TELEGEI

Home

Абай Құнанбайұлы

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Абай Құнанбайұлы

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

АБАЙ (ИБРАҺИМ) ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

(1845-1904)
(Монография)

Біз қазақ халқының ұлы классигі, данышпан ақыны — Абай Құнанбайұлының өмірі мен ақындық еңбегіне тоқтамақпыз. Бірақ Абайдың осы айтылған жайларын шолудан бұрын, жалпы Абайды тудырған дәуірі, тарихи ортасы, осы кездегі қоғамдық қарым-қатынас туралы біраз кіріспе сөз айту қажет. Марксшілдік материалистік дүние тану жүйесі бойынша қоғамда болатын үлкен уақиғаның барлығын тудырушы себептер: шаруашылық және соған негізделген қоғам-дық, тарихтық ерекше жағдайлар. Осы тұрғыдан қарағанда, ақынды да белгілі бір шаруашылық, қоғамдық тарихи дәуір туғызады. Абайды да сондайлық боп қалыптанған қазақ сахарасының өзіндік ерекше жағдайлары туғызған. XІX ғасырдың орта кезі, екінші жартысында, Абай кезінде болған жағдайларды білу үшін сол кездегі жалпы Қазақстанның тарихи халін еске алу керек. XІX ғасырдың орта тұсында Абайдың балалық шағы өтеді. Бұл кезде Қазақстанда патшалық отарлау саясатының алғашқы дәуірі аяқталған. Әскери колонизация кезеңі өз дегеніне жеткен шақ. Ол дәуірдің алдында болған Қозғалыстар аяқталған кезі. Патша өкіметінің отарлау саясаты өз жемісін бере бастаған мезгіл. Әскери түрде отарлау арқылы бірсыпыра жергілікті халқының қонысы ауысып, өздерінің шұрайлы жерлерінен айрылады. Ішкі Россиядан жер тарлығынан, помещиктер қанауынан үлкен жоқшылыққа ұшыраған орыс шаруалары қалың топ болып, Қазақстанға ауысып келе бастайды. Сібір мен Қазақстан, кейінірек Орта Азия патшалық комиссияның анық баурап алған отары болады. Ленин айтқандай: "Европалық Россиянин, оңтүстігі мен оңтүстік шы-ғысы, Кавказ, Орта Азия, Сибирь орыс капитализмінің отарлары тәрізді және оның тек терендей ғана емес, жайыла қайта дамуына да себеп болады" . XІX ғасырдың екінші жарымында қазақ сахарасына сауда капиталынан басқа өндіріс капиталы да ендеп кіре бастаған. Риддер, Қарағанды, тағы солар сияқты кен ошақтарын француз байлары жауша талауға кіріседі. Әр қалаларда тері илейтін, мал соятын, жүн жуатын, ұн тартатын, тұз кенін алатын сияқты өндірістер туа бастайды. Қалалардың базарлары мен әр жерге орнаған жәрмеңкелер арқылы сауда күшейе береді. 1860 жылдардың аяқ кезінде бүкілроссиялық рынокқа Қазақстан мал, тері-терсек, жүн-жұрқаның барлығын ең мол беретін өлке болады. Мысалы, 1867 жылы Сібір мен Орынбор тараптарынан Европалық Россияға жіберілген малдың 91,8 проценті, терінің 66,9 проценті, жүн- жұрқаның 94,1 проценті қазақ сахарасынан барады. Абай өскен елге ең жақын, үлкен жәрмеңке — Қоянды жәрмеңкесінің 1869 жылғы айналма сомасы жарым миллион сомға жеткен. Қазақстан мен Россияның сауда-сат-тығының өсуі мына төмендегі цифрлардан анық көрінеді. Мысалы, 1820 жылы Орынбор, Сібір, Орал өлкелерінде жасалған сауданың айналма сомасы 115 мың болса, 1862 жылы малменен және өзге шаруашылық өндірісімен қазақ өлкесінде жасалған сауданың айналма сомасы 5 348 438 сомға жетеді. Ал сахараға келген россиялық өнеркәсіп товарларының сомасы 4 431 772 сомға жетеді. Мысалы, Қызылжардың Меневой дворына 1820 жылы барлығы 70 мың бас мал түссе, 1860 жылдарда жыл сайын 100 мыңнан аса қара мал, бір миллионға тарта қой-ешкі түсіп отырған. Патшалық отарлау саясаты қазақ халқының жерін алғанда, оның шұрайлысын сол патшалықтың оң қолы боп саналатын қазақ-орыстарға, помещиктерге, әр алуан өндіріс орнатқан капиталистерге, чиновниктерге және қазақтың өзінен шыққан байлары мен бектеріне алып береді. Ел қолынан кеткен жер патшалықтың өзі өсірген қанаушы тапта-рының қалаулы топтарына беріледі. Мысалы, Абай жас шағында араласып жүрген Қарқаралы округінде қазақ байларының шаруасы алты процент болса да, мал-мүліктің үштен бірі солардың қолында болады. Сөйтіп, қазақ халқының қалың көпшілік шаруасы патриархалдық-феодалдық үстемдік тәртібімен бір қаналса, әділетсіз ауыр алым- салық арқылы және де жем бола түседі. Мұның үстіне, жабайылық жағдайда шаруашылық, бақташылық өмір кешкен көпшіліктің тағы бір соры болып, арылмайтын жұттар араласады. Әрбір үлкен жұттың ең ауыр сор-салмағы қазақтың шаруа көпшілігіне әсіресе кәрлі, зілді болатын. Өйткені бай мен бек, болыс, би сияқты топтар жердің шұрайлысын алып отырғандықтан, жұтқа аз ұшырайтұғын. Осы соңғы топтар патшалық чиновниктермен қосылып, қазақтың қалың бұқарасын жаудай талаушы еді. Осындайлық отарлау саясатын ойдағыдай жүргізу үшін патша өкіметі қазақ жайлаған өлкелерге мемлекет аппаратын құрды. XІX ғасырдың орта кезіне дейін Қазақстан ок-ругтерге бөлініп биленуші еді. 1868 жылғы жаңа тәртіп бойынша, енді қазақ даласындағы патшалықтың әкімшілік аппараты басқа түрлі болды. Бар Қазақстан бірнеше облысқа бөлінумен қатар, сол облыстар уездерге бөлінеді. Уезд болыстыққа бөлінеді. Болыстық ауылнайларға (старшиналарға) жіктеледі. Абайдың туған облысы Семей, оған көршілес облыс Ақмола, содан ары Торғай, Орал облысы болады. Кейінірек Түркістан өлкесі түгел алынған соң, Жетісу, Сырдария об-лыстары жасалады. Сөйтіп, Ұлы Октябрь социалистік революциясына шейін қазақ жайлаған Сарыарқа, Жайық, Сыр, Алатау өлкелерінің барлығы патшалық құрған алты облысқа бөлінген. Абайдың әлеумет қайраткері болып шыққан кезінде, ақындық өнері басталған шақта Қазақстанның мемлекеттік- әкімшілік бөлінісі осылай болып қалыптанған. Семей облысының өзін алсақ, ол бес уезге бөлінген: (Семей, Қарқаралы, Павлодар, Өскемен, Зайсан уездері ). Облыс басында әскери губернатор (жандарал) болады, оның кеңсесін "областное правление" дейді. Уездің басында уездный начальник — мұны қазақ "ояз" дейтін. Ақмола, Семей облысы бірігіп бір генерал-губернаторлыққа бағынатын. Оның әкімін "степной генерал-губернатор" дейді. Қазақ бұл үлкен әкімді кеңсесімен қоса "корпыс" деп атайтын. Жоғарыда біз жасаған тарихтық, саясаттық қысқаша шолудың Абай жайын тексеруде ерекше қажеттігі бар. Өйткені Абайдың өмірбаянын зерттегенде және әсіресе шығармаларына тексеру жасағанымызда, жаңағы аталып өткен әкімдер, шаруашылық халдер, қанаушы топтар мен қалың бұқара халық арасындағы жайлар ұдайы, мол көрініп отырады. Абай ақындығының ішкі мазмұндарын нақтылап ұғыну үшін, сол аталған старшындар, болыстар, билер, ояздар, жандаралдар — барлығы да өздерінің іс-әрекеттерімен көп-көп жайларды ашып, шешіп отыруға себепші болады. Жоғарыда аталған уездерді алсақ, бұлар 20-21-22 болыстан құралатын. Абайдың елі қараған Семей уезі жиырма болыс болатын да, көршілес Қарқаралы уезі жиырма екі болыстан құралатын. Қазақтың "болыс" деген сөзі орыстың "волость", "волостной управитель" деген сөзінен алынған. Қазақша қолдануда және Абай шығармаларында "болыс" деп әрі әкімдік бөлікті де, әрі соның басында тұратын әкімді де атаған. "Ояз" бен "болыстың" арасында тағы бір ұлық бар, ол — крестьянский начальник. Бір уезде 20- 22 болыс болса, солар бірнеше учаскеге бөлінеді. Төрт-бес болыстан құралатын учаскенің бастығы жаңағы крестьянский начальник. Осымен қатар әкімшілік орындарынан басқа сот орындары болған. Олар қазақ болысында үш жылда болыспен бірге сайланатын билер, сонан соң мировой судьялар жэне әр болыстың басында облыстық — окружной суд болатын. Міне, Абай шығармаларында әр алуан кескінде сипатталынып, әшкереленіп, сыналып отыратын ұлық, әкім, ел билеушілер дегендердің саты-саты орындары осылай еді. Сондайлық әкімшілік орындарын тудырумен қатар, патшалық өкіметі тергеу, соттау жұмыстарының жөнінде өзінше біртәсіл қолданады. Тегі, қазақ ортасының дау-шары патшалық тергеу орындары мировой судья, окружной суд сияқты кеңселерге түссе, патшалықтың өзінің заң-законы бойынша тергелетін. Ал ел ішіндегі көпшілік талас-тартыс, дау-жанжал, сан қылмыс атаулының көбін патшалық сотынан бұрын болыс, болыстағы билер, қазақтан сайланған адамдар тергейтін болған. Кейде бір болыс ішіндегі ауылнай басы сайланатын билердің болыс ішіндегі съездері тергеу жүргізеді. Бірнеше болыстар арасындағы үлкен дау, зор қылмысты істер әр болыс, уезд, облыстардан бөлініп шығарылған жаңағы қазақ билерінің съездерінде тексеріледі. Бұндай съездерді қазақ — "шербешнәй сыяз" деген. Кейде тек "шербешнәй" деп атандыратын. Бұлар сияқты тергеу орындарына патшалық өкіметі әдейілеп өзінше ерік, право береді. Тергеу мен өкімді қазақтың ескі ереже заңы бойынша, әдет, шариғат бойынша, баяғыдан келе жатқан қазақы қағидалар бойынша тергеп, кесуге еркіндік берілген болады. Бұрынғы патшалықтың саясаты — қазақ сахарасында ескі қалыптағы рушылдық, патриархалдық-феодалдық құрылыстың ұйтқысын бұзғысы келмегендігі. Отарланған ел мәдениетсіз, ескі қалпына берік боп, сол көне күйде қала берсін дегендік. Қазақтың ақсақалдық, феодалдық жобадағы билеріне бұрынғы неше алуан сорақы, жабайы түрдегі жол-жорасын үнемі сақтап отыруға қурық береді. Сондықтан, мысалы, күн дауы, қалың мал, көп әйел алу, барымта сияқты надандық, ескілік әдет-қалыптың бәрін сақтап отыруға патшалық саясатының өзі жәрдемші болады. Патшалықтың ел ішінде сайлап алған аппараты: болыс, билер және әрбір елу үйден сайлаушы ретінде аталып қойылатын елубасылар, әр ауылнай басындағы старшындар, сонан соң болыс кеңсесінде хат жүргізуші боп қызмет ететін "тілмаш", орысша "толмач" (кейде "песір") деп аталатын патшалықтың әрі тыңшы, әрі оң көзі болған адамдар жаңағы тергеу істерінің барлығын орындатып отыратын аппарат болады.

...Ақша беріп жалғасқан,
Ақысын өрең сол алды.
Орыс сыяз қылдырса,
Болыс елін қармайды.

Қу старшын, аш билер
Аз жүрегін жалғайды, —

деп, Абайдың шенейтіні сол жаңағы ел ішінде патша өкіметі жасаған аппарат. Дәл осы топтар арқылы патша өкіметі қазақ халқының алым-салығын жиятын. Ол салықты болыс пен ауылнайлар елге бөледі. Әр старшын ішінде жеке шаруаларға бөлінеді. Әрине, ол салық елдің қанаушы тобы бай-шонжарлары, би, старшындары, атқамінерлері, елуба-сылары өз қолдарынан үлестіретін болғандықтан, шаруалардың ауқатына қарамай, түтінге үлестірілетін. Сондықтан халық оны "түңлік басы салық" дейтін. Бұл салықтармен қатар, патшалықтың лау-көлік салығы қатар жүреді. Және ол түндік басына әр болыстың "қарашығын" дейтін үстеме салығы болады. Ол болыстық өкімдердің сойысы, мінетін аттары, әр алуан "сыбағасы" есебінде үстеме шығын болып, момын елден жиналады. Осылайша топталатын жан-жақты шығын, қаржы-қарыз онсыз да кедейлігі, жоқшылығы асқан қалың елге ерекше қазадай болатын. Солайша халықтың жерін алып, мал-мүлкін әр жолмен талап, еселеп алым-анжылар алып жатқан өкімет сол халықтың қамы үшін бірде-бір әрекет етіп көрген емес. Қараңғы, надан, бұратана елдің ортасына мектеп ашып, ағартушылық іс жүргізу, дертін емдейтін емханалар орнату, тағы басқа, сәл ғана болса да, әp алуан мәдениет елесін беру дегеннің бірде-бірі болмайтын. 1870-1880 жылдардан бастап Орынбор, Троицк, Омск сияқты қалаларда аздап бұратана елдердің балаларын орысша оқытатын Неплюевское училище, кейінірек Ыбырай Алтынсариннің талабымен ашылатын Русско-казахское училище (Абайдың өлеңінде "Интернат" деп аталатын), бесті-онды школдар болса, бұлардың бәрі жаңағы қазақ халқынан алынған салық, қаражаттың есебіне ашылатын. Бірақ патшалық өкіметінің бұл школдарда қазақ баласын оқытудағы ниеті қараңғы елді ағарту емес, өзінің ояздық, облыстық, чиновниктік кеңселеріне жергілікті халықтан көмекші боларлық тілмаштар, ұсақ чиновниктер әзірлеп алу мақсаты ғана болатын. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде біз патшалықтың дәл өзін сынап, қарсылық сөз сөйлегенін кездестіре алмаймыз. Бірақ сол патшалықтың қазақ елі сияқты буратана жұртты билеп отырған системасын және губернатор, ояз, болыс, тілмаш, би, старшын, елубасы, атшабар, онан соң жаңағы қазақтан шыққан ұсақ чиновниктер бар, осылардың барлығын барынша әшкерелеп, масқаралап, мінегенін көреміз. Елдегі ұлықтың үлкені болыс болса, соған жасаған бір шабуыл сынында:

...Ұрысса орыс, Елге болыс,
Үйден үрген итке ұқсап.
Өзі ұлыққа, қадірі жоққа
Қарамай, өз халқына

Сөз қайырмай,
Жеңді айырмай,
Жұртқа шабар талпына, —
деп, ақын сол болыстардың барлық залалды, сорақы кейпін ашып салады.

Патшалық системасының әкімшілік орындарын кейде "ояз" деп, кейде "орыс" деп (бунда орыс халқын айтпай, қазақ ортасында сол кездегі әдет бойынша ұлықты орыс деп атаған қалыппен) шеней келеді. Соларға болысты қосып, ащы мысқылмен, ызалы кескінмен сынайды. Осы аталған патшалық, отаршылдық, әкімшілік кертартпа күйлер қазақ халқының көпшілігіне неше алуан ауыртпалық әкелді. Қара шаруаның қаналуы тек жоғарыда айтыл-ғандармен тынған жоқ. Әсіресе теңсіздік пен қаналудың ең ауыр дерті көпшілік шаруаның жер жөнінде көретін таршылық қысымына әкеп сайды. Сауда капиталының қазақ даласын қанауы өндіріс капиталы шығарған заттың да қазақ арасына әкеліп, сатылып таралуына себеп болды. Сөйтіп, ендігі Қазақстан өндіріс капиталының өнімдерін өткізетін базарға айналды. Шай-қант, киім-бұйымдық пұл-товар, үй ішілік ыдыс-аяқ, әр алуан ұсақ аспап -барлығын да қазақ халқы ашқарақ саудагерлер арқылы жәрмеңкелерден, үлкенді-кішілі базарлардан сатып алатын болды. Көп саудагерлер байып, чиновник, әкім атаулы, болыс-билер, ел феодалдары бұрынғыдан да әлденіп, үстемдігі аса түсті. Жер тарылу, алым-салық күшею, неше алуан қанау, ауыртпалықтар молаю арқылы бұқара көпшілік, еңбекші кедей атаулы бұрынғыдан да ауыр күйлерге түсті. Қазақтың көп жерлерінде қалың шаруалар жатаққа айналды. Күн көрісі тарылған ел кедейлері қалалы, өндірісті орындарға жұмысшылыққа, малайлыққа кететін болды. Осының барлығы Абай ақындық еңбек еткен замандағы қазақ ортасында тап жігінің айқындап ашыла түсуіне себеп болды. Солардың нәтижесінде Абай тұсындағы қоғамдық жағдайда неше алуан таптық қайшылық молайған еді. Біздің бұған шейін шолып өткеніміз — патшалық отарлау саясаты себебінен туған Қазақстан көлеміндегі жалпы саясаттық, шаруашылық қоғамдық жағдайлар. Бұл абсо-люттік монархия Россияның қазақ сияқты бұратана елге айқындап танылған, қастық түрдегі, тарихтық шыны мен сыры болатын. Енді осымен қатар, ұлы Ленин айтқан тағы бір үлкен тарихи шындықты еске алуымыз керек. Ленин: "Әрбір ұлттық мәдениетте екі түрлі ұлттық мәдениет бар" , — деген. Россия туралы айтқанда, патшалық аппаратының жоғарыдағы айтқан жайларын танытатын, ресми түрдегі Россия. Ал қазақ халқы үшін бұл өгей болса, қас-қастан болса, соған қарсы үнемі алысқан екінші Россия бар еді. Бұл — Радищевтен бастап, Ұлы Октябрь социалистік революциясына шейін, бір жарым ғасыр бойында патшалық өкіметімен алысып келген азаттық-демократиялық, революциялық жолдағы орыс халқының ұлы қайраткерлерінің Россиясы. Анық орыс халқының ұлы тарихындағы халықтық қасиетін танытқан сол Россия. Орыстағы данышпан адамдар жасаған, бүкіл дүние тарихына үлгі берген Россия. Осы екінші Россия патшалықтың абсолютизміне, кертартпалығына қарсы алысқан сан қайраткерлерді, жаңағы айтылған, бір жарым ғасыр бойында дәурен-дәуір өткен сайын өсіре-асыра дамытып, молайтып отырды. Россияның өзіндегі еңбекші қаналушы жұртшылықтың қамын жеген, олармен қатар отар елдеріне достықпен қараған даналар шықты. Сондай әлеуметтік бағыт Пушкиннің еңбектерінде көрінген, Белинскийдің әлеуметтік ойларында танылған, Герценнің халық үшін толғанған азаматшыл ойынан, тартысынан туғанды. Ол 1860 жылдардағы шаруашылық, қоғамдық өмірдің қайшылығынан туған демократиялық, революциялық бағыт: Чернышевский, Добролюбов, Салтыков-Щедрин, Некрасовтар еңбектерінен туған тартыстар. 1890 жылдарға келгенде, Россияда жаңағы тарихтық ағымның ендігі үлкен, өскен белі есебінде социал-демократиялық, саяси тартыс жолы ашылды. Осы жылдарда XX ғасырдың бас жағында қалыптанатын ұлы большевиктік партиясының әлемдік, тарихтық жолы басталады. Данышпан Лениннің бүкіл дүние шаруаларына, еңбекші әлеміне көсемдік еткен ұлы қайраты, тартысы Россияның қалың бұқарасы мен бар бұратана қаналушы елдеріне, адам баласы тарихында бұрын атпаған таңның, бұрын тумаған күннің енді ғана сәуле атып келе жатқанын аңғартты. Бұл соңғы аталған салт-саналық, саясаттық жаңа бағыт бұратана елдерге өгейлік орнына достық әкеле жатқан, қанаушылық орнына теңдік, азаттық әкеле жатқан, сан ғасырлық қараңғылық, надандық орнына білім-өнер әкеле жатқан ұлы орыс халқының анық халықтық қасиетін танытқан күндей жарық, жарқын жолы еді. Абай майданға шықпас бұрын патшалық Россиядан көрген отаршылық қанау бойынша және заманындағы надандық себебінен, онан соң, өздерінің үстем таптарға табынысты болған тар көлемдігі себебінен барлық Россиядан тарайтын жаңалық атаулының бәріне жат қараған топтар қазақ ішінде көп болған. Олардың бір алуаны — Кенесары сияқты бүкіл Россияда талғаусыз қарсылықта, жаулықта болған патриархалдық-феодалдық санадағы зор залалды элементтер болады. Тағы бір алуан топ Досқожа, Нысанбай, Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты кертартпа, ескішіл бағыттағы үстем тап санашылары, жаршы-жыршылары болады. Бірақ патшалық Россиясына бағынған өзге көп бұратана елдердегі сияқты, XІX ғасырдың екінші жарымында Россияның, жоғарыда айтылғандай, екі Россия екендігін анықтап, аңғарып ұғынатын топтар қазақ ішінен де оянып, көріне бастайды. Бұлар, көбінесе, екінші Россияның шындығын, қасиетін ұққан адамдардан құралады. Россияның өзінде қаналушы миллиондардың көп екендігін көріп, олармен бірге қазақтай бұратана халықтың қоса қаналып жүргенін аңғарған қайраткерлер осылар еді. Сонымен, патшалық Россияға бағынған бұратана елдердің ортасынан, көп жерде ұлы орыс халқының мәдениетін сүйіп, бағалап, өз елдерінің ендігі халықтық, өзғын буындарын сол орыс мәдениетіне тез жеткіземін, дос етіп араластырамын деген ағартушылардың Қозғалыстары басталады. Бұлар Грузияда - Илья Чавчавадзе, Арменияда — Хачатур Абовян, Азербайжанда — Мирза Фатали Ахундов, Бурятта — Банзаров, Осетияда — Коста Хетагуров, қазақта — Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай сияқты адамдар. Ал XX ғасыр басында, бертінде татарлардан шыққан Абдулла Тоқай да сол қатардағы ұлы қайраткерлердің бірі. Осы аталған адамдардың бәрі де өз елдерінің ендігі тарихтық тағдыры Россиямен бір екенін ұғынады. Елдерінің бұрынғы тарихына қарағанда, Россиямен бірлесу қалай да ең дұрыс жол екенін біледі. Энгельс айтқандай: "Россия Шығыс жөнінде анық прогрестік роль ойнайды" , — дегенді айқын аңғарады. Біз дәл бұл тұста Шоқан мен Ыбырайдың өмірбаяндарын, еңбектерін тексермейміз. Олар жайындағы тексерулер өз алдына. Әзір Абайды тудырған жалпы шаруашылық, тарихтық, қоғамдық дәуір, жағдайлар бәріне де ортақ екенін ғана ескертеміз. Абай, Шоқан мен Ыбырай сияқты, қазақ елі тек орыс халқының ұлы мәдениетінен, әлемдік қан-қазынасынан тәрбие-тәлім алса ғана жарыққа жететінін білген. Бұл жайды тек халқы туралы ғана емес, Абай өзі туралы да қоса ойлаған. Елі-жұртын үгіттеумен бірге, ең алдымен өз білім- тәрбиесін, әсіресе жазушылық, әлеуметтік еңбек талабын бұрын, бұның алдында өзге ақындар бармаған бағытқа, түспеген арнаға салады. Оны Абай еткен де осы бақытты бағыты мен қажымастық еңбегі. Сондай ұлы жолға түскен себепті, өзінің еңбектерінде мүлде жаңа, ерекше қасиеттер көрсетті де, Абай біздің әдебиетіміздің ұлы классик Абайы болып шықты. Тегінде, Абайдың ақындығындай ақындық қуат Абайдан бұрынғы ақындарда да болуға мүмкін. Олардың бірталайы тіпті атсыз ақын боп та өткен болар. Сондай ақындардың ғана санасы мен таптық тұрғысында, мәдениеттік дәрежесінде қалса, Абай классик Абай болмас еді. Өзінен бұрын жүз ақын болса — жүз бірінші, мың ақын өткен болса - мың бірінші болар да қалар ма еді, әлде қайтер еді! Өзі орыс халқының мәдениетіндегі қасиеттерді бойына сіңіріп, еңбегіне таратқан, соның бәрін жаңа дәуірдің жаңаша тарихтық, халықтық арман-мүддесі етіп, ендігі асыл қазынасы етіп берген Абай болғандықтан өзгеше бағаланады. Барлық қазақ халқының өткен тарихында ең зор биікке шыққан, асыл тұрғыны ашқан, айнымас қадірі зор классигі боп танылады.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙