Мазмұнға өту
Home

Тұрмыс-салт жырларындағы ұлттық педагогика мәселелері

Нұртас Ахат

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тұрмыс-салт жырларындағы ұлттық педагогика мәселелері

Авторы: Нұртас Ахат

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ

АЛМАТЫ-1996 РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАСПА КАБИНЕТІ

Ақатов Нұртас Ақатұлы Тұрмыс-салт жырларындағы ұлттық педагогика мәселелері. /Әдістемелік нұсқаулар/. Алматы. Республикалық баспа кабинеті. 1996 ж. 13 бет Пікір жазғандар: А.Дүйсенова, А.Рақымова. Көкшетау қазақ педагогика училищесінің оқытушылары. Баспаға Көкшетау қазақ педагогика училищесінің әдістемелік кеңесі ұсынған. Оқу және әдістемелік әдебиеттер жөніндегі республикалық баспа кабинеті. 1996

ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазақ халқының әлемдік өркениеттегі орны немесе тарихи сахнадағы рөлі туралы сөз етер болсақ, әуелі жеке әрі бірегей ұлт ретінде оның өнерін, ұлттық психологиясын салты мен дәстүрін, әдеті мен ғұрпын, мінез-құлқын, сенімін жете түсініп, дұрыс көзқараспен бағалау қажет. Тіпті, тамыры ортақ, тегі бір, тілегі үндес жатқан түркі халықтарының өздерінің де айырмашылық ара қатынасы бар. Ауыз әдебиетінсіз халық болмайтыны ақиқатты шындық. Сондықтан да қазақ халқының жеке ұлт ретінде даралануына дәлелдердің бірі – қазақ халық ауыз әдебиеті түрлеріндегі өзіне тән ерекшеліктері. Ал осы ерекшеліктер халықтың төл тәлім-тәрбиесімен ұштасып, өзекті түрде жалғасып жатыр. Замана желінің оңынан туып, қазақ халқы егемендікке қол жеткізіп, қыранды көк байрағын көтергелі бері халық педагогикасы мәселелері қайтадан қолға алынып, зерттеліп, зердеге түсіп, бала тәрбиесінде қайтадан жаңаша іске асырыла бастады. Міне, осы жолда тәрбиенің таза, шынайы кәусәр мөлдір болуы ұстаздар, ата-аналар, жалпы халық үшін ертеңгі келешектегі ел тағдырын шешетін факторлардың бірі. Себебі, қазірде бой көрсетіп қалып жүрген әсіреқызылдық, сәндік, мұражайлық әрі мерзімдік ұлттық тәрбие тек өзімізді өзгенің алдында мүсәпір етіп, алданышқа түсуіміздің алды болмақ. Жалпы ұлттық тәрбиені науқанға айналдырып, ұранға ұластырып, бәсекеге салып қажеті жоқ. Бұл үшін жапондықтар мен неміс халықтарының ұлттық тәрбиесінен үлгі алғанымыз жөн. Осы орайда ұлттық тәрбиенің (халық педагогикасы) соңғы кезде ғылыми зерттеліп, теориялық сұрыптала бастауы қуанарлық жайт. Бұрындары салт-дәстүр, әдет-ғұрып деп тәрбиенің ең бір алтын қазыналы дүниелерін жөн-жосықсыз бірге қосып, бір түсінікке айналдырып келгенімізді енді сезіп, біліп жатырмыз. Салт пен дәстүрдің, әдет пен ғұрыптың, тіпті, мінез бен құлықтың бір-біріне ұқсамайтын өзгеше әлемі, өз нысанасы, өз мақсаты мен мазмұны барын біліп қана қоймай, оны саралап, түйсікпен ұғынып, өмірге енгізуге талпыну қажет. Ұлттық тәрбиенің барлық түрлері, жан-жақты әдіс-тәсілдері ауыз әдебиетінің де бар жанрларында көрініс тапқан. Өйткені халық ауыз әдебиеті мен ұлттық тәлімгерлікті, бөле жарып қарауға әсте болмайды. Халықпен бірге дүниеге келіп, бірге жасап келе жатқан ауыз әдебиеті де адам тәрбиесінің түгелге жуық категорияларын бойына жинақтаған. Батырлар жырындағы қайсарлыққа, ұлтжандылыққа, намысшылдыққа, ертегі, аңыздардағы парасат пен ақылдылыққа, тапқырлық пен зерделілікке шағын жанрлардағы (мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаштар, санамақ т.б.) ойлау, сараптау, зеректілік қабілеттеріне үйрету дидактикасы нағыз тұнып тұрған тәрбие теңізі емес пе?! Ал енді осы пікір-толғаныста – біз ауыз әдебиетінің, бастау бұлағы – тұрмыс-салт жырларындағы ұлттық тәлім тәрбие мәселелерін сөз етсек дейміз. Оның өзінде де тұрмыс-салт жырларының екі ғана саласын – бесік жыры мен тұсау кесу жырларын ғана саралаймыз.

БЕСІК ЖЫРЫ ЖӘНЕ БЕСІК ТӘРБИЕСІ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС

Қазақ халқының өзіндік бай дала философиясы ауыз әдебиеті мен тәрбие саласында үлкен із қалдырған. Бесік жырының айтылуы халықтың тікелей тұрмыс тіршілігімен тығыз байланысқан. Ауыз әдебиетіндегі бесік жыры мен тұрмыстағы рәсім, яғни тәлім-тәрбиедегі дәстүр бесікке салудың маңызы бір мақсатқа бағытталған. Ол қазақ халқында іске асырылып отырған – қосарлама (паралельное) тәрбие. Ұлтымыздың ХХ ғасырда рухани азыптозуы, тілден айырылуы, мәңгүрттене бастауының үлкен бір себебі осы қосарлама тәрбие негізінің жоғалуынан. Қосарлама тәрбие дегеніміз – отбасындағы, туған-туысқан, ағайын-жегжат арасындағы еңбектегеннен еңкейгенге дейінгі барлық адамдардың тұрмыстағы күнделікті рухани рәсімдердің барлығының көз алдында, ортақ өткізілуі. Қосарлама тәрбие – жас сәбиден бозбала, бойжеткенге дейінгі аралықтағы бар баланың ұлтымыздың салт пен дәстүр, әдет пен ғұрыптарға байланысты барлық түрлерін ересектермен бірге көріп, бірге араласып, тең дәрежеде бөлісуі. Сондықтан да әдебиет сабақтарында тұрмыс-салт жырларын өткенде пәнаралық байланыс тұрғысында осы мәселе терең түсіндірілуі қажет. Тіпті, интеграцияланған сабақтар (әдебиет-педагогика-тәнтану) өткізілсе өте тиімді болар еді. Халқымыз жаңа туған балаға сәби, бөпе, нәресте, шарана деген сияқты бірнеше жалпы есімдерді берген. Ал жырда біз соның бір-ақ вариантын (бөпе) кездестіреміз. Сөзден түйін түйген, әлем халықтарын шешендігімен таң қалдырған қазақ бесік жырында нәресте, шарана т.б. сөздерді неге қолданбаған? Осы сұрақ төңірегінде ой толғасақ халқымыздың далалық тұрмыс тіршілігіне, дала философиясына соқпай өте алмаймыз. Данышпан ата-бабаларымыз әлімсақтан бертінгі заманға дейін жұмыр жерді анасындай пір тұтып, сыйлап, оған құдайындай сыйынған. Мұны ғалымдар қауымы ертеде адам жердің құпия күшін (найзағай ойнауы, күн күркіреуі, күн тұтылуы, жердің сілкінуі, су апаты, өрт, дауыл т.с.с.) түсінбегендіктен оған дәлелдік мүмкіндіктерінің болмағандықтарынан, ғылыми тәжірибенің жетіспеуінен деп түсіндірді. Бұл дұрыс пікір, жөнді айғақ. Бірақ біз көбінесе осы мәселенің бір ғана жағына көбірек көңіл бөліп, екінші жағына, яғни ой-танымдық, философиялық мәселелерге жете көз жібермедік. Халық ауыз әдебиетінде осы түйіндер орын алып, адам тәрбиесінің небір үлкенді-кішілі тәсілдері көрсетіліп қалдырылған. Батырларымыз ертеден табиғатпен тіл табыса біліп, оны қажетінше өз пайдасына, ақыл мен зерделі мақсаттарына жарата білген. Табиғатпен саналы түрде қарым-қатынас жасап, одан өз керегін ғана алып, тиімді пайдаланған. Өзі мекендеген өлке, жерін күтіп, сақтап, түрлендіріп, тыныс беріп отыру арқылы келер ұрпақ үшін мол тіршілік көзін қалдырып отырған. Табиғатпен жанды тілдесе білген, жердің жүрек соғысын, күретамырын сезе білген.

Тіршілік иесі – күнге табынған, өмір негізі – су мен отқа сыйынған. Табиғат – ананы өз санасына ұялатып, сенімге айналдырған. Сондықтан да Адам өзін табиғаттан кіші санап, табиғатты Жер-Ана деп өзінен жоғары қойған. Міне, осы ерте дүниелік философия қазақтың тұрмыс-салт жырларында, соның ішінде бесік жыры мен тұсау кесу жырында, оның рәсімдік белгілерінде сақталған.

Соңғы кездері ұлттық сана-сезімнің оянып, дәстүрдің қайта ортаға оралуына байланысты бесік тәрбиесі туралы көп жазылып жүр. Мысалы, бесікке салу мерзімі туралы біраз пікірлер бар. Әркім әр түрлі тұжырым айтады. Соның ішінде, баланы бесікке салу туралы мына 3 мерзім жиі айтылады: 1. 5,7 не 9 күннен кейін; 2. Баланың кіндігі түскеннен кейін; 3. Баланы қырқынан шығарғаннан кейін. Енді осы төңіректе жоғарыда табиғатқа байланысты айтылған ойымызды алға дәлел ретінде тарта отырып, өз ойымызды тұжырымдасақ дейміз. Арғы ата-бабамыз дүниеге келген баланы ерекшелемеген. "Ой, бір шарана ғой", "Бәлі, қызылшақа бірдеңе", деген сияқты сөздер айтып елеусіз ғана ескере салған. Содан кейін оған "нәресте" деп ат таңған. Ересектерге, үлкендерге, тіпті, үй іші, отбасы мүшелерінің өздеріне дүниеге келген бала жатқан жерге (әдетте ол жас келін отауы) кіруіне қатаң тыйым салған. Күні бүгінге дейін көпті көрген үлкендердің баланы үйге әкелгенде қанша көргің келсе де бас салып көрмей, сыртқа шығып, "қырқынан шықсын", "көз тоқтатсын" немесе үйге тосын адамдар кірсе қызы не келініне "баланың бетін жап", "ауыз үйге бар" деп, тіпті, келген адамды сыртқа тоқтатып "үйде жас босанған келін бар еді", "нәресте жатыр" деуінде үлкен сыр бар. Әдетте дүниеге келген жас баланы табиғаттан бөле жарып қарамауға тырысқан. Оны табиғаттың бір бөлшегі деп, жәй әншейін бір затқа, нәрсеге теңей салған. "Шекесі торсықтай", "жапалақтай бірдеңе өзі", "бір-ақ уыс ..." деген сөздер соның айғағы. Содан болар, алғаш дүние көзін ашқан баланы нәресте деп атаса керек. Бұған әлі қарауға, сұқтануға, тіпті, тиісуге (шашын, тырнағын алуға) болмайды деген. Сонда ата-бабаларымыз ертеден-ақ сырт адамның (әсіресе, үлкендердің) бойында биоэнергетикалық артық зарядтың болатынын сезе білген. Әлі әлсіз, жарты жанды шарананы осыдан қорғаған. "Нәресте" деуінің екінші себебі, оның есту, сезу, білу, тіпті, көру рефлекстерінің мардымсыз, әлі жетілмеген әлсіз күйде екендігін есепке алып, яғни табиғаттан (тас, ағаш т.б.) артықшылығы жоқ деген көзқараста болғаны айғақ. Сондықтан баланы қырқынан шығарғанға дейін жеке бағып, сырт көзден бөлектеуі – баланың физиологиялық жағынан толысуына, организмнің кеңістіктегі (дүниеге келгендегі) дамып жетілуіне жағдай жасаған, яғни медициналық қолғабыс көрсеткен. Енді келесі бір дәлел, дүниеге келген бала ғана емес, ана да күтімді қажет еткен. Мысалы:

Арқанға асылып, Қыз тапқан шешем. Белдеуге тартып, Ұл тапқан шешем,– деген өлең нұсқасында дүниеге адам баласының келуі ананың ерлігінің арқасында ғана екенін дәлелдесе керек. Ендеше, анаға да, балаға да тыныштық, күтім керек. Сондықтан халқымыз баланың толық адам қатарына қосылуына, яғни сәбилік шаққа өтуіне 40 күн беруі тегін емес. Неге отызынан, елуінен, елу бесінен өткізбеген, яғни бабаларымыз баланың 40 күн ішінде физиологиялық жағынан жетілетінін біліп, "бұл дүниелік болды" деп, адам санатына қосып барып, өз отбасының мүшесі ретінде қабылдаған. Міне, тұрмыс-салт жырындағы бесік жырының айтылар тұсы осы кез. Халық ауыз әдебиеті – халық өнерінің бір түрі. Өнер халық үшін, халық тәрбиесі үшін жасалады. Ал бесік жыры тұнып тұрған тәрбие мұхиты, тәрбие әліппесі емес пе? Бесік жыры баланы бесікке салу дәстүрімен басталады. Бесікке салу – отбасы, бала-шаға, көрші-қолаң, елдің ортақ мерекесі, яғни тойдуман, қызық-қуаныш. Осы орайда дүниеге келген нәрестені 3,7, тіпті, 9 күннен дуылдатып, думандатып бесікке салуы жоғарыдағы көзқарасқа кереғар келеді. Үн-түнсіз, жария етпей, барлық рәсімдерді жасамай (онда міндетті түрде халық қатынасуы керек), бесікке сала салу дәстүрге жат қылық, ұят болып есептелінеді. Сондықтан да халқымыздың бесікке салу дәстүрі мен бесік жырының айтылуы баланың қырқынан кейінгі өткізілетін іс-шарасы. Баланы қырқынан өткізу, содан кейін бесікке салуында да үлкен дәлелді мағына бар. Халқымыздың "бала көзін тоқтатты", "мойнын бекітті", "еңбегі беки бастады" деген сөздерді айтуы тегін емес. Көз тоқтату – баланың қарашығының көрсетілген затқа (әдетте, жылтырауық әшекейлер), қимылдаған объектілерге (көз алдынан өткізу) қарай бұрылуы есептелінеді. Бұны баланың есі кірді, санасына сәуле түсті, ойлайды деп есептеп, адам ретінде қабылдаған. Оған баланың назар аударуы, қол саусақтарының ширауы да жатады. Осы кезең баланың туғаннан 40 күнгі мезгіліне шақ келеді. Баланың көз тоқтатуынан, қимыл іс-әрекетке, дыбысқа назар аударуынан бастап, оны адам санатына өткізгендіктен, енді оны "өзгертуге" адам ретінде тәрбиелеуге болады деп есептелінген. Қырқынан өткізіп, қарын шашын, тырнағын алу, ит көйлегін шешу т.б. рәсімдердің орындалуы – бала тәрбиесінің алғашқы алтын баспалдағы. Өйткені, осы белдеуден біз айтқан қосарлама тәрбие бастауының бұлақ көзі ашылады. Бұған тек қана ересектер емес, әсіресе, үлкенді-кішілі бүлдіршіндер, балалар да қатынасып куә болады, көздерімен көреді. Тұрмыс-салт жырларындағы бесік жырының маңыздылығы да осында. Сонымен кең дүниенің есігін айқара ашып, тіршіліктің түп нұсқасы – баланың дүниеге келуінің 40 күнге дейінгі кезеңін нәресте, ал одан кейінгі кезін сәби, бөбек деп атаса керек. Оған дәлелдің бірі – қазақ поэзиясы. Қазақ поэзиясының құлагері – Ілияс Жансүгіровтің «Бөбек бөлеу» деген 1926 жылы жазылған өлеңінде:

Бал-бал бөбек, бал бөбек, Бөлейін бері кел, бөбек. Бедерлі бесік, төрт есік, Төгілте салдым төр төсек. Бөпешім, бесік-отауың, – деген жыр жолдары бар. Бесік жырының айтылу мезгіліне осы өлең дәлел емес пе? Өзіміз айтқандай қырқына дейінгі кезеңдегі баланы дүние табиғатының бір бөлшегі, сондықтан – Жер-Ана оның отауы деп санаған философиялық ұғым болса, қырқынан кейін сәби болды, адамдықтың алғашқы баспалдағына көтерілді деп, оған өз отауын тіккен. Мұнда қазақтың қасиетті мекені – бесікті адамзаттың алғашқы шаңырағы, тұңғыш отауы деп есептеген. Сен сол өз отауыңа ақ тілекпен кір деп қырқында жасалатын рәсімдер арқылы (қырық қасық суға шомылдыру, ит көйлегімен қоштастыру рәсімі, шашын, тырнағын алу, азан шақырып ат қою т.б.) тәнімен кіршіксіз таза болуына көңіл бөлген. Бір ғана мысал, балаға азан шақырып ат қою, есімін беру тек қырқынан кейін ғана атқарылатын шара. Өзіміз айтқандай қырқына дейінгі кезеңде ол – нәресте ғана, табиғаттың бір бөлшегі тау, тас, орман сияқты жалпы есім иесі. Ақын Ілияс Жансүгіров өз өлеңінде бөбектің алғашқы отауы бесік екенін, бесіктің бедерлі және төрт есікті болатынын жырлауы жай әншейін құр ұйқас үшін емес. Әр бесіктің басына отқа қыздырылған темір білекпен белгі салынуы бедерлі бесіктің белгісі, яғни өз келбеті бар шаңырақ, белгілі иесі бар отау мағынасы. Жырдағы төрт есігі баланың бөленер жағы, түбегі, шүмегі, жөргегі емес пе. Бұл – шаңырағың, өз Отаның – таза, кіршіксіз болуы керек деген мағынаның айғағы сияқты. Ұлы Мұхтардың халқымызға айтылған "Ел болам десең, бесігіңді түзе" деген даналығы осы төрт есікке байланысты бастау алып, үлкен, жалпы халықтық ел болу ұғымына көтерілген. Аталарымыз айтқан "Тәрбие басы – тал бесік" атты нақылды сөзі де осынау айтылғандардан туындаған ғой. Қарға тамыры бар қазақ табынған Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы да осыған дәлел, дүниеде бесік – өз отауынан ана сүтімен бірге ақ жүректі пәк тәрбие көріп өскен "өз қанаты", "өз жылуы" бар Мұқағалидың зұлымдық пен зымияндықтың, алдау мен арбаудың ортасына түскенде, ұмтылған тірегі – сәбилігіне құлаш ұруы тегіннен емес. Тар бесігі – кең жаһан тарылмаған, Біреуге бар, біреуге табылмаған – Сәби болғым келеді, сәби болғым, Ана сүті аузынан арылмаған. Ақын сәбилікті аңсайды, себебі адам баласының алғашқы отауы – бесік тек жақсылық пен ізгіліктен, тазалық пен шынайылықтан ғана құрылса керек. Өйткені, ақын аңсаған сәбилік шақ бесіктен басталса, бесік дүниедегі бар бәледен аласталған: Алас, алас, пәледен алас, Иесі келді бәледен қаш.

Алас, алас, пәледен алас, Көзі жаманның көзінен алас. Тілі жаманның тілінен алас, Қырық қабырғасынан алас, Отыз омыртқасынан алас. Бесік жырының алғашқы шымылдығы осы аластау өлеңімен ашылуы тағы да үлкен ұлттық тәрбие ұлылығына ұласады. Халық ауыз әдебиетіндегі бесік жырының көптеген нұсқалары бар. Әр жерде, әр елде әр түрлі айтыла береді. Бірақ та кез келген бесік жырын алып қарасақ, жыр шумақтарының алғашқы: Әлди-әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем,– деген екі тармағы еш өзгеріссіз, басқа баламаларсыз айтылып келеді. Қалған шумақтары мен тармақтарындағы жыр мазмұны мен идеясы ауыспалы түрде өзгере береді. Енді осынау әр түрлі нұсқалары көп жырдың ауысуға, өзгеруге түспейтін алғашқы екі тармағына тоқталайық. Халық ұғымында, әсіресе, ауыз әдебиетінде антитезалық түс қалыптасқан. Ол ақ пен қараның қарымқатынасы. Ауыз әдебиетінің барлық жанрларында да ақ адалдықтың, ізгіліктің, мейірімділіктің, қайырымдылықтың, пәктіктің, шынайылықтың символы да, қара – жауыздықтың, қатыгездіктің, зымияндықтың, екіжүзділіктің белгісі ретінде көрінеді және ол өзгеріссіз сенімге кірген. "Ақ дегенім – алғыс, қара дегенім – қарғыс" деген сөздің шығу төркіні де осыған келіп саяды. Бірақ ауыз әдебиетіндегі бар жанрларда кездесетін ақ пен қара символикасының тақырыптық ерекшелікке, мазмұн мен идеяға байланысты алатын белгілі бір биігі болады. Мысалы, батырлар жырында "ақ" белгісі – тұрақтылық пен адалдықты білдірсе, шешендік сөздерде әділдік, турашылдық, шындықты көрсетеді. Керісінше "қара" белгісі батырлар жырында сатқындықты, екіжүзділікті, шешендік сөздерде әділсіздікті, зымияндықты, алдау-арбауды білдіреді. Ал бесік жырындағы ақ бөпем және ақ бесік мағынасының да өз мақсаты мен мағынасы бар. Ең әуелі ақ бөпем мағынасына келейік. Қазақтың тәмпіш мұрын, қара домалақ баласының бұл атты иемденуіне ұлтымыздың неке дәстүрінің қатынасы бар. Ұлттық тәрбиенің қыз-келін салтында, ең бірінші, оң босаға, екінші ақ босаға деген ұғымдары бар. Оң босағадағы бойжеткен қыздың абыройы арын сақтап келін болып түскені де ақ босағада пәктігі куә болса, сол отаудағы дүниеге келген бала ақ ниеттен, нағыз сүйіспеншіліктен, ақ тілек пен ақ батадан жаралған деп есептелінген. Оған тек әке-анасы ғана емес, дүйім жұрт қуанған, шаттанған. Сондықтан ақ бөпе атты асыл да абыройлы есім танылып кейіннен бесік жырына мәңгілікке енгізілген. Дәстүріміздегі дүниеге келген алғашқы нәрестеге нағашы жұртының қалжа беріп, арнайы бедерлі бесікті жабдығымен сыйға тартуы өз қыздарының ақ босағаны арымен аттап, ел-жұртты, ата-анасының абыройнамысын жоғары ұстағандығының куәсі, белгісі. Жалпы ел ішінде әр

шаңырақтағы бесік сол шаңырақтың ар-абыройын, ұждан тазалығының айнасы болып есептелінген. Соңғы кездері баланы бесікке салу дәстүрінің азаюына байланысты, бір ауылдағы екі-үш бесік үй басы көшіп жүретін болды. Осыған байланысты, өз басым ауылдағы бір көргенді үйдің үлкен анасы (әжесі) көршілерінің бесік сұрап келген адамына ұрсып, жекіп тастап, бесікті бермейтіндігін түсіндірген. Оқиғаның куәсі болғаным бар. Терең ойланып қарасам, расында да бесік – қасиетті, қастерлі, киелі мүлік. Ол әр отбасының ғана тиесілі белгісі, айғағы болғандықтан, басқаға берілуі мүмкін емес сияқты. Ертеде сәби егер шетінеп кетсе, қабірінің басына бесікті бірге қоюының да үлкен сыры осында шығар. Оны ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин да жазып кеткен. Жырдағы ақ бесік сөзінің де түпкі мағынасы бар. Әлбетте қазақта ақ түсті, ақ бояулы бесік болмайды, түрлі талдан, балапан қайыңнан, жиде т.б. ағаштардан иіп жасайды. Оны: Арша ма екен бесігі? Ала ма екен әкесі? Өрік пе екен бесігі? Сүйе ме екен әкесі? Жиде ме екен бесігі? Жігіт пе екен әкесі? Жылама, бөпем, жылама Ата-анаңды қинама, – деген бесік жырындағы өлең жолдары растайды. Жырдағы ақ бесік атауы тазалықты көрсетеді. Шындығында, бесік тазалығы туралы, оның гигиеналық-санитарлық жағынан асқан тиімділігі, дұрыстығы туралы медицина мамандары дәлелдеп отыр. Бесіктің добаға жабуы, тор жабуы, құрақ көрпешесі, құс төсегі, түбек, жөргек, шүмегі, тартпа баулары тазалықты сақтау мақсатында жасалынған. Сондықтан жырдағы ақ бесік ұйқас үшін емес, әлгіндей мағынаны бойына сіңіріп, өз биіктігіне көтеріліп, әсемделе бейнеленіп, жырдың эстетикалық талғамын әсірелеп тұр. Тұрмыс салт-жырларындағы бесік жырындағы эстетикалық идеял туралы көп жазылды. Жырдағы:

Құрығыңды майырып, Түнде жылқы қайырып, Қызмет қылар ма екенсің? Қолымыздан іс алып, Мойныңызға күш алып, Бақытымызға, жан балам Бізді бағар ма екенсің? Бармақтарың майысып, Түрлі ою ойысып, Ұста болар ма екенсің? Айыр қалпақ киісіп, Ақырын жауға тиісіп, Батыр болар ма екенсің? Таңдайларың тақылдап, Сөйлегенде сөз бермей, Шешен болар ма екенсің?

Кең балағың түрісіп Ойға, тауға жүрісіп, Балуан болар ма екенсің?– деген шумақтардың біз айтқан ұлттық тәлім-тәрбиедегі (халық педагогикасындағы) қосарлама тәрбиеге тікелей байланысы бар. Өйткені бесіктегі сәби бесік жырындағы айтылған сөздің мағынасын түсінбек түгіл, тек ананың ғана емес отбасындағы қалған балалардың да үлесі. Сүйкімді сәбиді бесікке бөлей тастағанда-ақ ананың ән әуезімен жырды айта бастауы бесікті айнала отыра қалған бүлдіршіндерді, балаларды селт еткізбей қоймайды. Қыз бала міндетті түрде шеберлікті, ісмерлікті, ер бала батырлықты, ұсталықты, жылқышы болуды ойлайды, армандайды, қиялға беріледі. Түбінде осы бесік басындағы ой-арман кез-келгеннің миында, көкірегінде үлкен идеал тудырып, ізгі істерге бастайды. Халықтың бесік жырын айтудағы тәрбие басының тірегі – қосарлама тәрбие дегеніміз осы.

ТҰСАУ КЕСУ ЖЫРЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ КӨРІНІСІ

Тұрмыс-салт жырларының екінші бір кесекті бөлімі – тұсау кесу жыры. Жырдың дүниеге келуі тағы да сәбидің тіршілігіне байланысты. Сондықтан міндетті түрде жырда тәрбие меселелері көрініс береді. Жыр: Қаз, қаз, балам, қаз балам. Қадам бассаң, мәз болам. Күрмеуіңді шешейік,

Тұсауыңды кесейік, – деп басталады. Осынау жыр жолдары тұсау кесу жырының барлық нұсқаларында да кездеседі. Әдетте жыр осылай басталады. Енді ұлттық тәрбиедегі тұсау кесу дәстүріне көз салайық. Халқымыз баланың тұсауын сәби аяғын апыл-тапыл баса бастағанда кеседі. Бала тез жүріп кетсін, аяғын нық басып кетсін деген тілекпен байланысады. Тұсау кесу рәсімін біз қайталап жатпай, тек тұсауды кім кесу керек екендігіне тоқталайық. Бұл тағы да қосарлама тәрбие мәселесіне келеді. Көпшілік жағдайда тұсауды жүрісі

ширақ, елгезек, беделі бар үлкен адамға, ауылдағы сыйлы кісіге кестіру дәстүрге айналған. Меніңше, бұл жаңсақтық секілді. Себебі тұсау кесу дәстүрінің тәрбие мақсатына бағынуына орай оған көпшілік, яғни туғантуысқандар, көрші-қолаң, ауыл адамдары, үлкен-кішілер тегіс қатыстырылады. Тұсау кесу дәстүріндегі іске асырылатын ең негізгі шара – жас балалардың (әдетте 5-7 жастағы бүлдіршіндер) жалаң аяқ жарысы. Тұсау кесуге бұл негізгі шарт болып есептеледі. Аяғын жаңадан баса бастаған, тәйтәй жүре бастаған сәбидің тұсауын кесу алдын ала хабарланатыны белгілі. Ең әуелі бүлдіршіндерге хабарландырып, олар жаяу жарысқа даярлануы керек. Мұнда да халқымыз балаларды ержүректілікке, қайсарлыққа, ептілікке баулу мақсатын қойған. Ол – белгіленген мәреге бірінші болып келу. Сондықтан ертеден бүгінгі күнге жеткен белгілер көп. Мәселен, балалардың көбелекті қуып жетіп ұстап, оны табанына жағу, сағымды қуу, құлынмен жарысу, ойнақтаған қозы-лақты ұстап алу сияқты ептілік, жүйріктік жаттығулары әлі де болса ауыл балаларының қызықты ойыны болып есептелінеді. Әр бала үшін тұсау кесудегі жалаң аяқ жаяу жарысында бірінші келу абырой саналған. Осы жолда оларды намыс отын жағып, алға ұмтылыс сезімін тәрбиелеу, жігерлендіру сияқты категорияларды саналарына сіңіруге бағытталған. Мәселен: Қаз, қаз, балам жүре ғой, Балтырыңды түре ғой. Тай, құлын боп шаба ғой, Озып бәйге ала ғой. Қаз бола ғой, қарағым, Құтты болсын қадамың. Өмірге аяқ баса бер, Асуларды аса бер. Жүгіре қойшы, құлыным, Желбіресін тұлымың. Елгезек бол, ерінбе, Ілгері бас, шегінбе – деген жыр жолдары тұсауы кесілетін сәбиге ғана емес, жарысқа, бәсекеге қатысатын балаларға да арналған. Екіншіден, жарысқа шетінен желаяқтар қатынасады да, аталмыш сәби соларға тартсын, солардың ізін бассын деген тілек болған. Осының бәрі де жарысқа түскен бүлдіршіндерге үлкен әсер етіп, олардың жүрегіне жол тауып, белсенді болуына жол ашады. Балалардың өзара бәсекеге түсуіне, өзінің өзгеден кем түспеуіне жауапкершілік жүгін арқалауына негіз болады. Нағыз тәрбие, құрморальдық сөз тәрбиесі емес, нақты іскерлік педагогикалық бағдарлы тәрбие негізі осында. Балалардың өздері де үлкен тәрбие мектебінен өтетінін сезе білген. Себебі, өзі үшін ғана емес, ата-анасы, әкесі, аға-әпкелері үшін де, солардың намысы үшін де бәсекеге түсетінін іштей ұғынып, түйсігімен сезінетіні – кәміл шындық.

Тұсау кесу дәстүрі бойынша өткізілетін той қуанышы ең бірінші балаларға бағытталуы керек. Тойдың ең үлкен, ең сыйлы қонағы – жарысқа түскен бүлдіршіндер үшін қошемет көрсетілуі міндет. Алдын ала тұсау кесілетін сәбидің ата-анасы жаяу жарысқа қатынасатын бар балаға сыйлық, сый-сияпатты мол әзірлеуі қажет, бірінші келгенінен бастап ең соңғысына дейін ықылас көрсетіліп сыйлық үлестірілуі заң. Сонымен, жалаң аяқ жаяу жарыста ең бірінші озып келген, "көбелектей зуылдаған", "құлындай зымыраған", "сағымдай жүйткіген" желаяққа ең зор құрмет көрсетіліп, оған бас бәйге сыйлығы беріледі. Міне, тұсауды барлық балалардың көзінше осы желаяқ жүйрік кесуі керек. Мұның мынадай себебі бар. Біріншіден, тұсауды ала жіппен кескені белгілі. Екі дүниеде өміріңде ешкімге алалық жасама, адал бол, біреудің қиянатына қалма, ақ жүректі адам бол деген сияқты жақсылық қасиеттер тілеген мақсатқа негізделген. Ал тұсауды бүлдіршіннің кесуінде ол пәк жүректі, ақ ниетті, әлі ешкімге алалық жасамаған, қолы кіршіксіз, жаны таза деген мән-мағына бар. Екіншіден, сәбидің тұсауын кесу дәрежесіне ие болған, оны өз еңбегі, талабы, жігерінің арқасында жеңіп алған бүлдіршінді даралау, құрметтеу, марапаттау, оның бойына зор, жақсы қасиеттерді дарытқан жарыста сайысқа түскен басқа бүлдіршіндер де намыстанып, әлгі желаяққа ұқсауға тырысып, келесі тұсау кесуде міндетті түрде "мен бірінші келемін" деген мақсат қойып, сол үшін талпынады емес пе? Халық тәрбиесінің даналығы осында, нақты өмір мысалы арқылы нағыз тәрбие тәжірибесінен өткізілген. Үшіншіден, тұсауды үлкен адам кессе, манағы балалар ескерусіз, қалтарыста қалады. Себебі тұсау кесу жырын жарысқа қатысатын балалар қол ұстасып (бір-екі үлкеннің бастауымен) ортаға тұсауы кесілген сәбиді шығарып айтқан. Төртіншіден, кез келген ересек адам өз өмірінде бірде болмаса бірде алалық жасауы мүмкін. Тіпті, қамшымен малды басқа ұрғанының өзі әбестік саналады. Сондықтан да абзалы, тұсауды кесу құрметін бүлдіршінге берген болуы керек. Тұсау кесу жырының мазмұны мен идеясын да соған меңзейді. Ал, сәбиге бата беру кезегі үлкендердің үлесі. Онда да бата беруге үлкен мән берілген. Барлық бала-шаға бата беру сәтінде бірге болған. Бір ғана тұсау кесу дәстүріне (егер де ол өз дәрежесінде өтсе) үлкендер мен тең қатысқан барлық бала үлкен тәрбие мектебінен өтіп, бір баспалдақ көтеріледі. Толыққанды тәрбиенің бастау бұлағы, нәрлі өзегі осында жатыр. Қорыта айтқанда, тұрмыс-салт жырларындағы ұлы мұхитқа теңесетін бір түрлерінің екі тамшысы – бесік жыры мен тұсау кесу жырындағы ұлттық тәлім-тәрбие мәселелері дұрыс ұғылып, тиімді іске асырылғанда ғана нағыз ұлтжанды азамат тәрбиелеу проблемасын шешуге болады деген тұжырымдама айтамыз. Себебі, көп жылдар бойы ұлттық бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, ат төбеліндей адамдардың (тәрбиеші, мұғалім) ісі деп ойлап келдік. Нәресте, сәби, бүлдіршін, бозбала, бойжеткен тәрбие баспалдақтары мен ерсектер арасында бос кеңістік (ваккум), бейтарап ара

қашықтық пайда болды. Соның нәтижесінде ұятсыз, арсыз, жетесіз ұл мен қыз, ынсапсыз, енжар, тоңмойын, тоғышар ата-ана көбейді. "Қызға қырық үйден тыю, ұлға он сан үйден сын" деген халқымыздың тәрбиесіндегі ұлы заңды қайтару – баршамыздың парызымыз, бүгінгі сәби алдындағы өтер қарызымыз. Ақатов Нұртас Ақатұлы Тұрмыс-салт жырларындағы ұлттық педагогика мәселелері. (Әдістемелік нұсқаулар) Шығаруға жауапты Б.Әмірханова Көркемдеуші редактор Ж.Қасымханов Техникалық редактор Н.Передереева Басуға 3.01.96 ж. қол қойылды Шартты баспа табағы 0,8 Есепті баспа табағы Пішімі 60 х 84 1/16 Таралымы 200 дана Сұраныс №34

Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Оқу және әдістемелік әдебиеттер жөніндегі республикалық баспа кабинеті 480057, Алматы, Жароков көшесі, 215 үй.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙