Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 50 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Сұлтанбек Құдайберген
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
ЖАСТАР
ЖЫРЛАЙДЫ
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ: Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры АЛҚА МҮШЕЛЕРІ: Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымының докторы, Өтегенов Айтуар Оспанұлы (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлы (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлы (ақын)
Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға болашағынан мол үміт күтетін бір топ маңғыстаулық жас ақындардың шығармалары жарияланып отыр.
Сұлтанбек ҚҰДАЙБЕРГЕН 1978 жылы Маңғыстау ауданының Қосбұлақ ауылында туған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалінің лауреаты, «Шабыт» фестивалінің дипломанты, Сүйінғара батырдың 250 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы. «Бану-көктем» (Алматы, 2007) жыр жинағының, «Қыдырша деген ауылдан...» тарихи-танымдық кітабының (Алматы, 2008), Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының репертуарындағы «Перзентхана» драмасының, оннан астам ғылыми-зерттеу мақалаларының авторы. «Біссіміллә – сөз басы», «Менің атым – Ұзақбай» жыр жинақтарын құрастырушы. «Каспий – достық теңізі» фестивалінің сценарийін жазды. Орыс ақындары Н.Туроверов пен А.Ачаирдің өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
ОЯТ МЕНІ, ЖОЛСЕРІК!..
Қыр төсінде қос ішектей жол жатыр Бір-бірінсіз тұра алмайтын қос табан. Аралары көп жақын, Бірақ, Тәңір қоспаған... Біріншісі:пәни-ғұмыр – жан қайғы, Бақи-ғұмыр: соған жалғас қатарда. Қос табанмен заулайды Өмір атты отарба. Шығып кетіп руль құрығыр ырқыңнан, (Болмасын де ондай оғаш оқиға), Тайып кетсең бір қылдан – Өттім дей бер бақиға. Дөңгелегі отарбамның адымды Талай-талай бекеттерде қалдырды із... Жолаушымын кәдімгі, Жол серігім – Тағдыр-қыз. Келетін ем небір жолды еңсеріп, Ал сен ылғи ұмытып кететін ең... Оят мені, жолсерік, Махаббат бекетінен!..
КЕПТЕРЛЕР, АЛЫС КЕТПЕҢДЕР!..
Кеткен бе бұлтқа – жыраққа сіңіп, Көрмедім кептер, балапанын да. Мәз-мейрам шиқыл құлақта сынып, Мамығы қалды алақанымда. Баспамен өрлеп, шатырды көрдім, Аралап көне шаңырақтарды. Келеңсіз көрініс шақырды көлгір, Жаналғыш мысық аңырап қалды. Туған жер мәнін ұғып өлген бе, Сүйектер толы жай тауып қалған. Сары уыз-көңіл мұны көргенде, Мұны көргенде – шайқалып қалған!.. Көгала кептер тобын бастады, Соқпасын өмір үскіріктері. Көгершін тектес ауылдастарды Шақырдым түгел ысқырып кері!..
ДҮРДАРАЗ
Шыр еткен іңкәрлік санамда Жетімдік тартқанда ғаламда – Ауылыңа жүз бұрдым Амалда, Жүзіңді көруге амал да...
Қарсы алды бусанған От-бабам, Жел де мәз, ашушаң құм да мәз. Абыл мен Қабыл ма таптаған?.. Тек, жолдар әлі күн дүрдараз.
Байқа, жел, гүлімді ұшырдың, Гүл мен қыз тағдырлас, білемін. Тарамыс қолымды ұсындым, Қолымда – мазұлым жүрегім.
Көңілдің күнесті сәті-тін. Есейіп қалған ол кез гүл де. Қол бермей жөнелдің, Бақытым Қолыңда екенін сездің де!...
- *
Көк жүзінде тізіліп, қалықтаған Құстар ұшты Арқадан алып хабар. Қарашаңдақ, Құлзым-көз, майлы қиян, Саған да бір хабарым барып қалар...
Құстар ұшты, көгала – темір қанат, Темір қанат құс ұшты көгімде абат. Жүрегіміз бұлқынып тұрдық біздер, Омыраудың ілгегін жеңіл қадап.
Күнекейге Күн батыр асыққан-ды, Сарыарқаны қара түн басып қалды. Шығарып сап тұрдық біз ғашықтарды, Күтіп алып тұрдық біз ғашықтарды...
Уақыт деген жеткізбей жорға бізге, Тағдыр атты тірелдік сордағы ізге. Ғашықтармен бір соғып жүрегіміз, Ғашық болып қалып ек сонда біз де...
- *
Аман ба, арзу-ғашық ділгарым-ай, Екеуміз дін ашпаспыз жылда бұлай. Зулауын-ай Көкмойнақ-уақыттың, Дегеніңді орындап тұр ма Құдай!?.
Не айтам, не айта алам әлпайымда, Көңілдің «Ақжармасын» тартайын ба? «Кісен ашқан» – күндерім күлдір-күлдір?.. «Терісқақпай» – жылдармен қартаюда.
Орыным сайламадым дәргейіңнен, Соны айтып өлең жаздым сәл кейіннен... Сарғайған сағыныштан бұл күйімді: «Әншісі табылмаған ән»,- дейін мен.
Аман ба, арзу-ышық ділгарым-ай, Состиып, аузыңды ашып тұрма бұлай... Жоғалған он жетіге ен ізім-қайым, Жырлайын сонау алыс жылдағыдай...
- *
Сайран күндер бере ме енді ту бетін?.. Сағыныштың тамшылары, жу бетім. Сырқат жамап қала бердім кезекті, Сенен қалмай еріп кетті суретім.
Деген едің: «Қуандым да өкіндім»,
Көкіректі жыртып кетті көкіл мұң. Күрсініп ең – желпіген боп, Безеріп, Қылшығы да қисаймады кекілдің.
Жымың-жымың жыпырлаған тек түнде, Жұлдыздан да сұрағымыз көп мүлде. Жамалыңды ұшырып қоя бердім, Саусағыңнан ақырындап өптім де...
Қолқа тесіп мазасыз ой-демікпем, Сені күттім сол балконға келіп мен. Мөлдірейді жәудіріңдей көк аспан, Қарлығаштар төмен ұшты...неліктен?..
- *
Көңіл-көлдің тыныштығын тағы ұрлап, Көктем ағып бара жатыр мамырды ап. Үндемейді маған енді үр ернің, Гүлдемейді қаладағы қалың бақ.
Жұлдыздармен жаздым көкке мұны мен, Көк-парақты жаңбыр жуды түнімен. Сағыныштың дауасы жоқ деуші еді, Қоштасуды ем білдің бе, шынымен?..
Құлағын сап тұрды-дағы түнгі ыңға, Үміт-жұлдыз ағып кетті құрдымға. Түнде жаңбыр жауғаны рас болды – Құм жастығы дымданыпты қырдың да...
- *
Мынау қала даңғазалы, қай қала?.. Атып жатыр нысанаға ап Айды ана. Ай бетінде оқтың ізі –жараны Көрсетпедім шошынар деп айнама...
Мынау қала даңғазалы, қай қала?.. Бұлт ішінен сығалайды Ай қаймана. Жайғастық та, сандықтағы теңді аштық, Ортамызға екі кесе шайды ала.
Мынау қала даңғазалы, қай қала?.. Қоштасатын жетті сүрек айнама. Жо-жоқ, көкем, сезім суып кеткен жоқ, Суып кеткен кеседегі шай ғана...
- *
Ай қараңғы, жұлдызын тізбеген көк, Көкірегімді соғады күз де «мен» деп. Қараңғыда адасып отырамын Өзің салған...жүректе – іздер өңдеп.
Қара сия... Қаламсап – бәрі қара... Қарауытар аспанның тәні дара. Қызартып тұр қырмызы дүниені Жүрегімнің қып-қызыл қаны ғана.
Ай қараңғы, жұлдызын тізбеген көк, Қаңғыбас жел іздейді түзден ермек. Жұлдызы жоқ түндерден жоғалайық, Ай-задым-ау, ақсүйек іздеген боп...
ТЕҢІЗ ЖӘНЕ СЕН
Әдемі ең, теңіз, сен бүгін, (Ақмаңдай, бәлки, сормаңдай...) Көгілдір көздің мөлдірін Кесеге құйып алғандай.
Ызғырық есіп оқпаннан, Ақпандар қауырсын жонғанда... Жылымық іздеп ақ қарлар, Аққулар болып қонғанда...
Ауғанда бесін, ілбіп күн, Әніндей қудың қарлыққан. Аққудай әппақ тірліктің – Баянсыздығын сонда ұққам!...
Теңізде – жатқан «жын ұрып», Бар еді арзу жылылық. Сен-дағы тұрдың жылынып, Мен-дағы тұрдым жылынып.
Көзімнің сұғы – жебедей Қадалды барып қай жаққа?.. Бет алды көңіл – кемедей Жылылық ескен айлаққа.
Мамығын төгіп күн өтті, Айдында қатып тұр қырау. Жылына келіп, Жүректі Жылытып кеткен құрбым-ау!..
- *
Есімде, есімде әлі құмдағы ауыл, Болғанмын әлмисақтан құмға бауыр. Баяғы Сағат та жоқ, енді маған Айтады құмды ауылдың кім хабарын? Жүрегім, құлағың түр, «сақпын» деме, Қармағын сатқындықтың қаптым, неге? Біздерді анау жылы састыратын Өзі де үй болыпты сатқын неме. Әзелгі бозбалалық икемменен Қызды үйге тайлақ болып сүйкенген ем. Көксау шал қамшысын ап жүгіргені Не болды көкіректен итергеннен? Гүлдеді содан кейін құмдағы ерік, Кемді күн өте шықты-ау сырға берік. Сырға берік дегенмен, қайырылмадың Құладым ағыл-тегіл жырға келіп.
Еркімді содан кейін жырға бердім, Есіме түседі ауыт құмдағы елім. Еріні кезереді бат-бат болып, Қадірлім, мен де сендей құрбан едім. Менің де қырқылды ерте тал-дарағым, Иланбай, өз көзіме сан қарадым. «Кештері Жайлаукөлдің» астан-кестең, Сыңсытып «Әселге» енді, сал, қарағым. Неге-дүр жүрек құмдай кезереді, Жүрегің тірі болса, сезер еді. Сол жылдар көксау шалдай күркілдейді, Қамшысын есіл уақыт кезенеді...
ЖАҺАНДЫҚ АҢСАР
Жанша Досмұхамедовке Ерлерімнің елі еді хақ арманы, Таусылғанша жан азық, татар дәмі. Атар таңды нұсқадың отардағы, Қазақ деген жалғызға жаһандағы! Сұрағанда ақ шейіт майдан – білек, Семсер тілді сертіңе байланды көп. Жанша – Жайық құйғанда Маңғыстауда – Каспий болып бұлқынды қайран жүрек!.. Тобанияз – Каспий боп бұлқынысты, Ұстай алмай бодандық ұрты – тісті. Кім бөгейді болса да құлпы күшті – «Алаш» деген Жаһандық ұмтылысты?! Тажал болған жөйт-дөйт сақалшадан, Қорқатұғын Халел ме, Жаһанша ма? «Еркек тоқты – құрбандық» болып едің, Ажал-пышақ алқымға тақалса да...
Бостандықтың таңы еді көздегенің, Көздегенің жоқ еді өзге керім?! Қазаншылар жасады өз дегенін, Білдің, бірақ, қазаққа кез келерін. Білдің, көкем, бостандық таңы атарын... Азат күнді мен қазір жаратамын! Хан-жиында кеңсеге басым шұлғып, Ал, жырымда... сені іздеп баратамын!..
АҚҰНМЕН ТІЛ ҚАТЫСУ
Оразмағанбет Тұрмағанбетұлына Қызылды-жасыл шаһарда тұрмын, Әруақтар мұнда көз ілген. Мен-дағы бүгін саһарда тұрдым, Тілдескім келіп өзіңмен. «Ақын мен ақұн бір дейді»,- ағам, Созады сосын дәлелін. Өткенді бүгін тілдейді ғалам, Неткен көп, өмір, әлегің. Сүннетіменен хақ нәбиімнің, Үндіден ылым құтарған. Ылымнан өзге жоқ па бұйымың, Іздедің тағы Бұхардан. Жеті жұрт кеткен баябан қырда, Жеті тіл білген сен едің. Алланың нұрын саяладың да, Еліңді нұрға бөледің. Иіріп қойдай мұқтаррам елді, Қолына бердің «Мұқтасар». Шарғыдан өзге тұтпаған елді Жаратты бөтен жұрт қашан?
Сен барда менің тәнім тіктелді, Қалбымды нұрға бояттым. «Ұйқыда жатқан ару» біткенді, Асаңмен түрттіп ояттың.
Пенденің жоғы маңдай батады Әулиелердің таяғын ұстар, Көз жұмып, саған таңдай қатады Андрусов, Баярунастар.
Бұйырған күні тұзың басқаға, Жөйттің көріп тоқпағын. Қызылға-дағы, қызылбасқа да Еліңнің мұңын жоқтадың.
Ерімей Құлзым-көлімде қырау, Кеніштен жеміс ексең де Алғидың ала шөлінде мынау Бейдерек қалған тек сен бе?
Қызылды-жасыл шаһарда тұрмын, Көңіл – пітінә, діл тапшы. Мен бүгін тағы саһарда тұрдым, Сахардан, мақсым, үн қатшы?!
- *
Көңілдің әйнегінен қыс қарады, Сенімен кездесер күн тысқары әлі. Өте алмай қарды кешіп омбылаймын, Аяздың қарып барад ұстағаны. Қарайды маған аң-таң аппақ әлем, Қарайған, жүрегінде жаттап өлең. Сырқатпын, аурухана дәру емес, Амалсыз бейнеңді іздеп баққа келем. Бақтың да көп болыпты бағы ұшқалы, (Жүректің сақинасы тағы ұстады). Қысқа зарым неғылам ашына айтып, Өзіңе бану-көктем, таныс бәрі, Таныс бәрі...
Нұргүл МАУЛИНА 1979 жылы Бейнеу ауданының Ақжігіт елді мекенінде өмірге келген. 1986-1996 жылдары Ақжігіт ауылындағы М.Бегенов атындағы орта мектепті үздік аттестатпен бітірген. 1996-2000 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Басқару Академиясын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітіріп, экономист біліктілігін иеленген. Экономика ғылымдарының кандидаты (2009 жыл). 2000 жылдан бері Ш.Есенов атындағы КМТжИУ «Экономика және құқық» институтының «Қаржы» кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істейді. 2012 жылы Орал қаласында өткен «Алаш» қозғалысы көсемдерінің рухына арналған республикалық мүшәйраның бас жүлдесін иеленді. Өлеңдері облыстық, республикалық баспасөзде жиі жарияланып жүр.
- *
Көңілдің тағып моншағын, Кеудемде жатыр қанша мұң? Жаныма менің үңілер Жандарды күтіп, шаршадым.
Өлеңнен өрнек тағынған Айтатын әсем әнім бар. Жырменен желек жамылған, Жібектей жұмсақ жаным бар.
Жаным бар жұмсақ жібектей, Ән менен жырды ту еткен. Түсінсе мені жүректер, Жырымды нәзік жүдетпей.
Жүректен шерді қозғайтын, Жанымда менің жалын бар. «Қалауын тапсаң, маздайтын Шырақ» деп мені таныңдар!
- *
Қыранша шырқап қияға, Тұлпарша кейде көсілем.
Алаңсыз жүрмін ұяда, Еркелеп кімге осы мен?!
Көңілімде – бір күй домбыра, Пернесін бассаң – шешілем. Жүрегімдегі жыр-бұлақ – Мендегі ойдың бесігі ең.
Тербетілумен сендегі, Толқынға қарап өсіп ем. Ей, өмір, сенде бар шығар Менің де жырдан несібем!
- *
Өлең-өмір, ән-дүние, күй-ғалам, Қызғанбастан, қызығыңды қи маған! Мен әніммен ғашық еткім келеді Күллі әлемді қауызына сыймаған! «Шәрбатың мен шекеріңді ұқсам» деп, Бар тәттіні уысыма жинағам. Тезге шыдар темірдейін төзім бер, Сабырымды салмақтайтын жинаған. Парызым мен қарызымды өтейін, Анам үшін маған өмір сыйлаған. Жүректегі жырымды айтып кетейін, «Жарық дүние көремін» деп қинаған! Жауазын-жыр бүршік жарып кеудемде, Тыным бермей жүр маған!
- *
Көктем де келді далама, Бусанып жатыр түлеп қыр, Тыңдашы мені, Жер-ана, Қызыңнан күтсең жыр өткір.
Адуын көңіл арғымақ Ауылдың қырын тілеп тұр. Сырларың көп қой сан жұмбақ, Несібең болса, үлестір!
Дөңгелеп жатыр дүние, Жүргендей күтіп күрес бір. Құлағын тіксе үніме, Алатау шыңы жыр естір.
Сылдырап ағып бұлақтар, Қосқандай ғажап жүрекке үн. Сыр болып сұлу шумақтар, Жаныма құйды бір екпін.
Тазалығымен даланың Көңілге кәусар жыр ектім. «Көктем» деп ұққын сен мені, Жаршысы жаңа тілектің! Алматы, 1997 жыл
- *
Ертеңгі күнге жалғанған Мендегі аппақ армандар. Самалы сипап бетімнен, Карсы алар алда таңдар бар.
Куансам – асып-тасыман, Қайғырсам – жылап, жасыман. Бақытқа мені жетелер Ертеңдеріме асығам.
Сергелдең етсе сенгенім, Жауабын таппай, тосылам. Дұшпаным күлсе табалап, «Досым бар ғой» деп басылам.
Қоңыраулы көшке қосылам, Айтпаса тағдыр тосын ән – Кыздарым жүрсе құлпырып, Ризамын, өмір, осыған!
- *
О, ғажайып, тылсым сырлар мекені! Мәңгі саған табынумен өтемін. Мені ылғи жетелейтін биікке Сезесің бе, саған деген Махаббатым екенін?! Келер күнге сенбей жүрсем, «Алдамшы» деп барлығын... Таусылмаған екен әлі шекерің! Саған деген кір шалмаған сезімім Келе жатыр мені көкке көтеріп...
- *
Досымнан жақын көрем, Өлең, сені, Аялап, әлдилеумен келем сені. Жабыққан сәттерімде жадыратып, Жоясың көңілімдегі көлеңкені. Жан едім, артып жүрген жырға сенім, Өлең, сен өміріме сырлас едің. Көңілдің шемен-шерін тарқататын Жаралы жүрегімнің мұңдасы едің. Бар асыл маржанымды ақтаратын, Жандарға жыр түсінер құрдас едім. Жүретін мені қолдап, сен болмасаң – Жақын боп тумас едім... Алматы, 11.02.1999
МЕН ТУҒАН ӨЛКЕ
Биік маған өзім шыққан әр төбе, Бұл жерде өмір сүру де – үлкен мәртебе. Дүниенің мен ашыппын есігін «Маңғыстау» деп аталатын өлкеде. Жомарт көңіл, жайсаң жандар тұрағы, Жан аңсарым ауып әркез тұрады. Ес білгелі ауыл деген – мен үшін Көзім көрген жер бетінің жұмағы. Көңілдерде, жүректерде толы арман, Күтер екен мені қандай жол алдан?! «Бейнеу» дейтін берекелі өлке бар, Елін сүйген ерге қоныс бола алған. «Ақжігіт» деп аталатын ауыл бар, Сар даланың сағымына оранған, Мен туғанда топырағы бір уыс Кіндігімнен тамған қанға боялған. Тербетіліп осы маңғаз далада Мен өлеңге ғашық болып оянғам.
Өсер ұлы тек биікке қараған, Жас өркені бата алған данадан. Ырыс пенен ынтымақтың ұясы, Бір жеңнен қол, бас шығарған жағадан. Ата сөзі, арсызы жоқ таласар, Азаматы ауылына жарасар. «Ауыл» десе, ақ сақалы желбіреп, Елестейді мені өсірген қара шал. Туыс онда тұрғандардың барлығы, Сезілмейді онда көңіл тарлығы. «Ауыл» десе, мені өсірген арқалап, Елестейді анашымның жаулығы. Бір жұдырық қылып түйген уысын, Мұндағы жұрт – менің тума-туысым. Бір-бірі үшін жататын шын қуанып, Жүгіретін тастай салып жұмысын.
Тентектерін тезге салған үлкендер, Ажыратып дұрысы мен бұрысын. Aнам жүрген адырлардан естілер «Айналайын!» деген қоңыр, күміс үн. Ауасы да бұл өлкенің мөп-мөлдір, Тазалайды жан-дүниенің тынысын. Ағаларым cенімменен қараған, Жеңгелерім мені алтынға балаған. «Құлыным» деп сипап мені самайдан, Самал желі бұрымымды тараған. Көріскенде көңіліміз босаған, «Болсыншы, - деп, - ағайын сау, дос аман!». Жыл құсындай саған аман жетейін, Түлеп ұшқан менің алтын босағам!
КИІЗ ҮЙ
Дүние көктем келсе, құлпырады, Жаз келіп, жайнауы да мүмкін әлі. Жанымның жазиралы жайлауында Ақ орда алты қанат үй тұрады. Тербейді бүгін мені тас құндағым, Жүрсек те жиі ойлап бастың қамын; Көгінде көңілімнің киіз үй тұр Көмкерген әсем жырмен басқұрларын. Ақ ордам күмбезденіп тосар алдан, Тосар алдан, қиялға қосар арман. О, шіркін, қазағымның қараша үйі, Еңкейіп енген бәрі босағаңнан! Бұрышсыз, алқасы жоқ жайды аңсаған Басқа жұрт жете қойсын қайдан саған?! Киіз үй – әсемдіктің мұражайы, Басталған табалдырық, маңдайшадан.
Паш еткен ынтымақ пен бірлігіңді, Басталған ала таңнан тірлігіңді; Күміс күн шаңырақтан төксін шуақ – Жеңеше, ашшы ертерек түндігіңді! Киіз үй – менің тірек, тұғырым ең, Өзіңнен сұлулықты ұғынып ем. Көздерін керегенің жасыратын Мүйізі қарағайдай бұғы кілем. Іргеңде ақтарушы ем көңіл шерін, Өремді биіктетер төрің сенің. Келемін өмір бойы мойындап мен, Өзіңде туған жырдың өміршеңін. Жалғанған оюлармен үзік арман, Маржанын сұлулықтың сүзіп алған; Ораулы шилері де қандай әсем Әжемнің саусағының ізі қалған. Басына керегенің жанатты іліп, Қиялмен бұрымымды тарап тұрып; Өшпеуін түтінімнің тіледім мен, Маздаған жерошаққа қарап тұрып!
ҰРШЫҚ
Көңілің – көмбе, сақтаған іште шын сырын, Аяқтай сырлы кетсе де сырың, тұр сының. Түсімде көрдім: ұстап тұр екем аялап Алақанымда әжемнің аппақ ұршығын! Алып ем қолға, жүрегім кетті дүрсілдеп, «Қалдырып ем ғой, еңбектің дәмін білсін деп». Қабағың шыттың: «Құлыным-ау, сен қалайша Ұршығымды менің ұстамай неге жүрсің?» - деп. «Есімде, әже, құлының қалай білмесін?! Тіршілік мынау, бұрғызбай мойын жүргесін, Ұмытыппын-ау». Ақталған болам өзімше, Кінәні тағып, пенделік жеңген күнге шын. Отырушы еді баппенен созып шүйкесін, Айтасың қандай білекпен өрген биге сын?! Ақ марқа жүні айналып аппақ дестеге, Шебер қолменен жататын тауып үйлесім.
Күмбірге көміп қоңыраулы көңіл күймесін, Ағытушы еді әңгіме-жырдың түймесін. «Айналайыным, күнім, - деп, - жарық, алтыным», Алушы ем барлық мадақтаулардың жүлдесін. Түсімде көрсем, сағынышым ғой ол менің! Ұршықтар бүгін – экспонаты көрменің. Бейнеңе сенің ұқсас суреттер іздеп ем, Кимешек киген жаулықты кемпір көрмедім. Көрінбей кетсе, құдіреттің де көзі өлер, Ұрпағың қайда тарихын елдің ежелер?! Оймағың қайда қызыңа кесте үйретер, Ұршығың қайда, жаулығың қайда, әжелер?!
АУЫЛДЫ АҢСАУ
Бұл күнде адам азайып барад күй ұғар, Көңілде бірақ сыйласқан жанның сыйы бар. Ауылды аңсап, сағынып жетем Бейнеуге, Ақ мешіт болған ағамның мұнда үйі бар. Ерекше мұнда жанарлар төккен мейірім, Ұғасың қамқор жүректің ыстық пейілін. Қалбалаң қағып шығады ағам алдымнан, Ақтарып тастап ақ сүттей болған көңілін. Сыйластық барда жүрер-ау түзу ел көші, Сағыныш толы жанымды менің емдеші! Мен аңсап жеттім, ауылдың иісін, жеңеше, Жерошақ құрып, шайыңды шоққа демдеші! Көлеңкеленіп, күн кейде шуақ төкпей жүр, Өзіңдей болып маңдайдан ешкім өппей жүр. Жарысқан желмен жаз күнім өткен бұл жерде, Балалық дәурен, бал күндер қалған беткей бұл.
Елесіне ертіп өтіп бір кеткен сағым күн, Естеліктерін тартты алға бала шағымның. Қып-қызыл күрең, жаңадан туған ай сынды Табаға көмген наныңның исін сағындым. Сағындым кешті желіде бота боздаған, Боздаған даусы жан-жүйелерді қозғаған. Кербездік пенен паңдықты аруаналардан Үйренсе, шіркін, сабыр мен салмақ аз ғалам. Ауылдың қызы ем, «Ауыл» деп жүрек соғатын, Қиялдың құсы қияға ғана қонатын. Өрістен қайтқан қоралы қойдың соңынан Қамшылай сипап келетін атам торы атын. «Ауылым» десем, кеудемде жалын, жанады от, «Анам» деп сүйем, балаңа мені балап өт! Киесін ұғып табаным тиген мекеннің, Жүрегім менің соғады мәңгі «Дала» деп!..
АУЫЛҒА КЕЛГЕНДЕ
Жүрегіме жыр, Көңіліме гүл сыйлаған, Ақ сағымдарың – көкірегімдегі сағынышымдай тулаған. Оралдым саған, Ақтаудың аңыз өлкесі, Сағынып келдім, Жаныма жұпар құй, далам! Сағынып келдім, Жаныма жұпар құй, далам! Ұғасың ба сен Жүрегімдегі жойқын сезімді тулаған?! Өзіммен бірге қосыла толқып тұрғандай, Домбыра-дүние шанағындағы күй-ғалам. Бойыма әлі тұмар ғып тағып келем мен, Дарытқан өзің, қасиеттеріңді сыйлаған. Жазира далам, Байтақтығыңнан осынау Жаныма дархан, кеңпейіл мінез жинағам. Күн санап күткен, Сарғайған сезім басшы боп, Сағынып келдім, Жаныма жұпар құй, далам!
ЖУСАН
Күмбірін естіп күйсандығымның, Бозғылт белдердің бусанды құмы. Сексеуіл өскен сары даладан Жаныма жақыны – жусанның үні.
Сезімнің мөлдір мұнда бұлағы, Сондықтан аңсап тұрғаным-дағы. Жусан исіне мас болып жүрем, Сәби-сезіммен құндағымдағы.
Көлеңке-көңіл, күйге еріп, шаттан, Арсыздық деген дүлейден сақта! «Табиғилық» деп танимын сені, Жасандылықтар көбейген шақта.
Сағыныштан сары күз боп реңім, Елеңдеп тұрар түзге күреңім. Жұпарын шашар жан сарайыма Жусанның исін іздеп жүремін.
- *
Ажарым – ай да, көркім – күн, Ерекше мінез, еркінмін. Үстемдеу басқа баладан, Еркесі едім кемпірдің.
«Қарғама жетпес, - деп те, - адам», Тең таппаушы еді «Ақ Мамам». «Құлыны, қоңыр қозысын» «Сүттен де ақ» деп мақтаған.
Желбіреп жібек тұлымым, Еркелеу еді қылығым. Отырушы еді іздеумен «Келдің бе, - деумен, - құлыным?!».
Келер-ау көктем, күз, мейлің, Күндерден күдер үзбеймін. «Келдің бе, - деген, - жарығым?!» Әжемнің даусын іздеймін.
Мен өскен қара шанырақ, Тұрады орның қаңырап. Асыр да салып он бала, Жатушы едік жамырап.
Қауызын жарып, бүршігін, Жалғасар жаңа тіршілік. Иіріп аппақ ұршығын, Отырушы едің күрсініп.
Мұра боп қалған ежелгі, Шешемнен қалған көз енді. Тауып берші, апа, қайда екен Ұршығы аппақ әжемнің?!
- *
Бар екен шығар биігім, Ақылыңа ерек ұйыдым. Есіме салар өзіңді Ұстаған әрбір бұйымың. Еңбегің қалай өтелед? Тұрушы ең төрге жетелеп. Шешемнің шебер қолымен Басылған киіз текемет. Паш еткен халық дәстүрін, Иірген өзің бас жібін; Шаңыраққа шырай беретін Тоқыған теріп басқұрың. Түріп бір тастап іргені, Жайқалып жанның гүлдері; Сексеуіл шоғын маздатып, Шәй ішкім келіп жүргені! Жүзімді тосып сәулеңе, Мұңдасқым келіп жүргені. Басымды қойып кеудеңе, Сырласқым келіп жүргені. Түсінер кім бар жанымды, Тындайтын салған әнімді?! Сағындым аппақ әжемді, Сағынып кеттім ауылды!
ӘЖЕМЕ
Салмағын сағыныштың жүз ұқтырып, Төзімді тежей алмас сынық құлып. Көңілім алып-ұшқан су сепкендей, Алдымнан шықпасыңды біліп тұрып. Ағайын ұсынса да төрін, мейлі, «Көзді ашып-жұмғаныңша өмір» дейді. Орамал тартқандардын арасынан Жаулығың сенің аппақ көрінбейді. Жандар бар бүкіл ұрпақ үшін үлгі, «Төрле!» деп маған орын ұсынулы. Маңдайдан сүйгендердің арасынан Іздедім елден ерек пішініңді. Теріп жеп нәпақасын ақ таңдардың, «Айналайын!» деп арқа қаққандардың; Іздедім арасынан қоңыр даусын Аялап, құлын күннен баққан жанның.
Кейде ұқсас көрінеді өлең мен от, Көңіліме өзің жүрген әлем керек. Жалтақтап қарап жүрем жан-жағыма: «Бір бейне саған ұқсас көрем бе?!» деп...
НАҒАШЫЛАРЫМНЫҢ ҮЙІНДЕ
Ерекше сәуле шашып, арайлар күн, Ежелгі атақонысы Адайлардың; Атанған Маңғыстау деп бұл мекенге Іздеп мен нағашымды талай бардым. Аялап, еркелетпес баласын кім?! Шешемдей болар маған жанашыр кім?! Тұрады мұнда жаны жайсаң жандар, Өзінен аумай қалған анашымның. Қылатын бір басымның бағасын мың, Жанындай жақсы көрмес ағасын кім?! Мейірім шуақтаған көздеріне, Бар мұнда туыстары анашымның. Үлгісі сыйластық пен жарасымның, Хандары тұрар мұнда қараша үйдің. Хақым бар еркелеуге еш қысылмай, Өйткені, бұл – шаңырағы нағашымның!
Түсінген жүрегімнің жарасын кім?! Жамаған көйлегімнің жағасын кім?! Көңіліңде жазуыңды көзден оқыр Бар мұнда тұлғалары дара сырдың. Бар жылу төгілетін жүрегінен, Осында жиынтығы бар асылдың! ...Көл-көсір сіздердегі мейірімнен Аңғардым биіктігін аласа үйдің!
АНАМА
Көңілім аумай басқаға, Жанымнан таппай жақсы аға; Жүргендей жалғыз әлемде, Жабығып жүрмін, Ақ Мама! Кедергісінен жарлардың Жете алмай жүрмін жағаға. Ағысыменен арманның Алыстап кеттім, жан ана! Мені алып кетті жыраққа, Арнасы асқақ ағынның. Даусы тұр сайрап құлақта Ұшырған бұлбұл бағыңның. Ойлардың қуып елесін, Ішінен сансыз сағымның Естеліктерін іздедім Сонау бір сәби шағымның. «Алсам, - деп, - үлес жыр күннен», Жасыдым қанша, күлдім мен! Жылаған сәтте жұбатар Әлдиіңді аңсап жүрмін мен. Саясы менің жанымның, Аясы менің әнімнің – Жасыған сәтте дем берер Алақаныңды сағындым!
ТАБЫЛДЫ ДОСЫМОВҚА
Жүректің қылын жататын шертіп жаның – жыр, аға, Аққулар жүзген айдын бетінде әнің жүр, аға. Пернелерінен әуен тудырған қобыз-кеудемнің Сырнайдай сазды сұлу даусыңды сағындым, аға! Сағындым, аға, үніңді қоңырау сынды, Кең даламенен үндескен қоңыр даусыңды. «Бұрышта қарап елеусіз гитараң қалған», Домбыра-шанақ дүниеде күй тарамдалған. Өлең өлкесін оятқан жарқын тұлғасың, Әндеріңді, аға, тына қап, толқын тыңдасын. Жырларың – аға, мұңдасым, жақын сырласым, Жайып салатын жаныңның партитурасын.
Жырларың, аға, жалынды, жанымды емдесін, Ақжелкен, аппақ армандарымды әнің тербесін. Асқар шыңға емес, аспанға қол созған ұлдың Нарын құмдары сағынар сағым бейнесін. Танытпас түсін қызыл да жасыл боялған жалған, Жалт еткен ғұмыр Қозы мен Баяннан қалған. Қарлығаш-қиял қанаттарында жүрсің бе әлде, Махамбет сынды нар туған елде оянған арман?! Заманаменен жарысып мәңгілік көшің, Әннің шырағы сөнбейді, «Заңдылық» дерсің. Дала төсіне алтын әріппен жазылған жырсың, Ешқашан ешкім қоя алмас соңғы нүктесін! 2011 жыл, қазан
ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ
«Мереке» дейміз, қиялды көкке жүздіріп, Ақиқатты айтар ауыздарда тұр жүз құлып. Тәуелсіздікке шығатын баспалдақтарда Тоңдырған елді Желтоқсан желі ызғырық. Желтоқсан – тарих. Шындығы жетпей жүр елге, Жасарып елім, жаңғырып, қайта түлеуде. Ұрпағы үшін ағалар қолға ту алған Еркіндік деген күреспен келген бұл елге! Босатқан елді, халықты бұғау-шідерден, Тарихты танып, Рухтан, жастар, жігерлен! Ел үшін туған ұл-қыздар қиған өмірін, «Желтоқсан деген – қаралы күн» деп білем мен! Ерлігің – үлгі, шырақ боп елге жанғандар, Ел болып оны дәріптер жарық таңдар бар. Сан жылдар күткен азаттық таңын атырып, Көре алмай кеткен, көктей боп солған армандар!
Аңсатып жеткен халықтың күткен көктемі, Боялған қанға Алатауымның бөктері. Желтоқсан бізге сый болып келе қойған жоқ, Куәгер оған тарихтың қанды беттері. Барымызды оқып, бағасын бермей жатамыз, Ортада бүгін тұлғалар отыр аты аңыз. Олардың бірі – отырған қайсар ағамыз, Олардың бірі – Айшадай батыр апамыз. Қаншама биік жеңіске куә мына бел, Егемен елім, белеске талай шыға бер! Осынау бізге Отпандай биік ағалар – Жеңіске жеткен күндерге тірі куәгер. Осылай елім қарсы алған желді тоқсанын, Сіздермен нұрлы, сіздермен сұлу аспаным. Қайнаған қайрат, жігерлеріңізге бойдағы Намысын жанып алсыншы мынау жастарым!
Тәуелсіздігім, егемендігім, елдігім Жолында қиын төкпеді дейсің терді кім?! Сіздердің жарқын істеріңізді ұрпаққа Танытып терең, насихаттайтын келді күн. Жыр дәптерінен арнайды бүгін ақын ән, Егемен елде таңымды күліп атырам. Ел үшін туған халықтың қаһармандары, Бас ием сізге жас ұрпақтардың атынан!
АТАДӘСТҮРДІ АҢСАУ
Білуге деген жақсы мен жаман арасын, Ескілеу менің заманауи көзқарасым. Ата дәстүрді аяққа таптап, ұлтым-ау, Түсінбей жүрмін, қай жаққа кетіп барасың? Қай жаққа барып, кім болғың келеді, келіндер?! Табиғилығын жоғалтқан шие еріндер, Сояудай тырнақ, ұйысқан шашпен сән қуып, Жалғасқан кешке сендердегі гүл-өмірлер. Сыйламай жүрсе сақалы аппақ атасын, Сыйламай жүрсе ақ жаулық тартқан анасын; Ұстауға ине икемсіз, аппақ саусақтар Көңілдердегі жыртықты қалай жамасын? Жылытқан су мен жарығын мұндай жайың тұр, Сонда да жүзде қиналған түрлі уайым тұр. Сабаудай кірпік қолменен қойған жапсырып, Енесіменен ұрсысайын деп дайын тұр.
Айтқызып қойса – көсемсің өзің, шешенсің, (Білігі жоққа айтылған ақыл – бекер, шын). Иінағаштың салмағын сезбес иықтар Тұрмыстың аз-маз салмағын қайдан көтерсін?!
ЖАҢАӨЗЕН. ЖЕЛТОҚСАН
Көңілде тоң боп сіресіп жатыр сан күдік, Әділдік қайда, ақиқат қайда, заңдылық?! Бұғаудан әлі бас көтермеген елімді Тоңдырды тағы Желтоқсан желі жаңғырып. Ел едік біздер жігері жалын-от, қызба, Егемендікке аңсап біз жеткен жоқпыз ба?! «Тәртіпсіз елді тәртіпке салғыш» басшылар, Анаң ғой халық, анаңа қарсы оқ атқызба! Халықтың ашу-ызасы бойда қайнаған, Ұқ елдің мұңын, жүрекке терең бойла да. Тарихтың қанды бетінде қалар іздерің, Киелі елдің тағдырыменен ойнама! Қуанды неге ән айтып басқа, билеп ел?! Марапат та көп, шаппаған атқа жүлде бер. Боялып жатыр қып-қызыл қанға Жаңаөзен, Келер ұрпаққа беретін жауап күн келер!
Жатырсың қырып, қара жер қанға тоя ма?! Ойласам елді, ұйқымнан шошып оянам. Танктеріңмен таптайтындай ел не жазды?! Әулиелердің мекенін қанға бояма! Қысқалау қолым. Жауабын таппай, тосылдық, Жосадай болып боялып қанға, жосылдық. Қаңғығанға да, қарақшыға да пана едік, «Қазаққа қазақ оқ атты» деген не сұмдық?! Күте ме алда жеңістер бізді толайым?! Ел үшін туған ер үшін құрбан болайын! Қайролла, Әбіш, елімнің азаматтары-ау, «Сенгенім – сендер, Маңырағаныңа болайын!» Сөнбес-ау оты түтіні түзу түндіктің, Қайнайды қара қазанында ел бірліктің. Саған да туар «бұзаудың күні», ұмытпа, Жалдамалы жендет, қолшоқпарлары биліктің!
Құрығың ұзын, күшіңмен әлі он орайсың, Өзіңді қазір еліңнен биік санайсың. Тамырын қиып өрімдей ұл мен қызыңның, Ертеңгі елдің бетіне қалай қарайсың? Туыңды тура тіккендей айдың қасына, «Тәуелсізбіз» деп жар салмай-ақ қой босына. Өз Отаныңда өзің бастасаң қырғынды, Жиырма жылдағы жеткен биігің осы ма?! 2011 жыл, желтоқсан
РАХАТ АҒАҒА
«Арқа сүйейтін асқар тауым» деп сенгенмін, Сіз өскен елден көгеріп, көктеп, өнгенмін. Шөлдесем де, аға, жырыңмен сусындадым мен, Ауырсам да, аға, жырларыңды оқып, емделдім. Қуансам да, аға, жырыңды жүрдім құшақтап, Мұңайсам да, аға, жырларың жүрді құшаққа ап. Тербеткен менің өлеңге ғашық жанымды, Бесігім – арман желкенін керген түсі аппақ. Сіздегі жанға шашатын жарық сәулелі ой Үлесін қосты кетпеуім үшін ұсақтап. Арманым тербеп, қиялым көкке көсілді, Жыр-кемем теңіз айдын қып жүзген Есілді. Сіз өскен дала, сіз өскен ауыл, ақ мекен Сая боп маған, бауырына басып өсірді.
Сіз арқау болған өлең мен жырдың мектебі Қатайтып қанат, түзеген менің көшімді. Сіз айтқан ақыл, сіз берген ой мен кеңестер – Жыр жазып жүрсем, ой айта алсам кесімді. Көгінде мәңгі жыр болып тулап, аққан ән, Өлең ордасы, өзіңнен жақын жоқ маған! Тілеген ақ жол, бата алып, аға, өзіңнен Жүрексіне басып, табалдырығын аттағам. Өрелі ұрпақ, зерделеп қара, танып сүй, Өлеңнің жалын-өртіне шарпыл, жанып күй! Мұқағали, Қадыр, Мұхтар мен Рахат әлемі – Жетелеп мені, жырға алып келген әліпби. Сіз өскен топырақ, ерекше мұнда кие бар, Кие бар мұнда, түсіме кіреді жиі олар. Таланттың талай тұғыры болған құт мекен, Көргенде сені, жүрекке жылу ұялар.
Сырлассам сізбен, жоғалар жүзден күмән-ой, Жатады мөлдір арнасын тауып бұлақ-ой. Киелі жердің кіндігінде туған жандарға Ақын боп келіп, жыр жазбай кету – күнә ғой! 2012 жыл, ақпан
СЕЗІМ ИІРІМДЕРІ
- *
Сені мәңгі сүюмен өтем, күнім, Сағыныштың сарғайтып жетем гүлін. Болашаққа сәулелі жетелейді Бұл әлемде сенің бар екендігің.
Жыр тұнады жүрекке, сыр тұнады, Ашылмай жүрсе көңіл бұлты да әлі. Көңілімді көлеңке мұнарласа, Өзіңді ойлап, қайтадан құлпырады. Мен шықпаған биіксің, шыңсың әлі, Асқарында арманның тұрсың әлі. Жұрт көзінен жасырып, сені сүйген Астарында сезімнің тұншығамын.
Аңсап күткен арманым, аяулым-ау, Құлай сүйген сенсің ғой шын сыңарым. Бірге жүрсем өзіңмен, шешілер-ау Мені ойлантқан өмірдің мың сұрағы.
- *
«Болмай қалар ма екен, - деп, - еш керегім», Бойымдағы ойлардан сескенемін. Кешіп жүрген ғажайып мына күйді Қаламымның ұшында кестеледім.
Ауып тұрса аңсарың ақ арманға, Мәнісіне бармайсың ештеңенің. Құлай сүйген сезімге еріп жүрмін, Ұстай алмай тізгінін көш-кеменің.
Сыймайтындай ақылға бұл шақтарды Түсіне ме кешіріп, өскен елім?! Шын аңсаған, көп күткен пәк махаббат Кеш келсе егер басыңа, не істер едің?!
- *
Ойымды кезіп жүр бейнең, Жүрегімді жайлаған. «Арманға бастар айқын жол Адастырмас» деп ойлағам. «Адастырмас» деп ойлағам...
Арманым екен алдаған.
Мейлі, сен қандай болсаң да, Жүректе бөлек, жеке елсің, «Елес пе едің» деуші едім, Шынымен елес екенсің!
Көгімде неге жүрдің сен, Қолыма келіп қонбасаң?! Көріндің неге көзіме, Бәрібір мәңгі болмасаң?!
Сезімнің дерті ушығып, Шаншиды жүрек шыдатпай. Жайыңа кетсең қайтеді, Жанымды менің жылатпай?
- *
Түсінесің бе, арманым, Жанымды жүрген жүдеп бір?! Өлеңге ғашық жанымды Қарып бір өтті жыр өткір. Көңілің толы күншуақ, Жүзіңді көріп, дір еттім. Байқадың ба сен дүрсілін Өзің деп соққан жүректің? Сендей-ақ болар Төлеген Арманы болған Жібектің!
КӨҢІЛІМНІҢ КӨКТЕМІ
Мен осы ғажайыпқа сенем-ау көп, «Қуаныш пен шаттыққа бөлер-ау» деп. Сол күнді сағынышпен тосам жиі, Көктемін көңілімнің «Келер-ау» деп. Мұңайып, жүрек қанша сыздамады, Жанымда жүр сол шақтың ызғары әлі. Мен аңсаған бір көктем келеді әлі, Ауыспай ма, Қашанғы күз болады?! Қарсы алсам қуанышпен таң нұрларын, Күтемін көктемімнің жаңбырларын. Сол көктем жеткізеді кеудемдегі Керемет күйсандықтың сан жырларын. Жүректе аялаған ән құндағын, Тербеткен жыр желкенін тағдыр барын! Салатын ол көктемнің әні ерекше, Оранған жасыл желек сәні ерекше. «Тамаша құбылыс» дер көктем деген, Көңілдің періштесі елең етсе.
Сылдырап жылғалардан су ағады, Су ағады, естіліп бұлақ әні. Даланы көріп тұрып гүл жайнаған, Менің қос қызғалдағым қуанады.
«Көрсем, - деп, - жайқалғанын жасыл жырдың», Сенімнің сан моншағын қасыма ілдім. Бір сурет көз ұшында сағымданып, Көктемді көңілімдегі тосып жүрмін.
- *
Жыладым тағы. Арманым тағы алдады, Алдады сезім, Жоғалды сенім алдағы. Көнілім гүлдеп, көктемді күтіп жүргенде, Сабағы солып, гүлімде көрік қалмады. Қимады ма әлде қызғаншақ тағдыр бақытын, «Қаршадай қыздын биік, - деп, - неткен арманы?!». Жүрегім менің еркіндік сұрап басына, Бұлқынып отыр тотықұстайын тордағы!
- *
Шаршап кеттім, жаным-ау, қайда барам? Самал едің «Айнам» деп аймалаған. Мәнді еді ғой сенімен бар ғұмырым, Енді өмір сүрер күшті қайдан алам?!
Шығады көмескілеу күлкім бүгін, Туар деп ойлады екен бұл күнді кім?! Бақыт боп талайларға қонған тағдыр Бермепті маған таңдау мүмкіндігін.
Көңілдің көшетұғын болды уағы, Шау тартып, шаршаған ой болдырады. Көңілдің шұрық-тесік киіз үйін Ақ толқын айдынға кім қондырады?!
Асығушы ем «Әдемі ән салам ба» деп, Енді әуен ойнамайды маған қажет. Жүректі қарып бара жатыр бүгін Қып-қызыл қызғанышқа оранған от... ...Әлде де үміттенем жарық күннен,
«Бір таныс сәуле көріп қалам ба» деп...
- *
Сезімнің сұлу сарайы, Мәңгілік маған мекенсің. Ғашықтық деген ғаламат, Ақын боп кетеді екенсің!
«Жастық шақ – ғажап кез» дейді, Бара да бермес байыпқа. Көңілім аңсап өзіңді, Сағынып жүрсем, айып па?!
Тербеліп әсем сазбенен, Айналып жүрек Жайыққа; Шарқ ұрып сезім-шағала, Шәмші боп жүрмін «Қайықта». Алматы, 15.12.1999 жыл
- *
«Жаныма жар, серік қой» деп санағам, Жүрекке жұп, арманыма балағам. Мынау байтақ дүниенің барлығы – Саған деген сезімімнен садаға!
Бір ғажайып күш бар менде – табынсаң, Сенім – семсер, серт емес пе, бағынсаң?! Санам менің сарғайып жүр сені ойлап, Түсінерсің, сен де мендей сағынсаң.
Сезім сұлу – мөлдір моншақ, тағынсаң, Арым адал, алдыма кел – шағынсаң, Көңіліме мәңгі орнаған жансың сен, Жүрегіңнен маған орын табылса.
- *
Жүректің жырын, Сезімнің сырын, Көңілдің мұңын ақтарған. Бір сендік ән боп, Кеудемде жанды от, Өзіндік таң боп атты арман.
Түсімде көріп, Арманға еріп, Қиялға еніп жатсам да;
Жаңғырып тау-шың, Оятты даусың, Бұлбұл боп сайрап бақтардан.
Сені аңсап, жаным, Тулайды қаным, Санамда бейнең сақталған. Үміт алдай ма? Ұмытылмайды, ә, Жүректе жырың жатталған.
Таппай еш емін, Іздейді көңіл, Шарқ ұрып әркез өзіңді. Санаумен сағат. Таусылды тағат. Сағынышымен де тәтті арман.
Ойымда өзің, Өшпейді сезім, Лаулайды жанып мәңгілік. Санама қазір Күй болып жазыл, Өтейін жырлап, ән қылып.
Өр көңіл теңіз, Тілек пен лебіз, Жүректер егіз болған соң; Өткінші жалған, Өмірде арман, Сыңарыңды іздеу – заңдылық.
- *
Сағыныш тербер әлі, Мен өскен сар даланы. Өзіңе деген сенім Үмітке жалғанады.
Қарлығаш-қиял сезім Көгімде самғар әлі. Жүректен ұшқан әнім Өзіңе арналады.
- *
Өзіңді көрмесем мүмкін, Бұл сырды сезбес те едім мен. Нұр толы жарқын жүзіңмен Неге ерте кездеспедім мен?
Гүл-сезім құдіреттеріне Мен мәңгі табынып жүрем. Қасымда жүрсең де күнде, Мен сені сағынып жүрем! Мен сені сағынып жүрем!
- *
Келіпті-ау күздің күндері, Әдемі еді бақ қандай! Сағыныш толы жанымды Сары түске бояп жатқандай.
Мазалап талай ой мені, Өзімше жұмбақ күй кешем. Жалғызсыраған сәттерде Табиғатпенен тілдесем.
Сырымды айтып қайыңға, Жапырақтарға мұң шағам. Салынып сары уайымға, Дәл мендей боп жүр қанша жан?!
Махаббат – күрес, тартыс та, Әйтеуір қамал алдырмас. Сағынса, енер сары түске Тағдырым күзбен тағдырлас.
- *
Дүние жым-жырт. Жалғыз мен ғана ояумын, Өзіңді ойлап жатырмын тағы, аяулым. Мен сені сүйем ақ қардай аппақ сезіммен, Ақ қардай аппақ, керегі жоқ еш бояудың.
Батырып күнді, өзіңді ойлап ояндым, Таппаған тағат сезімді қайда қоярмын?! Мұң менен шаттық алмасқан күнде тұрлаусыз, Дүниеде мынау бақытым болшы баянды!
Бір сені сүйген санамда тұрақ тапты ұғым, Жадымда, сірә, сағыныш тұнған тәтті мұң. Жаным-ау, мені жалғызсыратпай, жетсеңші, Өзіңді көрмей, басылар емес аптығым...
- *
Көңілдің сырын ақтарған, Өзің деп таң боп атты арман.
Сыр шертіп, саған отырмын, Жарияланбайтын хаттардан.
Жаным-ау, қайда жүрсің сен? Ойымда – өзің, күрсінсем. Бақытты менен жоқ ешкім, Жымиып қарап, бір күлсең.
Жаныма жалын жағардай, Не күйге салдың тағы, Алла-ай?! Санам жүр менің шарқ ұрып, Жүректің емін таба алмай... Алматы, 1997 жыл
- *
Құлақ күйі келмей көңіл-перненің Арқау жібін шатыстырды-ау өрмегім. Аман жүрсең, оған да ырза көңілім, Қай дегені болып жатыр пенденің?!
Ащы жастың сезем кейде кермегін, Қай кезде де өзің едің сенгенім. Алақанның аңсап ыстық аясын, Мейірімнің шуағына шөлдедім.
- *
Жоғалттым ау деп өзіңді, Жүрегім қанша шаншыды. Сергелдең етіп сезімді, Мұңайттың неге Шәмшіні?!
Жемісін ұрлап жыр-бақтың, Қинады-ау мені жан сыры, Самал боп келіп, құрғаттың Жанарымдағы тамшыны.
Жүректің нәзік талшығын Оятар сәттер бал шырын. Сезімге мас боп оянған Күндерді сүйем! Бар шыным!
- *
Жаным жүр ед сергелдеңде, Жаным менің, сен келдің де; Сәуле құйдың, Сезімімнің Әуенімен тербелдім де.
Шаттандым мен шуақтардан, Нәр алып жыр-қуаттардан. Арманым-ау, жанымның ақ Періштесі сияқтанған.
Құралған сан сұрақтардан, Жүрегімнен сыр ақтарған. Аялаумен, аямаумен Күлдірді де, жылатты арман.
«Тағамын, - деп, - жақұт гүлін», «Жеңемін, - деп, - уақыт мұңын»; Үміт күткен болашақтан Сеніміммен бақыттымын!
- *
Куанып, қанша тасып та, Күндерім алға асыққан. Алдама мені, арманым, Жігерім, мені жасытпа!
Сенімім менің еңселі, Сезімнің өткір семсері. Алдама мені, арманым, Өзім деп ұққам мен сені!
Көңілдің басып пернесін, Шағала қанат сермесін. Мен, жаным, сүйем өмірді, Ішінде өзің жүргесін!
Жаныма нәзік гүл еккен, Сағынышым ол самғаған. Өзіңді сүйген жүректе Күтуден басқа бар ма амал?!
- *
Кездесіп нұрлы бейнеңе, Жаным да нұрға бөленді. Өзің деп сүйем өмірді, Өзің деп сүйем өлеңді!
Алтайға әкеп сүйедің Аласа жүрген төбемді. Кеудемді кернеп тылсым күш, Қуанып жүрем мен енді!
Жаным жүр жақсы тілекте: Өзіңмен жанды бір етсе. Кездескен кештеу арманым,
Жүрегімді енді жүдетпе!
- *
Еркелетсеңші, елітсін жанды нәзік үн, Адастырмайтын сенсің ғой Темірқазығым! Осынша неге жанымды менің қинайсың, Құлай сүйгенім бе жазығым?!.
- *
Ой күзеткен күндердің ағысымен Келе жатыр әйтеуір аман денем. Жолығамын кейде ойдың тағысымен, Бірақ, жаным, әйтеуір саған сенем.
Өзіңді аңсап атады құла таңым, Мен сені жан-дүниеммен ұнатамын. Кейде жалғыз қалғандай сезінсем де, Сеніміммен көңілімді жұбатамын.
- *
Көңілде көп-ау көлеңке, Күндерім неге көңілсіз? Мұңымды шақтым өлеңге, Мәнді ме өмір өзіңсіз?!
Жүрегім іздеп сыңарын, Сезімім аңсап шырағын; Арайлап атқан таңдардан Өзіңді күттім, шуағым!
Кеудемді бір күй кернеген, Төгіліп жүрек пернеден; Жаным-ау менің, дәл сендей Ешкімді сүйіп көрмегем!
Өзгеше арнау, бүгін ән, Мен соны іштей ұғынам. Жадыратады жанымды Тек сенің жарық шұғылаң!
- *
Өтуде күндер, кеудеме мұңнан тағып гүл, Сағындым, жаным, аңсадым, күттім, зарықтым. Мағынасыз, мәнсіз өтуде уақыт, Жалықтым, Қараңғы мүлде, Шуағың қайда, жарық күн?!
- *
Менің нәзік жанымның мұнарасы, Тұршы мәңгі биікте, Құламашы! Құламашы, Онсыз да қайғысы көп Жанарларым жазықсыз жыламасын!
- *
Қасымда жүрші, жаным, аян маған Бақытты сенсіз, сірә, бола алмасым, Сен – таза сезімсің ғой боялмаған, Тек, жаным, өтінемін, жоғалмашы!
- *
Ақпанның аппақ ақ мамығына оранған Аппақ дүние, Ақ қарға енді толар маң. Кіршіксіз таза сұлулық тұнған дүние, Осындай аппақ күтер ме екен жол алдан?!
Санамда менің өзіңді күткен ақ арман, Тұрады бөліп ойымды менің қоғамнан. Өзіңді аңсап, сағына күткен жүректе Жоғалса сенім, бақытты мен де бола алман!
- *
Өзегімді өртеп, өкініш салып өрнегін, Ерніме келіп татиды ащы, кермек үн. Сезілмей тіпті түскені жарық сәуленің, Бозғылттанып тұр бұрыштары да бөлменің.
Дүниені жарық, сен болмағасын, көрмедім, Әуендері де таныс емес шерткен перненің. Сағынышымды сарытап қылып, демдедім, Өзімше солай жаралы жанды емдедім.
Неге сен, жаным, Неге сен, жаным, келмедің? Кірпігі жасқа шыланған көзді көрмедің?!. ...Жыл бойы күткен, Ғасырлап күтер сарғайып, Сағынышымсың сен менің!
- *
Сарыуайымға боялған Тағы бір таңнан ояндым.
Ажырамайтын өзіңнен Сезімді қайда қоярмын?!.
- *
Мен сені сүйдім, нұрлы арман, «Бақытым болсаң екен» деп. Адасып тіке жолдардан, Тасқа да тиді шекем көп.
Биік шың тұрса алдымда, Талпындым тағы «Жетем» деп. Өзіңді сүйіп қалдым да, Санамды алдың мекендеп.
- *
Ой-жарыстарда талай да-талай жүлде алғам, Сансыз сұрақтар шығады неге күнде алдан?! Өзіңді ойлап, өзіңді ойлап тағы да, Түбіне жетпей, жынданғам.
«Келер-ау» деген құр үміттерге алданған, Алыстап бара жатырғандай ма нұрлы арман?! Басқаға айтқан жылы сөзіңді естіп ап, Ішімді талай қызыл ит тырнап, қызғанғам.
Біреудің жарты бақытын ұрлап, күзеткен, Қызығың сол ма, бұл жалған?! Сезімнің зеңгір көгіндегі асқақ шыңды алған, Сенімімменен шыңдалған, Көрсетіп тұрып елесін, Адастырмаған кімді арман?!
- *
Сарыуайымдармен көмкерілген бұл күндерім, Сағым-елестермен сарғайған сансыз түндерім. Бар екеніңді сезіну қандай бақыт ед! Көңіліме медеу – тек сенің аман жүргенің.
- *
Дүние ақ қар жамылған шақта, ақпанда Жаралы жаным жалғыз қап бара жатқанда; Сан түндер күткен сағынышымнан нәр алдым, Жанымды орап махаббатыммен мақпалға.
Дүниеде мынау сезімнен ыстық от бар ма?! Гүл-көктем келіп, Жер-ана ояу шақтарда – Жанымды кейде қоярға еш жер таппадым, Сағыныштарым сарытап болған шақтарда.
Сезімім лаулап, өзіңсіз кірдім бақтарға, Жүректе үміт, сенімімді ол ақтар ма?! Кеудеме тағы қуаныштан гүл тақтың сен, Үмітім сөніп, күл болып бара жатқанда...
- *
Асығам «Арманға жетем» деп, Ойланам «Қалайша өтем?» деп. Санамның ішінде сен жүрсің, Жанымның сарайын мекендеп.
Мекендеп жанымның ұясын, Көңілге сан түрлі ой жиясың. Мендегі жаралы жүрекке Ғажайып бір сәуле құясың.
Мен талай ұйғардым, (Сезім – сыз), «Күндерді ұмытсам ба екен?» деп. Мен талай қиналдым – Өзіңсіз Сан тарау жолдардан өтем деп... ...Қиялға берілем тек үнсіз, «Түсімде кездесер ме екен?!» деп...
- *
Көтере алмаймын-ау сынағанды, Ей, өмір, дауылыңа шыдағам-ды. Алданып елесіңе келем бе әлде? Сыртың ғана әдемі. Ұнаған-ды. Білмедім, таптым қандай пейілімнен, Бір тамшы бақытыңды сұрағам-ды. Жұбатқым келіп тұрады жылағанды, Сүйегім келіп тұрады құлағанды.
Болмаса да басымда анық қайғы, Неге мендік жүректі жан ұқпайды?! Таз басқа тақия боп қонған бақыт Неге маған ертерек жолықпайды?! Неге бәрі алдамшы, уақытша, Шын бейнесін қалайша танытпайды?! Неге маған кездескен бақыт құсы Аспанында басқаның қалықтайды? Сертке жанып семсерін сөйлеген жан Ертең берер жауаптан қорықпайды. Мен көзсіз көбелектей отқа түсем, Көз жетсе де, көңілім торықпайды.
Сұмдық. Сұмдық! Басыма сияр емес, Ақылын жоғалтқан ес жияр емес. «Өзімдікі» деп қалған көңіл шіркін Өз иесін ешкімге қияр емес.
- *
Сен маған: «Бақшамдағы гүлсің», - дедің, «Сені сүйем, шын ұнап жүрсің», - дедің. Түсінбедім, Неліктен жалт бұрылдың? Естімейсің жанымның күрсінгенін. Мен: «Шықпаған биіксің, шыңсың», - дедім, «Бақытқа лайықты ұлсың», - дедім. Алақан болып мені аймаладың, Жүректің қағысы боп дүрсілдедің. Көзімді жұмсам болды – елестейді «Жаным!» деп мені еріткен тылсым демің. Атырдым сені ойлаумен талай таңды, Өзімді іштей мүжіп, құр сүлдерім. Мен сені ұмытамын енді қалай?! Жазулы жанарымда тұрсың менің.
ТЫНЫС БЕЛГІЛЕР ТЫНЫСЫ
Астарын небір жұмбақ ой көмкерген Тағдырым тұрады сан теңдеулерден. Өмірім салаласып, байланысқан Сабақтас құрмалас кіл сөйлемдермен. Арманым жақындатты жырақтарды, Қағазға құпиямды жыр ақтарды. Көмбесі көңілімнің тосады ылғи Алдыма шешілмеген сұрақтарды. «Лүпілі тоғысса, - деп, - жүректердің», Қиялдан қарлығаш-ой түлеткем-ді. Жанымның желбіреген жалауы ол – Ойымды аяқтаса леп белгі! Сан арман қанат қақпай тұр жақшада, Салса да бұлбұл ұя жыр-бақшаға. Жете ме сынған көңіл сыңарына Сезімі қалып қоймай «тырнақшада»?!
Күндерім құралса да күтулерден, Көңілім сеніменен бүтінделген. Бақытты менен, сірә, жан болмас-ау – Жалғасса қуанышым үтірлермен. Гүл-сезім шешек атып, тіктесін бой, Қалмасын жүректердің бүкпесінде ой. Сарғайып сағыныштан жүргендігім – Өзіңді аңсап, жаным, күткесін ғой! Көңілімдегі көп сұрау белгілердің Өзіңе сендім, жаным, нүктесін қой!
МЕНІҢ ТУҒАН КҮНІМДЕ
Дәл бүгін – менің туған күнім анық, Армандар асқақтайды шыңы жарық. Ойыммен бірақ менің санаспайды, Келмейді мен күткен жан гүлін алып. Кетпейді бір ой естен тұрып алып. Керегі – гүлің емес, өзің едің, Мен сенің сеніп келгем сөзіңе мың. Өзіңсіз көмескі ғой мына жалған, Жандай боп жалғыз қалған сезінемін. (Таппасаң өзің емін). Маған еш керек емес көрік, мүлік, Өзіңе сыр айтушы ем сеніп тұрып. Сағым боп енді бәрі бұлдырайды, Қайтадан келмесіңді көріп тұрып. Күн кешем елесіңді серік қылып. Ой деген – сағым сынды көш-көлік боп, Сырт көзден жасырушы ем сескеніп көп. Мауқымды басар ма едім қарап тұрып, Қалмапты суретің де естелік боп.
Ауыр жүк – Сенім деген иығымда, Қалмапты естелік боп бұйымың да. «Тағы да сеніміңді сына» дей ме, Тұр, міне, мысқыл күлкі миығымда...
ҚЫЗДАРЫМА
Көкейімнен құйылады мақпал ән, Жүрек қылын тербететін шақтар ән. Бар тілегім – амандығың сендердің, Одан үлкен менде арман жоқ, балам! Мендегі ой, мендегі арман еңселі, Жақсы болсаң, күтер талай төр сені. Маған тұңғыш ана атын сыйлаған Жүрегімнің бір кішкентай бөлшегі! Қызығынан қиыны көп тірлікте Сендерсіңдер – бақытымның өлшемі. Бала шақтан болашаққа беттеген Қайда, қалай апарады жол шегі?! Тағдыр тоқсан тараулардан тұрады-ау, Осы – менің күй-кеудемнің кемсеңі.
Бұл өмірде жылда өзгеріп, түлеген Кездеріңді көрмейінші жүдеген. Езулерің күлкі тұнған балдәурен Оның өзі – анаң үшін бір әлем! Бала сүйдім, ана атандым, дүние! Қызығыңа тояр ма екем, сірә, мен?! Менен «Үлкен бақыт не?» деп сұраса, Екеуіңнің саулығыңды сұрар ем. Менің титтей егіз қызғалдағыма Шуағыңды аямай шаш, Күн-әлем!
Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ, жылы Маңғыстау ауданында туған. Халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалінің; республикалық Шотан батырға арналған мүшәйраның; «Менің атым – Махамбет» телемүшәйрасының және халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. «Жетімтоғай жапырағы» (2006), «Оғыланды жырлары» (2010) жыр жинақтарының авторы. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
ОҒЫЛАНДЫ ЖЫРЛАРЫ
- Пір Бекеттің туысы
Құдай, Сені жоқ деп жүр ғой адамдар... Айтман
Ата, Сені пенделері ақырдың Жоқ дегенде абыз қашты, би тайқып, Жіберші өзің осыны айтқан кәпірдің, Аузы-мұрнын қисайтып.
Мен өзім-ақ қисайтар ем ауызын, Қитар соттың тым бұзылғыш тәртібі. Қолына алса қыл-құрығын жау ұзын Қоңырау қағар жер түбі.
Көп біріккен әмірліктер, штаттар... Айтыңызшы, оған қандай бар күшім? Пәкістан мен Лондондағы штабтар Құйған кезде қаржысын.
Жоқ атамыз... Олар мүлде болмаған! Мүп-мұнапық пәтуалар мөр басып. Тап көр де тұр, Өлген кезде сол надан, Кетеді одан көр қашып.
Бекет деген кім болыпты, тәйірі... Деді кеше тағы да бір зәнталақ. Сені Бірден, Мені Пірден айырып Алу сонда бар талап.
Атыңды атап, жер қорғаған батыр да, Атыңды атап, ел қарғаған байғұс та, Алла қисап алған күні ақырда Қалар екен қай тұста?..
Кездесіп қап – алған дінкәс у ішіп, Кімсіңдер деп сұрай қалса кекеттім: Е, біздер ме, Біз жәй ғана туысы Бірдің досы, Пірдің соңы – Бекеттің!!!
- Жер жүрегі
Мен ол жерге шөлдеп барам, Қаталап. Таппай қалып жүрегімнен нұр түк те. Жер бетінен мен іздеген махаббат Тамшы болып шығар сонда кірпікке.
Тоғай жыңғыл тілеулесің жолға өсіп, Айдың жасы тамып көне сүрлеуге, Жұдырықтай жүрек құсап сол мешіт, Кеудемізге нұр-шырасын үрлеуде.
«Иә, Бекет!»–деп, Жүрегіме еніп ем, Құжырасын араладым армансыз. Бет пердемді жұлып тастап егілем, Осы жерде өтірік жоқ жалғансыз.
Жүрек-Мешіт... Кім жазады жарасын?!
Ұстам, қані, көз жасымды тия алар? Махаббат пен Құмарлықтың арасын Бөліп тұрған Ұят атты ұя бар!
Сол ұядан аса алмаған құл қанша? Жүрегінің әр лүпілін есітіп, Аман тұрғай, бұл дүние тұрғанша Жер жүрегі – Пір Бекеттің мешіті!..
- Түйеқожа оғыланмен танысу
Кешегі бір күндері Мына шыңда Түйеқожа оғылан Жау жарағы құрулы, Мірдің оғын артық көрмей Шілдің боғынан, Қасқайып бір тұрулы. О дүние-ай... Тау еді ғой төбелер... Найза басы ол күндегі жебелер. «Бұл түрікменнің қойшысы екен әуелде, Жұртта қалып қолға түскен жау елге...» Шырақшыға іләм деме, сене бер!.. Оғыландыны қайғы алды. Шәһәрінің төбесінде ай бар-ды... Түзетерің қай қате? Түгендерсің қай малды?.. Әттең, сенің Әмір-сана әз басың Түрікменнің нәшүкірлеу қойшысына айналды.
Қойшы болса, ақыл сұрама. Түйеқожа төңірегіне қаранып, Күнде кеңес құра ма?! Шырақшыңыз, мен танысам – дуана! Орыс-орман қабағына қараған Хан Тоқтамыс қой баққаннан туа ма?! Кешір, құлдық!.. Біз ұмыттық айбарды. Бекет атам болмағанда Оғыландыны қайғы алды. Мына тауда шәһәр болды дегенге Сене алмастай жәй бар-ды. Қала түгіл қауым да жоқ орнында, Жалғыз мешіт... Төбесінде ай қалды...
ЗИЯРАТ
Ай, кешегі жауынды... Айғыз-айғыз езіп кетті тауымды. Әулиені зияраттап қайттым мен, Жарылқап бір құран оқып қауымды. Сайрап жатыр... Жайрап жатыр тас мола. Тас молада жатыр білем жас бала... «Мен байқамай тастап кеттім өмірді, Сен асықпа» дейді маған. – Тастама!.. Мынау батыр. – Таңбасы бар қарудың, Өлгенде де басына оңай бару мұң. Алақандай анау қауыз – моласы Ана болып үлгермеген арудың. Бақи зары... Жүрегімді езеді... Кім-кімге де келер дүние кезегі. Бай моласын ағал-жағал қылыпты Ықтап кеткен көп жылқының тезегі...
Өмір осы... Басы қара... Соңы аппақ... Өлім де хақ, Өте алмайсың оны аттап. Құйтақандай құс баласы шырлап тұр Құлпытасқа тұнған суға қонақтап...
АЙҒА СӘЛЕМ
Он төртінен сәлем-дүр толған айға, Көбелек қар қонады жолға майда... Аман көрген, ай көрген біз пақырға Ақырғы түн осы түн болмағай да.
Ай ұқтырды... Су қараңғы жанымды айықтырды. Тап осы түн табам-ау іздеп кетсем, Түнге сіңіп жоғалған ғайып-пірді. ...Жалғыз мола басында жалғыз бала Жаратқанға алақан жайып тұрды.
Жаныма ауыр, пір ием, тиесің тым. Түн баласы сүймесе иесін шын, Алпыс екі тамырдан анашымның
Сүт-сәуленің иіген киесі ұрсын!
Сүгір дала... Сүт-сәуле... Сүттей жарық... Бір арманың барасың бітпей қалып. Ай астында адасқан жалғыз сен бе? Келеді ақыр, келеді ол... Күтші, ей, ғаріп...
- *
Қатар татқан заһарды да, балды да, Қатар тұтқан арамды да, арды да; Айтыңдаршы, аспан асты – жер үсті, Мен кешпеген күна бар ма? Қалды ма? Ақтың қолы, Хақтың жолы не деді? Ертең мені ажал ерні өбеді. Тас кеудемнен лас күнәмді босатам, Жасыратын жер қалған жоқ себебі! Жүр десе де тазалыққа, тұныққа Жүрегімді жүз көндіріп ырыққа Арам-настың ісін ойлап кеткенмін, Адал достың құшағында тұрып та. Кемеңгерді кекей күліп дос – ғашық, Кем пікірді келістіріп мошқасып, Мен өзімді зорлап талай күлдіргем, Дұшпанымның қолын қысып қоштасып!
Әке сөзін әңгімеге қол санап. Ана сүтін ақтамадық сор-сана. Бес күн тірлік бекер өтті міндеті, Обал білмек, сауап жимақ болса да. Шірік дүние... шүйке жүнін көп түттім! Жарымның да жүйке жібін жеп біттім. Жан адамнан сұрамадым кешірім, Жат қатесін кешіре алмай кек тұттым. Жақсылығын жазса дағы пешене, Жамандыққа бұрып кеттім нешеме? Жарты қадам баспай қойдым Құдайға: «Сен жүргенде, мен жүгірем» десе де. Құтқарайын деп келгенде құлшылық, Құлшылыққа жоламадым қырсығып. Түзелуден күдер үзген үмітсіз Мен о баста қисық біткен бір шыбық.
Оңашада мен осылай шерленем, Шайыр біткен өзін бұлай жерлеген. Күнәмді айтсам, шариғатпен тергеген Молда біткен тозақи деп мөрлеген. Тапырақтай жөнелер ем тәйт десе, Жапырақтай көгерер ем қайт десе. Кемдігімді басып кетер кемді күн – Кеңдігіңді білмейді олар, әйтпесе?! Кешірімшіл, Кең Құдай!..
ТАУ ТУРАЛЫ
Маған кеше «таудай бол» депті бәрі, Содан ба екен тау болғым кеп тұрады. Біздің тауды сел шайып, жел мүжісе Шер мен қайғы жүректі жеп тынады. Шыңғыстаудан шын кетіп, шыңы қалған, Маңғыстаудан мән кетіп мұңы қалған, Қаратаудан қар кетіп, суы қалған, Алатаудан ар кетіп, сұмы қалған. Әкесінің кім екен құны қалған, Бар биігін қазақтың жұлып алған? Аласарып кеткен соң аспантаулар Ергежейлі кілең қырт мініп алған. Таусылғанда тәмәм дос, сыбай біткен Шыңға шығу бір арман шұбай жұртпен. ...Тұрып-тұрып қайтарым тұқыл төбе, Тұр тауынан Мұсадай Құдай күткен.
Ызғырық жел ықтырып, бетке ұрады. Тауымды жел, мені шер жеп тынады. Шөкті кәрі... Өкініш... өтті бәрі... Тау басынан талтайған қыртты көрсем Айқайлағым... жаңғыртып кеп тұрады. Неге екен, ә?!
- *
Білесің бе, сені, қалқам, сағыну – Кірпігіме кермек моншақ тағыну. Саусағыма сыймай қалған күндерге Құр кіжініп құдайыма шағыну.
Сенсіз қалу – Уақытыңды уайымға кезгізу Қызыл тілден тамшылаған сөз – қызу. Сенсіз тірлік қаңыраған қаланың Көшесіне бекер-бекер көз сүзу.
Өзіңді ойлау – Қаламыңды қара мұңға матыру, Қиялыңды қияндардан шақыру. Сезіміңе куә болған Каспийдің Толқындарын толғап-толғап сапыру.
Өзіңді аңсау – Домбыраның күмбіріне қосылу. Пойыз кеткен бетке қарай тосылу, Бір-бірінсіз болмасына шүкір ғып Бірікпейтін шойын жолдан шошыну. Өмір осы… Мың мұңайып, жүз күлу… Үмітіңнің бар білері үздігу. Тәңірімнің жазғаны да, тағдырды – Сағыныштың сағымына жүздіру.
ҚАЗАҚ СҮЮ
Қазақ сүю – сарғайған күзді сүю! Сізді сүю! Сіз үшін Бізді сүю! Қазақ атты қара шал басып кеткен Бабақұмның бетінен ізді сүю! Қазақ сүю – болады ізгі сүю!.. Қазақ болу дегенің – азап көру! Азапты да болады ғажап көру. Қылша мойның қиылып қалғанынша Қарғыбауын құлдықтың қажап беру! Тозақ көру… Содан соң озат шеру!.. Мен көргенде, осылай – қазақ болу. Дұшпан қазған орлардан қарғып өтіп, Мыстан құрған торлардан азат болу!.. Қазақ болу қызық та, қиын да емес. Жүрегіңде жүз майдан… Миыңда егес… Қазақ болу – Құдайдың берген бағы! Қазақ болу сорың да, сыйың да емес…
Сылқым күйден қол үзіп, жыртың биден, Азаматы көрмеген құлқын-күйбең. Соңғы нанын бөлісіп достарына, Соңғы дәнін терісіп құстарына, Соңғы демі біткенше ұлтын сүйген! Қазақ бостан… Төрінде ұл-қыздары! Азат аспан көгінде жұлдыздары! Ұлтын сүйген ел көрсем, жұртын сүйген Бұлтын сүйген тауының шың-құздары!.. Һарам болып ғапылдың жұтқан асы, Тауан болып жеткенде бұтқа басы, Жайрағанда жәһілдің жұтханасы, Қирағанда кәпірдің пұтханасы, Пана болған ұядай балапанға Қазақстан – Қазақтың құтханасы!.. Ұмыттырып тозақтай азабымды, Тұнық қылып қазақтай таза ұғымды; Қазақ сені сүйеді, Сүйген мәңгі… Қазақстан, Сүйші, сен, Қазағыңды?!
МАҢҒЫСТАУҒА МҰҢАЗА
Ұшады Маңғыстаудан шағалалар Қаралы сыр айтады саған олар. Мұңаза зарын сауып мұнаралар Қаназа сорын төккен бағаналар. Шағала не тәйірі... Аққу едім! Каспийді тербеген ән – гәкку едім. Су тағы суын мінген боздағыңның Көтерген қолындағы ақ ту едім. Ар едім, Жігер едім, Намыс едім! Алаштың ырысы едім, табысы едім. Кіл жендет қырып салды айдап келіп, Адайдан кетті білем тағы сенім. Ту қалды ат үстінен боздақ құлап. Көз баққылап, араға сөз жаққылап. Қамшыны хан да салды, қарашы да, Бәйгіден жаттың аты озбақ бірақ. Қақсайды қанқасталы жауырымыз. Қамшыңнан таспа болды сауырымыз. Заматта айнып шықтың айып тағып, Ағатай, мен едім ғой бауырыңыз.
Тағы да ақкөз адай сорлайды ма? Қапаста қарындасты зорлайды ма? Калашқа жабысқанша тұра келе, Алашқа жылы сөзің болмайды ма? Тарихты болдық тағы аз ұққандай. Хан кінәсіз, халық та жазық қандай? Тарпаңды қыл арқанмен қанша байла, Барады байқаймысың қазық қалмай...
Көнбейді ақылды жұрт бәңгі есекке Маңдайды өзің тоспа НӘН кесекке. Тақ шайқалса, ағайын Бақ шайқалар Ермелік енді жұртым қаңғы өсекке. Әркімге нәті жолдас, Хақ бұрылса Тұрмайды қанша патша, хан десек те. Ақ туын Азаттықтың қолдан жықсақ, Қазақты мәңгі-бақи қан кешет де! Жазасын Құдай берер, пендесі емес, Кім жендет? Мақшар күні таңғы есепте. Билігім артық айтсам кешіріңіз, Халқым-ау кем айттың деп сен де сөкпе! Ұшады Маңғыстаудан... Ұшпайды енді... Қарғалар қаройымды қыстайды енді. «Күйеулер» қызыңды алып, жүзің ғаріп, Мазақтап басымызға тышпайды енді.
Ақ ҚҰДАЙ, Күрсідесің, Ғаршыдасың! Алаштың дауға түскен аршы басын! Адайым, нар едің ғой, сабыр сақта... Қайғыға көрт шыдамас, нар шыдасын. Ақ таңы ақиқаттың аз-ақ қалды, Жазған-ай, сәл шыдашы, сәл шыдашы!
М. КАЛАШНИКОВКЕ АШЫҚ ХАТ
Шып-шып қан атып, Шымырлап бойдан Шыққанда жаның – жел ескен Есіл ерлерім, Еңсесі кетіп, Емініп жауға егескен. Бытыраларың бытыратқанда қарамды Қатар-құрбыдан қапыда қалдық тең өскен. Бір қара бізге, Тимофей шалдың тұяғы, Шығара алмаймын сені естен. Михайл мырза, Кулактың ұлы, Құдайдың құлы емес пе ең? Ырзасың бізге, Әрине біз де ырзамыз. Төрімде сенің түтін түтеткен мұржаңыз. Асау тарихтың жолына ешкім тұрмаңыз, Артыңа қарап, бекерге басты бұрмаңыз. Даңқыңыз өрлеп кетерін кеше білдік пе, Алтайдан ауып, Матайдан кеткен мырзамыз.
Дабысың бөлек, даңқыңа кімдер талассын?! Абырой-атақ алты қырдан да әрі астың. Бір сұрақ саған, Рұқсат ет енді Калашшым. Жарасын таңып, жазасын кімдер өтейді, Сенің оғыңнан ұшынған ұлын алаштың? Генерал мырза, Үндеме тіпті түк мейлі. Біздің ел сірә, сұраққа жауап күтпейді... Магазиніңді майлап қой тағы, сайлап қой... Аз халық деген көп оққа онша бітпейді. Ырзасың бізге, Әрине біз де ырзамыз. Төрімде сенің түтін түтеткен мұржаңыз. Ал енді Сізге өтініш айтам соңғы рет, Алтайдан ауып, Матайдан кеткен мырзамыз. Қазақты енді қырмаңыз! Қазақты енді қырмаңыз!
САЯСИ ЕМЕС ӨЛЕҢ
Жәймен ғана бозарып таң атқанын, Жалқын сәуле алтынын жалатқанын Жарық дүние өзгеріп баратқанын Ол білмей қалды... Жас шыбықтың тәнінде қалар мәңгі Кірш етіп қорғасын оқ қадалғанды... Тырс етіп тамып түскен адал қанды Ол білмей қалды... Азаттықтың сезгенде ерек демін Сұлап түскен сұп-сұр боп теректерім Теректердің елімді ел еткенін Ол білмей қалды... Жасыра алмай сексеуіл жан қыспағын Жаудырғанда жыңғылдар қарғыстарын Тал шыбықтың талықсып қан құсқанын Ол білмей қалды... Кәрі үлектей еменнің кәрленгенін Сарүйектей қамыстың зәрленгенін Ашөзекке кеше олар нәр бергенін Ол білмей қалды...
Жапырағын жаныма күз ілгенін Жанарыма жалқы мұң тізілгенін Жалғыз сәуле – үміттің үзілгенін Ол білмей қалды. Өрте, Бәрі күл болып жансын, жетті. Қыр, ат, Қират бәрі де қалсын депті. Ертең көктер өртеңге алшынкөкті Ол білмей қалады...
ҚАЗАҚСТАН. АСТАНА
Қазақстан – деген елдің Иелері қазақтар. Хас арғымақ біз едік қой Көп жусаумен аз оттар. Салтанатты сарайларда, Сауық құрған ләззат балл. Шындығы жоқ Шыңғыстауда Арсыз күлкі, мазақ хәл. Мұңдығы көп Маңғыстауда Ату... Асу... Азаптар... Арал, Созақ, Дегелеңнен дем жұтып, Байғоңырдан басталатын тозақтар. Қарағанды... Қара бұрым қарындас, Бауырына басып алған кәзаптар. Сал Мұхиттың тұншықтырып дауысын Ладушкаға би билеген казактар Жетім Торғай, Жесір Семей... Жер түбі Өскеменді өскен елдер кертіді. Қарт Тараздың көз жасындай көремін Мойынқұмға сіңіп кеткен Меркіні Ей Түркістан... Күмбезіңнің күйі жоқ... Есіл, қазақ енді кімге елтіді?
Атам айтқан Ақ пен Қара, Қызылдар. Біле-білсең бәлшебектен бұзылды Ар. Келекенің елі екенін көрсетіп, Кемсітеді Кереку мен Қызылжар... Ақтөбеде бақ тебе ме, апыр-ау... Қызығыңды жат көре ме, Атырау, Топас-тақты түзетемін деп жүрген Пай-пай біздің Махамбет те батыр-ау. Қара дама... Бас уәзірің – бас көзір. Сүйеу дара Күйеу бала, Жас Темір... Астанадан басталады басқа жыр... Астанадан басталады басқа өмір! Қызықтардан құр қалыппын қап небір... Парадокс: Қара қазақ... Ақ негр... Қара күріш қайнатады ақ көмір... Бәрін бояп жібереді суретшім, Эфирлерде монтаждалған тәтті өмір.
PR-шоулар Жәрмеңкелер, форумдар. Парад...Шеру... Саксафондар, горндар Ертегіден ерекшесі тек мұнда, Ұлдыға емес, пұлдыларға орын бар. Түске дейін Тони мырза кеңес қыл, Түстен кейін Шейхтарды шенестір Бесін ауа есің ауа бастаса Анекдот айта салсын министр. Біз де сізге анекдот айтар ек... Тақырыбы тақырға өскен бәйтерек. Самұрық құс ұшып кетіп бір күні Бәйтерекке жылан шықса қайтер ек Қам жемеңіз, Минселхозда бай талап, Дәл сол жерден жауап тауып айта алад. Самұрығым қысыр қалды биыл деп, Жыланды алдап, жұмыртқасыз қайтарад.
Кефир ішіп, айдағаны он саулық Селхоз жақтан жылан қайтар шаршаулы... Астаналық арақ құйып алдынан, Ақ халатпен шыға келер денсаулық. Шықпай көрсін, Басталады бір егес... Ондай бәле дұшпаның да тілемес. Медицина спиртінен құймад деп, Министрді соттай салу түк емес. Жоғарғы Сот... Заң қуаты... ал, бұда Аң қуудан басқа тірлік қалды ма?.. Айтақтаса айдап әкеп жабады Еш аяусыз баланы да, шалды да... Ауыр жаза кесе салу түк емес, Шеше салу ғылымды да, арды да...
Анау тұрған Мәрмәр кеңсе... Мәртөбе Мәжіліске кіріп-шығу мәртебе! Манағы айтқан әр өңірден сайланған Әр депутат әрқайсысы бір төбе. Үкіметтің әйнек үйі тар неге? Шыны керек, Шынылардан ұялам Жылап қоя беретіндей зар төге. Сен жылатпа, шыны қала, тас қала Сен жылама, жаман ырым бастама! Білместікпен көп сөз айтты жас бала... Пәруардигар, Панаңыздан тастама! Жырдың аты жылан емес айтпақшы, Жырдың аты – «Қазақстан-Астана»!
Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ, 1985 жылы Бейнеу ауданы Бейнеу кентінде туған. Маңғыстау энергетикалық колледжін бітірген. «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің мүшесі. «Каспий – достық теңізі» фестивалінің, Ер Шотанның 300 жылдығына және Сүйінғара батырдың 250 жылдығына арналған мүшәйраларының жүлдегері. «Жансусар» жыр жинағының авторы.
ОҒЫЛАНДЫДАҒЫ ОЙЛАР
Я, Бекет!.. Әруағың бұлттай аспанды шексіз торлады-ай, Мен білсем, Ата, машайықтардың соңысың. Кезің жоқ жатқан зәузаттарыңды қолдамай, Қиналған сәтте ғайыптан бердің қол ұшын. Сиынды бүгін Мағырып пенен Машырық, Тәу еткен жұрттан босаған емес босағаң. Көңіліме қайтем кәпірдей күмән жасырып, Пендеңді біздей жарылқауыңды қош алам. Бұлдырап тауың, сылдырап мөлдір бұлағың, Жүрекке сіңіп дертіме дауа дарытқан. Мүбәрәк түнде Ай болып таққан тұмарым, Тілейін тілек – атқанша мәңгі жарық таң.
Ғаршыдан түскен жұпарлы нұрды жұтам деп, Келіп тұр саған дұғасын арнап бір бала. Алдымен – Алла, содан соң – нәби Мұхаммед, Шапағатыңды тигізе гөрші, Пір Баба!..
КЕМСЕҢ
Ес – дұрыс, сана – сергек, ақыл – бүтін, Жалғанда шын түсінер ақынды кім? Айықпан Айдың алтын сәулесінен, Ғайыптан тап болардай ақырғы түн. Бұл соңғы өлең шығар хақ дұғалы, Нәлет-ай, бар ма өмірдің нақты мәні? Әлқисса, мен кеткен соң біреу келер, Оны да күресінге лақтырады... Түн қонса қара бауыр қасқалдақ боп, Миымда мазасыз ой басталмақ көп. Сарабдал сырларым бар айтылмаған, Сөзімді жеткізермін астарлап тек... Салауат айтқан ғұрлы өткен күнге, Не деймін көз моншағын төккен гүлге? Келмейді десем бе екен күз ешқашан, Кетпейді десем бе екен көктем мүлде?
Жүгі ауыр жауабы жоқ сұрақтың кіл, Жолы ауыр сауабы көп жұмақтың-дүр. Жылт етті жанарымнан жалғыз үміт, Молада жанғанындай шырақтың бұл. Аларсың құшағыңа, пірлі мекен, Қайтсем де жүрегімнен жыр дүретем. ...Аспанға қарап едім жылап тұрып, Жұлдыздар арасынан күлді көкем. Көкемді сағындым-ау...
АУШАДИЯР
Жеті атаңды үйретейін, көкешім... Есенғали Аушадияр, бірінші атаң – Иман-дүр, Жан-діліңмен кәлимаңды қайтар, ал. Көкірегіңе шуақ дүние сыйған кіл, Шайтан кірсе – шаңырағың шайқалар! Аушадияр, екінші атаң – Нысап-дүр, Ұзақ сапар – бұлдыраған жол алыс. Қу заманың қызыл түлкі құсап тұр, Бәрі – Хақтың бұйрығымен болар іс! Аушадияр, үшінші атаң – Сабыр-дүр, Сары алтынға кезігерсің түбінде. Қара нардай жүк көтерер шағың бұл, Жетпеген де, жеткен де бар бүгінге! Аушадияр, төртінші атаң – Ұят-дүр, Бір қылмыстың бір жазасы дап-дайын. Тағдырыңа салт-санаңды мият қыл, Сені көздің қарашығындай сақтайын!
Аушадияр, бесінші атаң – Намыс-дүр, Езге айналар өр еңсесі түсіңкі ер. Танытпасаң қасқыр мінез, барыс түр, Досың түгіл, дұшпаның да мүсіркер! Аушадияр, алтыншы атаң – Обал-дүр, Сүрінгенді пір-бабамыз сүйеген. Нәлет ғасыр қиянатқа толар құр, Адыра қалсақ қасиеттен, киеден! Аушадияр, жетінші атаң – Сауап-дүр, Жеті жұрттың қамын жерсің, кім білген. Ар аттамас аманатқа жауапты ұл, Күллі өмірі өтсін, мейлі, сүргінмен!
БАБАКҮЛДІК
Не бар бүгін санамыздан сырт қалған, Аз ба мынау алаң-алаң жұртта арман?.. Қандастардың сорғалайды көз жасы Жат аспаннан жөңкіп жеткен бұлттардан. Көкірек тұсы қарс айрыла сетінеп, Талай қазақ бас сауғалап кетіп ед. Еңкілдеген тамшылардың тілімен Сөйлеп жатыр мұңлы жаңбыр – жетімек. Жер астынан күңіреніп марқұмдар, Құдай жақтан құйып тұрған зар тыңдар. Жанға сіңген қасіретті халқым бар, Қанға сіңген қасиетті салтым бар. Болашағым – бұлдыраған қу сағым, Туған жерім – мәңгі жалғыз сусарым! Сақтап келем бұрқыратып жадымда Бабакүлдік топырағы мен жусанын...
ТОЛҒАН АЙДЫҢ ДҰҒАСЫ
Бүгін, бүгін деседі, Тамыздың он бесі еді... Ай толды қара жерді нұрландырып, Дәл қазір туатындай жыр мәңгілік. Ойлайды күз туралы дірдектеумен – Жапырақтар тәтті ұйқысын құрбан қылып. Паң дүние тұр ғой маған сыртын беріп, Жоғалып кетсем бе екен бұл түнге еніп? Даланың ауасын да сағындым-ау, Қаланың тірлігіне күлкім келіп... Құстардың өлеңдетіп сазды әлемін, Айтатын бір сырым бар жазға менің. Жалғыздық деген досым жоқта кеше – Қалқамның жүрегінде маздап едім. Пенденің Алла алдында күнәсі нән, Жанымды тазарта алмай құр ашынам. Аспаннан құлайыншы жұлдыз құсап, Масайып Айдың тылсым дұғасынан!..
ЖАРҒАНАТ
Күнді өлтіріп пері біткен зарланад, Қан-қан болып тыста кеш... Мадақтап жүр қараңғыны жарғанат – Тышқан да емес, құс та емес! Жарғанаттың ойлағаны – сұмдық ой, Ақыретте де жұлқылар. Қанатымен жүрегімді тілді ғой, Жанымды арбап нұрқұмар... Келе жатыр табыт құсап түн күліп, Қаперінде – қара мұң. Жіберердей сау адамды жынды ғып – Жұлдызқұрты наланың. Обалымның періштесі шыңғырып, Қашып кетті далаға. Жарғанаттың соқырлығын сіңдіріп, Қалып қойдым қалада. Мылқау елес шартарапты шарламақ, Қайыр күтпей тұстан еш. ...Саудалап жүр жарығымды жарғанат – Тышқан да емес, құс та емес!
ДИСФОРИЯ
Жанарымнан жұпардай мұң бұрқырап, Жыр жазамын Жанымды шыңғыртып-ақ... Жұлдыз-Гүлдер аспанда қауыз жарса, Жалқындана жарықтық Түн құлпырад... Мен – сол Түннің қараңғы баласымын, Кештім талай таң ата дала шығын. Жер өксиді – теңізге Күн батқанда, Сыздайтыны және бар жарасының. Ұғылмайтын бір ғана бәйітпенен – Түсініксіз тылсым ғой Ғайып деген... Мен сүйетін Перінің Қызы мінген – Құс Жолынан қанатты қайық көрем... Ай – жартыкеш, қайтейін, Мен – есалаң, Жалғыздықтан бізді жұрт демес аман. Жетім Қырдың шөптерін қозғап қойып, Салды тағы салқындау Жел есер ән.
Көр ішіне – Күн шықса көшіп алып, Ақыреттің аңқимын Қошы дарып... Жалқы мола басында – жалғыз ағаш, Жылап тұрды көз жасы жосып ағып...
ҚАРА СҰЛБА
Түн жылап құр... төнеді қара сұлба... Тұнжырап қыр... көнеді дала сұмға... Ғасырлардың жаңғырып санасында, Ғасылдандым мәңгілік дара сырға. Жол көрінді жон асқан, жан баспаған, Бұйырады ол – бұйырса алғаш маған. Кеше бәрі мен үшін басқаша еді-ау, Қайда кеткен жұмаққа жалғас панам?.. Дірілдедім жапырақсыз күзгі ағаштай, Шара қайда жүрекке сыздамасқа-ай... Қара сұлба төстеп тұр жан-жағымды, Бір жарыққа жетсемші түзде адаспай. Тірісі де сезілмей, өлісі де, Теріс келді мына түн оң ісіме. Бұл тажал ма, ажал ма басқа түскен, Өлік болып қамалдым көр ішіне...
Ауыр сұрақ қойғандай Мүңкір-Нәңкір, Тар қапаста таныттым бұлқынған түр... Ауылым көшіп жоғалды аспан жаққа, Жалғыз мола ғана тұр жұртымда аңқыл. Көкке ұшпайтын құс едім қанаты жоқ, Қарамаймын көзімнен таратып от. Қара сұлба – жалмаған қанатымды, Жұтып қойған нұрымды – қара түнек!..
АРЗУ
Құсни түннің қанаты – қыршын дәурен, Сусылдап тұр ғаламды тылсымдаумен!.. Лаухыдағы Кәламдай шексіз аңқып, Жүрегімде бір өлең күрсінді-ау кең. Ғұмыр бойы шектіріп тәтті азабын, Жетер, бәлкім, түбінде Хаққа зарым. Аймен қоса жұлдыздар мөлт-мөлт етер – Тамшыласа көзімнен тап-таза мұң!.. Түз төсінде жанғанда тұтанып от, Пәруаналар жалыннан жұтады көп. Мен де талай татқанмын бал шараптан, Жалқы жырым Жұмақтың жұпары боп. Мәй ішкенмін, содан соң шер ішкенмін, Шайтандардың шәріне теріс келдім. Ғазал арнап шығыстың шәйіріндей, Пейішінде шалқыдым Періштемнің.
Шуағы мен шұғыласын қатар жайып, Орнайды әлі әлемге Сахар-Ғайып!.. Құс жолына жәудіреп қарай берем, Дидар-талап қылғанға сапар лайық. Бақиға тән бақ табу – жалғыз арман, Фәни кезген елес қой пәмді жалған. ...Ақиқаттың атқанда аппақ таңы – Нұр жұқса екен жаныма Мәңгі Жардан!..
ШІЛДЕ ГАЛЛЮЦИНАЦИЯСЫ
Күннің көзі кеткендей бір шашып от, Өртеніп тұр шөл дала... Бірақ неге көлеңкемнің басы жоқ, Мен шығармын көрбала? Өлген ойдың жинап алып қаңқасын, Жүрегіме жерледім. Ақылдың да кептіреді-ау аңқасын, Қосылған соң шерге мұң. Мына жақта азаттық та тәуелді, Үндемеймін қырсығып... Түстім, міне, қалыбыма әуелгі, Жан ғой нағыз тіршілік... Қараң қалды құштар сезім, шат көңіл, Естілед тек жаңғырық. Алда дейді көрер қызық, тәтті өмір, Көп адасқан қаңғы үміт. Жанарымнан бара жатыр тасып от, Өртеніп тұр бәрі де... Бірақ неге көлеңкемнің басы жоқ, Табиғаттың кәрі ме?
БИЫЛҒЫ КҮЗ
Биылғы күз түскендей алғашқы рет, Жек көріп жүр біреулер албасты деп. Жазғы дәурен бүгінде көшті бастан, Бір-бірімен маусымдар алмасты кеп. Күзге балап перінің керім қызын, Тарқатамын ымыртта шерімді ұзын. Соңы қысқа ұласып жатса жатсын, Мына келген тек қана менің күзім!.. Тоңдырса да суық түн, ызғырық күн, Көктемді емес, кәдімгі күзді күттім. Күз жақсы ғой өмірмен қоштасуға, Салқын соққан жүректі мұз қылыппын. Биылғы күз түскендей ақырғы рет, Жек көрмей жүр біреулер ақылды боп. Өткен-кеткен бейуақыт еске түсіп, Неге қинай береді-ай ақынды көп?..
ҚОҢЫР КҮЗ ҚАСИДАСЫ
Тәтті ойымды отырмын шерге малып, Жапырақтар шулайды желмен ағып... Қоңыр күздің сезінбес сырын ешкім, Ол жазғанның мені іздеп келгені анық. Бірінші рет көргендей бұл қаланы, Қара албасты секілді түн қамады. Жалғыздықтан жыласа қоңыр күзім, Мендік көңіл мезгілсіз мұңданады... Төсінде өстім қой бағып кер даланың, Бала кезден дүниеге кең қарадым... Қоңыр күздің түсінбес жанын ешкім, Ол жазғанның сүйгені мен ғанамын. Тәкаппар түн түнеріп түкті ұқпайды, Қараңғылық ішінде жұттық қайғы. Таң атқан соң күлімдеп қоңыр күзім, Мені туған күніммен құттықтайды...
КҮЗГІ ДЕПРЕССИЯ
Жалғы ағаш өксиді қыр басында, Үнсіз жылап тұрады ол, тұрмасын ба? Мен де айырылдым жапырағымнан, Көз жасым бар жететін мың ғасырға. Бүгін күз сап-сары күрсінді... Қайтып барад қиқулап құс тағы бір, Қалай қалсын санамнан тысқары бұл? Қас-қағым сәтте өте шықты-ау – Қысқа дәурен, қысқа жаз, қысқа ғұмыр. Бүгін күз қоп-қоңыр күйзелді... Бұлқан-талқан бұлттардан түнеріп көк, Неге төнед төбемнен шіреніп кеп? Көрдей түнге қамалып енді, Түк бітірмей жатырмын тірі өлік боп. Бүгін күз қап-қара күңіренді...
БЕЙМАЗА
Келімсекке кең болғанда бұл шаһар, Түсінбеймін, неге маған мұнша тар?.. Көрдей соқыр көлеңкесі боп қайғының, Түкпірлерге шегіп барад түн сапар. Жанайқайым үнсіздіктен тұрады, Туылған жоқ жауабымның сұрағы. Екі езуімде емеурін бар емескі, Өлең де сол – Жаратқанның сынағы. Маңдайымның сере сорын құшақтап, Сынық қанат періште жүр – түсі аппақ. Ұша алмайды мен сияқты ол байғұс, Дәріл-дүние, шәргіл-шайтан тұсап қап. Теңіз анау тулап-тулап шаршаған, Салады ылғи толқындары сарсаң ән. Ертең түк те өзгермейді, көр де тұр, Тек әншейін күзді ғана қарсы алам.
Күз кеткен соң келеді ғой қыс төніп, Талай дүрің қу табытты құшты өліп. ...Жорытпаймын тәтті ұйқыдан оянсам, Қайырымды қала жайлы түс көріп!..
ЖЕЛТОҚСАН ТҮНІ
Мына түн ызғарлы – қарғыстай, Себебі – жүрегі суыған. Өлетін сияқты таң құшпай, Көп жұтып өксіктің уынан. Мына түн ызбарлы – тамұқтай, Себебі – өртеніп барады ол. Айналып кеткендей табытқа Ай, Созылды көкке, әне, қара қол... Мына түн жаралы – жанымдай, Себебі – сотталған ар үшін. Қайтейін, қорғаушым табылмай, Алаңда тапталған намысым. Мына түн қаралы – жұртымдай, Себебі – оқ тескен маңдайын. Жаңаөзен қалмайды бұлқынбай, Өткенді ұмытпай әрдайым...
СЕЗІМХАТ
Әлімсақтан тағдырымыз жұмбақ боп, Тәңірінің құдіретінен жаралған. Көкейімізге нұрын құйып мұңдақ көк, Жолығыстық шұғыла шашып жанардан. Екі ғашық – бір ғұмырмыз, жалқымыз, Түйсігімізді тылсымдылық балқытқан... Санамызға күз салғалы салқын із – Елесіміз жүр қала үстінде қалқып паң... Түннен көшсек періштелік пішінге, Айдан тамар көз жасымыз жап-жарық. Өлең аңқып жұлдыздардың түсінде, Жарқ етерміз қараңғылықты қақ жарып. Жаттың ойы – тұрпайылау, тағылау, Ойлай берсін бір-біріне жағуды... Ғайыпқа ұшып баратырмыз, жаным-ау, Қанатымыз бар қайырыммен қағулы...
ЕСТЕЛІК
Ерке тамыздың бесі ме бүгін, Несіне, күнім, күрсіндің? Мен деген – ерте күйініп кектен, Қиылып кеткен қыршынмын... Біздің несібе – сағынышы көп, Бағынышы жоқ ғашықтық. Бір-бірімізге қаратты Құдай, Жаратты құлай асық қып. Сәулелі сезім жүрекке сіңбек, Тілектесім боп жүре бер. Қасыма келсең күш-ағын тасып, Құшағыңды ашып күле кел. Су суиды ертең – сүмбіле туып, Гүлді де қуып сырдаң күз. Шексіз дүниеде бағын іздеген – Жанымызбенен нұрданбыз. Белгілі маған көлгір емесің, Мөлдір елесің түн кезген. Сақтайын сені – сормаңдай қылар, Жолдан тайдырар тіл-көзден.
Ерке тамыздың бесі ме бүгін, Несіне, күнім, күрсіндің? Мен деген – ерте оралып көктен, Жоғалып кеткен тылсыммын...
ҮШБУ SMS
Берген-ау Құдай сезімді сынап... Жанары болып көктемнің Жасымды көл ғып төккенмін, Самалы болып көк белдің Гүлдей ерніңнен өпкенмін - Әуелде Хақтан өзіңді сұрап!.. Жеңістерімнің ұлы туысың... Арылу керек уақыттан, Айығу керек бақыттан, Адасу керек бағыттан, Алжасу керек шабыттан – Мәңгілік сені ұмыту үшін!..
ҮШБУ SMS-2
Адам асыққан сайын кешігеді... Сенің хатыңнан Махаббаттың ешқашан өлмесін ұқ, Жоғалармыз жай ғана көрге сіңіп. Жүрегімді жылытты-ау сөнбес үміт, Бақытымдай жолықтың сен кешігіп. Сен кешігіп жанғансың жұлдызымдай, Тұрмайтынын білсең де түн бұзылмай. Сен кешігіп жазылдың мұңды жырдай, Ақын болып кеттік қой сырды жырлай. Асыққаның – Ғашық халің!
Жандос ДЕМЕСІН 1985 жылы Маңғыстау ауданының Бекі ауылында дүниеге келген. Қазір Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұрады. Ш.Есенов атындағы КМТжИ университетінің түлегі. Аймақтық, республикалық деңгейдегі бірнеше ақындар мүшәйраларының жүлдегері. Өлеңдері облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланып жүр.
ЖҰЛДЫЗДАР АҚҚАН ТҮН
Мына түннің түсінбей тіліне түк, Қарап қоям жанымның мұңы жетік. Жұлдыздар-ай ғұмыры түгесілген, Түнгі аспанды ағады тіліп өтіп. Қақ төбемнен жұлдыздар көп ағады, Аспан түнде осылай тоналады. Түу, алыстан зымырап төмен ағып, Қара жерге жетпестен жоғалады. Түнгі аспанның жұлдыздар тастарындай, Еріп, ағып түсетін қас-қағымда. Бақыт шығар жұлдызға жерге жетпей, Жоқ боп кету өзінің аспанында. «Жұлдыз адам ғұмыры» дейді әңгіме, Білем өмір деген бұл майданды мен. Сансыз жұлдыз алдымда ағып түсті, Қаншама адам кетті оны қайдан білем?
Жаратқан-ау бұларды қызық етіп, Жұлдыз ақса ғұмырды үзіп өтіп. Әне, тағы бір жұлдыз зымырады, Қарашығын көзімнің сызып өтіп. Жан бар ма екен ұйқысыз бүгін мендей, Мына түннен бір қауіп білінгендей. Үш айтуға «жұлдызым жоғары» деп, Осы түнде отырмын тілім келмей.
БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫ АҢСАУ
Өткен жылдар ішіне жасырынды Балалықтың мен үшін бәсі құнды. Есіме алдым еріксіз сол бір шақты, Тауып алып ойнаған асығымды. Бар ойынын біздерге берген тізіп, Балалықта көп еді көрген қызық. Ауыл үйдің жиналып бар баласы, Асық атып ойнаушы ек шеңбер сызып. Ойын деген сол шақтың сыйын ұғып, Асық аттық еңкейіп жиі бұғып. Шеңбердегі асықты шығарады, Атылғанда сақалар шиырылып. Сол күндердің айрылып өрнегінен, Бақыттың алдына сан өңгерілем. Сақа-уақыт атылып енді өзіме, Балалықтың шығарды шеңберінен. Сағынамын аңсаймын сол күндерді, Бала болып тағы да көргім келді. Әттең, бірақ қолыма ұстатпайды-ау, Бұл өмір асық салған қоржынды енді.
Тәтті кезі сол еді өмірімнің, Сол шағымда ойынға көп ұрындым. Балалығы – адамның бақыты екен, Есейіп ержеткен соң соны ұғындым. Балалықпен қызықтың өтті бәрі, Бір күнім кеп бір күнді жоқ қылады. Балалықтың ізі ме? Асық көрсем, Шиырып ап бір атқым кеп тұрады.
САҒАН
Өмір деген жапырағын жайған бақ, Сол бір бақтың әсем үнін тыңда сен! Гүлдей болып тұра берсең жайнаңдап, Мен өзіңді бір иіскемей тұрмас ем. Мүмкін емес сенбе мейлі, сен мейлі, Ғашық болмау сендік сұлу кескінге. Бірақ менің өлең жазғым келмейді, «Сүйемін» деп жылап тұрып ешкімге. Махаббаттың отына өртеп қанатын, Өлеңдері толып шер мен шеменге. Жылап кетті менен бұрын сан ақын, Жылап жатыр кейінгісі менен де. Бұл махабат өз алдына бір әлем, Ішінде оның көп болғанмен күйік тым. Жыламауға тырысамын мына мен, Жылатпауға сен де тырыс сүйіктім.
Ғашықтықтың шыңдарынан шоқыдай, Құлап түссем құдай ісі бұл анық. Жырларымды жыртып таста оқымай, Тақырыбы сөйлеп тұрса жыланып. Өмір бақта болғанымен қызғалдақ, Қыздар үшін жылатпаймын жырымды. Жылап өлең жаза алмаймын қызға арнап, Әуел бастан білесің ғой мұнымды.
ЕСКЕНДІРДІҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
Жауларының бұзған талай қамалын, Өзі билеп тұрған бір кез заманын. Патша Ескендір өлерінің алдында, Былай депті шақыртып бір адамын. Бір өзіме бағынғанмен заманам, Берген жанын алмақ Алла тағалам. Патша қылып ел сайлады өзімді, Таққа отырам деп тумап ем анадан. Ерлігім бар есімімді танытқан, Қаһарымнан жауларымның бәрі ыққан. Жарты әлемді жаулап алдым амал не, Кетем қазір бұл бес күндік жарықтан. Мен өлгенде кебін орап денемді, Алақаным шығып жатсын табыттан. Бұл бұйрығым кетсін елге таралып, Өмір барда өлімнің де бары анық. Дүнияны ұстаған қос уысым, Шығып жатсын табытымнан ағарып.
Өлсем қазір жер болады төсегім, Барша жұртқа сабақ болсын осы өлім. Сосын менің арқалап ап мүрдемді, Ортасымен жүріп өтсін көшенің. Атағым мен атым қалар тарихқа, Аттанамын о дүниелік бағытқа. Ерлігімді мойындаттым әлемге, Өлімім де сабақ болсын халыққа. Көрсін халық мені де ажал атқанын, Көрсін және соңғы күнім батқанын. Жарты әлемге әмір болған Ескендір, Айнала алмай сұм ажалдың қақпанын. Өлім жетіп анау бақи өмірге, Құр алақан кетіп бара жатқанын. Өлді осылай сөзін айтып ақырғы, Есіл ерін жоғалтып ел аһ ұрды. Өзге жұртқа көрінгенмен жауыз боп, Өз еліне патша еді ол ақылды.
Тәмамдасам осылай хақ жырымды, Өлім солай жеңді патша ғұмырды. Болса деймін бұл бір өлім шын үлгі, Елді билеп тұрғандарға бүгінгі.
СЕНІҢ СҰЛУ СУРЕТІҢ
Өмір атты мұражайды аралап жүріп, Кез болдым сендей әсем көрікті бейнеге. Дидарың қандай әдемі қараған күліп, Сұлулығыңа тәнті боп қалды бой, дене. Қап-қара мөлдір қараған көздер-ай ғажап, Қаралық керек сияқты қолаң шашыңа. Отырмын сұлу бейнеңді көзбен аймалап, Жете алмай әттең қасыңа...
ЗАМАНА
Шындықты айту – арман бұл, Қоғам іші мақтау сөздер жалған кіл. Шындықты айтсаң басың кетер заманда Өтірікші жандар дүр. Керек боп тұр айла ұтқыр, Жылайын деп тұрсаң дағы жайнап күл! Шындықты айтып оза алмайсың, Себебі… Батыраштар балталарын қайрап тұр. Көріп тұрып сұмдықты, Айта алатын бірі бар ма шындықты? Ойлап кеткен көбі қарын тірлікті, Ал, сөйлетсең шеттерінен кіл мықты. Шындық қоссаң сөзіңе, Әзірейіл көрінеді көзіңе. Қара жерге көміп тастап тірілей, Жаназаңды шығартады өзіңе. Жағымпаздар бағы жанып жасаған, Алымпаздар қос қолымен асаған. Тойып әне, секіреді мас адам, Тоңып міне секіреді аш адам.
АМАНАТ
Әбіш Кекілбайұлына Бесшоқы – тау төресі өр тұлғалы, Мұнардан көре алмадым көркіңді анық. «Ел үшін өлу – ердің арманы»- деп, Қан майдан шақырып тұр еркімді алып. Бұл да бір жазу шығар Тәңір қылған, Ел үшін шаһит кетсем жаным құрбан. Табаным тайып барад Мырзайыр шөл, Бытыра сусыл сары шағыл құмнан. Аман бол, Ағаштым-ау, Көрпешігім, Мырзайыр, Басқұдығым, өркеші құм. Барамын қазыл жалын ортасына, Сіздерге ақтарылып келте сырым. Қайтейін... Артым – түнек, алдым – жалын, Ұсынған татып көрем тағдыр дәмін. Бере гөр амандығын, Жаратқан Хақ, Артымда жалғыз тұяқ қалдырғаным?!
Қиын күн елге қатер төнді жаман, Арманы, үміті көп, мен бір адам. Құдай-ай, жалғыз ұлды беріп едің, Қызығын қиясың ба, енді маған?!
Туған жер, ар сыйлаған маған аппақ, Дәл бүгін босағаңнан барам аттап. Әуелі Алла, сосын Пірім Бекет, Сіздерге жалғызымды аманаттап...
- *
Бойлаған тұла бойға нала күшті, Өкініш қарып өрттей барады ішті.
Әкенің жанарынан жас үзіліп, Маңдайдан иіскеп, сүйді бала Әбішті.
Шығып тұр қош айтысып жиыла жұрт, Таулар тұр мұнар жапқан күйі – ғаріп. Аттанды қайран әке... Туған жердің Бір уыс топырағын түйіп алып.
Дүмпу бар жер мен көктің арасында, Тағдыр-ай, мұң қайғыңа қарасын ба? Сызығы көкжиектің көсіледі, Сәбидің көздерінің шарасында. Жазмыш айналдырар қинаса шыр, Майданға әке кетті қимас асыл. Таң атса, көкжиекке көп қарайды, Елеңдеп қоңыр өңді, бұйра шаш ұл...
ӨКІНІШ
Табылды Досымовтың рухына Қызарып батты күнім кешқұрым, Ұқпаңдар мейлі жырымды ешбірің... Кәрі Каспийдің толқындарынан, Ақжайық, сенің мұңыңды естідім. Тарқайды қайтіп жанымның шері, Ессіздер жырдың мәнін білсе еді? Ұйықтап кетіп оянбады ұлың, Қайғыға бөлеп, Нарынқұм, сені. Ақындық дертті ұғар жан қайда? Берілем жиі күмәнді ойларға. Гитарасын ап ән ғұмыр тұлға, Мінбейді енді трамвайларға. Әнменен айтқан Жайыққа сырын, Бағасын алмай лайық басының... Жүрегін жарып елге қалдырып, Өр ақын кетті ғайыпқа сіңіп. Миықтан үстем күліп қарады, Өнерді қайсы ұлықтағаны? Көкелер көкке созады мойнын, Ақындар жерге кіріп барады.
Мәңгүрттер бұған қамықпас анық, Қайтесің басқа дарытпаса құт?! ...Табылды халқы көтеріп барады, Тірісінде емес... табытқа салып. Әттең...
АҚЫН ЖҮРЕК
Құнықты қазынаға құмар ағам, Ұлықты мен қайтейін, ұнамаған. Мұң-зары естіледі мұнайшының, Төлеген жырға қосқан мұнарадан. Қайран ел, жүзер ме екен кемең өрге, Сыздаған жан-жараңа өлең ем бе? Шерменде көңіліміз алаңдайды, Жерден де қауіп төніп төбеден де... Көмілді күл-қоқысқа менің аулам, Алаштың кім қайтарар бағын ауған? Зымиян көк көз келіп сығалайды, Оқ тескен іргедегі саңылаудан. Заманым құтырынды жын ұрғандай, Жойылып кетер ме екем түгім қалмай. Таландық талайына түлкі беттің, Білмедім, тәуелсіздік құның қандай?!
Жатқанда жебір қоғам хақымды жеп, Жендет оқ қарауылдан атылды кеп. Осының бәрін көзбен көріп тұрып, Ызадан жарылады ақын жүрек...
ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫ
...Жендеттер судай ағызған, Азаматтардың қаны арзан. Айнұр Тұрсынбаева Залым заманның көргем жоқ тұрғанын оңып, Азамат өлді бір оқтың құрбаны болып. Қаралы жиын тарады мола басынан, Қат-қабат жердің астына тұлғаны көміп. Қаймана қазақ сөгіліп қабырғасынан, Сыйғыза алмады ішіне зарын тасыған. Жалғыз-ақ тиын екенін қазақтың басы, Мойындап қайтты қауым ел қабір басынан. Үрейлі ой билеп халыққа қатер көп төнді, Қаруын кезеп қандықол «атам»- деп келді. Алтын кәлласын қапыда Жәңгірге беріп, Ықылас сұмның қолынан Махамбет те өлді.
Сыртымнан күліп сұм заман мазақ қылмашы? Көзімнен ақты мөлдіреп азаптың жасы. Қарақшылардың қолынан қала бере ме, Қара бақырға татымай қазақтың басы. Неліктен шындық ақырып тіл қатпайды екен, Неліктен заман жасырып бұлғақтайды екен. Фәни базарда бағасыз қазақтың басы, О дүние жаққа барғанда қымбаттай ма екен?!
МЕНДІК ӨМІР
Бақтыбай Жайлауға Разы қылу қиын-ау тәмам елді, Атағым жоқ жаратын қара жерді. Әкім емес, ақынмын қарапайым, Көзқарас жоқ сонда да маған оңды. Бірі мінеп, ағаның бірі сынап, Танытпады қабағы жылы шуақ. Елді ұмытып тоналған жерді ұмытып, Тыныш жүру екен ғой дұрысы нақ. Болмасам да жұлдызы жыр көгінің, Біреуден соң, біреуден ілгерімін. Сәлем бермей өтеді қарсы алдымнан, Әкімдікті жағалап жүрген інім. Жыр оқысам ел жайлы сахнадан, Тыжырына қарайды әкім ағам. Ешбіреуге жақпадым сөз етіп ем, Қабырғасын қазақтың қақыраған.
Ақын ағам сыбырлап жақын келіп, Тілек айтты: «Болсын, - деп, - тақым берік; Лирикалық өлең жаз! Саясатты Қайтесің?!» - деп қояды ақыл беріп. Туған елден қайтейін сыр жасырып, Жыр жазуға жетемін түнге асығып. Елдің жайы мүшкіл ғой түсін, досым, Гүл теремін қалайша қырға шығып?! Ой үстінде неше түн, неше күнім, Қағаз, қалам, шындықпен дос өмірім. Заржақ болдым, амал не, Замананың, Қытығына тисем деп көсемінің. P.S. Жараса екен ел үшін осы өмірім...
ДАЛАЛЫҚ ПЕН ҚАЛАЛЫҚ
Берден шалдың біледі атын өңірі, Мал бағу да, емес кәсіп жеңілі. Өмір бойы малын бағып кеңшардың, Қой артында өтті дейді өмірі. Шаруаның кезі де бар мәз еткен, Шопандық бұл, кәсіп еді қажетті ең. Шопандардың жиналысы болады, Осы сөзді оқып қалды газеттен. Малшы ауылы жатқан алыс ең бір түп, Бар киімін киіп алды оңдыртып. Сол жиналыс болатын күн таңертең, Орталыққа жетіп келді желдіртіп. Жиналыстар қызық еді ол күнгі, Есік алды арқа-жарқа ел тұрды. Костюм шалбар, аппақ көйлек киінген, Кілең шопан үлкен залды толтырды.
Малшылары келді осылай бар маңның, Секілді бір көктен шопан жауған күн. Жиналысты әсем әнмен ашты да, Бас хатшысы сөз сөйледі ауданның. Бұл ауданда мал көп тіпті неше мың, Құдай білсін енді қанша өсерін. Қозылы қой төлдің басын түгендеп, Райкомың беріп шықты есебін. Мұндай сыйдың болатынын кім білген, Кім бар бұрын мұндай алғыс білдірген. Мақтау қағаз үлестірді Райком, Шопандарға алғыс айтып бір-бірден. Аман алып қалған малды жұттардан, Еңбегі оның талай жерде құпталған. Малдың басын өсірмесе, азайтпай, Бекең ғой бұл, талай жерде құтқарған.
Деп Райком сахнаға Берденді, Шақырып ап, жарайсың деп қол берді. Мақтау қағаз,алғыс хатын табыстап, Кеудесіне тақты әкеп орденді. Үздік малшы деген белгі қараса, Бекең үшін атақ қой бұл тамаша. Мақтанышпен әркімдерге көрсетіп, Мәз болады қуанады балаша. Алдына сап, малды айдаумен ілгері, Берден шалдың өтті бастан күндері. Бір бас қойдың тілеп екеу болуын, Малдан басқа қам-қайғыны білмеді. Қорасына азын аулақ жандығын, Жинап алып кетті ұлына қалдырып. Жасы жетіп, төске түсіп сақалы, Бақилыққа сапар шекті мәңгілік.
Мал мұра боп қалды келін-балаға, Бірақ жастар не істемекші далада? Мал мүліктің бәрін сатып тынды да, Көшіп кетті зәулім үйлі қалаға. Келін бала кетті өңдері жаңарып, Жаңа қазақ болып алды қалалық. Балконынан көп қарайды үйінің, Ұмытқандай екендігін далалық. Ол шопанның баласы еді міне енді, Қала келіп төбе көкке тірелді. Кеше көрдім Берден шалдың баласын, Қойшысың деп мазақтап жүр біреуді.
БАЯҒЫ АУЫЛ КЕШІ
Ауыл кеші, жаздың күні ұзарып, Шат-шадыман көңіл билеп даланы. Төбемізден ысыған күн қызарып, Қиясына батайын деп барады. Қызыл іңір жақындады кеш түсіп, Өріс жақтан мал келеді жайыла. Біздің үйдің асығады ешкісі, Шешеміздің сүт құюға шайына. Көрші кемпір малдан алған керегін, Түйесінің сүттілігін айтады. Даңғырлатып алып кеткен шелегін, Қора жақтан әрең алып қайтады. Әр күніміз ойынменен жалғаулы, Шіркін сол бір, күндерімде көп думан. шаң-шаң балақ,жыртық тізе шалбарлы, Біздер ойын баласы едік, доп қуған. Кәрі-құртаң отыратын салқындап, Төбе басы сонысымен ажарлы. Қауқылдасып, күліседі жарқылдап, Болып жатқан жиын сынды базарлы.
Осы ауылға боласың-ау, қарап таң, Маңдайыңда көрер көзің болсын тек. Пейіш бақтың бір бөлігін Жаратқан, Жібергендей тірілер де көрсін деп.
МҰСТАФА ШОҚАЙ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?
Ән салғанда бұлбұл көмей, жезтаңдайлы Әміре, Бүкіл Париж тамсанған-ды дауысына, әніне. Француздар қошеметтеп, аяғынан тік тұрды, Ал, Әміре қасиетін мойындатты ұқтырды. Париж төрі, болып жатқан концерт еді әдемі, Сол концертте Шоқайұлы Мұстафа да бар еді. Мұстафаның ұлт дегенде өртенетін өзегі, Сол үшін де қуғындалып шетте жүрген кезі еді. Жүректе бар елге деген сағынышы қашанғы, Әмірені тыңдап тұрып жанарына жас алды. Концерт бітті, жиналған ел залдан кетіп тарады, Ал, Мұстафа Әміреге кездесуге барады. Екі қандас қауышады құшақтаса жабысып, Мұстафаның жанарынан ыршып түсті тағы шық.
Жанарына жас ап тұрып Әміреге тіл қатты: – Ей, Әміре, дарыныңмен мойындаттың бұл жақты. Өзің асқақ, әнің асқақ киімің неге жұпыны? Дәл қазақы нышан қайда, бөркің қайда үкілі?! Қошқар мүйіз оюланған шапан қайда келісті? Киімін киіп үлгі тұтып жүрсің неге орысты?! Жиналған ел, дарыныңа баға берді ғажап деп, Бірақ сені мұндағылар білді ме екен қазақ деп?! Жүрегіңде, жан дүниеңде қымбат ұлттық өнер бар, Бірақ ұлтты танытатын киіміңде не мән бар?!- Шоқайұлы осылайша Әміреге ұрысты, Дегенменен Мұстафаның бар айтқаны дұрыс-ты. – Еркіндік жоқ, саясат қой, саясат қой бәрі де, Деді-дағы мұнан артық сөз айтпады Әміре.
Содан бері біздің қазақ қанша жылды өткізді? Көп аңсаған еркіндікке бүгінде қол жеткізді. Кеше Кеңес шетке тепті, ұлтты сүйген ерлерді, Қаншама асыл азаматтар өзге жерде жерленді. Тарих бәрін жоғалтқан жоқ сақтап қалды мәңгілік, Мұстафаның ұлтым деген даусы қалды жаңғырып. Біздің қазақ, қазақ болды ғарышқа да жол ашқан, Азат елміз, қара бұлттан тазарғандай көк аспан. Бірақ, бірақ... біреулер мәз жүргеніне тірі боп, Ұлтын ойлап жас ағызып жылап жүрген бірі жоқ. Ұлттық бояу табылмайтын азып бітті ел іші, Мұның бәрі рухсыздық, ұлтсыздықтың жемісі. Белең алып бара жатыр ар мен ұят саудасы, Қазақстан – секілді бір рухсыздар ауласы.
Ұлттық бояу көрінбесе әр қазақтың бойында, Ұлтпен бірге асқақ рух айналады ойынға. Табылмаса айналадан ұлттық бояу түр пішін, Зор қасірет сол болады мынау қазақ ұлты үшін.
МАСКҮНЕМ ЖАЙЛЫ ЖЫР
Бір маскүнем болды ауылда есі жоқ, Жүрген әркез өміріне хошы кеп. Ішеді ылғи шөлмек толы арағын, «Дүниенің бар қызығы – осы» деп. Арақ исі үсті басы аңқыған, Күнде өтетін біздің үйдің артынан. Қырсыққанда оған ит те үрмейтін, Көше түгел үркетіндей «даңқынан». Ол сорлыға арақ болды жалғыз ас, Өзі сондай көше кезген қаңғыбас. Жым болатын жылап жатқан бала да Кеп қалды деп қорқытқанда әлгі мас. Ауыл үйдің сөз ететін барлығы: «Қолы шебер еді, іске бар қыры». Кейде өсек боп ауыздарда гу-гулеп, Сөз болатын маскүнемнің тағдыры.
Сол маскүнем көрінбей жүр ауылдан, Дейді біреу: «Көтеріліп ауырған». Бірі айтады: «Кетті дейді түрмеге», Сан өсекті жүрді құлақ қабылдап. Бір жыл болды «батырымыз» жоғалды, Ел ұмытты, әңгімесін доғарды. Бір жылдан соң, сенесің бе? Әлгіміз... Аулымызға молда болып оралды. – Сол ма өзі? – Иә, соның дәл өзі! Көрген елдің ұшқандай ма зәресі. Баста сәлде, сақал түскен кеудеге, Шапан киген аяқта бар кәлөші. Өзгеріпті, қатты өзгерген жылда бір, Уағызына құлақ түріп тыңда, жүр! Саламатты өмір салты туралы, Сол молдамыз уағыз айтып жүр қазір...
ЗАЛЫМДЫҚ ПЕН ЗАҢҒАРЛЫҚ
Бір мықтыдан асып түсер бір мықты, Жазылмаған заңы сынды тірліктің. Бас қолбасшы соқыр көзді Баязид, Көп елдерін бағындырды құрлықтың. Сұлтан болып кеңге жайды тамырын, Бағындырды дүниенің жарымын. Жер үстінде екі бірдей құрлықты, Тік тұрғызып орындатты әмірін. Баязидке екі құрлық бағынды, Билеуші боп шартарапқа танылды. Талқан етіп Еуропаның жорығын, «Сұлтан әл-Рум» деген атақ тағынды. Жеңіспенен шыға берді шыңдарға, Тілегенін екі етпестен қылды Алла. Бірақ мұның қол астына кірмеген, Әмір Темір ғана қалды бұл маңда.
Баязидтен осал емес Темір де, Өз билігін жүргізді ол да өңірге. Сан қырғынды өткізсе де басынан, Отырды әркез тек жеңістің төрінде. Қаһары оның жарқылдаған алдаспан, Қиып түсер, шартарапқа даңқы асқан. Жаулап алған небір алып елдерді, Ақсақ Темір еншісінде жарты аспан. Бойында бар күш-қуаты сан айла, Мойындатты өз билігін талайға. Басты арманы осы Әмір Темірдің – Соқыр көзді жеңу керек қалайда! Кімнің соры, кімнің бағы бес елі? Мұны жалғыз жеңіс қана шешеді. Қанды қырғын бастап кетті екі жақ, Темірдің де көп күткені осы еді.
Бағындырар әмірімен үніне, Барша әлемге болады екен кім ие? Жауап іздеп жалғыз осы сұраққа, Дүр сілкінді мынау шардай дүние. Айласы асып, күші басым тұрғанда, Кім Темірді жеңе алмақшы бұл маңда. Талайларды бүріп қысқан қос қолы, Баязидті тықты әкеліп зынданға. Соғыс десе қағылмаған кірпігі, Зындан жаққа Темір келді бір күні. Найзағайға қарады да қарқылдап, Езу жыймай көпке ұзартты күлкіні. Ішін ұстап күле берді қарқылдай, (Күлген сайын жарқырады алтындай). «Бұрын бұлай күлмеуші ед – деп – Әмірші» Уәзірлер тұр аң-таң болған қалпында.
Қара түнек тас зынданның ішінде, Баязид те тұрды қатып мүсіндей. – Мұның не?- деп қарап қойды Темірге, Күлкісінің мән-жайына түсінбей. – Батып тұр ма, күлкім менің саған шын? Мұның сырын мүмкін ойлап табарсың. Не болмаса сұрағыңның жауабын Ертең менің алдыма кеп аларсың!» Алтын таққа жамбас тіреп алды да, Даусы шықты айналаға жаңғыра. Ақсақ Темір әмір берді уәзірге, – Найзағайды ап келің – деп – алдыма! Баста қонып тұра бермес мәңгі бақ, Амал қайсы, басқа қайғы салды Хақ. Сәлден кейін келді алдына Баязид, Өңі ажарсыз, басы төмен салбырап.
Темір отыр жиып елді маңына, Ырза болып астындағы тағына. Баязидке «Сен соқырсың!»- деді де, Отырып ап қарқылдады тағы да! Сөз бастады сонда соқыр Баязид, Мына күлкі қатты батып жанына: – Ей, Темір-ай, бастан ауды ғажап күн, Жеңілісім болды маған азап тым. Төбеме кеп жатқанымда зынданда, Кеше күлдің астына алып мазақтың. Менен кетті, саған жетті алтын тақ, Тұр-ау сенің бет дидарың жарқылдап. Аз болғандай кеше күліп кеткенің, Бүгін тағы күліп тұрсың қарқылдап. Арманыңа жеттің білем аңсаған, Әміріңе бас иеді барша жан. Мен де сендей жан болғанмын бір кезде, Неге күлдің, түсінбедім мен соған?!
Байтақ елді мынау жалғыз жанарға, Қаратқанмын, сұлтан болып ғаламға. Күліп тұрсың, бірақ маған туған күн Ерте, кеш пе туады ертең саған да! – Оған дау жоқ, өтер бастан дәуренім, Құрып бітсе, тұла бойда әл-демім. Шынымды айтсам, әмір болған мына Мен, Бір нәрсеге түсіне алмай әуремін. Бір көзің жоқ соқыр болдың, Найзағай, Көз дегенің тіршілікке айнадай. Төбеңе кеп менің күліп кеткенім Жүрегіңе қадалды ма найзадай? Қиналғанын біліп тұрмын жаныңның, Тағыңды алдым, енді әлемге әмірмін. Сені мазақ ету үшін күлгем жоқ, Мен ісіне күлген едім Тәңірдің.
Қатыгез боп барша әлемге біліндік, Тақ та, бақ та жолдас болмас ғұмырлық. Басымызда көп ақыл бар, не керек, Сол ақылдың тудырғаны зұлымдық. Құлап түстің шыққан асқақ шоқыңнан, Жайың міне тұтқын болып отырған. Бірақ Тәңір екеумізге тақ беріп, Не күтті екен ақсақ пенен соқырдан? Осы жайға тұрмын қазір таңданып, Менің бағым талай жерде жанды анық. Бір аяғым жарамсыздау болса да Әміріме құлдық ұрды бар халық. Тәңір білер жаман қайсы, жақсы кім?! Бір кездері сенің даңқың асты тым. Сен соқырсың, мен ақсақпын, жартымыз, Ең бастысы екеумізде бас бүтін.
Мен күлмеймін сондықтан да теңіме, Мұны ашық айта аламын еліме. Маған жалғыз аяқ беріп Жаратқан, Күллі әлемді басып алсын деді ме?! Ешкім күлмес денеміздің кеміне, Сұлтан қылды әлем кеше сені де. Саған жалғыз жанар беріп Жаратқан, Жарты әлемді көріп шықсын деді ме?! Жауыздарға Құдай берді мүмкіндік, Мен осыған келтіремін күлкімді. Кемістерге беріп қойған билікті Тәңір ісі әсер етті бір түрлі. Сұлтан қылып кемістердің тағдырын, Барша жұртқа орындатып жарлығын. Болсын мейлі аяқ ақсақ, көз соқыр, Тіршілікте бас шешеді барлығын.
Жеңіспенен таңдарымды атырдым, Тарихтарда өшпес даңқы атымның. Сен де, мен де дәл осындай биікке Арқасында көтерілдік ақылдың. Қуған жауым қаша алмады құтылып, Соғыс ойын, көргенім жоқ ұтылып. Зұлымдыққа пайдалансаң ақылды, Ұлылығың кетеді екен жұтылып. Ақыл деген қылмас дейсің кімді ұлы? Дене басқа бағынады, біл мұны! Егер ақыл орналасса аяққа, Көрер едің Темір деген жындыны. Бас дегенің – ақыл-ойдың мекені, Кеміс болса, сені жынды етеді. Бүтін болса өзің түгіл баршаны, Алға қарай жетектеуге жетеді. P.S. Өз есімін ойып жазған тарихқа, Мен Темірді бағалаймын алыпқа. Жоқ болса да қол-аяғы, жанары, Ақылы асқан басшы керек халыққа.
ӘЙ, ҚАЙДАМ?
Сені алған күн құшағына қара жер, Жылар ма екен, зар еңіреп тәмам ел. Дейді ме екен періштелер жол сілтеп: «Есік мынау, жұмақ анау, бара бер!» Жәннат бақтың иемденіп қақ төрін, Отырсаң бір көңілің бай, шатты өңің. Айналса ғой алтын зерлі шекпенге, Сені ораған ақзон мата, ақ кебін. Періштелер алдыңа дәм, ас тартып, Фәниіңді ұмыттырса қашқан құт. Тірілерге бас болдың деп тірлікте, Өлілерді қойса саған басқартып. Мадақ болса құлағыңа қонған тек, Дәулет болса құшағыңа толған көп. Құдай сені қасына алса, Шіркін-ай, «Құдайлықтан бір кез дәмең болған» деп.
Бақытың да, байлығың да көл-көсір, Әз басыңа тигізгем жоқ мен кесір. Қаламымды қолыма алып бір түнде, Арманыңды біліп қойдым... Сен кешір? Шықты осылай жүрегімнен жыр түрі, Жамала ма замананың жыртығы? Жарылқай гөр күйі кеткен қазақты, Құдай болып кетіп жатсаң бір күні.
ҚАРА ҚАҒАЗ
Майдан кезі. Қаһарлы күн, кәрлі жыл, Басып алған ауыр батпан маңды зіл. Кіріп келе жататындай әкесі, Есік жаққа елеңдейді жалғыз ұл. Оқ даусынан үрейлері ұшады, Естілмейді табиғаттан құс әні. (Қайғы мұңнан Қаратау да құсалы,) Бала көңіл күтумен жүр әкесін, Пана болып жалғыз шеше құшағы. Әке жүзін көру арман, бір бақыт, Тұрса алдында «ұлым-ау» деп тіл қатып. Бала жүрек көз салады алысқа, Балдәуренін сағынышқа ұрлатып. Қыр белдері қарамайды гүл атып, Әр таң атты еңселерді құлатып. «Келеді әкең» деп қояды анасы, Ұл көңілін, өз көңілін жұбатып.
«Әкем неге, кешікті?» Кенет «тық-тық» еткен үнді есітті. Қасиетсіз қара қағаз сөйлеп тұр, Алып ұшып ашқан кезде есікті. О, Құдай-ай...
АНА
Тербетіліп сенің алақаныңмен, Дүниеге алғаш үнім естілген. Жұбандым да әлдилеген әніңнен, Ақ сүтіңнен қуат алып өстім Мен. Нәр бердің-ау тамырыңды идіріп, Сенің шексіз мейріміңе бөлендім. Жүрегіңде-бар жақсылық, игілік, Тілегіңде – тыныштығы әлемнің. Құдіретіңе табындым да... Аңғардым Бүкіл әлем кең емес-ау жаныңнан. Қымбат емес алтын тәжі хандардың, Ана, сенің аппақ орамалыңнан. Аялаған, әлдилеген анашым, Жай күйімді айтқызбастан білесің. Қара жер мен көк аспанның арасын Мейірім мен нұрға бөлеп жүресің...
БІЗДІҢ ҚАЗАҚ...
Кеше көрдім көшеде екі қазақ тірлігін, Керілдесе өштесіп, сабап жатты бір-бірін. Құлап түсті біреуі, бет ауызы қара қан, Арашаға бармайды, айналада жан адам. Боқтанады жеңгені, тоқтата алмай екпінін, Ұрып жатыр төмпіштеп, астына алды тепкінің. Құлағаны ес-түссіз қалды-ау деймін, шамасы, Есерсоқтың есірген соққысына қарашы. Біреу үшін әрине, көрініс қой бұл ғажап, Анадайдан қызықтап тіл қатады бір қазақ: «Өлтір, өлтір сорлыны басына теп, ұр тағы!» Біздің қазақ осылай бірін-бірі құртады.
ДӘЛ ОСЫНДАЙ ЖЫР ЖАЗДЫМ...
Ай, Маңғыстау, Маңғыстау, Тағдырың азап шекпесін, Ұлдарың бүгін арлы ма? Баһадүрлерің кеткесін, Бақадай ұлдар қалды ма?! Ұлыңда қандай күш қалды? Жоғалтып алды Дүр кейпін. Айласы көп дұшпанды, Найзасы жоқ түйрейтін. Қашырып алдық киені, Түбірің кетті үзіліп. Бабаның асыл сүйегі, Боркемік болды мүжіліп. Қалмақтың бұзған қамалын, Қонайың қайда, Қармысың? Шығарған жаудың талағын, Ер Шотан, Досан, бармысың?! Қалмады титтей тектілік, Қасиет қашып қанынан. Басқа бір жаққа бет бұрып, Айрылды ұрпақ барынан. Кінәлі мені демеңдер, Айтқаным үшін көпке сын. «Ұлтымды сүйем» дегендер, Ұсақталып кеткесін. Дәл осындай жыр жаздым...
ТАҚЫР
Гүл де өсіре алмаған пері көктем, Анау қырдың тап-тақыр жері неткен? Сол тақырда бір ауыл болған кеше, Десем ешкім сенбейді-ау егін еккен. Ауыл болған, қарашы, молаға да, (Ауыл сірә моласыз бола ала ма?) Отыз-қырық шаңырақ болған бір кез Қазір тақыр боп жатқан сол арада.
Сол арада Азан шал егін еккен, Еңбегімен маңдай тер төгіп өткен. Бір ауылды асырап жемісімен, Қиындығын тұрмыстың жеңіп өткен. Жемісінен сол шалдың алмақ болып, Ел ағылған сонау кез төңіректен. Жасыл болған, ал, енді сарғайған соң, Жолаушының түспепті жолы көптен. Айтайын сенбес дейсің тәйірі кім? Болған екен осындай жайы мұның. Егін салып бір кезде осы ауылға, Көп тигізді Азан шал қайырымын. Бақшасында ағаштар бүрлей толып, Берді ауылға әдемі күндей көрік. Егінінің жайқалған жемісінен, Үлестірді ауылға бірдей бөліп.
Жайнап өссе, еккені бақшасында, Бағбан үшін бақыт та, бақ та осында. Тегін беріп таратты әрбір үйге, Ұсынғанның алмады ақшасын да. Бағбан сөйтіп дарытты жарлы елге құт, Көрмеді ауыл ауызы дәмнен кетіп. Бақилық боп бір күні кете барды, Азан шалға Алладан пәрмен жетіп. Болушы ма ед қазада төзім берік, Жылайды ауыл, Азанның көзін көріп. Күрек жатыр тұрақ боп боз іргелік, «Көп ұстаушы ед Шаруа шал сол күректі, Күрек енді тастады өзін көміп». Кетті қаза ауылды мұңды қылып, Бағбан шалдың жоқтығы тұр білініп, Көздерге «Ием қайда?» дегенді айтып, Белдеуінде кетпені тұрды ілініп.
Жоқтау айтып қайрымды жанға бәрі, Жылады ауыл, жылайды зарланады. Өкінішті... Содан соң егін салып, Жолын ешкім Азанның жалғамады. Көшіп кетті сосын ел сол маңайдан, Мола қалды төбеде сәл қарайған. Егін қурап тақырға айналыпты, Көктемепті содан соң әр қарай маң. Таралады тақырдан сондай аңыз, Көрінбейді бұл жерден сол баяғы із. Мола жатыр тек қана куә болып, Әруағына біз оның қол жаямыз. Санау қиын жылдарды содан бергі, Барлығы да орнынан жоғалды енді. Тақыр көрсем даладан, көз алдыма Елестеткім келеді көгал жерді.
БАЛА МАХАБАТТЫҢ ЖЫРЫ
Махабат жасқа қарамайды! Ел аузындағы сөз. Сеніп қалып елдің айтқан сөзіне, Жасқа қарамайды деген махабат. Сөз айтып ем жігітсініп өзіңе, Оң жағымнан шарт еткіздің шапалақ. Тыңдалмады арнап келген ниет етіп, Менің бала сезімімнің әуені. Бара жаттың күліп маған кекетіп, Мұрыныңды сүртіп ал деп әуелі. Қала бердім беті қайтқан сезіммен, Талын жұлып маңдайдағы кекілдің, Жасым кіші болғанына өзіңнен, Нақ сол сәтте өте қатты өкіндім. Жасың үлкен қарамадың пысқырып, (Шығар бәлкім менікі де жындылық) Сол күн кеште үй жағыңда ысқырып, Келіп тұрды сені сүйген бір жігіт.
Шықпай қойдың.. Әлгі жігіт бұйыммен, Маған келді, көңілі де жүдеулі. Сені барып шақыруға үйіңнен, Мені жұмсап жіберді. Үй жағыңа бардымдағы жақындай.. Білдім сосын құдай қоспас бізді анық. Сонда да мен қайтып келдім шақырмай, Әлгі сүйген жігітіңнен қызғанып. Қазір бәрі ойлап тұрсам күлкілі.
САҒАН – 2
Саған деген сезімдерім өліпті, Басқа бір қыз бақытым боп жолықты. Сенен гөрі әлдеқайда ақылды, Сенен гөрі әлдеқайда көрікті. Жанарыңнан мөлдір тамшы моншақтап, Жылап тұрдың үнсіз ғана сол шақта. Сүйем деген серттен тайып кетіппін, Айрылмастай болсақ та.. Айтайын ба, енді саған ақталып, Жүректегі бар сырымды ақтарып. Мұның бәрі түсім екен әшейін, Соны біліп кеттім лезде шаттанып. Махабаттың шаттығына мастанып, Жүргендер бар, бақытынан кеш қалып. Мендік жүрек ұйқысынан оянды, Сені ғана еске алып. Сен тұрғанда өзге жанмен ісім не? Мұң түсірмен сендей сұлу мүсінге. Шынымды айтсам, сенен асқан сұлуды, Тек ұйқыда көреді екем түсімде.
ҰҚСАСТЫҚ
Ұқсастық толы айнала, ұқсас қой бәрі барлығы, Ұқсас боп кейде жатпай ма, кейбіреулердің тағдыры. Жұмбақ па, тылсым шешусіз білдіреді екен бұл нені? Ұқсас қой тіпті біреудің жүргені, жылап күлгені. Осылардың жауабын, таба алмай жүрміз біз анық, Қызарып барып батқан күн,Шығады неге қызарып. Сұрақтар көп қой өмірде, тереңге салған түбірін, Бірінің тапсаң жауабын,жауабы шығар бірінің. Дүние деген осындай ұқсастық толы айнала, Өзіңдей ұқсас бейне тұр, көзіңді салсаң айнаға. Астапыралла не дейді?! МЕНМЕНДІК атты көшеден, Ұқсаймын дейтін құдайға, біреуді көрдім кеше мен.
СӨЗЖЕТПЕС СҮЙГЕНІМ
Алтынмен, күміспен қаптадым, Жаным деп жыр жаздым, жақпадым. Көркіңе сай келер, мына мен Ешқандай теңеу сөз таппадым. Жүрегім қиналып жүр менің, Жұлдызым, Айымсың, Күн дедім. Бәрінен асатын көркіңе Қандай сөз айтамын, білмедім? Сөзіммен жақпадым, не дейін, Сөздерден құрғады көмейім. Сен үшін өмірде не қымбат? Айтшы өзің? Мен соған теңейін. Арнадым өзіңе тағы жыр, Қиналған жанымның зары бұл. Қазақта сөз көп қой дегенмен, Өзіңе жетпейді бәрібір.
ТҮНГІ ТЕЛЕФОНДА...
«Алло» деген үнің қандай жағымды, Жадыратып жібердің-ау жанымды. «Жаным» деген жалғыз сөзің иітті, Бойымдағы алпыс екі тамырды. Әрі қарай жалғасты да үніміз, Ашылды кеп ақтарыла сырымыз. Бізден асқан мықты адам жоқ жалғанда, Мақтағанда бірімізді біріміз. Әңгімеден өмір жайлы байқап із, Ертеңгіні оймен пішіп айтамыз. Елестетіп сен – келіншек, мен – күйеу, Келешекке сапар шегіп қайтамыз. Сөйлесеміз жұмылғанша жанарлар, Сірә бізден шертілмес сыр қалар ма? Ұйықтаймыз алғыс айтып содан соң Телефонды ойлап тапқан адамға.
Гүлсім ДҮЙСЕНБАЕВА, 1986 жылы Бейнеу ауданы Бейнеу поселкесінде туған. Орта Азиялық университеттің «Педогогика және психология» факультетін бітірген. «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің мүшесі. «Шабыт», «Каспий – достық теңізі» облыстық фестивалдері мен «Желтоқсан жарасы – жүрегімде» жыр мүшәйрасының жүлдегері.
БЕЙНЕУ
Беу, дариға, боз керім далам, Беліңнен ойдың безгенін бағам. Балбалдар салған баябан аңыз Бағзыдан қалған өзге бір ғалам! Ерлігің-аңыз, бесігің-арман, Еңбегін беріп, несібін алған. Ер Бейнеу бабам ел тарихында Ертегі болып, есімі қалған. Иірім жолдар сыры көп жұмбақ, Игілікке тұр иығын қомдап. Адырасапан исі-киесі сынды, Иен өлкенің ғұмыры қымбат. Нәзира-дәурен, іңірге ғашық. Нәркес-күй толқыр, Сүгір жыр тасып. Нәби Хақ, өзің қолдай гөр енді, Нәті асау жұртқа нұрыңды шашып. Ебелек самал елшісі қырдың. Еншісі болдың есіл де сырдың Ертеңге үміт жалғадым-дағы, Еркінді дәурен, ерке өмір сүрдім.
Уантып, көңіл жадырағасын, Уақыттың мұңы адыра қалсын. Уағдам осы, топырағыңнан, Тамырлы тінім ажырамасын!
ЖЕЛТОҚСАН ЖЫРЫ
Әйгілей ме үніңді асқар далам, Қайран жүрек, неден де жасқанбаған?! Қасиетін қалқалап қанатына Қасіретін көтерген қасқалдақ-ән! Желді тоқсан... Қан тоқсан.... Қаралы күн, Жұдырықтай жүректің жанары-мұң. Көкіректе сыздаған ізі қалды, Кім қайтарар жандағы жара құнын? Сексен алты – дәуірдің дүрбелеңі, Дүрбелеңмен Дүр-шындық түргеледі... Бастау алған баянды болашаққа, Баспалдақтар қалдырған дерегі... Жауыздықтың шек бар ма кермегінде, Желкен-сенім желге апат көнбедің бе?.. Пейіш-нұрдан жаралып.. Мен сол уақыт.. Періште оймен сезіндім жөргегімде..
Салқындықтан санада сыз бар әлі, Сарқын бұлттар күз-қаланы. Қайсар рухпен аңсаулы таң атырған, Қанды жылдың мен де арман мұзбалағы. Шүкір, шүкір, Таңы атты еркіндіктің, Азат ұлдың айнымас сертін күттім! Жан жарасы жазылар... Уақыт-өлшем, Ар жарасы.. айықпас дертіңді ұқтым... Сезіміңнен кіршіксіз сыр ұқтырып, Семсер Ождан бұлқынды.. Суытты Үміт. Арман болып аспанға ұшып кеттің, Ақтық рет ақ таңға күліп тұрып.
ӨЛЕҢ СҰРА
Өлең сұра, өлеңнен жаралғанмын, Мен өйткені, өрліктен нәр алғанмын. Құшағымда қоңыр күз сағынышы Қалып барат құндақта бал арманым. Өлең сұра, мен сонда ақтарылам, Жырдың аулын сонау гүл шаққа бұрам. Төлегенше көктемге құс ұшырам, Жазираның ақ түтек ақпанынан. Осылайша жырдан сыр сапырамын, Қасымды да достыққа шақырамын. Мың күн болған егестің орнына Жанартау боп бір күнде атыламын! Поэзия! Ақ патшам арымайтын, Күш бар сенде атасын танымайтын. Ақын деген – өлеңнің құлы ғана, Өмір бойы жетпейтін, жарымайтын.
Қайтсін, оңай болып па ақынға өмір? Асау көңіл көнбеген ақылға бір. Ақын деген – қыңыр жол, қырсық шалған, Жарып шыққан секілді тақырға гүл. Өлең сұра, өлеңде құмарым бар, Өлеңіммен өзгеге ұнағым бар. Осы арнадан табылған тұнық тамшы, Осы арнадан жалғасқан Ұлы ағындар. Мен – өлеңмін! Өмірмін. Мәңгілікпін! Суына да батпадым сор құдықтың. Менде зары, мұңы бар Бозінгеннің, Менде сазы, үні бар сал жігіттің. «Сұлушашпын» сыңғырлы сырға ғашық, «Құлагермін» бәйгеге, сынға асық. «Райымбекпін» Мұқаңның құйып кеткен Ақ өлеңі әлемге тұр жарасып.
Өлең сұра, сұрай бер, сұра жаным, Саған берем қалаған, сұрағаның. Менсіз өлең көгерер, көгермесін, Мен өлеңсіз қалайша тұра аламын?!.
Өмір салмай қоймайды, тағдыр әнін, Кеуделерді шоқ жырға толтырамын. Толтырам да поэзия арнасында Гүлсім-жырдың жөргегін қалдырамын.
Өлең сұра, сұрағын, сұрай бергін, Өлең деген кім десе Құдай дермін!.. Ақын болу бір басқа, өлең оқып Жылай бергім келеді, жылай бергім!..
- *
Сенбепсіз ғой?! Сенбедіңіз неліктен? Сіз емессіз мені еліткен, еріткен! Адалдығым – бір жанымның айғағы, Жанарымнан бір осалдық көріп пе ең?!. Сенбепсіз ғой, сенбедіңіз неліктен?..
Сенім – менің қашаннан-ақ серігім, Жақсы жанды осы күшке телідім. Құдіреттей күй болмай-ақ қойсыншы, Құрақ-құрақ сеніміңнен жерідім. Тынышымды алғаның, Ұғына алмай шын сезімнің салмағын, Мен отырмын. Көкейімде мың сұрақ: Махаббаттан өмірде өзге бар ма мұң? Тек ол нәзік, үлбіреген тәтті мұң, Кезектесіп келер қайғы-шаттығың. Өмір берер сыбағасын алда кең, Махаббаттан асқан бақыт бар ма екен? Мен түсіндім. Ал онымнан не шықты? Кінәлі емен. Уақытынан кешіктік. Ендігісі… өзіңе де белгілі Тербетерміз Өлең деген бесікті.
Мейлің түсін, түсінбеңіз – еркіңіз, Өтіп жатыр бір күй самал шертіп із… Сүйікті боп, сүйіп жүрміз, бірақ та Махаббат ол – біздің мәңгі дертіміз! Айтшы өзің, бұл тірліктің бар мәні Неде екен, үміт неге алдады? Біз дегенің бізге арналған емес қой, Өлең ортақ екеумізге… Болғаны.
ШЫРАҚ
…Таң атып келеді! Әлемге әсел әр ақық төгеді, Ынтызар еткен еркемді Ырғағына бөлеп дала шық тереді… Таң атып келеді… Жалғанға жарық таратып келеді… Асқардан алыс шапыраштанып Шұғыла шуақ тағы атып келеді, Тағы атып келеді… – Арман қияға қанаттандырады! – Ия, және ол талаптандырады… – Күнім-ау, мөлдір ең неткен Бірақ, сол арман артық азаптан тұрады. Ал, өмір деген… қызық Ол әрбір қатты мен тәтті тағаттан тұрады. – Білем ғой. – Білемісің?.. қайдан білдің? – Шуағынан оқыдым қайнар-Күннің. Нөсерінен нәуеттің нәрін ішіп, Ерінінен сезіндім қаймақ-мұңның. – Күнім менің!..
Дәуір-дала тербеген бесігінде, Шежіре-қарт шындығы шешілуде… Сонау ерте заманда екі достың Бір аруға ауыпты есі мүлде… …Асқақ еді Ай-ару асқаралы, Қалмағандай қылуға басқа амалы: «Ғазал таудың басына От жағылсын, От иесі өшпеген бас болады!» Шарты ортаға осындай тасталады, Шын достыққа шын сынақ басталады. …Төрткүл әлем атырған бар шуақ таң, Тамырынан тірлікке тасып аққан. Ай менен Күн жаралған Өз Отынын Досына салып кеткен сол шырақтан! Ай менен Күн – аспанның асылдары, Құпиясы ғадауат ғасырлардың. Ұлы сезім біздегі… ең шынайы Сол шырақтан Достық боп шашылған Үн!
Мен үшін… мұндағы әр көк тас мамық… Мен деген… көктемнен кеш қалып… …Жан досым, жағада отырмын Ғажайып достықты еске алып… Сол шырақ… Досқа – Үміт! …Таң атып келеді!..
МӨЛДІР ТАМШЫ
Пенде-баста күш болғанмен, еркі – мұз, Періштеге оймен ғана тәнтіміз. Келбетіме шуақ тұндыр, я, Раббым! Көркем мінез – көркіміз... ...Ақтарып ем өзімнен ой парағын, Апта, күндер кебімен тойтарамын. Тәубе қылып, алдыңа жығылып ем, Теріс қылығымды тағы қайталадым... Күнәһар-көз қарайды қапталымнан, Құтқар, Ием, қырсықтың қақпанынан!.. Күпір-сана, күл-кеуде кермек сасып, Құл-ғұмырдың қайтпай ма қатпарынан?.. Азан даусы, бесіннің кеші – кием, Амал білмес бүгіннің көші – күйем. Адам аттан арзан іс артық кетті... Кешір, Ием!
Қателігім – қадаулы қадамымда, Қапері – мін пенденің ада мұңға. Қадір тартқан Пайғамбар үмметіне, Қасиетті шақырып қағба-нұрға. Пейіл-перде – көпірде ол бір жаршы, Жазалыға тиеді теңбіл қамшы. Иманы ұйып жығылған мұсылманның Жүрегінен тамады мөлдір тамшы... P.S.: Жаббар Ием! Жаратқан жарық күнді, Жаныма бер қанағат – қағып мұңды. ...Алла нұры себелеп атырапқа Ақ жаңбыр жауып тұрды...
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ, 1984 жылы Маңғыстау ауданы Шетпе кентінде дүниеге келген. 2000 жылы Б.Жұмалиев атындағы орта мектепті үздік бітірген. М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «техникалық құқықтық – сарапшы инженер» мамандығы бойынша үздік тәмамлаған. 2008 жылдан Маңғыстау аудандық «Нұр Отан» ХДП ның «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы. 2010 жылдың қаңтар айынан «Маңғыстау аудандық азаматтық бастамашылығы» қоғамдық ұйым төрағасы. Шығармалары «Жауқазын жырлар», «Мәртебелі поэзия», «Көк күмбез», «Қызғыш құс», «Үркер жаққан он шырақ» және басқа ғылыми-танымдық, әдеби жинақтарға енген. Маңғыстау облыстық Махамбет атындағы жас ақындар мүшайрасының лауреаты, республикалық Мұқағали атындағы жастар фестиалінің дипломанты, «Үркер Үміт» республикалық әдеби жастар сылығының лауреаты, Қазақстан Жастар және Журналистер Одағының, «Азамат» ұлттық пікірсайыс орталығының мүшесі. Қазір Шетпе селосындағы Маңғыстау техникалық колледжі директорының оқу тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары. «Маңғыстау мұғалімі», «Қазақстан мұғалімі» «СпортКZ», «Құқықтық Қазақстан», «Заң және заман», «Атамекен» республикалық газет-журналдарының Маңғыстаудағы тілшісі.
ОТАН
Егер сенен тірлігімде айырылсам, Үнім менің үн емес деп білгейсің. Сенде жүріп қанатымнан қайырылсам. Күнім менің күн емес деп білгейсің. Егер сені қоса алмасам өлеңге, Әнін мәңгі тауысты деп білгейсің. Бір құсың боп жырламасам төбеңде, Жағым мәңгі қарысты деп білгейсің. Егер сені сәл есімнен шығарсам, Тілегіңді таптады деп білгейсің. Түк бітірмей өткен күнге жұбансам, Жүрегімді тоқтады деп білгейсің. Мен мәңгімін, Отаным, сен аманда, Таудың кәусар бұлағымын әманда. Өзенің боп таси алсам өзіңнің, Тосқауыл боп тұра алмайды қамал да.
Төл сөзімді толқындатып шығарған Мен теңізбін оянатын мың арман. Мен жарықтың сәулесімін, бағамды Соқырлар да жүрегімен ұға алған. Маңғыстаулық мұнаралар көзімін, Мен болашақ ғұламалар сөзімін. Борандарда, дауылдарда ширыққан Қатып қалған құз-жартастай төзімім. Өтер өмір болар талай ауысым, Айнымаймын жаралғанмын тау үшін. Жарық болып жаңғырығып жатады Қара түнді қақ жаратын дауысым.
КҮЗ ҒОЙ БҰЛ...
Бауырын көтере алмай мүйізді бұлт, Сыңсиды тоңған желмен күй ызғырық. Бір сәтте қара жаңбыр көзін ашты, Таулардың тас маңдайын киіз қылып. Солғын жүз жапырағын селдіреткен, Талықсып тал қайыңдар ерні кепкен. Қуана қағып алып жас тамшыны Уыстап алақанға мөлдіреткен. Қойнына тығып алып бау-бақтарды, Кең дала бір дірілдеп жаурап қалды. Қимылдап шөңге-шөптің кірпіктері, Қайтадан жаны кіріп аунап та алды. Көл жатыр жыбыр толқын ыңыранып, Құлағын әлденеге түріп алып. Шопан жүр жайлауында қойды иірген, Кеудесі жаңбырменен жылы жарық.
Аспан көк иілгендей аласарып, Жаңбырын жалаулатты қараша бұлт. Тентек жел бір қуысқа жасырынды. О баста келсе дағы дара шауып. Күз ғой бұл, сағынышты сырға қанық, Сөйлеп тұр қоңырауын бұлғап алып. Жіберді жыл құсының қанатымен Жаз нұрын жарқырата ұрлап алып.
ЗАҢҒАР ТҰЛҒА
Қазақтың кемеңгер ұлы Д.Қонаевқа Заңғар тұлға, асыл ұлы заманның, Халқың үшін адал ұл боп жаралдың. Қазағымның сөзін сөйлеп, Димаш аға, Кремльдің алдына өзің бара алдың. Ел мүддесін ерлікпенен атқардың, Ел есінде мәңгілікке жатталдың. Республика алаңы мен сарайдың Талын ектің талай әсем бақтардың. Қайраткерсің қазағым деп туылған, Бір өзіңнен сүрлеу жолды ұғынам. Тәуелсіздік тұлғасы боп қаласың, Сен тұрасың шын биіктен, тұғырдан. Кемеңгерсің, керемет ұлы данасың, Емдегенсің ұлтымыздың жарасын. Елімдегі естен кетпес істермен Ғасырларға қарыштап сен барасың.
Димаш аға, елге сыйлы атың мәлім, Құрметтейді Димеке деп жақындарың. Тау тұлғаңды талай ұрпақ ұмытпас, Сен жайлы айтар ойлар халқыңда мың.
МАҢҒЫСТАУЫМ
Маңғыстау ауданының 80 жылдығына Маңғыстау арда ауданым, Ұлан да байтақ кең өлкем. Топырағыңа аунадым, Қорғайды мені көлеңкең. Шықпайды бүгін даусым жәй, Өзіңмен бағым ашылған. Жырлаймын сен деп таусылмай, Балаңмын сен деп бас ұрған. Маңғыстау – аңыз арманым, Армансыз адам бола ма?! Өзің боп көкке самғадым. Өзің боп түстім додаға. Атыңды ар ғып арқалап, Есейіп өстім ер жеттім. Сан тарау жолдар шартарап, Маңғыстау болып тербеттің. «Туған жер – кием» демеген, Қазақта ешбір ақын жоқ. Қасиеттісің не деген, Сен тұрсың махаббатым боп. Жол шығып қайда барсам да Сағынам жусан исіңді. Түскендей әуре-сарсаңға, Шөліркеп жаным күрсінді.
Маңғыстау, сексен жылдығың Жігіттік шағың сияқты. Шырқап тұр шыңға шындығың Жерұйық мекен шуақты!
АСТАНА
Елбасымыз бағыңды ашқан Астана, Тас түйін боп қауымдасқан Астана. Төрткүл Әлем төс түйісіп өзіңде, Құшақ жайып бауырласқан Астана. Тамылжыған таңы арайлы Астана, Аппақ арман аялайды Астана. Жан сәлемін ала келген адамды Дос-туысқа бағалайды Астана. Мәңгі жастық жарқыраған Астана, Шат күйімен шалқыған ән Астана. Елбасының көзіменен қарайды, Ер еңбекқор халқың адал, Астана. Бүкіл елдің жырысың сен, Астана, Қорғанымсың, құрышым сен, Астана. Ару қала, арман қала, ән қала, Сұлулықтың сырысың сен, Астана. Сарыарқадан сағындырған Астана, Жаралдың-ау ағын нұрдан, Астана. Қазағымның қаны ойнайды өзіңе, Бір сен үшін жаным құрбан, Астана.
Кемеліңе толдың бүгін, Астана. Қандай ғажап мөлдірлігің, Астана. Көгілдір ту көк аспанды көмкерген Құтты болсын он жылдығың, Астана!
АҚЖОЛТАЙЫ АЛАШТЫҢ...
Тұңғыш көрдім мен өзіңді, Астана, Жан бітірген мәрмар маржан тасқа да. Тұрып қалғам тұрпатыңа таң қалып. Көңіл көзі түспей мүлдем басқаға. Көк ормандар көмкеріп тұр көкпеңбек, Ақ сарайлар бірін-бірі өктемдеп. Алтын сәуле прожектор оттары Түнді оятып шұғыласын төккен көп. Қол бұлғайды шоқ жұлдызды шыңдары, Жатыр шалқып, жұпар аңқып гүл бағы. Толқып тасып Астана боп сөйлейді, Маңғыстаулық қыз-жігіттер мұндағы. Зәулім биік крандар тұр көк тіреп, Уысқа алып уақытты «тепкілеп». Көше бойы машиналар тасқыны, Бара жатқан сияқтанды от күреп.
Осында жоқ жаңалықтың өлшемі, Ән салады әр алаңы, бөлшегі. Астанаға ағылады қалың жұрт, Астанада тоғысады жол шегі. Астана ғой ар-намысым, иманым, Жалындаған жаңа өмірді сыйладың. Астана деп алаулайды жүрегім, Мен өзіңмен қоштасуға қимадым.
РЕСПУБЛИКАМ МЕНІҢ
Қалың жұртым, қазағым мақтан бүгін, Жан сырыңды жайып сап ақтар бүгін. Мерейі үстем мерекең болсын құтты, Сан ғасырлар жоғалтып тапқан бүгін. Тәуелсіздік тұғыры еркіндігің, Күмбірледі күй болып шертілді үнің. Келген жоқ қой бостандық бостан босқа, Шым болаттай, қазағым, серпіл бүгін. Құлаш ұрды ғарышқа өркеніміз, Бүгінгімен басталды ертеңіміз. Аспаныма арайлап нұр қаптады, Өзіңдікі өзге емес өз төріміз. Өткен күндер өгейсіп көп тілеген. Аласармас арманым көк тіреген. Тілім, дінім, ділім де қайта оралған. Өмірімнің өзегі деп білем мен.
Ата баба мұраты орындалып. «Қазақстан» құжаты қолыңда нық. Келер күнге құшағым айқара ашық, Қаймықпадық, қайтпадық, қорынбадық. Көгілдір Ту шырқау шың шаңырағым, Әлдилдеп тұр әуелеп Әнұраным. Босағада талай бір боздап қалған. Төрге шықты Елтаңбам Әруағым. Алатаудай салмақ тұр иығыңда, Аз емес қой ыстығың суығың да. Алтын толы қазақтың қара жері-ай, Қалдың-ау сен талайдың көз қиығында. Көңілге ыстық көзге нұр атың қандай, Адамзатты аялап шақырғандай. «2030» атты болашағың Келе жатыр қол бұлғап батырлардай. Тұлғасы бол, қазағым, бар биіктің, Ән шырқасын әр күнің жаңғырып тым. Иегері бола бер Қазақстан, Таңдандырар өзін де Мәңгіліктің!
ТАМАРА АСАРҒА
Тамара таң жұлдызы аты мәлім, Ғашық жыр – жан жүрегі сахнаның. Сыңғырын балбұлақтың құшаққа алып, Қайда да ақ жауын боп жатыр әнің. Табынтқан тағдыр атты талайыңның, Дегендей: «Ән шұғыла – арайыңмын». Суардың сұлулыққа көлдей шалқып, Тамара құс көмейі Адайымның. Сен десе елеңдейміз құлақ түріп, Бас иді тау көңілдер құлап тұрып. Нұрлы ертең қол қусырды алдыңа кеп, Жолыңа қызыл гүлін лақтырып. Ән шіркін әуелейді қашанда аман, Кез келген құпиясын аша алмаған. Өзіңді желеп-жебеп жалаулатқан Әулием, әруақты Асар бабам. Тамара ән-дария тасып толып, Арманың алдамады қашық қонып. Мұң шалса жанарыңды жарқыратты, Аспанда Ай сәулесі ғашық болып.
Өзіңмен өзгеше бір шам жағылды. Толтырдың нұр сезімге жан-жағыңды. ...Тойына бәрімізді шақырғайсың, Ертерек үйлендіріп Қамбарыңды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» бұл тілегім, Әрдайым алаулатшы күлкі лебін. Өзіңе қол соғумен күндер өтсін Сағыныш толқынымен жұртың-елің!
ҚОШ КЕЛДІҢ, МАМЫР АЙЫ
Көкірегім көгалды гүлді бүгін, Еркелеп тұр алдымнан шың биігім. Келді міне туған күн мерекесі – Мамыр айы халықтар бірлігінің. Мамыр айы сұлулық, еспе шабыт, Арғымақ-жыр барады төске шауып. Мамыр айы келеді әр жыл сайын Уақыттың жастығын еске салып. Тірлік деген тәтті ғой баурайды анық, Жанарларда нұр сәуле лаулай жанып. Мамыр айы келгенде шаттанадаы-ау, Әрбір адам өзінше тауға айналып. Қоштасамыз көктегі жыл құсымен, Сүтке айналды көк шөптер гүл түсімен. Ұжымдасқан, ұлттарым, ұлыстарым, Сөйлеседі ақ жүрек күлкісімен.
Ақша бұлтпен астасып сағымдарым, Мөлдірейді гүл сезім ағындарым. Әжімдерін сыйпайды әжелер де Жасыра алмай көктемді сағынғанын. Қара жердің исініп тәні қатпар, Адам түгіл тіріліп әруақтар. Мамыр айы үйлену тойы болып, Бір шоқ жұлдыз көтерді шаңырақтар. Көктем келді көрімдік үлестіріп, Жапырағына жас иіс ілестіріп. «Мамыр айы, қош келдің қадам құтты!» Деген сөздер әлемге тұр естіліп.
МАХАББАТ
О, махаббат тұңғиық сыр қатал ақын, Ол емес өлең үшін ақы алатын. Махаббат музасындай жыр кітаптың, Тұмары ғашықтықтың жатталатын. Махаббат сағынышым жан ұшырған, Жаныма жалын құшақ жар ұсынған. Махаббат ыстығына адам түгіл Көк мұздың көзі ашып зәрі сынған. Жүректерде асыл жыр боп жазылған Әсемдік пен сұлулығы назынан. Бар адамзат қалдырыпты сезімге Көңілінде көктем болып жазып ән. Ғасыр бойы махаббат деп бас қатырып. Мөлдір сөздер жазылыпты тасқа тұнық. Іңкәр болып сезімдерде тербетілген Махаббат – мәңгілікке бас тақырып.
АЛМАТЫМ-АУ
Алматым-ау, сен студент қаласың, Қандай тәтті өзгеше көз қарасың. Алатауды қолтығына көтеріп, Сұлулықты алақанға аласың. Махаббаттың ақ жұлдызы құштарың, Қандай ғажап сағыныш боп ұшқаның. Жылдар.. Жылдар өтіп жатыр, сен бірақ Он сегіз бен жиырма жасты ұстадың. Ақ шаштылар сенен үміт үзбейді, Ақ қайыңнан жастық шағын іздейді. Көлбең қаға көз әйнегін сүрткілеп, «Мына жерде тұрған едік» біз дейді. «Алматым» деп, сол адамдар қимайды, Туған жердің туындай ғып сыйлайыды. Көк жүзіне көзін сүзіп ойлайды-ау, Баяғы бір куә болған түнгі айды.
Алматым-ау, жұмбақ сырың көп тегі, Өз басынан нелер сірә өтпеді?! Жаутаң қағып бара жатыр қария, Уақытқа үнсіз ғана өкпелі...
МЕН САҒЫНДЫМ...
Мен сағындым Өз Алматым Шетпемді, Көкалды көл көңілдегі көктемді. Күзді күнгі жапырақ боп күрсінем, Қолына алып жүгіргім кеп өкпемді. Мен сағындым Жас күлкілі Шетпемді. Арманымды арқасына бөктерді. Қалқып ішіп Қаратаудың қаймағын, Балалық шақ бал дәуренім өткен-ді. Мен сағындым Сыбызғы үнін даламның, «Құлыным» деп үн қатқанын анамның. Тіліп сөйлеп, тік сөйлейді тіршілік. Мен, әйтеуір, әлденеге алаңмын. Туған жерсіз, Жүдеу жүрек, ортамын, Сенде ғана жарқырайды Шолпаным. Алматыда сиқыр қала – Шетпемді. Ұмытып тек кетпесем деп қорқамын.
МҰҚАҒАЛИ РУХЫНА
Ассалаумалейкум, халқым менің, Өлең жыр көл дария алтын кенің. Ұлыны ұлықтамай тірісінде, Мәңгілік жоқтайтұғын «салтың керім». Ұлының болған ба еді не тілегі? Күрсініс толқыны боп көкірегі. Қамшы ойнап арқасында Абайдың да Арманы ақ тұман боп кетіп еді. Жаза алмай жазиралы жаз қанатын, Сөзінен от өртеніп қар жанатын. Ұлылыққа кішілік кісен салып, Бір оқтық болған жоқ па Мағжан ақын. Сен де кеттің «мың өліп, мың тірілдің», Тас түйін боп бір күліп, бір түйілдің. Көлеңкеңде көлбеңдеп көрінбейтін Күншілдердің көзіне бұлт үйірдің. Қажылыққа барады мұсылман жұрт, Пайғамбарға жүрегін ұсынған жұрт.
Сүйеді ғой қағбаның қара тасын Өз борышын аққу ғып ұшырған жұрт. Мен де бардым Кеңсайға – зиратыңа, Көкірегім езіле, қиратыла. Басыңдағы сүйдім ғой құлпытасты, Дәрменім жоқ, қайтемін тіл қатуға. Тұрғандайсың сен бүгін баурап күліп, Өзіңде де, сөзіңде аумақтылық. Рухыңа табынып келіп тұрмын, Жатырсың ба орныңнан аунап тұрып. Сен едің-ау бейнесі ен даламның, Жұлдызындай құйрықты кең даламның. Қарасазды бетке алған әулие жер Маңғыстаулық «бір жаман» мен балаңмын.
КӨКТЕМ
Маужырап мамыр айы майда күлген, Көгілдір торқа оранды аймағым кең. Ерке жел ақша бұлтты қолына ұстап, Баладай желкілдейді тайға мінген. Тау шыңы қыз көктемге аласарып, Жастықтың көрінгендей бағасы анық. Көңілін көгал етіп бұлақ жатыр, Шалқиды бүлкілінде бала шабыт. Сыбызғы құстар үні естіледі, Жұмбақ сыр бір әуеннің есті лебі. Біреуі екеу болды жасыл жайлау, Қабыл боп көптен күткен хош тілегі. Сұлулық сықылықтап Айдай аппақ. Тірлікті тік тұрғызып аймалап қап. Реніш қуанышқа жолын беріп, Дүние мәз болып тұр айналақтап.
ӨЛЕҢІМ МЕНІҢ...
Өлеңім менің, жан сырымды ашатын, Шұғыласын жан-жағына шашатын. Бұлқынған жүрегімнің кей сәтінде Сабырменен көңілімді басатын. Өлеңім менің, өмірімнің өзегі, Жұлқынады қайран сабыр төзеді. Өлеңімді оқысаң мен деп түсін, Ол өйткені жүрегімнің сөз еді. Өлеңім менің, көңілімнің шырағы, Тағдырымның асау тұлпар пырағы. Көңіл құсы қанат қаққан қияға, Сол құсымның өлең ұя – тұрағы. Өлеңім менің, жалын атқан жырларым, Көзім жетпес алыстағы қырларым. Бір өзіңмен сырласқанда жапанда, Тыныштығын қара түннің ұрладым. Өлеңім менің, тіршіліктің тұмары, Бойынан еш кетпеген ғой құнары. Қалам ұстап, ақ қағазды құшақтап Жыр рахатқа кенелгім кеп тұрады.
Өлеңім менің, тапқандай ма ләззатын, Күн күлімдеп – тұратындай аза түн. Уысына жүрегімді қысып ап, Шың биікке өмір-өлең жазатын. Өлеңім менің, өзгелерді ұғатын, Мен емеспін бұл дүниеде тірі ақын. Жыр дәптерін қойынына қысып ап, Қаламымен қолын бұлғап тұратын.
БЕКЕТ АТА
Қасиетімен әруағы тұнып тұрған, Өзіңмен кең Алла жолықтырған. Пір Бекетім, жаныма жолдас болшы Мына өмірде адамдар сауық құрған. Оғыланды, Отпан тау мекенің бе? Сені жырға бастау ғып өтейін бе? Сенің ғана қолыңда, уа қасиеттім, Аққуға ұқсап артыңнан кетейін бе? Қаратауды құшақтап жүрегіммен, Алға қарай әрқашан жүремін мен. Сенің ұлы атыңды қастерлеймін, Бар мендегі аяулы тілегіммен. Қайда жүрсем жүрегімде жатырдың, Бір өзіңмен ақын да мен батырмын. Имандылық ұраны Пір Бекетім, Қасиетінен айналдым атыңның. Маңғыстаудың, Адайдың ұранысың, Ақындардың көкірек жыр-әнісің. Киелі өңір – алтын ұя Маңғыстаудың Имандылық әліппе тұрағысың.
ЕЛ ДАНАСЫ
Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевқа Кең маңдайы кере қарыс, Бұйра шашы толқындап. Ой мұхит, өрелі ағыс, Басқан жері солқылдап. Қара сөзі жыр дастан боп, Ақ қағазға төгілді. Өзіменен сырласқан көп Көгершін ғып көңілді. Кірпігі жоқ күлкілері, Сезімінде сел күші. Көп алдында іркіледі – Кішіліктің белгісі. Ала бұлт жоқ пейілінде, Үлкен-кіші демеген. Мәңгі көктем мейірімге Құдайың да береген. Жаз дидары шалқып-жанып, Жылдар жырлап жалғасты. Кейбір «күшік» шаңқыл қағып, Балағына жармасты. Еркелетіп сонда дағы, Өте шықты «күшім» деп. Күлімдейді оң қабағы, Ұлылықты мүсіндеп.
Маңғыстауың бір өзіңмен Мақатанады әу бастан. Тұлғалық тұр әр сөзіңнен Ғасырлармен жалғасқан.
ТУҒАН ЖЕР
Ақ жұпар боп төгілген Тозаң желі ақ шаңдақ. Төбешегі көрінген Алатаудай аспандап. Тау бұлағы бүлкілдеп, Қоңылтақсып шөлдейді. Құм шағылдар күңкілдеп, Көшіп-қонып көлбейді. Тарғыл тасты обалар Әжімді жүз мұңлана. Көп күрсініп оянар Қарт ғасырлар ұрлана. Жусаны бар бозамық, Қара шөбі мақтаны. Тұрады ылғи сөз алып, Дауылы мен аптабы. Көк жиекке беттеді, Тау сілемі – адыры. Құлағымнан кетпейді, Туған жердің сарыны.
АЛМАТЫНЫҢ АЛАҚАНЫ ШУАҚТЫ
Үш күн, үш түн жол үсті, Алматыға жеттім мен. Ақ күлкілер тоғысты Аққу қанат екпінмен. Вокзал басы, алаңы, Адамдардың толқыны. Көтеріп ап барады Қойнауы кең қолтығы. Тікесінен тік тұрып, Тыпыршиды тіршілік. Дүңгіршектер күпті ғып, Қол созады құлшынып. Жем іздеген сияқты, Сансыз такси балапан. Бәрінен де шуақты Алматылық алақан.
ЖАСТЫҚ ШАҚ
Жастық шақтың жалауы, Студенттік әніміз. Бүлдіреміз ауаны «Бала болып» әлі біз. Кейді осылай болады Айқай күлкі, тепкі би. Асып-тасып жоғары Кемерінен кетті күй. Студенттік айлы кеш Гүлге көмген қыздарды. Ойламайды қайғыны еш Сезінбейді ызғарды. Жастық шақ па жасқанар Тас қамалды уатып. Кешірмесе басқалар Кешіреді уақыт.
ЖОЛДАС
«Жолдас» сөзі жолда қалды бұл күнде. Айналды ғой тұманды бір күңкілге. «Мырза» дейміз көк аттыға көлденең, Қорғасынмен құйып қойған күлкің де. «Жолдас» десе «мәңгүрт қазақ» қорқады, Шоршып түсер су түбіне шортаны. «Ханымдар мен мырзалар» деп асаба Тоймай айтты тойлар өтсе торқалы. «Жолдас» деймін жорға жарыс жыр жазып, Бөгде досты күн құшақпен ырза ғып. «Жолдас» деген азаматтан бұл күнде, Ал мырзадан тұра қашты «мырзалық».
СҮЙГЕН СӘУЛЕМ
Жан жарым Қалампырға Сүйген сәулем тағдырымсың таңдаған, Сенсіз жерде бұл дүние тар маған. Қос көлеңке жалғыз болып өтерміз, Кездескенде қол ұстасып арман-ән. Таңдайыңнан тәтті сөздер тамшылап, Екі көзің жанып тұрған шамшырақ. Қайда жүрсем құшып-сүйіп тұрады-ау, Сағынышым менен бұрын қасырылап. Қаламымды шын жүрекпен қолға алам, Бір өзіме бақыт құсын жолдаған. Кеудеме қонып сол бақытым мәңгілік, Көл бетінде аққу құс боп орнаған. САРҒАЙҒАН САҒЫНЫШ (экспромт) Сағыныш сезім көкіректі кернейді, Бір өзіңсіз жыр жазғым да келмейді. Мен өзіңе өлең жазам жүректен Не деп ойласа да ел мейлі.
Сарғаямын жапырақтай күздегі, Қайран жүрек үмітін бір үзбеді. Қалай қайдан табар екен ол сені, Әйтеуір-ақ бір өзіңді іздеді. Сары уайым көңілдегі сағынышым, Қайғы тесіп барады жарып ішін. Жүректегі тамырлар толқын болып, Көкірегім күмбірлейді налып ішім. Сарғайған сағынышты асыл әнім, Сағынышпен қайда мен асығамын. Оның мұңы мені ойлап азбасын деп Көңілдің көкжиегінде жасырамын.
ҰЛЫ ЖЕҢІС, НҰРЛЫ ДҮНИЕ – ЖЫРЫ ЖЕҢІС
Жеңіс деген сөз қандай сүйінішті, Қаншама адам қайғылы у күйік ішті. «Жеңіс» деген жалғыз сөз ақ көгершін, Күн сәулесін бетке алып биік ұшты. «Соғыс бітті. Бейбіт күн. Қауіп кетті...» Деген сөздер нұр болып жауып кетті. Сегіздегі сәбимен бір қосылып, Сексендегі қария шауып кетті. «Бұл күнге де, құдайым, жеткіздің» деп, «Қаралы күн басымнан өткіздің» деп. Құбылаға қарт ана қолын жайды, «Таптым-ау деп жоғымды көп күнгі іздеп...» Материктер жырлады қолтықтасып, Жұлдыз мініп ән кетті көлкіп тасып. Ішпейтіндер бұл күні қызып жүрді Шала бұрыл көшеде толқып басып.
Ұлы Жеңіс, шаттыққа бөлеп келдің, Тайғақ кешу, тар жолдан қоректендің. «Жеңісгүл» деп, «Жеңіс» деп аталған-ды Сонда туған есімі бөбектердің. Күндер, күндер өтті ғой жағаласқан, Күллі ғалам құтылды дар ағаштан. Тірілердің зираты – «концлагерь», Мұражайға айналды қара басқан. Ұлы Жеңіс мәңгілік ардақталған, Жылдарменен киесі салмақталған. Ұлы Жеңіс жайында сұра, достым. Дәл айтады, сыңар қол, балдақты адам!
МӘҢГІ АЛАУ БОП
Өмір, өлім қатар тұрды арбасып. Оқ нөсері қысы-жазы төкті ызғар. «Қара қағаз» жауып тұрды жалғасып, «Жылы төсек» болып алды көк мұз қар. Ақ қайыңдар шашын жұлып құлады, Демалысы отқа оранған көк түтін. Тас бітеліп қара жердің «құлағы», Көздің жасын көк жүзінде төкті күн. Танкілердің аяғында тапталып, Махабаттар қыршын кетті қансырап. Күлкі қалды қорғасынға қақталып, Тұман жұтып толықсыды таң шуақ. Кеп-кешегі дән толқыған егістік, «Туысқандар моласына» айналды. Сары жолда сағыныштар ең ыстық Окоптарда қол-аяғы байланды.
Бас көтерді уақыт та сүрініп, Көзін ашты армандар да ақ маңдай. Ал, өлгендер «мәңгі алау» боп тіріліп, Қан майданнан қайтып келе жатқандай.
ӘРУАҒЫҢ ҚОЛДАСЫН, АДАЙ АТА!
Отпан таудағы Адай ата кесенесінің ашылу салтанатындағы арнау жыр Уа, халқым ақтаралық мол шындықты, Той жыры асып-тасып толсын мықты. Отпан тау, Адай ата, Ұран отым, Мәңгілік кепілі боп болсын құтты. Ақиқат қайта келді шырқап тағы, Құпия қалтарсытан сыр тартқалы. Үш жүз алпыс әулие Маңғыстауда, Олар да Адай ата ұрпақтары. Шың асу басып өтіп талай белден, Әр таңды болашаққа балай білген. Ұрпағы Адай ата – Маңғыстауға, Алатау, Сайрам асып қалай келген?! Бәрін де Адай ата жорып тұрды, Қорамсақ сұр жебеге толып тұрды. Жеті жұрт жылжып өткен жерұйыққа Кең Алла кең пейілмен жолықтырды.
Қамкөңіл, қанды көйлек сан ғасырлар, Түсіріп кеткен екен таңбасын дәл. Біз бүгінгі тәуелсіздік ұрпағымыз, Қол созды алдымыздан ән ғасырлар. Күніміз Тәуелсіздік – арайлы күн, Әлемге Маңғыстау боп тарайды үнім. Кетіпті-ау Құрманғазы әнұран ғып, Адуын ақ дауылды «Адай» күйін. Көгерді халқымыздың көсегесі, Дәл бүгін мәртебеміз өседі осы. Ортасын Отпан таудың ойып тұрып Қол созды Адай ата кесенесі. Мақтанып, марқаймаймыз қалай бүгін? Алашқа атойлады бар айбыным. Отпай тау – Ұлы Адайдың кесенесі, Адайдың көрсетіп тұр Адайлығын.
Бізге де бір Алладан хабар келді, Барыс боп бағдаршамы заман келді. Мың жасап ұрпағымен Адай ата, Басына Отпан таудың аман келді. Халықпыз арда туып самғап ұшқан, Көтердік көгілдір Ту ар-намыстан. Елбасының саясаты шыққан алып Қиян жол қияметті дағдарыстан. Көңілдер көлкіп шалқып мамыражай, Даңқымыз солғын тартып арымағай. Айтулы азаматтар алқаға кеп, Жыр төкті Ақ Сарай боп Сабыр Адай. Ұйқысыз ұлтым-ау деп бас қатырып, Тер қатапы, табанынан таспа тіліп. Толағай тау көтерген жұмысшы қол. Баласы боз төбелдің қасқа туып. Қиял құс қонды қолға арман ән боп,
Бұл күнде бір желіпініп қалмаған жоқ. Пір Бекет, әулиелер қолдай берсін, Қуанышы құтты болсын Алла жар боп!
ЖАН БАЛАМ – АТАТҮРІККЕ
Ақ күлкіңнен айналдым, Бастауы сен қайнардың. Өзіңменен көк құшып, Жұлдыз бардым, Ай бардым. Тәтті ғой көз қарасың, Тәй-тайлап та барасың. Талпынасың, тынбайсың, Айқайлап та қаласың. Қылықтарың тым қызық, Жанарыңда күн жүзіп. Әуелете әуп етем, Мойныма мінгізіп. Ой, тентегім жылауық, Қолға алғанда жұбанып. Содан кейін маужырап, Ұйықтап кеттің бір ауық. Айналайын жан балам. Бал тіліңе алданам. Мен де өзіңдей бір кезде Болдым-ау деп таңданам.
ТУҒАН ЖЕР
Ақ жұпар боп төгілген, Тозаң желі ақ шаңдақ. Төбешегі көрінген Алатаудай аспандап. Тау бұлағы бүлкілдеп. Қоңылтақсып шөлдейді. Құм шағылдар күңкілдеп, Көшіп қонып көлбейді. Тарғыл тасты обалар Әжімді жүз мұңлана. Көп күрсініп оянар Қарт ғасырлар ұрлана. Жусаны бар бозамық, Қара шөбі мақтаны. Тұрады ылғи сөз алып Дауылы мен аптабы. Көк жиекке беттеді Тау сілемі – адыры. Құлағымнан кетпейді Туған жердің сарыны.
ҚАЗАҚ ДЕГЕН ХАЛЫҚ ЕДІК ЕЖЕЛДЕН
Қазақ деген халық едік ежелден, Еркіндікті аңсап ерні кезерген. Бір қолымен құрығымен қамшы ұстап, Бір қолымен көк найзасын кезенген. Бізге деген «достың» өзі қиқар кеп, Жымысқы бір жұлушы еді «дикарь» деп. Солар бүгін тартып қалып тізгінді. Торғайымды толғап отыр «сұңқар» деп. Өткен күндер ұмытылмас бүгін де, Шежіре тұр әр төбенің түбінде. Төрге ұстадық тәуелсіздік тәңірін. Төл мереке республика күнінде. Күннен туған көк байрақты туымыз. Ғасырлармен бірге кетті мұңымыз. Біз ешкімге емеспіз ғой тәуелді. Жалғыз ғана бір құдайдың құлымыз.
АНАМ ҮМІТАЙҒА
Жылдар өтіп барады, Қоңырауын қағады. Көлбеңдейді, алдайды, Анашымның жанары.
Шашылды да шаттығым, Басылды да аптығым. Кеттің мәңгі, жүректе, Көк мұз болып қатты мұң.
Жеті апам бар алдымда, Жалғызсырап қалдым ба? Алаңдаймын сонда да, Көк найзалы тағдырға.
Балаң едім күлегеш, Еркеліктен құр емес. Сағынышқа айналған, Өткен күндер бір елес.
Телегей теңіз тектім-ау, Толқын сәуле төктің-ау. «Жеті жұлдыз бір Айым», Деп әндетіп өттің-ау!
- *
Аққуы боп бар өлеңнің, Көп ішінен дара көрдім. Ал бүгінде құлпытассың, Баурайында қара дөңнің.
«Тірлігімнің бірге өлшемі», Деп өмірде білгем сені. Қабіріңді күзетті енді, Жүрегімнің бір бөлшегі.
МЕНІҢ АНАМ ОСЫНДАЙ
Мен ұшақпен кеткенде, Өзі құс боп қомданады екен. Есен-аман жеткенде, Мейірім гүлін қолға алады екен. Мен пойызбен жүргенде, Өзі рельс боп дірілдейді екен. Хабарымды білгенде, Шалқып тасып күлімдейді екен. Жаяулатсам егерде, Ол отырып шаршайды екен, Үйге қарай келерде, Алаңдаумен аңсайды екен. Оқығанда жырымды, Кең дүниеге сыймайды екен. Сыбызғы күйлі сырымды, Өзге жанға қимайды екен.
СЕКСЕН АЛТЫ. ЖЕЛТОҚСАН
Сексен алты деген жыл тұр жадымда, Желтоқсан ай орап өтті жалынға. Қайраттардың қанын жүктеп сол күндер, Тарихтың қалды отырып тағында. Дүниенің елең еткен құлағы, Өртке тсүіп ақ қайыңдар жылады. Көшелердің миы қалды шашылып, Жас толқындар жарға соғып құлады. Бауырымен жорғалады мұңды ызғар, Жанарынан жасын төкті жұлдыздар. Зұлымдықтың уысында у ішіп, Жанталасты қар көзді ұл-қыздар. Сол күндерде көзін сүзіп қуыстан, Зымяндар күліп тұрды зымыстан. «Қаңғып жүрген шүрегейді» «қыран деп, - Арам ойлар бір-бірімен ұғысқан.
Шүрегейдің жемтігі боп өзгерді, «Қос тілділер» боламыз деп сөз берді. Қазақ байғұс өз қазағын аулады... Шайтандардың билегенін көз көрді. Сол бір күндер айтады әлі мұң, сырын, Сары майдан суырғандай қылшығын. Желтоқсанда жер тістеген, ін қазып... Біз талайын көріп жүрміз «жыршының». Менің елім бас ұрмайды күңкілге, Жарқын-жарқын шығады әлі-ақ күлкім де. Ар-иманды көкке туын көтеріп, Тәуелсіздік тәубе дейді бүл күнде.
Шынар ТҮЙЕШИЕВА, 1986 жылы Маңғыстау ауданы Қызан ауылында дүниеге келген. Бала кезінен әдебиетке, өлеңге жаны жақын боп өсті. Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-дің түлегі. Жыр мүшәйраларында жүлделі орындарды иеленіп жүрген жас ақындардың бірі.
КАСПИЙГЕ СЫР
Біледі тіршіліктің бағасын кім? Көтердің қуанышын, қазасын мың. Бұлқынады өзіңдей шалқар шабыт, Ей, теңіз, нені біліп аласұрдың?
Мұңымды айтсам қалайша ұтылмақпын? Қамқор болып, біреудің құтын бақтың. Салғырттау боп қарадың кейбіреуге, Сөйтіп оның өмірін жұтып жаттың...
Ойлар мүжіп, бір толқып, бір басылдым, Сенен басқа сырымды тыңдасын кім?! О, Каспий, саған ғана ақтарылам, Сен менің жанымды ұғар мұңдасымсың!..
- *
Жүрекке салып қаяу-мұң Мен кетермін сөніп бір. Мен өлгенде, аяулым, Молама менің келіп тұр.
Соғып, басқан бір сеңдейсің, Жазықсыз өш боп жүрдік пе?! Басыма гүл ап келгейсің, Ұсынбай кеткен тірлікте...
Қош, мен мәңгі көз ілдім, Бір жүзе алмаспыз айдында. Жоқтығымды сезінгін, Мен үшін бірақ қайғырма.
Сүйгенім рас, жасыма, Мұңыма қанық түз бен бел. Өлгенде менің басыма Мұңмен емес, гүлмен кел...
- *
Сен ана-қыран едің, Қияға ұя салған. Шыңдағы шынар едің, Жақсы атың жиі аталған.
Сен барда көктем еді, Жайраңдап күн күлетін. Сен кетіп, көктемені Күй басты мұңлы, жетім...
Тарқамас бұл күй әлі Бердің көп маған да ақыл. Сен кетіп, сол қияны Құзғындар талап жатыр...
Еске алсам сергіп кетем, Өзің бар жарық күнді. Шың еді сендік мекен Тұңғиық алып тынды...
- *
Ардақтым, анашым-ау, Мен үшін дарасың-ау! Балам деп батпақ кешіп, Отқа да жанасың-ау!
Аман ба, керім аймақ, Ылайым сенім айғақ. Елеңдеп жүр ме екенсің, Ауылда мені ойлап.
Жансың-ау жаны нұрлы, Маған ақ арың үлгі. Ана боп мен де ұғындым, Өзіңнің қадіріңді.
Жүргенде жаның аман, Жыр-моншақ тағына алам. Бақыттың базарында Шалқи бер, жаным, анам!
- *
Асаулық пен паңдық, мәрттік жүз ұғым, Жасықтықпен жолықпайды тізімің. Адуынды арыны бар бойында, Айбыны асқақ, өр Адайдың қызымын!
Адай қызы жеңер жаттың жүз ұлын, Жөнге салып жібереді бұзығын. Ерін аман сақтап қалған жауынан Шежірелі Шерқаланың құзымын!
Көкіректе сайрап қалған ізі мың, Жалғайыншы үлкендердің үзігін. Қарт Каспийде аққудайын таранған Аты аңыз-Ақбөбектің ізімін! Кең Маңғыстау, ару Ақтау тұғырым, Тұғырымда – мәнді, мәңгі ғұмырым. Қырда нарттай қызғалдақ боп жайқалған Манатаның бөктерінің гүлімін! Отпан тауда – Күн Ананың нұрымын, Оғыланды деп шығар дәйім құлын-үн. Бозашының боз құмына аунаған Мен – Адайдың қызымын!
МЕНІҢ ГҮЛДЕРІМ
Сендер үшін шуақпын, Сендер үшін қуатпын. Сендерді егіп бағыма, Әкелеріңді қуанттым.
Нәрімді септім, суардым, Бүр жарғандарыңа қуандым. Сендерді иіскеп, сипауға, Қызғалдақтарым-ау, құмармын!
Балғынның төсеп ғажабын, Баптарыңды да табамын. Жұпарға тұнық бағымның Ашыңдар, сендер ажарын!
Санасып, араз болмаңдар, Екеуіңе ортақ қорған бар. Екеуіңе де сүйсінем, Тек ауырмаңдар, солмаңдар!
- *
Жалғандағы сыңарымды сен дедім, Сен дедім де, «Айды алып бер» дедім. Айға жетер жол іздедің, Жоқ, жаным! Еркелегендігім еді ол менің...
Қатты жауып есігін бұл бөлменің, Ескермедім көңіліңе келгенін. Кеш, жарқыным, жара салсам жаныңа, Еркелегендігім еді ол менің... Қабақ шытып, өкпелетіп көрмедің, Жылы тиер жан-дүниеме сендегі үн. Сен бар жерде нәрестедей бейқаммын, Еркелегендігім еді ол менің... Жан дертімді шуағыңмен емдедің, Маған пана өзің түгіл дем-лебің. Соның бәрін сезбегенсіп мен жүрсем, Еркелегендігім еді ол менің!
ҚАЗАҚСТАН – БЕЙБІТШІЛІК ОТАНЫ
Ел деп соққан, жер деп соққан жүрегі, Бұл даланың тауы, тасы киелі. Кең құшақты адалдықтың мекені, Қазақстан – қайсарлықтың ұлы елі! Табынтады бабалардың ерлігі, Әнім тағы ұлан-байтақ кеңдігі. Жасы-аңыз, қарты-абыз баталы, Қазақстан – бейбітшілік Отаны! Жүрегімде жүріп өткен жолы бар, Келер ұрпақ жақсылыққа жолығар. Намыс туы ынтымақтан таймаса Ел боламыз маңдайының бағы бар. Ұрпағыңбыз, құндағыңда гүлдеген, Құшағыңды көмкеретін жырменен. Желбіресін нұрлы аспанда көк байрақ Әнұраным шықсын асқақ үнменен!
АСТАНА КҮНІ
Аты ғажап, шапағаты арайлы, Ажарына жұрт таңдана қарайды. Ел жүрегі Астананың көгінен Еш жерде жоқ бір әсем саз тарайды. Бейбітшілік күні қонған Астана, Жасампаздық шыңына озған Астана! Ұлы елімнің сәулетінің айнасы, Ақындардың жыры болған Астана! Аппақ етіп жамылып ап жейдесін, Келе жатқан жас баладай күйдесің. Салтанатың-сәніңменен әлемде Атың жалғап шаһарлардың тұр көшін. Гүлдене бер, мақта-мүсін Астана, Балбөбектің тәтті әнісің, Астана! Қазақ деген осы ғажап халықтың Ақ таңысың, мақтанысың, Астана! Тербеледі Сарыарқаның даласы, Жерұйыққа арнауда әнін, шамасы. Гүл қаланың бұл тамаша күнінде Билеп жатыр ерке Есіл жағасы!
Фархад МҰСАЕВ, 1987 жылы Маңғыстау ауданы Қызан ауылында туған. Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-дің мұнай газ институтын бітірген. «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Республикалық Абай-Шәкәрім ақындар мүшәйрасы, «Жас толқын» фестивалдерінің дипломанты, Орал қаласында өткен аймақтық және Ақтау қаласында өткен облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» ақындар айтысының жүлдегері.
МАҢҒЫСТАУ
Маңғыстау мынау – құмдауыт аймақ, құмды аймақ. Шаруасы көшкен ойынан малын қырға айдап. Ұлдары тентек ер салынбаған асаудай, Қыздары көркем құлпырған жүзі гүл жайнап. Маңғыстау мынау – жырменен таңы атқан жер. Қашаған, Түмен, Сәттіғұлдарым жатқан жер. Қос сөздей болып тарихта қалған жаңғырып Есейген орда Абыл мен Ақтан ақтангер. Маңғыстау мынау – күнде бір думан боп жатқан, Күнде бір жиын қайнатып қазан, от жаққан. Отауыз тілді екіленіп келген шешенді Екіауыз сөзбен Ерменбет, Мәтжан тоқтатқан.
Маңғыстау мынау – бақытсыз келіп бақ тапқан, Тұқымы асыл Көкмойнақ сынды ат шапқан. Достасам деген елдерге ерлер төсті ашып Қастандық еткен залымның қанын қақсатқан. Маңғыстау мынау – шаттық пен құтқа бөлеген, Әулием демеп, әмбием желеп жебеген. Кеңдігі сонша сауғалап келген қашқынға «Қайдан келдің, не қылып жүрсің?» демеген! Маңғыстау мынау – кеудесі тұнған ұлылық. Күніне туған жұлдыз боп жарқып мың үміт. Таңырқаймын деп, таңданамын деп талайдың Суырылып көзі, таңдайы түскен жұлынып.
БІР ЖЫЛ БОЛДЫ СТУДЕНТ БОП КЕТКЕЛІ...
Кеудедегі сағынышта өлшем жоқ, Бүйтпесем ғой, жыл өткізбей келсем көп. Қала жақтан дала жаққа аттандым, Туған ауыл тірлігіңді көрсем деп. Қандай ыстық өскен жердің көп белі? Орталықтан жатса-дағы шеткері. Бір жыл болды бітіргелі мектепті, Бір жыл болды студент боп кеткелі. Жол үстінде әр нәрсені ойланып, Өткен күннен естеліктер ойға алып. Еніп кірдім қанат қаққан ұяма, Қуаныштың жылы лебі бойды алып. Мезгілсіз күн қалады-ау деп келіп мен, Күте-күте көзі талып зеріккен. Сол баяғы әдетімен жаттанды, Анам байғұс күтіп алды көліктен.
Көп өзгеріс болған сынды ордамда, Көз салып ем маңайдағы көп жанға. Мен кетерде жер бауырлап жатырған, Қара күшік айналыпты көкжалға! «Көптен бері көрінбедің неге сен, Келер едің қайным бізді елесең» Деп сайтани ойды салды санама, Байы сапар шегіп кеткен жеңешем. Болып жүрсе «байтал түгіл бас қайғы» Көрші кемпір ескі әуенін бастайды. Мені мақтап, әзіл-шыны аралас, «Немерем бар, соны алшы» деп қақсайды. Ол ұға ма өзге жанға ғашықты, Өткен күндер бар сырымды ашыпты. Сүйгенімнің апаратын үйіне, Жалғыз аяқ жолымды шөп басыпты.
Сол жолыма қарай бердім елеңдей, Өшкен бақыт қайта айналып келердей. Бірақ шөптер сыбдыр-сыбдыр етеді, Енді сенің жолың басқа дегендей.
- *
Ой, өмір-ай, қысқа қамшы сабындай, Кер кеттің ғой, дертті еттің ғой жанымды-ай. Қазағымды қайда әкетіп барасың, Арнасынан бұра тартқан ағындай, Бұл ғасырдың лайланған тұнығы, Алғаш ләззат алған қыздың арындай.
Жігін білмес харам менен халалдың, Ойы астасқан жүрісімен шабанның, Көрдегіге Құран оқып көрмеген, Айтатыны әлгі діншіл «данамның» «Таза мына Хақ жолына қайшы» деп, Мазарына барғызбады бабамның.
Қызым анау көрсетем қай бетімді, Сөндіргендей қылды жанған отымды. Кіндік ашып, кімді ғашық етпекші, Ерсі киім үстіне іліп не түрлі, Ауыз үйдің төсеніші секілді. Ұлым сірә бағы тайған сормаңдай, Ер жігіттер итке айналды арландай. Әр бұрышты, әр қуысты мекен қып, Мәз болады ауада ізі қалғандай Наша шегіп қарқ-қарқ етіп күледі, Құмырысқадан піл тудырып алғандай. Ақсақал да бұл күндері құрыған, Әңгімені қозғар болсақ шынынан. Бермесе де ақылының уызын, Үлкен дарын дәметеді ұлынан, Пышақты да қайраққа сап қайрамай, Күтпеген жөн оны өткір кырынан.
Бұған бірақ назар салар жан қайда, Қария жоқ құлақ асар мән-жайға. Сара жолды салмағасын ұрпағы, Бақытсыздық өлкесінде қалмай ма. Тіршіліктің түлкі мінез жандары, Сосын бұғау оларға оңай салмай ма?!
Көп қайғырдым иттігінен қоғамның, Бастайтындай жағдайым жоқ көп алдын, Ібіліске ілескесін тірлігім, Мен қалайша періште боп оңармын, Адалсың деп кінәлама ей жұртым, Көп ұзамай мен де сендей болармын.
- *
Елі сенген еріндегі жүрекке, Ері сенген еліндегі тілекке, Бір ауыл бар қазақылық сақталған, Маңғыстау деп аталатын түбекте.
Сол бір өлке менің өскен ауылым, Ондағы жұрт менің туыс бауырым, Ондағы ел доспын десең сыйласып, Ерегессе емін берген жауының. Өкінбессің бір барып кайт түзге сен, Ойлағаным инабатты қыз десең. Ауылға бар, ауылға бар достым-ау, Адалдықтың патшалығын іздесең. Иелері адал ниет ақ істің, Бөгеттері іштарлықтай ағыстың. Жігіттер бар, жігіттер бар ол жақта Қара нары абырой мен намыстың. Ақсақал бар бүтін елге бас болған, Алып қашу дәстүрі де сақталған, Ол ауылда ағам менен жеңгем бар, Үйленген соң махаббаты басталған.
Келсе-дағы сіңіп кеткен жат елден, Ұмытпастан жылда құрсақ көтерген, Алтын құрсақ аналар бар ол жақта, Әр жыл сайын бір данышпан әкелген.
Қолпаш жасап, демесе де қауым мың, Мен бәрібір сағынышпен ауырдым, Бір білгенім қала жақтың мың күні, Бір күніне жетпейді екен ауылдың.
- *
Сұлу қыздың көрсем-дағы не бірін, Бұрын бұлай билемеген мені мұң. Талай қызға көз тастамай кетсем де, Абайсызда саған ауды көңілім.
Қыз Жібектей қылықтана күлгесін, Өле жаздап, шыға жаздап тұрды есім, Амалым не қоштасуға бел будым, Төлегенің бар екенін білгесін.
Сол сәттерді мұңға батып ойланам, Кемедеймін терең суға бойлаған.
Қандай қиын өмір атты фильмде, Бекежанның ролінде ойнаған. Ұзап кеттің, сыйладың да маған мұң, Сені қалай тез ұмыта алармын? Әлі сенен үміттімін сонда да, Өйткені мен шайтан емес адаммын. Тау жолықпай таумен ғана өтеді, Тағдыр жазса бақыт іздеп жетеді Жолығармыз кім біледі біз мүмкін?! Рас болса Жер дөңгелек екені.
КЕЙ СӘТТЕРІ ШЫН СҮЮГЕ ҚОРҚАМЫН...
Құмдар көшіп, сулар құрғап жоғалды, Өзгеріске ұшыратып заманды. Бірақ дағы қалт етпеді бір нәрсе Ол – махаббат ұстап тұрған ғаламды. Одан төмен асқар тау да, төбе де, Әлсіз одан сауыт жыртқан жебе де. Дүниені билемесе махаббат Жібек үшін Төлеген құр өле ме? Күннен ыстық, оттан жалын сезімі, Өзі батыр, өзі қайсар, өзі ұлы. Бір кездері көңілі ауған Баянға Ажал – мерген дәлдеп атты Қозыны. Тағдырына болғанымен ол өкпе, Кеткені анық бақытынан бөлекке. Ажал тағы желкеледі Қайыпты Ғашық болам деп жүргенде Бөбекке. Осыны ойлап атты менің әр таңым, Жауырына жүз батпан жүк арта мұң. Есіме алсам ғашықтарды бақытсыз Кей сәттері шын сүюге қорқамын!
ЖІГІТ МҰҢЫ
Қадір тұтқаным сені қимағаным, Сені көрсем қаралай қиналамын. Қалбалақтап жүргенде аңдамаппын Сүйгендігім екен ғой сыйлағаным. Жүруші едім жабықпай, алаңдамай, Құдай атқыр тап болдың маған қалай? Жұлып кете жаздады жүрегімді Бір сағыныш сүйрелеп саған қарай. Құмақ жерде ұқпаппын бұлақ барын, Тау бұлтындай жылжып кеп тұрақтадым. «Құдай атқыр» дегенге өкпелеме Ол менің сені қатты ұнатқаным. Болғасын ба дәмесі бақтан дардай, Ренішті қайғы-уын татқан таңдай. Жаныңдағы бейнеден шошынамын Табанасты жыланға тап болғандай.
Сезім - өзен сезерсің тоқтамасын, Сезбесең де онымен жоқ таласым. Жүрегімде көп шығар жалған іздер Алайда сен – ұлы жол – боп қаласың.
- *
Жаным менің жүзінен нұр таралған, Тұла бойы адалдықтан нәр алған, Менің мына маңдайдағы қос көзім, Сені ғана көру үшін жаралған.
Жаным менің тоты құстай таранған, Бір өзіңнен құралғандай бар арман. Менің мына жұдырықтай жүрегім, Сені ғана сүю үшін жаралған.
Жаным менің бір өшпейтін санамнан, Айнымаған мақта кеуде маралдан. Менің мына қос қанатым, қос қолым, Сені ғана құшақтауға жаралған.
Жаным менің таптырмайтын ғаламнан, Ер бақытты сендей жанды таба алған. Менің мына жүретін қос аяғым, Саған ғана бару үшін жаралған. Айгүл ТАЛЫСОВА, 1986 жылы Түпқараған ауданы Таушық аулында дүниеге келген. Мектеп жасынан өзінің ақындық таланты мен таудай талабымен көзге түскен ол түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, биік белестерден көрініп жүрді. Облыстық, республикалық байқаулардың бірнеше рет жеңімпазы, жүлдегері болды.
АҚТАУҒА БАРАМ
Ақтауға барам, алқынып жетем, асығам, Арқалап алып сезімді бір сәт тасыған. Көзімде бақыт сыйлаған мұңсыз тағдырым, Ал жүрегімде – ғашық ән! Ақтауға барам, жеткенше желпіп асығам, Қарамай жолда өркешті тау мен тасыңа, Ақтау емес ол, махаббатымның мекені, Жеткенше қалай басылам?! Ақтауға барам, жай емес, сеніп барамын Шындық қой, шындық Ақтаудан бақыт табарым! Көз жазып қалған көктем дәуренім осында, Мені де түсін, қарағым! Ақтауға барам, арманның мініп арбасын, Осыннан іздеп бақыт өмірдің жалғасын. Айдын көлімді, аққуларымды аңсадым Айызым қанар барғасын!
Ақтауға барам сытылып сансыз мұңдардан, Тұнды арман менің жүрегіме бір мұңды арман – Өлсем де егер іздеумен оны өлейін, Табылар ізім құмдардан! Ақтауга барам, Ақтауда менің Арманым, Шаң басып қалсын санадағының қалғанын. Көрмей-ақ мына, сезбей-ақ мына өтейін Сұм дүниенің жалғанын! Ақтауға кетем, жіберің мені, босатың, Сүйгенім сонда сағынышыма қосатын! Құдіретім жоқ, құдіретім жоқ әрі қарай Келер деп оны тосатын. Ақтауға кетем босатың мені, Босатың!
КАСПИЙДЕМІН!
Толқындары топырақта тоқтаған Мен әйтеуір көк теңізге көп барам. Көп барам да аққуларын көрмесем, Күні-түні жоқтанам! Каспийімнен жүрем күнде жинап ән, Әні қандай кемеріне сыймаған? Мен қуансам толқып жүрем толқындай Ал қиналсам буырқанып қиналам! Көк теңізбен жарасамын асылы, Қызығамын сырларына жасырын. Жазып алып жыр етемін десем де Айтпай қойды айтпай қойды ғашығын. Көк теңіздің қанып жұтып самалын, Бір жаңарып бір жеңілдеп қаламын. Сөлім құрып сағынамын аңсаймын, Аққанатты аққулардың жанарын. Толқындары бас ұратын жағаға, Аққулары сыланатын тарана, Айналшықтап көк теңізге көп барам, Көп барам да көп отырам жағада!
Басым ауып келем тағы теңізге, Мені іздесең теңіз жақта деп ізде. Мен әйтеуір сол теңізге ғашықпын, Әлде менің анашым да теңіз бе? Мен отырмын теңізде!
КЕШІРШІ МЕНІ
Кешірші мені, Аяулым! Кеудеңе салсам қаяу мың. Безініп кеттім тағдырдан, Махаббатым жоқ жаяумын Сезімім саған таусылды, Естімей кәусар даусыңды. Махаббат оты күл болды, Үгіліп біткен тау сынды! Өзгеге көңілім бұрмайды, Сағыныш кеуде тырнайды. Бұл сезім, жаным, алайда Махаббат деуге тұрмайды. Тыйылмай барад жасым да, Тағдыры жетер ғасырға. Осыдан былай, махаббат, Досым боп қалшы қасымда Ішкіздің талай уыңды, Жегіздің қалай жуынды. Таба алмай қалдым, қымбаттым, Сенен де көңілім суынды! У ішті кеудем жастай мың, Жаңа өмір енді бастаймын. Қайғының бәрін ұмытам, Сені де, жаным, тастаймын
Шыңдарға көңіл шарықтап, Барамын биік қалықтап. Бірақ та, жаным, өзің біл Сүйемін десең алып қап. Қорықпа ойын күреймін, Сүйіскен көңіл кілейдің. Шын мәнді ғашықтардай боп Мен саған бақыт тілеймін!
КЕШ, КӨКТЕМ!
Кештетіп келген көктемде, Көрдім де сені қуардым. Самал жел соғып өткенде Жанарды жаспен суардым. Алыстап кетіп барасың, Қолымнан ұшқан бағымдай. Жанымды өртеп қарасың, Көз жасым ақты бағынбай. Тасқыны қатты теңіздей, Жүрегім тулап жығылды. Алдымда асты жегізбей, Тамағыма тас тығылды. Сағымға сары оранып, Ғайып боп көзден жоғалдың. Бар бақытымнан тоналып, Мұң тағдырыма оралдым. Кеттің де ұшып қонбадың, Адасып қалдым тағы да. Қайғыма менің тоңбадың, Қонбадың ақыры жаныма. Құйқылжып өтіп таң сәрі, Тұрақтап тағы тұрмады. Жанымның жынды аңсары Сары алтын сабыр ұрлады.
Кездеспей кеттің, келмедің, Жұбатып мені аларға. Бәрібір бірақ сенбедім, Бәйшешек үміт солар ма?!
МЕН САҒЫНЫШПЫН
Мен Сағынышпын, иә, Сағынышпын, Жан-жағыңнан қарап жүр Сағынышты. Әттең, әттең, қиқулап көңіл құсы, Өзіңе тағы да ұшты. Жапырақтан тамшы тамды үзгенімде, Мені сен бе шақырған түз белінде? Сағынышпын, сарғайып жетіп қалам Сырымды айтып сыбырлап күз керімде. Сенбейсің сенбейсің де сенбей ақ қой, Енбесең түсіме де енбей ақ қой. Кейімен қиын десең өзім барам, Келмесең келмей-ақ қой, келмей-ақ қой! Мен Сағынышпын... Әлі-ақ іздеп жүрерсің Сағынышты. Сағынарсың әлі ақ сен, сағынарсың, Сағынышқа бар адам бағынышты...
ТҮН ІШІНДЕ
Тынышымды алдың сен түн ішінде, Сыздатып сағынышты. Өзіңсіз өткерген бір күн үшін де Жүрегім тағы у ішті. Жайдары жанымды сезім кеп өпті де Еске алдым жүзіңді. Кеудемнен сапыран бір құйын өтті де Мың тамшы үзілді. Көктем ед көңілім, Сен келіп жылаттың Жаралап жүректі. Санама селкеусіз тым жылап, жылап тым, Махаббат гүл екті. Мен әлі өзіңе ғашықпын сол кештей Сезімім сөнбеген. Көзіңнен күн көрдім, күн көрдім мен еш те Өзгеден көрмеген. Әлдилеп, аялап жанарың жанымды, Сен жаққа баурады. Жаңбыры сезімнің ашылмай ағылды, Пәк сезім жаурады.
Атса да аппақ боп арайлы таң күліп, Сеппеді жанға нұр. Жүремін күнде мен мұңайып, таңды ұрып Түсіме таңда кір. Көп болды көрмеппін ермеппін артыңнан, Риясыз көңілмен. Сәбидей сезімді жүзімнен алқынған Сезсеңші төгілген. Сезімнің толқыны тулайды теңіздей, Тоқтамай толқулары. Жүрегім аңсаумен, жан достым, сені іздей, Шын айтам толқулы әлі. Сезімнің толқындары...
СЕЗІМІМДІ ҚАЙТЕЙІН
Сезімімді қайтейін қарыштаған? Үмітімді үкілі жаныштаған. Енді, міне, өкініш өзегімде – Сен менен сияқтысың алыстаған. Минуттан секундтардан қалыспаған, Қайтейін сезімімді қарыштаған? Шынымен, жан арманым, сеземісің Сен менен сияқтысың алыстаған. Мен неге алыспағам, алыспағам Сезіммен күннен күнге қарыштаған. Япыр-ау, бақыт емес, жақұт емес, Сен менен жан екенсің алыстаған.
КЕШҚҰРЫМ НЕМЕСЕ КӨКЕЙДЕГІ САУАЛ
Көктегі күннің қызыл арайына малынып, Қып-қызыл көрпе кең жүрегіңе жамылып, Қып-қызыл нұрдан қып қызыл жауһар тағынып, Жатырсың, Каспий... Қарбалас тірлік қамымен Өтіп барамын машиналармен ағылып. Келген шағымда өзіңді, Каспий, сағынып, Қып-қызыл нұрлар қып-қызыл жас боп көрінді, Каспийім досым, тұрсың ба әлде жабығып?!
Асылбек СҮЛЕЙМЕНОВ, 1987 жылы дүниеге келген. Халықаралық Еңбек академиясын экономика мамандығы бойынша бітірген, «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің мүшесі. ҚР Кіші ғылым академиясының ХХVІІІ ғылыми-тәжірибелік конференциясының (2002), «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік телебайқауы (2003), Италияда өткен халықаралық суретшілер байқауы (2002), облыстық «Абай оқулары», «Маңғыстаунама» және «Бейжіңді бағындырған алыптар» республикалық ақындар мүшәйраларының жүлдегері (2008).
МЕН – ҚАЗАҚПЫН
Мен – қазақпын, ғұндардың ұрпағымын! Тас илеген тұяғы тұлпарымның. Семсерінің жүзінде жалт ойнаған, Еуразия даласының сұлтанымын! Мен-қазақпын, сыр шерткен дастандардан, Көшпендімін ешкімнен жасқанбаған. Терең жайған тамырын бәйтерекпін, Көк Түркімін тарихы таста қалған! Мен-қазақпын, көсілген даламын кең, Нәр алған көк аспаннан, дара күннен. «Елім-айлап» шұбырған ел көшінде Жігерленген жоқтау мен жаралы үннен. Мен-қазақпын, Жер-ана жанымын мен, Жаужүрек боп әлемге танылып ем. Заманадан салмақты соққы көріп, Полигон боп Семейде жарылып ем.
Мен-қазақпын, ордалы Алашпын мен, Сансыз ұлтпен бауыр боп жарастым мен. Желтоқсанда шыңғырған шындық болып, Әділдікті таба алмай, таластым мен. Мен – қазақпын, көсілген даламын кең, Күш алдым жас қыраннан, дара күннен. Аманатын арқалап сан ғасырдың, Болашаққа қарыштап барамын мен!
ЖЫРЛАП ҚАЛ!
Жырлап қал! Жастық шақ өтіп кетеді десіп тұр бақтар. Жігермен егіз бойыңда өрлік тұрғанда, Жырлап қал, ақын, Жырлап қал!
Жырлап қал! Қарағай жырды шабыт желеңмен ырғап қал! Бозбала шақта айтылмай қалған сыр болса, Жасқанып жаным тұрма, ақтар! Жырлап қал!
Жастық шағыңнан қалмасын көңіл, Сырды ақтар! Бұл шағың, жаным, ғайыпқа кетер бір күні, Арманға қолың бұлғап қал!
Жырлап қал! Ертеңге дауыл үні бар ғажап жырды ап бар! Айтылмай қалған кеудеде жырың көл болса, Жел болып толқып сырды ақтар! Жырлап қал, ақын, Жырды ақтар!
- *
Жабығып жаным жапанда жалғыз сырымды ұғар ешкім жоқ, Өзіңсіз жалған елесті күндер зарығып бастан кештім көп, Осынау күйкі мылқау тірліктің құны жоқ маған бақырлық, Өзіңсің жалғыз мәңгілік арман, басқаның бәрі бес күндік. Кей күні мылқау мынау дүниенің селт етпес қара жүрегі, Тағдырдың ауыр соққысын көрсең, мейірімсіз көзбен күледі. Сағынып сені, қамығып жүріп, жалыққан күйбең тірліктен, Жүректің сенсің бір емі! Жабығып жаным жапанда жалғыз, сырымды ұғар ешкім жоқ, Өзіңсіз жалған, елесті күндер зарығып бастан кештім көп, Осынау күйкі мылқау тірліктің құны жоқ маған бақырлық, Өзіңсің жалғыз мәңгілік арман, басқаның бәрі бес күндік.
Кей күні мылқау мынау дүниенің селт етпес қара жүрегі, Тағдырдың ауыр соққысын көрсең, мейірімсіз көзбен күледі. Сағынып сені, қамығып жүріп, жалыққан күйбең тірліктен, Жүректің сенсің бір емі!
МАҢ ДАЛАМ
Маң далам, Маңғыстауым, маңғаз далам, Аруаналар төсіңде паң қозғалған Таңданам табиғаттың тартуына, Сар далам сырға тұнған жалғыз ғалам. Ақық жырды арқалап ақын ұлың Туған жерден табады тақырыбын. Тағып жүрдім мойныма тұмардайын, Күркіреген Қасымның жалын жырын. Асығамын Абайдың асқарына Асқақтаған бозбала жаста мына. Басыламын жырымды бір суарсам, Жалындаған жүректің жас қанына. Семсерін сермеп жырдың сенделемін Келсе мұң, жырмен қағып мен келемін. Мен сенің Маңғыстауым мұнарлы өлкем, Еңсесі түспес ботаң, еркең едім.
ДҮНИЕ ТОЛҒАН ҚАРСЫЛЫҚ
Ойды кезіп, кезігесің бәріне Ой деген бұл жас па әлде кәрі ме? Мейлі жас де, мейлі оны кәрі де, Бірақ ойдың тереңдігі әріде. Күн арайлап, көкжиекке батқан шақ, Мен отырмын балғын бала шақты аңсап, Ойым айтты осы өмірден түйгенін Сабақтатып жібіндейін иненің: «Заң шығарғыш органдардың үлкені Тағдыр деген парламент бар күрделі Бұл дүние бағың ба, әлде сорың ба, Бәрі соның қолында». Біз айтамыз бұл дүние таршылық, «Жоқ... Бұл дүние тұнып тұрған қарсылық. Әппақ жұлдыз, әппақ айдың тек қана Қара түнде шығатыны секілді Әппақ жүзге үлбіреген көрікті Төгіпті қалды, меңді, секпілді», деп күлді.
«Ақ қағаздан дақ тимеген пайда жоқ қой дәнеңе Ал қап-қара сия жұқса, жарап қалар кәдеге. Тегін деп пе ең еркек жыныс тек әйелді сүюі - Тек екеуі махаббаттың жалынына күюі -
Бәрінің де тоқ етері, түйіні, Физикалық заңдылықтың қиыны Тартылмайды оң заряд пен оң заряд, Оң зарядқа теріс заряд тиімді». Бүкіл ғалам – оң заряд пен теріс заряд жиыны
Міне осындай мысалдар көп баршылық, Заң шығарған «ғалам» өзі қарсы ғып. Тар түйсікпен кең әлемге сыймаған Талай пенде өтті өмірді тарсынып. Бұл не деген толып жатқан қарсылық...?
- *
Естен кетпейді, естен кетпейді сол күндер Сол күндер нағыз жұмақтай маған көрінген. Көрінген сонау әншейін жатқан солғын жер Сол күндер гүлдеп, жұмақтың гүлі терілген. Көкала жапырақ, ақ қайың толған қайың бақ Естелік үшін тәңірім қойған дайындап. Дайындап қойған қайыңға талай ғашықтар, Ашып бар сырын аттарын жазған ойып-ақ. Біздер де салдық, есіңде ме еді белгіміз Белгіміз салған жаз өтті міне келді күз. Келді күз міне сарғайтып жапырақтарын Сол шақтарым-ай, бүкіл ғұмырға бергісіз. Дәл қазір айтсаң, сенгісіз...
БЕЙЖІҢДІ БАҒЫНДАРҒАН БАТЫРЛАР
Баба рух сақталған жүрегімен, Асты ұлы қорғаннан хас батырлар. Кеудесінде елімнің тілегі мен Тау қопарар Әнұран-асқақ үн бар. Сырдың тасқын суындай тегеуріні, Жермен жексен ететін жолдағысын. Жұдырықпен сұлатып кедергіні, Зілтемір ғып көтерген ел намысын. Батыр ұлын мереймен тосқан алдан, «Бүгін, міне, Жеңіс!» деп дала ән салды. Үстем тұрып өз Туым басқалардан, Қазақ үні тербетті ғаламшарды. Бойтұмар қып тағынып алтындарын, Сол алтынға сыйдырып бар атақты. Бағындарған Бейжіңді мәрт ұлдарым, Көз алдымда шырақтап бара жатты.
Шырқа, шырқа, шарықта! Жендік бәрін! Берен ұлдар, сүйеген халқым арқа. Мойындатқан әлемді ерліктерің – Бар қазаққа тағылған «Алтын алқа!» Алмас АЛТАЙ, 1987 жылы Маңғыстау ауданы Қызан ауылында туған. Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-дің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын бітірген. Жастайынан өлең-жырға әуес болып өскен. Түрлі облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. «Астана» телеарнасының тілшісі.
ҚЫЗ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢ
- Демек, ақын болдыңыз ғой?! - Жоқ, тек өлең жазғанды ұнатамын... Әдемі көздерін қатты ашып, үрке қарады. Сенбей тұрғаны анық еді. Жазшы дейсің мен туралы бір өлең, Жыр жазбауға менде, сірә, жоқ амал. Әйтсе-дағы, өзіңсің ғой шын өлең, Бір сыр айтсам, түсінбеген бола қал. Мақпал түннен бүгетін де сырым жоқ, Мен сенемін, ол жарайды сақтауға. Аппақ түнде көз ілетін түрім жоқ, Көзбен атар бүгін көрер ақ таң да. Менің күйім мәлім шығар саған да, Ұйықтай алмай сен де жатқан боларсың. Мені ұғатын адам бар ма ғаламда, Әлде, сен де бірімісің солардың?
Түсінікті, тіпті созғым келмейді, Жүрегімді отқа ораса бір жалын. Әлемде жоқ махаббатқа шөлдейді, Ет жүрегім. Мен осыған ырзамын!
Сырым осы. Ұқсаң ұғып ал енді, Тереземде жұлдызды аспан, түн мынау. Сен туралы қалай жазам өлеңді,
Нағыз өлең өзіңсің ғой, құрбым-ау! 06.09.2008
- *
Тағы бір сыйын тартты алға, Талқысы көп бұл тағдыр. Төбемнен төнген шақтарда Түнеріп тұрған сұрқай күн.
Осылай тосын кездестім, Бағыма әлде сорыма. Шырмалғанымды сезбеппін Махаббаттың торына.
Күлімдеп қарай бересің, Селт етер менде жоқ дәрмен. ...Уысымда тұр періште, Қолымда тұр гүл-дәурен!
Бір суып денем, бір ысып, Өзегімде өрт лаулаған. Жүрегімді ұстап тұр қысып, Жанарың шоқтай жайнаған. Әсем-ақ көркем келбетің, Сұлу ма сондай жаның да. Сыйлай саламын жер бетін Жалғыз-ақ жымиғаныңа! Ғашықта жөнді ой болмайды, Болмайды әсте сенуге. Суретке ғашық болам ба, Ақылды болсам тегінде?! 11.12.2008
ЖАТАҚХАНА
Қараңғы дәліз, шамдары сығыр көңілсіз, Сол дәліздерден сыңарын тапқан көп жігіт. Мына үлкен үйде уақыт баяу өнімсіз, Жылжиды тегі, қаңғырып арман, тозды үміт... Қыз да көп алтын, болғанда қайтсін, періште, Тайғысы келмей қасарса жүрген жолынан. Есігіңді қағып қашады екен, еріксе, Бір сыбағаннан, басқа дәрмен жоқ қолыңда. Мен махаббатпын, ал қайда мендік махаббат? Қарсымнан көздер, сыртымнан сөздер қадалған. Сәл қателессең қанжарын суық тақамақ, Жүргенің сосын үрейің көшпей санаңнан.
Бұл үйде заң көп, бірі де тасқа түспеген, Дырдумен өткіз, ұйқыға қажет түніңді. Пенде баласы үйренер көрге үш күннен, Мен жүрмін тосып, үйреніп кетер күнімді...
- *
Мен тағы мұнар жамылдым, Бағасын білмей бағымның. Өзекті өртеп өкініш, Тамшысын мұңның тағындым.
Бал сәттер, құның өлшеусіз, Басыма қайта қонды деп. Сертіме сенгін селкеусіз, Сүйгенім осы соңғы деп.
Шырыннан жұтып, есімнен Адасар тәтті күйде едім... Мас болып, кәусар иісіңе, Не жауап бердім, білмедім.
Кешір деп тұрдым алдыңда, Жібітсе мұзын жаныңның... ...Сынауға құмар тағдырға, Менің де келмей бағынғым.
Жүргенде түсіп өр еңсем, Шығарған өзің сол күйден. ...Сен тәтті күйге бөленсең... Мен түсем қайта ол күйге. Өзіңсің, күнім, сәулелі, Мендегі дертті емдеген. Орнатпа қайта әурені, Қорқа көрмеші сен менен! 06.09.2010 КЕЗДЕСКІМ КЕЛЕДІ... (Таңбайдың тапсырысы) Арамызды жалғап хаттар жатса да, Дауысыңды естіп күнде жүрсем де. Таң атса да, Түн терезе қақса да, Сені ойлаймын, мұңайсам да, күлсем де. Білесің ғой, сезесің ғой білемін, Сезе тұра, «сезбейтінің» қажытты... Айта алмадым, Шерге толды жүрегім. Сүйіп қалсам, болам неге жазықты?!
Тапсырыспен сүйе алмайды екенмін. Шын сүйемін, бас тарта да алмас ем. Шын сүйемін, бәріне де бекеммін, ...Тек биікке, тек биікке самға сен. Өкінсем мен, өкінейін қайғы жеп, Сол биікке қолым жетпей қалды деп! 14.05.2010
КҮШТІ ӨЛЕҢ
Бақ шығарсың, Тәңір тек маған қиған, Құның басым мендегі тәмам сыйдан. Жүрегімнен жабырқау күзді қуып, Көктем ару жаныма самал құйған. Күн шығарсың, жылуын маған төккен, Айнымас саған берген санам серттен. Сендегі бал қылықтың арбауында... «Менім» ұмыт... Сезімім салар өртке. Нұр шығарсың... Мен жалғыз жана алмаймын, Бірге болсақ алынбас қамалдаймын. Сен болмасаң қаңырап жан дүнием, ...Бірге болсақ... қабағыңды баға алмаймын. Бірге болсақ әуеспіз таласуға, Барды-жоқты түгендеп санасуға. Бір-ақ сәтке ұмыт боп шырын сезім, Бар ерікті береміз зәр ашуға.
Ортақ шешім таба алмай ақыр соңы, Кетісеміз! Жөн көріп ой, ақыл соны. Өзгерте алмай шешімді, иіле алмай, Кетісеміз көздермен ашу толы. ...Ұйқы да жоқ, күрсіну, жиілеп дем, Қоштасуға қимайсың кейігенмен. Таң алдында көз іліп түс көремін: ...Бал шақтарым бірге өткен сеніменен... ...Көңілсіздеу билеп ап қоңыр аура, Отырамын батып шын ауыр ойға. Алаң қылып әлдекімнің SMS-і, Елеңдеп әр шалынған қоңырауға. ...Түсінбеймін, әйтеуір, несі құнды, Мен отырам қайталап есіміңді... Сен жеңесің! Өйткені, күліп тұрып... Кінәлі мен... Сен сұрайсың кешірімді...
Шалқаярға дәрмен жоқ, бас ұрамын, Бақыт сенің мойныма асылғаның... Әңгімеміз таусылмай отырамыз Бір түн емес, өткендей ғасыр жарым. Сырлар аз ба жылдар бетін бүркеген? Ал, махаббат, мәңгі бітпес жыр дер ем. ...Махаббатқа сүю аз ау... аз сүю... Ұғынысу керек тағы тым терең!
М…-ҒА
Самарқау, нәрсіз тірліктен безініп, Жалпақ әлемде жалғыздық... Жанартау-жүректен әлсіздік сезіліп, Жетпей жүргенде тамызық. Күнімнен күнім айнымай өтіп, Жалықтым десем, сөзі күпірдің. Төсекке-дағы жай құлай кетіп, Азабын тартқам күтудің. ...Мен сені көріп, ұққандай болдым Қалғанын жарық сәуленің. Қайтадан күнім шыққандай болды, Сол оймен енді әуремін. Жанарың мәңгі есімде қалар, Жарқылдап жалқы қарап ең. Ойымнан кетпей еркімді алар, Ақша беттегі қара мең. Меңдіге ынтық ақынның көбі, Жаһұтқа меңді балай ма? Қалайды кімді, жаныңның «мені», Мен ақын емен, алайда.
...Қасыңды сызған қап-қара сия, Абайсыз тамып, сұлулық туды. Тәңірдің тәуір қателігінен Аппақ жүзіңе қара мең тұнды. Аппақ жүзіңе қара мең тұнып... Сұлу ең өзің былай да. Өзі ойлағаннан артықтау шығып, Таң қалған шығар Құдай да. ...Меңдерің дерт боп меңдеп сананы, Ұғудан қалдым өзімді. Күндерден күнге дендеп барады, Сарқып ап салқын төзімді. Өзегі болдың, мендегі жырдың, Жасыруға да шамам жоқ. Сертіне берік Ер болып тудым. Меңтайым болсаң... Арман жоқ! ЕРКЕТАЙҒА немесе Г...-ге Күдіктен тапсам деген үміт басым, Көп іздеп, көзге ілінбей еш бұрымды. Күйіме сынып досым, күліп қасым, Көбейді жалқы жортыс кешқұрымғы.
Көп арман... Кейде алыс, көз ұшында Кей кезде қол созымдай қашық қана. Күндерім айға барып тоғысуда... Күрең күн... Күшті болсаң қашып қара. Кездерден бал жұтысқан рең қашып, Көздерден сыр аңдайтын бір тұңғиық. Көктеме... Көздер қайда кілең ғашық?! Күндер-ай, жүретұғын сылқым сүйіп. ...Күн аунап қабағынан теңіз қарттың, Кермек дәм татыған кеш... Келем жалғыз... Көңілдің кірбің кірін ағызбақ кім (...Кім білген кездесерін нағыз бақтың...) ...Керме қас, келбеті нұр елік қызды, Келгені қатарыма серік қылғым. Көнер ме жүрек дерті, желік бұзды, Кінәла, кінәлама, елік құрбым!
ӨЗІҢ ДЕУШІ ЕМ ӨМІРДІ...
Өзім жайлы ойлауды ұмытып ем, Сен ғана боп қайнары мендік ойдың. Мәңгі мұздан жүректі жылытып ең, ...Емін қалай табайын шерлі бойдың?
Жаным, жаным... Жүректің дерті басым, Ақ дегенің алғыс қой, қараң қарғыс. Дос жылайтын күн бүгiн, күлiп қасым Жүректегі тереңде Жарам Жалғыз!
Жаным, жаным... Күлгеніңді сән деуші ем... Сән деуші ем, жүрек қаққа жарылып. Сол күлкіңсіз бар ма өмірде мәнді өлшем? Жаным, жаным... Жүру қалды сағынып...
Мен айтатын мәңгілікке ән деуші ем Шынымен ақ, бейнең бұлдыр, елес пе?! Жалғыздарға Тәңір өзі жар деуші ем... Жаным сенсіз Алмас жалғыз... Емес пе?! 00:55; 02.08.2010
- *
Мұңайып отырмын... көңілсіз... Кейпіме сын тағып айналам. Ой да көп сан сапат сенімсіз, Сенімсіз... Ешкімге жаймаған.
Күн өтті, реңі тым күрең Ұқпадым, тірліктің не мәні? ...Ұйқысыз өткергем түнді мен, Ойымнан шықпадың сен әлі!
Өмірді ойладым өзің деп, Қоштасқым келмейді, түсінші. Ұқпашы, тым жалған сезім деп, Сендім деп қолыңды ұсыншы?
Тым терең кеттік деп сақтандың, Неге тым үркексің? Ұқпадым. Есімің жүректе жатталды, Сол сорлы жүректің ұқ, халін.
Арпалыс...
Бір Үміт, сан Күдік... Сол сәттер... Жүректе қалды ма із?! Сөнбеген өзіңсің жалқы Үміт, Көгімнен аққанда бар жұлдыз. 18:42; 02.08.2010
- *
Сенім де, сезім де суалған, Шақтарда шалқыған жыр едің. Айықпай жүргенде тұманнан, Ғайыптан жарқ еткен нұр едің. Басымнан заман ба күн ауған, Күнікей сенсің бе, Күн елің?! Бас қатып, саны жоқ сұраудан, Өзіңсіз жабықтым, жүдедім. Ойым да тәуелді, бұғауда, Оның да сен едің тірегі, Оңай ма, сүйгенге жыр арна, Жаным, мен өзіңді сүйемін! Бір Тілек... Тәңірден, Бір Арман... Бір Үміт... Бір ғана тілегім... Туса ғой, шіркін, күн алдан, Төлеген құшатын Жібегін! 23:59; 02.08.2010
ЖАНЫМ МЕНІҢ...
Өзіңсіз көкжиек тарылып, Аспан да қабағын ашпайды... Отырмын қоңыр мұң жамылып, Жанарда жас қалды... Ақтаудың сұп-суық күзі де, Сығыр күн төге алмай жылылық. Аңсатты ақ арай жүзіңде Ұйыған сұлулық... Ұйқысыз түндер көп қажытқан, Өзімді кінәлап безіндім. Өкініп сол шаққа, аз ұққан Бағасын сезімнің... Сен мені тағы да кешіріп, Биіктеп кеттің көз алдымда. Ештеңе демеймін шешіліп, Кінәм көп алдыңда. Сүйемін, бас тарта алмаймын, Сен менің мөп-мөлдір тұнығым. Өлгенше тек саған арнаймын, Жүректің жылуын. Тек сені көремін түсімде, Сен мендік бақыттың өлшемі. Өзімдей сүйгенің үшін де, Мен сені сүйемін!
Біз бірге шығамыз сан қырға, Ғашықпыз талай сын шыңдаған. Ризамын Тәңірге, Тағдырға, Өзіңді сыйлаған! 09.11.2010 ҚАРСЫЗ ҚЫС немесе Айгүл Талыстың виртуалды бәйгесіне Қыс өтер, көктем келер, Уақыт жаңылмайды. ...Бақытты көктен берер... ...Мен сені сағынбаймын... Қыс кетер, жетер көктем, Күндерді қуып күндер, ...Ғайып боп кетер ме екен, Тылсым мол тымық түндер... Қарсыз қыс көңілсіздеу, Көшені тұман бүркеп, ...Жүрек те сенімсіздеу, Жүдеткен мұнар Күн кеп. Сыр шашпай тұнжырады, Жүдеу бақ жапырақсыз. ...Тұнжыр Түн сұңғыла-ды ... Алмас, сіз ақымақсыз...
Көктеме күн сағынтып, Қар жаумай безерді аспан, ...Ойымды құр сабылтып, Келеңсіз кезең баста. Күз Қысқа жалғасты ма, Жетпейді жылу Көктен. Қарлы Қыс, әйбатсың-ау, Алайда, сұлу Көктем!
АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ
Көне күннен суырсам сыр сабақтап, Шер қозғалып кетер ме екен, мадақ қап. Жұмыр басты ие алман деп пендеге, Түркі сөйлеп кетер ме екен, Қазақ қап. Тәуелсіздік! Тұрақ болған құтыма, Тайқы маңдай, шыда заман жұтына. Қайың шанақ, қос ішектен күй сауып, Қайқылардай егіліпті Сыпыра. Бастан бұлбұл дәурен ауған шағы ма?! Асқан дүлдүл, ерек жұрттан бағы да. Қазтуғанға қоныс болмай алаң жұрт, Қайран Еділ... Қалған бір кез адыра. Тәуелсіздік! Тәтті ұғымсың сезгенге. Салмағың бар салынбайтын безбенге. Алты Алаштың басын қосқан Әз Тәуке, Ел шетінен қалмақ тиген кездерде.
Халық едік, жаннан гөрі ар баққан, Зорлық көріп отырар ма қалмақтан? Қабанбай мен Бөгенбайым күркіреп, Наурызбайдың найзасына қан қатқан. Саумал күннің сипатынан күй ұққан, Төле, Қазбек, Әйтекедей биік бар. Үш арысқа, Абылайды, хан болған, Бұқар жырау ақылына ұйытқан. Ыстық қайрат, от жүрекпен қатар кеп, Тағдыр, бірақ, осыншама қатал ма ед. Жау қолынан өлу жазбай, дүние ай... Жарқ етті де өтіп кетті Махамбет. Бағын деген бұйрық келген сәтінде, Бас ұра алмай, құлақ аспай жат үнге. Иса, Досан халық туын көтерген, Қылыштарын сермеп өткен кәпірге. Жалғыз кеме қарсы жүзген ағысқа, Ұлтым үшін мыңмен жалғыз алысқан.
Қанат байлап дүлдүл Қызыл Жебеге, Тұрар көкем самғап кетті ғарышқа...
Тәуелділік бұғау ма еді тағылған, Үміт өшпей жүрген халық жадында. Менің дағы кеудемде жүр бір ұшқын Желтоқсанда мұзда жанған жалыннан.
Қазақ барда өшпек емес аттары, Бірлік барда белгілі ғой бақ бары. Барлық Қазақ біріккенде атқанын Ұмытпайық! Азаттықтың ақ таңы!
- *
Махаббаттың бұл өмірде бары шын, Сенсіз күннің бәрі қиын, бәрі сын. Апта болды, телефон ба кінәлі, Естілмейді дауысың...
Көңіл күпті, жүрек байғұс сенбейді, Шер көкірек сенсіздікке көнбейді. Апта болды, басталатын «жаным» деп, SMS-тер келмейді...
Күрсініс көп, іштен тынып, тұншығып, Маған бола тоқтамайды тіршілік. Апта болды... Хабар күтем өзіңнен, Үндемейсің қырсығып...
Сені өзгеге жүрек қалай қияды, Мені есіңе аласың ба жиі әлі? Хат келер деп түнде оянам мың мәрте, Телефонға ұялы...
Жүрегіңді жанарыммен жылытып, Жүрген шақтың болмады ма құны түк. Жалғызым деп жыр арнайтын жігітті, Кеттің бе екен, ұмытып...
Шымыр ма екен, шалағай ма шешімің, Жылдар өтіп, ұмытылсам несі мін? Сүйеді әлі! Ұмытпайды ол жігіт! Ұмытпаса өз есімін! 09.04.2011
- *
«Өтінемін, әзірге мазалама!» Амалсыз көндім мұндай жазаға да. Мен туралы ойлардан сендік сана Тек телефон шалмасам тазара ма?!
Сенен өзге ешкіммен сырласа алман, Таба алмадым жан жақтан мұңдасар жан, Сыр менен мұң... Мұң болды даусыңды есту Бір күн өтті шыдамды сынға салған.
Өтті күндер сенісіп сыр ақтарған, Әрбір сөзің жүрекке тұрақтаған. Енді саған қоңырау шала алмаймын, «Мазалама» дегенсің, Шыдап бағам.
Даусыңды естіп, жай ғана амандасып, Тұра алмаймын... Кеткендей бағаң да асып... Мазаламай жүрмін ғой, өзімше боп, Кетті бірақ өзімнің мазам қашып... Астана, 25.01.2012
- *
Санамды сиқырладың ба, Не құдірет бар көзіңде? Тәп-тәтті бұртиғаның да Өкпелеп қалған кезіңде.
Сөйлесу мүмкін болмайды, Телефон сөнген, қай заман, Сонда да үміт солмайды, Нөміріңді терем қайтадан. Сағынтып... Әлде сағынып... «Иә» дейсің шаршау үнменен. Күткен ғашыққа зарығып Жарты бақыт қой бұл деген. Тым жаман жауап күтпеймін, (Күдік те жақын кеп тұрат). «Жарайды» дейсің... «Уфф» деймін, Үстімнен ауыр жүк құлап. «Кешірім сұрай бересің, Дұрыс па осы, айт өзің... Шектеулі бәрі білесің, Таусылса бір күн, қайтесің?» Тағдырдың сыны осы да, Тым басқа еді күткенім... Сендегі кешірім таусылса, Менің де мүмкін біткенім. Ренжіп ал, тартады аяғын, Еркелеп кетсе, тентегің. Жасытпа бірақ, жанарын Кеше сал... Таныт кең пейіл!
Сезімге сызат түсірме. ...өкпеңнің орны бөлек қой. Қайтадан ренжу үшін де Кешірім беру керек қой! Астана, 18.02.2012
- *
От салмасын арамызға өткен күндер арада, Санам сендік, мені, күнім, сезімсізге санама. ...Әйнегімнің ар жағында әйдік шөлмек шаһар тұр... Сыз себелеп жүрегіме, тұз себелеп жарама.
Сенен безіп кеткенім жоқ, келді баққа кезіккім, Кім болып ем, енді кіммін, келді соны тез ұққым. Сендер жақта жаз дейді ғой... ...Әйнегімде қырау тұр. ...Тыныштықты іздеймін деп, тым ыстықтан безіппін.
Таусылғанша тағдырлас бол, Тәңір берген енші күн, Бағын асыр, барын жайып, бүркемеле кемшінін. Жүрегіме қырау түгіл кірбің түссе қылаудай, Тазартып ал! Ол өйткені тек өзіңнің меншігің! Астана, 24.03.2012
- *
Өмір! Өмір... Өрекпідік өктем біз, Кеуде қақтық... Бірақ, көппен теп теңбіз! ... Жеріткен соң Жердегі өткен Көктем, Күз Аспан аңсап, Аспан аңсап жеткенбіз!
Аңсатқан ды, көп аңсатқан Аспан жақ, Айып па екен, Көкке қарап тамсансақ, ... Ұшып келдік, қанат жалғап талантқа Елер ме екен, «біз келдік» деп жар салсақ.
Елемейді! Бола алмасақ ірі, нық! Еңбек керек! Керек сірі тірілік! Көп жұлдыздың бірі болып... Ірі боп! Қалу мұрат сол Аспанға ілініп! Әйдік Аспан, адасу да қас қағым, Тым қауіпті жолын кесу басқаның, Күн көрудің өзі мұң боп кетеді, Аспанның да бұлт бүркейді аспанын. ... Қол созымда тұрған Күнді сағындым, Күнсіз күмән баяндысы бағымның, Сол Нұрлы Күн қуат берген бойыма, Сол қуаттан келмейді енді арылғым... Өмір, Өмір! Өтіп жатқан Көктем, Күз... Біз осылай Аспан жаққа жеткенбіз... ... Аспан жайлап, Күнді көрші еткенбіз, Ал, былайша, барлығымыз теп теңбіз... Астана, 28.07.2012
Еділ БЕКМҰРАТОВ, 1988 жылы Маңғыстау ауданы Қызан ауылында туған. Маңғыстау политехникалық колледжін бітірген, «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің мүшесі. «Желтоқсан жарасы – жүрегімде», «Отпан тау», «Егемен елдің ертеңі біз» атты ақындар мүшәйралары мен «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінің жүлдегері.
ЖЕЛТОҚСАН
Бабаларым сан ғасырлар аңсаған, Сан ғасырлар қолы тетпей шаршаған. Тәуелсіздік күні туды қазаққа. Жыр жазамын қуат алып мен содан. Жыр жазамын естісін деп барша маң, Бір ғажабы туындайды ән сондан. Маған өлең жазбау жұртым мүмкін бе? Осы өлкеге кіндігімнен тамса қан. Осы өңір ғой менің – туған Отаным, Отаныма арналуда от әнім, Дардай істі жатпасам да тындырып, Туған ел деп боздап жүргекн ботамын. Айналайын туған елім қазағым, Тағдыр бізге көрсетті өз ғажабын. Егемендік салды бізге назарын, Бодандықтың келтірген күн ажалын.
Құдайым-ау құдірет еді ол қандай, Құтқардың-ау орманымды зорға аллай. Желтрқсан шықпаса егер жастарым, Біз ендігі жоқ боларма ек жоңғардай. Жоқ болар ма ек құмға сіңген судай боп, Отқа оранған қалың ағаш нудай боп. Шыныменен болмағанда желтоқсан, Жойыларма ек қайнап ұшққан будай боп. Жатыр әне өткенді айтып сайрап күн, Жыршысы боп мына барша аймақтың. Есіңе алшы кейінгі ұрнақ дегендей, Есімдерін Ләззатпен Қайраттың. Ей, ағайын өткенді еске ап жүрейік, Тәуелсіздіктің қадірін әркез білейік. Бұрын қанша қиындықты көп көрсек, Енді сонша бақ келсін деп тілейік.
МЕН БОЛАМЫН ОТПАНДАҒЫ ДЕГЕЛЕК
Күн айналып артынан күн шыққалы, Жер жаралып төсіне гүл шыққалы. Маңғыстаудың киелі топырағынан, Неше дарын, неше жалын шықпады. Бұл Маңғыстау кіл тектілер жатқан маң, Көмейінен қазынаны ақтарған. Жеті бұлбұл жеті қайқы ән салып, Ел жадында жеті нандай сақталған. Қайталанбас сөздің асыл зергері, Еш адамнан кездеспеген өрнегі. Абыл, Ақтан, Нұрым, Аралбай, Қашаған Бес жүйрігім бес қаруым белдегі. Артындағы елге көмек керек күн, Арасына түспейді ме ер оттың. «Жаудан қаза жетпеді-ау» деп өлерде, Орындалмай кетті арманы Төлептің.
Кұрығына мойынсұнбай осалдың, Қиын сәтте бастай алған көш алдын. Ары көктей қала берді биікте, Тәнін еттей турағанмен Досанның. Бул өлкеге кім бұрмады ат басын, Жат жасиды өңкей асыл тапқасын. Біздің қауым қалай асыл болмасын, Пір Бекеттен дұға дарып жатқасын. Айта берсең шежіре көп не керек, Келешекке жол салатын керемет. Өзгелердің «айдахарын»жасыткан, Мен боламын Отпандағы дегелек.
ҚАЗЫНАЛЫ ӨЛКЕМ МАҢҒЫСТАУ
Бұл Маңғыстау сұлу қыз ғой келісті, Бұл Маңғыстау мәуелі бақ жемісті. Айтпағанда астындағы байлықты, Қазынаға тұнып жатыр жер үсті. Қазына деп айтқаным ол шалдарым. Шалдарым деп айтқаным ол ар жағым. Қайран шалдар түсе қалса шаршыға, Талайлардың тістетіпті бармағын. Еш сарқылмас сол шалдардың арнасы, Сөз сайыста жерге тимес жамбасы. Қазақ түгіл, аты мәлім әлемге, Әбіш ағам тектілердің жалғасы. Даналығын бойға жұтқан даламның, Ізбасары Балдай қыздай анамның. Көп жұлдыздың ішіндегі жалғыз ай, Орны бөлек қара өлеңде Анардың.
Топқа түссе Рза, Рахат, Қалбайым, Тыңдарманның қақтырыпты таңдайын. Осындай кіл тәуірлердің жалғасы, Менің енді белгілі ғой қандайым?! Дүбірлеткен жұрт жиылған құрмаңды, Қыран құстай мекен еткен шыңдарды. Айтыстағы ақбоз-көкбоз жұлдызым, Жұрт біледі Мэлс пенен Нұрланды. Міне, осындай біздің елдің ұл-қызы, Әр перзенті хан тәңірдің шың құзы. Іргең бүтін, желбіреп тек көк туың, Маңғыстауым, жарық болғай жұлдызың!
Бақтыбай ЖАЙЛАУ, Ұлу жылы дүниеге келген. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің түлегі (2010). Халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалінің, М.Мақатаев атындағы республикалық ақындар мүшәйраларының (Қарасаз-2006), (Астана2007), Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық оқушылар (Талдықорған-2005) және студенттер (Павлодар-2007) олимпиадаларының жүлдегері. Пір Бекет Атаның 260 жылдығына арналған аймақтық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы (Атырау-2010). Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Еңбек жолын студент кезінде «Қазақстан» РТРК МОФ-да редактор-журналист қызметінен бастаған (2007-2010), қазір Ш.Есенов атындағы КМТжИУ оқу телестудиясының журналисі.
АҚЫНДАРДА ДОС БОЛМАЙДЫ
«Ақындарға азғындар ереді... Алайда иман келтіріп ізгілікке жеткендер, Алланы есіне алғандар басқа...» Құранның «Шұғара» сүресінен «Ақындар – Аллаға жақындар». Әмір Темір «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз...» Мұқағали Ақындарда дос болмайды пендеден! Күлер бәлкім сандырақ деп Бұл сөзіме сенбеген, Ол үшін де мен ешкімді тергемен. Білгің келсе Құран сырын – Оқығанда шайыр жырын Жанына үңіл, жүрегіне ен дер ем.
Болмаса егер ақындар досқа кенде Саналы өмірлері босқа өтер ме? Шер тарқатар жан таппай Ақтарар ма мұң-зарын тас кереңге? Мұндайда оларға жын жүрер жақын, Ерттеп берер қолынан мінер атын, Алайда азғындықпен асқан өрге – Тән емес қарекет қой талапты ерге. Сайтанды серік еткен құрсын тірлік, Тәңірім, ондай күнді басқа берме. Талабымен игерген өнер кенін, Елі сүйіп оқитын өлеңдерін Аты дардай бір ақын деп жазыпты: «Шараппен ғана жалғыз кемел көңіл; Тірі болса ғой, шіркін, дос болар ек Мұңлық аға Мұқаңдай кемеңгерім!» (?) Осы сөздің иесі – айташыға Мынадай жауабым бар берер менің:
Ол заманға Сізден, рас, бұрын келді, Заман оған сондықтан қырын келді. Өліарада өлеңнен өнім алып, Жұтта жүріп жемісті жырын терді. Мүсәпір жұртына артып жауыр қылған Кісәпір қоғамның сан «сыйын» көрді. Тек қана ақынды емес ол бір кезең Дүдамал күйге салды дүйім елді. «Алла – ақиқат, Құран – шын» деумен өткен Діңкелетіп дініне мығым ерді, Хаямның Хақтан күткен Нұр-шарабы Осы деп шайтани-су шырын берді.
Сезіміңді улайтын тарап қанға Шипа емес шірік шөлмек шарап жанға. Ақын дара жүргенмен елден жырақ Оны өзіне жақын ғып жаратты Алла. Тәңірін танығандар жалғыз қалмас, Жалғыздық жарасар тек Жаратқанға. ...Мұнымды Мұқағали рухынан Сұраңыз Маһшар күні таң атқанда! 2007 жыл
- *
Көгершін-көңіл көкке өршіп, Қанатын керіп қиялым жаһан шарлап жүр. Кезім жоқ бірақ өткен түк Шиеленген шеңберін шешіп тар тағдыр.
Құмартып бала күнімде Әжемнің талай тыңдап өскем ертегін. Бұлыңғыр тартып бүгінде Ескіні қоса елестетеді ертеңім.
Көктем бе әлде жаным – Күз? Тұлғамды танып, тиісін тауып теліп көр:
Жағымды яки жағымсыз Өмірімдегі өзіммін басты кейіпкер.
Батыр емеспін Зұлпыһарын асынған, Серігім де жоқ табылатын қасымнан. Керқұла атқа тақымым тиіп, жал құшпай, Жалғыз жортқам жасымнан. Ақын да емен, Ғазал-жыр деп жазғаным – Қырық өтірік сандырағы Тазшаның. Дүр талант, ділмар дарындылар бақытты, Одан менің аз бағым. Ғашық боп та сезімге таппай түк азық, Жабырқау тартып жаным содан жүр азып. Күн астындағы Күнікей қызға қол жетпей Көңіл қалған құлазып. Самұрық құс құныкер досым бар менде, Тұтатсам қылын ұшып жетер бір демде. Аспан асып кетсем деп едім ол-дағы Келмей қойды жәрдемге.
Ғаріп күйде орнатар басқа бақ тегін Алтын балық аңсаумен өтіп сәттерім. Қалам-қармақпен отырам кейде ой аулап, Теңіз – өлең дәптерім. Көктем бе әлде жаным – Күз? Тұлғамды танып, тиісін тауып теліп көр: Жағымды яки жағымсыз Өмірімдегі өзіммін басты кейіпкер. 2007 жыл ДЕРМАТОГЛИФИКА* (...-қа) Дей бер мейлі мұны жаңсақ мағына, Мен өзіңнен бір сыр аңсап жаныма, Үңіліп ем нәзік алақаның мен Сүйрік саусақтарыңа. Бұл болжамның түспесе де тасы нық, Ынтық қылған қызыққұмар жас үміт. Алақаның құпиясын ашпады Жан сырыңды жасырып. Одан дағы тани алмай түзу заң, Көптен күткен кәусар көңіл бұзылған. Балалықтың ізі әлі кетпепті Саусағыңа сызылған.
Көрген сайын шиыр сырлы әр ізді, Періштені тани түсем жаны ізгі. Бой жеткенің ересектік емес тек, Ой жеткенің маңызды. Ол үшін де айтпан cаған бекер сын, Бұл сөзімді ренішсіз көтер шын. Ең бастысы мендік сәруар сезімді Қашан ұғар екенсің? Әр ісіммен саған ылғи жайғам сыр... (Түк сезбеген түйсігіңе қайранмын). Осынау бір бала көңіл, бейкүнә Мінезіңнен айналдым! 2007 жыл *Дерматоглифика – алақан, саусақ сызықтары арқылы адам мінезін анықтайтын ғылым жүйесі.
АҚБӨБЕК-АРМАН
Кемді күннен тапқандай нақ керегін, Қос ғашықтың жырынан бақ көремін... Қайып сері – құрбаны сағыныштың, Шаһит кешкен армандап Ақбөбегін. Жиделі, Жарқұдықты тұрақ қылып, Жүргені бойды билеп қуатты үміт. Күндері сағым болды Бөбек қыздың Ойнаған шарқат жаулық лақтырып. Кетсе де Қызылбас пен Тәжік асып, Көңілдері сезімнің жазына асық Мұңлық-Зарлық баршаға үлгі десек, Біреулер жүр күн сайын ажырасып. Бағындырар жіпсіз-ақ матап алып Сезім сыны, шынында, қатал анық. Жігерімді жасытып алдым мен де Қалқаның қылығына қапаланып.
Ұға алмай ынтызар құрбы жанын, Шарасыздан түңіліп, тұнжырадым. Көңілім де қапалы, мұңлы халім, Кім қандырар жүректің бұл құмарын?
Аша ма деп бақытым паң құшағын Аңсаймын әрбір күннің таңғы шағын. Сиынамын санама сіңірсе деп Нұр сәулесін мұнартқан әлгі сағым.
Тәңір сыйы дейді ғой бақ дегенің, Тосып жүрмін сол сыйдың тап келерін. Қиялымда күлімдеп қол бұлғайтын Жүр екен қайда менің Ақбөбегім?! 2008 жыл
- * (...-ға)
Бишікеш жүрегіме хандық құрдың, Тіл қатпастан жаныма жарлық қылдың. Торықтым мен, қайдан-ақ жолықтың сен Мұңлыққа аңсар болып, Зарлық құрбым?!
Екеуміз бірге жүрген шақтар қандай? Қазір айтсам, бейнебір тәтті армандай. Қалпым көр сол уақта мол баққа ие, Шарқым кем оны жыр ғып ақтарғандай. Сезім сынын сөз етіп жүрісіп ек, Кейде үнсіз тұрып-ақ ұғысып ек. Елемедік арада жас пен басты, Тоғысқандай тіпті жан тынысы дөп. Сен маған ақтардың сыр сандығыңды, Мен саған хат қып жаздым бар жырымды. Қоса сы-зыл-ған болса, оқығым кеп Маңдайыңнан іздедім тағдырымды. Білсек те ие екенін көшіне Кім, Жазмышқа артамыз көп несіне мін? Ғапылдықтың тағы бір мысалы ғой – Екеуміздің еншіміз есіл өмір.
Тұра ма ылғи сондай сәттер үстем? Өтеміз бе тынумен, әттең, іштен? Қасаң тірлік құрбаны боламыз ба? Сен не дейсің мұныма, ақ періштем?!
Құптайсың да зілмауыр сауалымды, Қайталайсың тым ауыр жауабыңды. Үйретесің содан соң маған үлгі, Нақтылайсың тағылым-талабыңды.
Сен едің сенім берген, білесің бе? Үмітім артса, ол да – үлесіңде.
Жігіттік жігерімді жанып алып, Дағдылана бастағам күресуге.
Сынаса Құдай бұлай ерді, тегі, Қиын-ау көңілдің де көндігері. Жанымда жәрдемшім жоқ, Қайтсем керек Жаратуға сол күшті енді кері?! 2009 жыл
- *
- Сен әлі үйленген жоқсың ғой? - Жоқ. - Ертең үйленесің... керемет ғашық боласың... Мен саған сенем. Ол да сені сүйеді... - ? Қадыр Мырза Әли ақынмен әңгіме «Ұға алмай ынтызар құрбы жанын, Шарасыздан түңіліп, тұнжырадым. Көңілім де қапалы, мұңлы халім, Кім қандырар жүректің бұл құмарын?» Деп жүргенмін дүниеден түңілгенде, Жақыным да жарамай тұғыр деуге, Жаныма жай табылмай жұмыр жерде, Түсінер жан табылмай сырымды елде... Бұйырған орны Өлең-Тақтан асыл, Атанған біздей жігіт шақта Жасын* Ақ шал маған арнады ақ батасын, Аталық ақыл айтып ақтара шын.
Ашылғандай бақыттың паң құшағы, Туғандай жаңа күннің таңғы шағы, Найзағайлы ұшқынын салды шалы, Содан менің үмітім жанды тағы.
...Өткізгем өзіңді ойлап неше күнді, (Алайда қайтем бұлдап есебімді?) Сен бірақ бетке басып кешегімді, Қайтармашы тек менің меселімді. Өтінем! 2009 жыл
- «Қадыр – найзағайлы ақын» (Мұқағали Мақатаев).
АСТАНА АРУЫНА
Көптен бері өзіңнен үмітті едім, Кідіртеді жүрсе де күдік кейін. Сар уайымға, сұлуым, салдың мені Патшаның қызын сүйген жігіттейін. Әр нәрсені ойға алып, арман қылам, Байлығым жоқ – бабадан қалған мұрам. Тарту етсем деген ем ертегідей, Бірақ та қайтсем сені таңғалдырам? Беремін деп зәулім үй – сарай салып, Құшқанын да білместен қалай табыт, Жас жанын пида етіп, жар жолында Құрбан боп кеткен жоқ па талай алып? Ал қазір жоғары ғой талғам аса, (Қызыға ма қыз да көз арбамаса?) Анадай ғимараттар салу – арман, Ғайыптан кеп құдірет қолдамаса...
Толғандырмас құс қонған ұя кімді? «Бәйтерек» те баурап ап қиялымды. Жыланның ауызынан қорғап қалған Ұланның қарекетін қылам үлгі. Жүрегіміз шалғайда сағынысар, Оны бірақ ұға алмас тағы құс әр. Болса ғой самұрықтай құныкерім, Тұтатсам қылын – саған алып ұшар... Лаулатар бейбітшілік шырағын шын Адамзат үшін ұлы, сірә, бұл сын. Бір алқада бас қосқан дінбасылар Ел үшін һәм мен үшін дұға қылсын. Ақ батамен дарытсақ Хақтың нұрын, Бәлкім, сонда жанар ма бақ жұлдызым? Маң даланың паң мінез болмысымен Тәнті етермін Сарыарқа жақтың қызын...
Есілдің ерке мінез толқынындай Күлкіңмен қуанышқа толтыр ыңғай. Каспийдей боп көңілім тасып-толсын, Қылығым болмаса да жойқын ұлдай.
Емес мұным жүректің базынасы, Бар айтатын сөзімнің лазымы осы. Ерінің де еншісі, байлығы ғой – Елінің ортақ дәулет-қазынасы.
Сондықтан да несіне қысыламын? Сағынышым-ды құс қып ұшырамын. Жаныңда жүрсем сыйдан кенде қылман, Ал әзірге жырымды ұсынамын.
...Тәуекелден жас жүрек жасқана ма? Бағым үшін, деместен «басқа қала», Тартып отырар күнім туар ма екен Бетімді бұрып алып Астанаға?! 2009 жыл
- *
Атақты ұстаз, әулие кісіге бір жас жігіт кеп: «Уа, Ата, мен сізден рухани ілім үйреніп, дін жолына біржола бет бұрғым келеді. Осы жолда маған бағыт сілтеңіз, Аллаға ғашық болудың шарғысын үйретіңіз»,-депті. Сонда абыз қария ойланып: «Әй, шырағым, әлі тым жас екенсің. Өзің үйлендің бе? Қызға ғашық боп көрдің бе, сірә?»-десе, әлгі жігіт одан сайын құлшынып: «О не дегеніңіз? Мен бар қызықтан бас тартып, тіпті дүниеден баз кешіп, тек Құдайды ғана сүйгім келеді»-деп жауап қатыпты. Сонда ақылман ақсақал айтқан екен: «Сен маған мүрид (шәкірт) боларсың-ау, бірақ Алланың жаратқан Жаралысын сүймей, Жаратушыға ғашық бола алмайсың!» Бала кезден білетін әңгімем, бірақ кімнен естігенімді ұмыттым...
Кеудемнен қуатты үміт тұғыр алды, Шаштың кеп шуақ қылып шұғылаңды. Ғайыптан кезіктің де тарам-тарам Бағыттан көрсеттің сен құбыламды. Атқармай жүрсем де әлі жалғанда түк, Жан едім сүйген Жаббар Алламды анық. Жаратқаннан жеткен зор пәрмен болар, Тағдырым артқызды мол талғамға жүк. Ғашық емес ғаріпке Жар алыс-ты, Көтермес шамадан тыс сана күшті. Құдайдың құдіретін тану үшін Алдымен сүй деп маған жаралысты. Аллам ғой бұл сезімді нәсіп қылған, Аллам ғой мені саған ғашық қылған. Дер кезінде өзіңмен кезіктіріп, Болашақ бақытыма асықтырған.
Қасиетін көріп Хақ берген сыйдың, Сезінгендей ырғағын зердем күйдің. Жан сырымды ақтардым, ұғынғайсың, Перзенті ең ғой жөн білер, көргенді үйдің.
Тұрғандай бақ басымда, тақ астымда, Көңіл бұдан басқаға талассын ба?
Онсыз да шырғалаңы мол сапарда Енді мені оң жолдан адастырма! 2009 жыл
- *
Ермек болып күн сайын ғаламтор тек, Қалғандай қайран досым – қалам қор боп... Серігімді қайтадан қолыма алдым Жыр бастар – бір бастаса саған жол деп.
Демеймін – артқандықтан бақ-талабым, (Бәлкім, бұдан басқа түк жоқ амалым). Өзімнен бұрын жалғыз Хаққа мәлім Бір сырымды мен саған ақтарамын.
Болса да ойы шолақ, ақылы кем, Сезімін жасыра алмас ақының ем. Оңынан туса айы шайырлардың Алдымен ел ішінде аты жүрер.
Шықпаса да әзірге атым дардай, Келешектен алар көп хақым бардай. Жақұтым, сен бір қадам жуықтасаң, Бақытым екі қадам жақындардай.
Жанымды Алла жырмен жарық етті, Жыр – ақынның байлығы, бары депті. Сені сүю үшін де тағы маған Сыйлапты ғашық болу қабілетті.
Махаббатсыз тартады қу жан солғын, Өлеңсіз де артады мұң-зар сорлың. Арзу болған көңілге дәру Ару – Сен менің Музам болғын?! 2010 жыл
- *
Айнам, маған үндемейтін жан дейсің, Айтылмаған сырым саған бар кей, шын. Жүректегі жазуларды жеткізер Тіл мүдірсе, жыр кідірсе қайтерсің? Мәнді өлеңнің таба алмай ырғағын, Бұйырмастан кешеуілдеп жүр бағым. Көкіректе сайрап жатқан сыр барын Аңғартса деп армандаймын жырларым. Кеудедегі кенді қашан ақтарам? Сонда ғана мәңгі жасар бақ табам. Өмір шіркін жеткізер ме, білмеймін, Көңіл бірақ сол бір ансар шаққа зар. P.S.: Айнам, маған үндемейтін жан дейсің... Білемін. 2010 жыл ПІР БЕКЕТ АТА немесе кедергісіз кеңістік һәм уақыт хақында
Дүнияуи ілімді біз анық деп жүрдік, Мектептің оқулығынан қанық боп жүрдік. Өлшемі қылып уақыттың кеңістіктегі Ең жылдам құбылысты – жарық деп білдік. Жаратылыс жұмбағы кешегіде екен, Алдымнан шықты дүниенің есебі бөтен. Сауалым тым көп болып барады, зинһар, Жауабын кім дөп тауып, шешеді екен? Айшылық жолдан өзгелер қиналары анық, Күй кешіп жетер – кейпінде диуана ғаріп. Пір Бекет таңғы намазын оқиды екен Оғландыдан Меккеге, Хиуаға барып... Жұртының жәрдем-мұратын қабыл, оң көріп, Мешіт салғанда тұратын шалың жөн беріп. Және сол сәтте жорықтас жолдасымен ол Көрінген жауға қаптаған қалың қол болып...
Әзілі ортақ (Атамен болар жасы тең) Бір досы таудан ауғанда жол арбасымен Үйде отырған Ер Бекет көмекке келіп, Түйе табанын тіреген жон арқасымен... Бұл істеріне Алыптың қылған-ды күмән, (Әулием, Өзің таныттың тұлғаңды мұнар). Қажет жерінде әп сәтте табылатұғын Қимылы жүйрік жарықтың жылдамдығынан. Тарихаттың ол көрген астар түбін шын, Шариғаттың меңгерген асқар шыңын тым. Мағрифат пен Ақиқат әлемін кезген Өлшеп береді Рухтың шапшаңдығын кім? Ілім жолында арнаған сауғаға жанын, Әруағыңнан айналдым, уа, Пәруана Ғалым! Тылсымы терең танымың – мен білсем, Ата, Пірдің соңы Өзің мен тек Аллаға мәлім! Рамазан айы, Қадыр түні, 2010 жыл
ҮШБУ ХАТТАР (...-ға) І. Жаңа жылғы жаңа жыр Сен жырымның айналдың өзегіне, (Мен ұғындым. Басқалар сезеді ме?) Бал мінез тал бойыңа жарасады – Қоянның ұқсап туған көжегіне. Болса да болмысыңда қоян-қылық, Алма тек бұл шіркінге бой алдырып. Өзің енді билеуші өз-өзіңді, Кезің келді көңілден жояр күдік. Қымсынған қабағыңа – кірпік-қасқа Қарайлап, сыр ашқам жоқ іркіп баста. Енді шетін шығарсам сол ойымның, Селт етпе-сезіміңмен үркіп қашпа. Кезім жоқ-ты қиялға кенде қалған? Ех, тіпті жеткізген бе пендеге арман? Міне, тағы күдікті үміт жеңген Аяулы аңсарым бар сенде, қарғам.
Кешімізде қарсы алған жылды жаңа Есімізде бір арман тұрды дара. Оқтаулы ойдан оқшау сөз айтылмай, Тыныстап тіпті іштей тынды дала... Қорқақтап жүрсем-дағы, көжек-құрбым, Өкіміне жүгіндім өжет жырдың. Көкіректі кернеген күйді шертіп, Өзіңді өлеңіме өзек қылдым. Жеңіп тұрар туар ма ғашыққа күн, Адыра қалды қанша асықтарым... Осы жылы түсер ме сақам алшы, Мерейім асып яки тасып бағым?! 04.01.2011 ІІ. Селтеткізер Десем-дағы – өміріме өкпем жоқ, Есем бардай, қалқам, сенде кеткен көп. Мен өзіңді тосып жүрдім қыс бойы, Енді маған оралсаңшы көктем боп?! Құсалықпен өтпесінші әр ай, күн,
Жүре берсек, оздырармыз талай жыл. Құлпын ашқым келеді енді, тағат кем, Кілтін тауып кеудеңдегі сарайдың. Бізді асығыс шақырып тұр келешек, Келешекті күн ілгері елесек, Есіл күннің қайтарайық есесін, Екеуміз де жандармыз ғой ересек. Іздеп жүрер ақылы артық қызды есті ұл, Ес кіргелі мен де сондай күн кештім. Сыр сандығын бірге ақтарар сәт туды, Келеді енді өзіңмен бір тілдескім. Сырға толы жанарыңнан жылт көріп, Төзімімді беймәлім бір құртты ерік... Жүрегімді қолыма алып жеткенде Жүрмеші тек теріс қарап, сырт беріп?!
P.S.: «Селтеткізер» сый сөзімді арнадым, Сезіндің бе сырымның сен салмағын? Мені үйіңе шақырғайсың мейман ғып, «Ұйқыашарың» дайын болса, ардағым!
«Селтеткізер» – Наурыз кезінде жігіт өзі ұнатқан қызға тазалықтың, пәктіктің нышанындай айна, тарақ, иіссу сыйлаған. Сол арқылы сезімін жеткізеді. «Ұйқыашар» – Наурыз кезінде қыз бозбаланы көңілі хош көрсе, жас малдың етіне уыз қосып, дәмдеп тағам пісірген. Дәмнің «Ұйқыашар» аталуы да бекер емес. Сол арқылы сезімін жеткізеді.
ІІІ. Сырға таққан
Тіршілікке ойларым жүр маталып, Келмей қойған көптен түк жырға шабыт. Тосындау жаңалықты жария қылдың: «Кетті – деп – құлағыма сырға салып...»
Қарашы ол «пысықтың» жол тапқышын, Тым ерекше сый екен моншақты сым. Сен үшін «Селтеткізер» сырға болса, Мен де таққызар едім он шақтысын. Бұл сыйлық сезіміңді сыйқырлады, Ал менен жаңалығың ұйқы ұрлады. Ертең сені ап кетсе сырғасымен – Саған емес, өзіне сый қылғаны. Сырға салу – ол да салт, әдеп еді, Бірақ осы жолы бұл кәде мені Тұнжыратты... Бұрынғы тағып жүрген Өзіңнің сырғаларың әдемі еді. «Бұйырса, ұзатылар тойым дайын, Қырық күн тойда – отыз күн ойын дайын». Деп кеттің... Одан бұрын мен айтатын Ақиқатым бар еді, мойындайын.
Мен сені әуел бастан «сүйген емен», Сүйем деп алдыңда бас имеген ем. Есіміңді естіген кезде ғана Бөленеді басқаша күйге денем. Жамандық атаулыдан жырақ ойым, Бар бірақ өзімшілдеу бір-ақ ойым. Ол билесе санамды, Ток жүгіртіп Өткізгендей болады тұла бойым. Мен саған «ғашық болып жарытпадым», Сенен сезім күтпедім, зарықпадым. Жарық қамын іздеген қараңғыда Жүрегім сәулеленді... бар ұққаным. Демеймін өзгедей тек қызығамын, Мен сені көре қалсам, бұзыламын, Улайды жан-тәнімді қуалай қан, Тулайды бойымдағы қызу ағын. Осы аз ғана баққа көнші, көңлім, Енді кейбір ісімді ерсі көрдім – Ойланбастан үйімді айырбастап, Саған жақын, іргеңе көрші қондым.
Күн сайын келіп тұрсам, көріп тұрсам, Жаныма серуенде серік қылсам... Деп жүргенде... Қап, әттең, табан асты Үлгертпей қалды оған ерік-мұршам. Айтылмастан қаншама сырым қалды? Жазылмаған соншама жырым бар-ды. Енді тек тілеп өтем бақытыңды, Қалқатай, түсін халді, ұғын жанды. Сен бақытқа бөленсең бар ма қайғым? ...Енді саған түк тарту таңдамаймын. Циклді одаларым шегерілді, Осыдан кейін өлең арнамаймын! 12.06.2011
БАЛАПАН-ҚЫЗ
Сіз университет шаңырағында, журналистика саласында жүрсіз ғой. Мені қанатыңыздың астына алып, бағыт беріп, жол көрсетіп жіберуге қалай қарайсыз? Mail.Ru Агенттегі әңгімеден Өктемдік көрсетіп тұр өрісте қыс – Жеткендік жер үстінде жеңіске күш. Көз алдымда балапан бүрсеңдейді – Қанаты қатаймаған періште құс. Үлпілдеп қауырсыны – жел үп етсе, Желпіп өтсе – елпілдеп, еркі кетсе, Беймаза балапанға қарап тұрып, Тұрпатына тоймас көз көркін өпсе. Жас екен деп тағылар тыншытты ма? Қауіпті – қанатты да, тұмсықты да. Бұла сезім бұлқынып бой бермейді, Тағатсыз талпынады ыршып бұ да.
P.S.: Талаптан, балапан-қыз, жассың анық, Көк аспан – екеумізге басты бағыт. Баптауға мен бейілмін болашаққа Қырандай қанатымның астына алып! 28.01.2012 Мұхамбетберді СҮЙІТОВ, 1988 жылы дүниеге келген. «Қайнар» университетінің филология факультетін бітірген. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Еңбек жолын «Ар.kz» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі болудан бастаған (2006). Қазір «Өзенмұнайгаз» Өндірістік филиалы ақпараттық талдау қызметінің бас талдаушысы.
АҚТАУҒА АРНАУ
Я хотел бы Жить и умереть в Париже, Если бы не было такой земли – Москва. В.Маяковский Шәр туралы өлең де көп, жыр да көп, Бірақ, Ақтау, сенің жолың бір басқа. Әр күн сайын шомыласың нұрға ерек, Сенен таптым жақсы дос та, сырлас та. Сенде түнеп, сенде тағы таң асам, Ару Ақтау, сені қанша өпті алаң? Көркем біткен көркіңе қарасам, Құдай соққан жұмақсың ба деп қалам. Сенен өзге шаһар біткен тас кебін, Болса-дағы алтын, күміс, қоласы. Жұрт мақтаған анау жатқан Мәскеуің – Тек жәй ғана тірілердің моласы. Самарқанд пен Бұһараны ұлы ақын Бір сұлудың бір меңіне беріпті. Ал мен болсам Ақтауымды тұратын Мың бикешке бере алмаспын көрікті.
Қанша жылдар өтсін мейлі арада, Мен бәрібір бұл қалаға ғашықпын. Ауылды аңсап кетсем-дағы далаға, Қайта айналып келуге оған асықтым. Өйткені Ақтау бауырына басты мың, Дала жақтан келген мендей бір ұлды. Бұл қалада өтіп жатыр жастығым, Бұл қалада сүйгенім жүр бұрымды. Сондықтан да, жұмақ қала, өзіңдей Жақсы көрмен Ұрымды да Қырымды.
ЖЕЛТОҚСАН
Желтоқсан еді ерлік пен ездік арбасқан, Намысы қозып, санасы сергіп шаң басқан. Көк мұзға қайрап ақ арын қазақ қиқулап, Есер билікке төзе алмай жаны алдаспан. Шәмшінің әні сайратқан еді таңдайын, Жұмекен жыры түнектен жанға шамдайын, Елім деп менің ерлерім тұрды еңіреп, Аршын қыздарым таяққа тосып маңдайын. Желтоқсан еді табанды көк мұз қажаған, Алатау тұрды жанары жас боп азадан. Қыршындар кетті қыспенен бірге қиылып, Жанында лаулап ғажап ән. Желтоқсан еді сенімдер аппақ тапталған, Сүреңсіз қала, жоғалған еді бақтарда ән. Жасытпай жігер,жалындатқан да жастарды, Азаттық деген тәтті арман еді, тәтті арман.
Желтоқсан еді еркіндік қазақ аңсаған, Құлдықтан бизар, тәуелсіздікті тамсаған. Дүлейге қарсы, ызғырықтардан үзіліп, Арыстан жүрек қанша адам кетті, қанша адам? Желтоқсан еді көшеде қатпар мұз қатқан, Қабағы қалың атушы еді сыздап таң. Ұлтымның ұртын семсермен тілген жауыздар, Жігітті сабап, желкілдеп тұрған қызды атқан. Желтоқсан еді сатқындар сансыз мақталған, Марапат алып жастарды жойған шақтардан. Қапаста өлген Қайраттай қайыс ерлерден, Сұмдыққа толы, шындыққа толы хат қалған. Желтоқсан еді басшының зілі үдеген, Жанары жас боп көңілі жұрттың жүдеген, Көтеріп алып алапат күшті аманат, Жігерлі жастар көк мұзда көп күн түнеген.
Желтоқсан еді жолдарда қанды із қалған, Қырандар құлап, қиылып еді құздардан, Сол жастар солай ұстатқан қолға азаттық, Бізде арман жоқ қой, бізде арман!
ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Азат күн туды, қырандай еркін самғаған, Асыл арманды ақиқат күнмен жалғаған. Ұғынсаң елім, бостандық атты бақ құсы, Сан ғасыр бойы басымызға да қонбаған! Бұл күнді күтіп батырлар жанын қиысты. Бостандық алып күмбірлеп кетті күй ішкі. Ержүрек ұлы, қайсар қыздары бар қазақ, Мәңгілік азат халық болуға тиісті! Жаңарды заман, жасампаз елміз жайнаған. Төсінде сан мың ұлыс пен ұлты жайлаған. Мұнай мен газы атқылап көкке алтын боп, Еңбекші жұртпен жадырап кетті бай далам!
Ақ Орда тігіп, Астана қылған қаласын, Тарихын танып, ардақтап жатқан бабасын, Барша әлем білген бөрі-жүректі баласын, Қиналмай өтер алдынан шықса дара сын, Көк туың мәңгі желбірей берсін көгіңде, Айбарлы менің Алашым!
- *
Жанды түйер шүберекке алмас ұл, Өйткені, Отан сенен асқан бар ма асыл?! Ғаламдағы көк бөрідей бейнеңді, Қылбұраумен қылғындырды сан ғасыр.
Тозақ бұлты торлап неше көгіңді, Топыраққа талай қалам көмілді. Сүйем жерді сүйіп өткен бабамның, Өзің үшін жауһар қаны төгілді.
Ындым кеуіп, ұрттап ішем суыңды, Тұғырыма мықтап қадап Туымды. Өйткені, Отан, дақ түспеген дидарың, Ұмайы-ана көз жасымен жуылды.
Мейлі, мейлі үйсіз-күйсіз жүрейін, Ұлы Отан тілеуіңді тілейін. Менен асқан бақытты жан жоқ, сірә, Бар өмірді бір өзіңде сүрейін. Керек емес түк те өзіңнен бағалы, Қазақстан – ар мен ұждан қамалы. Босағаңнан бір төмпешік бұйырса, Тілеуім жоқ, маған сол да жарады. Аярым жоқ, жолыңда әркез бір жаным, Қолыңдағы сақасымын құлжаның. Қазақстан, ұлың болып жүрмін ғой, Бірақ саған құл болсам да ырзамын!
САҒЫНЫШ
Жыл өтті қанша жабығып, Күн өтті қанша қамығып, Бейдауа мынау өмірде, Отырмын тағы сағынып!
Арамыз біздің тым алыс, Тым алыс, жоқ қой жұбаныш. Сағыныш сыйлап жаныма, Өзіңмен кетті қуаныш.
Шаңырақ басқа, шәр басқа. Сүйгенің басқа, жар басқа. Қию қашқан өмірде, Қоштаспағанда болмас па?
Бақыт құсым-ау қонбаған, Жанымды бір мұң торлаған. Шын ғашық болған мен шығар, Жер бетіндегі соңғы адам...
Ақтарысалмай жан сырды, Қоспастай тағдыр тарсынды. ...Сағыныш болып қаларсың, Сарғайып атқан таң сынды.
- *
Енді маған қыс па, күз бе бәрібір, Терезенің алдында өтер аз ғұмыр... А.Шамшадинова
Дерегің жоқ дерт болдың ғой жүректе, Мейірімсіз мезгіл өтіп барады. Хат-хабарсыз жабығамын түнекте, Сағынышпен жалғап екі араны. Жаз ба, қыс па, көктем бе әлде бәрібір, Сенсіз шаһар сұр, жалаңаш күз маған. Жадымда әлі тәтті елестің таңы жүр, Соңғы сөзің санамда тұр сыздаған. Терезеге телмірмеймін, байланып, Өйткені сен оралмайсың, білдім мен. Азапты айлар ұзақ жылға айналып, Үміт үзіп, сені сүйіп жүрмін мен. Аз ғұмырдан мәз қуаныш күтпеймін, Керегі жоқ құр қиялға құнығып. ...Бұл өмірде жүрегімде бітпейтін, Жүрсем болды махаббатыма жылынып.
ДАУЫСЫҢ...
Көкейімнен кетпейді, Қалқатайдың дауысы-ай! Халық әні «Қалқатай» Өзіңсіз талай жыл өтті, Жаралы жанды мұң өпті. Көмескі тартпас дауысың, Санамда бір сәт дір етті. Ұмытылмапты үніңіз, Ұмытылса да күніміз. Жадымыз мықты, біз деген – Құдайдың құрттай құлымыз! Патша көңілді паналап, Сартап сананы сағалап, Еркелей шыққан наз үнің, Жүр әлі жанды жаралап. Сыңғыры сынды күмістің, Асылы сынды дыбыстың, Көкейде қалды дауысың, Дерті боп шыққан тыныстың. Есімде қалар ол үнің, Сағыныш пенен толы мұң, ...Даусыңнан сенің қозғалар, Бақиға кетсем бір күні, Көнеріп кеткен қорымым!
- * Домбырада шерте алмаймын күй арнап, Жұматайдай Кенежирен жоқ менде. Бар болғаны өзің жайлы қиялдап, Өзің жайлы өлең жаздым көктемде.
Иегіңнің бір меңіне телмірдім, Қарақаттай көзіңе де қамалдым. Сері жігіт болсам-дағы, тең құрбым, Саған әшейін жай біреу боп саналдым.
Хафиз ұқсап бір меңіңді ардақтап, Сол үшін де қос қаланы сатпадым. Құр жыр жазып жүре бердім қалбақтап, Сондықтан да бәлкім саған жақпадым.
Айналғанда қала бердім қиылып, Кеще жандай жөн-жосықсыз көп күлем, Жұматайдай тағдыр маған бұйырып, Менің-дағы түбіме бір жетті мең.
КЕЗДЕСУ МЕН ҚОШТАСУ
Аңсамаймын Гүлістанның жұмағын, Иранбақтың қызығы жоқ мен үшін. ...Есі-дертім өзің болдың, құмарым, Ынтық қылды ақ жүзіңнің меңі шын. Хайям құсап шарап ішіп кештерде, Шығыс қызын жыр қылмадым малынып. ...Сендей ару жоқ деп білдім еш жерде, Құлай сүйген, жылай күткен сағынып. Байлық емес дүнияуилік мұратым, Таққа отыру міндетім де емес түк. ...Жүрегімінің ең төрінде тұратын, Есіміңді әлдилесем елес қып. Жанымды да қияр едім жолыңда, Саған бірақ о да керек болмады. ...Бақытым ба, бастан кешер сорым ба? Кездестік те қоштастық тез, болғаны.
КҮЗГІ ҚОШТАСУ
Күліп тұрып қоштасып ек кетерде. Бірақ қайта жолығуды жазбапты. Мендей сорлы қадіріңе жетер ме?! Асау мінез, ал жүрегі аздап мұң.
Өткен іске өкінгенмен шараң не?! Қайта оралмай кеткен ол күн бір күліп. Ал тағдырға не айтасың... сараң де, Бірақ менде сөнбей қойды-ау мұңды үміт.
Жыласаң да жанып біткен шылымдай Қайтем сенің сезіміңді күл болған Шыққан күннің қызыл барқыт нұрындай Оралар ма кездеріміз сыр толған?!
Әйтеуір бір арман болып кеттің-ау! Уысымнан ұшып кетіп байқаусыз. Сен кеткенде «қайта келер» деппін-ау, Енді қайтем?! Бақытымды қайтар күз!
- *
Соқыр шамның сәулесі әлі өшкен жоқ. Мен отырмын әсер алып кештен көп. Мынау ауыл ұйқтап қалған, тып-тыныш... Ал көңілім тырналардай көшкен кеп.
Ұйқысызбын, жатырмын жыр күзетіп. Қате кеткен ойларымды түзетіп. Тағдыр қыстың талқысында отырмын, Етімнен жел, сүйегімнен сыз өтіп.
Алаң көңіл – жетім бота көшке ерген. Бір кең тыныс іздейді кеп кештерден Бота-көңіл аңырап бір боздайды, Аруана-жыр келердей боп төсте өрген.
Мен осылай жыр аңсаймын түндерден Шумақтар бар жүрегімде күнде өлген Мені әйтеуір ұйқтатпайды бәрібір, Шабыт деген сар садақты сұрмерген.
- *
Бірге жүріп, бір сезімге балқыдық. Содан кейін, кеттің өзің тартынып.
Бал шағымыз ертегіге айналып, Жүрегімде жылап қалды жалқы үміт. Жалқы үмітті серік етіп, қоштастым. Сен елес боп көкжиекпен астастың. Бәлкім бізді махаббатпен тең жүрер, Арамызда қоңырайған қоcпас мұң! ...Күз келді де, көмдік тәтті күндерді. Қосылмаймыз сүйе тұра, бірге енді. Бақыт құшып, бал татыған түндерді, Сен де, мен де ойламайық мүлде енді! Ойламайық мүлде енді!
ТАҒЫ ДА ҚОШТАСУ
Сағынумен күндер өтті қаншама, Сені сүйіп қалғанымды жар сала?! Ұмыта алмай ғазиз-жанды қинадым, «Ұмытшы» деп көзіңнен жас тамса да... Періштедей келбетіңе көріктім, Есалаңдай сонша құмар болыппын. Бейғамдықпен ғұмыр сүріп жатқанда, Қайдан ғана маған, қалқам, жолықтың?! Кезіктім де бар әлемді ұмыттым, Алдамшы үміт жан дүниемді жылытты... ...Бірақ бәрі бекер екен, О, Жалған, Тағдырымды шешіп берді Ұлық Түн! Көкірекке кетті сосын шер толып, Сағыныштан түн жамылдым көрпе ғып. Қалай ғана естен шығар қалқатай, Ешкімде жоқ саған біткен еркелік?!
...Жәудіреген жанарыма шық тұнып, Өтуде өмір жалғандығын ұқтырып. Тек есімде бар қалғаны бір сөзің: «Келме маған, мекенімді, тіпті, ұмыт...»
ҚАҢҒЫБАС ИТТІҢ МОНОЛОГЫ
Қаңғыбас иттерді ату науқаны басталды. Науқан барысында қаламыз бойынша осындай ондаған иттердің көзі жойылды. Газет мақаласынан үзінді Шошақайдың етегіндей тым қысқа, Аз-ақ екен көрер көзге жарығым. Күндіз көше жүріп едім, түн тыста, Қаңғыбастық ғұмыр берді Тәңірім. Жақсы жайда жата алмадым жан бағып, Адамдардан жылы шырай көрмедім. Азығы бар алақанға алданып, Көше кезу болды менің ермегім. Қаңғыбасты шетке ысырар қаймықпай, Адам құрған қоғам қандай қатал-ақ, ...Ата салды мынау біздің жайды ұқпай, Ит-ғұмырды қимағаны батады-ақ,
Ақ жолына тұрдым кімнің көлденең, Қоқысын да қия алмаған қоғам-ай. Өмірім-ай мейрімге шөлдеген, Тым қатыгез һәм қанішер адам-ай... Ит-бақыт та бұйырады қандайға, Бұйырмаса көкіректен шер кетпес. Жақсы ит болу жазылмады маңдайға, Өлімтігін ел көзіне көрсетпес. Жазығы жоқ жан кесіліп жазаға, Адам сыйлар ажал болды үлесім. Білем, ешкім қиналмайды қазама, Тағдыр өстіп тастағасын күресін. Даттар едім адамдарды кем көрер, Қаңғыбас ит болу, сірә, қиын сын. Ит-тірлікті қия алмаған пенделер, Сіздерге енді көше кезіп қаңғырмас, Адамдық бақ бұйырсын.
ТАҢҒЫ ТҮС
Таң бозында туды бүгін таразы, Сені көрдім ғаламат бір кескінде. Жоқ секілді өң мен түстің арасы, Сене алмастай бұл күйіме ешкім де. Ғалам сенің сөйлеп бір сәт тіліңде, Өмір жайлы, сезім жайлы сыр шертті. Жан дауысым айналғандай күбірге, Жүрек байғұс байыз таппай бүлк етті. Жымидың да ай-жүзіңді жасырдың, Кете бердің содан кейін бұрылмай. Таңғы түсім ғажабындай ғасырдың, Қала бердім жандәрмен боп ұғынбай. Тар бөлмеде тәтті түстен айырылып, Мең-зең күймен меңіреу хал кештім мен. Кете бардың бір қарамай, қайырылып, Зарық болдым бір сөзің де естілмей.
Асыл жарым болмағаның бір бөлек, Тым құрыса тіл қатпадың наздана. Тірлігіңнен біле алмай-ақ бір дерек, Өкінішпен өтті-ау өмір аз ғана.
- *
Мен сені ұмытқым келеді, Сезімнің жолынан жаңылып. Жаныма бәрінен керегі – Өртеніп, жоқ болып ақ үміт.
Сен сүйген әндерді тыңдамай, Есімнен шығарам өткенді. Өзіңе арнаған жыр талай, Ұмытқым келеді көктемді.
Мен үшін дәл қазір бәрінен, Ең жақсы әуен бұл – үнсіздік. Кермектеу махаббат дәмінен, Жүргенім жақсырақ жырсыз түк.
Жалғыздық – ең жақсы жар маған, Табылар жанымнан әр күні. Сенсіз де қауыздай тар ғалам, Сенсіз де жетпейді барлығы.
Мен сені ұмытқым келеді, Елес-күн жанарға оралмай. Өткен күн жаңармас, көнерді, Бақыт боп жана алмай, бола алмай. Мен сені ұмытқым келеді...
ҰМЫТА АЛМАСАМ КЕШ МЕНІ
Жүректе сезімнің сәулесі өшпеді, Сен жүрсің елестей, Ұмыта алмасам кеш мені, Менімен егеспей.
Қаңтарда жаурадым, қалтырап, Сезімді жүректе жылыттым, Қонбады басыма жалқы бақ, Мен тіпті, Аруды сүюді ұмыттым.
Бөлектеу болмысым, Өмірім өзгеше басқадан. Сен менің оралмас жыл құсым, Тұзаққа түсірген хас надан.
Әдеті өмірдің осындай, Сүйгізіп, сыйғызбай жүретін. Тағдырың төреші, тосылмай, Сиықсыз тірлікке күлетін.
Көзімде көктемнің кештері, Болашақ шықпаған белестей, Ұмыта алмасам кеш мені, Менімен егеспей...
- *
Шым-шытырық, айқай-сүрең бұл қоғам, Еңсесіз ел, рухсыз ер Құдай-ай! Тағдырымыз түзелмей-ақ жүр содан, Түс секілді тірлігіміз бұлағай! Елдің көшін ессіздер жүр тізгіндеп, Ұрандатып ұпай жинау бар ісі! Ел байлығын қылғытуда құзғын көп, Мынау заман – байлық табу жарысы! Көк жәшікте кемел халық, көрікті ел, Ал ақиқат назардан тыс жатады. Тағы он жылдан дамимыз деп «көріпкел», Миллиондарға міз бақпай тіл қатады. Солай болса, арман бар ма жалғанда?! Бірақ неге алдамшы өмір сүп-сүрең. Анау жанға бір баспана арманда, Ал байшыкеш сарайында құс-кілем!
Анау туыс нан мен суға зарықты, Қирандының ортасында ауылым. Қарынбайлар өзін ойлап қамықты, Міне, солай шын ақиқат бауырым! Имансыз ер, ібілістің ылаңы, Менің елім үрейлі түс әлемі. Жан едім ғой жадында бар Құраны, Мең-зең жүрмін оянудан дәмелі!
БАЛАЛЫҚ ШАҚ
Тәп-тәтті балалық шағымның, Өтерін білмеппін о, бәлі! Бал дәурен сол шақты сағындым, Тағдырдың қып-қысқа қонағы. Жанарға сыйдырып ғаламды, Түндерде жұлдызға шомылдым, Сан арман қажады санамды, Қанаты қатайды көңілдің. Асыр сап доп қудым достармен, Асықты толтырдым етекке, Шатырда сырластым құстармен, Сүйкімді күшікті ап жетекке. Қожаның Жанары секілді, Ұяң қыз қарайтын именіп, Сол сәтте бір үрлеп кекілді, Кетуші ем ғаламат күйге еніп. Ат қылып шапқылап шыбықты, Қиялдың тұлпарын ерттедім. Алыстан көп күттім үмітті, Бір сәтте есеймек дертті едім.
Үлгі еді мұртты аға қияқты, Балалық өтпестей жүрдім мен, Гүлдегі таңғы шық сияқты, Мөлт етіп тамарын кім білген?!.
ӨКІНІШ
Қам қылғам жоқ елге пайда тигізген, Іс қылғам жоқ ырыс пен бақ үйгізген, Шимай-шимай соқпақ кешіп келемін, Жан дүниемді жалған өмір күйгізген, ...Өкініш. Жыр жазғам жоқ Жұматайдай қаған боп, Ер Алаштың жүрегіне жағам ба от?! Қу тіршілік қол байлау боп жүреді, Қорқам ылғи түк бітірмей барам деп, ...Өкініш. Құдайға да бас имедім жығыла, Маған құшақ жаймады еш Құбыла. Алп-алп басып жүргенімде алаңсыз, Уайым жер күн туар-ау мұныма, ...Өкініш. Өз Отаным өлең-төсек үйімдей, Болғанменен қинар жанды мұңым кей, Өмір шіркін бебеу қағып өтуде, Тұрысбеков Секен сері күйіндей, ...Өкініш.
ТҮС
Құрт қаптады Шығыстан, Дерт қаптады Батыстан, Жан таппадым ұғысқан, Мән қалмады аяқ созған жатыстан! Қылқындырды айдаһар, Қыл бұрауын салып ап, Қалмады еш бой да хәл, Құтқара гөр, құтқара гөр, Тәңір ақ! Қолы қатты қысық көз, Жан тірелді алқымға, Ауызынан түсіп сөз, Өзін-өзі түсінбей жүр халқымда! Өне бойды тер буды, Өлер ме екем осылай, Жанарымды сел жуды, Жүрек бірге күйеді кеп қосыла-ай! Көк жүзіне қан қатқан, Құрттың қызыл туындай, Талап жатыр жан-жақтан, Кеміруде шұрқыратып, жұлынды-ай! Түсім бәлкім, өң болар, Кетпейді елес миымнан, Оянғаным жөн болар, Дәм-тұзымды тату үшін, бұйырған!
ЖАҢАӨЗЕН ТҮНІ
Жаңаөзен түні... Жылайды шамдар көшеде үнсіз, Жұпыны жұлдыз, солғындау Ай да. Жылдарым қайда жүретін мұңсыз, Көңілдің көркем күндері қайда?! Жаңаөзен түні, Жаңаөзен түні, Түбі жоқ түнек жұтады жанды. Үзіліп сынды үміттің гүлі, Күйдіріп жанар ар оты мәңгі. Өксікке толы секілді өмір, Тұйыққа бастар көшелер сені. Үйлер де қоңыр, көңіл де қоңыр, Шаһардан осы іздедім нені?! Жаңаөзен түні, Жаңаөзен түні, Қалшылдап жүрек, тоңады жаным. Үзіліп сынды үміттің гүлі, Гулейді түннен қобыздық сарын. Армандар өлген асылып таңға, Жаншылып сезім жаңа көктеген. Адасқан жолдар жатады алда, Беймәлім тірлік кешкен көппенен...
Жаңаөзен түні, Жаңаөзен түні, Керуен-дүниенің көшеді легі. Тарқамайтындай жанымның мұңы, Шаһардан осы іздедім нені?! Жаңаөзен түні... Жаңаөзен түні... Сандуғаш ШОРТАНОВА, жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Таукент кентінде туған. «Болашақ» колледжін бітірген. Ш.Есенов атындағы КМТжИУ студенті, «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің мүшесі. 2006 жылғы Маңғыстау облысы әкімінің журналистерге арналған арнайы сыйлығының иегері. Сондай-ақ, журналистерге арналған республикалық және аймақтық семинарларының қатысушысы. Облыстық, республикалық ақындар мүшәйраларының жүлдегері.
ЖАТҚАНЫМ ЖОҚ ЕШНӘРСЕДЕН ҚАЛЫС ҚАП...
Жатқаным жоқ бұл өмірден қалыс қап, Кейбір жәйттар жейді жанды жаныштап. Алыс бәрі – ағайыным, туған жер, Жырымнан да барамын мен алыстап. Жыр ордасы қайдасың сен жетейін, Сенсіз менің көншімейді көкейім. Меңдуана жеген жандай жүрмін мен, Қандыра алмай лағыл жырдың жете иін. Жауһар өлең өмірімді дәріптер, Еңбек етем жыр жолында ағып тер. Тұрақтадым құшағыңа мен сенің, Қасиеті Маңғыстаудың, шабыт бер. Көкірегіне от үрлеген талайдың, Махамбеттің жыры маған ақ айдын. Рух берші өрнектеуге батыл сөз, Абыл ата – Ақберені Адайдың!
Босағасы басқа дала, басқа үйдің, Тұрақтаған мекеніме басты идім. Жыр еліне алыс сапар шектім мен Шабыт алып толқынынан Каспийдің!
- *
Шамам келмей ойнауға да, күлуге, Қиын екен саяқ өмір сүру де. Қаламаймын жалғыздықты жалғанда, Ұнамайды көппен бірге жүру де.
Құр қиял мен тек сүлдем бар жүдеулі, Ойым ойран, қолым қысқа күрмеулі. Көп алдында тымырайып отырам, Жалғыз қалсам қатты іздеймін біреуді.
Сырымды айтып, жарылғым кеп ағымнан, Егілемін елес іздеп сағымнан. Күбірлесем кейде отырып бірақ та, Таба алмайтын тірі пенде жанымнан.
Шығара алмай көкірегімнен асқақ ән, Жаным жүдеп жаутаңдаймын, жасқанам. Қосымда жоқ, досым да жоқ маңымда, Көмек күтем кейде мүлде басқадан. Бұл дүние шыныменен сағым ә?... Ырқыңа бермейді екен бағына. Жақсылықты көрмей мүлде, кейде мен, Жамандықты жақын тұтам жаныма. Өтіп жатыр, мезгіл ағып, жүріп күн, Сезімдерім ереңінде құдықтың. Жалғыздыққа бірте-бірте үйрене, Сағыныштың не екенін ұмыттым. Қайғы, мұңды шығарғым кеп көңілден, Жырақ кеттім ата қоныс елімнен. Емдей алмай әлек болып жатырмын, Жүрегімді жұрдай болған сенімнен.
Күн кешемін мен осылдай бұйығы, Қорғасын ой кеміреді қиыны. Иіріміне тартып алды мені де, Бұл өмірдің ұйтқи соққан құйыны.
АДАЙ ТЕКТІ ЖЫЛҚЫЛАР...
«...Ресей жерінде өткен ат жарысында біздің кескінсіздеу, кіп-кішкентай жылқыларымызды орыстың атбегілері менсінбеді. 90 шақырымдық бәйгеде 3 атымыз бірдей алғашқы болып келгенде, біздің сәйгүліктердің төзімділігінің сыры неде деп қайта-қайта сұраумен болды» Қазақ атбегісінің әңгімесінен Табиғаттан тұрпайылау тұрқы бар, Жем мен судан қандыра алмай бір құмар. Мекен еткен Маңғыстаудың даласын, Адай текті жылқылар. Теңіз суын енесіндей емгенін, Төзімділік һәм ерлікке тең дедім. Тұп-тұщы су ішсем-дағы Өмірдірдің Татып жүрмін кермегін.
Сорлы жерді жалап жүріп өседі, Қыста аяз, жазда аптап кешеді. Жылы ұяда отырсам да Маңдайдың, Соры бар-ау бес елі. Жерсінбейді шөбі шүйгін даланы, Маңғыстаудан бойына нәр алады. Бәйгелерде небір дүл-дүл шаңына, Ілесе алмай қалады. Сілкіп тастап сорпа болған көк терін, Дайын тағы марқайтуға текті елін. Болса да айуан Тұлпарынан Адайдың, Үйренерім көп менің.
ТЕҢІЗШІ ДӘСТҮРІ
Қарт Каспий сенің Отаның болып кеткен бе? Теңізші жолдас, жағалау жаққа қарап өт. Дамылдап бір сәт, айлаққа тоқтап өткенде, Өзіңмен мені ала кет!
Жансыңдар, білем, ондайға бірақ бармайтын, Әйтеуір бәрің әйел затына «қассыңдар». Нәзік жандыны жорыққа мүлде алмайтын, Теңізшілерде дәстүр бар.
Теңіздің тұзды суынан тіпті татпаған, Болмыс па екен?! Әйтеуір, тұяқ тұсады. Теңізші үшін қыз-келіншектер қаптаған – Тек сәтсіздіктің нышаны.
Бермесең берме кемеңнің орын төрінен, Салтыңды сыйлап, сап түзеп жүрсең болғаны. Еркек боп жүрген жандардың бірақ көбінен Азаматтығым жоғары...
- *
«Сүйем» дейсiз... «Жетем» дейсiз «бiр аттап», Қуанғаным, мұңайғаным ұнап қап. Қол созасыз маған қарай... Мен болсам Барам Сiзден жырақтап. Керек емес! Сүйменiзшi құлай тым, Жағдайда емен ұнататын, ұнайтын... Жайым да жоқ бас айналып бақыттан, Ағыл-тегiл жылайтын. Iздемеңiз! Келмеңiз де... Болмайды! Жалғыздықтан жаным тiптi тоңбайды. Жағдайым жоқ бiр шаттанып, мың рет Жұтып жүрер зор қайғы. Қол созбаңыз, маған қарай ұмтылып, Танытсам да түрлi мiнез, мың қылық. Көрмегендей өте шығың... Кездейсоқ Жолығыссақ бір күнi...
Жо-жоқ! Мүлде отқаным жоқ жаратпай, Қалатындай Сiзсiз әппақ таң атпай, Сүйем Сiздi... Алар емен бiрақ мен арманымнан әрi аттай... Кешiрiңiзшi!
- *
Айтқанымның түгел барі өтірік, Не деп кеттім, сандырақтап, көпіріп... «Арман» деймін... Ха-ха-ха! Ойпырмай, Махаббатсыз қалсын бәрі өкіріп!
«Сүйме» деймін, «Келме» деймін есіріп, Әмір етем қойыныз деп кешіріп... Жүрегімді тас қып іштен құлттап ап, Сосын жүрем өз-өзіме өшігіп..
Қиялменен қидырып ап некесін, Жүрген жан ем...
Өзгеде жоқ жеке ісім. Ғашықтықсыз, пәк сезімсіз хәм Сізсіз, Түгел барлық арманымның шекесін... (Ұрайын)
- *
Күллі істің таба алмай орайын, Күн кешіп жатырмын дәмесіз. Мен Жібек болмай-ақ қояйын, Төлеген емессіз және Сіз.
Біздегі махаббат әйгі боп, Қалмасын кейіпте ұнамсыз. Жарыта алмаспын Ләйлі боп, Мәжнүнім Сіз емес шығарсыз.
Жанымды сан түрлі ызғарлы ой Тоңдырды шыға кеп ғайыптан. Ақбөбек не теңім?! ...Сіз бар ғой... ...Садаға кетіңіз Қайыптан.
- *
Сіз де жоқсыз... Өмірім де құнарсыз, Өрекпіген өлең де жоқ сондықтан. Бақытты күн кешіп жүрген шығарсыз, Менің болса, жаным қалды зорыққан.
Салдық құрып жүр ме екенсіз жайдары, Жолыңызда жолықтырып талай қыз. Сізсіз аққан тіршіліктің жәй бәрі, Сізсіз атқан әрбір таңым арайсыз.
Дәрменсіздік... Шарсыздық... Талды бой... Жалықпағам жолыңызды торудан. Сізсіз тұра алар емен... Қалды гой Сізсіз мына өмір өмір болудан.
- *
Суытып кетті күн бүгін, Сунып кеттік біз дағы. Тылсым мұң түріп түңлігін, Тоңдырды жанды ызғары.
Күн тұман бүгін. Онсыз да, Бұлыңғыр еді арамыз.
Түсіп ап біздер жолсызға, Бір жаққа кетіп барамыз.
Жаз күтіп едім сағаттап, Одан да бұрын күз келді. Суытып тағы таң атпақ, Суынып кеттік біз де енді... Өкінішті-ақ...
- *
Сеземін емессіз жырақта, Келеді құлаққа ортақ үн. Мен Сізді іздеймін... Бірақ та табудан қорқамын.
Үрей бар жүректі шайқаған, Сейілте алатын шамам жоқ. Табудан қорқамын... Қайтадан жоғалтып алам деп...
- *
Сіз – Күнсіз! Нұр шашып тұратын үнемі, Мен – Аймын, Мекенім мүлгіген түн еді...
Сіз – Отсыз, Лапылдап жанасыз сезімдей, Мен – сумын, Сөндірем барлығын көзге ілмей.
Аспансыз – Ашпаған әлемге сырын бір. Мен – Жермін, Болашақ тағдыры бұлыңғыр.
Қараңыз! Сіз – басқа, Мен-басқа. Бөлекпіз. Дегенмен, Сіз маған ауадай керексіз!
МАЗАМДЫ АЛМАҢДАР
Мазамды алмаңдар, Мазағың мен емес. Мазамды алғандар, Мазамды елемес. Мазасыз күйдемін, Махаббат – есірме. Мен сені сүйгенмін, Мамырдың кешінде. Мұң тұнған жаным бар, Мекенім аза бел. Мұнартқан сағымдар, Миыма маза бер.
ҰҚСАЙМЫН МЕН ҒАШЫҚ БОЛЫП ҚАЛҒАНҒА
Қою қасың, тұнып тұрған көзіңді, Өзіңді мен шын сүйемін асылым, Саған деген буырқанған сезімді, Ұстай алар емеспін-ау жасырын. Сүйем сені, сүйем сені қымбаттым, Ұлы сезім тәттірек-ау балдан да. Алаулаған махаббатпен үн қаттым, Сенен асқан жан жоқ сірә жалғанда. ...Бір шешейік тылсымын бұл жұмбақтың, Ұқсаймын мен ғашық болып қалғанға...
ЖАНСЫЗ БЕЙНЕ
Жауабы жоқ мың-сан жатқан сұрақтың, Жүрегіме неге менің мұң – патша. Жансыз бейне Жалынды ұлы жырақтың, Тым болмаса бірдеңе деп тіл қатса... Жансыз бейне сөйлеп кетсе кенеттен, Жүргенімде құлдырауға шақ қалып. Сол бейнеге сезімімді сел еткен, Жыр жазар ем жүрегімді ақтарып. Жансыз бейне – Жалынды ұлы қазақтың, Бұл фәниде өмір бар ма жайшылық? Жер бетінде сәттіліктер аз-ақ тым. Айналамыз толып жатқан қайшылық Жансыз бейне – Жырақтағы досым-ай Жұмбағым мен жан сырымды ұғар кім. Жалғыз жүре берсем егер осылай Түбінде мен жынданатын шығармын
Жансыз бейне сөйлеп кетсе кенеттен, Қалар еді бейбақ басқа бақ дарып. ...Бәрін тастап кетер едім мен ертең, Ойланбай ақ о дүниеге аттанып...
- *
Күллі істің таба алмай орайын, Күн кешіп жатырмын дәмесіз. Мен Жібек болмай-ақ қояйын, Төлеген емессіз және Сіз.
Біздегі махаббат әйгі боп, Қалмасын кейіпте ұнамсыз. Жарыта алмаспын Ләйлі боп, Мәжнүнім Сіз емес шығарсыз.
Жанымды сан түрлі ызғарлы ой Тоңдырды шыға кеп ғайыптан. Ақбөбек не теңім?! ...Сіз бар ғой... ...садаға кетіңіз Қайыптан.
Мен Сізді ешкімге қимаймын, 'Қасымда қал' деп те айта алман. Құйқылжып, жүректі қинаймын, Онсыз да шайқалған...
Мен Сізге құштармын, ынтықпын, Алайда ес-түссіз сүйе алман. (Бір жанды жолынан шын күттім, Жасап ап қиялдан).
Мен Сізді іздеймін... (қайда да... Көше, үй, жұмыстан) таба алман. Жыр арнау үшін тек жай ғана Жанбысыз жаралған.
Сізге енді жүректен (қалайда) Орын жоқ... ...ойымнан, санамнан, Сағынбау, аңсамау, алайда Тысқары шамамнан...
- *
Өмірімде «бақытты шақ» басталды! Сенесіз бе?! Тек Сізсіз... Қызық бәрі: «мағыналы, астарлы», Қызыл тілмен жеткізсіз...
Тым «жадырап» сала берді Ай, Күнім. Сіз кеткен соң қаладан, Не екенін «білмейтіндей» қайғының, Басталды өмір жаңадан.
«Шаттық келіп» иемденген төрімді, Күнде «күлкі» /Ха-ха-ха/ Депрессия ма түсіретін көңілді, Ойбай, атын атама...
Елесіңіз кейіпте кеп не түрлі, «Оятпайды» сілкілеп. «Жыламаймын», жумаса тек бетімді, Ақ жауындар сіркіреп...
- *
Сіз болжап, жауған жауын бұл, Жүргенде жасқа малынып, Тұратын дүлей дауыл кіл, Тулаған жүрек сағынып...
Сіз болжап, төккен нөсер бұл, Жүргенде көктен бақ тілеп Жүректен мұңды көсер бір Аймалап жанды жатты леп.
Бойымда қалмай түк дәрмен, Тылсымға кеттім еніп бір. Сіз болжап, көшкен бұлттармен, Ілесіп кеткім келіп тұр.
- *
«Келемін» демеңіз... Мен үшін құндырақ келмеген, Ырқыма көнгеннен, көнбеген. Төзімді тауысыңыз барынша, Құштарлық отымен емделем. Еш хабар болмасын Сіз жақтан жететін желменен, Аспанмен, жерменен. Есімнен тандырып жіберсін Сағыныш жүректі кернеген. Мұңданып, жылайын... Сіз бірақ жұбата көрмеңіз, Жаныма жылылық бермеңіз. Мен деген өксіктен өлермен Болғанша келмеңіз!
Азамат ОРЫНБАСАРОВ 1992 жылы Қарақия ауданы Жетібай кентінде дүниеге келген. Ш.Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті филология факультетінің ІI курс студенті. И.Байзақов атындағы республикалық ақындар айтысының, М.Мақатаевтың 80 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының жүлдегері. Облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінің айтыс номинациясы бойынша екі мәрте жеңімпазы.
ҚЫЛМЫСКЕР БЕЙТАНЫС ҚЫЗ
Бұрын-соңды көрмеген, сағынбаған, Бұрын оған жыр-ошақ жағылмаған. Жүрегімді ұрлады бейтаныс кыз, Мен бүгін сотқа барып шағымданам. Жүрегімді ұрладың, ұрысың дәл, Ақылға сыймай тұр ғой бұл ісің сәл. Өзіңді жат көретін, танымайтын, Біреуде айтшы қандай жұмысың бар? Білмеймін тұрағыңды есіміңді, Қылмыс емес мынауын кешірімді. Жүрегімді қайтар да ғайып боп кет, Қайтадан қақпа тағдыр-есігімді. Қайтарып бер, қайтейін бос аларып, Уайымнан кетіп жүрер шаш ағарып. Бөлімшеге барам да суреттеймін, Іздетем фото рапорт жасап алып.
АНАМА
Бір ерекше серпін берсе шабыт деген жел кеп тың, Шебері ғой ақын шіркін өлең атты өрнектің. Жүрегімнен талай-талай жыр шығарып жүрсем де Әлі күнге ана жайлы бір толғанып көрмеппін. Асқақ ана, шабытымды өрлеттің. Деп айтқансың: бәрімізді жаратушы тәңір бар, Серік болар ер жігітке ақылы мен сабыр дәл. Ал ендеше өз борышын өтемекке бойымда, Ақ сүтіңмен асыраған атойласын тамырлар. Ақ жүректен ақтарылсын лағылдар. Арманыңды биік-биік белестерде тұратын, Тентек ұлың айтқызбай-ақ көздеріңнен ұғатын. Халқың үшін сен артықсың, сен асылсың өйткені Құрсағыңды жарып шығып, жарық көрді бір ақын. Жырмен өрген арманы мен мұратын.
Дәл осы бір күнге дейін тұмар болдың көз өтпес, Ақыл бердің бір басымнан ешбір артық сөз өтпес. Надан қылмай адам қылған, өтінемін, Анашым, Енді сені асырайын, ұлыңызбен кезектес, Бізге тиер болмай тұрып кезек кеш.
ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРАҚИЯ
Бұл тағдыр жүрегіне жара құя, Жүрсе де қажымайды бала би, ә? Бүгінгі мейрамыңа жыр арнайды ол, Тек қарап тұра алмайды, Қарақия! Мұнай, тас, газың да бар жанып тұрған, Сен-дағы миллионерсің барып тұрған. Бағыңның бар екенін көрмеймісің, Құдайым қазынаға қарық қылған. Бұл сөзім имандай шын нанба мейлің, Әйтеуір ақиқаттың аңда күйін. Қазынасын жырлаумен тауса алмаған Шаңға бейім құлыны таңға дейін. Туған жер, қасиетіңмен нәр төк енді, Деп көзіндей көретін әр төбеңді. Ұл-қызыңның өздері қазына ғой, Еңбекпен аспандатқан мәртебеңді.
Қиын дертті жүретін елеп тегі, Дәрігер боп ел қамын жемеп пе еді. Адамның қу жанына арашашы Жиқауев Еркебай бар Сенектегі. Бейне бір Көкмойнақтай дүбірде тың, Саусақтарын пернеде жүгіртетін. Алтыншы күйші атанған Орының бар, Күйдің жете меңгерген құдіретін. Жан болып ауыр міндет артып келген, Бұл күнде орын алар шалқып төрден. Ақиық ақының бар Мырзатайдай, Бәрінен қара өлеңді артық көрген. Бұл даланың белгілі жұрты маған, Бұл даланың белгілі кілті маған. Сенде жатқан қаншама ауылдар бар, Боз жусанның иісі бұрқыраған.
Халықтың есінде әлі осы жәй дәл, Жатса да қанша күн мен өтіп айлар. Сендегі баға жетпес қара алтынның Фонтанын алғаш атқан Жетібай бар. Талай жанға болған шын зор тағылым, Оны айтуға бұл күнде қорқады кім? Мен неге атамайын Құрықтайын Қарт Каспий аймалаған орталығын. Көгілдір отыныңды ел ең жаққан, Артық болмас арнасам өлең мақтан. Аттас болдың ең терең ойпатыңмен, Теңіздің деңгейінен төмен жатқан. Халықың аталмауын қош көрмейді, Және де мереке деп дес бермейді. Өйткені бүгін сенің туған күнің, Думанды үннен басқасын ескермейді.
Байлығыңа жатқан жоқ жазыла сын, Жүрмегейсің сөзімнен наз ұға шын. Қойнауы қазыналы Қарақия, Ұлың үшін сен басты қазынасың! АҚЫН РУХЫМЕН СЫРЛАСУ (Ілияс Жансүгіровке) Көңілімнен өлең шығар ырғалып, Жыр жазудан жүрген жоқпын құр қалып. Ауылыңа бара жатып рухыңмен, Сырласпасам болғаным да бір ғаріп. Сөзің еді бейне мірдің оғындай, Өлеңдерің сексеуілдің шоғындай. Ерте есейген ақын едің тарланым, Қадіріңді білдік, әттең, жоғыңдай! Абайдан соң биік тұрған сатыда, Өлеңімен мәңгі өшпейді аты да. Бауырыңды Құлагерше кең жайып, Құлагерше опат болдың қапыда.
Паң даладан отырғаным сыр аулап, Сені туған Ақсуыңда тұр-ау бақ. Риза боп, әруағың да бүгінде, Орынынан жатқан шығар бір аунап.
ТАҢҒЫ ЖАҢБЫР
Барлық асқар мәртебеден биік бұл, Құба таңмен Алла нұрын құйып тұр. Бүкіл дала дыбысына жаңбырдың, Қалған дерсің құлақ салып, ұйып бір.
Айқайымен оятатын жұртты әйгі, Әдеттегі әтеш дауысы шықпайды. Осы сәтте бетке алатын өрісті, Мал да бүгін, қораны үнсіз ықтайды.
Құлақ тосып, дыбыстарды сан бақтым, Неге екенін... бәрі тыныш жан-жақтың. Бұл не деген үнсіздіктер жайлаған? Мен отырмын алғаш көріп таң қап тым.
Осы бір таң ой салғандай терең дөп, Жайымды ұғып, жүрген жан жоқ, елең боп. Көкжиектен осы бір таң атқалы, Бейне бір мен қалғандаймын керең боп.
- * (Мұқағали Мақатаевқа)
Қалықтайтын биікте қыран шабыт Құлап түсті, ұшушы ед ұран салып. Суықты да елемей, ыстықты да Шарықтаған шақтары жүр аңсалып. Жер жүзінде жүрсе де кіл ақылды Қыран шабыт соны аңдып тұратын-ды. Жұлып алып кетуге жан айқайын Іліп алып кететін бір ақынды. Түн сыйғызып арманын сияға аққан Зарлы ақынды жұбатып тия ма ақ таң? Қанат тағып қиялға жұлдыздардан Қаламына қара өлең ұялатқан. Ақиқатты ақтарған күпті келіп, Негізі ақын жүрек мықты делік. Муза көкке тартқылап, ажал жерге, Қара пиғыл ақыры шықты жеңіп. Ажал дейтін құшақтап көңілдесін, Найзағай боп жарқ етер өмірде шын. Қаламы да ешкімге сыр ашпайды, Жеткізетін жыр-жүрек көмілгесін...
ТІЛ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК
Келмей мүлде көңілдің бұрауы шын, Қайғы-мұңға уланып тұр-ау ішім. Өткеніне қарасам қазағымның Жаралғандай өмірге жылау үшін. Көз жасынан көл тұрып зар илеген, Тозақ көрген санаспай фәнименен. Тарих-шал сырласты бір зарлымен Алтын басын күлкіге әлі имеген. Жүректегі жараға ірің бітіп, Шығыс беттен жүретін күнін күтіп. Сес көрсетіп заңғарлар зәресін ап, Қорыққаннан жіберген тілін жұтып. «Тау мен тасқа соғылып, қанап шекем, Айналады шындыққа әлі-ақ секем»- Деп мұңайған сорлыны қинап жүрген Бодандық – қанды қолды қарақшы екен.
Қара басын қаңғыртқан тоқырар шақ, «Кекетіп ек» деп әлі отыр ақсап. Қарақшының ұзамай ажалы кеп, Қабіріне қуанды топырақ сап. Арманының сайран сап асқарында, Ойларының жататын астарында. Сөйлеп кетті ғайыптан ғашығы кеп, Тәуелсіздік құшағын ашқанында. Қуанышы қойнына сыймағасын, Әділетке жүреді илана шын. Жылап-жылап алады арасында Қуанышты көз жасы сыйлағасын... АЖАЛ ЕМЕС, ҒАЗАЛДЫҢ ҚҰРБАНДЫҒЫ (Иса Байзақовқа) От беріп шабыт деген мыстан құрбы, Ойсыратып осалдау тұстан кірді. Қай ақын көрге бірге әкетіп ед Қаламы мың құбылып құсқан жырды?
Алла әрқилы жаратып әр ақынды, Бәрінен бірдей жауап алтын-ды. Иса да өлеңімен сауап жиып, Жауабын пысықтауға жаратылды.
Өрісі кең Исадай зиялы ұлың, Тереңнен зердесіне құяды нұр. Шаң басқан әдебиет парағынан Ізін көрдім тас жарған тұяғының.
Көкірекке мөп-мөлдір тұнғанда өлең, Хас ақынға жарасар жырлау дер ем. Айтатын әңгімесі бітіп қалған Қаламың үстеліңде тұрғанменен.
Жеткізерің ақыл ма, өкпе ме еді, Айта алмай кеттің екен көпке нені? Қаламыңның жөні бар сөйлемейтін, Арманың өз ішіңде кеткен еді.
Туа біткен ақындық – дерт ішіңде, Жырларың қанат қақты Ертісіңде. Сені алған ажал емес, ғазал дер ем, Күйіп өлдің өлеңдей өрт ішінде.
- *
Қайныға жарасады не десем де, Жайлыға балайды ылғи жеңешем де. Ол рас, мінсізбін деп айта аламын, Күнәсіз періштемін демесем де.
Қаншалық дегеніммен күшті адаммын, Аққудай сыңарыммен ұшпағанмын. Тек қана жеңгей қолын ұстағанмын, Жастықтан басқа ештеңе құшпағанмын.
Демессің – мендей жандар сирек емес, Өйткені бұрын ару сүйген емес. Махаббатта дей алам – адал жанмын, Кеседен басқаға ернім тиген емес...
- * (Н-ге)
Қызғаныш па арада бар бір күдік, Қош деп едім, шығарып сәл бір бүлік.
Қабағыңды түйдің де қара бұлт қып, Көз жасыңды жібердің жаңбыр қылып.
Өшірмей артта қалған көштегі ізді, Уақытым сақтар бәлкім есте бізді. Білемін, қоштаспадың меніменен, Қоштасқан бақытың ғой, қош дегізді. Іште арман көп алданған құр сағымға, Олар бейне шарана жүр шағында. Бұйырмады бір күндік жарық тіпті, Тағдыр жауыз өлтіртіп құрсағында. Тағдыр сұғын осылай жәй тік қадап, Кете бардың, мен тұрмын қайтіп қарап? Мен сипаған шашыңнан жел де сипап, Қосылып маған «қарғыс» айтып барад.
АСТАНА
Шабыттан от боп жанып дене қызып, Келемін әр нәрседен өлең үзіп. Сарыарқа, маңдайымды тасыңа ұрдым, Мені де Астанадай көр емізіп. Қалам тұр әр сәт сайын биіктердей, Тынбастай басы бұлтқа тиіп көрмей. Күн емес сағат санап өсіп жатыр, Бейне бір ертектегі кейіпкердей. Жар салып жер жүзіне баратындай, Тамсанар келбетіне дала тынбай. Шетінен жарқырайды ғимараттар, Үстінен алтын нөсер таматындай. Еркедей есірсе де қош қылығы, Желінің естілмейді бос бір үні. Астана – кербез сұлу бойжеткендей, Төгілген Есіл, Нұра – қос бұрымы.
Астана – ханша кейпін міне киді, Ажары шұбыртады сілекейді. Мен тұңғыш көріп тұрмын қиялдағы, Күн астын мекендеген Күнекейді.
- *
Аялдама. Ал мен тұрмын аялдап, Көлік күтіп бел будырып бір шешім. Сағатым да жылдам жүрді баяндап, Көзімменен айналдыра тілшесін.
Бір уақытта келді автобус сасқандай, Кешіккенге сұрағандай кешірім. Қолын созып маған құшақ ашқандай Екі жақтан айқара ашты есігін.
Орындықтан құр қалардай жүгірдім, Бұл ақыл ма былшыраққа сыйымды? Есігінен ене беріп, бүліндім, Аяғыма тағы тұру бұйырды.
Тартып кеттік, пайда әкелмес қырсығу, Мен емеспін ондай мінез адамы. Анадайдан айтарлықтай бір сұлу Отты көзін маған әкеп кадады.
Мөлдір көзі түскен сайын көзіме, Жүрегіме келе жатты жақындап. Маған ғашық екендігін өзі де Отырғандай көздерімен мақұлдап. Кілт тоқтатты аялдама келесі, Асығыстау түсіп кетті ана қыз. Көз алдымда қалғанменен елесі, Көз жетпестей алыстады арамыз. Деп азғырар – тентектікті тежеме, Бойымызда жастығымыз жүр қызба. Мінерімде асық боп ем межеге, Түсерімде ғашық болдым бір қызға. Тағдыр текке автобусқа мінбейді, Бұл ойымның астарынан сыр да аңғар. Өздерін не күтетінін білмейді, Жайбарақат көлік күтіп тұрғандар.
ЖЕЛТОҚСАН
Желтоқсан, түсің неткен суық еді? Кінәң бар ақтай алмас жуып енді. Сорасын еріткенсің талайлардың, Қабылдамас таратқан уың емді.
Сені ұмытқым келеді арасында, Сені құртқым келеді нанасың ба? Боздатқаның шындық қой мынау елді, Боздақтарын қайтара аласың ба?
Қызыл қанға тұншыққан есіл арман, Құтырынып шығады кешің алдан.
Ауыздықтай алмаған жауыздықты, Мен сені кешіре алман...
Бұдан былай сен болсын көрмегенім, Алынбаған кегім бар сенде менің. Халқың үшін жазаңды жеңілдетер – Бодандықты мәңгіге жерлегенің.
- *
Мен өмірге жаралғанмын жыр үшін, Жырсыз бақыт, жырсыз шаттық құрысын. Ол болмаса қақырайды қабырғам, Ол болмаса тарылады тынысым.
Жаулаған ол тәнімнің әр қуысын, Оған деген көңіл қалай суысын? Ішімдегі жан айқайды ақтарар Сол ғой менің нағыз құрбым, туысым. Адал досым сол ғана ғой серт берер, Ол болмаса менен күлкі шеттелер. Кей-кездері бесіктегі сәбидей, Көз ілдірмей түн ұйқымды төрт бөлер. Құрғыр жүрек соққанда да жыр дейді, Дүрсіліне басқа ештене кірмейді. Адамзатқа махаббатсыз өмір бос, Ал ақындар жырсыз өмір сүрмейді.
ЖҰЛДЫЗ-ҚИЯЛ
Ұйқыменен өткізуші ед түнді адам, Ал мен болсам ұйықтай алмай жынданам. Содан кейін берілемін қиялға, Жұлдыздарға қарап жатып мыңдаған. Қара түннің жаулап алған аспанын, Шоқ жұлдыздар қиялыма қосқан үн. Дәл осы бір жұлдыздардай шегі жоқ, Көп болса ғой, көп болса достарым. Періштедей әппақ, ада күнәдан, Бір-біріне есі кетіп құлаған. Дәл осы бір жұлдыздардай әп-әсем Маңдайыма кездессе ғой бір адам. Дей алмаймын отыратын тақ болса, Дей алмаймын алтын, күміс тап болса. Дәл осы бір жұлдыздардай кішкентай Тек басыма қонатұғын бақ болса.
Қиял деген толып жатыр менде кіл, Сен де қиял бесігінде тербетіл. Қиялдарым тамаша ғой бірақ та Жұлдыздардай қол жетпейтін жерде тұр.
ЖЕТІМНІҢ МҰҢЫ
Бұл қоғамның асқындырмай індетін, Ақиқатты айту болса міндетім. Мен тас жүрек аналардан жиіркендім, Көл-көсір қып мұң шаққанда бір жетім. Суалғандай көзін жылай-жылай көп, Зарын төкті қара жерге құлай кеп. Зарлы даусы ащы шығып зәһардан, Бар әлемге мұңын шақты ол былай деп: «Арқасынды уақыттай көштің дөп, Қуануға тиістісің өстім деп. Мұңаймауға тиістісің, өйткені Жаны ашып жұбатпайды ешкім кеп. Бұл жалғанға қарау керек батыл боп, Жетіммін деп берілуге хақың жоқ. Құламауға тиістісің, өйткені Қолтығыңнан демейтұғын жақын жоқ.
Мен қалайша өтірікке бас берем, Мұң мен зарым көзден аққан жас дер ем. Мұңымды ешкім естімейді-ау, өйткені Мен дегенде бәрі соқыр, тас керең.
Дала кезіп, тәтті ұйқысыз таң атар, Қатал тағдыр оқ-пәлесін боратар. Мен ажалмен көрші отырмын өйткені, Жетім болу-өлуменен пара-пар.
- *
Көңіл хошын келтірер піскен егін, Шикі жеміс көргенде тістенемін. Өйткені піспей қалған жемістердей, Қаншама жырым жатыр іште менің.
Ес жоғалтар келгенде ұранды шақ, Көкірегін шер басып тұман тұсап.
Шабытсыз шарықтайды шайыр қалай? Қанаты қайырылған қыран құсап.
Мұң, қуаныш кернесе көкірегін, Секірерін білмейді, жекірерін. Жай мақалдай алмайды біліп тұрып, Айдаһардай аузынан от үрерін. Тосатындай алдан бір сый асыға, Армандарға жүреді жиі асыла. Күн қызарып батқанда ұясына Ақынның тіл бітеді сиясына.
МАЗМҰНЫ
Сұлтанбек ҚҰДАЙБЕРГЕН ................................................................................................... ?? Нұргүл МАУЛИНА ................................................................................................................... ?? Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ ........................................................................................................ ?? Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ ........................................................................................................... ?? Жандос ДЕМЕСІН................................................................................................................... ??? Гүлсім ДҮЙСЕНБАЕВА......................................................................................................... ??? Аллаберген ҚОНАРБАЕВ ...................................................................................................... ??? Шынар ТҮЙЕШИЕВА ........................................................................................................... ??? Асылбек СҮЛЕЙМЕНОВ ....................................................................................................... ??? Айгүл ТАЛЫСОВА ................................................................................................................. ??? Фархад МҰСАЕВ .................................................................................................................... ??? Алмас АЛТАЙ .......................................................................................................................... ??? Еділ БЕКМҰРАТОВ ................................................................................................................ ??? Бақтыбай ЖАЙЛАУ .............................................................................................................. ??? Мұхамбетберді СҮЙІТОВ ..................................................................................................... ??? Сандуғаш ШОРТАНОВА ....................................................................................................... ??? Азамат ОРЫНБАСАРОВ...................................................................................................... ???
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру