TELEGEI

Home

Советстан

Сәкен Сейфуллин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Советстан

«Советстан» – поэзиялық туындыларының ішіндегі Сәкеннің шығармашылық ерекшелігі мен идеялық саяси ұстанымын бедерлі айғақтайтын туындылар. Сәкен социалистік жүйені, оның идеялық дем берушісі коммунистік партияны халыққа бақыт пен бостандық әкелуші деп сенеді.

(СОВЕТТІҢ СЕГІЗ ЖЫЛДЫҒЫНА)

ОТАРБАДА

Міне, заулап отарбада келеміз,
Кейде жүйткіп, кейде бүлк-бүлк желеміз.
Жолы құрып,
Жолы өріс,

Аумай бұрыс,
Қарақшыға апарады, сенеміз.

ТҰЛПАРЫМ...

Бұрын атым — тұлпар еді, бәйге көк,
Енді міне, поезд болды, тұлпар жоқ.
Ұзақ жолға!
Тұлпар қол ма?

Мейлі жорға!
Тұлпар міну
Сарыарқада жүрсең тек.
Бәйге көгім, асау еді тұлпарым,

Әшекейлеп, кестелеген тұмарын.
Енді қайда?
Егін жайда,
Жұр ғой айдап,

Бір уақытта міну еді құмарым.

ҚИЯЛ ОЙ

Отарбамен жүрсем қиял басады,
Көңіл тасып, қиял алып қашады.
Шам жандыра,
Көз алдыма,

Тез алдыма,
Тіршіліктің перделерін ашады.
Ұйықтатпады, поезд шапқан ойлатты,
Түпсіз мұхит — ой түбіне бойлатты.

Босқан елдей,
Тасқан селдей,
Ойым керней,
Мыс қазандай баста миды қайнатты.

Қабақ төніп бір ноқатқа қатқандай,
Жерді тесіп, шыңырауға батқандай.
Терең ойға,
Ерен бойлай, ішіп тоймай,

Ой түбінің дәмін қиял татқандай.
Алып қайда қашасың сен, ой-қиял?
Мұнша ұшқырлық неге керек, қой, қиял,
Тойым қалды,

Бойымды алдың,
Қайнап жандың,
Біраз тыныштық беріп шіркін, қой ұял!
Сәулесіндей қолға ұстаған айнаның,

Қас қаққанша шыр көбелек айналып,
Жарқ-жұрқ еттің,
Шарыққа өттің,
Мұхит кеттің,

Дүние кезіп, сан құбылып ойнадың.

БІЗДІҢ ТҰРМЫС – ОТАРБА

Бар адамзат тынбай жортқан құмырсқа,
Көрінсе де шіркін өмір тым қысқа.
Түсі күрең, ісі ерен,
Ұқсас көрем.

Отарбаны біздің осы тұрмысқа.
Айда, отарба, аямай күш айдап бақ,
Дөңгелегің зырылдасын тақ-тақ-тақ.
Шаңқай жарық,

Шамға қарық,
Болсын халық,
Электр жақ, тынбай айда, жол ұзақ!
Жол ұзақ,

Отты жақ,
Заулап бақ!
Қатты шап,
Трат-тат-тат!

Трат-тат-тат!
Трат-тат!

СОВЕТСТАН – ОТАРБА

Поезд іші дауам қайнап құбылмақ,
Әлсіз сорлы сәкі астына тығылмақ.
Біреу жетпек,
Біреу кетпек,

Мінгендер тек,
Біртін-біртін ырғытылып жығылмақ.
Мінгендерді паровоз ғой сүйрейтін,
Өйтсе дағы біреу оны билейтін.

Мініп текке,
Мұрын көкте,
Бұрын көпке.
Мен әкенмін, басты маған и дейтін!

Шын адамзат қылығы жоқ сүйетін,
Ыза қайнап жұрттың іші күйетін.
Амалы жоқ,
Заманы жоқ,

Толған жұрт көп,
Отарба да оған басын иетін.
Поезд биін бір күні жұрт құлатқан,
Атып жерге доңыздай ғып сұлатқан.

Әкім өзі,
Закон сөзі,
Келіп кезі,
Көпшілік — би, әкім кеше жылатқан.

Сол жауызын патша еді ғой құлаған,
Отарбадан лақтырылып құлаған,
Өзі би ед,
Сөзі сый ед,

Жалғыз ие ед,
Қорлығында қалың нашар жылаған.
Көпшіліктің қойғаны енді кондуктор,
Оған әкім — көптің өзі, Совет түр.

Жаңартылды,
Заңы артылды,
Тазартылды,
Поезд енді, қараңғы емес, электр.

Жауыз бидің заманында жауыздар,
Толған еді арамтамақ ауыздар.
Қуды бәрін,
Жуды нарын,

Бұққандарын,
Бірте-бірте кондукторлар, қауыздар.
Кондуктор,
Жатпа, түр!

Электр,
Тағы жақ.
Сақ бол, сақ!
Жақсы бақ,

Жол ұзақ,
Тақ-тақ, тақ,
Тақ-тақ, тақ,
Рудзутак!

Отарбаның оты май, тас көмірден,
Жолы қоспақ темірден.
Рудзутак — жол қатынас министрі.
Маркс — Ленин,

Жолы дұрыс,
Толық құрыш.
Думай бұрыс,
Кім көлденең тұрса, соғып жемірген.

Темір жолдан отарба мүлт аумасын,
Отты көп жақ, қызыл жалын қауласын.
Буды қайнат,
Туды байлат,

Жылдам айдат,
Дүние айналып, қызыл арба зауласын.
Кондуктор,
Байқап тұр! —

Уклон бар,
Терең жар,
Электр,
Көп қып жақ!

Айдап бақ!
Рудзутак!
Рудзутак!
Трат-тат-тат!

СОВЕТСТАН - СЕГІЗ ЖАСАР АРЫСТАН

Советстан — сегіз жасар арыстан,
Сансыз жауын қалтыратқан алыстан,
Әлемді алған,
Шынжыр салған,

Ескі жалған,
Жеті басты жалмауызбен алысқан.
Советстан аждаһадай айбары,
Әділдік пен жауыздықтың майданы,

Жауыздықты
Ауыздықтап,
Езіп мықтап,
Борсылдатып, иткелмеске айдады!

Адамзатқа гулеп ұран тараттың,
Дүниені таңырқатып қараттың.
Оғын атқан,
Бұғып жатқан,

Тілмен шатқан,
Мырзаларға табаныңды жалаттың.
Жас арыстан, күшейесін айына,
Қылыш қайрап дүниенің байына,

Шешен мырза,
Көсем құлжа,
Енді ырза,
Сасық деген табанынның майына.

Талай қарын дірілдейді мал үшін.
Талай жауын доспын дейді жан үшін.
Біреуі «ұл» боп,
Бірі құл боп,

Советшіл боп,
«Сасық...» деген қолындағы нан үшін.
Талай мырза боқтап еді пасық деп,
«Доңыз Иван, тоқтат жынды басып» деп,

Тәубе деді,
Сауға деді,
Нан тіледі,
Арамыңнан май қолыннан «сасық!» деп.

ЭКСПРЕСС

Советстан — экспресс айдынды,
Сансыз жауын алыстан-ақ айбынды,
Еркін елім,
Беркін белім,

Шалқар көлім,
Дүниедегі санын кедей, бай білді,
Отарбада сан румыз — тілек бір.
Зор иманды, махаббатты жүрек бір.

Қаулат отты,
Заулат қатты,
Жай қанатты,
Күш жұмсайтын бір майданда білек бір.

Советстан, біздің Стан совстан!
Экспресс, талма екпінді шабыстан.
Гуле жүріп,
Үні құрып,

Қалсын ұлып,
Ескі жалған арттан қалмай жабысқан.
Кондуктор,
Қатты бас,

Жүрек бір,
Жалын шаш,
Тілек бір,
Жылдам жет,

Білек бір,
Дөңгелет,
Трат-тат-тат!
Трат-тат-тат!

Тақ-тақ, тақ
Рудзутак!

СОВЕТСТАН КӨЛЕМІ

Уа, Руссия көлемің зор көлбеген,
Бұл күн кеше өлшеуге бір көнбеген.
Совет келді,
Енді өлшеді,

Демде өлшеді,
Жерлеріңді тұлпар барып келмеген.
Атпен жүрсе алты айлық жол жерін бар,
Советстан сан рулы елің бар.

Сан рулы,
Заң құрулы,
Бір-ақ түрлі
Бір-біріне туысқандық сенім бар.

Он екі айы шілдедей де жерің бар,
Жан иесі салқындыққа өте зар,
Емес аз-ды,
Жерің жазды,

Самал сазды,
Кей жеріңнің он екі айы бірдей қар.
Көк кілемдей түрлі шөпті белін көп,
Қалың шайыр көкорайлы көгің көп,

Жері алтын,
Желі барқын,
Самал салқын,
Таусылмайтын сансыз байлық кенін көп.

Қиырсыз кең теңіздерін шалқыған,
Жұмсақ демін, жұтқан дене балқыған,
Суды кешсең,
Сүнгіп тескен,

Аспанда өскен,
Түрлі кеме аққу құстай қалқыған.
Сел боп аққан өзенің көп бұралып,
Бір шеті мен бір шетіне оралып.

Таудан құлап,
Қауда сұлап,
Кейде құрақ,
Судыраған шымылдыққа оранып.

Ұзын аққан міне
Еділ мен Жайығың!
Талай ерлер өрлей салған қайығын!
Шайқап суын,

Жайқап туын,
Салған шуың,
Степка мен ер Пугачевтай ұлын.
Анау жатқан қиырсыз құм жерінде,

Көшпелі құм тіршіліксіз сенің де,
Сусыз деңіз,
Бусыз демі,
Меңіреу кеңіс,

Қанат күйген ана Бетпақ шөлінде.
Қалың құзды таулар анау асқарын,
Жасыл болат, алтын, күміс тастары,
Асқар тауын,

Аспан қауып,
Күнде жауын,
Күндіз-түні бұлттар қоршап бастарын.
Зеңгір таулар нұрлы шыңды жерің ғой,

Бастарына жанаса алмас өрің ғой.
Байлық толған,
Қап-қара орман,
Қақпа құрған,

Олар тауын — темір белдік төрің ғой!
Қос босағаң — Кавказ бенен Алтайың,
Қырау баста ағарғандай қартайып,
Бұлттан асқан,

Айбат шашқан,
Жындар қашқан,
Сауыт киген батырлардай шалқайып.
Жұртты отарба тынбай сүйреп шайқайды,

Кондукторлар алдын, артын байқайды.
Қара жауын,
Қара дауыл,
Соқса да ауыр,

Быт-быт қылып қақ жарады, жайпайды.
Тақ, тақ, тақ,
Тақ, тақ, тақ,
Рудзутак!

Дөңгелет,
Трет-трет-трет!
Кондуктор,
Кондуктор,

Электр!
Көп қып жақ,
Айдап бақ!
Трат-тат-тат!

СОВЕТСТАН - ЕР-ҰЛАННЫҢ БЕСІГІ

Советстан - адал еңбек кәсібі,
Адамзатқа теңдік — бақыт есігі,
Жауын қуған,
Ерден туған,

Белді буған,
Еркін өсер ер-ұланның бесігі!
Ер-ұланым — комсомолдар балапан,
Пионерлер отрядтары балақай.

Күшті білек
Батыр жүрек,
Бір-ақ тілек,
Қазірден-ақ көк құрыштай алақан.

Әне, лек-лек келе жатыр комсомол!
Ту ұстаған алдарында күшті қол.
Кеудесі ашық,
Кеулеп асып,

Аттап басып,
Өлеңдетіп жер жаңғыртқан екпін мол.
Кейін қара, былай өтсін комсомол!
Анау жұп-жұп адымдаған оң да сол,

Пионерлер!
Күйін кернер!
«Дайынбыз!» дер,
(Жеткіншекке деші айғайлап «дайын бол!»)

Қызыл жаулық серт белгісі мойныңда,
Еркіндікпен тегіс бақыт ойында.
Жалт-жұлт нық бас,
Жарқ-жұрқ от шаш!

Сарт-сұрт, марш-марш!
Күш пен қайрат, көркем қимыл ойныңда,
Тынбай үйрен, әуейі боп мастанба,
Алға адымда еш нәрседен жасқанба!

Лек-лек қапта.
Жұп-жұп атта!
Нық-нық тапта!
Ескілікті құл ғып ұшыр аспанға.

Бар адамзат тынбай жортқан құмырсқа,
Болса дағы шіркін өмір тым қысқа.
Түсі күрең,
Ісі ерен!

Ұқсас көрем
Отарбаны біздің осы тұрмысқа.
Айда, отарба, күш аямай айдап бақ,
Дөңгелегің зырылдасын тақ-тақ-тақ!

Шаңқай жарық,
Шамға қарық,
Болсын халық,
Электр жақ, тынбай айда!

Жол ұзақ.
Кондуктор,
Қарап тұр!
Жол ұзақ,

Айдап бақ.
Уклон бар,
Терең жар,
Сақ бол, сақ!

Тақ, тақ, тақ!
Айдап бақ
Рудзутак!
Трат-тат-тат!

Трат-тат-тат!
1925 жыл.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙