Мазмұнға өту
Home

Түске оранған күз

Сұраған Рахметұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Түске оранған күз

Авторы: Сұраған Рахметұлы

Рахметұлы C. Түске оранған күз: Өлеңдер. – Астана. Фолиант, 2011. 208-бет.

ISBN 978-601-292-279-0

Ақын Сұраған Рахметұлының бұл өлеңдер жинағына бұрын жарық көрген кітаптарынан сұрыпталған туындылары, сондай-ақ кейінгі жылдар мұғдарында жазған таңдаулы өлең-жырлары топтастырылды. Тұңғиық тереңдік, қанатты қиял, тың теңеу, тосын тұжырым, оқыс ой тұнған жауһар жырлар – бөлек болмыс­ты ақынның адуын талантына айқын айғақ. Кітап жырсүйер көпшілік қауымға арналған. Сұраған Рахметұлы

ТҮСКЕ ОРАНҒАН КҮЗ

Айгүл Кемелбаева АНА АЛТАЙДЫҢ АР ЖАҒЫ Сұраған Рахметұлы өлеңдерінен (Эссе) Сұраған Рахметұлы – атажұртта есімі танылған ақын. Баян Өлгий – көне түркілердің киелі ошағы. Ақындық лебіз әзелден Тәңірін іздеуден бүр жарады. «Дүниенің кілті кімнің қолында екенін білу үшін... P.S». Бұл постскриптум – ақынның «Ақ тегершік» атты жыр кітабының эпиграфы. Біртүрлі төңкеріліп түскендей, ғадетте латын қарпімен бұл белгі ең соңында қойылады, ал эпиграф (грекше жазу) – сөз басы. Сауал жусап жатады әр ізде мың, Қайрақ тасты тырналап нәр іздедім. Қыңсылаған күшік үн қайда қашты? Өлеңде аспан тұттай жалаңаш болмағы ненің тұспалы?

Ит солықтап ішінде көсегенің Қапырық кек шашады Көсе көгім. Түсім сынды амалсыз айға соқты-ау Көбелектің қанатын төсенемін. Көне Ведалардан бастап шеру тартқан поэзия модернизмге құлдилады: Бодлер, Поль Верлен «Қарғыс атқан ақындар» деп ат тағып жіберген өз шоғыры Артюр Рембо, Стефан Маллерменің үні бір мезет қабат естіліп қоя бергендей, «Ұлып жұртқа қайтқан ойға» (Абай) байланды. Абсурд деуге тілім бармайды. Бұл не, футуризм бе, акмеизм бе, сюрреализм... бірақ көркемдіктен жұрдай емес. Футуризмге ХХ ғ. басында күміс ғасырдың білгірі һәм зергері Г. Адамовичтің берген анықтамасы бар: «Түсініксіз, беймағлұм құбылысты түсінікті жазатын поэзия бар, футуризм». Тосын һәм кереғар дүниені үйреншікті тығырықтың арасында жүріп адам баласы шын көңілі қалап тұратын тәрізді.

Қайталады-ау тырна үнін шың дара, Құлын туды енесінің тамырынан сырғанап. Барлық әлем кісінейді, Сол сәттен соң, ғажап ай, Жансыз әуен көзін ашты тырналап. Ана Алтайдың ар жағынан ақжал атым арқанын Соза тартты ойнақтатып бойындағы бар қанын. Шоқтығына жел жетпейтін ірі шыңның ығында, Қарауылға байлаулы екен қайран менің тарпаңым. «Қайран менің Еділім», Қазтуған жырау жоқтауының жалғасындай сезіледі. Ғасырлар шеруінде түркілердің жоғалтқаны көп, көңілдің көкжиегінен сырғып кеткені мол. Ең негізгі сарын – «Елім-айлап» өксіген қазақ баласының көкірек шері. Үлкен үйдің іргесі алыс болғасын ба, кім білген, Үзеңгімді ұзарта алмай жүрмін мен.

Ақын үлкен үй дейді, қара шаңырақ демейді. Алтайдың ар жағындағы кең жазық шекарадан асып кетсе де, баба қазақтың жылқысының түгі қалған жер. Қазіргі заманғы қазақ поэзиясындағы модернизмнің түп астарына бойлаған сайын ұлттық фольклордың нышандарын, архитипті таба береміз. Көңілсіз күз аялы жапырағын сілкілеп, Ши түбінен еседі бұлаң құйрық түлкі – ілеп. Қылаң тұман тау басын шырқай шауып барады, Судың бетін ұшықтап сумақы бұлт – сұр түнек.

Ақынның тілінің шұрайы табиғи нәрінен арылмаған бағзы бұла қалпында болғанмен, өлеңнің формасы тың, стиль жаңа. Әйтпесе мынау суреттен жер жыртығын жамаған жалмауыз кемпірден алтын сақасын алып қашқан баланың бейнесі жалт ететіндей. Артынша өлеңнің жүзі кілт құбылып өзгеріп шыға келмегі тағы аян: Денесі жоқ үн көрем: Сенесіз бе, қымбаттым, Табыспасам сол үнмен аластамай кеш, құдай.

Ғайыптан сорғалап періште жырдың қанатынан Лермонтовтың 16 жасында жазған бір құдіретті өлеңі қалықтайды, атауы «Періште» болатын. Сұраған Рахметұлының өзі кей сәт лағу деп ен салған жырларын оқып отырғанда есіме қазақтың космогониялық мифологиясы, жерге түскен Үркер, аспан денелері оралды. Сондай-ақ, Дулат Бабатайұлы дәуіріндегі эпикалық толғау біздің заманымыздың безбеніне құлайды, абстрактілі образға айналып кетеді. Ағып түскен жұлдызды күйсеп қойып Іңір жатыр бұзаудың желісінде.

Ақынның қарашығы асылдығы болар, көрместі көріп, байқамасты аңдап үлгеретін тәрізденеді. Және кей сәт лағып, адасып, ми айналар кеңістіктен, символдық белгі атаулыдан түркіліктің тұяғын іздеп аласұратыны анық. Қарапайым оқушы зердесіне тоқып үлгермей абыржитынын елең қылмайтыны бір өкініш. Мүмкін, модернизмде өстіп адастырмай, еліктірмей қоймайды. Мистикалық ымырттарды француз Стефан Маллармеден аңдап қалған едік. Поль Верлен мен Артюр Рембо өлеңдеріне тән кешкі ой кешу, күн батып, ай туғаннан соңғы толғаныс «Ақ тегершік» пен «Жұлдыздың лағыл елесі» атты қос жыр кітабында молынан кездеседі.

Мына заман мамығы ақ қарғаның Адам сыңар, Жер обыр, Аспан залым. Тұран-абам жөтеліп ұйқылы-ояу, Жылан-анам көтерген Сақтар жанын Кешір, кешір, кең әлем, кесір әлем, Есіл болған елімнің аққан қаны. Есігі ашық о, тоба, ұжымақтың Есі кеткен Эллиндер құжынап тұр. Тесік өкпе тексіздер Тек тамұқта. Ал мен болсам Азырақ қызып аппын. Кекшіл Хунну көгінде Қызыл аққу. Ғұн. Күн. Мағжан. Ақын қайда құлаш ұрады? Қай қиырларды, қай ғасырларды аңсап аласұрады? Егер өткен замандар болса, ол келмеске кеткен.

Көктің жүзі құба жыр, дала қойны құба түк. Ақын өзінің ата-бабасының сөзін қаузайды, даланың өрнегін де, жөргегін де өзі көрді. Мәңгілік сағыныш оның атауы. Бәсе, кей мезет ұғымға қиғаш келетін тәрізді жыр жолдарынан біржола безіп кете алмайтыныңыз енді мәлім болды.

Әжем қонды түсіме кеп, үркітпеші, кірпігім. Міне, алшақтық қайда?! Батыс пен Шығыс. Бірі сағы­ныштан жұрдай. Ал аруаққа сыйынуды шет көрмейтін түз баласының мынау мәңгілік сағынышын рациональды біртекті әлем қабылдай қояр ма екен?! Олар оны бағзыда лақтырып тастаған; кәрілер үйі жанға жайлы, күтімі мен бабы күшті. Мынау экономикалық сан алуан мағлұматқа бағынған біртүрлі әлем әжесінің асыл бейнесін сағынуды қайтсін. Сұраған ақынды оқыған сайын атаң қазақтың дүние жалған философиясын ерекше ұғындым. Бәрі де өткінші, мұң оранған. Оны өзі мойындайды: Бір мұңым бар қойылмайтын нүктесі.

Сұраған афоризмге құштар, әр өлеңінің түйінін көркем­дікпен ұшықтайды. Жасыл шөппен қайтқан жылға шүкірлік. Кекселенбес сағыныштар қоштасуға келіп тұр. Көбінесе үздіге сөйлеу бар. Көк мұнармен көмеді Көкшоқыны көктегі ай Көкше талдың бүріне түнеп Қайтқан көктем-ай.

Аллитерация. Айлы өлең. Айды айрықша пір тұта жырлау күллі ақындарға тән. Маралтай айшыл, өлеңде толған айға сұқтанатындар аз емес, әйткенмен, Алтайдың арғы бетіндегі Ай ару айрықша сұлу болса керек, Сұрағанда ай бейнесі өртеңге шыққан гүлдей қаптап тұрады. Бауырын мекендеген халықтар тегіннен-тегін Айлы-Күнді Алтай атандырмаған ғой. Сұраған ақын айдың тұтас бір галереясын жасайды: «Қайыңдардың қабығы да қызыл аймен өртенген...», «Көгілдір өлең бал-бұла / Көк ала көкте ай-тандыр», «Ай көрінді: (...ай сәулем, ай-күнім-ай...)», тіпті айды соқыр деуге шейін, ажарсыз ай деп те жырлайды. Ай түнгі күнге келмей ме, ай-күнім-ай деуі бекер емес. Ол айды әр қилы көре береді, ай да құбылмалы, дүние де сондай, қазақтың да көңілі сетінегіш, «ай маңдайлы қызы бар». Құбылған ай әр мезетте әр нені еске салып, адамды мазалайды, жүрегін құсша ұшырады. Ай жарығында күллі әлем елеске айналып кетуге бар. Абайға үндес өлеңдер Сұрағанда бар. Өзі айтпақшы, «Абай мінген жыр пырағын, абайсызда басқа ұрдым».

Сұраған: Бек адалды қабатын Иттер даяр, Тек жүйкеге шабатын қақпан жатыр. Абайда: Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып. Қазақта Абай дәстүрінен ешкім аттап өте алмайды. Жаным солай, қара ымырт Саңылаусыз түпкір-ді. Абай: «Қаны қара бір жанмын, жаны жара», – деп күңіренді. Қазақтың кейінгі ақындары бас ақын Абай тәрізді арзу айтпай қалуға тіпті жөні жоқ.

Аузына ұрдым қақпаның мен тағыңның Табылмайтын ұжымақты Неге сонша аңсайсың? Жадқа бірден Иран-Ғайып жырлары оралады. Ақындар өзара үйлеспей тұрмайды. Ағадан іні қарызданбағы заң­дылық. Сұраған тәңіршіл, ислам туралы айта бермейді, бірақ бұл құдайдан безу емес. Тегінде бұл ақынның тұла бойында дәстүрлі діндер орныққанға дейінгі көне дәуірлердің алғашқы діні – пұтқа, табиғат құбылыстарына, Күн мен Айға, суға, желге, тасқа табынған кезеңнің бұлғағы білінетіні анық. Ақын – жалбарынушылардан. Монотеизм әуелде түркілерден шыққан. Құлшылық ет Тәңірге, іштей оған жалбарын, Жалбарын да ертеңнің өзегі үшін бас қатыр.

С. Рахметұлының өлеңдері – қазіргі заманғы қазақ поэ­­зиясындағы постмодернизмнің озық үлгісі. Ол ХХ ғ. ағым­дардан бас тарта алмайды, алайда ата тегінен, көшпелі нәсілінен, негізінен бір айнымайды, сонысымен баурайды. Ақылынан адасып жүр бүгіндер Көк түріктің кермек қанын татқандар.

Ақын өзі ат қойып, айдар таққан – лағу, экслибрис дейді. Экслибрис – латынша «ex librus» – кітаптан деген сөз, кітап белгісі, жазба белгі. Әлем әдебиетінде «сана ағымы» делінген, ой толқытқан, психологиялық көңіл күй, сан-сапалақ толғаныс сезімнің кернеуін осынау «лағу» сөзі көбірек, дәлірек ашып тұр. Расында бұл адасу емес, ақиқатты тануға құштарлық, адамзатқа тән асыл мұрат. Бірақ лағусыз, хаоссыз тіршіліктің лебі жоқ. Сұрағанның лағуы – бақсының сарнауы тәрізді. Әр сөздің коды бар. Бәрінен бір шамырқану күшті. Құртқа-жұлдыз түртеді Көкжал түннің бауырын...

Ана қасқыр Құртқа, көк түркілердің тотемі жадтан өшпейді. Мыңжылдықтар аңызын сүйеміз. Көкбөрі мен жылқы культы. Бұл символдарды ақын өлердей сүйеді. Жатты өзден сөйтіп айыратын сияқты. Шомбал айғыр шабады ылғи кісінеп.... Біздің жақта Тәңірінің түсі көк! Әсіресе, ол діндердің өзара алшақтығына наразы. Хақтан безіп қара албасты ма? Сонда нені көксейді? Шаманизмге құлай беріліп сөйлейтіні сезіліп тұрады. Жын-иеден нәр жұғады бақсыға, Жапырақтан оқығаным ең соңғы: Дүниеге келмегендер жақсырақ.

Ғұмыр ағашы. Көрнекті зерттеуші Тұрсын Жұртбай «Мықан ағашы» дер еді. Өлісінде жаманы, тірісінде жа­ман­дықтан аманы жоқ адамзаттың кескіні, міскіндік, бәл­кім. Ең қызығы – ақын санасында сол әр қилы діндердің тамыры бірдей көктеген тәрізді, еуропалық таным-түсінік пен түркілік сана тең, эклектика басым, парадокс болмас. Түкті әлемнің сүт кенжесі сүліңгір, буддалардың кірпігі де жұмулы.

Гогольдің «Вий», мифтік құбыжығы жер тірейді. Бұл да бір өлі кірпік. Ақын адамзат малданған пұт құдайларды әбден жатырқайды. Сөйте тұра, ақынның интитуциясы көріпкелдіктен айнымай қалар сәттері жиі. Неге? Қобызын шалып, жапан түзде сарнап отырған бақсыдан оның несі кем? Расында осынау беталбаты лағу ғылымнан алшақ түспейді. Алма ағаштары бұтағын қорғап ешкіден Көкке тырмысқанда: ...Жалған дүниенің теңсіздігі басталған дейді Естілер.

Христиандық әпсанада текені сайтан бейнесіне балайды. Ал әлемдегі ең үлкен шөлдер әуелде жұмақтай жасыл, нулы-сулы, орманды жер болған деседі. Оны құртқан ешкі малы екен. Қазақ ешкіні аса жақтыртпайды. Ақын бір шеті түйсігі арқылы шыңдықты дуалы ауызбен айтуға хақылы. Сұраған адаматтың санасын жаулаған қилы наным-сенімдердің жаратылысына Махамбеттің «Қалмаққа шатыс хандарды» жек көргені тәрізді өшіге қарағанмен лағу-жыр сарқырамасынан ең әуелі ежелгі қағанның зары мен құсасы төгіледі. Көне түркінің қағаны қағанатын, елін, жерін, жатқа бодан болған, құлдыққа ұшыраған халқын жоқтайды ғой. Мынау – расы сол сарын. Ақырзамандық нышандардың өлеңдерінде тым уытты, көп кездесетіні сондықтан.

Жасырын жау түлкі кейпін киеді. Құбылыстар құдіретіне мастанып, ібіліс хан Табытыңа сиеді. Құмырсқа Империясы – улы ілімді бүйі елі. Сендегі ойдың ағытады тиегін. Осы тұста ақын поэзиясының анық лейтмотиві көрінері анық: бір кездерде «күн түбіне жорытқан» (Доспамбет жырау), жарты әлемді аузына қаратқан, Еуропаны қара түнектен құтқарған күн дидарлы көшпелілер едік қой, қазақтығымыз ғажап еді ғой, енді неге ұлттық болмысымызды ұмыта бастадық?! Тіпті бұл қайғының қасында ақырзамандық сипат бағзыдан аян етілгенін сеземіз: Кесір жайлап ұлы төрін кең үйдің Мұз таулардың дымы қалмай ериді.

Бұл Таурат пен Құранда бар сөз, қиямет-қайымның алдында болатыны шүбәсіз. Адамзат өз көрін өзі қазуға шебер. Жалынсыз отқа пісірген Дарынсыз елміз, панасыз. Зар заман ақындарынан бері бұл өкініш ортаймай келеді. Амал не? Соның үшін ақын өзі түйіндейді: Қан топырақ қабатына мың жылғы із сақталып. Жапыраққа жаспен өлең жазылар. Тегінде иман мен рух – шайырлықтың Көк Тәңірісі. Егер бір тосын, жұмбақ, аққан жұлдыздай құйрығын ұстатпайтын беймаза, беймағлұм, кереғарлықты пір тұтқан, үйлесімге өлердей ғашық жыр іздесеңіз, өзіңіз құзыр болып оқыңыз. Мен тек бұл жырлардың көбігін қалқып алғандаймын.

ТҮН

Түн емес қара шуақ – түн дегенім. Басымнан жауып тұрды Бүлде мен Үн. Қасымнан сылдыр қағып қашады арық, Үнсіз мұң, Тілсіз әуен Үндемегін... Тірлігім жалғасады түнде менің. Түн болса майда қоңыр зілді емемін. Нілсіз дым, шыңсыз дауа, масаң арық... Сүлдерін үнге сүйеп – сүмбе кебім. Бір сәтке ішке бүгіп жүлге демін. Алыста кісінейді Құр дөненім. Жұлдыздың шырағымен Жанданайын, Күндіздің лаңымен күнде өлемін. Түн болса басталады еркіндігім. Түн деген – тылсым ғұмыр серпінді ұғым. Егілем ернеуінен тістеп тұрып – Жыр деген түннен тамған «ерітіндінің».

ҚАЙТА ТУУ

Ақиқат. Тұзым, дәмім, Аспанда тудым ба деп ызыңдадым. Ыстық жырлар көз ілді, бұзылды ағым; Ай бетінің көрдік біз сызылғанын. Сызылғанын байқадым сүйелденіп. Бұлқынады жүрегім – қызыл қаным. Қысқанда қабырғадан кием келіп. Көктегі сан жұлдызды иемденіп; Мылқау түн, бейжай ағым, тоқырады үн. Күз жанды күйдіріп көк топырағын. Ақиқат, бұзылғаным, Кеуде ішінде тыпырлап отырамын. Жанға жинап жаһанның сынықтарын, Керіледі кешегі кіріптарым. Өрт кемірген бұтағым бұтар-бұтар Сұлап жатыр әр жерде сынықтарым.

Басы күйген кенже гүл мұңаяды Бірдемені түсініп, шын аядым. Сары ауаны тіреп тұр бір аяғым, Қаңғып түскен қабықтан қайта көктеп, Өз қабымнан шығамын шайқап, ептеп...

  • *

«Мен Гамлет емеспін, Гамлетке ұқсағым да келмеген». Томас Стернз Элиот

Арс-арс етіп тас жолда қаншық етік, Жүрегімді барады жаншып өтіп. Күн кетеді осылай күрең жолмен, Әр сақалдың талшығын мансұқ етіп.

Көсе болар сол уақыт түбі тегі. Уақытқа дарымас үміт ебі. Келер шақтың әуені сол кейіппен, Кезеріңкі ерінін жібітеді.

Арс-арс етіп тас жолда қаншық етік, Ардың бетін барады жаншып өтіп.

Алматы. 2006. 10. 26 * «Қол жетпес» деп аласаны Заңғар қып, Кеудемізге шоқ тұтатып, Нан қарыдық. Кәрі атаңның Сақалында ілбиміз Сары атанның Табанына жалбарынып.

Шалдар сілем, Шалдар бағыт, Шалдар ұлық. Сол үшін де Сан шиырды аңғардық. Құн өскінін Құрым кигізге жазамыз, Ту ешкінің көн тұлыбын Шалбар қып.

Миын көсеп, селебемен, Істікпен. Үзеңгімен қисын сыздық Үштікте ең... Тарихтың арам шөбін Шайқалтып Жел соғады, Сең соғады түстіктен.

2007.02.11 *

Аяз деген – ең керемет түзгі іспар, Тереземе өрнек салды Күзгі үш қар... Беу, қараша, қайран желді қаймақты. Зәрлі аспанда қалқақтады «қызғыштар».

Аяз деген – ең ғажайып Мұз құстар... Сансыз өлең, Қисапсыз ән - Жүз мысқал. Айқайлайды сайдан соққан Із... Қысқы әр... Ай бетінен жерге тамған «қызғыштар»...

  • *

Мұң Қарасу, Мың үйрек, құрақ аумақ, Бүйірінде Бүркіттің Қыран аунап... Шыңның күміс төбесін Желпіп қойып Уыс бұлттың Жиегі тұр алаулап.

Ала мұзарт, Ақзеңгір Жалғыз өңді. Ай табанын тірейтін Мәңгі үзеңгі. Менің мұңлы жырыма Үн себеді Кең жағалы зерең көл – Шалғы жеңді.

Алақанында айналып Сан жүз өңнің. Нән түземнің күшімен Сәл түзелдім. Бөктерде өскен ерменнің Әнін тыңдап, Жағасынан Бұлғынның Жалбыз емдім.

  • *

«Оныншы тілмен жазбағын».

Расул Ғамзатов

Ол зіл атты, көп қаздар Оққа ілінді. Оққа ілінді, от ойнап, Шоқ бүлінді. «Мергендігі», – дейді оны, Жерленді ұғым: Көкке ұшқан көрсетіп Көк күліңді. Көкжиекті қан бояп Таң райды. Жетім қалған қоңырқаз «Маңырайды». Жел үрлеген әжімін Сеңге тығып,

Сұрқай көкке ымдайды Тәңір айдын. Қаз бауыры, қара әуен – Дара түрен. Қара сұры өң – Ақылдың жанашыры... Ең... Қаз бен әнді жалмаған Тілге шауып, Мылжалайды темірдің Арасымен! Ол тіл тартты, күйреді Мың ізгілік Қара өлеңді қарғайды Сұм үздігіп Ас... Си... Ми... Лиация... төрінде сөнеді Үміт Әр ерменнің бүрінде сыбызғы Ұлып!

  • *

Бұрыс қарап жүрсем де Дұрыс деймін. Көрінбейді бір түйір күріштей Мін. Құс жолында құлын жыр Құйғытады. Кештің мөлдір кірпігі Күмістей мұң.

Ат тұяғын айланып Ұшқан жұлдыз. Айдың жүзін аймалап Құшқан күндіз. Бура шыңның ақ жолақ Шудасына, Бәдіз қонды баяғы Тышқан Жылғы із...

Осы ендікте мәңгілік Қаңғырсақ та. Бір керемет күй шалқып Жан құрсақта. Бізге дұрыс әуенді

Үйретеді, Үйректердің үнінен ән Бұршақтап.

  • *

Бей бұлдырық, жел құсы... Бас жағымнан ұшып өткен Сенбісің? Ғұмырымның зырлап Қайтқан қайығы: Менің тірі жүргенімнің Ең кіші – Ғаламаты сенбісің? О, бұлдырық, Жел құсы: Екі келмес уақыттың сел – Күші Өлеңдердің өртеп Өткен шақтары: Анашымның самайының Ақтары: Менің сонша сүрінгенімнің Белгісі.

Бей бұлдырық Шабыттардың шалқып ұшқан Шақтары Нақ, нақ, нақ, нақ бәрі. Қанатыңнан қайырылатын Жел күші. Жерге тамған шырақтарым Мың: Ең күрделі Сұрақтарымның белгісі. Бей бұлдырық... Ең кіші.

  • *

Атырап тылсым... Япыр-ау, атырап тыным. Аптаның бояуы жұққан Бедерлі: Алақан жаяды жапырақтарым. Тамырдың соғысын тыңдайды Басқадан,

Бақылап жаным. Жапырақ талында жарты Үнім бар. Ақымақ бағым.

Ақымақ бағым, тынысым Сиынам бұл үшін Тағы. Үгіліп түседі түйсіктен Пыраққа Тыныс ұнтағы. Солай, көңілге қайрап Келеміз Тінінен алыстап қалған Қылыш – ынтаны. Атырап жаным... Бояуы қалды арқамда Ақыры аптаның.

  • *

Near-death Exsperiences (Өлімнен бұрынырақ...)

Үрленіп келген үні мен Шырақтары ұдай. Үстінде түгі жоқ, бірақ та: Тұрақтары бай. Тереңде сылдырап ақса да Кереңге естілмей, Теңізге қашқан тентек Бұлақтарым-ай.

Қобыздың үнін қайталар Қызыл құрақтарым-ай! Басқаны жарық қып, өзі Өшкен тірі – Шырақтағы май. Талай платформаларға, қандары Жабысып... Қаңқасы шіріген Аңқыл «дурактарым-ай...» Маңдай терімен тас қашап, Арпа суарған, Бір кесел кезіге беретін еді солай, Жарқа сыңарға әм. Қолқасын қиса да Қолынан ала алмай, Қорқатын жауы. Қолдырап қалған даласын Қорыған «арты ашық» Аңнан. Асқазанында артықша қалтасы бардан: Арқасы қалған бәдіз-ді, Мойыны кесілсе де: Әйтеуір, арқасы қалған. Жартасы қалған Ұятын сақтап, ұрықын Қорғаған Осы «арты ашық» Аңнан.

Бұл дала, дала емес – бабаның Ашыған Миы Пернеге тоқтаған сан ғасыр Тасыған Күйі. Тұманды көктен мөп-мөлдір Жас болып тамады. Бүгін. Жасаған Тәңірдің жасыл Әлдиі.

Шалғайда жатса-дағы шаранасы мен Шашырандысы. Бал қаймағына батады санасыз Асырандысы. Ішінен іруге жақынбыз Ілкіде оянған. Ғасыр шыңдаған алауы – Запыран құсып.

  • *

Ой түбінде күбірлеп... Жынды қисын... Сан мың жұлдыз кезіп жүр Түнгі Ми ішін. Бозамық бұлт ай жүзін Жасырады Самал ғана сүйрейді жыңғыл иісін.

Мұз қабатын қақ тіліп

Тамыр ағып. Сыздың сырын сыртқа айтты ол Дабыра ғып. Түйекөлдің жанары түпсіз, Үнсіз. Алатаудың аялы шаңырағы Ық. Көмейінде байғыздың күй Кісінеп. Қилы сурет үрейің, қилы Үш леп!!! Мәжнүн талдар мәңгіріп Сілейеді, Көксеректің ернінен сүйгісі кеп. Бұлт бетінен тамады Алғашқы ұғым Сол арқылы тастайды жанға Ұшқынын. Жұлдыз кешіп қаңғырған Ес жүзінде: Қалам жортты ізіндей Албастының. Өскемен. 2007.05.02

ТАҢ – ӨЛІАРА

Қарасудың беті, өңі Баяғыдай мөп-мөлдір. Ала бұлттың етегі – Көлбірейді көк теңбіл.

Жел өтінен қаңғырған Оқ секілді жас тамып. Жаңбырменен жаңғырған Көксеркенің аспаны.

Ми ішінде абалап, Азған иттің үргені. Үзік бауын сабалап Жел түртеді іргені.

Бауырында түлкінің Бұйығады мығым қыр. Сауырында жылқының Ай түнейді бұлыңғыр. Есінеген торы аттың

Езуінен нұр құлап. Торғай күйін боратты, Шиқылымен ұрғылап.

Торсықтағы іркіттің Шулағаны басылып. Күн күледі Бүркіттің Иығынан асылып.

  • *

Ала қыстан арқасы тозып өткен Борша-борша жылап тұр Көзі көк Тоң. Ең жылы шың еңкілдеп Елжірейді Елтірісі бұп-бұйра қозы-көктем.

Бүршігімен ән салып мың шіліктер, Көк пен жерді қосады Жыршы «іліктер». Мінер жағын күн қағып Жүр күліктер... Жүрек жақтан ағады Бір Сынық тер.

Қазір аман, бостанмын Қауіпті ойдан. Шешіледі естен кек, Сауыт бойдан. Сан жүз жұлдыз сөніп кеп, Сәл тыныққан Ақ кітап қой, мына қар Жауып қойған.

Көбең белдің жонына Шыққан ыстық. Сол қыраттың шоқтығын ықтап Ұштық. «Көктем келді!» дедік те Көкірекпен... Көк шалғынға жабысқан Шықтан іштік.

  • *

Әлем шұбап барады жан-жағымнан Бал жағылған, бір жағы Қан жағылған... «Жәннат жоқ», – деп жылады Жалқы Тәңір Жалғыз түйір масақты қалжа қылған.

Мұз қарасұр маңайым – Темір алаң, Жазу үшін оған жыр, Желім алам. Тірі жандар сілтідей ой салады, Өзіне емес, Өзге емес, Өлі маған.

Өлең өтіп барады Либай мен Күндер үріп... Сәт сайын ұлиды-ай... «Ме-е-н...» Қап-қара түн... Ауылым... мың үй... Сай... Иен... Қаратастың сауыры жылиды Аймен.

Ай шуағын сіміру – істейтінім, Күй, Күй маған сыйлайды Іштей тыным. Ең тәуірі – оны мен көрмейтінім... Ең ауыры – азырақ Ішпейтінім...

  • *

Қайда толқып барады мына ғалам?! Жынды әуен, жылымшы үн, Жылаған ән. Кермек судың кекілі Қызыл бұйра. Көңіл жүдеу, көз соқыр, Құлақ аман.

Мөлдір шулар, қылыштай Азуда тұр, Миға сіңді мың түрлі

Аз... Улы «әтір» «Әжім-әжім әжеңнің Әлемі – әуен!» Қар бетінде осындай жазу Жатыр.

Сол жазуды кім оқып, кім Түсінген? Түсін салып қарайды бұлт Ісінген. Бір із алып жанымның Жотасынан, Жалғыз өлең жазайын Ұлт үшін Мен. *

Өлең сырғып барады темір мінген, Тозаң қалмай тарады Небір күннен. Сүйек артқан арбалар барады Аулақ, Иек артқан тіземді Кемірдім Мен.

От шашырап оңбай бір шапалақтан Қан саулайды қарадай Нақақ ақтан. Мың тамырдың төбесін тесіп Тұрып, Жыр сауынын жауады шапағы Ақ таң.

Жанның бәрі содан соң жырға Ащылап. Тәнін басып күледі ұрғашы Бақ. Шын күшімді сарқып бір Күшенемін... Тіл қыстырған құйрықтың Жырмышынан.

  • *

Жалғыз өлең оқыдым Тістеніп ап.

Жүре алмадым Шын ойды Ішке нығап. Көбесінен шіріп тұр көкше тұяқ, Төбесінен іріп тұр Пістелі бақ.

Май сорғалап қазақтың Мақалынан. Шоқта аунап піседі қапалы Мән. Ақбұйра өлең киеді бір Түземдік, Абылайдың күмістей сақалынан.

Өлең қайтты... Өңшең түс... қасыңда еріп, Өз жаның жоқ кеудеңде, Басыңда ерік. Бұйрығына Алланың бас ұрасың. Құйрығына тарпаңның Шашыңды өріп.

  • *

Үнсіз үйлер үрейлі, Ит үрмейді жағы ісіп. Біздің жаман көлеңкеміз Қабырғада жабысып... Әзәзілдің әптігіндей жел Гулейді әредік. Күздің күрең қабағымен Күңіренді бақ іші.

Қырау болып, қырсау қонды, Гүл бетіне жабысып. Бұтақтардың жапырағы – Жерге қайтты тағы Ұшып. Жер мен аспан Желімделіп, көңнің Көбіс иісімен. Аптығың да шапқылаған Ай дидарлы Ақ ұшақ. Аспан мен жер бусанады, Бұлт жамылып табысып. Алатаудың мейірімі кең, шалқаяды Ақ ішіп... Мылтық аттым сол беймаза Іңірде: «Мә, бөлтірік! Мә, қортық ит! Мә, күшік!»

АҢЫРТАС

«Жарқан, Тарқан, Тутұғыр... Құмдағы Ұлан. Керіөлеңде кейре ізі, Мың бағылан. Қыпшақтардың үш бауы Салбырап кеп Күлтегіннің табылды сырмағынан». Қаржаубай Сартқожаға О, Аңыртасым! Мына ғалам таңдансын, таңырқасын. Көк ала Орхон көйлегін Көгелдетіп, Көкжиектен көтерсін таң Лыпасын. Беу! Аңыртас-бауыртасым, Жүрегімді жылатып, Ауыртасың. Барығыңда баһадүр батпан Сылап, Сауырыңа жазыпты дәу Ырқасын. Алачу хат, нән бекет Жаралы Алаш, Жозатаққа тамған сүт, қан аралас. Бақатақтың үстінде бірлік Жатыр. Төбесі көк... Төрі нұр... Араны ағаш... Жолы бәдіз... Жозы үн, Көрі мірлі Үй... Бөрі қаған тіл қатқан Бөрі-қырғи, Алты Есір, Он оқты, Отыз оғыз...

Қобыз үні аңқыған қорымың күй.

Жарқан... Тарқан... Тутұғыр... Құмдағы ұғым. Ми ішінде сілкінді мылжа ғылым... Кәрі Орхон тулап кеп Бетін ашты Күлтегіннің ең соңғы жұмбағының...

  • *

Жуып жайған ескі көйлек Оңыпты. Сәнді бедер күз келерін Соң ұқты. Биылғы жаз... Кер биеден қоң ықты. Паң даланың Маң келбеті солыпты. ...Кенже құлын тоңып тұр!

  • *

Аяғымды етік қажап, Баяғымды ой қажап. Іңірінде қамап қойды, Қамап қойды Азап. Жалаңаяқ жорту керек... Жаңа жауған күртікке. ...Ой, керемет! ...Ой, тамаша! ...Ой, ғажап!

  • *

Беті секпіл қар жатыр, Бел демалып.

Зәулім шынар төбесін көлге Малып. Көш жүзеді түйенің Өркешімен Көк күмбезі көңілсіз Өлген алып...

Жел үреді, тау жақтан Жел үреді. Жел ысқырса ақ бозым Еліреді! Беу, ақбоздың апайтөс Сауырындай Еңсесі кең ен жайлау Керіледі! Көш жүзеді түйенің Өркешімен.

  • *

Бір күн қайтты, бір Күйдің Күмбірімен, Құлағымда ән қалды... Сан мың ұшқын шашырап Өлең келді, Таңмен тұрып тамаша Сіңбіріп ем. Өлең кетті күл қылып Күллі үнімен. Дала көшті мың түрлі Қыр гүлімен. Қала көшті біртүрлі Тұрғынымен. Бір күн қайтты...

  • *

Шеру кетіп барады Тыржалаңаш... Айқайлайды аяғы сынған ағаш... Қызықтысы – кешегі мырза аға Мас. Қызықтысы – бүгінгі мың қазан аш. Улыға ықтап, сарғайған Шулыға ықтап. Мейлі... дейміз Жөтелге булығып қап...

  • *

Ар тұралап... Әрең келем ат өліп, «Мұрат» деген осы ауыл ма? Мә... Тегі... Уһ!... Әрең жеттім «Әкесінің ауызын», Есалаңдай ирелеңдеп Сау ізім.

Неліктен біз тезге салдық Уақытты? Ар тұралап, зорға жеттік Ат өліп, Мұратты іздеу: Қандай ғажап қателік... «Мұратына жетпегендер бақытты» – Бұл – уақыт мәтелі...

УАҚЫТ. ТАҒЫ ДА ҚАР

Қапалақ қар бетімді тырнап Қалып, Көшіп барам әйтеуір бір жаққа Лағып. Жаңа жауған күртіктің Уысында Қара бұлақ ағады сырғақ Қағып. Дүрс-дүрс соққан жүректі Қолға ұстап, Біреуге айтпай, біреуге жол Бағыштап. Еру жерге жеттік-ау Мол қарыштап... Бірақ жаным өзімнен Қонды алыстап.

ЖАН ЖҮРМЕГЕН БІР ІЗДЕРДЕ

Жан жүрмеген бір іздерде Ай түнейді күн ықтап. Жомарт уақыт қымыз берген, Ми ішінде тұнып қап. Таңертеңгі ауаны алып Келесіз бе, тәтті жыр? Тазаланып, дауаланып... Санамызда ат дүбір. Мұңмен кепкен сыпсың іңір, Қаламымның сиясы. Маңдайымда жып-жылы бір Бозторғайдың ұясы. Жан баспаған бір іздерде Жыр түнейді, жоза мың... Ат жалына сыбызғы ерген, Сыбызғы өрген бозамық. Сыртым солай, мың күнгі елес, Ізде жатқан жыр шеті. Ешбір күштің ырқында емес Тамшы ағады тырс етіп.

БИІК ҮЙ-МАЛИЛЕР

Биік үйлер, үрейлі үйлер иен молаға ұқсаған Тірі өліктер ұйығы. Айқайлайды асқазандар қасап жақтан шықса қан, Өркениеттің сыйы бұл Биік үй. Ызғар, аптап, сазды қыртыс, әуен қайтқан құстармен... Жан тынысы – көлеңкенің ұйығы, Әр қызығын өлшеп, өңдеп өңшең градустармен, Ықтап жатады тұйығын. Биік үйлер, үрейлі үйлер иттері нән үретін; Кабурлерде күшіктер... Тас балшықпен тас сана өсіп, тас сорады тірі етің. Тор ішінде түсіктер. Биік үйлер, биік таусыз, жансыз, нәрсіз, жусансыз, Сыра жалап жәндіктер... Қан базарда зәр де, зар да, мал да мұнда шу сансыз, Бұратана бандиттер, Құла алаңды күреп-күреп, тұрақ соққан ісімер;

Күн көсемнің балиі... Кеудедегі түрмелерге шырақ жағып кісілер... ?.. Лә-ми-ім...

  • *

Көзімнің алды көгілдір оттар, Жалқын ән... Ерні кезерген кең іңір. Етегі көлбең, көл-көсір мейірім, бал тұман! Желкесі жібек, жеңі нұр.

Қара түн мүлгіп жаяды шашын Мұң-ару Өліара өңді шың-құздар Мың ғасыр бұрын жазу боп сөнген сыңарың... Кірпікте шықтар, жұлдыздар...

Кеңістік алдың, өрмекші торы ай ізі. Аяулы шөптер, тай жалы?.. Жиекте жібек жиденің қызғылт қайызы; Ай ізі сансыз найзалы. Жып-жылы шығыс, көгілжім ұлпа жабағы, Үркермен жусап Иек қыр, Жаудырап тұрған аршаның бір тал сабағын Қобыздың үні сүйеп тұр.

  • *

Аспанымнан ағады өнімі жоқ татыр Ай. Мезгілі бар екі өңмен Мың шегіртке секілді Уақыт-ай, апыр-ай! Қарғып өткен шекемнен. Уақыттан ұрлап ем, ұзақ тұрмас таңды бір. Қоразы кеп шақырды, Үзігіндей өлеңнің (Қызыл шоқ

боп жанды қыр). Шырағдандай ақырғы... Көздің алды бағалы – өрнегі сән күміс қар, Ши басына күйреген Жасыңды кеп сүртетін, көлбеген сан дыбыстар Естілмеген сирек ең. Таң бедерін жалады жан бітіріп жыр кеме, Тағы мұнар дымы... Сай бұлағы кісінеп жетіп келді іргеме Ағыны бар жылы.

  • *

Бұлттар қалқиды биікте көлеңкесі ауыр, Көкек еңіреп оянды ана талдағы Сәуір кісінеп бір сәт Алақандағы. Тұмса бұталар жанары балапандады, Сағымдар жұп-жұмсақ көрпесін жабады, Иісі нәр дала демінің. Бидай сабанында жаны, Сорады таулардың сала желінін. Қаздар қаңқылын лақтырды төбеден Тамшыға байлап. Өлең боп өреді сосын, өлеңмен Қаңсыған аймақ. Аппақ пырақтар бусанып, жусайды Табаны балқып. Айдың арайын төгеді шаршы маңайға Тізбегі құстың – түздегі ұлар-шу, Іздегі жаршы. Жапырақ жаныңды жалына тартады Біздегі әр шың. Сағыныш самайдан баяу сипайды Кезең жақтағы. Ақ үйлер. Салт аттар кермеде. Көк ала желегін көкке жаяды Тезек жаққан үй. Күй сыңсып пернеде. Белегір, тоңғақты қозы, ырысты үйлесім, Өлең ырғақты Көк жиегінде әжем түймесі, Сере құндақты.

ШЕГІНІС АБСУРДЫ

Қиял жаныңа естелік қалтырды, Жүрегім жұлым, Аунаған толқындай санам да сан қырлы... Білемін. Зіл. Үн... Жаңбырлы. Ашық терезе. Жауынның иісі. Біртүрлі ән демі жоғалған. Ескі белгілеу, жыртылған. Ескі сағыныш, іркінді. Паршамын. Кей сөзім әлемнен алыс, бей сезім аяп аршаны Мың ғасыр бұрынғы жазылған хаттай Шаршадым. Уақыт сыңар қанаттай. Маңдай да қатпар. Жыртық кеспірде жыртың күлкінің үзігі, Таңдайда дәт бар. Зағип бөкендей жалғыз жол, бұдырсыз, сызығым, Жұлдызын теремін жұлдызды жылқылар ізінің. Өткен шақ өзіне сіңіріп алады өкпектің ызыңын. Кей сезім өзімнен алыс піседі... Түседі ми үстеп. Раушан гүлінен азырақ үзіп ап иіскеп... Талшығым. Кешегі ізімнен, кешегі мүйісте. Өзім тығылып, өз табаныма. Өзім жаншылып... Жолдармен адасам мүлде созылған сұлық. Қиял жанымда естелік жылайды, Жұмыртқасы ұлып. Күнім өртеніп батады ымыртқа сіңіп Тозған суреттей; Әуенім – қателік, қаперім – қасірет тұман. Түн ауып барады, құлақта желік, Тас леп. Дүрмектей. Тамшы жұлдыздар әлдилеп жылауық даланы... Бәрі де күмән! Бәрі де Лаң! Соқыр тауықтар маңым, шашылған тары, торыған мысық.

Құнарсыз қыртыста құлаған сары қар – құсық. Есік көзінде жер ошақ. Төрт көзді... төрінде ұшық. Қиял жалауы желбірейді алыста. Бағыштап. Мәлім... Күш... Ақпар... Құрттаған сөйлемдер, қалың кітаптар... Жалын. Жаныңды ұсақтар. Залым құшақтар! Өлі жанарлар, қайраулы азулар, байлаулы жазулар. Жетім нысаптар. Өрді, өрді ұмытып, сырғимыз, ылғи біз тегін ылдимен. Шегініс секілді жылдамдық ілбиді Ең...

  • *

Шағыл кезіп қаңғып жүрген қай күлкі? Жыл жығылған етегіне теректің. Сағым сайдың кекілінде Ай кілкіп, Боз шоқтығын сипап қайтты серектің. Киіз үйдің түндігіне шырмалып, Түз дүниенің жабырқауын-ай жаяу! Шағылдағы сол күлкінің жұрнағы Таң ұнтағындай-ау. Бүрлі талдың бұтағында сан түрлі Балапанның шиқылындай «іңгә»-лар... Бал қайыңдар аппақ жұмыр балтырлы Балағына жармасады жылғалар. Бүрлі талдың бұтағында Ай кілкіп!..

  • *

«Дүние – елес».

Шопенгауэр

Ай мінгізіп күйсейді мүйізіне, Ақ сақалы салбырап арқар түлік. Малдас құрып алты қат киізіне, Атам отыр тамшыдан арқан тіліп.

Бұлт еңбектеп жетеді белге білем, Арқан ұшын тарқатып қылдан ескен. Иіс желеді изеннің еңбегімен, Мыс кемігі күледі жылдан өшкен. Кеш жантайған жартас дүр, мыртық, кетік, Ат шылбырын сүйрепті шық үстімен, Гүл айқайлап қашады жыртып бетін.

МАТИСС ҰШҚЫНЫ

Құстар сағым алыстады, алыста. Балапаннан бала үнім бүрледі. Күліп тұрып жылайтұғын қуаныштай, Балағымнан құпия жел үрледі. Жылау, күлу керек емес, қазіргі ем: Матисс жолы – басын иген бөрте егін. Ақ күшіктің көмейінде жаз үрген, Жағалау мен жалдың үсті өртеңің. Құстар қашты күзден аттап қыр асты, Қанатында құрастырған бояулар. Ғаламда жоқ реңдер мен құба ұшқын, От үстінде жылап тынған ояу қар. Сансыз жұлдыз шөп ұшына жайғасқан, Тірі шырақ шоқ ішінде сөндірген. Күн шетінен көсіп алып айлы аспан, Түз бетіне төге салған өндірден.

МӘН НЕМЕСЕ ТҮСТЕР ИЛЛЮЗИЯСЫ

Қараңғының ойығында тұр шырақ, Қара ағындар тәуелінде шылғи Мән. Жапырақтың әуенінде мұң сұрақ, Құлағыма қазық қағып, Құм құйған. Темір торға арқандаулы дәріптер Әріптерді нұсқайтынның тілі Мөр. Түстеріне енетіні ғаріптер, Түс үзілсе ғалам түгел бүлінер. Түз оянар сансыз түске қақалып, Бояуына тайғанақтап жер-көктің. Қыл қаламы қара шалдың сақалы, Қимылына аялдайды жөргектің. Кеудешенің түймесінде кідірген, Түз үзігі түнеріңкі – күлте түр. Ай табанын сүйіп қойып күдірде Таң мен түнді қақ айырып білте тұр.

ТҰМАННЫҢ МҮЙІСІНДЕГІ ӘН

Көңіме арбалам, қырдағы өңімді сағынам. Саулаған бұлдырық ұшады Тырнаның ізіне шырмалып. Әлсіз ғасырлар былдырлап тіл қатқан Жерошақ табынан, кәрілер ізінен. Құздардан жұққандай тәкаппар жүзінен Жолдардай мың қатпар Ішіне сақтаулы ғұмырлық сипаты Тірлігі баяғы, көңілі құндақты.

Жаныңды ұйытатын Ғажайып жұмбақтар. Мәңгілік асқақ тұр Шағындау шағылдар. Бергісі Эверест, арғысы – Жер жүзі; Айналған меңге өшкін лағылдар Теңдессіз құбылыстар. Кері қызыл жанартау – жарақат, Аялы қарақат, Баяғы құмырсқа... Көзімнің жасында мөрдей ой, Белгім де. Торғайлар ойбайлап қасымда, «Қош-аман келдің?»– деп. Бусанған далада Ашқарақ қисын бей, Жусанның жиегі. Сауыры терліктің иісіндей, Саумалды – Күнгейім киелі. Түсіме жүруші ед жиі еніп. Тұрмыз біз тұманның мүйісінде Жартасқа маңдаймен сүйеніп.

  • *

Ағам қайтқан сұлық таң, Маған мұңын жайды ымдап. Ат су ішті тұнықтан, Шеңбер сызып айдынға ақ.

Ести ме екен зиыны, Көрер ме екен бұл өңді ол? Өткелге кеп иіліп, Басын тықты жылан жол.

Шидің басы сабалақ, Саздың беті ұйқылы. Көкке ілінген шағала Ақша қардың қиқымы.

Таныс еді барлық таң, Бүгінгіні күтпеп ем. Күйсеп тұрған сарлықтан*

Күрпілдейді сүтті өлең.

  • *

Теңіздің көк бет толқыны келіп, Жуады жалаң аяғым ізін. Даланың қолтығына еніп, Ұлиды жүдеу аялы жүзі.

Толқындар жырлайды негізгі ащы үн, Өлген таулар тырнайды сөнген теңіздің астын. Толқындар тасқын, мөп-мөлдір бөрте шілде іші. Жағалау кешіп, көшіп жүреді Көсік күнге мінгесіп.

Жетім шағала безілі бесік жыры еді, Шарлаған тұтқын шыңдардың жүлгесін. Теңіз етпеттеп сүзеді еге дала іргесін, Бақаның аузында өрнек-балшық ашылды. Жұлдыздар адасып қонады түнде, Тасқа түнеген қаршыға сынды. Қонады ұшқындар мүлде Кетік өлеңдей. Тәңір қол созым нұрдан шаршыға сіңді, Шетінен сетінегендей.

Бұлттар айдың бетімен би билеп, шығыс батысты Шашады тізесімен илеп. Дала жүдеулеу, жылы аялы жүзі. Теңіздің көк бет толқыны – Жуады жалаң аяғым ізін.

  • *

Ұзап кеткен күндерімді қуалап, Өкпем қара қазандай. Ішкі тысым, ішірткілеп дуалап, Байлап қойған ғазалдай.

Жолдарымды жұтып жатыр қатпар қыр, Кеудешемнің түймелерін ағыттым... Көл шетінде шыбындаған аттар жүр,

Шуағындай шабыттың.

Енесіне еркелеген құлынның Жалын үрлеп тау іші. Самайымның ағына кеп ілінді Сағыныштай қоңырқаздың дауысы.

Жігеріңді қайра осылай, Керең Ес! Нажағайдың ұшқынынан ал қиып. Өлең деген – өлең емес, ерегес, Арғымақтың ізіндегі сан қиық.

Күдер үзбе, сен пырақсың, бостансың Ой, жер жүзіндегі кенің. Төне берер дұшпаннан кек, достан сын Қайта оралуымен сенім!

  • *

Қаңғыбас ізден сескенген құстар, Мешіт мұнарасына малдас құрады. Бұрымы бурыл талдарды қыстап, Аспанның албастылары.

Кешегі кереметтерден қалғаны із бүгін, Көне кент пен кешен үлгісі. Алжастырады жалған ұғымың, Жалған ұғымың – кешенің құны. Умаждап лақтырған хатта Уәйәм тұтқан жүзімнің қаны. Мәңгілік дүние боқтығын ақтап, Қаңғырып солай жүзің былғанып. Кірпікке ілулі ғаламды нәр ғып, Қарша борайсың Тәңірің жадау. Лайсаң жолдарда құлайсың тарығып, Жылайсың жұлыс, тамырыңда дау. Құлайсың солай, әмірмен тасқа құлайсыз, Бұрдыққан бала киіктей. Құлқыңда жайсыз сұрықсыз аспан айсыз, Шырағдан шала жанады шала биікте. ...Ей!

АЯН. КӨШ. УАҚЫТ

Кері басты, кетті. Өрге асты. Теңдессіз төрлер қапас көрге ұласты. Ат сауырында некелер қиылды талай, Қазақтың төрт қанат керегесімен Ғажап. Төрткүл дүниеге қазақ дөңгелек мөр басты. Жер басты. Жетті. Ұлт еске ілесті. Көшке ере алмағандар езуін кере сілесті. Саптама етіктің табанын сүйген Қырлары бошалап, сансыз да әлсіз салалы, Жансыз діл өсті. Арқадан жел үрді, бөлтірік ұлыды Кіріптарлықтан. Қарлы қабақтан зілдер құлады Сұлық ымырттан. Әр төбе басында буалдыр обалар Тіл қатты ерен, Тұяғын құртқан қасаң тағалар, Жұлығын жыртқан жұртта. Оқырана беретін қанатты уақыттар, ымдай Жұлдыздар жанады көкте Жаннаттың жақұттарындай. Сазарған аспан сақалын өртеп Күйеді батыста, Назы алуан іңір мекіренеді Жұбанып, тарылмай. Дана Тәңірім, ана даламның көз жасымен Санамды дымдашы, Ақтабан ғұндар қайта қайтам деп Алаң қылмашы. Алыстан ауған аң біз емес, Тарымыз шашылған. Алатауға ұқсас көрінер Кешегі кесілген бабамның басы. Біз бүгін сол бастардың киелі уысындамыз, Тырнайды Қорқыт қобызымен қу ішімді... Абыз. Сәт сайын жанымда жылқы кісінеп, Аян береді даламда қалған қанды ту, сынған із.

  • *

Ақ параққа жұққан қырау – күз өңі, Қайтқан қаздар қанатынан құлап мұң. Боз даланың боза түкті күземі,

Бүршігіндей сынаптың.

Қоңыраулы, омыраулы, Қыр. Ауыл. Теңбіл айдың секпіл жүзі көзеңде. Тырналардың сыбырындай тырауы, Қыл қаламның қыбырындай өзендер.

Таңғы Бүркіт талас басы – тоғыз түр, Шарбы бұлттың көрпесінде бүлініп. Боз інгеннің көмейінде қобыз тұр, Ботасының өркешінде ілініп.

Боз шудалы сағыныштар – жыл үні, Гомер басы тоз-тоз болған, желеді. Аққулардың қанатынан жұлынып, Шаң қыраулап, мұң қылаулап келеді. ...Күз!

ІҢІРДЕГІ БҰТАҚТАР

Бір жасымды өзімнен үзіп беріп жайыммен, Шоқ жұлдыздың сәулесін жамылып ап ымыртта. Бұтағына ай ілген, Ақылдасып қайыңмен, Құшақтасып, құлақпен Мыңбұлақтан мұң ұрттап. Оқыс жанған ұшқындар, осы күткен жағымнан, Жеті қабат шекпенін шешіп тастап жұмыртқа; (Шақыра ма, кім білсін?) Бақырады қабынан. Сол бұтақтан жұлынған жапырақтар қабірсіз, Табанымның астында аһ ұрады, сабы үнсіз. Етегімді жұлқыған есалаң жел сабырсыз. Жүз жасауды армандап, бақытты аңсап уайыммен, Уақытым тоқтап тұр мағынасыз, ағынсыз. Кеше біреу тастаған кемтар жаңсақ пайыммен, Иіс келеді маңымнан... Неғыласыз?.. Жағымсыз... Іңірдегі бұтақтар мүйізіне ай ілген.

  • *

Қараңғының уысында құсық арман аһ ұрды, Қылқобыздың ішектерін мысық тырнап; «Ы-ыр» ышқын. Кеше басқан іздерін іздеп барған пақырдың Өкшесінің мөрінен бір бозторғай пыр ұшты.

Дір еткізіп жүректі. Тұрақтамай жүретін мұраттардай ақырғы. Ескі жара аузында қармақ ұстар малғұн-ды, Төбесінен төпештеп көбесімен жапырды ол; Жаңа жолдың үстіне шала өскен шалғынды, Жас томардың түбіне «Кір-р» еткізіп күректі. Тас қабірдің жігінде бұралқы ойлар жорғалап, Ырылымен ырғынмен... (Мұндай жолмен кім жүрген?) Зорға шықты ай қорғалап. Күрегімнің түзімен жүрегімді аластап, Маңдайымнан, жонымнан жаңбыр суы сорғалап... Ескі жоба, Ескі жол жетегінде жүрмін мен. Жұлқынар да халім жоқ, шамасызбын бұлқынар. Тұяғының ұшқыны ұлан-ғайыр жалын боп, Қаламының ұшында жалы өртенген жылқылар.

  • *

Құрақтың соңғы құшағында жатып, Шық теріп, Жырлар шырқау көкке тарайды алыс. Тамырлап бағыс түптері. Күз шырақ білтесі – жанып жақұттай Кебіс жұлығында көмілген дестелер, Жеңістен өлген уақыттай. Құстар ұзаққа ұшады айлап, мамығы қайсар, Жолдар тағдыр қиылысындай, кештер – тамұқ лайсаң. Тағдыр қиылысындай. Құздары ызғарды иектеп жататұғын-ды, Иіні сымдай. Күн жиектен соған батады Мұңлы қыздың соңғы жымиысындай. Шиқылдап ойлар ғасыр запыранында, Көнелеу бағыты. Көктемнің жасыл жапырағында көбелек табыты. Өкініш өлшемдерінен көлемдер Шалқып, күшеніп, қардың талшығындай Таза өлеңдер қалқып түседі Күз шырақ білтесі – жанып жақұттай. Кебіс жұлығында көмілген дестелер, Жеңістен өлген уақыттай.

ТҮНГІ ӨҢ

Шағаланың қанатынан дауыл иісі бұрқырап, Толқын желпіп жағаны, Көл мен көктің арасында сансыз қиқу Шырқырап, Көкке қарап қол жаяды сабаны. Жүз жыл бұрын көмген әуен қайта ұлып, Түн құшағы түрен жыр. Қасқа тайдың кекілінде ай туды, Күлте жалды – күрең қыр. Жағыланның шалғайынан сән үзілді шаршаған, Ғазал жаңбыр – кешкі мұң. Борхес сезген үйлесім; «Ажал мені іздеп жүрсе, мен де оны қарсы алам...» Қош! Ес түбі, барша мән. Толғақ біткен жиілесін. Жүрегімнің орнын алған таудың кейіп-кескіні. Ертеңгі күн әнім бей, Сүйретеді ескілік. Ұстараның жүзіндегі өрік көзді кешкі үнім, Ақжал аттың тоқымынан аққан тердің дәміндей. Бұлақтардың тұмасынан естеліктер ышқынып Құлағыма асылды... «Е-е-е!» Көзім тұман – бір ғасырдың ұсқыны, Тағы бір бет, тағы бір мәрт ашылды. Зиынында асқынып. Ши түбінен қоян қашты... «Ой, албасты!» Ояуым... қалқып өтті жасыл жел. Аққулардың қанатында қызғалдақтың бояуы.

ҚАРАӨТКЕЛ. ҒАРЫШ. ӨЛШЕМ

Жадау ай жамаулы ыдыстай, кейде ашу боранды. Тордағы қамаулы құстай жанайқай үзік. Беу! Күллі тораңғы. Бұлт көкжиегінде булығып өлердей, арай тамызық. Жай тағылымдардың бәрі күрделі, жанды тарайтар ызың. Өңір өртеніп жанады алаулы мыстай, Жапырақ табыты мұздақ бетінде шашылып қалған. Көксерке қадаулы қылыштай Мәңгілік басы ұлықталған. Мың жыл бұрынғы жазулы қыштай. Етегін қағып сұлба жол тұрады басы құт қардан.

Жақын сылдырлар, алыс сарындар сондай мұң ізді. Таулардан тамады үнсіз мейірім байғыз-сыбызғы. Тілсіз өлеңге мінсіз бей үнін қарыздар... (Ғарышта кім бар?) Діңіңде сауалды ең жақын сыбдыр, таныс сарындар... Иә, Құдай-ау! Қара түн салбырап төнеді, мүрдесі барады қалқып. Самалдың сақалы көл бетін үрлеп, үйрекпен сызады баяу. Біздің үй. Ен жайлау. Дара мұнартып... Көңілде кірбің сынады, жаяу. Өмілдіріктен асқан өзеннің өркешін зерлі үзеңгі қауып, Қараөткел қол бұлғап ағады... Ұзады... Аяу... Боз жал толқынның көкжал күшімен түзелдік, ауып. Заман таяқ жеп өтеді осылай өткелден, түзем жылауық. Сан мың күліктің ізінде ән-мұң ұялап, Балапан шиқылы; Жағалау өзімен мазасыз, шағала – өзімен күйкілі. Көне дыбыстай тілдесіп, үндесіп Көң менен көк аспан; Көгеннің басында түнейді көбік бұлт ұйқылы.

СЕНЕН...

Жанымен сезінер ғаламның өлең-дастанын, Санама көтерген жерін кең, көлемді аспанын. Даланың үнімен қаламым жортады, әнімен, жаныммен, Сөнемін қас қағым. Алмаған басқадан қол ұшын, таңдаған тон ішін, Қазақтың қайғысы – соғысым, қонысым; Сол үшін – сенен басқамын, бауырым. Сан қилы баста мұң, діңімде сау ырым, Шыныммен таусылам түнімен тамшылап. Тұнатын таң шығы жаралған тамшыдан дәуірім, Белдерден асқамын сан ғұмыр қаңсыған, Сол үшін – сенен басқамын, бауырым. Тәніме таңбалап мың сырлы баспа ығын, Жүбінде өрілген мың түрлі таспаның. Түбіме жететін жегі кем – борышым; Сол үшін – өзіңнен басқамын, бауырым.

Көзімде аулағам мекиен сор ішін, Көтеріп қайысқан көкөрім жауырын, Гүлдерден жан сұрап... Жырымен аршыған Жылқының сауырын. Нәр алған парсыдан сан ғасыр – сау ұғым; Сол үшін – сенен басқамын, бауырым.

  • *

Ойын өмір. Теріс көштік... Оң көштік... Миымызды қырқып түсті соңғы өштік. Қарашірік қаймағы май сайда емес, Қайдағы бір қасат-қасат тоңда өстік. Аязға ықтап, тамыр терең сіңбеген, Таяз жерден нәр келеді дінге кем. Көштің жолы көп-көп айшық, жүз өрнек, Бара жатыр көктем қайтып... Күз өрлеп... Ор шудасы орқаш-орқаш шыңды орап, Бұлт шөгеді бұйра жонға тізерлеп.

БОЯУЛЫ МАУСЫМ

Жібек бұлттардың шетін сөгілген, Жерошақ түтінімен жамап... Ауылда. Тастардың секпіл бетіне сіңген, Сезім қынасы ғажап... Жауында. Дала әлдиі жүдеп түнеді, Бозала биедей құлынды таңым – бие бауында. Дір етті демім, самал жел баяу бұлқынып, Қызыл шырақтай жүректің өңі. Тана гүлдер де жаутаң аяу – нұр тұнып, Түте бұлт жылап өледі, Найзағай шықпыртып тіліп; Сұрғылт желеңі – өңірін өрт шалған, Тұтқыр түнектен. Түте бұлт жылап өледі, тәңір айығып. Меруерт тісінен күлкісін төгіп, Шие ернінде қира дауысы таң райының. Мейірім жылуын жинаған тау іші. Бота көзіне мамыр айының Майса шықтарын сыйлаған Маусым.

ТҮСКЕ ОРАНҒАН КҮЗ

Күздің жауһар жаңбыры күз бұрымында,

Жапырақ жездей салмақты. Түсіңде қаңбақ ығады, ызғырық тұманын басып. Жүлгелер үнсіз сан дақты, су аяңдайды. Таулар түксиген абыз, сақалы белден, Өкпелі өткінші өксіп жылай алмайды. Қайтқан шілденің қапырық ауа райында Қақалып өлген. Зіл батпан төбеден өкшемен ұрады, Өкпең өрт болып лаулайды Парақтар шырағында ұшып. Жастық шақ көрген түсіңдей ұмыт қалады. Сарыала сағыныштар жұмағы ұрғашы; Еміс естисің ешкім еместігіңді, Сұлық айналаң. Діңі байланған талдар мен бұлақ ымдасып. Өзіңді көресің судағы сынық айнадан, Сөзіңді тыңдайсың іштегі құлағыңды басып. Өзіңді қинайсың солай сана ғаламатымен, Түсіңде тағы көресің жалғасын жұлдыз-ғұмырдың. Маңырап қайтады кешегі ойың далаға түнеген, Күздің суық жүзінде күндізгі кірбің.

ӨЛЕҢ ЕМЕС ӨЛЕҢ

Тау бағып, Абай, жаурадың талай Арқаның зәрлі сан «ақпанында». «Қан теңіз» кештің сен қабағат қанат қағымда. Қайта келдің бе, замана абызы-ау, «қалың жұртыңа» Қазақ сорлының абат таңы атқанында?! Жығылып жүдедің алақан жайып ажал соңынан, Жылылық тіледің тас тінділердің тажал тоңынан. Арландар тістеп, қайран бауырларыңның қоңынан Арманда кеткен артыңнан бір топ қоңыр аң. Сен бастарды көрмедің әйтеуір ағат кесілген, Тағат таппаған елің, айырылып ерден Есілден. Жұлдыздар бытырап ақыретсіздер сіңген мынау далаң да Аһ ұрып жатыр анары шұрқ-шұрқ тесілген. Сол дала төсінен сүт деп біз ірің емеміз, Сор, нала шырмаған шоқынды дүрмек, тірі денеміз. Қиылған тілінің қырқыны қалған жұртқа жапақтап, Домбыра пернесін кезіп күңіренеміз. Күйерміз осылай, күнсіздің мәңгі мінін сілерміз,

Кеш, Құдай, біздердей топтарды, Кеш Абай күлімсілерді. Батырын табалап, жақынын жер еткендерміз. Ақынын сабаған ғаламда бірінші елміз. О, мәрт Абай, жүрекке таңба иттерге талатқаның да Жаурадың талай Арқаның зәрлі сан «ақпанында». Бармағым айтады тістеуден мәңгі қажыған; ............................................................................... Қазақтың қатесі – Абайды сабатқанында.

«ЖҰЛДЫЗДЫҢ ЛАҒЫЛ ЕЛЕСІ» КІТАБЫНАН

ЗАҢДЫЛЫҚ

«Барлығын мұқият өзгерту...» эдуарт эстлин камингс Бар өсімдік өзінің жойылатын мазмұнын: Қақсап айтар Тәңірге ғұмырының Аздығын. Құтылуды ойлайды, ол мыс сырнайға Қосып Үн. Ортаға қас, толыға тоқтық сыйлар осы күн: Пақырларды жалғыздық, Тақырларды жебір жеп, тазалайды іріңнен Тақиясыз тазды Мың. Сарқылмайтын садақа ас, қара тасты Терлетіп, Байлық аққан өзенде барады Бақ-сең кетіп. Күліктердің тұяғы алтын шашып аспанға Бұлт бауырын иіскелеп тамсанады жерде түк. Зейнет кешкен бейнетқор жетегінде жел күліп, Жемтік тесер құзғынға жем нұсқары белгілі. Күн иесі көрсетіп күзен-күзде бір қылық, Басқаларды мақтаумен қарға болды мың бұлбұл.

Сұлулықты мысқалдап тышқан тасып тасада, Дарияның өткелсіз жағасында жүр бұғып. Арғы беттен шын бақыт шалдырады сұлбасын, Жалғыз ғасыр сол үшін оққа байлар тұл басын. Ойдың терең иірімі, қолда қыздың бұйрығы... Қой бағады обалсыз қотан былғар кір бас ұл. – Бақыт соңы әуелгі ән жететін қыр басы. Уақыттың таяудан сыңғырлайды сырғасы... –

Дейді қойшы ұл; «қомақты аяғында миы бар – Біздің жақтың баяғы құдайы да ұрғашы...» Денесімен көк тасты осып өтер ісініп Жерге енсе екен осындай өзімшілдеу түсінік. Үмітсіздер, сайтандар, түбі тесік зереңдер Барлығының көмейін тот бітепті демеңдер. Зереңдердің түбіне көзіңді сал, зерде тік. Тесік ыдыс секілді тірлікте көп кем-кетік. Бұлт бауырын иіскелеп, нәр дәметкен далаға Нұр жаумайды селдетіп. – Екінші рет өмірге келуіме ерік бер! Кесененің есігін кере ашқан жеріктер. – Жыламаңдар! Мүрделер, тірі жүрген сүйектер, Жолдағыға сауап қып, қалғандарға ниет бер. Ниет түбін ақтарып, ала көмсін жауыздар Жүректе – жүк Мида – мұз, өкпеде – жел, ауызда – ар, Айша қайда аламан? – «Ала бүйрек топтасты бұрымымен бауыздар!» Өткен іздер соңынан іңір кешіп осылай Мүрде жатқан молаға Жалбарынған досым-ай! Аруақтар тұрған жер мәңгі көктем – Қиялдан, Алтын бұтақ – Зімістан алаулы ойдан Ұялған Ей, досым-ай, досым-ай! Сенің жүрген жолыңа, жаз табыты – гүл өнген. Өңі басқа ғарышта тас сүзісті білем мен. Өте шығар әлемнен өңшең бейбақ шұбырып, Жақсы тумас дәуірде «бақсы» болды-ау Кілең ГЕН... Жұлдыздардың жылусыз жарығына аздаған Созылады жасындай бейқияли жазған ән. Көлеңкеде өскен тал мың жыл үшін Ширығып: Қуаты үшін, құны үшін құралақан назданар. Жапырақтың сабағын жел қозғаса мамырда Жақсылықтың үнімен қан ойнайды тамырда. Адам-Хауа ақырғы бір құндақта оянып, Жадау жерде «аһ ұрды» жаңа адам, жаңа ырғақ. Сұқсұр құстың қанатынан тамшы ағып, Қарасудың ажарын қайрымды етті қаншалық? Жоқтан аттап өтетін жолдың тұйық бойында Өзіменен алысып өңін шайды барша жұрт. Балапан-ой талпынды, үрейлісі – бақ қысқа; ...Қара шаштың түбіне ұя салды ақ құстар. Өз қолынан келмейтін армандары

Өзгеден, Күннің соңы осылай шашатынын сезбеп ем. Сөз көгінен құлады қаз дауысы мөлдіреп, Көл аунайды көрбілте қараңғылау Кезде кең. Сол қаздардың қанаты қар әкеліп қылаулы Қара бұлттар қаңтарға үйретеді жылауды. Қайта айланбас уақыт қабағынан қан тамып, Қыстың күміс кірпігі қар тұтады қыраулы. Кәрі уақыт пернесін шертіп тұрып құбылды. Мың жапырақ соны ойлап аяғыңа жығылды. Көз жасы жоқ, мұңы жоқ Жыламайтын әлем дүр: Көлеңкені жамылып көмбіс құмға тығылды. Көк жапырақ тағы да бетін жыртып Жылады. Маң серектің түбінде көлеңкенің тымағы, Ал сонан соң бір пырақ, Қайшылап қос құлағын, тіп-тік өскен Жандардың басын бырт-бырт жұлады!

ДОҒА

Күнге қарап Күлімдей біл, көңіл күйін шерт те бір, Денем ысып Дірілдейді, үйреншікті дерт тегі. Заростра мәстектері Ыстық шыққан иығына! парсылардың терлігімен Ерттеліп. «Пехлеви мәні терең – Құрық жетпес «Қараңғы» Сыздатады... Мұздатады Тілге шыққан жарамды. – Тексіздермен Шексең сапар... Тебіндірген «шабан мін». Тесірейген ақкөз ғұмыр, Саған неге, Шағам мұң?! Сертке – нарау Анттан – ада Терісі жоқ – Санамның! Қолдыраған қоң етіме Салам құм! Мұқтаж емен Мұрасына Мұжықтың... Маззинизм ауласында Таныс маған Сызық-мың. «Көкайылдың кекесіні»... Көзінде екен. /Қызық бұл/ Көрші ауылдың текешігі Есігімді сүзіп тұр.

ЗАУАЛ

Сарарқаның жүрегіне Операция жасатқандарға, Салқын қымызбен қоса сасыған ет асатқандарға, Талайдың басын әңкі-тәңкі еткен Сұм-сұмдықтарымен Тағдыр таразысына тасадан ауыр Тас атқандарға – Зауал! Қалқаманды атып, ақ Баяндарды Зорлағандарға, Оспанды ұстарда оспадарларды Қолдағандарға, Қу тамағына отанын сатқан Оңбағандарға, Қуғынға түскен Зуха қажыны Қорлағандарға – Зауал! Ақиқаттың алдын ораған қарақшыларға, Атаукере үшін анасын сатқан Арапшыларға, «Қасқа бас болса сарапсыз өткіз, дана солар», – деп, Кезектегі ұлдың кекілін санаған Сарапшыларға – Зауал! Қуыс кеудесіне қулықтың түрін Жинағандарға, Бірге туса да кең дүниеге Сыймағандарға, Жабыны жаратып, пырақты Тоқтай қинағандарға, Өктем үн қатып төменгілерге, Өзінен зорды сыйлағандарға – Зауал! Жұдырық жұмсап, Жұлығын жалатып жығылғандарға, Жұқа жүйке мен жұлында

Қайнаған зығырдандарға. Құран, намазды «наша» деп Найза суырғандарға «Құдай берді» деп құлынының етін қуырғандарға – Зауал. Пәле-жаламен қоңсы қонатындарға, Нағыз жалаға жолшы Болатындарға, Құндыз жағасын құрандай баптап, Жұлдызнамаға қол шығаратындарға – Зауал! Тас көмір артып табаны тесік қара нарларға, Алпыс неше жыл ақшаға байлап сабанғандарға, Өтеміс ұлы айтқандай: «...Өз басына өзі жау болып...» Өз тілін сормай басқаның Аузын жалағандарға – Зауал! Зымияндар зынданының тілсіз Тірі құлыптарының, Зымыран жалғанның ділсіз Ұлықтарының Шашбауын көтеріп, астауын жалаған, Тұнықтан шығып, лайға сіңген Кіріптар ұлымын... Сол үшін маған да – Зауал!

ҒҰМЫР ФОРМУЛАСЫ

Суалған гүл... Қуарған қыр... Кері баққан дүние. Арктика-құдай жебесі – Жерді жатқан Күйіне! Ала толқындар алмасқан сәтте Мұздақтар үйіліп – Құрлықтар маңдайына, Тер қатқан һәм Таулар отпен толғатқан Жиірек! Локония ағымы – Үш бұрыш кеңістік, Он екі тарау Кең қақпа. Безгің келеді безбен-тірліктен Бейуақта... – ?.. – Бесігі бабамның –

«Жұлдыз аралдағы» алау, Бейазауат мекенінде. Мейлі ол Торонтода Немесе ең ұзақта... Метагалактика сырын Білген кім? – Әпсана жолы, Альфа перісі – жүрген мың. Бір санның артында 76 нөл Шамамен... – Ал сәуле кемесі іргеңде... Жұлдызаралық қашықтық – Қас қағым уақыт өлшемнен ғана Тұрады. Әзірше ашылмаған сыр Бірақ Ол, Адам жанына аспаннан Жауған лағыл... Әлде бір жасырын күштің Лаңы... Ойлап қараңыз: Майя дәуірінен әлемде қалған Мұраны! Кімнің көріпкелі дәлелдер екен, Шырағым?! Алғашқы тірлік иесі – Адам тәріздес жанды мақұлықтар Тұрағын. Рим, Гректер – сол мақұлықтардың соңғы әулетінен... ...Ойшылдар балшықтан жасалған Пирамида, атом тетіктері, Тек сана сезімнен, Шеген боп қасаңданған Мәрмәр – құдай мүсіні Қайтадан қашалмаған. ...Ғажайып елес! Адам Маймылдан емес, Маймыл құрып бара жатқан Үйелмен... Табиғи құпия – (Мальтус теориясындай!) Ана, Жер-ана мүмкін, Ұрық таратқан басқа ғарышқа – Сүйенген... Иә, осындай Тріліктің қысқа бір сәті, Адам санаты, жер жүзін шайқайды. Тұрса тік, Мысыр...

Самарқан... Бағдат ғимараты, рухы жаңғырып, Мәңгілік сені табады Тұмса түн. (Топырақ бір шөкім...) Сана тартылыс таразысы – Рух соғысы – дұрысы... Өлім – сезіну бұрышы. Өмір – үшбұрыш құбылыс! Бақылап тұратын бір күш бар Тіршілік тынысын... ...Құпия бір күш бар, Құдірет! Табиғи теңдікті тұр ма ұстап?.. Құлайды жапырақ, зымыстан Қаһары! Ал құдайдың құлдары Адольф Гитлер, Атақты Шыңғыс хан... Ақыл қонады – Сократ, Брунилерге Жаңадан. Жатыр «қонағы» – Жасалар, сірә, Санадан... Антропологтар Анти-Кесіртке /тәнін/ Сараптап, аптап Далада! Тірлік шамшырағы Жанып, Қоршаған ортаң мәңгі Жынданып, «Ақын» болады бар Адам... Энтропия бәле! Қызықты дәріс үйрену – Электро-әлем! Шексіз кеңістік «бүйрегі», Дирак теңізі, Миллиард жұлдыздар... Шешілер жұмбақ Кешікпей. (Кешір! Әзірше санамыз әлі «бесікте!») Мәселе мәні – Материяны ғана Игеру; Табиғат сыры

Балиғат сыры бүкпе Тым. Тауыса алмайсың Пәни тарихы түп-тегін. Дарвин жемісі Дәмдірек!!! Әлбетте, Логика оған Қажетсіз? Атом бөлігі іспетті, Адам да бір кез Нүкте-тін... ...Көне үндістер Этимологиялық тілі Алғаш: Құпия дәуірдің күшімен Құралған. Құрбақа үнінде бір Гәп бар. Құрлыққа тіл қатқан! Ғибадат қазығы, Тірі аңдар! Бойынан сыр аңғар, Бәрі үндес... Бозторғай шырылы Мың алуан... Онсыз Бұлбұлдар «Семантикасы» Сыңаржақ...

ТҮС

Бақұлдасуға жара – Күйіммен, Періштем келді ақ ниет, Қара киіммен. Жансыз адамдар кеткен Мәнсіз фәниде мынау – Сансыз пырақтар әлсіз Пысқырған санада үйірген. Майрылтпас мейлі Тосыннан келген мықтылық Кімді. Өмірдің бәрі шүбә мен Күман-күптілік тінді. Қара киімді, Қасиеттінің алау нұры ма, Дара жанарда дара Шық тұнып тұрды. Құлын күндер-ай.

Қаралы тобынан адасып Қалған. Жарасым келер ме енді, Жады ашықтардан. Қалың қыршын ерлердің Зәрін іштірген, Жаным түршігер түрлі Қарашықтардан. Байыпсыз аяз, бала-самала, Бағасыз аптап. Қара көз толқиды жайсаң, Жағасы аппақ. Меңзең рухтар қалқып Қарала бұлттарға енсе, Өндірде өледі ағаш лақтап. Жаным кісінеп жалғызсырайды, Жақсы емес жайым. Жақыным алыс, маңымда бақсы-Елес. Уайым. Оу, аспан төрінен ажарын шашқан Ана-тәңірім, Аман тұрсың ба, Жаман ақ тегеш-Айым?..

  • * Жел жазықты кезеді... Бәлкім бетпенен. Көлеңке сипайды салқын леппенен. Көктен, Көктен ризық жауғанша: – Көктем! Көктем! – деп мәлкілдеп келем. Шыңдар тәкаппар – Шаңқан шатыры ақ. Өзгеше өңге енген Өзгеше атырап. Аспанға алақан жайып Шырақ сұрай ма, Кешегі сөнген жапырақ? Бақыт біткенді, Бақыт біткенді тысқа бағыштар, Қабағын түйе аққан сұрқай Дұшпан ағыстар Балапан үнімен қиқу боп ұшады-ау тағы – Кеудеме қыстаған құстар. О, тәңірім! Қалайға қалай ауысты арманым?

Көктем... Сағындым, иә, дауыстар дәмін. Неліктен қуанады екен Желіккен самал мен Ақ пейіл Сауысқандарым?

  1. 04. 10 * «...Терең ойлап тесіле қара...» М. Құрманхан

Еске түсті есіл күндер талайғым, Самайымда ізі қалды сан айдың. Жалпақ дала, жарты фәни – жомарттық, Сана қырсау, жатыр толқып жан-айдын. Дүние кең, сол жалғаннан тарайды Үн. Сал әуені құтырады сарайдың... Іріген құм, ашыған су, ал сосын, Шіріген бір жұмыртқа тұр, қараймын. Солар үшін қаншама мұң жазды адам? Дейді мылқау: – Мың да адаса жаздаған! – Мен ғашықпын! – десем қызға: Ол үнсіз. Аяды ма, ақша берді аздаған. Кешір дейді кесірі мол кеңес күн. Керемет не, мүмкін соған теңестім. Ең алғашқы ермек үшін тудым да... Айқайладым: «Ең соңғысы емеспін!» Есек дәме: Желге ұшты ма жаздағы Ән? Отың қайда тозақтағы маздаған? Десем мылқау: (тағы, тағы таңданыс) «Шоң бабалар шоқтан сүйе жаздаған!» Ең ыңғайсыз, ең тебірік тұңғиық. Олай болса алға қарай ілбиік. Мен таусылдым. Ертең тура осылай: Сен туасың ашаң қарның ілмиіп.

  • *

Сайдың ыстық қолтығына құлап түн, Сілекейін сорып жатыр бұлақтың. Бірақ, мұнда бір ғажайып ән бастап: Жетім даусы жаңғырады лақтың. Әлсіз зарлау, әлсіз маңырау «қуатты»,

Құрышына жабысады құлақтың. Ел қыдыры соңғы әуенге басты ма? Ен дүбірі таяп келді жырақтың. Шекесінде бақыты жоқ кертік қыр, Сол лақтың көмекейін шертіп тұр. Ес түбінен қос иінін қозғап Ой: – Семсерге де, – дейді, – берік серт ұқтыр. Сақал шашы жалбыраған қара аспан, Сыр тартады Шам, Самара Тарастан. Көз түбінен қос иінін қозғайды Ой: – Өз тілегі, өз қарнына жарасқан! Лақ мұңы: Жел қайғырып, құм күлер, Лақ мұңы – түнгі шипа, түнгі мөр. Осылайша Рим қайта түлеген Осылайша маңыраған Үнділер! Алыс менің сәттік, сәттік Жұмағым, Десем тағы маңырайды лағым. Құшып сүйген бабам неткен мәрт еді... Махамбеттің тұлпарының құмағын. Лақ мұңы: Мені жынды қылатын, Мұнарыңа ора, ой-хой, бұла түн, Құйқылжытып қайда қашып барасың? Құйрығында жұлдызы бар құла атым? Амал бар ма ақ лақтың «мысына», Тартты мені тау киенің ішіне. Сол дауысты, жібек қанат дауысты, Түйіп алдым қаламымның ұшына.

  • *

Мың тамшы нұрлы – Ұмытар Мұнар кешті кім? Еңірей жауған есіл жауыннан Ең соңғы сырды естідім. – Ей, от-дене, Жер-су үстінде, Есеңгіреп тұр ма ескі Дін? Мың тамшы жұлдыз – Жылауық айым, кеш, Күнім. Керемет екен кеше боп өтер кескінің. Қайран жапырақ, Қайсарлық пірі ме едің сен? Қайқайып тұрып тұмсығын сүйген Ешкінің. Жапырақ...

Ешкі... Есіл де есіл сүт ақты. Сүт-уыз керген шөлдеген барлық Бұтақты. Жел деген сиқыр орылған дала бетінде, Қолымнан жұлды Сөнбеген соңы Кітапты. Ай шуақ Күлік Алмауыт күймен сыр мінген, Айыра көрші ащы су – Әмсе кірбіңнен. Құралай-соқыр, құр қолмын, Міне, құралсыз. Құмдағы жортқан құмырысқаны Оқып тұрмын Мен. Ғаламат түрен, ғабағат сүрен кеспірің, Кесіртке күлген, кесепат кезген Кешқұрым. Көртопырақта көктер тарамыс гүлмін Ақырғы: Танымайсыңдар ә, ешбірің...

  • *

Қыбырлап жүріп қыңыр қаңғып ек, Қынында қиналды қызыл қан жүдеп. Жұлынның жұқарып – жұтаң темір өзегі, Жұдырық секілді бекем жұмылған жүрек.

Жұмылған жүрек, жұмылған жел, керген ісік, Өз оғымен пида болғандай мергендер ұшып – Қай елден кем едік бағзыда еге? Әйелдер көкпар тартады... Неге? Ерлер көрісіп.

Аспаннан қарайды арайлы, Кірпіксіз күнім. Аузында тұрмыз әйтеуір жыртық сүзгінің.

Рух-пырақтар ғана ойнайды серекке Шапшып, Сілкіп тізгінін. Қадірлі биіктің қатаң қас-қабағын ұқ Дегендей:

Мөп-мөлдір арлар қашады тастан Ағылып. Жер жастанғырлар жерұйық, Таңдайды-ау жарық Аспан астында асқазаны ұлып.

Өмір өте бере ме өстіп сүле кейіндей, (Өңірден төменгі өзімді күл етейін бе, ей?..) Бір кермек аунап өзекте жанады өрт боп, әрине, Өрен жүйріктің өрен сілекейіндей.

  • *

Дымын жұттым күн сайын қара бастың, Тұмсығы қан, тойымсыз талады аш мұң. Кештің соңы – кереғар Мазмұндардай, Кештің соңы – кеселді Жалаңаш тін. Иықтағы жүк жеңіл, «қарбыз» аман. Дала бауырын күн сипап, қар бұзады әм. Бүгінгі түн түн емес, нағыз бей-түн, нүндізінен жел – еспес Жалғыз адам. Жалғыз адам – қара тін қара жұмбақ, Бақылдайды ол жан-күйін сәл адымдап. Көзін тастап жоғалған шалғайдағы Ол: Шақырады шарасыз сананы ымдап. Біз құйрығын бұлғайды білте түн де. Мыс мүйізді бұғы жүр бұлт өтінде. Жалғыз дана, Жалқы бас қу-мүсініннің Кек ойнайды кедірлеу ұрт етінде. Сілкінеді бір ауық күйе-

күңгей. Түз түнегі бейтанық киелі үндей. Ай, ай туды /қараңыз!/ Қалтарыстан, Тіс мүжіген өріктің сүйегіндей. 1995.06.10

  • *

Көп ай болды ел дырдуға салғалы. Асқазанға құлақ бітті қалқиған. Көкке қарап сақ-сақ күліп Балбалы, Көн далада шөп ұшынан шалқиды ән.

Жатыр түздер бүлк-бүлк соғып тамыры, Теріс ақты, теріс ақты бар бұлақ. Құранымен қайшыласып Тәңірі, Құлағымен шапқылап жүр арғымақ.

Баласындай зыр жүгірді Абайдың, Артық туған, шалқып туған Құнанбай. Қолдың қаны қызыл гүл боп талай мың, Жолдың бәрі иірілді жыландай.

Ми жын болды, бас қарын, Кісі артына орман өсті жалаудан. Мәстектердің көрдік талай «асқарын», Аспай жүрген белуардан, танаудан. Бақыттының жабығында жортып таң, Уақыт күнін іңір жұтып қап-қара. Мұз, мұз туып мейірім жатқан қолтықтан, Қыж-қыж қайнап міскін отыр тақта арам. Иесі үйдің ит миына жерік-ті, Келешек тұр арсылдаған қарғылы. Көмейіне түйе сыйды бөрікті. Кедейінен ұзамаған жарлының. Өзімізді айыра алмай сүліктен, Көзімізді сатып лайым көп ізге. Желісті деп, Келісті деп Күліктен, Теріс қарап мініп жүрміз Өгізге.

О, Жасаған, «Көккептердің кебін ұқ...» Бас жібі құр, ал қамшымыз – Қияқтан. Өгіз алға, біз кейінге тебініп, Сүйек терін ағызамыз тұяқтан!

  1. Тамыз

МАМЫР КЕШІ

(Пейзаж) Күн еңкейді, шын еңкейді, түңілдім... Тас астынан түрегелді іңір-мұң. Тянь-Шанның тік басынан ұшқан күн, Құшағына бір-ақ кірді Құмылдың. Кеш әуені кереметтей тұшымды, ә? Құдірет бар бұлттың жалқын мысында. Дөңгелейді алма-кезек күрең күн, Аққулардың қанатының ұшында. Күн еңкейді, түбі өртенді қызарып, Сұлап жатыр сұм көлеңке сызы әлі. Көбелектің қанатын жел тербейді, Шегірткені шырылдатып ыза ғып. Іңір келді, түбірленді ұлы түн. Бірақ күннің жүрген ізі жылы тым. Қызыл-сары нұрмен бояп тұрғандай, Ай мүйізі жез серектің түбітін.

Құлпырып тұр, құлпырып тұр кеш мүлде, Жұлдыз ақты қарамастан ешкімге. Тағзым етіп басымды ием, дариға-ай! Таулар деген таңғажайып кескінге.

Түн бүркеді, түн бүркеді, шаршадым. Гүл ішінен тұрды тағы барша мұң. Қайран күндіз бұрқ етті де жоғалды Шөкім ғана түтініндей аршаның.

  • * Қарасудың әр тасында керемет үн бар.

Мен құдайға, Құдай маған қажет Шын... Бұл ойымды құлжа ойнаған тасқа айттым.

Ғұмырымның күзі келді, жазы өтті. Самайымды сал уақыт қасқайтты.

Қасқа басқа бақ қонбаған ақ үрпек. Себебі сол, бақтың бәрі ақ сағым... Ағыл жырың, тегіл үнің тағы үркек, Қақпасына жасырынған жақшаның.

Түсінісу тұшымдырақ кереңмен, Керең тірлік кесірліктен адалдау. Кендір сөзден кең салауат терем деп Керемет бір, керемет кір табам дау.

Жолға тастап кебенек пен кебінді, Басқа әлемнің сілеміне адасам. Жан дауысы жаһан кезді тегімнің, Кірпігімнің бір талшығын қадасам.

Мен құдайға, құдай маған керек пе? Бұл Ес үшін күнәлімін сізге Мен. Ғұмырымның әр таңбасы серекте, Мың қанша жыл іздеген.

Бір тал шаштың кір салмағын Күшеніп: Көтереді көк желкеден мысқал Үн. Күтеді ол қабағынан қыс өріп Менің қызыл шыбынымның ұшқанын.

  1. Тамыз
  • *

Күн ыстық, Күрең ойдың шоқ жалмайды икемін. Қимылдардың алдындағы тыныштық, Қабығында қалғып отыр жүйкенің. Құр шындық; тысқа шықпас, суда жүзген балықтай. Өзгерістер шегіністің сырынан. Қалыптасты, қалыптасты жалықпай. Тірлігім: Бірлігі жоқ өзендердей мың сала. Қара таспын бүгін, кезеңге өрлей, кезеңге өрлей жусаған. Кетсем бе екен ең ақырғы нүктесі боп Шимайдың?.. Өкінбеймін, тірілердің санасында Мәңгі көктер бидаймын. Бидаймын, Өнімімін игі жылдың, сыйлы айдың Құлағымнан төмен тартты құйдай Мұң. Өмір жаңалық емес, Бірақ, Мені көміп жатқандарды қимаймын! 1995. 10.30

КӨГІЛДІР-ШАБЫТ «Көктем..... Күн ұзақ..... Сүйіктімнің есімі...» Эзра Паунд

Зеңгірде қалқып қанаты – жерге ағып түсті денесі. Күндіздің шамы жанатын – Жұлдыздың лағыл елесі. Елесі Өрен күн айдың Еркелеп жетті мұңайып. Аспаным сілікті кірпігін Қас қағым сәтке лайық. Бұла ғып жалқын күн көзін, Түн ағып түсті осылай Шығыстың тіп-тік Күмбезі, Күмістен соққан мосыдай. Түн өліп солай бесінде Түнек-ой тарап, Таң күлді. Елеусіз қалған есімнен ескі әннің бәрі жаңғырды. Түйірі мойыл жаңбырдың Иіді жойқын сел – күші. Сор Құмға батты тағдырдың, Қор қылған сұрау белгісі. Зеңгірде қалқып қанаты, жерге ағып түсті денесі. Күндіздің шамы жанатын – Жұлдыздың лағыл елесі. 1995.01.18 «АҚ ТЕГЕРШІК» КІТАБЫНАН

  • *

Қарияның көкірегінен қобыз тамса бір қалақ. Сынып түскен көздің жасы еңбектейді Жердің бетін тырмалап. Арғымақтың тұяғынан тағыда бір жыл Ұшты.

Ла тахынату мир-рахматуллаһ.

  • *

Сауал жусап жатады әр ізде мың, Қайрақ тасты тырналап нәр іздедім. Қыңсылаған күшік үн қайда қашты, Кеуіп қалған тіліме «Қарызды едім».

Құм көшегі күй салып, өз қанын жеп, Сыбызғы ойнап келеді, Тозған індет. Торала бел сауырына жыра тартып, Көмейінде сол белдің боздады інген.

Ит солықтап ішінде көсегенің, Қапырық кек шашады Көсе-көгім. Түсім сынып амалсыз айға соқты-ау, Көбелектің қанатын төсенемін.

  • *

Қайталады-ау тырна үнін шың дара, Құлын туды енесінің тамырынан сырғанап. Барлық әлем кісінейді, Сол сәттен соң, ғажап-ай, Жансыз әуен көзін ашты тырналап. Ана Алтайдың ар жағынан ақжал атым арқанын, Соза тартты ойнақтатып бойындағы бар қанын. Шоқтығына жел жетпейтін ірі шыңның ығында, Қарауылға байлаулы екен – қайран менің тарпаңым. Қарапайым, қара ырыс, ой-бой, неткен қаралы іс, Басталмаған келешектің түбі жыртық парағы ыс. Бұталардың өңі пәстеу көрінеді, тағы да Кәрі апамның білегіндей Қаудыраған тарамыс. Сан мың қиян көрінеді осылайша дүрбімнен

Бір күнге арнау таба алмадым бір күнге ем. Үлкен үйдің іргесі алыс болғасын ба кім білген, Үзеңгімді ұзарта алмай жүрмін мен.

  • *

Көңілсіз күз аялы жапырағын сілкілеп, Ши түбінен еседі бұлаң құйрық түлкі-ілеп. Қылаң тұман тау басын қырқай шауып барады. Судың бетін ұшықтап сумақы бұлт – сұр түнек.

Тіршіліктің қимылын тіп-тік өскен шиден біл, Дейді соңғы мерзімдей қасиеті күйген Діл. Қайта соғар уақыттың қарасында қалғиды Ең ақырғы ғұмырын бір қауызға түйген гүл.

Қараға айтар дәтім жоқ, қайыспаса бозға Сын. Қайдан тамған атау нәр қайғымды аздап қозғасын. Құс пен айдын секілді қақ бөлінді бір сәтке, Ұстараның жүзіне қаңғып түскен көз жасым.

  • *

Қай заманғы тәңірдің нұрын төккен түріндей Түсімдегі аңыздар: Күшпен туған тірі үндей. Құйрығында күліктің желбіреген пайым-ау, Сүле-сүле енге ауып сүт киеге сүрінбе.

Шың басынан шырпымен шықпыртқанда Кешкі жай, Елес дәмі тамады есесі көк еске ұдай... Денесі жоқ үн көрем: Сенесіз бе, қымбаттым, Табыспасам сол үнмен аластамай кеш, құдай.

Ен даланың күбірін талмап тұрып құшып ем, Сипап өтті бір сауал кірпігінің ұшымен, Беу, самалым, Сен мені тағы алдауға келдің бе, Табандаған баяғы тамырыңның күшімен? Жаным солай, қара ымырт Саңлаусыз түкпір-ді, Қай заманғы тәңірдің жарқылы ол деп Ұқтырдың. Үштің айы амалсыз кеудесіне жапсырған Гүлдің соңғы аялы төбе шашы тік тұрды.

  • *

Бәрі бекер қызылы бар, қызығы бар Сағымның, Аузына ұрдым қақпаның мен тағыңның, Табылмайтын ұжымақты Неге сонша аңсайсың, Бар несібең, ырысың да кірісінде жағыңның.

Күшік өмір сілкінеді іздейтіндей түзде ісін, Түтігіңнен қашқан ұшқын: Түзден ниетін үзбесін. Хан сарайы, қайыршы өлген қайран ана-дала мен Сенің соңғы тірлігіңдей екібеткей күзге сын.

Ит жатағы, қоян жымы – бүгінгі өрнек құр ада. Өрнек мәнін, Жөргек мәнін ұқпадық-ау сірә да. Сақтандыршы, майдан-ғасыр, алдамашы, өтінем. Сақтандыршы Қайырымы аз мынау масыл мұрадан.

Қайта айланар айбарлы айдың сақалындай Желік кіл. Жанның нәзік шапағы кеп балағатқа жеріпті. Желбегей шөп, Кешір бізді, уақыт... Кекселенбес сағыныштар қоштасуға келіп тұр.

  • *

Кетер шындық, жетер уақыт Күйігінен сөз ілгем. Тілмен жалап ерінімді нәр беремін төзімге. Кұдай үшін туған жандай... Бәлдендік-ау біз кімге Өткен сәттен дәмеленіп жын шашылған Көзіңнен.

Күн шеңберін сәл қалқалап, көнбейтұғын Күйені ұқ. Ол да жалған, қыстан қалған құстың Құ-лан-иегі. Қос қарашық мөлдірейді сол маңда, Қос ғашықтай бір-біріне сүйеніп.

  • * Бүгінімді жақсы көрем Ертеңіме қарамай. Солай деген – дара рәбай. Дана Абай. Ертең деген – ертегіні жаттағаннан жалықтық, Ертегінің сарындары ызыңы жоқ арадай.

Бүгін деген: Елесімнен ен сап берген еншім-ді. Сол еншіден дәметеміз кәде тегін – Ке-лі-сім-ді. Айтқан сөзің жаңғырық па, оу, бала... Бал үміттен айналайын жел-сіңді.

Ертең десем: Еске оралар есесі жоқ күпірлік, Иығымнан басады ойлар бағытымды бүкір ғып. Күнделіктің бетіндегі андыз-андыз Сұлбадай, Жасыл шөппен қайтқан Жылға шүкірлік.

  • *

Құсқым келеді қудай дауысын естіп Сырнайдың, Өзімнен алыс, өзіме жақын тұр қайғым. Тәніме неге Сенбейсің мүлде деймін де: Тәлкектің күлі – тәңірдің көзін тырнаймын.

Өш алам солай тырнақтың сөгіп көбесін, Негізгі меже: Пайыммен жаулау пайымның биік дөңесін. Жылжымай өрге-ылдиға қарап бірақ та Билік айтады: Қызыл жол. Қызыл өңешім. Көңілге арқау көң тыңға өсер көп өсім, Көзіңді шын аш бүгінгі әлсіз көбе үшін. Сенің рухың Мекен етеді мәңгі зау ұшқан, Қардай ызғарлы қайырымсыз құстың төбесін.

ПЕЙЗАЖ

Қайран Қараөткелдің түні!

Жаз айының Тәңіри тегі Шілде. Тау қияпар Тып-тынық демі ішінде, Ағып түскен жұлдызды күйсеп қойып Іңір жатыр Бұзаудың желісінде.

Мыңбұлақтың тыңдасаң ағысын жай: Тай-құлынның ойнаған шабысындай. Шың Бүркіттің басында Қалған ақ мұз, Жуып жайған апамның салысындай. Ай көрінді: (...ай сәулем, ай-күнім-ай...) Ақ кіреуке шашылды Сайды құлай. Қасиетті Қараөткел – қара кием Жерде жатқан – Аспаным – айдыным-ай.

Қоңыр аңның жүніндей Жылымық қыр. Құндағыңа құлайын құнығып бір. Өткенімнің тәп-тәуір белгісіндей Көк төрінде жетім бұлт ілініп тұр.

  • *

Бүгін қар жауды, бірақ та құм аралас, Құзғын семіз, Құлқын сау, құла дала аш. «Іштен тиген дерт жаман, сақ бол» дейді, Бір ағаға сүйенген бір аға мас. Аға кызу, сөз дөкір, Менің жайым: жаға жақтан тындаймын Сөз ыңғайын. Жылан қияқ айтады: – Ей, мақұлық, «Сеніп жүрген көгіңнен бөлінді айың...» Ай бөлінсе берейін бар дауаны, Ар ішіне шақырсын таңғы ауаны. Тфу, тірі ескерткіш. Мен не дейін? Жанарыңнан: Қан аралас қып-қызыл қар жауады.

ЭЛЕГИЯ

Түннен қашқан денені ақ көлеңке жұтты үстін, Азандағы сиырдың мүйізі от, сүті ыстық. Боз торғайдың үнімен боза ысқырды боз үйде, Айлағы бай аумақтан қаймағы май құт ішкін. Кешегі айтқан ақ әуен бүгін түскен Ай келін. Тезек жаққан боз үйдің безілдейді шәйнегі. Көк құрақтың үстінде Көсіліп бір Күн жатыр. Мейіріміндей әжемнің қандай жұмсақ, жайлы еді?!

Алаулаған түн маңғаз, аздап жұтып алғандай, Маздаған от киелі мазасыздау жалғандай. Сарқан дала сан бояу. Сабалақ ит іргеде. Арқандаған жерімде атым тас боп қалғандай. Жылжып өтіп кетеді-ау осылайша күн-ғұмыр Іңір тағы жетеді-ау: реңі ауыр, ілкі-нұр. Қиялымды сүйреп ем дала жаққа, сән жаққа, Көл жиегін жағалап шұлғысып тұр жылқы-жыр.

  • *

«Күз деген күрең тайым қайда кетті?» Есенғали

Нәрестенің күлкісіндей күміс-сыңғыр Ән тұнып, Тынысында даланың қалқиды қаз қаңқылы. Жаздан қалған гүлімнің шырағындай Жайдары, Жасартады жаһанды жаңа сәуір, Жалқы үміт.

Көл бетінде шағала: Ақ сиреннің бүршігі – Ең ақырғы тамшылар құс үнінен ыршыды. Келер маусым айшығын жанға сызып Ақырын, Көксеркені шырмаған шұғаның ақ кіршігі. Көктің жүзі құба жыр, дала қойны құба Түк. Сөнер сәтін күтеді Тастан кұлап тұма тік. Тағы да бір ортаның дара сөзін қайталап, Көктем қайтты қаздарын еңіретіп жылатып. Көк мұнармен көмеді, Көкшоқыны көктегі Ай. Көкше талдың бүріне түнеп қайтқан Көктем-ай, Либайдың жырындай бұрқанып ед бұла таң, Сұлубайдың мұңындай Жүрегіме шөкті арай.

Аспандағы желбегей Желеңдеген жұпты ұғып. Жүрегіңді қолға ұста, жаныңа сеп мықтылық. Таңғы шағың жолыңның ақтығына ұқсаған, Әр құрақты құшақтап жұлдыздар тұр Тұп-тұнық.

  • *

«...Құлан жортқан далада Құла тірлік бар еді». Әштәри

Күн бояса күрең отпен шарбы бұлттың жыртығын, Көлеңкесі көлдей жойқын көлемі кем шырпының. Іңір сұрын қақ жарып кеп аққан жұлдыз жымындай, Әжем қонды түсіме кеп, үркітпеші, кірпігім.

Арша жаққан үлкен үйде ақ кіреуке түн кілкіп, Арқасына ай асылған манаурайды шың – Бүркіт. Шарананың деміндей қақ ұлпа жұмсақ самалмен, Кұс жолына ілінеді жібек қанат бұлт үркіп.

Сәл мұңайған хас сұлудың бұрымындай төгілген, Түн құлайды қара мұң боп көгімнен. Орта жолда дамылдаған, мамырлаған уақыттай, Таң келеді боз желегі сөгілген.

Көктен тамған жас түйірі Сенікі һәм менікі. Жетім піскен жапырақты жамылады жел-үкі. Тіршіліктің тынысы мол жұмақта, Жер мен көктің желініне жабысады телі Түн.

  • * «Альпинист обаның астына соңғы сәлем хатын тығады».

Олжас

Адал болмас жұрт қардай, Ісек-тірлік азып кетті азуында құрт бардай. Айналып ем сондай сәтте жаздың жасаң көркіне. Аққу қонды, Айдынына ақ жібекті қақ айырып жыртқандай.

Қаздың маңы жаздың дәмі сылдыр әуен сыбызғы үн. Толқын көбік сапырады шуылындай кымыздың. Тай жусаған бетегенің алақаны ып-ыстық,

Ит ізінен жыр сызады, күн сызады нығыз Құм.

Сабалақ бұлт сақалында ойнап еді сан қылыш, Бүгін марғау күй шертеді таңғы ырыс. Жан атаулы сезсін дей ме себезгі нәр себеді, Алатаудың жүзіндегі мәңгі қыс.

Алтай жақтан аунап түскен айналайын сүт бесін, Босатқандай жанымның тар бүкпесін.

Боз қурайдың боздауындай ауық-ауық келетін, Бір мұңым бар қойылмайтын нүктесі.

  • * «...Міржақыптың «Мұңын» оқыдым...»

Суға шомған ай нұры жағалауға батады, Қарт жағада қашаннан жылы мейір жатады. Көк жүзінен тағы да жұлдыз ашты Біреулер, Жер үстінде жетесіз Жүргендердің шатағы Ол. Жүректердің құлағын елеңдетіп күй «Адай», Серттей күміс кірпігін түсіреді қияға ай. Үн үстінде аяу тұр дір-дір еткен денесі, Кесіп жатқан ағаштың басындағы ұядай.

Түннің қара күпісі жапырақтың түбінде: Жасырынған мұң келді Қанжар байлап бүгінге, Дімкәс болса жаның да Қанжар кесім айта алар, Тәңіріңнің ісіне жүгін иә жүгінбе. Аяғың сал, содан соң жүрек ауыр, ниетің кір, Ниеттерді аяумен бұл өмірде не тынды? Қолымдағы сауалдың бірі аяу, бірі қан, Аппақ қармен сүртемін күйіп қалған бетімді. Бұлт үстінде мамырлап күнің батар: От – теңбіл. Арманым ғой ол менің, Көрген түсім көктемгі, Қайрап едім бәкімді қайғы әкелді ол аз ғана, Қаймана елдің діңінде баяғыдай жоқ белгі.

Қырқып түсер қылыш күн, Жыртып түсер ұстара ай, Қыр үстінен қарайды кызыл иек қысқы арай. Көктемедей күркіреп өтетұғын өткінші еді, Алақанда тыпырлап сөніп қалған құстар-ай.

  • *

«...Тауық неге шоқыды иттің көзін десек біз, нән қазанның түбінде кесек ет пен кесек тұз...»

Қара сенім уағызынан

Иттің көзін шоқыған тауық келіп іңірде, Қара қарға кебіндей қараңдау сол дүбір не? Ырылы бар тағының Тауық қашқан... Қағынып. Сол сөдегей іңірде түп іргелеп жүгірді Ес.

Өрмекшінің торында уақыттың өрігі. Көңіліме күн жауды қара лағыл мөрі бұл. Өркениет дауысын естігеннен не пайда Соқыр болса жолдыаяқ кім басады бөріні?

Көмір-елес шоқ көмес Бабам құрған көрігі, Сол көріктен ағады көкіректің өр үні, Түндігімнің түбінен сансыз шуақ жарылған, Ай сынығы сұлаған атамның пәс төрі бұл. Қап тауынан айланып оқу соққан «несіптей» Өзгеше сау, сын айтар өршеленбей, өшікпей: – Біз көрген түс кешегі іс болады кешікпей, Ай шуағын бөлейді талдан иген бесікке. Сол уәжден мүмкін-ді, Қорғалайды еске кек. Кереметтің барлығы ай кешіккен Кеште ме еді? Естегі кеп дүние ертегіге айланбас, Айланса да алып Жер, айланбайды ол, дескен ек.

Иттің көзін шоқып қап Тауық қашты «қыт-қыттап», Кісінейді кірме дау, қимыл жанды шықшытта. Өткен сәттің белгісін өзіңнен ал, ал сосын: Жүрегіңмен от тамыз, өкпеңменен бықсыт та!

Шалығы бар есіңнің басы адасу, заты аштық, Мал жайылған шиырмен майда үнің матасты. Білте жақсаң күндіз жақ, сары ізіңде от қалсын, Кеше түзу ойлап ек, бүгін тағы шатастық.

  • *

«Өзіңнен өзің жасырынба». Нақыл

Келешегім ертеңгі – жұлығы жоқ кебісім, Мендегінің бәрі бос... Сендегінің тегі шын. Таңға жақын көрген түс аян болар деуші еді, Ертегіңнің күшімен «Бітік өссін егісің».

Ұзақ болсын жолдарың, әйтеуір бір қаласың, Сосын сөнген бұлақтың, төбешіксің, даласың. Жыр жаза бер әуелі жырға зар ел табылар, Тамырында қазақтың дарыны бар баласың.

Осындай ой шідерлеп, осындай ой ұстар мін, Сүт денесі арылар сүйегі асыл тұстардың. Берекеттің бетіне бір тамшы ұят ұмытып, Күз қайтады соңыра қанатында құстардың.

  • *

«Бізге осы қашан бітер сабат сана?» Омар Һайям

Шулаған қаз үніндей ме, Сөз көгінде бір гәп бар, Ойнақ салды кеудемдегі кимылы әрлі ырғақтар. Балапанның шиқылына бастау қосып шылдырын, Тікенектің уысындағы діріл көмей тіл қатты ар.

Күн соңынан күрсінбес ем, Жыл маңдайы мың қатпар, Әркім тулап тоздырған ба, қуаң тартқан тулақ бар. Аянышты қасиеттерді басып тұрған жоқпыз ба? Аяғымның дәл астынан айқайлайды құрғақ қар.

Көкке ұмтылған Көк бұтақтар, төмен шашқан тамырдан, Көкірегіме ұйымады Дүйім ауыр сабырлы Ән. Тек кешегі өшкен дәндер түйірі ме кім білер? Қанның иісі аңқиды екен жаңа илеген қамырдан.

Ақсауыт қыр, ақ сеңгірлер, Балағы алтын – Құмдақтар. Жұрнағы жоқ уақыттан жуаңда өктем жұмбақ бар. Сол жуаның шуағымен жанарымды Таңбалап, Бір көлеңке ербиеді ең ақырғы құндақта.

  • *

Ата қасиет тірлік заңымен, Жазады шырмауық пасықтар аңыз. Қатыгез дәуірдің сұмдық Лаңымен, Қаңғыбас қаңбақтай лағып барамыз. Жабықтан төгілген аспан ніліндей, Өткенге өкінбес басымыз адал. Жүргенге тұтылып, тосқанға ілінбей, Жаңалық тереміз жасық ызадан. Төрдегі өңірден қобыз ұлиды, Көрдің шетінде мазасыз қайғы.

Аңсайды әлеметтеріміз шоғы жылы үйді, Әрине, оларға тазасы ыңғайлы. Кездесер жыраға һақтарды жығып, Маңдайлы шайқыны сүйеп келеміз. Қақпанның шаппасын көмейге тығып, Есектің құйрығын иектегенбіз. Ананың сүті емшекте іріген, Ойнаған тамырдан улы долбарлар ағып. Желкеде көзі бар желшетпе тіріден, Жоғалған талай жолдар лағып. Бұлақтың суындай мөлдір төр үнін, Бұзаудың көзіне жасырған күндер. Басқаның күлгенін қотарған бөрілер, Балқыған темірдей жасыл зәлімдер. Болат балқытқан әуенді үркітпей, Қанжардың жүзінде бөлінген жасым. Әуеде жүзген түзгі бүркіттей, Қанның дәміне өшіккен Мәші. Аялы жерінің тасын жастанбай. Сібірдің құйына төгілген ұлдар. Өз отына өзгені жылытқан, Өзімнен басқа кім бар, Ұлылар.

  • *

Келте долбар, кесінді тұжырымын, Кесіп жеумен келеміз Жүз ұрының. Қайратым мен жанымды Қажалайды, Майда тілден сырғыған бұжыр Ұғым. Сабырлы кем бүгінде: Сақтар батыр. Бұлбұл қонар бұтақта ақ қарға тұр. Бек адалды қабатын Иттер даяр, Тек жүйкеге шабатын Қақпан жатыр.

Милау жайлап ауылды: Қиқақ тойып. Пернесінен жаңылды күй-һақ мойып. Ту маңында Жаны бар Қанжарлар жүр, Кіндігінің түп жағын сипап қойып. Тау биігін ұмытып: Түз ырымын. Құлақтарға сіңірдік құзыр үнін,

Заман сәнін келтірер Адалды андып, Бадамшаны ториды Қы-зы-л і-р-ің.

ҮЛГІ

Ән-күйінен Қазақтың Арша иісі кісінеп: Айға қарай көз атты Сансыз жұлдыз ішінен Үлкендеуі ғарыштың Кішісіне...Түсінем... (қалай-қалай сөйлейсің, бүйтеме екен кісімен?..)

– Көп жыл бұрын көсемнің қап-қара еді самайы, Ниетінде күйе бар, ақылы да анайы. (Алқымы аздап ісіген.) Сол қара шаш ағарды уақыттың күшімен, Бірақ арам көңілдің сүт тама ма ішінен? Аласы көп көзінің ызғарынан үсіп ем. – Үсігенін өзіңе айта берме өңгені, Кеше жанған шырағың шашы ағарса сөнгені. Өлмелі жел шабынса қайта оралу сәті бұл, Желпілдеген түндігің уақытыңнан бөлгені. Мен ойладым ертемен шыңға өрмелеп жүріп кеп: Жалған жолдың бетінде Салмағы ерен шірік көп. Мына әлемнің барлығын пайдалансам басыма, Айнала шаң жұлдыздар айтар ма екен дұрыс деп? – Кім біледі жанашыр: Жаныңнан дәт сұрадым, Алдымда тұр бірақ та жансар кие-тірі әділ. Өзіңізден басқаға жақсы ниет жетпесе, Өмір бар деп өрекпіп алға баспа бір адым. – Өз ойыңнан тағы да қауіптенбе, жас Батыр, Бәлекеттің барлығы басқа мазмұн, басқа Түр. Құлшылық ет тәңірге, іштей оған жалбарын, Жалбарын да, ертеңнің өзегі үшін бас қатыр. Бас қатырсаң басқаға, ой өргізсең қатырдың! Түс көретін қасқалар ояна алмай жатыр ғұн. Өтінемін, шелекпен сал-ұйқыға су ақтар,

Жаман түстен жадағай ада болғай заманың. Қайдан білдің, түсінде, ол теңіз көріп, жаңалық аша ма екен қарағым? – Оу, не деген зұлым ең: Ойдың сүйрік саусағы әлі жұмсақ, әлі кем.

Мен теңізді көрмегем, көрсем оның мәні не? Теңіз сыйған кеуек бас шеттен шабақ ауласын. Көктем-ғұмыр, күз-тағдыр Тайбурылдай зауласын. Ойың тағы бөлінді, санаң маған қабысты, Бәстесетін баспенен саған нендей бәлекет, нендей індет жабысты? Атаң қазақ астыңа күлік берген шабысты, Содан бері ерекпін, содан таптым табысты. Нақ түсінгін сәттерді, шын қабылда ағысты. Бабаң берген санаңа түсіре көр сәл ұшқын. Жылқышының баласы: «Ғарышты ойлап ашқан кім?» деген сауал соңында тілін емген аспанның. Оңғаныңның белгісі, басын иді сан аға, Қолын жайды маң ағаш. Ой бөлінді жолыңа тоңғағындай жас малдың. Бір кітапта жазылған жайды оқыса ел Түсінер, Ғажайыптың барлығы «Сол тоңғақтың ісі» дер. Жылқышының баласы жылқы-кітап жаяды, Көкке қарап кісінер, жерге қарап пысқырар. Жер мен көктің арасын жымдастырғаны үшін Ер: Кітап дейді жылқыны. Ал кітапхана дегенің қаттап қойған Кісілер. Осылайша ерік бер ой түйілген тілге сен, Ұрттамасаң азырақ өмір мәнін білмес ең. Ұртқа тыққан тірлікті кандай жаман күндесең, Тірі әлемнің осылай аяғында жүрмін мен. Итпен ит боп таласып, Тілдесемін бұлбұлмен. Бұлт қалқиды көгімде оның мәнін Кім білген? Ән-күйінен қазақтың — Арша иісі кісінеп.

ЛАҒУ

(Экслибрис) «Біздің бос қуыс деп жүргеніміздің өзі түпсіз тереңдік болуы кәдік...» Олжас Сансыз ғарыш бекеті, өскен шақ келешек кереметінен бе, Кету-келу мерез-мерзімнен өтіп, табу-таусылу безбен-таразысына теңесті. Жақсы мен жаман аралас ағза боп өтер өмірде мынау, Жан арғымағы қараңғы-жарық ғаламды қалады. Қалады сенімсіз Елесті. Адамзат рухы өз құпиясын сақтап дараланар тұста, Қысқа жолдарға түсті ең ескі. Бейнет пен зейнеттің жастығын жастанған, Өсу өшудің лағынет-ақиқатына мастанған, үздіксіз жалғасқан бастау-тұйықтың тұл өңірінде жаман жел есті... Бұзылмас алып тегершік аунады, жөлер, мимырт уақыт қимылы сызады қып-қызыл өңешті.

Уақыт-ғұмырдың екінті-ақшам – қырық қайшылық түрені: Қыңыр сілемге сүзілген қыналы қайыршақ күледі дірілдеп. Кептер оттаған кең пейіл жайлаудағы плиогиппустар шұлғиды қимастық шылбырының ұшы жүгенінде. Кейкең даладан талып естілген тарпаң-дүбірге, Өмір белесінен қаймана әулеті үнін қосады оған күбірлеп. Өкше тайғанақ, көпшең көңілдің жасы құрғаған. Ысынған осынау оқшау керіште: Қас қағым бейдауа берекеттен ұшынған өңшең өкпешіл періште: Басқаның дәмінен ризық-сезім боп ұшады баяғы теріске. Арада алшақтық: Мезгілсіз туған ай аламан ағынды бөгейді «аяғы теріс кеп». Қарлы бұрқақтай қаралы таба мен налалар жатты ләйім жер иіскеп.

Рух таланын іздегендердің мәңгі тойымсыз ындынының куәсін көрмеген қасиеттер ғана үнсіз. Қаймыға қарайды ол бізге қайта өнбейтін жандардың басын тегістеп. Келешек бүгіннің қызыл күзіндей жел үрген жаққа жемтігін тастаған жүзімдей ғазал. Ешкім таласпас өткен шақ іздері тастарда жазулы ғажап. Мазақ,түс-қиял секілді даулы тарих шығыстың жұмулы жұдырығындай, һәм буулы жанарындай таза. Беу, бей берекетсіз ғалам дауысы берегіректен безілдейді үзік. Өзімшіл көзбенен ішіп-жеп, керағар сөзбен ауырған сезім де қызық. Сайтан саралаған жыланбас түйсіктің түбіндегі улы ой қайырымды рахымынан безеді дүзік. Селеу қауызына шапағын сепкен күннің табыты жанады, күндіз қыш-құмда: Содан ба, бақилық бір ғана тәсілден сиқырлық дауасы жауады ұшқындап. Сызық жебесі – ребустар белгісіз бағытты нұсқаудан бұрын: Белгісіз біреулер жасаған балбалдар қарайды бізге мысқылдап. Көрге кіргенше сана-көзімен өзін кемірген көлгір мыс реңділер. Өз тамырымен өздері ағып таусылады қияли кейіптер түрлі түсіне енді де, Жүзеді сосын барлық есектер теңдессіз мұхиттың үйріміне, Екі аяқты аңдардың артына қарай. Құлдырау-сөнудің шегіне алқына, баяу... жүзеді мәңгі адасқан көлгір мыс реңділер. Барлық даналар өздерін асқазан ашасына іліп жырлайды былайғы нәрсіз құлдық ұранын, Діңіне құрт ұялаған мың ғасыр бұрынғы құнды мұраның: Гинибал қан-жынын шайқаған Енесай секілді дария-уақыт екенін білмеді бұл ағын. Көк аспан төрінің көгілжым жұлдызы Рим боп құлады. Ал бүгінгі «Иллиада» – аңыз бұрынғы берілген уақыттың бір ғана шуағы.

Құрым киізге жазылған уағыз жалғани сарғыш парақтар, тек қиялдың ғана өрнегін өреді қомағай жандардың қансыз тілінен салақтап.

Сақталған қымыз үніндей шулаған сана балапандарын баулып, Көктеді, Күнзінің жасанды ілімдері тұңғиық үнсіз алаптан. Суық сезімнің үстімен жылымдай жылжыған ашқылтым ілімді мұндай: Іс болмады десеңіз адасып кетесіз тағы жұмбақ ғұмырдағы жұмбақ ұғымдай. Үрейлі қозғалыс сыры бір сәттік тәсілің ғана болады кемсіз, Қараңғылықтың айрандай ұйыған қара шымылдығындай. О, бір күндер мен осындай басқа әулиеліктің жүрегіндегі и, налыған марғау: Сәт сайын тықсырған тағдыр тәлкегіндей мағыналы тірлік кешу иелеріне табылады арбау. Жер жүзіндегі әйгілі мүсіндердің барлығын – тек ғана текті жылқының құйрығымен жазған. Милау мыс реңділер үшін бұл қисын жарылмаған дау: Күлкіңіз келе ме, осылай күйсіз күлікпіз десем: Иісі-жылқымыз десем, Құлдар жазу болар еді-ау, әрине, құс іздерінен құлықын үзбесе. Басқаны тұтыну, басқаға тұтылу әрекеттері қалай Таңдалды әу баста. Оттан да ғажап тағы бір әуре табылар ма еді мүмкін іздесе? Шиқаны өршіген бастың құйқасын сыпырған кездіктің ірің-жолындай, Қанға шабатын таңба салатын тастан синантроптардың Қолындай анық: Ұлы дүние сырын шұқылап құрғаған милар үшінгі таластан кейін. Өз көгінен өзін мәңгі жоғалтып жерге түседі Ес. «Уф» – десе үрке жөнелетін ертең мен келешек сұрықсыз күз бұлтындай. Өткен шақ түс-Елес.

«ӨРЕН ЖҮЙРІКТІҢ СІЛЕКЕЙІ» КІТАБЫНАН

ҚЫЗЫЛ АҚҚУЛАР ОЗАНЫ

(Пәлсапалар)

Боз шудасы желкілдеп бұлт өтеді, Күз моншағы төгілген күлте тегі. Шылауышты әжейдің мейіріміндей, Күннің көзі әредік жылт етеді.

Шың самайын жасырып бұлт етегі, Шоғын шашып қалады білте тегі. Қара шалдың ашылған қабағындай, Қарасудың езуі жылт етеді.

Нұр тамғанда бұлттардан сетінеген, Жылап келіп қайтады жетім өлең. Мыс қанатты аққулар сырғанайды, Мырза аспанның көк теңбіл бетіменен.

  • *

Меңіреу үнсіз, жасыл аспанда шуақты, Көмейінен мұң саулап, жалқы қу ақты. Боз дала боздады арайлы сағым

астында баяу: Ала қыраттар сапырып барлық бұлақты.

Самала сенің қолыңдай буатын еді Жұлып алқымнан, Пейіштің мейірімі келетін-ді мекиен ұлыған құмнан. Бозторғай иітіп сайлардың тұма тамырын, Жартастар үн есті құстардан жұққан жылы қаңқылдан. Ұзыннан-ұзақ сағыныш шұбап Ұлы Маң құмнан, Сыр келе жатады жиектеп, тұнық аңқылдан. Ай деген масқара тілі салақтап Сұқтана жалайды, Айдында жатқан сынық алтыннан.

БӘДІЗ

Байрақ ел, қамаулы ой Қайрақ Түрік. Қайтқан бақ... қан езеді май қаптырып, Жүзінде ұстараның Мұң ұлиды, Сирағын қақпандағы шайнап тұрып. Жұлдыздың қиқымынан қима зерлеп, Тарының қауызына сыйған өрнек. Жебенің қырындағы тірі алау, Сандалған сары табытын миға жерлеп.

Аңыртас, даладағы лағыл арлар, Кеш қайтты ниеттердің Табынан зәр. Үзіліп үзеңгіден қалған рух; Көтінде көкпек ала дағы барлар.

  • *

Әудемнен келген әуенмен: Тамшылап... Мұңдар әдемі Мың шуық тұнған мәуеңде, Құстардың салған Һә – демі.

Жып-жылы жүрек балапан, Жұмулы көздің алдында Ақ. Аялы таңдар, Алақан... Жүзімді сипап... сәл дымдап...

Айналып аққу құсың да,

Жылайды... Дауысы сан сыңар. Ышқынған толқын ұшында, Ызалы салқын тамшылар. Ернеулі бөктер, сағым ән, Ерменнің иісі қалампыр. Күншығыс жақтан сағынам, Күн сала қарап Анам тұр!

ТҮС. БЕЙМАЗА

Көмейіме кептелген соңғы сырды Ақтара алмай жатқанда Сорды ішімді... «Қанат бер» деп халқыма Қарап едім... «Тағат тап» деп тарамыс торды ұсынды.

Үскіріктен қыстағы аман қалған, Жылы лебіз іздедім тәмам Жаннан. Тіс туралы тіміскі сыр естідім «Күшігінен күйініп Таланғаннан».

Түн қаймағы қара үрей: Ілкі сіңбей, Бұйра ойлар түксиді (бұлт ішіндей!) Қазір ғана оянам, Сәл, сәл шыда, Таң атады сәбидің күлкісіндей.

  • *

Обалды күндер отқа өріп, Жоғалған сенім Пырағы. Кісінесуді артқа бөктеріп, Кім бүгін жалғызсырады?

Телміруменен, тесіліп, Талықсып түсті мың кірпік.

Арай да келді Кешігіп, Ақ бұлттар шықты шыңға Үркіп.

Жанарың қалың іңірге, Қарасын мүлде сіңірді. Қайраулы тұрған Күбірлеп, Қанжарды тасқа кім Ұрды? Апамның сипап әжімін, Түндіктен түсті Ақсақ ай. Көк тәңірі көркем – Мәжнүн, Көксерке* жүдеу ақ самай.

  • *

Төбеден шашым қашты бас ауырмай, Қап-қара Айдың сұсы өктем Жасауылдай. Ала мысық құйрығын сілтеп қойып, Көлеңкенің көрпесін Басады ыңғай.

Бір ғажайып ақынның Түсіне еріп, Бұлақ тулап аунайды Іші керіп. Алаң-елең үрейдің, Басқадан да, Көкжиекті көмкерген тысы көрік.

Қалтарыста қаймағым қалды ма деп, Қаракөз таң жайылды алдыма кеп. Ала шапан жамылған бір жыл қайтты, Жүз Нұр қайтты, арты – заң, Алды – ғадет.

  • *

Сыбырлы күндіз сіңіп алыпты,

Қонақтап бозғыл ырғайдың үстін. Мейірім түнеген жылы мамық түн, Ұясы сынды сырнай дыбыстың.

Ғайни күздің жанарындай пәк, Жүрекке салған ұясы құстың. Ару қыздың анарындай хақ, Ана даланың Миясын құштым.

Беталды жаққа бұлдырық ұшты, Бұйра қырқаның Етегін қиып. Гүлдерден теріп түрлі дыбысты, Бұла сағымның Жетегінде келемін ұйып. Жаздың дыбысы (ғажаптай, сірә!) Мәжнүн боп илләһ кеттік-ау деймін. Азапқа асығып, кәззапты асырап, Осып өтеді көк дырау кей күн.

  • *

Қараөткелдің аузында қалған ұмыт, Қайран күлкім, мен сені іздеп келем. Жапырақ жыр, қаз даусы, Тізбекті өлең, Қалқып ұшып сөнеді сынық талдан. Қыс, хабар, Мұң Өмірдегі өлшемі ұстам-ардың. Қараөткелдің маңында ұмыт қалған, Қайталанбас үнімді құстан алдым. Осы маңда тамаша бір ғұрып бар, Рахмет! Аяулы бұлдырықтар, Босанады боз жусан, шыңғырып тал... Рахмет, аяулы күллі жұптар.

ОЙРАН

Өлеңінен, Сөйлемдер нүктесінен. Өкініші көп күндер шықты есінен – Ұлар күннің дүрліккен арасынан,

Ерте жазған бір хаттың Бүкпесінен! Тың қасырет табылды күтпеген Бір, Қайта айқасты баяғы сүт пенен Кір. Ескі жара, ескі жол Ешкі қылық, Еске келіп тығылды бітпеген Жыр. Тік жазулар көз жасы, Былғап кеткен Сұп-суық жүз қарайды күллі Ақ беттен. Мына бір сөз – кекеудің егеуіндей Мына бір сөз – Жаныңды тырнапты еппен... Күн күркіреп жай түсті Бір жақ шеттен, Қызыл тілде қыбыр жоқ Құрғап кеткен... Көздің жасы, көңілдің тамшысы Ыңғай, Ырғап өтті шықшыттың шаршысын Жай. Қақ маңдайда қаймықпас Қара кірпік, Қара бұлттың шықпыртқан Қамшысындай. Бұл не деген дерт-ұғым Былық ғұрып?! Көмейіңе от жақты, шұлық Тығып. Хаттың қара түтіні налалы ыс, Төбе шашыңда ойнайды жұлып тұрып.

ҚАРАСУДЫҢ ҚАҢҚЫЛЫ

Көңілсіз көктем марғау, жаз ақпандай Оны мен тағы көрдім: (Азап қандай?!.) Кешегі елес күнім Тек түске еніп. Кешегі «емес» «мінім» ғажап Балдай.

Елесі келсе алдыма «тірі өлемін», Рухым ұшып қайтқан Жүреді «өңім». Жұлынның жіктерінен мұң Аулаймын, Тілімнің астына сап жүрек Емін. Түн ауыр, кешім кесір, ақырақ таң, Солайша Гүлді құрсап жатыр «Ақпан». Қаңқылы Қарасуда жазулы ақын, Ол жайлы сыр сұрап жүр Жапырақтан.

  • *

Тесігінен есіктің жел кіреді Мұң көшпелі. Көлемнің солды реңі. Тарғыл мысық секілді бүктетіліп, Ай сәулесі аунаған Жер күледі.

Тау басынан тұманның қанаты ырғып, Қар ұшқындап, құлайды Қарасұр бұлт. Көшкіні бар уақыт көктейді Арттан, Ескі дуал түбінде жаңа Тірлік. Қысқы аспанның реңі сырқат-тірлік, Бұта түбін тырнайды бұрқақ Сырғып. Жол секілдіміз біз белгілі Жобасы жоқ, Зіл ғұмырды жоқтаймыз Бір сәтке ілбіп.

КЕПИЕТ. ЫМЫРТ

Киер киім, мінер ат, жеген астың, Киесіне жолығып

Кебек астым. Қаламымның ұшында Қарға ізі, Қасиетіме қақырып, неге Маспын?

Етегінен қарманып еге ластың, Етбетіммен жер Қаптым, шеге бастым. Күн батқан жақ соңында Шуақ қалды, Екі қолды артқа ұстап белең Астым.

Көз жасыма бөгіп қыр Жыңғыл үсті, Жалғыз үрей басыпты Мың дыбысты. Ертегінің ең соңғы Мәтініндей, Атымды атап басымнан Бұлбұл ұшты.

  • *

Тұманды кеш, бейуақыт тыныштық, Бетіме кеп еріген қар Тым ыстық. Желдің демі мейірімді ме тағы да? Құрақ үсті жаудыраған күміс түк.

Қайтқан қаздар қаңқылында қаңғырып, Сағыныш боп оянады жаңғырық. Бұйра шашын бұлғап ағып барады, Қарасудың тамырына қан жүріп.

Боз түнектің жырым шетін жөрмейді оқ, Өмір шығар ол мейлі... – Оһ! Біздің үйдің жұрты жатыр – Уақыт... Ақ параққа жаңа басқан мөрдей боп.

  • *

Етегіне оралған көк сағымның, Көше бойы көгершіндер. Ағым мың. Үшінші көз, көрмейтін без – Зағип көз, Керегі не жарқыраған қабыңның?

Бәйтеректің тамыры ауып Діңі іріп, Ширатылды әр төбенің сіңірі... Өз киесін, әз жүйесін, Сақтайды Ел, Таңғы зейінін түн ішіне сіңіріп.

Домбыраның үш ішегі тұр Сыптай, Пернелерді жұлқылайды қырсықтай. Тек миларды айналдырып Ойнаған, Уақыттың тегершігі ұршықтай.

Уәж тапты бұл себепке Кім нендей? Әлсіз білте түн ішіне сіңгендей. Боздап қойып еңкілдейді Есіл ел, Өрісінен үйге қайтқан інгендей.

2005.10.11 *

Келе жатқан күндерге шашамын жем, Өз ойымды іздеймін ашалы іннен. Ізім түскен соқпақтар – айшықты өлең, Әр қиқым шөп сөйлейді Шашаны ілген.

Шабыт білте секілді сығырайған, Жел соғады тысқары Күн райдан. Арашалап арымды Сұмырайдан, Ми мен күйдің арасы ірі майдан.

Ұмытылып бір шыңда жалау қалған, Көзден тұма ағады, Танаудан қан. Қарауылда қара өлең, Қара уағыз, Сау қалғаны сары ауан, санаулы арман.

Азуымды аз жылда мүжіпті өрік, Сәттерімді санаймын Тізіп, теріп. Жапырақтардан бірдеме өтінемін, Жасынымнан азырақ үзіп беріп.

2005.10.10 *

Менің теңіз-көзіме, Жарық ай жүзген. Қарамай тұрып, қалай сен... Таныссың Жағдайыммен?.. А, құдайым; Мен Қоңсымын. Қоңыр арманмен, бал уайыммен.

Жалғыз ұлымның Шашынан иіскеп, жалғыз қанатым, Жалқы өлең жазамын, Жан қызғанатын. Жалығайын деп, Өзіме налымайын деп... Жамыламын жалбыздың Сан жүз қабатын. Жалғыз қабат Үн.

  • *

Қан айналады уақытқа еріп, Сені ертіп. Аппақ ай қызарып батады оймақтай ерінін Кезертіп. Ақ үрпек еркіндік асқазаннан Құлап өледі, Иесі киесіз көзін безертіп. Боз қыраулар ши басын шырмап Аруақтардай, Көл-көсір дауыл соғады шаңырақтан Жай. Бүгінгі қоңторғай тірлік сілкіне ұшады Әрең, Мезгілсіз құс қайтқан мамыр-ақпандай. Сенімдер сенімнің соңынан маңырап Қалмай, Табақтың түбін тамшы тырнайды... (Көк тастың бетін нәлі қапқандай!) Жездің ұшында тағдырлар аунап Аһ ұрар тұста, Жердің тамырын сорған пенделер Арық аттардай.

Рухым аспан төрінде, түсің жүр соны Балақтап, Сан мыңдаған жұлдыз қонады жолыңа Қаптап. Жүрегің күйреген ел секілді алай да дүлей, Үскірік соғады суық, долы қабақтан. Басталған сүрлеулер бітеу, жүз мың Шығырық, Өткен-кеткеннен көресің сұрықсыз күздің Сыбырын. Сүлдерің ілбіген саған күлкім Келеді, Сүреңі әлсіз, сүрлемі тығырық... – ?...

СОҢҒЫ МЕЗГІЛ

«Өткен шақ, түс – елес...» R.S Біз сіздің алақаныңызда тұрғанда: Нөсердей едік алғашқы, көлеңкелердің көне шетінен ұрланған. Көбелі іңірлерге жалғастық, содан таңдар алмасты. Батысты алаулы жалқындар басты, уақыттар жалаңаштанды. Барлық құрақтар жылап бұл маңда: Күміс жұлдыздар жанды ана аспанда, Уақыттар жалаңаштанғанда: Фәниден аулақтап сана қашқанда, Көңілдер жармасып өрмекші торына шырмалғанда: Бидайлар боздап қырмандарда. Азулар шықырлағанда зады бір заңда, Көктің көлемі ажарсыз тартып, әлсіреп жүдеп

тұрғанда. Тықтық біз шөкім асқазанымызды Мидың қабыршығы мен жабық ұжданға... Біз сіздің алақаныңызда тұрғанда: Өз көлеңкелерімізді жек көретін едік тек іштей. Сол көлеңкелерге салық төледік өзіміз тойып жеп, ішпей. Сана қайшылығын жасадық Эйнштейн мен Зевстей. Біз сіздің алақаныңызда тұрғанда: Жайлы едік ешбір жұлдызсыз қонақ үйдегі әркім киетін кебістей... Бетховендердей тек бітеп жарғақ құлақтарымызды. Жалмадық! Маңырап күн кешкен өз лақтарымызды. Платформалар сонадай ызыңдап тұратын ұзын сымдарда, Тек бидайлардың басы ғана орылды тегіс Сталиндер тырнаған улы зынданда. Тірі жүлгелер жүзді орақ пен балғадан қалған жын, қанға. Біз сіздің алақаныңызда тұрғанда: Алып еге ар ғана уызын басқаға емізбеді. Таза негіздер өзін жасырып қалды қызыл лебіздегі. Жалқылар шідерін мақтады, өңшең жылқы мінезділер ғана өткеннен күдер үзбеді. Оспан сындылар өз тамырларынан сөз қанын іздеді. Біз сіздің жылы алақаныңызда тұрғанда: Күлмейтін зілдей қатерлі жүз егіздеді, қуып күзен іздерін. Тас асфальттардай суық жүзділер ақты (белгісіз түп негіздері) Қара кекілділердің барлық талшығына улы шырақтар жақты, Көкөрім күйінде көктей орғызды көкөрім бұтақты. Желтоқсандарда көк бөрілер бөртіп, бауырын төседі қалың мұздарға. Алма ағаштары Кремльден соққан, бағынды қатал ызғарға... Дауылдар жапырды тамырларды жаңашыл уағыздарды. Үнсіз жанарлар оқытты біздерге: «Есікті ашпаңдар», «Сенектің кілттеулі үңгіріне үніңді тастаңдар» дегенді. Біз сіздің алақаныңызда тұрғанда: «Өлімің жөнінде өлең жазғын», – деп, «Вирусты қалам» ұстатып, «Өз үніңді өзіңнен азғыр», – деп санаңды қырқып,

бабаңды қарлы далада қыстатып, Сұраусыз балапандарды шулатып, ана құсты атып, Жел соғатын еді талай көктемде зәрлі жымиыстардан. Қиын істерді үрейге орап, қарар қабылдаушы едік кәнігі жиылыстардан... Түйенің табанын бетке жапсырып, Әлемнің барлық қасірет картасы сызылған. Қу жауырындардай ақ сұры. Ақ сұры бұлттай жылай алмаған... Кім едік осы тақсырым?! Басқаның құдайы алдаған!

ҚАРА СІЛЕМДЕР

…Қара сілемдер жатыр жылдың соңында, Санаға ласы сіңген. Жоғалған қасиет қайырымы – Бір хабарды жалғастырушы ғана еді ол біреуге. Өзімен сүйеп өз аспанын, өзін қояды тіреуге. Сөз тасушылық мәңгі міндеті, Айлары шалағай, Күн жетім. Таңдары ниеті, іші-бауырымен сүзетін, Лайым тірліктің зарлы індетін. Бір беті күндіз, қапастан қараң бір беті… Кім пайдаланды һақтардың бәрін? Күн бетін! Білері жалғыз – арам шөп ішінде гүлдеді. Ақыттар өзін аласұрып іздеді, аязына үсіп қуаң шілденің, Уақыттар сор болды солай, соры көп сары күздегі. Біреуге майса – қаңтар-ды, біреуге зәрлі ұя-ды. Кеудені керіп буындырады лақса күй ағым, Бір тамшы жасқа жасырынады, Бір тамшы жасқа сыяды. Мекіренеді менмендеу сана-қиялы. Бұлқынып жатты ол ылғи ішінде Қағазға жұққан сияның. Жанында түрлі айқастар жатты, жүрегін мыжып илектеп. Төбе құйқасын тырнады миллион ине түйреп бек. Жалқы иненің тесігінен оны өткізетін-ді ойлар сүйреп кеп. Ескі шаңырағының түндігін желпіп (Бағы ма?), Қобыз үнімен қосылатын-ды зарлар тағы да.

Сыңсыған әуен, қыңсылап бәле… дірдектеп. Жасанды байлық, жасанды бақыт сыйларын жинады тірнектеп. Теңіз толқынымен аунап, көп дана телпек астында жүрді ептеп. Жасанды пенделермен толғатты күнде мың жатыр, Қардың бедерін қасқыр талапты бірде, Қан жатыр, аздап жын жатыр… Жері таныған, шөбі таныған сол жынды Көріп тұрсыз ба, дүлей уақыт тыныштық – шың батыр? Оу, Хантәңірі қарақұсыңда, хас биігіңде тағы да Тұла бойынан жаралы, мүйізі кепкен құлжа тұр. Сол құлжаға қарап сараптап ойды – мылжалап мүжіп тұрғанда: Құдайдың құдіретінше бұл маңда; Шұғыла түсті бұлттың жыртығынан сырғанап. Бөлтірік күннің өрісіндей мына аумаққа, Нәр түсті көктен, бөрідей ұлып іңгәлап. Қара сілемдер жатады соңында ұлдың санаға ласы сіңген. «Біз осы қайда барамыз?» Бейбақ, сұрашы ішіңнен! Сұрашы басыңнан, тектеші, қарақ, бұла күшіңнен… Табасың егер сенбесең өзіңді өзіңнен, кінәлі Ісіңнен, расы өзіңді көресің шіліңгір аптапта Құлағы үсінген!

ОРАЛУ

Мекен етіп мең түбін, Табан астын. Жалбыз бердім заманға Жабағы астым. Жамау-жамау бұлттарым Батысқа үркіп, Жаһанды аңсап жылады Жалаңаш тін. Сан қимылдың соңынан Түтін шулап, Жалқы Отырар жан кешті Бүтін – Сунақ. Ен түземдік бөрілер Азуда өсті, Жалмағанның басын жеп, Бұтын сулап. Таласында қазақтың Таң тымықтап Тамырына кір жиды Тал шыбықтар. Айдынсудың аңқасы Кепкен жылы, Соңғы білте сау қалды Тамшыға ықтап. Жер тырналап, жем іздеп, Пісте күптеп, Өң бетімді өзгерттім Ішке бүктеп... Кім қайтпады құстардың Қу ізімен, Кім не айтпады... біз жайлы Түс көріп кеп?

Біреудегі шат-думан Күшке еліктеп, Тас кеміріп, тау кездік Мыс кеміктеп. Жарау шапқан күліктің Ізінде өскен Гүлден қайыр тіледік Тістеніп кеп.

Содан бері қан арзан, Сүмек бөлек, Сүт сілемін тілеп ек Құл өкпелеп... Жүрек тұл боп араның Ұясында Бірін-бірі күндеді Білек пен еп.

Осылайша суалған бір Тұма ағып, Көп күдіктің көк адыр Жұрты қалып. Ақырғы аққан жаспенен Жуынамыз, Жапырақтың шығынан Жыртып алып... Жаңа келген уақыттың Кеші мейлі... Кештеу келсе кемелің Осы дейді.

Тұяғында жанымның Жазуы бар Қызыл табан құнаным Есінейді... ҚҰДІРЕТТІ КҮШ НЕМЕСЕ...

(Providentia gudernatrix)

  • *

Бұталардың кірпігінде ілулі тұр күміс жас. Мұндай сәтте: маңдай жазық, дұрыс қас. Бағалыңның бәрін алған (зәрі қалған) түнді ойлап, Жанарыңның аясынан жат әлемге мұң ұшпас.

УАҚЫТ

«Бір үлгіден қорқамын». В.В. Набоков

Бір өлең жазу керек-ті, Кең айбат гүлге сүрінбей. Көмкеріп тұрған теректі, Көктемнің бұла бүріндей.

Бір өлең жазу жөн бе түн? Бұтаққа қонған іңір құс... Сипалап қойып көл бетін, Солқылдап күлген «қыңыр» күш.

Себезгі нәрін бүркесің, Құрғаған жанға мұң шылап. Біреуден бәлки үркесің, Байлаулы жүрек қыңсылап.

Тәлкек қып тұр ма Ай мені? Дұрысы – қайту... Ұйықтау... Кешегі түнім жайлы еді, Бүгінгі ойым сұйықтау.

  • *

Ақ қайыңның аяғына оралып, Гүл аунайды... Бейғам Ай. Осы жайды Баше сызды... Мейлі Абай. Баше айтады: «...қап-қара түн Қара бақ...» – «Қараңғыда... тау қалғиды...» – дейді Абай.

  • *

Кәнігі ызғар, кәдімгі Шәлілі ызғар. Алатаудың ығында әлі мұз бар. Қызық екен осы бір Бейіш іші, Балағыма оралған «кәрі қыздар».

Түн шетінен ыдырап басталды Ақ таң, Торғай үні тамады аспан Жақтан. Шие жатыр жастанып Жапыраққа, Хабар беріп кеше өлген Қасқалдақтан.

  • *

Өткен жылғы аршаның иісі келді, Бозторғайды жылатып, Озандатып. Өткен жылғы арпаның қисыны енді, Тамырында тарлаудың тозаң қатып.

Қыс кетігі сарғыш мұң Сайда ағарған. Самайыңда сәлде бұлт, жайдақ арман. Өткен жылғы жапырақ Жайды алақан, Өткен жолғы дестесі қайда қалған?

  • *

Аттанғам жоқ, қамшының сабына ердім, «Әттең-айын» жолдады Әбігер күн. Бұрыш иісі аңқыған құмақты аулап, Қырда жатқан жылқының бәріне ердім.

  • *

Бүгін менің соңғы күнім... Мүмкін-ді. Шаршы басым сілкінді. Дәптер қалды көбелектің дағы бар, Сәттер қалды ілкінді. Бүгін менің соңғы күнім...

  • *

Көлеңкені кимелеп, көз байланды. Күшік тұр. Сеңсеңінің етегін Желпиді еппен ішік қыр. Бетін тырнап беткейде үкі бүрген Қояндай: Жетім шамның жарығы үрейіме Түсіп тұр.

  • *

Уақыттың бір түтім шүйкесіндей Жырларым. Тырауынан мұң жауды Кеше қайтқан тырнаның. Жаздың жүзі баяғы жапырақтай оңғанда, Шағына алмай біреуге: Жылағым кеп тұрғаны...

  • *

Мынау сұрқай тірлікке көз жұмам да Қараймын. Күндер із боп жоғалды, Кетігіндей әр айдың.

Қу бұтақта кім отыр? Үрейлі ме? Қалай бұл?.. – Қарға екен ғой. Жарайды! *

Уақыт жаз жыртығы... Леп пе еді? Байқаусызда басымнан күн өткені. Қара түнді үрлеген пәк білтедей, Сырт-сырт соқты Сағатым білектегі. Былшыл жалған төрінде кіріптар Шын. Ашық қалған есігің Құлыпталсын. Сынық күйдің ақырғы Белгісіндей, Уысыңда жанып тұр тұнық тамшы.

  • *

Өңіме сыз боп сіңді мол армандар, Дейтіндей: «Көзден безген сораңды аңғар!» Көңілдің көміріне нәр себеді, Алдына жауын салып оралған қар.

Ұқ соны, ұқ ақынды, ұқ, беренім, Сол қардың ұшқынындай «ұмыт» дер едім. Түндегі түндігімнен төнген ай жоқ, Таң атса-ақ кірпігіммен шық теремін.

Шың-арман, қиял шеті бусау, Сағым. Шырадай өлең таппас мұң сауса кім? Ерініме ең соңғы атау сирек тиіп, Шөптегі нәрді ішеді қу саусағым.

  • *

Кекілін жайған жалбыр шам, Байсынды етек, балбыр шаң. Сол кездегідей күйсемші... Сол кездегідей қаңғырсам.

Білтелі бір бет – жалбыр шам, Жұлдызды шумақ «саңғырсаң».

Сілемнің соңы қара әуен: Қасыңдамын ғой нәр қылсаң.

Жаһанды кезген тарғыл шаң.

  • *

Қаламымның ұшында терек кәрі. Әуені жоқ бірақ та: (Керек бәрі!) Құлағымның құрышы құспен кетті, Санаңды іліп қойыпсың Серекке әні. Сом теректің түбінде шырқ айналам. (Көре ме екен өз бетін жұрт айнадан?) Тереземнің өрнегін түн салыпты-ау, Сол өрнектің ішінде сұрқай дала. Ән. Қалам тиген өрнектің балағы епті, Бір топ тұман шекемнен жанап өтті. Қарасудың қаймағы тілге оралды, Жанарымның бедері жаңа кепті.

АЙДЫНДАҒЫ СУРЕТ

Айдындағы кім екен, таныдың ба? Қандай да бір жұмбақ бар қалыбында. Бұдан мың жыл бұрынғы пенде ме бір, Құлдың басын шайнаған анығында? Данаң, бақсың, боданың, шалығың да, Тоқтағанын біле ме ол салы құмда? Қас қағымның ажарлы Қасіреті, Таста ғана ізі бар алыбың ба? Айдындағы өң қарайды тығып бір Мұң. Шерлі қаздың үнінен ұғып тұрмын. Тозаңы жоқ ырғайдың тіні ме екен, Тозағы көп денеге бұғыпты ырғын. Айдың түбі сөнген сүт, қара жарық, Байыбына жете алмай сана ғаріп. Бейтаныс өң жалт етіп Дөңге аттанды. Айдалаға асығып барады арық.

Мөлдір судың жүзінде башпай Ізі бар... Иі жеткен мүмкін бұл басқа айыздар. Малып едім қолымды сол айдынға, Өлік сынды су беті тастай ызғар.

  • *

Кәрі қыстың түсіне кіреді өткір тістері, Қаз үнінен жасқанып, Қайтқан ба аяз ішкері? Барлық сайлар қара тер, Мұздақ сығып көз жасын: Қаймығыңқы хас дауыл қарауланған күштері. Күннің нұрын сүйеп кеп сиреді ызғар Жас пері. От семсерін бұлғайды өткінші бұлт Ғаскері. Мейіріміне қайыңның мекіреніп құба бел Арқа жаққа аунайды «ауыздағы бас тері».

Көлеңкенің түбінен тұрды осылай сорлы айлар Құм төбенің бөктерін топ жібекпен Торлайды әр. Ақ жусанның үстіне үн себеді бұп-бұйра, Көк қозының жүнінен көрпе тоқып Торғайлар. Жинағандай жайырақ жаны жадау Бұлт есін, Сан мысалдың мұртына жағады алтын Білтесін. Құлын ізін сақтаған құмдақ бетін Сипалап, Таудың соңғы қарына жанарыңды Сілкесің.

КҮН. АЛМА АҒАШЫ. ЫНДЫН

Бұла дала, бұла таң, Нулы, шулы ән.

Алма өсіп тұр бұтақтың уысында әм. Түннің барлық тылсымын Ішке іркіп, Үкі сөнген теректің қуысында.

Асқазанның ойнайды іші қышып Ындын кетті Шоқ талмап, ұшық ішіп. Сәттік қана иланым Күледі үстен, Күн мен алма дидарын ұсынысып.

Дәметесің сананы ашықтырып, Дәм ізіне түседі машық ғұрып. Күн мен алма нұрына Ұмтыласың, Көлеңкенің тымағын басып тұрып.

  • *

Күннің мұрты шалған жер... Сызы кепті. Іріп түскен тамшының ізі де епті. Көбелектің үстінде жатыр Әлем, Сан мың айшық, сансыз үн Түз ілепті.

Қылша дөңнің шырмауық Жүзі көк-ті. Солқылдақ бұлт сырғып кеп Құзын өпті. Қобыз-құлын сүт иісін Қайырғанда: Арда тайдың тұмсығы «ызың» етті.

  • *

Бүлтік жанар, бүлкіл бел, Үлпіл ерін. Солай қарап қобыздан Сілкінер үн. Қорым тастың қолтығын Қытықтайды, Тас бұлақтың құпия күлкілері.

  • *

Күз өтеді, япыр-ай, күз өтеді, Көлеңкесіне оранып құз етегі. Жылай қайтқан құстардың зарлы үнімен Маңдайыңнан амалсыз сыз өтеді.

Күз өтеді, япыр-ай, күнін санап, Тау қарайды қоңыр бел, Тұлымшағы ақ. Қоңырауын әндетіп мойынындағы, Бөріменен ойнайды «құлыншақ ат». Күз өтеді, япыр-ай, ентікпелі Басын илеп бидайды желпіп кері. Құмның жылы қабатын жастанады Кешегі өскен сәбіздің жемтіктері.

  • *

Сенің жиі айтатын кеңесіңді Естіп жүріп көңілім Неге сынды? Жазбен жетер жайдары қабағың Жоқ, Күзден көрдім ең соңғы елесіңді.

  • *

Шыққым келмей отыр-ау Тысқа менің. Қи сасыған базар бар, Пысқан егін... Кісенімен жарысып күлік өлді, Пішен үйіп жатыр-ау «Тышқан» елім?

ҒҰМЫР

Ішкі ниеті алайып қарайтын бір Тысқы арға.

Бәдіз ізін жасырып мың жасайды Қыштар да. Кедергінің кебінін екі айырып ендікте Сеңгір көкте өлсін деп: Қанат берген құстарға.

Еркіндікке аманат еткен күллі Бағытын. Тәңір үнін жамылып самғайды асқақ тағы тым. Ардың соңғы қиқымы құрт-құмырсқаға жем болмай, Зау биікке жерлейді ақырғы аппақ Табытын.

  • *

Мойынымыздан ырғып жатыр Сан аңыз, Гүлдің нілін қайтарады бал мәні. Асқазанға жерлеп қайттық Жаңа біз «Азу тісте қайтыс болған алманы».

  • *

Көз алдымда болдың ғайып, Айналдың әм шейітке. «Қалған мұңды қор қылмайық» – Деген сауал: Кейіпте. ...Бәрі жалған. Сүлдерімді Сүйрелеген кейіп те. Саған алған гүлдерімді Тастадым бір бейітке.

  • *

Адал тайып жығылды, арам оңды Өрік қайтты өрістен Қара «қомды». «Гүл» деп өлең бастап ем Өткен күні, Қаламымның ұшына ара қонды.

  • *

Өзіңді жеп, өзіңмен келісе алмай, Саяқтаусың аяғы кеміс аңдай. Қаламыңның ұшында ит таласты, Жеңісе алмай!

Дала да кең, күн жайлы, Нысап та аман. Бар мен жоқтың арасы үш-ақ қадам. Есіңді жи одағай «Омар Һаям». Көкте Күнді көзімен құшақтаған.

Жүзің неге сазарған қысқы құмдай? Кездесті ме кесір сәт, Қысты ма ыңғай? Еріп кеттің, беу сорлы, бері Келсей... ...Су-су болған жейдеңді-ай, Ұсқыныңды-ай!

  • *

Жел сорғалап есіктің үңгісінен Ессіз тықыр жабысты Ілгішіне. Өзегімнің ішкі өңі қара бояу, Терезенің ішкі өңі түнгі сіле.

Сал боранның гуілі ызың өріп, Күрмеулі үйді үрлейді Күз реңі. Төрден жерге құлаған Саңылау жүр, Жоса қашқан қаламның ізіне еріп. Жының келер: «Жел неткен лақпа?» деп, Мен байқасам Кеште мұң, Ұзақта леп. Тың мезгілдің түбіне жетеді екен, Осылайша оңаша бір апта кеп.

  • *

Маңыңда дерт жоқтайын, айында сын, Ақ кіреуке бүркейді қайың басын. Аққулардың мамығы қалықтап кеп, Сан мың айтақ сыйлайды Пайымға шын. Мөлдір тамшы – меруерт күй, қайың басы, Құс көмейі көтерді Сайын қасын.

ТҮН. АЛАУ

Тас төбеде қиылып, Андыз-андыз гүлдейді от. Түн парағы жиылып, Баса түсті-ау зілдей боп. Ең соңғы рет күйініп, Жаңа батқан күндей боп. Жалын басы иіліп, Көлеңкені үрлейді от.

Қияңқы өскен қияқты, Қылаң самал қорғайды. Түкті айдаһар сияқты, Түн жұтады торғайды.

Жарық... Түнек... Жарасым? Торғайдай бақ-мәзірге?.. Ой мен түннің арасын Бөліп тұрмын әзірге.

  • *

Қыста айтқан қылжақтарым, Жазда жеткен Қалжыңым. Қалай-қалай бұл жақтағы үн «Ісегінде» алжыды?

Қардың соңғы үйіндісі Жер жүзінен сең іздеп. Тамшылардың Қиындысы Жатқанда өзін «теңіз» деп.

Күз бен Гүлдің арасында Қыстырылған назды үндер. Осылайша жарасымды, Орғып өткен аз күндер.

Бұл сәттерді аңыз дер ем, Сыбырға бай, Сырға бай. Мен байқаған сал іздердің Соған жұқпай тұрғаны-ай.

  • *

Құрамай қапқан аязды, ақ таң Тұстардай, Түнемелі өлке, түксиген қырлар, Түнгі ызғар. Қонады қалқып қанатсыз сансыз Құстардай, Жолақты көкке мұржадан ұшқан Жұлдыздар.

Кіреуке жібек қоңыр төскейге Қамалған. Тып-тыныш аумақ (Байғыздың ғана Шыңда әні...) Тың иісін сүйреп жабықтан енген Самалға Майшамның жүзі «төр жаққа кел» Деп ымдады.

Сонау биікке шырқаған шоқтар Зау қайғы, Алабұртады көкірек-дүлдүл басылмай. Зілмауыр тұстың маңайында Аунайды, Түнгі ауыр қараңғы, арудың қараша Шашындай.

  • *

Сарыалақаздың мамығы – сары ғұмыр, Шашылған жұлдыздары Жарық іңір. Зер жағалы меңіреу дария масаң, Ағып жатқан жалғандай:

Кәнігі бір.

Көктем берген келбетін жіберіп ап, Күйікжелік күй шеккен Күдері бақ. Мынау жатқан жас бұтақ, жас қиылған: Кешегі өскен теректің бүрі еді. Қап!

Қасиеттер қалт қайтып, жұлынды ұғым, Кісінейді уақыт – құлынды күн. Көл жүзіне тамшы жас Тамды тағы, «Көк тәңірінің сақалы жұлым-жұлым».

  • *

Көңілді үскірік жеп, түтін тырнап, Жатқанда дала жаурап Құтырдың. Қап! Дүрмекті сансыз дүлдүл жалына Іліп, Күн қайтты мендегі аз бітімді Ұрлап.

Кеудесін күрең аттың қырау құрсап, Бауырын теуіп қойып Тұр-ау бір сәт. Бүркіттің жанарында бел көшеді, Жырық шың, жылы қолат Жылан құрсақ.

Шамшырақ шалғы – аспанда, Шаңырақ бек. Сүлдердің жаны – қызыл, қабірі - Ақ көк. Қобыздың бес жүз жылғы кілтін Басты, Бір қозы ен даладан маңырап Кеп. ...Бөрі ізі қой тіліне тисе ертегі Сол ізді қозы жұлып күйсер Тегі. Меселі он саусақтың қайтқаны ма? Кешегі Тәттімбетті ми шертеді. Бүгін...

  • *

Бір байғыз шақырады... Өтпелі әннің сұлбасы ол (жапырағы?..) Ай етпеттей құлаған Көл бетіне: Алтай шыңы төбесін батырады.

Бұл байғұс – әнші қайғы, Құзды суға – құлатқан – сәншіл Айды. Бір ізгі үн саз кешіп, О, тәңірім! Сыбызғының көзінен тамшылайды.

  • *

...Не айтады, япыр-ай, тастанды лақ, Қарш шайнап ауыздығын Басты арғымақ. Батысқа қарай қашқан Ертіске Ерді-ау Бүгінгі Алатаудан қашқан бұлақ.

  • *

Жанарда жас жоқ, сора, дақ. Сағыныштарым сөнді жалқы қорада. Өрімдей сұры жыландар ғана тірі жүр, Жүрегімді мәңгі орап ап.

Парақтай таза, қатаңдау қарлы пәк күндер. Ұзақ жасайтын сауытты зілдер, әккі үндер. Қапалап қайтқан жылдардан әмсе Сесі артық, Шапалақ ізінде өскен сәттің де.

  • *

Бір іс қалды артымда... Тындырмасам. Түнді аздап кідіртіп, күнді ұрласам. Ескі жылдың кісінеп иісі келер, Бұтадағы ұйыққан үнді ырғасам. Қайда жүрсің, қайтқан, қаз шылбыр Қашаң, Құлағымды тінтіп жүр түнгі ұрғашы ән. Бақтың басқан ұясы айнада тұр, Айырылармын амалсыз шыңғырмасам. Дымын құртқан қайран бақ Талайғының, Қолыма кеп қонбайсың... Қалай мұның? Бықсып көшкен бұлттардың жыртығынан, Биікте өскен алманы жалайды күн. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

ӨЛЕҢНЕН ҰШЫП ЖЕТКЕН ҚҰС

«Гүл!...» деп өлең бастап ем өткен күні, Қаламымның ұшына ара қонды». Сұраған Рахметұлы

(Құсни саз) Кісіліктің жұпары дегеннен шығады, сәби кезімде (өткен ғасырдың елуінші жылдары) әке-шешемізден, айналадағы адамдардың бойынан, олардың сөйлеген сөздерінен, мінез-құлықтарынан бір жұмбақ хош иіс сезетін сияқты едік. Қырыққа жеткен соң ғана біле бастадық, бала кезде сезінген сол жұмбақ иіс көшпелі Қазаққа ған тән адамдықтың ақ жұпары екен ғой. Қазір сол иіске теңеу таппай қиналам. Қос жолаушының баянөлгийлік қазақтар екендігін ақсақалдың жолдорба үстіндегі үкілі шоң тымағынан бірден тани кеттім. Сонау бала кезімде айырылып қалған аяулы туыстарымдай, біртүрлі ыстық тартып барады. Ерекше күйге бөлене тақап барып, иіле сәлем бердім, толқуымды ірке алмай, іле сыртқа шықтым. Жасырып неғылайын, әлденені аңсап, жылағым да келіп кетті. Содан, алабұртпа сезімді сәл-пәл бастым. Айналаны бір сәт рахаттана бажайлап тұрып, сапырылысқан көптің ішінен жүріс-тұрысы мығым, қалқан жауырынды ерекше бір азаматқа көзім түсті. Ешқандай асыра айтқандық емес, әлгі қариялардағы секілді жұпар сағым оның кескінінен де көңілге көркем шалқиды! Өзін танитын да сияқтымын. Ол да жылы жымиып, маған қарсы келе жатыр... Баспасөздерде өзінің әдебиетке қатысты ғылыми мақалаларымен, арагідік өлеңдерімен жарқ етіп көрініп қалып жүретін талантты ақын, Моңғолия Жазушылар одағының Баян Өлгий аймақтық бөлімінің бастығы, аймақтық Ақпарат-баспасөз орталығының директоры, бірнеше жыр жинағының авторы Сұраған Рахметұлымен солайша жолығыстым. Алдында көрген иманжүзді екі қариям Сұрағанның әке-шешесі екен. Баян Өлгийден келіп, Теміртау қаласына түпкілікті қоныстануға бет алыпты. Сол жолы мен Сұрағанның Ұлан-Баторда жарық көрген «Өрен жүйріктің сілекейі» атты жыр жинағын қолқалап алып қалдым. Одан балалық шағымның иісі аңқып тұрғандай көрінді.

Ол кезде (балалық шағымды айтам) біз домбыраның үні мен ағарғанның иісіне бөлене, шаңырақтың астында, кең даланың қойнында бұла өстік. Қойының құмалағына дейін ермен мен жусан аңқыған сол заманда бес түлік бірдей сауылатын, ши екеш шидің өзі де сүтті болатын. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген бекер сөз, батпандай құйрығын көтере алмай, шоңқиып қалған саулықтарды да талай көрдік. Жаз – жайлау, қыс – қыстау үнемі жүз-жүз елу шақырымға дейін көшіп-қонып жүретінбіз. Мата дегеніңіз көйлек-дамбалға ғана болмаса, бастан-аяқ киім атаулы малдың жүнінен тоқылып, аңның терісінен тігілетін. Күздігүні, әр қыстақтағы қойшы-бақташы балалары тау-таудың ішінен жиырма-отыз шақырым жердегі фермалық мектепте түйісерге құлқынсәріден түйе желдіртіп, ат жорғалатып бара жататынбыз. Торсығымыз – уыз-айран, дорбамыз қуырылған бидай-тын. Сондағы мектебіміздің өзі де қызыл тастан қаланған қырық жылғы бір қыстақ еді. Шаруаның бәрі жылқының, түйе мен өгіздің күшімен атқарылатын. Қырыңнан кербездене арқар қарап тұрса, ойыңнан қылшық-жүні қызыл алтындай жайнаған түлкі жортып бара жатады. Сондағы дүрегей күшіктерінің өзі түн баласы арландарға еш қаймықпай қарсы шығып, алты қыр арпалысып барып өлетін. Ең бастысы, ол кезде жұрт шетінен мейірімді де қайырымды, қайсар да іскер, өнерпаз да шебер әрі ақынжанды аңқылдақ болатын. Қисса-дастанды еліге тыңдап, жаппай мейірлене еңіреп жылап отыратын. Тіпті жылқы баласының өзі айналаға адамның көзімен қарайтын мөлдіреп. Біздер сонда көрші ауылдың қыздарына ағаларымыздың кілең өлең аңқыған хаттарын құпия апарып талай қымсындық. Бірер ай сағынысып қалған апа-жеңгелеріміздің өзара қауыша қалған кездегі сыңси жылап, суырыла жырлап көрісе кеткенін көргенде, төбе-құйқамыз шымырлап, кәдімгідей кемсеңдеп қалатынбыз. Он екі-он ұш жасқа дейін, солайша, көшпелі өмірдің небір қызығы мен шыжығын көріп өстік. Әрине, оны байырғы бабалар кезіндегі ұлан-ғайыр Ұлы Көш түгілі, Абай кезіндегі ұзан көшпенділікпен де салғастыруға келмес. Әйтсе де, кеңестік үкімет шаруашылығына қаншалықты сәйкестендірілмесін, көлемі қаншалықты шағындалмасын, бәрібір, ол да қазақ рухының өлмеуіне аса қажетті өзінше бір көшпелі көркем тірлік болатын. Орыс коммунизмінің оқымыстылары мықтап қателесті. Олар коллективизация қырғынымен де құрта алмаған ауылдағы қазақты елуінші-алпысыншы жылдары шүлдірлеген қала-қалаға «жаппай сауатты етуге урбанизациялап» жіберген жағдайда, қазір – Қазақстан деген елдің болу-болмауы екіталай-тын. Сол кезде қазақтың қазақтығын шүкір-қадария сақтап қалған басты бір керемет – көшпелі өмір салты мен бес түліктің бес киесі (ол киелерге Астананың қақ ортасынан ескерткіш орнату керек) еді. Қазір біз сол бес түлік пен аң-құстың, баяғы аңқылдаған көшпелі асыл қауымның өшкен ізін сипалап, өлең кұсын иіскелеп, ескі жұртын егіле іздеп жүрміз. Өкінішті... Аз уақыт ішінде жабайы капиталистік қайырымсыз қоғам да орнап үлгерді. Жұрттың бәрі жып-жылдам меншікқұмарлыққа беріле менменденіп, сауда мен саясатқа салына, ар-ұят жағынан барған сайын азып барады. Баяғысынша аңқылдаған аяулы да асқақ бірлі-жарым көшпелі нағыз қазақты енді Нарын шағылдарының бір бұйратының түбінен немесе Бетпақдаланың ит арқасы қияндағы бір түкпірінен ғана табуға болатын шығар. Ең сорақысы, біз мыңдаған жылдар бойғы айбары орасан көшпелі өмір салтына орай Тәңір өзімізге арнайы дарытқан Ақындықтың, яғни өлең болып жырланып, өлең болып шырқалып тұратын ұлы далалық Жұпар Рух жасампаздығынан мұқым ұлт деңгейінде жаппай айырылып, аңырап қалдық. Ал ақындықтан айырылу, қазақ үшін, белгілі бір мөлшерде – адамдықтан да айырылу. Тұтастай алғанда, біздің қазіргі жылаңқы да көкайыл поэзиямыздың ұлттық колориттен басы бүтін адаланып бара жатқандығының басты себебі де сонда жатса керек. Енді ойлап отырмын, анау әлгі сұрланған автобекетте Сұрағанның әке-шешесін көргенде, сұм тірліктің сұрынан күрт безініп, бірден жылағым келіп кеткені де – бала шағымда көз жазып қалған бұрынғы көшпелі қазаққа тән кісілік самаласын жоқтау түрінде еріксіз іштей лықсып келіп, бірақ сыртқа шыға алмай булыққан мұң-шерімнің өрттей лаулаған алапат қуаты екен-ау. Ол, сонымен қатар, менің бала кездегі аруақты жұртымнан аумайтын қасиетті тағы бір қазақ жұртының әлі күнге дейін, сол тап-таза табиғи күйінде, сол баяғы Баян Өлгий аймағын жалпағынан жомарт та мәрт жайлап жатқанына әрдайым ерекше сүйсініп, тәубә айтып жүретін қош көңілімнің тәп-тәтті өксігі де болар. Қалай десек те, байқап жүреміз, жалпы алғанда, Өзбекстаннан қайтқан қандастар қазақы салт-дәстүрден гөрі, сауда ісі мен бау-бақша күтіміне пысық болса, Ресейден қайтқан бауырлар қазақтың әдебиеті мен өнерінен гөрі қара шаруа мен техникаға үйір. Иран мен

Ауғанстаннан келгендері – әсіре діндар. Тек, Қытай мен Моңғолиядағы туыстарымызда ғана көшпелі өмір салтына сай байырғы ұлттық ерекшеліктер молынан сақталған. Ата-бабалық салт-дәстүрмен өнер атаулыны аялау жағынан да, көшпелі өмір салтының құндылықтарын қастерлеу жағынан да маған, әсіресе ежелгі ата-бабалардай рухани-парасаттылық дамуды мұрат тұтқан Баян Өлгий қазақтары тым жақын, тым ыстық. Енді сол ақынжанды аңқылдақ елдің ақын перзенті – «Анасы сүйген бетінен самала-нұр тамып тұратын» Сұра­ған­ның кейін өзі қайта сұрыптаған өлеңдеріне кезек берелік:

ТҮН. АЛАУ

Тас төбеде қиылып, Андыз-андыз гүлдейді от. Түн парағы жиылып, Баса түсті-ау зілдей боп. Ең соңғы рет күйініп, Жаңа батқан күндей боп. Жалын басы иіліп, Көлеңкені үрлейді от. Қияңқы өскен қияқты Қылаң самал қорғайды. Түкті айдаһар сияқты, Түн жұтады торғайды. Жарық... Түнек... Жарасым? Торғайдай бақ-мәзірге?.. Ой мен түннің арасын Бөліп тұрмын әзірге.

  • *

Бір іс қалды артымда... Тындырмасам. Түнді аздап кідіртіп, күнді ұрласам. Ескі жылдың кісінеп иісі келер, Бұтадағы ұйыққан үнді ырғасам.

Қайда жүрсің, қайтқан қаз, шылбыр Қашаң, Құлағымды тінтіп жүр түнгі ұрғашы ән. Бақтың басқан ұясы айнада тұр, Айырылармын амалсыз шыңғырмасам.

Дымын құртқан қайран бақ Талайғының, Қолыма кеп қонбайсың... Қалай мұның? Бықсып көшкен бұлттардың жыртығынан

Биікте өскен алманы жалайды күн.

  • *

Бір байғыз шақырады... Өтпелі әннің сұлбасы ол (жапырағы?..) Ай етпеттей құлаған Көл бетіне: Алтай шыңы төбесін батырады. Бұл байғұс – әнші қайғы, Құзды суға – құлатқан – сәншіл Айды. Бір ізгі үн саз кешіп, О, тәңірім! Сыбызғының көзінен тамшылайды.

  • *

Көңілді үскірік жеп, түтін тырнап, Жатқанда дала жаурап Құтырдың. Қап! Дүрмекті сансыз дүлдүл жалына Іліп, Күн қайтты мендегі аз бітімді Ұрлап.

Кеудесін күрең аттың қырау құрсап, Бауырын теуіп қойып Тұр-ау бір сәт. Бүркіттің жанарында бел көшеді, Жырық шың, жылы қолат Жылан құрсақ. Шамшырақ шалғы – аспанда, Шаңырақ бек. Сүлдердің жаны – қызыл, қабірі – Ақ көк. Қобыздың бес жүз жылғы кілтін Басты, Бір қозы ен даладан маңырап Кеп. ...Бөрі ізі қой тіліне тисе ертегі Сол ізді қозы жұлып күйсер Тегі. Меселі он саусақтың қайтқаны ма? Кешегі Тәттімбетті ми шертеді. Бүгін...

Басты мақсаты материалдық-техникалық даму ғана болып табылатын отырықшылар салтының мүңгір жылымына көкірек-көзіне жете әбден батып алған біз секілді прагматик пақырлардың қымыздай жұпар, қылыштай өткір мұндай өлеңдерді толғануы әсте мүмкін емес. Түнде сықырлауығынан жұлдыз сығалап, күндіз шаңырағынан ару Күн алтын бұрым түсіретін, табалдырығынан бірден дархан Дала басталып кететін көшпелі өмірдің әулиелік қошына болмыс-бітімі ерекше бөленіп өскен, жаны жайсаң жан ғана Тәңірге тарып туған табиғатты, қазақы қайран өмірді осылайша құпия аңқытып, құлпырта, сұлу да сұңғыла сөйлей алады. Туған елі – Қазақстаннан жырақ жүріп, ежелгі Көк түрік бабаларымыздың Атамекенінде олардың қасиетті балбал-бәдіздеріне тәу ете, заманалар өткен сайын жан дүниесі жетімсіреп елегізе түскен жұрттың оғланы ретінде, ақын бауырдың Иісі әлемдік Алтай-Түрік байтағының қарт тарихына, қасиетті қаракөк тұқымына үңіле қарап, бір сәт «Бәдіз» деген өлеңімен өрт күрсінуі де заңдылық: БӘДІЗ

Байрақ ел, қамаулы ой Қайрақ Түрік. Қайтқан бақ... қан езеді май қаптырып, Жүзінде ұстараның Мұң ұлиды, Сирағын қақпандағы шайнап тұрып. Жұлдыздың қиқымынан қима зерлеп, Тарының қауызына сыйған өрнек. Жебенің қырындағы тірі алау, Сандалған сары табытын миға жерлеп. Аңыртас, даладағы лағыл арлар, Кеш қайтты ниеттердің Табынан зәр. Үзіліп үзеңгіден қалған рух; Көтінде көкпек ала дағы барлар.

Бейне бір күпті көңілінің бетінде баяғыдан бері сары жасыл іріңдене күлтілдеген жан дүние жарасын бір қарулы қол бытыр-р еткізе жарып жіберіп, өзегінен өлі етіне дейін суарып алып бергендей, беу-беу, рахаттанып қаласың!.. Тегінде, өлең дегеніңіздің өзі – тылсым қуат. Ол – ертек нұрына шомылған ақиқат. Оған үміт пен мұраттың арасы – қас қағым сәт. Оның ырғағы сықылықтан да әсем, ұйқасы – дос құшағынан да берік. Ал мына бір өлең – бір кездері Нөкістен қоңырқай ыңылдаған баяғы Төлеген-мұңның қазақ төбесінен мыңдаған шақырым бұлдыр-бұлдыр ұшып өтіп, Баян Өлгийдегі сұрапыл дәт өмірге деген Сұраған-іңкәрлікке көздің жасындай мөлдір айналып кеткендегі ғажап құбылысы:

Қараөткелдің аузында қалған ұмыт, Қайран күлкім, мен сені іздеп келем. Жапырақ жыр, қаз даусы, тізбекті Өлең, Қалқып ұшып сөнеді сынық талдан. Қыс, хабар, Мұң Өмірдегі өлшемі ұстам-ардың. Қараөткелдің маңында ұмыт қалған, Қайталанбас үнімді құстан алдым. Осы маңда тамаша бір ғұрып бар, Рахмет! Аяулы бұлдырықтар, Босанады боз жусан, шыңғырып тал... Рахмет, аяулы күллі жұптар.

Сұрағанның шағын ғана жыр жинағын ай аралата парақтап қойып отырамын – құдды, әр қауырсынында алуан образдар мен аллегориялық күрделі де әсем ойлар кемпірқосағы құбыла ойнап тұрған қанатты жаратылыс, өлеңнен ұшып жеткен құс – «Атамның сипап әжімін, түндіктен түсті ақсақ Ай», «Жетім шамның жарығы үрейіме түсіп тұр», «Алкеуде бойдақ жайпаған алғашқы түнді ойла, қыз», «Ұстараның жүзіндей сауал қойдым, жарақаттың аузындай жауап алдым». «Айдың түбі – сөнген сүт-қара жарық», «Торғай түні тамады аспан жақтан», «Бұтаққа қонған іңір-құс», «Кәрі әженің жүзіндей қараңғы арай», «Біреуден бәлкім үркесің, байлаулы жүрек, қыңсылап», «Айыр өркеш құздар тұр, арасында Ай мыжылған», «Денемде бар сұрқай үрей, суға тамған сиядай», «Құба желдің сүйгені – құрғақ ерін», «Кісінейді уақыт – құлынды күн», «Кекілін жайған жалбыр шам», «Тұяғында жанымның жазуы бар қызыл табан құнаным есінейді», «Сіміріп жатқан күндізді, неткен қараңғы бесті іңір!..» Сұраған – жоғарыдағы алты өлеңімен-ақ Алаш әдебиетінің тарихына анық қалатын ақын. Тек, тіміскі тіл мен күлем көзден, біздегі қайырымсыз коғамның былықтарынан сақтасын. Тфа-тфа, кесапаттан аулақ!.. Алайда, анда-санда осы елге өзімнің байтағым-ардағым деп еркелей келіп жүретін Сұраған ақын ше, ол бұл жақтан не көріп, не түйсініп кетеді екен десеңізші! Сұрағаннан сұрамай-ақ қоялық, оны өзінің «Тіл» дейтін мына бір өлеңі айтып береді:

ТІЛ...

Қасірет пен бетпе-бет кеп Соғысып, От шайнайды, опық жейді ол Шоқ ішіп. Қара күндер, Қара діндер Мас сәттер. Қарақұрақ қарманады боқ үшін. Кеңірдекте тірелген кеп Түйткілдер, Жүректерде құлдырау бар, миыңда Өрт. Өңшең тірі өліктермен біргесің, Жаның жалын, Заманың қас Күйің дерт... Бұдан әрі бұрқай соғып Не дерім? Жабырқау күз, жуды жаздың бедерін. «Тілің қайда, қарағым-ау? – деп едім: «Жұмыршақта ұйықтап жатыр», – Деді Ерін...

Әрине, бұл – қазақстандық кеп, өзінің Ата Тілін ит тірліктің табанына, капиталистік ашқарақ қоғамның аранына салып берген, көпдінді, «көпұлтты» қазақстандық қазақтардың кебі. Бұл – отырықшыл құндылықтарын ғана «өркениет» деп, көшпенділік құндылықтарын «керкепиет» деп адасқан-алжасқан нақ біздің түйсіксіздігіміздің соқыр тамыры, намыссыздығымыздың хайуандық жұмыршағы, тексіздігіміздің қанды жас сорғалаған шежіресі, «толеранттық тіспен» тіл қыршыған сорлы далбасалығымыздың кеспірі. Өйткені, Баян Өлгий қазақтары үшін қазақ тілінің проблемасы жоқ. Ежелден солай. Тілі құрыған халықты ұстап тұруға діннің де қауқары жетпейді. Үкімет үйінде жылдар бойы құр күпиіп, кіл орысша әкірең мүңкіп жүргендердің тірлігіне қарай оты­рып, жағдайы Ата Заң кітабының ішіндегі гербарийге ұқсаған Ата Тіліміздің болашағын ойласаң, төбе шашың түгілі өзге түгің де оқыс тікірейіп, шошып кетесің. Шошымайтындар Сұрағанның «Ойран» өлеңін оқысын:

ОЙРАН

Өлеңінен, Сөйлемдер нүктесінен. Өкініші көп күндер шықты есінен – Ұлар күннің дүрліккен Арасынан, Ерте жазған бір хаттың Бүкпесінен! Тың қасырет табылды күтпеген Бір, Қайта айқасты баяғы сүт пенен Кір. Ескі жара, ескі жол Ешкі қылық, Еске келіп тығылды бітпеген Жыр. Тік жазулар көз жасы, Былғап кеткен Сұп-суық жүз қарайды күллі Ақ беттен. Мына бір сөз – кекеудің егеуіндей Мына бір сөз – Жаныңды тырнапты еппен... Күн күркіреп жай түсті Бір жақ шеттен, Қызыл тілде қыбыр жоқ Құрғап кеткен...

Бұдан көк аңқыған көшпенділік руханиятын («сүт») отырықшылықтың технология («кір») ғана сасыған озбыр формациясы аяусыз басып-жаншып тастағандағы тақсіретіміз де, сөзіміздің самалын бұзып бітірген «тік жазуды» (кириллиция) Көк Түрік әліпбиіне алмастыруда көсем таппай сандалғандағы қасіретіміз де Сұрағанның жүрегін аяусыз тілім-тілім еткені айқын көрінеді.Енді ақын бауырым өлең-жыр өзінің асыл жұртында өлең-шөп аңқыған өзінің асыл топырағына күніге мың қайтара аунап жүрсе де, біз жақтан жұқтырып алған күлгін күдік пен сары қайғыдан кұлантаза сауығып кете алар ма екен? Мәселе сонда! Жастар арасындағы нашақорлық, жер-жердегі жұмыссыздық, сала-саладағы парақорлық, «ипотекалық» баспанасыздық, капиталистік-буржуазиялық тақталастық пен бақталастық, алыпсатар-алаяқтық, шет-шегі жоқ қымбатшылық, қожайындардың еңбекті қанау есерлігі, шенеуніктер өктемдігі, халық байлығын

«инвесторлық-олигархиялық» тонау, кеңсе-кеңселердегі трайбализм, «бес қаруы сай» криминал, жоғары жаққа алдиярлаған әкімдіктер, интеллегенция оппортунизмі, тарихтанудағы конфабуляция, «аузы қисық болса да бай баласы...» тенденциясы, орыс-казак қауымдастығы басшыларының жасырын шовинизмі, жас ұрпақтың кітап оқудан ат-тонын жаппай ала қашуы, алтыбақан ала ауыз оппозиция, көшеге шығып кеткен жезөкшелік, экологиялық жағдайдың мүшкілдігі, саяси-әлеуметтік және білім салаларында ділімізге жат батыстық көшірме реформалар, «балабақшадан бастап жалпыға бірдей полиглоттық болашақ» идеясының қазаққа қауіпті тұстарының ескерілмеуі, «көпұлтты» еліндегі қазақтың өз «диаспоралық» дәрежесі, «қазақстандық ұлт» саясаты, қарақұрым алашұбар конфессиялар мен діндер, шетелдердің азғын экспансиясы, сол орайда қолданылар «жеріттік (жеріт – «черт»: жерітуші, жиіркенішті, сайтан) өнерді үйрен де жирен» атты бағзы ұлттық иммунологияның құрып кетуі... Айта берсең ашыныс пен қорқыныш жеткілікті. Соның бәрі ең әуелі – Ата Тіліміздің адыра қалуының кесірінен. Өйткені, баба қазақтың әлемдегі ең көркем де дана тілі – Ататектің ар-ұяты, адамдықтың рухани ең жоғарғы болмысы ретіндегі бақсылықтың аңқылдаған жойдақсыз рухы, ақындықтың қылпыған қош ақыл-есі, періштеліктің ерен-жұпар дүниетанымы. Сондай аспани кемел тілмен үнемі кәміл өмір сүрумен болған жағдайда халқымыз бүгінгідей қандыкөз, ашқарақ, имансыз, жындысүрей қоғамға еш ұрынбас еді. Аңдап қарасақ, Түркия мен Еуропада «тері тартқылап» жүрген қандастарымыздың елжірек үлкендерінің іштей тілектестігі ғана болмаса, олардың тіл білмейтін ұрпақтарынан бізге мүлде қайыр жоқ. Әйтеуір, аман болсын дейміз де. Қарақалпағымыздың да түптің түбінде алашапанданып кетер әлпеті бар. Бері қарай қайтарға жалпағынан даңғыл жол ашпасақ, Қытайдағы ирреденталдық қалың жұртымызда бүгін-ертең бірыңғай шүршітше шүлдірлеп шығады. Біздің «қазақтығымыз» әлгіндей. О, Тәңір ием!.. Кейде жергілікті бәзбір ағайындардың: «Шіркін-ай, анау Моңғолдағы жүз мыңдаған жұпар аңқыған бауырларымызды түгелдей көшіріп алсақ қой, қазақтығымыз біраз нығайып қалар еді!» – деп тамсанатыны бар. Ондай жаңсақ пиғылдан Құдай сақтасын! Егер, мұндағы ырың-жырың ит-құс тіршілігіміздің жынды көбелектері олардың далалық дархан көңіліне күйік болып енбесін, күйе болып түплесін десек, біз ол қандастарымыздың өзімізден аулақта, өздерінің сол Туған Жер – Кіші Отандарында ұдайы имандария өмір сүре бермегін Жасағаннан күні-түн тік тұрып тілеуіміз керек! Өйткені, ол жұрт байырғы асқақ та аңқылдақ Қазақтың нақ өзі! Оны «Қызыл кітапқа енгізіп» сақтауымыз қажет, келешек үшін! Десек те, ақындары көп елдің арманы өлмейді. Арманы тірі елдің болашағы жарқын. Бір үміт бар, сенімнен де үлкен. Жүздері жалындаған аса талантты жас ақындар шықты әдебиет майданына. Жарас Сәрсек, Танакөз Толқынқызы, Маралтай Райымбекұлы, Талғат Ешенұлы, Әмірхан Балқыбек, Мұрат Шаймаран, Жанарбек Әшімжан, Дәурен Берікқажыұлы, Бақыт Беделханұлы, Рүстем Есдәулет, Дәулеткерей Кәпұлы, Алмас Темірбай, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Мұратхан Шоқанұлы, Бақытжан Алдияр, Жанат Әскербекқызы, Бауыржан Бабажанұлы, Есей Жеңісұлы, Ақсұңқар Ақынбабақызы, Әлібек Шегебай, Нәзира Бердалы, Болат Мүрсәлім, Тоқтарбек Қамзин, Батырболат Айтболат, Алмат Исәділ, Асанқадір Исабек, Саят Қамшыгер, Тоқтарәлі Таңжарық, Бауыржан Қарағыз, Сәтжан Қасымжанұлы, Гүлманат Әуелхан, Құралай Омар, Қайырбек Шағыр, Маржан Ершуова, Сағыныш Намазшамова, Роза Сейілхан және – «Жүрсіннің жүйріктері». Білімдібілікті, еркін ойлы, қуатты толқын. Солардың көш басында – Сұраған. Міне, мен оның кезекті бір өлеңіне көз жүгірте бастадым:

...өзіңді жеп, Өзіңмен келісе алмай, Саяқтаусың, аяғы кеміс аңдай. Қаламыңның ұшында ит таласты, Жеңісе алмай. Оу, қойсаңшы, Дала да кең, күн жайлы, нысап та аман, Бар мен жоқтың арасы – үш-ақ қадам. Есіңді жи, көк ала түз көңілім, Көкшіл Күнді көзіңмен құшақтаған!...

Тағы да сол, жарты миы орыстана, жарты миы намыс­тана, ит тірлік кешіп жатқан қазақстандық Қазақтың трагедиясы! Далалық дархандық пен қалалық қараулық арасындағы кешегі, бүгінгі және ертеңгі алапат сары ала мұң!.. Соған қарамастан, Күн көзінен бағзы бір әуен еседі! Құлағыңның түбінде қоңыр қаз бырт-бырт жайылып жүреді! Шалқаңнан түсіп алып, сонау-у балалық шағыңды іштей ыңылдап, езіле ойлай бастайсың!..

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙