Сағиолла Нұржанов
Ағиба Қатешова
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ағиба Қатешова - «Сағиолла Нұржанов» шығармасы.
БАСТАУ
«Жақсылықтан басқаның бәрі жалған, қайырымдылықтан өзгенің құны қара бақыр, сыйластықтан бөтен сымбатты нәрсе жоқ.»
Сағат Әшімбаев.
Атамыз қазақ «Жаттан жақын болған» деп жаны жайсаң жақсыларды жанына тартып туғанындай құрметтеген. Өкіл бала, өкіл әке жасап, әйтеуір өзімсіне іш тартып айналасынан алшақтатпаған. Ел ішінде «Жақсылардың көңілі жақсы адамдармен ғана жарасады» деген қанатты сөздің туындауы да осыдан болса керек. Қазағым түйіндеген осы бір оймақтай ойда терең мән, тұңғиық мағына жатқандай ма деп қаласыз. «Жақсылық даңқ деп емес, Алланың ризашылығы үшін жасалу керек» - деп Исрайыл Сапарбай айтқандай, алақанға салғандай қып, бар ғұмырында тал бойына жақсылықты сіңірген, айналасына жақсылық қана жасаған бір туар азаматтардың бірі болмаса да бірегейі, бүгінгі әңгімеміздің алтын арқауы – марқұм Сағидолла Нұржанов.
«Өткенді ұмыту – өшкендіктің белгісі,
Өткенін ұлықтау – өскендіктің белгісі».
Өткен өмір дегеніміз – тарих қазынасына қосылған үлес. Ал осы үлес салмағын саралағандағы мақсат-дәріптеу, масаттану емес, келер ұрпаққа үлгі болар, қажетіне жарар деген ізгі ниет... Қашан да өмір жолы кедірлі-бұдырлы, ой-шұқыры көбірек, сүрлеу-соқпақты. Күнегейінен көлеңкесі көбірек балалық шақ. Жалынды, лапылы басым жастық дәурен. Діттеген мақсатқа жетуді көздеген өпірем көңіл.... Осылайша көңілдің көк дөнені көкейдегіні дөп басып балаң жүректі алға жетеледі. Өзіндік сара жолына салды.
Ал қалғаны жылдар мен жолдардың еншісінде еді...
* * *
Кең кеудесін күнге төсеген сары дала. Қол өтпес ну орманы, қыр арқасын берген асулары болмаса да жанға жайлы, көзге шуақты. Өйткені бұл - Нұржан ақсақалдың туған жері, кіндік кескен қасиетті ата мекені, түпкі бастауы. Өткен өмірдің талайына куә болып, қыруар сырды ішке бүккендей бабымен, бірін-бірі қуалай соққан әсем толқындарымен көз тойдыратын - жайыла аққан Ақжайық. Нұржан ақсақалдың ата-бабасына азық болған, киелі туған топырақтың нәрлі сыйы. Өзінің ет тірлігімен, балығын аулап, егінін салып от басының напақасын еңбектен ғана тапқан Нұржан ақсақал, 1867 жылы дүниеге келген. Руы Адай, оның ішінде Қосай, Қосайдың Сүйіндігі. Бір кіндіктен тараған төрт ұл - Димағамбет, Мұқамбет, Есмағамбет және - осы Нұржан. Қоңыр тіршіліктің құбатөбелін жайдақ мінгендей, заманының бар ауыртпалығын, басқа түскен барлық мұң-мұқтажын бір кісідей көтере білген Нұржанның бойындағы асыл қасиеттерінің бірі - адалдығы, үлкен-кішіге мейірімді, бауырмалдылығы болатын. Бөліп берері көп болмаса да, ағайындарынан, көрші-көлемдерінен барын аямай, татулыққа, ауызбірлікке дәнекер болып жүретін. Ол халықты қаусатқан аштық, еңселі ерлерімізге қырғидай тиген қуғын-сүргін, фашистік басқыншылардың лаңы сияқты ел ішіндегі зұлматтың барлығын да көрді. «Көппен көрген ұлы той» деп заманның осындай ауыртпалықтарын ел-жұртымен бірге көтерісті. Жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болды. Ауылдастарының басына түскен жағдайлардың қандайын болса да, бірге бөлісе білді. Өзгелерден гөрі кешірек үйленеді. Жан-жары Мәдина екеуі бақытты өмір сүрді. Заман қиыншылығын бірлесе көтерді. «Жоқ» деп тарықпады. Барды қанағат етіп, көппен бірге тіршілік кешті. Бауырларынан Муса, Рақила, Сағидолла, Қалия есімді төрт бала өрбіді. Өкініштісі сол, Мәдинаға балаларының қызығын көру жазбады. Дүниеге еңкейіп келген кісінің, шалқалап Олқылыққа апанары-табиғат заңы деген, Нұржанға тағдырына мойынұсынудан басқа амалы қалмады. Сөйтіп, Нұржан жалғыздықтың ащы дәмін татуға мәжбүр болды. Бел ортадан асқанда өмірінің өлмесін деген рас екен. Балаларына қарағанда жан дүниесі сыздаған Нұржан тағдыр тәлкегіне қарсы белді бекем буды. Үйрен, биікке ұмтыл, қателес, сүрін, бірақ қайткенде де өзіңе соқпақ сал - деп балаларын өмір сүруге баулыды. Жеке басының жағдайын кейінге ысырды. Бір қарағанда мұңсыз, қамсыз көрінетін. Бірақ іштегі шерді, өзекті өртеген ащы запыран уытын кім түсінсін. Ер адамға жалғыздық қиындау ғой, шырым-ай, мына Нұржан жалғыз жүріп қалды-ау деген ағайын-туыстың емеуріндерін түсінсе де көрмеген болды. Бар өмірін тек балаларына ғана сарп етуді мақсат етті. Және солай жасады да. Жас өспей ме деген, балалар да әкесінің аялы алақанымен ер жетті, мүмкіндігінше білім берді. Үйлі-баранды болды. Нұржан ақсақал олардан немере сүйді. Муса мен Рақиласы есепші, Сағидолла мұнайшы, Қалия медицина қызметкері мамандықтарын игерді. Өз балаларымен қоса, ағайындарының балаларына да аса көңіл бөліп, барлығының бір-біріне ағайын екендіктерін сөзбен ғана емес, іспен көрсетіп отыратындығын ұрпақтары асқан мақтанышпен, сағынышпен еске алады.. Тұла бойы тұңғышы Мусаның қызы, мұнайшы, бүгінгі күні құрметті зейнеткер Тұрсын апа: «Ата-анамыз дүниеден ерте өтті. Бір ұл, бір қыз болып қала бардық. Бірақ жетімдіктің кермек дәмін таттырмаған туғандарыма шексіз ризамын. Әр отбасының алтын діңгегі болады ғой. Мен айтар едім, біздің әулеттің берекеті де берекесі де атам жарықтық болды. Сөз жетпейтін бір керемет адам еді. Бір шарбақта барлық ағайындылар отбасыларымен тұрдық. Үлкендердің тапқан таянғандары ортада, не абысындардың арасында, болмаса жеңге мен қайынсіңлі арасында реніш, оны айтасыз қабақ түю дегеніңіз болмаушы еді. Шуылдаған балашағамыз. Бір-біріміздің үйімізде сапырылысып жүреміз. Сол бір татулыққа, сол адамдардың кеңдігіне, мейірімділігіне әлі күнге дейін таң-тамаша қаламын. Ата-анасыз қалсақ та жетімдіктің зәрлі уытын сезінбестен, ер жеттік, білім алдық, ешкімнен кенде қалған жоқпыз. Осының барлығы атам жарықтықтың, тәтем /Сағидолла/ марқұмның арқасы. Інім Шалқар екеуіміздің «табанымызға қадалған шөңге біздің маңдайымызға қадалсын» деп бар қамқорлықтарын аямай, аяқтан тік тұрып кетуге бар күштерін салған асылдарымның жақсылықтарын қалай ұмытайын» - деп ішкі толғанысын жасырмады. Тұрсын Нұржанова 1946 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 1972 жылы Қазақ политехникалық институтын бітіреді. Жастайынан жұмысқа араласқан жас қыз алғашқы еңбек жолын Қаратонда токардің шәкірті болудан бастайды.1964 жылы Прорва мұнай басқармасында статистик, 1966-1972 жылдары Жетібай мұнай басқармасында инженер, оператор қызметтерін атқарады. 1973-2001 жылдар аралығында Прорва мұнай-газ өндіру басқармасында геолог, шебер, аға геолог, геология бөлімінің бастығы сияқты жауапты қызметтер атқарады. Құрмет грамотасының, Қазақстан мұнай өнеркәсібінің 100 жылдығы, «Еңбек ардагері» медальдарының иегері. «Атамыз біздің үйдің тірегі, шаңырағымыздың берекесі еді. Алдынан кесіп өтпей көңілін табуды ата-анамыз мұқият тапсыратын. Өздері де асты-үстіне түсіп, ақыл-кеңесін тыңдап отыратын-ды. Сауаты болмаса да басылымдарға, кітаптарға құмар еді. Қаттап жинап қойып, бізге оқытатын да, аса мұқияттықпен ден қоя тыңдайтын. Түсінбеген жерлерін ыждағаттап қайыра сұрап отыратын. Сондықтан ба, қай тақырыпқа әңгіме қозғасаң да атамыз білімді, көп оқыған адамдай өз пікірін еркін білдіріп, ел тіршілігінен үнемі хабардар болып отыратын» деп еске алады Нұржан қарттың немерелері. Сауаты аз болса да, көкірек түбінде күмбірлей үйірілген кемеңгер ойы басым, көреген көз Нұржан ақсақал күндердің күнінде ежелден топырағы қасиетті саналатын Атырауының болашағына үлкен сеніммен қарайтын, сол жарқын келешектің өз ұрпақтарына тигізер шапағатының мол екендігіне де сенетін. Үкілі үміт алдамады, Нұржан ақсақал сол арманының ілтипатты, жемісін жеді, 92 жасқа дейін өмір сүрді. Елінің тыныштығын, әл-ауқаты дамыған іргелі ел болғандығын көріп, көңілі марқайды. Атыраудың болашағы бұл топырақты мекен еткен халықтың берекелі тіршілігі - ел несібесі мұнайда екендігін сезетін. Ерте ме кеш пе «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманның туатынына күмәнсіз еді. «Қарнымызды аш, иығымызды жалаңаш қыла көрме» деген халық тілеуінің орындалатынына сенімді еді, дегені болды. «Қара алтынды» аймақтың аты төрткүл дүниеге мәлім болды. Туған өлкесі қуатты, мығым елге айналды. Ұрпағының өсіп-өнген қызығын тамашалады. Әулетінің берік арқауы сетінемеді. Үрім бұтағына өзі тұғырын қалап берген, қасиетті қара шаңырақтың киесі саналған татулық, ауызбірлік қағидаларын мүлтіксіз орындауды аманат етті. Ата аманатын адал орындаған ұрпақтары бүгінгі күні еліне елеулі, халқына қалаулы болып, әр салада еңбек етуде. Орындалған арман, ақталған үміт деген осы.
«ТҰЛПАР БОЛАТЫН ҚҰЛЫННЫҢ МҮСІНІ ЖАС КЕЗІНДЕ ТАНЫЛАДЫ»
Сағидолла Нұржанов 1926 жылы Бақсай ауданының 18-ауылында дүниеге келді. Жастайынан елгезек, бірнәрсені білуге, қолмен жасауға құмар Сағидолла басқа балалардан гөрі көзге көбірек түсетін. Базарлы балалық дәурен тай құлындай ойнақтатып, әрлі-берлі қылғанмен оның балалығынан да бір леп сезіліп тұрғандай болатын. Алаңсыз балғын шақтың заманның не бір зұлматтарымен қабаттас келгенінің әсері ме, ол басқа тұстастары сияқты жауапкершілік жүгін ерте сезінді. 37-інің зұлматынан туындаған елдегі қиын ахуалды өзінше ұғынып, балаң көңілі жабырқап-ақ кететін. Сөйтіп жүргенде «жығылғанға жұдырық» демекші, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Ел басына күн туғызған соғыс ызғары халықтың үрейін алып, тыныштығын бұзды. Ер азаматтар майданға аттана бастады. Ауыл арасында жылау-сықтау жиі естілетін болды. Сол кезде жасы 15-ке жаңа толған жасөспірім Сағидолла ел ішіндегі қобалжуды жанымен сезінетін. Сондықтан да еңбекке ерте араласты. Тұңғыш рет мұнайды қолмен ұстап, исін сезінген кезі де сол жылдар еді. Еркеліктен гөрі еркіндікке жақын болып ер жеткен ол, тұстастары сияқты арман жетегінде қалықтады. Қайткенде де білім алып, халқыма қызмет етсем деген сындарлы ойы, жүрек түбіне ұялап, шешімін күткен сәтті тосқандай бүк түсіп жатты. Орта мектепті ойдағыдай тәмамдап, Гурьев мұнай техникумына оқуға түседі. 1946 жылы қолына геолог дипломын алған жігерлі жігіт, «Казнефтеразведка» тресінің геологиялық іздестіру конторында техник-геолог болып алғашқы еңбек жолын бастайды. 1948 жылға дейін Қараөзек крелиус барлауының бастығы болды. Сағидолланың кіндік қаны тамған жері Атыраудың өз тарихы, өзіндік ерекшелігі бар өлке. Атыраудың cap даласында батырлар мен билер де, ақындар мен көсемдер де дүниені дүбірлетіп өтті. Ал сол даланың төсінде буырқанған әр түрлі пайдалы қазбалар, бұл өңірге мұнайшы деген жаңа мамандық түрін енгізді. Енді жергілікті халық тұз асты қабатындағы мұнай мен газ көздерін ашуға машықтана бастады. Өйткені киелі туған топырақ иесі Жер-Ана нәсібін игілікке жарату, ұрпақ алдындағы парыз бен қарыз іспетті. Ендігі өмірі мұнаймен ғана сабақтас болатынын терең сезінген Сағидолла да білімін жетілдіріп, жоғары оқуға түсуді мақсат етті. Сөйтіп, 1948 жылы Мәскеудегі академик И.М.Губкин атындағы мұнай институтына оқуға қабылданады. Сол кездегі еліміздің астанасы болып саналатын Мәскеуде білім алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа еді. Қазақ мектебін бітіріп, қазақы тәрбие алған, қазақы ортаның баласы Сағидолла өңкей өзге ұлттың ортасында оқыса да еліне, ұлтына жаманат келтірмеді. Салтанат Балғымбаев, Хамит Габдуллин, Әбу Атшыбаев, Сәлімжан Асылханов, Аққуан Кемелов, Сәлім Хисметов, Хасан Алдақов, Бағытжан Есенғалиев сияқты ауылдас аға-інілерімен бірге білім нәрімен сусындады. Туып өсіп, кіндік қаны тамған қасиетті мекенінің қажетіне жарауды, алған білімі мен қажыр-қайратын өз елінің мүддесіне жаратуды мақсат еткен Сағидолла кездескен қиыншылықтарға тойтарыс бере отырып дегеніне жетті. «Өзі сияқты білім іздеп келген жігіттер бірін-бірі өгейсітпей бір туған бауырлардай біріне-бірі қамқор, сүйеніш болды. Шетте жүргендегі жерлестерінің қайырымдылықтары мен қамқорлықтарын Сәкең жиі айтып отыратын» деп еске алады оны білетіндер. «Оқу инемен құдық қазғандай» дейтін сол кездің үлкендері. Шынымен де оңай болмады, дегенмен жігер, қайрат дегенге жетем деген жастарға дем берді, жандарына төзімділік нұрын ұялатты. Қолдарына қатырма қағаздары тиісімен елден ұшқан бір топ жас, еш ойланбастан туған елге қарай үдере көтерілді. Өйткені, кіндік кескен қасиетті топырақ жеті қат тереңдігінен өндіріле бастаған мол қазынаны игеріп, оны ел қажетіне жаратуды Жер-Ана өзінің төл перзенттеріне қаратып қойғандай еді. Осыны терең ұғынған жігіттер әу дегеннен ат басын ауылға бұрған-ды.
Осы оқу орнына түскен кездегі бір оқиғаны жолдастары әлі ұмытпапты. «Институтқа түсу үшін сынақ тапсырып жатқан кезі. Ең соңғы емтихан орыс тілінен болса керек. Сәкеңе «Салават Юлаев - герой башкирского народа» деген тақырып келіпті. Сәкең алып жібереді де жаза жөнеледі. Ортасына келгенде , мұндай батырлар қазақ халқында да көп болған. Атап айтатын болсақ, Махамбет, Исатай, Амангелді Иманов тағы басқа көптеген батырлар деп қазақ батырларының аттарын тізе бастайды. Емтихан қорытындысында «тақырып толық ашылған жоқ» деп төменгі баға қойылады. Содан қабылдау комиссиясының төрағасына барып, мән-жайды түсіндіріп, әупірімдеп оқуға қабылданады. Осындай етінің тірілігімен жоғары оқу орнының табалдырығын аттаған қазақтың қаршадай баласы Сағидолла, қызығы мен қиыншылығы қабаттас, жастық шақтың думанды ортасы студенттік өмірді артта қалдырды. Сөйтіп, 1953 жылы аталмыш оқу орнын ойдағыдай аяқтап, қолына құжаты тиісімен ат басын ауылға бұрып, туған ел топырағына табан тіреді. Тау-кен инженері мамандығын алып, өзінің алғаш табалдырығынан аттаған мекемесі «Казнефтеразведка» тресіне келіп, ілкіде Тереңөзек, одан әрі № 5 Опорный кен орындарында аға инженер болып жұмыс жасайды. Ал 1956 жылы Қошқар кен орнының бас инженері болып тағайындалады. Қошқар-кәрі Ембінің байырғы кәсіпшіліктерінің бірі. Доссордан оңтүстік шығысқа қарай 42 шақырым жерде орналасқан мұнай кенішінің іргесі 1944 жылы қаланған. Жау жағадан алып, ел басына күн туған кезде Қазақстан Орталық комитеті мен Министрлер Кеңесі Қошқар мен Тентексор мұнай кәсіпшіліктерін тез арада іске қосуды міндеттейді. Ембілік мұнайшылардың алдына кесе-көлденең тартылған бұл міндет қалай болғанда да орындалуға тиісті болды. Деректерге көз жіберсек, кенорны іске қосылған 1944 жылдан соғыс аяқталған 1945 жылдар аралығында Қошқардан 10 мың тоннадан астам мұнай өндірілген екен. Сөйтіп, Қошқардың мұнайы жаудың бетін қайыруға себепші болғандығын аға буын өкілдері мақтанышпен еске алады. Майдан өтінен аман оралып, бар күштерін туған жер қазынасын игеруге арнаған қошқарлықтардың есімдерін атамау мүмкін болмас. Орал Көпенов, Қонаш Табынтаев, Тұржігіт Ниязов, Тұрсынғали Әбілғазиев, Ыспан Шұбаев, Салық Ахметов, Бисенбай Көшекбаев, Отар Жұмашев, Бағытжан Өтебаев, Төлеп Қилыбаев, Рысқали Қаспаев, Қамыспай Жантілеуов, олармен тізерлес еңбек еткен Зияда Құлниязов, Сұлу Қожбанова, Берекет Бәжбенов, Қойбағар Жанғалиев, Қаракөз Сейтекова, Мұхамбет Әділбаев, Қамза Мұқамбетов, Рақым Әбілдиев, Мұқаш Бекеев, Сағын Көпкенов басқа да мұнайшы аға-апаларымыздың есімдері қалай мадақтауға да лайық. Соғыс бітер-бітпестен ашылған кенорнының берері өте қомақты еді. Тәулігіне 600 тоннадан астам қара алтын өндіріліп, отан қоймасына жөнелтіліп жатты. Мұнайының сапасы жөніндегі мамандардың пікірі де жоғары. Осындай тарихи маңызы бар кенорнына Сәкең келген кездегі кәсіпшілік бастығы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұнайшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, КСРО Мұнай өнеркәсібінің Құрметті мұнайшысы әрі жазушы Рахмет Өтесінов болатын. Рахмет Өтесінов 1927 жылы Қарабау селосында дүниеге келген. 1951 жылы Мәскеу мұнай институтын бітіргеннен кейінгі бар өмірі мұнаймен сабақтас өрбіді. Өндіріс пен әдебиет бір қарағанда ауылы қашық екі әлемдей көрінеді. Ал Рахмет аға осы екі жүкті қатар арқалаған қара нар іспетті. Оның қаламынан туындаған «Алыптың ашылуы», «Ұйқыдағы ару» кітаптары, басқа да көптеген еңбектері қазақ прозасына қосылған бағалы еңбектер. Аға поэзияға да бет бұрған адам. Жүрегінен шыққан небір аяулы сезімдерді өлеңмен өрнектеген тұстарын тебіренбей оқу әсте мүмкін емес. Сондықтан да, Рахмет ағаның аты ауызға оралғанда жүрегінде ұлттық нышаны бар әр адамның көңілінде мақтаныш, марқаю сезімі оянары хақ.
Өрге қарай домалап алғаш тасы
Атанды деп,
Болса да бар басқасы –
Атыраудың алмастай ақ кездігі
Маңғыстаудың маңдайлы марқасқасы.
Рухы оның жаралған күрестерден,
Ғұмырына содан мол үлес берген
Көрінбесе егер ол сәуле шашып,
Ұлылығын ұлының кім ескерген... – деп, белгілі ақын Гүлжауһар Сейітжан жырға қосқан Қазақстан мұнайының негізін қалаған ұлағатты адамдардың бірі, Рахмет ағаның барлық өмірі келешек ұрпаққа мұра болар өнеге-сабақ. Рахмет Өтесіновтың сан қырлы адамгершілік, еңбекқорлық қасиеттерінің ішінде ерекшеленіп тұратын тағы бір тектілігі, жергілікті мамандарға ерекше көңіл бөлетіндігі еді. Білгенін үйретуден жалықпаған ол, өз жерінің игілігін, өз халқының қадесіне жарату үшін, алдымен сол кәсіпті тұрғылықты халық терең игеру керектігін санаға құюды өзіне азаматтық парыз санады. Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуіне өшпестей із қалдырған Рахмет Өтесіновтің есімі қазақ мұнайы тарихында алтын әріптермен жазылды. Сексеннің сеңгірінен асқан қадірлі ағамыз, құдай қосқан жары Сақыш Қарабалина екеуі бала-шаға, немере-жиендерінің ортасында бақытты өмір сүруде. Өмірдің талай қызықтарымен қоса, басқа салған қиыншылықтарын да қатар бөліскен белгілі ұстаз, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім Сақыш апа жалпақ елдің анасына айналған өте құрметті жан. Ағамыз бүгінгі Жаңа Өзен қаласының алғаш қазығын қақса, Сақыш апамыз сол қаладағы алғашқы мектептің директоры болған. Мен Сақыш Қарабалинаның адамгершілік, кісілік қасиеттepінe куә болған, қазақ әйелдеріне ғана тән қайсарлықты, еңбексүйгіштікті бойына сіңірген апамыздың сыйлас сіңлілерінің бірімін. Адам бойындағы бар жақсы қасиеттерімен бірге, эстетикалық талғамға аса мән беретін апай айналасына өзі үлгі болып жүретін «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген ол, әлі де сол әдемі, мәдениетті қалпында, дәл баяғыдай. «Алтынды тот баспайды» деген асыл бейнеңіздің жарқырай беруіне шын жүректен елі, халқы, мен де тілектеспін. Рахмет Өтесінов қаламынан туындаған әңгіме, жыр-дастандар өз оқырманын тауып, бүгінгі күні шырқау биігіне жетті. Оның қай шығармасына көз салмаңыз тұнып тұрған патриоттық сезім, айналасындағы адамдарға деген өлшеусіз құрмет, жақсыларды дәріптеу – тақырыптарының арқауы. Елін сүю, туған топырақты қадірлеу дегеніміз, қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуі осындай жандарға арналған болса керек. 1959 жылы Рахмет Өтесінов Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады да, орнына болашағынан үміт күттірген білікті инженер Сағидолла Нұржанов тағайындалады. Рахмет ағамыз да, Сағидолла ағамызда сол кезде бар болғаны орда бұзар 30-дың ар жақ, бер жағындағы жігіттер екен. Бас геолог Беркін Бажбенов еді. Бұл Қошқар мұнай кәсіпшілігіндегі еңбектің нағыз қызып жатқан шағы. Табыстың, жетістіктің өзінен өзі сақ етіп келе салмайтындығы белгілі. Ол кәсіби шеберлікке, тәжірибе мен ізденіске байланысты. Осыған сәйкес басшының жанында «сен тұр мен атайын» дейтіндей өңкей білікті Сәлім Хисметов, Қобылан Даярдиев, Өмірзақ Дүйсенғалиев, Сабыр Мырзағұлов, іс-тәжірибелерін жас мамандарға үйретуден жалықпаған аға буын өкілдері Қаратау Есенжанов, Бимырза Төралиев, Қойшыбай Исағалиев, Жалғас Көбеев сияқты инженерлер мен мамандар топтасты. Бас инженер Мәскеуде өзімен бірге оқыған, білікті маман Сәлім Хисметов болды. Қашанда қос қанатының біреуіндей болып, жанынан табылған Сәлім Хисметов қазақ мұнайының тарихына, соның ішінде Қошқар кен орнының дамуына, ерекше үлес қосты. Кейіннен осы кәсіпшіліктің директоры, «Кеңқияқ» мұнай газ өндіру басқармасының бастығы, екі рет Доссор мұнай газ өндіру басқармасының бастығының орынбасары, Мұнай және газ қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы, өмірінің соңына дейін «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігінің тампонаж конторында бас инженер болып қызмет етті. Отанымызға фашистік басқыншылар баса көктей кірген тұста ауыл азаматтарымен бірге Сәлім ағамыз да майдан төрінен бір-ақ шығады. Екі аяқтан ауыр жараланып, туған елге аман-есен оралған С.Хисметовтың бар өмірі жерлестерінің көз алдында өтті. Сәлім Хисметов 1922 жылы Қайыршақты селосында өмірге келген. 1951 жылы Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ институтын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Құлсары мұнай кәсіпшілігінде оператор, шебер болып бастаған С.Хисметов, өндірістің қайнаған қазанында шыңдалған мұнайшы атанды. «Отан» соғысы, «Құрмет белгісі» ордендері, ҚР Құрмет грамоталарымен басқа да марапатталуларды иемденуі оның өмір жолының айғағы. Сәлім Хисметовтей бас инженерді жанына серік еткен Қошқардың жаңа басшысы Сағидолла Нұржанов өндірісті дамытып, еңбек тиімділігін арттыру, халыққа жағдай жасау, қауіп-қатерді болдырмау сияқты тікелей міндеттерді жақсы білетін. Бірақ күні бойы жанын мазалап, байыз таптырмайтын тағы бір нәрсе бар еді. Ол «қайтсек мұнайшылардың жұмысын жеңілдетуге болады?» - деген сауал төңірегіндегі ойлар болатын. Оның да өзіндік себебі бар-ды. Күннің атысы мен батысын елемей үскірік аязда да, аптап ыстық пен қойын-қонышыңды толтыра бұрқыраған құмды дауылда да мұнайшылар қасқая еңбек етті. Жұмыстың ауырлығына қабақ шытпады. Қайткенде де ел ризығын төкпей-шашпай өздеріне қайтаруды мақсат етті. Рас, жұмыстың басым бөлігі қолмен атқарылатын . «Егер қол қызметін ауыстыратын жаңа әдіс табылса, нұр үстіне нұр болар еді-ау» - деген ой үнемі есінен шықпайтын. Сөйтіп, әріптестерімен ақылдасқан, өзара кеңескен талай күндер мен түндер өтті. Тынымсыз еңбек, төккен тер өз нәтижесін иірді. Облыс көлемінде тұңғыш рет осы Қошқар кәсіпшілігінде өндіріс жүйесіне автоматтандыру мен механикаландыру әдісі енгізілді. Бұған дейін сораптардың жұмысы диномограммаға түсірілу үшін бірнеше сағаттар керек болса, енді бұл жұмысты бірер сағатта атқаруға қол жетті. Сөйтіп, ұңғылар бір бағытта пультпен ғана басқарылатын болды. Бір жұмысты атқару үшін бірнеше адам шоғырланып, талай уақытты жоғалтқан қиыншылық артта қалды. Автоматтандыру жүйесінің тағы бір ұтымды тұсы, ұңғымалардың дер кезінде пайдаланылуына, мұнай мөлшерін бақылауға алуға да аса ыңғайлы еді. Осылайша «Станок качалкаларды автоматты басқаруы мен мұнай өндірудің өндірістік процестерін бақылау» жөніндегі жаңалық толықтай іске асты және Қазақстан мұнай-газ кәсіпшіліктері арасында Қошқар кен орны өндірісті автоматтандырудан бірінші орынға не болды. Өндіріс тиімділігін арттырудың бірден-бір жолы - ішкі мүмкіндіктерді сарқа пайдалану, өндіріске жаңа технологияны батыл енгізу болып табылатындығын уақыттың өзі дәлелдеп берді.
Қай істе болмасын жетістігімен қабаттас қиыншылығы да қатар жүреді емес пе. Қошқардағы тағы бір қиыншылық, құм тығындыларының пайда болуы өндіріске әжептәуір қолбайлау болды. Бұл құбылыс тұрбалардың істен шығып қалуына ұшыратып, өндірісте іркілістерге әкеліп соқтыратын. Білікті маман бұл тығырықтан да жол тапты. Бұл үшін химиялық әдіс пайдалана бастады. Басшы инженер-техниктердің әдеттегі бас қосу жиналыстарында С.Нұржанов өнертапқыштық ұсыныстарды батыл түрде ұсынып, өндіріске енгізудің аса қажеттігін баса айтып отыратын. Басшы тілегі жерде қалмады. Мамандар өз ойларын талқыға салып, Сәкеңнің қолдауымен олардың пайымды пікірлері салалық министрліктерде, ғылыми-зерттеу, жобалау институттарында дер кезінде қаралып, қолдау тауып отырды. Күн тәртібіндегі тағы бір өзекті мәселе – қор қайтарымын арттыру, яғни өнімнің тәуліктік деңгейін төмендетпеу болды. Бастаманы көтерген Сәкең техникалық әдебиеттерді, газет-журналдарды ақтарудан бір жалықпайтын. Бас геолог Орынғазы Есқазиевке геологиялық шараларды тиімді пайдалануға, әсіресе забой маңындағы сулануды тоқтату бағытында жұмыстануға тапсырма береді. Сөйтіп, мамандар қабатты цементтеу әдісін өндіріске енгізуге кірісіп те кетті. «Кеңесе пішкен тон келте болмас» деген рас екен, көз қорқақ қол батырдың кері келді. Инжекциялық ұңғымалар арқылы кен қабаттарына су айдала бастады. Жасанды ықпал етудің нәтижесінде атмосфералық қысым деңгейі көтерілді. Бұл әдіс күткен нәтижеге жеткізді. Осындай жанды істің, жаңа бастаманың ұйтқысы бола білген Сәкеңнің бойындағы талант пен талап қатар ұштасып, күннен күнге тәжірибесі молығып , шыңдалған үстіне шыңдала түсті. Кәнігі мұнайшы басқарған кен орнындағы өзекті мәселелер уақтылы, әрі сапалы шешіліп отырды. Уақыт деген «әділ қазы» басшының бойындағы өз ісіне деген зор сүйіспеншілікті, аса білгірлікті айқындады. Әріптестері көзбен көріп көңілдері толды, ризашылықтарын білдіріп, қошбасшыға сенімді серік болуды өздерінің төл міндеттері санады. Оның қандай істен болсын қаймықпайтын алғырлығы сол, тұйыққа тірелген сәттерде шұғыл шешім қабылдайтын да, соны талапқа сай орындап шығатын. Техникалық сауаттылығы сол, өндірістің кейбір мәселелеріне жарты жыл бұрын бағдар жасап, іс-шараларын белгілеп те қоятын. «Кімнің кім екенін білгің келсе астына тақ бер» дейді халық даналығы. Сәкеңнің қандай адам, қандай басшы екендігі жарқырай көрініп, айналасындағылар тәнті бола бастады. Бір көрінгенде суықтау көрінетін бет-бейнесінің ар жағында қаншама мейірім, қаншама адамдық қасиет бар екендігін әріптестері жақсы түсінді. Айналасындағы жігіттерге асқан қамқорлық көрсетіп, әзілдеп, күлдіріп отыратын. Сөз тапқыш, ұтқыр ойлылығымен ортаны думанға бөлеп-ақ жіберетін сабазың. Сәкең жөніндегі ақжарма пікірін жора-жолдастары осы күнге дейін сыр ғып шертеді, сағынышпен еске алады. Ардагер мұнайшы, одақтық дәрежедегі зейнеткер марқұм Әбу Атшыбаев көзі тірісінде Сағидолла Нұржанов туралы естелік әңгіме жазыпты. Әбу Атшыбаев мұнайшы-инженер. 1925 жылы Атырау облысы Қияқ ауданында дүниеге келген. 1952 жылы Мәскеудегі мұнай институтын бітіргеннен кейінгі өмір жолы мұнай-газ өндіру саласымен тығыз байланысты. Қазақстан мұнайының өркендеуіне өзіндік мол үлесін қосқан атпал азамат, қоғам қайраткері. Құлсары мұнай кәсіпшілігінде оператор, техника бөлімінің бастығы, Сағыз, Қошқар мұнай өндіру кәсіпшіліктерінде инженер, партбюро хатшысы, Мақат аудандық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс жасаған Ә.Атшыбаев, бұдан әрі де көптеген жауапты қызметтер атқарды. Бірнеше жыл қатарынан Маңғыстау облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарып зейнеткерлікке шықты. Іргелес екі облыстың өркендеуіне елеулі үлес қосқан Әбу ағаның есімі әрқашан да халқының жадында. Егер ортамызда болса аузынан естір ұлағатта шек болмас еді. Бірақ барлығы адамның дегеніндей бола бере ме, адам өмірі уақытқа ғана тәуелді деген осы. Әбу ағаның қаламынан туындаған нағыз досқа ғана тән, жүректі сыздатар сағынышқа толы пікірлерге тоқтала кетсек еш сөкеттігі бола қоймас. Әбу Атшыбаев: «Сәкең жарықтық әрқашанда айналасындағы жора-жолдастарының көңілін аулап, күлдіріп отыратын әзілқой азамат еді. Оның қалжыңдарын ешкім, ешуақытта ауыр алмайтын. «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген рет бойынша қақпайлап өте шығатын. Екеуіміздің ең алғашқы кездесуіміз Мәскеуде, мұнай институтының қабырғасында болуы. Соның бергі жағында, күні кешеге дейін арамыз жақындасып, дос болдың. Жанұямызбен сыйластық. Бір-біріміздің қуаныштарымызға ортақтасып, еңбек жолдарындағы табыстарымызды өзара бөлістік. Оның бәрін тәптіштеп айтсам, ағыл-тегіл әңгіме, бір жар кітап болғандай. Сондықтан бұл жолы Сағидолламен арада есте қалған кейбір жәйттерді ғана тілге тиек етуді жөн көріп отырмын. 1949 жылы партия қатарына мүшелікке өту үшін, өздеріңізге белгілі 2-3 адамнан кепілдік алу қажет. Менің көзім Сағидоллаға түсті. Ол бет-жүзіме бажырая қарап қойып:
- Әй Атшыбаев жолдас, осы бір сәтті ешқашан ұмытпай, жадыңда сақтағайсың. Саған кепілдік беріп тұрған кісінің партиялық стажын көріп қой. Міне қара, қара! ВКП\б\ Орталық комитетіне хатшы болып сайлануға толық құқылы - дегені әлі есімде. Сөйтсе, Нұржановтың партиялық стажы бес жылдан асып барады екен. Осының аз-ақ алдында партия съезі өтіп, бес жылдық мерзіммен ВКП\б\ орталық Комитетіне, ал үш жылдық стажбен республикалық органдарға сайлануға ерікті делінгенді. Сағидолла бауырым со бір көрегендігін көзіме шұқып тұр. Сөйтіп, әзіліміз алғашқы күннен жарасты.
Қайран Сәкең екі сөзінің бірінде төрт әріпті аузынан тастамайтын. Адай, КПСС, сосын әйел атауларына әрқалай баға беруші еді тәйірі..
-Адай деген ол да қазақ. Бірақ со знаком качества. -КПСС деген қызылкөз пәле. Қит етсе партбилетке жабысады. Одан басқа өнері шамалы. -Әйел десе ішінде әжекем де кетеді-міс. Әжекемді қойшы, анаусы барып тұрған тажал. Қалтаңды қанша қақса да, қолының берекеті жоқ. Тойымсыз дүние, - деуші еді жарықтық. Тағы бірде зиялы деген азаматтарымыздың орысқа не татарға үйленіп, тұрмыс құрғандары жөнінде ерсілі-қарсылы әңгімелер етек жайды. Сағидолла бауырым бірден белден басып: -Бұлар бақилық сапарларында жұмақтың төрінен орын алады, - деп салды. Жұрттың бәрі қарсы дay айтып, дec бермеді. -Өздерің де қызық екенсіңдер. Олардың осы күнгі өмірлерінің өзі тамұқ. Сол жақтағы жұмақты да қимайсыңдар ма депті. Басқа жұрт не десін Нұржанов әпендінің бұл жолғы әулиелігімен де іштей келісіпті» - деп естелік қалдырыпты асыл аға. (С.Өтепбергенов. Аңыз бен ақиқат.) «Әбу ағамен әкеміздің арасындағы жолдастық, сыйластық өмірлерінің соңғы сағаттарына дейін жалғасты. Сонау студент кездерінен бірге жүріп, бірге қызметтес болды. Әбу аға Рая жеңгемізге үйленгенде әкеміз күйеу жолдас болыпты. Қазақтың ырымдары көп қой. Күйеу аттанар кезде Сәкеңнің қалтасы әжептәуір ортайып қалғанға ұқсайды. Ал қыздың жеңгелері жіберер емес. Содан Сәкең есігі ашық тұрған кішкене бөлмеге кіреді де, ылғи бір сомдықтарды газетке қалың ғып орап жеңгелеріне ұстата салады да, әлгі бөлменің есігін сыртынан жаба қояды. Сөйтіп, жеңгемді ауылға аман-есен алып келдім деп отыратын әкеміз жарықтық. Ең соңғы сағаттары соғып, соңғы демі таусылғанша күн құрғатпай келіп тұрып еді Әбу аға. «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген рас екен. Әбу ағамызды көргенде тәтемізді көргендей жүрегіміз елжіреп, сағыныш дерті жанымызды қинағандай күй кешетінбіз» - деп ыстық ықыласпен еске алады Сәкеңнің ұрпақтары. Қандай қызметтің болмасын өзіндік қыр-сыры, оны айтасыз-ау, меніңше әр қызметтің өзіндік киесі бар секілді көрінеді маған. Қаламгерлік өмірімде мен талай мамандық иелерімен сырлас болдым, пікірлес болдым. Қойшымен де, дәрігермен де, министрмен де, бұған қоса 1994 жылы Ақтау қаласына келген сапарында Ел басынан сұхбат алғаным да бар. Қазіргідей емес, ол кезде Президентке жақындаудың өзі үлкен беделді қажет ететін. Бұларды айтып отырғандағы мақсатым, мақтану емес, осындай іс-тәжірибе барысында мұнайшылар өміріне көбірек араласқандығымды жеткізу еді. Жүзін көріп дәмдес болған, айшықты әңгімесін тыңдап, адамгершілік асыл қасиеттеріне бас иген абзал ағаларымыздың бірі - геология - минерология ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог барлаушысы, КСРО Құрметті мұнайшысы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, марқұм Мақаш Балғымбаев ағамыз еді. Жүзінен үнемі жылылық есіп, үлкенді де, кішіні де жанымен баурап алатын Мақаш ағаның өмірінің өзі бір дастан. Әлі күнге көз алдымда. «Біздің Мақаш» деген кітаптың жарық көрген кезі. Бір күні жұмысқа Мақаш аға келді. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін кітап беттерін ақтарып отырды да маған кітапқа басылған бір суретті көрсетті. Көзіме оттай басылды. 9-мамыр күніне арналған дастарханда Мақаш аға екеуіміз бір әдемі вальс билеп едік, сол сурет екен. «Мен мына суретті осы кітапқа арнайы салдырдым, сөз құдіретін түсінетін, адамшылық қасиетті бағалайтын, аса құрмет тұтатын қарындастарымның бірісің, мен өмірден озған соң қарап, ағаңды есіңе аларсың, қолтаңбамды жаздым» деді күлімсіреп. Шексіз алғысымды білдіріп: -Ол жаққа аға асықпаңыз, дегенмен туынды құтты болсын - дедім. Беу-тіршілік, десеңізші. Асыл ағаның айтқаны келді де тұрды. Сол кітапты қолыма алған сайын Мақаш ағаның айтқан сөзі құлағымда жаңғыра береді. Енді Мақаш ағаның Сәкең туралы қалдырған мына бір естелігіне құлағың сал, оқырман! М.Балғымбаев: «Сәкеңмен бірінші кездесуіміз 1955жылы болды. Мен «Опорная №2» барлау алаңында аға коллектор болып еңбек жолымды бастағанмын. Ал Сәкең «Опорная №5» деген барлау алаңында бастық болды. Екі алаңның арасы онша қашық емес. Сол жерде жанұясымен тұрып жатқан Сәкеңдер түйе ұстайды, шұбат мол. Мезгіл-мезгіл барып шұбат ішіп тұрамыз. Бір қызығы Сәкеңнің өзі шұбатты татып алмайды. Содан кейін ол Қошқар мұнай кәсіпшілігіне бастық болып кетті де мен «Жантай» барлау алаңына аға геолог болып ауыстым. Соңынан да еңбек, өмір жолдарымыз қайта-қайта қиылысып жатты. Мен Жылыой ауданында хатшы болғанымда, ол Мақат ауданында бірінші хатшы болды. Осы мезгілден қалған бір оқиғаны жора-жолдастары «анекдот» қылып әлі күнге дейін айтып жүреміз. Мақат кәсіпшілігіне барып, аралап, қонып, таңертең партия жиналысында баяндама жасау үшін Сәкең мінбеге көтеріледі. Көпшілік алдына шығып, папкасын ашып қалғанда, ішінен ойын карталары сусылдап жерге төгіледі. Сәкең шашылған карталарды жинап жатып: «Осы құрғырлардың да жүрмейтін жері жоқ екен» депті. Жиналғандарда жаппай күлкі. Сәкеңнің сөз тапқыштығы талай қиыншылықтарды жеңілдетіп, көпшіліктің көңілін көтеріп тастайтын. Мамандар оның адамгершілігін, азаматтығын әлі күнге дейін жыр ғып айтып отырады. Инженер мамандар да, қарапайым жұмысшылар да Сәкеңнің қарамағындағы мекемеге жұмысқа орналасқысы келетін. Себебі Сәкең әуелі адамдарға тұрмыс жағдайын жасап барып, еңбек шарттарын талап етеді. Өзі уақталмайтын «ірі турайтын» жігіт еді. Өсек-аяңды білмейді, бір сөзді, сертке берік. Уайым-қайғы дегенді өзінен қашық ұстайтын, ақжарқын, абзал азамат еді. Жол апатына ұшырап, аяғы насырға шауып, науқасы меңдеген кезде де көңілі көтеріңкі, жағдайын білуге келгендерді күлдіріп отыратын. Әрине, бірегей азаматтың әлі де берері көп еді. Сәкеңнің менің Салтанат ағаммен тойларда қосылып шырқаған әндері әлі күнге дейін көз алдымда.» Сөз құдіретін, дос-жолдастықтың қасиетін осылайша бағалай білген ағалар рухына мың тағзым. Топырақтарыңыз торқа, жатқан жерлеріңіз жарық болсын асыл ағалар. Дәл осы тұста айтпай кетсек кісілігімізге сын болатын тағы бір оқиға бар. Ол Сәкеңнің белгілі жазушы-драматург, шежіреші, қаламы қарымды, шоқтығы биік қаламгерлер шоғырының қатарынан ойып орын алған, марқұм Берік Қорқытов екеуінің араларындағы баға жетпес ұлы достық. Өйткені, олардың достығы сонау балалық бал дәуреннен бастау алған. Екеуі мектеп табалдырығынан бірге аттаған. Біреуі әдебиетті, біреуі өнерді жандарымен сүйген екі дос, өмірдің сан тарау соқпақтарынан, сүрлеулерден бірге өтті. Берік ағамыз бен Қатира апамыз үйленгенде де күйеу жолдас болып, өзінің шын досқа деген ақ пейілін ақтарған Сәкең болатын. Қазақ әдебиетінің өркендеуіне өзіндік айшықты ізін қалдырған Берік Қорқытов күллі Қазақстанға белгілі шежіреші, жазушы - драматург. Оның қаламынан туындаған туындылар осы күнге дейін театр сахнасынан түскен емес. Аудармаларымен қоса жиырмадан астам драмалық шығармалары жарық көрген. Оның «Жарайсың бажа», «Кіндік шеше» туындылары көрермен есінде мәңгілік орын алатын шығармалар. Халқы еркелетіп, Беркес атандырған жазушыны әріптестері «атақ-даңқ іздемей, ел ортасында өзіндік қасиетімен қарапайым күн кешкен абыз» деп бағалауы, оның таланты мен адамшылық қасиетін паш етіп-ақ тұр. Беркес аға құдай қосқан қосағы, облысқа белгілі педагог Қатира Дүтбаева екеуі бақытты өмір сүрді. Өмірге бала әкелді, олардан немере сүйді, бақытты ғұмыр кешті. Қатира апамыз да өз несібесін тынымсыз еңбектен тапты. Өзі кетсе де артында ұрпақтары, Беркестей азаматының ұмытылмас есімі қалды. Қазір Атырау қаласында Қатира Дүтбаева атында педагогикалық колледж бар, онда апайға арналған мұражай ашылған. Өмірде қол ұстаса жүріп, құрметке, беделге ие болған қос арыс арттарына осындай із тастады. Жанына қағаз бен қаламды серік еткен бар өмірінде көркем сөзден түйін түйген тума талант Берік аға өз естеліктерінің бірінде Сағидолла Нұржанов туралы былай депті. Берік Қорқытов: «Сағидолламен Жамбыл атындағы мектепте қатар оқыдық. Тек кластарымыз бөлек. Бірақ сабақтан тыс жұмыстарда бірге жүріп тұрамыз. Ол кезде сегізінші класс оқушылары әдебиет пен өнерге бір табан жақын. Мен өзімше әдебиетті сүйемін. Ал Сағидолла өнерге әуес. Өнер болғанда драма үйірмесіне қатысады. Авторы белгісіз «Қойшы Көбен» деген бір актілі пъесаны сахнаға қоюға дайындап, Сәкең Көбен ролінде ойнады. Ата-аналарымыз мәз-мәйрам. Бұл бір есте қаларлық шақ. 1941 жылы мен редакцияға жұмысқа орналастым. Сағидолла да әрі қарай оқуын доғарып, мұнай өндірісіне жастай араласып кетулі. Оның со жылдары мұнай техникумында оқығанынан, жүдә бейхабармын. Байтал түгел, бас қайғы заман ғой. 1946 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түстім. Яғни, журналист мамандығын көздедім. Ал Сағидолла бауырым Мәскеудегі академик И. М. Губкин атындағы мұнай институтына аттанулы. Тек жазғы каникулдарда кездесіп тұрамыз. Осында пединститутта Сәнду Дүймағамбетова деген немере апасы болды. Ылғи сол үйде бас қосамыз. Студенттік әңгімелердің тиегін әй келіп ағытамыз. 1949 жылы Қатира оқуын бітіріп, елге оралды. 1950 жылы жазғы каникулда қарттар қолқа салып, мені қолма қол үйлендіретін болды. Ата-енелеріміз Доссорда. Жұмабай Қартқожаев бас құда, Айдын Айбаров оған орынбасар, Сағидолла маған күйеу қосшы болып төрт көзіміз түгел, Қатираны алып келдік. Бұл да жадымызда жатталып қалған жәйттердің бірі. Әрі қарай айтсақ оқу бітті. Әр кім өз мамандығы бойынша кәсіп жасады. Біз облыстық газетке орналастық. Сағидолла, Сәлім, Асабайлар бір-бір мұнай кәсіпшіліктерін бетке алды. Айтпақшы осының алдында Сәкең Бибилаға үйленетін секілді. Екеуара сөздері бар екен. Бірақ, қыз ағасы ұшты-күйлі қарсы. Осы Жолдасқали Ахметұлы. Бөтен кісіге бірден құлай кетпейтін мінез. Оның үстіне Сағидолла сырт көзге ажарлау. Адайлық қасиеттерімен көзге түседі. Шамасы, қыз төркіні бұған сенімсіздікпен қарайды. Ертеңгі күні өзара үйлеспей қалып жүрмесе игі дейді ғой баяғы.
- Қыздың өзі келісіп тұрса ағасын қайтесің. Сен онымен тұрмайсың ғой, - деп Қатира да қайрап-қайрап жіберді. Сағидолла шын намыстанды. Әйтеуір арты қайыр. Бұл шаруа да бейбітшілікпен тынды. Сағидолла Қошқарда директор. Институт бітірген жас маман. Өндіріске жаңалықтар енгізуге аса құштар. Бұл шамада Баку мен Грозныйдың байырғы кәсіпшіліктері бір орталықтан автомат арқылы басқарылуда. Ембі кәсіпшіліктерін де ыңғайласа, құба-құп. Бірақ бірлестік басшылары екі ойлы. Техникалық мүмкіндіктер тым шектеулі. Нұржанов оңашасында осы жайларды менің құлағыма құйып кетеді. Мұның бәрі ілгеріде жазылатын «Асыл жандар» пьесасына толық арқау. Сөйтіп Сағидолла екеуіміз жиі кездесетін жағдайға man келдік.
Әр актісін жазған сайын оған оқып берем. Ол қолма-қол сын ескертпелерін айтып салады. Түзетулер, өзгертулер, толықтырулар өз кезегімен жүріп жатады. Сөйтіп, 60-шы жылдардың бас кезінде Сағидолланың бастауымен Қошқар кәсіпшілігі автоматқа көшірілді. Өндіріс мәдениеті артып, қол жұмыстарының біраз бөлігіне датчиктер орнатылды. Яғни, әр скважинаның жүріп тұрғаны монитор арқылы көрінеді. Керек десеңіз, терең насостардың қызметі де қолма-қол динамограммаларға түсіріледі. Вахталардағы операторлар санын қысқартып, олардың күш қуатын басқа жұмыстарға бағыттауға мол мүмкіндіктер туды. Біз өзімізше осының бәрін аталмыш пъесада кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас арқылы жеріне жеткізе айттық. Сағидолла бірінші болып оқып шықты. Қошқарлық мұнайшылар талқысына салып, сол жолы да айдарымыздан бір құшақ жел есті. Шынайы достық пен сыйластықтың бір белгісі осы бауырым!». (С.Өтепбергенов, «Аңыз бен ақиқат» қысқартылып алынды.) Қадірлі ағаның осы бір жазғандарын тебіренбей оқу сірә мүмкін емес. Жастайынан бірге өскен екі қара домалақ баланың біреуі жазушы, екіншісі мұнайшы болып, екеуі екі салада еңбек етсе де, жылдар өте келе пікірлерінің бір жерде тоқайласып, ел ертеңіне қаншалықты еңбек сіңіргендеріне тәнті боласың. Бүгінгі күні арамызда жоқ екі асыл, көздері тірі болса талай сырды жыр қылып шертіп ақтарар еді-ау шіркін. Амалы қанша, «Құдайдан күшті ешкім жоқ»-деген үлкендер. Тек осындай бір туар азаматтардың көкейінде айтылып үлгере алмаған талай оқиғалар, бастарынан өткен небір қайталанбас жәйттер кетті-ау, әттең, деген өкініш қана. Аталмыш кәсіпшіліктегі Сәкеңнің тағы бір дәстүрге енгізген жақсы ісі, мұнайшылардың мұнай өндіріп қана қоймай, қоғамдық, мәдени өмірге де белсене араласуларына үлкен мән бергендігі. Қошқардағы кәсіпшілік комсомол ұйымын және алғашқы көркемөнерпаздар ұйымын сол кездегі жас маман, күні кеше ғана жолдамамен келген жоғары білімді геолог, қазақтың нағыз «сегіз қырлы бір сырлы» азаматы Орынғазы Есқазиев басқарады. Орекең өндірісте жүріп, қолтығынан қазақтың киелі қара домбырасын тастамады. Кең даланы думандата жүріп, мұнайшылар туған ел несібесін төкпей-шашпай ел игілігіне жаратты. Оркестр құрылып, облыс, республика көлеміне таныла бастады. Қазақстанның Мәскеудегі 10 күндігіне қатысып қайтты. Орекеңнің ұйымдастыруымен белгілі өнер адамдары, жазушы, ақындар мұнайшылар арасында сан мәрте болды. «Сондай сәттерде Сағидолла ерекше ықыластанып, салтанатты ортаның әрін кіргізіп, Қайыптың «Ақ бөбегін» талай шырқатып еді-ау» деп тебіренеді Орынғазы аға. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуіне өзіндік із қалдырған белгілі геолог-мұнайшы Орынғазы Есқазиев ағамыз бүгінгі күні құрметті еңбек демалысында. Өмірлерін еңбекпен әрлеген қос мұнайшы Сәкең мен Орекеңнің арасындағы ұзақ жылдық сыйластықты, осынау өмірдің сан тарау жолдарынан бірге өткен жалында шақтарынан шертілген сырды Орекеңнің аузынан естігеннің өзі бір ғанибет. Себебі бұл сырлар астарында талай азаматтардың түйдек-түйдек өмір дастандары жатыр. Орынғазы Есқазиев: «Мен қазір құрметті еңбек демалысындамын. Көп бейнеттің зейнетін көріп, бала-шаға, немерелерімнің ортасында бақытты өмір сүріп жатқан жайым бар. Ия, мен бақыттымын. Бақыттылығым сол, ел тыныш, халық аман. Егеменді еліміз күннен күнге өркен жайып жайнап келеді. Өзім талай жыл табанымнан тозып, жастығым мен бойымдағы жалынымды, білімім мен түйген іс-тәжірибемді арнаған Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібі даму дәрежесінен асып, төрткүл дүниеге аты шыққан іргелі салаға айналды. Ұлым өз ізімді басты. Ауызға ілініп жүрген айтулы мамандардың қатарында. Ұрпағымыз жайылып, кемпіріміз екеуміз ел ордасы Астанада берекелі қарттық дәуренді бастан өткізіп жатырмыз. Тәңір сыйлаған талап пен басқа қонған баққа шүкіршілік етеміз. Рас, бос уақыт жетеді. Қолым қалт етсе ақпарат ағымына көңіл бөлемін. Кейде өткен өмір белестеріне ой толғаймын. Сағымға айналып көмескілене түскен кейбір асыл бейнелерді есіме түсіріп, аласұрғандай күй кешемін. Ондай сәттерде жүрек шіркінің шым етіп, көз ұшында қалған кейбір сәулелі тұстарды еріксіз елестетемін, кәдімгі бейнетаспадағыдай тізіліп өте бастаған, өткен өмір елестеріне еніп кеткендей боламын. Өткен өмір ұмтылмайтындығымен құнды деген рас-ау. Тағдырыма ортақтас болған атпал азаматтардың бейнелері де дәл күні кешегідей көз алдымда. Сол асыл тұлғалардың ортасында Сәкеңнін /С.Нұржанов/ нар тұлғасы оқшауланады да тұрады. Сәкең екеуіміздің бар саналы өміріміз бірге өтті десем артық айтқандық бола қоймас. Сондықтан да менің бұл азамат туралы айтарым көп. Жұмыстас та болдық, жолдас та болдық, ұзақ жылдар көрші де болдық. Алғашқы таныстығымыз 1957 жылы басталды. Сол жылы Алматыдағы білімнің қара шаңырағы атанған жалғыз университет ҚазМУ-ді тәмамдап «Ембімұнай» бірлестігінің бастығы Ж.А.Досмұхамбетовтың қабылдауына келдім. Сәлкен Амангелдин, Айтмұхан Нұрмұханов, Бекен Әлыев деген оқуды бірге бітірген жігіттер бар қасымда. Мені іріленген Қошқар мұнай кәсіптілігіне жіберді. Кәсіпшілік бастығы республикаға атағы мәлім, белгілі мұнайшы Рахмет Өтесінов, бас инженері Сағидолла Нұржанов, бас геолог Беркін Бажбенов екен. Мен жас маманмын. Бойда жастыққа тән қуат, жалын жетіп артылғандай. Мені кәсіпшілік комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлады. Кәсіпшілік өнерпаздарының жетекшісі деген қоғамдық жұмысым тағы бар. Өндірістегі жетістігіміз өз алдына. Жоспарды артығымен орындаймыз. Басшылар кәсіпшіліктің ішкі мүмкіндіктерін толық пайдалануды, техникалық жаңалықтарды өндіріске енгізіп, өндірістік процестерді жетілдіре түсуді қатаң қадағалайды. 1959 жылы Р. Өтесінов партия жұмысына кетті де, орнына С.Нұржанов тағайындалды. Қошқар жай көзге шап-шағын болып көрінгенмен жұмыс көлемі, ондағы тіршілік легі дырдай-ақ еді. Біздің жалынды жастығымыз сонда өтті ғой. Рахмет Өтесінов негізін қалaп кеткен өндіріс орнының Сағидолла одан, әрі жандандыра түсті. Сәкеңнің алды кең, түсі игі. Көпшілдігі сол, жұртқа үйірсек, жатырқау, бөле жару дегенді білмейді. Басты міндет жоспар орындау, күн-түн демей мақсатқа жету жолында аянбаймыз. Орыс, неміс, грек, татар керек пе, бір кісінің баласындай тату болдық. Мамандар жеткілікті. Жоғары білімді Қобылан Даярдиев, Өмірзақ Дүйсенғалиев, Сабыр Мырзағұлов сияқты білікті инженерлер өндірісті алға апаратын мамандар болды. Өндірістегі, қала берді жеке өмірімізде кездескен кедергілер мен қиыншылықтарды бірігіп шешетінбіз. Жас басшымыз басқосуларда өнертапқыштық, рационализаторлық ұсыныстар енгізіп отыруды дәстүрге айналдырды. Оның білімділігі сондай алдын ала болжау жасап, ғылыми зерттеу институттарымен байланысып, өз бастамасының дұрыстығына көз жеткізіп отыратын.
Әлі күнге есімде. Сол жылдың күзі болатын. Әкең мені шақырып алып:
- Шырағым Арынғазы, бұрындары бұл Қошқарға жан баласы аяқ баспайтын. Доссорды көріп, сонан әрі кері қайтатын. Автоматтандырылған кәсіпшілік көп көңілін аударса керек, ауылымызға сыйлы адамдар келе жатыр-деді.
Араларында белгілі жазушылар да барға ұқсайды. Негізгі мақсаттары облыстың мәдени өмірімен танысу көрінеді. Біздің де тыныс-тіршілігімізді көрсін. Жақсылап дайындал. Ұятқа қалмайық. Мұнайшы деген атымыз бар. Естуімше Серке Қожамқұлов, Ғабиден Мұстафин, Сағи Жиенбаев, Берқайыр Аманшиндер бар көрінеді. Мен барлығын да шақырдым-деді.
- Дұрыс. Мұнайшылар тек өндірісте ғана емес, рухани өмірден де құр алақан емес екендігін көрсетуіміз керек қой деп қоштап жатырмын.
Күткен қонақтарымыз да келді. Жазушы Ғабиден Мұстафин бастаған топ екен. Құрамында сол кездегі облыстағы Жазушылар одағының бөлімшесін басқаратын Берқайыр Аманшин, аудандық атқару кеңесінің төрағасы Мұхамбетияр Сатқанов басқа да кісілер бар екен. Кәсіпшілікті аралап, таныстырып, түскі асқа бас инженер Сәлім Хисметовтің үйіне тоқтадық. Дастархан ырыздығынан дәм татып, сүт қатқан мақпал шайды асықпай іше бастаған қонақтармен арадағы әңгіме өрби жөнелді. Әр түрлі пікірлер де айтылып жатыр. Біреулер мәдениет дегеннің негізі Европадан келген, қазақтар бұл жағынан кенде қалған. Себебі, жерге отырады, етті қолмен жейді деп асыңқырап кетіп те жатты. Сәлім Хисметовтің зайыбы Мәреш ақылына парасаты сай өте аяулы жан еді. Бұл күнде екеуі де ортамызда жоқ. Сол Мәреш шәйін дөңгелете құя отырып, халық әні «Жиырма бесті» аңқыта жөнелмесі бар ма. Даусы керемет еді жарықтықтың. Бибігүл Төлегенованың даусына келіңкірейтін. Сілтідей тынған тыныштықта ән жетегінде барлығымыз қалықтап кеткендей болдық. Сағидолла да Қайыптың «Ақбөбегін» әуелетті. Мен Құрманғазының «Адай», Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» күйлерін төгілттік. Сөйтіп ортамыз думанды отырысқа айналды. Қазақтың үлкен асы келгенде, ата салтымен бас Ғабиден Мұстафинге тартылды, Ғабең ақ сары келген, әрбір сөзін салмақтап, нық сөйлейтін салиқалы адам екен. Әңгіме желісін айтылған көп тілектер төңірегіне бұрды. «-Жазушы-адам жанының инженері. Сағидолла, Сәлім сіздер мұнай саласының мамандарысыздар. Анау станок качалкаларыңыздың, мына темір-терсектер орманы секілді тың даланың сырын білетін сіздер. Ниеттен, сыйластықтан үлкен ештеңе жоқ. Барлықтарыңызға рақмет. Роман, повесть жаз деп жатырсыздар. Мен мұнайшылар туралы ондай ірі дүние жаза алмаймын. Ол үшін мен сіздердің араларыңызда осы топырақта өмір сүруім керек, сіздермен бірге тыныстап, бар қызық пен мехнатты бірге көріп, жан-тәніммен сезінуім керек. Мәселен, «Қарағанды» романын жазғанда жас кезімде сол жерде жұмыс жасадым. Шахтерлердің бар тыныс-тіршілігін көзбен көріп қана қоймай жан-дүниеммен сезіндім. Сондықтан да тәуір туынды дүниеге келген болуы керек. Майталман мұнайшылар жөнінде үлкен бір әңгіме жазсам ба деймін. Мәдениет төңірегінде де біршама пікірлер айтылды. Сіздердің өнерлеріңізге қарап таңқалғанымда жасыра алмаймын. Құдіретті күйдің атасы мен анасы атанған Құрманқазы, Динаның нағыз ұрпақтары екендіктеріңіз көрініп-ақ тұр. Кәдімгі кәсіби әртістен бір кемдігі жоқ. Мұнайшылардың мұнай өндіріп қана қоймай, киелі әнерді жандарына серік еткен сегіз қырлы бір сырлы екендіктеріне тәнті болдым-деп терең тыныстады. -Ал енді қазақтар мәдениеттен кенде қалған деген сияқты әңгімелерде естіліп қалды ғой, мен оған келіспеймін-деп сөзін одан әрі жалғады әзіз аға. Қазақтың мәдениеті өте ертеде жатыр. Біздің халқымыз мәдениеттен де, әдет-ғұрыптан да кенже қалып көрген жоқ. Ал етті қолмен жегенде тұрған не бар. Ол біздің қазақы дәстүріміз. Европалықтар осы әйелдердің қолын сүйіп ізет көрсетіп жатады емес пе. Қолы түскірдің бармайтын жері жоқ қой»- деді. Жұрт қыран топан күліп жатыр. Осылайша ағаның орнықты әңгімесін, жеңіл әзілдерін тыңдап мәз болысып, қонақтарымызды шығарып салдық. Бұл жердегі айтайын дегенім Сағидолланың көрегендігі. «Ас берсең алыстағыға бер, айта жүрер» деген қанатты сөз бар қазақта. Алыстан келген қонақтарды шақырып, Қазақстан мұнайының алғашқы тамшылары пайда болған Ембі топырағының қадір-қасиетін, әріптестерінің жай-күйлерімен, қабілeт-таланттарын паш етіп, жайып салу, тек Сәкеңдей азаматтардың ғана қолынан келетін іс. Әңгіме тиегі ағытылған кезде тілге тиек қылуға тиісті тағы бір дерегім бар. Ол-Прорва мұнай алаңының ашылуы. Бас геолог болып жұмыс жасаған он төрт жылым осы жерде өтіпті. Қиындықты да, кедергілерді де бастан өткіздік. Прорва жігіттердің асқан жігерлілігі, қажырлылығы, мамандардың біліктіліктерінің арқасында игерілді. Шеттен маман алынған жоқ. Жергілікті жігіттер қолдарынан қандай іс келетіндіктерін, білім деңгейлерінің ешкімнен де кем еместіктерін одаққа дәлелдеді. Тарих беттеріне көз салсақ, Прорваның түбі әріректе жатыр. XІX ғасырдың аяғында орыс зерттеушісі, геолог А.Замятин былай деп жазыпты: «Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында орналасқан Прорва елді мекенінде 41 үй, 140 тұрғын болыпты. Бұл жерді Астрахань көпесі Сиротин балық өнімін дайындайтын және қақтайтын кәсіпшілік әрі форт ретінде пайдаланған. Табиғаттың қолайсыз жағдайына, суығына, аптап ыстығына, аңызақ желге шыдамаған тұрғындар мал-мүліктерін, тұрғын баспаналарын тастап кетіп қалған. Теңіз тартылып, өзектер құрғаған». Прорва жөніндегі тағы бір әңгімеге құлақ түрсек: «Патшалық Ресей тұсында бұл жерде жер аударылған адамдар тұрған. Олар еліне оралмаған. Прорваның мағынасы терең, жұтпа деген ұғымды білдіреді екен». Бұл тарихтың сарғайған беттерінде қалған деректер. Қалай десек те осы Прорваны Батыс Қазақстан геология басқармасының Құлсарыдағы кеңсесінің бұрғышылары тұзақтады. 1959 жылы қарашада бұрғышы шебер Төлеш Құлгелдиевтің бригадасы №1 ұңғыға бұрғы салды. Мұнай қорының бар екендігі дәлелденген бұл аймақ, жапан даланың сусыз, елсіз бөлігі болып шықты. Адам жеңбейтін күш бар ма 1960 жылдың 11 тамызында № 1 ұңғыдан жоғары қысымды мұнай бұрқағы атқылады. Асауға тұзақ салған алғашқылардың қатарында болған Мүтиғолла Маташов, Аққуан Кемалов, Зайлағи Есенов, Айтбай Әлжанов, Омар Далбаев, Әшім Уәлиев, Мәулет Көшкімбаев, Хамза Қуантыров, Қайыржан Айтбаев, Мырзабай Тілеубеков тағы басқалар есімдері мәңгі мақтан етуге лайық. 1963 жылы науырызда Прорва өз алдына енші алып басқармаға айналды, алғашқы басшылары тағайындалды. Тұңғыш бастығы болып, Сағидолла Нұржанов, бас инженер Құмар Балжанов, бас геологы болып мен бекітілдім. Сөйтіп, Сәкең екеуіміздің жолымыз тағы да тоғысты. Прорваның атағы көкке өрледі. 1965 жылы «Ембімұнай» бірлестігі бойынша мұнай өндіру мөлшері жағынан екінші орынға шықтық. 1963-1976 жылдар аралығында бірнеше рет облыстың ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алдық. Мұның өзі ерен еңбектің, төккен тердің, ұйқысыз өткізген түндердің жемісі емес пе? Әңгімемнің басында айттым ғой «мен бақытты адаммын» деп, бақыттылығымның тағы бір қыры, менің өндірісті өлкенің өркендеуіне өзіндік табан іздерін өшпестей етіп қалдырған небір асылдармен қызметтес, үзеңгілес болуым. Талай ардақтыларымыз арамызда жоқ. Сол себепті ме, көз көрген ретінде менен сұрағандарға айтулы адамдармен сабақтас болған сәттерді әңгімелеуден әсте жалыққан емеспін. Осы орайда арамызда бары бар, жоғы бар бірнеше майталман мұнайшылар жөнінде де тілге тиек етіп, есімдерін атап өткенді жөн көріп отырмын. Бөлекбай Сағынғалиев - түп тамыры мұнайшыдан тараған Бөлекбайдың мұнайшы болуы барып тұрған заңдылық. Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы Мұнай және газ институтының түлегі. Еліне еленген, еңбегімен көрінген майталман мұнайшының бар өмірін тізбектеп беруді артық деп есептеймін. Басқасын айтпағанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімі бастығының мұнай өндірісі жөніндегі орынбасары, «Қазақстанмұнай» бірлестігі бастығының орынбасары, «Қазақбитум» бірлестігінің бас директоры, қазақ мұнайының қара шаңырағы «Ембімұнай» бірлестігінің бас директоры қызметтерін атқарғандығы көп нәрсенің жігін аша түскендей. Өте білікті, адамгершілігі зор адам. Ол бізге басшы, біз оған қосшы бола білдік. Қызмет бабындағы талай көкейтесті мәселелерді шұғыл шеше білетін, өтімді, айналасына болсын дейтін азамат. Әсіресе, Теңіз кенішінің ашылуына сіңірген еңбегі ештеңемен өлшенбейтін, ұшан теңіз еңбек. Әлемдегі ең ірі бес кен орнының бірі болып есептелетін Теңіздің ашылуы республикадағы шикізат деңгейін екі есе өсіріп, нәтижесінде Қазақстан аты әлемге белгілі болды. Бұл жерде Бөкең тұз асты қабаттарының көмірсутегі шикізатын іздестіру мақсатында бұрғылау басқармасын ұйымдастыруға мұрындық болды. КСРО мұнай министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу институттарын, көршілес Ресей мамандарын біріктіріп, істің шешімін табуына aт салысты. Мен Бөкеңді бұрындары сыртынан ғана естіп-біліп жүруші едім. 1976жылы бірлестікте тікелей жұмыстас болдым. Сондағы бір түйгенім Бөкең тума талант иесі, аса батыл, әр сөзіне жете мән беретін бір сөзді азамат. Оның есімі бүгінгі күні мақтанышпен аталып, атқарған істері тарих парақтарында баға жетпес құнды дүниедей орын алды. Оның іс-тәжірибесі, атқарған жарқын істері кейінгі ұрпақ үшін мұрағат сөрелеріне табылатын асыл қазына екендігінде сөз жоқ. Мен осыған қуанамын, көңілім марқаяды. Ембі мұнайын әңгімелегенде есімі тіл ұшына оралар тағы бір шоқтығы биік тұлға -Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов. Ембі кәсіпшіліктерінің қолбасшысы атанған Жәкең марқұмның есімі, тек Атырау, Маңғыстау өңірлеріне ғана емес күллі Қазақстанға белгілі. Мемлекет және қоғам кайраткері, көрнекті ғалым, белгілі геолог, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген мұнайшысы , Ленин, Октябрь революциясы, екі рет Еңбек қызыл Ту орденін, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталуы, оның елі үшін жасаған өлшеусіз еңбегінің дәлелі. Оның біртуар биік келбеті барлығымыздың есімізде мәңгілік сақталады. Жөкеңді есіме алғанда көкірек түбіндегі әбден орнығып қалған көне сандық аузы ашылғандай шынайы толғанысқа түсемін. Оның да үлкен себебі бар. Өйткені ол менің тәлімгер ұстазым. Білімдарлығымен қоса кісіліктің алтын тінін мықтап ұстаған аса қайырымды асыл жан. Оның өмірінің соңғы сәттеріне дейін арамыздағы баға жетпес сыйластық мұқалмады. Алматыдағы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің геология факультетін 1957 жылы бітіріп келгенде Жөкеңнің қолынан бұйрық алып еңбек жолымды Қошқардан бастаған болатынмын. Содан бергі жалғасқан мұнайшылық өмірімде Жөкеңмен сабақтас болдым. Жақынырақ таныстығым 1976 жылдардан басталып еді.
-Орынғазы шырағым-деді бірде Жөкең. -Біршама жұмыстың басын қайтардың. Ризамын, енді менің қасыма жақында-деп мені орталық аппаратқа алды. Енді бірлестіктің барлық геологиялық қызметін басқару маған жүктелді. Осылайша асыл аға менің өмірімде өлшеусіз үлкен із қалдырды. Өмірінің соңғы сағаттарына дейін менен ағалық ақылын, қамқорлығын аямады. Бір сөзді, айналасына ашық қарайтын ақ жүрек азамат еді, шіркін. «Шәкірт ұстаз алдында мәңгілік шәкірт» деген, бар саналы өмірімде мен Жөкеңді өзіме ұстаз тұтып, мақтан етемін. Сенім жүгі ауыр ғой. Meн өмір бойы оның маған білдірген сенімін ақтауға тырыстым. Көңілімді көпшітетіні сол қадірлі азаматтың маған ризашылық білдіріп, кәнігі маман ретінде бағалап, асқан құрметпен қарағандығы. Атақты Теңіз кенішіне тұңғыш бұрғы қадатқан да Жөкең жарықтық еді. Бірақ ол жерден атқылаған мұнай бұрқағын тамашалау маңдайына жазбапты. Бірақ жақсының аты өшпейді, нағыз еңбек ескерусіз қалмайды. 1995 жылы Республика Министрлер кеңесінің шешімімен Теңіз кенішін алғаш ашқаны үшін және ғылым мен техника саласына сіңірген аса зор еңбегі үшін Жолдасқали Досмұхамбетовке Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді. Бұл құрметті сыйлықты зайыбы мен ұлы қабылдады. Теңізді ашқан білікті мамандар қатарында Жөкеңнің есімі үлкен құрметпен аталып, осындай атақтың берілуі өте заңды.Тұзасты мұнайымен ел көсегесінің көгеретініне сенген үміті бүгінгі күні толығымен ақталды деп есептеймін. Нұрзила екеуінің бауырынан тараған жеті бала бұл күнде мәуелі шаңырақтың берекелі тірлігін одан әрі жалғап отыр. Ұл-қыздарының көпшілігі әке жолын қуды. Геолог, геофизик мамандықтарын игерді. Жолдасқали Ахметұлының бар өмірі абыройға ие. Оны тек Батыс Қазақстан өлкесі ғана емес, күллі республика, тіпті илет мемлекеттер де таниды. Жөкеңмен жұмыстас болған кездерім, өмірімнің ең бір мағыналы, кемелденген кезеңі деп есептеймін. Жөкең жөнінде талай жазылып, айылып та жүр, әлі де талай тақырыпқа негіз болады. Менің бұл жолы қысқаша болса да ой қозғап, әңгіме желісіне арқау еткен себебім Жөкеңнің аруағы рыза болсын, оқырман тағы бір рет алаштың осындай абзал ұлы болғандығын еске алсын дегенім. Болат Еламанов, көз алдымызда өскен, сол кездегі талантты, болашағынан мол үміт күттірген жас маман еді.Үміт ақталды. Болат ініміз Қазақстан мұнайы саласына өлшеусіз еңбек сіңірді. Өз мамандығын жетік меңгеріп, құлай сүйген ол Маңғыстау, Ембі мұнайын игеруде алдына жан салмады. «Болат пышақ қын түбінде жатпайды» деген рас қой, өзінің адал еңбегінің арқасында Болат ініміз талай жауапты жұмыстар атқарды. Қазақстан Республикасы Мұнай өнеркәсібі министрлігінің бірінші орынбасары, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің бірінші орныбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Мен қашанда өзіммен әріптес болған талантты да таланты інімді мақтан етемін. Мұнайшылар арасында аса құрметпен аталатын есімдердің бірі Асабай Хисметовтың аты. Атақ абыройдан кенде болмаған Асекең өз ортасының асылы еді. Өз мамандығын терең игерумен бірге, кісілік қасиеттерді де бойына сіңіре білген атпал азамат қашанда ортасының алды болды. Басшымын деп шалқақтамады. Оның кемеңгерлігі әр қимылынан, әр ісінен көрініп тұратын. Бар өмірін мұнайға арнады, алдына қойған мақсат-мүддесіне қол жеткізді. Елі үшін, ұрпағы үшін еңбек етті. Бүгінгі күні ортамызды болмаса да Асекең есімі біз үшін мәңгілік. Ол салған сара жол қазір үлкен даңғылға айналды. Сол даңғыл жолмен енді оның жолын қуған ізбасарлары келеді. Артыңа өшпестей із қалдыру дегеніміз осы болса керек. Уақыт тек алға ғана домалайтын алып дөңгелек. Тек алға ғана. Талай сырды, талай оқиғалар мен талай тағдырларды екпініне ілестіріп алға ғана жөңкиді. Ешкімге тәуелді емес, ешкімге есеп бермейді. Уақыт шіркіннің құндылығы да осында шығар, бәлкім.. Сол уақыт желісіндегі оқиғалардың ұмытылмайтындығы ғана қадірлі, қасиетті» - деп Орынғазы аға толғанысын жасыра алмай, өткен өмір тұңғиығына бір сәт сүңгіп кеткендей болды. Өмір кейде ағысы қатты өзенге ұқсайды. Табиғаттың кереметтігі, сол ағыс бір мезгілдерде бағытын кілт өзгертіп отырады екен. Адам өмірі де осы тақылеттес. 1962 жылы Сәкеңнің өмірінде де бетбұрыс кезең болды. Сағидолла Нұржанов ұйымдастыра білу шеберлігі мықты, білікті басшы ретінде Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалады. Ол кезде партияның тәртібі қатал. Бар деген жерге баруға міндеттісің. Жұмыстың үлкені, кішісі, жақсысы жаманы деген жоқ. Партия жұмсады ма бар деген жаққа барасың. Осы тәртіп бойынша Сәкеңе мұнайшылық кәсіптен қол үзіп, үкімет жұмысына ауысуға тура келді. Ол жаңа іске тың күшпен кіріскендей болды. Мақат мұнайлы аудан болғанмен, бір қарағанда атынан-ақ көрініп тұрғандай мәселенің барлығы мұнайдың арқасында шешімін тапқан сияқты көрінгенмен, өзекті мәселелер шаш етектен еді. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, аудан экономикасын қуаттандыру, халықтың мәдени өміріне мән беріп, рухани көтермелеу, әйтеуір қордаланып қалған осындай мәселелер ортасында Сәкең білек сыбана іске кірісті. Жұмыс нәтижесін көрмей өзіне де өзгеге де тыным бермейтін ол, күн-түн деп санаспастан жұмыс жасады. Айналасына топтасқан жігіттерді талапқойғыштық, ақкөңілділік қасиеттерімен үйіріп алып талай істің басын қайырды. Аурухана, балабақша, мектеп салдыру, тас жолдарды жөндеу, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы кешенді жұмыстарды іске асырды. Дегенмен далада жетіліп, өмірін даламен ғана сабақтастыруды шешкен Сәкең, жұмыстың жауапкершілігін түсінгенмен, көңілі түскір сол ен даланы, дала төсіндегі қайнаған қызу еңбекті, жүздері тотыққан мұнайшы әріптестерін, қолқаға жетер мұнай иісін жиі аңсайтын. Мұнайлы ауданды басқарды, мұнайшылардың жағдайын жақсарту жолында аянбай еңбек етті. Сонда да бір бүйрегі өндірісте қалғандай қоңылтақсай беретін. Тарихтан белгілі 60 жылдарға дейін Республикада мұнай өндірісінің қарқыны мардымды болмады. Қазақстан одақтық өнімнің бар болғаны 2-3 процентін ғана құрады. Қоры мол мұнай көзін ашу күн тәртібінің ең басты мәселесі болып қойылды. Осылайша болжам бойынша әлі толық игеріліп болмаған Қазақстанның Батыс бөлігіне бар мүмкіндікті салу көзделді. Бір кездері ұшқан құс, жорытқан аңы болмаған, елсіздігінен «Барса келмес аралы» атанған Прорва алаңында да қайнаған қызу еңбек басталды. Геологиялық іздестіру, барлау жұмыстары бұл алаңның тереңінде аса мол мұнай-газ қоры бар екендігін көрсетті. Сөйтіп, 1960 жылы Прорваның шығысындағы №1 ұңғыдан 2200-2500 метр тереңдіктен аса қуатты мұнай бұрқағы атқылады. Жер-Ана осылайша перзенттеріне несібе сыйлады. Елдің қуанышында шек жоқ. Күн-түнмен санаспай мұнайшылар қайнаған қызу еңбек майданына қойды да кетті. Бұрғылау қарқыны бұрынғыдан да арта түсті. «Тынымсыз еңбек нәтижесін көріп, табыс деңгейін қолмен ұстау жұмысшыларды жігерлендіріп, қайраттандырғаны, жұмыстың қызығына түскендері соншалық, қабақ түйіп шаршадық деген сөзді біреуі де ауыздарына алмаушы еді сабаздарың» деп еске алады ағалар. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері марқұм Саламат Мұқашев ұрпақ, ұлт мақтанышына айналған биік тұлға. Бар саналы ғұмырын ел игілігіне, халықтың ертеңіне арнаған асыл ағаның жасаған ұлағатты істері, атқарған алуан-алуан жұмыстары талай еңбектерге арқау болған. Сондықтан оқырман Саламат Мұқашевтың өмірінен толық хабардар екендіктеріне күмән жоқ. Өйткені Саламат Мұқашевтың бар болмысы, табиғи тума талабы мен таланты ел қажетіне ғана арналды. Халық құрметіне бөленген ардақты ағаның Прорва кен орнының ашылуына куә болған сәтін қаламгер С.Ибрайымның С.Мұқашев туралы жазған кітабында былайша әңгімеленіпті: «Аудандық партия комитетіне бір күні «Прорвадағы №2 скважинадан ашық фонтан атты» деген хабар жетті .Сол бойда Саламат Мұқашев жолға шықты. Скважинадан атқан мұнай-газ мұнараның басына шапшып тұр. Ысқыра гүрілдеген даусы құлақты жарады. Мына фонтанды бұғалықтау оңай емесі бірден байқалды. Жерастынан дүмпіп шыққан фонтанды басу туралы мамандар ақылдасуда. Бұрғылау кеңсесінің бастығы Мүтиғолла Маташов жақындап барып жағдайды көргісі келіп ілгері ұмтылды. -Бармаңыз, жақындамаңыз, тас атқылап тұрғанын көрмейсіз бе ?-деп Саламат Мұқашев бірден қарсылық көрсетті. -Сәке, енді құдай сақтасын, су аралас сияқты ғой, ештеңе етпес, мұндайда директор жеке шешім алуға ерікті деп, бас механик Қарамышевты ертіп дүлейге қарсы жүгіре жөнелді. Олар бес минуттай скважина төңіреген шолып шығып, машинаға отыра бергенде фонтан гүрс етіп отқа оранды. -Фашистердің өртінен аман келгенде, өз ошағымның отына күйе жаздадым-ау,-деп Мүтиғолла Маташов күрсініп қойды. Осы Прорваны игеруде бұрғышылардың жасаған ерліктері бір-бір дастан. Сол жылдары бұрғылау жұмыстарының қарқынды жүруіне қажыр-қайратын аямай жұмсаған Мүтиғолла Маташов, Аққуан Кемелов, Александр Васин, Зайлағи Есенов, Айтпай Әлжанов, Қойыс Шотықбаев, Әбутай Беклиев есімдері кейінгі ұрпаққа үлгі болатын азаматтар.» Бүл - «Теңіздің табалдырығы» атанған Прорва кенорнының ашылуынан алынған бір үзік сыр ғана. Осылайша буырқанған бурадай асауға тұсау салына бастады. Барлық одақтық министрліктердің назары Прорва мұнайында. Кен орнын тез игеру мақсатында елуден астам білікті инженерлер мен бес жүзге жуық жұмысшылар сол жаққа жіберілді. Ойпаңда орналасқандықтан ауасы қапырық. Теңіз беттен жиі соғатын тас қиыршықтарын айтсаңызшы, тиген жерін тесіп кете жаздайды . Осындай қиын жағдайда басталған жаңа іске ең керегі мықты басшы. Бұны жақсы түсінген министрлік тегеурінді мұнайшы, тәжірибесі мол, талапшыл азамат Әбу Атшыбаевты Қаратон мұнай өндіру басқармасының Прорва жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды. Кездескен қиындықтардың еш қайсысына да мойымастан Әбекең өндірісті алға жетелейді. Жоғары жақтан қолдау да тапты, қарсылық та көрді, бірақ ол кез келген уақытта өзінің біліктілігімен діттеген мақсатына қол жеткізіп отырды. Прорва мұнай өндірісінде мекемелер ашыла бастады. М.Маташов, Л.Любенко, Т.Құлгелдиев, З.Есенов, Қ.Қалиев сынды бұрғышылар тарихта алтын әріппен қалатын адамдар. Жаңаның аты жаңа. Шешімін тапқан тұсының гөрі шешуін күтіп тұрған көкейтесті мәселелер шаштан да көп. Біреуін реттеп «уһ» деп жатсаң екіншісі тұрады. Әйтеуір шегі мен шеті көрінбейтін қым-қиғаш тіршілік ағымы. Қазандай қайнаған өндіріс басынан тұрғындар қалашығын салу да күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі саналды. Болашақ мұнайшылар мекені өндіріс орнынан 20 шақырымдай жердегі Сарқамыс деген жерден салынатын болып келісілді. Осылайша, 1962 жылдан бастап Сарқамыс мұнайшылар қалашығының ірге тасы қалана бастады. Ал 1963 жылдың наурыз айында Прорва мұнай-газ өндіру басқармасы құрылып, дербес кәсіпорынға айналды. Аталмыш кәсіпорынның алғашқы басшылығына тәжірибелі маман Сағидолла Нұржанов тағайындалды. Жанарынан жасын ойнаған, білікті де, жігерлі Сағидолладай жас жігітке мемлекет дәрежесіндегі маңызы бар кен орнын басқару тапсырылғаны дұрыс болды деп мақұлдаса, кейбіреулердің күмән келтіргендіктері жасырын емес еді. Бас инженер Құмар Балжанов, бас геолог болып Орынғазы Есқазиев бекітілді. Жанына тәжірибелері мол, еңбек десе жанып тұрған кәнігі мұнайшыларды топтастырған Сағидолла одақ көз тігіп отырған кен орнының мұнайын өндіріп, ел қажетіне жарату жолында білек сыбана іске кірісті. Жоғарғы жақ мұнай өндіру деңгейін арттыруды қатаң талап етті. Талапты орындау парыз, орындамайсың ба, кінәлісің. Ол кездегі тәртіп солай. Мұнай көп, ал өндірген мұнай саздан соққан ыдыстарға құйылатын да, сақтауға мүмкіншілік болмады. Құбыр, сораптар тартатын электр жүйесі тағы жоқ. Борпылдақ құм электр бағандарын ұстамайды , салған жолдарды құм жел жуып, із-түссіз етеді. Осындай шаш етектен болған қиыншылықтар, үлкен еңбекпен өндірген мұнайды мемлекет қазынасына өткізуге қол байлау жасады. Жеті қат жер астынан өндірілген өнім мол болса да, мемлекет бекітіп берген жоспарды жоғарыдағы себептермен орындау өте қиынға түсті. Көзбен көргендер ғана сенетін осындай қиыншылықты жеңу жігерлі басшы мен оның соңынан ерген атпал еңбекшілердің ғана қолынан келері сөзсіз еді. Біртіндеп басқарма құрылымы жасақтала бастады. Бұрғылау бригадалары, бұрғылау қондырғыларын монтаждау бригадалары, мұнай кәсіпшіліктері ұйымдастырылды. Мемлекет жоспардың орындалуына көбірек көңіл бөлгенмен басшының көкейін жұмысшылардың жағдайын дұрыстау керектігі маза бермеді. Жұмысшылар қамыс үйшіктерде тұрып жатты. Қыс түсе келе жертөлелер қаза бастады. Ауыз судың тапшылығынан көрген бейнетті ауызбен жеткізу мүмкін емес-ті. Халықтың көріп отырған бейнетін жанымен сезініп, сонда да болса еңбек ырғағын бір төмендетпеген мұнайшылардың қаһармандығын көріп, бар ауыртпалықты «уақытша» деп қабылдап, асқан шыдамдылық көрсеткен мұнайшылардың от басын көріп Сәкеңнің жаны шүберекке түйілгендей күй кешетін. Сол кездегі «Ембімұнайгаз» бірлестігінің бастығы Жолдасқали Досмұхамбетов Сәкеңнің әрбір ісіне, оның ұсыныс-пікірлеріне үлкен мән беретін. Сол кісінің тікелей басшылығымен Сарықамыс поселкесінде құрылыс бригадалары ұйымдастырылды. Тұрғын үйлер, тұрмысқа қажетті әлеуметтік нысандар бой көтерді. Жол салынып, желілік байланыс орнатыла бастады . Ауасы саф таза, айналасы көкорай шалғын ен далада мұнайшылар қалашығы күннен-күнге абаттана түсті. Басшылар да көшіп келіп, қоныс тепті. «Сол кездегі мамандардың атқарған өлшеусіз еңбек көлемін, Сәкеңнің ұйымдастырушылық қабілеті зор, талантты басшылығының арқасы дер едім» деп әңгімесін бастады Прорваны алғашқы ашушылардың бірі, белгілі бұрғышы, бүгінгі күні құрметте еңбек демалысындағы Хамза Қуантыров аға. Хамза Қуантыров 1929 жылы Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында дүниеге келген. 1950 жылы Гурьев политехникалық мұнай техникумын бітіріп, алғашқы еңбек жолын Қаратон кен орнынан бастаған. Содан бергі 47 жылға жуық өмірін мұнай өндіру саласына арнаған Хамза аға бүгінгі күні сексеннің сеңгіріне жақындап отыр. Дегенмен ойы қарақты, керек десеңіз кейбір сол кездегі өндірістік көрсеткіштерді де есте ұстаған. Жұмыстас жолдастарын асқан құрметпен еске алады, олардың ерен еңбектерін мақтанышпен әңгімелейді. Қараторы жүзі ерекше нұрланып, нұры тая бастаған жанары жалын шашқандай болып ақсақал өткен өміріне бір мезет шолу жасағандай болды. Ембінің жер асты байлығын табуда бұрғышы Хамза Қуантыровтың да елеулі еңбегі бар екендігінде дау жоқ. Қарсақ, Тереңөзек, Оңтүстік Сарқамыс, Тәжіғали, Ағнияз, Қарарна тағы көптеген мұнай алаңдарының ашылу жолында Х.Қуантыровтың іздері сайрап жатыр. -Аға, «Ер-еңбегінің еленуімен бағалы» деген қанатты сөз бар ғой халқыңызда. Жарты ғасырлық өміріңізді мұнай саласына арнаған екенсіз. Небір майталман мұнайшылармен бірге жұмыстас, дәмдес болыпсыз. Сол бір арайлы шаққа шегініс жасасақ қайтеді.
- Қарындасым, екеуіміздің әңгімеміз, менің өмірімнің көп тұстарының бұлдырланып, көгілдір сағымға айнала бастаған кезімен сәйкес келіп отыр. Дегенмен өткен өмір белестерін ұмыту, естен шығару әсте мүмкін емес тәрізді. Адам өмірі жасаған жасымен емес, тындырған ісімен өлшенуге тиісті. Мұнай саласында еңбек еткен елу жылға жуық өмірім , сенсең күні кешегідей санамда жатталып, сайрап-ақ жатыр. Бойыңа күшің сыймай тұратын, қайраты мен қажыры көп жастық дәурен десеңізші. Алғаш рет мұнай өндіру саласына қадам жасағанда мен жиырма беске толмаған, тепсе темір үзетін, көңілімде білсем, көрсем деген ынтық сезім ұялаған жас жігіт едім.
Туған ел, туған топырақтың несібесі «қара алтын» атанған мұнай өндіру өнеркәсібін қолға алған шақ. Атыраудың жігіттері білім алып осы саланы дамыту жолында қызу еңбектеніп жатты. Сол кездегі астанамыз Мәскеуге барып жоғары білім алып, елге оралған алдыңғы ілектің қатарында Б. Есенғалиев, С. Шақабаев, Ж. Досмұханбетов, олардан кейінгі екінші топта Ж. Телішов, Р. Өтесінов, С. Қисметов, А. Қисметов басқа да азаматтар болды. Олардың ізін С. Нұржанов, Ә. Атшыбаев, Б. Сағынғалиев сияқты жігіттер жалғастырды. Сөйтіп, мұнайшы мамандығын игерген ауылдың жігіттері қайнаған қызу еңбек көрігін қыздырып-ақ жіберді. Ешкімге кіріптар болмай, ешкімнен алақан жайып көмек сұрамай өз жеріңнің байлығын өзің игеріп, халық қажетіне жарату дегеніңіз нағыз бақыт. Міне, біздің жігіттер осындай күрделі кезеңде білімдері мен кәсіби шеберліктерін қатар пайдаланып, өндірісті өлкенің мерейін тасытты, қомақты жетістіктерге қол жеткізді. Солардың көш басында аузын ашса көмекейі көрінетін, ақкөңіл де абзал азамат, марқұм Сағидолла Нұржанов тұратын. Сәкеңмен алғашқы таныстығым 1953 жылы басталды. Сәкеңнің оқу бітіріп келген кезі. Жұмыс дегенде ішкен асын жерге қоятын, қайраты сыртына тепкен жас жігіт, өзінің іскерлігімен, айтқанын орындайтын мақсатшылдығымен бірден көп көзіне түсті. Адамды баурап алатын кез келгеннің бойында бола бермейтін адами қасиеті, оны көп ішінен даралап, ерекшелендіріп-ақ тұратын. Қашан көрсең де өндірістің басында білек сыбанып жүрген Сәкеңді көретінбіз. «Жас та болса бас болатын жігіт», «Сағидолла алысқа баратын жігіт» деген сөздер халық арасында жиі естілетін. «Халық айтса қалт айтпайды» деген дәл келді. Сәкең өзінің таза еңбегінің арқасында биіктерге өрлей берді, өрлей берді. 1961 жылы Прорва мұнай алаңы ашылды. Ембі тарихында мұндай ең ірі көлемді кен орны бұрын болған емес. Барлық жергілікті мамандардың күші осы кен орнына шоғырландырылды, бұған бар мүмкіншіліктер де жасалды. Қазір ойлап қарасам біздің жігіттердің білімдері, қабілет-қарымдары артық болмаса ешкімнен кем болған жоқ. Нәтижесі жанды істе көрініп отырды. 1963 жылы Прорва мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды да, оған бастық болып Сәкеңді жіберді. Аса жауапты, одақтық дәрежедегі маңызы зор кен орнына басшылық жасауға кез келгеннің жүрегі дауламауы да мүмкін. Ал Сәкең бұл іске қыран құстай қомдана, қанаттана кірісті. Шынтуайтына келгенде бұл жұмысқа лайық, сенім артуға болатын жігіттердің бірі Сағидолла еді. Мен сол кезде ашылған Прорва бұрғылау конторында бас инженермін. Жиі кездесіп тұрдық. Сенім жүгі деген ауыр ғой. Сәкең тынымсыз еңбек майданына түсті де кетті. Ұйымдастырушылық қабілетінің мықтылығы сол, кездескен тұйықтан лезде жол табатын. Ұзын арқан кең тұсаулатып, мәселені созбақтатқанды ұнатпайтын. Басшыларға да әлдебіреулерге ұқсап, жасқаншақтамай еркін кіріп, мәселені төтесінен қоятын. Әсіресе, Сарқамыс поселкесінің ашылуы сол кездегі үлкен оқиға еді. Алғашында екі қатарлы үйлер салына бастады да, кейін қазақ ауыл атанып, қазақы үйлер салуға рұқсат етілді. Мен де сол Сарқамысқа қоныс аудардым. Ауылдың көркем болуына, мүмкіндігінше тұрғындардың әдемі тұруына Сәкең бар ниетімен ат салысты. Көгалдандыру мәселесін төтесінен қойып, соған барлық адамдарды жұмылдыра білді.Өзі кетсе де артына өшпестей із қалдырған Сағидолланың есімі кейінгі ұрпақтың есінде қалуға әбден лайық. Тағы бір тілге тиек болар есімде қалған оқиға, Маңғыстау облысы бөлінген тұста біз біршама уақыт Бейнеу ауданына қарадық. Аудан аты болғанмен Бейнеу орталықтан тысқары шетте орналасқан елді-мекен. Әлеуметтік тұрмыс, мәдени жағы кенже қалған. Сәкең осы ауданның көтерілуіне өте көп көмек жасады. Малды ауылдарды аралап, малшылардың жағдайларын біліп,үнемі қамқорлыққа алып отырды. Бірде Бейнеуге партия конференциясына делегат болып бардық. Басшымыз Сәкең. Ол ширақ қимылдап, кең ойлайтын әдетімен өзімізбен бірге концерттік бригада алып жүруді таптырды. Конференция жұмысы аяқталысымен жұртшылық мұнайшылардың күшімен қойылған концертті тамашалады. Сондағы халықтың арқа-жарқа болғанын көрсеңіз. Өнерге әбден шәліркеген тұрғындар бір серпіліп қалды. Ойды ой қуалайды деген, Сәкеңді еске алғасын талай нәрсе есіме түсіп отыр. Бейнеу ауданына барған кезекті іс сапарында бір малшы Сәкеңе: -Сіз адайдың жігіті екенсіз, менің де руым адай, біздің үйдегі ініңді жұмысқа ал,-деп қолқа салады. Арада біршама айлар өтіп кетсе керек, бір күні бір жас жігіт келіп: -Көкем жіберіп еді, дейді ғой баяғы. -Әзір орын жоқ шырағым-деп бір қайтарады Сәкең. Араға аз уақыт салып әлгі жігіт тағы да келеді. Сәкең тағы да қайтарып жібереді. Тағы біршама уақыттан кейін сол жігіт тағы да есік қағады. -Аға мен адайдың баласымын-дейді кірер кірместен. -Сөйдеп айтпайсың ба баяғыдан, маңдайыңда адай деген жазу жоқ қой, мен қайдан білейін деп, сол өзі уәде еткен малшының баласы екендігін танып жұмысқа орналасуына ықпал етіпті. Сәкең жарықтық қанша қиналып, шарашап жүрсе де аузында әзілі, жүрегінде қамқорлығы жүретінді. -Аға әңгіме төркінін менің келесі қояр сауалыма өзіміз-ақ бұрып келесіз. Луначарский деген оқымысты: «Күлкі күштілердің қаруы. Шынайы күле білген, шынайы күлдіре білген адам ғана жеңіске жетеді. Өйткені күлкі әрі тәтті, әрі ащы нәрсе» деген пәлсапасын оқығаным бар-ды. Өзіңіз сияқты Сәкеңді көре қалған азаматтар, ол кісінің басынан өткен, аузынан шыққан не бір қызықты оқиғаларын айтып жүреді. Сіздің есіңізде қалғандары болса оқырмандармен бөлісе отырсақ. -Ұтқыр сөйлеу, ұтымды пікір айту, толғауы тоқсан қызыл тілді өрнекті түйіндеу де талант. Ал, әзіл-қалжыңды үйлестіре айту дегеніңіз де үлкен өнер.Жәй күлкі үшін емес, әр жағына астарлы ой қалдыра қалжыңдау кез-келгеннің қолынан келе бермейтіні рас. Бұл жерде әлігі өзің айтқан оқымыстыңның айтқанына толықтай қосыламын. Шынымен де біздің Сәкеңнің бойында уытты қалжыңмен кейбір ойларын жете ұқтырып отыратын қасиет бар болатын. Кейбіреулер мұны әшейін әзіл-оспақ деп қана түсінетін. Бірақ күлкінің астарында да талай мән-мағына жататын еді. Прорвадан мұнай шығып, айнала қызу жұмысқа толған шақ. Әр кім әртүрлі пікірлерін ортаға салып, мұнай алаңы туралы ойларын бөлісу де дағдыға айналған. Осындай бір сәтте, Сәкеңе бір құрдасы: -Сәке, Прорвадай кен алаңы бұрындары Ембіде болған жоқ деп жүрсіңдер ғой, Айтшы бұл мұнай қашанға дейін жетеді?- депті сынай қарап.
Сонда Сәкең көп ойланбастан:
- Сенің өміріңе, сенің балаңның өміріне, оның баласының өміріне жететіні анық. Ар жағын айта алмаймын-депті.
Тағы бір есімде қалған оқиға. Сарқамыста тұрып жатқан кезіміз. Сәкең түскі асқа келіп, аз-маз көз шырымын алып сыртқа шығады. Әрі қарайды, бері қарайды машинасы жоқ. Жұмыстың уақыты өтіп бара жатыр. Сағатына қарағыштай үйдің ар жағына бір, бер жағына бір шығады. Машинасы түскір көрінбейді. Көршілердің бал асы ма , әйтеуір бір бала жүгіріп келіп:
-Аға машинаңызды іздеп тұрсыз ба, мана жеңгей мініп кетті ғой депті.
Сонда Сәкең:
-Әй осы министрліктегілердің де бастары шамалы-ау, біреуін бастыққа, біреуін әйеліне екі көлік бөлсе нелері кетіп барады екен, депті күлімсіреп. Міне, Сәкең жарықтық осындай аяқ астынан сөз тапқыш, қазақтың нағыз «сегіз қырлы , бір сырлы» азаматы еді. Жастау кезімізде үлкендердің аузынан «қатарларың азаймасын» деген тілекті көп естуші едік. Бірақ жастық қой, аса мән бермейтінбіз. Осы бір ақ тілектің мағынасын енді түсініп жүрміз.Сәкеңдей талай асылдарымыз арамызда жоқ. Бірақ пенде үшін келу мен кету хақ. Соңыңда халқы қастерлеп, ұрпағы мақтан етер іс қалдырған Сағидолладай азаматтардың арманы болмас.
Тарих деген сөздің мағынасы өткен шақты білдіреді.
Шынымен де тарих дегеніміз біздің жүріп өткен жолдарымыз. Сол жолдарда кездескен Сәкеңдей азаматтар туралы айтқанда сол тарихқа енген өміріміз бейне құс жолындай көз алдымнан тізбектеле өте шықты. Хамза ақсақалмен сұхбаттасқан бірер сағат мен үшін ұлағатты сабақпен пара-пар болды. Талай жақсылармен дәмдес болған, өндірісті өлкенің кешегісі мен бүгінгісіне тұжырымды тілек айтқан ардагер мұнайшы Хамза Қуантыров бауырынан тараған жеті бала, төрт ұл, үш қыздың, олардан көрген немере-жиендердің ортасында бақытты өмір сүруде. Үш баласы өзінің жолын қуып мұнайшы атанды. Үлкен шаңырақты ұстап отырған сүт кенжесі Нұрлан («Ембімұнайгаз» ӨФ-ында сектор жетекшісі) мен келіні ақсақалға әсем де әдемі кәрілік өмір сыйлап отыр. Төккен тердің зейнетін көріп бала-шаға бақытына, халқының құрметіне бөленіп отырған Хамза ақсақалға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз. Жалпы жұмыс барысында жетістікке жету де, көздеген меже биігіне жете алмай абыройсыздыққа ұшырау да адамға байланысты. Осыны терең түсінген Сәкең, біріншіден өзін еш уақытта бастықпын деп шіреніп ерекшеленбеген жан. Пендешілікпен кеткен ірілі-ұсақты кемшіліктерін көріп, уақтылы қатаң талаппен түзеп отырса да, біреудің артынан шам алып түсіп түртпектемеген адам. Бірде құрылыс басына келсе бір бұрышта бірнеше жігіт қолдарына стақан ұстап тұрғанының үстінен түседі. Іші сезген Сәкең қастарына барып жұмыстары жөнінде сұрай бастайды. Әлгілерде оң жоқ. Сөзіне қараса бастық түк сезбейтіндей көрінеді. Әй қайдам, біліп тұрғандай ма, әйтеуір жігіттердің берекесі кете бастайды. Бір кезде Сәкең:
-«Әй стақандағыларың не? » демесі бар ма.
-Арақ-дейді біреуі міңгірлеп.
-«Ендеше құй»-дейді бастық. Зәре-құты қалмаған біреуі лақылдатап құя бастайды. Бастық жарты стақан арақты ішіп жібереді де, теріс бұрылып жүре береді. Жігіттер аң-таң. Дауыс көтеріп ұрыспады, не ескерту де жасамады. Ұяттан өртене жаздаған жігіттер бастықтың «мақтамен бауыздап» кеткенін түсінді. Түсінді де, енді мұндай келеңсіздік жасамауға уағдаласты. Прорва кен алаңы туралы деректерге тереңірек үңілген сайын мұнайшы ағаларымыздың баға жетпес зор еңбектеріне тәнті боласың, кеудеңді мақтаныш сезімі билейді. Менің елімнің, туған мекенімнің азаматтары осылай болуы керек қой деген жалынды ой, көңіліңді сонау биіктерге жетелей жөнелгендей шат-шадыман күй кешесің. Ол елі үшін емес, елі ол үшін мақтан болған осындай біртуар азамат ағаларымыздың қатарында Құмар Балжановтың шоқтығы биік. Прорваны алғаш ашушылардың бірі. Аталмыш кен орнында алғаш басқарма құрылғанда бас инженер болып келіп, С.Нұржановпен қоян-қолтық еңбек еткен біліміне жігері сай, кейін осы басқарманың бастығы болып еңбек еткен Құмар ағамыздың мұнайшылық өмірінің өзі бір дастан. «Құмекең өз мамандығын еш уақытта өзгертпеген, бар өмірін тек мұнай саласына ғана арнаған, басынан бастап, бақайшағына дейін таза мұнайшы. Оның көптеген әріптестерінен айырмашылығы да сонда»-дейді мұнайшы ақсақалдар аса құрметпен. Кәрі Ембі қойнауындағы «қара алтын» қорының күннен күнге көбейіп, талай кен орындарының ашылуына елеулі үлес қосқан Қ.Балжанов, Мәскеу мұнай институтын тәмамдағаннан кейін Доссор, Мақат мұнай өндіру басқармаларында шебер, аға инженер, Сағыз, Доссор мұнай газ өндіру басқармаларында бас инженер, Прорва мұнай газ өндіру басқармасында бастық, «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігінде бас инженер, қос өзен аралығындағы Жайық мұнай газ өндіру басқармасында бастық болып, өзіне тапсырылған жауапты қызметтердің қайсысын болса да абыроймен атқарды. Дербес зейнеткер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО-ға еңбегі сіңген мұнайшы, КСРО-ның құрметті мұнайшысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет» ордендерінің иегері Қ.Балжанов бүгінгі күні төккен тердің зейнетін көріп, от басы ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Ембілік мұнайшылар оның өндіріс қарқынын жеделдетіп, жаңа техналогияларды енгізу бағытындағы, жалпы өндірісті ұйымдастырудағы орасан зор еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі етеді. Ол жерінің перзентінің осындай құрметке ие екендігіне көңілдері марқаяды. Жақсының жақсылығын айту да бір ғанибет. Ал сол жақсының ортаңда болмай орнын жоқтау дегеніңіз оңай емес екен. Әңгімеге арқау болып отырған тау-кен инженері, белгілі қоғам қайраткері Қазақ мұнайының өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған марқұм Нәсіпқали Марабаев. Әз ағаның «адам ретінде де, маман ретінде де қалыптасуыма ІІрорвадағы күндерімнің маңызы зор болды» деуі тегіннен тегін емес. Елсізден ашылып, іргелі елге айналған Прорваны игерудегі алғашқы қиыншылықтарды, мұнайшылардың жан кешті еңбектерін, бір үйдің баласындай бауырлас болып, ортақ іс мұнай өндіру жолында талай өмірлері бірге өткен X. Қуантыров, Т. Жұмырбаев, М. Рахметов, М. Жұмағалиев тағы да басқа әріптестері Нәсіпқали ағамыз үшін жеке бір төбедей еді. Әсіресе, басқарма бастығы С.Нұржанов туралы пікірі өте жоғары болыпты. Оның Сарқамыс пен Прорваның көтерілуіне сіңірген еңбегін, білімі мен көрегендігін марқұм ағамыз өз естеліктерінде тілге тиек етіпті. «Тағы бір жақсы адам - Сағидолла Нұржанов. Сәкеңнің сөйлегені, адаммен қарым-қатынасы ерекше болатын. Адамның жанына тиетін, қорлайтын бірде-бір сөз аузынан шығып көрген емес. Ұрысқанда өз қателігіңді толық сезініп, іштей мойындап, дұрыс айтып тұрғанын түсінесің. Соның барлығы өмір сабақтары екен ғой» деген пікірін белгілі қаламгер, жазушы С.Муньянованың «Қазыналы дала қаһармандары» деген кітабында келтіріпті. Нәсіпқали ағаның Маңғыстау облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған жылдары, нарыққа жаңа өтіп заман ағымына жете үйрене алмай, халықтың тығырыққа тіреліп жүрген кезеңі болатын. Мұнайлы өлке атанғанмен ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салалардағы шешімін күткен мәселелер шаш етектен-тұғын. Қаламгерлік қызметтің пайдасы сол, сол тұстағы облыс көлеміндегі талай жанды істердің куәсі болғанбыз. Қашанда сабырлы, басқаның проблемасын өзіндей қабылдайтын Н. Марабаевты халық құрмет тұтты, қастерледі. Әлі күнге дейін жасаған жақсылықтарын айтып жүреді. Жақсының артында ұлағатты сөз, жарқын іс қалады деген осы. «Лапылдап атып, лапылдап батқан күн сияқты аса бір шуақты адам еді» деген Әбіш Кекілбаевтың теңеуі дәл Нәсіпқалидай ағаларға арналғандай. Нәсіпқали Марабаев көзі барында Республикалық «Мұнайшы қорын» ашуға мұрындық болды. Сөйтіп, зейнеткер болса да қарап жатпай, ел экономикасының күре тамырына айналған мұнай өндірісінің одан әрі өркендеуіне үлесін қосты, мұнайшы зейнеткерлерді қамқорлыққа алды. Бұл қор бүгінгі күні одан әрі жұмысын сәтті жалғастыруда. Бақилық болғаннан соң Н.Марабаев аты осы қорға берілді. Жақсының атын өшірмеген азаматтарға халықтың ризашылығы шексіз. «Өсер елдің балалары осылай жасар» дейді үлкендер. Дәл айтылған пікір. Қазақ мұнайының алғаш табылуы, өзге ұлтқа бодан бола жүріп, оны игеруге ат салысқан ата-бабаларымыздың жанкешті еңбегі, өз жеріңнің қазынасының билігін өзге ел жүргізіп кіріптарлық күй кешу, ілектен қалмай білім алып, бұрын араласпаған өндірісті тізгіндеген ел азаматтары, тың жерден елді мекен тұрғызып, жеті қат жер астынан қазына көзін ашқан майталман мұнайшылар еңбегі, Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейінгі жетістіктер, жаңа заман талабы-осының бәрі жүз жылдан астам тарихы бар қазақ мұнайының мұрағатына қосылған алтын қор құжаттары. Парақтаған сайын дүние тарихқа бойлай еніп, небір ғажайыптармен жүздесіп, небір ғұламалармен тілдескендей боласың. Жұдырықтай ғана жүректерін ел-жұртына, болашақ ұрпақтарына арнаған бабаларымыздың рухтарына еріксіз тізе бүгіп тәу етесің. Өйткені, бүгінгі таңдағы төрткүл дүниені тәнті етіп, мемлекет атын айдай әлемге паш етіп отырған мұнай өндірісінің негізін қалаған солар. Сол себепті бұл өлшеусіз еңбектің сон-а-ау түп төркінінің қайда екендігін, бұл жетістіктің қандай еңбекпен, кімдердің еңбегімен келгендігін ұмыту немесе елеусіз қалдыру болмаса қадіріне жетпеу орны толмас күнә, кешірілмес қателік деп ойлаймын. Өйткені, бұл үлкен даңғыл жол іспетті. Жол да адамның жер бетіне қалдырған ізі. Бірде ойға, бірде қырға жетелейді. Желісі үзілмей алға ғана бастайтын кәдімгі даланың жолдары сияқты адам өмірі де жалғасын тауып ілгері зырғиды. Біреуі өмірден кетеді, екіншісі келеді. Бұл - заңдылық. Бірақ ұрпақ үшін қалдырған сол адамдардың істерінің мәңгілік жалғасы бар. Сондықтан да өткен өмірді екшелеп, саралағанда көңілің тола терең тыныстау, өзіңнің жасаған істеріңе риза болу да ғанибет. Соның ішінде бойыңдағы бар қажыр-қайратыңды, алған білімің мен жинаған іс-тәжірибеңді ел несібесіне арнау азамат үшін аса маңызды. Прорва мұнайының ғана емес, Ембі төсіндегі талай мұнай алаңдарының ашылуына ат ізін қалдырған ақсақалдарымыздың бірі сарқамыстық Төлек Нұрбауов ақсақал. Аузынан ұлағаты түспеген ақсақалдың әр сөз саптауынан айналасындағы жалпы болмысқа деген құрметті сезініп, бұл кісінің жан сұлулығына, қиыннан қиыстырып әсем сөйлейтіндігіне, адамгершілік зор қасиет иесі екендігіне тәнті болдық. «Иықтас жүріп, тізе қоса еңбек еткен А.Рзиев, Б.Боранбаев, Қ.Лұқпанов, Ж. Жұмақұлов, М.Аққайыров, Б.Қалиев тағы басқа да әріптестері туралы сыр шерткенде жаны жадырап, жүзі нұрланып кетеді. Айналаңдағы адамдарды, олардың еңбектері мен қабілеттерін қадірлеу дегеніміз осы тәрізді. «Ембі мұнайы-қазақ мұнайының алғашқы бастауы. Осы кеніште еңбек еткен әр мұнайшының өмірі бір-бір кітапқа болмаса талай дастандарға арқау болары кәміл» деп әңгімесін бастады Төлек қария. «Жеті қат жер қыртысының ұңғыл-шұңғылын бес саусақтай біліп, қасиетті қара жердің тамыр соғысын жанымен де, тәнімен де сезіне білген, одан өнген өнімді перзентіндей аялаған асыл азаматтардың қатарынан мен бұза жара Сағидолла Нұржанов жарықтықтың есімін атап өтер едім. Қазақ қанатты сөзге бай ғой. Солардың ішінде «бойын жасырған тұлпардай» деген дана сөз бар. Оның мағынасы – ұзаққа шабатын жылқы сияқты тұяқтарымен жер қарпымай, әрі-бері бой көрсетпей, оқшаулау бұйығы тұратын жылқы болады екен. Ал жарысқа түскенде әлгі онша көзге түсе қоймаған жылқымыз алдына қара салмайтын көрінеді. Міне, осындай жүйрікті аталарымыз бойын жасырған тұлпар дейді екен. Дәл осындай бойын жасырған тұлпар Сәкең марқұм еді. Бастықпын деп баса көктемейтін. Қай істі болмасын ақылдасып, кеңесіп шешетін. Бастама көтеріп, ұсыныс айтқандарды жан-тәнімен қолдап, жеріне жеткізгенше тыным таппайтын. Тағы бір қасиеті кең қолтық қарапайымдылығы еді. Бәз біреулер секілді биіктесе де, төмендесе де аспандамай, жасымай бірқалыпты мінез ұстады. Көптің ортасында болып қолдан келген қамқорлығын аямады. Әзіл-қалжыңымен айналасын қолдап, онсыз да шаршап-шалдығып жүрген жұмыстастарын демеп отыратын. Күлкі көңіл сергітеді емес пе, Сәкеңнің әзілдерінен кейін еңбекке деген құлшынысымыз артып жанымыз жадырап-ақ қалатын. 1955 жылы Сәкеңнің Опорный 5-те зерттеу бастығы болып жүрген кезі. Біз Төңірек шыңнан барып жұмысқа кірісіп жатқанбыз. Түске таман Сағидолла Нұржанов келеді екен деген хабар жетті. Ауылдас үлкен кісілер «адай ағаң келеді дейді ғой, жататын орын сұра» деп, ойыны-шыны аралас қалжыңдай бастады. Сәкең келіп, жұмысшылардың қал-жағдаймен танысып, әр қайсысымен жеке-жеке әңгімелесті. Жігіттердің қажағандықтары бар, әйтеуір бір орайлы сәтті пайдаланып:
-Аға, жататын орын деп қалдым. Маған бұрылып қарады да: -Енең бар болсын, дайын орындарың, - деді қулана жымиып. Кешке келсек, екі бөлмелі үй, кроватымен, әппақ жайма, ақ орамалымен дайын тұр екен. Жігіттер «әй сенің арқаңда барлық жағдайды жасады» деп мәз болысты. Сәкең осындай қарауындаңылардың жаңдайын жасауды өзінің төл міндеті санайтын. 1964 жылы Гуръев Мұнай бірлестігінің бұйрығы бойынша Прорва кен орнына жұмысқа келдім. Басқарма бастығы С.Нұржанов екен. Шұрқырай табыстың. Осылайша тағдыр екеуіміздің тағы да басымызды қосты. Бұл бір қайнаған қызу еңбек майданының жүріп жатқан кезі еді. Барлық күш бір арнаға тоғысқан. Мынау менікі, мынау сенікі деп жатқан ешкім жоқ. Бір-ақ мақсат - мұнай өндіру, жоспар орындау. Мамандар бар жігер, қайраттарымен іске кірісті. Өндіріспен қабаттас елді-мекен Сарқамыс поселкесі бой көтеріп келе жатты. Отбасымен жүргесін жағдай жасау керек, бірер күннен кейін Сәкеңе кіріп, үй қажеттігін құлағдар еттім. Сол бойда орынбасары Китуевті шақырып алып, тапсырма беріп, мәселені шешіп берді. Мәрттік деген осы емес пе, кейінге қалдыру, бәлсініп ойланып қалып, әлдебіреулерше кісімсіну деген ол кісінің бойында мүлдем жоқ қасиет-тұғын. Осыдан 1973 жылға дейін жұмыстас болдық. Ақжарқын, әзілшіл, сөз жетпейтін азамат еді. Жұмыс барысында ешкімнен ығысуды білмейтін. Министр ме, обком, райкомның басшысы ма өз ойын батыл жеткізіп, өндірістің жүйелі жұмыс жасауы үшін, қарауындағы адамдардың үнемі қамқорлықта болуы үшін жан аямайтын. Сәкең ілуде бір туатын азаматтардың бірі ғой. Мұндай басшылар қазір сирек-ау деп қорқамын. Бүгінгі күнгі сананы тұрмыс билеген заманда өзгеден гөрі өзін көбірек ойлайтын басекеңдердің басымырақ екендігі жанға батады. Өмір жалғасады. Кейінгі жастар осындай ағаларының болғанын, олардың ел, халық үшін қандай дәрежеде қызмет қылғанын біліп өссе игі. Ал біз алдыңғы буын қариялар өткен өмірдің белестерінен сыр шертіп, ұрпақ жадында қалдыруды өзімізге мақсат етеміз. Өйткені бұл-ұлағат, бұл - еліміздің, туған топырағымыздың тарихы. Ал тарих қиянат көрмей дәл сол қалпында өшпес мұраға айналуға тиісті». Әрбір сөзі алтынның кесегіндей салмақты да сабырлы, ой өрісі қанық Төлек ақсақалмен сұхбаттас болған аз ғана уақытта «заманына адамы сай» демекші, сол кездегі адамдардың үлкен жүректі, кесек тұлғалы, аса қайырымдылықтарына тәнті болып, ақсақалға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледік. Прорва кен орны туралы әңгіме қозғағанда айтпай кетуге болмайтын ардақты есімдер өте көп. Солардың көш басында тұрғандардың бірі еңбек ардагері, Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Наурызғали Бешімов ақсақал. Н. Бешімов 1934 жылы Мақат ауданы Доссор поселкесінде дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1951 жылы Комсомол кәсіпшілігінде бастаған ол, 1958 жылы Мәскеудің Губкин атындағы мұнай және химия институтын бітіреді. Алтынның сынығы, асылдан қалған тұяқ, қазақ мұнайын алғаш тапқан, аты тарихта алтын әріппен қалған Бешім қарияның ұрпағы. Бүгінгі күні жер-жаһанға әйгілі болған қазақ мұнайының көзін тапқан басқа емес, өз ұлтың, өз топырағыңның азаматы екендігіне көңілің марқаяды, мақтанасың. Бұл жөнінде талай айтылды да, жазылды да. Бірақ әлі де айтыла бергеннің артықтығы жоқ деп есептейміз. Себебі бұл біздің ұлттық мақтанышымыз, ұрпақ мақтанышы болмақ. Сол бір алғашқы жылдарда Бешім қарт араласып табылған қара май қазір «қара алтын» деген атауға ие болды. Талайдың жұлдызын жарқыратып, халыққа нәпақа, несібе болды. Еліміздің экономикасын қуаттандыратын алып күшке айналды. Осы мұнайдың арқасында Атыраудай өлкеміз «Мұнайлы Астана» атанды. Бешім қарттың баласы Есдәулет болса, оның баласы Наурызғали да басқа бауырлары сияқты ата жолын қуып, ата кәсіпті жалғастырды. «Осы өңірдің мұнайын тапқан біздің әкеміз. Ата кәсібімізді жалғастыру парыз. Сен мұнайшы болуға тиіссің» деген әке өсиеті, кездескен қиыншылықтарға қарамастан алға жетеледі институтын бітіріп, атасы мұнай тапқан Қосшағылға келіп еңбек жолын жалғастырады. Бұл кен орнына Қосшағыл атын беруге себепші болғанда Бешім ақсақал екен. Міне, бұл Наурызғали ағаның мұнайшылық өмірінің нағыз бастау алған кезі десек артық айтқандық бола қоймас. Сол кездегі өндірістегі қиыншылықтар шаш етектен болатын. Солардың ортасында жүріп ол шыңдала берді. Адам аяғы баспаған жапан түзде мұнай көзі ашылып, барлық күш Прорваға қарай бұрылған кезде білікті мамандарды шоғырландырып, өндіріс екпінін өрбітуге жұмыстана бастағаны белгілі. Бұл ішкі мүмкіндіктерді толық пайдалануды қажет етті. Осы орайда 1964 жылы Н. Бешімовті де білікті маман ретінде жаңа кенорнына жібереді. «Прорва мұнайы ашылған тұста мен Қосшағыл мұнай кәсіпшілігінде өндірістік -техникалық бөлім бастығы болып жұмыс жасайтынмын. Басшылардың ұсынысымен мені инженер етіп Прорваға ауыстырды. Өмірімдегі есте қалатын жарқын сәттердің бірі осы Прорвадағы кезең десем артық айтқандық емес. Қаншама азаматтармен жұмыстас болдық. Олардың ерен еңбектерінің өлшемі бола қояр ма екен. Бола қоймас сірә. Не деген қажырлылық, не деген жауапкершілік деп ойға қаламын қазір. Жаңа кен орнының әрбір қол жеткізген табысында Қ. Бижанов, Б. Ізтілеуов, Б. Ақтөриев, Ы. Құлманиязов, М. Есембаева, А. Сәтбаев, Қ. Бекетов, А. Ағысов, Т. Елешов, С. Оразғалиев, М. Есенбаева, Ж. Қалмұратова басқа да көптеген-көптеген мұнайшылардың төккен терлері, талай суыққа тоңып, ыстыққа күйген еңбектері жатыр. Басқарма бастығы білікті маман Сағидолла Нұржанов, бас инженер Құмар Балжанов, бас есепші Мұқан Өтенов, бас геолог болып Орынғазы Есқазиев бекітілді. Олардың атқарған еңбектерін кейінгі ұрпақ оны әсте естен шығарулары мүмкін емес. Ол кездегі талап өте қатал. Қайткенде де сөз келтірмеуіміз керек. Жауапкершілікті терең сезінетін сол тұстағы замандастарыма шынымды айтсам, әлі күнге таң қаламын. Дамылсыз қайнаған қызу еңбекпен қоса ен далада Сарқамыс поселкесінің бой көтергендігінің куәсі болдым. Сол кездегі баға жетпес құнды жұмыстарды басқарған Сәкеңнің қажырлылығының арқасында қыруар жұмыстар атқарылды, тұрғын үй, балабақша, клуб салғыздырды, су мәселесі шешілді. Сағидолла Нұржанов өндірісті өркендетумен қабаттас, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін жатпай-тұрмай еңбек етті. Бұл дегеніміз оңай шаруа емес. Бүкіл Одақ көз тіккен мұнай алаңын қалыпты ұстауға, ондағы адамдарды қамқорлауға, оның үстіне жапан далаға жан бітіріп елді-мекен салуға басшылық жасау үшін қаншама күш-жігер, біліктілік керек. Осыншама салмақты мойнымен көтере білген Сәкең жарықтықтың тағы бір тамаша қыры, қиыншылықты елемей, қалжың-әзілімен жеңе білгендігі. Сәкең жарқылдап отырғанда айналасындағылар әлгі қиыншылық пен кедергілерді елемей де қалатын. Бір күні обком хатшысы М.А.Есенов шақырды. Сірә, жаңа жұмыс ұсынбақшы. Сәкең мен Құмекең (Құмар Балжанов): Егер ұйымдастыру бөліміне шақырса бар, басқа бөлімге барма» - деді. Айтқандай-ақ маған өндірістік бөлімге ұсыныс жасады. Мен бара алмаймын, маған ұйымдастыру бөліміне бар деген деп қара-а-п тұрдым. Содан бұл ұсынысты қабылдамай қара орынға қайтып келдім. Сөйтсе басшыларым мені өз мамандығымнан алшақ кеткенімді қаламаған сыңайлы. Тағы бір есімде қалғаны ұмытпасам 1947 жылы болса керек, «Ембімұнайгаздың» бас директорының орынбасарымын. Бөкең жарықтық бас директор. Көктемнің жаңа туып келе жатқан кезі. Бөкең іс-сапарға кеткен болатын. Бір күні қалалық партия комитетінің хатшысы, бұл күні мемлекет және қоғам қайраткері М.Ғабдісалимова телефон шалды. Жөндеусіз, азыңқырап тұрған Мәдениет үйін (қазіргі Дина Нұрпейісова атындағы Мәдениет сарайы) бірінші мамырға дейін бұзу керектігін қатаң ескертті. Менде ес қалмады, бастық та ауылды жоқ. Содан облыстық пария комитетінің хатшысы Саламат Мұқашевқа бардым, осылай да осылай, маған мәдениет үйін бұз деп жатыр, деп сұңқылдай жөнелдім. Бізге бұл мәдениет ошағы керектігін, қайткенде де бұзбай, күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін айттым. -Онда кіріс-деді обком хатшысы. Содан трест бастықтарын жедел жинап, тапсырмаларды шұғыл беріп, іске кірісіп кеттік. Аз уақытта сырты селикатпен қапталған, жып-жинақы мәдениет үйі дайын болды. Мерекеге жақын облыс басшылары қаланы аралап, бізге келгенде таңданыстарын жасыра алмады. Сол мәдениет үйі кейін әсем сарай болды. Халыққа қалтқысыз еңбек етті. Мұнайшылардікі емес демесең әлі күнге дейін жұмыс жасап тұр. Міне, осындай жадымызда мәңгілік сақталатын аяулы кездер бастан өткен шырағым» - деп еске алады мұнайшы ардагер. Күннен күнге Прорва қанатын кеңге жайды. Бұрын істен шыққан бұрғылар қайта іске қосылып, кен орны республика бойынша ең көп өнім беретін кенішке айналды. Іске жетік өз мамандығын жетік меңгерген Наурызғали Бешімовті аса қиын обьектілерге жіберіп отырды. Қай жерге барса да тығырықтан жол тапқан білікті мұнайшының өрге өрлеген өресі, тәжірибесі, оны биіктерге жетеледі. Құлсары ұңғыларды күрделі жөндеу конторында бас инженер, кейіннен директор, «Құлсарымұнайгаз» басқармасында бас инженер, «Жайықмұнайгаз» басқармасының бастығы, «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігінде бас директордың орынбасары болып лауазымды қызметтер атқарып, абыройлы еңбек етсе, мұнайлы Мақат ауданының бірінші хатшысы қызметін де абыройлы атқарды. «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігінде де директордың орынбасары қызметін атқарып, өзінің қарымдылығын аяқ басқан сайын көрсетіп отырды. Кеудесінде «Құрмет белгісі» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалдарының жарқырауы, Мақат ауданының Құрметті азаматы атануы, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Н. Бешімовтің өз ісінің жемісін туған жер мүддесіне арнаған атпал азамат екендігін айқындап тұрғандай. Наурызғали ағамыздың ұрпақтарының барлығы атадан қалған кәсіпті мұра етті, аталары салған даңғылмен ізбасар, жалғастырушы ретінде баба өсиетін бұлжытпай орындап келеді. Қанға сіңген, бойға біткен тынымсыз, еңбексүйгіштік қасиет Наурызғали ақсақалды жетпістен асып кетсе де үйінде тыныш отырғызбады. Ол қазір Жылой мұнайгаз өндіру басқармасында ардагерлер кеңесін басқарып, толымды еңбек етуде. Құдай қосқан қосағы Қалыш апай екеуі бала-келін, сүйікті немерелерінің ортасында бақытты өмір кешуде. Айтса айтқандай-ақ, Сағидолла Нұржановтың терісі кең кісілік қасиеттерінің бірі -адамдарды мынау бастық, мынау жәй жұмысшы деп категорияға бөлмейтін. Оның алдына адамдар еркін кіретін. Барлықтарының пікірін тыңдап, жағдайларын біліп, қол ұшын беруді басшылық міндет деп қана емес, азаматтық парыз деп есептейтін. Осындай адамгершілік зор қасиетімен құрметке бөленген Сәкең, әріптестерімен бір жеңнен бас, бір жағадан қол шығарып, бар күшті өндірісті өркендетуге жұмылдырды. Прорваны игерудегі тағы бір ауыз толтырып айта кететін нәрсе, бұл кенорнының жұмысына шеттен маман шақырылған жоқ. Барлық жұмысты жергілікті мамандар атқарды. Олардың біліктіліктері, еңбекке деген зор қабілеттері бәзбіреулердің «өздері оқсата алмас, сырттан мамандар тарту керек» деген сенімсіз көзқарастарының күлін көкке ұшырғандай болды. Осыны жақсы түсінген ол жас мамандарды үйретіп-баулуға да аса көңіл бөлді. Білмегендерін ерінбей-жалықпай үйретіп, өз туған топырақтарының байлығын өздері игеріп, ұрпақ қажетіне жаратуды төл міндеттері екендіктерін үнемі саналарына құюмен болды. Бұл тұрғыдағы әңгімені Сәкеңнің шәкірттерінің бірі Доссор мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы, Мақат ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан мұнай-газ өндірісінің өркендеуіне қомақты үлесін қосып жүрген белгілі мұнайшы Қилыбаев Мақсот Байболұлы өрбітті. Бұғанасы бекіп, ат жалын тартар жасқа жеткеннен бері Мақсот Қилыбаев еліне құт-береке сыйлап, халқының алғысына бөленіп жүрген атпал азамат. 1948 жылы Атырау облысы, Комсомол кентінде дүниеге келген. Мұнайлы өлкенің төлі ата-баба салған сара жолмен мұнайшы мамандығын таңдады. Алғашқы еңбек жолын Байшонас шеберханасынан слесарь болып бастаған Мақсот 1972 жылы Қазақ политехникалық институтын бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алды. Мұнайшылық сатылардың барлығынан өтті. Қазақстан көмірсутегі өндірісінің талай жерінде жоғары басшылық қызметтер атқарды. Мақат мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы, Доссор мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы, Жылыой ауданының әкімі, «Анако», «Ақтөбемұнай», «Қарашығанақ газ өнеркәсібі» АҚ-ың, «Ембімұнайгаз» АҚ-ың тете-президенті сияқты аса жауапты лауазымды қызметтерді атқарды. Азаматтың ісі лауазымдық қызметпен өлшенбейді екен. Оның қай ісі болмасын қызметпен емес, атқарған жұмысынан көрініп тұрды. Туған өлкесіндегі кездескен өзекті мәселелердің басында Мақсот жүрді. Кедергілер де, қиындықтар да кездесті, бірақ елін қастерлеп, жерін сүйген ұл ештеңеден тайынбады. Сондықтан да жерлестері оны мақтан етеді, оның есімімен мақтанады. Лашын құстай қанатын кеңге жайып, сол қанатының астынан талай жас маманды ұшырып бауылған М.Қилыбаевтың еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Ердің атын еңбек шығарады» деген, кеудесінде «Құрмет» ордені жарқырады. Мақат ауданының құрметті азаматы, Францияның өнеркәсіпке көмектесетін ассоциациясының Алтын медалінің иегері. Мықты ұйымдастырушы, талапшыл басшы, «бір көрінгенде түрі ызғарлау болғанмен ақ көңіл адал жігіт» деген пікірді талай өз құлағымызбен естігенбіз. «Кісінің кісілігі құлқынан көрінеді» деген Мақсот ағаның Сағидолла ағамызға деген зор құрметін жүзінен-ақ көріп сүйсіндік. Ол былай деп еді: «Сағидолла Нұржанов ағамыз аты аңызға айналған адам. Оған тағдыр ұзақ өмір сүруді пешенесіне жазбапты. Жетпіске жетпей бақилық болды. Адамгершілік асыл қасиетті бойына сіңірген, білікті өндіріс жетекшісі, аудан басшысы болған ардақты азаматтың өмірінің соншалықты қысқа болғанына бір мезет өкінесің де. Ал екінші жағынан, абзал азаматтың көзі тірісінде жасаған кәсіби қам-қарекетін, қоғамда атқарған сан қилы іс-әрекеттерін ой елегінен өткізіп, саралай бастасақ, бұл пікіріміздің жаңсақтығына көз жеткізгендей боламыз. Өйткені Сәкең, менің пайымдауымша саналы ғұмырының әр жылында бірер азаматтың атқаратын ісін бір өзі дөңгелетіп, соңына өшпестей даңғыл жол салған адам.
Белгілі жылойлық ақын Аманқос Ершуов ертеректе жазған бір өлеңінде:
Біреуде қарт та болса шалалық бар,
Біреуде жас та болса даналық бар,-деп тебіренгенді. Сол сөз зергерінің көрегендігін Сәкеңнің өмір жолы дәлелдеп, айшықты өрнегін айқындай түскендей. Сонау Мәскеуден мұнай-газ институтын жаңа бітіріп келген жас маманға ұжым басқару міндеті жүктелді. Бұл шешімнің ата, болмаса туысқан беделінің ықпалымен шықпағаны айдай ақиқат. Сірә бұған себеп, жас жігіттің бойындағы маздап тұрған жалының шарпылы, немесе жоғары оқу орнын бітіріп алған дипломындағы әсем тізілген бағалардың «айбыны». Қалай десек те жиырма жеті жастағы жалынды жігітке Құлсары бұрғылау кеңсесін басқарудың тапсырлуы, оның бойындағы қарымды қасиетінің сыртқа теуіп, көп көзіне түсуінен болса керек. Қазақстан мұнайының алғашқы тамшылары пайда болған Ембі топырағындағы мұнайшылар мақтанышына айналған Қошқар кәсіпшілігінің өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында өркен жайып, қанатын кеңге серпуі Сағидолла Нұржановтың есімімен тығыз байланысты. Мұнай өндірісін автоматтандыру процесін Одақ бойынша тұңғыш рет Сәкең бастаған қошқарлықтар жүзеге асырды. Өндірістегі осы жаңалықты үйрену үшін КСРО мұнайшылары шартараптан шағын болса да ісі зор Қошқар кәсіпшілігіне маңдай тіреген еді. Бұл орда бұзар отыздан жаңа ғана асқан жас жігіттің ақыл ойының кемел, ұйымдастырушылық қабілетінің зор болғанының тағы бір мысалы. Сәкеңнің Прорва мұнайын игерудегі қажыр - қайратым, мақтағанға масаттанбайтын, кемсіткенге мұқалмайтын еңбекқорлығын, жайсаңдығы мен жомарттығын жұмыстас болған азаматтардың барлығы да үлкен көңілмен әңгімелейді. Оның талай тер төгіп, талай ұйқысыз, күлкісіз күндері мен түндеріне себепкер болған осы Прорва кен орнына кейіннен Сағидолла Нұржановтың атының берілуі мұнайшылар арасында соны серпін туғызды. Бұл - қазақ мұнайының өркендеуіне елеулі үлесін қосқан қазақ азаматына көрсетілген өз елінің, өз туған топырағының перзенттерінің құрметі, берген бағасы деп түсінеміз. Дәл осы тұста «Прорвадай кәсіпшілікті дөңгелеткендер аз ба?»-деген пендешілік ойдың туындай жөнелуі әбден мүмкін. Тәулігіне қырық жеті мың тонна мұнай беріп тұрған, Кеңес Одағы кезіндегі алты алыптың бірі Өзен сыр бере бастағанда, дағдарысқа ұшыратпай даңқ тұғырына көтерген Сағидолла Нұржанов бастаған мұнайшы инженерлердің тұңғиықтың тылсымын таныған тапқырлығы мен көздеген мақсатына жету жолындағы табандылығы емес пе? Задында Сәкең соңына көрнекті ұйымдастырушылық қызметімен ғана емес, азаматтық істерімен, адами үлкен қасиеттерімен ел арасында есімі сақталған жан. Ұлы Абайдың:
«Өлді деуге сия ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына із қалдырған»-деген сөздерін Сағидолла ағамыздың атына бағыштаған орынды десек асыра айтқандық бола қоймас. «Сәкең айтыпты» деген, кейбір дана сөздері, әңгімелері күллі мұнайшылардың арасында, бүкіл Батыс Қазақстанға тараған. Солардың ішінен құлағыма тигендерінің бірін айта кетейін. Маңғыстау тарихи мұраға бай өлке. Бір жолы сол өңірге барған сапарында жергілікті жігіттер аймақтың ерекшелігі, мәдени ескерткіштер туралы әңгімелей келіп, бұл аймақтың үш жүз алпыс екі әулиенің мәңгілік мекені екендігін айтса керек. СондаСәкең:
-Олай емес, Маңғыстауда үш жүз алпыс төрт әулие бар,- депті-мыс.
Дағдарған әріптестерінің сұрағына:
-Соңғы екеудің бірі-мен, екіншісі менің әкем,-деп жауап қатса керек.
Пенде болып жаратылған соң адамға тән осалдық әрбіріміздің басымызда кездеседі ғой. Сондай сәттерде Сәкең тапқырлық танытып, жанындағыларды ақкөңіл мінезімен, күлдіргі сөздері мен тәнті етеді екен. Осы аңыз ағаны мен алғаш рет он-онбір жастағы бала кезімде көріп едім. Әкем Байбол Бекбике кәсіпшілігінде мұнай өндіруші шебер болып жұмыс жасайды. Сәкеңдермен сыйласып, екі үйдің біріндей араласып тұрды. Бір еңбек сапарында болса керек, Сәкең бастаған топ Қызылқоғадан келе жатып біздің үйге тоқтады. Дәстүрлі шефтік көмек көрсету жайын пысықтап қайтқанға ұқсайды, көңілдері көтеріңкі.Серіктерімен тынығып жайғасқан соң барлығы ауыл шетіндегі шағылға көтерілді. Әзіл оспағы жарасқан жас жігіттер бір кезде белдесіп күресе бастады. Біз аң-таңбыз. Көкірек түбіндегі таңданыс «үп-үлкен кісілердің балаларша күресе жөнелгендері несі?» -деген сауалдармен шектелген тәрізді. Менің бейкүнә көңілімде үлкен кісі, үлкен бастық болып қалыптасқан абзал ағалар, сол кезде бар болғаны отызға толмаған жап-жас жігіттер екен ғой. Мүмкін менің мұнайшылық мамандықты таңдауыма себепші болған аяулы Сәкеңнің, асыл әкемнің өзім көре қалған, еңбекке деген зор құрмет, ілтипаттары, бойларындағы қажыр-қайраттары ма? Әлде бойым өсіп, бұғанам қатқаннан бергі естіп-білгенім мұнай болғасын ба, әйтеуір осы кәсіпті меңгердім. Шүкір абыройсыз емеспін. Ең бастысы әкелер, ағалар салған сара жолды шаң бастырмай кейінгі ұрпаққа мирас ету парыз. Бұл тек менің ғана емес, барша мұнайшы аға буын өкілдерінің парызы. Өйткені осы бір еш жерде жазылмаған қағида бізге үлкендерімізден қалған мұра. Жалындап жүріп, өмірден жарқырап өткен Сәкең аға бүгінде менің жүрегімнің түпкірінде аңыз аға, нағыз адам ретінде орын алған». Ия, «шәкіртсіз ұстаз-тұл» дейді халық даналығы. Артыңда ісіңді жалғастырар ұрпағың, туғанға бергісіз ізбасарларың болса бұл да бір бақыт. Сағидолла ағамыздың зор ұйымдастырушылық қабілетін, кез келгеннің бойынан табыла бермейтін адамшылығын тілге тиек еткен жандардың бірі - Жылой мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы, белгілі мұнайшы Айболат Ғизатұлы Fабдуллин. Жиырма екі жасында сол кездегі В .И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін аяқтап, тау-кен инженері мамандығын меңгерген Айболат Ғабдуллин жоғары оқу орнын бітіріп, қолына мұнайшы деген құжатын алғаннан кейін Құлсары мұнай-газ басқармасына берілген жолдамамен туған елге оралады. «Бойдағы жастық жігер мен қоса қобалжу да бар. Оның үстіне біздің әулеттен мұнайшы мамандығын алып келген жалғыз менмін. Сондықтан бұл саланың қыр-сырын жетік білмеймін. Үлкен ағам екеуміз «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігіне келдік. Рысқали Қалмұханов деген ағайынымыз бар болатын. Сол кісінің жолыға кеткені.
-Мұнайшы боламын десең Прорваға бар - деді ағайым. -Мақұл, - дедім мен де, сөйтіп 1978 жылдың 5 қазаны күні алғаш рет жұмысқа кірістім -деп еске алады ол. Өзі айтқандай, Прорва табалдырығынан жасқана аттаған Айболат Ғабдуллин жиырма үш жыл табан тіреп осы жерде қызмет етіпті. Бұл дегеніміз тұнып тұрған тарих емес пе? Айекең бұл жылдар ішінде талай мұнайшылармен жұмыстас болып, өміріне өшпестей із қалдырған сол әріптес ағаларын үлкен сыйластықпен, асқан жылылықпен еске алады. «Прорва менің тағдырым, өмірімнің ең жақсы сәттері осы жерде өтті. Прорва дегенде елең етіп, бір бүйрегімнің бұрып тұратыны содан шығар. Жас маман болып жуаси келген жігіттердің бірі едім, Прорва мені қолы күстенген, қырағы көзді, жалын жүректі кәнігі мұнайшы қылды. Тағдырыма ризамын. Қ. Балжанов, А. Назаров, P. Құлмұханов, М.Нұрғалиев, А.Рзиев, С.Өтешов, М.Аққайыров, И.Сұлташов, Р.Сарғұнанов, Қ.Лұқпанов, Т.Нұрбауов, Б.Шілденов, К.Омаров сынды өзіме ұстаз болған ағаларыммен тағдырлас болып, олардан үлгі алу мүмкіндігіне ие болғандығым үшін ризамын. Олардан үйренгендерім менің өміріме үлкен сабақ болды. Енді өзім де кейінгі жастарға ақыл айтып, өмірге жөн сілтейтіндей жасқа келдім. Ембі мұнайын игеруге бар күш-жігер, білімдерін салып жүрген өзіммен әріптес болған кейінгі орта буын мұнайшылар есімдері де атап өтуге әбден лайық. Олардың арасынан С.Дүзбаев, М.Ізбасов, А.Нұрбауов, Д.Төреғалиев, Е.Аймағамбетов, С.Сүлейменов, Т.Қанатбаев сынды басқа да жігіттерді қалай құрметтесек те артық болмайды. Жүрегіңнің түбіне орын алған, көңіліңе ұнаған адамды алдыңа үлгі қылып қою, оған піріңдей табыну буыны бекіп, болашаққа жаңа ғана қанат жайып келе жатқан балғын жастардың бойында бар қасиет. Айекең де «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтқандай, өзін Сәкеңе ұқсатуға тырысқан шәкірттерінің бірі саналады. Ол кісінің мектебінен өткендер, тәлім-тәрбиесін көргендер өздерін мақтан етеді. Бұл күнде А.Ғабдуллин әбден ысылған, білімі толыққан, өмірлік іс-тәжірибе жинақтаған толыққанды мұнайшы, білікті басшы. Талапшыл, іскер жігіттерді танып, өз маңына топтастырып, кейінгі жас мұнайшылардан ағалық ақылын әсте аямаған ол көп құрметіне бөленіп келеді. Кәрі Ембі аталатын Ембі мұнайының игеріліп, Отан қазынасына түскенге дейінгі аралықтағы Айекеңнің еңбегі мен салған кәсіби жолдары сайрап-ақ жатыр десек артық айтқандық бола қоймас. «Өмірден өтіп кетсе де артына өшпестей із қалдырған Сағидолла Нұржановтың есімі өшпек емес. Өйткені еңбек-қорлықтың, адамшылықтың символындай еді ол кісі» - деп тебіренген А.Ғабдуллин, бізге облыстық «Атырау» газетінде жарық көрген «Сәкеңнің әдісі әлі сақталуда» деген мақаласын ұсынды. Мақала мәтінін толық бергенді жөн санадық. «Прорва мұнай-газ өндіру басқармасының бастауы мен бүгінгісі Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұнайшы Сағидолла Нұржанов ағамыздың есімімен тығыз байланысты. Прорвада үлкен көлемде мұнай және газ қоры бар екендігі дәлелденді. Мұнда ұңғылардың бұрқағы басқа кен орындарында бұрын кездеспеген тұңғиық шыңыраудан шығатын. Құрамында буырқанған қосалқы газы, қатты қысымы бар мұнай қоры бұрынғы әдістермен жұмыс жасауға болмайтынын көрсетті. Демек, осы өндіріске Сағидолла ағамызды басшылыққа жіберу жәйдан-жәй емес-тұғын. Мәскеу институтынан алған терең білімін, Ембінің іргелі кәсіпшіліктерінен алған бай тәжірибесін осы Прорвада ағамыз ұйымдастырушылық шеберлігімен көрсете білді. Ол айналасына тәжірибелі,білікті мамандарды жинады. Олар – бүгінгі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары: Қ.Балжанов, О.Есқазиев, Қазақстан Рсепубликасының еңбегі сіңген мұнайшысы А.Рзиев, танымал мұнайшылар: Ә.Атшыбаев, Б.Қалиев, Т.Нұрбауов, М.Аққайыров, т.б. осы Прорваның ыстығы мен суығына «қайнап шыққандар». Сағидолла ағамыз қиялға бай, өрелі ойға жетік жан болатын. Басқармада кезегі келіп үй алып жатқандардан аулаға жан басына бір түп шыбық отырғызуға уәде алатын. Әйтпесе, үй кезегі кейінге шегеріледі деп талап қойды. Нүкіс қаласынан отырғызуға жас шыбықтар алдыртты. Қазір Сарқамыстың жасыл желекке бөленіп тұрғаны, міне, осы «тапқыр айланың» арқасы. Фонтандық әдіспен жұмыс жасайтын ұңғылардың өзіндік технологиялық режимі бар. Соған байланысты «штуцері» қойылатын. Артық жоспарды ойлап «штуцерді» кеңітуге әрекеттенген адамға тәртіп қатал болды. Сәкең қолданған осы тәртіп Прорва мұнайшыларында әлі сақталған.Мұндағы ұңғылардың бүгінге дейін фонтандық әдіспен жұмыс істеп тұруы, тереңдегі қабат қысымының шұғыл түспеуі де осы тәртіптің сақталуынан. Сәкең зейнеткерлікке шыққасын да Сарқамысқа жиі келіп тұрды. Алдымен жұмыстас болған ағаларына сәлем беріп шығушы еді. Бұл күні Прорва мұнай-газ өндіру басқармасы - «ҚазақойлЕмбі» ААҚ-ның ірі өндірістерінің бірі. Ағамыздың - жылдық мерейтойы құтты болсын дей отырып, есімі өзі тер төккен өндіріске берілуіне ізгі тілектеспіз».
Мұрағатта қалған тарихи құжаттар осылайша сыр шертеді. «Өзекті жанға бір өмір» - дейді халқымыз. Шынында да осы шығарманы жазу үстінде көп толғандым. Оның себебі, Сағидолладай ағамыздың талай тақырыпқа арқау болар еңбегі мен кісілік қасиеттері туралы естеліктердің әсерінен деп ойлаймын. Бұған қоса, абзал ағаның әңгімелерін өз аузынан естудің бұйырмағандығына деген өкініш те бар. Болған іске болаттай берік болу жазылмаған қағида. Сондықтан әңгіме арнасын Сағидолла ағамыздың өзін көрген замандастарына сан мәрте бағыттауға мәжбүр болдық. «Сәкеңді менен гөрі көбірек білетін адам бола қоймас. Отыз бес жыл өміріміз бірге өтті. Біз жұмыстас та, жолдас та, көршілес те болдық» деген тұжырымынан соң ба, әйтеуір Сәкеңмен тағдырлас, сапарлас болған адамдардың арасынан Орынғазы ағамызға қарай әңгіме желісі жиірек бұрылды. «Уақыт бір бағытта, тек алға ғана айналатындығымен құнды көрінеді маған. Күні кешегідей көз алдымда. Сағидоллаға тапсырылған жұмыс, жігіттің жігітінің ғана қолынан келетін іс. Бір қадам ілгері бассаң да, бір қадам кейін бассаң да шешімін күткен мәселелер. Кейде Прорвадағы жұмысы көз алдыма келеді. Дәл бүгінгідей сайрап-ақ тұр. «Шешінген судан тайынбайды» дегендей, Сәкең сол баяғы сабырлы, салиқалы тұрпатымен, қол бастаған қолбасшыдай бізді соңынан ерте жөнеліп еді-ау. Бірде Сәкең, бас инженер Құмар Балжанов үшеумізді Ембі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашев қабылдады. Бұл күндері ортамызда жоқ Саламат марқұм көп сөйлеп сөздің мәнін кетірмейтін, өте сыпайы адам, бір көргеннен дөп танып, бағасын бере білетін қырағы басшы еді ғой. Аталмыш кенорнының маңыздылығын, бізге жүктелген міндеттің жауаптылығын қысқаша түсіндірді де, жас мамансыңдар, ел ертеңі үшін аянбай еңбек етудің біз үшін үлкен сын екендігін баса айтты, сенім білдірді. Сенім дегеннің өзі аса салмақты нәрсе ғой, бірінші хатшының алдынан қанаттанып, қайраттанып шықтық. Сәкең алдымен мұнай өндіру бөлімшесін құруды қолға алды. Бөлімшенің алғашқы бастығы Бағыт Қалиев, кейіннен Наурызғали Бешімов, Орынбасар Өмірзақов, участок мастері Мұхамбет Аққайыров, аға геолог Беркін Ізтілеуов болды. Алғашқы операторлар Сәнтай Ідіров, Хамит Қапаров, Бейсенәлі Ақториев, Әйтіш Тастанбеков, алғашқы зерттеу операторлары Әмір Есқазиев, Жолдасқали Бекжанов, ұңғыларды зерттеу шеберлері Сатыбалды Әділов, Қожас Лұқпанов, Мақсот Есеновтер болды. Бұлардың барлығы алғашқы қарлығаштар. Есімдері тарихта қалып, ұрпақ мақтанышына айналатын асылдар. Міне, осындай «сен тұр мен атайын» дейтіндей мықты мұнайшылар санының көш басшысы Сәкең еді-ау». Орынғазы аға келесі бір толғанысты сәтінде осылай деді. Әдетте білікті басшы басқарған ұжымның қол жеткізген жетістіктері де қомақты болды. Прорвалықтар белгіленген жоспарды асыра орындап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Нәтижесінде бірнеше дүркін Бүкілодақтық жарыстарда жеңімпаз атанды. КСРО Мұнай Министрлігінің ауыспалы Қызыл Туы да бірнеше рет прорвалықтардың еншісінде болды. Сағидолла Нұржановты толғандыратын тағы бір жағдай - өндірісті жүгендеудің тиімді әдістерін, мамандарға жұмыс ырғағын үдетудің қолайлы жақтарын ойластыру еді. Бұл-мамандардың кәсіби шеберлігін арттырудың бірден-бір жолы деп есептейтін. Солай болды да. Прорвада бірінші рет мұнайды фонтан әдісімен беру іске асты. Бұл әдіс күні бүгінге дейін қолданылып келе жатыр. Алғашқы рет ұңғымаларды цементпен бекітуді өндіріске енгізген де прорвалықтар болды. Осылардың барлығына мұрындық болған Сағидолла Нұржанов еді. «Жақсының аты өшпейді» деген рас екен. Ортаны ойсыратып бақилыққа кетсе де Сәкеңнің кісілік қасиеттерін, жығылғанды демеген, сүрінгенге сүйеу болған адамгершілігін осы күнге дейін жыр ғып айтады, сыр ғып шертеді.
* * * Нұрлыбек Қалманұлы Ақанов пен Марфуға Бекназаровалардың шаңырағына бас сұққаннан осы бір ақ жарқын, ақ жарма тілекті адамдармен әңгімеміз бірден жараса кетті. -Сағидолла Нұржанов ағамыздың тікелей қарауында жұмыс жасаған мына апаң. Сондықтан алғашқы сөзді апаңа берейік - деді Нұрлыбек аға күлімсіреп. Марфуға апа толғанысқа толы әңгімесін бастады. «Ия, Сағидолла Нұржанов ағамызбен жұмыстас болдым. Менің де руым Адай болғасын, үнемі «қарындасым» деп жанына жақын тартып жүретін. Қазақтың ежелгі дағдысында қарындасты қатты сыйлаған ғой. Сәкең де маған өте жақын, ағаға тән қамқорлықпен қарайтын. Үлкен жүректі, абзал жан еді ғой. Жарайды басынан бастайын. Мен 1963 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы политехникалық институттың геофизика факультетіне оқуға түстім. Қуанышымда шек жоқ. Әсем қала Алматыда, еліміздің астанасында оқу арманыма қанат бітіргендей шаттана қуанамын. Бірақ ауылдағы анам бұл таңдаған мамандығыма қарсы болды. «Бұл ер адамның кәсібі, қыз балаға қолайсыз мамандық» деп менің таңдауымды аса мақұлдай қоймады. Сөйтіп жүргенде елде экономист мамандығын көбейту жөнінде арнайы үкіметтік жарлық шықты. Бұл 1965-1966 жылдар болатын. Осы бастама жетегінде біздің институттан Экономика және ұйымдастыру факультеті ашылды. Осы бөлімге ауысқан бірнеше студенттің қатарында мен де қажетті қосымша пәндерден сынақтарды ойдағыдай тапсырып, осы факультетке ауыстым. Бір қиыншылығы жаңа бөлімде стипендия төленбейтін болды. Бұл өте жағдайсыздық туғызды. Тығырықтан жол табудың бір-ақ жолы белгілі бір кәсіпорыннан жолдама алу болды. Бала үшін ана қандай кедергілерден өтуге де дайын ғой. Қайран ана жүрегі десеңізші. Жанын шүберекке түйіп анам, сол кездегі Прорва кенішіндегі Мұнай өндірісі басқармасының бастығы Сағидолла Нұржановқа барады. Мән-жайды айтып, көмек қолын созуды өтінеді. Баласының болашағы үшін байыз таппай жүрген ананың тілегін қабыл алған басшы, мұнай саласына келешекте экономистер керек екеніне көңіл бөліп, оның үстіне жергілікті мамандардың ауадай қажет екендігін қолдап, маған жолдама береді. Бұл мен үшін алдымнан жарқырай атқан ақ таңдай әсер етті. Балаң көңіліме қанат біткендей бар мүмкіндігімді білім алуға жұмсадым. Сол кезде Сәкең марқұм не менің анамды, не мені танымайтын, тіпті өмірінде көрмеген, кездеспеген жандар едік. Бірақ үлкен жүректі атпал азамат жақсылық жасады, кеңпейілділік көрсетті, болашағыма айқара жол ашты. Анамның ақ тілегін елеусіз қалдырмады. Басында ақ жаулығы желбіреп баласы үшін жүгіріп жүрген ана жүрегінің дүрсілін жанымен сезінгендей азаматтық қолын созды. Ол кісінің менің аяулы анамның бетін қайырып, тауын шақпағандығы үшін сан марте ризашылығымды айтамын. Анам жарықтық та Сәкеңе деген құрметін үнемі білдіріп отыратын. «Танымасын сыйламас» деп қазір кейбіреулердің тек тамыр-таныстарымен ғана сөйлесіп, жүзі таныс еместерге үрке қарайтындықтары күнделікті өмірде кездесіп жататыны ащы шындық. Өзгеге дегенде өзегін жұлып беруге дайын Сағидолла ағамыздай марқасқа азаматтар өкінішке орай аз-ау өзі. Сонымен оқуымды аяқтап, туған елге келіп, өзіме жолдама берген Прорвада алғашқы еңбек жолымды бастадым. Өмірімнің тағы бір белесі парағын айқара ашқандай. Кешегі думанды студенттік өмір артта қалды. Енді алған біліміміді елім үшін жұмсайтын кез келді. Осындай патриоттың ой жетегінде қалаған мамандығым бойынша еңбек ете бастадым. Күннен-күнге ысылып, кәсібіме төселе бердім. Уақыт жүйрік қой. 4-5 жыл зу етіп өте шықты. Бір күні басқарма бастығы ауысып орнына Сағидолла Нұржанов келді. «Тау таумен кездеспейді, адам адаммен кездеседі» деген осы. Мен ол кезде жоспарлау бөлімінің бастығы болатынмын. Сәкеңнің басшы болып келуі маған бұрынғыдан да ауыр міндеттер жүктегендей болды. Өз-өзімнен жүрегім қобалжып, беймаза күйге түстім. Оның себебі кезінде сенім артып жолдама беріп, үлкен өмірге деген алғашқы қадамымды сәтті басуыма себепші болған адамның алдындағы жауапкершілік жүгін сезінгендігім еді. Сөз тізбегінде ағамен қызметтес болған кездердегі азаматтық қасиеттері есіме түсіп отыр. 70 жылдардың басында аймақтық бөлуге байланысты, Сарқамыс біраз уақыт Бейнеу ауданына қарады. Прорва мұнай газ өндіру басқармасы осы Сарқамыста орналасты ғой. Ұмытпасам 1974-75 жылдары болуы керек, есеп беру үшін Бейнеуге іс сапарға бардық. Шаруамызды реттеп, көңілімізді бірлеп ауылға қарай шықтық. Кішкене жүргеннен кейін жаңбыр жауа бастады. Ол кезде асфальт жол жоқ, даланың жолы. Оның үстіне ашық машинаның үстіндегі адамдар да жаурай бастады. Бір елді мекенге жетсек-ау деп келеміз. Бір кезде бір шопанның үйіне кез келдік. Жазғұтырым уақыт қой үй иесі мал қамымен далаға шығып кетті де, әйелі дастархан қамына кірісті. Қазанға қуырдақ түскеннен кейін көңіліміз көтеріле бастады. Ағаның атын білгеннен кейін бәрімізге жылы қабақ танытып, барынша сыйлады. Әңгімелеріне құлақ түрсем Сәкең сол кезде бар болғаны елуге де толмаған екен. Үй иесінің әйеліне «қарындас», «қарындасым» деп қояды. Сонда мен:
Аға, ол кісі сізден үлкен ғой демесім бар ма. Ағам болса:
- Тек үндеме, қарындас десем шәй тез келеді-деді күліп. Бұл да болса Сәкеңнің тапқырлық, үлкенді де, кішіні де сыйлай білетін қасиеті деп ойлаймын. Үй иелеріне сый-сыяпатымызды жасадық. Қарын тойды. Жігіттердің ілгері жүруге құлқылары болмай қалған сияқты. Араларында екі әйелміз. Менің үйде кішкентай балам бар. Күннің ашылатын түрі жоқ, бір жерге отыра алмай тынымсыздана бастадым. «Жүрсек қайтеді»-деп ағамызға құлаққағыс етсем, аса мән бере қоймады. Сосын сыртқа қарап тұрдым да:
-Аға менің үйде кішкене балам бар, іс сапарға сізді сыйлап ештеңе айтпастан шыға салып едім. Ендігі шешуін өзіңіз айтыңыз - дедім.
Ағай орнынан атып тұрып:
- Ойпырым-ай бала болса жүру керек. Әлгі Тарзан көпірден қалай өтер екенбіз-деді.
- Егер жаңбыр жауып кетсе, Нұрлыбек трубавозбен күтем деп еді - дедім мен. Ағамыз орнынан сыпырыла көтерілді. Келісім бойынша Нұрлыбек келіп тұр екен, дін аман үйді - үйімізге жеттік. Ел ішінде әңгіме жата ма, ертеңіне-ақ Сәкеңнің анаға, балаға деген шексіз құрметін әйгілеген осы бір шағын оқиға халық арасына тарап та үлгерді. Ал мен осы күнге дейін сол кісінің көңілінің ақтығына, жанының қарапайымдылығына қайран қаламын.
Сағидолла Нұржанов ағамыз осындай қадір-қасиетке өте бай адам еді. Тұңғыштары Шарбат тұрмысқа шығып жатқанда қызына берген ақ батасы әлі күнге дейін құлағымда күмбірлеп тұрғандай.
- Айналайын қызым, артық та болма, кем де болма тура апаңдай бол. Сонда сен барған жеріңнің бағы боласың - деп еді асыл аға. Бұл ол кісінің баласына үлгі етіп тұрған жарына деген ақ сезімі, аяулы махаббаты дер едім.
Жан-жары Бибила нағыз құдайдың бергенін білген кісі. Ақылына көркі сай, кеңпейіл еді. Ұжымда көбіміз жас келіншектерміз. Ол кезде тамақтың түрі қазіргідей дүкендерде сіресіп тұрмайды, қолдан пісіреміз Ал Бибила апа өте шебер адам. Тамақтың түр - түрін пісіреді. Бізге үйретіп, түсінбеген жерімізді қағазға жазып беріп жүретін. Ол тек от басында ғана емес, ұжымдастарының ортасында да аналық, жеңгелік қасиеттерімен сыйластыққа бөленді. Бастықтың әйелімін деп бәлсінбейтін, дүкен, қоймалардың арғы жағына көз сүзбейтін қанағатшыл адам еді. Өмірден шалыс басып, жөн таба алмай жүрген жас қыз-келіншектер де Бибила апаны төңіректейтін. Бибила апаның ақыл кеңесінің арқасында талай бүлінуге жақын тағдырлар қайта бой түзеп, талай жақсылықтар болды. Марфуға апай сыр сандығының түбінде жатқан сағынышқа толы жан сырын осылайша ақтарды. Толғана отырып әңгімеледі. Жақсы адамдармен тағдырлас болу, олардың елден ерекше қасиеттерін тақырып аясына айналдыру оңай емес. Ойын өрнекті қорытатын, тілі жатық, мәнерлеп әдемі сөйлейтін, жоғары мәдениеттің үлгісі бет-бейнесінен көрініп тұрған Марфуға апа, «мен болдым» дегендей жолдасына наздана қарады. Бағанадан әңгіме желісіне құлақ түріп отырған Нұрлыбек аға, ой тереңіне сүңгіп кеткендей үнсіздеу отырды да сөзін бастады. «Сәкеңмен жақсы жолдас болдық. Бір туған бауырлас болмасақ та бір кісідей сыйластық. «Күйеу бала» деп үнемі құрметтеп отыратын. Ақ жарқын, әзілқой адам еді. Бұқпантайлап, біреуге жағынуды білмейтін. Біреулер екі сөз айтса, біреуін жасырып, әлдеқандай болып кетеді деп, артына қалдырып, өздерінше қулық жасап жатады ғой. Сәкең жарықтықта қулық, сұмдық дегендер мүлдем жоқ еді. Мен ұзақ жылдар «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалында, ол кездері бірлестік, кейіннен акционерлік қоғам болды, Байланыс кеңсесін басқардым. Қаратон, Сарқамыста еңбек еткен кездерімде Сәкеңмен қоян қолтық таныстығым басталды. Айта қалсын дегендей өмірінің қызықты тұстарына куә болдым. Атақты Теңіз кен орнын ашуға қатысқан Саратовтық геофизиктер партиясы, бастығы В.А.Шелехов, С.Д.Бондарев басқарған гравометрлік партия жігіттерімен қызмет бабында жақсы араласып, үнемі байланыста болдық. Жалпы біздің өлке жеміс-жидек, көкөніс дегенге бұрыннан зәру. Соның ішінде Сарқамыста мұндай дәруменді тағамдар қайдан болсын. Бір күні әлгі жігіттер ұшақпен арнайы Шаржау қаласына барып, жемістің не бір түрлерін әкеліп, Сағидолла Нұржановқа қонақасы бермекші болыпты. Аэропортқа шығар жерде керемет көк майсалы ойпат болатын. Жолдастары әзілдеп «Нұржанов ойпаты» деп атайтын. Сол жерге дастархан жасалып, үсті әкелген тағамдарға лық толды. Бәріміз отыра қалып мақтап, әр түрінен ауыз етіп, ризашылығымызды білдіріп жатырмыз. Байқаймын Сәкең көп ұмтыла қоймады. Дастархан шетінде бір-екі ет консервісі тұрғанын көзім шалған. Сәкең: -Ананың біреуін алып беріп жіберші - деді де, әлгі қалбырды пышақпен ашып үнсіз жей бастады. «Все витамины в мясе» деп қояды күліп. Сөйтсе, Сәкең көкөніс жемейді екен. Сыйластық ішіп-жегенде емес, ниетте десіп, жігіттерге алғыс сезімін білдіріп жатты ол. Адам да, оның жаратылыс-табиғаты да сан алуан келеді ғой. Біреулері ақ көңіл, аузын ашса көмекейі көрінетін ашық, екіншілері көп сөйлей қоймайтын тұйық дегендей. Сәкең марқұм өте ақжарқын еді. Отырған жерінде айналасындағылардың барлығын әңгімеге тартып, күлдіріп отыратын. Сол себепті ме, «керек болса ішімдегіні біліп ал» дейтін томаға тұйықтарды да ортаға араластыруға тырысып отыратын. Ел іші той, оның үстіне қазақы қонақжайлығымыз да бар, бірде Бораш деген кісі үйіне қонаққа шақырды. Ауыл адамдары амандық-саулық сұрасып, арқа-жарқа болып жатырмыз. Тек үй иесі әйелдің ғана қабағы қатулы. Бір жылылық білінбейді. Шай құя бастаған әлгі замандасымыздың жүзі бір жадырар емес. Қонақтар ыңғайсыздана бастағандай. Сәкең шыдамады білем, басын сәл көтеріп алды да:
- «Шырағым, осы сенің әкең күнде өле ме, қабағыңды ашып отырсайшы, ішкен-жегеніміз бойымызға сіңсін» - деп айта салды. Ол кісінің жағымсыз нәрселерге, көңілі толмаған тұстарда бет-жүзің бар демей айта салатын қасиеттері де бар еді. Бұл мінезі көбіне біреулерге сабақ болып, жаман әдеттен аулақтанып, қалыпқа түскендер де кездесті» - деп Нұрлыбек аға өткен өмір белестеріне осылайша шолу жасады.
Нұрлыбек Ақанов 1944 жылы дүниеге келген. Қызылорданың жігіті. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейінгі табан тіреген жері қазыналы Атырау. Мұнайлы мекеннің өсіп-өркендеуіне бір кісідей еңбек сіңірген азамат. Құдай қосқан қосағы Марфуға 1945 жылы туған, Мақаттың қызы. Алматыдағы студенттік өмірлерінің соңғы жылдарында бас қосқан өрімдей екі жас, бүл күнде салиқалы ел ағасы мен сабырлы ел анасына айналған. Тұңғыштары Жанар, от басымен Алматы қаласында тұрады, медицина ғылымының кандидаты, ұлдары Асқар мен Әліби жеке кәсіпкер. Төрт немеренің бақытын тілеп отырған ардақты ата мен әже.
- Аға қай рудансыз - деп қалдым.
- Руым-Сунақ.
- Бұл ұлы жүз бе, әлде орта жүз бе?
- Жоқ, біз жүзге кірмейміз.
- Е, қожалардан тараған екенсіздер ғой
- Жоқ, қожаға да қатысымыз жоқ.
- Сонда қалай?
- Жарайды, егер сізге қызық болса қысқаша тоқтала кетейін. Сунақтар - қазақтар. Жүзге жатпайды. Өз алдына ру не тайпа ретінде белгі таңбасы жоқ. Ұраны - Қожа Ахмет Иассауи. Түпкі тарихи шығу тегі Қазақстан территориясындағы Сунаққорған аймағына көне ғасырларда келген араб миссионерлерінен. Олар Сауд Аравиясының Мекке және Мадина қалаларынан, Күрейіштер тайпасының тайм руынан шыққан Әбу-Бәкір халифтің тікелей ұрпақтары. Әбу Бәкір бірінші халиф. Ас-Сыдық /аса әділ/ деген атаққа ие болған. Міне, мен осы бабалардан қалған тұяқпын. Сунақтар жайында қазақтың белгілі ақыны, Фариза Оңғарсынова мынандай өлең жолдарын жазыпты:
«Сунақтың жері - жұмақ, дала баты
Перзенті періштедей дара бәрі
Жаны мен тәні таза мұндай ұрпақ
Тек қана құштарлықтан жаралады.
Сейіліп көңілдегі көп күдігім
Менің де шаттанатын жетті күнім
Осында көргендеймін даламыздың
Ертегі сұлулығын, тектілігін!».
Қарға тамырлы қазақтың қай ұрпағына тоқталсаңыз да өмірлері, жүріп өткен жолдары шежіре, тұнып тұрған тарих. Алты алаштың балаларының осындай тектілігіне марқайасың. «Тегін білмеген жетесіз» деген дана сөздің шығуы да осыдан болар. Нұрлыбек ағаның өз ата-бабаларының шығу тарихын, олардың ерліктерін, еңбектерін, жер бетіндегі олардан қалған ескерткіш белгілер жөнінде, тіпті қай жылдары нелер салынып, қайда барғандары туралы мүдіріссіз айтқан әңгімелеріне таң қалдым. Әдетте, инженер-техниктер тілге шорқақ, олар тек техника тілін меңгерген деп жатамыз ғой, ал Нұрлыбек ағамыз құдды тарихшыдай. Ой-тұжырымы мағыналы, әрбір сөзі мәнді. Ойдан ой туады деген, осы тұста жалпы ұлттық маңызы бар, туған тіліміз туралы да кейбір жәйттар тілге тиек болды. Қазақ - ежелден сөзге бай, қазынаға бай, мәдениет пен дәстүрге бай, Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан кең байтақ даласы сияқты көңілге де бай халық. Аттың жалында, түйенің қомында жүріп елін, ұрпағын қорғаған біздің бабаларымыз, осы байлықты ұрпақтан-ұрпаққа мирас етті, аманаттады. Ең бастысы ділін, тілін, мәдениетін сақтау, бойында ар-намысы бар исі қазақтың бойындағы ұлттық намысты қамшылауға тиісті. «Сен мейлі ағылшынша сөйле, мейлің арабша, тіпті қытайша сөйле, қалай сөйлесең солай сөйле, сені жеме-жемге келгенде бұл қытай-біздің тілде жақсы сөйлейді, болмаса, ол -араб демейді, ол-қазақ дейді. Демек, сен өз ана тіліңді білсең де білмесең де қазақсың. Өзге ұлт, тілімізді біледі екен деп сені өз қатарына еш уақытта қабылдамайды» - деген жолдарды ертеректе газет қиындысынан оқығаным бар-ды. Қай басылым екендігі де есімде жоқ. Бірақ осы тұжырым, саналы ұрпақтың қайсысын болса да ойландырып, өз елінде, өз туған топырағында шеттеп жүрген туған тіліміздің бүгінгі күнгі мұң-мұқтажын түсіндірер деп үміттенемін. Ата тегін, туған халқын, ұрпақтарын, қала берді еңселі елін мақтан еткен атпал азамат, құрметті Нұрлыбек Ақановқа салиқалы ой бөлісіп, сындарлы пікір алмасқандығы үшін шексіз алғысымды айтамын. С.Нұржановтың көп пенденің маңдайына жаза бермейтін сөз тапқыр, әзілқой, аса мейірімділігі бастаған ісін аятына жеткізбей жаны байыз таппайтын табандылығымен астасып, оның биік тұлғасын ерекше биіктететін. Үлкенмен де, кішімен де ортақ көзқараста болып, ауыл арасын, өндірісті де көліксіз жаяу аралайтын. Қашанда мансаптан гөрі кісілікті жоғары қойған Сәкең қарапайымдылықтың тек ұлыларға ғана жарасатындығын білді ме екен, әлде? Халық аузында Сәкең туралы мынандай әңгіме бар: Сәкең дып-дырдай Шетендеу басқармасының бастығы қызметіндегі кезі. Аудандық дәрежедегі бір жиналысқа сәл кешігіп келеді. Трибунадағы орнына шақырып,
- Сәке, бері өтіңіз дейді ғой баяғы. Сонда ағамыз:
- Отыра беріңіздер, өзімізбіз ғой деп, залдағы орындықтардың біріне тізе бүге беріпті.
Дәл осы тұста «Ұлық болсаң кішік бол» деген халқымыздың даналық сөзі ойға оралады. «Қарапайымдылық тек ұлыларға ғана жарасқан» деген де сөз бар. Соған қарағанда біздің Сәкең де ұлылар көшінің бел ортасынан ойып тұрып орын алған сыңайлы. Даналық сөз дегеннен шығады-ау, Сағидолла ағамыздың сөз құдіретіне бас иген, керек жерінде Абай атамыз айтқандай «айналасын жұп-жұмыр» қылып түйіндей қоятын ой шеберлігін көргенде таң қалсын. Өйткені әдетте өндіріс адамы сөзге сараңдау келеді ғой. Ай мен Күннің айқайламай шығатындығы тәрізді, «мен пәленшемін» деп жар салмай өзіндік болмысымен өмірден өз орнын тапқан жақсы ағаның бұл да бір тума қасиеті. Сөз құдіретінің қаншалықты ұлы да ұтымды екендігін паш ететін бабалар ұлағатына құлақ түре кетейік. «Бірде кіші жүз биі Әйтеке құн даулап ұлы жүзге келеді. «Ескіріңкіреп кеткен дау екен, жолымыз болмас-ау» - деген оймен келсе де, барлықтарының сенгені өткір тілді Әйтеке би. Төле би қарсы алып:
- Биеке жол болсын, - дейді.
- Айтқаныңыз келсін Би, жол болмақ Сізден болсын.
- Тірімен танысқалы, өлімге болысқалы келдік - дейді Әйтеке би.
- Бұйрығыңызға құлдық, қылышыңыз болса - мойнымызға, құшағыңыз болса – қойнымызға - деп Төле би орнынан тұрады.
- Биеке мойын бұрмас па екенсіз?
- Жарлық Сізден болғанмен, жабдық бізден. Төле би шығып кеткен соң Әйтеке би жолдастарына:
- Сендер не ұқтыңдар? Ердің құны екі ауыз сөз деген осы. Төле би отаулы қыз беретін болды депті.
- Оны қайдан білдіңіз? - депті жолдастары.
- «Қылышың болса мойныма» дегені айыбын мойындағаны, «құшағы қойныма» дегені отаулы қыз берем дегені. Мен тұспалдап айнып қалмайсыз ба деп едім, «Сіз келіссеңіз біз қамына кірісейік» деп шығып кетті, - депті.
Айтқандай-ақ, Төле би құн даулай келген қонақтарын отаулап, жасаулы қыз беріп, құдалы-құдандалы болып разы қылып қайтарыпты». Бұл жерде айтайын дегеніміз, тілмен түйгенді тіспен шеше алмайтын сөз құдіретінің қаншалықты салмақты маңызы бар екендігі еді. Қандай істің болмасын қызығы да, қиыншылығы да қабаттас жүрері заңдылық. Әсіресе, іргесі жаңа қаланып жатқан алмағайып густа халықты бір жерге тап-тұйнақтай етіп жұмылдыру да үлкен киелі қасиет. Өндіріспен қабаттас айналаның әсемдігі, эстетикалық талғамға сай болуы да Сәкеңнің назарынан түспейтін. Басқармадан үй алып жатқан мұнайшыларға алған үйлерінің жанынан жан басын бір түп тал отырғызуды қатаң тапсырып, өзі бақылауға алып, терек екпесеңіздер үй берілмейді деп зілсіз сес көрсететін көрінеді. Нәтижесі, сол кездегі Сарқамыстың желкілдеген жасыл желекті болуы. Бұл да басшының ұтымды қабілетінің бір қыры болса керек.
* * * Өзені мен көлінен гөрі, шөлі мен шөлейті басым Маңғыстау өлкесі бір кездері «ұйқыдағы ару» атанған, талай әулие-әмбиелер табан тіреген қасиетті аймақ. Маңғыстау дегенде ат ізін салмаған адам болса, атына қарап шетсіз-шексіз созылып жатқан сары даланы елестетуі әбден мүмкін. Ия-ия сары дала екендігі рас. Бірақ Маңғыстаудың сол сары даласына бойлай ене берсеңіз, табиғаттың не бір ғажайып сұлулығының куәсі боласыз. Теңізің де, тауың да, жартасың да, сылдырлай аққан бұлағың да табылады бұл жердей. Сонда да ауасы құрғақ, желді, боранды болып келеді. Толқыны буырқанған көк теңіздің ауасы қайдан құрғақ болсын деп уәж айтылу да мүмкін. Шындығы осы. Әлде бұл құбылыс та сол топырақтың құдіреттілігі ме? Тарихқа толы Шерғала, Отпан тауы, Маңғыстаудың інжу-маржаны атанған Тамшалының өзі неге тұрады. Басын Алтайға тіреп, аяғын Каспиге берген қазақ даласы ғасырлар бойы талай оқиғаларды бастан өткізді, өзі соған куә болды. Сол кездерден қалған ескерткіш мұралар көненің көзіндей болып Маңғыстау жерінде әлі күнге дейін сақталған. Тұңғиық тарихты ішіне бүккен сырбаз дала бір сәт аспан астына салынған алып мұражайға ұқсайды. Үш жүз алпыс екі әулие мекен еткен аймақтың топырағына аяқ тигізгеннен-ақ, бойыңа құйылған қуатты күшті сезінесіз. Аузын ашса көмекейі көрінетін адамдарының әппақ пейілдері сізді аспандатып, сонау көкке бір-ақ шығарғандай күй кешесіз. Дәл ертегідегідей етіп суреттеп отырған жер жумағы Маңғыстаудың тарихы, сол жердегі аңызға бергісіз оқиғалар бастауы өте ілгеріде жатыр. Басқаны айтпағанда сол топырақта бақилық болған Пір Бекет, дүйім елді жоғарыдан құшағына алып қорған болып тұрғандай көрінеді маған. Сондықтан да Маңғыстаудың мерейі үстем, мәртебесі асқақ. Айтқандай-ақ, 360 әулиелі аймақ атын осы күнге дейін сақтап келе жатқан жер бетінде үш қана мекен бар көрінеді. Бірі, Меккедегі Қағба 360 әулиенің путханасы, екіншісі көне Үргеніштегі 360 әулие аталған зират, үшіншісі 360 әулие мекен еткен Маңғыстау топырағы. Осындай киелі өңірдің жер асты мол қазына - байлыққа толы екендігі белгілі болмысымен иен дала төсі дүбірлі дүниеге айналды. Маңғаз Маңғыстаудың ен даласы қойнындағы нәрін ұрпағына ұсынып, несібелеріне мұнайды еншілетті. 1961 жылдың 5 шілдесінде Жетібай кен орнындағы №6 ұңғыдан бұрғышы шебер Н.Петровтың бригадасы қазыналы түбектің алғашқы мұнайын атқылатты. 2500 метр тереңдіктен атылған мұнай бұрқағы 50 метр биіктікке дейін көтерілді. Тәуліктік өнім 400 тоннаға дейін жеті. Бұл дегеніміз бұрын-соңды болып көрмеген үлкен жетістік еді. Н. Петровтың «Сонау алыс 61-ші жылы» деген естелігіне назар сала отырып, мынандай тұстарына көңіл аудардық: «1961 жылдың 5 шілдесі менің есімде өмір бақи сақталады. Осы күні біздің бригада бұрғылаған № 6 ұңғыдан күшті мұнай фонтаны атқылады. Міне, осы № 6 ұңғы Маңғыстау мұнай өндірісінің ашылу тарихына енді. Түбекті игерудің жаңа беттері басталды, содан кейін-ақ тағы да мұнай көздерінің дүниеге келуі көп күттірген жоқ. Бұл - ежелгі Маңғыстау топырағындағы аса маңызды кезең болды. Жас ұрпақ үшін 1961 жылдың 5 шілдесі - тарих, ал ерлік жолымен бірінші өткен біздер, ардагерлер үшін бұл -біздің асыл арманымыздың, маңдай тер, еңбегіміздің іске асуы» дей келіп, кейінгі жастарға өзінің ұлағатты сөзін арнайды. Міне, осылайша тарихтың сырға толы, оқиғаға толы тағы бір беттерін аудардық. Айтса айтқандай, осы жылдың 5-қаңтарында Өзендегі Михаил Кулебякин қазған №1 ұңғыдан тағы бір мұнай бұрқағы атқылады. Одан әрі 1963-64 жылдары Қарамандыбас, Теңге, Тасболат кен орындары ашылды. Жетібай шоғырында Асар, Шығыс Жетібай кен орындары, егіздей болған Қаламқас, Қаражанбас кен орындары бірінің соңынан бірі ашылып Маңғыстау даласын дүбірлі дүниеге айналдырды. Негізінен Жетібайды тайыз бұрғылау жолымен зерттеу 1958-1962 жылдары жүргізіле бастапты. Геологиялық зерттеулер Жетібайдың қойын-қонышының тұнып тұрған қазына екендігін анықтады. Сөйтіп, шұрайлы өлке туған халқына тағы бір мол нәсіп сыйлады. Дәл осы сәттегі мұнайшылардың қуанышын ауызбен айтып жеткізу, сірә оңай бола қоймас. Аста тоқ көңіл халықты қанаттандырып-ақ жіберді. Бұдан кейін Өзен, Қарамандыбас, Асар, Шығыс Жетібай, одан әрі апалы-інілідей болып Қаламқас, Қаражанбас кен орындары ашылып, Маңғыстаудың боз даласы екінші рет терең тыныстағандай күй кешті. Нәтижесінде Республикамыз мұнай өндіруден Одақ бойынша екінші орынға көтерілді. Адамдар көшіп келіп тұрақтана бастады. Ілкіде жоғары жақ бұл жерге тұрақтанып қалу үшін ауыл салуға рұқсат бермепті. Өмір заңы бұған қарай ма? Қандай қызмет болса да адам қолымен жасалатындығы белгілі. Бұл жерде де қайнаған тіршілік басталды да кетті. Сөйтіп, бір емес бірнеше поселкелер бой көтерді. Жетібайда зерттеу жұмыстарын жүргізген Қойлыбай Жанұзақов, Бағыт Баймұқанов, Ғариф Каримов, шеберлер Көшкінбай Қалиев, Сағызбай Бекешов, Қорғанбай Досметов басқа да майталман мұнайшылар ел қуанышы, ұрпақ мақтанышы. Қор көлемінің молдығы Маңғыстау мұнайының болашағының зор екендігін көрсетті. Ел ырысын игеру-алдағы міндет, міне, осы болды. Жан-жақтан мамандар жинақталып, бірлескен қызу еңбек көрігі қыза түсті. Ежелден ауылы аралас ,малы қоралас Ембілік мұнайшылар егіздің сыңарындай болған маңғыстаулықтардың жеңісіне қуана қол соқты. Ойланбастан көмек қолдарын созды. Алғашқылардың бірі болып жауапты қызметке Р. Өтесінов, А. Я. Раев, Т. Я. Сарбуфин, К. Д. Жоламанов, В. И. Жиленков, Г. И. Понамарев басқа да тәжірибелі мұнайшылар жіберілді. 1966 жылы Маңғыстау түбегінің қазынасын игеруді жеделдету және тиімділігін арттыру мақсатында КСРО Мұнай өндірісі министрінің бұйрығымен Сағидолла Нұржанов Жетібай мұнай өндіру басқармасының тұңғыш бастығы болып тағайындалады. Басшылық қызметке әбден жетілген, мамандығының қыр-сырын да әбден біліп алған Сәкеңе жаңа кен орнына бару ұсынылғанда ұшатын құстай қанатын қомдап-қомдап, «ия, Бекет» деп ат-көлігін сайлай бастады. Көшудің қамы Сәкеңе деген қимастықтың бар екендігі де байқалады. Бірақ «өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дегендей жолдастары, әріптестері, ағайын-туыстары Сәкеңе сәтті сапар тілеп, ақ ниеттерін білдірді. Сағидолла ағамызды киелі Маңғыстау топырағына шығарып салу кезіндегі бір үзік сырды Орынғазы аға былайша жеткізді: «Сәкеңді шығарып салып келеміз. Ақ баталарын беріп қарияларымыз, ақ жол тілеп елдің азаматтары қалды. Алда Маңғыстаудың сары даласы, бір беткейі таулы - жоталы. Табиғатының ерекшелігіне таң қаласың. Бір жағынан алып жартастары түнеріп сұстылау көрінсе, екінші жағынан көк майса белдеулері жаныңды жадыратып көңіліңді көтереді. Шығарып салушылардың барлығы да көңілді. Ортамызда Арғымбай деген жігітіміз бар, әнді жақсы айтады. Қалжыңмен, әнімізбен жол қысқартып келеміз. Манаға асуынан асып, бір малды ауылға маңдай тіредік. Үй иесі қартаңдау кісі екен. Сөз саптауымыздан байқады ма: -Маңғыстау байлығын игеруге 10 вагон орыс, 5 вагон беріш, 2 вагон есентемір, 1 вагон жалайыр келді деп естіп едік. Өз адайларымыздың да өкшесі көтеріліпті ғой - деді күлімсіреп. -Қосағасы адай екенімді қайдан білдіңіз - деп Сағидолла ағамыз да қапы жібермеді. -Шырағым адай жұртының қаны да бір, жаны да бір. Бағанадан бергі бөтен кеткен бір сөзіңді аңғармасам адай боламын ба. Өзімнің інім екенсің аман жүр - деп батасын берді. Қазақтың ата дәстүрімен алдымызға табақ тартылып, шай суанымызды ішіп, мәре-сәре болып жатырмыз. Бір кезек Арғымбай Қайыптың Ақбөбегін әуелете жіберді. Үй иесі:
- Шырағым, сен Ақбөбекті айтып, ескі жараның аузын тырнағандай болдың-ау деп қалды. Бәріміз аң-таң қалдық.
-Қайыпты білетін бе едіңіз? Ақбөбекті өз көзіңізбен көріп пе едіңіз? Жан-жақтан сұрақтың астына алдық-ай келіп. Ақсақал үнсіз қалды. Шүңірек жанарын алысқа қадап, көз алдындағы елеске айналған бір асыл бейнені іздегендей тереңдікке ұзақ үңілді. Сөйтсек, біз түстенген үй Ақбөбектің туған қайнысының шаңырағы екен. Талай әңгіменің басын қайтардық. Ақбөбек пен Қайып туралы талай сырлардың куәсі болдық. Осы жерде оқырман назарына өзім естіген Қайып пен Ақбөбек оқиғасы туралы айта кетейін. Қайып жүрегі қалаған Ақбөбегін алып қашып Жарқұдық деген жерге келін етіп түсіреді. Некелері қиылып шариғат алдында ерлі-зайыпты болады.1888 жылдың көктемі болса керек, Қайып Бесқалаға сауда жасауға кетеді. Сол кезде Ақбөбекті айттырып қойған Есберген Итбаев бір топ адамымен Қайыптың ауылын шауып, әкесін соққыға жығып Ақбөбекті алып кетеді. Қайып келе сала ауылының жайын, жан-жарының не күйге түскенін көріп, уездік кеңеске арыз түсіреді. Сол жылдың жазында Қайып ғашығын Есберген Итбаевтың үйінен алып қашады. Сәтсіздікке ұшырап ұсталып қалған Қайып күзде Ақбөбекті тағы да алып қашады. Осылайша үш рет Ақбөбекті құтқарам деген жолы болмай іс сотқа кетеді. Қол қысқа, кедей жігіт өз дегеніне жете алмайды. Сот жесір дауына байланысты болғандықтан молда істі Есберген байдың пайдасына шешіп береді, сөйтіп қос ғашық арманда кетеді. Мен бұл сапарымыз да жиі кездесе бермейтін тарихи оқиға болды деп ойлаймын. Сәкең болмағанда атақты әннің кейіпкерлерінің ағайын-туыстарымен кездесу бұйырар ма еді, әй қайдам». Маңғыстауға көшіп бара жатқандағы бір оқиға есіме түсіп отыр - деп әңгімеге араласта Сәкеңнің қызы Шарбат. «Маната асуына келіп тоқтадық. Дәл сондай ерекше табиғатты бұрын көрмеген сияқтымын. Жартастар сұсты, баламыз той қорқа бастадық. Оның үстіне жол дегеніңіз аты ғана. Бұған дейін әрқайсымыз әр жақта, біріміз автобуста, біріміз машинада келе жатқанбыз. Әкем көліктерді тоқтатты да анамды, балалардың барлығын өзі отырған көлікке мінгізді. Сөйтті де «ия, Бекетім» деп жүріп кетті. Қалғандары соңымыздан ілесті. Әкеміздің кең жауырынын паналап отырған біз қорқыныш дегенді лезде ұмытып та кеттік. Әке жүрегі, оның мейірімі деген осы екен». Қош көлікті болып Сәкең от басымен аман есен көздеген жеріне жетіп, тапсырылған жұмысқа кірісіп те кетеді. Оның тікелей басшылығымен «Жетібаймұнай» кәсіпшілік басқармасы құрылады. Мұнай өндірудің, оны жинап, жөнелтудің жаңа әдістерін ойлап табады. Осы кезде қоршаған ортаны қорғау және қабаттың мұнай қайтарымын арттыру мақсатында ілеспе суды қайта қабатқа айдау әдісі қолға алынды. Ұзындығы 140 километр болатын Өзен - Жетібай-Ақтау мұнай құбыры да пайдалануға берілді. Сан ұлттың өкілдері бас қосқан жаңа жұмыс орнының қиыншылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жұмысшылар күн мен түнді шатастырып алғандай. Діттеген мақсат біреу-ақ. Өнім өндіру. Осындай тығырыққа тірелген сәттердің бірінде Сәкеңнің құлағына екеудің әңгімесі шалынады. -Нұржанов осы жұмыстың несіне қызығып келді екен? Енді қарашы өзіне де, өзгеге де тыным жоқ - дейді өзара күңкілдесіп. Сонда ол: -Жігіттер, мен қызығып, қызық көрейін деп келген жоқпын. Мен қызмет етейін деп келдім. Сендерде кызмет етуге тиіссіңдер, «давай перед», қиындық өтеді, бізге де қызық өмір келеді деп арқаларынан қағыпты. Маңғыстау мұнайын игерудің алғашқы жылдарында өздерінің білімдар да жанкешті еңбектерімен есімдері ұрпақтар есінде мәңгілік жатталып қалған ардагер мұнайшылар Рахмет Өтесінов, Өтепқали Тәжіғалиев, Әнес Бүркібаев, Кеңес Жоламанов, Табын Оржанов, Сағидолла Нұржанов, Сусын Қалжанов, Нәсіпқали Марабаев, Халел Өзбекқалиев, Сафи Өтебаев, Хайролла Ықсанғалиев, Нұрлыхан Бекбосынов, Хасан Тәжиев тағы басқалардың есімдері өлке тарихынан ойып тұрып орын алған ардақтыларымыз. Осындай ұлы көште жүріп қанаты қатайып, бойына өндіріс «өнерін» әбден сіңірген Сағидолла Нұржанов, көп кешікпей «Қазақстанмұнай» бірлестігі бастығының орынбасары қызметіне ауысады. Бірлестік бастығы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш инженер, қазақ мұнайының абызы атанған марқұм Сафи Өтебаев болатын. Бар саналы ғұмырын мұнайға арнаған Сафи аға өмірінің соңына дейін туған елі Атырауына ат басын жиі бұрып тұрды. Келген сайын ембілік мұнайшылармен, әріптес ақасақалдармен кездесіп өзі айтқандай бір жасап қалатын. Мен ағамен болған талай кездесулердің куәсі болғаным бар-ды. Қашан кездессең де аузынан айналайыны түспеуші еді. Атырауға келген ең соңғы сапары күні кешегідей көз алдымда. Сол кездегі «Ембімұнайгаз» ӨФ-ың директоры М.Ш.Ізбасовтың басшылығымен бірінші аппарат мұнайшыларымен жүздесті. Қазақстан мұнайының кешегісі мен бүгінгісі туралы пікірлесті. «Мен сендерді сағынып келдім, үнемі сағынып жүрем. Мен өміріме риза адаммын. Жасарымды жасап жатырмын, алар бағамды, атақ-сыйымды алдым. Менің бар мақсатым сіздерді көру, өздеріңмен жүздесу, әңгімелесу. Қашанда аман болыңдар, ауызбірлікте болыңдар, ұрпақ жалғасын тапсын» деген ұлағатты сөзі құлақта әлі күмбірлеп тұрғандай. Бұдан кейін «Атырау» шипажайында ақсақалдарға арнап дастархан жайылды. Атырау облысын талай жылдар басқарған, белгілі қоғам қайраткері Оңайбай Көшеков, Есен Тасқынбаев, атақты мұнайшы Таумыш Жұмағалиев сынды асыл аталар бас қосқан бұл отырыста талай сындарлы мәселелер төңірегінде сөз қозғалды. Аталардың жеңіл әзілдері, тіпті шырқатып әндете жөнелетіндері Сафи ата тоқсаннан асып, қалғандарының дені сексеннің сеңгірінен асса да бір-біріне аталық қамқорлықпен, інілік ілтипатпен қарайтындықтары бізді қайран қалдырды. Сафи Өтебайұлы Өтебаев 1909 жылы 25 мамырда Гурьев облысы Қызылқоға ауданы Қарабау селосында дүниеге келген. 1928-30 жылдары Орынбор жұмысшы факультетін, 1931-35 жылдары Баку мұнай институтын бітірген тұңғыш қазақ азаматы. Қазақстан мұнай өнеркәсібін алғашқы ұйымдастырушылардың бірі. ҚСРО Құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері, Құлсары, Прорва, Қаратон Мұнайлы, Жетібай, Өзен кен орындарын тұңғыш ашушылардың бірі. Ол Отан алдындағы ерен еңбегі үшін Ленин ордені, Октябрь революциясы, Отан соғысы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту және Құрмет белгісі, «Отан», «Бірінші дәрежелі Барыс» басқа да көптеген ордендер мен медальдармен марапатталып, өмірден өз бағасын толық алды. Үкімет пен партия С.Өтебаевты өндірістің де, қоғамның да қайнаған, ең жауапты жеріне жіберіп үлкен сенім артты. Сенім жүгінің ауырлығын сезінген абыз аға қай салада еңбек етсе де терең білімі мен ұшқыр ойын, адамгершілік қасиетін қатар пайдаланып, сенім үдесінен шыға білді, елінің құрметіне қанықты. Халқы «Қазақ мұнайының атасы» деген ешқандай бұйрықпен, ешқандай жарлықпен қабылданбаған ардақты ат берді. Жүз жасқа аз қалғанда алып жүрек мәңгілікке тоқтады. Тірлігінде қазағының даласындай кең де дархан құшағына елін, туған халқын еркін сиғыза білген кең пейіл аға, өзі айтқандай жан-жолдасы Шарипа ананың қасында мәңгілікке дамылдады. Сафи ақсақал биыл көзі тірі болғанда 100 жасқа толып, сол баяғы ақжарқын қалпында ортада жүрер еді. Өзі болмаса да ел-халқы абыз есімін ұмыт қалдырмады. Республика көлемінде атап өтіп, құрмет көрсетті. Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің 110 жылдығына орай ағамыздың туған жерінде ескерткіш орнатылды. Абыз атаның асыл бейнесі ұрпақ жадында мәңгілік сақталады. «Біздің бірлестікте үш Сәкең бар. Олар Сафи Өтебаев, Сағидолла Нұржанов, Сәрсен Қилыбаев» деп әзілдейтін Сағидолла Нұржанұлы - деп әңгімесін бастады көп жылдар С.Нұржановтың қасында қосшы бала болған, яки жүргізушісі болған Сәрсен Байбозұлы Қилыбаев. Сәрсен Қилыбаев 1940 жылы Маңғыстау облысының Таушық ауылында дүниеге келген. Төл мамандығы жүргізуші. Құдайы қосқан қосағы Рыстыгүл Манаққызы екеуі Ақтау қаласында кенже ұлдары Әмірмен бірге бақытты өмір сүріп жатыр. Бауырларынан өрбіген екі ұл, екі қыздан немере-жиен сүйіп, қарттыққа тән бақытты да қуанышты ғұмыр кешуде. Өмірінің 42 жылын мұнай саласына арнаған Сәрсен Қилыбаев бүгінгі күні құрметті зейнеткер. «Қандай қызметтің болмасын өзіндік қыр-сыры, қиыншылығы мен жетістігі болады. Мен қарапайым жүргізушімін. Өзімнің адал еңбегіммен еліме, қала берді от басы напақасы үшін еңбек еттім. Машина рулінде үзбестен отырған осы 42 жыл өмірімде талай адамдармен дәмдес болып, қилы-қилы оқиғаларға куә болдым. Қазақта «кімнің кім екендігі жолда сыналады» деген мақал бар. Бұл өте дәл айтылған тұжырым. Өйткені жол-адам өмірі тәрізді. Бірде теп-тегіс, бірде кедірлі-бұдырлы, лайсаңы тағы бар. Кейде түнде сапарға шығуға да тура келеді. Осындай сәттерде бір кабинаның ішінде иық түйістіре отырған адам қалай болғанда да шынайы мінезін көрсетеді. Біреулері қабақтарын түйгіштеп күйіп-пісіп жатады, ал біреулері қанша ұзақ жол болса да шөккен нардай тапжылмастан отырады. «Жол сынайды» деген осы болса керек. Менің көкірегімде өзі кетсе де есімі мәңгілік сақталған бір тұлға бар. Ол - Сағидолла Нұржановтың бейнесі. Біздің туыстығымыз да, бұрыннан таныстығымыз да жоқ. Бірлестікке орынбасар болып келгенде мен ол кісіге жүргізуші болып келдім. Осы алғашқы таныстығымыз, кәдімгі қаны бір туысқаннан кем емес ағайыншылыққа ұласты. Қанша қолпаштап жатса да бастықпын деп шіренбейтін, мынау жәй жұмысшы, мынаның дәрежесі жоғары, мынау төмен деп екшелемейтін. Ол үшін барлық адам тең. «Ұлық бол, ұлы бол бара жеріміз бірге ғой» деп әзілі-шыны аралас айтып отыратын. Мен жүргізуші болып, басқа бастықтардың жүргізушілері сияқты сыртта сағаттап сарғая күтіп көрген емеспін. Қайда барса да Сәкең жанынан тастамайтын. Өзімен тең төрге шығарып, айналасына таныстырып, ақылдасып отыратын. Қонаққа шақырысып, от басымызбен етене жақын араластық. Ол кісінің бір қызық әдеті, ел іші болған соң, оның үстіне біздің қазақ қонақшыл ғой, біреулер шақырады емес пе? Сонда басшылар шақырса Сәкең аса ыңғай беріп, селт ете қоймайтын. Ал жұмысшылардың біреуі той-домалаққа шақырса, шұғыл тапсырмалар беріп, ұйымдастыру жұмыстарын өзі қадағалап, ұжымды бастап барып, бастан-аяқ қатысып, сол адамға ерекше құрмет көрсететін. Кейде бұл қалай деп сұраймын ғой баяғы. Сонда Сәкең жарықтық: -Бірін-бірі көздерін бақырайтып қойып мақтап, марапаттап уақыт жоятын отырыстан гөрі, шын ниетпен шақырып, арқа-жарқа, емін-еркін отыратын отырысқа не жетсін, - дейтін күлімсіреп. Ол кісіде бүгін қабылдайтын күнім, болмаса қабылдамайтын күнім деген қатып қалған кесте жоқ еді. Шамасы келгенше есігінің алдына келгендердің шаруасын бітіріп жіберуге тырысатын. Мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Бірде түскі асқа шығатын уақыт асып бара жатты. Сәкең кабинетінен шыға бергені сол еді, бір адам қарсы ұшырасып, манадан бері күтіп отырғанын айтты. Сол-ақ екен, Сәкең: -«Жүр, біздің үйге барып түстік ас ішіп алайық, сосын сөйлесеміз» деп, қоярда қоймай машинасына отырғызып алды. Мен аң-таңмын. Таныса бір сәрі, өмірінде бірінші көріп тұрған кісісі. Дастарханға шақырып, жақсылап тамақтап, « ал енді жүр» деп басқа бөлмеге апарып сөйлесіп, мәселесін шешіп жіберді. Мұндай кісілік қасиеттер меніңше бір туар адамдарда ғана кездесетін сияқты. Қате айтып келе ме, Рахмет Өтесінов атамыз жол апатына ұшырап, халық қобалжып, өндіріс ақсай бастаған тұста С.Нұржановты Өзен мұнай газ өндіру басқармасына бастық етіп жіберді. Мен де Сәкеңмен бірге сол жаққа жұмысқа ауыстым. Бұрынғы бұрынғы ма Сәкең күні-түні «аттан» түспеді. Уақытының тең жартысынан көбі жұмыста өтті. Кейде осы кісі демалысты ұмытып кеткен шығар деп ойлайтынмын. Не деген қайрат, не деген жігер десеңізші. Ескі Өзенде мал соятын орын, қаладан бірнеше балабақша ашып біресе өндіріске, біресе мұнайшылардың жадағайын жақсартамын деп қақ бөлініп жүретін. Әкесі Нұржан ақсақалды да көзім көре қалды. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт адам еді. Әулетінің ұйтқысы болған ақсақал, әрдайым ақыл-парасатымен айналасына шуағын шашып отыратын. Сәкең Алматыда іс сапарда жүргенде әкесі марқұм дүниеден өтті. Бір топ азаматтар хабарды естіртейін деп, ұшақтан қарсылап алуға әуе жайға бардық. Бәрі қаумалап амандық сұрасып жатыр. Сонда Сәкең:-Әй жігіттер, мені көп қолпаштап кеттіңдер, Нұржан қарт кетіп қалған жоқ па?-депті. Ақ жауып арулап, перзенттік борышын өтеген Сәкең, әкесін Сенекке апарып, қара жер қойнына тапсырды. Сәкеңді көпшілік әзілқой еді деп еске алады. Рас, қалжыңды жақсы айтатын, сөзге шебер адам болды. Бірақ түсіне білген жанға сол әзіл астарында үлкен салиқалы ой жататын. Күлдіре отырып мақтағанын да, көңілі толмай қоңылтақсығанын да білдіріп отыратын. Жол сапарда екеуіміз көп жүрдік қой, кейде әңгімесін айтып, жол қысқартып отырса, кей кездері қалың ойға беріліп, біршама уақыт үнсіз қалатын. Жол азабы бар, жұмыс ауыртпалығы тағы бар шаршаған шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсе, Сәкең жарықтық ертеңгі ісінің жоспарын ойша жасап келеді екен.
- Ертең де күн бар емес пе - деймін баяғы әзілдеп. Сонда ол:
- Сәрсен, ертеңгі шаруа сол ертеңнің еншісі дейтін.
Сөз орайында Бибила апамыз туралы айтпай кетсек күнә болар. Бибила - әйел затының асылы еді. «От басының сәні де, салтанаты да әйел» деген рас екен. Күн барма, түн барма дастарханы жаюлы, қабаты жарқын, үлкенді де, кішіні де ішіне тартып алатын бауырмал еді жарықтық».
Осы тұста әңгімеге Сәрсен ағаның зайыбы Рыстыгүл апай араласты.
- «Манадан бергі сіздердің әңгімелеріңізге құлақ түре отырып, өткен өмірімізге бір саяхат жасағандай болдым. Жақсының жақсылығын айту парыз той. Ішіп-жегенде, алған-бергенде тұрған ештеңе жоқ. Менің айта кетейін дегенім Бибила апай туралы. Өте ақкөңіл еді. Күйеуін тура әулиедей қастерлеп, құрмет тұтатын. Көзіміз көрді, қолынан келмейтіні жоқ ұқыпты еді. Өз басым ол кісіден көп нәрсені үйрендім десем артық айтқандық бола қоймас. Бірде апай маған алтын сақина сыйлады. Алтын қазіргідей емес, ол кезде қымбат болатын. Мен ыңғайсызданып қалдым. Сонда апам: ал екеуіміздің арамыздағы сыйластықтың белгісі, ескерткіш болсын деп еді. Шынымен де сол алтын жүзік мен үшін өте құнды бағалы дүние. Себебі ол жақсы адамнан қалған көз, ескерткіш - белгі».
Жақсылармен жүздесу дегеннің өзі бір ғанибет-ау. Қилыбаевтар от басынан ерекше ықылас сезіммен шыққан мен, Ақтау қаласына келген сапарымдағы кездескім келген тағы бір ақсақалдың үйіне қарай бет алдым. Сәлімжан Асылханов белгілі мұнайшы ардагер. Қазақстан мұнайының дамуына өзіндік із қалдырған майталман мұнайшы. 1930 жылы Кең Жылойда дүниеге келген Сәлімжан ақсақал 1947 жылы Мәскеудегі Губкин атындағы Мұнай институтына түсіп, 1952 жылы аяқтайды. Алғашқы еңбек жолын Құлсары мұнай кәсіпшілігіне бастаған ол, Кеңқияқ, Өзен, Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас кен орындарының ашылуына үлкен үлесін қосты. «Өмір несімен қымбат деп сұрасаңыз, мен өмір артыңа өшпестей іс қалдыруыңмен бағалы деп жауап берер едім» - деп бастады әңгімесін Сәлімжан аға. Сол өткен өмірге көз салсам, барлығы да күні кешегідей тізбектеліп көз алдымнан тап бір киноның ленталары сияқты сырғып өте жөнеледі. Сонау Мәскеудегі студенттік кездерім ең бір жадымда сақталған аса қымбат кездерім. Білім қуып келген бір топ жігіттерміз. Аш құрсақ жүреміз, оқу да оңай емес. Р.Өтесінов, С.Нұржанов, Х.Алдақов бәріміз бір бөлмеде тұрдық. С.Бөлекбаев, А.Хисметов, С.Хисметов, А.Кемеловтар бізден бір жыл бұрын бітірді. С.Нұржановпен таныстығым осы кезде басталды. Ақ жарқын, қолындағы барын бөліп беретін жомарт жігіт еді. Кейінірек Қошқарда бірге қызмет атқардық. От басымызбен араласып, керемет сыйластықта болдық. Қамқорлығын аямайтын, алдына барғанның бетін қайтармайтын. Бірде үлкен кісім ауырып, ауруханада орын жоқ, әбден тығырыққа тірелгенім бар. Салып айдап Сәкеңе барып мән-жайды айттым. Осылай да осылай, жағдай қиын болып тұр - деп. Орнынан жедел тұрып, алдындағы бар жұмысын жиыстырып қойып, менімен бірге жүріп, өз қолымен атамызды ауруханаға салысты. Емделіп шыққанша жағдайын біліп, әбден сауығып кеткенше жаны тыным таппады. Ойлап қараңызшы туған емес, туысқан емес, менің шаруамнан басқа да жұмыстары жетерлік адам ғой. Бірақ ол үлкен кісі үшін барлығын да кейінге ысырды. Бұл адамдықтың ең биік шыңында тұрған адамның қолынан келетін іс, Сәкеңдей мейірімді адамдар бар шығар-ау бірақ көп емес деп ойлаймын. Өйткені мұндай қайырымдылықты азаматтың азаматы ғана атқара алатыны белгілі. «Сәкеңнің бұл жақсылығын жауырыным жерге тигенше ұмытпаспын» деп едім, сөзім сөз болды, оның бұл азаматтығын, еш уақытта естен шығарған емеспін. «Ағама жеңгем сай» дегендей, Бибила да орны бір бөлек адам еді. Қолынан талай дәм татқанбыз. Мына бір оқиға есіме оралып отыр. Бірде анам екеуміз батадан келе жатып Сәкеңдердікіне соқтық. Бибила жүгіріп шейін дайындап жүр. Менің шешем үнді шәйінен басқа шәйді ішпейтұғын. Анам марқұм шып-шып терлеп, сүт қатқан, исі бұрқыраған мақпал шәйді ұзақ ішті. -Өркенің өссін Бибила, бала-шағаңның қайырын көр - деп ақ батасын беріп, шіркін үнді шәйі-ай деп қояды. Сонда Бибила: -Шеше бұл грузин шәйі, үндісі үйде бітіп қалыпты, Қошқардағы әжелерім де осы шәйді мақтап кетеді - деді күлімсіреп. Анам: -Япырмай-ә, демдеуін келістірсе қай-қайсысы да дәмді екен-ау деп таңқалды. Міне, Бибила осындай қолы берекелі, жаны таза адам еді. Адам өмірі сияқты бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ қой. Бұл жалғанға кімдер келіп, кім кетпеген. Сәкеңе уақыт болыпты дегенде жүрегі түскір шым етіп, қимастық сезімі мазалап, қиналып қалдым. Көз көрген, қызметтес болған жігіттер бірден жинала бастады. Нәсіпқали Марабаев жарықтық өзі бас болып, самолет ұйымдастырып, асыл досты қайтпас сапарға шығарып салдық. Ұрпақтарына бақытты ғұмыр тіледік» - деп әңгімесін аяқтады Сәлімжан ата. Сәлімжан Асылханов мұнай өндіру саласына бір кісідей еңбек сіңірді. Білімі мен тәжірибесін ел игілігін итеруге жұмсап, төккен тердің зейнетін көрді. Бала-шаға бақытына бөленді. Сексенге жақындаса да ағамыз әлі күнге еңбектен қол үзген жоқ. Ш.Есенов атындағы Ақтау университетінде дәріс береді. Академиялық - профессор деген атағы бар. Сөзі жинақы, Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі болашағына үлкен сеніммен қарайды. Өзі сияқты аға буын мұнайшылардың, кейінгі жас мұнайшыларға берері көп болуға тиісті. Заман өзгергенмен адам өзгермейді. Қазіргі жастар зерек, қандай білім аламын десе де мүмкіндіктері көп. Біз одақ кезінде өмір сүрдік. Қазір тәуелсізбіз. Өз абыройымыз өз қолымызда. Сондықтан «өз балаң өзекке тепсе де кетпейді» деген өз еліміз үшін аянбай тер төгетін кез келді деп есептейді. Өкінішке сай қаншалықты адам өзгермейді десек те, «арпа ішінде бір бидай» болып, «аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін», болмаса «бастығың соқыр болса бір көзіңді қысып жүр» деп, жалпақшешейлік танытатындар арамызда жоқ емес. Кейінгі ұрпақ ондайлардан емес, Сәкең сияқты тігінен тік жүріп, «Тура биде туған жоқ» деген мақсат ұстаса игі деп тілек білдіреді. «Көп оқығаннан емес көпті көргеннен сұра» демекші, Сәлімжан ағамен болған кездесуден рухани сабақ алып, көңіліміз марқайып, жылы қоштастық. Кәрі Каспийдің бауырына сұғына орналасқан ақшаңқан қала Ақтау, күннен күнге құлпырып, көз тарта абаттана қалыпты. Асау теңіздің ақбұйра толқындары жағаны долдана ұрған сайын қала айбаттана түсетіндей ме қалай? Әйтеуір жанға жайлы, жүрекке жылы көріністер. Қиял жетегінде есікке келіп те қалыппын. Қара түймені басқан бойда, аржағынан қараторы, жүзі жылы әйел адам есікті айқара ашып, кіре той айналайын, қош келдің деп төрге шақырды. -Әлгі ағаң шақыру билеттер таратамын деп кетіп еді. Телефонын да айырып тастапты. Өзі сондай тынымсыз адам. Балалардың таратуын күтпей өзі кетті. -Ало, Амансың ба айнам, Оңай әжең ғой. Сіздің үйге Табын ағаң барды ма? Келіп кетті дейсің бе? Е, жарайды рахмет. Осылайша Оңай апа бірнеше жерге телефон шалды. Ағамыз барлығына да барып кетіпті. -Жә, енді келіп қалар, ағаң өте ұқыпты, бастаған ісін аятына дейін жеткізбесе ішкені ас болмайды. Кәне екеуміз альбомдарды ақтара тұрайық деп, алдыма өңдері сарғая бастаған бірнеше фотоальбом әкеліп қойды. Суреттер сыр шертіп түр. Арасынан таныс бейнелер де ұшырасып қалып жатыр. Мына бір сүгіретте С.Нұржанов пен Т.Оржанов екеуі түстік ас ішіп отырғанға ұқсайды. Н.Марабаев, С.Хисметов, С.Мұқашовтардың суреттері де көзге ыстық. Бұйраланған көмірдей қара шаштары, езулеріндегі қайсар күлкінің табы жастықтың отты жалынын көрсетіп тұрғандай. Өткір көзқарастары болашаққа нық сеніммен қарайтындай. Мектепте жүрген кезімде, бір журналдың ішінен «Суреттер де сөйлейді» деген жазуды көрген есімде. Балалығымның басымдау кезі ғой. Әлгі жазудың астындағы тізілген суреттерге үңілемін келіп, бірақ суреттер тіл қатпайды. Содан әкем жарықтыққа шағымданып: -Жазғасын сөйлеу керек қой - деп қиғылықты саламын келіп. Сонда әкем алдыма көнелеу фотоальбомды әкеліп, беттерін парақтап, ішіндегі суреттермен таныстыра бастады. «Мынау менің жас кезім, мынау қазіргі кездегі сурет, әр жастағы суреттерде әртүрлімін. Бұл суреттер сол кездерден қалған ескерткіш. «Суреттер де сөйлейді» деп сол үшін айтқан» дегенді естігенде алғашында таңқалғаным бар-ды. Одан бері қанша жыл артта қалды. Оның үстіне кәсібім жазу, сызудың маңы болғасын бас осы сөз тізбегінің мәніне жете түсінгендеймін. Шынымен үңіле түскен сайын жансыз бейнелер іштеріне бүккен талай сырды жыр тып айтуға әзір тұрғандай екен. Шыр еткен есік қоңырауы ойымды бөліп жіберді.
- Оу, қайда жүрсің шалым-ау, телефоныңды да айырып тастапсың. Жиналыс болады деп айтпаған сияқты едің ғой - деген Оңай апаның даусы шығады.
Костюм шалбарының қыры сынбаған, ақ көйлегі мен галстугі жараса қалған қараторы өңді, орта бойлы жігіт атасы жылы ұшырай амандасып, болған істі зайыбына баппен баяндап жатты. Мән - жайды сұрасқаннан кейін Табын аға сәл ойланып алды да әңгімесін жалғады. «Жасым сексенге аз қалды. Осы жасымның 50 жылында мұнай саласында үздіксіз еңбек етіп, бар білімімді, өмірден түйген тәжірибемді ел мүддесіне жараттым. Атақ-абыройдан да кенде емеспін. Еңбегімді елеген туған халқыма, мемлекетіме рахмет. Соның ішінде өзімнің қызметтес болған мұнайшы ағалардың, басқа да әріптес жолдастарымның есімдерін асқан құрметпен атап, асыл бейнелерін сағынышпен үнемі есіме алып отырамын. Атап өтетін болсам, Қазақстан мұнайының алтын қазығы іспеттес Жолдасқали Досмұхамбетов, Нәрен Имашов, Бөлекбай Сағынталиев, Рахмет Өтесінов, Құдабай Қуанышов, Мүтиғолла Маташов, Құмар Балжанов, Сахи Әкімбаев, Мақаш Балғымбаев, Сағидолла Нұржанов, Махамбет Батырбаев, Өтепқали Тәжібаев, Нұрлыхан Бекбосынов, Далабай Төлегенов, Анатолий Тегісбаевтар менің жүрегімнің түбінен орын алатын аса ардақты адамдар. Мен мұнайшының ұрпағымын. Әкем Қапан, Қаратон, Қошқар, Байшонас, Төлес, Мұнайлы, Алтыкөл, Жолдыбай басқа да кен орындарында еңбек жолын қалдырған адам. Мұнай саласындағы еңбегі үшін Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. Бауырларым Әбуғали, Сәлімгерей, олардан тараған ұрпақтардың дені мұнай мамандары. Сондықтан ел экономикасының күре тамыры саналып жүрген мұнай өндірісіндегі өзгерістер мен жетістіктерге үнемі құлағымды түре жүремін. Мұнайы бар ел бай ел саналады. Бір өкініштісі сол байлықтың халыққа әлі де жеткіліксіздігі. Дегенмен келер күннен күтер үмітім көп. Туған топырақ, ата қоныс туған жер одан әрі гүлденіп, ел арқасы кеңитін кез алда деп ойлаймын. Кейінгі ұрпақтан өтінерім, бабаларымыздың маңдай терімен табылған ел ырысын төкпей-шашпай, талан-таражға түсірмей өздерінен кейінгілерге мұра етсе. Өйткені Жер-Ана, ұрпақ келешегі үшін деп бар бауырындағы қазынасын нәсіп етті. «Қара алтын» еліміздің атын төрткүл дүниеге әйгіледі. Жеті қат жердің астында ұрпақтан ұрпаққа жететін мол байлық әлі де бар. Бұның барлығы Егемен еліміздің ертеңіне жұмсалса, халықтың әл-ауқатын арттырар бірден-бір басты шарт болар еді»-деп толғанды ардагер мұнайшы. Табын Қапанұлы Оржанов 1929 жылы Доссор жерінде дүниеге келген. 1947 жылы Мәскеудегі мұнай институтына түсіп, 1952 жылы тау-кен инженері мамандығы бойынша аяқтап шығады. Тумысынан оқуға да, жұмысқа да зерек жас жігіт алғашқы еңбек жолын Қаратон кәсіпшілігінен бастағаннан-ақ көзге түсе бастады. Одан кейін Байшонаста техника бөлімінің бастығы, Доссор мұнай кәсіпшілігінде бас инженер, біршама уақыт бастық болып тәжірибесі толыға түсті. Маңғыстаудан мұнай табылып, қазыналы түбекті игеру басталған тұста, білікті инженерлер, мамандар сол жаққа қарай жіберіле бастағаны белгілі. 1964 жылы аймақтық комитеттің шешімімен ембілік бір топ инженерлер Ө.Балғымбаев, Т.Сарбуфин, А.Раев, С.Әкімбаев, Т.Оржанов бесеуі Маңғыстауға аттанады. 1969 жылы «Эмбанефть» өндірістік бірлестігіне келіп бас инженер болып қызмет етеді. Осылайша екі өңірдің мұнайын игеруге толықтай араласқан Т.Оржанов, қайда жұмыс жасамасын өкімет берген тапсырманы абыроймен орындады. Қазақ мұнайының дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 24 жасында Кеңжылойдың Оңай атты қызымен бас қосып шаңырақ көтереді. Бұл күнде екеуі бауырларынан тараған ұл-қыздарынан немере сүйіп, бақытты қарттық дәуренді бастарынан өткізуде. Жасы сексенге бір-ақ қадам қалса да жүрісі ширақ, сөзі жинақы Табын аға әлі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында. Өз жүрек қалауымен таңдап, жарты ғасыр еңбек еткен мұнайшы мамандығын, мұнайшы жолдастарын мақтан етеді. Тілге тиек болған әрқайсысын күні кешегідей етіп әңгімелейді. Солардың ішінде сонау Мәскеудегі студенттік шақтан таныс болған С.Нұржановқа деген ықыласы да ерекше. «Арпа ішінде бір бидай» дейтіндей көптің арасында көзге түсіп, көңіл аударатын қызметтес болған жігіттердің ортасында Сағидолла Нұржанов дараланып тұратын. Басқа әріптестерім сияқты оның келбеті көз алдымда, көңілімнің түбінде. Мамандығын жете меңгерген, білікті инженер ретінде өзіне тапсырылған міндеттердің үлкенін де, кішісін де таза атқаратын. Өндірістегі оның қолы тиген жердің барлығы гүрлеп, гүлдеп ала жөнелетін. Меніңше Сәкеңнің бойында алған білімімен қоса, ұйымдастырушылық тума таланты та бар. Жақсы жолдас, сыйлы әріптес болдық. Біздің жастық шағымыздың бір ерекшелігі үкімет қайда қызметке, қай жерге жұмсаса да баруға міндеттісің. Өйткені заң солай, заман солай. Біздің Сәкең де осы орайда талай жерде қызмет жасады. Барлап қарасам Нұржановтың қызметке барған жерлерінің барлығы аса қиын, мемлекеттік маңызы бар, өте жауапты орындар еді. Сәкең бойдағы қажыр-қайратын, алғам білімімен ұштастыра білді. Қай жерге бармасын өндірісті алға сүйреді, тығырықтан – жол таба білді. Тілге де бай еді. «Мынаның бәлесі тиер» деп именшіктенбей ойын ашық айтатын. Адамгершілігінің арқасында айналасына өте білікті мамандарды топтастыра білді. Ол атақ-даңққа аса құштар емес-ті. Оның алар бағасын халық берді. Бүгінгі күні аты мұнай алаңына беріліп, өр бейнесін асқақтататын ескерткіш бой көтерді. Осының өзі Сәкең жарықтықтың еңбегінің жайғаны. Мұнай өнеркәсібінде Сәкең сияқты азаматтардың есімдері мәңгілік өшпек емес. Барлығымыздың илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы болғасын мұнайшылардың жетістіктеріне, қол жеткен табыстарына үнемі құлақ түріп жүреміз. Қандай ортаға барсаң да ауыл азаматтары туралы сөз болғанда «өзі болмаса да құдайы бар, Сағидолланың елге жасаған жақсылығы шексіз ғой» деген халық пікірін талай өз құлағыммен естігенім бар-ды. «Жақсы адамның артында ұлағатты сөз қалады». Сәкең өзі кеткенмен артында ізі, ізбасарлары қалды. Олар оның бауырынан өрбіген балалары. «От басы шағын мемлекет» десек, адами қасиет меніңше өзінің от басынан басталуға тиісті. Сәкеңнің ұл-қыздары бұл күнде өмірдің әр саласында абыройлы еңбек етуде. Әке атына кір келтірмей перзенттік парыздарын өтеуде. Өкініштісі сол арамыздан ерте кеткендігі. Бірақ маңдайға жазғаннан құтылған тірі пенде жоқ қой сірә». Табын Оржанов тек өндірісті тізгіндеген мұнайшы ғана емес, оның бойында поэзияға, жалпы өнерге деген бейімділік бар екендігін естігеніміз бар-ды. Сегіз қырлы бір сырлы Табын ата зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей Құлсарыда «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігінде жұмыс жасады. Сол ұжымнан кетерінде жолдастарына арнап мынандай өлең жолдарын жазыпты:
Әуелден Кең Жылойдың түлегі едім,
Қайта бір оралуды тілеп едім,
Екі-үш жыл өздеріңмен араласып,
Көңілім жасарып бір түлеп едім.
Туған жер ыстық болып көрінесің,
Жасырам өздеріңнен оның несін
Бәріңде туғандай боп табыласың
Айғағы болсын соның осы кешім.
Жаныңыз жаманшылық көрмесін, денсаулығыңыз мықты болсын дейміз біз де. Атақ-абырой, құрмет, сыйластық дегендер ақшаға сатып алынбайтын, уақытпен екшеленіп, еңбекпен, мінез-құлықпен келетін нәрселер. Біреуді дәріптегенде алдымен оның кісілік, еңбекқорлық қасиеттері ауызға алынатыны да содан болса керек. Сәкең хақында сыр шертісіп, асқан құрметпен еске алған оның көзін көре қалған азаматтармен кездескен сайын, көкірек сарайың кеңейіп, осындай нар тұлғалы азаматтың сіңірген еңбегінің елеусіз қалмағанына қуанасың. Шектеулі ғұмырында ірілік танытып, кейінгі ұрпақ қадір тұтатындай асқақ өмір сүргендігіне қызығасың. Жан-дүниең жадырап, «менің елімнің азаматтары осындай болған» деген мақтаныш сезімі де бойды билейді. «Сен еліңмен емес, елің сенімен мақтансын» деген осы. «Әр қалада бір үйің болсын» деп Лұқман хакімнің баласына өсиет қалдырғанын, ал баласының сол өсиеттің түп мәні әр қалада өзімсініп баратын жаныңа жақын тілеулес досың болсын деген мағынасын терең түсінбей, әкесінің бар жиған-тергенін рәсуә еткендігі туралы әңгімені оқырман жақсы біледі деп ойлаймын. Дәл сол бабамыз қалдырған өсиеттей Сәкең ағамыз әр қаладан үй тіккен адам. Ат басын бұрған жақтың бәрінен дерлік оның жақындары, жолдастары кезігіп-ақ жатқаны. Бұл оның көпшілдігін, жолдастыққа, ағайыншылыққа деген ықыласын көрсеткендей.
Ақтаулық Қажымұрат Хайрушев та бұл пікірді толықтай мақұлдады. «Сағидолла Нұржановты 1976 жылдан бері білемін. Құдандалымыз. Ақылға бай, біреуге болмасын демейтін адам еді. Пейілі өте кең болатын. Ең әділ сарапшы - халық қой. Көзі бар кезінде де, өмірден өткесін де елі-халқының аузында оның тек қана жақсы істері, адамгершілік зор қасиеттері қалды. Ағайын арасының алшақтамай, үнемі тонның ішкі бауындай араласып жүруін үнемі назарда ұстайтын. Сол себепті де жиі басымызды қосып, жеке-жеке жағдай сұрасып, ерекше ниет білдіріп отыратын. Осындай отырыстардың бірінде жиналғандардың дені мұнайшылар болып шықты. Біреуі Алматыдан, екіншісі Грозныйдан мұнай институтын бітіргендер. Әңгімеміз жарасып, мұнай саласына байланысты бір мәселені талқылап жатырмыз. Әр кім өз алған білімі бойынша тұжырымдарын айтып әлекпіз. Сәкең де қызбаланып кірісіп кеткен. Арасында:
- Жігіттер, мен Мәскеуден бітірдім, оны білесіңдер той. «Площадь треугольника», «объем шара» дегендеріңнің формуласы мынау, ал «объем усеченого конуса»-деді де үндемей қалды. Біз үнсіз тыңдап отырмыз. Ұмытып қалғанын білдіргісі келмей, жанында отырған ұлы Махамбетке қарады. Оның да есіне түсе қоймаған сыңайлы. Әкесіне қарап тұрды да «пока по прежнему» деп соғып қалды. Сонда көңілі толған Секең басын шұлғып, «правильно по прежнему» деп әңгімесін одан әрі жалғай берді. Біз қыран-топан күліп жатырмыз, жарықтық сондай жол тапқыш, ойға зерек, тілге бай еді ғой.
Ол өзі үшін емес елі үшін ғұмыр кешкендей. Өйткені, оның артында өшпестей ізі қалды, халқы айта жүретін атқарған ісі, айтқан сөздері қалды. Әкедей қамқор, ағадай ақылшы, қайырымды туыс, адал дос бола білген Сәкеңнің асыл бейнесі мәңгілік ұмытылмақ емес». Осындай ақжарма тілек иесі Қажымұрат Хайрушев 1972 жылы Грозный мұнай институтын бітірген. Жолдасы Гүлшара да мұнайшы. Өзен, Жетібай, Қаражанбас кен орындарының ашылып, дамуына үлесін қосқан. Қазір Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы. Үш баланың, олардан тараған немерелердің бақытына бөленіп отырған жандар. Адамдар арасындағы сыйластықты, адалдықты пір етеді. «Бірін-бірі батыр деген» өсер елдің ұрпақтары бір-біріне бауырмал, шыншыл болса деп армандайды. Егеменді еліміздің ертеңіне, жастардың болашағына сеніммен қарайды. 1967-68 жылдары Сағидолла Нұржанов кәсіподақтардың Атырау облыстық Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарады. Өндіріспен өніп, өндіріспен ер жеткен жігіт үкімет жұмсаған жердің бәрін оң көрді. Бар күш-жігерімен еңбек етті. Соның ішінде аса қиналған тұсы кәсіподақ кеңесіндегі кезі болыпты «Түзде туып, түзде өскен» сияқты кең далада, қайнаған жұмыс ортасында жүріп үйренген Сәкең өзін бір қапырықта қалғандай сезінеді. Қал сұрасқандарға жұмысы түскірді жүргіземіз ғой... дегенмен... дейді екен сөзінің аяғын жеп. Бір күні облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхамбет Айтуұлы Есеновпен кездесіп қалатынға ұқсайды.
- Қалайсың Сағидолла? «Кәсіподақ коммунизм мектебі» деген жұмысыңа үйреніп қалған шығарсың? - дейді. Сонда Сәкең:
- Коммунизмі бар болсын, маған сол социализмі дұрысырақ еді» депті. Сөз тапқанға қолқа жоқ деген, хатшы ойланып қалыпты.
Сағидолла Нұржановтың балаларының үлкені Шарбат қыз да болса әкесімен сырлас, пікірлес болыпты. «Әкем қандай қызметке барса да әңгіме арасында маған ойларын айтып, бөлісіп отыратын. Есімде қалсын дегені ме қайдам. Кәсіподақ кеңесінде төраға болып жүрген кезіндегі бейнесін әлі ұмытқан жоқпын. Көңілі толыңқырамады ма, әйтеуір өз мамандығына қарай тартты да тұрды. Мұнайшылар туралы әңгімелерді жан-тәнімен беріле тыңдап, өндірісте болып жатқан жетістіктерге сүйсініп, қиыншылықтарға қиналып, біресе қуанып, біресе күйіп - пісіп отыратын. Сол кездегі мына бір әңгімесі есімде қалыпты.
«Баласы әкесінен: -Әке, партия, өкімет, кәсіподақ деген не? - деп сұрайды. Сонда әкесі: Партия деген - мамаң, тапсырма береді, орындалуын тексереді, өкімет деген-әкең, оның айтқанын орындайды. Ал кәсіподақ деген - әжең, айтуын айтады, бірақ оны ешкім тыңдамайды». Осындай толғаныспен атқарған ісінен нәтиже болса да көңілі орнықпаған Сәкеңнің 1970 жылы айы оңынан туды. Сол кездегі мұнай өндірісі саласының алты алыбының бірі Өзен мұнай-газ өндіру басқармасына бастық болып ауыстырылады. Басқарма сол кездегі орысша «Новый-Узень» аталған шағын қалада орналасты. Кейінірек қала «Жаңаөзен» болып қайтадан жаңа атауға не болды. Аты «Өзенге» теңелсе де бұл қала айналасында не көлі, не өзені жоқ кезінде ұшқан құсы көзге түспейтін, ұршықша үйірілген құйыны мол, елсіз жатқан жапан даланың бір шетінде орналасқан. «Ұйқыдағы аруға» жан бітіп, жеті қат жер асты толғата бастап, өз қазынасын ел игілігіне ұсынар сәтте, уақытша мұнайшыларға арналған орын ретінде ұйымдастырылыпты. Басында қала салу жоспарда жоқ болғанға ұқсайды. Мұнайшылар Ақтау қаласынан қатынауға тиіс екен. Алайда жол қашықтығы, күнделікті қызмет қажеттілігі Өзен, кейіннен Жаңа Өзен қаласының салынуына себепші болса керек. Осылайша, 1964 жылдың көктемінде қаланың алғашқы қадасы қағылады. Дәл осы жылы Өзен мұнай-газ өндіру басқармасы құрылып, тұңғыш бастығы болып Рахмет Өтесінов тағайындалады. Дәл осы тұста Рахмет Өтесінов атамыздың зайыбы Сақыш апаның айтқан бір әңгімесі есіме оралып отыр. «Ағаң екеуіміз де жаспыз. Атаңның ой тарамдарына тың даладан қазына өндіру, оны халық игілігіне жарату сияқты қиялға ұқсас нәрселер әбден сіңіп қалған. Оны тоқтату, болмаса оның ойына ой қосу мүлдем мүмкін емес еді. Мен жүрексіне бастадым. Онымды жасырған да жоқпын. Бұрқыраған құм көз аштырмайды. Қойын-қонышыңнан гуілдей соққан өкпек жел, бір жерге тұрғызуға мүмкіндік берер емес. Домалана ұшқан қаңбақта есеп жоқ. Ағаңның қолында бір таяқша, мына жерде қала болады, онда аурухана, балабақша, мектеп бәрі-бәрі салынады. Ал сен, сол №1 мектептің директоры боласың деп маған ақсия күліп қояды. Менің көңілімді аулады ма, әлде шындығы осы ма оған аса мән бермей сенімсіздік білдіргенім рас еді. Бірақ жылдар өте сол қиялға санаған ағаңның армандары толықтай іске асты. Әп-әсем қала бой көтерді. Мен №1 мектептің тұңғыш директоры болдым»- деп бірде Сақыш апа өткен өмірге көз жіберіп еді. Мұнайшылар қалашығы атанған жас қаланы өндіріс ошағы десе болғандай. Іргелес Ескі өзен, Теңге поселкелері сол кезде мұнайшылар жатақханасы атанған. Оның себебі екі ауылдан таң сыз бере жұмысқа аттанған мұнайшылар ауылдарына күн бата жатын орынға ғана оралады екен. Өзен кен орнының алғашқы мұнайы 1961 жылы 15 желтоқсанда 1 ұңғыдан алынды. 1248-1261 метрлік тереңдіктен атқылаған мұнай бұрқағы атақты Өзен кенішінің бастауы болды. Осы бір тарихи сәтке куә болған М.Кулебакин басқарған бригаданың жігіттері Е.Қараев, Д.Арғымбаев, Т.Опиев, С.Денов тағы басқа да көшбасшылар еді. Осындай ұлы дүбір жетегінде Өзен аты әйгілі кен орнына айналды. Ен даласын бір-біріне бас шұлғыса мақұлдасқан мұнай качалкалары, бойларын көкке созған мұнаралары жайлаған Маңғыстаудың қасиетті топырағы қойнауындағы мол қазынасымен аты шығып тұрған түс еді бұл. Сағидолла Нұржанов келе сала іске кірісті. Баяғы сол тынымсыз, ізденгіш, жұмыс дегенде ішкен асын кейінге ысыратын ғадеті. Жаңа ұжым болғанмен өзінің қарапайым да білгірлігінің арқасында тез сіңісті. Өзен мұнайының басқа өнімдерге қарағанда өзіндік ерекшелігі болды. Ол құрамында балауыздың көптігі. Оның қатуы үшін 30-35 градус жеткілікті екен. Ең маңызды саналатын осындай кедергілерді жою барысында мамандарды біріктіріп, шара алына бастады. Сөйтіп, су ысытатын және ыстық суды қабатқа айдайтын тәжірибелік қондырғы дүниеге келді. Аталмыш қондырғының техникалық тиімділігін арттыру ғылыми-зерттеу орталықтарымен бірлесе, келісе отырып жүзеге асты. Мұнай өндірісіндегі күрделі мәселелер осылайша оңынан шешіле бастады. Орталықтың назары Өзен кенорнында. Көзделген меже биігінен төмендемеу, өнім деңгейін қалыпты ұстау, әйтеуір қатаң талап, көрсетілген сенім басшыға бір сәттік мігір жасауға мүмкіндік бермеді. Оның үстіне 1966-1970 жылдар аралығында Маңғыстау мұнай-газ кенорындарын игеруді тездету жөнінде Одақ қаулы қабылдап, 1970 жылы мұнай өндіру көлемін 15 млн. тоннаға дейін жеткізу міндеттелген. Жылдар жетелеткен іс-тәжірибе Сәкеңе батыл шешім, нақты іс-қимыл жасауға толықтай мүмкіндік берді. Сондықтан да оның әр ісінен сындарлы нәтиже жемісі айқын көрініп тұрды. Өндіріспен қабаттас қаланың әлеуметтік саласына, жалпы инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлді. С.Нұржановтың басшылық қызметтегі ұстанған басты бағыттарының бірі-өндірісті жүгендеп жүрген мұнайшыларға жағдай жасау болатын. Сөз арасында «барлық жұмысты атқаратын да, жетістікке жеткізіп, абырой биігіне көтеретін де адам күші. Сондықтан оларға жағдай жасау, олардың денсаулықтарына зиян тигізбеу факторларын бірінші кезекке қою, кезек күттірмейтін мәселе болуға тиісті» деп отыратын. Бұл жолы да солай болды. Осы орайда бастағы шаштан көбірек мәселелерді шешу жолында барлық мамандарды бір қолға жұмылдыра білді. 70-жылдары Өзен кен орнында қабатқа су айдайтын қондырғы пайдалануға берілді. Бұл-дүние жүзінде пайдаланған тұңғыш өндірістік-тәжірибелік қондырғы болатын. Бұған қоса тәуліктік қуаты 2500 текше метр болатын тораптық сорап стансасы арқылы теңіз суын қабатқа айдайтын объект пайдалануға берілді. Осы қызметке тағайындар алдындағы бір қызықты әңгіме әлі күнге ел аузында. «КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің Орта Азия және Қазақстан Республикалары бойынша Бас басқармасы С.Нұржановты қызмет алды пікірлесуге шақырады. -Қалай Сағидолла Нұржанович, Өзен деген анау-мынау оңай жер емес. Өзен - уникальное месторождение. Алып кете аласыз ба? - дейді Қара Қараев сынай қарап. Сонда Сәкең түк ойланбастан:
- Берсе, мына сіздің жұмысыңызды да қоса дөңгелетер едім» - депті.
Осындай өжеттігі, ұзақ жылдық тәжірибесі оны алға жетеледі. Қызмет бабындағы келеңсіз жәйттер оның сағын сындырмады, жігерін жасытпады.Қиындықты жеңіп көздеген меже биігінен көрінуді ғана мақсат етті. Бірде өндіріске Одақтық Мұнай өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары С.А.Оруджев келгенге ұқсайды.Үлкен лауазым иесі ешкімді бет қаратпайды. Ешкімнің пікіріне құлақ аспастан айқайдың астына алады. Мамандардың сөзін сөз демей, жоспар орындалмайды деген желеумен барлығын кінәлап, жер-жебірлеріне жетеді. Кінәлі бол, болма үндемеуден басқа жол жоқ. Мына қорлыққа шыдамаған Сағидолла Нұржанов орнынан көтеріледі де нық дауыспен: -Сәбит Атаевич, орынды жерінде сөйлемесе сөздің атасы өледі деген. Біз де бұл жақта шошқа тағалап жүрген жоқпыз. Қысқа жіп күрмеуге келмейді деген жетпестіктеріміз көп. Мәселен.. - деп тізбектей жөнеледі. Министр екен деп қаймықпастан, әлдебіреулер секілді бұқпантайлап, жалтақтамастан, мұнайшы мамандардың атқарып жатқан істерін шешімін күткен проблемаларды, мамандардың өз күштерімен қол жеткізген жетістіктерін жария етеді. Бетіне кісі қаратып сөйлетпеген министрдің орынбасары шамданып, көкірегін керіп : -Нұржанов сіз жұмыстан боссыз дейді. Көп ұзамай Сәкең қызметтен босайды. Оның Өзеннен кетуіне себепші болған осы оқиға деседі білетіндер. Бұл оқиға туралы біреулер үндемей-ақ қойса болатын еді десе, екіншілері дұрыс болды істеген ісімізді жеткізе айту басшының міндеті емес пе деген де пікірлер айтылыпты. Өзен мұнай-таз өндіру басқармасы сол өңірдегі бірден-бір тіршілік көзі болып саналатын. Себебі, бұл шағын қала тектен-тек «мұнайшылар қалашығы» атанған жоқ еді. Жүзден астам ұлттың басы біріккен бұл шағын қалада шешімін күткен мәселелер шаш етектен болатын. Балабақша, аурухана салу, тұрғын үйдің жетпеушілігі, қала көркін жақсарту, не керек қыруар іс жетегінде Сағидолла Нұржанов та алдына жан салмай қомақты жұмыстар атқарды. Өндіріспен қабаттас мұнайшылардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту басты міндет екенін түсінген басшы, әр уақытта да «адам - ең басты байлығымыз. Нәтижелі еңбекке қол жеткізу үшін адамның жағдайын жасауымыз керек» деген сөзді жиі айтады екен. Ол бұл басқармада мұнай өндіру процесін басқаруды жаңа жүйеге өткізуді ұйымдастырып, жүзеге асырды. Нәтижесінде мұнай кәсіпшілігі басқармаларымен қоса, мұнай өндіру басқармалары, ЦИТС, БПО сияқты қосалқы бөлімшелер ашылып, өндіріс өлшемінің көбеюіне, халықтың жұмыспен қамтылуына көптеген септігін келтірді. Сағидолла Нұржанов 1972 жылдың соңында Прорва мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы болып қайта оралады. Ал, 1975 жылы оған Шегендеу басқармасын ашу тапсырылды. Аталмыш басқармада 1988 жылға дейін қызмет етіп, осы басқармадан құрметті еңбек демалысына шығады. Қандай жұмысқа жіберілмесін білек сыбана кірісетін Сәкең бұл басқарманың ашылып, аяқтан тік тұрып кетуіне бір кісідей ат салысты. Ұзақ жылғы жиналған тәжірибе өз нәтижесін қадам басқан сайын көрсетіп, ұтымды әдістерді жүзеге асыруға себепші болды. Шегендеудің жаңа технологияларын ойлап тауып, өндіріске жедел де уақтылы енгізіп отырды. Шегендеу басқармасы (ол кезде контора болған) мамандардың айтуы бойынша таза С.Нұржановтың еңбегі, соның бастамасы. Игі бастама іске асып, өз нәтижесін берді. Өзі мұрындық болған кәсіпорынның аяғынан қаз тұрып кетуіне Сәкең бар күшін салып бақты. Басқа мұнай-газ өндіру басқармалары жанынан шегендеу цехтарын ашып, олардың өндіріс бабында діттеген межеге жетудің басты көзі болатындығына қамқор болды. Ол әдеттегідей алдына мақсат қойды, соған жетті, жетістігін көрсетті. С.Нұржановтың есімі Теңізде болған әйгілі өрт оқиғасы кезінде асқан ризашылықпен мың мәрте ауызға алынды. Оның да өзіндік себебі бар. Бұл 1985 жыл болатын. Нөмірі 37 ұңғыда жарылыс болып, биіктігі 200 метрге дейін жеткен тілсіз жау жалыны бір жылға жуық басылмай қояды. 5000 метр тереңдіктен жоғары қысыммен атқылаған мұнай мен газ айналаны опан-топан етеді. Сарқамыс поселкесі апатты аймақтан бар болғаны 25 шақырым жерде орналасқан болатын. Сол уақыттағы зерттеулер өрттен адам ағзасына тиетін әсер 5-50 есеге дейін көбейгендігін көрсетті. Ұңғыға жақын ұшып бара жатқан құс екеш құс та жерге жалп етіп құлап, лезде жан тапсырып жатты. Бұл бұрын соңды Одақ көлемінде кездеспеген «айлапат апат» деген баға алды. Арнаулы комиссия, штаб құрылып өрт себебі айқындалып жатты. Бірақ сол тұстағы басты мақсат апатты жою болатын. Халық қатты қобалжыды. Кейбірі далаға кетіп, кейбірі орындарында дағдарып қалған сыңайлы. Дені бала-шаға, әйел адамдар. Төбеден төнген 40 градустан астам ыстық өрт қызуымен одан әрі күшейіп, «жығылғанға жұдырық» болғандай. Сол кездегі «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестіктің бастығы Бөлекбай Сағынғалиев халықты көшіру жөнінде шұғыл бұйрық береді. Орасан зор екпінді ашық өрт бұрқағын сөндіруге Одақ көлемінде шара алынды. Мұнай министрлігінің бұйрығымен арнайы құрылған штабтың бастығы тете министр В.И.Игревский, тете бастығы Б.Сағынғалиев болып бекітілді. Аз уақыттың ішінде бауырлас Беларуссия, Украинадан, Кавказдан арнайы топтар келіп, көмек қолдарын созды. Санада бір-ақ мақсат апатты ауыздықтау. Ерлікпен теңдес іс-қимыл басталды. Әр түрлі техникалық шаралар пайдаланылды. Жігіттер 399 күн бойы аяқтан тік тұрып еңбек етеді. «Ия, жігіттер 399 күн бойы күн демей, түн демей аяқтан тік тұрып жұмыс жасады. Өндірістегі мұндай апат бұрын соңды дүние жүзілік деңгейде болып көрмеген. Несін айтасыз, сол кездегі қауіп-қатер, әлде қалай болады деген күмән мен қорқынышта жасыратыны жоқ шек болмады. Апат басталысымен әр салада әр түрлі шаралар жедел алына бастады. Негізгілерінің бірі нөмір 100,101 ұңғымаларды көлбете қазып, 37 ұңғыманың түбіне жақындап, бұрқақты басып сөндіру еді. 100 ұңғыманы волгоградтықтар қазатын болды. Ал 101 ұңғыны көлбетіп қазу Балықшы басқармасына жүктелді. Екі ұңғыны қазу да межелеген уақытта тиісті тереңдікке жақындады. Бірақ, бұл ядролық жарыс жалпы адамзат үшін аса қауіпті болатын. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген ақылдаса келе бас штаб басқа шешім қабылдады. Өзіміздің Петровский атындағы зауытпен және шетелдік «Камерон», «Отис» компанияларымен бірлесе отырып, ұңғыманың аузына гидроқондырғы қондырдық. Сөйтіп, қуаты жоғары 400-К бұрғылау қондырғысы монтаждалды. Кездескен қиыншылықтарды, кедергілерді саусақпен санап жеткізе алайсың. Дегенмен алапат ошағы ауыздықтала бастады. Енді ұңғыға ауыр саз ертіндісін айдау басталды. Бұл ең соңғы, ең жауапты іс болатын. Ерітілген саз сұйығымен ашық бұрқақты басу тәжірибелі мұнайшы, Шегендеу басқармасының бастығы Сағидолла Нұржановқа тапсырылды. Өзіне тапсырылған жұмыстың қиын да қатерлі екенін жақсы түсінген кәнігі маман, өзінің шалт қимылымен жігіттерді алға бастап, күткен істі ойдағыдай аяқтап шықты. Сол кездегі Сәкеңнің, оның қасындағы жігіттердің жан кешті еңбегі әлі күнге қаз-қалпындай көз алдымнан тізбектеліп өте береді. Бұл дегеніміз өз мамандығына терең берілгендік, еліне деген шынайы сүйіспеншілік деп түсінемін, - деп еске алады О. Есқазиев. «Қате аяқ астында» деген теп-тегіс жолдың үстінде Сәкең мінген машина аударылып, кездейсоқ жол апатына ұшырайды. Доссор да Шегендеу цехын ашпақ болып бара жатқан сапары болса керек. Жан-дәрмен күй кешіп аурухана төсегіне таңылған Сәкең айналасына сыр бермесе де халі өте жақсы емес еді. «Бойдағы алапат жігер, бірінші алланың қолдауы, екінші ақ халатты абзал жандардың еңбегі әкеміз сауығып шығып, қайтадан еңбекке араласып кетті» деп еске алады Сәкеңнің балалары. Денеге түскен сызат жанын қинаса да ол өзі бастаған ісін тастағысы келмеді. Бірақ бәрі де адамның дегеніндей бола бере ме? «Сәкең бір күні ұжымын жинап алып, шағын жиналыс өткізді де, өзінің жұмыстан кетуге шешім қабылдағанын мәлімдеді. Талай жыл қызметтес, тағдырлас болған азаматтарға алғысын айтып болашақтарына ақ жол тіледі де шығып жүре берді. Сол кездегі жүректі сыздатқан қимастық сызын әлі күнге жанымызбен сезінеміз» дейді осы оқиғаға куә болған Сәкеңнің бір топ жолдастары. Қазақта «Азаматты бітірген ісінен гөрі бастаған ісіне қарап бағала» деген қанатты сөз бар. Шамасы бабаларымыз бұл жерде өткінші іс пен өміршең істердің болатындығын болжаса керек. Ал біздің Сәкең өз өмір жолында мәңгілік қалатын өзекті істер тындырды. «Еңбек» атты қасиетті табалдырықтан бозбала болып аттаған ол, қабырғасы қатып толыққанды маман болғанға дейін, әр ісінің игілікті болуына ерекше мән берді. Еңбегі еш кетпеді. Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген мұнайшысы, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері С.Нұржанов 1988 жылы осы басқармадан құрметті еңбек демалысына шығады. Кез келген мінбеге өрмелеп, өзін көрсетуге тырыспай, ешкімге жарамсақтанып, ешкіммен жарыспай, өзінің бойындағы таланты мен талабын ұштастырып, көп құрметіне бөленген Сәкең, зейнеттемін деп бөлсінбеді. Сұрағанға жәрдем беріп, білгенін үйретуден жалықпады. Ауру меңдеген тұста да айналасына сыр бермей, бәз баяғыша аузынан әзілі түспеді. Мұнай өндірісіндегі жағымды жаңалықтарды құлағы шалса, жастықтан басын көтеріп алып, дария көңілі мәз болды. Кемшіліктер естісе қапаланып, жаны күйзелді. Бұл дүниеден бақиға аттанғанша қоғамдағы, соның ішінде өндірістегі жаңалықтардан құлағдар болды. Оның мамандығын сүйген, елін қастерлеген, жора-жолдастарын аса жоғары бағалаған тектілігі мен абзалдығы да осында. 1994 жылы Сағидолла Нұржанов қайтыс болды. Арада жылжып жылдар өтті. Жылдар жылғадан жылжып аққан сумен тең деген рас екен. Өмір заңымен талай адам өмірге келіп, өмірден кетіп жатты. Өшпегені жақсының аты, оның жасаған ісі. С.Нұржанов өмірден кетсе де, оның есімі халқының жадында мәңгілік сақталды. Бұл жанды сөзімізді мұрағат құжаттары да дәлелдей түскендей. Өзінің 85 жылдық торқалы тойын атап өткен облысымыздағы ата басылым «Атырау» газетінің тігінділерін ақтарып отырсақ, тура тарих тұңғиығына батып кеткендей боласың. Небір шашасына шаң жұқтырмаған асылдарымыз туралы мақалалар, фото суреттер көзіңе оттай басылып, бас көтеруге мұрсат бермейтіндей. Осы газеттің 2001 жылдың желтоқсанындағы №143 санында «Жерлесіміз, мұнайшы Сағидолла Нұржановтың туғанына 75 жыл» деген айдармен «Елге қылған жақсылық еленбей қалмайды» деген топтама материал жарық көріпті. Марқұм мұнайшы геолог Қожыбай Әлжанұлы Игілік ағамыз «Өнегені өз ісінен көрсеткен» деген тақырыпта мақала жариялапты. Мақала мазмұнына көңіл бөліп көрейік. «Адам бойындағы адамгершілік асыл қасиеттердің қандай кезеңде де көрініп, көптің ықыласын өзіне аударатыны белгілі. Сонау 1962-77 жылдары Прорва, Маңғыстау мұнайлы өңірлерінде әртүрлі дәрежеде жұмыс атқарған кезімізде, небір парасатты азаматтармен жұмыстас болып, мерейіміз өсіп еді. Солардың бірі де бірегейі, өзінің ақжарқын мінезімен қай ортаны да жандандырып жіберетін, білікті инженер Сағидолла Нұржанов болатын. Ол Прорва, Қошқар, Жаңаөзен мұнай басқармаларын басқарып, еңбекте жетістіктермен көрінді. Жас маман-кадрлерді тәрбиелеп, тәжірибе үйретті. Қысы-жазы қиындықтарға қарамай, өндірісті жаяу аралайтын. Қандай қиыншылық кездессе де көңіл көтеретін әзілімен жұмысқа жұмылдырып, көпшілікті серпіп тастаушы еді. Сондықтан болар, ол басқарған Прорва, Қошқар сияқты кен алаңдарының даңқы кезінде аспанға өрлеп тұрды. Сәкең «Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы» деген жоғары атақ, «Құрмет белгісі» ордені, бірнеше медалдармен марапатталды. «КСРО мұнай өнеркәсібінің үздігі» белгісіне ие болды. Бүгінде мерейгерді еске ала отырып, өзі ашушылардың бірі болып, көп жылдар басқарған Прорва өндірісін елімізге еңбегі сіңген мұнайшы Сағидолла Нұржановтың атымен атаса деген ұсыныс айтамыз. Бұл көпшілік мұнайшылардың ақ ниет тілегі. Мен сол жылдары Прорва бұрғылау мекемесінде бас геолог, 1968-73 жылдары Жаңаөзен аудандық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс атқарған кездерімде, ақ жарқын азамат Сағидолла Нұржановпен бірге еңбек еттім. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталып қалды. Ендігі біздің борышымыз өнегелі өмірді ұрпаққа мирас етіп қалдыру». Бұл мақаладан төменірек соғыс ардагері, «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержігіт Нұрханов ағамыздың «Майталман мұнайшы» атты мақаласы жарияланыпты. Мазмұны: «Сағидолла Нұржановтың есімі - Ембі, Маңғыстау мұнайлы өңірінде білімді, тәжірибелі ұйымдастырушы, инженер-мұнайшы ретінде көрнекті тұлға болып қалып отыр. Ембі кәсіпшіліктерінде бас инженер, басқарушы болып еңбек ете жүріп, алғашқы рет ұңғыларды цементпен бекіту әдісін өндіріске енгізді. Сол кезде инженер болған Б.Сағынғалиев екеуі осы әдіс жолында ғылыми ізденіс жүргізді. Әсіресе, инженерлер: Р.Өтесінов, С.Хисметовпен бірге мұнай өндіруді автоматтандыру, бір орталықтан басқаруға жүйелендіру жұмыстары жемісті болып, дене еңбегін жеңілдетуге көп пайдасын тигізді. Ұңғыларды бір орталықтан пульт арқылы басқару жүзеге асырылды. Осының барлығы сол кездерде өндіріске көп пайда әкелген техника жаңалықтары болатын. Іскер, тез шешім қабылдап, айтылған жұмысты мұқият, табыспен орындап шығуға адамдарды жұмылдыра білетін. Өндіріспен бірге өзі де өсіп, тәжірибесі молая берді. Халықтық педагогикадан мол тәжірибе жинақтаған жан. Жастайынан адамгершілікке, мейірімділікке, ізгілікке бой ұрып, сол ұқыптылықтың арқасында өмірден көргені мен түйгенін еңбекте шыңдай білді. Сөзге шешен, іске білікті - өз ісінің шебері болып, өмір жолы айтарлықтай мазмұнды өтті. Сарқамыс поселкесінің халқы Сағидолланы өте жақсы біледі. Жергілікті тұрғындардың да тілегі «Прорва» мұнай газ өндіру басқармасына Сағидолла Нұржановтың есімі берілсе екен деп отыр». Бұдан әрі Республикалық дәрежедегі зейнеткер, байырғы мұнайшы Орынғазы Есқазиев ағамыздың «Мамандығына шексіз берілген жан еді» деген мақаласы жарияланыпты. Мазмұны: «1957 жылдың күзі, қыркүйек айы болатын. ҚазМУ-дың геология факультетін бітіріп, «Қазақстанмұнай» бірлестігіне жолдамамен келген кезім. Ол кезде бірлестік бастығы Досмұхамбетов Жолдасқали. Сол кісінің бұйрығымен мені Қошқар кәсіпшілігіне жұмысқа жіберді. Қошқар кәсіпшілігінің директоры Рахмет Өтесінов (бүгінде аты республикаға танымал мұнайшы, жазушы). Осы кәсіпшіліктің бас инженері Сағидолла Нұржанов екен. Міне, осы кезеңнен бастап Сәкеңмен жұмыстас болдым. 1956 жылдан бастап Сәкең кәсіпшілік бастығына көтерілді. Кәсіпшіліктегі жұмысымыз өте жемісті болды. Мұнай өндірудің айлық, жылдық тапсырмалары артығымен орындалып, жоспардан көрініп жүрдік. 1963 жылдың сәуір айында Прорва мұнай газ өндіру басқармасы құрылды. Ол басқарманың бірінші бастығы Сәкең еді. Сәкеңнің бір ерекше қасиеті - үлкен, кішімен бірдей тіл табысып, жұмысқа жұмылдыра білетін. Прорваны басқарған жылдары іскерлігін танытты. Мұнайды мол өндірумен қатар, әлеуметтік шараларға да үлкен көңіл бөлді. Құрылыс бригадаларын ұйымдастырып, тез арада 6, 8, 14 пәтерлік үйлер салдырды. Өндірісте алдыңғы қатарлы озық технологияны пайдалануды, ауыр жұмыстарды жеңілдетуді, жұмысшылардың кәсіби шеберлігін арттырады ойлап жүретін. Прорва мұнай-газ өндіру басқармасы бірлестік бойынша фонтан әдісімен мұнай беретін бірден-бір алдыңғы орындағы кәсіпшілік ретінде танылды. Кейбір скважиналар мұнда күні бүгінге дейін фонтан беріп тұрған көрінеді. 1966 жылдың басында Сәкеңді Жетібай мұнай газ өндіру басқармасына бастық етіп жіберді. Маңғыстау жерінде де Сәкең өшпестей із қалдыра еңбек етті. Маңғыстау мұнай бірлестігінің (бастығы С.Өтебаевтың) орынбасары болды. 1968-72 жылдары Гурьев облысының кәсіподақтар комитетіне басшылық қызметке келді. Кейіннен бірлестікке қарасты Тампонаж конторының директоры болып, 1988 жылы зейнеткерлікке шықты. Осы жылдарға дейін 30 жыл Сәкеңмен қоян-қолтық жүріп, көршілес, жұмыстас болған екенбіз. Күн сайын телефон соғып, жұмыс бағытында сөйлесіп алатынбыз. 1994 жылы 27 желтоқсанда біздің Сәкең қайтпас сапарға аттанды. Жомарт жанды, дархан, ақкөңіл, тамаша адам, үлкен еңбекқор ағамыз Сағидолла бүгінде 75 жасқа толар еді. Кәсіби шебер мұнайшы ретінде танылған Сәкеңнің алған атақ, дәреже марапаттаулары өз алдына бір төбе. Әлденеше рет Гурьев, Маңғышлақ облыстық партия комитетінің, Мақат, Ембі, Өзен, Бейнеу аудандық партия комитеттерінің мүшесі, Гурьев және аталған аудандардың Кеңес депутаты болып сайланды. Дүние жүзіне әйгілі Теңіз кенішінің атышулы №37 ұңғысынан 1985 жылы маусым айында ашық мұнай мен газ фонтаны атқылады. Ол кезде Сәкең Тампонаж конторын басқаратын. Конторының ұжымымен 20-30 агрегаттарымен №37 ұңғыны сөндіруге басынан аяғына дейін қатысты. Ең соңғы, ең жауапты операция: скважинаға ерітілген саз сұйықтарын айдап, ұңғының ашық фонтанын басуды Сәкең басқарды. Бұл деген ерен еңбек, өз мамандығына деген шексіз берілгендік, Отанға, жерге деген перзенттік ақ адал қызметтің көрінісі. Кейінгілерге өнегелі іс боларлық тағылым. Сәкеңнің балалары да бұл күнде бір-бір азамат, ұлдары Асқар, Сүндет, Махамбет, Амантай, қыздары Шарбат, Қарашаш әр салада жұмыста. Осындай біртуар тұлға Сағидолла Нұржановтың еңбегі бағаланып, мәңгілік есте сақтау үшін Прорва мұнай-газ өндіру басқармасына осы майталман мұнайшының есімі берілуін ұсынамын. Тұрған үйінің қабырғасына мемориал тақта ілініп, қаладағы бір көшенің аты Сағидолла Нұржанов есімімен аталса нұр үстіне нұр болар еді». Геология-минерология ғылымдарының кандидаты Мақаш Балғымбайұлы, Сағидолла Нұржановтай Қазақстан мұнайына еңбегі сіңген абзал, адал, бірегей азаматтың, майталман мұнайшының зор еңбегі бағаланып, тарихта мәңгілік қалуы керек деген ойын «Ақ жарқын абзал азамат» деген мақаласында біраз деректер келтіріпті. Аталған мақала мазмұны жоғарыда келтірілуі себепті қайталап жатуды жөн деп таппадық. Аталмыш басылымның 5 наурыз 2002 жылғы № 30 санында тағы да «Елге қылған жақсылық еленбей қалмайды» деген тақырыппен бірнеше топтамалар жарық көріпті.
* * *
Жылойдың ардақтаған асыл ұлы.
Сарқамыс елді мекеніндегі қарт мұнайшылар көпті көрген көненің көзі екені жасырын емес. «Біздер осы мекендегі тұңғыш мұнай фонтанын атқызып, мұнайшылар поселкесінің алғашқы ірге тасын қалаған адамдармыз. Осындағы мұнай басқармасында ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтық. Әрине, біздің бүгін айтпағымыз бұл емес. Біз көптен бері ойда жүрген бір пікірді қозғағалы отырмыз. Мұны өзге жақтағы әріптестеріміз бірінші болып бастады. Ол Атырау газетінде жарық көрді. Онда олар абзал азамат, майталман мұнайшы-инженер Сағидолла Нұржановтың еңбегін аса бағалап, өмірден өткен марқұмның есімін есте қалдыруды барша жұртқа ұсынды. Бұл пікір біздің де ойымыздан шықты. Сондықтан осыны бір ауыздан қолдағалы отырмыз. Сағидолла Нұржанов өз халқына қалтқысыз еңбек етіп, зор атақ пен абыройға ие болған азамат еді. Нағыз қайрат-қажыры, күш-жігері толысқан шақта біздің Прорва кәсіпшілігінің алғашқы басшысы болды. Ол өте қарапайым, әр жұмысшының мұң-мұқтажына, қуаныш пен қайғысына ортақтасып, қолдан келген көмегі мен жақсылығын жасаушы еді. Әйтеуір адамға деген қамқорлығы көп болатын. Сонымен қатар жұмыста талапшыл, әр нәрсенің ыңғайын білетін жан болды. Еңбек тәртібін де естен шығарған жоқ, айтқанын орындататын. Өзін марапаттағанды, өтірік сөйлегенді жақтырмайтын. Мұнай саласындағы бай тәжірибесін жас мамандарға да үйретуден жалыққан емес. Өйткені, ол кезде мұнайдың инженер-техник қызметкерлері бүгінгідей көп емес болатын. Уақыт тауып көптеген мұнайшыларды осы мамандыққа баулыды. Жақсы ізбасарларын қалдырды. С.Нұржановтың тағы бір жақсы қасиеті тек өндіріс саласын бөліп қарамай, мұнайшылар поселкесін көркейтуге, мәдениетін өркендетуге, мектеп, балабақшалар салуға белсене атсалысты. Оқушылардың жазғы демалысын да шебер ұйымдастырды. Мәдениет ошақтары жанданды. Марқұм Сағидолла басшы болған кезде Прорва мұнай кәсіпшілігі өндірістік тапсырманы үнемі асыра орындады. Кәсіпшіліктер арасында жоғары көрсеткіштіктерге жетіп, Бүкілодақтық жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Соның арқасында мұнайшы, жұмысшылар орден, медальдармен, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Сөз жоқ мұның бәрі ұйымдастыру қабілеті жоғары Сағидолла Нұржановтың еңбегі екені айқын. Ол кісі біраздан кейін қай жұмыста болғанда да өз қызметін мінсіз атқарды. Өнегелі ісін көрсете білді. Сондықтан біздің тілегіміз, Сәкеңнің есімін ұмытпауымыз керек. Құзырлы орындардан өзі тұңғыш басқарған басқармаға Сағидолла Нұржановтың есімін беруді сұраймыз. Сарқамыстағы қарт мұнайшылардың ұсынысы аяқсыз қалмайды деп үміттенеміз. Бұл осы өңірдегі барлық тұрғындардың ұйғарымы». Сарқамыстық қарт мұнайшылар: Қ.Ахметов, Қ.Қапаров, Б.Динов, С.Идиров, Қ.Сатаев, С.Андиров, Ы.Ыбыраев т.б. Бұл ұсынысқа барлығы 78 адам қол қойды.
Мұнайшылар мақтанышына айналған жан.
Біздің әкелеріміз мұнай саласында болып, тұңғыш мұнай алаңдарын ашуға қатысқан адамдар. Қиын-қыстау кезеңде уақытпен санаспай еңбек етті. Жер кепелерде тұрып жасыған жоқ. Жеті қат жер астының байлығын игеруге жан-тәнімен беріле жұмыс жасады. Біз оларға қызыға қарайтынбыз. Менің есімде, сонау 1960 жылдардың басында Тереңөзек, Қаратон мұнай алаңдары қарқынды бұрғыланды. Біз ол кезде баламыз. Кейін Прорва алаңын бұрғылау басталды. Ел үдере көшті. Біздің әкелеріміз де сол лекпен аттанды. Мен осы кезде біздің үйге келіп жүрген талай адамдарды көрдім. Көбін әлі ұмытқаным жоқ. Солардың бірі Сағидолла Нұржанов ағамыз болатын. Осындай жандарды көргенде «өскенде мен де міндетті түрде мұнайшы боламын» деп өзіме-өзім мақсат қойдым. Оным жүзеге асты. Қазір мұнайшылар қатарында жүргенімді мақтаныш санаймын. Ал бұл мамандыққа жетуіме Сәкеңнің (Сағидолла) көп әсері болған сияқты. Сағидолла Нұржанов ағамыз прорвалықтарға белгілі адам. Ол кісі жөнінде әңгіме айтылса ішкен асын жерге қоятындар көп. Өйткені, Сәкеңнің адамгершілік қасиеті, ұйымдастырушылық қабілеті мол болған жан көрінеді. Елге жасаған жақсылығын айтқанда ауыз аштыратын жандар аз емес. Сүйсіне тыңдайсың. Прорва алаңында алғашқы мұнай фонтаны 1960 жылы шілде айында атқылаған екен. Содан бұрғылау қарқынды жүргізіледі. 1963 жылы Прорва ірілендірілген мұнай кәсіпшілігі (УНП) құрылып, оның алғашқы басқарушысы болып Сағидолла Нұржанов тағайындалады. Ол кезде мұнай өнімдері Орталық, Шығыс Прорва алаңдарынан өндірілді. Осы жерден 1963 жылы 53632 тонна мұнай алынған. Бұл сол кездегі Сәкең басшылық еткен ұжымның табысы. Міне, осы алаңда еңбек ететіндердің көпшілігі Сағидолла Нұржанов ағамыздың мектебінен өткен, ол кісінің тәжірибесін көрген мұнайшылар. Олар абзал ағаны қастерлеп, сол кісінің шәкіртіміз деп мақтан тұтады. Ия, Мәскеу мұнай институтының 1953 жылғы түлегі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұнайшысы, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, жерлесіміз, инженер - мұнайшы Сағидолла Нұржанов ағамыз кім-кімге болса да мақтаныш. Қазіргі кезде бүкіл Жылойдың мақтанышына айналды десек артық айтқандық емес. Атақты мұнайшы, абзал аға өмірден өткенмен артында өшпес із қалды. Оның ерен еңбегі әлі ел есінде. Мен осы жайында айта келіп, мынандай ой, ұсыныс беремін. Прорваның алғашқы басшысы Сағидолла Нұржанов ағамыздың есімі өшпеуі керек, ұрпқтан-ұрпаққа жалғасуы тиіс. Олай болса ағамыз мәңгі жасауы үшін Прорва басқармасына немесе бір алаңға атағын беруді сұраймыз. Бұл бүкіл мұнайшылардың тілегі.
Аманғали Нұрбауов
Прорва мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы.
* * *
Бұдан әрі сол кездегі «Қазақойл-Ембі» ААҚ-ың мұнай және газ өндіру департаментінің директоры А.Ғ.Ғабдуллиннің, (қазіргі «Жылой мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы) «Сәкеңнің әдісі әлі сақталуда» деген мақаласы жарияланған. Ілгеріде пайдаланылуы себепті, қайта оралмағанды жөн көрдік. Міне, осылайша ел-жұрты С.Нұржановқа бағаларын берді, есімін есті қалдыруға ұсыныстарын білдірді. Өзі болмаса да оның қадірін, қасиетін ұмытпаған жұртына деген риясыз ризашылығымызда шек жоқ. Осы жерде Ескендір Зұлқарнайынның «Ашамай бесікті сынауын» көпшілік назарына ұсынсам деймін. Ескендір Зұлқарнайын Ашамай бесіктің киесін сынау үшін «Жойқындарияның» жағасында орналасқан бір ауылды қоршап тұрып, сол елдің бір азаматын ұстап былай дейді: -Сенің алдыңа екі шарт қоямын. Біреуі мынау өзің жатқан бесік, екіншісі мынау анаң. Осы екеуінің біреуін анау жанып жатқан отқа тастайсың. Сонда мен сенің ауылыңа тимеймін, бәріне бостандық беремін. Ал айтқанымды істемесең үлкендерінің басын шауып, сәбилерді отқа өртеймін - депті. Осы кезде әлгі азамат Ескендірге қарап: -Мен құрбандық болайын. Осымен ісің бітсін, себебі сенің сарбаздарыңа құйындай тиіп, құмға сіңген судай жоғалып жүрген менің бауырларым. Бұдан былай жолың ашық болады. Осыған келісейік. - дейді. Ескендір қабағынан қан шашып:
- Жоқ, мен сені өлтірмеймін. Және айтарым маған сенің еліңнің керегі жоқ. Бір өзіңді қалдырып, көз алдыңда еліңді қырамын - деп алқынады. Жігіт ойланып тұрып анасына қарап:
- Кешір анашым, көк Тәңірдің жұлдызы осылай болса, не шара - деп анасын жерден көтеріп алғанда анасы:
- Ұлым екі дүниеде де қарыздар емессің деп, баласының маңдайынан иіскеп рұқсат береді. Жігіт анасын көтеріп отқа тастай бергенде, Ескендір:
-Тоқта-деп әмір береді. -Өзі терлеп, тұла бойы қалшылдап көкке қарап : «Бұл даланың мен білмейтін қандай сыры бар?» деп, аузы көпіріп өзін-өзі зорға тоқтатады да, жігітке бұрылып: -Сен неге қу ағашты тастамай, туған анаңды отқа тастауға бел будың? Осыны түсіндір -депті. Сонда жігіт:
- Бесігімді өртесем, анамды да, киелі даламды да, сәбиімді де, Көк тәңірінің нұрын да өртегенім емес пе? Мен кім үшін өмір сүремін, кімге керекпін?
Біздің елде бесігінде шайқалып туылған ұл-қыз, елі үшін құрбандық болуға әрқашан дайын - депті. Мына азаматтың ұлылығына қайран қалған Ескендір: -Азамат екенсің, мен де осы бесікке жатқан ермін - деп, сый-сыяпатын беріп, жігітке де, ауылына да тимей түстікке қарай бет түзейді». Бұл бәлкім аңыз да шығар, бірақ елі үшін ең қымбаттысын қиюға дайын әлгі азаматтың ержүректілігі мені кей кездері шым-шытырық ойға батырады. Осындай халқы үшін құрбандыққа баруға дайын азаматтардың болғандығына мақтанасың. Ал, Сәкеңдей азаматтар, бейбіт заманның батырлары, өз заманының еңбек ерлері. Бұл сөзімізді жоғарыда қоғамдық пікірлерін басылым беттерінде жариялаған ел азаматтарының сөз саптаулары дәлелдеп тұрғандай.
* * * Халық-ұлы күш. С.Нұржановтың жерлестері, бір кездері тізе біріктіре қызмет еткен әріптестері бастама көтерді. Тиісті құжаттарды жинастырды, талай есікті тоздырды. Олар өздерінің жеке бастарының қамы үшін жұмыстанған жоқ, бар болғаны елінің болашағына еңбегі сіңген азаматтың атын мәңгілік есте ұстауға ұсыныс етті, сол үшін аянбай еңбек етті. Бұл дегеніміз нағыз елін, жерін, сол туған топырақтың атпал азаматтарын дәріптеген кісілік, адамгершіліктің ең жоғары үлгісі деп түсінеміз. Сөйтіп сең қозғалды, бастама көпшілік арасында үлкен қолдауға не болды. Сол кездегі Прорва мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы А. Т. Нұрбауов ұжым атынан сол кездегі Жылой ауданының әкімі Н.М.Мұқтаровқа хат жолдады. Онда былай делінген:
Құрметті Нұртас Мұқтарұлы! «Прорва мұнай-газ өндіру басқармасы 1963 жылы құрылып, Егеменді Қазақстанымыз үшін «қара алтын» өндіруде сүбелі үлестерін қосып келеді. Осы басқарманың бастауы мен бүгінгісі Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұнайшы Сағидолла Нұржанов есімімен тығыз байланысты. 1963 жылы Прорва ірілендірілген мұнай кәсіпшілігі (УНП) құрылып, оның алғашқы бастығы болып Сағидолла Нұржанов тағайындалады. Ол кезде мұнай өнімдері тек қана Орталық-Шығыс Прорва алаңынан өндірілуші еді, сол жылы 53632 тонна мұнай мемлекетке тапсырылды. Бұл сол кездегі Сәкең басшылық еткен ұжымның табысы. Міне, осы алаңда бүгінгі кезде еңбек ететін жұмысшы қызметкерлердің көпшілігі Сағидолла Нұржанов ағамыздың мектебінен өткен, сол кісінің тәжірибесін көрген мұнайшылар. Олар абзал ағаны қастерлеп,сол кісінің шәкіртіміз деп мақтан тұтады. Сол жылы Сағидолла Нұржановтың ұйымдастырушылық қабілеті, ізденісі, қажымас қайраты арқасында өндіріс орындары іске қосылып, мұнай өнімдерін арттыруға үлес қосты. Сағидолла Нұржановтың тағы бір жақсы қасиеті тек өндіріс саласын бөліп қарамай, мұнайшылардың поселкесін көркейтуге, мәдениетін өркендетуге, мәдени қоғамдық орындарды - клуб, мектеп, балабақша, т.б. нысандардың ірге тастарын көтеріп, іске қосылуына белсене ат салысты және осы орындардың халық игілігіне айналуына ұйтқы болып ортасында жүрді. Прорва мұнай кәсіпшілігі өндірістік тапсырмаларды асыра орындап отырды, басқа кәсіпшіліктер арасында жоғары көрсеткіштерге жетіп, Бүкілодақтық жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Соның арқасында ұжым мұнайшыларының еңбегі әр уақытта да еленіп, Құрмет грамоталарымен, бағалы заттай сыйлықтармен марапатталды. Сөз жоқ, осының бәрі ұйымдастыру қабілеті жоғары Сағидолла Нұржановтың еңбегі екендігі айқын. Кейін қай жұмыста, қай салада болса да өз міндетін мінсіз атқарды, өнегелі ісін көрсете білді. Бұл күнде Прорва мұнай-газ өндіру басқармасы, жылына 500 мың тонна мұнай өндіретін, «Қазақойл-Ембі» ААҚ-ың ірі өндірістерінің бірі. Қазіргі Прорва мұнай-газ өндіру басқармасының алғашқы ірге тасын қалап, оны басқарған марқұм Сағидолла Нұржановтың есімін мәңгі ұмытпау үшін, өзі алғаш басқарған басқармадағы Шығыс Прорва мұнай алаңын сол кісінің есімімен аталуын Прорва мұнай-газ өндіру басқармасы ұжымы қолдайды солай болуын өтінеді. Ұжым мүшелерінің тілегін көрегендік көзбен көріп, мұнайшылардың ақ ниетін қолдап, ономастикалық комиссияға ұжым ұсынысын жеткізеді деп, Прорва мұнайшылары сізге сенеді». Еңбек ардагері «Қазақ ССР-ің еңбек сіңірген мұнайшысы, марқұм Сағидолла Нұржанов туралы Жылой аудандық ономастика комиссиясына әзірленген материалдар тізімі: 1. Өмірбаян 2. Прорва мұнай-газ өндіру басқармасы жұмысшы-қызметкерлерінің жалпы жиналысының хаттамасы 3. Прорва мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы А.Т.Нұрбақовтың аудан әкімі Н.М.Мұқтаровқа хаты 4. Прорва мұнай-газ өндіру басқармасының зейнеткерлерінің аудан әкімі Н.М.Мұқтаровқа хаты 5. Сарқамыс поселкесі әкімінің хаты 6. Гурьев мұнай техникумын бітіргені туралы дипломның көшірмесі 7. Академик И.М.Губкин атындағы Мұнай институтын бітіргені туралы дипломның көшірмесі 8. ҚазақССР-ің еңбек сіңірген мұнайшысы атағы берілгені туралы куәліктің көшірмесі 9. КСРО «Мұнай өндірісі үздігі» белгісі куәлігінің көшірмесі 10. «Құрмет белгісі» орденінің куәлігінің көшірмесі 11. «Еңбек ардагері» медалі куәлігінің көшірмесі 12. В. И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты «Ерен еңбегі үшін» медалі куәлігінің көшірмесі 13. Советтік мұнай өндірісінің 50 жылдығы құрметіне Гурьев облыстық пария комитетінің Құрмет грамотасының көшірмесі 14. «1980 жылғы социалистік жарыс жеңімпазы» белгісі куәлігінің көшірмесі 15. Қазақ ССР-ің 40 жылдығы құрметіне грамотаның көшірмесі 16. Ұлы Октябрь социалистік революциясының 50 жылдығы құрметіне Гурьев обкомпартиясының Құрмет грамотасының көшірмесі 17. Ембінің 70 жылдығы құрметіне Құрмет грамотасының көшірмесі 18. Облыстық кәсіподақтар президиумының Құрмет грамотасының көшірмесі 19. С.Н.Нұржановтың 50 жасқа толуына байланысты «Эмбанефть» бірлестігінің Құрмет грамотасының көшірмесі 20. Ембі аудандық көркемөнерпаздар байқауының ұйымдастыру комитетінің грамотасының көшірмесі 21. Маңғыстау облыстық Қазақстан КП-ның комитеті мүшесі куәлігінің мүшесі 22. Гурьев облыстық Советі депутатының куәлігінің көшірмесі 23. Қазақ ССР-ің 50 жылдығына арналған ескерткіш белгісі куәлігінің көшірмесі 24. Гурьев облыстық Кеңесінің депутаттығына сайланған туралы куәліктің көшірмесі 25. Өзен аудандық Кеңесінің депутаттығына сайланған туралы куәліктің көшірмесі.
* * * Атырау облысы Шығыс Прорва мұнай алаңына «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұнайшысы» Нұржанов Сағидолла Нұржанұлының есімін беру туралы, Атырау облысы әкімиятының 2 қазан 2000 жылғы №249 қаулысы. Облыстық ономастикалық комиссияның 2002 жылғы 5 қыркүйектегі шешімі негізінде облыс әкімияты қаулы етеді: 1. Шығыс Прорва мұнай өндіру алаңына «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұнайшысы», «КСРО мұнай өндірісінің үздігі», «Құрмет белгісі» орденінің иегері Нұржанов Сағидолла Нұржанұлының есімін беру туралы ұсыныс мақұлдансын. 2. Осы қаулының қаралуы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына ұсынылсын.
Облыс әкімі А. Мусин.
* * *
Бұдан әрі Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының ұйғарымы берілген.
Астана қаласы. 2002 жылғы 6 желтоқсан.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясы білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау ұйымдарын және тұз шахтасы, мұнай кен орны мен темір жол станциясын, сонда-ақ басқа да физикалық-географиялық объектіні атау мен қайта атау мақсатында Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы, Астана қалаларының әкімдері ұсынған құжаттардың негізінде мынандай ұйғарымға келді: Мына білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау және түз шахтасы мен мұнай кен орнына: Барлық облыстар бойынша комиссия шешімімен берілген ұйғарым тізімі берілген. Солардың ішінде Атырау облысы бойынша: Индер ауданындағы «Индерсалт» жауапкершілігі шектеулі серіктестітіне қарасты №99 тұз шахтасына - Қазақстан Республикасының құрметті теологы Қасым Тұхфатовтың, Жылой ауданындағы Шығыс Прорва мұнай кен орнына - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұнайшысы Сағидолла Нұржановтың есімдері берілсін. Құжат соңына қол қойғандар:
Мемономком төрағасы Мемономком хатшысы
М.Құл-МұхаммедА. А.Нұрмаханов
Ал, 2003 жылдың 30 мамырында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі И.Н.Тасмағамбетовтың қол қоюымен Жылой ауданындағы Шығыс Прорва мұнай кен орнын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұнайшысы Сағидолла Нұржановтың есімін беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 497 қаулысы шықты.
* * * Осылайша еткен еңбек, төккен тер босқа кетпеді. Сәкеңнің еңбегін бағалаған ел-жұрты, заң ережелеріне орай барлық сатылардан өтіп, көздеген мақсаттарына жетті. Қуанышта шек жоқ. Жұдырықтай жүрегінің бір түбінде халқына, айналасындағы адамдарға деген ыстық сезімі мәңгілік ұялаған Сәкеңнің аты, ортада өзі болмаса да мәңгілік қалатын болды. Туған елі осылай ұйғарды да, солай болды. Жүрекжарды бұл жақсылыққа қуанбаған жан жоқ шығар. Ер еңбегінің еленгендігіне, сол еңбек иесін танып, тиісті бағасын бере білген алтын бесік ел азаматтарының дархан көңілдеріне, нарқасқа тектіліктеріне риза боласың. Жәй риза болып қана қоймай, жүрегің елжірей мақтан етесің. «Бірінің батырлығын екіншісі көріп, танып, бағалай білген біздің қасиетті топырақтың азаматтары осындай» - деп шаттанасың. Жақсының өзі өшсе де, атын өшірмеген ал ардақтыларына мың да бір алғыс. Уақыт... Жеме-жемге келгенде тағы да сол уақытты төңіректейміз. «Неге олай?» - деп бізге тоқтау айтар қауқар ешкімде жоқ. Себебі адамзаттың бар өмірі сол уақыттың ғана билігінде. Мейлің ұлы бол, ұлық бол, жарлы, болмаса бай бол, барлығын да теңдестіретін жоғары мәртебелі - Уақыт. Сондықтан да шығар бабаларымыз «қамшының сабындай қысқа ғұмыр», «дүниенің бәрі жалған», «бұл өмірге кім келіп кім кетпеген» деп өздерінің санаға түйген қағидаларын ұрпақтарының құлақтарына құюдан әсте жалықпаған. Баба өсиетінен тәлім алған құйма құлақтар шектеулі өмірдің мәнін түсініп, артына жағымды іс қалдыруға тырысса, кейбір ақпа құлақтар уақытша ғана қолға тиген қызыл дүние жетегінде дандайсып, көкіректерімен көк тіреген. Дәл осы жерде бала кезімде естіген ауыл ақсақалының мына бір сөзі есіме түсіп отыр. «Қыран құс қанатын кеңге жайып, аспан көгінде еркін самғайды, бір қарағанда шаршамайтындай асқақ көрінеді. Бірақ, бір уақыттарда ол бәрібір жерге қонуға мәжбүр. Міне, шырақтарым, адам да сол қыран құс тәрізді. Бабы келгенде шарықтайды-шарықтайды, бірақ уақыты келгенде қара жерге табан тірейді. Сонда ол, қара жер бетінде емін-еркін жүретіндей өзіндік орнын таба алды ма, әлде мәңгілік көктен түспейтіндей болып, жұмыр жер бетінен орын сайлауды кезінде естен шығарды ма? Әңгіме сонда. Бір итальяндық оқымысты: «Қазақ дастархан басында - философ, жауға шапса - арыстан» деп халқымыздың ғұламалылығын осылай бағалаған екен. Сауаттары аз болса да, көкірек көздері сарқылмас бұлақтай, ой-тұжырымдары сол бұлақтан шыққан ақ қайнардай бабаларымыздың әрбір сөздері даналыққа толы. Бұның барлығы уақыт, сағат тілі сияқты тек алға ғана жылжитын уақыт төңірегіндегі туындаған ойлар. Сол уақыт талай жылдарды соңына қалдырды. Бір кездері қайраты тасыған қажырлы жігіт Сағидолла о дүниелік болған. Өзі алғаш басқарған Прорва мұнай газ өндіру басқармасы құрылғалы да 40 жыл уақыт өткен. Өскелең ұрпақ осы торқалы тойды атап өтуге бел шеше кірісті. Бір қарағанда 40 жыл аса ұзақ мерзім емес сияқты көрінеді. Бірақ, осы уақыт ішінде Прорвада қаншама іс тындырылып, қаншама адамның еңбек ізі қалды десеңізші. Оқтай зулап дамып келе жатқан жаңа заман ағымында бұл кен орны да елеулі өзгеріс, жаңалықтар жетегінде болды. Бұрынғы әдістер мен технологиялар жаңарып өмір талабына бейімделіп отырды. Аталмыш кен орнында қабатқа акустикалық әдіспен әсер ету, ұңғыларды механикалық тәсілде пайдалану, мұнай мен судың, газдың тәулік ішіндегі көлемін автоматты түрде анықтау, мұнай қазандарындағы жұмысты жедел бақылауға мүмкіндік беретін жүйемен жұмыс жасау сияқты бүгінгі күннің озық технологиялары пайдаланыла бастады. 40 жылдық атаулы күндерін прорвалықтар тың серпіліспен қарсы алды. Басқарма жанынан алаң ашылып, Мұнайшылар мұражайы ұйымдастырылды. Мұражай алдында кен орнының тұңғыш басшысы Сағидолла Нұржановқа ескерткіш ашылуы мұнайшылар қауымының шексіз ризашылығына бөленіп, мерейлерін асқақтатты. Қалың көпшілік бұл ескерткіштің ашылуын жалпы мұнайшыларға, жер байлығын игеруде жан-тәнімен еңбек етіп, бойындағы бар жігері мен білімін еңбекке арнаған Сағидолла Нұржановтай ауылымыздың арыеына жасалған баға жетпес құрмет деп бағалады. Бұған қоса Орталық Шығыс Прорваға майталман мұнайшының аты берілді. Елдіктің, ерліктің көрініс табуы дегеніміз осы шығар. Халықтың ас та ток қуанышында шек жоқ. Жүздері жұлдыздай жайнап Сәкеңнің өр тұлғалы тас мүсініне мейірлене қарап, риза болысты. «Қара алтынды» аймақтың «қара нары» атанған Сағидолла Нұржановтың асыл бейнесі осылайша мәңгі есте сақталатын болды. Атырау газетінің 2003 жылғы 11 қыркүйектегі санында белгілі қаламгер-жазушы Светлана Муньянованың «Жапан даладағы жаңғырық» деген тақырыппен Кең Жылой жеріндегі мұнайшылар тойынан берілген репортажы жарияланыпты. Назар аударып көрейік: «Прорвамұнай мұнай газ өндіру басқармасының 40 жылдық тойына көп қонақ шақырылды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, ұжым бұл шараға әзірлікті бір жыл бұрын бастаған болатын. Сондықтан да шығар, жиналған тойшы қауымды мазмұнды да маңызды кездесулер, рәсімдер, концерттер күтіп тұрды. Бесінші қыркүйек күні таңертеңгілік 40 жылдықтың қонақтары мұнай-газ өндіру басқармасының алдына жиналды. Елдің жақсылары мен жайсаңдарының арасында мұнай өндірісінің ұйымдастырушылары, ардагерлер, жас мұнайшылар өздерінің ежелгі әріптестерін, таныстарын, өздерінің үлгі тұтар ағаларын көріп, мәз-мәйрам қуанышқа бөленді. Көзайым болған жора-жолдастардың толқулы сәті неткен ғажап, жастар жағы қауқылдасқан қарттарға қарап, құрметпен сәлемдесуде. Мәдени-көпшілік шара басқарма мұражайы алдында кәсіпшіліктің алғашқы басшысы Сағидолла Нұржановқа арналған ескерткіштің ашылуымен және Орталық, Шығыс Прорваға осы майталман мұнайшының есімінің берілуімен басталды. Ортаға «Ембімұнайгаз» ААҚ-ың президенті Нұрпейіс Мақашұлы Мақашов шығып, жиналғандарды «Мұнай және газ қызметкерлері» күнімен және Прорва кенішінің 40 жылдығымен құттықтады. Прорва тойы егеменді еліміздің экономикасының нығайған, тәуелсіздік тұғырымыздың беркіген, халқымыздың әлеуметтік тұрмыс жағдайының жақсара түскенін білдіретін қуаныш тойы. Бұл тойда біз жапан даланы жаңғыртып, жасампаз еңбегімен ел мерейін өсірген, ата-бабадан мирас болып қалған дала қазынасын келер ұрпақ қолына төкпей-шашпай мұқият табыстап отырған аға буынның ерен еңбегін ғибрат ету үшін жиналдық. Кен орнына құрметті мұнайшы Сағидолла Нұржановтың есімінің берілуі, ескерткіш орнатылуы-халық құрметінің бір көрінісі, ер есімінің ел есінде жаңғыруы, жақсылығы мен еңбегінің бағалануы - деп Нұрпейіс Мақашов ізгі сөзін жалғай түсті. Мұнан соң кезек алған «Прорвамұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Аманғали Нұрбауов кеніш тарихына қысқаша тоқталды. Тойға тарту ретінде қосымша өндірілген қара алтын цифрларынан нақты деректер келтірді. Бүгінде зейнеткерліктегі ардагер мұнайшы Орынғазы Есқазиев бір кездері жастық шағының ең мәнді де сәнді жылдары өткен Прорва даласы жөнінде тебірене сыр шерткенде жиналғандардың көз алдына, сонау өткен ғасырдың 60-жылдары елес бергендей болды. Бүгінде ортада жоқ, марқұм болған әріптестерін тебірене еске алған шежіре мұнайшы жас ұрпаққа байлығын бауырына жинап, бірте-бірте үлестіріп келе жатқан жерұйық жерді аманаттап, ырыс-несібені төкпей-шашпай игеріп, табиғатын қалпына келтіруді, қорғауды тапсырды. Кенорнына әкесінің есімі берілген Асқар Сағидоллаұлы Нұржанов ортаға толқи шықты. «Ат тұяғын тай басар» деп мақалда айтылғандай, әке кәсібін мирас еткен ұл-қыздары Прорва тойына асыға жетіпті. Асқар Нұржанов «ҚазмұнайГаз-Бұрғылау» СБК ЖШС-ің бас директоры лауазымында алты жыл бойы табысты еңбек етіп, ұжымын биіктен көрсете білуде. Мұнайшы еңбегінің бағаланып, халықтың алтысы мен сыйына бөленуі, Қазақстан мұнайы тарихында мәңгілік алтын әріппен жазылып қалуы - мұнан артық қандай құрмет болмақ. Мен әкеме көрсетіліп жатқан мұндай еске алу рәсіміне және мұны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін - деп, басқарма тойына әкелген сыйлығын табыстады. Мерейгердің келесі рәсімі «Прорва тарихы мұражайының» ашылуына арналды. Тұсаукесер рәсіміне арналған лентаны «Ембімұнайгаз» ААҚ-ың президенті Н.Мақашов пен басқарма бастығы А.Нұрбауов қиды. Мұражайда қырық жыл ішіндегі кәсіпшіліктің тарихы мен мұнайшылардың еңбек жолдары туралы құнды мәліметтер жинақталыпты. Тақырыптық стенділер мен карталар, жәдігерлер мен мұрағаттар әсем және мазмұнды көрнекіленіп орналастырылған. Қабырғаны тұтас алып жатқан өндіріс көрінісі салынған понарама да шынайылығымен көз тартады. Мұражайдың тәрбиелік мәні сарқамыстық мектеп оқушылары үшін зор болмақ. Осы ауқымды жаңалықтардан соң қонақтар мен жергілікті той иелері көліктерге отырып, Сарқамыс поселкесін бетке алды. Мұндағы жазғы театр алаңы, «Мұнайшылар отауы» (клубы) күрделі жөндеуден өтіп, той салтанатына дайын болатын. Осы жерде Прорва ардагерлері мен өндіріс озаттарын ұлығылау, алғыс хаттар мен адресаттар, құттықтаулар мен сый-сыяпаттар тапсыру рәсімдері тіп, соңы концерттік бағдарлама, спорттық ойындар, лоторея, той дастарханына ұласты. Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде шашу шашылып, қымыз сапырылып, бас тартылып жатты. Жапан дала төсінде еліміздің гүлденуі жолында маңдай терін төгіп, жер майын жанкештілікпен өндіріп жатқан ауыл адамдары ерен еңбектерінің игілікті жемісін осылай атап өтті. Келесі күні алтыншы қыркүйекте Құлсары мұнай қабаттары өнімін арттыру және ұңғымаларды күрделі жөндеу басқармасының құрылғанына 50 жыл толуының құрметіне арналған тағы бір жиын жергілікті халықтың мерейін өсірді. Жарты ғасыр ішінде ел экономикасының өркендеуіне үлес қосқан мекеменің тарихы 1953 жылдың аяқ кезінде «Қазақстаннефть» бірлестігіне қарасты Құлсары мен Қосшағыл ұңғымаларды күрделі жөндеу бригадалары негізінде басталған болатын. Негізгі міндеті ұңғыларды күрделі жөндеу және өндірістік пайдалануға берілген ұңғыларды сынақтан өткізіп, іске қосу. Мекемені Ұлы Отан соғысының ардагері, білікті мұнайшы. Республикаға еңбегі сіңген өнертапқыш Дүйсенғали Әжіғалиев басқарған жылдар жемісті болды. Ол жүздеген жөндеу құралдарын ойлап тауып, өндіріске енгізді. Оның бір ғана «Гидродомкраты» күні бүгінге дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Той салтанатына жиналғандарды Нұрпейіс Мақашов және басқарма бастығы М.Көптілеуов құттықтап, сөз сөйледі. Ардагерлер, өндіріс озаттары, қонақтар лебіздерін білдірді, сыйлықтар мен марапаттар тапсырылды. Басқарманың тарту-таралғысы да мол екен. Биылғы жарты жылдықта 30 ұңғы толықтай жөндеуден өтіп, қосымша 7638 тонна мұнай алуға қол жеткізген. Қазіргі кезде өндіріске ғылыми техника жетістіктерін, озық технологияны кеңінен енгізген басқарма ұжымы облыс мұнай өнеркәсібінің өркендеуіне сүбелі үлесін қоса беретініне сенім мол.
Тойларың тойға ұлассын мұнайшылар!»
Қаламгер әріптесіміз С.Муньянова мұнайшылар тойынан алған әсерін өз оқырмандарымен осылайша бөлісіпті. «Бұл той басқа тойлардан ерекше» деп жырға қосқандай, шынымен де бұл тойдың өзгешелігі көп болды. Бұл - өткенге құрмет көрсету, жандары жәннатта жатқан жақсыларды есте қалдыру, арада жүрген игі жақсылардың бір-бірімен қауышу тойы еді. Орайлы сәтте Сәкеңнің ұлы Асқар, әкесінің ескерткіші ашылған кездегі толғанысын былайша әңгімелейді: «Өмірге бала боп келесің, есейесің, сөйтіп алдыңғы лек қартая бастайды да, соңғы буын олардың ізбасарларына айналады. Адамзат заңдылығы сол, ең қымбаттыларың ортадан кетеді. Кейінгілердің жүректерінде қимастықтың зіл батпан жүгі қалады. Бірақ Алланың бұйрығына қарсы тұрар шара тірі пенденің маңдайына жазылмаған. Сол себепті де көнесің, көнесің де шүкіршілік жасайсың. Асқар таудай арқа сүйер әкем о дүниелік болғанда мен бір қаңырап қалған қайықтай, бос әлемде жалғыз қалғандай күй кештім. Жанымды ауырта берген бір тылсым күш жігерімді жанши бергені де рас. Бірақ өмір өз дегеніне көндірді. Атадан туған ұлмын ғой деп, тағдырға мойын ұсынып, белді бекем будым. Аяқ аттаған сайын әкемнің кім болғандығын, халық тілге тиек етіп, оның жарқын бейнесі көз алдымызда күннен-күнге сомдала түсті. «Жақсы әкенің есімі балаға қырық жыл азық» демекші, қай жерге табан тіресем де, менің Нұржановтың ұлы екендігім, өзіме деген жауапкершілік жүгін ауырлата түсті. Әке атына кір келтірмеу менің перзенттік парызым болды. Осы қағидамен бар мүмкіндігімше еліме пайдам тисе, әке жолын жалғастырсам деп жұмыстанып жатқан жайым бар. Ал бүгінгі күн мен үшін, менің ұрпақтарым үшін есте қалатын ең қастерлі күн. Асыл әкемнің бейнесі сомдалған тұғыры берік бұл ескерткіш, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар асыл мұра. Туған халқыма, әкемнің көзін көре қалған қадірлі ақсақалдарға, жалпы мұнайшылар қауымына айтар алғысымда шек жоқ. Лайым алдарынан ақ күн тусын. Дендері сау болып, арман-мақсаттарына жетсін. Менің әкемді құрметтеген ізгі жүректерінің алдында перзенттік ниетпен басымды иемін». «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деп бабаларымыз айтып еткендей, артына азамат ұлдарын, өрімтал қыздарын қалдырған Сағидолла ағамыздың аруағы ұрпағына дән риза деп ойлаймыз. «Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін» деген, әкемізге көрсетілген бүгінгі құрметке айтар алғысымыз молынан. Барлығымыздың көкірегімізде мақтаныш сезімімен қоса әкеге деген сағыныш, аңсау сезімі қатар ұялап тұр. Бұл әрбір баланың бойында кездеседі деп ойлаймыз» дейді Сәкеңнің ұрпақтары тебіреніспен.
Мекке менен Мәдина жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Атаң менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші.
- деп Шал ақын жырлағандай әке-шешеге деген ұрпақтарының жүрек жарды риясыз көңілдері жанымызды жылытты.
2007 жыл Сәкеңнің ұрпақтары үшін де қуанышқа толы болды. Атырау қаласының іргесіндегі Бұрғышылар поселкесінен Сағидолла Нұржанов есіміне көше берілді. Ақ шаққан үйлерді тепе-тең болып созылып жатқан қара жолмен Сәкеңнің ұрпақтары аяқтарын нық басып жүріп келеді. Көңілдері көтеріңкі, жүздері жарқын. Бұл - біздің әкеміздің атындағы көше...Ия, бұл олардың әкелерінің атына берілген көше, мәңгілік есте қалатын ұрпақ мақтанышы. Көшеге Сәкеңнің есімін беру салтанатына халық көп жиналды. Ағаның аты жазылған мәрмәр тақтаның ақ пердесі ашылғанда қатысушылар тебірене қол соқты. О.Есқазиев, Е.Тасқынбаев, Е.Нұрханов сынды ақсақалдар жүрек жарды тілектерін айтып, облыс басшыларына алғыс сезімдерін білдірді. Сәкеңнің ұрпақтары әке рухына құран оқытып, елдің батасын алды. Сәкеңмен қоян қолтық еңбек еткен жұмыстастары, иық тірестіре қатар жүрген құрдастары, көрші-көлем ағайындары бұл күні аяулы Сағидоллаларын еске алды. Ол туралы небір жүрекжарды сырлар айтылды. Дұға оқып, «жарықтық орнынан бір аунап түскен шығар» деп бет сипады. Қазақта «Халық барда тұлға бар, халық тұлғаға арқа сүйейді, ал тұлға халыққа тірек бола ала ма?» деген сөз бар. Қай заманды алсақ та халық бірегей туар тұлғаларына арқа сүйеген, соларды пана тұтқан. Сол тұлғалар өз төсектерінен елім деп оянып, елім деп жауырындарын жерге тигізген. Қиналғанға қызу, жылағанға жылу берген. Қу құлқынының ғана қамын ойламай барын көппен бөліскен. Айналасына шапағын төккен алтын күн тәрізді, жүрегінің сәулелі жылуын маңындағылардан аямаған. Осындай сан алуан адамзатқа тән жарасымды жақсылықты жанына түйіндей білген Сағидолла Нұржанов - өз заманының тұлғасы. Бақыт деген не? - деген сұраққа Демократ «Өмірге риза болу» - деп жауап беріпті. Түсінік аясы өте кең «бақыт деген не?» деген сауалға орай мына бір аңыз әңгімені де айта кетейік. «Баяғы заманда адамзат Иранбақта өмір сүріпті. Не ішейін, не киейін демейді. Бәрі болса керек. Сауық-сайран құрып, ғазел (өлең) айтып, қайғысыз-мұңсыз өмір сүріп жатыпты. Бірақ оның дембіл-дембіл іші пысып, әлденені іздеп елегізетін кездері болады екен.
- Маған не жетіспейді?- деп ойлайды сонда адам. Сондай бір кездері аспаннан күркіреген бір дауыс естіледі.
- Бақыт - дейді әлгі дауыс.
- Ойбай - ау менде бәрі бар емес пе? Мен ештеңеге мұқтаж емеспін, қалағанымның бәрі дайын.
- Бірақ сенде бақыт жоқ, сол дайын астан ешбір ләззат алып жүрген жоқсың, сен бақытсызсың - дейді дауыс.
- Ал сонда бақыт дегеніміз немене? - дейді адам.
- Шын білгің келсе бақыт дегеннің не екенін мен саған көрсетейін - дейді дауыс.
- Көрсет - дейді адам.
- Ендеше сен бір ұйықтап тұр - дейді әлгі дауыс.
Адам бақыт дегеннің не екенін білгісі келіп бір ұйықтап тұрса айдалада, баябан шөлде жалғыз тұр екен дейді. Кешегі Иранбақтың ізі де қалмаған. Не ішерге асы, не үстіне киерге киімі жоқ. Нағыз дуана болыпты да қалыпты. Ойбай-ау бақытың осы ма? Менің енді қайыршыдан қай жерім артық? Аштан өлді деген осы ғой - деп айқай салыпты адам. Аспаннан тағы дауыс естіліпті.
- Ей, адамзат - депті ол. Қолыңа кетпен ал, еңбек ет. Мына шөлді гүл бақшаға бөле. Егін өсір. Бақытты сонда табасың. Басқа амалы қалмаған адам кетпенге жармасады. Еңбекке кіріседі. Ішер асын, киер киімін бейнеттеніп табады. Денсаулығы мықты болып ол енді өз еңбегіне жалынатын болыпты. Ойлап қараса ол бақытты тауыпты. «Адамды бақытқа бөлейтін еңбек» деген нақыл содан қалса керек.
Адам – жер перзенті. «Балығы жоқ қол жетім, шалғыны жоқ жер жетім» деген. Жерге көрік беретін, оның келбетін өзгертетін - Адам. Өйткені, ол - Жер перзенті». («Жыл он екі ай» кітабынан). Ықылым заманнан аңызда да, ақиқатта да бақыт бастауы еңбекте. Жастайымыздан миға құйып, санаға сіңірген осы ұлағатты ұғым ұрпақтан-ұрпаққа жалғасса игі. Осындай көп еңбектің зейнетін көріп, өз еңбегінің жемісін қолмен ұстап, дәмін татқан Сағидолла Нұржанов - өмірін бақытқа бөлеген жан. Ер жігіттің бойындағы үш серік, алты асыл қасиет, үш асыл мінез туралы былай делініпті.
Үш серігі:
Айнымас адал жұбайы,
Астындағы аты сапарлас болар ұдайы
Шыңдалған ақыл-айласы
Шымырлап тұрса шынайы.
Алты асыл қасиеті:
Зерде, зейіні тылсым сырларды ұға алатын,
Өнер, өрісі өмірден әперер сыбағасын
Тапқырлық, талап, ерлігі, дұшпанға найза сұға алатын,
Қайрат, қаруы қиындықта сыналатын
Білім - қанаты биікке бастап шығаратын.
Үш асыл мінезі:
Шыншыл болсаң қол жетпес,
Шыңда өскен шынарсың
Адал болсаң аңқылдақ, ізгілікке құмарсың
Адал болсаң ақжарқын жақсы іске билік қыларсың.
Даналардың айтқан осы бір тұжырымдамасына мән беретін болсақ, Сағидолла Нұржановтың арманының аласармағанын, көңіл дариясының ортаймағанын, шектеулі ғұмырында діттеген мақсатына жетіп, пейілі қанағат тапқандығын көреміз. Өйткені, ол ғұмырында өлшеусіз еңбек етті, өзгелерді риза етті, өзі де риза болды. «Баталы ұл» атанып көпшіліктен алғыс алды.
Ол - бақыт құшағына осылайша бөленді.
* * *
Автордан: Өмір – өткел. Ғұмыр – дария. Күн өтке сайын өмірдің ащысы мен тұщысының дәмін татқан үлкендердің «тіршілік жалған» деген сөзді неге жиі айта беретіндіктерін түсіне бастағандай болады екенсің. Осы еңбекті бастауды мақсат етіп, ой жинақтай бастаған тұста алғаш рет тілеулес болып, ақ ниетімен, ақ жарма тілегін ортаға салған Сәкеңнің қарындасы Тұрсын Нұржанова болатын. Жарқылдап, құрақ ұшып атасы туралы әңгіме желісін өрбітіп, балаша мәз болып еді. Сол апамыз енді ортамызда жоқ. Мәңгілік мекеніне аттанды. Ол кісіге Сәкең туралы бұл туындыны оқып, өзі айтқандай қатырма қағазын қолымен ұстау жазбапты. Демек, тағы бір ғазиз жанның арманы ішінде кетті деген сөз. Амал нешік, тірі пенде көнеді де қайырын сұрайды. Ортадан кеткен тағы бір биік тұлға, қазақ мұнайының академигі атанған Бөлекбай Сағынғалиев. Қара жердің тамыр соғысына дейін жүрегімен сезе білген кәнігі мұнайшы, КСРО мұнай өнеркәсібінің үздігі, Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген мұнайшысы, КСРО-ның құрметті мұнайшысы, Теңіз мұнай кенішін алғаш ашушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бөлекбай Сағынғалиев атамыз да 2009 жылы дүние салды.
Б.Сағынғалиевтың зайыбы Хадиша апай «Азаматыма арнау» деген өлеңінде:
Адалдықты жақтадың
Арамдыққа баспадың
Дүние, малға қызықпай
Өзіме болсын демедің
Еліңнің қамын демедің
Жұмыссыз қалған жастарға
Қол ұшын беріп жебедің
Солар тағы тозады деп
Уайым-қайғы жеп едің
- деп Бөлекбай ағаның асыл қасиеттерін атапты. Осындай ұлағатты азаматтың есімі ұрпақ жадында ұзақ уақыт сақталады деп сенеміз.
...Өмір осылайша өтіп жатыр.
БИБИЛА
Бибила Ахметқызы, 1926 жылы Атырау қаласында (сол кездегі Гурьев қаласы) дүниеге келген. Әкесі Досмұхамедов Ахмет кезінде болыс болған. Анасы Балжан үй шаруасындағы әйел. Ағасы Жолдасқали екеуі тай құлындай жарыса бірге ер жетті. Оқыды, өнді. Әрқайсысы өмірден өз орындарын тапты. Қыз ғұмыр, қызғалдақ ғұмыр Бибиланы Сағидолладай азаматқа жар етті. Сөйтіп, құдай қосқан қосағы Сәкең екеуі 45 жыл бірге бақытты өмір сүрді. Бауырларынан жеті бала өрбіді. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар бөлісті. «Әйел - от басының берекесі» деген ерімен көз тірісінде іша деспеген Бибила анамыз, ағайын-туыстың ғана емес, ауыл-аймақтың қадірлісі болатын. Екеуінің таныстығы да бір есте қалатын құнды дүниедей. Бибила белгілі мұнайшы, бірлестіктің бастығы Жолдасқали Досмұхамбетовтың қарындасы. Көрерге көз керек сұлу, ақылына көркі сай әсем бойжеткен. Сағидолла ағамызға жолдастары осылай да осылай бір әдемі бойжеткен бар, сонымен сені таныстырайық дейді. Сонда ағамыз:
- «Таныссақ танысайық, менің әдемілігім де қалыса қоймас» - дейді ғой баяғы қалжыңына басып.
Қазіргі Дина Нұрпейісова атындағы сарайдың алдында, бір спектакльге барып тұрған жастардың ортасында Сағидолла мен Бибиланың таныстығы басталады. Екі жастың сөздері жарасып, тіл табысады. Уақыт өте келе екі жас тілектерін бір жерге тоғыстырып, өмір жолына бірге аттануға ниеттес болады. Жастар бір шешімге келгенмен қыз ағасы онша ықылас білдіріп, құптай қоймайтын сыңайлы. Жолдасқали Ахметұлының мінезі сол, қай нәрсеге де әбден көзі жетіп, сенім үдесінен шыққанды жаны сүйеді. Жәкең мінезі ожырлау Сәкеңе сенімсіздікпен қарайтындай. Ертеңгі жағдай не болады деген күмән де бар секілді. Қандай дегенмен қарындастың жолы бір бөлек. Соңынан ерген бауырының жақсы болғанын кім қаламайды дейсің? Сәкеңде қайт жоқ. Қалай еткенде де өмірлік серігі осы Бибила болатынына сенімді. Жора-жолдастары да Сәкеңді қайрай бастайды. Сөйтіп, кеудедегі күдік пен үмітті жеңген шынайы сезім жетегінде екі жас 1951 жылы өмір атты шетсіз де шексіз даңғыл жолға бірлесе қадам басады. Шаңырақ көтеріп, өз отауларының түтінін жағады. Сағидолла ағамыз аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл, аузынан әзілі түспейтін дархан көңіл иесі екендігін сан мәрте айтып келеміз. Ағамыз үйленіп алғаш рет «күйеу жігіт» атанғанда да, бойдағы тума қасиет қалжыңымен ел есінде қалыпты. «Сәкең қалыңдығы Бибиланы алғаш рет ауылына әкеле жатып, жол-жөнекей ат басын шалдырады-мыс. Күйеу қосшы, делбеші үшеуі бір жартыны ортаға алып жәукемдеп жатқанға ұқсайды. Шыдай алмаған жеңешеміз:
- Сәке-ау ішпесейші, ауылға не бетімізбен барамыз демесі бар ма. Сол сөзді көңіліне ауыр алып қалған ағамыз, көп ойланбастан:
- Мына келіншегім келмей жатып сөйлей бастады. Бара-бара не демейді? Қой бұны қайтадан үйіне апарып тастайық дейді-мыс. Қатты сасқан жеңгеміз бұдан былай еріне қарсы ауыз ашпауға ант етіпті».
Осылайша өмірге бірге аттанған екеуі басқа түскен қызықты да, қиыншылықты да бірге көтерді. 1952 жылы шаңырақтарына тұңғыштары келді. Сәбиге аталары Нұржан ақсақал Шарбат деген есім қойды. Базарлы алтын ұя берекелі тіршілігімен бақытқа бөленді. Араға дәл екі жылдан салып Бибила ана жеті құрсақ көтерді. Сәкеңнен балалардың жасын сұрағанда : -Так, Шарбат 1952 жылы дүниеге келген, Балзия 1954 жылғы, әрі қарай екі жылдан қоса берсеңдер болды, қалған балалардың жасы шыға келеді» - дейді екен ойыны-шыны аралас. Қызметтің реті солай, Сәкең бірнеше мәрте жұмыс ауыстырып, бірнеше рет қоныс аударады. Көшіп-қону, жаңа жерген үйрену оңай емес. Солардың бәрінде де Бибила анамыз өзінің сыпайы, бауырмал мінезімен айналасын баурап алатын. Отағасының қызметі ауысқан сайын жалақысы да өзгеріп отыратыны белгілі. Сәкең Қошқарда директор болып жүріп, аудандық партия комитетіне бірінші хатшы болып барған ғой. Содан кезегі келгенде Сәкең еңбекақысын әкеліп келіншегінің қолына ұстата салады. Бибила әлгі ақшаны әрі санайды, бері санайды да:
- Бар болғаны осы ма? - дейді таң қалып.
Сол кезде Сәкең: - Немене, осыдан басқа атаңның басы керек пе? - деп дүрсе қоя береді. Бір қапшық жалақы алып үйренген келінінің бір уыс ақша алып таңданған жүзін көріп Нұржан қарт миығынан күліп алыпты. «Дастарханы жиналмайтын, ерте барсаң да кеш барсаң да қош алатын. Көп сөйлегеннен гөрі көбірек тыңдағанды ұнататын сыңайлы. Аса тұйық та емес. Шырқата салған әндері қандай еді. Сәкең екеуі құстың қос қанатындай жарастықты жұп құрап еді» деп еске алады анамыздың қолынан дәм татып, құрметін көргендер. От басына байсалды ана, үлкендерге ибалы келін атанды. Әсіресе, Нұржан атасының көңілінен шығуды басты міндет санапты. Балаларының барлығына аталарының бірде бір сөзін жерде қалдырмай, айтқанын сол бойда орындауды міндеттеп, өзі қадағалап отырады екен. Сөйтіп, жасы келіп 92 жасында бақилық болған атасы Нұржаннан бата алды, ақ жауып арулап қолынан аттандырды. Талдырмаш келген, сұлу Бибила осылайша байсалды да байыпты, ардақты от анасы болды. Өз балалары да ер жетіп, бұғаналары бекіп, оқуларын бітіріп, дербес өмірге жолдама алып, үйлене бастады. Енді Бибила ана балаларының тапқан қосақтарымен жарасып, үй-күй болып кетулерін қадағалай бастады. Төрт келін түсірді. Сәкең екеуі немерелердің балдай тәтті бал қылықтарына мәз болысты. Келін деген киелі атты иемденіп есігіңнен аттаған «кісі баласы», бұдан былайғы жерде осы үйдің адамы, ұрпағыңды жалғастырар өміріңнің жалғасы. Жаңа ортаға келген жаңа адамға бағыт беру, бауырға тартып баурау, өмір көрген, білген-түйгені мол парасатты ененің міндеті. Өкінішке орай, жас келінге осқырына қарап, жас шаңырақтың шайқалуына дәнекер болып жататын енелердің түрлері де өмірде кездесіп қалатыны жасырын емес. «Жібекті түте алмаған жүн қылады», «Жақсы үйге түскен келін - келін, жаман үйге түскен келін келсап» деген мақалдардың пайда болуы да осыдан болса керек. Бибила анамыз талай енелерге үлгі болатындай өнегелі іс қалдырды. Түскен келіндерін алғашқы күннен іш тартып, өзі қастарына ере жүріп білмегендерін үйретті, білгендерімен санасып, жоққа шығармай ыждағатты көңіл бөлді. Енелерінің отағасына, ағайын-туыстарына деген биязы көңілін, ілтипатын көзбен көрген келіндері еріксіз Бибила аналарының ісін қайталағандай өнеге алды. Енелерінің жақсы ісін жалғастырды. Осылайша балаларының өз отбасыларын құрауларына дайын екендіктеріне көзі жеткен асыл ана, жан-жары Сәкеңмен кеңесіп, араға екі жыл салып балаларын бөлек отау етіп, баталарын беріп, ата жолымен бөлек шығарып отырды. Осындай ұлағатты ортадан шыққан Сағидолла ағамыз бен Бибила анамыздың ұрпақтары күні бүгінге дейін іргелері ыдырамай ата-аналары салып, негізін қалап берген сара жолмен ұрпақтарын жалғастырып келеді. «Бибила жеңгеміз әйелдің төресі еді ғой, қолынан дәм таттық. Сәкең екеуінің бақытты ғұмырларының куәсі болдық. Ақылға бай адам еді жарықтық. Сәкең марқұм қайтыс болғандағы қиналысын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол кездегі жан қиналысы сыңарынан айырылған киелі құстай көрінді маған» - деп еске алады Орынғазы аға. «Анамыз біз үшін, әкеміз үшін ғана өмір сүрді. Ағайындармен, көрші көлемдермен татулығын айтып жеткізе алмаймын. Абысыны Қадишамен /Муса ағамыздың әйелі/ араларындағы сыйластықтың кереметтігі сондай біз, барлық бала ол кісіні «мама» деп, өз анамызды «апа» деп кеттік. Осындай бауырластыққа, үлкен әулеттің сүттей ұйып, ауызбірлікте болуына дәнекер болған анамды сағынышпен еске аламын. Қазір есіме түседі әкем үнемі «мен сендердің аналарыңды өте жақсы көремін» - деп бізге жиі айтатын. Оның мәнін де кейінірек, есейгесін ұғындым. «Тәтем жарықтық қайтыс болғаннан кейін қырық күн бойы бір орыннан қозғалмай аза тұтты. Қанаты қайырылған қыран құстай біресе түйіліп, терең ойға батса, бірде жылы жымиып, есіне не бір тәтем екеуінің сәулелі өмірлерінің бір шуақты сәттері еске түскендей тәтті жымиып отыратын. Кім болса да басқа түскен қайғыны өзінше көтере біледі ғой. Қазір мен де біршама жасқа келдім, ойлап отырсам, сол кездегі анамның жанқиналысын түсіну, оны «былай еді» деп біреуге түсіндіру әсте мүмкін емес екен. Жан-жарына ғана арналған іштегі шер мен жүректегі зіл жанын жегідей жепті-ау деп ойлаймын» - дейді балаларының ең үлкені Шарбат. Бибила ана басқа түскен қайғыны көтерді, көтермеске ылажы да жоқ еді. Өйткені, өмір бар жерде қаза бар. Тіршілік бар жерде қамығу мен жабығу, қуану мен сағыну бар. Сондықтанда маңдайға жазғанды көтере білу пенденің ғана еншісіндегі нәрсе. Отағасы дүниеден озғаннан кейін енді ес жидым ба дегенде, әмірі күшті Алла тағала Бибила анаға тағы да бір көтеруге үлкен күшті қажет ететін тауқыметін жіберді. Екінші қызы Балзия ауыр науқастан кейін қайтыс болды. Анаға бауыр еті баласының қайғысын көргеннен өзге азап жоқ екен. Бірақ, тірі адам тіршілігін жалғастыруға міндетті. Дегенмен шерменде болған ана жүрегі бұдан әрі шыдауға әлсіздік танытты. Жүрек түбіне нығыздай орналасқан қайғы салмағы күннен-күнге денсаулығын төмендетіп, әбден титықтатты. Мейірімге, сағыныш пен қайғыға толған ана жүрегі біртіндеп әлсірей бастады. Араға екі жыл салып Бибила ана о дүниеге аттанды. Келісті келбетімен, биязы да байсалды асыл мінезімен, ақылды даналығымен ерекшеленген Бибила ана бейнесі, ұрпақтарының, оны білетін ет жақындарының естерінде қалатын мәңгілік асыл бейнеге айналды.
Дәл осы тұста Жиренше шешеннің бір әңгімесі еске түсті.
Жиренше шешен келе жатып ойнап жүрген бірер баланы көзі шалады. Балаларды сынамақ ниетте ат басын соларға қарай бұрады.
- Балалар, дүниеде не тәтті, не жұмсақ, не қатты? - деп сұрақ қояды. Сонда біреуі тұрып:
- Дүниенің тәттісі бал, жұмсағы мамық, қаттысы жер - деп жауап береді.
Екінші бала: -Дүниедегі ең тәтті ананың сүті, жұмсағы ананың алақаны, қаттысы ананың реніші - дейді. Екінші баланың жауабына Жиренше шешен риза болады. Халық аузындағы осы бір даналық әңгімеден адамның түйері мен сүйсінері анық көрініп тұр. Бұл дүниеде анадан ардақты, анадан қымбат ештеңе бола қоймас, сірә. Жалпы қазақ халқы дуалы ауызға өмірден алғандарын, көрген, білгендерін арқау еткен. «Әр кімнің анасы өзінің көңіл патшасы» - дегенде сөз бар. Міне, ананың құдіреті, ананың қадір қасиеті. Бибиладай аналарының есімін сағынышпен еске алып, құрметпен ыстық ықыластарын білдірген бұл әулеттің ұл-қыздарына тәнтімін. «Анамыз кейіннен жүре алмайтын болды ғой. Бәріміз де қолымыз қалт еткенде анамызға қарай жүгіріп, жанында жиі болуға тырысатынбыз. Бала-шағамызбен түгел баратын едік. Жерге дастархан жасап, анамызды ортамызға алып у-шу болып, өткен әңгімелерімізді айтып, тәтемді еске алып, мәз болысатынбыз. Сол кездегі анамның қуанышын көрсеңіз. Бәрімізге мейірлене қарап, әжімді жүзі нұрланып, сұлуланып кететін. Мына бір сурет сондай кездерден, біз үшін баға жетпес бақытты кездерден қалған ескерткіш» деп Шарбат маған бір фотосуретті ұсынды. Үсті дәмге толған кең жайылған дастархан басында Нұржановтар әулеті. Шатты келбет, бала-шаға, орталарында Бибила ана. Суретке үңіле қарағандағы байқағаным, ана жанарындағы ризашылық, қанағат сезімдері болды.
Ананың ақ сүтінің ақталуы деген осы.
ШАРБАТ
«Әке - асқар тау, ана - бауырындағы бұлақ, бала - жағадағы құрақ» деген рас-ау сірә. Жастары елуді еңсерген адамдардың «әкем» деп еміренген, «анам» деп тебіренген әңгімелеріне құлақ түргенде, ата мен ана алдында не бір ұлыларың да, ғұлама, батырларың да мәңгілік «бала» кейпінде қалатындай көрінеді. Өйткені, ата-ана еңбегі ешбір өлшеммен өлшенбейтін, шексіздікке ғана тәуелді асыл қасиет. Сондықтан да, толғауы тоқсан қызыл тілдің құдіреті жеткенше аналар мен әкелерімізді әңгімемізге арқау етуді бүгінгі күнге мақсат етіп қойдық.
- Шарбат әкесінің қызы болды ма, әлде..
- Дәл солай. Мен неге екенін білмеймін анамнан гөрі әкеме өте жақын болдым. Бала біткеннің бәріне өз әкелері елден ерекше болып көріне ме, әйтеуір менің әкем бәрінен де мықты, ақылды, әрі әдемі болып көрінетін. Әйтеуір, есімде қалғаны үйден кісі арылмайтын. Үсті дәмге толы дастархан үнемі жайылып тұратын. Біреулер келіп, біреулер кетіп жатады. Бірақ не әкемнің, не анамның қабақ шытып, біреулерге сес көрсеткенін көрген емеспін. Олардың жарқ-жарқ еткен көтеріңкі көңіл күйлері бізге де беріле ме, әйтеуір біз де мәз болып жүретінбіз. Ортамызда алтын діңгектей болып атамыз отырады.
Атамыз Нұржан сауаты болмаса да, көкірек көзі ояу адам еді. Газет-журналдарды, кітаптарды жинап жүретін. Күн сайынғы әдеті сол, Тұрсын апамды, оның інісі Шалқарды, мені кезектестіріп отырғызып қойып, әлгі жинақтарын оқытады дерсіз. Баламыз ғой, ішіміз пысып әзер шыдап отырсақ та «Қобыланды», «Алпамыс» сияқты эпостық жырларды зуылдатып оқып береміз. Бірте-бірте төселіп, оқуға деген құштарлығымыз, соның ішінде қазақтың жыр-дастандарына деген ықыласымыз ерекше бола бастады. Осылайша Атамның арқасында барлығымыз да қазақтың жырларын, тарихын жақсы біліп өстік. Барлығымыздың да әдебиетке деген құштарлығымыз болды. Әкем атамды өте қатты сыйлайтын. «Үлкен адамның көңілі баладай болады, аталарыңды ренжітіп алмаңдар, айтқанын орындаңдар» деп қатаң тапсыратын. Осындай ұлағат біздің әулетімізге береке-бірлік сыйлады. Ағайын арасындағы татулықта шек болмады. Тұрсын апамның анасын бәріміз де мама дейтінбіз. Тұрсын әкемнің ағасының қызы ғой. Екінші інім Сүндетті осы мамамыздың бауырына салып еді. Ағайын арасында бауырға бала салып, екі үйде тел өсіру атадан қалған дәстүр ғой. Бұл екі үйдің арасын жақындатып, ағайын бірлігін нығайта береді деп есептелген. Сол сияқты Сүндет те екі үйдің көз қуанышы болды. Ақ көйлегінің етегі желмен желбіреп, кішкене Сүндетті арқасына салып бара жатқан мамамның бейнесі әлі күнге көз алдымда. Сол әулетімізге дарыған татулық әлі күнге әкеден қалған мұқалмас қамалдай сақталып келе жатқандығына қуанамын. Кішкентай кезімдегі бір жағдай есіме түсіп отыр. Бірде Шалқар ағаммен бірге оның мектебіне бардым. Сыныптас қыздары мені көріп: Шалқар, бұл сенің қарындасың ба, «смуглая, симпатичная» деп мені біраз әуреледі. Содан үйге келе сала әкеме: -Тәте /әкемізді тәте дейтінбіз/ мені үлкен қыздар смуглая, симпатичная деді, ол не деген сөз? - дедім аптығып, сонда тәтем күліп алып: қызым сені қараторының әдемісі деген ғой деді. Уһ, деп жүрегім орнына түсіп еді-ау сол сәтте. Қайран балалық бал дәурен десеңізші. Тәтем маған өткен өмірін әңгімелеп отыратын. Кейбір тұстарда менімен ақылдасқандай да болып кететін. Қазір ойлап қарасам, менімен әңгімелесу әкеме өте ұнайтын сияқты. Әсіресе, Мәскеудегі студенттік өмірін сағынышпен еске алатын. «Өз басым қазақтардың Мәскеуде білім алып жатқандықтарына өте қуанамын. Себебі, жергілікті жігіттер өз жеріміздің байлығын игеруге толықтай араласулары керек. Білім алу керек. Осыны жан-тәндерімен түсінген жігіттер алдарына жалғыз-ақ мақсат қойды. Қиыншылықты жеңу, қайткенде де білім алып, туған елге оралу. Әрине, оңай болған жоқ. Шет жер, бөтен орта. Оның үстіне тіл білу де үлкен рөл ойнайды. Оқудың барлығы өзге тілде. Ауылдан келген жігіттердің қиналғанда жөн арқаларынан тер шықты десем өтірік болмас. Қазақ қашанда намысын бермеген халық қой. Қандай қиыншылықтар кездессе де, білімнен болсын, қоғамдық жұмыстан болсын алдымызға жан салмауға тырысатынбыз. Намыс дегеніміз осы ғой. Ақша жетпейді, аш құрсақ жүреміз. Қолда барды тең бөліп, бір туған бауырлардай бір-бірімізге жанымыз ашып тұратын. Қазір ойлап қарасам, көбіміз Әбекеңнің /Әбу Атшыбаев/ арқасында ашығып көрмеппіз. Өйткені, оның әкесі мал бақты, әйтеуір басқаларға қарағанда жағдайы көш ілгері болды. Әбекеңнің азаматтығы, жолдасқа тән адалдығы бір тілім наны болса да тең бөлісетін. Жалпы қызым, есіңде болсын адамның бақыты адал досы. Дос көңілін қалдыру, қасыңдағы досыңа қиянат жасау кешірілмес күнә. Осыны ұғын. Аллаға шүкір бар өмірімде досқа кенде болған жоқпын. Айналамда дос-жолдас көп болды, көріп жүрсің әлі де бар, құдай көпсінбесін. Солардың ішінде Әбу ағаңның жолы мен үшін ерекше. Өзім дегенде өзегін жұлып беруге дайын, ақкөңіл де адал жүректі Әбекең, өзінен гөрі өзгенің қамын көбірек ойлайтын. Өте білімді еді. «Болат пышақ қын түбінде жатпайды» деген ғой, Әбекең өмірге өз ізін қалдыра білді. Бар білімін, қажыр-қайратын еліне, халқының кемел болашағына арнады. Мұндай азаматтар көп емес-ау. Қазақтың «бір туар азамат» дейтіндері Әбекең сияқты жігіттер ғой де ойлаймын» деген тәтемнің әңгімесі әлі күнге дейін есімде деп, Шарбат сөзін одан әрі жалғады. «Тәтем әңгіме етіп отырған Әбу аға мен Рая жеңгейлермен екі үйдің біріндей араластық. Екі от басы қуаныштарын да, қиыншылықтарын да бірге бөлісетін. Тәтем ауырып хал үстінде жатқанда Әбу аға күн сайын келетін. Келген сайын қиналып, шөгіп бара жатқандай көрінетін маған. Әлде қиналып, жан азабын тартқан досының асыл бейнесіне деген қимас көңілі жанын жегідей жеді ме, қайдам, әйтеуір түрі қарауытып, қиналып кететін. Қайран Әбу аға десеңізші, ол кісі де, Рая жеңгеміз де кетті өмірден. Соңдарында іздерін жалғар ұрпақтары, атқарған істері мен адамгершілік қасиеттерін сағынышпен еске алатын ел-халқы қалды. Білгенге бұл да қол жетпес бақыт. Топырақтарыңыз торқа болсын асыл жандар. Әңгімесінің арасында достарым деп асқан сағынышпен Өзбекқалиев Халел, Ғабдуллин Хамит ағалардың есімдерін құрметпен әңгімелейтін. Хамит ағаның жолдасы Зәннат апай мен тәтем, мамам төртеуі бір қызығы егіздің сыңарларындай бір-біріне керемет ұқсайтын. Кейбіреулер ағайындысыңдар ма, әлде апалы-сіңлілісіңдер ме деп таңқалысатын. Араларындағы сыйластық, бір-біріне деген құрметтеу ниеттерінде шек жоқ еді. Әзілдері жарасып, бейне бір анадан туғандай жарасымды жұп құрап отыратын. Балалары да бізбен құрдас болды. Мұрат деген ұлдары қазір осы Атырауда тұрады. Асылдың сынығы деп үнемі құрмет тұтамыз. Тәтемнің аса құрметтейтін адамдарының бірі - Орынғазы Есқазиев аға. Оның тәтем айтқан кісілік, адамгершілік қасиеттеріне өзіміз де куә болып едік. Тәтем ауырып төсек тартып жатқанда күн сайын жұмыстан соң біздің үйге келетін. Әкемнің қасында ұзақ отырып әңгіме дүкен құратын. Облыс өңіріндегі, мұнай саласындағы болып жатқан өзгерістерді, жаңалықтарды айтып, құлағдар ететін. Сол кездегі әкем жарықтықтың елп етіп, жақсы жаңалықтарға сүйсініп, шамалы жағына реніш білдіріп, әр түрлі күйге түсетін бейнесі әлі күнге көз алдымда. Біздің балалық шағымыз Орынғазы ағаның от басының көз алдында өтті. Ұзақ жыл тұз шайыспаған көрші болдық. Екі үйдің арасындағы өзара сыйластықты ауызбен айтып жеткізу қиын сияқты. Қазақылап айтқанда нағыз «ауылы аралас, малы қоралас» дегендей өте тату, көршілік қақымызды сақтаған керемет ауызбірлікті ағайыннан кем емес өмір сүрдік. Біздің от басына жақын болып, адал жолдас, ниеттес көрші болған тағы бір отбасы Саламат Мұқашев ағамыздың жанұясы еді. Бойынан қашанда ізгіліктің, жоғары мәдениет пен адамгершіліктің лебі есіп тұратын Саламат ағаны тәтем өте сыйлайтын. Мария апаның небір асыл қасиеттерін тілге тиек етіп отырғанын талай естігенім бар-ды. Кейінірек ұлы Махамбеттен туған немересіне ағаның құрметіне «Саламат» деген есім берді». Әкесі туралы сүйсіне әңгімелеген Шарбат апамыздың жүзі біресе балбұл жанып, біресе көздеріне ыстық жас үйіріліп алуан күй кешті. Бала махаббаты, әкенің бала алдындағы абырой-беделі деген осы шығар. Өмірге келу, одан кету, аурулы-сырқаулы болу пенденің маңдайына жазылған, уақыт талабымен, тәңір бұйрығымен келетін жағдай. Сәкеңнің де жомарт жүрегі шаршаған тәрізді. Ауру меңдеп бара жатса да, айналасына сыр бермей аяқтай жүрді, сол баяғы ақжарқын қалпы, күлдіріп, келгендердің көңілін көтеруге тырысады. Қайтыс боларынан бірер күн бұрын қарындасы Қалияны шақыртады.
Жолдан келген қарындасына: -Демалып, тамағыңды іше ғой таңертең сөйлесерміз - дейді. Өкінішке орай, абзал азамат сол күні бақилық мекеніне аттанып кетті. Бұл-1994 жылдың 27 желтоқсаны болатын. Қарындасқа айтар сөзін де сол күйінде өзімен ала кетті. От басына түскен ауыр қайғыда шек жоқ болатын. Қабырғаны қайыстырар қайғыға көңіл айтып келіп жатқандар қаншама. Әдеби тілмен айтқанда хан да бар, қара да бар. Марқұмды жерлеу туралы қаралы митингіні өзінің ұзақ жылғы сыйласы, әріптесі, туғандай болған інісі Орынғазы Есқазиев жүргізіпті. Қолымызға түскен құжаттар арасында, осы сәттегі оқылған Орынғазы ағамыздың сөзі бар екен.Соған қысқаша тоқтала кетейік.
«Құрметті халайық, Ембі мұнайшылары, Атырау тұрғындары!
Бүгін біздер арамыздағы аса құрметті, ақ жарқын да адал, ақкөңіл, асқар таудай Сағидолла ағамызды соңғы сапарға шығарып салу қаралы митингісіне жиналып тұрмыз. Сағидолла Нұржанов 1926 жылы 20 ақпанда Бақсай ауданының 18-ші ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Гурьев мұнай техникумын бітіргеннен кейін, 1946 жылы Геологиялық барлау конторының Бесбөлек, Қараөзек, Тақырбұлақ бөлімшелерінде техник-геолог болып жұмыс жасаған. 1953 жылы Москваның мұнай институтын бітіргеннен кейін Тереңөзек барлау алаңында аға инженер, 1955 жылы Опорный №5 барлау алаңында аға инженер болып жұмыс жасады, дей келіп Сағидолла ағамыздың еңбек жолына толықтай тоқталады. Сәкеңнің еңбегі үкімет тарапынан жоғары деңгейде, өне бойы бағаланып отырды. Құрмет белгісі орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңген мұнайшысы, КСРО Мұнай өнеркәсібінің үздігі, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы деген атақтардың иегері.
Хош бол Сәке, топырағың торқа болсын. Хош бол аяулы азамат». Маңғыстау мұнайшылары атынан Нәсіпқали Марабаев, ағайын-туыстары атынан Сәнду Дүймағамбетова, ізбасарлары атынан Ермекқали Биғалиев, жолдастары атынан Сәлімжан Асылханов сияқты азаматтар сөйлеп, Сәкеңді қайтпас сапарға шығарып салыпты. Міне, осылайша бауыры суық қара жер Сағидолладай арысын өз құшағына алды. Артында қимастай болған жан-жары, жеті баласы қалды. Балаларының тұңғышы, қыз да болса әкесінің жан жалауындай қасында болып, сенімін алған Шарбат, кісі аяғы басылған соң, өзімен бірге туған іні-сіңлілерінің басын қосып отбасылық кеңес өткізеді. «Айналайындар - деп сөз бастайды ол. Әкеміз о дүниелік болды. Қиналамыз, қимаймыз. Бірақ бұл алланың әмірі, өмір заңы. Бізде көнбестен басқа лаж жоқ. Сондықтан бастарыңды көтеріңдер. Тірі адам тіршілігін жасар болар. Ендігі әулеттің абыройы, әкеміздің атына сынықтай болсын сөз келтірмейтіндей етіп бәріміздің өмір сүруімізді бақылаушы Асқар, сен боласың. От басы шағын мемлекет. Бас-басымызбен кетіп, білгенімізше өмір сүріп, білгенімізше шешім қабылдауға болмайды. Қандай іс істесек те бәріміз ақылдасуға тиіспіз. Ал басты түйінін айтатын Асқар болады» деп апалары сөзін аяқтайды. «Асылдың сынығы» деген осы болса керек. Ата-анадан ұлағат-тәрбие алған кішілері бастарын изесті. Содан бері Сәкеңнің балаларының әрқайсысы бір-бір отбасының иесі болып, ұрпақ өскелеңдігін жалғастыруда. «Сол отбасылық кеңесті өткізбестен бұрын көп толғандым. Дегенмен үлкендігім бар, оның үстіне әкеміздің аруағы риза болсын дедім. Бауырларымның әңгімесінен байқағаным шаңыраққа деген, ата-анамызға деген зор құрмет. Содан бері аллаға шүкір, ел қатарлы, біреуден артық, біреуден кем дегендей өмір сүріп келе жатырмыз. Асқар ініме өте ризамын. Әулетіміздің бар жауапкершілігі соның мойнында. Барлығымыздың жұмыстарымызды реттеп, көмегін аямай қамқорлап жүреді. «Ағаның үйі ақмешіт, інінің үйі кең жайлау » деген бауырларымның бірінің үйіне бірі шаттана барып, біріне-бірі сыйластықпен, үлкен, ілтипатпен қарайтындықтарына қуанамын» - деп Шарбат тебіреніске толы сырын ақтарды. Ел-жұртының тыныштығын, бауырларының амандығын ойлайтын жүрегі жұмсақ қыз бала. Сәкеңнің төл басы Шарбат, қашанда адамгершіліктің асыл тінін өте қадір тұтқан жан. Атыраудағы педагогикалық институтын бітірген. Күні бүгінге дейін осы университетте ұстаздық етіп келеді. Құдай қосқан қосағы Бағытжан Нұрғалиевке 1973 жылы тұрмысқа шығады. Бағытжан да мұнайшы. «Қазмұнайгаз бұрғылау» кәсіпорнында жұмыс жасайды. Екеуінің берекелі отаулары, жарастықтың шұғыласына бөленген. Атасы Алданған мен енесі Сәнду облысқа белгілі аса сыйлы адамдар болды. Төрінен қонағы арылмаған берекелі шаңырақ, Шарбаттың маңдайының бағын жақты. Ата-енесімен бірге тұрған он жыл, ол үшін қуанышқа, өнегеге толы жылдар болды. Дүниеге тұңғыш сәби келді іңгәлап. Асқар шыңдай биік болсын деп, атын Асқар қойды. Ата-бабадан келе жатқан салт бойынша Асқар ата-енесінің бауырына берілді. Осы күнге дейін Бағытжан мен Шарбат Асқарды баламыз деуге ауыздары бармайтындай. Асқар Болгарияда, Америка Құрама Штаттарынан білім алған білікті маман. ТШО-да қызмет жасайды. Екінші ұлдары Таужан. Алданған ақсақал сәби дүниеге келместен бұрын түсінде көріп, есімін өзі қойыпты. Ол да жоғары білімді. Дене шынықтыру академиясын, заң институтын тәмамдаған. «КМГ Жайық» мекемесінде жұмыс жасайды. Қыздары Эльмира да жоғары оқу орнын үздік бітірген, банк қызметкері. Сәкеңнің тұңғыш құдаларына деген ықыласы да бөлек болыпты. Тіпті дәстүр бойынша құда-құдағай деудің орнына апа-аға деп құрметке бөлеуі, олардың арасындағы сыйластықтың айғағы іспетті. «Жақсылықты тану үшін де парасат керек» деп Ә.Кекілбаев айтқандай, ата-ананың, ағайын-туған мен айналасындағы күллі көпшіліктің жақсылығын тілге тиек еткен Шарбатқа, әңгіме барысында жарына қолдаушы болып, азаматқа тән парасаттылық көрсеткен Бағытжанға алғыс сезімімді жеткізгім келеді. Қазақ «келер жеріміз кең болсын» деген қанатты сөзді жиі қолданады. Ендеше, бабалар тілегі қабыл болсын.
МАХАМБЕТ
Үлкен үй. Қара шаңырақ. Ата-ананың тері сіңген киелі қабырға. Табалдырықтан аттағаннан көзге түскені төрдегі үлкен портрет. Портреттегі әңгімеміздің асыл арқауы Сағидолла Нұржановтың бейнесі. Көкжиекке көз тігіп, алысқа барлай қарайтындай. Шалқасынан қайырған қайратты шашы кең маңдайын жарқыратып, адамгершіліктің көзге көрінбейтін алтын тінін сездіргендей. Суретке үңілген сайын ағаның сан қырлы қасиеттерін көргендей боласың. -Төрге өтіңіз, қош келдіңіз. Үй иелері Махамбет пен Өсила аса қонақжайлық танытты.
-Рахмет, сонда бұл Сәкеңнің үйі болып тұр ма? -Ия, бұл әкеміздің мекені. Әкеміз де анамыз да өмірлерінің соңғы сәттерін осы үйде өткізген - деді Махамбет асқан тебіреніспен. Махамбет Нұржанов - 1958 жылы Қошқар кентінде дүниеге келген. «Әкеміздің кызмет ретіне қарай бірнеше мектепте оқыдым» - дейді ол. Сөйтіп, Жамбылдағы гидромелоративті құрылыс институтын бітіріп, осы күнге дейін өз мамандығы бойынша еңбек етіп келеді. «Балалық күнім ес білгеннен бергі күні кешегідей көз алдымда-деп әңгімесін бастады Махамбет. Бір-бірімізге үйелмелі-сүйелмелі жеті баламыз. Үйімізден кісі арылмайтын. Тәтем (әкемді айтам) көбіне қасына мені ертіп жүретін. Үшінші сыныпта оқитын жылы мені Мәскеуге алып барды. Сондағы қуанышымды көрсеңіз. Мәскеуде тәтем екеуіміздің қыдырғанымыз, барған жерлеріміздің кейбірі әлі күнге дейін есімде бар. Жалпы ол кісі адам жатырқамайтын. Үлкен кісілермен де, балалармен де тең адамдай сөйлесетін. Біздің үйде шатты күлкі, думанды сәттер көп болатын. Қазір ойлап отырсам, соның барлығының ұйтқысы тәтем екен. Менің жеке басымның әкеме мәңгілік бас иіп өтетін бір қасиеті болды. Ол - анамды құрметтегені. Анама асқан мейіріммен, зор қамқорлықпен қарағандығы. Бар дүниенің бастауы - Ана. Ендеше, сол қасиетті адамды қастерлеу менің әкем сияқты адамдардың ғана қолынан келе ме деп қаламын. Әкем кейде «мен қартайғанда Махамбеттің қолына тұрамын» дейтін. Аузына құдай салды ма солай болды. Анам екеуі де Өсила екеуіміздің қолымыздан аттанды. Бар саналы өмірін қызметке арнаған адам ғой, зейнеткерлікке шығу оңайға соқпаған сияқты. Сөз саптауынан ортаны, жұмысын аңсайтынын байқайтынмын. Бірақ, өмір заңдылығы ортақ. Өзіңіз байқадыңыз, біздің үйіміз «Ембімұнайгазға» жақын ғой. Жұмыс бітеді-ау деген шамада әкем мұздай киініп далаға шығып кететін. Бақсақ, жұмыстан қайтқан жігіттерді күтіп алып, өндірістегі жаңалықтарды ауызба ауыз - біліп отырады екен. Көпшілік әкеме «елп еткен бала көңіл ақ жүректі адам» деп баға береді. Онысы рас, дегенмен әкемнің бойындағы төзімділік, қайратты мінез басымырақ болатын. Ауру меңдеген тұста да сыр бермеді. Амангелді деген дәрігер болды, үйге жиі келіп ем-домын жасап жүретін. Ем біткен соң «Ал, Аманжан рахмет, енді аз күнде құдай қаласа тұрып кетемін» деп айналасын серпілтіп отыратын. Бірақ, бойды алған науқастың беті қайтпайтыны бәрімізге де мәлім - тұғын. Тікелей келген нәрсе алып тынады ғой. Сол қайратты күйінде, осынау өмірге деген құштарлығын жоймастан әкеміз қайтпас сапарға аттанды. Артында қалған ұрпақтары асыл әкемізді арулап, туған жер қойнына табыстадық. Әкемнен кейін екі жыл өтіп анамыз дүние салды. «Әр кімнің ата-анасы өзіне асыл» дейді ғой, жасым елуге келіп жігіт ағасы болған тұста, өткен өмірге көз жүгірткен кезде, әсіресе, аяулы ата-анамда еске алғанда сол екеуінің құдай қосқан адамдар екендігін мың мәрте дәлелдегендей боламын. Екеуінің жарастықта бір-біріне келісіп отыратын кейіптері көз алдыма келгенде, сондай адамдардың менің әке-шешем екендігіне мақтанамын. Екеуара сыйластықтарында шек жоқ еді-ау шіркін».
Әңгіме желісі саябырсыған кезде сөзге Махамбеттің зайыбы Өсила араласты: «Жүрек әмірімен Махамбетке жар болып, осы шаңыраққа келін болып түстім. Жасыратыны жоқ қолымнан көп ештеңе келе қоймайтын. Студент болдым, ата-анаға арқа сүйедім, әйтеуір шаруашылыққа көп икемім жоқтай өкінетін. Жалпы жас шағында адам көп нәрсеге мән бере қоймайды ғой. Осындай шалалығым бар мен бақытыма қарай қонақжай, аса жайлы мінезді отбасына тап болдым. «Кісі есігі темір» деп жатады ғой қазақ, ал мен кісі есігінің ботендігін сезе қойған жоқпын. Қанша жүрексінсем де осы шаңырақтағы жылылық, бір-біріне деген мейірімділік мені бауырларына тартып бара жатты. Бұл әсіресе, енем жарықтықтың жақсылығы деп ойлаймын. Ол кісі бізге сөзімен ғана емес ісімен де үлгі бола білді. Ол кісінің қонақ күткенінің өзі бір ғанибет еді. Қолынан келмейтіні жоқ-ты, сонысын үйретуден жалықпайтын. Біреуімізге не жекіп, небір зілденіп сөйлегенін көрмеппін. Қолы боста өзінің жастық шағы туралы әңгіме айтып беруді ұнататын. «Соғыс кезінде ел басына күн туды ғой. Гурьевке соғыс болып жатқан аймақтан, әсіресе, Украинадан адамдарды көп әкелетін. Сондағы халықтың қиналғанын көзбен көрдік қой. Бір тілім нанға пәленбай орама моншақтарын айырбастап жүрген украин қыздарын көзіміз көрген. Құдай басқа бермесін дендер» деген әңгімесін әлі ұмытпаппын. Тәтем бір асыл адам еді ғой. Немерелерін өте жақсы көретін. Атам сырттан кірген бойда немересі Азамат алдына үйге киетін башмағын апарып тарс еткізіп қоя салатын. Бұл әдетін күн сайын қайталайтын. Біздің екі ұлымыз Азамат та, Саламат та тәтемнің атында, фамилиялары Сағидолла. Балалықпен жасаған қылықтарына сәл жекіп, ескерту жасайын десек, балалар жүгіріп атасы мен әжесінің арқаларына тығылатын. Өте балажан, мейірімді адамдар еді. «Екеуін құдай қосқан» деген үлкендердің сөзін жиі еститінмін. Шынымен де екеуінің сыйластығы ерекше болатын. Енем атамды піріндей қадірледі. Азаматым деп асқақтатып отыратын. Атам дүниеден өткеннен кейін ол кісіге өте қиын болды. Қашанда қасында болсақ та жалғыздықты қатты сезінгендей болатын. Дімкәс денсаулығына атамның жоқ болғандығы дерт жамағандай күннен күнге жағдайы нашарлай түсті ғой. Сөйтіп, үлкендерден көрген тәлім-тәрбие жетегінде өмір сүріп жатырмыз. Жаңағы айтқандай Махамбет екеуіміздің шаңырағымыз, үлкен үй болғасын келім-кетім кісіміз көп, реті келгенде барлығымыз бас қосып, думанды дастархан басына жиналамыз. Ата-аналарымызды, балалық шағымызды еске түсіріп, бір жасап қаламыз. Бұл да өміріміздің ең бір әдемі шақтары деп ойлаймын». «Үлкендердің батасын алған», «алғысты көп алған» деп үлкендер әдетте көңілі толған адамдарына өздерінше баға беріп жататынын құлағымыз шалатын. Осы үйдің иелерінің үлкендердің тәрбиесін бойларына сіңіріп, берекелі от басын құрап отырғандықтары бірден көз тартты. Екеуінің әңгімелерінен байқалған ата-аналарына деген құрмет нышаны көңілге жайлылық ұялатты. Сәкеңнің бауырынан өрбіген жеті баланың қаз-қатар тізілген осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын түскен суреттерін көрсеткен Өсила: - Енді мына суретке қараңызшы деп тағы бір үлкен суретті ұсынды. Сол жеті бала, дәл бала күнгі түскен суреттегі реттерімен бой түзей қалған. Мынау Асқар, мынау Шарбат, мынау Сүндет деп әрмен қарай таныстырып жатыр. Жиырма жылдан соң Сәкеңнің балалары тағы да ескерткішке суретке түскен, ылғи көрікті бозбалалар мен әсем бойжеткендер. Сағидолла ағамыз бен Бибила апамыз шынайы бақыт иелері екен дедім ішімнен. Арттарына мынандай ұрпақ қалдырған ата-ананың орны жұмақ шығар, сірә. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген бүгінгі күні Махамбет пен Өсила өздері бала тәрбиелеп отырған қадірлі ата-ана. Қыздары Айжан Прага қаласында оқиды, ортаншы ұлы Азамат Астанадаға «Мирас» мектебінің оқушысы, ал кенжелері Саламат 17 мектеп-лицейдің оқушысы. Жарасымды от басы жарастықта өмір кешуде. Махамбеттің әр сөзінен салиқалы ой, түйінді тұжырым байқалады. Әсіресе, ата-баба рухына деген құрмет, ағайындарына деген зор ілтипат сезіледі. «Әкеміз де шешеміз де үлкенді сыйлауға аса мән беріп, бізді үнемі бағыттап, құлағымызға құйып отыратын. Біз атамыз Нұржан ақсақалды олардың қалай қадірлейтінін көзіміз көре қалды. Атам жаны шуақты адам еді. Басына бейітін салғанда тәтем мені алып барған, ол кезде мен алтыншы сыныпта оқитынмын. Содан бері талай көш өтті, керуен көшті дегендей. Оның үстіне атамның Маңғыстау облысының Сенек ауылы жақта бір қорымда жерленгендігі еміс-еміс есімде. Көкірек түбінде бір барып басына топырақ салсам-ау деген көмескі ой жүретін-ді. Тіршілікте қол тие ме, бір реті келмей жүрген. Былтыр от басымызбен әулие Ата-Бекет бабамыздың басына бардық. Шетпеден түсіп, Өзенге дейін барып Атаға апаратын көлік тауып үлкен сапарға шықтық. Таулы-тасты табиғаттың ерекшелігі көз тартып, Атаға қарай бейне құстай ұшып келе жатқандаймыз. Жүргізуші жігіт аса иманды, жергілікті жердің қыр-сырына жетік, аса ақкөңіл екен. Жол бойы танысып, әңгімелесіп келеміз. Мен осы өңірде Сенек жақта атамыздың бейіті бар екендігін, дәл қай жерде екені есімде жоқ, барғым-ақ келетіндігін сөз арасында әңгімелеп қоямын. «Ұзын жолда әңгіме жол қысқартады» деген рас екен діттеген жердің де төбесі көрінді. Бекет-Ата! Исі мұсылманның маңдай тіреп, жанына қуат, дертіне сауап іздеп келетін қасиетті орны. Аты аңызға айналып, әлемді шарлаған ардақты есім. Ата жатқан жер табиғат сұлулығымен астасып, бұрынғыдан да айбаттанып, әсерленіп қалғандай. Бетіңді майда өпкен самал желі, қарасаң көз тоймайтын ақша таулары, топырламай бей-жай күй кешкен мыңға тарта адамдардың биязы жүздері, сол адамдардың бір-біріне мейірлене қарасқан жып-жылы көзқарастары адамдардың бір-біріне деген мейірім шапағатын, бір-біріне деген қамқорлық сезімдерін үстемелей түскендей. Қыратты, белді қанша жолды артқа тастап келсек те бір шаршағанымыз білінбейді. Ата жарықтық бейне иығымен демеп келгендей. Бойымызды бір сергектік билеген. Бар рәсімін жасап, Атадан тілек тілеп басына түнеп шықтық. Таң ала кеуімдене Ата рұқсатымен ат басын ауылға бұрдық. Жүргізуші жігіт бір анадан адал сүт емген адам екен. Жолай білгенін айтып, мұсылманшылық қағидалардың бәрін ұстап, айналасын таныстырып келеді. Бұл жердің ой-шұқырын терең білетіндігі сол, әр төбе мен әрбір қыраттың тарихымен де таныстырды. Сенек ауылына жақындағанда: -Аға, кеше жол сапар барысында атамның бейіті бар деп едіңіз ғой, алыстан келдіңіз, сауапты іске үлкен Ата реніш білдірмейді. Осы шамада Сүйіндіктердің қорымы бар. Соған соғып кетейік. Алла сәтін салса ол кісіге ұрпақтарының бір уыс топырағы бұйырар деп көлігін солға қарай бұра бастады. -Бақытты бол бауырым, мүмкін тауып алармыз. Елден жырақта жатыр ғой жарықтық, сананы тұрмыс билеген заман, келмейік демейміз, көбіне реті келмей жатады, орнынан бір аунап қалар еді, марқұм - дедім риза көңілмен. Қауымға бата етіп, ішіне кіре бергенде жолдасым Өсила: - Әне, атам-деді. Кеудем тарылып кеткендей ме, әйтеуір беймәлім күйде күн мен желге әбден қатталған бейітке жақындай бердім. Өсила балаларымызға: «Бұл сендердің қарт аталарың», - деп таныстырып жатты. Ия, бүл менің атам, Нұржан ақсақал. Талай басымнан сипап, арқамнан қағып еркелеткен, біздің әулеттің алтын діңі болған, ағайын-туысты бір жерге шоғырландырып, бәріміздің бірлігімізді, татулығымызды ойлаған ақылгөй қариямыз.
- Мені ұмыттыңдар деп, ұрпақтарыңды сөге көрме, сен біз үшін мәңгіліксің, жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын, желеп-жебеп жата бер, жарықтығым - деп топырақ салып, жолға шықтық. Иығымнан бір ауыр жүк түскендей бойым сергіп, жеңілденіп қалдым. Балаларым да аталарын көргендей мәз болысты. «Бір күн дәмдеске мың күн сәлем» дегендей жүргізуші ініммен жылы қоштасып, елге аман-есен оралдық».
Жұптары жарасқан, ата-баба дәстүрін бойларына терең сіңіре білген, үлкеннен тәрбие, бата алған, сол ұлағатты өз балаларының санасына терең бойлатқан біз сұхбаттас болған Махамбет пен Өсиланың көпке үлгі-өнеге болатын отбасы екендіктері рас. «Жақсыдан жақсы туса игі» деген Сәкеңдей арыстан осындай ұл туып, ата қоныстың түтінін одан әрі түтетіп, «үлкен үй» деген атты аялай ұстап отырған боларға бақытты ғұмыр тіледік. Жасыратыны жоқ, кейінгі кездері безбүйрек, қатыгез бала атанып, ата-аналарын қартайған шақтарында жалғыз қалдырып, болмаса қарттар үйіне тапсырып айуандық танытып жүргендер туралы баспасөздерде жиі жазылып, өмірде де кездесіп жүр. Жеме-жемге келгенде бұның себебін заманның қиындығы деп жатады. Заманды жасайтын адам десек, қазіргі кез ерінбеген, еңбектенгендердің заманы. Шүкір аспанымыз ашық, ел тыныш. Біле-білгенге бұл да бақыт. Ендеше, «екі қолға бір күрек» демекші еңбек ет те күніңді көр. Біздіңше, бұл жерде жетіспейтіні жүректің, мейірімнің тапшылығы мен тал бесіктен көрген тәрбиенің тайыздығы ма деп ойлаймыз. Не десек те өмірде жақсы мен жаманның, күшті мен әлсіздің, адал мен пасықтықтың қатар жүрері хақ. «Атаға туған күн, балаға туарын» біліп, ұрпақтарымыз қайырымды, жүректері жұмсақ, жандары жайсаң болса екен деп тілейміз. Сәл кейін шегініс жасап, толғақты ойға берілгеніміздің себебі сол, әңгімеміздің кейіпкеріндей әкені сыйлап, аналарын пір тұтқан ардақты ұл болса дейміз.
«ТҰЛПАРДАН ТҰЯҚ, АҒАШТАН ТАЯҚ ҚАЛАДЫ»
немесе Асқар Нұржанов хақында бірер сөз. «Өмірден өзі кетсе де соңына алпамсадай ұл, қырмызы қыз қалдырған ата-ананың аты өшпек емес» дейді халық даналығы. Осы бір қанатты сөздің қаншалықты дәл айтылғандығын кейіпкеріміздің ұрпақтарымен кездесіп, сұхбаттасқан сайын көз жеткізе түскендейміз. Сағидолла мен Бибиланың бауырынан өрбіген ұлдардың үлкені осы - Асқар. Азан шақырып қойған есімі Үмбет екен. Шаңыраққа келген сәбиді көкке көтеріп, бар ырымдарымен шілдехана-бесік той жасау халқымыздың қанына сіңген қасиет қой. Бұл әулет те кішкене Үмбеттің дүниеге келу бақытын жан-тәндерімен сезініпті. Ат шаптырып, қазан асып, ауыл-аймақты жинап үлкен той жасапты. Кішкене Үмбетке бертін келе асқар таудай биік болсын деген ниетпен «Асқар» деген ат беріліпті. «Сүйген құлдың аты көп» деген, сөйтіп бала Асқар ақсақалды атасы Нұржанның аталық зор мейірімімен, ата-анасының ыстық махаббатымен бұғанасы бекіп, қабырғасы қатаяды.
- Асеке, балалық деген адамның баға жетпес бақытты шағы ғой. Мұңсыз, қамсыз coл күндерді сағынбайтын, аңсамайтын пенде жоқ шығар сірә. Ата-анаңның құшағында алаңсыз жүрген балалық бал дәурен-ай десеңізші.
- Несін айтасыз, үлкендер айтқандай ол да бір дәурен екен ғой. Дүниені төңкерердей болып асыр салып ойнаған базарлы балғын шақ қайдан естен шықсын. Аңсайсың, сағынасың, бірақ өмір дөңгелегі тек алға ғана жылжуға жаратылғандықтан сол бақытты шақ, көз ұшындағы бұлыңғыр елес болып бара жатқандай. Сол елестің мәңгілік жойылып кетпеуіне себепші балаларым, немерелерім. Ұрпақ жалғасы, өмірімнің қуанышы, мақтанышым.
Мен 1953 жылдың 13 сәуірінде Опорный стансасында дүниеге келіппін. Әкемнің қызметіне байланысты біздің үй үнемі көшіп-қонып жүретін. Сол себепті мен орта мектепті бітіргенше сегіз жерде, дәлірек айтсам сегіз мектепте оқыппын. Әркімнің ата-анасы өзіне асыл ғой, менің де әке-шешем ортасына сыйлы, өте ақжарқын, қарапайым адамдар еді. Тәтем (әкемді осылай атайтынбыз) қанша басшылық қызмет атқарса да кісілікті биік ту етіп ұстанған адам. Ол кісінің дауыс көтеріп, болмаса қатыгездік танытқан кездерін көрмеппін. Қашанда мейірімімен айналасына қамқор болып, жылағанды жұбатып, қолынан келген көмегін аямайтын. Анамның дастарханы жиналмай, есігіміз жабылмайтын. Не бір отбасындағы реніш, болмаса ғайбат сөз дегенді білмей өстік. Әсіресе, атам Нұржанға деген көрсетілер құрметте те шек жоқ еді. Әкем де, шешем де үлкен кісінің бабы табылып, маңдайын мұң баспауын қатаң талап ететін де, өздері мұқият қадағалап отыратын. Осы бір жазылмаған қатаң тәртіп біздің санамызға үлкенді құрметтеу, аялау сезімін мәңгі жазып кеткендей. Атама басқа балаларға қарағанда мен жақындау болдым. Қасында жиі болып, берген тапсырмаларын мүлтіксіз орындап отыратынмын. Өмірінің соңғы сәттерінде де қасында болдым. Тәтем көбіне жұмыста, іс-сапарда. Үйден шығарда атамды мұқияттап тапсырып кететін. «Қариялы үй қазыналы» деген рас екен, атам жарықтық біздің шаңырағымыздың асыл қазынасы, алтын діңгегі еді. «Ер түздің адамы» деген, әкем өмір бойы далада жүрді. Қызметінің реті солай болды. Бала тәрбиесі, от басы тауқыметі көбіне анамның иығына түсті. Оның үстіне жиі көшіп жүрдік. Сондағы түйгенім, анамның үлкен жүректі кеңпейілділігі. Еш уақытта бармын деп аспаған, жоқпын деп саспаған анам марқұм, бар өмірін жары мен балаларына арнады. Қай қайсымыздың да маңайымызға шаң жуытпай, адамгершілікке, адалдық пен еңбекқорлыққа баулыды. Дастарханы ортаймады, дәмдісін бізге берді. Келіп-кетіп жатқан қонақтарда есеп жоқ. Біз бала күнімізден осылай болуға тиісті деп өстік, көпшіл болдық. Үлкендеріміз кішілерді қамқорладық, кішілеріміз үлкендерімізге арқа сүйедік. Шүкір, бастау алған жақсы тәрбиенің жемісін бүгінгі күні көріп отырмыз. Ұлдар да, қыздар да үй шаруасына өте бейім болып өстік. Үй жинап, тамақ дайындау бізге аса қиынға соқпайтын. «Істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деп ата-анамыз қандай шаруаға болсын бізді араластырып отыратын. Тәтем еш уақытта балаға дауыс көтеріп немесе түсін суытып көрген жан емес. Кейбір басшы адамдардың үйінде шектен тыс тәртіп, артық ауыз сөйлемеу, барлық істі стандартты түрде уақтылы шешу деген сияқты отбасылық заң, былайша айтқанда шектеушілік болады ғой. Ал біздің үй қашанда думанды, базарлы орталық болды. Ағайындарымызбен бір аулада тұрдық. Пәлен бала-шаға, біріміз ана үйде, біріміз мына үйде бытысамыз да жүреміз. Сол себепті ме, балалардың барлығы өте бауырмал болып өсті.
- Ырыс қайда барасың десе, ынтымаққа барамын дейді екен. Сол от басының берекесі Сіздің әулетті сәулелендірді, шуаққа бөлеп, айналаны бақытқа бөледі. Ата-ананың сіздерге қалдырған бағаласаң баға жетпейтін құнды сыйы осы болса керек.
Асеке, әңгімеміз айшықтырақ бола түссін, есте қалған балалық шақтың ұмытылмас хикаялары туралы...
- Хикаялар көп болды-ау.(сәл ойланып, күліп алды).
Тәтем екеуіміздің арамыздағы бір оқиғаны айтайын. Мұғалімім Елена Андреевна деген кісі болатын, 2 сыныпта оқитын кезім. Сабақтан келе сала Хадиша маманың үйіне тайып отырамын. Тамағымды ішіп, ойынның артынан кетемін ғой баяғы. Сөйтіп жүріп, екіліктердің бірнешеуін тізіп алғанға ұқсаймын. Мұғалімім баланың сабағы нашарлап кетті деп тәтеме айтпай ма. Содан тәтем май құйрықтан бірнеше рет шыпқыртып жіберді. Әлі есімде жылаған жоқпын. Бірақ, көзім ашылып, есімді тез жинап, қалып қойған сабақтарымды тез қуып жеттім. Тәтемнің шапалағының шымылы әлі күнге мені ширатып, қайраттандыра түскендей сезінемін. Бұл бір балалық шақтан қалған сағынышқа толы тәтті елес қана. Асқар Нұржанов 1974 жылы сол кездегі Гурьев қаласындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтап, әсем қала Алматыға арман жетегінде сапарға аттанады. В.И. Ленин атындағы қазақ политехникалық институтына түсіп, оны 1980 жылы сәтті бітірген Асқар, асқақ арман жетегінде туған топыраққа ат басын бұрады. Қолында қатырма қағазы бар жас маман, алғашқы еңбек жолын Балықшы бұрғылау басқармасынан бастайды. Басында бұрғышының көмекшісі болып, бірте-бірте бұрғышы, шебер баспалдақтары бойынша тәжірибе жинақтап, кәнігі маман ретінде қалыптаса бастады. Теңіз, Батыс, Шығыс Прорва кен алаңдарында жұмыс жасады. Кім болғанда да өзінің тұңғыш еңбек еткен жері, алғашқы тәлімгер-ұстаздары жөнінде сыйластықпен еске алып, өз ілтипатын білдіріп жатады. Асекең де Асабай Хисметов, Төлен Байзақов, Шаттық Кульчанов, Сарым Башенов ағаларының есімдерін зор құрметпен атайды. «Асабай аға мен келген Балықшы бұрғылау басқармасының бастығы болатын. Сол кездегі тәртіп солай ма, әлде азаматтардың кісілік қасиеттері ме келген жас мамандарды үйретуден, ортаға тартып, көзге түскендердің қызметін жоғарылатып, әйтеуір үлкен қамқорлық аясында ұстайтын. Бірде ылғи жас маман-инженерлерді жинап алды. Бізде жаңадан үш топ құрылғалы отыр. Кім қайда барғысы келеді - деді бәрімізге барлай қарап. Маған бір топ тапсырылды. Досай Макашов марқұм және Фатхолла Дәулетияров үшеуміз бір топ құрдық. Екі жылдан соң Теңізге, №2 РИТС-ке басшы қылып жіберді. Асекең талай жас мамандарды тәрбиелеп шығарды. Қанатының астына алып қамқорлады. Жиі-жиі жинап, басымызды қосып, қал-жағдайымызды біліп тұратын. Жұмыс барысындағы кәсіби ойымызды, пікірімізді мұқият тыңдап, өндіріс ілегіне енгізіп отыратын. Төкеңнен /Төлен Байзақовтан/ алған тәрбием де өзінше бір төбе. Ұзын плащын киіп алып, түнгі сағат 3-4 терде келіп жұмыстарымызды тексеріп жүретін. Әсіресе, қалғып-мүлгіп отырғандарды аямайтын. Осындай асыл ағалардан алған үлгі-өнеге мені әлі күнге алға жетелейді» - деп сағынышпен өткен өміріне көз жіберді Асқар. 1991 жылы А.Нұржанов «Гюрал» біріккен кәсіпорнында он жылға жуық цех бастығы болып жұмыс жасайды. 2001 жылы «Қазмұнайгаз» ҰК-сы басшыларының ұсынысымен «Қазақойл-бурение» кәсіпорнына бас директор болып жұмысқа ауысады. Тұралап қалған кәсіпорынды қалыпқа келтіру жаңа басшыға оңайға тимеді. Бірақ білімі мен тәжірибесі толыққан Асқар Нұржанов тығырықтан жол таба білді. Алты жыл осы кәсіпорынды басқарып, алдыңғы қатарға қосты. Сөйтіп, әкесі табан ізін қалдырып, негізін қалап кеткен сара жолмен енді баласы жүре бастады.
- Асеке, Сізбен сұхбаттас болған біраз уақыт ішінде біршама мәселе төңірегінде әңгіме қозғап, талай жақсылар мен жайсаңдар жөнінде тілге тиек болатындай салиқалы пікір алыстық. Танымдық көзқарас тұрғысынан тағы бірер сауал қойсам қайтеді?
-Қарсы емеспін.
- Баяғыда «Жүз сом ақшаң болғанша жүз досың болсын» деген мақал бар еді ғой. Осы бір қанатты сөз бүгінгі күні мәнін жойып кеткен жоқ па?
Сіз жалпы жолдастық, достық дегенге қалай қарайсыз?
- Мен үшін бұл мақал еш уақытта мағынасын да, құнын да жойған емес. Себебі ақшаны табуға болады, ал нағыз дос табу оңай емес. Өйткені, достық ақшаға сатылмайды деп есептеймін. Өмірде кездесетін қызықты да, қиыншылықты да бірге бөлісіп, бірге көтерісетін шынайы достыққа не жетсін. «Досы көп адам ең бақытты жан», «Досыңның кім екенін айтсаң өзіңнің кім екеніңді айтам» деген мақалдарды ту етіп ер жеткен ұрпақтың өкілдеріміз ғой біз.
Осы орайда жаныма жақын Сейтқожа Жұманов, Сағытжан Тәжіғұлов, Жұмабек Жамауов, Марат Жолымбаев сияқты дос-жолдастарымның есімдерін үлкен сыйластықпен атап өткім келеді. Бұл жігіттер қашанда қасыңнан табылатын, нар тұлғалы, кесек мінезді азаматтар.
- «Қамқорлық» - деген қасиетті сөз бар. Осы қамқорлықты біріншіден кімдерге көрсеткен дұрыс?
-Қамқорлық деген сөздің аясы өте кең. Қамқорлық жасау жан дүниесі кең, ой өрісі жетік, жүрегі жомарт адамдарға ғана тән. Меніңше қамқорлыққа зәру біріншіден, үлкен адамдар және балалар. Өз жағдайлары дұрыс, денсаулықтары бар адамдар қамқорлыққа мұқтаж емес деп ойлаймын. Себебі, он екі мүшесі сау, балалықтан кетіп, кәрілікке жетпеген адамға қамқорлық керек бола қоймас. Егер тепсе темір үзетін жастар, еңбек етпей біреулерден қамқорлық күтетін болса, олар өздеріне де, қоғамға да жарамсыздар дер едім.
Барлық мәселені шешетін еңбек, ерінбей іздену деп ойлаймын.
- Адам бойындағы жауапсыздықты жоюға болама?
-Меніңше өмірдегі ең бір қорқынышты нәрсенің бірі - жауапсыздық деп түсінемін. Бірақ бұл туа біткен қасиет емес, өмірге дұрыс бағдар алмағандықтан болса керек. Сондықтан бұл рухани дерттен арылу әр адамның ақыл, қайратына байланысты сияқты. Шыдамдылық, сол адамға деген қайырымды көзқарас, өз қасиеттеріңмен үлгі болу жауапсыздықты жоятын бірден-бір құрал деп есептеймін. Біле-білген кісіге жауапкершілік жүгін сезінбеуден өткен сорақылық жоқ. Өйткені, айналаңдағы құбылыстың барлығына да саналы адам асқан жауапкершілікпен қарауға міндетті. Ал бұл сезімді бойларынан жойып алғандар, қоғам ағымынан құр қалғандар.
- Қуаныш дегенді қалай түсінесіз?
- Қазақта «біреудің қызығына қуанып, қайғысына ортақтаса алмағандардан қорық» деген қанатты сөз бар. Шынымен де жүрек жарды қуанышқа не жетсін? Біреуге қуаныш сыйлағаннан өткен бақыт бар ма? Біреуге көмегім тисе, көздеген мақсатыма жетсем, ағайын-туыс, дос-жолдастарымның, бала-шағамның амандықтарын, жеткен жетістіктерін көрсем бұдан асқан қуаныш бола қоймас.
- Әзілді қалай түсінесіз?
- Әзілді түсіне білген де, оны айта білген де өнер. Астарлы, Абай атамыз айтқандай «айналасы жұмыр» келген әзіл-қалжың айналаңды күлкіге бөлеп, көңіліңді жадыратары белгілі. Ал көңілдің жарқылы денсаулықтың кепілі емес пе? Бұл жерде мен әкемнің астарлы, түп тереңінде ұлағат жататын тапқыр ойлы әзілдерін өзіме үлгі етемін.
- Сынақ дегенді қалай түсінесіз?
- Үлкендер осы өмірдің өзі үлкен сынақ деп жатады ғой. Шүкір, әзірге өмір сынынан сүрінбей өтіп келе жатқан сияқтымын. Пенде болған соң көптің көңілінен шығу оңай емес. Кейде орынды да, орынсыз сынға ұшырап жататынымыз бар. Бұл әрине, өмір заңдылығы. Өз атыма айтылған қандай пікірді болсын азаматтық тұрғыдан саралап көтере білер, түсіне білер жігерлілік бар деп есептеймін. Кейбір сынақтардың қайраттандырып, құлшынтып жіберетін пайдалы тұстары да бар.
- Демалысты қалай өткізесіз?
- Демалыс деген жақсы ғой. Мүмкіндік болғанда от басыммен, жақындарыммен табиғат аясында дем алғанды өте ұнатамын. Табиғат да тірі дүние. Аялай, қастерлей білсе жанға қуат, дертке дауа ғой.
- Іс сапарда көп жүресіз. Алыс жолға өзіңізбен ала жүретін ең қажетті заттарыңыз қандай?
- Ұялы телефон, блокнотым мен қаламым.
- Жалпы сіз, өзіңізді қандай адаммын деп ойлайсыз?
- /күліп алды/. Мен бе мен, қарапайым, ақ көңілмін деп есептеймін. Достарым мен ағайындарым да солай дейді ғой, рас шығар.
Бір білетінім әке тәрбиесінен санама сіңген адал болу, қайырымды болу, маңыңдағыларға құрмет көрсету дағдысы өмірлік ұстанымдарым.
* * * Асқар Сағидоллаұлы осылайша өмір атты алып кемемен дүние төрінде емен - жарқын жүзіп келеді. Айналасына қадірлі, ортада сыйлы. Әкеден алған тәлім-тәрбие, туа біткен асыл қасиеттер оны тек құрметке ғана бөледі. Жан-жары Айша, мамандығы тіс дәрігері, бұл әулетке түскен тұңғыш келін. Ата-ененің көңілінен шығып, баталарын алды, кейінгі түскен келіндерге үлгі бола білді. Көштің басын сыйластықпен бастаған Айша бұл күні өзі де әже атанды. Асекең екеуінің тұңғыштары «атасының қызы» атанған Ақтоты тұрмыста, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау педагогикалық университетінде ұстаз. Шынары да тұрмыста мамандығы инженер-экономист, кенжелері Ару студент. Істерінен де, сөздерінен де жарасымдылық лебі ескен Асқар мен Айшаның отбасына шұғылалы шаттық тіледік.
Ақ жарма ниет өз сәулесін шашатындығына сенімдіміз.
БАУЫР ЕТІ БАЛАЛАРЫ
немесе Сәкеңнің қыздары Қарашаш, Балзия, ұлдары Сүндет, Амантай хақында бір үзік сыр Қазақта «бала үшін әке ақылшы дана, асқар тау пана, өнегесімен дара тұлға» деген ұғым бар. Сол сияқты, Сағидолла ағамыз да балаларына қамқор көңілдің көнермесін, тату тірліктің өнегесін негіз етіп қалап, болашақтарына алтын дәннің нәрін сепкен асыл әке. Сағидолла аға мен Бибила ананың бауырынан өрбіген жеті баланың бірі «қара қазым» деп еркелетіп, үкілеп өсірген қызы - Қарашаш. Ата-ананың ыстық құшағында мұңсыз, қамсыз бақытты балалық шағын өткізген Қарашаш 1960 жылы дүниеге келді. Өмір айдынында еркін жүзді, оқыды, білім алды. 1984 жылы Алматыдағы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық институтын бітіріп, инженер-геолог мамандығын меңгерді. Алғашқы еңбек жолын «Теңізмұнайгаз» басқармасында бастады. 1989 жылы қыз ғұмыр, қызғалдақ ғұмыр заңдылығымен тұрмыс құрып, Байымбетов Ақсанғали атты мұнайшы жігітке жар болады. Ақсанғали «Қазмұнайгаз» ҰК жұмыс жасайды. Қазақстан мұнайының болашағына мол үлес қосып келе жатқан кәнігі мұнайшылар қатарында. Қазір Астана қаласында тұрады. Ұлдары Валихан Америка құрлығында білім алуда. Жас жеткіншектің арманы атасы, әкесі сияқты мұнайшы болу. Қыз жүрегі қашанда нәзік қой, Қарашаш әке туралы әңгімені толғана отырып, асқан құрметпен, ыстық сағыныш жетегінде бастады. «Әкемді есіме алғанда ес біліп етек жинаған шаққа дейінгі суреттер тізбесі көз алдымнан біртіндеп өтіп жатқандай болады. Ол кісінің мейірімді жүзі, аялы алақанының табын осы күнге дейін сезінемін. Әкеміз бізді өмір бойы адал болуға, қарапайым да, қайырымды болуға үйретті. Мұның бәрін сөзбен емес, өзінің ісімен көрсете білді. Ол кісінің өзінің жолдастарына, ағайындарына, әріптестеріне, жалпы қарапайым адамдарға деген пейілі, ниеті шексіз болатын. Ойындағы ақыл-кеңесін, қолындағы барын аямайтын. Айналасындағы адамдарға дегендегі құрметін тілмен жеткізу мүмкін емес еді. Міне, осындай өнегені көріп өскен біз қашанда адамшылық қасиетті жоғары қоя білдік. Мен өмір бойы әкемнің жүрегінің жылуын сезіндім. Бала күнімнен бастап әкем мені қатты еркелететін. «Үш ұлдан кейін көрген қызым, өзі қара қызым, өзі дара қызым» деп ұйқыдан шашымнан иіскеп оятатын. Сол кездерді ойлағанда сағыныштан жүрегім жарылып кете жаздайды. Амал не, алланың жазғанына көнесің де. Анамыз Бибила екеуінің арасындағы сыйластық, нәзік махаббат сезімі қазір ойлап қарасам бәрімізді бақытқа бөлепті. Олардың өткен өмірлеріне көз жүгірткен сайын, ата-анамыздың бірлесе сүрген 45 жыл өмірі үлгі-өнеге болатындай мағыналы ғұмыр екен. Әкеміз анамызды қатты сыйлайтын, еркелетіп «Биби ханум» деп отыратын жарықтық. Әркімнің өз анасы өзіне ардақты ғой. Біздің де анамыз адамдардың асылы еді. Жарты ғасырға жуық әкемнің өмір жолында жанына серік болып, ащы мен тұщыны қатар бөлісті. Балаларын тәрбиелеп, қонағын атқарды, ағайын-туыстың басын біріктіріп аяулы ана атанды. Көркіне ақылы сай анамыздың балаларына деген шексіз махаббаты үнемі тәрбие-тағылымға ұласып жатты. Нәтижесі сол бұл күні ана тәрбиесіне сіңіп өскен біз өмірден өз орнымызды тауып, бақытты өмір сүріп жатырмыз. Әсіресе, үлкенді сыйлау, үлкен кісінің алдынан кесе көлденең өтпеу сияқты мәселелер біздің үйде өте қатал қойылатын. Қазір ойлаймын оның себебі үйімізде атамыз Нұржанның ұлағатынан болса керек. Атамыз Нұржан ақсақал 90 жасқа дейін өмір сүрді. Ол кісіге анамыздың көрсеткен құрметінде шек жоқ. Жасаған қамқорлығы, сыйы бәріміздің де көз алдымызда. Атамызды барлығымыз да балалық жүрегімізбен жақсы көрдік. Бүгінгі күні өз балаларымызға айтып, үнемі есімізге алып отырамыз. Атамыздың суреті барлық немерелерінің үйлерінің төрінен орын алуы сол кісіге ұрпақтарының көрсеткен құрметі деп түсінемін. Өмір жолымыздағы із қалдырған ата-анамыздың тағы бір өнегелі істері-ағайын арасындағы татулық пен бірлік болатын. Ағасы о дүниелік болғаннан кейін, әкем жеңгесі Қадиша мама мен оның балалары Тұрсын апамыз бен ағамыз Шалқарды бір шаңырақтың астына алды. Сөйтіп, біз бір үйде бірге тәрбиелендік. Екеуінің жоғары білім алып, ел қатарлы болуларына әкем үлкен септігін тигізді. Бір сөзге келмей бір әке, бір анадан туғандай аса тату өмір кештік. Арамыздағы сыйластықта шек жоқ еді. Бұл да бізге сабақ болған өнеге. Ата-анамның менің көз алдымда өткен өмірлері мен үшін үлкен мектеп, мәңгілік жадымда ұстар тағлым. «Дәл сол кісілер тұғырын салған тәрбиемен жүрсек біз қор болмаймыз» дейтін өзімнен үлкен аға-апаларым. Тура солай болды. Бұл күндері менің бауырларымның барлығы да үлгілі отбасылы, өмірден орындарын тапқан, өз мамандықтарын игерген, ортаның сыйлы азаматтары. Мен соған қуанамын. «Қыз бала тілекші» дейді ғой, бауырларымның аман-есен жүргендерін тілеп, шүкіршілік қыламын» деп бір кездегі Сәкеңнің кішкене ғана қара қызы, бүгінгі күні бір шаңырақтың от анасы болып отырған Қарашаш әңгіме желісін осылайша тәмәмдады.
* * * Сағидолла ағамыз бен Бибила апамыздың бауырынан тараған тағы бір балаларының бірі -Балзия. 1954 жылы дүниеге келген. Алматыдағы политехникалық институтты бітіріп, геолог мамандығын алған Балзия ел қатарлы еңбек етеді. От басын құрып, өмірге Айгүл, Айбек, Сәкен атты бүлдіршіндерді әкеледі. Көктемдегі жер бусанып, жаңа ғана бой көтере бастаған жауқазындай гүлдеп келе жатқан жас ғұмырдың кенеттен қиылатыны аллаға ғана аян еді. Балаларының қызығын көріп, жарқырап жүрер шағында Балзия өмірден өтті. Артында аңырап ата-анасы, бауырлары мен өзегін жарып шыққан балалары қалды. Тағдыр осылайша алланың әмірімен үстемдік етті. Уақыт-емші. Жүрекке түскен жараның орны қарақотырлана бастады. Өмір өз дегенін істегенін жақсы түсінген ет жақындары Балзияның артында қалған ұрпақтарының амандығын, солардың болашақтарының жарқын болуын тіледі. «Орны бар оңалар» - деп халқымыз бекер айтпаса керек. Бұл күні Балзияның балалары ер жетті, өмірден өз орындарын тапты. Жүректерін сыздатқан анаға деген сағыныш кей кездері көз алдарын әлсіз тұмандатқанымен өмір өз жалғасын тапты. Тұңғышы Айгүл-1978 жылы туған. Қазақ мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар факультетін үздік бітіріп, Норвегияның Осло қаласында жұмыс жасайды. Ұлы Айбек-1981 жылы туған, Атырау мұнай және газ институтының түлегі. Гауһар атты жары бар. Сүт кенжесі Сәкен-1987 жылы туған. Атырау мұнай және газ институтын аяқтап, қазір Малайзияда білімін жалғастыруда.
Осылайша тіршілік тіні үзілмей, Балзияның ұрпақтары өсіп-өнуде.
* * *
Ұлдардың ортаншыларының бірі - Сүндет. 1957 жылы дүниеге келген. Сүндеттің бар саналы өмірі ата-анасының аялы алақаны мен қамқорлығының ыстық табын сезінумен өтті. Балалық шағында Сәкеңнің жеңгесі Хадиша апаның бауырында болып, қос ананы қатар еміп, арда өскен Сүндет жүрегі жұмсақ, жаны жомарт болып ер жетті. Еңбекке араласып, жастайынан көрген өнегесін осынау өмірге азық етті. Политехникалық институтты бітіріп, жоғары білім алды. Қоғам ілегіне ілесе жүріп үйренді, тәжірибе жинады. Қашанда алдына адамшылықты, еңбексүйгіштікті ту ете білді. Сөйтіп, әкеден қалған үлгі мен ұлағатты басқа бауырлары сияқты ол да өзіне мирас етті. Құдай қосқан қосағы Озат екеуі тұңғиық өмірге қол ұстаса бірге аттанып, әдемі от басын құрады. Өмірге Салтанат атты нәресте әкеліп, балапандай баптап бой жеткізді. Сол Салтанаттан көрген екі сәби олардың көз қуанышына айналды. Отбасының кенжесі Амантай, 1961 жылы туған. Ағалары мен апаларының ортасында еркелей ер жеткен Амантай да өмірден өз жолын тапқан азамат. Оның бойынан да кісілік асыл қасиеттерді көріп, «асылдан туғандар» деп ойлайсың. Амантай да жоғары білімді. Негізгі мамандығы мұғалімдік болса да, қазір мұнайшы болып қызмет етеді. Жан-жары Фаруза екеуі жарасымды жұп құрып, осынау өмірдің қызығы мен қиыншылықтарын қатар татып келеді. Өмірдегі сыйластық пен құрметтеуді, қарапайымдылық пен кішіпейілділікті жандарына серік еткен Амантай мен Фаруза өздері де орталарына сыйлы, дос-жолдас, ағайын арасында қадірлі. Қыздары Ақмарал Атырау мемлекеттік университетінің түлегі. Міне, Сағидолла ағамыз бен Бибила анамыздың ұрпақтары өмір атты ұлы көшпен осылайша алға жылжып келеді. Өмір-күрделі. Күрделілігі сол, алдыңда не күтіп тұрғанын болжай да алмайсың. Адамдардың бірде шаттанып, бірде еңсені езер қиындыққа тап болып, кей кездері ойламаған, жоспарламаған істеріңнің болып жататыны сондықтан. Адал еңбек, кең пейіл, жомарт жүрек қана дегенге жеткізіп, ұшпаққа шығарады. Осы қағиданы жастайынан санаға сіңірген Нұржановтар әулетінің алар асулары мен шығар биіктері әлі де алда екені ақиқат.
ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ЖАН
Тұрымтай деген құс бар. Ол қырандардың ішіндегі кішілеуі, әдемілігімен, ерекше ұшқырлығы мен ерекшеленеді екен. Қазақтың сөз арасында біреулерге көңілі толғанда «тұрымтайдай болса да атқарған ісін қарашы» деп таңқалысып жататынын талай естігенбіз. Жаңа туған қыз балаға «Тұрымтай» есімін беріп, осы құстай жігерлі болсын деп ырымдағанды да көргеніміз бар-ды. Неге екенін қайдам Сәнду апамен танысып әңгімелесе бастағанда осы құс есіме түсті. Сөйттім де іштей апаны осы қыранға теңедім. Бұл ойым негізсіз емес еді... Сәнду Амангелдіқызы 1927 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Шаңырақтағы он үш баланың бірі Сәнду бір жасында әкеден айырылады. Көз ашып, ес жинағалы от басы бейнетін арқалаған ана бейнесін көріп бой жетті. Жасынан зерек, еті тірі қыз білім алды, еңбекке араласты, абырой биігінен көрінді. 1946 жылы Алданған Нұрғалиев деген азаматқа тұрмысқа шығып, шаңырақ көтерді. Алданған Аманжолұлы елге сыйлы, өз еңбегінен бақыт тапқан, беделді азамат еді. Облыстық сауда басқармасының бастығы, «Ембімұнайгаз» комбинатында бастықтың орынбасары, «Гурьевснаб» мекемесінің бас инженері, кейіннен бастығы болды. Осы қызметте жүргенде 1982 жылы қайтыс болды. «От ағасы о дүниелік болғалы 26 жылға жуық уақыт өтіпті. Уақыт дегенге тежеу жоқ қой, арада қаншама жылдар өтіп кеткенін көрмейсіз бе? Ал мен үшін барлығы да күні кеше болған сияқты. Алдекең екеуміздің өміріміздің әрбір сәттері дәл сол қалпында көз алдымда тұр десем артық айтқандық емес. Мен от басынан бақыт тапқан әйелмін. Алдекеңдей жар тапқаныма екі дүниеде ризамын. Отыз алты жыл бірге өмір сүрдік, іша дескен жоқпыз. Көңілі кең, айналасына мейірімді, үлкенге де, кішіге де қамқор, жолдастарына адал серік бола білді. Алдекеңнің арқасында талай елдің азаматтарымен дәмдес, жолдас болдық. Ел көрдік, жер көрдік. Жасыратыны жоқ жақсыны иыққа іліп, дәмдінің дәмін таттық. Бауырымыздан бес бала өрбіді. Бүгінгі күні солардың төртеуі аллаға шүкір дін аман. Әкелерінің салып кеткен жолымен ел қатарлы еңбек етуде. Бәрі де үйлі-күйлі. Үлкен ұлдарымыз Бақытжан от басымен осы қалада, Мақсат қызмет бағытымен Шымкент қаласында тұрады. Маратым қолымда. Қызымыз Гүлшара Ақтау қаласында. Мараттан басқалардың барлығы да жоғары оқу орнын бітірген мұнайшылар, әртүрлі лауазымды қызметтерде. Марат қана Шымкенттен құрылыс институтын бітірген, қазір Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмыс жасайды. Құдай көпсінбесін он бес немерем, жеті шөберем бар, солардың қызығын көріп, Алдекең көре алмай кеткен бақытты жалғыз көріп жатқан жайым бар». Бір көргенде тұйықтау көрінген Сәнду апа әңгіме желісі созыла түскен сайын ашылып, сабақтала түсті. «Казтекстильторг» базасында 25 жыл директор болып жұмыс жасаған апамыз еңбек демалысына шықса да тыным тауып отыра алмады. «Немере бағам деп талаптанып едім, шынымды айтсам оқсата алмадым. Барлық саналы өмірім қызметте өткендіктен бе, бар болмысым жұмысқа тартты да тұрды. Содан қайта қызметке араластым. Әліде жұмыс жасаймын. Отбасымның, немерелерімнің орны мен үшін бір төбе, дегенмен қоғамға кішкене де болса пайдаң тигеннің өзі бір бақыт». Сәнду апа жанарын алысқа қадап, үнсіз отырып қалды. Қиял әлеміне еніп кеткендей. Не ойлап отыр екен? Меніңше өткен өмір жолы, жадында сақталған қимас жандар туралы болу керек. Өйткені адамның ойына қозғау салатын да ой. «Ата-ананың бар бақыты бала» деген. Үкіметке еңбек ете жүріп, өмірге бала әкелдік, оларды ер жеткіздік. Олардың түтін түтетіп үй болатыны кезінің жеткенін байқамай да қалыппыз. Сөйтіп жүргенде ұлымыз Бақытжан үйленетін болды. Белгілі мұнайшы Сағидолла Нұржановтың үлкен қызы Шарбатқа балалардың жүрек қалауымен құда түсіп, той жасап жегжат болдық. «Құданы құдай таңдайды» деген, Сағидолламен бұрыннан таныстығымыз бар еді, енді құдай қосып құдандалы болдық. Алғашқы күннен сөзіміз де, өзіміз де жарасып мың жылдық құдалығымыз үлкен ағайыншылыққа ұласты. Тонның ішкі бауындай өте жақын болдық. Сәкең өте ақкөңіл, ағайынға дегендегі ниеті ерекше болатын. Бибила құдағаймен екеуін құдай қосқан жарасымды жұп еді. Сәкеңнің отырған жері думанды, қалжыңын айтып, арасында әнін шырқап, жиналғандардың барлығын тас түйін қылып бір жерге топтастырып отыратын. Қалжыңы ауызынан түспейтін. Мына бір оқиға есіме түсіп кетті. Қыста соғым соямыз ғой баяғы. Ата салтымен ағайын туысқа ауыз тигіземіз. Осындай қонақтықтың бірінде шәй ішіліп, ет желініп сорпа келе бастады. Шамасы сорпа ыссылау болып кетті-ау деймін, Сәкең маған күле қарап:
- «Құдағай, сорпаң аздау болып кетсе ыссылай әкеле бер» - деді. Бәріміз қыран топан күліп жатырмыз.
Үлкен немерем он жеті жасқа дейін менің бауырымда болды. Кішкентайынан өте зерек, әр нәрсенің де орнын білетін иманды болып өсті. Ағайындар бас қосқан кездерде Алдекең мен мені мақтай жөнеледі, екеуінің тәрбиесі, солай да солай деп жақсы сөздерін аямайды ғой баяғы. Сондай сәттердің бірінде Сәкең елеусіздеу ғана «біздің де үлесіміз бар дегендей» деп күлімсіреп, түк айтпағандай далаға қарады. Мен де «не дейді-ай деп» өп-өтірік қыр көрсеткендей болып жаттым. Шіркін десеңізші, қалжыңымыз жарасқан, ақыл-ойымыз, тілегіміз ұштасқан адамдар едік ғой. Қонақ-қопсыларда жұбымыз жазылмай бірге жүрдік. Бірде қонақта отырмыз. Барлығының назарын Сәкең өзіне аударып алған. Саптама оймен қабат әзіл де кетіп жатыр. Қашанда береке-бірлікті ойлайтын әйел ғой, Сәкеңнің қалжыңы біреудің көңіліне келіп қалмас па деп қауіптенсе керек, Бибила Сәкеңнің аяғын басып-басып жібереді. Бір кезде Сәкең маған қарап:-«Құдағай менің аяғымды бір жалпақ табан қайта-қайта баса береді, о несі екен ә? - деді күлімдеп. Бәріміз балаша мәз болып күлісіп жатырмыз. Дәурен-ай десеңізші. Бір күні Сәкең құда біздің үйге келді. Құрақ ұшып қарсылап жатырмыз. Шәй ішіп көңіл бірленген соң Сәкең:
- «Құдағай өзіңіз білесіз, менің Қарашашым Орскі жақтың жігітіне тұрмысқа шыққалы жатыр ғой. «Қыз бала жат жұрттық» деген осы. Қызымды өз қолыңмен апарып, көзіңмен көріп кел - деп өтініш айтқалы келдім» - деді.
Әшейінде арқырап жүретін құдам, бір сәт маған жүдеп қалғандай көрінді. Әй, баласы түскір дегендерің осылайша кей кездері жаныңды қинайды ғой. Әрі баласының кішісі, әрі шетке қарай кететін болғасын әкелік жүрегінің қимастықпен қиналып тұрғанын сездім. Өте балажан еді ғой марқұм. Содан Қарашашқа еріп Ресейдің Орск қаласына бардым. Барған жері өте жақсы жер екен. Қазақы, салт-дәстүрді жақсы ұстайды. Қызымыздың алдынан шымылдық алып шыққанда аз-маз абдырап та қалдық. Тіпті ол жердегі қазақылықтың Қазақстанда тұрсақ та өз ауылымызда жоқ екендігіне іштей ұялып та қалдық. Сөйтіп, қызымызды ұзатып, тойды өткізіп елге аман-есен оралдық. Мән-жайды айтып Сәкеңнің риза көңілін танып көңіліміз орнына түсті. Қарашаш сол Орскілік жігіті Ақсанғали екеуі бақытты шаңырақ көтеріп, балалы-шығалы болды. Ағайынға қадірлі, Астана қаласында тұрады. Ақсанғали күйеу баламыз Қазақстан мұнай өнеркәсібінің өсіп-өрлеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген азамат. Көптеген жауапты қызметтер атқарды, халық оны жақсы біледі. Сағидолла құдамыздың бала дегенде жаны бөлек еді. Бар жақсы сөзін соларға арнап, мақтап-мадақтап, мынауым кейін мынандай болады деп әрқайсысын әртүрлі еркелетіп отыратын. Балалар есейіп немерелі болғанда да бұл әдетін қалдырмады. Асқардың қызы дүниеге келіп, атын Тоты қойды. Бірде барсам Сәкең кішкентайын ұстап, еркелетіп отыр екен. Құданы сөйлетейін деп:
- Түу, мақтаған қызың осы ма, көзі қысық, боржиған - дедім. Сонда Сәкең мүдірместен:
- «Көресіз өскенде қалай болатынын, Тоты десе Тотыдай болады» - деді жымиып.
Шынымен де сол кішкентай қызымыз өте әдемі болып бой жетті. Қазір тұрмыста, кішкентайлы болды. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген осы. Біздің кезімізде алыстан қонақ келе қалса үйімізде күтеміз. Ол кезде қазіргідей ресторан, қонақүй дегендер жоқ. Сондай қонақтардың бірері бір күні Сәкең құданың үйіне келе қалады. Бибила құдағай ауылда болмаса керек. Сонда он жастағы Шарбат тамақтарын пісіріп, барлығын реттеп қонақтарды шығарып салыпты. Осыны Сәкең жиі-жиі айтып, «менің қызым, он жасында қонақ күтті ғой, сендер көрсеңдер ғой» деп мақтанып отыратын. Сәкеңнің дуалы аузынан шыққан жақсы ниеттерінің барлығына алла әумин деді. Ұлдары ер жетіп, қыздары бой жетіп бас-басына шаңырақ көтерді. Барлығы да балалы-шағалы. Осыны көріп шүкірлік етемін. Өзім көздерін көре қалған Сәкеңдей, Ізибиладай асылдардың ұрпақтарының жапырақтарының жайылғандығына ризашылық білдіремін. Сәкеңдей құда, Бибиладай құдағай тауып берген Бақытжаным мен Шарбатжаным өз алдына үлкен отау. Балалы-шағалы. Шарбат маған сүйікті келін болды, мен оған ақылшы ана болдым. Келіндерімнің қай-қайсысы да туған аналарындай сыйлайды, құрметтейді. Осыған марқаямын, қуанамын». Сексеннің сеңгірінен асса да өңін бермеген, ақылы мен парасаты қатарласқан Сәнду ана осылайша бізбен сыр бөлісті. Әр сөзінен оймақтай ой, тарамды пікір, еңселі көзқарас көрініп тұрған осы бір қазақ әйелінің бойында қаншама ізгілік, қаншама қайрат бар десеңізші. Әңгіме арасында мені тамсандырған апамыздың тағы бір қыры болды. Отағасының әкесінің атын сұрап едім, сәл мүдірді де бал асы Маратқа қарады. Марат: «Нұрғалиев» деп жауап берді. Япырмай, дедім іштей, жасы сексеннен асса да атасының атын атауға батылы бармай, келін деген қасиетті атын ұмытпаған бұл не деген ұлылық деп ойладым. Әйел болса да ерлермен тең еңбек еткен Сәнду апа жығылғанды демеген, кем-кетік, жетімдерді жебеген үлкен жүректі адам. Қайын атасының ағасының баласы тоғыз жасында Сәндудің қолына келеді. Мен келін болып түскенде бар болғаны төрт жаста болатын. Оқыды, еліне еңбек етті, көп құрметіне бөленді. Қазір жасы алпыста. Мәскеуден кандидаттық, Алматыдан докторлық қорғады, қазір институтта сабақ береді.
- Апа фамилиясын айтып жібересіз бе?
- Айналайын айта алмаймын ғой, жазып берейін...».
-... Тілім байланып қалған кісіше апаға қарап, таңқалысымды жасыра алмай айта алмайсыз ба? - деппін сасқалақтап.
- Ия, айта алмаймын. Қайнағамның аты ғой.
Не деген, құдіретті сыйластық, жасы сексеннен асса да келін деген киелі аттың мәнін жоймақ түгілі шырайын аша түскен тәрбиелілік. Асыл сүйекті баяғының адамдары-ай. Үлкендері өмірден кетсе де көңілдерін кірбің баспаған, сол баяғы биязылығын сақтаған қазағымның келіндері-ай. Үлкеннің алдынан қия өтпеген, кішіні қамқорлап бауырына басқан, ақсақалды ата мен ақ жаулықта ана көрсе иіліп-бүгіліп сәлем жасап, батасын алған қазағымның келіндері-ай. Таңдай қаға таңданасың. «Тәрбие тал бесіктен» деген рас-ау. Жастайынан бойына сіңірген ізгілік қасиеттердің ақша жүзін әжім торлаған Әже-Ана келбетіне түссе де ұмытылмауын қараңызшы. Сәнду апаның өмірде ұстанған қағидасы - жан тазалығы, ар тазалығы. «Мен өзімнен де, балаларымнан да осыны талап еттім» дейді ол. Ия, алысқа меңзеп, арман биігіне жетелейтін де, сол армандарға қол жеткізіп жаныңды шуаққа бөлейтін де ар-намыс тазалығы. Сәнду Амангелдіқызын қыран құс Тұрымтайға теңегеніміздің себебі енді түсінікті болған шығар.
НAP МІНЕЗДІ АЗАМАТ ЕДІ...
Есен Тасқынбаев 1932 жылы Атырау облысының Жылыой ауданы Жаршық ауылында дүниеге келіп, орта мектепті үздік бітіріп, Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтына түседі. Ауылда туып, ауылда ер жеткен бала Есен, Мәскеудей атағы жер жарған үлкен қалада білім алып, 1954 жылы инженер-механик деген қатырма қағазын қолтығына қыстырып, ат басын кіндік кескен туған топыраққа қарай бұрады. Алғашқы еңбек жолын қарапайым слесарлықтан бастап, «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бас механигі дәрежесіне дейін көтеріледі. Ұйымдастырушылық зор қабілет, терең білімі Есақаңның өресін биіктете түседі. 1965-1977 жылдары үзбестен 12 жыл бойы Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет жасайды. Ал 1977 жылы Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, тапжылмастан 10 жылдай қызмет етеді. Кеңес Одағы коммунистік партиясының XXV, XXVІ, XXVІІ съездерінің делегаты, 1972-1987 жылдары Қазақстан Орталық партия комитетінің мүшесі, Қазақстан коммунистік партиясының XІІ-XVІ съездерінің делегаты, Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне төрт рет депутат болып сайланған, Есен ағаның еңбектегі толымды табыстары ескерусіз қалған жоқ. Өңірінде «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордені жарқырады. Ел-халқы Атырау облысының «Құрметті азаматы» деген атақ берді. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татып, осылайша елі үшін аянбай еңбек етіп, көпшілік құрметіне бөленген Есен аға құдай қаласа биыл жетпіс жетіге келеді. Төккен тердің жемісін көріп зейнеткерлікке шықты. Бірақ бәз баяғы тынымсыз көңіл тыным бермей тағы да жұмысқа қарай тартты да тұрды. Бойымда қуатым бар да ел несібесіне үлесімді қосайын деген ниетпен тағы да еңбекке араласты. Сөйтіп, 1995 жылы дербес зейнеткерлікке шыққаннан бері Атырау облыстық әуесқой аңшылар мен балық аулаушылар қоғамында басқарма төрағасы болып жұмыс жасап келеді. Қашан көрсең де «жан балам қалайсың»-деп әкелік мейірімін төгіп тұратын Есен аға мен үшін қарапайымдылық пен адамгершіліктің алып символындай көрінеді. Қаланың ескі аудандарының бірінде орналасқан Атырау облыстық әуесқой аңшылар мен балық аулаушылар қоғамының ғимаратына бет алып келемін. Қазіргідей кең емес, тарлау келген ағаш баспалдақпен екінші қабатқа көтерілдім. Ағаның жұмыс жасайтын жері де ескіден қалған көз секілді жаныңа жақындау ма қалай? Жып-жинақы, тап-таза мұнтаздай. Әсіре қызыл ештеңе көзге түспейді. Бәрі орын-орнына. Кең бөлмеге қойылған ұзын столдың басында аға отыр. Алдындағы жергілікті газеттерден келген журналистердің біріне мағлұмат беріп отыр екен. Мені көріп «жан балам, қалайсың, төрлет»Деп орындық ұсынды. Мейірімді жүзімен күлімсірей қарап от басы, бала-шаға амандығына дейін сұрады. Жай-жапсарды білгеннен кейін сәл ойланып алды да баяу әңгімесін бастады: «Сағидолладай азаматтар туралы бір емес, бірнеше кітап жазсақ та артықтық етпес. Ол қазақтың бір туар азаматтарының бірі еді ғой. 1949 жылы мектептен соң Мәскеуге оқуға түстім. Ол кезде Сағидолла, Б.Сағынғалиев, Р.Өтесін, Ә.Атшыбаев, Қ.Мұрзағалиевтер 3 курстың студенттері. Бірінші курстағы бізге оқуды бірден алып кету өте қиынға соқты. Жігіттердің көмегімен қатарға ілігіп кеттік. Шетте жүргесін бе, ауылдың жігіттері бізге үлкен қамқорлық көрсететін. Бойымыздағы намыс оты сенімімізді жанып, оқуды жақсы аяқтап, елге келіп еңбекке араластық. Студенттік шақта дәмдес болған жігіттердің бір-біріне дегендегі ниеттері өзгеше болатын. Көрген жерде шүйіркелесіп, жанымыз қалмайтын. Еңбекке араласқаннан кейін де Сағидолла екеуіміздің жолымыз талай тоғысты. Сәкең бұқпантайлауды білмейтін, ешкімге жалпақтап, мүләйімсімейтін, өзім деп келгенге өзегін жұлып беруге дайын ақкөңіл адам еді. Турашыл еді жарықтық, сол тіке айтатын мінезінен зардап шеккен тұстары да болды. Бірақ еш өкініп көрген емес. Қолмен істегенді мойынмен көтеретін мәрттігі асып жығылатын. Жолдастыққа, достыққа адал болды. Ол жанына жақын адамдарды шен-шекпеніне емес адами қасиеттеріне қарап бағалайтын. Сондықтанда оның қасынан жоғары лауазым иелерін де, қарапайым жұмысшыларды да тең дәрежеде жиі кездестіретінбіз. Қызыл сөзге дес бермейтін сабазың. Өткір тілімен, әдемі әзіл-қалжыңымен айналасын тәнті қылып, думанға толтырып отыратын. 1967-жылдары болса керек, Бейнеу-Қоңырат темір жолының тартылып жатқан кезі. Осы жұмыстың біту салтанатына қатысу үшін №99 құрылыс басқармасының бастығы Т.А. Гогишашвилидің ұйымдастыруымен Қарақалпақияға аттандық. Делегация құрамында қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде мен, обкомнан М.Есенов, облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағидолла Нұржанов бар. Оңалбай Көшеков ол кезде Маңғыстау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Өз адамдарын бастап Маңғыстаудан Оңекең келді. Мәдени шара өте жақсы ұйымшылдықпен өтті. Кеш соңында Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы К.Камалов сөз сөйлеп, барлығымызға ризашылық сезімін білдіріп, иығымызға қонақжай дәстүрмен шапан жапты. Той болған соң кем-кетіксіз болмайды ғой. Белгісіз бір себептермен Сәкеңе шапан жетпей қалмасы бар ма. Сонда Сәкең сәл жымиып алып: «обком, облисполком, облсофпров дегендерің үш бұрыш қой. Сол үшбұрыштың бір жағы ашылып қалды» деді. Біреулері сөз астарына түсініп күлсе, ұйымдастырушы жақ ыңғайсыздық танытып, әбігерге түсті де қалды. Ал Сәкең болса әдеттегідей сөз тапқыш қуақылығымен күлімсіреп, қасқайып тұра берді. Сағидолланы көпшілік кәнігі мұнайшы ретінде біледі. Бұған қоса оның партия, совет қызметтерін атқарғандығы да белгілі. Есіме түсіп отырған бір оқиға, Сағидолла Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген кезі. Заман өзгеріссіз тұра ма, бір кездері осы ауданды жауып, Жылыой ауданына қосты. Бір күні Сәкең қасында сол Мақат ауданында идеология бөлімінің хатшысы болған Ә. Кенжебаев деген жігіт бар біздің үйге ат басын тіреді. Көптен кездеспеген арқа-жарқа болып, мәз болысып жатырмыз. Амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Сонда Сәкең: -Есақа несін айтасыз, Әбілхайыр екеуіміз анау-мынау емес райкомды жойып келдік-дейді баяғы қалжыңына басып. Уақтамайтын, біреулерге ұқсап құтылып кетуге тырыспайтын, шалт мінезді турашыл еді. Сол тіке айтатындығынан Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы болып жүргенде министрдің мінін бетіне айтам деп, бас аяғы бес минуттың ішінде жұмысын тастап шықты ғой. Бір ғажабы Сәкең түңілу, жабырқау дегенді білмейтін. Болашаққа нық сеніммен қарайтын. Сол сенімі оны үнемі алыстарға жетеледі, биіктерге шығарды, асулардан асырды. Жақсылық деген інімнің жолдасы Сәкеңдерге жекжат болып келеді. Солардан қуып менімен құда деп қалжыңдап отыратын. Сәкеңнің қас жауы күншілдік еді. «Көптің ішінде ала да, құла да кездеседі» демекші, айналадағы адамдар да сан түрлі болады ғой. Мұрын астынан міңгірлей бастағандарға тойтарыс беріп, дұрыс жолға жөн сілтеп отыратын. Сәкеңнің осы қасиетін еске алғанда Ұлы Абайдың: «Ай, қазағым-ай, бір-біріне тірісінде күндеп күн бермейді, өлгесін үндемейді» деген сөзі еріксіз есіме оралды. Лайым ұрпақтарымызды күншілдіктен сақтасын дейік». Есен аға бір мезет менің жанында отырғанымды ұмытып кеткендей терең ойға кіріп кетті. Ой тізбегі бұзылмасын деген ниетпен мен де тып-тыныш отыра бердім. Бірер минуттан соң маған қарап: -Жан балам, солай. Өмір шіркін жөңкіле көшкен ақша бұлттар секілді. Ойды қозғайтын осындай әңгімелер ғой. Бірнеше жыл бойы жан-жолдас болған Жолдасқали Досмұқамбетов, Ғабдіхалық Сағытжанов, Сәрсен Саппаев, Сырым Жиенбаев сынды жігіттерімді сағынышпен еске алып отырғаным ғой. Адамға деген ниеті, көңілі теңіздей телегей, жылғадай жылжып жыбыршығанды жаны сүймейтін, кесек мінезді, жүрегі жомарт Есен ағамен сұхбаттасқан бірер сағат уақыт жанға қуат, жүрекке әл бергендей. Әсіресе, оның айналасындағы болып жатқан қоғам өзгерістеріне, еңсесін көтеріп тәуелсіздік алған Қазақстандай туған мемлекетінің болашағына, оның бүгінгі күні қолы жеткен жетістігіне, сол жетістікті жасап жатқан адамдарға деген шексіз ықыласы, «айналасы жұп-жұмыр» келген салиқалы көзқарасы, түйінді пікірі ағаның талай белестерден еркін өтіп, талай шатқалдарды артқа қалдырғандығын көрсетіп-ақ тұрды. Осындай адамдардың бір кездері облысымызды басқарып, ел ертеңі үшін деп талмастан қызмет жасағанына, бүгінгі күні арамызда үлкенге қамқор, кішіге ақылшы болып аман-есен жүргеніне шүкіршілік етесің. Есен аға құдайы қосқан қосағы Ермек Алдиярқызы екеуі елу жылдан астам уақыттан бері осынау өмірдің сара жолымен қол ұстасып қатар келеді. Ермек апай бар саналы өмірін ұстаздық етіп, бала тәрбиесіне арнаған жан. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ұзақ жыл болашақ мамандарға дәріс берді, доцент. Апайдың алдынан білім алған шәкірттері бүгінгі күні республикамыздың түпкір-түпкірінде еңбек етуде. «Еңбегіңнің жемісін көр»-деген батаны бойына сіңірген Ермек апа өз еңбегінің нәтижесін көрді. Кім болса да ұстазға қарыздар, ұстаз алдында бас иеді. Өйткені, болашақ бастауы, білім нәрі абзал ұстаздың өлшеусіз еңбегінің қайырымы. Ермек апа қазір құрметті еңбек демалысында, немерелерінің қасында. Бар өмірін аттың жалында, түйенің қомында өткізіп келе жатқан жан-жолдасы Есен ағаның басының амандығын, денінің саулығын тілейді. «Елдің тыныштығы, халықтың амандығы, бала-шағаның бақыты, біздің бақытымыз» -дейді асыл ана. Ағалардың жүріп өткен жолдары асыл қазынаға тең. Бұл жерде айтайын дегеніміз қазыналы Атыраудың жарқын болашағы үшін бар күштерін сарқыған Есен ағаларымыздың әлі де көш басында жүргендігі, беделді мінбелерден сөз сөйлеп атқарылып жатқан істерге тиісті бағасын беріп, жөн сілтеп жүретіндігі қуантады. ... «Туған ай туралған етпен тең» деген қараша айын да аяқтаппыз-ау. Әңгіме кейіпкерлерімен қоштасып дала шыққан бойда осыны ойлаппын. Неге? Әлде аға мен апамыздың жалынды әңгімелері әсер етті ме? «Әрбір адам өзінше бір әлем» деген рас-ау өзі. Есен ағамыз бен Ермек апамызбен болған кездесу, олардың әсем өмірлері, тындырған істері мен көрген қызықтары мен қиыншылықтары жөніндегі әңгімелері мені басқа бір әлемге түсіріп жібергендей болды. Мүмкін мұндай сезім тек қаламгерлерде болатын шығар. Не десек те қолыма қаламым мен қағазымды қыстырып, талай жақсылардың өмірлеріне куә болуға мүмкіндік берген жаратқаныма сан мәрте ризамын.
«ӨТТІ ДЕ КЕТТІ ДӘУРЕН-АЙ»
немесе зейнеткер Базарбек Динов ақсақалдың толғанысы Базарбек Динов 1928 жылы Қызылқоға ауданы, Қарабау поселкесінде дүниеге келген. Бес кластық білімі бар. Өмірдің маңдайға жазған қиыншылықтары мен қияметтерін арқалай жүріп еңбек еткен, қатарының алды болып, туған елінің өркендеуіне өзіндік мол үлесін қосқан азамат. Электр цехының бастығынан, тұрғын үй коммуналдық конторының бастығына дейін көтеріліп, осы салада отыз жыл үзбей еңбек етіп, еңбек демалысына шығып, ел-халқының құрметіне бөленген адам. Сағидолла Нұржановтың өмірі, оның саналы ғұмырында жұмыстас, дәмдес болған адамдары туралы білуді мақсат еткелі талай адамдар мен әңгімелесіп танысудың сәті түскеніне қуанамын. Өйткені, әрбір адамның өмірі тұнып тұрған сыр-сандық. Аш та қара, ғажайып бір әлемге сүңгіп кеткендей боласың. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын сан алуан тағдырлар, һәм ғұмырлар. Сәкеңнің жұдырықтай жүрегіне сыйып, өз орындарын ала білген адамдардың арасында назар салып байқасаңыз, әр түрлі лауазым иелерін кездестіресіз. Белгілі басшыдан бастап, қарапайым жұмысшыға дейін оның жанына жақын болған адамдар. Сол адамдармен тілдескен сайын Сәкеңнің абырой, беделі айшықталып, нақышына келе түскендей. Сағидолла ағаға «Алтынның сынығы» деп баға берген Базарбек аға, өткен өмірін күні кешегідей көз алдынан өткізіп, жайымен әңгімесін бастады. «Шыр етіп дүниеге келген сәбидің маңдайына алла тағала бар өмірін жазып үлгереді деген әңгімені естігенім бар еді. Шынымен де солай секілді. Менің маңдайыма жазылғаны -қызықтан гөрі қиындықты көбірек көру екен. Өкінішім жоқ, басқа түскенді көтере білу де сауап. Сол маңдайға жазған өмірдің қиыншылығынан білім ала алмадым. Жастайымнан еңбекке араластым, қиындыққа мойымадым, қолымнан келмейді-ау деп жасымадым. Бойымдағы зеректігім бе, әйтеуір қай жерде жұмыс жасасам да абыройсыз болған жоқпын. Сөйтіп, мен жылжи аққан өмір ілегінде өмір бойы үйренумен өттім. Жинаған іс-тәжірибем мені білімім жеткіліксіз болса да алға жетеледі. Жасыратыны жоқ, білімнің жеткіліксіздігі талай жерде алдымнан шығып, кедергілерге де ұшыратты. Талай мықты маман жігіттермен сыйлас, қызметтес болдым. Солардың арасында С.Нұржанов есімін ерекше атап өтер едім. Сәкеңмен алғашқы таныстығым 1956 жылдары басталды. Бұл Қошқардағы қызу еңбектің қайнаған бір шағы болатын. Сәкең басшы, біз қосшы. Түн демейміз, күн демейміз жұмыс басындамыз. Мақсат жалғыз-ақ - өнім көлемін арттыру. Сәкең мынау бастық, мынау жай жұмысшы демейді, бәрімен тең, ашық жарқын. Бәрімізбен ақылдасып, пікірімізге құлақ асып отырады. Ол кезде мен электр цехында жұмыс жасаймын. Кәсіпшілікті автоматтандыру кезіндегі жасалған жұмыстарға өзім куә болғанмын. Сағидолланың сол кездегі біліктілігіне, табандылығына сол уақытта таң қалмаған жан жоқ шығар, сірә. Менің жұмыс қабілетіме аса мән беріп, мақтап, көтермелеп отыратын. Кей кездері қажетті білімімнің жоқтығын айтып:
- Базарбек, сенің қолыңнан келмейтін жұмыс жоқ, басың да мықты, әттең білім ала алмағаның-ай. Заман түбірімен өзгеріп жатыр, өзің көріп отырсың өндіріске еніп жатқан өзгерістерде есеп жоқ, күндердің күнінде саған қиын болып кетпесе жарар еді - деп жиі айтатын.
Дархан көңіл жігіт еді ғой жарықтық. Мақат ауданына бірінші хатшы болып кетердің алдында мені тұрғын үй коммуналдық конторына бастық қылып қойып :
- Сенің жиған-терген өмірлік тәжірибеңде шек жоқ, бірақ қолдарына қатырма қағаз ұстаған, білімді жастар көбейіп келеді. Бұл заман талабы, бұған біз өте қуанамыз. Жастарымыздың білім алып, ата-баба салып кеткен сара жолды жалғастырғанын көргеннің өзі бір ғанибет. Оларға сен сияқты ағалардың өмірі үлкен сабақ болуға тиіс.
Сенің дипломыңның жоқтығы жаныма батады. Азамат жігітсің ғой, осы қызметке ие бол, тәжірибең жеткілікті осы жерден сені ешкім қозғай қоймас - деді. Осы конторада табан тіреп отыз жыл жұмыс жасап зейнеткерлікке шықтым. Сәкең маған сенді, мен оның сенімін ақтадым. Нағыз азаматқа тән іс қылды мен үшін, қасымда өзі болмаса да құдайы бар, Сәкең жарықтықтың бұл жақсылығын еш уақытта есімнен шығарған емеспін. Қазір жасым сексенге таяды. Шүкір, дін аманмын. Жолдасым Нұрбиға да кәсіпшілікте шебер болып жұмыс жасаған. Үш ұл, екі қыз бес баламыздан он сегіз немере-жиен сүйіп отырмыз. Сарқамыс поселкесін көшірген кезде қаладағы Сарқамыс шағын ауданынан екі қабатты үй еншімізге тиді. Осы бақытты шаңырағымда бала-шағаммен тұрып жатқан жайым бар. Қатарымыз да азайып бара жатыр ғой. Кей кездері ойға қалып қатарлас жүрген жігіттерді еске аламын. Біз жас кезімізден бастап жолдастық, достық дегендерге аса мән беріп өстік.Бірімізге біріміз қол ұшын беруге, қолдап, қошеметтеп отыруға бейім болатынбыз. Маған солай көріне ме, әйтеуір менің тұстастарым кең жүректі, ақұлпа тілекті көрінеді. Бір ғана мысал - өзім әңгіме жасап отырған Сағидолланың ортада бастықсып көкірек көтергенін көрмеппін. Бәрімен тең сөйлесіп, «қап-ай» дегенді қолтықтан демеп отыратын азамат еді шіркін. Арамызда әлі де жүре тұрса ештеңе етпес еді. Бірақ әмір солай ғой. Біздің балаларымыз да біз сияқты ең алдына кісілік, бауырмалдық қасиеттерді қойса деп тілеймін. Өмір дегеннің өзі тым тез өтетін нәрсе екен. Кезінде жастықпен жете көңіл бөлмеген екенбіз. «Өтті де кетті дәурен- ай» деген осы шығар. Есімі жүрек түбінен орын алған адал дос, жақсы жолдас бола білген Сәкеңдей азаматтарды естен шығару мүмкін емес қой-деп әңгімесін тәмамдады ақсақал. Көкірек сарайы ашық, қоғамда болып жатқан өзгеріс, жаңалықтардан құлақдар Базарбек ақсақал елдің ертеңіне қалтқысыз сенеді, тәуелсіздік туының желбіреп, мемлекетіміздің дербестік алғанына шаттанады, Қазақстан экономикасының күре тамырына айналған мұнай өнеркәсібінің ертеңгі ұрпақ қажетіне жарайтындығына қуанады. Қазақстандай байтақ елдің төрткүл дүниеге танымал болғанына көңілі марқаяды. «Кісідегінің кілті аспанда» деген, өз туған топырағымыздың байлығы осы өңір ұрпағының маңдайына біткен несібесі ғой» дейді сөз арасында. Көкірек көзін тат баспаған Базарбек ақсақалдың әрбір сөзі ұлағатқа толы. -Айтқандай-ақ, қызым мен саған Сағидоллаға арнаған өлеңді көрсетпеппін ғой. Орнынан көтеріліп, кітап сөресіне жақындаған ақсақал, С.Нұржановқа өлең жолдарын арнаған Сарқамыстық ақын, ұстаз Сабырғали Бапайұлының «Шаттанып қуанышқа күлемін мен» деген жыр кітабын ұсынды. Сабырғали аға «Риза бол, ұрпаққа замандасым»-деген тақырыптағы өлеңін С.Нұржановқа арнаған екен:
Алғашқы Прорваға басшы болған,
Басына абырой мен бақыт қонған.
Орындап өндірістік бар жоспарды.
Өтті ол мүдірместен талай жолдан.
Үйретіп мол тәжірибесін кейінгіге,
Әрі ұстаз, әрі басшы болған қорған.
Елінің мақтанышы Сағидолла,
Жарқырап омырауында орден толған.
Тұрады мадақтауға еңбегі де,
Талабы оңға басып өрледі де.
Сүйсініп жыр арнадым жүрегімнен,
Сәкеңдей мақтан тұтар ерлеріме.
Бұл сөздер жалған емес бәрі шындық,
Куәмін өз көзіммен көргеніме.
Жасымнан адам едім ақынжанды,
Өлеңмен өрнектеуге қақым бар-ды,
Есіміңді мәңгі есте сақтау үшін,
Мұнайшылар пікірі мақұлданды.
Басшы болған өзіңіз Прорваға,
40 жылдық мерей той жақын қалды.
Еңбегіңді бағалап кейінгі ұрпақ,
Бөлімшеге Нұржанов атың қалды.
Адал еңбек сіңірдің сен халқыңа,
Мақтанады мұнайшың сол даңқыңа.
Өнегелі өмірің ұрпаққа үлгі,
Қазағымның сай келген бұл салтына.
Жалғастырып ісіңді ұрпақтарың,
Мол мұраны қалдырдың сен артыңа.
Алғаш біз білім алдық әліппеден,
Бөлістің қиындықты халықпенен.
Разы бол ұрпағыңа замандасым,
Атыңды мәңгі сақтап дәріптеген.
Қатар еді Сағидолла замандасым,
Өзімдей мектеп көрген қаламдасым.
Рухың риза болғай арнауыма,
Осымен Сәкең сөзін тәмәмдасын, -
деп өзінің жүрек жарды жыр жолдарын арнапты. Қазақ қашанда жақсысын дәріптеп көкке көтере білген кеңжайлау халық. Сондықтан да шығар көбіне «аузын ашса көмекейі көрінеді» деген теңеу тек біздің ұлтымызға ғана тән. Сол бабаларымыз әсіресе, құрдастарына аса мән берген ғой. Қалжыңы жарасқан, қажет жерінде сырлас дос, қамқор ағайын бола кететіні сондықтан шығар. Сапарғали ағаның кітабындағы сол құрдастарына арнаған өлеңіне назар салып көрейік:
Азайды қадір білер құрдастарым,
Жанымды жадыратқан сырластарым.
Түлкі болып алдайды кейбір жолдас,
Ерте кетіп дүниеден қимастарым.
Жақсы мезгіл шынымен өткені ме?
Өкінем жақсылардың өткеніне.
Жастар неге жүрмейді әдеп сақтап,
Жаманшылық шынымен жеткені ме?
Бір теңгелік картаға таласатын,
Үлкендерге жастарым өкпелі ме?
Дүниеқоңыз пенделер қашаннан бар.
Айыптамаң ондайды сөккеніме.
Ұрпағымды аялап өсірем деп,
Өкінбеймін терімді төккеніме.
Өзімді лайық деп сезінемін,
Жаманшылық көрмей-ақ кеткеніме.
Жақсыларың кім дерсің сөйлегені,
Ойда жоқ қой пенде де өлем деген.
Адайбай, Мәлікпенен, Шегентайды,
Еске алам тебіреніп өлеңменен.
Аз күн дәмдес болдым адалдықпен,
Істері болмаушы еді жамандықпен.
Сыртынан сатып кетер біреулер бар,
Өзінің бойына біткен арамдықпен, -
- депті ақын аға.
Қалай десек те замандас, құрдастарын қадірлей білген, олардың жетістігіне қуанып, шаттана бөлісе білген кеңпейіл аға буын өкілдерінің адамгершілікке толы кісілік қасиеттерінен үлгі алар жақтары көбірек. Көнеден қалған көздей болып, қатарлары сирей бастаған ақсақалдарымыздың бірі Базарбек ағаның қырағы ойы, тұшымды пікірлері, замандастары туралы айтқандағы асқан ризашылықпен, сағынышқа толған сөздері жан түкпірімізде қалды. Жылы жүздесу, қош-аман айтысу адамға күш жігер беретіндігі рас-ау. -Жолың болсын, қайда жүрсең де аман жүр, шырағым -деп батасын беріп, шығарып салды Базарбек аға. -Сіз де амандықта болыңыз, келер жылдар кеңдігімен келіп қуантсын-дедік біз де.
«АҚЫЛ-ДАРИЯ, АР-ӨЛШЕМ»
немесе Ержігіт Нұрханов ақсақал айтқан бір үзік сыр «Әр заманның, сол заманда туған ұрпақтардың көтерер жүгі, маңдайға жазған тағдыры бар. Әркім өз жүгін, өз тағдырының салмағын арқалап кетсе жақсы. Дүниеге шыр етіп келген сәбидің ақ маңдайына алла тағала оның бар тағдырын жазып жіберетін көрінеді. Ал пенде сол маңдайда жазылған жарлықты, мейлі ол бейнет бол сын, мейлі зейнет бол сын көтеруге міндетті. Көтере алмадың ба құрыдымға кеттім дей бер. Мен де сол жазымыштың қызығын да, қиындығын да көріп келе жатқан адаммын» - деп бастады әңгімесін Ұлы Отан соғысының ардагері, байырғы мұнайшы, «Ембімұнайгаз» ӨФ-ы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержігіт Нұрханов ақсақал. Ержігіт Нұрханов 1925 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық кентінде дүниеге келген. Әулетіне түскен қуғын-сүргін тауқыметін көріп, маңдайға жазған қиыншылықтарды көтере жүріп ер жеткен Ержігіт, ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдары қан майданға аттанады. Толарсақтан қан кеше жүріп, басқыншы жауға қарсы шабуылдарда ерлік көрсетеді. Туған елге аман есен оралған жауынгер енді білім алып, ел игілігі үшін қызмет етуді мақсат етеді. Сөйтіп, иығынан әскер шинелі түспестен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, экономист мамандығын алып шығады. Ілкіде Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігінде әскери күзет командирі, Қосшағыл мұнай өндіру басқармасында инспектор, инженер қызметтерін атқарады. Ал, 1958-88 жылдары «Қазақстанмұнай» бірлестігі ұңғымаларды күрделі жөндеу кеңсесінде инженер-экономист, аға экономист, жоспарлау бөлімінің бастығы, бірлестіктің жоспарлау бөлімінің бастығының орынбасары, Балықшы барлау басқармасында бас экономист, бастықтың экономика жөніндегі орынбасары сияқты жауапты жұмыстар атқарған. «Адам бойындағы бақ пен талап ұштасқанда нағыз еңбек нәтижесі көрінеді. Бұған қоса сол еңбек сапында кездескен білікті, адамгершілігі жоғары адамдар бақытыңды ашады, сенің еңбекке, жалпы өмірге деген көзқарасыңды, құлшынысыңды дамытады. Мен осы жасыма дейін осынау өмірдің талай белестері мен қыраттарын артқа қалдырдым. Жақсыны да, жаманды да көрдім. Бұл адамзатқа тән қасиет. Өмір еш уақытта бір беткейлі болмайды. Сол өмір соқпақтарында талай жақсылармен тағдырлас, дәмдес болыппын. Осынау өмірдің маңдайға жазған жақсылықтарын бірге көріп, бірге бөлісіппін. Меніңше адам айналасындағы дос-жолдастарымен, қызметтестерімен жүре бара бір туған бауырластай болып кетеді екен. Өмірдің қызықты тұстарынан гөрі қиыншылықтарын көбірек көргеннен кейін бе, әйтеуір өз басым қасымдағы жігіттердің жақсы жақтарын көбірек көретінмін. Мұнай - ел несібесі. Кәрі Ембі бауырынан өнген «қара алтында» есеп жоқ. Осы қазынаны игеру жолында таныс, жолдас болған азаматтардың дені өкінішке орай қазір ортамызда жоқ. Олардың жүріп өткен жолдары даңғыл, жасап кеткен істері асыл еді ғой, шіркін» деп Ержігіт ақсақал бір сілкінді. Жасы сексенді алқымдаса да сөзі ширақ, ойы зерек Ержігіт ағаның әңгімесі жаныңды баурап барады. Әсіресе, майданда болған сәттері, бала болса да қуғын-сүргін сұмдығын бастан өткізген сәттеріндегі естеліктерін тебіренбей тыңдау мүмкін емес. 1988 жылы еңбек демалысына шыққаннан бері Ерекең «Ембімұнайгаз» ӨФ-ы ардагерлер кеңесінің торағасы қызметін атқарып келеді. Қоғамдық өмірдің қай саласында болсын дәл ортадан табылатын ақсақал тек мұнайшылардың ғана емес елінің құрметіне бөленген жан. Алқалы жиындарда ел мүддесі, ардагерлер жағдайын жақсарту, жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету, қамқоршысы жоқ зейнеткерлерді қамқорлыққа алу сияқты құнды пікірлер айтып, қайнаған қызу еңбек ортасында жүретінінің талай куәсі болғанбыз. Үлкенге құрметпен, кішіге зор ықыласпен қарайтын ақсақал, қашанда бурыл шашын шалқадан қайырып, нендей мәселе төңірегінде болсын сыр бөлісуге даяр тұратын. Әңгімеміздің кейіпкері жөнінде сыр тартқанымызда сәл ойланып алды да сөзін одан әрі жалғастырды. «Жалпы адамдардың жаратылысы сан алуан. Әмірі күшті Алла солай ұйғарған ғой. Сол себепті «көптің ішінде аласы да, құласы да бар» деп қазақ бекер айтпаған. Жоғарыда айтып өттім ғой өмір жолымда сан түрлі адамдармен сапарлас болғанымды. Солардың дені мұнайшылар. Мұнайшы деген халық қайсар, қиындыққа мойымайтын, көздеген жерден нәтиже шығармай тынбайтын еңбекқор халық. Мұнайлы өлке болғасын бұл топырақтың жігіттерінің дені осы мамандықты таңдауға тырысты. Басында өзіміздің жігіттердің білім деңгейлеріне күмәнмен қарап басқа жаққа қарай иек артқандар да, шеттен маман шақырып, солардың ақ дегендерін алғыс деп қабылдағандар да болды. Бірақ жүйрік уақыт өз мамандарымыздың өзгелерден көш ілгері екендіктерін мойындатты. Осындай кәсіп иелерінің бел ортасында Сағидолла Нұржанов та еңбек етіп, өзінің білімі мен бар білігін туған өлке қазынасының игеріліп, халық қажетіне жарауына арнап, өлшеусіз үлес қосты. Оның есімі көршілес Маңғыстау, Атырау облыстарына білімді инженер, шебер ұйымдастырушы ретінде жақсы танылды. Майлы қиян атанған Маңғыстау жұрты Сағидолланың кісілік зор қасиетін, қолынан іс келетін кәсіби өз мамандығының шебері екендігін мойындағалы қашан. Өзінің кіндік қаны тамған мұнайлы Ембі топырағына келіп, қызмет жасап көптеген өндіріс жаңалықтарының бастаушысы, ғылыми ізденушісі болды. Алғаш рет ұңғымаларды цементпен бекіту әдісін өндіріске енгізіп, өндіріс тиімділігін арттыруға қол жеткізуге мұрындық болған да өзі. Әсіресе, өндірісте бір орталықтан басқарылатын автоматтандыру жүйесін енгізіп, мұнайшылардың қол еңбегін азайтуға себепші болуы көп көңілін бір серпілткендей болып еді. Ол өндіріспен бірге өсті, тәжірибе жинақтады. Өндіріс оның жан тіршілігіндей болды десек артық айтқандық бола қоймас. Іскер, тез шешімге келетін, шалт мінезді бола тұрса да, аузын ашса көмекейі көрінетін ақ жүрек, жаны таза азамат - тұғын. Танысын, танымасын айналасындағыларды қамқорлап, қанатының астына алып жүретін. Көпке дауа жоқ қой. Әділін де айтатын сол көпшілік. Сәкең марқұмның соңынан айтылған халықтың ризашылыққа толы әңгімелерін өз құлағыммен талай естігенмін. «Алды кең ғой, маңдай тіреп барғандарды шетке ысырғанын естімеппіз» дейтін оны білетіндер. Сәкең шынымен де дархан, жаны жайлаудай кең абзал азамат еді. Сарқамыс халқы оны жақсы біледі, қадір тұтып, қастерлейді. Өйткені Сарқамыс кентінің ірге көтеріп, сан жылдар бойы берекелі ата мекенге айналуына Сәкеңнің қосқан үлесі шаш етектен болды. Екеуміз ағайынды қоңыр қаздардай керемет сыйластық. Сирек кездессек те көрген жерде күректей қолдарымен қапсыра құшақтап, сағынышын білдіріп жататын. Мен Сәкеңнің бәзбіреулер құсап иығы салбырап, еңсесінің төмен түскен кездерін көрген емеспін. Қашан көрсең де ұқыпты киінген, аузында қалжыңы, ширақ жүретін. Оның осы кейпінен шынын айту керек кейбір босбелбеулер іш тартып қалатын-ды. Тірі пендеге өмірге келу хақ, өмірден кету хақ. Қимасаң да, қиналсаң да мойын ұсынуға тура келеді. Тек ретімен болсын деп тілейсің ғой. Бірақ адам тілегі үнемі орындала бере ме? Сәкең марқұм ортамыздан ерте кетті. Бала-шағаның қызығын көріп шалқып отырар кәрілік кезеңді бастан өткеруді оған жазбады. Бірақ артында өмірін жалғастырар ұрпақтары, қадірін түсінер халқы қалды. Өзі кеткенмен Сәкеңнің есімі кейінгі өскелең ұрпақ есінде мәңгілікке сақталады. Бұл күнде Прорва мұнай газ өндіру басқармасы Сағидолла Нұржанов атында. Бұрғышылар кенті Ақжарда Сәкеңнің атындағы көше бар. Осылайша асыл ұлын халқы марапаттады, есімін ұлығылады. Біле білгенге осының өзі бақыт. Мен ойлаймын Сәкеңнің аруағы риза. Өзі кетсе де аты өшкен жоқ». Ия, асылдың аты өшкен жоқ. Оның есімін мәңгілік еткен өзінің тума талабы мен таланты, адамшылық зор қасиеті мен еңбекқорлығы. Ержігіт ақсақалдың ұлағатқа толы әңгімесінен қазіргі заман өзгерістері, жаңа бастамалар мен қызмет бабындағы жаңаша тәсілдер туралы да ұтымды пікірлер естіліп отырды. «Заман өзгерісімен қоса адамдардың да өзгеріп отыруы, һәм өзгеріске ұшырап отыруы заңдылық. Бұған ешкім де кедергі бола алмайды. Менің айтайын дегенім жас ұрпақтың есіне туған жер киесі, ұлттық болмыс, кісілік қасиет сияқты өнегелі істерді тереңірек сіңіріп отыру керек. Бұл аға буынның, яғни біз бен сіздің міндетіміз. Қазіргі жастар білімді, зерек. Олардың қабілеттері дұрыс, бағытталған қай істі болса да қабылдауға жетеді. Біреулер «қазіргі жастар пәлен-түген» деп мін тағып жатады ғой. Ал мен жастарға көңілім толады. Жаңағы айтқанымдай бағыт беру керек деп ойлаймын. Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық заман да, болашақ та солардікі, сондықтан кемел келешек үшін заман тыныш, несібе мол болғай» деп тілейік деп ақсақал сөзін аяқтаған сыңай білдірді. Еліміздің кемеңгеріндей қарияларымыз аман болса екен. Олардың жарқылы азайған жанарларын мұң шалмай, осынау өмірдің жақсылығына шомылып, жандарын жадыратар сәттері көбірек болса екен деп тіледік біз де. ...Салалы саусақтарымен ақселеу шаштарын шалқадан қайырып, сәл тұнжырап отырды да:
- «Өткенге салауат жасау имандылық. Сағидолладай азаматтарды мен елі үшін өмір сүрген деп бағалаймын. Қысқа ғұмырында арына сызат түсірмеген, бармын деп асып, жоқпын деп саспаған, басқа түскен қызық пен қиыншылықты мойнымен көтере білген, қандай жағдайда да қарапайымдылық деген асыл сезімді жанына серік еткен Сағидолладай жігіттерге қарағанда өз-өзіңнен көңілің толып, риза болатынбыз. Лайым келер ұрпақ арасында осындай мәрт жігіттер мол болса екен...» - деп Ержігіт ақсақал әңгімеміздің нүктесін қойды.
АҒАЛАРДЫҢ АҚЫЛЫ – АЗАМАТТЫҢ АЗЫҒЫ
Қуандық Ақтөрешов 1940 жылы Қайыршақты ауылдық советі жанындағы Теңдік совхозында дүниеге келген. Бес жасында анасынан, тоғыз жасында әкесінен айырған қатал тағдырына еш дауа айта алмаған балғын баланы ағалары Сәлім, Асабай Хисметовтер қолдарына алып, 1950 жылы Құлсарыға көшіріп алып кетеді. Қос ағасының қанаттарының астынан пана тапқан Қуандық сол жерден орта мектепті бітіріп, Жамбылдағы ауылшаруашылық техникумын, кейіннен Бакудегі мұнай институтын бітіріп өмірге жолдама алады. Алғашқы еңбек жолын әулиелі Маңғыстаудан бастаған Қуандық, киелі өлкеде еңбек етіп, өзінің табанды маман екендігін көрсетіп, мұнай өндірісінің дамуына өзіндік үлесін қосты, табан ізін қалдырды. 1971 жылы Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ мұнай-барлау экспедициясына жұмысқа ауысады. Ол кезде мұнай бірлестігі жалғыз ғана «Ембімұнай» болатын. 1977 жылы сол бірлестік жанынан Тампонаж конторы ашылып, Ақтөбеден сол контордың цехы ұйымдастырылады. Сол цехтың бастығы болып Қ. Актөрешов тағайындалады. Ал үлкен контордың бастығы Сағидолла Нұржанов болатын. 1995 жылы бірлестік екіге бөлінеді де, Қ.Ақтөрешов бар техникасымен Атырауға көшіріліп, Тампонаж конторының құрамына келеді. Содан табан тіреп тура жиырма жыл бойы Қуандық аға С.Нұржановпен бірге жұмыс жасайды.
- Қуандық аға, сәтті демалыс болсын, мазаңызды алғаныма айып етпессіз.
- Оқасы жоқ. Зейнеткерліктегі адамбыз ғой, осы «Атырау» шипажайына келіп демалып жатқаным.
- Ем-домы қалай, көңіліңізден шығып жатыр ма?
- Керемет. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демей ме, қазақ. Бүл жерде жаныңа керектің бәрі бар. Дәрігерлер де медбикелер де керемет. Халыққа қызмет көрсету үшін жаралғандай биязы. Демалушылардың барлығы да дән риза.
- Аға, өткенге көз жүгірту ұрпақтың парызы дейді ғой. Сіз талай жақсылармен дәмдес, қызметтес болдыңыз. Талай жердің ауасын жұтып, еңбек ізіңізді қалдырдыңыз. Солардың ішінде белгілі мұнайшы Сағидолла Нұржановтың қарамағында жиырма жылдан астам уақыт жұмыс жасапсыз. Қарап отырсақ жиырма жыл аз уақыт емес. Сағидолла ағамыздың рухына тағзым етіп, ол жөнінде сөз қозғасақ қайтеді?
-Еш қарсылығым жоқ, айналайын. Сәкең туралы айтуға мен міндеттімін де. Сәкеңмен таныстығым ертерек, дәлірек айтсам 1962 жылы басталды. Мен Қошқар кәсіпшілігіне жұмысқа келдім. Ол кезде Сағидолла Нұржанов кәсіпшілік бастығы, менің ағам Сәлім бас инженер. Жұмыстың небір қызып жатқан шағы. Кәсіпшілік бастығы да, бас инженер де білікті мамандар. Екеуі қосылып кеткенде тау қопаратындай алып күш иелері сияқты көрінеді. Екі басшының білімділіктері, жігерліліктері қарамағындағыларға қайрат беріп, еңселерін үнемі тік ұстауға, жауапкершілік жүгін қашанда сезініп тұруға себепші болатын. Екеуінің арасындағы сыйластық пен бір-біріне деген ыстық ықыласты маңындағылардың барлығы да байқайтын. Байқайтын да оларға деген сый-құрметтері бұрынғыдан да арта түсетін. Қазір ойлап қарасам басшы тек ұйымдастырушылық қасиетімен, біліктілігімен ғана емес, қарапайым, кішіпейілділігімен де ерекшелену керек екен. Сол кезден бастап мен екеуінің арасындағы ұлы достықтың, баға жетпес сыйластықтың, екеуінің білімділіктерінің куәсі болдым. Екеуі тел қозыдай иықтаса жүріп, қоян-қолтық еңбек етті. Сағидолла Сәлім ағаны қатты сыйлайтын. Бастық болса да Сәлім ағаның алдына кішілік, інілік ізетпен келетін. Сәлімнің ағалығы, Сағидолланың інілігі қашанда көрініп тұратын. Сағидолла қазақша, орысша тілге бірдей, тура мінезді, жалтақтауды, жалпақтауды білмейтін. Тілге шешендігі сол, қандай жағдайдан болсын жөн тауып отыратын. Біз жастаумыз ғой, маған кейде Сағидолла Сәлімге еркелеп, іні болып арқа сүйейтіндей көрінетін. Мақат ауданы жабылып, Жылыойға қосқанда Сәкең Мақат ауданының бірінші хатшысы болатын. Бір күні Сәлімге келді. Сонда Сағидолла:
- Сәке жұмысшының қысқарғанын көріп едім, райкомның қысқарғанын естіп пе едің?-деді әдеттегідей күлімсіреп. Сол кездегі Сәлім ағаның айтқан ақыл кеңестері, оны Сағидолланың бұзып-жармай інілік ниетпен аса ден қойып тыңдағандығы әлі күнге көз алдымда. Сыйластық деген ұлы нәрсе екен-ау деп ойладым сол сәтте.
- Аға, сөз реті келгенде қос арысты бөлмей-ақ қояйық, Сәлім аға туралы айтылып та жазылып та жүр ғой, дегенмен тағы бір тоқталып өткеннің артықтығы бола қоймас, аруағы разы болар.
- Өзім де соны ойлап отыр едім. Біз Хисмет, Ақтөреш деген екі атаның балаларымыз. Ұлдардан Сабыр, Біләл, Сәлім, Асабай, Қуандық, қыздардан Қанзиба, Қанзила, Ұмсындық, Қымбат, Ұлмекен.
Сәлім ағамыздың кіндік қаны тамған жері Қайыршақты балықшылар ауылы. Болатын бала жасынан-ақ көрініп тұрады дейді ғой үлкендер. Ағамыз жасынан мейірімді, жігерлі зерек болыпты. Өсе келе бұл қасиеттерінің бәрі де айшықталды. Жүрегі жомарт, пейілі кең еді. Ілкіде мектепте мұғалім болып жасайды. Туған інісі Асабайға да сабақ береді. Ел басына күн туып, халық әбігерге түскен кезде Сәлім ағамыз әскерге шақырылады. Сол кездегі Гурьев қаласындағы әскери училищені бітіргеннен кейін 1942 жылы соғысқа аттанады. Үшінші Украин майданының 33-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 88-ші гвардиялық атқыштар полкінің взвод командирі болады. 1943 жылы аяғынан ауыр жараланып Ереван қаласындағы госпитальға түседі. Содан елге оралады. Соғыстан кейін де үстіндегі солдат шинелін тастамастан мектепте сабақ берді. Бұл кезде інісі Асабайдың мектеп бітірген уақыты. Оқуға жалғыз жіберейін десе жастау. Бірақ білім алу керек. Осыны терең түсінген ағамыз 1946 жылы інісін өзімен бірге Мәскеудегі академик И.М. Губкин атындағы мұнай және газ институтына түсіріп, оны 1985 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Мәскеуге інісімен бірге аттанып, өзі де оқуға түсіп, інісін де оқытып, бауырының болашағына үлкен мән беруінің өзі бауырмалдылық, кішіге қамқорлық нышандары емес пе? Өзі қашықта, өзге қалада білім алып жүрсе де, ауылда қалған анасының жағдайын естен шығармай аз да болса көмегін беріп, қамқорлығына алады. Мәскеуден жүн бояйтын бояу жіберіп, анасы шіркін оны ақша жасап, қос ұлының білім алуларына қарлығаштай қанаты талмай үлесін қосады. Екеуі де дипломдарын алып елге келеді, сөйтіп ана арманы орындалады. Екеуі де Қазақстан мұнайының өркендеуіне елеулі үлестерін қосты. Ағамыз 1953 жылы Қосшағыл мұнай өндіру кәсіпшілігінде бас инженер болып жүргенде Мардекова Мәреш жеңгемізбен отау құрды. Босағасы берік, шаңырағы биік, берекелі отбасы атанады. Өмірге жеті бала әкеліп, айналасы толағай думанға толады. Олармен қоса мені және менің апам Ұлмекенді бала қылып, тоғызымызды шаң жұқтырмай тәрбиелеп өсірді. Тұмсықтыға шоқтырмады, қанаттыға қақтырмады, қатарымыздан кем қылмай оқытты, өндірді, үйлі-баранды қылды. Солардың тәлім-тәрбиесінің арқасында бүгінгі күні біріміз ақсақалды ата, екіншіміз ақжаулықты әже атанып отырмыз. Ағалардың ақыл-өзені, ақ жолы мен үшін мәңгілік. «Ағалардың ақылы азаматтың азығы» деген осы. Ағамыздың ұрпақтары бүгінгі күні әр салада еңбек етуде. Бұл қалайы жоқ, барлығы да әке атына дақ салмады. Еліне елеулі, халқына қалаулы зор құрметке ие. Мен осыған қуанамын.
- Сағидолла ағамызға қарай ауыссақ. Сәкеңді білетіндер ол кісінің өжеттігін, ертеңім не болады деп жалтақтамайтындығын, асқан әділдігін сыр ғып шертеді. Осындай қасиеттеріне өзіңіз куә болған сәттер есіңізде жоқ па?
- Болғанда қандай. Әлі күнге көз алдымда, Бөлекбай Сағынғалиев бірлестіктің бас директоры. «Ровное» кен орнынан май табылып, қапылысқа түсіп жатқан кез. Бөкең келесі бір жиналысын өткізіп, мамандармен қызу пікір алысып жатты. Бір кезде телефон безілдеп қоя берді. Телефон құлағын алған Сағидолла сәл тыңдап тұрды да:
- «Жоқ, бұл генеральный директор емес, нормальный директор Нұржанов тыңдап тұрған» деп жауап беріп телефон тұтқасын орнына қоя салды. Бөлменің іші тып-тыныш, бәріміз Бөкеңе бір, Сәкеңе бір қараймыз.
- Кім сұраған - деді Б.Сағынғалиев.
- Бір әйел генеральный директорды сұрайды - дейді Сәкең ойында ештеңе жоқ.
- Так, жігіттер біздің арамызда нормальный директор тек Нұржанов екен. Жарайды, далада вертолет тұр, соған мін де Сарқамысқа үш, сол жақты нормальный жасап кел - деді Бөкең.
Сонда Сәкең:
- Мен қалай генеральный директормын деймін, сіз тұрғанда - деп, құнжыңдап вертолетке қарай кетіп бара жатты. Бөкең бастап, біз қостап Сәкеңнін баладай аңғалдығына күлісіп жаттық.
Мінезі тік еді ғой. Әзілі-шыны аралас «я адаец» деп қоятын арасында. Бір күні бірлестіктің бұрғылау жөніндегі орынбасары Могамед Гаразуев:
- «Сәке адай деген қандай ұлт» - деп сұрапты. Сонда Сәкең мүдірместен:
- «Адай тот же казах, но со знаком качества» депті де асығыс жүре беріпті. Жарықтық тапқыр сөзді, ұшқыр ойлы еді ғой.
- Бибила, Мәреш жеңгелеріңіз туралы лебізіңізді білсек?
- Бұл екеуі таза елдің анасы болған адамдар. Екеуінің қолынан да дәм таттым. Ағаларыма деген ыстық ықылас, ниеттерін көре қалдым. Екеуінің де пірі азаматтары еді. Бар өмірлерін балаларына, күйеулеріне арнады. Беттеріне шаң тигізбеді, екеуі де ақ көйлектерін кір шалмай, шалбарларының қыры сынбай кетті ғой өмірден. Соның барлығы жеңгелерімнің көрегендіктерінің арқасы деп білемін.
Олардың шырқата салған әндерін айтсаңызшы. Сәлім мен Мәреш қосыла шырқап, Сағидолла қара домбырасын қолына ала бастағанда айнала думанға бөленіп кететін. Сол кездегі әндер де ерекше еді. Сөзі де, сазы да жаныңды тербеп, тыңдағанда рахат бір күй кешетінбіз. Той-домалақ әнсіз өтпейтін, барлығы қосыла әндеткенде айнала тербеліп кеткендей болатын еді-ау шіркін! Ән әуені жаныңды балқытып, ғажайып бір күйге енгізетін. Әсіресе, Шәмшінің әндері қандай еді. Осы уақытқа дейін орындалып жатқан Шәмшінің әндерін естігенде жүрегің елжірейді.
- От басыңызбен де таныса кетсек.
- Әр кімнің де отбасы шағын отаны. Менің де берекелі, мерекелі от басым өмірімнің сәні мен мәні. Жолдасым Гүлжан Төлегенова Оралдың қызы. Екеуіміз 1969 жылы Маңғыстауда жүргенде Ералы поселкесінде үйлендік. Тұңғышымыз сол Ералыда дүниеге келді. Үш ұл, екі қызымыз бар. Олардан тараған немере-жиендеріміз өмірімізді одан әрмен сәндендіре түскендей.
Гүлжанның мамандығы мұғалім. «Еркек түздің адамы» дейді ғой қазақ. Менің көп күндерім тыста өтті. Бала тәрбиесі, үй тауқыметімен апаң айналысты. Өмірдің қызығын да, қиыншылығын да бірге көтердік. Қазір екеуіміз де зейнеткерміз. Аллаға шүкіршілік етеміз. Ең бастысы деніміз сау, басымыз бүтін. Үкіметке 47 жыл жұмыс жасаппын. 2003 жылы Қайнар мұнай-газ өндіру басқармасында әлеуметтік даму бөлімінің бастығы болып жүріп зейнеткерлікке шықтым. Еңбегім елеусіз қалған жоқ. Үкімет төрт бөлмелі пәтер берді, күні бүгінге дейін қамқорлықтамыз. Өзің көріп отырсың шипажайға тегін демаламыз, мерекелерде бас қосып, ақшалай сыйлықтарын беріп жатады, газеттерге тегін жаздырады, осының өзі қаншама қамқорлық. Осының барлығына қанағат айту керек деп ойлаймын. Ең бастысы еліміз тыныш, іргеміз берік болсын. Байтақ Қазақстанның бар байлығы бойында. Барша қазақстандықтардың несібесі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп жығылады деп есептеймін.
- Оқырмандарға бір тілек.
- Тілегім бас амандығы, деннің саулығы болсын. Біз міндетімізден құтылып демалысқа шыққан адамдармыз. Болашақ жастардікі. Бізге керегі жылы көзқарас, ықыласты сәлем. Кезінде көз көрген інілеріміз дұрысырақ амандық сұраспаса ренжіп қаламыз.
Адам қартая келе баламен тең болады дегенді бұрындары естісек те мән бермейтін едік, сол рас екен. Ұлы бол, ұлық бол адам шіркіннің табысатын жері жалғыз-ақ. Сондықтан қысқа тіршілікте сіз, біз деп сыйласқанға не жетсін. Жастарымыз саналы, қайырымды болса деймін.
Міне, мендегі әкелік ақ тілек осы.
- Әңгімеңізге көптен-көп рахмет, амандықпен жүздесейік аға!
РИЗАШЫЛЫҚПЕН ЕСКЕ АЛАМЫН
Сүйінішқалиева Ғалия 1948 жылы Новобагат ауданы, Манаш ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін №13 кәсіптік - техникалық училищені аяқтап, алғашқы еңбек жолын Мартыши (қазіргі С.Балғымбаев атындағы кең алаңы) кен орнында оператор болып бастайды. Ол кезде мұнай-газ саласында қыз балалар өте көп емес. Сол себепті де темір-терсек жұмысына қыз балалардың араласқанына бір жағынан қызық көрінсе, екінші жағынан айналасындағылар сыйлап, құрметпен қарайтын. Өндіріс табалдырығынан жиырма жасында алғаш рет имене аттаған жас қыздың қабілеті, еңбекке деген құштарлығы күндер өте басшылардың да, ел-халқының да көздеріне түсе бастады. Күннің суығы, ыстығына қарамай ақшыл жүзі тотыққан талдырмаш қыз, бар ынтасын жұмысқа арнап, ештеңеден қаймықпайтын қайсар мінезімен әріптестері арасында үлкен беделге ие болды. Көп үйренді, жалықпады, қиындықтан беті қайтпады. «Іздеген жетер мұратқа» деген тынымсыз еңбек өз нәтижесін көрсетті. 9-шы сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бірнеше рет аудандық, облыстық Кеңестердің депутаты, бірнеше рет аудандық, облыстық конференциялардың делегаты болды. Төккен тердің жемісі сол, өңірінде «Еңбек Қызыл Ту» ордені, В.И.Лениннің 100 жылдығы медалі, Еңбектегі ерлігі үшін медалі, Қазақстан мұнайының 100 жылдығы, Жайық мұнай-газ өндіру басқармасының 40 жылдығы медальдары жарқырады. Тұңғыш еңбек жолын бастаған Жайық мұнай-газ өндіру басқармасында табжылмай 40 жыл еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан Ғалия апамыз бұл күнде немере тәрбиесін өз мойнына алған сыңайлы. Жолдасы Сисенбай, ұлдары Марат пен Махмуд та мұнайшылар. «Еліміздің өркендеуіне өз әлімше үлесімді қостым, халыққа ризамын, ендігі жерде бар білгенімді соның ішінде адамшылық, қарапайымдылық сияқты ұлағаттарды немерелеріме үйретіп, әжелік міндетімді атқарамын, Құдай қаласа бұл жаманымыздың соңынан ерушілерді де күтіп отырмыз - дейді немересі Бекежанның басынан сыйпап қойып. Жасы алпысты алқымдаса да өңін бермеген Ғалия апамызға өткен өмір белестеріне бір сәт шегініс жасауды, өзі құрметтеген жақсылар жөнінде сыр шертісуге өтініш жасадық. «Қазақ «әйел жолы жіңішке», «әйелдің орны отбасы» деп жатады, мен бәріне де қосыламын. Ықылым заманнан әйел от анасы атанып, бала тәрбиесімен, үй іші шаруасымен айналысып, отағасы мен қонақ-қопсының жағдайын жасаған. «Заманына қарай амалы» дегендей заман өзгерісімен бірге бұл жазылмаған қағидаға елеулі өзгерістер енді. Ендігі жерде әйел өмірге сәби әкеліп қана қоймай оны тәрбиелеуге, жоғарыдағы міндеттерімен қоса еңбек етуге де міндетті болды. Осыншама жауапкершілікті атқара жүріп, ерлермен тең еңбек еттік. Қатарынан кем қылмай бала да өсірдік, ағайынның да көңілінен шығып, үкіметке де қызмет еттік. Көп бейнеттің бір зейнеті болады деген, бүгінгі күні сол жақсылықты көріп отырмыз. Адам жалпы қолы босырақ кезде ойлануға машық. Мен кей кездері өзімнің қызметте болған 40 жыл өміріме ойша шолу жасаймын. 40 жыл аз уақыт емес, осы жылдар ішінде кіммен дәмдес, кіммен жұмыстас болмады дейсіз. Мұнай-біздің туған топырағымыздың өз ұрпақтарына берген сыйы, жаратқанның бұйыртқан несібесі. Жеті қат жер астынан шыққан майдың қайырын көріп, еңбектерінен напақа тапқан халық өз еңбектерін аямады, соның рахатын көрді. Бабалар салған сол үрдіс жалғасып келеді, әлі де жалғаса беретініне сөзіміз жоқ. Осы бір сара жолмен мен де жүріп, сол бір бақыттың дәмін татқаныма қуанамын. Бар саналы өмірім осы салада өтті. Менің жастық шағымнан бері қоғамда да алуан өзгерістер болды. Ең бастысы сәулетті Қазақстанымыз тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет атанды. Көгімізде көк байрағымыз желбіреп, жігерлі ән ұранымызды төгілте жырлайтын болдық, ел байлығы өз иелігімізде қалды. Осының бәрі мені қуантады, мерейімді өсіреді. Өндіріске еніп жатқан жаңа технология, ел экономикасының күре тамыры саналатын мұнай өндірісіне тың күш әкелді. Осынау ұлы жетістіктің төрінде көсіліп бабалар бастаған сара жол жатыр. Мен де сол тамыры тереңге кеткен қасиетті жолда талай асыл ағалармен қызметтес болдым. Солардың ішінде адами қасиеттерімен, біліктіліктерімен зердеме мәңгілік ұялаған есімдер баршылық. Атап айтатын болсам, Мақаш Балғымбаев, Қожабай Игілік, Сағидолла Нұржанов, Бөлекбай Сағынғалиев, Махамбет Батырбаев олардан кейінгі Айболат Fабдуллин, Бағыт Сматуллиндердің есімдері мұнай тарихында мәңгілік қалады. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы Сағидолла Нұржанов ағамызды білмейтін адам жоқ-ау сірә. Мен де Сәкең ағамыздың адамгершілік қасиеттерін, аса білімділігі мен еңбекке деген зор қабілетін көре қалдым. Адамға қамқорлығын аямайтын, ақжарқын, үлкен жүректі азамат еді. Ешкімге болмасын демейтін. Әсіресе, әйел адамдар жұмыста жүріп, балабақша мәселесін шешу жөнінде көмекті көп сұрайтын. Солардың бірі өзіммін. Сондай кездерде ол кісі алдындағы бар ісін жиып қойып, мәселені шешуге кірісетін. Құр уәдемен шығарып салып, алдарқатуды білмейтін. Тез шешімге келетін, бір сөзді адам еді. Жиналыстарда жиі кездесетінбіз. Мен де адайдың қызымын ғой. Сосын ба, әйтеуір жылы ұшырай амандасып, бауырына тартып, «қарындасым» деп үнемі іштартып тұратын. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген мақал бар қазақта. Тегін білгеннің артықтығы жоқ қой. Бұл жерде мен руға, жүзге бөлінуден аулақпын. Дегенмен сол ағамен рулас болуым маған үлкен міндет пе, әлде жауапкершілік пе әйтеуір бір салмақты нәрсені жүктегендей болып тұратын. Көпшіл еді. Қашан көрсең де айналасында қоршалап жігіттер жүретін. Сәкеңнің кең жүрегі солардың барлығына жетіп жататын-ды. Абзал ағаның еңбегі еліне елеулі, халқына қалаулы болды. Өзі өмірден кетсе де артында өрімталдай ұрпақтары қалды. Өзі еңбек етіп, маңдай тері төгілген мұнай алаңына аты берілді, ескерткіш белгі қойылды. Сол салтанатты сәтке мен де куә болғанмын. Бұрғышылар поселкесінен көше аты берілді. Осының барлығы абзал ағаның еңбегінің жанғаны деп түсінемін. Сәкеңдей азаматты ұлығылаған, оның елі үшін жасаған жасампаз еңбегін бағалаған халқыма ризашылығымды білдіремін. Өсер елдің балалары бірін-бірі осылай дәріптеуі керек қой деп ойлаймын. Қызмет бабындағы жиналыстарда ол кісінің мінбелерден сөйлеген сәттерін талай көріп едім. Тілге шешен, айтайын дегенін алыстан орағытпай тіке айтатын, сөз саптауы түйген шүберектей жып-жыйнақы болатын. Біз сол кездегі жас мамандар сол кісінің әрбір сөзінен бір нәрсе түйіп қалғымыз келіп, ынталанып отыратынбыз. Өндіріс тізгінін алға тарып, көздеген меже биігінен көріну жолындағы ағамыздың түйдек-түйдек пікірлері талай жерде өз нәтижесін беріп еді. Өзі де, сөзі де, істеген ісі де кейінгілер айтып жүретіндей үлгі еді ғой жарықтық».
Ғалия апа осылайша ағынан жарыла сыр толғады.
Еліміздегі болып жатқан оң өзгерістер, жастар тәрбиесі, инабаттылық, мәдениеттілік жөнінде де біршама сыр бөлістік. «Ел ертеңі жастардың қолында. Көбіне газет беттерінде жастарға мін тағып, олай да былай деп кінәлап жатады. Меніңше бұл дұрыс емес. «Тәрбие тал бесіктен» деген тұжырымға қосыламын, дегенмен буыны бекіп, қабырғасы қатайғаннан кейін жастарды тәрбиелейтін қоғам, олардың ортасы. Жастық - адамның жалынды кезеңі. Бұл сатыдан барлығымыз да өткенбіз. Сондықтан олардың кем-кетігін іздегеннен гөрі, оларға өнеге болатын тұстарымызбен үлгі бола білген дұрыс. Қазіргінің жастары зерек, білімге құштар, қоғамға бейім. Мен осыған қуанамын. Ал инабаттылыққа келсек, бұл көбіне қыз балаларға тиісілі ұғым ба деп ойлаймын. Себебі, қыз бала ертеңгі от анасы десек, инабаттылық имандылықтың бастауы. Мен де қыз бала болған жоқ, бірақ келіндерім бар. Оларға құрметпен қарау, отбасымызға үйреніп, еніп кетуге жағдай жасауды өзіме міндет санаймын. Білген-түйгенімді айтып отырамын. Жалпы қыз бала туралы ғайбат сөз айтқанды ұнатпаймын. Жасыратыны жоқ, қазіргі заман әйелдердің атқара жүгін одан әрі ауырлата түскендей. Суыққа тоңып, ыстыққа күйіп базардан напақа тауып жүргендер қаншама, қолында қағазы болса да әр есікті жағалап, жұмыс таба алмай жүргендер қаншама. Мін тағып, кінә артуға асыққанша үкімет аналардың өміріне баса көңіл бөлсе деймін. Себебі, ана болашақ бастауы, ел ертеңі солар өмірге әкелетін ұрпақтың қолында». «Көп білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» деген апамызбен әңгіме желісі созылған сайын оның осынау өмірден түйген, тергенінің молдығына тәнті болдық. Әсіресе, қазақы тәрбие, ұлттық ерекшелгімізді, салт-дәстүрімізді сақтау, басқаны айтпағанда ұлттық үлгіде киіну төңірегіндегі әңгімелері санаға сіңіріп алар жанды пікірлер. Үлкендерге деген зор құрмет ықыласы. кішілерге дегендегі ысырапсыз көңілі оның жұдырықтай жүрегінің тұнығына бойлатып бара жатқандай, керемет бір сыйластық сезімде әңгімемізді тәмамдап, жылы қоштасып, жолға шықтық.
Лайым, жақсылықта жолығайық, Ғалия апа.
ОНЫ БІЛМЕЙТІН МҰНАЙШЫ ЖОҚ ЕДІ...
Серго Базарбайұлы Дүтбаев 1937 жылы Гурьев облысы, Доссор кентінде дүниеге келген. 1959 жылы И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын бітірген, тау-кен инженері. 1959 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, алғашқы еңбек жолын Доссор ірілендірілген мұнай кәсіпшілігінің Таңатар учаскесінде оператор, шебер болып бастаған ол, 1999 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін, Ембі мұнайының өсіп, одан әрі дамуына айтарлықтай үлес қосып, Қазақстан мұнайы тарихына өзіндік із қалдырған адам. «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» басқа да үкіметтік марапаттауларды иеленуі, тынымсыз еңбектің, терең білімнің жемісі. Құдай қосқан қосағы Дүтбаева Марғу Ибрашқызы 1938 жылдың 14 қаңтарында дүниеге келген. Хал ел Досмұхамедов атындағы Атырау педагогикалық университетін (ол кезде институт) бітіріп, халық ағарту саласында ұзақ жыл еңбек етті. Кейінірек «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігінде жұмыс жасап, зейнетке шықты. 48 жыл бойы өмірлерін бірге өткізіп, ғұмырдың ащысы мен тұщысын бірге көріп келе жатқан Серго ағамыз бен Марғу апамыз, бала-шаға, немере, ағайын-туыстарының ортасында әдемі қарттықты бастан кешіп отырған бақытты жандар. Көңілдері ашық, зерек ойлы, тұжырымды пікір қалыптастыра білетін, айналасына асқан құрметпен қарайтын екеуі, көз ұшындағы көгілдір сағымға айнала бастаған өткен өмірлерінің кейбір жалынды тұстарын сағынышпен еске алады. Сол сағымдар арасынан шоқтай жайнап, жүрекке етене жақын бейнелердің қылт ете қалатынын қайтерсің? «Біз үшін, аса қастерлі бағаланатыны - мынау дүниедегі тот баспайтыны да, мәңгілік есімізде сақталатыны да талай сыйлас, дәмдес болған асылдардың жарқын бейнелері» дейді олар.
* * * «Сағидолла Нұржанов ағамыз 1953 жылы Мәскеу мұнай институтын бітіргеннен кейін, Ембі мен Маңғыстау өңірлерінде өмірінің соңына дейін көптеген лауазымды жұмыстарды атқарды. Ол кісіні мен мұнай саласындағы екінші буынға жатқызамын. Қазақстандағы алғашқы қазақтан шыққан мұнайшы инженерлер 1917 жылдағы қазан төңкерісінен мұнай өндіру тарихын бастаса, советтік дәуірде білім алған екінші буын өкілдері алғашқылардың бастамасын одан әрі қарай жақсы жалғастырды. Өте қиын жағдайда, керекті техниканың жоқ мезгілінде өндіріске келген алғашқы қазақтан шыққан инженер мамандар тоқтап қалған ескі кәсіпшіліктерді іске қосты, жас кеңес өкіметіне өте керек болған мұнайды жеті қат жер астынан шығарып берді. Олар есімдері тарих беттерінде мәңгілік сақталатын Сағындықов Рахымжан, Өтебаев Сафи, Қарымсақов Сапар, Зорбаев Сабырғали, Дүтбаев Ермек тағы басқалар. Міне, бұлар бірінші буын өкілдері. Ескі кәсіпшіліктерді қалпына келтіріп, аз-маз болса да жаңа кәсіпшіліктерді іске қосып бастаған кезде Ұлы Отан соғысы басталды. Ел басына күн туғызған бұл сұрапыл соғыс, мұнай саласында жасаған бірінші буынға өте ауыр тиді. Кейбір кездерде от басыларына келіп кетуге де жағдайлары болмаған кездері болды. Бірақ туған топырақтың берекелі несібесі Ембі мұнайы соғыс жылдарында кеміген жоқ. Мұнайшылардың ерен еңбектерінің, өндіріске әр түрлі жаңа технологияларды енгізіп отырғызылуы себепті, өнім деңгейі жылдан-жылға өсіп отырды. Алғашқы мұнайшылар өздеріне ізбасарлар іздеді. Партия мен үкімет басшыларына кадр мәселесін шешу үшін талап қойып, Мәскеудегі мұнай институтына бір топ мектеп бітірген жастарды оқыту, бүгінгі күннің аса қажеттілігі екендігін дәлелдеді. Сөйтіп, екінші буынның өкілдері дайындала бастады. 1950 жылдардың бас жағында жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар кәсіпшіліктерге келіп, атақты ардагерлердің орынын ауыстыра бастады. Бұл көптен күткен қуаныш еді. Олар: Сағынғалиев Бөлекбай, Хисметов Сәлім, Хисметов Асабай, Нұржанов Сағидолла, Өтесінов Рахмет, Шақабаев Сәкен, Есенғалиев Бағытжан тағы басқалар еді. Мен, 1969 жылы Мәскеуден мұнай институтын бітіріп келгенде Сағидолла ағай Қошқар кәсіпшілігінде директор болып жұмыс жасайтын. Әлі есімде, Қошқарда сол кезде мұнай өндіру цехтарын автоматтандыру біздің бірлестікте алғаш рет қолға алына бастаған-ды. Бір күні біздерді бірлестіктің басшылары Қошқар кәсіпшілігіне алып барып автоматтандырылған ұңғымаларды көрсетіп, «осындай автоматтарды өздеріңіздің кәсіпшіліктеріңізге қолданатын боласыздар» деді. 1962 жылы алғашқы автоматтандырылған кәсіпшіліктің директоры Сағидолла Нұржанов, Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды да, жан ұясымен Доссор кентіне қоныс аударды. Ол кезде біздің от басының үй жағдайы онша жақсы емес еді. Төртінші ауылдағы нашарлау үйде тұратынбыз. Поселкенің шетінен жаңадан салынып жатқан екі пәтерлік үйлерден бізге де берсе ғой деп армандаймыз ғой баяғы. Ал ол мәселені кім шешеді? Әрине аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сағидолла Нұржанов. Әкем Дүтбаев Ермек жасы келген адам, зейнетте. Оны көке деп атайтынбыз. Бір күні көкем маған: «Сергожан, Сағидоллаға барып, менің атымнан жаңадан салынып болған үйден пәтер сұра, менің сәлемімді жеткіз» деді. Сонымен, аудандық партия комитеті орналасқан екі қатарлы ғимаратқа барып, екінші қатарына көтерілдім. Сағидолла ағамыздың алдына барып, жаңа орнына құтты болсын айтқанша, ол да үй ішінің амандығын сұрап үлгерді. Шаруамды айттым. Мұқият тыңдап, мән-жаймен әбден қаныққаннан кейін «жарайды бір пәтерді сіздерге бергіземін» деді. Сөйтіп көңілімдегі алғыс сезімімді білдіріп, үйге қайттым. Сәкең уәдесін берік ұстады. Жаңа үйлерден бізге пәтер берді. Бұл үйлер салынбай жатып бөлініп қойған екен. Сәкең жарықтық көкемнің мұнай саласындағы еңбегін бағалап, кеңес үкіметін орнатуға белсене қатысқанын, Доссор кәсіпшілігін өркендетуге мол үлес қосқанын ескеріп, бөлініп қойса да, сол үйлерден бізге баспана беруге ықпал етті. От басымызбен қатты қуандық. Сөйтіп жүргенде ол жаңа қызметке ауысып, Доссордан көшіп кетті. Сағидолла ағамыз қолынан іс келетін, сөзге жүйрік, аузынан қалжыңы түспейтін, айналасына өте құрметті адам еді. Сондықтан да болар, өзі жоқ болса да оның есімін елі ұмытқан жоқ. Ол кісімен қызметтес болған немесе дәмдес болған әр адам, Сәкеңнің «айта қалсын» дегендей қылықтарын сағынышпен еске алады. Есте қалған бір жайт: Бірлестікте бастықтың бөлмесінде ұзақ жиналыс болды. Барлық мамандар жиналып, айдың қорытындысын саралап жатырмыз. Күндіз онда басталған жиналыс түнгі бірде бітті. Күндіз бірден екіге дейін ғана үзіліс берді. Жиналысты басқарып отырған бас директор Бөлекбай Сағынғалиев үзіліс дегенді мүлдем ұмытқан сыңайлы. Бар ынтасы талданып жатқан мәселеде. Сол кездегі қызметкерлердің жұмысқа деген көзқарастары мүлдем бөлек еді ғой. Бір сағаттық үзілістен келген соң, кейбіреулердің тысқа шыққысы келеді, бірақ Бөкеңнен сұрануға батылдары бармайды. Жігіттердің әбігерге түсіп отырғандарын байқаған Сәкең жәйлап сұрайды: «Туалетке барғың келіп отыр ма? Тұр да жүре бер» - деп өзінше ақылын береді. Бөкең байқап қалып: «Нұржанов неге жиналыстың тәртібін бұзасың, көп сөйлеп кеттің ғой» десе, Сәкең: - Түскі тамақтан кейін туалетке бармаймыз ба? - дейді. Бөкең: « бір-бірлеп шығып келіңдер» - деп рұқсат береді де, «ал сен Нұржанов, енді тыныш отыр» - дейді. Жиналыстың бітетін түрі жоқ. Жігіттер шаршаған сыңайлы, бірақ тәртіптің аты тәртіп. Бірталайдан кейін Сәкең қасындағы кісіге сыбырлайды: «осы кісінің өзі туалетке неге бармайды, бірдеңесі бар ма, әлде жоқ па?»деп. Естігендер күлкіден тұншығып қала жаздады. Шаршағанымыз басылып, бір сәт серпіліп қалдық. Бертін келе Сәкең зейнеткерлікке шыққаннан кейін, ауырыңқырап көп тысқа шықпады. Бір күні Прорвадан Айболат Ғабдуллин келіп: «Сәке, екеуміз Нұржановтардың үйіне барайық, мен көптен сәлемдескен жоқпын, әрі хал-жағдайын білейік»-деді. Мен: «өзің барсайшы, мен барсам қысылып қалып жүрер»-дедім. «Жоқ, Сәкең жақсы адам ғой, ол ешкімді де бөтен көрмейді, барайық» - деді Айболат. Содан «Ассалаумағалейкум, Сәке» деп кіріп бардық. Сәлем алысқан Сәкең баладай мәз болды. «Енді асықпаңдар, Серго, мен саған мал соямын»-деп әлек болды. Мен «мал сойма» деп әзер көндірдім, көңілі бітсін деп, қасында ұзақ отырып, жақсылап тамақ ішіп, асыл ағамен қош айтыстық. Сол кездесу Сәкеңді ең соңғы көргенім екен. Асыл азамат жетпіске келмей арамыздан кетіп қалды. Оның артында, жолдастары арасында айтқан талай әзілдері, қисынды қанатты сөздері қалды. Оның мұнай саласындағы жасаған істерін бүгінгі күні шәкірттері мен балалары, немерелері жалғастыруда. «Берекені көктен емес, еткен еңбектен тіле» деген Сағидолла Нұржанов, еңбегінің жемісін көрген, айналасындағыларын кең кұшағына сыйғыза білген кең пейіл, парасатты жан ретінде жадымызда мәңгілік сақталады». Енді менің жолдасым Марғудың естеліктеріне құлақ салып көрейік-деді Серго аға. «Сағидолла ағаны алғаш рет көруім 1949-50 жылдардың қысы болатын. Ағам Берік пен апам Хатираның жақсы, жақын достары екен. Кешкісін олар жұмыстан әлі келген жоқ еді. Үйге үстінде қара формалы бушлатымен бір жас жігіт келіп, әке-шешеммен жылы амандасып, төрге шықты. Көп кешікпей ағам мен апам да келіп, дастархан жайылып, қонақ күтілді. Содан кейінгі күндерде Сәкең ағамыз күнде кешке келіп, түнімен отырып, таңда кететін. Біздің көзіміздің үйреніп кеткендігі соншалық, есік ашылса «келді ме» -деп, елеңдеп күтіп жүретін болдық. Әсіресе, Сәкең ағаның келгенін інім Болат асыға күтетін. Келген бойда бушлатын жамылып, үстіндегі эмблемаларын сыйпалап, (ол кезде студенттерге арнайы форма берілетін) сиялы авторучкасын сұрап алып, сурет салып мәз болатын. Мен үйде баланың үлкені болғаннан кейін, сабағымды орындап бола сала үй жұмысына көмектесемін. Үйдегі адамдардың аяқ киімдерінің балшығын жуамын. Келген қонақтардың аяқ киімдерін тазалау ол кезде міндет. Ал Сағидолла ағаның бәтеңкесін «с удовольствием» тазалап қоямын. Себебі, аға келген бойда бізге бір-бір уыс семечка береді. Білмеймін оны өзі ұната ма, әлде біз үшін ала ма , әйтеуір келген сайын уыстап жатады. Бір күні кешкісін ағам, апам, апамның немере апасы Рақыш, ағаның жолдасы Түсіп Бисекенов төртеуі шыттай киініп алып біреуді күтті. Көп кешікпей Сағидолла аға келіп, оларды алып кетті.
Екі-үш күн өткен соң Рахыш апа келіп : «Біз жақында Сағидолланың сөз байласып жүрген қызының үйінде болдық. Жайықтың арғы бетінде тұрады екен. Аты - Бибила. Ағасы үлкен қызметкер. Жеңгесі екеуі бірдей киінеді екен. Үйлерінің едені сырланған, жуынатын жер де, аяқ-табақ жуатын жер де бөлек-бөлек. Су краны бар. Әрқайсысының жатын бөлмелері бар, тамақты үлкен бөлмеде, столда іштік» - деп сүйсіне әңгімеледі. Ол кезде мұндай тұрмыс екінің бірінде жоқ еді. Қаланың ортасында тұрып, суды қысы-жазы даладан аламыз. Екі бөлмелі үй, сонда тамақ ішеміз, сонда жатамыз. Ал Рахыш апай суды Жайықтан алады. Үйінің едені жер. Әрине, ол үшін Бибила апайдың үйі жұмақтай болып көрінеді. Ал тамақты столда ішу деген, сол кездегі мәдениеттің ең жоғарғы түрі еді. Бұдан кейінгі араласымыз әрі қарай жалғаса берді. Берік ағам үйленгенде күйеу жолдас болып, үлкен тойдың бас-аяғында жүрді. Сағидолла аға оқуын бітірген соң әр түрлі мұнай аймақтарында қызметте болды. Бірақ, бір-бірімізге деген арақатынасымыз, сыйластығымыз үзілген жоқ. Мені көрсе болды, маңдайымнан сүйіп, хал-жағдай сұрасып, үйге жүр деп болмайтын. «Бір түнге қалыңдар, ертең өз машинаммен апарып саламын» - деп бәйек болатын. Пендешілік-ай десеңізші, үй иесіз, балалар бар деп, әйтеуір көп тоқтамайтын едік. Бірде ағамыз бізді Соколға дейін шығарып салып тұрып, аздап ауырып жүргендігін айтты. Баяғы сол тірлікте бітпейтін қу шаруа ғой, келесіде әдейілеп келеміз деп жүріп кеттік. Бір келгенде Серго «кіріп шықтым, апырмай науқасы барға ұқсайды» - деп келді. Көп кешікпей Сәкең ағамыз мәңгілік сапарға аттанды. Қойыны суық қара жер Сағидолладай асылымызды мәңгілік бауырына алды. Қатты қайғырдым. Амал не, болған іске болаттай берік болғаннан басқа шара бар ма? Ағаның балалары Асқар, Махамбет, Сүндет, Шарбат, Қарашаштарды көргенде ағамыздың баяғы 21-22 жастағы келбетін, жүріс-тұрысын көз алдыма елестетемін. Шүкір, балалары жақсы, бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Немере, шөберелері бар, тек солардың қызығын көретін шақта апай екеуінің ортамызда жоқтығы болмаса. Асқарды көргенде «тәтеңнің балшық бәтеңкесін көп жуып едім» деп есіме түсіріп қоямын. Мені «сары қыз» деп еркелетіп, арқамнан қағатын, сол бір ағаларым келіп, машинамды жуып бер десе де, еш қиналмастан жуып берер едім, шіркін» деп қиялдаймын. Қайран ағаларым, өмірден тез кетіп қалды ғой. Әттең-ай деймін. Адамның басы-аллаға тәуелді деген осы».
* * * Жалпы сөз құдіретін түсіну, оны әсемдеп тыңдаушысына жеткізе білу үлкен өнер. Серго ағамыз бен Марғу апамыздың сөз саптауларынан көпті көрген, көңілге түйгендері көп ғажап адамдар екендіктерінің куәсі болдық. Сыпайылықтары, білімдарлықтары нағыз қазақ зиялыларының бет бейнесін көрсетіп-ақ тұрғандай. Қазақстан мұнайы саласына үлкен қол таңбасын қалдырған Серго ағамыз зейнеткерлікке шықса да, қарбалас қоғам жаңалықтарының бел ортасында. Қашан көрсең де сергек, сабырлы, мейірімді қалпы. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Серго ағаны «Ембімұнай» ӨФ-ында көріп, танысқанымда дәл осындай байсалды, терең ойлы, әр нәрсеге үлкен ыждағаттылықпен қарайтын аса білімді адам ретінде пікірім қалыптасқан болатын. Әлі де сол күйі. Тектілік дегеннің бір қыры осы болса керек.
ЕСКЕ АЛҒАННЫҢ ӨЗІ ҒАНИБЕТ
Аралбай Жүсіп Баймұқанұлы 1928 жылы Атырау қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Әкесі Жүсіп Кеңес үкіметіне дейін байларға жалшы болып, 20-шы жылдары Ембідегі әр түрлі кәсіпорындарда еңбек етіп 1942 жылы дүниеден озған. Анасы Зида да өз еңбегімен от ағасына серік болып, заманның қиындығы мен қызығын қатар бөлісіп, бала тәрбиелеп, жаратқанның әмірімен 1962 жылы о дүниелік болады. Қабырғасы қатып үлгермеген Аралбай он бес жасынан бастап еңбекке араласып, алғаш рет Байшонас мұнай өндіру басқармасында есепшінің көмекшісі болып бастайды. Одан әрі есепші, бас есепшінің орынбасары, бас есепшілік сатылар жалғасады. Ойының зеректігі, өз ісіне деген асқан жауапкершілікпен қарайтындығы астасып, ол талай ірі мекемелерде белді қызметтер атқарды. 1941-45 Отан соғысы жылдарындағы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Ұлы Отан соғысының 40 жылдығы» медалдарымен марапатталып, еңбегі еленіп құрметке бөленді. 1990 жылы еңбек демалысына шығып, еңбектен қол үзбей одан әрі жұмысын Тампонаж конторасында бас есепші, одан әрі скважиналарды жөндеу және мұнай қабаттарының өнімділігін арттыру басқармасында бас есепші болып 70 жасқа дейін еңбек етеді. Жолдасы Файза екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінгі күні немере, жиендерінің қуанышына бөленіп отырған бақытты қарттар. Еңбек сапынан қалмаған осы 70 жыл ішінде Аралбай аға талай белгілі мұнайшылармен еңбектес болып, өзінің білімі мен жиған терген іс-тәжірибесін туған елінің болашағына арнады. Әңгіме төркіні әріптестеріне аудара бергендігі де оның көрегендігін, айналасындағы азаматтарға деген үлкен ықыласын көрсетіп тұрғандай. Әңгіме бағыты бүгінгі кейіпкеріміз Сағидолла Нұржановқа ауысқанда Аралбай аға ерекше бір күйге бөленгендей болды. «Жақсылармен дәмдес, замандас, құрбы-қатарлас болғанның өзі де бір ғанибет шырағым. Арада талай жылдар өтсе де өткен өмірім күні кешегідей көз алдымда. «Адам өмірі қас пен көздің арасындай» дейді қазақ. Қас пен көздің арасының қаншалықты жақын орналасқанын жақсы білесіз. Демек, адам ғұмыры соншалықты шектеулі болып түр ғой. Осы ғұмырда адамдармен иттеспей, дария көңілмен сіз, біз десіп сыйласқанға не жетсін. Осы жасыма келгенше талай дархан ниет, ақкөңіл жігіттермен бірге қызметтес болдым. Білімді де білікті, жүректері жомарт, кім-кімді болса да бауырларына тартып іштартып тұратын азаматтармен тағдырлас, дәмдес болуды мандайыма жазғанына қуанамын. Солардың ішінде Сағидолланың орны бір төбе еді жарықтық. Сәкеңмен алғашқы жүздесуім 1957 жылдың күзі болатын. Қошқар кәсіпшілігіне аға есепші болып барғанмын. Сол кездегі кәсіпшіліктің бас инженері С.Нұржанов еді. Кейін бастығы, одан әрі 1963 жылы Прорва мұнай-газ өндіру басқармасы қырылды да, Сәкең алғашқы бастығы болып тағайындалды. Бұл жылдар ежелден ауылы аралас, малы қоралас Маңғыстау облысының да өндірісі кеңінен құлашын жайып тұрған кез. Екі облыстың арасында қатынас дұрыс жолға қойылған, мамандар ретінше жұмыс жасап жатты. 1965жылы мен де жолдамамен Маңғыстауға жұмысқа ауысатын болдым. Қағаздарымды реттейін деп «Эмбанефть» бірлестігіне бардым. Сағидолла Нұржанов пен Мұқан Утенов та сол жерде жүр екен. Мұхаң Прорваның бас есепшісі. Мұхаң екеуіміз қалжыңымыз жарасып, біршама әңгімелесіп тұрдық.
- Неғып жүрсің бұл жақта, - деп Мұхаң сөз ретінде сұрап қалды.
- Перевод алуға келдім, Маңғыстауға. Энерго басқармасына бас есепші болып барам ба деп жүрмін,-дедім.
- Сен ауылда қал, бізге кел, - деп Мұхаң сайрай жөнелді. Сол кезде қасымызға Сағидолла келе қалды. Мұхаң:
- Сәке осылай да, осылай деп жайды қысқаша баяндап шықты.
Сәкең мұқият тыңдады да:
- Ареке олай болмайды деп бірлестіктің бастығына кіріп кетті.
Сөйтіп, бұйрықты өзгертіп, мені Прорваға бас есепшінің орынбасарлығына тағайындады. Сонымен мен он жыл қатарынан Прорва кәсіпшілігінде еңбек еттім. Бұл жылдар Сәкең екеуіміздің арамызға үлкен достықтың, жолдастықтың сүрлеуін қалыптастырды. Аралас-құралас болып, тату-тәтті өмір сүрдік, балаларымыз бірге өсті, қатар оқу орындарына түсті. Уақыт шіркін адам өмірін бір бағытқа қоя ма, арада бірнеше жылдар өткен соң мен Балықшы бұрғылау конторына бас есепші болып келдім. Ал Сәкең ол кезде Тампонаж конторының директоры болатын. Араластығымыз бұрынғыша жалғаса берді. Ол кісі жатырқауды білмейтін, кім-кімді болса да жанына жақын тартып жүретін асыл адам еді. Бір таңқалатыным Сәкеңнің бойында адам жатырқау деген қасиет мүлдем жоқ па деп ойлайтынмын. Алдына кім келсе де, мейлі ол басшы болсын, қарапайым жұмысшы болсын күректей қолдарын ұсынып, жөн сұрасып, қауқылдай жөнелетін. Қажет болса әлгі адамның мәселесін шешу үшін алдындағы бар жұмысын жиыстырып қойып, кете баратын да мінездері болушы еді. Қазір ойлап қарасам осының барлығы ұлылықпен теңдес қарапайымдылық, үлкен жүректілік екен ғой. Өз мамандығын терең меңгерген, тол міндетін жанымен ұнатқан кәнігі мұнайшы еді. Атпал азамат, жабырқағанға жылы қараған, мұңайғанды жұбата білген асыл азамат арамыздан ерте кетті. Әлі де жүре тұрса көп болмас еді, алланың дегеніне еш шара жоқ қой. Бір қуантатыны соңында ұрпақтары қалды. Ұлдары ұялы, қыздары қиялы болды. Бәрі де қоғамнан өз орындарын тапқан белді азаматтар атанды. Әке атына кір келтірмей ел қатарында жүрген Сәкеңнің балаларына өте ризамын. Көрген жерде құрақ ұшып амандасып жатады. Өте инабатты балалар. Сәкең жарықтықтың ұрпақтары өсіп-өніп одан әрі жалғасын табуда. Немере-жиендері өсіп келеді. Біле-білгенге осының өзі де қол жетпес бақыт.» Есіне сол бір қимас сәттердің көрінісі түсе берді ме, бұдан әрі Аралбай аға сөзге сараңдық танытты. Әлсін-әлсін қиял әлеміне еніп кеткендей толғаныста отырды. Жанары тұманданып, көкірек түбіне тұнған терең ой қозғалып мазасын алып кеткендей қабағы сәл түйіліп қалың ой құшағына енгендей үнсіз қалды. Отағасының тебіренісін жанымен сезінгендей Аралбай ағаның жан жолдасы Файза апай әңгіме төркінін өзіне қарай аудара берді. «Өмірде жақсы адамдар көп қой, қызым. Сол жақсылармен жайраңдап өткен жастық шағымыз күні кешегідей көз алдымызда. Арекең айтқандай Сәкеңдермен екі үйдің біріндей аралас отырдық. Өміріміздің талай қызықты сәттерін бірге бөлісіп, бірге тамашаладық. Балаларымыз бірге ер жетті. Олардың жеткен жетістіктеріне бірге қуандық. Осы күнге дейін Сәкеңнің балалары бізді көргенде құшақтарын ашып «тәтем мен мамамды көргендей болдық» - деп мәз болысып жатады. «Құрдасым»-деп мені ерекше сыйлайтын. Көшеде машинамен өтіп бара жатса, тоқтай қалып, бара жатқан жеріме жеткізіп тастайтын. Адамгершілігі зор адам еді ғой. Зайыбы Бибила да бір құдайдың бетіне қараған адам еді. Қолы ашық, көңілі дарқан, әйелдің патшасы еді жарықтық. Есіктен кіргенге төрін ұсынатын, нағыз қазақтың ата дәстүрін бойына сіңірген, тал бойында әйелге тән нәзіктік те, қолашық жомарттық та, қарапайым, мейірімділік те табылатын аса келісті жан еді шіркін. Нағыз «ағама жеңгем сай» еді екеуі. Екеуінің қатарласып келе жатқан бейнелері әлі күнге көз алдымда. Бірі-біріне жараса қалған өте сүйкімді жұп еді. «Өткен өмір-жылжып аққан сумен тең» деген, жасымыз біршамаға келді. Шүкірміз, бала-шағаның ортасында өмір сүріп жатырмыз. Еліміз тыныш, халқымыз тоқ. Жастар аман болсын. Болашақ солардікі. Адам есейгенде өткен өмірін, кейбір ұмытылмас сәттерді көбірек ойлайды екен. Арекең екеуміздің кей кездері осындай әңгіме қылғанда бірге өмірімізді өткізген қимас жандар туралы сағынышпен еске алып, көз ұшында сағым болып көмескілене түскен асыл бейнелерді қайта жаңғыртқандай әріден қозғап сырласатынымыз да бар. Сәкең мен Бибиланы кей кездері түсімде көремін. Сол кездерде барлығы да күні кешегідей сияқты болып көрінеді. Қайран өмір десеңізші. Желеп-жебеп жүрген шығар марқұмдар». Келбеті де, салмақты ой саптауы да келісе кеткен Файза ана осылайша ішкі жан толғанысын білдірді. Өткен өмір ұмтылмайтындығымен ғана бағалы екендігін сан мәрте мақұлдадым. Себебі сол, Сәкеңнің қай танысымен жүздессем де көкірек түптеріндегі сағыныштан, жолдастары туралы сыр шертіскендегі көздерінің жарқылынан өткен күндерінің лебі самаладай болып есіп-ақ тұрады. Қарттарымыздың жастық шақтарын еске алғанда «Қайран, дәурен» деп терең тыныстайтындықтары осыдан-ау сірә.
Дендеріңіз сау, бастарыңыз аман болсын асыл жандар.
ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН БАҚЫТЫН...
Ізбасов Мақсым Шафихұлыны танымайтындар өңірімізде көп бола қоймас. Өзінің азаматтық қалпын сақтап, ортасының сый-сыяпатына бөленген Мақсым 1954 жылы сол кездегі Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз бекетінде дүниеге келген. 1971-76 жылдары Алматыдағы В.И.Ленин атындағы қазақ политехникалық институтынан білім алып, туған топыраққа табан тіреп, алғашқы еңбек жолын бастайды. Жастайынан білімге құштар Мақсым, қолына дипломы тиісімен «еңбек» атты ұлы көшке ілесті де жүре берді. Өз мамандығы бойынша барлық сатылардан өтіп, басқарманың партия ұйымының хатшысы болып та жұмыс жасайды. Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы қызметінде жүріп өндіріс тиімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу бағытында қыруар жұмыстар атқарды. 2004 жылы кәрі Ембінің қара шаңырағы атанған «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының директорлығына тағайындалады. Бұл жауапты қызметте кәнігі мұнайшы нәтижелі еңбек етті. Өндіріс жетімділігін арттыру, мұнайшылардың тұрмыс дәрежесін жақсарту бағытында қомақты істерге қол жеткізді. Қазір тәжірибелі маман ретінде М.Ізбасов «Аджип Казахстан Норт Каспиан Оперейтинг» компаниясында жергілікті құзырлы органдармен байланыс бойынша аға кеңесшісі қызметін абыройлы атқарып келеді. Кездесіп қалған сәтте емен жарқын сөйлесіп, қоғам туралы, жалпы болмыс туралы сөзіміз жарасатын жақсы ағаға бірер сауал қоюдың реті түсті.
- Максим Шафихұлы, бар саналы өміріңізді мұнайшылық мамандығына арнапсыз. Сіздің әр сөзіңізден өндірісті жете меңгерген кәсіби маман екендігіңіз көрініп тұрады. Өнеге бастауы қайдан?
- Өнеге бастауы - от басымнан десем артық айтқандық емес. Себебі, менің мұнайшылық мамандықты таңдауыма бірден-бір себепші болған менің әкем. Әке жолын қуып алғашқыда ауыл шаруашылығы маманы болғым келген. Бірақ әкем осы топырақта дүниеге келген перзент екенімді, сондықтан туған ел несібесін игеріп, ел қажетіне жаратар мұнайшы болуым керек екендігін санама сіңіріп, осы кәсіпке қарай бағыттады. Сол кісінің ақылымен осы кәсіпті меңгердім. Шүкір абыройсыз емеспін. Өмірлік жолымды дұрыс таңдадым деп есептеймін.
-Жалынды жастық шақта адам алдындағыларға қарап, солардан үйренуге, соларға ұқсауға тырысатыны албырт жас үшін қалыпты құбылыс. Бұл орайда не айтасыз?
- Біздің заманымыз солай болды ма, менің тұстастарымның алдынғы буын ағаларға деген құрметтері ерекше болатын. Өзімізден үлкендерді тік тұрып сыйлайтынбыз. Мен де солай үлкен ағаларымыздың істерінен үлгі алып, үйренуге тырысатынмын. Туған өлкеміздің жерасты байлығын игеріп ел қажетіне жаратуда өзіме өнеге еткен, кейіндері қызметтес болған асыл ағаларымды үнемі мақтан етемін. Олардың арасында Н.Балғымбаев, Б.Еламанов, М.Батырбаев, С.Дүзбаев, С.Сағытжанов, Б.Ізтілеуов, Ұ.Қарабалин, Б.Тасмұқанов, Ш.Қонабаевтар менің өмірімнен ерекше орын алған азаматтар. Бұл азаматтардың бойларындағы білім мен кісілік зор қасиеттердің үндестік табуларының өзі олардың елін сүйген, халқын қастерлеген ел перзенттері екендіктерін көрсетіп-ақ тұрғандай.
- Мәке, сіз Қызылқоғада туып өскенмен, өміріңіздің ең шұғылалы жастық шағыңыздан бастап, жігіт ағасы болғанға дейінгі аралықта Кең Жылой топырағында сүбелі еңбек етіп, құрметке бөлендіңіз. Жылой өңірінің тұрғындары сіздің жасап кеткен зор еңбегіңізді осы күнге дейін үлкен ықыласпен еске алысады. Шүкір, бұл топырақтан еңбектен нәр алған, еңбек жалауын төмендетпеген азаматтар көптеп шыққан ғой. Бүгінгі әңгімеміздің негізгі арқауы болып отырған белгілі мұнайшы Сағидолла Нұржанов есімі сізге жақсы таныс шығар.
- Таныс болғанда қандай. Кең Жылойды айтасыз Сағидолла ағамызды білмейтіндер күллі Қазақстанда аз шығар. Менің әкем Шафих Ізбасов «Кең Жылойдың Иманқарасы» атанса, Сағидолла Нұржанов Кең Жылойдың «Нарқасқасы» атанған азамат. Бұл жерде әкемді әңгімеге қосып отырғаным да тегіннен тегін емес.
Әкем мен Сағидолла ағаның арасы аса алшақ емес, болса бір-екі жас шығар. Әкемнің аз-кем үлкендігі болғанға ұқсайды. Әкем «Амангелді» колхозының төрағасы болып, кейін бес колхозды біріктіріп «Коммунизм таңы» деген совхоз құрылғанда, осы совхоздың тұңғыш директоры болып тағайындалады. Ал, Сәкең осы уақытта «Прорва» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы. Сол кездегі Ембі ауданы қазіргі Жылой ауданы ғой. Аудандағы ең ірігелі екі саланы басқарған екі азамат бар болмыстарымен бойдағы талап пен талантты еңбекке арнайды. «Бойдағы барым-халқыма» деген патриоттық сезім жетегінде күн-түнмен санаспай ел болашағы үшін аянбай еңбек етеді. Біріне бірі қажет жерінде көмек қолын созып, қызмет бабында бірін-бірі үнемі қолдап отырады. Мен жастау болдым ғой, бірақ сол екеуінің бірін-бірі сыйлауы, ағалы-інілідей бір-біріне ізеттілік көрсетулері көз алдымда.Кейбір кездескен сәттерінде әкемнің Сәкеңе тура туған баласындай қоңыр даусымен ақыл айтып, жөн сілтеп, ал Сәкеңнің кішілік танытып, сөзін бөлмей мұқият тыңдап отыратындықтарының да куәсі болғанмын. От басымызбен аралас, сыйлас болдық. Мен жоғары оқу орнында Сәкеңнің қызы Балзиямен бірге оқыдым. Өте талантты, өнерге жақын қыз еді. Өте жақсы оқыды, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін. Жас кетті арамыздан. Артында орындалмаған армандары, көріп үлгермеген қызықтары қалды. Көңілге бір демеу болатыны Балзияның өмірінің жалғасы балаларының қалғаны. Амал не, бұйрық солай болған соң амал жоқ қой. Бертін келе Сәкеңнің ұлы Асқармен бір салада қызметтес болдық. Бір дастарханнан дәм татысып, ағалы-інілідей керемет сыйласамыз. Асқар әке жолын қуған мұнайшы ғана емес, әке бойындағы асыл қасиеттерді бойына сіңірген ұл дер едім. Әңгіме төңірегінде әкелеріміз туралы еске алысып, үлкендеріміз туралы әңгіме қозғап қоятынымыз да бар. Сондағы түйгенім біздің әкелеріміздің арасындағы ұқсастықтар таң қалдырады. Мысалы, менің әкем де Сағидолла ағамыз сияқты ағайын-туысқа қайырымды, мұқтаж, әл-ауқаты төмен жандарға қамқор адам еді. Осы күнге дейін ол кісі көмектесіп еді, қиналғанда дем беріп еді деген пікірлерді көр естимін. Әсіресе, Сәкең жарықтық екеуінің әзіл-қалжыңға бейімдігі, отырған жерлерін базарға айналдырып, думандатып отыратындықтарын айтсаңызшы. Екеуі де «Тура биде туған жоқ» дегендей турашыл болыпты. Айтайын деген сөзін бетің бар, жүзің бар демей айта салады екен. Екеуі туралы да арттарында қалған ұтымды әңгімелер көп. Бір құлағымда қалғаны, Сәкең Мақат ауданында бірінші хатшы көрінеді. Бір күні балаларының бірі өз жастас баламен төбелесіп қалады. Қолы батыңқырап кеткенге ұқсайды. Солай да солай деп көрген жәбірін айтады. Сәкең зер қойып тыңдайды да баласына жазалау шарасын қолдана қоймайды. Бұны естіген әкем: -Оның не?-деп сұрайды ғой, сонда Сәкең: -Шәке-ау, өзі адай бола тұра бір баланың мұрнын қалай бұзбайды-деп қарап тұр дейді. Ойлап қарасақ, Сәкеңнің бұл сөзінің де тәрбиелі мәні бар екен. Ұл баланың өз іс-әрекеті үшін өзі жауап беруі, жеке басын қорғауға қабілетті болуы шарт. Осыны ұғынуға тиісті ұлына қатты келмегендігі де сондықтан екен.
- Сізбен сұхбаттас болған кезде бір байқалатыны өндіріс тақырыбы сөз болғанда ерекше шабыттанып, жанарыңызда бір жарқыл пайда болатындай...
- Әбден мүмкін. Өйткені мен өз мамандығымды сүйемін және осы саладағы ұзақ жылдық еңбегім тиісті іс-тәжірибе жинақтауыма толықтай мүмкіндік берді деп ойлаймын. Сол себепті де өндірістегі қалт еткен өзгерістер мен жетістіктерді жаныммен қабылдаймын. Қазақстан мұнайының болашағы өте зор. Маман ретінде оған еш күмән жоқ. Келешек ұрпақ бабалар дәстүрімен ел несібесін ысырапсыз өндіріп қажеттеріне асырары сөзсіз. Биыл мұнайдың 110 жылдығы аталып өтті. Қарап отырсаң қол жеткізген жетістіктеріміз ұшан теңіз. Осының өзі адамды қанаттандырып, жігеріңді жани түседі екен.
Бұдан әрі Мақсым Шафихұлы әкелер арасындағы пікір ортақтығы, олардың өмірге деген көзқарастарының бірдейлігінен болса керек деген ойын ортаға салды. Ілкіде сыртынан ғана есімін естіп жүрген адамның әкесімен жолдас, дос болғандығы, кейін Сәкеңнің көзін көріп, жасаған істеріне тәнті болғандығы, одан әрі балаларымен таныс, тағдырлас болғандығын Мақсым аға тағдырдың сыйы деп есептейді. Қысқа ғұмырда әр адамның басына әр түрлі нәрселерді жазады ғой. Мақсым ағамыз елуді еңсерген, нағыз жігіт ағасы шағында. Бар өмірін адал еңбек етуге, адалдықтың ала жібінен аттамауға арнаса да, кедірлі-бұдырлы өмір сүрлеулері оны талай қиылыстарға да әкелген кезі болды. Азамат деп танығандардың кейбірі қиянат жасап, жүрекке салмақ түсірген сәттер де кездесіпті. Бірақ атадан туған ұл маңдайға жазған бар жазымышты көтере білді. Бұрыла қарағанда айналасында көңілді жадыратар жандардың көбірек екендігін көріп қайта түлегендей болыпты. Мүмкін бұл жігерлілігі мен адамдық асыл қасиетінің тереңдігінен болса керек. «Мен бақытымды еңбектен таптым деп ойлаймын. Жоғарыда тілге тиек еткенімдей бақыт бастауы әке салған, Сағидолладай аяулы ағаларым салған сүрлеуден басталды. Қай мамандықты алсақ та өзінше ерекше, өзінше қадірлі. Мен де өз мамандығымды мақтан етемін. Бүгінгі әңгімеміздің өзегі Сағидолла Нұржанов есімінің кен орнына, көше атына беріліп, ұрпақтарының әке жолын қуып, төл кәсіптерді меңгеріп қана қоймай, қазақ мұнайының өркендеуіне өзіндік қолтаңбаларын қалдырып жүргендіктері әке сенімін ақтаған ұлдардың ісі дер едім. Қазақта «әулет» деген ұғымға ерекше мән беріп, қадір-қасиетін пір тұтып, үлкен құрметпен қараған. Осындай текті әулет иелері Нұржановтар өз заманының құрмет бағасына әбден лайық деп есептеймін» - деп Мақсым аға әңгімесін тәмамдады. Мамандығын мақтан ететін, абырой мен адамгершілік қасиеттерді ұлағат қылатын Мақсым Ізбасовтың мұнайшылар туралы сан тарау әңгімелерінің дөп ортасында өзіне өнеге тұтқан ағаларының есімдері тұратындығы неліктен деп ойлайсыз? Біздіңше көрегендік пен біліктіліктен...
ОЙМАҚТАЙ ОЙ
«Адамның адамдығы адалдығымен және төккен терінің төлеуімен бағаланады» деген қанатты сөз бар қазақта. Ел аузында «Біздің Сәкең» деген атпен қалған Сағидолла Нұржановтың бар өмірі, бар болмысы осылайша біздің жадымызда көрініс тапты. Жұдырықтай жүрегіне бар әлемді сыйғызардай бұл дүниеге аңқылдай келіп, аңқылдай кеткен қазақтың біртуар азаматы Сағидолла Нұржановтың кешкен өмірі, туған топырақтың қадір-қасиетін асыра білген, ел-халқына көрсете білген қамқорлығы, туған ел несібесін игерудегі біліктілігі, көш басшыға тән үлкен жүректілігі кейінгі ұрпаққа мирас болып қалатын құнды дүниелер. Ғасырдан астам уақыт бұрын Атырау топырағында алғашқы тамшылары пайда болған «қара алтын» көші жалғасып келеді, әлі де жалғасы береді. Бабалар өткен сол даңғыл жол жиегінде Сағидолла Нұржановтың да табанының таңбасы мәңгілік қалды. Демек, Сағидолла ағамыз көңіл ырқын тежей алатындай, беймарал өмір кешті деуге толықтай негіз бар. Дүниеге ұрпақ әкелу, оларды жетілдіріп-жеткізу, түтін түтетіп, жеке дара от басын құрағанын көріп көңілді марқайту да тірі пенденің арманы, көксегені. Бұған жеткен де жетпеген де бар осынау фәни дүниеде. Жалпы адамда арман таусылмайды деп жатады ғой. Ол да рас шығар. Бірақ Сағидолла ағамыздың көңіл түбінде бір дамылдау бар болған сияқты көрінеді маған. Ол мүмкін аға ұрпақтарының әкелерінің есімін өшірмей, атына кір келтірмей, әке арманын орындап жүргендігінен болуы да мүмкін. Ұрпақ дегеннен шығады-ау, Сәкеңнің балаларының қай қайсысымен жүздескенде де перзенттік көңілдеріндегі сағыныш лебін сезіндік. Ол - жұдырықтай жүректерді мың жиырып, мың құбылтқан ата-анаға деген сағыныш. Жанарларға жас іркіп, көңілдерді құлазытқан, дүние біткенді тәрік қылып жаныңды құлазытқан ата-анаға деген сағыныш. Өздеріне өмір сыйлап, жандарын шуақ етіп, кең құшақта мәпелеп өсірген ата мен анаға деген сағыныш. Болған іске болаттай берік болып, аллаға шүкіршілік дегізген тағы да сол асыл жандарға деген сағыныш. Әке-шешелерінің көздерін көре қалған қарияларды көргенде жүрек шіркіннің езіле жаздап, қара көзге жас алып, мауқыларын басатыны да ата мен анаға деген сағыныш.
Шетсіз де шексіз, телегей сағыныш.
Артына осындай өшпес із қалдырған, атын шығарар із таңба қалдырған Сағидолла ағамыз бақыт көгінде, жұмақ төрінде... Оның ұрпақтарының шырқау шыңға самғауы, бел-белестерден өтіп, әке жолын одан әрі абыройлы жалғастыруы заңды. Өйткені, Сағидолла Нұржанов есімі тек ұрпақтарына ғана емес күллі мұнайшылар арасында, қала берді ел-халқының арасында қастерлі әрі аруақты. «Ел ерге қарайды» демекші, елін өзіне қаратып сенім үдесінен шыққан, талай өткелдерден өтіп еліне танымал болған білікті де, білімді маман, Қазақстанның кәнігі мұнайшысы Сағидолла Нұржанов туралы әлі талай рет айтылып, талай жыр-дастандар туары кәміл.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру