Абай. Төрт актылы, бес суретті опера либреттосы
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
Қатынасушы адамдар
Абай.
Айдар.
Әзім.
Есбай.
Нарымбет.
Ажар.
Қарлығаш.
Жиренше.
Сырттан.
Мес.
Жігіттер, қарттар, әйелдер.
І АКТ
Бірінші сурет
Жартасты, тоғайлы шатқал. Алысырақта көл. Жаңа туған ай сәулесі су бетіне сұлаған. Жым-жырт кеште бар дүние мүлгіп, түн тыныштығына бейімдеп барады... Кенеттен тастақ жолда тасырлата шапқан ат тұяғы естіледі.
АЖАР
Жар бола гөр,
Жасаған-ай!
Айдар жаным, қайдасың?!
Айдар (жүгіріп шығады).
Қуғын жақын,
Мертікті атым!
Ажар
Сен қаш, мені-ақ байласын.
Айдар, Ажар (дуэт).
Не дейсің, жаным?
Тастап сені тажалға
Амандық сәнін
Қашқын болып табам ба?
Одан да ажал алсын!
От боп жалған жансын!
Ажар
Қош, Айдар, жарым!
Жер тығыз, жалғыз антым,
Серт, егер барым,
Тосамын тағдыр артын!
Арман есте қалсын,
Жаным бірге жансын!
Сыртта тасырлаған аттылар... Айдар мен Ажарды қоршалай жан-жақтан қуғыншылар жүгіре шығысады... Ұйқы-тұйқы ұмтылыс. Айдар біреуді қағып түсіреді. Бірақ көп жабылып, байлап алады. Ажар да тұтқын. Топ ортасында Нарымбет, Жиренше.
Нарымбет
Ұста! Сой! Байла! (Айдарды байлатады.)
Жиренше
Аяма, сыбағасын сайла.
Нарымбет (Ажарға).
Жерге кіргір,
Бетің күйгір!
Бата бұзып,
Ноқтаны үзіп,
Елден, ерден кетіп көр.
Байла! (Ажарды да байлатады.)
Айдар
Әлсіз қолын байласаң да,
Ақ жүрегін байламассың,
Ноқта емес, көр сайласаң да,
Жар қызығын тойламассың.
Нарымбет
Доғар, тоқтат тіліңді,
Азғырған жау, өшірермін үніңді...
Ажар
Өлсем Айдар қасында өлем,
Шақыра бер жыныңды.
Жиренше
Аттап ап, ақ батаны ардан кешті,
Бақ тілеу алдан тілер өзі кесті,
Орайы аямастық жаза болсын,
Көзін жой күн туса да қиян-кескі.
Ақ жолым мұра қылған ерден ескі,
Жаратқан өзі алмаса берген есті.
Аяма, аянбай да шап алмасты!
Қаралы қанмен ұзат сұмдық кешті!
Нарымбет
Тақ арқанды мойнына,
Жылан салып қойныма,
Жар етем деп адасқам. (Меске бұйрық етіп.)
Мін атыңа, сүйреп кет!
Жат жүрегін талқан ет!
Арымнан ару садаға,
Куә бол, қатал қара аспан!
Айдар, Ажар екеуінің мойнында арқан.
Айдар
Қош, Ажар жаным!
Ажар
Бақыл бол, жарым,
Жадымда кетер тынбастан,
Қара түнде саған қосқан
Алтын арай арманды әнің!..
Нарымбет
Тарт, сүйрет, аял жоқ,
Сорлары қайнасын!
Айдар
Абай! Абай аға, қайдасың?!
Мес ат үстінде.
Нарымбет
Әруақ!
Жиренше
Сенгенің құдай емес, Абай екен,
Алармын оның-дағы алдын тосып,
Тобыңмен бәле сепкен қалай екен,
Тарт, жөнел, ел жайлауын ендей жосып!
Әруақ!
Нарымбет
Әруақ, адалыма жақ боларсың.
Айдар
Абай!.. Абай аға!
Мес жөнеле береді. Абай шауып шығады, қасында Есбай, Әзім.
Абай
Араша! Тоқтат! Жан сауға!
Әзім Местің атын ұстай алады.
Есбай
Араша! Тоқта! Араша!
Мес
Тұр былай, тоқтарым жоқ!
Абай
Кес арқанды!
Арашаны
Бермей кетер
Сотқарың жоқ,
Кес арқанды!
Есбай ұмтылады.
Мес
Тиме арқанға!
Есбай кесіп жібереді.
Есбай
Кетсін арқан қолқаңа.
Айдар
Абай аға!..
Ажар
Қайран аға!
Айдар
Қадалғанда ажалдай оқ,
Өзің жеттің, арманым жоқ...
Жиренше (Абайға).
Неге келдің, не деп келдің,
Кім шақырды сені мұнда?
Бар азабын келген кердің
Арашашы алатұн да...
Нарымбет (Абайға).
Қара желек жамылған,
Жесірімде жалаң бар ма?
Сойқан іздеп қағынған
Мынау жатқа панаң бар ма?
Абай
Ағайын, адалыңнан аярым жоқ,
Жақсыңнан жарым жолда таярым жоқ.
Жалғыз-ақ ел ұялтар, ер сыналар
Кезеңде шаппай қалар аялым жоқ.
Жиренше
Осы ма ел намысын жоқтағаның,
Ақ жолын ата-бабам ақтағаның?
Абай
Жат жаза, жалған намыс қостамаймын,
Көпті алдап жамандыққа бастамаймын.
Айыбын, жаза басса, бірге тартам,
Айдардай асыл бауыр тастамаймын.
Жиренше
Я, тәңір, ата-бабам, кешіре гөр,
Асқақтың сыбағалы жазасын бер!
Кемел би, Кеңгірбайдың жолы қайда,
Кебектің керін кигіз, аяма дер?!1
Нарымбет
Аямаған Кеңгірбай!
Мес
Әруағым Кеңгірбай!
Нарымбет
Өлім ғана орайы,
Жолын айтқан Кеңгірбай!
Абай
Табынғаның сол болса,
Кеңгірбай жолы жол болса,
Сонау сұмдық билігін
Білекпенен шешпеген,
Ел келесі екшеген.
Сал ағайын алдына,
Таразысы, талқысы
Қай түйінді кеспеген?!
Есбай
Сал ағайын алдына!
Әзім
Сал атаның салтына!
Жиренше (Абайға).
Жауабыңды айт ендеше,
Қанды мойын қасымды,
Паналатқан сен десе,
Төсермісің басыңды?
Абай
Аяп қалар түгім жоқ,
Салдым қалған жасымды!
Жиренше
Жауапкер Абай болды ғой?!
Абай
Болдым, қайтар жерім жоқ,
Түйірдей пәле іздеп ең,
Уысың тұтас толды ғой.
Жиренше
Жауды тапқан мен болсам,
Ара түсер сен болсаң,
Арманым жоқ, белдестім,
Кінә өзіңде жер болсаң!
Абай
Ара бидің алдында
Жеңсең бітер таласым,
Шеш қолдарын, азат ет!
Билік күн қолдан аласың...
Жиренше
Шеш!
Айдар мен Ажардың қолдарын шешеді.
Атан бар тайлақ жүгін артатұғын,
Шақырған пәле зарын тартатұғын,
Жау шықтың, жаулық сені аумай табар,
Жазаның түбі сенсің сарқатұғын!
Абай
Қай талқы құл алдына құрылмаған,
Қастықпен қай күнің бар құбылмаған.
Аядым, аянышпен ара түстім,
Жалғыз жол адал жолым бұрылмаған!
Зар көрдім шер жүректен жалын атқан,
Азалы ай, күндердің уын татқан,
Аядым, айнымаймын, жалынбаймын,
Көрсең де мені бетер қас пен жаттан.
Білемін алдым азап алты батпан,
Мен емес арам іске арын сатқан,
Сұм заман сыбағама сені берді,
Талап бақ жауың болсам тағы тапқан...
Жүріп кетеді.
Нарымбет
Көрдің бе, тастағаны тағы да егес!
Жиренше
Деген сол!.. Айтқанынан қайтпақ емес.
Нарымбет
Жау Абай барсын солай ажалына,
Қаспын мен қарамаспын обалына,
Ағайын, әруақтап атой салдым,
Ере гөр, ерер болсаң адалыма!..
Жау Абай!.. Жалғыз Абай, жауым Абай!
Жиренше, Мес
Жау Абай! Жалғыз Абай! Жауың Абай!
ШЫМЫЛДЫҚ
Екінші сурет
Жазғы қоныс. Кең жайлау. Абай ауылы. Қызыл-жасыл оюы бар ақ отаудың сырты. Әзім жалғыз.
Әзім
Адасар ма болжаған
Бораннан бұрын аңғарын!
Даңғыл болса данадай
Аластар ма алжымай,
Басына пана заңғарын!
Айдар ғана себеп пе
Намысқа батқан таңбаның?
Жол-жора жұрттың ноқтасы,
Жүгенсіз жұрттық бола ма,
Тайдырсаң пәле салғаның,
Айдар ғана себеп пе
Намысқа түскен таңбаның?
Жиренше келеді.
Жиренше
Мен әдейі іздеп сені келдім, Әзім,
Өзге емес өз басыңда бүгін кебім,
Бүлдірді бұлан-талан ел ұйытқысын,
Ағайын сенен күтті дерттің емін.
Абаймен бір болса да туыс-тегің,
Ел-жұртың — тілеулесің, досың сенің.
Ашынса, аямаса Абай басын,
Сен емес қадайтыны қастық кегін!
Әзім
Айдар десең бір сәрі,
Абай деген қай сөзің?
Жала емес пе су тегін?
Жиренше
Маған сен шаң қудырма, адаспаймын,
Айдарға өлім әзір, таласпаймын,
Саяқтай жалғыз қуар жауым Абай,
Кім ерсе соны бірге аластаймын.
Әзім
Кім ерсе?
Жиренше
Не пәлеге
Шылбыр берсе!
Әзім
Болмайды Абай саяқ, ақсақалым...
Сен емес, иен қазақ елі қалың!
Жиренше
Қорғап көрсін сол қазақ!
Бүгін ойран орнатам,
Аман қалсын өз басың,
Алдында тұр қанды азап.
Әзім
Не тілейсің менен өзің?
Жиренше
Көңдіріңдер Ажарды,
Қайтсын кеткен ауылына,
Айдар тисін қолыма,
Айт аралық дос сөзін.
Әзім
Тыным-тыныштық табамыз ба?
Жиренше
Сен тыныштық табасың,
Жауласарым жалғыз Абай...
Әзім
Жалғыз Абай!..
Жиренше кетеді. Абайға еріп Есбай, Айдар, Әзім шығады.
Есбай
Көрдің бе, Абай аға, Айдар қандай?
Өрлеген жасымастан жабы жандай!
Абай
Жыр қалай, сермеп пе екен қос қанатын,
Шер жоқ па шөктіретін сөнбей, жанбай?
Есбай
Жыр ескек, өр ұранды Абай аға,
Кер заман Кеңгірбайды аямаған,
Теңі жоқ, өзім берер сол-ақ баға!..
Абай
Жаз, Айдар, аяулы жыр тостым сенен...
Әзім
Керек пе, Абай аға, соны жазу?
Өшіксе, өршеленсе жау не дейміз,
Деп жүрсе бұ да тағы жолдан азу!
Айдар
Ей, Әзім, тарылмап па ед менің жерім,
Тірлік не сәт санаған әлім-берім.
Қызарып сөнеріне көзім жетті,
Дейсің бе үнсіз кетсін шықпай шерім?
Қызықты жазған күнім жетсе менің,
Өлеңмен бітсе нетер әлсіз демім?!
Абай
Тыныштықта мезгіл бедеу, жыр тумайды,
Сәттер бар, қасіреттен ой тулайды,
Толқыған теңіз атқан меруерттей
Сол шақта найзағайдай сөз зулайды.
Айдарым, жайдағыдан жөнің бөлек,
Бұлттай биік құшар шағың келед,
Жақсы жыр жанның шерін шайып өтсін,
Жаз бүгін, айтпағанды айтсаң керек!.. (Сүйеді.)
Сырттан келеді.
Дауыстар
— Сырттан!
—Ақсақал!.. Сырттан!..
Айдар кетеді. Әзім, Есбай Абай қасында қалады.
Сырттан
Салды салмақ ағайын,
Баспас жерге басамын,
Алмас бейнет алам да!
Абай
Бердік сізге, ақсақал,
Біз де сізді тыңдадық,
Қысылған мынау алаңда.
Сырттан
Ажарды мен шақырттым,
Сөз қатамын көзіңше!
Ара ағайын жолымен
Саған үш сөз саламын,
Көнерсің лайық көрінсе!
Абай
Айтыңыз, ақсақал!..
Сырттан
Айдарды тый, тіл алғыз,
Ажарды қайтарт ауылына!
Абай
Қосыла алман, ақсақал,
Қатал жаудың қауымына.
Сырттан
Сотқар жидың қай-қайдан!
Араласпа, аман қал,
Без ендеше Айдардан!
Абай
Бас амандар мен емес,
Балапанын байлатып,
Дертіне шыдар сарғайған!
Сырттан
Болмасаң оған біл, Абай,
Қарсыңа шығар жау талай,
Тобың менен өзіңе
Қаптай келер қаумалай.
Абай
Бөдене боп безе алман,
Қарғадан қорқып ұямнан!..
Ажарды екі кемпір ертіп келеді.
Сырттан (Ажарға).
Келдің бе, адасқан жан, жүзің солғын,
Жат сұмдық көрген жан жоқ бұлай болған,
Қаралы қаза күнін сен бұзбас ең,
Шыныңды айт, азғырған кім аумас жолдан?
Ажар
Ағалар, айып тағар кісім жоқ,
Барлық кінә өзімде!..
Сырттан
Қорғар болсаң Айдарды,
Бірге өлесің өзің де!
Ажар
Өлім болса алдымда,
Мәртебелі ағалар,
Тыңдармысыз арызымды,
Демім бітер алдында?!
Сырттан
Әділ қатал билікке
Мен саламын дінімді,
Арыңменен ант етіп,
Айт имандай шыныңды!
Ажар
Алдияр!
Қаралы қайғы шектім талай-талай,
Түңілген келер күнге қарай-қарай,
Тосумен ақ бұйрықты ажалымды
Өткердім қапа түндер санай-санай!
Зарменен, зарменен,
Қоштасқам біржола
Қиял мен жарменен!
Бөледім жастықты уға орай-орай,
Тұншықтым тамырға өлім тарай-тарай,
Сол сәтте қара түнде нәзік серік,
Ән жетті, алтын шапақ арай-арай.
Зарменен, зарменен,
Қоштасқам біржола
Қиял мен жарменен!
Өлмек ем сол әнге ұйып арай-арай,
Ол бірге өшпек болды арай-арай,
Көрдім де бекінгенін бірге өлмекке,
Тірлікке мен шақырдым арай-арай!..
Зарменен, зарменен,
Қоштасқам біржола
Қиял мен жарменен!
Алдияр!..
Иіледі.
Сырттан
Еткен ісің жат еді,
Сырың да сондай жат екен.
Бара бер...
Алып бар...
Бұйрық етеді, Ажарды алып кетіседі.
Арылып болдым, ағайын,
Бәріңе де паш етем:
Ертең билік, байлауым!
Жүреді, құрметпен шығарып салысады.
Абай
Зарлының наласы,
Жас жүрек жарасы,
От салды ойыма
Болармын панасы!
Қайғылы ағасы,
Қапасын қарашы,
Тірлігің құрбандық,
Жәрдемге жарашы!
Жылатқан жаласы,
Жылаған баласы,
Арналсын жолыңа
Жүрегім санасы!..
ШЫМЫЛДЫҚ
ІІ АКТ
Үшінші сурет
Абай ауылының сырты. Биікше төбе. Алыста ен жайлау... Иен ел.
Халық хоры
Топты сотқар
Қара шоқпар,
Барды жайпап келе ме?
Жау мен жат деп,
Билік айт деп
Берекеге көне ме?
Ер тозаққа,
Ел азапқа
Батса батсын аяр ма?
Зарласа жас,
Сорласа бас,
Пәле жолдан таяр ма?
Қарлығаш еркекше киініп кеп, Есбайдың қасына отыра кетеді.
Қарлығаш (Есбайға).
Аманбысың, шырағым,
Отырсам ба екен қасыңа?
Есбай (сырт қарап отырып).
Отырыңыз, қария. (Орын береді.)
Қарлығаш
Болмаса ерсі,
Шақшаң берші, шырағым!..
Есбай (танып).
Қарлығаш?!
Ой, есуас,
Қарлығаш.
Қарлығаш
Жап аузыңды, аптықпа.
Есбай
Билер білсе қайтесің?
Қарлығаш
Әдейі келдім осында,
Салмай-ақ қой сақтыққа!
Бұрын билік көргем жоқ,
Барды маған айтасың!
Даугерлер, билер, Абайлар шыға бастайды.
Дауыстар
— Тоқта! Әне!
— Шықты билер!
— Ана жақ қалай түйілген?
— Абай әне!
— Абай қандай күйінген?
— Қазір билік, Сырттан әне!
— Тоқта, доғар!..
Сырттан (билік бастайды).
Ағайын, кер кезеңге келген сен бе?
Тоқтау сөз, шығасы сөз кеткен желге,
Халайық, қауіп тосып қабақ түйді,
Қамадың иен күшін қандай селге?
Ассын ба асау толқын шарасынан!
Табашы, сақтармысың жаласынан!
Заң тозып, заман азып кетті ме әлде,
Бағамын аңғарыңды таласыңнан!
Алдыңнан осынау белде тостым мына,
Жанжал, сел жырақ тұрып жағасынан!
Қарлығаш
Кімге бұйырды, не деді!
Есбай
Тек отыр! Тең айтты!
Жиренше қамшы тастайды.
Сырттан
Сөйле, Жиренше!
Жиренше
Азбақ емес заманым!
Ай ағарып туғандай,
Күн ұяға қонғандай,
Аумас әруақ аманым!
Балам бөрі болмайды,
Қатыным қаншық болмайды,
Қас күндестей қалпым бар,
Қандай бұлт торлайды?
Аумас әруақ аманым!
Жол-жора күткен ел болам,
Жолдан тайсам кем болам.
Тайдырам десең тобымды,
Тайсалмай соғар мен болам,
Аумас әруақ аманым!
Аздыратын заманды,
Жой демесем тажалды,
Ен жайлаудан сүйретіп
Өлтіртпесем не қалды?
Аумас әруақ аманым!
Қарлығаш
Ойпыр-ай, не дейді?
Есбай
Тек отыр.
Қарлығаш
Қойшы әрі...
Есбай
Беті қалай қатты еді?
Әзім сөз сұрайды.
Қарлығаш
Соны айтсаңшы бәрінен!
Сырттан
Сөйле, Әзім, кезек ал!
Әзім
Ей, кәрі, кәрі өзің мен балаң қандай?
Аяз бен жазғы таңда самал қандай?
Білмеп пе ең, я болмаса ұмыттың ба,
Жас өтті, батар күндей, атар таңдай!
Кім өтті, сол бір отқа назар салмай,
Қай жүрек меңіреу өтті әсте жанбай!
Қазақта Қыз Жібек пен Баян өтсе,
Жульетта батыста өткен Ләйлі зардай!
Ішінен көп торының ақты-бозды,
Ағындап ескек ақын Айдар озды,
Албыртса арқа тұтты сені аға деп,
Кешер деп кемеріңе құлаш созды.
Айып бар, амал қанша, толғандырар,
Қос шерлі қосылғанға кімдер тозды?
Жиренше
Айып жоқ па албыртқа?
Мысық құрым есі жоқ,
Осындай бұзар көрдің бе,
Адам түгіл жандықта?
Әзім
Өткен ұмыт болған ғой,
Ойлап па едің жасыңда,
Сол мысықты бүгіндей?
Жиренше
Жоқ, ұмытар мен емен,
Ел жорасын жер етіп,
Жаттан барып жөн сұрап,
Жульетта деп сандалып,
Шеркеуге шұлғыр мен емен!
Дауыстар (Жиренше тобы).
Айт сонысын, аяма!
Мес
Аулақ әкпет пәлеңді!
Нарымбет
Өртеніп кет үлгіңмен!
Сырттан
Сөйле!.. (Жым-жырт.)
Сөйле!..
Есбай
Масқара!
Қарлығаш
Тоқта!
Есбай
Білмейсің сен.
Қарлығаш
Не дейсің, не масқара?..
Сырттан
Жә, сонымен?.. (Әзім сөз сұрайды.)
Сөйле, Әзім!
Әзім
Бек білемін, Жиренше,
Соқыр көзге сынатсаң,
Күн дегенде нұр да жоқ,
Әлем білген асылдай
Жульетта да, сыр да жоқ,
Ойласаңшы жалғыз-ақ
Сазына ерген Саймақтың,
Сергек қызын қалмақтың?
Әніне ерді Айдардың,
Аңсаған жан айыпсыз,
Ажардай жан қайда жоқ?
Жиренше
Ал, айтқаның жөн болсын,
Алданған Ажар жер болсын,
Қайтсын қазір ауылына!
Бірақ Айдар өледі,
Көнбесіне көнеді!
Арқан тағып мойнына
Өлтіртемін сүйретіп,
Ұл мен қызым көреді.
Әзім
Әруақты ел деп паналап
Айдар кеп еді ортаға.
Бұтадай бұдыр болар деп,
Абайды тапқан аға деп!
Не қасиет бұтада,
Бауырына тығылған
Торғайды тұрса қама деп?
Жиренше
Ел намысы сен емес,
Өзім сақтар алтыным!
Кеңгірбай айтқан кеше күн
Қамын ойлап жалпының,
Ел азасын әсте деп
Өз қолымен өлтірткен
Кебектейін жарқынын!
Неге аламын мен сөзін
Сені менен Абайдай
Шала менен жартының?
Бұта болсаң ырыс бол,
Бола алмасаң пәлесің.
Бұзар жауға пана боп
Не бетіңмен келесің?
Айыпкерім сендерсің,
Бар жауабым Абайда,
Мына отырған сен биде,
Айдарыңа қосар боп
Өзің де сотқар өлесің!
Жым-жырт.
Сырттан
Сөйле!.. Бар ма сөйлер?
Есбай
Абайды несін айтты екен?
Қарлығаш
Қорқыныш қой, Есбай-ай!..
Сырттан
Сөйле!..
Жым-жырт.
Абай
Уа, қария, ақсақал!
Бір тойда екі жар бар ма?
Жалғыз билік тұсында
Екі бірдей дау бар ма?
Нарымбет
Тоқтат, Абай!
Мес
Сен жауапкер!
Нарымбет
Саған қалған сыбаға жоқ.
Абай
Дау емес, жөн сұраймын.
Сырттан
Не демексің?
Абай
Көргенің көп, қария,
Қарсы биді қай даугер
Еткен еді егеспен,
Қанды мойын айыпкер?
Сырттан
Айтқаның жөн, теріс кетті Жиренше.
Абай
Алдияр, сезімді айтқыз, есемді бер ендеше!
Жиренше
Сен боласың жауапкер,
Сөз тиер деп өктеме,
Еңбегің еш, тұзың сор.
Абай
Сенің асқақ сөзіңмен
Әзім де болды жауапкер!
Біздің дауды кім айтпақ?
Ақсақал, өзің жауап бер!..
Дауыстар
— Сөз бітті!
— Біткен жоқ сөз!..
— Сөйлесін!
Қарлығаш
Абай сөйлесін!
Есбай
Бүлдіресің, Қарлығаш...
Сырттан таяғын көтереді, жұрт тынышталады.
Сырттан
Орайың бар, айт, Абай!..
Абай
Жиренше, өткенге өктеп зар қағасың,
Тіріден тамтық қоймай мін тағасың,
Барға қас, жоққа жала жапқан биді
Білдің бе, нәсіл ұрпақ қарғамасын?
Бағы деп, баяғы деп шаң бересің,
Келгенде алдарманға жан бересің,
Айтты ма сен айтқанды арғы-бергі,
Жұрт не дер аңғарып бек ел келесін?
Жиренше
Жұрт айтқан мен айтқанды баяғыда,
Кешегі Кебек ерін аяды ма?
Абай
Жұрт емес, ол қаталдық бірден шыққан,
Қыз ноқта, ұл тұсаумен өксіп өтіп,
Айта алмай ел арманын жүдеп бұққан!
Нарымбет
Нені айтасың ноқта деп?
Жиренше
Ақ тілеу, ақбата ма,
Ел алдына әйгілеп,
Аямастан саларың,
Иянатта ноқта деп!
Нарымбет
Тек барыңды айтып бол,
Найзаменен, шоқпармен
Айтысармыз жиып қол!
Абай
Найзалы жау оңай жау,
Сенің жауың ол емес,
Ішінде жатыр айықпай
Қараңғының қара тау!
Батыр болсаң соны бас,
Болсын десең есің cay!
Жиреншеге келейін,
Асырам деп өктеді,
Кеңгірбайдың мерейін.
Өлген күні екі жас
Есіз таудың басында,
Жөргекте жылап үні өшкен
Ұлан зарын тыңдаумен
Егілген-ді қара тас!
Еңіреген-ді кәрі-жас!
Ата-анаңнан сұрашы,
Қарғап па екен
Кебекті, Жоқ...
Кеңгірбайдан көрген-ді,
Барлық бәле себепті,
Шықпақпысың бүгін сен
Арам құстай қан көксеп,
Қарғыспен алып кезекті?
Ал, Айдар тисін қолыңа,
Ара түспен жолыңа,
Сонда шыдап тұрар ма,
Мына отырған халайық.
Қанқор болған қанды көз
Сендей көріп кезепті?!
Жиренше қозғала бергенде халық бой көрсетеді.
Xалық
Шықпақ емес ондай жан,
Ақпақ емес адал қан...
Айт билікті, ақсақал,
Жиреніп айт арамнан!
Сырттан
Сөйлер бар ма, ағайын?
Жым-жырт.
Xалық
Сөз жоқ енді айтпаған,
Баяғыны тағы да
Іздеуші жоқ қайтадан!
Сырттан
Айтылар сөз айтылды...
Есбай
Ел тілегі қайда тұр,
Болжар алдын байқаған!
Сырттан
Сөз аяғы сарқылды!
Уау, ағайын!
Аянбастың алды жар,
Сол басатын шарқыңды!
Көрім жуық төрімнен
Ойға аламын артымды!
Тыңда, ағайын, қарындас!
Айттым мына нарқымды!
(Абайларға қарап.)
Айыпты ма сол екеу?
Айыбында күмән жоқ,
Айыбын, Абай, тартасың,
Ара биге кінәң жоқ!
(Жиреншеге.)
Өлмек жол ма сол екеу,
Таныдым тентек тарпыңды.
Ит те болса өлмесін,
Қарғыс алып қара боп,
Шулата алман халқымды!
Жұрт ду етеді.
Xалық
Алдияр, құлдық, қария,
Айдар, қайдасың, Айдар!?
Қарлығаш
Ажар, Айдар, сүйінші!
Есбай
Уа, сүйінші, сүйінші!
Жүгіріседі.
Нарымбет, Жиренше, Мес оңаша.
Нарымбет
Сүйінші ме, көрермін,
Қалды дерсің осымен,
Әлі-ақ қаптай келермін!
Әруаққа, құдайға
Айттым бойда барымды!
Келеден кетсе керме бар
Демеп пе едің ақылшым!
Қорға, менің арымды!
Жиренше
Ай батқандай жоғалып,
Аяныш кетсін ендеше!
Ақыра тұрған аюдай
Кек қайнасын ендеше!
Нарымбет
Аталы жауым Абай деп
Ант етемін ендеше!
Мес
Арам болсын бар қастық,
Соған қаптап келмесе...
Нарымбет (жанынан у алып).
Қарғыс пен ажал қанат боп,
Серіктессін мынаған,
Жан болмайық егерде
Мынадан Абай өлмесе!
Жиренше
Осы-ақ болсын байлауы,
Пәле бұлай өрлесе,
Тек тылсымдай берік бол!
У сауытын алып өз қойнына салады.
Нарымбет
Тек тылсымдай берік бол,
Серт беремін, ант етем!
Мес
Серт беремін, ант етем!
ШЫМЫЛДЫҚ
ІІІ АКТ
Төртінші сурет
Той күні... Қанаттаса тігілген үйлер... Бір жақта дала көрінеді... Алыста жайлау, үйде Әзім, Жиренше. Тыста қыз-келіншек тобы өте береді. Орталарында Ажар. Ол сәукелелі... Би аралас хор айтып бара жатады. Хор
Хош, келін, келесің!
Қайғы қалып,
Бақыт алып жарыңа!
Асыл арай дәурен,
Ақ көңілің сен бересің!
Жас жүрек демесін
Қайда келдім,
Кімге ердім. Басыңа
Бүгін бақыт сәулең
Орнар, шат боп сен көресің!
Қайырлы болсын тойларың,
Бақыт, шаттық күмбезі
Қайырлы болсын жайларың!
Билеп өте береді.
Жиренше
Тойда, той ма жайнаған?
Әлде сор ма қайнаған?
Жетті, Әзім, жауап айт,
Уәдең қайсы байлаған?
Әзім
Асығысың немене,
Осынша қамтып қоймаған?
Жиренше
Ашу бүгін бақсыдай –
Құтырғанда қобыздың
Құлағында ойнаған.
Әзім
Нені талап етесің!
Жиренше
Талабымның алдын сен
Ақтағансың билікте,
Аяғын тындыр мынамен!
Уды ұсынады.
Әзім (алып).
Қастық деген қара жын
Қаптаған ба маңайға?
Қандай сұмдық айтасың,
У берем бе Абайға?
Жиренше
Сұмдық емес, шошыма,
Кетіскенің кеше күн,
Аянарың осы ма?
Әзім
Қаңғымаңдар далаға,
Абай — елдің Абайы,
Көрмеп пе едің кеше күн,
Бәрімізді жиғанда
Еткен жоқ па садаға!
Жиренше
Қандай қырға мінгенсің,
Кіріпсің ғой санаға.
Әзім
Бергізбеймін Абайға,
Енді қайтып жолама!
Тая береді.
Жиренше (жалғыз).
Кеше Абай, бүгін мен бе,
Мінгізбегің ырғаққа?2
Қайда көмдің жаңа көмбе...
Білінбестен ұрмаққа?
Тек жалғыз-ақ көрермін
Алғаныңнан танғаның.
Кетеді. Қарлығаш шығады, артынан Есбай аңдып жүр.
Есбай
Қарлығашым, қалам қасым,
Аққумысың алдымда ұшқан,
Артыңдағы мен лашын!
Ойысарлық күнің бар ма?
Оңда, құдай, көздің жасын!
Қарлығаш
Құрысашы құлқының,
Қашан көрдің сірә да
Жылап жүрген лашын?
Ол емес, жемтік аңдыған
Қарақұспын десеңші,
Сол емес пе дәлі, расың?
Екінші үйге Абай шығады, халық ере келеді.
Есбай
Алда құдай, не дейді,
Мазақ емес, назарың
Қашан мені демейді?
Абай
Есбай!
Алда сорлы, не дейсің?
Жылау зарың көбейсін.
Есбай
Абай аға!
Мұның да аты достық па?
Жылайсың деп шенейсің.
Абай
Алда бақыр, жылаулар
Қалды ма екен, сірә да,
Сен төкпеген қайғы-зар!
Айтшы расын, Қарлығаш,
Қандай арман-мұңы бар?
Қарлығаш
Абай аға, білмейсіз бе?
Оңашада мені аңдыса,
Өліп-талып үзілсе,
Қандай арман бар дейсіз?
Илан, алдан демесе,
Шариғат айтар дейсіз бе?
Абай
Ашу деген оңай жауап,
Ажуаң артық, Қарлығаш,
Біле білсең Есбайға,
Билік осы аямас!..
Есбай
Төрелік айт деп тілеп пе ем,
Еттіңіз ғой енді қас!..
Абай
Береке болса арманың,
Үйшік, үйшік ойнама,
Ажар, Айдар қызығын
Қызықта да аралас!..
Тойды бастап екеуің
Асырыңдар қызуын!..
Айдарды қоршап жас жиын, халық шығады, Әзім бірге.
Халық хоры (Абайға).
Ән жетсін өнер шашып аймағына,
Жақсы аға ырза болсын Айдарына,
Ән туды Еңлік атты бауырынан,
Қуансын еліне үлгі жайғанына!
Қиядан құлаш ұрған ақын інің,
Өзі емес, көп зарлының төкті мұңын,
Ағасың айналаға нұрың шашқан,
Батпасын, ұзақ болсын осы күнің!
Абай
Айдарым, қуанамын, ел қуанса!
Әзім (Абай мен Айдарға оқшауырақ).
Ел бала, текті, тексіз айыра ма,
Ойын-той әнші көңілін қайыра ма?
Зіл жатыр, Кеңгірбайға тіл тигізген,
Салмаса қайтер еді жарияға?
Айдар
Ажалдың аш шеңгелін көріп келгем,
Қапада өткен зар мен қайғы тергем.
Ескінің айыбын аш, мінін қаз деп,
Билікте Абай ағам нұсқа берген!..
Әзім
Тартыста айтылатын жеңерлік дау,
Мынау сөз пәле басы болса қайттің,
Қаптатса қараңғыдан тағы да жау?
Айдар
Солай ма еді, Абай аға?
Не деп кеп тұр мынау Әзім?
Тайдым ба әлде жолыңнан!?
Абай (халыққа).
Қуанамын, ел қуанса,
Жабы көңіл көп жұбанса!
Арман алда Алатаудай,
Сілте солай жас қыранша.
Бастаушысы мақтан емес,
Мақтау ақын соңына ерсін.
Арттағының айыбын аш,
Ел көшетін бетін көрсін!
Еңлік менің сүйер жырым,
Тылсым дүние ашар сырын,
Айдар асты жаңа белден,
Қызғанбай ер өзгелерің.
Әзім
Қызғанбай ер өзгелерің?!
Айдар болып көш басшысы,
Ермек пе екен оған Әзім?..
Абай (айта береді).
Азға тынбас ақын зары,
Қамап тұрсын қалың соры!
Айт дегенді айтпақ емес,
Айтпағанда меңзер жолы!
Байғазым бұл сол жолыңа,
Долы қалам ал қолыңа!
Азбын деме, алдың жарқын,
Осы бетің жеткізеді
Тілеулес елдің молына!
Ал, ағайын, сен қоста,
Шалқысын шаттық айнала,
Шексіз қызық той баста!..
Ажарды шымылдықпен қыз-келіншек ертіп келеді.
Хор
Шалқысын шаттық айнала,
Шексіз қызық той баста!
Есбай, Қарлығаш
Басталды ойын,
Басталды беташар! (Би.)
Айтылады беташар!
Мәнлі келін алдында
Сыпайылық жарасар...
Көркін айтсақ келіннің
Ай мен күнге таласар!
Ақыл, мінез, парасат
Бұл өңірде келіннің
Бәрімен де санасар!
Алдындағы аталар
Көреміз деп ынтығып
Жалтақ-жалтақ қарасар!
Келінді енді көріңіз,
Көрімдігін беріңіз!
Асыл аға, Абай аға!
Қайын атаға бір сәлем!
Шымылдық иіліп, келін тәжім етеді.
Мырзалыққа сын бүгін!
Шарай топта, сараңдар,
Ашылады сыр бүгін!
Әзім атты қайын аға,
Қайын ағаға бір сәлем!
Тағы иіледі, шашу биі.
Есбай
Айдар сыны бөлек тұр,
Одан да тілер өтініш,
Ағайынның алдында
Тағы да айтсын әсем жыр!
Xалық
Айтсын тағы әсем жыр,
Еңлік пенен Кебекті,
Өзге думан барлығы
Жырға берсін кезекті...
Айдар! Айдар айтсын тағы да...
Көп ұйғарған жарлығы...
Айдар (домбырамен).
Мен көрдім кешегі өткен ел күйігін,
Көп кездім сарын тыңдап, бел биігін,
Зар шегіп батар күнмен бірге батқан,
Жиренше мен Мес кіреді.
Аямас жас ұланды ел биі кім?
Мен көрдім қан жылаған екі жасты,
Мұңдары күңірентіп тұр тау мен тасты.
Айқасқан құшағынан қарғыс ұқтым,
Өз зарым сонау зармен араласты!
Мен көрдім қатал күннің қабан биін,
Ашамын ауыр сырды тыңда, жиын.
Жырға жан, өзіме өріс берген Абай,
Алдында ардақты аға түсер күйім!
Мен көрдім қатал күннің қабан биін!..
Жиренше
Тоқтат, жетті қорлығың!
Намыс жоқта тек те жоқ,
Осындай арам бұзарды
Тыңдайтұғын сорлы кім?..
Абай
Жиренше!..
Тындайтұғын мынау ел.
Қолайыңа жақпаса,
Ерік өзіңде, жүре бер!
Жиренше
Пәле басы тағы да,
Көзеп тұрған өзіңсің!
Ен жайлауда құл-құтан
Бидің атын қабан деп
Абыройын төгіпсің.
Уа, әруақты ер бабам,
Жібер қарғыс кәріңді,
Аяу білмес айдының,
Қабырыңа тас атқан
Мыналарға көрінсін!
Xалық
Қандай қарғыс айтады?
Қандай пәле тағы да,
Той үстінде бастады?
Абай
Жүр менімен, Жиренше,
Жауабың менің басымда,
Сауығына соқтықпа,
Жиын өзі біледі,
Үйренсе де жиренсе!
Жиреншені ертіп кетеді, тыстан халық көрінеді.
Xалық (тыстан сыймай).
Айдар шықсын ортаға,
Жырын тыңдай жиылдық.
Айтсын әнін халқына,
Бұлдамасын қолқаға!
Шықсын Айдар ортаға!
Айдар қозғалады, бар жиын шыға береді. Әзім Айдарды тоқтатады.
Әзім
Айдар!
Аласың ба тілімді?
Айдар
Не демек ең, айта ғой!..
Әзім
Айтпа, тоқтат жырыңды,
Көрмедің бе әлгіні,
Тағы да жұрт бүлінді!
Айдар
Айтам, Әзім, бөгеме!
Әзім
Бар ендеше, мейілің,
Ел намысын жаралап,
Жат екенің білінді!
Әруақты елдің қарғысын,
Аямас қатты қарғысын,
Көріп жүрсең қайтесің,
Бұзған үшін дініңді?!
Xалық
Айдар? Қайдасың, Айдар!..
Айдар кетеді. Сырттан ән жетіп жатады.
Әзім (жалғыз).
Кеттің бе аялдамай асқақ жолға,
Кеттің бе мені санап әлсіз қорға,
Кеттің бе Абайды ертіп, ата жау боп,
Кеттім де ал ендеше қалың сорға!
Айрылам, мен де кеттім, жолым бөлек,
Айрылам, ерерім жоқ, кеттім ерек,
Айрылам, жол-жораға қайрылмаққа,
Кемел би әруағы жүрмін жебеп!
Кеткен сен, жеткенің жөн ажалыңа,
Кеткен сен, қас енгізбен адалыма,
Кеткенге кесер қылыш тосқауыл сен,
Кескен сен, сендім бүгін амалыңа!
У алып қымызға құяды. Бұл кезде тыстағы, алыстағы ән аяқталып, жұрттың қошемет шуы естіледі. Үйге Айдар алқынып кіреді.
Айдар
Дау айтқам жоқ жаңа мен,
Бірақ мынау елді көрші...
Сусын!.. Сусын бар ма?
Әзім
Ел баладай қуанышты,
Әлде ағат па менің сөзім?
Кінәлама кетсем ерсі!
Мә, қымыз!..
Айдар ішеді... Әзім кетеді. Ажар кіреді.
Айдар
Ажар жаным!
Ажар
Айдар жаным!.. Айдар, Ажар (дуэт).
Ей, жарым, жаным бірге жаныңменен,
Ей, жарым, құшағыңа ал әніңменен!
Ей, жарым, ұзақ дәурен сөнбес шырақ,
Ей, жарым, тілек етем барымменен!
Жан жарым, кетсін күндер қаралы еткен,
Жан жарым, жас жанымды жаралы еткен,
Арманды асыл арай айырма деп,
Жан жарым, құшам сені зар тілекпен!
ШЫМЫЛДЫҚ
ІV АКТ
Бесінші сурет
Сахнаның бір жағы отаудың іші, бір жағы ашық дала, алысырақта төбе. Айдар ауру, әлсіз. Абай, Ажар, Қарлығаш, Есбай, Әзім қасында отыр... Тыста жұрт қалың сияқты.
Айдар
Абай аға, ел бар ма?
Абай
Елің сенің қасыңда,
Тілегені саулығың, Айдарым!
Айдар
Тілек бүгін әлсіз ғой...
Қолың созшы, тақау ғой,
Қысылдым ғой, жан аға!..
Ажар
Айтпашы олай, жан жарым,
Шошытпашы, Айдарым!
Жарық жұлдыз жалғызым!
Қаралы аспан басымнан
Айықты ма деп едім,
Қандай бұлт торлады
Жалғыз үміт айымды?
Айдар
Айықпастан қайғы-зар,
Қалмақпысың, асыл жар?
Қаулаған өрт ішінен
Құшағыма кіріп ең,
Сенімен кешкен жалғыз күн
Ымырты жоқ, түні жоқ,
Бақыты мол, міні жоқ,
Жалғыз көрген сәулем ед!
Не деп сені жұбатам,
Зарыңнан қайтіп уатам?
Алғыстан басқа айтарым
Жоқ, бақыл бол, қуатым!..
Ажар
Демеші олай, жарығым,
Сен кетпекке жол емес,
Мұндай сұмдық жаза шегер
Жазығымыз жоқ-ты біздің, жасаған!
Абай
Суық бауыр, тағдыр-ай!
Қызғаншақ ең не деген?
Ажар, Абай (дуэт).
Арман менің қинаушым,
Тағы да салдың тозаққа!
Ұзақ өріс ұшатын
Қанатым еді Айдарым,
Мұны көктей орғанша,
Аямай-ақ өзімді,
Салсаң ед сол азапқа!..
Ажар
Дұшпан дүние мәз болып,
Орындасын арманын,
Барды талақ етемін,
Бір өзің деп ергемін,
Қатал тағдыр кеңейтсін
Күншіл суық жалғанын,
Сен кетсең өлем артыңнан,
Антым осы, алғаным!
Қарлығаш, Есбай (Ажарға).
Асыл жар, сабыр ет,
Тоқтатсаңшы назыңды,
Көрмеймісің ел-жұртың
Қайғыңменен қамалды,
Ойласайық одан да
Ем етерлік амалды!
Айдар
Не қылған ем?
Емнен өткен сағатым!
Абай аға, қайрат жи,
Жалғыз-ақ бір арызым бар,
Ел-жұртыма шағатын...
Жиын ба жұрт маңайда?..
Абай
Елің жиын қасында,
Айтшы, Айдарым, барыңды!..
Айдар
Келіңдерші берірек!
Тоқтау салған бір құсам...
Бөгеп келді осынша,
Айтыңдаршы жалғыз-ақ
Өле ме адам қарғыстан?
Абай
Ол бекер сөз, қарағым,
Жан өлмейді қарғыстан!..
Айдар (көрпесін сілтеп, ішін ашып).
Ендеше көр, көрші тек,
Дерт бола ма мынадай?
Абай, Есбай, Ажар қарайды.
Қарлығаш
Қап-қара ғой, құдай-ау?!
Есбай
Көрген емен мұндай дерт!
Ажар
Жаным Айдар, бұл неден?
Жасырғаның неткенің,
Мен сорлы да білмеп ем...
Айдар
Қарғыс па осы, айтшы, аға?
Абай
Қарғыс емес, емес қой.
Айдар
Ендеше, атын айтайын!
Қарғыс па деп әуелі
Білдірместен ұстадым,
Бұл у! Дертім сол удан!
Маған берген дұшпаның!..
Білдір соны халыққа,
Менімен кетсін қастығы,
Саған кәрі жетпесін,
Асыл ағам, ұстазым!!.
Әзім, Қарлығаш, Есбай
Неткен сұмдық, не дейді?!
У! Уланған Айдар?..
Қандай жауыз улатқан?
Ажар
Қара тілеу қай дұшпан
Мен сорлыны жылатқан?
Айдар жаным, бәрін айт,
Кімнен келед, кім беред?
Атын айтшы жауыңның
Аямастан оқ атқан?!.
Айдар (әлсіреп).
Той күні... Тойда таттым бұл зәрді,
Біле алмадым, кім берді!
(Абайдың мойнынан құшақтап.)
Сақ бол, жалғыз сорлы ағам,
Сақ болшы өзің қастықтан!
Абай
Сені улатып жауларға,
Сақтанатын нем қалды?
Қанатымды өрт шалса,
Аянатын нем қалды?
Жыламаймын мен бүгін!
Жағаласам жауымның
Маңдайына қарғыс қып,
Шақпақ таңба басқанша.
Қарсы алдына қауымның
Жина, Есбай, халықты!
(Айдарды құшақтайды.)
Есбай (Әзімге).
Жүр, жинаймыз бар жұртты.
Әзім
Тоқта, Есбай, ойланшы!
Асығыстық болмас па?!
Қастық асып Абайға
Тағы пәле төнбес пе?
Қарлығаш
Тез бар, Есбай, бөгелме!
Кемел ақыл қазірде
Тартпақ салар жер емес,
Абай ағам өзі айтты.
Шапшаң елін әзірле!
Есбай тысқа шығады.
Есбай (дөң басынан).
Уа, жамағат, жинал тез!
Кел, жақында, ағайын,
Айтам деген сөзі бар,
Арызын тыңда Абайдың!
Халық шұбырып, топталып келе жатады... Ортасында Сырттан, Жиреншелер де бар.
Халық дауыстары
— Не хабар бар Айдардан?
— Халі қалай Айдардың?
— Келсін Абай ортаға,
Жұрты жиын алдында...
Айтсын Абай арызын!
Абай үнсіз шығып, халықтың алдында биікке барып сөйлейді.
Абай
Ей, халайық, барым ең сен,
Зарыңа зар қосып ем.
Жатың емес, достың ем мен,
Дос бейілін тосып ем!
Бауырым жара, сөзім нала,
Дертпен келем мен бүгін,
Аямас жау мені айнала
Салды салмақ сұмдығын!
Біл, ағайын, Айдар жайын,
У беріпті оған жау!
Қазір халі сағат сайын
Ажал жақын, қан қамау...
Алдыңа кеп жар саламын,
Тап жауымды жабылып,
Өш аламын, өш аламын
Қанды кекті жамылып!
Xалық
У!.. У берілген Айдарға!
Неткен сұмдық қара жүз!
Елің досың, Абайжан,
Аяу білмес ашумен,
Қасындамыз бәріміз!..
Қарлығаш (Әзім, Есбайға).
Алыста емес, жау жақын,
Айтпаймысың екеуің,
Қашан ғана тарайды
Сендердің-ақ мешеуің?
Әзім
Қайдан білдің, жауы кім?
Кімге барып ти дейсің?
Есбай
Уа, халайық, ендеше,
Өтілейін алдыңнан!
Сезігім бар біреуде,
Өтсін тергеу алдынан!
Қолы етпесе, жолы бір,
Осы қастық пәленің
Айыратын біреу бар,
Анығы мен таныған!
Xалық
Ұста соны ендеше!
Нұсқа соған бөгелмей!
Есбай (тaп беріп Жиреншенің көзіне нұсқап тұрып).
Жаптым жала осыған!
Жиренше
Жоғал арман маңымнан!..
Есбай
Айрылмаңдар, ағайын,
Анты менен аманын,
Жанын бермей осыдан!..
Xалық
Айтқаны рас Есбайдың!
Бірнеше жігіт жүгіріп кеп Жиреншені сүйрейді.
Жігіттер
Бауыздаймыз құрбан қып,
Ақ жолына Айдардың!
Жиренше
Ей, Абай! Талатпақ па ең осылай?
Әзім, қайтіп қарап қаласың,
Жеткен жерің осы ма?
Әзім сөйлемек болғанда Абай киіп сөйлетпейді.
Абай
Жолым менен тобымның
Қасымын деп айтқансың,
Қара жерге кіргенше!
Сенерім жоқ сөзіңе,
Жаныңды бер, Жиренше!..3
Xалық
Ақ болсаң бер жаныңды,
Аяныштан сен кетсең,
Өкініштен ел кеткен,
Судай шашар қаныңды!
Жиренше
Жетті, болды ендеше,
Жау табам, не жан берем,
Бәрің емес бөріккен,
Жалғыз Сырттан тергесе!..
Абай
Бердім. Сырттан ант алсын!..
Сырттан Жиреншені ертіп оқшау шығады, қолына құран алып ант белгісін жасатып, құранды сүйгізеді. Сөзін тыңдайды. Халықта ауыр, ұзақ пауза. Қарлығаш қана бұл кезде үйге жүгіріп кіріп, Айдар басына үңіліп сыбырлағандай селт етеді. Аз отырып халыққа қарай жүреді. Жиренше тайқи береді. Жұрт Жиреншеге тап бергенде, Сырттан қолын көтеріп үндемей тыяды.
Сырттан
Тоқтал, тиме бұл жанға!
Жауабы әлі біткен жоқ! (Абайға.)
Абай, өзің үйге жүр, (Абай қозғалады.)
Әзім, сен де бірге жүр,
Барамыз Айдар алдына!..
Әзім, Есбай, тағы бірнеше жігіт еріп, бәрі де үйге кіріседі. жұрт сыртта анталап, сұмдық күткендей қадала қарап тұр.
Сырттан (үйге кіріп Айдардың басына иіліп, маңдайынан сүйеді).
Асыл Айдар, қарағым,
Жау алыстан алмапты,
Саған жұмсар жарағын!
Міне, қастық жасаған! (Әзімді нұсқап.)
Мынау тұрған қара жын!
Әзім
Жалған! Жала!.. Қастардың,
Сезбеп пе едің, жарандар,
Дерттенсін деп Абайды
Осындай пәле тастарын?!
Осы кезде Айдар көтеріле беріп, өлі бітіп, қолын нұсқап созады.
Айдар
Сенбе! Сақ бол осыдан!
Осы лағнет! Осыдан!..
Абай бұйрық етеді ұста деп, Әзімге Есбай мен жігіттер тап береді.
Ажар, Абай, Сырттан (трио лағнет).
Лағнет саған, қара жүз,
Қойыннан шыққан сұр жылан!
Лағнет саған мәңгілік
Ажал оқ атқан тұрғыдан!
Лағнет саған арылмас
Таңба болсын өлгенше,
Лағнет саған, қарындас
Айтсын жерге көмгенше!
Жоғал лағнет, қара бет!..
Әзімді Есбайлар мен халық керіп, сүйреп алып кетеді. Тыстағының бәрі артынан анталасып жосып кетеді. Дала есіз. Үйде Айдар үзіледі.
Ажар (жоқтау).
Қош, жазықсыз арыстаным,
Ғазиз жаным арманды,
Жолын жарқын алысқаның,
Елің етті қалғанды!
Жараң жанға жара салды,
Зарын төгер алғаның,
Шер жүрегін жалын шалды,
Қасірет білер қалғанын!
Айдарды құшып қалады. Осы кезде Абай жалғыз күңіреніп далаға кетеді. Жеке, төбеге қарай, жалғыз басып дертін айтады. Алыста бойы көрінбейтін халықтың қалың хоры қосылып тұрады.
Абай
Қараңғыда жалғыз жарық
Әлсіз қолда өшер ме?
Айдарым жоқ, жеке қалып
Зұлмат жаншып өтер ме?
Арманым қайда, жол қайда, не жайда?
Cap далада сарылған ел,
Арман алыс, өмір шақ,
Сенсің жалғыз өтерім бел,
Барарым сен етпе жат!
Етпесін ойла! Жау айла! Абайла!
Соңғы сөздерін қайталап айтып тұрады. Абай жалғыз, үнсіз белге басып, асып барады.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру