Музей апа
Бауыржан Момышұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бауыржан Момышұлының шығармалары батырлыққа, өрлікке баулиды. Жазушы шығармашылығының ерекшелігі – ойдан шығарылған оқиға мен жасанды кейіпкерлерден аулақ. Көзбен көрген оқиғаларын бойына сіңірген туындылардың әлеуметтік, қоғамдық сипаты басым. Салт-дәстүрін ұлықтап, соның негізінде түйген ойлары...
(әңгіме)
Мен орнымнан тұрып, басқа бөлмеге кеттім.
Мен тауда қызмет істеп жатыр едім. Телефон сыңғыр ете қалды.
— Бауке! Айнабұлақтан құда-құдағилар мен жездем келіпті. Олардың үстіне Музей апашка келді... — деді жұбайым Ғайникамал.
— Олар қайда тоқтапты?
— Қайда тоқтасын, бәрі де біздікінде отыр...
— Бір нәрсені бастап қойып едім, соны бірер сағатта бітіріп болып үйге барайын, әзірінше қонақтарыңды өзің күте бергін...
— Музей апа телефонды сұрап тұр...
— Бергін.
— Ау, мен ғой, — деген Музей апаның даусы естілді.
— Здраствуй апке, — дедім мен.
— Как... тағы не деуші еді, — деп күліп Музей aпa, — әй, сенің әке-шешең мұсылман еді ғой, мені мазақтамастан, бай болғыр, қазақшалап сөйлеші, — деді маған.
— Извиняюсь, Музей aпa. Қалай, ат-көлігіңіз аман-есен келдіңіз бе?...
— Вот так хорошо! Ти мой браток! Правда?
— Правда Музей апашка... Ал, кемпір, енді өзің шоқыныпсың ғой...
— Қойшы! Құдай сақтасын...
— Не алып келдің бізге?
— Не знаем, жонка свой спроси...
— Онда телефонды Каманға бергін...
— Апам қой сойып, бас-сирағын үйітіп алып келіпті, — деді Ғайникамал.
— Дұрыс екен. Тамағыңды қойдың ба?
— Ет пісіп жатыр ғой.
— Дұрыс. Екі сағаттан кейін үйде болам...
Үйге кіріп барсам, жайылған дастарқан үстінде оншақты адам отыр екен. Төрде Музей апа отыр. Оның алдында бір бокал шампан тұр, қолындағы папиросын, мен кіре салысымен, столдың астына тастап, сасқалақтап:
— Айналайын, қарағым, — деп тұрып мені аймалады...
Қонақтармен сәлемдесіп болып, біраз отырғаннан кейін мен Музей апаға қарап былай дедім:
— Әпке, сіз, Әлиман, мен бір әке, бір шешеден екеніміз рас па?
— Рас қой, қарағым.
— Рас болса, Разия мен Момыштың бір баласы пейішке барады деп ойлаушы едім...
— Бәріміз де барамыз ғой, қалқам.
— Әлиман пейішке бармайды, оның себебі — ол оқтасанда сауда істейтінін сіз өзіңіз білесіз ғой.
— Қойшы қайдағы жоқ сөзіңді...
— Мен де пейішке бармаймын...
— Астапыралла, бұған не дерсің, — деп Музей aпa күлді.
— Себебі мен көп адам өлтіргенмін, көп қатын алғанмын, арақ ішем, темекі тартам. Мен қалайынша пейішке бармақпын?... — отырғандар ду күлді. — Ал, сіз болсаңыз, жасырып темекі тартады екенсіз, жасырып шампан ішеді екенсіз...
Сізді пейішке бара ма деп ойлап жүруші едім, сіз де жұмақтан құры қалған екенсіз, — дегенімде отырғандар тағы да ду күліп жіберісті. Музей aпa қысылып, шып-шып терлеп үн қатпай отырып қалды. Қарт кісінің қысылғаны қандай жаман. Отырғандар болса өз күлкілеріне ұялып, үн қатпай тым-тырыс болып қалды.
Орамалымен терін сүртіп алып, Музей aпa есін жинап алып:
Сен менің жалғыз бауырымсың. Шешем ерте өліп қалып, сені мен бауырыма басып өсіріп едім. Бәрібір сені көре алмай тұра алмаймын. Мейлі қайда болсақ та, бірге болалық, — дегенде отырғандар жадырап ду күлісті. Конфликт сонымен бітті...
— Әпке-ау, сізге не болды? — деп шошына сұрапты таңертең шай қойып жүрген Ғайникамал, кемпірдің солғын түріне қарап.
— Кеше сөз кезегінен жеңілмейін деп айтарымды айтсам да, түнімен құдайға сыйынып, ұйықтамай шықтым, шырағым, — деп Музей aпa көзіне жас алыпты.
— Құрдасың емес, құрбың емес, осы сен үлкен кісіге қылжақтауыңды қашан қоясың?! — деп Ғайникамалдың ұрсуымен менің оразам ашылды.
* * * Азанғы шай үстінде отырмыз. Бәріміздің қабақтарымыздың солғындығын сезген сәби Мақпал тыпыршып отыра алмастан:
— Ата! Сіз Музей апашкаға ұрыстыңыз ба? — деп күтпеген жерден сұрады.
— Тәңірім-ау, мынау да сырымызды біліп қойыпты ғой, — деп апам күлді.
— Бәрін бүлдіріп отырған өзіңіздің ініңіз ғой... — деп Ғайникамал мені қуырып жеп барады. Мен де одан қалысар емеспін...
Әйелің жақсы болса, айтқаныңнан шықпайды.
Ыңғайыңды біліп, көңіліңді жықпайды.
Ақымағына тап болсаң,
Өз бойына мін тақпайды деген бұрынғылар, —
деп Музей апа босаған кесесін келініне ұсынды.
— Әй, алжыған кемпір! Сен бізді шағыстырып, арамызға от салып кеткелі келіп пе едің? — дегеніме Музей aпa кербезденіп шалқая отырып, ыстық шайды екі-үш рет асықпай ұрттап, қанттың бір шақпағын аузына салып сорып, езуін жиып сорып болып, маған көзінің қиығымен кекесін қарап:
Бір кезде ағаш едік құма өскен,
Бұл кезде ұршық болдық шуда ескен.
Дүниеде өзгермейтін еш нәрсе жоқ
Бұны да шығармағын, батыр естен, —
деп айтқан екен бұрынғылар, шырағым, — деп шайының қалғанын бір ұрттап бітіріп, Ғайникамалға бос кесесін беріп, маған ала көзімен бір қарап, қабағын шытып жұдырығын көрсетті апам. Мен орнымнан тұрып басқа бөлмеге кеттім.
* * *
Мен ешкіні шеше, текені ата істеген қазақ емеспін....
Жоқтаймын Ахмет пен Мыржақыпты.
* * *
Оқу жылы аяқтала бастады.
Кіші балалар мен үлкен балалардың жазғы демалыстарының уақыт жағынан бір ай, жарты ай айырмалары бар екен.
Кіші балаларым:
— Апама барамыз! Апама барамыз! — деп ауылға асыға жөнелді.
— Біз де апама барамыз! Біз де апама барамыз! — деп олардың соңынан ортаншы қызым мен ортаншы ұлым ай-шайға қарамастан ауылға поезбен жөнелді...
Бір жетіден кейін жұбайым да:
— Мен ауылға барам! — деп өзіміздің «Көк жорға» «Волгамен» ауылға тартты... Мен жалғыз қалдым... Үйім опырайып қалды: балалар жоқ, жұбай жоқ — дуалдар, кітаптар, қағаздар... Мен қағаздарды айналдырдым, қағаздар мені айналдырды — мәшинкеге келген ойларымды тықылдатып басумен болдым мен...
Он күннен кейін мен де поезбен ауылға аттандым. Телеграмма бергенім жоқ.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру