Сын сағатта
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
Сара тартар төрт актылы,
сегіз суретті геройлық пьеса.
бірінші редакциясы, август 1941
Адамдары
Ербол — 25-те.
Назым (Наз) — 34-те.
Рәш — қызы, 12-де.
Сәт — ескі шахтер, шахта директоры.
Ескендір — инженер, 40-та, шашына ақ кірген.
Тәнеке — учаске бастығы.
Мәрияш – жұмыссыз қатындар
Қаден – жұмыссыз қатындар
Ира — медсестра.
Нұрлан Бектасов (Бе к) — майор.
Потапенко — дивизия командирі, генерал-майор.
Бактияров — военком, татар.
Малышев — лейтенант, танк бөлімінің командирі.
Шаршен — зенитчик, қырғыз.
Скиба — навалоотбойщик, белорус.
Звездов — летчик, аға лейтенант.
Рубанов — армия врачы.
Асанов — шахта парткомы.
Тұтқын жандарал. Түсте көрінетін кісі, штаб адамдары, патриоттар, қызыл әскер.
І АКТ
Бірінші сурет
Көп пәтерлі тас үйдің нобайы. Сахнаның бір жағы Назым
пәтерінің бір бөлмесі. Соған жалғас асты да, үсті террасалар.
Олар көрші пәтерлердікі.
Назым бөлмесі кітапқа толы. Жұмыс кабинетінде дәрігерлік
аспап, инструменттер де бар. Ашық терезенің пердесі түрулі.
Кең, жұмсақ кушеткеде Назым, Ескендір отыр.
Кеш батып барады. Тыста соққан салқын лептен анда-санда
терезенің жұқа шілтері желпінеді... Бөлмеде шам бар.
Террасалар алакөлеңке.
Бірінші көрініс
Ескендір. Көңілді көптен жеңген мұңым еді, Наз...
Назым. Ұғамын. Ұғамын да іркілемін, Ескендір.
Ескендір. Неге? Нені күдік етесіз?
Назым. Күдік... Күдік дейсіз бе? Жоқ, ойымдағының аты ол сөз емес.
Ескендір. Енді не?
Назым. Тек... айтылмаса нетуші еді осы жәйді...
Ескендір. Наз... Назым, сіз екінің бірі емессіз. Кімге тіл қатып отырғанын ойланбады дейсіз бе? Талай түндер тоқсан толқытқан, көп бөгелген күдігімнің несін айтайын... Жан жүзінен жасырып келген, айтпай-ақ әкетейін деген өз ішімнің көп әлегін не қылайын.
Наз. Сіз жақсы жансыз, Ескендір.
Ескендір. Рақмет!
Наз. Бірақ бұл сөзіңіз маған тосын?
Ескендір. Шын-ақ менің осы сөзімді күтпеп пе едіңіз?
Наз. Мен көп тілектен тыйылған жанмын, күтіп нетем?!
Ескендір. Бірақ мені әкелген қай тілек, тыңдауыңыз керек емес пе?
Наз. Тыңдаймын ба, жоқ тыңдатпай-ақ қойсаңыз екен деп өтінейін бе, Ескендір?!
Ескендір. Наз, әлдекімнің арзан сөзін айтар дейсіз бе?
Наз. Ойланайын, тыңдайын ба, жоқ па?
Ескендір (қолын алып сипап отырып). Ойланыңыз!.. (Террасада Қаден бағанадан бой созып қарап тұрған... Жоғары террасаға Мәрияш шығады.)
Қаден. Мәрияш!
Мәрияш. Қаден!
Қаден. Қолыңдағыдан әкелші! Бері келші!
Мәрияш (қолында дым жоқ). Түс көріп тұрасың ба, әй, қатын! Ақ сөйле, байғұс.
Қаден. Е, тұр ғой әне қолыңда! Тықпай-ақ қойсаңшы. Әкелші, мұнда келші! (Көзі Наздың терезесінде.)
Мәрияш. Құтырар мына қатын... Денің сау ма, ой, өзіңнің? (Еңкейеді.)
Қаден (қарсы созылып, сыбырлап). Құдай төбеңнен ұрсын, Мәрияш! (Күледі.)
Мәрияш. Ой, тіліңе шоқ түссін.
Қаден. Түс бері, уа, бері жүр мұндар... Әне... (Өзі тез ынтыға басады.)
Мәрияш. О не, ой, қуатым-ау, не көрдің?
Қаден (терезенің тұсына Мәрияшты ақырын ертіп кеп). Жарасуын қарашы екеуінің... Былай тұр! Осыны керек қып отырған немедей. О несі, өбісіп!
Мәрияш (тамсанып). Астакем-ай, мынау екен ғой, бәсе, "бай керек қымайды, бай керек қымайды" деседі.
Қаден. Е, бай керек қымай бітеу болып кетті деп пе ең, жайнап отырған жесір қатын.
Мәрияш. Инженер қандай көрікті. Құдай қаны, осы екеуі тіпті тең-ақ.
Қаден. Шашы қандай әсем өзінің.
Мәрияш. Инженердің бе? Ұшын тек азырақ қылау шалғаны болмаса.
Қаден. Инженерді айтпайым, Назды айтам. О несі, шал бас болса да, жабығы жас дегелі тұрсың ғой, емешең құрғыр.
Мәрияш. Е, жас емей не деп ең, қырыққа да ілінбеген. Не десіп отыр екен, а?!
Қаден. Ел жатсын деп отырмаса. (Күледі.)
Мәрияш. Әй, байғұсым-ай, сенен ақыл сұрар ма еді... (Бірін-бір қойғылап күліседі.)
Қаден (сыртқа қарап). Ой, анаңқара, Ербол келді. Жүр былай... жүр айтайық.
Мәрияш. Уа, қойшы, шүйінші тілейін деп пе ең?
Қаден. Е, қызық көрсін, жүр!.. (Ертіп террасаның ар жағына кетіседі.)
Ескендір. Бір кезде жалыны жалау атқандай. Үміті мол, қызығы көп жастық бар еді ғой. Шын қуаныш таптық па? Жоқ, елесіне мәз бе едік. Әйтеуір, ыстық шағын кешірген едік, сонымен өтті, бітті дегеніме көп болған. Қимай, қиналып қана еске алушы ем. Жалғыз-ақ, жеңіл желік жеңбейтін боп еді. Тыныш едім... Ол қазір соның бәрі бастан-аяқ қайта бір алай-дүлейге түсті. Бар көрдім деген қызығымның бәрі болымсыз ғана боп, нәрсіз, нұрсыз бүрісіп қалған тәрізді өңсіз күймен өткеніне анық бүгін ғана өкінбестен көз салдым. Болжап, шолып байқаймын да, шын қуаныш бүгін таптым деймін. Көңілімде ең алғаш, жалғыз ақжол, рақат, бақыт сезем, Наз...
Назым. Сырыңыз сондай жақын, соншалық ыстық, тереңсіз, Ескендір. Шын айтайын, қызықтыратын да сыр. Бірақ менің өз көңілімнің бір салты бар. Мен ойсыз сезімді кінәлаймын. Құмарлықтан жиренемін.
Ескендір. Наз, менің әкелген сырым...
Назым. Білемін, ол емес, бір-бірімізге не тілеп, не ұсына аламыз... Несін айтайын?
Ескендір. Мен бар тілек, бар тірлігімді ұсынамын. Ендігі өміріңе өмірімді қоспақпын. Ойлаңызшы, бізді бір-біріне сай емес дерлік жан болар ма еді?
Біріккен өмір, еңбекпен біз жай үйдің іші емес, шын бақытқа шарықтамас па едік, жетпес пе едік, соған жалғыз-жалғыз жеткен қандай?
Назым. Мен өмірімнің ендігі барлық отын басқа нәрсеге арнағам. Сірә, бұл салқын жүзді еңбек күніне қуаныш, рақат қанатын бітірмексіз... Сіз әкелген шындық. Мені қуантатын іс. Мен сізді өзге жаннан өзгеше, ерекше қадірлейтінім де рас. Ендеше, несі бар? Көрер көзге бөгет қайсы дер ең? Бірақ, Ескендір, менің басынан тартынғаным сол. Мен ендігі тірлігі өз басының еркі өзінде тұрған жан емеспін.
Ескендір. Неге олай дейсіз, бөгет кім?
Назым. Мен бірер адам алдында қарыздармен. Ол қарыздан аттап өтпек жол емес. Сырт бөгет емес, басқа тұсауым бар. Еркім өзімде, басым бос. Бірақ іштей аса алмайтын асуларым бар.
Ескендір. Наз... Дәл таныған болсам, сіз қарыздар болған жанның алдында бар тірлік, бар еңбек, бар қуатыммен мен де қарыздар болайын. Оның қамын қаны бір туысынан кем ойламаймын. Көңілім сіздің ай сәулеңіз түскен жердің қайсысынан болса да, айналмаса, айнымас... жаным, Наз!
Назым. Жоқ, Ескендір... (Бірақ өзі қызыққандай.) Сондай жақсы, сондай жақын, сондай сүйікті Ескендір! (Паузадан соң.) Жоқ... жоқ... (Ескендір үнсіз... Наз тағы да қимай, қинаяып, қайта толқып.) Жас күнімде есімде қалған бір өлеңнің басында: "Жай тұрған жүрегіме салдың уайым" деуші еді, ауызға қазір сол орала береді. (Тез орамалын алып, жылағандай мұңайып қалады.)
Ескендір құшақтап, шашын сипайды. Терезенің сыртынан
шешен домбыраның әсем құлақ күйі келеді. Үйдегілер елемейді.
Шұғыл айқай ән шығады. Әннің алғашқы сөзі "Ал бақи!"
Терезеге сыртын беріп, ән шырқаған біреу көрінеді. Жұмыстан
жаңа шыққан шахтер кимінде. Бұрылады, ол Ербол.
Ербол (үйдегілерге күле қарап, басын изеген күйде ән шырқайды. Беті қап-қара күйе. Тісі аппақ болып ақсиып тұр. Әні).
Ал бақи, адегенде әнім салты,
Ағайын, әнге бірге құлақ салшы.
Жарасқан жайлауында асылдарым,
Ініден жақсы тілек қабыл алшы.
Назым. Бұл кім осы?.. Жаным-ау, осы менің көршім бе?
Ескендір. Ербол ғой.
Ербол. Өзі ғой, айып менен, ағалар... Тек ақырын ұрсыңдаршы.
Назым (терезеге жетіп барып). Жоқ, Ербол, түк ұрыспайым.
Ескендір. Ой, өзің бір ақынсың ғой. Ербол. Үндемеңіз, ойымда әбден бар. Осыдан Стаханов бола алмай қалсам бар ғой, ең жаманы ақын болам. Назым. Тағы айтшы, Ербол!..
Ербол. Наз, ендеше, рұқсатын болса, дәл қазір қара өзегімді қақ жарған бір мұңым бар, соны айтсам ба екен, Есеке?
Ескендір. Айт! Назым. Дәл соны айт!
Ербол (домбыра безілдейді, әндетеді). Ал бақи!.. (Соға жөнеледі.)
Нұр жамалын жадымда, жан-жананым,
Қол жетпейді, қиналдым, бар ма амалым.
Бу бұрқырап қайнаған қызуыңнан
Айналсоқтап кете алмай, жан-жананым.
Бақида, уа, дариға, жан-жананым,
Қара өзекті қуырдың, бар ма амалым.
Аш қадірін тоқ білмес айтқанменен,
Аяр болсаң даяр бол, жан-жананым.
Назым. Жананым, жан-жананым, қандай жақсы сөз!
Ескендір. Үзілуін қарашы.
Назым. Ал, көрші, осыншалық өзегіңді талдырған о кім өзі?
Ербол. Әттең десеңізші, әттең ғана.
Ескендіp. Жөнін айтшы, тым құрмаса.
Ербол. Жай, ішімдегі бір күй ғой, аға. Іші бардың бәрінің күйі... Құлақ күйім.
Назым. Бәрінікі емес, өз ішіндегі болғаны жақсы ғой.
Ербол. Өзімдікі болғанда, қарнымдыкі.
Назым. Не дейді? Жүрегімдегі десеңші.
Ербол. Жо, жоға...
Ескендіp. Қой қарны несі? Көңілдегі десеңші.
Ербол. Е, мына сығыр, құдайшылыққа, қарнымдыкі.
Назым. Ойбой, ендеше мардымады ғой?
Ербол. Неге, апатай-ау?
Назым. Шарықтап тұрған көңіл шабыты ма деп ем.
Ербол. Ә, оның рас болар. Әнімнің өзі сүйтіп шарықтап ұшқанмен, шатқаяқтап қона салады. Құданың құдіреті.
Назым. Қой, қарын ашырады екен мынауың.
Ербол. Қарын ашырады дедіңіз бе? Міні-міні, дәл таптыңыз.
Ескендір. Уа, недеп тұрсың өзің? (Алыстан дауыстаған әйел: "Ербол, ет пісті" — дейді. Қаден жүгіре шығып: "Ербол, ет пісті" — дейді.)
Ербол "Пісті!". Уай, лебізіңнен айналайын, ағалар, айыпқа бұйырмаңдар, әннің тілеуі келді... айыпқа бұйыр...
Назым (күліп.) Бұйырмаймыз, бірақ қайтып кел.
Ербол жөнеледі. Назым мен Ескендір күледі. Сәт пен Тәнеке
кіреді. Тәнеке басын азырақтанып алған, жүдеу. Сәттермен
сыпайы амандасып, жайласып отырған соң күледі.
Жаным-ау, әлгі не деп кетті? Қалай қызық өзі. (Күледі.)
Ескендір. Ғажап. (Күліп.) Тұрған бойы жұмбақ...
Сәт. О кім?
Назым. Әлгі менің көршім, Ербол.
Сәт. А, Ербол ма? О нетіп жүр?
Ескендір. Осында терезеден кеп, әдемі ән салды.
Тәнеке. Япыр-ау, ән салатын қауқары әлі бар екен-ау.
Ескендір. Әні қандай, үзіліп тұрып жан-жананым, жан-жананым деп, өзегі талғандай зарлайды. Бұл біреуге ынтық екен. Сонысын айтып тұр екен деп ек.... сөйтсек жаңағы үздігіп, талып, өлердей ынтық боп тұрғаны осы боп шықты ма дедім. Ет пісті деген хабар кеп еді, ғашығына қарай аласұрғандай зыта жөнелді. Бұнысы қалай?
Сәт (күліп.) Ойбай, оның жөні бар...
Тәнеке. Ой, азаматты қойсаңшы, тілеуің бергір ғой.
Назым. О не етіп еді?
Сәт. Бүгін сол қайтып келе жатқанда, ол ер қайратымен келе жатқан жоқ па? Бұрын Қарағанды көрмеген қарқын жасап шықты. Екі сменді бір-ақ созып, 16 сағат тұтас істеп шыққан жоқ па шахтыдан.
Тәнеке. Және екі еменнің екеуінде де 350 проценттен аса нормы беріп шықты.
Назым. Жігіт емен арасында ас ішпеп пе еді?
Сәт. Асқа қараған жоқ. Жалғыз кило нан жеді де, үйге сәлем айтыңдар, үш кило ет асып қойсын деп, екі сменді үзбей тартқан.
Назым. Е, бәсе... (Күліп.) Қарным дегенде тіпті қаймықпайды. Ынтық етер жөні бар екен-ау.
Сәт (Ескендірге бір пакет береді.) Ескендір, мына бір қағаз саған. Осыны бір шолып өтші. (Ескендір алып оқиды.) Сонан соң, жолдас мына Тәнеке мені әдейі ертіп келді саған. (Пауза.) Айтатын сөзім бар, бірге жүр деп еді.
Назым. Иә!
Пауза.
Сәт. Ал, қарт, отырамысың өстіп, ендігінді өзің айтпаймысың, тегі.
Тәнеке. Е, айта... айта берсеңші.
Сәт. Е, тәңір, тартыншақ түйедей жетектей бермесем сені... Айт өзің!
Назым (күледі). О не, жаным-ау!
Тәнеке. Қарағым, қарындасым, бұны бұлдантып қайтем, өзім айтам. Жасым елуге келді менің, тегі, біздерге бір тірлік еді, осы күнге шейін естіген мен білгенім. Ал менің басым...
Сәт. Қысқа қайыр.
Тәнеке. Тек отыр енді.
Сәт. Түу, сонау туғаныңнан бастайсың. Өзің босаң табаны күректей тап елуге кепсің, сенің бар хикаяңды тыңдап болғанша түн жарымы өтеді ғой.
Тәнеке. Өтсе, өте берсін. Қарағым, Наз, әке мен шеше берген бір өмір бар еді. Жасым елуге жеткенде мен сонан айрылып қап едім-ау! Өлмеді деген кім бар еді мені: сол бір марғау кеткен жерден қайырып әкеп, қайта тірлік берген кім? Сенсің ғой, айналайын. Сенің асыл білімің, епті қолың ғой, шахтының бір кәрі шалын аман алып қалайын деп, тура қауышқан адал жүрегің ғой, алғыс-алғыс деседі ғой. Білемін, сенің менен дәметерің жоқ, менің берерім де жоқ. Естимін! Ұғамын. Атаң-анаң көптен жоқ екен... Енді ең әуелі жан аямас ағаң-дамын... атаң-дамын. Жаман ағаңның бар тапқан ақылы сол. Анау ақылды маңдайыңды бері тақашы. (Өзі қозғалады. Наз ұялып қарсы басады.) Қалған өмірдегі қарыздарым өзіңсің. (Маңдайынан сүйіп.) Айналдым... асыл айнам. Қадірлі қызым. (Тағы сүйеді.)
Сәт. Қап, мынаның қиялап кеп тапқанын-ай, тағы да бұлай бітер болғанда, өзім-ақ айтар едім-ау жаңа. Ескендірге бұрылып. (Күлкі.) Жә, сен жаңағы қағазды, сол сүйтіп, жым-жырт оқисың да, жым-жылас жауып қоясың ғой, тегі.
Ескендір. Енді қайтеміз?
Сәт. Қой, шырақ!
Назым. О не қағаз еді?
Сәт. Сырт сын білмеймін, бірақ ішінде наркомның атынан арналған бес мың сом сыйы бар еді, осы кісінің өзіне.
Назым. О, қайырлы болсын! Ескендір, бірақ мына кісі өзі не деген қызық, Сәт аға. Өстемекен, жаным-ау!?
Сәт. Тіпті шіміріксе десеңші, оқышы өзің. Наз, бұны қой, өзін оқышы.
Назым. Кәні, бері ап келіңіз. (Алып оқиды.) Қарағандының 18 шахтасында (...) құрылысына аса бағалы жаңалық кіргізіп, тапқырлық еткені шын, әрі инженер-механик, әрі геолог-инженер. Осы құп! Ескендірге айрықша бес мың сом сый берілсін. (...) Осы табысы рационализация есебінде, (...) механикалы шахтыларына тегіс тез қолданылсын. Қымбатты еңбек еткен инженер самоход айрықша сыйлыққа ұсынылсын. Союздық көмір өнерінің комиссары... (Қуанып кетіп.)
Ескендір, родной! (Ескендірдің шашын уқалап, басынан құшақтап, бетін сипайды.) Ой, келіңіздер, той етеміз бұны. (Шкафқа ұмтылады, үстелге жемістер, тарелкалар қояды. Ішкілік шығарады. Жайнап жылдам қозғалады. Сәт, Ескендір көмектесіп жүреді.)
Сәт. Е, бәсе, бірақ мына Ескендірдің өзі ме? Батыр-ау, бұл осындай мызғымас екен-ау, әлі.
Тәнеке. Ой, қарағым, соның асыл да, желікпеген ер де.
Ескендір. Енді қайтер? (Ұялғандай күле береді. Ербол кіреді. Жақсы киініп, жұтынып алған, тап-таза.)
Ербол. Уа, қуаныш қайырлы болсын! (Үйдегінің бәрі қуана қарсы алады.) Осының исін мұрным бағана бір шалып еді.
Бәрі де Ескендірмен соғысып, көтерісіп жібереді.
Назым. Оның рас болса, ән салып жібер, жан-жананым, жан-жананым.
Сәт. Құттықтау айт, мынау Ескендірге.
Назым. Шабытың бітіп қалған ба, батыр-ау, бағана?
Ербол. Бәсе, шабытым қайтып қапты.
Тәнеке. Айт, сілте барыңды. Өзіңді өзім құттықтаймын, ерім, сілте!
Ербол (түрегеліп). Ал бақи! (Әні шықпайды.) Бәлі, қайда кетіп қалған? Ал, бақи! Масқара-ау, бұл қайда жүр? (Күлкі.) Қап, қара жарыс болмаса, той дегенде бір тойпаңым болушы еді.
Ескендір. Жарайсың, еттің астында қалды десеңші.
Ербол. Ойбай, дәл тапты, астында қапты.
Бақида, уа, дариға жан-жананым,
Қызығына қуанам жақсы ағаның.
Тойға той ұласатын шағың қайда?
Мені қашан табасың, жан-жананым!
Қуаныш, күлкі, алғыс, ішіседі. Ира жүгіріп кіреді. Қуанышты.
"Кел, кел, Ира!" — деседі. Ира келеді.
Ербол (Ираға күліп).
Жас тілегі жолыңа, жан-жананым,
Жаудыр көз, жалындырды қалқа жаным,
А дегенде сен келдің аласұрып,
Өзің болшы өзге емес, жан-жананым.
Күлкі. Ира түрегеледі.
Ира. Жолдастар, достар, мен үлкен қуаныш әкелдім топтарыңа. Әсіресе, тамаша Наз... қымбат Наз, саған, саған әкелдім.
Ескендір. О не? Айт, айт жылдам, Ира!
Сәт. Ирошка!
Ира. Ол міне. (Қағаз ашады.) Оқы... Оқыңдар!
Ескендір (алып оқып). Мәскеудегі Дәрігерлік ғылымдардың Жоғарғы кеңесінен жазылыпты. Назым Бердиева жолдастың Қарағанды шахтері Тәнеке Смайыловты емдету, өзгеше ірі тәжірибесі туралы, тас түсіп, бас сүйегі ойылып, миына зақым келген ауруды... Миға бірінші рет ірі батыл операция жасап, жазған еңбегін Жоғарғы кеңес дәрігерлік жүзінде ерекше ғылымдық табыс деп санайды. Жолдас Бердиеванның ғылыми кандидат болуға талап етіп жіберген еңбегі мен мынау дәрігерлік тәжірибесін еске алып, Жоғарғы совет оған сырттан-ақ ғылыми кандидат атағын береді және академик Бурденконың ұсынысы бойынша, Бердиева жолдасты бұдан былай военно-полевая медицинаның докторлығына әзірлеуге Жоғарғы кеңес барлық жағдай жасауға қаулы етті. Және бұдан әрі жолдас Бердиева военно-медицинский институттың айрықша тізіміне тіркелсін... Тағы, тағы сондайлар. Қол қойған военно-полевая хирургия кабинетінің профессоры, армияның бірінші ранг врачы Рубанов! (Жұрт шат, тегіс Наздың қолын алып жатады. Сүйіседі.)
Қандай тамаша! Ал енді, Наз, біреудің басына келген біреуге де келеді. Сәт те келгені мұндай жақсы болар ма? Жаңа сіз жақсы бастап едіңіз. Бірақ, құдай ақы, аяқтауын баяу аяқтадыңыз, танбаңыз! Солғын тынып еді. Мен болсам, қуанышымды өйтіп сылап-сипаумен тарқата алмаймын. (Күлкі.) Тура шаттанам да, шарт сүйемін. (Құшақтай алып сүйеді. Наз тартына қысылады.)
Ира. Тек онша ұялтпай-ақ сүй... (Күледі.)
Ербол. Е, бәсе, шарт сүйсең де, шақ сүй дейтін жан бар ма! Қап, түу, тағатым қалсашы-ау!.. (Жыбырлап, айнала беріп, Ираны сүйіп алады.)
Ира. Ербол, менің жазығым не?
Ербол. Е, айналайын-ау, енді сиыр су ішкенде, бұзау мұз жаламасын ба? (Күлкі.)
Назым. Рақмет, достар! Ол сөзімен тұрсын да, енді басқа жәйға көшейік, Сәт аға!
Тәнеке. Бәсе, Назға!.. Назымға бермеген атақ-абыройды ит жесін демес пе ем!
Назым. Ну, енді қояйық, Тәнеке (...)
Ескендір. Ә, енді өзіңіз қысыла бастадыңыз ба?
Назым. Жоқ, Ескендір... Ол жағы жетеді. Мен Ербол үшін, Ерболдың бүгінгі ерлігі үшін ішемін.
Тәнеке (Сәтке). Өй, Сәт, бұл қалай осы? Анау абырой алғанда, осы шелтиіп, асып-тасып, әбігер боп қалушы мек. Мына екеуі құр ұялып, үндемеуге тырысады, бұлары несі?
Сәт. Ой, достар, айтты-айтпады, сендер тіпті шын қайран қалдырасыңдар ғой.
Ербол. Атамаңыз, өзіміз болдық па? Жаңағы жерде жалғыз Ескендір емес, осы отырған жұртты жағалай, кем қойса, үш-үштен сүйіп шығар. Құдай ақы, Наз апа! (Күлкі, шу.)
Сәт. Қайран қаламыз дей ме, ә?! Бірақ ойлана келсе, осыларың өзі ақыл. Екеуің бірің үшін бірің қуандың. Өз бағаңа өздерің мақтанбай, мазатсымай, сабырлы болдың. Қайта қысылып ұялған сияқты. Осы өзіміздің асыл Абайдың аса бір жақсы сөзі бар деген еді. "Дүниеде мақтан кернеген өзімшілдіктен без. Жақында өзіміздегі тәуір атағы бар ер адамдарды көріп ем. Аты баспаға шығып жүрген, ел білетін жандар. Соларды байқасам, олай салса да өзім, тағы бірді айтсаң, тағы өзім. Әйтеуір, бір салада содан өңге жан жоқ. Осы мақтан мен менмендікке лық толы. Тырсылдап тұр. Дәл бір шымшып тіккендей жарылатынын бақтым да, ойға қалдым. Мынау жанның көзі онан басқа дүниені көруден қалған екен-ау, пақыр! Күні-түні терлегені де, ынтығы да өзі ғана, нені көрсін? Бірақ бара-бара бұл көз бұдан ары да біте береді-ау! Онда осы сорлы да, өзін көрер де құр қалмайды-ау! Қайда барады? Пұшайман екен. Бір кезде саңлақ болса, енді бітті, ештеңкені аңдауда қалмайды-ау дедім. Міні, достар, мақтан, менмен, масаю, айта берсең, өзі тіпті сүйегі ағармаған надандықтың тумасы ма деп ойладым. Міні, қызық тойға қуаныш айтудың орнына, бір қызық емес, қыжал кеңесім айтып кеткен. Осы, мына отырған сен екеуің, онан соң, міні, мына Ербол, ерекше Ербол. Үшеуіңнен де аса бір қуаныш алып, ризалық көрген жайым со болды. Үшеуін де жақсы жаса! Бақытты бол! Ел-жұртыңның бағына жаса!.. (Үшеуін де сүйеді, ризалық, үндер.) Ал соңғы рет көтермейік! (Көтеріседі. Гудок.) О, смен бітті! Қозғалу керек.
Дауыстар. Рас, рас! (Бәрі қозғалады. Сәт, Тәнеке, Ербол қоштасып шыға береді.)
Ескендір (соларға). Қарыз, менде қарыз жетер. (Ира, Наз үшеуі қалған.)
Ира. Ал, Наз, мен де қайтам.
Назым. Жо, сен қайтпа, отыр!
Ира. Қайтамын, бірақ алып келген жақсы хабарым үшін түк бермеймін деп тұрмысын өзің? Осы мен соған қайранмын?
Назым. Оңашада айтармын деп ем... Бірақ ал, Ирошка, не тілесең де ал!
Ира. Рас па?
Назым. Әрине!
Ира. Ендеше, мына хабарға қарағанда, сен орын ауысарсың. Сонда қайда барсаң да, мені өзіңнен қалдырмай, баржы қып бірге ала жүр деп сұрамақпын, не дейсің?
Назым (құшақтап). Ира, ол сұрағаның аз, бұл сен сұрайтын нәрсе емес. Менің өзім сұрайтын іс емес пе?
Ира. Не дейсің, Наз?
Назым. Енді қалай деп ең? Сенсіз мен қайда барушы ем.
Ира. Ендеше болды. (Сүйіседі.) Болды, өзгенің бәрі сөз емес.
Назым. Құп! (Ира қоштасып кетеді. Наз құшақтап барып шығарып салады.)
Ескендір. Наз, міні, осы емес пе, менің оңаша, өзіммен-өзім ғана боп құпия қиял ететінім.
Назым. Ескендір, өзім де қуаныштымын.
Ескендір. Рас па? Наз, шын ба? Ендеше, бақыт, шаттық баршасы жайнап, жарқырап бір-ақ тасып жетті ғой... Назым, Назымтай! (Жақындай береді.)
Назым. Ескендір, жалғыз-ақ олай демеңіз, демеңізші?
Ескендіp. Неліктен? Тағы не?
Назым. Асықпаңызшы... асықтырмаңызшы...
Ескендір. Асықпасқа тағатым жоқ. Қиялым өмір боп, шат шындық боп, өзің боп келмеді ме оң қарап?
Назым. Шындық емес, қиял десеңізші. Қиял жүзі жарқын да, шындық жүзі сынық қой әлі... Қиял, менің де қиялым сондай рақат күйдей. Бірақ шыным.... байлауым әлі алыс, әлі қиын, әлі қатты, қысып ұстап, босатпай тұр ғой. (Үнсіз. Тыста Мәрияш, Қаден.)
Қаден. Ой, оңаша қалыпты екі пақыр... (Күлкі.) Шерменделер...
Мәрияш. Түстері де шын шерменде сияқты. Ой, анау келеді, Рәш келеді... Қап!
Сахнаға Рәш жүгіріп шығады. Терраса жанынан доппен ойнап,
өз үйлеріне қарай жүгіріп өтіп бара жатады.
Қаден (лып етіп). Әй, Рәш, тоқташы қалқам!..
Рәш. Иә, немене? (Қалт тоқтап, әдеппен бұрылады.)
Қаден. Қалқам Рәш... Үйге асығамысың? Маманды сағынғансың ғой, а?
Рәш (күлкі). Оны неге сұрадыңыз?
Қаден. Жоға дейім. Мамасын кісі көп көрмесе сағынады ғой.
Рәш. Сіз мен туралы ғана емес, өзіңіз туралы да айтады екенсіз ғой. Қандай қызық. (Күледі.) Өзіңіз де мамасыз, ал мамаңызды және ұмытпағаныңыз. (Күледі.)
Қаден. Бәлі, маманы айтасың түге, кісі папаны қандай керек етеді...
Рәш. Папаны ма? (Ойланып қалады.)
Қаден. Түу, папа мамадан қымбат қой, айтпақшы, осы сенің папаң бар ма? Тірі ме, Рәш?
Рәш (салқындап...) Әкем туралы мен сізге ешбір жауап айта алмаймын. (Тез.) Айтпаймын да...
Қаден. Ойбой, кісіге бәрінен керегі папа ғой, керек қой саған да, ішің біледі ғой, айтпағаның болмаса, папаң болғанын жақсы көресің ғой... (Күледі.) Солай емес пе, Рәш?
Рәш (ыза боп, өзгеріп қап). Фу, жеңге, сіз қандай едіңіз?
Қаден (күліп, Мәрияшты түртіп). Е, қандай екем?
Мәрияш. Қой, көңіліңе дақ салма, уа, қойшы, сен де тіпті?
Рәш. Ендеше, мен сізден әке сұрағам жоқ. Тіліңізге ие болыңыз, үлкен кісісіз, сөйлесеңіз, ойлап сөйлесіңіз. (Үйіне жөнеле береді, тіпті солғын, жүдеу.)
Ескендір. Әлде, әзірше артық болар айтарым.
Назым. Тек ренжімеңіз, Ескендір.
Ескендір. Олай болса, оңаша қалдырайын өзіңізбен өзіңізді.
Назым. Сүйт, сүйтіңізші, Ескендір!
Рәш жүгіріп кіреді. "Мама! Мама!" — деп, шешесін көре салып,
алғашқыдай қуана басады. Ескендір Назбен қоштасып,
жолшыбай "Рәш, милая Рәш!" деп қолынан сілкіп амандасып,
шашынан сипайды да, қайта қоштасып жүріп кетеді. Рәш жүгіріп
келіп, Наздың мойнынан құшақтайды. Екеуі күліп, шат боп
табысады. Назым біртүрлі жалынмен қуана құшақтаған сияқты.
Рәш. Мама, мамушка, мен бәрін есіттім.
Назым. Нені, Рәш? (Қысылып қалғандай.)
Рәш. Нені? Әрине, сенің Мәскеуден алған хатыңды. Қуанғаныңды естідім.
Назым. Кімнен естідің?
Рәш. Ира айтты. Мен сені құттықтауға асықтым. Міні... міні енді! (Мойнынан құшақтап, сүйіп.) Поздравляю, поздравляю, мамушка! Енді сен профессор боламысың?
Назым. Қой, Рәш... жоқ, бос айтады Ира.
Рәш. О, жоқ, жасырма (Күледі.) Профессор мама! ( Күледі.)
Назым. Неге күлесің?
Рәш. Әрине (күлкімен), профессорды қасқа бас, немесе шашы ағарған, сақалы мынандай үлкен-үлкен, өзі тіпті сұлу емес, өзі кәрі шал деп білетұғым. Сөйтсем, мамамдай шашы қап-қара, өзі мама, өзінің шашы және бұйраланған, сондай жас, сондай сұлу...
Назым. Жә, қой енді оны.
Рәш. Иә, рас! (Басқа бір ойға түскендей өзгеріңкіреп, салқын.) Мама, айтпақшы, тағы бір нәрсе сұрайын ба?
Назым. О не?
Рәш. Осы жаңағы кеткен дядя... Ескендір жақсы кісі ғой,ә?
Назым. Рас, жақсы кісі.
Рәш. А, ол сенің жолдасың ба?
Назым (тоқтап). Ну... жолдас!..
Рәш. Қандай жолдасың?
Назым. Қандай?.. Өзің жолдас дегенді қалай түсінесің?
Рәш. Қай жолдасты?
Назым. Ал, мысалы, мектептегі жолдасты айтайық.
Рәш. Ол біртүрлі жолдас, үлкендердің жолдасы басқа ғой.
Назым. Иә, оның рас, басқа да, әртүрлі болады.
Рәш. Мәселен, күйеуі мен әйелі... мама... о да жолдас емес пе?
Назым. Рәш! (Күліп.) Қалай ойлайсың, қызым! Осы сен өсти-өсти мылжың боп кетпес пе екенсің осы!
Екеуі де күледі, бірақ Рәш қайта салқын тартады.
Рәш. Мама, сен менімен мазақ етпей, шын сөйлесер деп ем.
Назым. Солай ма? Ал сөйлесейін.
Рәш. Ендеше, күйеуі мен әйелі жолдас па дейім?
Назым. Олар жолдас болуға тиіс, жақсы жолдас болу керек.
Рәш. Ал, олай болса, Ескендір саған қандай жолдас?
Назым. Сенің білгің келе ме, Рәшім?
Рәш. Иә.
Назым (келіп құшақтап, кушеткаға әкеп, алдына алып, сүйіп отырып). Жаным Рәш, Рәшім менің... Сен биыл 12-ге шығасың. Дәл сендей күнімде менің анам да жалғыз еді. Екеуміз ғана едік. Бірақ ол менімен көп сөйлеспеуші еді.
Рәш. Сенің маман әділ болмаған екен.
Назым. Сен екеуміз көп сырласамыз... солай емес пе? Өйткені бір үйдің ішінде екеу-ақпыз ғой. Сен сұрадың, мен сенен жасырмайтын, жасыруға болмайтын жәй бар. Жалғыз-ақ, сен ренжімей тыңдап шық. Және ойыңа келгенді түгелімен тұп-тура айтып шық маған, жарай ма?
Рәш. Иә, жарайды.
Назым. Сен менен дядя Ескендір жайын сұрадың. Мен саған айтпасам, жасырсам, жарамайды. Біздің арамызда әзір сен сұрағандай жолдастық жоқ. Бірақ ол мені жақсы көреді. Оның маған күйеу болғысы келеді.
Рәш. Ал сен ше? Мама, сен... сенің тигің келе ме?
Назым. Мен сенің кішкентай күнінде сені аяп, ешкімге тигем жоқ. Бірақ мен әлі де кәрі емеспін... Мен сол дядяға тием десем, сен не дер ең? Жалғыз-ақ шыныңды айт.
Рәш. Мама, менің сенімен болғанда еш уақытта ішім пыспайды. Әлде сенің менімен ішің пыса ма?
Назым. Ол ғана емес, Рәш... Мен де, өзге күйеуі бар жандардай, достық, жолдастық тілесем қайтеді?.. Не дейсің?
Рәш (өзгеріп, Наздың алдынан босанып түрегеліп). Мама, мен бұған қарсымын. Менің рұқсатым жоқ. Ол саған жақын болса да, маған бөтен... бөтен... Мама, жаным... тастама мені! (Жылап жібереді.)
Назым. Жаным, Рәш, тек жылама!
Рәш. Мен қорқамын... Мен жетім болам... Жетімдіктен қорқамын. Өзгеден қорықпасам да, жетімдіктен қорқамын, Мамушка! (Жылайды.)
Назым (құшақтап алып, бауырына қысып, сүйіп-сүйіп). Жаным, жаным, ендеше тоқта, жылама. Тыныш бол...
Сен жетім болмайсың. Бітті, болды... Сенің жазығың жоқ, ренжімеуің керек.
Рәш. Мама, маматай, рас па?
Назым. Рас, жаным, тек сен жылама... Мен сенің бұндай көз жасыңа шыдамаймын.
Рәш. Жаным, мамам! Рақмет, ал бірақ неге қайғырдың? Мама, неге? Бұ не? Мама, жылайсың ғой.
Назым. Жоқ, жоқ... жәй әншейін... Тек сенен бір нәрсе сұрайын, бұл сөзді бұдан былай сөйлемейік.
Рәш. Әлде, мама, мен сені ренжіттім бе? Теріс істедім бе? Бірақ мен шынымды айттым ғой...
Назым. Жаным, қой... тоқтат, керексіз сөзді... Мамаң өмір бойы сенің қасыңда болады.
Рәш. Мама, ендеше, тағы бір соңғы ғана сұрауым бар...
Назым. Айт... айт, Рәшім... алтыным!
Рәш. Мама, менің папам, өз папам қайда осы? Өлген бе, бар ма?
Назым. Папаң өлген жоқ, бар...
Рәш. Оны маған неге айтпадың сен?
Назым. Мен сені аяп айтпаушы ем? Бірақ айтпақ едім осы жылдар. Сен үлкейдің ғой, ақылды болдың ғой, енді айтамын.
Рәш. Өлмесе, бізді неге тастап кеткен?
Назым. Ол тастаған жоқ, екеуміз ықтиярымызбен айрылғамыз.
Рәш. Неге айрылдыңдар?.. Кім кінәлі еді?
Назым. Кінә болғанда ешкімде де жаман ауыр кінә жоқ еді. Ұрыстық та, айрылып кеттік. Ол да, мен де қыңырлық еттік. Болмаса, ақылды болсақ, үлкенірек болсақ, айрылатын нәрсе жоқ еді.
Рәш. Ол қазір қайда? Менің барымды біле ме?
Назым. Сенің барыңды біледі... Сені жақсы да көретін. Бірақ қазір қайда екенін білмеймін, бірнеше жыл болды хабарсыз кеттік.
Рәш. Неге? Ол мен үшін алимент төлемей ме? Онысы несі?
Назым. Төлеуші еді. Соңғы жылдар мен қызметке шыққан соң: "Жібермей-ақ қой, тапқаным Рәш екеумізге жетеді" деп өзім арашы еттім.
Рәш. Мама, папам, менің папам... жақсы адам ба еді?
Назым. Жақсы адам еді, Рәшім.
Рәш. Ендеше, саған шынымды айтайын, маматай... Мен әкемнің түрін ұмытып қалсам да, сағынамын оны... Бар баланың әкесі бар, өз әкесі бар... Әкем керек. Ол керек маған. Мен сондай жақсы көремін. Іздеймін оны. Мамушка, өтінемін, жалынамын... Қайырып бер менің өз әкемді! (Жылап жіберіп, тізесіне тұра қалып, екі қолын төсіне қояды, көзінен жас тамшылап тұр.)
Назым. Жаным... жаным... Рәшім менің. Мен сені қинаған екем... Өзімнің орынсыз оңаша, өзімшіл тілегіммен қинаған екем сені, кешір мені...
Рәш. Әкем, туған әкем қайда?
Назым. Бұл сөзіңді, бұл түріңді ұмытпаспын. Іздермін әкеңді. Қарыз тұттым, жаным, тұңғыш тілегіңді. (Қатты қысып сүйеді.)
Шымылдық
ЕКІНШІ АКТ
Екінші сурет
Бір жақта Назым үйі. Алысырақта шахтаның аузы. Орта тұсы
кеңдеу алаң. Шахтерлердің үлкен тобы сменге барғалы әзірленіп
жатыр. Араларында әйелдер де бар. Жиын ортасында Сәт те
киініп жатыр. Етік киіп, (...) шәпке киіп жүріп, сөйлеп жүр.
Сәт. Үнсіз түйілген қабақ, түтіккен жүздерің өзі де жүйрік тілден жетігірек қаныңды кернеген қайратты айтады. Ызалы, ашулы қайратты айтады. Білесің, ұғасың тегіс, дәл бүгінгі күнде, дәл осы сағатта сен, сан миллион еліңмен бір кеудемен тыныс алып тұрсың. Тыңдап шықтың, жаңағы әні әлі құлағыңда тұр. Достарым менің деді. Еркек, әйел, кәрі-жас, орыс-қазақ бәріңсің — ол айтқаны, Қарағанды шахтері сенсің — ол атағаны. Өздеріңнің атыңнан барып, кездескенім көз алдымда. Өзгенің көбі Қарағандыдан келдім десең, не дейді? Табыс қалай? Өнім қайсы? — деп келеді. Ол адамның ең алғашқы сұрағаны тіпті бұл емес...
Сұрағаны: жұмысшының күйі қалай, көңілі қалай еді? Достарым деп бастағанда, досы шын сен болатынсың, сенің де ұлы жанды үлкен досың сол өзі. Жалынды үні жәй жауап емес, жан жауабын тілейді. Бар жүректе бір тасқын, бар кеудеде бір-ақ үн. Барлығымызда бір-ақ ұран екені рас, ендеше, ендігі серт пен сын да біреу-ақ. Барыңды бірге сай, ол бірің ісі — еңбек ісі, іс жауабы. Міні, сондай жауаптың бірін қазір осы өз ортаңнан шыққан бір азаматтың алдына тартады. Ол өзіміздің осы қауым өсірген өктем жас — Ербол. Қазір оның сменесі кезегін аяқтап, шахтыдан шығып келеді. Шығып келе жатқан бригадасының ізімен азаматтық зор жарастық айғағы бірге ілесіп келеді. Бүгін ертемен радионың ең алғашқы хабарын ести сала кетіп еді. Содан бері шахты ішінен диспетчерлер сағат сайын (...) тұр. Жеті сағат өткенде бригадасы, биыл, жыл бойы, ешбір бригада беріп көрмеген әр табысының белінен асыпты. Өз басы сол кезде төрт жүз проценттен өтіп еді. Қазір қаншаға жетіп шықты білем. Анау солар, Ерболдар емес пе? (Шахтыдан бір топ адам шығып келе жатады. Күрек-қайлалары бар. Ортада Ескендір мен Ербол. Тәнеке күліп келе жатады. Қолдарында лампалары бар. Бұндағы жиын қуанып қарсы алады.)
Дауыстаp. Әне шықты өзі де!
— Кел, кел енді!
— Айт тез, өніміңді айт!
— Ербол, Ербол, білдір бізге!
— Инженер айтсын! Ескендір айтсын!
Ескендір. Кесек істің тілі де келте. Сырының өзін айтсаң, барлық тілден сол шешен. Қарағанды шахтерлерінің жауға берер жауабының әзірлігі, алды осы. Барлық учаске бастықтары, бригада бастықтары және өңшең ірікті стахановшылар, осындасың. Тек қана бірнеше қадау-қадау кездерді естеріңе салайын. Былтырғы жолы бар Қарағанды шахталарына осы Ербол бір бәйгелі бір цифр көрсетіп еді. Ол күні 50 тонна берген-ді. Оның өзін ерен қимыл деп едік. Күздігүні соны кеп, Пенкин басып озды. 57 тонна беріп еді. Бәріңнің де есіңде, биыл көктемде басына тас түсіп, жарадар болатын күні ең үлкен рекорд нормыны қарт шахтер Тәнеке беріп еді. Оныкі 67 тонна болатын. Ал Ербол осы он күн ішінде екі түрлі үлгі көрсетті. Жақында ғана арасына жік салмай, демалмай, екі сменді бір-ақ тартып шығып еді. Ол қимылын ертегідей көрісіп ек, бүгін, міні, басқа бір қияға қыранша екпіндеп шығып тұр. Білдіңіздер ме? Қазір Ербол бригадасы тұтасын алғанда 400 процент берді. (Жұрт сүйсінеді.) Ал Ербол өзі бес жүз отыз процентін толтырып, 80 тонна беріп кеп тұр. Бұл табыс соңғы жылдардың ең үлкен цифры. Навалоотбойщиктердің қайсысын алсаң да, бұндай көмірден дәл осындай өнім беріп көрген жоқ. Ербол табысы жалғыз Қарағанды емес, барлық Донбасс, Кузбасс сияқты үлкен өнімдердің барлығы үшін ең алдағы, ең зор рекорд. Навалоотбойщик Ербол Союзде бірдің өзі боп шыққанын қазір радио, қазір біздің Нарком барлық Одаққа паш етеді. Білдірмегім осы-ақ. Бүгінгі біздің елдің, еңбек елінің ашуы үнемі осындай серпінмен бет қойса, қарсымызға шыдап қалар қара күштер жоқ. Осы табысына қалай жеткенін Ербол өзі айтып берсін сендерге.
Дауыстар. Ербол, Ербол!
— Ал бақи, айтып бер!
— Айт, өзің айт!
— Азамат! Ербол! Айт кәні, айт!
Ербол. Ал тоқтай қал, айтайын! Қалай жететінді айтайын. Достар, менің де осы тұрған өзге бәріңдікі сияқты адал, момын әке-шешем болған еді. Өмірлерінде көп-көп тілек тілеп, азғантай мұратқа жетпей, күңіреніп өткен көп шерменденің бірі еді. Сол бейшара, жазықсыз ата-ана тұңғыш ұлының атын Бибол қойыпты, екіншісін Байбол депті, кенжесі мен екем — Ербол депті. Тұңғышы Бибол, "би бол" десе де, би түгіл, керек десе, бір күн бүйірі тояр күй көрмей, күл болып өліпті. Байбол, Байбол деген екінші баласы да бай бола алмай, бай қойының шетінде 25 жасында, ақпанның ақтүтек боранында, ел-жұрттан адасып, ығып кетіп, осы бүгін Қарағанды тұрған жерде тоғыз күнде, елсіз ит жонда үсіп өліпті. Ал үшіншісі, бар қалғаны, ендігі тірісі мен, Ербол! "Ербол" деп соншалық жазықсыз тілекті өле-өлгенше өзгеше тілеп өтіпті. Жә, осы, бір емес, екі емес, осы бірде-бір тілегі келмейтін сол менің әке-шешемнің жазығы не? Ата-ана Ербол деген тілекпен (...) комсомолы мені ер болғанда былай деп тәрбиелеген жоқ па? Қалың қауымым! Қадірмен халқым! Қарағанды бесігім!.. Менің енді бүйтіп жүре беруім жол емес, уа, бірдеме болуға керек.
Тәнеке. Бірдеме дейтінің не, ер боп тұрған жоқсың ба?
Ербол. Жоқ, ол емес, мен үмітті өрге айдадым. Ұлы достың бүгінгі өзгеше үнін естіген соң мен бұл жерде қалмаймын. Міні, достар, мен өзімнің әскери бөлімімнен, зеңбірек полкінен телеграмм алдым жаңа. Мені майдан шақырады!.. Соған аттанам, ақтасам шыңдап сонда ақтаймын сеніміңді. Ал және бір серт айтайын... Жау танкісі, әзірейіл бір зеңбірек бар. Мен соның әп-әдемі мергені, атқышы болатұғым, тура әрбір нысанам фашистің бір-бір танкісі болсын, міні, жортқанда жолың болсын дейтін тілек, талабым осы болсын...
Дауыстар. Уа, жолың болсын! Бақытты бол, ер болып қайт!
— Азамат, асыл азамат!
Ербол. Ал, мынау менің бүгінгі рекордым, бар ғой, мен қайтқанша тапжылмай бір орында тұрып қалмасын. Ағайын, айтып қояйын, үйтіп мені сыйламай-ақ қойыңдар. Былтыр 50 тонна берілгенде соны да жардай көріскен едік. Биыл содан талай жан басып озды ғой. Бүгінгі 80-де сол, жеткізіп озыңдар. Бір ер кісі емес, көбің жетіп озыңдар. Ал жауды жайлап, қайтып келген соң, шынымды айтып қояйын, озғаныңды ұзатып мен де қоймаймын. Келген соң рекорд үшін қайта алысам. Ал жақсы, мінеки, достар, тәтті сөзбен айтысқан риза қошымыз осы болсын. Қош, ағайын!
Жұрт шулап, құшақтап көтеріп алғандай болады.
Осыдан аз бұрын Назым келіп, Сәт, Ескендір,
Тәнекелермен амандасып сөйлесіп тұрады.
Сәт. Япыр-ай, мен мынау сменмен бірге шахтыға түскелі жатыр ем. Тығыз болды-ау.
Назым. Жо, түк тығыз емес, Сәт аға! Осы жерде қош айтысам да жүрем, биттей бөгелмеңіз.
Сәт. Жоға, тоқташы.
Дауыстар. Немене, Наз! Назым! Наз апа!
Ербол. Наз, немене, хабар бар ма?
Назым. Бар.
Ербол. Қандай?
Назым. Өзіңдей.
Ербол. Айналайын, ер апа!..
Сәт. Тоқтаңдар, шахтерлер, сендер бүгін Отаныңды қару ұстап қорғауға, майданға барып қорғауға ер-азаматты бір аттандырсаң, енді міні, тағы бір ер қарындас бауырыңды да аттандырасың. Батыр — ұлдан ғана шықпайды. Батыл жүрек еліңнің қызыңнан да шығады. Осында басың ауырып, балтырың сыздаса, сүйенішің Наз еді. Талабыңды ажалдан да алып қалған аяулы еңбегі бар еді. Асыл қарындас Наз, біздің шахты коллективінің үлкен білгір, азамат, сүйікті ері еді. (Назым жүргелі тұр.)
Дауыстар. Не дейд, қазір ме?
— Майданға ма?
— Наз, қашан байладың? (Жұмысшылар қоршалайды.)
Тәнеке. Наз қарағым, сен қайда жүрсең де, майдан ерінің жұмысын атқарушы ең. Мұнда да азаматты ажалдан алып қалған еңбегің аз ба еді? Сенен бұрын біз барсақ нетті?
Назым (күліп). Дос жүрегің жақсы екенін білемін, қайран Тәке! Бірақ неге барам деп күдік айтып кідіретін күн емес, жөнім айқын, жолым жарқын. Ел Отанды ер қорғаған, ер өмірін біз қорғаймыз. Қанша тілеулес болса да, кетпе деген кемшін тілек болмас па еді?!.
Тәнеке. Қарағым-ай! Айтарымның ар жағындағыны өзің көресің. Не дейін бірақ, әттең, кешегі сені тапқан шешең, немесе одан арғы әжең сорлы көрер ме еді, бүгінгі сені!.. Тым құрыса, арада бірнеше (...) аралаған жоқ, солардың ғана күл түбекті күйкі бесігінен туып, сенің бүгін осындай бөгде бітімді адам боп шыққаныңа сенер ме еді?! Сол бауырлар не дер еді?
Назым. Тәнеке-ау, оны мен туралы ғана айту керек пе екен. Осы тұрған өздерің, тіпті осы туған Қарағандың туралы неге айтпайсың? Балалығымыз осында өтті. Кеше ғана осы Қарағанды, Балқаш орнында не бар еді? Бұдырсыз жонда бөгетсіз ескен жел мен еңсесі төмен ел бар еді. Көл бетінде көбіктей, ана сайда бір көпіршіп шығып, ана бұлақ басында бұрқ етіп көрініп, артынан сол көбікше жарылып, басылып, панасыз киіз үйлерге не жүреді... осы ит жонның жотасында Арқа желі айдаған қаңбақтай тиянақсыз, тұрақсыз, әлсіз елдің айласыз тірлігі бар еді. Арманды әжелер, аңыраған аналар өтті. Күндік, көрбалалық, сатымсақтық күйде қыздар өтіп еді. Сол бұдырсыз белдер, бүгін байтақ, балқын Қарағанды болды. Жиырма жыл бұрын туса, я көп қатынның бірі, я жаралы жүрек жесір, немесе жылаулар, күң болып мен өзім де жүрмес пе ем?! Осындай оқшау күн елімнің Отан тапқанын, ұл емес, қыздың асқар асу бел асқанын өзгеше танытып тұр. Таныған бақ, жақсылығымды соншалық ыстық, сондайлық нұрдай жарқын етіп тұр жүрегімен. Сондықтан, кешегі күй болған ананың, бүгін гүл атқан қызы мен болсам, әсіресе сол аналар атынан, аналардың бүгінгі өскелең, өзгеше қыз нәсілдері атынан, тура Отан қорғаймын деп аттанам. Жігіттен ер шықса, қыздан сол еріңізге дос, майдан досы шықсын дейім. Халқым, елім, Отанын қорғар қыршынын қызынан да көрсін... Көрсін де сенсін, жарық, нұрлы күшіне сенсін! Күңгірт тартпас, күмілжімес күшіне сенсін... жігері ассын, кеудесі өссін! Ерлік қажырмен сіздер қалыңыздар (күліп), сіздерден алған от-жалынмен біз тартайық, бақыл болғын, осы болсын, аға мен інілер, апа менен сіңлілер?!
Дауыстаp. Қайран алтын қарындасым-ай!
— Қадірлі, аяулы Наз!
— Жолың, жолың болсын, қарағым Наз!
Тәнеке. Сенің мынау сұңқардай саңлақ серпініңе тым құрыса, мұндағы еңбегіммен ілеспесем, ағаң болмай қалайын, қарағым!..
Сәт. Жолың болсын... Жақсы Наз, асыл Наз! Аттанарда бір-ақ нәрсені көңілде тұт... артында асқар алып елің жатыр, арланым деп аттандырмайды, алтыным деп жөнелтеді сені. Қандай қиын күйлер шеккен шағында, көңіліне көңіл қос, ерлігіңе енбегің қос, айнымас дос, жұртым жатыр деп бар. Өр тепсеңге өрімдей боп өрлей біткен қарағайдай қалың қол... Қарағанды халқым жатыр деп біл!.. Қай қиында қасында ұмытпайтын, тастамайтын досың бар, жадында тұт осыны. (Күліңкіреп.) Ал, енді еркіне жіберсең, мына Тәнеке тағы ұмтылады. Осы жолы барша шахтер туысыңның атынан, өкілі өзім боламын, бері тақа, қарағым, Назым! Анау ақылды маңдайыңды енді өзім сүйем! (Сүйеді, Ерболға.) Кел бері! (Оны да сүйеді, ажарлы түспен.) Қарағанды шахтеры тілек-талабын жалынып айтып көрген жоқ. Жалындап айтатын шарт сол-ақ. Ер боласың, ер болмай кім боласың?! Бұндағы жұртыңның саған айтар жол болсыны сол... ал екеуіңнің екпінің мұнда, еңбек басында қалатын бізге, бастан-аяқ бәрімізге, ер сертімен тең болсын. Ендігі қайрат-қажырмен қарысатын қайсар күннің толқыған аса түбі болсын! (Жұрт тегіс қостайды.)
Бағанадан топ ішінде Қаденмен қатар тұрған Мәрияш ілгері басады.
Мәрияш. Әй, жігіттер, тарқамай тұрып, бір ауыз сөзімді тыңдаңдаршы. Менің қайным Ербол сапар тартып барады. Жаңадан тамырымды қайнатқандай, мынау Наз сіңлімнің де сөзін ұқтым. Бұл күнге шейін бұланысып кеппін. Таңертеңнен бері толқып жүр ем, енді мен де шахтыға түсем, ана қайнымның орнына өзім барам. (Жұрт сүйсінеді.) Бармай нетем, ертеден қара кешке байым қызмет етеді, қайным қызмет етеді деп, құрдан-құр бір террасыдан бір террасыға, бір есіктен бір есік, бір терезеден бір терезеге жүгіріп, Қаденге еріп өсек, жыр тасып жүрем бе? Жазыңдар, алыңдар мені!.. (Жұрт қостайды.)
Қаден (тамсанып). Ойбай, сорақ! Түс көріп тұрмысың, әй, қатын! Ақ сөйле, байғұс.
Мәрияш. Түсті малдансаң, өзің малдан енді.
Қаден. Өсек деп, Қаден деп, өсек... Қаденге жабысып қалған талақ қой деймісің... Маған, Қаденнің о шолжыңы кең-байтақта шығар. Сен танығанды мен танымайды ғой деп пе ең? Ендеше, өсектен саған жетекші болсам, әлде болса алдыңа шығам. Сол еңбектен де жетекші сен болмайсың. Мен болам. Жаз мені де, ал мені, Сәт!.. Ана Ербол істеген набалатбойға жібер тура... Өсек! Өл де маған... ол ет пен терінің арасында жүрген бейбіт күннің бір желігі шығар. Көрсетейін мен саған, айда қазіргі сменнің өзіне жүр, бітті. (Спецовкаға ұмтылады.)
Дауыстар. Уай, ерлер!
— Сөз-ақ!
— Жаса, жалында! Жаса біздің жеңгелер!
Сәт бар барлық жұмысшы Ербол, Назбенен қоштасып, Қаден
мен Мәрияшты ертіп шахтыға тартады. Ербол ілгері кетеді.
Ескендір екеуі ғана Наз оңаша қалған.
Ескендір. Наз!
Назым. Ескендір... (Қисайғандай үнсіз қарасып қалады.)
Ескендір. Білемін, ендігі сөздің бәрі бос, бәрі артық.
Назым. Дос тілеуі артық емес, Ескендір.
Ескендір. Нені айтам, қиналамын, қимаймын. Қызғанам да, қызығам, Наз!
Назым. Қызғана?
Ескендір. Соншалық сұлу серпіп, қанат қақтыңыз, қасымда тұрғандай, жақын сияқты едіңіз, қара үзіп шырқап кетіңіз, тым құрыса, ере кетсем, бірге көрсем нетті.
Назым. Сіз мұнда керексіз, орныңыз мұнда.
Ескендір. Жалғыз ғана жан тынысымды айтуға рұқсат беріңіз. Ұмытпаймын, ұмыта алмаймын... сақтаймын, сақтаған бойда алып өтем... Барлық ұзақ айрылудан, барлық бұлдыр күннен алып өтем, айнымай, Наз!..
Назым. Ескендір, өзіме-өзім түйген шындықты жасырғаным жөн емес... айтпай кетсем, жарым көңілмен енжар болып кетер ем, арылып, ашылып кеткім келеді. Әділет соны тілейді. Мен сізді сүйер көңілімді балам үшін, Рәшім үшін тыйғамын... аса алмағам... аналық арымнан, біліңіз, ұғыңыз, жаным, осыны!..
Ескендір. Солай ма еді. (Үнсіздік.) Несін айттыңыз, бірақ мен құпия тілегімнен тыйылмаймын бәрібір.
Назым. Жоқ, мен мынандай сапарға бірыңғай, бірбеткей, кең көңілмен кетем... Сол шарт, сол қажет, тоқтай білейік осымен...
Ескендір. Тым құрыса... соңғы, ен соңғы "қош!" дер сөзді өз жүрегімнің күйімен айттырсаңыз етті...
Назым. Біз кінәсіз, кіршіксіз жақсы, жарқын дос көңілмен: "Қош, қош!.." десеміз! Міні! (Ескендірді сүйеді де, қолын қатты сілкіп "Қош!" дейді.)
Шымылдық
Үшінші сурет
Партком хатшысының кабинеті, алды коридор.
Асанов (жалғыз өзі. Аздан соң Ербол кіреді). А, кел, Ербол, сенің майданға аттануыңмен жалғас, мұндағы комсомол жұртшылығың, партия жұртшылығың жақсы байлау жасады. Соғысқа кіргенде партияның нағыз ұлы боп кіремін деген өтінішіңді қабыл көрді, бүгін горком бекітті. Документің, жұмысың, бәрін реттетіп жатырмын.
Ербол. Жарады, жақсы. Ризамын! Сәлем деңіз, сондайлық сенім көрсеткен аға жұртшылыққа!
Асанов. Құп, құп! Жә, бүгін жүремісің?
Ербол. Бүгін.
Асанов. Бұнда тапсыратын жұмыстарың... әлде бірер туыстарың бар ма?
Ербол. Туыстар, әке-шешемдер болса, оларым жоқ. Шүйкебас десе, ол әлі оралған жоқ... (Күліседі.) Кез болмадық қой, өз обалың өзіне деп тұрмын... сөйтіп бірінен ерте айрылып, бірін әлі таппай жүрген дер кезім еді.
Асанов. Иә, басқа қыздарың жоқ па еді?
Ербол. Жақыным, осында жалғыз жеңгем Мәрияш еді. Ол егессем, Ерболыңнан өзім озам деп шахтыға түсті.
Асанов. Иә, естідім.
Ербол. Сол... (Назым кіреді. Асанов түрегеп қарсы алады.)
Асанов (Назымға.). Ал, отыр. Рушет жөнін тапсырып едім... білдің бе?
Назым. Документімді беріп шықтым, реттеп жатыр.
Асанов (екеуінің қасына отырып). Ал, екеуің бүгін аттанасың, достар! Бір ғана сөз бар, үгіт емес, үгіттеген сөзден де өздерің үнсіз істеген осы істерің, осы мінезің сонағұрым зор өнеге, анық үлгі... екеуіңнен бір-ақ жайды сұрайын... бүгін Отан өңшең аяулы жандарын аттандырып жатыр, зауыттан, шахтыдан, ғылым-өнерден, қалың колхоздан кетіп жатқан ұл-қыздың ішінде бірің асыл емес адамың, аяулы емес азаматың бар ма? Шетінен бірін мыңға балайтын емес пе еді? Совет адамы деген адам... Міні, солар қатарында сендер де барасың, бірақ көп бөлек болса, сол көптің ішінде сендер тіпті бөлексіңдер... бөлек болатын жайларың да бар. Үмітпен ұл өсірген, құрметпен қыз өсірген Қазақстан халқың бар. Бірақ, шынын айтайын, анық ұлы дүбір дүниелік сайысқа түспеді. Ол бұрын асқар меңгерген алып денелі, алтын Отанның ақ мұраты үшін алысқанды көріп пе еді, біздің ата-баба?! Жоқ еді ғой... Бірақ жарыққа шықпаса да, бойына құт-қазына, ер-қайрат жиып келген қадірлі халық еді сенің де халқың! Сол жұртың бүгін де қаны, жаны қайнасқан, туысқан 200 миллиондық бауырлармен білек біріктірді, иық сүйесті. Біз Отан үшін намыс етсек... оның ішіндегі бұрын бойдағы қайрат, ойдағы қасиет, өктем күш сыналмаған, алғаш сыналғалы отырған халқымыз үшін тағы намыс ететін мезеттеміз, өзгеден өзгешесін дейтінім сол. Аяулы асыл еліңнің тұңғыш, тұнық күшін, тұңғыш тасқын ерлігін сарапқа салатын сендермісің деймін! Білемін, екеуіңді әкетіп бара жатқан өзгеше ұлы сана бар. Жана адамның жан көрмеген қасиетін ашады бұл күндер.. сендер соны сарапқа салғалы барасың, өзге дүниеде анау, жау жағында соғыстан бұрын жеке адамда бір өмір болады да, соғыспен бірге үміт те, тірлік те, барлық бастан-аяқ өмір де тамыр түбі қобырайды, күрт құлап өзгереді. Біз де, осы соғыстың өзі де совет адамының өмір, еңбек жолындағы у-ду өрлеуінің бір сатысы ғана сияқты. Біздің адам соғыстың үстінде де өзінен жұрты үміт еткен сапасын табады. Осылай емес пе? Сендер де осындай ірі сана, өзгеше, үлкен, жігерлі жүрек бастап барады деп білем. Ендеше, дәл осы халде өз көңілдеріндегі анық шын күй қандай? Екеуіңнен соны естісем деп едім... Айтсаңдар нетеді?
Назым. Жақсы сұрау, ал бірақ осыған әуелі Ербол айтса екен.
Асанов. Рас, Ербол бастасын.
Ербол. Жо, жоға, жолдастар, әуелі мен емес, Наз, Наз апа!..
Асанов. Е, тегі, немене?
Ербол. Е, енді бұл кісінің жолы үлкен ғой.
Назым. Жарайды, мәнісің бас берейін деп пе ең? Айт, сен баста.
Ербол. Жоға, апатай.
Асанов. Үй, бұның не?
Ербол. Япыр-ау, тым құрыса бір көйлекті бұрын тоздырғаны бар ғой, Наздың. Ұғынып өнеге алмаймын ба?
Асанов. Ойбоу, мынаны қоя тұрайық.
Назым. Ендеше, Асанов жолдас, сіз осы күнде адамның ішінде жүрген бір күйді, айтылмай ойда жүрген бір тілді қозғадыңыз. Мен бұның жауабын тура ашық бір сырдан бастайын. Сыр дейтінім рас, анық өзі еді. Тұтас, айқын, бір шындықпен кеткім келеді. Сондықтан айтам... Соғыс жарияланардың алдында мен өзімнің оңаша, бойдақ өміріме бір тосын өзгеріс кіргізуге тақап қалған кезім бар еді. Іштегі жүрек күйінің соңына ере бастап ем... солай бір толқып барып қалған кезімде, балам, қызым жайы ойға салды да, жеңіл жүрек тілегін аналық қарызына жүгіндіріп ем. Бала, бала қасында ана... деген халда бір ерекше қасиетін танығандай, жалындап танып ем. Бүгін болса, енді сол жеңіл көңілді де, сол аналықты да басқа бір биік қарыз жеңді. Ақылмен, толғанумен, толқумен жеңгем жоқ. Осы күндерде айналадағы дос-бауыр бар, баршасына соншалық бір жақсы, жақын жанасып, сырын сыртқа қосқың келеді. Сондықтан айтам, жаңа ниетке, осы жолға бет қойғалы, жүрегіме өмір бойы бітпеген бір қанат біткен сияқты. Тірліктің әншейіндегі ұсақ, өткінші, оңғақ мақсұты бәрі басылып, іштей үлкендікке, өзгеше бір, ірі үлкендікке басқан сияқтымын. Бар тірлік-қуатым ағарып өскен сияқты, одан соңғы, іштегі, екінші сезім-санам не? Оны өзін айттың, жақсы айттың, мені жетектеген күйдің бірі сол, өзің айтқан екені рас. Міні, мен осылай дер ем...
Асанов. Рас-рас, дұрыс! Ал, Ербол, сен ше?
Назым. Кәні, сен айтшы.
Ербол. Мен бе? Мен айтсам "Ал бақи, а дегенде әнім салты" сияқты.
Асанов. А, айтпақшы, осы сенің "Ал бақи" дейтінің немене өзі?
Ербол. Е, ол өзіміздің әлгі шудасын басқан ақ бурадай, ақын Тасубай бар емес пе, соның бір өзіме жаққан лебізі еді. Қайран қарт, қартайды ғой деп, әдейі мұра қып ұстап жүрмін.
Асанов. А, солай ма? Ал, иә.
Ербол. Сөйтіп, "ал бақи дегенде әнім салты" дегендей, мен осы соңғы кезде, соғыс басталғалы бір ызаға міндім бе? Ашумен алып ұшқан арыным ба? Әйтеуір, осы, үнемі ойыма ерлік жаю оралады да тұрады. Сөйлесем соны ғана сөйлегім келеді. Жаңа өзіңіз жақсы айттыңыз, халқың, жұртың бар... ол ерлікті қасиет тұтқан, намыс, елдің намысы деген сөзіңіз әсіресе ұнады. Мен қазір, бүгінгі ер мен бұрынғы ерлерді үнемі түсімде көрем тіпті. Сонда азапты мазақ, қатерді қалжақ еткен анау ер Жәнібек, анау ер Қобыланды, мынау Шанез Шапаевты бар ғой, қазір осы аса жақсы ұққан сияқтымын. Қысқасы, ел ұялмас, ер ұмытпас жол тапсам керек дейім, осы жолы. Бір тәуір іс бастайтын сияқтанам да тұрам өзіме, ал енді, онан соң шынды айтыстық қой бәріміз де, ойда жүрген соң ұят та болса ірікпейін, талабым тіпті-ақ зор. Тым құрмаса, дәл осы Қарағандының соғыстан соң туған бірнеше ұлының атын "Ербол" қойса екен деген қиялым және бар. Сөзім сол-ақ, ұрыспаңдар тек.
Асанов. Дұрыс, дұрыс екеуіңнен де жақсы лебіз, жан сөзін естідім, жалынды жандардың сөзін естідім. Қызығар да, қуанар да сөз екен. Бақытты болсын, зор бақытты болсын сапарларың... (Өзгеріп.) Ал, айтпақшы, Наз... сенің қызың, Рәшің, жүретініңді біле ме?
Назым. Біледі, білген болар қазір... (Рәш пен Ира кіреді.)
Рәш. Мама, мен естідім, мама.
Назым. Иә, ал не дедің? Не дейсің?
Рәш. Рас айтайын, әнеугүні ақылдасқан сөзің бар еді ғой, есіңде ме, әнеугүні түнде?
Назым. Есімде, Рәшім.
Рәш. Ендеше, ол сөзді, ондағы ойыңды естігенде жыласам, мынаны естігенде жыламаймын. Рас, мен сені қимаймын, аяймын. Бірақ, тағы бір жақтан қуанам, білесің бе, сен үшін, менің сондай жақсы мамам үшін мақтанамын. Қуанып мақтанамын... Мама! (Құшақтайды.)
Асанов. Рәш, Рәш! Жігітсің сен, осындай жақсы мықты жігіт екенсің-ау, сен! Жарайсың. Ал сен екеуміз бұл арада көп жұмыс етеміз.
Рәш. Рас оныңыз, жұмыс бар. Бізге де жұмыс, міндет көп, мама, бұған көмек те көп керек, дядя Асанов, сіздің көмегіңіз. Сәт ағаның көмегі керек.
Асанов. Жақсы айтасың, мамаңды жүргізген соң біз екеуміз білекті белсеніп тұрып, іске кірісеміз. Ал, Ира, Ира, сіз де жүресіз бе?
Ира. Жүремін. Назым екеуміз бар жерде бірте болмақ сертіміз.
Асанов. Мақұл, жолың болсын, ер санатта атың шықсын, Ира!
Барлығы Асановпен қоштасып шыға береді.
Наз бен Рәш коридорда, Ербол мен Ира бір.
Рәш. Мама, жүресің... жолың болсын, бақыт, үлкен бақыт тілеймін саған.
Назым. Жаным, Рәшім! Тыныштық уақытта мамаң сен үшін бар дүниені қияр еді. Анаң балам, Рәшім деп қана тұра алар еді, ол қазір соғыс келгенде сенің анаңның анасы, үлкен анамыз, бәріміздің анамыз — Отан-ана мендегі қарызын тілейді: аналық қарызын тілейді.
Рәш. Сен ол қарызын жақсы атқар, өзің үшін де, мен үшін де атқар, мама... (Сүйіседі.) Онан соң, маматай, менің әнеугі тілегім, әкем, әкем турасындағы тілегім, шын тілегім болатын.
Назым. Оны мен түсінемін. Қатты ұғынғам, Рәшім... Іздеймін, ұмытар деп ойлама. (Екеуі құшақтасып жүре береді.)
Ербол (Ираға). Ира, алтын шаш, айнам Ира.
Ира. Қой сен, қиын сапарға жүргелі тұрмыз, қылжақсыз сөйле.
Ербол. Мен өзім бақсы, балға сенбейім, бірақ бар той, мына бір жүретінімізге сондай ризамын. Есінде болсын, оның түбі тек болмайды.
Ира. Фронтта да айырылмасақ екен, жақын бөлімде, немесе тіпті сенің бөліміңнің қасындағы санчастьта болсам екем. Сондай қуанар едім.
Ербол. Аумин дейік. Жарадар болайын. Жарадар болсам, жанымда жақсы Ирам болсын. Ризамысың осы байлауға.
Ира. Ербол, қызық... Қымбат Ербол, тек бір бөлімде болсақ екен! (Екеуі қол ұстасып қозғала береді.)
Шымылдық
ІІІ АКТ
Төртінші сурет
Майдандағы армия. Шымылдық ашылғанда, төбеде шүйіліп
жүрген самолеттердің мотор үні естіледі. Бірде жақындап, бірде
алыстағандай. Жым-жырт сахнаның орта тұсында, алысырақ
төрінде бір кішілеу шырша тұр. Беріде, сол жақ шетте кішкене
көкшіл төмпешік бар, шөмеле сияқты. Оң жақ шетте, алысырақта
аласалау ақ қайың бар. Сахнаның орта тұстары қалың көк шөп.
Орылған шөп сияқты. Төрдегі шыршада ары бір түп үлкен
қарағай, соның бұтағының арасында бір ғана командир
жасырынып, бинокльге қарап тұр. Басы, бойын қарағаймен,
бұтағымен шырмап, қалқалап алған. Сахнаның ең бергі шеті,
оркестр орны батарея адамдарының паналау орны — укрытиясы
сияқты. Самолет моторлары гүрілдеп жүрген кезде сахна бойына
сол жақтан, оңға қарай созыла шығып, қатты сыбырдай, айқын
естіліп тұрған келте-келте сөздер келеді. Қарағай басындағы
жақын сақшының үні. Әредікте, алыста зениткелер атылып,
снарядтар жарылғаны естіліп-естіліп қояды. Жаңағы дауыс
осы үндермен кезектесіп келеді.
Сақшы даусы. Жау самолеттері! Шолғыншы самолеттер! Тақап келеді. (Алыста зенитке атады.) Самолеттер қайта бастады. Тағы оралды, қайта кетті, жау жағында қозғалыс! Шабуылға әзірленді.
Осы кезде көк шөптер арасынан жапырақтар мен бұтақтарды
басына, иығына қондырған майор шенді Нұрлан көтеріледі.
Қасында адьютанты, политругі бар.
Нұрлан (команда береді). Дивизион, соғысқа!
Сол командамен сахна тегіс жанданып кетеді. Жер астынан
шыққандай боп старший лейтенанттар, лейтенанттар,
сержанттар, жай әскерлер көтеріледі. Төрде, алысырақта тұрған
шырыш ағаш жылжып қозғалады да, соның орнынан бірінші
зеңбірек көтеріледі. Айналасына командасы жиыла қалады, бергі
сол жақ бұрыштағы төмпешік жылжып қозғалады. Астынан
екінші зеңбірек көтеріледі. Бұл екі зеңбірек дивизионның оң жақ
флангісіне уступ ретімен орналасқан, сол команда бойынша оң
жақ шеттегі ақ қайың орнынан тайқып пулемет ашылады.
Нұрлан командасын батарея бастығы Ербол қайтарып айтады.
Ербол. Батарея, соғысқа! Сырттағы команда. Взвод, соғысқа!
— Бірінші зеңбірек, соғысқа!
— Екінші зеңбірек, соғысқа!
Шәршен (пулемет бастығы). Пулемет, соғысқа!
Осы командалар бірі артынан бірі аз-аз іркіліспен айтылады.
Сахнаның оң жақ шетін ала, берірек, биікше жерде, ақ қайыңды
тасалап тұрған Нұрланның алдында үш аяқты өлшеуіш аспап бар.
Қасында телефон, бұның бұйрықтары телефонмен де айтылады.
Сол жаққа қарай созылып, қатарласып орналасқан зеңбіректер
бар болып сезілуі керек. Зеңбірек, от позициясының оң флангісі
осы жаңағы командалар уағында сахнадағы екі зеңбірек пен
пулеметтің маңайларында шапшаң, ширақ қозғалыстар болады.
Наботщиктермен барлық нөмірлер орын-орындарында
тұрып-тұрып қалған. Кейін соғыс уағында сахнадағы екі
зеңбірекке қызыл әскерлер неше алуан гранат, шрапнель,
узрибатель, снарядтар әкеліп беріп жүреді. Кейде жәшікпен,
кейде қолдасып әкеледі. Соғыс уағында Нұрланға связьдің
адамдары келіп, донесение жеткізіп, қайта бұйрықтар әкетіп
отырады. Бақтияр мен адъютанты бұл істердің бәрін де қабыл
алушы, ақылдасушы есебінде көмек етісіп жүреді. Нұрлан
көбінесе өзінің нысанасына қадалып, бинокльге тұнып отырады.
Жаңағы соғысқа деген команда. Ербол алдындағы зеңбіректері
жетісімен, наботщиктер зеңбіректерін нысанаға дәлдеді.
Ербол екі зеңбіректі шапшаң қарап шығады.
Ербол. Бірінші зеңбірек наботщигі даяр! Екінші наботщик даяр! (Екі зеңбірек камандирлері Ерболға қарап, қолдарын көтереді.)
Ербол "Стоп" дейді. Осыдан кейін Ербол, Шәршен,
тағы бір сырттан да бірнеше лейтенанттар Нұрланның қасына
жиылады.
Нұрлан. Жаудың екі күннен бері біз ойрандаған, дал-дал еткен 27-ші танк дивизиясы бүгін қосымша күштер алып, қайта құралып, шабуыл жасамақ. Мынау өзеннен өтпек. Танк дивизиясының командирі, фашист генералы Гольц мотоколоннасы танктердің алдынан, 41-ші жаяу полкы артынан қозғалмақ. Біздің жаяу полктің міндеті — қатарындағы өзге полктермен қанаттасып, ауыр танкілер колоннасымен қатар қимылдап, жау дивизиясын жайрату, жаяу полкін жоқ қылу. Қазір болатын соғыста ер летчик, командир Звездов...
Дауыстар. Звездов, Звездов!
Нұрлан. Звездов бастаған истребительдер эшелоны осы біздің участоктегі соғысқа қатысады. Бізбен міндетті атқарысып, генерал Гольцтің бомбардировщиктерін жоқ қылуға көмек, қайрат көрсетеді. (Ерболға қарап.) Бірінші, екінші батарея жаудың танк колонналарын бері шығысымен ұрады. Өзенге жеткізбей тойтарып басады. (Өзге командирлерге қарап.) Төртінші батарея жау самолетін, зениткасын, әлдебірі жаудың зеңбірек оты шыққан жерлерін дәл тауып, соны таптайды. Үшінші батарея шрапнельмен мотоколоннаны құртады. Пулемет мотоколоннаны тосқын отпен, семсер оқпен жапырады.
Дауыстар. Түсінікті, жолдас майор!
— Түсінікті, жолдас Нұр.
— Түсінікті, жолдас Нұр, жолдас майор!
Нұрлан. Есте болсын, алдыңғы күн, кешегі күн біз Гольц дивизиясын, фашист танктерін дәл байлап, бек ұрғамыз. Сондағы угломер, сондағы уровень, сол нысаналар ұмытылмасын, ескерілсін. Кешегі өлшеу жазуларды қайтадан тез қарап өтіңдер.
Сақшы даусы (қарағайдағы сақшы). Мотоколонна, танктер шықты!
Нұрлан. Орындарыңа!
Жұрт тез-тез орындарына барады. Бірнеше командир
шығып кетеді. Орындарына кетіседі. Нұрлан нысанада... біресе
бинокльге қадалған. Бактияров та, Ербол да бинокльге қарап тұр.
Нұрлан команда береді. Адъютант сол команданы телефонмен
ақырын қайтарған сияқты. Ербол телефонмен тыңдап алып,
"да" дейді.
Нұрлан (команда береді). Бірінші батарея, екі зеңбіректен бір-бір оқтан алға, оңға таман. Шолақ терек тұсына тура төсесін, алыс атар бір бронь бұзар гранатпен алдыңғы екі танкіні бетке ал! (Жаңағы ретпен тыңдап алып.)
Ербол (Скибаға). Тоқта! Алғашқы оқты мен өзім атып берем. (Бірінші зеңбірекке жетіп кеп, дәлдеп ап команданы береді.) Бірінші зеңбіректен тура төсеп, фашистің алдағы оң жақтағы бірінші танкісін байла... нысана 1400. ("Огонь" деп қолын төмен түсіреді. Бірінші зеңбірек атылады.)
Қарағайдағы сақшы даусы келеді.
Дауыс. Бірінші танкі жайрады!
Нұрлан (команда ретінде). Нысана дұрыс!
Ербол (Скибаға, Нұрлан командасынан соң). Жаз өлшеулерді. Зеңбіректің қалқанына жазып ал. (Скиба шапшаң жазып жатады. Ербол екінші зеңбірекке кеп.) Тағы өзім атам! (Тез өлшеп болып.) Екінші зеңбірекпен тура төсеп, фашистің алдағы бергі танкісін байла. Нысана 1350. Огонь! (Қолын төмен түсіреді. Екінші зеңбірек атылады. Сақшы даусы.)
Дауыс. Фашистің екінші танкісі жайрады.
Нұрлан. Нысана дұрыс!
Ербол тез зеңбірек қалқанына өлшеуді жазады.
Дауыс. Мотоколонна!
Нұрлан. Пулемет, мотоколоннаның алдыңғы қатарына тосқауыл от төк!
Шаршен (көздеп). Тосқауыл от пен фашист колонна. Нысана 1200. Огонь!
Пулемет бір минуттай өчіред береді.
Дауыс. Нысана дұрыс. Жайраған жетеу. (Аздан соң.) Жау колоннасы көбейді. Танктер қаптады!..
Нұрлан (команда). Бірінші батерея, бар зеңбіректерден жау танкілерін алыс ұрар, бронь бұзар гранатпен, зеңбірек басы он снарядтан залппен. Әзірлен!
Ербол. Бірінші батарея, бар зеңбіректен тура төсеп, танктерді байла! Нысана 1200.
Сырттағы үндер осындай батареялардың командаларын сездіреді.
Нұрлан (командасын соза беріп). Үшінші батарея, бар зеңбіректен жаудың мотоколоннасын шашырағыш узрибательмен, зеңбірек басы он снарядтан залппен, әзірлен!.. (Сыртта команданы қайталаған шолақ үндер. Нұрлан пулеметке.) Пулемет, мотоколоннаға семсер оқты әзірле! Төртінші батарея, бар минометпен, жаудың зеңбірек позициясына он снарядтан залппен, әзірлен! (Командалар жеткен соң.) Дивизион! Отан үшін! Сталин үшін! Огонь! (Ербол "огонь" деп қолын түсіреді.)
Сахнадағы екі зеңбірек, бір пулемет және сахна сыртындағы
толып жатқан зеңбірек минометтерден от боратқандай болады.
Біраз уақыт атылып тұрады. Нұрланға бұл уақытта связь кісілері
кеп, тез бұйрықтар әкетіп жатады.
Нұрлан (тағы команда). Стой! (Атыс басылады.)
Сақшы даусы. Жаудың алдыңғы танктері жайрады! Арты тірелді, іркілмей бұрыла қашты!
Нұрлан (тағы команда). Дивизон, бар батарея, бар зеңбіректен жеті снарядтан қашқан танктерді байлап ат! (Командасын Ерболдар өз бөліміне жеткізіп жатады.) Огонь! Стой! (Атыс басылады.)
Сақшы даусы.Тағы жиырма танкі жайрады. Қалғаны қашып тоғайға кірді. (Самолет моторларының үні естіледі.) Жау самолеттері көтерілді! Біздің танктерді атқылады. Біздің эшелон көтерілді, қарсы айқасты.
Ербол (аспанға қарап тұр). Звездов, эскадрилья араласты. Үске шықты, ұшырды. Өшірді бірін.
Шаршен (орнынан). Салды сайысқа. Звездов, шапшаң шерім!
Сақшы (зенитке). Жау зениткесін ата бастап, бізден бір самолет шығын, жаудың екі самолеті құлады. Жау батареясы бізді ата бастады. (Снарядтар жарылады.) Көздегені біздің үшінші батарея.
Нұрланға связь келеді, бұйрық алып кетеді.
Нұрлан телефонмен сөйлейді.
Нұрлан. Үшінші батарея, үшінші батарея, не хал? Қайда түсті бірінші зеңбірек? Адам шығыны қандай? Жаралы қанша? (Тағы снаряд. Нұрлан адъютантына.) Үшінші батареяға тез жетсін. (Адъютант телефонда. Тағы снаряд.)
Сақшы даусы. Тағы үшінші батареяға атты!
Нұрлан (қасына связь келеді, хабар алған.) Үшінші батарея, не хал? Батареяның старшинасы Игусей жау оғына ұшты. (Қағазына қарап өзгеріп, команда береді.) Екінші батарея, бар зеңбірекпен, гранатпен, снарядтан жау батареясын бетке ал! Төртінші батарея, бірінші, екінші минометтен, бес снарядтан жау зениткесін алдағы шоқ қайыңның түбін байлап, алыс ұрар минамен бетке ал! Нысана 2500, әзірлен! (Команда қайтарылғандай уақыт өткен соң тағы команда.) Пулемет, жаудың жақын самолетін байлап, әзірлен!
Шәршен. Жау самолетін семсер оқпен тос! (Нысананы өзі алады.)
Нұрлан. Огонь!
Шәршен. Огонь! (Өзі атқылайды. Минометтен атылған үн келеді. Біраз атыстан соң дыбыстар тоқтала береді.)
Нұрлан. Стой! (Барлық атыс тоқтайды.)
Сақшы даусы. Жау самолеттері кетті. Пулемет оғынан бір фашист бомбардировщигі өртеніп түсті!
Ербол. Шәршен, құттықтаймын!
Шәршен.
Жауды сайсақ бір сайдық,
Ертегі өткен Манастың
Қай жерінен кем сайдық, Ербол ботам!
Сақшы даусы. Жау танктері тығылды, жаяу әскері шықпады, самолеттері кетті, біздің самолеттер қайтты.
Нұрлан. Дивизион! Апробация!
Ербол. Батарея! Апробация!
Команданы қайталап жатады. Жұрт тегіс еркін қозғалып, бейбіт
жайға келеді. Командирлер Нұрлан айналасына жиылады.
Нұрлан. Жау шабуылы тойтарылды! Дивизионның өзіне тапсырылған міндетті орындауы қанағаттанарлық. Дивизион! Штаб атынан бірінші батарея старший лейтенанты Датов Ерболға, бірінші зеңбірек командирі, кіші лейтенант Скибаға, жақын сақшы лейтенант Малышевке, пулемет бастығы сержант Бегешов Шәршенге және төртінші миномет батареясының старший лейтенанты Смирновка алғыс айтам! (Қолдарын алады, бар командир қатты риза.) Еркін!
Осыдан кейін жай кеңесіп кетіседі.
Нұрлан барлық жолдастарына қарап.
Жолдастар, Звездов, ер летчик, майор Звездов қалай?
Жау самолеттері бізге беттеген еді. Міндеті — біздің оттарды
жою, біздің оқтарды басу еді. Звездов жеткізбей араласты.
Малышев (сақшылықтан ауысып келген). Жолдас Нұр, жаудың екі бомбардировщигін дәл Звездов өзі, өз оғымен құлатты.
Ербол. Кешегі қимылы қандай?
Шәршен. Соны айтсаңшы! Мен масқара боп өзі құлайды ма деп ем, аңғарсам, дәл бидайықтай төбесінен шәншіліп кеп, жауырынынан ұра бұрыпты кеп. Фашист аспанда лашын тепкен дуадақтай тетігі тегереп кеп, күрс берсе, кәні, бір фашист!
Нұрлан (күліп тыңдап тұрып, Ербол Шәршенмен әңгімелесіп ілгерірек басып). Шәршен, сен Қырғызстанның қай жерінде тұрғансың?
Шәршен. Талас, Таласта туғам, жолдас Нұр!
Нұрлан. А, ер Манастың Таласы ма? Шоң Таластың бойы ма?
Шәршен. Дәл өзі.
Жерібіз кең қол, кең Талас,
Атабыз өткен ер Манас, —
дейтін, деміне тоқаш пісетін, қызу қырғыз біз тұрбайбы, жолдаш Нұр! (Күлкі.)
Ербол. А, а! "Ал бақи, а дегенде әнім салты" — деп, өзің түп-тегіңмен ер екенсің ғой, жақсы Шәршен!
Шәршен. Фашисті ойрандағалы келмесем, ойнағалы келгем жоқ.
Ербол. Шыным сол-ақ де! Уа, жолың болсын! Ома қаптыр. Өсте бер. (Күліседі.)
Нұрлан. Ербол, сен қай жерденсің?
Ербол. Мен Қарағандыданмын.
Нұрлан. Қарағанды!.. Шахтер ме едің?
Ербол. Дәл өзімін, жолдас Нұр.
Нұрлан. Забойщик пе ең?
Ербол. Навалоотбойщик бригадир ем.
Нұрлан. Стахановшы едің ғой, солай ма?
Ербол. Десуші еді.
Шәршен. "Ал бақи, а дегенде әнім салты!" - деп, Ербол досым-ай, шын жақсы өзің тұрбайсың бұ?
Нұрлан. Қарағанды. (Ойланады.)
Ербол. Болған ба едіңіз?
Нұрлан. Естігенім көп еді?.. (Ойланып қалады.)
Шәршен (Ерболға). Бұ Қарағанды Қазақстанның қай жері деп аталады?
Ербол. Сарыарқа делінеді. Естігенің бар ма?
Шәршен. Ұққаным бар. Ел:
Сарыарқаны жайлаған,
Келістіріп кермеге
Кертөбелді байлаған... —
деп біздің ыршылар ырлаушы еді.
Осы кезде сахнаға Звездов шығады. Нұрланға қуанып,
ұмтыла басады.
Звездов. Нұр! Қымбат досым!
Нұрлан. Звездов! Саша, Сашенка! (Екеуі сүйіседі.) Мен саған алғыс, алғыс айтам, бар дивизион атынан.
Звездов. Но, но... ну! Ол емес, мен үш күннен бергі ер қимыл, дәл оқтарың үшін, ең әуелі сенің өзіңе қуаныш білдірем. Екінші, бүгін маған көмек еткен, айта берсең, мені құтқарған екі кісіңе айрықша алғыс айтқалы келем! Минометпен жау зениткесін жойған кім?
Нұрлан. Смирнов, мына төртінші батарея. Старший лейтенант Смирнов.
Звездов (Смирновтың қолын сілкіп). Мен зениткенің қайшы оғына оқыс барып қап ем, алғашқы самолетті қуып, мезгілімен өшірдіңіз. Рақмет! Екінші, соңғы самолетті түсірген пулеметшің кім?
Нұрлан. Ол мына Бегешев Шәршен... Бір шреті бос кетпейді.
Звездов. Білесіз бе! Байқадыңыз ғой, соңғы самолет, мен анамен алысып жүргенде, соңымнан қатты қадалып, келіп қап еді. Жақсы қақтыңыз... Мені ажалдан да сіз қақтыңыз. (Сүйеді).
Шәршен (Ерболға). Ақ келте! Ошондой тұрбайбы ақ келте! Мен өзімнің ақ келтеме ырза болдым, ендеше. (Екеуі бірыңғай сөйлеседі.)
Звездов (Нұрланға). Білдің бе, Нұр, дивизия командованием сенің дивизионыңның үш күннен бергі қайратына, әсіресе сенің сенімді, қатесіз командаңа сондай риза, генерал Потапенко сені қазір аузынан тастамай отыр. (Нұрланды қолтықтап алып, оңашалау басып.) Онан соң, Нұр... тағы бір қуанышым бар.
Нұрлан. Кәні, айтшы?..
Звездов. Үйден, үйімнен, әйелімнен хат алдым. Соншалық қымбат. Сағыныштың исі, балам-ұлым, он бір жасар ұлым, мына бар ғой, соның сәлемі, әсіресе үлкен сыйдай. Хаты сондай қайрат береді.
Нұрлан. Жақсы. Жақсы екен, түсінемін, Саша!
Звездов. Сен хат алмағалы қанша болды?
Нұрлан. Маған жолдастардан хат бар. Ал үй, әйел... менде жоқ қой. Алар-ақ ем, қуанып алар ем, осы күндерде... Сені соншалық жақсы түсінем... бірақ жоқ қой.
Звездов. Иә, қызың ше? Қызың бар емес пе еді?
Нұрлан. Бар... бар еді қызым... Бірақ ол екеуміз де хабарласпаймыз той. Ал өзің осы күндер аса ыстық көрем. Көп жылдай көрмесем де кейде қатты сағынам.
Екеуі жүріп кетеді. Сахнаға бір жаралы әскер көтеріп,
арқалап санитарка Ира шығады.
Ира. Жолдастар, көмек етіңдер!
Ербол (жетіп барады). Ира?
Ира. Ербол! Көмек ет! (Екеуі жаралыны дұрыстап жатқызады. Ира асығыс перевязка істеп жатады.)
Ербол. Ира, алтыным, қайдасың? Қайдан кеп шықтың?
Ира. Өзге санитарлар басқа жаралыларды алып кетіп еді. Мына бір адам оқшау қалған екен.
Ербол. Сен алдыңғы қатардан келдің ғой. Соғыстың дәл ішінде жүріпсің ғой. Бәсе, бір боласың деп едім. Қай бөлімдесің?
Ира. Осы өздеріңе таяу жаяу полктің медпунктындамын.
Ербол. Наз қайда? Бар ма?
Ира. Бар, дәл медбатальонда. Біздің медпункт соларға байланысты. Наз күніне талай келіп, біздің пунктте де ем жасайды. Ол алдыңғы позицияда әлденеше рет болды. Өзің ше? Қымбатты Ербол, амандығыңа қуанамын. Сендердің дивизоның туралы бүгін көп мақтаулар, алғыстар естідім. Өзің қорықпаймысың? Ермісің? (...) шыныңды айт.
Ербол. Жаман атағымды естімессің, Ира. (Ираның қасына санитар келеді. Перевязка біткен. Ира мен санитар ауруды көтеріп алады.) Қош енді! Мейірдушка, Назға сәлем айт.
Ира. Қош, мықты бол! Әрдайым аман бол, cay бол, Ербол!
Ербол (кете алмай.) Сау бол, жаным Ира!.. (деп артынан қарап тұрып қалады.)
Бұл кезде сахнадағы жұрттың бәрі жылдам қозғалып,
фронтқа тұрып қалған. Сырт қарап, қадалып тұрып қалған
Ерболды Шәршен қатты шақырады.
Шәршен. Ербол, қатарға!
Ербол (атқып кеп, тұра қалып). О не?
Шәршен. Генерал, біздің дивизияның генералы келеді.
Дауыстар. Генерал-лейтенант... Дивизия командирі... Генерал Потапенко!
Аздан соң генерал Потапенко шығады. Қасында кейінірек
Звездов, Нұрлан және штаб адамдары.
Потапенко. Амансыздар ма, жауынгерлер, командирлер!
Дауыстар. Амансыз ба, жолдас генерал-лейтенант!
Потапенко. Үш күннен бергі қатты соғыста 141-ші зеңбірек дивизионы көрсеткен ерлік, қайрат үшін командование атынан барлық жауынгерлерге, барлық командирлерге, политруктерге алғыс айтамын. Дивизия командованиесін айрықша атап, приказбен алғыс жариялайтын кісілері: бірінші, батареяның отын дәлдікпен, тапқырлықпен, есеппен жақсы жұмсап, қатесіз басқарғаны үшін дивизия командирі майор Бектасов Нұрланға алғыс жарияланады. Екінші, сақшы ісін жақсы басқарған командир-лейтенант Мальтшевке; үшінші, жау танктерін дәл байлап, көп жайратқаны үшін бірінші батареяның старший лейтенанты Датов Ерболға; төртінші, пулемет отын қатесіз, шапшаң басқарған сержант Бегешев Шәршенге; бесінші, зеңбіректің нысанасын дәл ұстағаны үшін бірінші зеңбірек командирі кіші лейтенант Скибаға алғыс жарияланады. (Нұрлан аты аталғандарға белгі етеді. Олар ілгері шығады. Потапенко бәрінің қолдарын алады. Аздан соң еркін әңгімелесіп, жаңағы адамдардың пішініне қарап алып.) Бегешев, сіз қай жерден едіңіз?
Шәршен. Мен Қырғыздың Алатауынан едім, жолдас генерал-лейтенант!
Потапенко (Ерболға). Сіз ше?
Ербол. Мен Қазақстан сахарасынан едім, жолдас генерал-лейтенант.
Потапенко (Скибаға). Сіз ше?
Скиба. Мен Белоруссиядан, Борисовтан едім, жолдас генерал-лейтенант!
Потапенко. Дұрыс! (Нұрланға.) Сіз ше?
Нұрлан. Мен Батыс Сібірден, Омск өңірінен келдім, жолдас Потапенко.
Потапенко. Дұрыс, дұрыс. Біріңіз орыс, біріңіз белорус, біріңіз қырғыз және бірлеріңіз қазақ... Ал менің туысым украин. Өскен жерім Батыс Сибирь еді. Совет зеңбірегінің айналасында, Отан туының, қаһармандық намыстың жолында біздің бәріміз бірігіппіз. Білектер біріккенде, жүректер шын табысқан туысқан... қандай мағыналы бірлік! Сіздер ол уақытта жасырақсыздар. Бірақ менің есімде, ұмытылған жоқ. Жас бала күнімде патшалық үкіметі бізді, әке-шешемізді барлық қаласымен аз жердің өзінен қуып, Украинадан Батыс Сибирьге айдап салып еді. Сонда көршілес қазақ ауылдарымен біздің крестьяндар арасында жалғыз-ақ десятина шалғын үшін төбелес боп, екі жақтан кісі өліп, көп жан жараланып еді. Менің өз әкем сонда қаза тапты. Кішкентай поселке, азғантай ауыл жер үшін бір-біріне жат болып, жау болып асыл қандарын арман емес, болымсызға, тырнақтай татымсызға төгіп еді. Сол аталардың нәсілдері біз... аз дүние үшін алысамыз ба? Күңгірт күнге көнерміз бе біз! Жарқын күннің игі нұрын қаптал құшқан халықтармыз: "Қара түн қайтпақ емес, қайта батыр қарасын" — деп аттандырды бізді. Бауыр етіп аттандырды бізді. Біздің бірлік біздің барлық халықтарымыздың достығынан туған. Арысы асыл нұрлы күнімізден туған... Берісі осы майданда ер ұлдардың адал қанымен суарылып, сонымен қайнасып нығайған. (Тоқтап.) Қазір біздің қарсымызда шендесіп тұрған жаудың ерекше тасыр, омырау бір дивизиясы бар. Фашист генерал Гольц басқарған танк дивизиясы талабы зор, осы фронттағы шабуылдарының ең мықты деген ұрынғыш тобы сол. Ол әлі де омырау жасап көреді. Қатты қимыл жасайды. Біздің міндет — сол шабуыл құмар жандаралды бар штабымен тұтқын ету, барлық машиналы күшін талқан етіп жайрату. Міне, осы жолда бірнешең емес, біріңнің де өзгеше боп өктеп шығуыңды күтемін. Бәріңе де биік қасиет, үлкен бақ тілеймін! Берік болыңдар, достар! (Жүре береді.) Майор Бектасов, майор Звездов, сіздер менімен жүріңіздер! Бөлімдеріңіз жаңадан төтенше міндет алады. Қош болыңдар, жолдастар!
Дауыстаp. Қош, жолдас генерал-лейтенант!
Ербол (Шәршеннің қолын сілкіп). Ерлігін қайырлы болсын, қыраным Шәршен!
Шәршен. Ерлігің еліңді қуантсын, Ербол батур!
Ербол. Уау, осы бірдеме шығады... Бірдеме болуымыз керек осы біздің!..
Сақшы даусы. Жау жағында қимыл басталды! Қайта шабуылға әзірленді!
Политрук (Нұрланның орнына тұра қалып, команда береді). Дивизион, соғысқа!
Ербол. Батарея, соғысқа! (Сыртта командалар кетіп жатады. Сырттағы команда.) Взвод, соғысқа!
Скиба. Бірінші зеңбірек, соғысқа!
Шәршен. Пулемет, соғысқа!
Шымылдық
Бесінші сурет
Майдандағы армия, соғыс орны өзгерген сияқты,
Бірақ дивизионның орналасуы сол ретте. Маскировканың
белгілері ғана өзгерген. Шымылдық ашылғанда батареялар
атылып, пулемет өчіред беріп жатады. Қайнар соғыс уақыты,
дивизион командасын басқарып тұрған Нұрлан емес,
бұрынғы кіші политрук.
Политрук. Дивизион, тоқта!
Командалар кетеді, атыс тоқталады. Соғыс болып жатқан
жақтан Нұрлан шығады, алыстағы атыстың сарыны бар.
Нұрлан команда орнына әрең келгендей, оған оқ тиген.
Политрук (қарсы ұмтылып). Жолдас Нұр! Сіз жарадарсыз ғой? (Адъютант кейін ұмтылып, біреуді шақырады.)
Нұрлан. Ақырын, оқа емес.
Ира жүгіріп келеді.
Ира. Бері, бері шығыңыз. Шешініңіз, жолдас командир! (Hұpланды көтеріп алмақ болады.)
Нұрлан. Жоқ... аяғым... Аяғым ғана! Денем cay... Таңыңыз...
Ира. Сіз ауыр жаралысыз. Қан көп кетіп жатыр. (Тез шешіп, таңуға кірісіп жатады.)
Нұрлан. Таңыңыз, сол болады, кетпеймін.
Политурк. Жолдас Нұр! Сіз әлсірейсіз ғой?
Нұрлан (қатты). Дивизион тағдыры шешіледі қазір! Әлсіремеймін. Мықтымын! Ең алдыңғы қатарға жетіп, барлық қажет деректерді алып келдім. Жасырын жерлерін білдім. Өлшеулер мен мөлшерлер қолымда. (Ауырсынып.) Қазір... тұр-тұр... Қазір! (Перевязка бітеді. Нұрлан жолдастарына.) Бар шабуыл бізді көздеп келеді. Біздің танктер, колонналар жібермей алысып жатыр. Әзір болыңдар, зеңбіректері бізді көздер. Танктері бізге беттеген. Самолеттері де бізді жоюды мұрат етер... Әзір бол! (Таңу бітті.)
Ира. Мен тастамаймын сізді... Қасыңыздан кетпеймін... Қиын, ауыр...
Нұрлан. Тоқтаңыз! болды... Рақмет, болды!
Сақшы даусы. Жау танктері, алдыңғы соғысып жатқан танктеріне көмекке тоғайдан тағы қалың лек шықты.
Нұрлан (тез орын алып, өлшеп, қатты команда берді). Дивизион! Бірінші, екінші батарея, бар зеңбіректен, сегіз снарядтан, алыс ұрар, бронь бұзар гранатпен, тоғай алқымын тосып, алдыңғы танктерді байлап, залппен әзірлен! Үшінші батарея, бар зеңбіректен, шрапнельмен, он снарядтан әзірлен! Төртінші батарея, тыңда... төртінші батарея, бар минометтен, жау зеңбіректеріне, үш қайыңның түбін байлап, он бес снарядпен залппен, әзірлен! Пулемет, үш қайыңның түбіне тосқын оққа әзірлен! Дивизион! Огонь!
Ербол команданы батареяға береді, "огонь" деп қолын төмен
сілкеді. Патырлаған оқтар, аздан соң саябырлап тоқтайды.
Нұрлан тағы команда береді.
Төртінші батарея, бар минометпен, тағы да сол нысанамнен, он снарядтан беглый, огонь!
Сақшы. Жау зеңбіректері саябырлады, аман қалғаны бізді атқылап жатыр.
Үсті-үстіне шрапнель келіп жарылады. Сахнадағы бірнеше
адам жарылады. Нұрланға тағы өктиеді, Ира ұмтылады.
Ира. Тоқтаңыз, шығыңыз енді, жолдас Нұр!
Нұрлан. Қолым! Қолым ғана... шықпаймын!
Тағы да шрапнель жарылады. Санитар алып кетеді.
Нұрлан команда береді. Политрук жығылады.
Бірінші, екінші батарея, бар зеңбіректен, ондағы үлкен шырша түбіндегі жау зениткесін байлап, он снарядтан, бронь бұзар гранатпен, төртінші батарея, үш қайыңның түбін байлап, бар минометтен, тағы залппен, он снарядтан... Сол нысанамен! Огонь! (Атылады.)
Сақшы. Жау зеңбіректерінің оты азайды... Бір-ақ зеңбірек қалды... Танктер іркілді...
Тағы снаряд. Нұрланға үшінші оқ тиеді. Денеден тиген.
Ира ұмтылып құшақтайды.
Нұрлан. Жоқ... әлі... әлі бар... (Команда.) Төртінші батарея, бар зеңбіректен, бес снарядтан, үш қайыңның түбін байлап, залппен... фашистің соңғы зеңбірегін байлап! (Үні әлсірей береді, күшін қайта жинап.) Отан үшін, Сталин үшін огонь! (Атылады.)
Сақшы. Ойран болды... Басылды жау зеңбірегі, танктер тоқтады, қалғаны қашты.
Нұрлан. Жаңыласың, ала алмайсың бізді... Арам болар! Датов Ербол, ал команданы. (Әлсіреп құлайды.)
Ира. Асыл Нұр! Сүйікті Нұр! Бауырым! (Құшақтап алып, көтеріп алып кетеді.)
Сақшы. Жау самолеттері. Бомбардировщик, истребитель эскадрильясы... бізге беттеді.
Ербол (команда). Дивизион, бар батарея, маскировка!.. Шапшаң маскировка!
Команда кете береді. Сахнада шапшаң қозғалыстар, бар қару тез маскировкаға жатады... Адамдар да сырттарын өсімдіктермен бүркеп алып, тапжылмастан тына қалады.
Сақшы. Біздің истребительдер қарсы шықты. Айқасты. Жаудың екі бомбардировщигі бізге қарай тақауда.
Снарядтар жарылады.
Тімтініп жүр. Тақады... Төмендеді... шүйді!
Снаряд.
Ербол (команда). Төртінші батарея, төртінші минометтен жақын бомбардировщикке он снаряд, әзірлен! Пулемет ондағы жақын бомбардировщикке тосқын отпен! Огонь! (Атқылайды. Шәршен ұзақ өчіред береді.)
Сақшы. Тайды... Ұзай бастады!
Ербол. Төртінші миномет, маскировка!
Шәршен. Айқасты. Звездов шүйді! Тепті. Кетті бір самолет!
Алыстан ағып, жайнап түскен самолет елесі.
Скиба. Тағы... тағы пулеметпен ұшырды. Көк қаршыға!
Шәршен. Қабылан ерім, Звездов... Шұмқарым!
Ербол. Көк қаршыға... Көкжендет! Есіл ер! Үшіншісін, үшіншісін бетке алды.
Шәршен. Өзіне, өзіне де бәрі оқталды-ау! Шабуылға айналды-ау... А, а, біздің өзге екі-үш самолет көмекке, көмекке салды.
Ербол. Япыр-ай, жабыла бастады-ау!
Бір кезде аспанға қараған бойда Назым жүгіре шығады.
Қасында бір санитар.
Ербол (жалт қарап). Жасырын... Қозғалма! (Қарап, танып.) Наз, апатайым Наз!..
Назым. Ербол, бауырым... (Қасына жетіп кеп, сүйіп алады.) Аманбысың, саумысың, бауырым!
Ербол. Өзім аманмын... Бірақ не керек, несін айтайын, Наз aпa... Жаңа командиріміз, есіл ер командиріміз қатты жаралы боп кетті.
Назым. Ол қайда, қайда жатыр?
Ербол. Ира, Ира алып кетті жаңа.
Назым. Қап! Асығыс көмек боп, осында берер ме едік! Мен мына самолеттегі, мынау ерге көмегім керек болса, жақын тұрам деп, осында жеттім.
Ербол (аспанға қарап). Наз апа, ол ер... нағыз ер... Звездов қой ол. Әне ұшырды...
Шәршен. Тағы ұшырды, қан құстырды фашиске!
Алыста жанып, атып түскен үшінші самолет байқалады.
Әттегене, әттегене-ай... Өзін, өзін көздеді-ау анау шұм...
Ербол. Япыр-ай... жазым болды-ау!
Назым. Есіл ер-ай, жанды ғой самолеті, құлады ма?
Ербол. Жанса да жауды тағы құлатты... Соңғы оғымен ұшырды.
Шәршен. Әй, бірақ өз оты басылмады-ау... Масқара,құлай бастады ғой.
Скиба. Құлаған жоқ, сонда да штурвалын ұстап келеді. Жанды... жанып барады.
Назым. Жерге жетсе екен... Бізге қарай тартты. Осылай... Осылай жетіп қоншы, иә, сәт!..
Осы кезде жанған самолет елесі сахнаның бір жағынан, биігінен екінші жағына түтіндеп, жанып кеп қонғандай болады.
Наз (санитарына). Жүр! (Ұмтыла береді.)
Ербол. Наз, алдың жауып тұрған оқ, сақ болшы!
Наз. Бәрібір, қош!..
Ербол. Бұқ, бұғып баршы тым құрыса!..
Наз. Өліміне ара түссем, арманым жоқ, жүр! (Жөнеледі.)
Ербол. Жауып тұрған оққа кетті-ау. Скиба, жібер, қос үш кісіні! Шапшаң, Наз, қайран Наз, ұмытпаспын! Япырай, аман, аман кетіп барады. (Жым-жырт аз тыныстан соң.) Жетті, ашты есігін.
Скиба. Кабинаға өрт жеткен.
Шәршен. Әй, өлген ғой.
Ербол. Үсті жанып жүр ғой. Өртеніп отырып, өз жеріне жетіп қонған.
Тым-тырыс. Аздан соң Наз бір жағынан өзі арқалап, Звездовты алып келеді. Санитар өктиген Звездовты жерге қойып, үстіндегі
киімдерін айырып-айырып жіберіп, асығыс қамға кіріседі.
Жаны бар ма, Наз!
Назым. Ауыр... ауыр. Тез, тез алып жүр! Тоқташы! (Звездов көзін әрең ашқандай.)
Звездов. Қайдамын?
Назым. Өз жеріңіздесіз, өз адамдарыңыз.
Звездов. Құтқарғанға соңғы тынысыммен алғыс айтам.
Назым. Соңғы тынысыңыз емес... сіз өлмекке жол емес, ал, алып жүр, шапшаң! (Жөнеліседі.)
Ербол (телефонда). Мен! Дивизион командирінің орнындағы лейтенант Датов... Адам шығыны бар... батарея тегіс түгел. Жаудың зениткесі мен зеңбірек батареясын өшіруімізге себеп болған командир майор Бектасовтың дәл командасы. Өзі алдыңғы қатарға барып, есепті дәлдеп әкеліп, өзіне үш рет оқ тигенше команданы тастамай, жау оттарын тегіс бастырды. Қазір санчасть алып кетті. Звездов ауыр жаралы. Доктор Бердиева от арасынан барып, алып шықты. Пунктке алып кетті. Дивизион командалары жеткілікті. Дивизион бар құралдарымен шабуылға әзір, жолдас генерал-лейтенант, қазір!..
Телефонды тоқтатып, команда береді.
Дивизион, шабуылға! Әзірлен! (Командалар кетіп жатады, асығыс қозғалыс.)
Шымылдық
ТӨРТІНШІ АКТ
Алтыншы сурет
Түн. Брезенттен істелген ұзын палатка. Ол орталықта. Оң жақ
шетте екінші палатка. Бұнда жаралы Нұрлан жатыр, басы-қолы
ораулы. Біріншіден емделген, бинт оралған, ауруларды әкетіп
жатады. Назым жөнелтіп жатады. Бұл палаткада жалғыз ғана ауру
қалады. Ол - Звездов. Екі ауру да екі халде. Сахна ашылғанда,
Ира Нұрланның қасында отыр. Назым асығыс әзірлік жасап,
үстегі әскер киімін тастап, ақ халат киіп жатыр. Үстелде
спиртовкалар жанып, аспаптар қайнатылады. Простыня,
орамалдар әкелтіп жатыр. Наз қасында
көмекші фельдшер-санитар жүр.
Назым (Звездов қасына барып қайтып). Бол! Тезірек, жарықты күшейт! Қан көп кетіп барады. Тездет! Жарық, жарықты молайт, санитарлар... жарық әпкел... тез!
Фельдшер асығады. Санитарлар жүгіріп жүріп, жарық әкеледі.
Ира (Назға жүгіріп кеп). Наз! Тыңдашы, Наз! Майор Нұр әлсіреп барады. Қан тыйылмай жатыр...
Назым. Мұнда да сондай, Ира... Қазір!
Ира. Майор сондай ерлік еткен, сондай қымбат.
Назым. Ира, білемін.
Ира. Наз, кешікпеші!..
Назым. Ира, асықтырма... сабыр тап, састырма мені. Жауапты операция... (Фельдшерге.) Шапшаң кәні, үстелге әкеліңдер.
Санитарлар мен фельдшер Звездовты үстелге әкеле береді.
Генерал асығыс кіреді.
Потапенко (қолын жуып, резинка қолғап киіп, бетін оратып жатқан Назға асығыс кеп).
Доктор! Сіз доктор Бердиевасыз ба?
Назым. Иә, жолдас генерал!
Генерал. Сіздің ерлігіңізді естідім. Рақмет, доктор!
Назым. Бірақ мен операцияға кірісем, асығыспын.
Генерал. Кешіріңіз, майор, дивизион командирі, майор сізде ме? Звездов... летчик сізде ме?
Назым. Қазір соның операциясы.
Генерал. Екеуін де, екеуін де құтқарыңыз, доктор! Дивизионный мақтаны екеуі... құтқарыңыз, доктор, менің екі сұңқарымды, екі асыл арыстандарымды...
Назым. Генерал, мен операцияға кірісем.
Генерал. Қазір көмекке, сізге көмек етуге армия врачын шақырам. Ол осында болмақ, қазір профессорды жіберем... жіберем бе, доктор?
Назым. Тез жіберіңіз, консультациясы... жәрдем қажет... ал, рұқсат етіңіз.
Генерал. Кірісе көріңіз, құтқарыңыз, доктор... екі арыстанымды. (Жөнелді.) Армия врачын тез... шапшаң... профессорды! (Кетеді.)
Назым (көзінде үлкен көк көзілдірік, беті-мұрны таңылған, үстелге жақындап, шапшаң қимылдап). Ира, мыналар жетеді... Сен майорға, майор жанына бар. Сонда бол, демін үздірме... бар, жүрегін, тамырын бақ!
Қасында үш көмекші бар, шапшаң қозғалып, қайшымен,
ланцетпен, операция пышағымен кезек қарекет етіп,
іштің операциясын істей бастайды.
Ира (Нұрлан жанында, аурудың жүрегін тыңдап). Қазір, қазір көмек жетеді... Қымбат Нұр... қазір!
Ербол шығады. Ираға қарай жүгіреді.
Ербол, тоқта! (Қолын созып, отырып белгі етеді.)
Ербол (ақырын басып, тоқырап). Жайлары қалай? Жөнін айтшы, тым құрыса?!.
Ира (қасына кеп). Белгісіз, халдері ауыр.
Ербол. Дәрігер не дейді? Наз не дейді? Қарады ма?
Ира. Звездовқа операция жасап жатыр. Мәлімсіз.
Ербол. Нұрланға ше?
Ира. Қазір, анау операцияны болысымен, бұған да істейді.
Ербол. Мынау Нұрлан ба? Есі қалай? Таныр ма еді? Бір ғана... бір ауыз ғана хабар айтсам қайтеді?
Ира. Жоқ, Ербол! Доктор көрмей, рұқсат жоқ. Залал келтіреміз...
Ербол. Жақсы хабар... Радио хабары еді. Ира?
Ира. Жоқ, Ербол болмайды. Шабуылға кетіп ең ғой? Солай емес пе еді?
Ербол. Солай, бір сағаттай қатты шабуыл жасап, үлкен іс қып келдік.
Ира. Тегіс аманбысыңдар?
Ербол. Шығын аз ғана. Жаңа тынығуға қайттық та, әдейі осында... асығып ем... япыр-ай, Ира...
Ира. Отыр,тос! Қазір Наз шығады. (Өзі орнына барады.)
Асығыс Рубанов шығады.
Рубанов. Доктор қайда?
Ира. Операцияда. (Рубанов халат кие бастайды.)
Рубанов. Операция қайда?
Ира. Мұнда, бірақ сіз... сіз кімсіз?
Рубанов (документін көрсетіп). Армия врачы профессор Рубанов! Әдейі операцияларға, консультацияға келдім.
Ира. Ендеше, міні, кіріңіз.
Рубанов (кіріп, Назға кеп араласа бастап). Амансыз ба? Армия врачы.
Назым. Келіңіз, ақыл қосыңыз. (Өзі қарамай істеп жатады.)
Рубанов (ақырын сөйлеп, аурудың жөнін өзі сұрап, өзі жауап беріп жатып). Дұрыс... батымырақ. Жақсы... тамыры қалай? Дұрыс... Жүрегін бағу қажет. Қан... қан керек. (Фельдшерге.) Әзір ме? Ауыр операция! Ерлік еттіңіз, доктор...
Назым. Оқ, міне, а, тағы бір оқ!..
Рубанов. Жақсы... дұрыс. Енді таза. Тез, тез, қан... қан жіберіңіз (Өзі көмектесіп, қан құйысады). Жақсы, жақсы, қабыл алынды. (Аз тыныстан соң.) Бітті!
Назым. Түсіріңдер, төсекке апарыңдар! (Өзі апарысып жатқызады. Ауру "уһ!" дегендей.)
Звездов. ...Не болды?
Назым. Тыныш болыңыз, жақсы, халіңіз жақсы.
Звездов. ...Операция қалай өтті?
Назым. Жақсы өтті... Оның белгісі осы сөйлеп жатқаныңыз. Ал енді қозғалмай тыныш болыңыз.
Рубанов (Назбен қол жуысып жатып). Доктор, мен сіздің операцияңызға қатты ризамын... Ерлік те, шеберлік те тең болды. Ғафу етіңіз, қай докторсыз?
Назым (бетіндегі байлауын, көзілдірігін алады). Есенсіз бе, Алексей Иванович! Мен өзіңіздің шәкіртіңіз...
Рубанов. Бердиева Назым! Құттықтаймын! О-о, дұрыс-дұрыс... Осылай болу керек. Мен биылғы Қарағандыдан жіберген тәжірибеңізді ұмытқам жоқ. Шәкіртім үшін сонда да қатты қуанғам.
Ира (жүгіріп кеп). Наз, майор халі ауыр. Жүрегі солғындап барады.
Назым. Тағы бір жауапты операция бар, Алексей Иванович, көмек етіңіз. Асығыс! (Екеуі тысқа шыға береді.)
Ербол. Наз... Назым...
Назым. Ербол жаным, асығыспын... (Тез жүре береді.)
Ербол (асығып, ілесе жүріп сөйлейді). Сол жаралы адамға жалғыз жақсы хабар бар еді. Еміңе сеп болар еді білдірсем. Міне, Мәскеуден. Радиомен бір жұмадан бергі асқан ерлігі үшін 181-ші дивизион командирі майор Нұрлан Бектасовқа...
Назым. Нұрлан? Нұрлан... Бек... Бектасовқа?
Ербол. Ленин ордені берілген.
Назым. Нұрлан... Бектасов, ол қайда? Қайда қазір?
Ербол. Е, әне...
Ира. Анау майор сол емес пе?
Назым. Болды! (Ұмтылып.) Нұрлан... жаным... (Келе перевязкасын шешіп жатып.) Нұр... дейді.... кім? Кім атады үйдеп... білсем... білсем етті. Нұрлан жаным! (Рубанов төніп, жабысып, қатты зер салып қарайды.) Александр Иванович, қатер ғой!
Рубанов. Қатерлі, қан біткен ғой... кешігіппіз ғой!..
Назым. Қымбатты ұстазым, көмек етіңіз... Кешігіппін, қайырып беріңіз маған бұл жанды... Қан, қан, шапшаң әкел!
Рубанов. Қан жібергеннен басқа шарам жоқ. (Қанды алып өзі құяды, екеуі әрекет етеді.) Есін жиса, аз уақытқа жиса, о да іс қой... Ауыр ғой... Әй, үмітсіз ғой. (Тосып тұрысады.)
Назым. Кішкене әл кірді.
Рубанов. Сізді таныды ғой. Жақындаңызшы.
Назым. Нұрлан жаным!.. Мен Наз, Назың ғой. Айтармысың жалғыз сөз!
Рубанов. Соңғы тынысымен бір нәрсе айтпақ сияқты. Сізді білді ғой.
Назым. Мені білуші еді... Жақсы білуші еді, профессор... айтса екен...
Рубанов. Ендеше, осыдан басқа шарам жоқ... Сіз тыңдаңыз сөзін... Мен керегіңізге әзір тұрам. (Кейін кетеді.)
Нұрлан (жүзіне қадалып, төніп отырған Назға әлсіз үнмен). ...Бармын ба?
Назым. Барсың, жаным Нұрлан.
Нұрлан. Түсім бе?
Назым. Түсің емес, қасыңда Наз... Назың сенің.
Нұрлан. Шын ба? Менің Назым ба?
Назым. Сенің Назың! Сенің алдында арым таза, сақтап келдім. Жүрегіме сақтап келдім сені мен.
Нұрлан. Мен... мен де сақтап ем... алғыс... Соңғы тынысыммен алғыс айтам... Рәш!.. Рәшім бар ма менің?
Назым. Бар... жақсы өсті... Сені сағынып еді, іздеп еді. Маған әкемді тап деп қарыз етіп еді. Мен сені таппаққа ант еткен ем... жаным!
Нұрлан. Ризамын... Ендеше, тілегім... Назтайым, бар тілегім... балама, қызыма телеграмма соқшы! Әкесінің... табылған, сағынған әкесінің атынан телеграмм соқшы. Әкең сені тапты деп соқшы. Уәде берші...
Назым. Орындаймын... Нұрлан қуатым! Бердім уәде.
Нұрлан. Болды... (Әлсіреп барады.)
Назым. Қаталық, ақымақтығым болып еді, кеш мені, Нұрланым! (Сүйеді.)
Нұрлан. Кештім... сен... сен де кеш!
Наз жабысып сүйген күйде Нұрлан үзіледі.
Бұл уақытта Рубанов Ербол, Ираларды алып кеткен.
Назым. Жаным! Жан жарым, Нұрланым!
Өлген Нұрланның басын құшақтап, алдына алып, қадалып,
қатып отырып қалады. Сахнада қараңғылық қоюланып барып,
меңіреу қара түн түседі. Сахна жым-жырт. Тек оқтын-оқтын
суық бір түннің жат бір күрсіні сияқтанып, алыстан атылған
зеңбіректің "у-у-ух!.. у-у-ух!" — деген үндері келеді.
Айнала айқындалып, аздап көріне бастайды. Алғашқы бір халде,
Нұрланның басын құшақтаған Наз отыр. Жарық молаяды.
Таң атты, үнсіз сарылып отырған Наздың осы бір түн ішінде
қап-қара шашы тегіс аппақ боп ағарып кеткен.
Наз тапжылмайды. Аздан соң Потапенко шығады.
Қасында Рубанов, артқарақ Ира, Ербол.
Потапенко. Япыр-ай, шын ба? Шын-ақ айырылдық па? (Жақындап кеп қалпағын алып, иіліп ұзақ қарап тұрып Нұрланның маңдайынан сүйеді.) Бақұл бол, жауынгер дос! (Ербол да бас киімін алады.)
Ира (Ерболға). Не болған? Назға не болған, Ербол! Неткен өзгеріс!
Ербол. Бір-ақ түнде бар шашы аппақ боп кеткен. Наз... Қасиетті Наз!
Рубанов та көріп, қатты сес қылады.
Рубанов. Доктор, сіз кінәлі емес едіңіз ғой...
Ира. Наз! Сүйікті Наз!.. Саған не болған, бар шашың аппақ қой? (Нұрланның басын Наздың алдынан қозғап, төсекке жатқызады.)
Назым. Ира, тоқта!.. Тимеші!
Бірінші палатка алдында қозғалыс, аздан соң дөңгелек креслоға
отырған Звездовты бір санитар алып келе жатады.
Звездовтың басы, кеудесі ораулы.
Рубанов (көріп, шошынып). Тоқта... Бұ не? Кім қозғады, кім рұқсат етті?
Назым (жалт қарап, атқып тұрып). Бүйткен кім? Сізге кім рұқсат етті? Ира!
Звездов. Ғапу етіңіз, профессор, доктор! Кінәлі мен...
Назым. Сіз қозғалуға рұқсат жоқ. Бұ не? Қатер!
Звездов (ажарлы үнмен). Рұқсат сұрамайтын сағат бар... мынау сол, жақындатыңыз. (Генерал рұқсат еткендей... Санитар Нұрланға жақындатады.)
Звездов. Нұр! Қадірлі Нұр!.. Жай өмірде жан аямас жолдасым... майданда жауынгер досым! Қош, Нұрлан бауырым! Бауырым менің. (Еңкейіп маңдайынан ұзақ сүйеді.) Отанның ері еді ол!..
Назым. Ол Отанның ері еді... Менің жарым еді... (Барлық жұрт қатты қайран болады.)
Звездов. Түсіндім... Шашың да ағарған... Түсіндім бәрін! (Наздың шашына маңдайын иіп.) Қарыздармын! (Ажарлы.) Біріңнің өлімің, біріңнің қасиетті қайғың кек құйсын, кемімес кек құйсын біздің жүрекке. Қайта шығар!.. Қайта шығаршы, мені тез аспанға, қадірлі Наз!..
Шымылдық
Жетінші сурет
Шахта директоры Сәттің кабинеті. Ұзын үстел
айналасында, дивандарда Сәт, Ескендір, Тәнеке, Асановтар.
Учаске начальниктері, кейбір бригадирлер. Аздаған
стахановшылар. Осылардың ішінде Мәрияш, Қаден.
Жұрт радио тыңдап отыр.
Радио. СССР Ұлы Советі Президиумының Указы: СССР Ұлы Советі Президиумы жаудың 141-ші танк дивизиясын ойрандауда өзгеше ерлік көрсеткендері үшін төмендегі жауынгерлерге, командирлерге және дәрігер, санитар қайраткерлеріне үкіметтің жоғары дәрежелі сыйын беруді қаулы етті.
Ленин ордені:
1. Бектасов Нұрланға — майор, дивизион командирі. 2. Звездов Александр Егоровичке — майор, истребитель эскадрилья командирі.
Жауынгер Қызыл Ту ордені:
1. Датов Ерболға — лейтенант. 2. Малышев Иван Семеновичке — старший лейтенант. 3. Бегешев Шәршенге — старший сержант. 4. Скиба Матвей Ивановичке — кіші лейтенант. 5. Бердиева Назымға — екінші ранг военный врач. 6. Светлова Ирина Яковлевнаға — медсестра.
СССР Ұлы Советі Президиумының председателі
М. Калинин.
СССР Ұлы Советі Президиумының секретары
А. Горкин.
Мәскеу, Кремль.
Радио тоқтайды. Ербол мен Назым, Ира аттары аталғанда,
тыңдап отырған жұрт қатты қуанған, таңырқаған. Бірақ
бірін-бірі ымменен тоқыратып отырған жайларды көрсетісіп еді.
Сәт (қуанып). Міне, айтпап па ем!
Асанов. Бәсе, кешегі ерлік эпизодтарын естігеннен осыны тосып ем... Ерлер!.. Жауынгерлер!
Мәрияш. Қалқам, садағаң кетейін, қайным Ербол!
Тәнеке. Қалқаларым... ұл мен қыз туса, сендердей тусын! Назым, алтыным!
Сәт. Ира ше?
Тәнеке. Өркені өссін оның да. Еркек осылар деп ем... Жүрерде де әншейін емес, оттай жанып, шоқтығы шығып кетіп еді тегіс!
Ескендір. Ел-жұртының намысын қолдарына шамшырақтай ұстап кетіп еді.
Қаден. Қасымызда жүргенде қадірлеріңді білсекші, асылдарым-ай! Айналайын!..
Асанов. Ал, анау Бектасов Нұрлан... Нұрлан дейді той... Ол кім болды?
Ескендір. Ол бәрінің командирі... Майор... өзгеше қайрат соныкі емес пе? Естідің ғой кеше.
Сәт. Бектасов... Нұрлан... Бектасов!..
Мәрияш. Назды айтсаңшы... От астынан өзі алып шығып, өз емімен өлімнен алып қалған.
Тәнеке. Үш жерден оқ тигенше қайтпаған, жаным-ау, от па бұл жүрек!..
Қаден. Соны айт, соны құтқарған Ираның асылдығын айтсаңшы!
Танеке. Осыны... сол Бектасовты қалай емдеді екен? Қалай құтқарды екен...
Асанов. Бәсе, соны айтпады-ау осы.
Сәт. Нұрлан... Бектасов!.. Білетіндерің бар ма осы адамды? (Жұрт үндемейді.) Япыр-ай, осы атты мен бір естіген едім. Жаңылмасам, Наздың аузынан естіген сияқты ем. Көмескілеу бір айтқан сияқты еді. Қарағандыға соңғы рет қайтып келген күндерінде Наз осы атты бір атаған сияқты еді...
Ескендір. Кім болса да тек тірі қалсын! Тірі болса екен өзі!
Тәнеке. Қайран, асыл ерім-ай... Кім болса елдің сынын танытқан, ел мақтаны болатын ұл ғой.
Рәш жүгіріп кіреді. Қатты қуанышты. Үй іші тез
жадырап, қуаныса қарайды.
Рәш. Сәт аға, рұқсат па?
Дауыстар. Кел! Кел! Рәш! Рұқсат... рұқсат.
Рәш (Сәтке). Мешайт етпеймін бе?
Сәт. Кел... шапшаң кел, Рәшім! (Қасына Рәш жүгіріп келгенде.) Немене, бір қуаныш хабарың бар ғой! Солай емес пе?
Рәш. Бар...
Сәт. Айт шапшаң.
Рәш. Бірақ, Сәт аға... (Айнала көптен ұялыңқырап іркілгендей.)
Сәт. Айт кәне. (Рәш тоқырап, қысылыңқырап тұр.) Ал сен айтпасаң мен айтып қоям, менің де саған айтар үлкен қуаныш хабарым бар.
Рәш. Рас па? Ендеше, сіз айта қойыңыз...
Сәт. Жоқ, әуелі өзің айт.
Рәш. Жоқ, сіз.
Сәт. Жоқ, сіз өзің... (Күлкі.)
Рәш. Ыңғайсыздау ма әлде? Бірақ, Сәт аға, Асанов аға, өзім қуанған соң екеуіңізге де айтайын деп ем.
Асанов. Айт, Рәштай!
Рәш. Айтам... Ендеше, менің мамам папамды тауыпты. Білесіздер ме, мен оны сағынып ем. Мамам уәде беріп еді... Енді менің анам... менің әкем де бар. Олар... олардың екеуінен маған телеграмма келді. (Телеграмды қолына ұстап тұр.)
Асанов. О-о, зор қуаныш екен, Рәшім!
Сәт. Қуанышың әбден орынды... Сондайлық үлкен зор, зор шаттық... Құтты болсын, Рәш.
Рәш. Ал, Сәт аға, енді сіз... сіз айтыңызшы?
Сәт. Айтам енді. Сенің мамаң, жақсы ер мамаң, майданда үлкен ерлік етіп, жауынгер Қызыл Ту орденін алыпты.
Рәш (ыршып қуанып кетіп) Рас па? Не дейсіз, шын ба! Сәт аға!.. Асанов аға! (Асановты құшақтай алады.)
Асанов (бетінен сүйіп). Рас... рас, қайырлы болсын, көрдің бе, әне анаңды.
Сәт. Әнеки, сен қандай ананың қызысың...
Рәш. Мама милая... Родная мамочка!
Осы уақытта Сәтке бір телеграмма келеді.
Сәт (телеграмды қолына ұстап, ашпай тұрып Рәшке). Кәне телеграмыңды көрсетші. Айтпақшы, сенің папаңның аты қалай еді осы, Рәш?
Рәш. Менің папамның аты Нұрлан... Нұрлан Бектасов! (Үйдегілер тегіс.) Нұрлан? Бектасов Нұрлан?!.
Сәт (бұл телеграмды қарап шығып). Нұрлан! Ә, рас Нұрлан... Иә... (Өз телеграмын қарап, тез өзгеріп, тағы қарап шығып күрсінеді. Асановқа береді.)
Қаден. Нұрлан? Е-е, жаңағы, апыр-ау (дей бергенде.)
Сәт (Қаденге). Тоқта, Қаден! (Рәшті бауырына қысып, шашынан сүйіп.) Ал, Рәш, сол енді...
Рәш. Сол болды... Мен кетем. (Тоқырап.) А, рас, мамама ұялмай хат жазу үшін мен өзіміздің форпостың ісі тәуір болса, сөз айтар ем.
Сәт. Айт, қарағым... жақсы істейім деп жаз.
Рәш. Бірақ ол әзірше шын емес қой әлі, Асанов аға.
Асанов. Онысы рас, Ескендірге тез беріңіз. Не керек болса, бәрін тез тауып бергізші, Ескендір. Рәш ынталы жақсы пионер (...) көмек етші.
Ескендір. Жарайды, Рәш! Айтшы ендеше, не керек еді өзіңе? (Екеуі оңашалана береді.)
Рәш. Жақсы, олай болса. Бірақ сіздерде жұмыс бар той... Қазір бөгемейін, екі сағаттан соң тізім жасайын да, өзіңізге келейін, жарай ма, Ескендір... Ескендір аға?!
Ескендір. Жарайды, Рәштай! (Құшақтап арқаға қағады.)
Рәш. Білесіздер ме, Ескендір аға! (Тоқырайды.)
Ескендір. О не, Рәш? Айтшы!..
Рәш. Қазір мен сізді де сондай жақсы, жақын аға көремін.
Ескендір. Қазір ғана ма, Рәш-ау? Бұрын ше?
Рәш. Шын айтайын... бұрын ондай емес едім... Білмеймін... Бұрын әлденеге сізден мен қорқушы едім... Ал қазір тыныш боп тұрмын... Сондай! Әлде мен ақымақшылық сөз сөйледім бе? Білмеймін.
Ескендір. Жоқ, Рәш, жақсы... Соның үшін мен қайта бетіңнен сүйейін. (Сүйеді.) Ақылды Рәш!
Рәш. Ну, ендеше, дос болдық, Ескендір аға!
Ескендір. Құп, Рәш! (Рәш жүгіріп кетеді. Үйдегілер үнсіз отырып қалған.)
Сәт (Асановтың қолындағы телеграмды алып). Көрдіңдер ме мынаны? Жаңа Рәш, өзі алған телеграмды көрсетіп тұрғанда, мына телеграмма жетті. Бұл Наздан! Нұрланды тауып ем, бірақ Нұрлан қайтыс болды. Қолымнан жөнелттім... Тек Рәш білмесе екен депті... өтініпті!..
Дауыстаp. Қайтыс бопты! Нұрлан!
Жұрт жым-жырт.
Сәт (үлкен ойда сияқты). Бұл не? Не дейді бұл күй?! Жаңағы бала... ғазиз бала... Соның жүрегіндегі тулаған қуаныш, соның көзіндегі жанған үміт от, сол бір бала емес, бар баламызды, тіпті келер нәсілімізді ойлатпай ма? Бүгінгі қайрат күтер ересек буын бұнда болайық, майданда болайық, қандай сында тұрмыз біз? Кеше осы күнді адал қанымен әперіп кеткен әкелер алдында не дер ек!.. Жаңағы өзгеше боп жайнап келе жатқан өмір гүлі алдында не дерміз! Осы міндет алдында біреудің амандығы, біреудің тыныштығы, біреудің өзімшіл күйбеңі — жиып келгенде, бәрі жабық көңіл жадысы — күл болсын демес пе ең, соның бәрін де? Өлген ер ғана емес, сол майданда тірі жүрген азамат анау Ербол, анау Наздың жүзін көруге ұялмасам екен тек... Еңбегім мен тірлігімді енді сонда ғана демесем, нем азамат енді?
Пауза.
Ескендір (шұғыл жылап жібереді, жұрт ішінен "үй, бұ нең?" дескен үндер шығады) Жоқ. Ж-оқ! Орынсыз бір жас! Жай бір ұйтқын... жас керек емес... бір тамшы жас керек емес. Серпін, өзгеше серпін... Қарағанды, Қарағанды болғалы көрмеген, ел, Отан алдында ер қарызын ақтарлық бір қайрат табайықшы... Соған бастайықшы бәріміз.
Тәнеке. Соны айт, соны тап... Сөз қысқа! Ер басы екі нормадан асырдық, ел мақтады деп отырмайық, тағы өрлейік, тек жолын айт!
Бригадир. Жан аямас жалынды біздің білегіміз әлі де асқындатып ата алады.
Қаден. Шахтерлер жиылды әне... Соны айтшы бізге...
Асанов. Айтатын сөзді біреу ауызға салмай-ақ, біздің жұрттың өз жүрегі нұсқайды бүгін! Алтын ана қойнындай ұлы ұяңа туған сын күн, қатал күн, қатер күн ашып отыр. Кеңшілікте ет пен терінің арасындай бергі жерде жүретін ұсақ тілек, мардымсыз машық — баршасын сол күн жуып-шайып ап кетті де, биік қасиетті бөлек адам, ұлы адам шықты. Міне, дәл осы күнде... біртіндеп шыққан жоқ, миллиондап шықты Отаннан. Ол адам майданда ғана емес, осында да отыр... Тұр әне тегіс жиында... Жүріңдер... Сендер ата деген серпінді қазір соның бірінен емес, бәрінен естисің... Ойға алған өрді алғанын көресің қазір!
Бригадир. Қарағанды кенінің бар шахтасы бастайтын, бәріне үлгі тастайтын сын атайық.
Екінші бригадир. Жалғыз Қарағанды кені емес, бар Қарағанды облысы, анау Балқаш, анау Жезқазған — барлық осы облыс өндірістерін тегіс өктем іске шақырайық!
Тәнеке. Жоқ, ендеше, Қарағанды облысы ғана емес, бар Қазақстанның қорғасындай Лениногорын, қорғасындай Шымкентін, мұнайлы Ақтөбесін, алтынды Алтайын, бар-бар ұлы өндірісті өлкесін түгел шарқ ұруға шақырайық!.. Жүр!
Сәт. Жүр шахтерлерге!..
Асанов. Жүр халыққа!
Шымылдық
Сегізінші сурет
Майдандағы армия. Дивизион флангісінің құрылысы
бұрынғыша... Жер басқа. Маскировка да өзгерген.
Сақшы Малышев орны қазір жалғыз шошақ жақпар тас.
Шымылдық ашылғанда, Шәршен пулемет өчіретін беріп жатады.
Ербол. Стой! (Пулемет тоқтайды. Ербол бинокльге қадалған.)
Сақшы. Тоғайға қайта кірді!
Ербол. Дивизион! (Қасына Скиба, Шәршен, тағы бірнеше командирлер келеді.) Генерал Гольц те ендігі қалған күшінің баршасын жиды да, тоғайдың арғы шетіне қарай жөңкілді. Тімтініп, түртініп жүр. Қоршауға іліккенін аңғарған, торға түскен шабақтай жүйткиді енді ол шеттен бұ шетке. Қазір оң флангісін 345-ші полк алды, артынан 21-ші танк баталоны тас қабырғадай тіреліп тұр. Алды біздің жаяу полк пен біздің дивизион. Жалғыз сол флангіден үміті бар, ол шеті бес шақырымдай. Ағылып солай барады. Бірақ ол жеткен шақта алдынан 215-ші полк әзір болмақшы, тықсырып кеп қайта бастырады. Сонда... сонда ол қамауды бұзып өтуді ойлау керек. Басқа шығысы жоқ. Кімнің үстінен өтем дер екен, көреміз.
Шәршен. Біздің тұсты байқап өткені сол ғой.
Ербол. Дұрыс... Сол... Біз әдейі екі зеңбірек пен сенің пулеметіңді ғана сөйлеттік. Бұл жерде дивизион емес, болымсыз взвод қана бар екен деп ойласын... Келсін... Кімнің үстіне келсе, соның бағы. Гитлердің имперский дивизиясының барлық соңғы күшін, бар штабын, әсіресе, әттең, Гольцтің өзін соңғы соққымен жаныштап, тұтқын қып алған бағы емей, немене? Хал осы, түсінікті ме?
Дауыстаp. Түсінікті, жолдас командир!
— Түсінікті, жолдас Датов!
Ербол. Ендеше, орындарыңа барып, маскировканы жақсы етіп отырыңдар. Командирлер, көптен бері ұйқы жоқ қой, кезектеріңді мықты қып қойып, 40 минуттан мызғып алыңдар... Орындарыңа! (Шәршенге.) Жаңағы соңғы лық берген бір толқынын сенің оғың қайырды, Шәршен аға.
Шәршен. Мен ақ келтеге... ақ келтеге сенем ғой, нысанаға жеткенде алдынан жер жыртқандай дәл түсіп, жарты қадам бастырмады ғой, ақ келте!
Скиба (бұлардың қасында қалған). Бегешев, "Ақ келте, ақ келте" деп неге айтасын осы, сен?
Шәршен. Ақ келтенің мәні бар, бірақ бәрін айтсам, алты ай керек.
Скиба. Алты ай? Онда екеуміз әңгімелесіп отырғанда соғыс та бітіп қалады ғой.
Шәршен. Солай, сөйтіп, қысқасын айтайын... Ақ келте — Манас батырдың мылтығының аты. Ақ келте мылтығы, ақ олпоқ сауыты. Мылтығы осы сенің бірінші зеңбірегіндей болу керек... Ал менің пулеметім кімнен кем?! Сүйсінгенде бұны да ақ келте деймін.
Ербол (ұйқы жеңгендей, алға қарайды). Титтей белгі жоқ. Бұ қашаған генерал көп күттірер ме екен тағы да?!
Скиба. Қуғанымызға үш күн болды, енді қашуы баяулады ғой.
Шәршен. Тұйғын келіп шалғанда, қоянның адымы қандай бүрісуші еді, бауырынан ынтыға алмай... солай ма?
Ербол. Тоқта, Шәршен аға! Қоян емес, қашқан қасқыр титықтап болып, қуғын жеткенде, бар пәрменімен қарсы шапшып, қауып та түсетін...
Пауза.
Көрінбейді. Қарағай жым-жырт, бүйте берсе ұйқы да басар.
Скиба. Айтпақшы, жолдас командир, Ербол, сіз ұйықтамағалы тура, міне, екі жарым сөтке болды. Мызғып алыңыз.
Шәршен. Рас, дер кезінде нысанадан жаңыласың! Көзің бұлдырайды... Мызғып ал...
Ербол. Скиба, сен тұр ендеше... Дәл 35 минуттан соң оятыңдар!
Бері келіп, бір кішкене түп ағаштың бауырындағы аласа тасқа
отырады да, қалғып кетеді. Ұйқыда. Сахнада көкшіл мұнар.
Арғы жақтағы көріністің бәрін сол мұнар басады.
Ерболдың қасында Сталин тұр.
Сталин. Сен ұйықтап отырмысың, Ербол?
Ербол (сасып қап). Жолдас Иосиф аға...
Сталин. Оқа емес... оқа емес. Тынықпай бола ма екен? Қысылу керек емес. А, а, сендер мынау үшін күнде жаман қимыл еткен жоқсыңдар... Қатты қайрат еттіңдер.
Ербол. Тек тиянағы... тап жоғары жағы жақсы болса екен, Иосиф аға!
Сталин. А, соны айт, соған әзір болыңдар... Бар күшті жиып, бір-ақ ырғу бар... Сол ырғығанда және ажалдай соғып, бүріп түсу шарт. Сіз жымда жатқан ызалы, алып жолбарыстың, анау өздеріңнің Балқашыңның қалың қамысында жатқан жолбарыстың қалай шапшитынын естіп пе едіңіз?
Ербол. Дәл, дәл, Иосиф аға, бала күнімде Балқаш жағасында жолбарыстың бір-ақ шапшып бір түйені, үлкен жардай сары атанды бүктеп түскенін естіп ем.
Сталин. А, мұнда мысал түйе емес. Түйе ол үлкен де болса, момын... Мұндағы ол емес, қабан дейік. Қырыс, қаскөй, хабарың болса, көп еңбекпен егін егіп, сол егінің жайқалып өсіп қалғанда теріс азуымен жақсы, лық жерін дал-дал айырып кеткен қабан болса... сол қабанды жымда тосып жатқан жолбарыстың қандай шапшып барып, бас салып бүргенін көрсең, қандай сүйсінер ең... ендігі сендердің ырғуларың ел-жұртыңды сондай сүйсіндірсе...
Ербол. Ендеше, бұл қабан аман кетпес-ақ, Иосиф аға!
Сталин. Бірақ ол оңай емес. Жығыла беріп жарып кететіні де болады.
Ербол. Бәсе,бір сөз сұрауға рұқсат етіңізші, Иосиф аға!
Сталин. Сұраңыз.
Ербол. Осы қабан құтырғандай қатты ұмтылып, тісі тиіп, қан шығарып тұр-ау бізден. Солай емес пе?
Сталин. Бұныңызға мен екінші бір мысал айтайын. Сіз гректің ескі мифінен Самсон деген аса алып жайын естіп пе едіңіз?
Ербол. Иә, иә, естіп ем. Қызыл әскерде алғаш істегенімде Петербургте суретін де көріп ем.
Сталин. Сол Самсонның бүйіріне шапшып кеп жабысқан арыстан бар еді ғой... бір аяғының тырнақтары алыптың санын бүріп, тырнап жатыр, бір аяғы белінде, ер бойынан қан ағып тұр. Жыртқыштың аузы енді ішке жабыспақ еді, сонда Самсон шалқасынан қайырып ап, алмастай тістерінің арасына екі қолын сап жіберіп, бүгіле созылып, аш арыстанның арандай аузын қақ айырып тұрған жоқ па еді? Аз заманда соны көреміз.
Ербол. Бәсе, сөйтіп бітіреміз! Жеңеміз... жеңеміз ғой!
Сталин. Жеңеміз, жеңбей басылмаймыз! Оған кепіл өздеріңнің өр кеудең! Біз жаңа көктемнің өзгеше өктем тасқынымыз, ол тасқынның ағысын бөгеймін деп, жолына шөгіп жатқан қабандар бөгемек емес, бүктетіліп, талқан болып езілмек.
Ербол. Солай... Солай! Сөз жоқ солай... Япыр-ай, Иосиф аға, сондай жақын кеп, соншалық қуанттыңыз ғой. Мен... мен... бір ғана көрсем деуші ем.
Сталин. Көру! Көруден оңай не бар?
Ербол. Тағы бір нәрсеге қайранмын, Иосиф аға! Сіз қазақша да біледі екенсіз ғой, естімеп ем?!
Сталин. А, мен, олай десеңіз, қазақша бір ән де білем.
Ербол. Кандай ән екен?
Сталин. "Ал бақи, а дегенде әнім салты" деген ше?
Ербол мәз боп, күліп жібереді. Осы кезде мұнар қоюланады.
Сахнада ешкім көрінбейді. Аздан соң мұнар айығады.
Сталин жоқ. Ербол алғашқы халінде ұйықтап отыр.
Аздан соң ұйқысынан қатты, қуана күліп оянады.
Ербол (қуанып тұрып ұмтылып). Жолдастар, достар, біз жеңеміз. жеңеміз біз... достар!..
Шәршен. О не?.. Қалай? Не дейсің, Ербол?
Скибa. О не?.. Қалай? Не дейсің, Ербол?
Ербол. Кейін айтам... Ұлы командир өзі айтты. Түсіме кірді.
Шәршен. Дегенің болсын, Ербол ботом.
Ербол. Кәне! Кәне енді!.. (Өз орнына отырады. Телефонмен.) Командирлер, жолдастар... Бар батарея, бар жауынгер, әзірлен! (Сахнада барлық қару маскировкасын алып әзірленеді. Команда.) Дивизион, соғысқа!
Командалар кетіп жатады. Бірнеше адам мен
Потапенко шығады. Оң қатарында Звездов.
Ербол қарсы тұрып рапорт бергендей болады.
Потапенко (Ерболға). Генерал Гольц қайта серпілді. Осы сендердің тұсына қарай беттеді. Осы арадан бұзып шықпақ. Мен де осы тұстан тосамын. Әзір отырыңдар. Звездов қазір бар қырандарымен аспанға шығады. Жау самолеттері Гольцті құтқаруға ұмтылар. Соларды сендердің үстеріңе жібермей жапырады...
Звездов (Ерболға). Мен жүрем, мынау өзіңе... Қол тапсыратын белгілерім, түсіңе үлкен шортан келеді, Ербол! Аспанына мен жауаптымын.
Ербол. Ендеше, жер үстінде кездессе, сол қара жауды жермен-жексен етуді біз де міндетке алдық. Жолың болсын!
Звездов. Нұрлан кегін есіңде тұт!
Ербол. Ұмытпаспын! Есімде!
Звездов. Ер қайратқа... әпкел қолды.
Ербол. Әпкел! (Қол алысады. Звездов жөнеледі.)
Потапенко. Әуелі бар зеңбірегіңді жұмсама. Ал, тіпті, жақыннан шығып қалса, оның қамын тағы ойлап қой. Тосқынға, ер тосқынға әзір болыңдар.
Ербол. Әзір, жолдас генерал-лейтенант! (Потапенко жүріп кете береді.)
Сақшы (аздан соң). Шықты! Бар легі бізге қарай шықты. Қатты келеді. Біздің танктер көрінді.
Ербол (команда орнында). Үшінші батарея, бар зеңбіректен шрапнельмен, он екі снарядтан жаудың мотоколоннасын тура төсеп, (...) әзірлен! Пулемет! Семсер оқпен мотоколоннаға әзірлен! Бірінші, екінші батарея, бар зеңбіректен, алыс ұрар, бронь бұзар гранатпен жаудың танктерін тура төсеп, залппен, әзірлен! (Командалар кетеді.) Огонь! (Атыс. Бұл жаққа да оқтар түседі. Жығылған, жараланғандар бар. Атыс арадігінде.)
Сақшы. Таяп қалды. Самолеттер шықты. Біздің эскадрилья алдын тосты. Айқасты...
Ербол. Төртінші батарея, бар минометтен, бес снарядтан әзірлеп, даярлан! Үшінші батарея, бұрынғыша тағы да бес снарядтан, залппен әзірлен! Пулемет! Штаб машиналарын тосқын оқпен! Огонь! (Тағы осындай екі команда. Қатты соғыс.)
Сақшы. Ұйлықты. Реттері бұзылды, тастады! Машиналарын тастады. Жаяу... жаяу қаптады...
Ербол. Пулемет! Семсер оқпен. Нысана 300. Огонь! Дивизион! Барлық жауынгерлер, бар командирлер, тыңда... тыңда... Барлық дивизион, бетпе-бет соғысқа әзірлен!
Өзі атқып винтовка алады. Ұшында қанжары бар. Барлық
сахнадағы әскерлер солай қаруланған. Ербол командасы.
Дивизион! Фашист дивизиясының командасына, штабына
қарсы атакаға!.. Отан үшін, Сталин үшін! Соңымнан
ер!.. (Ұмтылады.)
Сахнада көп әскер өте жүгіріп жатады. Осы кезде зеңбіректердің
үстінде жаңа, биікте жарық қызыл жазумен "За Родину!",
"За Сталина!" деген уран жазулар жалт-жалт беріп кезек жанып
тұрады. Сахнада қарулар қасында азырақ кісі қалған.
Сыртта, қатты соғыс шеті қашқалақтап шыққан фашист
офицерлері. Бастырып, жайратып кем жатқандардың алды —
Ербол өзі. Сахнадан бір айналтып өтіп, қайта айналып шығып
қарап, басып кеп, соғысты тоқыратады. Бір жақта бар штабымен
соғысып шыққан Потапенко келеді. Генерал Гольцті бірнеше
кісі штабымен, Ербол бастап, конвойлап әкеледі.
Сахнаға Потапенколар тұрған жаққа осы шақта Назым,
Ира да қуана жүгіріп кеп жеткен.
Ербол (Гольцке). Фашистің сен кәрі қасқыры болсаң, біз жаңа көктемнің жайың табар жар тасқыны... Бөгемек түгіл, бүктетіліп өлерсің! (Бұйрық.) Алып өт!.. (Тұтқындарды тарта береді.)
Потапенко (Ерболдың қолын сілкіп). Құтты болсын зор абырой, үлкен ерлігін, қымбат командир Датов! (Қозғала береді. Ира мен Ерболды құшақтап кезек сүйіседі.)
Шымылдық
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру