Революциядан кейінгі өлеңдер
Жамбыл Жабаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Әр халықтың өзіне тән мақтаны бар. Бір халықтың мақтаны еш халыққа жат емес, тек оны бір-бірінің білуі шарт. Ол жиырмасыншы ғасырдың Гомері еді. Гомер қайта келмесе, Жамбыл да келмес. Бірақ оның өзі, сөзі тарих бетінде самаладай сайрап жатады». Ғ. Мұстафин
БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ
Заман-ақыр болған жоқ,
Жамбыл сөзден қалған жоқ,
Ел жайлаудан көшкен жоқ,
Көктен жасын түскен жоқ,
Сендер шетке қағатын
Жамбыл атым өшкен жоқ!..
Мен баяғы Жамбылмын
Әлі сезге даңғылмын.
Қыртыстарың сүймейтін
Мен сендерге не қылдым.
Қайсыныңның үйіңе
Қайыр тілеп қаңғырдым?!
Жаным барда кеудемде
Сендерден кем, болмаймын
Дүрілдетіп жер-жерде
Өлең-жырды толғаймын,
Домбыраға қол соғып,
Иығымды қомдаймын.
Тек кездесіп қалмаңдар,
Ыңғайына сондайдың!
1921
ҚАЗАҚСТАН ТОЙЫНА
Халықтың енді міне жетілгені,
Құрыштың білінбейді кетілгені.
Аталып Қазақстан ел боп туып,
Үй тігіп, ірге қалап бекілгені,
Елімнің сансыз жылдар қоршап тұман
Өмірінде азап шегіп өкінгені.
Советтің үкіметі көп жасасын!
Намысты жауымызға кетірмеді.
Болайық үкіметке кедей ұйтқы,
Секілді, темір тіреу көпірдегі,
Жарқырап тұла бойды шаттық кернеп,
Ажарым шырайланды бетімдегі.
Ағытқан бар арының арғымақтай
Қыйырдан қыя шауып лепіргені,
Сенімен туған елім біте қайнап,
Жан емен әңгіменің шетіндегі.
Сондықтан, бабаң Жамбыл әнге шырқап,
Қырандай қос қанаттың серпілгені.
1924
Уа, қарағым келіншек!42
Сатшы маған майыңды.
Білем сенің жайыңды.
Базарға май сатам деп
Алдап келдің байыңды.
1933
ЖАСТАР АЛДЫНДАҒЫ СӨЗ
Шырақтарым, маған кезек беріп отырсыңдар, сенімдеріңді ақтай алсам жарар еді. Өйткені дауысты шырқатып ән салатын уақыт өтіп кетті ғой. Қазір жасым сексеннің үшеуіне келіп отыр. Тістен де айрылдық. Баяғы думанға түсіп жүргендегідей кезім болса, алдыма қандай шарт қойсаңдар да орындай берер едім. Болмаса сендерден қолда барды аяйын деп тұрғаным жоқ. Күшім жетсе ойдағының бәрін бергім-ақ келіп отыр. Бірақ, ән салатын даусым біткенмен, асыл сөзім жүрегімде сақтаулы. Сіздердің тілектеріңізді әнмен емес, енді сөзбен орындап көрейін.
«А, Нұржан қаламыңды қолына алшы,
Дауысыңды құйқылжытып әнге салшы.
Емеспең топтан озған кәрі тарлан,
Кеудеңде қалған жоқ па бірер тамшы?»,—
деп Наушабайдың Нұржаны өзіне айтқандай:
А, Жамбыл кезің келді сөзің бастар,
Барынша құлаш созып, аяқ тастар!
Алдында жана өмірдің өркендері,
Өрмелеп келіп тұр ғой сөзің қостар.
Айтқызбай саған тіпті ерік қоймас,
Енбекпен еркін өскен мына жастар.
Еріксіз думанға да түсіп ең ғой,
Жастарға тәбәрігің *1 бар ма тастар.
Ақтаршы сандығыңның аузын ашып,
Едің ғой тілдің кені біткен нәсіп,
Бұлағы қара өлеңнің таусылар ма,
Қалмастан тым болмаса бірер қасық?
Күйін шерт домбыраңның, таста әнді,
Қинамай — қол жетпеске текке жанды.
Тәспықтай*2 шумақталған термең қайда?.
Сал соған, кәрі тілден тамыз майды.
А... у!.. Термемен сөзді бастайын,
Жас жігерлер алдында,
Топтан озған тарлан ең,
Шабысыңнан тандың ба?!
Тұяғың тозып, топас боп,
Китіңдеумен қалдың ба?!
Шаршы топқа түскенде
Шабысы болар шалдың да!
Ой! Домбыра алып қолыма
Он жасымнан сарнадым,
Дәл жетпіске келгенде
Жүгірістен танбадым.
Бүгінгідей есімде:
Думанды жарып әнменен
Семейге де барғаным.
Топтан озып онда да
Бәйгінің алдын алғаным.
Алғаным құрсын қайтейін,
Опасыз жалған сұм өмір
Мені текке алдадың.
Бүгінгідей жыйында
Бір сағаттай болмадың.
Ұлы жарыс алдында
Шырқата әнді салмадым.
Жоққа есеп жастардың
Алдында Жамбыл болғаным.
Қиыстырып кестесін,
Әннің салып дестесін
Тарихи жыйын алдында
Бәйгіні шауып алмадым.
Ендігі тілек біреу-ақ
Қимылдап қал, тіл мен жақ.
Сөз танабын астарла,
Дәуірлеп өскен еңбекте
Суыт шапқан еңбекке,
Жастарға тәбәрік тастарға,
Не қылса да Жамбылға
Енді жастық кез келмес,
Жүрегінде сақтаулы
Асыл сөзі өзгермес,
Сендердікі бұл заман,
Оған талас сөз болмас,
Қорытса да қаншама.
Өзгеріп алтын жез болмас.
Аяққа шұлғау қылса да
Асыл жібек бөз болмас.
Балшық қосып соқса да
Дүррі гәуһар тас болмас.
Жамандық адам өзінен
Болатындар жас болмас.
Қайшылай тасқа соқса да
Болаттың жүзі пәс болмас...
Тыңдап көр Жамбыл қартыңды
Сендерден сірә кем түспес.
Жырдың асыл кенімін,
Айтысқандар менімен,
Талай-талай жеңілген.
Қыза шапса шын тарлан
Жері болмас тең түспес.
Айғайласа да шын ақын,
Әні болмас ел білмес!
1934
ЖАЙЛАУ
Ерназардың колхозы
Ұйқысын таңнан ашқанда,
Масайрап күн әлемге
Нұp сәулесін шашқанда,
Колхозшылар топтанып,
Жиналысып келісті.
Жасыл, жым-жырт далада
Келіп сәлем берісті.
— Баста, Жәке, жайлауға
Көкшіл су, шөбі гүлденген,
Жібектей жылы жел ескен.
Мал басып пенде жүрмеген,
Деді маған жігіттер.
Дедім: «жақсы соңыма ер!»
Атыма мініп гүл жайнап,
Кеттік жүріп малды айдап,
Жайлауды көріп жылқылар
Шұрқырасып, салды ойнақ.
Қуанышты колхозым,
Жайлауға қонып ен жайлап,
Жақұттай алтын таң атып,
Жұлдыздың көз қысқанын
Көрдім көкте қалықтап
Ақ иықтың ұшқанын.
Көз алдыма Алатау
Меруерттей шалмасы,
Таудан құлай аққан су,
Бауырында өскен алмасы.
Қиялай өскен қарағай
Таныс өлке арнасы.
Көзімді жұмып отырып
Жайлауды мен табамын.
Шұрайлы жерге колхоздың,
Топты малын бағамын.
1935
ЛЕНИН МАВЗОЛЕЙІНДЕ
Күнсіздерге күн болған,
Жер жүзіне нұр болған,
Ақылдың кені данышпан;
Езілгенге қол берген,
Кемтарларға жол берген,
Заманның ері арыстан,
Адасқан халық зарыққан,
Азаттық қылып бақытқа,
Сәулеңді келіп табысқан.
Дариядан артық ақылың
Төбең биік «ғарыштан»,
Қартайғанда бір көріп.
Зират етіп қайтуға
Жамбыл келді алыстан.
Жер жүзінің кіндігі, —
Мавзолейдің тасында,
Жер жүзінің шырағы —
Кремльде — қасыңда,
Жолыңды таймай ұстаған,
Бахытқа жұртты нұсқаған,
Артық туған шәкіртің —
Сталин отыр басыңда.
Тауап етіп өзіңе,
Сталиннен жөн сұрап,
Кетуге келген көп халық,
Көріседі осында.
Уа, данышпан сабазым!
Езілгенді теңедің,
Зарыққанды жебедің,
«Жер жүзіне шам-шырақ
Орнатамын!» — деп едің.
Миллиондаған халықтың
Сүйеніші едің, белі едің.
Бұрынғы кезде шеткері
Қалып, санға қосылмай
Жүрген қазақ елі едім.
Мені де сен теңедің,
Ұлы көшке ілесіп,
Алдымда басшы Сталин,
Соңынан еріп жөнедім.
Дәулетке батып белшеден,
Ырысқа қандым, кенелдім.
Заманнан бергі құрсаудың
Сен ағыттық тиегін,
Жер жүзінің кемтары
Сүйеген саған иегін.
Сенен алып нұр сәуле,
Қуатым толып, күш өсіп,
Бекіді менің сүйегім.
Бәрін бірдей құнарттық
Алпыс екі жүйенің,
Адамзаттың асылы
Аруағыңды ардақтап,
Көпті көріп көндіккен —
Ақшыл тартқан басымды
Алдыңа келіп иемін!
1936
ХАЛЫҚТЫҢ СӘЛЕМІ
Домбырасын серік қып
Өткізді Жамбыл ғасырды.
Өлеңді төгіп, өрнектеп
Асулардан асырды.
Қара терге малынып,
Еңбегі кетіп далаға,
Тойса тойып тамағы,
Тоймағанда аш жүрді.
Қалың халық көтерген
Өмірдің ауыр, зіл, тарын,
Жылдан жылға тасыды.
Саңғыратып даланы
Әнді шырқап көлбедім.
Өлеңмен ойып оюды,
Сөзді мініп желдедім.
Сонда менің кергенім,
Құнарсыз дала, қаралы, ел,
Күңіренген, зарланған,
Қанын сорған жыланнан
Ғасырлар арыла алмаған.
Көз жіберсем алысқа:
Көпті көрдім дегенім —
Көп зарыққан ел екен.
Шексіз дала дегенім —
Ұлтарақтай жер екен.
Ерлерді көрдім дегенім —
Ep емес екен, кем екен.
Хандарды көрдім дегенім —
Халыққа қонған шер екен
Тауды көрдім дегенім —
Тау емес екен, дөң екен.
Өзен, көл көрдім дегенім —
Көз жасынан сел екен.
Кемдіктің кесіп бұғауын,
Енді азаттың кұсы боп,
Халқым, кірді берекең!
Қайғыдан халқым арылып.-
Бахыт құсын ұстадым.
Адамзаттың данасы
Ленин менен Сталин!
Халықты қалың көтеріп
Жоғалтты өмір қыспағы».-
Қарық қылды дәулетке
Алыста қазақ ауылын,
Қырғыз, өзбек қыстағын
Алатау, Алтай зеріне
Қолы тиді ұстаның,
Сардалада темір жол,
Зәулімді шарлады
Күміс қанат құстарым.
Қаптаған мал, ен дәулет,
Бахыт, өмір, сән-сәулет,
Әшекейге бөленді
Советті Қазақстаным
Лениннің шәкірті,
Сталиннің серігі —
Молотов, тыңда, тереңім!
Ұлы көсем екеуің,
«Халықтың өссін дәулеті,
Нығайсын колхоз» деп едің.
Алыста жатқан елімді
Қолтықтадың, демедің.
Сол басшылық жемісі —
Қозыға толы көгенім.
Тұлпар болды көбеңім„
Түр кіргізді далама
Шексіз мақта, көп егін.
Алтын, күміс, қорғасын,
Мұнай, көмір, жез бен мыс
Жылдан жылға көбейіп
Кеңейтіп келед көлемің.
Мұқтажы жоқ елімнің, *
Үйінен табад керегін.
Қарағанды, Қарсақпай,
Эмбі менен Балқаштай,
Кеннің әлденешеуін,
Тағы тауып беремін.
Осыны саған айтуға,
Бахытты халқым атынан,
Домбыра алып жөнедім.
Молотов жаным, қабыл ал,
Алып келдім алыстан,
Бахытты қазақ халқының
Махаббатты, жалынды,
Большевиктік сәлемін!
1936
КЛИМ БАТЫР
Қылышынан қан тамған,
Найзасынан зәр тамған,
Іргелес елді жылатқан,
Ордасын, туын құлатқан:
Алтай мен Орал арасын
Борандатқан, шаңдатқан;
Талай елді қандатқан,
Талай жерді қаңыратқан —
Ардақты ма Шыңғыс хан?
Дейміз бе біз: Шыңғыстың
Атағы асқан, күші асқан
Клим Ворошиловтан?
Я болмаса ертегі
Дейміз бе Ғали арыстан:
«Ғали тауда, далада
Жын, перімен алысқан;
Дәуменен найза салысқан,
Диюменен жарысқан,
Зұлпықарын сілтеген,
Сілтесе қылыш тас кескен,-
Жеті қабат жерді өткен,
Кідірмеген тоқталып,
Ұстамаса Жебірейіл,
Көтерген жерді өгізді
Өтпекші екен қақ жарып»'
Ертегіде ер Ғали
Осылай болып көрінед —
Өтірікті шын қылған
Бұл құлығы молданың,
Теңерміз бе Ғалиді
Ел сүйетін Климге!
Ескендірді мақтаман,
Рүстемді де даттаман;
Олар біздің Климдей
Бола алмаған, болмаған!
Манас шыққан қырғыздан
Ол да мұндай болмаған.
Кенесары, Наурызбай
Жауына қарсы оқ атқан,
Оғын қардай боратқан,
Олар да мұндай болмаған!
Тарихты болжап шолысам —
Қандай батыр болса да,
Жеңілмей өткен бірі жоқ,
Қанша атағын жайса да,
Қалың әскер қолының,
Қырылмаған күні жоқ.
Шабылмай қалған жері жоқ
Бүлінбей қалған елі жоқ.
Жауға жерін бермеген,
Тигенде қылыш сермеген,
Сынаспақ болған дұшпанды
Шыбын құрлы көрмеген,
Ат мінбеген жаратпай,
Әскері темір болаттай
Жеңілуді білмеген;
Байтақ жерді қоршаған,
Жалпақ елді қорғаған,
Ленин ерден оқыған,
Сталиннен үйренген —
Ворошилов батырым,
Артық көрмен еш жанды,
Ел сүйген сендей ерімнен»
Сол еріме енші етіп
Арнап бағам бір құлын,
Өсіремін мәпелеп,
Кіp шалдырмай бір қылын.
Тайдан құнан шығарып,
Дөненінде үйретем
Ат болудың қылығын
Сөйтіп баққан құлынды,
Тұлпар етем мінетін
Еңбекші жұрт ұлының!
1936
КАЛИНИН АҚСАҚАЛҒА
Алдыңа іздеп кеп тұрмын,
Саумысың басшым ініміз!
Жаңарды ғой бұл кезде
Заманымыз, күніміз.
Келіп ең өзің аулыма,
Ұстап едің қолымды,
Көрініп еді халқыма
Жылы шырай жүзіңіз.
Құйылып еді. құлаққа
Ақылды дана сөзіңіз.
Тойлы думан күнімде
Колхозыма келіп ең
Мәңгілікке мекенге
Жерімді бөліп беріп ең.
Өседі қазақ елі, деп,
Жүрегіңнен сеніп ең.
Сені қатты сүйіп ем,
Жаныма тең көріп ем.
Содан бері қыс етті,
Жаз да келді жайраңдап,
Трактормен қотарып,
Тындырып қойдық жерді айдап,
Түйем шықты өріске
Боталары маймаңдап.
Қойым ерді қаптайлап,
Қозыларым салды ойнақ.
Жылқыларым шұрқырап,
Төрт түлікке толды аймақ,
Осынау аулым колхозда
Малшы да мен, жыршы мен,
Өлеңдеткен айқайлап.
Жайлауға шықты үй тігіп
Алатаудың бауырына.
Салдық малды төрт түлік
Таудың семіз бауырына.
Малға бекем болыңдар, —
Деп тапсырдым қауымға.
Өзім шықтым сапарға,
Сәлемдесіп қайтуға
Мәскеудегі бауырыма,
Қабыл етсең бауырым,
Шақыра келдім қайтадан
Қонаққа сонау ауылыма.
1936
СТАЛИННІҢ ЕР ДОСЫ
Елімнен Мәскеу жеткенше
Жазыла түсіп жол жатыр,
Көк орай шалғын жер жатыр,
Асқар-асқар тау жатыр,
Еңсесі биік дөң жатыр,
Айдын шалқар көл жатыр,
Көлден де көп ел жатыр,,
Шетіне көз жетпестей
Ақ-Еділдей сел жатыр.
Осынау ұзақ сапарға
Желмаямен жетермем,
Керуен қурап түйеден
Асқар таудан өтермем;
Төрт аяқты жануар
Қалса шегіп болдырып,
Құла дүзде қондырып,
Қайғыменен өтермем?...
Ерттемедім жүйрікті,
Қомдамадым түйені,
Жүйріктердің жүйрігі;
Жүкті поез тиеді.
Жұртпен бірге мені де
Жөнелгенде тербетіп,
Ағытылды шабыстың.
Жан көрмеген тиегі.
Қақ жарылып жол берді
Сырқырап таудың сүйегі
Гүлді дала, шалқар көл
Қол былғады қуанып,
Қолқалап жеңгіш иені.
Сүт пісірім кешікпей,
Аңқыған жүйрік жөнелді.
Каганович әмірімен
Жаяуым құсқа теңелді.
Сталиншіл әділ ер
Қондырып жолға жұлдызды,
Салдыртып болат көпірді,
Қызыққа халқым кенелді.
От арбаның ішінде,
Мамық төсек үстінде,
Бесіктегі баладай
Жамбылың мәз боп бөленді.
Қазақстан даласын
Орады Түрксиб шеңбері.
Паровоздың тізгінін,
Қағады елдің ерлері.
Түтіні қара бұрқырап,
Күндей көзі жарқырап
Биігіңе өрледі.
Қарағанды, Балқаштың
Көмір мен мыс кендері.
Біріне бірі қосылып,
Теңіздейін тербелді.
Осының бәрін қарасам,
Қарағым сенің қайратың,
Сталиннің жан досы
Арыстандай айбатың!
Аударып ерім тастайсың,
Алдырмас болса қайда шың,
Ұйқы көрмей, бел шешпей
Сұңқары боп елімнің,
Шығарып жүрсін, пайдасын.
Жеттім міне, Мәскеуге
Жер қойнында тағы жол.
Мрамрлы метром
Алтын сарай бейне зор,
Атқан оқтай поезы,
Зырқырайды шапқанда ол.
Жұлдыздан көп жарығы
Сан жетпейтін неткен мол.
Жер жүзінде болып па?
Осынша қызық тамашам!
Мынадай алтын сарайға
Бас сұқты екен қандай хан
Ер болсаң бол Лазарьдай,
Хан үшін емес, халық үшін
Жердің қойнын қашаған,
Тереңнен сарай жасаған!
Арта берсін айбатың
Каганович жан балам,
Аса берсін қайратың
Бейне құрыш қайнаған,
Өне берсін еңбегің,
Гүлдей болып жайнаған,
Таба бер тыңнан олжаны
Сталиншіл күшіңмен
Оттан да, судан таймаған,
Мен ақының болайын,
Даңқыңды жырға қосайын
Бұлбұлың болып сайраған.
1936
ДАСТАРҚАН ЖЫРЫ
Біз дастарқан үстінен
Отырмыз міне, дәм татып!
Бір орыс, екі қазақпыз,
Мәз-мәйрам әнге шырқатып,
Ақ самаурын алдында
Тәтті шайы бұрқырап,
Анда-санда жырлатып
Көрсеткендей қошемет
Қояды бізге тіл қатып.
Отырмыз біз үшеуміз
Бір кісінің ұлындай.
Ойнаймыз да күлеміз
Тебіскен тай мен құлындай.
Үстімізге тағы да
Келсе де, қалмақ, грузин,
Алыс елдер ұлдары
Қытай менен Қырымдай.
Бұдан да қызық болар ед
Келелі іске ырымдай.
Қарсы алар ек ашып сыр,
Достық берік, жүрек бір.
Сөзіміз қалмайд ұғылмай.
Мынау үлкен Мәскеуім
Терезеден көрінген —
Отаным алтын ошағы
Думанға шаттық көмілген.
Жарқыраған жұлдызы
Кремль мынау тұрғаны,
Рахмет нұры себілген.
Төрт мұнара тамаша,
Көзің тоймас қараса,
Бахыттың арыс ғарышы,
Әлемге кербез керілген.
Сол жұлдыздар астында
Сталин көсем тұрады.
Ен тіршілік иесі
Жарық дүние шырағы,
Мәскеу мен қазақ ауылын —
Жуыстырған дәнекер,
Мәңгі бақи тұрағы.
Бар әлемнің ұлдарын
Туыстырған дәнекер,
Ұлы Октябрь пырағы.
1956
ОРДЕН АЛҒАНДА
Тоқсандағы Жамбылға
Толқынданып сөз келді.
Көктеменің көгіндей,
Кәрі өмірім өзгерді..
Ел еңсесін көтерген.
Шаттық заман кез. келді.
Өмір берді Сталин,
Бозбаламын мен де енді.
Алтын орден алғаным
Терең жырдың тиегі.
Көрікті Отан алдына
Ақын жырын үйеді.
Қайнаған іс, қалық күш,
Қаһарманын сөз қыла,
Ақ иық қыран құс боп ұш,
Сайра шешен домбыра.
Бой балқытқан үніңмен
Жалпы әнімді бір шайқа;.
Тұрмыс оңды, көңіл шат,
Еліндегі жырды айта.
Винтовкасын кезеніп,
Сарбаз шықса соғысқа,
Домбырасын безеніп,
Жамбыл барад соғысқа..
Жамбыл және М. И. Калинин
Жаудың мойнын жұлдыра
Сарбаз шапса қылышын,
Жау жүрегін сындыра
Жырдың салам құрышын.
Жырдың терең болуы
Ұлы Сталин желісі.
Күшті қуат мендегі
Бахытты елдің өрісі.
Ол, Сталин, — күн нұры,
Қымбат күннің жарығы.
Бердім саған жүректі,
Ұлы Отанның халығы.
Жолбасшы көсем, ұлым деп,
Еңбекші халық таныды.
Данышпан сенің алдыңнан
Қазақстанға қайтамын,
Сенен алған қуатпен
Халқыма өлең айтамын.
Барып әзір Отанға,
Байтақ жазық далаға,
Шаттық жырын жырлаймын
Жырымнан ашық нұр жаға!
1936
ЖАМБЫЛҒА
Шарықтап арасында бахытты гүл,
Ән шырқа, еркіндетіп азат бұлбұл!
Құшақтап күміс күнді тәтті дауыс,
Аймалап жердің бетін төгілсін жыр.
Естісін әлем тегіс туған бақшаң
Құлпырып күннен күнге төккенің түр.
Жемістің салмағынан басын иген —
Бұлақты, қызыл гүлді сайраған тіл.
Шынарға айт: емін-еркін өссін биік,
Қызғалдақ — оған да айт, — жайнатсын гүл.
Тыңдайды сен сөйлесең құлақ салып,
Күй-күйлер басқа бақта тұрған бұлбұл.
Ынтығып өлеңіңді сағынады
Қазақтың бұлбұл құсы ақын Жамбыл,
Данышпан, кайтпас жүрек ел көсемін,
Өсірген осы бақты ерді өлең қыл.
Сталин — Отан күні, халық жазы,
Ол Отан саған да бір, маған да бір.
Ғасем Лахути
1936
ҒАСЕМ ЛАХУТИҒА
Бахытты ел бас қосқанын етіп өлең,
Лахути, парсыша сен жаздың сәлем.
Елжіреп дауысыңа шын жүрегім
Қазақша мен де саған жауап берем.
Сенің жырың халық жыры — халқы тәжік,
Бұлбұлдай шырқатады әнге салып.
Мен айтсам қазақ халқы ән қосады,
Шаттықтан жыр кетеді әлемді алып.
Бахытты жыл, алтын күн нұры астында
Сайрандап ән қосады біздің халық.
Өлең, жыр аққу құстай тізбек тартса,
Артынан өреді күй кекті жарып.
Тыңдашы, Дағыстанның тауларынан
Өлеңі Сүлейманның бұлақ ағып,
Белорус даласынан ақын Янка
Шырқайды ол, о да әсем әнге салып.
Ұлы отан сансыз тілде, үн қосады
Бірігіп орыс, түрік, қазақ, тәжік.
Сорғалат, көтер даусың, әндет әсем,
Ұрпағы Фердаусидің ақын Ғасем.
Шынардың астын қуған бұлақтай боп
Сылдырлар бізбен бірге миллион шешен.
Жыр болды отанымыз, ұлы жұмыс,
Тайсалмай жауды кескен алмас қылыш,
Халық достығы, татулық, туысқандық,
Ен байлық, зор қуаныш бахыт, тұрмыс.
Зорлық пен зұлымдықтың жоғалғанын,
Жер күліп, дарығанын бақ пен ырыс.
Лахути сал көзіңді, жайнады бақ,
Ол бақта жайқалып тұр гүл, қызғалдақ.
Жұпар иіс бой балқытып, ойды тербеп,
Күміс шық жалтырайды маржандай-ақ.
Кек жиек кезді ұялтып еркелейді,
Меруерттей ашық аспан тұр жарқырап.
Иранның жібегіндей желі майда,
Тотыдай нәзік үнмен тұрған шырқап.
Таныдым қартайғанда өмір сырын,
Дүниенің төрт бұрышы ой мен қырын.
Жер астын, теңіз түбін, дүние шетін,
Асқарын, асқар таудың, жері шырын,
Соқыр ек, енді әлемді тұрмыз танып,
Күніміз — ұлы Сталин берді жарық.
Аттанды жарық күнге, кең байтаққа
Теңдікке Октябрьде жеткен халық.
Ең жақсы жер жүзіне заң жүргізген,
Адамның данышпаны асқан алып.
Ардақты ғасырларға даңқы кеткен,
Нұрымен халықтарды еткен қарық.
Лахути, екеумізде бір ғой тілек,
Астында бір жалаудың соғар жүрек.
Түрлі тілмен бір мақсат өлеңдетіп,
Жырлаймыз халыққа бірдей достық, тірек.
Ғазалы парсы елінің, қазақ жыры
Қосылып толтырады бірін-бірі,
Мадақтап ел ағасын, жұрт данасын,
Шырқаған азат елдің шығады үні.
Заманға аты шыққан асыл ерге,
Тең емес көк жұлдызы, жердің гүлі.
Кәрі ағаң сол көсемді жырлайды әлі,
Тарихтың оны жырлар мың бұлбұлын
Кез келді ой тиегін ағытатын,
Қолыңа ал, домбыраны Ғасем ақын,
Ән шырқап Сталинді жыр қылайық,
Алыбын асқан дана адамзаттың.
Ғасырлар біздің күйді, біздің жырды
Мың халық болсын мәңгі шырқататын.
1936
КЕКТІ АШУ
Бойымда қайнап кекті ашу,
Қаһарын төкті домбырам.
Өлеңім от пен у шашты,
Шапшыған бойда қызды қан!
Арқырап аққан өзендей,
Тасыды ашу аулымнан.
Буырқанды, бұрсанды
Мені туған күшті Отан
Ашу неге қызбасын —
Ұсталып отыр үш хайуан:
Троцкий деген ит
Қанды аузымен құтырған,
Қаппақ болған жерінде
Қандата соқтық тұмсықтан.
Зиновьев қара бет
О да қанға ынтыққан,
Каменев деген қасқырдың
Бұғауладық тұмсығын,
Азуын жұлып, ырситқан.
Соңдарында қорқаулар
Түнді таңдап жүр екен.
Отанымның бақытын
Алмақ болып жүр екен.
Базарына фашистің
Салмақ болып жүр екен.
Су орнына қан ішіп
Қанбақ болып жүр екен.
Сталинге оқ атып,
Сүйген елдің жүрегін
Жармақ болып жүр екен.
Қойынға кірген жыландай
Жатпақ болып жүр екен.
Кремльдің жұлдызын
Қақпақ болып жүр екен,
Адамзаттық жүрегін
Шақпақ болып жүр екен.
Күллі әлемнің ай, күнін
Атпақ болып жүр екен.
Ұшар ма жылан аспанға,
Ұмтылса күнге жетер ме?
Жер хайуаны түйеге
Бүркітше қанат бітер ме?
Ұлығанмен қасқырлар
Жұлдызға зиян етер ме?
Жанған отқа иттердің
Қанды тісі өтер ме?
Сталинім күн болса,
Иттердің ит екені
Айтыңдаршы, бекер ме?!
Көретін көзім — Сталин,
Сөйлейтін сөзім — Сталин,
Жүрегім — жаным Сталин!
Тірлігім — қаным Сталин!
Сталиннің дұшпанын
Бұғауладым, ұстадым.
Бұғауланған дұшпанды
Атылсын! — дейді, ауылым,
Поселка, қала, қыстағым,
Оқ берсін иттер жазасын;
Жасасын, күнім Сталин!
1836
СТАЛИНДІ ТЫҢДАДЫМ
Алатау шыққан күнмен мұнарланып,
Нұрлана, сәулелене тұрды жанып,
Күмістей жұлдыз көкте, алма бақта,
Үн шашты радио толқынданып.
Сол үнді мен тыңдадым құлақ түріп,
Қуанды қарт жүрегім аласұрып,
Тұрғандай иранбақтың ортасында
Бұлбұлдай төгілтейін жырды құйып
Асқындай алыстағы Кремльден,
Тасқындай қол шапалақтауды көрген.
Оята жердің жүзін, жүрек жылыта
Өрге өрлей данышпанның үні өрбіген!
Үн тыңдап тыныштыққа жиһан батқан,
Тарихи уақыт бүгін сағат соққан.
Тербете трибунды құрыш дауыс,
Баяндап көсем сөзін саңқылдатқан.
Грузин тыңдап тауда, қазақ қырда,
Белорус, зыйрян елі гүлді орманда,
Халқымыз данышпанның әрбір сөзін
Сақтаған көкейіне тыңдағанда.
Сөзінде құрыш қуат жалындаған,
Сұлулық, сенімділік сағындырған.
Мейрімді жанға жайлы аталық сөз,
Кіршіксіз ойын таза ұғындырған.
Жанды сөз жаңа заңнан, дүниені —
Орады, күннен жылы ойды-қырды.
Жасырақ ағұстағы жемістен де,
Жұлдыздан сұлуырақ, таңнан нұрлы.
Ұмытпан ноябрьде осы күнді,
Сондықтан домбыраны, әнді, жырды
Шырқадым, шын жүрекпен халықтардың
Қалтқысыз атасына шаттық күйді.
Сен мәңгі данышпандар данышпаны!
Қолыңмен жазылды нұр халық заңы.
Бауырым, ер Сталин, рахмет!
Қуандым Отаныммен бірге тағы.
1936
СЪЕЗГЕ
Уа, хұрметті ұлы съез!
Баянды болсын қадамың.
Басын қосып отырсың, —
Байтақ жатқан елімнің
Игі жақсы адамын.
Сөз сөйлейін термеден,
Еліммен бірге азат боп
Жерім шыққан көрмеден,
Өлеңде қанша қасиет, —
Ерлеріне елімнің,
Реусіз алтын зерімнің
Бас қосқан ұлы тобыңа,
Байғазыға бермеген,
Тілде қанша қасиет, —
Айшылықты алты аттап,
Асыл сезді тақпақтап,
Топ алдында желмеген,
Заманың мынау құлпырған,-
Бұрын түсте көрмеген:
Ақ-ыйық мұз-балақтай
Қыраннан көз жіберсем,
Көремін елді көлбеген.
Жапалақ ұшпас жапанды,
Бәйшешекке шомылтып,
Жайлау еткен заманым,
Сусыз шөлді құнартып,
Бұлақ еткен заманым.
Қамыс пенен құрайды,
Қолдан қайта туғызып,
Құрақ еткен заманым.
Айыл кескен бауырын,
Арқаның топшы жауырын,
Майға бөлеп сауырын,
Пырақ еткен заманым.
Аш, арықты теңгеріп,
Тарихты билеп меңгеріп,
Қаусаған елге әл беріп,
Кем тарына дән беріп,
Ұжмақ еткен заманым.
Адам аяқ баспайтын
Асқар Алатауларды,
Адамға керек мүліктің
Бұлағы еткен заманым.
Ит байласа тұрмайтын
Патша мен байдың мекенін,
Арамзадан арылтып,
Береке; бахыт, рахатқа
Төгілдіріп малынтып,
Бір жүз жетпіс миллион
Ерлеріне еңбектің
Тұрақ еткен заманым.
Көрсе таңға қалатын,
Қараса үлгі алатын,
Берекелі елімді
Жер шарына нұр берген,
Шырақ еткен заманым.
Осының бәрі ұлы еңбек,
Өз еліне жұмсаған
Адамзаттың алыбы, —
Ұлы Сталин дананың.
Уа, хұрметті ұлы съезім!
Қала менен дала да,
Колхозданған ауыл да,
Кәрі менен бала да,
Заңға қолын жайып тұр;
Соларға қосып даусымды,
Домбыра қолға құстадым,
Жаңа заңды заңды етіп,
Бірге шырқап әндетіп,
Құлпырып тұрған елімді
Мұнан да көркем сәнді етіп,
Тарқады мүлдем құштарым.
Қалың қазақ баласын
Туысына теңгерген,
Жасасын ұлы Сталин!
1936
СТАЛИНДІК ҰЛЫ ЗАҢ
Өлеңім, шарла ауылды,
Тыңда, дала, Жамбылды!
Өмірде заңды көп көрдім,
Сол заңдар бүгіп белімді,
Көзімнің жасын қан қылды.
Маңдайға әжім түсіріп,
Қайнатып миды даң қылды.
Жүргізді заңын «бір құдай»,
Жүргізді заңын Абылай,
Қылышпен жұмсап законды,
Жүргізіп жауыз Николай,
Кең дүниені тар қылды.
Солдатқа ұлды алдырып,
Ардақтысын аттырып,
Аруды малға саттырып,
Елді ерікке зар қылды.
Заңның тартып зардабын
Зарлады налып қалың ел.
Ұстап заңды қолына,
Халықтың мініп мойнына,
Бай, мырза, шора алды бел.
Ажал, аштық, жауыздық
Даланы кезіп құйындай
Көздің жасын етті сел.
Шарла өлеңім ауылды,
Тыңда, дала, Жамбылды!
Ақыныңа тізгін бер,
Сүрлеуден даңғыл жол болып,
Бұлақтан теңіз шығады,
Тастан болат жаралып,
Халықтан туып данышпан,
Топшылап сөзді буады.
Бахытты өмір кезінде
Бар әлемде теңі жоқ
Бахытты бала туады.
Баламен егіз ұлы боп,
Колхозданған ауылда,
Жақсы жыр дүкен құрады.
Шат тұрмыстың жыры шат,
Барлық көркем сөздердің
Біздің сөз сәуле шырағы.
Шаттықтың тартып әуезін,
Аралап колхоз ауылын,
Тында, дала, Жамбылды!
Тыңда, Қастек, Қаскелең!
Сөйлесін кәрі бауырың.
Ардақтаймын Советтің
Әділ заңын тамаша,
Орнатқан шаттық дәуірін.
Жүрекке нәзік жыр беріп,
Табиғатты меңгеріп,
Ар, атаққа ие етіп
Марқайтқан еңбек қауымын.
Сталиндік ұлы заң
Жастарға байтақ жол ашты.
Бақ пердесін көтеріп,
Олжаға олжа ұласты.
Әділ заң ұлы тойымда,
Жұртты аузына қаратып,
Шығарды қызым — Күләшті
Ардақтаймын бұл заңды,
Астананың мектебін,
Ашты колхоз ұлына,
Бауырлас көрші елдердің
Қатарына қосылып,
Өмірдің астық. шыңына,
Шырқа, ақындар, көтере,
Шығара таудың қырына!
Өлеңмен топқа қосылып,
Қандыр көңіл құштарын,
Өлеңменен айтып бер,
Ұлты басқа, тілек бір —
Елдер тізе қосқанын.
Отанымның гүлденіп
Өлеңге қос көркейтіп,
Шаттықты сүйіп құшқанын.
Өлеңменен ұрандап,
Еңбекпенен олжаға
Шақыр тегіс қалдырмай
Даланың ауыл, қыстағын.
Миллиондаған халықтың
Қамын жеп еңбек сіңірген,
Сүйікті көсем данышпан,
Ұлы адам — Сталин!
1936
АСҚАН БҰЛБҰЛ
(Пушкинге)
Орыстың өлеңінің ақын көркі,
Алмастай мың құбылған меруертті.
Дүниеге асыл сөзден төктің маржан,
Жарқырап тар заманда-ақ шықтың еркін,
Патшаның қорқау бастық жендеттерін,
Сен көрдің, таныдың сен таулы жерін,
Қарысқан қан майданда қылыш тимей,
Қолынан қанды жендет жанды бердің.
Не керек өмір саған, өзің тірі,
Алтындай жарқырайды жайнап гүлі,
Жүз жыл болды, қара жер сені алғалы.
Сен дүние ақынысың осы күні.
Қуанып көзі жайнап, мейірі қанып,
Башқұрт, түркпен, белорус, қазақ танып,
Оқиды жазғаныңды, шаттанады,
Сөзіңнің бір де бірі өлмеуі анық.
Сен Пушкин, қалың жұрттың туысқаны,
Сен біздің бұл ғасырдың өлең, әні.
Өлеңің жаңа атқан таң, жайнаған гүл,
Жұпары, інжу-маржан, өмір сәні.
Бұл күнде біздің өмір жайнаған гүл,
Құлпырып барған сайын төгеді түр.
Ән шырқап, бізбен бірге қуан, шаттан,
Мәңгі өлмес, асыл сөзді асқан бұлбұл.
1936
ЛЕНИН
Үнің кетпес құлақтан —
Ағыны күшті бұлақтан,
Тау суындай тасқыны
Талқандап құзды құлатқан.
Өрісі кең өрлеген
Түбі терең мұхиттан,
Ағыны жылдам сынаптан,
Жер жүзіне тараған,
Аузына әлем қараған,
Қара қылды қақ жарып,
Жылағанды жұбатқан,
Солтүстік пен оңтүстік,
Батыс, шығыс — әлемде
Балдан тәтті сөзіңнің
Дәмін алған ұнатқан, —
Үнің мәңгі өшпейтін
Адамзаттың алыбы —
Батыры сенсің — Ленин!
Жанарың жанған жайдары,
Күн нұрындай жайнаған,
Мұз жүректі жылытып,
Түнекті түре айдаған,
Арамтамақ жауыздың,
Патша, қанды ауыздық
Ақылынан тандырып, і
Қанды қолын байлаған,
Еңбекші халық ұлына,
Тізгін беріп қолына —
Бахытқа көшін бастаған,
Күреске күшін сайлаған.
Өсиетің — сөнбес күн,
Күш-қуаты миллион мың,
Жауға қарсы шапқанда
Жігері қозып қайнаған,
Бастаушысы тірегі,
Ақылы сенсің — Ленин!
Мұхиттай болып шалқыған,
Әлемнен асқан кең дана,
Тұманды түріп, көк сөгіп,
Туғызған таңды сен ғана.
Біліміңмен мың жыққан,
Нұрыңнан балқып күн шыққан.
Ақиқатқа жол сала,
Езілген елді шақырып,
Көтерген соңғы майданға,
Сезімге салып ой, сана.
Күң мен құлдар бас қосып,
Ұранға ұран ұласып,
Адамды сорған айуанға
Аттанғанда ту ала,
Миллионның жүрегі —
Жақыны сенсің — Ленин!
Сенің жаққан жарығың,
Бастаған барлық майданда,
Адам ұлы бас қосып,
Аттанғанда арманға;
Енбекші ұлы испанның
Жауына ойран салғанда,
Қалың қытай солдаты
Басты байлап өлімге,
Жауына қарсы барғанда,
Қаһармандар қарысып,
Адамзаттың дұшпаны —
Фашизммен алысып,
Жауға ойран салғанда,
Жауды алқымнан алғанда,
Фашизмнің тұтқыны
Түрмеде жатқан мың сан ер,
Сазара күтіп атар таң,
Күнде ертеңмен талғанда,
Күреске түзеп салатын
Қуаты, күші, жігері —
Тірегі сенсін — Ленин!
Сенің үлгі, өрнегің
Миллиондаған жүректе,
Кең бахытқа талпынған
Санада, салтта, тілекте.
Фабрик, завод, қалада,
Колхозды, гүлді далада,
Белсенген балғын білекте.
Жер танабын қуырған,
Тау қоймасын суырған
Адамзат асқан ерлікте,
Арыстан асқан жүректе,
Төсіне ерлер қадаған
Ардақты алтын орденде,
Жарқыраған көкіректе,
Еңбектің, істің, бахыттың
Өнегесі, үлгісі, —
Жүрегі сенсің — Ленин!
Жолың сенің өлмейді,
Балқып шығып текті нұр,
Күрес, тартыс ордасы
Өмірге берген шырай, шыр.
Күшіңмен сенің жанады
Жайнаған оты электр.
Сәулеңмен сенің жарқырап,
Асылдар нелер төккен түр.
Нұрыңмен сенің гүлденген
Жайқалған жеміс ой мен қыр.
Атыңа сенің үн қосып,
Ел шырқайды ән мен жыр.
Тетігі сенің қозғауың
Техника мен өнерде
Ағытқан бүгін терең сыр.
Сен орнатқан мәңгі бақ.
Біз жайлаған шаттық шақ
Мүддесі адам сансыз жыл
Сенің бізге тастаған,
Мәңгі баққа бастаған,
Адамзаттың атасы,
Асқан дана ақылды —
Ұстазым ол — Сталин!
1937
ПУШКИНГЕ
Өнердің алды қызыл тіл,
Тілде жүйрік ол дүлдүл.
Ақынның мұхит теңізі —
Пушкинге бүгін бір жүз жыл.
Менің айтқан жүз жылым —
Өлім емес, өмірі,
Өмірде оның өлмейді
Ел сүйген таза көңілі.
Әлемге шыққан аты бар,
Алтынмен жазған хаты бар,
Күн сенбей ол сөз өнер ме?
Шыңдағы шынар өмірі,
Қиядан жібек қырмызы,
Кестелеп тіксе хор қызы,
Шытырмақ шимай гүл шығып,
Тауыс құс жазса қанатын,
Көз тартып көркі аларын,
Патсайыдай құлпырып,
Пушкиннің жыры дәл сондай,
Әлемнің ажар көрігі.
Шам-шырақ деген тас жатар
Теңіздің терең түбінде,
Сүңгіп адам соны алар
Шам қылуға түнінде,
Май құйған шам сөнсе де,
Шам-шырақ сөнбес өмірде.
Жақсы соз бейне шам-шырақ,
Орнаған мықтап көңілге,
Жақсы сөздің иесін
Ұйғара алман өлімге.
Олай болса Пушкинді
«Тірі» деп, керек сенуге.
Жақсының жауы— жексұрын
Патша, хан, би, бегің де
Ол өмірдің өртіндей,
Өмірі ұқсас көмірге,
Арпалысты, алысты,
Бүркіттей шеңгел салысты,
Ел шырағы ақынның
Сөзін жерге көмуге.
Асылдың бетін ашушы
Ерікті елдің адамы —
Ұлы Совет Одағы:
Украина, орыс, белорус,
Түркпен, өзбек, қазағы,
Ұлтының атын санасаң
Әлденеше он болады.
Алып Отан бірлігі
Бір-ақ үйдей болады.
Ер қадірі ерлерде,
Зер қадірі зергерде;
Ері дана елімде
Асылдың бәрі бағалы.
Ақылды туған жасым бар,
Ұлы ақынның үлгісін
Маржан етіп тағады.
Асылдың беті ашылып,
Әлемге нұры шашылып,
Шалқардай көңіл шалқыған;
Сталиннің заманы.
1937
ЕГІС ЖЫРЫ
Жер жырттық, қайнады еңбек, егіс салдық,
Жарыспен еңбек жазын біз қарсы алдық.
Қыртысын қара жердің қарыс айырып,
Қажымай жер қазынасы қабын жардық.
Далада асыр салдық ойын, тойдай,
Ұнтадық кесек жердің бірін қоймай,
Жасырып оған алтын дән тұқымын,
Бітірдік көктемгі егіс ісін тойлай.
Нөсерлеп бусандырып келгенде май,
Орады колхоз жерін көк, көк-орай,
Қарсы алды алтын таңды, әнге салды,
Үстінде егістіктің қара торғай.
Иранның кілеміндей жүз құлпырған,
Даласын егін басты Қазақстан,
Телегей теңіздей боп жатқан егіс,
Үстінен қалықтайды аэроплан.
Күзеткен қызыләскер елім шетін,
Ер ұлым жасқандырар жаудың бетін,
Өсе бер еркін шыққан піскен егіс,
Сақтауға жаудан сені солар кепіл.
Жанды еңбек, жан шаттанды, жайқалды егіс
Толқындай басын бұлғар дала тегіс —
Орындап, ұлы Сталин айтқан сөзін
Береміз жеті миллиард жерден жеміс.
Жолымен Турксибтің поез заулап,
Тиеп ап бидай, күріш, кетер шумақ,
Сөзі мен Сталиннің ісіне сай
Көсемнің айтқан сөзі орындалмақ.
1937
X СЪЕЗГЕ
Жіберген елім таңдап ұлы тойға,
Ұлдарым, деп бахыттың қамын ойла.
Алуға Сталиннің алтын заңын —
Одақтас Қазақстан, абыройға.
Бахыттың шам-шырағы жарық таңы,
Нұрымен ұлы Сталин жаңа заңы,
Есейіп Қазақстан одақ болдық,
Келісіп ұлт пен ұлттың ынтымағы.
Өркендеп социалистік шаруам өсіп,
Бақшадай кен қонысқа қондым көшіп,
Өндіріс, колхоз, совхоз бәрі думан,
Күншығыс жаңа отаным — алтын бесік.
Тамаша естігем жоқ мұндай заман,
Масайрап ен жасаған ерікті адам.
Жасарып сендермен бір қол соғады,
Қария көпті көрген Жамбыл бабаң.
Орнықты күншығыстан тіктік орда,
Көтеріп қызыл жалау алып қолға.
Бұл жалау қараңғыға күн боп туар,
Еліне күншығыстың тұрған торда.
Бұдан да Сталиннің нұры жарық,
Жайнасын, масайрасын барлық халық.
Таратып жер жүзіне бахыт тамырын,
Шөлдеген адам ұлы қалсын қанып.
1937
ОДАҚТАС
Он жетіге жас толып,
Басына шаттық бақ қонып,
Елім жігіт болғанда;
Ақыл, күші ер жетіп,
Көңілінен шер кетіп,
Айдай балқып тұрғанда,
Домбырасын қолға алып,
Жыр ағызып толғанып,
Жырдан жаңбыр жауғызсын
Елдің қарты Жамбыл да.
Одақтас боп бөліндік,
Отау тіктік енші алып,
Өз алдына үй болып,
Күншығыстан жай салып;
Сегіз қанат үй берді.
Бір жүз алпыс бау салып.
Босағасы алтыннан,
Шаңырағы күмістен,
Белдеулері жібектен,
Уықтары келіскен.
Отау сондай түрленген,
Бөленгендей гүлдермен,
Ол гүлдену дегенім —
Техника мен безенген;
Аумай, талмай көшіміз,
Жайнап тағы өсеміз,
Асуменен асқардай,
Алда талай кезеңнен.
Біз өсеміз, жайнаймыз,
Біз шаттық деп, сайраймыз,
Өйткені, көш басшымыз.
Ақылы теңіз тереңнен.
Көшіп қонған жеріміз
Қызғалдақ боп гүлденген,
Көш басшымыз біздерді -
Басқа елдермен бірдей ғып,
Право беріп теңеген.
Елімді менің көркейтіп,
Жылдан-жылға есейтіп,
Қуаныштан қамқа қып,
Шаттыққа дәйім бөлеген.
Ол көш басшым — Сталин!
Сүйед те ауыл, қыстағын,
Дария ақылды, дауылпаз,
Өмірді терең көреген.
1936
СҰР ЖЫЛАН
Ысқырды тағы сұр жылан,
Екі айыр тілі у жылан,
Бахытты бейбіт елімде
Жасырынған сұм жылан,
Ой-шұқырды сағалап,
Елді торып жағалап,
Жабықтан кірген қу жылан.
Ерген иттер айтаққа,
Сатылған жауыз, бай тапқа,
Жарықтан. қашқан бандалар,
Өңшең соқыр жын жылан.
Қанқұмарлар жыланы,
Троцкий жыланы,
Қайдағы зұлым сұм жылан,
Жай жылан ба, бұл жылан—
Қара, жолдас, бас қосып,
Халыққа қара күн тосып,
Сақтаған зәрін бойына
Туғызбақ боп бізге ылаң.
Халықтың қара жаулары
Бас қосып қай-қайдағы,
Елеусіз жүріп елімде
Нелер сұмдықты ойлады.
Құтырған иттер жалақтап,
Аш қасқырдай алақтап,
Сілекейі шұбырып,
Ішінен қанжар тағынып,
Ұлы тісін қайрады.
Көрінген жерге қорғалап,
Жарықтан түнге жорғалап,
Жасырынып сағалап,
Ой, шұқырға сайдағы.
Байқаусызда қойыннан,
Шыға келіп бойыңнан
Бахытты бейбіт еліме,
Ел бастаған еріме
Қапыда елім сайлады.
Арамзаның құйрығы • |
Бір-ақ тұтам деген бар,
Біз жыланнан қорқпаймыз,
Кесетін оны берен бар.
Халыққа қастық ойласа,
Қара тас басар кеудесін.
Жаныштай тасқа езерлік
Ел табаны — шеген бар.
Халық қарғысын алғанға
Қара жерден орын жоқ,
Құрысын, өлсін сұм мұндар,
Жер бетінен жоғалсын,
Інінен шықпай тұншығып,
Атада нәлет қу сұмдар!
Жарық күннің жанары
Жауға аяусыз жанады,
Жайратар, өртер, күйдірер
Заңның жалын жарығы,
Күзетке шыққан қалық ел,
Қаһарлы бүгін қабағы.
Қай шұқырға кірсе де
Сұр жыландар сумаңдап,
Бірін қоймай табады.
Бахыт заңы күшінің
Сұмдарды езіп тастарлық
Асқан алып табаны.
Індеріне су құйып,
Ұясын өртеп талқандап,
Тамырын құртып шабады.
Сансыз жылғы күресте,
Тапқан істің анығын.
Ащы менен тұщыны
Татқан талай халығым.
Айыра білер ал елдің
Ақ пен қара парығын.
Жауды аяған жаралы
Түбінде бір қалады,
Есіңе тұт еңбекші ел,
Қам көңілдің қамығын,
Өткен өмірің тарығын.
Жауға қатал болайық,
Халық қаһарын салайық,
Көтертпей басын езгілеп
Ұлы тісін шағайық,
Жер бетінен құртайық
Халқымның жауы — залымын.
Басы өлсе де жыланның,
Құйрығы тірі қалмасын,
Күлін көкке ұшырып,
Тастайық шауып тамырын.
Сөйтіп таза шынардай
Еркіндетіп еңбекті
Еліміз өссін, гүлденсін,
Мәңгі күннің кіршіксіз
Алған соң алтын жарығын.
1937
ҚАЙТА ЖACАРДЫМ
Жалғанды жалпағынан басып өтіп,
Жасарып, қайта туып, алдым бекіп,
Қаусаған отыз тісім қайта шықты,
Болғанда қызыл иек әлім кетіп.
Алдырып ескі серік домбырамен
Шалдарды отырған кім қадірлетіп?
Жеткенде тоқсан жасқа шөккен нардай,
Жүрекке дем берген кім дүбірлетіп?
Жеткенде сенер оттық әлпетіне,
Қиялға жол берген кім өрге өрлетіп?
Ол — қуат, күш туғызған Сталинім,
Сол ерге арман-ашпай келдім жетіп.
Думан қып, келдім бір топ ақынменен,
Қуанған қалың қазақ халқымменен.
Жырым да, сырымдағы бәрі алдында
Елімнің жақсы өнер салтыменен.
Елім бар мекен еткен шексіз дала,
Сол дала байтақ жатқан жоқ шекара,
Халқымның саған деген махаббаты,
Арқаның даласындай шексіз дара.
1937
МАЙ
Тоқсан жыл түрлі ән қосып,
Жыл да жазда бір тосып,
Тағы да міне май келді.
Бетпақ шөлге жан кіріп,
Өлі бойға қан жүріп,
Құздың мұзы бұзылып,
Ағылды дария ойда енді.
Көк қызғалдақ гүл жарып,
Нәр жыйнап бойға жер ана,
Жанды-жәндік қуана,
Сайрады бұлбұл сайда енді.
Біздің колхоз біледі,
Май қызығын көп көрген,
Тәтті менен тұщыны, —
Бұрын талай жеп көрген,
Бұл жерге керек айла енді.
Жылдам егіп егісті,
Дүрілдетіп еңбекті,
Жаңғыртамыз жер, көкті,
Тағы да тағы өсеміз, —
Өсетұғын жай келді.
Тасыды су, байлы енді,
Айда егісті, айда енді!
Октябрь мәңгі, — май айы
Қыс ызғарын айдаған,
Бай, капитал — аяздың,
Ертеден орнын сайлаған.
Фашистердей боранды,
Қанын сорған адамның
Зәндемі *3 қолын байлаған.
Қара түнді қиратып,
Қажығанды ширатып,
Тарыққанға дем беріп,
Аш-арыққа өң беріп,
Жеміс гүлі жайнаған,
Бейне бақша айналаң,
Бұлбұлы дулап сайраған.
Сталин көсем сол бақшаң
Бақташысы, иесі,
Тәрбиелеп, мәпелеп
Өсірген елі — шиесі.
Еркіндеп өніп, өсуге,
Біріне бірі ілесуге
Әр жемісі орынын
Өзіне алған тиесі.
Арам шөпке орын жоқ,
Бұзылса көзге түседі
Бетіндегі күйесі.
Сталин елдің жарығы,
Ардақтайды халығы,
Халқының онсыз күні жоқ.
Май күнінде әнге сал
Бахытты елім баласы.
Дауысың әлем күңрентсін,
Батсын жаудың қарасы!
Ұлтпен ұлттың, бірлесіп
Қосылды үні, қарашы!
Шырқағанда әндетіп
Ленинград, Мәскеудің
Пролетары, қаласы.
Үн қосады елдері
Мұхит пен теңіз, көлдері,
Кавказ, Қиыршығыс пен
Орта-Азия арасы.
Одақтың шығыс жағынан,
Он бірдің бірі сапынан,
Әндетіп үн қосады
Қазақтың байтақ даласы,
Қатыны, ері, баласы,
Жамбылдай қарт бабасы.
1937
СҮЛЕЙМАН СТАЛЬСКИЙГЕ
Сүлейман алтын бұлбұл, сен Дағыстан,
Ішінде сайрандаған гүл бағыстан.
Кешегі жыртқыш аңдар заманында, —
Біз өстік орын алып тар қапастан.
Бүгін қапас жаңарып гүл жайнады,
Бахыт жыры төгіліп бұлбұл құстан.
Бұлбұлдардың Отаны меруерт гүлді,
Біз жырлаймыз, мақтаймыз Советстан.
Ескі дүние жарасын жазды бәрі,
Еркіндеп кең бақшада масайрасқан.
Өлең көзі тауымнан тулап ақты, —
Дағыстан, даласынан Қазақстан,
Еліміз гүл, қызғалдақ, жері балды,
Нұр төккен төбесінен әдемі аспан.
Халыққа бахыт, бұлбұлға дауыс берген
Ленин мен Сталин ғой ол данышпан.
Барлық халық қастерлер Сүлейманды —
Асыл сөзі жаныңның кілтін ашқан.
Мен де саған қошемет сәлем жолдап,
Қол соғам даласынан Қазақстан.
Жерің таулы, ұлы Кавказ, миуасы көп,
Сұңқарлар заңғарында шырқап ұшқан
Бахыт гүлі қаулаған шешек атып,
Әтір *4 исі аңқыған көңіліңді ашқан.
Жастық жайнап, ескілік сөніп жатыр,
Таза ауа, мөлдір сумен көк гүлістан.
Қартайсақ та дауысымыз жаспен бірдей,
Жаңардық, қайта тудық осы тұстан.
Жиһан кезіп шырқаймыз өр қырандай,
Таудан қулар далаға судай тасқан.
Ол жырымыз арналсын мәңгі-бақи
Сан сұңқарлар сұңқары әлем асқан;
Адамұлы ардақтар тамаша жан
Тарихтың заңғарынан зор данышпан.
Елінде Сталиннің біз сайраймыз,
Ақыл мен жүрек тулап ой ұласқан.
Сталин деп жырласақ дауыс қосып,
Өлең кетер бұлақтай шыққан тастан.
1937
ЖAЗ
Жаз жайнап, жан-жануар жанаттанған,
Жадырап май айында науаттанған,
Су ағып, жер айналып жанарланған,
Жиһанда біздің таңдай таң атпаған,
Жарқылдап жабырқаусыз жайдары жан,
Жұлқынып жазғы егіске жарақтанған.
Шыңына шыбық шаншып, гүл түлетіп,
Сайлы елім саяхатқа саяттанған,
Қой қоздап, түйе боздап, құлын қунап,
Даланың төлі ойнақтап аяқтанған,
Бұзылмай айдын көлдің ақ қаймағы,
Құс шайқап балапаны қанаттанған.
Безесе кәрі Жамбыл қызыл тілін —
Хош көріп қазақ, қырғыз мадақтаған.
Бәйгеден күнде келген кәрі тарлан,
Бәрін де той, думанның аяқтаған.
Күй боздап домбырадан, өлең қоздап,
Қыз бұлғап орамалын қарап қалған,
Жүз жасап, жүз жаз көрген бұл Жамбылды
Ешбір жаз бүгінгідей қаратпаған.
Жазында Сталиннің жаңа жасап,
Кұлшындық қыран құстай тояттанған.
Жадырап, жаз гүлімен бірге гүлдеп
Тамырым алпыс екі тарап тұрған.
1937
ЖАЗ ЖЫРЫ
Атымды ертте, балалар,
Күлімдеп міне жаз келді.
Түйе боздап, қой қоздап,
Тізіліп қатар қаз келді.
Жастардың жүзі жайраңдап,
Кең өмірде сайрандап,
Махаббат, мейірім, ән мен күй,
Ойын, күлкі, наз келді.
Тамаша өмір, шаттық жыр
Қала, дала ой мен қыр,
Жабайы жаз ба биыл жаз,
Төгілген көктен алтын нұр.
Назданар адам аз ба енді,
Көйлек көкте, тамақ тоқ,
Eш бенде де уайым жоқ,
Жасармас қай жан жазда енді.
Отаным байтақ мәңгі бақ,
Гүл, бәйшешек толған жер.
Он бір жұрт—он бір туысқан
Қанаттас қатар қонған жер.
Он бір жұртым—он бір бақ,
Ішінде еркін сайрандап
Мәуесін тәтті сорған ел.
Шағаласы шаңқылдап,
Қаз, үйрегі қаңқылдап,
Көкорай шалғын, орман, көл;
Шалқып жатқан ен дәулет,
Салтанат, шаттық, сән, сәулет,
Аймағым асқар қорған бел.
Жауың мен дауыл, бораннан
Жасқанбай шалқып тасамыз,
Жауды жайқар жарақ сай,
Табанмен таптап басамыз.
Қыздырып еңбек дүкенін,
Желпілдетіп жер бетін,
Жемістен шашу шашамыз.
Жер қазынасын талқандап
Көзіне жете ашамыз.
Болаттан сұңқар ұшырып
Мұхиттан әрі асамыз.
Мініп алмас тұлпарды
Баспаған жерді басамыз.
Қуаттан дария ағызып,
Ерліктен ерлік туғызып,
Өрге өрлеп, тасамыз!
Жайнай бер жазым жылдан жыл,
Жаңарып дүние түрленсін.
Алтын бақша ұлғайып
Бұдан да қызық түрге енсін.
Ен бахытқа еркіндеп
Жайлаған елің гүлденсін.
Сталин атты алтын күн
Себелеп рахмет сәулесін
Бұдан да жарық нұр берсін.
Бұлбұлың дулап сайрасын,
Еңбегің қызып қайнасын,
Нұрыңды әлем, ел көрсін,
Бұғаудан қолын шешуге,
Сенімен таңға ілесуге
Өнеге болсын, дем берсін!
1937
АЛАТАУ
Тізілген таулары бар Жетісудың,
Ішінде орман, тоғай біткен нудың,
Дариядай тулап аққан сол таулардан,
Көресің тамашасын аққан судың.
Есепсіз тау суреті көз жетпейтін,
Жырлауға қазынасы көп тіл жетпейтін;
Өрік, алма, алмұрт, жиде жемістер көп,
Бір татсаң аузыңнан дәм кетпейтін.
Карлы тау басы биік мұнар кетпес,
Сырласып бұлттарменен болған кептес,
Түрлі аңдар мекен етіп, өніп-өсіп,
Жүреді бір-бірімен боп тілектес.
Арыстан, аю, қасқыр, түлкі, борсық,
Сілеусін, жолбарыстар түнде жортып, —
Тулаған, аққан бұлақ тасқынында
Асаудай ойнақ салар балық шолпып.
Етегі сол таулардың мидай тегіс,
Тегіс жер гүлін жарған миуалы егіс,
Еліне мекен етіп еңбек қылған
Жегізер аямастан түрлі жеміс.
Алатау Жетісумен құшақтасқан,
Еліне қазыналы қойнын ашқан, '
Бауырында Қазақстан астанам бар, —
Бір бауыр орыс-қазақ араласқан.
Жайлау бар бұл тауларда шөбі шалғын,
Көк майса ойы, қыры бәрі балғын,
Қызығын сол жайлаудың көрсем десең, —
Шөбіне бауырың төсеп жатып алғың.
Ар жағы — еңреген ел Қытай жері,
Бер жағы — ен жайлаған қазақ елі,
Басында бахыт жырлап Жамбыл отыр,
Желбіреп қызыл жалау шығыс белі.
1938
ҚЫМЫЗ
Үйірілген қышқыл, тәтті сары қымыз,
Ауруға — ем, сауға — қуат, дәрі қымыз,
Ыстықта ұрттар сусын таппағанда,
Ерте-кеш байлар ішкен кәрі қымыз.
Ашыған кең сабада алтын қымыз,
Бай, биге шаттық берген салқын қымыз,
Айтушы ек іштен налып саған қарғыс,
Кедейге келмегенде шартың қымыз.
Байда бар, жарлыда жоқ тартым қымыз,
Көз сатып бардан ішкен халқым қымыз.
Байлардың сабасында «аллаһуп» тап,
Кедейдің торсығында там-тұм қымыз.
Сапырған жайлау жайлап байлар қымыз,
Шақырып бірін-бірі тойлар қымыз.
Кеңейтіп жуан қарын май қосуға,
Cap тұздық қозы етімен шайнар қымыз
Үстіңнен дабыл ұрып желі қымыз,
Еңбекші ел аттанғанда кегі қымыз,
Байды қуып, алуға малын тартып
Беретін ет пенен сүт, сені қымыз.
Бай қайда? Елден қудық бүгін қымыз,
Төңкердік зор сабасы түбін қымыз,
Көрінбей түнде жортып құмдарда жүр,
Ішпейді бұлақ суын түгіл қымыз.
Сапырған далам, қалам бәрі қымыз,
Жайлаудың бүгін болды сәні қымыз.
Стахановшы ерлерге дем беретін
Бір сүйеу еңбегіне кәрі қымыз.
Еңбекші ел тартып алған табы қымыз,
Ен өскен колхоз аулы малы қымыз,
Әр ферма ортасында күмпілдейді,
Өзгеше бүгін тәтті дәмі қымыз.
Үйірілген сары алтындай сары қымыз,
Ауруға ем, сауға қуат, дәрі қымыз,
Елімнің социалистік асы болдың,
Шығаршы, тағы нең бар, кәне, қымыз!
1937
БАЛАЛАРҒА
Балалар, аманбысың шырақтарым,
Майысып көлге біткен құрақтарым!
Жүрмесем есендесіп тұра алмаймын,
Ішінен асып кетсе бір аптаның.
Қонаққа келді міне Жамбыл атаң,
Сан жылдар жүк көтерген бүкір жотам,
Қарт бабаң дәуіріне мейірі қанған
Қуанып жастығына сендей ботам.
Білемін өмірлерің тұрған жайнап,
Күндіз, түн жастық үшін жарық сайлап.
Ай, жұлдыз, күннің көзі, жел менен су—
Бәрі де сендердікі әлемге айғақ.
Сталин — асқан дана, бабаларың,
Болмайды одан жақын аналарың.
Жайнатқан нұрын төгіп жүрегінің
Барлық ұлт, барлық тұқым балаларын.
Дүниеде барлық жаннан мейірімді ол,
Адамға бахытты өмір көрсеткен жол:
Ойыншық, мынау кітап, қағаздарды
Сендерге әдейі арнап жіберген сол.
Сталин — биік шынар бір бәйтерек,
Тамаша бойы әлемнен асқан ерек,
Гауһардай нұрын құйған сабағымен
Сендерді саясына алған бөлеп.
Күледі сендер күлсең ол да бірге,
Оқы дейд, білім алып, босқа жүрме!
Оқысаң өмір. кілті өз қолыңда
Жайнайды өмір ұқсап бейне гүлге,
Ардақтап есіңе ұста әр пионер!
Сталин — ардақты атаң, шын кемеңгер,
Данасы адамзаттың ақылгөйі
Атасы бар ұланның Сталин ер!
1937
БЕСІК ЖЫРЫ
Ұйықтасын деп бөбегін,
Домбыраның қос шегін
Жамбыл бабаң қағады,
Қаққан сайын өлеңі
Бұлақтайын ағады.
Қағады Жамбыл қос шегін
Өсуің үшін өсуің.
Ұйықтасын деп бөбегін,
Тербелсін деп бесігің.
Көкте де жұлдыз ұйықтады
Жайлауда жусап малдағы.
Мамық жүнді жас лақан,
Ұйықтап қырда ботақан,
Алтын жалды құлыншақ,
Жұмып көзін бұзауқан,
Сыйда сирақ қошақан
Төлдің бәрі ұйықтады,
Ұйықта сен де балақан!
Шегіртке ұйықтап шөбінде,
Бақа жусап келінде,
Қалғып құрақ өзенде
Балықтағы ұйықтады
Амудария түбінде.
Ұйықта сәулем, бөбегім!
Болды сенің дегенің,
Баулап саған нұсқаған
Мейірімді атаң. Сталин,
Терезеден қараған,
Көрінеді кезіне
Қараса оған бар әлем.
Сені де сәулем көріп тур,
Сүйіп, мейірім төгіп тұр;
Мәпелеп баулып бар елдің
Тәрбиесін беріп тұр!
Отаныңның сүйікті
Бөбегінің бірісің,
Бәрінен де сен сұлу,
Бәрінен де ер сұлу,
Біздің жердің құлпырған
Жас өспірім өрісің!
Бәрінен жақсы өссін деп,
Бөбегім сені қолдаған
Кремльден жан атаң
Сталин сені ойлаған.
Балалық, жастық шағыңды,
Өсірді елің дарынды.
Еліңменен бір көрдің
Жарқыраған бағыңды;
Бақ жұлдызы жайнатты
Жас бөбегім жаныңды,
Өмірің кең шалқыған,
Жолық ашық андаған,
Сен үшін бақша бұлбұлы
Сұлу әнін сайраған.
Сайдың сұлу гүлдері
Сенің үшін жайнаған,
Аққан күміс арнадан.
Көзің жарық жұлдыздан,
Шашың жібек құндыздан,
Сен бір артық көркемсің
Биік асқар, шың-құздан.
Қара көз, сәби бөбегім
Аса берсін өнерің,
Батыр болып өсе бер
Жанарыңды жанғызған.
Бала күнде өзіміз
Сендей болып өспедік,
Сұм өмірдің бұрынғы
Не бір уын кешпедік?
Май айында ұранын,
Салып, қолда флагың
Шыққаныңда көшеге,
Қуанғаннан көзіме
Жастар келіп, егіле
Түсіп кетед менің де
Балалық шағым есіме.
Жігіт болып өс жылдам!
Өмірге жассын сен керек,
Пионер және комсомол
Боласың өсіп жас бөбек.
Комсомолдан өскен соң
Боласың жігіт — большевик
Ұйықта бөбек, жас қазақ!
Бесігін балғын толған нұр,
Көзіңді жұм, деміңді ал
Күзетте қызыләскер тур.
Туған елдің туында
Кәріге, жас буынға
Бахыт нұры жанып тұр..
1937
ҚЫТАЙҒА
Біздің көрші Қытайға
Жапон тағы ұрынды,
Қан іздеген, аш қасқыр -
Керетін емес тынымды,
Манжурды басып алған да,
Қытайға бәле салғанда,
Көріп ек сонда-ақ зұлымды.
Жазықсыз елді жаралап,
«Қуа берсе қорқақты;
Батыр болар» — деген сөз
Осыған келер ырымды,
Оңай-ақ басып алам деп,
Басына бәле салам деп,
Теңеген ед фашистер
Қытайға әлсіз шыбынды,
Бірақ, қытай қозғалып,
Намысын халық қолға алып,
Бас қосып қарсы аттанды,
Бұзбаймын деп жұбымды.
Қандай айла қылса да
Жапонның сұм жыланы,
Жыртқыштардың тұмсығы
Қан жалата ұрылды.
Тегеуріні темір, көп халық,
Ұйымдасып ат қойғанда
Жаудың беті сырылды.
Чжу — де деген бір батыр
Халық әскерін бастаған,
Ер екен тым айбынды
Он мыңдаған жапонның
Қолдарын қойдай қуғанда,
Қандырды мүлде қыбымды.
Әр майданнан ер шығып,
Қирата жауды жеңгенде
Еңбекшісі әлемнің
Құттықтады мұныңды.
Қазақстан елінен,
Отаны бахыт жерінен —
Құттықтаймын мен дағы,
Жау қуған әрбір ұлыңды!
ҚЫЗЫЛӘСКЕРГЕ
Құрыш күш, жарқылдаған болат семсер
Құралған ауыр күнде қызыләскер,
Жатқанда күн менен түн арпалысып.
Бастаған сені Ленин, Сталин ер.
Ардақты атың шыққан қан майданда,
Атамас атағыңды таңдай бар ма?
Ерік үшін, елің үшін, жерің үшін
Тайсалмай айқастың сен сан майданда.
Советті шаппақ болып келген сұмдар,
Жайқадың, жайын таптың өңшең мұндар.
Сықылды Темірқазық қозғалмас күш,
Ұлы ісің әлемге аян, ақын жырлар!
Жайнаған біздің өмір бейне бір бақ,
Жан-жақтан жалақтаған жау сығалап,
Жасқанбай жасай беред одан елім
Темір қол ел шетінде күзетім сақ.
Алатау бойын әппақ меруерт басқан,
Қазнасы Алтай, Кавказ қойнын ашқан.
Шүйгіген қыран қалқып құздарында
Сен турсың ел күзетіп, тапжылмастан.
Жайқалған, кең даланы егін жапқан,
Маужырап мәуелері нұрға батқан.
Қырымнан қылт еткенде қыран көзін
Сезеді кім болса да, келе жатқан.
Соғысты біз сүймейміз ел жылатқан,
Ол ісі қанқұмарлық қарғыс атқан.
Малым көп, бақшам жеміс, жер-суым мол,
Бір сүйем тілемейміз жерді жаттан.
Ал егер сұм құзғындар шықса қаптап.
Тимек боп шекараны келсе аттап;
Көтеріп хасиетті туды қолға,
Шығамыз шеру тартып, елді сақтап;
Сен сонда, қызыләскер қайратқа мін!"
Туғызып жау басына қаралы күн.
Қалдырмай сайда санын, құмда ізін,
Талқанда, жер дүниеден жоғалсын сұм?
Сен жауға ұмтылғанда қайраттанып,
Қолына қарт Жамбылың домбыра алып,
Шабады сендерменен бірге ерлерім,
Шалқытып ерлік әнін, майдан. жарып
1937
ИСПАНДЫҚ ТУЫСҚАНДАРҒА
Кең даласы қазақтың
Құлпырады гүл жайнап,
Өзбекстан бір елім
Гүлстандай — алма бақ.
Тәжікстан түлеген
Желі жібек — күн шуақ.
Қайта туған бәрінде
Қажырлы берік халқым шат.
Сталиннің жазында
Жадыраған жан рахат.
Сол ортада отырып,
Салсам көзді шамалап,
Испан елін көремін,
Қайнаған бойы күш, қайрат.
Алпарысқан жауына,
Жіберіп жатыр оқ қадап.
Құйылып жатыр майданға.
Батыр жігіт, жүйрік ат.
Туысқан бауыр батыр ел
Соғысты біз де көргенбіз.
Отанды жаудан тазартып,
Күн-түн қатып желгенбіз.
Ақыры күшті асырып,
Қандатып жауды жеңгенбіз.
Желкесін қыйып жебірдің
Сазасын сүйтіп бергенбіз.
Жеңіспенен, табыспен
Балқыта сүйтіп келгенбіз.
Туысқан, бауыр батыр ед,
Сал күшіңді аянба!
Әлі келмес аттының
Біріккен берік жаяуға.
Көріп отыр Жамбылың
Жеңісің жақын, таяуда.
Қысың кетіп, жаз келіп,
Көгергелі тұр жерің,
Азап кетіп, бақ келіп,
Гүлденгелі тур елің.
Биікке қада, қызыл ту,
Сол ту болар тірегің.
Жеңбей қару тастама,
Тізгінді бермей басқаға,
Қазақстан атынан —
Арнап сәлем жазғанда,
Сіздерден осы тілегім!
1937
СТАЛИН ҰРПАҚТАРЫ
Ұрпақтарым алдында,
Ұсап жазғы шалғынға,
Мойындамай шалдықты,
Жасарған Жамбыл шағында,
Сайрайды, талай сайраған.
Өмірім балдай, балдырған,
Құмарымды қандырған,
Көңілімді, көзімді,
Өмірімді, өзімді,
Енжудей тізген сөзімді,
Сталиннің сәулеті
Шам-шырақтай жандырған.
Өкіметі Советтің
Нұрымен күндей балқытып,
Болмағанды болдырған,
Қарасам көзім тойдырған,
Бәйгеден озып жүлде алған,
Шауып мүше күнде алған,
Өлеңнің кенін қазайын,
Бауырымды жазайын,
Жүйрік емен болдырған. :
Қөңілімді, көзімді,
Өмірімді, өзімді
Сталиннің сәулеті,
Шам-шырақтай жандырған.
Осы баққа, жарыққа,
Көтере алмайды жау-жарақ,
Жау күшімнен қорғалайд,
Жау жоласа жорғалап,
Күл болған, тағы күл болад.
Осы шамның жарығын,
Көбелектей аңдыған,
Жалақтаған жау күшік,
Бұғып жүріп тіміскіп.
Большевикпен ойнама,
Құлатады тауыңды;
Большевикпен ойнама,
Құлатады жауыңды!
Халықпен жау ойнама,
Тау тайлақтай тарпиды!
Халықпен жау ойнама,
Жауды жаншып құртады,
Сталиннің ұрпағы!
Кұртқан сайын жауларын
Құрыштай күші артады!
Сондықтан да, қарт Жамбыл
Отыз тістен төгіп жыр,
Өлеңнің қара боранын,
Күйдің бомбы-жарағын
Жауға қарсы тартады!
Домбыраны мен тартсам,
Өлеңді шырқап мен айтсам,
Бахыты үшін халықтың
Топқа айтамын алқалы.
Тек бұл емес Жамбылдың
Толып жатыр тағы да,
Тағы-тағы айтары.
Өмірім балдай балдырған,
Құмарымды қандырған,
Көңілімді, көзімді,
Өмірімді, өзімді,
Сталиннің сәулеті
Шам-шырақтай жандырған.
1937
ӨЛГЕНІҢ ЖОҚ, СЕН ТІРІ
Дағыстанның бұлбұлы,
Жайнаған жырдың жұлдызы,
Стальский ақынның —
Есіттім міне елімін.
Олай болса төгіл жыр,
Домбырадан ағыл жыр,
Досым үшін қозғамай —
Тыныш қоймақ сені кім:
Заманда, заман шын заман,
Қартайып көрдім қызықты;
Көңілді тартты нұр заман,
Құмартып жүрек үздікті.
Шарбы ораған сынықтай,
Жүйкемді қатқан жібітті.
Шарықтаған шалқардай,
Үдете түсті үмітті.
Тасқынға тетік Сталин
Әлемге аты сүйікті.
Бұрынғы дала, дала ма?
Жайнады міне, нұр төкті.
«Бетпақ дала, Мырза шөл»,—
Деген жерге гүл бітті.
Алатауда ұжмағым,
Ұжмақтай бүгін түр бітті.
Дағыстан құмы кешегі —
Бүгін онда гүл бақша,
Сүйкімді, көркі келбетті.
Олай болса, ақыным,
Сені мен менде өлім жоқ!
Өмірдің шамы күн нұры,
Күн нұрына сөну жоқ.
Өмірлік сенің жырың бар,
Жырың сіңген елің бар.
Замандасым, жан досым,
Дағыстанның бұлбұлы;
Жырдан дария ағызған,
Жырың жырдың шекері,
Ел көңіліне жазылған,
Сені ойладым жыр кетті,
Домбыра көңіл тербетті.
Көзден де ақты бір тамшы
Ыстық судай тамызған.
Өлгенің жоқ, сен тірі,
Сені сүйген ел тірі!
Жырдан қырда бақша еккен,
Жыршыға бесік тербеткен,
Алатауда мен тірі;
Шатырым жібек шағылдан,
Бауырым бізде өлім жоқ,
Бізден өлім арылған.
Ағызып айттым жырыңды,
Ел тыңдады мұңымды,
Домбырам шаттық күй тартты,
Жыр бұлағы құйылды.
1937
АМАНГЕЛДІ ТОЙЫНА
Өлеңді айт дегенде ағылтқанмын,
Жүйріктей домбырамды сабылтқанмын.
Ел сүйген, еңіреп туған ерді мақтап,
Тынысын дұшпанымның тарылтқанмын.
Ойлансам сөзім шежіре, қиял желі,
Өтеді көз алдымнан тарих белі.
Толғанса батырлардың батыл ісін,
Қомданад сонда Жамбыл сөйлегелі.
Ардагер Амангелді ердің ері,
Кең өріс, жалпақ дала туған жері.
Елі мен мекенінің туын ұстап,
Қол бастап қан майданда аққан тері.
Ленинді жаны сүйіп соңына ерген,
Жауына ажал оғын тартқан мерген.
Шешеден ел қамқоры ұл боп туып,
Ер болып майданда да ұл боп өлген.
Қазасы батырымның жұртты еңіреткен,
Ол кезде Жамбылдың да жасын төккен,
Бұл күнде ер еңбегін қошеметтеп,
Шертемін жеңіс жырын мен де көппен.
Өлген жоқ, Амангелді әлі тірі,
Әнеки ілулі тур ақ семсері;
Орнатып, ол көксеген арманды ойын,
Мен де шат, рахаттанған қарттың бірі
Батыр бол, балаларым бәрің дағы,
Taп берген дұшпан иттің сынсын сағы.
Семсерін Амангелді тот баспасын!
Ел қорға, ұлы күннің туса шағы.
1937
СТАЛИНДІ САЙЛАЙМЫН
Жүрекке құйылған нұр Сталиннен.
Жыр болып төгіледі қызыл тілден,
Сондықтан, ұлы Сталин алады орын,
Бір емес менен шыққан бар өлеңнен.
Өмірдің қайнар бұлақ көзі Сталин,
Қалың ел қамқоршысы өзі Сталин,
Бітер ме өлеңге жан, ұшқыр қанат,
Болмаса ақындардың сөзі Сталин!
Сәнді өмір, сансыз қызық алуан-алуан,-
Зор табыс, ұлы жеңіс жерді жарған.
Атымен Сталиннің аталады,
Алып күш жерді жеңген, аспанды алған.
Ендеше, күй гулесе домбырадан,
Ой сергіп, көңіл өрлеп шырқаса ән.
Бәрінің күш-қуаты Сталиннен,
Онсыз жоқ күйде көрік, өлеңде сән.
Кетпейді көсем көркі көз алдымнан,
Бейнесі бұзылмайтын асқар шыңнан,
Халқына күнде бахыт ұсынады,
Алы« п ол ең қыйыннан, жарып тыңнан.
Жарқ етіп жазған заңы жазғы күндей,
Шыққанда бар әлемді бахытқа үндей,
Қуаттап бір жүз жетпіс миллион халық,
Ту етіп көтереді бірі іркілмей.
Алтын заң қарт ананы, кәрі шалды,
Өрбіген бахытты ұрпақ балаларды,
Қуантты, нұрға бөлеп гүлдендірді,
Қайнаған қалаларды, далаларды.
Көрді көз арман етіп ойлағанды,
Дегенің асқар биік темен қалды.
Биігі биіктердің бахыт заңын,
Ие боп міне халқым қолына алды.
Жыйналып алдыма кеп балаларым,
Ұсынып шаттықпенен сайлау заңын.
— Сайлаймыз кәне, ата, кімдерді?—деп,
Сұрайды Жамбылдың не ойлағанын.
Әрине, сайлаймыз біз Сталинді,
Жан берген, жарық берген өшпес күнді,
Мен және бар халықтың тілегі сол,
Алпыс ұлт, алпыс отау, алпыс тілді.
Сүйем мен оның серік батырларын,
Шыңдалған құрыш болат жақындарын,
Молотов, Калинин мен Каганович,
Ер Клим, алғыр ерлер түгел бәрін!
Атаймын осыларды, халқым қостан,
Жұртымды — ұрпағымды түгел бастап,
Сайлаймыз бахытты елдің қырандарын,
Сұқтанған сұмырайларды сылып тастап.
Тізімнің ең басына біріншіден:
Жазамын кесем атын барлық тілмен,
Одан соң талдап тізіп толтырамыз,
Үлгі алған ерлер атын Сталиннен!
1937
ҰСЫНАМЫН
Дегенде Ұлы Совет, жыр ұсындым,
Жыр емес, — жарқыраған нұр ұсындым,
Халқымның қан таратқан жүрегіндей,
Ардақты Сталиндей ұл ұсындым.
Ұлымның үзеңгілес жан жолдасы,
Бағалы гәуһарындай, ел ағасы —
Ұсынам Молотовтай мерейімді,
Ісіне елдің ауған ықыласы.
Жас ұлым, шыңнан ұшқан түлегімдей,
Талантты таза ұлым, — жүрегімдей,
Ұлттардың Советіне Нұрбапамды
Ұсынам, сүйгенімнің біреуіндей.
1937
ҰЛЫ КӨШ
Кавказ бен Алтай, Алатау,
Асқар, асу белімсің,
Шығысым — қиыр зор тайга,
Құрсанған болат темірсің.
Батысым — байтақ Украин,
Гүлденген бақша гүлімсің.
Солтүстік — ұлы мұхитым,
Ұшан дария шегімсің.
Қытай мен Қырым арасы,
Бір жағың орыс даласы,
Тұтаса жатқан тұла бой,
Ортаң Орал саласы:
Колхоз бен совхоз, өзімсін.
Осылардың ішінде
Алтын ошақ Отаным,
Советстан — Гүлстан,
Жайнаған менің елімсің.
Бұлдыр-бұлдыр, бұлдыр күн,
Бұлдырап кеткен құрғыр күн,
Бұрынғы күнім күн бе еді?
Күн емес қара түн еді,
Тар құрсаулы таж тақыт,
Патша бізді биледі,
Халыққа қара жамылтқан,
Арылмас азап сабылтқан,
Қанау, талау, отарлау,
Қара түн түнек түрме еді.
Ату, айдау, оқ, қылыш,
Жаралау, асу, құл қылу,
Патшаның болды білгені.
Рахымсыз қара бетінде,
Зұлымдық, зорлық ниетінде,
Адамдық жылы шырай жоқ,
Халыққа қарап күлгені.
Патша тағын, бай бағын,
Қайтып сақтап қалам деп,
Өткен заман заңының
Осылай өмір сүргені.
Ал бүгін міне, жарқырап
Нұрың шашты алтын тақ.
Әлемге бірдей сәулесі
Октябрь деген ұлы заң.
Заң болғанда қандай заң,
Көрмеген бұрым ешбір жан.
Шын бахыттың адамға,
Есігін ашқан гүлстан.
Арманға бізді жеткізіп,
Қайғыны ойдан кеткізіп,
Мәңгі жарық алтын күн,
Туғызған бізге бұл заман.
Еркіндетіп еңбекті,
Бел ал деген осы заң.
Оқу оқы, білім ап,
Жөн ал деген осы заң.
Еңбек ет те, міндет ет,
Дем ал деген осы заң.
Әйел, теңсін, праваң —
Сен ал — деген осы заң.
Қартайсаң да қайғың жоқ, —
Жассын деген осы заң.
Бұлбұл үнің бұлақтай, —
Тассын деген осы заң.
Елдің шетін күзету
Ең ардақты праваң.
Жорғалап келсе сұр жылан
Желкесін қыйып, жеткізбей
Кесе бер деген осы заң.
Сансыз халық достасып,
Он бірің қол ұстасып,
Өсе бер деген осы заң.
Бүгін міне, қарасам,
Бір көш кетіп барады.
Салтанатты, сәулетті
Гүлдей болып жанары, —
Масаты кілем жамылған,
Алтыннан қоңырау тағылған,
Дабысы жерді жарады.
Адамы гүлдей жайнаған,
Қызыл жалау байлаған,
Ел қуанған бір думан,
Шырқатып әнге салады.
Ұлы Одақ елімнің,
Бұл кеші алға жөнеген.
Баратын жері бір жайлау,
Елімді нұрға бөлеген.
Коммунизм жайлауы,
Рахаттың мәңгі дүниесі,
Түнді таңға теңеген.
Түскен жолы даңғыл жол,
Мүдде ғып, өткен көрсетіп
Энгельс, Маркс көреген.
Жолға көшті бастаған,
Ленин дана қолымен,
Сталин бастап барады,
Айқын тартқан жолымен.
Құладың ұшпас құмдардың,
Қарсақ жортпас құздардың,
Ойы, қыры, жонымен.
Бұлдыр-бұлдыр белестен,
Көш аса алмас дөңестен,
Елім асып барады.
Адам ұлы көрмеген,
Көрмек түгіл білмеген,
Асу-асу жерлерден,
Көшім асып барады.
Көш бастаған Сталин,
Адастырмай бір жолдан —
Ерім асып барады.
Басқан сайын тамаша,
Сан жітпейтін санаса,
Бахыттың шамы жанады.
Сталин кештің басында,
Сан жолдасы қасында,
Көш асатын жерлердің,
Бұлжытпай жолын табады.
Каганович жасасын!
Ұлы көшке жол аштың,
Белес-белес өрімнің,
Сыры жұмбақ жерімнің,
Қоймасынан мол аштық,
Қорғасын, болат, көк темір,
Мұнай, мырыш, көк көмір —
Түбіне жете сен аштың.
Қызығын кепке көргіздің,
Жемісін елге жегіздің,
Асқар тау, кең даланың,
Құмның, шөлдің жон астың.
Молотов жолдас, көп рахмет!
Бахытқа елді бастадың.
Сталиндік декретпен,
Түнекті түріп тастадың.
Кештегі кеп елдердің
Бір атадан туғандай,
Қостың мәңгі бастарын.
Ворошилов батырым!
Атыңа сай ақылың,
Әскеріңді бастадың.
Болаттан Сұңқар ұшырдың,
Алмастан қару пісірдің,
Құрыштан сауыт кигіздің
Елімнің жер-су, аспанын.
Калинин батыр, көп жаса!
Түлік малды өргіздің.
Салтанатты орнатып,
Қуанышты көргіздің.
Микоян жолдас, ардақты
Ерімізсің сен біздің.
Ет пен қымыз, күрішті,
Нелер тәтті жемісті,
Еліңе еркін тергіздің;
Молайтып байлық, несібе
Қуат беріп көшіңе
Мол береке енгіздің!
Батыр өскен ұланым,
Қырағы көз қыраным,
Тұманды, түнде сақтаған
Көшін жаудан шырағым!
Фашистердің тығылған,
Жабықтағы жыланып,
Жорғалатпай Отанға
Күлін көкке ұшырдың,
Талқандап жаудың планын.
Куәсі ғасыр Жамбыл қарт
Көз салған дүние шегіне.
Ұлы көшке ілесті
Тұлпар атпен тебіне.
Қолында алтын. домбыра
Аузынан жыры төгіле,
Шырқатып әнге салады,
Даусы жерді жарады,
Он саусағым жорғалап,
Домбыраның шегіне.
Миллион рахмет айтамын,
Сталиндей еріме,
Асудан қыйын еткізген
Арманға қолды жеткізген,
Халықтың кемеңгеріне,
Даңқынан жау күйреген,
Ілгері елін бастаған,
Мәңгі бахыт жайлауы —
Коммунизм көгіне!
1937
МОСКВА ТУРАЛЫ ЖЫР
Жүрегім жыршы домбыра —
Бахытты қартың Жамбыл, мен!
Естиді Отан даусымды,
Бөгелме, Жамбыл, сөйлеуден!
Оралдан асып, даладан,
Еділден асып айқара.
Заулатты мені от арба,
Жорғалайын шайқала.
Мінгізген жүйрік керемет,
Күн Сталин, көп рахмет!
Отаным қандай кең байтақ,
Москвам неткен тамаша!
Айналам шаттық, байлық, бақ,
Көз тоймайды қараса.
Қартайдым қажып демес ем,
Жасасам тағы тоқсан жыл.
Көрініп тұрса Мавзолей,
Шақырса күнде Кремль.
Көрсеткен маған сый хұрмет,
Күн Сталин көп рахмет!
Кіндігі жердің Мавзолей,
Жатыр онда ұлы адам.
Табыты күндей нұр шашқан
Ақылы мұхит данышпан.
Атын әлем жаттаған
Жатқан Ленин — арыстан.
Қалмаған жан жарыстан,
Жығылмаған алыстан
Бірге туған Ленинмен,
Ұлы Сталин, күнім сен!
Кремльге кірдім мен
Кілең достар айналам.
Көзім түсті, отырды
Барлық жаннан ұлы адам.
Аты туы әлемнің
Асқан бойы жаһаннан.
Марқабатты, сүйкімді
Қақты әкемдей арқамнан.
Көрсеткен маған сый хұрмет,
Күн Сталин, көп рахмет!
Түстім келіп метроға
Домбырамды өңгеріп,
Жөнелді алып от арба
Жұлдызы жанған дем беріп.
Көсемнің досы Лазарьдың
Поезын ұшқыр сүйемін,
Москвада да, аулымда
От арбама иемін.
Күреспен ашқан көзімді
Жырлаймын көсем өзіңді!
Көгерді халқым достығы
Туысты орыс қазақпен,
Отаным тыныштық тірегі /
Өрбіген бахыт көктеген,
Сталиншіл қырандар,
Күзетшісі жерімнің.
Батыр Клим бастаушы
Сүйген ұлы елімнің.
Бақытымды күшпен қорғаған,
Сталин, рахмет, көп саған!
Үстімде жібек шапаным,
Басымда бөрік құндыздан.
Заманым көктем, нұр төккен
Жарығым—шамым жұлдыздан
Бахыттың кені Отаным,
Жайлауым алма бағындай,
Құшағында Сталин —
Жетілдік жауға жалынбай,
Жерде бахыт жасаған,
Рахмет көсем, көп саған!
Жолдасым замандасым сен,
Құрдасым сен жігіттей,
Отанмен бірге жырламай
Отырам қалай күй төкпей:
Сталин — біздің жүректе,
Сталин — біздің өлеңде.
Сталин — ту бар елде,
Сталин — күн әлемге.
Жаса, жаса, Сталин!
1937
XX ЖЫЛДЫҚ ТОЙДА
Сөйлей бер, ақ домбырам дүрілдеген,
Шарықтап күй төгілді бүгін менен.
Бас қосқан қуанышты мерекеде
Гүл жайнап, әсерлене күлімдеген.
Шын өмір басталады Октябрьден,
Қайнайды күй-көмейі Октябрьмен.
Ортаңда жүз жасаған Жамбыл отыр,
Ғасырдың куәсімін көкте күнмен.
«Ел жаңа елу жылда, жүз жыл қазан»,
Тұншықтым, неше жылдар кетті мазам.
Бұзған күн тасқын басын Октябрьде,
Жүз де емес, XX жылда-ақ құлаш жазам.
Ғасыр бойы бейнет пен азап шеккен,
Зар жылап жұртпен бірге жасын төккен,
Ақынмын бабаң құрдас бахытты елім,
Тоқсанда арманына қолы жеткен.
Арманның белбеуінен ұстаған күн,
Октябрь XX жасқа толды бүгін!
Күшті қол серпіп тастап көзін ашқан,
Миллион жыл жұрт еңсесін басқан жүгін.
Аттанған Октябрьде енбек ұлы,
Ұласты байтақ елде шаттық үні.
Бастаған елді бахыт туын ұстай,
Ленин мен Сталиндей күннің нұры.
Тамаша айтып болмас біткен ісін,
Ен заман, ерікті адам еңбек күшін,
Гүлдендік, өмір құрдық, ұжмақ еттік
Ел үшін, бахыт үшін, адам үшін!
Бауырлас бір кісінің баласындай,
ССРО — ел жасадық анасындай,
Ұлында өгейі жоқ бәрі бірдей —
Бірге өскен жемісті алма ағашындай.
Күш беріп Октябрьде атқан таңға,
Сталин нұрын төкті ұлы заңда,
Береді бахыт көзін белден қазып
Қол созған бұл жарыққа барлық жанға.
Отаным піскен бақша бахыт қонған,
Кілемдей елім, жерім гүлге толған;
«Лап!» десе «тап!» берерлік жарағым сай,
Жау баспас аумағым бар темір қорған.
Жатқанда нашар елді байлар талап,
Манжур, Қытай, Испанды қасқыр қамап,
Абиссина жерінде жесір зарлап,
Фашистер адам тонап, қанын жалап.
ССРО — ел жасады алтын терек,
Асқардай алапаты тұрған бөлек.
Басында бахыт нұры шамы жанып
Сталин қызыл туы нұрын төгед.
Біріккен байтақ елдің жүрегінде,
Москвада, күннің көзі — Кремльде,
Мәңгі өлмес, нұры сөнбес Сталин бap.
Сәулесі жұртқа бірдей түн де, күн де.
Сөйлей бер ақ домбырам дүрілдеген,
Өзгеше құйылар күй бүгін менен;
Қарасам шат жүзіңе халқым сенің
Көремін Сталинді күлімдеген.
1937
ХАЛЫҚ ТУЫСҚАНДЫҒЫ
Тыңдаушым, келіп маған сендер сынды,
Жырла — деп, сұрадыңдар өткен күнді.
Өткенде домбырамды күйлеп едім,
Қозғады ол — үн орнына қайғы, мұңды.
Ызыңдап мұң шаққандай желден жаман,
Ашқысы келмейді аузын ескі жарақ.
Ақынға күй кернеген үн бере ме,
Бұлдырап кеткен құрғыр зарлы заман.
Ойласам ескі жара от боп жанад,
Өлең-жыр күй кернетіп айқай салад.
Қамаған халқын Ресей тар қапасқа —
Өткен күн — қарысқан жақ, қатқан қабақ.
Түтіккен қара түнде күнді көрмей,
Арман ғып таң сәулесін қолды сермей,
Көтеріп ауыр жүкті өткен елім!
Қан қара, жаны жара тек қана өлмей.
Қаһарлы жауыз патша халықты алдап,
Бүлдіріп, ойран салып, елді жалмап,
Қорғады соныменен таж бен бағын,
Ол күлді, ел жатқанда уайым сарнап.
Қырқысты қазақ, қырғыз айдауменен,
Шабысты түрік, армян қайрауменен,
Түн, бұғау, алдау, арбау, дін-шариғат,
Қан құйып халық көзін байлауменен.
Еврейді «жүйіт» қойып тентіретті,
Сарт, ноғай, қырғыз, қохол — құбыжық етті.
Үгіттеп өштестіріп өзді-өзіне,
Туыстар бірі қанын бірі төкті.
Бастаған сәуле нұрға адамзатты,
Ленин қара түнде дабыл қақты.
Миллион ер көтеріліп, бірге шықты,
Зорлықты талқандады бейне абақты.
Оқ-мылтық, қылыш, найза қаруланып,
Ленин мен Сталиннен нұсқау алып,
Төңкеріп жауыздарды тастады елім,
Капитал қолқасына қолды салып.
Жыйырма жыл босатқанға елімізді,
Бөледік, гүлге орадық жерімізді.
Бахыттың ұлы отаны одақ құрдық,
Жинадық, түрдік етек-жеңімізді.
Ерікті ел армян, қазақ, тәжік, қырғыз,
Бас қосты алпыс ұлт — жайнады жүз;
Жарқырап ортасында ұлы Мәскеу
Жүрегі Отанымның жарық жұлдыз.
Кілемдей қайда барсаң жайнаған жер,
Кең дүние еңбек қызу қайнаған жер;
Бақ орнап, ен далаға нұрын төгіп,
Ішінде ақын бұлбұл сайраған жер.
Бәрі дос қайда барсаң жаттығы жоқ,
Бір кезде қамшы орнатып, атылған оқ;
Жерлерден тату-тәтті, сөз естисің,
Жарқын жүз бір бауырдан туғандай боп.
Бірі жоқ тұман түнде кектескен ел,
Жауласып жазықсыз қан ағызған сел,
Қасқырдай бірін-бірі басып жейтін
Аяусыз айуан заңы тентегі тел.
Сталин нұры астында мәңгі жарық,
Туысқан қол ұстасты барлық халық,
Бір туған бахытқа ортақ ел жасалды —
Білмеген, жасамаған бұрын тарих.
Он бір ұл егіз туып түзеген сап,
Айтуға сөз жетпейтін түр мен сымбат,
Алтын заң құшағында еркін өсіп,
Үйреткен дүниеде достық қымбат!
Ызалы, қара пиғыл жау жаралы,
Tіc қайрап құтырған ит көз салады,
Оған қарсы күн санап достық өсер,
Тірегі Отанымның — күш қамалы.
Ол қамал мәңгі шеккен тастап берік,
Болаттай шегендеген қызған көрік,
Орнықты Кремльдің қорғамындай,
Басында Ленин қабыры бергендей серт.
Жайна елім, гүлде, көгер, шырқа, әнге сал!
Дүкен құр, өмір жаса бір тәтті бал.
Егін ек, бақшаңды өсір, қала тұрғыз,
Қайыссын, жерді бассын қаптаған мал.
Шөл дала сусын ішсін — шөлі қансын,
Алма өссін, гүл бақшасы жапырақ жарсын.
Сайрандап адам ұлы кең дүниеде
Бұлбұл құс бойы балқып әнге салсын.
Атымен ұлы Сталин жеңген халық,
Қоймасын адам өмірі алды ақтарып,
Бахытқа ұшан-теңіз қолы жетті,
Мұхитта шомбығандай алтын балық.
Жасасын, алғыс айтам Сталинге!
Сөйлейді данышпанды барлық тілде,
Жеткізген барлық елді қуанышқа,
Жырлаймын Сталинді күн де, түн де.
1937
БІР ЖЫЛ
Бір жыл бұрын көсемім,
Бейне тасқан дария,
Ой өзенін ағытып
Сөйлегенде жария —
Тыңдағанбыз миллион жұрт,
Басы боп мендей қария.
Алтын заңды Сталин,
Жайған сонда алдыма,
Алтын заңда айтылмай
Ел тілегі қалды ма!
Әйел, еркек, кәрі, жас
Қостап қарсы алды да,
Күйге басты тасыған,
Шаттықтан көк жаңғыра!
Тапты заңнан бақытын
Миллион жұрт, әрбір жан,
Біріне оқу, біріне
Берілді өнер жаңадан.
Шаршағанда демалыс —
Шипалы өмір шадыман,
Аңсағанға қызықты
Ағыл-тегіл той-думан.
Осылардың ішінде
Менің де тиіп сыбағам,
Серпіп қанат шырқады,
Еркін сайрап домбырам.
Көсем берген алтын заң
Жыл ішінде ержетті,
Масатыдай түрленіп
Отанымды гүлдентті.
Бесіктегі баламды
Ана болып тербетті.
Тоқсандағы шалымды
Шарықтатып көңілін,
Көкке құлаш серметті.
Қанат берді халқыма
Әуелетті, ерлетті.
Ағытылған өзендей
Сарқыратты еңбекті.
Көсем берген алтын заң
Жауға тиді жалындай;
Жалмаңдаған жауыздың
Ұясы қалмай жарылмай,
Ұсқыны қашып қалтырап,
Кіреріне көр таппай,
Басарына жер таппай,
Төбесінен түсті жай.
Көсем берген алтын заң
Жылдығында жаңадан,
Жыр төккізіп аузымнан
Берді арылмас күш маған
Күш емей не теңбе-тең
Он сегізде ұлмен тең,
Орнымды алам сайлаудан.
Советіме мүше боп,
Ерлер өтед мың-мыңнан.
Сол ерлердің басы боп,
Сайланады ұлы адам:
Бахыт заңын жазған ол —
Ұлы Сталин данышпан!
1957
ШЫНЫҚТЫРДЫ БОЛАТТАЙ
Ал, Жамбылың сөйлесін,
Домбырасын қолына ап,
Безенте қақсын пернесін,
Аршындап құлаш сермесін,
Тізілтсін бір термесін!
Өңіме шырай енгізді,
Сталиндей ұлы адам,
Аузынан шыққан. алтын сөз
Шекер-балдай татыған.
Өркендетті, өрлетті,
Бастырып саты-сатыдан.
Жақсылыққа жол сілтеп,
Жамандыққа жолатпай,
Отанымды зорайтып,
Шынықтырды болаттай.
Компартия көсемім,
Халыққа нұсқау беріп тұр.
Айтқаны еш мүлтіксіз
Орындалып келіп тұр.
Беріліп барлық ынтамен
Күллі халық сеніп тұр.
Арам тап қалып адыра,
Социализм жеңіп тұр.
Аймағымды әсемдеп,
Жемісін шашып, сеуіп нұр.
Бахыттың зәулім шыңына
Халқым құлаш сермеген.
Қаскөйіне жұртымның
Өмір сүру бермеген.
Қызықты нұрға бөленді
Советтің жерін жерлеген,
Жаңа заң бахыт арнасы —
Адамзаттың тарихы
Ешуақытта көрмеген.
Жаңа заң берді права
Халықты барлық етіп тең,
Оқуға, еңбек етуге,
Тынығуға алып дем.
Бүгін осы еркін ел,
Думанданған ұран сап,
Ұлы күні ұлыстың
Қуанышты, көңіл шат,
Дамылсыз сайрап домбырам,
Ойнақтайды он саусақ,
Тасқындап күй төгілтем,
Ұлы күнде ән шырқап.
Еңбекке еш қажымай
Жұрт сенімін ақтаған,
Ерегіскен дұшпанды
Табанға салып таптаған,
Өнеге, іс үлгісін
Көп үйренген, жаттаған,
Қаскүнем жауын елімнің
Айбарымен жасқаған.
Алуан адал ісі үшін
Партия, жұрт одағы
Ардақтап, сүйіп мақтаған.
Ерлерге елім сенеді,
Дауысын соған береді.
Елімнің Ұлы Советін
Сайлайтын күн бүгін біз,
Адал ұлы елімнің,
Жалынды жас отаншыл
Шопанға дауыс береміз.
Еңбекті талмай етумен
Мәпелеп төлді өсірген,
Жасынан бейнет көп керген,
Басынан бәрін өткерген,
Еңбектің көріп дәулетін,
Бүгінде құлаш сермеген,
Жаңа заңның қуаты
Көкірегін кернеген,
Салиқаны сайлауға
Дауысымды мен берем!
1937
12-ДЕКАБРЬ
Күнінде ұлы тойдың бойды кернеп,
Лапырып арнасында шабыт өрлеп,
Толқындай бұлтты сөгіп көзге ілікпей,
Бұлқынып асау қиял құлаш сермеп.
Жорғалап желмаядай жер-су баспай,
Нөсерлеп төгіледі өлең селдеп.
Ақынның асқақ көңіл, қызыл тілі
Самғайды сұңқардай боп ағып, көлбеп.
Оймыштап сөз нақысын ұлы тойда,
Шаттанып асыл сөзден тоқиды өрнек.
Сөзі алтын, тілі майда, жыры жібек,
Еркіндеп ен бақытта бойын тербеп,
Кәрі ақын қадірлі күн келгенінде
Шырқайды домбырасын көкке сермеп.
Елім бар басқа елдерден тұрқы бөлек,
Бостандық жемісінен еткен керек;
Ай күліп, жазы туып балбыраған,
Тамылжып мизамы ұшқан, балын төгед,
Бау-бақша ұшан-теңіз ен дәулеттің
Жайқалып жапырағы жұпар себед.
Құлпырған колхоз қыры қызғалдақты,
Тамаша жүз құбылып, әсемденед.
Құрақтай көк егіннің көп өнімі
Құнартып жылдан жылға артық өнед.
Ыңырсып колхозымның төрт түлігі
Ауылдан маң-маң басып, өріске өред.
Қаламның көк шудалы алыптары,
Қуаты сыртқа теуіп күңіренед,
Ауыл мен қала арасын сайрандатып,
Желдетіп желмаядай поез желед,
Зуылдап көз ұшында дөңгеленед,
Жансызға жан бітірген жас ұрпақтар
Күші ерен, ақылы кең, ойы зерек.
Қиылған қалам қасы . жас сұлулар »
Ойнатып он саусақтан өнер төгед.
Елімнің кәрі-жасы бірдей батыр,
Жер тіліп, суды ағызып, бұлтты сөгед.
Дәулетті, сәулет, мүлік бар қызығын
Шашусыз шашып-төкпей халқым көред.
Халықтың данышпаны ұлы Сталин,
Асусыз асқар біткен алтын терек,
Мәпелеп қалың елге нұрын төгіп,
Таусылмас ен бахытқа қойды бөлеп.
Азаттық арнасына алып келген
Көсемін қалың халық жақсы көред.
Айсызда адастырмас шам-шырағы,
Күдіксіз көтеріле соңына еред.
Жалғыз біз емес онан жарық алған,
Сталин жер жүзілік елге керек.
Сөнбейді ұлы Сталин жарық күнім,
Жалпыға жарқыратып төккен нұрын,
Тасыған емін-еркін ен дәулетті
Көріп пе мұндай болып тарих бұрын?
Көсемі қалың елдің ұлы Сталин,
Сүйікті шын шәкірті Лениннің.
Түйдектеп жаңа заңға түгел жазды
Олжаны ішіндегі жиырма жылдың.
Күй кернеп, шаттық тасып, нұрға бөлеп,
Гүлге орап түрлендірді ой мен қырын.
Сайлауда — ұлы күнде Отанымда,
Ұсынар елім таза, адам ұлын.
Сақталық ұлы олжаны жауға бермей,
Халықтың жалғыз тайын етпей шығын.
Капитал аузын ашса, тұмсық сұқса
Жауабын бере аларлық, жауға мығым.
Осындай ұлы ерлеріме дауыс беріп —
Миллион жұрт қол көтермек міне бүгін!
Халқыммен мен де бірге ұран салып,
Актарып ағызамын сөздің сырын;
Адамның ардақтысы ұлы Сталин,
Өмірім — бәрі саған, даусым, жырым!
1937
КАВКАЗҒА
Аңсағам көңілім серіле,
Бүгілген белім керіле,
Сапар шегіп жол тарттық
Сүйікті Кавказ еліне.
Сағынып самғап келемін
Сталин туған жеріне.
Ағайыным, жанатым,
Жал, құйрығым, қанатым —
Грузия дана халқына
Арнаймын сәлем шарқ ұра.
Сөзден туған данамын,
Алатаудың алабын
Жаңғырта әнге саламын,
Сталиндей ұл туған,
Әлемге жарық күн туған,
Менің де ардақты анамның
Сәлем беріп өлеңмен
Құшағына енемін.
1937
АҚЫНҒА
Қара күндер қартайтты,
Қартаймайтын қаламды
Қара бақыр мыс етті
Күннен жарық адамды.
Сондай күнді жоғалтар
Мен аңсадым заманды,
Аңсағаным алдымда
Көрдім ұлы данамды,
Туды бахыт жұлдызы,
Шаттық мұхит оралды,
Сонда ғана ақынның
Жүрегі күннен шоқ алды.
Жасарып жиһан бел алды,
Өрісін үлкен кең алды,
Кавказдан тауып сені алды,
Алатаудан мені алды,
Кәрі дүние боз бала
Болмаған енді не қалды?..
Каспий, Кавказ қос отау:
Бірің терең, бірің шың,
Ұшар басың Қазыбек,
Тұғыр екен көкте күн.
Күннен ұлық ұл тапқан
Кереметсіз дейді кім?
Дарынды ақын Шотадан
Барлық елге тарады үн,
Әлем көркі Сталин,
Елдің ұлы туды шын!
1937
КАВКАЗҒА СӘЛЕМ
(ССРО жазушылар одағының Тбиласиде Шота
Руставелидің 750 жылдығына
арналған пленумінде айтқан өлеңі)
Ақсақал Жамбыл келед жанаттанып,
Қиялы қияға өрлеп қанаттанып,
Жазылып бүкіш белі қуаттанып,
Туған ел сәулетімен санаттанып!
Қолға алып домбырасын жаны жайнап,
Сталин дәуірінде талаптанып,
Ән шырқап шарықтаған сағатында,
Жыр арнап, шың Кавказға қанат қағып,
Ардақты ел, ер туғызған алтын бесік,
Бөленіп сенен ақын Шота да өсіп, —
Ертеде тау тербенте төккен жыры,
Еліне Қазақстан желдей есіп
Жетті де, сазына оның қосылды ауыл
Сталин дәуірінде гуілдесіп;
Жайнаған қуанышты, нұрлы өмірде,
Грузиннің ұлы халқы күлімдесіп.
Келемін ұшып Кавказ асқарына,
Теңіздей бахыт берген астанаға.
Жайнатып жылағанды жадыратып,
Ұшырған баулып қыранды аспанына.
Сталин халықтарды достастырған,
Мейрімді кәріге де, жас балаға.
Сұңқардай түлеп ұшып тауға жаным,
Аңқыған асқарына Дағыстанның.
Ақын дос Сүлеймандай құрдасымның,
Саңқылдап ауылына жетсін әнім;
Өлген жоқ Сүлейманның отты өлеңі,
Өшіре алған жоқ ажал оның әнін.
Ащы әні өткен оның таудан, тастан,
Жырыма оның жыры көп ұласқан,
Құлпырып Қаскелеңнің көлеміндей,
Әсем ән Алатаудан шыңнан да асқан.
Жасасын советтенген сүйікті Отан,
Күндей боп ұлы Сталин нұрын шашқан,
Құп алсын Кавказ халқы сәлемімді,
Шыңының шынар тасын сүйген аспан.
1937
ӨМІР ЖЫРЫ
Өшпейді халық жыры, қартаймайды,
Өшед деп оны ешкім де айталмайды,
Халықтың жүрегінің түкпірінен
Төгілген күй - шын жорға, тайпалмайды.
Алтындай ел ішінде сақталынғам
Сұлу жыр, судан тұнық, шайқалмайды.
Еске алсам ертегідей ертеңі өткен,
Талай жан жүрегінің жырын төккен,
Еңірей ен даладан бахыт іздеп,
Табалмай, аңсап Асанқайғы да өткен.
Құландай қақтан безген Қорқыт қаңғып,
Кездеспей көрден басқа ол да кеткен.
Еске алсам аңсағанды ескідегі,
Ертеде қиял нені көксемеді!
Кілемге отырып ап, көк сайрандап,
Сұңқарша ұшуды да көксеп еді.
Ол кезде патша мен хан зынданының,
Тұншыққан жырды бар ма ед ескергені.
Есімде ескі ертегі аңыз қылған,
Ұлы өмір жыланына шағылдырған,
Үскірік есіп тағдыр қара желі,
Өкпемді қарып аяз қабындырған.
Жамбылдың жыр төгілген тілін байлап,
Үніне туған елін сағындырған.
Мен ұзақ өмір сүрдім, көпті көрдім,
Көргенді ойға түйдім, ойлай жүрдім.
Құзынан таудың биік шыңға өрлеген,
Есіттім жырын ақын Шота ердің.
Кавказдың шыңыменен шендескендей,
Құлағым шалды иесін шерлі жырдың.
Жайнаған Грузиннің жас ұлына,
Көз түсті тауда жортқан асылына.
Түнерген тау басына тұмандайын,
Ізіндей я жолбарыс жасырына,
Шотаның шырқап салған жыры арналған,
Келешек жас өспірім ғасырына.
Ысқырып өрмелеген тау мен тастан,
Мен көргем әп-жыланды сұры қашқан.
Жүректің оттан ыстық тәтті жырын,
Өршігіп сөндіруге тасқын тасқан.
Жортқан жолбарыстай ақын Шота
Халқына тәтті жырын алып ұшқан.
Жайлаған жылан-шаян тау құлады,
Патша өлді еркін ақты тау бұлағы,
Құйылған бұлақтайын халық жыры,
Маржандай таудан шашқан саңғырады.
Ақынның жүрегінен шыққан өлең,
Шарықтап ұшты, ұсап тау қыраны.
Жүз жылдап, жарық көрмей ой қиялы,
Жүрген кез есімде еді ойға оралды.
Даланың шөбі қурап ыстық күнге.
Жатқан шақ шұбап жолсыз керуені.
Ашығып, азып-тозып жол шеккенде,
Бораған алды, артынан ақ бораны.
Кімдердің өшпеді ол кез сағы сынып,
Кім өсіп еді ол кез, кімдер күліп,
Қоқырап жалсыз, қомсыз түйе үстінде,
Таңылып Тарас ақын ойға ұйып,
Езілген даладағы елді көрген,
Самұрық екі басты жатқан бүріп.
Тараспен батқам мен де бірге мұңға,
Түйеге бірге мініп жүргем құмда,
Менің де, оның дағы жырларымыз
Ол кезде жоғалған ед сіңіп құмға.
Жырымен тау жаңғыртып Пушкин де
өткен,
Жүрегі жараланған ақын тұлға.
Пушкиннің сайрап кеткен жырын талай,
Шырқаған даланы өрлей ақын Абай,
Тамсанта Онегин мен Татьяна,
Алабын Алатаудың әнге орай.
Туысқан халқыменен құшақтасқан,
Біледі Қазақстан туғанындай.
Жылдан жыл өтті ақын қиялындай,
Жамбыл қарт жырын таудың бұлағындай
Құюмен келе жатыр, туған елін
Аралап жаны шолпан шырағыңдай.
Қайрылмай, ханнан өтіп,—таңға жетіп
Кавказдың шарықтады қыранындай.
Күреске шақырмаған ақын ба ақын,
Ақын болса халыққа болсын жақын!
Жырласын ақын болса халық жырын,
Біздің даңқ Кремльдей болсын жарқын;
Hұp алып Сталиннен гүлденген жыр,
Жырлаған көсем сүйген ұлы халқын.
Шота мен Абай, Тарас, Пушкин де өткен,
Халыққа құшақ жайып жыры жеткен,
Көксеген туған елдің күні Сталин,
Ұрығын шын бахыттың халыққа еккен;
Жиһандық планеттің ол ақыны,
Жамбылдың ұлы әкесі нұрын төккен.
1937
ЧАПАЙ
Еділ, Жайық үстінде,
Торлаған қара бұлтты
Серпу үшін күшіне
Түсіп Чапай жорытты.
Патшаның торын қырқуға,
Жандаралды құртуға,
Халық үшін жан қыйып,
Түсті сыпыра жортуға.
Астына мініп ақ атты,
Қолына алды болатты:
Қылышын қанға боята,
Найзасын тасқа қайрата,
Жауының қанын жосылтып,
Тасқын судай бората.
Алғыр алмас сапысын
Күміс қыннан суырды.
Жауының алып апшысын,
Жаубүйректей *5 қуырды.
Орыс, қазақ, башқұрттан
Сарбаздары жиылды,
Чапаев бастап майданға
Ақбоз атпен тигенде,
Қыран құстай шүйілді.
Ворошиловтай беренді,
Буденный батыр өренді
Көргенде Чапай жарқылдап,
Күшіне еніп дендеді.
Сталиннен мандат aп,
Жауына қылыш сермеді.
Астына мінген ақбоз ат
Орғып өрге өрледі! *
Лашын құстай саңқылдап,
Жапыра жауға тигенде
Оңды, солды түйреді.
Еділ, Жайық суына
Жауын қойдай тоғытып,
Ор текедей орғытып,
Жауды жеңбей тынбады,
Ол майданға тигенде,
Еділ, Жайық толқыны
Қан толқын боп тулады.
Жау түгіл, ер мүсіннен,
Ер Чапайдың күшінен,
Шошып батыр түсінен,
Күміс өзен үстінен
Торлаған қара бұлт қашты.
Жау жеңіліп, бұлт қашып —
Көгінен күн нұр шашып
Бахыты үшін халықтың
Қуанған дауыс ұласты.
Жүргенде жауды жапыра
Қайран Чапай қапыда
Бостандық үшін талпына
Жау қолынан оққа ұшты.
Оққа ұшып жатса да
Түспеді қолдан қылышы,
Жайыққа Чапай ақсада,
Жоғалмады ұлы ісі.
Чапайдың қалған серігі,
Қызыл қыран көрігі,
Аспан астында аңқылдап,
Қылышы қолда жарқылдап,
Қызыл тудың астында;
Ұсап миллион тасқынға
Жеңді жауды жұмыла,
Қанынан тамған Чапайдың
Әр тамшысы Еділге,
Алтын алап егінге
Hұp тамшы боп төгіле,
Оған өскен әрбір дән
Жауға оқ боп көріне,
Беттей алмай енді жау
Еділдің тамшы суына;
Чапаевтай талай ер
Өсіп, өніп туыла.
Болаттан түскен сынына,
Дұшпан қарсы келе алмайд
Халықтың батыр ұлына,
Сталиндей күнімнен
Құйылды жерге шұғыла.
Тоқсан жасқа толғанда,
Туған жерін шолғанда,
Қайта туған қарт Жамбыл,
Домбыраны қолға алып,
Бұлбұлдайын толғанып,
Ер Чапайды ойға алып,
Қуана қосты жырына.
1937
ТЫНЫҚ ДОННЫҢ ҰЛДАРЫНА
Қарасам ауыл, қырға да
Жігіт боп өскен ұл бала,
Орыс, қазақ тумалас,
Жортса әзір жорғада.
Бұрынғы бір өткен кез,
Жасаған бізді ала көз.
Шекпен, шен ап патшадан,
Балпаң басқан бай мен хан,
Шығарып жолдың тозаңын,
Еңіретіп елдің боздағын,
Тәлім алған қасқырдан,
Құлқынына сатылған,
Молда мен бай, атаман .
Жандаралмен жандасып,
Дозаққа елді матаған,
Құлқыны кең қорқаулар
Елді қанап семірген,
Семіріп олар елірген,
Сол бір сұмырай заманда
Қаналған ел еңіреген.
Бүгінгі шуақ таңдағы,
Тынық Донның ұлдары
Жамбылға туған ұлсыңыз,
Елімнің жүйрік тұлпары
Ойнақтап тұр мінсеңіз;
Колхозды менің ауылым,
Етегінде тауының
Жылқыларын түлетті,
Жігіттері жүректі,
Қуанады қарт Жамбыл,
Ойнап-күліп жүрсеңіз.
Тынық Донның ұлдары
Талшыбықтай өрілген,
Жан-тәнімен жүрегі
Сталинге берілген;
Жарқырап туған елі үшін
Аямайды жанын да,
Өзінің туған жері үшін
Қияды қасық қанын да;
Ұлы Отанның таңы үшін,
Ұлы халық бағы үшін,
Ауыл үшін, қала үшін,
Завод үшін, дала үшін,
Шалқып акқан Дон үшін,
Партия үшін, халқы үшін,
Халқының достық даңқы үшін,
Керек болса жанын да,
Аямайды қанын да.
Тынық Донның ұлдары,
Қылыштарың қайраулы,
Қасқыр шапса қиядан,
Сендер ұшқан ұядан —
Бүркіттейін шүйіліп,
Ақ қылышты үйіріп,
Ат қойыңдар түйіліп.
Жау қирасын қиылып
Аттан! .— деген дауысын —
Сталиннің есіткен
Сағатында-ақ Қастектен
Жамбыл әзір жүруге.
Жүйрігіне мінуге.
Жамбыл мініп атына,
Қарамай кәрі, жасына,
Немересін, ұлдарын
Ертіп алып қасына
Жорыққа дайын келуге.
Аттан! — деген дауысын —
Сталиннің есіткен,
Сағатында-ақ Қастектен
Тізе бүкпей жорытып, _
Айбынды қызыләскерін
Қасына Жамбыл ерітіп,
Алатаудың дөңінен,
Айдын Балқаш көлінен,
Колхоздан, қырдан, Ертістен,
Алтайдан, Каспий шенінен,
Әулие-ата өрінен,
Қостанайдың белінен
Жігіттерін ерітіп,
Мылтық оқтап, жортақтап,
Домбыра тартып шалқақтап,
Жамбыл жетед бас болып
Шалқыған әнмен серілтіп,
Мен келгенде бас болып,
Келемін шалқып жас болып,
Ұлы Отанның тақы үшін,
Ұлы халық бағы үшін,
Партия үшін, халық үшін,
Халықтың достық даңқы үшін,
Жер үшін, туған қала үшін,
Құлпырған Қазақстанда
Шалқыған алтын дала үшін
Мен келгенде, келемін
Бахытты біздің ел үшін,
Алтын тынық Дон үшін!
Донда туған ұл үшін!
1937
ОДАҚ
Одағым десем ойыма,
Шалқыған шалқар көл түсер,
Көк жиегі бал құрақ
Көкорай шалғын жер түсер.
Сазға біткен өрімтал,
Бағымда сансыз бұлбұлы
Шырқап салған үн түсер.
Көз тартарлық жанарлы,
Көрікті көгал жамылып
Ашық түскен күн түсер.
Айдынға бауыр төсеген,
Аққу, үйрек, қоңыр қаз
Балапан терген жем түсер.
Шалқардың беті кілкіген,
Кіршігін сырып желпіген,
Жағымды жанның азығы —
Қоңыр екпін жел түсер.
Көркі көгал нуындай,
Кіршіксіз көлдің қуындай,
Одақ боп өскен ел түсер,
Жамбыл көрген тоқсан жыл,
Жыйнап келген талай сыр;
Одақтасқан күнімде,
Қол ұстасқан күнімде,
Нөсерлеген жыр түсер.
Бала күнде көргенім,
Тезек, Шәбден ордасы,
Елдік болмай езілді, —
Деген жоқ ешкім қорғашы,
Көлкіп тұрған көл болды,
Көптің аққан көз жасы.
Іле, Қапал, Талас, Шу,
Ұзын аққан жылғасы,
Жамбыл кезді жетпіс жыл,
Өзгермеді тұлғасы.
Қайда барсам белшеден,
Надандықтың қордасы,
Тақырға шыққан тарыдай,
Қосылмады ел басы.
Заманнан заман өткенде,
Жас жетпіске жеткенде,
Лениндей ер кердім,
Ер серігі Сталин —
Күннің нұры құшқаным,
Екі шыңға теңгердім,
Қырым, Кавказ, Алатау,
Байқал, Балтық, Тайга анау
Арасында мейірлі
Бауырласқан ел көрдім,
Бір кеуденің жүрегі,
Бір мүдденің тілегі,
Жүз деп миллион білекке
Шақ келетін жең көрдім.
Сонда ғана мен Жамбыл,
Жүрген жері жетпіс жыл,
Кәрі көңілім жасарып,
Жайнап өскен гүл көрдім
Асанқайғы, Жиренше,
Сарнап, зарлап жетпеген,
Ел малынған игілік
Ен ырысты мен көрдім.
Гүл деген сөз келер ме,
Гүлді өңірге тақпаса,
Әлем жанға сенер ме,
Көрсете көзге айтпаса.
Ақын аты ақын ба
Құрғақ сөзбен мақтаса.
Мен айтқанмен ел сенбес
Көрерлік зат таппаса.
Бұлақты таудан арна ақса,
Теңіз болар аяғы.
Алқабы кең ойпаттың
Суға да болмас тояры.
Одақтан білім арна ақты
Мейірлете даланы
Қызыл құм мен Бетпақ шөл
Гүлден шоғын қадады.
Көрікті бүгін қаланың
Гүл дегенім — адамы.
Білімге тұғыр Алатау
Алтыннан ірге қалады.
Көк жұлдызын қолға ұстап
Түймесі етіп қадады.
Осыларды мадақтап,
Жамбыл жыры сондықтан
Көктен күнді шалады,
Күркіреп жерді жарады!
Жерге ұжмақ орнатып,
Аймаққа туған күнім бар,
Мәдениет бесігі
Колхоз атты қырым бар.
Одағымның бір гүлі,
Құс дауысты бұлбұлы,
Күләш сынды қызым бар,
Жамбыл, Күләш жалқы емес,
Әлденеше мыңым бар.
Ән маржанын шашқандай,
Күй теңізі тасқандай,
Аялап одақ өсірген
Мыңдаған қыз, ұлым бар.
Ескі өмірде көмілген,
Бүгін ашық көрінген,
Сахнадан ел көрген,
Айнаға түскен сырым бар.
Одағым бахыт ордасы,
Күнге тіккен туым бар.
Одағым маған тіл берді.
Шешен тілге жыр берді,
Бірлескен күнге арнаған,
Міне, осындай жырым бар.
1937
ТУЫСҚАН ЕЛ
Қақты қанат жаңадан,
Кең даламда домбырам.
Қайта естілді аулымда,
Жырлап Жамбыл салған ән.
Домбыра күйін келтіріп,
Ойға шомып толғанам.
Ойға шомып толғансам,
Көз алдымнан өтеді
Кешегі бір сұр заман.
Сұр заманда түн еді,
Аулымның үсті торлаған.
Даласы қайғы аңыраған,
Жайлауы жайсыз қаңыраған,
Соққан жынды құйындай,
Күншығыстан батысқа
Елімді басып зорлаған,
Өтіп еді Шыңғыс хан!
Қанға бөлеп халқымды
Малым кетті айдалған,
Әскері салып ылаңды,
Ерлердің қолы байланған,
Қарындас кетіп күңдікте,
Құл боп бауыр айдалған.
Шыңғысқа барып қол болған
Қорлық көрдік байлардан!
Қыстаудан көшіп шұбырып,
Айрылдық тағы жайлаудан.
Қырғыз, қазақ, өзбектер
Жерсіз, сусыз, қоныссыз
Құтылмадық зарлаудан.
Құтылғанда Шыңғыстан
Николай келді есіріп.
Халқымды қанға бояды,
Туған жерден кешіріп.
Отырғызып есікке,
Төрімде жатты көсіліп
Төсенгенім мұз болды,
Шұрқ-шұрқ жамбас тесіліп;
Желім қалды көсіліп,
Көгенім қалды шешіліп.
Ұмытармын мен қалай,
Октябрьдің келгенін.
Нардай шөгіп жатқанда,
Жетелей мені желгенін.
Ленин менен Сталин
Қатар келіп аулыма,
Жай-күйімді көргенін.
Қосарына алғанын,
Қолыма қару бергенін,
Қасарған қасқыр дұшпанды,
Қайтып жерді баспастай,
Қайтып есік ашпастай,
Қирата бәрін жеңгенін.
Енді бүгін қарасам,
Айналам бахыт кең жатыр.
Бірімен бірі туысқан
Қол ұстасқан ел жатыр.
Қырғыз, қазақ, өзбектер,
Маңғол, ұйғыр, дүнгендер,
Армян, қалмақ, грузин,
Орыс пенен украин,
Терезесі тең жатыр.
Алатау, Кавказ ұласып,
Баурайы бұйрат кең жатыр.
Бахыттың әні асқақтап,
Құлаққа даусы кеп жатыр
Отанымда естимін,
Алыстан жаудың дабырын.
Жауға қарсы аттанған,
Қаһарлы халық дабылын,
Күншығыста ер қытай,
Еліне тиген қасқырдың
Қақпаққа жатыр азуын.
Адуын жауға оқ жұмсап,
Көрдің бе елдің қағуын,
Осынау соңғы майданда
Туысқан көрші елдердің, —
Мен де күтем өлеңмен,
Жеке теңдік алуын.
Арылма, өлең, арылма!
Домбырам күйден жаңылма!
Арнал, жырым, көсемге,
Сталиндей бағыма!
Ұлы Сталин, Жамбылың —
Сайрап жүр гүлді бағыңда;
Он бір орда тіккіздің
Күндей күшті заңыңда.
Сол ордалар ішінде
Еркін жүріп жырлаймын
Туысқан елдер шаттығын,
Жасарған қайта шағымда.
1937
ЖЕҢІС ПЕН ШАТТЫҚ
Жеңіс пен шаттық сенің атыңды атап,
Тойыңа осы өлеңді тартады қарт,
Жырымның өр дауысты қыранысың,
Мен де шат, мендей және халқым да шат!
Ажарың алтын сәуле атқан таңдай,
Сөйлемен дабысыңды домбыра алмай,
Көреген партияның сенсің көзі,
Қай халық қарар саған құмарланбай.
Жеңісің жеңістердің асқарындай,
Лениннің ілгері аяқ басқанындай.
Ұстаған ұрпағымның туы сенсің,
Данышпан Сталинім аспанымдай.
Дем берер шаттығысың бар әлемнің,
Қайралған семсерімсің қолда менің.
Қарманған қара ниет дұшпандарды,
Қыйратып батыр қолмен шабады елім.
Жеңіс — сен ауылдарды, қалаларды
Аралап, бар халқымды еттің әлді.
Нұрыңмен жүрегіме өлең құйып,
Айдынға алып шықтың енді шалды.
Жеңісім жеңістердің асқарындай,
Лениннің ілгері аяқ басқанындай.
Ұстаған ұрпағымның туы сенсін.
Данышпан Сталинім аспанымдай.
Жеңіспен шаттық сенің атыңды атап,
Тойыңа осы өлеңді тартады қарт.
Жырымның өр дауысты қыранысың,
Мен де шат, мендей және халқым да шат!
1937
СТАЛИННІҢ ТУҒАН ЖЕРІ
Екінші өмір — ғасырды,
Көргенде жаңа асылды,
Үндемей қалай тұрайын,
Жырламай қалай тұрайын?
Ұлдарым менің коммунист,
Немерелерім комсомол,
Шөберелерім пионер,
Қуанып соған Жамбылы,
Шебер сөздің даңғылы
Кәрі жаны жасарған,
Құлшына қайта жасалған,
Қоздатып жырды құя бер!
Бұл Жамбылдың көздері
Көз ұшынан көреген,
Бұл Жамбылдың жүрегі
Жеңілмес күшті өлімнен,
Бұл Жамбылдың жырлары
Жүйрігірек желіңнен,
Бұл Жамбылдың жаны жас,
Жарығырақ көгіңнен,
Қалған емес өрлеген,
Ойым менің өмірден.
— «Ертте атымды!» — дедім
мен, —
Немере, шөберелеріме,
Жарқылдасын үзеңгім,
Жүретін жерім өз елім,
Көз салайын жеріме,
Жердің гүлді көгіне,
Аралайын, барайын
Жерімнің таулы, өріне;
Бұлақ аққан бауырынан,
Қыран ұшқан тауынан, —
Көрейін дедім барайын,
Сталин туған жеріне.
Ұландар атты ерттеді,
Шексең сапар, шек, — деді,
Шығарып салып балларым,
Мақсатыңа жет деді!
Жүрдім жолдың жөнімен,
Чапаевтың майданға
Шапқан шалқар жерімен;
Көрдім таудай толқынын
Өткенде Каспий шенінен,
Щорс батыр шарлағам,
Днепр толқып тулаған,
Шалқып жатқан бақ көрдім,
Украин жерінен.
Көрдім сұлу Еділді,
Еділдей еркін елімді,
Ертегідей елдегі .
Көрікті, биік өрімді,
Шалқып жатқан елдегі
Жырлағанда көргенді
Қайтер еді теңесем,
Күміс айдың нұрымен,
Қайтер еді теңесем,
Көктің сұлу күнімен!
Бірақ, көктің сұлуы,
Сұлу емес елімнен,
Осы өлеңді, жырымды
Саған айтам, Сталин!
Taп өзіңді жаныма
Балап айтам Сталин!
Көрдім туған үйіңді,
Үйіңде тұрған күйіңді,
Май шам. шағын терезе,
Жұпыны жиһаз, бұйымды,
Жез самаурын, тас табақ
Саздан соққан секілді,
Көрдім кестелі орамал
Сүрткен талай бетіңді,
Кішкене үйің үстінде
Көрдім аспан аяңды,
Қыран ұшып, қаз қонған
Таулы, тасты далаңды,
Жерге бақыт бақ беріп,
Бізге нұрлы шақ беріп,
Көк күніндей нұрланған,
Халық қамын ойлаған,
Ғасырға ұлын сайлаған
Балқып ыстық қаныммен
Сүйгім келді жаныммен
Мейрімді сенің анаңды!
Жас ұрпақтар білесіз
Бұрынғы өткен заманды,
Бөлтірігі бөрінің
Қозыға шапқан заманды.
Аспан жерге айналып,
Ыстық болғам заманды,
Боранда малға жұт келіп,
Қастық қылған заманды,
Қара қарға қарқылдап,
Қан жалаған заманды,
Табанында патшаның
Езіліп халық қақсаумен
Зар жылаған заманды.
Сол кездерде дозақтың,
Торында жүріп мазақтың,
Қорлығына шыдамай,
Батырлар шыққан бірталай
Даласынан қазақтың.
Оқысаң жырды — толғауды,
Толғауда ер боп толғанған
Қобланды, Бекет, Исатай
Олар халық батыры.
Онан соң шыққан толғанып,
Амангелді Иманов,
Күшіменен сай келген
Батырлығы, ақылы,
Соның бәрі патшаның,
Сұм өмірдің қасы еді,
Соның бәрі езілген
Халықтың ғана досы еді.
Сол батырдың бәрінің,
Халықтың, жастың, кәрінің,
Тілегін халық ерінің,
Тілегін халық жерінің,
Тілегін тау, құзының,
Тілегін ұлы, қызының,
Тілегін ауа, даланың,
Тілегін мейрімді ананың,
Тілегін әке, ағаның,
Тілегін сәби баланың,
Тілегін ақын, дананың
Жиып, түйіп бір жерге,
Біліп, көріп біздерге
Құрып мықты штабын;
Құйып нұрлы нұсқауын
Берген ұлы Сталин.
Сталин сен нұр көзім,
Саған айтар бұл сөзім,
Сен езілген халықтың
Шырағысың жарықтың,
Ата менен ананың,
Аға менен баланың,
Шырадай аштың сен көзін;
Шөліркеген даланың
Сусынын сен қанғыздың,
Даланың айдын алабын
Көл ғып бұлақ ағыздың;
Жерге қызыл бақша егіп,
Қырдан шешек жарғыздың,
Халықтың . даңқын, достығын
Жер шарына барғыздың,
Бақыт,беріп,бақ беріп,
Еңбектен өрнек салғыздың,
Тілегі сенде халықтың,
Жүрегі сенде халықтың,
Өмірден нәубәт жауғыздың.
Жадыратып Жамбылдың
Жүзі жасаған жүрегін,
Жасартып қайта соққыздың,
Жырын көкке жеткіздің,'
Бұлақтайын төккіздің,
Жүрегім, жырым өлгенше,
Сенікі, жаным сөнгенше,
Өйткені, дана, Сталин,
Жалқау тартқан жаныма
Өмірдің нұрын еккіздің!
1938
ҚАЙТА КЕЛГЕН ЖАСТЫҚ
Бұл Жамбыл жасап отыр тоқсан жасты,
Тоқсаннан әрі кетіп, жүзге де асты.
Шебер сөз, асыл меруерт, шаттық күйі
Жамбылдан енді сірә құтылмасты.
Бұл Жамбыл көрген бұрын талау-таран,
Кез болды енді оған алтын заман,
Кең жатқан байтақ ұлан шежіремін,
Тарихтың домбырасын қолыма алам!
Қатардан шал болсам да қалғаным жоқ,
Досқа күй, дұшпаныма өлеңім оқ!
Жасартқан Сталиннің дәуірінде
Қарт жырым — енді сенің арманың жоқ!
Жамбылдың ардақталып бұлбұл сөзі, —
Гауһардай нұрын төккен екі көзі
Тоқсанда қайтып алып жыйырма бесті,
Жасарып қарт бабаңның тұрған кезі.
Жиырма бес маған тағы қайтып келді.
Сәлемін алтын күннен айтып келді.
Қалайша жыр төкпесін, ән соқпасын,
Шаттықтан нөсер төккен дәуірде енді!
Па, шіркін! Қайтып келді маған жастық.
Дәуірде өрге ерлеп гулеп-тастық;
Кавказдан, Алатаудан ағындатып,
Шаттықтың бұлағының кілтін аштық.
1938
ӨНЕРДІҢ ӨСУІ
Нeге шықсын домбыра
Жаңадан шек тақпаса,
Таққанынан не пайда,
Бабыменен қақпаса,
Құр қағудан не пайда,
Ән менен күй таппаса.
Құйқылжыған кұс әуез,
Қосылып соған айтпаса.
Көркем өнер жас бөбек
Сүйкімді болмас бақпаса,
Тортасын алған бал қаймақ
Бойына сылау жақпаса.
Үлпілдеген қызыл шоқ
Басына үкі тақпаса,
Бөбектер келер өсімтал,
Еркелетіп мақтаса.
Жамбылдың аты ақын ба,
Жылғадай жыры ақпаса,
Ақын деген бір бұлақ
Көмілер кезін ашпаса.
Көзін ашар көпшілік
Сүйсіне тыңдап қоштаса,
Алтын сөзде ас болмас
Елеусіз жерге тастаса.
Ер қадірін ер баққан
Ерлер білер деген сөз,
Зер қадірін зер соққан
Зергер білер деген сөз.
Өмір барда ескірмес,
Бағасы құнды өрен сөз.
Алтын ірге ел барда,
Сталин сынды ер барда,
Өрлеген елім өнерпаз,
Елі жақсы адамнан,
Ері жақсы адамнан,
Туар ма бала жігерсіз.
Тоқсан үште Жамбылды,
Күләш сынды бұлбұлды,
Сталин сынды бақшасы —
Өсірді демей не дерсіз.
1938
СӘЛЕМ БҮКІЛ ХАЛЫҚТАН
Көңіл көкке шарықтап,
Қуанбасқа немене,
Құйғандай қуат сергідім
Тоқсандағы денеме.
Сақшы ерлердің, салтанат
Тойында жырым жебеле,
Жыр қырманын төбеле,
Үлестір жұртқа себеле,
Қуанышқа жырыңды айт,
Ерді айтпасаң жырыңның
Ажары сірә келе ме!
Олай болса, ой тербеп,
Жорғаласын тіл Жамбыл,
Жел жетпес жүйрік домбыраң
Бұрауын келтір жыр Жамбыл.
Сандуғашы советтің,
Қастерлеп баққан ел—Жамбыл.
Бала ойнағы төбе едің, —
Төменнен төмен сен едің,
Күн астынан көрінген
Болдың бүгін шың Жамбыл.
Ойласаң Жамбыл соны ойлан,
Тоқсаннан асып тыңайған,
Қайраты тоқсан бұл Жамбыл.
Бұлақтың көзін іздесең,
Ырыс берген кім десең,
Түбі терең тұңғиық,
Төгілмес неге сыр Жамбыл:
Тоғыз ақын қоршалап
Отырса Жамбыл төрінде.
Тұлпарын мініп тоғылып,
Өкімет келсе көруге.
Тоқсан бірде қол жетсе
Ойға түспес өмірге.
Шыйрыққан жібек шешіліп,
Жазылған жүйрік көсіліп
Ағызатын күн болды,
Арыңды жырды менің де.
Айтып тілім жетпейтін,
Асқардай басып өтпейтін,
Қастерлі қалың қасиет
Толып жатыр елімде.
Ұйтқы соған Сталин,
Сталиннің шәкірті
Фрунзе, Клим, Чапаев,
Айбындасқан арыстан,
Шабаққа шапқан наһандай,
Тереңде жауын қағысқан,
Елдің шетін ақ талап,
Алаш-орда қан жалап,
Хан, патша езген халықты
Тағы ұстауға ноқталап,
Арпалысқан кезінде,
Ерлерім жауға шабысқан.
Жалынды туы желбіреп,
Қорғауға елін шығысқан.
Қызыләскер ұлыма,
Оның жыйырма жылына,
Ворошилов батырға,
Жас өспірім баладан,
Ата менен анадан,
Колхозды халқым даладан,
Жырмен сәлем ақыннан,
Сәлем бүкіл халықтан!
Ұлымды ер ғып өсірген,
Ленин менен Сталин —
Жасасын қос данышпан!
1938
ЖОҒАЛТ КӨЗІН
Бақытты халық, сөз тыңда!
Бақасқан жау әлі көп,
Түнге үйренген жарқанат,
Күннің оған сәні жоқ.
Қорегі нәжіс құзғынға
Адал астың дәмі жоқ.
Улы тілді жыланға
Жан жақпайды зәрі жоқ.
Адамнан күтпе жақсылық —
Елге жылы қаны жоқ.
Ұяты жоқ, ары жоқ,
Жан қадірін білер ме
Денесінде жаны жоқ,
Жаны жоқ дене сасыса,
Жұқпалы індет еліңе,
Көмгеннен басқа емі жоқ.
Күнге не деп көрінер,
Күн сүймейтін қара бет,
Итке оны теңесең,
Ит жеркенер, — жала деп,
Жыланға оны теңесең,
Демес пе еді әрі әкет.
Ұқшасы жоқ әлемде
Бұл не деген пәлекет!
Әлем көркі асылды
Жоюға еткен әрекет.
Адамдықты білмейтін
Әлпеті жаман бір індет.
Куйбышевтей көсемді,
Горький сынды шешенді —
Әлем сүйген керемет,
Шам-шырақты өшіріп,
Өміріне қол сұғып,
Жүргендерден не үміт!
Мен тілеймін қалың ел,
Ел өкілі мен Жамбыл,
Жоғалт көзін ылаңның,
Қойма жерде, бір минут!
Өскен елдің ұлдары,
Бақытты елдің қамқоры,
Сталиндей дана бол,
Қалтыратқан қас жауын,
Климдей елге пана бол!
1938
KYH НҰРЫ
Пернеге бауыр басқан кәрі бармақ,
Арының домбыраның шыңға самғат.
Ақтарып Жетісудың тасқынындай,
Ал, ағыт, өлеңіңді Горькийге арнап!
Ежелден менің жырым елге арналған,
Жүрегімді ел сырымен, мен жалғағам.
Елімнің жаны сүйген ұлдарына —
Жамбылда сөз қалсын ба арналмаған!
Сондықтан, домбырамды аламын да,
Кетемін асқар ойдың алабына.
Ағыт деп, асыл сөздің қазынасын,
Сөйлесем домбырама — қаламыма.
Бұл Жамбыл талай-талай жырлар жазды,
Тоқсан жыл тоқығанын түгел қазды.
Ленин мен Сталиннің сүйген досы
Жырлаймын бүгін Горький дауылпазды.
Жырлайды Горькийді айтып елдің бәрі,
Жаттаймыз оның жырын жас пен кәрі,
Үйренген дауылпаздың өнегесін
Сұңқардай көкті кезді балалары.
Уа, Горький асқан терең, ел ғалымы,
Асқар ой, дария ақыл, сөз даңғылы.
Асылдың қылауындай әр сөзіңді
Халықтың қадірлейді қарт Жамбылы.
Ер сүйдің, еңбек сүйдің, елді сүйдің,
Қуандың ел қуанса, бірге күлдің.
Сұңқардай сорғаладың қаһар шашып,
Жауларға, зұлымдыққа оқша тидің.
Уа, Горький халық ырысы күнді сүйдің,
Халық үшін қайрат төктің, жандың,
күйдің
Қалайша жаудың саған өшіккенін
Түсіндім, түгел бәрін түйдім-түйдім.
Уа, Горький, мәңгі өлмейтін шынды
сүйдің,
Достықты, махаббатты сүйдің шүйгін,
Осыны қолдарымен жасап берген —
Ленин мен Сталиндей ұлды сүйдің.
Қорғадың Лениннің ұлы туын,
Қаһарлы қаламыңмен жауды қудың.
Қастасқан қара жүрек сұр жыландар
Қапыста зәрлі тістің тигізді уын.
Уа, Горький! Ардақтадың әділетті,
(Барша адам сүйді оны адал ниетті)
Қас қылған өміріңе жау нәлетті
Кәрленіп құрыш халық талқан етті.
Елімде Ленин тірі, Горький тірі,
Жүрегі елімізге күндей жылы.
Жаулардан елді, жерді тазартамыз!
Қалады қалыбында күннің нұры.
1938
ҰЛЫМА
(Папаниншілерге)
Ақ басты Алатаудың Жамбылымын,
Өлеңнің ұлы сүре даңғылымын.
Көктемдей қызғалдақтай қызық заман
Қайта туып жасарған балғынымын.
Ырысты қалың халқым — гүлім менің,
Гүлімнің қызғалдағы жырым менің.
Теңіздей тасқындаған зор қуаныш
Ойымды тербеткендей бүгін менің.
Бейнесін төрт заманның өзім көрдім,
Заманның онан арғы сөзін көрдім,
Қалмақ хан, Тезек төре, Құдияр хан,
Ұсқынын Николайдың, көзбен көрдім.
Жыр таптым, кісі менен іс таппадым,
Іс дерлік ауызға алар күш таппадым,
Сондықтан, «ағаш ерге — жіп құйысқан»,
Мақпал жыр тапсам, құндыз еш таппадым
Тоқсаннан асты жасым, жүзге келдім;
Табылды арман етіп іздегенім,
Ел көрдім, ел бастаған ер де көрдім,
Кезімде олақ тартқан сөзге менің.
Жырыңды досың болса күлдіріп айт,
Жау болса, жау тигендей бүлдіріп айт.
Жыр деген біреуге оқ, біреуге бал,
Дәл тиген оқ берендей жұлдырып айт!
Олай болса, қарт жырау, Жамбыл баба,
Жерінде жайраң қаққан елге қара.
Қосылып омыртқасы өзенге өзен,
Қосақтай қосылысқан көлге қара.
Теңіздей ел талабы шалқып жатқан,
Үмітті ұшқыр қиял болашақтан.
Ұлына мен мақтанбай кім мақтанар,
Іспенен ел қиялын орындаған.
Аз емес атақты ұлым, әлденеше,
Қиялдан асып туған тоқсан есе!
«Тәңірдің» бермес бағын тартып алған
Жамбылмын жер қожасы мен ендеше.
Ұлым бар құрыш мініп, көкті өрлеген,
Күнге асып, ай мен жұлдыз қалған төмен
Күніне жұмыр жерді жеті айналса,
Жетуге болжалында күші келген.
Тұмсығы жұмыр жердің қатқан мұзы,
Тылсым боп өмір бақи жатқан мұзы,
Тылсымның ашып жарық ашты сырын
Елімнің алып туған ұлы-қызы.
Сүйікті Сталиндей шын данама!
Тоғыз ай мұз төсенген төрт балама,
Папанин, мұзды тілген ер Шмидтім,
Бұл сөзді арнап жаздым сізге ғана!
МӘСТЕК ПЕН ТҰЛПАР
Ертеде ерте-ертеде
Астыма менің мінгенім:
Тұлпар емес мәстек ед,
Шүу-шүулеп әрең жүргенім,
Борбайы борша, арқа арша,
Көтерген әрең өз белін.
Жауыры қазған ошақтай,
Қыр арқасы пышақтай,
Сүйреткен жалғыз сүлдерін.
Сол мәстекті тебініп,
Өлеңдеттім, ән салдым;
Ойға бардым, қыр бардым,
Қара көз қызға көз салдым.
Ауылдан ауыл аралап,
Тулағымды сабалап,
Тепсіне бердім, тұрмадым.
Мазақ етті қара көз
Мәстегімнің тұрманын.
Өлеңімді өрлеттім,
Әрге құлаш серметтім,
Қалың елдің ішінде
Зарын айтып сорлының
Қайғылыны еңіреттім.
Жесірлерді жетектеп,
Жетімдерді тербеттім.
Көтерем мәстек үстінде
Талай да, талай жерді өттім.
Талғаураған елді өттім,
Күндердің күні болғанда
Ат шаптырған, той қылған
Думанды жерге кеп жеттім.
Арғымақ қосқан бәйгеге
Байлар қылды кесірді.
«Мәстек мінген әрі тұр!
Жүйрік мінген бері тұр!» —
Деп жуандар есірді.
Қызығын қалдым көре алмай,
Ордаға қалдым ене алмай,
Бәйгесіне ат қосып,
Шабыстан қалдым ере алмай,
Жата кеттім бір, жерге
Қорлыққа көрген көне алмай
Түсімде көрдім бір тұлпар,
Жер тепсінген жануар,
Қарай қалдым көз алмай,
Оқыранып шақырды
Шыр айналып, тұра алмай.
Қайғырыппын түсімде
Қалам ба деп міне алмай.
Тағы міндім мәстекке
Ұйқымды ашып, түс тарап,
Елді кезіп жөнелдім,
Жануарды қақпалап.
Он тепсінсем бір басып,
«Тоқтай тұршы тоқта!»-лап;
Түсте көрген тұлпарым
Таптырмай кетті әбден-ақ.
Жас жүректі жаншыды,
Қиялға тұлпар ұялап.
Көз ашып бір күн қарасам,
Ақ түскен кезде шашыма,
Қадалыпты қызыл ту
Алатаудың басына.
Қажырлы халқым шығыпты
Жауыма қарсы ашына.
Көктемнің күні туыпты,
Қалыпты тұман басыла.
Жайлаудан байды қуыпты,
Бас ұрғызбай қашыра.
Үйір-үйір жылқыны
Үйіріп әкеп қойыпты
Өзімнің дәл қасыма.
Жайлауды басты өз малым,
Жаңадан жырды қозғадым.
Бәйгелі тойда колхоздың
Жүйрігін көрдім озғанын.
Жабағы жүннен арылып
Жетілді мәстек тулағы,
Жырымды сүйіп ардақтап,
Таныды мені Сталин,
Еңбегіме сыйлық деп,
Түсімде көріп ынтыққан
Тартты алдыма тұлпарын.
Тұлпарыма қарасам,
Танадай көзі жайнайды,
Аққудай мойны иіліп,
Қазығында ойнайды.
Тоқымы жібек, ері алтын,
Ауыздығын шайнайды,
Үзенгісі сыңғырлап,
Қарасам көзім тоймайды,
Қанатты тұлпар астымда,
Құндыз бөрік басымда,
Омырауымда орденім,
Жар достарым қасымда,
Қайтадан міне аттандым,
Қиырға болжап көз салдым,
Тоқсанға келген жасымда.
Далам да гүл, тауым гүл,
Аспан ашық, жер жайсаң.
Тұманмен бірге түріліп,
Құрыпты көзден ылайсаң.
Домбырам бүгін сайрайды
Серпіліп, сергіп ән салсам.
Шүу жануар, шүу тұлпар!
Үстінде бүгін мен сұңқар,
Алты айлықты алты бас,
Алдымда күткен халқым бар!
Тұлпарлы жігіт аттанған
Сталин берген даңқым бар.
Кремльді жырлайын,
Сталинді жырлайын,
Домбыраны тартыңдар!
1938
ШЫН ЖҮРЕКТЕН
Көзіңді салшы далама,
Түкті кілем түгіндей:
Тауыма сұлу қарашы
Қыздардың жиған жүгіндей.
Өзеніме қарашы
Ағып жатқан гүрілдей.
Ауылыма қарашы
Қырдың қызыл гүліндей.
Ән, күйімді тыңдашы,
Батырлардың үніндей!
Төбеге шығып отырмын,
Домбыра менің қолымда.
Әдейі шықтық күзетке
Колхоздың малын шолуға;
Түйем жатыр алдымда,
Жайылған жылқым оңымда.
Көптігі шөптей сыңсыған
Қаптаған қойым солымда;
Көлден құрақ суырған,
Желіні сүттен сыздаған,
Сиырым анау шұбырған
Сауғызуға ауылға.
Осынша байлық жеткізген,
Төрт түлікті өргізген,
Өзеннен су іштіріп,
Жайлаудан қызық көргізген,
Сораптап сүт саудырып,
Уыстап май жегізген.
Ботасы боздап егізден,
Қойы қоздап сегізден,
Халқыма дәурен сүргізіп,
Иемін жерге, дегізген!
Қарасам кім деп көз ашып,
Сталин екен шырағым,
Қыздырып бойды өлеңім,
Домбыраны бұрадым.
Колхозымды жиып ап,
Шын жүректен жыр төгіп,
Сөйлеп бір кетті жырауың.
Ынтамен халқым тыңдады,
Күшімді сонда сынадым,
Сталинді жырласам,
Жалықпай тыңдап мың бір түн,
Тағы да, Жәке, тағы деп,
Тоқтатар емес сұрауын.
1938
ОТАНДЫ СҮЙ
Балқытып бақыт ұйып елге, жерге,
Жасарған мен Жамбылмын елмен бірге.
Келді дос, сүйсіндірді көңілім хош,
Махаббат, қою достық қалың елде.
Сүйкімді үн, әсем әнім, терең күйім,
Еңезем — ыстық жүрек көңіл, мыйым,
Отанға, ел жүрегі Сталинге
Тартатын дем біткенше менің сыйым.
Жасарған Жамбылда бар жалғыз тірек,
Құлпырған шаттық шалқып, өмір үдеп.
Тірегім: большевиктер елге ұйтқы,
Өмірге өріс берген жалғыз жүрек.
Сол жүрек ел достығы берік бірлік,
Бірліксіз болмақ еді қандай тірлік,
Әлемдік адал адам бақыт үшін
Жығылмас ырысты ту сол өмірлік.
Мен ғасырдың айғағы жүзге келдім,
Ел бірлігін, бақыты іздеп едім,
Айды аялап, күн құштым, нұр жамылдым
Кездесіп жетпіс үште іздегенім.
Ұрпағым іздеп келген бақытты жас,
Кімде-кім бірлік бұзса халыққа қас,
Бірліктің берік туы тек коммунист,
Өсиетім сол үшін құшағыңды аш!
Өсиетім: шындықты, адалды сүй,
Ардақтаған халықты, адамды сүй.
Елдің тіккен іргесін игілікке
Тап бүгінгі бахытты заманды сүй.
Отан сүй, Отан сүйген көсемді сүй,
Соған айт әдемі жыр, сүйкімді күй.
Тілек тіле ел сүйген Сталинге
Дос еткен бар халықты етіп бір үй.
1938
КҮН ТОЛҒАУЫ
Өлеңім, май күнінің толға жырын!
Қақ канат, қуаныштың ақтар сырын,
Жастығым шыққан күндей туды жаңа,
Құлпыртып көкке өрлеп жердің түрін.
Құл болған қара зындан сұр мекенде,
Тамұқтай жаншып азап суық көрде,
Езілген халқым босап шықты жолға, —
Ленинмен жарық жолға — Октябрьде.
Көктей түс Отанымның шаттық бағы,
Келші ұшып, сайрай түсші, бұлбұл тағы;.
Бұлбұлдай шаттық жырын ақтарыңдар!
От жүрек еркіндіктің адамдары.
Сүйкімді көгімдегі күледі күн,
Сол күннің толған жырын береді үн,
Аспан, жер айналаның бәрі біздік,
Халқыма қол қусырып бағынған шын.
Тауына Алматының көз жіберсем,
Қара орман, бұрқыраған суын көрсем,
Тұлғасы Алатаудың халқыма ұсап,
Қайратпен көтеріле түседі еңсем.
Көрпесін кәрі ұйқының сілкіп тастап,
Кең далам міне өмірді шықты бастап,
Көктемнің күн нұрына шомылған соң,
Шалдар да бозбаладай кетті ойқастап..
Жаз жырын, гүлдің жырын төгеді май,
Ерлікті жан жүрекке егеді май.
Бақытты кәрі, жасым бірдей сүйіп,
Күн нұрын Сталиннің береді май.
Көктей түс, Отанымның шаттық бағы,
Кел ұшып, сайрай түсші бұлбұл тағы,
Бұлбұлдай шаттық жырын ақтарыңдар,
От жүрек еркіндіктің адамдары.
О, күн-ау, төге түсші сәулеңді сен,
Күшіңмен көп тарасын бақытты өлең,
Нұрыңнан басқа елге де жылу жібер,
Май күнін елімдегі сүйсін әлем.
Айт күнім, жырлағанда ақын Жамбыл,
Қырғыздан даусын қосып шықты Әлімқұл.
Құлпырған Грузия шуағында,
Мен үшін сонау Гори*6 туған ауыл!
Көктей түс Отанымның шаттық бағы,
Кел ұшып, сайрай түсші бұлбұл тағы,
Бұлбұлдай шаттық жырын ақтарыңдар,
От жүрек еркіндіктің адамдары!
О, күнім, Жамбылыңның тарат жырын,
Тарат сен, ұлы халық ән мен күйін.
Жеткіз сен май шұғласын күткен елге,
Бақытты бай Отанның шаттық үнін!
Тасысын жарық бақыт тасқан сайын,
Шаттығым аса түссін асқан сайын,
Жер беті біздің жырмен дауыс беріп
Сөйлейтін болсын түгел бақыт жайын!
Күнім сен! Лебің ыстық, түсің жарқын,
Күнім сен! Тартқан сыйың қызыл алтын.
Сан жылдар сепкен сәулең мұнауратқан,
Хандарға, патшаларға етпей рақым.
Жалғыз-ақ сенен күшті eр Сталин;
Өмірдің қуаты мен берген сәнін.
Сені де халқым үшін туғызған сол
Жан беріп, жалыныңа қосып жалын.
Көктей түс, Отанымның шаттық бағы,
Кел ұшып, сайрай түсші бұлбұл тағы,
Бұлбұлдай шаттық жырын ақтарыңдар,
От жүрек еркіндіктің адамдары!
О, күнім, көріп пе едің жерде заңды,
Жарығы асқан сенен, күші де әлді.
Жалғыз-ақ Сталиннің бақыт заңы
Құлпыртты күндей сүйіп адамдарды.
Сол менің өмірімнің жарық таңы,
Халқымның қолға қонған көп арманы,
Бақыттың бітпес көзі, кең дариясы,
Күнім сол және Сталин алтын заңы!
ТАҒЫ БІТТІ ЖАҢА КҮШ
Жамбыл алсын домбыра,
Сал құлақты, Майтөбе,
Тоқсан үш жыл жолдассын,
Тоқсан үш жыл сырлассын,
Неше тоқсан өткізген —
Жасанды қартсын ертеде.
Ортадан алсаң Шыңғыс бар,
Қанды жорық тұрмыс бар,
Таяғы найза қолға ұстар,
Шанышқан адам кәуәбі *7
Елде қанша қылмыс бар?!
Өшікті неге хан-төре,
Е, Майтөбе, Майтөбе!
Болған кезде хан төбе
Болған кезде бай төбе,
Меңіреу едің сен неге?
Ашулы едім мен неге?
Көңіл беріп күлдірген,
Жылы жүзді қай төре!..
Өткен күнді жырласам,
Сүйінгендей нем бар ед?
Өзіңдей биік шың бар ед,
Арғы бетің ызғар ед,
Бергі бетің мұң, зар ед,
Ыйығыңда бай, манап,
Бауырың толған құлдар ед.
Құл атаған халықты —
Хандардың ханы қоқаны,
Император атағы,
Түйесін жұтқан түгімен
Батпақты судың наһаны —
Патша деген мұңдар ед.
Биік сенің басың деп,
Күнге тұрған жақын деп,
Сені ескерген кім бар ед?
Мені алып ақын деп,
Ел сүйетін жақын деп,
Мені ескерген кім бар ед?
Сол сияқты мұңды күн,
Желдей саулап өткенде,
Сенен ызғар кеткенде,
Менен мұң-зар кеткенде,
Сталиннің заманы
Ел қолына жеткенде,
Қуаныш, бақыт нөсерін
Тамылжытып төккенде,
Қара, мына Жамбылға,
Жыр төгеді алдында!
Бозбалалық күй берген,
Өмірден бөліп сый берген,
Күңгірт тартпас күн берген,
Алжаспайтын мый берген,
Алтынменен аптатып,
Күміспенен қақтатып,
Зәулім сарай үй берген.
Астыма жорға мінгізіп,
Үстіме торқа кигізіп,
Тәкаббар біткен шынардың
Басын маған игізіп,
Төбемді көкке тигізген;
Көп тілегін көреген,
Қынжылмайтын береген,
Бұл не деген бай заман!
Майтөбенің бауыры
Гүл-гүл тартып жайнаған,
Ел гүлінің бұлбұлы,
Жамбыл бүгін сайраған,
Мен көмілген құрыш ем,
Тапты мені нұр заман.
Сталиндей шебердің
Дүкенінде қайнаған.
Қайта соғып семсер ғып,
Алғыр тасқа қайраған.
Керегіне жапсын деп,
Ел жанына байлаған.
Алып халқым, анам ең,
Сені сүйген балаң ем,
Араласқан алпыс ұлт,
Құмы алтын, суы сүт,
Туын тіккен ырыс-құт,
Достығы берік жаңа жұрт
Ұйтқысы большевик,
Жүзге келген Жамбылды,
Советке мүше сайлаған.
Олай болса Жамбылға
Тағы бітті жаңа күш,
Сталиннің нұсқауы
Мойныма жүктеп біраз іс,
Анам үшін — ел үшін,
Колхоз, совхоз қалың ел,
Тоқсан үш жыл жүрген жер,
Ұсыныс етсең мен үшін,
Арнаның аузын ашайын,
Теңіз болып тасайын,
Құлпырып қайта жасайын,
Ұзартып жырдың өрісін,
Сталинім данышпан,
Алпыс ұлтты ұлы Отан,
Жан шыққанша жыр айтам,
Сүйген елім, сен үшін.
1938
ҚЫМБATТЫ СЫЙ
Дүниеде жалғыз күн бар нұры сөнбес,
Оны сөнед дегенге әлем сенбес,
Ақылдың сомдап соққан биік шыңы,
Ленин мен ұлы Сталин соған теңдес.
Еңбекке бере алатын анық баға,
Мұқтажы жоқ, ерікті халық қана,
Ондай ел — бақыт тапқан өз Отаным,
Ер ұлы ел бастаған алып дана.
Тұрған күні қара тау қалқасында,
Халқымның мен жетістім ортасында,
Халық та, мен де жеттім мұратыма,
Нұрымның Сталиндік арқасында.
Айшығы адамзаттың ұлы Ленин,
Еңбек еткен халықтың күні Ленин.
Жүрегімнің төрінде жұлдыз едің,
Мәңгілік тақтым енді сені Ленин.
Қымбат сый, қымбат бахыт шексіз құны,
Өкіметім сыйласа — халқым сыйы.
Шаттық заман арнасы ағып жатқан,
Мен емес мұны таққан — халық жыры.
1938
ЖАМБЫЛДЫҢ ХАЛЫҚ ҮШІН ҚАЛҒАН ЖАСЫ
Жүзге кеп бақыт тапқан ақын Жамбыл,
Дүниеге түгел кеткен атың Жамбыл.
Тілекке көп аңсаған бүгін жеттің
Далада жасасаң да ғасыр Жамбыл.
Француз, Испан, Үнді, бүкіл одақ,
Оқыдың арнап жазған хатын Жамбыл,
Ел сөзі әрі мақтан, әрі міндет,
Сөзіңді терең ойға батыр Жамбыл.
Құйған соң алқабыңа нұр тасқыны
Мұхиттай шарықтаған тасы Жамбыл,
Тасытқан Сталиндік алтын ғасыр,
Сондықтан көкке жетті басың Жамбыл.
Сүңгі де түбі терең тұңғиыққа
Жырыңның жина қымбат тасын
Жамбыл.
Қаймағы адамзаттың көсем үшін
Татымды жыр шербетін сапыр Жамбыл.
Өң берген, өpіc берген, өмір берген,
Тойыңа бақыт, ырыс шашу Жамбыл,
Халыққа соны берген заманыңды
Шарықта, шыңға шығар атын Жамбыл!
Күш құйған жүрегіне, жігер берген
Ардақтап, артық сүйед халқын Жамбыл.
Бір минут оны ойынан шығара ма
Жасаса тағы жүз жыл жасын Жамбыл.
Халық үшін терге төсеп төсек етер
Ағарған сақалы мен шашын Жамбыл.
Көтерген көкке төбе тірелгенше
Иеді көпшілікке басын Жамбыл.
Мен Жамбыл ғасыр тұрған жүздегі қарт, •
Сайлауға ұсыныпты ел, депутат.
Депутат — Ұлы Совет мүшелігі,
Қол жетпес ұлы міндет, орны қымбат.
Есалаң ел басқарған қауымдарға
Мендей қарт күн етеді қайыршылап,
Қай уақта ел сайлаған қадірлісін
Жүргенде бірі күліп, мыңы жылап?
Болмаса Сталиндік күндей заңы
Еш елде болмақ емес адам азат:
Сайлауға сүйген ұлын ұсынуға
Қолында ердің ерік болуы шарт.
Сондықтан бізде ғана бірдей сайлау
Талғаусыз қатысатын бар азамат;
Мейрімді бірлік берік, қою достық,
Жайраңдап, не істесем көңілім шат.
Мейілі — мың жасасын, жүз жасасын,
Мұндай күн көрген емес еш адамзат.
Лениншіл-Сталиншіл большевиктер,
Елімнің ұйтқысы мықты ынтымақ.
Тірегім коммунистік қызыл туым,
Жеңімпаз жеңілмейтін күшті қуат.
Ел сенген депутаттық кандидаты
Ішінде кандидаттың Жамбыл қарты.
Ұл десе ел, басымды иіп қызмет етем
«Төрелік» депутаттың емес аты.
Ол маған өз дауысын сеніп бермек,
Мойнымда Алатаудай елдің ақы.
Біткенше ақырғы дем айтам жырын
Елімнің үстем болсын мәртәбасы.
Соғайын асыл жырдың асқар тауын
Түскендей күллі әлемге шұғыласы.
Көркейіп көркем өнер өрістесін,
Шарықтап шат елімнің салтанаты,
Өңім — қарт, өмірім — жас қажымайтын,
Қуатым Сталиннің шарапаты.
Мен әскер, сап алдында садақ тартқан
Елімнің өшпенді жау келсе қасы.
Жырымның жанарланған болмақ гүлі
Отанның өрлеп өскен шаруасы.
Сайлаушы халық алдында ант етемін
Жамбылдың халық үшін қалған жасы.
Тынымсыз күні-түні етпек қызмет
Жамбылдың кәрі жаны, домбырасы.
ТОЛҒАУ
Бармақтай жәндік бұлбұл кұс,
Жаһанда жауы — зәрлі қыс;
Аңсағаны жаз болар.
Жаздың қонып гүліне,
Ел ынтығып үніне,
Бақшасында мәз болар.
Бармақтай жанда қуаныш —
Мұхиттай терең бар дыбыс;
Шырқайды күйін, талмайды,
Жаз күні жаһан түлеткен,
Әсем күйін үдеткен,
Салғанын қайтып салмайды.
Мен құс емес — адаммын,
Гүліне қонған заманның, —
Шаттық күйін сайраймын,
Жүзге келдім демеймін,
Тойыма шашу берейін,
Жырдың туын байлайын,
Жалпақ далам гуілдеп,
Жалпы халқым күлімдеп,
Жасарып, жайнап көнесі;
Бақытты күйі аңқылдап,
Шолпандай туған жарқылдап,
Өсті елімнің өресі.
Өмірге шырақ жағылып,
Балдан дария ағызып,
Бөленіп нұрға көбесі.
Ел тілегі қалаған —
Сталин берген жаңа заң,
Жаңа өмірдің шегесі.
Заманнан заман — еш заман
Қол сұғып бетін ашпаған,
Өмірдің шың белесі.
Асанқайғы, Жиренше
Арман еткен өлгенше
«Жер ұйық» атты жер осы.
«Сегіз жұмақ» іздейтін,
Қартаймайтын, өлмейтін,
Орнатып алған ел осы.
Шарықтадым, шалқыдым,
Шырайлы жанды халқымның,
Рыста жүзген кемесі.
Күнге тіреу бойым бар —
Бойыма теңес тойым бар,
Тойым тойдың сүбесі,
Еркі бірдей елім бар,
Елім сүйген ерім бар,
Ерлерім тойдың иесі.
Заманның тасы болмаса,
Адамның қасы болмаса,
Ұлы думан ұлы тойда
Жібімес кімнің денесі?
Заманды шолып көрейін,
Ту басыма келейін,
Жайлы еді деп кім ақтар
Атақ үшін, бақ үшін,
Хан қойды алтын тақ үшін, —
Әкесін жарған Зұһакбар *8,
Аты-шулы Мұхамбет,
Болу үшін ел үмбет
Сағитқа құран жаздырып,
Құдықтан құран бергізді,
Берген соң таспен көмгізді,
Шайтан бар деп нандырып
Бақ талас боп Петрді
Орда ішінде өлтірді.
Өлтіруші қатыны,
Ел қоймаған сайлаусыз,
Елде болмас жақыны.
Әділет жоқ, заңы жоқ,
Еліне атқан таңы жоқ,
Хан әулеті қан құмар,
Жалпы жұрттың дұшпаны
Қаныпезер олар бар.
Испан, қытай қырылып,
Үй-орманы бұзылып,
Басып жатып қайғы, зар.
Жауын жарға түсіріп,
Күлін көкке ұшырып,
Ертең мендей той қылар.
Менің бүгін сайлауым,
Сайладым елдің қаймағын,
Сайлауым шаттық мереке,
Бас кандидат Сталин!
Өмірдің берген ұшпағын
Еліме ырыс, береке.
Ел гауһарын еледім,
Ел қамқоры керегім.
Қуанышты жалпы жұрт,
Үлкен үйде алпыс ұлт —
Ерге дауыс беремін.
Жаңа заңмен жаңардым,
Кандидат мен де саналдым,
Ғасыр көрген көнемін,
Орындалған ойыма,
Ұлы думан тойыма,
Шашу болсын өлеңім.
1938
ЖЕҢІС ЖЫРЫН САЙРАҢДАР!
О балалар, балалар,
Қарашығы көзімнің,
Қуанышы сөзімнің;
Кеудемдегі жүрегім,
Таянышым — тірегім;
Ардақтысы елімнің,
Гүл шешегі жерімнің;
Алдыңа келді қарияң,
Өлең боп аққан дарияң
Домбырасын басуға,
Жырынан шашу шашуға,
Кездесіп көзбен көруге
Халық сәлемін беруге,
Қуанбасқа бола ма,
Жырламасқа бола ма,
Осы отырған тойымда?
Қуаныш сыймай қойынға,
Сталиндік ту етіп,
Жеңістің қақтық дабылын,
Ойдан келді батырым,
Қырдан келді батырым,
Қаладан келді батырым,
Колхоздан келді батырым,
Сол батырлар ортаға ап
Өзінің сүйген ақынын
Шешіп жатыр жаңадан
Жеңістердің ақылын.
Біз Алатаудай ел едік,
Теңемек болды ойға жау,
Біз тасыған теңіз сел едік,
Теңемек болды шөлге жау;
Біз атып болған тақ едік,
Түн етпекші болды жау.
Біз әлемге жарық күн едік,
Өшірмекші болды жау!
Батыр болған ұлымды
Құл етпекші болды жау,
Күндей күлген қызымды
Күң етпекші болды жау!
Жау ма бізді бөгейтін,
Жау ма бізді жеңетін?
Қозғалып еді Алатау
Табанында қалды жау,
Долданып еді океан
Толқыны жауға салды ойран;
Қаһарланды отты күн,
Оқ боп жауға өтті күн,
Қуырдақтай қуырды,
Күлін құмдай суырды.
Шындықтың шаптық семсерін
Дұшпандардан ақты қан, •
Шүберектей жыртылды,
Өз ұлдарым игеріп
Тізгінді қолға алғанда,
Қыран құстай қомданып
Қыяға көзін салғанда
Қараңдаршы не көрем?
Қуана түскен ел көрем,
Көгере түскен жер көрем,
Атып жатқан мұнайды
Таусылмастай сел көрем.
Ағып жатқан алтынды
Тұтасқан бейне сең көрем,
Үйіліп жатқан көмірді
Асусыз белге тең көрем.
Сталиншіл ұрпағым,
Тағы да құлақ салыңдар!
Болаттайын берік топ
Деген атақ алыңдар!
Дұшпанға азу басыңдар,
Қанын судай шашыңдар!
Дұшпанға семсер қайраңдар,
Оттай ойнап жайнаңдар!
Бас көтерсе кімде-кім
Күрмеп тілін байлаңдар!
Бақыты үшін Отанның,
Бақыты үшін елімнің
Ұлы Сталин атымен
Жеңіс жырын сайраңдар!
1938
ҚАЗАҚ ССР ЖОҒАРҒЫ СОВЕТІНІҢ СЕССИЯСЫН АШАРДАҒЫ ҮШ ОРДЕНДІ ХАЛЫҚ АҚЫНЫ, ДЕПУТАТ ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВТЫҢ СӨЗІ
О жолдастар, жолдастар!
Асыл тастан шығады,
Ақыл жастан шығады.
Әділдіктің түрлері,
Әдемі заман гүлдеді,
Сталин соққан бесіктен
Өрбіп өскен кіл жастар.
Тоқсан үште жасы бар,
Алатаудай шашы бар,
Өмірі жас, жасы қарт
Жамбылменен құрдастар.
Жарлығымен халықтың,
Жамбыл қартың сөз бастар.
О, жолдастар, жолдастар!
Шешен кісі сөз бастар,
Адал кісі ел бастар,
Адал туған ұл болсаң,
Ленин менен Сталиндей
Халық сүйіп қолға ұстар.
Төрт миллион халық қалаған,
Қалауына жараған,
Адал ұл деп балаған,
Жолдасым—балам—жан
достар,
О, балалар, балалар!
Баланы баулып өсірген,
Сталиндей дана бар.
Ырыстың шалқып шалқары,
Кенеліп өскен дала бар,
Іргесі құрыш ақ маржан
Көркем салған қала бар,
Көкейге сөнбес шам жаққан,
Қаулап өскен сана бар;
Маркс—Ленин ғылымы
Тынықтан аққан саға бар,
Көксеген бақыт бар адам,
Сол араны жағалар,
Арыған ел азаптан
Сол арнадан нәр алар.
Өрісі ұзын ол арна
Әлемді түгел аралар,
Оған бөгет болатын
Қандай дәуде шама бар?
Тоқсан үштен жас асып,
Жүзге келдім сағалап,
Талай суық күн өтті,
Жанымды қасқыр қамалап,
Халқым болды тоғайым,
Жан сақтаған паналап,
Домбырам болды ермегім
Қоршаласа жамағат,
Күн қақтаған тулақтай
Арық атты сабалап,
Жетпіс екі жыл өтті,
Даланы кезіп аралап,
Жетісудай жас көрдім.
Ағып жатқан сорғалап,
Қамауда тұрған бас көрдім,
Көгендеген қоралап.
Сырықсыз үйдей сықырлап
Ел отырды — тобалап,
Бай отырды құдайсып,
Өрге тасы домалап.
Аш-жалаңаш ел азып,
Реңсіз дала кұлазып,
Өтті, кетті ескі күй
Айтамын оған лағанат!
Көрсін әлем бүгінгі
Шырайы жанған түрімді,
Алатауым, даламның,
Ұлы байтақ Одағым,
Сыпырған қанау бұғауын
Еркін өскен адамның,
Сырын сырлап кім жетер,
Жырын жырлап кім жетер,
Сталиндік заманның.
Коммунистік қоғамның,
Орғып шапқан машина
Құлынындай құланның,
Құдірет салған құлыптың
Күл-талқанын шығардым.
Өмір кілті адамда,
Тұтқасындай құманның,
Тетігі соның Сталин,
Шынарындай шынардың,
Көксегенім жаңалық
Мен жаңаға құмармын.
Ел бейнеттен арылды,
Отаным Одақ қарулы,
Ерім алып, жалынды,
Іздегенім табылды;
Hұp көмкерді тауымды,
Көркейтті колхоз ауылды,
Бауы берік достығым,
Қалтыратты жауымды.
Бақыттың ақты дариясы
Тығыншығы алынды,
Қуанды Жамбыл, қуанды.
Сүйікті ұлым, достарым!
Халық өкілі Жамбыл қарт
Ырыс туын ұстадым.
Сталиндік заңымның —
Күні атқан таңымның,
Қозғалысы қанымның,
Рақаты жанымның,
Соны маған сыйлаған
Көсемім, досым Сталин..
Әлем әлем болғалы,
Әлемге адам қонғалы,
Атқан болар талай таң,
Өткен болар талай жан,
Өмір үшін жасаған
Кім көріпті мұндай заң?!
Жаңа заңды жасаған —
Жаңа өмір мен жаңа адам;
Ескі дүние күркесін,
Күл көмірлі білтесін
Шығарушы күл-талқан.
Халық түгел қатысып,
Адамын қойып қалаған,
Сан бейнеттен арылып,
Ел менен ел достасып,
Сан бұғаудан арылып
Ер ерікті болғанда,
Сан бөлшектен арылып,
Жер ерікті болғанда,
Елменен ел достасып,
Достық қолын ұстасып,
Тең ерікті болғанда,
Сталиндік жаңа заң —
Қоршауы соның ораған.
Жасасын ырыс жаңа заң!
Жасаушы соны дана адам —
Елдің құты Сталин
Жолына жаным садағаң!
Жаса, көркей, жаңа адам,
Халық сүйіп қалаған,
Жасасын халық бақытты
Күннен де жарық заманаң!
Жана заман құрылды,
Жаңадан болды өрнегі,
Ақ түйе қарнын жарғандай
Керегін алды жердегі,
Техниканың тетігі
Көкке көлбей өрледі,
Өрлеген сайын өрістеп,
Өзінің шықты ерлері.
Ерлер шығып жаңадан
Жаңаша болды еңбегі,
Стаханов Алексей,
Стахановшы елдегі,
Техниканы мінгелі,
Жер қыртысын қопарып,
Астынан алды көмбені.
Көк тәңірісі Коккинаки,
Шар боп ұшқан желдегі,
Мыңдап батпан жүгінді
Құс қалтадай теңдеді.
Мұз тәңірісі Папанин
Сегіз ай тұрған сеңдегі,
Одақ атты ұлы Отан
Тірі жаннан сұрасаң,
Кім айта алар аузымен:
«Табиғатты жеңбеді?»
Қисық соққан «құдайдың»
Анайы ісін жөндеді.
Сондықтан оны күллі адам
Гүл ашылған жер деді;
Достар жайды құшағын
Сталин құйған нұр деді,
Суырды жаулар пышағын,
Ұлы тісін басынды,
Желкесін шұқып қасынды,
Ысқырған жылан інінен
Құйрығын бізге сермеді,
ССРО-ның халығы,
Табыстың өлем алыбы,
Жаңадан еңбек қайнады,
Іс басқарған басшымен,
Қағаз жазған хатшымен,
Тау уатқан кеншімен,
Соқа жыртқан қосшымен
Табысында айырма
Артық, кемі қалмады.
Ас адамның арқауы,
Сананың білім шалқары,
Нығайып белін байлады,
Қала, дала теңесіп,
Тел қозыдай тең өсіп,
Ашылды білім майданы.
Театр, клуб үйі бар,
Шырқаған ән, күйі бар,
Сән-салтанат сайраны,
Күннің нұры аққандай,-
Даланы түгел жапқандай,
Ел құлпырып жайнады.
Күнгірт ауыл, кәрі ауыл,
Көзі бар, көңлі көр ауыл,
Орнында жаңа ауыл, —
Ескінің шықты ойраны!
Алтыдан бірін әлемнің
Айтып тұрмын мен саған.
Кәсібі тең жігітпен,
Өлгенді қайта тірілткен.
Сорғалап құйған нұр заман,
Одақ атты Ұлы Отан
Большевиктер бастаған,
Енші бүгін тек саған.
Капиталист айналаң .
Шеңбер болып қоршаған,
Жар астында жау тұрса,
Бейқам жатқан ұйқы арам.
Испан менен Қытайда
Қанды боран бұрқаған.
Жанталасқан жауың бар,
Қасын тіккен ол саған.
Азғын-құзғын адамды —
Үйреншік иттей жұмсаған,
Жасуындай иненің
Жарық тапса қол салған,
Ұмытпас сабақ бұл саған.
Жалағалы жау отыр,
Кілемге түскен күйедей.
Бірақ бізде қорған бар
Бұрандалы шегедей,
Боран аспас төбедей,
Мұз ұнтаған кемедей
Халықтың адал баласы
Бір жүректі денедей,
Ол қорған Қызыл Армия
Ворошилов бастаған
Аяқ аспас өредей...
О, балалар, балалар!
Ақылы кәміл даналар.
Сессияны ашқанда
Айтарлық сөзім және бар:
Ел сайлады, шын сенді
Елдің тұзын ақталық.
Жамбыл деп маған ат берді",
Сөнуге қалған қартты алып, —
Сессияны ашуға,
Право берді көп халық,
Сталиндік заң қосқан
Міндетті тұрмын атқарыл.
Бүгін тағы жасардым
Құрметке ұлы шаттанып.
Барша адамның қамқоры,
Даналардың ең зоры,
Жеткенінше қызыл тіл,
Арна боп ақсын асыл жыр,
Сталинді мақталық!
Жаңа заң ерік бергенде,
Тоқсан үшке келгенде,
Қазақстан елінің,
Ұлы Совет тобының
Бірінші бетін мен аштым
Бостандық жайып өркенін
Халыққа түгел жеткенде
Жердің үсті, күн астын
Бүгін бе, әлде ертең бе,
Жұмыр жердің үстінде
Совет деген бір Одақ
Болуға күмән қылмассың.
Мен дүниеден кеткенде,
Бақыт, ырыс, сән өмір
Ұрпағыма жеткенде,
Жер жүзінің адамы
Бірінші топ өткенде
Немерем бе, балам ба,
Ашады топты мендей боп,
Оған да жоқ күмәнім.
Елім, ерім, Отаным!
Ашылды деймін бұл тобың
Берік, бірлік — достыққа
Жамбыл берді батасын!
Ел көсемі Сталин
Сталиндік жаңа заң,
Ел достығы жасасын!
ЖАУҒА OҚ
Жамбыл деген жай атым,
Халық менің шын атым —
Жал, құйрығым, қанатым.
Социализм Отаным,
Қалаған бақыт мұрасын.
Совет менің мыңдап жыл
Аңсап тапқан мұратым.
Жаңқамды жауға бермеске
Отанға берген бар антым.
Миллион-миллион барлық жан,
Арыстан жүрек ер балам,
Сарқылғанша тамшы қан
Қорған, шебін құратын.
Жау мойнын жұлатын, —
Антым — осы болатын.
Қасиетін Отанның
Білмеген, менен сұрасын,
Жау сергелдең болмасын,
Болса, көрсін оңбасын!
Отаным менің шын дүние
Аңсап адам тілеген,
Бейнесі оның нұрлы жаз,
Жер жасарын түлеген.
Ұзын өре өркені
Күнде ұзарып үдеген.
Мұндай Отан қайда бар
Бақытқа елді бөлеген?
Отаным елдің жанындай,
Қандай арсыз ала алар
Қанды айырып денеден?
Кімнің оғы аспақшы
Одағым тұрған төбеден?
Отпен ойнап күйгелі,
Жау жармасса шыңыма.
Қанды соғыс ол жауыз
Шала ұстаған қолына.'
Соғыстық соққы жауабы —
Бірлік туы қолымда.
Ел көсемі Сталин
Халықтың берер бұйрығын.
Алпыс ұлттың айбынды
Адалды сүйген ұлына.
Бейбіт жатқан еліңе
Бір оқ атса, мың оқ ат!
Пасық аяқ аттаса,
Төбесінен тау құлат!
Қайтсын кейін қорғалап,
Ақсын қаны сорғалап,
Өз қанына бөгелсін,
Қанға болса құрқұлақ;
Тұяғымен танкінің
Күлге айналдыр мылжалап!
Жыланға көз аштырмай
Төбесінен бомбалат!
Бізде жауға рақым жоқ,
Жау жазасы жалынды оқ!
Таста кейін шаласын
Өз жерінде жансын өрт!
1938
FAЛІM ІHІME
(Академик Келлерге)
Қош келдің, ағаңды іздеп ғалім інім,
Жасарған Сталинмен жаңа өмірім,
Асауын табиғаттың бағындырған,
Тілегім — өрістеген оқу, білім.
Заманы Сталиннің үдемелі,
Бақытқа адамзатты бөлегелі,
Жамбылдың бұрынғыдан жыры басқа,
Халықтың орындалып тілегені.
Бұрынғы зарлы жыры шаттық болды,
Орнына ашу-араз достық болды.
Достықтың ұйытқысы ұлы Сталин,
Күннен де жүрегіме ыстық болды.
Мен оны ешқашан да ұмытам ба,
Іздесем, досым, бұрын табылған ба,
Мінеки жер. шетінен іздеп келдің,
Жолықтым бауырыммен сағынғанда.
Теңіздей тағы болдым тасытқандай,
Тасқан жүрек жауларды жасытқандай,
Отыр, ғалім, әңгіме айт, мейірім қансын,
Сөзің бар қайтам деген асыққандай.
Ғалімдер біздің елде таудан биік,
Оның орны жоғары — халқы сүйіп,
Ғалімге бригадир ұлы Сталин,
Сондықтан құрмет етем басымды иіп!
Москваның барсаң сәлем шаһарына,
ЦЕҚадай ұлы штабым, гауһарыма,
Сталин, Молотов пен Каганович,
Калинин, батыр Клим өреніме.
Басталса арсыз, жауыз жаудан жорық,
Бірлікпен батыр шықпақ елді қорып,
Көп ұлтты, мықты достық ұлы Отаным,
Сүйегін көлге тастар күл ғып үгіп.
Уа, інім, құрметіңе өлең айттым,
Тақалып жүзге келген Жамбыл қартпын.
Бауырым, ұлы Ресей, Отаныма,
Қартынан Алатаудың, сәлем айтқың.
1938
ЕЛІМНІҢ ҚЫЗДАРЫНА
Танадай көзі жайнаған,
Талпына қанат талмаған.
Қуанышты қыздарым
Беті қызыл алмадан.
Алтын кірпік, ай қабақ,
Жамалы жарқын айнадан.
Жүрегі қызыл Кремль
Жұлдызындай ойнаған.
Көкте болса көгінде,
Жерде болса жерінде
Қолға алғанын қопарып
Құлшына жеңбей қоймаған
Алатаудың бақытты
Бұлбұлындай сайраған.
Бақ дарыған Отанның,
Қыздарым жерін жайлаған.
Қартайған Жамбыл атаңның
Қыздарымдай жасарған,
Жыры бар сізге арнаған.
Сол жырды енді айтамын,
Қыздарымды көргенде,
Көрген сайын жасарам
Сендермен бірге жүргенде
Төбем көкке тиеді,
Қуана сіздер күлгенде,
Жамбыл желдей есесін
Көмейден өлең келгенде,
Бірің білгір оқушы,
Бірің кілем тоқушы
Бірің доктор, кейбірің
Далада алтын колхозшы,
Соны көріп қуанад
Тоқсанға Жамбыл жеткенде,
Құлшынбай Жамбыл не қылсын,
Тоқсан жасты бүркіттей
Бүріп тастап жеңгенде.
Көлде жүзген аққудай
Қызымды да есірген,
Шахтының тасын уатқандай
Ұлымды да өсірген,
Жүрегімнен жылжыған
Жырымды да өсірген.
Күннен де нұрлы Сталин;
Осыларды өсірген,
Отан үшін, ел үшін,
Толқыны күміс көл үшін,
Шөбі шүйгін жер үшін,
Отанды күндей күлдірген,
Сталин үшін, ер үшін
Қыздарым гүлдей жайнаңдар,
Еңбекке, іске таймаңдар,
Сендер де бір әскерсіз,
Ел шетіне жау келсе,
Тас-талқанын шығарып,
Жай тасындай қайнаңдар!
1938
ҮЛКЕН МХАТ-ҚА
Ел өссе жер үстінде, мендей өссін,
Сталин бақшасында гүлдей өссін,
Өрістеп ұлы ұяда, қыз қияда,
Мұхиттай суы шалқып, желдей өссін.
Ел өссе, мендей болып ғылым өссін,
Техника, мәдениет, білім өссін,
Басшысы большевиктер, елі ерікті
Өнерден басып өтпес менен ешкім.
Ұясы көркем өнер МХАТ ордам,
Қырық емес жүздеген жыл тойың келер.
Өнерпаз әлемге үлгі ұл өсірдің
Алтындай зер шебері тартқан сымнан.
Аузыма түсті еріксіз тағы Сталин,
Бахытты елге ұйыған шамы Сталин,
Көгінде сол көсемнің сен бір жеміс,
Шындықтың айнасы боп қарыштадың.
Алып ел, әлемдегі алып өнер,
Қырық емес жүздеген жыл тойып келер.
Өнердің жер үстінде бұл бесігі,
Мәпелеп ұл мен қызды өсір шебер.
Мен Жамбыл, үлкен МХАТ саған арнап,
Жіберем елден алғыс сәлем жалғап.
Өс, өрле, мәдениет қазынасы бол,
Ленин мен Сталиннің туын қолға ап.
1938
ЖАСТЫҚ ЖЫРЫ
Жүрегім менің елжіреп,
Көзімнің жасы мөлдіреп,
Өткізіп ем ертерек
Өксумен бала шағымды,
Көксегем бірақ көбірек
Бахытты болашағымды,
Алба-жұлба киініп,
Кедейлікке күйініп,
Жаяулап жерді жағалап,
Домбыраны сабалап,
Безегем тіл мен жағымды
Иегіме сақал біткенше,
Октябрь нұры жеткенше,
Аймалап туған еліме
Күн гауһарын сепкенше,
Жаралағам жанымды.
Ленин менен Сталин
Октябрьде таңымды
Атқызғанда аялай,
Қой үстіне боз торғай
Жұмыртқалап, ұялай,
Туғызды оңнан айымды!
Сонан былай өмірдің
Кұсы қонып қолыма,
Құстай ұшқыр сезімді
Беріп менің жаныма,
Жеткізіп Жамбыл өлеңін
Отанымның ойы-қырына,
Қанат қаққан сұңқардай
Қарасам жан-жағыма,
Жер жаңарып, ел өрбіп,
Көрді жастар шолпандай
Шалқыған шаттық шағыңды.
Бәрі балам немерем,
Өберем мен шөберем,
Оның атын сұрасаң,
Бақытты туған комсомол,
Комсомолдар шүйілсе,
Тастүлектей түйілсе,
Халық жауы, таң жауын
Жымырып жерге шаншады ол,
Таң жастары жайнаған,
Ұлы Сталин баулыған
Қарашы, міне қаулаған,
Комсомолдар қанша мол!
Ұлы Сталин ұрпағы
Гүлдерім менің — комсомол,
Жасым кәрі болса да,
Жүрегім менің комсомол
Қанаттанған қырандай
Қадірлі елде комсомол,
Қызығамын көргенде
Болсам деп мен де комсомол.
Толып жатыр Отанда
Ұлым менің комсомол,
Жасым кәрі болса да,
Жырым менің комсомол!
Бағы ашылған елімде
Ұлдарымның үніне
Жасарған менің әнім де
Тұра ала ма қосылмай!
Сендердің ыстық қандарың!
Нұрлана түссін таңдарын,
Айналайын айбарлы
Жүректі жас балдарым,
Осындайда сендерге
Жыр тұрсын ба жосылмай!
Туса тусын туындап,
Жас дегенің осындай!
Кеп-кеше туған бала еді
Жетіп қапты жиырмаға,
Жігіт боп бәрі өсіпті
Не деген шіркін несіпті!
Өмірдің балын жесіпті,
Егілген ойға, қырға да,
Елге дағы, жерге де,
Көкке дағы, көлге де,
Анаға да, ұлға да,
Өмір беріп ерге де,
Бақыт беріп нұсқаған
Ленин менен Сталин
Таң шапағы бір ғана.
Сталиннің қуаты
Ел шаттығын тастырған,
Сталиннің қуаты
Ерді көкке ұшырған,
Таудан алтын шаштырған,
Сталиннің қуаты.
Ер комсомол ұрпаққа
Ерлік қадам бастырған,
Ұшқыш етіп жастарды
Ұшса көктен астырған.
Ер боп өскен жастарға,
Өрле деп биік асқарға,
Өрлеу жолын ұсынып,
Күннен де биік ұшырып,
Мұз түндігін аштырған.
Ұлы оғын шашыратып,
Ұлы Отанға тас атып,
Жау келсе егер лепіріп,
Жауды жеңіп жапырып,
Сталиннің ұрпағы
Қас қылғанды тас қылған!
Соның үшін толғанып,
Домбырасын қолға алып,
Түсіріп жырды жортаққа,
Сталиндік ұрпаққа
Жиырмаға, жетіп жасанып,
Жауға қарсы қасарып,
Жеткен жасты көргенде;
Кәрі Жамбыл жасарып,
Отан үшін майданға,
Барады Жамбыл жырымен
Өленнің көлін тастырған.
1938
ТРАМВАЙ
Күнде, күнде құлпырды
Алатау сенің бауырың,
Трактор мен комбайн
Күрілдеді ауылым.
Сусыз жапа бейнеттен
Арылғанда халығым.
Құлазыған далада
Қаланың құрдым алыбын.
Сталин тұрған Кремль —
Соғып тұрған жүрегім.
Сол жүрек маған жан берген
Сарқырап өмір шүмегін.
Шаттықтың берді шалқарын,
Қуанам күнде, күлемін.
Үздіксіз маған нұр құйып,
Орындалды тілегім.
Ақ домбырам арындап,
Арнадай ағып сарылдап
Жырыңды ағыз халыққа,
Бүгінгі жырың асыл жыр,
Жыр біткеннен басым жыр,
Тыңдаудан құрыш қана ма,
Алматының көрігі,
Адамның жүрек көлігі
Трамвай құрып қалаға,
Ұлым, қызым өмірім,
Заманға құрдас серігім,
Жырдан шашу бола ма!
Трамвайшы балалар,
Атаңнан ақыл ала бар —
Күшейте түс тоғыңды!
Қалаң менен далаңа
Сөнбес жағып шырақты
Ұзайта бер жолыңды.
Болдым тәтті сүйіскен,
Басыңа басым тиіскен
Босатпа бірлік тобыңды!
Мадридте, Шанхайда
Бүлдірген елді айуанға
Тарт деңдер жауыз қолыңды!
Шектен жаулар асқанда,
Аяғын қыя басқанда,
Тоғындай күшті оғыңды,
Тас-талқан ғып уатып,
Сүйегін жардан құлатып,
Дүниеден жоқ қыл көрімді!
1938
ДӘРІГЕРЛЕР СЪЕЗІНЕ
Қазақтың тиеп алған көп мақалын,
Мен өзім көпті көрген ақ сақалмын.
Дәрігерлердің съезін құттықтарда
Солардың бәрін де мен есіме алдым.
«Байлық алды — денсаулық» — деген
мақал,
Ғасыр бойы жатталып келе жатқан.
Халық айтса қалып айтпас дегендейін,
Дұрыс-ақ, орынды сөз тауып айтқан.
Өткен күн көзге танық, ойға елесті,
Білемін қан сасыған заманды ескі,
Жасы жүзді қусырған кәрі Жамбыл,
Басынан өткерген ғой не белесті. •
Қанқұйлы Николайдың заманында,
Езіліп елім оның табанында,
Халқымды қай-қайдағы ауру басып,
Оба кеп, елді қойдай қырмады ма?
Оба кезіп қазақтың cap даласын,
Өлімнің жалаңдатып ұстарасын,
Нелер қыршын, нелер сабаз халық ұлының
Мезгілсіз қиып кетті жас қолқасын.
Сүзек, шешек, мерездер айналдырып,
Халқымды аурумен булықтырып,
Есімді, еркімді алып езген патша,
Қырылса қараған жоқ мойнын бұрып.
Hұp шашқан Сталиннің заманасы,
Халқымның бәрі түгел мал мен басы.
Ауру әлдеқашан арылды елден,
Қазақтың дем алды еркін сахарасы.
Сталин ардақтайтын адам басын,
Аударып халқыма шын ықласын,
Елімнің денсаулығын ойлайды ылғи,
Күлімдеп. күн сияқты нұрын шашып.
Гүлденген қызғалдақтай қыздарымның,
Айбатты арыстандай ұлдарымның,
Дені сау, әл-қуатты болуы үшін,
Салады Кремльден көзінің қырын.
Құттықтап съезіңді дәрігерлерім,
Бәріңе жүрегіммен сәлем бердім.
Денсаулық майданында балаларым;
Әрдайым орындаңдар ел тілегін.
Атану ел дәрігері үлкен атақ,
Сақтаңдар сол атақты іспен ақтап.
Сақтаңдар денсаулығын Отанымның,
Құртыңдар ауруды келген отап!
1938
СӘЛЕМ БЕРЕМ МОСКВАҒА
Сәлем берем, Москваға,
Арман бар ма, Москвам,
Сені көрген адамда.
Сендей сұлу қала жоқ,
Он сегіз мың ғаламда.
Уа, құрметті астанам,
Сәлем бердім өзіңе,
Мені тарттың алыста,
Жылы ұшырап көзіме.
Отанымның жүрегі
Жалтыраған айнадай
Көшең қандай сәулетті.
Аспан зәулім үйлерің,
Тұрғандарың дәулетті.
Күллі ғалам көз тігіп,
Москва саған қарайды.
Бақыт тапқан біздің ел,
Өмір гүлдеп күлгенде,
Нұрлы астанам Москваны
Жүрегіне санайды.
Отанымның тамырына
Барлық бақыт, барлық ой
Кремльден тарайды.
Араладым көшеңді,
Көзімді тартты үйлерің
Сонда тұрад Сталин
Бүкіл әлем сүйгені.
Дүние жүзі бұл күнде,
Москва сені біледі.
Шет елдерде езілген
Қан аралас жас ағып,
Екі бірдей көзінен
Аш, қорлықта жүргендер,
Саған көзін тігеді,
Сенен үлкен күш алаң,
Жауларымен күрессе,
Арта түсед жігері.
Кремльдің басында,
Қызыл жұлдыз жанып тұр,
Ол елімнің бақыты,
Ұлы Сталин берген нұр.
Астанамды аралап
Салтанатын қарадым,
Мавзолейге бас идім,
Әсер алдым, жыр құйдым,
Аспандаған үйлердің
Қабаттарын санадым.
Анау тұрған әдемі үй,
Күн отырған Кремль.
Жатыр Ленин жанында,
Күндіз, түні тыңдаумен
Отанымның жүрегін,
Астанамды көргенде
Қуат кірді бойыма,
Жүрек сондай қуанып,
Өлең түсті ойыма.
Ағындатты жырымды,
Күн сияқты Кремль.
Сәлем, қызыл Москвам!
Отанымның жүрегі,
Халық бақытын жыр қылған,
Дала ақыны Жамбылдан,
Москва, саған көп сәлем.
Жаса, ардақты астанам,
Көзін тіккен күллі әлем!..
1938.
«СОЦИАЛИСТІК ҚАЗАҚСТАН» ТОЙЫНА
Құттықтаймын өлеңмен,
Шыққанда бес мың нөмірің!
Күнде оқимын өзіңді,
Қадап кәрі көзімді.
Балаларым оқыса,
Не жазған деп тыңдаймын,
Әрбір сөзін тыңдасам,
Өсе түсед көңілім!
Сенің жазған сөздерің,
Шындығы біздің өмірдің.
Біздің елде баспасөз —
Асыл құрал алмастай.
Менің сұлу өмірім,
Толқынданған теңіздей ,
Ортасында нұр шашып —
Тұрған алтын жартастай.
Біздің елде баспасөз —
Шындықтың үлкен құралы.
Біздің елде баспасөз —
Ылғи шындық айтады —
Коммунизм ұранын.
Сталиндік баспасөз —
Күрес ашад жаулармен,
Бақытты өмір құрады.
Нөмірің толған бес мыңға
«С. Қ» сенің тойыңда,
Құттықтау сөз сөйлерде,
Өлең түсті ойыма.
Шындығын айтып өмірдің,
Оқушың көп өзіңнің,
Көңілі соқыр жан болса,
Таныт оған өмірді.
Оят сана-сезімін,
Мұнан да әрі көп жаса!
Елімізде шығатын,
Шындықшыл көп газеттің,
Берер батам — бірі бол!
Сөйле шындық сөзімен
Партияның тілі бол!
Сталиннің тілі бол!
1938
МАЛ ӨСІРГЕН АЙМАҚҚА
Төрт түлікті өсірген,
Тұнық суды кешірген,
Колхоздағы ерлерім!
Құтты болсын съезге
Басты қосып келгенің;
Малды өсірген, өргізген,
Шалғынды шалып жегізген,
Малға жайлау жайнатқан,
Тау бауырын жайлатқан,
Құлындатып биені,
Боталатып түйені,
Мыңғыртқан малды елім бар
Біздің алтын аймақтан!
Төрт түліктің тұяғы
Жерді шарлап із өткен.
Шабандарым асқарда
Жегізбей малды қасқырға,
Күні, түні күзеткен!
Ай мүйізді сиыры
Желінінен сүт аққан,
Тау өркешті аруана
Ағылған шар тараптан;
Күңгір-күңгір кісінеген
Алтын жалды арғымақ,
Шапса жерді қуырған,
Ескен желдей ағындап,
Қой қозысы құландай,
Ешкісі бөрте бұландай,
Колхозда өскен түлігім
Жайылған қаптап табындап,
Малым тұрсын жерімнің
Меруерт болды әр тасы!
Бағы қонған елімнің,
Құлпырған мынау жерімнің,
Отаным құрыш қалқасы!
Малыма шөп болатын
Шалғыны шалқар көлімнің,
Алтын дәні аймақты
Аялаған елімнің,
Күнім менен көгімнің,
Жаннат болған жерімнің,
Себебін халқым сұрасаң,
Сталиннің арқасы!
Немерем, ұлым, балаларым,
Өсе берсін малдарың!
Малға қастық қылатын
Құрт Отанның жауларын!
Қой үстіне боз торғай
Жұмыртқалап ән шырқай,
Тұрған кезде қарт Жамбыл
Секілденіп дәл бұлбұл,
Сталиннің атына
Жырлаған, жырлайд
жырларын!
1938
ЖАҢА ЖЫЛ
Домбыраны қолға алсам,
Ағылған күй мен жыр көрем;
Өміріме көз салсам,
Жайнаған жарқын нұр көрем;
Туған айға, қарасам,
Теңеліп өсіп аласам,
Жанға жайлы жанары,
Жылжып бір келген жыл көрем.
Бақытты халқым, шат елім
Жаңа жылдың келгенін
Шаттықпен қарсы ала біл,
Күмістей қардың суынан,
Суарыған қырынан,
Көктемде егін салады,
Жаңа жыл жылжып келген соң
Өндіріс те өрлесін.
Тебіндей өскен төрт түлік
Туындай түлеп төлдесін.
Жаңа жылда мың бұрап,
Домбыраның пернесін,
Жамбыл да күндей жарқырап,
Жырым бір құлаш сермесін!
1939
ОРЫНДАЛҒАН АНТ ТУРАЛЫ ЖЫР
Ленинге ұлы нұрдайын
Жыр арнап оның дидарын
Тіл жеткенше сыйпаттап
Құяйын өлең балдайын,
Бірге туған Ленинмен,
Тұңғыйық теңіз түбінен
Сүзіп бір алған інжудей
Сөз асылын таңдайын,
Көсемім көркем келбетің
Арайлап атқан таңдайын.
Көзің шолпан жұлдыздай,
Жиһаннан биік маңдайың,
Жүрекке жылы, көзге ыстық
Туған алтын айдайын.
Көз алдымда тұлғаң тұр
Биік бір зеңгір таудайын.
Халықты нұрың қарық қып,
Қараңғыны жарық қып,
Жарқырап жанған шамдайын.
Сен туғанша әлемге
Күн туды ма көгінен?
Сен туғанша әлемге
Туды ма ай көк төрінен?
Сен туғанша әлемге
Гүл жарды ма жерінен?
Сен туғанша біздің ел
Арылды ма шерінен?
Сен туғанша кетті ме
Бұлт асқар тау белінен?
Асыл Ленин сондықтан
Сен нұрлысың күннен де,
Асыл Ленин сондықтан
Сен нұрлысың айдан да,
Тарихтың ұлы алыбы
Сен биіксін таудан да,
Халыққа қанат қаққызған,
Әлемге таң атқызған,
Сен жарықсың таңнан да,
Жалыннан күшті бір отсың,
Күннен де күшті қуатсың
Туған бір біздің жалғанда!
Мавзолейді мен көрдім,
Тоқсаннан асқан жасымда,
Құшақтап қана сүйгендей
Тұрдым біраз басыңда.
Езу тартып, көз жұмып,
Жатысыңа жан ұйып,
Балқытқандай келбетің
Таудың қара тасын да.
Нақ өзіндей пішінде,
Қырандайын күшінде,
Орындап берген ұлы антын
Кремльдің ішінде,
Сталин тұр қасында.
Партия атын жоғары
Таза қылып ұстағын,
Деп еді Ленин, ұлы антын
Орындады Сталин!
Көздің қарашығындай
Бірлікті құрыш ұстағын,
Деп еді Ленин, ұлы антын
Орындады Сталин!
Пролетар диктатурасын
Нығайтып таза ұстағын,
Деп еді Ленин, ұлы антын
Орындады Сталин!
Жұмысшы-Шаруа одағын
Нығайтып таза ұстағын.
БІЗДІҢ ДӘУІРДІҢ БАТЫРЛАРЫ
Абыройлы аймағым,
Ал тыңдаңыз кәнеки!
Сөйлейін деп келеді
Тіл менен жақ, көмекей,
Жамбыл — Жамбыл болғалы,
Жыр санаға толғалы,
Жамбыл — Жамбыл болғалы.
Ел көшіп талай қонғалы
Көрген талай батырды,
Батырлар тіккен шатырды,
Желекті найза қолға алып,
Сұр жебені жолға алып,
Жолбарыстай долданып,
Ағайын үшін арланып,
Шамырқанса шарт кеткен
Көргем талай батырды,
Жауға тиген шамданып,
Жамбыл — Жамбыл болғалы,
Жыр санаға толғалы
Есіткен талай батырды:
Ер Рүстем-Дастанды,
Сұраншы батыр, Өтеген,
Жауына оқтай төтеген,
Селебелі, сауытты
Кергем батыр Саурықты
Жау қамалын бітеген.
Шықса да олар майданға
Халыққа қоныс таба алмай,
Бостандық, бақыт ала алмай,
Еңреп елдің ұлдары,
Қу найзасын құшақтап,
Арманда өлген, арманда,
Неге десең ол кезде
Хан талауда, жалмауда,
Жамбылдың да сол кезде
Өткен бір жыры зарлауда.
Ол бір кезде халықта
Ұмтыларға шама жоқ,
Қарленсе де хан, патша,
Жайнаған қара халыққа
Заман ақыр болған жоқ,
Әуеден Иса түскен жоқ,
Жерде Мәди жүрген жоқ,
Қара халық алайда,
Сол бір сұмырай заманда
Бүйірі шығып көргем жоқ,
Ол кезде баста тізгін жоқ,
Аққу көлге жүзген жоқ,
Алайда халқым сол күнде-ақ,
Бақыттан күдер үзген жоқ.
Абыройлы аймағым,
Ал, тыңдаңыз кәнеки!
Сөйлейін деп келеді
Тіл менен жақ, көмекей.
Ұрыс шығар мияттан *9.
Сөз атасы құлақтан,
Су атасы бұлақтан,
Ер туады халықтан,
Hұp шығады жарықтан,
Сөз келеді икеммен,
Ақ болат шығар дүкеннен,
Тоқсаннан асқан жасымда
Жалынды қызыл ер көрдім,
Дұшпанға қылыш сілтеген
Қазіргі қызыл батырдың
Айбыны жауды қайырып,
Қара тасты айырып,
Кек берендей түтеген,
Ленин менен Сталин
Халық үшін туды да,
Халық үшін майданға
Белді берен буды да,
Қызыл әскер ерлерге
Беріп қызыл туды да,
Самғаған самын қырандай
Шақырып майданға ұрандай,
Жаңғыртты тау мен шынды да,
Сол кезде қызыл әскерлер —
Нар кескен болат семсерлер,
Нажағайдай жалтылдап,
Ауыздықпен алысқан
Арғымағы аңқылдап,
Қан майданға шабысты.
Сұр жыландай патшаны
Жеңіп жерге жанышты.
Ақ жағалы жендетті
Ант қылышқа шанышты.
Бай, бек, манап, сұлтанды
Қиратып, ерлер бұрқанды.
Біздің халық сол кезде
Көрді атқан нұр таңды,
Сонан бері құлпырды
Елдің дала, қырлары,
Ойды, қырды құлпыртқан
Атқан бір таңның нұрлары,
Қамалы құрыш қызыл ер
Еңіреп елдің ұлдары,
Таудан аққан бұлақтай,
Өшпей жанған шырақтай
Жарқырады сол үшін,
Жамбылдың да жырлары.
Күшін оның сұрасаң,
Аударғандай тауларды,
Оны жеңбейд еш кісі,
Оның танкі, пушкісі
Қан жалатып жеңеді
Ішкі, тысқы жауларды!
Қамал алғыш қайратты
Оның күшті салты бар.
Бақытына ұлы істің,
Жүзінен сүйіп қылыштың
Отанға берген анты бар.
Әскерлердің қорғайтын
Бақытты құрыш халқы бар,
Жалындатып жігерін
Жаудан аман өз елін
Сақтауға берген анты бар.
Шын Сталин көсемнен
Күн нұрын алған халқы бар,
Ворошилов, Буденный
Секілді батыр даңқы бар
Найзаларын саптаған,
Самолетін самғатып,
Дирижабль қаптаған,
Арғымақ атын баптаған,
Оттан да күшті жалынды,
Аттатпас ешбір жауыңды,
Дауылда қаққан дабылды
Ерлерімнің анты бар!
Абыройлы аймағым,
Ал тыңдаңыз, кәнекей!
Жырдан жентті жегізсін
Тіл менен жақ, көмекей!
Жырды қалай төкпейін
Менде Сталин нұры бар,
Өшпес жарық нұрланған
Отанның ойы, қыры бар.
Күміске толған шалқары,
Егінге толған алқабы,
Жерімнің жаннат гүлі бар.
Алтайдың айдын алыбы,
Эмбінің аққан мұнайы,
Өндірістің шыңы бар,
Әскердің берген антындай
Найзағайдай жарқылдай,
Жауға қарсы тартынбай
Отан үшін құйылған
Жамбылдың да жыры бар.
1939
ТАРАС
Украин елінің,
Украин ұлының
Мен есіттім жырлаған
Тарастайын бұлбұлын.
Днепрдің суындай,
Айдын көлдің қуындай
Жеткен менің жеріме,
Естіледі еліме
Тарас салған бұлбұл үн;
Байқап бір тұрсаң жырына:
Үнінен оның зар шыққан,
Жас орнына көзінен
Жас аралас қан шыққан.
Ойға бір шомып ойласам,
Зарлатқан оны зар заман,
Тұсауын алып халықтың
Билеген патша зар заман.
Қол, аяғын кісендеп,
Байлатқан оны зар заман.
Өз елінен айрылып,
Қазақтың алыс қырына,
Маңғыстаудың бойына,
Айдатқан оны зар заман..
Сол бір зарлы заманда
Қу домбыра қолға алып,
Қу тілді безел толғанып,
Құлазыған далада
Тарастай мен де зарлағам,
Даусым оның даусымен
Қосылып сонда сарнаған,
Қағынан безген құландай,
Тауынан безген бұландай,
Сол бір қытымыр заманда
Жүректе сүлде қалмаған.
О бір кезде, ақыным,
Сен де іздедің бостандық,
Мен де іздедім бостандық,
Халықта да, сенде де,
Халықпен бірге менде де
Еркіндіктің таңына
Күшті еді бізде құштарлық.
Князь, жендет патшаға
Тіліңді мірдей қададың,
Ханға, биге, манапқа,
Патшаға, байға, санатқа
Сегіз қырлы жебедей
Мен де тілді қададым.
Қытымыр күнде тіресіп,
Біз де қарап жатпадық,
Хан, патшадан, князьдан,
Қорықпай, бұқпай, қарысып,
Біз де тілді тартпадық,
Бақыт үшін толғаған,
Жүрекке жырды сақтадық,
Сол көксеген бақытты
Көре алмай кеттің көзіңмен,
Дүниеден сен кетіп
Қалсаң да, таңға мен жетіп,
Халықпен күткен бақытты
Көрдім мен міне көзіммен,
Бұл бақытты көзіммен
Көрдім сенің еліңде,
Мен де көрдім сен болып,
Көрді менің елім де
Нұрлы күннің сәулесін,
Бақытты бүкіл ел көрді,
Гүлге оранған қамқадай,
Шалқар көлді жер көрді.
Ленин менен Сталин
Нұрлы таң үшін алысқан.
Халыққа бақ қонғызған,
Алыбым екі данышпан.
Елді бастап екеуі
Бай мен патша жендетті
Қара тастай жанышқан.
Күннің бөлеп нұрына,
Ақындардың жырына
Алтын арна жол ашқан.
Сенің де жырың шырқалды
Өлсең дағы алыстан.
Менің де жырым шырқалды
Тоғысып елмен табысқан.
Жырың тарап ақылды
Барлық халық тілінде,
Жырың сенің жырланды
Украина жерінде,
Өлеңің өшпес жатталды
Қазақтың да елінде,
Тоқсаннан асқан жасымда:
Жасарып қайта жыр салып,
Домбыраны қолға алып,
Орын алды халықтан
Орденді жырым менің де.
1939
ЖЕҢІМПАЗДАР СЪЕЗІНЕ
Желпи соққан желдеймін,
Жол бермейтін белдеймін,
Жамбылды кәне тыңдаңдар.
Жатқан байтақ жеріме,
Жасанған жаздай еліме,
Жеңімпаз кілең еріме,
Жастай жайнай сөйлеймін.
Жеңімпаздар съезін
Жалындаған жырыммен
Жер бетіне естірте,
Жаудың жанын шошынта,
Достарымды қуанта
Жүрегіммен тербеймін.
Қуанбасын дос неге,
Шошымасын жау неге!
Сөйлегенде Сталин,
Қыран құстай саңқылдап,
Он жетінші съезде,
Жаттағалы әр сөзін,
Домбырамен — мен үйде
Бес жыл өтті бес жүздей,
Атағы шыққан әлемге
Отаным түлеп түлектей
Көз жарыды көрмеге.
Сталиндік алтын заң,
Жарығын септі дүниеге.
Сол жарықтың нұрымен,
Сталиндік туымен,
Халқым шықты төбеге,
Сол жарықтың нұрымен.
Жауды тауып лақтырдық,
Жабысқан біздің кемеге, —
Осыған дұшпан күйінді!
Осыған достар сүйінді!
Сол жарықтың нұрымен,
Сталиндік туымен
Өріске қаптап мал толды,
Табаққа жая, жал толды.
Теңіздей егін шалқыды,
Теңізде жүзген кемедей
Комбайндар аңқыды.
Көмірім таудай үйілді,
Темірім судай құйылды,
Мұнайым ақты бұлақтай,
Жайнады көзім шырақтай,
Даламды басты темір жол,
Тұлпарға мінді қалың ел —
Осыған дұшпан күйінді!
Осыған достар сүйінді!
Сол жарықтық нұрымен,
Сталиннің туымен,
Отаным болат жамылды,
Алмас семсер тағынды.
Аэроплан аспанда,
Қанатқа қанат қосқанда
Жүрегі жаудың жарылды.
Таудай болат танкілер
Ұлдарыма бағынды,
Қыздарыма бағынды,
Тау бұзатын зеңбірек
Отанымның шетінде,
Жаудың келер бетінде,
Күзетіп тұр бағымды —
Осыған дұшпан күйінді!
Осыған достар сүйінді!
Сол жарықтың нұрымен,
Сталиннің туымен,
Жаңаланды барлық жан,
Кремльге сүйінді,
Кремльді шын сүйді —
Он бір — отау — Ұлы Отан.
Өлең тақты орденді
Қайтқан жеңіп ерлердей,
Сонау көлден Хасанның,
Орден такты инженер,
Білімділер оқыған,
Колхозшыдай, шахтердай.
Алды орден мен орынды
Ең қымбатты қатардан —
Осыған дұшпан күйінді!
Осыған достар сүйінді!
Ұлы Сталин тұр бастап,
Ленин туы қолында.
Топты жарған жеңімпаз
Кілең ерлер соңында
Әне көсем сөйлейді,
Тыңда, Донбасс, Кузбасым,
Тыңда, Алтай, Оралым,
Қарағанды, Балхашым.
Колхозшылар, ал тыңда!
Командирлер кел тыңда!
Комбайыншы сен тыңда!
Бахыты үшін Отанның,
Темір мен мыс қорғасын,
Тасқындай түс, тасқында!
Өс төрт түлік, мың-мыңда!
Жеті миллиард пұт алтын дән
Өссін жазда жайқалып,
Қарқынды қос, қарқынға!
Айналадан көз тіккен ,
Жау қарайды телмірген,
Қол сұқпақшы алтынға.
Отанымда өндірген;
Созған қолын қырқуға,
Қалдықтарын құртуға,
Етуге жексен жерменен
Қарулан, халқым, қарулан!
Жалын төсе, оқ төсе
Жау алдынан көлденең!
Қарулан, ақын, қарулан,
Ең қайратты өлеңмен!
Жеңімпаздар съезін
Қосайық әнге күйменен
Сталин туы астында,
Асуға тағы белдерден,
Берейік серт съезге,
Берейік серт көсемге,
Серттің бірі осы өлең!
1939
МҰҒАЛІМДЕРГЕ СӘЛЕМ
Кәрі, жасын елімнің,
Тұнығына білімнің
Жүздірген тау бұлақтай,
Таңдауындай тарихтың,
Көзін ашып халықтың
Түнде жанған шырақтай, —
Оқытушы мұғалім
Білімі елге мағұлым,
Оқытып ел баласын.
Ашып көңіл санасын,
Оқымысты жастарды
Өсірді сүйрік құрақтай.
Гүлім бар ма ед жерімде,
Білім бар ма ед жерімде,
Октябрьден жарқырап
Туғаныңша таң атпай.
Октябрь күні туғалы,
Болатпен белді буғалы —
Сталиннің нұрымен
Халқым бақыт құшақтап
Жерім болды жанаттай.
Оқытушы мұғалім,
Сендерді өмір нұрлады,
Сені алтын таң аялап,
Еңбегіңді бағалап,
Үкімет — ұлы штабың,
Қадірлеп ұлы Сталин
Орден тағып сыйлады.
Біздің елдей ел бар ма,
Мұғалімді сыйлаған,
Жан бар ма, сірә, басқа елде
Еңбегі біздей сыйланған.
Ғасырлардың ардақты
Ғасыры бізде жүлде алған.
Басқарушы большевик
Партиясы нұр жанған,
Тоқсаннан асқан жасымда
Сталиннен нұр алған,
Отан үшін сондықтан
Жамбылдың жыры жырланған.
1939
ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ
Елім менің жерге бай,
Айдынды шалқар көлге бай,
Төрт түлігі мыңғырған,
Егісі көз тұндырған,
Тауы тола кенге бай,
Москвадан барып ашылған,
Көрікті біздің көрме бай,
Ел байлығы тұтасқан
Жерді қаптай, ерді орай.
Жамбыл қалай шыдасын
Оны жыр ғып толғамай!
От оттаған жерімнен
Құлжадайын семірген
Қошқар менен қой да бар,
Тау текедей мүйізді,
Сүті шәрбәт уызды
Ақ бөкендей ешкісі,
Көрдің бе бізден басқа елде
Мұндай байлық қайда бар?
Көп малдың бір көрігі,
Жерді сызған желіні
Бұзауқанның анасы
Сиыр деген бізде бар,
Мүйізі көкті тіреген.
Сандай санды жылқы бар
Сауырынан түлеген.
Мыңғырған менің елімде,
Дегерез деген жерімде
Мың сан құлын енесі
Мама болған биесі,
Текежаумыт айғырдың
Арғымақ туған баласы;
Колхозды елдің қымызға
Иіндей толған сабасы.
Алматыдан андыздай
Үлкендігі қарбыздай
Бақшада өскен алмасы;
Туысқан елде тоғысқан
Шын еңбектің қызығы
Көрмеде тұр Мәскеуде
Грузиннің алмұрты,
Мейізі мен жүзімі,
Оған жалғас жайнаған
Өзбекстан өрігі;
Ұлпалы ақ мақтасы, —
Көрменің бір көрігі,
Түркменстан жерінің
Текежаумыт ат деген
Құлағымен ойнаған
Бейне таудың елігі;
Үйір-үйір жылқыдан
Жүгенін үзе жұлқынған
Арғымақты таңдап ел
Әскерге асыл ат берген,
Сталиннің саясы,
Сталиннің аясы
Бізге осындай бақ берген.
Маңғазды, маң-маң, маң
басқан,
Табанын шірей дәл басқан.
Түйе деген бізде бар;
Өркештері жар тастай,
Күн шалмаған маңдайын,
Дулығасы таудайын
Қызыл бұйра нарлар бар.
Ару ана жүр ойқастай,
Біздің халық еңбегі
Көк темірді жібіткен,
Біздің Отан өнері
Машинаны жүгірткен;
Он бір Одақ елімнің
Халқы бірге туысқан,
Он бір Одақ елімнің
Еңбегі, көркі тоғысқан.
Он бір Одақ өрге өрлеп,
Қызыл туы желпілдеп,
Тұғырға қонған қырандай
Отанға еркін қонысқан.
Елде де, еркін жерде де,
Мәскеудегі көрмеде
Жер жүзінен мойны ұзақ
Туы астында табысқан.
Құлашты алға сермейміз,
Күннен күнге ерлейміз,
Бұл байлықтың жалғыз да
Түйірін жауға бермейміз,
Жау тиіссе бір шеттен
Тас-талқан ғып түйрейміз!
1939
ЖЕҢІС ЖЫРЫ
Қиыр шығыстағы Қызылтулы майданның айбынды жауынгерлері мен командирлеріне арналған
І
Бұл күнге Жамбыл жеткенше,
Өлеңнен көсер төккенше
Сөз бұлағын толғаған.
Сұр жебесін қолға алған,
Көрген талай батырды;
Айсыз аспан астында,
Таулы зеңгір асқарда
Әрге жортып — өктеген,
Жау бүйрек қып ет жеген,
Тігіп тулы шатырды,
Өсіп-өнген әріден,
Сол батырдың бәрінен
Айбатты, ақыл айлалы,
Өткірірек найзалы;
Жұлдызы жанған маңдайда,
Артық туған майданда
Жағасы қызыл ер көрдім.
Болатпен белі қыналған,
Қолына қызыл ту алған,
Жауды шолып, жан-жаққа
Қырандайын қаранған,
Алуан қызыл батырды
Сталиндік заманда
Әлпештеген ел көрдім.
Қой үстінде бозторғай
Жұмыртқалап, ұялай,
Байлығы шалқып елімнің,
Балығы тулап көлімнің,
Қартайған осы жасымда
Жоны пүліс, кен күміс,
Құшағына толып ырыс
Тұрған шалқып жер көрдім.
Сол шалқыған жерімде
Мен де елеңді меңгердім.
Жадырай өскен халқыма
Жырыммен жент-жем бердім.
Күн астында күй төгіп,
Ай астында жыр төгіп,
Алтын шанақ, күміс ішек
Домбыраны өңгердім;
Шекарада жерімнің,
Астында алтын туының
Шыңында зеңгір тауының
Желігін басқан жауының,
Күзеттегі ұлдардың,
Жағасы қызыл ерлердің
Жорығын жырлап беруді
Жүрегім сүйіп жөн көрдім.
ІІ
Қанды ауызды қасқырдай
Қаны тасып асқындай
Қисық тісті, қысық көз
Сұмырай жапон болып кез,
Өткен жылы құтырып
Шапқан Хасан көліне;
Шекараға оқ атқан,
Көлді оқпен оятқан, —
От шашып қызыл еріме,
Алдырмай көп мазасын,
Берген жаудың жазасын,
Күзетші ерлер елімде,
Шықты біздің танкілер
Жапыра майдан төріне,
Шықты қызыл атты әскер
Тұлпарларын тебіне;
Шықты самғап сұңқардай
Бомбовоздар көгіне,
Қабандары жапонның
Қаһарлы ерден қан жалап,
Жапырылды жеңіле.
Сталиннің ұрпағы,
Ұлы Отанның сұңқары
Жауды жеңіп жапыра,
Қызыл туды құлпыртып,
Тікті апарып ерлерім
Заозерный беліне.
Жеңбей қоймас біздің ер
Тиіскен жауды еліре,
Болсадағы жау — дажал
Халық күші — жауға ажал!
Біздің ер жеңбей қоймайды,
Жауға оқтай ойнайды,
Кегі болса кегінде,
Жері болса жерінде;
Ерлік үшін ант берген
Сталиндік еліне.
ІІІ
Тұнық, мөлдір көліміз,
Тыныштық, бақыт еліміз,
Тыныштықты сүйеміз,
Тыныштықты бұзып жау тисе,
Жауға біз де тиеміз.
Тиіп қана қоймаймыз,
Сазайын оның береміз,
Сазайын беріп қоймаймыз,
Талқан қылып жеңеміз.
Жендеттері жапонның
Іші оттай жанған соң,
Өз күшінен түңіліп,
Қан майданда жеңіліп,
Сұңқарынан советтің,
Хасан көлдің маңында
Сыбағасын алғасын,
Қайратына халқымның
Майырылып жатты жау,
Бір жыл бұғып дем алып
Және қайта қозғалып,
Тыныш жатқан Монғолдың
Халқына қаба тіс салып;
Монғолға келіп моладан
Сүйегін ұрлап Шыңғыстың,
Құрап қалған сүйекпен
Жүзін жанып қылыштың,
Өтірік аруақ көрқап боп
Керді қазған зымыстан —
Оқ жаудырып, от шашып,
Танкісі отқа тұтасып,
Құтырып шапты тұс-тұстан:
Бәле іздеген бәлеқор,
Қарғылы сұм төбеттер
Жапоннан шығып Монғолға
Көшті бейне ұшпа бұлт!
Ұшпа бұлтқа Монғолдан
Жаңбырдайын ол жауса,
Монғол халқы ашумен
Зеңбіректей толғанса,
Халықтың ері қарленіп,
Қырандайын қомданса,
Күшті монғол елінен
Оқ жаңбырдың желімен
Ұшпа бұлт қашар қысталып!'
Айтқан сөзді құрыштай
Ұстауды біз білеміз!
Достарға көмек береміз;
Қадірлейміз монғолды,
Біздің қызыл сұңқарлар
Жапырып жатыр жауларды.
Монғол жақ шекараға
Аттатпаймыз аңдарды;
Былтыр Хасан көлінде
Ажал болып тиіп ед
Жауларға біздің қызыл ер,
Ажал түртіп келді жау
Шегіне биыл—Халқын-Гол.
Сұмырай шошқа немені
Монғол халқы жеңеді.
Жеңетін бір тірегі;
Жеңе тұғын үлгіні
Бізден көріп біледі;
Өйткені — біздей— Монғолдың
Тыныш тұру тілегі.
Өйткені Совет Отаны —
Тыныштық, бақыт жүрегі.
Сол жүректен дем алып,
Монғол халқы майданда
Тыныштық бұзған жаулардың
Сыбағасын береді;
Соғысқа қарсы соғысып,
Жауларды қанға тоғытып,
Армиясы Советтің
Жазасын беред жендеттің,
Жапоннан шыққан жалаңдап
Қазады көрін төбеттің!
Тыныштық сүйген халық үшін,
Еркіндік, бақыт даңқы үшін,
Жапырып жауды — ер беретін
Жеңімпаз ерлік салт үшін.
Жау тисе егер көгінен,
Яки судан, жерінен
Талқандап жауды жеңеді ер
Отанға берген анты үшін.
1939
ҚАНЫ БІР БАУЫРЛАРЫМЫЗҒА
Қайнап бұлақ шықпаса,
Таудың тасы құлай ма;
Батыр батыр болмаса,
Болатпен белін қынай ма;
Ұл батыр боп тумаса,
Атқан оғы борай ма;
Ақылды боп туған ер
Өзгеден ақыл сұрай ма;
Көлден қулан су ішсе,
Көлдің міні құрай ма;
Сенген кезде астана,
Білмесе елді басқара,
Халқына ұл ұнай ма?
Жолын ақыл билейді
Жорыққа шыққан жолшының,
Ойын ақыл билейді
Өрен жүйрік ойшының,
Қыздырмаса думанды,
Несі тойшы тойшының;
Қасқыр жесе қойларын
Несі қойшы қойшының?
Дұрысты дұрыс демес пе,
Тап осындай емес пе,
Халықты тастап қанды оққа.
Қашқаннан соң жан-жаққа
Үкіметі Польшаның!
Күнбатыс жақ крайда
Украина, Белорус
Қаны қандас, ел ед дос;
Озбырлыққа шыдамай,
Іштері оттай жаныпты;
Жәрдем берер жан болмай,
Торға түскен торғайдай,
Оқ астында қалыпты;
Ер бастаған ел ед деп,
Аударып бізге назарын,
Құтқар деп қолқа салыпты.
Әрине, біз халық үшін,
Халықты сүйгіш салт үшін,
Майданда өсіп өрлеген,
Сталиннен үйренген;
Украина, Белорус
Қаны қандас ел ед дос,
Оны оқтан қорғауға
Аяймыз ба көмекті;
Біздің халық салтымен,
Отанға берген антымен,
Тұлпар мініп, ту алып,
Танкісі тауда шұбалып,
Польшаға аңдай аттанды
Найзасын ұстай желекті,
Украина, Белорус,
Тыныштатты даласын.
Алдына алып сүйді әне,
Туысқан елдің баласын,
Амандасты қол беріп,
Көріп кәрі анасын!
Қызыл ерді ел аңсаулы,
Құшақ жайып қарсы алды.
Қызыл тудың құлпырған
Көргеннен-ақ қарасын.
Қарсы алмай енді не қылсын,
Кезінде көмекке үлгірген,
Жәрдемге әскер жіберген,
Біздің елдің біледі
Сталин атты данасын!
Қызыл ердің жолында
Жау қамалы тапталған,
Жауынгер ердің бұрын да
Анты талай ақталған!
Украина, Белорус
Қаны қандас ел ед дос.
Сол елді оқтан сақтауға
Біздің ерлер аттанған.
Майданға түссе алқалы,
Кім ат басын тартады,
Халыққа берген антын ер
Тағы да ақтап қайтады
Жүрегінде сақталған!
Мақталар бұл жорықта
Ерлер ғой талай мақталған,
Даңқ десе даңқы зор,
Халық десе халқы зор,
Тобын бұзбай сапталған,
Сталин үшін, халық үшін,
Жеңімпаздық салт үшін,
Тыныштық сүйген ел үшін,
Украина, Белорус
Жайнаған гүлді жер үшін,
Айта берсем жерім көп!
Көңілім шалқып өскенмен
Жасарып қызыл әскермен,
Аузымда жыр, қолымда оқ,
Жырым — досқа; жауға — оқ!
1939
КӘРІЛІК
Көкірегің күрілдеп,
Көздің алды іріңдеп,
Қаз-қаз басқан баладай,
Буындарың дірілдеп;
Қартайған соң, немене,
Хауіп ойлайтын күнің көп.
Айлашы екен кәрілік,
Бірге түнеп, бір жүріп,
Сыр білдірмей, сұрамай,
Не көрсетіп тонамай,
Мүшеңді алған біріндеп...
1939
ОКТЯБРЬ ТОЛҒАУЫ
Добырамды қолға алсам,
Айналама көз салсам,
Ағыл-тегіл жыр келер,
Қартайған бұл шағымда
Қанат бітіп Жамбылға,
Халайықтың алдында,
Қасқа шекті, жыр етіп
Жыйырма екі жылды егер;
Ұлы — тойым — Октябрь
Көңіліме сап дүбір,
Жүрегімді жыр бөлер,
Ұлы Октябрь — жыр басы,
Ақындықтың арнасы:
Октябрьді айтсам-ақ,
Тас бұлақтай сарқырап,
Көңілімнен жыр өрер.
Октябрьден бұрын мен
Кеуіп қалған арна едім;
Түк қалмаған түрінен
Қаусаған бір шал едім.
Домбыра күйін хан бұзыл,
Хандық құрған заң бұзып,
Тұрған шақта шаршаған
Шөліркеген жан едім.
Жаңбыр суын көрмеген,
Ұзақ жаздай шөлдеген,
Елегізген еліктей,
Жортқан жолсыз көлденең,
Қақсып, кеуіп қап едім.
Құраған қырда сүйектей
Зарланған зар жақ едім.
Шашыма ақ кіргенде,
Бақыт көрдім көрмеген.
Бастауымен Лениннің,
Көшті ілгері керуен,
Сталин бастап халықты,
Күннен күнге өрлеген.
Орыс, қазақ, қырғыз да,
Қанатын көкке сермеген.
Жамбыл бүгін толғаса,
Түйдек-түйдек сөз келер,
Қайнар көзі болмаса,
Қайдан ағып су өнер?
Құяр арна болмаса,
Құралар ма айдын көл?
Кенезесі *10 тоймаса,
Құлпыра ма онда жер?
Біреу тоған қазбаса,
Гүлденер ме онда шөл?
Қуаңымды көгерткен,
Өлеңімді үдеткен —
Менің арнам — Октябрь,
Кәрі бойға әл берген,
Өлеңіме нәр берген,
Ленин менен Сталин —
Көсемім ұлы кемеңгер,
Өсіпті, көрем, ұрпағым,
Екпіндеген еңбегі:
Салған ұзын темір жол,
Қазған жаңа өзендер,
Елімде завод, машина,
Жерімді күш кернеді.
Қызыләскер — сұңқарым
Жауларға ырық бермеді?
Жағаласқан дұшпанның
Талайларын жерледі
Батыстағы бір туыс,
Украина, Белорус,
Пан *11 қолында шерлі еді.
Бұрын, қазақ халқы да,
Хан қолында шерлі еді.
Отанымның ұлдары,
Октябрьдің ұрпағы,
Езілген халық қаумына,
Беріп туды қолына,
Батыстағы бауырына
Бостандық ап бергені.
Жырыма арқау болғандай,
Тере берсем термені.
Осы күнде көңіл хош,
Қаны қандас елім дос,
Украина, Белорус
Менің ұлым сенікі,
Сенің ұлың менікі,
Ер туған ұл елдікі,
Бақытты біздің жердікі.
Ел өмірі күнде той,
Ойқой қызық заман ғой,
Сергіткен қарт кеудені!
Октябрьдің тойында
Жамбыл қарттың ойына
Тусті осындай көргені.
Уа, құрметті Ұлы күн!
Жарық берген танымсың
Қартайғанда сен үшін,
Күй мен жырым ағылсын.
Көз жұмғанша жырлаймын
Ел-жұртымның бағы үшін.
Бақытты айтсам бабым кеп,
Күй жосылып, сөз үдеп,
Түзеледі шабысым.
Ұраным боп Сталин,
Қуатым боп ұрпағым,
Жарқын шығар дауысым,
Мен жырлаудан талмаймын,
Барған сайын самғаймын,
Октябрьдің таңы үшін,
Ортасынан ауылдың,
Тауларынан Жамбылдың
Шырқаған бұл кезімде,
Жер әлемнің. жүзіне
Жетіп жатсын дабысым.
1939
ИІСТІ МАЙҒА
Иісің жақсы нәрсесің жас адамға,
Жараспайсың тоқсанды жасағанға.
Жас күнімде жанымнан шықпайтындар...
Бәрі де ұқсап кетті ғой қашағанға.
Жабағыны жапсырып иегіме
Жүргеніме, өзім де күлемін де.
Короліндей картаның қаужиыппын,
Қанша жылу болғанмен жүрегімде.
YHДЕУ
Елдің ақын ұлдары,
Егей өңкей тілмәрі,
Ел-елден кеп қостың бас;
Ертіс, Жайық Іле, Сыр,
Ұшан-теңіз сулары
Каспий, Арал, көл Балқаш,
Сабасындай өлеңнің,
Арнасындай өзеннің
Өрен жүйрік кәрі, жас,
Топтарыңа келгенде
Айтатұғын сендерге
Арнаулы бір жырым бар,
Үлкен, кішің құлақ ас!
Адамзаттағы ардақты ұл —
Туғанына алпыс жыл
Толғанында, толғантып,
Жамбыл қартты қозғалтып,
Домбырасын міне, бұл
Колға қалай алдырмас!
Сталин боп ұраным,
Шарықтаса қиялым,
Қанатымды талдырмас!
Қара тасты жібіткен,
Суық мұзды еріткен,
Баққа туған күн кесем,
Соған жырды төкпесем
Мейірімді қандырмас!
Қажыған көп шабыста,
Қарлыққан қарт дауысқа
Сұнқылдатып үн берген
Ақындарды сайратып,
Шежіре жақ тіл берген,
Данышпаным Сталин
Жасағанда алпыс жас,
Қалай қиял шалқымас!
Қалай сүйек балқымас!
Қозғар түгел осы жыр
Алпыс екі жүйені.
Қарт жүрекке құйып нұр,
Кәрі денем иеді.
Сталиннің тойына
Жырдан шашу шашам деп,
Шаттық толқып ойыма,
Төбем көкке тиеді,
Бір соққандай менімен
Елдің ұлы жүрегі.
Қуанышқа бөленіп
Жиі соғып күледі;
Соны сезген кәрі жан
Күш өргізіп тамырдан
Тағы қуат үдеді.
Кәне, Жамбыл, қозғасын,
Кәне даусың самғасын!
Ақтарылсын асыл сөз,
Айтылмай жыр қалмасын
Ақындықты сынар кез!
Уа, Нұрпейіс, қайдасың?
Уа, Орынбай, шырқа сен!
Қалқа, Нартай, Нұрлыбек
Жырларыңды нөсерлет,
Ақтарыңдар арнасын!
Шежіре шешен ақындар!
Дауысыма дауыс қосыңдар!
Тау жаңғыртып жер жарсын,
Сөздің шырын қаймағы
Інжу жырлар қайдағы
Сталинге арналсын!
1939
БІЗДІҢ КИРОВ
Қырым, оның бейнесін
Жырла, сұлу санадан,
Күрес пенен жеңістің,
Тұлғасы еді ол жемістің,
Оны халық ұмытар ма!
Сұрашы өскен даладан,
Тіл қатты, әне, кең дала:
Оны — адамның гүлі деп,
Ерді ұмытпай айтты ел:
Батыр Киров тірі деп?
Сұңқары еді дауылдың
Қанатын күш кернеген,
Қарлы Кавказ тауы да,
Еділ—Жайық маңы да
Ұмытқан жоқ оны; жауына
Қылышын өткір сермеген,
Қап тауынан ол атса,
Жайықта жауға жеткізіп,
Жайықта тұрып оқ атса,
Құрылықтағы дұшпанның
Өңменінен өткізіп,
Жауға ырық бермеген,
Лениннен алған күшімен,
Сталиндік ісімен,
Большевиктік қайратпен,
Қаһарлы күшті айбатпен
Жауын жеңіп жерлеген,
Қайралған оның шындығы
Майрылып тіпті көрмеген
Оның жылы мінезі
Жалынды адам жүрегін
Жырдай сұлу тербеген.
Оның сөзі мұхиттың
Толқынындай өрлеген;
Ол — биік тау басына
Жаққан оттай сөнбеген.
Оның шырын сөзінен
Күй шыққандай болушы ед
Он екі қабат пернеден.
Оған арнап сондықтан
Жыр төгемін тоғытып,
Түйдек-түйдек термеден.
Киініп сұр шинелін
Келіп керді ол көзімен
Қазақстан даласын,
Аспанменен таласқан
Алатаудың аясын;
Алтын атқан Алтайдың
Көрді көркем саласын,
Риддер менен Балқаштың
Кен кернеген арнасын.
Жылы жүзбен сөйлесті
Көріп іні, ағасын,
Заманынан хандықтың
Құтылған және құлдықтың,
Қауымын көріп, халықтың
Шарықтатты санасын.
Ертісте тұрып ойлады ол,
Жарқын жүзбен сөйледі ол,
Алтын Қазақстанның
Өзінін туған ұлындай
Көрген құшып анасын.
Ырысты көріп шаттанды
Толтырған көз шарасын;
Маңдайынан сипады
Бақытты елдің баласын;
Құттықтады халқымның
Сталиндік саясын,
Мекен еткен ерім ед.
Ұлы Ленин қаласын,
Ондағы ұлы майданда
Дұшпанын жеңіп ойрандап,
Сөккен жаудың жағасын.
Қанды қол жау қапыста
Ер Кировқа оқ атты,
Қайран құрыш сұңқарды
Оққа ұшырып құлатты...
Ол өлген жоқ, шынында,
Өлер ме оққа большевик,
Денесі құрыш қуатты
Ұлы Сталин қыранның
Кремльден сұңқары
Алуан-алуан алып боп
Қағып ұшты қанатты!
Дұшпаннан алып кегіңді,
Басқарып тұрған еліңді
Қыран ағаң Сталин
Жапырып жауды қиратты
Сталиннің ұрпағы
Жаудың шебін қырады,
Ісін халқым ұнатты,
Біздің қызыләскердің
Сұңқарлары қияқты,
Тұлпарлары тұяқты!
Құрыштайын шыңдалған
Сталиннің ұрпағы,
Қарап көзің жетпейді
Күміс қанат сұңқары,
Тізгінін сүзе шапқандай
Тау тарпиды тұлпары,
Біздің ерлер жетілген,
Болаттайын беркінгең
Елімнің осы іңкәрі!
Сталин көсем тұрғанда
Ел белі қайтып бүгілмек,
Осы күшті көргенде,
Делебем қозып менің де,
Жырға басам күлімдеп!
1939
Кекілік ұшып дүр етті,139
Ғали шошып дір етті.
Атқаны бір сауысқан,
Оқтың бәрін тауысқан...
Ұялғанын байқаймын
Бәсең шыққан дауыстан.
1939
СТАЛИН
Жер байлығы болмаса,
Жерден алтын шығар ма?
Ел қамын ойлар болмаса,
Ерден ақыл шығар ма?
Теңіз терең болмаса,
Түбінен інжу терер ме?
Көгінен күн тумаса,
Жарықты жұрт көрер ме?
Туып, өну болмаса,
Адам өрбіп өрер ме?
Күн сипатты ұл тумаса,
Күнге адамды теңер ме?
Күн келбетті дана адам
Күн сөнгенде сөнер ме?
Нұрдай адам болмаса,
Жарқыратып әлемге
Таң шапағын төгер ме?
Нұр сипатты дана ұлдың,
Күн сипатты адамның
Туғанын жұрт біледі,
Сондай ердің тууын,
Болатпен бел бууын,
Күткен едің жұртымның.
Ғасыр бойы тілегі.
Сол ұлы адам туғанда,
Қанат қағып шыңнан да,
Ұшты таудың түлегі;
Көтерілді күлімдеп,
Аспанның көк жиегі;
Күмістеніп көрінді
Атар таңның иегі.
Бесігі тау, анасы ел,
Жазғы самал тербеп жел,
Өсірді оны аймағым
Етуге өмір тірегі.
Ол ержетіп өскенде,
Ел тағдырын шешкенде,
Қара бұлттай серпілді
Заманның басқан түнегі.
Оның биік тұлғасы
Жеткізбейді тауыңа,
Оның терең ақылы
Түпсіз мұхит дария,
Оның сөзі жалынды
Толқындай ұрған жарына;
Жазық маңдай, жарқын жүз,
Туды ол адам бағына.
Қыран кеуде, кең топшы
Айбыны күшті жауына;
Оның аты Сталин
Тұлға болған таңыма.
Соның күшті нұрымен,
Жылу кірді жаныма,
Қызу кірді қаныма.
Мұнан алпыс жыл бұрын
Мен отыздан асқан ем.
Жел аударған қаңбақтай
Өмірдің ызғар желінен
Даладан безіп қашқан ем.
Бірде мініп есекке
Бірде жаяу, есепке
Алынбай, әбден сасқан ем;
Соғылған ем тарығып,
Маңдайымнан тасқа мен.
Мұнан алпыс жыл бұрын
Туған екен Сталин.
Зарлаған ел бағына,
Арналып атар таңына,
Белін қынай болатпен
Буған екен Сталин.
Ленинмен қол алысып,
Жауға қарсы шабысып,
Жауды жерге жанышып,
Жеңген Ленин—Сталин!
Сталиндік заманда
Жазылды бүкіш беліміз,
Ұлы дәуір жазында,
Нұрланды бүкіл еліміз,
Ол өрені өреннің,
Жан серігі Лениннің,
Ленин менен Сталин,
Көрсетіп өмір ұшпағын.
Тарқады біздің шеріміз,
Ленин туы астында,
Ұлы Сталин еріміз,
Бастауымен бақ қонып,
Інжу шашып көліміз,
Алтын атты жеріміз.
Шалғынданып көгіміз, —
Шалқар, ұлы елменен,
Сөйлескендей желменен,
Шүйгін болды шөбіміз.
Туындай есіп төліміз,
Жер кернеді кеніміз;
Хан менен би, патшадан,
Ежелгі жау дұшпаннан,
Алынды таптық кегіміз!
Көсегеміз көгеріп,
Жібіді кепкен көніміз; -
Салынды еркін әніміз,
Алынды еркін дәміміз!
Алатаудың бауырында
Қаламыз толы құл болған.
Верный атты қалада,
Құлазыған далада,
Құлдық пен зарлы мұң болған.
Қалада патша жендеті,
Құлдыққа қожа — міндеті,
Көшеде жалғыз жарық жоқ,
Қараңғы керек түн болған.
Мешіт, шіркеу, абақты, —
Аранын ашқан ін болған.
Алыс тұрып қаладан,
Есекке мініп даладан,
Оқта-текте қалаға,
Келетін күйсіз күн болған.
Кез келгенге бас иіп,
Бүгежектеп асыға,
Бас изесем сақалым,
Тиіп ердің қасына,
Ай, антұрған, жендеттер,
Деп ішімнен қиналғам.
Алатау қазір түрленіп,
Алатау қазір гүлденіп,
Алматы менің астанам
Күндей жайнап нұрланған.
Алатаудың алқабы
Дала еді бұрын шөлдеген!
Атан тайып, нар шөгіп,
Болдырып бура зар шегіп,
Жәндік бар ма ед өлмеген?!
Сол жер қазір жайнады,
Сол жер қазір арналы,
Орал—Көшім каналы
Өзен болды ерлеген!
Қанаттанған халық үшін,
Бақыттанған жалпы үшін,
Қыран құстай қомданған,
Күні-түні ойланған,
Кім екен? — деп сұрадым,
Жүрегімнен жайнаған.
Сәуле беріп жарықтан,
Ұлдарға хат танытқан,
Құлшындырып қойшының,
Кісенін шешіп ағытқан,
Батырағын даланың,
Білімді ғып оқытқан,
Профессор, ұшқышты
Батыр ғып батыл ең күшті,
Білімге құстай тоғытқан,
Мұғалім, ақын, докторын,
Советтің ұлы отты ұлын,
Әкесіндей ардақтап,
Бес жылдық ұлы планда
Еңбегімен алға аттап, •
Халқыменен бірге аттап,
Таңның нұрын төкті кім?
Ленинге берген ұлы антын,
Орындап оның шын шартын,
Ұшан қиыр теңіздей
Еліне еңбек етті кім?
Ұрпаққа алтын заң берген,
Халқына мәңгі таң берген,
Депутаты халықтың,
Болып нұры жарықтың,
Тұрған кім сөйлеп көп тілін?
Деп домбыра шегінен,
Жүрегімнің төрінен,
Сұрап едім, тіл қатты:
Деп ол — ұлы Сталин!
Сондықтан жырым жырлайды
Сталиннің нұсқауын!
Біздің ұлы Отанның
Он бір алтын отауы
Туын тікті, көріңіз!
Он бірдің бірін caнaca.
Қазақстан тамаша
Өркендеді өріміз.
Каспийден бастап Алтайға,
Тоғысқан алқап шегіміз;
Ұлы Отанның көңілі
Ойы менен қырлары,
Кәрі, жасы, қыздары,
Өсті есепсіз .ұлдары,
Достығы үшін халықтың
Нығайды тартқан желіміз
Ел достығын ұстаған
Данышпаным Сталин,
Кремль, Москва — төріміз!
Халықшыл ұлы держава,
Тегеурінді тегі біз;
Асқар таудай халықпыз,
Жиһанда жоқ теңіміз!
Батыстағы біздің дос
Украина, Белорус,
Бұғауын үзіп пандардың,
Ері болып майданның,
Сталин атын ұрандайд,
Фин халқы көріп майданды,
Қуып жебір байларды,
Сталинді ту қылып,
Сталин салтын ұрандайд;
Қытай, Монғол елі де,
Сталин атын атаса,
Қуанбайын тұра алмайд!
Алпыс жасты жасаумен
Асқарлаған Сталин!
Жасымен бірге қайраты
Аспандаған Сталин!
Ешбір жаудан, қамалдан
Жасқанбаған Сталин!
Ақ қылыштай қайралған,
Жігіт болып жайнаған,
Жетті жаңа жасына;
Жалғыз тал ақ кірмеген,
Оның қара шашына.
Жігіт демей не дейін —
Жамбылдың жарты жасында
Сталиннің нұрынан
Жасарып қайта жаралған,
Қуатым, жырым әлі жас,
Тоқсаннан асқан жасымда..
Ол, алпыс жыл бойына
Етті еліне еңбегін,
Таң нұрына шомдырып,
Төкті елге еңбегін;
Айта берсем тіл жетпес,
Еліне бақыт бергенін,
Ұшан-теңіз халқымнан
Менің де көп көргенім,
Бақыт үшін, халқы үшін,
Өмір үшін, жалпы үшін,
Коммунизм сәні үшін,
Адамзаттың бағы үшін
Сталин — күнім, жарығым,
Жарқырай бер, сөнбегін!
Ұзақ болсын өмірің,
Әлі де мәңгі өмірге
Қырандай қанат сермегің!
Жарығым, сенің тойыңа
Шашу етіп, ойыма —
Келген жырды термелеп,
Осы менің бергенім!
Менің де, елдің тілегі,
Сүйіп сені жүрегі,
Көсемінің тілейді
Қонаққа бізге келгенін!
Қонаққа кел, Сталин!
Көр колхоздың ерлерін,
Сенің алтын нұрыңмен,
Көрші біздің колхоздың,
Гүл майысқан жерлерін!
Балдан тәтті қымызды
Құйып беріп біз Сізді
Сыйлаймыз, кел қонаққа..
Темекі де бізде бар,
Муштукке сал, ықтыяр,
Бере аламыз орап та,
Желден жүйрік көлікке,
Мінгізіп Сізді жүйрікке,
Алтын жабдық, ер-тұрман,
Береміз ерттеп құр атқа!
Шақырады Сізді қонаққа,
Мен де, біздің халықта?
ТҰРАПТАН СҰРАУ
Е, жарқыным, келдің бе?
Айтшы, кәне, кебің не?
Құр құлағым елеңдеп,
Сен тындырып келер деп,
Мен отырдым сенімде.
1939
ТӨЛЕГЕНГЕ
Сыртың сұлу болғанмен,
Сөзің сылдыр жігітсің,
Бірді арытып қойып ең,
Бір семізді мініпсің.
Бүйте берме, колхозшы
Деп жүрмесін бүліксің!
МЫРЖЫҒА
Балаң бойдақ жүр ме әлі ала қыстай!
Кетті ме әлде шарықтап бала құстай?
Қорадағы тауыққа көзін тіккен,
Төңіректеп жүр ме әлде, қара құстай?
Құс баласы қырымға, — деген сөз бар,
Сен ұқпасаң бұл сөзді өзге ұғар:
Өрісің тар өзің де жазған едің,
Саған тартса, ұзамай жүрген шығар!
1946.
БОЛАТ ТОНДЫ БАТЫР
Отанымның батырларына, Ленин қаласының даңқты қорғаушыларына, фин халқын азат етушілерге, Ленинград соғыс округінің жауынгерлеріне және Қызылтулы Балтық Флотының қызыл флотшыларына осы жырымды арнаймын.
Батырларын елімнің,
Бағы ашылған жерімнің
Бір емес, мың жырлағам.
Ер боп туған жастарым,
Қайнаған күш, жас жалын,
Қыйын емес жыр маған.
Тастүлек, сайып қырандай
Мұнартып ұшып мұзды күн
Ұлдарым елін қорғаған.
Жырым бірге майданға
Барсын оқтай ойнаған,
Бомбасы жерде жарылса,
Танкісі тауда ойнаған,
Күміс қанат, болат құс
Топшысын тауда қомдаған,
Самолетке ер салып,
Жері бар ма шолмаған.
Бұлт жамылып, мұз жастап,
Командирлер қол бастап, —
Соқса да боран — тоңбаған.
Болат тонды батырлар,
Еңреген ердей ел үшін —
Аямай ерлер бар күшін,
Жауды жеңбей қоймаған!
Қылышы қара тас кесіп,
Найзасы айға бойлаған.
Елін ері қорғаса,
Елі де ерін қолдаған.
Елге, ерге қамқоршы
Кремльде Сталин
Отан қамын ойлаған.
Отанды сүйсең сондай сүй! —
Ел шолпаны ол орнаған.
Сталиннің атымен
Қызыл ерлер майданды
Күшейтті де, талқан ғып
Жеңді талай жауларды!
Болат тонды батырым
Бұзды қамал, тауларды,
Есімде әлі Хасан кел
Майданда жаңбыр төгіп сел,
Жапондарды жөңкітіп,
Жосылтқаны қызыл ер!
Жауға жауған жаңбырым —-
Нөсер-нөсер оқ еді,
Қалың бұлт дегенім—,
Аспан жүзін шымқаған
Болат құстың тобы еді.
Айбынды осы жойқын күш
Украин, Белорус
Елін азат еткенде
Арды берген жоқ еді!
Көңілімді қуантқан
Халқымның осы өсуі,
Өсірген оны тербетіп
Октябрьдің бесігі;
Бесігі емей немене,
Көз жіберіп қарашы:
Отаныма өнеге
Ұлы Ленин қаласы,
Онан әрі көз салсаң,
Екі дүние арасы
Көрсетіп тұр фин жұртын
Балтық теңіз жағасы.
Қасқыр жолды, мұз көлді,
Аюлы орман ағашы,
Сол орманнан көрініп,
Оқ атқан жау қарасы;
Әлемге аян болған соң
Бізге жапқан жаласы,
Астан-кестен Балтықтың
Толқынға сыймай сабасы,
Қаласы үшін Лениннің,
Халқы үшін сол финнің,
Атой салып аттанды
Отанымның баласы,
Фин халқының бағы үшін,
Аямаған бар күшін,
Ұлдарымның таласы.
Жалаңдаған жаулардың
Берілді мықты сазасы!
Көре алмаған дұшпандар
Не демейді, — табашы;
Керуен көшер, ит үрер,
Үрген ит не бітірер!
Кімнің жеңіп жатқанын
Атады, қатар аттарын
Тарих өзі бағашы.
Көшті біздің керуен,
Өрлей асты өрінен,
Керуенді өрбіткен
Біздің жердің аясы.
Қатты салып шеңгелін,
Бүріп жатқан фин жерін
Құтқарып түнек құлдықтан, —
Менің батыр ерлерім
Танкілермен тау бұзып,
Оқты көктен жауғызып,
Елемей кәл, құздарын,
Тегеуріні жау жаншып,
Жерді басқан зілді аршып,
Күрейді оқпен мұз, қарын.
Қаласы үшін Лениннің,
Халқы үшін сол финнің
Майдан ашып жол тартты
Болат тонды ұлдарым!
Төңіректі болжасам,
Құрыш қорған шекарам;
Самаладай самсаған
Болат тонды өз балам,
Маңдайыңда жарқырап
Жұлдыздары жайнаған,
Сол емес пе, шырқатып
Жамбылды да қозғаған!
Елім бейбіт, жерім құт,
Тілім шірін, жырым жент —
Көмейімнен қоздаған;
Тудырар ма мұндай ер,
Өсірер ме мұндай ел,
Сталиннен өзге адам!
Сталиннің атының
Күшімен кіл батырым
Болат тонды, қуатты, —
Мұнан батыр озбаған!
1940
ТЕЗЕКБАЙ ТУРАЛЫ
Жігіттер, не дейсіңдер Тезекбайды?
Тепкізген күрең атқа жирен тайды.
Не үй, не түз шаруасын ойламайды,
Не деп атаушы едіңдер осындайды.
1940.
БОЛЬШЕВИКТЕР ТОБЫНА
(Үш орденді халық ақыны Жамбылдың Қазақстан
большевиктерінің ІІІ съезін құттықтап айтқаны)
Гүмбірлетіп домбыра,
Алсам сені қолыма,
Пернелерге тіл бітіп,
Сөз нөсерін өрбітіп
Жыр құйылар ойыма.
Сөйлесем дос-жаранға
Жыр құйылмас заман ба?
Кек қаусырған Талғардай,
Шыңын бұлақ жарғандай,
Өлең шіркін лақылдап
Сыймай кетер бойыма.
Қалай сыйсын қара өлең,
Балқып ерид шаттықпен
Тоғысқанда тойыңа.
Мен ғана ма бұл келген,
Көк өрім тал күллі өрен
Еріп келді соңыма.
Ақ сақалды, бурыл шаш, —
Мен бастаған жыршы жас,
Құтты болсын айтамыз
Большевигім тобыңа!
(Қол шапалақтау).
Қазақстан атынан,
Топтарыңа шақырған
Қарт жырауың мен едім,
Жырым шолып ел ішін,
Елдің ұлы жеңісін,
Партиямның алдында
Айтайын деп кеп едім!
(Қол шапалақтау).
Осы топқа қарасам:
Айбынындай елімнің,
Қуатындай жерімнің,
Оза шауып жүлде алған,
Сталиннен үлгі алған,
Шын болаттан құйылған
Балғасындай өмірдің
Большевикті көремін!
Өміріме өнеге
Бак, орнатқан келеге,
Байтақ шалқар өрістен,
Мызғымайтын жеңіспен
Озат шыққан өнерім!
Білім десе білімін,
Түлік десе түлігін,
Мүлік десе мүлігін,
Өмір десе өмірін,
Темір десе темірін,
Көмір десе көмірін,
Алтын десе алтынын,
Тілегенін халқымның
Сый ғып тартты керегін.
(Қол шапалақтау).
Аңсаған елге су берді,
Шөл далалар гүлденді,
Дауысты ашып қарлыққан,
Бүгін өмір жаңартқан,
Халықтың сүйген өлеңін,
Майырылмас алмас заводтай,
Біздің осы өмірден
Алуан сұңқар ер шықты
Қауырсыны темірдей,
Нажағайдай жарқылдап,
Көктен жауған шартылдап
Жаңбырша оғы төгілген!
Тайсалмастан дұшпаннан,
Темірменен құрсанған
Жаудың інін жемірген,
Жауар күндей түнеріп,
Жорыққа жойқын үдеріп,
Қаулай өрген жерімнен
Батырлары елімнің,
Хасиетті жерімнің,
Жау бастырмайд шенінен.
Соның күшті тобында
Өлеңім — оқ қолымда
Мен де жаудан шегінбен!
(Қол шапалақтау).
О, большевик ерлерім!
Елге тұтқа өрнегім,
Hұp үстіне нұр құйып,
Бақытқа елді бөлеңдер!
Бақыттың асқар шыңына
Өрлей берсін өнерлі ел,
Білімге, күшке, іске ұста,
Бар әлемге боп нұсқа,
Өрлей берсін өрендер!
Мен үдермін бұдан да
Қуат беріп тұрғанда
Ұлы Сталин кемеңгер,
Үдеген сайын ұлы ісің,
Сендер үшін, ел үшін, —
Сарайымнан саңқылдап
Шығар талай өлеңдер.
Жаудан қайтпас қарт жүрек,
Мен де сіздей большевик,
Мені кәрі демеңдер!
(Ұзақ ду қол шапалақтау)
ЖАНҒҰТТЫМЕН ӘҢГІМЕ
— Қалай, күйлі-қуаттысыз ба? — дейді алыстан іздеп келген Жанғұтты деген шал.
— Жаман емес-ау, — дейді Жамбыл. Дегенмен:
Көп жүріп, жеттік асу — аш кезеңге
Көргенше енді қайтып мен төзем бе?
Білмеймін, жүкті әйелдей жүрек күпті
Жүреміз ұрып кетіп қайсы өзенге!..
1940
КҮНІ ТУҒАН ЕЛІМ
Домбыра алып, ел кезіп,
Тұманды күнде мен безіп,
Кешегі жүрген шағымда:
Күннің батқан жағында, —
Секілді менің руым
Өмірдің көрген құйынын, —
Бар екені қандай жер,
Бар екені қандай ел
Сезілген күңгірт Жамбылға.
Күн туып нұр шашқанда:
Елім қолы аспанға
Соза жетіп, Октябрь
Таңы құмар басқанда:
Батыс, шығыс, оңтүстік
Құлақ түрді жыр тыңдап
Жамбылдайын даңғылға.
Таңы атқан менің елімнің,
Көмегімен ерімнің,
Күнбатыс жақ шектегі
Халықтық да көктемі
Шығып, көлкіп көлдері,
Ерік алды батыста
Украина елдері
Бақ орнатқан таңында,
Күннің нұрын көрді анық
Сталиндік заңында.
Шырқай шықты дауысым,
Жақын болды алысым,
Барсам Ұзын-ағаштай
Жолы жақын жалғауға,
Күннің нұрын Мәскеуден
Бірінші рет көрген ел,
Тақта отырған паңдарын
Тас-талқан ғып жеңген ел —
Өркендеген бағымен,
Қырандайын самғауда,
Жаңғыртып ойы, қырларын
Халқы сүйген ұлдарын
Депутатқа ұсынып,
Праволы сайлауға.
Ол теңдікті кім берді,
Кім берді өмір ұшпағын?
Десең, — бакқа туған ел,
Бақыт берген Сталин,
Оның аты ұлы ат,
Ол — бірінші депутат
Халықшыл ұлы сайлауда!
Тұманды күнсіз елдердің
Күні бүгін жайнауда;
Ұлы Сталин данышпан,
Ол — жанған нұр таңына,
Ол — туған ел бағына,
Ол — еңбектің тауына
Жеткізді елді; сол үшін —
Жамбыл дайын сайрауға.
Сталиндік заңымен
1940
АСАУ ҮЙРЕТКЕН ЖІГІТТЕРГЕ
Асау тайға мінушек,
Ауыл кезіп жүрушек,
Аттанушек «бозбала»,
Атағымыз сол ғана...
Неге екенін кім білсін?
Жүруші едік жұмыс жоқ,
Құр әйтеуір көңіл тоқ...
Секілді едік буыршын,
Өмірді бос өткізіп,
Жұртқа сүйкім кеткізіп,
Жүрдік пе екен қыз үшін!..
Тек осыны ойлаңдар,
Сендер ондай болмаңдар,
Қылжақбастық құрысын!
1940
ТӘЖІБАЙҒА
Жасымнан атым аян Жамбыл едім,
Сүрінбес қара сөзге даңғыл едім.
Сөйлесем сары түнге шалдықпайтын,
Қақырап қайран даусым қалды менің.
Шалқыған аспан-көкке қайран әнім,
Шырқасам кіргізетін тойдық сәнін,
«Ә» десем, ауызымнан бытырайды,
Шіркінге не болғанын біле алмадым.
Тәжібай, саған қалай менің мұным?
Аулақта сұрайтұғын бұл бір сырым:
Әнді алған, әр нені алған сұрамастан,
Күнәлі, бәлкім бұған кәрілігім?
1940
ТАУДА
Мен бір шал тоқсан жасты құрдас еткен,
Тайғанап жүре алмаймын қия беттен.
Ел кезбей атқа мінбей, араламай,
Жатамын үйде тыныш сол себептен.
Бұл кезде белім бүкір, көзім бұлдыр,
Белге алып шыға алмайды тізе құрғыр;
Құлағым қаңылтырмен қаптағандай,
Ел сөзін естімейді қаңғыр-күңгір.
1940
АБАЙДЫҢ СУРЕТІ
Мынау тұрған Абайдың суреті ме? —
Өлең — сөздің ұқсаған құдретіне,
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Қарсы келер Абайдың кім бетіне!
Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,
Соңғыларға қалдырған үлгі-нұсқа,
Арғын, Найман сөзіне таңырқаған —
Қандай арман бар дейсің бұл туыста!
Терең ойдың түрінде теңізі бар,
Тесіле көп қарасаң көңіл ұғар.
Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,
Есіл сабаз ызамен өткен шығар!..
1940
ШӘКІРТ БАЛАЛАРҒА
Балдыраған балғын балалар,
Мойнына қызыл байлаған»
Майысып сұлу мәуесі
Түрлерің гүлдей жайнаған.
Мектеп боп ынтық — әуесі,
Жасынан білім ойлаған.
Айналам сендей жеткіншек,
Қарасам көзім — тоймаған.
Мәуелі сендер бәйшешек
Өмірдің жазын тойлаған.
Ұялы мен бір бәйтерек
Ортаңда көктеп бойлаған.
Сендерді қоссам жырыма
Саңқылдап үнім сайраған.
Қаздаңдап кірі саусағым
Ішекте бойлап ойнаған.
Мектептен сендер келгенше
Тағы да бір жыр ойланам,
Келген соң айтып бермесем,
Балалар, кінә қой маған!
1940.
ӘЛЕМДЕ БІР ЖҰЛДЫЗ БАР
Мен шеккелі қай заман
Өмірдің ұзақ сапарын...
Не көрмеген көне көз,
Ағарғанша сақалым.
Қилы-қилы жол тартып,
Үміт алда мұнартып,
Демеу болған көңілге
Жалғыз, жансар сәулеге
Жеткенімше құмартып ,—
Бір ғасырды жасадым.
Ол бір күңгірт түнекте
Елестеген үмітті
Мен бе, жалғыз іздеген?
Көп сапырылып, қажалып,
Сол сәулеге қадалып,
Кімдер көзін сүзбеген?
«Үміт алыс, өмір шақ»
Жаны қажып, жабырқап...
Кімдер күдер үзбеген.
Күллі байтақ елдей боп,
Жасын жасап мендей боп, —
Сөйлескен кім жүзбенен?
Кітабымдай өмірдің,
Шежіресін еліңнің, —
Естерсіз де білерсіз —
Кеңессеңіз бізбенен:
Осынша ұзақ сапарда
Күй мен жыр боп ермегім,
Жинап, теріп көргенді
Ұзақ жолдан мен келдім.
Асқар, асқар белдердің
Құс ұшпайтын шөлдердің,
Қиырында ел күңреніп,
Байлар соғып жыландай,
Қулар шоқып құзғындай
Хан, сұлтаны «құдайдай» —
Салып ұлы шеңгелін,
Жұртты бүріп сығымдап
Тоя жеді жемдерін.
Қарсы шауып соларға
Ел өрледі нелер бір,
Жасы қыршын, жаны өткір,
Қаза тауып қапыда,
Көргем талай өлгенін.
«Қарағай найзаң сынды ма?
Кәріп жаның тынды ма?» —
Деп ақыннан жыр борап,
Көкірегін шерге орап
Қайғыменен кемген күн...
Зарыққан соң ағайын,
Сарғайтып жүзді сары уайым,
Мұңға толып сарайым,
Шолды кезім жан-жақты:
Аспан нұрсыз жер үнсіз,
Қара бұлтқа ай батты...
Көріксіз жаз, Құлан саз
Суы құрып сай қапты.
Судырамай құрағы,
Сарқырамай бұлағы,
Қарт бурадай түнеріп, —
Тілсіз бейне бір өлік —
Жым-жырт шөгіп тау жатты.
Баспанам жыртық лашық,
Шығарға күш жоқ қыр асып,
Көріп ек мұңды аймақты.
Ыза кернеп бойымды,
Сан толқытып ойымды,
Зығырымды қайнатты!
Жан шыдар ма күйінбей,
Күңренген ел үніндей, —
Жамбыл күйін аңыратты...
Сүйтіп үміт сөнгенде,
Күнім қараң дегенде
Тынып тұрған дүниенің
Жарқ еткізіп түндігін
Серпіп, кенет ашқандай,
Керең дүние селт етіп
Түгел құлақ асқандай,
Жер жара бір шықты үн,
Серпініне сол үннің
Серпілді де сырғып түн,
Жер мен көкті жарылқап,
Нұрға бөлеп шықты күн!
Ел еңсесін талай жыл
Қара тастай басқан зіл —
Ыдырады қайғы, мұң,
Бойын жазып, жадырап,
Күнді құшты маужырап,
Мелшиіп жатқан тау мен құм.
Елдің құрғап көз жасы,
Көкорай болып көл басы,
Толып өзен арнасы,
Құнарланып құндағы
Құлпыра берді құз бен шың.
Қуаныш бөлеп жүрегін
Айтты сонда бар елім:
Жарық күні әлемнің —
Ленин! Ленин! Ленин!
Ұлы есімін Лениннің,
Атаған сайын күш қосып,
Күннен күнге үдедім.
Ұзақ сапар шеккелі,
Мақсатқа осы жеткенім.
Талай заман іздеген,
Көптен көксеп көздеген
Үмітіне жетті елім.
Өмірдің ауыр қыспағын
Қыйратып Қазақстаным,
Отанның ұлы халқымен
Өткізді жиырма өткелін.
Айтсам күнді бүгінгі,
Қазақ халқы бұрынғы, —
Көріп туған нұр күнді, —
Ерен күшті ел болды.
Көсегесі көгеріп,
Кең өлкелі бел болды.
Асты күміс, үсті ырыс,
Таудан алтын, сайдан мыс
Телегей теңіз кел болды.
Жерден мұнай атылса
Көктегі құстың қанатын
Қақтыратын жер болды.
Азуын айға білеген,
Айбаттанса үдеген,
Елде айбарлы ер болды.
Малы қаптап өрісті,
Ағашы миуа, жемісті,
Жоны женттей егісті, —
Қазақстан аймағы
Алтын жайлау жер болды.
Қайратым құрыш, ойым өр,
Қажымас, қайтпас елім өр.
Қойным толған қазына,
Шығып өмір жазына
Бөгелместен беттедім,
Арман еткен мың жылғы
Адастырмас жұлдызды
Халқым тауып тұрғанда
Қалай жырды төкпейін:
Әлемде бір жұлдыз бар,
Ол бар жерде күндіз бар;
Ол жоқ жерде күнде ызғар;
Ол — жиһанның жүрегі,
Ол — жер мен көк тірегі!
Күллі әлемнен ол биік,
Жарқыраған нұр құйып,
Бақытқа елді бөледі.
Ол әлемнің шырағы,
Өмір, бақыт бұлағы
Сонан ғана өреді.
Ол — Кремль жұлдызы,
Ол — өмірдің күндізі;
Адастырмас сәулесін
Әлем жүзі біледі.
Кремльде Сталин
Беріп өмір ұшпағын
Күллі жұртын жебеді.
Қазақстан тойында —
Өмір тұрқын бір болжап,
Нелер түсіп ойына —
Қарт Жамбылдың жыр толғап
Осы айтайын дегені.
1940
БАРЛЫБАЙҒА
Қазақта көптен жүрген мен бір тауық,
Шырағым, емдеймісің емін тауып.
Қаттырақ жауырынымнан қыса түссе,
Жүрекке болмас па екен үлкен хауіп?
Емдетпей, ерлік етіп жүре берсем,
Кетпей ме тұла бойға түгел шауып?
1940
Жүрек неге соғады өрге қарап?
Жағар-жақпас білмеймін ішкен тамақ.
Байдан сауған кедейдің сауынындай,
Лөгдір балам, отырмын саған қарап!.
1940
Шақырған жоқ сендерді Жамбыл жайға,
Ақылдасып қойыңдар осындайда.
Әркім өзі жершілмін деп ойлайтын:
Ұрып кетіп жүрмеңдер екі сайға.
1940
Жамбыл өлең айтпайды жантайған соң,
Жалқауырақ тартыппын қартайған соң,
Көңілсіздеу секілді көрінемін,
Дос алыстап, қасымнан жар тайған соң.
Тарыншақтау мінезім — ұрысқақтау,
Еріншектеу болыппын — тырысқақтау,
Айқайласа жүйріктей бүйірі қызған,
Ақын-ақ ем бір күнде ұрыншақтау.
Жас баладай ілезде кетем қалғып,
Қартайған соң бір ұйқы алған аңдып,
Жазуыңды Ғали-ау қоя тұршы,
Шаршаңқырап отырмын басым мәңгіп.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру