықса атымыз.
Жылдар өтті жайраңдап.

Газеттей жайып беттерін.
Білмей қалдық қайран шақ
Қалай жылдам өткенін?
Сырғыпты сол баспана,

Жастық шақтай зымырап.
Мекенді таптық басқа да,
Айрылмадық біз бірақ.
Газетші болды, сыршыл ол,

Ақындай назды жаны бар.
Алғашқы менің сыншым сол,
Қайда кеттің, Әнуар?
Күлісер ек тағы да,

Жасартып сол көшені.
Әкетті досым қабырға
Мәз қызықты кешегі.
Сол бір үйдің сыртында

Сыр алып жастық кезімнен
Күбірлеп жүрмін жұртында
Жалғыз ғана қазір мен...
Бесігін бала сағынар,

Алданса да әлдиге.
Қалған балғын шағым бар,
Келдім, міне сол үйге.
Қуандым мен баладай,

Қалпында сол тұғырым.
Бейне кәрі қарағай
Сақтағандай түбірін.
Тұр ма маған өкпелеп,

Қарт әкемдей тұнжырап.
Өктем өмір жетелеп,
Кеттім ұзақ, тым жырақ.
Қайран менің бесігім

Маған күмбез көрінген.
Ашылғанда есігің,
Секіруші ем төріңнен.
Тудым жатақ қауымда,

Өзің бірақ тербеттің.
Екінші ана бауырында
Еміздіксіз ер жеттім.
Бар ғой зәулім сарайым

Өмір берген еншіме.
Ыстық бірақ арайың,
Сен артықсың, кеңсің де.
Маған қызық бәрі де:

Қиын күреп сиырдың,
Ат суарып сәріде,
Аязға бет сүйдірдім.
Қызығына кенелген

Балалыққа не дерсің?
Ысқырып ем, төбеңнен
Ұшырғанда көгершін.
Асырды көп салып ем,

Алдынды да шаңдатып,
Орыстың ұлдарымен
Допты көкке шарлатып.
Шалдуар ең десең де,

Ойын болды назарым.
Тараттым бұл көшеңде
Балалықтың базарын.
Болған шығар ерсі де

Тұрғаным сол ұялып.
Бір қыз келсе көршіге,
Шыққанымда гүл алып.
Сүйендім де пешіңе,

Өзімді ойға бөледім.
Қысқа қыстың кешіңде,
Туды тұңғыш өлеңім.
Намазын әкем оқыса,

Мен де қарап жатпадым.
Қолды сермеп ақынша,
Марш жырын жаттадым.
Солай неге қалмадым,

Тұғыр етіп төріңді?
Өзіме кең аумағың
Жырыма тар көрінді.
Талап іздеп тағдырдан,

Кеттім алыс қияға.
Қыран көкті шарқ ұрған
Өз ұясын қия ма?
Сүйікті ғой бөренең

Жас үніммен жаңғырған.
Қайтып саған келер ем,
Қайтса күнім қалдырған?
Таныс емес зәулімдер

Өзгемін бе қазір де,
Сөйле маған, кең көше?
Өз қалама шежіре
Өзім ғана, ендеше.

Кәрілер мен лашық та —
Көргендер мені бауырым дер.
Танысамын, асықпа,
Таныс емес зәулімдер!

Келем алшақ мен аттап,
Кезгендей бір тау ішін.
Үйлерде, биік қабатта
Тұрғандай менің танысым.

Күбірлеп мен келемін
Биікке қарап қуанып.
Танытар мүмкін өлеңім,
Шатырға шықса ту алып.

Шатырға өзім шықсам бір,
Көрінер сонау Тәттімбет.
Ол кезде жалаң шыған қыр,
Жолында шаршап жаттым көп.

Жаурап суық күзде мен
Тезек тердім қасынан.
Ол кезде иесіз дүзге тең
Көң-қоқырлы осы маң.

Танимын асыр жерімді
Ойды асықтай иірген.
Алып құс болып көрінді
Қанатын жайған тиірмен.

Олар жоқ, енді сап құрып
Заводтары бастаған.
Көнелікті лақтырып,
Жаңарыпты жас қалам!

Жоғалса, мейлі, іздерім
Тозығы жеткен өңірден.
Достарымды іздедім
Зәулімдердің төрінен.

МЕХАНИК МАҚМЕТ

(Павлодар облысы Цюрупа ауданындағы «30 жылдық Қазақстан» колхозының механигі Мақмет Бековке арналды.)

Түгінен дән төгілген Маралдыға,
Дүбірлеп мотор күйі таралды да,
Оятты қозғап күллі машинаны,
Оятты күллімізді таң алдында.

Дабылдың тұтқасын бұл кім бұраған?
Мотордай лыпылдаған бұл бір адам.
Көресің елден ерте Мақметті,
Үш аяқ машинамен зымыраған.

Жүйткісе көрсетпейді қарасын да,
Ол таныс әр белеске, әр асуға.
Жүруге асығады күйін тыңдап,
Трактор, комбайнның арасында.

Ауруды таныр доктор тынысынан,
Бар болса тетіктері тілі сынған.
Алыстан Мақмет те айырады,
Ентіккен моторлардың дыбысынан.

Дәті жоқ жүрдектерін шегеруге,
Заводтың ұқсар өзі шеберіне.
Қуырып электрмен бөлшектерді,
Бүлінсе, қиыстырып береді де.

Жанар май бетін басып айғыздалған,
Көресің оны көлге жалғыз барған.
Сүңгіп кеп тереңіне керіледі,
Жағада жұпар жұтып жалбыздардан.

Дән атса машиналар қырындағы,
Көңілі келсе қайта бұрылады.
Суынан өзі сүзген балықтарын,
Кеш болса достарына қуырады.

Масайрап кіріседі әңгімеге,
Айтпасын мақтанышын әркім неге?
Айтады атой беріп темір атпен,
Соғыста барғандығын Берлинге де.

«Бір кезде мынау жатқан құндыз белге,
Моторын дүрілдеткен жалғыз мен бе.
Қалтырап қолым талай қорқып едім,
Алғашқы тракторды жүргізгенде.

Бүлінсе болдым әуре түзеймін деп,
Несіне өткенді сол тізейін кеп.
Сондағы сынықтарды қойдым сақтап,
Мамандық тарихымның музейі деп.

Өттім ғой өрт ішінде қайта сыннан,
Шыққандай жарық алып жай тасынан.
Үйрендім тетіктердің сиқырларын,
От шашқан шойындардың шайқасынан.

Соны айтып айыршамен шортанды іліп,

— Аса! —деп, күлімдейді арқамды ұрып.

Қарайды машиналар жортқан қырға,
Өзі де даласындай дарқан жігіт.

БАЯНАУЫЛ ӘУЕНДЕРІ

1. Суретін түсірейін өлеңіме

Таулар көп тамашасын баяндауға,
Дәтім жоқ тау біткенге аялдауға.
Көп тыңдап ана жырын жөргегімде,
Жасымнан тартты мені Баянаула.

Бесік қой ұрпағына ата мекен,
Осы тау аталарға отау екен.
Жетім қыз — шешем сыңсып
Сабындыда,

Тұсынан жігіт жырын айтқан әкем.
Өзі де ақын тау ғой баяғыдан,
Шертілген шежіресі аян жырдан.
Күй беріп сандық тастар, сырнай көлдер,

Бұлбұл көп сайрап ұшқан Баянымнан.
Жасында жыршы Бұхар тебіренген,
Зар шыққан атамыздан зәбір көрген.
Шорманды шенеп әнмен Жаяу Мұса,

Алысқан ақын Мақмұт жебірлермен.
Сүйікті солар шыққан қия маған,
Құс өлең сонда көп қой ұялаған.
Жазықта желдеп жүрген жырларымды

Баян тау сондықтан да бұйдалаған.
Бұл бір тау жонға біткен сыры ғажап,
Түйе құм төңірегі, қожыр алап.
Болсын деп ән сарайы айдалаға

Қойғандай бір шебердің қолы қалап.
Отанның кең аспандай көлемінде
Баян бір бүйрегіндей бөлегі де.
Қыз тау ғой қызықтырған мені жастан,

Суретін түсірейін өлеңіме. 2. Шорман қойшысының шөбересі

Көрсем де көлді талай, жасырмаймын,
Көліндей мөлдір жоқ қой Жасыбайдың.
Сипатын кектен тартып алды ма тау,
Төсіне жаутаңдаған жасыл айдын.

Жұмбақ сыр мөлдір көзден танылмай ма,
Жасыбай секілді бір жарық айна.
Аспан да, аршалар да, тау да сүңгіп,
Қонғандай көшіп бәрі жалтыр сайға.

Қара сен тұңғиықтың әлеміне,
Аспанға, шыңға қарап керегі не?
Балықтай қыз шомп етсе, көз жанарын
Көресің көлдің сонау тереңінде.

Бірақ мен тұрамын ба жағада жай,
Жаутаң көз Жасыбайды жағаламай.
Үстінде торғын көлдің топырлаған,
Ұландар қиқу салып шағаладай.

Барсаң бір жаның лебін сүйер едің
Бақытты тау мен көлдің иелерін.
Несіне айтпай соны тартынамыз,
Разымыз Баян таудың даңқына біз.

Шертілсе қарағайы домбыра боп,
Еседі көлдерінен шалқып аңыз.
Төгілсе күміс бұлақ тау құзынан,
Жыр толқыр қойшысының ауызынан.

Сайраса жыршы құстар аршасында,
Жылқышы түсер шыңнан ағызып ән.
Қалқыған қаз бен үйрек көл бетінде
Ұқсайды ұл-қызының келбетіне.

Жүзіп жүр жайнап жастар сән көлінде,
Көлбеген Баян таудың кең шетінде.
Талайғы куә таулар өткеніне,
Бұлт басып мұң нөсерін төкпеді ме?

Қайтадан жаралды ма әлде Баян,
Сап тізіп сұлулықты беткейіне.
Сол сұлу бүгінгімен сырласуға,
Жырымды ұшырайын шың басына.

Биігін Ақбет тау ғой, қалдым қарап,
Қаныштың теңеймін деп тұлғасына.
Сарай ма, көшкен тау ма адырларға
Жетейін, той жасаған ауыл бар ма?

Ағылды машиналар жасау тиеп,
Асығыс көшіргендей тауын алға.
Тау өзі жырлады ма, ән еседі,
Тыңдадым, әнге жаным әуес еді.

Жұпарын жатыр жұтып кең саяда
Қыз-жігіт үйелмелі-сүйелмелі.
Табиғат тау соғуға шебер осы,
Мәрмәрдай мөлдір көлдің кенересі.

«Осылар менікі», — деп шалқияды,
Шорманның қойшысының шөбересі.

ЖАНДАР КӨП ЖАНЫ СҰЛУ ҚАЛҚҰТТЫДА

Етегін кербез таудың басқанымда,
Қарадым сәукеледей асқарына.
Алтайдың арулығын көру үшін,
Ұшар ем қыран болсам аспаныңа.

Ақынға жер мен көктің бәрі сырлас,
Шыңына шықтым міне, жайып құлаш.
Ат қойды алдымыздан әнді шырқап,
Малшы жұрт жырымызбен жаны құрдас.

Кәрісі жасарғандай түлеп күнде,
Жасының жайнағандай гүл бетінде.
Жыр сүйген, бақташылар той жасады
Біздерге, ақындардың құрметіне.

Білдім мен бұлақ жырдың басы мұнда.
Бұл елдің жыр екен ғой шашуы да.
Теңселген шығар тегі таудың өзі,
Мың малшы әндеткенде асуында.

Ұмыттың Алматының алыстығын,
Табылды бізге қанша таныс бүгін.
Аймалап әкеміздей үлкендері,
Ұсынды ұландары галстүгін.

Қыранды көрдім шыңның төбесінен,
Кете ме ардагері ел есінен.
Қарадым толғануға «Сәбит шыңға»
Өзіме енші болған белесімнен.

Білмеймін, жер құтты ма, тау құтты ма!
Құтты жер жырымды да шалқытты ма!
Соларды қалқытайын жыр көгінде,
Жандар көп жаны сұлу Қалқұттыда.

МАРҚАКӨЛ

Тас қиядан таң аса мен
Аңсап келдім көлдің нұрын.
Күмбез тауға тамаша кең
Көл де жайды көк мөлдірін.

Асқар Алтай тау ғой алып,
Алтын қом бар өркешінде.
Теңгедей боп жарқыл қағып
Жайнап жатыр көл төсінде.

Арқа шыңға асылып күн,
Ақ қанатын жайды нуға.
Мен де күндей асығыппын.
Жүзуге көл айдынында.

Жұпарына кенелеміз,
Қаз-үйректей көлді жүзген.
Ән шырқадық кемеде біз
Қой басынан келген қызбен.

Тербелді ме сол бір әнге,
Көл де билеп теңселеді.
Өлең болып толқын әлде
Есіле ме, көрсе мені?

Айдын көлдің кең бетінде
Ән толқындай тарқап ерді.
Айна ғой деп келбеті де
Қыз мақтады Марқакөлді.

Асқарынан ән шырқап қыз,
Қожыр тауға көз қадады.
Аңырдық-ау, таңырқап біз,
Құж-құж тастар қозғалады...

Қоздаған ба асқар, белес,
Қойтастар ма қой боп жүрген.
Уа, керемет, тастар емес,
Қойлар екен сол өрбіген!

Қыздың шашын гүл сипатты
Сипалады ойнап жел де.
Шопан ата келе жатты
Қалың қойды айдап көлге.

Айдын көлден әнші қалқам
Қол бұлғады әкесіне.
Мен жырымды қайтып айтам,
Тыңдамай сен кетесің бе?

Жырсыз тауға қарамашы,
Көлді жырым аймалашы.
Жырымды айтып аралашы
Айдың көлдің айналасын!

АҚЫННЫҢ АЛБЫРТТЫҒЫ ЖАРАСАДЫ

(Әбдікәрімге)
Боз үйлер қаздай қонған белес еді,
Сауырдан жорға қоңыр жел еседі.
Қарттарын қойлы ауылдың жинап Сәбең

Кеш болса кең күмбезде кеңеседі.
Сәбеңе көп тиген ғой сөз үлесі,
Өзі де — дүниенің шежіресі.
Сөйлейді тыңдағанды желпіндіріп,

Ашылып сарайының кең іргесі.
Кетсейші сол бір үйге сыйып бәрі,
Ағаның рақат сөзге ұйытқаны.
Уа, қырсық, «ақсақал» деп мені біреу,

Әкелді қалған жұртты жиып тағы.
Амал не, шашым ұстап берді мені,
Ағыттым одан-бұдан әңгімені.
Ал сонау шеткі үйден шыққан шулар

Жастықтың думай даусын әйгіледі.
Сол үндер құлағымды елеңдетіп,
Отырдым орынымда әрең бекіп.
Оқшауда мәз екен ғой қыз-бозбала,

Ішінде Әбдікәрім өлеңдетіп.
Қызық қой өлең туса қыздар үшін,
Кім оқыр салқын жырды мұздау үшін.
Жас ақын бақыттысың, бірақ іштен

Тұтанды менің ескі қызғанышым.
Әлі де тарланбоздың бар асауы,
Өлеңім талайлармен таласады.
Жырыңдай құрбы болсаң өзің қызға,

Ақынның албырттығы жарасады.

ТҮНГІ ЦЕХТА

Ұзақ түн... Цехта әлі шың қағылған,
Тілдесіп тетіктермен сыры алуан.
Гулетіп станокты тұр жұмысшы,
Күй тыңдап маховиктің ырғағынан.

Зымырап қилы құрыш тегершігі,
Темірлер жамырасқан ерен шулы.
Сермеліп шебер қолы жұмысшының,
Мелшиген шойындардан үн өршіді.

Тың бір ток серпілткендей сол бір цехты.
Сөйлеткен тың тетікті, сом бөлшекті
Заводтың кең кеудесі көтеріліп,
Төсінде шыңдағандай келешекті.

Шыққандай мың мотордан күй ағыла.
Есіп тұр жұмысшының қиялында.
Дабылы партияның цехты қозғап,
Ойларым өрлеткендей қия-қырға.

Сол қырдың түлемеген тұл дүзінен
Ағылған машиналар тың қызумен.
Заводтан тракторлар самсап жонға,
Жайқалып іздерінен дән тізілген.

Мақтаныш — заводының ер дабысы,
Тыңдаған цехтың күйін қыр алысы.
Соғылған станокта шар болаттар —
Отанның құрсанатын қорғанысы.

Қиырға құрылыстың зіл жүгімен
Тынымсыз маховиктер зыр жүгірген.
Сол цехтан қозғалғандай өмір көші,
Жайнады жұмысшының жүзі нұрмен.

Айқасты темірлермен білектері,
Қызуын құрыштардың үдеткелі.
Түн түгіл, ол ертеңгі озды күннен,
Заводта гулеп жаңа күй өктеді!

ВАСИЛИЙ РАКОВСКИЙГЕ

(Жезқазған кен құрылысының бригадирі, Социалистік Енбек Ері)
«Менің мысты қалам!» — деп мақтанасың,
Тусаң да сонау Тамбов орманында.
Сүйемін мен де кеннің жас қаласын,

Бұл — менің өлеңім де, арманым да!
Хақын, бар мақтануға — зергерісің
Қат-қабат зәулімдердің, сарайлардың.
Көрдім де құдіретті ерлер ісін,

Қызығып кереметке қарай қалдым.
Жатыр ма үйлер туып, жер балалап,
Қалай тез қырға бітті құздай қала.
Қолдар ғой сендей шебер берген қалап,

Көшелер көшін созды дүзді айнала.
Заводтар, кен ордалар, нелер заңғар,
Асқақтап тұр даланың кең бетінде.
Солардың сымбатында өрнегің бар,

Солардың сәндігі тұр келбетіңде.
Мызғымас құз таулардай дуал берік,
Құйылды өз қолыңнан мәрмәр шлак.
Бекіттің ірге тасын қуат беріп,

Құмына маңдайыңнан тер тамшылап.
Керемін кеншілерді, көрдің сен де,
Тыныққан сарайларда кең бөлмелі.
Кешкі шақ сол үйлерден түсер сәуле,

Жайнаған жұлдызыңдай кеудеңдегі.
Тусаң да сонау Тамбов тоғайында,
Ұлысың бұл қаланың ең қадірлі.
Сенімен мен де бірге толғайын да

Құрылыс марштарын — өр дабылды!
Сөзден қыш қалаушымын қарап саған,
Ісмер дос, нақышыңды тіз далама.
Қуансын сәулетіңе жұрт аңсаған,

Партия — ұлы шебер, ізгі дана!

АҢҚАТЫ ӘУЕНДЕРІ

(Орал облысындағы «Қызыл ту» колхозының егінші — ерлеріне арналды)

1

Қырына алтын бидай алқа тұнған,
Ән шіркін аңқылдады Аңқатыдан.
Тасыды дән өзені... Дәл өзінің
Көктемгі нөпіріндей тарқатылған.

Сілкінді Аңқатының адырлары,
Алыптай дән кемелер адымдады.
Теңселді телегейдей торғын бидай,
Толқындай жал-жал болып ағындағы.

Қызу ғой «Қызыл тудың» өрендері,
Қызбай ма дән гулесе ер еңбегі?
Төрт жүз қол шеру тартып аттанғанда,
Дүр етті моншақ бастар белеңдегі.

Көрсең сол,
Қауырт істің қарбаласын,
Соншама тездігіне таң қаласың.
Моторлар дүр-дүр етіп, жұрт дүркіндеп,

Ду басты Аңқатының маң даласын.
Ғаламат дән басыпты мұнша қырын,
Өлшесең, созылғандай мың шақырым,
Майдандай қызды жорық. Таңсәріден,

Жарым түн жамылғанша сұр шатырын.

2

Жастары жауынгердей ұрыстағы,
Мінгені, құрсанғаны — құрыш бәрі.
Жайратты самаладай қалың дәнді,
Жарқылдап комбайнның қылыштары.

Құлшына кірісіпті бәрі ісіне,
Қызы да, баласы да, кәрісі де.
Сақалын қауыз басып шалдар жүрді,
Қырманда, өрбіген дән өрісінде.

Тосыннан Аңқатыда тасқын бардай,
Дән түлеп, ақ мекенді шашты қардай.
Төбелер масақ мұртты тұқылданды,
Шебер қол ұстарамен шаш қырғандай.

3

Жарым түн, қырман басы электрлі,
Жан-жақтан жиналыпты ер екпінді.
Сәулемен жалт-жұлт еткен меруертті,
Жеті қыз жеделдетіп елеп тұрды.

Жаңбырдай дән құйылды күймелерге,
Ал Біләл, моторыңды күйлет, өрле!
Қоршады құрыш жасақ дән қамалын,
Жөнелді сауырынан сүйреп өрге.

Тартылды соңғы майдан шерулері,
Сап құрған жүз машина керуені.
Жөнелді тарту артып миллиардқа,
Ырыстан Аңқатының өріндегі.

ЖАЗЫҒЫНДА ЖАЙЫҚТЫҢ

Жайнаған не ер белден,
Тасыған ба ақ Жайық?
Ну телегей тербелген,
Қыры қандай ғажайып!

Кеме жүзген үстінде,
Кереметті айдын кең,—
Самолеттен түстім де,
Құшағымды жайдым мен.

Тұрғандай-ақ алтыннан,
Шұғыласын жайып күн.
Дән екен бұл шалқыған,
Жазығында Жайықтың.

Чапаевтай аттанып,
Жеңіспенен оралған
Әскер ме бұл топталған,
Қырға шапқан Оралдан?

Көріп соны алыстан,
Құшағымды жайыппын.
Мотор мініп жарысқан,
Ұлдары екен Жайықтың.

Сол моторға күй бітіп,
Күймелермен ағылған.
Жұлдыздар ма құйғытып,
Жалтылдаған сағымнан?

Жүгіріп мен алдынан,
Құшағымды жайыппын.
Астық екен ағылған,
Толқынындай Жайықтың.

Қарадым мен қалып таң,
Дүркін дәнге тасыған.
Тасып сонау Жайықтан,
Миллиардқа қосылған.

БАҚАЙ ТАУДЫҢ БАУЫРЫНДА

І

Құз тастар қозғалған ба Таусүңгірде?
Алқабы алашоғыр асыр мүлде.
Бақай мен Матай әлде үндесті ме,
Қос таудың жаңғырғандай даусы бірге.

Самсаған салтаттылар самаладай,
Самал жел Сүңгіртаудан соға ма жай?
Бөктерге күмбез үйлер қаздай қонса,
Қой ерген көк жайсаңда шағаладай.

Қол бұлғап қызыл тулар шаңырақтан,
Қыз қойшы әсем әнді аңыратқал?
Апыр-ау, бұл неткен той? Таусүңгірге
Жарыстық машинамен бауыр жақтан.

Қой толқып аңғар тауға алқа құрған,
Ауылға, әзір тойға, алда тұрған,
Малшының, егіншінің арасына,
Ақын мен әнші келді Алматыдан.

ІІ

Сол бір сәт масайрады марқасқалар,
Кез еді күй шертілер, ән басталар.
Бақай тау алдымызда асқақтады,
Батырдай айбатынан жау жасқанар.

Жұртына қойды баққан сыйлы шопан,
Маңқиып мәуітіден киді шапан.
Асының шешегіндей гүл кілемге,
Отырды қой бағуды сүйген апаң.

Жамылып қыжым, жібек киімдерді,
Жұртының келін қойшы сыйын көрді.
Қарайды сағатына Марияхан,
Сағатпен санайтындай қиыр белді.

Жүздерден нұр шалқиды күлімдеген,
Жас шопан сақпан қызға күбірлеген.
Костюмы алған сыйға қандай әсем,
Тіккендей өз қойының түгіменен.

Жәрмеңке ашылғандай бұл бөктерде,
Дүкендер машиналы, көлбепті өрге.
Бұйымдар әлем-жәлем тұр тізіліп,
Қойшы жүр көргендей бір ғажап көрме.

Қуантып қойшылардың қызық ісі,
Келіпті күй пернесін сызып күйші.
Самалдай күй ескенде домбырадан,
Аңқыды ақ боз үйден қымыз исі.

«Сарыарқа», «Сарыжайлаулар» саңғырады
Сол күймен қойлы дала жаңғырады.
Теңселіп шопан-ата күйге балқып,
Сыңсыды Таусүңгірдің сал бұлағы.

Сұңқылдап бұлбұл даусын қиды кімге?
Кәрі-жас ынтызарын иді мүлде.
Тәтті ән таңдайынан төгілгенде,
Тамсанып телмірді жұрт Бибігүлге.

Қойлы ауыл, құт орнаған өрісіне,
Сүйсінген қой есірген ер ісіне,
Әншімен ақын қосты әуездерін,
Шалқыған шопандардың жеңісіне...

ҚҰС СЫҢСЫҒАН САРАЙҒА

(«Луч Востока» колхозының құс өсірушісі Мария Проскуринаға)
Жарқыратқан жайлауды
Аппақ сарай шатырлы.
Алтын қызыл айдарлы

Әтеш соған шақырды.
Қызыл, ала құс сыңсып,
Қызыға біз байқадық.
Қасымызда жүр ыршып,

Қызыл шоқтар жайқалып.
Шағаладай көп тауық
Көз тұндырар, тамаша!
Шібилері шекіскен,

Бокс соққан балаша.
Сапырылысқан толқынша,
Күміс қанат дүние.
Көзді тартқан осынша,

Бұл дәулетке кім ие?
Ақ қанат қолы керілсе
Маржандай жем шашылған.
Ақ халат киіп көрінсе,

Құс біткен кетпес қасынан.
Балапан қонып қолына
Баурында құстар билеген.
Тіл қатқан шаңқан тобына,

Біз білмейтін тілменен.
Ақ жұмыртқа шашуды
Алдына тартқан әр ұя.
Құсбегісі бөктердің

Проскурина Мария.
Мың-мыңдап құстың түлегін
Мыңғырған қойдай ергізген.
Сыбанып құтты білегін

Құсына маржан тергізген.
Ақ жұмыртқа, cap уыз,
Алдынан өрбіп, таралып,
Тамсана қалып бәріміз

Марияға қарадық
Барабар ескен малына,
Ырыстың бұл ордасы.
Мың-мың құсқа Мария

Секілді бір қолбасы.
Тамаша ғой көңілге
Ақ қанаттар жарқылдап,
Өрсе колхоз көлінде

Қаз, үйректер қаңқылдап.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙