Абақ Керей
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
"Бабалар сөзі" сериясының 32-томына "Қазақтың жалпы шежірелері", "Қазақтың түп атасы - батыр Түрік", "Қазақ шежіресі", "Қазақ тарихы туралы жыр", "Жазуға шежірені алдым қалам", "Айтыс шежіресі", "Үш жүздің шежіресі", "Орта жүз найман шежіресі" т.б шежірелік дастандар енді.
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ
ШЕЖІРЕЛІК ДАСТАН
Бір күнде он екі абақ төмен жүрген,
Малына берекелі Қызыр кірген.
Бұл керей он екі ауыл ауып келген,
“Торғайты, Тоқсан өзен” деген жерден.
Ордың қарағашын өрлей келген,
Бақытты ешкім алмас Құдай берген.
“Үш жүздің баласы боп тараймыз” деп,
Естуіміз осылай үлкендерден.
Кенжесі Керей мырза Дана бидің, 10. Тентек пен тебізге салған тыйым.
Уақ, Керей екеуі ағайынды,
Бөлініп енші алып кеткен үйін.
Ауылы екуінің екі бөлек,
Болыпты әрбір іске Керей зерек.
Бәйбішесі қызы екен ұлы үйсіннің,
Өзі таңдап, айттырып алса керек.
Әйелінің аты Абақ екен,
Жылқыны өсіретін жабағы екен.
Керей мырза айттырып алғаннан соң, 20. Бір ұлды күні жетіп табады екен.
Ат қойды баласына Ашамайлы,
Бала көріп көңілі болды жайлы.
Той қылып, ат шаптырып, елді жиды,
Балаға жүреді екен болып зарлы.
Ашамайлы бір, екі, үш жасқа жетті,
Құдайдың құдіреті қандай епті.
Бір күні науқас болып Керей мырза,
Алладан уақыт келіп ажал жетті.
Басына ақыретін жастаныпты, 30. Мекке мен Мәдинеге бас қойыпты.
Алладан уақыт келіп Керей өліп,
Атадан Ашамайлы жас қалыпты.
Атадан ашамайлы қалыпты жас,
Керейге ат шаптырып беріпті ас.
Келініне Уақ батыр кісі салды,
Алам деп Пайғамбардан қалған мирас.
Келін айтты: – Қайнағам берсін ықылас,
Адамға туғаннан соң өлім рас.
Тимеймін енді байға қызық көріп, 40. Көңілім бұл жалғаннан қалыпты тас.
Мұны естіп Уақ батыр өкпелейді,
Ауылына бұрынғыдай көп келмейді.
Бір тұл қалған қатынға не амал бар,
Зорлық қылып алуға еп келмейді.
Жақын жүрсе кетпес деп көңілімнен,
Қайнағасы келінге беттемейді.
Болмайды көрші отыру бұрынғыдай,
Ауылы Уақ батыр шеткерлейді.
Абақтың жан таң қалар сұлуына, 50. Жоқ екен мұндай сұлу сол руда.
Өзіне төрт түлік мал түгел бітіп,
Қоймапты бұрын бұқа сиырына.
Абақтың жұрттан асқан жиған малы,
Күйлепті жазғытұрым сиырлары.
Уақтың ауылына жіберіпті
“Бұқасын айдап кел” деп бір адамды.
– Бұқаны алмайсың, – деп бұл адамға, –
Тоқта, – деп Уақ батыр айғай салды.
Өзі сопы кісінің малы сопы,
60. – Бұқаны бермеймін – деп алып қалды.
Мұны естіп ашуланды Абақ енді,
Қапа боп ашылмайды қабағы енді.
“Қарасатын қайнағам мынау болса,
Жақсылық қайда барсам табам енді?!”
Қоймайды енді мынау еркімізге,
Ара түсер адам жоқ енді бізге.
Ісіне қайнағаның шыдай алмай,
Өкпелеп көшіп кетті төркініне.
Өкпелеп төркініне кетті көшіп, 70. Әркімге патша Құдай берсін нәсіп.
“Мен дағы адам болып жан сақтармын,
Жалғызым тірі жүріп ержетсе өсіп”.
Қасына төркінінің қонды барып,
Өкпелеп өз еліне, көңілі қалып.
Төркініне бір үлкен қожа келіп,
Балалар оқиды екен сабақ алып.
Шариғат қожаданАбақ сұрағанда:
– Ұрғашы ерге тисе халал болмақ,
Мирасы Пайғамбардың некеленбек. 80. Некесіз жан бұлақтан дәрет алса,
Су ішу сол бұлақтан харам болмақ.
Абақтың көңіліне уайым түсті,
Бұл сөзді естіген соң зәресі ұшты.
– Қор қылмай енді мені өзің ал, – деп,
Аяғын сол қожаның барып құшты.
Қожа айтты: – Мұныңыздың келмес жөні,
Бұл жерде қысамаңыз енді мені.
Ұстазым бар рұқсат сұрайтұғын,
Шариғат мен сұрайын, алсам сені. 90. Қожа барды өзінің ұстазына,
Оқуы артық екен бір басында.
– Бір жас қатын тием деп әуре қылды,
Пәле болып жабысты өз басыма.
Ұстазы мұны естіп кітап ашты:
– Қатынды алмағаның жарамас-ты.
Алмасаңыз қарызы сізде болар,
Алам десең, мен бердім ықыласты.
Сол қожаның сұрасаң, аты – Нәзір,
Абақты неке оқып алды қазір.
100. Екі жақсы қосылып көңілі тынды,
Аузынан шыққан лебіз балдай татыр.
Нәзірден бір ұл тапты Абақ қатын,
Қарақожа қойыпты оның атын.
Ержеткен соң ол дағы молла болып,
Жұртқа жайды өсиет шариғатын.
Қарақожа баласы Майқы би-ді,
Әділдік еткеннен соң жұртқа сыйлы.
Әділдікпен ел билеп жұртқа жақты,
Тентек пенен сотқардың бәрін тыйды. 110. Онан соңғы атамыз Силал екен,
Атадан асып туған бір жан екен.
Кім өлмейді, жалғаннан кім қалмайды,
Мүсәпір мен пақырға пайдалы екен.
Онан соңғы атамыз Ермен екен,
Құдайым соған тілек берген екен.
Қасиетті Қызырдың ізін басып,
Ұрпағы осыдан өскен екен.
Онан соңғы атамыз Изен екен,
Несібесі біреудің жүзден екен. 120. Қырық жыл өлімнен қашып құтыла алмай,
Жердің жүзін аралап кезген екен.
Онан соңғы атамыз Жабай екен,
Қарт бурадай қаңтарда жарайды екен.
Тыңдап отыр, жамағат, құлақ салып,
Он екі абақ осыдан тарайды екен.
Онан соңғы атамыз Аллаберді,
Жақсы мен жаманның бәрін көрді.
Ағайынды және де бір туысқан,
Біреуінің аты екен Құттыберді. 130. Ағайынды екуі парлас екен,
Ғалидың зұлпықары алмас екен.
Естуіміз осылай үлкендерден,
Құттыберді баласы Сарбас екен.
Адамға ақыл-айла жанға пайда,
Жан қадірін ойлайтын адам қайда.
Аллаберді баласы бір туысқан,
Ағайында Қойлау мен Байлау қайда?
Батыр болар жігіттің маңдайында,
Шешен болар жігіттің таңдайында. 140. Ағайынды Байлаудың жайлауынан
Меркіт пенен итеді тарамай ма.
Ана менен балаға ата қорған,
“Іні тастан болғанда, аға – бордан”.
Тұқымынан қаракөк үзілмеген,
Байлаудан бағаналы Жаппас туған.
Мінеді әділ патша алса тақты,
Құдайым жарылқайды көңілі ақты.
Бір Жаппастың баласы мына үш керей:
Молқы мен Қарақас, Күнсадақ-ты. 150. Төртеу екен баласы Бағаналы,
Молла оқиды кітапты мағаналы.
Елдай, Күлдай, Жиеншор, Бердішора,
Бір туысқан төртеуі ата-аналы.
Біреу құйрық болғанда, біреу – қанат,
Тақа тисе қайтпайды нағыз болат.
Он екі абақ баласы өсіп-өнген,
Бердішора ұрпағы Құлтайболат.
Ардақтап осылай деп таратамыз,
Елдайдан туады екен сүгір жалғыз. 160. Шеруші батырлықтың туы дейді,
Таралған тарихта болып аңыз.
Ертістің екі жағы құмдық екен,
Мылтықтың қара ағаш құндағы екен.
Өзі жалғыз Сүгірден бір ұл туып,
Осы күнгі Шеруші ұрпағы екен.
Көлдайдан жалғыз екен Жәдік батыр,
Туғызған дұшпанына заманақыр.
Жауынгер адам екен қайтпайтұғын,
Ерлігі, зейінімен бірдей татыр. 170. Жиеншора ұрпағы Жантекейдің,
Мал мен басты Құдайым тегіс бердің.
Қызыр дарып, бақ-дәулет қоса қонып,
Жұрағаты осынша өсіп-өнген.
Жәдік пен Жантекей немере екен,
Құдайым тілегенін берген екен.
Бәйбішесі Мәулім қыпшақ қызы,
Жәдік алып айттырып берген екен.
“Асылды асыл сақтайды” деген сөз бар,
Бірінің қадырін бірі көрген екен. 180. Қыстық үйдің жарығы пиала екен,
Бір шарапат жақсыдан тиеді екен.
Жастабанның баласы келіп сіңген,
Сары Ноғай Сарбастың жиені екен.
Жас қыран жарып шыққан ұшсам дейді,
Кей адамның ажалы оттан дейді.
Қыпшақ бәйіс баласын сұрасаңыз,
Одан туған Етікші, Шотпан дейді.
Осылай тарайды екен он екі абақ,
Берген екен Құдайым ерекше бақ. 190. Көгедай гүң билеген төре хан боп,
Қонған екен бойына өлген әруақ.
Одан кейін керейді моңғұл билеп,
Тарбағатай кеп амбыға тұрдық қарап.
Көкен, Топан, Құлбек Бежек марқұм
Қатар шыққан жарықтық өңшең манап.
Жан баспаған сары бел секілді-ақ,
Жау алған Қожамжарға бітіпті әруақ.
Көбеш ер соған жалғас атқа мініп,
Өз елін дұшпанынан сақтаған-ақ.
Аз ауыл арысты елмен тең болды нақ,
Керейді басқалар да мақтаған-ақ.
Жақсының ақылы көп, әрі толық,
Керейге ешбір адам келмейді шақ.
Қара қылды қақ жарған әділ болып,
Соларды артық жаратқан Құдай қалап.
Шашау шықпай керейден жалғыз ауыл,
207. Төрт биі мен төреге тұрды қарап.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру