TELEGEI

Home

Екі томдық шығармалар жинағы. ІІ том

Сәкен Иманасов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Екі томдық шығармалар жинағы. ІІ том

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді

Сәкен
Иманасов
шығармалар
жинағы

ІІ ТОМ

Өлеңдер
«Алатау» баспасы
Алматы

ІSBN 978-9965-807-74-9

Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, ҚР
еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың көрнекті ақыны Сәкен
Иманасовтың таңдамалы жыр жинағының екінші томына
оның ежелден елге танылған өлеңдері енді.

Кітап көпшілік қауымға арналған.

УДК 821.512.122

ББК 84 (5 Қаз)-5

И 48

Иманасов С.
Екі томдық шығармалар жинағы: Өлеңдер /
Сәкен Иманасов. – Алматы: «Алатау» баспасы, 2014.
ІІ-том. – 384 б.

И 48

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
бағдарламасы бойынша жарық көрді
Жинақты баспаға ұсынған: М.Е.Иманасова.

Арнаулы редакторы: Қ.Құрманғали.

УДК 821.512.122

ББК 84 (5 Қаз)-5
ІSBN 978-9965-807-74-9 – (2-том)
ІSBN 978-9965-807-72-5 – (ортақ)
© Иманасов С., 2014

© «Алатау» баспасы, 2014
© «Жазушы» баспасы, 2007

БАРЫМДЫ БІР ТҮГЕНДЕП

Күні-түні жүрем деп сөз қамында,
қатарымнан оздым ба,
озбадым ба? –
Келем бе әлі, туған ел,

дем бере алмай
делебесі дүбірге қозған ұлға?
Көп еді ғой көкейдің тындырмағы,
өз басымнан аса алмай жүрмін бе әлі?

Бес ешкі ме баяғы айдағаным,
байлағаным, апыр-ау, кімнің бағы?
Бір жадырап тірлікте,
бір түнеріп,

кеттім бе әлде көбірек күлкіге еріп?
Емешегін үздіріп кімнің ғана,
дүбірлерде діңкесін құртып едік!
Кетірмеуге бекініп сөздің құнын,

Туған жердің қайырлы кездім қырын.
Ез құрбының өзін де емексітіп
қатарымнан қаншалық оздым бүгін?
Шала ғана бүлініп шамалыға,

шамдандырып шалдуар ағаны да.
Жүрмін бе әлі,
төмендеп тілдің мәні,
шартарапқа бөлініп сана мына?

Тұманына тап келіп мұңның қалың,
сайрамай ма кеудемде бұлбұлдарым?
Сындырмадым демеспін бұта басын,
ел қатарлы болып та тындырғаным?

Іркілмейтін тұстарда
іркілем деп,
татып бара жатыр ма күлкі кермек?..
...Алды-артымды бүтіндеп осындайда,

алсам деймін барымды бір түгендеп!..
«Бел-белес» кітабынан

* * *
Сыртқары сәл ығысып, алыс тұрып,
Өзімді өзгелермен салыстырып,
Қараймын бөтен көзбен өз ісіме,

Үңіліп суретшідей сөз ішіне.
Өнерім құдіретіне дір етті кім,
Дәл басып таба алдым ба жүрек қылын.
Бояуын қалыңдатып алмадым ба,

Бар ма екен жұрт танырлық таңба мұнда.
Ой көп пе, үміт көп пе, сезім көп пе,
Әлсіреп қалғандығым сезілмеп пе?
Тартады тосын шыққан дүбір қайда,

Тыңдаса тұла бойың шымырлай ма.
Айтпағым аңсарыңды қандыра ма,
Өртей ме, еліктіріп жандыра ма,
Өзендей асау ағын гүрілдей ме,

Ғашықтар қыз-қыз қайнап дірілдей ме.
Жан бітіп жоталардың өзіне де,
Ырғалып, ыңыранғаны сезіле ме,
Болғандай мың риза, сірә, маған,

Сәл жұмып ойлы көзін тұра ма адам.
Шабыттың шалқуында нұрға балқып,
Сезімді жібердім бе сырлап артық.
Ілесіп кетпей сезім жетегінде,

Елімнің бір қажетін өтедім бе?!
Жанарым жалынына шағылысып,
Соған бір қарап алам сәл ығысып,
Содан соң ойға батам ғұрпыма тән,

Тағы да темекіні бұрқыратам...

БІР АҒАҒА

Сізге деген пейілім бөлек еді,
түсінбей-ақ қойдыңыз неге мені?
Үрпиісіп қаламыз кезіккенде,
үркіп ұшып көңілдің көбелегі.

Арандатар антұрған кім екенін,
біле де алмай,
жүректі жүдетемін.
Жақсы ағамен жауығып жүрем бе деп,

жүзіңізді көргенде...
дір етемін!

Арамызды ашуға даяр тұрған,
айтыңызшы,
апыр-ау, қай антұрған?
Сіз білмейтін менде қай сыр бар еді,

мінім де аян,
мінезім...
аян тұлғам.
Аян еді бәрі де өзіңізге,

Қарай алмас кінәм жоқ көзіңізге.
Тойға барған қазақтар емес пе едік,
бұдан да жұпынырақ кезімізде.
Түсініңіз,

тұрғам жоқ шенегелі,
түсінбей-ақ келесіз неге мені?
Елге біткен ерсілеу пенделікпен
ағамыз «ауырмауы» керек еді!

БАРЫП ҚАЙТСАҚ ҚАЙТЕДІ ҚОЙЛЫ АУЫЛҒА

Отыр дейді, Ойжайлау қойнауында,
барып қайтсақ қайтеді қойлы ауылға, –
жөн болады жігіттің ел көргені,
сергелдеңі сөз бе екен сойдауылға!

Қарамайық басында қар барына –
қарлы шыңдар –
жігіттің арманы да!
Аңғарына жайғасқан Аршалының

сәлем беріп шығайық шалдарына.
Сәлем беріп сондағы елге біздің,
қымыз ішіп қолынан жеңгеміздің,
Өскен жерін,

кіндігін кескен жерін
көріп қайтсақ осынау пендеңіздің!..
Сарқытындай
сабырлы кешегі елдің,

сары майын шайқатып шешелердің,
бауыр төсеп жатқанда баурайында,
ән де жетер астынан неше белдің...
Болып па едің шыңырау құзда бұрын?

Қызығына батамыз біз бәрінің, –
жауыны бар малшынар,

дауылы да,
сауығы да бар шығар қыздарының.
Қарамастан дауылы, жауынына,
барам десең,

малшылар ауылына,
ат басымен біраз күн алыстырып,
таныстырып қайтайын тау ұлына!

ӨЗЕН ЖАҒАСЫНДАҒЫ ОЙ

Өзен ағып өзінің арнасында,
Ойға батып мен тұрмын жар басында.
Ықты-жарды білмейтін асау ағыс
төте жолын тірліктің таңдасын ба!..

Елеместен өріңді,
алға асыға,
сыймай ағып барады арнасына.
Қарамайды көлденең көк тасқа да,

жүз иіліп-бүгілген тал басына.
Енді бірде лағып,
далаға ағып,
Сәл іркіліп,

соңына қарап алып,
Мың бұрала
бұлқынып,
бұрылып кеп, –

өз арнасын қайтадан табады анық...
Тоқтамасын сездіріп, талмайтынын,
барады ағып алқына,
алмай тыным.

Жағаға атып тастайды
шөп-шаламның
шалғайына жабысып,
қалмайтынын...

Еліктіріп ерке су мені мүлде,
бір ой тұрды бейуақта көңілімде:
Бұраң-бұраң өзеннің арнасына
ұқсамай ма өзімнің өмірім де?..

Шеңберіне тірліктің шектелмей де,
шығып кете бергенмен шектен кейде,
тура жолдан таймаппын,
тайдырам деп

жүргендерге кектенбей,
жек көрмей де.
Жұлып жеген өзендей өз арнасын,
Қиянатқа, белгілі,

төзе алмасым!
(Оңға кеттім, біресе солға кеттім,
оған бола ұсқының бозармасын!)
Қырға қашып, біресе сай құлаппын,

(Шөп-шаламнан кейде сәл қаймыға ақтым!)
Осы өзендей тасыппын,
тартылыппын,
тура жолдан, тек қана айнымаппын!

* * *
Қаншама қырын келсін тағдыр, мейлі,
қиналған кездерімді жан білмейді! –
Ешкімге шағындырмай,

табындырмай,
өмірдің өзі-ақ мені әлдилейді!
Бұралаң тіршіліктің сан дүрмегін,
шыдаған көтеруге балғын белім,

Жылаған (жасырынып) шақтарда да
басымнан сипамаған тағдыр менің.
Өзгенің өтесі жоқ, сірә, маған,
ешкімді оған бола кінәламан!

Келгенше осы жасқа, шынымды айтсам,
көрмедім жанашырлық бір ағадан.
Әйтеуір өрге сүйреп өз басымды,
ешкімге көрсетпедім көз жасымды.

Сезуші ем
тағдырыңның тәлкегінен
тулақтай
түгі түсіп,

тозбасымды!

КӨҢІЛШЕК БОЛЫҢҚЫРАП БАРАДЫ АҒАҢ

Бұл күнде далаға да, балаға алаң,
көңілшек болыңқырап барады ағаң...
Шақ қайда кешегі бір бұрқ-сарқ етіп,
бетің бар, жүзің бар деп қарамаған?!

Қайтармай қатарластың от-талабын,
келеді қабағына көп қарағың.
Кешіріп тентек інім
еркелігін,

шарт етіп,
шамданбайтын боп барамын.
Біреулер санамасын мұны шағым –
көбейіп бара жатыр ұғысарым,

бүгінде қатар жүрген құрбылардың
Мінін де байқамауға тырысамын.
Әйтеуір тапсам деумен кісі бабын,
артық-кем айтуға да қысыламын,

болмайды жақсыларды жақтамай да,
көзіне мақтамай да сұсы барын...
Деумен-ақ қалай айтсам кімге нені,
тілің де тіліп түспей, күрмеледі, –

күлкіге қалам ба деп қорқақтайсың,
бүлдіріп алам ба деп бірдеңені.
Бағумен ағайынның қас-қабағын,
келеді сөзін жерге тастамағың.

Елемей ерсілігін, кемшілігін,
жасытып алмайын деп жасқанамын.
Бір ісің жақпай қалып бүгін елге
жан таппай –

жалтақтасаң –
жүгінерге,
Жайыңды түсінетін ағалар ма,
қайтармас, кісі бетін інілер ме?..

Апыр-ау, балаға да, далаға алаң,
көңілшек болыңқырап бара ма ағаң? –
Келемеске кете беріп кешегі шақ
кісінің бет-жүзіне қарамаған!..

ЖАСҚАЙ БЕРМЕ

Тексеріп, тергемей де, жерлеймей де,
бола сал елемеген сен де кейде! –
Мал екеш, малдың өзі ауық-ауық
ауылдан алыс кетіп, желдемей ме?..

Қой, жаным, күйінбе де, күрсінбе де,
беймезгіл қайдан ғана жүрсің, деме,

білмесін ағайын да,
маңайың да,
күлмесін қайдағы бір күншіл неме!
Апыр-ау, аяқасты өзгерем бе,

бола сал байқамаған,
сезбеген де,
Кей-кейде ерте кетіп, кеш келдің деп,
жүрмесін жас оралып көзге демде!

Қой, жаным, күрсінбе де, күйінбе де,
беймезгіл жүрісіңнен тыйыл, деме,
Қалайтын оңашаны шақ болады,
байыздап отыра алмай үйіңде де.

Өзіңді өзгелерден сәл қызғана,
қарамай балдызға да, бар қызға да,
Кейде бір барлығынан баз кешкендей
тұрасың қалғың келіп жалғыз ғана...

Үлгі етіп өзің білмей өзгелерді,
қинама тыныштықты кезген ерді.
жүрісім сұйық та емес,
суық та емес,

бекерге ата берме көзбен енді!
* * *
Қашан ғана көгертер көсегемді,
тастасам ба біржола осы өлеңді, –

Қай сөзіме ағайын құлақ асып,
қай туысқан өзіме есе берді?
Деруішке айналып өзің мүлде,
күні бойы тебірен, көзіңді ілме, –

тыңдаушылар болған соң әлі керең, –
дәрі деп ең сенің де сөзің кімге?
Дарымаса дегенің өреліге,
өлең жазып, өзеуреп керегі не, –

Өр көңілді қайтеді ел, көргеніңді,
келгеніңді қайтеді кемеліңе?
Ел құлағы елу деп, езілдің бе, –
осы күні өткендей сөзің кімге.

Бірте-бірте жүйкең де жұқарады,
мұқалады қайрауы төзімнің де.
Күбірің бе күндегі, дірілің бе, –
құлағына ілмейді бірі мүлде.

Өкпең кімге өтіпті осы күні,
жүрегіңнің жетіпті үні кімге?
Көгертеді қашан бір көсегемді,
шыр-пыр болмай, жөніме көшем енді, –

деп отырып, жігіттер, көп отырып,
жазып қойған жайым бар осы өлеңді!
Қажеті жоқ, дер едім, дәулет, тегі,
Қаржы құрғыр, қаншама әуре етпеді!

Үйде де аңдып, түзде де, қасымнан бір –
қарыз дейтін, қағынғыр, жау кетпеді.
Лауазымнан қашар ем, амал бар ма,
Бар сырымды ашар ем адамдарға,

күнің түсіп көрінген жырындыға, –
қалатының белгілі тағы арманда!..
Мәнсаптан да безе алмай, байлықтан да,
айына алар азырақ айлықтан да:

Атақты да болсам деп, армандайсың,
әлдекімнен жүрегің шайлыққанда.
Бақ-дәреже дейтін бар сан құбылған,
қашпас едім, қайтейін, барлығыңнан;

Кете алмайсың өзіңнен өзің безіп,
ете алмайсың ұят пен арды құрбан!

ТАҚЫРЫП ТУРАЛЫ ЖЫР

Таппақ болып менен де ақыры мін,
Тар, деп те жүр біреулер, тақырыбың.
Қалай ғана тақырып тар болады,
Жапаныңды жаңғыртып жатыр үнім...

Кеме мініп, қыдырып бөтен көлде,
бармасам да беймәлім шет елдерге,
Қолым сәл бір қалт етсе, ауылды аңсап,
Алакөлге ағызып жетем мен де!

Өзіме аян: алысқа бармағаным,
Көкті кезіп, ғарышта самғамадым.
Күнде көріп жүріп-ақ, Алатаудың
ажарына әлі де таң қаламын!

Көрген жоқпын өзгенің көгін, көлін,
Алабама, Айова негрлерін,
Алматыма қайтып кеп жырламадым,
Бомбейдегі үндістің егілгенін.

Жырақ шығып көрмедім өз елімнен,
туған далам,орманым, өзенімнен,
Африка барсам да, – ауылымнан
артық әсер етпесін сеземін мен!

Жырлайтыным өз далам, өз көлдерім,
өз елімнен көргенім, сезгендерім,
Гималайдан кем соғып көрген емес,
бала жастан жалықпай кезген белім.

Бірдей ұнап ақынға, батырға да,
жетті даусым алысқа, жақынға да,
Тебірене түнімен жазғанымды,
емірене тыңдап-ақ жатыр дала.

Тіршілікте әркімнің үлесі бар,
біреуге – ызғар, біреуге күнес ұнар.
Ніл дарияны несіне жыр етейін,
Әрі кетсе ол да бір Іле шығар!

Тақырыбым махаббат елге деген,
Өз елімнен өзгені көрмеген ем.
Ақын, тегі, Магеллан емес шығар
жерді айналып шығатын жел кемемен.

Айналатын күнде бір арайынан,
Ұзамадым Москва маңайынан,
Сұқтанбадым біріне шет елдіктің
тата жүріп қолымнан талайы дәм.

Туған жердің сүйеніп терегіне,
бұлбұлы боп мұң шақтым, мен егіле, –
одан артық ақынға тақырыптың,
одан артық бақыттың керегі не!..

* * *
Тұра тұр сен, тұстасым, кіжінбе де,
бәсең болмақ өзгеден жүзім неге?
Кірмеген де шығармын, қолдан-қолға,

кешіп жүрген тұрақты тізімге де,
мәселе – тізімде ме?..
Мықтылармен өткізіп бірге түнді,
білдірмеген шығармын шын бетімді.

Ермеген де шығармын жақсыларға,
көрмеген де шығармын құрметіңді.
Тіршіліктің көне алмай шартына да,
қол созбаған шығармын даңқыңа да,

Бүтін тиер үлесім бір бұйырмай,
риза болып жүрмін бе жартыға да?
Мәселе осында ма?
Керегі не тұрақсыз, тосын баға!

Ерте-кеш пе түгендеп тиесімді
бір аламын. Ағайын, сосын ғана...
Бекерге шошынба, аға!.
Шошынба, аға, бетіме құр тесілме,

өзің менен шынымен үркесің бе?
Не тұр дейсің тұрақты тізімде сол
бір өлеңің жүрмесе жұрт есінде!..

ДОСЫМА АЙТАМ

Айтып ем ғой өзіңе баяғыда:
Сұрамаймын кісіден саяны да, –
Қолтығына біреудің тығылмаймын,
жығылмаймын ешкімнің аяғына!..

Өмір бойы есіңде сақта дегем:
Қайда қашып құтылар бақ та менен,
ақ сүтімен анамның емген арды
абыройын қалпында сақтап өлем!..

Апыр-ау, сен әлі де нанбайсың ба?
Әңгімені әріге жалғайсың ба? –
Өзгерер деп, икемге тез көнер деп,
өмір мені салмады қандай сынға!

Жорықта да, жолда да, үйде де мен,
сен білетін баяғы күйде келем. –
Қызықтырып, қызығын тізіп тұрып,
көңіл мені қай жаққа сүйремеген!..

Икеміне көндіріп, илегелі,
көңіл мені қай жаққа сүйремеді,
Баққұмарлық тап берген, табындырып,
бағындырып, біржола билегелі.

Өздеріне қосам деп қыңырайған,
не көрмедік суайт пен сұмырайдан!
Мен де еліккен пенделік, ар мен ұят
салды қанша кеудемде шыны майдан.

Ұсынды өмір даңғылын, соқпағын да,
өзің-ақ айт, ерсілік жоқ па мұнда, –

Кісілікті ойласам қыл көпірде,
тәлкек бола қоймасам тоқ қарынға?!
Беделі үшін бүгінгі мен ешкімге
қолымды ала жүгірген емеспін де.

Бақ дәреже көрінсе – көзін сатқан
біреулермен бекерге теңестірме.
Суыртпақтан сыр тартқан кімсің, мейлің,
мына сөзім есіңде жүрсін деймін:

Тең болдым деп біріңмен дандайсымай,
кем болдым деп, күйініп, күрсінбеймін!..
* * *
Қалмады ма қадірім елге менің,

ырылдата берді-ау бір... пенделерін, –
деп түршігіп наласы, жаласынан,
тіршіліктен түңіле берген едім...
Біреулердің қысасы, ғайбаттары,

біржолата қанымды қайнатқаны!
Түтігіп бір далаға шығып едім,
жүре берді төңірек жайнап тағы.
Бағанағы қалпында самалалы,

жатыр екен – жадырап далам елі,
күні күліп көгінде, қыры күліп,
қарық болып халқымның қағанағы.
Жапа шеккен жан жоқтай бүгін мендей,

не көрінді тірліктен түңілгендей!
Түтіп жердей болғаным, қай сасқаным,
дүниенің осынау нұрын көрмей!

КӨЛ ЖАҒАСЫНДА

Не болыпты көңілге енді ұсақтап,
сағыныштың сарқынын келді сақтап!
Алып-ұшып, әл бермей жүрек, шіркін,
Көрген бар ма, дәл мендей, көл құшақтап?

Ақжал толқын айналып арғымаққа,
жатады екен, жалт етіп, жар құлап та.
Көл үстінде құлаштай жөнелгенде:
боласың-ау мінгендей қарғып атқа!

Бұрынғыдай көгің де сергек пе еді,
келе жатыр Ебің де желдеткелі.

Бесік етіп мына бір толқыныңды,
Алакөлім, азырақ тербет мені.
Толқыныңа оралып адыр-адыр,
адасайын есімнен тағы да бір.

Ауық-ауық алсам деп, мауқын басып,
анасының құшағын сағынады ұл.
Ақ шаңына аунадым, ұйпаладым, –
қаншы құмар! Құмына күй, табаным!

Алақаны-ау, деп қалам өз анамның,
аңызақтың арқамнан сипағанын.
Еріп кетіп желіктің жетегіне,
қарамаппын уақыт өтеріне.

Шешесінен қалмайтын жас баладай,
соңғы сәттің жармасам етегіне.
Бірер күнде баурап-ақ алды ма көл,
көргендерім көңілде жаңғыра бер!

Қандыра бер шөлімді. Күн қызуын,
қайта айналып келгенше қалдыра гөр!
* * *
Қайтадан бөбек етіп мүлде мені,

қайтарып балалықты кім береді?
Көп болды-ау, көпе-көрнеу көлгірсімей,
алаңсыз, ақтарыла күлмегелі.
Танытып алыс, жақын елге мені,

дүние дөңгелегі дөңгеледі.
Көп болды-ау баладай бір таң қалып та,
амалсыз алданып та көрмегелі.
Қайдасың балалықтың тұнық таңы?

сағынам санасыздау қылықты әлі,
Көп болды-ау риясыз ұнауды да,
егіле жылауды да ұмытқалы...
Тіршілік, күйбендетіп сен де мені,

көк сағым көз ұшында көлбегелі,
Көп болды сенбегелі сезімге де,
тамсанып, тәтті ойларға ермегелі.
Дүние-ай, төрт құбылам түгел менің,

білмейтін көңіліне мұң ергенін,
ісі жоқ зобалаңмен, көп алаңмен
біраз күн бала болып жүрер ме едім!..

Күнде ертеңмен күніне жүз бөгеліп,
қандай ғана сылтаулар іздемедік.
Жинай алмай жатқанда жазғы егінді,
қалғаны ма қыраулы күз де келіп!

Күз де келіп қалыпты қыраулатып,
қонайын деп, қона алмай жүр-ау бақыт.
Қырдың қызыл түлкісін, қақсам ба екен,
көбік қарға алғашқы бір аунатып!

Бақыт құсы төбемнен ұшып өтіп,
Құлагерді жүргенде кісінетіп,
Қара суық килігіп, қары жауып,
қалмас па екен кеудемнің қысы бекіп!..

* * *
Біреу сеніп айласы, әдісіне,
бірі – елінің беделді кәрісіне,
бүлініп-ақ бітеді пәтшағарлар,

дал боласың, – түсінбей мәнісіне.
Енді бірі қарамай шамасына,
иек сүйеп атақты ағасына,
Пілге үретін кәндендей, жақсылардың

жармасып та жатады жағасына.
Біреулері паналап кәрі әжесін,
бірі бұлдап бүгінгі дәрежесін,
Амалың жоқ, тұрасың аузыңды ашып,

сыбағаңды сыпырып және жесін!
Бірі сеніп өзінің жерлесіне,
алмайды да ағайын, елді есіне,
Сұс көрсетіп сыртынан, күш көрсетіп,

сараңның да қоймайды бермесіне.
Құлқы жаман біреулер, сұрқы бүлік,
қолтығына күштінің жүр тығылып,
Жүйкеңе де тиеді жүгірмектер

шекесінен қараса, мұрты күліп.
Анасы бар бірінің, мынасы бар,
ағасы бар, бірінің құдасы бар.
Қатын алмай, бір інің, қайын алды,

күні ертең-ақ күпініп бұ да шығар!
Тыйым көрмей біраздан дәндегенге,
ауыз сала бастады әлден елге.

Сенеді олар кісіге, ісіне емес,
сенбейді тек әділет бар дегенге!
Жақсылыққа жасымнан дәндегем бе,
Құдай сүйер қылық жоқ әлде менде? –

Жабырқасам – жанымнан табылатын
жалғыз досым бар еді жан дегенде...
Қаншама жыл қасымда жүрген еді,
күндемеді ешкімді, тілдемеді,

білмегені бар шығар десем де мен,
демеген ем тіріде тілге ереді...
Кім біліпті, қалайша сөзге ергенін,
не күн туып басына өзгергенін, –

Таласпасым өзіне мәлім еді,
жараспасын тұзымның езбен менің!
Содан барып... шықты ма есім менің, –
Содан қайтып досыма шешілмедім.

Ұрлығының үстінен түскендей-ақ,
бір қылығын, әйтеуір, кешірмедім!
Соны ойласам... алқымға от тығыла,
жатырқап-ақ тұрамын топты мына.

Жақсылыққа жасымнан дәндеуден бе?
Құдай сүйер қылығым жоқтығы ма?..
* * *
Кекірейіп, пенделік жасап ерге,

сырласудан сырғақтап қаша көрме,
аңғақ қағып алдыңа барған екен,
алып-ұшқан көңілін баса берме.
Әлденеге қуанып бұл күндері,

барған шығар өзіңе білдіргелі,
барған шығар, кім білсін, қалжың айтып,
қалжы қағып, қосыла бір күлгелі.
Беделіңді бұлдамай, тегі, іштегі,

бауырыңа тартқаның теріс пе еді,
Қуанышын қоярға жер таба алмай,
барған шығар сенімен бөліскелі!..
Тап болды деп тағы да қайдан мұнда,

дұрыс сөзін бұрысқа айналдырма.
Ол да өзіңдей қазақтың бірі емес пе,
ұл емес пе құшағын жайған қырға.

ІНІЛЕРГЕ РЕНІШ СӨЗ

Жел өтінде тұра қалған топсыңдар,
әлі сендер көретін де көп сын бар.
Дара құрмет дәметердей әзірге
жеке шауып жау түсірген жоқсыңдар!

Ерлік те әлі бұйырмаған сендерге,
бұлдайтының не, жұрағат, сонда елге?
Шөлдер ме әлде – шабан арын жетпеген,
ағаларың ат суарған көлдер ме?

Тұғыр болса деп тілейтін зауларға,
бір асуын алдырмаған таулар ма?
Сендер барып таба қояр қазына,
сендер жалғыз шаба қояр жау бар ма?

Ауыздағы ана сүті кеппестен,
батырлардай бұлданасың от кешкен –
Дара туған ұлан ба едің шетіңнен,
қыран ба едің көкірегін кек тескен?

Біз самғаған аспан шығар ұшпағың,
біз таңдаған жастар шығар құштарың.
Билейтінің – біздің ырғақ баяғы,
илейтінің – бір терінің пұшпағы.

Алдарыңда емес пе еді шырқар күн,
неге бұлай буырқана бұрқандың?
Астыңдағы арғымақтың өзі де
тұяғы ғой біз үйреткен тұлпардың!

Туған жердің тектісі тек сендер ме?
ептісі тек, беттісі тек сендер ме? –
Ата барын, аға барын аңғармай,
орын тілеп тұрғандарың төрден де.

Көзді қадап туылдырық, түңлікке,
Көкке қарап жатып алып күндікке,
Сендердей бір іні туар түбі деп,
босқа лағып, түк бітірмей жүрдік пе?

Өскендей-ақ таңырқамай-таңданбай,
Өрісті елдің өнегесін малданбай,
Қиылып кеп, сұрайсыңдар сыбаға,
құйылып тек көктен түсе қалғандай?!

Құрмет үшін қырқыспай-ақ кіл сендер,
біз жаққа да мойын бұра жүрсеңдер –

Ата жолын қумап па едік біздер де,
бір анадан тумап па едік, білсеңдер!

ЕЛ АЙТАДЫ

Көп болып ойлы күннен тойлы күнім,
Жақынға жақпай жүр ме кей қылығым:
«Ар керек ер жігітке, айбар керек,
азырақ айла керек, – дейді, – бүгін!»

Өзін де тек жүрудің көре ме мін,
аз емес, «аңғалсың-ау!» – деген ерің,
Қарамас алды-артына біреу дей ме,
білмейтін өз басына не керегін.

Ағайын оқта-текте келетін кей,
айтады, айтады ақыл мен өтінбей:
«Апыр-ау, біле білсең кім едің сен
Күштіге қарсы келе беретіндей?

Жүрердей ортамызда шу ғып бөлек,
Өзгеден осы біздер тудық па ерек?
Қатардан қалмауға да, арбауға да,
балаңды алдауға да қулық керек!»

Біреуі айтқызбай-ақ келеді де,
ақысыз үйретеді мені егіле:
«Билікке жетіп алмай, бекіп алмай,
Әсіре ақтығыңның керегі не!»

Осылай қатарласым, алдымдағым,
Көрдің бе, бір басымды дал қылғанын:
«Жолына бақ-дәреже жұмса!» – дейді, –
адамдық, адалдық пен ардың бәрін!

Біреуі: көрмейсің деп өзгелерді,
Көп кейін кәдімгідей сөзге келді.
Бәрінің: «Ел сияқты болсаңшы!» – деп,
айтқалы тұрғандарын сезгем енді.

Ақылы көкейіме қонар ма деп,
Әйтеуір, әлі күнге олар да әлек.
Ғұмыры қулығыңа құлықсыз жан
ақыры өздеріңдей болар ма деп.

Осылай жерлей бере, «жөндей» келе
енгізбек бір өзгеріс әр бейнеңе.
...Өзеуреп, «ел сияқты бол!» – дегенше,
Болмайды бәрі келіп мендей неге?

БІР ТАНЫСҚА

Айтарыңды айта да алмай тік қарап,
Өмір сүрген боласың-ау бұқпалап:
Берер текке бақыты жоқ тірліктің,
Тым құрыса жер өртеп те шықпады ат.

Сүтпен сіңген мінезде ме бар кінә?
Тірлігіңе түсінбедім дәл мына.
Үнсіз жүріп ұтқаның да ендігі
Шыққаның да белгілі жұрт алдына!

Бойға дәт қып бұйырғанын алдағы ас,
Бітеу кеуде біреу де емес барға мас.
Батыр деп те сырттан саған сүйсініп,
Кәпір деп те ешкім, тегі, қарғамас.

Қалдыратын соқпағың жоқ, сүрлеу де,
Біреу деп те айта алмайсың құр кеуде,
Тілім тіпті бармай отыр сонда да
Сендейлерді тірлік кешіп жүр деуге.

ӨЗІМЕ АЯН

Жұмысым жоқ жұмағы, тамұғында,
төрт құбылаң түп-түгел қалыбында,
Кісі болып сен де бір мұңға батып,
қас қағым сәт тірлікке налыдың ба?

Жұмсақ төсек, жылы орын, жайлы мекен,
бола алады сен үшін қайғы не тең!
Күні-түні өз қамың ойлайтының,
тойлайтының дәреже, байлық екен...

Қателікке, белгілі, ұрынбасың,
Құдай берген қия бір тұғырдасың.
Ішін тартқан дүние қатерінен
қымбаттырақ өзіңнің жұмыр басың.

Сұмдықтарды сезесің ел білмейтін,
есік те жоқ, тесік те – сен кірмейтін.
Адамға да жолықпай жүрсің білем,
айтқаныңа, әйтеуір, көндірмейтін.

Қамқор болар әзірге бар ағаң да,
Қарағың да келмейді қара нанға!
Тең атаның ұлы едім дейтіндері
шылбырыңды ұстауға жараған ба!

Кемел шағың толысқан, толған анық,
көтермелеп, қашан біз қолдамадық, –
Ауыздыға сөз бермей сен кеткенде
Майқы билер баяғы жолда қалып;

Ілгеніңді айтып ел, күлгеніңді,
жүрсің бүгін жасап-ақ білгеніңді.
Ал мен болсам, қиналам әлі күнге,
сендейлерді, біле алмай, кім дерімді!

Белгілі ғой жамандай алмайтыным,
Жақсы деуге – тағы да бармай тілім.
Мына сенің сортыңа адамдардың
Қосатынын білмедім, қандай түрін!

Биіктесің өзіңше, мінбедесің,
біліктілер санында бір келесің.
Тірі жүріп, тек қана, өзіме аян
сендейлердің біреуін күндемесім!

* * *
Ақ жаңбырдың жалықпай жауғаны ұнап,
жатайықшы шалғынды тауда құлап,
алды-артыма қаратпай, айналайын,

алып кетші ауылдан аулағырақ.
Тағат деген таусылды-ау сен келгелі,
аулағырақ алып кет елден мені.
Жүдетсе де, шыдайын, түлетсе де

серіліктің соңғы бір сергелдеңі!..
Айтылған сөз шын ба еді, жалған ба еді? –
аулағырақ алып кет, қарғам, мені,
Жатсын, тіпті, құлаққа талып жетіп,

Алакөлдің алқына алған демі...
Дертке дауа болған ба сұрап алған,
Неге бәрі елеңдеп тына қалған? –
Жалықтым ба, білмеймін, жабықтым ба,

алысырақ алып кет... мыналардан.
Көкірегім тұрғанда өртенгелі,
ертіп алып кетіп ең, еркем, мені,
Жұмағыңа айналып жүре берген

Алатаудың көк ала, көркем белі.

Құлаққа ұрған танадай тына қалған
көңілімде бар еді бір-ақ арман...
Мен ғашық ем шынында, дөңді асып ем,
шөл басып ем... таудағы тұмалардан...

Алматының шуынан аулағырақ,
бауыр тосып жатып ек бауда құлап.
Көзіміздің алдында күркіреп қыр,
сіркіреп бір жаңбырдың жауғаны ұнап.

Жаңғырыға жарысып желмен әнің,
ақтарып ем алдыңда мен де бәрін.
Елеп пе едік сонда біз ел ішінде
екеумізден бақытты пенде барын!..

САМАРҚАНҒА СЕН НЕГЕ БАРМАЙ ҚАЛДЫҢ?

Бұрылған балдырғаным, – талдай балғын,
бұйырмай қойды-ау дәмі шалғайлардың! –
Уәде беріп тұрып, ере тұрып,
сен неге Самарқанға бармай қалдың?!.

Уәде бере тұрып, көне тұрып,
айтар деп кім ойлаған сені өтірік,
Соншама сенгеніме, енді егіле,
біржола жүрсін деп пе ең мен өкініп?

Қасыңда құрақ ұшқан жанды көрмей,
қалқам-ай, қалай ғана қалдың ермей?
Жұптасып жүрмес пе едік біз де бүгін
Самарқан барып қайтқан барлық елдей!

Шағынам енді, жаным, өзге кімге,
Жас толып шыға келді-ау көзге мүлде,
Уәде бере тұрып, ере тұрып,
айнып-ақ қалғаныңды сезгенімде.

Себебі болды деп бір бармайтындай,
азырақ не де болса, алдай тұрмай, –
Самарқан сапарына сақтап жүрген
көп сөзім көкейімде қалды айтылмай!..

Жаным-ай, жағада өскен талдай балғын,
бұйырар дәмі қашан шалғайлардың!
Уәде бере тұрып, ере тұрып,
қайтейін, Самарқанға бармай қалдың!..

ЖАҒАЛАУДА

Қол ұстаса қыдырып сан кететін,
Жамыраса жалықпай әндететін
жағалауда келемін жалғызсырап,
шығар ма деп сыпыра шаңды етегің...

Жаға жаққа көп болған бармағалы, –
Суы азайып қалса да арнадағы,
ақ бұлақ бар ағысын қызықтайтын,
біз ықтайтын – жаңбырда – тал бар әлі...

Оқта-текте орнында бір ырғалып,
бәйтерек тұр баяғы қырын бағып,
Су перісі сияқты сүңгіп ойнап,
Ай қарайды айдыннан күлім қағып.

Баяғыдай көңіл де дала құмар,
ымырт басқан өңір де қара мұнар,
етегіңді еріксіз қақтыратын
қара жолдың бұрқылдақ шаңы әлі бар...

Жылдар, шіркін, үзді ме шын күдерді,
көкірекке қайдағы мұңды берді.
Қол ұстаса екеуміз көп қыдырған
жағалауда жабырқап жүрмін енді.

ТҮСІМЕ ЕНІП ШЫҒАСЫҢ

Осылай да боларын білген едім:
Түсіме еніп шығасың күнде менің,
Құшып-сүйіп жүремін баяғыдай,
қызығына қана алмай гүл-дененің.

Баяғыдай ес кетіп мүлде менен,
балдан тәтті шақтарды күнде көрем.
Шырт ұйқыдан оянам желпіп қалып,
шәйі көйлек етегі бүрмелеген.

Түсімде ме, біле алмай, өңімде ме,
құшағымда тұрады жеңіл дене,
Әлденеге жүрегім алып-ұшып,
ән де шырқап оянам, көңілдене.

Сусып шығып біресе құшағымнан,
сұмдық шошып оянам құса-мұңнан.
Қараша үйім ұқсайды қара орманға,
қараңғыны қармана құсы ағылған.

Құпия емес ешкімге бөтендігің,
емексітіп қайтесің бекер, күнім:
Анық сезіп жатамын түсімде де
бұл бақыттың баянсыз екендігін.

КӨП ҚАРАДЫМ

Аязда аяқ тоңып, күш те кеміп,
жігіт тұр темекісін тістене еміп,
алаңдап зәулім үйдің есігіне,
атылып шығатындай іштен елік.

Қараумен сағатына ара-тұра,
қалмай да бара жатыр тағаты да.
Қос қолын қолтығына тығып алып,
билеген болады өзі ара-тұра.

Апыр-ау, талшық алып тек үміттен,
баяғы мен ғой мынау сені күткен.
Өзіңді бір көргеннен түндерге ерген,
бойына жігіттіктің желі біткен.

Аумайды қалпағы да басындағы,
(Ауылдан келгендігін жасырғаны).
Ақ үйден атып шыққан анау қыз да
сенсің ғой, сенсің... жиырма жасыңдағы.

Апыр-ай, өзіммін бе, басқамын ба?
(Өмір-ай, өте шыққан қас-қағымда!)
Ақ үйге кіріп, қайта шықпақ едің,
сарғайтып сыртқа мені тастадың да.

Мені сен осылай да жазалап ең,
көңілден өшті-ау қайғың азабы әрең.
Онда мен өз жолыңда өлуге бар,
махаббат дегеніңе тазарақ ем.

Онда мен қазіргіден бөлек едім,
(Қайтейін, біле тұра, елемедің),
Өзімдей сүйе алмас деп ойлайтын ем,
жырдағы Қыз Жібектің Төлегенін...

Кеттің сен. Сол кеткеннен тоқтамадың,
арада жылдар өтті, жоқтамадым.
...Сыртынан жаңағы бір жас жігіттің
қызығып енді бүгін көп қарадым...

* * *
Өзгеріп шыға келіп өмір бірден,
қалмады дейсің, қалқам, көңіл кімнен,
Әп-сәтте алабұртып төңірегім,

қаншама еңіредім, егілдім мен!..
Қамығып көрмегендей бірі мендей,
кешегі қатарласым – бүгін ермей,
Әп-сәтте қала берем шөгіп іштей

көңілім бордай болып үгілердей.
Тірлікте нала да бар, жала да бар,
шақ та бар жұрт ішінде дара қалар, –
Амалсыз өзін-өзі оққа төсеп,

Жүрегің жазылмастай жараланар.
Аямай сен де бүгін тілімдедің,
оған да бүлінбедім, бүгілмедім –
неғұрлым жарам ауыр болған сайын,

шығып жүр ашығырақ үнім менің!
Ағаңды алдамаған бүгінде кім,
оған да бүлінбедім, түңілмедім, –
Көңілім қалған сайын – барған сайын

өтімді бола түсіп жырым менің!
* * *
Апыр-ау сол бір шақ қайда,
айнала тірлік – бәрі айқын,

шашыңнан сипап мап-майда,
мақтана жұртқа қарайтын?
Қаланы кезіп кештетіп,
қарамай жанға мұндайда,

егіле сүйіп, ес кетіп
егіле құшқан түн қайда?
Айтуға бәрін сөз қайда?
Көз қайда өзім сан өпкен?

Қойсақ па тегі, созбай да,
озбай да енді әдептен!..
* * *
Не бітірем үй жаққа ерте барып,

еркелегім келеді, еркем, анық.
Осылай бір оңаша отырайық,
жүз граммен өзекті өртеп алып...

Кеше біздер еліктей еркін едік,
екілене жүйткитін жер тіледік...
Бақыт болып басыма қона алмадың,
бола алмадым серігің – серті берік...

Дәл осылай күй кешкен біз ғана ма, –
бұлдану да жарасқан қыз балаға...
Сияқты еді шығарда жаны бірге,
әлі күнге күйеуің қызғана ма?

Оңашада осылай егілесің, –
(Мені де іштей талай бір жеді кешім).
Өзіңе арнай беретін өлеңімді
жасырынып оқитын көрінесің...

Мен де саған қанша жыр арнамадым,
құлағыңа жетті ме зарлағаным? –
Сергелдеңге біздерді салып қойған,
қарағым-ай, құдайға бар ма амалың!..

ҰНАМАДЫ

Кеудеңде жүрек асты көл шымырлап,
Сыртқа бір шықпай қалай көнсін ырғақ;
«Өзгерді, өзгергенін көз көрді!» – деп,
айтатын күнде маған жел сыбырлап.

Бұл шақта біліп болған сырыңды айқын,
көк терек құлағыма сыбырлайтын.
Түнере күңк ететін сені мінсіз
сіңірген құшағына жылымдай түн.

Көрмеген ғұмыры айтып өсек елге,
сонда бір сыр алдырды-ау көшелер де...
Зар қақты орындықтар астымызға
көнелеу газетті сен төсегенде.

Жігіттік жорығында жиі алдаған,
жұлдыз да тіл қататын ұяң маған,
Ай ғана көлегейлей берген жүзін,
сені де жамандыққа қия алмаған.

Кім білсін, күлгені, әлде жылағаны,
булығып естілетін бұлақ әні.
...Әйтеуір, біздің бірге жүргеніміз
айнала тіршілікке ұнамады.

Қарға аунаған түлкідей түлеп те мен,
Қызығы мол қанша бір түн өтпеген!..

Жүдетпегем, мен сені, тірлігіме
үлбіреген үміттей гүл етпек ем.
Кеудемдегі осынау ұлы күшпен,
тұнығым деп келіп ем тұрып ішкен.

...Арғы жағы өзіңе белгілі ғой,
түк айта алмай тұрмын-ау, тынып іштен!..
* * *
«Кетті-ау, – депсің, – берекем де»,

Көздегі ыстық жас па, тегі?
Жылатарың мен екем де,
жұбатарың басқа ма еді?
Аңдамапсың мүлде-мүлде,

аңғармапсың алда күнді, –
аясын деп жүргеніңде,
алданып-ақ қалғаныңды.
Ендігінің бәрі бекер,

керегі не асыра әрлеп,
Адал сөздің әрі кетер,
жалғандықты жасырам деп.
* * *

Барарсың да батыл үдеп,
түсер бір кез ой басқа,
ар азабы ақыры кеп,
өкіндірмей қоймас та.

Барлығын да еске аларсың,
біраз жылдар өткізіп.
Амал, қанша, кеш қаларсың,
Көзден ұшып көп қызық.

Арманым деп, аймалаған
адам таппай кешқұрым,
боларсың бір айлап алаң,
ішіңді өртеп ескі мұң.

Ас та батпай ішер мынау,
ішіңде бір жанғанда от,
мен есіңе түсермін-ау
алыстағы арман боп.

* * *
Жәудіреген көздеріңді,
сөз, деміңді іздедім,

Тигізбеген өзге еріңді
кездеріңді іздедім.
Тал шыбықтай бой, түріңді,
О-ой!.. Тіліңді іздедім.

«Армансызбын!» – дейтініңді,
кей түнімді іздедім.
Алғаш атқан таңдарымды,
талған үнді іздедім.

Құшағымда қалғаныңды
Жанғаныңды іздедім.
Мен жүретін өз қасыңда
қалды-ау алыс сол шақтар.

Соларды ойлап, көз жасың да
әлі талай моншақтар.
* * *
Балалық шақтай кешегі

бұлдырап барып жоқ болған,
ол да бір ғажап кеш еді
жаныма өшпес от қонған.
Аймалай құшып тұрғанда,

айнала балқып, түн ысып...
Тірі жан жоқтай бұл маңда,
тұрушы ек тілсіз ұғысып.
Сағымдай бәрі өтті ағып,

аш-көңіл жұртта қалды ұлып.
«Ғашығың едім...» – деп барып,
үзілді бір үн жаңғырып.
* * *

Көз жасымды, ақыры, көп көрді ме деп бақ-тағдыр,
Сандуғашым сен бе деп ем сарғайғанда тапқан бір,
Түндер бойы кірпік ілмей шығушы едім, деп тілеп:
«О, Жасаған, ұзағынан, сүйіндір де шаттандыр!»

Қандай қырсық, қарағым-ай, айналдырып жүр бізді,
тұнығымды кім лайлап, аяқ асты кім бұзды?
Сен еді деп қалай айтам, қалай айтам енді мен,
ақ періште сияқтанған күнәдан пәк бір қызды?

Сені сүйген жүрек еді жалғыз ғана қаруым,
«Жаным» деп ем, «барым» деп ем, ақ дидарлы аруым.
Ақыры кеп жылан болып шыққаның ба, шынымен,
Кеудеме әкеп құя салған кесапаттың бар уын?..

* * *
Тәтті екен деп ернің дәмі,
тамсандырған көп пе еді? –
«сүйем» деген елдің бәрі

Сүйе берсе – не еткені!
Басыңа үйіп күннің көзін,
Теңесе де маржанға ақ,
Кеткеніңді білдің бе өзің

қаншалықты арзандап?!
Қаншалықты құның кеміп,
кеткендігін ұқтың ба? –
Алтын деуші ем, бүгін келіп,

бақыр болып шықтың да...
Оңай емес мен үшін де,
отыр деме табалап.
Бір естілмей ел ішінде

жатқан ба еді жаманат...
Бәрі де айқын ендігінің,
енді шертер күй де айқын,
Ұрынбайтын жерге ұрындым,

осы ғана қинайтын!
* * *
Сан рет маған сөз бердің,
сөз бере тұрып, алдадың.

Әп-сәтте қалай өзгердің,
жалған ба күйіп-жанғаның?
Егіле сүйдік, елтідік,
бар ма еді, сірә, бізде мін,

Қалайша ғана мен тұрып,
басқадан бақыт іздедің?
Кешірер ме едім оны да,
кеберіп жүзім, түнерген,

сарғая қарап жолыңа,
сағына күтіп жүрер ме ем;
Сарқылар ма еді бар мұң да,
сөндіріп ішкі күйді алау, –

алдап та жүріп, алдыңда
адалмын, деуің қинады-ау!

Қинады-ау мені мына сәт –
Ұқтырар оның кім мәнін, –
Қасымнан жылап шыға сап,
Оңаша күліп тұрғаның!..

Бұлағым деуші ем тұп-тұнық,
Шырағым деуші ем, күл мейлің,
бір сәтте бәрін ұқтырып,
Кім болып шықтың – білмеймін!.

* * *
Бір сен деп қайда ғана бір кетпедім,
бүрсеңдеп боранда да дірдектедім,
Қаншама жырымды да саған жазған

қалтамда сақтай-сақтай кірлетпедім.
Ерітіп өзіңді де отым менің,
есімде біржолата бекінгенің,
Кеудемде ұя салған қарлығашым,

менікі, тек менікі-ақ секілді едің...
...Барында жұрт қызығар келбетіңнің,
ойланбай от бастың да... енді өкіндің,
Қайтеміз мұң да шағып, тыңдашы анық,

айта алмай айтарымды мен де тұрмын...
* * *
Балбырап-ақ қалдың ба,
бал шараптай мөлдіреп,

Қоштасардың алдында
көтерейік соңғы рет.
Бағанағы жоқ арын,
бекерге сен қинадың:

Қайта айналып соғарым,
соқпасым да беймәлім.
Қас-қабағың елеңдеп,
қалтырай ма өр кеуде?

Айта алмадым келем деп,
қандай ауыр келмеу де!..
Көңілге ащы толып у,
тіл қата алмай тұрмын мен

Енді қайта жолығу,
жолықпауды... кім білген!..

ҰМЫТА АЛМАЙ ӨКПЕНІ

Жүрсің бе сен әлі де,
ұмыта алмай өкпені,
Кезіккеннің бәріне
кінәлі етіп тек мені?

Кеудедегі кек үдеп,
сөз таба алмай салар дақ,
«Бір оңбаған еді!» – деп,
жүрсің бе әлде жамандап?

Тұла бойың езіле,
түнде жаман түс көріп,
Ыза болып өзіңе,
оңашада тістеніп.

Еске салып мұң кейде,
ессіз сезім бекерін,
Жүрсің бе әлде білмей де
кінәлі кім екенін?

Болаттай-ақ бекініп,
болған іске бұл ағат.
Өзің ғана өкініп,
өзіңді-өзің кінәлап;

Күрсін, мейлі, күрсінбе,
кешіре алмай, кім ұтты,
Өшіре алмай жүрсің бе,
кеудеңдегі күдікті?

* * *
Кеудемдегі мына айдын
көлге кімді жүздірем?
Бірде сені кінәлаймын,

Бірде өртеніп, үздігем.
Жұлдыздай-ақ нұры шалғай
Дауа болмас оты емге,
Сусын қана бір іше алмай,

Қаталаумен өтем бе?
* * *
Ару қыз қайда – жаны алтын,
ақ білек құшқан адал түн?

Таптырмас енді саған да
Сарсылып ізде, сан алқын!

Күбірлеп атын іштен мен,
сағынып күнде, түске енген,
ақ құсым қайда, жүзіме
жылылық берген, сұс берген?

Махаббат балын жиі ішкен,
Қалды ма белгі сүйістен?
Оралып қайта келмейді-ау,
Қиналып қанша, күй іштен!

* * *
Қарағым-ау,
мен сені түсінбей де барамын-ау.
Нала мынау – ілінбей таңға көзім,

жүрекке салған өзің жара мынау.
Апыр-ау, әлде саған бәрібір ме,
алдарқатып қоясың әлі күнге.
Шынымен-ақ, мойындар жоқ па кінәң,

табалатпақ ойың бар тағы кімге?
Жастығың ба, жаным-ау, желігің бе,
Әурелеумен келесің мені мүлде.
Әлде саған керегі нала ма еді,

ала ма еді әуелден көңілің де?
Түсіне алмай барамын сені бүгін,
Не мінезің өзгерді, не қылығың,
Кім біледі, қарағым, кім біледі,

арты қалай боларын, тегі, мұның!
* * *
...дауласпайық,
жә, тіпті!

Сен менімен болмадың ба шынымен-ақ бақытты?
Сенен басқа гүл өңінің әрін беріп, құнына
қай қыз жігіт жүрегінің қанынан дәм татыпты?!
Ақырғы рет сарқып ішіп шарасынан шаттықтың

Есіңде ме, біз екеуміз ажырасар ақтық түн? –
Қара түнге құлақ түріп, жылап тұрып, кенеттен:

– Бәрі өзімнен, бәрі өзімнен, бәрі өзімнен! – демеп

пе ең!
Шаңырағым шайқалып та барып, қайта түзелді.
Кінәласып, жауласпайық, дауласпайық біз енді!

* * *
Жарқырап жеңешемнің ай-қабағы,
Кеудемде құсым неге сайрамады?
Баяғы тәтті күннің, шаттығымның

жырылып қала берді қайда бәрі?
Елікпей еміндірген өмірге де,
желікпей қойды көптен көңіл неге?
Шарқ ұра шамырқанар таңда мына,

Шау тартып қалғаны ма жеңіл дене?
Қойды ма қызықтырмай ендігі өмір,
Қалайша күңгірттене берді көңіл?
Апыр-ау, ала қашқан арғымақты

Тізгіні тіршіліктің жеңді ме бұл?
Тілім де тіліп түспей, байланады,
Кеудемде бұлбұлым да сайрамады,
Кешегі тұлпар көңіл, іңкәр күннің

алыстап, қала берді қайда бәрі?
* * *
Не болып, не қойғанын өзі білмей,
өкінем деп, өршітіп сезігін кей,

өткенді ойлап жүдеп-ақ жүр ме, шіркін,
түндер бойы дөңбекшіп, көзін ілмей?
Көбелектей көлбеңдеп көктем келе,
ойнадым деп жүр ме екен, отпен неге, –

Шығара алмай есінен шаттықта да,
жалғыз қалып, жаны азап шеккенде де!
Тоқ соққандай дірілдеп бірден денем,
көздерінен сонда бір мұң көрген ем:

Арманына жете алмай, аңсап жүр ме,
Күдер үзіп кете алмай мүлдем менен?..
* * *
Неге екенін білмедім ғой, білмедім,

бар күндерім қуаныш та, бал түндерім мұң менің:
Күні бойы қамсыз ғана қарқ-қарқ күліп жүрем де
түні бойы, тағы міне, таңға кірпік ілмедім.
Неге екенін түсінбедім, түсінбедім, жарығым,

Күннің бәрі қуаныш та, түннің маған бәрі мұң.
Күні бойы көз алдымда сен жүресің жарқылдап,
түні бойы, тым құрыса, түске кірмей, налыдым.

Күні бойы көз алмастан қарағымның көркінен,
ширығамын болбырамай, домбырадай шертілем.
Түні бойы көз ілмейтін болып алдым осы күн,
Қалай ғана айығамын ұйқысыздық «дертінен?»

ЖАҒАЖАЙДА КӨРГЕН ҚЫЗ

Сылқылдай күліп сылаң көл,
сызылап ойнар желімен.
Былқылдай билеп, бұраң бел,
Қай жақтан шыға келіп ең?

Кеудемде кенет басталған
құйынның барын сезіп ем:
Құйылып түскен аспаннан
құралай қыздың өзі ме ең?

Жағаның жайлы құмына
тиіп те, тимей табаның,
жартылай ғана бұрыла,
жалт етіп маған қарадың.

Ішінен ғана тынды қыр,
тоқтатып қойып күзгі ісін,
Қол созым жерде тұрды бір,
қоладан құйған қыз-мүсін!

Шыдам бер, Тәңір, шыдам бер,
осы ма естің кеткені?
Бұрыла билеп бұраң бел
Тереңге қарай беттеді.

Қуанышым ба, қайғым ба, –
Қайта бір күліп қарады.
Айнадай болған айдында
аққу қыз жүзіп барады.

Кім сенер еді, құдірет,
кеткелі жатып кеше елден,
сұлуды сондай бір рет
көріп те қалдым десем мен!

Құбылып сәттің ішінде,
Ойымды бөлді көл менің.
Өңімде ме еді, түсім бе –
әлгіндей қызды көргенім?

* * *
«Қарайсыңдар ұялмай әлі қызға!» –
деп, біреулер тиеді жынымызға.

Ән емес пе қыз деген, әнді сүю
бар емес пе қазақы қанымызда!
Жүре ала ма қағытпай пенде деген,
жүре тыңдап өздерін мен де келем.

Күн нұры ғой қыз деген, күн нұрына
қызықпайтын кісіні көрмеген ем!
Осылар-ақ қызғанып, күндеп кейде,
дымымызды құртар ма, үндетпей де –

Қыз дегенің – қызыл гүл, кім қарамас
өскен гүлге өртеніп қыр-беткейде?
Керегі не қайдағы күңкіл егес.
Қой, одан да жаңағы күлкіңе көш!

Қыз дегенің – сұлулық! Сұлулыққа
сұқтанбауым тіпті де мүмкін емес!..

АЛАКӨЛ ЖАҚҚА БАРЫП

Көңіліңде бір күптің жатқаны анық,
қайтайықшы Алакөл жаққа барып.
Құйғытып та көрейік, жұрағаттың
жүген тимес жүйрігін баптап алып.

Көзімізді көлдегі нұрға малып,
қыдырайық құр атпен қырға барып.
(өзім үшін осында өткен күннің
әрбір сәті, әйтеуір, бір қаралық!)

Көз алдыңда құлпырып, дала күліп,
еңсеңді езген ойлардан жан арылып,
нала-мұңның барлығы көңілдегі
аш қасқырдай аулақта қалады ұлып...

Қолтығыңнан Ебісі демеп сенің,
кештіремін бауырым, ерекше күн!
Көңілдегі көп күдік қалсын қаңсып,
қаңқасындай қаңқиып өлексенің.

Тоғай барып, тыңдатып бұлбұлдарын,
көрсетейін қылықты құрбың барын...
Ақ қайыңға алдыңда ән салдырьш,
билетейін жалаңаш жыңғылдарын.

Аттың басын ақ қарлы шыңнан бұрып,
ажарыңды алмадай нұрландырып,
қырдан күліп қайтарда, бар шөліңді
Көктұмадан алайын бір қандырып!

АЛАКӨЛІМ

Алакөлім, армысың! Айна көлім,
жел қайығым сондағы қайда менің?
Жырдан жырақ кете алмай жүргенім-ай,
жалғыз жатып жағаңды жайлар едім!

Тұра алмаған торында далаға ұшпай,
жалтақтаймын сен жаққа бала құстай,
Тайраңдап қол босаса жетіп келем,
тұз көрмеген түйедей ала қыстай!

Алакөлім, асылым, айна көлім,
сағынумен суыңның майда демін,
жел боп ұйтқып жүзейін деп келіп ем,
жел қайығым жылдағы қайда менің?!

ТУҒАН ЖЕРМЕН ТІЛДЕСУ

Армысың, асыл кәрі қыр –
анасы нелер текті ұлдың!
Алдыңа келіп, тағы бір
арылып алсам деп тұрмын.

Қашаннан қайда бармайын, –
Қалып та кейін тау-тас қай,
Алдыңнан өткем әрдайым,
Рентгеннен өткен науқастай.

Қанықсың, қартым, бәріне,
Айтып қой біздей отты ұлға.
Сен күткен жерден әлі де
Шыға алмай жүрген жоқпын ба?

Аян ғой саған әр күнім,
Қайтты ма, жоқ па бір міндет? –
Білуге соның барлығын,
Алдыңа тағы тұрмын кеп.

Татпадық біздер қанша дәм,
Самғап та жүріп сан қырда,
Туған жер, өзің аңсаған
Үмітіңді ақтай алдым ба?!

Айнала атым тарап кең,
Түскенде басқа шын салмақ,
Сен берген қыран-қанатпен
Ұштым ба, жоқ па бір самғап?

Қаншама шырқап бара алдық,
Жетем деп небір саңлаққа.
Ақ сүтпен емген адалдық,
Кеудемде бұғып қалмап па?

Аянып елден барымды,
Алданып азға бұл күнде.
Бір өзің берген дарынды,
Бағалай алмай жүрмін бе?

Сөнбесе бойдан от мүлде,
Риза-ақ етер секілді ем.
Бұрылып бірде кеттім бе,
Белгілеп берген бетіңнен?

Айтсаңшы бәрін, кәрі қыр,
Аңырып тұрмын неге мен?
Алдыңа келіп, тағы бір
Арылып алсам деген ем!..

МЕНІҢ ТУҒАН ЖЕРІМ

Сарыны сарқылмайтын ағысты әнім,
тұратын көз алдымда таныс таңым, –
жырыма жиі оралып жүрген бүгін,
Алакөл – Итакам да, Дағыстаным!

Гомер де емеспін мен, Расул да, –
(Жүрмесін ұят болып, расында!)
Көрсем де Балтықты асып, Балқан басып,
туған жер, есімнен бір шығасың ба?!

Көсілген көкжиекке құба қырлар,
өзіме бала жастан ұнадыңдар, –
Жылғада бұлағым бар алқынбаған,
шатқалда шаңқылдаған қыраным бар.

Қара орман қарағайлы, қайыңды алаң,
Салқын бел, самырсын сай, сайын далам.
Кемедей қайырылған аралдарым, –
іргемді жаралғалы, айырмаған.

Самалы – сары қымыз, саумалың – бал,
сақалы селдіремес тауларым бар.
Малшынып өздерің де жаңбырына
жалықпай шалғынына аунадыңдар.

Сұқсыры сусыл қағып сазға құмар,
қыт-қыттар қылқына да жаздап ұлар.

Өрінде аңқылдаған ағайыным,
көлінде қаңқылдаған қаздарым бар.
Желбіреп шөлде сағым, көлде – мұнар,
тұрады көрік беріп елге бұлар.

Жығылып атағына сан ағайын,
алыстан аңсап келіп көргені бар.
Шырғалы, шырғанақты, шоғайналы,
шығады шоғырланып тоғайлары.

Жабысы – жалықпайтын жалғыз ару,
отырған алдына алып қол айнаны.
Алтайдың алаңдатып әрі мені,
Кавказ да қызықтыра беріп еді.

Алакөл, соның бәрі ұлың үшін
өзіңдей бола алмайтын көрінеді.
Қыдырып Қырымға да жылда барам,
(Қай ақын Қарадағын жырламаған!)

Көңілде күркіреген Тентек тұрып,
бұрылып бұлағына кім қараған!
Тұрғам жоқ ешқайсысын кеміткелі,
тауы да, теңізі де көрікті еді!

Біреуін сенен артық дей алмай-ақ
Жүрмін-ау – жер көрем деп желіккелі.
Сен десе – кеудем өсіп, құтым, демде,
иісіңді ажыратам түтіннен де. –

Кім білсін, соның бәрі жастай емген,
сары уыз сарқылмайтын сүтіңнен бе?!
Алыстан естілетін ағысты әнім,
жердегі жұмағым да һәм ұшпағым,

Атыңнан айналайын Алакөлім, –
сен менің Итакам да, Дағыстаным!

АЛАКӨЛ ЖАҒАСЫНДА ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Бала жастан сыралғы, сүйкімді едің,
көп бұйыға бермеші, сиқыр көлім,
сырласайын, мауқымды бір басайын,
бұзылып та жүр еді ұйқым менің.

Әлденеге көңілім елегізіп,
ұйқым қаша бастаса, дене қызып,
жұбатарым қашан да өзің едің,
қозың едім – өсірген сен емізіп...

Қараймын деп бәріне күдіктеніп,
кеудемізде кетпеп пе үміт кеміп?
Тіршілікке қанша мас бола жүре,
биіктерді аңсамас жігіт пе едік!.

Додаларға талай бір түспек едім,
дәурен озып бара ма, күш те кеміп, –
Сіресіп-ақ тұрғандай сайда мұнар,
қайдағылар шығады түске де еніп...

Бұрынғыдай баурай ма елді сөзім,
сарқылып-ақ бара ма енді төзім?
Көңілдегі алаңды жуып-шайып,
бауырыңа алып, балаңды сергіт өзің!

Өзімді-өзім алайын шайып тағы,
айдынында зымырар қайық кәні! –
Көкірегім наласыз күндерді аңсап,
келіп едім, азырақ айыққалы.

Ентігімді басайын, солықтайын,
түңілмейін тірліктен, торықпайын,
түксиіскен біреулер түске кіріп,
түнде шошып оянып, қорықпайын.

Кейін қалып қойғандай елден көшім,
көңіл нілдей бұзылып, шерленбесін,
Бұзылмасын ұйқым да, түсіме де
құбыжықтар қайдағы енді енбесін!..

Бауыр төсеп жатайын айдыныңда,
ұмытайын реніш, қайғыны да.
Күйректікке қайдағы жоламайын,
оралайын бұрынғы айбыныма.

Аунайын да азырақ сұр құмыңа,
құшағыма алайын қырды мына.
Ат мінгізем десе де сан ағайын,
Қарамаймын пенделік құрғырыңа.

Шайдай ашық аспанда күнім күліп,
шамамды да шарықтар бүгін біліп,
аттанайын алаңсыз Алматыма
бір үмітті жетелеп, бірін мініп!..

АЛАКӨЛГЕ ТАҒЫ БІР СЫР

Бір ғана мен емеспін ардақтарың,
қырында қырман айдап, мал бақпадым,

сеземін – жүрсем де көз қиығыңда –
қаншалық иығымда салмақ барын...
Мен ғана бола алмаспын құрметтерің,
диқанның бөліспедім бір көктемін.

Ақпанда ақжал мінген атама еріп,
бетімді үскірікке үрлетпедім.
Алдыңда ақтарылам деп отырып,
айтайын, асылым-ай, неге өтірік:

жықпылда жылқы айдаған мен емеспін,
жылда бір жайлауыңа келе тұрып...
Болмаса табысыңа қуанғаным,
ақ таңда аңызыңды суармадым.

Бәріне үлгеретін, бір көретін
Кім білсін, көп ұзамай туар дарын!
Шалғы да сілтемедім шалғыныңда,
бұйырмас шаруа болу барлық ұлға.

Туған жер, мені мүлдем жоқтатпайтын
қаншама құрдастарым қалды мұнда!
Солардың тынысы ғой тыңдағаным,
Ұлы ісі – ұзақ таңға жырламағым.

Өзіңнен дара құрмет дәметпейтін,
Сәл ғана күйі бөлек... бір баламын!

ҚАЙЫҚТА

Зымыраған жұлдыздай мына қайық
зәремізді алмасын, құламайық,
Ендігісін ескекші өзі білсін,
қайда бара жатырмыз – сұрамайық.

Айдын қалып артыңда, қайғың қалып,
құшағыңды толқынға жайдың ба анық,
көпе-көрнеу көңілің көлге айналып,
өз-өзіңнен кетесің айбынданып.

Үрейге де дүлейге қарамайық,
атқан оқтай зауласын дара қайық.
Жаға қайда, жаңағы нала қайда, –
қарамайық, аққудай таранайық.

Өзімізді өзіміз қорсынбайық,
қомсынбайық, қызыққа толсын қайық.
Жағалардай, көрінбей бара жатқан,
Көңілдегі бар алаң болсын ғайып!..

ҚЫРҒА БАРЫП

Қырға барып, қызыққа батып әбден,
қой қайтарып, құрағын жапырар ма ем;
Бала кезден бас иген мертебелім –
әр төбенің айналып атынан мен;

Араласып ауылдың даң-дұңына,
асыр салып, аунар ма ем шалғыныңа,
Баяғыдай таңырқап айналама,
айдалада тап болып жаңбырына;

Желбіреген желі ме, қу сағым ба, –
жез киігін жанарым қуса құмда.
Жоталарын жұмарлап жатар ма едім,
жұпар аңқып жуасы, жусанында!

Қырға барып қыдырып, құмда қалып,
қайтсам, – дала дүбірін тыңдап анық. –
Әңгіме айтып отырсам аласа үйде
әр сөзімді алдымен бұлдап алып.

Ауызғы үйде бұрқылдап ақ самауыр,
азырақ бір ойға да батсам ауыр.
Қыңсылаған күшіктей ауық-ауық,
сыртқы есікті тырмалап жатса дауыл!

АЛАКӨЛ ЖЕЛІ

Ауылға апарайын сені бүгін,
арала Алакөлдің өрі, қырын,
Алдыңнан шыға келер арсалаңдап,
Әйтеуір, елінен де, желі бұрын.

Ауысып – біресе ебі, бір қыбыла,
қуырып жатады енді қырды мына.
Көлденең бұта қашып тығылады,
көрінген ұңғылы мен шұңғылына.

Азынап, азан салып тұрады айлап,
қашады жан-жануар тырағайлап.
Тобымен тоғытады көлге апарып,
қойқиған қой тастарды бір-ақ айдап.

Сезілсе сергімесің сенің егер,
бір тұстан екіленіп ебі келер.
Қайтадан қаһарына мінеді енді
Қыбыла қылығынан жеріген ел.

Қоймайды ермесіне, көнбесіне.
үйренген ел де тыным бермесіне.
Ебісі – ашуланшақ әжесі де,
Қыбыла – қытымырлау жеңгесі ме?

Құмның да бүйірінен түртіп ыстық,
қырына берген емес бір тыныштық.
Жел тұрса, – жайбарақат жату қайда,
торғайдай дүр-дүр ете, үркіп ұштық.

Ебінің шыдамай ма зіркіліне,
бітпейді қыбыланың күңкілі де.
Әйтеуір, қысы-жазы желдей ескен
қырдағы тыйылмайды жұрт үні де.

Тозаңын сілкіп-қағып жер бетінің,
бермейді қысы-жазы елге тыным.
Күнде бір қызық барын білсін дей ме,
бүтіндей жүрсін, дей ме, кем-кетігін!

ЖОҒАЛҒАН БҰЛАҚ

Жылжып ағып ауылдың іргесінде
жатқан бұлақ ұдайы жүрді есімде.
Марқа тарта бастаған шақтан бері
түсіме де жиірек кірмесін бе!

Мөлдір еді өзі де, тұнық еді, –
Жар астынан жәудірей үңіледі.
...Қиядағы түлкідей қылаң беріп,
Көз алдымнан кетпей-ақ жүріп еді.

Тарқамасын құмарым түсіне ме,
жиі орала беретін түсіме де.
...Бұлағын да қимайтын, құрағын да
болады екен боркемік кісі неге!

Тіршілікте қамығып, қапаланып,
Қаншама бір шөлдедік, қаталадық, –
түсімде де суынан сіміруші ем,
жағасында жарбиып жата қалып.

Тазалығы бойыма сіңбесін бе,
тербелетін бойында гүл де есімде!
Жылы қарап айнала, жылжып ағып,
жатушы еді-ау ауылдың іргесінде!

Күндіз-түні тұнығын таңдай тілеп,
сусап ішіп суынан, қанбайтын ек.

Топан түссе бетіне – сүзіп алып,
әнімізді өзіңе арнайтын ек!
...Түсіме енбей бұлағым енді бірде,
кетті менің тынышым, дегбірім де.

Жас баладай жүгірдім ауыл жаққа,
жауындатқан, қарамай, желді күнге.
Қара тұтып,– қасыма баламды алып,
қарап едік, қасына таман барып:

Өзі де жоқ бұлақтың, көзі де жоқ,
орнын сипап, еш белгі таба алмадық!
Шашымыздан жұлардай болып анық,
жұлқына бір жел тұрды, долыланып.

Бұлақ көзін, апыр-ау, бітеді екен
Қандай ғана жүгірмек қолы барып?!.
Қорқытпайын бекерге жылап елді,
түсіме де кірмей жүр бұлақ енді.

Көкейімнен кетпейтін тәтті әуені
бірте-бірте алыстап, тына берді...

АУЫЛҒА БАРҒАНДА

Армысыңдар, алқынған бұлақтарым,
құрақтарым, құбажон қыраттарым,
Кіндігім де сендермен бірге ме еді,
қас қағымға келмейді-ау жырақтағым.

Жырақтағым келмейді, қарлы шыңдар,
барлығыңа айтатын алғысым бар!
Армысыңдар, құм-арал, жыраларым,
тұмаларым, сендер де бармысыңдар?

Ынтықтырып өзіне жылға, белі,
тартады да тұрады қырға мені.
оралсам ба біржола, Алматыға
байлап ұстап отырған кім бар еді!

Жалын атқан жастықтың өр-белінде,
ыстығын да, суығын көрмедім бе, –
Көңіл неге, ендеше, көп аңсайды,
Туған жердің көлдерін, желдерін де?...

Армысыңдар, ашулы өзендерім,
Осы еді ғой өзімнің ежелгі елім, –
Көзді жұмып тұрып-ақ нуыңның да,
суыңның да сүйкімді сезем демін!

Әрі таныс айналам, әрі бөгде,
амандасып шығамын бәрімен де,
Өзгеріп-ақ, апыр-ау, кеткен бе деп,
қарай берем жалтақтап, қалың елге.

Саласындай саусақтың әрі майда,
тоғай болып толқыған талы қайда?
Тасып ағып жататын Тентегімді
тұрмын бүгін танып та, танымай да.

Өріп шықты төрт түлік төлі, міне,
мынау теңіз – биылғы егіні ме? –
Туған ауыл ырысын жиып ап бір,
Сыйып-ақ тұр бәрі де көңіліме!

Құлыныңдай құлдырап жетіп едім,
Кеңіп сала берді ме көкірегім!
Естігім де келе ме зәремді ала:

– Тәйт әрі! – деп, тәтемнің зекігенін.

Желбіреген, желіне, тұлымшағым,
Іздеймін бе тірліктің шырын шағын! –
Кешігіп-ақ қалдым ба, көрсем деп ем,
Көршіміздің қаңбақтай, қыңыр шалын?!

Күлімдеген гүл-дала, жылға да бар,
Шуылдасып, бейтаныс жүр балалар,
Доп ойнайтын баяғы тепсеңдер де
Жұмыртқадай жұтынып тұр балалар!

Әрі таныс өзіме, әрі бөгде,
амандасқым келеді бәрімен де.
Бұлақтарым, сен айтшы, қыраттарым,
қойсам ба екен біржола қалып елде?!

АЙНАБҰЛАҚПЕН ӘҢГІМЕ

Азырақ аялдашы, Айнабұлақ,
барасың қырды кезіп, қайда құлап?
Жайылып жатсаң да енді болмас па еді,
жағаңда қаншама әсем жайнады бақ!

Кіргізіп бұйығылау бақтың әрін,
булыға бұлқынбай-ақ, ақ бұлағым,
Жетпей ме шапқылауың, суыңның да
қанша адам сусап келіп, татты дәмін!

Апыр-ау, Айнабұлақ, не көрмедің,
тау бұзып, тасты жардың – бөгелмедің.

Өткіздің көз алдыңнан қаншама бір,
Туған жер көсегесі көгергенін.
Күні-түні булығасың, бұлқынасың,
алысқа ұмтыласың, жұлқынасың.

Аз ба еді елге сіңген еңбегің де,
апыр-ау, енді қашан бір тынасың?
Бұл сөзім бұлағыма ұнады ма,
Сыбырлай берді менің құлағыма: –

Ақыным, ағу үшін жаралған соң,
тірлікте тыным болмас, сірә, мына.
Шын айтып тұрсың өзің, жағамдағы
Риза қалың елдің маған бәрі.

Бар шығар жақсысы да, жаманы да
біреуі қылдай кінә таға алмады!
Тапжылмас жартастарға болған ұя,
Қаншама кездеспеді жолда қия,

Ойпаттан орғып өттім, қырдан қарғып,
Көңілдің көксейтіні – көл-дария!
Жолыма болмай енді бекер бөгет,
Көңілді, ақын болсаң, көтер, демеп.

Алқынып келем әлі, айдыны кең
алыс бір дарияға жетем бе деп!..

БІЗДІҢ АУЫЛ

Күндізінен қашан да, түні қысқа,
біздің ауыл мына бір бұрылыста.
Бауырласың осында, ауылдасың
балам, енді өзіңді мығым ұста!

Балалық шақ, баяғы бал дәуренім,
осы арада біржола қалды-ау менің!
Алдауға ебім жоқтығын алғаш сезген
жатыр, әне, жағасы жарлау көлім..

Қалып еді-ау осында жерлестерім,
қатар өскен қарындас, теңдес-теңім,
Қалып еді алаңсыз сенгендерім,
алғаш рет амалсыз белдескенім...

Біріндей боп бұрынғы таныстардың,
бірте-бірте барлығың алыс қалдың,
алыс қалдың, үреймен ұшырасып,
тұңғыш рет дүлеймен алысқан күн!

Әңгімесін тыңдайтын сарқылғанша,
қалып еді қадірлі қартым қанша,
Жадырата білетін жақсы ағалар,
желігі жоқ жеңгеміз сәл тұлданса.

Теңгермейтін тірлікте жанға мені:
құрбыларым қаншама қалған еді.
Шал бар еді күзеткен немересін,
анау жерде біз еккен тал бар еді!

Балдан тәтті, бақытты балалық-ау,
мен де сенен жырақтап барамын-ау!
Ақ тозаңмен аймалап алмады да
баяғыдай масалы дала мынау.

Туған ауыл, көп болып көрмегелі,
көңіл саған ойыса берген еді.
Баяғыдай батайын бал қызыққа,
жатырқамай қарсы алшы сен де мені!

КӨКТЕМ ЖЫРЫ

О, көктем! Жоғарыла, төрлет бері,
Жеттің бе жердің үстін тербеткелі,
Желпініп қалсын көңіл осындайда,
жабырқап сала берген сен кеткелі.

Төрлетші, тобылғы рең жарқын Майым,
тағы да құшағыңда жарқылдайын,
Тазарып қайдағы жоқ кірден көңіл,
аспанда аққуыңнан ән тыңдайын!

Жайдары жан бар ма екен бүгін мендей,
жүргенсің қайда ғана, бұрын келмей,
Жадырап сала берген көңілімді-ай,
күн нұрын жалғыз өзім сіміргендей.

Қиқулап қимай ұшып көкте құсың,
Жеттің бе Жетісудың көктемі шын!
Риза боп жатыр саған дала бүгін
Аспаннан алтын жаңбыр төккені үшін!

Оранып күндіз гүлге, көлге түнде,
Көктемім, келші бері тербетіл де,
Осынау алтын нұрың, жарқындығың
тұрсыншы туған жердің келбетінде!

* * *
Күттірген ынтықтарға елді көптен,
тамылжып, тағы да бір келді көктем,
Бүрленіп жүре берді бау-бақшалар,

қатарын қара суық селдіреткен.
Жаңағы жадыраған бақтан қалмай,
жаңғырып сала берген жақпарларды-ай!
...Енді-енді жібиін деп тұр ма кеудем,

көбірек көлеңкеңде жатқан қардай.
Бұлыңғыр Алматының тұманындай,
көңілден көптен бері мұң арылмай,
Көзге ілмей кетіп едім жан баласын,

аққудың жалғыз қалған сыңарындай.
Көктемгі әнді аңғармай, таңды ағармай,
аңғармай – жарық еді жалған қандай,
жібімей қойып еді-ау көңіл көптен,

тасада жатыңқырап қалған қардай...

СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ ҚЫСЫНДА

Тұрып алып тапжылмай тауда мұнар,
Қанша болды толассыз жауғалы қар,
арпалысты ауылдың адамдары –
ақсағы да, шолағы, саулары бар.

Күні-түні анамыз жүр жұмыста,
ит орнына ақ боран үрді қыста.
Қарындасым екеуміз отырушы ек,
балапандай бүрісіп бір бұрышта.

Қора-қопсы айналып оба-қарға,
қатты ұрынды ел осы қыс зобалаңға,
Ат құлағы көрінбей тұрып алды,
алай-түлей ақ түтек борағанда.

Әйнек көзі әлсіреп мұздан қалың,
көріп едік ақпанның сызданғанын!
Пеш түбінде отырып, сезетін ек
дүниеде бір сұмдық ызғар барын...

Үрейіңді айнала бәрі ұшыра:
уілдейтін қораның қамысы да,
гуілдейтін көмейі қазандықтың,
үйіміздің ыс басқан арысы да.

Қағылды да қап түбі, бүкіл үнем,
мал шуылдай бастады күтімі кем...
Ауыл-үйдің ахуалын аңғарушы ек,
ауық-ауық бұрқ еткен түтінінен.

Жазға дейін бар еді әлі қанша,
әлі қанша жадырап, жарығанша! –
Түнермейтін анамыз, үндемейтін
қалтасында жарты уыс тары қалса!

Алдана ма аш қарын азғанаға,
бар үміті – ендігі жазда ғана,
«Талқанға бір тойдырам!» – деп жұбатып,
жатушы еді, жазықсыз жазған Ана!

САҒАН ДЕГЕН СЫБАҒА

Шөгірі, шөңгесіне қарамай-ақ,
жүгірші қырда, балам, жалаңаяқ...
(Өбектеп отырамыз осы күні,
шырылдап, сыртқа шыққан баланы аяп).

Тақырда доп қуғызып, жарыстырып,
жүргені ата-ананың жаны ышқынып,
Апыр-ау, ақ шаңға аунап өспеп пе едік,
табанға тас та батып, қамыс тіліп.

Жатқанда жазғытұрым дала қызып,
тықыршып тұрмаушы ма ек, алағызып.
Құлындай құлдыраңдар қыр аспап па ек,
балтырдан пора-пора қан ағызып.

Ауылға асауларды айдап тығып.
жүгенсіз, жүйрікке жайдақ мініп...
Сүзеген сиырға да бас білдірдік,
тұқыртып, тұмсығынан байлап тұрып!

Қысылмай қарғып мініп кер дөненге,
Құйғыттық қарамастан өр-белеңге,
суынан тас тұманың қанып ішіп,
қайтушы ек қаталап бір шөлдегенде.

Борпылдақ топырағы жаялықтай
ауылдан жанымызды аядық қай,
ақ түтек боранда да үйге кірмей,
жатушы ек мал тимеген маяны ықтай!

Көңілім солай ауып тұр манадан,
Жүгірші жалаңаяқ қырда, балам.

Терсең де гүл даладан, құлыным-ай,
бөдене, бұлдырығын тыңдамаған!
Даланың өз ұлындай жуық тұрып,
жұтшы бір, тұмасынан суық, тұнық.

(қалада бұраң қаққан бұлақты да
қойдық қой құбырларға қуып тығып!)
Ауылдың шәуілдетіп бар күшігін,
жүгірші, жаяу кешіп таңғы шығын.

Көгалда көсіле бір аунау үшін
артына мінгесе кет шалғышының.
Ұлым-ай, не тілейсің енді менен?
Армансыз бір иіскеді жерді денең,

Мұны да азырқансаң, құзырыңа
біржола мына жатқан көлді берем!
Көл көрсе күлімдемей кім шыдаған,
Жалаңаш жағасында жүрші, балам.

Сақтаған сары майдай саған арнап,
осы еді, айналайын, бір сыбағам!

БӘРІ АЛДЫҢДА

Балам, сенің бәрі-бәрі алдыңда:
тазалығы таңғы жауған қардың да,
көктемдер де, көкбелдер де, белестер,
өткелдер де, жан баспаған шалғын да!

Қарағым-ай, мұндайда
бір-ақ аттап шыға қояр шың қайда,
барша тірлік билігіңде болғанмен
өмір сені оңайлықпен тыңдай ма!

Қинап қатал кедір-бүдір жол деген,
алқынарсың, азайып бір өрде дем,
жау жатпасын кім біліпті бір тұста,
тау жатпасын, дәл алдыңда көлбеген?

Ендігі аспақ асу болып бір тірлік,
ағызғанда арының да күрт үдеп,
өткел бермес өзендер де кезігер,
көз алдыңда көбік ата күркіреп.

Мұрат бар ма оңайлықпен жеткізбек...
Кезігер де, көлденеңдеп көк – құз көп.
Сен де ересің алдап қашқан арманға,
сенделерсің қайдағы бір жоқты іздеп.

Жүйіткір мезгіл, зулап ағып, желігіп,
қай-қайдағы жетелер де сені үміт.
Аңырып та қалар сәтің аз болмас,
қамығып та, қайдағы ойға беріліп.

Жүз алмасып үміт, күдік, көп сенім,
қинар келіп, қолға түспей көксерің.
Ешкім бірақ айнытпасын жолыңнан,
Жүрегің де шайлықпасын тек сенің.

Маңдайыма жазғаны деп бақ-тағдыр
ересің бе, тересің бе бақтан гүл,
Көнесің бе дегеніне, – алдыңда
айқастар бар аңсай күтіп жатқан бір!

Жүрмесін жүрегіңді жайлап күдік,
бас тартпай, барамын деп қайда аптығып,
асқақтай қара да бір айналаңа,
жүйтки бер, жүйрігін жайдақ мініп!

Арманы асқағырақ жас тұлғаны
шошытпас жолсыз дала, тасқын бары.
тартынбай тарт ілгері, Тәңірім деп
түсін де арғымақты астыңдағы!

Мойымай, бойда қуат, барда күшің,
айнала ақ қанатты арман ұсын!
Серт етіп сеніміңді, сілтей бер сен,
ақ тілеу, алдыңдағы таңдар үшін.

Бір ғана елге сеніп, сенсең егер,
жерге сеніп, желге де өршеленер.
Ерге сеніп әрдайым өзің деген
бетке алып болашақты жол шеге бер!

Жасыма жарлауытта өткел іздеп,
асыға, аңырата көк теңізді өт!
Айтарсың сонда, балам, болашаққа:
«Кеше біз тіке тартып кеткеміз!» – деп.

БІЗ Бала болып жүрмедік бақта күліп, дала қонып есейдік, атқа мініп. Пионерге өттік пе, өтпедік пе, Комсомолдың Уставын жатқа біліп. Басылмастан балалық, бойдағы аптық, қырман қағып, күземде қой да бақтық. күні бойы доғаша иіліп бел, түні бойы оңаша ойға баттық. Бала жастан баса айтып қырдың әнін, біздер едік кіргізген Тыңның әрін. Ғарыпта да самғайтын күні бүгін Мына менің құрдасым, құрбыларым. Тірлік бізге тізгінін сеніп беріп, сайран іздеп, сән түзеп, желікпедік, Бесжылдықтар балғасын солқылдатқан бейнетқор әкемізге еліктедік. Қызығып қырдың қызыл гүлін үзген, сол баяғы бүлдіршін күнімізден әкеміздей болуды армандадық, қаршадай қатпа қара түрімізбен. Әйтеуір, етек жиып, ес білгелі біз жайлы бір жаманат естілмеді. Сөккен емес, жарығым, әлі күнге: «Әкеңдей емессің!» – деп, ешкім мені. Аз емесін білемін ерлік із де, ерлік із, ел таныған белгіміз де. Арман жоқ, кейін келер келесі ұрпақ айнымай ұқсап өтсе енді бізге! КӨҢІЛ КЕРЕК Есім қалмай, жеттім бе деп енді елге, өздеріңе еркелегім келгенде, мауқын басып алсыншы деп азырақ, қауқылдасып қарсы алыңдар сендер де! Күнде келіп жатқан жоқпын әурелеп, жатқан жоқпын өсек теріп, дауды елеп, Мен үшін тек көңіл керек, ағайын, төрің керек, көлің керек, тау керек.

Аңқылдаған аға керек аңқұмар,
іні керек ілтипатпен таң қылар,
күркіреген өзен керек Тентектей
жағасында жартасы боп жаңғырар.

Жанды күйттеп жүрген жоқпын, бапты елеп,
жетер жалғыз жапырақты ақ терек,
мен үшін тек пейіл керек, ағайын,
мейір керек, сейіл керек, ат керек!

Көлім барда, өрің барда, тау барда,
бір арғымақ керек екен зауларға!
Теңім керек... Керек, тіпті шөбің де –
бауыр төсеп жату үшін бауларда.

Осы араның бір ұлы едім – үмітті ел, –
ұсынсаңдар жетіп жатыр күліп төр,
шаршап келем, аңсап келем сендерді,
баяғыдан бауыр басқан жігіттер!

Сонадайдан төбелерін көргенде
көтеріліп сала берем мен демде,
Ерлікті аңсап, елдікті аңсап, елді аңсап,
кеңдікті аңсап келіп қалдым сендерге!

Өз басыма күтіп елден сый бөлек,
тілемеймін жалқы жағдай, күйді ерек,
Әнің керек, сәнің керек, ағайын,
әр үйдегі әлдилеген күй керек!

Қане, төрің? – Құрметтемес елім бе, –
дәметерім дүрмек те емес, тегінде,
дүрлігісіп ұл-қыздарың айнала,
жұлдыздарым тұрса болды көгімде.

Бөле-жармай селтеңін де, серісін,
аңсауменен жеткенде бір ел ішін,
төрің керек, көгің керек, ағайын,
бәрінен де көңіл керек мен үшін!

БАР ЕКЕН-АУ...

Қабағыңа алдымен қарап алар,
бар екен-ау баяғы нар ағалар, –
дауың болса – кесімін кесек айтып,
жауың болса – сен үшін дара барар.

Асыратын атымды елде менің,
жасыратын көргенін, көрмегенін...

бар екен-ау әлі де сызданбайтын
сынық мінез, сырғалы жеңгелерім.
Бәрекелді, бауырым! – Мені білер
бар екен ғой өзімдей ер інілер!

Сарқытындай кешегі жақсылардың
Көкірегі көріктей, көңілі – көл.
Солай болса керек қой елім менің,
Құшып-сүйгің келеді көрінгенін!

Бар екен-ау, бар екен кердеңі жоқ,
келі мықын, кең балақ келіндерім!
Жарқыратып жұртыңның нұрлы аспанын,
жасырмайтын кеудесін мұң басқанын,

жүр екен ғой, әлі де ірі екен ғой
батыр туған баяғы құрдастарым!
Қылықтарын еске алып бұрынғы «есер»,
қиналмай-ақ, күніге дүрілдесер

Құрдастарым! – Алдына бара қалсаң,
атасының, айтқызбай, құнын кешер!
Өкпелей де қоймаса оларға елі,
өрге сүйрер өгізі болар көбі.

Айналама әзірге сүйікті етіп,
биіктетіп жүрген де солар мені!
Жанға мені жалғанда теңгермеген
жақындарым қаншама мен көрмеген!

Ел үшін де, бауырлар, жер үшін де
тұлға болып тұрсыңдар сендер деген!

ӘЙ, БАУЫРЫМ!

Қыр көрсетіп қырдағы, ойдағыға,
Семіріп-ақ барасың тойғаныңа,
Құдайдың да алдында қымсынуды,
біраз болып қалыпты-ау қойғаныңа.

Аяқ асты айналып «білікті» ұлға,
айналаңа дәуірің жүріп тұр ма? –
Жылы жауып тастадың кісілікті,
кішілікті біржола ұмыттың да.

Төлеңгітке түгелдей балап елді,
таңырқата бастадың Алакөлді.
Керексіз бір мүліктей ұмытылған
ұят деген жайына қала берді.

Біраз күнге билігін бергенге елің,
кекірейіп, осынша кердеңдедің.
Айналаға қарамай, қайнағаға, –
орын ала бастапты төрден келін!

Мен емеспін күндейтін, тілдейтін де,
қайда барар екенсің бұл кейпіңде? –
Ұяты бар азамат өзге түгіл,
Өзінен де қысыла жүрмейтін бе?..

ШАБАНДОЗ

Тырп еткізбей тарпаңын, тағысын да,
ат үйретпеу – ауылда намыс ұлға,
Жігіттігің, жігерің, жүрегің де –
түсер еді түгелдей бәрі сынға!

Ерлігің де сыналып, ептілігің,
еліктіріп айнала көпті бүгін,
алқымынан бір қағып асау аттың,
қамшы орнына жұмсалып өткір үнің;

Желімделіп қалғандай тақымыңа,
арғымақ ат аспанға атырыла,
қырға қарай құйғытып берсең-ау бір,
тілеуіңді тілетіп жақыныңа.

Жеке тиіп өзіңе бүгінгі ерік,
Көз алдыңда кешегі қырың кеңіп,
Атқан оқтай ағызып бара жатсаң,
делебеңді қоздырған дүбірге еріп!

Түгел ғана тілеулес болып аулың,
Жел ағытып түймесін омыраудың,
Сәйгүліктің сауыры дір-дір қағып,
күмбір қағып құлақта қоңыраулы үн;

Орағытып оңды-сол еркін кетсең,
жануардың жанарын мөлтілдетсең.
Құлақ түбін терлетіп, желбезегін
желді күнгі түңліктей желпілдетсең.

Ағызуға ақ майын ар шыдамай,
қайта оралсаң ауылға қамшыламай,
Қыр арқада қаздиып отырсаң бір,
қан сонардан оралған қаршығадай!

ТУҒАН ЕЛ

Ақындардың аян ғой өр келері,
жоқ та шығар сезбеген, көрмегені,
өтінейін өзім-ақ, туған Елім,
тағы да бір тексеріп, терге мені.

Қанша болды – алдыңда ақ жарылып,
асықпай ашық, жауап бермегелі!..
Баяғыдай еле де екше мені, –
баянды ма балаңның көксегені?

(Туған елдің алдында қызарғанша,
туған жерге кіріп-ақ кетсем еді!)
Тіршілікте талайлар жолығады,
Құлазиды көңілің, торығады,

азғырады біреулер алтын беріп,
сумаңы жоқ, таза ма қолым әлі?
Көкіректі кейде бір тілген өкпе,
шаштырмап па топырақ күнде көпке?

Уысында тағдырым ұзақ қысып,
сызат түсіп, жүрегім кірлемеп пе?
Өзгеріс бар қаншалық түр-өңімде?
Ақтарыла алаңсыз күлемін бе?

Қылмысқа да санарлық, керек етсең,
жоқ па бүгін жамандық тілегімде?!
Тура қарай ала ма жүзім көпке?
Күдік кеулеп, күдерім үзілмеп пе?

(Тырнағымның астынан кір іздейтін
біреулерді ұлыңа кіжіндетпе!)
Қымбат болса қаншалық қырым мына,
жоламасым белгілі жырындыға.

Сонда да бір байқап ал: елге деген,
жерге деген сенімім бұрынғы ма!
Анасы ұлын осылай тексереді,
баяғыдай еле де екше мені:

Туған елдің алдында қызарғанша,
туған жерге кіріп-ақ кетсең еді!..
* * *
Бауырым-ай, соншалық кекті ме едің?

Қандай сөзім түбіңе жетті менің?
Өшігердей не болды? Өзімізді
өсер елдің ұлымыз, деп білемін...

Кіжінгенің сыртымнан, кектенгенің,
құлағыма қашаннан жеткен менің.
Өткен суым болған соң оның бәрі,
өшікпедім өзіңе, жек көрмедім.

Айтағына біреудің құр елікпе
өмір деген өсекке тіреліп пе,
Сыртымыздан жұдырық жұмсамай-ақ,
жайымызға, жігітім, жүрелік те!

* * *
Бар шығар-ақ, бауырым, менде де мін,
қайдан алам, тағдырдың бермегенін,
Ат шалдыра барғанда ауылыңа,

қалай болды, қасыма келмегенің!..
Түсінбесе туған жер сені бүгін,
кімге керек салдығың, серілігің, –
Ағайынның арқасы, дейтін көңіл,

басылмай да жүргені желігінің.
Болмасам да бірінің көгіне күн,
аямады белесі, белін елім, –
Мен дегенің – ауылдан алыс кеткен

ағайынның кіршеңдеу көңілі едім!
Бауырым-ай, қайтейін, соны ұқпаған!
іздеп келіп, арнайы жолықпаған!
Мен де бүгін туыстың табағы емес,

қабағына қарайтын болып барам...

КҮНІ КЕШЕ БОЛҒАНДАЙ

Күні кеше болғандай маған бәрі,
кетпейді естен жақсысы, жамандары,
Қара тұтып қаршадай біздерді де,
арба айдатып, ауылым амалдады.

Жеті түнде жеткендей жан алғалы,
бригадирдің желкеңнен қадалғаны,
құрым киіз, тұлым үй, қара көже –
құбыжықтай көрініп маған бәрі;

Қайтпай жатып даланың түнгі ызғары,
дірдектетіп төсектен тұрғызғаны,
Күндізгі әні басталып ескі арбаның,
бірте-бірте төбеде күн қызғаны;

Ескі жіптей үзіліп күдері мың,
жалап қойып шешеміз бір ерінін,
ара-тұра ақ суын сораптайтын,
жазғыз уыс дәнімен жүгерінің.

Содан кейін қолына ине алатын,
жұмысына асығыс жиналатын,
Қырық жамау көйлектің тағы да бір
жамай алмай, жыртығын қиналатын...

Кешегідей көрінер маған бәрі:
табаныма тікенек қадалғаны,
Алты жасар баланың ауылына
алпамсадай азамат саналғаны.

Әкеміздің бітті ме күші бізге,
өнімді еді, әйтеуір, ісіміз де.
Талқан жетпей, тарығып, талып ұйықтап,
тары кіріп шығатын түсімізге.

Үй бар еді ауылда жүз қаралы,
кімнің ғана жүрегі сыздамады.
Еске түссе дірілдеп қоя берем,
өңменімнен өтердей ызғары әлі...

...Ана түгіл, киінген бала мұздай,
Қаламыз бай кезде бұл, даламыз бай,
Соның бәрі біреуге ертегі де,
біреулерге көрінер бәрі аңыздай.

ДАЛАМА БІР СЫР АЙТАМЫН

Қайдағыны аңсаған, қиялдаған,
мен едім ғой баяғы ұяң балаң.
Аңқау, далам, өзіңнің тәлімің бе, –
әлі күнге, әйтеуір, жиі алданам.

Орысы да, қазағы, сығандары,
алдағысы келіп-ақ тұрар бәрі.
Алдарқатып баладай, қолдағымды
жолдағымды, апыр-ау, кім алмады!

Мен дегенде құбылған түсі демде,
алдандым-ау тәп-тәуір кісіден де.
Алдағысы келеді үлкені де,
қалмағысы келеді кішілер де.

Қайдағының үйір-ақ маған бәрі,
кешегі қу, қайтейін, тағы алдады,

Жақсыларға алдансаң, амалың не,
алдады ғой ауылдың жамандары.
Ауса, ағайын, көңілің қазынама, –
Назыңа да алданам, базынаңа.

Бұйырғаны осы ма? – Тіршіліктің
келем әлі алданып азына да.
Буын қатып, бұғанам бекігенде,
аңқаулыққа, далам-ай, өкінем бе?

Батады-ау тек алдана беретінім,
қайдағы бір өзімнен оты кемге!..

ДОС КӨҢІЛІ

Туғалы өз қасымда өскен ұлым,
азырақ бар еді бір бөспелігің,
тірілікте тасырсың да, жасырсың да,
қалдыра көрмеші тек дос көңілін!

Ұста да өмір бойы есте мұны,
абай бол, аман ба екен көш-көлігі,
бір атым насыбайдан қалады екен
қырық жыл қатар жүрген дос көңілі!

Өзім де екілене есемін деп,
бір достың қайтарыппын меселін көп.
Өкініп жүрмін, жаным, енді бүгін
жолына жүрегімді төсегім кеп!

Бір досым өкпелі еді бұрыннан-ақ,
(Мен болып айыптысы мұның да нақ).
сырымды сезе тұра, ол да көрмей,
өтеді қол да бермей, қырын қарап.

Келді ме, көп алдында өктем өткім,
кеше де бір досымды өклелеттім.
Кешірім сұрай да алмай, жылай да алмай
қалыппын ортасында от пен оттың.

Өзімнен айнымайды-ау мына түрің,
сондықтан саған айтар бір ақылым:
Досыңды ренжіте көрме, жаным,
өмірдің өте жүре сұрапылын!

Қарасын жақының да, жат та күндеп,
қалдырма дос көңілін, артпа міндет!
...Әйтеуір, сол қатемді қайталама,
айтпайын тіпті маған тартпадың деп!

ЖАСЫРАР ЕМ

«Ертегілерде айтылатын жалмауыз,
жезтырнақ сияқты құбыжықтар қайда
кеткен, папа?» – деп, сұрап еді ұлым бірде.
Қарап тұрып, қарашы, қинағанын,

(Не дерімді біле алмай, қиналамын)
Жексұрындар әлі де бар десем бе,
қызығы үшін бір күндік қиған арын.
Айналдырып өңін де, күлкісін де,

жүр десем бе, біразы жұрт ішінде?
Айтсам ба екен айыру қиындығын
өзгелерден тірлігін, түр-түсін де?...
Айтсам ба екен, апыр-ау, бәрін-бәрін,

Сайтанның да көрдік деп, сан лаңын.
Тұздай құрып тұқымы кетпегенін,
Арамызда азғындар әлі барын?
Кім екенін білдірмей тегінің де,

өзгергенін айтсам ба, өңі мүлде?
Жылап тұрып жылан боп шағатындар,
қылдай күдік қалдырмай көңіліңде.
Бізге анықтап көрсетпей бұлдыр кейпін,

арамызда аңқылдап бір күлмейтін,
Айтсам бе екен, әлі де бар екенін
жәдігөйлер – жымын да білдірмейтін?
Айтсам ба екен, білдірмей бір кемдігін,

ойыңды да өзіңнен білген бұрын,
Алаяқтар ұрпағы әлі күнге
ел ішінде елеусіз жүргендігін?
Айтсам ба екен, алапат күш көрініп,

құбыжықтар күніге түске кіріп,
Жалмауыздар жүргенін жасырынып,
жезтырнақтар – тырнағын ішке бүгіп.
Түрі ұнарын, немесе үні ұнарын,

сездірмейтін қаншалық сары барын,
Хас батырдың өзі де білмейтінін,
қайсысына қалайша ұрынарын...
Шақта мынау күңкілден сөз арылған,

жасырар ем бәрін де озар ұлдан,

ұят деген, шіркінді, қайда қоям,
қайда қашып құтылам өз арымнан?!
Біреулер бекер айтып берді десін,
ұлым-ай, жасырайын енді несін;

Күні ертең сол сұмдардың соңғысымен,
соңғы рет шайқасуға сен кіресің!
* * *
Әңгіме де айтар бұлар,

ақтарылар күй деген.
Жорғамен де тайпалдырар,
жалына қол тимеген.
Ағытылып ән бұлағы,

көмекейді кернеген,
Аңызға да қандырады,
адам естіп көрмеген.
Ақ жарылып жатар әлі,

ауылына барғанда.
Жайлауға да апарады,
жан баспаған жалғанда!
Осы, балам, ел дегенің

дуылдасып, жар салған,
ағаларың, жеңгелерің
алдымыздан қарсы алған.
Шыда, шыда, шыда, балам,

ауылға аяқ бастың ба, –
жатар әлі мына ғалам
аяғыңның астында!
Қамығарсың, жалығарсың,

бағынарсың заңына,
Алматыңды сағынарсың,
Жабығарсың тағы да.
Қызықтырып бала-шаға,

қырдың дәмін татарсың.
Еріп еркін тамашаға,
тауға бара жатарсың!
Үйрене бер бәріне де,

әніне де басталған.
Қарайлай жүр кәріге де,
қашқақтама жастардан.

Келді екен деп астанадан,
қарамайды ел тоныңа,
Су құюдан қашпа, балам,
үлкендердің қолына.

Құрбыларың күлмесін көп,
қой да күзет, ат та мін.
...Жатбауыр боп жүрмесін деп,
жеткізе айтып жатқаным.

АРАЛАП КӨР

Жусаны бар керемет шырғанағы,
көп аралап, көре кет бұл даланы,
Сүйкімді лағын да елігінің,
күй тілді бұлағын да жылғадағы.

Сортаңын да көре кет, саздағын да,
суырын да, сұқсырын, қаздарын да.
Көре кет киігін де, биігін де,
тұрады бәрі алдыңда жазда мұнда!

Қарағайын – қаптаған өрлей бетке –
таяу барып тағы бір көрмей кетпе!
Көре кет семсер қанат сұңқарын да
самғаған ешкімге есе бермей көкте!

Жалықпай жаяу барып, шарша құмда,
дәмін тат алшаның да, аршаның да.
Жүрсең де шөлде қалып, көлге барып,
көрмеген қызықтарың қанша мұнда!

Дала да бір тарих дана дәптер,
парақтап, барлығын да аралап көр.
Түн қатып, түсің қашып, түзге түнеп.
тау барып, табаныңды жаралап кел!

Бұлбұл ма, бұлдырық па – тыңда бәрін,
тұңғиық тұнығында тұнған әнін.
Қысылмай сонда ғана айта аласың:
«Қызығын көргеміз», – деп, – бұл даланың!

ДОСЫМ АЙТАДЫ

Достар айтар: «Ел сөзін елеме сен,
Еш абырой таппайсың, неге десең,
Жеткізбейді мұратқа ерегес те,
төбелеске жолама, көп егеске!»

Мен айтамын: «Білесің өзің де анық,
кей-кейде бір жайына төзіп қалып,
арсыздармен амалсыз алысасың,
жатпағасын жанына сөзің дарып».

Досым сонда тағы да безектейді:
«Түйсіксізге бәрібір сөз өтпейді.
Үндемеген ұтады осы күні,
өртеніп-ақ тұрса да өзек мейлі».

ЖЕТІ АТА ЖЫРЫ

«Жеті атаңды білесің бе?» деп сұраған
ауыл қартына жауап бере алмай қысылып
қалдым», – деп еді ұлым бірде маған...
Арғы бабаң Алдияр арқалы адам болғанын,

қорығанын қызғыштай атамекен орманын
аңыз етіп айтады ел, айтады, ұлым, әлі де
ұрпағына қалдырған ақтық арман, соңғы әнін!..
Туған жердің түйірін татырмауға жат елге

барғанын да бел буып, бас кететін қатерге.
Алакөлде әлі де айтады ұлым, бәрі де,
жырдай қылып айтудан жалықпайтын әкем де!
Қорғаймын деп, қара орман, қасиетті өзенін,

ашу, ыза, ащы кек өртей тұра өзегін,
жекпе-жекке келгенде жау жағының жасы үлкен
батырына беріп сап тұрады екен кезегін!
Сұсымен де күшімен жауды ықтырып ол деген,

берген еді, дейді аңыз, елге – жігер, ерге – дем.
Басы жұмыр пендеден беті қайтпай өтсе де,
бақытына басқаның балта сілтеп көрмеген!
Шешен бе еді сол бабаң, қол бастаған көсем бе,

(Бола қоймас күпірлік, киелі еді десем де),
тірісінің өзінде: – Алдиярлап! – ұрпағы,
ұран болып қалыпты аты-жөні осы елге.
Хаттай тізе білетін қылығыңды әр ағат,

ол жайында айтпайды ел жалғыз ауыз жаман ат,
көзі тірі кезінде абыройын асырып,
қабырғалы қарындас кеткен екен: – «Бабалап!»

Билік айтса қатайып, қара тастай кескінде,
қарамаған, дейді оны, туыспын де, доспын де,
Ақиқаттың алдында – жақыны ма, жаты ма –
бұрылмапты бүйрегі, бұрылмапты ешкімге!

Аз атаның ішінде – Алакөлді мекендер,
болған шығар басқа да жұмыр басты жеке ерлер,
сенің бабаң солардан артығырақ тумаса,
әлі күнге «Бабаң!» – деп, жүрер ме еді бекерге ел!

Ата сөзін тастамай, кеспейтін ел аға алдын –
Алдиярдай бабаңа қалай ғана тағар мін.
Алакөлге әлі де бара қалсаң жол түсіп,
таныстырып жатады баласы деп «Бабаңның!»

Жасамай-ақ еш ерлік, көрсетпей-ақ мықтылық,
елдің өзі-ақ бабаңның кім болғанын ұқтырып: –
Көзі еді, – деп, – көненің, баласы, – деп, –
«Бабаңның»

күтіп алар сені де, кәрі-жасы тік-тұрып!
Алдиярдан кейін де, айтып өткен жақсы әнін,
бабаларың болыпты, білмесем де нақ санын,
еңіреген елінің ұлы болып өткен де,

құлы болып кеткен де, күні кеше, патшаның.
Алдиярдан басқасы қандай адам болғанын,
қорғап па еді қара орман, жасыл жайлау, жондарын,
солдырды ма жуадай жарылмаған ішкі дерт,

маңдайынан – мәңгілік – арылмаған сор қалың?
Кейінгілер қастерлер қалмады ма ұран, із,
олар жайлы бүгінге жетпеді, ұлым, бір аңыз,
аңқылдаған ақыны, саңқылдаған батыры –

болған еді дегенді естімедік мына біз!
Кім біліпті, ұлым-ай, тірлік атты тепкіде,
тәлкегімен тағдырдың тулақ болып кетті ме,
тұлпар мініп түлектер, тасқа тіліп табанын

өкінішпен өмірден егіз болып өтті ме?!
Кім біліпті, ұлым-ай, басынан бақ тайғасын,
(Тізді дейсің тарих қайсы атаның қай жасын).
Өтті ме әлде қой бағып таяқ үшін қақ бөліп,

Алдиярдай атаның ақ шашақты найзасын?!.
Бұйым болмай бұралаң дүниенің өр-шөлі,
бәрі батыр болған деп, жұбата алмас ел сені.

Мұраға да қалмаған бабамыздың бірінің
жалаң ұстап шығатын жарқылдаған семсері!
«Елім-ай!» – деп, еңіреп, салған әнін білеміз,
басқа дерек-белгіден, ұлым, енді күдер үз.

Алдиярдан басқа бір бабаң айтты дерліктей
ел аузында жоқ бүгін жарым ырыс – лебіз.
Айта жүрер бірінің болып па еді ерлігі,
Кемелдігі, кеңдігі – білмейді, ұлым, ел мұны,

Біздер үшін белгісіз, көздегені, мұраты
Туған жерден, тек қана, безбегені белгілі!
Менің атам – Иманас қандай адам болғаны,
төңкеріске тепсініп, тұңғыш атқа қонғаны,

аймағына белгілі, ақтық сөзі ел болып,
таусылғаны дәм-тұзы, ақырғы дәм, соңғы әлі!..
Кісі болған, дейді жұрт, кеудесі кең, жаны ізгі,
алысыпты ақтармен Амангелді тәрізді,

белгілі де, белгісіз бабалардың құны деп,
ғасырларға созылған қайтарыпты қарызды.
Ерік бермей сол атаң өкпе тескен қайғыға,
Жарқыраған жүрегін жалау етіп жайды ма, –

Қарақшы да қаймыға қашады екен ол десе,
дүрелеп бір айдапты-ау дүрілдеген байды да.
Көкірегін кек керіп, атқан таңға серт беріп,
төрт бөліп түн ұйқысын қып-қызыл бір өртке еніп,

ордалы жау ұясын ойран еттім дегенде
ойда жоқта мерт болып, отызында кетті өліп...
Атқа мінген шақтан-ақ арқаланып бір демде,
Жау шебіне, кім білсін, жалғыз өзі кірген бе, –

Зұлым оғы дұшпанның жұлып түскен, дейді жұрт,
Ханға басын қараның теңгерем деп жүргенде!
Ұрпағының бетіне жүрмесін деп салық қып,
Ата жауы алдына тұрды ма екен барып тік?

«Тіке қарап, тура айтар мінезінен тапты ғой,
кісі-ақ еді, не керек, – дейді жұрты – жарықтық!»
Қайран атам – қайыспас қара жартас бейнелі,
Көз жұмарда, кім білсін, сөйлемеді, сөйледі,

«Құдай» деген кісі еді, қара қылды қақ жарған,
жатқан жері жәннатта жайлы болғыр!» – дейді елі.

Қасірет-мұң барлығы ұмыт болар енді деп,
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалар келді рет, –
дей бергенде оқыста опат болған кісі екен,
Қыр үстінде құйғытқан қызыл тудай желбіреп!

...Әлдекімге ұқсамай – көп ішінде бос өлер,
Осындай да бір бабаң өтіпті, ұлым, кешелер,
«Алдиярдай атаның аузынан-ақ түскендей
ұлы еді ғой Имекең, ірі еді ғой!» – деседі ел.

Сенің атаң – Құсайын қандай адам болғанын,
етек жиып, ес біліп, Октябрьмен оңғанын,
толысқанын, толғанын өзім айтып бере алам,
өзім айтып бере алам, соңғы өсиет, соңғы әнін...

Көріп қалған кешегі дүниенің тарлығын,
аталардың ащы жас, аналардың зар-мұңын,
егер өзі ат мініп, шықса алдынан бақ күліп,
Октябрьдің арқасы деп білетін барлығы!

Бала шағын еске алып, баяндаған кезінде
Октябрьдің ұлымын – деп санайтын өзін де.

– Айналайын Октябрь! Өкіметім! – дегенде,

Қуаныштың нұры ойнап тұрушы еді көзінде.
«Октябрьмен бір туып, бар өмірім бірге өткен,
кісі болдым, – деуші еді, – құр қалмаған құрметтен».
«Қақым бар!» – деп, кеуде ұрып, кергігенін көрмепті ел,

тұратындай тірлігі таза ғана міндеттен!
Бар өмірім бірге деп Октябрьмен, енді елмен,
тар жол, тайғақ кешулер аз бомаған ол көрген.
Жарты күлше нанын да жақынымен бөліп жеп,

жетімдерді – жеткізіп, жесірлерге дем берген.
Ауыл-үйдің, ол десе, түзу еді сәлемі,
көп қылығын, мен емес, айтып отыр әлі елі,
жалғандықты көргенде нажағайдай шарт сынып,

жақсылықтың жолында жан қиюға бар еді.
Ел басқарып, жұрт билеп, дәуірлеген кезде де
қиянаты тимеген, дейді бәрі, өзгеге.
Қиып түсер тұстарда қимылға да бар еді,

бар еді деп, айтады ел, сойып салар сөзге де!
Ағайынның аз ба еді берекесіз, бейпілі,
солар үшін қиналып, көз ілмепті кей түні,

жұрт аузында жүр әлі, жұрағаты кейісе:
«Партияға өтпеген большевикпін!» – дейтіні.
Жазғыз медаль жарқырап әкеміздің төсінде
қан майданнан кешегі оралғаны есімде.

«Шүкір, – дейтін, – жарығым, шүкіршілік бәріне,
жазбасын де тек қана жаманатқа, кесірге!»
Ел дүрлігіп, той жасап, дуылдасып жатқанда,
барып па еді басы артық, пәтуасыз мақтанға, –

«Шүкір, – дейтін, – әйтеуір, алып қалдық елді аман,
төніп келген тажалдай сұрапылды шақтан да!
Көппен бірге кірдік қой қара дүлей тасқынға,
жау түсірдім, жүгірдім, шегіндім де, қаштым да,

фашизмнің бір оғы күні бүгін жан қинап
жатыр, – дейтін жарықтық, – қабырғамның астында»
Қамы үшін деп қайтадан қара қазан, жас бала,
араласқан дүбірге қарамастан басқаға,

фашизмнің бір түйір оғы ма, әлде, кім білсін
жеткізбеген атаңды елу алты жасқа да?!
Кім біліпті, ұлым-ай, ұрпақ үшін ендігі
жоқ та шығар атаңның үлгі болар ерлігі,

мақтаныш та мен үшін ел айтатын ақ пейіл,
ағайынға дегенде, – ақ жарылған кеңдігі!
Құрдастары атаңның кезігіп қап көшеде,
Қауқылдасып, хал сұрап, сәлем айтса шешеме,

Әкем үшін бір жасап қалам өзім, біреуі:
«Құсекеңнің баласы жарады ғой!» – десе де...
Болашақта даңқымды асырар ма ел менің,
жасырар ма нарқымды жеңілгенім, жеңгенім, –

ірі болған, дер ме екен, ортасына әйгілі,
Бірі болған, дер ме екен, басы жұмыр пенденің.
Бар қылығы басқаға үлгі болған кезінде,
Кісі еді ғой, десе де, тұра білген сөзінде,

Бас қатырып қайтеміз, әкең қандай екенін
жұрттан гөрі жақсырақ білесің ғой өзің де!..
Өзім жайлы және бір айтатыным ендігі,
(Кім біліпті, қай саққа жүгіртерін ел мұны).

Ұлым, сенен біреулер: «Әкең кім?» – деп сұраса –
жанарыңмен жер шұқып, жасымасың белгілі!

Кім бабасын, ұлым-ай, өзгелерден кем көрген,
жеті атаңды сұраса – қысылма сен енді елден,
Жұрт аузында жатталып қалар ісі болмаса,
не шығады шетінен жіпке тізіп бергеннен?!

* * *
«Жақпай қалып жүрмей ме елге өлеңім», –
деп түнімен дөңбекшіп, дөңгеледім.
Дарынсызға балар ма біреу мені,

таңдап таба алар ма ең керегін.
Дүниеңе қарамай жүрген өктем,
тірлігіммен бірде қыс, бірде көктем,
көңіліне толдым ба жұрағаттың,

Жолаушыдай болдым ба түнделеткен,
Елемейтін өріңді, төріңді де,
өзгешелеу өрісім көрінді ме?
Көмекейден булықпай шығатын үн

бұрынғыдай сыралғы, сенімді ме?!
Олқы соғып ұтылған, ұтқаным да,
оқушымның ойынан шықпадым ба,
Жетегінде кеттім бе жерлестің де,

теңдестім бе дегенде мықты-ақ ұлға!
Жетемін деп желіккен зор дарынға,
өзімді-өзім бекер-ақ зорладым ба?
Соңдарында қалдым ба, ағайындар,

төбе болып тұрмын ба жолдарында?!
Шатырлап бір жандым ба, жанбадым ба,
ақтарыла алдым ба алдарыңда.
Жаратуы жетпеген жүйріктей бір

босқа шауып, босаңсып қалмадым ба?..

КҮН ШЫҒЫП КЕЛЕДІ

Қырқа жақтан естіліп көне дүбір,
қарашы, ұлым, күн шығып келеді бір.
Төрт түліктің төліндей көктемдегі
көп ұзамай, дүр етіп өреді гүл.

Қырым қандай кең еді, кемел еді,
табылады-ау жаныңа не керегі.
Көк дөненнен жүйрік көңілің де
көкжиекке құйғыта жөнеледі.

Көз қарығып көркіне, шыдам кеміп,
шұғылаға шомылып, сыланды елік.
Әр төбеден күн нұры бір көрінді
қырдан қашқан түлкідей қылаң беріп.

Күнге қарай талпынған бала бүркіт,
бір санқ етіп, даусын алады іркіп.
Қасқыры ма, қарсағы – әлденелер
құзға қарай құлдырап барады үркіп.

Қарашы, ұлым, күн шығып келеді бір,
көп ұзамай қырқада өреді гүл.
Күнде көріп жүрсең де қызығына
тойғызбайтын не деген жер еді бұл!

ТАҒЫ БІР БАРАМ

Құлындай ойнап, құйғыта жеткем қырқамен,
таңырқай қоймай таныған болды жұрт әрең,
Аң-таң боп тұрмын, – атағы мәлім аймаққа
иманды болғыр Иманас батыр ұрпағы ем!

Құсайын әкем – көмейі толы нөсерлі үн,
отымен кіріп, күлімен шыққан осы елдің.
Тегімді тегіс білетін еді барлығы,
білетін еді кешегі ғазиз шешем кім.

Ауылдан алыс өткізген ұл ем көп күнді,
бажырая қарап, баса алмай біраз екпінді,
атама ұқсап ақырып, әне біреуді
қайқая беріп, қамшымен тартқым кеп тұрды!..

Аңырай жетіп, айтпағым елге көп еді,
қалайша бірі: «Келдің бе, жоқ па», – демеді?
Лақ текедей бақыртсам ба екен мына бір
кенедей болып, кейкие қалған немені!..

Қанша бір таудың табаным тимей тасына,
алқынып едім, ата жұртыма асыға.
Имекең болса оңдырмас па еді... Бірінің
ойылар ма еді ожарға біткен басы да!

...Сабама түсіп, сап тындым, біраз қыздым да,
бекерге кейіп, берекелерін бұздым ба?
Өз басын елге сыйлатар ерден емес пе ем,
ата даңқымен өтіп те кетер қызбын ба?

Делебем қозып, дүбірге мынау кіргелі,
батыры болсам – болдырмай жүрген кім мені!

Атаңа тартып, еңіреп туған ұл болсаң,
елің де сені елемейін деп жүр ме еді?
Апыр-ау, дегем, ендеше неге бұлданам, –
биіктей ұшсам – билігін қимас кім маған!

...Кенедей болып кейкиген неме бар ма екен?
Амандық болса, ауылға тағы бір барам!..

ҚАЙРАН ШЕШЕМ

Аяулы анам Жұпарға ескерткіш
Бірінші өлең
Қасымызда жүргенге күнде бірге,
Қадіріңді білдім бе, білмедім бе? –

Қыздарыңды қағытып отырушы ең,
бір келінді үлгі етіп бір келінге.
Күліп қойып қайдағы қылығына,
бір ұлыңды мақтаумен бір ұлыңа,

Шалдуарын шаужайлап өзің ғана,
шаң жуытпай жүрдің-ау жұлығына.
Жан едің-ау, жарықтық, жаның алтын,
Көрсетпедің кейпіңді тарылатын.

Торсаң қағып кететін туыстар да,
саған барып сыртымнан шағынатын...
Бой алдырмай қуаныш, уайымға да,
Жұғымды едің қайнаға, қайынға да,

жұрағаттың арасын жамап-жасқар
дәнекері болушы ең дәйім ғана.
Алыс-жақын шуақтап мейіріңе,
Қалдырмайтын сауығы, сейілінен,

абысының, көзіңе көлгірсімей:
берген ғой деп жүретін пейіліңе!
Аттандырсам он қонақ мен күніге,
бәрі сенің қолыңның кеңдігі де.

...Үйіміздің бір жағы үңірейіп,
үрпиісіп отырмыз енді, міне.
Күні-түні біз болып айналғаның,
күлімдеумен өттің-ау, пайғабарым.

Жаттың өзін жүрген соң жақын етіп,
жарықтығым, жанбасын, қайдан бағың!

Үйірілген немере, шөбереңе,
нұрлы бейнең кеудемде көнере ме? –
Өтеріңді, әттең-ай, білмегенім,
жүрмек едім көтеріп төбеме де!..

Екінші өлең
Өзің барда айналам бәрі күліп,
өмірімнің тұратын әрі кіріп.
Жылмаң қағып қай жақтан жетіп еді,

сумаңдаған мына бір кәрі күдік?
Ара тұрар ажалға тегінде кім,
үзілер ме шынымен сенің демің,
ұлдарыңның өзгеріп ұсқын, әрі,

қыстығады ішінен келіндерің.
Ағайынның қалмады дегбірі де,
шағына да қоймадың сен біріне,
Маған ғана тапсырып бара жаттың

шыр-пыр болып жүруді ендігіге.
Жоғарырақ көтеріп боз басыңды,
Көрсетпеуге тырыстым көз жасымды.
Үйдің іші тым-тырыс бола берді

күрсіну де, күбір де тез басылды.

– Ақ сүтімді біріңе бұлдамадым, –

деп, біздерге жағалай бір қарадың. –
Берекелі атаның баласы едің,
берекеңді кетірмей жүр, қарағым!
Жаман бала болмадың ел көзіне,

бордай болып, бекерге берме езіле.
Бес саусақ та, құлыным, бірдей емес,
барлығын да тапсырам енді өзіңе.
Шағы болар таусылар шыдамы ердің,

Жазығы жоқ бірақ та бұған елдің,
ағайыннан іргеңді аулақтатпа! – деп,
ақырын көзіңді жұма бердің!..
Үшінші өлең

Ойдан қашан осынау сейілемін,
ойлануға өзің де бейім едің,
Әлі есімнен кетпейді, қайран анам,
қарап тұрып қарғаңа кейігенің.

Сәл сұрланып сабырлы реңің де,
(Ойлануын ұлыңның тіледің бе?)
Ашулана сөйлеп ең аяқасты
ақ білезік жарқылдап білегіңде:

«Ісің бөлек өзгеден, сөзің бөлек,
ұл бола ма деп едім өзіңді ерек!
Ел демесек, ежелгі жер демесек,
біздер неге шырылдап, безілдеп ек?

Сені бұлай үйреткен кім, қарағым,
Үйге келген кісіні тыңдамадың? –
Ағайынның алдында аяқ жимай,
өзіңді-өзің осынша бұлдағаның!..

Қарап тұрып, қарағым, шіренгенің,
Қайдан тапқан өнерің. Білер ме едім!
Мен тапқан ұл осындай болыпты деп,
ауыл-аймақ естісе – күлер, дедім.

Шығармайтын қылығың, түріңді естен,
ауылыңның баласы ол бұрын көшкен.
Алдарыңа барғанда бұрынғылар,
атасының, білесің, құнын кешкен!

Салық қылмай бетіне білместігін,
Шақырып ап, жайымен тілдес, күнім.
Оған дейін көрмеймін өзіңді де,
сөзіңді де келмейді мүлде естігім!..»

Қарап тұрып сыртымнан өзі өкпелі
ағайынның аз емес сөз еткені.
Алабұрта бастасам, ашу буып,
сол ақылың тұрады тежеп мені!

Төртінші өлең
Қасымызда жүргенде күнде бірге,
қадіріңді білдім бе, білмедім бе? –
Тіршілікке жабыққан шақтарыңда,

болған шығар қамыққан түндерің де.
Күлемісің, күлімдеп жүремісің,
болған шығар маған да ренішің.
Шашыңның да неліктен ағарғанын,

аңғарамын, азырақ біледі ішім.
Өзгерер деп тірліктің нарқы қалай
ойлаппыз ба, – бойлаппыз парқыңа қай.

Көңіліңнен кейде бір шықпадым ба,
жасыттым ба, жұлдыздай жарқырамай!
«Өнегесін» өзгенің үйренем деп,
Сөйледім бе алдыңда сүйрелеңдеп?

Тапшылықты, әйтеуір, ұмытсаң да,
жақсылықты басыңа үймеген ем!
Аса да алмай бүгінгі, бір күнгіден,
дей алмаймын тірлікте күлдің кілең,

Өкпелетіп баз-базда өзіңді де,
шала тыңдап сөзіңді жүрдім, білем.
...Өз құрбымнан кем етпей, тең өсірген,
шығарайын қалайша сені есімнен.

Күні бойы көкейде жүрсе бейнең,
түні бойы тілдесем елесіңмен!
Бесінші өлең
Бір атаның медеті, мекені едің,

еңбегіңе өтеусіз, не төледім?
Қас қағымда көз жазып қала берді,
Қала берді көгершін-көкелерің...
Көз ұшында тұратын жекені едің,

адастырмай, алысқа жетеледің,
тұманы бар тірліктің, мұнары бар, –
кім біледі, қай жаққа кетер едім!
Еркелетсе, шығарып ел төріне,

Қарыздармын өзіңдей көнтеріме, –
Жекен едің жағада жарқылдаған,
қалтылдаған қайықтың желкені де...
Көрінетін жарығың айдаладан,

қайда кетіп қалғансың, қайран анам!
Жөн сілтейтін теңізде, көп ізде де,
енді сендей шамшырақ қайда маған!

АЛТЫН ЖЕБЕ

Қалжыраған қайдағы мұң, үрейден,
қайран жүрек қандай ғана тілейді ем? –
Көкірегін құлдық езген күніге
не күтеді дүмбілез бен дүлейден?!

Болмады ма орным мығым, ортам кең,
осылардан қорқа берем... қорқам мен.
Майдаланып бара жатыр төңірек,
жайлап алып жұлымырлық дерті әбден.

Сұмырайлар сорпа бетін қалқып бар,
тозды күнім, озды бүгін Жантықтар.
Зар-шының да тамшы мұңға айналып,
тіршіліктің шалшығында малтықты Ар.

Тойғандарға, тоңғандарға кездестім, –
тыңдамады түбі қайыр сөзді ешкім.
Күлтөбенің басынан да амалсыз,
құл, төренің қасынан да тез көштім.

Бет-бетіне мықты күйде кетті де Ер,
екі асаумен шықты биге ептілер.
Ұлының да, ұрының да жоқ бірі:
«Енді оңалсақ, ел бола алсақ!» – деп тілер.

Барлығының ойлағаны өз қамы,
Арлы бүгін арамзадан озбады.
Тісі мықтың жеп барады жұлмалап,
кісіліктің кебенегі тозғалы...

...Қалжыраған қайдағы мұң, үрейден.
қайран жүрек қандай ғана тілейді ем?
Көкірегін құлдық езген күніге
не күтеді дүмбілез бен дүлейден?!

Алдауға да, арбауға да төселген
не күтеді есірік пен есерден?
Қатарласың кемітеді басыңды,
есіл жүрек не күтеді осы елден?

Өрліктің де, ерліктің де дәлелі ем,
зәре қалмай бара жатыр зәреден,
Айналайын Алтын жебе – киелім,
өзің келіп құтқармасаң пәледен!

«Жебе» кітабынан

АҚ ШАБЫТ

Айналайын Ақ шабыт, қайта айналып келдің бе?
Күдер үзе бастап ем көптен бері мен мүлде,
жан баласы көрмеген шұғылалы нұрға орап,
жетеле де кетші енді – жер түбіне, мөлдірге.

Арулардың ай нұры әйнегінің тұсынан
көгершінін көңілдің, дейтін едім, ұшырам,
ойдың бәрі панасыз жетімекке айналып,
шырқамады не керек, көкіректе құсым ән!

Құдық қазып инемен, сөз суырып тереңнен,
қалмау үшін кешегі терезесі тең елден,
Жетісудың төріне жез қоңырау орнатып,
күмбірлетсем деп едім, дүниені өлеңмен.

Тұрмаған соң күніге аңсай күтіп үніңді ел,
өлең жазып, өртене бермейді ақын бүгіндер,
кімге ғана арнап ән – алып-ұша қоярсың,
арулар да қалмаған – әр сөзіңе дірілдер.

Арыла алмай жүргендей абыройсыз күнәдан,
көптен бері көңілден кетпей қойып бір алаң,
Күліп келіп басында, үміттеніп, емексіп,
қанша қыздың қасында қалды өлеңім жылаған.

Жаздырмады бойымды қайдағы бір құса-мұң,
жинай алмай ойымды, қол-аяқты тұсадым.
Көңілімнің бағынан көптен бері, амал не,
ести алмай кетіп ем еліктірген құс әнін...

Үзілердей үміті болған шақта елдің де,
айналайын Ақ шабыт, қайта айналып келдің бе?
Қуаңшылық жайлаған бағыма гүл өсті ме,
көкірегім күмбірлеп, тағы да бір толды үнге?

ЖАНАШЫР ДОСПЕН ӘҢГІМЕ

Досым:

– Өксітіп өмір сүмелек,

өкпеге тепкен күнде де.
Қайғыңды сенің кім елеп,
Қамығар дейсің, – үндеме!
Болса да қанша дарынды,

тіленіп барып тіріге,
Іштегі ащы зарыңды
ашынып айтпа біріне.

Жазықсыз жағаң жыртылып,
еріксіз елден бездің бе, –
жарыта қоймас жұрт ұғып,
жараңның барын сездірме!

Жақының жасық, дос үркек, –
тайғанақ жерде тая бас, –
өзіңдей сені ескеріп,
өзіңдей ешкім аямас.

Жүрсең де қанша ашынып,
жайыңды сұрап, кім елер, –
құлаған сайын – басынып,
жылаған сайын – күледі ел!

Құдайдың жоғын көксеме,
Ысыра берсін ел шетке, –
өзіңнің басың кетсе де,
көзіңнің жасын көрсетпе!

Айтарсың елге қайбірін,
айтқанмен... тыңдап... естір кім, –
ішіңде қалсын қайғы-мұң,
көзіне түспей ешкімнің!

Жақсыны күте білмеген
жұрағат жұрттан басым өт.
Кім айтты саған – жыр деген
жазықсыз көздің жасы деп!

Жыр деген... Егер, мен білсем,
өмірге талшық қылар үн,
еркіңе, жеңіп, көндірсең,
өксітпей алып шығарсың.

Жан таппай жақын сенетін,
түскенде басқа ұлы сын,
жарқылдап шыға келетін,
жалтара білмес қылышың.

Біліпті болжап кім алдын,
сезім де керек, төзім де,
бұрқырап сыртқа шығар мұң,
бұйыға берген кезінде!..

Мен:

– Оның да жөн-ау... күніге

шексе де қанша жан азап,
айнала жұрттың бәріне
білдірмеу деген ғажап-ақ!

Әйтсе де, досым, барлығын,
жасырамын деп бұл елден,
қиналған жанның зарлы үнін
шығармай қалай жүрем мен?

Көңілден ащы мұң кетпей,
келеді бәрін ақтарғым,
ішіме жиған індеттей,
Үндетпей қалай сақтармын?

Сыймай-ақ қойды ішіме,
қайтейін, десең, ел естір, –
ақынмын дейтін кісіге
жарасар қылық емес бұл!

Өртеніп ішім тұр анық,
жазғыра көрме мені сен,
үнімді сыртқа шығарып,
мұңымды жұртпен бөлісем.

Үндемей іштен тынатын,
жұрағат, жұрат, үнімен
бұйығып, бұғып тұратын
сен үшін айтам мұны мен!

Өзің де мені бір түсін:
көбейіп кетсе зар-мұңым,–
күлкі үшін емес, жұрт үшін
ақтарып жүрмін барлығын!

ШЫНДЫҚ КЕЛІП...

Көптен бері көрінбеген бұл маңда,
Шындық өзі іздеп келіп тұрғанда,
асып-сасып, алаңдадың, не керек,
өзіңді-өзің шала алмадың құрбанға!

Үрейленіп, үйіріліп иманың,
Үйреншікті өтірікті қимадың,
шашылар деп ойладың ба, кім білсін,
өмір бойы асыл ар деп жиғаның.

Бесіктегі бөбектерің шырылдап,
есіктегі төбеттерің ырылдап,
батыр ұл да бара алмады мәрттікке,
қатының да: – Жіберме!– деп, тұр ымдап.

Жалған күліп, алдандырып, бірі ұстап,
жолдастарың жолатпауға тырысты-ақ,

Сұрағанын бере де алмай сорлының,
көре де алмай қала бердің дұрыстап...
Жұғып кетер деді ме бір пәлесі,
бәрінің де ұшып кенет зәресі.

Не істерін білмей отыр ағайын,
мысы құрып, кірмей отыр әлі есі...
Күн де бүгін қырсықты ма күйінген,
күле кіріп, құр шықты ма үйіңнен, –

Өтіріктің қабағы да жадырап
бара жатты жаңа ғана түйілген.
Бола ма деп қалып еді бір сұмдық,
ұясына бара жатты күн сырғып,

балаңды да, қараңды да көре алмай,
сүмірейіп қараңғыда тұр Шындық!

ӨМІР – ӨЗЕН

Жағасында күлкілі күн, мұң да бар,
өмір де бір өзен десем – кім нанар?
Бауырында майса дала майысып,
сай-салаға сіңіп жатыр жылғалар.

Мұнар басқан, мұң алмасқан жағалау
Көзден кетсе, көңіліңде қалады-ау,
Ақ көбігін аспанға ұрған кезінде
амалсыздан жасқандырған жары анау.

Бірде тасып, бірде жасып... үрке дем,
телегейден теріс кетіп жүр терең,
бірде сабыр, шыдам беріп жасаған,
бірде қалың тұман келіп бүркеген.

Ақса бірде буырқана бұрқап-ақ,
бірде бойға үнсіз ғана у тарап,
Жалбыз-қайғы айырылмайды жабысып,
Құлқын қайда барғызбайды, қу тамақ!

Кемеріңе көтеріле бергенде,
кетесің-ау өткел бермей енді елге,
Бұлқынасың, жұлқынасың, не керек,
ұмтыласың аспақ болып өрден де.

Бұзып-жарып өтпек болып барлығын,
аспанға да, тастарға да қарғыдың.
Бара көрер бақытыңды қуалап,
ұмытылып қала берер таңғы мұң.

Бара-бара баяғы бір тар ғана
түсесің де Тәңір берген арнаңа,
бағытыңнан бұрылмайсың бұрынғы,
өзің барып ұрынбайсың жарға да.

Көп бөгеттен өте алмасы ендігі,
көк теңізге жете алмасы белгілі.
Телегейге таяу ғана қалғанда,
бірте-бірте баяулана берді үні...

ТАЗАЛАП КЕЛ

Білінбестен аштығың да тоқтығың,
зымырандай зымыраумен өтті күн,
Кем қалып та көрген жоқсың ешкімнен,
көрге алып та кете қояр жоқ түгің.

Болашаққа бара жатқан сені алып,
көрген емес өмір-өзен кері ағып.
Бір қайыққа топырлайсың барлығың,
отырмайсың жағасында демалып.

Сондықтан да – тойға бара жатқан ұл,
алды-артыңа алаңдамас шақта бұл,
жылап қалған бұлақтардан қысылмай,
асып-тасып, дариядай ақтарыл!

Қабағына қарама да әлдінің
керегіңді кейіндетпей, ал бүгін, –
Жазалап бер жауыздарды демеспін,
тазалап кел жолдағыңның барлығын!

ШАБЫТ ҚАЙДА

Апыр-ау, шабыт қайда, шабыт қайда?
Құлағын бұлақ-үннің ағытпай ма,
Таңырқап осы кезде өзіме-өзім,
жабырқап жүргенімді жан ұқпай ма?

Күні-түн жүрегімді ұрған майда,
күй болып құйқылжитын жырлар қайда,
Ғайыптан сыңғырлаған үн құралып,
бишідей мың бұралып, ырғалмай ма?

Жататын тірлігімнің жырлап бәрін,
қайда жүр құйқылжыған ырғақтарым,
Көңіл де босаң тартып, болбырады,
не болар домбыраны құр қаққаным!

Кететін көтеріліп еңсем менің,
қайдасың төңірегі теңселген үн,
қалқаның көңіліндей ұйқастарым,
қамшының өріміндей өлшемдерім?

Сөзім де бұрынғыдай жарқылдамай,
сезім де тарта берген салқын қалай,
ере алмай ереуілге енді көңіл,
еңірей жөнелуге сәл тұрғаны-ай!

Жататын жерді жарып екпінді үнім,
жалт беріп, қайда ғана кеттің бүгін,
Осы ма жұқарғаны, мұқалғаны
қылыштай қиып түсер өткірлігің?

АЛАКӨЛ

Алакөлім – айдыным – дара мұңдас,
Бері бұрып мойныңды, қабағыңды аш,
Сенерім де сен едің, демерім де
досқа күлкі, дұшпанға таба қылмас.

Сен болмасаң тірлікте сенем кімге,
жатқа барып жасымды төгермін бе,
бой алдырмай қаптаған күдікке де,
үміттене қарар ма ем келер күнге!

Жайшылық па? Жатыр ма ең алып тыным,
Қарай алмай бетіңе – қарықты күн,
Өзен біткен, көл біткен қансырауда,
хал сұрауға келіп ем, жарықтығым!

Борышты кім өзіңе, қарызды кім,
екеуара тыңдайық арыз-мұңын.
Қайрылып қанатым, сенен де мен
айырылып қалатын тәріздімін!!.

Табыла ма дертіңнің бір амалы,
келіп едім өзіңнен сұрағалы.
Ырысты едің жұртыңа, құрыш көлім,
бүріскенің бүгінгі ұнамады.

Көретінің көп екен, қартым, әлі,
сарқылады бұлағың, тартылады,
қайраныңда қаңқылдап қаз қалады,
шағалалар шаңқылдап, шарқ ұрады.

Қайда жүр деп ұлдарың батыр білек,
қайдағы ойлар басымды қатырды кеп.

Төніп тұрған жанымды ұғармысың,
көріп тұрған балаңдай ақырғы рет!

ЕЛУГЕ КЕЛГЕН ӘЙЕЛДЕР

Сендер десем шын құмарым,
жыр қыларым – сенбеді ел.
Шашы ағарған құрбыларым,
таса қалған жеңгелер.

Қызды көрсе – күлім қағып,
жымың қағып шалдар да,
көңіліңнің қыбын бағып
тұратын бір жан бар ма?

Бар ма тегі кім деріңіз,
бояғанмен самайды ақ,
әлі күнге жүргеніміз
қыздар жаққа қарайлап.

Сендер десе сұлық қалып,
суып қалған ас па деп,
қисық сөзбен іліп-қағып,
қырын қарай бастап ек...

Қас қағыңдар, жасқаныңдар,
басқа кім бар әні кем, –
ысырыла бастадыңдар
ойын-тойдың бәрінен.

Өшпесе де оты нағыз,
әзіл-оспақ жараспай,
сендер десе – тотығамыз,
отырамыз жақ ашпай.

Кеуделерің дір-дір етіп,
тұрғанына қарамай,
кейде тіпті – мұңды үдетіп,
еркелейміз баладай.

Қалжың айтып қаймақтылау,
ақ тамақты бір кенеп...
көздерің де жайнап тұр-ау:
«көрмей қалып жүр ме!» – деп.

Жарқ ете ме шуақ тісі,
жалт ете ме жанары, –
ер жігіттің қуат-күшін
байқар шама бар әлі.

Құшырлана аймалауға
құшақ қандай икемді,
дым ілінбей жайған ауға,
құртқаны ма жүйкеңді!

Амал қанша, өтті-кетті
көгілдір күн көбелек,
қарау тағдыр көп тілекті
бермей отыр, не керек!

Қайтаратын есені бір,
қараң қалып нендей дау,
қызуы ыстық кешегі іңір
қайда, айналып келмейді-ау!..

Таң қалдырып тәнімен де
тәлімсіген немеңді,
қыз-қырқынның бәрінен де
асыратын «өнерді!»...

Тұла бойға дірілдеген
оратылып ақ білек,
құшар кезі-ау бүгін деген
бұрынғыдан тәттірек!

...Сендер десем жыр қыларым,
шын құмарым – сенбейді ел,
Шашы ағарған құрбыларым,
таса қалған жеңгейлер!

Той-думаннан ызбарлана,
тарайсыңдар жек көре,
жас келіншек, қыздарға да
қарайсыңдар кектене.

Бурыл тартып бұрымдарың,
бүгінгі әнің ызғар ма, –
мен де бүгін қырындадым,
құдай атып, қыздарға!

Көмейіңде жыбыршып ән,
қарай алмай жөнді елге,
кеше ғана қылымсыған
қыз едіңдер сендер де.

Кеше ғана қыз едіңдер
бәрімізбен бір өскен,
қымтырылып мұз еріндер,
қуыршақтай сірескен.

Бұйығы ма, тұйығы да
көре де алмай қасты айқын,
қол апартпай иығына,
ытырыла бастайтын.

Ойнап-күліп тұс-теңімен
отырғаның ұқпай тым,
дәл осылай іштегі дем
сыртқа теуіп шықпайтын.

Өтті-кетті ол күндер де,
тепкілетті жер бүгін.
Жаңғырғанын көрдіңдер ме,
жарты жолда ендігі үн.

Қастарыңнан күнде күліп
жастық өтіп барады-ау.
Қадіріңді бірде біліп,
бірде білмес жар анау.

Дәмі азайып, тілдің міне,
көбейіп тұр ой, қайғы,
өмір деген кім-кімді де
еміндірмей қоймайды.

Қайнағалар қайда барар,
тиіп тегін төр бүгін,
бірте-бірте жайлап алар
көкіректі енді мұң.

Алаңдатып, араңдатып,
айналаңды қымтатпай,
найзаларын жалаңдатып,
жетіп келген сырқатты-ай!

Алысарсың әжімдермен,
айна алдында қас қағып,
ащы-тұщы әзілдерден
жүресіңдер жасқанып.

Қимай қарап тұрасыңдар,
келіндерің киінсе,
іштей ғана тынасыңдар,
еріндерін шүйірсе.

Баспай ішкі алаңды да,
көңіліңді кіл өртеп,
жас күндерің қараңғыда
келіп-кетіп жүрер тек.

ҚОС АҒЫС

Тік тұрып, тәй-тәй басып, тіл шыққалы
қаншама тірлігім де қырсықпады,
біресе лайландым, бірде тұнып,
шүйкедей, шыр айналдым, ұршықтағы.

Жарамай арамзамен алысуға,
көңілдің кетті қанша салы суға.
Тағдырдың мен дегенде жыны бардай,
қырсығып, құны бардай, қарысуда!

Мен болып аңдығаны, қалғымады, –
біресе жолымнан да қалдырады.
Біресе жандырады жүрегімді,
біресе білегімді талдырады.

Туғалы танытпады қолдап, ыңғай,
жолым да жүрді содан, оңғарылмай,
Қаншама құр кетпедім, дірдектедім,
қалтырап, қарашада тоңған ұлдай!

Жылытпай жақынымды күн құшағым,
қаншама тіршілікте сынды сағым,
Қиналам, кеудемдегі күшті бөгеп,
көбейе түсті ме деп мұңды шағым.

Бабамның болмады ма күші мұра,
жетпедім бұл өмірдің ұшығына,
кем болып жаралмаған сияқты едім,
жем болып барам елдің пысығына...

Ағайын, айып етпе, мұның бәрі –
тоң-теріс тіршіліктің шығындары,
үнім де оған бола өшкен емес,
жүнім де біржолата жығылмады.

Айтты деп, айыптама, мұңымды еппен,
жері жоқ жұрт алдында құным кеткен.
Бұлтарыс, бұралаңды жолда мына
күндерім болмады ма дүрілдеткен!

Айналып жұрағаттың шамдалына,
жұлдызым жоғарылап жанбады ма?

Тұрарлық емес пе еді бір ғұмырға
қалқамның қолтығымда ән салғаны да!
Қаншама жұмырықта жау бүктедім,
жұтынып, оған бола әулікпедім!

Толды ғой құшағыма гүл де менің,
болды ғой жылға татыр тәуліктерім!
Алғысы арқасында елдің берген,
азды-кем асып-тасып, болдым кердең.

Кімде-кім тірлігімді бағаласа,
мінеки, бағаласын сол күндермен!
* * *
Күдерімді үз, үмітімді желге ұшыр,

мен едім ғой барлығына көнбіс ұл, –
келе-келе реңім де өзгеріп,
жұдырықтай жүрегім де берді сыр...
Бар қызықты келе жатқан татып тең,

мен де кеше басқалардай бақытты ем,
Қара аспаның құласа да төбеме,
таласпадым, санаспадым уақытпен.
Санаспадым жоқшылықпен, барлықпен,

ағайынмен аяқты да алдық тең.
Оң-солыңды аңғарғандай болмадың,
маған ғана арналғандай ән біткен.
Мені ғана сүйетіндей қыз біткен,

мен де кеше боламын деп үздіккем.
Қайғым бар ма – басқалармен бөлісіп,
басқалармен айдындарда жүздік тең.
Көп илене, кеми келе күш, айлам,

бір-ақ сәтте болғаным ба пұшайман, –
бұрынғыдай шақырмайды қыз-думан,
қызығына батырмайды мүшайраң.
Базарлы күн бұрынғыдай арбамай,

бәрі-бәрі қызықсыз боп қалғаны-ай.
Өтіп бара жатыр енді үрдіс күн,
үмітімнің үзік жерін жалғамай.
Күдерімді үз, үмітімді желге ұшыр,

мен едім ғой барлығына көнбіс ұл.
Жүдедім бе, – реңім де өзгеріп,
ақыры кеп жүрегім де берді сыр...

ҮМІТТЕНЕМ

Босаңсып, бой алдырмай күдікке мен,
бабымда баяғы сол жүріп келем,
қамығып, қапаланып, қатуланып,
әлі де әлденеден үміттенем.

Кездердей кешегі бір қызды күткен,
тұрамын тіршілікке үздігіп мен,
игілік атаулыдан үзбей күдер,
дәметем әлі күнге ізгіліктен.

Өмір де өзгерте алмай ырғағымды,
келемін қосып айтып жырға мұңды,
Кішілер жүре келе, біле келе
түсінер кімді күтіп тұрғанымды.

Кеудемде алай-түлей саз үдетіп,
өмірдің бара жатыр жазы да өтіп.
Босаңсып, бой алдырмай күдікке әлі,
келемін үмітімді азық етіп.

ОЙЫМ БАР

Мінім де, мінезім де жұртқа мәлім
дал қылып, жұрағаттың құртты амалын, –
бірінің майы бар ма – сыпырып жеп,
бірінің шайынан да ұрттамадым.

Бірінің шарабынан сұрап ішіп,
елпілдеп отырғаным құрақ ұшып.
Сырт беріп кеткендерім, жек көргенім
сыртымнан айбат шегіп, жүр алысып.

Оралып шалғайына, шұлғауына,
бірінің жүре алмадым ымдауына.
Басымды былығынан ала қашып,
көрмедім араласып құл дауына.

Ығысып қала берді ең шетте кім,
тырысып, оған да қыр көрсетпедім,
сөзімді алды ма жұрт алмады ма,
өзімді өзгелермен өлшетпедім.

Жүре ме перісініп, серісініп,
«төреге» көрген жоқпын төр ұсынып.
Мүсәпір бола алмадым қайғыда да
кеткен бір доңғалақтай желі шығып.

Білдім де елден бұрын өз мінімді,
мінезім жүре келе көзге ілінді, –
Тілімді жөнсіз жерде беземедім,
ешкімге кеземедім кездігімді.

Берді ме беделдісі сырғып төрін,
сойылын соғып тағы дүрлікпедім.
Кешегі сыралғым да сырғақтап жүр,
жоқтығын сезе қойып тірлікке ебім.

Кетті де бүтінделіп ат-тұрманы,
епті де енді мені жақтырмады.
Шыға алмай жел жағыма жекжаттарым,
Ұға алмай келе жатыр жаттың бәрі.

Сыр тартып көрді бірі менен ептеп,
біріне кете алмадым ебелектеп.
...Мойындар қоғамың да, жоғарың да,
ойым бар оларын да көре кетпек.

* * *
Алыстан алақанын жайған арман
ауылы жиырма бестің қайда қалған? –
Алқынып, енді көңіл аптығар ма,

іздесең таптырар ма жаймалардан!
Жақсының құшағында балқып асыл,
жасадым жайлы өмірде жарты ғасыр,
жаңғырып күні-түні жақпардағы үн,

қаншама ақтармадым халқыма сыр.
Алдымда тұр деуші едім арман күліп,
апыр-ай, адасып-ақ қалған ба үміт?
Қарамай өте шыққан қайран күндер,

баладай жоқты-барға алдандырып!..
Түсінбей дүниенің жалған мәнін,
Құдай-ау, кімге ғана алданбадым,
Тірнектеп түндер бойы ой қуғанда,

осы ма тіршіліктен алғандағым!
Қай жерім кем болыпты елден менің,
деп те бір кесірлене кердеңдедім.
Әлі де жаутаңдайды жолдағылар,

осы ма сондағы бар бергендегім!
Иттіктен әрі тұрдым, бері тұрдым, –
елу жыл жасағанда не бітірдім?

Жете алмай келем бе әлі бір нүктеге,
шыға алмай шиырынан көп үтірдің?
Мысқалдап несібемді өлшеп тегі,
жылдарым жылы қабақ көрсетпеді.

Ауысып басқа әуенге бүгінгі әнім,
баладай шырылдадым емшектегі.
Болды ма жоқтығынан алдауға ебім,
жүрегім жалғандықтан жанды-ау менің.

Егіліп ел үшін де, жер үшін де,
көміліп көмейімде қалды-ау көп үн.

ЕНДІ АУЫЛҒА БАРА ҚАЛСАМ

Енді ауылға бара қалсам, жігіттер,
Ұшып тұрып, ұсынбай-ақ күліп төр,
Тентек өзен тасып ағып жатыр ма
біреулерің шауып барып, біліп кел!

Қалт жібермей қағып алып қыр үнін,
бұрылыста баяулатып гүрілін,
бұрынғыдай бұрыла ағып жатыр ма, –
жіберіңдер, біліп келсін, бір інім!

Біліп келсін – бабында ма арнасы,
сағымдана шұбатылып жалғасы,
шабақ аулап, шағаласы шарқ ұрып,
шу-шу етіп жатыр ма екен жар басы?!

Табанында күтір-күтір тас құлап,
одан әрі жайқала ма жас құрақ!
Өзен бойын өрлеп қайтсам деп едім,
біреулерің бере тұрсаң астыма ат!

Жалаңаяқ жүгіретін қырда кең,
жылда келіп жүрген жоқпын мұнда мен.
Құшып-сүйіп жағадағы жас талын,
Жартасының төсін иіскеп тұрмақ ем!

Ауыл жаққа бара қалсам енді мен,
бұрынғыдай іздемеспін төр кілең,
болмайық деп алты бақан алауыз,
ағайынды айтқаныма көндірем...

Көкжиекке құлағанда батар күн,
құрбылармен қырға бара жатармын,
Сөз етерміз – арман бүгін алыстап,
сиреңкіреп қалғандығын қатардың...

Бой алдырып серілікке, салдыққа,
жұрт қатарлы жанбадық па, жандық па,
сөз қалдырып зейіндіге, дүние-ай!
кейінгіге үлгі бола алдық па?

Белгі тастап берекелі бұл маңға,
із қалдыра алыппыз ба қырларға!
Бізге қарап ой түзеген ағайын,
бізге қарап бой түзеген ұл бар ма?

Біреулерің дүниені шырқ үйір, –
елге тиген пайдаң бар ма бір түйір?
Өзіңді алға сүйреген де шығарсың
ертелі-кеш сөзің бар ма жұрт ұйыр?

Әр ісіңді аңыз етер ел бүгін,
бар ма, жоқ па – кемелдігің, кеңдігің,
сен дегенде жаны кіріп, сүйсініп,
соңдарыңнан, салып ұрып, ерді кім?

Бөлек-бөлек билік құрып жүрдік те,
ел ішінде есірдік пе, күлдік пе, –
енді ауылға бара қалсам, әйтеуір
осылай бір шақырмақпын бірлікке.

Ағайын-ай, алдындағы барға мас, –
ол үшін де сендерді ешкім қарғамас.
Елдік деген ол емес қой тек қана,
көкіректі керімсамал таңға да аш!

Ауыл жаққа бара қалсам мен енді,
қоярмын-ау той-томалақ дегенді.
Жалтырақ ән жылытпасын сезген ем
қарашада қалтыраған денемді.

Бұрын-соңды ерлігің бе, елдігің, –
ем болар деп айта алмаймын ендігі үн.
Кім ұғыпты өткірсінген сөзін де
көкірегі көп күрсінген шерлінің.

Әзірге тек күңгейіңді кірлетпей,
ақ гүлдерге орана ма қыр беткей? –

Доңыз-тағдыр тұмсығы да түрткілеп,
қыңырыстап, қырсығы да жүр кетпей.
Мерейі үстем ел еді деп, мұраты – ән,
күліп атып келеді деп құба таң,

Мұңлық-ана жер еңіреп жатқанда,
жалған айтып, кімді ғана жұбатам?
Су құрыған, қулық – ұран, – бір індет,
қорқа берем, кетпесе деп іріңдеп, –

бұлақ үні булыға ма соны айтып,
қопаларда құрақ үні дірілдеп.
Енді ауылға бара қалсам, білерім,
екі етпестен ел-жұртымның тілегін,

тірлігіне саулық айтып үлкеннің,
кішілерін қасыма алып жүремін.
Кімнің ғана көңілінің хошы кем, –
кетіскенін келістіріп досымен,

қулығын да, сұмдығын да елемей,
«жындының» да жындылығын кешірем.
Болсын тегі жұрағаттың бәрі таң,
Жарымаған уызына жарытам,

есем кеткен есерді де емінтіп,
кеселдіге кісілікті танытам.
Үмітіне үкі байлап ұлының
кешіремін кещенің де қылығын.

Естіліп те қалар, бәлки, енді айқын
көптен бері тыңдаушыға тұл үнім.
Сығаламай бүлдіргенді бұтадан
жаурағандар шықсын бері жұқалаң.

Дос үйіне жетпей, қонып далада
өзім де енді өрттей болып тұтанам.
Далбаса көп, – қалмаса деп жұтап қыр,
қарағайға қарсы біткен бұтақ тұр.

Обалына қалмай оның, ағайын,
өр көңілін бораныңа тұтаттыр!
Құшағыма қысып барып Күнді мен
елге деген ниетімді білдірем.

Қорғандарын дүрліктіріп баяғы,
ормандарын оятамын мүлгіген.
Енді ауылға бара қалсам... көресің,
табыстырып төлеңгіт пен төресін,

Қаңғып барған қағындыға қорлатпай,
албытқаннан алып берем Жер өшін!..

ЖЕРЛЕСПІН

Мен кімдермен жұрағат ем, жерлес ем, –
қайдағы бір жел сөзге ере берме сен,
ала қойды бөле қырқып, ағайын,
қайтер еді жіктемесең, бөлмесең.

Маған жала жаба қоймас енді ешкім,
өзім де оған жібермеспін, көнбеспін,
өйткені мен арды білген тек қана
жақсылардың барлығымен жерлеспін!

Ақтөбеде тудың ба әлде Жамбылда, –
жекжат болып жүре берем арлы ұлға.
Ара түссем ауылдастың біріне
айтыңдаршы, қандай күнә бар мұнда?

Жалайыр ма, жағалбайлы, шекті ме –
туысындай араласып тектіге,
Қалиханмен қанды көйлек дос болған
Жұмекеңнің бірдемесі кетті ме?

Жерлеспін деп келе ме елдің бірі алғаш,
жылан болып қолтығыма кіре алмас.
Руласпын – рухы ірі інімен,
ұлылардың барлығымен ұрандас.

СОЛ КҮНДЕР

Қандай белгі қалды екен деп сол күннен,
жүрегіме жүз үңіліп көрдім мен.
Лапылдап бір жанбадым ба, жандым ба,
қанып іше алмадым ба мөлдірден?

Ілесем деп дүрлігіскен түрлі үнге,
жоққа алданып, топтан қалып жүрдім бе?
Құр лағып, бұрыла ағып бұлағым,
бұрып алып кетпеді ме мұң бірде?

Адастырып иір-иір жол бірден,
кезім жоқ па кекесінмен ел күлген?
Кімдер екен кеудемдегі жалынды
үдетем деп, үрлей-үрлей, сөндірген?

Кешегі сол қызық күндер, от күндер,
қайырылмай қайда ғана кеттіңдер?

Ақыры кеп түсінді ме, білмеймін,
қажай-қажай ішімді де кептірді ел.
Оқшауырақ отау тігіп шалғынға,
пенделіктен іргемді аулақ салдым ба?

Ел айтқандай бола алдым ба азамат,
не баяғы өзім болып қалдым ба?
Тура тауып түсіп ем бір сүрлеуге,
бағытынан бұрылмап па бұл кеуде.

Бар ма сенім – өмірім де өрелі,
көңілім де өз орнында тұр деуге?
Сұрамап ем тірлікті де, тілді елден,
Қалып қойдым дейін бүгін кімдерден?

Жасып, талып тұрамын ба жол шетте,
асып барып құлармын ба бір белден?!

НЕ БОЛАР ЕМ?

Қаншама бір өткелектен өттім мен,
құрбыларым қайда қалды көп күлген?
Не болар ем – көкте күнге жетем деп,
«құдай» болып кеткенімде тек бірден?

Туған өлке топырағын жерсінбей,
кіндінгі бір қарындасты менсінбей,
елер ме едім... көрер ме едім, кім білген,
жанның бәрін жауға жұмсар елшімдей.

Жеттім көкке – жетті қолым, жетті аяқ, –
қайте қоям қадірі кем көпті аяп,
деп те асқақтап кетер ме едім, кім білген,
менен озған тірі пенде жоқтай-ақ.

Мұраға алған меншігімдей бар әлем,
ағайын – жат: іні – жасық, аға – кем,
жамалы да, табағы да ұнамай,
кімнің ғана қабағына қарар ем!..

Обал қалып, доғалданып күнде тіл,
өзгере де бастар еді мүлде түр.
Ағайынды алмасыма бездіріп,
көз жасына қалмасыма кім кепіл.

...Елге күнім түскен емес демеспін,
мен де бүгін біразына теңестім.
Бетке салық еткен де жоқ, сөккен жоқ,
құдай бола қоймадың деп мені ешкім!

Билік айтар алқалыңа от тілмен,
Қалталы да бола қойған жоқпын мен.
Жұғысып та кете алмасам жақсыңа,
ығысып та көрмеген ем беттіңнен.

Қысқа жібің келе қоймай күрмеуге,
жоқ әзірге Сәкен салған сүрлеу де,
зор демесе – зор демесін ел тегі,
сорлы емесін сездіріп жүр бұл кеуде.

АЛДЫРМАЙ-АҚ КЕЛЕДІ

Ұзақ-ұзақ ойланып,
ұзақ-ұзақ толғанам,
алдырмай-ақ қойды анық
адыр-адыр жол маған.

Тітіретіп, тоңдырып,
ұзағаным – үй маңы,
біресе атым болдырып,
біресе арбам қирады.

Бір күйдіріп, жандырып,
бірте-бірте үн арып,
айдалада қалды үміт
аш қасқырдай бұралып.

Құшақ жайдым құштарға,
құмарды бір қандырмай.
Төсте озатын тұстарда
тепеңдеткен тағдырды-ай!

Қысқа жібі тірліктің
келе қоймай күрмеуге,
Желбіреген түндіктің
желі болып жүр кеуде...

Жатпаған соң жан ұғып,
қарным ашып алдаудан,
Көңіл түбі қағылып,
қаңырап-ақ қалды-ау маң.

Белес еді, бел еді, –
көкірекке толды алаң,
алдырмай-ақ келеді
адыр-адыр жол маған.

Қалтыратып, тоңдырып
қырсығында күнара, –

біресе атым болдырып,
біресе арбам сына ма;
Мың бөгетке кезігем
көзім алды көк тұман,

Құштарлықтың өзінен
келе-келе кетті мән.
Келте күндер, кедей түн,
елірмейсің ет қызып,

бұрынғыдай жебейтін,
демейтін де жоқ қызық.
Буынында күш барда,
булықпасын бой қалай, –

төсте озатын тұстарда,
тепеңдетіп қойғаны-ай!

БҮГІНГІ СӨЗ

Дүние түгел өзгеріп,
берілді деп жатыр бүгін сөзге ерік,
Сеніміңе салды да алаң, ақыры
қалды қараң кешегі ұран, езбелік,

Айтарыңды – айт анық:
өткен-кеткен есеңді бір қайтарып,
сынауға да болатынын шендіні,
жылауға да болатынын байқадық.

Қорықпа да үрікпе,
жем болам деп жерді құртқан бүлікке,
Ояндың ба – біржолата бас көтер, –
бой алдырмай күдікке.

Қалғыма да мүлгіме,
өзіңді өзің ұсынып көр үлгіге,
Кек қайтуға болғанымен ертерек,
бетке айтуға жарап қалдық мінді де.

Айтарыңды – айта біл,
өзіңді де, сөзіңді де қайта құр.
Құдайдың да екі аяғы аспаннан
салбырап бір түспегенін байқады ұл.

Хайуаны кім, кім адам, –
арылдық па дей тұрсақ та күнәдан,

әлденелер жетпей тұр-ау әлі де,
кетпей тұр-ау көңілімнен бір алаң.
Бой көтере бастағанмен белестер,
әділетке тие қояр емес төр,

Қорлайтындар табылады әлі де,
қорғайтындар бар ма, жоқ па – соны ескер!
Далаң қалып ормансыз,
балаң қалып қорғансыз.

Қараң қалып әділет,
ел ішіне толды арсыз.
...Ат көтіне үңілдік...
аш күзендей бүгілдік,

аруақтан аттадық,
азаматтан түңілдік.
Жұрт сияқты ек түп-түзік,
жер астынан шықты жік, –

ұтқызып ар-ұятын,
ащы зәрін жұтқызып.
Ұзармады үмітің,
қыз алдады жігітін.

Алдиярдың сөзіне
айтып жатты құл үкім.
Шекпен болып ендігі ар,
шелтірейді шен құмар,

Кемді күні қалғандар
неңді біліп, неңді ұғар!
Ойнақтады ат ерсіз,
қой баққаны – қаперсіз.

Ақымағы қорлады
ақындарды пәтерсіз.
Жібегіңді жүн еткен,
жігеріңді құм еткен,

шықты емес пе кещелер
жүгенсіздің үні өктем!
Кірмейтіндей енді еске,
кетсе деп ем келмеске.

Жаураған жұрт тізгінді,
жақсы ұлына бермес пе!

Етек-жеңді түрініп,
ел болсын деп бірігіп.
Қыр астынан қылтиып,
келе жатыр бір үміт!..

Қайдағы бір қағиданың құрбаны,
Қазағым-ай – момыным-ай қырдағы, –
(Қайғыға ерсе – көктей алмай жыртығын,
майды көрсе – беттей алмай тұрғаны...)

Дүрлігердей – дүбір өтсе тұсынан,
жұрт емессің Құран ұстап ысылған, –
Құрап күнде қырық жамау көрпеңді,
бір-ақ күнде болмақсың ба мұсылман!?!

Баяғыдан күншіл едің, міншіл де,
бір-ақ күнде айналмақсың діншілге,
Жылағаның жетеді ғой Құдайға,
бір адамың атқа дұрыс мінсін де!

Әдетің бе – түсінбесті зор тұтпақ,
қастерлің жүр қалпелерді қолтықтап.
Қорқа-қорқа болып едік адамнан,
енді келіп алласымен қорқытпақ.

Шаптың да ғой барымталы атқа сан,
жұрағатты жарылқады жат қашан, –
Құраныңды қоя тұрып ендеше,
болмас па еді Қыраныңды баптасаң!

Ашық та шашық жүргенде
жайлауға кетіп жағам бір,
ұрлана жетіп түндерде
жау жоқ па мені тағы аңдыр!

Отырып алып қақ төрде
бір қулар – қолдан татқан дәм, –
кім білсін, осы сәттерде
сығалап тұр ма жақпардан.

Тиді деп тілге еркіндік,
туды деп күнім байырғы,
Желіктік келіп, желпіндік,
болса еді түбі қайырлы!

Жаппайды бүгін аузын ел, –
жақсыдан ғана үміткер,

Дау жүрген жерде – жау жүрер,
байқасақ етті, жігіттер!

ЖҰҒЫСА АЛМАЙ

Тимеді деп, ағайын, тек көмегің,
кімге барып орынсыз өкпеледің, –
Мен өзім де ұғыса бастағанға
қашан ғана жұғыса кеткен едім!..

Аяғына оралып ұлылардың,
қарамадым қолына – пұлы бардың:
дәулет шағын болғанмен, билік те кем,
илікпеген қалпымда жүріп алдым.

Мен де біліп – әзірге ел білгенін,
төре тұтпай, тең ұстап келдім көбін,
жеңілген де жерім жоқ, емінген де,
көрінгенге көз сатып, телмірмедім.

Жетпеді ме, жетті ме жаманға әлім, –
қалбаң қағып қасына бара алмадым.
Көпте кеткен кегім жоқ, өкпелеткен,
жеп те кеткен жерім жоқ адал малын!

Аз да шығар, амал не, жанашырым,
айтпай тұра алмадым тағы ашығын, –
араласып кете алмай өзіне де,
сөзіне де ағайын арасының,

Кетер едім бәріне ұнап-ақ тең,
кісілігім ұстап-ақ тұрады, әттең...
Жолдасқа да сондықтан жұғыса алмай,
шығыса алмай жүремін жұрағатпен.

ӘНДЕТЕДІ

Әндетеді дүние, әндетеді,
әндетпеген тірліктен мән кетеді,
жігер беріп, жоғың бір түгенделіп,
өміріңді өршіл үн дәмді етеді.

Табиғаттың айнала әнші бәрі –
қарағайы, қайыңы, тал, шынары,
жаңылмайды әуелгі әуенінен
ақ жаңбырдың әдемі тамшылары.

Қамыс басы уілдер – шығарып ән –
айтпай ұғып әуенін тұрады ұлан –

Қайырылған қайта бір бақ құсы ма, айырылған аққу ма сыңарынан; әлде өзінің таусылып бар шыдамы, сәйгүлігін сауырдан қамшылады, – бір тылсым күш тіл күрмеп, тықырши ма, көмейінен күмбірлеп ән шығады. Бір басына түскендей бүгін қайғы, қыз қамықса – ішінен ыңылдайды. Жұлдыз біткен жымыңдап бір-біріне, құлағыма әлде не сыбырлайды. Өткеніңді еске алып, өкпеліңді сағындың ба сауықшыл көктеміңді, жеткен үнді қиырдан жүз қайталап, байқамайсың қосылып кеткеніңді. Бірі – қысқа, біреуі созылмалы, қайғының да бұлжымас өз ырғағы – басқа әуенге қайтадан ауыса алмай, тауысардай болады төзімді әрі. Қуат беріп әлсізге, әлдіге де, құдіреті күшті бір таң күле ме, ұнатса да, жылатып, жұбатса да – әнмен ғана тіршілік дәмді неге? Тамсандырып, таң аттың, күнім, баттың, күңірендім, біресе күлім қақтым, – ән дегенің өмірдің өзі емес пе, керегі не тағы бір тың ырғақтың?! ОҚ Ояр Вацитисше Доктор! Біз жердің үстін қамсыз еткен, қанды ұрысқа соңғы рет жосылып ек... Чан-Хай-Шидей ООН-ға заңсыз өткен кеудемде қап қойыпты осы бір оқ. Жасаған кім бұл оқты? Білу қиын. фашистер ме өмірді ұрлап өткен? Ғалым ба әлде өзінің ұлы миын, соны жасау жолына құрбан еткен? Болмаса бір жұмысшы – жауырын ба балғасын төс үстінде ойнақтатқан?

Тұтқынға түскен менің бауырым ба
автоматтың астында ойлап тапқан?
Айту қиын о жағын анық кесіп,
Тарихта қалмапты аты мәңгі.

Бармақтай оқ кеудемді жарып тесіп,
жүрегіммен көрші боп жатып алды.
Доктор! Сен өзің білші, күндесең де,
Генерал алғыс айтқан шалға мына.

Омырауға бір медаль ілмесем де,
үш грамм қосып қайтқам салмағыма.
Үш грамм оқ! Етіме енді кептей
елетпеді ұлы істер нұрлы мақсат.

Әлдеқашан үні өшкен зеңбіректей
жүрегімнің тұсында жүрді қақсап.
Өзінің бар екенін жиі ұқтырды.
қолайлы сәт шыдамын құрта күтті.

Жеңіспен сау оралып, сүйіктімді
қатты құшқан кезімде, Ох! Бір танытты.
О, доктор! Өтті бастан от белес көп.
Машина жоқ, теңделді атқа қаптар,

сонда бір білінді осы оқ... ...өтті елестеп
сумаңдаған қан тұмсық автоматтар.
Доктор! Сенен өтінем, оқты мына
лақтырып тастама, өзіме бер,

Жүрегімнің құпия көп мұңына
қанық пәле, түсінсең, өзің егер.
Оқ деген оқ қой, итің неңді елепті,
Жоқ, доктор! Жазбай-ақ қой жараны олай,

жүрекке бір қадалып көрген оқты
босатсаң-ақ қайта жол табады оңай...

ЖІГЕР

Қарап тұрсаң, шындығында,
өмір деген – өмір-ау,
Үйіп-төгіп сұмдығын да,
бітпейді екен, тегі, дау.

Кейде бетке қамшы ұрады,
берекеңді қашырар.
Жүрегіңнің тамшы қаны
қара жерге шашырар.

Орнықпайды көңілің де,
жұрттың бәрі, сірә, жат,
Өмір емес – өмірің де,
көрген күнің – тірі азап.

Тіршілік те ұрғылайды,
көрсетеді күш дұшпан.
Жыртқыш аңдай түрлі қайғы
қамалайды тұс-тұстан.

Адамның да бар-ау аңы,
тіл қатқаны – жанжалдай,
Қабақ түйе қарағаны,
қадалатын қанжардай.

Елеңдейсің бар дыбысқа,
жәдігөйлер жүр қандай?
Аңдып сені әр бұрышта
жезтырнақтар тұрғандай.

Ата-бабам бұрын өткен,
тас-түйін боп түйіліп,
Көріпті ғой күнін еппен,
Құдайына сиынып.

Күтті ме екен алдан үміт,
ойлап тауып түрлі айла,
Тәңіріне жалбарынып,
тұра берер күн қайда!

Бүгінгінің жөні бөлек,
кек буғанда әмірлі,
Ашу қысып сені кенет,
тындамайсың «Тәңірді».

Бұ тірлікгі пешенеме
жазып қойған қай Тәңір?
Алмайын деп, есе неге,
ащы бір сөз айтады ұл.

Қолға дырау қамшыны алар,
жұдырығын тас түйіп,
Құдайыңа қарсы барар,
тізе бүкпей басты иіп.

Қаймықпайды өлсе, тегі,
өлсе, тегі – бір өлер.
Көкесіне көрсетеді,
көрге тығып жіберер!

ҰҒЫСПАЙТЫН СИЯҚТЫМЫЗ

Ауыр-тиген кіжінгені, сөккені,
қаншама алыс ағайын бар өкпелі.
Сөз ететін көрінеді сыртымнан,
«Түк пайдасы тиген емес!»– деп мені.

«Алматыға жазда келіп, күзде кеп,
жақын тұтып, жатып келіп іздеп ек,
тұрып төсек болғандығын қайтейік,
бір жақсылық жасамады бізге!» – деп.

«Туысы бір жұрағат ек, жерлес ек,
жүруші едік бола ма деп елге сеп,
Кісілігі кімге керек, құдай-ау,
қысылғанда – қайырымын көрмесек!»

...Сыйлы жігіт секілді едім мен де елге,
ағайын-ай, не дей қоям сендерге,
болмай тұр-ау ұстатып-ақ жіберер,
тығып қойған қазынам да, көмбем де.

Өзімді де ұнатпайсың, не керек,
сөзімді де жүрген жоқсың көп елеп,
қиқуыңа қосылып-ақ кеткенде,
тіршіліктің не боларын көрер ек:

Алдарыңда аш күзендей бүгілсем,
май тамыза мақтар едің бүгін сен,
бір балаңды түсірем деп оқуға,
біреуіне мәнсап іздеп жүгірсем.

Ара түсіп, атышулы сотқарға,
қалқаласам оқтан да, әділ соттан да,
біреулерің ит орнына үргізіп,
біреулерің айналдырсаң шоқпарға;

бірің – қалта қалыңдығын сездірсең,
жоқты іздетіп, қоймаларды кездірсең,
әрлі-берлі айтқаныңа жүгіртіп,
адал ғана тірлігімнен бездірсең;

«Жұрағатқа жағып тұр, – деп, бұл бала,
жасағаны – жақсылық, – деп, – кіл ғана".
Елге барсам елер ме едің, кім білсін,
үйіме де келер ме едің бұлдана.

О жағынан ұяттымыз, ағайын,
келмей-ақ қой, сый ап тығыз, ағайын.
қалайын сол жұғыспайтын қалпымда,
ұғыспайтын сияқтымыз, ағайын!

Айтыңдаршы, – ойсызың бар, ойлың бар, –
толып жатыр ұзын-ұзын бойлы ұлдар,
менен «пайда» таппадыңдар, өздерің
жақсыларға не көрсете қойдыңдар?!..

ШАЛСА ДА АЯҒЫМНАН

Шалса да аяғымнан сан дұшпаным,
ешкіммен әлі күнге аңдыспадым, –
одан да жақсы деуші ем, ел қатарлы
еліріп, ертегі айтып, жар құшқаным...

Дос тұтып жүруші едім бұрын бәрін,
көрдің бе, жалт бұрыла жырылғанын.
Жатыр ма, кім біліпті, сөзім дарып,
біріне өзім барып ұрынбадым.

Бүгінде досым мәлім, қасым мәлім,
бәрінен ниетімді жасырмадым,
Жүремін жамандардан аулағырақ;
жақсының, қашан болсын, қасындамын!

Өтірік жыламадым, жалған күліп,
онымды барлығы да алған біліп,
содан ба – жатқа көңіл бөлген жоқпын,
досымды көрген жоқпын таң қалдырып.

ТАРЛАНЫМ-АЙ

Тағыдай тарпаң өскен тарланым-ай,
қарайтын қабағыңа бар ма «құдай»?
Даралау қала беріп көп ішінде,
барады-ау басыңа бір бақ дарымай.

Алмады ағайынның бірі ығына,
түспедің тірілердің құрығына,
жебедей ытырылып тұрасың-ау,
Елемей ұлыны да, ұрыны да.

Кешегі көп аңсаған қырлар қайда,
әзірге бұйырмай-ақ тұр маңдайға,
жұлдызың жанбады ма, таңда мына
келесің арманыңа бір қанбай да...

Бір күнің жұпынылау, бір күнің – бай,
көріп ең тіршілікте кімді мұндай?
Осылай өткенің бе, кеткенің бе –
бақытқа байламы жоқ құлдық ұрмай!

НЕ ЖАЗДЬІМ?

Күйінген кім бар екен биыл мендей, –
көрдің бе, отырғанын күйім келмей,
айнала шыр-пыр еткен шіркіндердің,
бәрі де маған ерін шүйіргендей.

Көңілдің бұрынғыдай нәші кем бе,
қойғаны-ай, домаламай тасым өрге!
Апыр-ай, не дер екем, баяғыдан
сөзіме алабөтен ғашық елге?

Кетті ме шынымен-ақ жырдың мәні,
бұл өмір кімнің сағын сындырмады,
Құтылмай қара бастың ноқтасынан,
аса алмай отбасынан жүрмін бе әлі?

Шығындап өзімді-өзім текке мүлде,
тіршілік жетегінде кеткенім бе?
Күлдің бе, күйіндің бе, жыладың ба, –
бұл күнде айтқандайсың өкпе кімге?

Дүбірлі дүниенің көшіне ермей,
көңілдің отырғаны-ай қошы келмей.
Апыр-ау, тағдырыма не жазып ем,
қараптан қарап тұрып өшірердей!

КЕЙДЕ

Керең де болғың келеді кейде,
сөйлесін, мейлі, кім қалай, –
«Езеді», – дей ме, «Ер еді», – дей ме,
өтетін бірін тыңдамай.

Соқыр да болғың келеді бірде,
шығарып барлық елді естен.
желеңі кір ме, өлеңі дүр ме,
жүретін, тіпті, көрместен.

Мылқау да болып қалайын деп ем,
біріне соның үндемей,

мінімді тергіш ағайын менен
алыстау жүрсін, күндемей...

КІЖІНУ

Сыздатпай орнын жараның,
сызданбай келші, қарағым,
Тым құрығанда тұяқ серпуге жарарлық
тағы да біраз бар әлім.

Бар әлі қуат, бар күшім, –
Ағадан алған алғысым.
Тым құрығанда қалмас деп пе едім бұлқынып,
көре жатармыз арғысын.

Құмығып шықса өктем үн,
құрып та бітті деп пе едің? –
Жемтікті көрген шие бөрідей шуылдап,
жетіп келгенің не еткенің!

Сыздатпай орнын жараның,
сызданбай тұршы, қарағым.
Тағдырым тағы жүз рет бүктеп, он кессін,
бір сілкінерлік бар әлім!

Қолымда қару-жарағым!

БҰЛДАМА

Жылдарды жазғырмасаң бекер өткен,
жоқ шығар тіршілікке бөтен өкпең.
Төбеге көтергендей дегдар елің,
соншалық, нең бар еді өте кеткен!

Несіне қырланасың, бұлданасың,
алдыңда аз болды ма тұрған асың?
Ел үшін өзгелерден айырмаң жоқ,
ағайын ішіндегі бір баласың.

Көк тіреп көкірегің, шіренесің,
апыр-ау, қашан ғана кіреді есің? –
Қай қылық, қандай істен көрініп тұр
тірлікке тегін келген ұл емесің?

Біле алмай биіктерге кім шығарын,
кептеліп көмекейге тұншығады үн,
ет-тағы дәтке қуат нұрлы күнді,
бұлдамай тірлігіңді жүр, шырағым!

ЖАНАРДАН ЖАСЫП ТАМҒАН ШЫҚ

Күліп те көріп күмәнсіз,
үгітке де еріп түбі әлсіз,
жауға да шапқан болдық-ау
жасқайтын жалғыз құралсыз.

Тәртіпке берік, тәлімі аз
тәйтіктер болса – әлі мәз,
кетеуі кеткен қоғамда
оған да қандай бар лаж!

Ала алмай жатып арды аршып,
жүрдік-ау жетіп қалғансып, –
өшірсін қалай ішкі өртті
жанардан жасып тамған шық!..

ДАҒДАРУ

Арасында торығу мен тозаңның
жыр құлады – бұлдырады көз алдым,
жүзін сыртқа сала берді амалсыз,
көрмегенсіп қала берді өзі Ардың.

Түні бойы төңіректі торып аң,
зорлық көрдім зұлымдықтың зорынан, –
бірте-бірте біткен бе еді беделі,
түк келмеді Туралықтың қолынан.

Арамзалар алдағанға, – әл менде
қалмағанда, айла-амалым, дәрмен де,
жаутаң-жаутаң қарағаны болмаса,
жарамады Жақсылық та жәрдемге.

Күні кеше қорлық көріп кіл сұмнан,
қанша боздақ қиылғанда қыршыннан,
кім бар еді Құдайыңнан қорыққан,
кім бар еді Әділеттен қымсынған?

Арашаға жарасын-ау Ар қайдан,
ұзақ жасар ұяттан да қалмай мән,
Келе-келе Кісіліктің кешегі
бағы тайып бара жатты маңдайдан.

Жүгірем деп, түңілем деп баршадан,
шыр-шыр етіп Шындығың да шаршаған.
...Аусыл малдай аласұрып, амал не,
таусылғандай болды бүгін хал-шамам.

ӨСІМДІК – ӨМІР

Айта алмаймын, өңім бе еді, түсім бе,
қалғыдым ба, – қас қағым сәт ішінде
жазғы ормандай көріктенді көңілім,
көкірегім толып берді құс-үнге.

Жан-жағымнан жанап есіп жайдарлы үн,
қызыл-жасыл гүлзар баққа айналдым,
гүлге толып кеткенін де төңірек,
жеткенін де байқамадым қайдан кім.

Қыз-келіншек ұйып тыңдап тәтті әнді,
құшырлана құшып-сүйді бақты әлгі,
бақытқа бір бөледім деп осы елді,
көкірегім бар асылын ақтарды.

...Келе-келе кесірленіп бір бүлік,
бұтағымды кетті бірі сындырып.
Перісі де, серісі де таптады,
бір жағынан бөрісі де тұрды ұлып.

Мұз-қары ма, ызғары ма қақаған,
тоңа бердім, сола бердім қападан,
түк қалмады көкіректен де, гүлден де,
құтқармады бағанағы баталы ән.

Егілемін, еңіредім, терледім.
ертегідей болды менің көргенім,
сезіп жаттым – жапырақтай қуарып,
бүкіл денем семіп сала бергенін...

Қуат алып қызуы кем бұл күннен
енді қанша көктерімді кім білген, –
«Гүл өмірі – қысқа» – деген осы-ау деп,
есім шыға, есеңгіреп тұрдым мен...

* * *
Асыр сап ата жұртымда,
көрмеген шағым көп күтім,
бүп-бүтін еді-ау сыртым да,

ішімде тіптен жоқ түтін...
Ақ таңға қарап әр атқан,
көлеңкем озып, көп елден,
жар бола гөр деп, Жаратқан,

жалынып көрген жоқ ем мен.

Ұйытып елді сөзіне,
мыңғырған малы бар ұлдай,
Әмірі бардың өзіне
Тәңірім бар деп, табынбай;

басымды жаудан қорғап ән,
басқаның бірін танымай, –
бетіне шыбын қонбаған
шыныдай мөлдір шағым-ай!..

Қалыпты бәрі қашықтау,
қаңтарда дірдек қақты үнім, –
ішімді удай ашытты-ау
тегіндеу кеткен тәтті күн!

Не дейін енді тағдырға,
үміттің көбін келді үзіп,
жүзімді шайған жаңбыр ма,
ізімді күнде жел мүжіп;

жабысып жанға жаздан шық,
тозаңы түсті не түрлі,
белуардан кешкен саз-балшық,
берекемді әбден кетірді.

Басқаға білдір, білдірме,
бұлдырап ұшып бақ құсым,
сырт жағым сау да бұл күнде,
ысталып бара жатты ішім.

СӨЗ ТУРАЛЫ СӨЗ

Ғасырында құлтемірдің, кереңнің,
керегі не, дейді ел маған, өлеңнің,
жарнамалар жарқ-жарқ етіп жатқанда,
өзіңді де, сөзіңді де елер кім.

Көкіректі, тұр дейсің де, кернеп үн,
суыртпақтап сөз суырып, тербелдің,
кімге керек ұйқастырып, нүктелеп,
үтірлетіп, ұтымды етіп бергенің.

Сергелдеңнен, серілік пен салдықтан,
бұл ғасырың баяғыда шалдыққан,
арбалды да ұрлық, үрей, мансапқа,
жан қалды ма таңдайдағы дәмді ұққан.

Кімге қажет ендігі сөз, жеке ерлік, –
әркімнің өз қайғысы да жетерлік.

бекер кеуде көтергенің не керек,
киесі ұрып кетер деу де бекерлік...
О жағынан қорықпа, –
жыр бастамас енді бізді жорыққа,

қарындастың керең бәрі, қайтерсің,
олар үшін өлең дәрі болып па.

– Оның бәрі рас шығар... дегенмен,

бір нәрсеге түсіне алмай келем мен:
не тындырып шаршадыңдар соншама,
неге безіп барасыңдар өлеңнен?
Түсің қашып, түңілгендей таза әннен,

неге бүгін осыншалық мазаң кем? –
Қамыңды жеп жүргендіктен күніге,
соның бәрін білгендіктен жазам мен.
Жаздым бәрін – жазғыр мені, жазғырма, –

біле тұрып жазбағаным аз мұнда:
қызған шоқтай маздағаның бұрынғы,
жем боп кете жаздағаның азғынға.
Қырсын мейлі, жұлсын мейлі жетпегір,

өсе берер – өлең де бір, шөп те бір,–
өсе берер, өсе берер, қаншама
өлтірем деп өзегінен тепті өмір.
Сөз дегенің ата-баба ерлігі,

таптасаң да, баптасаң да сен мұны, –
елің барда жетіліп,
қаулап өсе беретіні белгілі!
* * *

Қойғандай бізді дарға асып,
салбырайды аяқ, қол – көкте,
Жағама және жармасып,
жауыздық жатыр жөргекте.

Үніміз жетпей ұзаққа,
теңселе тулап жер кенет,
бұлқынып барып тұзақта
қылқынып қала берген ек...

Қуарған тірлік бұтағы
сықырлап барып... сынбады, –
төңірек түгел жұтады
тыраштар билік құрғалы.

Естері шыққан ел мынау,
гүл көп пе, білмей, күл көп пе,
ілініп қала бердік-ау
індеттен ескен ілгекке.

Өксікке толып ендігі ән,
жанымды қайғы қазды үңгіп.
Үміттер өшті, сөнді мән, –
ұйқыдан тұрды азғындық.

БІЗДЕ ДЕ КҮНӘ ЖЕТЕРЛІК

Бізде де күнә жетерлік:
шошына қарап шындыққа,
сарт та сұрт қолды көтердік,
сыпыра сапқа тұрдық та.

Көпіре сөйлеп, көлгірсіп,
желбіреп желге ұшты ұран,
ашығын айтқан елге ұрсып,
кеудені керіп – пісті нан...

Өткеннен алып күнде кек,
алдандық аз-кем жеңіске,
батырдың алдын құл бөгеп,
басымыз қатты еңісте...

Алғалы тұрған алқымнан
ажалдың барын аңғармай,
айнала дүбір-антұрған, –
ақылын айтар жан қалмай;

алдына түстік елпілдеп,
апыр-ау, неткен сорлы едік,
тірелер түбі дерт, індет,
тапталды, тарлау жол кеңіп;

қабағы қардай түйіліп,
қамшылар, қарсы тұрдың ба, –
қоралы қойдай иіріп,
қайыра берді құрдымға...

ОЙ-ТОЛҒАУ

Жұрт емес пе ек текті де асыл,
ұлт емес пе ек қарулы-ақ,
Сартап қылып өтті ғасыр
санамызды сан улап...

Тарылмады өрісің де,
табылмады елден кек, –
Ақыл-есің тор ішінде
келеді әлі телмеңдеп...

Жүрді ағайын жанын бағып,
көне сүрлеу, күндегі із, –
кімге ғана бағынбадық,
табынбадық кімге біз!

Тура жолдан таймадық деп,
тыраштанған қай мәңгүрт? –
бір қазыққа байланып тек,
әңгүдікке айналдық.

Кімнен есе алдық кеше, –
пиғылы жат құл күліп,
бабамызды малғұн десе,
басымызды шұлғыдық.

Дүрлігістік, төтенше ұлып,
басымыздан бақ сырғып,
дінімізді бөтенсініп,
тілімізді жатсындық.

Болмаса да елден ірі,
өзімізді тағы алдап,
тәңірі тұттық төрдегіні,
көрдегіні жамандап...

Кетті-ау асыл тілден ерік,
көкіректі жыр кеміп,
кімді ғана тілдемедік,
кімге ғана үрмедік!

Бір-ақ тартып арды бұтқа,
салдық жұртқа сан бүлік, –
қалғы десе – қалғыдық та,
қаңғы десе – қаңғыдық.

Ерледік деп, – терледік көп,
керегі жоқ тасты артып,
Атамызды жерледік кеп,
батамыздан бас тартып.

Қашан ғана бірікті ерлік,
ел билесе есегі, –
құларында ұрып бердік
«Құдайын» да кешегі.

Жалаң болып ұранымыз,
жарытпаса маңайын,
шетімізден кінәліміз,
күнәліміз, ағайын!

Иіре ме, жусата ма,
үйіріле бердік тек,
май орнына – су сата ма, –
барлығына көндік деп.

Қастерліңді алса да асыл,
қабағыңды шыттың ба, –
жан-дүниең қанша ғасыр
келе жатыр тұтқында!

Алдымызға жан салмадық,
бағынуға келгенде,
ердің өзі – аусарланып,
едіреңдеп енді елге...

...Жүгір десе, өре бәрі
шығар ма деп дүрлігіп,
арылмай-ақ келеді әлі
көкіректен бір күдік.

Тағы біреу қақса дабыл,
түрулі қап түнгі іргең,
ата-анасын жат санап ұл
аттанбасын кім білген!..

Билікті де жетеліге
бере алмаймыз ел құсап,
Көрінгеннің жетегіне
көңіліміз ергіш-ақ.

Үрген иттей үйде тұрып,
дүлейге еріп дымды ұқпас,
сүлдеріміз сүйретіліп,
жүре бердік шұлғып бас.

Тұрсын елден сөзің асып,
соны бірақ кім тыңдар? –
өз жарасын өзі қасып
еті үйренген жұртың бар.

Айтады әлі пысық әнін,
ұяты жоқ бетте түк, –
жүктесе де кісі қанын,
жұртым үшін деп көкіп.

Адал жолдан айнымадық,
алға түстік елпілдеп,
өз жайына қайғы қалып,
күлкі бақтық кеңкілдеп.

Жүгін артып ел есектің,
жұтаса да қыр мынау,
бәрі-бәрі – келешектің
қамы үшін деп жүрдік-ау!

Әні бірге, жаны бірге
жасырмайтын құрбыдан,
көкіректен әлі күнге
кетпей қойды бір күмән:

Тәңірінің ісі ме еді,
күші ме еді әлдінің, –
жемтік іздеп күшігені
желіккені дәл бүгін;

Зеки беріп... көки келіп,
бекиді ерік бір қыста,
бара-бара еті үйреніп,
барады адам қылмысқа;

ақ сарай ма, лашық па, –
айырмасын білмеді ер, –
су-су болып күн ашықта,
у-шу болып жүрген ел!

...Санамызды сан алдады,
сартап етіп салмақты із,
Кешегінің – жаман бәрі,
енді қайда бармақпыз?!

ЖЫР ҒАНА

Демесек те: «Байтал түгіл, бас қайғы!» –
Мінезің де мүжіле ме жастайғы,
Келе-келе кермек татып кешегі үн,
барлығы да жалықтыра бастайды.

Қатының да қашқалақтап қойныңнан,
қызықтыра қоймайды екен той-думан.
Ағын судай тасуың да беймәлім,
ашуың да азаяды бой буған.

Бұрынғыдай тіке тартып енді өрге,
жүйткіп ағып шыға алмайсың сен белге,

Арыласың асаулықтың бәрінен,
жалығасың теңізден де, көлден де.
Аспандағы айға секір, үз бұлтын,
көп ырқыңа көне қоймас тізгін тым.

Қаншама бір қашпайды екен, десек те,
жалықтыра бастайды екен қыз-қырқын.
Сыралғы дос сырт бере ме жастайғы,
барлығы да жалықтыра бастайды.

Кеудеңе үрей тола ма деп қорқасың,
бола ма деп, байтал түгіл, бас қайғы.
Көндігесің қуанышқа, мұңға да,
қызулана жүгірмейсің қырға да,

Тек өмірге тоймайды екен көңілің,
жалықтыра қоймайды екен жыр ғана!

ДЕП КӨРСЕК

Көлгірлікті көре тұра кектеніп,
кіжінбедік, тізімге еріп... ептедік,
«Күшігіміз» ырылдаса – мәз болып,
Шындық іздеп шырылдаса – жек көріп.

Қанды ойнатқан доңғойлықтан, қашқақтап,
Жүргендіктен кәрі құптап, жас мақтап,
қансыздарың қыр көрсетіп халқына,
арсыздарың бара жатты асқақтап.

Арамзаның арбауына алданып,
көп нәрсенің байыбына бармадық.
Сөз дедік пе анамыздың тілін де,
дінінен де безбедік пе қарғанып.

Енді келіп тұлдан, бауыр, тұлданба.
бас көтерер кімдер қалды бұл маңда, –
тексіздерің жеті атасын жамандап,
бетсіздерің билік айтып түрғанда.

Берекеңді кетіре ме бір бүлік,
Өлмедік те, көрмедік те – мүлгідік,
теңіз теріс ақсын мейлі, тырп етпей,
үндемедік, жатсын мейлі құл күліп.

Тәйтіктерді төбемізге көтеріп,
қарызды да, парызды да өтедік.
Шындық таба болып жатқан шағында,
құлдыққа да кетеді екен ет өліп.

Ойға да алған, бойда қалған отты өлшеп,
кеш те болса қайтер еді кектенсек,
«Құлдық та бар, сұмдық та бар заманда
О, жамағат, шындық та бар!» – деп көрсек.

ӘЛІ ҮНСІЗБІН

Меңірейіп, мелшиіп... әлі үнсізбін
жазғанымның жаңағы бәрін сыздым.
Өтті-кетті өксітпей, өкіндірмей,
не тындыра қойғаным мәлімсіз күн.

Үміттеніп, үзіле күткен кештен,
тағы бір күн өтті ме түк берместен,
Халім менің қазіргі саған мәлім –
таба алмадым татымды жұп теңдестен.

Сүйсінбедім, сүймедім, сүйінбедім,
исінбедім, ешкімге иілмедім,
ептіге де жоламай, беттіге де,
кетті неге, білмедім, күйім менің?!

Тастаса да төбемнен қара аспанын,
жағаласып ешкіммен таласпадым,
үйдей пәле жапса да үндемедім,
күндемедім – жақсымен жарасқанын.

Ауызға ұрып әзәзіл, азғырғанын,
күндегідей ешкімді жазғырмадым.
Жылы жауып қойғандай біржолата
жаздың барын ұмытып, наздың барын.

Меңірейіп, ...мелшиіп... әлі үнсізбін.
Өте шықты өртемей, жалынсыз күн,
Уылжыған жыр қайда, ырғақ қайда,
Жазғанымның жаңағы бәрін сыздым.

Бала жастан бойыма тері сіңген
адастым ба аруақты өрісімнен, –
Қайда жүріп айырылып қалдым екен,
сыңғырлаған кіл өңкей келісімнен!

...әлі үнсізбін,
жазғанымның жаңағы бәрін сыздым.
Өте шықты өксітпей, өкіндірмей,
тағы да бір жалынсыз, дарынсыз күн!

ЖҮРЕК

Жүрегім, сенен шошынамын-ау,
еліре бердің, екпіндеп,
дүбірге түгел қосыла мынау,
күмбірлетіп те кеткің кеп.

Жұлқына келдің, бұлқына бердің,
мойныңа бұғау салдырмай,
Кімдердің ғана ырқына көндің,
біржола көңілін қалдырмай.

Менің де кейде алмай тілімді,
өзіңді заңғар, мәрт ұстап,
Ымыраға ұсақ бармайтыныңды
көрсетіп жүрсің әр тұста-ақ.

Күнәлі жаққа баспайтын арым,
айнуды білмес аппағым,
Қатаяр кезде тастай тынарым,
қаттырақ жауып қақпағын.

Орынсыз жерде елжірегішім,
егілдің қанша, езілдің.
Елшілікке де сен жүремісің
екі ортасында сезімнің?

Жұтам деп тірлік мұңын қалдырмай,
қаншама қатты қақпадың,
асау жылдарға сырыңды алдырмай,
алқынып келе жатқаның!

Қасың – алдыңда, досың – артыңда,
сойылын кімнің соқпадың...
Беймәлім әлі осы қалпыңда
қай жерге жетіп тоқтарың...

Сондықтан сенен шошынамын-ау,
тұрғаның дәйім екпіндеп,
дүбірге түгел қосыла мынау
күмбірлетіп те кеткің кеп...

АЙНИТЫНДАЙ ОЙЫМ ЖОҚ

Шығып ем мен де көш бастап,
жолы ауыр, үзақ сапарға,
тәкаппар десті ел, десті асқақ,
алғысы келмей қатарға.

кергиді деп те кекетті ел,
кеудеден ұрды оңдырмай,
Қаншама күйлі бекеттер
Жіберді мені қондырмай.

Сарсаңға салып сан айым,
етімді қырда күн қақты,
Көшімнің алдын ағайын
қай жаққа ғана бұрмапты.

Сәлемін жолдап құсынан,
көзімнің жауын алса да,
Мәуелі бақтың тұсынан
бұрылмай өттім қаншама.

Айым да туып оңымнан,
алшаңдай басқан шат кезде.
қалдырмақ болып жолымнан
Қақпанын құрып жатты ез де.

Күйінді деме, кімдерге,
білем ғой ерден ез көбін,
біразы соның үргенге,
жағалай жұрттан безбедім.

Айырық жолда дағдарған
аз емес ащы жылдарым,
Адаспас үшін бағдардан
аспаннан жұлдыз ұрладым.

Жыртқызбау үшін жағамды,
жауларға жалаң төсті ашып,
тас тілмесін деп табанды
таулармен алдым достасып.

Қаншама нуды аралап,
қаншама суды кешпедім,
Жүрегімді өзім жаралап,
өзегім талды... өшпедім.

Батасын берген кезінде,
риза шығар қарттарым:
Билігім болса – өзімде,
ешкімнің жүгін артпадым.

Алдыңда деумен татар дәм,
ауысар қысы, көктемі,
ауырлау болған сапардан
айнитын ойым жоқ, тегі!

ҚАЙДА КЕТТІ?

Қайда кетті қыран мінез, қырғилық,
қай суайттың көмейіне құм құйдық?
Әлі күнге ит орнына шошқа үріп,
айтып келе жатқан жоқ па бұл билік.

Шымшып буып, шындық аузын бүрмелеп
қою үшін, құлдарға да құл керек.
Өлесің бе – көнесің де амалсыз,
жақсы екен деп жатыр олар кімді елеп.

Қайда барсаң көретінің көкмилық,
жетеліге жете қойған жоқ билік.
Арыстан да өлмейді екен намыстан,
доңыздармен алысқанға, – деп түйдік.

Азынаса ауыл толы көп есек,
есірікпен егескенің – неге сеп,
Келе-келе иттер үріп қораға,
жораға би жүріп қалар демесек!

БІР БИІККЕ ШЫҚТЫМ ДЕСЕМ

Бір биікке шықтым десем... тағы бірі бұлдырап,
торыққандай көңіл шіркін, зорыққандай құрғыр ат,
тіршіліктің ақ таңы да, бақтары да көрінбей,
батып бара жатқаны ма көкжиекке күн құлап!

Оңғарыла бастағандай болып еді бір ісім,
бүгін тағы титықтатып, өнер емес жүрісім.
Құрысын деп, қолды бір-ақ сілтегің де келеді,
жұқарғандай жүйке біткен, мұқалғандай қылышың!

Қиял-үміт құшағында, қиырларды кездірген
ұлы жолда естімедім жаман-жақсы сөз кімнен,
қол қысқаны жол нұсқады, – адастырды, азғырды,
ақыры кеп, амалым жоқ, барлығынан бездім мен!

Әр төбенің басында бір ұлы майдан басталып,
тура кеттім, турап өттім түйсігі жоқ «тасты» анық,
иттей болып ұлып қалған азғындарды көргенде,
жәдігөйлер жолай алмай, жол беретін жасқанып.

Тоңдырған ба мезгіл мені, болдырған ба ат құрғыр,
жан-жағыма қарап едім – жапырақтан бақ тұлдыр,
Кеткім келіп, жеткім келіп сонау биік басына
қатулана қамшы үйіріп тақымымды қақтым құр!

СЕН БОЛМАСАҢ

Болған әбден сынап халық,
екеуміз де іріміз.
Қарап жүріп, ұнатпадық
бірімізді біріміз.

Төбеде де, төменде де
тигенімен сөз бірдей,
өмірде де, өлеңде де
жүретін ең көзге ілмей.

Бірде кетсем мен ілгері,
басып озып табанда;
Сенің атың семіргені
қамшы болды маған да.

Жақсылардың ең кесігі,
жалқы туған немедей,
жақтырмадым мен де сені,
жақындасаң – елемей.

Бағаланды жырым анық,
«байқамадың» сен бірін,
Көре тұра ыңыранып,
кекірейдің, кергідің.

Жармасты деп балаққа кім,
жиырылып жатпадым;
Сонымды да жаратпадың,
өзің маған жақпадың.

Көрмесек те сыр ақтарып,
екеуміз де іріміз.
Амал қанша, ұнатпадық,
бірімізді біріміз.

Саған арнап жыр жазам ба,
алтын ердің қасы деп,
сыймай жүрген бір қазанға
екі қошқар басы ма ек?!

Бұрынғыдай шалқи бер де,
қатар самға, қалма сен, –
Сен болмасаң, бәлки, мен де
мықты бола алмас ем!

ҚАЛҚА

Елді мақта, ей, қалқа, жерді мақта,
жақсы әйелсіз жеткен бе Ер мұратқа, –
ұйқыны да ұмытам, күлкіні де
алыс кетсем өзіңнен мен бір апта.

Таңдап тауып сүйіп ем сені дара,
мойныңды бұр, сөзімді ұқ, бері қара,
Көңіліңде, көзіңде мен тұрайын
ойлайтын бол өзің де мені ғана.

Ол да болса Тәңірдің бір үкімі, –
Мені ғана ойлашы күні-түні.
Мен болайын қашан да бір өзіңді
алыстарға жетелер үміт үні.

Бірге жүзіп тіршілік кемесінде,
қол ұстасып, қатарлас келесің бе, –
Шығарып сап сапарға, қарсы алсаң да,
ән салсаң да тұрайын мен есіңде!

Қызыл іңір, бесін бе,
айлы жаздың кешінде.
Оңашада ән салсаң
мен тұрайын есінде.

Қандырмайтын құмардай,
алтын алқа-тұмардай,
сағат сайын, сәт сайын
жүрші есіңнен шығармай!

СОҢҒЫ СӨЗ ОРНЫНА

Күннен-күнге жол тартып өрге өлеңім,
Дер кезің деп өзіме дем беремін.
Ерлігімді айтсам деп, елдігімді
желді күнгі теңіздей тербелемін.

Олқысынып, қалың ел, жүрме кейін,
ортаңызға барып та бір көрейін.
Жалғыз қалған мола да сөйлейді әлі,
Үнсіз жатқан обаға тіл берейін.

Сөйлетейін түнерген тауларды да,
байтақ дала, ауылың, аулаңды да.
Сырын ашып көрейін, жалтармаса, –
жар астында жасырын жау қалды ма?!.

Шертіп сенің алдыңда мың-сан ертек,
Өзегіңді, оқушым, тұрсам өртеп...
Жазам бәрін солардың, қазам бәрін,
денсаулық бер, ей, өмір, мұрша бер тек!..

ДӘЛЕЛДЕП КЕЛЕМ

Ұнатам әлі тазаны ғана,
түгім жоқ, досым, өзгерген, –
өмірдің ащы азабына да,
мазағына да төзгем мен.

Батырмау үшін арды күнәға
олқылау болса сыбағам, –
тірліктің қапас, тарлығына да,
барлығына да шыдағам.

Тірліктің барша мұз,
қарына да,
ызғарына да ұрынсам, –
тұрдым деп қанша құзда құлама

айтып едім ғой бұрын сан.
Ешкімді жалған мақтамап едім,
ақтамап едім сұмдарды, –
жалғыздық көрген шақта да менің

жанымда, бірақ, кім қалды?
Кеудемде бұққан адал мұңдарым
шығармайынша ақырғы үн,
жанымды жеген жарамның барын

жасырып келе жатырмын.
Жасырып елдің жамандықтарын,
жамадым-жасқап,
әрі өңдеп.

Әйтеуір, жерде адалдық барын
дәлелдеп келем,
дәлелдеп!
* * *

Жәлап қатын,..
жәдігөйлер,
ұрылар
маған да күн көрсетпейтін түрі бар...

(Өмірімді –
өзгелерге үлгі еткен,
дәл қазіргі көңілімді кім ұғар?)

Жәлап қатын
ойнасына жамандап,
жәдігөйі –
жатып атты,

амалдап,
Ұрыдан да сескенемін осы күн,
дос дегенім –
күле қарап,

тағы алдап...
Кім біледі,
ұқпады ма,
ұқты ма ел:

бірі –»мықты»,
бірі – «мүлдем бітті», – дер,
бұтты-шатты,
өсектеді,

қарасам:
бәрінің де есептері түп-түгел.
Бірі – маған қазған орын дайындап,
бірі – жақын достарымнан айырмақ,

жер бауырлап жатса дейді, шіркіндер,
жарға соққан тас кемедей қайырлап.
Дауылыңа, жауыныңа ырғалмай
шыдайтындай,

мықты, дей ме, бұл қандай,
жәдігөйі,
жағымпазы,
жүлігі

жатып атып,
жан-жағымнан жүр қалмай.
Менде қандай әкесінің құны бар,
кісі қайда, құдайым-ау, мұны ұғар,

Маған да күн көрсетпейтін сияқты
жәдігөйлер,
жәлап қатын,
ұрылар...

* * *
Кісінің кешпейтін ем пенделігін,
күмілжіп отырғаным мен де бүгін, –
бар аймақ осы күні ірі тұтқан,

қарайлап көңіліне төрдегінің.

Шынында, қарашы өзің, «көпшіл» анау,
жараспас алды-артыңды топшыламау,
Жеткізіп үнін көкке,
мінін бетке

айтар ем, –
мен ақымақ боп шығам-ау!
Кіріптар оған бүгін жұрттың көбі,
көпшілік қашан өзін «қыртпын», деді? –

үнімді қойды бәрі енді өшіріп,
қайтейін, пендешілік, құрттың мені!
Ойламай біреуі де «ол қалайды»,
алдына түсіп алып жорғалайды.

Итіне талатса да, жаратса да,
амалсыз өзіне кеп қорғалайды.
Іштері сезе тұра аярлығын,
аяғын жаламапты ел қай әлдінің,

бірдеме дейін десең, шеттерінен
ит қосып қууға да даяр бүгін.
Тура айтып, тіке тартып, өтші басым,
оны да «топ» өзінше топшыласын:

айналып әділдігің аусарлыққа,
ақыры сен ақымақ боп шығасың.
Қылығын көре тұра төрдегінің,
айта алмай, амал құрып, елге бірін,

Кешірмес пенделікті қайран басым,
күмілжіп отырғаным мен де бүгін!

ӨКПЕЛЕМЕ

Ұната ма өзіңді, жек көре ме, –
ренжисің ол үшін көпке неге?
Көңіліңді қалдырған досыңа да,
қасыңа да бекерге өкпелеме.

Өкпелеме туысқан тірі алдаса,
бауырыңның біреуі тіл алмаса,
Өкпелеме көңілдес келіншегің
құрдасыңа қылымсып бұраңдаса.

Жарың кейде жүзіңе тік қараса,
қабағыңды тұтқиыл шытпа да аса,
Бүлінбеші бекерге жан жолдасың
жөн сөзіңнің өзін де құптамаса.

Шыңдай түсіп одан да өр үніңді,
күмпілдетіп баса бер көрігіңді.
Жәрдеміңді аяма жолдасыңнан,
жұртқа деген жоғалтпа сеніміңді.

Күңкілі мен күндестің ызыңы ма,
көңіліңнің қайдағы қыжылы ма, –
Татымайды барлығы жиылып кеп
тірлігіңнің бір күнгі қызығына!

СЕНІ МЕ?

Сені ме бір...
деумен-ақ,
сені ме бір!..
сергелдеңге түскені-ай сері көңіл!

Сәруар гүлдей солар ма сабағында
серуенсіз
сертіне берік өмір.
Қор болам деп, құдай-ау, елден неге,

сері көңіл айналды шермендеге.
қанатынан қайрылып қалғаны ма,
көтеріліп ұша алмай жерден дене!
Айдындағы аққудың бір сыңары,

алдап қойып, амал не, жүрсің әлі.
Қырсығады өмір де кейде осылай,
көптен бері көңіл де тыншымады.
Өрі де гүл кешегі,

төрі де гүл,
шермендеге айналды-ау сері көңіл.
Сергелдеңге салғаның жетер енді,
тірі жүрсем –

сені ме,
сені ме бір!..

КҮНІ КЕШЕ

Күні кеше (сөзіме сенші, күнім!)
көргіш едік кісінің кемшілігін,
тергіш едік құрбының кемістігін,
ағаттығын ағаның,

көрші мінін.
Ол да кімге абырой әперіпті,
көргіш едік, әйтеуір, қателікті, –

бадырайтып бетке айтқан сөзімізге
жақынымыз жасыды,
жат елікті.
Осы болар дедік те енді серік,

кісі мінін қайдағы көргіш едік.
Тезге сала қоярмыз деген ойға
көптен бері көңіл де келді сеніп.
Қайран ғана жастық шақ желікпелі,

алды-артыма қаратып көріп пе еді, –
азды-көпті мін болса басымызда
жүре келе жөнделер дедік, тегі.
Кекірейген әлде бір кесір ме едім,

кісі мінін, әйтеуір, кешірмедім.
Сөйте жүре өңмендеп, өмір өтіп,
енді ғана кіргендей есім менің...
Тасына да тірліктің көніп табан,

кімге ғана, құдай-ау, жолықпағам...
...Енді өзімнен басқаның барлығына
кешіріммен қарайтын болып барам.

ОЙЛАДЫҢ БА?

Болатынын ойладың ба ертең не?
Бұғармысың, шығармысың сен төрге,
әлде құдай ұрар ма екен алжытып,
әзірейіл тұрар ма екен желкеңде?!

Тамырыңа жылдар уын жайғанда,
қалармысың шараптан да, шайдан да,
Қарғармысың пешенеңе жазғанын,
кеше неге шықпадым деп майданға.

Қуат кетіп аяқтан да, қолдан да,
бел-омыртқаң бүгілместей болғанда,
оңашада езілерсің, не керек,
кезігерсің енді өзіңнен зорларға.

Айырылып беделден де, белден де,
қарамастай болармысың енді елге,
Күні кеше төбесінен түкірген
жетімектің жетілгенін көргенде.

Көрің жуық қалған шақта төріңнен,
су шыққандай болса отырған жеріңнен,

жүгермектер шекесінен қараса,
күні кеше көгерместей көрінген;
Сырт берісіп шыға келіп көп пенде,
бір уыс боп, бірте-бірте шөккенде,

Аллаңды еске алармысың, болмаса
өкінішпен қарармысың өткенге?
Қаумажалап, шығарғанға ел төрге,
болатынын ойладың ба ертең не?

Күлкі артында мұң барлығын ұмытпа,
әзірейіл тұрғандығын желкеңде!

ҚАЛҒЫМА, КӨҢІЛ

Ой жібермей ырым-сырым дегенге,
сенетін ем,
еретін ем тек елге,
Елемедім

(бөлек едім басқадан)
жұлдызды аспан бар-жоғын да төбемде.
Жастығым ба,
мастығым ба –

білмедім,
маңайыма жоламайтын мұң менің,
тек бақыттың құшағында,
өртене

өтуші еді күндерім мен түндерім.
Көңіл шіркін алданбады, алданды,
алдымызда енді қанша дәм қалды, –
тасушы едім біріне де мән бермей,

жалпағынан басушы едім жалғанды.
Ой-тілегім жиылып бір жанарда,
дейтін едім, маған деген таң алда.
үлгеремін, дейтін едім, бәріне,

күн көремін, –
қалсам да елсіз аралда.
Елемедім жарлысы кім, бай кімдер:
өтіп жатқан

деуші ем,
бәрін жай күндер.
Көрісер де келісер деп ағайын,
басқа түссе – бөлісер деп қайғымды ел.

...Кем-кетігі толмай жатып тірліктің,
дәл түбінен ұрды-ау тағдыр кіндіктің.
бұға бердім,
ыға бердім амалсыз,

бірі болып шыға келдім мұңлықтың,
Апыр-ау, бұл не болар деп ендігім,
алды-артымды ойлайтын да келді күн,
Ырым-сырым дегендердің бәріне,

сенгіш болып бара жаттым мен бүгін.
Қараймын деп көзім жетпес алдыма,
жүрек те бір шымыр ете қалды ма?
Өмір енді қызық бола бастаған,

қалғымашы, көңіл, енді қалғыма!

ЖЫН ҰРЫП ПА ЖАМАНДАП?

Тұратын көңілінде шуақтап ән,
ұлың ем үмітіңді туа ақтаған,
Жұртым-ай, барасың ба майдаланып,
шіркін-ай, қайда барып қуат табам?!

Аңырып күні кеше ұлы далам,
жаңыла бастағанда құбыладан,
Көрініп қалмады ма қырт екенің,
құлпенде жұрт екенің – түбі надан!

Жерлеп ең жүрегінде түгі барды,
жұлынып,
жәдігөйдің қыбы қанды.
Жүре бер есіне де, кешіре ме,

бір жола өшіре ме шұғылаңды.
Тұрасың құлдық ұрып төре десе,
төреңіз төменгіге бере ме есе, –
ол үшін зиялыңа зекуге де,

дайынсың кетуге де ерегесе!
Айырып сан ғасырлық салтыңнан бар,
жайылып бет-бетіне антұрғандар,
қозып жүр делебесі қуларыңның,

озып жүр, өз басы үшін алқынғандар.
Тұратын көңілімде шуақтап ән,
ұлың ем үмітіңді туа ақтаған.
Ата жұрт, айырылсаң елдігіңнен,

апыр-ау, енді кімнен қуат табам?!

Бар еді ұлылық та, жылылық та,
қайдан тап болды деймін бұ қылыққа –
осы дерт өртемесе өзегімді,
жамандап өз елімді жын ұрып па!

* * *
Елдігің де ерсілеу, ерлігің де,
еркелеймін, ағайын, енді кімге?
Түбі неге соғар деп, бұл қылықтың,

күңірене беремін мен бүгінде.
Ұлығың да сұйылып, сиқыңды алып,
қылығың да барады қиқымдалып.
Көптен бері осыған күйінем деп,

бір оянған емеспін ұйқым қанып.
Өз алдына қанағат, нысап, қалып,
мінезің де барады ұсақталып.
Азаматтың қорғадың қай намысын,

пайдалысын бір күндік құшаққа алып.
Көпе-көрнеу елемей өр көңілді,
есірігің ебі жоқ ерге күлді:
Зейіндіге – бүгінгі ар болды да азап,

кейінгіге – кімің бар – берген үлгі?
Туа сала кәпір-ұл санап ру,
іздемей-ақ бір-бірін табады қу,
иттігін де, не керек, қоймады әлі,

ойлағаны – шендіге жаға білу.
Елдігің де ерсілеу, ерлігің де,
еркелеймін, елім деп, енді кімге?
Жылмаңдаған, күніге мыңды алдаған

жылпостарға тиіп тұр төр бүгінде.
Тимеді деп түңілмес бүгін есе,
көкірегім көл еді күні кеше.
Ызғар дарып, барады мұз-қар қарып,

құдай салып, қайтадан жібімесе!
* * *
Ойдан-қырдан жиналған,
Ойһой, неткен көп құдай!

тіліме еріп,
иланған
тірі жанның жоқтығы-ай!

Апыр-ай, ә!
Бүгін ел
асып-тасып кеткен бе,
ара-тұра жүгінер

арасында жоқ пенде.
өзге түкті көрместен
көз кетіпті аспанға,
жерде туып,

елде өскен
осы біздің жастар ма?
Сарқыла айтқан сырыңды,
бірі тыңдап,

бірі ұқпай,
ел көрмеген бұрынғы,
кердеңдеген қылықты-ай!
Бездің қанша, безіндің –

жаман қатты керек ең, –
ақтарылған сөзіңнің
астары бар демеген.
Кесір екен кісіге

құдайдың да көптігі, –
үңілердей ішіңе,
жүгінердей жоқ бірі.
* * *

Әрнеге еміндіріп, елеңдетіп,
бара ма боқ дүние менен де өтіп, –
қашан бір төрт құбылам болды бүтін,
шықпады-ау, соңғы үмітім,

сенен де түк!
тарқамай көңілімнің көп құмары,
құйындай ұйтқып-ойнап өтті бәрі.
Жетем деп желігумен жүрдік күнде,

ақыры тірліктің де кетті ме әрі!
Аузыма қарата алмай әлі көпті,
там-тұмдап тергенімнің мәні кетті.
Несіне осыншалық арып-аштым, –

қарасам – кәрі-жастың – бәрі де епті.
Тантығы,
жантығы бар,
тасыры бар –

аз күндік –
азған елдің –
басы бұлар,
Мұндайда көріпкелдей,

өріп бермей,
қашанғы қараңғыға жасырынар.
Талтаңы,
тарпаңы бар,

жалтағы бар, –
туады заманына тарта бұлар.
Емініп ендігінің епті ұлдары,
«Мал болса, – деп тұр бәрі, – ар

табылар!»
Бүлігі,
жүлігі бар,
бөспелері, –

белгісіз,
енді кімге дес берері.
Өзіңді кісі ғұрлы көрмегесін,
сөзіңді қай есірік ескереді?..

Біресе биіктетіп...
төмендетіп,
барады боқ дүние менен де өтіп,
Дарымас тірі жанға енді үгітім,

шықпады,
соңғы үмітім,
сенен де түк!

ҚИЛЫ КҮНДЕР

Кешелер мынау аспанды
тұрғандай едім мен тіреп.
қилы бір күндер басталды, –
тірлігім кетті тентіреп.

Келді ме дүние дерті анық,
көміліп күлге күлгенім,
кеудемді түгел өрт алып,
не болып кетті –

білмедім!
Бірімін деуші ем ірінің,
пірімін деуші ем мен де елдің,
естілмей қалып тұр үнім,

есірік жандай сенделдім.

Кешелер менің сөзімді
тыңдайтын еді жұрт ұйып.
Танымай тұрмын өзімді –
талықсып жүрек, үрпиіп.

Есе де алмай жүрдім бе,
қолыма берген ескекті –
көбейіп дұшпан бір күнде,
тоң-теріс болып дос кетті.

Көлденең жатқан тасты алып,
бізге де мойын бұрды кім,
қилы бір күндер басталып,
қыңсылай қашты тірлігім!

ҚАЙМЫҒАДЫ

Тірі жанның берместей біріне есе,
көкірегім зор еді күні кеше,
ұрандаса кетуге әзір едім,
қайраты бар қазақтың ұлы десе.

Бар-жоғымды сездірмей өр көкірек,
төреңізді көзге ілмей – төрге өтіп ек.
Терлетіп ек сан жүйрік, санасы бар
елге пана болам деп, ерге – тірек.

Көтермелеп жалғызын, жұптасын да,
жарасам деп жүрдім-ау ықтасынға.
Жүре келе өзіме үрді бірі,
тура биді туысқан құптасын ба.

Сыралғысы сырт беріп, сырласқаны,
мұңдастары
тұрады ымдасқалы.
Құнан жауыр болды иық келе-келе,

көкіректі сол биік кім баспады.
Бірі кетті ағалап ұры-қарды,
бірі кетті жағалап ығы барды,
шығып алды біреуі жел жағыма,

кімі кетіп, білмедім, кімі қалды.
Ерге пана болам деп,
елге – тірек,
терлетіп ек тұлпарды,

төрге өтіп ек,
Неге бүгін бәрінен қаймығады,
жерге сыймай жүретін зор көкірек!

ЖҰРТ ЕДІК ҚАНДАЙ

Жарыла жаздап ызадан,
жаныма бәрі, батады:
Жиылып келіп жүз ағаң
бір итті мақтап жатады.

Қалтырамаса өле ме,
қорғанып,
көкке жетті үні, –
сөзімді сол бір немеге

жеткізер ме екен деп бірі.
Біреуге ісі түсті ме,
сол ғана кісі
сол – құдай,

Телміртіп қойған күштіге,
тағдырдың мына қорлығы-ай!
Келіп бір қалып енді рет,
қасына барған күндері,

Маған да қолын берді, деп,
мақтанып айтып жүргені!
Жағымпаз шіркін кімді ұққан,
амандасқаны – әлі мақтан.

Құтылмай қойған құлдықтан,
жұрт едік қандай тәңірі атқан!

НЕ ШЫҒАР?

Бүлініп біржолата ел дегенің,
не болар енді келіп жөндегенің, –
асығып азаматы айдалаға,
басынып бара жатса пенделерің.

Отырса ата-анасын алдап ұлы,
кісілік қасиеттің бар ма құны,
Қарамай шеніне де, шекпеніне
шын сеніп сыйласарлық қалмады ірі.

Ардың да, ақылдың да құны кетіп,
қасыңнан қадірсізі күліп өтіп,
шіркінге шен тигенде, шелтигенде
ағасы қарай алмас ініге тік.

Бірінің көкейіне мұң дарымай,
қырсығып, құдай атып тұрғанын-ай,

шен десе өліп-өшер, көңіл өсер,
қайтсін-ау, болсам демей құл да құдай!
Ұрының жасырулы мылтығындай,
кім кімнің қолтығына жүр тығылмай.

Бәрінің арты қуыс, амал қанша,
қайтсін-ау, қысылмай да қымтырылмай!
Бұл күнде – зерделі ме, зейінді ме, –
тарылтып қойды құдай пейілді де,

Амалсыз ұрғылайсың маңдайыңды,
берем деп қандай үлгі кейінгіге!
Түңіліп дәл осындай пенделерден,
бүлініп бара жатыр ел дегенмен,

Бәрін де көре тұра – бердік ерік,
не шығар енді келіп жөндегеннен!
* * *
Қалса қарыз өтелмей,

қарғамас па ел кейін, –
бүгін өле кетердей,
күңірене бермейін.
Құдай қуат берсе енді,

жырды қойып жылауық,
бетегедей еңсемді
көтерейін бірауық.
Тұншықтырып үнімді,

тұсап келе жатқан кім?
Сыры қайда бұрынғы
сыбдыр қаққан бақтардың?
Басылмады бір даң-дүң,

тасынбады мерейім,
Жылтыраған жылғамның
кім бітеген көмейін?
Бақ,

дәреже – бәрі үркіп,
келмесе де құр қалғым,
жан-жағымды тарылтып,
қолды байлап тұрған кім?

Қызықтырып қойды арман,
жеттім қанша,
жетілдім, –

Секірмедім тойғаннан,
тоңғандықтан секірдім.
Болды қайғым атқа жүк,
айтпағаным ұят-ты,

Көңілім де қатты азып
бара жатқан сияқты.
Емешегі үзілер
ешкімді іздеп таппадым.

Қандай ғана қызық ел –
қарап жүріп,
жақпадым.
Содан шығар

жылауық
болып алса өлеңім,
еңсемді де бірауық
көтере алмай келемін.

Еңбегім де өтелмей,
сөз суырып тереңнен,
бүгін өле кетердей,
күңірене берем мен!

БӘРІ БЕКЕР

Қыдырып, қыз-дүние, тізіле көш, –
үздігіп көрген жоқпын үзіп өңеш,
мүмкін-ау үдеуі де,
жүдеуі де, –

мен үшін біреуі де қызық емес.
Қаншама жасырғанмен ізін қайғым,
тұра ма – құдай ұрса бұзылмай күн,
түңіліп түбі терең тіршіліктен,

бүлініп,
бұрынғыша қызынбаймын.
Асығып,
осыншалық аптыққанда,

жүрегің жұбанардай таптық па арна?
Көңілдес ағайынға сөз салар ем,
көрінбес көз ұшында шаттық бар ма?
Кім менің отымды алған іргедегі?

Білмедім, тілім неге күрмеледі?

Ойыңа осындайлар түскен шақта,
бойыңа күш-қуатты кім береді?
Жалықпай,
жанды қинап,

бекері не, –
сөз айттым жете ме деп жетеліге,
Өз елің,
өзеніңнен басқалардың

көз жетті – бәрі бекер екеніне!

КІМ АҢСАР

Өттің бе, түн?
Өттің, түн, –
қамықтырып,
қайғыртып,

көрмесін деп көп қыртың,
үркер көктен тайды үркіп.
Түңілмесе, жарады,
берекесі жоқ елден, –

Ай да батып барады,
аузы-басы кеберген.
Тірі жанның бәрінен
безінем деп ежелден,

Айырылып әрінен
аспаның да безерген.
Жанның бәрі ұйқыда,
әннің бәрі шырқалған,

Қарасаңшы сиқыңа,
не күтесің бұл таңнан?
Көрінбейді көркем бел,
өтті-кетті құмар шақ.

Келе қояр ертеңдер
жүр деп едің кім аңсап.
Тағы бір таң атырдым,
тағы да бір өттің, түн.

Ұйқылы-ояу жатырмын,
ештемеге жоқ құлқым...

* * *
Арқамды ауық-ауық аяз қарып,
ағайын,
азғанда да,

жай азбадық, –
көлің де,
көңілің де шалқар жатқан
барады бірте-бірте саязданып.

Кісіге кеудесінде күндізі бар,
бұл күнде бұрынғыдай кім қызығар?
Іліндің тырнағына ібілістің,
білімдің – әрі кетсе –

бірді жығар!
Оған да терден қашан үлес тиді,
паналап әлі күнге жүр ескі үйді.
Барады жалықтырып күбір мені,

үніңді іңірдегі кім естиді?
Қамығып,
келмегенге бақсыға әлі, –
жабығып жүр елінің жақсылары,

Бекерге безектесе –
сөзі өтпесе –
белгілі баяғыдан –
сақ сынары!

Бұл күнде –
іші – зұлым,
сырты – жылы,
озып тұр ұлдарыңның ұрты ұзыны.

Оның да кімге беріп,
кімді алатын
қолында сала құлаш жүр тізімі.
Қалсақ та қаншама бір құруға сәл,

биің бар – билік тисе – руласар.
Бөлініп күллі қазақ баласынан,
ағайын арасынан жылу қашар!
Күні бар кеудесінде, күндізі бар,

жаны игі жақсыға да кім қызығар,
жұрт бабын табам десең,
жағам десең:
қойныңа бірер жылан кіргізіп ал!

Арқамды ара-тұра аяз қарып,
ағайын
азғанда да,
жай азбадық,

көлің де, көңілің де,
тегі мүлде,
барады бірте-бірте саязданып!

ЖАН ҚАЙДА?

Түңілем бе,
жүгірем бе шалғында,
бүгін елге ұнамай да қалдым ба, –
ырызығын айырып жүр ағайын,

баяғыдай жайылып жүр мал қырда.
Тағдыр бізді күні-түні қарғай ма,
шырылдап та жүресің бе шалғайда,
Айтқаныңды хош көретін, құдай-ау,

бар-жоғыңды ескеретін жан қайда?
Жыламайсың,
құламайсың,
күлмейсің,

жұрағатқа не деріңді білмейсің.
Елім есен болғанымен,
жұртым сау,
мені де сен қай жетісіп жүр дейсің?

* * *
Ұятты да, арды да,
айырбастап айлаға:
қара салмай алдына,

қарқ болды пайдаға.
Асығар да аптығар,
арамзаны жақын ғып,
Тағы қандай тәтті бар –

таңдайына татырлық?
Туа жаттың өзін де
туыс етіп біраз күн,
Ебі болған кезінде

есігінде жүр азғын.

Жүретіндей түсіп тең,
әрі мырза, әрі ашық,
кешегі үрген күшікпен
кетеді ауыз жаласып.

Алдарқатып ағаны,
қымтай ұстап алды-артын,
сені де іздеп табады
көтерілсе сәл нарқың.

Жалың бар ма желкеңде,
қолтығында – білегі,
болатынын ертең не
елден бұрын біледі.

Таусағандай біразға
Тағы қандай тәтті бар?
Тіршілікке қыры аз ба –
туысын да жат қылар.

Жалап-жұқтап маңайын,
бір қанағат қылмайды.
Айтыңдаршы, ағайын,
кім дейтін ек мұндайды?!

* * *
Түлемедім, қаншама,
жүдемедім,
үйіріліп ұршықтай,

үдегемін,
қыр төсінде халыққа жыр оқыдым,
жұрт есінде қалып па бір өлеңім?
Екіленіп,

қалай да,
екпіндедім,
шаң қаптырып талайға кеттім, дедім.
Көзімді ілмей жүрем де күні-түні,

өзім білмей келемін – өткір ме едім!
Құлагермен құйғытып қыр төсінде,
тыңдағы елдің түнегем күркесінде,
бағым менің сонда да жанбады ма, –

қалмады ма бір сөзім жұрт есінде!

Шығып та жүр жұқалтым кітаптарым, –
жырға сусар жұртыңды жұтатпадым.
Менікі деп біресе елдің төрі,
көр білтелі көңілді тұтатқанмын!

Күміс болып шықпай ма күрегенім:
бір тіріліп күніге,
бір өлемін, –
аң-таң болып сонда да жүрмін, бала,

кімнің ғана аузында жүр өлеңім!
* * *
Көсіліп те кете алмай,
шешіліп те,

бағындырып қойған соң не шірікке,
жұрт тынышта,
су тимей, –
жүнім түсіп,

күнім түсіп,
қор болды-ау есірікке!
Кемеңгерім қайда деп,
кемел ұлым,

қажи берем қарадай неге бүгін?
Желбаулары жібектен желкендердің,
ертеңгі елдің ендігі сенері кім?!..
Қатуланып,

қаһарын жау тіккенде,
жетеді ғой бір күні дау түпкі елге,
Немереміз өзгеден кем бола ма,
жем бола ма жаман мен жәутіктерге!

Көкіректе көп өксіп қаншама әнім,
көрінгенге емексіп, шаршағамын!
Жаға біл де,
жүре бер,

жаман ұлға,
амалың не,
жетпесе баршаға әлің!
Елім дейтін еңіреп есіл ерім,

етігіңмен лай су кешіп едің!
Дәрменім аз,
дәмем көп, не қылайын,
қолдан келген жәрдемім осы менің!

* * *
Қазығына қайта айналып күреңім,
қарап жүріп қажыды ма жүрегім,
құтырғанның күлкісінен қорынып,

жұрт ішінен таппай қойдым бір емін!
Үлгі болар үлкеніңнің түрі анау, –
білетіні – бірін-бірі кінәлау.
Ұлдарыңның сырты ғана жылтырап,

ұлтыңа да ұры-қары ұнады-ау!
Көкіректе кешегі бір ән қалғып,
ерте тұрып – еститінің жалғандық.
Арланбасқа, алданбасқа шараң не,

ақыры кеп таңданбасқа – таң қалдық.
Өле жүріп, өткелектен өткен біз,
өзгеге емес, өзімізге кекті елміз.
Алдық көніп, жәндік теріп, жан бағып,

бара-бара мәңгүрттеніп кеткенбіз!
Бабамызды баламызға жамандап,
күн көруді көп ойладық амалдап.
Қаншама бір ақты көзің, ағайын,

жақын тартқан жаттың өзін тағы алдап!
Пана болмай баяғы бір ықтырмаң,
көп қасиет кетті білем мықты ұлдан, –
Қабілетін күн көріске сарп етіп,

мерез дүние әбілетін жұқтырған.
Қазығына қайта оралып күреңім,
қарап жүріп қажыды ма жүрегім, –
күлкішіл өң қаптағанға күйініп,

жұрт ішінен таппағанға бір емін!

КӨКТЕМГІ ЖЫР

...аяқ асты жылып күн,
елжіретіп, келді жетіп қылықтым,
ызғарды да,
мұз, қарды да кешегі,

томсырайған қыздарды да ұмыттым.
Аспанды ығыр еткен бұлты құр кетпес,
басталды бір күлегеш күн, жүрдек кеш,

құстарым да,
құштарым да мәз еді,
дұшпаным да болып кеткен дүрмектес.
Қыс бойына қыр арқасы сірескен,

қызғалдақтар қылтия ма күнестен,
құтты күнім мерекеге айналып,
шықты бүгін жазылмаған жыр естен.
Алақаны қышығанға азды-кем,

Алатау да айырықша мәз білем,
еритіні анық тегі қырда қар,
қылаң беріп қалып еді жазғы рең.
Соны көріп –

теріскейдің желі өктем,
ашуланып,
алты қырдан бері өткен,
Жүзіқара қызына ма, қайтеді,

күннің көзі бұзыла ма кенеттен.
Бұрынғыдай – оразасы, айты аман, –
сәуірде бір сәруар тірлік айта ма ән
деген едім, – бәрі қалып жайына

күн суытып кетер ме екен қайтадан?!

БӘРІ ЖАЛҒАН

Бәрі де жалған бүгін,
жалған бәрі,
баспайтын өтірікке жан қалмады.
Болмаса үлкенде – ұят

кішіде – ізет,
көгерте қойсын кімді қалғандары.
Баққаны бақ-дәреже, аңдығаны,
үйреніп өтірікке алды бәрі,

жоқ шығар амалы да, кімнің ғана
бұл күнде жалған айтпай-жанды бағы.
Қарашы аттыға да,
түйеліге,

өтірік сіңіп алған сүйегіне,
Әп-сәтте ақтың өңін айналдырар,
аямай жаға салып күйені де.

Бұл күнде бәрі жалған айналаның, –
бұрынғы тұғырынан тайған арың.
Шырылдап,
шындыққа да шыр бітпей жүр, –

құрғақ сөз,
құр уәде,
тайғанақ үн!
Баланы отырғандай алдандырып,

тұрғаны төңірегің жалған күліп.
Көмейін жабар едім ойдың,
бірақ
не дейін жүрегіме салған бүлік?

* * *
Тірлігімнен түк өнбей,
тілім неге байланды?
Жан-дүнием түгелдей

жаңғырыққа айналды.
Жазбасын де кеселге,
жауға айналып тұр белес.
Қанша таяқ жесем де,

қайтейін-ай, кірмеді ес!
Қарамаппын әліме,
қарайғанды дос деп пе ең,
жұрағаттың бәріне

жүгірумен өшті өкпем.
Көп сырымды ішті емге
«көрікпелі» бар ағай, –
сергелдеңге түскенде

септесуге жарамай.
Таға алам ба көпке мін,
талады деп жат талай.
Досқа деген өкпенің

іште бұғып жатқаны-ай.
Қателесіп жүрдім бе,
кеше ғана көп едім.
Жерге қарап бір күнде,

желім болды жегенім.

Ірің болып ішкенім,
іркілдім де қалдым мен.
Күресуге күш кемін,
қулар қалай дәл білген!

Шықпайды ащы қалай үн,
шындықтан да түңілдім.
...Қоя қойшы, ағайын,
Керегі жоқ түгіңнің!

ЖАРАТЫЛЫС ЖАЙЛЫ ЖЫР

Әніме ел құлағын елеңдетіп,
жүрсем де қиын-қыстау белеңді өтіп,
тәніме алақанын жайған анам,
мен бірақ қайда барам сенен кетіп.

Ұнасын біреулерге, ұнамасын,
біз үшін ұлы анасың, ғұламасың,
Безбүйрек перзентің де болды қанша,
сан рет саныңды ұрып...

жылағасың.
Қиналып қылығына,
есі кірген
қарадың көп ұлыңа кешіріммен,

батыр ма дулығалы,
шулығаны, –
біреуін түсірмедің бесігіңнен.
Құйғанда құлағыма бұлағы әнін,

ешкімге естілмейді жылағаным,
білінер өзімнің кім екенім де
алдында табиғаттай ұлы ананың.
Бір тұстан бүлкілдеген, бүйіріңнің,

ішінде құйыныңның үйірілдім.
Жан біткен жүгінетін құдіретім,
мен сенің түкке тұрмас түйіріңмін.
Тарқамай бірде қызық,

бірде шерім,
белгісіз әлі қанша күн кешерім, –
өмірге келіп-кетер біз болмасақ,
құдірет,

керегің бар кімге сенің?

* * *
Жайым да мәлім, күйім де,
бесінге қарай күн ауып,
оңаша жатып үйімде

ойланған болам бірауық.
Айтылды біраз далбаса ән,
қызуы қысқа өтті жаз,
бойымды жаза алмасам, –

болды ма көрген тепкім аз!
Тозығы жеткен, көйлектей,
болды ма тірлік бұл қалай?
Ой жеткен жерге – бой жетпей,

амалдың құрып тұрғаны-ай!
Көнбейтін ешбір дәріге,
кеудемді жеген түрлі у бар, –
алдымды орап,

әлі де
алдайды күліп бір қулар.
Не болар екен ендігі ел,
тағынан тағы құлады Ар.

Ақылға бәрін жеңдірер,
таппадым ойлап бір амал.
Күнікейіңмен күң бірдей,
қазағым, қандай жұрт едің.

Азамат Ерің жүр білмей
қылышын кімге сілтерін.
Жайымен кетпес жақсылар,
жазылар бойы деген ек, –

берекесі жоқ «бақсылар»
басыма шықты-ау, не керек!
Жобалап атып жүр мерген,
жораға мүлдем жүрмей сын.

Кіжініп барып,
кімдермен
күресеріңді білмейсің!
Бесінге қарай күн ауып,

келе алмай ешбір түйінге,
Осыларды ойлап бірауық,
жатам да қоям үйімде.

АҒАШ АТ

«Жарашы деп пайдаға», –
ағасы атқа мінгізді.
Бұл да қарап айнала,
құлға балап жүр бізді.

Қала да шат,
дала шат, –
Қабағын бір ашқанда,
астындағы ағаш ат

алып ұшты аспанға.
Араласып бұлтына,
аспаныңды шарлайды.
Қош айтысқан жұртына

көз қырын да салмайды.
Түк көрінбей көзіне,
жарылуға шақ қалды
Құдіреттің өзіне

құл болдым деп мақтанды.
Кісі болып көшелі
Қонды басқа бақ түрлі.
Туысының кешегі

төбесінен шаптырды.
...Дана да шат,
бала шат,
Қолпаштайды, көнеді.

Астындағы ағаш ат
алып ұшып келеді.
Ақыл айтар жоқ пендең,
асып-тасып бір кетті.

Ұшары ұшып кеткенмен,
қону жайын білмепті.
Қызығарлық бір көрген,
көк жүзінде жол да көп.

Ұшуы – ұшып жүргенмен,
қонуы енді болды әлек,
Есер ме еді, ез бе еді,
ойламаған алды-артын.

Қона алмасын сезгелі
саябырсып сәл қарқын.
Не болар деп енді өмір,
жетпегені-ай жетенің,

Түптің түбі жерге бір –
түсу керек екенін.
Болашағы беймәлім,
қайда барса – қырсығу.

Үйіреді иманын,
жиіледі күрсіну.
Уға барып ұрынып,
суға түсіп кетер ме,

ағасы іштей тұр ұлып:
«Ұшырдым, – деп, – бекерге!»
* * *
Булыға ма көмекейде көмескі үн,

көңілімде күте қояр жоқ ешкім,
Тәттілігі тағы бардай шын аңсап,
бір адамды сағынардай емеспін.
Ұят та ғой бастан қызық өтті деу,

қайда бірақ көкірекпен көк тіреу.
Азғырса да,
жазғырса да жазықсыз,
ұнатарлық,

жылатарлық жоқ біреу!
Құйқылжитын күні-түні бір тынбай,
көңіл бүгін көшкен елдің жұртындай.
Қой маңырап,

қозы жамырап жайлаудан
жалыққандай,
жабырқаулы шіркінді-ай!
Бір жылт етіп қалғанымен от кейде,

Көкейімді тесе қояр жоқ бейне,
Зарықтыра қоймағанмен, құдай-ау,
тым құрыса қамықтыра кетпей ме!
Әзілдеспей кешегі ыстық құрбыммен,

бүгін неге бұйығылау жүрмін мен.
Бұрынғыдай тасымай да жасымай,
бұл көңілге не болғанын кім білген!

* * *
Жасамай саған ғұмыры айбар,
жатып атқанға не дерсің?
Жұтынып тұрса сұмырайлар,

жұртым-ау, кімге сенерсің?
Бұқпалап келіп бірінің
билікке қолы жетті ме, –
аяғынан шалып ірінің,

адырая қарар тектіге.
Ақылы асқаннан безгелі,
ақымақтарды есіртіп,
үркітпек болып өзгені,

өздері жүрер қоса үркіп.
жылатып айтсаң – бұл деген,
жанынан күдер кім үзбек,
Үрмесе екен деп іргеден,

иттерге сүйек жүр іздеп.
Танауын тескен тайлақтай,
елпілдеп, ере берген-ді.
жанына торсық байлатпай,

жалт беріп шыға келді енді.
Тілінде ғана пайдасы,
түрінде тұрар тоқтығы.
Еңіреп жүру – айласы,

ел қамын жейтін жоқ түрі.
Осыны айтып ем жерлеске:
«Сенбе көп, – деді, – алдайды ел».
Қарғанып – енді көрмеске,

арланып – жақын бармай көр!
* * *

– Сен түгіл,

алар еді көкми ұғып,
қалайша түсінбейсің! – деп түйіліп.
Апыр-ай, ауыр-ауыр сөздер айттың,
арыма тие жаздап...

көп күйініп.

– Қайтеді қара аспанды төндірмесең,

алдыңда тұр суымай, мөлдір кесең,

Келіскен болар едім, уәжіңе Мен ішкен удан татып көрдің бе сен? Жігіттің жақпаса да бейпілдері, осындай оңашада кей түндері, жаныма жақындау ма деп қаламын, «Жырыңды түсінбеймін», – дейтіндері. Арманнан артық балап алдағы асын, жүретін біреулерге таң қаласың, тірлікте түрткі барын білген емес, көзіне ілген емес жан баласын. Қашан да қайрап ұстап қаруларын, өмірде сезген емес налу барын, Биікке жетпедім деп шаршамаған, пейіштің аңсамаған аруларын. Шетінен мыстаның де, дұшпаның де, болмай-ақ қойсын бізге нұсқа мүлде, сендерден адалырақ көрінеді құбылған қырық рет қысқа күнде. Білмейді өп-өтірік елге ұрсуды, білмейді көпе-көрнеу көлгірсуді, бөлінбей миы мыңға, бұйымын да, бұлақтан көреді артық мөлдір суды. Солардың жібітпекке мұз көңілін, күні-түні үгіттеп те түздегі үнін, ап-ащы күлкімізге зар ұласып, келеміз арып-ашып біз де бүгін! * * * Жусаған жусандарым, изендерім, кімге айтам қу жанымның күйзелгенін, Күні-түн ауыр ойлар илеп анық, – барлығын билеп алып – ми, зерденің?! Сендер де – бетеге мен беделерім, жайымды ұғады ғой деген едім,

Құданың қырсығы ма, «қылшығы» ма қалмайды қыр соңымнан неге менің? Шеңгел, ши, шіліктерім, шыршаларым, бұ күнде сендер болып мұң шағарым, әп-сәтте жар астынан жау шығар деп, ойлап па ем таусылар деп мұнша амалым! Тобылғы, теректерім, жыңғылдарым, кімге айтам ішімде ащы мұңның барын, Кімге айтам күдерімді үзіп мүлде, тағдырдың жігерімді құм қылғанын? Ақ қайың, қарт қарағай емендерім, мен дағы жұрт ішінде беделді едім, Тығылып тығырыққа, осыншама, жүзімнің кім ойлаған төмендерін. Ойпаңға иірілген ырғай, талым, қайғымды сендерге емей, кімге айтамын, Күн туып тәтті ғана мұңға батар, қашан бір жылдам атар жылдай таңым! ШЫҢ Алдымызда асусыз бір шың бары, бір шың бары белгілі, білсін бәрі, – жетем деумен, асып та кетем деумен қанша болды, құдай-ау, құлшынғалы. Ұмтылып ем елемей өр-белеңін, басқалардан бақытым кем бе менің, – Қыран болып қасына таяп бардым, жылан болып тасына өрмеледім.

Алдырмады,
амал не, алдырмады,
көкіректе қайғының қалды ырғағы, –
Төбеңе де, шыққаны шөмеле ме,

дән риза жағалай жанның бәрі.
Үміт біткен айналып құр күйікке,
Ұмтылғаным бекер ме тым биікке,
Қондырмасаң, ағайын, күнді иыққа,

тұңғиыққа біржола сүңгиік те!
Кім қалары белгісіз,
кім шығары,
көңіл шіркін әзірге тыншымады.

Озбады ма,
озды ма елден кеудем,
көлбеңдеумен келеді бір Шың әлі.
* * *

Осылар немді менің қызғанады,
сырт беріп, сұс көрсетіп, сызданады,
бірі жүр ала көзбен ата қарап,
арылмай қабағынан ызғар әлі.

Бәріне бала жастан белгілі едім,
кім білсін, күндейтінін немді менің.
жазығым жоқтығына
көпті мына,

апыр-ау, қалай ғана сендіремін!
Орынсыз ораздымен егестім бе,
жоқ еді залалым да көп ешкімге,
ешкімнің алдын орап, ақысын жеп,

бақталас болып көрген емеспін де.
Келемін өздеріңнен ірге бөлмей,
не жаздым осыларға күндегендей.
жарқылдап жүргенің де ұнамайды,

өздері қарқылдап бір күлмегендей.
Жусаған жылқым да жоқ жықпылдарда,
жақсымен жағаласып шықтым ба алға,
болмаса арқа сүйеп әдеттенген,

айбарлы ағайыннан мықтым бар ма?

Қағытып қарап жүрмей, бірі мені,
ендеше неге бәрі бүлінеді?
Ұсағы іштегісін сездірмеген,
болады көзге ілмеген «ірілері».

Арылмай қабағынан ызғар әлі,
апыр-ау, неге бәрі сызданады?
Ешкімге табынбай да,жағынбай да
жер басып жүргенім бе қызғанары?!

* * *
Тағы да темекімді түтіндеттім...
ойладым неге бола күпінбекпін.
Қойыппын осыншалық не тындыра,

тірліктің қай кетігін бүтіндеппін?
Айтар ем арыз-мұңның көптігін де,
апыр-ау, жақсылығым өтті кімге?
Бұлдарым –

кір жуытпай ар атына,
тиетін ара-тұра септігім бе?
Шалынып құлағыма қиырдағы үн,
шаршадым,

шартарапты шиырладым.
Жүгірмей бақытқа да,
тақытқа да,
жүрсем де татып қана бұйырғанын,

Біле алмай не боларын ендігі өмір,
жұлынған жапырақтай семді көңіл.
Көретін неде болса өз бағымнан
бұ тірлік билігімді берді ме бір!

ӨЗ ҮЙІМ

Өз үйім – өлең төсек – ұям менің,
қаншама шарлатпадың қиял көлін,
Осында бипазым да,
ұйқы аз ұлға,

жайнатып жиһазын да жияр келін.
Алыстан арып-ашып жете берсем,
кете ме көтеріліп бетеге еңсем,

Ата-анам күмбезіне күн қадаған,
ұл-қызым іңгәлаған мекен ең сен!
Арылмай ақ тілеуден төрім менің,
қаншама бойым өсіп, керілмедім.

Ырымын баяғының жасамай-ақ,
имене басады аяқ келіндерім.
Толтырып көңілімді күйге менің,
шарлатып,

шартарапқа сүйреп едің,
Болғандай қалай-қалай мақтансақ та,
қарсы алып жатқан шақта үйдегі елің!
Шығардай сен дегенде жаны бірге,

екі етпей орындалар әмірің де.
Күйбеңнің таста бәрін, асқақ арым,
ендігі жасқанарың тәңірің бе?
Босамай босағам да ақ тілеуден,

жалықпай тіршілікті тәтті деуден.
Қаншама ұл-қызына еміреніп,
теңіздей тебіреніп жатты кеудем.
Еркелеу бірі емес ем жалғыз ұлдың,

сан ысып осы арада, сан қызындым.
Анамның қарап әрбір әжіміне,
шыдағам әзіліне балдызымның.
Ай-күні таянғанын жеңге біліп,

жүретін жарым қандай жөргек іліп!
маған да көз қиығын тастап қойып,
анам да отырғандай төрде күліп...
Өз үйім – өлең төсек мекенімді;

қызғыштай, білем, қорғап өтерімді,
Біреудің бақытымен өлшетпедім,
ешкімге көрсетпедім бөтен үлгі.
Кейпімде баяғы бір ерге біткен,

арылып егделіктен, пенделіктен,
Ағайын, айтыңдаршы өз үйімде
осыншама бақыттымын мен неліктен?!
Тілеумен үбір-шүбір ұл-қызға бақ,

жұмаққа жұпыны үйді жүрміз балап.
Бу кетпей шәйнегінен тұрса болды,
күні-түн әйнегінен жұлдыз қарап!

Бұл қалай?
Балапаным шыр-шыр етіп тұрғаны-ай!
Жұтқалы тұр жеті басты жалмауыз,
өзімді де,

сөзімді де тыңдамай!
Шыққыр көзім не көрді?
Несін жазып отырмын бұл өлеңді?
Ішім оттай жанды менің, не керек,

үрей билеп алды менің денемді.
Жұтқалы тұр көз алдымда дәл менің,
құтқаруға жетпегені-ай дәрменім,
Тым құрыса қызғыш құрлы шырылдап,

тимеді ғой жәрдемім!
Кімнің ғана құлағына дарыды үн,
аһыладым,
уһіледім,

арыдым,
Қып-қызыл тіл сумаң-сумаң еткенде,
шырылдадым-ау жарығым!
Көңіл бүгін күйікті ішер көл терең,

қиып түсер қылышым жоқ желкеден.
Кешірсін ел,
Қолдан келсе –
дәл қазір

жердің бетін ойланбастан өртер ем!
Қызыл-ала қан қылып,
салар едім сан бүлік,
Ел есінде Ақсақ Темір сияқты

қатыгез боп қалар едім мәңгілік!
Оған шамам болды ма, –
қысқа қылып жаратқаны-ай қолды да.
Айналдым-ау өз үйімде отырып

Әлемдегі ең пұшайман сорлыға!
* * *
Айналайын, алтын ұям – үй-ішім,
күбір-күбір...

күлкілерім...
сүйісім...
Ата-ананың үлгірмеген үміті,
көңілімнің күмбірлеген күйісің.

Ауырсынбай арқалайтын «азабым»,
бар қызығы тарқамайтын базарым, –
танаулары сүртілмеген ұл-қызым,
сорпа-суы бүлкілдеген қазаным.

Бағып-қағып оттың басы,
ошағын,
қасымда отыр құдай қосқан қосағым.
Жоққа бола еміреніп,

үздігіп,
жоққа бола көңілі еріп,
босарым.
Білінбейтін кемістігі,

кемдігі,
өмірімнің өзегісің ендігі,
мұнда мылтық атылмасы ешқашан,
мұнда көңіл сатылмасы белгілі.

Біледі ғой баяғыдан тегімді ел,
жаман-жақсы өте жатар не күндер,
жалғыз ғана тілегім бар, жасаған, –
от басына тыныштық бер,

өмір бер!
* * *
Аң-таң боп тұрмын ақ таңда,
кеудемде, қарғам, қайғы үдеп.

жақсы өсіп келе жатқанда,
қалайша жолдан тайды деп!
Апарған айдап қандай дәм,
келді ме шын-ақ сорлағың,

Жетелеп барып шалғайдан,
жықты екен сені орға кім?!
Ақталмай тағы үмітім,
Тәңірім басқа салды әлек.

Қинала берем күні-түн,
менен де кінә бар ма деп.
Тәлімім теріс кетпек пе,
таңдатпай дұрыс жолды да,

Орысша берген мектепке
өзімнен бәрі болды ма?

Қай құдай мені қарғаған,
мүмкін бе көзге жас алмау,
Аңғалдау едің, жан балам,
азырақ алаңғасарлау.

Қалдың ба содан алданып.
малданып мадақ сөзді бір?
...Жасыңды біраз жалға алып,
өтпесін, деші, тез ғұмыр!

* * *
Бір күніңнен қызығырақ бір күнің,
жаралғалы жұмақ еді тірлігің.
Қыл көпірден қапелімде тап болған,

құтқарады қай құдірет, кім бүгін?
Бірімін деп жүруші едім ұлдының,
қапелімде жұлынымды жұлды кім, –
Қайдағы бір жат егестің үстінде,

қалай ғана қателестің, құлдығым?!
Көкірегімді көміп салып ақ қырау,
күннен-күнге өрши түсіп жатты дау.
Жамандықты жалғандықтан айырмай,

бәрін-бәрін аңғалдықтан таптың-ау!
Жазылмастай жүректегі дерт енді,
ішім түгел күйіп-жанды, өртенді,
Жұрт алдында жаси бердім, жарығым,

қиналғаннан қаси бердім желкемді,
Алдына да барып Олжас, Мұхтардың,
қыл тұзақтан келді-ау сені құтқарғым.
Қапелімде қателескен балғынның

қапастағы қасіретін ұққан кім?!
Барлығын да біледі ғой былтырғы ел,
қаламдасқа қол созғанын кім тілдер –
Сөз өтпеді, безектеді, қайтейін,

ұлтым дейтін,
жұртым дейтін шіркіндер!
Халімді елеп қайте қойсын ел менің,
жаны бөлек өлмейді екен, –

өлмедім!
Тозаққа да түсіп көргің келді ме,
жаралғалы жұмақ еді көргенің!

* * *
Болды ма маңдайымның соры қалың,
апыр-ау, сонша неге торығамын?
Осы ма айдарымнан жел ескені,

ар-ұят емес пе еді қорығаным!
Жырындай түсінікті ем жас-кәрінің,
жоқ еді кісіліктен басқа мінім,
Кеудеме қайдан келіп зар тығылған,

қалайша алты қырдан аспады үнім!
Туғалы тазалықты армандағам,
көңілім, осы ма елден алған бағаң, –
Сырылып ұят байғұс шеткеріге,

шынымен кеткені ме ардан да мән!
Дерліктей тыңдар қалам,
тыңдар далам,
дуалы ауызда да құн қалмаған.

Билік тек бейшараға тиді бүгін,
жүйрік көп
жүзден озып...
жүлде алмаған.

Түрткілеп тұмсығымен шетке мені,
бір доңыз мұратына жеткен еді.
Кешегі Кейқуаттар сияқты ұлға,
ардың да,

ұяттың да жоқ керегі!
Жақсылық өз басынан артылмаған,
жүр біреу жалған күліп,
жарқылдаған.

Осындай ойларым көп,
өкпелемек
не жасай қоймадың деп халқым маған!
* * *

Ылайым ықтиярсыз ырқыңды алса,
жүреміз жүз құбылып, жұртым қанша, –
бас шұлғып барлығына
енді бірде

көкиміз
көмейіміз жыртылғанша!
Елеңіз енді келіп елемеңіз,
айтуың, қайтуың да келеді егіз.

Жатып кеп баламызды жамандадық,
біткенше діннен безіп немереміз.
Бесіктен белі шықпас бала көріп,
болды ма бой көтерер далада ерік.

Көзіміз, сөзімізді төңкердік кеп,
өзіміз баяғыдай қала беріп.
Қылышты, ер ұстайтын, езге қиып,
ырысты ел басына сөзбен үйіп,

Айналып келе-келе келемежге,
болмадық қаншама бір көзге күйік.
«Батырың» ат орнына мінбе мініп,
ақының тыңдайды оны күнде егіліп.

Бәлденіп, бәлсінбей де отыр құдай,
кім білсін, қалсын дей ме үргені үріп.
Жыртыла берсін дей ме тегін көмей,
кім білсін, отырғанын неге үндемей,

Күнәдан арылтар ма, тарылтар ма,
бір күні жарылқар ма жерін кедей.
Әзірге тірлігіміз көңілге дем,
өзгеріп бара жатыр өмір деген.

Ән қайда – еңсемізді көтергендей.
дән қайда – көкірекке себілмеген.
* * *
Бақытым да бар, сорым бар,

Алматым болды алданыш.
...Бабалар жатқан қорымдар
Алакөл жақта қалды алыс.
Түсейін отқа, топқа да,

қаланың құлқы дарымас, –
Бойымда менің тек қана
даланың қаны бары рас.
Бұлақтың демі буша атқан,

тарта ма қырдың таңы әсем, –
Жықпылға жылқы жусатқан
Қамбар атаның баласы ем.
Кеудемде бұғып байырғы ән,

берекемді алса бекзат үн, –

Қырқада қойын қайырған
шопандар еді жекжатым.
Сағынып барып жайлауды,
сайлардан салқын желі ескен,

белдеуде бедеу байлаулы,
жататын кісің емес пе ем!
Бір ауыз сөзге тоқтамақ,
шешілмей келіп көне дау.

Солардың жоғын жоқтап-ақ
жүргенім менің жөн еді-ау...
Далаға сыймай жүрген ұл,
қалаға сіңіп, енді ұқты:

арғымақты аңсар бұл көңіл,
азға да бүгін көндікті.
Мал айдап қайтқан қырқадан,
сағынып қойып кейде елді.

Заманы тыныш,
жұрты аман
жүргенге шүкір дейді енді?
Айналмақ емес кірмеге,

болмайды қала құрбаны.
Гүлден де,
туған тілден де
қыр иісін іздеп тұрғаны.

Көпсінбес қазақ өлеңі,
қонысын таңдап қонды ма, –
Қиялау жермен келеді
Ұмытпай келген жолды да.

Жалбырап желге етегі,
тұрғандай ықта байлаулы ат.
Кей-кейде бөсіп кетеді,
жүргендей болып жайлауда-ақ.

Дауысы бірде жетсе елге,
Ырқына бірде жыр көнбей.
болады таныс тепсеңде
жылқы қайырып жүргендей.

Төгіліп-тасып көңіл бір,
кей-кейде күйіп кетіп іш.

Ұмытпақ емес тегін бұл,
ұмыту арты – өкініш!
...Тау жаққа барып жылына
қыдыратын ем құрбыммен,

арғымақ түгіл
пұлына
бір такси таппай тұрмын мен!
* * *

Тектіні көріп тебінген,
делебем қанша қозғанмен,
жаралды дейтін темірден,
жүйке де бүгін тозды әбден!

Шағылды тауым,
шаршап құр,
шалдығып шалғай жолда мен,
Ару да құштым аңсап бір,

амалым қанша –
болмады ем...
Арғымақ-ойым ұшты алға,
бауыры бірде жазылып.

Озам ба деген тұстарда,
алдап бір соқты аз үміт.
Тұрмады баста назды ұғып,
тұрлаусыз бағы аз күндер, –

азғырмас жерде – азғырып,
жазғырмас жерде жазғырды ел.
Шабдарға шабан қамшы ұрып,
малшынып терге терлігім,

кешегі күшік қарсы үріп,
жаншыла бердім мен бүгін!
Жанымды жайлап бір секем,
жапыра бәрін ормай тіл,

Өлең де бүгін кіл шетен,
өмірі ұзақ болмай тұр.
* * *
Көбейе берсе мұңлы күн,

дүние қалай болмас тар.

Шымбайға батып шындығым,
шыдамай кеткен жолдас бар.
Бағымды сынап, ел көшін,
бастасам деген тұстарда,

терісі тарлау теңдесім
тепсіне келіп,
түсті алға.
Жаурады жазда жаным кіл,

түсіне қоймай жұрт әлі,
теріске бағып тәлімді ұл,
діңкемді құртып жүр тағы.
Дүбірді көріп,

құлшынып,
делебем күнде қозғанмен,
икемге келмей тіршілік,
жүйкем де түгел тозды әбден!

* * *
Жапырағы селдіреп баяғыда-ақ,
салқын тартып барады саялы бақ.
Қай жағыңа қарманып,

қарасаң да,
қарашаң да қалыпты-ау таянып-ақ...
Қай жағыңа қарманып қарамашы,
қызықтыра қоймайды тал арасы,

Төңірегің түп-түгел тозғындала,
бозғылдана бастаған бар ағашы.
Бойжеткеннің біреуін танымаппын,
біздер үшін кеткен бе сәні бақтың,

болып еді күндізі бұлыңғырлау,
келе жатты жұлдызы жамырап түн.
Жүгіріс те,
жүріс те саябырлап,

көншітпейді көңілді баяғы ырғақ.
Өгейсірей бастаған сезімді де,
өзімді де,
сені де аядым, бақ!

КҮНІ КЕШЕ

Күні кеше болдым да бір досқа тап,
амандасқым келіп еді төс тақап,
байқамады, –
байлықта ма зейіні,

әлде құрғыр көкейін тек тесті атақ?
Қайдан келе қалып еді ол мұнда,
тіксініп сәл,
тұра бердім орнымда.

енді барып ерегесем несіне, –
мен емес ем сұмырайың,
сорлың да.
Жолдасым деп жүруші едім мұны мен,

жігіт құрлы көрмеді ме құны кем,
Өз басыма келгені ме ақыры,
тіршілікте талайларға күліп ем.
Есеңгіреп қалсам керек мен мүлде:

бөлінгені осы ма деп енді ірге,
көз жасымды сүртіп алдым байқатпай,
жұрт ішінен былай шыға бердім де...
* * *

Құдай-ау, төбемнен тағы ұрдың,
аңырдым,
есімнен жаңылдым,
сағымның сынғаны осы ма,

сабылдым қаншама, сағындым!
Сабыр қыл, дедім де, сабырлым,
аңырдым,
есімнен жаңылдым,

несіне қағындың, құдай-ау,
жарығын өшіріп шамымның!
Сабылып,
санымды сан ұрдым,

сарылып,
сарғайдым,
сағындым.
Шағылып тауым да бұл күнде,

қамығып,
қара ішік жамылдым.

Не жазып, мен неден жаңылдым.
жаныма болмады-ау дамыл күн,
бойымды көтертпей бір сағат,
тұмшалап тұрғаны-ай қалың мұң!

Құдай-ай, несіне қағындың,
аңырдым, есімнен жаңылдым,
болам деп тұрғанда –
болдырмай,

оңдырмай төбемнен тағы ұрдың!

БҰЛАҚ БАСЫНДА

Егілгеннен енді кеп,
не шығады, балбұлақ? –
Ағаш басы селдіреп,
қаңырап-ақ қалды бақ.

Былдыр-былдыр еткенмен,
балғын денең мұздай ма? –
Қыдырыстап көп келген
құба талдай қыз қайда?

Жатпаған соң шұбап із,
жадырамай тұрды өңір,
қайда кеткен
құба қыз

қарап қойып жүрген ұл?
Сенен алған әсерін
тауысатын күй айтып,
қайда кеткен жас өмір

төңірегін мұңайтып?
Мөлдіреген көзінде
тұнып қана тастарың,
енді бүгін

өзіңде
ұмыт қала бастадың.
Басылды ма күркірің,
жабырқамай,

жайлап ақ, –
Тағдыр деген шіркінің
кейде осылай тайғанақ.

Егілсем де күндікке,
ем болмады тыңдап ән,
Тұрлауы жоқ тірлікте
кімнің сағы сынбаған!

Тарылам деп өріс тұр,
жасы мейлің,
жасыма,
құбақан қыз,

келісті ұл
келмей кетті басыңа.
Егілгеннен енді кеп,
не шығады, балбұлақ,

бұта басы селдіреп,
бұйығып-ақ қалды бақ!
* * *
Ішінен қайталап бір күйді,

күн күйді,
қозы-лақ мүлгиді,
тозып-ақ бара ма қыраттар,
жырақтар – қыранды,

қырғилы.
Күйелеп-күйелей көкті де,
құдайы көрместей етті ме,
бау-бағың биедей шұрқырап,

тауларың түйедей шөкті ме?!
Жорықтан оралған жандайын,
тобарсып барады таңдайым.
Үкісі үлбіреп қамыстың,

үрпие қалыпты тал, қайың.
Арғымақ арқырап ақпайды,
балбұлақ сарқырап жатпайды.
Көненің көзіндей көрінген,

төбенің басынан бақ тайды.
Құмдары сырғиды мұң еріп,
шыңдары мүлгиді түнеріп.
Шыдамы таусылған батырдай,

дәрменсіз шынары шіреніп...

Күн нұры алдаған тұл емен,
тұлдыры қалмаған,
жүдеген,
Қаздарын қондырмай көліне,

даланың желі ме үдеген?
Тамызым,
десем де,
тамыз-ақ,

үдеп тұр әлгі бір аңызақ.
Тозып-ақ кеткен қыр-беткейге
қозы-лақ барады тағы ұзап.
Кінәлі баладай бүрісіп,

қарағай тұр әлі құнысып.
Діңкемді құртып-ақ менің де,
көгімде қарақұс жүр ұшып.
* * *

Айдын көлім,
не болады аяғы?
Әй, білмедім, –
шер шөгеріп еңсемді,

көңілімді,
өршеленіп барады қайғым менің!..
Айна көлім,
ақ батаңа қолымды жайған едім, –

бірте-бірте жағасы жаймалана,
қайда бара жатырсың, қайран елім?
Алакөлім,
аңсары ауып тұратын балаң едім.

Не болар деп ендігі өмірі де,
көңіліме бірауық қара менің!
Әй, білмедім,
кеше сен де өзімдей айбынды едің,

жағасы да,
даласы жүдей түсіп,
үдей түсіп бара ма қайғым менің.
Жасымаса деп едім айдын көлім,

әй, білмедім,
білмедім,
әй, білмедім!..

* * *
Кеше біз де дүбірлі дүрмекке еріп,
жұрт ішінде жүріп ек құрметтеліп.
Көп көрді ме соны да,

жек көрді ме,
қарай берді қу тағдыр күлбеттеніп.
Көп алғаным бар шығар,
аз алғаным,

келіп еді әлі де базарлағым,
бір түйіліп төбемнен бұлт үйіріп,
көрмейсің бе шіркіннің сазарғанын.
Көп көрініп кетті ме көжем менің,

көрмейсің бе көгеріп, безергенін.
Бар еді ғой әлі де бармаған жер,
баспаған тау,
балықты өзендерім.

Қона қалар деді ме кезбе бақыт,
қайда барсам,
қоймады,
көзбен атып,

Қараулардың қалтасын қалыңдатты
күні-түні малтасын езген уақыт.
Елден көрмей ернімнің кезергенін,
барлығынан біржола безер де едім,

дегеніме жеткізбес ертең мені,
желкемдегі жендеттің сезем демін!
* * *
Апыр-ай, ай мен күннің аманында,

алданып,
азып-тозып барамын ба, –
мұздайды жиі-жиі жүрек шіркін,
сыздайды бұрынғы орны жараның да.

Тіршілік бар ма мені шаршатпаған,
күніге қу жанымды қанша ақтарам, –
Толмай-ақ келе жатыр көңіл итің,
болмай-ақ бақ-дәреже,

мәнсапқа алаң.

Бүлініп,
баяғыдай гүл кешер ем,
бұл күнде кімге налып,
кімге сенем? –

көңілдің қала-қала меселі іштен,
кетпеді кешегі ішкен мұң кеседен.
Осынша түңілдің деп ерте неге,
өзегім өз-өзінен өртене ме? –

Айналам алай-түлей борағандай,
отырам орана алмай көрпеме де.
Күніге күте-күте ерлік үнін,
көңілім бәріне де көнді бүгін,

Сен де бір шырылдамай,
демал, арым,
кім білсін,
не боларын ендігі күн!

БІР ІНІГЕ

Қарағым-ай,
соншама сен кім едің?
Қитығыма тимеші енді менің!
Жақпай бара жатыр-ау айналаңа

кекірейіп,
керіле кергігенің.
Тәйтік ұлдың бірі ме ең «танымалы»,
өкпең неге соншама қабынады?

Ақыл айттым,
азырақ батыра айттым,
амал қанша,
біреуі дарымады!

Бейпіл күліп,
біресе бейпіл налып,
бір-ақ сәтте байқаттың кейпіңді анық.
Сендейлердің туарын білмегені-ау,

«Сөз сүйектен өтеді», – дейтін халық.
Дарымады, қайтейін, амал қанша,
шаптыққанмен не пайда жамандарша!
Жетпей тұрған жетеңе жете ме деп,

қор қылдым-ау сөзімді саған барша.

АҚЫЛ

Аумайды мынау өзіңнен,
Анау да сенен аумайды-ау,
апыр-ау, бала кезіңнен
арылмай қойған қандай дау?

Қырқада қыдыр,
көкке шық, –
қазақтың сендей ұлдары, –
етінен тіпті ет кесіп

беруге дайын тұр бәрі.
Анауда жақсы,
мынау да,
алдыңнан шығып әр күні,

кемсеңдей қалсаң, –
жылауға
дап-дайын тұр ғой барлығы.
Қағынбай ғана жүрші өзің,

елпілдеп тұр ғой ел, міне,
аузыңнан шыққан бір сөзің
далада қалып көрді ме?!
Жайыңа жүрші,

шамданбай,
тусаң да жұрттан сен бөлек,
аспаннан түсе қалғандай,
адыраң қаға берме көп!

* * *
Өкпелеп итіне де,
битіне де,
бұзылып бара жатыр ұйқы неге, –

күлді ме қайдағы бір сұмырайлар,
үрді ме құдай атқыр күйкі неме?
Қатарлас,
қарады деп,

ер кекиіп,
Қайтерсің беттің арын белге түйіп, –
Ашылмай қарсыластың қабағы да,
жүрген жоқ табаны да жерге тиіп.

Бұл күнде жалпағынан қырды басып,
біреулер қатарынан тұрды ма асып,
құрбымен күш сынасып шыға келер,
кеу-кеулеп,

кеуделерін ұрғыласып.
Өзіңнен төмендер де,
кемеңгер де,
еңіреп елдің қамын жегендер де

алқынып,
алып-ұшқан көңіліңді
айналып отырып-ақ бөгер демде.
Ол үшін жылайсың ба,

күлесің бе,
әйтеуір, жүрсін дейсің ұл есінде, –
көңілің шарламас та қиырды аса,
өзіңе бұйырмаса үлесің бе!..

Қарамай қауқарына хал-шаманың,
жасымнан иілуді ар санадым, –
таппадым туралықтың жолын өңге,
қайда жүр сонымен де жанса бағым!

Көріп ем қыр көрсетіп жатқа біраз,
одан да ұтып келе жатқаным аз,
Не қалды бардан безіп,
тоналмасқа,

көңілім одан басқа таппады лаж.
Бұл күнде әлекедей жаланбайды ән,
титықтап,
тығырыққа қамалды айлам..

...Жаман деп барлығынан безер едім,
жақсыны, шіркін, бірақ табам қайдан?!
* * *
Жалықтырды бәрі де,

барлығы да –
үмітімді ұзатып таң нұрына,
жауар бұлттай түнеріп,
түйілгенім,

күйінгенім замана тарлығына,

қарап тұрып,
қайдағы үнге еміне,
кейігенім –
құр өткен күндеріме,

болмашыға балаша алданғаным,
шамданғаным бір иттің үргеніне.
Кеміді де, деп, кейде отым менің,
Қайрай түсіп өзімді,

бекінгенім,
енді-енді мен емексіп,
өмір өтіп,
өткеніне өкпелеп,

өкінгенім.
Алдап қашып,
арманым жеткізбесе,
алабұртқан көңілім

көкті іздесе,
күйкі тірлік күніге өткел бермей,
от басынан әріге өткізбесе,
ағайынның өсегі, сүйрелеңі,

сыйғызбаса әліде үйге мені,
қиып түсер қылыштай тілімнің де,
білімнің де септігі тимегені,
арының да,

ашулы дарының да,
аяқасты айналып, бәрі мұңға,
шиебөрі
шулаған

талап өңшең,
қала берсең баяғы қалыбыңда,
Қалмай үріп қайдағы қандендері
шәуілдесе –

жан алып,
жан бергелі,
тұлпарымды тіршілік зорықтыра,
торықтыра бастаса әлден мені.

Қалмаған соң басқадай айла-амалым,
дүбіріне қосылып айналаның,
жүрегіңді жұмыспен жылытасың,
ұмытасың қаныңның қайнағанын!

АҒАЛАР

Ардақты асылзада ағалар-ай,
сендерді жүрміз бе әлі бағаламай, –
өнеге емес пе еді өмірлерің,
көңілің

көлден ұшқан шағаладай.
Алдырмай асу бермес өрге белін,
серт берсе –
семсер болып сермелерім,

біздерді қыл көпірден өткізген де,
бұл күнге жеткізген де сендер едің!
Ес тұтып өздеріңді өспеп пе едік,
қашан біз алдарыңнан кескектедік,

сендерді дауға қойды ел,
жауға қойды,
қарулы қолдарыңа кескек беріп.
Жаралған жөні бөлек ұл едіңдер,

тілеуін туған елдің тіледіңдер,
жыртығын жамадыңдар қара жердің,
иықпен аспанды да тіредіңдер.
Біз үшін дауылға да дара барар,

аман-сау жүріңдерші,
нар ағалар,
ұл бар ма болам дейтін,
толам дейтін,

алдымен өздеріңе қарап алар.
Кеншілер,
кемеңгерлер,
ғұламалар –

жарқылдап арамызда жүр ағалар.
Бұлт қонса басымызға,
бақыт үркіп –
қасқайып,

қарсы қарап тұра қалар!
Ардақты асылзада ағаларым,
өтсін жыл,
өтсін өмір –

санама күн, –
ызғарға алдырмайды ел сенімі,
біз барда жыртылмайды жағаларың!

* * *
Біреудің пайдаланып бет-беделін,
балтырым сыздамады текке менің,
Барында жылмақай қу,

жұмақтан да
бізге орын тие қоймас деп келемін.
Тыныштық беріп, түге, құлағыма,
солар-ақ бара берсін жұмағына.

Өмірден өтсем болды күліп анық,
шабыттың мініп алып пырағына.
Солар-ақ пейішіңді иеленсін,
құшақтап,

хордың қызын сүйе берсін,
Алматы арулары аман болса,
бар шығар бұйырғаны,
тиер еншім.

Барында бұрқыраған бойда шабыт;
бағдарлап,
байқар болсам,
ойға салып:

жүргенде жылмақайлар.
сумақайлар,
біздерге орын тие қоймасы анық.
Сондықтан жоққа бола жырымдалып,

күйініп,
көрінгенге ұрынбалық.
Солар-ақ кіре берсін жұмаққа да,
қаласа,

тамұққа да бұрын барып.
* * *
Жарқыным-ай, жетпегендей күндегің.
енді кілең келді білем жүндегің.

мақтасаң да,
даттасаң да қыңқ етпес,
жуас түйе көргенің бе,
кім дедің?

Білместігім болар бәлки, бұл менің,
көтермедім көрінгеннің үргенін,

басымнан құс ұшырмадым,
содан ба,
жақсымен де жағаласып жүргенім...
Басқаларға ұнамай ма,

ұнай ма,
өзім ойлап таба алмадым бір айла,
Әкіреңдер әкім түгіл,
тегі мен

құл бола алмай кетсем керек құдайға.
Жұрт алдына түсіп кетсем,
көрермін,
ең сорлысы бола алмаймын,

тегі елдің.
Қалғып-мүлгіп көне берер жүндеуге,
мені саған жуас түйе деген кім?!
* * *

Ағайын, мазалаңдар,
жазалаңдар,
бекерге мені бірақ қажамаңдар.
Жүйкесі жұқа біткен жүрегімде

түйірі бұзылмаған таза қан бар.
Шерлі ме,
шетінеулі шерменде ме,
аярмын таза қанды елден неге,

Жұмсаумен жақсылыққа тауысайын,
қаласаң –
ауысайын сендерге де.
Қара бұлт қоюланып аспанында,

лажсыз лайлана бастадың ба,
жаныма бір үңілсең мына менің,
тазарып шығар едің қас-қағымда.
Түсінбес тірлік үшін күн кешкендер,

күні үшін көрінгенге мінгескендер.
жасарып шыға келер қас-қағымда
жанына жақын келіп тілдескендер.
Ағайын,

мазалаңдар,
жазалаңдар,

тарықсаң – тамырдағы таза қанды ал.
Бәріне сеніп өтер жүрегім бар,
күйдіріп,
мені бекер қажамаңдар!

ЖҰБАТУ

Бәтір-ау, түсіп кеткен еңсең неге,
қиналып, қыстықпа да кемсеңдеме,
жерден де, елден де әлі жерсің таяқ,
қайысып, майысар да семсер дене.

Айналаң азамат деп танығанша,
безгің де келер елден анық аңша,
күйерсің,
күйінерсің,

сүйінерсің,
жыларсың,
жығыларсың әлі қанша!
Дәм-тұзын тірлік шіркін тең бөлген бе,

түсірер әлі талай сергелдеңге,
әйтеуір...
арманыңның алдағанын,
жұлдызың жанбағанын елден көрме!

Құрбыңнан қатар өскен кем бе бағың,
жабығып,
жаба көрме елге бәрін,
Көкдауыл көңіл бұлтын айдап өтер,

естілмей қайда кетер сенде бар үн!
Қалпында ерге сенген,
жерге сенген,
аман жүр, айналайын, сен кеселден!

Біреуге ұнасаң да,
жыласаң да,
оқыста құласаң да –
көрмеші елден!

* * *
Бетім қайтып көрмесе де ешкімнен,
бұ тірлікте естімедім сес кімнен,
достарымның күндестігін қоздырмай,

дұшпанның да білместігін кештім мен.

Білмесем де жалтаруды,
бұғуды,
ойламадым жұрт алдына шығуды,
басымнан сөз асырмадым, ағайын,

тасым болса,
жасырмадым,
тығулы.
Өзгелерге өзімдей-ақ сенгелі,

бір адамды кінәлағым келмеді,
ағайын-жұрт күле ме деп қорықтым,
ит екен деп жүре ме деп ел мені!
* * *

Тереңі-ай мына суат түбінің,
бере ме құдай қуатты бүгін, –
қарадай ғана қалтырап барам,
қайда жүр менің шуақты күнім?»

Күйдіре келер құрбының демін,
қайда жүр екен нұрлы күндерім,
арылмады ма азабым бастан,
тарылғаны ма құрлығым менің!

Жалығып таңнан жарқын атпаған,
аядай жерге ән тұрақтаған.
суат түбінің суығы-ай мына,
қарадай тоңып,

қалтырап барам!..

ҚОЛҚА

Бір кәдеңе жарардай,
қолқа сала келген ең, –
ымыраға бара алмай,
ыңырана берген ем.

Осы екен деп өтінген,
ардан аттай алам ба, –
от шықпай ма бетімнен
отандасқа қарарда.

Қырық түрлі қырың бар,
құрық бойлап көрмеген,
Кім де болса –

қыбын дәл
табасың-ау сен деген.
Өзгені бір кекетпей
өте алмайтын не мықты,

әміріңді екі етпей
орындайтын болыпты.
Кімі шын дос, кімі құр
тойдырып жүр қарынын, –

ымы дайын, жымы бір
жұрағатқа жарыдың.
Бір кісілік қыры бар,
беделі бар баршаңа.

Түсі – құбыл «тіл ұғар»
туысқаның қаншама!
Арамзада ірі кек
жоқтығына желіге,

көп қыртыңның бірі деп,
қалғаның ба мені де?
Араласпай жүргенге
арзымайтын даң-дұңға,

аламын деп бір демде
алданып-ақ қалдың ба?
Бола салсам мен де кең,
бетім күйіп қалардай, –

ыңырана берген ем,
ымыраға бара алмай.
Ел де, түге... еміне,
келбетіңе құмар көп,

ойламап ең мені де,
жел бетіңе шығар деп.
Қолда – билік,
жолда – дау,

Тоймайды адам құрметке,
жолыққаның болмады ем,
мен сияқты бірбетке.
Болды демей бұл қалай

үзілердей ішегің,

ішің біліп тұрғаны-ай,
ертең күнім түсерін.
Кімнің бабын табайын, –
қиын боп тұр маған да,

сен екен деп, ағайын,
ардан аттай алам ба?!

СЫНАДЫ МЕНІ

Сынынан өтіп уақыттың,
сынынан өтіп Бақыттың,
тірліктің ащы-тұщысын,
бір кісідей-ақ татыппын.

Қаз басып, қашан, тұрғанша,
сынады мені жыр қанша.
Таяқ та жедім тағдырдан,
басы байлаулы құлдарша.

Құрбым да мені сынаған,
құрдым да мені сынаған,
Тәңірі басқа салғанға
көнбейтін бе еді бұл адам!

Ғашықтарым да сынады,
пасықтарың да сынады.
пысқырмай өтіп қасынан
жасытқаным да сынады.

Алтын да мені сынады,
даңқың да мені сынады.
Қайратты жан ба,
жоқ па деп,

халқым да мені сынады.
Салмай-ақ терең зынданға
сынап келеді сұмдар да.
Көзімнен аққан ащы жас,

өзімнен туған ұлдар да.
Тірліктің темір қақпаны
қапымды қашан таппады.
Алқымнан алған тағдыр ит

айырылмай келе жатқаны!

Жаныма жапа шектірген,
қабырғамды да сөктірген.
қылкөпір сынды қаншама
өткелдерден өттім мен.

Тұрғанда қызып көкте күн,
көресім әлі көп менің.
пенделік жасап әйтеуір,
абыройымды төкпедім.

Біреулер мұны бөсті дер,
біреулер үні өшті дер, –
бәріне төтеп берген деп,
бір күні бәрін естір ел!

ЖАҢҒЫРЫҚ

– А-һа-һа! Е-һе-һе!-леп, – айқайладық,

Алатау аппақ басын шайқай ма анық. –
Өз сөзім өзіме сор болды қанша,
жаңғырып,
жақпалдарды қайта айналып...

Өзіме аударам ба бар күнәні, –
Байқа! – деп таулар тағы жаңғырады.
Көріп ем көп сырымды қағазға айтып,
оны да қағып алып...

қалғымады.
Айқайла,
айқайлама –
кім еледі,

естісе – есерің де күлер еді, –
Оңаша не десең де,
«е» десең де,
өз сөзің өзіңе кеп тіреледі.

Тіге ме тас құлағын,
жар бұрылып,
жатқаны не десең де жаңғырығып.
Сырымды алды біліп сұмырайлар,

сыртымнан енді бірі қалды күліп.
Құпиям – кісіге айтпас қанша менің, –
жетсе деп жетеліге аңсап едім,

Күбір ете түседі сенен бұрын,
жыбыр ете бастаса сәл-пәл ерін.
Дауысым жетпеді ме көпке менің,
несіне бос арамтер боп келемін.

Сондықтан
ауылға да,
бауырға да
артық сөз айтпасқа енді серт беремін.

Кем айтып, артық айтып енді ешкімге,
сөзімді желге ұшыра бермеспін де.
Күтпей-ақ қайырымын, қойдым, тегі,
жұрағат,

жора-жолдас,
жерлестің де...
* * *
Басылар ма басыбайлы өксігім,

аспаным бір ашылар ма, –
өтші, күн,
даусымды айқын шығартпай да барады,
бұл не деген таусылмайтын көп шығын?!

Бір үмітім бір үмітке жалғанбай,
көлдің түбі көрініп те қалғандай,
жерде жоққа жерік қылған көңілім,
құдай өзі беріп тұрған барды алмай!

Жарылқайтын жақсыларды жайдарлы,
жасағанның шапағаты қайда әлгі? –
Көкіректі көрік үн де қыздырмай,
сенімім де сарқылуға айналды.

Сығырайып тесігінен түңліктің,
тымырайып тұрып алды ілбіп күн, –
Сәл үдетіп сыздауықтай сарынын
дәмі кетіп бара жатқан тірліктің.

Аңғара алмай –
жөнім қайсы,
жосығым,
жосығымның жоқтығынан шошыдым,

көгерсе де, не берсе де –
көретін,
тезірек бір өтсе деп ем осы күн!..

* * *
Дүңкілдеген дойырындай дүлейдің,
көкіректі кеткен алып үрейлі үн,
тайғанадық,

жанарымды жас қарып,
қайда барып табанымды тіреймін?!
Жаннан күдер үзгені ме сананың
жанарымды жоғарыға қададым.

Жел қай жаққа жіберері белгісіз,
қайда барып тірелері табаным...
Үрей..,
дүлей...

аты да жоқ,
жөні де,
жігерімді жеп барады кеміре,
әзірейіл жетпекші ме шынымен,

құрдымға алып кетпекші ме мені де?
Көкіректе аты-жөні жоқ үрей,
күндіз-түні қойды-ау тегі кемімей,
арымды да,

қанымды да азайтып,
жанымды да жеп барады жегідей!

СҰРА, БАЛАМ

Сұра, балам,
сұра бәрін,
сұрап ал,
сұрағанда тұрған қандай күнә бар,

ел емес пе –
қалар бірі жөн сілтеп,
ердің өзі ерегесте сыналар.
Күле кірсем,

біле жүрсем дедің бе, –
сұрағанның айыбы жоқ тегінде,
бір тойыңды тойламаған шағыңнан
дық қалмауын ойла, балам, көңілде.

Жасқа толып жүрмеуі үшін етегің,
жұрағаттан сұра бәрін жетелім:
адалдық пен арамдықтың арасын,
жақсылық пен жамандықтың не екенін.

Өмір деген –
күнде ерегес,
күнде сын,
кезігеді үндесің де күндесің,

сөз ұтысып әуре болма құрбыңмен,
өтіріктің көзі түсіп жүрмесін.
Қараңғыда жылт-жылт еткен көзі өткір,
шыға келіп жүрмесін де безеп тіл.

Сұра, балам,
сұра бәрін,
сұрап ал,
сынағалы –

сыбағалы кезек тұр.

Бұдан әрі жетпеді ме төзімің,
сұра, балам,
сұра бәрін –
тез ұғын,

оған бола кінәлаудың жөні жоқ,
білмесіңді сұрамаудың өзі мін.
Бар дертіңе туған елдің мұрасы ем
болуы үшін

сұра бәрін,
сұра сен,
Дүниені дүрсілдетіп жүрегің,
көңілінде жүрсін көктем нұры әсем;

Кеудең толы құс қанаты сусылдап,
көз жасыңа жапырағын жусын бақ,
туар болсаң –
ұл болып ту, қарағым,

бақытыңды қуар болсаң –
қу шындап!

АСЫҚПА

Шыдашы сәл-сәл,
асықпа,
жанымды бекер жасытпа.
Ғашық та болсам қайтейін,

барар жер әлі қашықта.
Болайын сенің құрбаның
мойныңды бері бұрмағын,

айтпай-ақ қойшы
алдымда
тағы не күтіп тұрғанын.
Ақындар едік –

күйрек ек,
қайтесің мені сүйрелеп.
Шырылдап тұр ғой жүрегім:
«тимеші бұған, тиме!» – деп.

Бар еді біраз бергенім,
бағамды білсін ел менің.
Асықтыра да көрмеші,
алдымда деуші ем көрмегім.

Бұйыра бермес жылда төр,
мына бір қызыл гүлді әпер.
Асықпа,
ана жақтарда

бар сияқты ма бір қатер?!
* * *
Азамат деп жүргенім,
айырылса беделден,

Сен айтпасаң –
білмедім, –
енді кімге сенем мен?
Сен құл болсаң, –

ол да құл,
құлдар қалай тіл таппас?
Біз баратын жол ма бұл, –
шамаң жетсе –

шырқап қаш!
Қайыры жоқ біріңе,
кім болады бұл бізге?
Тақылдаған тіліне

тамсанумен жүрміз бе?
Өнеге де,
үлгі де
осы десең ендігі,

ел дегенің дүрліге
еретіні белгілі.

Қаптады ма көзге шел,
түк көрмей ме тегінде,
Соның сөзі – сөз десе ел,
сандалыпты елің де!

* * *
Тіріліп күндіз,
түнде – өлем,
төңіректің бәрі айла, –

ит қалды ма үрмеген,
ауыл-аймақ, маңайда?
Тізгін берген жылпосқа
Заман қандай болады?

Сатылатын бір тостқа
ағам қайдан оңады!
Таппады да жүрек ем,
ақпады ма көз жасым, –

соларды ойлап жүдеген
жүйкең неге тозбасын!
Туа сала –
тірінің –

ойлайтыны бір мәнсап,
бірі етін жеп бірінің,
қулар сауық құрған шақ!
Сол қу атқа мінді ме, –

көзіне ілмей кісіні,
Тап-тап берер тілдіге,
қаптап берер күшігі.
Көріп келем жасымнан,

қояр да едім қозғамай, –
жұрттан қулық асырған
жылпостардың озғаны-ай!
Жақсыларға жолар ма,

жарытыпты кімді асы,
Ел не керек оларға, –
ойлайтыны бір басы.
Өзі де бір мықтының

қолтығына тығылған, –
Қол жияды құтты күн
жылмаңдаған зұлымнан.

Ақталмаса үмітің,
ақпаса да көз жасың,
Соларды ойлап күні-түн,
жүйкең қалай тозбасын!

БІР ЖЫЛ ТУҒАН ТӨЛ ЕДІҢ

Шықпасаң да сапарға аш,
тимеді ме көмегім? –
Келе жатқан қатарлас,
бір жыл туған төл едің.

Қылығыңды қым-қиғаш,
қиқарлыққа телідім, –
маскүнемдей ылғи мас,
басылмады желігің.

Жақсы болып тек қана
жаралғандай бір өзің,
Көретін ең көпті ала,
жақпады сол мінезің.

Кәрісі ме, жасы ма, –
тізіп мұрын
мұртынан,
Ит терісін басына

қаптайтын ең сыртыңан.
Көзі жоқта кісіні
сыбайтын ең сықпыртып.
үлкен аға, кіші іні,

шеттерінен шықты үркіп.
Кетті ішінде –
нұр көңіл –
балдызың ба,

бөлең бе,
Қол қусырып,
күнде бір
қонақ еткен төрең де.

Тәсілің бе,
налаң ба,
кәсібің бе – жұрт сынау, –
қаншама бір маған да

дегізбедің: «Қыртсың-ау!»

Кещесі де,
кесегі –
кеткендей-ақ бәрі алдап:
жолдасыңды кешегі

жүрдің маған жамандап.
Қайдан ғана жолықтым?
Баспасам да дауға аяқ,
Кетер ме деп қорықтым,

сөгер ме деп жаудай-ақ.
Төбелеспей, таласпай,
тату-тәтті жүрсек те,
дәм-тұзымыз жараспай,

қала бердім бір шетте.
Шықпасаң да сапарға аш,
тиген сәл-пәл көмегім,
Келе жатқан қатарлас,

бір жыл туған төл едің.
Кім біледі, егіле,
бір «досыңды» тағы алдап,
осы қазір мені де

отырмысың жамандап?!.
* * *
Тағы да алдандым-ау, алдандым-ау,
жанымды қайда қоям қалған мынау!

Кім екен шыбынымды шырылдатып,
қылғынтып,
кеңірдектен салған бұрау?!
Қапыда қала беріп, өкіндім-ау,

қан болған қызыл-жоса етім мынау.
Қазіргі көңілім де, өмірім де
қарызға сұрап алған секілді лау.
Кім екен лайлаған ой тұнығын,

қайда жүр өзімдікі дейтін үнім?
Шырадай жанғаны ма қос жанарым,
жалғанның ұнамай тұр кейпі бүгін!
Амалдың құрығаны-ай, құрығаны-ай,

жебем де бұрынғыдай зымырамай,
Қайда жүр: «Қойсаңдаршы!» – дейтін адам, –
заманның кейпі маған тұр ұнамай.

* * *
Қызығымның былайғы тастап бәрін,
келіп еді тағы бір асқақтағым,
бас тартқаның демесең болды, жаным,

қашқақтадым,
амалсыз қашқақтадым.
Сен десем де ендігі салар әнім,
күпті болар күні ертең жара мәлім.

Өте тұра – өзіңді – кезіккенде
көре тұра – көзіңе қарамадым.
Бір иіскесем монтиған анардан кеп,
Көңіл-итің құнығып, алар дәндеп.

Қашқақтадым амалсыз қаталатқан
махаббаттан айырылып қалам ба деп!.
* * *
Жамбасыма жайлы тиді қай тақтай,

жан-дүнием жаншылады жай таппай,
Түз көгеріп жарыта алмай жатқанда,
күз де келіп қалғаны ма байқатпай!
Не бітіре қойдым дейін? Не тынды?

Айтам енді елге де не бетімді?
Әлі күнге аяқталған түгім жоқ,
таяп қалған секілді ме екінді!
Қарап тұрсам –

үркер өшіп,
Ай да ауған,
не шығады өзімді-өзім қайраудан.
Алақанын жаяды қыр әлі де,

құтылмадым баяғы бір байлаудан.
Келді деймін кемеліне...
келді күн,
енді, деймін,

өзіме-өзім...
ендігің...
білсеңші, деп,
қойған болам біресе,

кімге қарап отырғанын ел бүгін!
Қыл мойынды қиып түскен құрықтан
құтыла алмай жүргенімді кім ұққан.

Зымыраумен өтіп жатыр күндер тек,
менің мұнда бар-жоғымды ұмытқан.

ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНДА

Бірі құлап, біреуі бүгіледі,
жүгіреді, тірліктен түңіледі,
қуыршақтар қылығы қандай қызық,
театрға барғаным бүгін еді.

Басын келіп біреуі иді мүлде,
қасын керіп,
қабағын түйді кімге,
билеуі де, топырақ илеуі де –

көрінбейтін құдірет билігінде.
Күлгізеді, жүгіртіп, жүргізеді,
күшік қылып біреуін үргізеді, –
қалт еткізбей жарлығын орындатып,

көріп тұрдым барлығын – күндіз еді.
Араларын қоя ма ушықтырып,
төбелесе кетеді ұшып тұрып,
айналады қым-қуыт тіршілікке –

қасқыр жылап,
жылқы ұлып,
мысық күліп...
Құтырады біреуі, қағынады,

қамығады, зарығып, тарығады,
Қуыршақ қой десек те, –
қарап тұрсақ –
өзімізге ұқсайды бәрі-бәрі!

Мына бірі ұлына: «Көк шешек!» – деп
мына бірі жұлына жетті өсектеп.
жарар еді дей берем,
біз де осылай

қуыршаққа айналып кетпесек тек!

КӨҢІЛ

Құлын-тайдай тебісіп, тепкілесіп,
көңіл шіркін көлді ұрттап, кекті кешіп,
қызыл-жасыл дүние оттарына
көкпарына – дүрліккен – кетті ілесіп!

Ақталды ма үміті, ақталмады,
қайғылыға қарамай қақпандағы,
түк қалдырмай ұйтқыды жан-күйімен,
қарды үйірген борандай ақпандағы.

Тілегінің барлығы бекер ме еді, –
той-думан да биікке көтермеді,
жақсыға да бұрылмай, тапшыға да,
жалғыз барып жұлдызға жетем деді.

Кіріп-шықпай есіне ырым бары,
бата жасар жаққа да бұрылмады.
Айлаға да жоқ еді,
пайдаға да, –

қайда ғана, құдай-ау, ұрынбады!
Жол ұзарып жастықпен арадағы,
байлыққа да бұрылып қарамады.
Бақ-дәреже тұсына тоқтамастан,

топтан асқан дәмеде...
барады әлі.
Қарсы алдынан берсе де күзі қылаң,
тудырмапты ешкімге ізі күмән, –

Бәрі соның – өмірдің тәттілігі,
бәрі соның – тірліктің қызығынан!

БАЛАПАН

Біреулермен дүрдараз,
біреулерге айбарлы,
ауламызда бір қораз
жүрді қызыл айдарлы.

Елді ертерек құттықтап,
естілетін қарлығы үн,
Бір дән тапса – қыт-қыттап,
шақыратын барлығын.

Шібилер мен шөжелер
жетіп келсе, тезірек
әлгі дәнді гөзел ер
қоюшы еді өзі жеп.

Соның өзін жалданып,
назар біткен ауып бар,

қалдық-ау деп алданып,
ойламайтын тауықтар.
Апарса да қайда алып,
жас мекиен жар тауып,

үйіріліп, айналып,
жүруші еді бар тауық.
Балапанға мұнысы
жақпады ма – таласты-ау:

– Арамыздан – дұрысы

бұл кәпірді аластау!
Деп, айнала жар салды, –
(бірақ оны кім ұғар),
бүйте берсе –

баршаңды
аш қатырар түрі бар.
Тағы бірі килікті:

– Жүретіндей аты есте,

берейік те билікті
берекелі әтешке!
Ұнамады ол талап,
тауық біткен – жас-кәрі,

Әлгі екеуін ортаға ап,
жүндей түте бастады.
Бірі – кейін, бірі – алда,
қыт-қыттасты даурыға,

Мұндай тобыр тынар ма
жынды қылмай сауды да.

– Мұндай сөзге кім сенер,

тіл тигізіп қоразға!..

– Жемін тауып жүрсе егер –

екеуіне сол аз ба?

– Сыйлау керек тәжін де

өзі емес пе ептінің,
арамызда әзірге
бұдан асып кетті кім?
Шіби шоқып бір кетті,

қыли шоқып бір кетті.

Күркілдесіп,
қыт-қыттап,
салды дейсің дүрмекті.
Батылы бар, батыры,

терсек демей дара дән,
әлгі екеуін ақыры
айдап шықты арадан.
Қалды дейсің аяп кім,

сыздаса да сан еті,
Алғашқыда таяқтың
көп тиетін әдеті.
* * *

Ақылың бар,
айлаң бар,
жіберіпсің кімге есе,
қайыры жоқ хайуандар

күндей берсін – күндесе.
Даңқы шыққан тұлпардан
тұғырың да озды енді,
Жамырасып жұрт алдан,

жалғыз саған сөз берді.
Кезігіп қап жолында,
топты қасқыр қамасын,
Көп ойланбай,

оның да
бір амалын табасың.
Көрсетпейтін түбіңді,
көп мінезің бар кесек,

ауыр-ауыр жүгіңді
арқалап жүр әңгі есек.
Жаралған ел бағына,
сен болмасаң қайтер ек?

Жан жуытпай маңына
маңқылдайды маңтөбет.
Кісі сөзін
құлағың,

бір тыңдамай,
бір тыңдап, –

жәдігөйге ұнадың,
зыр жүгірген жырқылдап.
Өзі не оның,
сөзі не, –

бар мәселе «бармақта»,
ірілердің өзі де
ілініп тұр қармаққа.
Берекесіз бейпілдер

тіл табысып өзіңмен,
ақылдымын дейтіндер
аса алмай жүр сөзіңнен.
Ақынға да жақтың сен,

батырға да жақтың сен,
қап-қап өсек тасыған
қатынға да жақтың сен.
Сенен асып туды кім,

қайте берем көкіп құр,
амал,
айла,
қулығың

барлығына жетіп тұр.
Айналаңды ел бітеп,
қатын – аман,
бала – сау,

өміріңді енді тек
ұзартуға жараса-ау!
...Ақыл айтам әлі де,
тыңда мені,

тыңдама:
жұрт біткеннің бәріне
жағушы еді сұм ғана!
* * *

Бұл өмірде кісімен
болмасам да бақталас,
боқтамаса ішінен,
бірі мені мақтамас.

Жылар жерде жыламай,
күлмес жерде күлдім бе, –

шала таныс бір ағай
жақтырмай жүр бұл күнде.
Қызғана ма орнымды,
қай сұмырай қалды аяп, –

Күндей-күндей қор қылды,
менде кегі бардай-ақ.
Жаны мүлде жай таппай,
жағаласып бір керең,

басқаларға байқатпай
баспалайды іргеден.
Күндейтіндей қор неме,
жүндейтіндей сыртымнан,

шықпап едім төрге де,
бұқпап едім жұртымнан:
озбағамын өрде мен,
қозғар әнім көп тегі,

жазығы жоқ пендемен
жауласқаны, неткені?
Күліп-ойнап жүрдік тең
дей алмаймын күш те кем,

қулықпен де сұмдықпен
жұрт алдына түспеп ем!
Жазығы жоқ жандыға,
жаужүрекпін мен деген,

біреуінің алдына
тұрмаған ем көлденең.
Өмірдегі өз орның
өзіңдікі десті үн де,

бермейін деп,
безердім,
ермейін деп,
ешкімге.

Құтылмады қыртыңнан,
кетті мені көп «елеп».
Сөз етердей сыртымнан,
осыларға не керек?!

МАЙДАН

Бұл да мықты,
ол да асқақ.
Екеуіне сай бар ма,
қане, қане... қол бастап,

кім шығады майданға?..
Ал, қанеки, шық бірің,
айналаңды шаңытып,
менменсіген «мықтының»

көкесін бір танытып.
Булыққанда ар шұғыл,
бас көтерер кім қалды, –
ат көтіне салшы бір

азғындаған сұмдарды!
Етіп әбден елді ығыр,
кетті бірі құтырып,
көріңдерші енді бір

бет пердесін сыпырып.
Билігі бар қолында
барады елді қуырып,
кеңірдегін оның да

беріңдерші суырып.
Қанымызда құлдық бар,
айта алмадық асқақ ән,
сондықтан да сұмдықтар

құтырына бастаған.
Баса-көктеп өтті де,
басыбайлы дүлейлер,
басы жерге жетті ме, –

баяғыдан үрейлі ел.
Тәйтік тышып төріңе,
болды бәрі шерменде.
Кек әперер деді ме,

қарай берді сендерге.
Күні жақын жеңістің,
енді неден қорқасың, –
Жеркенедей жегіштің,

жұлып алшы қолқасын!

Езуінде күлкі бар,
едірейіп жендет тұр,
қылша мойнын қырқып ал,
қылышыңмен енді өткір.

Арғымақпен қағып өт
жағымпаздың үйін сәл,
арамзаның нағылет
күлкісіне тыйым сал!..

...Қос арғымақ берді ұшып,
батыр аспас бар ма бел, –
«ақымағы» жер құшып,
«ақылдысын» қарғады ел.

Кім ұтылып, кім ұтпақ –
ақыры кеп ел ұқты:
бірі жаудан бұғып қап,
бірі жұртқа сеніпті.

Есеңгіреп тұрмын ба,
ердің есіл ғұмыры-ай!
Қырық жылдық қырғында
өлмейді екен сұмырай!

* * *
Біледі не дерімді ел де менің,
бет ауған жаққа лағып,
желдемедім, –

түбінен құлағымның ес кіргелі,
қаншама естілмеді көлденең үн.
Бұзылмай баяғы ырғақ, бұрынғы әнім,
бой салып, біреуіне бұрылмадым.

жеткізіп жетеліге өз үнімді,
қаншалық төзімімді шығындадым.
Өзгере қоймағанға өмір әлі,
жанарым жасқа толып, шомылады.

Үймеді боқ дүние басыма бақ,
тимеді қызықтың да молырағы.
«Бұл мақұрым қалмағыма кім кінәлі?»
біле алмай мен де соны жүрмін әлі,

жаныңа бата түсер

күндеріңнің,
тұлдырсыз түндеріңнің сырғығаны.
Сөзімнің бұзбайын деп бұрынғы әрін,
орынсыз өзімді-өзім шығындадым.

Біледі ел не дерімді,
өнерімді,
біледі қаншалықты қырым барын.
Бір ауыз естіле ме еңіреп үн,

біледі ел не дерімді тегі менің,
Тағы да өзімді өзім байқағым кеп,
жылы сөз айтамын деп келіп едім.
* * *

Озып ем алға бір адым,
озбырларға да ұнадым.
Естіле түскен кеше өктем
өсектен тынды құлағым.

Құдайым мені оңғарар,
ежелгі дұшпан – ол да бар,
көзге ілмей жүрген неме де
бөдене болып жорғалар.

Ілгері жүре түсіп ем,
жалт беріп жауым – күші кем,
мақтады келіп көзіме,
боқтап тұрса да ішінен.

Өтіп ем тағы бір адым,
өсекшіге де ұнадым,
шулатқанын да кім білсін,
қаншама достың құлағын.

алдыңда сенің ақпыз деп,
қашаннан саған жақпыз деп,
жәдігөйлері жалбақтап,
жағымпаздары тапты іздеп.

Келетін еді кінәлай,
тістеп жүр тілін бір ағай,
құйрығын қысты қаскүнем,
маскүнем қарыз сұрамай.

Бүлкілдеп талай көмейлер,
өзім боп шығып өгейлер,
Кездейсоқ күні түсті ме, –
құдайға сені теңейді ел!

МҮМКІН-АУ

Мүмкін-ау...
мүмкін...
мүмкін...
мүмкін бәрі –

мені де дүние шіркін бір тыңдары.
Кішілер жабырқаулы жанарымнан
түсінер жас аралас күлкімді әлі!
Ел қамын енді ойланар кемел іні,

түбінде түсінбесін неге мұны, –
күлмей де қайтер едің,
Тәңірдің де
тайса егер тура жолдан төрелігі!

Қайда жүр қазекеңнің қалған ұлы,
елім деп еңіреген бар ма бірі?
Осылай өткені ме ендігі өмір,
біржола кеткені ме ар қадірі!

Маңырап лағы да, бұлағы да,
аңырап ата жұртың жылады ма, –
Өтпесе, өлесің бе, сезім,
сөзің

жетпесе періштенің құлағына!
Мұңымды мықтылардай ұқтыра
алмай,
шынымды жайын ауыз жұтты қандай?

Айналып күні – түнге,
үмітім де
ақырын ери-ери бітті қардай.
Торығып...

іздегенім шындық еді,
зорығып, сенімнің де сынды белі,
жүрмін бе, шоламын деп алысты мен,
түсе алмай дәл үстінен, кім біледі!

Жүрегім қанша болды жұлқынғалы,
жалған ба жас аралас күлкім бары.
Кетпесем бүгін өліп,
түбі келіп, мүмкін-ау,

дүниенің бір тыңдары!

* * *
Көкіректе дертім көп,
жат табалап,
дос – ұғар;

жылар едім еңкілдеп,
одан бірақ не шығар!

Қайыр күткен кісіден
менікі де қай дәме?
Арағын да ішіп ем,
одан түсер пайда не!

Азық еді көңілге
ағайынның көптігі, –
азынаған өмірде
ара тұрар жоқ бірі!

Күні-түні іштегі өрт
үдей түсті, қайтемін, –
қандай ғана күш бөгеп
тоқтатады? Айт емін.

Шығара алмай бір мықты үн,
шаш ағарды,
жас келді,
қидаласқан тірліктің

қиюы да қашты енді.
Арпалысып ар,
намыс,
ауыр ойлар миды жер,

Айтыңдаршы,
бар ма күш
бір септігін тигізер?
Тіршіліктің өзін де

дәтке қуат демесек,
керек болған кезінде
кісілігің неге сеп!
* * *

Әділ айтқан әзілімді кек түйген
талай досым көрместей боп кетті үйден.
Оған да өзің күйзелесің, күйесің,
кінәң жоғын біле тұра бет күйген.

Құрдасың ба,
сырласың ба көптенгі,
көтермейтін болып алды өкпеңді,
Жақсыға да жақпайсың сен,

қаншама
шындықты айтып
шырылдадым – деп кергі.
Осы күні отырмасаң кіл төрде,

көлгірсімей күле алмайсың үлкенге,
Жағынбасаң – жамандайды шыға сап,
тура сөзді таба алмайды жұрт емге.
Күні кеше айтамын деп сәл мінін,

қытығына тидім бе бір әлдінің, –
енді маған мұз қабағы жібімей,
сызданарын сезіп тұрмын дәл бүгін.
Ескертіп ем елге қыры жоқтығын,

торсаң қағып,
теріс қарап өтті інім.
Іш қазандай қайнағаны болмаса,
жаңғырыққа айналады өткір үн.

Әр сөзіңнің іздесе жұрт астарын,
кімге керек шындық бетін ашқаның,
келе-келе құрдастардың өзіне
қалжыңдаудан қашқалақтай бастадым.

* * *
Бастан ауып,
баянсыздау мұнар күн,
қалжырармын,

қансырармын,
жылармын,
жүдеуі де мүмкін көңіл,
тек қана

біреуіңе жалынбайтын шығармын!
Түссін басқа тауқыметі ауыр күн,
жарасын да жаба тоқып жауырдың,
дауылына жығылмаспын тағдырдың,

бауырына тығылмаспын дәуірдің.

Көкіректе қапа-мұңым көп мүлдем,
қаншама бір солқылдап та өтті іргем, –
Асыл киіп,
арамзаның алдына

басымды иіп,
бара қойған жоқпын мен!
Өтер бастан бейнеті көп нелер күн,
тарлыққа да,

барлыққа да көнермін.
Айтпасын тек,
айдауына жүрем де,
айтағына үре қоям деп елдің.

Сатылмайтын мәртебеге, алтынға,
ұқсаймын да нар тұлғалы мәрт ұлға,
ит десең де,
кит десең де, ағайын,

енді өзгермей,
өтем осы қалпымда!
* * *
Кекшіл тағдыр кертіп алып енді өшін,

тәлкек етті Тәңірінің пендесін, –
мұндай күйді дұшпаныңның басына,
қас жауыңның қасына да бермесін!
Қандай ғана қатал еді, кекті еді,

ұрды кетті,
ұрды кетті тек мені,
тітіркене дір-дір етті қара жер,
күлдір етті жұлдыз біткен көктегі.

...аяры-ай,
аңдып келіп.
ұрды-ау мені аямай!
Тәлтіректеп,

тұрармын-ау орнымнан,
аман болса аспанымда баяғы Ай,
аман болса көкте күн,
есімді де жиярмын-ау, өкпелім.

Амал қанша, қатты батты бұл соққы,
қапелімде қансыратып кеткенің!

* * *
...әй, дегенмен,.. дегенмен,
бұлай бола қояр деген жоқ ем мен,
бөрі-тағдыр бебеулеген қозымды

ағытып алып кете берді-ау көгеннен.
Желідегі желкілдеген құлының,
жетегінде кете берді-ау «ұрының»,
бар үмітім былай қалып бір күнде,

лайланып шыға келді-ау тұнығым!
Адал өскен алаңғасар аңғалым,
аңғармады алдында апан, жар барын,
көрген түстей болды-ау бұлдыр дүние,

енді-енді бір шыққан кезде самғап үн.
...не дейін!
Тасып келе жатқан кезде мерейім,
жыр да мына жылауыққа айналып,

у ішкендей құрғады ма көмейім!
...қолымнан да түк келмей,
бар тынысым, алқынысым біткендей,
Ашылмаған кітап еді әлі бір,

шынымен-ақ қалғаны ма түптелмей?!
...әй, дегенмен, дегенмен,
мұндай сұмдық көрем деген жоқ ем мен.
Сол күні іргем солқ етті де, құдай-ау,

жай түскендей болды бірден төбемнен.
* * *
Қайғымды қалай ғана бүркемекпін,
қарғам-ай, қарап тұрып діңкелеттің.

Ықпаған жолбарыстан жүрегімді
көжектей асыранды үркек еттің
Бір қырсық айналдырып биыл мені,
жанымның күйзелгені, күйінгені.

Бермейтін ханға сәлем қайран басым,
алдына кімнің ғана иілмеді!
Жайымды түсінбесе бір ағайын,
жалынып,

кімге барып жыланайын?
Жәудіреп бота көзі,

менен үміт,
күтеді,
күтеді әлі құралайым.
Былғанып бойтұмардай тұп-тұнығым,

ащырақ аяқ асты шықты ма үнім?
Құдай-ау, мықтылығың кімге дәрі,
күлкісіз өтіп жатса құтты күнің.
Тағдырға не жаздым деп діңкелеткен,

көрсетпей,
көздің жасын сүртем еппен.
Қарадан қорықпаған жүрегімді,
қарғам-ай, осыншалық үркек еткен!

* * *
Таза жерге тамса да кіндік қаның,
қарағым-ай, қайтейін, тілді ұқпадың!
Балалықпен, не керек, білмедің-ау,

сұлулық бар тірлікте – сұмдық барын.
Кеше ғана көңілім өрлеп еді,
қараттың да кеттің-ау жерге мені,
Бара жатты жүрегім шошып, өліп,

осы болып ендігі көрмегені!
Түсінбедің тірлікте ездік барын,
тез беріліп кісіге, тез құптадың,
«Жатыр, – деуші ем, – жау деген

жар астында»,–
қайтейін-ай, қарағым, сөзді ұқпадың.
Балапаным, басымды салған мұңға,
өзге түгіл, өзің де таң қалдың ба, –

өмір деген бермейді күнде бетін,
аңғардың ба? –
Бәрі де жалған мұнда.
Бұлдайтының жастығың, жамалың ба,

бұзылып тұр заңың да, заманың да,
Кімдер ғана тірлікте жасымапты,
тасы қатты тиеді адал ұлға.
Қарағым-ай, қайтейін, тілді алмадың,

өзіңді ме?
Өзгені? –

Кімді алдадың?
Балалықпен аңғармай қалдың ба әлде,
сұлулық бар тірлікте –
сұмдар барын!

* * *
Өзгермеді ештеңе, өзгермеді,
ауыздыға арсыздар сөз бермеді.
Ыңыршағы көрінген атты айдаумен,

қақпайлаумен келеді ездер мені.
Күш көрсетіп біріңе,
біріңе айбар,
жол беретін түрі жоқ сұмырайлар.

Тез жерінем десең сен,
осылардың
өздерінен аумайтын ұрыға айнал.
Су жұқтырмас керемет дарыны бар,

аттан түсе қоймайды әлі бұлар,
Сүйеу болу үшін де бір-біріңе,
тірлігіңе солардың тәлімін ал.
Алпыс екі тамырлы айласы бар,

үйренгенің өзіңе пайда шығар,
ақталады жастайғы азабың да,
ар-ұятың қашпайды! Қайда асығар.
Құрық бойлап көрмеген қулығы бар

ішің күйсе – тұз жала, булығып ал,
Ұнамайық,
ұнайық, амал қанша,
заманына лайық туды бұлар!

* * *
Жететіндей осы өлеңнің түбіне,
неге сонша өліп-өштім бүліне?
Менен басқа ақын құрып қалып па,

азаптанып, арпалысқан күніге?
Күні бойы көк түтінге қамалып,
Кімге бола жан беремін, жан алып?
Жылауда ма,

күлуде ме мақсатым,
жүруде ме көптің бірі саналып?

Қазақ үшін керегі не өлеңнің,
өлеңдетіп қай құрметке бөлендім?
Алау болғам, жалау болғам дейін бе? –
Жыртығына жамау болғам жоқ елдің.

Кімге бола танды көзбен атырам,
күні бойы басты неге қатырам?
Мұздай болған қай көңілді жібітіп,
Қай жүректі бүлк еткізіп жатыр ән?

Лақтырып қағазды да,
қаламды,
кезіп кете берсем бе екен даламды,
Өмірдегі олқымды бір толтырып,

жуып-шайып көңілдегі алаңды.
Бір қызыл гүл көрсем бірақ даладан,
қайта келіп ақ қағазға қадалам.
Жететіндей осы өлеңнің түбіне,

түні бойы жан берем де, жан алам.
Қызығырақ бола түсіп енді өмір,
құшағыма тола түсіп енді өңір,
Жаза берем, жаза берем тағы да,

маза деген болмақ емес менде бір!

АҒАШ

Маңайына ұнар бәлки, ұнамас,
күні жетсе – құлар бәлки, құламас,
жапан түзде
жапырағы жайқалып,

жалғыз өсіп тұрушы еді бір ағаш.
Туған жердің табан тіреп тасына
тұрушы еді бұлттан бойын асыра,
бір тоқтамай өте алмайтын көргендер,

құстар ұшып жете алмайтын басына.
Жауыныңа,
дауылыңа ырғалмай,
төңірегі шөп-шалаңға шырмалмай,

түз өтінде жапа-жалғыз маңқиып,
осы араның күзетінде тұрғандай,

қаншама жыл ұнап аспан,
ұнап тау,
тұрушы еді елден мойны жырақтау.
Көңіліне қарамады, тағдырдың, –

аралады, жаралады –
құлатты-ау!
Тірлігіңде болмаса да бақталас,
құлағанды кімдер ғана таптамас.

Қыратқа да,
бұлаққа да қарамай,
құла дүзде құлап қана жатты ағаш...
Қызыл-жасыл қыз дүние жырақ қап,

қала берді қыр беткейді тұрақтап.
Қыран ұшып жете алмайтын басына
енді келіп, кім көрінген жүр-аттап!

МАМЫР

Қарсы алып мамыражай мамыр айын,
тағы да қағынайын, сабылайын,
есімнен жаңылайын, жамырайын, –
сәулелі күндерімді сағынайын!..

Білмейтін ым-жымыңды,
ымыраны,
басталып баяғы асқақ ғұмыр әні,
Күн нұры қараулықтан қашып шығып,

қорғана
қолтығыма тығылады.
Кешегі күйініштің сарқыны ма, –
тығылып ащы бір жас алқымыма,

аспанды айқыш-ұйқыш тілгілеген
қараймын нажағайдың жарқылына.
Көл-көсір көкірекке жыр тұнғасын,
шығады бұрынғыдан күлкің басым, –

қаншама жыртылмасын көмекейің,
оны да енді бірақ кім тыңдасын!
Шыға ма беткейлерге жамырай гүл
тұра ма өзін-өзі танымай қыр,

Дүние мың құбылып жатқан шақта
көңілді күпті қылған Тәңірі-ай бұл!

ӨЗГЕРУ

Көңілің мәрт,
қолың жомарт,
жаның кең,
арынды да,

дарынды да,
алымды ең,
сенен ғана көруші едім
кісілік,

ерлік,
кеңдік,
кемелдіктің бәрін мен;
Есіргенге

есе бермей өр көңіл,
кесірден де
кегіңді алып сен небір,
жамандамақ болған шақта біреуді

саған қарап сөйлеуші еді төрдегі ұл.
Ірілікті не қылады ендігі ез,
ұлы жолда ұры-қары болды кез,
тоқты көріп,

ептіге еріп,
ақыры
кетті кеміп
сол кісілік,

сол мінез.
Сен деуші едім үлгілі де үздігім,
босап шыға берді қалай тізгінің?
Аңғырт басым бара жатты айналып,

жаңғыртпасын сезген сайын түзде үнің!

ҚАЙДА БАРЫП

Қайдағы күйкі тірлік,
күңкілге еріп,
бара ма күннен-күнге күлкім кеміп,
шалардай ызғар-өмір үсігі анық,

алдыңа түсіп алып бүлкілдедік.
Алмады,
амал қанша, ығына айым,
тағдырдың,

қайда барсам,
мұңы дайын.
Алдайды үмітің де,
үгітің де,

қалмайды қыр соңымнан бір уайым.
Өзім де мұңға бола туғам ба анық,
тірліктің қай уына уланбадық, –
арыла бастадым-ау дегеніңше,

шығады тағы бірі сумаң қағып.
Жанымды жалаң қайғы жайлап алып
қатерге басты қанша байламадық,
жұтынан

діңкілдеген көңілімнің,
құтылам, Құдайым-ау, қайда барып?!

ҚҰР МАҚТАН

Көзімін бе көненің,
өзімін бе мықтының –
бастық еді –
алдымнан

машина алып шықты інім,
сол-ақ екен ағайын
аяғынан тік тұрып.
төбесіне көтеріп,

дүрлігісті құтты күн...
Қауқылдасып кәрісі,
жарқылдасып жастары,
мәртебемді менің де

бір көтеріп тастады,
Менменсіген дүлейді
маңайымнан жүргізбей,
үрейді де манағы

ұмыттыра бастады.
Айналдым ба Тәңірге –
айналаның бәрі асқақ
ымдағаным – әмір де,

тыңдағаным кәрі аспап,
той-думанын қызықтап,
кете бердім ауылдың

көкіректе қамалған
ойдың бәрін аластап.
...Әй, мақтаншақ қазақ-ай!
оңбайтын-ақ шығармыз, –

дүрмекке де қайдағы,
құрметке де құмармыз,
күпінуге келгенде
алдымызға жан салмай,

билік десе бүлініп,
жүгініп-ақ тұрамыз!
Дәрежеден дәмелің –
жоралғыны,

жолды іркіп,
үлкен-кіші ұлықтан
былайғы жұрт болды үркіп.
Құрмет көрсек –

күпініп,
елпілдедік баладай,
жүргеніне қарамай,
бәрімізді сол құртып!

ДОСТЫҢ БІРІ

Ә дегенше елден озып енді иық,
көтеріліп шыға келдің сен биік.
Бақ-дәреже, абыройды, атақты
бір-ақ сәтте дарқан тағдыр берді үйіп.

Ұмытылып кеше көрген жәбірің,
айналаңа жүріп берді әмірің.
Қасқа маңдай жиырылып-жазылып,
салмақтана бастағандай әрі үнің.

Көтермелеп қошеметшіл зәлімдер,
бір-ақ күнде байқап қалды әліңді ел.
штаттағы жансызың бар,
жұртыңның

үшкіргенін, түшкіргенін мәлімдер.
Тез үйрендің өзіңді-өзің бұлдауды,
кісі сөзін қырын қарап тыңдауды,
айлап созып әдеттене бастадың

қас қағымда бітіретін бір дауды.

Біраз елге жүре бастап билігің,
бірімін деп қалдың білем «милының»,
Қабақ шытып танысыңа кешегі,
ұмытпадың намысыңа тиді кім.

Түгел жұмсап алпыс екі айлаңды,
іші-сыртың мәліш қойдай майланды,
күні кеше шашпауыңды көтерген
құрдастарың, сырластарың қайда әлгі?!

«Қайда барсаң осы ғой, – деп, – ел деген!»
жұрағаттан жеріп шыға келген ең,
қара төбет сияқтанып менмендік
арамызға жатып алды көлденең.

Күні кеше күшің мәлім, сұсың кем,
сен де біздей кебенектің ішінде ең,
айналаңа адырая қарайсың,
құдай болып туа қалған пішінмен.

Тиді қолға абырой да, әмір де,
бөліне де жатар әлі сан ірге,
өйткені сен қырын қарай бастадың
дәрежеңді артық еткен Тәңірге!

* * *
Сенен басқа,
айтам енді наз кімге,
көктем өтіп,

келіп қапты-ау жаз мүлде,
өтінерім осы-ақ тегі өзіңнен:
бұғауыңнан босат мені аз күнге!
Үдер үнді,

күдерімді кім үзбек,
жібер мені,
жөнелейін жыр іздеп,
Көндірейін,

сендірейін өзімді
бұл жүрісім бұрынғыдан тығыз деп.
Күпті болды көңіл у мен жылаудан,
егілумен, екіндіге күн ауған,

Жыр әкелем, жылдап іздеп таппайтын.
бірер күнге босатсаңшы бұғаудан.

Таңдайыма тамшы нәрін тамызбай,
тәуліктерім созылып тұр сағыздай,
Жіберсеңші,
ораламын түбінде

күліп барып,
жылап қайтар қарыздай...
Суырыла шығып талай додадан,
көкіректе алай-түлей борап ән,

етек-жеңім жырымдалып бір күні,
құшақ-құшақ жырымды алып,
оралам!
* * *

Туа біткен қандай көрік,
тамсанумен құрғады үн.
Тамыздағы таңдай болып,
тамылжып-ақ тұрғаның!

Жыл бойына жұрт үкілеп
жеке баққан құлындай.
Жанарыңа күлкі түлеп,
жәудіреген түріңді-ай!

Қарай-қарай көңілі ауып,
қара бассын дедің бе, –
бұлдырықтай омырауың,
қылдырықтай белің де.

Жүрсін деп пе ең дымы құрып,
үміті де үзілмей,
Еріндерің тұр үгіліп,
енді піскен жүзімдей.

Тасып аққан Іледейін,
толық қара бұрымың.
Қалай ғана жүдемейін, –
құрттың мені, құрыдым!..

* * *
Бұл өмірде бар-жоғыңды білместен,
күндерім-ай, қызыл-жасыл гүл кешкен,
шекесінен шертіп қойып шіріктің,

арулармен ат үстінде тілдескен.

Қойыныңнан құтылмастай нұр мынау,
таңды таңға ұластырып жүрдік-ау,
Алқымынан алдық қанша тағдырдың,
тақымына салдық қанша қылбұрау!

Әні кетті, сәні кетті, бәрі өтті, –
Тағдыр енді салды өзіме әлекті.
Әл бермеді, әлде мені тұқыртқан
қайтсем екен бұл атаңа нәлетті!

Өзі де бір өңмендеген өлермен,
қарақұстай қалмай ұшып төбеңнен,
жегенің де желім болып кейде бір,
күте қояр көмегің де жоқ елден.

Құшағымнан қуып шыққан бар нұрды,
қайтсем екен бұл қарабет тағдырды,
дарындас та дарынсызға ілесіп,
қарындас та көңілімді қалдырды.

Алауыз ғып айналаны, алқапты,
ара түсер ағайынды ант атты,
Кешер едім – қылығы өтіп барады,
оққа кеуде төсер едім – жан тәтті!

Ұшып кетті қолдан қарға –
кімге айтам, –
ой қағатын орманнан да құр қайтам.
Бір бастырмай қойды ілгері, амал не,

көптен бері мойнын бері бұрмай таң.
* * *
Тұнығым қайда деумен жетіп ішер,
ындыным кебе-кебе – бекіді шөл, –

біріміз-бірімізді табамыз ба,
жол жатыр арамызда екі мүшел?!
Кетесің сен ілгері,
мен – кейінде,

білмедім,
ерейін бе,
ермейін бе.
Таласар бұл фәниде кім бар саған,

бар болса –
баяғыда-ақ көрмейім бе!

Майысқан жағадағы талдай мүсін,
шыдайды,
сені көріп,
қандай кісің!

Мұңым ең күндіз-түні қалмай ерген,
шынымен сен де мені алдаймысың?
* * *
Арнаған бір өзіңе бар ғұмырды,

жанымның жарығысың таңғы нұрлы.
Ұқсамай өзгелерге,
сөзге де ерме,
қалпыңда,

қыздай болып,
қал бұрынғы...
Ести ме,
естімей ме жұрт үніңді,

күн сайын құшағыма күн тығылды,
әйтеуір маған ғана жүзің күліп,
қарай бер үзілдіріп кірпігіңді.
Тірлікте қылдай кінә арқаламай,

жүре бер шашыңды да сәл тарамай,
тозғанша саусақтағы жүзігіміз:
осы бір қызығымыз тарқамағай!..
* * *

Әрең өтіп ауыр күн,
әлсіреген түн еді
аулақтағы ауылдың
иті неге үреді?

Не бір күбір,
не басқа ән
естілмейді таяуда,
Түн жамылып,

дөң асқан
аттылы ма, жаяу ма?
Бір орнында тұра алмай –
тоңдырды ма түнгі ызғар, –

үнін қатты шығармай,
жымың қақты жұлдыздар.
Шабаланып ит үрді,
шәуілдесті қалғаны,

аулақта бір үй тұрды
сөніп-жанып шамдары.
Бұлтқа барып бұғынды ай,
жеткізер ме жаяуға,

аузыма кеп тығылмай,
беу, жүрегім, баяула!
Құлағымда күндізгі үн, –
түнгі ұйқымды бұзған кім?

Әлде бөтен бір қыздың
берекесін қызғандым?
* * *
Тамсантып күнде таңдайды еріткен,

қандай әдемі, қандай көрікті-ең!
Күні-түні қызып жүрсін деп мені.
үмітімді үзік жалғай келіп пе ең?
Алдай келіп пе ең?!

Қандай әдемі, қандай керім ең! –
Жанымда жүрер жандай көріп ем,
Бұтағын үзіп құрма ағаштың,
бұрыла қаштың... – алдай беріп ем!

Қандай берік ең!..
Таңдай тұп-тұнық, балдай еріген,
қандай сүйкімді, қандай керім ең!
Қарамай бурыл шашыма қалқам,

қасыңа біраз қалмай еріп ем.
қардай ерігем...
Алдыра қойған арман қай елін, –
үріп ауызға салғандай едің,

тірі бауыздап өттің де бүгін
кеттің бе, күнім? –
Қандай бала едің!
Қандай бала едің!..

Айырылып асық қалмай ма еріктен,
апыр-ай, қалқам, қандай көрікті ең!
Тағдырды-ай мына, жұрттың алдында
алынбас өші бардай кеміткен!

Жанбай келіп пе ең?

Соңымнан әлі қалмай сүйкімді үн,
жағадағы жас талдай сілкіндім.
Тамсана келе дәмі де кетті,
мәні де кетті таңдай шіркіннің!

Талдай сілкіндім..
* * *
Қылығы бөлек көріктім едің,
көргенім сол ғой елікті менің,

құрбаның болып кетуге тегі,
көніп тұр едім...
өліп тұр едім.
Асылдың құнын аңғармай қалған,

арманым менің, шалғайға барған,
Ергенде маған ұтылмас едің,
құтылмас едің қандай қамалдан!
Көңілімді ұғып, өзімді алдаған,

көріктім едің – көзімді арбаған,
Шамдана бастар жағым бұл менің,
айтуға саған сөзім қалмаған!

ШЫРЫЛДАП ЖҮРЕМ

Шегі бар өкініштің,
өкпенің де,
шырағым, шырылдаумен өткенім бе, –
қойды ғой көкейіңе қонбай сенің,

алданып,
азабыңды шеккенім де.
Еркімді билеп алып биыл менің,
елтідің, емексітіп.... иілмедің.

Түкке де тұрмады ма көз алдыңда
күлгенім,
күйінгенім,
түйілгенім?

Айтулы «жырынды» едік, дүрілдедік,
кетті ме қызға деген қырым кеміп,
айтқызбай түсінетін қарындастар
алдайды, амал қанша, бүгін келіп.

Аямай адал ниет, ақ білегін,
қанша қыз қабағымды бақты менің,

бәрінен биік көргем, иіп келген,
таңдайдан дәмі кетпес тәттім едің!
Шаршаған жүректен бе, тілек кем бе,
білемін, дарымасын бұл өкпем де, –

Қалқам-ай, ойда жоқта сен емес пе ең
қайтадан түлеткен де,
жүдеткен де.
Сен деп ем ендігі өмір көңілді әні,

адыра қалғаны ма соның бәрі?
Жүрек те тыным таппай, қарағым-ай,
құстай-ақ шырылдайды қолыңдағы.

ТҰҢҒЫШ РЕТ СҮЙІСКЕН ҚЫЗДЫҢ СӨЗІ

– Кешір, жаным, – дей беріп ем, –

күттірсем!
Қатты қысып,
құшағыңа тықтың сен...
Аспан құлап бара жатты үстіме...

құдай ұрсын,
содан кейін... түк білсем...
Алғаш рет ерінге ерін тигенде,
қарсыласар қалмады ма күй менде, –

қаным тасып ақты ма әлде бойдағы,
ақ төсіме батты ма әлде түймең де..
Қайда менің алаңғасар ақ таңым,
қалды есімде –

кілт үзіліп тәтті әнім,
әлдеқайда ағып қана, дүние-ай,
құшағыңда талып бара жатқаным!..
Ақылымнан адастым ба әлде мен,

осы ма еді шығардағы жан деген! –
Жұлдыз жиі аққан еді аспанда,
иіп бара жатқан еді бар денем...
Көзімді ашып алғанымда...

әлгі бір
қайта естіліп маңайдағы бар дүбір,
көлегейлеп қасымдағы сені де,
көпке дейін басылмады...

сәл діріл...

СЕЗІП ЖҮРСІҢ

Көзіңнен таса қылдың ба,
қалқам-ай, мені қас-қағым, –
салмағын ішкі мұңның да
сезіпті сенен басқа кім?

Үндемей ғана отырып,
түріме қарап тоясың.
Айтайын десем өтірік,
оны да біліп қоясың.

Салды ма тірлік сарсаңға,
өзімнен бұрын ұғасың.
Біреумен ұрсып қалсам да,
айтқызбай біліп тұрасың.

Кінәлі болсам – болармын,
күнәлі болып көрмегем, –
Айтқызбай біліп соны әр күн,
ашуға ырық бермеп ең..

Кісідей болып сүймеген,
сен қайтер екен деймін де,
жұмыстан кейін үйге мен
кешігіп келсем кейбірде;

есігіңді ашып, еркелеп,
жүзіңді теріс бұрмадың:
«Келдің ғой бүгін ерте!» – деп,
күлімдеп қана тұрғаның...

Түбінде тұрып тұнықтың,
шөлдеген күнің құрсын-ау!..
Қылымси білмес
қылықтым,

оны да сезіп жүрсің-ау!..
* * *
Ғашық болған жоқ шығармын,
кешір мені, қылықтым,

солқылдаған көк шынардың
саясында тынықтым.
Өмірдегі ұлы кінәм,
осы десем –

оңбаспын,

тас бұлақтың тұнығынан
тал түсімде шөл бастым.
Тартты өзіңе иісің бірден,
тарылды да арамыз,

Көрген жанды сүйсіндірген,
қуыршақтай қара қыз.
Теңбіл аспан жұлдызына
теңгеріпті сені кім.

басқа жұрттың мың қызына,
бере қоймас серігім..
Ғашық болдым өліп-өшіп,
десем,

ешкім нанбас та, –
басқаларға берік есік
ашық күйі қалмас па?
,* * *

Кезімізде қызулана қыз құшар,
құдайым-ау, дейтіндер кім бізді шал?
Самайыма қарамасын қарындас, –
қылаулаған қырау ғой ол күзгі сәл.

Елуіңді – ердің жасы, дейді ел де,
басқа қандай белгілер бар бейнемде?
Қатарынан озған ағаң, емес пе ем,
бозбаладан бұрын шығып кей белге.

Айырбастап ала алмайтын алтынға,
тістерім де,
күш,
демім де қалпында,

Арулардың ажарына татырлық
айбын да бар,
айдын да бар,
бар тұлға!

Бой түзеуге болмады деп мұршамыз,
тұрғыластар, түңілмейік мұнша біз,
Елікпейтін, желікпейтін несі бар,
жас жігіттен жақсы көріп тұрса қыз!

Ақ түндермен алмастырып күндізді,
елуің де ерттеулі атқа мінгізді,
Бәріне де даяр тұрған жайым бар,
қай антұрған қартайды деп жүр бізді!

* * *
Қабағынан күн көрінген,
қараторы келіншек,
Келіп-кетіп жүргеніңмен,

қиналасың –
елің шет.
Оңаша бір сыр айтып ем,
отырғанда шай ішіп...

...Құшағыма құлайтын ең,
құба талдай майысып
Құмырсқа бел, қаз омырау,
алма мойын толық,

паң,
жарқыраған жаз едің-ау
жаурағанда жолыққан.
Өзің біліп,

көзің күліп,
ұқтың халді сұрамай,
Құрығыма тез ілдіріп,
тұра қалған құралай.

Қылығың да құлындай-ау,
кім теңесер бұл маңда.
естілетін үнің баяу,
есім шығып тұрғанда...

Бола алмадық күнде бірге,
не дер екен ендігі-ай!
Жиі келіп жүргеніңде,
Сағынбас па ем мен бұлай?

Қызғану да ерге міндет,
сезімталым, сергегім.
Өткен жолы келмедің деп,
телефонмен тергедім.

Білем бәрін
алаңдайсың
балаға да, байға да,
басар тау да таба алмайсың

сұқ көздерден айнала.
Біле тұра сағынамын,
қағынамын даурыға,

бара алмасым тағы мәлім,
базары жоқ аулыңа.
Жұлқынғанмен жүрек елші,
жерің шалғай,

елің шет.
Келіп-кетіп жүре берші,
құралай көз келіншек!
* * *

Көріктім, көптен бері көрінбеген,
жүрсем де қойып кеткен жерінде мен,
ақ тамақ,
қабағыңды,

қасыңды да,
сағындым шашыңды да өрілмеген.
Арайлым, айлар бойы жолықпаған,
көңілге, қарап тұрсам, толыпты алаң,

қадірің күннен-күнге арта түсіп,
мен сені көп аңсайтын болып барам...
Ақ қайың сияқтанып сида біткен,
қиыла қараушы едің ибалықпен, –

Сағынып көздеріңді,
сөз...
деміңді
мен бұрын осылайша қиналып па ем!

Жүрсең де мың құштырып,
жүз өптіріп,
жүзіңнен үзілмейтін ізеттілік,
Қызара қалатының есімде әлі,

шашыңды теріс қарап түзеп тұрып.
Ұяңым,
инабатты
ұялшағым,

мен сені осы күндер жиі аңсадым,
түсімде ақ жүзіңді көрем бе деп.
сөндірмей жатам ұзақ қиял шамын.
Аяулы,

ақ дидарлы еркем менің,
көп болды көз алдымда өртенбедің,
демінде кете тұра бар сабырым,
менің де бітпей қойды-ау «ертеңдерім».

Арайлым,
айлар бойы жолықпаған,
көпіршіп көкірекке толыпты алаң,
Өзіңді күннен-күнге көп аңсайтын,

тек қана сені аңсайтын болып барам!

БЕЛГІСІЗ

Не шығар енді келіп өкінгенмен,
қамығып,
қадіріңді кетіргеннен, –
көп қыздың бірі екенсің, қарағым-ай,

көктемнің көбелегі секілденген.
Ғашық та бола жаздап бір күн ерсең,
тұрасың қона жаздап –
гүлді көрсең.

Көненің көзіндей боп, қылықтым-ай,
деп едім,
өзгелерге үлгі берсең...
Ұнаған

қылығың да,
бұрымың да,
деп едім,
тұңғыш татқан тұнығым ба...

Кім білген,
үміт,
күдік сыйыспасын
махаббат дейтін сол бір ұлы ұғымға.

Қамығып,
қалқам, саған кейімедім,
өзім де алдануға бейім едім...
Белгісіз –

сенімсіздік араласқан
ащы ойдан енді қашан сейілерім...
* * *
Отпын дер едім, шоқпын дер едім,

онсыз да күймей тұрмыз ба;
ғашық боп көрген жоқпын дер едім
өзіңнен басқа бір қызға.
Бәрібір оған нанбайтыныңды,

қалмайтыныңды бұл елден,

ұсынып үшкіл балдай тіліңді,
алдайтыныңды білем мен!
Көңілім содан жиі мұңданса,
ұға да қойсын мұны кім, –

Ішімде кеткен күйігім қанша,
ішілмей кеткен тұнығым.
Шағымда мынау шашым ағарған,
ауғанда мезгіл бесінге,

қысылмай сенің қасыңа барған
қызық сәт қана есімде.
Пәлені басқа үймей түбінде
кету ме мақсат ендігі, –

орынсыз отқа күймейтінің де,
сүймейтінің де белгілі.
Қызығын менен аяды қашан,
думанды,

тойлы,
дулы өмір,
Қалпында бірақ баяғы масаң
тоймай-ақ қойды қу көңіл!

* * *
Көңілім сені «құрбым» демеді,
бір күнге мені кешерсің,
бауырыма басып тұрғым кеп еді,

балбырай түссем –
несі ерсі!
Айналдым сенің ақ білегіңнен,
мойныма келіп асылған,

Жұмылып көзім тәтті лебіңнен,
жұпар аңқыды-ау шашыңнан.
Қалтырай берген, қарғадай күнім,
тұла бой толы дірілдеп,

алдап та сулап,
арбамай бүгін
алдыма келген түріңнен!
Құшаққа күткен келіп-ақ кірдің,

қымсына берме текке сен,
өліп-ақ тұрмын,
көніп-ақ тұрмын
құрбаның болып кет десең!

* * *
Қаншама қыз-қыз қан қайнап,
қармана басып, қорқақтай,
қырсығып тірлік, жанбай бақ,

қыстығушы едім жол таппай,
телміріп көпке көз үнсіз,
термелеп айтып аздап ән,
құралай құрбым, өзіңсіз

көрсоқыр бола жаздағам;
ащы уын жұтып қайғының,
айырылған шақта дәрменнен,
аңсата жетіп, Ай-күліп,

сен емес пе едің әл берген;
тұрып та жүріп, құлап та,
әлі де болса торығам.
Амалым қанша, бірақ та

саған да сирек жолығам.
Қамымен кетіп бір бастың,
томсарып бірде баладай,
Қатарлас құрбы-құрдастың

көңіліне де қарамай,
Ашынып жүрген кезімде
өзімді асқақ санап тым,
жанашыр достың өзін де

қаншама жерге қараттым.
Таусыла жаздап төзім шың,
аласұрғанда алқына,
өнеге болып өз үлгің

түсуші ем тағы қалпыма
Бастар деп тосын жол қайда,
кеудемді кернер тың сұрау, –
амал не, қалқам, сондайда

қасымда болмай жүрсің-ау.
Тірліктің жолы сан тарау,
түсе алмай жүрсем біріне, –
Қадірі бөлек қалқам-ау,

таусылған ба арман тіріде.
таппадым төте жолды да,
түңіліп кейде бәрінен,

мұратым биік болды ма, –
жете алмай келем әлі мен.
Шыңдарға шырқау бет түзеп,
шырқаған шақта қас-қағым,

желіккен ойға жоқ күзет, –
жемтігі болды басқаның.
Кеудемде сыңсып байырғы ән,
жырылып тағы қалдым ба? –

Сені де менен айырған
Не десем екен тағдырға!
* * *
Көбейіп көлеңкелер,

күн суырда
Тағдырым айналды ма қырсығуға, –
тағы да жолықсам ба дейді көңіл,
өрімдей,

өліп-өшкен бір сұлуға!
Қыртиып қатарласым,
қаруласым,
бұл күнде жанудан да

налу басым,
ауызға осындайда үріп салар,
дүние-ай, жолықтырсаң аруға шын!
Сол болып еркелетер елігім де,

жөнелсе сүйреп алыс сері күнге,
көркіне табындырып,
қағындырып,
есімнен жаңылдырып мені мүлде!

Қарамай қақпайлаған жеңгелерге,
үздігіп күндіз-түні мен дегенде,
шығарда жаны бірге тұрса дәйім,
нем қалды сонда менің өлмегенде!

Барлығын сылтауымның себепті етіп,
мені де күндіз-түні дедектетіп,
жол тосып,
тұрса шіркін,

дірдек қағып,
биге де құрбысынан бөлек кетіп!

Ендігі өзі болып бір сенерім,
жайымды түсіне де білсе дедім.
(Осындай қас сұлуды құшып едім!)
түнімен түсіме еніп жүрсе менің!

Беріліп қайдағы жоқ құса-мұңға,
еркімді орынсыз-ақ тұсадым ба, –
мен тегі қарақшының пышағы емес,
өлермін қаса сұлу құшағында!

* * *
Қалыңдап күннен-күнге қайғым менің,
өзіңсіз өтіп жатыр ай-күндерім.
Тағдырдың тәлкегіне көп алданып,

бірлесіп тере алмадық май гүлдерін.
Тұра алмай уәдеде, жүз алданып,
қаншама қиналмадық, қызармадық.
Тағдырдың арамызға керіп қойған

арқанын
арпалысып,
үзе алмадық.
Сенің де

дей алмаймын
кінәң қалың,
болмады-ау бұдан әрі шыдар халің,
сезімге алып-ұшқан жеңдірсек те,

сөзімде мен де, жаным, тұра алмадым.
Мөп-мөлдір махаббатым,
шат күндерім,
қайғым бар қайыстырар аттың белін.

Ішімнен есіміңді жүз қайталап
жүрмін-ау,
таңдайдағы тәттім менің!

ЕЛЕНА

Алыстан сұрау салған:
«Тірі ме?» – деп,
қайдасың, құрбым, менің
тілі бөлек?

Мен сені ұмытып та барады екем,
аулыма жүрмеген соң, күніге кеп.

...Бағзы бір күндер еді-ау, құрбым менің,
теретін бірге барып қыр гүлдерін,
ындыны саған ауған көңілімді,
есімде, алғаш рет білдіргенім;

Үшарал. Би кешінің жазғы алаңы,
айтылды орыстың да аздап әні,
жүректің жетегінде кетеміз деп,
бір өрттің тұтана да жаздағаны.

Дуылдап бар дене де, бетім менің,
есімде, әлденеге бекінгенім,
Көкшіл көз, көк көйлекті, алтыншаш қыз,
аққудың көгілдірі секілді едің...

Түсті ме,
түспеді ме көзі көптен,
қайран да жиырма бес-ай, сезімі өктем,
сол түні елік мүсін Еленаға

құрбылық сөзім өткен...
өзін өпкем...
Тап болған тасөткелден, көзі көк қыз,
амалын тап та,

дегем,
өзің өткіз.
...Басталған бұрқ-сарқ есіл махаббаттың
баянсыз боларын да сезіп ек біз!

Білмеймін, осалмын ба,
мықтымын ба,
аз күнде өтті қызық,
бітті мұң да,

шыға алмай қала бергем, амал құрып,
баяғы ата-дәстүр тұтқынында.
Мен сені,
сен де мені ұмытқалы,

ойлы қыз, отыз жылға жуықтады.
Отырмын,
ойда жоқта сұрау салып,
көз жасым көкіректі жуып тағы.

Алтын шаш,
алма мойын,
көзі көк қыз,
Көл бойын қол ұстаса кезіп ек біз...

Арада Кербаланың көлі жатыр,
амалын тап та,
тағы
өзің өткіз!

* * *
Асыл айым, несіне жасырайын, –
(өз жарамды өзім-ақ қасынайын),
мен дегенде,.. әйтеуір, –

кем дегенде – дәлдеп атар
тағдырдың тасы дайын!
Балдырғанды бұлақтан тосып елді,
түзелді ме дегенде көшім енді,

қағып кете береді
қайдағы бір жырындылар
жырымдап несібемді.
Бағымнан ба маңдайға дарымаған,

қандай ызғар кеудемді қарымаған, –
оңай олжа көргені өзгелердің
оралмай-ақ келеді әлі маған...
Теріс ұғып тектісі,

қуы – нанбай,
көңіл бүгін көбінен суығандай.
Құдайың да қырсығып,
мен де ішпеген

бара жатыр тіршілік уы қалмай.
Көңіліме көгінен құс аулатпай,
тұқыртқаны-ай тағдырдың
тұсаулы айттай.

Көншімейтін еді ғой, көзге ілгенің
көбік қарға көмдіре үш аунатпай!
Бірер күндік билікке мәз қағынды,
қызғанады менің де аз бағымды.

Құтырғанның бәріне көз түрткі етіп,
білмедім, тағдырға не жазғанымды!

СҮЙКІМДІ ҚЫЗ

Бүлдіргендей уылжып піскен ерін,
піскен ерін үшінен тістеледің.
Үр қызындай үлбірей бастағанда
кішкене едің,

білмеген түске енерін,
әдемі қыз,
Әлі күнге өзіңнен дәмеліміз!
Құралайдай қырдағы керілгенде,

еріп сала беретін ерін демде,
қылдырықтай қыпша бел,
қаз омырау,
жаз едің-ау,

– барлығы,

тегіңнен бе?
Сүйкімді қыз,
түнде кіріп түсіме, ұйқымды бұз!
Үркіп қашқан даланың елігі едің,

елігіме жетсем деп желігемін.
Жүрек сыздап барады күннен-күнге,
дәру болса жарады сенің емің.
Сырғалы қыз,

сұқтанып-ақ сыртыңнан тұрғанымыз!
Ән-жырымның ендігі өзегісің,
қу келеді қыз деген – сеземісің?
Не деріңді көзіме қарап айтшы,

сөз берейін өзіңе кезек үшін,
құралай қыз,
қалай ғана әлі де ұнамаймыз?!
* * *

Сездім де қабағында сызат барын,
арамыз ушығуын ұзатпадым.
Қарсы айтар жауабымды,
сауалымды

көңілдің түкпірінде тұзақтадым.
Болдық па,
болмадық па, сірә, ғашық,

алайық арамызды бір-ақ ашып,
Қырда өскен кеше ғана тең гүл едік,
қайтеміз енді келіп...
кінәласып.

Белгілі неге бірден түңілгенің, –
икемім аздау болып бүгін менің,
сен шығар төрің үшін,
орын үшін,

басқаны баса-көктеп жүгірмедім.
Байлыққа балап таза гүл иісін,
ұмтыла қоймадым ба «сыйың» үшін,
Көңілім сен дегенде шалқыр еді,

алтыннан артық еді жымиысың.
Сұрланып сәл-сәл ғана,
тына қалдың,
қамықпа,

мұндайға сан шыңдалғанмын, –
Керегі маған адал көңілі еді
жалғанда жаным сүйген бір адамның!

ТҮНГІ ТЕЛЕФОН

Іздеп тауып ақыры өзің мені,
түн ішінде телефон безілдеді.
Үнің баяу естіліп аржақтағы.
ашуың да, аптығың сезілмеді.

– Білейін деп... жатты ма, жатпады ма, –

Кешір, – дедің, – кешірек қаққаныма.
Ұшып барғым келіп тұр осы қазір,
Түсіп қалдым деместен қақпаныңа.
Тілің тәтті,

өзің де ұяң едің.

– Иә, – дедім ақырын, – Иә! – дедім,

Бірге кешкен күндерді есіме алып,
тіршіліктің талай бір қия белін.

– Қақ төрінде қайқайып жатармысың?

Екеумізге, – дедің, – бұл ақырғы сын.
Жөн еді ғой бір келіп қайтқаның да,
айтқаныңда тұрмайтын қатынбысың?

Үнің баяу,
әлі де ұяң едің,

– Иә, – дедім ақырын – Иә! –дедім, –

есіме алып екеуміз бірге өткерген
тіршіліктің талай бір қия белін.

– Қалай ғана, құдай-ау, қорынбайын,

Сен шалжиып жатасың,
төрің дайын,
Келіп кетсең қайтеді?
Айтқаныңды

өліп кетсем – екі етпей орындайын.
Үнсіз ғана ішімнен безектедім:

– Жо-жоқ, – дедім – болмайды, жо-жоқ! –

дедім, –
Мәңгілік пе деп жүрген қуаныштың
аңғара да бастап ем...
тез өткенін.

Бірімізді-біріміз өртеп бөлек,
есіңде ме өлуге серт еткен ек?
Ұяң едің;
амалсыз: – Иә! – дедім.

– Жүргенім де бекер ме еркек пе деп!..

... – Келмейсің бе? –
Шығады үнің қатқыл:

– Маған ұқсап күтумен күнің батқыр!

...Мең-зең болып қисайдым төсегіме,
....Шырылдап тұр телефон...
шырылдап тұр.

СОЛ ТҮНІ

Қуат алып құйқылжыған тәтті үннен,
күмбір қағып, көкірегім шат күлген,
аттың басын қоя беріп еркіне,
айлы түнде ағып келе жаттым мен.

Қараңғы ма, қарамадым, айналам,
құлағыма шалынады қайдағы ән,
арғымағым құстай ұшты-ау сол түні,
ауыздығын аласұра шайнаған,

Алдымдағы теңіз бе еді,

көл ме еді,
қайда апара жатыр еді жол мені,
Сен болдың да маңдайдағы нысанам,
кең дүние көңілімді бөлмеді.

Кеудемдегі бар сағыныш,

ентікпен,
асығып-ақ келе жаттым мен тіптен,
....Ағараңдап ақбоз үй де көрінді-ау,
баяғыда маған арнап сен тіккен!

СЕН БАРДА

Сыңсытып көңілімнің бар сырнайын,
сен барда
дүниені тарсынбайын,
болмасын жақсылыққа өмір ділгір,

көктемде көгілдір бүр жарсын қайың.
Сен барда –
аңсап айтар әнім дайын,
өртеніп,

өзім де көп тарылмайын.
Үзілмей келе жатқан жеті атадан
басында бақ-дәулеті бар ұлдайын.
жүрейін жұрт ішінде шалқып,

күліп,
өзгеден өмір құнын артық біліп,
сыбырлап,
саған ғана сыр айтайын,

кей-кейде
құшағыңда балқып тұрып!
* * *
Жасымда

(ақыры ауыр сорға ұласып),
бір қызға құшағымды көрдім ашып...
Дерліктей,
көріктінің хас Тәңірі,

өзіме басқа бірі болды ғашық.

Болмасын маған пенде сезе ме тым,
біреуі –
мені көрсе безеретін,
Біреуі –

қайда барсам қарауылдап,
соңымнан күні-түні өзі еретін.
Біреуі –
құрақ ұша күлімсіреп,

тұратын жанарымен:
«Бұрылшы!» – деп.
Біреуі –
мен дегенде кекірейіп,

Кергитін,
көргендей-ақ бірінші рет.
Менсінбей,
бедірейіп – бірі мені,

біреуі үміттеніп жүріп еді.
...Екі қыз еске түссе,
есеңгіреп,
көңілім әлі күнге бүлінеді.

НЕ ЖАЗАМ!

«Не жазып жүрсің?» – деп
сұрайды кезігіп қалған кейбір
дос-жаран.
Не туралы жазбақпын? –

Баянсызын айтсам ба әлде басымдағы аз
бақтың,
кімнің ғана қам көңілін көншітіп,
кімнің отын маздаттым?

Не жазамын шынында? –
Жұрт ұқпаған
жыртық табан мұңым ба,
ырысым ба – ындыны бір қанбаған,

босқа тозған қылышым ба қынында?!
Не туралы жазайын? –
Кімге дәрі өксігі мол,
өкініші аз айың,

қай досымның көсегесін көгертіп,
қай дұшпанның тартқыза алдым сазайын?!
Не жазар ең өзің де? –
Қайырымы аз халқыңа айтқан сөзің бе,

сүмелегі сорды қанша миыңды,
соның бәрін кім еледі кезінде?!
Не жазайын лезде? –
Тойдым әбден ойлы қанден мінезге,

ергендерді жазайын ба есерге,
ерді жығып бергендерді бір езге?!
Кімге керек жылағаның, күлгенің,
сенің тірі жүргенің? –

Кімге керек, кімге керек? – дедім де,
не туралы жазарымды білмедім!
«ӨТКІРДІҢ ЖҮЗІ» кітабынан

* * *
Даласында майданның
жағасында Сайранның
өтті-кетті, не керек,

қарымтасыз қайран күн,
мықтылардай өзімді, ұқтыра алмай сөзімді
түлкі бұлаң тірліктің тазысына айналдым.
Қайырыла қарасам – өкініші аз, өрт те кем,

күмбірлетіп кеудемде күй қалмапты шертпеген,
ағармай-ақ қойдым-ау пәле-жала, күйеден,
таба алмай-ақ, құдай-ау, дауасы жоқ дертке де ем!.
Қарапайым басымды хан ұлына теңгерген

тарылмай-ақ келіп ем, барымды аяп, мен де елден.
Үрейімді ұшыра
үдей түсіп зар-мұңы,
көргенімнің барлығы серуен емес, сергелдең!

Таусылғаны осы-ау деп тау суындай амалдың, –
жарық күні қолыма жарқыратып шам алдым.
Қабағын да заманның бағып қойып біресе,
қағып қойып жүргенім қабырғасын қамалдың...

ӨЛЕҢІМДІ ҚОРЛАМА

Бұрынғылар тықты апарып торға да,
жырындылар жықты апарып орға да,
шындық үшін жаны шығып,
шырылдап,

сағы сынып көрген емес сонда да;
абыз болып айтып еді билігін,
кещелеу бек көмейіне құйды құм,
сөйте тұра

таңдайынан бал сорып,
соның ғана маңдайынан сүйді күн;
қанатымен қара дауыл соқтыртып,
тиген жерін ойып еді от бүркіп, –

кесіп алсаң қан шықпайтын
миғұла
есегің де,
есерің де кетті үркіп!

Соны көріп,
«сайтаны» бар не қасқаң
арпалысты
ат мінсем деп Пегастан,

қайдан білсін,
қанаттының бәріне
қоныс бола қоймайтынын көк аспан;
қатарынан қалмаймын деп қандастың,

сен де барып шоқтығына жармастың,
қандырмасын біле тұра шөліңді,
алдырмасын біле тұра Парнастың;
есің қалмай,

өліп-өшіп екпіндеп,
кеудеңдегі сөніп-жанған отты үрлеп,
қиялданып,
жиі алданып жатпай-ақ,

адуынды ақын бола кеткің кеп;
арқасында «аза бойғы аз күштің»,
бірі болып шыға келдің «жазғыштың»,
жүрек емес, қолыңдағы күрегің

қалың жатқан қазынаның қазды үстін;
қарыс емес,
қадірленіп тұтамың,
тоқсан сайын толғата ма кітабың –

бұлбұл үркіп
поэзия бағынан,
қарға барып паналады бұтағын.
Қиқымдарға, сылқымдарға «жыр» арнап,

қиқуға да қосыласың ұрандап,
тілің ғана икеміңе көнбей жүр
тәлпіш қатын секілдене бұраңдап.
Бірақ бүгін жібегі не, бөзі не,

қарап жатқан қазағың жоқ көзіне.
...Роман бар, драмаң бар – бәрін жаз,
өлеңімді қалдыршы тек өзіме!
Жылуы жоқ жырау көрсем оты кем,

сабағым да кеп тұрады шетінен.
...Сен де өзіңді зорлай берме, ағайын,
өлеңімді қорлай берме, өтінем!

* * *
Тілімнен де, білімнен де шықпай мән,
ағайынға тие қоймай түк пайдам,
алты алаштан артылады-ау дерліктей

ақылым да әдірә қап, бітті айлам.
Дәл айтам деп Демосфендей кескінде,
ақтарыла сөйлеуші едім қос тілде,
тәмам елді дүрліктірген даусым да

керек болмай қала берді ешкімге.
Бәдігіне бас ием деп өзге елдің
өтті күнім,
кетті бүгін сөзден құн,

Ар мен ұят, –
арсыздық пен аярлық
тасындай боп теңселеді безбеннің.
Күні туып құлақты мен көздінің,

түсінер деп тұрсың бүгін сөзді кім,
біреуі жүр алаңдатып көңілді,
енді бірі жалаңдатып кездігін.
Көңілімді өңірімдей қаусырып,

сөйлемейтін болып барам таусылып,
тектілерім теріс қарап бұл күнде,
ептілерім шыға келді жаусынып.
Қанға сіңген ғадет пе әлде ғұрып па,

арыз айтып көрген болдым ұлыққа,
қала-қала көңілдің де өшті үні,
мөңіреген сиырдай боп тұлыпқа.
Бар еді ғой бір кісілік әл менде,

енді кімді шақырайын жәрдемге?
... Сөзім еді өзімді-өзім жұбатқан,
оқымай-ақ қойшы соны, мән берме!...

МЕН АЙТСАМ...

Өскенімді айтып ем, толғанымды,
көшкенімді айтып ем, қонғанымды,
айтып едім бір ғана әулет емес,
әлеуметтің тірегі болғанымды.

Бала жастан көшімді оңға бұрдым,
кідіре де қоймадым жолға бір күн,

бағын ашып бердім мен
құрығанда
тірі жүрген қазіргі он дарынның.
Жалғастырып біресе шерге мұңды,

жанғанымды айтып ем, сөнгенімді,
айтып едім, жөн білер Ерге қымбат,
елге бұлдап көрмеген еңбегімді.
Еліктемей үніне күнбатыстың,

туған жердің өзінде сынға түстім.
Еңіреген ер көрсем, ере шығып,
көппен бірге көз жасын құрғатыстым.
Қайырымға қосып үн, қосып үлгі,

айтып едім жөнім мен жосығымды,
түптің-түбі бір жерден шығар-ау деп,
ұғар-ау деп бір адам осы күнгі...
Қай жерім бар деместен ел құсаған,

көнді көңіл бәріне, көнді санам.
Соны айтып ем, шырағым,
жөн айтып ем,
түсінбесең... –

не дейін енді саған!
* * *
Қызық күндерім,
...бұзық түндерім.

тізіп тұр ма едің түзден мұң, –
саз үні тынды,
назым – ұтылды,
аз үмітімді үзген кім?

«Тірі құдайға»
түрім ұнай ма, –
құрығы қайда тағдырдың? –
Ақ таңнан арып,

жатқан қамалып,
жақпарға барып
жаңғырды үн.
Күліп те көріп,

үгітке де еріп,
үмітке беріп ырқымды,
«іріге» көніп,

тілі – бөгеліп,
бүліне келіп
жыр тынды.
Арды да аттаған,

ханды мақтаған,
сандырақтаған жыршың бар,
Соны көрем де,
сосын

өлеңде
озса озсын деймін кіл сұмдар!
* * *
Жағынбадым әкіміңе, әмірге,

жалбарына жалынбадым тәңірге,
намысымды берген жоқпын қолымнан.
көнген жоқпын қиянатқа, жәбірге.
Бала жастан алдым солай бекініп,

маған да ешкім көрген емес зекіріп,
ала жібін аттамадым ешкімнің,
аллаңды да мақтамадым өтірік.
Әдетің бе ұлық емес елге ұрсу,

сен де менен күтпей-ақ қой көлгірсу,
таза болса – таза шығар көңілің,
ал біздікі – ағынды су, мөлдір су!
Ат та емеспін тұра қалар жем берсе,

жақсыларға жат та емеспін – тең көрсе,
біле алмаспын тірліктің де көп сырын,
бірақ өмір сүре алмаспын сендерше!
* * *

Біреуіне исіндім,
біреуіне исінбей,
біреуіне сүйсіндім,
біреуіне сүйсінбей,

біреулерін жақтырдым,
біреулерін жақтырмай,
бірін бәйек қақтырдым,
біріне сын тақтырмай.

Бірін құрмет тұттым да,
бірін құрмет тұтпадым,

біреулерін ұқтым да,
енді бірін ұқпадым.
Арамзадан ұтылдым,
адалынан ұтылмай,

саналыдан құтылдым,
жағалыдан құтылмай.
Өңім бе жоқ – түсім бе,
ендігісін кім білген,

осындай ел ішінде
өмір сүріп жүрмін мен!...
* * *
Менің де «у мен өртке» толды-ау ішім,

Жетпейді әудем жерге зор дауысым,
Келіп ем достықты да қолдан иіп,
Көріп ем тон да киіп – тоңбау үшін.
Қайтейін,

жарамады емге бірі,
Түсінбей әлі күнге ел де мұны, –
Тонымды иығыма жапты қасым,
Досымның жатты басым...

пенделігі.
Өршітіп ішімдегі өртті күмән,
Түлкідей тіршілік те етті бұлаң.
Жылғадай ындыныңды қандырмайтын,

Тұрғаны-ай түгелденбей төрт құбылам!.
* * *
Жеттің бе қуып, жырынды қайғым,
көріп те қапты төбеңді ел,

мен әлі де сол бұрынғыдаймын,
«Не болып кеткен!» – демеңдер.
Қашқанда сенен қайда барамын
қателігім де көп, тегі

Аспанды қойып,
Айға қарадым,
оған да қолым жетпеді.
Жүрсің-ау деймін жиі есіңе алып,

қалмайсың менен өкшелеп,

Жыныма кейде тиесің анық,
«Тиіспе!» – деуге жоқ себеп.
Қайырыла соғып қарлы бораның –
қатыгез, қатал, қанды аяқ,

күлкімнің қанша алдын орадың,
кеткен бір кегің бардай-ақ.
Сан рет саған қарсы да атылдым.
сау-тамтық қалмай денемде,

қара найзадай шаншыла тұрдым:
«Біттің-ау енді?.. – дегенде.
Қашып та сенен қайда барайын,
өзімнің қайғым – өз мұңым,

күнге қарайын, айға барайын,
сала жүр, қалмай, көз қырын.
Жеткенде қырдан қарлы дауысың
саңқ етті бір ой санамда:

дос-дұшпан күліп,..
қалғымау үшін
қайғы да керек адамға!..

ҚАЛҒЫМА, КӨҢІЛ

Ой жібермей ырым-сырым дегенге,
сенетін ем,
еретін ем тек елге,
Елемедім

(бөлек едім басқадан)
жұлдызды аспан бар-жоғын да төбемде.
Жастығым ба, мастығым ба –
білмедім,

маңайыма жоламайтын мұң менің,
тек бақыттың құшағында,
өртене
өтуші еді күндерім мен түндерім.

Көңіл шіркін алданбады, алданды,
алдымызда енді қанша дәм қалды, –
тасушы едім біріне де мән бермей,
жалпағынан басушы едім жалғанды.

Ой-тілегім жиылып бір жанарға,
дейтін едім, маған деген таң алда.

үлгеремін, дейтін едім, бәріне,
күн көремін, –
қалсам да елсіз аралда.
Елемедім жарлысы кім,

бай кімдер:
өтіп жатқан
деуші ем,
бәрін жай күндер.

Көрісер де келісер деп ағайын,
басқа түссе – бөлісер деп қайғымды ел.
...Кем-кетігі толмай жатып тірліктің,
дәл түбінен ұрды-ау тағдыр кіндіктің,

бұға бердім,
ыға бердім амалсыз,
бірі болып шыға келдім мұңлықтың,
Апыр-ау, бұл не болар деп ендігім,

алды-артымды ойлайтын да келді күн,
Ырым-сырым дегендердің бәріне,
сенгіш болып бара жаттым мен бүгін.
Қараймын деп көзім жетпес алдыма,

жүрек те бір шымыр ете қалды ма?
Өмір енді қызық бола бастаған,
қалғымашы, көңіл, енді қалғыма!..

АЙТАР ЕДІМ

Айтар едім, құдай-ау, айтар едім – тыңдар кім?
Ортасында отырып құлақ кесті құлдардың,
Өткізе алмай өзімді, жеткізе алмай сөзімді,
Терек болып теңселіп, ырғай болып ырғалдым.

Тыңдағанға тілімді тігіп тұрып бәске мен,
Айтар едім, амал не, айналамыз тас керең.
Жақсыларым жауыннан қорғалаған торғайдай,
Соқыр көздің өзінен сорғалаған жас көрем.

Айтар едім, не керек, құлақ қайда тыңдайтын,
Бозторғай да емеспін – берекесіз жырлайтын.
Қайраймын көп өзімді, кісі едім ғой деймін де
Иілмейтін емендей, самырсындай сынбайтын.

Айтар едім – біреулер ұнатпайды бұртиып,
Енді бірі қабағын, мен айтпай-ақ, тұр түйіп.

Беттілерім бұл күнде жер шұқиды көзімен,
Итті көрген текедей тектілерім үрпиіп.
Айтар едім, құдай-ау, айтарымды елге арнап,
Қайда бара қоймақпын ағайынды енді алдап?

Біле тұра бір сөзім дарымасын ешкімге,
Айналаға айқайлап айта берсем... нем қалмақ?!
* * *
Еңсем түгілі, етегімді елге бастырмай,

Өзім бар жерде өзгенің жағын аштырмай,
Пендені бетіме қаратып көрген жоқ ем мен,
Бес төбет келіп беттей алмайтын қасқырдай.
Патшаның қызы батып кіре алмас қойынға,

Бес жігітіңнің буы бар еді-ау бойымда,
Алаш ұлына асыртпап едім бастан сөз,
Тығыла күліп.., жығыла жүріп сойылға.
Қарасы түгілі, ханның алдында кішірмей,

Қарныма бола кісіге күнімді түсірмей,
Қаһарым болса қайғыға қарсы салушы ем,
Қара бір тастан қашай да салған мүсіндей.
Қиянат көрсем – қарайып қайта қаныма,

Жексұрындарды жолата қоймай маңыма,
Жағымпаздардың (өліп кете ме өзеуреп),
(Тұра қашпадым)... құлақ аспадым зарына.
Жүрейін десем пенделіктен де алшақтау,

Иттері ырылдап, биттері жыбырлап... шаршатты-ау!
Ар сатпау еді Аллаға берген антым да,
Қиындап барады, қайтейін, бірақ жан сақтау!
Көптен-ақ көзге үйіріле қоймай жырдан шық,

Көлі құрғаған көңілдің өзі тұр қаңсып...
Қабамын дей ме – қаптап келеді көп төбет,
Тісін ақсита тап-тап береді... бір қаншық!
* * *

Көлеңке жерде қалып бір қойған мұздақтай,
Тымырайып қана тұрар еді-ау ол міз бақпай.
Сәлеміңнің өзін сызданбай алған күні жоқ,
Жүрегіңді сенің шымыр еткізе сыздатпай.

Бүрісе қалып бұралқы ит көрген кептердей,
Тіл қатқан емес кеміте күліп, кектенбей.

Инеліктей боп ілмиіп, ішін бермейтін
Атасының көрін Иманас қазып кеткендей.
Ұрғашыға да, құрбашыға да ұқсамай,
Күркетауықтың мекиені құсап түк самай.

Үніңнен үркіп, үдірейе қарап тұратын
Тоқсан жасында Тегеран барған чукчадай.
Санасып жатпай сақалы бар деп, мұртты деп,
Жусатып айдап иі жұмсақтау жұртты кеп,

Күн көрсетпейтін қызметі темен кісіге
Күшік күйеудей кішірейте сөйлеп, түрткілеп.
Жүргенде солай жанына торсық байлатпай,
Өтті де кетті тасыраң дәурен тайлақтай.

Алақан жайып аңырып қала беріпті
Көлі суалып, кемесіз қалған айлақтай.
Дұшпаны да жоқ, жоқ еді қимас досы да,
Кектене қарап, көлеңкесінен шошына,

Жынын алдырған бақсыдай болып жүр, дейді ел,
«Кезекті дүние, кезбе бақ» деген осы да!

БАСЫНБА

Тасуын-ай,
Басынуы-ай мынаның, –
Жақпай қойды жұртым ғашық жыр-әнім,
Өзімді әлді, сөзім дәмді демейтін

Кердеңінен керең болды құлағым!
Мен де елімнің екі тумас ер ұлы ем,
Неге саған құбыжықтай көрінем?
Нақұрыстау «нәнің» де емес едім ғой,

Көрі жуық, кәрің де емес, төрінен.
Төңірегің толып алған құл мен күң,
Құл мен күңге күңкіл-күңкіл тіл бердің.
«Көзіңді ашып қарасаңшы, қалқам-ау, –

дегім келіп тұрады ылғи:

– Бұл – менмін!»

Мені де сол құлдың бірі еткің кеп,
Жауыр аттай жайдақ міне кеткің кеп,
Нығыздала,
тығыз ғана сызданып,

Артық-ауыр сөз айтасың екпіндеп.

Кеңістікті қимағандай, кеңсемді,
Езгің келіп ерге біткен еңсемді.
Қатар жұмсап өрің менен зәріңді,
Жүргеніңді қайдан білсін ел сорлы.

Әңгір таяқ үйірердей төбемнен,
Бөле жара түйілердей көп елден
Құлағымда ойнайтындай құрбақа,
Құдыққа да құлай қойған жоқ ем мен!

Дос та бола қоймаспын мен, қасың да,
Тісің кетер – тістенбей жүр асылға.
Ұры бұғар, ұлық ұғар тілім бар,
Тас жармаса – бас жарады...

Басынба!
* * *
Текті де едім,
кешелер бетті де едім,

билікке де біршама жетті қолым,
Ақылым да бар еді (кімге бірақ
опа бере қойыпты көптігі оның).
Жан болмаса жанында жүрген елеп,

ақылыңның бар-жоғы кімге керек,
ажалдан да құтылып
арамзаң жүр,
ебін тауып,

әйтеуір, бірдеме деп.
Шыр айнала шарқ ұрып шағалалар,
бір амалын қайтсе де табады олар,
айлалыңыз

сондықтан
біздің елде
ақылдыдан жоғары бағаланар!
Маңдайына бұйырған бір ғана тіл,

кімге дәрі деп едің құрғақ ақыл.
Бұл сөзімді оқы да,
ағайын-дос,
сен де біраз ойланып...

ырғала тұр!

«АҚЫН ДЕГЕН КӨП ҚОЙ!» ДЕДІҢ...

Нөкері бар,
мекері бар қостаған,
көрсеткісі келді ме әлде сес маған,

– Ақын деген көп қой бүгін! – деп қалды

ел басқарып отырған бір есті адам.
Білуші еді бергіні де,
арғыны,
аузы барып айтты қалай әлгіні?

Әкімі бар,
жақыны бар –
бас шұлғып:

– Рас, рас! – деп қалысты барлығы.

Көтеріліп,
көмекейі бүлкілдеп,
жұрт көңілін аулай берді біртіндеп,
соның ғана аузын бағып барлығы:

– Көбі – көп қой! – дей береді күңкілдеп.

Бастар қалды осы арада шайқалмай,
Жастар қалды босағада байқалмай,
ыбылжиды,
күмілжиді бәрі де

дымы құрып,
тілі... уылып,
айта алмай.
Аспанды бұлт торлағандай жаңбырсыз,

осы әңгіме болмағандай дәм-құнсыз,
үлкен-кішің
жанарымен жер шұқып,
әлдебіреу зорлағандай... қалды үнсіз.

Жарқ етті ме жалаң қылыш, кездіктер,
Сарт етті ме жылдамдықтар, тездіктер,
нар едің ғой,
бар едің ғой дегендей

осы арада менен де бір сөз күтті ел.
Жөн емесін біле тұра,
күбірлеп:
«Ақын деген көп қой рас бүгін,» – деп,

бәріміздің атымыздан
алғысын
айтпақ болды жәдігөйлеу жүгірмек.
Атысқым да,

шабысқым да келмейді-ақ,
амалсыздан атып тұрдым мен бейбақ, –
көп әңгіме қозғап өткен жаңағы,
тағы да бір сөз дәметкен елді ойлап.

Өлең-жырдың ауасына болған ем,
орманы едім, дауасына қорған ем,
«Қап!» – дегенім,
«Дат!» – дегенім есте жоқ,

саңқ еттім де сөйлеп кеттім сонда мен.

– Ақын деген көп қой! – дедің енді, інім, –

Қайсыбірін білеміз! – деп кергідің.
Тамырымды басып көрген түрің бе,
тасып-толып тұр екенсің сен бүгін.
Қарсыластың қағып алып сайтанын,

сен де біраз дүниені шайқадың,
бүгін тіптен тұтып ұлық өзіңді,
құтырынып тұр екенсің, байқадым.
Жаяу ғана жорғасы бар аттай-ақ,

әр сөзіңе қосып айтып тәтті аят,
қотырланбай сөйлемедің, қайтейін,
ақындарды отырғандай қатты аяп.
Бұдан әрі, кешір мені, төзбедім,

не десем де өз лебіз, өз демім.
Күлім қағып отырғаның жаман-ақ,
«жынын қағып» жүрмегейсің өзгенің.
Өлең сөздің наласы бар, табасы,

ашуланбай,
ақ сөйлейік, ағасы,
сенің ақын деп жүргенің, мен білсем,
әнші, жыршы, жырау болар, шамасы.

Оларды да келмеп еді көпсінгім,
неге сонша теріс қарап, тепсіндің? –
Ақын деген сөзі емес пе халықтың,
өзі емес пе ертең іздер жоқшыңның.

Беті қайтып берекесіз кердеңнен
ел басына түсе қалса сергелдең,
қайсың,
қане, үндеп едің, ағайын,

ақын емей,
кім деп едің дем берген.
Елім, сенің есіңді алып ез біткен,
қара жерге қадалғанда көз-нүктең,

Ақын ғана түсті емес пе араға
жарқылдап кеп
жай оғындай тездікпен.
Сәуегейің сол емес пе көріпкел,

көріпкелді хан көтере
беріп төр,
батырынан бедел кеткен кезде де,
ақынына әулиедей сеніпті ел.

Қайыр күтіп қанағатсыз хандардан,
халық біткен қапалана дағдарған
тұстарда да
сөзі еді ғой ақынның

екі араға шындық болып жалғанған!
Ақтарып көр ақиқаттың мұрасын, –
ақын біткен шырылдасып, жыласын
хас Махамбет емес пе еді кешегі

хан Жәңгірдің көзіне айтқан кінәсін.
Жаңылса да,
қағылса да биліктен,
хас ақынның жері бар ма иліккен,

арақ та бер, қанап та көр,
тек қана
оны сатып ала алмайсың сыйлықпен!
Саналы інім,

саған жауап берем деп,
әңгімеміз кетті-ау біраз тереңдеп,
таусылды ма маған айтар дәлелің,
даусыңды да, айналайын, төмендет.

Өрелінің тұрмағасын өзі ұғып,
сөзіміз де кетті-ау деймін созылып,
неге сонша түнердің де қалдың сен,
жалықтырып жібердім бе, мезі ғып?!

Көкейіңе қонбады ма зар-әнім,
жаңғырығып
қайтты өзіме жаралы үн.
...Ақын деген –

ақылы ғой халықтың,
ақыл көптік ете қоймас, қарағым!
* * *
Бойымдағы барша қуат, екпінмен,

тыныш өмір сүре қойған жоқпын мен,
маңдайымды тауға тіреп, тасқа ұрып,
таңдайымды таң нұрына кептіргем.
Бұл өмірден іздегенім сонда не,

қайда кетті көңілдегі мол дәме?
Не шығады,
сөзіңді ала жүгіріп:
«О, Тәңірім, өзің ғана қолда!» – де.

Осы ма еді мен аңсаған арман-ән,
Арман-әннің өзінде де бар ма мән?
Бүгін еді бақыттың да керегі –
Жібімеді тас құрсағы тар ғалам.

Қуат қайта қоймаса да, күш кеміп,
отырғаның амал құрып, тістеніп, –
Күн қасынан іздеп жүрген сол арман,
Шың басынан табаныңа түсті еріп.

Демесеңіз даусың бүгін солғындау,
Бақытымның баса алмайды орнын дау.
Тек осынау бақыт деген шіркінің
керегінде қолға түспей қор қылды-ау!

ҚАУІП-ҚАТЕР

Алпыстан асып кеткен жас та қауіп,
аяғың астындағы тас та қауіп, –
соншама қауіп-қатер арасында
барады-ау қайран дүние бастан ауып...

Жүргенің, күлгеніңнің бәрі қауіп,
соны ойлап күйзелесің ауық-ауық.
Қазіргі көңілің де, өмірің де
көшкен ел қозысындай жамырауық.

Сайланып-сайланбаумен, сайрандаумен
барады бастан ауып қайран дәурен, –
кірмейтін қаперіме күні кеше
қара бас қатеріне айналды әурең!

Құдайдан кіреукелі сауыт тілеп,
біз қашан хақ жолынан ауытқып ек:
көз көрген сұмдықты айту, ұрлықты айту –
шындықты айтудан да қауіптірек!

Тірліктің бүгінгідей дауылында
қауіпті ойының да, сауығың да,
тағы да бірдеңе айтып қала ма деп,
тұрады қауіптеніп бауырың да.

Бойдағы наласымен, жарасымен,
әйтеуір, қазағымның даласы кең, –
жығылсам – жер көтеріп,
келе жатқан

жайым бар қауіп-қатер арасымен!

БЕЙТАНЫС

Түлкідей қылаң етіп қына белден,
кім едің қыр астынан шыға келген,
жүрмін-ау қылығыңа күле де алмай,
жөніңді біле де алмай сұрап елден.

Әйтеуір, күндіз-түні алмай тыным,
қасымнан, қызық болды-ау, қалмайтының,
тұрасың желіккендей жетіп келіп,
тасты да еріткендей балдай тілің...

Біржола көңілімді бұрғандайсың,
қасымнан қайда жүрсем бір қалмайсың,
алсын деп пенделіктің арбап әні
мені де алдағалы тұрғандайсың?!

Ұйқымды ойда жоқта бұзып кіріп,
дүние шіркінге де қызықтырып,
күніге көз алдымнан өткізесің
бақ-дәулет, байлық –

бәрін тізіп тұрып.
Көзге ұрар көрінбейді белгілерің,
ендеше өзің айтшы,

сен кім едің?
Талайды тайдырып кеп тура жолдан,
түбіме жетпексің бе енді менің?
Қоя-ақ қой ондайыңды,

қой, қарағым,
бұ жолы бола қоймас ойлағаның,
өзі де одан әрі басындырмас
кеудемді күзеттіріп қойған арым.

Баз-базда торығамыз, зорығамыз,
біреулер етер, бәлкім, соны да аңыз.
Тірлікте алысармыз, жұлысармыз,
түспеуге тырысармыз торыңа біз!

ОЛ ДА БІР ҚЫЗЫҚ КЕЗ ЕДІ

1992 жылдың көктемінде (көкек
айы) сол кезгі Мәдениет министрлігінің
репертуар бөлімін басқаратын Бақ-
қожа Мұқай бір топ қаламгерге пьеса

жаздырмақ ниетпен өзі бастап Тау-
түргендегі Композиторлар Одағының
шығармашылық мекен-жайына апарып
орналастырды. Он ба, он бес пе жазу-

шыдан бөлініп, екі дүркін сол араны екі
ай тұрақтаған едік. Алғашқы топта
мен де болғанмын.
Арғыннан – ақын,

найманнан батыр алдырып,
Асының жолында автобус белін талдырып,
қара сөзіңді қамырдай илеп әп-сәтте
тастамақ та боп тағы бір иін қандырып.

Қолбасыдай-ақ қол жинап қайтқан түркіден,
Шерхан Мұртаза шаншылып көкке мұртымен,
Таутүрген жақты дүрліктіре де жеткен ек,
жау түсіретін жасақтай болып бір түмен!

Аяқ астынан аспаннан пьеса жаудырып,
қалам ұшына қағынып тұрған «жауды» іліп,
Қали-Ханды ерткен Тарази датқа тағы бар,
қар-кемерді астық, әнге де бастық әулігіп.

Қадыр Мырза бар қабағын түйе кектенген,
Баққожа батыр оралып қайтты өткеннен,
қабыланды көрген қара бүркіттей қатайып
Жүніс баласы Сәкен сері де жетті елден.

Аузы-мұрнынан бұрқырай ұйтқып түтін-дем,
«Мен-дағы биыл кем емеспін, – деп, – күтімнен!» –
қазақтың барлық театрын да бір өзі
жарылқап тастардай

жатып та келіп күпінген.
Кешігіп келіп,
көп үлесінен құр қалған
кісідей-ақ бір бұртия сөйлеп, бұлданған,

Есенжол Домбай есіней жүріп,
есіре
елдің үстінен есеп терумен жүлде алған.
Атылып,

көкке артылатындай көктерек,
миуалы бақтың миуасын жерге төкпек ек,
еріншектерге адырая көзді алартып
келіншектерге де (көне қоймаса) өкпелеп.

Аяғы салбырап түсе қалғандай аспаннан
Тұрғынбек ұлы Серік бар еді жастардан.
Қалам біткендер сатырлап,
қағаз шатырлап,

ай-һай да, шіркін,
аламан бәйге басталған!
Күнді бетке ала қиқулай ұшқан құстардай,
бұлтты уыстап булыға келген түс қандай!

Тиген бір жерін тіліп түсер қылыш сияқты ек,
қылпылдап тұрған – көптен-ақ, кеткен ұсталмай.
... Ақырын-ақырын...
алғашқы арын басылып,

қағаз бен қалам қала да берді шашылып,
екі-үштен кетіп,
«жеке ішкен» күбір басталған
үлкені – ұлынан,

кішісі – ұлыдан жасқанып.
Қалам да жүрмей,
қадала төніп ызаң шақ,

бастапқы сәннен қала да бердік біз алшақ,
Кәрісін іздеп Хан-Дин де кетті Сеулге,
Қали-Хан көкем тыпырши берген қыз аңсап...
Есенжол естен жаңылып,

Қадыр аңырып,
Қолбасыларымыз бен датқаларымыз да дал ұрып,
жаланып келген жасақтай жарау топ едік,
қарадай ғана қала да бергеміз... қамығып!..

Бірінің ұрты бүлкілдеп,
бірі күңкілдеп,
бірінен-бірі теріс айнала... күркілдеп,
елде жоқ сылтау айта бастадық,

...ақыры
Алматы жаққа қайта бастадық
...біртіндеп.

ҚАСЫМДА КӘКІМБЕК БАР, ТҰМАНБАЙ БАР

Орыстың отарбасын жалға мініп,
жетіп ек туған жерге таңда күліп,
кеудемде келе жатқан солмай әлі,
жетелеп сол баяғы арман, үміт.

Қасымда Кәкімбек бар, Тұманбай бар,
қайда деп салқын абат сылаң қайнар,
қашқандай болып едік Алматыдан,
мезі ғып тұманды айлар, күмәнді ойлар.

Мезі ғып күйкі тірлік күйбеңі де,
көл жаққа көңіл өзі сүйреді ме,
мәз болдық мамыражай бір күй кешіп,
қосылған жігіттердей сүйгеніне.

Мен үшін ағадай зор, достай ірі
қазақтың қасымдағы қос шайыры
жөнелді жағажайды жайлап әлгі,
қарамай қайда қалды көш-қайығы...

Деместен бөлек едім, бөтен едім,
айдынға жүзді, кетті көкелерім.
Осында алып келген еңбегімнің
отырдым енді сезіп өтелерін...

«Аман-сау келдің бе – деп, – ат-көлігің?» –
ағайын қуат беріп дәтке бүгін,

болса да көңіл үшін дүрлігісті ел,
Алакөл аспанға атып ақ көбігін.
Үш ақын куәсі боп бір тұнықтың,
айдынға мен де біраз ұмтылыппын.

Ер десе есі қалмас қазағымның
ежелгі есепке жоқ ғұрпын ұқтым!
Ақша бұлт арасынан күн сырғанап,
өзінше қызық болды қымсынғаны-ақ,

өңкей бір шала мастар, жалаңаштар,
қашанғы көзін алмай тұрсын қарап!
...Қалсам-ақ бүгіндері сәл қамығып,
жетелеп желігі жоқ арман-үміт,

кеткім кеп тұрады ылғи Алакөлге,
жеткім кеп сондағыдай таңда күліп...
* * *
Айнала ағайынға жүрген ұнап,

көңілің бірде көл де, бірде бұлақ,
аға да жаға болғың келгенімен
аласың ара-тұра сыр беріп-ақ.
Сырт көзге көрінсем деп «тірі мықты»,

іздейсің өзіңде жоқ ірілікті,
мәрттікке жаралмаған майда тірлік
әзірге ақтамай-ақ жүр үмітті.
Әп-сәтте әдіра қап бар ынтымақ,

айнала жібересің тарылтып-ақ.
Содан да саған деген біздің көңіл
қояды ауық-ауық қалыңқырап.
Үйренген ескі әдетті әлі сақтап,

кетесің кешегіңнен сәл ұсақтап, –
адамның созылмалы пенделігін
ешқандай ала алмайды нар ісі ақтап.
Сырыңды біліп болған Алаш анық,

ендеше несіне біз таласалық:
берерде қаншалықты биіктесең,
кетесің алар кезде аласарып.
Айнала ағайынға жүрген ұнап,

көңілің бірде көл де, бірде бұлақ.

Текті де бетті болғың келгенімен,
қоясың ауық-ауық сыр беріп-ақ!..
* * *
Сыбырлап,

сайтан сені азғырғанша,
сенем деп,
жасағанға жаздым қанша, –
селт етпес «сері» қазақ деген осы,

өз көрін өзіне кеп қаздырғанша!...
Ұшқанша өз басынан әсте бақыт,
табандап тұрыпты кім бәсте қатып, –
қанша жыл аспен атқан көңілімді

талқан ғып өте шықтың таспен атып!...
Сол шақта-ақ солғын тарта сөніп рең,
шайнап ем бармағымды, кеміріп ем, –
қу тағдыр қайда барсам ит пен құсқа

жем етіп қойғаны-ай деп мені кілең!
Әйтеуір бірі едім деп әйгілінің
қазақтың айта берем қай қылығын, –
мақтауға келгенде де, даттауға да

аспанға шығарады айды бүгін.
«Құйрығы бір-ақ тұтам», – деп отырып,
айтуға аса құмар көбі өтірік, –
мақтаса – пайғамбардан әрі асыра,

даттаса – аш бөрідей өре тұрып.
Не шығар енді келіп жазғырғаннан,
ойланбай, орың болса – қаздыр қалған.
... Білмейсің қандай амал жасарыңды,

қай жаққа қашарыңды азғындардан!...
* * *
Бабадан қалған сөз мәні кеміп,
бозінген көңіл боздады делік, –

айғайға мұңы араласқан ой
қай-қайдағыны қозғады келіп...
Дүниені біраз шайқаған дарын
есіне ала ма қайтадан бәрін, –

қайтара алмадым қарызды мен де,
арызымды елге айта да алмадым.

Күндізі құптап, түні ұмытпаған,
өз өміріме үңіліп те алам, –
дем беріп қойған тыңшы біткенге,
тіршіліктен де түңіліп барам.

Санамда жүрер сауығы мәңгі
сағынар кімнің ауылы қалды, –
жатқа қимайтын жақсының бәрі
жоңғардан бетер жауығып алды.

Шыр бітпей қойған жалаңаш, арық,
шарқ ұрар қанша шағала шабыт, –
тағдырым мені тірідей ғана
шыжғырып жатыр табаға салып!...

Тіресіп келем, күресіп көрем,
міз бағар емес сіресіп керең, –
...салдыр да күлдір сайтан арбаның,
соңынан қалмай... ілесіп келем!..

* * *
Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,
Бұл не деген заманға ісім түсті?
Абай

Ана көтке бір кірдің, мына көтке бір кірдің,
иісі жаман демедің иі қанбас құрғырдың,
арбауына тап болып алпыс екі айланың,
бағыңды да байладың, сағыңды да сындырдың...

Тістегенің тірнек те, иіскегенің боқ-сідік,
қарсы шыға алмадың қас жауыңа тепсініп,
бойлай өсе қоймасы белгілі еді бұрыннан
былқ-сылқ еткен буыны бұтағы морт көк шыбық.

Берсе деумен әрдайым албастының өзі дем,
өткің келіп тұрады жүзіктің де көзінен,
күнің үшін құлға да құл болудан қашпайтын
Кейқуаттай кейпіңді көрмей тұрып сезіп ем.

Күнің үшін қолтықтан құлдың өзін тез демеп,
бас шұлғыған түріңнен баяғыда-ақ безген ек.
Алғыс десе өлесің, қарғысқа да көнесің,
ешкілерді апалап, текелерді жезделеп.

Жақсылармен жарыста түспеді ме тұяқ тең,
араздаса бастадың аузыңдағы ұятпен,

өлмеу үшін өзі тек – жақыны ма, жаты ма,
қалдыратын қапыда қысыр жылан сияқты ең.
...Біздікі де, құдай-ау, не көрмеген ғаріп бас,
қысыр жылан шақты деп жараланып жарытпас,

сұрайтыным тек қана, құдай тыным бергенше
мені көрсең аулаққа ат-тоныңды алып қаш.
* * *
Көрмеген төрім түгіл, есікті анау,

кешегі құл баласы ең тесік танау,
кім білсін, ертеңгі күн не боларын,
есіп қал осындайда, бөсіп қал-ау!
Бөлек кет, бос лағып бейпіл ақ та,

жетсең жет «пысық, еді» дейтін атқа.
Ауылда Алпамыстар жоқ кезінде
шіренген дәл осылай Кейқуат та.
Кешегі кең дүнием төрткүлденіп,

қалғаны осы ма еді өрттің кеміп!...
Сумаң қаққан сұрқыңды көрген сайын
танауыңнан тұрады шерткім келіп!...
* * *

Бұл неткен күн болды өзі,
бұл неткен күн,
аяқ асты демігіп,
күлбеттендің,

арамызға сызат боп түскен жіпті
шешілместей біржола күрмеп бердің.
Күн болды ғой біз үшін бұл бір ауыр,
жаймашуақ көңілде тұрды дауыл.

Біле де алмай дал болып қала бердім,
кімді ағайын дерімді,
кімді бауыр!
Құдай ісі –

күлдің не,
жыладың не,
енді жүре алмаспыз сірә, бірге.
Не сен болып, құдай-ау, не мен болып,

таба алмадық бір амал мына күнге!...

* * *
Сыныққа сылтау іздеп мен келгенде,
сен енді сала берме сергелдеңге,
ешкім жоқ екеумізді аңдып тұрған,

бірдеңе дерміз, тіпті, көргендерге...
Қашасың ананы айтып, мынаны айтып,
барады-ау со қылығың ұнамай түк...
Апыр-ау, сені көрмей тұрғанда мен

жүргенмін бұл өмірде, жүдә қайтып!!
Білмедім азабың ба, мазағың ба,
батырып қойдың мені таза мұңға.
Қалқам-ай, қарап тұрып қашқақтарлық,

кімің бар менен жақсы қазағында?!
Салардай келеке мен келемежге,
кімің бар қадірліден менен өзге,
еркек боп есіріктің оңбасын да,

білемін қонбасын да бедел езге!
Әрі өтем ауылыңнан Алакөлге,
бері өтем – жол тостырып тамам елге.
Сыныққа сылтау іздеп,

қашқалақтап
мені сен сергелдеңге сала берме!
* * *
Түні бойғы ойлардың сарқып бәрін,

қалдың ба сен атып-ақ, барқыт таңым,
құшағында шабыттың балқып, талып,
көрді дейсің осылай шалқып та кім?
Келесің бе, барқыт таң, жайлап атып,

сыбыс та жоқ, дыбыс жоқ айнала түк.
Өзімді-өзім ұмытқан бұл түн де өтті,
сырым қайсы білместен, қайда бақыт!..
Ауысқандай есімнен ара-кідік,

айдалада қалып ем сәл аңырып, –
құлан-таза айығып көп күдіктен,
бара жатты бойыма тарап... үміт.
Суып тәнім, біресе, суып өңім,

жындануға жаңа бір жуық едім,

таңмен бірге тағы да еліктіре,
желіктіре бастады буы ненің?!
Күрт азайып кешегі бақ та, наз да,
ақтарып ем барлығын ақ қағазға. –

талайын деп арадай ағайынның,
алайын деп алқымнан жатқаны аз ба?!
Тұтқын ғұрлы көрместен түрмедегі,
көк желкеден көп ойлар бүрген еді,

атып келе жатты бір әдемі таң
талатпайын дегендей түнге мені.
Тап-тап беріп түнімен небір қуы,
түрінен де, тілінен төгілді уы...

...Адам деген осы ғой,
атқан таңның
желіктіре бастапты жеңіл буы.
* * *

Көріп ем «батыр» болып мақтан үшін,
жетпеді жақын түгіл, жатқа күшім,
соған да қыбы қана,
ұлып ала

жөнелді сауысқаннан сақ танысым.
Ерем деп алағай мен бұлағайға,
құл қайда, білмей қалдым, құда қайда!
(Құдайға жатпай-тұрмай жалбарындым:

«Жасаған, бере көр, – деп, – шыдам, айла!»)
Оның да көрінді ме көзіне жын,
«тәубалап»,
тоқтам айттым өзіме-өзім.

Алауыз ағайыннан құптау күтіп,
зытты-ау бір
маңайымнан безіп езің!
Кім білсін,

енді қанша созыларын,
тартылып бара жатты тозып арын.
Не дейін құдайға да тым құрыса
қимаған туысқанның сөз ұғарын!

Көңілдің құйрық-жалы күзелгесін,
қайтеміз айта беріп біз өңгесін.

Абай да күңіреніп өтті емес пе,
қазақтың көзбен көріп түзелмесін!
Сөзіме дос таласып, қас таласып,
жатқан соң өз мұңым да бастан асып,

осынау сәлемімді жұма күні
жібердім елге қарай тасқа басып!
* * *
Бас-көзіне байлап алған қылдан шыт,

малды көріп, жанды қорып тұрғансып,
қылқынып та,
ұмтылып та,
жұлқынып,

шабаланып жатты маған бір қаншық.
Бауырымен қар боратып,
құмды іреп,
өші бардай өршелене үрді кеп,

қалжыңы да,
қан-жыны да аралас,
аузы-басы ісіп-кепті күлдіреп.
Үйшігінен шыға бере сырғанап,

бұлқынғаны,
жұлқынғаны жылдам-ақ...
Қыбыр етпей қайран ғана ағайын
«Қай жеңгенің – менікі!» деп тұр қарап.

Шеттерінен меңіреу ме,
мекер ме,
Туыс біткен тұрды қарап бекерге,
«Қайт!» – демеді аяғы бар ағайын,

«Тәйт!» – демеді таяғы бар көкем де.
Құрығанда балағыма жетем деп,
кәрі қаншық үздігеді тепеңдеп.
...Іштей ғана: «үрит, үрит, үриттеп»,

ағайын тұр үре түссе екен деп.
* * *
Арланын арыстанның қырғиы ілген
аңшыдай әңгіме айтып тілді үйірген

отыр ем топ ішінде жарқылдап тек,
тиісті ол арпылдап кеп бір бүйірден.

Жаңағы жайма-шуақ шырқымызды,
арылдап, дарылдаған күлкі бұзды, –
пердесін бетіндегі сырып тастап,
шынжырын мойнындағы жұлқып үзді.

Тірліктің наласы мен нарқын дәттеп,
отыр ек әңгіме айтып, ән тыңдап тек,
ұрынып анаған да, мынаған да
төбеттей тиіскені-ай арпылдап кеп!..

Болғандай зиялының бірі десе,
сыпайы-ақ жігіт еді күні кеше,
білмей де кетер ме едік кім екенін,
отырған орындығы шірімесе.

Кім білсін, аттан түсе кеткен бе есі,
сырылып шыға келді бет-пердесі,
біз түгіл,
түрін көріп түңіліп тұр

кешегі келдектесі, кетпендесі.
Бет қайда,
бедел қайда,
пошым қайда? –

баласы пошымынан шошынбай ма?
«Өмірде не болмайды?» – десек тағы,
тіліңді тістейсің кеп осындайда!..
* * *

Иіп әкеп аспанды шатыр қылған
мойын бұрмай біз жаққа жатыр бұл маң,
қарашаның қорлығы әбден өтіп,
сән де кетіп барады ақылдыңнан.

Көк аттыны көлденең кимелетіп,
жақсылардан барады күй де кетіп,
өткелдің де мен жағы жарлау болып,
тарлау болып шығады киген етік.

Төңіректі түп-түгел зәндемі етіп,
тіршіліктен барады мән де кетіп,
аш бұралып жатады арыстаным,
пілге салған басқаның қандені өтіп.

Арғы беттен әбілет тістене үріп,
ара-тұра әділет түске кіріп,

мидай ғана былығып жатыр бүгін,
ақылдының алтыны мыс көрініп.
Алақтамай, ағайын, таны сөзді;
алты басын аждаһа тағы созды,

арғымағы мертігіп әділ ойдың,
жәдігөйдің жатаған жабысы озды.
... Бұл емесін біледі сөз бүгінгі,
өлеңім де сондықтан тез құбылды, –

гәй-гейіне бастым ба замананың,
қозғаймын деп отырып өз мұңымды!...
* * *
Құс болып көкте бірде қалықтайсың,

біресе қолға тұрмас балықтайсың,
барасың күнің үшін сан айлаға,
апыр-ау, қалай ғана жалықпайсың?!
Әспеттеп ананы да, мынаны да,

ілмейсің ұлы сөзді құлағыңа,
кешегі кең сарайдай қайран көңіл
айналды ібілістің тұрағына.
Біресе «бірімін, деп, жалқаулардың»,

алдында ағайынның аңқауландың,
жомарт та болғың келіп...
жолға қарап,
кісіге бесті беріп, алтауды алдың.

Өзіңнен үні бөлек,
күні бірге,
мақтадың бүлігін де, жүлігін де,
мақтадың өлермені, өктемін де,

шым батып кеткенін де жылым інге!
Қарайлап қалталыға, қолы ұзынға,
мақтадың қоңызын да, доңызын да,
жүргенің есекті де емексітіп,

жел беріп жеті атадан долы жынға.
Кісіге, кішіге де «сүйкімді» анық,
бірі едің ағайынның ұйқың қанық,
білмедім, сыйлымысың, күйлімісің, –

барады қимыл-ісің қиқымдалып!

* * *
Жаңғырып құлағымда қай-қайдағы үн,
келеді ара-тұра айғайлағым:
осылай өткені ме, деймін де, өмір,

шынымен кеткені ме жанбай бағым!
Домбырам күмбірлеп те, күмбірлемей,
өтуде бір күнім бай, бір күн кедей.
Алпыс жыл айттым елге айтарымды

несіне өмір сүріп жүрмін демей.
Тек қана елім дедім, жерім дедім,
еліре еңбек еттім, ерінбедім,
кеудемнен күніге бір ерлік ашам,

қайысып көрді қашан менің белім.
Өзімнің өрім дедім, төрім дедім,
ешкімнен жырақ кетіп, бөлінбедім.
Беделін бағаладым баланың да,

төбеме тік көтеріп көрінгенін.
Бар еді өнбей тұрған қай іс тағы, –
қабырғам қайсысына қайыспады?
Жағынып жағалыға,

омыртқамның,
оллаһи, есімде жоқ майысқаны.
Қуырым қуат қалмай білегімде,
үзіліп күдерім де, жүдедім бе, –

әйтеуір, қашан көрсем көпке сыйлы
үн есіп тұрар еді жүрегімде.
Бәріне жақсылардың жетер ме гүл,
еңсемді енді бір сәт көтер, көңіл, –

жанбай-ақ қойсын бағым, ойшылдарым,
сүрмесем болыпты да бекерге өмір!
* * *
Бар еді менен де өткен асқақ қайсың,

ағатай, неге сонша қашқақтайсың? –
Үйіңе үлкен-кіші жиылғанда
тойыңды бұрынғыдай бастатпайсың.
Көргенде, көңіл үшін, өбіспейсің,

ойыңды оңашалап бөліспейсің,
жосыла әңгіме айтып ақтарыла
қосыла арақты да көп ішпейсің.

Сырыңды бүгіп ұстап, құндақтайсың,
тым-тырыс тына қалып, тіл қатпайсың,
қарызын қайтара алмай жүрген елдей
сырылып мені көрсең, сырғақтайсың.

Жақсылар емес пе едік кемел де сал,
жан аға, жөнің қайсы менен қашар,
мастанып кеттің бе әлде
мас біреулер:

«Ұлы да ұлық едің», – дегенге сәл.
Беделің
басы қырау биікті алып,
алды-артың бара жатыр тұйықталып,

кешелер аман-саулық сұрасушы ең
алдымен маңдайымнан сүйіп барып!
Саған да, мен үшін де іш-тысы жат,
байқатпай арамызға түсті сызат,

туысып кеткен едік екеуара
тұсыңнан билік айтар «күштісіз-ақ».
Патшадай шыға келген тастап тағын,
неге сен аяқ-асты қашқақтадың?

Бойыңды бірте-бірте аулақ салып,
тойыңды бұрынғыдай басқартпадың.
Жүріп те жақсылармен жолға шыға,
өкпелеп көріпті кім болмашыға.

Дәл қазір қалдым ұқсап қанды ұрыста
әскері тастай қашқан қолбасыға!
Болатын жанымызға күнделікті ем
езуде емеурін жоқ, үн де біткен.

Арамыз алыстап та бара жатыр,
ағатай, айтсаң еді – бұл неліктен?!
* * *
...Осы ма хордың қызын құшқандағым,

табалап күлген шығар дұшпандарым,
ақынның елес қуған түсі ме бұл,
ісі ме Құдіреті Күшті Алланың?!
Тағдырдың тәлкегіне кезіккендей

кім ұғар мұндай халді өзі үптелмей,

ұшырап удай ащы мазағына,
дәл мендей азабына төзіп көрмей!
Тілім жоқ қыран қанат құспын деуге,
топ етіп түстім жерге, ұштым желге,

аңғармай талай қазақ татып көрген
қайғының қара суын іштім мен де.
Қайғының тағы ішер ем қара суын,
алармын кімнен бірақ жан ашуын?

Сандалтып,
кең далаға сыйғызбаған
Тәңірмен жөн бола ма таласуым?!
Бөлісіп бет күйдірер отымды елмен,

не шығар өкінгеннен, зекіргеннен,
әп-сәтте сырт айналып шыға келді
қу тірлік – кеше ғана бетін берген.
Осы ма көкке самғап ұшқандағым,

қызығып, хордың қызын құшқандағым,
күледі-ау есалаңдар...
не шарам бар
ісіне Құдіреті Күшті Алланың!

* * *
Түгім де жоқ күдіктен таза айыққан,
күмбір қақпай кеудем де,
азайыпты ән,

«Атса керек еді ғой, – дей берем тек, –
атса керек еді-ау бір ғажайып таң!»
Жылдар өтіп жатқанда аттай желген,
сол ғажайып таң неге атпай келген,

таң түгілі,
зар болып арайға да
қалай ғана барлығын мақтай бергем?!...
Жағаласып жауыздық, жалғандықпен,

бар қызықты, бәлки, сол таңнан күткем, –
кім екенін кісінің көзі көріп,
өзі келіп қалар деп арман біткен...
Малданыппын соны да,

алданыппын
дүниенің парқын да жалған ұқтым,

ұрынбаған «иттіктің» ешбіріне кеспіріме қарайды таң қалып түн. Жақсы тілін алдық па, алмадық па, түк таппаған жайым бар қарманып та, күнге қарай мойнымды соза берем қарағайдай қараусыз қалған ықта!... ДАУ Айналамды қоршаған, қаумалаған ағайынның барлығы жау ма маған?! – Ақ сөйлесем болғаны, адал айтып, айықпас бір алапес дауға қалам. Айдап шықсақ дей ме екен елден мені, келдек ала жүгіріп кердеңдері, шекпендісі тұрады қыр көрсетіп, шенділері, ішегі шелденгені. Күшігі де кіжініп, күшігені, қыр соңыма қырты да түсіп еді, аждаһадай арбасып алпауыты, балағыма жармасып кішірегі. Тауы да абат, таудағы бауы да абат, қайдағысы қағынып, жауығады-ақ. Өз сөздерін айтсам да өздеріне осылардың жүргенім дауына қап. Беделіме келер деп енді нұқсан, елді ұмытсам не болар, жерді ұмытсам, – Дауласқым да келмейді, жауласқым да, керауызды кетер ем жер қылып сан. Қаңқу десе қолына қауғаны алмай, аш бүйірден қойсын ба «жау» қадалмай, жалған айтып жақынға, жалт бұрылып, жақсы ма әлде жүргенім дауға қалмай?! * * * Өзгеріп шыға келіп өмір бірден, қалмады дейсің, қалқам, көңіл кімнен, Әп-сәтте алабұртып төңірегім, қаншама еңіредім, егілдім мен!..

Қамығып көрмегендей бірі мендей,
кешегі қатарласым –
бүгін ермей,
Әп-сәтте қала берем шөгіп іштей

көңілім бордай болып үгілердей.
Тірлікте нала да бар,
жала да бар,
шақ та бар жұрт ішінде дара қалар, –

Амалсыз өзін-өзі оққа төсеп,
Жүрегің жазылмастай жараланар.
Аямай сен де бүгін тілімдедің,
оған да бүлінбедім, бүгілмедім –

неғұрлым жарам ауыр болған сайын,
шығып жүр ашығырақ үнім менің!
Ағаңды алдамаған бүгінде кім,
оған да бүлінбедім,

түңілмедім, –
Көңілім қалған сайын –
барған сайын
өтімді бола түсіп жырым менің!

* * *
Сен де бірі сияқты ең сүйкімдінің,
көкірегі көрікті күй тілдінің, ...
Осы араға келгенде жасып-ақ тұр,

қашып-ақ тұр, қайтейін, ұйқым бүгін.
Арғы жағын, ажарлым, байыпта да,
енді мені бекерге айыптама,
бір керегім болар деп жүрген едім

жүрегім мен жанымды жайып қана.
Жүрген едім болар деп бір керегім,
ашып айтып, оған да үндемедің,
қадірімді білетін сен болмасаң,

сөзім өте қойыпты кімге менің.
Сауығы аз да бұл күнде, ауыры көп,
бара жатыр көңілдің дауылы үдеп, –
ойлаушы едім өзіңді

күй тілдінің,
сүйкімдінің ішінде тәуірі деп!...

Жүйрік еді демесең баптауы кем,
жалғандыққа жасымнан жаттау ұл ем,
өзің айтып жүргендей,
мен де, қалқам.

ер-азамат ішінде тәп-тәуірі ем!...
Ардан аттап кете алмай,
жардан аттап,
түнде көріп түсімде,

таңда мақтап,
айналама қарамай, айнаға да,
қайда бара жатырмын қаңғалақтап?!
* * *

Аш бала еді кешелер,
аржағына ел қонып,
алқынады деседі ел,
аңдығаны мен болып.

Жаман атқа жал бітіп,
жампозбын деп қалды ма,
асап жатыр қарбытып,
ас қойып ек алдына.

Қарап жүрген кісіде
несі барын кім білген,
қайырымсыз ісіне
қайран болып жүрмін мен.

Тұлдыр өсіп, тұл өсіп,
көзіне күн елестеп,
көшімізге ілесіп
келе жатыр емес пе ед!...

Шет қақпадық жат көріп,
барлығын да жүр естіп,
қайғы-мұңын қақ бөліп,
олжамыздан үлестік.

Неге бүгін албытты,
алды-артына қарамай,
атасынан хандықты
тартып алар баладай?!

Жарлы байып кешегі,
жабығына жел қонып,
... Алқынып жүр деседі,
аңдығаны мен болып...

* * *
Елдігің де ерсілеу, ерлігің де,
еркелеймін, ағайын, енді кімге?
Түбі неге соғар деп, бұ қылықтың,

күңірене беремін мен бүгінде.
Ұлығың да сұйылып, сыйқыңды алып,
қылығың да барады қиқымдалып.
Көптен бері осыған күйінем деп,

бір оянған емеспін ұйқым қанып.
Өз алдына қанағат, нысап қалып,
мінезің де барады ұсақталып.
Азаматтың қорғадың қай намысын,

пайдалысын бір күндік құшаққа алып.
Көпе-көрнеу елемей өр көңілді,
есірігің ебі жоқ ерге күлді:
Зейіндіге – бүгінгі ар болды азап,

кейінгіге – кімің бар –
берген үлгі?
Туа сала кәпір-ұл санап ру,
іздемей-ақ бір-бірін табады қу,

иттігін де, не керек, қоймады әлі,
ойлағаны – шендіге жаға білу.
Елдігің де ерсілеу, ерлігің де,
еркелеймін, елім деп, енді кімге?

Жылмаңдаған,
күніге мыңды алдаған
жылпостарға тиіп тұр төр бүгінде.
Тимеді деп түңілмес бүгін есе,

көкірегім көл еді күні кеше.
Ызғар дарып, барады мұз-қар қарып,
қызға алданып,
қайтадан жібімесе!

* * *
Әрнеге еміндіріп, елеңдетіп,
бара ма боқ дүние менен де өтіп, –
қашан бір төрт құбылам болды бүтін,

шықпады,
соңғы үмітім,
сенен де түк!
Тарқамай көңілімнің көп құмары,

құйындай ұйтқып-ойнап өтті бәрі.
Жетем деп желігумен жүрдік күнде,
ақыры тірліктің де кетті ме әрі!
Аузыма қарата алмай әлі көпті,

там-тұмдап тергенімнің мәні кетті.
Несіне осыншалық арып-аштым, –
қарасам – кәрі-жастың – бәрі де епті.
Тантығы,

Жантығы бар,
тасыры бар –
аз күндік –
азған елдің –

басы бұлар,
Мұндайда көріпкелдей,
өріп бермей,
қашанғы қараңғыға жасырынар.

Талтаңы,
тарпаңы бар,
жалтағы бар, –
туады заманына тарта бұлар.

Емініп ендігінің епті ұлдары,
«Мал болса, – деп тұр бәрі, – ар табылар!»
Бүлігі,
жүлігі бар,

бөспелері, –
белгісіз,
енді кімге дес берері.
Өзіңді кісі ғұрлы көрмегесін,

сөзіңді қай есірік ескереді?..
Біресе биіктетіп...
төмендетіп,

барады боқ дүние менен де өтіп,
Дарымас тірі жанға енді үгітім,
шықпады,
соңғы үмітім,

сенен де түк!
* * *
Көл қорыған қызғыштың
қолға үйретіп көкесін,

өндір-өндір қыз құштым,
өзім қиып некесін.
Аңыз тыңдап, ән ұқтым
аталардан ай көмей,

Бетін қақтым бәдіктің
бағлан демей, бай демей.
Баталы сөз айтыппын:
белін жазып бүкірдің.

Тәлімсіген тәйтіктің
төбесінен түкірдім...
Қоя-жынын ашып ем –
құты қашты «күйлінің».

Қасақана басып ем
жатқан жылан құйрығын.
Жұпынымын демедім,
күпіліні көзге ілмей.

Өңмендеген неменің
өтін іштім сездірмей.
Қалдырғаным табаға
келеді әлі арбасып.

Қолы жетпей жағама,
балағыма жармасып.
Жақсыларды түстеп те,
түгендеп бір көрмек ем.

Кетті әттең күш текке,
жетпей қалып ерде дем.
Шарап ішпей, шала мас,
шамырқанған тұр мынау.

...Өң мен түсім аралас
өмір сүріп жүрмін-ау!

* * *
Бетін емес, шетін беріп,
кетті ме деп өмір ұдай,
аш арыстан секілденіп,

аласұрған көңілім-ай!...
Арғымақ-үн қалды аңырып,
шаң да шықпай тұяқтардан,
өте берді алдап үміт,

алдамайтын сияқтанған.
Қай құдірет бүлдірді өзі,
бөрліктірген кім еді елді, –
қарап тұрып

күннің көзі
қарауытып жүре берді...
Азығындай күнбе-күнгі
кешегі асқақ арманы ұмыт.

... Қайтсем екен бұл көңілді,
айдалада қалған ұлып!..

ЭКСПРОМТ

Әй, тексізім, тексізім,
не қыласың өбектеп,
сен кіретін жоқ тізім,
енді бізден – бөлек кет.

Суда құйып қолына,
суыл қағып жүрегің,
тектілердің тобына
қосыла алмай, жүдедің...

«Өтсем!» – дедің өтініп,
өзіңді өзің сүйрелеп,
жарлау жерден секіріп,
тарлау жерден кимелеп.

Шықтың кейде тым шектен,
сен бе, бірақ, мойындар, –
ойып тұрып бір шеттен
орын алмақ ойың бар...

Жасырам деп ізіңді,
асырам деп айлаңды,
сұрың неге бұзылды,
тілің неге байланды?!

Еті тірі ептінің
бірі ғана шығарсың,
тізіміне тектінің
неге сонша құмарсың?

Қалай қарай кетті ізің?
Қорқа берем қарадай!
... Тексізі мен бетсізін
тайраңдатқан заман-ай!

* * *
Әділ айтқан әзілімді кек түйген
талай досым көрместей боп кетті үйден.
Оған да өзің күйзелесің, күйесің,

кінәң жоғын біле тұра бет күйген.
Құрдасың ба,
сырласың ба көптенгі,
көтермейтін болып алды өкпеңді,

Жақсыға да жақпайсың сен,
қаншама
шындықты айтып
шырылдадым! – деп кергі.

Осы күні отырмасаң кіл төрде,
көлгірсімей күле алмайсың үлкенге,
Жағынбасаң –
жамандайды шыға сап,

тура сөзді таба алмайды жұрт емге.
Күні кеше айтамын деп сәл мінін,
қытығына тидім бе бір әлдінің, –
енді маған мұз қабағы жібімей,

сызданарын сезіп тұрмын дәл бүгін.
Ескертіп ем елге қыры жоқтығын,
торсаң қағып,
теріс қарап өтті інім.

Іш қазандай қайнағаны болмаса,
жаңғырыққа айналады өткір үн.

Әр сөзіңнің іздесе жұрт астарын,
кімге керек шындық бетін ашқаның,
келе-келе құрдастардың өзіне
қалжыңдаудан қашқалақтай бастадым.

* * *
Мас боламын ба, қас боламын ба біреумен,
арланамын ба, қарманамын ба тіреуден,
қарғап-сілеуден құлағым тыныш болса да,

жора мен жолдас жалығар емес мінеуден.
Бәденді жұртпен бас қоса қалған кезде мен,
өбісемін бе,
көп ішемін бе өзгеден, –

Қиыстау тұрып, қиығын тастап көзіңнің
жауыға қалған
жадау кейпіңді сезген ем.
Тектіге де ердім, көпті де көрдім, көп іштім,

қуыршақты құшып, құлыншақпен де тебістім.
Көңілімді бірі қонысындай көрсе киелі,
қонышындай да көрмегендері бар кебістің.
Өртке кіремін, көп те білемін, көп ішем,

қызып та кетіп, көрінген қумен өбісем.
Табынар Тәңірім, бағынар әмірім емессің,
адырая қарап, алармай жүрші, тегі сен!
Күлем бе баяу, жүрем бе жаяу амалсыз,

жора-жолдастың бәріне қайдан жағарсыз,
Сенсіз де мені табалайтындар аз болмас,
көзі де көрмей, сөзіме де ермей сан арсыз.
Атау кереңді үрлеп іш, елден үркіп іш,

жата алмасыңды білем ғой сенің тым-тырыс,
Саған ендеше ұнамай-ақ та қояйын,
өзің де мені сынамай-ақ та, жүр тыныш!
* * *

Зауқым жоқ күлуге де, жылауға да,
барады-ау қылқындырып мынау қала,
Желдетіп, жаңбырлатып келді күз де,
қалғаны енді бізге шыдау ғана!

Ұнай ма осы күнің, ұнамай ма,
қайтерсің, болмаған соң қылар айла.

Айналсаң әлдекімге ай қараған,
құдай-ау қайда барам шыдамай да!
Тәңірден тура келер сазай кем бе, –
бетінде қытығы бар азайды ер де,

пері де,
сері де емес,
пенде көбі,
қарағым, сенде мені қажай берме!

Жетпесе құлағына топтағы үнің,
естіге, есерге де жоқ қадірің.
Білмейсің күйесің бе, жанасың ба,
қалғандай арасында көп тағының...

Сөзімді өткізе алмай еш адамға,
айтқан соң арызыңды есалаңға.
Ақылың аңтарылып қала берер,
қалың ой қаңтарылып босағанда.

Күлгенің қайсы бүгін, күрсінісің,
түндерің, түнеріңкі күншығысың, –
Былығып мидай ғана кетті бәрі,
қалғанын айтпай-ақ қой... білсін ішің...

Құлқым жоқ күлуге де, жылауға да,
бара ма буындырып мынау қала?
Керілген атанаққа Айсадайын
қалғаны енді бізге шыдау ғана!

КӨҢІЛ

Баяу тартып баяғы ырғақ,
көмескі үн,
Сағынар да,
зарығар да емеспін.

Аңсап сені жоқтайтын да бұл күнде,
Айтқан сөзге тоқтайтын да жоқ ешкім.
Бұрынғыдай бұлқынбай да жұлқынбай,
Бұйығуға бейім тұрған шіркін-ай! –

Қой маңырап,
қозы жамырап бір түнде
Көтеріле көшкен елдің жұртындай.

Азғыра ма,
жазғыра ма сол ескі үн,
Бұрынғыдай бұлқына алар емеспін.
Ұнатуға,

жұбатуға бұл күнде,
Жылатуға жарайтын да жоқ ешкім...
* * *
Көңілдің көк дөненін шаптырғасын,

Жақтырсын қатын-бала,
жақтырмасын,
Алыстан асыға бір аңсай жетіп,
Ауылыңа тіреп едім аттың басын...

Есіңде бар шығар деп бір өлеңім,
Ат басын ауылыңа тіреп едім.
Алдымнан өттің арып,
бетті қарып

Жұқа тон – жылуы жоқ жүдеген үн.
Түскендей елден ерек көліңе мұз,
аузыңнан шыққан болды өлі лебіз.
...Сонда бір көріне алмай айбыныммен

Әлі де қайғы-мұңмен көңіл егіз.
Бет қайтып нағылеттен,
әбілеттен,
Кез еді ол күрестің де мәні кеткен.

Адамнан аумай қалдым, әлдеқашан
Көмбеден көкқасқасы ағып өткен.
Болдың-ау қимағандай дала шуын,
Алайын енді кімнен жан ашуын.

Сол күнгі көңілім де бір басқа еді,
...бал татып тұрмас па еді қара суың!..
* * *
Қаншама қырын келсін тағдыр, мейлі,

қиналған кездерімді жан білмейді! –
Ешкімге шағындырмай,
табындырмай,
өмірдің өзі-ақ мені әлдилейді!

Бұралаң тіршіліктің сан дүрмегін,
шыдаған көтеруге балғын белім,

Жылаған (жасырынып) шақтарда да
басымнан сипаған жоқ тағдыр менің.
Өзгенің өтесі жоқ, сірә, маған,
ешкімді оған бола кінәламан!

Келгенше осы жасқа,
шынымды айтсам,
көрмедім жанашырлық бір ағадан.
Әйтеуір өрге сүйреп өз басымды,

ешкімге көрсетпедім көз жасымды.
Сезуші ем
тағдырыңның тәлкегінен
тулақтай

түгі түсіп,
тозбасымды!

КЕТІП ЖАТЫР

Ісі болмай ендігі сұлулықпен, сұмдықпен,
Кетіп жатыр жігіттер, өтіп жатыр тірліктен.
Кеше ғана солардың біреуінен ілгері,
Біреуінен кейіндеу, біреуімен жүрдік тең...

Ұмтылумен ұлтым деп, жұлқынумен жұртым деп,
Бір жағынан килігіп, құдай ұрғыр, құлқын кеп,
Дүниенің түбіне жете алмай-ақ ақыры,
Өтіп жатыр жігіттер, кетіп жатыр біртіндеп.

Ағайынмен біреуі арыздасып, соттасып,
Кетіп жатыр кезекпен, кетіп жатыр топтасып.
Көрінгенмен оттасып өтсе күні бірінің,
Өкінумен өткен бар, бармақ шайнап.., шоқ басып.

Топ алдына түспей де Төле бидей топ бастап,
Қарапайым жүріп-ақ қайсыбірі өтті асқақ,
Қызғанумен, күндеумен өткендер бар, қайтерсің,
Екі жақсы бас қосса – арасына от тастап.

Өтсе бірі қырлана, күпір күліп, күпініп,
Өтіп жатыр біреулер түк бітірмей түтігіп.
Бүгіліп те өткен бар, түңіліп те кеткен бар
Дүниенің баянсыз бетіне бір түкіріп.

Біреуінде ақша бар, біреуінде бақша бар,
Біреулері – қарнының қампиғанын бақ санар.

Екі иығын жұлып жеп, өліп-өшіп біреуі
Өлмейтіндей болып-ақ өңмеңдейді, пәтшағар!
Қосыла алмай қатарға, ілесе алмай көпке бір,
Ізім-қайым қаншама іздеуі жоқ өтті өмір.

Ағайынмен біреуі ырылдасып, керісіп,
Қайдағыны терісіп, қала берді шетте құр.
Сыймай дала, тауға да, сыйыса алмай аулаға,
Сақинасыз сау басын сала жүріп саудаға,

Кердең басып өмірден өткендер бар не керек,
Кеткендер бар, қайтейін, келмей-ақ бір тәубаға!
Ұмтылумен ұлтым деп, жұлқынумен жұртым деп,
Бір жағынан килігіп, құдай ұрғыр, құлқын кеп,

Дүниенің бұ жалған жете алмай-ақ түбіне,
Кетіп жатыр жігіттер, өтіп жатыр біртіндеп,
кетіп жатыр біртіндеп!..
* * *

Қызығудан мен таймай,
қызуыңнан сен таймай,
қатар келе жатырмыз қызығымыз ортаймай,
Ішкен асым бойыма тарамастай көрінер,

жастық алып
жаныңа жарты сағат жантаймай.
Жұлдызыңның жанғанын сен тілемей, мен тілеп,
жұғын болмай жалғаның, жанып-күйіп елтіп ек,

жарқыраса жанарың, жадыраса қабағың,
қазан-ошақ сылдыры кетер еді тентіреп!..
Көңіліңнен көз жазып қалар болсам сәтке бір,
кермек тати бастайтын сияқтанып тәтті өмір,

қызуынан
қырық жыл қоса ағарған қосақтың
отындай-ақ ошақтың шалқыр еді-ау шат көңіл!
Жұғын болмай жалғаның, жанып-күйіп алғаным,

қызуыңа тоймадым,
қызығыңа қанбадым,
өзіңде деп білем мен, төзімде деп сендегі
өмірімнің өзегі – тірлігімнің бар мәнін.

* * *
Қалмапты бейнең есімде,
көгілдірмісің, ақпысың, –
айлы бір жаздың кешінде

айналып соқшы, бақ-құсым!
Кімдерге құшақ жаймадым,
кімдерді ғана пір тұтып,
аздығынан да айланың

алдым ба сені үркітіп?!
Баққа да, сорға болмай құл,
кеткен ем тартып жолсызбен,
ұрдажық кезде сондай бір

ұрындым ба екем жөнсіз мен?
Көтеріп кеуде, шығандап,
хақтан да күтпей көмекті,
жүргенде жалаң ұрандап,

шошытып алсам керек-ті!
Ұштың да кеттің асыға,
жетпеді даусым жөткірсем,
қайырыла соғып,

қасыма
қонбай да содан кеттің сен.
Түсінбей жүрген соны да,
ақылым аз ба, айлам кем, –

қондыра қояр қолыма
бар еді менде қай дәрмен!...
Салтымда жоқты пір тұтып,
санама сіңіп сайқал-ән,

алыппын әбден үркітіп,
қонбастай етіп қайтадан.
Тұғырдан тайып тасы да,
торыққан ердің халі бұл, –

Қонбасаң – қонба басыма,
қайырыла кетші тағы бір!..

КӨКТӨБЕТ

О, көктөбет, көктөбет,
шынжырлаулы қалпында-ақ,
арпалыса бересің,
айналаңа арпылдап,

үресің де жүресің
қаңқылдап та маңқылдап...
Мен дегенде жының бар –
Жауыңнан да жат көріп,

жұлқынып та бітесің
тап-тап беріп, тап беріп,
қылқынып та бітесің,
қарғыбауыңды үзердей

ортасынан қақ бөліп.
Сүйек-саяқ тастасам –
жүліктерше жылмаңдап,
жығылады жүнің де,

құйрық жағың бұлғаңдап,
қыңсылап та қылмаңдап,
бауырыңмен құм қармап,
тұрғаныңды білмейсің (өзіңді ме) кімді алдап.

Не десек те,
итсің ғой,
ендеше тек үріп қал,
жеті атаңнан кісіге үру деген ғұрып бар,

дүниенің сен үшін шыр айнала бергені,
лайлана бергені жақсы емес не тұнықтар!
Үріп қал тек, үріп қал!
Ырылдап қал, ырылда,

ығытыңа келгенде – әке десе бұрылма,
айтағы бар иеңнің қасындасың, қорықпа,
арсылда да қалшылда,
басылмасын «жының» да.

Зыр жүгіре зырылдап,
ырылдап қал, ырылдап,
арам болсаң – абырой,
қабар болсаң – бұрын қап!

Жанай өтер тұсыңнан жақсылар бар,
ғаріп бар,
жайы келе бермейді иттің оны анықтар,
қарсы алдына талтайып тұра қал да көлденең,

қаба алмаған күнде де,
сонадайдан сарып қал!
Кім біледі, Көктөбет,
тіс керек те қабуға,

сару үшін – көт керек!
Адам көрсең одан да
аласұра ырылдап,
абыройын тек те кет!

Көкпарлыдан дәметіп,
шоқпарлыдан бұғын да,
елдің сөзін қайтесің,
көмейіңді тығында,

«Оңбаған ит екен!» – деп,
әрі кетсе күлер ел,
тойған жерді мекендеп,
қойған жерде – үре бер!

* * *
Мына сарын – қай сарын – құлағың түр,
құлағың түр.
Жетпесең жылап ұмтыл,

ащы мұңның мына бір ар жағында
аңсап ішкің келетін бұлағың тұр.
Қызығына өзінің батып анық,
асау бұлақ арқырай жатыр ағып,

дара шалғай, ағайын, әрі аса алмай,
жүрмеңдерші тағы да қапы қалып!
Жеттім бе деп,
жыласақ – жылап та алып,

құласақ та құлайық бұлақ барып,
бірімізге-біріміз сүйенелік
бірімізден-біріміз құлақтанып.
Бұйырмаған тағдырдың пырағы ұшқыр,

кім ұғады халімді мына мүшкіл, –
бұлаққа да жетерміз,
жетерміз-ау,
ар жағында оның да

бір ағыс тұр!..

* * *
Өткенге де,
кеткенге де мұң шығып,
басыңызға не күн туды мұншалық,

бұрын да сөз ермеп пе еді соңыңнан,
көрмеп пе еді көңіліңді кір шалып.
Түрін көріп шеріңіз бен шеменнің,
жан-сырыңды ұға қояр деп ең кім, –

Сенің тіпті бар-жоғыңды білместен
тірлік кешіп жүрген жоқ па көбі елдің.
Көкірегіңнің бұрқыратып от-селін,
елдің қамы сияқты еді-ау көксерің, –

қасың түгіл,
достың өзі кешегі
хал-күйіңді біліп жатқан жоқ сенің!
Бірі дұрыс болғанымен,

бірі ағат,
оларды да отыр деме кінәлап,
бүгін еріп кетпегенмен,
көр де тұр –

түбі келіп түсінеді жұрағат.
Қаумалаған дұшпаны бар, досы бар,
кешегі асқақ кездеріңді есіңе ал:
бойын елге көрсетуден үркетін

ойы кемге кейігенде...
не шығар!
* * *
Арман-қиял, не жең мені, не жеңдір,

арғы бетте арбау барын сезем бір,
керуен біткен кері айналып лезде,
ақсақ түйе алға түскен кезең бұл.
Амалың жоқ, енді билік соларда:

салдыр-гүлдір сазы бөлек қол арба...
Ақсақ түйе...
аяқтыға жол бермей,
тұлпарды да түсірмей тұр ол алға.

Қисық арба қисалаңдап түсті алға,
енді күн жоқ досыңа да, дұшпанға,

кімнің көзін оям дейсің кіжініп,
қайда бара қоям дейсің... ұшқанда!
Көк желкеңнен жаныштайды жат салмақ,
ей, ағайын, дабылыңды қақсаң – қақ!

Ақсақ түйе бара жатыр ақсаңдап,
сен қарайсың екі көзің ақшаңдап!
Кілт бұрылып кете де алмай сен дербес,
көп қазақтың бірі болдың керуенге өш, –

енді кімге өкпелейін, құдай-ау,
ақсақ түйе көпке дейін...
жол бермес!
* * *

Кемелдігі, кеңдігі
алыс-жақын ағайынға белгілі,
айта алатын ел ішінің аужайын
жалғыз ақын мен шығармын ендігі.

Туысқанға не керегін,
не керек,
мен айтпасам,
кім айтады шегелеп, –

ұлықтың сөз ұқпайтынын білсек те,
есті бірі ойланар ма деген ек.
Хан қызығып қарағандай, бай күндеп,
ақындар ек,

арыстандай айбынды ек.
қынабынан суырылған қылыштай
өлең жазу болды қашан жай міндет?!
Халқым дейтін, –

Хақ жолының құрбаны
қайда бүгін сол ақындар жұрнағы? –
Өтірікке еті үйреніп бірінің,
бірі – жоқты көки беріп... тұрғаны!

Таңдайларын тақылдатып тәтті уыт,
кетті бірі мәнсап іздеп, бақ қуып.
Шаңырағы шайқалды да шындықтың,
күліп қана

сынып бара жатты уық!...
Ұмытты ма ғұрыпты да, халықты,
ондайлардың сөзі кімге дарыпты, –

біреулері бата беріп бақсыға, енді бірі жата беріп... жалықты. Опырыла он бөлініп ой күнде дегбір қалмай дедектеймін кейбірде, Осыларды айту үшін жаралған жалғыз ақын мен шығармын деймін де. * * * Жастықтан да, мастықтан да айықпай, мен де бүгін кетті дейсің байып қай, қалт-құлт етіп келе жатқан жайым бар Мұзды мұхит үстіндегі қайықтай. Айланы еміп, майға бөгіп арсыздар, (Іштерінде біразыңыз барсыздар!) Кісіліктің қор болғанын көргенде Жүрек тулап, қаның қызып, жан сыздар!... Қыр көрсете кеме жасап қияқтан, аш болмаған, мас болған сияқтан, – сайтанға еріп кете беріп, тоқтайсың, ардан аттап өте беріп, ұяттан. Сені қайтсін суайттар мен сылқымдар, өзіңді де, сөзіңді де кім тыңдар, – ...Қайда бара қоям дейсің бірақ та, дәл осындай,... әлі осындай жұртың бар! ТІЛ Мін тағып ес білгелі «достың» көбі, барымды басқаша етіп кескіндеді. Бермесем өзім жайлы өзім айтып, білсем деп жүрген де жоқ ешкім мені. Жатпай ма ел: «түсі игіден түңілме», – деп, бір жанмын білім де көп, мінім де көп,

Кетер ем баяғыда бақытты боп,
келеді жібермей-ақ тілім бөгеп.
Туғалы тура сөзден іркілмеген
дерт болып жабысқалы бұл тіл деген,

жамандап мені біреу оңған емес,
ешкімнен болған емес күлкім де кем.
Болған да жеріміз жоқ елден ығыр,
өтуде ертелі-кеш төрде ғұмыр,

Қызыл тіл
ақиқаттың ақ жолынан
ауытқып,
ала қашып көрмеді бір.

Бәрі де еркінде ғой бір АЛЛАНЫҢ,
Мен оны басқа жаққа бұра алмадым, –
сұм десе, сұмырай десе иек қышып,
тұрады көре сала ұрандағым.

Түгі жоқ демеңіздер қызығарлық,
жарасып жақсы жердің қызын алдық.
Ермедім ырқына да майда тілдің,
көрмедім «ой, кәпірдің» ізін аңдып.

Сөзіме құлақ түріп жүрген бала,
сен неге жалт қарадың күлмең қаға, –
Ол рас,
сорымды да, бағымды да

тапсам мен – тауып жүрмін тілден ғана!

АҚЫЛ

Тарпаң десін біреулер, жалтаң десін,
күйінесің ол үшін, калқам, несін, –
ауған жүгің оп-оңай оңалады,
қонады әлі жазыққа салқар көшің.

Түсемін деп соңына кемел ойдың,
осы емес пе көргенің, өне-бойғың,
сен де қашан кісінің тілін алып,
айтқанына біреудің көне қойдың?!

Дұшпаныңа демейін кетсін кегің,
жараса да қояр ма тепсінгенің?
Көре алмайтын сені де кезігеді ер,
өзіне бер досыңның көпсінгенін.

Қарап қалған заман ғой ері езіне,
Қасыңның да қимасын бер өзіне,
Ағайының алыстан жүндей келер,
күндей берер мекері, мерезі де.

Керілгенде үзіліп кекшіл шідер,
соның бәрін бір күндік өткінші көр,
Менен басқа ешкімің жоқ-ау бірақ:
«Жалғасы еді жақсының, жетсінші!» – дер.

Аларың да бар әлі, күтерің көп,
ойлама сен осымен бітемін деп.
Күн де туар көкмайса құрақ өңдес,
тұра бермес әмісе түтеп індет!

* * *
Жүргенде бейғам ғана іздеп бақты,
боқырау –
боз қыраулы күз кеп қапты.

Достан да, дұшпанынан да қалған көңіл
ақыры айсберг-мұз боп қатты...
Тарығып,
талқан түйіп – тәттіміз деп,

сабылып, жоқ ұшпақты, шаптық, іздеп.
Көрсетпей күнесті де, сірестіре
көңілді көкала мұң жапты мұз боп.
Бұйырмай өзің буған теңнен үлес,

тұзың сор болды бүгін, еңбегің еш.
Ағадан, ініден де қалған көңіл
мұз болып бара жатты енді ерімес.
Таптырмай ыңылдауға лайықты ән,

қайғыдан қапелімде кім айыққан? –
Естіні есігіне телміртеді
құл-құтан
қабағынан құдай ыққан!

Барады билеп-төстеп елді ұрылар,
жол бере қоймас, сірә, енді бұлар,
Жабысып балағыңа
жүргізбейді

жүн-жұрқа,
қыл-қыбыры,
кендірі бар.

Пұл болып бұлдырақ қыз бұрымы ескі,
біржола үрейлінің үні де өшті.
Тынарсың Сен де, көке, түбі терлеп,
қайтерсің жібітем деп жібіместі!.

НАСЫБАЙ. ШАЛ МЕН КЕМПІР

Қисайып көне тулақ-елтіріге,
«таршылық көрмейсің,– деп,– мен тіріде»,–
қутыңдап қаршығадай қартың отыр
насыбай уқалатып кемпіріне.

Сөзінің аяғы жоқ,
басы қайда, –
отыр шал омырауын ашып айға,
шұбырып сілекейі төне түсер

кемпірі уқалаған насыбайға.
Үлкені осы болып мұратының
танауы таппай-ақ тұр, сірә, тыным.
Ерінге ытқыта бір жеберсе ғой

көк бурыл насыбайдың бір атымын!
Суалған екі жаққа ұрт бітіріп,
тілімен кетік тісті бырт-бырт ұрып,
көтеріп кемиегін кемпіріне,

жатсам-ау, деп отыр ма, шырт түкіріп?
Енді оған керек те емес жалған атақ,
ешқайда бармайды
атын талға матап,

насыбай уқалатып кемпіріне
жатқаннан шалың үшін бар ма рахат!
Желбіреп етегі мен жең түріле,
«жамандық көрмеспін, – деп, – сен тіріде»,

шалының насыбайын үгіп беріп,
қояды күлмең қағып кемпірі де.
... болмасын жүйкесі де ту-талақай,
насыбай уқалап бер, уқала, апай!

ЫМЫРТТАҒЫ ДИАЛОГ

– Бектұр-ау,

мына күн де бұзылайын деп тұр-ау,

– Бұзылайын деп тұр, білем, зәнталақ, –

деді Бекең,
көздері сәл қанталап.

– Бұршағы ма, қар аралас жаңбыр ма,

Қарауытып...

– Қалай екен мал қырда?

– Қораны да бүтіндемей, үйді де...

– Е, Жасаған! Соған да қол тиді ме.

– Келіп қалды-ау қысың да,

– Жә, қысылма.

– Жаз дегенің өте шықты-ау тегінде.

– Қарар деп пе ең көңілге.

– Қас-қағымда өте шыққан өмір-ай!

– Өзің қолда...

– Е, Құдай.

– Шалым-ай,

өтіп бара жатырмыз-ау... жарымай.

– Қоймады ғой айналдырып бір қырсық, –

деп Бекең де әлдекімге тұрды ұрсып.

– Бірақ, талай қызық та күн болыпты-ау!

– Е, Құдайдан қорықпау...

– Бақыттың да құшағында балқыдық.

– Әй, оттамай! – деді сонда шал тұрып: –

– Шайынды қой,

Орнат ана мосыны,
Өмір депті бұрынғылар осыны!...

ЖЕҢЕШЕ

Енді ойласам,...
отыздарға мол келген,
жесір еді, кесір еді сол жеңгем,
бұрым болып өрілмейтін қара шаш,

білек түгіл, көрінбейтін қол жеңнен.
Қолаң шашты қобырата бір тарап,
үсті-басын қағып-сілкіп, қымтап ап
жүруші еді,

күлуші еді сылқылдап,
ішіп алып ләйлісе жұрт арақ.

Абысыннан асыра айтып әнді үздік, қажытқанын жасыра айтып жалғыздық, қасымызға қисая сап кейде бір көз шырымын алушы еді сәл мызғып. Өзі болып арсыз көңіл көз құрты, еркегі де қалмады еріп, ез, қырты, оны көрсе жыбыр ете түсетін елудегі Егордың да жез мұрты. Біріне де бола алмады майлы ішек, қой қайырып, қозы бақты, жайды ісек, қайда барса қыр соңынан қалмайтын, біздер оның «әмеңгері» – қайнысы ек. Әлдеқандай етіп бізді, зорайтып, шешеміз де тапсыратын соны айтып. Жеңгеміздің жалғызілік жарасын жүрміз деп те ойламаппыз молайтып! Басқан ізін аңдығандай дәл бағып, қайда барса, біз де бардық, қалмадық. Соған да мәз болушы еді жеңешем, өзін-өзі алдап қойып,... алданып. Қалжың айтып қағысқанда жездемен, ағыл-тегіл ағылатын сөз деген, елікке де ұқсап қалып сол шақта, көріктене түсуші еді өзгеден. Асықтырған өсек-аяң, күңкіл ме, – бізге тастап қора-қопсы, мүлкін де, бәрімізді «Қап!» – дегізіп, жеңешем басқа жаққа көшіп кетті бір түнде. Мұндай кезде өсектің де оты үдер, керауыздар одан басқа не тілер, – «Естігенбіз» кетем» – деп те жүргенін. «аяғы ауыр екен» – деп те көкіді ел.

«Төркініне кетті» – деді біреулер,
«түбіне... сол жетті!» – деді біреулер.
Жесірлігін, кесірлігін көре алмай,
жеңешеме кекті де еді біреулер.

Таппады ма өздерінен еш бедел,
көздерімен жер шұқыды бөспелер.
Көпке дейін жүрді ауызынан тастамай,
«анау еді», «мынау еді», – дескен ел.

«Жарға ұрынып жүре ме – деп, – қыз неме» –
анам оны көп іздеді күз келе,
жөн айтпастан кетті солай жеңешем,
өзге түгіл, әмеңгері – бізге де!

САҒАН АЙТАМ

Болды деп бала жастан жырға құмар,
жырдай ғып айтып отыр мұндағылар,
талай сөз тасқа басып шығарыпсың,
тәп-тәуір ұйқасы бар, ырғағы бар.

Бопты тек ойдан гөрі Одаң басым,
мақтапсың көрінгеннің көк алмасын,
айтады ел:
тез біліне бастады деп,

ақынның арғымағы бола алмасың.
Бас шұлғып,
бастық айтса мақұлдадың,
мақтадың сатқынды да, сатылғанын,

бір рет тым құрыса
арыстандай
ақырып
айға қарай атылмадың...

Көлдетіп керек жерде көз жасыңды,
күйттеумен жүріп алдың өз басыңды.
Жағалап «жақсыларды»,
сездің ерте

ақын боп енді ешкімнен озбасыңды.
Көп жылғы қалыңдатып «қолдың кірін»,
толысып,
топ жармай-ақ толдың бүгін,

азулы ағайыны бар-жоғымен
өлшейтін болып алдың ердің құнын.

Жаумасын біледі де көктен бедел,
өлеңшің өлермен де өктем келер,
Кім білсін,
сені көрген сырт ағайын:

«Ақындар осындай боп кеткен бе?» – дер.
Қазіргі дүрмекте де, дуда барсың,
уланып, әлі талай буланарсың.
Қолпаштап қошеметшіл көп шуылдақ

армансыз атыңды атап шулап алсын!
Айналаң сүйемелдеп, сүйрегесін,
селт етіп сен де кімнен именесің? –
сый көріп, сыйлық алып, сынға түсіп,

дүрмекке, құрметке де үйренесің.
Шығандап барып-барып,
қайта кел де,
атыңды шығара бер байтақ елге.

Құтылмас бақ та қашып,
таққа да шық,
...тек қана ақынмын деп айта берме!
* * *

Барымның өзін бұлдауға
базарын қимай барлық түн,
айналып көмей құрғауға,
қалайы татып, қарлықты үн.

Таңдатпай даңғыл жолды да,
құр кеткен күндер құн даулап,
көл-көсір көңіл орнына
құралай ішпес тұрды-ау қақ.

Желігім отқа семірмей,
желпінуге де жетпей дем,
Бедері кеткен өңірдей,
безере түсті бет-бейнем.

Керегім болмай тұр елге,
қай жаққа барып оңалам?
«Қой, енді, – деймін, күлем де? –
тып-тыныш жатып... демалам!»

МАҚПАЛ-ҚЫЗ – МАҚПАЛ ӘНІМ-АЙ!

1984 жылы бір топ жазушы, бас-
пагерлер болып Семейге барғанбыз.
Қайтарда
жолдастарым

Алматыға
ұшып кетті де, мен бір жыл бұрын
қайтыс болған шешемнің жылын бер-
мекке әлдекімнің жеңіл автокөлігін

жалға алып, Үшаралға жалғыз аттанып
едім. Жол алыс, елді мекені сирек меди-
ен дала, ойыма аяулы анам орала береді.
Қалғып-мүлгіп келе жатқанда жүргізуші

жігіт алдындағы күйтаспа тетігін
бассын.
Тұманбай
сөзіне

жазылған
жергілікті композитор Жанкелдінің
(Ақсулық) сол кезде ел ішіне кеңінен та-
рай айтылып жүрген «Өзімнен қорқам»

дейтін бір әнін жас әнші Мақпал
Жүнісова шырқап қоя бергені. Содан...
...Айналамыз қожыр-қожыр жақпар құз,
Үшаралға беттеп келе жатқанбыз,

қалғып-мүлгіп отырғанда,
кенеттен
шырқап ала жөнелгені Мақпал-қыз.
Кәрі аспанның қабағы да ашылмай,

көңілімнің алаңы да басылмай,
жолым да өнбей,
сағат тілі жылжымай –
әр минуты болып еді ғасырдай.

Еске түсіп кешегі өткен әз-анам,
маза қалмай келе жатқан мазадан,
қанатына іліп алып кетті енді
сыңғыр-сыңғыр,

күмбір-күмбір
ғажап ән!
Біржолата үзілердей өзегі
мамыражай Мақпал – әннің өзі еді.

Астаң-кестең болып кетті дүние,
тасып ағып, көл-дария, өзені.

Еліктіре ертіп алып бізді де,
кетті-ау дейсің үзілдіре, үздіге,
Көз алдымнан көшіре бір өткізіп,
жаңбырлы жаз,

жасыл көктем,
күзді де.
Әсем әуен бірте-бірте аспандап,
сұқсұр ұшып,

суға сүңгіп қасқалдақ,
Хаққа мүлгіп қала бергем, Жасаған,
жан егіле,
жанарымнан жас парлап!

Жан-дүнием езіле ме, бой балқып,
қалмағандай жаңағы ауыр ойдан түк,
кәрі аспанның қабағы да ашылып,
ақша бұлттар бара жатты жай қалқып.

Өзім де іштей ыңыл қағып,
ән құрап,
үнтаспаға төне түсем,
сәл бұрап,

күрт өзгерген дала жақты шолам деп
тұла бойым бара жатты балбырап.
Көптен бері қабағыма батқан мұң,
жартасына шағылысып шатқалдың,

санамызды сансыз ойға жетелеп
алды-кетті әсем үні Мақпалдың.
Жаңғыртқаны-ай,
деймін сонда жақпарды үн,

құлай жаздап,
жылай жаздап,..
шақ қалдым.
Жырлағым кеп, –

сәл қайғылы,
сәл мұңды
даусын ғана тыңдағым кеп Мақпалдың!.
...Алматыға қайтып келе жатқанмын!

* * *
Міңгірлеп жаңа ғана біткендей тіл,
қайтерсің, біздің қолдан түк келмей тұр.
Таусылып амалымыз қала бердік,

кетті де заманыңыз тіптен бейпіл.
Дертіне дерт қосылған шерлі далам,
шүкір де,
осыған да келдің аман.

Ұрандас ұлды көріп, –
жүрдік еріп,
апыр-ау, не қыл дейсің енді маған!
Бұл күнде ұрысы кім, дұрысы кім,

бара алмай байыбына бір ісінің,
болар деп жазда қандай, қыста қандай,
отырам ұстай алмай жыр ұшығын.
Кеткенін қасиетінің құнсызданып

сезбеген,
біз болдық-ау мұңсыз халық.
Қатыны қара жолда қап арқалап,
әкімі ат үстінде тұр сызданып.

Басылып басы қатты бұрынғы арын,
ұмытқам үнім барын, тілім барын, –
ауыл – аш, қала – кедей, балаң өгей,
кімге айтам, саған емей, мұның бәрін!

Дәрмені, пәрмені де біткен ердей,
боласың мұның бірін күтпегендей,
...Күткенде, күтпегенде не істе дейсің,
отырмыз қолымыздан түк те келмей!

* * *
Арасында «үр-рит, үр-рит, үриттің»,
жауларымды жеңе алмадым... жымиттым.
Ағайынды ерте де алмай сөзіме,

тұмсығынан шерте алмай бір иттің.
Бұ тірлікте басқа қызық жоқтай түк,
жүріппін-ау обырға да өкпе айтып,
атқан «оғым» дарымады ешкімге,

оған бола жарымады кек қайтып.

Келмейтінін кейін біліп ешкімге әл,
басы ауырған маскүнемдей кештім хал,
ана жақты, мына жақты шолғанмен,
кісі қалмай бара жатты сес тыңдар.

Іріп-шіріп кешегі ұран, ескірді үн,
ескіргенін есем кете.. кеш білдім, –
білдім және жасымасын жауымның,
маған жаны ашымасын ешкімнің!...

* * *
Жау шықты ма, біле алмадым, іргеден,
біле алмадым, қайда барып күн көрем,
жан-жағымды қарманумен

қарашы
келе жатқан сияқтанам түнде мен.
Қайда қалып қойдым әлгі дүрмектен,
тас қараңғы меңіреу түн бүл неткен!

Ақыл-есім ауысқан ба, құдай-ау,
баяғы бір дауыстан да құн кеткен.
Көптен бері ірімей де шірімей,
көкірегіме алды ұялап бір үрей,

әлденелер тап-тап беріп тұс-тұстан
әне-міне жұтқалы тұр тірідей?!
Тоз-тоз болып кетті қайда түс-теңім.
Құзғындар-ай, біле қойған күш кемін!

Әзірейіл сияқтанып әлдене
әудем жерден ақситады тістерін.
Құрып бара жатқандай ма дәрменім,
қолдан келер қандай айлам бар менің?

Қараңғыны қарманғаныңна болайын-ай,
бақыра ма, шақыра ма әлдекім?!
* * *
Теріс қарап түксиіскен, түнерген,

Не жақсылық күтем дейсің бұл елден.
Еркіндікті алсақта ойып ортадан,
ескілікті аңсап қойып жүрем мен.
Одыраңдай орын алып төрден құл,

жанарымен жер шұқыса көргенді ұл,

оңып қайда барам дейсің, ағайын,
не барқадар табам дейсің елден бұл.
Көкіректе қалмағандай оттан түк,
жүректен де, тірліктен де жоқ тамтық.

Алаяқтар аяқтыға жол бермей,
Ауыздарға сөз бермейді көп тантық.
Жер ортасы жастан ауа бергенде,
кезіктіріп кесірлі құл, кердеңге,

жыланбасқа қоймады ғой қу тірлік.
...Бұдан басқа жоқ қой бірақ ел менде!

ӘНШІ ҚҰСЫМ

Орнынан қозғалақтап ұраншы ұлыс,
бергеннен құлан иек қылаң шығыс,
түбінен тереземнің шыр-шыр етіп,
шырылдап оятып жүр бір әнші құс.

Күннен де қабағымды бұрын бағып,
таң атпай оятады ол шырыл қағып, –
беріліп біржолата сиқыр ымға,
біразын ұйқының да шығындадық.

Сағыныш,
сазы бөлек арманға еріп,
тұрғаны шыр-шыр етіп,
таңнан келіп,

түстеп те танымадым,
тек қана бір
бармақтай құс екенін қалғам көріп.
Түбіне тереземнің күнде қонып,

біресе шырқап ұзақ,
бір бөгеліп,
кім білсін,
пәле-жала дегендерден

болып ап шынашақтай
жүр ме қорып?!
Таңдайы талайғы бір сырды аңғартып,
кетеді кейде тіпті жылдамдатып,

кім білсін,
бізге де олжа үлестіре,
жетті ме ілестіре қырдан бақыт!

Төгіліп сөзіме гүл,
көзіме нұр,
бақыттың орай соғар кезі ме бұл, –
әйтеуір, қызық екен құс үнімен

таң атпай оянудың өзі де бір!
Жақсылық болар-ау деп ырымдайды ел,
ендеше,
әнші құсым, шырылдай бер,

келе бер таңды атырып.
кеш батырып,
әйтеуір,
басқа жаққа бұрылмай кел!..

АҢСАУ

Дариға-ай, қызығындай құралайдың,
барады-ау бастан ауып бұлағай күн, –
қол бұлғап қала берген жастық шақтың
жабысып, жабығынан сығалаймын.

Екпіні елді ықтырған, ерлік тұнған
қай тұста қалып қойдың, қыран-айбын?!
Дариға-ай, өмір атты майданда бұл,
қам көңіл таба қойсын қайдан дамыл,

салдықпен сары жайлаудың сайын кезіп,
салсақ па сазы бөлек сайранға бір!
Бұл күнде әні де жоқ, сәні де жоқ,
қаңырап қала берген қайран да қыр!..

Көмескі көңілдегі отты әурелей,
осынау тосын сазын төкті-ау көмей,
Тыңдасып мойын бұрып мойылдай қыз,
«сайранды сал күндерің өтті-ау» – демей.

Сазы бұл тәтті шақтың, от құшақтың,
қабыл ал, қатарласым, жоқтау демей!..
* * *
Қолданып (қолдан келер) біткен емін

кісідей күңіренем деп күтпеп едім, –
қазақтың жалқы туар бір ақыны ек,
болмай тұр со қазаққа түк керегім!
Жүр ме деп бір сөз күтіп әлі менен.

Жазушы ем жұрағатқа налып өлең, –

көніп-ақ Тәңірінің салғанына,
болып-ақ кеткен екен бәрі керең.
Болмаса екеу-екеу өз күбірі,
ұғудан қалған екен сөзді бірі.

(Тексізі теріс қарап – тыңдамай түк,
үкімін ымдап айтып ездің ұлы!)
Әркімнің үргеніне ере кеткен,
Кезігіп көріп пе едің «кереметпен»? –

Түрі жоқ өзіңізді елейтін де,
бірі жоқ сөзіңізді керек еткен!
* * *
Айта алмайтын өзінің атын айқын

әлдекімді қолпаштап, апыр-ай, тым,
хан көтеріп алдым ба қайдағы бір
бозөкпені боғыма татымайтын?!
Желіктіре жетелеп сезім-қаңбақ,

көзімді арбап қошемет, өзімді алдап,
келіппін-ау қайдағы қадірсізге
қызуын қызға қимас сөзімді арнап!..
Жер де бұлдыр дәл қазір, көк те бұлдыр,

күңгір қағып айналам кеткен үңгір, –
Өзіме де со керек,
қара басып,
қарап жүрмей, құдай-ау, не еткенім бұл?!

Не бетіммен сөйлегем, өлеңдеткем,
Естімейтін ел іші керең деп пе ең, –
ебелектей біреуді елпең қаққан
«Емен, – деппін, – тамыры терең кеткен».

Ері қайсы білуші ем, ез кісі кім,
еттім екен несіне сөзді шығын? –
Есеңгіреп отырған жайым мынау
Жаман иттей...

жалаған... өз құсығын!!
* * *
Түгі жоқ кете қойған ұпайының,
бірі еді күні кеше сыпайының,

сызданып шыға келді,
аяқасты
құтыртқан құдайы кім, құқайы кім?

Апыр-ау, не көрінді бұған енді,
бар түгін сыртқа салып шыға келді,
алдына малды салып айдайтындай,
бір өзі жайлайтындай құба белді.

Бірі еді кеше ғана көп кішінің,
кегі де,
кесірлігі жоқ кісінің,
есесін енді бізден алмақшы ма

елден де,
жерден көрген тепкісінің?!
Өтпеген орағытып күзгі мұңнан,
таныс та тату едік біз бұрыннан.

Көңіл-ай,
қарап тұрып қарауытқан,
өмір-ай,
ойда жоқта жүз құбылған!

ҮНДЕМЕ

Қолдан келсе – үнсіз кел, үндемей кел,
үндемесең болғаны – күндемейді ел.
Айқай түгіл әзірге сыбыр қалып,
жыбыр қағып қаншама тұр көмейлер.

Өлер жерін қапысыз анық білген,
тұр ғой бүгін біразы қалып тілден.
«Үндеме!» – деп саған да қақсай-қақсай,
қақсай-қақсай, қайтейін жалықтым мен.

Жексұрынға кіжініп, жебірге де,
тілің қыши береді сенің неге?
Әділетті көрсең де көрмегенсіп,
үндеме тек, бауырым! Тек үндеме!

Таусылды ма тірлікте иланарың, –
Үндеме де, ішіңе жина бәрін.
Тақсіретті көрсең де теріс қара,
қайтесің сол қазақтың иман, арын!

Көрінуді ойламай күнде көсем,
бауырларың қаншама жүрген есен.
Кіріп-шыға қойыпты ішіңе кім,
сен де солай боласың үндемесең.

Қабақ түйіп біреулер шытынасын,
Ұтыласың сөйлесең, тұтыласың.
Үндеме тек, бауырым, үндемесең
Үйдей ғана пәледен құтыласың!...

* * *
Кенеттен ісіп-кеуіп бола қалған,
көңілім қалып-ақ тұр со балаңнан.
Тұратын басын шұлғып, «ләппайлап»,

бірі еді жүгірмектің домаланған.
Басымды қара орманға балап абат,
жүретін жалықтыра... жағалап-ақ.
Бойлатпай сөзінің көп дәйегіне,

қойды ма әйелі де «жан ағалап»,
Жүретін жағаң жайлау қалды заман,
айтасың енді келіп әнді ызадан.
Қай-қашан іздеп қана жүруші еді,

«Тірлікте сіз, деп қана, жалғыз ағам!»
Шет жағын сәл көтеріп көмескінің,
жылпылдап, қолға тұрар емес бүгін.
Мен өзім көзіктірген бір есектің

ұстапты құйрығынан деп естідім.
Жас өсіп, демейтін бе ел, жарлы байыр,
ендеше болсын делік алды қайыр.
Тек қана танысымды таразыға ап,

жүрсе екен аңысымды аңдымай ұл!
* * *
Тіршілік тұнығынан қанып ішкім
Келді ме,

осы жолы алып-ұштым,
Жанымды барады өртеп, қарағым-ай,
жарығы саған деген сағыныштың.
Әйтеуір саған қарай ұштым бүгін,

қаттырақ құшағыңа қыстың, күнім,
Жанарың жарқ-жұрқ етіп,
жарқ-жұрқ етіп,
Жаз етіп жібереді ме қыстың күнін!

Ерсілеу болғаны ма жасығаным,
еркелеп мойыныңа енді асыламын.
Сырымды,
жырымды да саған жазған,

тезірек жеткізуге асығамын.
Тамылжып тәтті нұрға малынып күн,
болмасын сенсіз өмір тағы да ұқтым.
Қылт етпе қылығыңды,

мінезіңді,
әйтеуір, бір өзіңді сағыныппын.
* * *
Өлгендерді тарта берме көлденең,

Өмір заңы ол – сен де өлесің, мен де өлем.
Марқұмдарды мақтай беріп не керек,
Тірлігінде түк бітіріп көрмеген.
Арамыздан ерте кеткен екен деп

Көпшік қойып, көтермейік бекерге!
Өзіміздің қолымызбен жасайтын,
Бұ тірліктің қысқалығы аса айқын.
Жанымызбен, арымызбен аянбай

Күні-түні мүсіндейтін, қашайтын,
Ертеңгі күн қалмау үшін табаға,
бағаласаң – Тірілерді бағала!
* * *

Сен – тойып кекіретін едің,
мен – тоңып секіретін едім.
Сен – алқына беретін едің.
мен – тартына көнетін едім.

Өр сөйлеп, өктемси бердің,
мен – кері кеткенси бердім.
Сен, шырақ, әлі де кимелей бердің,
мен – шыдап,

бәріне үндемей көндім...
Сен – басына бердің,
Мен – ашына бердім.

Ақыры келіп шекістік,
біраз жерге кетістік.
Сенің сенгенің ептілігің еді,
Менің сенгенім – тектілігім еді.

Сен тамыр-таныстарыңа сендің,
Мен – бойымда намыс барына сендім.
Бұқтырам дедің,
бұқпадым.

Ықтырам дедің,
ықпадым.
Арамызды ашуды әлекпен бастадың,
Мен – әдептен аспадым.

Билігіңді айтып белдене бердің,
Мен – әлдене бердім.
Сен – дәрежелі «тағыңа» сендің,
Мен – бармақтай бағыма сендім.

Сен – алдап-арбайтыныңа сендің
Мен – жерде қалмайтыныма сендім.
Әлі де арбасып келесің,
Жаға, жеңіме жармасып келесің.

Сен – тоғышар түсінігіңе сендің
Мен – кісілігіме сендім.
Сен – айлаңның барына сендің,
Мен – арыма сендім.

Сен – әкім едің.
Мен – ақын едім!
* * *
Кешегі келте мойын нән қарақшы,

сені де, қолдан келсе жалдамақшы,
жат жерде қайыр қылып,

қатарына ап,
нан беріп,
дәм ұсынып,.. алдамақшы.
Екі ұртын ара-тұра бұлтыңдатып,

алтынын анадайдан жылтыңдатып,
аңдиды аңысыңды, әр ісіңді,
итіне салпаң құлақ тың тыңдатып.
Қайыр ғып,

қай бір тұста алдап, күліп,
біржола қатарына алмақ бұрып.
Соя ма одан әрі, өзі біліп
қоя ма от жақтырып,

мал бақтырып.
Қулығын өзгелерден асыра ма,
ұрлығын сен арқылы жасыра ма,
кесек ет көмейіңнен бір өткесін

болмасын біледі ол да басың ада.
Қойнына боямалы бөзін тығып,
қамқорсып құрақ ұша өзі ұмтылып,
Сені де қарақшы етпек ойы бар ма,

қоймай жүр көптен бері көзін тігіп!

ҮНДЕМЕЙСІҢ...

Жоққа бола тағы да ерегестік,
енді осылай ұлғая бере ме өштік?
Өлтірсеңші айтып-ақ,
үкімімді

біржолата кетейін сенен естіп.
Әдірә қап адал ант, ақ тілегім,
аяз болып арқама батты менің,
сызданасың,

жоқ-бардан қызғанасың,
қалай ғана бәрінің таптың емін?!
Кісідей-ақ қайдағы мейірімсіз,
іштей ғана жүргенің кейіп үнсіз,

қалай өмір сүрмекпін,
тіршіліктің
селтеңі жоқ серуені, сейілінсіз!

Көптен бері жұғыспай екі көңіл,
тіл қатпадың
тік келіп бетіме бір,
жазығымның бар-жоғын біле де алмай,

күле де алмай
барады өтіп өмір.
Өшіргені белгісіз отты кімдер,
түндер өтті үн-түнсіз,

өтті күндер,
жүрек шіркін сыздаумен тыпыр қағып,
қызығы мол
қыз дәурен жоқ бүгіндер.

Қасарысты көктем де күле келмей,
жанымды да жасыған кім елердей,
қарғасаң да көнер ем,
арбасаң да,

іштен тынып,
үн-түнсіз жүре бермей!..
* * *
Көкірегіме тұтқиылда кеп кірген,

қылыштасып қара құйын – көп мұңмен,
қуанышқа жету үшін бүгінгі
қаншама бір қан майданнан өттім мен.
Алқымымнан алды келіп қанша мұң,

айқасам деп әлсіредім, шаршадым.
Жау қолында жалғыз қалған сарбаздай
шуақ күнді, қуатты үнді аңсадым.
Жеті атасын көріп қайғы,

кектің де,
өтті бастан теперіш те, тепкің де,
күйрей жаздап тұрғаным да есте жүр:
«Бұл өмірдің қажеті не?!» – деп бірде.

Кездерім бар қырға сыймай сенделген,
қайда кете қоям бірақ елден мен,
асыл досты аңсайтыным болмаса
қысылғанда қолын созып, дем берген.

Достар еді айбыным да байлығым,
жіпке тізіп айта берем қайбірін.

Жора-жолдас арқасы еді-ау, тегінде,
бұйым ғұрлы болмайтыны қайғы-мұң.
Жас ұлғайып бара жатыр,
ескі арман,

кең сабадай көңілім бар бос қалған.
Сөйте тұра шуақ іздеп өмірден,
қуат күте берем әлі достардан.
* * *

Ауыр тиіп өмірдің өткелдері,
арғымағым арыды,
көп терледі,
жетпей қалып жүреді созған қолым

тиіп тұрған гүлге де бөктердегі.
Батып-шығып үнемі тұңғиыққа,
жүре алмадым өзім де ылғи ықта,
пенделікке бұрғызбай

ақ періштем,
қашан болсын,
қалғымай,
тұрды иықта!

Қайда барсам
қалғымай ақ періштем,
қорғап келе жатады жат керістен.
Қорғап келе жатады ұшқанда да,

құшқанда да аруды тәтті өбіспен.
Қыр соңыма түскенде жау ысқырып,
тілеуімді тілейді тау ышқынып.
Көзімді де ілмеген күндерім бар,

атымды да мінбеген ауыстырып.
Алдарқатып мені де, арбай күліп,
қарсы алдымнан кезіксін қандай бүлік,
жеме-жемге келгенде

жүзі тайқып,
қалатынын байқадым сәл қаймығып.
Түгім жоқ-ау десем де тарығатын,
баяғыдай желмейді арып атым.

...Солай енді, жұрағат,
отыр тағы
ақтарып сап алдыңа барын ақын.

ДИАЛОГ

– Жазушының...

Абайға дейінгісі?

– О – нау ғой!

– Абайдан кейінгісі?

– О – нау ғой!

– Зерделі, зейіндісі?

– О – нау ғой!

– Өмірге бейімдісі?

– О – нау ғой!

– Ақылгөй ақылдысы?

– О – нау ғой!

– Батагөй, «бақырлысы»?

– О – нау ғой!

– Қолы жүріп тұрған

күшігі де үріп тұрған
татымдысы,
ханға да жақын кісі?

– О – нау ғой!

– Ақылыңнан айналайын дәл тапқан!

– Таппағанда, құдай-ау,

алты алашқа белгілі
өзі де бір... ант атқан!
* * *
Өзімді-өзім қорғадым,

өзімді-өзім қолдадым,
ыстыққа да күйгенмін,
суыққа да тоңғамын.
Отқа салса – мақтадым,

суға салса – батпадым,
өзімді-өзім кінәлап,
өзімді-өзім ақтадым.
Ерлігі ме жеке ердің,

өткізбедім бекер күн,
төмендетіп өзімді,
өзімді-өзім көтердім.
Көтерілдім, көктедім,

жетіп жүрдім,
жетпедім,

арызым жоқ ешкімге,
қарызым да жоқ менің.
Тоймадым ба, тойдым ба,
көп жүгірдім ой-қырға,

өте кеткен ешкімнің
борышы жоқ мойнымда.
Сондықтан да
О, көкем,

сойдың бірі боп өтем, –
Ата-анамнан басқаға
Берешегім жоқ екен!..
* * *

Қашан да
бір жақсы орын тиіп төрден,
қарадым кісі бойы биіктерден,
туғалы дойырдан да,

сойылдан да
кезім жоқ айылымды жиып көрген.
Кезім жоқ күйбеңдеген,
сүйреңдеген,

жерім жоқ жексұрыннан жиренбеген.
(Ешкімнен именбеген ғазиз басты
не шығар көрінгенге игенде мен!)
Алдында көрінгеннің қалбырақтап,

көрмедім ханды мақтап, сандырақтап,
қаншама пәледен де,
жаладан да,
ақ сөйлеп,

өзімді-өзім алдым ақтап.
Ағайын әр сөзімді мыңға балап
оқысын,
оқымасын –

жүр бағалап.
Даңқыңда,
даңғазаңда,
қарап тұрсам,

түсетін төбе екен ғой сырғанап-ақ!..

* * *
Ит жоқ жерде –
шошқа да үріп қораға,
би жоқ жерде

құл жүреді жораға, –
керуен біткен кері айналған тұста бұл
аңдып тұрып,
алға түспей бола ма?!

Қорлана кеп нала,
жала,
құсаң да,
қыстығып ең,

қанатың жоқ ұшарға,
көз жасыңды көрді, білем, Жасаған,
тілеуіңді берді, білем:
түс алға!

Қара құлдай
қайтып алған тендігін,
елден озып шыға келдің сен бүгін,
қас-қағымда жиғандайсың есіңді,

болам деп те қиналмайсың... енді кім.
Төрағасы боласың ба Кеңестің,
беттен қағып,
бедірейер жоқ ешкім.

Тіл табысып
күлгендермен кешегі,
талтаң басып жүргендермен теңестің.
Қыстырылып босағаға,

төр тимей.
серпілмей де келіп едің, желпінбей,
екпініңмен елді ықтырып
әп-сәтте,

тидің келіп түнгі дала өртіндей!
Енді ешкімнен қоймассың да имене,
берді құдай
кер бұғыдай кимеле,

аласың ба,
саласың ба – өзің біл, –
түйедейді айырбастап түймеге!

Түгел жұмсап алпыс екі айланы,
айырылма азуыңнан пайдалы.
Қораға да үр,
жораға жүр –

өзің біл,
керуен қайта айналғанша қайда әлі!
* * *
Барарың, бармасыңды қалта біліп,

жатқаны той да тарқап,
тарқап үміт,
қастандық –
күле қарап қалады ол да,

кезігіп қара жолда сан тағылық.
Түтігіп, сен дегенде түсі қашып,
жатады ұрдажықтар ұшырасып,
олжалы орыннан да құр қаласың,

обырдан тұрмағасын күшің асып...
Білмеген кімге барып ұрынарын,
қаншама кезігеді ұры-қарың,
оған да құн төлейсің,

діңкелейсің
сүлдерің сүйретіле, құрып әлің!..
Жүрегің шайлыққанда барлығынан
қорқау да қос көрініп таңғы ұлыған,

басқан із, қашқан ізің шыр айналып,
тірейді жарға апарып –
алды күмән!
Қаныңды қайнап тұрған қан-жылым ғып,

сау етіп шыға келер сан зұлымдық,
амалсыз айлалыға тізгін беріп,
аз күндік пайданы да қаржы қылдық!
Баяғы бақ пен дәулет тұнған абат,

еліңді, жеріңді де құл қанамақ,
барарың,
бармасыңды қалта біліп,
қалдық па қайырымсыз пұлға қарап!

* * *
Итке де қалай ғана: «Үрме!» – дейсің,
жабасың кімнің аузын, бүрмелейсің,
көмейін тығындар ең,

«мығымдар» ең,
түгің жоқ тілден басқа, тұл кедейсің!
Түңілу,
торығу ма,

жүгініс пе,
жарамай тілің түгіл,
ділің іске,
айта алмай атыңды да,

«датыңды» да
қалың ой қалып жатыр бұғып іште!
Дерсің-ау: «Ел көзіне толымды ер ек»,
жатқан да кім бар бірақ оныңды елеп.

Ет-жақын ағайынның өзіне де
бұл күнде жолың емес, қолың керек!
Атар ма деп те бір таң арайлы әппақ,
жүргенің тәтті үмітке қарайлап қап,

жоймақсың көбік ауыз көпті қалай,
қоймақсың ел аузына қалай қақпақ?
Қайда да қадіріңді білер ерсің,
«Қой!» – деп те

кімге барып тіленерсің,
қайтесің «сөйлегіштер» сөйлеп қалсын,
иттер де
үрем десе –

үре берсін!
* * *
Көтеріліп ұша да алмай көкке бір,
ертең деумен,

өртенбеумен өтті өмір,
айналамның бәрі ығысқан айбын да,
баяғыдай алып-ұшқан жоқ көңіл.
Жарық беріп тұрсам дейтін бар маңға,

азайыпты алқыныс та,
арман да,
Көк тіреген кеудем қайда деймін де,
қарай берем қатыгездеу жалғанға!...

* * *
Ірі де емес еді елден денем,
жерім де жоқ кергіген, кердеңдеген,
қалайша қыр көрсетіп шыға келді

келімсек көкесіне сенген немең?!
Алды ма аяқ асты тауып тірек,
албытып,
ағайынға жауықты кеп.

...Тегінде ісіне емес,
дәл осылай
кісіге сенетіндер қауіптірек!
* * *

Бір басымның мұңы емес торығарым,
елдің қамы еді ғой қорымағым,
жамау болсам деуші едім жыртығына
жөні мәлім жұртымның, соры қалың.

Құрбан етіп жолына ұятты ардың,
халқым деумен қар кешкен сияқтандым,
қаламын деп астында кім ойлаған
қарадүлей, көрсоқыр тұяқтардың.

Қарадүлей,
тыңдасын,
тұяқ кімді, –
басымды бір көтертпей ұят қылды,

қанша мазақ етерін білмейді ешкім,
барша қазақ намысы сияқты ұлды!
Қарадүлей астында бүгілем бе,
үгілем бе біржола,

түңілем бе,
қорғай алмай отырып өз басымды,
қайтіп қорған болмақпын мұғым елге!

НАЗГҮЛ

(әнге лайықталған)
Ауыл жаққа бара қалсам бәз-бірде,
әзіл айтқым кеп тұрады Назгүлге:
«Мен де саған басы байлы бол» демен,

қасыма еріп жүрсеңші, деп, аз күнге!»

Әзіл айтып ара-тұра, күлгізіп,
ала кетші машинаңа мінгізіп.
Жұрт көзінен аулағырақ алып кет,
арғы жағы бола жатар бір қызық.

Рульдегі ақ білегің жарқылдап,
радиоңды басып қал да,
ән тыңдат.
Қараталды өрлеп барып,

кешкілік
терлеп,
талып
қайтайық та салқындап.

Қыста да, көктем, жазда да,
мініп ап жеңіл «Маздаға»,
қасымнан өте шығасың
күлімдеп қойып, наздана,

бізге де мойын бұрсаңшы,
бұрсаңшы мойын аз ғана!

ТУҒАН ЖЕР

Айдын көлім – айбынды елім –ұраным,
асқақ әнім, тас қамалым – тұрағым.
Сенсің менің сарқылмайтын сағыныш,
тартылмайтын таза тұнық бұлағым.

Тамшы болып тамды саған кіндік қан,
кіндік қаным тамған жерде тілді ұққам.
Мұқалмауым, жұқармауым үшін де
шымыр етіп жаратыпсың шындықтан.

Қасиетті қағбам менің, қыбылам,
сен деп өттім саналы өмір сынынан.
Торыққанда демеу тауып өзіңнен,
қорыққанда қолтығыңа тығылам.

Өзің деумен өзеуреген ежелден
балаң едім, бала күннен сөз емген.
Ұл бол деп ең – ұл болуға жарадым,
құл бол десең – құл болуға төзем мен.

Туған жердің тұғырдағы түлегін
жұрт көрсін деп жоғары ұшқан ұл едім.

Жатсам-тұрсам Жаратқаннан: –
Осы елге
қадірімді кетірме! – деп тіледім.
Өздеріңдей ел бұйырды бағыма,

қайта жұмса – қайратымды жаны да.
Қиналғанда саған барам сыйынып,
бір көтеріп тастар ма деп тағы да.
Қабырғалы халқым барын ел көрсін,

саналы жұрт, салтым барын ел көрсін!
Қайда жүрсем бағым, арым, ағайын,
бағынарым, табынарым Сендерсің!

АЛАКӨЛГЕ ШАҚЫРҒАНДА

Ауданымыздың
әкімі
болған
Әбдіғали Бектеміров мен елге барған

бір сапарымда: «Немен келдіңіз?» деп
сұраған еді. Соған жауап ретінде:
Байтақ жатқан Алакөлдің аралайын қай ауылын,
бәрі менің бауырларым, бәрі менің аяулым.

«Немен келдің?» –
деп те менен жөн сұрасып жатады ел,
немен келе қоюшы едім –
жалқы жүрген жаяумын!

Ар-ұятын айдын көлдің айбынымен өлшеген,
өзім де бір осы өңірдің абыройлы бөлшегі ем.
«Кел!» – деп қалса ағайын-жұрт,
қауырсындай қалықтап

автобустың өзімен-ақ ауырсынбай жол шегем.
Азаймаса аңқылдаған ағайынды құшар күн,
автобуспен ағызармын, аэробуспен ұшармын.
Атымды алар атасы өктем Мұстафа жоқ демесең,

көп «пысықтан» жапа шеккен мен де
Жаяу Мұсаңмын.
Алдиярлы Алакөлден ұзап ұшқан ұл едім,
мұңға бөктім, жырлап өттім тұғырдағы түлегін.

Қайда барсам әр төбесі кез алдымда тұратын
туған елдің мәртебесі күні-түні тілерім!
Жалғаны жоқ жалғыз сөзім жақсың үшін сом алтын,
қалың елім, әлі менің әлсіремес со қалпым.

Жабыққанда жанашыр дос, жақыны кем демесең,
ат-көлігі аман жүрген ақының ем, о, халқым!
Кәрі күліп жүрмеуі үшін, жүрмеуі үшін жасы ұқпай,
биік ұстап көңілімді келем әлі жасытпай.

Жаяумын ба, баяумын ба – барар жерге жетем мен,
көкірегімді халыққа ашып, анық басып асықпай!
Отқа салма,
тот басар ма – жүзі кетпес алмастың,

Өмірлі інім, көңіл қылын қаншалықты дәл бастым?
Шақыра бер Алакөлдің барша қызық тойына,
Елім барда, Сенім барда кешікпеспін, қалмаспын! –
деп те бір айтқаным бар еді.

АҢЫРАҚАЙ

Жалпақ далаң
жаншылып жат табанға,
қара бұлттай қалмақ-ит қаптағанда,
ардағыңды, арыңды, намысыңды

аяққа сап аямай таптағанда;
туырлықтай тарылып жерің демде,
қабырғасы халқыңның сөгілгенде,
етігімен су кешкен ердің жасы

етегіне еңірей төгілгенде;
ажал оғы аспанды торлағанда,
қашып-пысып, қалың ел сорлағанда,
қыздарыңды шашынан сүйреп келіп,

илеп керіп тулақтай... қорлағанда;
жыққан үйін тіге алмай көркем белге,
ұлықтарың ұяттан өртенгенде,
несібесі даладан еркек кіндік

күдер үзе қараған ертеңдерге;
енеңді де боқтатып, денеңді езге,
ара түсе алмаған көген көзге,
«еңіреумен өттік-ау, енді осылай,

ел болудан кеттік-ау!» – деген кезде;
ақындары тұра алмай арманға ара.
батырлары бұйығып қалғанда да,
дерт боп налып көкірек,

өрт боп жанып,
ер біткеннің өзегі талғанда ада;
ат тұяғы астында жерің қалып,
«Елім-айға!» – басқанда елің налып,

Аңырақай орнынан көтерілген
ата жаудан бермекке кегіңді алып!
Кетіп еді құлан да текке лағып,
қайта оралды қыран да көктен ағып,

Аңырақай орнынан тұра берді
Қазағыңның қылышын кекке малып.
«Қайтсын, дейтін, Құдайдан» ұзап әдет,
арға намыс қосылып,

ызаға – кек,
арыстан боп атылды сонда қазақ,
ширығып кеп, шиқандай қызара кеп...
Ұстады да ту етіп намысты алға,

атыстан да қашпады ел, шабыстан да,
бес қаруға толтырып үсті-басын,
түсті басым дұшпанмен алысқанда.
Даусы кезіп дананың таныс қырды,

батыр етіп шығарды намысты ұлды,
ұмыттырып өзара бар таласты
алты алашты қайтадан табыстырды.
Бодандасы азайып, боқшаласы,

жаудың беті қайтпауға жоқ шамасы.
Көгалалы қалың ел қозғалғанда
домалады қалмақтың допша басы!
«Бодандықтан жақсы, деп, бұйрықты өлім»

жан берісіп, жан алып, ширықты елім,
билік айтты билері өрде тұрып,
көрге тығып көлденең киліккенін.
Жауызбен де, жатпен де сүйістіріп,

тағдыр көшін тұрғанда қиыс бұрып,
қалып еді тарихта Аңырақай
басымызды тағы бір түйістіріп.
Үш бұрышты қазақтың аспанынан,

естіле ме сарыны басқа бір ән, –
«Бөлінгенді бөрі алар,
бөлінбе!» – деп
бүгінгіге тұрғандай тастап ұран!..

АДАМ АДАМ БОЛҒАЛЫ...

Адам адам болғалы келе жатыр алысып,
жүгірген аң, ұшқан құс – барлығымен жарысып,
ажырасып,
табысып,

қол сындырып,
бас жарып,
біреулері дәрі ішіп, біреулері қан ішіп...
Араздасып,

адасып,
айнып,
ауыз жаласып,
жағаласып,

жаласып,
жоққа бола таласып,
тіршілікте тірінің қадіріне жетті кім,
біреуіне-бірінің көрді ме екен жаны ашып?!

Заманалар болған да шығар, бәлкім, тату, кең,
бүгінгінің қабағы, қандай ғана қатулы ең?
Бірін-бірі алдаумен келе жатыр адамдар,
бірін-бірі арбаумен, бірін-бірі сатумен!

Жақыны кім,
жаты кім,
досы қайсы,
кім дұшпан, –

айырмасы болмапты әділеттің қылмастан,
бәрі мидай былығып,
ұры-қары, ұлылық,
кім дерің бар бүгінгі Ақсақ Темір,

Шыңғыс хан!
Жұдырықпен,
мылтықпен,
зеңбірекпен,

бірі умен,
келе жатыр адамдар бірін-бірі қырумен.
Ұлы Сталин...
Гитлер...

Алжир...
Карлаг...
Освенцим...

Қайсыбірін айтарсың....
Хиросима...
Трумэн.
Біреулері ақталып,

біреулері ақталмай,
адам деген мақұлық бір-біріне жат қандай!
Бірін-бірі дуалап,
диуана қып,

қуалап
ажал-апан аузына айдап бара жатқандай!

ҮМІТ

Үміт,
үміт, –
үзілмейтін сорлы үміт,
жалғадым ба

қалғаныңда болдырып, –
сарша тамыз ыстығына қарушы ең,
сақылдаған сары аязда тоңдырып...
Қалмай еріп жаяулыңнан,

аттыңнан,
қырды кездім қасіреттен қақ тұрған,
қасқалдақтың қанын іздеп қаңғырып,
сақилардың сарайынан таттым дәм.

Алысқа да, ғарышқа да жетелеп.
шөл де кеттім,
көлден өттім төтелеп,
күң еместің күркесіне түнеттің,

кеше ғана бөлек едік, бөтен ек.
Кезігер деп керемет бір кербез күн
еріп едім,
еңіредім,

ел кездім,
көкіректің оты мүлде өшкендей,
сөзін айтып, көкідім бе, мен де ездің?!
Жаманға да,

Жақсыға да телідің,
бірін құшып,
біреуінен жерідім.
ұйықтан да,

тұйықтан да талай бір
алып шықты саған деген сенімім.
Жоққа бола делебемді қоздырып,
икемдедің,

жүйкем менің тозды, үміт!
Біржолата жат етпедің бақытқа,
қайғыдан да әкетпедің оздырып.
Басқа түскен қайғы-мұңға беріліп,

отырған да жоқ едім ғой ерігіп,
баяғыдай бұрқырайын тағы да,
ұмтылайын,
қолыңды бер,

кел, үміт!

АРДАГЕР СӨЗІ

«Еркелеп» тағдыр маған, ерғашты ғып,
желкелеп, жетпіс бес жыл жер бастырып,
кеудемнен
кертіп алып,

тасып жатты,
таусылып бітпейтін бір кенді аштырып.
Арбалап асылымды, дорбалап та,
тасыды оң қанатқа, сол қанатқа,

тасыды масылы да, жасығы да,
бай-батша ғашығы да – қонған атқа.
Кім білген,
жақын тартып,

жат көргенін,
кеудеме,
кенін алып,
тақты орденін,

миыма соның бәрі жете сіңбей,
естілген кекесіндей қақ төрдегі үн.
Көрді ме, көрмеді ме шақпақ құрлы,
ұлына, құлына да мақтаттырды,

күн санап көкірекке даңғарадай
қайғы-мұң қандаладай қаптап кірді.
Ұл мен қыз,
ұрпағыңның пайдасы деп,

алдады алаяқтар айласы көп,
санда бар, санатта жоқ көп мимырттың
қасына біз де барып жайғасып ек...
«Күні ертең бәрі жақсы болады!» – деп,

ұрысы, қарысы да тонады кеп,
басында түкті ұқпадық,
шықтық барып
бір күні бассыз үйдің қонағы боп!

Менің де ел қатарлы есім бар-ды,
соны алды,
бірсыдырғы пошымды алды,
жоқ едік айлаға да, пайдаға да,

ауды да
айдалада көшім қалды.
«Түгіңді аяма деп, сүйікті елден», –
миыма қайдағыны құйып көрген, –

қалтамды қарақшыдай қақты да алды,
тірнектеп жарты ғасыр жиып келген.
Айдатып малымды алды,
барымды алды.

үргізіп ит пен құсқа
арымды алды
Әйтеуір, жаның қалды демесеңіз,
қайғым да қардай қатып, қалыңдалды.

Еліріп Еңбек ері деген атқа,
депутат болып көрдік, делегат та.
...Орны тұр үңірейіп өкініштің,
өзің біл, өткеніңді немен ақта!

Қалайша бізден басқа қалмады ермек,
алдайсың әлі күнге ардагер деп,
...Ойың да бар ма, қалай,
жарап жатса

жанымды жаһаннамға жалға бермек!..
Кетпеген құлағымнан көлгір үнің,
бірі едің сен де маған белгілінің.
Шынымен саған қарап қалған болса,

білмедім не боларын ендігі күн!

МЫНА ЗАМАН – ҚАЙ ЗАМАН

Қорықпайтын қылыштан,
жасқанбайтын найзадан,
арқа-басы құрысқан
мына заман – қай заман?!

Қатар келіп күніге
тоғыз қатын толғағы,
ұлылардың үні де
ит үргендей болмады.

Кетті қайыр елден де,
туысқаның – туа жат,
жеме-жемге келгенде
жалт береді куә жақ.

Қанағат қып үйренген
аздың өзін – арты лай,
қолы тимей күйбеңнен,
келе жатқан халқым-ай!...

Даналарың қалжырап,
балаларың зар жылап,
ақиқаттың аулы да
қалды бізден сәл жырақ.

Ере бердік езге де,
әуре болмай ерді іздеп,
«Бұдан жаман кезде де
тойға барған елміз!» – деп.

Атқа мінсек ауысып,
айтамыз кеп шүкірлік, –
талқанын да тауысып,
тарыны да бітірдік.

Қазағы бар, орысы –
тәйтік алып төріңді,
темір ілгек тор іші
кең сарайдай көрінді.

Түсім бе, әлде өңім бе
жын қаптады жат бауыр. ...
Соның бәрі менің де
қабырғама батты ауыр!...

Ердің ісі сыналар
тұсқа тағы үңілдім:
сөзімді алып шын адал
ой мен қырға жүгірдім;

жеткенінше ақылым,
жоғарыға шапқылап,
айтып келдім ақырын,
айтып көрдім қаттырақ;

ту ұстаған төренің
құлағына жетпеді үн,
елп етпеді еменің,
селт етпеді кереңің;

жел айдаған қаңбақтай
қала бердім жолда мен, –
тобырыңа жан батпай,
обырына қонбады ем!...

Ескермесе ұлыны
мәймөңкелер кіл байпаң,
естімесе ұлығы,
елдің сөзін кімге айтам?

«Неге? Неге? Неге?» – деп,
айта алмасаң шегелеп,
ақындығың не керек,
батылдығың не керек!...

Қаһарынан хан ыққан
қараймын деп ерге мен,
құл кигізген қамыттан
құтыла алмай келген ем.

Қарашасын кекетпес,
күнді беріп, айды алар,
айтқаныңды екі етпес,
ардагер ұл қайда бар?!

Қаймықпаған сұстыңнан
Махамбеттің өзін де,
құлағына қыстырған
кім бар еді кезінде.

Қалың елі қазағы
айтқанына тоқтамай,
ақылының азабын
арқалаумен өтті Абай!

Қайда кеттім қаңғырып, –
олар кім де – мен кіммін,
қара тасқа жаңғырып
жатқан үнді сөндірдім.

Қайте берем безілдеп,
естімейді ұрдажық,
ептілер жүр езіп жеп,
естілерің тұр қажып.

Көп жыл салып араға
көтерер-ау мені де ел:
«Едігедей еді!» – дер,
«елдің қамын жеді!» – дер

Бас имеген патшаға,
сатылмаған ақшаға,
елім деумен еңіреп,
өтіпті, деп, жақсы аға!

Атақ-даңқым аспандап,
аңызға да айналар.
Одан бірақ, құдай-ау,
маған қандай пайда бар,

саған қандай пайда бар?!

ӨМІР МЕН ӨЛІМ

(поэмадан фрагмент)
...Жұлдыздай ақты қырда,
жүзді көлде,
бермеді тірлігінде тізгін ерге,

сал да өзі,
сері де өзі,
серке де өзі –
бір жігіт болып еді біздің елде.

Көп еді елден гөрі көргендері,
көзге атқан құралайды мерген де еді,
әйтеуір өмірі де,
өлімі де

ертеден қызықтырып келген мені.
Ілесіп тірлік атты ұлы ағынға,
құландай жүйткір еді құба қырда,
қызға да,

қызыққа да тоймаушы еді,
асаудың ойнаушы еді құлағында.
Аямай –
бары болса – беріп елге,

толатын достарына төрі демде,
көрмеген беті қайтып жігіт еді
алысып бөрімен де,
перімен де.

Сексеуіл сойылындай білектері,
бетті де,
беделдіде,
жүректі еді,

ақырып,
аш арыстан тап бере ме, есте жоқ
елден бұрын дір еткені.
Досы да,

дұшпаны да ірі кілең,
қолы ұзын жігіт еді,
құрығы кең,
көрмеген жауына да жалған күліп,

айнала таң қалдырып қылығымен.

Әрдайым абыройы озып алға,
айналды әрбір айтқан сөзі ұранға.
Кісіні кінәлауға асықпады,
ешкімді жасытпады өзі барда.

Болысып,
қайда жүрсе күші кемге,
көмегін аямады кішіден де.
Маңынан жүргізбеді

құлқы жаман,
жексұрын жәдігөйді пішіні өңге.
Өзінде бармен және көзге ұрмады,
кісінің кемшілігін сөз қылмады,

ешкімнің қоздырмады қызғанышын,
атын да әулекінің оздырмады.
Бар еді,
неде болса,

өз білгені,
аштығын,
тоқтығын да сездірмеді.
Сүйкімі күннен-күнге арта түсіп,

күйкіні
көре тұра,
көзге ілмеді.
Қақ жарып,

қашан болсын,
қара қылды,
бас кетер бәсіңе де бара білді.
Қаймана қазағыңда аңыз етіп,

айнала жатушы еді тарап үлгі.
Шетінен –
жақыны ма,
жат па – бәрі,

жатады атын айтып,
мақтап әлі.
Сыртынан даттамады ол бір адамды,
ешкімнің ала жібін аттамады.

Өзі де өрт еді бір,
өктем еді,
өмірін ережемен шектемеді.
Кісілік келбетіне тұнып айбар,

сескеніп,
сұмырайлар
беттемеді.
...Кезінде кімдер оны күндемеді,

қалмады ит пен құстың үрмегені, –
Ар санап бұғынуды, жығылуды,
тірлікте бүгілуді білмеп еді.
Ондайға шыдасын ба біздің халық, –

біржола кете ме деп тізгінді алып,
хабар сап ағайынға «жөнді білер»,
қасына қонды бірер құзғын барып.
Санай ма аққа күйе жаққанды ерлік,

(біз де сол күйесі көп жақтан келдік!)
Жақсының жағасынан алғанды да,
аяқтан шалғанды да мақтан көрдік.
Жігіттің балаймыз да нарға күшін,

дайынбыз күйелеуге ар-намысын.
Жатады жазықты боп қанша боздақ,
Басқадан жақсы бола алғаны үшін.
Айдап сап ағаларын,

Аламанын,
іздейді бақытқа да балама құн,
ит қосып аламойнақ,
табады ойлап

өзінен оздырмаудың сан амалын.
Қайқы жас,
қанағатсыз қарт бүгінгі
қайтеді сенің де асқақ мәрттігіңді.

...Ұдайы беріп, беріп келген өмір
бүлініп аяқасты жалт бұрылды.
* * *
Полстраны – преступники,

Полстраны – охранники.
Роберт Рождественский
Бұл неткен ел, неткен ел?
Қасың да жоқ кектенер,

Досыңда жоқ өкпелер,
Бар ашуың
біреуге
кіжінумен шектелер

бұл неткен ел, неткен ел?!

Бұл қандай ел, қандай ел? Қақтығысқа бармай ер, қақтығысар қалмай ер, баяғыда ұмытқан ұяты мен арды әйел, бұл қандай ел, қандай ел?! Жарымаған жақсыға кілең ғана білгіштер, қылмыскері – сақшы да, сақшылары – қылмыскер, азғындаған қызына ақыл айтқан «жүргіштер», бұл неткен ел, неткен ел?! Жақының жоқ өкпелер, жауың да жоқ жек көрер, ұры-қары әкімі, ақынында жоқ бедел, бұл неткен ел, неткен ел? Аярлықты – айла дер, қараулықты – пайда дер, су жүректер мекені – апыр-ау, бұл неткен ел, апыр-ау, бұл қандай ел?! ЖЕРДІ САТ! 12 шілде 1999 жыл. Қазақстан Жазушылар Одағында өткен жер мәселесіне арналған жиыннан соң ілешала жазылып, газетке ұсынылған еді, ондағылар уәде бере тура ұзақ ұстап барып, ақыры жариялауды «ұмытып» кеткен болатын. – Қарсымыз! – деп қаһармен айта алмасақ ел құсап, өнбес дауды қуып та керегі не енді ұсақ, керіп өңеш, кеңірдек жырта бермей, ағайын, «қатын-бала қамы» деп, жөніңе көш – Жерді сат! Іздеп тауып тағы бір жұлымырлау делдалды, сорпа-сумен алдай сал даурығысқан елді әлгі,

малды саттық тігерге тұяқ қоймай түп-түгел,
арды саттық,
ендеше сатылмаған нең қалды?!
Ақының да сатылып, қатының да сатылып,

«Сатылма!» – деп ешкімге айта алмадық ақырып.
Ұстағаны – қолымен, тістегені тісімен
сатты бәрін, не керек,
сатты судай сапырып.

Баспанаң да сатылды, жас балаң да сатылды,
сатылмаған, құдай-ау, не қалды өзі татымды?
Жаттың бәрін, әйтеуір, жарылқап-ақ жатырмыз,
ырзығынан айырып,

жалаңаштап жақынды!
Қойсыз елге қотанның керек жоғы секілді,
ойсыз ерге Отанның керек жоғы секілді,
жер не керек қазаққа –

тұрмағасын бақ тосып,
жесіріңді сат қосып,
шырылдат та жетімді!
Иесі кім бұл жердің?

Киесі кім?
Білмедім.
Қайда барып саудалап,
сатады оны кімге кім?

«Сатам!» – деген мықтыға қарсы айта алмай
қаймығып,
жалған болып шықты ма –
Жер-Ана деп жүргенім?!

Ел едік қой көнбіс-ақ.
Кең едік қой көнгіш-ақ,
қарсыласпай ендеше,
«Сат!» – деп жатса –

Жерді сат!
Мәжбүрлік пе бұл өзі,
мәжнүндік пе, кім білген,
кешіре гөр, Жасаған –

береке бер, бер нысап!

* * *
Мезгілінде бере алмаған Ерге дем.
пейілі кең,
зейіні кем елден ем,

қайығым да қала берер қайырлап,
үрке қашып үдей соғар жел менен.
Мен дегенде бұтағын да бұлдап тал,
самал еспей, сараңдарша сырғақтар,

көздің жасы кермек татыр лезде,
ащы етіме қатты батып тырнақтар...
Жауымнан да, жауыннан да жасқана,
жон арқамды тосқан болам, масқара!

Күйінгенім өз алдына,... әйтеуір,
иілмедім бір Құдайдан басқаға.
Соның өзін кешіре алмай ағайын,
дау-дамайға толып берер маңайым, –

Қаңғып-ұлып құлағымның түбінен,
жаңғырығып – жан түршігер жабайы үн.
Аузымды да ұстар едім құлыптап,
дәл қазіргі хал-күйімді кім ұқпақ,

мен дегенде –
шәу-шәу етіп жатқаны
ауыл үйдің иттері де үріп қап.
Тастай қатқан тағдырым да керең бе,

тамырымды жібермей тұр тереңге.
Күндетпеді қарағайды қайқы өскен,
үндетпеді иір бұтақ еменге!
«Қой!» – дерімді біле алмадым кімге ұрсып,

сөйлемесім, сөйлерімді білгірсіп,
маңдайым да тарлау ма еді шыр бітпес,
айналдырып алды-ау мені бір қырсық!
* * *

Мына заман қай заман – түлкі заман,
түлкіңіздің, Тәңірі-ау, сұрқы жаман,
қысылмайды түктен де, кеміріп жеп,
өліктің де біткен бе ұртына жан?!

Шайнаңдайды, шынашақ айналмайды,
тайраңдайды тәйтігі, сайрандайды,

шоқпар-ұлға бар ісін артып қойған,
тоққарынға дарысын қайдан қайғы.
Өліп бара жатқандай асап бәрі,
судай ақты қара жер – қасап қаны,

ептілері екі жеп,
кектілері
тығылады тасаға – тас атқалы.
Білсем деген бірі жоқ ер қадірін,

қайғы беріп қор етті дегдар ұлын.
Қарға адым жер бұрын да бастырмайтын,
аштырмайтын болыпты енді адымын.
Өрге шықса обыры, оңбағаны.

ол да сенің ұлтыңды қорлағаны.
Оңды-солды шашады байлығыңды,
айлығыңдай өзінің дорбадағы.
Бірі тонап обырдың, бірі қолдап,

біреуі орға жығады, бірі қорғап.
Көзге де ілмей қалың ел – жай халықты,
айналыпты мақтанға ұры болмақ!
...Мына заман қай заман – түлкі заман,

түлкіңіздің, ағайын, сұрқы жаман,
ескі жұртты айналып жүріп алдық,
түгіміз жоқ әзірге күрт ұзаған!
...сұрқы жаман!

БҰЛ ДА ӨМІР...

Миуалы жазды көрдік, күзді көрдік,
әзірге осы боп тұр біздің ерлік, –
ойласам – ойладым да бас аманын,
оғаш іс жасамадым Сіз күлерлік.

Айналып аңызына төңіректің,
көріпті селтеңі жоқ сері боп кім, –
Ішінен аман шығып өрттің ада,
жаныма сертті ғана серік еттім.

Естілсе ара-тұра үнім өктем,
сырлы аяқ еместігім сыны кеткен, –
басымнан дұшпан сөзін асыра алмай,
сырымды жасыра алмай –

күліп өткем.

Өшпеген санасынан құлдық табы,
ол шіркін ымды ұқпаған – дымды ұқпады.
Тек қана басқан ізі бадырайып
қалыпты қулықтар мен сұмдықтары.

Осылай өзіме-өзім беріп екпін,
өмірдің өрін еттім, төрін өттім, –
алатын жеке барып алда құз бар,
бірі деп қалмаңыздар мені көптің.

Жемісті жазды көрдік, күзді көрдік, –
сол болып тұр әзірге біздің ерлік.
Азды-кем бола берер жолаушыда
қылығым жоқ-ау, сірә, Сіз күлерлік!

* * *
Апыр-ау, ұлға жағын, құлға жалын,
не болып бара жатыр бұл қазағың!
Тәңірім аз деп жүрме,

кеше көрген
жел айдап көше берген күллі азабын.
Тиді ме алда-жалда құлға билік,
басына бақ-дәулетті бұлдап үйдік,

ұшпаққа шығарады ол,
шығамыз деп,
жабыла ұран іздеп,.. бір дәлидік.
Халқым-ай, қайыр күткен ұлдан масаң,

жетіпті қадіріңе құлдар қашан?
Ұлысаң айға қарап аспандағы
ол дағы сасқандағы... бір далбасаң.
Келе ме ести бергің кіл мазағын,

қайырсыз құлға жағын, ұлға жалын!
...Аспанда айға налып,
майдаланып,
барады қайда лағып бұл қазағың?!

* * *
Биікке біразырақ өрлеп алған,
бірісің жақсылардың Сен де бағлан,
ебім жоқ ел сияқты демесеңіз,

жерің жоқ ештемеден кенде қалған.

Өбектеп,
өзің десе жаны шығып,
ағайын арасының намысы «ұлып»,
жатқаны біреуі бал, біреуі жал,

біреуі өзінде жоқ бақ ұсынып.
Шайқалса тірлігіңнің қайығы сәл,
қанатын қанша досың жайып ұшар!
Бірінің қайратынан Күн тұтылып,

бірінің айбатынан Ай ығысар!
Көрмедік сөзіңді де жерде қалған,
бірісің бүгінгінің өр де бағлан,
Кеудеңді әлімсақтан Ар мекендеп,

қарайды ел, бар ма екен деп, сенде де арман!
Қайсы бір қабақтағы сесті көрмей,
қабыл ал бәрін де сен естілердей.
Шыққанда атой салып,

ағайынның,
қайтер ең,
қарап тұрса ешкімі ермей!...

АЛАМАН. АРҒЫМАҚ. КҮЙШІ БАЛА

Пай-пай, о-ой!...
Екпіні үйді жығып, жар құлатқан,
селтиіп, соңындағы ел шаңды қапқан,
қарадай қалтырайды

күйші бала
көз алмай көсіле ұшқан арғымақтан.
Қазақтың кешегісі, бүгіні ме,
ілесіп ат тұяғы дүбіріне,

Көшкіндей лықсыған айқай-шудан
естілмей қуаныштың күбірі де;
осының бірін ұқса,
бірін ұқпай

жылайды жыршы бала жұдырықтай,
ысқырған жүйрік пе,
жел ме, білмей,
саусағы сазын іздеп перненің кей.

Жанары жасқа толып,
егіліп тұр
өксігі өткендегі ел кегіндей.
Несіне, ессізім-ау, еңіредің,

Той жасап жатқан жоқ па сенің елің,
Жүз жігіт жалғыз Даңқты кетті қуып,
айқай-шу,
азан-қазан төңірегің.

Жүйірікпен қоса жүйткіп дала мына,
қарамай қаралыға, жаралыға,
қомпаңдап
тоқсандағы тобықтай шал

қол созды шарадағы шарабына.
Сілте, шал!
Аламанға кеткен әлгі
аттардың алды, міне кеп те қалды.

Әлдекім шыдай алмай:

– Ойбай, жібер!

Бассаңшы қамшыңды енді! – деп те қалды.
Арғымақ үстіндегі ұлға қарап,
қалың ел тынады іштей, ырғала қап,
Біреуі атқа сеніп, бірі баққа

қуғаны жүз жігіттің бір ғана Даңқ!
Күлімдеп сонда бала, сәл ырғалып,
қол созды домбыраға жалынданып,
ащы бір ашу қысқан арғымақ та

көрсетті-ау,
айһай, асқақ арынды анық!
Сол шақта домбыра да дір-дір етіп,
сұңқылдап,

соңғы сазын тұрды үдетіп...
...Жылап тұр жұдырықтай күйші бала,
басынан осындай да бір күн өтіп...
* * *

Сері ме,
селтеңі ме,
пері ме едім,

байыппен бағалапты мені де кім, –
төбеме тік көтердім жақсыларын,
жаманнан баяғыда-ақ жерігемін.
Біреуі болмайын деп шыр бітпестің,

асықпай, абыройлы тірлік кештім,
Аллаңыз ажыратпас арамызды ар-ұят,
адалдықпен кіндіктестім.
Біреуден ілгері ме, кейін бе едік,

көрмедім жаңа заңға бейімделіп,
алағай, бұлағай да бола алғам жоқ.
қойған соң Құдай өзі зейін беріп.
Төкті ме мейірімін Аллам маған,

кезім жоқ суға кетіп, тал қармаған.
Әйтеуір, адастырмай келе жатыр
сол алғаш ағайыннан алған бағам.
Жақсының бірі ғой деп жөні бөлек,

бұл күнде жатқан кім бар сені де елеп.
Әзірге алған асу осы боп тұр,
тіршілік тәртесіне жегіле кеп...
* * *

Мен де тұрам
сен тұратын қалаңда,
жолығамын жақсыға да,
жаманға,

басып кеткен жоқпын ба деп ізіңді,
ауық-ауық қарап қоям табанға.
Баратын жер,
басар тау да жоқ басқа,

мен де отырам
сен отырған көк тасқа,
әңгіменің тыңдамаймын ақырын,
қаншама рет «қарағым-ай!» деп баста.

Мен де жүрем сен жүретін көшеңде,
естіге де кезігемін,
есерге,
табанымды тұрам ұзақ сүрткілеп,

...етігімді шешерде!

ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЙТАДАН ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫ

БОЛҒАНДА

Басылып бұрынғыдан сәл-пәл еңсең,
бұйыға қарап қалып қанша келсем,
көңілің күнге толар осы күнді
көптен-ақ, Талдықорған, аңсап ең сен!

Оятып қиядағы қыранды үнің,
көгінде қалқып ұшты жыр-ән бүгін, –
болмаған көптен бері бұл өңірде
дәл мұндай ұмытылмас ұранды күн!

Оздырып арман,
үміт,
мұратты алға,
бұл күні қуанбаған қырат бар ма?

Жеті өзен – басы қатты – жұлқына ағып,
бұлқына тасып ақты бұлақтар да!
Басыңа қайта оралып қашқан бақыт,
тұра ғап қол соғады тастар да тік.

Балқаш та бері қарай бір аунады,
Алатау ақ қалпағын аспанға атып.
Бұл күні Жетісу боп жыр тұрағы,
көңілім көк өзендей бұрқырады.

Шаттығың Алакөлден әрі асып бір,
Еліңнің жарасып тұр ынтымағы!
Көгертіп жер бедерін, ел беделін,
сенің де осы болар өрлегенің.

Қалып ең күні кеше босағада,
тиіп те қалар енді төрден орын!
Тұрғам жоқ асыра айтып жорта мұны,
сен болсаң облыстың орталығы,

Алатау, Алакөл мен Іле, Балқаш –
Жасампаз Жетісудың төрт алыбы!
Өзінде келбет те бар, көріктілік,
қарайсың келешекке сеніп, күліп!..

Уақыт осыны айтты Жетісудың
тізгінін өз қолыңа беріп тұрып!

* * *
Десеңші енді бірдеңе...
жан қала ма бұққанмен,
шыдай-шыдай шындықтың ыңыршағы шықты әбден.

Ырду-дырду айнала,

ұры-қары...

Ұлтанқұл
ұлттың өзін бұл күнде руынан тұтқан кем.
Асқына кеп көнбейтін халге жеткен дерті емге,
сеңдей ғана соғылды ел

сенімі жоқ ертеңге.
Жынданбай-ақ отырып күй кешесің дел-сал бір,
әзірейіл төніп кеп тұрғандай-ақ желкеңде.
Ақын да жоқ

ақыра есе-теңдік сұрайтын.
батыр да жоқ
батыра бағыт сілтер бір айқын.
Аға да жоқ ұмтылар,

жаға да жоқ жыртылар,
бұдан әрі, шын айтам, шама да жоқ шыдайтын...
Айға білеп азуын,
ар-намысын қайрап ер,

күн туар ма: «кешегі кісілігім қайда?» – дер,
оған дейін, осылай үрей бар да, үміт жоқ,
өлеміз бе?
Қайтеміз,

көнеміз де, қайран ел!

БАТЫР БАБА

Алакөл ауданының орталығы Үшаралға
кіре берісте Қаракерей Қабанбай батырға
ескерткіш орнатылды.
Азбап па деп ұрпағы, тозбап па деп кең далам,

кімдер бастап келді деп осы күнге елді аман,
Зая кеткен жоқ па деп, төгілген қан, тамған тер,
қарап тұрған сияқты Қабанбайдай Ер бабам.
«Біз қорғаған кешегі қыран жортар қыр қандай,

аман келе жатыр ма ел –жоқ пәлеге шырмалмай,

тартып туған өзіме татымы мол ұл бар ма?» –
деп аруақты Ер айнала жіті қарап тұрғандай.
Уа, Баба, бүгінгі құйқалы өңір қырқаның
жатқа беріп көрмеген жалғыз бұлақ, бір талын,

арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты
бар екенін байқатты батыр туған ұрпағың!
Аруаққа сыйынып айтар болсам егер мен,
өсіп-өнген ел көрем, көсегесі көгерген.

Ақының да осы елде, батырың да осы елде,
байлығы да, бағы да асып жатыр кемерден.
Шешенің де осы елде, көсемің де осы елде,
батыр дейді бір-бірін ел баласы өсерде.

Азбасын де ағайын, тозбасын де төңірек,
жаппар ием жар болып, жазбасын де кеселге.
Бастап келіп осында баяғыдай елді аман,
қолдасын деп құдайы, болмасын деп енді алаң,

аузындағы ұраны,
алдаспаны – құралы,
ат үстінде тұр әлі Қабанбайдай ер бабам!

ЖАМБЫЛ

Ақыны ма арғынның, батыры ма найманның,
түп атасын тексеріп, келді демей қайдан кім,
алты алаштың аруақты атасына парапар
тастамайтын аузынан батасына айналдың!

Жалпақ елге жайылған Жамбыл атың көк тіреп,
ұраның да жыр-әнің төрелерден тектірек,
қайда барсаң –
құдайға қолын жайып жатқан жұрт,

жаңа туған сәбиге:
«Жасыңды бер!» – деп тілеп.
Қырда қазақ,
ойда орыс

«Жамбылым!» – деп ұрандап,
өзбек, қырғыз, түрікпен таңырқаған жыр арнап.
Ұрпағының ұрпағы мақтансын да жүрсін деп,
маңдайыңа дарыпты-ау самұрықтай сыңар бақ!

Дағдарып кеп қайран ел,
түсе қалса даңғылға,
Жамбыл-дауыс жаңғырып жетеді әлі сан

қырға.
...Ақыл іздей бастасақ –
біз Абайға жүгініп,
жақын іздей бастасақ –

жүгіреміз Жамбылға!

АЛБАН АСАН ЕСКЕРТКІШІНЕ

Армысың, Қарасаздың қалың елі,
Бармысың салқын самал, сары белі!
Жансүгір Ілиястың жерлесі едім,
Жатсынбай, жақсы ұлым деп таны мені!

Ақынның – атағы зор – Албан Асан, –
әр сөзін тамсана оқып, таңдана сан,
тарыдай жиып-теріп, тасқа басып,
Ілекең танып еді-ау әлдеқашан.

Ешкімнен кем тұтпаған өз дарынын,
Ілекем білген екен сөз қадірін.
Халқына табыстырып кеткен екен
Асандай ортасынан озған ұлын.

Қағылған қатын-қалаш қалжадан да,
тап келіп кешегі бір зар заманға,
Заңды айтып, көкірегінің зарын айтып,
Жалынбай өтіпті Асан әр жаманға.

Көрсек те жеті атасын мазақтың біз,
Бұл күнде жарылуға аз-ақ тұрмыз.
Кезінде соның бәрін жырға қосқан,
Ақын ең ардақтаған қазақ-қырғыз.

Созылып содан бері жыр таспадай,
Бұл жақта әндетпесін гүл, тас қалай,
Құйғытып Мұқағали өтті кеше,
аузынан Қарасазын бір тастамай.

Қамалын қанша заман шықтың бұзып,
тойының ішіндесің жұрттың қызық,
Қарасаз бүгін тағы қарсы алып тұр
өзіңді тас үстіне тік тұрғызып.

БАҚТЫБАЙ

Жеткен соң үнің көкке,
жырың көпке,
атағың шығыпты ғой дүрілдеп те,
көздерін бақырайтып хан-төренің,

жүріпсің батыра айтып мінін бетке.
Белгілеп биігіңді өзің ұшпақ,
болдың ба айналаңмен тез ұғыспақ,
Ішінен жалпақ жатқан жалайырдың

шығыпсың иісі қазақ сөзін ұстап.
Өрді айтып,
өрлеп шығар өндірді айтып,
өтіпсің өзің барар жерді ұлғайтып,

Араға 165 жылды салып,
еліңе
Бақтыбай боп келдің қайтып.
Құлашын қиындыққа талай ұрған,

жақсы мен жаманды да дәл айырған,
жұртым деп туа қалған шайыр ең сен
атағың алыс кеткен жалайырдан.
Әруақты,

ақындықты сөз еткенде,
бермеген дүлдүл едің кезекті елге,
тең ұстап терезеңді тілдескен ең
қан тамған қылышынан Тезекпен де.

Көрсете алдым ба,
жоқ,
қатты қайрат,
қаншама ой біздің іште жатты қайнап.

Жау көрсем –
«Қабанбайлап!» – шабамын да
дау көрсем –
кіріп кетем:

«Бақтыбайлап!»
Білдің бе,
білмедің бе басқа тілді,
соны ойлап ғалым ұлың бас қатырды.

Өзіңді,
сөзіңді де өлтірмеуге
жатырмыз қашап жазып тасқа атыңды!

МАҒЖАН

Өз көрін өзі барып тірі қазған,
армысың,
жыры маржан
Ұлы Мағжан,

тағдырың тап келгенін көрмеймісің,
кезеңге тілің арзан, дінің азған.
Ту-туден жетсе талып әлдебір үн,
елестер сенің ауыр, зарлы өмірің,

қара бұлт қам көңілің сияқтанып,
ізіндей шұбатылар зәндемінің.
Жан болып жаралдың да құсаң қалың,
жетпеді жеке самғап ұшарға әлің,

желмая, желге біткен екпініңмен
ешкімнің алдына да түсе алмадың!
Тиді ме,
тимеді ме тірі себі,

талантың тау ішінің ірісі еді,
жақпадың заманға да,
жаманға да,
солардың кешірмеді бірі сені!

Біреуі көре алмаса Даңқыңды асқан,
біреуі салды бұғау тартынбастан.
Сен болдың жаһандағы жалғыз ақын
туа сап «пәлесінен» халқың қашқан.

Жаралы жауынгер ең жорықтағы,
төбеңнен найза-қылыш төніп тағы,
міз бақпай,
қайда барсаң матап ұстап,

обыры обалыңнан қорықпады.
Қасықтап қасіреттің жұтып уын,
біржола тұтылдың да тұтылуын,
күн сайын қылқындырған қыл тұзақтан

қиындап бара жатты құтылуың.
Оп-оңай ие болып гүлді баққа,
біреуі ағайынның мінді ме атқа –
жақсыны алдына сап айдап көріп,

шетінен байлап беріп жүрді жатқа.

Өксітіп,
өкіндіріп,
қапы қыла.
тірідей талатқызды жат ұлына,

Ақынның Басы орнына
тілін кесіп,
шыңғыртты
шынжыр салып тақымыңа!

Отырып өз үйінде болдың өгей,
Ақынға ол не деп ең,
қорлық емей,
Бұлбұлын

бұлдырықтай көрмегенге,
арзан сөз,
ащы ызаға толды көмей...
Айналып ойың – ойран,

ми – қаңбаққа,
бір рет сайратқызбай Иран-бақта,
не дерсің,
ғазалыңа мүлгіп тұрып,

жендеттің азабына қиған хаққа!..
Көретін көкірегінде көзі бар жан,
Кісі едің сөзі маржан,
өзің арзан.

Тағдырың тап келгенін көрмеймісің,
кезеңге
көзі бағжаң, сезімі азған.
Кейде бір есім ауып,

сәнім ауып
тұрғанда
соны ойлаймын ауық-ауық.
Сейіле қоймағандай көрінеді,

басынан ақындардың әлі қауіп.
...Заманды қанша жерден құстанала,
айналып екі жүзді ұстараға,
елу жыл бізге Сені жамандатып,

ақыры өзі келіп түсті араға.
Алтынның бүлінбесін көзі көріп,
ақыры түсті араға әзі келіп,

айналған әлдеқашан арзан мұңға,
берілді Мағжанның да сөзіне ерік.
Жүзінен талайлардың түршігіп жыр,
бір батып су түбіне,

бір шығып жүр.
Мәңгілік Мағжан үнін өшіре алмай,
біреулер әлі күнге қырсығып жүр!
Заманның сұрқын көріп –

құлқы мұз-қар,
менің де ішім бір өрт,
сыртым ызғар.
...Ақынын өз қолымен өлтіріп ап,

жоқтайтын
жүз жылдан соң
ғұрпымыз бар!

ҒАБИТ АҒА

Қалпында бірде кердең, бірде менмен,
ұқсамай өзгелерге күнде көрген
қайда да биігірек тұрушы едің
айнала биікпіз деп жүрген елден.

Құйылып көмекейден дара тілді ән,
Кісі едің.
кісіліктен жаратылған,
ерлік – от алдында да Сен жүріп ең,

зеңбірек аузында да әр атылған.
Ұқтырып ұлтыңа тән ерлік барын,
бұққанда ұлық біткен, сен бұқпадың,
от-жалын өзегіңнен өрт шығара,

ішіңе жия келіп шер ғып бәрін,
бұйырып маңдайыңа үздік бақыт,
шығардың соның бәрін сыздақтатып.
(Көлкіген сорпа-судың арасында

әр сөзің тұрушы еді-ау тұздық татып).
Жетті ме, жетпеді ме баққа қолың,
далаға кетпеді тек атқан оғың,
Қыжырттың қазақты да қаншама бір

туысқа тарпаң, асау, жатқа момын.

Серілік селдіреп-ақ қалды ма деп,
Ақаннан жұқты ма әлде салдық әдет,
әйтеуір,
дұшпаның да, іштарың да

жүгінбей кеткен емес алдыңа кеп.
Еншіңе елден ерек тиіп ерлік,
шарт сынар шағынды да жиі көрдік.
Ағатай,

жан едің-ау
жасағанның
біз үшін бере салған сыйы дерлік.
Берсе деп қысылғанда өзіңіз дем,

қауышам күніге бір сөзіңізбен.
Дарасыз, қайран Ғаба,
сондықтан да
барасыз бұл-бұл ұшып көзімізден!

ҒАБИТ АҒАҒА ЕКІНШІ ӨЛЕҢ

Отын барып үрлеймін де өзгенің,
У боп бойға тарады ма өз демің?
Сал-серісін жырлап кеттің қазақтың,
Қыз да құшқан,

құздан ұшқан кездерін.
Кесек бітер кемеңгердің ойымен
Сен өзің де серілікке бейім ең.
Басыңа бақ қонғанын да біледі ел,

Кездеріңнің болғанын да кейіген.
Дәуіріңнің тақылдаған таңдайы ең,
Оққа төсер маңдайы едің,
ардай ең,

Іріп-шіріп бара жатқан заманға
Жасарыңды білмей кеттің қандай ем.
...Туды, Ғаба, Сіз аңсаған күніміз,
Сізден де асқақ естіледі үніміз.

Қатардан да қалған жоқпыз,
тек қана
Ғабит бола алған жоқпыз біріміз!

ҚАНЫШ АҒА

Ақыл-ойдан жүк тиеп теңіздейін телегей
Желді күні желкенсіз жеке жүзген кемедей,
Менменсінген Мәскеуді, Парижді де тәкаппар
Таң қалдырған кім еді,

Қаныш аға,
Сен емей!?
Құландайын шөл кешіп, құдық қазып инемен,
түйін түйіп ағаштан, түйе жасап түймеден,

Қазақстан ырысы – Қарсақпайдың мырышын
кім деп елің,
Сен емей,
саз балшықтай илеген!

Әлдекімдер қанденше үре шығып іргеден,
кездерде де қалың ел қадіріңді білмеген,
Ұлылықтың алдында ұлықтың да дәрменсіз
болатынын,

Сен емей,
дәлелдеген кім деп ең!?
Мүмкін емес салмағын салыстыру басқамен,
ақыл ойдың сарқылмас алтын күмбез аспаны ең.

Көріп едің жеті қат жер астымен тілдесіп,
сеніп едің ертеңге, беріп едің тасқа дем.
Жайламауы үшін де жайылмалы дерт ішін,
Қыртыс-қырын ақтарып,

түгендедің жер түсін.
Сарқылмайды байлығы Атырау мен Алтайдың,
тартылмайды дейтін ең Еділің де, Ертісің.
Қарын бөле қулықпен, сұмдығыңмен сыбайлас,

«Қайраткер» де кезікті,
қоян жүрек,
құмай бас,
Қанышың не оларға,

намысың не, Ағатай,
қар жауса да,
аспаннан қан жауса да мұңаймас.
Солар жапқан жала да болып па еді өрттен кем,

саусақтарың қарысып,
ызалы күй шерткеннен,

Ел болсын деп қазағым, тең болсын деп

басқамен
Кім деп едің,
Сен емей,
түн ұйқысын төрт бөлген!

Көзден бұлбұл ұшты да өтті-кетті ол бір шақ,
тойынбады, толмады қанағатсыз көл-құрсақ,
Кемеңгерім, Сен бізді кешірмей де қайтерсің,
ілесе алмай ізіңе орта жолда болдырсақ...

Соры қалың халқыңа соның бірі болмаса ем,
Толып-өсіп
несіне өліп-өштің онда сен!
Залымына ғалымын жаутаңдатқан елі де

мимырт өмір баяғы,
мыйсыз тірлік сол бәсең!
Айтпадың не, айттың не,
біреуіне өтпей тіл,

теріс жорып жүре ме мұнымды да көп бейпіл.
...Академик дегенің осы күні иттен көп,
Иттен кептің ішінде...
Бір Сәтпаев жетпей тұр!..

ТАС МҮСІННІҢ ТҮБІНДЕ

Алматыда
Академик
Қаныш
Сәтбаевқа кісі бойы ескерткіш ор-

натылды.
Қуандық.
Құптадық.
Құттықтадық.

Тойладық.
Жудық.
Ойландық. Содан кейін...
Батырға балап өткен есер ұлын,

Қанекең сойы еді ғой кешегінің,
не дер ем тұтқиылдан тілге келіп:
«Қарағым, қалайсыңдар?» – десе бүгін.
Үркітіп көңілімнің көбелегін,

Ағама аяқ асты не дер едім?
Тірлікті астаң-кестең етуге бұл,
Тәңірі-ай, қандай ғана шебер едің!
Хас шебер кәрі құмай – Тәңірім-ай,

болар деп кім ойлаған бәрі бұлай,

Қарныңның қампиғаны кімге дәрі,
қадірің қалмағасын, жарығым-ай!
Бұл күнде елді алала, жерді алала,
барамыз сыйыса алмай кең далаға,

«Қарағым, қалайсыңдар»? – деп сұраған,
не десем болар екен енді Ағама.
Ұлытау,
Кішітаудың күнгейінде

жан бағып,
жұртың әлі жүр – дейін бе,
өзімше болжам айтып,
«олжаны» айтып,

көзінше әлдекімді тілдейін бе?!
Қаңырап қараң ғана қалды ауылың,
қаңғып жүр, десем бе екен, жан бауырың.
Тап келіп талайына тар бір заман,

тақымға салып-ақ тұр қандауырын!
Далаңда мал да қалмай,
ар да қалмай,
қаңқылдап қала бердік қарғалардай,

тоқтайтын түрі де жоқ тажалыңның
түп-түгел тұқырта бір жалмап алмай.
Қаншама қарасаң да түсінікпен,
көңілім көлге айналды құсы біткен

қорқасың келе-келе біздің елде
түк қалмай жүреме деп кісіліктен.
Бақыттың құшағымда жүзген күнде
қараймын кешегі бір үзген гүлге,

сыйластық,
қимастықтың барлығы да,
ілесіп кетті ме деп Сізбен бірге?!.
Айтуға соның бәрін тіл күрмеліп,

мылқаудай ымдап қана
міңгірледік.
үрейден ықтай-ықтай
үдірейіп,

жартастың жиегіне тұрмын келіп.
Есіме түседі де жұртым-елім,
жартасқа жете бере...
іркілемін, –

Тәңірім көз жасымды көрер-ау деп,
халқымның берер-ау деп бір тілегін!
Ақынның мені де бір заржағы дер,
бұл күнде алдым бір құз,

аржағым өр.
Айтпауға болар еді,
амал қанша,
барар тау,

басатын да қалмады жер!
Таусылып әлі де амал,
елден үркіп,
отырмын ойдың көбін желге бүркіп.

...Айтпасам атасы өліп жүре ме деп.
бұл да бір сөзім еді келген іркіп.
...Сіз аштыңыз,
шаштық біз,

Сіз – ғалым,
біз – бастықпыз.
Ұлан-ғайыр жері бар
Қазақстан астықсыз.

Пайдасы үшін бір күндік,
құртып,
жыртып,
бүлдірдік,

Сізден қалған байлықты
жалап-жұқтап үлгірдік.
Жүр дейсіз бе Сізді аңсап,
Сіз – Әруақсыз,

Біз – мәнсап,
басып жейміз бауырға,
баламыздан қызғансақ.
Сан өзгертіп жер түсін,

саттық бәрін дерт үшін.
Сарқылуда Еділің
тартылуда Ертісің.
Ақылдысын арбадық,

ақымағын алдадық
айналаны аз жылда
аждаһадай жалмадық.

Сіз тапқанды құртып біз,
Жамауы жоқ жыртықпыз.
Ұлытауың – ұларсыз,
Қаратауың – бүркітсіз.

...Сіз аштыңыз,
шаштық біз,
Сіз – ғалым,
біз – бастықпыз!

МҰҚАМЕТЖАН ҚАРАТАЕВ РУХЫНА

Асып-тасып, ақтарыла кемерден
Қызынғанын көре қойған жоқ ем мен.
Анық басып, ақырындап жүріп-ақ,
Жоғарырақ тұрушы еді көп елден.

Иығы асып нелер пысық, «мықтыңнан»,
Бейбастықты беделімен ықтырған.
Бала жастан өзін елге әйгілеп,
Кім екенін сөзімен де ұқтырған.

Өзі де өткір, сөзі де өткір алдаспан,
Шыңға қарай өрмеледі талмастан.
Шәу-шәу етіп қала берді көп күшік
Баяғыдан балағына жармасқан.

Ұрпағына аты өнеге, хаты үлгі,
Өзі – мәңгі! Сөзі қалды татымды.
Мұқаң менің көз алдымда тұрады
Алыптардың тұяғындай ақырғы!

ҚАСЫМ АҒА

Қасым Қайсенов
80 жасқа толғанда
Жүре алмайтын біреуді арқаламай,
Ел деп туған еңіреп мәрт ағам-ай!

Селкілдемей жеттің-ау сексенге де,
Қарын да бар қалпында, қалта да бай.
«Бөлек қой деп көкемнің күлкісі де»,
Таңданбаған кісі жоқ түр-түсіңе.

Жұрт ішінде түсесің көзге де оқшау,
Қоя берген нардай боп жылқы ішіне.
Жай-күйіңді өздері сұрасын деп,
Кейде бізге тіл қатпай тұрасың көп.

Ағаларын, алдында аңқаң қағып,
Балалардың «енесін ұрасың» кеп.
Қасекем-ай, қайбірін сөз қыламын,
Көп қазақтан қатарлас озды бағың.

Қажетсізін көп сөздің естімейсің,
Қажеттісін қағып ап тез құлағың.
Көп жасаймын десең де елден ерек,
Кім бар шығып алдыңа жол бөгемек.

Қаһарманға, Партизан, полковник,
Профессор, Жазушыға жөн не керек!

АҒАМ БАР ЕДІ

Әнуар Әлімжанов рухына
Ағам бар еді мір тілді,
Жағам бар еді – жыртылды!
Қан жылап тұрған жүрекпен

Жұбатам қалай жұртымды?!
Жасырып жерге мәрт ұлды,
Жұбатам қалай халқымды? –
Телегей теңіз дариясы

Тебірене тұрып тартылды!
Төре де болып төрге өтті,
Турасын айтып, өр кетті.
Барлайтын елдің ертеңін,

Шарлап та келіп жер-көкті!
Қайығы жүйрік кемеден,
Жазығы биік төбеден.
Алдына келген адамның

Атасы басқа демеген.
Беткейі шүйгін бел еді,
Белден де биік беделі.
Атқа да мінді, таққа да,

«Астым ғой елден!» демеді.
Алды бір Жайық, кең Еділ,
(Асықтың екен неге бұл?)
Сендей-ақ болар дейтін ек

Халқының қамын жеген ұл!
Амалың бар ма ажалға,
Аңырап қалдық азанда.

Әнуар өткен жол бірақ
Сия да қоймас мазарға.
Қолында барда алтынның
бағалай қойсын нарқын кім.

Қай елдің дәмін татсаң да,
Қамын ойладың халқыңның.
Шарлайтын едің көп елді,
Көлігің неге бөгелді?

Қай жаққа кеттің, Ағажан,
Көрсетпеймісің төбеңді?!
Үрімші ме әлде Үрім бе, –
Жүрген де шығарсың бірінде.

Сағындырып барып ортаңа
Оралармысың түбінде?!

БАЙЕКЕ ҚАДІРЖАНОВТЫҢ РУХЫНА

Алакөл жағасындағы жұрт көп бара-
тын демалыс орындарының бірі – «Жа-
лын» – осы елдің қадірлі азаматы Байеке
Қадіржанов атымен аталады. Ақ айдын

Алакөлге сұғына кіріп жатқан сол дема-
лыс орнының ашылу рәсіміне марқұмның
бала-шаға, дос-жарандарымен бірге мен
де қатысып едім.

Байеке Қадіржанов – қадірлі аға,
бай едің санаға да, сабырға да,
Айдынды Алакөлдің жағасына
Келдіңіз қайта оралып, дабыл қаға.

Баяғы сол еліңіз, сол көліңіз,
азырақ аялдаңыз, бөгеліңіз,
болатын жан саясы бір саяжай
осында орнатсам-ақ деп едіңіз.

Жартасқа жаңғырығып жоғалмады үн,
мінеки, орындалды сол арманың,
амал не, осы қызық той-думанның
ішінде өзің ғана бола алмадың!

Бола алмай ағайынның арасында,
кім білсін, ғарышқа ұшып барасың ба,
әйтеуір, мәңгілікке қалды есімің
ел-жұрттың жүрегі мен санасында.

Көз алмай дәл қазіргі тамашадан,
қарайды көл бұрылып, жаға Саған.
Атыңды ақ мәрмарға ойып жазып,
мәз болып, қол соғады бала-шағаң.

Болмашы біреулерге кінәні артып,
бұл күнде себеп те жоқ жыланар түк,
жасаурап екі көзі жарыңыздың
білмей тұр не жасарын бұдан артық.

Жасырмай жеріңіз де бізден белін,
бір сәтке Ебіңіз де үзген демін,
атыңды ести сала тына қапты
сан рет айдынында жүзген көлің.

Алқыммен ызғынды есіп, қызғын көшіп,
алқалап, шалқалап та жүздің кесіп,
ағатай, осы арадан өттік қанша
жел қайық жотасына біз міңгесіп.

Жетіліп ұлдарыңыз, қыздарыңыз,
куәсі болып тұрмыз біз бәріміз.
«Жалынның» атын мәңгі иемденіп,
орнығып осы арада Сіз қалыңыз!

ЕРКЕҒАЛИ АҒАМА

Еркеғали Рахмадиевтің
70 жылдығында оқылған өлең
Баяғыдан бағынған әміріңе
жүріп тұр ғой билігің бар ініңе,

атақ-даңқың аспандап кетті бүгін,
жетті бүгін алты алаш қадіріңе!
Қайда барсаң –
қазақтың жақсы ұлдары

құрақ ұша қарсы алды, жатсынбады.
Құшып-сүйіп жатады,
қашан көрсем,
арулар да аршын төс, ақ сырғалы.

Ән мен күйге толтырып аспан астын
жетпіс дейтін жетелі жасқа бастың,
шабытыңды қайтадан қайрап алып,
таусылмайтын тағы бір таспаны аштың!..

Қари білген, жүрекке дари білген
күмбір қағып күйің тұр – нар идірген,

Қазағымның бағына біте қалған
жалқы туар жақсым деп танимын мен!
Көрінгенді көзге іліп, менсінбедің,
Тірлікті де патшадан кем сүрмедің!

Танығысы келгендер тектілікті
Еркеғали ағамды көрсін менің!
Ата қаздай кейде бір дара қанат,
Тәкаппарсып тұрғаның тарана ғап,

Замандасың –
қатарлас үлкен-кіші:
«Ер-ағалап!» – жатады, «Нар-ағалап!»
Шындық болып қашаннан жүгінерің,

оза шауып ортаңнан шығып едің.
Қызметінде жүреді құрақ ұшып
ел билеген еңселі інілерің.
Жүзіндейсің әрдайым жарық айдың,

Дос-дұшпанның бәріне бағың айбын.
Күй тілінде сөйлеткен өзің бүгін
жебей берсін киесі Абылайдың!

КАРТА ОЙНАУ КЕЗІНДЕГІ ТҰМАНБАЙ КӨКЕМЕ

МІНЕЗДЕМЕ

Столыңды саусақпен сырт еткізе қатты ұрып,
қиғаш тастап картасын, қырын қарай лақтырып,
қолы жүріп бергенде күлмең қағып Тұмекең,
әндетеді-ау дейсің бір арғымақ жал ат мініп.

Айналымда келесі сап тыйылып жаңағы ән,
абыржып-ақ қалады әлгіндегі нән ағам.
Ойыны ғой картаның,
карта деген бұл итің

кімнің ғана, Құдай-ау, көңіліне қараған!
Қойнына кеп кіргендей сиықсыздау бір кемпір,
Қалмайды енді ағамда әлгіндегі түрден түр.
Әлденені күбірлеп, күрмеле ме, қайтеді,

Қара тастың өзін де қиып түсіп жүрген тіл.
Карта дейтін шіркінге қандай ғана дауаң бар,
Қарап тұрып көкемнің қабағынан жауар қар.
Мәткені де, валетті алып жатар қос-қостан,

Қалып жатыр жауапсыз қаншама бір сауалдар.

Карта дейтін пәлеңіз қарамайды беделге,
қарамайды, қайтесің Тұманбаймын дегенге. –
Шарықтатып біресе шың басына шығарып,
Домалата салады тағы бірде төменге.

Қарамайды бұл итің талантыңа, дарынға,
Құлағына кірмейді күйінгенің, зарың да.
Алып та қал сондықтан, шалып та қал,
Тұмеке, қолың жүріп тұрғанда, көзіріңнің барында!

...Кезегімен картаңыз айналғанда тағы бір,
Тұмекеңнің қайтадан жанып беріп бағы-дүр,
Әндетсе де түнімен, әр кетсе де түрінен,
Ұтып шығар түбінде Сәкеніңді бәрі бір!...

КІСІ

Тұманбайға
Өмірі де жайдары, көңілі де жайдары,
келе жатыр килікпей кикілжіңге қайдағы,
жауына да жұдырық сілтеп көрген жері жоқ,

ақ қағаздың үстінде аяқталып майданы.
Үлкендердің алдында он бестегі қыздан жас,
кішілерге кісімсіп,
қыр көрсетіп,

сызданбас.
Жақсылықтың барлығы болсын дейді өзіме,
сөйте жүре
кісінің несібесін қызғанбас.

Ағыл-тегіл ақтарып асқақ өлең үлгісін,
асып-тасып,
астамсып
сөйлемейді бұл кісің,

«Қой!» – демейді саған да,
жан баласын тең көрмей,
дүниенің тірегі өзіммін деп жүрмісің!
Көкірекке ұялап, қолтығына тығылар,

өзі ғана ұғынар
бұлбұлының үні бар,
әппақ таңда сол үннің әуенімен оянып,
ән ғып талып,

сол үнмен
қалғып барып... тынығар.

Айды барып аймалап,
ақша бұлтты жұмарлап,
аңқылдап-ақ жүргені өлең жазып, жыр арнап.
Құйрық-жалы төгілген жүйріктей

қашан да
кетіп бара жатқаны көз ұшында қылаңдап...
Жақсылардың көңілін табу дей ме ендігі ем,
көпшік қойып біріне,

біреуіне берді дем,
Кесірленіп,
кергіген Тұманбайды көрмейсің.
күлген жері – күншуақ,

жүрген жері төр кілең!
Күндіз-түні телегей теңіз болып жазғаны,
қанша жерді аралап,
қанша кенді қазбады,

жемістері мәуелеп,
даусы кеткен әуелеп,
қалқып ұшып көгінде аққулары, қаздары.
Өкіне ме,

кім білген,
текке бір күн өтті-ау деп,
өлең-жырдың нөсерін күркірете төкті-ау кеп,
Үлгі бола бастаған ұлыға да кішіге,

өзі де бір асқақ ән,
өзі де бір текті әулет!

ЖҮРЕК ТУРАЛЫ ЖЫР

Жұмекен рухына
Аяқ асты не болды бұл, ұқпадым,
қас қағымда дем де шықпай, бітті әлім,
Көрем деген кім бар еді тіріде

аждаһаның бір-ақ қылғып жұтқанын.
Аспан аунап, қарауытып айналам,
қайда кетті жаңағы бір жайдары ән,
көріп жатқан түсім қайда, құдай-ау,

құсым қайда көкіректе сайраған.
О, жүрегім, жүрегім-ай, жүрегім,
бордай болып бозарыпты-ау реңім,
тозақ деген осы ма еді, Тәңір-ау,

жаңа ғана жайбарақат жүр едім,
жайбарақат жүр едім ғой, тірі едім!
...Қайран жүрек, кінә бар ма сенде де,
қабағыңа қарамағам мен неге,

аспанға да ұшырыппын өзіңді,
түсіріппін тас қараңғы көрге де.
Енді қиын ақталу да, ақталмау,
тірлігімнің өзі де бір жатқан дау,

бетке тиген тамшыдан да, қайтейін,
етке тиген қамшыдан да дақ қалды-ау.
Алыстырып серімен де перімен,
қайда ғана апармағам сені мен,

қамалдарға қарсы жұмсап, біресе
қайдағы бір жамандарға теліп ем.
Бәрін қалай көтергенсің мұншаның,
өртіме де, дертіме де жұмсадым.

Саған жаптым бермегенін тағдырдың,
сенен көрдім келмегенін мұршаның.
Тақымыңа салғандай-ақ қыл бұрау,
барлығына шыр-шыр етіп жүрдің-ау.

Жарылмаған жара қанша кеудемде,
Көптен бері арылмаған мұң мынау.
Қытығыма күнде тиген көп пенде
Сені де бір солқ еткізбей өткен бе.

Арыстандай аласұрдың тордағы,
Жалғызсырап, жаным азап шеккенде.
Ара түсіп ағайынға адалдау,
ар алдында арашалап ала алмау,

Жанжал болып аяқталып, ақыры
саған барып қанжар болып қадалды-ау.
Қажет жерде күнәсі жоқ қызды ақтау,
(Маңдайыма бұйырмаған міз бақпау)

Соның бәрі сені ғана күйдіріп,
күні-түні сені ғана сыздатты-ау.
Қаншама бір сарсаңға да салды дау,
енді келіп қалжыраған хал мынау,

Ауырсынбай арқалап ең барлығын,
ақырында сыр білдіріп алдың-ау!
Қайран жүрек.
Қалжыраған хал мынау!

ӘБІЛМӘЖІН ЖҰМАБАЕВҚА

Әбеке, Сіз бір ақылды ағасыз,
бастық болдым деп бақырмағансыз,
қарауыңызда жүрген інілеріңіздің
біреуіне тізе батырмағансыз.

Ақырын жүріп, анық басқансыз,
қазынаңыз болса – халыққа ашқансыз,
жамандық атаулы пәленің бәрінен
басыңызды аулақ алып қашқансыз.

Зердеге біткен зейініңізбен,
кісі де болып пейіліңіз кең,
сыртқа шығарып көрген емессіз,
қалса да көңіл кей ініңізден.

Өсетін ұлдай батырға қарап,
жаныма Сізді жақын бағалап,
Алдыңызды кесіп өткен емеспін,
әр сөзіңізді ақылға балап.

Тел өсеміз бе, теңесеміз бе, –
Көніп келеміз не десеңіз де,
Өзіңізден аумай жаралғандай-ау
Сіздің үйдегі жеңешеміз де!

Қадіріңізбен, сабырыңызбен
Көрген емессіз жаңылып ізден, –
Сізге тек ұзақ ғұмыр тілер ем –
санасып жатса Тәңірі бізбен!

БАСҚАДАН ОРНЫҢ БӨЛЕК БІР ТҰЛҒАСЫҢ

Сайын Мұратбековке
Қашаннан ойың өрде, төрде көшің,
Аралап алпыс асу бел-белесін,
Арқаңа қара нардың жүгін артып,

Алдында аламанның сен келесің.
Арала қазағыңның қай ұлысын, –
Бәрінің бөле-жармас Сайынысың.
Қапталы қарағайлы қара орманның

ішінде қабығы аппақ қайыңысың.
Қарындас қазақ түгіл, қытай үшін
Қытайдан асып түскен сыпайысың.

Тәңірі тауып қосқан Мәрияның
түп-түгел түгесілмес ұпайысың.
Өзгертпей қыздай ғашық көзқарасын,
аялап келеді ол сөз данасын.

Біз үшін тарлан болсаң тартыстағы,
Мәкеңе алпыстағы бозбаласың.
Замана былқылдасын, сылқылдасын,
Былық пен шылықтардың сыртындасың.

Туған жер талайына туа салған
Басқадан орның бөлек бір тұлғасың.
Қашпайтын қызықты күн, қымызды күн,
Қазықтай қағып қойған нығыздығың.

Еңкейіп елің сүйсе маңдайыңнан,
Жеткені жетесіне сыбызғы үнің.
Жабыла жапырылып, жалпылдайды ел,
Жүзге де сылқым басып, сарқылмай кел.

Ішінде үркердей бір шоқ жұлдыздың
Самала Сайын болып жарқылдай бер!

МҰХТАР МАҒАУИН

Көрінгенге етпеген сөзді шығын,
Ері қайсы, білуші ем, ез кісі кім.
Ал Сен болсаң, қашанғы хас шеберсің
қашап жатқан жалықпай өз мүсінін!

Қыр астынан көрініп зеңгір тұлғаң,
Өзенге де ұқсайсың өрге ұмтылған.
Алатау да емессің, Қаратау да,
Дара тау ма деп қалам Сен бір тұрған!

Ұқсап туған даланың тарпаңына,
бет қаратпас мінезің бар тағы да.
Пенде болып ермедің ел сөзіне,
Көңіліңді бермедің хан тағына.

Қара сөзде қазақы желдей естің,
Тізгініңді тіріге бермей өстің.
Қатпар-қатпар қыртысын ғасырлардың
қопара да алған жоқ Сендей ешкім!

Күреске де кіргесің, ысылғасың,
Жауың болса – зәресін ұшырғасың.
Қапталдасқан қастарды айтпағанда,
достарыңның өзінен мысың басым.

Сөзің дара, өзің де, дара хатың,
Алыс тарап, асқақтап барады атың.
Өз аузыңа қаратып тұрсың бүгін,
Алты алаш – алпыс Түрік қағанатын.

Даусындай боп баяғы Көкбөрінің,
Батысқа да Шығысқа жеткен үнің.
Қанша досың жүр Сені мақтан етіп,
замандаспыз Мұхтарға деп те бүгін!

Көп қазақтың дей алман сені бірі,
Қаламдасың ішінде шенің ірі.
Ұлысың ба, жоқсың ба, уақыт айтар,
Әйтеуір Сені туған елің ұлы!

Көре алмасын қаранды күндегендер,
Желдей есіп жүзге де жүлдемен кел!
Әлі қайда туғанша Саған ұқсап
Саған ұқсап тағы да БІР КЕМЕҢГЕР!

ЖАУҚАЗЫНДАЙ ЖАЙДАРЛЫ ҮНІ

Зейнеп Қойшыбаеваға
Тентек жылдар текке кетпей, қапыда өтпей қайран күн,
Өліп-талмай, солып қалмай жауқазындай жайдарлы үн,
Ару қыз бен асқақ ұлдың бәрін жолға қаратып,

Қазақстан аспанының бұлбұлына айналдың.
Сылаңдаған сиқырлы әуен, сұлу сымбат бейнемен
Ел көзіне еліктей боп ерте түскен Зейнеп ең.
Мейір қанар, бойыңды алар ұлттың ұлы ырғағы

Сенің ғана көмейінде тұр ма деймін кейде мен.
Сахнаға сен шыққанда тоты құстай таранып,
Қошеметпен қол соғады үлкен-кіші бәрі анық.
Әлдекімше атақ іздеп жүгірмейсің сен бірақ

Өзіңді-өзің жарнамалап, әлекедей жаланып.
Әлдекімдер айырбастап ала алмайтын алтынға
Өзі-ақ іздеп тапты сені атағың да, даңқың да.
Келесің-ау тыңдаушыңның құлақ құрышын қандырып

Қазағыңның дәл өзіңдей қарапайым қалпыңда.
Барша бейнет артта қалып, жеттің бүгін зейнетке,
Алтын алқа тағынарсың, малынарсың көйлекке.
Талай ұрпақ мақтанатын болады әлі, мен білсем,

Елдеспін деп, жерлеспін деп Қойшыбаева Зейнепке!

ЗЕЙНЕП ҚОЙШЫБАЕВАНЫҢ ҚАЗАСЫНА

Алпыс бес жыл арманға бет түзей кеп,
бұйырды ма дегенде текті зейнет,
бәрімізді бір сәтте зар еңіретіп,
арамыздан өтті де кетті Зейнеп!

Жібек болып есті де жастан үнің,
адам түгілі,
жібітті тас тамырын,
Алакөлің өсірген бір гүл едің,

бұлбұлы едің алты алаш аспанының!
Үлгі болып үнің де,
сөйлегенің,
адалдықты

өніңмен бейнеледің.
Бибігүл де, Роза,
Күләш те емес,
жеке дара жаралған Зейнеп едің!

Тамағында тоты құс тұрғандай-ақ,
Басушы едің көк шалғын қырларға аяқ.
Қазақ қанша
тамсанып келе жатқан

сенің сұлу үніңе бір қанбай-ақ.
Ертіс,
Іле,
Еділ боп есілді үнің,

Жіпке тізе берейін несін бүгін, –
Тағдыр деген шіркінге дауаң бар ма,
Бұлбұлдың да біржола өшірді үнін.
Жігіт едім жібіткен тасты мен де,

көңілімді ұқ,
көздегі жасты көр де,
күңірен халқым,
Зейнебің кете берді

енді қайтып оралмас гастрөлге!
Бітпей жатып әніңнің шырқап бәрін,
қандай ауыр қаралы гүл таққаның!
Қош бол, Зейнеп,

халқың бар сені ұмытпас,
жоқтатпайды орныңды ұрпақтарың.

Жүрегіміз соғуын тоқтатқанша
еске алармыз Сені біз
жоқтап қанша!
Арманы жоқ адамның

Зейнеп салған
жолдай болып соңында соқпақ қалса!

НҰРМАХАН ОРАЗБЕКОВ

Ауыздыларға сөз бермей
Асыға жүріп өзгермей,
Таразы басын тең ұстап,
Теңселіп тұрған безбендей.

Елдің сөзіне тез көнбей,
Еңсең бір түсіп езденбей,
Мансапты болған кезде де
Ит көрген ешкі көзденбей;

Басыңнан бір сөз асырмай,
Бағыныштыларыңды басынбай.
Ақтарып айтар сырыңды
Әлдекімдерше жасырмай;

Ылдидан салса, төске өрлеп,
Дұшпаның бұғып, дос терлеп,
Жана да қоймай бақ кейде,
Қала да қоймай көштен көп;

Ішіп те күліп әр тұста,
Түсіп те жүріп тартысқа,
Әне де міне дегенше,
Келіп те қапсың алпысқа!...

Ұнай ма, жоқ па бұл батам,
Ұнамаса да тыңдатам! –
Жүзі кетілмес семсердей
Жарқылдай бер тек, Нұрмахан!

САБЫРХАН АСАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУ

Бойың бар еді бәйтеректермен таласқан –
(мойындар еді жақындап барып жанасқан),
Ақын біткенді басып бір озсам дейтін де
Ойың бар еді сәл асқақ, әрі сәл астам.

Мүсіркей қарап мүсәпір ойлы сорлыға,
Жек көрмейтін ең оқалы пешпет, тонды да, –

Төраға болғың кеп еді бірде Одаққа
Орыс тілділеу Олжас досыңның орнына.
Туралық жолында тауысып түгел төзімді,
Білемін сенің дүние де қуған кезіңді.

Қиналған едің ортасында қап екі оттың,
Пұлға да жете алмай, құрбан ете алмай өзіңді.
Болып та қанша армандар құрбан, жол құрбан,
Кезіңді білем шаршап та барып болдырған.

Жететін едің нелер бір биік төрге де,
Ерегесіп қалғыр ескі дертің ғой қор қылған.
Жүретін едің жұбатып бізді сыйлап ән,
Күлетін едің аса алмай әсем ибадан.

Үңірейіп қана қала беріпті-ау орының,
Кергілесетін де кісі таппай қап қиналам.
Ақылың да бар, бар еді-ау сенің айлаң да,
Қас қағым сәтте кетіп-ақ қалдың қай маңға?

Әлде бұл мынау заманның уы-шуынан
Жасырына тұрсам дейтін бір тосын байлам ба?
Кім білсін әлі қар жастанып, қанша мұз кешем,
Тек енді маған таптырмассың сен іздесем.

Тірлік дегеннің жалған екенін осындай
Ажалыңмен-ақ дәлелдеп кеттің бізге сен!

МАРФУҒА

Өстің ұнап еліңе – өлең айтып, ән құрап,
Тосты құлақ деміңе сайын дала, сан қырат.
Жүрісінен жаңылмай тайпалады белді асып,
Төрт аяғын тең басып алтын жалды арғымақ.

Көрген жоқсың шиырлап төңірегін бір іздің,
Мың құбыла құйқылжып сыңғыр қақса сыбызғы үн,
Төгіледі біз бұрын естімеген ескі әуен
Иісіндей бұрқырап бес түнеген қымыздың.

Іше жүріп уды да, түсе жүріп отқа сен,
Жалғандықтың иісі бар жағалауға соқпас ең.
Ана болып біріне, пана болып ініңе,
Бастап келе жатырсың баянды бір топты әсем.

Даңқың да бар бұл күнде өз бойыңа шақ келген,
Халқың да бар қадірлеп орын берген қақ төрден.
Марфуға деп атыңды бөліп айтып басқадан,
Президенттің өзі де омырауыңа тақты орден.

Еркеле де, еліңе өлең арнап, ән құрап,
Ойпаттардан орғып от, қыраттардан қарғып-ақ.
Жүрісінен жаңылмай, тарта берсін ілгері
Ерттеп мінген ежелден алтын жалды арғымақ.

ҚАЛДАРБЕККЕ МАДАҚ ЖЫР

Сал да сен,
сері де сен,
серке де сен,
жал да сен,

жая да сен,
желке де сен.
Әрі асып алты алаштан абыройың,
бойыңа жарасып тұр еркелесең.

Шенді де,
шекпені де,
шешен де сен,
кім қарсы нөсерлесең,

өсем десең,
Бір сырлы, сегіз қырлы жігіт болып,
танылып болған едің осы елге сен!
Топ бастар төре де сен,

төрде – көсем,
алдынды Ақжайықтан кем демес ем,
«Ақылы көл-дария,
көңілі көктем

кемеңгер досым бар!» – деп мен де бөсем.
Тартпаған бойы аласа, –
ойы бәсең,
кескекті кесек ердің сойы да сен.

Аспаннан мың бір пәле жаусадағы
қадірлер халқың барда
мойыма сен!
Қарсы алар қайда барсаң жұрт елеңдеп,

сен кірер ақсарайлар күркеден көп,
ысырып кедергіні иығыңмен,
көрмедің биігіңнен бір төмендеп.
Сыйлысың балаға да,

нар ағаға,
күйлісің қалаға да,

далаға да,
«Қадірлі Қалдарбек!» – деп қарсы алады.
қай елді,
қанша жерді аралама.

Көл де сен,
Көлде жүзер кеме де сен.
(көлшікті мен өзім де елемес ем),
Самғай бер биігінде, қадірлі дос,

біз үшін керексің Сен неге десең!

ҚУАНЫШБАЙ ҚҰРМАНҒАЛИҒА

Бақшасын басқалардың суарыспай,
бағың да жанбай жүр ме, Қуанышбай, –
біреулер анасының жатырынан
құдайдың кіндігінен туады ұстай!

Ол-ол ма,
арта келе «құны» тағы,
бір күні ол құдайын да ұмытады.
Қарама іріге де,

біріне де –
белгісіз
кім ұтылып,
кім ұтары.

Біреулер біреулерді сағалады,
біреулер сол ағасын жағалады.
Сабыр ет,
салқын сөзге құлақ түр де,

бағың да бір-ақ күнде жанады әлі.
Жігітке ат та керек, бақ та керек,
бәрі де айналып кеп бапта дер ек.
Табынып талапты ерге айналасы,

жағынып жатпайтын ба жат та кенет!
Арманның ақиығын аңсап таңда,
қашпадың қолға тиген мәнсаптан да,
қоясың ара-тұра өлең жазып,

кеңсенің көп қағазы шаршатқанда.
Таңырқап тағы бары, ән ұғары,
жанады, Қуанышбай, бағың әлі.
азайып бірте-бірте «жүндейтіндер»,

өзіңді күндейтіндер табылады.

Қазақы қара сөзге бергелі мән,
қалмады өзің жайлы елде күмән,
сыйлысың үлкенге де, кішіге де
әйтпесе өлең арнап мен неғылам!

БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕ БАЛАСЫНА

Тоқтықта да сыналған, аштықта да,
достыққа да тұра алған, қастыққа да, –
Алпысың да жүр оған беттей алмай,
тал бойыңа жарасып жастық қана!

Азаматтың айналып үлгісіне,
пенделікті жуытпай күллі ісіне
алмағайып тірлікке жағынып та,
табынып та көрмеген бір кісіге!

Тойдырғандай тұлғасы жүз кісіңді –
дарын бар да, қарын жоқ – қыз мүсінді, –
Бел-бел естен келеді беспен өтіп,
құрдасына қалдырып күзгі сынды.

Кесіп беріл қоң етін ұнағанға,
қара тастай қатайып сынағанда,
Алшаң басты ол Алматы көшесінде,
есесін де жібермей бір адамға!

Бойындағы бұлағай күшке сене,
тіресе де біледі, тістесе де,
Кесірткелік әлі бар қашан болсын,
өзі білсін дұшпаны – үш кесе ме!

Айналасы думан да, алды ду ма, –
құқы болмай шаршауға, шалдығуға,
Барады өзін қамшылап,
алты алашы

айта жүрер асыл сөз қалдыруға!

ТОҚТАР БЕЙІСҚҰЛОВҚА

Тәңірі сыйлаған тәртесіне ғана бағынар,
әр пенденің де асқақтай түсер шағы бар,
алпысқа толған алқалы жиын үстінде
айтқан сөзімді, азырқанбай, аға, қабыл ал.

Қабағын түйе қараған шақта сұсты әлем,
жетсе деп тілеп қызықты күнге қысқа дем,

шарламақ болып аспан мен жердің арасын
«Қарлығаш» жақтан қаршыға болып ұшқан ең.
Туған жеріңнің тауларына ұқсас өр кісі ең,
өрлігіңе орай өкіметің де берді шен,

Ауылыңа қайта оралып келіп отырсың,
Шарлап та көріп талай да талай жерді сен.
Біреулер біліп, біреулер білмей, күлер ме,
Алматы жақтан осылай қарай жүрерде,

арғы-бергіні ақтара шолып шығып ем,
мықтыдан тағы кімдер болды деп бұл елде.
Қаншама сұрапыл жылдардан озып,
ауырды өт,

бағыңа қарай
бағанды білер бауыр көп.
«Қарлығаш» десе –
қалады бәрі елеңдеп:

«Әнуар туған,
Тоқтарлар туған ауыл!» – деп.
Қауқарыңды да, тартарыңды да біледі ел,
бірі «Тоқтардың жерлесіміз!» – деп шіренер.

ауылың үшін, бауырың үшін мына көп,
әрдайым, аға, аңқылдап күліп жүре бер!

ЖӘРКЕН БӨДЕШКЕ

Қажалып қамыт-дәртеден,
Қажып та жүрген – Жәркен ең.
Жарқ етіп туған жасындай,
Жазып бір кеттің мәрт өлең.

Қытай мен маңғұл арасын,
Шарлап та кетіп барасың.
Қай тұста қатар құрбыдан,
Озып та кетіп қаласың.

Атыңды алыс жаятын,
Аузыңда дұға-аятың.
Азуын айға білеген,
Асады сенен қай ақын?!

Мақтауға мас боп илана,
Дәметпе бірақ сый ғана.
Тапқаның жетсе болды да,
Біз ішер біраз «пивоға».

ДОС ТІЛЕК

Мақсұт Нәрікбаевқа
Бұйым болмай бұраң дүние өр-шөлі,
биік ұстап ерге біткен еңсені,
бусанып бір тұрғаныңды көріп ем

Қараталдың қыр жағында мен сені.
Іште бұққан өртіңмен де дертіңмен,
Ұнап едің Лұқпандай көркіңмен.
Қуанып ем

Нар тұлғалы бір жігіт
Туыпты деп шағын ауыл Еркіннен.
Содан бері –
бірде жақын,

бірде алыс,
Қай жақтарға айдаса да түрлі ағыс,
арамызды кіріктіріп мәңгіге,
біріктіріп кетіп еді бір намыс.

Болған шығар жүгіру де, желу де,
Сөйте жүріп жеттің бүгін Елуге.
Тағдыр сенен алатынын алды да,
беретінін аямай-ақ беруде.

Құдай берген зердең де бар, зейінің,
Тұла бойын, толып тұрған мейірім.
Маңайында жүреді ылғи жақсылар,
Ағайынға Алакөлдей пейілің.

Дәнекерлеп азаматтар арасын,
Елім деумен өртенесің, жанасың.
Ердің жасы елуде де еңкеймей,
Тола түсіп, бола түсіп барасың.

Көңіліңді бүтін ұстап жыр буған,
Жүрсің қашып берекесіз ыр-дудан.
Сондай болар қылаң атқа мінген ер,
Жүрген жерің жұрағатқа бір думан.

Алдағысын абыздарша топшылар,
от пен суға мойымаған көк шынар,
баяғының серісі де, салы да,
Әй, білмеймін,

сендей болған жоқ шығар!

Дәл осылай тарта бер, тек мойыма,
әр нәрселер түседі екен ойыңа.
Түйем де жоқ,
Бием де жоқ, не керек

Топтап айдап әкелер ем тойыңа.
Білесің ғой,
Бала жастан мен деген
Берсем деуші ем еңіреген ерге дем,

Жықпылдарда жусап жатқан жылқым жоқ,
қос арғымақ тартар едім көлденең.
Аңырата айтар едім мақтап ән,
Көрер көзге көлгірсу де жат маған.

Артып-тартып келер едім, амал не,
Алтыным жоқ ақ сандықта сақтаған.
Әр сөзімді бұлдап санап іріге
өлең арнап жүрмесем де тіріге.

Аттан жүйрік,
Алтыннан да салмақты
Жырымды алып жеттім туған күніңе!

ЖАЙЛАУДА

1991 жылдың жазы еді
Серік Толғанбаевқа
«Төрткүлдеп ошақ қаздырып, төбел де бие сойдырып»,
Қымызға бізді қандырып, қуырдақ-етке тойдырып,

Толғанбай батыр баласы иен-тегін үйге ие боп,
Етігін сыртқа лақтырып, телпегін төрге қойды іліп.
Сабырхан досым аршамен сарғыштау тісін шұқылап,
Бес қанат үйге сыймайды терлеп те тепшіп, бықынап.

Кеңкілдеп Құдыш күледі, елпілдеп, бізге білдірмей
Шұбатқа қосып сап-салқын шампаннан біраз жұтып ап.
Босаға жақта түйеші Ермұрат жатқан етпеттеп,
Жылжи да жылжи жымиып жаныма менің жетті ептеп.

Сыбырлайды өзі сыңғырлап: «Кеше бір құлжа құлатқам,
Торғауыт –төстік пісіргем, асықпай жатып жеп кет!» –

деп.
Ит жылғы менің жырымды (имене сөйлеп) жатқа айтып,
Ветврач Әбу күледі басқа бір сылтау таппай түк.
«Әңгіме көп қой, – дейді өзі, – ән салып әлде берсем бе,

Кезіккеніңді қарашы тұрған бір тұста бақ қайтып!...

«Айтып та айтпай не керек, болды ғой, – дейді, – қызық
бұл» Ішпей де жемей Әбекең өзінен-өзі қызып тұр.
Мыж-мыжы шыққан қартасын сапырын майлы қолымен:
«Ал қане, – дейді, – төртеуміз жіберсек пе екен сызып

бір?»
Қос-қостан бие байлатып, келеден түйе алдырып,
Арқын да жарқын күлкіміз жартасқа барып жаңғырып,
Төменде бұлақ сыбырлап, төбеде жұлдыз жымыңдап,

Жатып ек, шіркін, дүние-ай, жайлаудың үстін ән қылып.
Белуардан кешіп шалғынды, жібітіп шықпен таңдайды,
Саумалдан басқа ішпейтін Сабырхан досым қандай-ды!
Ойжайлау дейтін ойпатта отыз күн керген қызықты

Отыз жыл бойы айтқанмен, Оразбектер де нанбайды.
«Жатамыз әлі қанша?» – деп болмайтын бізде күн санау,
Еркімізде еді шетінен жүгірте жұмсау, жұмсамау.
Отыз күн ойын-күлкімді қабақ шытпастан көтерген.

Толғанбай батыр ұрпағы, саған да кейде ұрсам-ау!...

ҚАМАР 40 ЖАСҚА ТОЛҒАНДА

Ағайын-жұртқа татымды
Ару болсын деп ақылды,
Осыдан қырық жыл бұрын
Өзім қойып ем атыңды.

Өмірдің өттің өр-шелін,
ақталды бүгін сол сенім.
Кім екеніңді бүгінде
Танып та болды ел сенің.

Қостым деп сені қатарға
Кешегі Жұпар апаң да,
Риза болып өзіңе
Аттанған алыс сапарға.

Қамар да Қамар, Қамар-қыз,
Қандай бір кінә тағармыз.
Баз-базда балуан жігіттің
Жүгін де артамыз саған біз.

Төріңе толған мынау көп
Ойлаймын біліп жүр-ау деп.

Аузыңа сенің тұр қарап Атаңнан қалған бір әулет! Көбейіп бақша-бағарың, Азаймасыншы аларың. Маңдайымызға бұйырған Сүйкімді қалқам – ҚАМАРЫМ! ІНІ Серікболға Бойыма сіңбей асы басқаның, арнама сыймай тасып, асқамын, бұлттанып бір сәт көрмес дейтін ем қашанда шәйдай ашық аспаным! Атам мен анам ертеде көшкен шықпай-ақ жүріп жертөлем естен, еңіреп туған ермін деуші едім, елім бар ғой еркелеп өскен. Қаладағы дос, ауылдағы әулет болар-ау деумен сауымда мәулет, қаннен-қаперсіз жүре де беріппін, ойыма да алмай жауым бар-ау деп. Өзім қатарлы озып ем ерден, көбейді күндес – көзі көгерген, алдымды орап айлалылары – қайдағылары кезіге берген. Жардың астынан бақылап тағы, күңкілдеп қойып ақымақтары, жалтаң аға мен жалған достардың қайсысы мені жатып атпады! Үйреніп үрдіс, бар ғұрыпты елден, жан едім түгел ән қылып келген, Құдайым шығар жұрағат-жұрттың пейілін де маған тар қылып берген! Жағама жалған жалауын қадап, жалықтырды елдің жадау ұлдары-ақ саптыаяғына ас құйып тұрып, сабынан өзі қарауыл қарап!

Бәрінен сені толымды көрем,
Толымды көріп, қолымды берем.
Кішілігің де айта жүрерлік,
Кісілігің де орынды дер ем!

Өмірің сенің күресте бүгін,
өзіңе тиген үлес те мығым.
Аман да жүрші, алпыс жасымда
артымнан менің ілескен інім!

ҰМЫТПА

Ахмет Кендірбекұлына
Араласпай, былғанышқа, былыққа,
Атың жүзіп келе жатыр тұнықта.
Ұнайтындар бар өмірде, қарағым,

Сынайтындар барлығын да ұмытпа!
Айналарсың ұлыға да ұлыққа,
Бара көрме баянсыздау қылыққа.
Қыран бүркіт қанша биік ұшқанмен,

Көксеңгірге бір қонарын ұмытпа!
Құрығыңды жалғай жүріп сырыққа,
Келіп қалар қылшылдаған қырық та.
Бой керегін, той керегін білеміз,

Бәрінен де ой керегін ұмытпа!
Арғымағың жүзе берсін тұнықта,
Айлыққа да, байлыққа да құнықпа.
Ағайының көп екен деп ауылда,

Алматыда Ағаң барын ұмытпа!
* * *
Ауызға ала бергенге ел кешегі,
жақсы көре бастап ем мен де сені,

інілердің ішінде
жоқ па деп те
ойлаппын-ау өзіңе теңдесері.
Көңіл азып селтеңі, серісінен,

бөліп алып өзіңді көп ішінен,
түбі терең мұңымды саған шағып,
шынымды айтып сырымды бөлісіп ем.

Өзі деппін өрелі өр кеуденің,
жоқтығын да білесің тергеуге ебім, –
күнә шығар жаманды жаман демеу,
жақсылығын кісінің көрмеу де мін!

ЖАҚСЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЖЫР

Жақсылық Байтұқбаевқа
Елу деген,
Жақсылық-ау, елу деген не деп ең,
айналаңа қарау шығар енді шыққан төбеден, –

Елу деген – арғымақ жас ауыздықпен алысқан,
ер жігіттің асау жасы –
тарпаң әрі төбеген!
Елу деген – ердің жасы – езуінен жел ескен,

басы қатты патша көңіл Балқан таумен теңескен,
Көзді жұмып,
көзсіз ерлік жасайтын да шағың бұл
сүрінем-ау,

бүлінем-ау,
бүлдірем-ау деместен...
Елу деген – еңіреп бір Еділ кешу,
қырды асу,

қырдың қызыл қызғалдағын құшып-сүю,
сырласу.
Және бәрін ақылыңа жеңілдіретін шағың бұл
кеудеңе кеп қонғанда да ыза мен кек,

күллі ашу.
Елу біраз екпіндетіп алады да Сені, інім,
бірте-бірте басылады бойдағы асау желігің,
Сонда Сенің қабағыңа кір жуытпас деп білем

гүлмен аттас
менің әппақ Райхандай келінім!
Басыңдағы бағыңды да көпсінбесін тылсым көк,
қадіріңді білсін барлық ағайының,

білсін көп,
Кімді біледі,
Жақсылық деп қойған шығар атыңды
айналаңа тек жақсылық жасасын да жүрсін деп.

Жақсы інім деп мен өзіңді баяғыдан танып ем,
тойларыңа талай-талай тост та айтармын әлі мен.

Ердің жасы екі елу деп те жатады ел,
тұлпарыңды орғыта өт, қарғытып өт бәрінен!
Тұла бойың жақсылық пен жайдарылық, кіл сезім,
енді сенің жерде қала қоймас, сірә, бір сөзің.

Жақсылықтай інім бар деп мен жүрейін мақтанып,
Сәкен деген ағам бар деп айналаңа жүрші өзің!

НАУРЫЗ ҚЫЛЫШБАЕВҚА

Сері десем – сенбессің, серке десем – көнбессің,
зәру емес мақтауға, мақтаусыз да өлмессің,
жалын атқан сонау бір жас кезімнен мен үшін
осы өңірде бір туып, біте қайнар жерлессің.

Хансың десем – қаймығып, нәнсің десем –
нанбассың, әкімдердің көңілін ақын қалай дәл бассын,
Аға болған Ақсуға, жаға болған Көксуға
басқалардан біртабан жақынырақ қандассың,

Аяқ асты өзіңе түсті екен деп бір ісім,
қандырғалы тұрғам жоқ құлағыңның құрышын,
дәрежеңді Тәңірім артық еткен, дәркемді
Жалайырдай атаның жақсы туған ұлысың.

Тарамаса барсыншы –
алты алашқа атағың,
ағайының ардақтап, қадірлейді қатарың,
сомадай боп алдыңа келіп едік зәуде бір

қайтамын ба, кім білсін, құр сымпиып сақалым?!
Бұл әзіл өлеңді Көксу ауданында әкім болып тұрған
Наурызды іздеп барып, орнын сипап қалған бір тұста (1994
жылы) жазып, қабылдау бөлмесінде қалдырып едім. Әлдебір

ағайын өзіме әкеліп берді.
* * *
Қылдырықтай өкшелі,
бұлдырықтай бөкселі,

сені мендей сүйетін жер үстінде жоқ сері,
оған куә –
кешегі Көктөбенің етегі,
балтырыңа жабысып жатып алған көк шөбі.

«Мың бір түннен» білетін
мықындысы Мысырдың

шеніңе де келмесін
шешіндірмей түсіндім.
Ермін деген еркекті емексітіп баладай,
майшабақтай еріткен,

Мадонна-қыз мүсіндім!
Қынабынан суырған қылыштай-ақ бір өткір,
қия жаздап мойнымды,
қия жаздап білек тұр.

Қаз омырау, қайқы бел,..
арғы жағын айтуға,
ауыз бармай,
амалсыз,

қала берді
жүдеп тіл.
* * *
Әй, ақ...

пәк қыз...
әппақ қыз,
кінәлама
күнәға да батпақпыз!

(Жанымызды сақта, құдай,
тағы да
тәнімізді қызыл шоққа қақтаппыз!)
Кеш құшам ба,...

өшті шам да,
әппақ қыз,
әрнені айтып,
әлдекімді мақтаппыз...

...«Сезім де жоқ,
сөзім де жоқ, аға!» – деп,
жайбарақат...
жатты ақ қыз!

...Ендігісін жұтып сол түн,
жалмап ән,
есім ауып...
есте бірі қалмаған...

...Түк көрмеген сияқтанып әппақ қыз
жайраң қағып бара жатты...
таңқалам!..

КҮДІК

(Бұл өлең 1972 жылы белгілі бір
себепке байланысты жазылған еді,
жоғалтып алғамын. Мынау – есіме
түскен шумақтар).

Кім біледі,
кездейсоқта жат құшаққа кеп кіріп,
Көз жасынды әлдекімнің от-деміне кептіріп,
Мені құшқан ақ білектер айқасып-ақ басқамен,

Үлбіреген ақ тамақтан жатырмысың өптіріп!
Солқылдаған сымдай мүсін суып барып,
тағы ысып,
От құшақтар ауық-ауық айқасып-ақ қалысып.

Сүйкімді иек,
сүйір тілді түгел беріп басқаға,
Жатырқамай жаттың ба екен жат денеге жабысып.
Қобыраған қолаң шашқа жасырынып ақ маңдай,

Жанып-күйіп,
жаның иіп,
тәтті рахат тапқандай.
Таңға дейін дем үзіле тар төсекте талықсып,

Балқыдың ба
баяғы бір мені құшып жатқандай!
Осы күдік-қызғаныштан жүз бөлініп ой мүлде,
Таңға дейін көзімді ілмей жүріп алам кейбірде

алма мойын,
аршын төстен аймалатып басқаға,
жат біреудің құшағында жатыр ма екен деймін де!
* * *

Тынышын ап түйменің –
шешініп те киініп,
бұрала кеп биледің –
жүз бүгіліп, иіліп,

бұлт астынан жарқ етіп шыққан күндей қабағың
қас-қағымда қайтадан қатулана түйіліп...
Екі иығың тұманың тұнығындай бүлкілдеп,
сынадың-ақ, –

сынадың, –
қытығың кеп,

күлкің кеп,
сөйлегенің,
күлгенің жұтындыра қаусырып,
төзімім де таусылып бара жатты біртіндеп...

Қарадың ба кекетпей –
соның өзі жақсы ырым,
айтқаныңды екі етпей орындадық, тақсырым!
...ырғағыңды үдетіп,

үдетіп кеп,
құдай-ау,
біржолата құлы етіп кеткенің бе нәпсінің?!
* * *

«Жалынғалы тұрғам жоқ, көке, саған,
жақтырмасаң – жайыма кете салам!» –
дедің де Сен...
Сәл ғана тоқтап алып...

отқа барып ұрындық екі есалаң.
Тәнімізді қып-қызыл шоққа қарып,
еркімізбен түстік пе отқа барып,
бірі кәрі, бірі жас – екі «жынды»

басты байлап беріп ек ноқтаға анық.
Отқа түскен сияқты ек басты байлап,
тәуекелге бара алмай... қаштық айлап.
Сен күлесің: «Қарттыққа дауа жоқ» – деп,

мен жүрмін: «Жиырма бес – жастық – айлап».
Мысқыл да жоқ, мінде жоқ бағанағы,
қарық болып қаңқудың қағанағы.
Қызды құрбан ете алмай

қала бердім
шыжғырылған балықтай табадағы!
* * *
Қараптан-қарап

кішірер денем,
қара бір көзден жас парлап –
қалқамның өзі түсінер деумен
қалжың айтып ем

астарлап.
Түсіне тұра
әзілге бұрып,

күлгендей болдың сен мүлде,
Жүректің тұсын
назың кеміріп
бара жатқанын көрдің бе...

Желдеп те көрдім,
селдеп те көрдім,
жолыңа төсеп нұрдан құт,
Басымды байлап бермек те болдым

бөсіңе сенің құрбан қып.
Айтқызып қойған кісіге өтірік,
қарымы қысқа хал мынау, –
Апыр-ау, жаным, түсіне тұрып,

түсінбеген боп...
қалдың-ау!..
* * *
Әй, әппақ қыз,

әппақ қыз,
әй, әппақ қыз,
аласұрған жаныма тоят тапқыз, –
аяғы жоқ, басы жоқ,

жалғасы бар
романның жартысын аяқтаппыз!..
Келіп еді қызығып, қыздай өпкім
көңілімді неліктен мұздай еттің?!

Салғың келсе – сал, құдай, жорта сынға,
ортасында қалмап ек біз қай оттың!
Қорғана алмай сұқ көзден сен де,
мен де, жем болдық-ау желауыз пенделерге.

...Аяғы жоқ, басы жоқ бұл роман
біраз жылға жазылар кем дегенде...
Шырылдамас жаны мен тәні үшін кім,
бал ұсындың...

біресе зәр ұсындың.
Оңашада өтірік өліп-өшіп,
шыға бере кекетіп...
кәрісіндің.

Әй, әппақ қыз, әппақ қыз,
әй, әппақ қыз,
сарсаңға сал, сандалтып,

саяттатқыз,
аяғы жоқ, басы жоқ романның
жалықтырмай... –
жалғасын аяқтатқыз.

* * *
Осыншалық батырып таңда мұңға,
тағдыр, мені тағы да алдадың ба? –
Алтын балық қолымнан сусып шығып,

құр әуресі қалыпты-ау қармағымда!
Алтын балық, алдап-ақ қашқаның ба,
қайдан шыға келіп ең бастабында? –
Қас-қағымда қолыма қонған бақыт

қалай ғана жоқ болды қас-қағымда!
* * *
Қайқы бел,
қаз омырау

қардай ақ қыз,
(қыз десе қашан ғана малды аяппыз),
жатып ек шалқып-тасып,
жеті атадан

бақ-дәулет үзілмеген жандай-ақ біз.
У мен бу бойымызға тарап ыстық,
шәй іштік,
шампан іштік.

шарап іштік.
Жұмақты жанап ұштық...
жерге түсе
бүлініп іштей ғана...

тағы алыстық.
Біріміз-бірімізді мытып қашып,
ойнадық мытып қашып,
қытықтасып.

Сен жаттың шартараптан мұңдас іздеп,
мен жаттым бал шараптан жұтып,.. тасып.
«Қызығы жұмағыңның осы-ақ па? – деп,
бір жерге ойымызды қосақтап ек.

...бұл кезде шампан толы шөлмегің де.
кешегі көл көңіл де босап қап ед!..

* * *
Тамсантып түгел таңдайда еріген,
қандай әдемі, қандай керім ең.
Қандай берік ең, –

қасымда жүріп,
қапы қалдырдың –
алдай беріп ем!...
Жаным да бірге жандай көріп ем,

қандай төзімді, қандай берік ең,
жалғай келіп ем үмітімді үзік,
күні-түн қызып,...
қанбай келіп ем.

Қандай әдемі, қандай көрікті ең,
арамыз сонша шалғай неліктен,
алдай келіп пе ең, апыр-ай, мені
алынбас өшің бардай

кеміткен!
Алдыра қойсын арман қай елін!
Үріп ауызға салғандай едің,
тірі бауыздап өттің де бүгін,

кеттің бе, күнім?

Қандай бала едің!

...Армандай едің!
* * *
Мінгізіп ең мінсіз жарау құр атқа,
енді мені бастасаңшы жұмаққа,

емін-еркін күлейік те біз де бір,
жүрейік те жан баспаған жырақта.
Жалғыз жұтып тауысардай көліңді,
қандырсаңшы қаталаған шөлімді.

Бұрыс қалған баққа барып, бой түзеп,
Жазайын бір құрыстанған белімді.
Енді, жаным, елемеші ел сөзін,
бұрынғыдан батылырақ болшы өзің, –

Бүгін бізге иіп тұр ғой дүние,
жұмағың да тиіп тұр ғой.. қол созым.
Кім біліпті қайда барып тынарын,
Сүйреп алып кетті мені бір ағын,

аман-есен өткізе гөр ар жаққа.
жағалауға жеткізе гөр, шырағым.

Сұлуырақ бола түсіп енді өмір,
Күйсандықтай күмбірлейді кең көңіл,
Енді өзіңе ерейін де, жарығым,
бақытты боп көрейін де мен де бір...

* * *
Көзден мейір ақтарылып,
күй – тілден,
тартып бара жатты өзіне сыйқыр-дем,

күлкімді де,
мүлкімді де біржола
қидым саған
күні-түнгі ұйқыммен.

Артық көріп қызыл-жасыл бар гүлден,
өліп-талып,
өртендім де жандым мен,
басы қатты арғымақтай алқынып,

тамырымда тасып ақты қан бірден...
Көкіректе тасып ағып отты ағын,
білген жоқпын қайда барып тоқтарын,
көл-дария болды-кетті, не керек,

жаңағы бір жалғыз аяқ соқпағым.
Тыныс-тірлік үптелмей де бүктелмей
саған ғана тірелгендей, біткендей,
әннен басқа түк естімей құлағым,

екі көзім...
тәннен басқа түк көрмей;
есі кірген баладай-ақ енді-енді,
есеңгірей өмір кешкім келген-ді, –

қалай алшаң басқанымды сол күндер,
қанша байлық шашқанымды ел көрді...
Жатсам-тұрсам жамбасыма тас батып,
жазықсызға жаман ырым бастатып,

ойымда да,
бойымда да қалмаған
саған деген құмарлықтан басқа түк;
кез еді-ау бір –

жазбадым не,
жаздым не,
маскүнемдей басым қатқан бәз-бірде.

...Тәңірінің тағы ма еді ол сыйлаған,
бағы ма еді
бере салған аз күнге?!
...Білмегем!..

* * *
Өліп-өшіп,
өзі кеп шешіндірді,
шешіндірді,

мен жаққа төсін бұрды,
...содан кейін білмеймін...
өліп-талып,
көріп барып жұмақты...

есім кірді!..
Сезім шіркін болды ма қарақшы анық,
есім кірді,
араға сағат салып,

...ес-түсі жоқ құмарлық
екеуімізді
құрбандыққа жіберді-ау қабат шалып!
...Көрмесінші дедің бе ұрлығыңды Ай,

әрі барып отырдың бір қырындай.
...Сансыз күндер
саналмай өтіп жатыр,
тұсаулы аттың

үзілген шылбырындай!
* * *
Құмырсқа бел, қаз омырау,
Аққу мойын, алма бет қыз,

Жарқылдаған жаз едің-ау
Жана жаздап қалған ек біз.
Көз алдымда жайнап тұрған
Қызықтырып бар бітімің.

Әншейінде сайрап тұрған,
Байланды да қалды тілім.
Ұқсап аққу қанатына
Жарқылдап қап ақ білегің,

Көздің жауын ала тұра
Татпай кеткен тәттім едің.

Солқылдаған тал мүсінге,
Таңырқаумен тоқтап еді.
Қаншама сыр қалды ішімде,
Түсіндің бе, жоқ па мені?!

* * *
Құшсам-ақ дейтін бұралтып белін
қылықты қыздың бірі едің.
өзіңді жұрттан тым артық көріп,

түрлене түлеп жүр едің.
Артық бір аяқ баспайтын едің,
менсінбей мынау жалғанды.
Қасыңмен қағып тастайтын едің

қасыңа жақын барғанды.
Күйреді қанша балапан тағдыр,
үзілді, дүние-ай, қанша үміт.
Үлбірей өскен алақандағы ұл

табанда жатты-ау жаншылып.
Алдап та қашып, әурелей беріп,
Үздің үмітті ұмытпай
Ақ қарға түскен сәуледей болып

Жымиғаның да жылытпай.
Ауыспай бізге кезіндегі бақ,
қалыппыз ауа қармап шын.
Қайтейін, қалқам, өзің де, бірақ

бақытты бола алмапсың!..

КӨП ҚАРАДЫМ

Аязда аяқ тоңып,
күш те кеміп,
жігіт тұр темекісін тістене еміп.
алаңдап зәулім үйдің есігіне,

атылып шығатындай іштен елік.
Қараумен сағатына ара-тұра,
қалмай да бара жатыр тағаты да.
Қос қолын қолтығына тығып алып,

билеген болады өзі ара-тұра.
Апыр-ау, талшық алып тек үміттен,
баяғы мен ғой мынау
сені күткен.

Өзіңді бір көргеннен
түндерге ерген,
бойына жігіттіктің желі біткен.
Аумайды қалпағы да басындағы,

(Ауылдан келгендігін жасырғаны).
Ақ үйден атып шыққан анау қыз да
сенсің ғой,
сенсің... жиырма жасыңдағы.

Апыр-ай, өзіммен бе,
басқамын ба?
(Өмір-ай, өте шыққан қас-қағымда!)
Ақ үйге кіріп,

қайта шықпақ едің,
сарғайтып
сыртқа
мені тастадың да.

Мені сен осылай да жазалап ең,
көңілден өшті-ау қайғы азабы әрең,
Онда мен өз жолында өлуге бар,
Махаббат дегеніңе тазарақ ем.

Онда мен қазіргіден бөлек едім,
(Қайтейін, біле тұра, елемедің),
Өзімдей сүйе алмас деп ойлайтын ем,
жырдағы Қыз Жібекті Төлегенің...

Кеттің сен.
сол кеткеннен тоқтамадың,
арада жылдар өтті, жоқтамадым.
...Сыртынан

жаңағы бір жас жігіттің
қызығып,
енді бүгін
көп қарадым...

* * *
Асығып асқақ өр көңіл,
асау да міндік, астық шың.
... Мен үшін, қалқам, сен де бір

алыста қалған жастықсың.
Жүзіндей жаңа қылыштың,
жарқылдап өскен шынарым,

жанбай да қалған бір ұшқын,
қанбай да қалған құмарым!...
Тетелес өстік, сыйластық,
сезімнің шоғын кеш үрлеп,

көзінде кетті қимастық,
өзіңде кетті есіл-дерт...
Аялап асыл арманды,
әдеттен озып, аспаушы ең

талай бір тәйтік «тарланды»
қабағыңмен-ақ жасқаушы ең.
Күні-түн саған жыр арнап,
қағынып жүрген жас ақын,

қиялмен құшып, жұмарлап,
қасыңа бармай,
қашатын.
Көз тартқан көрік, әрімен

киелі жердің, киігі ең,
жасырып елдің бәрінен
жанып бір...іштей...сүйіп ем!
Қанығып іштей атыңа,

көкейде тұрып назды үнің,
Мен болып шықтым
қапыда
қала да берген Мәжнүнің!

* * *
...аршып...
ашқан жоқ едім,
қарсыласқан жоқ едің.

Жағасы еді жайылмалы бұлақтың,
көрдім сені көп ішінде...
...ұнаттым.
...Кең дүнием кетті-ау кенет тарылып –

екеуара бұйырғаны бір-ақ түн!
Қарау ойдан қалжырап,
мен болайын қаңғып өлген Мәжнүн-ақ,
жүрмесің де белгілі еді әу бастан

Ләйлідей еңіреп іздеп, зар жылап.
Көңіл де жоқ өзгерген,
Жерім де жоқ уәде еткен, сөз берген.
...Сен не дейсің, көзкөрген?!..

ХАЛҚЫМА

Біреуі мен едім ғой қалаулыңның,
санда да,
санатта бар санаулы ұлдың,
қанша бір дағдарғанда –

аңғарғанға –
жұлып ап жүрегімді алау қылдым...
Байланбай жалау етіп жүрегімді,
жоғыңды түгендестім, тілеп үлгі.

Кезде де тәлкек-тағдыр тізгіндеген,
өзіңнен үздім бе мен күдерімді?!..
Өзімнің далам ұнап, ұнап аспан,
өтпеді не ғажайып мына бастан, –

Кей-кейде елге сыймай кете тұра,
жерім жоқ тұра қашқан, кінәласқан...
Жүректің алқынғанын, талпынғанын,
қаншама жалын барын, жарқыл барын,

маған да бір жағынан сеніп, күліп,
отырсың көріп-біліп, халқым, бәрін.
Қалсам деп бірі болып қалаулыңның,
жанымды алау қылдым, жалау қылдым.

Бірі деп Сен де, мені сана, халқым,
санда да, санатта бар санаулының.

СЫРБАЗ АҚЬІН, СЫРЛЫ ЖЫР (Соңғы сөз орнына) Осы қостомдық өлеңдер жинағы даярланып жатқан тұста белгілі қаламгер, «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясының Президенті, қазақ баспасөзінің киелі шаңырағы «Лениншіл жаста» қызметтес болған, сыйластығымыз ұзақ жылдарға жалғасқан іні-дос Ырым Кененбай телефон соқты: – Сіздің Сәкен ағамен жақсы араласқаныңызды, жаңа кітаптары жөнінде пікір білдіріп, талай-талай мақала жазып жариялағаныңызды білемін. Біз ақын ағаның артында қалған әдеби мұрасын қайталай жарыққа шығаруды қолға алған едік. Соған орай Сізге бір өтініш жасап отырмыз, яғни қостомдық өлеңдер кітабына арнайы редактор болсаңыз. Өлеңдерінің сапалы сұрыпталып, сауатты шығуына қол ұшын берсеңіз... Қуана келістім. Қолжазбаны оқып шыққан соң Сәкен ақынның шығармашылығы туралы бірер ауыз пікір айтып, соңғы сөз жазып, оқырманға ұсынуды жөн көрдім. Адам бар жерде арман бар. Оған таусылмайтын тілек пен үзілмейтін үмітті қосыңыз. Бұлар адам баласымен бірге жаратылған болмыс-бітім. Алайда адамның басы Алланың добы деген аталы сөз де есімізде. Әйтсе де күні кеше ойнап-күліп қасыңда жүрген қадірлі адам қапияда қаза болғанда қабырғаң қайысып қайғырарың, шіркін-ай, әлі де болса татар дәмі, көрер қызығы бар еді ғой деп опынарың рас қой. Аға дос Сәкен ағадан айрылып қалған сәтте мен де осындай ойға батып, өкінішті ой кештім. Таныстықтан басталып, сыйластық пен сырластықта жалғасқан жарты ғасырлық ғұмыр жолы жүректе өшпес ізгілік ізін қалдырғаны хақ. Енді міне, ақынның мерейтойы өтіп жатыр. Осынау құрметті көзі тірісінде көп көрмеген

Сәкен ақынның 75-ін атап өтуді асыға күтіп, алайда жете
алмай арманда кеткені әрине өкінішті. Бірақта айтулы
азаматын, ақиық ақынын ел-жұрты – қалың елі қазағының
тойлатып жатқанына тәубешілік жасаймыз. Осы жерде

Сәкен ақынның алпысқа толғанда жазып, жариялаған мына
бір сөздері еске түсіп отыр: «...Аман жүрген адамның бәрі
әйтеуір бір жететін өмірдің үлкен бір белесі ғана. Мәселе,
тек сол жасыңда не бітіріп, не қойғаныңда ғана болуы

керек». Ағынан ақтарылған ақынның айтқан пікірі ақиқат.
Ал Сәкен Иманасов болса өмірін өлеңімен жалғастырған,
елінің мұңын мұңдап, жырын жырлап, ұлтының ұпайын
түгендеуге қанатты сөзімен қалтқысыз қызмет көрсеткен

көрнекті қайраткер Ақын.
Алдымен Сәкен ақынның кісілікті қасиетіне, азаматтық
болмысына байланысты бірер ауыз пікір білдіре кету
жөн болар. Ол өмірде де, өлеңде де шындықты айтып

шырылдаумен өтті. Ақиқатын айтуға келгенде бетің бар,
жүзің бар демей жалаң қылыштай қиып түсетін турашыл
мінезінен айныған емес. Алайда оның біреуді тілдегенін, ия
күндегенін, яғни пенделігін көргенім жоқ. Кісінің табағы емес

қабағына қарайтын жүрегі жылы жігіттің төресі еді. Ағайын
мен қатарлас жора-жолдастың сөзін жерге тастамайтын,
қолынан
келген

көмегін
аямайтын
жүрегі
мейірім-

қайырымнан жаралған азамат болатын. Бұралаң тіршіліктің
қиын-қыстау кезінде де тауы шағылып жасыған, тағдырына
шағынған емес. Қысқасы, өткірлігі мен бірбеткейлігі өр
мінезімен, дүниеге тек шындық көзімен қараумен, кісіліктің

құдіретін көрсетіп, өз ар-ұлтына табынып ғұмыр кешу аға
дос Сәкеннің сырбаздығының, қазақи азаматтық қасиетінің
сыры, жұптап айтқанда осындай болатын...
Қазақтың қасиетті қара өлеңінің өрісін кеңейтіп,

өресін биіктетуге өлшеусіз үлес қосып, олжа салған
алуан ақындардың арасында Сәкен Иманасовтың есімі
ерекше тұлғаланып тұр. Иә, оның қатарлас ақындардан
қара үзіп шыққан шынайы талант екені талассыз. Өйткені

ол өзі айтқандай: «осыны мен ғана айта аламын... дегенге
біржола байлам жасағанда барып қолына қалам» алатын
ақын. Сәкен ақынның шығармашылық жолына үңіле көз
салсаңыз оның осы бір мақсатты машығынан айнымағанын,

жырға деген айрықша жауапкершілігін сезінесіз. Ал, ақын
поэзиясына ғана тән дара қасиетті баса көрсетіп, дәл тауып
айту үшін: тек Сәкен тапқан тақырып, қиыннан қиыстырған
ой, жетілдірген түр мен мінез-мазмұн турасында толғамды

пікір айту парыз. Рас, ақын шығармашылығының қыр-
сырын ашып көрсетуге бағытталған бірсыпыра әдеби
мақалалар жарияланды. Солардың ішінен Сәкеннің өзі
алабөтен атап өткені сонау 1979 жылы «Қазақ әдебиеті»

газетінде жарияланған ақын Фариза Оңғарсынованың
мақаласындағы көңілін қатты толқытып, көзіне жас алдыра
тебіренткен тұщымды пікір екен. Одан кейін де жазылған
жақсы ой-толғамдар баршылық. Осынау соңғы сөзде

де біз де Сәкеннің сан салалы ақындық жолына азды-
кем тоқтала кетпекшіміз. Рәсім бойынша ақынның өмірі
мен өлеңі жайлы біліп, түсініп-түйгеніңді жұрттың есіне
салғаның жөн ғой. Бүгінгі біздер, келешек ұрпақ оқып, өнеге

алсын деген мақсатпен жүрегін жарып шыққан жырларын
арнаған тарлан талантты Сәкен ақынның арман-аманатын
ұмытсақ ұят болар. «Күндемей өрдегіні, төрдегіні, Елеусіз
өтіп жатқан елде өмірі, Жар құшып, бала сүйіп, бақыт қуған,

Басы жұмыр пенденің мен де бірі». Ақын автопортреті осы...
Әдетте өлең өмір жыры дейміз. Ендеше – өлеңнің басты
тақырыбы өмір болғаны ғой. Ал өмір сан қырлы, сан сырлы.
Ендеше поэзияның басты тақырыбы біреу болғанымен,

оның тарам-тарам сүрлеу-соқпағы бар. Әр ақын сол өмірді,
сол заманның аласы мен қоғамның тіршілік-тынысын
қабілет-дарыны жеткенше айшықтауға асық. Әрине, ол
хас ақын болса. Айтары арзан, құр әшейін тіл мен жаққа

сүйенген, қыздырманың қызыл сөзіне ерген, төпеп ұрып
жаза беретіндер ақындар санатына қосылмасы белгілі.
Сәкен болса көбік болса да көп болсын деген ұстанымнан
ауылын аулақ қондырып, аузына аталы сөз түскенде ғана

өлең өрнектейтін шебер ақын. Оның шығармашылық
деңгейі шын мәнісінде қандай атақ берсе де лайық-тын.
Алайда екі мәрте ұсынылып, мәреге жетпей жығылған
еді. Бұл, оның дарынына әділ бағасын бермеудің кесірі.

Сыйлыққа ұсынылған «Өткірдің жүзі» мен «Ар алдында»
кітаптарын оқыған адам ақынға жасалған қиянатқа көз
жеткізері сөзсіз. Сәкен ақын іштей ренжіген де шығар,

алайда жүнжіген-жүдеген жоқ: «Құтылар дейсің атақ қашып
қайда, Жетермін арбамен-ақ асықпай да... Бұйыра қоймады
деп бүгін келіп, Бүлініп, біреулерге жүгірмелік...» деп өзін-
өзі қайраған қайран ақын-ай! Ол ақындық атақ Алланың

сыйы екенін білгені ғой...
Дарындылар да дағдарысқа тап болып жатқан мезгілде
де Сәкен ақын жырдағы жорғасынан жаңылған жоқ. Ол
бүгінгідей алмағайып заманда өзің де, сөзің де кімге дәрі

болсын деген күмәнді күдікті көңіліне ұялатпауға, қаламын
қолынан түсірмеуге тырысты. Қазақ поэзиясының қасиетін
ардақтап, қадірін арттырған, арынды да дарынды ақынның
өзекжарды өлеңдері оқырмандардың әрі сырласы, әрі

мұңдасы. Елінің кешегісі мен келешегін бүгінгі күнмен
сабақтастыра сыр ақтарған ақынның айтары да көп еді.
Заманның зарын, халқының тауқыметті тұрмыс-тіршілігін
көзімен көріп, жүрегімен сезініп Абайша ашына ақтарылып,

тіл мен ойын кестелей көркемдеп көмекейден жыр төгу
нағыз ақынның маңдайына жазылған бақ пен бақыт. Сәкен
нақ осындай тағдыр сыйы бұйырған ақын. Бұл жерде оның
басқа ақындар жазған тақырыпқа өзге қырынан келіп, өз

ой-түйінін таба қоятын ерекшелігін айту парыз. Ақын жал-
пы жұрттың ойына түспеген өмір құбылыстарын тосын
қырынан танып, айта білу бақытын еншілепті.
Сәкеннің

ақындықтың
асқар
белесіне,
бедел

биігіне көтерілуінің сыры неде? Айталық, алдымен
ақиқатты айызыңды қандырып, шындығына нандырып
айта
алатындығы.

Екіншіден,
өлеңдерінің
өріміндегі
бейнелі теңеу, қазақы сөз сарасы, ой орамдары, көркем

кестелеуі кісі қызыққандай – тапқырлық пен шеберліктің
шыңы деңгейіне жеткендігі. Үшіншіден, шабытына қанат
байлап, ой-қиялын заңғар биікке де, даңғайыр кеңістікке
де қыранша самғатқан ізденгіштігі мен дарындылығының

біте қайнасқан табиғи бірлігінің жемісі. Төртінші себебі,
жыр алдындағы жауапкершілігінің жоғары деңгейі. Ал
поэзия – публицистикаға емес, жалаң сөзбен жан-сырыңды
жұртшылыққа жеткізу әуейі әурешілік, яғни ондай бітімі

жасық жырлардың жалыны жүрек жылытар, толқыны көңіл
бесігін тербетер өрнекті де өрелі өлеңдермен тайталаса
алмасы анық. Сәкен өлеңнің осы қасиетін қастерлеумен

өткен ақын. Бесіншіден, ақын айтар ойының асқар таудай
асқақ, толқынды да тасқынды теңіздей терең екендігі.
Сондай-ақ, ақынның алтыншы бір қыры оның ел ішіндегі
әлеуметтік сілкініс пен қоғамдағы өзгерісті жаны күйіп

жазатындығы дер едік. Бүгінгі уақыттың тәуелсіз елдің
көшін түзеуге мүмкіндік бермей жатқан мерез мінездерін
сынай отырып ашына айтып та ақын жұртшылықты
жақсылыққа жетудің адастырмас жолына түсудің бағдарын

сілтейді. Бұл мақсатты көздеген өлеңдерін оқи отырып,
оның ел мен жерге, ұлтына деген ниеті түзу, пиғылы пәк,
ары таза, жаны сұлу, жүрегі жұмсақ, адамгершілігі зор,
адамдық қасиеті асқақ ақынның ғана жүрегінен шығатын

сәулелі сөздер екендігін түсінесің. Ол көптеген өлеңдерінде
ойы қарау, пейілі тар, жемқор, жағымпаз, қайырымсыз
пенделердің бет пердесін ашып, жамандықтан жирендіріп
те жүр. Бұл сияқты Сәкен өлеңдерінің оқырмандарын бірде

сүйінтіп, бірде күйінтіп, бірде ойлантып, кейде толғантып,
бірде жылатып, бірде жұбатып – әрқилы күй кештіріп,
сезімін сергелдеңге түсіретініне көз жеткізуге, яғни
сөзіміздің ақиқаттығына нақты да нақыл дәлелдер жетіп

жатыр. Ол үшін ақынның кітаптарын оқу керек. Бірер өлең
шумақтарын дәлел ретінде көшіріп басу әсте қажетсіз.
Қазіргі қазақ әдебиеті бүгінгі өмірдің сыр-сипатын
ашуға араласа алмай жүр деген пікір негізсіз. Бұл орайда

әсіресе қазақ поэзиясы озық тұр, Ал осы көштің – өткелең
кезеңнің келбетін өлең сөзде өрнектеу жолында Сәкен
ақынның еңбегі ересен. Қазақ қалай ғұмыр кешіп жатыр,
уайым-қайғысы, жеткен жетістігі, арман-аңсары не еді

деген өмірлік сұрақтарға ақын өлеңдерінен тұщымды,
жалтақсыз жауап аласың. Арлы ақын ұлтының мінез-
құлқына, көзқарасына ой көзін жүгіртіп, санасында саралай
отырып: «осы қазақ қайтсе ел болады» деген толғаныстарын

ортаға салады. Бұл орайда ол ақындықтан да, шындықты
айтып шырылдаудан да алдына жан салмаған Абай
дананың өнегесін өлеңдеріне көркейте көшірген шайыр.
Осылайша жұртшылықтың құбылмалы заманның күйкі

тіршілігіне запы болып, зығырданы қайнап, ішіне бүккен
запыранын өлең арқылы ақтарған арқалы ақынға қалайша
риза болмассың. Әрлі де әсерлі, қиыннан қиысқан өрелі

өлеңдерді оқырман қауым сүйсіне оқып, бір серпіліп қалары
сөзсіз. Ақын поэзиясы кемшілікке кіжініп, қайғы-қасіретке
бас ұру емес, қайта қайраттандыратын, жігерлендіретін,
Алаш рухын асқақтатуға арналған арналы жырлар. Ал

парасатты поэзияда пәлсапалық ой, көркем сурет, нәзік
сезім, толымды образ, уақыт тынысы жымдаса жарысып,
өлең жолдарында таспадай өріліп жатса ғана жарасым-
ды. Сәкен ақын өлеңдері осындай төрт тұрманы түгел

қасиетімен қымбат. Оның өлеңдері тілінің бояуы алуан
түсті, поэтикалық образдарға толы: сурет, теңеу, бейнелеу,
қисын, ұйқас сынды өлеңнің өңін ашатын жабдықтары
жөнінен бағалағанда төрт құбыласы тең нағыз парасатты

поэзияның үлгісі.
Бұл пікіріміздің желе жортып жазылған бір парасы
ғана. Егер кеңінен қамтып, толығынан толғайтын болсақ
ақын шығармасына арнайы кітап жазар едік. Сәкен болса

өмірді өлеңге айналдырған ақын. Ал өлеңі өлмеген ақынның
өзі жарық дүниеден өтсе де, рухы мәңгі жасайтыны ақиқат
қой, ағайын. Ақынды артында қалған отбасы, достары,
жырлары қосыла жоқтайтын шығар... Бәлкім, ақын мұрасын

көңілінде қаттап, жүрегімен жаттап өскен ел-жұрты, жас
ұрпақ жоқтайтын шығар. Ал мен Сәкен ақынның қалың елі
қазағының жүрегіне жерленгеніне күмәнім жоқ. Ендеше,
оның ортамызда жүргеніне сенейік!..

Қуанышбай Құрманғали,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі.

МАЗМҰНЫ «Бел-белес» кітабынан .............................................................3 «Жебе» кітабынан ...................................................................72 «Өткірдің жүзі» кітабынан .................................................227 Сырбаз ақын, сырлы жыр ....................................................377

«Алатау» Баспа-полиграфиялық корпорациясы.
Алматы қаласы, 050026.Төле би көшесі, 130 «А».
тел.: 378-42-02, e-maіl: corp_alatau@rambler.ru
АҚ «Алматы-Болашақ» баспаханасында басылды.

Алматы қаласы, 050026. Мұқанов көшесі, 223 «В».
тел.: 378-36-46, e-maіl: ao@almatybolashak.kz
Сәкен Иманасов
Шығармалар жинағы

ІІ ТОМ

Өлеңдер
Жауапты шығарушы – «Алатау»
баспа-полиграфиялық корпорациясы
Президенті Ы.С.Кененбай

Техникалық редакторы – И.Ү.Ақбасов
Беттеген – Ә.А.Батырбай
Көркемдеуші – В.В.Стенякин
Теруге 11.06.2014 ж. берілді. Басуға 29.09.2014 ж. қол қойылды.

Пішімі 84х1081/32. Қаріп түрі «DS Baltіca».
Шартты баспа табағы 20,16. Таралымы 2000 дана.
Тапсырыс №1555

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙