TELEGEI

Home

Түйеошағының тағдыры

Ханс Кристиан Андерсен

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Түйеошағының тағдыры

Ханс Кристиан Андерсен есімі балалар мен ересектерге арналған ертегілерімен танымал. Әлеуметтік-психологиялық астар шығармаларының барлығына дерлік тән. Жомарттық пен адалдықты, әділдікті негізгі принцип ретінде ұстанған. Ертегілері балаларға ғана емес, жалпы оқырманға арналған. Себебі, тұлға бол...

ТҮЙЕОШАҒАННЫҢ ТАҒДЫРЫ

(ертегі)

Аударған Б. Нұров

Бір бай үйдің алдында ағаш пен гүл сирек өскен ғажайып бақ болды. Әлгі үйге келген қонақтар бақты көріп, қатты таңырқайтын; жексенбі және мейрам күндері қалалықтар мен жақын деревнядағылар арнайы келіп, көруге рұқсат сұрайтын; сол мақсатпен мұғалімдерімен бірге әр түрлі мектептің оқушылары да келетін. Дала мен бақтың арасын бөліп тұрған шарбақтың сыртында түйеошаған бар-ды; ол соншалық дәу, қалың жапырағы жан-жағына жайылып кеткен-тін, оны тіпті түйеошағанның шоқ бұтасы десе де дұрыс болар еді. Алайда, сүт сататын әйелдің арбасын артып жүрген кәрі есектен өзгелер оған еш көңіл аудармайтын. Ол өзінің ұзын мойнын созып тұрып түйеошағанға:

− Қандай жақсысың! Түгіңді қалдырмай жеп қояр ма еді! – деп сыбырлайтын.
Бас жібі қысқа болғандықтан, есек түйеошағанға жете алмайтын.

Бірде баққа көп адам жиналды: астанадан әйгілі қонақтар, жас жігіттер мен әдемі қыздар келді, олардың ішінде алыстан Шотландиядан келген, текті тұқымнан шыққан, өзі бай бір бойжеткен болды. Бойдақ жігіттер мен олардың шешелері: «Кісі қызығарлық қалыңдық екен-ау!» десті. Жастар көгалда асыр сап, крокет ойнады; сонан соң қыдыруға бақ ішіне келді; әрбір бойжеткен гүл үзіп алып бір-бір жігіттің киіміне қадап жатысты. Ал шотландтық жас қыз жан-жағына қарап ұзақ жүрді, гүлдерді таңдай-таңдай, ақырында ешқайсысын жұлмады; бақ ішіндегі гүлдердің ешбірі оның талғамына татымады. Кенет қыздың көзі шарбақтың сыртындағы түйеошағанға түсті, оның әдемі көгілдір гүлін көріп күлім қақты, сол гүлдің бірін үзіп әкелуге үй иесінің баласын жұмсады. − Бұл Шотландияның гүлі! – деді қыз. Шотландияның гербінде салынған. Маған соны беріңдерші! Үй иесінің баласы саусағына тікенегі кіргеніне қарамастан гүлдің ең әдемісін үзіп әкелді. Бойжеткен гүлді бір жас жігіттің омырауына қадады, ол оған төбесі көкке жеткендей масайрады, шотландтық сұлудың қолынан түйеошаған алу үшін, жігіттердің қай-қайсысы да бақтан таққан сәнді гүлдерін қиналмай берер еді. Үй иесінің баласы мәз болып жүргенде, түйеошағанның өзі не сезінді екен десеңші? Ол бейне үстіне шық бүркіп, күн нұрын құйып жібергендей қуанды. «Әйткенмен өз ойлағанымнан артық екем, – деді іштей түйеошаған. Менің орным шарбақтың сыртында емес, бақтың ішінде болса керек. Қарашы, тағдыр бізді қалай-қалай тәлкек қылады! Қалай болғанда да, әйтеуір, менің бір ұрпағым бақтың ішіне кірді ғой, кіргенімен қоймай біреудің омырауына барып тағылды!» Содан кейін түйеошаған бұл жайында жаңа шығып келе жатқан гүлтүйнектерінің бәріне айтып беретін болды. Апта өтпей жатып ол бір жаналық естіді ол оны адамдардан да, сайраған құстан да емес, ауаның өзінен естіді, ал ауа бақтың түкпірдегі саябағынан да, терезелері мен есігі айқара ашулы үйлердің ішінен де естігендерін бойына сіңіріп, соны жан-жаққа таси береді емес пе. Шотландтық қыздың әдемі қолынан түйеошағанның гүлін алған жас жігіт ақырында сұлудың жүрегін жаулап, уәдесін де алғандығын жеткізді жел. Жарасымды, бір-біріне тең жұбайлар болып шықты. − Екеуін мен үйлендірдім, – деп түйді түйеошаған, жігіттің омырауына қадалған өз гүлін есіне алып. Енді бұл әңгімені әрбір бүр жарып келе жатқан гүл естуге тиіс болды. − Мені, әрине, бақтың ішіне көшіріп апарады! деген ойға келді түйеошаған. Тіпті, бәлкім, қыш құмыраға да отырғызатын шығар; ептеп тарлау болар, бірақ оның есесіне қадірлі болам ғой! Өз қиялына еліткені соншалық, тіпті түйеошаған сенімді түрде: «Мен қыш құмыраға орналасамын», дейтін болды, бүр жарып келе жатқан әрбір гүліне «Сендер де қыш құмырадан орын тебесіңдер, бәлкім, омырауға да қадаларсыңдар», – деп сәуегейлік жасайтын: омырауға қадалудан өткен құрмет ол үшін жоқ та еді! Алайда, омырауды былай қойғанда, бірде-бір гүліне қыш құмыра да бұйырмады. Гүлдері ауа мен нұрға шомылып, күндіз күннің сәулесін, түнде шық тамшыларын бойына сіңірді; нәр іздеп, оны тапқан соң қайта ұшып кететін араларға құлпыра құшақ ашты. − Оңбаған қарақшылар! – деді түйеошаған оларға кіжініп. Түйреп-түйреп тастар ем, әттең, амал не! Бастары салбырап, өңдері қашып, солып жатқан гүлдердің орнына жаңалары бүр жарды. − Сендер дер кезінде ашылдыңдар, – деді оларға түйеошаған. Мен шарбақтың ішіне көшуді минут сайын күтудемін. Бейкүнә ақ гүлдер мен қияқ шөп оның айтқанына сеніп, барынша таңдана тыңдасты. Ал сүт арбасын сүйрететін кәрі есек жол шетінде байлаулы тұрып, гүл ашқан ошағанға құмарта көз қиығын салды, бірақ бас жібі қысқа болғасын, қанша ұмтылса да жете алмады. Өзінің шотландтық тегі жайында түйеошаған көп ойланды, ақырында өзінің Шотландиядан шыққандығына және оның гербінде салынған өз ата-бабасы екендігіне кәміл сенді. Онысы, әрине, үлкен ой еді, алайда, үлкен ошаған үлкен ой ойласа, оның несі айып? − Кейде сондай бір аса текті тұқымнан тарайсың, тіпті солаймын – деп айтуға батылың да бармайды! – деп қалды жақын маңайда тұрған қалақай, ойдағыдай күтім болса, үлбіреген жұқа матаға айналып кетер ем-ау деген оның да көкейінде бір арман бар-ды! Жаз өтіп, күз келді, ағаштардың жапырағы түсті, гүлдердің түсі айқындала түскенмен, оларда еш иіс қалмады. Бақшашының шәкірті шарбақтың ар жағында әндетіп жүр:

Тауды өрлей бойлап,
Таудан төмен қулап,
Уақыт өтіп барады.

Ормандағы жас шыршалар жана жыл мейрамын сағынышпен еске ала бастаған, бірақ оған дейін әлі алыс-тын. − Мен әлі сол баяғы орнымда тұрмын! – деді түйеошаған. Менде тіпті ешкімнің ісі жоқ тәрізді, ал мен үйлену тойын жасадым ғой! Бір апта бұрын олар үйленді, некелерін қиды! Мен болсам бір адым да аттай алмаймын мүмкіндігім жоқ. Тағы бірнеше апта өтті. Түйеошағанның жалғыз ғана гүлі қалды, соңғысы болғанмен, үлкен әрі қомақты еді. Ол ең түпке таман тұрған, суық сорғасын бояуы оңып, қалқайған дәу тұрқы құдды күміс күлтелі күнбағыс сияқты көрінді. Баққа ерлі-байлы екі жас кірді. Олар бақты қоршаған шарбақтың бойымен келе жатқан, бір кезде келіншектің көзі бақтың сыртына түсті. − Ә, міне, тұр ғой түйеошаған! Әлі тұр! – деп дауыстап жіберді. Бірақ бірде-бір гүлі қалмапты! − Жоқ, әне, көлеңке құсап соңғы бірдеме қараяды, көрдің бе? – деді күйеуі, оңып кеткен қалдық гүлді нұсқап. − Дегенмен әдемі! – деді келіншек. Біздің суретімізді салған жақтаудың сыртына осындай гүлді ойып салдырту керек еді. Жігітке шарбақтан аттап өтіп барып гүлді үзіп әкелуге тура келді. Жігіттің саусақтарын гүл тікендері түйреп-ақ тастады, өйткені ол гүлді «көлеңке құсап» – деді ғой. Ақыры гүл бақтың ішіне де енді, үйге де, тіпті жас жұбайлардың майлы бояумен салынған суреті ілулі тұрған залға да кірді. Жігіттің омырауына түйеошағанның гүлі салыныпты. Жұбайлар суреттегі гүл туралы да, қазір әкелген гүл жайында да әңгіме қозғап, бұл гүлді жақтауға ойып салу қажет деп шешісті.

Жел ол сөзді іліп әкетіп, бүкіл айнала алыс аймаққа жеткізді. − Өмірде бастан не өтпейді десеңші! Менің тұңғышым омырауға тағылып еді, кенжем жақтауға салынатын болды! – деді түйеошаған. Мен қайда орналасар екем енді?

Ал жол шетінде тұрған есек оған көзін сатып жалынумен болды: − Маған таман жақындашы, шекерім менің! Мен саған жете алмаймын ғой жібім қысқа! Алайда түйеошаған тіл қатпады, бірте-бірте қалың ойдың құшағына шома берді. Сол ойланғаннан жана жыл мейрамына дейін ойланды, сол шақ басында бір ой түce қалды: «Ұрпақтары жайлы орын тапқан соң, әке-шешесіне шарбақтың сыртында тұра беруге де болады ғой». − Міне, нағыз игілікті ой! – деді күн сәулесі. Алайда, сіз де құрметті орынға ие боласыз!

− Гүл құмырада ма, жоқ жақтауда ма? – деп сұрады түйеошаған.
− Ертегіде! – деді күн нұры. Міне, сол ертегі осы!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙