Аңыз болған абысындар
Мұштанова Дариға
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бұл кітапта халқымыздың ұлттық қағидалары, ағайындық-бауырмалдық қасиеті болған уақиғалар негізінде баяндалады. Қазақы руханият қазынасы ретінде оқырманға берері мол, өнеге-үлгі боларлық шығарма.
Дариға Мұштанова
АҢЫЗ БОЛҒАН
АБЫСЫНДАР
Бұл кітапта халқымыздың ұлттық
қағидалары,ағайындық,бауырмалдық қасиеті болған
уақиғалар негізінде баяндалады.
Қазақы руханият қазынасы ретінде оқырманға берері мол,
өнеге-үлгі боларлық шығарма,
АЙТАРЫ АНЫҚ, БОЯУЫ ҚАНЫҚ
Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты
шығармасы жайлы бір үзік сыр
Адам өлген күні өлмейді,
Ұмытылған күні өледі.
Абай
Мать - это имя Бога на устах и в
сердцах маленьких детей.
Уильям Мейкпис Теккерей
Бүкіл қазаққа аты мәшһүр ақын Дариға Ғазезқызы Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты прозалық шығармасын бірдемде оқып шықтым. Тұлғалы туындының алтын арқауы Құдайдай құдіретті әйел, әйел болғанда да аттары аңызға айналған асыл текті, алтын құрсақ, болмысы бөлек, ақылман, бекзат аналар. Мына жарық дүние дейтін жалғанда әйелден аяулы кім бар?! «Әйел жүрегін аялай көріңдер, сол жүректе мәңгілік сақталған балалық бар ғой» деп Стефан Цвейг тегін айтты дейсің бе?! Немістің әлемге әйгілі жазушысының, «Нетерпение сердца» романы авторының «Мәңгілік сақталған балалық бар» деген сөзін қуаттай отырып, «Әйел жүрегінде балалық қана емес даналық та бар» деп қайталап, қадап айтамын мен. Иә, менің анық көзім жеткен, көңілім кәміл сенген, шығар күндей шындық – әйелде баланы дана, дананы бала ететін құдірет бар. Әйелсіз өмір – айсыз түн. Әлемнің кілті әйелде. Әйелдің тілін тапқан, әлемнің де тілін табады. Қысқа қайырсақ, құдай тектес құдірет – Әйел жайлы шұрайлы шығарма бұл! Талантты адам – бар істе де талантты деген талассыз шындықтың шырайын келтіріп тұр бұл кітап. «Бүгін тағы да сол ирек-ирек, толқын-толқын, жал-жал құм өңірі еніп шықты түсіне. Қапілемде анау-мынау сезімге, жылаңқы ойға бой алдыра бермейтін қайсар келіншек шағыл күнге шағылған осы бір түс енген сайын томсарып, жүрегі сыздап оянады. Сонау алыста қалған Құм Нарынға ма, әлде сол алтын жиек шағылмен бірге сағымға оранып қалып қойған
жастығына ма, әйтеуір бір сағыныш көкірегін қарып, ішін жалап өтеді», деп басталған алғашы сергек, серке сөздерде қысқа да нұсқа табиғат суретімен сабақтаса суреттелген кейіпкердің жандүние әлемін жазбай танисыз. Оған жалғаса жазылған: «Ойхой, дүние-ай, ол да бір дәурен едіау...» деген жалғыз сөйлем алда айтылар сыр мен жырға еліктіріп, елітіп жетелей жөнеледі оқушыны. Теңіздің дәмін тамшыдан да тануға болады. Алғашқы сөйлемдерменақ алғырлық танытып тұр автор. Бір сөзбен айтар болсақ, бұл шығарма – «Аңыз болған абысындар» аяулы үш ана – Сақыпжамал, Ділда, Сақып жайлы сыр мен жыр. Өкінішке қарай, бүгінде қала тұрмақ ауылдың өзінде ұмытыла бастаған «Абысындар институтын» көркем сурет, керемет кермиық көрініспен көз алдыңа алып келуімен де бағалы бұл повесть. Автор өз кейіпкерлерін іс-әрекет үстінде суреттеп, олардың жандүниесін жарқырата ашады. Үш абысынның бірі – Қайсағалидың жары Сақыпжамал қыстың көзі қырауда көшті тоқтатып, жалғыз өзі жаяу кері жүріп, көш кезінде көліктен түсіп қалған сәбиді қар астынан тауып алып, ажалдан аман алып қалады. Иіріліп тұрған бір қора еркек асау жиренге жақындай алмай тұрғанда Сақыпжамал асауға бас білдіреді. Сол эпизодты иін қандыра баяндаған автор: «Нарынның Нарқызының алпысында асау үйреткен осы шалт мінезі тағы бір айта жүретін аңыз болып қалды бұл елге» деп әдемі түйіндейді әсерлі тарауды. Сақыпжамал мен Ділданың зәңгімен (цинга) ауырып жатқан Сақыпқа ем болар балық іздеп, Астраханға барған азапты сапарында көрген қиындықтарын, қысылтаяң шақтағы тапқырлықтарын автор сенімді суреттейді. Дариға Мұштанова шығармасының бас кейіпкерлері - «бір-бірінен іргелері де, еншілері де айрылып көрмеген, бір үйдің үш қызындай болып кеткен үш келіншек», тату-тәтті үш абысын Сақыпжамал, Ділда, Сақып. Үлкен абысын келмей кіші абысындар да, үйдегілердің бірі де дастархан басына келмейтін, үлкендері дастарханнан тұрмай жасы кішілер отырған орнынан қозғалмайтын, иба мен иманды, кісілік пен кішілікті бойға сіңірген қазақы дәстүрді берік сақтаған бір ананың
баласындай, бір қолдың саласындай үш абысынның бекзат бейнелері мінсіз мүсінделген бұл шығармада. Бұл үш абысынның өзі тәтті, діні қатты мына өмірде көрмегені жоқ. Сонау бір кер заман, зар замандағы кәмпескені де, 32-жылғы аштықты да, 1951 жылғы жұтты да, сұрпалы соғысты да, Сақып пен Қизаның 5 баласын бірдей жалмаған қызылқырғын қызылшаны да, елді ата қонысынан еріксіз көшірген сұмырай, сұмдық полигонды да бастан өткерді аяулы үш абысын. Не айтатыны бар, қиындықты көп, өте көп көрді үш абысын – үш ана. Қиындық деген – қайрақ. Оған қаңылтырды жанысаң кетіледі, болатты қайрасаң жетіледі. Кетілмеді, жетілді қайран, қайсар үш Ана – үш абысын. Содан да олардың өздері – абыз, аттары аңыз болды елде. Осы үш Ана – үш абысын көрген қиындық бүкіл қазақ, бүтін ел көрген қиындық еді. Содан да абысындар тарихы – ел тарихымен, ел өміріндегі елеулі кезең, халық бастан кешкен басты оқиғалармен байланыстыра бедерлі бейнеленіп, сенімді суреттелген. «Адам баласы үшін жан мен намыстың құны бірдей» депті «Тынық Дон» фильміндегі бас кейіпкерді мінсіз мүсіндеген Элина Быстрицкая. Осы сөздер үш Ана - үш абысынның бекзат болмысымен әдемі үндесіп, әсем үйлесіп тұр. Айтыс дүлдүлі Дариға қисынын тауып, қиюын келтіріп өз кейіпкерлерін әлсін-әлсін айтыстырып та алады шығармада. Осы шырайлы шығарманың түйіні де шымыр. Сөзіміз жалаң болмас үшін оқып көрелік: «Қараобаның биіктеу қыратындағы үлкен қорымда үш қабір қатар жатыр. Үш бейне, үш ардақ, үш асыл адамның, үш ананың қарапайым да қасиетті зираты. Бір-бірінен тек қол созым жерде... бір-біріне қолдарын созып, бір-бірінің бастарын сүйеп жатқандай әлі». Түйіп айтсақ, Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты шығармасы – тың тақырыпқа тұңғыш түрен салған, айтары анық, бояуы қанық, шұрайлы шығарма, оқушының ойына ой қосатын тұлғалы туынды. Адамдардың бір-біріне деген мейірімі, махаббаты қарасөзбен жырланған поэма.
«Воспевайте только любовь, остальное все преступление» депті Луи
Арогон. Махаббаттың құдірет күшін танытқан, ана алдында асқар
тау да аласа екендігін тағы бір пайымдатқан парасатты туынды бұл!
Сәбит Досанов,
Жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының
лауреаты, М.Шолохов атындағы, Махмұт Қашқари атындағы
«Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» Халықаралық
сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Алматы.
22.12.2017 ж.
Құрметті оқырман! Абысындар әлеміне хош келдіңіз. Бұл кітаптың кейіпкерлері ойдан құрастырылған емес,өмірде болған,өзіндік із қалдырған адамдар. Мен бар болғаны, сол кісілердің бастан кешкендерін көркемдеп жеткіздім. Көркем дүние болғасын, әрине,кейбір жерлерін әрлеуге тура келді,бірақ негізгі желіден ұзағам жоқ. Ең бастысы,көңілдері дариядай жайсаң аналардың өмірлерін ақ дастархандай етіп алдарыңызға жайдық.Алыңыз, дәм татыңыз. Қиын да күрделі ғұмыр кешкен абысындар тағдырын есту де,жазу да қызық болды мен үшін. Сіз де сондай әсерде қаласыз. Сенбесеңіз,оқып көріңіз де,өзіме хабарласыңыз.Мені «Фейсбук» әлеуметтік желісінен таба аласыз. Эл.почтам: darіga. 30@maіl.ru Мархабат! Құрметпен,автор.
Сақыпжамал,Сақып,Ділдә
Аналардың рухына тағзым.
Бүгін тағы да сол ирек-ирек,толқын -толқын,жал-жал құм
өңірі еніп шықты түсіне. Қапелімде анау-мынау сезімге,
жылаңқы ойға бой алдыра бермейтін қайсар келіншек
шағылы Күнге шағылған осы бір түс енген сайын
томсарып,жүрегі сазып оянады. Сонау алыста қалған Құм
Нарынға ма, әлде сол алтын жиек шағылмен бірге сағымға
оранып қалып қойған жастығына ма , әйтеуір бір сағыныш
көкірегін қарып, ішін жалап өтеді.
Ойхой,дүние, ол да бір дәурен еді-ау...
Құм шағылды ендей жайлап, момақан тірлік кешкен
Жаңақала өңірінің бір пұшпағында елмен бірге бұлар да
жүріп жатты.
Жасынан қайратты,қарулылығымен, кесек мінезімен
ауызға ілігіп, ел ішінде оттылығымен таныла бастаған
Сақыпжамал он тоғызға толып, жиырмаға қараған шағында
көрші ауылға келін болып түсті. Бетінен қақпай, салқам
өсірген әкесі тұрмыс құрар жерде бұдан пікір сұрамады.
Көршілес он екінші ауылдағы досының айттыра келген
ұсынысын қабылдап жіберді. Қой сойылып, құйрық-бауыр
жесіп, төс қағыстырып уағдаласқан қоңыр кештен соң
кешікпей той болды.
Тойлы ауылдың райы да, шырайы да бөлек. Біркиер тәуірлерін иықтарына іліп, көңілдене қауқылдасқан ауыл адамдары Хайролла қарттың үйіне ағылды топ-топ болып. Жағалай тігілген киіз үйлер. Бірінен ән, бірінен күй, әңгімедүкен, әзіл-қалжың естіледі. Әріректе шоғы жайнап, түтіні будақтаған қазан-ошақ жақтан бұрқыраған бауырсақ пен былқыған қуырдақтың иісі келеді мұрынға. Бүйірлі ақ самауырлар екі иіндерінен демалып, сақылдап шай дастарханына кезек жөнеліп барады. "Келе жатыр!" деген дауысқа елең еткен тойшылардың үлкен үйдегілерден басқалары жапырласа сыртқа ұмтылды. Ат үстінде ақ сәукелесі желбіреп келін келе жатты көштің алдында. Келе жатқан жоқ-ау, шауып келе жатты. Шауып емес-ау, қуып келе жатты. Қуып келе жатқаны осы ауылдағы қарадомалақтардың бірі. Кейін білсе-Жұмағұл деген қайнысы екен.Ауылдың салтымен жеңгесі жетекке алып келе жатқан қалыңдықтың атын үркітіп, өзінше қайнылығын жасап тапыраңдаған тайлағымен ойқастап, жанай тиісіп алдын кес-кестей берген. Ат құлағында ойнап өскен Сақыпжамал келін екенмін деп бұған шыдап отырсын ба? Кілт тоқтап, жеңгесінен тізгінді сұрап алды да, әлгі тентектің артынан қуып кеп кетті. Жете беріп тайлағын қамшысымен бір-екі тартып та үлгерді. Тайлақ атылып, бала бақырып, опантопан болып сол бетімен ауылға кіріп бір-ақ тоқтады. Қапелімде аңырып қалған көпшілік істің мәнін білген соң жамыраса күлісіп, қалжыңбас қайнысын келмей жатып
"ұшықтап"алған келіннің шалт мінезін құптай кетті. "Өзіңе
керегі сол" десіп ,әсіресе, бұның алдындағы жеңгелер мәз.
Құм адамының ежелден зілсіз әзіл мен ақжарма ойынға әзір
тұратын думаншыл, үйірсек мінезі бәрін жуып-шайып
жіберіп, той қызығы дүрілдеп кете барды.
Осының бәрін көппен бірге сыртқа шықпай-ақ шамалап
байқап отырған Хайролла қарт өзінің тұңғыш келінді
таңдауда шатаспағанына тағы да бір көз жеткізгендей.
Сыртқа сыр бермегенмен, іші жылып, жайшылықта сұсты
қабағы ашылып,той бойы көңілді отырды.
Әншісін де, күйшісін де ризалап, бұрынғыша қырқа матап
қалың бермегенмен , өз тұстастары айта жүрерліктей етіп
құда-жекжаттарын сый-сыяпатпен аттандырды.
Қартының қабағын бағып үйренген сыралғы кемпірі де
абысын-ажын, ағайын-туыстың арасында жарқылдап, қолы
ашылып той сарқытына шейін өзі салып , той соңына шейін
шапқылады да жүрді.
Күйеуі Қайсағали біртоға момын жігіт екен. Іші жаман
көрмегенмен күні бойы мал-жанның қамымен мұның
жанына жоламайды. Тіпті шай басында тым болмаса басын
бір көтеріп бұл жаққа қарамайтынын қайтерсің.
Үш қайнысының ішінде ортаншысы Айса бұған бірден
үйіріле кетті. Ол да өзі сияқты малсақ, әсіресе асау үйретуге,
білек күшін салып қайрат көрсете кетуге құштар екен.
Қалған екеуі ұстамды, ертелі-кеш әкелерінің қасынан
шықпайды.
Бесеулеп жүріп бұларға үлкен үйдің қасынан шағындап
бөлек отау тігіп берді.Ас-суды бір жерден, үлкен үйден бәрі
бірге ішеді.
Сарыала таңнан малмен бірге өрген енесінің сыбдыры естіле
сала орамалын жүре тартып бұл да апыл-құпыл үй
шаруасына кіріседі. Қос қазандықтың астына от жағып,
алдыңғы кішкене қазанға жаңа сауылған сүттен шамалап
құйып, артқы үлкен қазанның түбіне бір самауырға
жететіндей ғана су құйып, жуыла-жуыла жұқарып қалған
бір үлкен, бір кіші дөп-дөңгелек ағаш қақпақпен жауып ,
содан кейін ішке кіреді.
Бұл көрпе - жастықтарды жиып, орнын сыпырып,
дастархан жайып, шай қамдап шыққанша қос қазан
шымырлап қайнап та үлгіреді.
Бәрі әзір. Бірақ әкелері келмей үйдегілердің бірі де
дастархан басына жоламайды. Тіпті шаруасының шашауын
шығармай уысында ұстайтын енесі де қартын күтіп,
күйбеңдеп жүріп алады.
Ал, атасы малды әрірек өріске таман айдап тастап,
асықпай жуынып-шайынып, таза киініп, қаздиып келіп,
малдас құрынып төрге отырады.
Содан кейін жастарына қарай ұлдары.
Салт бойынша Сақыпжамал енді олардың атын атамайды.
Қайныларының үлкеніне-Мырзажан, одан кейінгі өзі тәуір
көретініне-Шырақжан, кенже ұлға -Кішкене бала деп ат
қойып алған.
Самауырдың екі жағында енесі мен келіні.
Ақ самауыр ызылдап ән салып, үшаяқта қып-қызыл шоқ
жайнап,тасқұмандағы үндінің піл шайының иісі бұрқырап
күтір-күтір қайнап тұруы шарт.Өйтпесе, енесі ерні
жыбырлап, қозғалақтап, тынышсызданып кетеді...
Көрген түсінің әсерімен бір сәт көз алдына келе қалған
өткен күндердің елесінің өзінен қуат алғандай болған
Сақыпжамал бойын тез жинап, төсектен бас көтерді. Екі
жағында мұрындары пысылдап ұйықтап жатқан екі ұлдың
ашылып қалған көрпелерін қымтай түсіп, таң алакеуімнің
көмескі жарығымен киімдерін сипалап тауып ,сыбдырсыз
киінді.
Сықырлауық есікті тез ашып тысқа шықты.
Ұйқысы сергек Ділдә да әдетінше ұша түрегеліп, кеше
дайындап қойған үш білтелі керогазды тұтатып, үстіне түбі
күйеленген көк шәйнекті қойды . Қыздарының ұйқысына
қызыға қарап отырып, тез киініп, сыртқа шықты.
Абысыны атын ерттеп жатыр екен. Қар кетер-кетпестен
табынды далаға шығарып, жайып келмек ойы барын
айтқызбай түсінді.
Бұлар бір-бірін үнсіз ұғысып жүре беретін болғалы қашан.
Әрі-беріден соң іштей әңгімелесіп,тіпті алыстан-ақ бір-
бірінің ойларын оқып отыратын сияқты көрінеді кейде.
-Бүгін Сақып та келіп қалар, -деді қазір де мұның керосин
түгесілуге қалғанын айтқалы тұрғанын біліп қойғандай.
-Иә…Әкеледі ғой. Келіп қалар бүгін-ертең Жеңшем де,
тауарға кетті деп еді.
Шай әзір.
Екеуі кіреберіс сенеде мойындықта тұрған жып-жылы
құманды алып, жез шылапшынға бір-бірінің қолына су
құйып, беті-қолдарын шайып ішке кірді.
Ортаңғы аядай ғана бөлмеде тып-тыныш отырып, дәмдеп
шайларын ішіп, таңғы оразаларын ашты.
Ас қайырып, әрқайсысы өздері жасынан, сонаау жас келін
болған кездерінен өзара бөлісіп алған, әбден төселіп,
қалыптасып қалған ішкі-сыртқы шаруаларына беттеді
жайлап.
Ділдә атқа ер адамша қарғып мініп, әрірекке ұзап бара
жатқан малдың соңынан шоқыта шапқан абысынын көзімен
біраз жерге дейін ұзатып салып, сәл күрсініп үйге кірді.
…Ділдә о баста бұл үйге құдаша болатын.
Тетелес апасы Ажар Хайролланың Қизағалидан кейінгі ұлы
Айсаға ұзатылған.
Бәрі қалпынша, сәнді-ақ басталып еді-ау. Аппақ апасы мен
қараторы жездесінің жаңа құрған ақ отауының,
тек олардың ғана емес, құм ішінде ың-шыңсыз отырған
момақан ауылдың аз уақытта ойран-топыры шығады деп кім
ойлаған…
Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей аз-кем дәулеті
бар әкесі кәмпеске деген бәлеге ілікті де, бұлар жылап-еңіреп
бір тәуліктің ішінде жат өңірге жер ауып кете барды.
Ешкімге зияны жоқ, кісі түгілі тірі құмырсқаға
тиіспейтін, қақ-соқпен ісі жоқ,алдындағы шаруасын ғана
білетін момын әкесінің түнерген жүзін көріп, сол кезде он
беске толар-толмас жастағы балауса қыздың жүрегі
суылдайтын. Осыдан бір қимыл жасамаса, түзелмес бір
сұмдық болатындай жаны безілдеп кеудесіне сыймайтын.
Оның үстіне жылы орынын суытып,амалсыз жат елге қоныс
аударған әкелері де барған мекендерін жерсінбей , біраз
көшті.
Қазір ойлайды, сондағысы біртабандап елге қарай
жақындай беру екен ғой қайран әкенің көксейтіні.
Ақыры шыдамады. Әкесі елге оралудан әбден үмітін үзіп,
жыраққа-Ресейдің алыс бір түкпіріне көшпек болғанда Ділдә
не де болса осы маңда қалу керек деген шешімге келді іштей.
Алғай деген жерде күн еңкейіп, көз байланған шамада
ала-қапасты пайдаланып көштен көз жаздырып, жағалай тал-
терек өскен жыраңқаға бұғып жатып қалды.
Қарбаласа жүгіріп, мұны іздеп айғай салған шешесі мен
інісінің дауысына шыдамай ,қаншама ұшып тұрып үн
қатқысы келгенмен, тастай қып түйіп алған жұдырығын
тістелеп, төгілген көз жасын ішке жұтқан қыз жер бауырлап
жата берді.
Егер өзі жанындай жақсы көретін әкесінің даусы естіліп,
шақыра қалса шырқырап жетіп барары кәміл еді.
Бірақ әкесі дыбысын шығармады.
Неге екенін әлі күнге білмейді,әйтеуір сол кезде бойы өсіп,
бұғанасы қатып үлгірмеген Ділдә қыз бұл үнсіздікті
әкесінің алыстан өзін үнсіз мақұлдағаны деп ұқты.
Ұзыннан шұбақ көлбеген пойыз екі-үш рет ақырып
жіберіп, қап-қара будақ түтінді атты да ақырын жылжып ,
алысқа кете барды.
Көзінен жасы ыршып шыққан Ділдә ата-анасын
тағдырдың айдауымен белгісіз жаққа еріксіз акетіп бара
жатқан пойыз деген шұбалшаң құрт сияқты ирелеңдеген сол
бір көлікті өлердей жек көріп еді сонда.
Жылы орындарын суыттырып, малынан да барынан да
айырып жатқан пойыз емес, кәдімгі өздері сияқты адамдар
екенін, сыртқы «үлкен» өмірден еш хабары жоқ балауса қыз
қайдан түсінсін.
Сол қалғаннан , мол қалды Ділдә бұл стансыда.
Көзі бұлаудай іскен, үстіндегі жұқалаң киімі күздің үскірік
желінен қамсау болмай , бүрсең қаққан қазақ қыздың
тағдырының бұдан әрі не болары белгісіз еді.
Түнге қарай вокзалды паналап, кей күндері сол маңда
тұратын бір жалғыз кемпірдің үйіне қонып шығады. Мұны
аяй ма екен, өзі шақырып алады анда-санда. Оны-мұны
шаруасына жұмсап, тамақ береді. Көбіне сол маңындағы
жайма базарда жүреді де қояды бірақ.
«Өлмегенге-өлі балық», «бәлкім, таныс біреу-міреу кездесіп
қала ма» деген оймен кірешілердің жолын тосады.Ертеден
қара кешке дейін біреуге су әкеліп, біреудің саудасына
көмектесіп жүріп, талғажау етерлік бірдеңе тапқандай
болады.
Бір күні «Әй, сен неғып жүрген қызсың осы?» деген дауыс
саңқ етті құлағының түбінен. Жалт қарады. Алдында сырмақ
күпі киіп, басына тықырлау қоңыр түбіт шәлі салған аққұба
келіншек тұр.
Туғанын тауып алғандай еңіреп қоя берді бұл.
Тоңғаннан да, торыққаннан да домбығып ісініп кеткен
еріндері сөйлеуге келмей , тек көзінің жасы бұршақтап ал
кеп жыла.
Әлгі келіншек мұны қолынан жетелеп өзі тоқтаған үйге
алып келді.
Кең қоршалған көк шарбақтың төрінде үлкен бір үй, және
оған жалғас екі-үш жатаған кепелер.
Солардың біріне енді бұлар.
Сырты жұпыны демесең, іші ұядай ғана бөлме екен.
Жердің өзінен кертештеп жасап қойған аласа сәкінің үстіне
алаша төселген.
Бір-екі көрпе-жастық та жатыр.
Бұрышта қобыратыңқырай орап жинай салған кенеп
дастархан көрінеді.
«Әй,Кенжеғұл!» деп , өктемдеу үн қатып еді, сырттан
қалбалаң етіп бір адам кірді.
-Әсия қайда, су жылытып әкелсін! Шай келтірсін мұнда!-
деді ақсұр келіншек ішкі қалтасынан бір-екі үлкендеу күміс
теңгелікті әлгіге ұсына беріп.
Бөркінің қайтарып қойған бір құлақшыны өзімен бірге
жалбаң етіп, Кенжеғұл теңгені қағып алып жөнеле берді.
Солығын басып, жылы жерге кірген соң өз-өзіне келе
бастаған Ділда сәкінің шетінде үн-түнсіз ғана бүрісіп отыр.
Бұрыштағы кенеп дастарханға көзінің астымен қарап қояды.
Тамақтың иісі өзі бұралып тұрған аш құрсақты одан сайын
шұрылдатып жіберген.
Үлкендеу сары леген шылапшын, сырты мұжылып,
тұтқасы майысқан дәу жез шәйнекпен жылы су келтірілді.
Жаңа танысы іргеде тұрған теңнен бір боз дорбаны суырып
алып, ішінен кішкентай иіссабын әперді. Есіктің тиғышын
салып, мұны жуындыруға кірісті.
Ептеп ес жиғандай болғанда бір тасқұман шай келді
алдарына. Кенеп дастархан да жайылды.
Қаншама аш болса да нанға қомағайлана бас салмай,
кеседегі шайды да сыздықтата ішкен отырысына қарап
Ұмсындық бұл қыздың жүрісі жай емес екенін ұққандай.
Суыртпақтап сұрап отырып, Ділдәнің басына түскен
жағдайды білді біртіндеп. Қаршадай қыздың жастай
талқыға түскен тағдырын естігенде тіпті жаны шырқырап
кетті.
Құдай-ау, не деген ұқсастық… Бұны да әке-шеше,
бауырларынан айырған сол кәмпеске емес пе еді… Байларды
қудалап тауысқан кеңес үкіметі , енді орта шаруаларды
«құлаққа» жатқызып тонай бастағанда, кәмпескеге мұның
әкесі Ақболат та іліккен.
Көзі
қарақты,заманның
ағымын
шамалап
аңғарып
отыратын әкесі , кетерінен сәл бұрын жеті қызының
кенжесін бір түнде күйеуге берді.
Сол ауылдағы кедейлігінен басқа міні жоқ , салт басты,
сабау қамшылы, айбарлы , әнші жігіт Ерғалиды қызыл іңірде
үйіне шақыртып алды. Екеуі оңаша отырып күбір-күбір ұзақ
сөйлесті.
Ертеңіне шешімін бір-ақ айтқан әкенің ұйғарымымен Ұмсындық басына желектің орнына бірден орамал салып, Ерғалидың табалдырығын аттаған. Әкелерінің мұнша неге асыққанын үйдегілер арада ай өтіп, атышулы кәмпескемен жер аударылып кете барғанда ғана түсінді сонда жылап-еңіреп, қош айтысқан алты қыз. Жеті қыздан соң артынан жалғыз ұл бала ілескен, болмысы бөлектеу осы қызын әкесі ерекше жақсы көріп, майқұйрығым, Майқызым деп керім еркелететін. Арабша сауаты бар, қабілетті қызын «Қызыл отау» деген , өз сөзімен айтқанда, «жын ойнаққа» бермей, мұғалім жалдап үйден оқытып,жаңаша да әріп танытты Ақболат. Туған жерге түбі оралармын деген үмітпен қыз кенжесін қара орында қалдырған. Дәм жазып, қайта оралғандай күн болса, айналып келіп табар қазығым осылар болсын деген ниет еді. Майқызын әуелі Алла, содан соң еті тірі, турашыл күйеу баласына тапсырып,шағын көшінің бетін амалсыздан жат жұртқа бұрып, көкірегі қарс айылып кете барды. Сынық мінез, бұйығы қыздың сараң әңгімесінің өзі Майқыздың осы бір жан - жарасының өзегін жұлып алды . Хабар-ошарсыз кеткен ұядастарының тағдыры , «Олар да бір жерде осылай қиналып жүр ме екен» деген ой жүрегін бүріп, шым етіп миы шаншып кетті. Шып-шып тер сорғалады маңдайынан.Көзінің жасы мөлтілдеп, қолы дірілдеп Ділдәнің бетіне қарай береді.
Ақыры мұны жат жерде тентіретіп қалдыра алмай, теңнің
арасын қуыстап, тонға орап –сонау Жаңақала құмының
етегіндегі , өздері отырған 9-шы ауыл - Саралжынға алып
кетті…
«Үріп ішіп, шайқап төккен» Ақболаттың аппақ қызына
кіреші болып кету де оңай болды деймісің...Кімнің
тағдырын талқан қылып, кімдерді тентіретпеді бұл заман?
Әке-шешесін, бірге туған бауырларын алып кеткен қара
жолға қарайлап, ертелі-кеш төбеден түспей, мұржаға сүйеніп
, «екі көзі төрт болып», талғанша тұратын да қоятын
келіншегін аяп, Ерғалидың өзі ұйымдастырып берген осы
жұмысты. Басында жалғыз жіберуге қорқып, екеуі бірге
шығып жүрді де, кейін үкіметтің қызметінен босамай,
Ұмсындық әрі қарай жалғап әкетті жұмысын. Көлігі –екі
қызыл өгіз, жазда аласа қорапты жайдақ арба, қыста-
шана.Май тасиды. Ауыл тірлігіне қажетті көр-жер, майда –
шүйде заттар әкеліп тұрады арасында. Ел болғасын керек-
жарақсыз отырмайды, «Майқыз тәуірін таңдап әкеледі, қолы
қымбат емес» деп бәрін осыған тапсырады ауылдастар. Ал,
Майқызды осы қауіп-қатері жетерлік, шамалы еркек шыдап
атқара алмайтын сыртқы жұмысқа алып шығатын- жер ауып
кеткен төркінінге деген сағыныш пен уайым. Ұры-қары
көбейіп, тонау мен талауға таңғалмайтын болып бара жатқан
заманда жап-жас келіншек тәуекелге бел буып, қиындыққа
бас тігіп, әйтеуір кіресін тоқтатпайды.
Қазір де елегізіп, елеңдеп келеді. Өзінің емес, мына
қасындағы қарғадай қыздың өмірі үшін сақынатын сияқты.
Туған жерде туғандарынан айрылып, балиғатқа толар-
толмаста
жүрегі
қатайып
қалған
Ұмсындық
баяғыда
шамалыдан сескенбейтін болып алған. Орыстың да,
қазақтың да жол торыған талайын кездестірген. Бірде аят –
дұғалары көмектесіп, енді бірде орысша тіл білетіні
құтқарып дегендей , аман-есен жүріп келеді әзірге.
«Қызылқұрт Сүлейменнің көлеңкесі түскен жерге аман
жетсең, жау алмайды» деген сөз бар бұл жақта. Атақты
Құрманғазы күйшінің тұқымы көрінеді. Ат жетер жердегі
жұртты ешкімнің қорлығына бермейтін, адуын, батыр адам
болса керек. Әйтеуір, бір-екі жерде сойылдарын сайлап,
беттерін байлап келген қарақшылардан «Сүлейменнің
адамдарымыз» деп құтылып кеткені рас. Бірақ оны Ерғалиға
айтқан да жоқ, жолға шығармай қояды деп. Стансы басын
шолып, қарап қайтып тұрмаса көңілі көншімейтін болып
алған. Бірі болмаса, бірі келіп қалатындай, бұдан көмек күтіп
адасып жүретіндей елеңдейді де тұрады ылғи. Ақыры ,міне,
сол күтуінің есесіндей, Ділдәні тауып алды. Өзі сияқты
зарыққан, торыққан жанның тағдырына себепші болам ба
деп, ауылына алып келеді және.
Май-апаның «Алғайдан» алып келген көкөрім қызын бұл
ауыл жатырқаған жоқ. Жетім-жесір, адасқан, шаршаған
адамдар көбейіп тұрғанда, жұрттың бас көтеріп, біреуге «Бұл
кім?» деп тосырқай қарауға жәйі де жоқ еді.
Оның үстіне Май- келіннің боранды күндері әлсіреп
жығылған суық торғайды да сыртта қалдырмай, алақанына
салып, аузымен үрлеп жылытып, үйге алып кіріп тірілтіп,
көмектесіп, аман-есен ұшырып жіберетін қызық мінезі
барын әуелден біледі бәрі.
Өзі жоқта үйде пайда болған қызды ақкөңіл Ерғали да
жатырқамай, бірден жылы қабақ танытты.
Көбіне мұңайып, жабырқаңқырап жүретін келіншегіне серік
табылғанына қуанып, қарындасындай қабылдады.
Сол жылы Ділдә тып-тыныш, Саралжында қыстап шықты.
Ұмсындық аяғы ауырлап, күннен-күнге жолға шығуын
сирете бастады да, бірте-бірте мүлдем тоқтатты.
Көктемге салым Ділдәні үйден ілестіріп шығып, ұзын
жолдың бойынан біреулерді сарыла күтті.
Өзі сияқты кірешілердің қай уақытта кері қайтатынын
шамалап шыққан, ақыры Құм Нарынға қарай бет алған бір
жолаушыларға
іліктіріп,
ілестіріп
жіберді
мұны.
Жаңқалтасына бір уыс сықпа құрт салды.
Қыстай сарылып отырып, арасына қой жүнін түтіп салған
сырмақ күпі тіккен бұған. Шүберекке ораған азын-шоғын
ақшаны сол күпінің астарындағы жасырын қалтаға имек бас
үлкен түйреуішпен жақсылап түйреп берді.
Соңғы кездері қызылкөз белсенділер көбейіп, «байдың
қызын алған» деп, «құлақтың құйыршығы» деп Ерғалиды
түртпектей бастағасын, амалсыз еліне қарай бағыттап
шығарып салды.
Әйтпесе, тәрбиелілігі мен тектілігі, қаншама өзін сынық
ұстаса да, байқалып тұратын бұл қыздан айрылғысы жоқ еді
өздігінен.
Тағдырлары ұқсас екі қыз Саралжын қырлығын жарып
өтетін қара жолдың үстінде өкси жылап қоштасты. Ол
жылаудың ішінде бәрі бар еді…
Сыңар аяқтап жол тартып, « Ит көзі түтін танымай»
жаяулап-жалпылап жүріп, ел шетіне де ілікті-ау.
Әр түп жусан, әр шоқ жыңғылына шейін жатталып қалған
қайран туған жерге табаны тиген соң ,елді мекен атаулыны
айналып өтіп, бұйра құмның бір қолтығында қалған апасы
мен жездесінің үйін маңдайға алып, туралап тартты. Өздері
ғана білетін ,бүгінде ізі де өше бастаған көне сүрлеуге
түсіп , жүгіре басып,аяңдап келеді.
Ешкімнің көзіне түскісі жоқ.
Әкесін кәмпескелегенде дүние-мүлкін жаудай талап ,үлесіп
алған жауыздық көріністер қайта елес беріп , қуып келе
жатқан сияқты . Өздерін шулатып арбаға тиеп, беті ауған
жаққа қоя берген қаныпезерлер байқап қалса, қайтадан ұстап
алып кері аттандырардай, алыстан төбесі шошайған қара
көрінсе зәре-құты қашып, жасырына қалады. Қайта жүреді
бүкеңдеп.
* * *
Хайролла құдаларының ауылы орнында екен.
Шаршап-шалдығып,ымырт үйіріле үйге жақындаған
Ділдәны анадайдан байқап , сүрініп-қабынып , құдағайы
жетті әуелі.
Бетінен сүйіп, құшақтап көрісіп , дауыс салып жылап
жатыр.
Хайролла қарт үнсіз ғана арқасынан қағып,жездесі ақырын
маңдайынан иіскеді де тұнжырап отырып қалды.
Ділдә елеңдеп апасын күтіп отыр. «Қайда екен, мені
көргенде қайтер екен» деп жүрегі кеудесіне сыймай лүп-
лүп.
Сықыр етіп есік ашылды.
Айғайды сала жылап кірген Сақыпжамалдың :
«Асылымның сынығы,
Алтынымның жұлығы.
Ажарымның көзі едің
Желбіреген тұлымы…»
деген сөздерінен бұл жылаулардың жәй жылау емес, жоқтау
екенін енді ғана түсінген Ділдә, бір сұмдықтың болғанын
сезіп, ботадай боздап қоя берді.
Сүт пісірім уақыт әрі жылап,бері жылап, талықсып барып
тоқтады әйелдер. Бірін-бірі жұбатып, жездесі тездетіп барып
алып келген бұлақтың мұздай суымен жүздерін шайып,
солықтарын әзер басты.
Апам бар деп маңдай тіреп келгенде мынадай жағдайға
душар болған Ділдә мүлдем есеңгіреп қалған.
Сұлқ түсіп,құр сүлдері отыр.
Шай әзірленіп, бұларды « әбден жылап алсын» дегендей
оңаша қалдырып, бағана сыпырылып сыртқа шығып кеткен
ерлер дастарханға шақырылды.
Ертеңіне сол төңіректегі өздеріне қараған рулас, ағайындас
бір-екі үйдің адамдары бас сұғып, қаршадай құдашаларына
бір әулеттің атына айтылар «Ақыры қайырлы болсындарын»
айтты.
Төркінінің басына түскен ауыртпалық өзінің жүрегіне
түскендей , Ажар байғұс бұлар кеткен соң-ақ бірте-бірте
жүдей беріпті.
Ақыры құсалыққа шыдамай, бұлардың кеткеніне үш ай
болғанда төсек тартып жатып қалған.
Сол жатқаннан басын қайта көтере алмауымен , сарғайып
жатып, қимай да қимай мынау жарық дүниемен қош
айтысыпты.
Кәмпескенің қаһарынан шошынып қалған жас келіншектің
бойына жұбаныш боларлық бала да бітіп үлгірмепті тым
болмаса.
Үргелек көңіл орнына түспей, тірлік оңала ма.
Бір аптадан соң ертеңгі шайдың үстінде Хайролла қарт
Ділдәға қарап: -Шырағым, апаң кеткенмен біз бармыз. Үй
өзіңдікі. Жатырқамай осында қала бер. Қайда барасың
мынадай заманда. Шүкір, барға қанағат. Өзіміз кигенді киіп,
ішкенді бірге ішерсің.
Құдамның аманаты деп, қанатымның астында ұстармын
көзімнің тірісінде.
Оның ар жағында Сақыпжамал мен Сақып Ажардың
орнына апа, әкеңнің орнына әке болар,-деді сабырлы үнмен
күңгірлей сөйлеп,
- Осы үйден саған да орын табылады, адамдары да
жатырқамайды сені,-деп барып тоқтады сәл күрсініп .
«Адамдары» дей бергенде сырттан «Тырр!» деген дауыс
естіліп, үй жанына ат-арбаның келіп тоқтағаны естілді.
Сөйткенше,қара бешпетінің сыртынан ақ торғын шәліні
төгілдіре салған, ботакөз ,сұлу келіншек ішке ене берді.
Екі қолына екі үлкен қапшық-дорбаны ұстай, бәрімен
амандаса, дабырлай кірген бұл сұлуға Ділдә қыз бір сәт
таңырқай қарап қалды.
Көктемгі өкпек желмен сәл қызарған ажарында нұр ойнап
тұр. Торғын шәлінің шетінен маңдайының бұйраланған
балапан шашы көріне түсіп, ақша жүзіне үйлесе қалыпты.
Бұл күнде енелері сыртқы шаруаны түп-түгел үлкен
келініне тапсырған. Төсек-орын, ас-суды ғана күйттеп,
келіндері үйде болғанда оны да өздеріне ысыра қояды.
Бірақ қазір оң жағына келіп отыра кеткен ерке келініне
сүттің бетіндегі қаймағынан ғана қатып, шоқта тұрған
тасқұманның өзінен шай құйып беріп жатыр.
Малға шығуға асығып отырған Сақыпжамал да шыққысы
келмей қалғандай күйбеңдеп ,аялдай берді.
Бұлардың ыңғайын аңдап үлгерген Айса:
-Жеңеше, сен қала бер, малды мен көздей тұрармын,- деп
сыртқа жөнелді.
Қалған бөріктілер де астарын қайырып, тез шығып кетісті.
Бұл - Сақып еді.
Жазу-сызуға алаң болып, үйленуге қыры болмай
кешеуілдеп жүріп алған соң, ақыры Хайролла қарт байырғы
әдетіне басып, Қизағалиына да келінді өзі таңдаған.
Сол өзі құда түсіп, алып келген ортаншы келіні.
Әншілігі, ақындығы бар, еркелеу қызын Хайролла мен
Жәмиләнің сенімді қолына беруге құрдасы да қарсылық
білдірген жоқ.
Сол ауылдан келіп-кетіп жүретін, жиын-тойларда қанша
қарамайын десе де өзінің көзі түсіп кете беретін, ұзын
бойлы, келбетті жігітке жар болатынын естігенде мұның
бұла қызы да шоршып түспеді.
Сөйтіп, екі ауылдың арасын той қылып, Сақып қыз сән-
салтанатымен келін болып, табалдырық аттады.
Бұл келгенде Ділдәлар жоқ.
Ағасынан бұрын үйленіп алған Айсаның келіншегі жаңа бастап сырқаттанып жүрген кезі екен. Күзге салым жаңағыдай жағдай болды. Сол уайым шөктіріп кеткен енелері сырт шаруаға шығуды да, орталыққа базаршылап барып-қайтуға әзір тұратынды да қойған. Бар болғаны үлкен ұлдан көрінген екі қызын бауырына басып, үйде күйбеңдеп жүреді де қояды. Апасын қатты аңсап, сағынып келген Ділдә екі көзі боталап Сақыпқа қарай береді. Жалт етіп жоқ болған Ажар абысынынан аумай қалған әдеміше, сүйкімді қыз Сақыптың да көңілінен шықты. Кемпірі үйден шығуды сиреткесін, атасы « барып келалып кел» шаруаларды Сақыпқа жүктеп қойған. Азықтүлік, киім-кешек, керек жарақ, ұсақ-түйектің барлығын толтырып алып келетін де, жоғын түгелдеп, келесі сапарға тізімдеп қоятын да осы. Қазір де базаршылап келген беті, буыншақ-түйіншектерді шешіп,орын-орнына үйлестіріп жатыр. Шешелеріне ақ бәтес жаулық,үй ішіндегілердің әрқайсысына көйлектік, тер көйлектік, ішкиімдік кез-кез маталар түр-түрімен алыныпты. Енді біразға дейін отау үйдің бұрышында тұрған «Zіnger» деген тігін машинасы ертеңнен кешке дейін сырылдап жұмыс жұмыс істейді.
Пішіп беретін-енесі. Тігетін- өзі.
Қайсағали колхоз бастығы болғалы, Сақыпжамалдың да
үйге бұрылуға мұршасы жоқ. Жуастау,босаңдау жолдасына
көмектесіп, колхоз малының қамымен үнемі ат үстінде, қала
берді қора жақта жүреді.
Таңмен тастай қып буған белін кеште бір-ақ шешеді. Соған
өзі де бейімделіп алған. Тіпті қыз кезіндегідей асау үйрететін
де болып жүр соңғы кезде.
Атасының алыстан, үй жанынан қарауылдап, дем беріп
отыратынын арқасымен сезетін ер мінезді келін , осы қалай
деген қарулы жігіттерден күшін де асырып, әбден
қайраттанып алған.
Бірақ заты әйел емес пе, қазір ол да Сақып келінімен
шүйіркелесіп алғанды қалап, Шырақжаны «Қал,-», дегесін
мына екеуінің қасында қала берді.
Мәмпәси, кәбрешкі, ұн-тұз, шәй-секер бастаған азық-
түлікті енесінің «қоймасына» өткізіп, жермай, шамның
білтесі, шелек - шылапшын сияқтыларды сырттағы шоланға
апарып орналастырып тастап, үшеуі Қайсағали мен
Сақыпжамалдың үйіне кетті.
Сақып абысыны екеуіне деп алып келген заттарын бір-
бірлеп шығарып жатыр.
Бір қызығы, қоржынның түбінен шашағы төгілген гүлді
орамалдың екеу емес, үшеуі шықты!
Әуелі екеуіне екеуін алып тұрып, қызығып кетіп үшіншісін
тағы алған. «Мұны жеңшем екеуіміз кезектесіп тартармыз»
деп ойлаған және алып жатып.
Енді міне, оның да иесі табыла кетті. Құдай білдірген
шығар...
Қашаннан бері иініне жаңа шүберек тиіп көрмеген Ділдә
бір сәт жадырап, балаша қуанды. Оның қуанғанына
абысынды-келінді екеуі мәз.
Қай матадан не тігетіндерін жобалап, екі кішкентайға осы
жолы қандай көйлек тігуге болатынын кеңесіп, үшеуі
шүңкілдесіп біраз отырды.
Жылтыраққа, сәнді нәрсеге құмартқыш Сақып базарлықтың
ішіндегі ең соңғы кереметін суырып алды әдемі күміс
қапсырмалы кәзекейінің ішкі қалтасынан . Жарқыраған екі
жалпақ күміс сақина. Бетінде әшекейі бар. Көздей ғана
құтыдағысы-иіс май екен.
Тығыны ашылмай –ақ жұп-жұмсақ хош иісі танау
қытықтайды.
Сақыпжамал сақинаны саусағына киіп қарамастан, бірден
Ділдәнің алақанына салды.
«Елге аман оралуыңа тартқан сыйым болсын» деді сосын
мал соңында жүріп қатқылданып кеткен даусынан мейірім
есіп.
Ділдә бір кездері Ажар апасына еркелейтініндей, басын
әнтек қисайтып, Сақыпжамалдың иығына сүйеп, көзін
жұмып бір сәт отырып қалды.
Жанында апасының өзі отырғандай. Сіңлісі десе жанын
үзіп беруге әзір қимасы қасына келгендей.
Шыдай алмай тас қып құшақтай алды. Сақыпжамал да
мұның нәп-нәзік иықтарын аялай құшып, жай ғана бауырына
қысып отырып қалды.
Сақып үн-түнсіз екеуін сыртынан қапсыра құшақтады.
Осы құшақтасқандары құшақтасқан екенін, осы табысулары
мәңгілік табысу екенін ол кезде үшеуі де сезбеп еді.
Сөйтіп, Ділдә өзін өз адамындай қарсы алып бауырына
басқан осы үйде тұрып қалды.
Тұрғанда да анау –мынау адам батып үстеріне кіре алмайтын
үлкен үйде,кемпір-шалдың қолында тұрды. Қастарында
Қайсағалидың қос бүлдіршін қызы.
Қолы тамаққа бапты,балаға жайлы осы қыздың келгені
бәрінен бұрын Халекеңнің кемпірі Жәмилаға ұнап тұр.
Ұршықтай үйіріліп қасынан бір шықпайды.Екі келіні мен
үшеуінің сыңғырлай күліп шаруа жасағандары қандай. Кіші
келінінен айрылып қалғалы бір тарқамаған қайғысы сәл де
болса жеңілдей бастағандай ма...
Ұлының жалғыз қалған жабырқау жүзін көрген сайын қарс
айрылатын ана көкіректе әлде бір үміт сәулесі оянғандай ма,
әйтеуір жаз бойы қамкөңіл тірліктің аз да болса ажары кіргендей еді. Шынымен тілегі қабыл болды. Қыс өтіп, көктем келгенде қарлығаш қанат қуаныш бұлардың есігін қақты. Кішкентайынан бар сырын Сақыпжамал жеңгесімен бөлісетін Айса Ділдә екеуінің шаңырақ құрғылары келетінін сыздықтатып отырып соған айтыпты . Бұл жаңалықты Сақыпжамалдан Сақып, Сақыптан өзі естігендегі Жәмилә шешейдің қалай қуанганын айтпа! Қолтығынан қос қанат біткендей, құдық басында жүрген қартына қарай екі өкпесін қолына алып ұшты ғой дейсің. Дедектеп келе жатқан кемпірінің жүрісінің тегін емесін бірден іші сезген Халекең де әңгіменің анығын білгенше асығып, әрі кемпірінің кейде жүріп келе жатып, ұршығынан баса алмай ақсаңдап қалатынын ойлап, -Қайтелі-ей,мынау,- деп тездетіп қарсы жүрді. Қартына дедектеп жетуін жетіп келгенмен, ішіне сыймай бара жатқан қуанышын далада айтуды жөн көрмеген ырымшыл кемпір дереу сабасына түсе қалды. -Неғып жүрсің құдық басында жалғыз өзің? -Е,астауларды қарап жүрміндағы, жаңа көрдің бе мені,-деп қитықты қарт кемпірінің лезде өзгере қалғанын көріп. -Жүр, шай ішейік.Ділдәжан шелпек пісіріп жатыр. Күн жұма ғой бүгін,- деді Жәмилә енді шалын ымыраға шақыра, жұмбақтай сөйлеп.
Қарт үндемей ілесіп келеді. Күтпеген жерден аяғы ширап
кеткен кемпірі тағы да алдына түсіп алған,сирағы сирағына
жұқпайды.
Құран оқып, қол жайып, бет сыйпаған соң , Ділдә
шелпектен бір шұқып ауыз тиді де ұйқыдан оянып тұрып
келе жатқан екі қызды жуындырып, киіндіруді сылтау
қылып сыртқа ытты.
Қою күрең шайды ұсына беріп Жәмилә таң атқалы ішіне
сыймай жүрген жаңалықтың шетін шығарды.
-Қарт-ау, Айсажанның бір ойы бар көрінеді...
-Е, не ой екен ол?
-Жалғыз-жарым болып біраз жүріп қалды...Өзі үндемейтін ұл
мүлдем ұнжырғасы түсіп кете ме деп қорқып едім...
Қарт үндемей тыңдап, шайын сораптап отыр.
-Құдайдың өзі қарасып, бағымызға бір істің орайын
келтіргелі тұр...
-Айтсаңшы енді! (білтелете бермей дейін деді де сөзін іркіп
қалды.) Шырайлана шайын құйып отырған кемпірінің көңіл-
күйін бұзғысы келмеді. Бірақ тұқ етерін ашып айтып болмай,
осылай әріден қозғап, бипаздап отырып алатыны қашан да
жынына тиеді-ақ. Құпиялап, қиялап жүргені ылғи бір.
Қартының да шыдамы таусыла бастағанын байқаған
Жәмилә сөзін кішкене ширатты.
-Иә. Өзі жылатқан Алла, өзі жұбатқалы тұр. Айсажан
Ділдәмен қосылуға бата сұрайды.
Осыны айтқанда тағы да лықсып келген қуаныштан иегі кемсеңдеп кетті кейуананың. -Бата сұраса, береміз,-деді Хайролла қарт күрт жадырап. Арада бір жұма өткенде мал шалынып, көрші-көлеммен той жасалып, Ділдә мен Айсаның некесі қиылды. Өшкені жанып, жоғы қайта табылған Хайрекең , айтқанындай-ақ , балаларына батасын ақтарып, тілегін жаудырып, жайраңдады да отырды той бойы. Атақты Дина күйші келді Хайролла көршісінің тойына! Дина апайдың әкесі Кенже ата мен анасы Айымай шеше де келген арнайы. Күй десе , ішкен астарын жерге қоятын ауыл адамдары ой бір құмарларын бір тарқатты-ау! Сапарлап шетте көп жүріп келген Дина, өзі де сағынып қалған көрші-көлем, ауылдастарының алдында домбырасын бұлбұлдай сайратып, бірінен соң бірін ағытады күйдің. Динаның өзі де аңыз, анау қолындағы домбырасы да аңыз. «Салалы саусақтары бауырында ойнаған асау домбырасын өзінен басқа ешкім тарта алмайды екен. Себебі-бұл Құрманғазы ұстаздың бата бергенде өз қолымен сыйға тартқан, тіпті жасауымен бірге келген енші-домбырасы екен» десіп, тамсанысып отырды былайғы жұрт қаға берісте. Арасында Кенже ата да қызына тыныс беріп, өзінің тер сіңген көне домбырасын қолына алады. Көңілін әлде бір мұң кіреукелеп,сәл сынықтау отырған Ділдә,тойларына Дина апайдың әке-шешесімен қатар келгенін өзінше бір ырым етті. Толқып,толассыз ағытылған
күйдің
әуені
мұны
Ажар
апасымен
тілдестіргендей.
Қыздарының тірлігінен хабарсыз әке-шешелеріне сәлем
айтқызғандай.
Бәрінен іштей рұқсат сұрап, бата алғандай ,іштей
жайыққандай күй кешті.
Сол тойдың ертеңіне үш келін енелерінің ән салғанын
көрді бірінші рет...
Ертеңгі сауынды бітіріп, малды өріске қарай айдап тастап
үйге беттеген Сақыпжамал шоланнан шыққан әнді естіп
тоқтай қалды.
Есіктің сыртында Сақып пен Ділдә да тым-тырыс тыңдап
тұр екен. Бұған үнсіз ымдап «үндеме» деп белгі беріп,
қастарына шақырады.
Сүт тартатын машинаның құлағын айналдырып отырып,
сепаратордың бірыңғай сырылдай шыққан дауысымен
жарыстырып , бар дауыспен бір әнді сарнатып отыр
шешелері.
Тып-тымық таңғы ауамен, бір керемет әуезді ән қалықтап
ұшып жатыр, шетенмен қалқалап қойған шағын ғана лапас
сарайдан.
Үш келін тым-тырыс.
-Айғайлап ән саламын-ай Тілеуқабақ-ай...
Керілер өлең айтсам-ай қас пен қабақ-ай.
Көңілдің қуанышын-ай жырға қосып-ау
Келді ғой бар дауыспен -ай шырқайтын шақ-ай...
Салайын мен әніме Тілеуқабақ-ай
Керілер әнге бассам-ай қас пен қабақ-ай.
Құдайдан жатсам-тұрсам -ай мен тілеймін-ай
Бергей деп маңдайыңа-ай бармақтай бақ-ай.
Ішіне сыймаған қуанышын әнмен шығарып болып, бір
шара табақ қаймағын алып түк болмағандай ішке кіріп келе
жатқан аналарына үш келін үш жерден сүйсіне қарап қалған.
Сол жерде осы ән, осынау көрініс үшеуінің де жүрегінде
жатталып қалған еді.
Тілеуқор ананың шынайы пейілін қалтқысыз ұққан, шүбәсіз
сеніп, жүректері елжіреген шетен сарайдың сыртынан
жасырынып қарап тұрып .
Осы күннен бастап , қуанса үшеуі қосылып айтатын
«Тілеуқабақты » . Өмірлеріне тұмар қылып алған енелерінің
сүйікті әнін.
...Бәрі жақсы еді. Қайсаның екі қызының артынан Қизаның
қарадомалақтары ерген. Оған Айсадан сүйген немерелер
қосылды. Бәрін қосып алып бір үйден бағатын Ділдә.
Сақыпжамал бұл күнде ауданға, облысқа танымал күркіреген
табыншы.
Қиза -есепші, Сақып- дүкенші.
Орталыққа үйден қатынап жұмыс істейді екеуі.
Емшектегі баласы жыласа бесікті киіз үйдің есігінің
алдына шығарып қойып, әрі қарай ұйықтай беретін еркелігі
әлі қалған жоқ.
Оған қабақ шытатын Ділдә ма, саққұлақша құлағын түріп,
сергек жатады да, қыңқ еткен бойда бесікке бөлеулі баланы
үн-түнсіз келіп , қасына алады да кетеді.
Өзінің де емшекте баласы бар кездері тіпті рақат...
«Бұлардың баласының қайсысы-қайсысынікі екенін айыра
алмайсың, бірінікін -бірі емізіп, бірінікін- бірі киіп
сапырылысады да жатады» деп отырады ауылдастары.
Тіл-көз атты ма, басқа бір себебі болды ма , Айса мен
Ділдәда көпке дейін бала тұрмады.
Бір жас, екі жасқа толар толмаста , ауырмай шетінеп кете
береді. Осылайша бірінен кейін бірі жалғасып, алты баланы
жерге берді.
Бұл соққыға төзе алмай, Хайрекең іштей таусылып,
бүгіліп кетті.
Көз алдарында құлдыраңдап өсіп, жаңа адам бола бергенде
көктей солған немерелердің қайғысынан енелері жүрді естен
танып. Ұзамай өздері де аттанды бірінен соң бірі...
«Құдай-ай,соқыр қыз жетектеп жүрген адамда не арман бар
екен...» деп зарығатын , баласы тұрмағаннан зәрезап болған
Ділдә көз жасын жиі көлдетіп.
Сөйтіп жүріп тағы бір шақалақ көрінді бұл шаңырақта.
Бұл жолы басқаша бір жол бастады Сақыпжамал. Бала
дүниеге келерде төбені тескізіп,өзі білегін түріп сол тесіктің
аузында күтті де тұрды «Биссмилласын» жаудырып.
Нәрестенің
кіндігін
балтамен
кесіп,
анасына
көрсетпестен,ауыздандырмастан,төбеден
төніп
тұрғандардың қолына ұстатты іштегілер. Сақыпжамал
құндақтаулы баланы орауымен ала салып, екі қыр асырып,
Мәрия деген емшекте баласы бар көршілеріне апарды да
берді сосын. «Әй, Мәрия, сен мына баланы өзің бақ, бұл
сенікі !» деп дауыстап, тапсырып кетті және. Сол бойы сәби
қырық күнге шейін өз үйіне келтірілмеді. Бала әбден
қарақұлақтанып, қырқынан шыққанда бір қап тезек апарып,
кері «сатып алды» Мәриядан. Торалып,қолға ұстауға жарап
қалған қызымен осылайша қырқынан шыққанда бір-ақ
табысты омырауы дерткен Ділдә мен шақ шыдап,үй артына
шығып жасырып жылап жүрген Айса.
Құдайдың құдіреті, осы қыз да , одан кейін араға жыл
салып туған екінші қыздары да аман-есен өсіп кетті.
Соғыс басталардан бір жыл бұрын Қайсағали қайтыс
болды. Шаруа,мал деп жүріп, аяқ үсті ауырып ,көп жүріп
қалды да, әбден титығына жеткенде бір құлады.
Жолдасы кеткенде бойында үш айлық баламен жүкті
қалған Сақыпжамал айы-күні жеткенше ат үстінен бір түскен
жоқ.
Заман солай. Ит-құс көп, адамның ит -құсы одан да көп.
Әбден белі талып, атқа отыра алмай, толғақ басталғанда
барып үйге жеткен абысынын жылап-еңіреп жүріп, Ділдә
мен Сақып бірдеңе етіп босандырып алды.
Жолдасы қайтқалы біртүрлі қатайып, томаға-тұйық
болып кеткен Сақыпжамал « іңгәлап» жерге түскен
шарананы көтеріп алған Ділдәға мойнын бұрып:
-Кім?- деп сұрады.
-Қыз...
Маңдайынан шып-шып шыққан қара терді білегімен бір
сыпырып тастап, белін тас қылып буды да, ертеңіне
орнынан тұрып кетті бұл сонда жас босанып отырғанына
қарамастан.
-Қайда барасыз, шешей-ау, ең болмаса бір-екі күн жата
тұрмадыңыз ба ,- деп шыр-шыр еткен Ділдәға :
-Қыз тудым деп былжырап жата берем бе енді...- деп бір
дүңк етті шығып бара жатып.
Көз жасын көрсетпей сыққан үлкен абысын сыртта, жаңа
туған сәбиді қолдарына ұстаған сырлас екі келіні іште
мұңайысып, жыласып алған...
Бұл мұң мұң ба!
Жолындағыны түгел жайпап «соғыс» деген тажал
шыққанда, басқа қиыншылық түк болмай қалды.
Хайролланың үш ұлы-Қизағали, Айса, Сәлмен майданға
аттанды көппен бірге.
Араларына бір ай, екі ай салып,үшеуі үш бөлек кетті және.
Арнап пісірген бір-бір таба нанның шетінен бір-бір тістетіп
алып қалады кетерлерінде ырымшыл Ділдә . Үшеуін үш
бөлек дорбаға салып, есіктің маңдайшасына іліп қояды да,
күбірлеп, тілеулерін тілеуін тілейді де жүреді сосын.
Алдыңғы екі үлкені кеткенде де сүйегі сырқырап, күйзеліп
қалған Сақыпжамал , өзі « Кішкене бала» деп еркелететін
кенже қайнысына « пәуәскі» келгенде көңілі қатты
бұзылып, жылап, бетінен сүйіп, едәуір жерге дейін атпен
шоқытып ілесіп, қимай шығарып салды.
«Жыламаңдар, фашисті талқандап, аман-есен келгесін
сендерге келін әкеп беремін» деп бұларды жұбатқан
болғанмен өзі де толқып, он сегізге толар-толмаста
қайнаған соғысқа кетіп бара жатты қайнысы.
Малдың да, жанның да , тұрмыс-тіршіліктің де барша
тауқымет-қамытын мойындарына киіп, үш ана құм басқан,
құм емес-ау, шер басқан қараорында бір-біріне сүйеніп қала
барды.
...Қастарында жолдастары барында ештеңе білінбеген
екен ғой бұларға.
Қаншама еңбек етіп жүрміз дегендері, жыбырлап тыным
таппай бір нәрсе тындырып жүрміз дегендері бекер екен. Үш
азаматы майданға аттанған бойда-ақ жел кеулеп қоя берді
жан-жақтарынан.
Бір-бірінен іргелері де, еншілері де айырылып көрмеген , бір
үйдің үш қызындай болып кеткен үш келіншек бірін-бірі
апталап емес,айлап көрмей қалатын жағдайға жетті.
Қалай көреді: Сақыпжамал енді күндізді қойып, түнде де
мал басында. Өзі бақташы, өзі күзетші.
Бір жағынан «жаманауыз» аңдыса, екінші жағынан
қызылкөз ұрылар ториды. Шетке шыққан бұзау, торпақты
қағып кетуге әзір бәрі.
Тіпті күзетіп жүрген жалғыз-жарымның адамның өзіне
шабудан да тайынатын емес.
Жақында ғана сондай бір қатер төнген түннен әупірімдеп
әзер аман қалды. Бұқпалап келіп қалған жат адамның иісін
сезіп, әуелі қасынан қыл елі қалмайтын Жалбалақ абалап
үріп, белгі берді.
Қаншама қадалып, айналаға жіті қарадым десең де, көзге
түртсе көргісіз қараңғыда нені көріп, нені ажыратасың. Бір
кезде табынның арғы шетінен мал үркіп қозғалғандай болды.
Сақыпжамал атын тебініп қалып тұрған жерінде айқайға
басып қоя берді.
-Бұ қайссың ,ей? Аа, Қайни, сенсің бе?..
Одан дереу қозғалып, әрірек барып Қайни болып өзіне-өзі
жауап қатады.
-Иә, мен ғой Сақыш. Тыныш па бәрі?
-Ана жақтан мал қозғалды, жүр қарап келейік.
-Қазір үйдегілер де келіп қалар, ана біреулер кім...
-Айт! Айт,Жалбалақ, Құттаяқ!..
Осылайша табынның ол шетінен бір, бұл шетінен бір
өзімен-өзі дабырлай сөйлеп, өз-өзіне дем беріп, бір жағынан
мал торыған қарақшыларға сес көрсетіп , әрлі-берлі шапты
да жүрді.
Содан таң бозы білінгенде бір-ақ тоқтады.
Түнде мал үріккен маңды барып қараса, шынында да із
сайрап жатыр екен.Екі адамның ізі.
Мұнша байлықты күзеткен жалғыз әйел екенін білсе, құр
кетпейтіндері кәміл еді. Дүсірлеген ат дүбірі, абалай үріп
даланы басына көтерген Жалбалақтан, біреуі шаңқылдай,
біреуі жуандау, гүжілдеген дауыспен айғайлай сөйлескен екі
адамнан сескеніп жайларына кеткен сияқты.
Осындайда үйге бару бола ма, үш қызын қарап,
маңдайларынан иіскеп келуге де мұршасы жоқ.
Екі үйдің бес қызын қосып бағып , өзімен алты қыз болып
үлкен үйде Ділдә отырады үрпиіп. Ол тіпті түнде ғана емес,
күндіз де үргелектеніп қорқады да жүреді.
Өзі үшін, алды он екі , арты бір жастағы қыздары үшін
қорқады.
Құмдағы «Шешейі» үшін, қаладағы «Жеңешесі» үшін
қорқады.
Қорқынышын басудың еш амалын таппайды бірақ.
Тым болмаса жылап алайын десе, кішкентай қыздары
шошып қала ма деп қорқады. Амал жоқ, алаңсыз түр
танытып, кшкентайларға ананы-мынаны ертегі қылып айтып,
білген өлең-тақпақтарын үйреткен болып жүріп өзі де
кәдімгі балабақшаның тәрбиешісіне ұқсап бара жатты.
Мұның да үйден ұзап шығуға мұршасы жоқ.
Өздері қала деп атайтын аудан орталығында қалып қойған
Сақып та күйеуі кеткелі беймазаланып, жүдеп кетті.
Жайнап тұратын мойылдай ботакөзі мұңдана қарап, ақшыл
жүзі бозарып, еріндері көгіс тартқан.
Бәрінен бұрын өйтіп-бүйтіп амалдап соғыстан қалып
қойған ана бір Дүйсен дегеннің қорлығы өтті. Дүкенге
жылтың-жылтың келіп, үйге барар-келер жолын торып, кес-
кестейді де жүреді.
«Осындайда Шешей келе қалар ма еді тым болмаса» деп
армандайды, алыста жүрген абысынын арқа сүйеу көретін
Сақып.
Маңқа Дүйсеннің мұны күйеуі әскерде жүр деп
басынғанына ыза болады. Көрер еді азаматы қасында
болса,бұған қарап аузын ашқанын.
Сөйтіп жүргенде көршісі Мысалдың күйеуі Мақсот
соғыстан оралды. Жараланып, одан әрі соғысуға жарамсыз
болып деп елге қайтарылған екен.
Мысал байғұс барын қойып дастархан жайып ес-дос, қатар-
құрбыларын жинады.
Қизағали майданға аттанарда «Өзіңе ес болсын,
балаларға
қарассын»
қолына
әкеп
кіргізіп
кеткен
қайынсіңлісі
Айжамалды
үйде,
балалардың
қасында
қалдырып, бұл да барды сол жиынға.
Жағы суалып, көзі шүңірейіп, өлуге келсе де, аман келген
алғашқы майдангерді көрген жұрт көңілді. Шай орталана
берген кезде біреуі сызылтып ән бастады. Әндерінің аяғы
мұңға ұласып кете берді бірақ.
«Ақындар айтыссын,» деген сөз шықты енді.
«Сақып шықсын» деп қалды тағы біреуі.
Бұл басын төмен салып, отырған орнынан шегіншектей
берді. «Қайдағы айтыс. Мен айтысты да, әнді де ұмытқалы
қашан» деп іштей кейіп, кәсесін қисайта тастап, ас қайырып
жайлап қана сытылып шығып кетуді ойлаған.
Кенет лақ текеше жәрілдеп, бақ еткен бір үн шықты.
Ботқа бет, былжықсары Дүйсен екен сол баяғы.
Сақыптың
шығып
бара
жатқанын
көріп,әдейі
ақынсынып,күшейіп сөз бастап отыр:
Мен өзім нар жігітпін Дүйсен деген
Көресің бар қайырды тисең менен.
Қайтеді жеткізсең бір арманыма
Құшақтап ақ бетіңнен сүйсем деген...-деп бір барқырады.
-Ой, дее! Басталды!-дескен жұрттың сөзіне лепіріп, одан әрі
көйітті:
Ал қалқа, қалқа -қалқа, қалқа -қалқа
Ішінде қыз қырқынның мен бір алқа.
Қалқаның көкейінде жалғыз-ақ ой-
Дүйсеннің құшағында өліп-талса.
Екі көзі есік жақта. Осы жерде тым болмаса «Сақыппен
айтысыпты» деген сөз қалдырып, және қолы жетпей жүрген
кербез келіншекті сөзге қалдырып кеткісі келіп отырғаны
арсыз көздерінен де, сөздерінен де байқалып қалды.
Сақып тездеп орнынан тұрып бара жатты. «Осы жаманға
,айтсам сөзім шығын» дегендей кейіп.
-Сақып,- деп қалды біреу бұл шыға бергенде , жай ғана .
Бұл Мақсот еді.Түрі бұзылып кеткен. Тау тұлғалы тату
көршісінің
әйеліне
мұнша
дарақылана
сөйлеген
еркексымақтың қылығына қатты шамданып қалғаны көрініп
тұр. Оқ-дәрінің түтінін жұтып, өліммен күнде беттесіп, қаны
бұзылып келген солдаттың жүзі қабарып, түсі суып кеткен.
Мына жақтан Мысал да «Кетсең, сазайын беріп кет
ананың» деп сыбырлап үлгіріп жатыр.
Есікке жете беріп, басын ашумен жалт бұрып, кілт
тоқтады Сақып. Төбесіне түйіп қойған қолаң шашы
орамалға сыймай тобығына жете төгіліп кетті.
Сыпырылып бара жатқан орамалын қолымен демей беріп,
сол тұрған күйінде жалғыз ғана шумақ айтты.
-Бар болса, көрсетсейші жұмысыңды,
Ізің жоқ дәлелдейтін бір ісіңді.
Отырған құр алданып тұлыбыңа
Аяймын үйіңдегі жынысымды.
Жәй үнмен айтты да, жауап күтпестен шығып жүре берді
Сақып.
Бірақ үнінде қорғасындай салмақ, нешеме уақыттан бері
іште түйілген ызаның уыты жатыр еді.
Артынан Мысалдан естіді.
Неше рет әйел ауыстырса да, бір шикі өкпе сүйе алмай
жүрген Дүйсен мұның сөзінен кейін отыра алмай, жылап
шығып кетіпті.
Ешкім оған «Қал», ия «Жә, қайтесің» демепті бірақ...
Сол сол-ақ екен, былжырақ Дүйсен сап тиылды. Ауылға
тарап кеткен екі жол өлеңінің қуаты мұнша боларын Сақып
та білген жоқ еді.
Бір ойы ауырлау айтып жібердім бе деп күмәнданса, екінші
ойымен өзін-өзі ақтап алады. Қорғаны жоқ әйел деп
басынған, ел алдында тиіскен өзі емес пе. Дүйсеннің
көзтүрткісін көріп жүрген жалғыз бұл емес, беті жылтыр,
басы бос қыз-келіншек біткенді тірсектеп , күн көрсетпеуге
айналған.
Бұдан соң мұның көзіне көрінбейтін болды сол Дүйсен.
Осылайша қыс өтті. Үлкен үй мен екі ортадағы, екі
абысынымен арадағы қарым-қатынас қана көңілге жұбаныш.
Тіпті шаршап кеткенде аңырап барып қастарына қонып
кетеді. Ділдәның бәйек болып ұсынған шәйін ішіп,
Сақыпжамалдың дем бере сөйлеген сөзін жанына ем
қылып,өзі де әңгімесін айтып, таңға сырласып ес жиып
қалады сонда. Майдандағы Қизағали мен Айса қайнысынан
берер хат келді.
Кіші қайнысы Сәлмен аттанған күннен бері хабар-ошарсыз.
Тым болмаса үйленіп те үлгірмей кетті ол жазған деп
уайымдайды бұлар...
Құдай-ай, неткен сұп-сұр күндер еді.
Сағынды. Бәрін сағынды.
Еш алаңсыз жүретін өткен күндерді, күбідегі көжесіне де
Сақыпжамалдан
басқасын
қабағымен
жасқап,
өзінің
рұқсатынсыз жақындатпайтын, қанша ерке келін дегенмен,
де өзі іштей сыйлапп, ығысып тұратын енесін, тіпті енесінің
қаншама қазан басында жүрсе де бір кір жұқпайтын аппақ
кимешегін де сағынды.
«Ауыстырып кие беретін шығар» деп ойлайтын алғашқы
түскен жылдары тазалығы көзге ұрып тұратын шүйкедей
кемпірдің кінәздығына таң қалып.
Атасының кербездігі оның ар жағында. Мал бағып
отырған адам деп айта алмайсың.
Шай басына келу салтанаты, атасы өз орнына жайғасып
отырған соң ғана дастарғанға жақындайтын үй ішінің
мызғымас тәртібі.
Келіндер де мұнтаздай болып жүруді, әсіресе, үш мезгіл
дастархан басына аппақ болып, таза киініп келуді әбден
дағдыға айналдырған.
Жиын тойларға бір матадан бірдей етіп тігілген
көйлектерін киіп баратындары болушы еді кейде. Ондайда
атасы «Менің келіндерім келмей, тойдың көркі кірмейді»
деп аздап желпініп алатын...
Ой,дүния-ай! Соның бәрі бір күнгідей болмай өтті де кетті
міне.
Тууын өзі туса да, енесі мен абысындары қолдан-қолға
тигізбей бағып, өсіріп берген балапандарымен үпір-шүпір
бөлек отыр енді. Күнелтіс керек.
Әуелден -ақ атасы бейімдеген сауда-саттық ақыры кәсіп
болды да қалды бұған. Сол қасиетті қарт салып кеткен
ізден бір бұлтарған жоқ.
Сол жолмен , сол арбамен әлі үйдің керегін өзі тасып
апарып тастап тұрады . Бұған да шүкір. Бес балапаны
қанатының астында, ашты да тоқты да өзімен бірге көріп,
жайлап-жайлап өсіп келеді әйтеуір.
Бала да түсінеді екен қиындық келгенде, басқа түскен
ауыртпалықты. Аралары жас жарым екі ұл, үш қыз.
Бірақ бала болып үйде, тыста дыбыстары қатты шықпайды.
Тым тату. Тым тәртіпті.
Қаздай
тізіліп
мектепке
барады.
Мектептен
келеді.
Сабақтарын жасап, кітаптарын оқиды да отырады аналары
жұмыстан келгенде.
Бүгін де сол. Қайынсіңлісі үйді тап-тұйнақтай қылып
жинап, шайды әзірлеп қойыпты.Үйден келген ірімшік, құрт-
май, қаймақты алдарына қойып, бәрі көңілденіп отырып
шайларын ішті. Балаларын кезек иіскеп, төсекке жатқызып,
бір шетіне өзі де жантая кеткен.
Түн ішінде түсінен шошып оянды Сақып.
Бір дәу қарақұс балаларының үстінен төніп ,айналып ұшып
жүр келіп, ұшып жүр. Әсіресе Қалқаманына шүйіліп,шүйіліп
кетеді. Бұл Жанаманын жетелеп алып, «кішш-кішш!» деп әлгі құсты үркітпек болып жанталасады кеп. Әріректе үш қызы жылап тұр. Бәрі үстеріне қып-қызыл көйлек киіп алған. «Қырғи қызылға түсед деуші ед, қарғаларым-ай, неге қызыл киінгенсіңдер,кім бұлай киіндірген» деп булығып айғайлағысы келеді. Үні шықпайды. -Әлима! Зәуре!Асылжан! -деп аласұрып , жанталасып , қара терге түсіп жатып оянып кетті. Үйдің іші тас-қараңғы. Сақып қалтыраған қолдарымен жан-жағын сипалап,күнде ошақтың маңдайында тұратын сіреңкені, шатасып жүріп әрең тауып алды. Шырпыны шырт еткізіп жақты. Соның жарығымен , ұстала-ұстала тұтқасы жылтырап, жіңішкеріп қалған аласа ақ шамның білтесіне от тигізді. Бестік шамның бір тұтам шолақ пиаласынан шашырай тараған әлсіз жарық жаңа ғана үйдің ішін басып тұрған тастүнек қараңғылықты кейін серіпті –ау әйтеуір. Сақып елегізіп жан-жағына қарады. Балалары мұрындары пысылдап тәтті ұйқыда жатыр. Сақып әлі өз-өзіне келе алар емес.«Не түс болды бұл. Құлындарымды сақтай көр Құдая...» деп іштей жалбарынды. Бойы дірілдеп, жүрегі лоблып, көңілдегі қорқынышы басылып болмады қапелімде.
Шамның білтесін сәл ғана басты. Сөндірмеді. Сөндірсе
жаңағы аларған, көзі ажалдай сұп-суық қарақұс қайта келіп
қалатын сияқты болып, бір нәрсе сөндірттірмеді.
Көзін бір ашып, бір жұмып, ұйқылы-ояу күйінде таңды да
атырды-ау.
Балаларын мектепке шығарып салып жатып, «жан-
жақтарыңа қарап,мұқият жүріңдер құлындарым» дегенді үш
айтты. Екеуі әкелеріне, үшеуі өзіне тартып, монтия қалған
бес баласының артынан қиыла қарап, біразға дейін көзімен
ұзатты. Алласына тағы сыйынды.
«Я,Раббым!
Құлындарыма
пана
бола
көр.
Қауіптен,қатерден, пәледен-жәледен сақтай көр. Оттан-
судан, мезгілсіз келген ажалдан сақтай көр.
Қырда
Қияс,ойда
Ілияс
пайғамбарларым,
өздеріңе
тапсырдым бәріміздіі» деп үзіле тілеп ,бетін сыйпады.
Түнде шошып ояна салып биссмилласын айтқанмен,
«Түс түлкінің боғы» деп айнытқандай болғанмен, әлде бір
жаманатты сезгендей жүрегі суылдай берді бірақ...Күні бойы
сол суыл басылған жоқ,
Сол күні бес баласының екеуі мектептен беттері албырап,
көздері
жасаурап,
қызулап
келді.
Дереу
шақыртып
алдыртқан ауыл фельдшері -«Қызылша» деп, дәрі-дәрмек
жазып берді де кетті. Оны табар дәрмен қайда...өзі білген
ем-домын жасап, «қызылша» дегесін, қолда бар қызыл
киімдерді кигізіп, үстіне үлкендеу қызыл орамалын жапты
екеуінің.
Болмады. Үшінші күн дегенде үстері тұтасқан жараға
айналды балапандарының. Сандырақтап, аласұрып жатып
қос құлыны қатар үзілді.
Есі кіресілі-шығасылы жүріп екі ұлын жер қойнына берді.
Сақып пен Ділдәнің қосыла аңыраған дауыстарын еміс-еміс
біледі. Қалғанынан жадында түк жоқ...
Көресісі көп екен әлі.
Көз жасын көрмеді, жалбарынған тілегі жетпеді бұның
сыйынған Тәңіріне.
Айналдырған он жеті күннің ішінде Сақып пен Қизаның бес
перзенті ауыл шетіндегі қорымда бес төмпешік болып
жатты. Шешек алып кетті бәрін.
Ауылды жаппай шешек жайлады. Буыны қатпаған бозөкпе
балаларды баудай түсірді сол бір жылғы тосыннан келген
«қара шешек».
Күнде өлім. Күнде бір қаралы топ кішкентай мүрделерді
көтеріп, зиратқа алып бара жатады.
Сақып жұмысты тастады.
Баратын жері -зират. Келетін жері -зират. Құшатыны-зират.
Сүйетіні –зират. Кезек-кезек аймалап, күбірлеп сөйлесіп
жүреді құлындарымен.
Ділдә
қасында.
Жағалай
отырған
елдің
ортасын
ойсыратып, іргесін сөгілтіп кеткен қу шешектен қорқып
қалған Сақыпжамал қыздарды бағып , құмда-Үлкен үйде
қалды.
«Үкіметтің малы менің қыздарымнан артық па!» деп
айғайды салып жүріп, ақыры қасына көмекші бөлдірген.
Табынды сол көмекші қарап жатыр әзірше.
...Таң атпай үйден шығып кеткен Сақыптың жолын тоса-
тоса шаршаған Ділдә түс ауа пеш түбіне қисайып еді. Көзі
ілініп барады екен, тарс етіп есік ашылды.
Сақып үйге кіре, басындағы орамалын сыпырып , бұрышқа
атты. Қап-қара шашы арқасын тұтаса жауып, қос бүйірін
таяна теңселіп отырып, ал кеп аңыра.
Балалары қайтқан кезде көзден таса жерге жинап тастамақ
түгілі ,күндегі тұратын орнынан қозғауға қолдары бармаған
бес қоржын-бес кенеп сөмкеге қарап отырып боздайды.
Оған Ділдә қосылды. Жатаған тас үйдің төрт қабырғасы
қосыла теңселіп, олар да дауыс салып тұрғандай.
Күндегісінше басы салбырап, сүйетіліп ,зираттан үйге
жақындай берген Сақып бүгін мектептен қайтып бара
жатқан балалардың , күні кеше мұның боталары да бірге
жүгіріп, ойнап жүрген бір топ баланың, шуылын естіп
қалып еді.
Қолдарында бір-бір сөмке. Анадай жерден өтетін өздерінің
жолдарымен кетіп барады бәз-баяғысынша.
Мектеп те тұр орынында. Тарам-тарам жол да сайрап жатыр.
Тек мұның балаларын үйге алып келетін жолда ешкім жоқ.
Ол жолды шөп баса бастаған. Із жоқ енді ол жолда...
Мұның балаларының кітап, қалам-қағаздары қаңырап үйде
жатыр.. Оларды ешкім ұстамайды енді. Ешкіімм...
Онсыз да кеудесінде шықпаған қу жаны жүрген Сақыпты
теңселтіп жіберген сол көрініс еді. Қаралы ананы еңіретіп,
айқай салдырып, шерін қозғап жіберген , өзегін осып түсіп,
күйдіріп бара жатқан- осынау адам айтқысыз сағыныш еді.
Ділдә кілт тоқтады. Жеңшесі жылап отырған жоқ, жоқтау
айтып отыр. Жоқ. Жоқтау емес зар төгіп отыр.
Сөзбен емес өлеңмен төгіп отыр зарын, шерменде болған
сорлы ана.
Әдіра қалған айқын жол Мектеп пен үйдің арасы. Бес қарғамнан айрылып Көзімнің ақты-ау сорасы. Бес сөмке жылап қарайсың Қайғыма қайғы жамайсың. Ішіңде жатыр таяқша Бір-бірлеп ботам санайтын. Қалтаңда қалды қаламы Қан жылап ішім барады Қу шешек жалмап бітірді Маңдайға біткен баланы. Алла да Алла,құлыным Үзіліп қалды жұлыным. Әдіра қалған бес қоржын Сендерге қарап ұлыдым... Сақып сол жылағаннан кешке шейін жылады,сол зарлағаннан кешке шейін зарлады. Талып құлағанша шер төкті. Жұбата алмады Ділдә. Ертеңіне Сақып орнынан тұра алмай , сұлқ жатып қалды.
Ештеңемен ісі жоқ. Тамаққа да қарамайды. Жылап -еңіреп,
айналып
-толғанып
қасында
Ділдә
жүреді.
«Тамақ
ішші,жеңше,» - деп жалынады, жалбарынады. Жоқ.
Алдындағы дәмнен татып алмайды қайғыдан қан жұтқан,
құса болған ана. Нәр сызбайды.
Мұны естіп, күркіреп Сақыпжамал келді.
«Қарағым-ай!» деп, келінінің қол-аяғын сыйпап біраз
отырды. Көз жасын көрсеткен жоқ бірақ.Ділдәға да жылауға
тиым салды.
Бұрыштағы сөмкелерді мектепке апартқызып тастады.
-Сақып,жарар енді, жи есіңді , көтер басыңды.Бордай үгіле
бергеннен қайғы азаймас,- деп қайрат бере, қатты-қатты
сөйлеп,әрі-бері қозғады келінін.
Арқасын уқалап бергісі келіп , аударып жатқызып жатыр еді,
шошып кетті. Денесінің түсі өзгеріп, қарая бастаған.
Ділдәға «жылауықсың» деп ұрсып жүрген Сақыпжамалдың
өзінің жаны ышқынып кетті. Үнсіз төгілген көз жасы бетін
жуып,келінінің арқасын жылы сумен сүртіп, аялай сыйпап,
құшақтап біраз отырды.
Абысынының кенет абыржып кеткенінен жағдайдың
жақсы емес екенін айтқызбай ұққан Ділдә, көзі апар-жапар
болып, жалма-жан бір ұрттам айран әкеліп, Сақыпты «Іш те
іштің» астына алды.
Бір-екі қасығын аузына зорлап құйды.
Ай бойы қара судан басқа нәр татпай жатқан адамда не
қауқар болсын. Жағын қимылдатуға да жағдайы жоқ.
Тіпті маржандай тізіліп тұратын тістеріне шейін қисайып,
салдырап босап кеткен.
Фельдшерді шақыртты баяғы. Қарап-қарап, «витамин
жетіспегеннен» деп ол кетті.
Сосын, ай-шайға қарамай, аздап ем-дом жасайтыны бар
татар кемпірді барып алып келді Сақыпжамал.
Көпті көрген, елдің бәрі « Мишәр шеше» деп керім
құрметтейтін әжей кешке шейін науқастың қасынан
шықпады.
Ұзақ-ұзақ аяттар оқыды, үшкірді. Дем салып су ішкізді.
Қасына шағын дастархан жайғызып, шай әзірлетті.
Жан-жағын жастықпен қоршап, Сақыпты да қалқитып
отырғызып қойды.
Үшеуі шайды сораптап ұзақ ішті.
Әсіресе, Әни...Сақыптың бетіне де қарамайды. Көңіл де
бөліп отырмағандай. Ананы-мынаны ұсынып бәйек болған
мына екеуін «Кирәк булса ішәді » деп тиып тастады.
Емшілікпен ел ішінде көп жүргесін, ел ішінде болып
жатқан жағдайларды да көп біледі екен бұл кісі.
Еркеккіндіктінің бәрі соғыста.
Айнала жылау-сықтау. Күңіренген әйел, ашқұрсақ бала.
Малдың арқасында бұлар, қайта, көп сезінбей отырған
қиыншылықты Мишәр шеше қанын сорғалатып тұрып
айтып берді.
Әңгімені сүлесоқ қана тыңдап, миы зеңіп отырған Сақып
Зылиқа деген әйелдің басына түскен қасіретті естігенде
аздап өзгерді. Жүзінде аяныш табы байқалды.
Жеті ұлынан бірінен соң бірі ілесе жеті қара қағаз келіп,
қақсап қалыпты қасқа. Қайғысы ішіне түсіп қарты да қайтыс
болыпты.(қайғысы ішіне түсіп дегенді қаттырақ айтты
Әни...)
«Әне,оңалмас қасірет...Алпыстан асқан шағында Зылиқа енді
туам десе де бала туа алмайды...»-деп қойды сосын көзінің
астымен Сақыпқа білдіртпей қарап.
Күйік шалып, есі ауыса бастапты сорлының. Күнде кешке
таман балаларының атын атап шақырып , ауыл сыртында
жүретін көрінеді. Жеті қойына жеті ұлының атын
қойып,күні бойы соларды көкке жайып, сөйлесіп отырады
екен...
Осы жерге келгенде «Уууһһ!..»деп күрсініп қалды Сақып.
Күрсініспен бірге ішінен жалын шыққандай.
Содан кейін кішкене ұмтылып, қолын созып, алдында
жатқан жарты құртты аузына салды...
Кетерінде татар кемпір «Бұл «зәңгі» (цинга) деген ауру.
Оның емі тек қана балық, өледі әйтпесе,» деп Сақыпжамалға
оңашалап,қадап тұрып айтып кетті.
Қыздарын көршісіне, Сақыпты қайынсіңлісіне қалдырып ,
Ділдәны қасына алып , ол-пұл керек-жарағы мен ас-суын
түйеге қомдап, Сақыпжамал ертеңіне жолға шықты.
Бағыты -Астрахань .
. Кешегі емшінің «Аштарханның балығы ем болады» деген
сөзі мұны түнімен үйде жатқызбады. Көз алдында көктей
солып бара жатқан Сақыбын көріп отырып қалай шыдасын.
Затынан қорқақтау, соның ішінде беймағлұм жол тартудың қиыншылығын басынан көп кешіп, жасынан зәрезап болып қалған Ділдә да қанша жүрегі суылдағанмен, абысынын жалғыз жібермей, қарасын болып қасына ерді. Құмның қиырында отырған құмшықтарда балық қайдан болсын әйтпесе. Жаны қыл үстінде жатқан Сақыптың аман қалмағы сол балыққа тәуелді болып тұрғанда,бұлардың бір күн аялдауға да уақыттары жоқ еді. Ертеректе, заманның түзу уақытында кірешілер жүретін көне сүрлеуді бағытқа алып, Аллаға сыйынып ,нартәуекелге бел буды абысынды-келінді екеу. Өркеші қисайған «Көгершін» атты түйе де екі әйелдің өзіне сүйенген жағдайын түсінгендей . Шөк десе шөгіп, ыңғайларына көніп, бір қыңқ етпейді жарықтық. Арасында екі өркештің арасына мінгесіп, арасында кезектесе отырып аяқ суытып, тоқтамастан барынша суыт жүріп келеді. Әбден талғанда түйені шөгеріп, көлеңкесіне отырып сусуан ішіп, жүрек жалғайды да әрі қарай жүреді. Аспан айналып жерге түскен ыстық та, бөрілері ұлыған қараңғы түн де кедергі бола алмады Хайролланың екі келініне. Азаматтың ісін жасап, нардың жүгін арқалап , бір-біріне сүйеу болып , жетектесіп тартып келеді. Арада маң далаға екі-үш қонып, өліп-талып жүріп Аштарханға жетті.
* * *
Аққан адам. Балығы қайда,басқасы қайда-біліп болмайды.
Әуелі базар маңын жағалап , там-тұм жөн сұрастырып алмақ
болған Сақыпжамал , ерсілі-қарсылы шұбырған адамның
қалың ортасына кірді де кетті.
Татар деген халықтың да тап шекесі шылқып отырмаған
сияқты.Тамақ жағы тапшы,сол жүдеу-жадау көрініс.
Бір татар малайды тоқтатып сөйлесіп көріп еді , байғұс, ол да
үйіріле кетті. Қаладан балық таба алмайтынын, аулауға
да,сатуға да тиым салынғанын айтты ол.
« Татарға тілмаш керегі жоқ» деген рас екен, Жаңақаланың
қазағы мен Аштарханның шикіл татары әжептәуір
әңгімелесіп,жөн білісіп қалысты.
Келе-келе тілі шешіліп, Мшпиха деген келіншегі екеуінің
сауда жасайтынын, алам десе,үйіне ертіп апарып аққұйрық
шай тауып беруге болатынын да айтып қалды пысықша
татарың.
Сақыпжамал ,әрине, бармақшы болды бірден.
Ділдә азар да безер болып, «Бармашы,барма, үйіне апарып
өлтіріп, ақшаңды алуға шақырып тұр» деп құлағына
сыбырлап, шыр-пыр.
Сақыпжамал арқасына байлап, түйіп алған байлауын
шештіріп, ақшасын қолына алып , Ділдәні түйенің қасына
қалдырып, өзі ішке кетті.
Арада бір-екі сағат өтіп, қолында қомақты түйіншегі бар
шешейі аман-есен келгенін көргенде, Ділдә баяғыда жер
ауып кеткен әкесі қайтып келгендей қуанды.
Жаны
шығып,
«Алла-ай»
деп,
көзі
мөлт-мөлт
етіп
абысынына тығыла береді.
-Қазір жүреміз теңізге, мыннан не алып берейін өзіңе,- деді
көңілді келген Сақыпжамал .
-Қалаш
нан...-
деді
кешеден
бері
анадай
жердегі
наубайханадан бұрқырап шыққан нанның иісінен есі танып
жүрген Ділдә.
Жып-жылы, топ-томпақ орыстың қалашын әкелді де
берді . ..
Құмаршықтың ұнынан басқан нан қанша тәтті дегенмен,
бидайдың нанына қайдан жетсін. Қолымен кішкентайлап
үзіп алып, ұзақ шайнап, тамсанып отырып жеген сол бір
қалаштың дәмі өмір бойы таңдайында қалып қойды
Ділдәнің.
Өтінішін оп-оңай орындай қойған шешейінің өзін осылай
еркелеткенін , ертең соғыстан келгесін, Айсасасына да айтып
берер-ау әдемілеп, Алла қосса... Тап осындай топ-томпақ
қылып, күмпитіп нан пісіріп береді осыдан бәлем , ертең,
Сақып төсектен тұрып, елде астық көбейгенде.
Алла қосса. Тек қана Алла қосса...
Алланың бұйрығымен, Қарт Каспий бұларды жылы қарсы
алды.
Балықтың жөнін білмейтін екі құмшық ең әуелі, иесіз
жағалаудан әлде бір балықшылар тастап кеткен тор тауып
алды.
Одан суды белден кешіп қарап жүріп , ау құратын жасырын
қазықтарды да тапты-ау.
Өліп -талып ауды білгендерінше, шамалары жеткенінше сол
жерге құрып тастады да, өздері әрменірек барып отырды.
Теңізден ескен қоңыр салқынға жел қағып, күн қарып
жып-жылтыр болған жүздерін тосып ұзақ отырды.
Сөйлеуге халдері жоқ. Салқынға бауырын төсеп шөге қалған
түйеге арқаларын сүйеп , үнсіз мүлгиді.
-Кімсіңдер,ей! Неғып отырсыңдар? - деген дауыс саңқ етті
бір кезде желкелерінен.
Ділдәнің зәресі зәр түбіне кетіп, тілі байланып қалды.
Сақыпжамал
асықпай
орнынан
көтеріліп, айғайлап тұрғанның бетіне қарады. Аласа бойлы, әскери киімді татар екен. Жайымен амандасып, өздерінің тек жүрген адамдар екенін, Астарханнан келіп, шаршап ,демалайын деп тоқтағандарын айтты.
Қолдарынан, төңіректерінен тап
сезікті
ештеңе
көрінбегесін ,әлгі адам Каспийді жағалаған бұл екі әйелге -
Бір сағат уақыт берем, содан кейін бұл жерде қалушы
болмаңдар,-деп әмір берді де, қақшаңдап жөніне кетті.
Ол әбден қарасын үзді-ау дегенде, екеуі манағы ау құрған
жерге жетті бұқпалап.
Белден су кешіп барып суырып кеп қалғанда , Құдайдың
кереметі, торы жыртық-жыртық көне ау шүпірлеген
балыққа толып тұр екен.
«Аллалап!» жүріп әрірекке апарып, ақтарып төгіп,
жалмажан әлгі аудың өзінен байластырып отырып екі
қоржын жасады.
Мұндайға епсекті Ділдәның қолы-қолына жұқпайды.
Саусағы жып-жып етіп тоқып шығарғандай тымпитып
жатыр өзіне тиген жағын. «Тағы біреу келіп қалып,
балығымызды алып, өзімізді өлтіріп кетпесін, шешей-ау»
деп зарлап та қояды арасында.
-Келмейді ешкім, Құдай бізге қарасып тұр көрмейсің бе.
Жамандық шақырмай отыр,-дейді Сақыпжамал оған да, өзіне
де қайрат бере сөйлеп.
Бұлар екі қоржынды түйенің екі жағына қомдап,одан
балықты етектеріне салып апарып , екі қоржынға теңдеп
құйып, үстін жабулап, одан шалпылдатып суға түсіп,
шырыш-шырыш болған көйлектерін үстерінен шешпей ,
теңіздің ащы суына малшылап жуып, қаудыр-қаудыр етіп
солайымен паромға келгенде , қас қарайып, кеш түсе
бастаған еді.
Ағыл-тегіл жолаушы, ат-арба, түйе арбаға артылған
теңдерді бір-бірлеп тексеріп, тіпті қол жүгін де ашып қарап
өткізіп жатқан бақылаушыны көргенде Ділдәның тағы
жүрегі ұшты.
Бір келі балық, бір уыс тары үшін ұсталып кетіп жатқан
заманда қорықпай қайтсін. «Алла,шешей-ау,біттік қой, енді
қайттік?» деп безілдейді бұл қара түйенің жалбыраған
шудасының астынан.
Сақыпжамал сазарып сес бермейді.
Кезектері жетіп алдарына келген бұларға да бақылаушы
сұсты көзбен қарап:
-Ыстықта неге жабулап қойғансыңдар бұл түйені,- дей
бергенде, атасы құсап, әмірлі дауыспен:
-Е! Жауыр түйені жабуламағанда, өлтіреміз бе маса мен
шыбын-шіркейге талатып?!-деп гүр ете қалған Сақыпжамал
түйесін орнынан қозғап кеп жіберді.
Соны күтіп, тұрғандай Ділдә да тыпың қағып жетелеп ала
жөнелді де, паромның тасалау түкпірінен бір-ақ шықты.
Бір жақсысы,балық сасыған порттан бұлардың жүгінің иісі
білінбейді.
Енді паромның үстінде түйе жетектеген екі келіншек бір
қазаққа тап болды. «Мен де Нарынға бара жатыр ем, серік
қылып ала кетіңдер. Жалғыз жүру қиын,-»деп қылқылдап
қастарынан кетпейді.
Ділдәнікі баяғы «Мынау кәміл бізді өлтіріп кетейін деп
жүрген қарақшы, жүгімізді байқап қалып тұр. Қуып жібер де
қуып жібердің» астына алу.
Құдайға бір, өзіне екі сенген Сақыпжамал бұл қазақты да
ертіп алып , сол бойда түнгі салқынмен жолға шықты.
Бір демалып, бір жүріп, арасында жалғыз түйеге
кезектесіп мініп біраз жолды еңсеріп тастады үш жолаушы.
Бір жерлерге келгенде тағы да Құдай беріп, елсізде қалған
шеген құдыққа кез болды.
Даланың жазылмаған заңымен, бұрынғы иелері қалдырып
кеткен қауғашелек пен қылдан ескен ,ескі арқан да жатыр
шеген құдықтың жанындағы шұңқыршақта.
Жапан даланы кезіп келе жатқан үш жолаушы құдық
басына жетіп тоқтай қалды. Қауға-шелекті «биссмилла!» деп
құдыққа салып жіберіп, құлаштай тартты қастарындағы
еркек. Үшеуі үн-түнсіз мұп- мұздай суға бас қойып, қылқ-
қылқ сіміріп жатыр. Шөлдеп келе жатқан адамға судан тәтті
не бар екен,сірә!
Мейірлері қанып, беті-қолдарын жуып сәл отырған соң,
Сақыпжамал Ділдәға иек қағып,белгі берді.
Ол да шақ отыр екен, жалма -жан астаудағы суды әлі
сораптап тұрған түйені шөгеріп, қомын босата берді.
Екеулеп қоржынды шешіп ішіндегіні жерге ақтара
салғанда , торсиып-торсиып төгіліп түскен қарайған балықты
көріп еркектің зәресі ұшты. «Мынадай заманда мынадайды
жасап жүрген, неғылған жаннан безген, жүрек жұтқан
қатынсыңдар өздерің?-» деп, пышақтарын суырып жатқан
мына екеуінен қорқып, қипақтап қашып кетуге де әзір тұр
әлгі.
Оны жіберетін Сақыпжамал ма:
-Неғып тұрсыңдар,әй? Күн ысымай тұрып балықтарды
аршып алайық, қане, қимылдаңдар ,- деп , дереу іске кірісті.
Үшеулеп жүріп , балықтың бірін қалдырмай аршып, суға
жуып,жағалай шөпке жайып тастады.
Құбыла соққан ыстық желмен әй-демде құба-құрғақ болып
кеуіп қалған несібені қайтадан тиеп алып, көне құдыққа
алғыс, Құдайға тәубе айтып, әрі қарай жүріп кетті.
Апта жүріп ауылға жеткенде Сақыпжамал мен Ділдәның
табандары алынып қалған еді.
Келе қазанға су қайнаттырып, бір балықты салып жіберіп
пісіртіп, сұлқ жатқан Сақыптың таңдайына сорпасынан
тамызды.
Екеуін аман-есен көргеніне ме, әлде балық сорпасынан ба,
Сақыптың маңдайы жіпсіп терлегендей, аз-кем әл кіргендей
болды.
Бұлар әлсін-әлі балық қайнатып, үзбей бере берді,
абысыны мен келінінің ақ ниетіне қарай Сақып та бірте-бірте
әл жиып, бір аптада ептеп басын көтерді.
Тәлтіректеп барып, әрең деп тұрып кеткен тұрмыс
осылайша біртіндеп түзеліп, жайымен жүріп жатты...
...Онсыз да құс ұйқылы Сақыпжамал бүгін таңға кірпік
ілмеді. «Малға бірдеңе болды ма» дейін десе,жоқ,біртүрлі
жүрегі қуанатын секілді.
Жарық түсе сыртқа шығып , ауыл жаққа көзін талдырып
тұрып, ұзақ-ұзақ қарады.
Алыстан бірдеңе бұлдырайтындай. Әне, салдыр-күлдір етіп
ат-арба жақындап келеді.
Жалбалақ пен Ақтөс кетті алдынан абалап үріп. Ділдә
шықты іштен үрпиіп.
Келе жатқанның Сақып екенін алыстан танып, мұнша
ертелеткеніне аз-кем таңырқай түсті де, үн-түнсіз, шай
қамдауға, қайтадан ішке кіріп кетті.
Әріректен тоқтаған ат-арбадан Сақыппен бірге тағы біреу
түсіп жатыр.
''Арығын-ай өзінің. Бұл кім болды екен,- '' дегенше екеуі
асыға басып бұған қарай келіп қалды.
Сақыпжамал айғай салып жылап қоя берді. «Ойбай-
ау,қайнысы ғой, өзінің аппақ Айсасы ғой мынау!»
Құдайдың өзі бере салғандай , таңмен жетіп келген қайнысын қаусыра құшақтап, опыр-топыр үйге кірді. Ділдә үйге кіріп келген Айсаны көріп, абдырап,сасып қалды. Не болғанын түсінбегендей бір сәт сілейіп тұрып барып,содан кейін жымыңдап күлді. «Ділдә, Шырақжан келді ғой ! Келді. Шын келді! Жә!»- деп саңқ еткен шешейінің даусынан кейін ғана есін жиғандай, кемсеңдеп жылап қоя берді. Кіп-кішкентай денесі бүрісіп, азаматының иығына иегін сүйеп келіп жылайды. Сақып қазанда қайнап үлгірген суды самауырға қотарып құйып, оттығына шоқ салып жатыр. Үгіліп жылай да алмайды ол бүгінде...
* * * Бір қолын «Керман соғысына» беріп келсе де, Айсалары аман оралғалы қарашаңырақтың жаны кіріп қалды. Ер адамның дауысы шығып, ес болып, қараң-құраң жүргенінің өзі қандай. Әуелден де жүрегі жұмсақ адам қиыншылықтан қабырғалары қайысып, қабарып кеткен екі жеңгесін көргенде не істерге білмеді. Қайнаған соғыстың ортасынан қаншама қатайып келдім десе де, бес қарғасын айтып қоймай еңіреген Сақып жеңешесін тіпті қалай жұбатарға білмей , жаны күйзелді.
Бір өзі, жалғыз қолмен болса да екі ағасының орынын жоқтатпауға тырысып, бірден Сақыпжамалдың қасына көмекші болып жұмысқа кірісуге ұйғарды. -Әй, Шырақжан, басшы сен. Мен көмекші боламын. Барып қағаздарын түзеп кел. Басқармаға мен солай деп айтты де,-деді Сақыпжамал Айсаның қолтығынан сүйеп атқа мінгізіп аттандырып тұрып. Солай болды да. Шаруада екеуі тең жүрсе де, Сақыпжамал қайнысының алдына өмірі бір шықпайды. «Шырақжан келгелі жақсы болды» деп бастап, «Шырақжан келгесін ғой бәрі» деп соған теліп аяқтайды ,еңбектегі табыстары сөз бола қалған жерде әңгімесін. Шынында да, бұғанасы қатпаған –шаға бала көмекшілер, әйтеуір қасыңдақарасын, жеңіл-желпіге қолғанат қой демесе,мандытып сүйенішке жарай бермейтін. Малға шөп шауып, пішен дайындайтын кезде далалықта шаршап, ұйықтап қалатын әлжуаз жәрдемшілерін оятуға қимай, жалғыз қалдыруға да қорқып, айналасын «биссмилла» деп дөңгелек сызықпен қоршап тастап, аса беретін кездер де болған талай. Иесіз далада үйдің ішінде жатқандай домалап, алаңсыз пысылдап,ұйқыларын қандырып, түк болмағандай оянып, тұрып жүре беретін сонда қарасирақ,шиборбай көмекшілері.
«Кімнің кімге көмектесіп жүргенін кім білсін, қарасын ғой
әйтеуір,» деп қалжыңдап, күлкіге жеңдіріп қойып жүре
беруші еді , амалсыздан.
Қайнысы келіп, қатарға тұрғалы Сақыпжамал қайтадан
қайратына мінген сияқты.
Сақып та біртіндеп өмірге оралып, дүкеншілік қызметіне
кірісті.
Ділда үшінші қызын дүниеге әкелді.
Айса Сәлия деп қойды бұл қызының атын. Ұл болмады-
ау деп түк те қайғырған жоқ және.
Анда-санда үйге Сақып жеңешелері келгенде Ділдә да,
әкесі де баланы соның қасына қалдырып, болмашыны
сылтаурап сыртқа шығып жөнелетін.
Бұл күнде «алпыс екі тамыры суалып, алма жүзі қуарып»
дегендей, қатып-семіп, көп сөйлемейтін болып , қатты
өзгеріп кеткен Сақып сонда, бала қыңқылдап жыласа,
бесікке жайлап жақындап, тербетіп, оңашада сыбырлап
қана «Әлди» айтады. Келе-келе жайымен ыңылдап ән
салатын болды бесік тербетіп отырып . Сақып ән
салмағалы... бұлар ән салмағалы неше заман...
* * * Соғыс әбден біткенде Қизағали да оралды-ау... Өзі діңкесі құрып , бітіп келгенде бес баласының қазасын бір-ақ естіп есеңгіреп қалды . Бірінші күні жүрегі қысылып, ауаны қармап талып кете бергенінен шошып еді Ділда. Сол шошуы бекер болмады, о баста есеп-қисапқа жүйрік қайнысының, енді мына өмірмен тіпті ісі жоқтай. Кіріпшығып жүрген тек әйтеуір бір жан болды да қалды. Алдында қалған жалғыз ағасын жабығудан қалай шығарарын білмей , Айса дал. Мұны көріп, Сақып та қайтадан аурып қала ма деп қорқып еді бұлар. Жоқ.Жолдасын күтіп-бағам деп жүріп,керісінше ол ширап кеткен сияқты. Барын күйеуінің аузына тосып, баласындай мәпелеп, бәйек болады да жүреді. Бір күні өзінің төсектен басын көтерткен Мишәр шешесін алып келді үйге. Ол кісі ішірткісін ішкізіп, көрпе-жастығын аластап, тамырын ұстап, белін уқалап, үзіп , біраз емін жасады. Балгерлік те құрады екен, құмалақты шашып жіберіп, «,,Маңдайы жарқыраған ұлың болады сенің әлі, міне көрдің бе, бес тас-бесіктегі баладай қуантатын бақыт келеді үйіңе» деп , жабырқау жігітке езу тартқызды.
Кетерінде жеті-жетіден қалампыр үшкіріп беріп, жеті күн жатарларыңда таңдайларыңа салып жатарсыңдар деп тапсырды. Әни кеткен соң «Неткен тілеуқор адам еді...»деді Қизағали жай ғана күрсініп. Бұл оның көптен бері тіл қатқаны еді. Сол күні кеште екеуі кәдімгі бұрынғыдай ұзақ отырып әңгімелесіп, шай ішті. Ананы-мынаны айтып,ойдағықырдағы шаруаның жайын ақылдасып, көпке шейін шамды сөндірмей, бір-бірінің бетіне қадала қарап , біраз отырды. Жатарда Сақып Әни берген қалампырдың біреуін өзі аузына салып, екіншісін Қизаға ұсынды... Ертеңіне бұлар жайлауға, Айсаның қасына көшіп барып, баяғыша өздерінің киіз үйлерін тігіп алды. Мырзажанының беті бері қарап,есін жиғанына қуанған Сақыпжамал бір қойын сойып, садақа берді. Мырза қайнағасының қараорынға қайтып келгенін үлкен жақсылыққа жорыған Ділдә қуанғаннан кешке шейін бір тыным таппай, ошақ пен үйдің ортасында зыр жүгірді де жүрді. Ет асты, қуырдақ пісірді, Кейінге сақтап жүрген азғантай ұннан бауырсақ пісірді. Шелпекке құран оқылғаннан кейін «сендер де жеті қазынаның бірісіңдер, тілегімізді тілеңдер» деп, Жалбалақ пен Ақтөске дейін ауыз тигізді. Марқұм енесінен көре қалғандары ғой. Кешке таман үшеуі отырып, жайлап «Тілеуқабақты» сызылтты. Қашаннан бері «Тілеуқабақ» айтылмап еді бұл үйде.
Қизағалидың өңі кіріп, біртіндеп ес жия бастағандай.
Кей күндері ат-арбаның делбесін өзі ұстап , Сақыппен бірге
орталыққа барып қайтады. Ондай күндері жүдеп, соғылып
қалады бірақ.
Бұл күнде қалың зираттың ортасында қала бастаған бес
балапанына соқпай тұра алар ма өмір бойы... Төрт жыл
соғыстан аңсап,шаршап келгенде «көкелеп» алдымнан
шықса деп армандаған құлындары ғой...
...Көзінің алды қарайыңқырап, шаршаңқырап келген күйеуін
алдынан шығып күтіп алған Сақып , «Сәл тынығып
ал,көкесі» деп , көрпе-жастық салды.
«Көкесі» деген сөзге құлағы елең еткен Қизаның жүрегі
атқақтай соқты.Япыр-ау, балаларының барында осылай
деуші еді ғой... Бұл сөзді айтпай кеткелі қашан...
-Шай ішейік,- деді Қизағали бір жаңалықты іші сезгендей
, төсеулі көрпешеге отыра беріп, жастыққа басын салмастан .
Сақып әзір тұрған дәмді лезде алдына әкелді. Бір кесе
шайды құйып беріп, «Көкесі,- деді тағы да,- көкесі, біздің
ұлымыз болады» деді жүзін төмен салып. Мишәр кемпірдің
айтқан сәуегейлігіне сенімі соншалық болды ма, жоқ әлде,
бір күш солай айтқызды ма, тап осылай -«Ұлымыз» деді .
Кәсе сылдыр етіп қолынан түсіп кетті Қизаның. Аттай
тулап, шаншып-шаншып кеткен жүрегін сыртынан сипалап,
ауа қарманып , қысылып та қалды біраз .
Бірақ, бұл жолғы қысылыстан қорқа алмады ол. Шабуылға
шығар алдындағы жауынгерлік рухы қайта оралғандай, бір
батылдық пайда болды бойында.
Сақыбының қолынан үнсіз қысып-қысып , қуанышын
білдірді.
Неге екенін өздері де білмейді,ауыздары күйіп қалғаннан ба,
әлде әбден көздерін жеткізіп алғылары келді ме, екі мұңлық
әзірше бүл жаңалықты үйдегілерге айтпай тұра тұруға
ұйғарды.
Жеңешесінің бойында бір өзгеріс барын басқасынан бұрын
бірінші байқаған Ділдә болды.
Шырайы еніп, өңі кіре бастаған сияқты. Ащыға құмартып,
қалтасына құрт тығып алып, күтірлетіп кеміреді де жүреді.
Ділдә қуаныштан қанша іші жарылып бара жатса да,бұл
жаңалық туралы тіс жаруға өзінен-өзі қорқып, тіпті
қасындағы Айсаға да сыр білдірмей тым-тырыс жүре берді.
Ақыры, желтоқсанның аязды кешінде, әдетінше, сыртқа
темекі тартуға шыққан Айсаға ілесе шығып, Қизаның өзі
әңгіме бастады.
«Жеңгемнің басы ауырады»деп, өмірі шылымды іште
шекпейтін Айса, жайлап басып жанына келген ағасының да
ық жағына шықты.
Папиростың ашқылтым түтінін желмен бірге әрменірек
үрлейді. Иістен қорғаштап тұрғандағысы.
Қизағали
майданнан киіп келген сұр бушлатын қусырынып, маңдайындағы жұлдызшасын алып тастаған «солдатский» көк бөркін маңдайына таман түсіріп, Айсаны ықтағысы келгендей,жақындап , тақала береді бірақ. -Айсажан, бері қара. Мен саған бір әңгіме айтайын. Соғысқа үшеу болып кетіп, екеу болып оралдық. Сәлменжанның хабар-ошарсыз кеткені де расқа айналуға қалды . «Без вести пропал» деген бір жапырақ қағаздан басқа түк қалмады артында жазған баланың. Менің жағдайым мынау, төрт жыл қырғынды көтерген жүрегім, қарғаларымның қазасын көтере алмады. Бірдеңе болды маған. Көп әріге жібермей қала ма деп қорқам кеудемді қысқан мына бір шеңгел. Жалғыз ғана дәтке қуат тұтарым-Сақыптың бойына біткен шарана. Олай-бұлай болып кетсем, өзің бас-көз боларсың. Бәріңе де ризамын. Мырзажан мен Мырза-ағадан басқа сөз айтып көрмеген Сақыпжамал жеңешем мен Ділда келінімнің бізге жасаған жақсылықтары алдарынан шықсын. Екі дүниеде разымын. Солар болмаса, Сақып жоқ, Сақып болмаса мен де жоқпын. Мен де...-деп барып Қиса ентіге түсіп, жөтеліп қалды. Айсада үн жоқ. Не қуанарға, не жыларға білмейді. Шарананың хабары ішін жылытса, ағасының өсиет айтқандай болып сөйлегені бойын мұздатып барады.
- Сен кезегіңді бұзып, менен кіші болсаң да, бұрын
үйленіп алғанда аздап ренжіп едім.
Жастық қой. Енді міне, әулеттің жалғыз ағасы өзің болып
қалатын
сыңайы
бар.
Келін
екеуіңе
аманат
бәрі.
Сақыпжамалды сақтаңдар. Сол аман болса, Сақыпжамалдың
Шырақжаны- сен сөнбесең, әулетіміз азбас, дәулетіміз
тозбас...
-Тоңып қалдың ғой, ішке кірейік,ертең айтарсың қалғанын, -
деді Айса айдың жарығымен ағасының жақ жүні үрпиіп,
бозарып кеткенін байқап.
-Иә...ертең айтармыз...-деді Қиза сенімсіздеу үнмен.
Ертеңіне түс ауа жүрек талмасынан үзіліп кетті ағасы.
Құрсағында аппақ ұл қалдырып кетті бірақ Сақыбының...
Оған да шүкір.
* * *
...Құм құрғақсып, сыңси көшетін болған бұл күнде.
Алай-дүлей қызыл дауыл соғатын болған үш күн, үш
түндеп.Мал азынап, иттер ұлитын болған ондай күндері.
Аузы -мұрындарын байлап жүретін халге жеткен, иір
құмы
тастай
болып
табаныңды
қытықтайтын
киелі
Нарынның адамдары топырақ жауған аспаннан қорғалап...
« Соғыстан бір, аштықтан екі қырылып, тышқаншылап бұл
күнге жеттік пе дегенде, тағы бір нәубет төнген сияқты біз
сорлыға» деп қорқасоқтап болса да, сыбырлап-күбірлеп там-
тұм әңгіме айтып жүргендердің күдігі расқа айналды. . «Сынақ» деген сөз енді тіпті ашықтанашық айтыла бастады. Жарылыс болардың алдында бұл маңайда қоныс теуіп отырғандарды қыс демей, жаз демей 20 шақырым қашықтыққа көшіріп апарып тастайтын ожар тәртіп шықты. Ақ боран. Шұбатылған көш. Бір кезде арт жақтағы шаналардың бірінен зарлап жылаған дауыс шықты. Жұрт үйіріліп, сол дауыс шыққан шананы қоршалап, шоғырланып қалған. Айнала ызғыған жел. Аузы-мұрнын тұмшалай байлап алған Сақыпжамал да бір бүйірлей, қыңыратқи жүріп , әлгі шананың қасына барды. Өздерімен көршілес ауылда тұратын малшының әйелі ойбайлап жылап жатыр. Кісі танымайды. Есі шығып кеткен. Құндақтағы баласы шанадан түсіп қалыпты қасқаның. Сорлы әйел еркектерден бір жәрдем бола ма деп, соларға қарап қақсайды. Сай-сүйегін сырқыратады тыңдағанның. Көз аштырмас жабысқақ бораннан қорқып, ешкім баланы құтқаруға шығатын емес.Адасып кетеміз деп айта да алмай, тарап та кете алмай , ошарылып тұр бәрі. Сақыпжамал кері бұрылды. Көш бойы шаналардың тертелерін ағытуға әмір беріп барады. Өздері отырған шананың атын туарып, екі тертесін суырып алып, қайта жүргенде, шаналарының «ағылөптерін» қолдарына ұстаған бес-алты адам қосылды бұған. Ағаштарды қосарлап бір-біріне сырық етіп жалғап, ұштарынан қосып байлап, үлкен мосыағаш жасап, тұрған
жерлеріне шаншып байлады да , Сақыпжамал баланы іздеуге шықты. Жалғыз… Шықпауға, аса беруге дәті шыдамады. Желкесінен өршелене итерген адуын желмен тіресіп, екпетінен құлап қалмауға тырысып келеді. Бір жақсысы, ыққа қарай көзді ашып жүре аласың. Бірақ дауысты есту қиын. Мына суықта далада қалған бала қай бір дауысы шығып жылап жатыр дейсің және. Қорғансыз сәби көзіне елестеп, Сақыпжамал айналаны көзімен тінтіп дедектеп келеді. Қара терге түскен. Әне, бір төмпешік көрінеді. Қар үрлеп тастаған . Тегіс жерде төмпешік бола ма… Қиыс кетіп қала жаздағанын қарашы… «Қазір…қазір , құлыным…» Сақыпжамал төмпешікке жетіп келіп, қарды қос қолдап олай бір, бұлай бір сыпырып-сыпырып жіберді. Құндақтаулы бала табылды. Үні шықпайды бірақ. Күпісінің омырауын ағытып, баланы кеудесіне тығып алып, кері жүгірді Сақыпжамал. Төбе-төбені қуалап, ысқырына соққан жел адымын аштырмайды. Аттың үстінен жердегі бала көрінбейді деп, жаяу шыққанына енді өкініп келеді. Жетектеп алып жүрмегенін қарашы бір атты… «Қазір,қазір жетеміз шешеңе, шыда. Сен тек шыда…» деп даладан тауып алған «Далабайымен» сөйлесіп қойып, қасарысып алға басады Сақыпжамал. Бір кезде өздері қолдан жасаған Мосыағаш та елес бердіау…
Адамдар түбінде тұр иіріліп. Сақыпжамалдың қарасы көрінгенде қолдарын бұлғап, шулап қоя берді. Біреуі қарсы жүгіріп келеді. Неғмет екен. Баланың әкесі . Бүкшеңдеп, имелеңдеп,ақсаңдап жүгіріп келеді.Жылап та келеді. Қасынан тоқтамай аса берген Сақыпжамалдың қойнында бірдеңесі барын байқап үлгірді де , бұның адымына ілесе алмай, шоқаңдап артта қалды. Талықсып отырған шешесіне бергенде, жып-жылы қойында жатып, есін жиған бала көзін ашып, ыңырсып жылай бастаған. Құдай оңдағанда , емуге әлі келді. Сақыпжамал бұл кезде аюдай ақырып, мосыағашты шештіріп, аттарды қайта жектіріп жатыр еді. «Полигон» деген жалғыз көзді тажал тырнағын осылайша жайып ,төніп келе жатты киелі құмның төріне. Мал қырыла бастағаны аз болғандай, жас балалар шетіней бастады. Ділдәның бойынан да түсік түсті. Сақыптың тіпті үрейі ұшты. Өлгенде көрген жарығымды абайсызда тағы өшіріп алам ба деген қорқыныш иектеп алғалы қашан. Жалғызы-Қайырболатты көзінен бір таса қылмайды. «Аузы күйген үріп ішеді»- есік-терезесін тас бітеп, дауыл соға бастағаннан , дереу баласының аузы-басын тұмшалап, үй ішінде мәрлімен демалдырады Сақыпжамал. Сырттан ешкімді ішке кіргізбейді, іштен өздері тысқа аттап баспайды.
« Балалар өліміне – үсті-бастарына тұтасып қаптап
шығатын белгісіз бір жара себеп болып жатыр екен» дегенде
, өзінің де перзенттерін жайпап кеткен ешқандай да шешек
емес , адам қолымен жасалған қастандық екенін түсініп,
Сақыптың одан сайын қаны қатып,жаны түршігеді.
Сақыпжамал бүгін кішкене сырқаттанып, «Шырақжан,
мен бара берейін» деп, үйге ертерек қайтты.
Майдан даласында қалған қолының «саусақтары шаншып»,
өзінің де мазасы болмай тұрған Айса ат үстінде сәл
жантайып, ердің қасынан қисая ұстап кетіп бара жатқан
жеңгесінің соңынан жаны аши қарады.
Қизаның «Сақыпжамалды сақтаңдар» деген сөзі жаңғырып
құлағына келгендей.
Ертеңіне қайтадан орнынан табылып, ат үстінде
қаздиып отырған жеңгесіне Шырақжаны жақындап келіп,
әңгіме бастады.
-Жеңеше, қыздар өсіп қалды. Олар ұшып-ұшып кетеді ертең
ұяларынан. Сен үнемі осылай ат үстінде жүре бермейсің
шіреніп. Сол кезде жалғыз қаласың. Қыздың қолына басқа
барса да, сенің бармайтының тағы белгілі.
Ділдә келінің жүкті. Осыдан ұл тапса , саған бердім сол
баланы,- деді нық-нық сөйлеп.
Сақыпжамал шошып кетті. Бір жағынан қайнысының
мұнша мәрттігіне риза болып, бір жағынан оның өзіне де
жаны ашып:
-Ойбай-ау,Шырақжан-ау,-деді күреңітіп,
- өзіңде де бары үш қыз, маған керек ұл , саған да керек.
Ділда екеуің аман тұрғанда мен қыздың қолына барармын
ба. Ниетіңе рақмет, сенің ұлың онсыз да менікі ғой,-деді
Шырағының жүзіне шырайлана қарап.
-Жоқ, жеңше. Алтауын жерге де бергенде де жүрдім емес пе,
бір ұлды саған қимай не болыпты. Айтқаным-айтқан.- деді
де Айса сөз бітті дегендей атын тебініп, жүріп кетті.
Кешкісін Сақыпжамал еттің иісінен мұрнын басып алып,
қазан сапырып тұрған Ділдәның қолынан ожауды алып,
келінін үйге жіберді...
Таңертеңгі шайдан соң сәл бөгеліп:
-Не жегің келеді,Аштарханнан алдырып берейін,-деді жай
ғана еркелете қарап.
Күйеуінің шешімінен хабардар Ділда да майыса қалды.
-Ештеңе, шешей-ау. Аштарханның ыстық нанындай етіп өзім
пісіріп алам ғой осы күні. Өзіңді күт. Ертең балаң дүниеге
келгенде бағып-қағуға көп денсаулық керек болады өзіңе...
Сақыпжамал : -Е, күтінем ғой, күтінем ғой...- деп күліп қоя
берді. «Апырай, мына екеуі расымен маған ұлдарын
бергелі отыр ғой. Өй,қарақтарым. Өй, жарықтарым сол.
Ниеттеріңнен айналдым. Қазір туып алғандай болдым ғой...»
деп сансыз ой іші-бауырын жылытып,жамырап барады.
Кеудесі тағы да ән сала жөнелген Сақыпжамал өз-өзін әзер
басып:
- Алла біледі алдағыны. Қыз болса да, ұл болса да, әуелі
жаның аман қалсын, өзіңді күт,-»- деп , өз бөлмесіне
бұрылып кетті.
Бұдан кейін бұл үйде бұл әңгіме қайтып қозғалған жоқ.
Жаз. Күз өтті. Қыс та біте келді.
Ақпанның аяғы, қамалдың басында , «Құмдағы ауылдарды
қырға көшіреді екен», «Полигон бар жерде тірі адам отыруға
болмайды екен»,»Мұндағы жұртты көшіріп, жарылыстан
қашырады екен» деген үрейлі сөз гулей бастаған ел
ішінде.
Жалғыз баласының қамымен қайтадан орталыққа көшіп,
одан өз үйлерінде отыра алмай, Шырақ пен (тетелес
қайнысын бұл солай атайды, абысынының қойған атынан
«жан» дегенді қысқартып) Шешейін басшыларға салып ,
қояр да қоймай жүріп басқа үйге ауыстырып болғанда,
Сақып бірінші естіді бұл хабарды.
Қуанарын да, қайғырарын да білмеді.
Біресе отырған жерін, құмын, ауылдастарын қимайды. Анау
қорымдағы алты зират та жетімсіреп қалады-ау. Кім барады
олардың басына, кім жұма сайын қастарында шошайып
отырып құран оқып, бір шымшым топырақ салып жүрер
дейсің бұлар кетсе...
Екінші ойы, осы бір қорқынышты естелікке толы жерден,
өзін аямаған қатыгез жерден тезірек кеткісі келеді.
Бауырындағы жалғыз балапанын қорғап қалғысы келеді
аспаннан қызыл дауыл болып келетін ана бір пәлекеттен.
Бұның ендігі жалғыз арман-мақсаты сол.
Өліп-өліп өлім сарқытындай қылып, Құдайдың өзі
басқаларын түгел алып,ойда жоқта солардың өтеуіндей
алақанына салып берген жалғыз ұлды аман-есен жеткізу
ғана.
Ел іші томаға- тұйық. Әрқайсысы өздерімен-өздері , бастары
қатып, әрі-сәрі болып жүрген бір адам.
Құм адамына тән бауырмал мінез, атамекенге кіндігінен
байланған қасиетті сезім бәрін қинап жүрген сияқты. Бір-
бірінен ажырау, кіндік қаны тамған туған жерден ажырау,
ата-бабасы, тума-туысы жатқан қасиетті қорымдарды
қалдырып кету кімге оңай соғады дейсің.
Сақыпжамал, Ділдә,
Айсаның да жетісіп жүргендері
шамалы. Бірақ ана екеуі қашанғы сабырлылықтарынан
танбай, үн-түнсіз малдың қамымен жүрген болып, дала кезіп
кетеді көбіне.
Солардың ыңғайына бағып «Не көрсем де осылармен бірге
көремін ғой» деп,Ділдә да іштен тынған. Әйтеуір амандық
болса болғаны да.
Не көрмеген, неге көнбеген жұмыр бас...
Айтқандай-ақ, құмдағы елді жаппай көшіру басталды да
кетті бір күнде.
Бұлардан «барасың ба, бармайсың ба» деп келісім сұрап
жатқан ешкім жоқ. Түстері суық өңкей әскери адамдар келді
де, картузы жылтыраған біреуі бүйірі тоқ сүрік қара
планшеттен жалбыраған қағаздарын алып «12-ый разрез,
населённый пункт «Умтыл»- Казталовка, Каруба» деп әлде
бұйрық, әлде өкім бірдеңені оқыды.
Содан соң оң қолы шолтаң етіп «Тиеңдер!» дегендей белгі
берді қасындағыларға. Болды. Көрген-баққандары сол, көш
басталды да кетті.
Азан-қазан, у-шу... үйлер жығылып,тарс-тұрс мажор арбаларға тиелді. Қалған жайдақ арбаларға әйел, бала-шаға бөліп-бөліп отырғызылды да, ұбап-шұбап ауылдан шыға берді айналдырған жарты күннің ішінде. Бесқонақтың шыққан мезгілі . Жер бусанып, көк шығып , енді ғана арқа-басымыз кеңи бастай ма дегенде мұндайға тап болған елде ес те жоқ, «лә» деуге дәрмен де жоқ. Құрығы ұзын үкіметтің айтқанына көніп, айдауына жүріп, бұғалық түскен жылқыдай тырп ете алмастан жөңкіле көшіп кете барды. Сақып пен Ділдә балаларды алып сол көшпен бірге кетті. Сақыпжамал мен Айса, басқа да сол төңіректегі малшы, қойшы, жылқышылар сияқты кейінде қалды. Жоғарыдан келген әмір бойынша, олар малды далалықпен жайып айдап, қоңын жойып алмай,асықпай апаруы керек екен. Басқасынан бұрын жүрісі ауырлап, күні жақындап отырған Ділдәға алаңдаған Сақыпжамал екі келінін, балаларды тас-түйін қылып бір арбаға отырғызып, қайтақайта Сақыпқа тапсырады. «Балаларға мұқият болыңдар,Ділдәні қара » дей береді. Арба қозғала бергенде, қабырғалап ілесе түсіп: - «Шыда біз барғанша,-» деп Ділдәнің бетінен сүйді . Қорқынышы, уайымы-бәрі сол бір ауыз сөзде тұр еді. Адамның жаратылысы қызық қой. Басында жылап-сықтап, у-шу болғанмен 12-ші ауылдың адамдары бірте-бірте бұған
да үйреніп, көштің тәртібімен тыныш қана жүріп келе
жатыр.
Бір-бірінің арбаларына араласып мініп, біресе түсіп алып
қатарласа жүгіріп балалар ойынға басты.
Сақып Ділдәнің қасынан шықпайды. Тапжылмайды.
Жол соғады деп бүкіл жастық-көпшікті астына салып, жан-
жағын қоршап бесікке бөлегендей қылып орналастырып
қойған.
Бір қолымен Қайырболатын, бір қолымен Ділдәсін
құшақтап алып, көкжиекке, қаражолға қадалып қарайды да
отырады.
Ас-су, тамақ салған әбдіре де қастарында. Әлі қанша
жүрерлерін кім білсін, қолдағы бар тамақты талшықтап
бөліп жеп, тоғыз жан талғажау етіп келеді.
* * *
Көш ырғалып жүріп болмайды.
Көшірілетін 200 үйдің 100-і қосылып бір-ақ аттанғасын
не болсын. Аурып қалу, құлап қалу, ашығып қалу-бәрі
бар...Айнала
мылқау
дала.
Алда
бейтаныс,сол
бейтаныстығымен үрейлі өмір.
Үшінші күн дегенде жол үстінде алдарынан өгізарбамен
бір адамдар шықты.
Аяғын жазып алайын деп Сақыпқа сүйеніп , арбадан түсе
берген Ділдә «Әй, бері келіңдер!» деген жұп-жұмсақ, таныс
дауысқа елең етті.
Құдай-ау, мынау өзінің баяғы Майапасы ғой. Қиын күнде
қолтығынан демеп, көтеріп жіберген қамқоршысы ғой
өзінің!
Көнелеу сұр кенепті жайып жіберіп, көштің балаларына
тамақ беріп жатыр. Кішкентай баланың жұдырығындай етіп,
томарлап домалақтай салған сүзбе құрт, ірімшік, бір-бір
тілім наннан қолдарына ұстатып, ағаш шұбар аяқтарға,
құрсаулы кеселерге көже құйып үлестіреді. Арбасында
тағы бес-алты түйіншек, домалап жатқан шағын екі -үш ақ
бидон көрінеді.
-Майапау, бар екенсің ғой, жүр екенсің ғой,-деді жайлап қана
қасына мамырлап жете берген Ділдә қатты айғайласа
апасынан қайта айрылып қалатындай.
Ұмсын кетік ағаш ожауы қолында, бір сәт аңырып тұрып
қалды. Бір кезде мына келіп тұрған келіншектің баяғы өзінің
кішкентай Ділдәсі екенін таныды-ау!
Көрісіп жылап алған Майапасы Ділдәнің аяғы ауыр екенін
көріп, аяп та жатыр.
Қастарына келген Сақыппен амандық-саулық сұрасып,хал-
жағдай білісті.
Әкелген
тамақтың
қалғанын
үлестіруді
қасындағы
көзілдірікті әйелге тапсырып, өзі Ділдалардың арбасына
келді.
Есейіп,көзінің айналасын әжім торлай бастапты апасының.
Жалғыз қызы бар екен.
Баяғы түртпектеушілер ақыры Ерғалиды бір желеумен
қаматып тынған.
Еті тірі Ұмсындық он жасар қызын алып, Оралдың
Қырықтұрбасына іздеп те барыпты артынан.
Маңдайы тасқа тиіп, « Уланып қайтыс болды» деген бір
ауыз жауаптан басқа түгі жоқ, азып-тозып үйге келіпті.
Артынан білсе, шошқа еті қосылған түрменің тамағын жей
алмай үш күн ашығыпты ғой , қайран Ерғали.
Төртінші күні шөп-шөңгеден жасалған қызыл кеспені
ішіпті. Енді ішіп бола бергенде, '' Ей, байдың күйеу баласы,
шошқа етін татпайтының қайда,-депті қасындағы шықылық
қаққан бір ауылдасы. Ол да осылармен бірге он бес қойдың
боранда ығып кетіп, шығынға ұшырағанына істі болып
Оралға әкелінген.
-Жеген жоқпын.Етсіз сорпа ішкенім.
-Ана сорпаның бетінде жүзіп жүрген қиыршық ақ май
қойдың құйрығы деп пе едің сен?
Сол ұшынғаннан Ерғали екі -үш күн жатып, қайтыс болған.
Артында қалған жалғыз қызы мен келіншегі мән-жайға
арада бес жыл өткенде барып қанығыпты. Сол шықылық
қара соғысқа бара жатып, бұлардың үйіне арнайы соғып,
бәрін айтып, арылып кетіпті.
«Жігіттің төресі еді, обалына қалдық, майданда өлсем күнәм мойынымда кетпесін деп, кешірім сұрап отырмын шырақтарым» депті де, жауабын күтпестен шығып жүре беріпті. Тауып та, қауып та сөйлей алатын Майқыздың сұрақтарынан қашты ма, әлде әрі қарай отыруға жүзі шыдамады ма ,кім білсін. Не керек, құмдағы Ділдәлардың көргендерін қырдағы бұлар да айна-қатесіз көріп, елмен бірге елбесіп-селбесіп жүріп жатыр екен. Қызы қазір тұрмыста, әскери қызметтегі күйеуімен Қиыр Шығыста тұрып жатыр. -Жел айдаған қаңбақтай, әскерилер дегенің бір жерден-бір жерге көше береді екен өзі,- деді Майапа әңгіменің осы жеріне келгенде көзі жасаурап.Үйде жалғыз. Сол баяғыша Алғай мен екі ортаға кіре айдайды . Әдетінше, қайта-қайта төбеге шығып, жайылысқа жіберген көлік өгіздерін көздеп, кіріп-шығып жүргенде алыстан өтетін айдау жолдың үстінен, ауылдарының тұсында аялдаған бұлардың көшін байқаған ғой. Шаршаған адам түгілі, құдық басында шөлдеп тұрған малды көрсе, «сауап» деп суармай өтпейтін Ұмсын жалмажан қарсы үйдегі құдағайын шақырып алады қасына. Қыста қар, жазда балшыққа батқан жолаушыны байқаса, «Ол мұқтаж»деп, көмектесе қойғыш Мұстажап құдасы қарап қала ма мұндайда, соғыстан алып келген биноклін қолына ұстап, ол да жеткен.
Жапырлап көшіп келе жатқан керуенді бинокльмен
жақындатып көрген соң, жағдайды бірден түсінген үшеуі
іске кіріседі.
Бұл хабарды естіп,сиыр фермасы бар, үй басына бір
сауыншы, күйлі отырған ауыл көже, айран-шалаптарын
дереу жинайды да береді. Оған екі үйдегі қолда бар азықты
қосып тиеп келіп отырған беті осы екен. Жанындағы
көзілдірікті әйел сол құдағайы -Айса зергер. Әдетте,осы
тұста батып жатқан әскери машиналар болса, ат-шанамен өзі
баратын «солдат-құдасы» бүгін бұларды жіберіп, өзі
биноклін қолына ұстап ,үйінің төбесінде бақылап отырған
көрінеді қазір.
Ділдәларды көріп, шер тарқатып, екі -үш қыр асырып, қош
айтысып,қол бұлғап қала барды Майапасы тағы да.
Араға апта салып барар жерлеріне жеткенде әйтеуір
тоқтап , табан тірегендеріне шүкірлік етіп, демдерін бір алды
бұл көш.
Сарыөзен бойын сағалай ауған «Ұмтыл» ауылының
адамдары «Уһ,Аллалап» арбаларынан жапырлап түсіп
жатты.
* * *
Ұмтылғанда жеткен жерлері – Тәлөпкі деген жердің
Қараоба деген ауылы екен.
Ауыл деуге де, ауыл емес деуге де келмейді.
Үй көп. Адам жоқ. Төбе біткеннің бәрі ашылып , аңырайып
жатыр.
Үй-қоралардың іші-сырты жайраған малдың өлексесі.
Жұтқа ұшырап, малы қырылып қалған , жартылай иесіз
Қараобадан, мұндайды көрмеген құм адамдарының зәре-
құты ұшты.
Қайта естияр колхоз бастығының өздерімен бірге келгені
мұндай жақсы болар ма, топ-топқа бөліп, осы елдің
адамдарымен бірлесіп,халықты орналастыру жұмысына
кірісті. Он кісіден екі-үш бригада құрылып, қолдарына
кенеп қолғап киіп, ауыздарына шүберек байлап, төшкелерді
арбаға тиеп ауыл сыртына тасып жатыр.
Біреулері балшық езіп, біреулері ошақ салып, келе тірлік
қамына кірісіп кетті бәрі. Қайтсін енді, басқа түскен ортақ
іс, өздерінен басқа сенерлері де,сүйенерлері де жоқ.
«Сен қайдансың?» деу, бөлініп-жарылу ойларында да жоқ.
Бұлар-отқа-суға бір күйген, заманының кермек дәмін бірдей
татқан мұңдастар еді.
Екі-үш күннен соң тағы жүз үй келді ағылып-төгіліп. Ай
жүріп мал айдағандар да үзіліп-созылып келіп жатты аман-
есен.
Ділдә босанды. Сақыпжамал мен Айсаның келуін күтем
деп жүргенде, толғақ басталды да кетті бебеулетіп аяқ
астынан.
Ошағын майлап, қабырғаларды қызылдап бола берген
Сақып келінінің жайсызданып отырғанын байқап, дедек
қақты. Өздерімен бірге көшіп келіп, көрші қоныстанып
жатқан қайынсіңлісі Ағиза мен күйеуі Құмарды шақырды
орталарын бөліп тұрған жалаң қабырғаны жұдырығымен
тоқылдатып. Жалма-жан отты жағып , оған «бисмилла» деп
бір ілім тоңмайды салып жіберіп,білгенін оқып, жылы су,
оны-мұнысын әзірледі. Ақ шүберекке орап, кебеже-сандыққа
салып қойған орақ пен балтаны да шығарып қойды
«бисмилла» деп. Қасында сенетін Шешейі де, Шырақ та
болмағасын, алаңдап , неше күннен толғанып жүрген
Сақып, осы жолы келетін нәрестенің тұруы үшін, естіген-
білген ырымдарының бәрін жасамаққа бекінген.
Сөйтіп жатқанда Сақыпжамал мен Айса кіріп келді үсті-
бастарынан даланың иісі аңқып. Әлде, толғатып отырған
Ділдәға солай сезілді ме, жанындай жақын адамдарының
үстінен шыққан тер мен шуаш иісі - аңқыған жұпардай
болып көрінді.
Сол жерде Ділдәнің толғағы Сақыпжамалға ауысқандай ,
біріншісінің ыңқылы азайып, екіншісінің белі айналып,
шолақ пештің ар жағына шойырылып отыра кетті.
Қасына Айса жайғасты. Абыр-сабыр.
Қыздарды мана, толғақ басталғанда-ақ екінші бөлмеге қуып,
тығып қойған Сақып, ''Шықпаңдар!'' деп.
Көршілер де жетті асығып-аптығып.
Әне-міне дегенше шар етіп нәресте жерге түсті.
Сырттан кіре қолын шақ жуып үлгірген Ағиза баланың
кіндігін орақпен кесіп, «бисмилла» деп жерден көтеріп
алды да, жаялыққа орап әкесіне ұстата берді.
Ұл бала!
Жұдырығын түйіп алып, қышқырып жатқан баланың бір
құлағының сырғалығы шолақтау біткенін байқап үлгірген
Айса:
-Мә! Жеңешемнің баласына Құдайдың өзі ен салып
жіберіпті! – деп, қызылшақа нәрестені Сақыпжамалдың
алақанына салды.
Өң мен түстей бір хал.
Сақыпжамал мына бақытқа әлі сене алар емес.
Ділдәнің
,ешқашан
айтқанынан
шығып
көмеген
Ділдәсының, бұл жолы да «шыда!» деген сөзін екі етпей
шыдап, дәл бұл келгенде босанғанына да, қыз емес,
шынымен ұл туғанына да, ол ұлдың құлағындағы ''енге'' де,
етегінде іңгәлап жатқан мына ұлдың енді өзінікі екеніне де
сене алар емес.
«Бұл не керемет,Тәңірім-ау...
Мына құйтақандай ғана нәресте мұның, анасының келе
жатқанын сезіп, тап бүгін жарық дүниеге ұмтылғаны ма?
Алланың өзі ұйғарып, белгілеп бергені ме осылай...»
Жан дүниесі езіліп, бір сәт абдырап отырып қалды
Сақыпжамал.
Сөйткенше,Ділдәнің
''Ойбай,
ішімде
тағы
бірдеме
жыбырлайт...'' деген даусы шықты.
Ағиза мен Сақып қатар төніп, екінші ұлды, енді Айса мен
Ділдәның ұлын босандырып алды. Бұл баланың кіндігін
балтамен кесті Құмар күйеу.
Шырақжанының аппақ пейіліне қарай, қос ұлды қатар бере
салған Аллаға мың сан шүкірлік айтып ,Сақыпжамал шай
басында екі беті албырап, жайнап отырды. Сай-сай болып
терлеп, кәдімгі қалжасы жаққан келіншектей Ділдамен қатар
маужырады сосын.
Іште жатқаннан Қайсағали мен Сақыпжамалға бала болып,
сыңарынан бұрын дүниеге келген құлағында ені бар ұлға -
Бектемір, оған ілесе келген ұлға - Шынтемір деп, азан
шақырылып, ат қойылды.
Бұл күнгі « Тілеуқабақтың» шырқалуы бөлек болды.
Қараоба деген – тақсіретті көп тартқан, шерлі-шеменді
қазақ мекендерінің бірі екен.
Ауылдан әріректе,қыр басында қарауыта шөгіп үлкен оба
жатыр. Бұл жердің атауы сол обаның атымен байланысты
аталған дейді екен бұрынғылар.
Ол обада ақ гвардияшылар қылыштап қырып кеткен тұтас
бір ауылдың адамдары жерленген дейді.
Артынша келген қызыл әскерлер тірі жан қалдырмай
түгел қидалап,бөлшектеп , турап тастаған адамдарды бөліп
жерлей алмай, тобықтан қан кешіп жүріп үлкен бір мола
қазып, бәрін бірге жер қойнына тапсырыпты.
Содан біразға дейін ешкім жүрегі дауалап, қоныс теппепті бұл маңға. Колхоздастыру кезінде ноғай руынан қырық шақты үй «өзіміздің байырғы атамекеніміз» деп көшіп келіп, Артель құрып біраз тірлік жасапты. Атышулы 1951 қоян жылының жұты тағы да түбіне жетіпті бірақ бұл ауылдың. Малы да, жаны да қырылып, ашыққан ауылдың адамдары түгелге жуық күнелтіс іздеп , іргелеріндегі Ресейге көшіп кеткен. Көшуге де шамалары жоқ аз ғана үй өлместің күнін көріп, жан бағып қана отыр екен. Нарыннан бермен қарай малды жайып айдап шұбырған көштің соңы екі айға жақын жүріп жетті Талопкенің орыспен шектескен бұл қиырына. Үлкен жолға қамығып , іштері қан жылап аттанған ересектер бірте-бірте сабаларына түсіп,енді мына қарайған малды жолда шашып алмай, діттеген жерге аман-есен жеткізудің амалына кірісті. Еркек қара аз, жұмыс қолы қат. Қолғабысқа жарайды-ау деген ер балаларды да алдыңғы көштен алып қалып мал айдасуға қосқан. Бұрын-соңды бұлайша ауылдан ұзап шығып көрмеген екіон үштегі жасөспірімдерге бәрі таңсық. Шаршауды білмейді. Атқа мініп үздік-создық жайылған малды қайтарысып , бас - аяғын жинап тастау оларға түк емес.
Тоқтаған жерге қос тігіп, мосы құрып тамақ пісіру тіпті
қызық. Далада ішкен тамақтың дәмі де бөлек болады екен.
Осылайша маңыратып, мөңіретіп, кісінетіп-шұрқыратып
азан-қазан болып көштің соңы жинақталып, Қараобаға келіп
кіргенде, қара күз түсіп, оқу жылы басталып та кеткен еді.
Шыт-шыт
жарылған
беті-қолдары
мен күс-күс табандарын жылы суға жібітіп, қаймақ жағып , кішкене жылтыратып жазғандай болып, мал айдасып келген ер да балалар мектепке барды. Ол жылғы оқу оқу болған жоқ бірақ. Күн жауса ,жұттан қалған мектептің шала-шарпы жабылған қамыс төбесінен жаңбыр бірге саулайды. Ондайда оқу жайына қалып, шұбырып үйге қайтады балалардың бәрі. Қыста тағы солай. Сонда да «Жұтаған-шүкірге тоймас» дегендей, аштық пен ажалдың улы тырнағынан әзер аман қалған тәубашыл ел қал-қадарынша тырмысып, тырбанып жатты.
Сақыпжамалдарды Айсамен екі үйін Жаңабай деген
жерге қоныстандырды.
Саз балшықты, езілмелі жер демесең , малға жайлы, шөбі
шүйгін жер екен. Нақ іргеде сылдырай ағып Сарыөзен
жатыр.
Осы жердегі екі бөлмелі қоржын үйде ғой туған елін сағынған Сақыпжамалдың сары шағылын түсінде көріп жатқаны. Екі жағында томпиып ұйықтап жатқан екі ұлкөшіп келген жылы туу тарихы естіген елге аңыз болып дүниеге келген егізі - Бектемір мен Шынтемір. Атағы Айса мен Ділдәнікі болғанмен, Бектемірден жұбы бір жазылмайтын Шынтемір де әке-шешесінің емес, Сақыпжамалдың қасына жатады. Бектемір кеш болса шешесін Шынтемірден қызғанып, ана жағына бір, мына жағына бір шығып, таласып жатқаны. ...Егіз ұлдың біріншісін Сақыпжамалдың бауырына салып, екіншісі өздеріне қалды әке-шешесінің. Сақыпжамал баласы қырқынан шығып, қарақұлақтанғанша үйден шықпай бақты. Суға өзі түсіріп,өзі майлап-сайлап, құндақтап алады да Ділдәға емізуге апарады. Екі емшегінің сүті молдау жағын Бектеміріне
''бекітіп'' қойған. Оны бұдан бұрын «'қателесіп'»кетіп Шынтемірге беріп қойса, шешейі ''үлкендеу жағы үлкеніне тиесілі емес пе?» деп , жаратпай қалады. Алты ай толғанда Сақыпжамал құйрық май сорғызып, ет талматып, емізікпен сүт беріп жүріп, ұлын омыраудан суалтып алды. Бала еркелетуге бейімі жоқтай көрінетін адамның Бектемір дегенде майдай еріп тұратынына таң қалады үйдегілер.
Бұлар келгенде қаңырап бос тұрған Қараоба тез өзгеріп,
оңала бастады. Төңіректегі шағын ауылдар да осында
көшіріліп әкелінді.
Араласып-құраласу басталды. Күнде қонақтық, күздік
сойдық деп бір шақырысса, соғым деп екі, қыстан аман
шықтық деп үш шақырысады. Бөліну,жарылу жоқ. Көре
алмаушылық жоқ.
Бір-біріне тілеулес,аңқылдаған, ақкөңіл іргелі ел пайда
болды енді бұл жерде. Отырған жерлері ән мен күй.
Қараөлең. Айтыс.
Сақыпжамал,Сақып ,Ділдәны мұндағы жұрт та алғашында
апалы-сіңлілілер екен деп қалған.
Сол баяғысынша бірінің баласын бірі бағып, бірінің
орамалын бірі тартып, бірінің көйлегін бірі киіп , жіктері
білінбейтін қалыптары бір бұзылмай жүріп жатады.
Сақыпжамалдың елді сағынғанда шығарған:
Біз келдік алты ауылдың үстеріне
Жүруші ек ойнап-күліп ішкеріде.
Бұл күнде «қыршық» болған «құмшықтарым»
Құм Нарын еніп жүр –ау түстеріңе.
Еліне көшіп келдік Қараобаның.
Қараобаның,бүгінде Наробаның.
Айналған сағынышқа қайран Нарын
Қайтейін, полигонға бар обалым...
деп келетін өлеңі жиын сайын айтылып, ел ішіне тарап
кеткен.
Соғыстан алған жарақаты меңдеп, жиі-жиі ауыра беретін
болған қайнысын көп аяйды Сақыпжамал. Сонау оқ борап,
бомбы жауған майдан даласында снарял жұлып әкеткен
қолдың орны ауырады. «Орны емес-ау,жоқ қолымның
саусағы сырқырап жан шыдатпайды» дейтін болды соңғы
кездері жеңгесіне мұңын шағып. Сосын да Айсаны көбіне
үйге қалдырып, малға жалғыз өзі шығатын болып жүр.
Алпысты алқымдап қалса да қайратының кемігені
байқалмайды. Әлі күнге атқа қарғып мініп, құйғыта шауып
жүре береді.
Үйдің тұсынан шауып өткен ат тұяғының дүбірінен селк етіп оянған Айса етігін қоңылтаяқ киіп есікке ұмтылды. Ой, пәлі-ай! Жаңа ғана дүбірі іргеден естілген жүйрік бұл есік алдына шыққанша көз ұшында заулап барады. Тоқта, үстіндегісі кім болды екен? Әйел сияқты емес пе? Бәсе, өзінің Жеңшесі ғой мынау! Айсаның жаны мұрнының ұшына келді. «Анау жерде бір қора еркек иіріліп тұрғанда, асау үйретуге өзі шыққаны несі бұның...Өле алмай жүр ме екен? Баласы болса жас, әлде бойжеткен қыздарына сене ме екен» деп іштей ренжіп,үйге кіріп жатып қалды. Не істесін басқа... Бір кезде жеңешесі де келді үйге аман-сау. Түк болмағандай жуынып-шайынып жіберіп, Ділдәның шәйіна қонып жатыр. Қайнысы үндемей сыртқа шығып кетті. Шарбақтың белдеуінде ақ көбікке малшынып , айтулы Асау Жирен тұр. Жүйріктігі мен сұлу тұрқына қызыққанмен бас білдіруге осы қалай жылқышымын деп жүрген жігіттердің жүрегі дауаламайтұғын бұған. Үйге кірген Айса: -Жеңше-ау, мұның не. Жазым болсаң қайтесің?- дей бергенде, -Е, қайтейін жазым болсам. Оны тұрып бір асауға дәттері бармаған ана шіріктерге ерегісіп, қарғып міндім ғой,-деп жарқ етті Сақыпжамал қайнысы мен келінін қоса күлдіріп.
Осыдан кейін арнайы баратын той- томалақ, аудандағы
жиналыстарға құйрық-жалын төгілтіп Жиренді әдейі баптап
мініп баратын болды жарқырап.
Нарынның Нар қызының алпысында асау үйреткен осы
шалт мінезі тағы бір айта жүретін аңыз болып қалды бұл
елге.
Күн керемет. Желсіз, тымық ауада, кешкі шайды қоңыр
салқынмен сыртта іше қояйық деген оймен, Ділдә бүгін
қыздарға есік алдын су шашып сыпыртқызды.
Одан соң әдейі малға таптатпай қоршатып қоятын ''өзінің''
шөптесіндеу алаңшасына қара киізді төсетіп, масахананы
құрғызды. Енді ғана «бисмилла» деп дастарханды жая
бергені сол еді, қыр басынан шаңды будақтатып
''бензауаз'' мәшиненің жүйткіп келе жатқанын бір-ақ
байқады. Сөйткенше, анадай жерге жақындап келіп тоқтай
қалды.
Ішінен ақ жаулықты , зерлі кәзекей бешпеті бар бір әйел
түсіп, бұларға қарай келе жатыр. Қасында жетектеген
кішкентай қызы бар. Қолында қайыс баулы, сырмалы, бүйірі
тоқ қара зембіл.
Төркінінен түбі бір хабар болар-ау деп өмір бойы күтетін
де жүретін Ділдәның жүрегі дүрсілдеп кетті.
Жақындап келгенде барып, баяғы өзінің Майапасын танып, қуанғаннан талып қала жаздады Ділдә. Ана жылы жол үстіндегі кездесуден кейін қайтадан көз жазып қалған апасының дәл осылай , күтпеген жерден өзін тағы да тауып алғанына жүрегі жарылып, біресе жылап,біресе күліп есі шығып жатыр. Қауқылдаса қауышып, құшақтасып үйге кірді. Майапасы кішкене жолсоқты болып,шаршап келіпті . Бірақ көңілі қош, қимылы сергек. Беті қолын жуып, дәретін алып, ішке кіріп, жайнамазын жайып жіберіп, намаз оқып алды. Алыстан үйге көлік тоқтап, қонақ келгенін байқаған Айсалар да жетті сол екі ортада. Самалдап отырып шай ішкен қандай! Әңгімеге-әңгіме ұласып, рақаттана шүйіркелеседі төртеуі. Қасындағы кішкентай - жалғыз қызы Сәлимадан көрінген жиені екен. Бектемір мен Шынтемірге ілесіп ол да ойнап кетті. Жалма-жан қой сойылды. Қазан көтеріліп, ет асылып жатыр. Ертеңіне ''Ділдәнің төркіні келді'' деп көрші-көлемді шақырып ,Май-апаны қонақ етті бұлар. Тойға татырлық үш күн өтті Жаңаорында. Аңқылдап, тәтті-пәттісін арқалап, Сақып та жетті . Ата көршілері Дина апайдың Қараобада тұратын қызы Қоңырды ала келіпті ол.
Күйшінің қызы мен Ұмсындықтың әңгімесі жарасып,
тіпті үйлесе қалды.
Жаңаорынның мақпал кештері мерекеге айналып жатты
сол үш күнде. Ән де айтылды, күй де тартылды.
Қараөлеңмен қақпақылдасып отырып, Ұмсындық пен
Сақып арасында суырып айтып, айтысқа да ұластырып
жібереді қызық үшін.
Қонар ма Жаңаорынға жай кісі кеп
Қанатын қомдап отыр жайғысы кеп,
-деп Сақып бір сөзді бастай беріп еді,
Ұмсындық та қаражаяу емес екен:
Айналып Алғай жақтан келіп қалдық
Біздерге күйеу болған қай кісі деп,-
деп оның сөзін іліп әкетті.
Екеуі алма -кезек қайымдасқанда,Сақып:
-Кеткенбіз ауа көшіп елден жырақ,
Көмекті Тәлөпкідей жерден сұрап...
Ұмсын :
-Ділдәмның бағын ашып отыр екен
Күйеу қып Құдай өзі берген Шырақ...-
деп, жеңіл де ойнақы, шәппа-шәп шумақтарды ойланбай
төкті де отырды екеуі.
« Үйге келіп тұрған «төбелестен» құр қалмай», бұл ауылдың
өлеңге ебі бар жігіттері де әзіл-қалжыңның шоғын үрлей
түседі.
-Бір жол бар Қараобаға бұрылады
Қыз-қырқын мен дегенде қырылады,-
деп әзілге басты тілі қыршаңқылау біреуі бір кезде.
Оған:
-Қырылып қыз-қырқындар жүрген болса
Бұл неге кемпірлерге ұрынады,-
дей салады жай ғана Ұмсындық. Ду-ду күлкі.
-Бармаушы ем тойларға көңшоқайменен,
Айтысқым келіп отыр апайменен...-
деп бастай берген екіншісін:
- Ішіңе апаң сөзі жақпай қалып
Мықшиып қалып жүрме «топайменен», - деп
төбесінен сақ еткізеді Сақып.
Оның нені айтып отырғанын түсіне қойған жұрт тағы
қыран –топан...
Ол былай болған әңгіме еді:
Саралжынның серілеріміз деп жүрген үш жігіт Қараобадан
келген қыдырма қонақты қастарына алып , қырдағы Құмар
деген құрдастарының үйіне бара қалмай ма.
Барса, Құмар үйінде жоқ,Сапар деген бәйбішесі құрғақ шай
беріп, шығарып салады бұларды. Қарны ашып барып,
ірімшік пен сарысуды қарбытып,көбірек жеп қойған
үшеуінің қайтарда іші бұзылып, арбаны кезек тоқтата
беретін көрінеді. Біреуі осы жігіт.
Сонда «сарысудан аман қалып», делбе ұстап келе жатқан
Сүндетбай деген айтқыш:
Жол түсіп, бара қалдық Құмар байға
Бұйырса тоярмыз деп ет пен майға.
Әйелі дүние көрген адам екен,
Япыр-ай, сыйлап салды құрғақ шайға.
Ал,енді іштеріңе ел қонды ма,
Далбаңдап етек-жеңі кең қонды ма,
Жігіттер, кезек-кезек мықшиясың,
Сапардың сарысуы ем болды ма,-
- деп жіберіпті өлеңдетіп.
Әке-көкелеп, «мына сөз елге тарап кетпесін» деп Сөкеңе
ауызбастырық беріп, «бұны енді ешкімге айтпа» деп
жалынып, азар-да безер болып үйге қайтыпты «ауру болған»
үшеуі.
Тарамағаны қандай отыз тістен шығып кеткен сөздің.
Бұл шанышпа құлағына тиген Құмар бай құрдастарын
қайта шақырып алып, қонақ етіп құтылыпты.
Бірақ, «Сапардың сарысуы» мен «кезек мықшиған» дейтін
екі жол суретті өлең ауыздан-ауызға тарап кете барған.
Оны осы жерде отырғандардың да барлығы жатқа біледі.
...Баяғы Жаңақаладан көшіп келіп ,одан егіз ұл туып,
оларды бағып-қағып, кішкене естерін жиған соң Айса мен
Ділдә біраз іздеген Майапасын.
«Қызының артынан Оралға көшіп кетіпті» деген бір хабар
алып, содан кейін дерегін жоғалтып алған.
Ұмсындық әңгімесін айтып отыр.
Осы күні Оралда қыз-күйеуімен бірге тұрады екен. Күйеу
баласының көмегімен , баяғы жер аударылған төркінінің
дерегін тауыпты ақыры.
Саратовтың Ершов деген стансысының маңындағы бір
шағын ауылда отырады екен.
Хабарды анықтап білген бойда ай-пайға қарамай, пойызға
билет алып , немересін жетектеп жолға шыққан.
Пойыздан пойыз ауыстырып, Ершоп деген стансыдан
түсті. Айнала тоғай, жасыл желек. Жағалай араларын
шардақпен бір-біріне жалғастырып қоршап тастаған орыс
үйлері.
Біреуінің шарбағынан өтеміз деп, итке де таланып қала
жаздады. Қолынан жетектеп келе жатқан жиені кенет
шошып ,шар еткенге жалт қараса , алпамсадай нән ит сырт
жағынан үндемей төніп, келіп қалған. Анадай жерде бір
орыстың маржасы шығып, ол да жете алмай, айқайлап,
жүгіріп келеді.
Ит оған қарайтын емес.
Ұмсындық жиенін арт жағына қарай қаға беріп, қарсы
қарап тұра қалды да, иттің көзінен көзін айырмай тұрып,
жалма-жан бір аятты оқып жіберді. Көзі аларып,тісі ақсиып
ырылдап тұрған ит бірте-бірте жуасып, басын екі
аяғының үстіне қойып, көсіліп жатты бір кезде.
Алыстан бәрін көріп келе жатқан әлгі маржа бұлардың
қастарына келіп, сұраған жерлеріне алып шығатын тура
жолға салып жіберді. Өзі ауылдағы ең қабаған итті
бірдеңелерді күбірлеп айтып ұйықтатып тастаған
«гипнозшы» кемпірге көзінің астымен біртүрлі қарай
береді.
Баяғыда молдадан үйреніп қалған дұғасының осындай
қиналған жерде көмектесіп, қатерден аман алып қалғанына
бір тәубасын айтып, жиен қызын жетектеген Ұмсындық әрі
қарай жүріп кетті. Жеті шақырым жерді жаяу жүріп , ақыры
туыстары отырған ауылға да жетті-ау.
Әке-шешенің сүйегі Жаңаөзен деген жерде қалыпты.
Алты апасынан өзімен тете екеуінің көзі тірі екен.
Бауырларымен жылап көрісіп, аунап-қунап, мауқын басып,
қазақша тіл білмесе де, түр-өңдері өздерінен аумай қалған
жиендерін көріп, өзінің бауырына басқан жиен қызын
көрсетіп , танып-біліп, қуанып келе жатқан беті осы еді.
Қайтар жолда өзі білетін Алғай арқылы туған жерге ,
ауылдағы құдаларына соғып, аман-түгел біліп кетпек
болыпты. Сол стансының басында Қараобаның адамдарымен
кездесіп қалып, Ділдәның хабарын естиді. Алланың өзі
ұшырастырған өкіл сіңлісін жеті жылда аңырап іздеп келген
бойы осы екен.
Жаны қалмай қуанып,тік тұрып күтіп, жік-жапар болып
құрмет көрсеткен Айсаға, бірінен бірі өткен Ділда ,
Сақыпжамал, Сақыпқа риза көңілмен үшінші күн дегенде
хош айтысып, Саралжынға аттанды Майапа бұл ауылдан.
Айналдырған ауру ақыры алып кетті Айсаны.
Екі ұл он жасқа толғанда , енді қалған өмірді аналарына
аманаттап, Жаңабайда жаңадан салдырып , асығып кірген
жаңа үйінде жатып көз жұмды жаралы жауынгер.
Соңғы тілегі сол жаңа қонысқа кіріп үлгіру болды.Тездеп
салдырып, төбесін жаптырып, есік-терезесін жылдамдап
қондыртты. Көрші ауылдағы қарындасы мен қолы шебер
күйеу баласын шақырттырып, жол бойындағы балпақ
індерінің уақ топырағынан тездетіп пештас соқтырды.
Ол кеуіп, пеш салынып, бұлар асыға көшіп кіргенде ,қара
күз де түскен.
Сол ,қабырғасы ақталып та үлгірмеген жап-жаңа үйінен
шықты сүйегі.
Арманы көп еді бірақ...
...Мал төлдеп, сауын көбейген. Жұмыстан қалжырап
шаршап келген Сақыпжамал сол күні ертерек жатты да
жастыққа қисайған бойда қатып ұйықтап кетті.
Сауын шелектерді ыстық сумен қайта-қайта жуып,
төңкеріп, запон-халаттарын қамдап жыбырлап, ұзағырақ
жүріп,бір кезде Ділда да қисайды.
Балалар
оқуда.
Қатынап
келуге
алыс
болғасын
жатақханаға жатқызған. Қыздар Сақыптың үйінде. Оларды
''сепектеп кетеді '' деп Сақыпжамал жатақханаға бергізбеді.
Қыз дегенде қаттылығы ұстап қалатын әдеті. Өзінің үш
қызын да күйеуге кеткенше солай ұстады. Айсаның
қыздарына да солай.
Ділдә әлденеден елегізіп, әлі ұйқысы келмей жатыр.
Айса кеткелі құлази береді осылай.
Екі-үш күнге нағашы әжелеріне қыдырып келген үлкен
қыздан туған бес жасар жиен бала да ес мұндайда. Ол «есі»
де қаймақ пен таба нанға тойып, тырайып түсіп қасында
ұйқыны соғып жатыр қазір.
Көзі ілініп барады екен, әлде бір дыбыстан оянып кетті.
Күтір-күтір бір нәрсе алып барады. Сыртта біреу жүргендей
ме, мал сүйкенгендей ме...
Ділда басын көтеріп кішкене отырды. Күтір күшейіп
барады. Қасындағы шамды жылтыратып жағып ,''шешей...''
деп жыламсырай дауыстап қарсы бөлмедегі Сақыпты оятты.
Орнынан қозғала алар емес. Екі аяғы қорғасындай ап- ауыр,
икемге келмейді.
Сақыпжамал да оянып, жалма-жан сенеге шықты.
-Бұ кім,әй?
Дыбыс жоқ. Біреу ырс-ырс етіп есікті бұзғалы жатыр.
Қытырлатып, дүңкілдетіп , енді іске ашық кіріскен.
Есіктің ырғақ ілгіші мықты, оның үстіне жатарда іштен
белтемірмен бекітіп, сұқпасын салмай жатпайтын Ділдәнің
сақтығының осы жерде бір пайдасы тиді.
Ол тұр есіктен сығалап, ''Өлтіреді бізді'' деп қыстыға
жылап. Бұл жолғы қорқынышы бекер емес енді. Кім болса
да жақында мал сатқандарын білетін арам ниетті біреу , ішке
бұзып кірмекке жанталасып жатыр.
Сақыпжамал бір боқтап жіберіп, іштен қосауыз мылтықты
алып шықты.
-Кет бұл жерден, атамын кім болсаң да,-деді сосын
мылтықты есікке кезеп тұрып, күркіреген қаһарлы
дауыспен.
Дыбысқа оянған жиені шықты көзін уқалап.
Әжесінің мылтық ұстаған түріне қарап ұйқысы шайдай
ашылды. Кино сияқты. Аузын ашып қатты да қалды.
Мынадай қызық болып жатқанда кіші әжесінің неге жылап
тұрғанын түсінбейді.
Есіктің топсасы босап, сылақтары түсіп солқылдай
бастағанда Сақыпжамал шаппаны қайырып жіберіп,
маңдайшадағы кішкентай терезенің көзіне ұңғыны тақап
тұрып, гүрс еткізіп атып жіберді.
''Атаңа нәлет, келесі атқанымда өзің өлесің!' деген
қаһарлы даусы қатар шықты мылтықтың үнімен. Есіктің
әйнегі шалдыр етіп сынып түсті де, артынша біреудің
табаны гүрсілдеп қашып бара жатқаны білінді.
''Бір ажалдан қалдық, сен болмасаң қайтер едік'' деп Ділдә
енді шындап еңіреуге кірісті.
-Жә,
сораңды
ағызбай
тиыл
әрі.
Болды,
баланы
шошытасың,- деп Ділдәға басу айтқанмен Сақыпжамалдың
өзінің де бойы дірілдеп тұр еді. Қорқыныш па, ашу ма ,
әйтеуір біразға дейін қалш-қалш етіп, зорға басылды содан.
Таң атып, жарық түскен соң, жайлап сыртқа шығып ,
іздерді қарады екеуі. Екі аяқты мотоциклмен біреу келген.
Дыбысын естіртпес үшін моторын аулақтан сөндіріп тастап,
үйге жаяу жақындаған.
''Бәлкім , ішіп алған біреу шығар...'' деп те ойлағанмен, екі
әйел ''түнгі қонақтың'' әйтеуір жай келмегенін түсінді.
Мотоциклі бар адамның саны белгілі. Күл болып қалғаннан
қайта құралған, бәрі бірге жүріп өздері қолдан құрысқан
бұл ауылдың адамдарын бес саусағындай және біледі.
Сақыпжамал тездеп іздестіруге кіріспек болып отыр елі,
-Жеңше, Қалпе атаға барып келейікші. Бізді қорғап қалған,
қатердің келе жатқанын маған сездіріп, ұйықтатпай қойған
сол атаның аруағы болар. Қара басып қатты ұйықтап
қалғанда не болар еді,- деді Ділда бозарып.
Екеуі әзір тұрған шайдан бір тас та іше алмады. Тамақ
бата ма мұндайда.
Тез жиналып көз ұшында көрініп тұрған қорымға тартты.
Мұнда елдің жасырынып-жасырынбай барып тәу етіп
жүретін киелі жер - Омар Жазықбай қалпенің мәйіті жатыр.
Қиналған, шошынған, бала сүйе алмағанның бәрі осы
жерге келіп Алладан жәрдем сұрайды. Шерлерін төгіп,
жеңілденіп қайтады.
Сыртқа білдірмейтіндері болмаса, жүректері қатпар -
қатпар, шор-шор ғой бұл екеуінің де. Екеуі зиратқа келе тізе
бүкті,күбірлеп ұзақ оқыды Сақыпжамал. Құранның аяғы
түндегі жағдай толқытып шығарған шерге ұласты.
Қолдарын жайып, үнсіз жылап отырып Құдайға тілек
қылды екеуі. Жүректі жанышқан, езіп бара жатқан
мұңдарын ақтарысты іштей.
Беттерін
сыйпап,
тым-тырыс
келген
іздерімен
кері
шыққанда, әкелеріне арыздарын айтып, арылып, басылған
баладай бойлары жеңілдеп,жандары біраз жұбанып
қалғандарын байқады тағы.
Киелі жердің қалай да бір шарапаты тиіп тұрғанын анық
түйсініп, аяқтарын нық басып, сыдыртып үйге қайтты. Бұл
жерге бар ниеттерімен тек қана жаяу келетін бұлар. Бүгін де
сөйтті.
* * *
Жәйлап-жәйлап, індете іздеп жүріп, бәленің кімнен
келгенін шамалап біліп алды ақыры Сақыпжамал.
Ешкімге арызданбады бірақ. Милиция да шақырмады, сотқа
да бермеді. Райкомға да арызданған жоқ...Сыртқа арығын
білдірмес сырттан мінезіне басып, сырын алдырмады
ешкімге.
Үйге ''Есікті қақты,әже мылтықпен атты,'' деп бірдеңелерді
айтып келген немересінің сөзіне құдағайы Жүрек те, қызы
Талшын да мән берген жоқ. Ит-құсты үркітіп мылтық атқан
болар деді де қойды. Соңғы кездері «жаманауыз» көбейіп,
малшыларға мылтық берілгенінен хабардар еді екеуі де.
Дегенмен, содан кейін үйден шығуды азайта бастады
Сақыпжамал да, Ділдә да. Тек бүгін орындарына қыз-
күйеуді қалдырып, онда да райком арнап шақырып, ''орден-
медальдарын түгел тағып келсін екеуі де '' деп нығарлағасын,
тарантас арбаға Торы атты жегіп, жолға шыққан.
Бұлар келгенде жұрт жиналып, той басталғалы жатыр екен.
«Ұлы Жеңіске 20 жыл!» деп қызыл матаға айқырта жазып,
қолдан құрылған сахнаның төріне іліп қойыпты.
Жапырлай
сәлем
берген
ауылдастармен
жарқылдай
амандасып, ауыл ақсақалдары мен басшылары отырған
қатарға жақындай бере кілт тоқтай қалды Сақыпжамал.
Жағалай отырғандардың ішінен жалғыз өзі қыпың қағып,
қибыжықтап, иығын ішіне ала бүгежектеген біреуді көзі
шалып қалған.
«Сол! Соның өзі. Түйсігі алдамаған екен. Бұтына тышқан
баладай бозаруын көрдің бе...» деген ой оқтай зу етті. Тұп-
тура әлгінің қасына жетіп барды да, саусағын кезеп тұрып:
-Сен мені өлтіруге келгенсің өткенде, жеті түннің ішінде!-
деп салды сол түнгі ашуы қайта басына шауып .
''О не?-'' десіп, қозғалақтап қалған жұрт бірдеңе
түсінгенше, анау артымен жылжып жоқ болды. Көзіне тік
те қарай алған жоқ, ләм деп қарсылық білдіруге де шамасы
келмеді.
Көптен көкейінде тығылып қалған бір түйіншек шешіліп
кеткендей, бойы жеңілдеп қоя берді Сақыпжамалдың .
''Не болды?'' деп сұрағандардың біріне де ашып жауап
берген жоқ. Екі келінін екі жағына алып, жарқылдап елмен
бірге түс қайтқанша той тойлады. Әлгінің төбесі қайта
көрінсе біржола масқарасын шығармақ еді, тойтөбеге
жоламады бәтшағар.
Жолау қайда, елден ұялып, заңнан қорқып , сол күннің
ертеңіне мотоциклін бұтына қысып, қарасын батырды.
Ділдадан бұл жағдайды оңаша сұрап, мән-жайға қаныққан
Сақып :
-Орталыққа көшсеңдерші, қате болар бір күні,- деді кешкі
шайдың үстінде, «Бұл екеуі олай-бұлай бола қалса , мен де
бірге өліп кететін шығармын» деп зу еткен қорқынышты
ойынан өзі шошып.
Қартайған сайын, бұрын тез -ақ жетіп баратын Қараоба мен
Жаңаорынның арасы алыстап бара ма және, бірдеңе.
Көлік те жоқ. Совхоздан ат-арба сұрап алып , барып-келіп тұрады анда-санда. Соңғыда бір арық,арқасы жауыр қара ат берді бұған бастығы түскірлер. Жаңадан келгендер кімнің кім екенін қайдан білсін.Ол қара аты аяғын баспайды. Ақыры тәмәм болдырып, жолда тұрып алды. «Шу-шулеп» көріп еді, жарықтық одан сайын қырсығып , мүлдем жатты. Зорыққан ат пен торыққан кемпір жолда туарылып, амалсыз демалып, жарты күн отырды сол жерде. Сондағы Сақыптың шығарған өлеңі ғой:
Жарасқан қарт қатынға жауыр қара ат
Отыр ма сол жауырға ауыл қарап.
Шу-шулесең баспайды жамандатқыр,
Қамшы салсаң кетеді сауыр қанап.
Жерге салып мойынын қара ат жатыр,
Кемпір отыр қасында ауыр қарап.
Жауыр қара ат, қайтейін, сен де мендей
Болып едің кезінде тәуір ғана-ақ.
Арам қатқыр , жүрмейсің ,жауыр қара ат,
Жаман қатты арқасы ауырған ат...
Абысындары
ауылға
көшіп
келсе,
жауыр
атқа да,басқасына да күні түспес еді. «Ана екеуі неғып
жатыр» деп алаң болмай, бір жерде отырар еді бәрі деген ой
ғой.
-Қой, жамандық шақырма. Ана екі ұл адам болғанша малдан
кетуге бола ма? Оқытып,ел қатарлы дипломдарын алып
берсек, ар жағын көре жатармыз. Бас аман болсын,- деді
үлкен абысын .
-Иә, отырамыз ғой, үйренген шаруамыз,- деді Ділдә да,
«атыс
болған
күннен»
бергі
қорқынышы
басылмай, өзі ауылға көшкенді іштей қалап отырса да.
Сол отырғаннан екі баланың оқулары бітіп, үйленгенше
аттан түспеді бұлар. Ақ жаулықтары желбіреп жүріп бір
тынбастан
еңбек
етті.
Бірі-
табыншы,бірі-сауыншы.
Жаңаорын бұлардың құт мекеніне айналды.
Шаршаған да жоқ. Шалдыққан да жоқ. Аман-сау , бірге
жүргендерінің өзі бір думан.
Жазғы орындары Жаңабайдан Қараобаға сүт алып бара
жатып, арбалары ауып қалды бір күні екеуінің. Алдыңғы
кішкене дөңгелек ұшып кетті де, Ділда сол екпінмен
шоңқиған арбаның астына домалап түсті. Сақыпжамал
делбені шіреп тартып, байлап жерге түскенше, бақырып
жатыр.
Қараса, үсті-басы сүт-сүт келіні дін аман.Көзді тас жұмып
алған, екпеттеп алып, ойбайлайды келіп.
-Әй, Ділдә, не болды саған. Арба құламайды енді,
дөңгелектің
күпшегі тіреп қалған.Қорықпа, шық бері,өлмейсің,- дейді Сақыпжамал.
-Осыдан өлмесем көрерсің, әкел қолды,- деп одан сайын
бақырады бұл. Арбаның астынан қолын созып, бәстесіп
жатыр , аяқ астынан еркелігі ұстай қалып.
Ақыры Сақыпжамалдың қолын алғасын барып шықты , сүт
пен қаймаққа шылқып.
Сол күнгі күлгендері-ай!..
Дала дегенмен даланың да өз қызықтары жетерлік. Малдың
қызығы одан да көп.
Кенбай жайлауында отырғанда совхоз басқа ат құрып
қалғандай, Ділдәға мал қарауға дәу қара айғырды бергелі
«қызық» тіпті көбейді бұл жақта.
Басқа уақытта тып-тыныш жүреді де , бие көрсе шауып ала
жөнеледі әлгі қасқа. Үстінде Ділдә бара жатады тізгінді
қосқолдап тартып.
Ақыры бір күні қара айғырдың «жігіттігі» үшін ауылдағы
Молдаш деген атадан ұрыс естіп тынды.
«Өзің әйел адамсың, мініске неге айғыр аласың» деп кейіп,
сөйлеп тастады қарт.
Оған
қайғырып
жатқан
қара
айғыр
жоқ,
қарттың
тақымынан жаңа босаған жас биені иектеп, өңмеңдеп алып
барады. Қысылып,өліп барады Ділдә . Бірақ не істесін енді.
Кешкісін шешейі екеуі тағы да ауыздарын басып, шек-
сілелері қатып күліп алды да,қойды.
Кешікпей совхоз да айғырын кері алып, дұрыс ат берді-ау,
әйтеуір.
Баяғы тойларына қатысқан Дина күйшінің аяғы құтты
болды ма, екі бала да ән мен күйге құштар болып өсіп,
ақыры туу жыраққа-оңтүстікке сол «домбыра мен өлеңнің»
оқуына түскен. Шынтемірдің оқу бітірген Қызылорда деген
жерінде жолдамамен қызметке қалатын болғанын естігенде
Ділда қатты қиналды.
Өздерімен бірге алып кеткілері келген келін баланың да
көңілдерін қимайды, өмір бойы бірге өсіп, біте қайнасқан
абысындарынан бөлініп және жүре алмайды.
Шүпірлетіп жүріп бәрін балапандай қылып, өзі қолынан
бағып , мәпелеп өсірген қыздарын да қалай қисын. Қыз
болып туды демесе, әрқайсысы бір-бір үй болып, айнала
қоршап олар отыр.Олардан қалай жырақ кетсін.
Ақыры, ''Қайда жүрсеңдер де аман жүріңдер, қарақтарым.
Келіп-кетіп тұрарсыңдар, енді қартайғанда көшіп-қонғанды
көрсетпей-ақ қойыңдаршы маған,- деп Ділдә балаларына өз
шешімін айтып, Сақыпжамалдың қасында қалды.
Келесі жылы Бектемір де үйленді.
Ол да Қызылордадан алды.
Алғашында бұл баланы да сол жақта қалдырып қоя ма деп
шошып, апалары алаңдағанмен, Сақыпжамалдың сенімі нық.
Құлынының аяқтануына деп буып-түйіп жинап жүрген
ақшасын дереу поштымен жіберді де,
-«Менің балам диплом мен келінді бірге алып келеді,-» деп шалқайып жолға қарады да отырды. Ділдә той қамымен зыр жүгіріп тыным таппайды. Сақып екеуі үй ақтаттыра ма-ау,терезе жабындарды жабындарды ауыстыртып, төсек-орындардың тысын жаңғырттыра ма-ау, керемет бір дүрлігуге кірісті. Қыздар мен күйеулер келіп текеметтерді қағып,үйдің айналасын сыпырып-сиырып , онсыз да таза отыратын Қарашаңырақты үріндіріп қойды. Келін түскен күннің ертеңіне үш енесі үлбіреген келіндері - он тоғыз жасар Ырыстыны орталарына алып, айналыптолғанып отырып , баяғыдан бері осы күнге деп сақтаған сыйлықтарын табыс етті. Бұрынғының күміс жүзігі мен алқасын тақты келініне сұңғыла Сақып. Ділда аппақ ақ бөрте шәлі орамал мен күрең қызыл қамзол жапты иығына. Сақыпжамал бұрыштағы сандығының кілтін үш бұрап ашып, ішінен қомақтылау келген бір буманы шығарып , келінінің алдына қойды. -Аш та қара, шырағым. Бәрін саған деп жинағанмын,- деп күліп жіберді сосын. Ананың ішінде бәрі бар. Бәтесі керек пе, ұштабы керек пе, баяғының крепдешин, крепжержат деп аталатын үлбіреген шифоны керек пе, не
бір қымбат-қымбат , әдемі маталар жарқырап алдында жатты жаңа түскен жас келіннің. Қолына түскен қымбат пен асылдың бәрін сандықтың түбіне тыға беріпті әйтеуір. Бүгін болатын келін шайдан сүрінбей өтуді ойлап үрпиіп отырған Ырыстының көңілі сәл жайланып, жүрегі орнына түскендей болды. Шайды да бұл құйған жоқ. Құйдырған жоқ. Екі құлағы едірейген дәу самауырдың түбінде отырып, подноста тізілген кеселерге сүт салып,қонақтарға
шатастырмай
қайта
үлестіріп таратып отыруды ғана тапсырды жылы жүзді,
аққұба абысыны- Қайырболат ағасының келіншегі.
Шайды өзі құйды сосын.
Жас келін бәрінен бұрын соған қуанды.
Анасынан жастай айрылып, мейірімге шөлдеп келген
Ырысты үш енесін бірден жақсы көріп кетті. ''Үлкен мама»,
''Тәтәй мама'', ''Кішкентай мама'' деп мамалап бәйек болады
да жүреді.
Енді қайтсін, анасын сағынып, әбден аңсағанда «Барған
жерімде енем болса екен тым болмаса» деп армандайтын.
Көктен тілегенін Жерден берді. «Құдай бір бергенде үш
беріп, үш ененің ортасына топ ете түстім» деп әзілдеп
жүретін болды кейін.
Сол жылдың күзінде бұларға Қараобадан төрт бөлмелі, кең
де биік үй берілді. ''Екеуіңіздің сіңірген еңбектеріңіз үшін''
деп атап тұрып табыс етті басшылар.
-Балаларың келгесін,бір ауылға екі мұғалім қатар келгесін
де,- деп түзеп жатты сонда Сақыпжамал мәз-мәйрам болып.
Ал,Ділдә болса, үйлерінің Жеңшесінің үйінен таяқ
тастам жерден тигеніне қуанды. ''Жақсы болды ғой, бір-
бірімізді күнде көріп тұруға оңай болады қартайған сайын ''
деп ішінен шүкіршілік етіп , айналасындағы адамдардың
бәріне көзінің жақсысымен қарап, жымың-жымың етті ол
еңселі, жап-жаңа үйлеріне кіріп келе жатып.
Келін жұмсаған, немере сүйген, баланың рақатын көрген
керемет күндер басталды.
Баяғы Хайрекеңнен қалған дәстүрлі тәртіп өмір бойы бір
бұлжыған жоқ бұл үйде. Үлкен мама келмей, ас басына
келмейді , Үлкен мама бастамай, тамаққа қол созбайды
ешкім. Ас қайырылмай, Үлкен мамадан бұрын ешкім
тұрмайды да дастархан басынан.
Тамақтың
дәмдісі,
еттің
майлылау
жұмсақтау
жерін
«Мынаны Үлкен мамаңа бер, алдына қой» деп Кішкентай
мама отырады барды шешейінің аузына тосып.
«Балабақша» Ділдә енді немере бағады.
Сақыпжамал өзі құралыптас бір дос кемпір тауып алған,
сонда кетіп қала береді осы күні. Әңгімелері таусылмайды
екеуінің.
Ол да құмшық. Ол да осы өздері сияқты нардың жүгін
жалғыз тартқан қайсар келіншек болған екен күнінде.
Ауылдағы аз еркек қыз-қырқынға қырғидай тиіп
жатқанда, сұңғақ бойлы, сесті де есті қызды мазалай
алмапты ешкім.
Соғыстың бітуіне бір жыл қалғанда майданнан аман келген
Оразға өз ықыласымен бас қосып, тұрмыс құрыпты. Соғыс
кезіндегі, оның алдындағы бастан кешкендерін жыр қылып
айтады Шәрипа да. Майын тамызып тұрып айтады екеуі
шай ішіп отырғанда.
Кемпірі қайтыс болып, он үш жасар қызын жетелеп,
көтерме жұмыстармен ауыл-ауылды аралап күн көріп
жүрген атасы, ұлы үйленген соң жабылып қалған есігін
қайта ашып, есін жиыпты.
Шәрипа еттірлігінің, сауаттылығының арқасында колхозда
қоймашы, есепші болыпты ұзақ жылдар.
Атағы кілт ұстайды демесе, қай бір жарыған дүние бар
дейсің ол күнде.
Тас қайнатқан алғыр келіншек ,керегінде ''Чумныйдың''
ала жаздай әлденені зерттеп жүретін орыстарына балпақ,
тышқан аулап тапсырып, одан кәдімгідей ақша тауып,
тырнақтап жүріп , жағдайларын түзепті. Қайынсіңлісін
ұзатты шамасы келгенінше жасаулап, тоқсанға келгенінше
аппақ қылып атасын бақты. «Көп жаса,көп жаса» деп батасын жаудыратын да жататын марқұм. Тату-тәтті, тып-тыныш өмір сүрді бұлар. « Әттең,» деп өзі сапарда жүргенде қос ұлдың үлкенінің жүректен қайтыс болып кетіп, көе де алмай қалғанын айтқанда әлі жылайды Шәрипа. Бес баламен қалған келінін аяп отырады. Сөзінің аяғын «келінім жақсы менің» деп аяқтайды ылғи да. «Біздің Кләрә» деп келініңді аузыңнан тастамауыңа қарағанда мында көп қалуға шыдамассың сен кемпір» деп күлетін Сақыпжамал. Айтқандай , Шәрипа «Кіші балаға көмектесем, ол үйленгенше осында отырам» деп келген ойынан күрт айнып, қыс бітіп, жер аяғы кеңігесін ауылына тартып отырды. Әңгіме-дүкен құрып жүретін құрбысын қимаса да «Қайтесің енді, екі қанатыңды кезек сабалап жүресің де осылай , Алла жар болсын, келініңе сәлем айт-» деп , сәлемсауқатын орап беріп, шығарып салды . ...Көрші кемпірлермен, құдағайларымен тарау-тарау әңгімелерін тарамдап айтып отырғанда Ырысты деген іздеуші келеді артынан. Ылғи осы. Көзінен таса болса, ''Үлкен мамаң айналды ғой. Мана кетіп еді, қарап келіңдерші, бір жерде құлап қалар'' деп Кішкентай мамасы үйдегілерді отырғызбайды. Шайды онсыз бастай алмайтындары өз алдына.
-Ноғайларға бара қойып едім,әңгімеге алданып отырып
қалыппын,- деп көңілденіп кіріп келе жатады келінімен
тіркесіп сонда Сақыпжамал кемпір. Екі-үш күн сайын
қайталанатын да отыратын көрініс бұл.
Көршілер Сақып, Ділдә, Сақыпжамалды ортаға алып,
кезек-кезек шайға шақырады да жатады, әйтеуір.
Ол да өзінше бір салтанат. Екеуі қонаққа барғанда, «Төргі
үйде шешей отыр ғой, маған ауыз үй де жарайды» деп
кішілік жасайды Ділдә абысынын сыртынан еркелетіп.
Шай демекші, шайдың да шайы бар. Әңгімесі жараспаса
оның да түк қызығы жоқ. Соның ішінде Сақыпжамал күбір-
сыбыр әңгімені, жұрттың сыртынан пыш-пыштағанды
жаратпайды. Ол отырған жерде өсек-аяңға орын жоқ.
Бір қызық та болған бұлар орталыққа көшіп келген
жылы. Әріректе тұратын бір әйел қонаққа шақыра қалмай
ма үшеуін. Қастарына тағы сол көшенің үш-төрт кемпірін
алыпты. Неге екенін , Сақып келе алмай қалған.
Шақырғанда келмеді деп ренжіді ме, әлгі әйел ана жақта
жүріп көршісіне Сақыпты жамандауға кіріссін. «Бет
қаратпайды» дей ме-ау, « өзінен басқаға көзі түспейді,бізді
неғылсын » дей ме-ау, «мінезсіз» дей ме-ау,біртіндеп
күшейтіп барады. Құлағы жақсы еститін Сақыпжамал
мына жақта отырып, қабағы тікірейіп, сұстанып кетті. Шай
басталғанда , наннан бір үзіп, ауыз тиді де, ас қайырды .
- Әй қатын!-деді сосын, тап осылай,-әй, қатын, менің
Сақыбым бар ғой , мына бар ғой , мына сендей қатындардың
онына татиды. Бес баласын бір айдың ішінде алып, күйік
шалған адамнан не мінез сұрайсың. Өз мінездеріңді түгендеп алыңдар ,түге! Сөйтті де қақырайып , шығып жүре берді. Артынан шық үндемей Ділдә да кетті. Содан кейін отырыстарда ауыздарына келгенді айту шектеле бастады. Бұлар отырған жерде өзінен-өзі. Жыл сайын 8 наурызда Сақыпжамал мен Ділдә екеуі екі бөлек сыйлық әзірлеп қояды Сақыпқа . Міндетті түрде. Ол да көп күттірмей кіріп келе жатады. «Пәдәркілерін» береді екеуі. Ерке кемпір қуана қағып алады да, «менің беретінім жооқ сендерге» деп сыңқ етіп күледі. Екеуі мәз. Сақып та құр қол келмейді,әрине. Екеуіне екі бөлек дайындап алып келген сыйлығын қойнынан суырып алып, алдарына қоя қояды айнала беріп. Міндетті түрде. Үш ананың жылда қайталанатын осы бір отырыстарын жылда қызықтап қарайды да жүреді кішкентай келіндері. Қартайған сайын бір -біріне ұқсастықтары көбейе түскендей. Жастары ұлғайған сайын жарқырай түскендей үш асыл. Тоқсанға таяса да сол сыйластық. Сол жарасым. Ділдә қыбырлап бірдеңелерді істейді де отырады. Көктейді, сөгеді, жамайды, әйтеуір қарап отырмайды. Немерелер де сол баяғы осының қасында жүреді топырлап. Шешейі үлкен жақта жатады. Билік сол баяғы өзінің қолында. Бәріне басшылық жасап, ірі турап, кесіп-пішіп отырады. Біреуінің атын шатастырып, я бір нәрсені ұмытып,
жаңылмайды ғой және. Жады сайрап тұр. Қайта Ділдәға
ұрсып отырады кейде ұмытшақсың деп.
Сондайда Ділдәның баяғы жас кезіндегісінше басын төмен
салып, ''Ойбай-ау, шешей –ау, мен де кемпір болдым ғой
енді. Көп ұрса бермеші,-'' деп монтиып тұратынын қайтерсің.
Тоқсанның аты тоқсан. Әуелі Ділдә сырқаттанды. Қатарынан бес-алты күн төсектен басын көтере алмай жатып қалды. Әне-міне тұрып кетермін деп, берген дәріні қабылдап , укол көмдіріп ,сорпа-сусынын ішкен болып жатқан еді, түс көрді ме, әлде жүрегі бір жаманшылықты сездірді ме, жұмыстан жаңа келген Ырыстыны ымдап қасына шақырып алды. Жанына отырғызып, аманатын айтты. «Қорықпа... соңыра шешейді қасыма отырғыз... Тәтай мамаң келгенде қатты жыламассыңдар, аурып қалады ол. Ешкім келмей тұрғанда іш киімімді ауыстырып қоярсың...» деді әлсіз ғана дауыспен. Аз ғана күн ішінде осылай теп-тез әлсіреп кеткенінен шошып қалған Ырысты Кішкентай мамасы айтқан сөздердің бірін ұғып, бірін ұқпайды. «Қазір, мама, қазір түзелесің...Шай бере қояйыншы саған. Шөлдеп жатсың ғой ернің кезеріп,- '' деп бұрыла бергені сол еді,
- «Аятыңды оқи бер,-» деп ап-анық дауыстап кеп қалды
Ділдә
-Ана.
Бұл оның
үлкен
жақта
жатқан
абысынына,досына,сырласына соңғы рет тіл қатуы еді.
Құлағы ауырлап жүрген Үлкен мама да, Алланың
пәрменімен Ділдәнің, өмір бойы бетіне жел болып тиіп
көрмеген Ділдәсының соңғы сөзін еш қағусыз ести қалып ,
күмбірлеген қоңыр үнмен иман айтып, сарнап аят оқып қоя
берді.
«Ла-иллаһа-илла-Алла,
Мұхаммад-
Расул-Алламен»
араласып Рыстының айғай салып жылаған дауысы шықты.
Жаңа ғана сөйлеп жатырған мамасы ''Хош болыңдар''
дегендей иегін болар-болмас қағып, аппақ болып, кетіп
барады.
Есіктен кіре өзі жатқан жаққа ұмтылған Бектемірдің
қасына жетіп келгенін, сезіп те үлгірмеді Ділдә.
«Ақмамалап», айғай салып, дауыс ете сыңсып жүріп ,
Ырысты зал жақтан сүйемелдеп , Үлкен маманы алып келді.
Өзінің жаңа ғана айтып кеткеніндей, Кішкентай мамасының
қасына әкеліп отырғызды.
Бектемірді Тәтәй мамаға жіберіп, ол келгенше үлкен
енесінің көмегімен тездетіп , Кішкентай мамасының іш-
киімін ауыстырып қойды.
Сақыпжамал мен Сақып дауыс етіп, құшақтасып көрісіп,
аяғында үнсіз жыласып біраз отырды. Одан соң жайлап
сүйекті оң жаққа салу қамына кірісті.
«Мұндай тап-таза,мұндай құп-құрғақ жантәсілім еткен
адамды бірінші рет көруім» дей берді Сақып келінін оң
жаққа салып шыққанда Ырыстыға , көзін жаулығының
ұшымен сүртіп тұрып.
Бұл -Ділдәның сүйікті абысынына соңғы рет көрсетіп
кеткен құрметі екенін ол сезген жоқ.
Сақыпжамал мен Ырысты да келісіп алғандай бұл жөнінде
тіс жармады. Тәтәймама осы таңқалысын біразға дейін
айтып жүрді өздері отырған жерде...
Арада төрт ай өткенде Сақып дүние салды. Тоқсанның
екісіне келген шағында еңсесі тіп-тік, қап-қара -- шашы
тобығына түскен, ажарын бермеген қалпында аппақ болып
жатып көз жұмды. Таңмен сыртқа шығып келді де,бірден
қатты жығылды. Қасынан шықпай баққан жалғыз келіні
Жеміс аузына қасықпен су тамызып отырып, енесінің осы
шаққа дейін отыз екісінің біреуі бұзылмаған қаладай аппақ
тістерінің бір күнде түбінен босап, сылқылдап қалғанын
көріп, шошып кетті. «Тісімді баяғыда Аштарханнан арнап
әкелген балығымен бекітіп берген, абысындарым.Енді,емге
бұзылмайды да, ауырмайды да » деп отыратын жарқырай
күліп.
Ертеңіне таң әлетінде, түні бойы кірпік қақпастан жүзіне
телміріп, тапжылмай қасында отырған Шешейінің қолынан
тас қылып ұстап жатып , жайлап қана ұйықтап кетті Сақып-
Ана.
Екі келінінің артында қалғанда ел
көшіп
кеткендей...жаһанда жалғыз қалып қойғандай құлазыды
Сақыпжамал.
Ештеңе керек болмай қалды.
Ақылы қыдырып, өң мен түстің арасында жүргендей бір
сүлесоқтық пайда болды.
Үлкен кісінің - ұлы,немерелері бәрі толып отырғанда
тетелес екі келінін жоқтап жетімсіреп жүрген көңілін
байқап, Ырыстының жылағысы келетін.
Тоқсанның төртеуінде де, ұмытшақтық деген аурудан
аман, қолына ұстаған нәрсесіне мұқият , тастай, тап-
тұйнақтай болып жүретін енесі күннен –күнге тез өзгеріп,
шаршап бара жатты.
Өмірде өзінен басқаға ұстатпай келе жатқан сандық пен
шоланның кілті аузында қалып қоя беретін болды, қолынан
бірде құманы, бірде кәсесі түсіп кететінді шығарды.
Сақыптың қырқына садақаға келгенде :-
Қайырболатжан-ау, бұл не той? Сақып қайда?- деп қалып,
арасында шатасыңқырап кетіп отырды.
Өзімен жаны бір қос келінінің келмеске кеткенін жүйкесі
көтере алмай қалар ма екен , өз-өзіне келе алмай қалар ма
екен деп әжептәуір қорқып еді басында үйдегілер.
Жоқ. Ана қыран көп ұзамай жинап алды есін.
Санасы айқын. Ақылы түзу.
Бірақ, ана екеуінсіз, екі жартысынсыз мынау фәни жалған
қызықсыз болып қалғандай. Солармен ойша сырласып,ойша
мұңдасады.Түсінде көріп сөйлессе, қимастарынан хабар
алып қуанғандай, үй ішіне жариялап айтып бергенше
асығады.
Сақып келіні қайтыс болған соң алты ай өткенде , сәйгүлік
мініп, асау үйреткен, қаймығуды білмей, тура жолмен
ерлерше ғұмыр кешкен Сақыпжамал-Ана да көз жұмды.
Бір шаңыраққа келін болып түсіп, бірінен -бірі қыл елі
ажырамай, бір- бірін қиындықта қалдырмай , әйел болып бір
''шәй'' деспей ғұмыр кешкен абысынды-келінді үшеу бір-
бірінсіз өмір де сүре алмай, бір жылдың ішінде жарық
дүниемен қоштасып,осылайша мәңгілікке шықты.
...Қараобаның биіктеу қыратындағы үлкен қорымда үш
қабір қатар жатыр.
Үш бейне, үш ардақ, үш асыл адамның, үш ананың
қарапайым да қасиетті зираты.
Бір-бірінен тек қана қол созым жерде... бір-біріне қолдарын
созып, бір –бірінің бастарын сүйеп жатқандай әлі.
ЭПИЛОГ
Қараоба. Ауыл- сол ауыл.Өз тірлігін өзі жасап, өз тұрмысын
өзі түзеп жүріп жатыр.
Ырысты сол баяғы қараорында.Бектемір дүниеден ерте
өтті. Елуге жетер-жетпесте жүрегі тоқтап қалды марқұмның.
Шынтемір
Қызылордада
лауазымды
қызметтер
атқарып,зейнетке
шықты.
«Сағындырған,сағымданған
аналар» деп шешелерінің басына, туған жерге жылда келіп-
кетіп тұрады. Ырысты Шынтемірді –Аға, оның жолдасы
Әлияны апа дейді. Егіздердің дүниеге кейін келгені –үлкені
болып саналады екен қазақтың салтында.
Сол бір студенттік шақта, күйеуінің егізінің сыңарының
қолына келін болып түсіп,табалдырық аттағалы отырған
Ырыстыдан «Сен ертең Шынтемірді кім деп атамақсың?»
деп сұрапты ағайындас болып келетін бір шешей . Он тоғыз
жасар қыз не білсін.
Сонда, «Ағайындар бір-бірінің атын тура атаса, сыйластық
болмайды, салт бойынша сен оларды аға,апа деп ата,»депті
әлгі кейуана.
Мамандығы тарихшы Ырысты, соғыста хабарсыз кеткен
Сәлмен атасын іздеп, қанша сұрау салса да еш дерек таба
алмады.
Тәтәй мамасының бала-келіні өсіп-өніп, үлкен шаңырақ
болған.
Ділдә ананың қосып баққан қыздарынан тараған жиендер де
ұлтанды ел болып осы ауылда отыр.
Үлкен маманың туған жиені осы ауылда әкім.
Баяғыда тайлағымен тайраңдап келіп, Сақыпжамал
жеңгесінің атын үркітетін Жұмағұлдың шөбересі осы
ауылдағы гимназияның директоры.
Үш ананың алақандарының табы қалған тұтқаны бүгінде
келіндері ұстап, Бектемірдің немерелері шүпірлеп өсіп
келеді Қарашаңырақта..
Үш абысынның, үш дана ананың сызат түспеген
сыйластығын, қылаусыз қадірлескен, аңыз болған ғұмырын
жыр қылып, айтып тауыса алмай жүр Ырысты.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру