Алуа
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
Төрт актылы, тоғыз суретті пьеса
Адамдары
А л у а — кейін райком хатшысы, ғылым кандидаты.
Нина Ивановна — кейін профессор.
Сапар — следователь, кейін Орталық Комитет хатшысы.
Бейсен — қойшы, кейін райком хатшысы.
Сексек — түйеші, кейін халық композиторы.
Арман — техник, кейін инженер-энергетик, Алуаның болашақ күйеуі.
Назарбек — батрак, кейін ферма бастығы.
Д о ғ а л — бай-феодал.
Мардан — оның інісі, кейін профессор, ұлтшыл.
Айбала, Әсия, Жанар — ауданда өсетін жастар.
Сартай, Жәкеш, Байыр — байлар.
Жалтыр — Доғалдың жігіті.
Қамар—Доғалдың әйелі.
Батрактар, колхозшы әйелдер, жұмысшы әйелдер және Азия елдері әйелдерінің конференциясындағы делегаттар.
БІРІНШІ АКТ
Бірінші сурет
Шымылдық алдында, ауыр маслобойканы қиналып көтерген, сүрініп - қабынған Алуа келеді.
А л у а. Қандай ауыр, зілдей еді қуарғаны! (Маслобойканы жерге қояды.) Діңкем құрыды-ау! Құлқын сәріден күн ұзын... сонау түн ортасына дейін тыным жоқ! Талас жоқ! Бейнет те бейнет! Сондағы киінгенім мынау шоқпыт, ішкенім шалап, шәйіңді... Әкем сорлы өлерінде: "сені тым құрыса адам қолында да қалдырмадым. Қасқырдың... қорқау қасқырдың інінің аузында қалдырдым-ау!" — деп еді. Қандай қатал өздері... Қандай шошимын... қорқам өзінен... Құтылармын ба осының азабы мен мазағынан! (Шелегін алып жөнеле береді.)
Доғал байдың жасаулы үйі. Қонақтары мен Доғал масайған. Доғалдың құрбылары — Сартай, Жәкеш, Байыр. Осы үйдің бір шетінде шым ши бар. Сонда үлкен маслобойка шелегін көптен айналдырып отырған жас қыз байқалады. Ол — Алуа. Үстінде көйлек, кемзалы жыртық.
Д о ғ а л. Алам! Тоқал алам!
С а р т а й. Шын-ақ солай бекіндің бе?
Д о ғ а л. Атама! Дүниенің ендігі қызығы сол-ақ!
Ж ә к е ш. Шын айтасың ба, ей, қолыңнан келмейді ғой.
Б а й ы р. Ер болып өнеге көрсетші.
Д о ғ а л. Қолдарыңды әпкел!
С а р т а й. Шабытты, қанды көз қаршығадаймын де.
Д о ғ а л. Аламын, тояттаймын, жем керек, қаршығамын! (Қымыз жиналады. Бәйбіше ши ішіндегі Алуаны шақырып, жез леген мен құмғанды нұсқап.)
Қ а м а p. Тұр, қонақтар қолына су құй! (Аздан соң иығына орамал салып, Алуа ши ішінен шығып, Доғалдан бастап қонақтардың қолына су құяды. Сартай Алуа шыққаннан қызығады.)
Д о ғ а л. Шіркін, шіркінді тамаша сәндеп киіндірсе. Алтын шолпы сүмбіл ғана шашына, жұмыр білезік ақ білектерге орнаса. Ақ отауда, саяда сақтаса. Жібек-мақпал көрпе-жастығы, айнала күткен малайы. Өзі майысып, қиылып, жібектей созылып, тал бойыңды ұйытып отырса. Неңді бермес ең, нені қимас ең!..
Қ а м а р (ши ішінде Алуаға). Жә, неменеге өрекпідің? Шайқа ана майды. (Алуа отырып, іске кіріседі.)
С а р т а й. Айналайын, Доғал-ау, әлгі қалам қасты қайдан тапқансың? Қайдан шыққан?
Д о ғ а л (күледі). Е, немене, бәрің сұқтанғаның қалай?
С а р т а й. Не деп отырсың, хордың қызы десеңші. Жөнін айтшы?
Д о ғ а л. Ол — біздің баяғыда өлген жылқышымыз Сатайдың қызы.
С а р т а й. Иесі бар ма, иесі кім?
Д о ғ а л. Ие дейтін әке-шеше, аға, бауыр жоқ. Бар жақын деген осындағы біздің түйеші Сексек. Иесі мен... Өзім. Түлкінің күшігіңдей өзім өсірдім, жетілтіп ап енді өзім соғам!
С а р т а й. Не деп отырсың, ойындағы осы ма еді?
Д о ғ а л. Осыны алам! Алдым, өзім алам. Мә, қолым! (Сартай екеуі қол алысады.)
Ж ә к е ш. Не дейді, қарағым-ау, ер серті болғай-ақ та!
Б а й ы р. Ойбай, Доғал мырза шынға кетті.
Д о ғ а л (қолына арақты алып, масайған). Үш күн... сертім сол, үш күн ішінде Алуаны аламын. Міне, сертім! (Арақты көтеріп салады. Жалтырға бұйрық береді.) Жина мынаны! Жалтыр, жарияла! Білсін ауыл! Шық, жарияла, шақыр Сексекті! (Ши ішінде Aлyа жаңағы сөзді естігенде, қолы жұмыстан үзіліп кетеді. Шошына жылайды. Жалтыр Сексекті алып кірген.)
Д о ғ а л (Сексекке). Отыр! Жә, Сексек, сенімен келелі сөзім бар. Келіс сөз! Қысқасы, мына сенің қарындасың Алуа бүгін бойжеткен қыз болды. Өсірген өзім, енді өзім сол қарындасыңды алайын деп отырмын. Қойшы, ұзын сөздің қысқасы, маған сенің ырзалығың керек. Дәл осы орныңнан тұрғанда менің қайнағам, Доғал мырзаның қайнағасы боп тұрасың. (Өзге мырзалар кеңкілдеп күліседі.)
С а р т а й. О, бас құдам Сексек, қошемет сенікі!
Б а й ы р. Сексек, сар сүйегім. (Күліседі.)
Ж ә к е ш. Қайран, Сексектей қайнағасы болғанның арманы бар ма?
Ж а л т ы р. Ал лебізіңді тыңдадық, қайнаға Сексек.
С е к с е к (Доғалға). Мырза, мен бұл сөзге жоқпын.
Д о ғ а л. Не дейсің?
С е к с е к. Жоқпын сол, жоқпын!
Д о ғ а л. О не дегенің?
С е к с е к. Қарқарадай Қамар бәйбішенің үстіне тоқалға мені алмайсыз, мырза. Алуаны аласыз. Ендеше, ырзалығын өзінен ал дегенім.
Б а й ы р. Қара басқыр, әуелі сенің ырзалығыңды сұрап отырғанымыз жоқ па?
Ж ә к е ш. Сен ырза болсаң, қыз қайда кетуші еді?
Сексек (шошып). О, құдай көрсетпесін. Қой, қойыңыз, мырзалар. Жоға, мазағыңызды қойыңыз. Мен жоқпын! (Жөнеле береді.)
Д о ғ а л. Не дейсің, әй, сен! Тұр, тоқта! Ұста ананы! (Жалтыр жүгірген болады, Сексек қашып кеткен.) Бәрібір, қадам бастым, қайту жоқ, сертім бердім, екі бірдей айту жоқ. Мырзалар, достар! Қазір сендер менімен кеңесте болыңдар. Алуаға арнап үй-отау әзірлетем, жасау жиғызам, той қамдатам, қасыма еріндер! (Жалтыр жөнеледі. Қонақтар арақ көтеріп, үйден қозғала береді. Камар кіреді.)
Қ а м а p. Бұ не, не әбігер? Жаңағы Сексек не деп зарлап барады? Не сұмдық айтып жүр?!
Д о ғ а л (ақырып). Қамар, сен енді ақылың болса, үн қатпа!
Қ а м а р. Неге үн қатпаймын? Мен адамзатпын ба, малмын ба?
Д о ғ а л. Шығарма үніңді! Айттым, шештім. Бүгін кестім, байлауым бұрын болатын.
Қ а м а р. Олай болса, мені де шеш!
Д о ғ а л. Шық! Шығарма үніңді. Кет көзімнен! (Қамарға ұмтылады. Еркектер ара түсе береді.)
Ж ә к е ш (Қамарға). Не қыласың, Қамар. Мырза қызу, тілі тиеді, шыға бер. (Қамар жылап жібереді, оны Доғал итермелеп шығара бастайды. Екінші жақтан жылаған Алуа шиден шығып, қашпақ болады, Доғал оны ұстап қалады.)
Д о ғ а л. Алуа, сен тапжылма! (Қамарды шығарып жіберіп, Алуаны шидің ішіне қайта кіргізеді.) Сен бүгін осы үйден қадам баспа! Шықпа ешқайда! (Алуа басын шайқап, жылап тұрып қалған. Доғал жолдастарына.) Кәне, жүріңдер, іске сәт! (Мас Сатайлар дабырласып: "Іске сәт, құсың құтты болсын. Бастық өрге, бастық" десіп, мас, қыңырлық, озбырлық жүзбен кетіседі.)
Ж а л т ы р (асыға кірген, Алуаға қатал, бұйыра сөйлейді). Мырзаның әмірі, ол екі болмайды, осы үйден қия баспасын деді. Қыбыр етпе, ырысыңды тос!
А л у а (ең алғаш үн қатып). Мен, мен өлемін, ырзалығым жоқ, өлем! (Өксіп жылайды.)
Ж а л т ы р. Онда менің жұмысым жоқ. Болары болған, сөз біткен. (Aлyа жылап шөгіп қалады. Үйге Қамар, Мардан кіреді. Алуа ши ішінде, бұларға көрінбейді.)
М а р д а н (Жалтырды ток;татып). Жалтыр, сен Доғалды мұнда шақыршы! Менің айтар сөзім бар. (Жалтыр кетеді.)
Қ а м а p. Қалқам, төрем, бұ не сұмдық! Менің үстіме сіңірі шыққан кедей қызы, жұртта қалған жетімек келмек пе? (Алуаға бұл сөздер және де соққыдай.) Тоқтат ағаңды. Не жазығым бар екен? Он бес жыл бірге жасап кеп, осынша қор етер ме! Панаңды сұраймын, қалқатайым, қайным! Құтқар мені мына азаптан. (Мардан үнсіз салқын тұр. Доғал кіреді.)
Д о ғ а л. Немене, Мардан, Қамардың жоқшысы боп кеп тұрсың ба?
М а р д а н. Бұл не? Шының ба, ойының ба?
Д о ғ а л. Анық шын, екі айтарым жоқ, болды!
М а р д а н. Мастық емес пе, мырза? Ақталдың өңшең байы желіккеннен желігіп, жарға жығылайын деп жүрген жоқпысыңдар?
Д о ғ а л. Қарағым, інім, өзге тұста сөзіңді алармын. Бұл жолы көңілің қалар! Доғар!
М а р д а н. Солай ма?
Д о ғ а л. Солай! Бүл бүгін емес, шынымды енді айтайын, көптен піскен байлау болатын.
М а р д а н. Сөйтіп, араласар, ақылдасар жол қалмапты ғой!
Д о ғ а л. Дәл солай!
М а р д а н. Ендеше, жалғыз-ақ сөзімді тыңда! Ақталдың ең үлкен байы сенсің. Онсыз да кеңес өкіметіне сендер сүйкімді жан емессің. Біліп қой, бұл құрығы ұзын өкімет. Не асауға, нелер алып қашпаға бұғалық тастаса, бұлжытпай түсіреді. Мойнын үзе жығады да. Бүгінгі тек жүргеніңді, тоқ жүргеніңді көп көрейін дедің бе? Қос қатын алып, өкіметтің заңын тағы бұзбақсың ба?! Алдым, алам деген әйеліңнің бірде-бірі совет өкіметіне жыласа, шақса, өкініп жүрме! Қашан айттың деме, бара бер!
Д о ғ а л. Жарайды, сен туысқан қарызынан құтылдың. Арылдық қой. Енді тек тұр, қалыс тұр, ағайын, бұдан бұлай көлденеңдеме!
М а р д а н (ашуланып). А, болды, жетті. Енді менен үн шықпас!
Д о ғ а л. Не көрсем де мен көрдім, жат болсаңдар, өздерің бол. Қайтарым жоқ! (Кете барады. Тыста "Жалтыр, Байыр " деп жүрген үні естіледі. Қамар Марданға жабысады.)
Қ а м а р. Төрем-ау, айтсаңшы. Мен қайттім, не деймін?
М а р д а н. Естідің ғой жауабын. Мен сен үшін де, өзім үшін де өтіліп болғам жоқ па?
Қ а м а р. Ендеше, мен өкіметке шағам ба? Басыма мен де қор болмасымды іздеп, азаттық, теңдік тілейім бе? (Мардан өзгеріп, құбыла сөйлейді.)
М а р д а н. Он бес жыл бірге жасадым дедің ғой. Екеуің бірдей есуас боларсың деп ойламаймын. Шідерді ол үзсе де, сен үзбессің деп білем. Әкемнің қара шаңырағы, менің ендігі шешем де, әкем де Доғал емес, сен болатынсың. Оқудан қайтқанда, осылай бірер айға келгенде, ұяма келдім дейтұғым, сенің бауырыңа келетұғым! Түсіндің бе, ойлайсың ба, осыны? Қалғанын өзің біл!
Қ а м а р (өксіп жылап). Қалқам-ай, не дедің? Мен сорлының әлі осындай да салмағым, қазығым жатыр ма еді? (Мардан шығады. Жылаған күйде Қамар да ере кетеді. Үйге дабырлап бір топ адуын қатындар кірген.)
1 қ а т ы н. Қайда Алуа? А, мұнда ма едің? Уа, қайырлы болсын, қарағым!
2—3-қ а т ы н. Уа, талайың өссін, бақытың ассын.
1-қ а т ы н. Өшкені жанып, өлгені тірілді ғой, Жанат кемпірдің. Ана жақта отауың әзірленгелі жатыр.
2-қ а т ы н. Міне, үстіңе "үлде мен бүлдеге ора" деп жібек-мақпал киімін жіберіп жатыр. Ки, жаным, мынаны, қуан! (Алуаға ұсына береді.)
А л у а (жылап). Керегі жоқ, алмаймын. Әкетіңіздер, мен ырзалық бергем жоқ.
1-қ а т ы н. О, сөйлеме, қызым. Ерге тимейтін қыз болмайды. Ырысыңа қуансаңшы!
2-қ а т ы н. Қай сорлыға мұндай бақ қонып еді?!
3- қ а т ы н. Кімнің жұптысы болатыныңды ойласаңшы. (Алуаға киім кидіре береді. Алуа қарсыласады.)
А л у a. Керегі жоқ, ырысы құрсын. Кимеймін, ырза емеспін. Ырза емеспін дедім ғой...
1-қ а т ы н (Алуаны бас салады, үстіндегі киімін жырта бастайды. Жібек көйлек, әдемі кемзал кигізеді.) Доғалға қолы жеткеннің арманы бар ма еді!
3-қ а т ы н. Ана жақта аппақ отауың әзірленіп жатыр, жасауың мен төсек-жайың қандай десеңші!
1-қ а т ы н (киіндіріп қойған Алуаға енді қарап). Уа, қандай тамаша сұлу боп кетті. Ай мен күндей ғой, жаным-ау!
2- қ а т ы н. Ерді кебенек ішінде танимын деп, Доғалдың көзі жыртық шоқпыт арасынан бұның бұндай сұлу екенін көргенін айтсаңшы. "Құтты-құтты болсын" десіп қатындар күлісіп шығып кетеді. Кеш батып, үй іші алакөлеңке тартқан, Алуа жалғыз, жылауда. Бір сәтте жырақта бір күй сарыны естіледі. Жалғыз сыбызғы. Аса бір әсерлі, шерлі күй толғайды. Үйге жас қойшы Бейсен кіреді. Сабадан қымыз құйып іше отырып, Алуамен сөйлеседі.
Б е й с е н. Алуаш, жылайсың-ау, жазған сорлы, жылатты-ау мыналар!
А л у а. Анау кім? Сексек пе, сыбызғы тартып жатқан?!
Б е й с е н. Сол ғой, кім дейсің!
А л у а. Мен отқа түсіп жатқанда, кімді жұбатып жатыр?
Б е й с е н. Жұбатып жатқан жоқ. Жылатып жатыр, сенің зарыңды шегіп.
А л у а. Не дейсің, Бейсен?
Б е й с е н. Қуанар деп пе ең, Доғалдың зорлығына?!
А л у а. Ағатай-ау, қайттім, мен қайттім енді? Жаның ашыса, жол көрсетсеңші?!
Б е й с е н (тартына сөйлейді). Ақырын! Қайдан білейін, жолды білсем, мен өзім де өстіп жүрер ме едім! Бірақ бар ғой, қорған болатын, ара түсетін совет өкіметі тұр ғой. Сөйлесші Сексекпен!
А л у а. Жіберші ендеше өзін, ақылыңды айтып жіберші! Мен жетім болсам, сен де жетіскен жоқ едің ғой бұл босағада.
Б е й с е н. Тілеуім бір, Алуа! Жіберейін, Сексек келсін. (Жөнеледі.)
А л у а (жұртқа). Қандай шошимын. Аллау, не қылам?.. Не бір жақын панам жоқ! Жалғыз ағайын Сексек болса, онда дәрмен жоқ... Не қылам!.. Қайда барам?! Құтылармын ба мазақтан... сордан!.. (Сексек кіреді. Ұрланып шидің ішіне кеп, жалтақтап Алуаның ығына тығыла тұрып.)
С е к с е к. Не дейсің, жаным? Бетің-жүзің, омырауың жас қой.
А л у а (жігерленіп). Тимеймін Доғалға, жауызға. Әкемнің түбіне жеткен жалмауыз, қорқау болатын. Ұмытқам жоқ... Сатылғам жоқ шүберегіне. Өлтірсе де тимеймін. Оған тигенше өлемін. Мынау желбауға оралып, асылып өлем. (Желбауды керегенің басынан жұлып алып, асыға, буына береді.)
С е к с е к (арпалысып). Ойбай, құдай! Тағы не пәле бастадың! (Алуаны босата алмай мықшыңдап жүріп, кездігін суырып aп, желбауды кесіп жібереді. Алуа сылқ құлайды. Сексек құшақтап, аймалап.) Сәулем, Алуашым, жалғызым. Не көрсем бірге көрдім, бірге өлдім өзіңмен. Қазір, міне, алакөлеңке іңір қараңғысы шығып кетсек, сытылып кетсек, ешкім байқамайды. Жүр, шапшаң ғана матаулы түйенің ішіне жетші! Сонда бір жүйрік атаншаны әзірлеп қойдым. Кеттік совет өкіметіне, қаштық, жүр! Я, тәңір, я, бабам, жолымызды оңғара гөр!
Екеуі үйден көлеңкедей ұрланып жөнеледі. Аздан соң үйге көп жарық алып, дабырлап мәз болысып, бағанағы бір топ қатын, тағы көп сәнді қонақ әйелдер ортаға Доғалды, Сартайларды алып үйге кіріседі.
1- қ а т ы н. Қайырлы болсын, құсың құтты болсын!
2- қ а т ы н. Тек жүзін ғана көріңдерші. (Әндетеді.) "Келін, келін, келіңіз, көрімдігін беріңіз!" Көрімдігін бересіңдер. Ай мен күндей жүзін ғана көріңдерші! Ерді кебенек ішінде көрсін дегендей, Доғал мырзаның көзі қандай сұлуды тапқан, көріңдерші! Мінеки! (Шиді ашып жібереді. Бәрі аң-таң. "Ойбай, масқара, қыз қайда ? Қалыңдық қайда ? Не пәле, жын қақты ма ? Пері әкетті ме, қашты ма, қашқан ба " деп үрейленген, шуласқан әбігер, дабыр, сасқалақ.)
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ
Екінші сурет
Басталарда, шымылдық алдында әбігер мен сабылғандар.
Ж ә к е ш. Ауыл маңында жоқ... Қашқан!
Д о ғ а л. Қашты! Қайда қашты?!
С а р т ай. Сотқа, седуәтілге қашқан!
Б а й ы р. Ойбай, рас, сотқа қашты!
Ж а л т ы р. Сексек те жоқ, бірге қашыпты!
Д о ғ а л. Қу ендеше! Жеткізбей ұста! Шап!
Жалтыр. Құтқармаймыз. Ұста, мін атқа!
Д о ғ а л. Мін атқа... шап тегіс... Жібермейміз қатынымызды.
С а р т а й. Сотқа да барамыз! Босат дейміз.
Б а й ы р. Барамыз! Мін атқа! Қайтар дейміз, қатынымызды. Шап!.. Жөнел! (Осындай айғай, әбігермен жүгіріседі.)
Екінші сурет
Сахна қатарласа тігілген екі үлкен киіз үй. Араларында жалғас жоқ. Есіктері сахнаның екі жақ шетіне шығады. Сол жақтағысы — следователь Сапардың кеңсесі. Оң жақтағысы — қызыл отау. Сол жақтағы үйдің есік алдында сәл алаң бар. Сахна ашылғанда, следователь Сапар және хатшысы отырады. Есік алдына Сексек пен Алуа келеді.
С е к с е к. Ал кіретін жер осы деді ғой. Kіp, кір енді. Әне совет өкіметі, әне отыр. Анау төрдегісі сол болу керек. Kіp деймін, кір енді бол!
Алуа (іркіліп). Қорқам, не деймін?
С е к с е к. Ойбай, сығыр, бол, артыңнан қуғын жетеді қазір. Жетпей желкеміз үзіледі. Кір деймін, ойбай! (Үйге кірмекші.)
А л у а. Қорқам, не деймін! (Жылайды. Бұлардың артынан дабырлап екі-үш еркек келеді.)
1- е р к е к. Ой, тоқта, тоқтаңдар!
С е к с е к. Е, не бар?!
2- е р к е к. Не босын, шірет бар!..
С е к с е к. Не дейді? О несі? Мазағы ма?!
1-е р к е к. Ой, бұл жерде кезек бар, кезек!
2- е р к е к. Сәдуәтль жұмыс бастаған жоқ, біз де кезекте тұрмыз.
С е к с е к. Ей, тұра тұршы, қоя тұршы! Уа, кір деймін, Алуа!
1- е р к е к. Ой, кезек бар дегенді ұғасың ба?
С е к с е к. Сендерге тәлкек керек қой мұнда... Білер ең, бәлем, сары атаншамен түні бойы тепеңдеп қашсаң?!.
2- е р к е к. Өзі аларын алып қашып кеп, тықыршып тұр ғой дамыл таппай. Кезек бар деймін.
С е к с е к. Кезек-кезек... Кезегі не осылардың? Күзет кезегі болушы еді, қой кезегі болушы еді. Бұл жерге келіп ап, мал жоқ, ел жоқта кезек деп тағы не пәле шығарып тұр өздері?.. Ә-әй, кір, Алуа, бол! (Алуаны итеріп үйге кіргізеді. Арттағылар дабырлап: "Кезек-кезек " деседі.) Ал кезегіңе мен қалдым, жеп қойсаң! Алуа, сен кіре бер. (Алуа кіріп, есік алдында тұрғанда.) Тұрғанын қара үн шықпай. О, қой, қоя берші! (Жалынып үйге кіреді, сырттағылар ұстай алмай қалады.)
1- е р к е к (сыртта). Қызды түнделетіп алып қашқан қу ғой, құлқын сәріден кеңсеге жеткенін көрмейсің бе?
2- е р к е к. Қуғыннан бұрын айтып қаламын деп өлерменденіп тұр ғой. Кезегімізді әкеткенін қарашы. (Бұлар тайқи береді. Үйде Сапар, хатшы қағазға қарасып отыр. Сексек Алуаны бір-екі түртеді. Алуа үндемей, бетін басады, жылап тұр. Болмаған соң Сексек өзі тамағын кенейді.)
С е к с е к. Ассалаумағалейкүм, совет аға!
С а п а р (елең етіп, күле қарайды). Не дедің?
С е к с е к. Өкімет аға! (Енді Алуаны түртеді.) Әне, қарады ана кісі, бар айт, айт деймін. "Апармасаң, буынып өлем" дейсің де, бұның не тіпті енді?! (Aлyа жылап жібереді. Сапар таңданып орнынан тұрып, Алуаға келеді, амандасады.)
С а п а p. Жүр, бері жүріңізші! Жасқанбаңыз, қарындасым. (Алуаны қолынан жетектеп, столының қасына әкеп отырғызады.) Кәне, жасқанбаңыз, бұл жат жер емес. Сізді мұнда бір қапалық әкелді ғой. Барды айтыңызшы! (Aлyа үндемейді.) Атыңыз кім?
А л у а (ақырын ғана). Алуа!
С а п а р. Басыңызға бостандық алмақсыз ба?
А л у а. Я, аға... Бірақ қорқам.
С а п а р (жылаған Алуаны уатып, жаны ашып). Неден қорқасың, қарағым, кімнен қорқасың? Жөніңді айтшы, сені айттырған кісі бар ма еді?
А л у а. Жоқ.
С е к с е к. Жоғы несі, бар де!
А л у а. Айттырмай-ақ алмақшы болды.
С е к с е к. Айтпақшы, онысы рас-ау!
С а п а р. Ол кім, аты кім?
А л у а. Ол — Доғал. Мені қатын үстіне алмақ болды. Содан қаштым! Совет өкіметіне қаштым. Қуып келіп, мені қайтарып ала ма деп қорқам. Ағатай, ағажан, совет өкіметі сіз бе?
С а п а р. Бар совет өкіметі мен емес, бірақ совет өкіметінің бір адамы менмін және сол совет өкіметінің тапсыруы бойынша мен сенің басынды қорғаймын.
А л у а. Шын ба, рас па? Ағатайым, әкем!
С е к с е к (ілесе). Совет өкіметім, әкем!
С а п а р (Алуаға жайлап). Біз сені қорғаймыз. Бірақ алдын ала кеңесіп алайық, осы айтатын сөзіңді жадында тұт. Доғал бай сені іздеп келер. Не алдап, не қорқытып, сені қайтып әкетуге тырысатын болар. Біз сенен "баруға ырзасың ба, жоқ па?" деп сұрармыз. Сен сонда қорғанбай, жаңағы маған айтқан тілегіңді айт. Совет өкіметі сені қорғайды, бірақ ол "сенің өзіңде өз басынды қорғай біл, қорқақ болма!" деп ақыл айтады. Түсіндің бе осыны?
А л у а (ақырын). Түсіндім, аға.
С е к с е к. Түсіндік, совет өкіметі, аға...
С а п а р. Ендеше, қазір қызыл отауға барыңдар. Сонда қыздар сендерге арыз жазып берсін. Сол арызды алып, осында келіңдер! (Сапар хатшысына белгі етеді. Хатшы Алуаларды ертіп шығады. Екі-үш еркек бұларды сөз қып тұр.)
1-е р к е к. Мынау да басына бостандық іздеп келген қыз ғой байғұс. Седуәтілден шыққанын көрмейсің бе?
2-е р к е к. Не деген жақсы қыз! Қандай сұлу! Тек жігіті жарымапты!
1-е р к е к. "Жалтырдан қашып жалаққа" дегендей, жаңағы бір қураған жапырақтай қаудырлаған немене жарытар дейсің. (Қызыл отау жағының шамы жанады. Сексек пен Алуа сонда. Хатшы жігіт Нинаға, Сәруәрға Алуаның жайын баяндап тұр.)
Х а т ш ы. Әйел үстіне алмақ болған байдан қашқан! Сіздің көмегіңізге тергеуші жіберді, арыз жазып берсін дейді. Бұны алам деген бай осы елдегі ең жуан, кулак-боржой. (Хатшы кетеді.)
Н и н а (Алуаға). Жігіт болған қыз! Қашқан, жақсы! Екі қатын, кәрі бай! Тьфу, масқара! Осында бостандық, қорықпа!
А л у а (Нинаға). Мен сонда да қорқам. Доғал бай мықты, оның кісісі көп. Ол ашуланса жаман.
С е к с е к. Ол сабайды, аямайды. Ол кімге де болса зорлық етеді.
Н и н а. Бай Доғал сендердей жеке-жеке кедейге зорлық еткен, совет өкіметіне ол зорлық ете алмайды. Ал өкімет сендерге тигізбейді. Қайта, сендерге "неге тидің?" деп өзін жазалайды.
С е к с е к. Айналдым аузыңнан!
Н и н а. Жаз, Сәруәр, арызын жаз. Атың кім?
С ә р у ә р. Атыңыз кім? Отырыңыз!
А л у а. Алуа! Әкем аты Сатай. (Сәруәр оның арызын жазып жатады. Екінші қыз Сексекпен сөйлесіп, оған арыз жазбақ, болады. Ендігі әңгіме осы екеуінің арасында.)
Қ ы з (жазуға кіріседі) Жә, атыңыз кім, жезде?
С е к с е к. Атым Сексек! (Қыз күледі.) Шыным, шын атым Сексек.
Қ ы з (күледі). Сондай ат бола ма екен?
С е к с е к. Aт болмайды, оның рас! Бірақ маған қойғанын көрмейсің бе, жұрттың?
Қ ы з. Жұрттың қойғаны қалай? Әкеңіз қойған ат ше?
С е к с е к. Ой, тәңір-ай, әкем қойған ат та жарып жатқан жоқ. "Жұмыр" қойыпты, "Жұмыр!.." Жұмыр дейтін мен бір шоқпардың басы ма, жоға, келсаптың түбі ме?.. Әшейін аузына түскенді қоя салған да. Қайта Сексек дегеннің мәні бар. Жұрттың ол атты қоятын жөні бар!
Қ ы з. Қалайша, бұл не деген сөз?
С е к с е к. Сексек атанғаным — мен бала күнімде Доғал байдың аулында ешкі баққам. Қазақ ешкінің атасын Сексек ата демей ме? Мен сол ешкі баққаннан "ата" деуге қимай, "Сексек" деп жарты атын қойған ғой.
Қ ы з. Ал Алуаны алуға сіз ырзасыз ғой?
С е к с е к (ожырайып). Жоға!.. Тәйірі, о несі?
Қ ы з. Е, енді қалай? Сіз алып қаштыңыз ғой, солай ма?
С е к с е к. Қаштым, ал сонда қайтеді екен?
Қ ы з. Ендеше, алмайсыз ба?
С е к с е к. Е, Алуаны алып мен не қылам, қарындасым емес пе?
Қ ы з. Ендеше, бұл қалай? Қашқандарыңыз қалай?
С е к с е к. Не қалайы болсын? Қарындасым қашам деді, мен тоқтата алмадым. Ал мұны қашырып жіберіп, Доғалдай қасқырдың қасында қалуға дәтім шыдамады. Сабайды деп қорықтым. Сонымен, мен де бірге қашқам жоқ па?
Қ ы з. Е, сіз қашпай-ақ кетсеңіз қайтуші еді?
С е к с е к. Жоқ, бостандық Алуаға керек болса, маған да керек. О не дегенің?
Д а у ы с т а р (тыста). Ойбай, Доғал бай келеді, бір қол кісісі бар! Әне келді, түсіп жатыр. Өңшең бай-кулак, өздері мас білем, еліріп алған!
С е к с е к. Не дейді? Айтам ба! Ойбай, енді қайттім!
Үйдің ішінде қарбаласып жүріп қазанның астына кіріп кетеді. Бұл жақтың шамы сөнеді. Жарық Сапар кеңсесі жақта. Ол үйдің алдына ұмтыла шыққан асау топ бар. Бұнда ақсақал, қарасақал, бай-кулактар үйге кірмей, кейбірі сырттан сөз тастайды: "Қыз осында!", "Ылаң қылмасын, қайтарсын қатынымызды!", "Барыңдар, іздеңдер!" Осы үлкен топтың бір бөлігі сахна сыртына ұмтылады. Қалған Доғал бастаған бір тобы Сапардың үстіне кіреді.
Сапар. Немене, байлар, бәріңнің қатының бір-ақ кетті ме?
1-д а у ы с. Бізге қашқын қыз Алуа керек!
2- д а у ы с. Қайда сол қыз?
С а п а р. Иә, бұл жерден қыз тартып әкетпексіңдер, солай ма?
Ж ә к е ш. Беталды қыз емес, қалындық!
С а р т а й. Инабатты адамның қалыңдығы.
Ж ә к е ш. Қызды қайнынан, қатынды байынан айыртып ел боламыз ба?
Сартай. Әділетіңмен басқар десек, айыптымыз ба?
С а п а р. Сіз не дейсіз? Қалай басқаруды тілейін деп едіңіз, шыныңызды айтыңызшы?
1-д а у ы с. Жолмен басқар дейміз!
С а п а р. Ол қай жол? Қандай жол?
Ж ә к е ш. Еліміздің жолын айтамыз. Бабамыздан келе жатқан жолымыз. Баяғыдан келе жатқан дініміз, шариғатымыз бар.
С а п а р. А, сол жолдарыңмен жүргізбексіңдер ме, совет өкіметін? (Орнынан тұрып, зілденіп.) Олай болса, көздеріңді ашып қараңдар, бай, шонжар, мырзалар! Қайда кеп тұрсыңдар? Жасақ жиып, жесір қуып Ақтал бойының байлары әулігеді, ә? Әлде совет өкіметіне сөз өткізбек, қыр көрсетпек бола ма? Жалайырлап ұран салып, Доғал бай бастап, бай Жәкеш, бай Сартай қостап, күш танытып көрмек пе? Көрсетші кәне әуселеңді? Сезбей отыр деп пе ең? Қазір талқаныңды шығартайын ба осы шетіңнен?
Ж ә к е ш. Жолдас Сапар, күш емес, сөзбен келдік қой біз!..
Сартай (жуасыған үнмен). Жолдас тергеуші, осы біздің жөн сөзімізге жауап бола ма?
С а п а р. Айтып көр жөн сөзіңді!
Ж ә к е ш. Олай болса, Сатай қызы Алуа келді ме осында?
С а п а р. Ия, келді Алуа Сатай қызы.
Ж ә к е ш. Ол мынау Доғал мырзаның әйелі еді ғой.
С а п а р. Ал қыз бұл мырзаға ырза болмай кеткен болса, қайтесіз?
Ж ә к е ш. Ол бекер!
С а р т а й. Ырза емеспін десе, өз аузынан айтсыншы!
1-д а у ы с. Закүн болысса, ашық болысады емес пе?
С а п а р. Рас, ашық болысады.
Ж ә к е ш. Осы араға келтіріңіз де, жұрт алдында айтқызыңызшы қыздың сөзін!
С а п а р. Жарайды, көздерің жетсін. (Хатшыға.) Шақырыңыз мұнда Алуа Сатайқызын! (Жұрт жым-жырт. Хатшы қозғалады. Бұл жақта шам өшеді. Шам қызыл отауда жанады.)
Б а й ы р (содыр топты бастап, Жалтыр екеуі жұлқына кірген. Алуа төрде үркіп тұр). А, қашқын қыз, құтылып көр.
Ж а л т ы р. Осыдан кетіп көр Доғалдан! Шық былай! (Ұмтыла береді.)
Н и н а (атып тұрып, өз бойымен Алуаны қоршап). Стой! Тоқта! Тиме!
Б а й ы р. Өзің былай тұр! Тарт мынаны. (Жалтыр Нинаның қолынан ұстап, жұлқи береді.)
Н и н а. Не смей!.. (Браунингін суырып алады.)
Ж а л т ы р. Өй, тарт арман!
Н и н а. Убирайтесь вон! Кет!
Ж а л т ы р. Кетсең өзің кет!
Б а й ы р. Құтқармаймыз бұл қызды! (Арттарынан кірген екі-үш мастау жігіттер тобымен Нинаны кимелеп, Алуаға қол соза береді.)
Ж а л т ы р. Былай тұр сен, қыз! (Қатты жұлқып жібереді.)
Н и н а. Тоқта! Тында! (Ақырады. Байлар сәл аңырып тоқтай қалады. Нина Алуаны қорғаштап тура қап.) Мені өлтіріп қана аласың, білдің бе? Ал мен мынау браунингімдегі алты оқпен осы тұрған байлар алтауыңды айтып өлтірмей, өлмеймін, бермеймін Алуаны! (Екі жақ үрпиісіп тұрып қалған. Хатшы кіреді.) Сендер қасқыр болсаң да, бұнда қойлар жоқ! Талатпаймыз қасқырға! Немене айғай! Далада, малда жүрсіңдер ме? Қайда кеп тұрсыңдар?!
X а т ш ы (байларға). Тұр былай! Қайт былай, бұл не бассыздық?
Ж а л т ы р. Жібермейміз, құтқармаймыз бұл қызды!
X а т ш ы (Нинаға). Сатаеваны следователь шақырады, сонда алып жүріңіз. (Нина, Алуа, хатшы үнсіз томсарған топтың алдынан өте береді. Бұл жақта шам өшеді. Енді шам следователь үйінде жанған.)
Н и н а. Жолдас тергеуші, мәлім етейін. Сатаеваны тартып алмақ болды мынау байлардың бір тобы... Бұл қандай топ? Қандай жыртқыштар?
С а п а p. Жаңа шулаған кім?
Н и н а. Шулаған осылар! Мына бейшара қызды қасқырша тартып әкетпекші!
С а п а р (Доғалдарға). Сендерсің ғой бүлдіріп тұрған, ә? Айт, сен бе солай жұмсаған! Бұл жөнінде бар жауап сенде екенін білесің бе?
Д о ғ а л. Жо, мен емес, жолдас Сапар!..
С а п а р. Рас па? (Көпке.) Жә, шықсын бұдан бассыз топ! Қаптамаңдар! (Топқа.) Кім шақырды бәріңді мұнда? (Хатшы мен милицияға.) Шығарыңдар артық топтың бәрін.
Д а у ы с т а p. Біз куә... Куә... Куәлармыз!
С а п а p. Куәға үш кісі жетеді!.. Даугер — мына Доғал... Ал басқа бәрің барып тұр!.. Қаптама мұнда! Мен қазір тергеу бастаймын! Бар, барыңдар! (Көпшілікті хатшы шығарады. Доғал, Сартай, Жәкеш, Байыр ғана қалады. Жаңа жылап кірген Алуа енді ғана ес жиып, күрсінеді.)
С а п а р (тергеу бастаған). Сатай қызы Алуа, сіздің мына Доғал Дулат ұлының әйелі екеніңіз рас па еді?
А л у а (ақырын). Өтірік!
С а п а p. Ырзалықпен тимекші болғаныңыз рас па еді?
А л у а. Өтірік.
С а п а р. Сол ырза болғандықтан, Доғал жіберген сыйды алып, қабылдағаныңыз рас па?
А л у а. Өтірік!..
С а п а р. Ендеше, үстіңізге киген киім кімдікі? Доғал "мен жіберген сый, мен кигіздім" дейді ғой.
С а р т а й. Бәсе, соны айт!
Ж ә к е ш. Әлде өзің тігіп киген кемзал, көйлек шығар, солай ма?
С а р т а й. Сатайдың сандығынан алған болар?
1-дауыс. Кім кигізді екен, айтып көрсін, кәніки?
А л у а (бекініп). Әуелі бұл киімді өздері бас салып, зорлап кигізген маған. Бірақ бұл киім, енді ойласам, менікі. Әкем Сатай осы Доғалдың отына күйіп өлген. Мен күң боп қызмет еткем. Әкем екеуміздің бір көйлек, бір кемзалға татитын еңбегіміз жоқ деп қайтіп айтар екен!
С а п а р. Сөйтіп, Сатай қызы Алуа, сіз Доғалға ырзалық берген жоқсыз және бермейсіз де, солай дейсіз бе?
А л у а. Солай, ырзалық бермеймін, маңына да бармаймын!
С а п а р. Соңғы сөз, өзіңізді оның қалыңдығы деп те санаған емессіз, солай ма?
А л у а. Емеспін, солай!
С а п а р (хатшыға). Хаттап болдыңыз ғой осы сөздің бәрін? (Топқа.) Тергеу бітті. Іс осымен тамам! Енді тарай берулеріңе болады. (Байлар сызданып, томсарған күйде өте жай басып тарай береді.)
Д о ғ а л. Құтылдым дейтін шығарсың. Бұрын көрмегенді енді көрерсің, Алуа!
С а р т а й. Айтқамыз. Жерге кірсең, төбе шашыңнан, аспанға ұшсаң, сирағыңнан сүйрерміз.
А л у а шошиды, байлар кеткен соң Нина, Алуа үйден шығады. Енді бұл жақтың шамы өшкен. Қызыл отауда Сәруәр бастаған қыздар жабықтан қарап, сөйлеп тұр.
С ә р у ә р. Байлар жеңілді, мойындарына су кетті. Аттарына мініп кетіп жатыр.
1-қ ы з. Ыза болғаннан жарылардай... Кетіп жатыр. Түстері өрт сөндіргендей.
Бұл үйде осы кезде төңкерулі үлкен қазан жорғалап жүреді. Қыздар бұған қарап күледі. Бір сәтте қазан астынан Сексек қуанып, жайнап шығады. Бет-аузы бес батпан күйе. Жабыққа ұмтылып, қайта қуана секіреді. Қыздар күледі.
С е к с е к. Кетті... жөнелді. Біз аман, Алуа азат!.. (Қонышынан сыбызғысын суырып алады. Тамаша, ойнақы, шат күй тарта жөнеледі. Сексек күйін бітірген.) Азат күй, Алуа күйі... Бостандық!.. Ал қазанның асты жаман екен, құдай көрсетпесін, мүлде тұншығып өліп қала жаздадым.
С ә р у ә р. Бәсе, соның нең?.. Еркек басыңмен о не қылғаның?
С е к с е к. Е, қайдан білейін. Әлгі Қаңбақ шал қазан астына кіргенде, ақыл тапқан екен дедім ғой!
С ә р у ә р. Қай шал дейсің? (Күлкі.)
С е к с е к. Е, әлгі бар емес пе еді, өзіміздің Қаңбақ шал. Анау ертегідегі дәуден қашып, қазан астына тығылатын Қаңбақ шал бар емес пе? Бірақ не қыласың. Алуаш, сенің қашқаның ақыл, менің қазан астына тығылғаным мақұл болды ғой. Құтылмадық па!.. Неге қуанбайсың?!
А л у а. Қайдан білейін... Көздері тегіс құтырған қасқырдай қанталап алыпты, өздері қандай көп! "Жерге кірсең, төбе шашыңнан, аспанға ұшсаң, сирағыңнан сүйрейміз" деді ғой! Шошимын... әлде менің сорым жаңа ғана басталды ма?!.
ш ы м ы л д ы қ
ЕКІНШІ АКТ
Үшінші сурет
Сахна көп ауылдар арасындағы бұлақ басы. Сыртта тасырлатып желіп келе жатқан ат дүбірі естіледі. Сәлден соң сахнаға Алуа шығады, қолында қамшы, белінде белбеу. Киімі жартылай қалаша.
А л у а. Үш жыл болыпты... Анау Доғал байдың үйі ғой, соның босағасынан, сонау бір кеште қашып шыққан жерім осы Суықбұлақтың басы еді. (Беті-қолын шаяды, ойлана айнала қарап.) Әкем құл боп өскен, шешем күң боп күңіреніп өткен, өзім алты жасымнан он үш жасыма шейін жетімдікпен күңдікте, мазақпен азапта күн кешкен жерім... Әлсіз иықтарыма иінағаш батып, осы бұлақ басында сан рет жығылғаным да есімде!.. Көзімнің талай ыстық жасы саған да тамып еді, Суықбұлақ. Шөбің шекер, суың бал, туған жер, оны ойласам, тәттісін... көргенім мен өткенді ойласам, ащысын... Доғал, Сартай, Байырдай байлар ауылдары әлі мұнда, әлі түгел отыр екен!.. Доғал бай аулы үстінен шығам деген ойымда жоқ еді, кездесетін бір шаққа келген болармын... (Доғал шығады. Әйелдер келе жатады, ер, әйелдер, кәрі-жастар, Бейсен, Назарбек, Ораздар бастаған топ Алуаны таниды.)
Д а у ы с. Айналайын Алуа! Қарағым-ау, Сатайдан қалған жалғыз көз...
2-д а у ы с. Адам бопсың-ау, қарағым. Қайда жүрсің, амансың ба?
А л у а. Мен аман-саумын, аталар, апалар! Өздеріңіз де тегіс амансыздар ма? Мен қазір сіздерге бір үлкен тілекпен келдім, зор өтінішпен көмек сұрап кеп тұрмын! Құм ішінде жол салып жатқан Түрксибтің қалың жұмыскер тобы бүгін мынау ыстықта, дәл осы сәтте суға, сусынға соншалық мұқтаж боп тұр. Құдықтарды байлар әдейі иттің өлексесін тастап, жылан, бақа, шаян тастап бүлдіріп кетіпті.
Б е й с е н. Не дейсің, Алуа, рас па екен осы сөз?
О р а з. Әдейі істеген бе? Кеше ғана көшкен құдық еді, қайдағы ит пен борсық оған бір-ақ күнде түсе қалды?
Б е й с е н. Біреу қастықпен апарып тастаған болды ғой.
А л у а. Мен осылайша кеткен бір аттының ізін де аңдап келдім, ендеше. Көзім анық жетпегеннен айтпайын деп тұрмын. Көрсең, сезсең, өздерің айтыңдар!..
О с п а н. Дәл айта алмаспыз, бірақ шығар-шығар осы маңның өзінен-ақ.
Б е й с е н. Түрксибтен кедей атаулыны үркітіп жүргендері тегін дейсің бе?
О р а з. "Көлік берме, маңына барма, сусын сатпа, жалданба!" деп, ертеден қара кешке неге үшкіріп жүр дейсің құлағымызға!
А л у а. Кезі келер, мезгіл жетер, советтің көз-құлағы мұнда да бар көрінесіңдер! Түрксибтің өзіне бір қастық етіп, сендерден оның жақсылығын жасырып екі қастық етпек қой... Бірақ олары бейшаралық, күлкі ғана... Шығып келе жатқан күн сәулесін көрпемен бүркеп жасырам деген бола ма?! (Күлкі.) Солай... Құдықты құлатқан қастығы да сорлылық!.. Уа, шіркін-ай, бөгеп қалар сонымен Түрксиб жолын!.. Тек бүгін мынау қайнар ыстықта, қалың құмда қазған құдықтардан тұз шығып, сәл ғана қинап тұр... Болмаса бұлар жамандаған сайын жақсылық сонда деп сене бер, ауыл кедейі! Ал қазір бәрің де бөгелместен бір-ақ іске жұмыла кіріп, жәрдем ет!.. (Жұртқа дауыстай түседі.) Ағалар, бауырлар! Қазір бәрің де үйлеріндегі меске, қарынға, торсық, сүйретпеге су толтырып, айран - шалаптарыңды құйып, өгізге болса да мінгесіп, тай-тулақтарыңа мініп, сол сусындарыңды жеткізе көріңдер!
Б е й с е н. Айтқаныңды орындаймыз, Алуа!
Н а з а р б е к. Уа, сол үшін ештеңе бере ме Түрксибің?
А л у а . Береді! Сіздер бейіл берсеңіз, Түрксибтің бермесі жоқ.
Д а у ы с т а p. Қазір ат-көлік әзірлеп, апарамыз сусынды!
Т а ғ ы б і р д а у ы с. Үйде бар ішерлігімізді жеткіземіз.
Д а у ы с т а p. Әкпеліңдер, ұстаңдар түйелерді, өгіздерді!
Д о ғ а л (айғайлап). Уай, бұл не қылған әбігер, шаруаның кезінде қандай ылаң? (Алуа ілгері басады.)
А л у а. Ылаң жоқ! Түрксиб жұмысшыларына су мен сусын сұрап келіп тұрмыз.
Д о ғ а л (Алуаға). Сен әлі кешегі Сатайдың қызымысың? Асқақтамай-ақ, бүлдірмей-ақ, жөн келсең болмаушы ма еді?
А л у а. Мырза, мен әлі түкті де бүлдіргем жоқ. Мына кедейлер қара суымен-ақ қайырым етпекші.
Д о ғ а л. Ал мені қара суды қызғанады деп, жала жапқалы тұрсың ба?
А л у а. Бермегіңіз келсе, оны да қызғанарсыз, кім біледі?
Д о ғ а л. Не жала жауып тұрсың сен маған?
А л у а. Жала дейсіз бе? Ендеше, Қиған құдық, Тасты-құдық сіздің ауыл кеше салысымен неге уланды? Түрксибтің жұмысшылары ішпесін деп қызғанышпен ит тастаған, борсықтастаған қай ауыл?..
Д о ғ а л. Пәле салғалы кеп тұрмын десеңші!..
Б а й ы р (Жалтырға). Әй, Жалтыр, мынау сенің ініңе су құям деп тұр, пәле шығармасын осы. Амалын ойлашы!..
А л у а. Пәле салушы емеспін, бірақ халық ісіне қастық істеп, у салушыны іздейтінім рас!..
Б а й ы p. Мынаның асуын-ай, Доғалдың бетінен алып тұрғанын қарашы!
С а р т а й. Жалтыр, сен араласшы...
Ж а л т ы р (Алуа мен Доғалдың арасына килігеді). Сен, Сатайдың қызы, немене, шаруаға неге қырсық жасайсың?
А л у а. Сенің қай шаруаңа мен қырсық жасадым? Немене, байларға итаршы ма едің?
Ж а л т ы р. Итаршы дейсің бе? Ендеше, итаршыны мен саған көрсетейін!
Б е й с е н (Алуаға болысады). Әй, Жалтыр, шатақ іздемей, тек тұрсаңшы сен!
Ж а л т ы р. Мені итаршы дейді, кімге итаршы боппын сонда? Мынау отырған бес ауылдың мыңғыраған малы су іше алмай, шөлге қамалып жатыр, ол — советтің малы. Соны суаратын құдық аршып жатсақ, бұл келіп жұмысшыларымызды алаң етіп, алдап әкетіп, советтің малын қырайын деп жүр. Бұның істеп тұрғаны қып-қызыл қастық. Мен бұған қырғызбаймын совет малын!
А л у а. Совет малы емес, сенің жаныңды салып тұрғаның байдың малы. Итаршы екенің рас!
Ж а л т ы р. Қоймадың ба! Ендеше, әкеңдей кісіге тіл тигізгенің үшін, мә!
Алуаның шашынан ұстай алып, бір жақ бұрымын шорт кесіп алмақ болады. Арпалыс. Жұрт жиреніп, шошып айғай салады. Бейсен Жалтырды қағып жіберіп, ұшырып түсіреді. Алуа қайрат жияды, шашын қырққызбайды.
А л у а. Жолдастар! Мынау байлардың маған істеп тұрған сұмдығын көрдіңдер ғой. Бірақ мен ол туралы қазір түк айтпаймын. Сіздерге арнайтын сөзім жалғыз-ақ, жаңағы көмектеріңді сұраймын! Елдік етіңдер! Бөгелмеңдер, жолдастар, кірісіңдер жаңағы істеріңе! (Бір топ кедейлер жөнеліседі. Доғал мен байлар ақыра тұра келеді.)
Д о ғ а л. Тарамаңдар ешқайда!
С а р т а й. Бармаңдар жолға!
Б а й ы р. Көшеміз, кетеміз тағы бұл жерден!
Ж а л т ы р. Уа, кедейлер, көшеміз, қазір көшеміз!
Д о ғ а л. Жығыңдар үйді!
А л у а (кедейлерге). Қиын қыпты! Кетсе, өздері кете берсін. Көше берсін, үндеме! Сендер әне, тұстарыңа тақап келді ғой, Түрксибке тартыңдар! Сонау Семейден бері түс - тұсына жол жұмысы жеткенде, ел кедейі тегіс барып орналасып, ырысын тауып жатыр. Соны ойлаңдар, Бейсен, Ораз!
Б е й с е н. Тіпті лебізіңнен айналайын, Алуа!.. Өзімнің де бар көкейімдегіні айтып тұрсың.
Д а у ы с т а р. Рас... Сөз-ау. Ақыл-ау осынысы.
Б а й ы p. Кетеміз алысқа Түрксибтен. Тоқтаңдар, кедейлер! (Кедейлердің қалғаны Алуа қасына жиылған. Байлар оқшауланып қалған. Сахна сыртында аттылар дүбірі естіледі. "Мыналар кім, аналар кім?" дескен дауыстар.)
А л у а (кедейлерге). Тоқтаңдар, жолдастар! Мынау Сапар аға, үкімет адамдары. Қарсы алыңдар, осылар сендердің бір қамыңмен келген болар!
"Келе жатыр, әне келеді!" деген үндер естіледі. Сахнаға бір топ совет қызметкерлері — тың адамдар шығады. Бәрінің алдында Сапар, орта кеудеде Сексек те келе жатады. Енді біраз уақыт сахнадағы қалың жұрт үш топқа бөліне өзара сәл сөйлеседі.
Д о ғ а л (өз тобына). Мына ояз бастығы Сапар ғой?
С а р т а й. Осы елдің бас көтерген атқа мінерлерінің бәріне ұзында өшті деуші еді!
Б а й ы р. Бұ неғып жүр екен? Тағы бір науқаны ма екен бұлардың?
Д о ғ а л. Қандай қайырлы жұмыс дейсің? Әнеугі естілген жаманат бар еді, сол жетіп-ақ қалғаны ма?
Ж ә к е ш. Япыр-ау, сонымен жеткені ме?
Д о ғ а л (Жалтырға). Түсініп отырсың ба, Жалтыр?
Ж а л т ы р. Несін айтасың, бай, оны естен шығарсам, Жалтыр болам ба?
Д о ғ а л. Олай болса, сен Назарбекті айналдыр! Қасына бірнеше кемпір-шалды қос. "Атам Жалайыр әруағына тапсырдым" деп айтты де! (Бұлар арасында күбір сөздер. Енді бір топ Сексек айналасындағы кедейлер.)
Д а у ы с т а р. Айналайын Сексек-ay, зарықтырдың ғой келмей!
2-д а у ы с. Күйін сағындық қой сыбызғының!
С е к с е к. Үндемеңдер, менің күйім әлі жетеді. Биік шырқап жетеді өздеріңе. Осы күнде Сексек сазы алысқа кетіп жатыр! Атап сұрама!
1 - д а у ы с. Ал өзің не жаймен келдің? Бұнда не істегелі келдіңдер?
2-д а у ы с. Бар тобың не жұмыс істейсің мұнда?
С е к с е к. Үндеме, ішің білсін, сабыр ет, көп кедей. Аз күнде бәрі ашылады. Қысқасы (тақпақтап), жеткен Сексек, келмес теп-тек! Айтарым сол, ашылар жол! Арты қайыр, жарлы байыр! Жори бер! (Бұл топта күлкі, күбір. Ендігі бір қалың топ — ортадағы Сапар, оның айналасында Бейсен, Ораз, Оспан, Алуалар.)
С а п а p. Біз ертеңнен бастап, осы болыста қосшы союзының, кедей-батрактардың жиылыстарын өткізе бастаймыз. Көп жерлерде көпшілік пікірін жиыстырып кеп, ақырда бірнеше бай-жуан жөнінде байлау жасаймыз. (Алуаға.) Сен осы жұмыстың берік қайраткерінің бірі боласың, Алуа. Уездік партия комитеті саған бұл іске қатынасуды арнап тапсырды. Іздетпек едім, жақсы кездестің. Тек өзіңді сабырмен, салмақпен ұста! Берік ұста, қасымда бол!
А л у а. Құп, Сапар аға, түсіндім. Ал енді осы арада көп ауыл бар. Көп кедей-батрактар да осында... Алдын ала жай - жағдайды сездіре кетпейсіз бе?
С а п а p. Оның теріс болмас!.. Кәне, бұндағы кедей - кепшіктің не білгені, хабары бар екен?.. (Жұрт тегіс сахнаның орта тұсына қалың топ боп қоралай жайғасады).
Н а з а р б е к. Не хабарды айтасың, шырағым? Біз хабар-ошарды өзіңнен тоспаймыз ба? Не білгенің бар, бәсе!
С а п а p. Жә, ендеше, жуан-шонжар байлардың жайын талқыға салады деген сөзді естігендеріңіз бар ма еді! (Бейсен, Оспан, тағы бірнеше кедейлер дауыс береді.)
Д а у ы с т а р. Естігеміз, Сапар жолдас! Тосқамыз ғой соны! Лебізіңді күтеміз!
С а п а р. Андап барлап қарасам, осында отырған көбің Доғал байдың малының шетінде өмір бойы күн кешкен жандарсыңдар-ау, солай ма?
Д а у ы с т а р. Бәрекелді, рас айтасыз... Тіпті әке - шешеміз де күлі-күңі болғанымыз бар...
С а п а р. Жә, соны айт. Ал енді, егер "кеселді түйін шешіліп, кердең мойын кесіліп" дейтін күн келді десе... бай Доғал ата-тегінен келе жатқан озбыр жуан-феодал еді. Осыны өз ортаңнан бүгін кетірем десең, ерік сенде десе, не дер едіңдер, қалай ұйғарар едіңдер?! Осы ауылдың қойшы, жылқышы, биеші, көрші-қолаңы, сендердің еркің біледі десе, не дер едіңдер?.. Мына отырған байлардың өз көзінше айтайықшы!.. Кәне, қандай кеп айтар ең, батрактар, ә?!
Д а у ы с т а р. Ал айт! Сен айт! Жә, айтсаңшы, бастасаңшы бірің! (Көпшілік үнсіз. Жәкеш, Байыр, Жалтырлар бірер кемпір, шал кедейді түртпектеп отыр.)
О р а з. О, бәрі де мәлім емес пе! Айтқаның рас қой, Сапар жолдас. Көрген күн анау, тұрған түр мынау. Пәлесін жұқтырмаса екен сол бай демей ме жұрт.
Кедейлер даусы. Дұрыс! Солай!
Д о ғ а л (маңындағы кедейлерге естірте). Қарызым, ата қарызым, тұз қарызым бар емес пе еді, Жалайырдың баласы, бәрінде?.. Шын-ақ оққа байлап, отқа төсеп бергенің бе, ағайын!
С а р т а й. Дәм қарызы бар еді ғой... Дәм атпай ма?!
Б а й ы р. Ата қарызын қайтеміз?
Ж ә к е ш. Не жазыпты ел-жұртына!.. Зарлады ғой байғұс!
Б е й с е н. Е-е, осында біреулер Доғалдың қарызы бар, дәм қарызы бар дейді, одан аттасақ, мойнымызға тозақта қызыл ошақ салады дей ме, әйтеуір ақыретті орнатып жатыр. Мен білсем, алыстағы ақырет тозағынан бұрын әуелі осында жер тозағынан құтылсақ қайтеді? (Байлар отырған жақтан жүздері көрінбей, қатты дауыс берген үндер естіледі.)
Д а у ы с та р. Қандай қастық көріп ең? Не жаманшылық кешіп ең? Ел шауып, жер өртеп пе еді?
Б е й с е н (бұл дауыстарды тосып алып). Алыстағы қастығын қояйын, кеше мен дәл бүгін ғана мына Қарақұмда, Түрксибте жұмыс істеген орыс, қазақ жұмыскері, қалың жұрт шөлден қырылсын деп құдықтарды улатқан кім? (Оспан, Ораз, Смағүл, Сексек бұны қостап дауыс береді.)
О с п а н. Жол бойынан ауылдарды қашыра көшкен кім?
О р а з. Ылау берме, үй жалдама, азық-сусын сатпа демеп пе еді?
С м а ғ у л. Керек десе, қара су екеш бір жұтым су берме деді ғой.
О р а з. Бірде-бір батрак-кедей Түрксибке барма, жалданба деп, ертенді-кеш үгіттеген, етегіңнен тартқан кім?
Б е й с е н. Әне, Түрксибке кедей барса, көз ашылады деп соны істеді. Осының өзі де жетеді. Тұрмасын бұл өлкеде Доғал!.. (Және де байлар маңындағы топтардан үн естіледі.)
Д а у ы с т а р. Жә, жә, болды, айтпайды сен айтқанды бар кедей.
Н а з а р б е к. Уай, жігіттер! Осы кәмпеске деген не өзі? Малды, жерді алу ма, жоқ, сонысының бәрін алып, тағы айдау ма?
С а п а р. Конфискеге ілінген адам ел ортасындағы зиянды адам деп танылады. Сондықтан оны көпшілік — батрактар кеңесі, кедей кеңесі залалды деп тапса, малы алынудың үстіне, өзін үй ішімен басқа облысқа жер аударады.
Н а з а р б е к. Жә, ағайынды-қарындас! Қарға тамырлы қазақ едік, жер өртеп, ел шауып, ер өлтірген жоқ еді ғой Доғал! "Ұзында өшті емес ек. Малын алсаң ал, тек өзін ел ішінде қалдыр. Бір басына ерік бер" десек, қалай болады? Осыны айтқанды жазғырып, жазаламайсың ба, түге? Кедейге ерік бердім дейсің ғой, ендеше, сол ерікті кедей осылай десе, не дейсің? (Байлар жақ топта "осылай-осылай" деп дабырлаған үн шығады.)
С а п а p. Жә, бар кедей осылай дей ме? Мына кісі бәріңнің ойынды айтып отыр ма?
Бейсендер тобы. Жоқ, жоқ! Айттық жаңа, Назарбек адасады!
А л у а. Тегі, енді біз жігеріміз жетсе, Ақтал бойында бұрын болмаған бір байлау жасармыз. Осы ауылдың кешегі құлы мен күңі, бүгін совет өкіметі арқылы қолы жеткен елі жасайтын байлау ғой... Несін жасырып, жалтақтаймыз! Доғал бай қанаушы, обыр бай болатын, бекер ме еді? Күні бүгін ғана Түрксибке кесірі тигендей, ендігі совет заманы берген бақытыңа да қырсығы тимей қоя ма? Бұл байдың кетуі сіздердің тілектеріңіз емес пе еді? Шыныңды айтсаңшы, жұрт!
Дауыстар. Солай, солай. Дұрыс, бәріміздің сөзіміз сол ғой! Бәріміз үшін айтты. Алуаныкі рас!
Назарбек. Е, жаңа осында ортамызға келген, бұрын осы ауылдың қызы болған Алуа бала сөйледі. Шырағым Алуа, сенің әкең Сатайды біз білетінбіз. Жақсы азамат, ер кедей еді. Бірақ оны Доғал өлтірген жоқ-ты, қызым. Құдай бар, қайтіп өтірік айта аламыз! Оны қаныпезер ұры Булан атып өлтірген. Өзіңді болса, Доғалдың қатын үстіне нақсүйер етіп алам дегені рас, тек болмаса сенің басыңа қандай қастық етті, шырағым, ә? Бұл "аламын" деді, сен "тимеймін" дедің. Көнбедің де, кеттің де бардың ғой. Сол үшін-ақ жерін, малын алудың үстіне, өзін тағы құртам дейсің бе?!
А л у а (Сапарға). Мынау Назарбек деген әлі санасы ашылмаған, тап сезімі оянбаған құйыршық. Өзі кедей болса да, кулактың құйыршығы боп, итаршы болғанын ұқпай тұр. Осыны әшкерелеп сөйлесем қайтеді?
С а п а р. Жоқ, әзір әңгіме онда емес, алаң қылма! Болмайды. Тоқта, мына жұрттың өз ішінен біреу сөйлесін! (Көпшілік үнсіз.) Жә, жұртшылық, Назарбектің де сөзін тыңдадыңдар, оған не дейсіндер? (Пауза. Жұрттың алысырақ шетінен, қалаша жақсы киінген, көзінде көзілдірігі бар біреу тұрады, ол — Мардан).
М а р д а н. Жолдас Сапар, мені бір тыңдасаңдар қайтеді? (Ол бері жүріп келе жатады. Батрактар арасында жақтырмаған дауыстар.)
Д а у ы с т а р. Бұл — Доғал байдың інісі! Өзі де жуан шонжардың мұрагері. Қаланың төресі... Мардан! Ол не айтушы еді.
М а р д а н. Мен батрактардың осы болыста, осы тұста болатын жиынына алыс қаладан әдейі келген адаммын. Біреулер мені туған ағасы Доғалмен қоштасқалы келді, әлі біткенше ақыл бере келді, көмек еткелі келді деп те ойлаған болар. Солай ойлағанның ең басы — мынау отырған менімен бір ата, бір анадан туған Доғалдың өзі болатын. Бірақ мен ол үшін келгем жоқ! Ақталдың бойына да бүгін бүкіл қазақ даласына келген жаңа дәурен сәулесі түсті! Совет сәулесі! Мынау ұлы құрылыс Түрксибтің осы өлкеге жеткені — жаңа тарихтың, талай жаңалықтың зор бастамасы. Бірақ Ақтал бойын түгелімен кімдер баурады? Өздері өнерді, еңбекті сүймейтін, бар еңбекшіні қараңғыда, езгіде ұстап келген мынау Доғалдар биледі.
Д а у ы с т а р (батрактар арасында.) Е, бәрекелді, дегенің рас! Уа, жолың болсын... (Байлар арасында). Құдай атсын, әруақ атқыр, азғын! Шіріген жұмыртқа!
М а р д а н. Алуа қарындас дұрыс айтты, соның айтқаны — халықтың тілегі. Жерден, малдан ғана айырып қоймай, Доғал сияқты жандарды елден де айыру керек. Доғал бұл өңірден кетірілсін!..
Д а у ы с т а р. Солай, бәрекелді, дұрыс!..
С а п а p. Дұрыс дейсіздер, ә!.. Е, ағайын, бұнымыз жиналыс емес, жай бір аужай түйісу ғой. Ендігіні жиындарда сөйлесерміз... Тек сол жиындар алдында, бар кедей - батрак бір жәйді өте жақсы ойлап түйіп алсын... Бұнда екі жақты жәй бар. Ең әуелі, жуан шонжар бай кетіріледі. Көпке істеген көп заманғы қиянаты, озбырлығы үшін кетеді. Екіншіден, бұрын еңбек иесі болған есесі көп кедей есесін алады. Жер иесі, мүлік иесі, осы кедей, өзің боласың. Ендігі өмір қожасы өзің боласың... Міні, осы жолында саған кедергі, кесел ететін болғандықтан, кешегі қожаң, жуан содыр аулақ кетсін дейді. Осылай ет, қалың кедей атаулының қазақ аулындағы тендігін еркін қорға, есеге қолын мол жеткіз деп отырған совет үкіметі, Ленин партиясы. Ойлағанда, міні, ең алдымен осыны ойлап келесіңдер! Солай ма?
Д а у ы с т а р. Солай, солай! Жиналысты тосамыз, хабар күтеміз.
Н а з а р б е к (Жалтырға). Тағы бірдеме десем бе екен осы.
А й б а л а. Әке, жетті!.. Доғар енді.
Ж а л т ы р. Өй, бөгеме! О несі!..
А й б а л а. Аулақ әкемнен, сүзеген бұқа секілденген алакөз!.. Болдың ғой адастырып. "Албасты сақалға қарай басады" деп!.. Әке, сен жетістің ғой құйыршық боп.
Н а з а р б е к. А... мына... дейді... мына!.. (Қолын түсіре береді.)
А л у а (Марданның қолын алып). Сіз қандай жақсы айттыңыз. Сіз осындай ма едіңіз?..
М а р д а н (күліп). Енді қалай деп едіңіз! Біз жаңа заман тәрбиесінің жаңа бағыттағы адамы емеспіз бе, Алуаш?
А л у а. Мен білмеппін, мүлде мұндай деп ойламаппын.
М а р д а н. Ұмытқансыз ғой, Алуаш!.. Есіңізге түссе, мен Доғалдың сонада сізге, сіздің басыңызға қастық етпек болған шағында да барымша қарсы шықпап па едім? Ат кекілін сонда кеспеп пе ем?.. Бүгін әдейі, мүлде осы ауылдан, атадан, мынандай халық аластаған ағадан арамды айыру үшін, барды үзу үшін, шын совет азаматы болғаным осы деу үшін келгенім жоқ па?!
А л у а. Сондай тамаша, сондай жақсы айттыңыз, Мардан аға! Бәсе, саналы, оқыған азамат жолы осылай, басқаша болу керек қой.
С а п а р (өзін қоршаған кедейлер ортасында). Жә, достар, батрактар! Тап жауының үлкені туралы үлкен байлау жасап, алыспаққа бекіндің!.. Байды кетірсек, оның орнына жаңа дүние құрып, жаңа дәурен жасаймыз Ақтал бойында. Соған сарп етеміз бар күшті!.. Бірақ естерінде болсын, Ақтал бойында тап тартысы анық берік басталғаны осы. Ендеше, жаулықтың да нелер қиян-кескі қастығы, айлалы аяр қылығы да осыдан басталар деп біліңдер, соған белді бекем буыңдар. Іс тартыс жаңа ғана басталды!.. Бейсен, Алуа, Ораз, сендер менімен Волисполкомға баруға әзірленіңдер!.. Жүріңдер!
ш ы м ы Л д ы қ
Төртінші сурет
"Ақтал" колхозының үлкен клубының бір жақ бөлімдері. Сахнада Алуа, Бейсен, бұларға қарай Сексек пен кішкене Жанар келе жатыр.
С е к с е к (Жанарға). Сұра, Алуа тәтеңнің өзіне айтқыз әнді... сұра!
Ж а н а р. О кісі өкіл ғой!.. Ән біле ме екен?..
С е к с е к. Е-е, ол менің қарындасым емес пе? Маған тартқан дәулескер әнші!..
Ж а н а р. Алуа тәте, біз концерт бастаймыз деп ек!..
С е к с е к. Ия, екінші бригада демалысқа келді.
А л у а. Бәрекелді, беріңдер концерт... Көңілдендіріңдер колхозшыларды!
Ж а н а р. Бәсе... Тәте... өзіңіз де ән сап беріңізші.
А л у а. О не дейсің, қарағым-ау... Менің жұмысым бар ғой!..
Ж а н а р. Иә, біз қайта-қайта шыға береміз...
С е к с е к. Рас айтады, әредікте қостасаңшы өзің де!..
А л у а. Е, өзің екенсің ғой әкеп тұрған. Ал бастаңдар, жарайды бастай беріңдер. Мен де бір кезекте болысармын, бастаңдар кәне!.. (Кейінгі бар оқиға концерттің ойынында өтеді. Алуа қағаздарды қарастыра, хат оқиды Бейсенге.) Бейсен, Укомнан, Сапар ағадан келген хатты тыңда! "Екеуіңе биылғы көктем ерекше сын, өзгеше жауапты көктем екенін ескертемін. Бұрынғы құм кезген, "итке мініп, ирекпен қамшылап" дегендей, даланың қаңбағыңдай ауа көшіп жүрген елің отырықшы боп жатыр. Бұрынғы жадау-жүдеу, шабан-шардақ жеке меншік жоғалып, үлкен коллективтік еңбек ірге қалап жатыр. Қазақстан үкіметі мен партия басшылығы Ақталдың бойын өзгеше қып жаңғыртып, гүлдендіру шарт деп отыр. Әсіресе сол үлгіні сендердің колхозың бастау қажет! Ең бірінші сын міндет: он күн ішінде егіс жоспарын бітіріп тұрып, ақпар беріңдер!" Көрдің бе, Бейсен, сен "Ақталдың" колхоз бастығы, мен, уезден келген өкіл, екеуміздің ортақ міндет үстінде ортақ ауыр жауаптылығымыз аталып тұр. Барды тек қана егіске саламыз. Жиып болдың ба бар күшіңді — ер-әйел азамат атаулыны?
Б е й с е н. Сен атаған адамдардың бәрін егінге салып жатырмын.
А л у а. Мал фермалары ше?
Б е й с е н. Онда мал балалап жатса да, не әйелді, не баланы жырып бөліп алуға кірістім. (Сахнаға Мардан шығады.)
А л у а (таңырқап). Сіз қайдан, сіз қалайша?
Б е й с е н. Қашан келдіңіз?
М а р д а н. Мен Алматыдан әдейі келдім, баспа орындары жіберді. Газетке, журналға Ақтал бойының осы науқан үстінде бүгін жеткен табысын жазам.
А л у а. Ә, Бейсен, сені мақтайды екен. Қалай, жақсы ма?
Б е й с е н. Жақсы жазсын, сонда жақсы болат та.
А л у а. Онда жақсылықты сен көрсетсең, жақсы болатын шығар, солай ма?
М а р д а н. О, мен бүгінгі жаңалықтарға сондай сүйсіндім, сондай қуандым.
А л у а (сынай қарап). Ал олқылық деген мүлде жоқ, солай көріне ме?
М а р д а н. Атама, атама, Алуаш! Әрине, мен келген соң, мен бар шамам жеткенше өзіміздің Ақтал жайын жақсы жазам, мақтап жазам.
А л у а. Тек мақтайсыз... Түк сынамайсыз ба? (Күледі.) Рақат та?!
М а р д а н. Жоқ, мен көптен өзім көрмей жүрген Ақтал бойының соншалық жайнаған жайын тани тұра, бүгін сынап қарауға мұршам жоқ... Жайнатыңыз біздің туып-өскен асыл Ақталымыздың бойын!.. Қарындасым Алуа, жолыңыз болсын!
А л у а. Солай, ағай. Ал осы ағаңыздан, Доғалдан хабар - ошар бар ма, жоқ па?..
М а р д а н. Жоға! Ту-у... оны менен сұрап не қыласыз, Алуа. Енді кездессек, ол екеуміздің тек атысып өлісуіміз - ақ қалған жоқ па еді?
А л у а. А-а, солай ма еді?.. Бәсе... болар!.. (Назарбекке бұрылады.)
М а р д а н (Бейсенге). Қандай боп өскен өзі, әрі сұлу, әрі есті жатыр ғой. Тани білсем, өзі, тегі, өрлей түсер, бәлки, ұзаққа да кетер.
Н а з а р б е к. Ой, қарағым Бейсен, Алуа! Уа, мені сорлаттыңдар ғой сендер! Мың қойдың қоздап жатқаны анау, иесіз тауда, жалғыз қорада кемпірім, қызым үшеуміз ғана! Қырылады ғой ел мүлкі! Еңбегім еш, тұзым сор болғаны ма енді кеп!
А л у а. Кімің кетті, ақсақал, неше кісіңді алдық?
Н а з а р б е к. Үш кісім кетіп отыр.
А л у а. Амал жоқ, Назеке... Бір жұма шыдайсыз. Eгіc кезі өтіп барады, соны ойлаңыз!.. Ал бізден не тілейсіз қазір?..
Н а з а р б е к. Тілегім сол, айналайын, көр! Бүгін болмаса ертең не қылсаң да жет те, көзіңмен көр деймін! Малымды, төлімді көр, қысылып тұрған жайымды көр! Күндіз де туады, түнде де туады. Егіздеп туады шопаным! Біреуі жарытпай жатыр, біреуі қозылағын алмай жатыр. Бір қолыммен қоздай алмаған тоқтының қозысын суырып, бір қолыммен "төйтпейлеп" жетім лақ, қозыны теліп жатырмын. Тыным жоқ... Тіпті түсімде шырт ұйқыда жатып та "төйтпейлеп" жатады екем! Кемпірім жазғырып, "бақсы боп кеттің ғой" деп ол мазалайды. Жаңа осында Сексек: "Отыр, ән тыңда!" дейді, "ой, шырағым-ай, оған мұршам кәне... Менің әнімнің төресі "төйтпей" жатқан жоқ па деймін. Қызымды тағы алып кеттің!.. Енді келіп көресің бе? Тіл емізбей соңғы сөзіңді бересің бе, жоқ па? Қашан барасың, күніңді айтшы?
А л у а. Ертең кешке, жарай ма?.. Сертім болсын! (Мардан анадайда тыңдай түсіп жазып отыр. Сахнаға асыға, ашулана ұмтылған Арман шығады.)
А р м а н. Жә, маған берген кісілерің қайда, "Ақтал" колхозы? Қашанғы тосамын?!
Б е й с е н. Біз егістен сүр жығылып жатқанымыз жоқ па! Міне, аудан өкілі, егіс-жоспары мүлде толмай жатыр емес пе?
А р м а н. Eгіc, егіс!.. Мен істеп жатқан жұмыс егіс үшін емес пе? Ол колхоздікі емей, жаудікі ме?!
Б е й с е н. Сіз суарғанда егісті суарасыз. Eгіс болмаса, нені суарасыз?
А р м а н. Сөз емес!.. Берген уәделерің қайда? Фермасынан берем дедіңдер, енді оның да бар адамын жиып, осында әкеліпсіңдер. Мен фермаға шабу керек, егіс даласын шарлауым керек. Сендер қалада серт бересіңдер де, бұнда кеп алдайсыңдар! Не деген өтірікшілік, ұятсыздық!..
А л у а. Сіз осы... жолдас Армансыз ғой? Міндетіңіз зор екенін білемін. Ақтал бойының көптен күткен маманы да сіз болатынсыз!
А р м а н. Күткені бар болсын!
А л у а. Жолдас Арман, сіздің асығуыңызды түсінемін, бірақ колхоздағы жайды сіз де ұғыныңыз!
А р м а н. Керегі жоқ басалқаның. Адам бермей алдағаны үшін, тоғам алудың үлкен ісін құлатқаны үшін қазір мен мына Бейсеннің үстінен рапорт жазамын.
А л у а. Мейліңіз! Біз бірақ Бейсенді ақтаймыз.
А р м а н. Ақтамақ түгіл, төбеңізге көтеріңіз, бірақ маған кісі таптырып беріңіз!
А л у а. Бүгін кісі жоқ!
А р м а н. Онда менің ісім жоқ! (Екі кішкене қыз жүгіріп келеді. Бұлар — Әсия, Жанар.)
Ә с и я. Алуа тәте, екі бригада түскі демалысқа келді, біз соларға концерт беріп жатырмыз. Сіздің де әніңізді сұраймыз.
Ж а н а p. Бізге қаланың әнін айтып беріңіз. Колхозшылар, балалар бәріміз де құмармыз! Жаңа ән үйретіңіз, тәте!
А л у а. Айналайын, өздерің бастай бер. Концертті жүргізе беріңдер. Менің кезегім жеткенде айтыңдар. Әсия, сенің басшылығыңмен мен де ән салып берем. (Қыздар жүгіріп кетеді. Жақында сахнада концерт жүріп жатқаны естіліп тұрады.)
А р м а н. Өкіл жолдас, менің ісімнің ендігі Ақтал бойына ең қажет іс екенін сіз қалайша түсінбейсіз?!
А л у а. Түсінбейді деп сізге кім айтты?
А р м а н. Түсінсеңіз, маған айтқызудың не қажеті бар?
А л у а. Оны сізге айт деген кім бар?
А р м а н. Сіздің ойыңызша, қазір астықтан басқа дүние жоқ.
А л у а. Қазір одан басқа әні бар. (Күледі. Арман бір қызып, бір қызығады.)
А р м а н. Түу, не деген шолақтық... Сіздің бар түсінігіңіз артта қалған. (Алуа Арманға барлай қарап күледі.)
А л у а. Қызыл бидай артта қалған ұғым болса, сол сіздің айтқаныңыз бола-ақ қойсын!.. (Әсияға бұрылады. Арман ашуланып кетеді, Бейсен бірге кеткен. Алуа Әсияны құшақтап.) Сен кім баласысың, Әсия, кішкентай?! Сен жаңа сондай жақсы ән салдың ғой. Мен тыңдап отырып сені әншісің дедім. Маған апаң мен ағаңды көрсетші, айналайын!
Ә с и я. Алуа тәте ... олар жоқ.
А л у а. Қалайша?
Ә с и я. Олар өлген! Әкем де өлген, әжем де өлді ғой менің, тәте...
А л у а. Не дейсің, жаным?.. Қайда оқып, қайда тұрасың?
Ә с и я. Туғандарым болмаған соң біздің мектептің жатақханасында жатып оқимын. Ал, Алуа тәте, қазір сіздің шығатын кезегіңіз, әзір болыңыз. (Алуа ойланып қалған.)
А л у а (ойланған жайын қойын дәптеріне жаза отырып, сөйлеп отыр. Ондай сәтте Алуа ән де салады, бірақ көбінше әуенмен емес, жанымен ән салады). Кішкентай Әсия азғантай сөзімен менің де бала күнімнің қайғылы қасірет шағын ойлатты. Әлі күнге көз алдымда, осы Ақтал бойында күзгі дауылды қара түн... Қарып тұрған қатты суық, қатал жел!.. Менің үстімде лыпа жоқ, жалаң бас күйде, шашым үрпиген, қатқан тоңның үстінде жалаң аяқ қалпымда, табанымнан сыз өтіп, тоңып ұшып барам!.. Бірақ екі көзім қара түнге қадалған, жырақта... Ауылдан аулақтап, тасырлатып шапқылап бара жатқан көп аттар тұяғы, сартылдап қатысқан сойылдар... Мен қара түнге қадалғанмын, жалбарынып жалынғанмын!.. Жалғыз әкемнің амандығын тілегемін. Шошыған, шырылдаған күйде: "Аға! Ағатай!.. Ағам менің!" деп, қатып тұрып қалғамын! Сонда жарқ етіп, шапшаң ғана ұшқыр шолақ, қып-қызыл от қана жалт еткенде... тарс етіп мылтық атылып, үндер өшкен, сөнгенді... Сол күймен бірге менің әкем де өлген!.. Әсия мен көргенді көрмейді. Айналайын Әсия, сенің әкеңді өлім алса, сені бауырына елің алған. Мен олай емес, панасыз жалғыз қалғам!.. Ал қазір мен орта мектепте оқимын, соншалық ынталы оқушымын. Әлі де Сапар аға, Нина дос аға мен ападай бастаушы да жақыным!.. Олар маған: "Кітаптан бір, өмірден екі шыңдалып, екі асылдан кезек су алып өс!" дейді. "Алысқа бас!" дейді. Әнім болсын, сазым болсын сол менің!.. (деп сөзінің аяғын баяу басталып ұлғая түскен, дами берген сұлу әнге айналдырады. Әсия жүгіре шығып, арғы сахнаға қарай қол созып: "Алуа тәте, сіздің шығу кезегіңіз!" дейді. Алуаның әні ұзай түсіп, күшейе береді. Жаңағы ой сезімі, жан әні енді сән әніне айналады.)
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ
Бесінші сурет
Терең шатқа тығыла отырған жалғыз қыстау — Назарбектің қой фермасы. Назарбек мал қора мен үйдің аралығында шарбаққа тақағанда, сырттан бұғып келген біреу баспалап қарайды.
Н а з а р б е к. Сен кімсің, әй?
К і с і. Сескенбе, Назарбек! Назарбек, бұл мен ғой!
Н а з а р б е к. Доғал мырза?!
Д о ғ а л. Иә, бұрын мырза болсам, бүгін не десең де ырза Доғал!
Н а з а р б е к. Қайдан, қалай?.. Қайдан жүрсің, неғып жүрсің?
Д о ғ а л. Неғып жүруші ем? Жалайырдың баласы, жанашыр біреуің қалса, оң назарыңды сұрап келдім.
Н а з а р б е к. Өзің қашып жүрсің ғой мүлде, ә?
Д о ғ а л. Менен ерік кеткелі қашан?.. Сөйтіп жүрмей неғып жүр деп ең?
Н а з а р б е к. А, сөйтіп мені паналап келдім десейші!..
Д о ғ а л. Таптың, әрине, Назеке!
Н а з а р б е к. Е, сөйтіп, мені жасыр деп тұрсың ғой?
Д о ғ а л. Әрине, Назеке!..
Н а з а р б е к. Жоқ, енді алданатын Назарбек жоқ. Тағы алжитын Назарбек жоқ! Баяғы құл Назарбек біткен, мырза Доғал!
Д о ғ а л. Не дедің?.. Мен неге де болса бел байлаған жанмын. Жалғыз сенгенім сен! Тез кетпекпін, залалым жоқ. Бірақ тіс жарып, сыр айтып келіп тұрғаным жалғыз сен ғанасың! Азғана көмегің керек! Ойлан, ойлан да, жөніңе қош, Назарбек! Сен маған пана боласың, боласың!.. Үш күннен соң тағы ораламын, жан баласына білдірсең, өз басымды да беремін, бірақ сенің жаныңды да қоса ала кетермін, біліп қой!.. (Назарбек жалғыз, әрлі-берлі алаңдайды.)
Н а з а р б е к. Енді қайттім, жалғыз басым, кетсем, мал қалады. Қалсам, бұл келеді. Апыр-ау, қайттім. Өлсем де білдірем, білдіріп өлем еліме!.. (Әрлі-берлі асыға жүріп дабыстайды.) А, тұра тұр, есім жаңа кірді ғой... О, Айбала ше, Айбала! Қызым!
А й б а л а (үйден шыға). Немене, шаршап келіп, сәл тыным алып, қайта жөнелейін деп ем, не болды?!
Н а з а р б е к. Айналайын қызым, Айбала жаным, келгенің жаңа еді. Жөнел, шап! Шаршағаныңа қарама, жаныңды сал!
А й б а л а. Немене, не боп қалды? Не көрінді көзіңе?
Н а з а р б е к. Доғал... сұм Доғал көрінді. Жаныңды сал, тоқталмай шап еліме. Колхозға жет, хабар ет!..
А й б а л а (асығыс). Мен қашан жетпекпін онда! Өзгеге бармай, саған неге келеді ол?.. Айт деймін, сондай тап жауы — советтің жауы, өзгеге бармай, ұрланып саған неге келеді деймін?!
Н а з а р б е к. О, қоя тұр, жаным, қой оныңды, кейін айтам! Шап, жылдам жөнел!
А й б а л а. Жөнелмеймін, жөніңді айт! Өзгеге бармай, сенен неге үміт қылады сол? Әлде, ".албасты да... немене еді әлгі... сақалға қарай басады" деп! Сені өзгеден бұрын халық жауына жылдам көмек етеді деп кеп тұр ғой, ә?
Н а з а р б е к. Ойбай, қой, мен көргем көресіні. Тоқталмастан шапқылай гөр! (Айбаланы қораның сыртындағы атқа қарай әкетіп барады. Айбала жүруге ыңғайланған.)
А й б а л а. Бәлем, әке, тұра тұр! Колхоздың қалың елінің алдында жауап бергізермін осының үшін!.. "Қуырдақтың үлкенін сиыр сойғанда көресің" деп, көрсетермін сонда саған. Комсомолдың алдында сенің кулакқа құйыршық болғаның үшін тағы қызарар жайым жоқ. (Жөнеледі.)
Н а з а р б е к (жалғыз. Әрлі-бері алаңдайды. Сыртқа қарап). О, мынау кім тағы? Ойпыр-ау, мынаның мезгілсіз келгенін қарашы. Мынау Алуа ғой. Кеше шақырған өзім едім. Өзі жапа-жалғыз, қасында қарулы жолдастары болса да бір сәрі еді. Енді қайттім, бұған не деп айттым? Баяғыда кәмпескеленген жерде Доғал үшін өзімен жарғыласып ем, енді бүгін қасымнан тағы Доғал шықса, мүлде біткенім ғой. Мүлде әшкереленіп, масқара боп болғаным ғой Алуаның алдында. Қой, мен бұған айта алмаймын! Алда тәңір-ай, жаңағы сұмқадам тек осы барда ғана оралмаса игі еді! Бірақ үш күнде келем дейді ғой, ендеше, Алуаға айтпай-ақ қояйын. (Сырт айналып Алуамен амандасқаны естіледі. Бұл кезде кеш батып, қараңғы түсе береді.)
А л у а. Ал, Назеке, лебізің қайтпасын деп, асығыс науқан үстінде, осы кеш те болса, малынды, жайынды көріп қана қайтайын деп келдім? Қой-қораң қайсы? Бастаңыз!
Н а з а р б е к (қолына фонарь алып). Ал, міне, жүр, қарағым. Міне, мынау жас лақтарым, қозыларым! (Алуа екеуінің мал аралап жүрген дауыстары естіледі.)
А л у а. Дұрыс, мынада не бар?
Н а з а р б е к. Бүгін туған жас қозы.
А л у а. Анау үйшікте ше?..
Н а з а р б е к. Онда егіздер. Ал мына біреуде жетім қозылар мен енелері алмай қойған қозы-лақтар. Бір жағынан сүтпен асырап, бір жағынан теліп жатырмын. (Екеуі тағы біраз жүріп, қайта сахнаға орала береді. Сыртта ит үргені білінеді.)
Н а з а р б е к (аңыра қалып, сескенеді). Ит үре бергені несі, ә, шырақ?
А л у а. Е, о қайтеді, ата?
Н а з а р б е к. Әй, білмеймін, балам, осы тауда жаманат сыбыс та жоқ емес-ау!
А л у а. Қандай сыбыс?
Н а з а р б е к. Білмеймін, кешелер тау ішінде, елсізде бөгде жүрген адамдарды көрдік деседі. Колхоз жылқысынан жоғалған да бар дейді ғой!.. (Алуа далаға құлақ салып, нағанын ыңғайлайды.) Е, қарағым, көңілге мынауың бір сүйеу болды-ау!
А л у а. Тасырлаған ат дүбірі естіледі ғой.
Н а з а р б е к. Шамды өшірсем қайтер еді? (Шамды өшіреді.)
А л у а. Ата, кім бар дейсіз, сескенбеңіз!
Н а з а р б е к. Бәсе, қарағым, бойыңды жи, қуатты бол. Әкең Сатайдай бол, ер болшы! Доғал байды қарғап өтіп еді. Мен қайда, одан кейін де Доғалды пір көріп, көп шатасып тантып жүрдім. Білесің бе, Доғал айдаларда, сол қан құйлыға ара түскен менің ақымақтығымды айтсаңшы!
А л у а. Япыр-ай, ата, мына сөзің қандай жақсы!
Н а з а р б е к. Ойбай-ау, несін айтасың! Сол бір оттағаным үшін опық жей-жей, мына сақал-шашты да жалғыз-ақ күзде ағарттым ғой. Ол — ол ма, осында Айбала деген комсомол қызым бар, ол осы күнге шейін, тіпті күні бүгінге шейін, желкеме мініп алған. Қызым емес, бейне қазымыр кәрі шешемдей, қымс етсе болды... (Қақпа қағылады.) Бұ кім екен, бөгде қағыс қой?!
А л у а. Сескенбе, ата! Мен қасында болайын. Байқаңыз, ашпаңыз!
Н а з а р б е к (сығалайды). Түстері жат мына кәпірлердің. Япыр-ай, сорыма жалғыз да болмадым... Сенің бейнетіңе душар болдым ба, балам?.. Қайдан ғана шақырып ем, сорлы басым!..
А л у а. Назеке, жаңа әкемді аузыңа алдың ғой, тек болмас, әкемдей білермін... Енді тыңдаңыз мені, ашпаңыз!
Н а з а р б е к. Ашпаймын, айналайын. Жаңа көре сала, сені шошиды ғой деп айтпап ем, мынау әсіресе саған өшігетін жау. Білдің бе, Доғал ғой!
А л у а. Не дейсіз? Қалай білдіңіз?
Н а з а р б е к. Анық сол, көріп тұрмын. Сені де, мені де аяры жоқ.
Д а у ы с (сырттан). Аш, аш дереу қақпаны!
Н а з а р б е к. Сен кімсің, ай? Қайдан жүрсің?
Д а у ы с. Ауданнан, ГЕПЕУ-ден, аш!
Н а з а р б е к. Күндіз кел. Ашпаймын!
А л у а. Жоғал, жөнел былай! Атамын болмаса!
Д а у ы с. А, сен мұнда ма едің? Атып көр. Сенің өзің керексің бізге!
А л у а. Кім керек?
Д а у ы с. Алуа, Сатай жылқышының қызы Алуа керек! (Алуа атып қалады.)
А л у а. А, дұспан, таныдым мен де!
Д а у ы с т а р. Танып қалды... Бәрібір біліп қалды. Енді өліспей кету жоқ. Атыс, басып ал ферманы! (Алуа орын ауыстырып атып жүр.)
Н а з а р б е к. Қарашығым-ай, ата-бабаң жар болсын. Ұл боп тумасаң да, ұқсап туыпсың ғой әкеңе! (Алуа шалды үйге тартады. Жаулар қораны сырттағандай. Алуа жүгіріп үй мен қорадан кезек атады. Шал қорада aт әзірлейді. Алуаға кеп). Қоңырсыған иіс келеді, қораны да өртеп жатыр. Өртенді ғой, қырылды ғой есіл мал!.. Балам-ай, енді атыспен құтылмаймыз ғой. Тым құрыса сен аман шықшы! Әлде жартылап қозыларды аман алып қаларсың! Не де болса өзім көрейін. Мә атыңның шылбыры, мына жақта жау жоқ, артқы қақпаны аш та жөнел! Мін атыңа, мін де қаш, сен құтылшы!..
А л у а (ұмтыла беріп). Ата, қорықпа, атажан! Мен құтылсам, сен де, қозылар да құтыларсыңдар! (Ытқып шыға береді, бұғып тұрған бір жаумен кездесіп қалады, кезек атысады. Жаудың оң қолына оқ тиіп, мылтығы құлайды. Жау айғайлайды.)
Ж а у. Кетті, қыз кетті! Жой, жоғалт көзін! Ат, атқыла! (Атыс.)
— Не де болса құтқармаңдар енді. Ол құтылса, мүлде ойран болдық!.. (Атыс. Оқ тиген Алуа сахнаға шыға бере жығылады. Осы кезде сырттан жеткен ел адамдары келе береді.)
А л у а. Жау!.. Банды!.. Қозыларды өртеп жатыр, тезірек! (Атыс. Аздан соң тартыс тоқталады. Атыс ұзап кетеді. Арман мен екі-үш кісі жаралы Жалтырды алып шыққан. Қараға кірген колхозшы оқ тиген Назарбекті көтеріп әкеледі). Өзгесі қайда? Үлкен жау қайда?
А р м а н. Қуып кетті, атысып барады. Бірақ құтылмас!.. Қайда жүріп, қайда көмек етуді білмегеннен мұнда келдіңіз бе? Әлекке салдыңыз ба елді әкеп?!
А л у а. Не дейді, не дейді, не істегем? Мен айыптымын ба? (Талықсиды.)
Н а з а р б е к. Туу, әлі өлмей, тірі қалған ба Назарбек!
Қырық жаным болса керек. Анық итжанды болғаным ғой! (Алуаны көріп.) Айналайын, батыр қызым, бармысың? Жолыңа басым құрбандық, сен аман бол! Айыптымын, бәріне мен айыптымын!.. Не дейді? Не пәле бар мұнда?..
Н а з а р б е к (Жалтырды көріп). Ә, сен бе едің бірі, сүзеген бұқа құсаған алакөз, алаяқ!.. (Талып кетеді.)
А р м а н (Алуаға). Сіздің адасатыныңызды біліп ем! Айтпап па ем! Не бар еді қаңғып мұнда?!
А л у а (ызалы). Немене, табалаушымысыз? Құтқарушымның бірі болмасаңыз, балгерлік еткеніңізге таң қалар ем! (Нина жүгіріп кіреді).
Н и н а (Алуаны құшақтап). Алуа, бармысың, жараң қандай?
А л у а. Нина?! Сен? Бұ не, қандай ойда жоқ жайлар? Сен қайдан кеп шықтың? Сен де біліп пе ең менің бақытсыздыққа ұшырарымды?
Н и н а. Алуа, не дейсің? Сен сандырақтаймысың? Мен, Нина, мені Окружком жіберіп еді. Сапар аға саған әдейі көмекке жіберіп еді ғой!.. Сенің "Ақталдағы" ісің, міндетің ауыр болған соң көмекке жаңа ғана жетіп ем! Мынау хабармен осында шаптық. Жеткенім осы, таңданба.
А л у а. Мен қиналамын, қорқамын ... Өкінемін, Нина! Үлкен қателік жасадым ба деп қорқамын. Айтшы, мен партия алдында бір ағаттық қылмыс жасаған жоқпын ба әлі?
Н и н а. Неге олай дейсің, айтшы?
А л у а. Не деген жұмбақ? Жағалай түсініксіз... сондай сұмдық жұмбақ түйіндер... Есім барда айтып қалайын, біл, Нина... Білдір Сапар ағаға!..
Н и н а. Айтшы! Барыңды айтшы, не сездің?
А л у а. Қайдан кеп шықты? Баяғыда кеткен бай, өмірлік жауым Доғал, ол қайдан білді менің осы арадан табыларымды? Мен мұнда қалай шақырылғанмын, кім шақыртқан боламын? Және, және есінде тұт, кеше Марданды көргем! Ол мақтауға келген. Бүгін және айтам, жақындай түс! Мен кеше мынау тұрған гидротехник Арманмен ұрысқанмын. Ол маған жирене қарайды. Маған өзі де жұмбақ!.. Ұмыта алмаймын, түсін де және әсіресе жаңағы айтқан сөзін де ұмыта алмаймын! Біл, Нина!.. (Әлсірей береді.)
А р м а н. Ол сандырақтайды... Ол қансыраған! Тез алып жүру керек.
Н и н а. Кәне, тез көмек етіңдер. Көтеріңдер! Тезінен Қостөбе, больницаға әкетем! (Алуаны көтерісіп алып бара жатып.) Шынында да, не деген таңғаларлық түйіндер? Қандай жұмбақтар бар сенің айналаңда, бейшара Алуа?!
ш ы м ы Л д ы қ
ҮШІНШІ АКТ
Алтыншы сурет
Сахнаның жарымы — аудандық көп кеңселер орналасқан үлкен үйдің кең коридоры, екінші жарымы — кабинет.
А л у а (Қойын дәптеріне жаза отыра халыққа). Сегіз жыл өткенде Ақталға қайта оралыппын... Бұрын Жалайырдың жеті байы ие болған жабайы дала, жайын өлкеде бүгін жетпіс колхоз орналасқан. Түрксиб бойындағы осы өлкеге көп көмегі тиген зор станция "Қостөбе", міне, бүгін аудан орталығы. Мен болсам жақында, Алматыда институт бітірдім. Әйел мәселесіне социалистік Отан енгізген жаңалықтар жөнінен диплом қорғадым. Нина Ивановна ғылым кеңесінің мүшесі еді. Менің дипломым "өте жақсы" деп бағаланған шақта оның қуанышы өз табысынан кем болған жоқ. Ойда жоқта тағы бір адам менің дипломыма өзгеше мән берді. Ол мен ұмытқан, әлдеқашан жоққа санаған, алты қырдың астындай қиядан, қиюсыздан келген бір жан!.. Көзінде көзілдірігі бар, бұл шақта шашы бурыл тартқан, салмақты, маңызды, ғалым бейнелі адам. Жаңада Москвадан келіпті. Өзі тарих ғылымының профессоры болыпты!.. Ол — Мардан!.. Мені филиалға, Тарих институтына аспирант болуға шақырды!.. Бірақ Нина Ивановнаның үйіне келгенімізде, оның қазіргі күйеуі, Сапар аға жаңа хабарымды қуанып қарсы алды да, ойда жоқта өзгеше байлау, кеңес берді. Сапар аға — Алматы обкомының бірінші хатшысы, ол Нина Ивановнаны тыңдамады. Менің институттан шыға сала аспиранттыққа баруымды мақұлдамады. "Ақталға бар, ғылым табысына өмір табысын қос. Өмір тартыстың өзінен, партия құрылысының академиясынан оқып келіп, байып кел!"—деді де... бәрімізді жеңді де!.. Мен енді осында, әйелдер арасында істейтін істерімнің ғылымдық қорытындысын жасай барып, диссертация қорғамақпын!.. Сонымен, ең әуелі өзім де... (Сексек шығады.)
С е к с е к. Ең әуелі сен өзің де... өз өміріңді тиянақтаған кісі емес ең... Бір жайдан қатты-қатты қорқамын-ау, Алуа!
А л у а (күліп). Ия, немене, түсіңнен шошыдың ба?
С е к с е к. Жұртқа үлгі айтады, өзінің өзге қыздарға үлгі болар өмірі қайсы десе, не дейміз осы?!
А л у а (күліп). Е, немене, мен үлгі көрсете алмаймын ба? Неден түңілдің?
С е к с е к. Әлі күнге ең алдымен, үлгі берер өзінде, осы шаққа шейін не үй, не күй жоқ. Менде болса шүйкебас жоқ, сенде болса бақырбас жоқ. Құр ұшамыз да жүреміз. Ұшамыз да шырлаймыз. "Бытпылдық... бөдененің үйі жоқ"...
А л у а. Па-ай, не деген сорлы едік десейші!..
С е к с е к. Енді не? Оқу... оқу, тағы да оқу дедік. Тостық, ақырында кеп бітірдік. Жаңа бірдеме болар деп ем, сен болсаң тағы Алматыдан жалғыз кепсің. Ауданда саған сай жігіт қаптап тұр ма? Немене, сондағы көп жігіттен үркіп, қашып шықтың ба?
А л у а. Мені қой, қойсаңшы, Секе!.. Менің ертеде бір аузым күйген де!.. Өзің болмай шынды айтқыздың, ертеде бір іркіліп қалмап па ем.. Сөйтіп, мені қой дедім ғой. Ал енді, сырға сыр орай болсын, өзің неге үйленбейсің осы?
С е к с е к. Е, мен әлі... өзің білесің ғой, анау екі шүйкебаспен бүйте бастап... берекелі үй болмай... нетіп... айрылысып кеттім ғой. Дәл өзі табылмай жүр де.
А л у а. Дәл өзі? Онысы қандай еді?
С е к с е к. О, менің ендігі іздегенім көңіліме көңілі сай, әсіресе бойыма бойы сай қыз емес пе?!
А л у а. Онысы тағы қандай "Мың бір түн?"
С е к с е к. Е, маған өзімнен бойы ұзын қыз қайтіп қатын боп жарытады! Осында бір-екеуімен тағы да үйлесе жаздап барып, шалжиысып кеттік. Бәрі сол бойдан. "Шүйкедей, осындай еркек бола ма екен?" дейтінді шығарыпты. Тіпті осы заманда қыздың өзі де дередей боп кетіпті шетінен. Міне, маған, мысалы, сен сияқты ұзын сирақ қыздың не керегі бар, оны қайтем?! Зәуі-сайтан, бетінен сүйгім келе қалса, ақырдан сұлы жейтін аттай мойным созып тұрғаным ба? Жоқ, аяғым астына қолағаш қоям ба! Ал мені... білдің бе, Жиренше шешен сияқты... ол өзіме шешендігі сай қыз тапқанша үйленбеймін деп еді ғой. Мен бойыма бойы тең қыз тапқанша үйленбеймін!..
А л у а. Не деп тұрсың, со да серт боп па?
С е к с е к. Е, серт болмаса, себеп! Ал сенде тіпті себеп те жоқ қой!
А л у а (күліп). Жарайды, жарайды. Сенің тілегің құдайыңа жетсе, осында әлдебір күйеуге де кездесермін, қайдан білдің?..
С е к с е к (кетеді). Ия, осы жақта Бетпақдала бар деген, сонда Алуаны тосып, баяғы "Қозы Көрпеш — Баяндағы" Баян сұлуды аңсаған тоқсан сері жүр деген, әлі күнге сұр бойдақ боп... Ауданда басы санаулы ер атаулы үй-жайымен тұрып жатса, табарсың қатқанның басын! Керек десе, менің оркестрімнің азғана еркегінің де бәрі үйленген әуелі. Сен бе, сен күйеуге тисең, мұрнымды кесіп берейін!..
Б е й с е н (кіреді. Амандасады). Жә, Алуа, не болды, кеше не болған осы?
А л у а. Ия, өзің не болды деп естідің?
Б е й с е н. Мен әлгі Әбекең сөзін ғана естіп тұрмын. "Шатақ болды, жұрт аузында женотдел және сенің атың аталды" дейді, рас па?
А л у а. Тағы не істеппін?
Б е й с е н. Қызды сен азғырған дейді ғой.
А л у а. Е, ол Жанар жайы ғой. Осында сегізінші кластан, школдан шешесі шығарып ап, күйеуге бергелі жүрген бір комсомолканың жайы. Олар сондай бір топ қыз... Сенің білуің керек, жақсы сұрадың. Мен оларды бүгін әдейі осында, женотделге шақырып ем, келіп қалар. (Жанар, Әсия, Кәмшат, Сеуле коридорға келіп, есік қағады. Алуа оларды қабыл алады.) Ә, міне, өздері де келді. Кәне, қыздар! Мына кісі Бейсен аға, райком хатшысы, білесіңдер ғой? Ал, Жанар, түндегі болған жайды сен өз аузыңмен Бейсен ағаға өзің айтып берсең қайтеді?..
Ж а н а р. Алуа тәте... керек пе сол?
Б е й с е н. Әбден керек! Айту керек, Жанар, кәне?..
Ж а н а р. Осында кооперативте істейтін Жұман деген хозяйственник бар. Ақшасы көп, азығы көп, өзінің бұрынғы қатыны өлген, сандығында жатқан промтовары да көп екен. Сол жігіт өзіммен бір ауыз сөз сөйлеспей, менің ырзамын деген сөзімді естімей-ақ, кешегі күні той жасайтын боп қойыпты.
Ә с и я. Құда-құдағи боп бүткіл Қостөбенің, қайдан шыққанын білмейміз, қырық ру кемпір-шалы жиналыпты. Олар болса бір сәрі-ау, ауданның қызметкерлерін де шақырыпты.
Ж а н а p. Мені тіпті райисполкомнан "Әбекең келді" деп, онан сайын дөңгелетіп, қолды-аяққа тигізбей әкетіп барады. "Әбекең қайырлы болсын айтады" деп қояды. Сөйтіп, былық-шылық жасағандарына иттей ыза болдым да, бір кесірге бекініп алдым.
Ә с и я. Үйшік-үйшігін жасап болсын, соны бір-ақ талқан етерміз деп қойып ек. Кеше сол кеште мына Алуа тәте кездесті. Бәрін осы кісі де көрді. Артынан Әбекең тағы келіп кетіпті. Бәрі де "ұят болды" десіпті.
Ж а н а р. Бірақ Әбекең ағадан ұят болғанымен, қайтейін, ұят деп итке тиейін бе?
Б е й с е н. Бәсе, солай деші? Баяғы ескі қудың жүргені емес пе сүйретіліп... Ошағанша оралқы жүргенін көрдің бе етене... партия қалай жақсы айтқан... адам санасындағы ескілік қалдығы. Сендер, қыздар, оны өздерің де жеңесің... Мазақ етіп жеңбеске не. Ал мына Алуа екеуміздің жас күнімізде бұл ескілік... ескілік қана емес, сорақылық еді. Ол қолына бақан ұстап шабатын. Бірақ сол күрес әлі бар, әлі керек. Санасы, түрі ауысқанмен, әлі де ескі надандық, қара заңдар қалдығы қарсы алысуды тілейді. Енді тек онымен қарсы алысушы біз аз емеспіз де, әлсіз емеспіз, күш бізде. Бүгінде және оның кейбірімен біліммен, өнермен алысу керек. Қыздар, сендер немене, тек бостандығын айтып қана қоясыңдар ма! Жоқ, басқа азаматтық, арман мүддесін де ойлайсыңдар ма, жоқ па?
Ж а н а p. Жоқ... Енді біз, Алуа тәте, сізден, Бейсен аға, сізден де, мына қыздар бәріміз боп, бізді қайтадан осы ауданда бір жақсы оқуға жайғастыруды сұрап кеп тұрмыз!
С ә у л е. Қандай да болса бізді бір мамандық оқуға жіберіңізші!
К ә м ш а т і Бізді агротехникалық мамандыққа, Сәуле аудан шаруасына қажет мамандыққа оқытсаңыздар екен?
Б е й с е н. Ә, бәрекелде... Міне, бұл сөз! Қандай ақыл сөз... Ендеше, айтайын ба? Сіздер бұдан былай женотделмен, Алуамен үнемі нық жалғасыңдар. Мен білемін, Алуа сендердің оқуыңа, өскеніңе күш салар. Ал сендер бұған серік, аудан әйелінің мықты активі боласыңдар... Ал оқуларыңды Алуа жайғастырады да!.. (Күледі.) Әбекең тоссыз қалғанмен, ессіз болған іс емес екен ғой өзі!.. (Күлкі.)
А л у а. Бәсе, кешегі түн, бір жағы көп сорақылық ашылған комедия түні болғаны рас. Бірақ бұл жайдың күлкі емесі де бар... (Портфелінен бір кесек тасты алып ұсынады.) Өзі бұзық, өзі мас күйеу түнде менің тереземді сындырып ұрып, маған мынаны сыйға тастап кетті. Жолдас Бейсен, қазір пәтеріме кісі жіберіп, акт жасатуыңызды сұраймын!
Б е й с е н. А, мұның осындай да жайы бар ма еді? Ендеше, оның жөнін біздің бөлмеге барып сөйлесейік. (Кекетіп.) Әбеке... Әбекең... Әбекеңде көп екен... сезбеген сыр көп екен... ә-ә? Алуа, сен мына жұмыстарыңды бітірген соң, дәл осы жөнінде бізде сөйлесуге маған кел! Осы жолы Алматыда болғанымда Сапар жолдас айтып еді. Ауданға Алуаны әдейі жібердік... Өзі шыққан аудан, өз өмірі де арғы - бергісімен көп. Бірақ оған да шарт, саған да серт... Ақтал ауданынан тамаша жақсы азамат әйелдер ендіріңдер деген. Соны ойлап айтам, дәл осы мына қыздардай жастарды енді, Алуа, қанат ет. Қанат ет те... бәрің боп сол партияның дегеніне жетіп бақ дейім. Ауданның мақтаны болар өнер табындар тобыңмен...
А л у а. Бұл біздің ауданның бар әйелі турасындағы мүддеміз болсын, Бейсен жолдас!
Б е й с е н. Бәсе... бастадың ғой, таныса бер де, алыса бер әйелдер халі үшін... Бастадыңыз ба, сол талабың жолында әрдайым қасыңдамын!
А л у а (қыздарға). Жә, балалар! Мен сендердің кешегі тілектеріңді, оқымақ талаптарыңды ойлап, өлшеп шықтым. Осындағы агротехникалық курсқа, бұрын мектептен кеткен он бес қыз, бәрінді де, осы аудандағы ең қадірлі шаруашылық іс — қызылша жұмысына, күріш егісіне, қант заводына мықты маман етіп шығаруға ойласып қойдым. Ертең сағат екіде, осы араға сендерді бұдан былай оқытатын курстың басшыларын шақырып, мәжіліс жүргіземін. Өзгелерді хабарлаңдар, өздерің де сол екіден қалмай келіндер, мақұл ма? (Қыздар мақұлдап, қоштасып жөнеледі. Екі-үш колхозшы әйел мен бір еркек кіреді.) Жә, "Ақтал" колхозының екінші бригадасы, күйлеріңді кеше көрдік. Бригадир Садық, сізді мен шақырдым. Кәне, апалар! Кешегі маған айтқаныңызды бүгін мына бригадир алдында қайта айтыңдаршы!
1- әйел. Айтсақ, тағы сол кешегідей. "Ақтал" колхозы дейтін колхозымыз бай. Бірақ көзің көрді ғой әне, Алуа, ұдайы, күн сайын жұмысқа балаларымызды ала шығамыз. Үйде күтетін кісілеріміз жоқ.
2-ә й е л. Жаслі дейді, бала бақшасы дейді, қайда сонысы?
3-ә й е л. Ұйыстырған жоқ, көзіне айтамыз, мынау бригадир — мынау Садық ұйыстырмай келеді!..
1-ә й е л. Қасымызда балалар болғандықтан, өзге әйелдердей емес, еңбегіміз де шала.
2- ә й е л. Өз көзің көрді ғой, Алуа, көңіл ала болған соң, еңбек зая кетеді!..
А л у а. Араларыңда стахановшыларың бар ма? Осы тұрғандарың озаттарың кім?
3- ә й е л. Өзге, баладан бос әйелде стахановшылар бар... Ал бізді алсақ... Әй, бәріміз шамалас қой, қарағым!
2-ә й е л. Ондайды арамыздан өсіріп шығара алмай жатырмыз ғой, әлі!
А л у а (Садыққа). Жә, жолдас бригадир, бұны не дейміз? Ақтал бойы — қызылшаның бар Одақта ең мол өсетін жерінің бірі. Бұнда дүниежүзілік рекорд беретін өнім алу шарт деп отыр партия мен үкімет. Ал сіз өз бригадаңызда көп әйелдің еңбек жағдайын мешеулікке салындырып, стахановтық еңбектен қалдырып отырсыз!.. Бекер ме осы?!.
С а д ы қ. Рас, болмай тұр. Өздері де қымс етсе бригадир!..
1-ә й е л. Бригадир демей, кім дейміз? Бәрі сенен емес пе?
2- ә й е л. Не жағдай жасадың? Кімге жасадың?
А л у а. Жә, барлық жай мәлім! Себептер және айқын!.. Жолдас бригадир, колхоз бастығы мен сізге қойылатын бір - ақ шарт бар. Үш күн... ертеңнен бастап үш күн ішінде сіздің бригадада бала бақшасы ашылсын. Ашылмаса, мынау жас баласы бар әйелдер қызметке шықпайды.
С а д ы қ. Ойбай, ол не дегеніңіз? Баласы жоқ әйел жоқ, онда қызылшаның науқаны үстінде бар жұмысты тоқтатам десейші!..
А л у а (қатаң). Тоқталады және сіздей бригадир сотталады.
С а д ы қ. Сылтау тауып бердіңіз ғой. Айтам ғой, баласы жоқ әйел жоқ деп...
А л у а (ызалана). Бәсе, баласы жоқ әйел жоқ, бірақ бір әйелдің қамын ойлау сізде жоқ. Адам ба бұл жұрт, мал ма? Күн көзінде, жауын астында жас бала қозы-лақтан жаман ескерусіз жатыр. Кеше мен көзіммен көргенде сондай түршіктім. Тіпті қозы-лаққа осындай қырсыз болған шабан көрдің бе? Олай болса, табан жерде сотталарыңды білер ең!.. Ең алдымен үйшік-лашық соған әзірлер ең. Бітті сөз! Үш күн ішінде ясли ашылады, сонда ғана аналар алаңсыз жұмысқа араласады.
Ә й е л д е р. Айтқаның келсін, жолың болсын, Алуа!
А л у а (Садыққа). Колхоз бастығы мен екеуің яслиге керек аспаптар мен киім-бұйым заттары, ыдыс-аяқтары жөнінде нақтылы толық есеп жасап, ертең кешке, қызмет аяғына райкомға, маған жеткізіңіздер! Мен сендердің көмектерінде боламын. (Бұлар кете береді. Айбала мен Назарбек келеді.) Жә, Назеке, Айбала, сиыр фермасының анадағы жайын біле келе, мен сіздерді әдейі шақырыл ем! Ал, Назеке, сіз осы фермаңыздағы бар жайға дән ырзасыз ба?
Н а з а р б е к. Несін айтасың, қарағым, қарық болған шағымыз, бірнеше жүз мөшке сиырларымыз анау, бұлақтай шетінен. Бір жақта май заводымыз сонау. Колхоздың табысын, түу-түу, атама!
А л у а. Ал сауыншы әйелдеріңіз ше?
Н а з а р б е к. Оларды да атап сұрама, өңшең сен тұр, мен атайын.
А л у а. Сөйтіп, бәрі бірдей стахановшы ма? Жоқ әлде бәрі бірдей орта қатарлы сауыншы ма?
Н а з а р б е к. Е, со-со, сол айтқаның ғой!.. Бірін стақан, бірін ол-пұл деп ала-құла қып бөлгеміз жоқ оларды.
А й б а л а. Өй, әке! Біздің завферма әкеміз боса тек босқа әңкілдей береді екен, құдай аманаты, кәукілдеп. Бір спецовканы бұрын тоздырдым дегенмен, қайтеміз айтпай!.. Менше, сіз де қарық қып тұрған жоқсыз, әкеміз. Стахановшы шықпағанына ұялсақшы, өкінсекші одан да!.. Озат әйел бізден шықпас па еді, соны айту керек қой!
А л у а. Бәсе, соны айтыңыз!..
А й б а л а. Стахановшы шықпай жатқаны — үйімізде адамымыз көп. Сыртта сауын, үйде бала күтімі, бір үйлі жанды күту бар. Екіұдай боп, алақ-жұлақпен күніміз кешеді. Арамызда не бір депутат, не бір ордынос, озғын әйел шықпағанына ішіміз күйеді. Осыны білші тым құрыса. Сол емес пе, қатындардың айтатыны. Солай демеуші ме еді?
А л у а. Бәсе, міне, соны айту керек, шынды ашу керек!..
А й б а л а. Анық шынды айт дедің ғой, Алуа! Ендеше... олай болса, тап мына тұрған қарт, біздің Назекең, осы фермаға бастық болуға жарамайды. Шынын өзің айтшы, әке? Осыным дәл емес пе?
Н а з а р б е к. Апыр-ау, мынау не дейді мүлде? Баяғыда өзіңмен бірге сол фермада қан төгіп ем-ау, Алуа!
А л у а. Оныңыз рас, Назеке! Бірақ сізді орныңыздан алса, айыптамай-ақ алуға болады.
Н а з а р б е к. А, солай ма? Нос келмейді ғой, әйтеуір... Ендеше, осы қыз біліп айтқан болар. Шын-ақ мені төңкеріп, бір жасқа табыс ете қойындар. Тіпті со кісіңді осы арада аташы өзің?..
А л у а. Жоқ, Назеке, біз бұл арада байлап шешпейміз. Оны колхоз жиыны өзі шешеді. Бірақ кеше өзге әйелдер Айбаланы ауызға алған еді. Түбінде колхозбен қосылып осылай ойланармыз, Айбала, соны ескере бергейсің! (Бұлармен қоштасады.)
А л у а (хатты шолады). Арман!.. "Көрем... көруге асығам" депті! Мен ше?.. Осы жолы мен де асығам... Өмір жолымыз тағы да Ақталда кеп табысар ма! Талай жыл бөтен болысып кеп ек! Институт бітірген түн... Алматыда, бақшада сонша бір өзгеше, жаңаша білісіп, бағаласқандай боп ек!.. (Арман кіреді. Ол Алуаға қуанып ұмтылады.)
А р м а н. Алуа, Алуаш!..
А л у а. Арман... Қымбаттым!..
А р м а н. Ауданға келді деп естіп, демалыс күні не қылсам да іздеп таппақ ем. Күн санап, сағат санап демалыс күнді сондай асығып тосқам-ды!.. Қандай жақсы, қандай рақат!.. Бүгін шақыртқандарың қандай сәт болды.
А л у а. Шақыртқан?.. Сізді ме? Кім?
А р м а н. Е, начальникті... Біздің құрылыс начальнигін женотдел шақыртпады ма?
А л у а. Ия, сөйтіп сіз начальник пе едіңіз?
А р м а н. Енді кім?
А л у а. О-о... маған начальник болмай, Арман болғаныңыз артық еді ғой... Амал жоқ!
А р м а н. О, не? Не дедің, Алуаш?
А л у а. Дегенім сол. Сіз мұнда романтиканы әкеп едіңіз. Ал өзіңіз, ісіңіз... Начальниктік ісіңіз сіз бен бізді тату түгіл, соншалық алыс, араз етерлік. Біліңіз, міні, біздің бөлім әйелдері барып, сіздің өндірістегі әйелдер жайын анықтап келді! Міні, сіздің ісіңіз! Тыңдаңыз әйелдер сөзі, міне: "Басшымыз, начальнигіміз жайымызды айтсақ, тыңдамайды. (Оқиды.) Жатқан жайымыз ит байласа тұрғысыз! Балаларымызда баспана, күтім жоқ. Ауруымызды қарататын дәрігер деген мүлде жоқ!.. Әлденеше жүз жұмысшы бармыз, не кітапхана, не газет, бірде-бір мәдениет белгісін көрмейміз!" (Арманға.) Жә, жолдас бастық, тыңдап болдыңыз ғой, көрдіңіз бе халық наразылығын, сіздегі өндірісіңізде істейтін жұмысшының 25 проценті әйел екен. Немене, сіздің тым құрыса ясли, балалар бақшасын жасауға да мұршаңыз келмеді ме?
А р м а н. Алуа, бұныңыз қалай? Сізбен осылай көріспекші ме едік Ақталда?!
А л у а. Бәсе, мен де бұлай кездесерміз деп ойламап ем! Қазір менің осыдан басқа сезімім де, ойым да жоқ.
А р м а н. Мен станция сала ал май жатсам, о несі! Айыптамай, көмек етсеңізші!
А л у а. Көмек етсе, неге бірде-бір әйелді қайратына, әйелдік қалпына сай орынға ауыстырмайсыз, үйретпейсіз?
А р м а н. Бұл айтқаныңыздың бәрі құрылыс күндерінің міндеті емес, басқа орындардың, басқа күндердің міндеті!
А л у а. Солай ма? Ендеше, сізбен сөз қысқа екен!.. Бұл арада ұғысатын емеспін. Сөзді мен бүгін райкомның бюросына қоям және аз күнде Алматы обкомына, сіздің министріңіздің алдына да қоям. Бұл әйелдер үшін мен аз емес, көп алысуға бекінген болармын!
А р м а н. Ал, ұрсып болдың ба? Өзің не деген қатал, зәрлі адамсың? Маған ашудан басқа айтарың бар ма, жоқ па?
А л у а. Сенің өндірісіңнің бүгінгі халінде ашу мен реніштен басқа айтарым жоқ.
А р м а н. Осылай ма еді Алматыдағы сөз?! Мен пәтер қамдатқалы жүрмеп пе ем!..
А л у а. Менің міндетімдегі жұрт жұмысы жайғаспай тұрып, мұнда келмей жатып, ең алдымен өзім орналасам ба? Онда қандай дұрыстық, жарастық, тыныштық, рақат болмақ? Еңдеше, пәтер жайын менсіз ойла! Бара бер! (Арман шығып кетеді. Алуа жалғыз. Қойын дәптеріне.) Тағы да не деген жай, қай түйін!.. Ерте кезден бір-бірімізге әрі ұмтылысып, әрі қайшы өтіскен, қарсы келіскен бір халден айығу жоқ!.. Көп заманнан ішімде ерте күндегі бір адасудан, қателіктен байланып, түйіліп қалған салқын түйін бар еді... "Жүрегімді ыстық өмірден тыйғандай, ерімес мұзым, таусылмас тоңым жатқандай" деуші едім!.. Соны... осы Арманды жақында, Алматыда қайта тапқанда, ендігі сезімдеріміз еріте бастағандай еді!.. Енді міне, қайтіп бас тілегін тілей аламын!? Қандай сана, қандай жүзбенен жаңағыдай күйде ерлі-жарлы күн кеше алам онымен?!. Бұ не деген менің өмірімнен, менің бас тірлігімнен үнемі бір арылмайтын, қалмайтын қалың сор?!. (Жылап жібереді.)
ш ы м ы л д ы қ
Жетінші сурет
Жақсы жиылған кең бөлме. Нина, Алуа, Арман, Сексек шығады. Аздан соң әдемі киінген, кеуделерінде ордендері, үкімет мүшесі значоктары бар Жанар, Айбала, Кәмшат, Анар, Сәуле келеді.
Н и н а. Бар жай түсінікті, жалғыз-ақ жөн бар. Мен бүгін обкоммен, Сапармен сөйлесіп, сіздердің сыртыңнан, әсіресе, Алуа, сенің сыртыңнан бір байлау айта бастадым. Ақтал ауданындағы әйелдер арасындағы партия басшылығы өткізген бірнеше жылдық тәрбиелік жаңалықтарды, жан - жақты мол істерді тек осы Ақтал ауданында ғана қалдыруға болмайды!.. Сол үшін, Алуа, сен осындағы бар еңбектің, қиыншылық, тартыстың бәрін де жазуың керек. Жаздың ба осыны?
А л у а. Есінде ме, Нина Ивановна, маған Сапар аға осы ауданға жібергенде "табысыңмен ғылымға қайт!" деп еді. Мен диссертация жазбақ едім ғой, ұмытқан жоқсың ба?
Н и н а. Неге ұмытам? Ендеше, обком маған бар істің ақырында сенің осы жөніңді айрықша тапсырған болатын. Сен менімен Алматыға да жүруің мүмкін.
А л у а. Диссертация жөнінен жүрген де қажет пе деп отырмын. Мен профессор Марданнан хат алдым. Диссертациямның толық жоспарын жіберіп ем. Хатында мен ойламаған тың бір жайлардан аса көп оқшау сөз қозғапты.
Н и н а. Қандай сөз?
А л у а. Мен әйел мәселесін коммунистік қозғалыстың дүниежүзілік тарихы көлемінде айтпақ едім. Дәл деректерді, қазақ сияқты, советтік шығыс әйелдерінің Октябрьден бергі тартыс, табыстарына арнамақ ем. Профессор Мардан оны "аз" депті.
Н и н а. "Аз" депті, не себепті?
А л у а. Бұл күнге шейін менің мүлде ойымда жоқ және, өз білуімше, жаңағы тақырыбыма жанасы жоқ бір жайларды ұсынып отыр. Өзі осыған барынша салмақ салып айтады тағы да.
Н и н а. О қандай проблема?
А л у а. Алтын Орда, Ноғайлы және қазақ хандықтарының бірнеше әйелдерін зерттеп қос дейді.
Н и н а. Оның мына тақырыпқа қандай қажеті бар!?
А л у а. Сол деректер болмаса, тарих ғылымына ұқсамай, өріс шолақ болады дейді.
Н и н а. Тыңдамаса қайтеді сол айтқанын?
А л у а. Болашақ оппонентім... Дауым бар өзімен. Кездесуім, баруым шарт Алматыға!.. Оның үстіне, тағы бір ойым бар... Сол айтқан деректеріне қарсы ойымды түгел құрастырып алайын. Өзінің де бар дәлелін, жеріне түгел жетіп, бар шынын білейін. Осыны білмекті, бір себептерден қатты қадағалап, көп ойлап жүрмін... Қалай кезігер екеміз?! Ойымда жүрген көп түйін бар. Жо... бару шарт Алматыға!.. Менің осылай Алматыға аттанып кетуім де мүмкін екен-ау, Арман!
А р м а н. Амал қанша!..
С е к с е к. Қой, неге асығыс онша да мұнша!?
А л у а. Әйтеуір, Секе, мен туралы тоярың да, тынарың да жоқ-ау!
С е к с е к. Е, үйлі-баранды болған соң отыра түс демей, не дейік? (Әсия кіреді, әскерше киінген.)
А л у а. Ася, Асюша, жүрмекке қамдандың ба?
Ә с и я. Жүріп барамын!.. Сізбен, сіздермен қоштасуға келдім, Алуа тәте!
А л у а. Солай болдың ба, жаным! Жолың болсын, абырой тап, бақыт тап. Аман бол, айналайын!.. (Әсияның көзінен сүйеді. Жанар бастаған бар әйелдермен Әсия сүйісіп қоштасады. Ол жүрерде.) Білемін, Асюша, сен оттысың, ерсің! Сен біздің ауданнан шыққан совет қызының, ең үлгілі азаматының бірісің! Сені майданға өз ықтиярыңмен әкетіп бара жатқан да Ленин комсомолының ұлы тәрбиесін ақтаған азаматтық үлкен санаң!..
Ә с и я. Алуа тәте, менің әкем де, шешем де өзіңіз боп алғансыз... Оны да есімде тұтам... Біліңіз, оны да ақтармын!..
А л у а. Білем, жаным, ауданнан Отан қорғауға бара жатқан бірінші қазақ қызы сенсің. Сені біз көп сағынамыз, көп ойлаймыз. Жақсылық істеріңді бұндағы еңбек майданында мыңдарға үлгі етеміз. Осыны есіңнен шығарма!.. Бақыт тап, бауырым!.. (Сүйіп жөнелтеді. Арманға повестка әкеліп береді.)
А р м а н (повестканы Алуаға көрсетеді. Пауза). Мен запастағы офицер болатұғым. Бір жұбанышым — станцияны түгел салып үлгірдім. (Алуаға қарап.) Басқа да ұзақ жылдар бойындағы арманыма жеткен шағым еді. Мына повестка бойынша мен ертең, бүрсігүндері-ақ Қостөбеден аттанатын болармын!.. (Телефон, Алуа телефонда.)
А л у а. Бейсен!.. Не дейсің? Запастағы офицер!.. Арман алды повестканы, алып отырмыз. Қалай дейсің? Сен де запастағы офицер ме едің? Сен де аттанатын болдың ба? Қалай, бұнда қалай болғаны? Обкоммен, Сапар ағамен де сөйлестің бе? Жоқ, маған әлі звонить еткен жоқ... Не дейсің? Мен бе? Бұ қалай, қандай шұғыл!.. Бейсен бауырым, жолығамын, тез барамын!..
Н и н а. Мен аңғарсам, Ақтал райкомының бірінші хатшысы және де майданға аттанады.
А л у а (ойда). Ия, солай, аттанады... Білемін қандай шұғыл өзгерістер!..
Н и н а. Оның орнына хатшы боп Сатаева Алуа қалады, солай ма?
А л у а. Білмеймін... таң қаламын, қайранмын. Осынша жауаптылық... Сондай үлкен ауданда... (Тағы телефон.) Ия, Сапар аға! Алматы! Алматы! Ия, Сапар аға, мен Алуа. Жаңа ғана сіздің алдыңызда телефонная, Бейсеннен ғана естіп отырмын!.. Бұл қалайша? Сапар аға!.. Мен ақтай алам ба, әл-шамам жетер ме?.. Обком бекіткен бе еді? А-а, ЦК-да солай байлады дейсіз бе? Түсіндім... Қашан? Бүгін түнгі поезбен бе? Құп, Сапар аға, әзірленейін... (Трубканы салып, үйдегілерге.) Түсіндіңіздер ме, жолдастар? (Алуаның сөзінің уақытында үнсіз тыңдаған үй іші тегіс тұрған, Алуаға қарай ұмтыла түскен күйде.)
Ж а н а p. Біз білсек, Алуа тәте, осы сәтте соншалық үлкен, шұғыл және тамаша өзгерістер болып жатыр-ау!..
А й б а л а.Алуаш, айналайын, қайырлы болсын!.. Бейсен бір спецовканы бұрын бітірсе де, өзің де олқы соқпайсың, қуанамыз, құттықтаймыз!..
К ә м ш а т. Қорғанбаңыз, Алуа тәте. Алыңыз Отан әмірін!.. Артында тобың, қатарыңда қанатыңбыз...
А н а р. "Келсең келде кез болды, кейіте беріп қайтесің" депті ғой бір өлеңде!.. Жүздеген, мыңдаған Ақтал әйелі досың бар. Партияның, Отанның саған сенгені, бізге де міндет артқаны деп ұғармыз.
Н и н а. Міне, сенің ендігі жауабыңды жұрттың тілі, мына достар үні танытты!..
А л у а. Сапар аға айрықша үлкен тапсырма алу үшін ЦК-ға тез жет деді. Бүгінгі түнгі поезбен шық деді ғой. "Облысқа, республикаға, барлық Одаққа арнап Ақтал әйелдері атынан отаншыл серт, үндеу алу керек" дейді. Бұл Ақтал ауданының тарихында сондайлық жауапты, ерекше міндет болар!.. Ал, достар, қазір сағат он!.. Енді қырық бес минутта Алматыға қарай поезд өтеді. Мен Бейсенге де соғамын... Көріп отырсыздар! Арман, тығыз әзірлік шарт! Қамдану... амал бар ма, жаным!..
Н и н а. Мен де тез әзірленейін. Жүріске асығу керек. Барлық жай, Арман, өзіңе де түсінікті ғой!.. (Арман, Алуа аз оқшауланады.)
А р м а н. Өкінбеймін, Алуаш, бірақ өздерімізді, екеумізді сәл кінәлаймын... Дәуреніміз... соншалық күншуақты күніміз берген еркіндікті, рақат кеңшілікті неге осыншалық сараң, олақ пайдаландық екен...
А л у а. Сыртымыз айтпаса да, сараң сөз тұтқыр тілден шықпаса да, сен екеуміз жүрекпен, ішпен көптен үйріліп, сөзсіз, үнсіз табысқан жандар ек...
А р м а н. Бірақ неге кешіктік, неге іркілумен келдік? Енді міне...
А л у а. Білем, Арман... Арманым!.. Иланамын, сенің айтып тұрғаның күйініш емес. Сен бұл сапарға күйініп аттанбайсың, мен өзім де күйініп аттандырмаймын. Жарым кетті, тіршілік барлығымның жарымы ардақты сапарға, әділ кек, асыл азамат жолына аттанды деп ұзатамын мен сені... Мұндағы бар еңбек пен бар тірлігімде сенің майдандағы ісің қасымда, қатарымда жүрген қанаттасым, серігім болар...
А р м а н. Бақыттымын, Алуаш... Аман бол, зор бақыт тап сен алдында... Бар сертім, бар тілегім сенімен. Шақ қуаныш болса да, мәңгі кемімес те ұмытылмас іштегі сәлем болар... Ризамын саған!
А л у а. Қош, жаным!.. (Екеуі сүйіседі. Сахнада қараңғылық.)
Ендігі оқиға райком хатшысының кең бөлмесінде. Сахнаға бір топ бөгде адамдарды бастап Сапар шығады. Қасында орталықтан келген және өзінің көмекшісі тәрізді адамдар бар. Алуа мен Сапар сөйлесіп келеді.
С а п а р. Біздің газеттердің адамдары бар ма? "Правданың" тілшісі келді ме?
А л у а. Келген, осында болар.
Т і л ш і. Мен мұндамын, бармын, Сапар Сейілович!
А л у а. Ендеше, біздің аудан көлеміндегі колхозшы, жұмысшы, интеллигенция өкілі болған әйелдер қауымынан арнаулы үндеу қабылдағандары туралы рапорттарын естуге рұқсат етерсіздер, жолдастар!
С а п а р. Рұқсат, басталсын! (Есіктен бөлек-бөлек топтарымен неше лек әйелдер өкілдері келеді.)
А л у а. Жолдастар, келісіп алайық. Үндеудің алғашқы бастамасын өздеріңіздің ұйғаруыңыз бойынша Қазақстан Партия Орталық Комитетінің хатшысы жолдас Сейілов айтады. Содан ары, аудандағы озғын стахановшы әйелдер, кезекпен сіздер, өздеріңіз үн қосасыздар. Атақты қызыл - шашы, күрішші, сауыншы, өндірісші әйелдер, бүгінгі сөз сіздердікі. Ал ең алғаш бастау сөзді жолдас Сейіловқа бердік!..
С а п а р. Жолдастар, үндеулеріңіздің басы былай басталса нетеді! (Қызулы екпінмен.) Біз бүгін, жауға қарсы оқ есебінде, Ақтал ауданының Отан сүйген колхозшы, жұмысшы қызметкер әйелдері атынан: майданға аттанған жауынгер ерлеріміздің аналары, жарлары, апа-қарындастары, қыздары боп, осы үлкен тарихтық үндеуді қабыл аламыз! Аудандық партия басшылығының алдында, Қазақстан партиясы Орталық Комитетінің алдында, Ленин партиясы алдында, совет үкіметі алдында осы жариялағалы отырған байлауымызға серт береміз!..
Ж а н а р (іле жөнеледі). Ол сертімізде өзімізге қояр шартымыз, Отанымызға берер антымыз сол — аудан әйелдері өзіміз еңбек еткен колхозда, бригадаларда, совхоздарда, фермаларда, отар, қашарларда, заводтардың цехтарында, "Қостөбе" станциясының жұмыстарында!.. (Енді осыдан арғы сөзді Айбала, Кәмшат, Сәуле, Анар кезектеп айтып жөнеледі.)
А й б а л а. Барлық Ақтал ауданының еңбек етуге қуаты бар әйелдері өзімізді майдан үшін, Отан қорғау үшін бар - бар күшін сарп ететін мобилизациялық халде деп жариялаймыз! (Сексектің оркестрі әсем марш тартып тұрады.)
А н а р. Аудандағы еңбек салаларының бәрінде қызмет етуші әйелдер, ерлеріміз жауды жеңіп, құртып болғанша, стахановтық еңбекке айнымастан берілдік, бекіндік деп санаймыз!..
К ә м ш а т (іле жөнеліп). Сол үшін бригадалар мен бригадалар арасында, колхоз бен колхоздар арасында, өндіріс цехтары арасында "Отан үшін!", "Барлық жеңіс үшін!" деген ұранмен социалистік жарыс жариялаймыз!
С ә у л е. Ақтал ауданының әйелдері, біз, Отан соғысы басталған күндерден бері қарайғы еңбек тәжірибемізді жиып кеп, бүгін жасаған байлауымызды бүкіл Қазақстан көлемінде мәлім етеміз. Қазақстандағы бар облыстарда, бар аудандарда еліміздің отаншыл зор саналы еңбекші әйелдерінің бәрін де ерекше жігермен еңбек етіп, қайрат атуға үндейміз.
Ж а н а р. Майдандағы ерлеріміз алдында, барлық ардақты Отан алдында қажымас қайрат, мойымас жігер, зор сананы серік етіп, ауыр сындарды адақтаймыз, біз жеңіп шығамыз деп сенім айтамыз!.. (Енді Алуа осы әйелдер ортасына барып тұрады да, барлық сахнадағы әйелдер бір үнмен ұран тастайды.)
Ә й е л д е р. Біз жеңеміз! Барлығы жеңіс үшін! Отан үшін! (деп серттерін аяқтайды. Сексектің жігерлі маршы да осымен аяқталады.)
С а п а p. Ұлы совет халқының жалынды, жігерлі әйелдері, қымбатты достар! Сіздерге үгіт сөз қажет емес. Барлық жайды, қасиетті шындықтарды, Отан күтер жалын, жігерді жаңағы уәделерінде өздерің айттың!.. Істер істі серттерің шешті. Осы кішкене бөлмеде, қазір ғана сіздер тастаған жаңағы ұран ертең бар Қазақстан өлкесіне, "Правда" газетінің бетінен барлық Одақ көлеміне, дүние жүзіне жалындай шалқып, шырқап тарайтын қасиет ұраны болмақшы! Бір-ақ нәрсені айтамын да тоқтаймын: серттерің зор, үндеулерің үлкен, әлемге жеткен үндеу болғалы тұр!.. Ендеше, тартыс та ауыр, сын да зор. Табандап шыдап, атаған алыс қиядан алыптарша табылыңдар!..
А л у а (қасындағы жаңағы қалың топ әйелдермен). Барлық жігер, барлық тілек, қайрат — жеңіс үшін! Отан үшін!..
С а п а р (Алуамен оқшаулана). Жанар мен Айбала ғана емес, Анар, Кәмшат, Сәуле бәрі де сондай сенімді, серпінді!.. Жалын да бар, жарас та бар. Осылар ықпалына сүйеніп аудан өрлесін... Ауданға сүйеніп облыс бел алсын. Осы аудан мен осы облыс үлгісін бар Қазақстанға, республикаға тарату — біздің міндет. Қандай қадірлі істің басында тұрмыз. Серпін атқалы кернеп тұрған күшті оятқандайсың!
Бірақ жадында тұт және де сендер, тәжірибең түп тірек боп тұр. Сен құлатып алсаң, көпті құлатасың, күрт құлатасың, түсіндің бе? Ауыр... ауыр да болса асыл... Алтын, платина салмағындай қымбаттың ауырлығы... Ол қадірлі... тек осыны азайтып ала көрме! Тек өрлей түсіп, өсе бер. Серт пе... Алуа!
А л у а. Болсын, Сапар аға... барыммен осы серт үстінде болармын.
С а п а р. Ал диссертация ше? Біз Нина екеуміз оныңды да көп еске аламыз... Біте ме?
А л у а. Істеп келем... Бірақ... қайда! Мынау міндет...
С а п а р. Жоқ, оны да үлгер, мұны да ендір... Есінде болсын... мен сенің ол міндетіңді ЦК-да бірнеше жолдастарға да айтқамын, тосамыз...
А л у а. ЦК-да!.. Тосамыз?!
шымылдық
ТӨРТІНШІ АКТ
Сегізінші сурет
Оқиға сахна шымылдығы алдында, авансценаға тақауда. Алуа шығады.
Алуа. Кандай күн... қандай күнде хабарың жетті, Арманым, ардақтым! (Хатты қайта оқып.) Бүгін менің ең бір ауыр сынға түсетін, өмірдегі аса бір жауапты белге басқан қысталаң да, қиын да күнім еді. Сол шақта мұнда мені іздеп табар ма? Әдейі осы күнге қуат қосуға талпынғаны?! Хаты келді, ол тірі!.. Берлинге соңғы шабуылдар жасаған күнде, одан ең соңғы хабар келген де үзілген еді... Қылдай үміт, леп еткен еміс бір хабар болса деп аңсағаным, түндер бойы жастар төгіп еңірегенім қандай еді? "Сауығып келем, жетем" депсің! Жаным, Арман, жет! Қанатым!.. (Нина шығады.) Білдің бе, Нина! Мен бақыттымын! Міне...
Н и н а. Арманнан ба? Тірі ме, бар ма? Алуа, қуанышым, досым менің, құттықтаймын. Тірі ме ол?
А л у а. Міне, оқы... тірі. Жарасы орасан ауыр болған тәрізді.
Н и н а (оқып). Ия, мәлім... "Көріскенде айтам" депті, "кейінірек жазам" депті. Ұзақ айлар екіталай, өлі мен тірінің арасында болған! Бірақ сауықтым, шатпын, сауықтым депті... Қандай бақыттысың, қымбаттым, сүйікті Алуа! Жә, енді бұл қуаныш сенің мынадай үлкен сын күніңе дәл келген екен!.. Іштегі қуатыңа қуат қоссын!..
А л у а. Ал қазір защита басталады, сен не айтпақ едің?
Н и н а. Соны айт! Жалғыз-ақ бір жаңалық бар. Ойда жоқ хабар, әзір ақырына шейін естігем жоқ. Кейін Сапардан білеміз! О кісі Москвамен асығыс жалғасып, анықтап жатыр.
А л у а. Иә, о не? Не айтқалы отырсың?
Н и н а. Еміс хабар бойынша, Ақталда, Ұлы Отан соғысы жылдарында ер қайратын көрсеткендері үшін он екі әйел өзгеше бір отандық сыйға ие болатын тәрізді. Дәлін, толығын кейін естиміз. Жә, енді диссертацияға келейік!..
А л у а. Ия, соны айтшы! Соңғы түрін жаңа ғана оқып болған едің. Бағана телефонмен мені сен шошыттың ғой... Анық орасан қателіктерім бар ма?
Н и н а. Бар! Рас, ең әуелі... Диссертацияң өзі жақсы... негізгі ісің ақылды... дәлелді... Және шын... анық ғылымдық еңбек өте бағалы... Ал анау қосымшаң, приложениең... Міні, бұл жайдан мен қатал сөйлеймін, Алуа, өйтпеске шарам жоқ. Мұнда толып жатқан керексіз, артық дүниені текке шарлағансың. Мысалы, әлдеқандай Алтын Орданың, хандар сарайының жоқшысы, заршысы Қараүлекті қайдан таптың? Әмеңгерлік, жесірлік салтының тұтқыны, күңі болған Қыз Жібектен не іздейсің? Және орыс халқы мен қазақ халқының жауы болған Кенесарының қарындасы Бопайды несіне жаздың? Қазақ әйелінің халіне арналған ғылымдық еңбектің бір мақсаты осында болғаны ма? Мен сенен сұраймын, осы ма?
А л у а. О, Нина, дұрыс, бәсе, дұрыс ашуланасың. Бұл айтқаның бәрі артық қой! Ә? Қосымша, приложение қажет емес, керексіз, солай ма?
Н и н а. Әрине, керексіз.
А л у а. Ал маған осыны қоспасаң, "тарихтық, ғылымдық зерттеу болмайды" деді... Оны білуші ме ең?
Н и н а. Кім солай деді?
А л у а. Менің оппонентім. Профессор Есенов Мардан солай деген жоқ па? Мен саған айтпап па ем Ақталда! Ұмыттың ба, әлде?
Н и н а. Жоқ, ұмытқам жоқ. Сондықтан да неге бұны жазған деп ызаланып тұрғам жоқ па? Осының артында өзгеше залалды ұлар жатпағанын қайдан білдің?!
А л у а. Бәсе... Міні, дәл айттың, енді сәл сабыр ет! Мәлім болсын саған. Жадында мықтап тұт осы сөзімді. Мен профессор Мардан қоймай қудалаған соң, осы жайды жеріне жете білдім де, енді бар дерегін жылдам әкелдім және бір өзгеше ойға бекіндім!..
Н и н а. Ең алдымен қазір тез батыл, байлау жаса да, бұл бөлімді алып таста. Бұл көрінеу зиян, анық у!.. Егер алып тастамасаң, мен бекіндім, қазір тура мен қарсы шығамын! Сені де, профессорыңды да айыптап қарсы шығамын!
А л у а. Дұрыс! Егер бұл материалды қалдырсам, оның да тура. Бірақ мен қазір профессор Марданды сынауға бекіндім. Не үшін екенін бүгін осы жерде көресің. Бұл бөлім менің диссертациямның негізі де емес... Қымбат бұйымы да емес... Ол әдейі алып тасталуы оп-оңай болып істелген приложение, түсінесің ғой, сырт материал, қосымша! Сол себепті өз баяндамамды ең алдымен осы қосымшаны жойып, керексіз деп алып тастаудан бастаймын. (Осы сөздердің тұсында Мардан шығып, тыңдап тұрады.)
М а р д а н. Сіз нені алып тастаймын дейсіз, Алуа?!
А л у а. Біліңіз, профессор, сізге де мәлім болсын, мен ойланып келіп-келіп, дәл осы сәтте болса да, сіздің өзіңізге айтқан, өзімше керексіз деген приложениені өшірдім деп жариялаймын!..
М а р д а н. Жоқ, Алуа, қайтыңыз бұл байлаудан! Онсыз диссертация қорғалмайды!
А л у а. Қорғалмаса қалсын, профессор! Менің ойым енді ол орасан жат жайларды жақтауға баспайды, бара алмайды. Қазір менің баяндамамның басы диссертациямдағы керексіз, артық бөлімді алып тастаудан басталады.
М а р д а н. Ендеше, өкпелемеңіз, қарындас! Біз сізбен қырық пышақ қан боламыз! Менің де басқа байлауым, жауабым жоқ!.. Қимылыңызды, әр ойыңыздың ауыздан шыққан әр сөзін, әр үнін сынап тосуға бекідім, соны біліңіз!
Қашан айттың демеңіз, кескілескен күй туар!.. (Қараңғылық. Шымылдық ашылады. Конференция. Мәжіліс жүріп жатыр, зал толы. Сахнада ғылым кеңесі. Кафедрада профессор Мардан сөйлеп тұр.) ...Тағы қайталап айтамын, құрметті ғылым кеңесі мүшелері, диссертант Сатаева Алуа көп еңбек етіп, тарихтық ғылымға қажет болған деректерді жинап алса да, білгенін пайдалана білмеген. Бар еңбегін азға, саязға сайған. Ғылымдық зерттеу емес, женотдел үгітшілеріне блокнот есебіне жүрерлік брошюра қатарынан аспайтын, немесе журналдық мақаланың бойынан озбайтын арзан шындықтарды тізген. Осы себепті мен Сатаеваның еңбегін ғылымдық бағасы бар еңбек деп тани алмаймын. Сондықтан, құрметті ғылым кеңесінің мүшелері, совет оқымыстысының ары өзіме бұйыруы бойынша, мен бұл еңбекті диссертантқа кандидаттық ғылым дәрежесін беруге жетерлік еңбек деп санамаймын! Бұндайлық еңбегі үшін Сатаеваға тарихтық ғылым кандидаты атағын беру мүмкін емес деп қорытамын!.. (Пауза. Залдағы жұрт: "Қандай қатты байлау!", "Не деген аяусыз соққы!", "Бүйтетін болғанда, оппонент болып несі бар?", "Мынау тегін емес қой", "Мұның артында бір үлкен зілдер жатқан жоқ па?", "Не қылған қастан мінез сияқты нәрсе!" Осындай дабыр-шу үстінде қараңғылық түседі... Енді бір кезекте Алуа сөйлеп тұр.)
А л у а. ...Жолдастар, профессор Есеновтың менің еңбегімді айыптаған сөздеріне қарсы айтатын дәлелдерімді қорыта келіп, құрметті ғылым кеңесінің мынау жайға айрықша назар аударуын тілек етер ем. Профессор Есенов мені Қараүлек, Бопайлар жайын жазбадың деп кінәлайды. Менің диссертациямның жөні ең алғаш 1939 жылы, одан кейін 1943 жылы сөз болып жүрген шағында, әр кезде жаңағы әйелдерді профессор Есенов маған үнемі ұсынатын еді. Осылар жайын маған жаз деп тықпалай берген себепті мен қазір, осы жиын үстінде, өте айқын түсініп тұрмын. Сол түсінгенімді, мына отырған жұртшылық, сіздер де түсінесің деген ойға келдім. Профессор Есеновтың, менің қолыммен, бұрынғы Алтын Орда, Ноғайлы хандықтарын, кешегі қазақтың феодалдық-хандық сорақылық тұрмысын ақтап жаздырмақ мақсаты бар екен! Бұл ғылымдық проблема деп аталған бопты, анығында, ол ғылымдық проблема емес, атын атап, бар сыры мен шынын ашып айтайын, жұртшылық. Ол — бұл күнде барып тұрған буржуаздық-ұлтшылдық программа екен!.. Мен ендігі сөзді диссертацияны қорғау үшін ғана сөйлемеймін, идеология майданындағы партия талабын орындаушы, әлеумет қызметкерінің бірі есебінде, қазіргі мәжіліс тақырыбынан шыға сөйлеуге міндеттімін. Бұл — ар қарызы, азаматтық қарызым!.. (Залда бұны қостаған, қажыраған үндер білінеді.) Профессор Есенов маған дау айтып тұрған жоқ, зор қарсылық қайрат атып тұр. Бір жайды еріксіз еске аламын: 1926 жылы мені әйел үстіне зорлықпен тоқал етіп аламын деген бай болған еді. Дәл сол байдың бірге туған інісі, профессор Мардан, сіз едіңіз!.. Содан бері, 1931 жылы, мен Ақталда істеп жүргенімде, әрі ұры, әрі банды боп кеткен сіздің ағаңыз Доғал мені жоймаққа оқ атқан еді. Сондағы ағаңыз атқан оқтан мен өлмей қалып едім. Бүгін сіз сол ағаңыз Доғал қолынан түскен мылтық - пен мені қайта атып тұрған жоқсыз ба? Атып тұрсыз және көп әзірленіп кеп, көп жасырынып, шебер боялып, ұзақ құбылып кеп атып тұрсыз!.. (Залда тағы да үлкен сенім, достық бейіл көрсеткен үндер.) 1926 жылы мен сол қорқау байлардан үрейім ұшып қашып, қызыл отауға келген ем, сонда мені студентка орыс қызы Нина жаудың оғына өз кеудесін төсеп, қорғап қалып еді. Сол орыс қызы, партия, совет азаматы, партиялық, лениндік ғылымның батыл қайраткері — профессор Нина Ивановна Ершова бүгін де мені жаудан қорғап, профессор Есеновтың алдауы мен аздыруына ергізбей алып қалды... Тағы да саған мың сан рақмет, орыстың жақсы адамы... Спасибо тебе, хороший русский человек Нина Ивановна!.. (Сахна залында қол шапалақтау, дырду.)
Жұрттың сөздері. Қандай майдан берді Алуа! Қалай жеңді жекпе-жекте! Бар ініне су құйды ғой профессордың!.. Партия тәрбиесі ғылымның өзі үшін де қалай өсірген Алуаны?!. (Беріге Сексек пен бір кішкентай әйел оқшауланады.)
С е к с е к. Е, бәсе! Тап солай, дәл солай... Дәл, дәл солай... Бәсе, біздің Алуа қалай!.. (Кішкене әйелді қағып кетеді.)
Ә й е л. Е, мына бейбаққа не боп кетті? Ұшып кетер ме екен?
С е к с е к. Әй, сен не дейсің, ай, өзің? (Әйелдің сыртынан сөйлеп тұр.) Қарашы тілін, қаршадай боп aп!.
Ә й е л. Қаршадай?.. Қарашы сөзін, өзі таудай кісімсіп!
С е к с е к(әйелге қарап, бала емес екенін аңдап, шұғыл өзгеріп тамашалайды). Не дедің, әй, айналайын, таудай деймісің?
Ә й е л. Е, таудай десе немене? Болмаса жардай жігіт дейін бе?
С е к с е к (қызығып, күліп). Айт-айт! Айналайын, тағы айтшы. Ой, астай!..
Ә й е л. Қарағым-ау, есалаң ба? Несіне ыржаңдайды өзі?
С е к с е к. Ой, астай... (Қызығады.) Ой, тоба, іздегенге сұраған.
Ә й е л. Сұраған боса сұраған... Қорқар деп пе ең сенен?
С е к с е к. О не дейсің, қалқам-ау! Ойбай, қорықпа! Айналайын, тек қана, бір ғана сөз айтшы, қалқатайым. Осы... күйеуің бар ма, жоқ па?..
Ә й е л. Жоқ болғанда қайтейін деп ең? Жеп қоям ғой дейсің бе? Ал, күйеуім жоқ!..
С е к с е к. Іздегенім дәл, дәл өзі. Бұл жайды жақсылап тыңда, жарқыным, мен енді барымды айтам. Осы шаққа шейін, Жиренше шешен сияқты, өзіме лайықтыны іздеп келгем. Бойы теңді айтам, бойыма бойы лайықтыны айтам. Болмаса анадай, тырнадай әйелді мен не қылам! Ой, астай... Дәл өзі, тап іздегенім. А-а-айналайын...
Ә й е л. Ендеше, менің атым Балжан, Балжан!..
С е к с е к. Айналайын атыңнан. Аты қандай десеңші. Әрі бал, әрі жан! Ал мен... (қоқиланып) дирижер оркестра народных инструментов, композитор, заслуженный артист Сексек Сеңгірбаевпын!.. Сондай тәтті, бүлдіршіндей, үріп ауызға салғандай!.. (Бұлар кете береді. Алуаны Нина оңашалап алып шығады.)
Н и н а. Алуа, қымбаттым... Қуана бер, жаңа Сапардан толық хабар келді, сені құттықта депті. Әсіресе зор қуанышпен құттықта депті. Ақтал ауданының он екі әйеліне Социалистік Еңбек Ерлері деген атақ беріліпті. Солардың алдында ең бірінші боп аталған, Алуа жаным, сенің атың!.. Қазір тез ЦК-ға шақырады, Сапар сені бүгін Москваға, ЦК ВКП(б)-ның шақыруы бойынша самолетпен ұшуға әзірленсін дейді. Алдында тағы тосқан өзгеше бір жаңалықтар болар. Жүр, жолың болсын!..
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ
Тоғызыншы сурет
Пекин. Қатын патша Ци-Сидің жазғы сарайы. Азия халықтарының көп топ әйелдері. Алуа қазір бір топ иран, түрік әйелдерінің ортасында.
Т ү р і к ә й е л і. Сіздер, қазақ, Өзбек, татар, түрікмен сияқты халықтар, бұрынғы тарихта Россия мұсылмандары аталғансыздар. Бұл тайпалардың көбі исләм дініне кірмес бұрын уахшилар еді. Исләмият сол халықтардың әйелдер халіне не жаңалықтар кіргізгенін сіз білмейсіз!..
И р а н ә й е л і. Әлбәттә, білмейді, себебі бұл кісі мұсылман емес!
1-ә й е л. Себебі бұл кісі дінсіз де!
Т ү р і к ә й е л і. Сіз исләм діні — Мухаммед Мұстафа өзі айтқан жолды білесіз бе? Білмейсіз!..
А л у а. Білмейді емеспін, бәлки, білермін де!
Т ү р і к ә й е л і. Айтыңызшы, білсеңіз, мысалы, Мұхаммәд пайғамбар әйелге оқыма деген бе?
А л у а. Жоқ, оқысын деген. (Арабша.) "Әл ғилми фаризатун гәлә кулли мүслимина уә мүслимәтун!" Рас, пайғамбар: "Ғылым мұсылман ерлермен бірге мұсылман әйелдерге де парыз" деген. Бірақ мұсылман ғаламының барлығында әйел халінің масқара қорлыққа ұшырауына да осы жолдың өзі себеп болған-ды.
И р а н ә й е л і. Өзі емес, кейінгі замандар бұзып өзгерткен әйел халін!.. Мысалы, сұлтандар, шахтар құрған храмдар пайғамбар әмірінен туып па еді?
Т ү р і к ә й е л і. Әр хаулидә ичкәриләр болсын деп пайғамбар айтқан ба еді?
А л у а. Рас, оларды айтқан жоқ. Бірақ өзі өмірінде тоғыз мәртебе үйленген Мухаммед болатын. Дінбасы, ахлақ, адамшылық, гәдәлет басы дейтін ұстаз өзі соны істесе, кейінгі шахтар, сұлтандар, әмір, халифтер харамдар жасамай, не жасаушы еді? Қысқасы, қай діннен болса да әйел халіне рақым күтпеңіз!
Т ү р і к ә й е л і. Біз әйел халі үшін, азаттық үшін алысушымыз, бірақ айтамыз: әлхамду лилләһи және мұсылманбыз!
А л у а. Әйелдер арасындағы буржуаздық қозғалыс, Түркия, Иран әйелдері, сіздерден ғана басталған жоқ. Францияда, Америкада, Англияда феминистка, суффражисткалар қозғалысы ертеден-ақ басталған. Бірақ солардың бәрінде де бүгін, сіздердегі сияқты, буржуаздық қоғамның дініне, заңына байланысты кертартпа сана басым болған да, әйел халіне әлі күнге түк өзгеріс кірмей келген. Бұл қозғалыстардың бәрі де алдаумен келген әйел жынысын! Сіздерге де, әйел халінің жоқшысы болғанша, тыныш қана, инабатты мұсылманның иттиқатты ханумы ғана болып отыру жайлырақта лайықтырақ келер! Болмаса, XX ғасырда әйел халінің шешуі бір ғана жолда, бір ғана негізде болатынын аңғарар едіңіздер!..
Т ү р і к ә й е л і. Үгіт, үгіт!.. Большевиктік үгіт! (Түрік пен иран әйелі сияқты ек-үш әйелдер шұғыл тайып кетіседі. Бұлардың орнына Алуаны қоршаған басқа Азия елдерінің әйелдері жылы қарап, сенімді жүзбен сұрақтар береді.)
1-ә й е л. Азия әйелдерінің тартысын, сізше, енді қандай ұрандар астына тез ұйыстыруға болар еді?
2-ә й е л. Сіз дұрыс айттыңыз, Азия әйелдері өз тартысын үлкен тарихтық тартысқа қатынастырумен ғана мұратқа жетеді!..
3-ә й е л. Дін бұл жолда программа емес!..
4-ә й е л. Жаңағы әйелдер адасады. Сіз бізге ендігі тың тартыстың, бар Азия әйелінің басын қосатын тартыстың бетін айтыңыз!
А л у а. Бұл жолда менің айтарым: дәл бүгінгі күндерде жалғыз-ақ ұран - ол бейбітшілік үшін алысу! Азия әйелдері әрі өзінің әйелдік, аналық, балалық бақытын қорғау үшін, әрі дүниелік ең ұлы, ең таза, биік ақтық ұранға үн қосу үшін, тек қана бейбітшілік ұранын қостасын! Дұрыс па осы?
Д а у ы с т а р. Дұрыс, дұрыс!.. (Алуаны тағы да әр алуан киімдер киген көп халықтар әйелдері қаршайды. Бұл топ біріне-бірі қарап күледі. Бірақ тілдерін білісе алмайды.)
А л у а. О, тіл! Тілдер!.. Қандай бөгет!.. Біз бір-бірімізге ішімізді аша алмаймыз, тілдегіні жеткізе алмаймыз!.. Бірақ тыңдаңыздаршы, ортақ тіл бар екен. (Ағылшынша.) Мен таптым бізге ортақ тілді! Ол — музыка, ән!.. Келіңіздер, біздің халықтарымыздың әйел турасындағы әндерін айтайық!.. Тек ол әнді әйел өзінің жанымен жырласын...
Япон әйелі (ағылшынша). Әйел әні болсын, әйел жаны жырласын!..
Бирма әйелі (французша). Әйел жанының әні шырқасын!
Малайя әйелі (немісше). Әйел өзі туралы жырласын!..
Қытай әйелі (қытайша). Ән ана, дос, қаһарман әйел туралы болсын!
Иран әйелі. Әйел тағдыры туралы ән болсын!
Араб әйелі. Әйел қасіреті туралы ән болсын!
Осыдан әрі әр әйелдің әні айтылып өтеді. Соңынан Алуа әдемі, шат бір ән жырлайды, әні созылып, баяулап бара жатқандай шақта шам сөніп, қайта жанады. Ән баяулай келіп, Алуаның трибунала сөйлеп тұрған сөзіне ауысады.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру