Алаштың Алмас ақыны
Нұртас Ахат
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Әдебиеттанушы ғалым Нұртас Ахаттың «Алаштың Алмас ақыны» атты кітабында белгілі ақын Алмас Темірбайдың шығармашылығын бүгінгі күн талабына сай талдау арқылы қазіргі қазақ поэзиясының даму деңгейі тақырып жағынан жаңа ракурста зерделенген. Кітап филолог мамандарға, зиялы қауымға, студенттерге, поэзияны сүйетін оқырманға арналған.
«АЛАШТЫҢ АЛМАС АҚЫНЫ» – (Ақын Алмас ТЕМІРБАЙ
шығармашылығы туралы монография)
Авторы: НҰРТАС АХАТ
Уақыты: 2009-04-24
Нұртас АХАТ
«АЛАШТЫҢ АЛМАС АҚЫНЫ»
(Ақын Алмас Темірбай шығармашылығы
туралы монография)
КӨКШЕТАУ – 2008
ББК 83.8 (5Қаз) А
Осы еңбегімді мені әдебиетке баулыған аяулы ұстаздарым
Н.С.Ыбыраев, Ж.М.Мусин және О.А.Сұлтанияевтың рухына арнаймын.
- Автор -
А Нұртас Ахат. Алаштың Алмас ақыны. (Алмас Темірбай шығармашылығы туралы). Монография. – Көкшетау: «Келешек-2030», 2008. – 133 б.
ІSBN 978-601-231-022-1
Әдебиеттанушы ғалым Нұртас Ахаттың «Алаштың Алмас ақыны» атты кітабында белгілі ақын Алмас Темірбайдың шығармашылығын бүгінгі күн талабына сай талдау арқылы қазіргі қазақ поэзиясының даму деңгейі тақырып жағынан жаңа ракурста зерделенген. Кітап филолог мамандарға, зиялы қауымға, студенттерге, поэзияны сүйетін оқырманға арналған.
ББК 83.8 (5Қаз)
ІSBN 978-601-231-022-1
Ахат Н., 2008
АҚИҚАТТЫ АЛАШҚА АҚЫН АЙТҚАН
«Дарынды – дархан», «талантты – тарлан», «тектіні – тұлға» деп бағалауды білетін халықтың бірі – қазақ елі. Солай десек те, тірісінде түкке тұрғызбай даттап, өлгеннен кейін жер-көкке сыйғызбай мақтауда біздің ұлттың еншісіне жазылған сыбаға екендігі аян. Алысқа бармай-ақ, хакім Абайды сабаған, Мағжанды мұңайтқан, Сәкеннің көзін ағызған, Мұқағалиға өз сыбағасын өзіне сұратқан да біздің самарқаулығымыз екендігі анық. Бұның бәрін заманға, жат идеологияларға жатқыздық. Кінәліні тауып, арқасындағы ауыр жүктен құтылған «көп». Еліміз тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинақтаған тұста, елдіктің абыройын асқақтату сын таразысына түсті. Туған тілдің тағдыры, салтдәстүрдің сақталысы – ата-бабаларымыздың аманатына сай болуы керек. Ұмытсаң – ұтыласың, жаңғырта алмасаң – жаһанданудың жемсауына жұтыласың. Бұны алдымен сезетін, айтарын алдымен айтатын ақындар екендігі мәлім. Ақындық деген – киелі бақ құсы, көрінгеннің басына қонбайды. Табиғат – сараң, дарындарды аз береді. Шын дарынды бағалап, ақиқатты саралайтын кез келді. Осындай ойтолғақтың үдесінен шығып, батылдық көрсете алған азаматтардың бірі – Нұртас Ахат болып отыр. Айтулы ақын Алмас Темірбайдың шығармашылығына үңіліп, өңкей сыдырта мадақтау емес, шайырдың шалғай кеткен тұстарына емеурін білдіруі де парасаттылықтың белгісін танытып тұр. Алмас поэзиясындағы тақырып пен идея, уақыт пен кеңістік, қоғам мен замана шындығы, шын ақынға тән сезім селі мен оны жеткізудегі шеберлік иірімдері секілді жоталы-жоталы мәселелерге ғалымға тән ізденгіштікпен, сыншыға қажетті талғампаздықпен бара алғандығын түйсіндім. Өлең талдау ақынды ғана тану емес, өмір тану ісімен қатар жүреді. Егер олай болмаса, ақынның айтқаны арзан, сыншының жазғаны жалған болып қала бермек. Бұған мысалдар көп. Дарынды биігінен түсірмей, өзі туралы жазғаныңды оқығанда күйдіріппісірмей бағалау да сыншының өрісін көрсетпек. Ақын Алмастың әлеміне үңілуде, бір қуаныштысы, Нұртас Ахатұлы бағалаудың кілтін тауып, ақынның жүрекжарды дауыс пернелерін мейлінше дөп басқан. Алашқа айтары бар ақын келгендігін таныта алған. Барлық қауымға емес, ақынға тән мінез-құлық, философиялық тереңдік пен дүниетанымдағы жедел сезгіштік пен батырға тән сенгіштікті сыншы ретінде, байыпты бағалап, әділ пайымдаған. Баршамызға белгілісі, қазақ халқы асыл сөзге бай, өнердегі өресі биік талантқа зәру ел емес. Бүгінде ақындар баршылық. Алайда, өлең жазғанның бәрі ақын емес. Тағдыр-талайымызды жұрттан бұрын біліп, замана запыранын алдын-ала сезіп қалатын ақын болу әркімнің бақ-талайына бітпеген. Шаттықты шарықтатып, шындықты шыңғырта айтатын шайырдың жүрек соғысына не жетсін?! Соның өзі, көптің көзі бүгін алабөтен Алмас
ақынға ауған. Өмірдің қайғысы мен қуанышы, пәктік пен тазалық Алмастан табылатынына Алашы сенеді. Сенімдеріне селкеу түскенін қаламайды. Ақын поэзиясына қатысты қолына қалам алып талант тұлғасын танытпақ болған Нұртас Ахатұлы да шайыр шеберлігін шындықпен суарып, ақынның өз биігін салмақты сомдай алған. Парасат парызы осы болмақ.
Берік Серікбайұлы РАХЫМ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
мемлекеттік университеті
филология факультетінің деканы,
филология ғылымдарының докторы, профессор
АҢДАТУ
Адам бойындағы қалау мен қабілеттің өміршілдігі дарын, талант туралы іліммен тікелей байланысты. Адам баласы бойына біткен дарынды тұншықтырып, тірідей көмуге құқы жоқ, оған баруға, көбінесе, өмірдегі етектен басқан қарапайым пенделік тіршілік, отбасылық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси қиындықтар, санадағы тоқырау синдромы сияқты көптеген себептер арқау болып жатады. Әдеби әлемдегі таланттар тағдырын тарихтан сабақтап жіптесек көп айтуға, көп жазуға болады. Ол туралы ақын Қадыр Мырза Әли «Жазмышта» жақсы тоқталған. Ал өз талантын жаңа көрсетіп, қоғамға жаңа танылған дарынның ғұмырнамалық өмірі туралы жазу қазақ әдебиетінде аса қалыптаса қойған жоқ сияқты. Біз де ақын Алмас Темірбай туралы осы шағын кітабымызда оның өз өмірі туралы сәуегейсуден аулақпыз, әрі моральдық құқымыз да жоқ деп білеміз. Әйтсе де, қарапайым жұмыр басты пенденің пешенесіне жазылатын ғұмырдың алғашқы ширегін ғана өткен Алмас туралы бүгінде қомақты пікір қалыптасқан және басым көбінде тамаша жақсы лебіздер мен оптимизмге толы оң пайымдаулар. Бұл – негізінен, Алмастың ақындығы хақындағы әсем тұжырымдар, оңтайлы ойлар орамы. Поэзияда өзі идеал тұтынған Есенғали Раушановтан бастап бүгінгі аузы дуалы үлкен ақындар мойындаған пікірлер бұл. Асылы, Темірхан Медетбек айтқандай, арындаған екпіні күшті «алтынкөпірліктер» – өз замандастары да Алмас талантына бас исе керек. Нағыз талант дүниеге өте сирек келеді. Бұл – шындық! Көкше топырағына да тиесілі ме деп ойлаймын. «Өз басым туған топырағымызда осындай ерекше тегеуріндегі текті талант иесінің таяудағы жылдар әлетінде өмірге келеріне күдікпен қарайтын едім. Бірақ, қасиетті топырақ ұзақ толғатып барып Алмастай алымды да қарымды ақынды тудырғанына көз жеткізіп, көңіл тоғайттым. Күдік сейілді!», – деп ағасы Төлеген Қажыбай айтса, жай айтпағаны... Алмас – бүгінгі қазақ поэзиясының жас қыраны. Оған ешкім дау айта қоймас! ХХ ғасырдың басында Абайдан соң қазақ поэзиясын әлемдік, еуразиялық жаңа деңгейге енді көтеріп, бүкіл түркі дүниесін оятар кеңістікке бастаған шағында «қудалап» жүріп Мағжаннан құтылғанбыз. ХІХ ғасырда «көңілі қалған достан да, дұшпаннан да», «халқы надан болған соң, қайда барып оңарын білмеген» Абайды да қаралағанбыз. Енді жаңа ғасырда қазақ топырағында туып, қазақ туын көтеретін, рухын өсіретін «алтынкөпірліктерді» өшіріп алмасақ деген ой мазалайды. Өмір – дала, ақын – бала қаңғырған, Жан сусынын көз жасымен қандырған. Ақын – бөбек, өмір – көбік, тылсым-ды, Ойнап, арбап, бөбекті естен тандырған, – деп Мағжан айтқандай, екпіні қатты өмір атты дарияның асау толқынында арды қайық, азаматтық позицияны ескек етіп өтетін ақын ғана НАҒЫЗ АҚЫН бола алады. Қалғаны біз сияқты, қарапайым пенделер қатарына келіп қосылады. Алмас осыны
санасында берік ұстануы қажет. Сәл әлжуаздық таныттың ба, сәл қазақы пендешілікке бой ұрдың ба, көнтері, көнбіс орташа «үштіктердің» қатарына қосылып, не сарай сұрқылтайына айналғаныңды өзің де білмей қаласың! Онда сен АҚЫН емессің! Талантты тәрбиелеу тек ақынның өзіне ғана емес, халыққа сын. Өзінің дарынды ұлын ұлықтай білу, көзінің қарашығындай сақтай білу – халықтың міндетінде. «Пока мы все, писатели и читатели, не найдем общего Бога или хоть не поймем, что стремимся все к Нему, – Единственному, – до тех пор молитвы, – стихи наших поэтов, – живые для каждого из них – будут непонятны и не нужны ни для кого», – дейді «Нужны ли стихи» деген мақаласында орыстың тамаша ақыны З.Н.Гиппиус. Жақсы ақынның жақсы өлеңі сөз қадірін білетіндер үшін, тіпті, ел үшін ауадай қажет заман келе жатыр. Қойыртпақ, қоймалжың дүниеден қалжырайтын, жиіркенетін уақыт жетті ғой қазақ үшін. Өзінің тамаша талантты ақын-жазушыларының туындыларын, ғалымдарының шын, рас ғылыми шығармаларын күндіз шырақ жағып алып іздеп жүріп оқитын мына іргедегі орыс көршімізден үйренетін уақыт туған сыңайлы. Біз ПОЭЗИЯ-ны арзан, уызы жоқ тақпақ кітаптармен айырбастаудың аз-ақ алдында тұрмыз. Тұшынып оқыр дүние, жүрегіңе нұр құяр туынды өзі де азайып бара жатқанда қаптаған қажетсіз, бірақ та әдемі әспеттелген қойыртпақ кітаптардан шаршадық. Қайда апарып қоярымызды білмейміз. «Артық ғылым – кітапта, ерінбей оқып көруге», – дейді ұлы Абай. Ерінбей оқитын маржан дүние таба алмайтынымызды Абай хакімге қалай айтамыз бүгінде?! Уай, Әділет, саған айтам, саған айтам, ҚАРА ӨЛЕҢ! Сенің үшін от біткенге күйген ем, Махамбеттей мәрттілікке иланам, Абай сынды әулиеден именем... – деп ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы бекер айтпаса керек-ті. Ендеше Алмас ақын туындылары – біз іздеген рухани дүние. Осыны ел білуі керек, әкімқаралар түсінуі – парыз, ел ағалары әспеттеуі, насихаттауы – міндет. Нағыз АҚЫН қашанда болсын аңғал, себебі, оның жаратылысында тазалық пен мөлдірліктен басқа тұнық жоқ. Ал сол тұнықты былғайтындар әдебиетке зор қасірет әкелетінін сезе тұра соған барады. Сондықтан, Алмасқа поэзия Парнасына шығу сапарында адаспаса екен деп тілейміз. Өзің соңғы өлеңіңде «қазақтың қара шалы Абайдан ұялып жүрмін» деп едің, ендеше, шекпен жамылған Абай болсын арың мен бойтұмарың. Төменде Алмас ақын шыққан шыңдар мен жеткен жеңістерін бере кетуді жөн көрдік. Алмас Қажыбайұлы Темірбай 1979 жылы 22 қаңтарда Көкшетау облысы, Көкшетау ауданы, Ортақ ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің
журналистика факультетінде және Көкшетау университетінің саясаттану факультетінде білім алған. 1995-1997 жылдары облыстық «Көкшетау» газетінде әдеби қызметкер, 1998-1999 жылдары Щучье аудандық «Бурабай» газетінде тілші, 1999-2003 жылдары қалалық «Көкшетау» газетінде әдеби қызметкер, 2003-2005 жылдары республикалық «Алаш үні» газетінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, ал 2005-2006 жылдары осы газеттің бас редакторы болып қызмет істеген. Алғашқы тырнақалды өлеңдері мен мақалалары 1995 жылы облыстық «Көкшетау» газетінде жарық көрген. Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің тапсырысымен жарық көрген «Қазақстан жас ақындар антологиясына», Үкіметтік басылымдар редакциясы шығарған «Қос ішек», «Зеренді көктемі», «Сыр сандықты ашып қара», «Жас толқын» атты ұжымдық жинақтарға топтама өлеңдері енген. «Аллажар», «Жұмақ жұрт», «Автопортрет» атты жеке кітаптары жарық көрген. Әлем әдебиетінің классиктері Рабиндранат Тагор, Жалалледдин Руми, Сергей Есенин, сонымен қатар Бақытжан Қанапияновтың, Нұрлан Калыбековтің поэзиясын ана тілімізге аударған. 2000 жылы – «Мүшәйра мұраты – мәдениет мәйегі» атты облыстық ақындар мүшәйрасында жүлделі ІІ орынды иеленген. 2001 жылы – ІІІ Республикалық «Ертеңім – Елім – Елбасым» атты жыр мүшәйрасының жеңімпазы. 2001 жылы – «Жұлдыз» журналы ұйымдастырған Артығали Ыбыраев атындағы республикалық жыр мүшәйрасында жүлделі ІІ орынды иеленген. 2001 жылы – Жас ақындардың «Поэзия көктемі» Ү республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы. 2001 жылы – Ақтауда өткен Қазақстан жастары Конгресінің делегаты. 2001 жылы – «Каспий – достық теңізі» халықаралық фестивалінің делегаты. 2001 жылы – Астанада өткен ІҮ «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде әдебиет номинациясы бойынша жүлделі І орынды жеңіп алып, лауреат атанған. 2001 жылы – Жас ақын-жазушылардың республикалық Кеңесінің делегаты. жылы – Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданды. 2002 жылы – Кенесары Қасымұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Хан Кенеге бас ию» атты облыстық мүшәйрада кәсіби ақындар арасында жүлделі І орынды жеңіп алған. 2002 жылы – Астанада өткен Ү мерекелік «Шабыт-ІNSPІRATІON» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде әдебиет номинациясы бойынша Гран-При жүлдесін жеңіп алып, екінші рет лауреат атанған. 2002 жылы – Қазақстан жазушыларының ХІІ Құрылтайының делегаты.
2003 жылы 23 мамырда – Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінде «Жұлдызым» – жоғары!» атты поэзия кешін өткізді. 2003 жылы – «Әдеби Көкше әлемі» бірлестігінің төрағасы. 2003 жылы – Ұлағатты ұстаз, ағартушы ғалым, жазушы Сейтен Сауытбековтің жылдық мерейтойына арналған жазба ақындар мүшәйрасында жүлделі І орынды жеңіп алған. 2003 жылы – Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Ақ алмас жырдың алыбы» атты облыстық мүшәйрада кәсіби ақындар арасында жүлделі І орынды жеңіп алған. 2004 жылы – Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің «Жас қалам» қосымшасы ұйымдастырылған Серік Томанов атындағы республикалық мүшәйрада жүлделі ІІ орынды иеленген. жылы наурызда – Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде «Жұлдызым» – жоғары!» атты шығармашылық кеші өтті. 2004 жылы – ОБСЕ-нің Алматыдағы орталығы ұйымдастырған Жас журналистерге арналған «Мастер-Класс» курсын бітіріп шықты. 2005 жылы – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. 2005 жылы – «Жас ақындар» клубының жетекшісі. 2005 жылы – «Жұлдыз» журналы мен «Зерде» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған жыр жүйрігі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Нұрлан Мәукенұлы атындағы жазба ақындар мүшәйрасының лауреаты. 2005 жылы – «Ата Заңымызға – 10 жыл» атты облыстық мүшәйрада кәсіби ақындар арасында жүлделі ІІ орынды иеленген. 2005 жылы – Қызылорда қаласының еліміздің астанасы болғанына 80 жыл толуына арналған «Дарияның жағасында бір қала бар» атты республикалық ақындар мүшәйрасында жүлделі І орынды жеңіп алған. 2005 жылы – «Зерде» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Поэзия, менімен егіз бе едің?!» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасында жүлделі ІІІ орынды иеленген. 2006 жылы – «Қазақ әдебиетін қолдау қоры» ұйымдастырған Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық жыр мүшәйрасында жүлделі ІІ орынды иеленген. 2006 жылы – «Каспий – достық теңізі» халықаралық фестивалінің аясында Ақтау қаласында өткен «Достық жыры – қалықта» атты республикалық жыр мүшәйрасында жүлделі І орынды жеңіп алған. 2006 жылы – «Қазақ әдебиетін қолдау қоры» мен «Желтоқсан» республикалық халықтық-патриоттық қозғалысы ұйымдастырған Ұлтазаттық жолында шаһит кешкен боздақтарды ұлықтауға арналған республикалық жас ақындар мүшәйрасында жүлделі ІІ орынды иеленген. 2006 жылы – Ақмола облысы әкімінің «Ең үздік әдеби туынды» номинациясы бойынша Мәлік Ғабдуллин атындағы «Азаматтығы мен патриотизмі үшін» сыйлығының лауреаты.
2007 жылы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті мен ҚР Президенті мәдениет орталығы ұйымдастырған «Тәуелсіздікке – тағзым» атты республикалық ақындар мүшәйрасында жүлделі ІІ орынды иеленген. 2007 жылы – «Нұр-Отан» халықтық демократиялық партиясының қолдауымен республикалық қоғамдық-саяси «Дала мен қала» және «Страна и мир» газеттері ұйымдастырған «Наурыз-Мүшәйра» аты жыр-бәйгесінде жүлделі ІІІ орынды иеленген. 2007 жылы – «Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан «Автопортрет» атты жыр кітабы жарыққа шықты. 2008 жылы – «Кәусар жырдың шәрбаты» атты облыстық діни мүшәйрада жүлделі І орынды иеленген. 2008 жылы – «Қазақстан» ұлттық арнасы, Қазақ радиосы және «Қазақ әдебиеті» газеті ұйымдастырған «Бір өлең – бір әлем» атты ІІІ республикалық мүшәйрада жүлделі І орынды жеңіп алған.
КАТАРСИС КӨКЖИЕГІ
Алмас поэзиясындағы ТІЛ мен РУХ қасиеті және
ақынның «МЕН» категориясы хақында
Мен – екінің бірі емеспін,
Мен – Алмаспын!..
(«Кемталантқа»).
Қазақ халқының қасиетті ана тілі кәтепті қара нардай қазақтың өзін өркешінде көтеріп келе жатқалы қашан?! Қазақтың жүгі ауыр, зіл батпан... Қазақ халқының киелі ана тілі аруанадай өз қазағын ботасындай сүйіп, емірене еркелетіп, ер жетсе де емшегінен айырмаған. Қазақ содан бала мінез, дала көңіл. Қазақ Қамбар атаны қасиетіне, Ойсылқараны киесіне қарап бағаласа керек-ті. Ару+Ана. Ару – субъектілік ұғым, ұлттың генофондын сақтауға жаралған, сұлулық, сымбаттылық, тән мен жан гармониясының символы, оң босағада өткізген өмірінде арын асылындай сақтап, ақ босағада ғана қызара ұялып қоштасатын, сонысымен аққу тектес «Ару» ұғымын кіршіксіз арымен дәлелдейтін қазақ қызы. Ана – жер бетіндегі ең асыл, жауһар ұғым, тектіліктің уығы, ұлттың ділі мен жанының уызы. Ана+Ана тілі+Ананың ақ сүті. Қазақ, ендеше, тек туған жерінде ғана өсіп-өнетін, ботасын жан баласына көрсетпей сол жерде дүниеге әкелетін, ботасына шексіз мейірім төгетін, жауына кекті, тумысынан текті мал баласын – «Аруана» деп тегін атамаса керек. Мен қазақ тілін Аруанаға теңеймін. Тәкаппарлығы мен маңғаздығы, мейірімділігі мен сүйіспеншілігі, қайраттылығы мен төзімділігі, киесі мен тектілігі егіздің сыңарындай айыруға болмайтын ұқсастық бар. ...Аруана сиреп бара жатқан сияқты ма?! Еуразияның самалы өпкен селеулі сайын даласында туып, өр Алтай өктем қылып өсіп-өндірген, қара Ертіс тулаған толқынымен материкке, жаһанға таратқан көшпенділердің ұлы өркениеті ұлықтаған ғұн мен сақ, оғыз бен түркі үн қатқан бабалар тілінің мұрагері – қазақ тілі ХХІ ғасырға жетті. Адамзат тарихында тек қана тіл жейтін ХХ ғасырдан басталған бітпес күрес майданына шыққан қазақ тілі әзірге итжығыспен келеді. Қанына сіңген қайраты мен өжеттілігі өрден түсірген жоқ әзірге. Тек ұлты өзгеріп, сатып кетпесе... Сол ХХ ғасырда, нақты 1914 жылы Ресей мұсылмандарының съезінде қазақтың данасы Әлихан Бөкейханов: «Анық түрік затты халық тілі – біздің қазақта. ...Абай, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады?», – деп қазақ тілі үшін күресіп, қайраткер дананың сөзін айтып «ортақ тіл» жасау мәселесіне қайыспай қарсы тұрып еді. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтті, қазақ тілі, шүкір, бүгінге жетті, қазақша сөйлейтін қауым 10 миллионнан асты (шетелдегілерді қоса айтқанда), бірақ, қазақ тілі проблемасы уақыт өткен сайын өршіп келеді. Меніңше, осыған кінәлі қазақ қана. Ана тілінің алдында
қарызы шаш-етектен, парызы әлі өтелмеген қалпында. Енді ғаламдану деген жалмауыз айдаһар аузынан от шашып төніп келеді. Жер бетінде қалған үш мың тілдің (кейбір деректерде 5-6 мың делініп жүр) қайсысы қуырдаққа кетері белгісіз әзірге. Бірақ, қуырдақ туралатын дөңбекке (плаха) ерте жетпеудің амалын жасайтын кез бүгін туды. Ал Әлихан, Ахмет, Міржақып ағаларымыздың заманында қайта ұлттың ділі мықты болды. Қазір бұл жағынан әсте мақтана алатын жағдайда тұрған жоқпыз-ау! Американдық саясаттанушы Самюэль Хантингтонның пайымдануынша, әлемде енді «Өркениеттер соқтығысы» болатын болса, алғы сапында кімдер «құрбан болатынын» меңзеу қиын емес. Әйтеуір, осы ғасырда бізге он ойланып, тоқсан толғанып отыратын мамыражай уақыт болмауы мүмкін. Тіл күресі енді басталмақ, оны өркениеттің өзі ұсынып отыр. Ендеше, бізге де қапы қалмаудың әрекетін жасау керек. Көп ғалымлингвистердің айтуында, соның ішінде біздің Олжас Сүлейменов те бар, «ХХІ ғасырда «СӨЗ» қайтып оралады» деген пікір. Прагматикасы жаман емес. Егеменді ел ретінде (егер ділі мен тілі бар, санасы озық ұрпақ тәрбиелеп үлгерсек) өз тіліміздің тағдыры енді өз қолымызда. Бұл, әрине, көңілге демеу. Соның бір көрінісі – қазіргі қазақ поэзиясының даму үрдісі. Мазмұны жағынан молайып, тақырыбы кеңейіп, идеясы ұлттық менталитеттің ой мен санасын жаңа қырынан көрсетіп, жақсы өсіп келе жатқаны қуантады. Осы орайда қазіргі ақындардың негізгі тақырыбы – тіл тағдыры, рух пен діл кеңістігі. «Ет-жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін, тіл үйренген нәпсінің қу мінезін» деп Абай айтқандай тіл мәселесін құрғақ айғайлай беруден гөрі жанымен жақын көретін, жүрегімен езілетін, ойымен ортақтасып, санасымен аралайтын ақындар жыры, ақындар үні – тіл үшін баға жетпес қамқорлық, жанашырлық. Тіл тағдыры – ақын Алмас Темірбай шығармашылығының негізгі тақырыбы. Басым қатады сыздаған жүрек жылымай, «Бассыз салт атты» сияқты елдің түрін-ай! Басқа бір елдің тілімен теке тіресіп, Басына билік тимеген қайран тілім-ай! («Бас туралы өлең»)
Айта берсем, мен байғұста арман көп, Арманыма алданамын, нанған боп. Қазақстан тәуелсіздік алғанмен, Қазақ тілі Тәуелсіздік алған жоқ! («Тәуелсіздік туралы мас ақынның монологы») «Тіл – кез келген табиғи құбылыстың адамның іс-әрекеті процесінде танымдық және коммуникативтік міндетін атқаратын белгілер жүйесі» деп анықтайды философия ғылымы. «Истинная любовь к своей стране не мыслима без любви к своему языку. Человек равнодушный к родному языку – дикарь. Он вредноносен по своей сути, потому что, его безразличие к языку объясняется полнейшим безразличием к прошлому, настоящему и будущему
своего народа», – деген К.Паустовскийдің аталы сөзін әр қазақтың, әсіресе, маргиналдардың санасына құйып, миына жеткізе ғой, шіркін! Герменевтика ғылымы тілді адам қарым-қатынасының, тіршілігінің иесі ретінде бағалайды да, адам тілде екі мағынада өмір сүреді дейді. Біріншісі, адам сөзбен тіршілік етеді, екіншісі, адам сөзде ғұмыр сүреді. Осы поэзияда сөздің эмоциялық, этикалық, эстетикалық әсері адамның қоғамда өмір сүру қызметін қалыптастыруға мол әсер етеді. Әр халықтың танымдық өсуі мен даму тәжірибесі тілінде көрінеді. Тіл ұлттың өркениет жолындағы тарихи қозғалысын сақтай отырып, сол ұлттың менталитетін, характерін, сенімін көрсетеді. «Язык есть исповедь народа, в нем слышится его природа, его душа и быт родной», – дейді орыс ақыны П.А.Вяземский. Тілге берілген ең әділ анықтама деп осыны айтуға болады. Қазақ ұлтының тілі төңірегінде өз жүрекжарды ойын поэзия тілінде өрнектемеген ақын жоқ шығар. Асан Қайғыдан бастап, поэзия әлемінің табалдырығын енді аттап есімі жаңа таныла бастаған бүгінгі жас өркенге дейін осынау қасиеті қағбадай ұлы тілді жырға қосып келеді. Оған қауызы жаңа ашылған гүлдей, бұтақтағы бүрдей кейіптегі біздің алдағы болашақтан зор үміт күттіретін жас ақынымыз Саян Есжановтың (облыстық мектепинтернаттың 10 сынып оқушысы) мына өлеңі куә: Абай ата!.. Мен бүгін күңіренген шақтамын, Түн ұзаққа жүрекке шипа іздеп таппадым. Менменсіген немелер түсінбеді жанымды, Сенен қалған қайғымен... «Өлең» деген бақтамын.
Дінін, тілін аяққа арын қосып таптаған, Намысымды нәлет қып, қасіретіме қақтаған. Сені қалай оқиды менің мисыз құрдасым, Ана тілін ұмытып, өзге тілде оттаған?!. Тақырып ортақ, идея бір, мотив ұқсас, тек қана мазмұн дәуір, замана орайына қарай өзгеріп отырады. Адамзат дамуының ең өркениетті, ең озық сатысына көтеріліп, гуманды демократтық қоғам жасап, адам қарымқатынасының үйлесімін таптық десек те, тіл тағдыры қашанда қыл үстінде. Оны бүгінгі ақындардан аңғарайық: Жау күйініп, Дос сүйініп қарасын, Ғажап бүгін: Кез жер-көктің арасын. Қазақ Тілін тастап көшкен жұртыңа, Азаттығым, Қайда ұшып барасың?! (Серік Ақсұңқарұлы «Жау күйініп...».)
Тіл дегенде тілінеді жүрегім,
Жүрегіммен арпалысып жүдедім.
Ештеңені қояр едім айтпай-ақ,
Бір сұмдықтың болатынын білемін.
(Танакөз Толқынқызы. «Тіл дегенде тілінеді жүрегім»)
Орысшаға жорға болсаң, не деймін, Ағылшынға ағып тұрсаң, е, мейлің. Аппақ сүтін ақтамайсың анаңның, Ана тілдің асырмасаң мерейін. (Әділғазы Қайырбеков. «Қазағымды өткен тағдыр тезінен») Көне қыпшақ жазу ескерткіштерінен «Ауыз көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» деген тасқа басылған даналық тезис бізге жетті. Сансыз көп славян жұртын, ормандай көп орыс елін тек қана найзаның ұшымен, білектің күшімен ғана бағындырмай, құмандар заңымен («Кодекс Куманикус») өзіне құлшылық еткізген, ең әуелі өзімен емес, Мономахтың тымағымен тұлпарына жем бергізіп («Тяжела шапка Мономаха») барып, басын жерге идіріп алып сөзге келтірткен осы ұлы бабаларымыз бұл сөзді ұрпағына тектен-тек қалдырмаса керек. Ендеше, Алмастың: Құймаңдаршы отқа май, Көне сөзде көп мән бар. Көне көзді жоқтамай, Көне сөзді жоқтаңдар! – деп айтуында терең сыр жатыр. А.Байтұрсынұлы «Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келе жатыр. Не болары белгісіз. Қазақ я құрып жоқ болар, я тілімен де өзгелердей тіршілік етер. 20-шы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның сындырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас», – деп өткен ғасыр басында қазақ тілі туралы осындай тарихи шындық сөзін айтып кетті. Содан бері ғасыр айналды. Бірақ, біздің тіл туралы дау-дамай, тартыс, күрестің өрши түспесе, тоқтар түрі көрінбейді. Барлық кінә – қазақтың өз басында. Мұның негізгі себебі, ассимилияцияның өңменінен найзаша түйреп өтіп, көкірегін жегі құрттай жеп, өкпесін алдыртып, енді жүректі улауы, сананы сандалтуы. Тілі кетсе түрі ғана қалатынын, ұлт ретінде жойылатынын түсінбейтіндігімізде. Ресейді мекендеген ондаған түркі тектес туыстарымыздың ұлт ретінде жойылып, тек бізге ұқсаған түрі қалған трагедиялық оқиғаны көзіміз көріп, куә бола тұрсақ та тізгін тартып, бір сәтке ойлануға шамамыз бен санамыздың жетпеуінде. Тәуелсіздік алғанның өзінде ана тіліміздің бүгінгі мүшкіл халін ашына жырлаған Алмас ақынның тіл туралы өлеңдерінің ішінде «Бәлду-бәлду...» өлеңі ерекше атап айтуға тұрарлық. Өлең тақырыбы ана тілі туралы бүгінгі күннің шындығын дөп басып айтып, ешбір қоспасыз көрсетіп, фонтология тілінде жіліктеп, талдап берген. Өлең мазмұны мен идеясын еркін әрі дұрыс пайымдау үшін толық бергенді жөн деп санадық: Ана тілдің ертеңі – Аналардың қолында.
Аналардың ертеңі –
Мыналардың қолында.
Мыналардың ертеңі –
Мырқымбайдың қолында.
Мырқымбайдың ертеңі –
Жыртыңбайдың қолында.
Жыртыңбайдың ертеңі –
Хатшы қыздың қолында.
Хатшы қыздың ертеңі –
Басшымыздың қолында.
Басшымыздың ертеңі –
Әкімдердің қолында.
Әкімдердің ертеңі –
Кәпірлердің қолында...
Бәрін айт та, бірін айт,
Әлгі ана тілімді айт.
Ана тілдің ертеңі – Бәлду-бәлду ертегі... Өлең сәбиге кешке ұйқы алдында әжесінің айтатын ертегісі формасында берілген. Мұнда ана тілінің уызы сәби шақта берілетіндігі, сол арқылы тіл, одан сана мен парасат, ақыл мен ой қалыптасып, діл түзілетіндігі идеясы жатыр. Ұлты басқа А.С.Пушкин «долгими зимними вечерами» демеуші ме еді Арина Радионовнаны еске алып. Ал сол тәрбиешісі айтып берген ертегілері арқылы ұлы ақын артынан француздана бастаған орыстың классикалық әдебиетін әлемдік дәрежеде жасап, көтеріп кетпеді ме?! Әжесі Зеренің өнегесін көрген Ұлы Абай қазақтың ұлы Поэзиясын дүниеге әкелді! Тіл туралы толғаныс Алмас ақынның «Темірбайдың термесі» атты публицистикалық жырында жаңа қырынан көрінеді. Ақын толғауында ұлтын бүгінгі мәдени-әлеуметтік жағдайына орай бес топқа бөліп, әрқайсысына анықтама беруге тырысқан. Жаңа қазақ, шала қазақ, дара қазақ, бала қазақ, қара қазақтың замана шындығына орай қазіргі қоғамдағы тіршілік тынысын дөп басып, мінез-құлқын, психологиясын ашқан толғаудағы «Шала қазақтарға айтқаны» тарауында ақын: Ай, обал-ай, обал-ай, «Қ»-ға тілің келмейді. Былдырлаған баладай
«Ғ»-ға тілің келмейді – деп, «қазақты» – «казак», «шоқты» – «шок» деп жүрген шала қазақтарды біраз сынап алып: Түннен жарық болсаң да, Күннен жарық емессің. Пілден алып болсаң да, Тілден алып емессің. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Алты Алаш оңбайды, Ана тілін қорласа. Ел тәуелсіз болмайды, Тіл тәуелсіз болмаса!.. – деп, өнеге, өсиет қағидасын ұсынады. Әлемдік жаһандану тым жылдам жүріп жатқан біздің заманымызда одан іргені аулақ салып, томаға-тұйық қала алмаймыз. Тіл мәселесі бүгінде ғаламдық сипат алып келеді. Қазір жер шарында 2500 ұлт бар десек, сонша тіл мәселесі күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Оны әр ұлт өз парасаты мен менталитеті, мәдениеттілігі мен өркениеттілігі дәрежесіне сай шешуге тырысып жатыр. «Біз не істейміз?» деген риторикалық сұрақ қазақ алдына да қойылды. Алтаудай ала болған біздің ұлтқа төртеудей түгелденетін кез келді тіл саясатында. Табиғатынан тілді тез игеретін қазақ үшін өз тілін сақтау қиынға айналатын түрі бар. Ендеше, тіл күресі тоқтамайды. Осы орайда Алмас өлеңіндегі: Анаңның тілін білген соң, Адамның тілін білерсің. Адамның тілін білген соң, Ғаламның тілін білерсің... – деген жыр жолдарын бүгінгі қазақ ұлтына заманадан зарықпай, қоғам дамуынан қалмай тіршілік етуге арналған АКСИОМА деп таниық!
* * * Руханият – адамзат тіршілігінің айнасы. «Арғы атамыз (маймылды айтам) артқы аяғына тұрып, алдыңғы екі аяғын көтеріп кеткеннен бері, басы денесінен жоғары көтеріліп, санасы дами бастады», ─ деп «гәпіреді» Дарвин данышпан. Атақты идеалист физиолог З.Фрейд «О, Дарвин, мен сенімен келісемін, рас, біз содан жаратылдық, бірақ, әсте сау емес, керісінше, ауру маймылдан. Ағашқа емін-еркін өрмелеп, сау жүрген маймылға адам боп не керек?! Ауру маймыл ағаштан асын ала алмай қарны ашқан соң, алдыңғы аяғын «байқамай» көтеріп қалып, сол қалпында жерде жатқан таяқ енді «қолында» кетіп, содан таяқпен ең алғаш рет ағаш жемісін «ұрып» алған жоқ па?» деп айтып, өз көзқарасын өмір бойы дәлелдеп өтті. Мүмкін, расында да, асын ала алмаған ауру маймыл болған шығар, бірақ, қолына бекер таяқ ұстатқан екен ұлы тарих. Ең алғашқы антогонизм осы таяқтан басталды ма екен?.. Бүгінде «біздің атамыз, шынында да, осы маймыл ма?» – деп ойланатын дәрежеге де жетіп қалдық. Жапон, шығыс, түрік ғалымдары осы мәселеде қазанның қақпағын ашып, әсіресе, теология ғылымы саласында мол мағлұмат, тұтас тұжырымдар, жаңа гипотезалар көбейді. Бір ғана Харун Яхъяның ғылыми дәлелдемелері әлемді таң қалдырып, бізді де сендіре бастағандай ма, қалай өзі?! Ислам дінінде де әуелі балшықтан Адам Атаны жасап шығарғанда Аллаһ оған ең әуелі Нұр, Иман, Ақылды бердім дейді. Тауыс құс арқылы Адамға Аллаһ тиым салған жемісті Хауа ана арқылы алдап жегізген Ібіліс қылмысынан кейін саусағындағы Әбубәкір-Сыдық, Ғұмар, Ғұсман, Ғали хазіреттердің төрт Нұрын қайтадан арқасына көшірген Аллаһ Тағала да Адамға деген сеніміне күмән келтірді ме екен? Кім білсін? Әйтеуір, жер бетіне санасы бар Адам аяқ басқалы бері Рух онымен бірге жасап келе жатқаны аян. Рух анықтамасы латынның «spіrіtus» – яғни, «дем», «леп», «иіс» деген мағынасынан бастау алады. «Көп жағдайда болмыстан гөрі идеалдық дүниеге жақын, санаға барабар ұғым ойлаумен іргелес» дейді философия ғылымы. Идеалист Гегель болса рухты тәжірибелік және теориялық қызметтің тұтастығы ретінде зердеде іске асатын өзіндік сана мен сананың бірлігі деп түсіндіреді. Материалистер болса рухты болмыстан кейін екінші орынға қойғанмен де, адамның тарихи, қоғамдық, материалдық қызметінің нәтижесі дейді, яғни, қоғамдық сана жүйесін алға тартады. Қалай айтсақ та, РУХ дегеніміз – адамның ішкі психофилософиялық танымының, ақыл, сана, сенім, зерде, парасат, ой сияқты категорияларының жиынтығы деп есептегеніміз жөн. Әл-Фарабидің қөзқарасы бойынша тәннің кемелдігін – Рух, ал рухтың кемелдігін «белсенді сана» қамтамасыз етеді. Бұл туралы данышпан «Фусусул Хикам» (Даналықтың жауһарлары) атты еңбегінде: «Сенің болмысың екі табиғаттан тұрады: бірі – түр, форма, сан, бөлшектене алатын субстанция. Екіншісі – біріншіден табиғаты жағынан мүлдем басқа, жоғарыдағы атрибуттардың ешқайсысына ие емес субстанция. Осы екіншісінің мәні тек сана арқылы танылады. Басқаша айтқанда, сен екі әлемнің қосындысынан
тұрасың: біріншісі – ғайып әлемі, екіншісі – жаратылыс әлемі. Өйткені, рухың – Тәңірің, тәнің оның жаратылыс әлемінен жаратылған», – дейді. Дананың пікірін пайымдауды өз санаңызға қалдырайық, оқырман. Рухтың ең көлемді, масштабты объектісі – халық, ұлт. Осы бағытта әр ұлттың менталитеттік ойлау жүйесімен қалыптасқан дәстүрлі рухани дүниетанымы бар. Бұл – руханият. Әр халықтың руханияты – ғасырлар бойы даму барысында жасалған, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын мұра. Халық, белгілі бір ұлттың руханияты – сол ұлттың баға жетпес байлығы. Руханият жоғалса, ұлт та жер бетінен мәңгіге жоғалады. Ұлт руханиятының жауы – отарлау саясаты, ассимиляция процесі, ең соңында жаһандану жүйесі. Тарихта белгілі талай ірі өркениеттерді жасап, адамзатқа үлгі болсын деп ұсынып кеткен небір ұлттар ғаламдану салдарынан жойылып кеткен. Оған мысал, шумерлер, янкілер өркениеті. Орыстану ассимиляциясынан кейін ұлтты қайта көтеру үшін «Рухнаманы» дүниеге әкелген түрікмен халқының алғашқы президенті С.Ниязовтың ерлігі туралы тарих әлі оң бағасын айтары сөзсіз. Бүгінгі түрікмен теледидары «Рухнамамен» азан шақырып, «Рухнамамен» ең соңғы хабарын жабады. Бізге үлгі боларлық өнеге. Әлемдегі ең көне мемлекеттің бірі болса да, Камила Кавурдың «Біз Италия деген мемлекетті жасадық, енді Италия халқын қалыптастыруымыз керек», – деуі – нағыз рухтың жеңісі. Сонымен, рух – қолмен ұстап, көзбен көріп, таразыға салып өлшеуге келмейтін адам жанының ішкі күй-қуаты, қайнар бұлағы, жанған жұлдызы. Қазақ халқының рухы Еуразия материгіндегі өркениетті жасауға ерекше үлес қосқан. Тарихта ХҮ ғасырдан белгіліміз десек те, ұлттың негізін құраған ірі рулар ежелгі ерте дүниеден Еуразияның ұлы даласында Алтайдан – Алып мұзға (Солтүстік мұзды мұхиты) дейін алғашқы болып ұлы өркениеттің негізін қалаған. «Жабайы» батысқа жалаңаштанғанынан ұялып шаровар кигізіп, қолына шанышқы ұстатып, етті отқа пісіріп жеуді көрсетіп, бетін жуып тазартқан біздің ата-бабаларымыз еді. Сақал-шашы етегіне оралып, доңыздың үстінде ұйықтаған «орман елі» славяндарға изба (қыпшақ тіліндегі сөз) салдыртып, итін бөлек жатқызып, исін жұпар аңқытып ел қылған бабаларымыздың сондағы РУХ-ы қандай болды екен?! Ол туралы Алмас: Он ғасыр бұрын дүниеге мынау келгенмін, Оңтайын тауып, ойран сап жауды жеңгенмін. Бас уәзір жатқан он алты қанат ордаға, Басымды имей, баса-көктеп те енгенмін. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Айғырдың тоқпақ жалындай – түкті жүрегім, Атанның шоқпар санындай – мықты білегім. Қырық жыл қырғын келсе де сынбас, сөгілмес, Қазақтың қырық қабырғасының бірі едім, – деп айтса, тарихтың фактологиясын құптап, растағаны. «Ұлттық рухты жоғалтпауымыз керек, оны өзгертем деп әуре болудың қажеті жоқ», – деген М.Арынның сөзінде имандай шындық жатыр. Рухты
жаңадан жасау, оны өзгерген дәуірдің идеологиясына сай өзгерту керек дегендердің еңбегі – құр далбаса. Рух өзгермейді, адамның қанындай қасиетті, қастерлі. Бізге жаңа идеология қажет деп өзеурейміз, бізде әлі идеология жоқ деп зар еңірейміз. Идеологияның негізі ұлттық рухта жатыр. Кез келген мемлекеттің тірегі – сол елде тұратын, сол мемлекеттің атын иеленген ұлттың қолында. Мемлекетті анықтаушы ұлт (государствообразующая нация) сол мемлекеттің идеологиясын жасауы керек. Ал – идеология қазіргі қоғамның, өркениеттің даму ерекшеліктерін есепке ала отырып ұлттық рухтың негізінде іске асырылады. Батыс пен Америкаға алақтап отырғанымызда уақытты өткізіп алып, рухымызды жоғалтып, дүбәра ұрпақты тәрбиелеп алсақ, оңбаймыз. Америка – мигранттардың мемлекеті, онда ұлттық рух атымен жоқ. Бүкіл Батыс Еуропа мемлекеттері енді 20-30 жылда қандай күйде болатынын кім болжап беріп отыр?! Бұрынғы кеңестер одағындағы құрсаудан құтылған барлық ұлттар өз мемлекетін ұлттық рухта құруға жанталасып жатыр. Өз рухтарымызды жоғалтып алмай тұрғанда ел болып алайық деп Ресейдегі сахалар, башқұрттар, қырым татарлары, қаһарлы Қап тауының қапталындағы айдарынан жел ескен ұлттар қозғалудың басында тұр. Осы кезінде біз апанында құртып жіберген жоңғардан қалған қалдық Ресейдегі қалмақтың ұлы Кирсан Илюмжинов бала қайта-қайта Далай Ламаны шақырып не ойлап жүр екен?! Осыларды сезген орыс президенті В.Путин бірден орыс ұлтының рухын көтеру, орыс санасын жаңғыртуды қолға алып, автономиялық өлкелерді біріктіріп, оларға бұрынғы республикалардағы ормандай орысты ұран сап шақырып, жанталаса қоныстандырып жатыр. Мына, іргеміздегі Свердловск облысының губернаторы М.Россель «орыс мұжығының 2-ақ пайызы ұрпақ қалдыруға шамасы қалған», – деп, қазынадан қаржы бөліп, айғай салып бар мұжықты емдеуге кірісіп жатуының өзінде ұлттық рух көрінісі жатқан жоқ па?! Қазір әлемдегі қай түкпірге көз салсаң да, үлкен қозғалыс басталғандай... Рухсыз қоғам жоқ. Әйтеуір, төрткүл дүниенің төрт бұрышына көз сығалап қарай бергеннен гөрі өз ұлттық рухымызға сай қоғам құруды ойластыру – бүгінгі күннің архиміндеті. Қысық көз қытай мен ормандай орыстан сескеніп «қазақстандық ұлт» жасаймыз деу – құр әуре. Бүгінгі қазақ қоғамы үшін, ұлт үшін қазіргі қазақ поэзиясы – үлкен медеу, жаңа бағыт, сана мен зердені жаңартудың бағдарламасы.
Еліре соққан Ебі жел,
Екілен тағы, екілен!
Емендей басы еңкеймес –
Ертөстік елдің өкілі ем.
(Дәурен Берікқажыұлы. «Еліре соққан Ебі жел...»)
Біз – таулықпыз, тек биікке барамыз,
Бауырмалмыз – ажырамас арамыз.
Екі сөйлеу – таулықтарға жат қылық,
Жан береміз таусылғанда шарамыз.
(Танакөз Толқынқызы. «Біз – таулықпыз...»)
Адамзатқа бір Пайғамбар келердей,
Сезінемін, сенем әлі өлердей...
Ол келгенде бұлт көшуін доғарып,
Жуасиды жел өрмей...
(Мұратхан Шоқан. «Бір Пайғамбар келеді»)
Жүзін жырмен жусын далам,
Түркі ұстаған ту сынбаған.
Күллі түркі қаһарманы
Қаһарыма сусындаған.
(Жанат Әскербекқызы. «Күлтегіннің қаһары»)
Тасырқағанда тас жауған
Тау болды ұйықтар айлағым.
Қасқырдан анау,
Қас жаудан
Тартып ап апан жайладым.
(Есенғали Раушанов. «Еркек.»)
Қазақ рухы қазақ өлеңінде жыраулар поэзиясынан бастап бүгінге жетті. Түркі халықтарының ішінде қазақ поэзиясы қашан да жетекші орында. Француз Академиясының профессоры А.Ж.Монси қазақтар туралы: «Бұл халық білімді болған. Оңтүстік Сібір, Обь өзені мен Енисей аралығында табылған таңбаларға ұқсас жазуы да болыпты. Тілдері – түрік тілдерінің ішіндегі ең тазасы» – десе, американдық дипломат Юджин Скайлер «Басқа азияттық халықтарға қарағанда қазақтар бейнелі мінезділігімен ерекшеленеді. Олармен жақын танысқаннан кейін жақсы көрмеуге шараң қалмайды», – деуі қазақ ұлтының ерекше қадір-қасиеттерін тани білгендігін көрсетеді. Ақын Алмас Темірбайдың шығармашылығындағы қазақ рухы, ұлт қасиетіндегі қайсарлық категориясы жоғары деңгейде. Ақын осы орайда: Ата Мұра, Ата Кәсіп, Ата Салтын сақтаған, Ата Жұртын қорғап өткен атышулы Сақ бабам. Ата Заңы, Елтаңбасы, Әнұраны, Туы бар Ата тегі қасиетті «Қазақпын» деп мақтанам!
Атқа мінер қырық кісі, таққа мінсе бір адам, Ататүрік жолын қуып, ел билеген Нұр-ағаң. Аттиладай «Көкте – Күн» деп, «Жерде – Ғұн» деп, ел-жұртын, Атпай-шаппай жау ішінен алып шықсын дін-аман, – деп бүгінгі күн мәселесінде егемендікке енді жеткен қазақтың мемлекеттік нышандарына мақтана ода айтып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халқы үшін атқарып жатқан
Толағай тектес ұлының істерін сүйсіне жырлайды. Ақын шаттығынан өлең гимн болып өрілген. Ақын өлеңдерінің ішінде «Көк бөрінің қайғысы немесе қазақ рухы» – бүгінгі ұлттың ұранына айналар, әр қазақ әспеттеп оқып, жүрегіне байлар өлеңі. Көк Тәңірге сыйынып, Көктен күткен тілегін. Көк бөрінің ұрпағы, Көк байрақты ұлы елім!.. Көк бөрінің мінезі қандарыңда бар ма әлі, ...Бұрын жерік анамыз жепті қасқыр жүрегін, – деген ақын «Көк» символикасын Тәңір, бөрі, байраққа теңеп, одан әрі Рух дүниесін: Рухты қазақ қиындық көрсе дағы не түрлі, Ел болуды армандап, аңсап жүріп жетілді. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Жанарында жарқ еткен найзағайлы намысы, Қазақи рух бейнесі – түздің текті тағысы! – деп асқақтата, әуелете көтеріп әкетеді. Ақын білімділігінің арқасында көшпелілер тарихын терең біліп, зердесінде жаттап, өзінің поэтикалық сезімін де «Көк» рухын қазақ рухымен астастырып, табыстырып данышпандай дана дүниемен жақындастырып, адам ойын он орап, санасын саралап әкеліп асқан қайратты күш сыйлайды. Одан әрі ақын осы өлеңінде бүгінгі қазақтың арасында жиі кездесетін жағымпаздықтың, тексіздіктің, басын төмен сала беретін әлжуаз ұсақтықтың бар екенін айтып, оны сынай келіп: Көк бөріге қажет пе қу тірліктің жайлысы?! Қажет емес, жо-жо-жоқ, жіліктің де майлысы!.. Ескі жұртта ұлиды ол, қазақ ЖОҒЫН тапқанша, Көк бөрінің зар-мұңы – әр қазақтың қайғысы!.. – дейді. Өлең соңында ақын Көк бөрі бейнесі арқылы бөрінің бүгінгі ұрпағы – қазаққа РУХ-ты қайта жаңғырту міндетін, жоғалғаныңды жаныңда жаңғырт деген ескерту айтады. Алмас өз өлеңдерінде рухты көтеру бүгінгі қазаққа сын ретінде көрсетіп, ұлтқа аңдату, ескерту сияқты көзқарасын жиі айтады. Мәселен, осы өлеңде: Көптен бері көк бөрі Кетпей қойды ойымнан, Тексіздікті көргелі көп жігіттің бойынан. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . ...Әлденені жоғалтып алмадық па тегі біз, Ескі жұртта көк бөрі ұлып-ұлып жүр тағы!? – десе, «Қазақта» өлеңінің соңында: P.S. Бәлкім, бұл түс: Арыстандары адамның айналуға жақын деп заманның зәрлі шаянына Абылай хан атамның Алашқа айтқан аяны ма?! ...Ақырзаман таяды ма?.. – деп риторикалық сұрақтың ішінде өз жауабын береді.
Дж.Уорделл «Қырғыз даласында» атты еңбегінде: «Қазақтар – ержүрек, еркіндікті сүйетін халық. Олар достарына ақкөңіл де қонақжай, жолаушыға қайырымды, алайда, жауларына аяусыз. Оларға табиғат шешендік пен әзіл-мысқыл сезімін молынан берген. Ұлға үлкенді құрметтеу, әкеге әкелік борышын сезіне білу тән», – деп рухани дәстүріміз жайлы құнды естелік жазған. Қазақ рухында – қайсарлық, ержүректілік ежелден негізгі конституциялық кредо, ант сияқты рөл атқарған. Басқа тарихты былай қойғанның өзінде, кешегі ХХ ғасырда күркіреп өткен адамзат шежіресіндегі ең ауыр қантөгіс екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтың ерлігі сол соғысқа қатысқан әлемдегі барлық ұлттардың ең үлгілісі болды. Кеңес нәубеті 19371938-де қазақтың қаймағы болған, ұлттың миы мен санасының иесі атанған алпыс алты мың ардақтысы мен кемеңгерлерін жойып жібергенде, айналасы 2-3 жылдың ішінде өз рухын қайта түлетіп үлгерген қазақ Москва түбінде болат темір құрсанған азулы немісті жалаң қол жұдырықпен тоқтатып берген жоқ па?! Басқа емес, қазақ еді! Әттең, әлі күнге дейін соны тарих бағаламай, Ресей мойындамай келеді. Алмастың қайсар рухты жырлаған өлеңдері құйқаңды шымырлатып, өзіңді болаттай берік етіп, жанарыңнан от шаштырып, ерекше аруақтандырып жіберетіні өз алдына, рухы тамаша образдар ұзақ уақыт көз алдыңда тұрып алады. Бұл – иіс сезетін, ізгілік іске жақын бола алатын ұрпақты тәрбиелеу үшін таптырмайтын өлең құралы. Маған салса, бүгінгі қазақ поэзиясындағы жастар шығармашылығын, соның ішінде Алмастың рухты туындыларын мектеп оқулығына қазір енгізіп берер едім. Мен баяғыда... Он бірінші ғасырдың аяғында... туыппын, Атағын атан көтермес атамның жолын қуыппын. Қасарысқан қас жауға қарсы шауып қасқырдай, Қасқалдақтай қанымен қылышымды жуыппын!
Бесті асауға бел артып, бес қаруды асынып,
Бес-алты күндік жерлерге бір күнде жетіп асығып.
Жаһаннамға жөнелткем жанын жауыз жауымның,
Аттандаған дауысымды алты қырдан асырып!
(«Қазақ»)
Естері шығып, естісе ақырған үнін,
Тастай сап тұра қашқан жау тақырға жүгін.
Кіндігін кесіп қылышпен жас ұлдарының,
Белі бір босап көрмеген қатындарының.
(«Жұмақ жұрт»)
Абадандай қорыған жерінің әрбір бөлігін,
Атам қазақ біз үшін садаға еткен өмірін.
Себебі олар, жан қияр күшігінің күні үшін,
Көріп өскен, өзіндік логикасын бөрінің!..
(«Көк бөрінің қайғысы немесе қазақ рухы») Қазақ дүниетанымында Көк аспан ерекше ұғымға ие. Мәңгілік еркіндіктің, бостандықтың символындай көрген. Аспанға алақан жайып, сәби көңілмен жақсылық тілеген, жауына қарғыс айтқан. Көк Тәңірге сыйынған! Сол арманға айналған аспанын көру үшін құс бейнесін, соның ішінде поэтикалық образға айналған көк ала үйрек, қасқалдақ, қаз, аққу, бүркіт, қыранды кие тұтып, көңіліне орнықтырған. Бір ғана мысал, қазақ «қасқалдақ», орыс «лысуха» деп атайтын үйректің бір түрі – ала жаздай батпақтан шықпай, құнжыңдап күн кешетін құс. Қазақ оған аса назар салмайды да, етін де жемейді, тек бір қат нәрсені «қасқалдақтың қанындай» деп атап жатады. Ал осы елеусіз үйрек жылы жаққа ешкімге көрінбей ұшып кетеді және құстардың ішінде ең биікке, кейде, тіпті, ауасыз қабатқа дейін көтеріліп ұша береді екен. Қасқалдақтың тағы бір қасиеті – өзі өскен көлге қайтып оралатындығында. Қазақ сонда ертеден-ақ қасқалдақтың осы қасиетін біліп, оның аспанның ең биігіне көтерілетініне тәнті болып, өз туған жерін тауып қайта ұшып келетініне таңғала қуанып, өлең-жырға қосқан. Бұл қазақы рухтың еркіндікті сүйген, ерлікті паш еткен көрінісі емес пе?! Кешегі 86-ның желтоқсанынан кейін бостандық үшін қасықтай қанын қиған қазақ жастары Есенғалидың «Қара бауыр қасқалдағы» өлеңін гимнге айналдырып жіберуінің сыры да осында жатыр. Осыдан кейін рух ұлт қанында жоқ деп қалай айта аласың?! Алмас Темірбай поэзиясындағы рух қайраты осы пікірге орайлас бүркіт, қыран образдары арқылы асқақтайды. «Тау-тасты түгел мекендеп, жеке асқарды, Тастүлектейін кезсем ғой, шіркін, аспанды» деген ақын шабыты «Кек», «Мұзбалақ» өлеңдерінде қанжар-қайсарлықты қақырата отырып жырлайды. Өзін бүркітке балаған, мұзбалаққа теңеген ақын өлеңінде қазаққа қажетті рух жоқ деп қалай айта аласың?! Мен – кісінің кейпіндегі бүркітпін, Түлететін түйсігімді түртіп түн. Көлбей ұшып, зәре-құтын қашырып, Көлеңкеммен көкжалдарды үркіттім, – деп бастап, одан әрі «томағалы басын ұрып тұғырға, тоят тілеп, түнде шошып оянып», «сегіз найзасын тас төбеден шаншып, сегізкөзінен буы бұрқырап, қаны шығып» барып дұшпанын жаншитын бейнеге еніп: Алпыс екі айласы бар құмар аң, Сәтін салса, кете алмассың сірә, аман. Түлкі-заман құтырып қал, құтырып, Қан сорпаңды қансонарда шығарам, – деп бүркіт, түлкі образдарын адам қоғамының кейпімен қоса салыстыра суреттеп тұтас әлем ретінде суреттеп береді. Өлең астарындағы бүгінгі адам қоғамы – яғни, субъектілік кеңістікті «бүркіт – адам» антитезасы арқылы шешуі ақынның шеберлігі деп айтуға болады. Өлеңді «...Ұшыр мені үстінен бір дүниенің, Құдай дейтін құдіретті құсбегім!!!», – деп аяқтауының өзінде бүркіт бейнесі ерекше танымдылық, идеялық тұғырлылықты көрсетеді. «Мұзбалақта» да ақын идеясы мұзбалақ-жырдың «қыран-адам» типіндегі бейнесін рухты айқындар «мірдің оғындай», «көк тері», «ақ тері», «екпіні», «қанаты талмас» сияқты серпіні қатты серіппелі сөздер арқылы көтеріп
әкеткен. Келесіде адами пендешілік тірліктің безбеніне шыдамай, түйткіл өмірдің, күйкі қоғамның күйбеңінен шаршаған ақын жаны қыран болғысы келіп, қыранның қайсарын, жігерін аңсайды. «Көзіне қара қан қатқан, қыранды көргім келіп тұр!» деп зарыққан ақын жүрегі: Асқарда ұя басатын, Аспаннан әрі асатын. Өшіге қалса – өңінен Өлімнің оғын шашатын. Тегеуріні – қасқыр қақпандай, Топшысы – қатқан қақ талдай. Қазбауыр бұлттай қанаты, Төбені тұтас жапқандай, – деп қыран образының тұтастай панорамасын беріп «қияғы – шолақ жебедей, тұяғы – болат шегедей» қыранды алдыңнан әуелете ұшырады. Бірақ, қыранды көрсем деген ақ арманы «қор болған қайран өмір-ай, қарқылын тыңдап қарғаның» күйінен арыла алмай, еш болып, сонда да: Туар ма мұндай мүмкіндік, Тумас па мұндай мүмкіндік?! Болмаса маған қыранның Ғұмырын берші бір күндік... Көк Тәңір!.. – деп өлеңді биік пафоста, жоғары нотада аяқтайды. Өлеңнің көркемдігі – қыран образын қазақ менталитетінде бар қайсарлық рухпен салыстырып, екеуін бөле-жармай, егіз ұғым ретінде ұсынуы. Рухты сөз қылғанда, ең әуелі, менталитетке жүгінеміз. Менталитетке байланысты рух айқындалады. Сонда менталитет деген не? Менталитет ұғымы өте кең, қазіргі заман талабына сай қалыптасқан жаңа ғылыми термин ретінде әлі де толық зерделеніп болған жоқ. «Менталитет – латын тілінен аударғанда (mens – ақыл, ойлау, сананың бейнесі, жанның қатпары) бейсаналықты қосқандағы ұжымдық және жеке сананың терең деңгейі», – деп анықтама берілген «Қазіргі батыс философиясы сөздігінде». Одан әрі осы сөздікте «Менталитет – жеке және әлеуметтік топтардың қимылға, ойлауға, сезінуге және дүниені белгілі бір бейнеде қабылдау бағытының дайындығының жиынтығы» делінеді. Қазақ менталитеті туралы соңғы жылдары А.Сейдімбек, Ә.Қадыр, М.Шаханов, С.Қасқабасов, А.Қасымжанов, Ә.Нысанбаев, Д.Кішібеков, Ғ.Есім, М.Орынбеков, А.Қасабек, С.Ақатай, Т.Ғабитов, Т.Бурбаев сынды ақын-жазушылар, ғалымдар зерттеп, өз ой пікір, тұжырымдарын айтып отыр. Соның ішінде ғалым Т.Бурбаевтың «менталитет ауқымы кең ұғым, онда ұжымдық және жеке сананың өзара байланысы, адамдардың ойлау түрлері, дүниені қабылдау әдістері, сезінуі мен түсінуі, бейімделу ерекшеліктері, құндылықтарға деген қатынасы бар. Басқаша айтқанда, менталитетке тән қасиет – тұтастық, синкреттілік. Ол интегралдық ұғым», – деген анықтамасы көңілге қонады. Сонымен, менталитет ұлттық идея мен рух төңірегіндегі ой жүйесінің жинақталған анықтамасын беретін ұғым кеңістігі деп қараған жөн. Қазақ поэзиясы – осы арнада үлкен рөл атқаратын рухани қазына. Ұлттың эстетикалық, этикалық дүниетанымына поэзияның әсері мол. Ежелден өнерге жақын қазақтың поэзияда ұлттық рухы айқын сезіледі. Тағы да Алмастың өлеңдерінен осы рухты тамашалайықшы: Жалтарғанды бүріп ұстар, Жан дүниемде ұлы күш бар. Асқақтатқан намысымды
Аспантекті құбылыстар.
(«Кемталантқа»)
Үш қырлы оқты заулатып бұхар садақтан,
Қылыштың жүзін қып-қызыл қанға жалатқам.
Дөнен қымыздың қуаты желік бітіріп,
Дұшпанның бетін құбыла жаққа қаратқам.
(«Аруақ»)
Тергей берсін, тергей берсін, тергесін, Керегі жоқ, кешірім де бермесін! Ошағымның күлі көкке ұшса да, Отанымның оты мәңгі сөнбесін!!! («Буыршын мұзға тайған күн...») Алмас поэзиясындағы қазақ рухы, ұлт менталитетінің көрінісі «Темірбайдың термесі», «Жорық жырлары», «Кенесарының келмеске кетердегі жыры» сияқты өресі биік, кең тынысты толғау-жырларында тақырыпты анықтаушы идея ретінде анықталған. Аңқып аспан астында құстың демі, Құс секілді менің де ұшқым келді. Алты Алаштың баласы аман ба екен Алты құрлық, төрт мұхит үстіндегі?! – деп Алашы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, тебіренетін, жаураса қазақ рухымен жылынатын, налыса қазақ болып қамығатын Алмас ақынның жүрек рухы көк түстес, көк сүмбелі байрағымыздай желбірейді!
* * * Әдебиеттегі көркемдік таным эстетикалық жағынан саналы, мәдениеті жоғары адам үшін зор талғамға ие болуы керек. Жалпы өнерді жасаушы шебер өз туындысын талғамы жоғары орта үшін жасайды. Өкінішке орай, «бірі – бәрі үшін, бәрі – бірі үшін» деген ұранмен өмір сүрген өткен қоғамдағы принцип өнердің эстетикалық жоғары талғамынан гөрі «пролетарлық», «пролеткульттық» мағына мен мазмұнға баса назар аударылды да, әдебиет пен өнерде «көпшілік», «тобырлық» бағыт басым болды. Өнерге өз қолтаңбасымен, өз кредосымен келгендерге төрден орын берілмеді. Берілсе де оларды тозақтың отынан өткізіп, жаншып, жүрегін езіп, тағдырын традегияға айналдырып жіберді. Бүгінде әдебиет пен өнерде стереотиптік, шаблондық принцип жойылған. Өнер адамының шығармашылығына еркіндік берілді. Ендеше, көркемөнерде, соның ішінде, көркем әдебиетте, жақсы, тамаша, тұшымды шығармалар жазылуы керек. Жақсы шығарма жанға азық. Қазақ әдебиеті тамаша туындыны күткелі қашан?! ХХ ғасырдағы кеңестік дәуірде прозада шедевр туындылар болды да, поэзияда аса көрінбеді. Мүмкін, сол кездің саяси жүйесінен еркіндік ала алмағандықтан поэзияның өзі де іштен тынған болар. Рас, 60-70 жылдардан бастап қазақ поэзиясы өртеңге шыққан гүлдей жайнай көгеріп, жаңарып жаңа биікке шықты. Бірақ, сол биіктің басында санаулы ғана ақындар тұрды. Ал қазір жағдай басқа, қазақ поэзиясына тұтастай жаңа буын ақындар тобы келді. Бұл – әдебиеттегі үлкен құбылыс, жанға жағымды жаңалық. Поэзия – киесі бар өнер. Талғамы терең, толғауы тоқсан. Поэзия есігін тек жүрегі түкті, сенімі мықты, таланты сала құлаш, талабы таудай ақын ғана аша алуы керек. Өлеңді одан бұдан құрап мен де жазуым мүмкін, бірақ, ол Поэзия емес қой. Тақпақ пен поэзияны айырбастап алып, ақын болып айғай салып, жол бермей жүргендер қаншама?! Сондықтан әдебиетке келген қазіргі талантты толқын поэзияны әлгіндей «жолбикелерден» аршып алса екен дейміз. Поэзия үшін күресулері қажет. Қолдан құрап поэзия жасау дәстүрін мүлде жою қажеттілігі туындап отыр бүгінде. Әр ақынның өз стилі бар дейміз. Стиль туралы көп зерттелді. Негізгі мақсаты идеялық-эстетикалық, формациялық, тарихи және қоғамдық құндылық мазмұнға сәйкестендірілген бейнелеу, суреттеу жүйесінің, көркем түрде суреттеу құралдар мен әдіс-тәсілдерінің дәстүрлі, тарихи қалыптасқан ортақ тұтастығы. Мұндай бірлікке белгілі бір шығармашылық тәсіл негізінде қол жеткізеді. Стиль көп. Көбінесе, белгілі бір ақынды, жазушыны талқылағанда, оның жазу мақамын стиль деп, «ананың стилі», «мынаның стилі» деп ерекшелегенді жөн көреміз. Меніңше, стиль жазудан гөрі кеңірек болса керек. Стиль ақын не жазушының талантының диапазонын керсететін манометр болуы керек. Талант әр түрлі, бірыңғай, бір шкалалы, ортақ дәрежелі талант болмайды. Ал, стиль сол таланттың өзіне ғана тәуелді, өз өрнегі бар, өз даму стратегиясы бар кеңістігін анықтайтын аспап деп түсінген жөн. Жеке тұлғаның, жеке дарынның стилі өзгеге ұқсамауы тиіс, тек нағыз
таланттардың туындылары бір-бірімен салыстыруға, бәсекелесуге тұрарлық болуы қажет. Әлбетте, жаңағы айтылған стиль мағынасының астарында ақынның өз поэзиясы жатады. Поэзия белгілі бір мөлшерлі ауданды, көлемді білдіреді десек, бұл жерде көркемөнердегі жеке тұлғаның шеңбері деп түсінген жөн. Екіншіден, ең негізгі анықтама ретінде айтар болсақ, стиль мен поэзия дегеніміз – өнер адамының өз туындыларындағы, өз шығармашылығындағы «Мен» деген принципі. «Мен» – жоғары категориялы ұғым. Оның психологиялық, философиялық тұжырымдамасы көп. Философияда «Мен» индивидтің өзі жайлы түсініктерінің біршама тұрақты, азды-көпті мәні бар, қайталанбас деп саналатын жүйесі, индивид өзінің өзге адамдармен ара байланысын сол негізде құрып, өзіне сол тұрғыдан қарайды деген анықтама береді. Яғни, «Мен» ішінде жеке индивидиумның ғана кеңістігі бар, соның ғана ойы, санасы, іс-әрекеті, көзқарасы жинақталады. Қазақ поэзиясы «Мен»-сіз емес. Ол сонау жыраулық поэзия дәстүрінен бастау алып, ақындық поэзияға ұласқан, поэзияның барлық жанрында төрт аяғын тең басқан категория. Сонау «Орхоннан» белгілі Тоныкөктің өзі: ...Ақыл иесі, Сөз иесі мен болдым. .................................... Түнде ұйқым келмеді Күндіз отырғым келмеді. Қызыл қанымды төктім, Қара терімді ағыздым, Күш-қуатымды аямадым, – деп атақты қаған алғаш рет тасқа қашап «Мен» деген идеяны қалдырмап па еді?! «Мені мен «менікінің» айырылғанын, өлді деп ат қойыпты өңкей білмес» деп «Мен» туралы жаңа концепция, зор жаңалықты ұлы Абай ашты. Ендеше, қазақ поэзиясының қанында бар «Мені» бүгінгі жастарда қалай көрінеді?! Әсте төмен емес. Бүгінгі «Мен» жаңа ракурста жырлана бастады. Өрлігі бар, бостандығы өзіне тиген батылдығы бар, кейде ерекшелігі де басым, әйтеуір жаңадан түлеген көзқарас қалыптасып келеді, қазіргі «Мен»-де. Мен – Мағжанның мұңымын, Ұйқым шала, күлкім кем! (Әділғазы Қайырбеков. «Мен Мағжанның мұңымын»)
Жерде жусан, қаласаң биікте Аймын,
Өз бойымнан басқасын жиі ұқпаймын.
(Бейбіт Сарыбай. «Қия тартсам қарайтын...»)
Мен адамның жек көремін жалтағын,
Жалтақтардан, мүмкін, азап тартамын.
Мен ешкімнен қорықпаймын, қорықсам,
Жаратқаннан және өзімнен қорқамын.
(Асылзат Арыстанбекқызы.
«3-ші SMS: Ешкімнен қорықпа ешқашан да мен барда»)
Көк түркінің ұланы неге болмадым?!
Бөрілі туды көтеріп,
Бөрідей жауға тиетін
Шығыршығы торғай көз сауыт киетін?!
(Жанат Әскербекқызы.
«Көктүркінің ұланы неге болмадым?!»)
Ей, тіршілік, алдым сенің мазаңды,
Ұйқымды да бердім саған азанғы.
(Алмат Исәділ. «Жақсы жанды өкпелеткен емеспін»)
Туады менің сағатым, Буырқанып қан боп жүректе әрбір соғатын. (Танакөз Толқынқызы. «Туады менің сағатым») Бүгінгі өлеңдегі «Мен» категориясы ақын Алмас Темірбайда анық байқалады. Поэзияға арғымақтай арыны басым шабыспен енген Алмас аз ғана уақыт ішінде небір жүлделердің басын қайырды. Үлкендерден бата алды. Поэзиядағы тосын жаңалық, жаңа тұлға болып қабылданды. Осының бәрінің бастау бұлағында, меніңше, Алмас поэзиясының «Мені» тұр білем. Өйткені, өлеңінің бәрінде де ақын поэзиясы, Алмастың «Мені» айқайлап тұрады. «Бүгінгілер біржола кетіп, мүлдем жаңа адамдар келуі керек. Онсыз өзгеріс болмайды. Алмас Темірбай деген ақынды мен базарда кездестірдім. Өлең оқыдық екеуміз. «Сен өлеңді менен жақсы жазасың ба?» – деп сұрақты төтесінен қойдым. «Сізден жақсы жазам», – деді. Бір өлең оқыды. Менің интуициям мықты. «Осылай жазсаң, шынымен-ақ, күшті екенсің», – дедім. Екіншісін оқыды, ұнады, мен оған мықты ақын деген атақ бердім, – деген өрелі ақын Өтежан Нұрғалиевтің осы пікірі әділдікпен айтылған, өйткені, ақын Алмаспен кездесуінен кейін Маралтайды өзіне шақырып алып мықты ақын туралы полемика өткізгенін айта келіп әрі қарай: «Яғни, менің ақын ретіндегі функциям бітті. Енді жаңағы жігіттер шығады. Тек соларды жариялау керек», – дейді. Алмастың алғашқы «Мен»-дік поэзиясы оның «Дұға» өлеңінде еркін көрінеді. Алғашқы дейтін себебіміз, өлең тақырыбы – ақындыққа арналған, яғни, ақындық өнер мен Алмастың «Мені» біте қайнасып, тұтасып жүре берген. Екіншіден, өлеңнің көркемдік ерекшелігі пафостық биіктікте айтылған, өлеңдегі әр екі тармаққа үлкен ойдың мағынасы түгел сыйып, леп белгісімен аяқталып отырған. Өлеңдегі алты шумақта он алты тақырып бар!!! Осыншама аясы бір-бір өлеңге жетерлік ұшан-теңіз тақырыптарды алты ауызбен бере білу – ақын шеберлігі. Он алты тақырыпта ақынның соншама «Мені» жатыр.
Философия тағы да «Мен» туралы – адамның дүниеге және өзіне-өзі өзімсіне қарайтын жекелігінің, даралығының рухани орталығы, өзінің ісәрекетін дербес меңгере беретін және жан-жақты инициативаға қабілетті адамның меншігі дейді. Жеке адамның «Мені» қоғамның әлеуметтік талаптарымен, саяси көзқарасымен көп жағдайда қабыса бермейді. Бұл, әсіресе, әдебиет пен өнер саласына тән ерекшелік. Мұнда біз тұлғаның қоғамдық формациялық көзқарасын емес, өнердегі өзі жасаған туындысының ішіндегі «Менін» айтып отырмыз. Алмас та осы жаңа вариантта көрінеді: Өзімді-өзім сынадым, Өзімді-өзім таныдым. Тастай екен шыдамым, Таудай екен сабырым. Жұрт жұмбағын түсінбес, Жұмбақтастай – қалыбым! Ақын «Тудым несін ақын боп?!» деген осы өлеңінде әуелі өзін-өзі сын садағына алады да, өз «Менін» өзге объектімен біріктіреді. Өлеңде ол «досқа – доспын, теңге – теңмін, тат баспайтын асылмын, тот жемейтін темірмін, көзіндегі отымын, көз таңбалы елімнің» дей келіп, өз «Менін» туған елмен былай теңестіреді: Көкшетауда жүріп-ақ, Алатауға жетті үнім. Туған жерім тәрізді, Тумысымнан тектімін! ..................................... Бәстес десең – бәстесем, Анттас десең – анттасам. Тудым несін ақын боп Туған жерге тартпасам?! Өлеңдегі ақын «Мені» туған жердің ең асыл, ардақты мекеніне айналып кеткен Оқжетпес, Айнакөл, Сексен көл, Жұмбақтас, Көкшетау сияқты тұғырлы, тұрлаулы, аяулы аттарымен ғана астасып, солардың биік өресінде ғана қалатынын сездіріп тұр. Кез-келген ақын өз шығармашылығында өз бейнесін жасауға талпынады. Онсыз ақын даралығы, ақын қолтаңбасы жасалмайды. Өлеңдегі өз бейнесін «Мен» категориясына көтеру қиын. Оған ақындардың бәрі бірдей жете бермейді. Көбінесе, жалқыдан гөрі жалпы есімге бұрыла береді. Алмас өз «Менін» автопортреті арқылы беруге талпынған. Өлі мен тірінің арасынан өзін іздеп Аллаға тән мінез, адамға тән ақыл сұрап тағы да, «Неге сендім? Нені ойладым? Не дедім?» деген мәңгілік сұрақтарды қоя отырып жауабын: Бұ дүниеде неге іздедім өзімді, О дүниеге айтам оның себебін, – деп, жаңағы сұрақтардың жауабы адам қоғамында табылмайтынын, жауаптың берілмейтінін ескертеді. Себебі, қоғам қайшылығы, адамдар арасындағы бітпес тартыс ешқашан да таусылмақ емес. Сондықтан да оның жауабы қоғам ішінде, адамдар арасында. Оған ақын, «Әуре» өлеңінде:
Алға жылжып ақырын,
Жүргенімді жақтырмады жақыным.
Үлкен дауға ұрынатын түрім бар,
Кіп-кішкентай ақылым.
Сүймеген соң сүйгенім, Жүрегіме алтын ине түйредім. От пен суға түскен орта ғасырдың, Ойшылындай күйредім, – деп, өзі жауабын тауып береді. Алмас өлеңдеріндегі «Мен», көбінесе, мұңға, түңілуге жақын тұрады. Пессимистік көзқарас, шамасы, өз «Менін» өзгеден оқшаулауға, даралауға көмектесетін шығар. Қайткенмен де, ақын өзін көлеңкелі көкжиекке қарай жиі тартып, күнгейден қашып, сұрғылт реңге бара береді. Өлтіріп өзімді-өзім тастар едім, Өмірім болса, шіркін, басқа менің. («Галюцинация-1»)
Неге менің қошқар болғым келеді,
Құдай үшін құрбандыққа шалынар?!
(«Автопортрет»)
Жүк көтердім жүрегіммен мықшыңдап,
Ауырлығы табыттай.
(«Әуре»)
Мені «ақын» деп ойлап жүр ғой бұ қазақ,
Түсінбейді олар дым...
(«Аудармашы»)
Астафралла-ай, түнеремін неге ылғи,
Асқар таудай аспанына бұлт үйір.
(«Бір түйір тас»)
Тас мүсін құсап тұнжырап тағы отырмын, Тас тығып қойған тәрізді біреу басыма. («Тас мүсін түбіндегі ойлар») Ақын өлеңдерінің жоғарыда келтірілген тармақтары біз айтқан пікірге дәлел ретінде беруге болады. Бірақ, берілген алты өлеңнің де тақырыптары әр түрлі, идеялық мағынасы ұқсас болғанымен де ақын «Менін» әр қилы көрсетеді. Алмастың осы сарындас өлеңдерінің біразы жалғыздық туралы тақырыпты қамтиды. Мұнда да «Мен» категориясы жалғыздықпен орала біткен, шырмауықтай өріліп, біте қайнаған. Ақынның «Құдай деген Жалғыздықтың атасын, еске аламын жалғыз қалған түндерде» деген өлеңінде
жалғыздықты бас әріппен ерекшелеп, субъектілік кейіпке енгізуі оның «менінің» поэзиялық шеңберін анықтап тұр. Ақын оны келесі өлеңінде; Таңым қашан атады?! Мезі қылды мына түннің шатағы. Жатқанымда төсегімде жантайып, Жалғыздығым қабырғама батады, – деп, одан әрі бекіте түседі. Бірақ, «Жалғызсың деп жазғырған жолдасыма жауап» өлеңінде ақын ендігі жерде өз «Менін» қорғап «Жалғыздық – жалғыз досым Құдай қосқан, жалғанда одан артық жолдасым жоқ» деп өз пікірін айтады да «жалғыздық – жалғыз досым екен менің, тақпаңдар жалғыздыққа бекерге мін» деп оны бекітіп, өз көзқарасын дәлелдеп шығуға талпынады. Әлбетте, өлеңдегі сөз мағынасы контекспен анықталады. Контекстегі бір сөз өлеңнің бүкіл поэтикалық мағынасын анықтайды, әсіресе, шағын өлеңде. Анықтаушы сөз өзінің жеке мағынасына ғана емес өлең тақырыбының негізгі идеясына айналады. Алмастағы «жалғыздық» поэтикалық термин ретінде көрінеді де, өлеңдегі барлық сөздердің мағынасын өз қасына топтайды. Сөйтіп, өлең тақырыбының мазмұнын өзі ашып беруге көмектеседі. «Поэтика – жазушы тілінің көркемдік қуатын мазмұнымен байланыстыра қарастырады», – деген ғалым В.Кожиновтың пікірі осы жерде қажет. Себебі, Алмастың поэтикалық «Мені» өлеңдеріндегі тақырыптарының әр алуандығына қарамастан мазмұнға сай анықталып отырады. Осыған орай ақын «меніндегі» келесі позиция – прагматикалық сарынға тоқталып өтсек. Алмастың «Мен» категориясындағы оптимизмі ерекше. Оптимизм дүниесі көркем әдебиетте әр қилы сипатталғанымен, негізгі бағыты – асқақ сезімді, көтеріңкі ойды жоғары деңгейде көрсету. Бұл арада тұлға негізгі рөлге көшеді, жалпы өнердегі «Мен» категориясы тұлғасыз жазылмайды және онсыз дамымайды да. Тұлға зор анықтаманы қажет етеді. Тұлғаны ұғыну оңай емес. Керісінше, ірі тұлғалар ұғынықсыз қалып жатады. «Тұлға деген – азап, көп адамдар әлгі азапқа шыдай алмағаннан кейін өзінің тұлғасын жоғалтуға амалсыз келіседі», – дейді орыс философы Н.А.Бердяев. Тұлға болу үшін ең бірінші мазмұн қажет. Мазмұн білімсіз, интеллектуалды парасатсыз жасалмайды. Меніңше, Алмас поэзиясындағы «Мен» категориясы тұлғалық деңгейге көтерілген. «Алмас Темірбай деген жігіт қандай әдемі келе жатыр. Мүлде жаңа көзбен қарайды екен. Біз көбіміз дәстүрлі ақындар болуымыз мүмкін. Алмас – қазіргі интеллект заманның интеллект ақыны», – дейді ақын Жүрсін Ерман. Текке айтпаған, біліп айтқан сыңайлы. Ақын жүрегі Алмастың ішінде орасан зор білімнің күш-қуаты жатқанын аңғарып қалған, сондықтан. анықтамасын да дәл берген. Поэзияда тұлғалық деңгейге жету үшін көп тер төгу қажет. Бұл жерде мен уақыт мөлшерін, мезгіл шамасын айтып тұрған жоқпын, керісінше, шын еңбек, нағыз еңбек туралы меңзеп отырмын. Алмастың ақындық қасиеті, «мендік» тұлғасы – оның еңбекқорлығында, яғни, үнемі үздіксіз білім алуында, тәжірибе жинақтауында.
Ақынның «Мен» категориясындағы өршіл мінез оның характерін кең ашады. Ақын мінезі мен өлең характері ұқсас. Ақынның «Мені» «Кемталантқа» деген өлеңінде: Мен – басқамын, басқа адаммын, Басқаша өмір бастағанмын. Сайтан келіп азғырғанда, (Сен дейсің бе?!) саспағанмын. ................................................. Қолдаса да сені «албастың», (Қолыңды әкел!)... жеңе алмассың, Мен – екінің бірі емеспін, Мен – Алмаспын! – деген асқақ кейіпте айтылады. Ақын бұл жерде бұрынғы жалғыздықтан гөрі, жолбарыстай жиырылып бір-ақ атылар, жауын бір-ақ шауып түсер мінезі арқылы «Менін» дәлелдеп тұр. Ақын өлеңдерінде осы тектес мазмұнды «Мен» оның адамға, қоғамға, іс-әрекетке деген көзқарасын ашық әрі дәл көрсетеді. Қайтармақ боп бетімді Жалғыз сен бе таққан мін?! Жеке батыр секілді, Жайбарақат жатқанмын. («Тудым несін ақын боп...»)
Жынданасың, қорланасың,
Жыққың келіп жол бағасың.
Мені ешқашан түсінбейсің,
Мен секілді болмағасын...
(«Кемталантқа»)
Өкінбеймін, маған қазір келсе өлім,
Өлсем де мен, өлмес мендік өр сенім.
(«Ақылдостың арманы»)
Өзгелерден ой-ақылым мол, білем,
Соны шашып жүрем оңды-солды мен.
(«Күйін кешкен көлеңке мен жарықтың»)
Темірбай атам атымды қойған «Алмас» деп, Тастай болсын деп ең асыл әрі ең мықты. («Тас мүсін түбіндегі ойлар») Алмас Темірбай поэзиясындағы «Мен» категориясы оның осы аттас «Мен» деген өлеңінде басынан соңына дейін «айғайлап» айтылған. «Мен» өлеңі 2001 жылы жазылған. Өлең бірден қызыл кеңірдек пікірталасқа түсті. Ақындар арасында, өлеңсүйер қауым, үлкендер мен құрдастары, әдебиетшілер ортасында қызу талқыланды. Сөз қадірін білетін қоғамда резонанс тудырды. «Ау, Көкшетау, не тентектік жасап жатырсыңдар?»,
«Менді» оқыдың ба?» деп телефон да шалынды. Баспасөзде айтылды. Осы күнге дейін екіұдай пікірде жүргендер де табылады. Біріншіден, Алмастың «Мен» өлеңіндегі эпиграфы жөнінде. Пікірталастың басы осы эпиграфтан шықты. Расында да, Абайдың «Мені» Алмастың «Менінен» басқа. Осы мәселеде ақынға қарсы пікір білдіргендерге мен де қосыламын. Ақын Алмас Ұлы Абайдың «менін» неге эпиграф ретінде алды, бұл жағы мен үшін жұмбақ. Әйткенмен де, осы Алмаста, оның өлеңдерінде бақилық тақырыбы неге көріне береді деген ой мазалайды да тұрады кейде мені... Өлеңдегі Абайдың «мені» мен Алмастың «мені» қарама-қарсы екі теориялық кеңістікті қамтып жатыр. Алмас өлеңінің идеялық-тақырыптық мағынасындағы «мен» ақындар қоғамы, дарындар әулеті, тұтас өнер кеңістігіндегі «мен» категориясы. Екіншіден, «Мен» өлеңінің мағынасында қазақтың ұлттық намысы қорғалған, ұлы тілі дәріптелген кең ауқымдағы идея жатыр. Пушкин, Есенин сөйлеген орыс тілінен қазақ тілінің еш кем еместігін паш етіп тұрған жоқ па?! «Ұрпақтарымның ұраны болып өлеңім, дүние түгел сөйлейді ана тілімде!!!» деген ұғымның аясы кең. Ал «Ұлы ақынмын!... керемет жанмын мына Мен», «Өзімнен асқан адам жоқ тірі, расында, мың данышпанның миы бар мына басымда», – деп өзін көтермелеуінің астарында ақынның «мен» категориясы айқын басымдылықпен берілсе, мұны астамшылық, өркөкіректік деп айту артық деп ойлаймын. Өлеңдегі «Мен» осындай биіктікте көрінбесе, өлеңнің де эстетикалық көркемдігі, құнарлылығы байқалмас еді. Оған «Алмастың «Мен» деген өлеңі – Алаш жырының автопортреті десе де болады! Адамзаттың ақпа жырын ана тіліне қотара аударып алып, өзге елдің поэтикалық көкжиегінен өзі көріне алмай отырған қонақжай қазақтың образы – бұл. Образ – хикая, роман, дәуірнамалардың ғана емес, лирикалық өлеңнің де өзегі», – деген ақын Серік Ақсұңқарұлының пікірі айғақ. Ақын Алмастың «Мен» категориясын анықтауда жоғарыдағы сипаттамалардан басқа бояу түсі, соның ішінде, ақ түстің рөлі анық көрінеді. Мәселен, «Өмір ойыны» өлеңінде «Қараларға қарсы шыққан қашанда, түсі де аппақ, іші де аппақ пешкімін!» деп шахмат тастарының ішінде қара емес, ақ пешкіні таңдауы оңтайлы дұрыс тәсіл. Ақын өз «Менін» анықтауда тағы да: Аппақ түске құмар ем, Айыптымын, тек сол үшін, сірә, мен. Өйткені, сен өте-мөте аппақ ең, Қызықтырған, қызғандырған мына әлем, – дей келіп, арнау өлеңінде өзге жанға аппақ өмір, өзіне ақ өлімді бұйырып, әрі қарай ақ мақта, сосын мата болып әдемі көйлек ретінде өзіңе сыйға тартылсам деген өзгеше бір ой тауып, «Ақ көйлегің бола алмасам бір киер, ақ төсегің болар едім мен сенің» деп оңтайлы шешім тауып кетеді. Өлең сюжеті ақ түспен басталып «Ақтық демің үзілгенде... мен сенің, ақ кебінің болуға да бақұлмын», – деп аяқталуы ақынның ақ болуға деген шын ынтызар көңілін білдіреді. Біз осы талдауымызда Алмас Темірбайдың поэзиясындағы «Мен» категориясына үңілуге тырыстық. «Мен»-сіз поэзия, поэзия емес, дәлдүріш
дүниеге айналып кетер еді. Алмаста тағы да өз «менін» анықтауда «мен – омыртқамын», «мен – аян-түспін», «мен – ақ қайың», «мен –шаттықпын», «мен – бақытпын», «мен – үш ішекті домбырамын», «мен – қоңыр желмін», «мен – қызыл отпын» деген эпитеттік анықтаулар жетіліп артылады. «Ақыл керек, білім таңдап аларға, білім керек, іске жақын қарарға», – дейді Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни бабамыз. Бұл дана сөздің де айтылғанына тура он ғасыр толған екен, бірақ, алтын сөзді тот басқан емес, әлі он ғасырға жетер ұлағат өсиеті жатыр. Ендеше, Алмастың қазақ поэзиясында өз ақылы мен білімінің арқасында қалап жатқан руханиятының катарсисі келер ұрпақтарға үлгі болсын деп сенейік.
БОЛМЫС ДҮНИЕТАНЫМЫ
Ақын өлеңдеріндегі ислам әлемі, қоғам мен замана шындығы, уақыт
кеңістігі және жалған дүние өлшемдері хақында
Үстімізден туды, міне, толған ай,
Алқабынан кең даланың жарқырай.
Борышымыз алғыс айту елшіге
Шақырғаны үшін бізді Аллаға.
Ортамызға жіберілген, әй, елші!
Бағынамыз сен әкелген бұйрыққа.
(Мәдиналық ансарлардың әнінен)
Өткен ғасыр бізді дінсіз етті. Адам баласы басына іс түскенде бәрін де көтереді екен. Негізінде қаймана қазақтың тарихына үңілсек, әр ғасырдың басында көргені тек қабырғаны қайыстырар қырғын соғыс немесе нәубет. Он сегізде ойрат пен жоңғар жерімізді алып, намысымызды таптаса, он тоғызда орыс басып ен далаға доңыз өргізді, жиырмада қазақтың рухын көтерген арыстардың басын алды, ұлтты мисыз қалдырды... Бірақ, осы қазақ көктемде еріген қардан соң жаңадан көктеп шыға келетін жауқазын бәйшешектей қайта өріліп шыға келеді. Бұл не құбылыс? Нендей күштің әсері? Жиырма бірінші ғасырдың басы сормаңдай ұлтқа қайткенмен де жақсылық басын игендей ме қалай?! Қазақ феномені деген ұғым бар еді. Осы қазақ феноменінің бір сыры – әр ғасыр басында анасын арда емген, кіндігін қайқы қылышпен құлаштай кескен арыстары дүниеге келетін. Міне, тағы да сол қазақ феномені көріне бастады. Тәуелсіздіктің жемісіндей болған ерікті елге өз санасына, ар-ожданына қарай таңдау жасау беріліп еді, қалың ел дінге бет бұрды. Жетпіс жылдай сананы улаған авторитарлық «трибундық» идеологияның сеңі бұзылып, тас-талқаны шықты. «Дін – апиын» деген заманда туып, соның ащы зәрін ішіп, «уралаған» үгітіне ерген біздің буынға һәм бізден 2-3 мүшел үлкендерге жаңа заманның жаңа көзқарасын қабылдау оңай болған жоқ. Әсіресе, дін мәселесінде ассимиляцияланып, маргиналданып кеткен ұрпаққа мұсылмандықты таза түрінде қабылдау қиын болды. Бұрынғы қызыл көз коммунистер, парторгтар, саяси агитатор-насихатшылар болса өз идеологиялары үйреткендей қасқырдың терісін жамыла қойып, шетінен мешіт жағалап, тақуа атанып, алды қажы болып шыға келді. Оған қанына орыстың қоймалжың арағы араласып кеткен көмейінен арғыны көре алмайтын «көпей» шалдар келіп қосылды. Сонымен ислам діні еркін еніп жатқан кезде осылар, әсіресе, Арқада діни ортаны қалыптастырудың орнына, араға жік салып, қоғамды бұзып, қара халықтың басын қатырып жіберді. Абай айтқан «дүмшелік» дүние араға сыналап кіріп кетті де, ислам дінінің таза философиясынан гөрі форма жағы басым түсіп, мазмұн кейін қалды.
Оған қарағанда тәуелсіздікпен бірге ары да, жаны да әлі «кеңестеніп» үлгермеген, рухани байлығының қаймағы бұзыла қоймаған жас ұрпақ бірден жаңа қоғамның жаңа ұстанымдары мен қағидаларын қуана қабылдады. Осы орайда арлы қазақтардың қосынына еркін ене алған, қоғамның рухани сұранысына жауап таба алатын, жаңа әдебиет пен өнерді ұлттық формада насихаттап келген жас дарындар осы бағытта зор еңбек етіп келеді. Ортаға жаңа леп, соны соқпақ кірді. Бұл жаңа соқпақ мұсылмандықты пір тұтып, исламды иман еткен жаңа сана мен ақылды насихаттаушы берік сенімге жүрек тоқтатқан әдебиет әлемінің есігін айқара ашып, арқа-жарқа кіріп келген жас толқын ақындар еді. Солардың барлығының атынан Алмас ақынды сөйлетсек: Хақ Алла хақиқатын түсінгелі, Ібіліс іштен тынды, ішімдегі. Әмірі әмбеге аян Әл-Илаһим Бар қылған барша мүмин үшін мені.
Төрт елі қақпағын ап құлағының,
Сөзіме қол сілтемей, ұғады кім?!
Мәриям ұлы Исаға үммет болмай,
Мұратын Мұхаммедтің мұра қылдым.
Жуытпай жүрекке – жын, тілге – малғұн,
Білімнің бірегейін діннен алдым.
Қабылдың кіндігінен тарасам да,
Абылдың тірлігімен жүрген жанмын.
Әзірше «Ақындық» деп аталатын,
Мақшарда мәлім болар Махаббатым.
Қанатын қаққан шақта қарлығаш – жыр,
Алланың аттандырам атап атын.
Бір күні бақиға да бет түзермін, Ажалдың ісін екі еткізер кім?! Алланың аманаты – Ақындықты Арулап, арыма орап жеткізермін!.. Алла жазса... Адамзаттың ақылды бөлігі ықылым заманнан бері өзін қоршаған ортамен тіл табысып, «адам + қоғам + табиғат» деген үш триадалық түсінікті бірқалыпты баланста ұстауға тырысты. Сол үшін күресті, жеңіске жетті, жеңілді, жазаланды да. Осы бағыттағы адам баласының орасан зор еңбегінің жемісі – дін туралы ұлы философияның, ірі ілімнің жер бетінде еркін орнығуы. Өткенге көз жүгіртсек, бүгінгі жұмыр жер бетіндегі барлық діндердің шығу тарихы әр түрлі сипатқа ие. Қысқаша айтар болсақ, шамамен біздің жыл санауымызға дейінгі 15-16 ғасырларда-ақ қазіргі тарихи діндердің негізі
қалыптаса бастаған. Мәселен, Аспан асты елінде (Қытай) Конфуций мен ЛаоЦзинның ілімдері этикалық және мистикалық идеяларымен кең жайыла бастады. Ертедегі Израиль жерінде Мұса пайғамбардың ілімі радикалды иудаизмнен бөлініп шығып, Иисус Христостың (Иса) христиандық бағытының негізі қаланды. Ал сол кездегі ғұрыпқа енген көне діни ілімдердің кейбір дәстүрлері мұсылмандар қауымының қасиетті ұлы пайғамбары Мұхаммедтің іліміне әсерін тигізді. Кейбір ертеден қалыптасып, халықтың наным-сеніміне еніп кеткен Зороастризм, Митраизм, Тәңірлілік т.б. уақыт өте келе өзінің беделдерін жоғалтып, ықпалы азайды. 16 ғасырдан бастап дін тарихының екінші кезеңі бастау алды. Атап айтқанда, осы кезеңнен Азия елдерінде сикхизм мен бахаизм, Америкада мормондар дәстүрі, Батыс Европа мен Африкадағы түрлі діни секталардың дүниеге келуі діндер арасындағы бәсекелестікті үдетіп жіберді. Бірақ, 19 ғасырдан бастап мемлекеттер арасындағы келісушілік, бейбіт өмірге бет бұру, халықаралық саяси байланыс дипломатиясының жетілуіне орай діндер арасында рационалды гуманизм қалыптаса бастады. Дін туралы ірі-ірі трактаттар, ғылыми пікірлер, әр түрлі бағыттағы (идеалистік, софистік, материалистік) талдаулар жасалған әдебиет насихаты пайда болды. Дүниеге теология ғылымы келді. Ең алғаш рет әлемде адамның дінге деген қызығушылығы зерттеліп, зерделеніп анықтала бастады. Дін зертеушілері адам өмірінің маңызды салалары болып табылатын мәселелермен – адам өлімі, өмір мен өлім, қайғы мен азап шегу, соғыс, қан төгіс мәселелері, оны тудырушы күштің себеп-салдары туралы, жұмақ пен тозақ, бейбіт өмір кешу туралы іздене бастады, оның тылсым жұмбағын табуға, шешуге тырысты. Жаратушы бар ма, әлде, жоқ па? Аспан үсті мен Жер асты құпиясы, Уақыт пен Ақиқат арақатынасы, Болмыс пен Сана туралы ілімді дүниеге әкеліп, жауабын іздеді. Діни тұрғыдағы осы ізденіс әрекеті сол көне ғасырлардан бізге жетті. Жұмбағы әлі ашылған жоқ. Неге?! Бәлкім адамзат баласы үшін бұл сыры ашылмайтын, тек қана Уақыттың мәңгілік иелігіне ғана бағынатын құпиясы шығар. Мүмкін, адам баласының саналық даму дәрежесінің деңгейі осы құпияны ашуға жеткен жоқ шығар. Айға қонып, стратосфераны айқыш-ұйқыш ұшып жүрген, қызыл планета – Марсты игерем деп жансебіл еңбек жасап, компьютер басты адам қоғамын дүниеге әкелдік, тіпті, адамды клондауға дайынбыз ғой. Бәлкім, біз өзімізді Құдай ретінде көре бастадық па? Жауабын кім береді?! Мен бере алмадым. Әйтеуір, біз – Адамбыз. Адам – антитеза, ендеше, қарсылық галактикасында өмір сүрген соң, антогонизм, авторитаризм біздің санамызға әбден сіңіп алған. Ендеше, Жаратушы бізге жұмбағын ашпайды. Мен осыған сенемін. Сенемін де көңілдегі көп ойдың, санадағы сан сұрақтың жауабын Алмастан іздеймін. Азамат інім (Құсайынов Азамат – ислам дінінің білгірі, жаны аппақ қардай таза, мөлдір жан) іздеп келіп: «Аға, ораза келе жатыр, сіздің ішіңізде рух бар, жүріңіз, мешітке барайық», – деп маған жылуы көп жанарымен тіке қарағанда, ғұмырымда бірінші рет өзімнің шарасыздығымды сезіндім. Себебі, мұсылмандықты мазмұнды түрде таза ұстанған, нағыз адал,
ішкі парасаты терең Азамат менің мысымды басып, еркімді билеп, санамды меңгеріп әкетіп еді. Әйтпесе, талай тақуа, діндарлармен кездесу былай тұрсын, сұхбаттасқанда, жүздескенде жүрегім қабылдамай, олардың сыртқы формасына күліп қана қоятынмын. Яғни, Азамат інім маған ислам арқылы ерекше әсер берді. Мен бірден «Алмаста не бар екен?» деп жанталаса оқи бастадым. Өйткені, өзім әдебиетке жақын болғандықтан емес, жазса тек Алмас қана жаза алады деген түйсік алға жетеледі әрі оның жазып жүргенін де білетінмін. Соңғы уақытта ислам дініне деген ынта-ықыластың өсуі әдебиетімізге де жақсы серпін әкелді. Әсіресе, поэзияда дін тақырыбы жан-жақты игеріле бастады. Бұған соңғы буын жас ақындар легі үлкен еңбек сіңірді ғой деп ойлаймын. Кеңес дәуіріндегі тыйым салу, цензура, партиялық идеология көптеген таланттардың түбіне жетті. Бойындағы бұла таланттың жемісін толық бере алмағандар өзін-өзі жегі құрттай жеп, араққа бой алдырды, себебі, олар үшін тек осы жол ғана ашық болатын. Ал, ғасырмен бірге әдебиетке енген жас дарындар үшін жаңа қоғамдық құндылықтар әлемі алдынан тосып алды. Бұл туралы ақын Е.Раушанов: «Басқа жетістік-кемшілігін былай қоя тұралық, өлеңге басты өзгешелігі – Алла Тағаланы бір деп, Құран-Кәрімді шын деп танитын ақындар келе бастапты. Мұндай шайырлардың соңы 1937 жылдары атылып кеткен еді. Содан Құдайсыз қоғамда үш, төрт буын тәрбиеленді. Бүгінде жасы 80-ге тақаса да мұсылманшылықтан әліпті таяқ деп білмейтін, 60-тан асса да кәлимаға тілі келмеген ақсақал-қарасақалдарымыз – сол қоғамның жемісі», – деп дәл айтқан. Енді ақындарға сөз берсек: Пиғылыма сайтан ісін қолдатып, Сан адастым көкке көшер жолда тік. Ібілісті періштеме жеңдіріп, Қайта алсам ғой... (Мен үшін сол – зор бақыт) (Маралтай Райымбекұлы. «Өзек»)
Көріп жүрген көрешегім көп менің,
Бәріне де шыдаймын.
Сенен басқа сүйенерім жоқ менің,
Құдіретті Құдайым!
(Арман Бердалин. «Тәңірге жалбарыну»)
Құдіретпен ғажап ғаршы қаламды,
Алла десең, жарық болар қараңғы.
Имандылық шұғыласына ұмтылсаң,
Ислам ғана құтқарады ғаламды.
(Дәулетбек Байтұрсынұлы. «Ислам ғана»)
Бәрі – діни.
Сенім менен наным көп,
Құдайыңнан қорықпасқа халің жоқ.
(Алмат Исаділ. «Ертегі-өмір»)
Алдына ап ғаламды Алла тербетуде. Қақы бар кімнің бізді шерлі етуге? Ғарышқа ұшып кетіп періштелер, Күнәкар біздер қалдық Жер бетінде. (Серік Ақсұңқарұлы. «Әу баста сұм Әзәзіл періште еді») Дәлел ретінде ұсынылған осынау бес ақынның өлеңдерінде кеңес дәуірі ақындары айта алмаған, жаза алмаған, құсалықпен ішінде кеткен Аллаға деген армандары жазылған сияқты. Өзіміз білім мен ғылымға жақын жүргендіктен ислам дініндегі осы салаға деген ықылас-ниетті зерделеуге бет бұрдық. Расында да, ислам білімді алға қойған. «Дін – апиын» деп өз санамызды өзіміз улап, «Партия – ум, честь и совесть нашей эпохи» деп қызыл галстукпен мойынды қылқындыра басып шапқылап жүріп білмеген екенбіз. Білдіртпеген екен. «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы!» «Оқы» сөзі – Аллаһ Тағаладан елшісі Мұхаммедке (ғ.с.) түскен ең алғашқы уахи. Аллаһ Тағала: «Алланың атымен бастап оқы!», – деген жоқ, бірақ, «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы!», яғни «Жаратқан тәрбиешіңнің атымен бастап оқы!», – деген екен. Ислам бізден білімді, білікті, парасатты үмбет болуымызды, ғалымдарымыздың, ғұламаларымыздың саны өсіп, білімсіздер, надандар, арсыздар санының аз болуын талап еткен. Шынында да, ислам тарихына зер сала жүгіртсек, «оқу» – Аллаһ Тағаланың тарапынан уахи арқылы түскен Құран мен Пайғамбардың сүннеті. «Оқы» сөзі – Алладан адамзат баласына келген жолдау. Оқысаң, Аллаға жақындайсың, оқу – әр мұсылманның парызы. Құранда алғашқы түскен аяттарда ғылымды дәріптейді: «Оқы! Раббың аса жомарт. Сондай (білімді) қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйретті», – делінеді. Ендеше, сананы жаңартып алу үшін оқу керек және көп оқу керек. Әсіресе, бүгінгі оқымайтын «оқымыстылар» көбейген заманда көп оқу – міндет! Әдебиеттегі поэзия жанры қашанда жанға жақын болғандықтан өнерде дін тағылымы өлең арқылы көп дариды. Алмас ақын осы арнада көп еңбек сіңіріп келе жатыр деп білемін. Сонау сәби кезімнен біліп өскен, Біліп өскен, санама сіңіп өскен, «Алла» деген аяулы атыңды бір, Шығарамын қалайша бүгін естен?!
Ардақ тұтып атыңды «Алла» деген,
Өнерімді өзіңе арнап өлем.
Сен туралы жырларым – нағыз өлең,
Ал, қалғаны бір күндік, жалған өлең.
Ақынның «Алла» атты өлеңінен беріліп отырған осы үзіндіде оның бала кезден көкірегінде жатталып қалған «Аллаһ» сөзінің құдіреті күшті атасы Темірбай арқылы санасына сіңген. Расында да, бүлдіршін балалық шағы атасы Темірбайдың бауырында өткендіктен, бала сезім өз жүрегінде ата тәрбиесінің ұлылыққа толы ұлағатын ұстап қалған. Күпілі қара шал Темірбай тегін болмаған ғой, сірә. Өз басым атасын көрмедім. Бірақ, немересін тері сіңген күпісінің етегімен жауып отырып, сықырлауық арбасының үстінде келе жатып көк аспан, қара жердің тылсым сырын ұғындырып кеткенге ұқсайды Мәңгілікке. Таң ата бие байлағанда, шөп шаба барғанда, кешқұрым ауылға қайтқанда ма, әйтеуір, томпиған қара немересінің санасына әулиелік туралы құя берген, құя берген және де тері сіңген күпісінің исімен. Алла Тағала қазақтың осы күпісі құрыса, өзі де құритынын біле ме екен?.. Сезетін сияқты... Алмас өзін өсірген атасына: Есірке, ескі Айым Жарылқа, жаңа Айым. Қызарып батсыншы кеш дәйім, Ағарып атсыншы таң ләйім –
деп атам, жарықтық күбірлеп Оқитын беймәлім аятын. Дүниенің дидары күлімдеп, Ай оған алақан жаятын. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Көк құлпытасына марқұмның Салғанбыз айы бар бір сурет. Бейітке келетін әркімнің, Дұғасын қабыл ғып тұрсын деп… – деп осындай сақи өлеңмен өріп тамаша ескерткіш соққан екен. Бұл – мұсылмандықтың тәрбиесі, ислам философиясының қазақы санадағы айнасы. Арабиядан келіп исламды түркілерге таратқан Пайғамбардың сахабалары ең әуелі білім, оқу арқылы насихаттағаны белгілі. Себебі, Құранда: «Аллаһ сендердің іштеріңдегі иман келтіргендер мен білімділердің дәрежелерін көтереді», «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ала ма!?», «Алладан құлдарының ішінде тек қана ғұламалар қорқады», «Раббым, білімімді арттыра көр», – деп айт», – делінген. Солай жазылып жаһанға насихатталған. Ислам діні ең алдымен білімді құнттады. Оны иманның серігі қылып, қадір-қасиетін құрметтеді. Білім мен иман – Ислам өркениетінің негізі. Исламда білім мен иман осы діннің нұры он төрт ғасыр бұрын Хира үңгіріне төгілген күннен бастап байланыс тапқан. Аллаһ Тағала барша адам баласының атасы Адамды білім арқылы ерекшелеген ғой. Мұсылман баласы бақытқа, бейбіт өмірге тек иманмен, пайдалы біліммен, ізгілікпен ғана жете алады. Бұл – ислам философиясының алтын діңгегі. Ал, біздің қазақтың біразы басына сәлде тартып, мешітке барғанымен ішкі мазмұны таяз, құр сән
үшін, өзін өзгеге мақтаншақтықпен көрсету үшін мұсылман болғысы келсе керек. Форма – бес, ал, мазмұны – екі, ондайдан айнала қашқым келіп тұрады. Одан да Алмастың Алласы мығым! Мен кей сәтте он сегіз мың ғаламның, Жалғыздығын сырттай үнсіз бағамын. Жалпы алғанда, жалғыз емес жалғыздық, Ол – әлемде он сегіз мың. Санадым.
Он сегіз мың! Санап көрдім мен кеше, Жалғыздық та жалқы емес, ендеше, Алла – жалпы жалғыздықтың иесі, «Жалғызбын» дер пенде Аллаға сенбесе!.. Алмастың Алласы өз ішінде. Ислам діні туралы, жалпы дін, тарих, әдебиет, өнер хақында өте білімді. Терең жатыр. Білімді өзі оқып алғанға ұқсайды, себебі, біздің университеттік, академиялық білім кейде адамды жонып жібереді де, кептіріп алады. Алмастың екінші бір қыры – білімділігін, білімдарлығын көрсетпейді. Бұл – нағыз мәдениеттіліктің белгісі. Шақшадай миындағы аз ғана білгенін кең жаһанға айғайлап өткізіп жүретін, өзін дәрежелі деңгейге өзі көтеріп бықсып, күйбеңдегендер қаншама айналада?! Өкінішке орай, неге екенін қайдам, солардың асығы алшысынан тұрады да қояды осы қоғамда. Ондайда Алмастың: Мешін сынды санасы жоқ, миы бар, Исі кәпір Исламды нағылсын?! Хас Құдайға жас жүрегім сыйынар, Тас құдайға тас жүректер табынсын!..
Мезі болып мезгілдердің сөзінен,
Жаутаңдадым, жауап таппай бір ойға;
«Мен кіммін?» деп сұрағым кеп өзінен,
Жолға шықтым жолықпақ боп Құдайға...
Тіл ұшында тірілді бір өлі үміт,
Бастапқы ойым басқаша еді, басында;
Рахаттанып, рахымына шомылып,
Мәңгі-бақи қалғым келді қасында...
Шақырғанын шалып қалды құлағым, Бұрын қайдан естіп едім бұл үнді?.. ... Мен Құдайға жақындап ем бір адым, Құдай маған құшақ жая жүгірді... – деген өлеңімен іштей жауап беремін. Ақынның «Мұсылман» атты осы өлеңі маған қатты ұнайды. Тамаша! Сәуегей емеспін, әйтсе де, қазақ поэзиясында «Мұсылмандай» өлең өте сирек! «...Мен Құдайға жақындап ем бір адым, Құдай маған құшақ жая жүгірді», – деп айтқым келеді де тұрады. Қайталай бергім-ақ келеді.
Ислам дінін толыққанды игеру, меңгеру, үйрену, оған ден қою жаңа ғана басталды. Тек осы бағытта шынайылық болса дегім келеді. Себебі, ислам институттарын бітіріп келгендердің бәрі бірдей елге исламды насихаттауда имандылықпен еңбектенуде деп айта алмаймын. Мүмкін, жергілікті жерлерде әлі де болса «дүмшелердің» беделі басым болғандықтан шығар. Ислам социологиясы, Ислам сенімі, Ислам этикасы, Ислам психологиясы ғылым ретінде өз дәрежесінде оқылмай елді тәрбиелеу қиынға түседі. «Шариғат ғылымында «жақсарту» әрекеттері пайда болды, олар құран мен сүннетті бекем ұстануға және ижтиһадтың есігін ашуға шақырады. Өйткені, ол қазіргі заман жаңалықтары мен қажеттіліктеріне сай Ислам шариғатының өркендеуіне себеп болады», – дейді Әл-Азһар университетінің оқытушысы, Бүкіл әлемдік Ислам лигасының білім беру саласындағы педагогикалық кеңесшісі М.Ф.М.Рифаһи мырза. Бүгінде барша әлем көріп, біліп, танып отыр, капиталистік және социалистік теорияларды теріске шығаратын Ислам экономикасы ғылымының пайда болғанын. Мәселен, Ислам банктері өсімқорлыққа (пайыздық үстеме) тосқауыл қойды. Өнерде ислам дініне сай кино, музыка, поэзия т.б. салаларына қаржы салып жатыр. Бұл – қуантарлық. Бірақ, бізге келіп жеткен тегін берілетін осынау қажетті ғылыми кітаптар, газет-журналдарды саудагер-санамыз өзімізге ақшаға сатқызып әуре қылып, масқарамыз шығып жүр ғой. Осыны көргенде өз шынтағыңды өзің тістелейсің-ау келіп. Осы орайда, бүгінгі қазақ қоғамының осынау өмірлік көріністерін, пенделік дүнияуи тіршіліктерін жаратпайсың. Өзіңмен өзің боласың. Соны дөп басып, дөңгелетіп суреттеген ақындарды оқуға бет аласың. Алла алдында арым ғой – куәлігім, Куәліксіз танымай дін әлібін. Дүдәмал күйге түскен күнім құрысын, Күннен күнге арттырып күнә жүгін. (Бақыт Беделханұлы. «Алла алдында...»)
«Алланың бұйрығымен дінді білдім,
Алдияр,
«Кәлләм – Шәріп»
құлдық ұрдым.
Амалым таусылған соң мен зарлаймын,
Заманым –
қызыл түлкі, мың құбылдың.
(Есенғали Раушанов. «Алланың бұйрығымен»)
Атам қазақ қуанса торықса да,
Әлденеден шошынып қорықса да.
«Уа астафир Алла» деп айтатұғын,
Әзірейіл алдынан жолықса да.
«Алла, аман жеткіз – деп – ақ таңыма», Сенен саулық сұрайтын жатқанында. «Кешіре гөр, Құдай-ай!» деп тілейтін, Атам қазақ күнәға батқанында. (Алмас Темірбай. «Алла деген») Алмас шығармашылығының дінге байланысты өлеңдерінде жын, шайтан бейнелері жиі кездеседі. Ал ислам діні бұл туралы нені айтады, соны алға тартайық. Аллаһ «Жындар мен адамдарды Өзіме құлшылық етуден басқа (мақсат) үшін жаратпадым», – дейді Әз-Зарият сүресінің 56-аятында. Үстемдік пен ұлықтық – тек Аллаға ғана лайық. Дүниеге не үшін келгенін білмейтіндер, ақылы азғандар, ақиқатқа қарсы келіп, шектен шыққандар, адамдарды жәбірлеушілер қалайша үстемдік пен билікке лайық болады?! «Қарғыс атар, құранның әміріне ермегенді», – деп орыстың ұлы ақыны И.А.Бунин тегін айтпаса керек. Қырық рет күніне құбыла ма, Тіршіліктің таппадым сырын, аға. Монастырьға барар ем... Алланы ойлап, Қайта-қайта қараймын құбылаға... – деп ақын ағасы Мұқағалимен сырласа отырып, мына тіршіліктің пенделік жағдаяттарынан шаршаған Алмас: Күйіп-піскен күндерім, жылдарым-ай, Күйімді бұл күпірлік қылма, Құдай. Мезі болып мына өмір базарынан, Мұражайға кеткім кеп тұрғанын-ай!.. – деп жырлайды. Қазақтың екі ақыны – Мұқағали мен Алмастың монастырь туралы ой-толғамдары ─ үндес, мағыналас, тақырыбы – төркіндес. Асылы, қоғамдағы темірдің өзін тот бастырар ахуалдың өздерінің жан жүрегін езіп, жаншып әкетіп бара жатқан сәтінен құтылудың амалын меңзейді. «Аллаға тән болса дедім мінезім, Адамға тән болса дедім ақылым», – деп өзіне-өзі серт бергендей болған ақын адам жанындағы теріс мінезқұлықты, әбестікті, өзі көріп жүрген алдамшы екіжүзділіктен адамның «жынын» көреді, сайтанын бақылайды. Алмасқа бүгінгі қазақи пенде тіршіліктің құрбаны болып, алданып, арбалып кететінін біз де сезсе дейміз. Өлтіріп өзімді-өзім тастар едім, Өмірім болса, шіркін, басқа менің. Желкемнен жалғыз көзді Жын қарап тұр, Жебей гөр жеті түнде, Аспан-елім!.. – деген ақын ендігі жерде «Азғыру» өлеңінде сайтанмен арпалысып, оның «бақыт деген – ләззат, сұлудың құшағы, бөтелкенің іші, ойын-той» деп өзін қол бұлғап шақырып, қолтығынан демеп, кеудесімен көтеріп ар-ұяттан бездіруге үгіттеген сәтінде былай дейді: Сенбе, түк қасиет жоқ тұмарына, Сенбе, бір шындығы жоқ құранына. ─ деп маған сырын айтып, «шынын» айтып, Сайтан кеп сыбырлады құлағыма.
Қуып шықтым, Қасыма қайта келді, Сандырағын қайталап айта берді. ...Онсыз дағы бас қатып отырғанда, Енді маған жетпегені сайтан еді?! ... Лә илләһә илаллаһ Мұхаммәдун уә Расулаллаһ! Хақ періштелерді оттың нұрынан, жын-пері, сайтандарды оттың жалынынан жаратқан дейді. Ал бір рәуәйатта періштелерді нұрдан, жынды оттан жаратты делінген. Періштелердің жыннан артық үш қасиеті бар. Біріншіден, періштелер «мәләк» аталады да, перілер «жын» атанады. Екіншіден, періштелердің мекені – көкте, жын-сайтанның мекені – жерде, адамдар қасында. Үшіншіден, періштелердің жыннан күші артық. Қайткенмен де исламда періште, ібіліс, адам арасындағы қарым-қатынас тамаша әфсанаға айналған. Ібіліс түбінде адамды алдаған, Аллаһ Тағала Адам ата мен Хауа ананы жұмақта ұстағанда ішін пасықтық ой билеген Ібіліс 300 жыл бойы екеуін аңдып, Аллаһ Тағала тыйым салған жемісті алдап жегізіп, екеуінің де жұмақтан қуылуына себепкер болғаны белгілі. Сондықтан, адам жын-пері, Ібілісті жек көреді. Онымен мәңгілік майданда. Соның тарихын жетік білетін Алмас та бүгінгі күні: Кинодағы, кітаптағы сайтандар, Бүгін біздің арамызда!.. Байқаңдар!.. Сарымасын санамызға, байқаңдар!.. Сайтанға еріп хош айтысқан жұмақпен Адам Ата ұрпағына айтам зар, – деп «SOS!!!» белгісін соғып бар адамзатты: Адамзатқа, ғаламзатқа айтам зар; «Тозақта» да, «жұмақта» да сайтан бар. О жақта да, бұ жақта да сайтан бар. Адам Ата – Хауа Ананың ұрпағы, Асықпаңдар, абайлаңдар, байқаңдар!!! – деп жан айғайымен, жүрек қалауымен ескертеді. Өйткені, өзі де Адам, жер бетіндегі тіршілік еткен екі аяқтының бар қылмысына – куә, көріп отыр. «Періштеден пендені айырмақ боп, сайтандарым жасап жүр сүймес қылық» деп өзі де Ібілістің құрбаны болып кете жаздап, «жалғыз тастап кетпеші, кетпе, жаным, сайтандардың жағына шығып алып», – деп жан ұшыра Құдайды куәлікке тартуында да адам мен сайтанның ғұмырлық шарпысуын дәлелдейді, айғақтап көрсетеді. Бүгінде біз Израильді Тәуратсыз, Еуропаны Інжілсіз, Қиыр Шығыс пен Үндіні Ведантасыз, мұсылман әлемін Құрансыз елестете алмаймыз. Әлемдегі жаһандану процесінің бір бағыты дінді уағыздау, өз діндерін енгізу арқылы өріс алып келеді. Осындайда жаңа ғана егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздікке жеттік деп бөріктерін аспанға атып, соған енді қашан түседі деп 16 жыл бойы әлі қарап тұрған аңқау қазаққа басқа діннің насихаты өтіп кете ме деп ойланасың.
«Бұдан он ғасырдан астам уақыт бұрын әмбебап заң шығара білген Мұхаммед салла Аллаһу алейһи уә сәллам тәрізді адамның өз ортасынан шыққанын адамзат мақтаныш етуі керек. Біздер, еуропалықтар, нәр-құнары мен абыройлы қадір-қасиетін екі мың жылдан кейін игере алсақ та, бақытты болар едік-ау», – деген Вена университетінің профессоры, белгілі ғалым Шерлдың пікірін біздің ұлтқа жиі айтып отырса, артық болмас еді. Алла тұрар тап алдымда, Алаш тұрар артымда, Қалам осы қарапайым қара қазақ қалпымда, Қалам осы қалпымда!.. – деп жырлаған Алмастың дінін тани білейік, оқи жүрейік, бүгінгі ұрпаққа жеткізейік. Асылы, Алмас арқылы нағыз мұсылман қазақ болып қалу – бәрімізге сын.
* * *
Тірлігім үшін тіресіп,
Өзекті жиі өртегем.
Қайғым тоң боп сіресіп,
Дерегі мәлім дерт емем.
Төлеген Қажыбаев
(тақырып орнына)
Көркем әдебиеттің көп ғасырлық тарихында өрлеуі де, тоқырауы да аз болған жоқ. Әдебиет тарихында дамудың өрлеу, тоқырауының алма-кезек ауысуларына әр түрлі формациялардың өзгеруі, жаңарулары себепкер. Таза өнердің, шынайы шығармашылықтың еркін қанат жаюы үшін қоғамдық қатынастар адамзаттық ізгі мұраттарға негізделуі қажет, қоғамдық құндылықтар адам үшін қызмет атқаратын факторға айналуы керек. Қоғам мен тұлғалы адам арасындағы қарым-қатынас үнемі үйлесімге құрылады десек, шындыққа жатпайды. Бұл, әсіресе, талантты, өнерлі адамдарға байланысты жиі айтылатыны белгілі. Қоғам жүйесі, мейлі, ол қандай саяси-экономикалық формация болса да өте күрделі, шым-шытырық дүниеден құралады. Себебі, сан түрлі саяси көзқарастар, әлеуметтік психологиялық, философиялық құрылымдар тоғысқан қоғамда қашанда болсын даму эволюциясы сан-салалы болып келеді. Қоғам онысыз дамымайды әрі жетілмейді де. Қоғам – өте күрделі құрылым. Қоғам мен замана әрқашанда бір-бірімен өте тығыз байланыста тіршілік етеді. Замана, дәуір, уақыт өлшемдері философиялық категория болғанымен де қоғам ырқында. (Философия «уақыт – ештеңеге бағынбайтын категория» деп белгілейтіні аян). Қоғам мен замана дамуы белгілі бір бағыты бар жүйелердің заңды, біртұтас, тұрақты өзгеріске ұшырай отырып, уақытқа сәйкес өз бет пердесін анықтайды. Қоғамдағы заман ырқына, ондағы саяси-әлеуметтік идеологияға, философиялық ұстанымға орай әдебиет те өз бағыт-бағдарын өзгертуге, жаңартуға, түрлендіруге барады. Қазақ халқының бес ғасырлық тарихында ұлттық дамудың түрлі қоғамдық формациялық қарым-қатынастары мен ерекшеліктері негізінде әдебиеті мен өнері де өз мазмұнын өзгертіп отырды. Мәселен, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы хандық дәуірде – жыраулар поэзиясы, ХІХ ғасырда – ақындық поэзия, импровизаторлық, сал-серілік дәстүр, оның екінші жартысы – жазба поэзияның Абай негізін қалаған кезеңі т.с.с. болып кете береді. ХХІ ғасыр басындағы қазақ поэзиясы қоғам мен жаңа заман дамуын, жаңа қоғамдық құндылықтардың қалыптаса бастауын, жаңа мен ескінің психологиялық бейнесін, ұлттың саналық деңгейін өте шебер жырлап келеді. Қазіргі поэзия – бүгінгі қазақ қоғамының көрінісін дөп басады. Мен тек қаңбақ болам ба? Заман – соққан боранда. Өмір сүру қиын-ақ, Жылуы жоқ қоғамда...
(Саят Қамшыгер. «Мен тек қаңбақ болам ба...»)
Заманның жүгі теңелмей баратқанда ауып,
Ит-өмір қоса жармасар балақтан қауып.
(Бақыт Беделханұлы. «Сайтан іздер»)
Заманың мынау не күйде,
Заңың да тұр ғой жөнделмей...
(Қазыбек Иса. «Бақыт туралы жыр»)
Өзекке өрт толды,
Алланы зарлы ғып,
Абайды зарлы ғып.
Цивилизация мерт болды,
СПИД-ке шалдығып!
(Серік Ақсұңқарұлы. «Цивилизацияның өлуі»)
Азат боп кірдік, я, Алла, Алшаңдап басып мақтана, «Алаш» деп жазып қақпаңа. Жас ғасыр, жаңа замана! (Маралтай Райымбекұлы. «Жас ғасыр, жаңа замана».) Ғасырлар тоғысында қашанда болсын өзгерістер мен дүмпулер жиі болады. Өткен тарих соған дәлел. Қазақ үшін, тіпті. Білгіштер ғасыр басында ғұламалар көп туады дейді. Айтқандары келсін! Қаймана қазақтың маңдайына біткен ай маңдайлы айдарлы бір ұлы, ұлттың ертеңгі өрісі болар ұланы бүгінде мектеп табалдырығын аттағанын білесіңдер ме... ХХІ ғасыр басындағы қазақ өлеңі өзгеше. Көңіл сүйсіндіреді, санаға қонады, жүрекке жағымды. Қазақ елінің тәуелсіздікке қолы жетіп, етегін жапқаннан бері поэзия еркін тыныс алып келеді. Бұл – егемендік сыйлаған ерекше еркіндік. Өлең өзгеріп, бұрынғы таптаурын жүйеден біртіндеп арылып келеді. Оған қазіргі жастар поэзиясы – куә. Жоғарыда келтірілген ақындар поэзиясы – мысал. Алмас Темірбай да осы буыннан және алдында қара үзіп келеді. Әлдекімдерден көрсең де әлі бір жәбір, Тілегің сенің болады, бәрібір, қабыл!... Қайратың қашып, қайғырма, қаймана қазақ, Тағдырың ауыр болғанмен, Тәңірің – әділ!.. Әлбетте, қоғам, заман туралы тақырыпта жас ақындарды талдау қазақ әдебиетінде үрдіске айналмаған. Шамасы, күні өтсе де, күлі қалған кеңестік жүйенің шарпуы болар. Бірақ, поэзияға емен-жарқын еніп, келіп, елге белгілі болғаны, бар-жоғы, он шақты жылдың жүзі ғана өтсе де Алмас Темірбайды шығармашылық диапазоны жағынан кез-келген тақырыпта талдауға әбден болады. Алмас ең әуелі, өткен қоғамның «кеселді ауыруын» сылып алғысы келгендей:
Құранды аттап, нанды алған нансоғарлар, Құдайды аттап, кешегі комсомолдар... Қыспаққа қияметте түсер жаны, Ұшпаққа ұшақпенен барса да олар?! – деп айта келіп қаланы да, даланы да жын жайлап, порно-дүниеге айналған өмірді сынай келіп: Олар көп, мен – жалғызбын айлам қанша?! Сақтармын сабырымды Пайғамбарша. Уақытты уысымнан шығармаймын, Бір уыс топыраққа айналғанша, – деп серт береді, өзін қайрай түседі. Өйткені, порно-дүние мен жын жайлаған қоғамның қазанына: Жын кетті, Жалғыз көзін қысып кетті, Қаламым қолымдағы түсіп кетті. ... Бір күні Жынға еріп кетер ме екем, Табаным о, кәпір-ай, қышып кетті – деп, өзі де түсіп кетемін бе деген сақтығын жасырмайды. Қоғамдағы жақсы да, жаман да адамды өзіне тез тартады, ал, қазіргі ауыспалы кезеңдегі, әлі де белі бекімеген жас баладай санасы ғана шетілген орта кім-кімді де болсын жұтып жіберуі ықтимал. Бүгінгі қазақстандық қоғамға үлкен ықпал жасап отырған батыс өркениеті. Еуропа өркениетінің бізге беріп жатқан жақсылығы бар болғанымен, жамандығы да аз емес. Батыс демократиясы мықты дамыған, бірақ, сол бізге қона қояр ма екен? Жиырма бес тілде сөйлеген Еуропарламенттің бізге қажеті бар ма екен, егер де өз тілімізді әлі күнге дейін тілгілеп жатсақ. Бүгінгі Қазақстандық мәдениет үлгісі батыстық жобаға ұқсап бара жатқанын айтамыз. Әдебиетті бестселлер, өнерді вестерн мен экшн басып кетті. Оны Алмас: Дәу шайтан Күнбатысты мекендеген, Көршілес көк пен жермен – екі елменен. «Тіліне аялзаттың ерер болса, Түбіне адамзаттың жетем...» деген – деп дәл сипаттайды. Өзгенің өзімізге жұқпас өнерін өңгеріп алып, дарақылықпен күн кешудеміз. Ал, ойымызда, қоғам міндетінде жаңа егеменді мемлекет құрамыз деп өзеурейміз. Ең әуелі сананы жаңа қоғамға сай өзгертпей, жаңаша ойлау психологиясын қалыптастырмай ештеңе өндіре алмайтынымыз анық. Алмас соның айғағы ретінде: Демеңіз: «Мынау неткен тамаша аңыз», Аңызға баласаңыз – адасамыз. ...Имандай шын сенерсіз осы өлеңге Кешқұрым Күнбатысқа қарасаңыз… – дейді. «Кешқұрым Күнбатысқа қарау» – кештен таңға дейін қазақтың қаласы да, даласы да батыстың қызыл көз жын-ойнағына, казино, құмар ойындары, мейрамхана, моншаларға, жалаңаш дүниеге айналатынын көрсету. Қайдам, маған да кейде осы жаңа ұрпақты қазақстандық ұлтжандылық, ұлттық намыстан гөрі батыстың, американдық «әсіреқызыл» мәдениетімен маргинал ұрпақты тәрбиелеп жатқандай болып көрінеді. Қателессем, бақытымызға.
Бүгінгі қоғам мен заманның адымдап алға басқан жетістіктері өте зор. Қазақ елі аз ғана уақытта етек-жеңін қымтап үлгеріп, еңсесін көтеріп, енді елу елдің қатарына қосылсақ, отыз алдыңғы қатарлы корпоративтік көшбасшыларды жасап шығарсақ деген асқаралы мақсат қойды. Елбасыдан бастап етектегі еңкейген қария, еңбектеген сәбиге дейін осы мақсат үшін қызмет атқару – қастерлі парызымыз. Түнде ұйықтамадым, Күндіз отырмадым. Қызыл қанымды төктім, Қара терімді ағыздым, Күш-қуатымды аямадым. ............................................ Еліміз қайта ел болды. Халқымыз қайта халық болды, – деген Тоныкөк жазуына он үш ғасырдан астам уақыт өтті. Сонау ҮІІ ғасыр – Түркі қағанаты заманындағы ата-бабалар мұраты ХХІ ғасырда тағы да біз үшін ұлы мақсатқа айналып отыр. Ендеше, ХХІ ғасырдың жырауы, шайыры – Алмас та «Насихат» жырында қазақ елі үшін жеті насихат, жеті мақсат-мүддені ұсынады. Жыр мазмұнындағы бірінші ғақлия – ел бірлігі, екінші – біріңді-бірің сыйлар бауыр, елмен елдес бол, үшінші – жамандық ойлама, үш жүз ортақтас, төртінші – төрт құбылаң сай, төрткүл дүниеге өзіңді мойындат, бесінші – бес парызыңды орында, алтыншы – алты Алаштың баласы біріңебірің алалық жасама, жетінші – жетесізге бас ұрма, жетім-жесірге қолдау бол деген парасаты мол насихат ұсынады. Жырдың ұлтжандылық идеясы көңілге қонады. «Насихатты» жыр деп ерекшелеген себебіміз, қазақтың дәстүрлі жыр, дастанына құрылысы да, құрылымы да ұқсас, әр шумағы тоғыз тармақтан өрілген. Сонымен қатар, жырдың тағы бір жаңалығы – жеті шумақтың әр шумағындағы сан барлық тармақтың басында қайталанып отыратындығында. Бұл – жырдың көркемдік ерекшелігін әспеттеп жіберген. Жырды терме ретінде халық арасында таратса, тәрбиелік мәні жоғары, жас ұрпақ үшін қажетті дидактика болары хақ. Алмастың қоғамға тарту еткен, халыққа ғибрат ретінде ұсынған «Темірбайдың термесі» атты публицистикалық толғауы көркемдік жағынан тұтас панорамалық туынды ретінде көрінеді. Тоқсан екі шумақтан тұратын толғауда бес тарау бар. Толғау бүгінгі қоғамның барлық саласын қамтыған. Ақарыстан тараған, Жанарыстан тараған, Бекарыстан тараған, Өзін қазақ санаған, Бір Құдайға қараған, Бармысыңдар дін аман, Барша халық, бар адам, – деп, прологтық экспозициясында бар қазақты өзіне қаратып алып, қазіргі қоғамның әлеуметтік анықтамасы, бүгінгі
заманның шындық көрінісі ретінде қазақты бес топқа бөліп алып, әрқайсысының жай-күйін жеке тарауларда әңгіме етеді. Бірінші тарауда жаңа қазақтарға «сендерді ойлап қорланам, сол – қасірет, сол – қайғы» дей келіп, Қазақстан байлығын сатып, өздері ғана байып алған қарға тамырлы қалың қазаққа ештеңе бұйыртпаған «тоғышар» бейнесін жасайды. «АҚШ-тікі – арманың, батыстікі – «талғамың» болған оларға: Байлық қуған балпаңым, Өз-өзіңе бол сыншы. Тым құрыса, жан-тәнің, Қазақтікі болсыншы, – деген ұсыныс айтады. «Шала қазақтарға айтқаны», «Дара қазақтарға айтқаны» деген 2-3тарауларында өткен қоғамның жаңа заманға «өткізіп» кеткен мұрасының иелері – маргиналданған, ассимиляцияланған тіл білмейтін, ұлттық менталитеттен мақұрым қазақтар мен кеңестік жүйе бойынша ел басқарып, жаңа сананы қалыптастыра алмаған «майлы жілік» – бүгінгі шенеуніктерді сын садағына алады. Ақын оларға «жон арқасы жотадай», «қорқауменен шатыс па?!», «өзін-өзі зор тұтар» деген сияқты теңеулермен әжуалап келіп: Сыртқы жүнін қампитар, Сүйек мүжіп, май асап. Әлі-ақ аузын аңқитар, Әккі түлкі – саясат! – деп, оларға да қоғам құндылығы өзгереді, замана заңы ауысады әлі деген сияқты ескертпе айтады. Толғаудың төртінші «Бала қазақтарға айтқаны» тарауында бүгінгі жас өскін, жаңа ұрпаққа заманның ащы шындығын айтып, қазақстандық қоғамды сендер жасайсыңдар, «анаңның тілін білген соң, адамның тілін білерсің, адамның тілін білген соң, ғаламның тілін білерсің», – деп қазіргі мемлекеттік деңгейдегі мақсатты алдарына қояды. Тараудың идеясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың барлық қазақстандықтарға қойып отырған мағынасы зор мақсаты – ең әуелі ана тілін меңгеру, содан кейін орыс, ағылшын тілдерін үйрену үндеуі жатыр. Толғаудың көркемдік көкжиегі еліміздің жаңа қоғам құрудағы жастар міндетін анықтауға арналған осы тарауы – бүгінгі идеология, қазіргі білімге қажет материал. Ал, бесінші «Қара қазақтарға айтқаны» тарауында қалың ел, қара бұқара халыққа «өз тәуелсіздігің – өз қолында, намыс пен ар, ұят пен парасат оянсын көкіректеріңде, ең әуелі өздеріңнен бастаңдар үлкен мақсатты іске асыруды» деген ұлықты сөз, ұранды идеяны ұсынады. Толғаудың өн бойында ақынның қазақ үшін алдаспандай жарқырап тұрған намысы мен арын көресің. Ақын сөзін: Ашына айтты десең де, Асыға айтты демессің. Асыға айтты десең де, Асыра айтты демессің! – дей келіп, өзінің эпикалық баяндауында ел, қоғам үшін қажетті конструктивті тұжырым береді.
Ақынның «Кенесарының келмеске кетердегі жыры», «Жорық жырлары» атты Махамбетке арналған, нақты тарихи тұлғаларға бағытталған толғауларында да біз өмір сүріп отырған заман кейпі көрініс беріп отырады. Бұл толғаулар басқа тақырып аясында талқыланатын болғандықтан, тоқталуды жөн көрмедік. Қоғамдағы кері әсер ететін мәселелерді, заманның шырқын бұзар ісәрекетті поэзияда көрсету әбестік емес. Адамның көркемдік танымына тән қоғамдағы жат, оғаш, қисынсыз жағдайларды сатиралық және символикалық арнада суреттеу тәсілі – әдебиетте бұрыннан келе жатқан дәстүр. Қоғамдағы әлеуметтік мәселелерде кетіп жатқан кемшіліктер, заманның теріс ағымы, тіпті, адам санасындағы ожар сүреңсіз қылықтар, әділетсіздіктер сияқты негатив дүниелерді ақындардың шындықпен айтуы – қазақ ғұрпында ежелден бар қасиет. Тек заманның, дәуірдің өз мақсат-мүдделеріне орай өзгеріп отырады. Ақын қоғамдағы кемшілікті айту, замана шындығын бүкпей жырлау арқылы әдебиет тарихына енуі керек. Әдебиет осынысымен құнды. Батыс, орыс әдебиеті осы принципті әлі күнге дейін негізгі арна ретінде ұстанып келеді. Өкінішке орай, қазақ әдебиетінде өткен қоғам қалыптастырып кеткен «жалпақшешейліктің» сарқыны бізде әлі бар, болатын да сыңайлы. Әйтеуір, қазіргі қазақ поэзиясына келген жастар одан ада, өзінің табиғи тазалығын сақтауда. Егер оларды да қоғам дерті, замана запыраны алып ұрмаса. Алмас Темірбайдың замана туралы ой-толғамы, қоғамға көзқарасы өз биігінде көрінеді. Азаматтық позициясы берік, періште көңілі тек шынайы шындықтың қасында. Дүниедегі ең ауыр, Тартамын ойдың азабын. Мен ойланғаннан не қайыр, Сен ойланбасаң, қазағым?! («Не қайыр»)
Сөз баққанды, қайтейін,
«Сөз тапқанға қолқа жоқ».
Сөз тапқанды, қайтейін,
Сөз тыңдайтын орта жоқ.
(«Темірбайдың термесі»)
Тау-тасты түгел мекендеп, жеке асқарды, Тастүлектейін кезсем ғой, шіркін, аспанды... Тас керең қоғам түсінсін қайдан сырымды, Тас бауыр тірлік. Тас жүрек тағдыр. Тас – бәрі... («Тас мүсін түбіндегі ойлар») Мемлекетіміздің әлі де аяғына тік тұрмаған жас қоғамының жаулары көп. Біз айтқан санада жаңа қоғамның құндылығын тәрбиелемейінше, қоғам жылдам алға баспайды. Елбасы елге айтып жүрген «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», билікке бұйрықпен берген «тоятын уақыттарың болды ғой, енді
халыққа жасасаңдар» деген сияқты өсиеттерін тыңдар құлақ болса-шы, орындар уәзір табылса-шы. Сондықтан да Елбасы ащы айтуға, қатты жазалауға мәжбүр. Осының бәрінің айыбы – санадағы өзгерістің, менталитеттегі жаңарудың болмауы. От басылық, ошақ қасылық қана ақылы бар адамдардың қоғамға иелік етуі – қасіретті жағдай. Қоғам мүсәпірлік күйге түсіп, замана ағымы тежеледі. Осындайда Алмас боп: Басқарма, бастық, бас хатшы, басбух... «бас» – бәрі! Басқосуларда қосыла қалса бастары, Бастайды сөзін бір-бірін мақтап лепіріп, Басқаны қайдам, ойлайтындары бас қамы, – деп айтқың келеді, айғайлағың келеді. Бүгінгі шенеуніктік басқару жүйесінің іріп-шіріп, ешқандай этикалық нормаға сай келмей бара жатқан кейпін көріп жиіркенесің. Жалға алған жамаулы үйінде «қамау» күйінде отырса да Алмас қоғамның барлық мешелді кеселін біледі, заманның шындығын камертонның тықылындай айырады. Ақынның: Бас пайда ойлап, кейбіреу қырық құбылып, Баспана үшін бірімен-бірі қырылып. Басынан бір сөз асырмас бастықсымақтар Басынып алып, енесін елдің жүр ұрып, – дегені бүгінгі күннің шыңғырған шындығы емес пе?! Осының бәрін көріп, біліп отырған ақын жүрегі: Баса-көктеген жауынан қайтпай меселі, Басым түсетін көсемі мен шешені. Батыры түгіл, қатыны... қытай, қалмаққа, Бас имей өткен бабаларым-ай кешегі!!! – деп қазақтың өткендегі өр бейнесімен өзін-өзі жұбататын, көңілін басатын сияқты. Бірақ, ақын үні, ақын кредосы төмендегі шумақта еркін естіледі: Басын қоссам деп бірлікке жұртты шақырдым, Бірдеңе ұқса, бастарын біраз қатырдым. Бас ұрмаймын мен Құдайдан басқа ешкімге, Басымды кесіп, ала алсаң, мә, ал! Бақұлмын!.. Алмастың қоғам, замана жайлы тақырыбы оның «Жаңа қазақ. Тозған ауыл. Хроника 2000 жыл», «Тырнақшалары қойылмаған жыр», «Шарап пен шайыр», «Терме», «Қоңыр өлең», «Көкшетаулықтардың қызылордалықтарға тілегі», «Туған топыраққа тағзым», «Қайыршының қоқыс жинаушыларға айтқаны», «Ескі жұрт», «Тәуелсіздік туралы мас ақынның монологы», «Галюцинация» – сияқты өлеңдерінде кең қамтылған. Мылқаулар ғана бақытты, Кереңдер ғана бақытты, Соқырлар ғана бақытты, Бақытсыз мына заманда... – деген ақын сөзінен әлі де қоғамда әділетсіздіктердің көп, әлімжеттік дүниенің мол екенін аңғаруға болады.
Идеал қоғам болған емес. Десек те, кез келген қоғамның өз дәрежесі, өз мағынасы тарихта қалады. Бүгінгі қоғамның көрінісі, қазіргі заманның зардаптары – үлкен тарих үшін бір-ақ парақтық материал. Бірақ, әр қоғам, әр дәуірден бізге жететіні – тек қана СӨЗ! Заратуштра, Анахарсис, Қармұқ Кегменер Үлгеұлы, Күлтегін, Тоныкөк, Қорқыт, Әл-Фараби, Бабыр сияқты даналардың ұлағатты сөздері арқылы біз олар сүрген дәуірлерді пайымдаймыз. Жер жүзін жаулаған, дүниенің төрт бұрышындағы байлықты иеленген Александр Македонскийді жерлегенде саркофаг табыттан бір қолын шығарып, алақанын жайып қалың еліне көрсетіп қоштастырған. Мұнда «қаншама байлықтың иесі, қаншама биліктің қожасы Александр Македонский де, міне, жер астына ештеңе алып бара жатқан жоқ. Ойлан, жер үсті адамдары!» – деген пікірді Аристотель өз шәкіртінің жаңағы кейпінде түсіндірген. Ендеше, бүгінгі қоғамның, бүгінгі заманның ақыны Алмас Темірбайдың: Маңдайыма бақ бітірген жер едің, Таңдайыма ақ бітірген жер едің. Барсакелмес дегенге де барар ем, Сеніп кімге тастап кетем сені, елім?! – деген қағидасы бәріміз үшін үлгі болар деп сенемін. Сенейік, ағайын! Кім біледі, келер қоғамға, болашақ заманға Алмас сөзі Авеста мен Кодекс Куманикус болып оралатын шығар?!
Жаратты ОЛ: жасыл көк, ай, күн, түнді,
Қара жер, ел, заман, уақыт, бұл күнді.
Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн
(тақырып орнына)
Қоғам дамуындағы ірі өлшемдер категориясында міндетті түрде уақыт зор рөл атқарады. Адам санасы мен ақылының парасат таразысы болып, көбінесе, уақыт көрінеді. Қазақы пәлсафада да, әлем философиясында да бұл ықылым заманнан бері таусылмас тақырып ретінде талқыланып келеді. Адамзат тіршілігіндегі басты мәселенің бірі – Уақыт! Дүнияуи философия үшін уақыт кеңістігі философияның басқа элементтерінен, формалары мен түрлерінен мүлдем басқаша ракурста көрсетіледі. Мұнда Уақыт мәселесі адам мен қоғам арасындағы мәңгілік кеңістіктік байланыс (пространственная связь) ретінде шиырланып, өзара шендесіп, қабысып жатады. Өнерде, соның ішінде СӨЗ өнерінде уақыт бірлігі, тіпті, әсерленіп, асқақтап, шырқау шыңға биіктеп кетеді. Поэзияда уақыт ешқандай салмақпен, көлеммен өлшенбейді, оның өзінің ғана кеңістігі бар. Мен баяғыда ... Он бірінші ғасырдың аяғында... туыппын, Атағын атан көтермес атамның жолын қуыппын. Қасарысқан қас жауға қарсы шауып қасқырдай, Қасқалдақтай қанымен қылышымды жуыппын. Алмас ақын уақытты тарихтың қатпар-қатпар қойнауларынан әрі ұшырып сонау он бірінші ғасырдан бір-ақ шығарады. Ұғымы – ХХІ ғасырдағы «мүжілген» қазақтың күйін ХІ ғасырдағы өр қазақпен уақыт өлшемі арқылы салыстыру. Өлеңдегі уақытты «сол кез», «ол кез» сияқты грамматикалық сілтеме түсініктер арқылы шебер бере білген: Сол кез кірді түсіме: тілімді құр тістедім, Бұрынғы өмір өң еді, бүгінгі өмір түс... дедім. Айтпадым не, айттым не, айналдым ғой аңызға... Қазір кіммін, қандаймын?! Оһ, ол кезде күшті едім!!! Уақыт бірлігі өткен, қазіргі, келешектегі болып бөлшектенеді. Алайда, «уақыт» көбіне-көп өткен енді жоқ, келешек әлі жоқ, ал қазіргі болса өткен мен келешекке тәуелді деген ұғымға жүгінеді. Қазақ санасы қайткенмен де өткенмен өмір сүруге жақын тұрады, келешек қашан да – бұлыңғыр. Неге екенін білмедім, әйтеуір, келешегімізден гөрі өткенімізді өбектеп-ақ жүргенді жақсы көреміз. Бұл – консервативті көзқарас. Бәлкім, мұның поэзияға жақсылығы да тиюі мүмкін. Соның үлгісі, ақын өлеңін: Мен баяғыда, он бірінші ғасырдың аяғында... Ай, өткінші өмір-ай!.. – деп, айтылып таусылмас, айтылса арыны басылмас қазақ туралы тақырыптың мазмұнын екі-ақ жолмен синтездеуі.
Асылы, Алмастың «Қазақ» өлеңі полотносы нақышты, өрнекті, түрлі-түсті бояуы көп суретті көз алдыңа әкеледі. Жоғарыдағы айтылған пікірге ақынның мына бір өлең шумағы тағы да дәлел: Аң да, құс та, адам да, Ғаршы менен ғалам да. Бәрі таныс... көргендеймін барлығын Баяғы бір заманда. («Сезік» өлеңінен) Уақыт кеңістігінің адам санасында ұялауының тағы да бір мағынасы – уақытты меншіктеу категориясы. Адам өз сенімінде уақытты өзіне бағындыруды мәңгілік майдан еткен. Қарап қоям айнасынан уақыттың, Маңдайдағы тағдыр дейтін тақтаға. (Маралтай Райымбекұлы. «Өмір»)
Уақыт бізді шынжырлап,
Жетектейді күнде алға.
(Саят Қамшыгер. «Уақыт»)
Тарпаң да тарпаң, тарпаң күн!
Жабыдай үркіп жалтардың.
Қанымды менің қарыдың,
Қарындай болып қаңтардың.
(Арман Бердалин. «Тарпаң да тарпаң, тарпаң күн»)
Қысқа да болса уақытым менің дария екен, Сол дарияға бар құпиямды жария етем! (Бақыт Беделханұлы. «Тамшы-уақыт») Алмас та уақытты өзіне бағындыруды мансұқ еткен ақын. «Біздің өзімізге қымбат та әрі тамаша қазіргімізді мәңгілік еткіміз келеді, әлгі біздің уысымыздан шығып кеткенде зәреміз ұшып, оның өткеніне қайғырамыз», – деген орыстың белгілі ойшылы Н.А.Бердяевтің пікірін ақын: Уақытты уысымнан шығармайын, Бір уыс топыраққа айналғанша, – деп дәлелдейді. Дүниенің жаратылуы – мәңгі. Уақыт – сол дүниені адам көзімен өлшеудің белгісі. Поэзияның құдіреттілігі – адам тіршілігіндегі бар қарекетті, өмірлік ситуацияны уақыт призмасы арқылы әсем бейнеге айналдыруында. Философияда уақытты материяның негізгі өмір сүру формасына жатқызады. Мұндағы негізгі көңіл аударатын мәселесі, ең алдымен, уақыттың материяға қатынасы болса, екіншіден, уақыт деген шындық па, әлде, тек санада ғана өмір сүретін абстракциялық ұғым ретінде көрініс бере ме деген кереғар пікірлер. Әйтсе де, философия уақытты материализм диалектологиясына жатқыза отырып, оның объективті, материалдық сипаттарын анықтайды. Материя – қозғалыс, ал уақыт та үнемі қозғалыста,
үнемі алға жылжитын, яғни, прогрестік бағыттағы даму жүйесін белгілейтін құбылыс. Ғылым да мұны И.Ньютон, А.Эйнштейн жаңалықтары, Н.Лобачевский, Б.Риман, К.Ф.Гауст, Я.Боян, Е.Федоровтың тұғырлы тұжырымдамалары арқылы растайды. Поэзия тілінде уақыт бірлігі кейде осы ақиқаттан идеалистік арнаға ауысып, адам санасының формасына айналып, Беркли, Юм, Мах насихаттаған кеңістікке енсе, бірде сезімдік, ішкі психологиялық тебіреністі қолдаған И.Кант жүйесіне, бірде абсолюттік рух теориясын ұсынған Гегель ұстанымына бой ұрады. Әйтпесе, поэзия тілі материалданып кетуі мүмкін. Ал материалданса болды, онда поэзиядан пайғамбарлық кетіп, құлдың күнін кешеді. Оған мысал – ХХ ғасырдағы кеңестік заманның соцреализм принципі. Қазақтың небір тұмса талант жасын ұлдары соның құрбаны болып кетті, қазақ поэзиясы өлімшінің күйін кешті. Ғасыр басында әлемге поэзияның жаңа үлгісін енді көрсете бастаған Мағжан ғұмырының сол нәубетке тұспа-тұс келіп, ғайып болуы – тарих алдындағы ең үлкен қылмыс дер едім. Біз Мағжанның сол рухын қазаққа әлі де түсіндіре алмай келеміз. Ендеше, ХХІ ғасырда қазақ поэзиясына жаңа өң берген Алмастай ақынды арда тұту – бізге сын. Поэзиядағы уақыт категориясы Алмаста ерекше түрге енген. Сауысқандай сақ қарап жан-жағыма, Сенгім келмей, сенемін алдағыға. Алтын уақыт тұр менің уысымда, Алтын балық түскендей қармағыма.
«Алтын уақыт, тілімді аласың ба?» Тұрмын толқын дүниенің жағасында. ... Не тілейін, япырм-ай, не тілейін, Бәрі-бәрі бар менде. Нанасың ба?! Әдебиеттегі уақыт – көркем шығарманың поэтикалық категориясы. Уақыт – болмыс пен ойлаудың бір формасы. Көркем бейнені, образды, мінезқұлықты сомдауда жиі қолданылады. Бұл – сонау ежелгі әдебиет нұсқаларынан бері бар дүние. Әсіресе, эпостық жырларда батырлардың образын ашуда, олардың тұлпарларының шабысын беруде уақыт категориясы тамаша үйлесім тапқаны белгілі. Қарлұқ Кегменер Үлгеұлы «Алып ер Тоқа» дастанында: Өмірдің күні зырлайды, Адамның күшін ұрлайды. Ғұмыр да мәңгі тұрмайды, Құтылмас ешкім ажалдан. Көңілімді қайғы жандырды, Жазылмас жара қалдырды. Кешегі күнге зар қылды, Кеткенді қайдан табасың?! – деп адам мен уақыт арасындағы мәңгі байланысты осылай жырлап кеткен.
Поэзияда уақыт ақиқаттың өзін мәңгілікпен шендестіріп, космостық кеңістіктің өзін адами тіршілік дүниесіне жақындастырып, өзіне бағындырып, икеміне көндіріп алады. Қазақ поэзиясында өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап, уақыт өлшемі ендігі жерде «күн», «беймезгіл», «бозала таң», «ақшам», «сәске», «кеш», «ымырт» сияқты көптеген мезгілдік фразалық түрлерге бөлініп толыға түсті. Уақытты «дүние», «дәурен», «жалған», «өмір» секілді балама түсініктер арқылы бере білу, ұлттық ұғымдардағы заттық болмыспен теңеу ерекше үстеме береді. Тағы бір күнді ұзатып салдым. Жарық дүние... жаз... жайлау – жырақ қалып, Отқа түсті ол байғұс құлап барып. (Есенғали Раушанов. «Тағы бір күнді ұзатып салдым»)
Бозжорғам, бозала таң, есенбісің?!
Боз дәурен, сен де бастан көшермісің?!
(Есенбай Дүйсенбайұлы. «Ұланғайыр»)
Сан дәурен өтіп басымнан,
Мен асып кеттім
Есенин,
Пушкин,
Лермонтовтардың жасынан.
Жеткізген мені осыған – тағдырым.
Қалай жасырам?
(Серік Ақсұңқарұлы. «Ғұмырнама»)
Келсап – мезгіл,
Келі – уақыт, көмейлі.
Сарғайдың ба, жасылсың ба демейді.
(Маралтай Райымбекұлы. «Жапырақ»)
Кешқұрым.
Қозады қайта қолқамды қысқан ескі мұң.
(Алмас Темірбай. «Гегемония»)
Бергі жағы дүниенің, арғы жағы...
Дағарадай басыңды дал қылады.
«Келесі өмір бұдан да жақсы» деген
Келсе дейсің жындының сандырағы.
Арғы жағы дүниенің... Үміт күшті,
Жер соқтырып жеңеді күдікті ішкі.
Жағалап ем дүние – дарияны,
Қармағымды бірдеңе іліп түсті.
(Алмас Темірбай. «Жиырма бес деген жасымда»)
Адам ойы адамзат жасаған ең әдемі, сұлу, көркем, ажарлы сөзден бастау алып, жүрегіне кәусар бұлақтың маржан тамшысындай нәр береді. Ақын өлеңі одан бетер. Күннің нұрындай, айдың жүзіндей, сұлудың сыңғыр күлкісіндей, тұлпардың әсем шабысындай өзіңді елітіп, баурап әкетеді. «Мир есть всегласная музыка. Весь мир есть изваянный Стих», – дейді К.Бальмонт. Істей берсін дүр-Уақыт өз дегенін, Қарауылда қашанда көздегенім. Жаза алмасам жарытып жарты ауыз жыр, Қай атамның құны бар сөзде менің!? – деген Алмастың өз уақытымен өзі бәсекеге түсіп, оны өз дегеніне көндіріп Уақыт пен Поэзияның арасын кіріктіріп жібергенін байқаймыз. Ақын өлеңге деген өз парызын адамзат алдындағы ұлы міндетіне балайды да, былай дейді: Адамзаттың құлақ сап тілегіне, Дарытпасам шуақ-нұр жүрегіне. Жұбатпасам жылаған жанды жырмен, Менің қанша құным бар бұл өмірде?! Ұлы Абай, Мағжан, Мұқағали жеңген Уақытты ендігі жерде Алмас та көндірген. Ақындықтың азабын, алдаспандай өлеңнің туу тозағын пешенесіне жазғасын жаман өлең, жалаң өлең емес, өрелі өлең, өршіл өлең, өлмес өлең жазу тағы да сол Уақытты өзіне бағындыру арқылы дүниеге келетінін біреу білер, біреу білмес. Ақылдының асын ішіп, аурудың күйін кешіп, жер мен көктің арасында дел-сал болып, сана мен ойдың запыранын ішіп, сезім мен сенімнің арбасуынан от болып тұтанып, төрт қабырға тұтасып, не есік, не терезе көзге көрінбей, ауаның өзі айнала қашқан, материя сағымға айналып, тіршілік елеске еніп кеткен шақта туатын өлең ғана уақытты жеңеді. Көзім алды көк түтін, Көкірекке жоқ күтім. Күрсінумен күн өтті, Өкінумен өтті түн.
Елең-алаң ертеңім,
Құйрық-жалы келте күн.
Кешегім һәм бүгінім –
Екі түрлі ертегім, – деп жырлаған ақын келесі өлеңінде:
Осындай, осындай бір ойға батып...
Сіңбейді сіңір құсап бойға да түк.
Қанішер демей көрші, содан кейін,
Үш литр қанымды ішіп қойды-ау Уақыт... – деп өзінің уақытпен
арпалысқан шақтарын осындай өлең жолдарымен өреді.
Поэзиядағы уақыт бірлігі, көбінесе, мәңгілік ұғымымен пара-пар, үндес келеді. Мәңгілік әлемнің өмір сүру уақытының шексіз ұзақтығы, оның шарты болса, мәңгілік міндетті түрде ақиқатпен анықталады. Қазақ поэзиясында мәңгілік ақиқат тағы да уақыт өлшемі арқылы сараланған. Бұл жолда қоғамдық формациядағы идеалогияға (кеңестік жүйені айтам) бағынбаған, таптаурын шаблондық, стереотиптік өнерге көнбеген қазақ ақындары өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында-ақ ұлттық поэзияда уақыттың мәңгілік ақиқатын жырлаған. Оны Қасым, Жұмекен, Төлеген, Мұқағалилар бастаса, бертінде Иран-Ғайып, Серік, Ұлықбек, Есенғалилар жалғастырып, Тыныштықбек, Серік Ақсұңқарұлы, Танакөз, Маржан, Алмат, Бақыт, Алмастар одан әрі дамытуда. Шын өнер – адамзаттың болмыс пен сананың барлық салаларындағы қарым-қатынасын эстетикалық жағынан әсерлей білетін, мәдениеттің жоғары көрінісін уағыздайтын саласы. Уақыт ақиқатын поэзияда жырлау нағыз таланттың ғана қолынан келетін өнер. Ақиқаттың өзін объективті, абсолюттік, салыстырмалы деп бөлетін болсақ, Алмас өлеңдерінде уақыттың объективті ақиқатын жырлау басымырақ деп айтуымызға болады. Уақыттың бүгінгі ақиқатын ақын былай береді: Жансебіл күн батады, таң атады, Жаратқан жаңа таңын жаратады. Ауырып оянады ауыл тағы, Қағынып оянады қала тағы... Ақын уақыт өлшемінің ақиқаттығын «Бос уақыт жайлы бір шалдың пәлсафасы» деген өлеңінде ғұмырының соңы таянған қарияның ендігі жерде өмірін сағатқа қарай беріп өлшеген бейнесі арқылы сипаттай келіп, өзінің уақытқа деген кредосын: Бұ дүниядан бұйырғанын татып мен, Жүрдім-тұрдым, уағдаласпай уақытпен. Бос уақытсыз ғұмыр кешкен осынша, О, мен неткен, Құдайым-ай, бақытты ем!.. – деп түйіндейді. Ақын бұл жерде «Уақыт» деген ұлы ұғымның терең тылсым дүниесінен ұлағат алып, үлгі тұтып, оны өзіне қызмет еткізген рухына риза болады. Уақытты жеңу оңай емес, кез келгеннің қолынан келе бермейтін шаруа. Өзіне сеніп, өзінің ішкі сезім толқындарының тегеурініне шыдау үшін әдемі өлең жазу керек. Әйтпесе, ақын болып жаратылғаныңның өзі – уақыт алдында күнә. Өз талантына имандай сеніп, бірақ, соның бұлақ көзін аша алмай, тұншығып, толғағы тоқсан түрлі құбылып, өз замандастары өлеңнен өзін шаң қаптыра бастағанын сезіп, Алматыдағы оқуын тәрк етіп, қасиетті Көкшесіне талантын тұмшалап оралған Алмастың күйін кім білді?! Жаны жапырақтай солып, жүрегі баяз таппаған сәтін Құдайберлі ағасы дөп басып, бауырына тартқан кезін мен көрдім. Ақын ақынның күйігін сезе білді. Асылы, Құдаштың (Құдайберлі Мырзабековті айтам) адам психологиясын, ішкі сезім тебіреністерін, тұлғалық қасиеттерін сезе білетін «сиқыры» бар. «Көресің әлі, Алмас керемет ақын болады!» деді. Айтқаны пайғамбардың ғақлиясындай рас болды.
Жатақханада тұрып жүріп, қалың жастардың арасында, «қызық» өмірді де тұшына алмай, жұртта қалған жандай алас ұрып, сезім жетегінде, Өлең өлкесінде періште күй кешкенін сездім. Соның бәрі осынау ұлы Поэзияның, шын, таза, мөлдір, нағыз Өлеңнің шымылдығын керіп ашар сәті, киесі мен қасиеті мол өнердің табалдырығын аттар тұсы екен ғой. Поэзияға келу оңай емес, ал өлеңмен өмір сүру – қиынның қиыны. «Что такое поэзия? Этого я не знаю. Но если бы я и знал, что такое поэзия, то не сумел бы выразить своего знания или, наконец, даже подобрав и сложив подходящие слова, все равно никем бы не был понят» – деген орыс ақыны И.Анненскийдің осы пікірі поэзия туралы асыл ұғымның даналығын дәлелдейді. Ой құрттары ойып жеді миымды, Қалды орнында қарайған бір үйінді. Көрсе қазір, Қорқар еді Қорқыт та, Көрден қашқан Көрұғлыдай күйімді, – деп ақын өзі айтқандай өлеңмен оңаша қалып өмір сүру – ерлік. Ендеше, ақынның: Көңілім қайтіп тынықпақ?! Көкірек – күпті, ой – алаң. ... Батысқа қарап ұйықтап, Шығысқа қарап оянам, – дегеніне шын сенуге болады. Уақыт ауруы мен оның айықпас қайғысының сыры неде? Қазіргі, тап бүгінгі бақыт пен қуанышты мәңгілік қолдағы дүние деп сезіне алу мүмкін еместігінде, тап осы сәтте, төрт құбыла сай, қуанышты кездің өзінде өткен мен келешектің санадағы уынан, өткеннің қайғысы мен келешектің үрейінен құтылудың мүмкін еместігінде. Қас қағым сәт қуанышты, пенделік тіршіліктің күйкі жайлары мәңгілік бақыт сыйлай алмайды, онда зымырандай зулап өтіп жатқан уақыттың уы, зәрі бар. Келешек туралы уайымсыз, тіпті, үрейсіз ойлау мүмкін емес. Бұл ғаламдағы барлық ойшылдардың, ақындардың шығармаларындағы уақытқа деген көзқарасынан туындаған. Уақыт кеңістігін өзі өмір сүрген кезеңмен қоса салыстырып, ой елегінен өткізе отырып суреттеу үлкен білімділікті және парасаттылықты қажет етеді. Уақыттың алдағы бұлыңғыр болмысымен сырласу, алдағы күн, өмір, ғұмыр туралы болжау – поэзияның тағы да бір бөлімі. Неге екенін қайдам, осы арнада ақын біткен, көбінесе, пессимизмге бой алдырады. «Қартайып, қайғы ойлап, арманын ұлғайтқан» Абайдан бастап өлең әлемін ХХІ ғасырда шиырлап жүрген барша ақынның өлеңдері осыны меңзейді. Неге екен? Өмір соңы – қараңғы зұлмат, Кезегі ажал – дүние неменің. (Жанат Әскербекқызы. «Көк түріктер әуені»)
Жарық күн зарықтырды,
Мен енді түнге батам.
Қажыған ғаріп құлды тыңда, жаһан!
(Асанқадыр Исабек. «Түнге қайтам»)
Өмірді сүйіп... өлгенмін!
Өліп жатқан тек мен бе?
Ұрдым ба екенмін!
Басқа жақтан келгенмін,
Басқа бір жаққа... құрдымға кетемін.
(Маралтай Райымбекұлы. «Қара таңбалы хат алдым»)
Қонақтай жетіп келші шақырмаған, Мен сені аңсадым ғой, Ақырзаман! Өшірсең, өзің өшір, жүрегімді, Тозақтың отындай боп лапылдаған! Көзіме бір көрінші, Ақырзаман... (Алмас Темірбай. «Өмірбай жындының өлеңі») Ғаламдық қозғалыс космостық өлшеммен, кең жаһан уақыт кеңістігімен сипатталады. Жаһандану бұрын да болған, бола да береді. Ал осы мәңгілік өзгеруден біздің ұлт өз орнын таба алар ма екен? Таба алса, тек қана ғаламдық ойлау, талдау, синтездеу жүйесін өз санасында қалыптастырып, әрі оны өзінде ғана бар ұлттық дара бет-бейнесін, дана арұжданын, ақыл, парасатын сақтай отыра бойына сіңіру арқылы ғана алдағы уақытқа жете алады. Осы жолда қазақтың азын-аулақ қана қалған даралары мен даналары үлкен еңбек қылса керек. Ал, өнерде, соның ішінде поэзияда осы зор мақсатты игере алатын ақындар келді – Уақытқа!
Қай жерде тіршілік, өмір бар,
Сол жерде қуаныш, қайғы да.
Болсын да алдың құз, артың жар,
Көн дағы, өмір сүр, айныма.
Мұқағали
(тақырып орнына)
Адам – табиғи эволюцияның желісі, ол – табиғаттың бір бөлшегі. Бірақ, адам баласының табиғаттан айырмашылығы – өзін қоршаған ортаны өз дүниесімен қабылдауы, яғни, субстанциялық түйсікпен өз ми қатпарынан өткізуі. Болмыс пен сананың екі түрлі болуы ақиқат. Адамның шексіз ойы сананың сараптауы арқылы жүргізіледі, бір арнаға бағытталады. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?», – дейді атам қазақ. Көңіл – адам миындағы ұшы-қиыры жоқ шексіз ой. Адам миында секундына бірнеше миллион клетка туып, соншамасы өліп жатады дейді ғалымдар. Ендеше, соншама ой туып, керісінше, соншама ой көлеңкеге кетіп жатады. Шексіз ойды тек қана адам санасы бағындыра алады. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» – деп Абай тегін айтпаған. Екі дүниенің де жалғандығын ешкім өлшемеген. Әйтеуір, адам ұғымындағы шындыққа айналған аксиома – дүниенің алдамшылығының анық екендігінде. «Бұл дүние сүйініші – өтпелі, Ең дұрысы, ол дүниеге көшкенің» деген Жүсіп Баласағұнидың өзі. Неге саналы адам мына өмірдің жалған болмысын қабылдай алмайды? Зорлықпен қабылдатса да жүрек көнбейді. Шамасы, бүгінгі қоғам дамыған сайын оның ішкі саналық деңгейі төмендей беретін сияқты. «Өркениет дамыған сайын адамның ішкі рухани дүниесін бұза береді» – деген Олжас Сүлейменов пікіріне мен де қосыламын. Қазақ поэзиясында өмірдің өткінші екендігі, дүниенің жалғандығы туралы ертеден жырға қосылған. Халық ауыз әдебиеті нұсқаларынан бастап қазіргі поэзияға дейін «дүние» туралы толғанбаған ақын жоқ. Алмас Темірбай көзқарасында да «дүние» үлкен кеңістікті, шексіз шекараны анықтайды. Неге сендім? Нені ойладым? Не дедім? Дәлел қылып дүниенің дерегін. Өлілер мен тірілерден сыр тартып, Өмір бойы өзімді іздеп келемін. Дүниеден ең бірінші өзіңді танып-білу, өзіңді түсіну – қиынның қиыны. Сократ «Өзіңді өзің таны» деп бекер айтпаған. Қоғамдағы өз орныңды анықтап алмас бұрын ең әуелі тылсым дүниеңді мұқият тыңдау – қажетті шарт. Ол орындалмаса жай да шытынап сөгілгелі тұрған қоғам кері кетеді. Тарс жарылады. Адамзат алдында «Не іздеу керек?» деген сұрақтың қойылғаны қашан?! Бірақ, ешкім де ешқашанда оның жауабын бермеген. Бермейді де.
Оны адам тек өз ішінде, өз дүниесінде жауабын табады. Әркім әрқалай. Тағы да саналық даму дәрежесіне сай. «Өзіңді-өзің танып-білу – хақ ілім», – деп айтқан Алмас өмірінің жалынды шағын тек өзін ғана тануға арнағандай. Өз дүниесі мен өзін қоршаған жалған-дүниенің арасындағы балансты таразылаумен өмір кешкен ақынның «Бұ дүниеде неге іздедім өзімді, О дүниеде айтам оның себебін...» деуінде шала ақылы бар адам түсіне алмас сыр жатыр. Ақын өз дүниесі туралы келесі өлеңінде, тіпті, тереңге бойлап: Жан шырылын жан ұқпай, Жанталасам ауға түскен балықтай. Жүк көтердім жүрегіммен мықшыңдап, Ауырлығы табыттай, – дейді. Ақын санасындағы «дүние дерегі» – біз өмір сүрген қоғам. Сол қоғамның, жанды қинап жансебіл күйге енгізген, арды қорлап арсыз түрге енгізген күйін көріп жан азабын тартады. Қоғам үшін, сол ауыр дүниеде пенде ғұмыр кешкен адам жаны үшін жүрек азабын тартып, табыттың ауырлығындай сананың сары суын сарқиды. Жүрек қалауына қарсы тұру қашанда болсын оңай іс емес. Қоғамдағы қарама-қайшылық қашанда болсын ақын жүрегіне ең бірінші әсер етеді. Сондықтан, «дүние» тетігі ақын үшін қашанда ауыр. Тобыр ғана қоғам қайшылығын көрмейді, көрсе де оны әсерленіп қабылдамайды. «Шошқалар балшыққа қуанады, есектер үшін сабан алтыннан қымбат» деп ежелгі Гераклит айтпап па еді?! Ал, тобырдың ұстазы Гесиод емес пе еді осы?! Олар оны бәрінен де көп біледі деп ойлайды. Ал, ол болса, күн мен түннің бір екенін де білмейді. Ақымаққа не айтсаң да, мәз. Ал, ақынға айтып көр. Бірақ, нағыз шын ақын ортада аз. Көкшеде бүгінгі күні ШЫН СӨЗ-ді ұстанған Төлеген Қажыбаевтан басқаны көре алмадым. СӨЗ семсері Сәкен серісінен қапыда айырылған ел шындық үшін Төкеңе барады, соның аузын бағады. Өйткені, ақын қашан да болсын, қай кезде болсын, дүниенің күні мен түнінде, өлі мен тірісінде де СӨЗ-бен күн кешеді, СӨЗ-бен тіршілік етеді. Дүниедегі ең ауыр, Тартамын ойдың азабын. Мен ойланғаннан не қайыр, Сен ойланбасаң, қазағым?! – дейді Алмас ауыр ойдың зіл батпан салмағын өзі көтеріп. Жалғыз емес, қара қазаққа «сен де көтерші» дегісі келеді. «Әзірейілдей аңдып әрбір сөзімді, біреу отыр жүрегімнің ішінде…», – деген ақын ниеті болмыстан шығындап кете алмасын сезгендей. Адам болып келген соң адамдар арасында өмір кешетінің айқын. Бірақ, ақын көңіл, ақын жүрек ақын дүниені ғана аңсайды. Абай да, Мағжан да, Мұқағали да сөйткен. Маралтай замандасың бәрінен қашып, Одақтың подвалында күн кешті. Кісікиік дүние – ақындардың қиялындағы сағым. Жан ұшырған алды-артын аңдамай, Жалқы тағдыр. Жалпы тірлік. Жалған-ай! Бұл – ақын Алмастың дүниені бір өзі жекешелендіріп алған кеңістігінен шыққан сөзі. Ақындардың үлесіне тиген «жалғыз дүние» ұғымы
шабыттану симфониясының бір актісі сияқты өздеріне ғана белгілі нотасы бар. Ол – бізге түсініксіз. Хал сұраған мынау аңқау Далама, «Халым менің жақсы» дейін. Нана ма? Нанады ғой, нанады ғой о байғұс, ...өмір өтіп барады, ә?! (Есенғали Раушанов. «Кетем!».)
Баратын жер, басатын тау қалмады,
Мына өмірге, Апатайым, бек тойдым.
Жаным, шіркін, болса алып-салмалы...
Өз-өзімді жеп қойдым!
(Маралтай Райымбекұлы.
«Жазушылар Одағы есігінің алдында».)
Қапысы көп дүние-ай, тұрлауы жоқ,
Тұрлауы жоқ жалғаннан мұңданып өт!
(Жанат Әскербекқызы. «Күйбеңінен тірліктің».)
Жалындап жүрек, жанып іш, Жан сарайымды өртеді. Өткеннің бәрі – сағыныш, Келер күн – жалған ертегі. (Арман Бердалин. «Жалған».) Алмас ақындығын адалдығымен дәлелдеп келе жатқан, сол үшін мына дүниенің бар материалдық болмысынан ада қалып, запа шегіп жүрген, билік тарапынан қолдау көрмей, жұбанышсыз күн кешкендіктен де дүниенің жалғандығын талақ етеді. Өзін одан биік санайды, өз жанын жалғандүниеден жоғары ұстайды. Бұл – зор ерлікпен пара-пар қасиет. Әр заманның өз сұрқылтайы бар. Сарай ақындары қай заманда да аз болмаған. Алдына тасталған жемтікке таласа жүріп, Абайша «бір ұртынан қаны, бір ұртынан майы» аға жүріп ұлы өнерді табалдырыққа ұрып кете береді. Босағада қалдырады. Соңғы кезде сұрқылтайлар тым көбейіп бара жатыр ма?.. Қалай ойлайсың, ағайын?.. Өмірін қос ғасырмен алмастырған, Өлеңін қос ғасырға жалғастырған. Бұрынғы техногенез заманында, Бұл үйде Темірбаев Алмас тұрған, – деп «2079 жылғы өлең» атты өлеңінде өзіне-өзі басу айтып, келешек уақыттың атынан өзіне-өзі баға беріп барып, бүгінгі күннің бишікеш чиновниктерінің белінен басып, басын қақыратып қазанға асып тұрып: Қайрат-күш бойға құйса Аллам, Қалмаса қажып ми-санам. ...Жеті қат көктің үстіне
Жеті бөлмелі үй салам! – деп, тағы да мына жалған-дүниенің пенде тіршілігінен биік, асқақ тұрғанын паш етеді. Өйтпесе, Алмас шын ақын болар ма?! Надандықты көрмеге қоюдан гөрі, жасырған жөн дейді. Қоғам надан болса, одан асқан қасірет жоқ. Одан да біз оны жасыра тұрғанымыз абзал. Ал сол қоғамда ғұмыр кешкен шын ақындарды жасыра алмайсың. Алмас қап түбінде жата алмайды. Себебі, оның қашанда болсын жүзі өткір. «Поэзияны шығармашылық ретінде емес, шынайы сезімнің ішкі рухани әлем аясындағы әрекеті түрінде түсінуге ұмтылған жөн», – дейді Г.В.Гегель. Шын сөз, ақиқат бірлігі. Нағыз ақынның өлеңдерінде ақынның өз сезім бұлқынысы, тебіренісі, ойы, қайғысы мен мұңы, қуанышы мен жұбанышы сөз арқылы өріледі. Шым-шытырық микросхема. Ақындық талант көбіне-көп ақын тұлғасын болмыстан тысқары шетке, ен далаға алып кетеді. Онсыз толқу, онсыз толғану болмайды. «Мен жапалақпын ғой», – деуші еді Сәкен сері ағамыз. Сөйтсек, түн баласымен ғана дос болып, түнмен ғана сырласып, жалғыздықты жанына серік етіп барып қана жазады екен. Алмас та өзіне жалғыз дүниені жанға айналдырып алған. «Жалғыздық – жалғыз досым Құдай қосқан, Жалғанда одан артық жолдасым жоқ» – дейді де, ақынға одан артық ләззат жоғын дәлелдейді: Жатқанымда төсегіме жантайып, Жалғыздығым қабырғама батады. («Дүниеде жалғыз өзім қалғандай»)
Жалғыздық – жалғыз досым екен менің,
Тақпаңдар жалғыздыққа бекерге мін.
(«Жалғызсың деп жазғырған жолдасыма жауап»)
Құдай деген Жалғыздықтың атасын,
Еске аламын жалғыз қалған түндерде.
(«Туған күнде туған ой»)
Жалғыздығым – менің сақшым, мергенім, Білем, білем, бір төбе ғой – еңбегің. («Уа, ойларым, сарбаздарым») Бөшкеде өмір сүрген Диоген де, Шыңғыстаудың тасынан үй қалап дара қалған Шәкәрім де, станицада өмір кешкен М.Шолохов та, имениесінен адым аттамаған Л.Толстой да, Семейін орда қылған Тыныштықбек те, көмірмен жылынған Серік Ақсұңқарұлы да, Қаройға қарайлап жатқан Табылды Досым да, енді, міне, Көкшенің көрпесін бүркенген сен де жалған дүниенің жалғыздығын паш етіп келесіңдер. Ақынның өлеңмен жалғанды жалпағынан басып жүріп өмір сүру мақсаты – дүниеге жақсы өлең беру. Мен солай деп түсінемін. Өлең біткен жерде талант та тоқтайды. Ал, құр техникалық түрде өлген өлең жазып, ода арнаулардан асқар тау қалағанмен, ол өнер болып, өлең болып жарытпайды. Өмірлі өлең аз туады, өлген өлең көп-ақ. Осы бір ғана Көкшетаудың өз
басында, ойхой, шіркін, небір «классиктер» бар-ау. Ұлы өнерді былғап, ұлы Өлеңнен жыртылған жыр құрап несі бар екен, жартыкеш «өнерпаздардың»?! Өлең өлкесі – киелі. Ол өлкеде өмір сүру оңай емес әрі ол жердің атмосфералық қысымы ауасыз қабаттай адам жанын Әзірейілдей аламын дейтін дүниелік тартыс бар. Кім жеңеді, сол қалады. Бірақ, сол қалған ақын – нағыз ақын. Ол дүние – ақын лабораториясы, ақын әлемі. Дүниеге кім кеп – кетпеді, Маған түк әсер етпеді... Аман болыңдар, ағасы! Іздесең, былай табасың, Мәңгілік менің мекенім – Қағаз бен қалам арасы... («Қоштасу хаты»)
Бейнетке талай үйренген, сынаққа талай, Зейнетке бойың үйренсін, бірақ та, қалай?! ...Көшесі – түзу, көршісі – тату жұрт едік, Көшеміз енді, көшсек біз жұмаққа қарай!.. («Жұмақ жұрт») «Шын шайырлардың еліне, көшірді мезгіл мені де, кірген шығармын сенімге», – дейтін ақын, расында да, дүние-тірліктің ой-жалын тәтті сезімінен той-думан қызығынан, қыз-ғұмыр думанынан алыстап, Өлең деген өлкені жалғыз шарлап кетеді. «Алмастың тағы бір бағалауға лайық үлкен қасиеті – оның поэзияға адалдығы. Мен өлеңді тастап кеттім деп жатамыз. Алайда, өлеңнің бізді тастап кететінін аңғармаймыз», – дейді ақын Танакөз Толқынқызы Алмас ақын жайында. Оған дәлел – ақынның «Дұға» өлеңі. Осы өлең – ақын кредосы. Көркемдігі мен тақырыптық идеясы жағынан поэзиядағы жаңа лепті көрсетеді. Ең ерекшелігі – «Дұғаның» ішкі жинақылығы мен жылдамдығында. Аз ғана өлеңде өнердегі – Поэзияның бар болмыс-бітімін, ақындықтың тұтас әлемін алты-ақ шумаққа сыйғызып, өн бойында бір тұтас эпикалық поэманың жүгін арқалап алған. Отыз омыртқам үзіліп, Қырық қабырғам қақыра! Ібілістің іліміне қызығып, Кір тигізсем, Тіл тигізсем Ақын деген атыма!!! – деп ант еткен ақын, өз тұмса бойындағы өнерге, ақындық талантына санасымен, бар ақыл-ойымен бас иіп, тізе бүгеді. Өнер адамдарының өмірі өз шығармашылықтарымен тығыз байланыста болғандықтан, тағдырының азабы көп болады. Өмір – материя қозғалысының формасы, ол туралы философтардың тұжырымдамаларын оқысаңыз ақыл-естен адасуға болады. Шексіз, шетсіз дүние. Өмірді Құдай бір-ақ рет жаратады деген Линней мен «катаклизмдердің» нәтижесінде бұрынғы өмір формасы жойылғаннан кейін неғұрлым жетілген өмір формасы
пайда болады деген Кювье креационизм тұжырымдамасын дүниеге әкелсе, С.Аррениус өмірдің жерге ғарыштан әкелінгені туралы болжам жасады. Бұдан басқа А.Опарин, Ж.Ламарктың, Бергсон мен Г.Дриштің өмір туралы тұжырымдамаларын алға қойыңыз. Ал осынау өмірдің мағыналық жағы, тіпті, терең талғамдардан өрістейді. Философия ғылымы өмір мағынасын кезкелген дамыған дүниетанымдық жүйені және осы жүйеге тән, моральдық нормалар мен игіліктерді бейнелейтін регулятивтік ұғымы деп анықтайды. Оның философиялық негізін неміс ғалымдары Ницше, Дильтей, Зиммель, француз Бергсон қалаған. Қазақ поэзиясындағы өмір, дүние тақырыбы әлемдік философия талқылаған дәрежеден кем түспейді. «Ей, ренішсіз, қиындықсыз өмірді армандаушы, бұл дүние ондай үмітке қашан орын беріп еді?» – деп айтқан Ахмет Иүгінекиден басталған дүниенің жалғандығын жырлау бүгінгі шайырлардың үлесіне ауысты. Қазақ поэзиясында дүние жалғандығы, өмірдің өткіншілігі – мәңгілік, таусылмас тақырып негізі. Себебі, өнер – өмірдің айнасы, көзбен көрген айналаның көшірмесі, яғни, өлең – өмірдің өзінен ойып алынған өнер түрі. Бұл – ақиқат. Сондықтан да ақын біткен бұл тақырыпқа соқпай кетпейді. Мәселе, осы тақырыптың қалай игерілуінде, қандай көркемдік дәрежеге көтерілуінде, қандай эстетикалық әсем әсер беруінде. Алмастың өмір туралы талғамы көп ақыннан ерекше. Тақырып бір, тек оны ашып көрсету тәсілі әр түрлі. Алмаста өте бір нәзіктік те бар, қабырғаны қаусатып айтар қаһарлық та бар. Тек жалбағай жалғандық жоқ. Жиырма жеті жасымда түсінгенім, Өң дегенім өң емес, түсім менің. Өмір-бақи сотталған сормаңдаймын, Өмір деген – түрменің ішіндемін. («Жиырма жеті жасымда»)
Жендет-жалған, жан қинауға шеберсің,
Қолшоқпарың қолыңда ғой, не дерсің?!
«Дүние – кезек» деген мәтел шын болса,
Сен де менің алдыма бір келерсің...
(«Ашу»)
Бұқардан қалған дүние, Сенен де қалар бір күні. Мұқаңнан қалған дүние, Менен де қалар бір күні... («Не қайыр») Алмастың өзінің өміріндегі әр сәтті ақын жанарымен өлшеп «Ең соңғы таң секілді атар таңым, Ең соңғы күн секілді батар күнім» деуінде үлкен сыр бүккен. Ақын қашан да асығыс, өлеңдерінде шаршау, шалдығудан гөрі жылдамдық басым жатады. Бұл ақын өлеңдерінің ішкі құбылысын анықтайды, ішкі жігін көрсетеді. Өлеңнің тереңде жатқан толқынды
қозғалысы болады. Алмастың өлеңдерінде осы ішкі ағым-қозғалыс мықты көрінеді. Темір есік тесігінен телмірем, Тергеушіні немене деп сендірем?! Бұ дүниеден таба алмаған шындықты, О дүниеден іздейін бе енді мен?! («Буыршын мұзға тайған күн»)
Ғажап ойдың көргейсің ғаламатын,
Дүние-боққа былғама адам атын.
Алты шумақ өлеңге сыймай қалды,
Алты Алашқа айтатын аманатым...
(«Аманат»)
Азабы сонша ауыр ма,
Әйтеуір, дұрыс басы.
...Ажалға жол салуда
Ойымның құмырсқасы...
(«Пешене»)
Ажал!... Алыстамысың сен қазір, жақындамысың? Алты құрлықтың тұрмысың бақылап ісін? Жолықпақ болып сенімен барам ба іздеп, Жоқ, өзің шақырамысың?! («Бұйымтай») «Дүниенің мынау, қабағын бағып тұратын, Өмірдің құнын өремен өлшеп ұғатын» Алмас ақын өмір жайлы өлеңдерін кең тынысты, жаһан жазиралы даланың шексіз кеңістігінен теріп алады. Періште кейіптегі бейнені іздеп жүріп, мына өмірдің өзіне тарлығын сезеді, өзіне жаулығын біледі. Сондықтан ақын «Неге менің қошқар болғым келеді, Құдай үшін құрбандыққа шалынар?!» демеске лажы жоқ. Жалпы, ішіңнен әсем де әдемі эстетикалық тұшымды бейнені тауып, оны белгілі тақырыптағы өлеңге жатқызу үлкен дарындылықты қажет етеді. Алмастың өмір жайлы өлеңдеріндегі ақырзаман, ажал, жалған дүние символикасы – ақын поэзиясының ерекшелігі деп түсінген жөн. Мағжан да кезінде «Мені де, өлім, әлдиле», – деген еді ғой. Бұдан символист Мағжанды пессимист деп ХХ ғасырда ешкім кінә таққан жоқ. Қайта қазақ лирикасына Мағжан жаңа түр енгізді, соны реңк берді. Рас, Алмастың кей өлеңдеріндегі пессимизм, тіпті, жеңілу, жеріну, талақ ету формаларында кездесіп жатады. Осыған сақ болған дұрыс! Поэзия қанша дегенмен ерлік идеяны берік ұстанған өнер екенін есте ұстаса дейміз Алмасқа. Ақынның дүние туралы өлеңдерінің тағы бір топтамасында, расында, поэзия қажетсінетін өктем үнді, өз екпіні бар ақын күшін көрсететін қырлы дүниелер көрінеді. Ақын:
Жә, несіне, қамығам, Патша-көңіл түскен жоқ қой тағынан. Пенделіктен қол үзетін жол іздеп, Періштеме жағынам, – деп алып, езілген, боркеміктенген ойының айылын жиып алып, «Айтылған жоқ айтарым, қалың елдің қабағынан байқадым» деп атына қайта ер салып, өлеңнің өршіл өлкесіне қамшы басады. ...Елге кетем! Ен далада қой бағам, Елсіз жерде емін-еркін ойланам. Жыным келді жындыхана-заманға, Аурулары аруақпен ойнаған. Міне, біз білетін Алмас осылай етсе еді. Ақын ендігі жерде өмір жайлы өзінің кең «данагөй, арыс» даласында, намысын жанып, от болып жанып, «Қара өлеңді қор қылмаймын, қорламан, қара су мен қара нанның қамы үшін!» өлеңімен еңку-еңку жер шалып, Поэзия Пегасымен өмірін өрнектеп алға тартады. Ақын өлеңдеріндегі өмір, дүние болмысы, қазақтың өткен тарихына зер салып, бабалар өрлігіне тәнті болу, содан ғибрат алу өлшемінде өріледі. Оған ақынның «Қазақ», «Аруақ», «Жұмақ жұрт», «Өмір ойыны», «Кету керек», «Ашу», «Насихат», «Жорық жырлары» сияқты өлеңдерін жатқызуға болады. «Алмас Темірбай өлеңге Өмірдің өзінен келген екен. Ойы – ордалы. Сезімінде селкеу жоқ. Шығармашылығы – өмірдің өзіндей шынайы. Жаттандылықтан ада. Өмірдің өзіндей қайнаған қайшылықтарға толы. Тақпақ оқымай, өлең оқып отырғаныңды бірден сезінесің», – деген ақын Серік Ақсұңқарұлының сөзіне қосылуға болады. Өйткені, ақынның өмірі өзінің өлеңімен бірге өріліп келе жатыр. Оның жаңадан туған әр өлеңі – ақын өмірінің барометрі іспеттес. Алмастың дүниені драманың қос бөліміне бөліп алып, бірін төр, бірін көр қылып, тағдырды – театрға, өмірді – пьесаға, өзін соның актері етіп сайлап алып: Мәңгілікпен жалғастырып жолымды, Өміріммен таң қалдырам өлімді. Рөліндемін – мен біртуар ақынның, Ойнай алмас ешкім менің рөлімді!, – деуі оның ақындық шеберлігінің көрінісі. Өмір мен театр сахнасын аллегориялық салыстырмалы түрде бейнелеу – ақын талантының табысы. Білімсіз ақын қашанда болсын өзін тез тауысады. Көкше ақындарының көзі тірілерінің ішінде терең, жан-жақты білімдісі Төлеген Қажыбай. Оның оқымаған кітабы аз және поэтикалық талғамы терең, әлем ақындарының көбінің ерекшелігін білетін энциклопедиялық өрісі бар. Алмас та осы мәселеде көп ізденіп жүрген ақын. Оның поэзиялық талғамы кең, яғни, көп оқиды, көп ізденеді. Бұл – құптарлық, қуанарлық жайт. Ақындық талант ананың сүтімен, Алланың жар болуымен қонды десек те, неше жерден талант иесі болмасын, егер де, білімі болмаса, көз майын тауысып оқымаса, талантты да тот басады. Ақын «Тамырұстар» өлеңінде:
Ескінің соңы, Жаңаның басы едім мен, Жұлдызы жанып, жұртына ыстық көрінген. Берешегімді бере алмай жүрмін еліме, Алашағымды ала алмай жүрмін өмірден – деп, өнерімен өрге жүзіп, елге танылса да, өзінің ақындығын аға буынға мойындатса да, алдында үлкен жауапкершіліктің тұрғанын ішімен сезеді. Ол міндет – Ұлы Поэзияның туын жығып алмай, оны биіктете түсу, Поэзияның өзекті Өмірін әрі жалғау және оны нәрлі ету. «Мен сені көретұғын сияқтымын, содан соң өлетұғын сияқтымын», – деп ақырзаманның өзін поэзия кеңістігіне әсемдеп енгізіп жіберген Алмас өмір жайлы, бүгінгі қоғам мен болмыс дүние туралы, тіпті, тың, жаңа бағыттағы, соны формадағы өлеңді туғызатынына мен кәміл сенемін. Алмастағы «Аруана-жыр иіп қалған сияқты» болады да тұрады!
ӘСЕМДІК ҮЙЛЕСІМІ
Ақын лирикасындағы Ай бейнесі
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Арманға тоймас адамзат...
Бұқар жырау
Ежелгі ерте дәуірден адам өзін қоршаған орта – табиғатпен қарымқатынас арқылы тылсым дүниенің сырын түсінуге тырысып, өзі таба алмаған дүние жауабын табиғаттан сарқуға әдеттенген. Өзінен тысқары ұлан-ғайыр кеңістікті алып жатқан табиғат күшінен сескеніп, оның сыры көп жұмбағын шешуге ұмтылуы адамзат баласының әуелдегі гумандық шешімі еді. Адамзат әуелі табиғаттан үйренді, табиғат адамды тәрбиеледі. Жаратылыстың адамға алғаш үйреткен қасиеті – танымдық қабілет болды. Адам өзінің бар күшқайратын жұмсап, айналасындағы табиғат құбылыстарын қаз-қалпында тануға бейімделді. Ол өзінің санасының дамып жетілуі көтерілген сайын табиғат жайлы ой-түсінігін кеңейтіп, сол арқылы енді өз жанына үңілуге, өз болмысын түсінуге талпыныс жасады, яғни, адамның адамдық кейпіне енуіне табиғат-ананың қосқан үлесі зор. Табиғат туралы ежелгі дәуір адамдарының таным-түсінігі, көзқарасы, сана-сезімі ең алғаш ауыз әдебиеті нұсқаларында мифтік, аңыздық түрде дамыды. Мифология – адам мен табиғат арасындағы өзара байланыстың нәтижесінен дүниеге келген көне дәуір әдебиет нұсқасы. Адам әуелі көк аспан мен қара жердің күшін сараптауға бет бұрды. Әлемде ең алғаш жер Құдайы Гея мен көк Тәңірі Уран туралы аңыз дүниеге келді. Осыдан бастап-ақ, адам санасы мен ақылы өзін қоршаған табиғат туралы көркем бейне, образ, мистикалық жинақталған ортақ типологиялық характерлер жүйесін дүниеге әкелді. Адам өзін ендігі жерде табиғаттың бір бөлшегі ғана емес, сол табиғатты игеруге мүмкіншілігі барын жете біліп алды. Гераклиттің «Күн мөлшерінің кеңдігі – адам табанындай-ақ», «Күн сайын жаңа күн тумайды, бірақ, күн үзіліссіз жарқырап тұрады», Парменидтің «Күн Арулары Түн шаһарын тастап, қашанда жарыққа асығады» деген тарихтағы табиғат туралы тұңғыш жазбалары бізге жетті. Осыдан біз, адам тым ерте ежелгі дәуірден бастап табиғатпен жақын болуға, оны түсіне білуге, өз санасында бейнелі тұжырымдар жасауға талпынғанын көреміз. Қазақ әдебиетінің алғашқы нұсқасы – халық ауыз әдебиетінің барлық жанрларында адам мен табиғат арасындағы байланыс тамаша бейнеленген. Ежелгі грек, эллада мифтері сықылды қазақ аңыз әңгімелерінде, тұрмыс-салт жырларында да табиғатқа адами қасиеттер теліп, Құдайды, Тәңірді де табиғат бейнесімен, көрінісімен антропоморфистік тұрғыда суреттеген кезең болды. Бірақ, адамның табиғаттың жұмбағын шешіп, оны еркін меңгеріп, өз үстемдігі артқан сайын әдебиетте мифологиялық сарын өзінен-өзі
көмескіленіп жойыла бастады. Әдебиетте, әсіресе, поэзияда табиғатты ойлау, саралау, талдау, оның құбылыстарын толық түсіне білу жетекші орын алғаннан кейін табиғат пейзаждық бейнелілік формасына, ойлаудың салыстырмалылық жүйесіне, адам мінез-құлқының, характерінің, ішкі дүниесінің психофизиологиялық теңеулеріне ауыса бастады. Әдебиетте табиғат лирикасы туды. Қазақ жазба поэзиясында табиғат лирикасының негізін салушы Абай екенін, ХХ ғасырдың сыншыларымен таласпай-ақ келісеміз. Бірақ Абайдан кейінгі дәуірде (120 жылдай уақыт) поэзияда табиғатты жырлау әр түрлі әдісте дамыды. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында табиғат соцреализм кесірінен лирикадан гөрі прозаға айналып немесе натурализм деңгейінен әрі аса алмады. Бұл кезең әдебиетінен тек қана Ілияс Жансүгіровтың «Дала» поэмасын ғана ескеруге, бағалауға тұрарлық. Менің қателесуім мүмкін. Қайткенмен де, коммунистік, атеистік, бірпартиялық әдебиет тұсында табиғат лирикасы салыстырмалы бейнелік, жоғары эстетикалық, «жандандырылған» тұрғыға көтеріле алмады. Тек хрущевтік «жылымық» кезеңінде маңдайы жіпсіген әдебиетке келген жаңа буын – қазақ әдебиетінің үшінші толқын ақын-жазушылары поэзияға өзінің сыршылдық, лиризмдік, нәзіктік бағытын ала келді. Поэзияда Мағжан, Ілияс пен Қасымның лирикасы қайтадан шамын жақты. Ендігі жерде өлең өлкесіне «Жапырақ-жүрек жас қайың, жанымды айырбастайын», – деп Мұқағали, «Мен – көктемнің найзағай күркірімін», – деп Төлегендер аяқ басып, қазақтың қара өлеңінен лириканың күмбезін құйды. Артынан жаңа көзқараспен әдебиетке деген жылы леп өргізген, жүрегі жасын, адымы басым ондаған талантты ақындар еріп, қазақ поэзиясын гүлдендіріп жіберді. Енді, міне, ХХІ ғасырда поэзияға ағалары салған бағытты одан әрі дамыта бастаған, жаңа серпін, серіппелі екпін бере алатын жас шайырлар келіп енді. Лирикадағы табиғат пен адам арасын кіріктіру, шендестіре бейнелеу үлкен поэтикалық зерделеуді қажет етеді. Пейзаж бен портрет арасындағы салыстыру әдісінде теориялық зерттеу жұмыстары әлі де болса аздау. Көбінесе, психологиялық параллелизм тұрғысынан талдау бар да, әдебиет теориясында оның формасы, тегі мен түрі, әдісі, ағымдары туралы мардымды еңбектер жоқтың қасы. Бұл жағынан орыс әдебиеті қашанда болсын көш ілгері келеді. Осы жерде мына бір жайды айта кеткен дұрыс. Бізде әдебиеттегі сыншы-ғалымдар, филолог мамандар бір материкте, ал ақынжазушылар басқа галактикада тұратын сияқты. Екеуара ешқашан кездеспейтін, қозғалыс орбитасында бір меридианға тоғыспайтын, бір нүктеге тоқталмайтындай өмір кешеді. Ғалым өзінің дәреже-шекпені үшін, ақын-жазушы өзінің мақсат-мүддесі, тіпті, дүниялық тіршілік болмысы үшін еңбектенген болады. Ау, сонда әдебиетпен сусындайтын халық қайда, жаңа заманның рухын қалыптастырады дейтін ұлт мүддесі қайда қалады?! Жарайды, халық, ел оқымайды, тобырға айналды мына темір қоғамда дейік. Ал аз да болса сөз танитын ақылы бар аз қазақ не оқуы керек сонда?! Айналасы «Жұлдыз» бен «Жалын», «Қазақ әдебиеті» бар еді, оның өзі
құлқынның құлы, трайбализмнің туы болып кетіп жүр. Әйтеуір, «Кентавр» көңілге демеу. Орыс әдебиетін қарасаң, қызғанасың, қызығасың, мәңгілік екеніне сенесің. Соңғы кезде оқып жүрген орыс сынының кітапханасы сериясы бойынша жарыққа шыққан кітаптарында орыс символизмі сынының өзі – бірнеше том. Ал біз бір ғана қазақ әдебиеті тарихын дұрыс шығара алмай жатырмыз. Қазақ әдебиеті тарихын, басқасын айтпағанда. Меніңше, әдебиет туралы, өнер туралы сыншылар, ғалымдар мен ақын-жазушылар қосылып бас қосатын, ұлттық идеологияны жасау мақсатында бірігетін кез келді. Сонау ХХ ғасырдың басында да Алаштың алыптары бастарын біріктіріп, қазақты ұлт ретінде көтеріп кеткен жоқ па еді?! Тым болмаса, солардың еңбектерінен ұлағат алып, ұлылығын елге танытуға үлес қоссақ қой. Сонымен, қазіргі қазақ поэзиясындағы табиғат лирикасы жаңа дәуірлеу кезеңінде десек, адаспаймыз. Табиғатты сананың призмасы арқылы адам мінезінің қыр-сырымен салыстыра суреттеу, адамның жақсы-жаман ісәрекеттері арқылы көрсету, тұлғалық деңгейдегі көрінісі дәрежесінде беру бүгінгі жастар поэзиясында жақсы игеріліп келеді. Бұлт-бұлт ойнап түтіннің күс білегі, Тарамай тұр төбеде түс түнегі. Зұлмат тұман еңсесін езе түсіп, Тұмауратып, кәрі тау түшкіреді. (Жанат Әскербекқызы. «Тауға қарап»)
Сірә, көздің «көлі» – мұң,
Кетер одан Ай ұлып.
(Саят Қамшыгер. «Сірә, көздің «көлі» – мұң»)
Жел жүгірді етекте батылдана,
Үнсіз жатыр жер деген ақылды ана.
Ақ көрпеге оранған бәйбішедей,
Аппақ қарды жамылып жатыр дала.
(Бейбіт Сарыбай. «Ай сығалап аспаннан»)
Қызылтөбе басындағы Тәңір-гүл, Рухы өлмейтін ауылыңның кепілі. Жұпарында бұзылмаған қаның жүр, Ей, Цивилизацияның жетімі!.. (Бақыт Беделханұлы. «Тәңір-гүл») Қазақтың қара өлеңі арқылы табиғаттың бір кадрлық көрінісін, шағын штрихын түрлентіп, шырқау шыңға көтере салу, сол арқылы адам болмысына теңеу жасау – тамаша тапқырлық. Ақын Алмас Темірбайдың табиғат лирикасына жазған өлеңдерінің ішінен, біз тек қана АЙ бейнесіне ерекше тоқталсақ дейміз. Жалпы, Алмаста таза табиғатқа арналып жазған өлең кездестірмедік. Ақында табиғат Алмастың көңіл-күйімен, толғаныс-шерімен бірге өріліп кете барады. Яғни,
тақырып негізі – адам бейнесі де, оның образын ашуда табиғат элементі, көбінесе ай, күн, түн символикалары беріледі. «У природы есть добрые намерения, но искусство находит свое совершенство внутри, а не вне себя. Его нельзя судить ни по какому внешнему образу и подобию. Оно – скорее покрывало, чем зеркало. У него есть цветы, каких не знает ни один лес, птицы, каких нет ни в одной роще. Оно создает и разрушает миры, и оно может свести луну с небес пурпурною нитью. Ему принадлежат формы, которые реальнее живых людей, и великие архитипы, чьими незаконченными копиями является все, что существует», – деген Оскар Уайльдтің сөзі ақын Алмастың табиғат лирикасына арналған өлеңдеріне анықтама деуге болады. Ақынның «Пешене» деген өлеңіндегі негізгі мотив ретінде адам (бұл жерде ақынның өзі) өз ойымен өзі сырласып, жегі құрт-оймен арпалысып, сыртқы дүниенің де дерегімен қарсыласа отырып, «Өзімнен қашамын ба? Өмірден қашамын ба?» деген риторикалық сұрағының жауабына Өзге (Өзге – бұл жерде, басқа адам, қоғам) мен Өлімді келтіреді. Өлеңдегі негізгі ортақ жауап: Ұмтылып жарыққа бір Қашқанда қайда барам?! Қара жер – алып қабір, Басына Ай қадаған, – деген өлең жолымен беріліп, осындағы Ай бейнесі өлеңнің анықтаушысы ретінде, стержень – тірек ретінде көрінеді. «Кешқұрым жылқы болып, келеді кісінегім», «Қырттарды түсінемін, ит құсап ырылдаған», – деп өзін киелі жылқыға, айналасындағыны итке теңеп, аң мен құстың тілін түсінбеген «қырттардан» қашқысы келгенмен де, Айы бар жерден ешқайда кетіп қала аламайтынын сезіп, өзінің де пешенесіне осы жазылғанына мойынсұнады. Өлеңдегі Ай – заттық белгі, бірақ, поэтикалық тұрғыдан қарасақ, қара жердің жарығы, шырағы роліндегі анықтамаға ие. Екіншіден, мұсылмандық тектің исі аңқып тұр, исламдағы «түбі сені де (бұл жерде етістік формасындағы мағына) жейді жер» деген түсінікті алдымызға тартады. Қазақ өлеңінде жиі кездесетін Ай образы ұлттық әдет-ғұрыптан бастау алады. Ата-бабалардың ерте дүниедегі Тәңірге сенуінен бастап, бертінгі исламға кіргеннен кейінгі дәуірлерде де Ай бейнесі ерекше тотемдік белгіні білдірген. Адам Айға сеніп, ол туралы тұтас бір дүниетаным философиясын тудырған. Түркілер табиғатты жатсынып, жатырқап, одан өзін бөле-жара алып қарамаған. Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған, оның этногенезін айқындайтын рулар мен тайпалар Ұлы Даланың табиғатымен қауышып, билеп-төстеп, игілігіне айналдырып, шетсіз-шексіз кеңестіктен өзіне сүйеніш таба білген. Халық аспанға, жерге, күнге, айға, отқа, суға сыйыну, сол арқылы аруақ шақыру, табыну сияқты тәңірлілік, сиқырлылық, имандылық дәстүрді қалыптастыра отырып, өзінің наным, сенімдерін бекітті. Соның бір объектісі – Ай. Айға сену, оны пір тұту, Ай арқылы тілек білдіру, бата беру ғұрпы енді. Екіншіден, Ай – түн-түнектен құтқаратын, қараңғылықтан қорғайтын, адасқанға жол сілтейтін маяк, яғни бағдар-белгі ретінде де адамдар санасында жақсылықтың нышанына айналды.
Осыған дәлел ретінде Алмастың «Ай» атты өлеңін келтірейік. Бісімилла, бісімилла... жата ғой, Қатты ұйқыға, тәтті ұйқыға бата ғой. Бүгін ғана толған Айдай толықсып, Ертең жаңа таңым болып ата ғой – деп, өлеңін бастаған ақын бүлдіршін қызының кешкі ұйықтар алдындағы «Көке, маған Айды алып берші» деген сұрағына жауап ретінде Ай туралы тамаша суретті көз алдыңа жайып салады. Жай емес, қазақы сананың ғасырлар бойғы жинақталған бар ұғымын, нанымын өлеңмен өте шебер өрнектейді. Ақын сәби қызына «Сәбиім-ау, сұрамайтынды сұрадың ғой, Алла тілеуіңді беретін шығар, саған таң да, күн де ұнамайды, анаңа емес, маған тартып «Айға неге құмарсың?» – дей келе: «Әке, сені мен көтеріп тұрамын, Алып берші, ойнаймын...», – деп жыладың. Ай дегенің – ата-баба арманы, Ал, арманмен ойнамайды, шырағым!..
Арманның не екенін де білерсің, Жалғанның не екенін де білерсің. Иншалла, бой жеткен соң, ботам-ай, «Ай оңымнан туса екен» деп тілерсің... – деп Ай туралы әдемі әфсананы айтып береді. Өлеңін «Енді, балам, тәтті ұйқыңа бата ғой, түсіңде өзіңе Айды әперген әкеңді көретін бол» деген тілекпен аяқтаған Алмас бүлдіршінге бата берген ақсақал бейнесінде көрініп, Ай мен адам (бұл жерде сәби) ұқсастығына шәк келтірмейді. Турасында ақынның бар-жоғы алты-ақ шумақтан тұратын «Ай» өлеңі – қазақтың бұрыннан сеніміне енгізіп, табынып келген Айына арналған тұтас бір симфония. Алты шумақта Ай туралы алпыс беттік философия, алты күн айтып таусылмас жыр синтезделген. Киелі затқа, құбылысқа, болмысқа табынуды ғылымда фетишизм дейтін болсақ, Алмас осыны поэзияда әсем әспеттеген. Қазіргі қазақ поэзиясында Ай образы тұтас типтік бейнеге айналып, үлкен антологиялық жеке бір жинақ шығаруға жетіп қалады. Ақындар неге Айды өзінің сурет галереясына енгізеді?! Мұның сыры тағы да ұлттық сана болмысының, әдет-ғұрпының аясында жатыр. Адам Айды ерекше жаратылған дүниеге жатқызады. Ақын да Айды адам ретінде қабылдап, ақын ретінде осымен өзінің сырын бөліседі, мұң-шерін тарқатады, қиялында Ай болып төңірегіне сәуле шашады. Нән қалада көп адастым қайғырып, Қылығымды қызықтады Ай күліп. (Алмат Исәділ. «Ібілістер іріткі сап іргемде...»)
Ай, мені естисің бе, сыбырласам,
Болғалы менің жаным ығыр қашан?
(Мұратхан Шоқан. («Ай, мені естисің бе?»)
Мүлгіген түннің тынысын,
Бақылап ай тұр сәулелі.
Аспанға кетем, құрысын,
Жердегі күнім – тәуелді.
(Арман Бердалин. «Мүлгіген түннің тынысын»)
Ай жатыр. Жылжымайды,
Тұншығып кім жылайды?..
(Жанат Әскербекқызы. «Ай жатыр. Жылжымайды»)
Ай сығалап аспаннан нұр құяды,
Сырлы түнді ұйқыға кім қияды?!
(Бейбіт Сарыбай. «Ай сығалап аспаннан»)
Көңілім жүр Ай қарап,
Сәбидейін тілі жоқ.
(Саят Қамшыгер. «Көңілім жүр ай қарап»)
Толған айдың толқынынан көрдің ғой, Менің демім өрт шарпып тұр әуеге. (Маралтай Райымбекұлы. «Ай») Қазақ Айға қарап тіршілікті, дүние болмысты, өмірін, тіпті, ауа-райын да болжайды. Бұл – ерте дәуірлер қойнауынан бастау алып бүгін бізге жеткен тәжірибе. Ай компас қызметін атқарады, адасқан жолаушы ен даладан ең әуелі зират, молаларды іздейді. Себебі, зиратқа бекітілген жарты айдың екі ұшы батысқа, құбылаға қарайды. Айсыз түнде, аспанда бұлт қымтап жұлдыздарды, соның ішінде Шолпан, Үркер, Темірқазық, Құс жолын көрсетпегенде, қазақ зираттағы Ай арқылы жолын тауып, бағытын анықтайды. Университет бітірмеген ата-анамыз астрономияны бізден жетік білген, аспандағы жаңа туған ай (жарты бейнесі) батысқа қарай екі ұшын бағыттайды емес пе?! Ал, біз бүгінде әйтеуір қою керек болғасын Айды қалай болсын солай қадай саламыз. Аймен ауа-райын анықтау, болжау, тіпті, ұзақ сонар әңгіме. Бүгінгі заманның ілгері дамыған ғылымы адамзат тарихындағы кесапат соғыстардың, қан майдан шайқастардың айдың толған шағында болғанын айтып отыр. Бірақ, ғылым адам баласының түрлі қылмыстарға, қатыгез, қанқұйлы іс-әрекеттерге, психологиялық тұрғыда ақыл-есінен адасу, жындану, есіру сияқты аномалиялық жағдайға ай толғанда баратын себебін әлі де анықтай алмай, дәлелдеп бере алмай отыр. Сонда ғылым Ай алдында қауқарсыз болғаны ма?! Түріктердің туындағы ай мен бөрінің суреті біздің Құртқадан (қасқырдың ұрғашысы) жаратылып, Көк бөрі атанғанымызды айғақтайтынын білеміз. Сонда бізді Аймен астастырып тұрған тылсым күші болғаны ғой. Кім біледі?.. Мүмкін қанымызда жатқан шығар... Алмас «Ай туардағы жыр» атты өлеңінде осы тақырыпты төңіректеп келіп, көңілдегі көп ойды сапырады. – Есірке, ескі Айым, Жарылқа, жаңа Айым.
Қызарып батсыншы күн дәйім,
Ағарып атсыншы таң ләйім –
деп атам, жарықтық, күбірлеп Оқитын беймәлім аятын. Дүниенің дидары күлімдеп, Ай оған алақан жаятын. Ақынның «Айдың өзін алақан жайдырған» өлеңіндегі бастапқы ойы өлең түсінетін өзекті жанды елітіп, баурап әкетеді, еріксіз өзің де қалай қолыңды жайғаныңды аңғара алмай қаласың. Одан әрі ақынның: Мен қазір соны ойлап жатырмын, Жыртылған жүрекке жыр жамап. Жарғандай жалғанның жатырын, Оңынан Ай туды іңгәлап, – деп суреттеуі адамды есінен жаңылдырардай әсем суретті алдыңа тартады, тіпті, көз алмай қарайсың, ол өзіңді сиқырлап тастағандай әсерде тұратының сөзсіз. Ай мен адам астасып, бір дене, бір материкке айналып жүре береді. Адамның дүниеге келген сәті мен Ай туғандағы суреттің ұқсастығында ешқандай айырма жоқ, шәк келтіре алмайсың. Бұл, ендеше, поэзиядағы біз іздеген нағыз гармония үндестігі! Ақын мұнымен тоқтамайды. Жаңа туған айлы түнде адамзаттың ойын сарқып жатқан ақын «атасының аяты тіліне оралып, бүгінде марқұм болып кетсе де, көзіндей болып Ай қалғанын» тебірене тілге тиек етіп келіп: Көк құлыптасына марқұмның Салғанбыз Айы бар бір сурет. Бейітке келетін әркімнің, Дұғасын қабыл ғып тұрсын деп, – деп аяқтайды. Тағы да сол үлкен бір дастанның үлесі боларлық тақырыпты бес ауыз шумақ өлеңмен аяқтайды. Жырласа сюжеті ұзақ сонар жырға айналар дүниені дөңгелетіп әкеліп алдыңа жая салады. Осы орайда Алмас туралы: «Егер, тәуір жырдың тірегі – тіл, ой – сезім дейтін болсақ, осылардың қай-қайсысы да Алмас поэзиясына тән. Үлкен ойды ширата сығымдап әкеп азғантай жолға сыйғызудың мысалын көптеп көресіз», – деген жазушы Әмір Әбутәліптің пікірі жөнді ғой деймін. Қазақ ұғымында Ай туралы тағы да бір наным бар. Ол айға қарап бал ашу, жорамалдау рәсімі. Бұл – атадан балаға мирас болып келе жатқан батагөйлік, яғни, Аймен бата қылу және Айға байланысты тиым салу. Әуелі, тиымға тоқталсақ. Атам қазақ бала-шағаға «Айға қарап қолыңды шошайтпа, жаман болады», «Толған айға қарама», «Зиратқа бұрылып дәрет сындырма» деп ескертіп жатады. Шамасы, мұнда «Ай саған қарап тұрады», «Сені бақылайды» деген ұлық сенім бар, яғни, Айды жанды бейнеге айналдырған, сыйыну объектісіне енгізген, оған табынып, құлшылық еткен. Бата бергенде де «Айың оңыңнан тусын» деген тамаша өнегелі тілек бар. Бұл, көбінесе, ұл сапарға аттанарда, қыз ұзатыларда, аманат арқалаған жаушыларға берілетін бата түрлерінде кездеседі. Яғни, жол жүргенде, алысқа аттанғанда адаспауды ниет етуден, Ай сол сапарда жолсерік болсын деген
ұғымнан туған. Осы тақырыпта қазақ поэзиясында жырлар өте мол, қазақ әндерінде, әсіресе, халық әндерінде жиі айтылады. Мәселен, Алмаста осы тақырып жаңа қырынан сипатталған. «Уа, ойларым, сарбаздарым» өлеңінде ақын өз ойын сарбаз бейнесінде көрсетіп, «Бірін Батысқа, бірін Шығысқа жұмсап», шамасы, өзін ренжіткен ақынды алып келуге бұйрық беру кейпінде суреттейді. Осы жерде Ой мен Айдың тағы да бір-біріне жақындығы: Айдың арғы жағына, Күннің бергі жағына барып қайтыңдар. Ата-бабам ақыл айтса, алып қайтыңдар. Менің тұңғыш махаббатым сол жақта, Менен сәлем айтыңдар, – деген өлең шумағынан көруге болады. Ал, белгілі «Дұға» өлеңінде ақындықты қорғау, оған тіл тигізбеу туралы антында «Айым туып солымнан, адасайын жолымнан», – деп бастайды. Қазақ ғұрпында адам өзі түгіл өзгеге де Айдың солынан тумағанын қалайды. Алмас бұл жерде анти құбылыс жасап, ақындықты Айым солымнан туса да сатпаймын деген асыл адалдығын дәлелдейді. Өлеңнің көркемдік ерекшелігі осында, Ай бейнесінің берілуі өлең тақырыбын терең ашуға көмектеседі, әрі өлеңдегі қайсарлықты, өжеттілікті асқақтата түседі. Алмас Темірбайдың Ай образы «Буыршын мұзға тайған күн» деген 1986 жылғы қазақ жастары көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арнаған өлеңінде, тіпті, әрленіп, жаңаша түрге, ерекше реңкке енеді. Шындық бар ғой, Ол аз десең, Құдай бар, Арсыз соттың арқасында жын ойнар! Желтоқсанда Ай туады солынан... Желтоқсанда Айға қарап жылайды Ар...
Айға қарап Ар жылайды, жыласын, Жұмыр басты жұдырықтап ұрасың! Жер қозғалса, қозғалмайтын мінезім, Ел қозғалса, енді қалай шыдасын?! Ақын осы өлеңінде тағы да қазақ халқының әдет-ғұрпының асыл қасиетін, атап айтқанда, «Айға қарап жылама» деген сенімін алға тартып, оны бұлжытпай орындап, адамды емес, оның Арын Айға қаратып жылатады. Тағы да генийлік шешім! Алмас санасының ақындық санамен астасып, өлеңге жаңа формада енген жаңалығы. Өлең өршіл пафоста жазылған, оның өршілдігін Ай образы әрлендіріп жіберген. «Қайран да қайран, қайран күн, басым қатып, бас бармақты шайнар күн, бұлт астына Ай кіріп, бұқара жұртым қайғырып», – деп жырлаған ақын адамзаттың адам қанымен мұзды қатырған қатігездігін көрсетпейін дегендей өлеңде өз Айын бұлтқа жасыруы жақсы әдеби шешім, поэзиялық шеберлік, ақындық тапқырлық. Тамаша тәсіл! Поэзияда қоршаған табиғат, айналадағы әлем, тіпті, қоғам туралы ұғымды әдетте ғылыми қисындылық тұрғыдан гөрі психологиялық бағытта,
ішкі жан сезімімен, көкірек байлауымен интуитивті ассоциация арқылы жеткізу басым. Табиғаттың небір сұлу, әсем, ажарлы объектісін адам бейнесімен салыстыру, адам жанының ішкі пернелеріне теңеу – ақын үшін қажетті материал. Гете табиғатты дәтің шыдап, тастап кетуге қимайтын шахмат тақтасына теңеген. Немістің идеалистік философиясында адам табиғатты сол натуралды күйінде емес, керісінше, сана арқылы айыру, яғни табиғатқа «үстемдік», «менмендік» тұрғысында қарауды үйренуі керек, сонда ғана өнерде «ләззат», эстетикалық тұтыну болады деп есептеген және оны насихаттап, өз кредосына айналдырған. Бұл классикалық идеалистік көзқарас қой, біз материалист емеспіз бе деп айғай салғанмен, поэзияға осы принцип жақын тұратын сияқты. Әсіресе, қазіргі қазақ поэзиясындағы табиғат лирикасының суреттелуі осыны дәлелдейді. Рас, реализм әдісін қашанда болсын бірінші орынға қоярымыз анық. Бірақ, қанша дегенмен де, табиғат пен адам арасындағы көзге көрінбес лирикалық параллелизмді, психологиялық табысуды реализм әдісімен берсек, поэзия бояуы солғындап, сұрғылттанып кетері анық. Мәселен, поэзиядағы сезім лирикасындағы иірімдерді, пернедей жіңішке нәзік ойды реализммен беруге болмайтын сияқты. Мен осылай ойлаймын. Оны Алмастың ендігі жерде Ай бейнесі адамдар арасындағы сезімдік толғанысы – махаббат тақырыбындағы өлеңдерімен дәлелдесек. Жігіт пен қыз арасындағы құмарлықты суреттей келіп ақын осы сәтке куә ретінде «қызықтап қос ғашықтың қылықтарын, Ай ашық терезеден телміреді» деп айтса, суретті одан әрі: Білініп бойы суып мұздағаны, Көрпесін жерге түскен қыз алады. Қыз үшін қысылғандай, қымсынғандай, Ай байғұс бетін басып, қызарады... – деп, Ай арқылы өлең тақырыбын әсемдетіп жібереді. Өлеңде қыз бен жігіттің ынтық сезімінен гөрі, Айдың ұялған бейнесі ерекше әсер береді және өлеңнің де негізгі бояуы осында тұр. Келесі өлеңінде қызды күнге, өзін түнге теңеп, жолықпайтынына налиды да, «Ай болсаң ғой, ұғысар ек үн-түнсіз, Құдай сені Күн қылғанын қарашы», – деп қыздың күн болғанынан гөрі Айға ұқсағанын қалайды. Алмастың Айжарқын есімді қызына арналған өлеңінде Ай бейнесі адаммен жақындасып, жаңа туған сәбиіне тілектестік білдірген сыңайлы: Жазғы түн. Жап-жас тіршілік, Жанарға жатыр нұр сіңіп. Құбылаға қарап Ай отыр, Құдайға қылып құлшылық. Поэзиядағы лиризм жеке адамның жан дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы өзін қоршаған табиғаттан өзіне қажетті нәрсені, материалды таңдап алуына себепкер болады. Алмас Темірбай лирикасында ақынның өз таңдауы Айға түскен. Бұл ақынның табиғат лирикасында басқа объектісі жоқ деген ұғымды білдірмейді. Ақынның «Аспан-ел», «қоңыр күз, қоңырлау бақ», «ақ жаңбыр», «ақ таң», «Қыз Қайың», «кәрі Терек», «Бейбақ Түн-ай» сияқты табиғат теңеулері көптеген өлеңдерінің мазмұнын ашуға көмектеседі. Біз тек Алмастың табиғат
лирикасындағы Ай образына ғана сипаттама жасауға тырыстық. Алмастың Айы қазіргі қазақ поэзиясында жаңа түрге еніп, соны соқпақ салған. Ендеше, Айың оңыңнан тусын, Алмас ақын!
Ақын өлеңдеріндегі сезім лирикасы
Әйел жерден шыққан жоқ,
Ол да – еркектің баласы.
Еркек көктен түскен жоқ,
Әйел – оның анасы.
Қазақ мақалы
Қазақ әдебиеті сезім лирикасына өте бай болғанымен де оны зерттеу, зерделеу жағы кеш дамып келеді. Көбінесе, сезім, махаббат, сүйіспеншілік лирикасы деп тура өз мағынасымен атаудан гөрі көңіл-күй лирикасы деп жанамалап жібергенді жөн көреміз. Шамасы, бұл тағы да сол кеңес әдебиеті кезіндегі соцреализм әдісінен алған, өнер мен әдебиеттегі идея мен тақырып негізі тек коммунистік жоғары идеологияға сәйкес жасампаз немесе пролетарлық образ болуы керек деген психологияның әлі де болса санамыздағы сарқыншағы болар. Махаббат лирикасы ақынды партияның идеологиялық мәселелерінен табанды саяси көзқарастан алыстатып бұрып әкетеді, ақын жеке өз басының қам-қарекетін, қайғы-мұңын, сезім-сырын айтса, қоғамнан сырт қалады деген жаңсақ ұғым қалыптасқандықтан да көбіне-көп зерттеу объектісінен тысқары қалып келді. Әйтпесе, сезім лирикасы – поэзияның ең нәзік, ең таза, мөлдір, кең палитралы түрі емес пе?! Орыс әдебиеттану ғылымы осы сезім лирикасын «любовная лирика» деп турасынан бір-ақ айтады. Поэзиядағы лириканың ең басты мақсаты адамның ішкі сезім толғанысын, ой мен сезімнің бірлесуін тең қабысуын көрсетуі керек. Академик З.Ахметов: «Өмір, дүние, адам тағдыры туралы үлкен толғаныстан тумаған, жәй сезімшілдік лириканы жандандыра алмайды. Лирикаға жан беретін сезімнің отты нәзіктігі», – дейді. Әлем әдебиетінде сүйіспеншілік, сезім тақырыбы көбіне-көп француз әдебиетінде бастау алған. Ең алғаш серілік роман (рыцарлық роман – французша roman chtvaleresgue, немісше Rіtterroman, ағылшынша romance of chіvakіry, испанша romance т.б.) түрі дүниеге келіп, ақсүйек, асыл текті бекзадалар өмірін әспеттеген. Романның басты ерекшелігі – куртуаздық әдебиетте махаббатты дәріптеу болған. «Король Артур», «Дөңгелек стол серілері», «Тристиан мен Изольда» туралы романдар бүкіл Еуропа сүйіп оқитын классикалық шығармаларға айналды. Одан кейін әйгілі серенада жанры дүниге келді. Французша – «кешқұрым» дегенді білдіретін, өз ғашығына сағынышын білдіріп, кездесуге шақыратын кешкілік айтылатын ән-өлең түрі. Бұған Прованс трубадурлары үлкен үлес қосты. Сонымен қатар француздардың сезімді жеткізуге арнаған таң рауандап атқанда айтатын «Альба» деп аталған ән-өлеңі болған. Серенадамен қатар Еуропадағы роман тілдес елдерде алғаш туған романс жанры да лирикалық махаббат өлеңдерін насихаттады. ХІХ ғасырда орыс әдебиетінде дамыған романс, кейіннен ХХ
ғасырда қазақ поэзиясында да пайда болды. Серенада, романс та синкретті өнер қатарына жатады. Ақындардан А.Пушкин, М.Лермонтов, Ф.Тютчев, А.Фет, С.Есенин, композиторлардан Ф.Шуберт, Р.Шуман, Ф.Мендельсон, И.Броме, Ф.Шопен, С.Рахманинов, А.Александров, Д.Шостакович романс әлемінде аты қалған дарындар. Қазақ өнерінде ең алғаш Абай поэзиясына романс жазылды, «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Жарқ етпес қара көңілім», «Татьяна хаты» өлеңдеріне С.Мұхамеджанов тамаша ән-романс тудырды. Қазақ әдебиетінде ғашықтық өлеңдер ең әуелі ауыз әдебиетінде, лироэпостық жырларда кеңінен сипаттала бастаған. Қыз портретінің әсем суреті ауыз әдебиетінде тамаша бейнеленген. Мәселен, «Қыз Жібекте» Жібек бейнесі былай суреттелген: Қыз Жібектің ақтығы – Наурыздың ақша қарындай. Ақ бетінің қызылы – Ақ тауықтың қанындай. Екі беттің ажары – Жазғы түскен сағымдай. Білегінің шырайы – Айбалтаның сабындай. Төсінде бар қос анар – Нар бураның санындай. Оймақ ауыз, құмар көз, Іздеген ерге табылды-ай! Жібек қыздың сұлулығын небір теңеулермен тіл арқылы әсем бере білген, сөздің мәйегі арқылы жеткізе білген біздің ақын бабаларымыз-ай. Тіл байланып, көз сүрінер, адам есінен жаңылар қазақ қызының сұлулығын әдебиетте көрсету, поэзияда жырлау үлесіне ие болған ақынжазушыларды бақытты деп есептеу керек. Себебі, сұлулықты суреттеу үшін оны өз жүрегіңнен, өз көңіл-күй себетіңнен өткізу қажет. Бұл деген – жүректегі тебіреністер мен толқулар, сілкіністер мен жарылыстар ғой. Жазба поэзиядағы ғашықтық лирика, сезім жыры Абайдың өлеңдерінде тамаша бейнеленді. «Сұлуды сүймектік – пайғамбар сүннеті» деген ұлы ақынның осынау сөзі қазақ поэзиясындағы сезім лирикасының бастау бұлағы деуге болады. Сезім жырлары, әсіресе, ХХ ғасырдың екінші жартысында өркендей дамыды, қазақ поэзиясы небір жауһар жырлармен толықты, бүгінде бірнеше томдық антологиялық жинақ шығаруға толық сенімдіміз. Соның ішінде қазіргі қазақ поэзиясының жас толқын ізбасарларының өзін жеке жинақ ретінде басуға болады. Қазіргі ақындардың сезім лирикасы ағыл-тегіл дүние, аршып қажеті жоқ, шынайы әрі мөлдір. Халыңның кардиограммасы керегі маған. ...Ғашықтық жайлы радио береді тағы ән. Сағынтып мені сала бер сергелдеңіңе, Сен үшін Мәжнүн болуға келеді шамам!
(Дәурен Берікқажыұлы. «Махаббат монологы»)
Сылып ап уайымның түнегін,
Елес боп көзінде түнедім.
Ең ыстық, аяулы құшақтың әлемде
Өзіңде барлығын мен ғана білемін.
(Танакөз Толқынқызы. «Мойныңа оралып білегім»)
Бәлкім, қалқам,
Солай шығар, кім білер,
Менің Мінім –
Тек сені шын Сүюім.
(Алмат Исәділ. «Мін»)
Сен және Мен,
Қос қиырда... тіріміз,
Жете алмадық бірімізге біріміз.
Көкірегі сағыныштан шерленіп,
Арамызда елші болар мұңымыз.
(Жанат Әскербекқызы. «Сен және Мен»)
Сезімнің сұлу сазды салып әнін,
Шарпыса шырқ үйіріп сені жалын.
«Сүйме!» деп ернімді алып қашсам,
Тыңдама, жалынамын.
(Асылзат Арыстанбекқызы.
«Жалғанда жабығуға кенде ме адам?!»)
Келіп оят, жүрегімді «дір» еткіз,
Өзің жоқта менің жаным түнек, күз.
Төлеген-жыр сені іздеді сағынып,
Өлеңіме Муза болған Жібек-қыз!!!
(Саят Қамшыгер. «Кірлегендей көңілімнің дәптері...»)
Сен ұялма, Сүйе білу – мықтылық, Жан сөзіңді бал тілімен ұқтырып. Құшағында қайнап тұрып сезімнің, Өкіну жоқ, өліп кетсең тік тұрып. (Маралтай Райымбекұлы. «Құшақ жылы...») Алмас Темірбай шығармашылығындағы сезім лирикасы – тақырыбы көркемдік, эстетикалық бейнелігі жағынан бүгінгі поэзия талабына сай. Адам жанының жеке психологиялық ой-өрісіндегі ішкі пернелерді анық баса білген, сезім логикасын шырмауықтай өріп, жауқазындай гүлдетіп, аққудай әсемдеп суреттеуге келгенде алдына жан салмайды.
Сезім лирикасының басты объектісі – сұлулық, яғни, қыз, әйел. Афродита, Церера, Артемида, Ләйлі, Шырын – әлемдік поэзияның ғашықтық символы. Ғашықтық сезімін өлеңге айналдырмаған ақын жоқ. «Әйел – өз жаратылысында еркектен гөрі сезімтал, сол сезімталдығының арқасында ер адам шығармашылығына қуат береді», – деген Н.Бердяевтің пікірі барлық ақындарға арналып айтылғандай. Алмас та сұлулықты, іңкәрлікті ең әуелі ақындық жүрегімен қабылдайды. Ақын болғам, ақын болам, боламын, Мейлі, маған келмесе егер жолағың. Жақсы болсам – өзіме-өз сауабым, Жаман болсам – өзіме-өз обалым!!! («Келдің-кеттің»)
Мен – ойдың, сен – сезімнің адамысың,
Матырған Махаббатқа қалам ұшын.
Ып-ыстық сезіміңді нөсерлетіп,
Жаным-ау, жүрегімді жарамысың?!
(«Ақыл мен сезім секілді...»)
Муза,
Мені түн ішінде қинама,
Жүк түсіріп жүрекке де, миға да.
Лиро-эпос заманына оралам,
Лирикалық өлең жазсам Лираға.
(«Моно Лира»)
О, ғашықтық! О, ғажайып ғашықтық Сандалғанда саған қарай асықтық. Көңілім мен ақылымның арасын Көк пен жердей қойдың неге қашық қып?! («Жазмыш») Поэзиядағы көркемдік әлемі ақын тұлғасының ірілігінде жатады. Талант шексіз, шетсіз, ұшы-қиыры жоқ космостық кеңістіктегі галактикалық дүниедей болса, ғаламдық ғажайып туынды тудырады. Гомер, Шекспир, Фирдоуси, Пушкин, Абай – поэзиядағы ғаламдық тұлғалар. Бәрінде де сезім лирикасы шексіз. Сұлулықты қастерлеу этикасы – жалпы адамзатқа тән категория. Бұл адам бойында ізгілік, шабыттылық, іңкәрлік, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді тәрбиелейді, адамды гуманист ретінде қалыптастыруға интеллект жүйесіндегі қабылдай білу, әсерлену сияқты қабілеттерді игеруге бағыттайды. Махаббат лирикасының басқа лирика түрлерінен айырмашылығы – суреттеу объектісінде тек бойжеткен қыз баланың, әйелдің образы негізгі танымға айналады. Алмаста ол алғаш рет: Бәрі әлі есімде... бөрідей түн қатқаным,
Тәттілігін сезімнің тұңғыш рет татқаным. Ауыл итін шулатып, алып қашып аулаққа, Бұраң белді бауырыма ап, Бұрымын иіскеп жатқаным... – деп, «Қазақ» өлеңінде қылаң береді. Одан кейін «Көктем» өлеңінде «Қу көңілің қутыңдайды, бақ жақтан, сылқсылқ күлген қыздар үні естіліп», – деп суреттеліп, сұлулықты жақсы көрудің жасы болмайтынын дәлелдегендей: Саябақ тұр жастық жайлы әндетіп, Кемпірімен барады бір шал кетіп. Қыздарға шал көзін сүзіп қарайды, Біз сүйетін еріндерден дәметіп... – деп, әдемі сурет жасап береді. «О, сақи! Жақұт ерін сұлу құшып» деген шығыстың әйгілі ақыны Омар Һаям орта ғасырда негізін қалап, өз шығармашылығында көп жырлаған ғашықтық тақырыбы Алмас ақында ХХІ ғасырда жаңа қырынан көрінеді. Тақырып – ортақ, бірақ, мазмұн мен форма өзгеріп, көркемдік тәсіл жаңарған. Ақынның «Есімде қалғаны», «Салынбай қалған қартина», «Періште», «Әдемі әйел», «Орамал», «Қыз күнделігінен», «Кәрі қыздың көңілі», «Адасу», «Мазасыз минуттар», «Он үшінші хат», «Көзсіз көбелек», «Ақыл-мен сезім секілді», «Қыз көңілі», «Өткенге оралу», «Сен», «Қонақ үй», «Күнә» сияқты және бұдан басқа алпысқа жуық махаббат лирикасына арналған өлеңдері белгілі. Осылардың ішінде формасы мен стилі, көркемдік тәсілі жағынан қазақ поэзиясында бұрындары аса жырлана қоймаған жаңа суреттер, тың бейнелеулер жиі кездеседі. ...Телефонның трубкасын кеудеңе Қоя тұршы... Жүрегіңді тыңдайын»!.. («Мазасыз минуттар».)
Қысық көзді қыпшақтың қыпша белді қызындай,
Келіп едің алдыма құлын мүшең бұзылмай.
(«Баяғы баллада»)
Боза ішкендей шала мас,
Бұла қыз белін талдырған.
(«Бозбала бақыт, қайдасың?»)
...Күллі әлемге ие болам деуші едім,
Бір әйелге әлім жетпес түрім бар...
(«Келдің-кеттің»)
Сені сүю – бір күнә, сүймеу, сірә, – мың күнә... («Баяғы баллада») «Рахатқа кенелу қағидасының құлшынысынан пайда болған жағдайдың жалғаса беруі салқын ғана қанағаттану сезімін тудыра алады, біз тек қарамақарсылықтардан ғана күшті ләззат ала аламыз, солай жаратылғанбыз, оның
өзі аз болмашы ғана әсермен бітеді!», – дейді белгілі психотерапевт З.Фрейд. Алмаста сезім лирикасына арналған «Періште», «Келдің-кеттің...», «Орамал», «Көзсіз көбелек», «Ақыл мен сезім секілді», «Күнә», «Мігіт», «Серт», «Дүние-Жарық», «Күйін кешкен көлеңке мен жарықтың», «Кешірім», «Жек көр мені», «Соңғы кездесу» атты өлеңдерінде сүйіспеншілік сезім, ынтық көңіл ақынның ішкі психологиялық қабылдауының полярлық көзқарасы арқылы бейнеленген. Осы арқылы өлеңдерінің көркемдік мәні артып, мазмұны ерекшеленіп, көркейе түскен. Мәселен, «Дүние-жарықта» ақын өзін омыртқа, аян-түс, ақ қайыңның қабығы, шаттық, бақыт, үш ішекті домбыра, қоңыр жел, күрең күн, раушан гүл тікені, сары бел, қызыл от, қараңғы дүниеге теңесе, керісінше, жаны қалаған қызын жаңағы теңеулерге кезегімен жұлын, ырым, шәрбат шырын, күлкі, шырқы, үкі, самал, қабақ, сабақ, сағым, жалын, аппақ жарыққа теңейді. Өлең формасы сонда: Омыртқа – жұлын Аян-түс – ырым Ақ қайың қабығы – шәрбат шырын Шаттық – күлкі Бақыт – шырқы Үш ішекті домбыра – үш тал үкі Қоңыр жел – самал Күрең күн – қабақ Раушан гүлінің тікені – нәзік сабақ Сары бел – сағым Қызыл от – жалын Қараңғы дүние – аппақ жарық – болып қарама-қарсылық түсінігімен беріліп, бірақ, этимологиялық тұрғыда мағыналас, семантикалық жағынан бір-бірін байланыстырып, ұғындырып, толықтырып тұр. Өлең формасы мен стилі жағынан ерекше әр береді. Ақынның осы тұрғыдағы өлеңдерінің ішіндегі бейнелілігі жағынан, эстетикалық талғамы тұрғысынан шоқтығы биік «Күйін кешкен көлеңке мен жарықтың» өлеңін тұтас көрініс ретінде түсіну үшін түгел оқу қажет: Күйін кешкен көлеңке мен жарықтың, Екеумізде кереғарлық бар, ұқтым. Кінәміз сол – мен кешірім сұраудан, Ал, сен мені кешіруден жалықтың.
Өзгелерден ой-ақылым мол, білем,
Соны шашып жүрем оңды-солды мен.
Менен сенің ақылың аз болғанмен,
Бәрін жұмсай білесің өз орнымен.
Сен Күн болсаң, мен Түнмін-ау, шамасы,
Суымайтын, жуымайтын арасы.
Ай болсаң ғой, ұғысар ек үн-түнсіз,
Құдай сені Күн қылғанын қарашы!.. Міне, нағыз антитеза! Ақын екі кереғар ұғымдарды қарама-қарсы шендестіру, антитезалық фигура формасымен байланыстыру арқылы өлеңді ерекше әсерлеп, асқақтатып жіберген. Бұл – ақын талантының шеберлігі. Қазақ өлеңін өрге шығару жолындағы жеңісі. Қазақ поэзиясындағы тың сурет, соны соқпақ десек, артық айтпаймыз. Ақын өлеңдерінде сезімді, ғашықтық көңіл-күйді еркін, жасырмай, шын суретпен көркем тіл арқылы тамаша бейнелеген. Жасандылық, сезімді алдау, әсірелеп суреттеу, қосып айту, көтермелеу ақын көңілінен, ұстамынан ада. «Не похоже ли эта, загадочная для нас, Любовь – скорее на огненный полет, нежели на братское сострадание, или даже на умиление и тихую святость?», – дейді орыс символистерінің белгілі қайраткері, ақын З.Гиппиус. «Даже любовь к женщине у современных поэтов – любовь настойчивая и волящая. В самом высшем своем выражении, в полном самоотвержении и подчинении она все же носит этот волевой характер», – деген келесі бір символизм өкілі Ф.Сологуб осыдан бір ғасыр бұрын. Бұл пікірлерді алға тартып отырғанымыз, біріншіден, жоғарыда айтылған Алмас туралы пікірге дәлел, екіншіден, поэзиядағы сезім лирикасындағы ғашық болу, ынтық сезім, тіпті, интим іс-әрекет дүниесін ақынның өз басынан өткізіп, содан соң өлеңге көшкенін көрсету. Жүрекпен сезіп, көкіректен өткізіп, Алмасша «тәтті ұйқыны қиып, ащы терді төгіп», «ақ төсектің үстіне қара шашын төгіп, ақ көйлектің ішінен ап-п-пақ тәнін көріп», «махаббаттың бал айында, ұжмақтың болып сегіз сарайында», «қойнын жылытып жалын шашқан демімен, құшағына кіргізіп, құшақтатып белінен» дегізіп барып ләззаттың тәтті дәмін татып, жанып-сөніп, әуелі есалаң күй кешіп, артынан ес жинап өлеңге еніп өріліп барып, ғашық жанның ғазалын Поэзияда тудыру – нағыз ынтызарлық таза әлем. Алмастың «Сені сағынғанда...» өлеңі – сезім лирикасына арналған ода деп атауға болатындай туынды. Өлеңнің эстетикалық ішкі әдемілігі ақынның дәл тапқан сөздері арқылы сезіледі. К.Бальмонттың: «Поэзия есть внутренняя Музыка, внешне выраженная размерною речью», – деген сөзімен айтсақ, ақынның осы өлеңінің бақытын сөз анықтаған. Жүрегін ұстап қолына жүгіріп алдан шығатын, айтайын деген сөзімді айтқызбай жатып ұғатын, қойып кеткен жерімде қозғалмай күтіп тұратын, оңаша қалсақ, отыз күн ойын, қырық күн тойын қылатын,
әдемі киім киетін,
әдемілікті сүйетін,
елге сәлем салғанда еңкейіп басын иетін,
еңкейген сәтте бір құлаш бұрымы жерге тиетін,
суығыма тоңатын, ыстығыма күйетін,
маған тиген таяқтың бір ұшы соған тиетін.
шынын айтып жылатқан, сырын айтып жұбатқан, көк Аспанның астында, қара Жердің үстінде, көп Еркектің ішінен Мені ғана ұнатқан. Өлең жалғасын қыз портретін «әдемі» анықтама сөзі арқылы одан әрі тереңдете аша түскен ақын, енді «періште» кейіпке енгізіп: Сол періштемді жоғалттым! Кім ұрлады?! Кім көрді?! ............................................. Көрсеңіз оны, замандас, Мына телефонға хабарлас: 8-701-534-2006 – деп, телефон нөмірін ұсынуы өлеңнің бағасын көтеріп, мәнін тереңдете түседі. Ақынның бұл өлеңінің архитектоникасы – қазіргі қазақ поэзиясындағы жаңаша құбылыс. Ақын өлеңінде өз Музасы арқылы әдеміліктің символы – әйелді поэзия тілімен әлемдік шындық кеңістігіне жеткізеді. Әдемілік, сұлулық – өнердің бар саласындағы шындық (realіty) болмыс. Оны Адам да, Аллаһ та, пайғамбар да мойындап, бас иген. Жылы жүзің жүректерді жылытып, Көзір-көркің жұрт көңілін жүр ұтып. Сені көрсе Мәжнүн (қайта тіріліп) Ұнатар ед, Ләйлісін ұмытып, – деген «Ару» өлеңінде ақын сұлулықты төмендегідей өрнектейді. Шынында сенің сұлулығыңнан, Пенде түгіл, сайтандар да үмітті. ...................................................... Бөліп берсе, сенің сұлулығыңды Бәрі сұлу болар еді адамның!.. ...................................................... Бойыңдағы бар қасиет, бар қылық, Елдің бәрін есінен жүр тандырып. .......................................................... Сені көріп... Дауасы жоқ дерт төніп, Қанша еркектің жан-сезімі кетті өліп. ............................................................... Сені көріп алтыннан да ардақты, Періште де пәк жолынан тайғандай!.. Атақты түркі ғалымы Рабғұзи (ХІІІ ғасырда өмір сүрген) «Жеті көктің сипатының ішінде бесінші қат көк – қызыл алтыннан, періштелері – хор қыздары суретті», – дейді. Алмас поэзиясындағы сезім лирикасының негізгі бейнелі образы – періште тектес әйелді суреттеу. Өз санасында әдемілікті періште бейнелі, пәк, таза, тұнық, мөлдір ұғымы негізінде көркемдеп алып, өлеңге сол деңгейде ауыстырады. Мен саған бір періште жібердім; («Періште»).
Періштеге періште қарамайды екен.
...Қайырлы түн, періштем!
(«Періште»)
(Періште ме, пері ме, әлде, пенде ме?!
Бітпейтұғын болдың-ау сен бір уайым)
(«Мазасыз минуттар»)
Періштенің ұшқаны – естілетін түн еді
Қос жүректің арасы – әрі кетсе, бір елі.
(«Баяғы баллада»)
Бір періштем бар еді, Бір пе-ріш-тем бар е-ді... («Сені сағынғанда») Ақынның махаббат лирикасының ең шоқтығы биік туындысы – «Сыңар кебіс» поэма-гротескісінде ұлттық болмыстың бүгінгі суреті арқылы үлкен полотнолық дүние жасалған. Туындыда ақын адам бойындағы асыл қасиетті – ұлы махаббаттың адамзат өркениетінің өрмекшінің торындай адам санасын шырмаудағы темір дүниеден өткен азып-тозу сияқты сынақтан кейінгі психологиясын көз алдыңа әкеледі және де бұл бүгінгі қазақ ауылындағы трагедияның көрінісі арқылы берілген. Поэманың зор танымдық, үлгі-насихаттық бағыты басым. Қазіргі қазақ поэзиясындағы Алмас Темірбайдың сезім лирикасы – эстетикалық ойдың, әдебиетте көркем бейне жасауда ақын ұмтылысының шынайы бағыт-бағдарын беретін шығармашылық келбеті.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
Әмірғазин С. Дін және жауапкершілік. – Астана: «Фолиант», 2002. Уорделл Дж. Қырғыз даласында. – Лондон, 1958 – Алматы, 1994. Рифаъи М.Ф. Ислам мәдениеті. – Алматы, 2007. Жебесін Г. Ақыл-ойдың азғындауы. – Алматы: «Шапағат-Нұр», 2003. Әбдікәкімұлы Т. Қас сақ аңқымасы. –Астана: Елорда, 2001. Библиотека русской критики. І том.– Москва, 2002. Библиотека русской критики. ІІ том.– Москва, 2002. Ақсұңқарұлы С. Өмір деген – күнді айналу. – Алматы, 2005. Дүйсенбайұлы Е. Ұланғайыр. – Алматы, 2006. Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. – Астана: «Фолиант»,2002. Нұрғали Р. Әдебиет теориясы. – Астана: «Фолиант», 2003. Қабдолов З. Таңдамалы шығармалар. ІІ том. – Алматы, 2003. Қазақ халқының философиялық мұрасы. ІҮ-том. – Астана: Аударма, 2005. Елеукенов Ш. Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде. – Алматы: Алатау, 2006. Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы. – Астана: Елорда, 2003. Серікқалиұлы З. Дүниетану даналығы. – Алматы: Білім, 1994. Көкейкесті әдебиеттану. Алматы кітап. – Астана, 2004. Рабғұзи. Қисса-сұл-Әнбийя-и. Адам-Атадан Мұхаммед ғалайһи уәссәламға дейін. – Алматы: Орда, 2006. Соколова В.В. Культура речи и культура общения. – Москва: Просвещение, 1995. Антикалық философия. ІІ том. – Алматы: Жазушы, 2005. Он ғасыр жырлайды. – Алматы, 2006. Словарь литературоведческих терминов. – Москва: Просвещение, 1974. Ой-қазына антологиясы. (ХХ ғасыр) – Астана: Аударма, 2004. Қазақтар. Асыл сөз. – ІҮ том – Алматы: ІДК-ТІРО, 1998. Екі-мыңжылдық дала жыры. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2000. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтама. – Алматы: Аруна, 2005. Философиялық сөздік. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1996. Абай. – Алматы: Жазушы, 1976. Исәділ А. Жолдар, жолдар. – Алматы: Жазушы, 2001. Қамшыгер С. Сары гүл. – Алматы: Жазушы, 2001. Толқынқызы Т. Біз таулықпыз. – Елорда, 2001. Қайырбеков Ә. Бөртостаған. – Алматы: Жазушы, 2005. Әдебиеттану терминдер сөздігі. – Алматы: Ана тілі, 1998. Әскербекқызы Ж. Көк түріктер әуені. – Астана: Елорда, 2002. Беделханұлы Б. Көкемарал. – Астана: Елорда, 2001. Берікқажыұлы Д. ANTE MERІDІEM. Астана: Елорда, 2001. Шоқан М. Жүрекке жүгіну. – Алматы: Ел-шежіре, 2007. Раушанов Е. Бозаңға біткен боз жусан. – Алматы: Раритет, 2006. Бердалин А. Айсары. – Көкшетау, 2004.
Темірбай А. Жұмақ жұрт. – Алматы: Жібек жолы, 2004.
МАЗМҰНЫ:
АҚИҚАТТЫ АЛАШҚА АҚЫН АЙТҚАН........................................3
АҢДАТУ................................................................................................5
1 тарау
КАТАРСИС КӨКЖИЕГІ....................................................................13 Алмас поэзиясындағы ТІЛ мен РУХ қасиеті және ақынның «МЕН» категориясы хақында............................................13
2 тарау
БОЛМЫС ДҮНИЕТАНЫМЫ............................................................49 Ақын өлеңдеріндегі ислам әлемі, қоғам мен замана шындығы, уақыт кеңістігі және жалған дүние өлшемдері хақында......................................................49
3 тарау
ӘСЕМДІК ҮЙЛЕСІМІ........................................................................102 Ақын лирикасындағы Ай бейнесі......................................................102 Ақын өлеңдеріндегі сезім лирикасы..................................................117
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.................................,........130
Ғылыми басылым
Нұртас АХАТ
Алаштың Алмас ақыны
(Алмас Темірбай шығармашылығы туралы)
монография
Басуға 14.05.2008 қол қойылды.
Пішімі 84х108 1/32. Шартты баспа табағы 10.
Тапсырыс № 28. Таралымы 7000 дана.
Бағасы келісімді.
«Келешек-2030» баспасы. 020000, Көкшетау қаласы, Горкий көшесі, 17 «а» үй, тел: (8-716-2) 31-33-49, факс: 31-33-51. е.maіl: Keleshek@maіl.ru http://www.keleshek@maіl.ru
ӨМІРДЕРЕК
Ахат Нұртас Ахатұлы 1961 жылы 11 қыркүйекте Көкшетау облысы, Айыртау ауданы, Қоскөл ауылында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар: (тіл маманы, заңгер). 1996 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының республикалық баспа кабинетінен «Тұрмыс-салт жырларындағы ұлттық педагогика мәселелері» атты мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқауы, ал 2001 жылы «Орынбай ақынның әдеби мұрасы» атты монографиясы жеке кітап болып жарық көрді. «Алаштың Алмас ақыны» монографиясы – автордың үшінші кітабы. 2000 жылдан бері «ҚР білім беру ісінің үздігі», 2007 жылы бері «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері». Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің директоры. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру