TELEGEI

Home

Қасым Аманжоловтың өлеңдер жинағы

Қасым Аманжолов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қасым Аманжоловтың өлеңдер жинағы

«Өзім туралы», «Байқалған сыр» және басқа да жасын мінезді, отты жырларымен қазақ поэзиясына өшпес із қалдырған Қасым Аманжоловтың таңдаулы жинағы.

ЛЕНИН

Дүние-дүние болғалы,
Жаралғалы жер мен көк,
Өмірден орын алғалы,

Арғы атамыз адам боп...

Қанша уақыт озғанын,
Қанша өмір тозғанын
Тәуекелмен мөлшерлеп,

Кәрі тарих тұр өлшеп...

Содан бері өмірге
Талай сабаз келіпті,
Жете алмай-ақ бұл күнге

Ұзақ жолда өліпті.

Талай тұлпар зорықты,
Талай гүлдер солыпты,
Талай таулар шөгіпті,
Талай жұлдыз сөніпті,
Талай көлдер суалған,

Талай емен қуарған...

Жебелі садақ толғаған,
Желекті найза қолға алған
Батырлар да өтіпті;
Лебізі — күй, сөзі — жыр,
Жігері бейне электр
Гомер, Байрон, Пушкиндей

Ақындар да өтіпті.

Ғылымы бейне дария,
Шежіре шешен қария —
Аристотель сықылды

Ғалымдар да өтіпті...

Айға шапқан айбарлы
Арыстан да өтіпті
Жалғыз өзі жиһанмен
Алысқан да өтіпті,
Болашақты болжаған

Данышпан да өтіпті...

Бақыт құсын аңсаған

Таба алмай-ақ өтіпті.

Ләззатынан өмірдің,

Қана алмай-ақ өтіпті...

Құлағын кесіп, Ұрымға
Ұлды сатқан заманда,
Тұлымын кесіп, Қырымға
Қызды сатқан заманда,
Оқ пен найза үстем боп

Қан қақсатқан заманда...

Жан жігері құм болып,
Көкірек толған мұң болып,
Мақсат алыс, жол ұзақ,

Өксіп өмір өтіпті.

Бақыт іздеп адамзат,

Бұл кезге де жетіпті.

Осынау кезде жиһанға
Керемет бір күн туды,
Бақыт болып заманға
Күн сымбатты ұл туды!
Өмірге ол келгенде,

Қуанып әлем сілкінді.

Күндей шалқып күлгенде,

Жиһан жүзі құлпырды.

Жер шарының төрінде
Құл құтылды бұғаудан,
Тұңғыш рет өмірде

Ел құтылды жылаудан.

Ескі өмірді төңкеріп
Шығарды астын үстіне,
Кім сүйсінбес, дәл мұндай
Кереметті күштіге!
Суалып қалған қақтарды
Айдын шалқар көл етті,
Тоз-тоз болған ұлттарды

Берекелі ел етті.

Көні кепкен шөлдерге
Көл орнатып, гүл екті,
Сорлы бейбақ елдерге
Қуат берді құдіретті,
Жердің кенін, алтынын
Ақтарттырды, алдырды,
Бақытты ұлы халқының

Сарайларын салдырды.

Аң баспаған тауларды
Жайлау етіп жайлатты,
Шөгіп қалған шалдарды

Жігіт етті қайратты.

Аңсап күткен нұр таңды
Жарқыратып атырды,
Арманда өткен адамды,

Өмірге қайта шақырды.

Өзімен бірге өмірге
Ала келді бақытты,
Жер шарының төрінде

Шаттық көлін шалқытты.

Аққудайын аруға
Сандуғаштай үн бітті,
Қосты сүйген жарына

Сұңқардайын жігітті.

Уайым, қайғы, мұң, күдік
Мәңгі кетті көңілден,
Жауыздықты әділдік —

Қуып шықты өмірден.

Айға шапқан айбарым,

Ерлік күшті жүректе.

Айналдырар жер шарын

Қуат бітті білекке.

Адамзаттың арманын
Қуып жеттік сұңқармен,

Шал-кемпірдің жас шағын.

Қайырып бақыт орнаттық,

Бар әлемді қуанттық.

Жұмыртқалар жетті кез
«Қой үстіне боз торғай»
Туғанын да көрді көз —
Оңынан күн, солдан ай!
Міне, үлгісі өмірдің!
Міне, ісі елімнің!
Міне, күші Лениннің!
Ленин — бақытты өмірдің

Туа қалған тұлғасы.

Қызыл туы — Лениннің
Алтын таңның шұғласы!
Ленин — күні бақыттың

Мүмкін емес сөнбегі.

Ленин — күші халықтың
Мүмкін емес өлмегі!
Ленин десе,— көңілді
Қуатты бір күш кернейді,
Бақытты балғын өмірді

Шаттық күйі тербейді.

Ленин десе,— қарттар да
Құлшынып қайта бір жасар,
Өйткені біздің қатарда

Мәңгі өлмейтін Ленин бар.

Ленин десе, қуанып

Жылаған бала жұбанар.

Бақытты бізде бар халық
Халық барда — Ленин бар!—

Деген бізде сенім бар.

Сенімі күшті елім бар,

Елім барда—Ленин бар.

Ленин десе,— ақынның
Құйылар жыры нөсерлеп,
Жүрегі соғад халқымның:—
Ленин, Ленин, Ленин,— деп!
Жан серігі Лениннің
Партия кемеңгерім бар!
Партия бар — Ленин бар!

1938

СҰҢҚАР ЖЫРЫ

(М. Горький туралы)

І

Бір үһілеп, бір өксіп,
Жатты дүние дөңбекшіп,—

Азап шеккен арудай.

Тұншықтырып түн түнек,
Тұнжыраулы жер мен көк,

Күйзелгендей күн мен ай.

Сонда сонау қиядан
Ұшты сұңқар ұядан,

Ұшты самғап саңқылдап.

Қара түнді қақ жара
Қанатымен жол сала,—

Нажағайдай жарқылдап.

Ұшты сұңқар самғады,
Жиһан жүзін шарлады,
Көрді, ұқты түн сырын:
Екі басты самұрық
Шеңгелге сап тұр бүріп

Бостандықтың бұлбұлын.

Шықты сұңқар көкке өрлеп.

Көкірегін кек кернеп,

Бостандық, деп жырлады.

Құмарта сұңқар үніне,
Таңшыл құстар сүйіне,

Бақыт жырын тыңдады.

Тау тулатқан толқын жыр,
Жосып аққан жойқын жыр

Солқылдатты жер-көкті.

Аңыз болған арман жыр,
Құлақ құршы қанған жыр

Дүниені тербетті.

Сұңқарды тез құртам деп,
Қос қанатын қырқам деп,

Бар қаһарын тікті түн.

Қауіп-қатер төңгенде,
«Сұңқарға сын» дегенде,

Естілді бір күшті үн.

Топшысымен тау жыға,
Қанатымен бұлт сыра,

Келе жатты қос қыран.

Жер жендетін жайрата,
Таң құстарын сайрата,

Қара түнге салды ойран.

Саңқылдап сұңқар күшті үні,
Шарықтап таңның бұлбұлы,

Бастап ұшты қос қыран.

Нажағай бұлтты қамшылап,
Түн қорқауы қансырап,

Жарқырап атты алтын таң.

ІІ

Өмірдің асқар шыңында,
Бақытты алтын тұғырда

Жырлайды таңның сұңқары.

Гүлді, нұрлы алтын жаз,
Асыр салған аққу-қаз,

Шалқып шаттық шалқары.

Жердегі бір жырадан,
Жылжып жендет сұр жылан

Шықты шыңға өрмелеп.

Қапыда жылан шақты деп
Сұңқар қаза тапты деп,
Азаланды жер мен көк,

Бірақ сұңқар өлген жоқ.

Иланады кім оған?!
Өзге өлсе де,— өлмейтін,
Өліміңе көнбейтін

Ол бір туған ұлы жан.

Сұңқар жыры — жарқылда
Жауға атылған нажағай;

Ол біздің жыр, бізге ұран.

Шыңдағы алтын тұғырдан,
Сұңқарларын ұшырған

Ұлы Отан — тау қыран.

АҚЫН

(Маяковский туралы)
Ескі дүние есігін теуіп ашып,
Кіріп келді ол жүзінен жалын шашып,
Босағада тұрмады, төрге ұмтылды,

Бұзып-жарып, еңсеріп, еркін басып.

Кербез әйел сықылды дүние паң

Қылығына жігіттің бұлқан-талқан.

Ала көзбен бір қарап дүниеге

Ақын тұрды азырақ болып аң-таң.

Дүние — шексіз, аралап кете барды,
Тілін ұқты, сырын да тез аңғарды,
Су орнына жұтты да аққан жасты,

Күй орнына тыңдады қайғы-зарды.

Осы шуды қақ жарып шықты бір үн,
Естімеген дүние мұны бұрын,
Бостандықтың бүркіті саңқ-саңқ етіп,

Қанатымен сыпырды дүние кірін.

Ақын сонда әлемге айтты шынын,
Деді ол: «Жаңа дүние жаршысымын»,
Бар даусымен айқайлап жіберді кеп,

Жер құлағын тұндырды даусы мұның.

Дүние шуын бұл дауыс кетті басып,
Есі шыққан ескілік қалды сасып,
Баса қашты құлағын нәзік муза,

Музаны бұл не қылсын, емес ғашық.

Не қыламыз, шынында, музаны біз?!
Көп ақыннан қалған ол бір кәрі қыз,
Муза жазып бермейді бізге өлең,

Өлең тоқыр өзіміз фабрикамыз.

Өлеңді ол жазушы ед бұрқыратып,
Қанжарды да тұтушы ед, мылтық атып,
Көрікті де басушы ед күмпілдетіп,
Балғаны да соғушы ед тасты уатып,
Дабылдатып еді бір дүниені,
Амал қанша, дариға-ай сол да өлді,
Арыстандай ақырған ақын еді,

Жыр көгінде қырандай шалқып еді.

Даусы қалды құлақта саңқылдаған,
Жыры қалды жүректе жарқылдаған,
Жыр керек қой, дүниеге жыр керек қой,
Неге ғана өледі ақын адам?!

1940

АҚЫННЫҢ ЕСКЕРТКІШІ

(Пушкиннің өлгеніне жүз жыл толуына)
Өмір бақша, жемісі мол, қызыл гүлі жайнаған,

Жан иесі бейне бұлбұл, гүлге қонып сайраған.

Сол бақшаны мен келемін тамашалап, аралап,

Гүлдің сырын, бұлбұл үнін жырға тізіп, саралап.

Гүлдің сыры, бұлбұл үні тербетеді жанымды,
Балқытады жас тәнімді, қайнатады қанымды,
Ұлы мұхит толқынындай тасқындайды көңілім,

Май айының бақшасындай құлпырады өмірім.

Нұрын төгіп, мейірленіп, күн қарайды күлімдеп,

Бақша ішінде музыкадан күй төгілед дірілдеп.

Шаттық жыры жүрегімді, көкірегімді кернейді,

Көңіл құсы шарықтайды, күнге қарай өрлейді.

Аралаймын гүл бақшаны, тамашаға тоймаймын,
Толқындаймын, тасқындаймын, толғанамын, ойлаймын,
Ой шыңынан құлдырайды асыл сөздің бұлағы,

Жыр тыңдайды, түріледі бар әлемнің құлағы.

Жырлаймын да, шырқатамын шаттық жырын өмірдің,

Еркіндеймін, орындаймын бар тілегін көңілдің.

Іркілмеймін, бақша ішінде тамашалап келемін,

Бақша ішінде, көз алдымда бір ескерткіш көремін.

Мрамордан орнатылған ескерткішке келемін,

Иілемін тәжім етіп, жырмен сәлем беремін.

Жыр тәңірінің, ұлы ақынның ескерткіші еді бұл,

Дақ түспеген, ескірмеген, өтсе-дағы талай жыл.

Бұйра шашы толқынданған, кең маңдайы керілген,
Тапжылмастан ұлы ақын тұр, терең ойға көмілген,
Ескерткішке кірпік қақпай қадаламын, қараймын,

Ескерткішін ұлы ақынның дәл өзіне балаймын.

Қараймын да ескерткішке, терең ойға батамын,
Сырымды айтам, шынымды айтам, ақынға тіл қатамын:

– Шіркін жалған, опасы жоқ, әттең сұмырай,

зар заман,
Нe көрсетпед, не қылмады, не қылмады ол саған!
Ақын едің, албырт едің, сұм жалғанмен алыстың,
Таң жолынан тапжылмадың, қайтпадың сен, қарыстың,
Ақын едің, күн боп едің, мезгіл жетпей сөндін сен,

Сонда-дағы борышыңды адамзатқа бердің сен.

Ақын едің, жалын едің, желмен ойнап өрт болдың,

Ақын едің, соққы жедің, сұм жалғаннан мерт болдың.

Бірақ, сені жоя алмады, құрта алмады сұм жалған,

Мәңгі сақтар, жүрек жаттар сенен асыл жыр қалған.

Сені қысқан сұм замана, болды міне күл-талқан,
Сен аңсаған, құмарланған атты міне, атар таң,
Жаңа заман сені бүгін жүрегіне бөледі,

Жаттап жырың, ақтап атың, сені тірі көреді...

Деймін-дағы, ескерткішке қайта-қайта қараймын,
Ескерткішін ұлы ақынның дәл өзіне балаймын,
Қарсы алдында ескерткіштің кетем жырлап тағы да,

Жырлаймын да, гүл орнатам ескерткіштің маңына.

1937, Алматы

ҰЛЫ ОКТЯБРЬ

Күні күйіп, долданып:
Ай тұтылып, сұрланып;
Түнеріп төніп көк аспан,
Қоршап қара бұлт басқан,—
Ішін тартып, күңіреніп,

Үрейлене тебіреніп.

Долы желі ысқырып,
Соққан аяз үскірік —

Ызыңдаған, тынбаған.

Құз шыңылдап, жаңғырып,
Сай шуылдап, тау жылап,—
Жер бауыры — тоң болып,
Жердің түгі — сор болып;
Ағаш, қурай сорайып,
Гүл, жапырақ сарғайып,
Жердің жүзін шаң басып;

Суалғандай айдын көл.

Қуарғандай шалқар бел,

Ол — бір күн, ол — бір заман.

Ашығып, нан таба алмай
Сусап, сусын қана алмай,
Иін жалаңаш, киім жоқ,
Кірейін десең, үйің жоқ,
Отыратын төрің жоқ,
Көсілетін жерің жоқ!
Өлер оңай өлім жоқ,
Өзің қазған көрің жоқ!
Тамырда қан суалған,
Жүзің солып, қуарған —
Ол бір заман — сұм заман!
Адамшылық еркің жоқ,
Жүрегіңде дертің көп,
Еңбегің еш, жігер құм,
Кеуде — қайғы, ойың — мұң,
Сыртың жалын, ішің — шоқ,
Сөзің — сарын, көзің — от,
Үстің — аяз, астың — сыз,
Артың — боран, алдың — мұз,
Пана таппай сарнаған,
Күңіренген, зарлаған,
Ол сұм заман — қу заман!
Қорқау қасқыр қой бағып,
Қара құзғын аң қағып,
Қара қабан бас болып,
Ішіп, жеп, құр мас болып,
«Патша, құдай, құран» деп,
«Бәрі содан, илан» деп,
Талай елді қанаған,
Талай елді тонаған,
Сан жарлыны талаған,
Атып, асып қамаған,
Әй, сұм заман, сұм заман!
Күндерде күн болғанда
Кеудеге зіл толғанда,
Дүние азып-тозғанда,

Айуаншылық қозғанда...

Кенеттен бір шықты үн —

Жаңғырықты орман, шың.

Күлімдеді алтын күн.

Бұлт бытырап үркті түн...

Нажағайлар шартылдап,
Көкті тіліп жарқылдап,

Естілгенде бір дүбір.

Күн нұрына малынып,
Қызыл торқа жамылып,
Болат қару тағынып,
Өзіне-өзі табынып,
Екі көзден нұр төгіп,
Сөзі ұран, жыр төгіп,
Қос білегін сыбанып,
Ыза кернеп, сұрланып,
Шыға келді бір алып!
(Қалды дүние таңқалып),
Ол алыбым — Октябрь!
Талқан қылып тап жауын,
Бырт-бырт үзіп құл бауын,
Жыртып діннің шырмауын,

Морт сындырып құрсауын...

Сан жарлыны қуантқан,
Құшып, сүйіп жұбатқан,
Қолға қызыл ту беріп,

Бойға жігер, ду беріп.

Жаңа дүние құруға,
Жаңарып қайта тууға
Бастаған сол — Октябрь!
Белес, белес асқанда,
Шалқып көңіл тасқанда,
Жерді жеңіп, жентектеп,
Жібек желді жетектеп
Шыққанда ұшып аспанға,
Көктің қойнын ашқанда,
Бар әлемге танытқан,
Өмір сырын ағылтқан,
Табиғаттың бар күшін
Ұлы еңбекке бағынтқан, –
Октябрьден туған ел!
Табиғатты иіткен,
Жер бауырын жібіткен,
Жер сауырын гүл еткен,
Бетін торғын, нұр еткен,
Сай-саласын ну еткен,
Бетпақ шөлін сулы еткен,
Құм мен сорын шөп еткен,
Дөң, адырын көк еткен,
Қойнын ашып, кен еткен,
Мол байлыққа кенелткен,
Октябрьден туған ер!
Сан машина қантатып,
Сансыз құрал баптатып,
Фабрик, завод салдырған,
Судан отты жандырған,
Сымсыз хабар алдырған,
Құлақ құрышын қандырған,
Самолеттей сұңқарға,
Трактордай тұлпарға,
Емін-еркін мінгізген,
Жер-су, көкте жүргізген,

Ұлы Октябрь Отаны.

Меңіреу, мылқау далаға,
Мүлгіген сай-салаға,
Қала салып, жан берген,

Жол жүргізіп қан берген.

Көк майсалы жерлерде,
Кербез сұлу белдерде
Колхоз, совхоз орнатқан,
Жер қыртысын торлатқан,
Төрт түлікті мал баққан
Сары ала егін жайқалтқан,
Ұлы Октябрь ұрпағы!
Жер сілкінте күй тартқан,
Әдемі әнге шырқатқан,
Жан-тәніңді балқытқан,
Ой теңізін шалқытқан,
Миллион тілді сайратқан,
Миллион көзді жайнатқан,
Бойда жігер қайнатқан,
Бұлшық етті ойнатқан,
Терең толғап, ойлатқан,
Сайрандатқан, тойлатқан,
Ұлы Октябрь Отаны!
Ұлы Октябрь дуымен,
Ұлы Октябрь туымен,
Ленин жолын бетке ұстап,
Партия өзі жөн нұсқап,
Ән шырқатып, күй шертіп,
Дүниені тербелтіп,
Әлі алға кетерміз,
Талай белес етерміз,
Коммунизм шыңына,
Шығармыз біз, жетерміз!
Бас, ұлы күш, тұп-тура!
Ұлы Октябрь дуымен,
Ұлы Октябрь туымен
Таптық талай майданға
Түсерміз, ту жайғанда!
Ей, пролетар! Түр білек!
Миллион жүрек — бір тілек!
Мақсат та — бір, үміт бір
«Жер жүзілік Октябрь!»
Алға, алға бас тура!
Қират жауды, шанш тура!
Ура, ура, ура-а-а!
1936, Орал

ӨРКЕНДЕЙ БЕР, ОТАНЫМ

Даланы қара түнек басқан кезде,
Үстем боп алпауыттар, тасқан кезде,—
Саз беріп күншығыстан таң белгісі —

Дүниеге қызыл нұрын шашқан еді.

Шікірейген шенді төре, ақсүйектер —
Бытырап үріккен қойдай қашқан еді,
Зарлаған теңдік күтіп жарлы жандар —
Жарқырап нұрға қойнын ашқан еді,
Дүние астан-кестен төңкеріліп,
Шу толқып, жер бетінде күй күңіреніп,
Күміс күн күле қарай бергем кезде,
Бір дауыс шығып еді деген «Теңдік!»
Ол дауыс Октябрьдің ұраны еді,
Еңбекші ел соны күтіп, жылап еді,
Тиген соң теңдік туы өз қолына —

Отанын СССР дай құрап еді.

Мінекей, толды 14 жыл бүгін соған,
Қарқындап өсті өркендеп біздің қоғам,
Аталып — социалдық кеңес елі —

Ісімен тап дұшпанын таң қалдырған.

Қожасы бұл Отанның еңбекші тап,
Еңбекпен өз еліне өрнек салған,
Көсемі, жолбасшысы — компартия,
Тұрмысқа социалдық кеш бастаған;
Аулы бар колхоздасып күлімдеген,
Қарқындап өндірісі дүрілдеген,
Шабыспен ұлы думан өршіп-есіп

Жүрегін тап жауының тілімдеген.

Кірпішін социалдық қалап жатқан,
Көтеріп еңбек шуын дабылдатқан,
Сол білек, құрыш дене ерлері бар,
Тұрмыста ұлы еңбектің дәмін татқан,
Саналы білімге не, тап ұлдары —
Еліне мәдениет шамын жаққан,
Табы үшін жанын қияр әскері бар,
Ер жетіп, бұғанасы бекіп қатқан,
Көре алмай осы олжаны капиталдар,

Кеңеске кінә тағып, жала жапқан.

Өзара жиі-жиі «ақылдасып»
Келіспей бірін-бірі итше қапқан,
«Ит ашуын тырнадан алғандай» - ақ

Әлсізін әлділері асып, атқан.

Дүниесін дағдарыстан арши алмай,
Әлсіреп, есі шығып зар-зар қаққан,
Қаулаған жанған оттай төңкерістің—

Толқыны дүние жүзін солқылдатқан.

Желпілдеп коминтерн қызыл туы,

Дүниеге төңкерісшіл дабыл қаққан.

Отаным, өркендей бер жылдан-жылға
Шабыспен ұлы думан басып алға,
Жеткенше социалдық жайлауыңа
Осы алған қарқыныңнан ешбір танба!

ҰШҚЫШ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

(Совет жасының тілегі)
Мөлдір, тұнық көк аспан,
Сол аспанға жарасқан
Самолеттей сұңқармен
Ұшқан құспен таласқан,
Ұшқыш болғым келеді!
Көңілі — дария, ойы — аспап,
Асқар шыңнан бойы асқан,
Ай, күнімен аспанның
Әзілдескен сырласқан,
Ұшқыш болғым келеді!
Күнге күліп, күй тартқан,
Айға әнін тыңдатқан,
Бақыт жырым жырласа,
Таң шолпанын қуантқан,
Ұшқыш болғым келеді!
Тыңда туып түлеген,
Тас түлектей көреген,
Көк қойнында тояттап,
Шың басында түнеген,
Ұшқыш болғым келеді!
Жат жерлерге қонбаған,
Жатқа көңілі толмаған,
Асыл затты сұңқардай
Өз ұясын қорғаған,
Ұшқыш болғым келеді!
Мұздай болат киінген,

Батпан қару үйірген.

Қорғап бақыт ұясын,
Тас түлектей түйілген,
Ұшқыш болғым келеді!
Ар, намысын ақтаған,
Жүректе сыр жаттаған,
Туған елін-ұясын
Жан-тәнімен сақтаған,
Ұшқыш болғым келеді!
Ұшқыш болмай немене!
Қуат бітті денеме!
Қанатым бар қайыспас,

Жастарға ісім өнеге.

Ұшқыш болғым келеді!

БОЛАТ СҰҢҚАР

— Еш қамал жоқ,— дейді герой,—

Большевиктер алмайтын!

— Еш қиыр жоқ,— дейді герой,—

Біздер ұшып бармайтын!
Сонда Отан командасы
Естіледі деген «ұш!»
Ыршып көкке ұмтылады

Болат сұңқар — алып құс.

Болат сұңқар аспанда ойнап,
Безеп қанат қағады,
Тегеуріні дүниені

Солқылдатып барады.

Қызыл қанат көк аспанды
Қызыл түске бояды;
Кремльден қарап көсем

Күлімсіреп қояды.

Болат сұңқар жөнелгенде
Беттеп ұлы сапарға,
Қызыл ерлер командамен

Тұра қалды қатарға.

Фабрик-завод гудоктетіп,
Басты еңбек күйіне,
Басты іске патриоттар
Отанына сүйіне:
Гиганттарда станоктар
Секунд сайын сартылдады,
Шахталарда шахтерлердің
Бұрғылары жарқылдады,
Баку, Ембі фонтанынан
Мұнай атып лақылдады,
Домналарда, мартендерде

Болат қайнап сақылдады.

Экспресс екпінімен
Жер жүрегін соқтырғандай,
Сан самолет самсап ұшып,
Көкте көлбеп шeп құрғандай;
Кең даланың көкорайы
Жібектейін жайқалады,
Толқынды егіп мың құбылып,
Қалың орман шайқалады:
Айдын көлдер аясынан

Аса толқып лепіреді...

Айдындайын асқақтаған
Ақын көңлі желпінеді,

Көмекейден күй сорғалап.

Жүректен жыр жосылып,
Шырқап салды шаттық әнге
Қыз бен жігіт қосылып;
Күй кернеді, жыр тербеді
Ұлы Отанның алабын,
Жатты сайрап бұлбұлдары

Дала менен қаланың.

Тоқсандағы Жамбылдар да
Жүректен жыр толғады,
Арктикадан болат сұңқар
Сонда сәлем жолдады:
«Алло-алло, аппаратта
Беляков пен Байдуков,
Мотордағы ер Чкалов,
Жүректе еш күдік жоқ!
Адам түгіл, аң басқысыз
Арктиканың алабы,
Қоршап жатқан қара түнек,
У-шу болып жер менен көк
Араласып,
арпалысып,

Алысқандай жекпе-жек.

Сол долыға бермей ырық,
Арктикадаи еттік біз,
Қиял жетпес қиырдағы
Жер түбіне жеттік біз,
Жер түбінде желкілдеген

Қызыл туды көреміз.

Партия сөзі көкіректе,
Жігер тасып келеміз!
Келтесінен кесіп өтіп
Магнитті жер кіндігін,
Шұғылалы шымылдығын,
Түріп, көктің түндігін,
Көк жүзінің кереметтей
Дүлейімен алысып,
Нажағайды қамшы қылып,
Жүйрік желмен жарысып,
Аса ұшып асқар шыңнан,
Баса ұшып белдерді,
Көлбей ұшып көлкіп жатқан
Айдын дария, көлдерді;
Болат сұңқар асыр салып
Америка барғанда,
Екі дүние арасына
Төтеден жол салғанда:
Коммунизм армиясы
Жеңіс маршын ойнады,
Ұлы Отанның кәрі-жасы

Шаттық тойын тойлады.

Ұлы дүбір, ұлы думан
Бар әлемге тарады,
Жаһандағы жан иесі

Кремльге қарады.

ИСПАНИЯ ҰРПАҒЫНА

І

Жауыздықтан жаны шошып,
Кімдер сонау күңіренген?
Қосылып жұрт жатыр босып,

Қош айтысып туған елмен.

Бостандықтың бұлбұлдары
Неге үрікті ұясынан?
Басты ұяны, ысқырады
Фашист деген сары бас жылап
«О, сүйікті Испания!
Қош бол, қош бол,
ұлы өлкем!
Туған өлкем гүлжазира,
Біз қайтармыз күні ертең!»
Деп, бостандық бұлбұлдары,
Туған елмен қош айтысып,
Қан боялған қанаттары,

Шар тарапқа жатыр ұшып...

ІІ

Әне бір шал, ақсақалым.

Шықты жаяу Мадридтен,
Шұбыртқандай балапанын

Балаларын соңына ерткен.

Жатыр бықсып Испания

Шаладай боп қалған өрттен...

Қайта айналып ол қария,

Тұрды қарап қиыр шеттен.

Кеуде толған зар мен ыза,
Ата-баба уһілейді,

— Қанды жастан сел ағыза Жусақ дейді Пиренейді.

Жуып-шайып жастың селі
Туған елді бір тазартса,
Фашистердің өлімтігі

Тастай батып, сеңдей ақса...

Деп тұрғанда ата-бала,
Бұрқырады бомбы жауып,
Күңгірттеніп кетті айнала,

Шал құлады есі ауып.

Оқ тиіпті көкіректен,

Балалары құшты әкесін.

Жиналған жұрт тұр құшақтап;

Ақсақалым жиды есін.

Көзін ашып қарады шал,
Жиналған жұрт тұр құшақтап;
Шпиондай жүрді ажал

Анадайдан айналсоқтап.

Мұңдастары, балаларды
Тұрды жым-жырт, шалды сүйеп
Жалын шашып көз жанары
Ақсақалым айтты өсиет:
«Тыңдаңыздар, балаларым,

Өлсе-өлер бір қария...

Өлмес бірақ ұрпақтарым,

Өлмес Ұлы Испания.

Осы жолда қалсын денем,
Апармаңдар зияратқа,
Бөгет болып жатайын мен

Жауыздық пен қиянатқа.

Молам менің тұрсын жалғыз,
Торабында осы жолдың,
Өткен-кеткен етер аңыз,

Не себепті жолда өлдім...

Кегі қайнап, сонда олар,
Сыбанар да сом білегін,
Бұрап тұрып жұлып алар,
Фашизмнің кеңірдегін!
Қабырыма бұлбұл қонар,

Таңда сайрап айтар бір сыр...

Сонда маған тәуәп қылар,
Осы жолмен көшкен ғасыр...»
Ақтық сөзін қарияның,
Жаттап алып жөнелді жел,
Сонда естідім шулағанын

Тау-тас, орман, айдынды көл...

ІІІ

Жол үстінде жалғыз мола
Қала берді қарауытып,
Кете барды бір топ бала,

Іштен тынып, қабақ шытып.

Кетіп барад бір топ бала,
Кекті көздер қарайды артқа,
Қала берді жалғыз мола

Белгі болып болашаққа.

Қайғырмаңдар, балапандар,
Қалды екен деп жолда әкем,
Жан табылар пана болар,

Жер көтерер, дүние кең...

Тас жастанып, бұлт жамылып,
Дарияларды кешерсіңдер,
Дүние кезіп, сырлар ұғып,

Жігіт болып өсерсіңдер.

Алты қырдан ассаңдар да,

Ұмытпаңдар, туған елді.

Ұмытпаңдар, қалған жолда,
Жалғыз көрді, қарт әкеңді!
Жеңіс туы желпілдеген
Испан болса сенің тегің,
Құдіретіңе сенемін мен,
Жібермессің ата кегін!

КҮНДЕЙ ШАЛҚЫП КҮЛГЕНІҢ

Күндей шалқып күлгенің —
Шаттығыңның нұры ғой;
Шат боп өмір сүргенің

Заманыңның сыры ғой.

Сенің нұрлы жүзіңнен
Көрем бақытты өмірді;
Сенің әрбір сөзіңнен

Күй естілер көңілді.

Сол себепті мен саған
Ғашықтайын құмартам,
Жүрегімнен, жамымнан

Жыр жазамын, сыр айтам.

Күндей шалқып күле бер,
Ақ маңдайлы алма жүз,
Саған сірә тең келер
Жер жаһанда бар ма қыз!

ЖАЙЫҚ

Жарқын жүзбен жайраңдап
Жатырсың ағып, Жайығым,
Жағаңда ойнап, сайраңдап

Ескенмін заман қайығын.

Сырғып аққан сынаптай
Сабырлы өзен, салқын су,
Толқыныңды құшақтай

Келіп қонды бір аққу.

Қанаттанып жағаңда
Еді-ау бір кез ол ұшқан,
Сол бір аққу мен едім,

Келіп тұрмын алыстан.

Есіңде ме, Жайығым,
Қалмадың ба жатырқап?
Жамылып кеш сағымын

Келмеуші ме ем ән шырқап...

Ойын, күлкі әзілмен

Бойыңда өткен талай күн...

Жайық, саған қазір де

Риза бола қараймын.

ҚАРЫНДАСЫМ МАРПУҒА

Аялаған айдын көл де,
Ұқсап бейне аққуға,
Астанаға келдің сен де,

Қарындасым Марпуға.

Есіңде ме сона бір жыл,
Оқушы едің рабфакта,
Сен қызыл гүл, мен жас бұлбұл,

Кездесіп ек бір бақта.

Сол бір баққа көрік беріп,
Сен құлпырып жайнаушы ең,
Құлпырғаның қызық көріп,

Мен құбылтып сайраушы ем.

Сенің гүлдей дидарыңнан
Бақыт нұрын көруші ем,
Махаббатты жас жанымнан

Жырлар жазып беруші ем.

САБЫР ЕТШІ

Неге мұнша, сорлы жүрек, соғасың?
Неге күйіп, неге мұздап тоңасың?
Арпалысып тыныш жата алмай ұяңда,
Неге мұнша мазасыз сен боласың?!
Неге мұнша үрейлене соғасың?
Қиял кернеп, нені ойлап шоласың?
Сорлы жүрек, ойларсың да, толғарсың,

Толарсық да, сарғаярсың, соларсың.

Неге мұнша жалындайсың, жанасың?
Жанды қинап, тәнді өртеп барасың?
Өл дейсің бе, кет дейсің бе ғайып боп,
Талақ етіп жер мен көктің арасын!
Сорлы жүрек, баяуладың балбырап,
Сорлы жүрек, талдың ғой сен қалжырап,
Не қыласың өзіңді өзің жаралап,
Қажымашы, сабыр етші азырақ!
Сабыр етші, жан-тәнімді талдырмай,
(Не шара бар, кетті ғой ол қайрылмай,
Сен жыласаң — ол күледі мәз болып,

Сен өлсең де, жүре берер қайғырмай).

Сабыр етші, мен де тыным алайын,
Сабыр етші, бар тілегің табайын,
Сабыр етші қайғыңды мен жояйын,
Күй шертейін, шырқатып ән салайын!
Сабыр етші, қолға қалам алайын,
Толғанайын ой құдығын қазайын,
Тау суындай сөз шығарып кеудеден,

Сырыңды мен жырға тізіп жазайын.

Сабыр етші, не десең де тұрайын,
Қырандайын, көкке құлаш ұрайын,
Көкті кешіп, бұлтты тесіп, айға өрлеп,
Күнге барып, тілегіңді сұрайын!
Сабыр етші, жерді кезіп кетейін,
Асқар таудан, орман-нудан өтейін,
Жонын тіліп, тоңын, тасын қопарып,

Қол тимеген қойынына жетейін.

Сабыр етші суға түсіп жүзейін,
Судың бетін қалқып, түбін сүзейін,
Су сұлуын, барлық асыл бұйымын,
Мөлдіретіп, алдыңа әкеп тізейін!
Сабыр етші, не десең де көнейін,
Өмір — бақша, біраз жеміс терейін,
Соның бәрін жырға тізіп, дестелеп,
Мәңгі өшпес ескерткіш сап берейін!
Январь, 1936, Орал
* * *

І

Қарай-қарай, көзімнің нұры бітпес,
Айта-айта көңілімнің сыры бітпес,
Жалын жүрек, жасын тіл, жас ақынның

Сүйгеніне арнаған сыры бітпес.

Өзіңе аян, мен саған ғашық едім,
Сыр сандығын өзіңе ашып едім,
Жанға қимас сандықтың бар асылын,

Аямай-ақ өзіңе шашып едім.

Сені өзімнің көзімдей көріп едім,
Сандық кілтін қолыңа беріп едім,
Дүние құнын тең көрмес сандығымды —

Жүрегінде сақтар деп сеніп едім.

«Мә, сандығым! Бірақ сен сақта» дедім,
«Сандық — жүрек! Ұстатпа жатқа» дедім,
«Қызбалықты өмірдің базарында —

Қызып кетіп сандықты сатпа» дедім.

«Сандығыңды мен қабыл алдым» дедің,
«Сандығыңның сырына қандым» дедің,
«Екі сандық бұйымын бір-біріне —

Қосып, сылап, құрметтеп салдым» дедің.

«Сандық — жүрек! Сен маған бердің» дедің,
«Еш күмәнсіз өзіңе сендім» дедің,
«Қол ұстасып бірге өтсем арманым жоқ,

Жаным — сендік! Қайтсең де көндім» дедің.

Сандық жүрек! Сақтауға бердің сөзің,
Қос сандықпен күшейді жастық сезім,
Дәл сонда сен: «Уағда, мен сенікі!»
Демеп пе едің, жаудырап қара көзің?
Мен де сонда сертімді беріп ем-ау,
Қылығыңмен бойымды жеңіп ең-ау,
Бүкіл дүние сұлуын берсе-дағы,
Бәрінен де сені артық көріп ем-ау!
Мен құшпаған тал белің, бойың бар ма?
Мен сүймеген бал тілің, мойның бар ма?
Таң атқанша тар төсекте еркіндеп,
Мен кірмеген, жаным-ау, қойның бар ма
Біз екеуміз — бірміз деп ойламап па ек?
Күні бұрын қызықтап тойламап па ек?
Келешегін өмірдің бірге болжап,
Тереңіне тұрмыстың бойламап па ек?

ІІ

Сол тілекті, бірақ сен! Ақтамадың,
Есігінен өмірдің аттамадың,
Сандығымды сындырып, бар бұйымын —
Естен кетпес аяққа таптағаның?
Ішін көрмей, сандықтың сыртын көрдің,
Біраз ғана шаң басқан сиқын көрдің,
Мен, сен түгіл,
Қоғамға мүлік болар,

Ішіндегі асылын,— қиқым көрдің.

Өзін көрмей, тұлпардың түгін көрдің,
Тозаң жұққан, сұңқардың жүнін көрдің,
Шапақ атқан бақшаның гүлін көрмей,

Гүлге шашқан тентектің күлін көрдің.

Бір тұтылған өмірдің күнін көрдің,
«Сөнді ғой деп, енді күн»— түнін көрдің,
Өмірінің жігіттің, нұрын көрмей,

Етегіне бір жұққан кірін көрдің.

ІІІ

Асыл зат таптасаң да жерде қалмас,
Жасықты берсең-дағы ешкім алмас,
Алтайдай асқар биік тау сұңқары

Қонам деп шөпсіз, сусыз шөлге бармас.

Жас тұлпар тұра алар ма өрге шаппай,
Жас қыран отырар ма, қанат қақпай,
Жас жігіт — жалын жігер жай жата ма,
Маздатып өмірінің отын жақпай!
Алтын таң түннен қорқып, тұра ма атпай,
Күміс күн ұялар ма күлім қақпай!
Жас жігіт, таң атқанда талаптанған,
Қояр ма өмір таппай, бақыт таппай!
Өскен гүл тұра ма екен шешек атпай,
Қоймақшы, сандуғашты кім сайратпай,
Гүл жүзді, бұлбұл үнді, сырлы сөзді —

Жас ақын қояр ма, жыр сорғалатпай.

ІV

Сынса да, сыр сандықтың бітпес сыры,
Сынығын жамап алдым, жоқ еш міні;
Бұйымы сандығымның басымда мол,

Таусылмас шашсам-дағы күні-түні.

Сандықтың кілтін ашсам сыр тамады,
Жан сүйер, тәнің балқыр — нұр тамады,
Тамылжып, бойды серпіп, ойды желпіп,

Сорғалап, күй тамады, жыр тамады.

Сандығым — тән азығы, жан азығы,
Сандығым — қуат, жігер, қан азығы,
Сүйдірген өз заманын, өз қоғамын

Сандығым — сана-сезім, ар азығы.

Сандығым — жас жүрегім, тілім кілті,

Сұлулап сырдан құйған іші-сырты.

Сақталған көкірегімде сыр сандығым,
«Сенікі», «менікі» емес, көптің мүлкі!
Тән тозып, қан суалмақ,— расында!
Тән қалар қара жердің жырасында,
Сонда да сыр сандығым жерде қалмас,

Сақталар ұлы тарих мұрасында.

Сенемін! Сақталар деп сыр сандығым,
Білінер! Бұл өмірде болғандығым!
Сандықты сақталғандай ете алмасам,
Не керек босқа туған адамдығым!
29 май, 1936. Орал
* * *
Көптен бері өзімнен кетті ерік,
Құпия сыр бойымды жүр меңгеріп,
Бір арудың тартады магниті,

Мен бір бейне металмын жүрген еріп.

Күндіз көлбеп, өтеді көлеңкедей,
Түнде ләззат ала алман түсте көріп;
Ұят деген бір қырсық болды бөгет,
Жүрегіме жүрегім болмай серік;
Енді қайтем, япырмай, болдым дел-сал,
Махаббаттан кетермін қайтіп жеріп?
Ол перизат баспас па құмарымды,
Ақ құшағын ұсынып қолын беріп,
Тәтті ұйқыда жатқанда, жайлап қана,
Таңғы алтын шолпандай төніп келіп?!
Февраль, 1938. Алматы

С...FA

Тұлпарын мініп алып жастық шақтың,
Өмірдің өріне өрлей жүйтки шаптым,
Сайрандап сәулетті өмір саясында,

Көңілім не тілесе — бәрін таптым.

Қайырлы сапарымда көпті көріп,
Арудың алуан сортын ұшыраттым;
Мен көрдім сұлуларды сандуғаштай,

Сайраған саясында «Иран бақтың».

Мен көрдім таң алдында, тәтті ұйқыда
Құпия сыр-сипатын перизаттың;
Сен соның бәрін-дағы ұмыттырып,
Шығыстың шолпанындай көзді тарттың,
Жүректі әлдеқайда жетектейсің,
Бейне бір сен магнит, мен болатпын;
Тәуекел! Дариясына кеттім сүңгіп

Шалқардай шалқып жатқан махаббатың.

Қиыннан қаймықпайтын әдетім бар,

Еркіне қоя бердім ер талаптың.

Болғанда сен аспанның аққу құсы,
Сұңқардай соңнан қуа қанат қақтым;
Амал не, аққу шіркін қонса барып
Көңілсіз көңіліне бір басқа жақтың!
1938. Алматы

ФАТИМАҒА ЖАЗҒАН ХАТТАН

Шұбар тауға шарықтап,
Жетші жылдам, өлеңім,
Аққудайын аруға

Айтшы, ақынның сәлемін.

Сәлем жеткіз сұлуға
Алатаудың баурынан,
Жас ақынның лепірген
Жүрегінен,

жанынан.

Сен оған айт: «Жас ақын
Болған саған құмар» де,
«Сырын айтпай жас жүрек

Қайтып қана шыдар» де.

«Соққан сайын жүрегі
Саған қарай талпынар,
Басқан сайын адымы
Саған арнап басылар»
Айт осыны аруға,
Аймалашы жүрегін,
Ғашық болған жас жанның
Бермес пе екен тілегін!
Мұздай болса жүрегі
Жылытып көр от болып,
Сырласып көр жанымен

Түн ұйқысын төрт бөліп.

Ұялап ал жанына,
Ала берші тынышын,
Оралып ақ мойнына,

Тілінен сүй мен үшін.

Тысқа шықса, бірге шық,
Үйге кірсе, бірге кір;
Жүрегінің сырын ұқ,

Махаббатын маған бұр.

1938. Алматы

ЖАЛҒЫЗ ЖАЛАУ

Бурыл басты жер төбесі
Неге бұлай астан-кестең?
Бардай-ақ бір бітпес өші,

Мұз бен дауыл төбелескен.

Осқырған жел бейне асау,

Сүзіседі толқын мен сең...

Ортасында жалғыз жалау
Қалайша тұр, айтшы білсең?
Жер төбесін бір көре алмай

Көтеріліп қарайды күн...

Қиял жетпес ол бір шалғай,
Соған жалау орнатты кім?
Алып жердің төбесіне
Қандай жанның қолы жетті?
Жалғыз жалау, білесің бе,
Орнатты екен не себепті?

— Тыңда, досым, айтайын мен

Ертегідей саған бір сыр,
Бұл бір сырды, көп өкінген

Бір біле алмай талай ғасыр.

Ғасырларды етіп саты
Бір ұлы адам шығыпты өрлеп,
Бұл дүниенің алды-арты

Көз алдында тұр дөңгелеп.

Жер дегенің бір жұмыр шар
Кең қуыста жүр домалап,
Не жұлдызға соқтығысар,

Не тозар да қалар құлап.

Сонда абзал бұл адамзат
Қоштаспақ па дүниемен?
Қайран өмір болып апат,
Ұмытылмақ па адам деген?—
Талай ғасыр құрып кеңес
Көп ойлаған осы гәпті,
Жұмбақ болмас, бір шешілмес,

Ұлы адам бір амал тапты.

Айтты ұлы адам дүниеге:

— Өмір өшпес, бастай білсе,

Жібермеңдер, еркін биле,
Жұмыр жерді өз бетіңше!—
Деді де, жер төбесіне

Қойды апарып туын тігіп...

Жер — доңғалақ, күршегіне

Майыспайтын салды білік.

Жүйткіді жер шыр айналып

Шұғласында қызыл туды.

Қойды бұл жер зәрені алып —

Теңселуді, ауытқуды.

Жер төбесін етіп жалау

Дүбірлетіп салдық асыр.

Желкілдейді қызыл жалау,

Таңғалады барлық ғасыр.

Октябрь, 1940

КРЕМЛЬ

Уа, достым,— ақындықтың қиял құсы,
Жаныма жақынырақ келіп қоншы,
Көп көрген, көп жасаған шежіре едің,
Ежелден еркін ойдың езгі досы;
Өмірдің өресінен айтшы бір сыр,
Төрт бұрышын дүниенің түгел шолшы
Архивын алуан сырдың бір ақтарып,
Тарихтың тақтасынан оқып көрші;
Әлемнің көзін тартқан күндей көркем
Күмбезді Кремльге ойды бөлші;
Кремль — адамзаттық бақ ордасы,
Кремль — ақынның да көңіл хошы;
Кремль — жер жүрегі тұрған соғып,
Ұя сан отыр бақыт құсы қонып,
Ағылған адамзаттың армиясы

Көруге Кремльді құмар болып.

Кұмартпас Кремльге қандай жүрек,
Асықпас қандай адам көремін деп,
Кремль — қасиетті өмір төрі

Шақырып қызыл туы тұр желбіреп.

Тынысы табиғаттың — көкте, күнде,
Ырысы адамзаттың — Кремльде;
Алға ұстап туған елдің тапсырмасын

Сәлеммен Кремльге келдім мен де.

1937

ЖОЛДАС МАРШАЛ!

Марш
өлеңім!
Әскердей ұмтыл алға!
Нажағайдай жарқылда

жер-жаһанда.

Москва бар,
Қызыл ту қолыңа ал да,
Айнымасқа антың бер

Бас маршалға.

Қолын ал да,
Құттықта
және честь бер,
Деші оған:

Мен-дағы қызыләскер.

«Сүйт» десеңіз,
«Құп» деуге мен
даярмын,

—Туған елім — Анамнан,

немді аярмын!
Адам болып туғанмын,
Адамша өтем,
Аямаймын,
барымды беріп кетем,
Дүние тулап жатса да,
мұхит мөңкіп,
Мен емеспін қаймығар,

жаудан қорқып.

Жекпе-жекке
жаһанға шық десе елім,
Шығар едім, тәуекел,

ықпас едім.

Өлім деген
басынар қорқақ жанды,
Қорқақ болсын,
деп туған жоқ адамды;
Жігіттігің не керек
жүрсең бұғып,
Толқын қуған қайықтай шетке ығып,
Сертім осы,
Қабыл ал,
жолдас, маршал!
Жалын жүзді жауынгер

Келдім, қарсы ал.

Тыныштықта
маманмын,
жыр тоқуға,
Майдан болса,

даярмын оқ атуға.

ОТАН ҮШІН ЖАН ПИДА

(Қызыл әскерлер маршы)
Біздер қызыл жауынгерміз, жаңа өмірде жаралған,
Біз заманның ұланымыз, қамал бұзар қаһарман,
Біз жер жүзі бақыты үшін, намыс үшін туғанбыз,

Тірлік, бірлік, теңдік үшін белді бекем буғанбыз.

Біз бармас,
Біз алмас
Жер жүзінде қамал жоқ,
Бір — екі — үш!
Алып күш,
Жер қайысқан қалың топ!
Туымыз бар шымқай қызыл күн нұрымен безенген,

Жарқылдаған батпан қару жауға қарсы кезенген.

Компартия басшымыз, қоярмыз ба біз жеңбей,

Беті қайтпас батыр бар Ворошилов Климдей.

Уралап! Туралап —
Шабуылдап шабамыз!
Талқандап,
Ойрандап,
Жау қамалын аламыз!
Отанымыз — ССРО бақыт, үміт тірегі,

Астанамыз бақыт құшқан — жер жүзінің жүрегі.

Алып жүрек секунд санап шаттық кернеп соғады,

Соққан сайын құлпырады дүние бақыт Одағы.

Тіректі, Жүректі!

Өле-өлгенше сақтаймыз.

Адамдық,
Қоғамдық —

Борышымызды ақтаймыз.

Отан үшін, өмір үшін зор майданға барамыз,
Отан үшін, бақыт үшін жауға ойран саламыз,
Отан үшін, не қиындық кешсек-тағы ризамыз,

Отан үшін, Отан үшін неге болса даярмыз.

Қайраттан!
Айбаттан!
Бас, маршқа, қимылда!
Ел үшін,
Жер үшін —
Отан үшін жан пида!

САЙРА, САЙРА, САНДУҒАШЫМ

(Әнші қызға)
Сайра, сайра, сандуғашым,
Жыр төгілтіп тіліңнен,
Таң құстары күй тыңдасын,

Сенің шаттық үніңнен.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Бақыт таңы атқанда,
Сен отырған миуа ағашың

Нұр маржанын таққанда.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Бақыт құсы сырласың,
Көлде аққу, көкте лашын

Шаттық жырын тыңдасын.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Жаңғырықсын асқар тау,
Қалың орман исін басын,

Берсін букет бақша-бау.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Шолпы тақсын күміс су,
Сылап, сипап қолаң шашың,

Жібек жапсын қалың ну.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Масайрасын алтын күн,
Ай мен жұлдыз балбырасын,

Маужырасын салқын түн.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Серуенді елің тыңдасын,
Шет жұрттағы бауырласың

Орамалын бұлғасын.

Сайра, сайра, сандуғашым.

Ләззәтті үнің тыңдайын!
Сандуғашым — жас сырласым,

Сен сайра, мен жырлайын.

Сен сайрасаң тамылжытып,
Сорғалатып, үзілтіп,
Мен жырлайын құйқылжытып,

Сөз маржанын тізілтіп.

Жан сусыны — тәтті лебіз,
Жан азығы — сұлу жыр,
Тояттасын халқым тегіс

Ақтарылсын ішкі сыр.

1936

ТОЛҒАУ

(Октябрь революциясының XX жылдығына)
Бүгін-бүгін, дәл бүгін!
Ақтармаған жыр қалмас!
Бұдан жиырма жыл бұрын
Жүрген бала жалаңаш,
Ақын болып бақытты
Сайраса бейне сандуғаш,
Жырласа шалқып шаттықты,
Кім сүйсініп тыңдамас!
Шарықта ойым шалқи бер,
Халқым маған сөз берді,
Домбырам сайрап аңқи бер,
Құлшынатын кез келді,
Жиырма жылдық тойымда
Күй қалмасын тартылмай,
Сыр қалмасын ойымда
Ақтарылмай, сарқылмай,
Жасарып, жүйрік жүлде алған

Жамбыл да келді жарқылдай.

Тоқсандағы Жамбылдан
Сәз шыққанда алтындай,
Шығандай шығып шырқамай,
Не болыпты япырмай!
Ал ақтарыл, асыл жыр,
Ой арнасын ашамын,
Ағыл-тегіл жосыл жыр,
Шалқардай шалқып тасамын,
Құйқылжып күйге қосыл жыр,
Бас пернеден басамын,
Даусым мынау шырқаған,
Асқандай алты қырқадан,
Неден сонша сасамын!
Сайра-сайра, домбыра,
Құлақтың құршын қандыра,
Әлемді таң қалдыра,
Жаудың жанын жандыра,
Төгіл, төгіл, төгіл жыр,
Тыңдасын бүкіл СССР,
Ал мен кеттім көсіліп,
Тыңда, халқым, құлақ түр!
Бүгін, бүгін, дәл бүгін,
Дарқан тойлы думан күн!
Бұдан жиырма жыл бұрын
Артымнан ай туған күн,
Күнім туып алдымнан
Нұрымен жүзім жуған күн,
Ленин — көсем данышпан,
Туымды ұстап шыққан күн,
Алысқанда дұшпанды
Алпамыстай жыққан күн,
Атысқанда дұшпанды
Құзғындай қырып құртқан күн,
Капиталды күйретіп
Көрнеу көрге тыққан күн,
Өлімтігін сүйретіп
Жеңілген жау бұққан күн!
Айдаһардай патшаның
Азу тісін қаққан күн,
Шенді чиновниктердің
Шекесін күл ғып шаққан күн,
Қабан қарын бай, манап,
Сазайларын тартқан күн,
Абжыландай молданың
Құранын отқа жаққан күн,
Шұлғау етіп сәлдесін,

Мойнына қарғыс таққан күн...

Албастыдай «ақ бәйбіше»
Дауыс қып, бетін жыртқан күн!
Есіктегі «күң» мен «құл»
Еркіндеп төрге шыққан күн,
Самалды тау, кең жайлау
Жаудан тартып алған күн,
Түгі торқа төрт түлік

Алдыма айдап салған күн.

Сарқырап аққан кәусар су,
Ішіп, мейірім қанған күн,
Көтеріп көкке қызыл ту,
Қайратыма шанған күн!
Албырап атқан алтын таң
Жүрекке нұрын сепкен күн,
Өшімді алып жауымнан,
Көңілден қайғы кеткен күн,
Барабан мен бандура
Қуаныш маршын қаққан күн,
Қосылып зурна, домбыра
Құлшына күйін тартқан күн,
Қырмызы қызыл ту алып
Таң нұрымен қуанып,
Жаңа өмір құруға,
Жаңарып қайта тууға,
Серттесіп, уәде берген күн,
Ұлы еңбектің көрігін
Күмпілдете басқан күн,
Қыза қайнап өмірім

Қайрат шалқып тасқан күн.

Батпан балға сом болат
Солқылдата соққан күн,
Айқасып келіп ай орақ
Серігін іздеп тапқан күн,
Мерейім үстем болған күн,
Қолыма бақыт қонған күн!
Бүгінгі той дарқаны
Толқындай толқып тасқан күн,
Шаттығымның шалқары
Аясынан асқан күн!
Ырыс ойнап елімде,
Бақыт билеп жерімде,
Көбігі-күміс, кәусар су,
Айдын дария, көлімде,
Бедері-плюш, орман, ну,
Асқар тау мен белімде,
Мәжілісін тойымның,
Сауық-сайран, ойынның
Асқақты әнмен ашқан күн!
Тамашалап, таңғалып,
Жиһандағы бар халық,
Төрт құбыла тамсанып,
Біріне-бірі жар салып,
Таң шолпаны шарқ ұрып,
Таң тойына шақырып,
Жұлдыздар жайнап жымыңдап
Біріне-бірі сыбырлап,
Аспанның күн мен айы да,
Думанды дарқан тойыма
Нұрынан шашу шашқан күн!
Досым жаны сүйініп,
Болат берен киініп,
Қызыл тудың астына
Бірі қалмай жиылып,
Жебір жауыз жауына
Тастүлектей түйіліп,
Ұлыстың ұлы күнінде
Ленин менен партияға —
Тап туына сыйынып,
СССР дың халқындай,
Ұлы өткелден өтуге,
Азаттық бақыт табуға
Мұрадына жетуге,

Тағы да алға басқан күн.

Жаудың жаны күйініп,

Бой жаза алмай бұйығып.

Қан майданда қансырап,
Қыршынынан қиылып,
Жолы болмай сүрініп,
Бір тұрып, бір жығылып,
Көзіне көрі елестеп,
Өмірінен түңіліп,
Жын шақырған бақсыдай
Көрінгенге ұрынып,
Іргемнен ұры сығалап,
Көзін сүзіп, үңіліп,
Аузы, мұрны қан болып,
Тигенде күшті жұмырық,
Муссолини, Гитлердің —
Құтырған өңшең иттердің
Үрейі әбден ұшқан күн!
Тойым менің торқалы,
Табысым таудай үйілген,
Бақыттың байтақ Отаны
Көрікті ай мен күніңнен!
Он бір қанат ұлы ордам
Бейне бақыт бақшасы,
Алтай, Кавказ босағам,
Памир, Тянь-Шань қақпасы,
Күн-түндігі, көк туырлық,
Керегесі күмістен,
Көк жұлдызы — жез уық,
Төсегені — плюштен,
Жиған жиһаз алтыннан,
Брилианттан, платиннан,
Есіктен төрге жайғаным
Самарханның кілемі,
Күндіз-түні кигенім
Өзбекстан жібегі,
Қолымдағы домбырам
Эльбрустың емені,
Ақтарылған аузымнан
Шаттық, бақыт өлеңі,
Күндей шалқып күлгенім
Қуаныштың тасқаны,
Құлшынып білек түргенім

Қайратымның асқаны.

Оқығаным құмартып
Лениннің данышпан
Алуан сырлы томдары,
Нелер сырлы генийдің,
Жаттағаным жүректе
Көсем жазған бақыт заң,
Бақыт заңым — бақытым,

Баға жетпес қазынам.

Омырауға таққаным —
Бақыттың белгі жұлдызы,
Сүйгеніме жапқаным —

Камчатканаң құндызы.

Жүйіткіген жорға мінгенім
Поездай болат тұлпарым,
Шарықтап көкте жүзгенім
Самолеттей сұңқарым,
Алатаудан старт aп,
Сапар шексек қиырға,
Алты айлыққа алты аттап
Барамыз жетіп Қырымға,
Қырандайын құйқылжып
Қонсаң Кавказ шыңына,
Аққудайын оралып,
Еділ, Каспий суына,
Оқтай зырлап өтеміз
Шығысқа қиыр тұп-тура,
Оған да жүйткіп жетеміз,
Жер апшысын қуыра!
Дауылы соғып ышқынып,
Айдаһардай ысқырып,
Арыстандай арсылдап,
Соғып бір тұрған үскірік —
Асау, долы Арктика,
Оны да жеңіп алған біз,
Қиял жетпес қиырдан,
Қыран қонбас қиыннан,
Төтелеп жолды салған біз,
Көктің түріп түндігін,
Жердің кесіп кіндігін
Асыр салып, ойнақтап,

Америка барған біз.

Құзды опырып құм қылып,
Мұзды опырып ұн қылып,
Тауды алдыға өңгеріп,
Ойды қырға теңгеріп,
Кен, қазына қопарып,
Көлді көлге қотарып,
Бетпақ шөлді сулы етіп,
Құба құмды нулы етіп,
Жапан түзді гүлді етіп,
Тотыдай жерді түлетіп,
Қала қаптап сәулетті
Колхоз тапқан дәулетті,
Фабрик пен заводты
Бірінен бірін қоздатып,
Жұлдыздайын электр
Ойда, қырда маздатын,
Радио саңқылдап,
Ұлы өлкені жаңғыртқан,
Минутінде Мәскеуден
Сымсыз хабар алдыртқан,
Жәрмеңкедей қайнаған,
Жаннаттайын жайнаған
Қандай, шіркін, тамаша
Отанымның өмірі!
Мартендерде сақылдап,
Домналарда жарқылдап
Толқып ақса сынаптай
Орал, Кузбасс темірі,
Таудай табыс үйілген
Қарағанды көмірі!
Көкорайы жайқалған,
Толықсып пісіп шайқалған
Колхозымның егіні,
Ойнақтаған құр аттай
Комбайн мен трактор
Болдырмас болат көлігі!
Сауылдаса маржандай
Колхоздың қызыл бидайы,
Айға атылған фонтандай —
Баку, Ембі мұнайы,
Қопарылса құздай боп
Орал мен Алтай алтыны,
Үсті-үстіне үдеген
Экспресс қарқыны,
Арқыраса асаудай
Жағасында алыбы,
Ақ жамбыдай атылған
Байкал, Балқаш балығы,
Гудогімен ашылса
Фабриктің қақпасы,
Жауған қардай жал болған
Орта Азия мақтасы,
Баржа сүйреп пароход
Балық тартса теңізден,
Қазақстан малдары
Балалаған егізден,
Шалқардайын шалқыса
Өмірімнің арнасы,
Өмірдей өршіп, тез піскен
Алматының алмасы,
Жарқыраса Донбаста
Стаханов бұрғысы,
Қошеметпен қол соққан
Кузбастағы құрбысы!
Ән естілсе құйқылжып,
Алатаудан шырқаған,
Кавказдағы қарт түрік
Қуанышпен тыңдаған,
Жер сілкінте соғылса,
Мәскеудегі барабан
Таудан зурна қосылған,

Домбыра да даладан.

«Серпер» дейін серпілтіп,
Көк түндігін желпінтіп,
Домбырадан күй төксем,
Жүзі бейне атқан таң,
Көрген жанды таңғалтқан
Азат қызды билетсем:
Аса ұшқан аққу құс
Оралып қайта қонғандай,
Секіріп жерге түскендей
Шілдедегі толған ай!
Беті бейне бүлдірген
Бала көрсем жүгірген:
Жиһандағы ананың —
Емшектері игендей,
Шопылдатып бетінен
Таң шолпаны сүйгендей!
Құлшынып қайта жасарған,
Қартты көрсем ән салған:
Қуарып қалған қара емен
Қайта тағып жапырақ,
Суалып қалған сары өзен
Қайта ағып сарқырап,
Өмірімнің қайтадан
Жасалғанын көремін,
Құдіреті күшті халқымның
Қайратына сенемін!
Күлкісі күнді ұялтқан,
Жер жиһанды қуантқан
Жаны рахат, жүзі шат,
Жүрегі толған махаббат,
Көңілі көктем, ойы жаз
«Сегіз қырлы» өнерпаз,
Өнеге алар жер жүзі,

Отанымның ұл-қызы.

Отаным — бақыт ордасы,
Отаным — бақыт арнасы!
Отаным — дүние тірегі!
Отаным — дүние жүрегі
Соққан сайын бұл жүрек
Құлпырады замана,
Алға қарай екпіндеп
Ұмтылады замана!
Бұл жүрекке қан берген,
Қуат берген, әл берген,
Дүниеге сән берген
Күннен жарқын жүзі бар,
Асқан қайрат, күші бар,
Алтыннан асыл сөзі бар
Бір қуатты кісі бар
Ол — көсемім партия!
Құлшынып ескен халқыма
Бақыт берген партия,
Жасыма да қартыма
Шаттық берген партия,
Ұлан байтақ елімді
Тойлатқан да партия,
Жаннаттай қып жерімді
Жайнатқан да партия,
Болаттай берік елімнің
Қайраты да партия,
Жауға шабар ерімнің
Айбаты да партия,
Жамбылдайын шалымды
Жасартқан да партия,
Заманымды қайтадан
Жасатқан да партия,
Ақындардың ақтарған
Асыл жыры партия,
Сандуғаштың сайраған
Шаттық үні партия,
Домбырадан аңқыған
Шаттық күйі партия,
Капитаны заманның
Командирі партия,
Бақыт шыңы адамның,
Әлем күні — партия!
1937. Алматы

ЧЕРНЫШЕВСКИЙГЕ

Бір масқара уақиғаны

Еске алсам, шошыр жаным.

Айтуға тіл ұялады,

Айтсам, қайнар зығырданым.

Ортасында өткен ғасыр
Алаңында Петербургтың
Түсі суық бір ағаш тұр

Тартып көзін өткен жұрттың...

Әлдекімдер келеді алып

Сол ағашқа бір адамды.

Ерсіл-қарсыл өткен халық

Аң-таң болып тұра қалды.

Таңды әкеліп әлгі адамды
Қабыстырып қара ағашқа,
Масқаралап қысым салды

Көзің қимас қыршын жасқа.

Жендеттері жауыздықтың
Жауап берер кейін не деп?
Жазығы жоқ жас жігіттің

Түкіреді бетіне кеп.

Христосын қасына ертіп
Сықылданып мүңкір-нәңкір,
Поптар тағы келді жетіп,
Туғызбаққа заман ақыр!
Қанды ағашқа тұр таңулы,
Тұр ұлы адам — тұр ақыл, ой,
Тұр халықтың адал ұлы,
Тұр ұлы адам — тұр ақыл, ой,
Қанды алаңға толған халық
Қайтып төзсін мұндай күйге?!
Кетті толқып ызаланып

Бүкіл Россия, бүкіл дүние.

Түс-түс жақтан шықты дауыс,

Ызаланған қаһарлы үн.

Нажағайдай тиді қарғыс

Қалтыратты патша тағын.

О, сүйікті Чернышевский,
Жауыздардан не көрмедің,
Сонда-дағы сен өлмедің,
Қайтарылды сенің кегің!
Қанды ағаш сені таңған
Болды талқан, қалды адыра,
Орнына оның мрамордан

Саған арнап соқтық мұра. 1936.

ГОРЬКИЙ

Горький — күн,
заманына нұрын төккен,
Горький — гүл,
гүлдендіре ұрық сепкен,
Горький — үн,

жер шарына еркін жеткен.

Горький — жыр,

тәнді сүйіп, жан тербеткен.

Горький — от,
көкке өрлеген қызыл жалын!
Горький — оқ,
өңменінен атқан жауын!
Горький — сел,
тас талқандап аққан ағын!
Горький — ер,
Таң жолына тапқан табын!
Горький — ол
«дауылпаз» боп дауылдатқан,
Жауына
жасын тастап, жауындатқан,
Сескенбей,
төніп тұрған қара бұлттан
Дауылпаз
қайсар, қайтпас,

қанат қаққан.

Горький — ол
заманының тілі болған,
Табының —

таусылмайтын жыры болған.

Ойы — аспан,
кеуде-сарай — алтын толған
Алтынын

өз табына берген қолдан.

Сол Горький,

міне, бүгін жұмды көзін.

Жүрекке

«Өлді...» деген жетті сезім.

Бірақ та!

Тәні өлді... өзі өлген жоқ.

Мәңгі өлмес —
берді бізге асыл сөзін!
Горькийдің
күші — табым білегінде!
Горькийдің
ісі — табым тілегінде!
Сезімі —
миллионның сезімінде,
Сөздері —
ұлы заман жүрегіңде!
Тән тозбақ,
қан суалмақ — өмір заңы!
Мәңгі өлмей,
тұра алады кімнің жаны!
Тарихта
мәңгі өшпес сыр қалдырған —
Горькийдей

тап ұлының не арманы.

1936. Орал

ОТАН КҮЗЕТІНДЕ

Жұлдыз жусап аспанда,

Күзетте «жеті қарақшы».

Қорған болып Отанға,

Шекарада тұр сақшы.

Бурыл басты бурадай,
Жатыр шөгіп асқар тау;
Бергі жағы көкорай,

Піскен егін, бақша-бау.

Миуалы бау-бақшадан,
Жұпар самал, аңқылдап,
Қыз бен жігіт ән салған,

Жас дауыстар саңқылдап.

«Жыл құсындай шарықтап
Жөнел желмен біздің ән!
Туған елге сәлем айт,
Бақытты ұл мен қызыңнан!
Аспандағы аққу құс,
Қосыл біздің өлеңге!
Мәскеуге жет, жедел ұш,
Астанаға сәлем де!
Ән асқақтап, күй кернеп,

Шалқып жатты кең Арбат.

Кремльден күмбірлеп

Соғып тұрды күй сағат.

Соқты Москва сағаты,

Ойналды интернационал.

Ұлы Отанның бар халқы,

Жайлы жатып, деміңді ал!..

Көкжиегі сұйылып,
Дәл төбеге келді үркер;
Тас түлектей түйіліп,

Күзетте тұр қызыл ер.

Ұйқысы келіп, маужырап,
Жамбасқа ауды алтын ай,
Ақырын ғана ызыңдап,

Ән салад ну қарағай.

Арыстандай гүрілдеп,
Әлдеқайда аққан сел,

Түсініксіз күбірлеп.

Ескен баяу жібек жел.

Ай сәулесі шағылып
Айдында жүр бір аққу,
Алыста, жарын сағынып,

Отыр ояу жас сұлу.

Сабырсыз-ау жас жүрек,
Мазасыз-ау махаббат?!
Бір ойлап, бір күлімдеп,

Жас сұлу отыр жазып хат.

«Жауынгер жарым, жүрмісің
Күзетте сау-сәләмат?!
Менің де жақсы тұрмысым;

Жүзім жарқын, көңіл шат.

Жастық жүрек елжіреп,
Сағынамын, жан-жарым!
Көз алдымда елестеп,

Тұрады сенің дидарың...

Күзет, достым, еліңді,
Жау кірмесін жеріңе;
Күзетсең бақытты өмірді,

Күзеткенің мені де.

Борышыңды атқарып,

Сен қайтарсың күлімдеп.

Ән шырқатып, шаттанып,

Қарсы алармын «күнім!» деп.

Күзет, достым, сақ бол, сақ,
Бетіңнен сүйсін алтын таң,
Тынығып, дем ап, тыныш ұйықтап,
Күле оянсын Ұлы Отан!»
Күле кіріп көрпеге

Ұйқыға шомды жас сұлу.

Бақытты тыныш түндерде
Қандай рақат тынығу!
Қызыл ер тұр күзетте
Көкті тіреп найзасы;
Қалқиды көкжиекте

Аспандағы ай досы.

Астындағы арғымақ
Жібек жалды жануар;
Қос құлағын қайшылап,
Сезді ме екен жат хабар?
Қызыл ер тұр тың тыңдап,
Қылыш, қанжар жарқылдап,
Дегендей-ақ,— сақ бол, сақ,

Тауда қыран шаңқылдап...

Алыста, көз ұшында
Лапылдайды жалынды от,
Сонау Шанхай тұсында,

Күркірейді самолет.

Зіркілдейді зеңбірек,
Күркілдейді көксау түн;
Қан-сел жалдап, өлік жеп,

Жалмаңдайды әлдекім...

Қорқау қасқыр шауыпты;
Ел тынышын алып тұр,
Төрт жүз миллион халықты

Сергелдеңге салып тұр.

«Бұл не деген жауыздық!
Шақыр, халық ашуды!
Жайрат жауды, жерге тық,
Кімді фашист басынды»!—
Дейді ішінен біздің ер,
Күш-жігері сақылдап,
Қолындағы ақ семсер
Нажағайдай жарқылдап
Жұлдыз жусап, ай қалғып,
Түн ортасы ауған кез,
Бір нәрсені тұр аңдып,

Қиядағы қыран көз.

Сонау орман ішінде,
Қараңдайды әлде не?
Әлде жат бір кісі ме?
Қайдан келді ол неме?
Қозғалмайды орнынан,
Әлде жай бір томар ма?
Жемтік таппай қаңғыған
Қасқыр, қабан болар ма?
Қозғалмайша қарайған

Әлде орнында тұр тыныш...

Біраздан соң... маңайдан

Естілді жат бір дыбыс.

Сылдыр етті сұр қамыс,

Жалт қарады жауынгер.

Кетті ұшып бір топ құс,

Әлде үйрек, әлде құр.

«Тыныш түнде мазалап,
Құстарды кім үркіткен?
Шошытты ма жапалақ,
Сескенді ме бүркіттен?
Көзді аударып қамыстан

Орман жаққа қарады.

Қырағы көз танысқан

Қарайған жоқ манағы.

Жақындатып таң алдын,
Кетті ұйқыға ай-дағы,
Күңгірт тартып барады

Шекараның аймағы...

Салдыр етті тас құлап,

Шаңқылдады тау қыран.

Қарай қалды бақылдап,

Алып жүрек, ер ұлан.

Естілді-дәл жанынан,
Қасқыр даусы ұлыған,
Ұқты гәпті, ер ұлан,
Түннің мынау сырынан,
Кезек бер, деп қолқалап,
Толғанды сом винтовка,
Стволдан сығалап,

Бұйрық күтіп тұрды оқ та.

Шекараның тынышын
Алып жүрген қандай сұм?
Білемісің, оқушым,
Кім болар деп ойлайсың?
Сонау қамыс түбінде
Деп ойлама қабан бар,
Сақ болғайсың тегінде,

Қабаннан да жаман бар.

Барсаң анау орманға,

Қу томарлар кездесер.

Сол томардың маңында

Жатыр бұғып бір есер.

Көрдің бе, анау таудағы
Түсі суық жартасты?
Сол жартастың ар жағы

Жасырып тұр палачты.

Қолында оның зұлпұхар,
Қойны толған динамит,—
Деп ойлама,— не қылар

Тіміскіген бұралқы ит.

Сұқтанын тұр сұмырай,
Жауынгерге жетуге,
Ерді өлтіріп, оп-оңай

Шекарадан өтуге.

Аш қандала қадала
Ұлы тәнді шақпақшы,
Құтырған ит абалап,

Балтырымнан қаппақшы.

Сонау сәнді қаламды
Ойран етіп — өрт қоймақ;
Ит боп қауып адамды,

Адал қанға бір тоймақ.

Жемтігіне, жеміне
Мал таппақшы болады,
Қайтып барып еліне

Шен тақпақшы болады.

Көрдіңіз бе дәмесін,
Қара мұны, ой тоба!
Құзғын шіркін өлерсің,
Бүркітпенен ойнама!
«Астымдағы арғымақ,
Болат тұяқ пырағым,
Бота көзің жаудырап,
Не естіді құлағың?
Неге тұрсың тапжылмай,

Ауыздығын шайнамай.

Сылаңдаған сағымдай
Тақымымда ойнамай?
Аузымен құс тістеген,
Жел жете алмас жүйрігім,
Тұрсың ба әлде күтіп сен,

Жолдасыңның бұйрығын.

Қылт етсе жау қиырдан,
Көре алмасам, маған серт,
Секундында бұйырған

Аялдасаң, саған серт.

Жау адымын аттатпай
Жете алмасаң, саған серт,
Жауды жансыз аруақтай

Ете алмасам, маған серт.

Теке жаумыт тұлпарым
Жаудың болмас жетегі,
Жарқын жүзді жас жарым,

Жасқа толмас етегі.

Қас тұлпарым, жас жарым
Жасар мәңгі менімен;
Туған Ұлы Отаным

Жау ете алмас шегінен.

Неге ерттеп міндім ат,
Жүйткімесем, желмесем,
Неге бітті күш-қуат,

Майданда жау жеңбесем.

Неге тудым анадан
Ақтамасам ақ сүтін?
Неге сенді ел маған,
Қорғамасам бақытын?»
Деп жауынгер жас ұлан,
Тұр шүйіліп күзетте;
Қасқыр көрген қиядан

Ұқсайды жас түлекке...

Таң алдында қалғитын
Қонақтаған тау қыран,
Дәл сол кезде аңдитын

Шақпақ болып сұр жылан.

Сол сұр жылан сықылды —
Сүмеңдеген сұм дұшпан,
Жайлап қана жығылды,

Бағанағы жартастан.

Таң қараңғы тартқанда
Қорқау қасқыр жалақтап,
Төнетін-ді қотанға

Күректей тілі салақтап...

Қасқырдайын қас-дұшпан
Төрт аяқтап, еңкеңдеп,
Қандаладай қабысқан

Шағуға тез жетем деп.

Келе жатыр ұмтылып,

Жақпар тасты бетке ұстап.

Жалмауыздай жұтынып,

Ажал добын уыстап.

Ұйқыдағы арудай
Жатыр сұлап таң көлбеп,
Қойынға кірген жыландай

Өлім келед өрмелеп.

Оянсаңшы, ару-ау,
Ақ төсіңде жүр ажал,
Туласаңшы асқар тау,

Сұлап түссін сұм дажал.

Қайда кеттің, алтын ай,
Неге сәуле бермейсің?
Анадайдан жарқырай,
Жауды неге көрмейсің?
Тау қыраны шаңқылдап,
Неге көкке шықпайсың?
Шеңгелге сап, алқымдап,
Жауды неге сықпайсың?
Желпи ескен жібек жел,
Жыл құсындай жеделдет,
Жауынгерге хабар бер,

Желмаядай жылдам жет.

Түн пердесін жамылып,
Жау жеріңе етті де,
Тұрсың, досым, не қылып?

Өзіңе ажал жетті де.

Досымызға сұқтанып,
Келіп қалды-ау, мынау сұм?
(Жауды қамап, ұсталық,
Жүріңдерші, оқушым!)
Қарауылтас түбіне
Жау да жетті еңбектеп,

Қанды көзі үңіле.

Зұлпұхарын алды ептеп.

Екі дүние шегінде

Қорған болмас жақпар тас.

Өмір менен өлімге

Арашашы бола алмас.

Қан майданға тұр шығып,
Өмір-өлім жекпе-жек,
Түн түнектен тұншығып,

Тұнжыраулы жер мен көк.

Ал, ұмтылды зұлпұхар,
Оқ жыландай жарқ та жұрқ,
Ақырды кеп бесатар,

Қошқыл жалын бұрқ та бұрқ...

Жел уһлеп, тау меңкіп,

Күңіренді кең алап.

Шыға келді жау жөңкіп,

Топ қасқырдай анталап.

Қамағандай топ қасқыр
Жан-жақтан от жарқылдап,
Шошынғандай жас өмір

Ажал төніп алқымдап.

Ел шетіне тиді жау,
Алай-түлей оқ борап,
Өрттей қаптап, етті лау,

Шекараға қойды лап.

Жапандағы моладай

Тұнжырады жақпар тас.

Азаланған анадай,

Тау егілді төгіп жас.

Жараланды жас ұлан
Жаудың атқан оғынан,
Жылжып ақты ыстық қан

Жас ұланның қолынан.

Жараланды жауынгер;
Сонда да қол курокта,
Жауабыңды бере бер

Советтік сом винтовка.

— Тревога!—деп карнаш

Берді бұйрық штабқа,
Кларнет пен жас трубач

Жеткізді тез жан-жаққа.

Секундында шеп құрып,
Аттанды ерлер заставтан,
Жау мұндалап, шарқ ұрып,

Шыға келді таң шолпан.

Сартылдасып сай өрлеп,
Лап қойғанда аттылар,
Айбат шегіп, гүрілдеп,

Өре шықты танкылар.

Жалын шаша аузынан,
Жөтелді ауыр зеңбірек,
Қаһарланған даусынан

Қалтырады төңірек.

Демі — жалын, сөзі — оқ,
Қатуланды қиыр шет;
Келген жауда үрей жоқ,

Қалш-қалш, дір-дір, селк-селк-селк.

Қабан жатар қамысқа —
Қайта бұққан топ солдат,
Жат жерлерге алысқа,
Жіберді екен кім алдап?
Әр жерлерде тырайып
Жатқаны анау бір-бірден,
Кеудесінен қаны ағып,

Бірі талып, бірі өлген.

Мылтық қалған шаншылып,
Қылыш қалған майрылып,
Оқтар жатыр шашылып,

Иесінен айрылып.

Тұра қашты орманнан,

Бір салт атты офицер.

Қуып берді соңынан

Біздің герой — Қызыл ер.

Бүркіт қуған торғайдай,
Састы «сабаз» самурай:
Ал, құтылшы, оп-оңай,
Ех, самурай-самурай!
Ұлы Отанның ер ұлы

Манағы дос қызыл ер.

Тұяқтының дүлділі

Астындағы қарагер.

Жібек жалы желкілдеп,
Жауды қуып жеткенде,
Жау жабысып тепкілеп,

Жалт бұрылды өткелге.

Өткелектен өте алмай
Естен танды самурай,
Төбесінде жарқылдай

Ойнап тұрды нажағай.

Көрді сонда жас ұлан:
Сан самолет аспанда,
Біздің мотор даусынан

Жер сілкінді жапонда.

Жер сілкінді жапонда,

Үстінде ойнап бұлт тұрды.

Токионың, нақ сонда,

Төбе шашы тік тұрды.

Тұрды күліп масайрай.

Жауын жеңген ер ұлан.

Ақ маңдайлы арудай,

Атты нұрлы жазғы таң.

Кремльден күмбірлеп,
Соқты тағы күй сағат,
Күн қарады күлімдеп,

Жайнай түсті кең Арбат.

Тұрды күліп ер ұлан,

Тұр желкілдеп Қызыл ту.

Күле оянды Ұлы Отан.

Күле оянды жас сұлу.

АЛМА БАҒЫНДА

Қылыш, қанжар тағынған
Жетті жігіт ат мініп;
Шықты алма бағынан

Жас келіншек шат күліп.

Жігіт айтад жарына:

«Мен бақытты күзеттім.

Мына алма бағыңа

Сен неше түр гүл ектің?».

Деді сонда келіншек:
«Күттім алма бақтарын,
Жар сүйсініп көрсін деп,

Жүрегімдей сақтадым».

Күн күлімдеп нұр сеуіп,
Жайнай түсті алма бақ;
Екі жүрек бір соғып,

Кетті аралап ән шырқап.

КОЛХОЗ ҚЫЗЫНА

Күн күлімдеп сеуіп нұр,
Құлпырады егінжай;
Егінжайда бір қыз жүр

Айдындағы аққудай.

Колхоз қызы — Қарашаш,
Шырқап шаттық ән салған,
Ормандағы сандуғаш
Ләззат алып тамсанған
Шырқа, шырқа, аспандат
Көңіл күйі — әніңді!
Сен магнит, мен болат,

Тартасың тас жанымды.

Лепірген жас жүректен

Жыр берейін жаттап ал.

Махаббатты тілекпен

Жаттап ал да, әнге сал.

МЕН ТАБИFAT БӨБЕГІ

Мен табиғат бөбегі,
Еркін жанмын еркемін;
Аузымда жастық өлеңі,

Еркелеп күйім шертемін.

Жарқ-жұрқ етіп жүруді
Нажағайдан үйренгем,
Шадыман шат боп күлуді

Күн мен айдан үйренгем.

Тәкаппарлық, ерлікті
Асқар таудан үйренгем;
Мен бір жанмын ерікті,

Жарысып желмен жүгірген.

Ашу, қайғы дегенді
Қара бұлттан үйрендім;
Өз еркімше сілтемей
Қашан ғана имендім?!

ХАН ТӘҢІРІ

Хан тәңірі —

қарт Тянь-Шаньнің жүрегі..

Хан тәңірі —

көк аспанның тірегі...

Хан тәңірі —
көп жасаған қария,—
Хан тәңірі —

жер жүзіне жария.

Хан тәңірі —
жүрегі — тас, қаны — сел;
Хан тәңірі —

лебі — боран, демі — жел.

Хан тәңірі —
қабағынан қар жауған,
Хан тәңірі —

балағынан қан тамған.

Хан тәңірі —

бұлт жамылып, мұз киген.

Хан тәңірі —

көкті құшып, күн сүйген.

Хан тәңірі —
жерге басын имеген,
Хан тәңірі —

көк әлемін билеген.

Хан тәңірі —

қаһарынан қайтпаған.

Хан тәңірі —

ешкімге сыр айтпаған.

Хан тәңірі —

ешкімге бой бермеген.

Хан тәңірі —

еш бағынып көрмеген.

Хан тәңірі —

бағынбасқа серт қылған.

Хан тәңірі —

қарсылассаң, мерт қылған.

Хан тәңірі —

күнге ғана табынған.

Хан тәңірі —

хабар алған сағымнан.

* * *
Хан тәңірі жатыр еді ұйықтап,
Айды жастап, көк көрпесін тұйықтап,
Хабаршысы — сұлу сағым сылаңдап,

Жетіп келді тым асығыс бұлаңдап.

Жайлап жылжып, жүрді сағым жағалап,

Хан тәңірінің қойны-қоншын аралап.

Кенеттен: бұлт бір ұлып, бір абалап,

Төкті жасын — құйды нөсер сабалап.

Хан тәңірі шошығандай селк етті,

Жастық құлап, көк көрпесі желп етті.

Хабаршысы жылжып келіп аяңдап,
Сумаңдады естігенін баяндап:
«Желе жортып, жердің жүзін кездім мен,
Таңғажайып бір хабарды сездім мен,
Асқан алып, таңғаларлық бір мықты,

Соңғы кезде жерде пайда болыпты.

Біз большевик, деседі екен өздері,
Біз алмайтын қамал жоқ!—дейді сөздер
Жарқ-жұрқ еткен, жайраңдаған жүздері,

Күнше күліп, күлімдеген көздері.

Асқан алып, таңғаларлық бір мықты,
Жер мен көктің барлық сырын ұғыпты;
Қара жерді бауырдайын тіліпті,

Мұзды, құзды насыбайдай үгіпті.

Жерді жеңіп, көкке ұшып шығыпты,
Түбіттей қып түткілепті бұлтты,
Көрпедей-ақ көкжиегін түріпті,

Күле қарап, күннің сырын біліпті.

Таңғажайып, асқан алып сол мықты
Памирдің де басына кеп мініпті,
Алтай, Орал, Алатау мен Кавказды

Төбесіне қызыл туын тігіпті...

Асқан алып, таңғажайып сол мықты,
Жаңа маған жол үстінде жолықты,
Сай салалап, тауды, тасты аралап,

Келе жатыр сізге қарай жағалап».

«Көрмеп пе едім ондайлардың талайын,
Тарттырмап па ем талайының сазайын!
Дәме қылса, келіп көрсін, көрейін,
Қарсыласса, «сыбағасын» берейін!
Көк тірегі — Хан тәңірі болам да,
Жердегіге бас иіп, құл болам ба?!
Жоқ, бола алман!» деп бір қатты ақырды

Қаһарлана бар қайратын шақырды.

Күндерде күн, қарс жабылып қабағы

Хан тәңірі балағына қарады.

Кәрі көзі әлденені шалады,

Әлденеге үрейленіп барады.

Әлдекімдер жайраң қағып, жарқылдап,
Келіп қапты Хан тәңірге жақындап,
Жер сілкінте ән шырқаған ұран сап,

Еш күдіксіз, күліп келед қарқылдап.

Екпіндері — тауды қағып жыққандай,
Асқар шыңға еркін аттап шыққандай,
Алысыңды алты басып ұтқандай,

Қашағанды ұстағандай құтқармай.

Хан тәңірі үрейленіп барады,

Балағына қайта-қайта қарады...

Бір мезетте: екпінді топ жаңағы,
Хан тәңірге ұмтыла кеп шабады!

Хан тәңірі жіберіп ед ысқырып.

Кеуледі жел, соқты боран үскірік.

Алай-түлей, астан-кестен... жер мен көк

Араласып, алысқандай жекпе-жек.

Ұлиды жел, абалайды арсылдап...

Асыр салған асау боран қарқылдап...

Әлденелер сатыр-сұтыр сартылдап...

Шулайды орман, зәресі ұшып қалшылдап....

Хан тәңірі ақырады бұйырып,

Жендеттері шабуылдап жиылып...

Долы бұлт бірін-бірі иіріп,

О да төнген дәл төбеден түйіліп.

Өтті күндер... өтті түндер... сергелдең!

Жер менен көк бірін-бірі өңгерген!..

Бір мезетте: «Жер тәңірі» күш жиып,
Соқты келіп «Көк тәңірін» үйіріп!

Хан тәңірі дөңбекшіді, тулады.

Ол тулап ед, көк әлемі шулады...

Ұлы дүбір бар әлемге тарады,

Бұл не шу?—деп Гималай да қарады.

Көк тірегі — Хан тәңірі жеңілді,

«Жер тәңіріне» басын иіп берілді.

«Жер тәңірі» — батыр туған большевик!
Бағынарсың, бас ұрарсың жер мен көк!
Жер тәңірінің қызыл туын қолға алып,
Сырын, шынын, мұңын қозғап, толғанып,
Хан тәңірі бірінші рет тіл қатты,
Шыны, сырын бар әлемге тыңдатты:
«Көк тірегі — Хан тәңірі мен едім,
Жердегіге бас иемін демедім,
Көп жасадым, көпті көрдім өмірде,

Көп те білдім, көп сыр түйдім көңілде.

Бірақ, менің бар еді бір арманым:
Арманым сол, ие таба алмадым,
Құдіреті маған жетпей жалғанның,

Өзім тілеп бағынуға арландым.

Бүгін міне, жер тәңірін көрдім мен,

Қайратына көзім жетті, сендім мен.

Арманым жоқ, ием келді, көрдім мен,
Мәңгі сырым ақтарылды көңлімнен!
Жер тәңірі — ер большевик, бағындым!
Сені баққан ұлы тапқа табындым!
Сырласармыз құлақ құршы қанғанша,
Мен сендікпін жалғыз тасым қалғанша!»
1936. Алматы

ЖАЛМАУЫЗ

Европада жортып жүр бір жалмауыз,
Қасқыр көзді, қабан тіс,
орақ ауыз,
Фашист деген бір пәле кебін киген

Көрген пенде—«көрқап» дер, мынау нағыз.

Көздің жасы көл-көсір жалдағаны,
Жазықсыз жан, жауыздың жалмағаны,
Қорқау қасқыр сықылды көрден шыққан,

Екі ұртынан сорғалап адам қаны.

«Адам қанын қалдырмай төксем»,— дейді,
«Жауыздықты жаһанға ексем»,— дейді,
«Жан біткенді жұтып ап, жұмыр жерді —

Доп құсатып бір жаққа тепсем»,— дейді.

«Ғарап болсын дүние,
бітсін мейлі,
Заман ақыр орнатам қолдан»,— дейді;
Жер аузына симасын білгеннен соң,

Кеміруге кірісті Пиренейді.

Батыстан бұл, шығыстан Жапон «досты»,
Қос жалмауыз тағы да басын қосты,
Қытай менен Испанды «закуска» деп,

Көтереді екі сұм қаннан тосты.

Асықпаңдар, жауыздар! Күні ертең —
Ту сыртыңнан жұлынар жұлын — желкені
Ганнибалдың көріне қуып тығып,

Тепкілерміз, етерміз жермен жексен.

Жабылса да жаһанға жеті албастың
Жан иесін жердегі жұта алмассың,
Жуып-шайып тазартар дүниені,

Көз жасынан жосыған ұлы тасқын.

О, ОБАЛСЫЗ

Ел бол дедік, есіркедік,
Енші бердік, отау тігіп,
Ажалдан да тұрған төніп,
Талай сақтап қалып едік;
Тентек болмай, тәртіп бұзбай,
Келіп алғыс айтушы еді,
Төркініне келген қыздай

Олжалы боп қайтушы еді.

Жаман жігіт атқа мінсе,
Атасына жау боп тиер,
Ақымаққа билік берсе,

Елірер де ел бүлдірер.

Ақымақ жан ел бүлдірер,
Айыра алмас дос пен жауын,
«Достық айтып тұр» деп білер

Дұшпанының айтақтауын.

Әзәзілдің естіп үнін
Ақымақ жан, кетер азып,
Ол түсінбес жатқандығын

Өз қабырын өзі қазып.

Дәл осылай болды-ау бүгін
Көрші елдің басшылары,
Ақымақтық қандай қиын,

Ішпей, жемей мас қылады.

— Уа, қарағым, ел болдың ғой, Ыс тілесең алшы, делік.

Күнде иықтап ентелемей,

Іргеңді әрі салшы дедік.

Сол-ақ екен, бола қапты,
Шатынады, шапты кеп,

—Қой,— деп едік,— бұл ұятты Онан сайын кетті үдеп.

Мұнысы не, «ант атқанның»
Қарап тұрып бүлінгені?
Бойға тығып алғы аспабын
Шекараға жүгіргені?

— Қой, ей тентек! Жарамайды,

Жынданба сен қарап тұрып! —
Десек тіпті қарамайды,

Қайта-қайта оқ жаудырып.

О, обалсыз азғын неме,
Мейлің енді, еліре бер,
Кетті солай қызыл әскер

Сеніменен сол сөйлесер.

Кетті солай қызыләскер
Азаттықтың құстары ұшты,
Финға бақыт желі есер,

Соқты сағат сүйінішті.

ОРАМАЛ

(Романс)
Айнымасқа серттескем,
Айғағым бұл орамал,
Орамалға, тілесең,

Жүрегімді орап ал.

Кіршіксіз ақ орамал,
Көз жасыммен жуғанмын,
Жаным сендік, қабыл ал,

Бір сен үшін туғанмын.

Жаудан елін қорғауға,
Жарым, кетіп барасың,
Бәлкім, жарар орауға

Білегіңнің жарасын.

Бәлкім, осы орамал
Қызыл қанға боялар,
Жанға тисе, жат хабар,

Жарың шошып оянар.

Отан үшін, сен үшін
Тілеп, ұшып барармын;
Аралармын тау ішін,

Сені іздеп табармын.

Қаның жұққан орамал,
Сонда бізге ту болар;
Орамалда бір сыр бар,

Кейінгіге жыр болар.

1 июль, 1940

СҮЙЕМІН ИСПАНКАНЫ

Ғафу, қыздар, қызғанбаңыз,
Сүйемін мен испанканы,
Махаббаты болған аңыз,

Бар ғой оның ұлы жаны.

Көріп пе едің Пиренейдің
Жазғы нұрлы атқан таңын,
Жылылығы сондай деймін,

Қара көзді испанканың.

Естіп пе едің бұлбұл үнін,
Балбыратқан гүл бақшаны,
Елжіретер ел жүрегін

Испанканың салған әні.

Қолда гитар, белде қанжар,
Міне осындай қызды көрдім,
Жүрегі оның бірге соғар,

Жүрегімен бүкіл елдің.

Гүл бақшада, нулы орманда
Келе жатыр гитар ойнап,
Көз жіберер ол Отанға,

Туған елдің қамын ойлап.

Майдан десе, гитарын ол
Бір ағашқа іле салып,
Зор майданға сапар шегер

Білек түріп, мылтық алып.

Өжет сұлу қан майданға
Қаймықпастан кетер кіріп,
Фашист сынды қас-дұшпанға

Қатулана салар бүлік.

Мұндай сұлу жігіттердің
Ынжығына қайтып тиер,
Намысы үшін туған елдің

Майданда өскен ерді сүйер.

Махаббаты қандай ыстық,
Қандай тәтті испанканың,
Жүректе серт айнымастык,

Жардай сүйер ол Отанын.

Ол махаббат идеалы
Құмар қылған Байрондарды,
Сүйемін мен испанканы,
Сүйемін мен сондай жарды!

СОНЕТ

(Құрдас туралы)
Түн ортасы ауғанда көше жым-жырт,
Жұпар жаңбыр себелеп ойнайды бұлт;
Таң асырған тұлпардай тұр тыпыршып,

Қақпа алдында қалшиып жалғыз жігіт.

Жүрек лүп-лүп соғады, ұйқы сергек,
Көкірегін кей кезде ыза кернеп;
«Әлде басқа жігітпен кетті ме екен?

Неге алдады япырм-ай, түнде кел деп».

«Үйде деуге,— естілмейд ешбір тықыр,
Түзде болса, мұнша кеш, ол неғып жүр?»
Деген оймен бір жылып, бірде суып,

Таң күзеткен тағатсыз жас жігіт тұр.

Сүйген сәуле алаңсыз жатыр ұйықтап,

Қақпа алдында болған соң күзетші сақ.

АҚЫН

(Пушкиннің өлгеніне 100 жыл толғанда)
Күн боп туған ұлан күнше күледі,

Күндес болған түн өзегін тіледі.

Түн мазағын, өмірдің сұм азабын

Тартқан жанның сырын, мұңын біледі.

Төгілген қан, аққан жасты көргенде
Елжірейді, жалындайды жүрегі,
Жібек жыры жауыздықтан жиіркеніп

Оқ тигендей сырқырайды сүйегі.

Жалындап сырт, ыза кернеп, қайнап іш,

Жас ұланның таза қаны күйеді...

Қара түнде қара киіп қайғырған

Сұлуларды құшады да, сүйеді.

Құшады да, мұңаяды, жылайды,
Жылайды да, кенет, сақ-сақ күледі,

Әнге шырқап, кейде шалқып жырлайды.

Толқындайды жас өмірдің тілегі...

Мұны көріп, сұр жыландар ысқырып,

Жындар жортып, иттер-дағы үреді. «Ит үреді, керуендер көшеді».

Жел жынданып, ызыңдайды еседі...

Көшкен елдей, ескен желдей мазасыз
Сұм жалғанның гуілдейді өсегі,
Бірақ, оған мойымайды жас ұлан,

Албырт болып, ақын болып өседі.

Ақын ұлан өмір сырын тереді.

Қырағы көз көрмегенді көреді,
Сезгіш жүрек, асқан ақыл, албырт ой,

Қайтпас қажыр, ақынға күш береді.

Ақын ұлан арыстандай айбатпен
Ар, намыстың майданына енеді,
Қалам найза, қалқан болып қағазы,

Сөздері оқ, алмас қылыш өлеңі...

Зұлымдыққа нажағай боп атылып,
Әділдікке көңіл нұрын себеді,
Дабыл қағып, таң жолына шақырып,

Таң атады, күн шығад деп сенеді.

Бұл майданда албырт ақын, жас ұлан

Түн қысымын көп көріп, зар шегеді.

Күңренеді, көзден жасын төгеді.

Көңіл көгін қара бұлт торлайды.

Талай рет түн түнегі төнеді,
Амал қанша, зарлатады зар заман,

Жауыз тағдыр жас ұланды жеңеді...

Амал қанша! Жалмауыздар желікті,
Аямапты, ақын қанын төгіпті,
Ақын ұлан қоштасарда жанымен
Ақтық рет: күндей күлген көрікті
Жас сұлуын — Музасын бір көріпті,

Көріпті де, көз жұмыпты, өліпті...

Өңшең сұмдар, өлі тәнді басынып,

«Тұрмасын» деп, тереңірек көміпті...

Ақын өлед — жан иесі күңренед...

Өтеді өмір. Жылдар өтіп, жыл келед.

Сол өмірден жан сезімге, құлаққа,

Үн келеді, жыр келеді, сыр келед...

Өтті өмір. Ақырында күн жеңді,

Ақын жыры күн нұрымен гүлденді.

Ақын аты, ақын күші ақталар,
Заман туды. Жан иегі кенелді,
Ақын жыры мәңгілікке жатталар,
Шаттығы мол жүректерге бөленді,
Бақыт қонған, құмар қанған заманда
Ақын жыры күн нұрына теңелді,
Ақын жыры әсер берді маған да,
Ақынға арнап жаздым мен де өлеңді!

РУСТАВЕЛИ ШОТАҒА

Шықтым шалқып шың басына, шарықтатып шат
қиялды,

Өр көңілмен орай шолдым бар ғаламды, жер-жаһанды.

Тұңғиыққа терең бойлап, түстім тарих дариясына,

Көз жеткісіз көлемді ойлап, амандастым бар ғасырға.

Өткен өмір — бейне музей, араладым емін-еркін,—

Ұқтым талай ғасыр сырын, өмір сиқын, елдің кейпін.

Жеті ғасыр жолға жетіп, айналама көз жібердім,

Қап тауында тұрмыс құрған халық көрдім, көңіл бөлдім.

Ханды көрдім, қаһарымен айналасын қалтыратқан;
Батыр көрдім, жолбарыстай тауда жортқан, садақ
тартқан;
Елді көрдім, еңіреген, Еділдей боп жасы аққан,

Ерді көрдім, есі шығып етегімен бетін жапқан.

Қызды көрдім, қиын қамал зынданында зар жылаған,

Құлды көрдім, азап қабын арқалаған, нәр сұраған.

Сұм заманнан жаны шошып, жапан түзге кеткен босып,

Көрдім жалқы жауынгерді, өлім жолын жүрген тосып...

Қарай қалдым Қап тауының бұлт бүркенген құз басына,
Кенет көзім кетті түсіп бір ұлы адам тұлғасына;
Тұр екен ол, тым тұнжырап, Эльбрустан елге қарап,

Ел қиялын, ер арманын жиып-теріп өзі арқалап.

Ақын екен, арыстандай айбарымен айға шапқан,

Ағыл-тегіл төгілген жыр — бейне Терек1 таудан аққан.

Қиыр кезіп, ойға жүзіп, қиял құсы қанат қаққан,
Айдынды аспан аясында жыр тыңдатқан, мұңын

шаққан.

Жан саясын, ой шұғласын іздеп асыл махаббаттан,
Шын достыққа, шын ерлікке, бостандыққа дабыл

қаққан.

Қолын сілтеп қашқан патша Тамарадан2, тәж бен
тақтан,

Ақырында арманды ақын күн боп туып, ай боп батқан.

Көргем талай, күңгірттеніп, нұры кеміп батқан айды,

Батар айды басқан бұлттай, ақын жүзін жапқан қайғы.

Көз ұшында көлеңкедей ақын маған бұлдырайды,

Тіл қатпайды, томсарады, Тариелдей3 тұнжырайды...

Амандастым мен тіл қата, Алатаудан ән шырқата:
О, сабазым, ақын Шота, неге мұнша болдың қапа?
Өміріңе өкіндің бе, көрмедім деп, ешбір опа?
Әлде жаның қажыды ма, жер жастанып жата-жата?
Сен тірісің! Мәңгі өлмейсің.. Өлім сені басына алмас,

Сен жалынсың лапылдаған, түн түнегі жасыра алмас.

Сен болатсың жарқылдаған, тот та баспас,
жерде қалмас,

Сен алтынсың жүрегінде сақтап келді Кавказ, Парнас.

Бір тынбады зырылдады дүниенің дөңгелегі,

Акырында атты алтын таң — адамзаттың көксегені.

Бақытты өмір құшағында еске алады бүгін сені,

Тариелдің інілері, Нестанның4 сіңлілері.

ӨТЕДІ КҮНДЕР

(Тарас Шевченкодан)
Өтеді күндер, өтеді түндер,
Өтеді жазым зымырап,
Соғады дауыл, солады гүлдер,

Сарғаяды жапырақ.

Ой ұйқыда, жүрегім жым-жырт
Сөнеді көздің жанары;
Бәрі ұйқыда жатыр ғой мүлгіп,

Тірліктің жоқ еш хабары.

Осынау жарық дүниеде

Бармын ба мен,— білмеймін.

Қаңғалақтап жүрмін бе әлде,

Жыламаймын, күлмеймін.

Сыбағам қайда, сыбағам?
Жоқ па сірә ешқандай?!
Жақсылық менен аясаң,
Жамандық бер, а құдай?!!
Берме ұйқы, кезбе жанға,
Жүрегі бос қатпасын,
Ұсап сұрсыз қу томарға

Бұл дүниеде жатпасын.

Берші өмір, бер махаббат,
Жүрекпен сүйсін адамды,
Ол болмаса, етіп талақ

Өртесін мына жалғанды.

Қандай қиын — қаза тапсаң

Тар қапаста, зынданда.

Еркіндікте ұйықтап қалсаң,

Қиынырақ содан да.

Ұйықтап өтсең өміріңде,
Ұйқың ешбір қанбаса,
Тірлігің не, өлгенің не,

Ешбір ізің қалмаса.

1940

ӨЛДІ ДЕУГЕ БОЛАР МА

(Сулейман Стальский қайтыс болғанда)
Дағыстанның даңқты,
Қайратты қарт бұлбұлы ең,
Сүйсіндіре халықты

Күй төгіп ең тіліңнен.

Ерте туып, кеш жасап,

Көпті көзбен көріп ең.

Көргеніңді әнге сап,

Жырға тізіп беріп ең.

... Сол өмірдің қарасы,
Біржолата батқанда,
Қуанып адам баласы,
Бақыт таңы атқанда:
Көне көзің күлімдеп

Жүзіңде ойнап бақыт нұр.

Ой түбінен нөсерлеп

Ақтарылды шаттық жыр.

Қарт Кавказдың құзынан
Аса шапқан дүлдүл ең,
Бақытты өмір шыңынан

Ән шырқатқан бұлбұл ең.

ЖЫР ЖОЛЫНДА АСҚАР ТАУ

(НҰРПЕЙІС ЖЫРАУ ТУРАЛЫ.)

Жолға шықтым, қолға ұстап
Ақындықтың желегін,
Бірде шауып ойқастап,

Бірде аяңдап, желемін.

Жыр төселген жолдармен

Желе-жортып келемін.

Көк сүңгідей өңгерген

Қолда батпан өлеңім.

Күндердің бір күнінде
Есті алдымнан самал жел,
Құлақ тостым бір үнге

Әлде тасқын, әлде сел.

Қоңыр самал төске алып,
Үнді қуып жөнелдім,
Алысқа бір көз салып,
Асқар биік тау көрдім,
Асқар таудан жосылған
Ағыл-тегіл сел көрдім,
Аққу ұшып, қаз қонған,
Айдын шалқар көл көрдім,
Тәуекел деп, толқыннан
Жүзіп өтіп келдім мен,
Мейлің, шанба, мейлің шан,
Бір ғажайып көрдім мен:
Таудай болып отырған

Өзіміздің Нұрекең.

Сел-дария толқыған

Нұрекеңнің жыры екен.

1940

* * *
Ішім пысты. Жалықтым,
Жүре алман енді аяңдап;
Кенде қаппын, жаңа ұқтым,

Не болса, соған аялдап.

Көңіл күйі екен деп
Күнделік тұрмыс ызыңын,
Өмір сыйы екен деп
Квартбюроның тізімін,—
Жүргенімде, тиісті
Сыбағамнан құр қаппын,
Егде тартып, сүйінішті

Жас шағымды ұрлаттым.

Қайта оралмас жиырма бес

Қоштасқанын сезбеппін.

Жас та емес, қарт та емес

Бір уақытқа кез кеппін.

Өткен күннен белгім аз,
Беттегі әжім болмаса,
Шимайлаппын көп қағаз,—

О-дағы бір далбаса.

Өкінгеннен не пайда?

Кеш болса да қал сілтеп.

Кім өкпелер Абайға
Қырықта қызды жаздың, деп

1940

ЖЫЛҚЫШЫ ЖЫРЫ

(Романс)

Жылқым жатыр жайылып көкорайда.

Аш қасқырлар ұлиды әлдеқайда;
Жерде тұрып ым қағам қалғыма деп,

Аспандағы серігім алтын айға.

Қоңырау үнді құлыншақ, құрау-құрау!

Еркін ойна, асыр сап, жібермен жау.

Алтын жалды астымда арғымағым,
Сауырыңнан ай сүйсін, жас пырағым;
Маған орден тағылса, саған тұмар,

Сым жібектей тарармын құйрық-жалын.

Ай тұяқты сал күрең, саларым сайран.

Жүйткітермін сенімен болса майдан.

Бұлбұл қақты қанатын, таң да таяу,
Мезгіл жетті салатын әнге баяу,
Жас жүрегім тербетсін, әнім жетсін,

Жатқан шығар жан сәулем ұйқылы-ояу.

Тай-құлыншақ арда емген, жуса-жуса,

Өргізермін өлеңмен шолпан туса.

Шопылдатып ойнаса суда шортан,

Нұр шапаққа шомылар таңда шолпан.

Сол сықылды махаббат шұғыласына

Шомылармыз біз-дағы сүйген қалқам.

Сал күреңмен салдыртып келген шақта,

Ақ білегін талдыртып бір құшақта.

ТҮНГІ СЫР

(Романс)
Ай жарық, сүттей әуе тұрған ұйып,
Майда жел сыбырлайды беттен сүйіп,
Тілек қып сол сағатта тұрмын мен де,

Бір жылып, бірде суып, бірде күйіп.

Тілегім бүгін түнде сүйгенімді —

Сүймекпін, куә қылып меңіреу түнді.

Ерітіп жас жүректі құшағында
Ойыма түсірмекпін өткен күнді;
Мінеки, сол мезгілде біздің тілек,
Болған соң тілек солай қайтсін жүрек,
Ол-дағы асау аттай тыпыршиды —

Алысып, жанды қинап бермей тірек.

Осылай тұруменен уақыт өтті,
Келмеді сүйген жарым, үміт бітті,
«Қайтам ба, енді қайтем» дей бергенде

Көлбеңдеп қарсы алдымнан біреу шықты.

Тағат қып тұра алмадым, жүрдім солай,
(Сол жерде қозғалуым болды оп-оңай),
Ол-дағы маған қарай бұрды бетін,

Екі ара жақындасты тіпті сондай.

Қалғанда арамызда бес-алты адым,
Мен-дағы сүйгенімді шын таныдым;
«Келші» деп құшақ жая бергенімде

Мақпалдай ақ саусағын берді жаным.

Айқасып кетті оп-оңай екі білек,

Дүрсілдеп көңілденді шіркін жүрек.

Жабысып, құшақтасып бір адамдай,

Болдық та, жоғары қарай жүре бердік.

Сол жерде жас жүрегім атша тулап,
(Әлде не, бар денемді кетті улап),
Тым-тырыс, сөз айтуға тіл күрмеліп,

Келемін шыққан бетке бастап тура-ақ.

Ұзамай кез болыстық бір терекке,
(Ол-дағы демеу болды жас жүрекке),
«Сәулешім, осы араға тұрайық» деп,

Бұрылып тура жолдан шықтық шетке.

Бұраңдап тал шыбықтай тұрды жаным,
Бір минут аялдауға жоқ амалым;
Сол жерде ауызға-ауыз тиіп қалды,

Сәулешім тәтті аузынан берді балын.

Сәулешім құшағымда тұрды еркелеп,

Дәл тар төсек сықылды болды терек.

Жайқалған жапырағы шымылдықтай

Сыбырлап бізді тұрды көлеңкелеп.

Табиғат тамылжыды майдай болып,
Бұлт тарап, әуе ашылды шайдай болып,
Жұлдыздар жымыңдады бізге қарап,

Ай-дағы күлімдеді жеткен толып.

Сүйгеніммен екеуміз сыр айтыстық,
Сыр сандықтан шыққан сөз болмай ма ыстық,
Тағы біраз сүйісіп алдық тағы

Тәтті өмірдің жайынан жыр айтыстық.

Осылай тұра бердік құшақтасып,
Табиғат еркелетті қойнын ашып,
Сол кезде күн шығыстан таң белгісі —
Сарғайды жер жүзіне нұрын шашып;
Сонда да елең қылмай емін-еркін

Сүйісіп тұрдық тағы екі ғашық.

Таң нұрымен құлпырып жер ойнады,

Жер бетінде ызыңдап жел ойнады.

Қораздардың қып-қысқа әніменен

Кемпір-шалдар бас болды, ел оянды.

Тоқтамай ма дүние сабыр етіп,

Тоқтатуға бізде де жоқ қой тетік.

Табиғаттың еркесі алтын күннің —

ЬІстық нұры лезде келді жетіп.

Сүйіп, жанап, жағалап өте беріп:
«Қайт» дегендей ым қақты, жымың етіп,
Бізде ерік жоқ, биледі жастық жалын,

Минут сайын барады елжіретіп.

ЖАН СӘУЛЕМ

(Романс)
Жан сәулем, сағындым ғой көптен көрмей,
Сен неге мен кеткенде қалдың ермей,
Баурында Баянаулы, Көкшетаудың

Жүрдім ғой елегізіп ескен желдей.

Жан сәулем, қарақат көз құралайым,
Шолпаным шығыстағы, күнім, айым;
Толықсып құшағыма келші, жаным,

Құшайын сүйейін де, жыр жырлайын.

* * *
Ғашық едім, қайтейін,

Кеттің аулақ алыстап.

Айтып айтпай не дейін,

Жоқ қой енді табыспақ.

Жүрекке арман орнады,
Қосыла алмай, көп жылап,
Тілегенім болмады

Сол батады-ау жалғыз-ақ.

Қайда жүрсең аман бол,
Өміріңді тілеймін,
Сенен басқа, сертім сол,

Ешбір жанды сүймеймін.

Ашу, ыза аралас
Ренжіткен болсам сені егер,
Өкпелеме, жарамас,

Бар кінәмді кеше гөр.

Ғашық едім, қайтейін
Оны білер жан қайда?
Арманда боп өтейін,

Армансыз боп не пайда.

Жалғыз ғана тілегім
Көкрегімнен кетсін мұз;
Жылып қалсын жүрегім,

Ақтық рет бір сүйгіз.

10 апрель. 1940
* * *
Қайдасың махаббаттың періштесі?
Жаныма жақынырақ ұшып келші;
Қолға алып жүрегімді, жалбарынам

Жұбатшы жан қайғысын, есіркеші.

Періштем — сүйген сәулем, қалқажаным,
Тәтті үміт, сүйінішім, ұлы арманым,
Тыңдашы, құлағыңа жетер ме екен,

Сағынып сені, сәулем, салған әнім.

Ауыпты түн ортасы. Қашты ұйқым.

Үһілеп, ән саламын, дүркін-дүркін.

Жел жаттап осы әнімді, жеделдетіп

Жаныңа жеткізер ме ед, әттең шіркін.

Ғашықтың жан әуезін тыңдағандай,
Телміріп тереземнен қарайды ай;
Мен өстіп отырғанда, тереземнен

Ай болып сен қарарма ең, үһ дариғай.

Кім айтар шыны ғашық мен емес деп?
Мұншама ғашық болар жөн емес деп,
Қалайын құшақ жайып, көз алдымнан

Өтсеңші ең болмаса бір елестеп.

Әлде сен тәтті ұйқының құшағында
Маужырап, еш алаңсыз жатырсың ба?
Түс болып барайын да, сырласайын

Соғуын жүрегімнің тыңда-тыңда.

СҰЛУДЫҢ СЫМБАТЫ

Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,
Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай
Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс,
Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай;
Төгілер иығына қара шашы,
Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай;
Күмбездей жарқыраған мойыны бар,

Тамағы күн шалмаған ақ торғындай.

Тік иық, сүмбіл білек, кербез кеуде,

Қос емшек ақ төсінде қос алмадай...

Мықыны тар, қиылған қыпша белі —
Бұралған бейне нәзік пружинадай,

Бөксесі дөп-дөңгелек қызықтырар.

Жұп-жұмыр кіршіксіз ақ саны қандай;
Күлкілдеп балтыр еті, екі аяғы —
Түп-түзу мергендердің мылтығындай,
Еш мін жоқ, көз тойғысыз сырт тұлғасы,

Заказбен мрамордан құйылғандай.

Ақ көңіл, таза пейіл, уыз жүрек,
Сырты қандай болса, дәл іші сондай;
Кішіпейіл, білімді, ойы зерек,
Ибадатты боп келсін, арсызданбай;
Қара көзін төңкере қарағанда
Кірпігінен құлпырып нұр тамғандай,
Жымың қағып, еркелеп сызылғанда
Балдан тәтті қылығы — ес танғандай;
Жарқ-жұрқ етіп, тұрғанда, жүргенінде
Көзге түсер таудағы ор құландай;
Нәзік даусы сыңқылдап күлгенінде
Аққу құсы айдынның ойнағандай;
Жүз бұралып, сызылып шыққан үні,

Қос сандуғаш бақшада сайрағандай.

Жібек желдей тәніңе тисе лебі,

Бойы балқып, ойыңды арбағандай.

Он жеті мен он сегіз шамасында
Көзді тартар кенеттен туған айдай;
Болар ма еді арманың бұл жалғанда,
Жарың болса өмірлік дәл осындай;
Болмаса егер, амал не, тудың, өлдің

Дәл осындай сұлуды ойлай-ойлай.

1935. Орал

СҮЙДІМ ДЕДІҢ

Сүйдім дедің, білегіңнен ұстадым,
Бірақ сені сүй деп зорлап қыспадым;
Адамшылық жүрегіңмен, еркіңмен
«Сүйдім» деп сен, білемісің құшқаның?
Сүйдім дедің, қара көзің жаудырап,
Сүйдім дедің, ақша жүзің балбырап,
Сүйдім дедің, ауызыңнан бердің бал,

Сүйдім дедің, ақ төсінде аймалап.

Сүйдім дедің, жер еркесі жел білді,
Қошеметтеп көкте жұлдыз, ай күлді,
Табиғаттың құшағында серттескен,

Қайтып қана ұмытарсың сол түнді.

Сүйдім дедің, бал тіліңнен сүйдірдің,
Сүйдім дедің, сүйсіндірдің, күлдірдің:
Енді бүгін жүрегіме шоқ басып,
Heгe менің жас жанымды күйдірдің?
Ойлашы өзің, осың дұрыс қылық па?
Ойлашы өзің, осың адамшылық па?
Айтқан сөзден, берген серттен тайғаның
Мағынасыз тауып сылтау сыныққа?

Сүйдім дедің... сүйдім дедім... ып-ырас...

Бір өзіңе ауғаны хақ ықылас;
Өлтірсең де бал орнына у беріп
Сүйдің... сүйдім... мәңгілікке ұмытылмас

1935. Орал.

* * *
Құлағымнан кетер емес,
Сенің, сәулем, тәтті үнің!
Жас музадан еш кем көрмес,

Сен — сүйікті бұлбұлым.

Гүл бақшадай сахнаға
Шыққан кезде сен сайрап,
Мен отырғам қарсы алдыңда

Қиял кернеп, ой ойлап.

Сені көріп, ой бөлініп,
Қарағанмын жүзіңе,
Кірпігімнен нұр төгіліп,

Көзім түскен көзіңе.

Сонда сенің күн көзіңнен
Жүрегіме нұр тиіп,
Ойға шомғам өз-өзімнен

Көңіліме сыр түйіп.

Нұрлы сәуле сонда сені
Жүрегіме бөледім,
Арман еткен көңлімдегі

Аруыма теңедім...

Күндер өтті, айлар өтті,
Бойды жеңді құмарлық,
Жас жүректі елжіретті

Болмай кетті шыдарлық.

Махаббатқа бой алдырдым
Амалым жоқ ашынам,
Құлы емес қой мен тағдырдың,
Неге сырым жасырам:
Махаббатқа жоқ қой айып,

Ерік бердім жүрекке,.

Мен ұмтылдым құшақ жайып

Жетем бе деп тілекке.

Жан жүректен жаздым хатты,
Таңданбассың, сұлуым;
Жас тілекті, махаббатты

Қорламассың, сұлуым.

Жүрегіңе тиер барып,
Жалындаған біздің сөз;
Жүрек сырын тез аңғарып,

Сен де ойыңды білдір тез.

Апрель, 1937. Алматы

ДҮНИЕГЕ ЖАР

Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы,
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы!
«Тағы жұрт» деп тағы да,

Танымассың, білмессің.

Өйткені мен қазақпын,

«Англичанин» емеспін.

Танисың ғой сен оның
Өзінен бұрын мылтығын,
Дәріптейсің қасиетін

Адамы түгіл, итінің.

Мен де оны бір кезде
Етігінен танығам,
Қадай басып өкшесін

Далама кеп қаңғыған.

«Тағы» дейтін халқымды,
Дозақ дейтін даланы,
Кен қазам деп көр қазып,

Ақтаратын моланы.

Жылап жатса бір қазақ
Күлуші еді-ау ол әлі!
Соның бәрі сұрқия

Сұм патшаның әлегі.

Екі аяқты аң патша
Көп батырды шеңгелін,
Сар далада сарғайдым,

Қасіретпен шөлдедім.

Мынау қара көзімнен
Сансыз дария жас ақты,
Өз етімді өзіме

Кесіп алып асатты.

Айтып, айтпай не керек,
Не көрмеді бұл қазақ!
Дүние бүгін ұялар

Айтпа, ойбай, аузың жап.

Уа, данышпан, Ленинге
Атынан алғыс тарихтың!
Тәкаппар мына дүниеге

Қазақты бір таныттың.

Сорлы емес ем ежелден,
Қаралы едім, зарлы едім,
Ұялушы ем өзге елден
Намысты едім, арлы едім,
Есе тиер, енші алар

Ел болсам деп ойлаушы ем.

Қазақпын деп айта алар

Мен болсам деп ойлаушы ем.

Тәкаппар дүние төріне
Емін-еркін шықсам-ау,
Айтқанымды тыңдатып,
Айтқандарын ұқсам-ау,
Деп ойлаушы ем, сол болды,
Арманыма жеттім мен,
Үдере жорттым, жол болды,

Тау төңкердім екпінмен.

Енді мені менсінбес,
Европаның қай елі?
Қарсы келсем — құшақтар,

Қаратпайтын әйелі.

Сорлы негр — қара боп
Туғанына жазықты,
Тәкаппарсың дүние,

Көп қорладың аз ұлтты.

Қаталастың бірақ сен,
Аз дегенің көп екен,
Көміп кетер көпшілік,

Көп кешікпес күні ертең.

Бола бермес дүниеде
Күнде жанжал, күнде шу,
Жауып кетер жер бетін

Жалғыз ғана қызыл ту.

Сол қызыл ту астында

Күн келбетті қазақпын.

Отар емен телмірген,

Азаматпын, азатпын.

Енді сірә, дүние,
Танисың ғой мені сен,
«Танысамын соғысып»

Деп ойлама тегі сен.

Төрт құбылам түгел сай,
Қорқытпайды соғысад,
Жетпіс қабат қорғандай,

Батысымда — орысым.

Шымдай болат киінген
Шұғылалы шығысым,
Тас түлектей түйілген

Қырғыз, якут туысым.

Қазақ деген атымды.

Өшіре алмас ешбір жау!
Төбесінен, тиіссе,

Төңкерілер Алатау.

Аумағы мол алыппын,
Кең-ді менің құшағым,
Британия аралын

Қолтығыма қысамын.

«Тағы» емеспін тағы айтам,
Адаммын-ды бұрыннан,
Адаммын деп жылағам,

Адаммын деп қырылғам.

Тәкаппар ұлы дүние!

Қазақ, деген — мен деймін.

Мылтығыңды ұсынба,
Қолыңды ұсын, кел деймін!

1940. Алматы.

ЛОНДОН

Лондон! Лондон! Не болдың?
Қарашы бір өзіңе,
Не көрінед, уа Лондон,
Сенің миллион көзіңе?
Ұлы денең, зор кеудең
Мұнша неге жаралы?
Миллион көзден нұр сөнген,
Неге болдың қаралы?
Балапанын баурына ап,
Бұққан аққу сықылды —
Құшағыңа аймалап,

Жасырасың жұртыңды.

Олар неге жүрмейді
Селдей қаптап көшеңде?
Неге ойнап, күлмейді?
Соның бәрі мешел ме?
Халқың тыңдар күндіз-түн
Әнің қайда, күй қайда?
Бомбовоздың дүрілін
Күй орнына тыңдай ма?
Мазасыз бұл музыка
Құлағыңды тұндырды-ау!
Сәулет, зейнет, гүл зифа
Өртте қалды, күл қылды-ау,
Лондон, Лондон! Не болдың?
Қарашы бір өзіңе;
Не көрінед, о Лондон,

Сенің мұңды көзіңе.

Жазығың не, бұл қалай?
Осы ма еді күткенің?

Қайран, Лондон, осылай.

Тұра берсең біткенің
Лондон, Лондон, қарашы,
Замандасың Мәскеуге,
Күн ғой ол бір. Шұғыласы

Тарап жатқан басқа елге.

Дүние тулап жатқанда
Мәскеу неге саспайды,
Соғыс құрған қақпанға

Түспек түгіл баспайды.

Мәскеу қалай? Сен қалай?
Ойла, Лондон, ойлап бақ,

Онда ту тұр шұғыладай.

Сонда-ау, сірә, барлық гәп.

1939

Ерлік қандай, ер қандай

Ерлік, жігер, күш-қайрат, ақыл-айла...

Бәрі бірдей сияр ма зифа бойға?
Осылардың бойында бірі болса,
Тәніңе азық болмай ма бірталайға?
Бірақ оны жөніне бәрі бірдей —
Пайдаланар дүние, адам қайда?
Капиталдың қордасы өртенбейше
Бәрі бірдей адамзат болғандай ма!
Құр желікке мәз болып, жиіркенбейше

Көбі лағып бет алды, шалқымай ма.

Жөнін таппай мерт болып жүрген азба

Арыстанша шабам деп, алтын айға.

Не айтарсың, амал не, ондай «пазға»

Қасқыр болып шапқан соң қалың қойға.

Әйтсе-дағы, достарым, өзіңе айтам:
Ісіңнің алдын ойла, артын ойла,
Өмір кілті қолыңа түскен кезде

Өз-өзіңнен именбе, батыл ойла.

Өз заманың, өз ісің. Ерлігіңді

Іске асыр, тек қана ойлап қойма.

«Ерлік» деген — зор атақ. Расында,

Түсіп келед қоғамның таласына.

Талас — майдан.

Талпынып шыққандар көп,

Көз жіберсем тарихтың саласына.

Бұл майданға ту алып мен де шықтым,

Жиырмасыншы ғасырдың шамасында.

Дариядан тайқымай еркін өтем,

Жұртша қарап тұрмаймын жағасында.

Тап атынан тартынбай сүйсінемін

Елдің берген ерлікке бағасына.

Октябрьден жаралған ерікті ұлмын

Еркіндеймін өмірдің жаңасында.

Жай отындай ақындық өткір тілім

Енді бүгін еркіндеп жырласын да.

Табым тартқан қаруым —болат қалам

Нұр төгілте сырылдап, зуласын да.

Ерлік қандай, ер қандай екендігін
Құлақ түріп дүние тыңдасын да,
* * *
Дүние — дүние боп жаралғалы,

Түбіміз — адам болып саналғалы.

Заңы мен табиғаттың қоғам дамып
Іргесі сонау өмір қаланғалы
Ақтарып, тарих бетін, қарап тұрсақ:

Өмірде нелер өтіп, не болмады.

Ойласақ, өмір-дария түпсіз терең,
Дарияға кімдер түсіп, шомылмады?
Жүзе алмай дарияға батқандар көп,

Болған соң шіркін заман құбылмалы.

Құйыны қилы заман соққан кезде
Кім жылап, кім адасып шұбырмады:
Адамзат бірін-бірі жүрді талап,

Талай жан қан ағызып, шырылдады.

Адамның— адам сорып қанын, сөлін

Жыландай жиырылып, ызылдады.

Кейбірі айдаһардай аузын ашып

Тоймады қанша ішсе де қызыл қанды.

Дариға, не болмады, не болмады!!!

Тек қана дүние құрып суалмады.

* * *
Бай илеп, патша билеп озды өмір,

Айуандық дүниеде қозды өмір.

Азшылық көпшілікті байлап, матап,

Былығып, булығумен тозды өмір.

Шен тағып шікірейген шықты төре,
Халықты орға апарып жықты төре,
Алам деп ер атағын соғысумен,

Өмірге бүлік салып, құртты төре. «Патша, құдай, дін үшін» қырылды жұрт. Қан ағызып, қоныстан сырылды жұрт.

Бірін-бірі тырнадай түтуменен

Жерден, судан айрылып, шұбырды жұрт.

Бүлік кіріп халықтың арасына,
Жармасты бір-бірінің жағасына,
Ұлт пен ұлт, ел менен ел қырылысты,

Жұлысты бір атаның баласы да.

* * *
Біреулер батырсынып барқырады,

Аттан сап, айдалада ақырады.

Сартылдап сары садақ, сары сойыл

Қызыл қан ойда, қырда сарқырады.

Елірген ел ішінде есерсоқтар

Ерсініп, соған-дағы қарқылдады.

Арам күш, алаңғасар, ақымақтар,

Момынды мұқатудан тартынбады.

Кейбірі «ақылшы» боп аңқылдады.

Шешенсіп, кейбіреуі, сартылдады.

Сондағы ойлағаны өз құлқыны

Болмаса, емес еді елдің қамы.

Би болу, болыс болу — елді езу,

Тек сонда көңілінің шын тынғаны.

Кейбіреулер данышпан бола қалды:

Әпсік оқып дүниені «дұғалады».

Көзін жұмып, жұтынып, өсек айтып

Елді улап, бастарын шырмалады.

Сөйтіп жүріп сумаңдап сұмырайлар

Жемтік іздеп, әр жерден сығалады.

Әб жыландай иреңдеп, тілін кезеп

Қан көрінген жерлерде сырғанады.

Ақынсынып кейбірі, азынады.

Оны-мұны шатпақтап жазғылады.

«Туған жерім, өз ұлтым, өз ерім!» деп

Білгені жаулық отын тамызғаны.

«Ол — орыс, мынау — шүршіт... ұр да жық» деп,

Оқығансып, кейбірі кердеңдеді.

Не тыйыш жүрмей, не елді меңгермеді,
Шүй желкелі, салпы ауыз жауыздардың

Қолындағы қуыршақтай ербеңдеді.

Айтыс, ұрыс, жауласу өз арасы

Олардың да сол еді білгендері.

«Аңқау елде арамза молда» көп қой,

Болып жүрді өмірдің «кәмеңгері».

Кейбіреулер мәз болды жастығына,

Ішпей, жемей, есалаң мастығына.

Өзін-өзі ер санап мәз боп жүрді

Барып жатса біреудің жастығына.

Немесе батырсынып сүйсінді де

Жасаған жақынына қастығына.

Бос жүру. Боз балалық. Үйге түсу.

Күндіз-түн қыдырысу, тамақ ішу.

Шешенсіп өтірікті зуылдатып,

Құр лағып, дүниені желдей есу.

Өмірді ұстап тұрған немедей-ақ

Өзара мақтанысып, гуілдесу.

Арамды — адал, ұрлықты — ерлік көріп

Біреудің қабын тесу, бауын кесу.

Достықтары — аюдың достығындай

Кез келді қызыл шеке төбелесу.

Ұрлап, жырлап, еңбек жеп байыса да:

«Біз — солай, біз сондай-ақ, ерміз» десу.

Міне, осындай сол күннің кейіпкері,

Күңгірт қара көңілдің желіктері.

Бал сұрасаң — у берер, тұншықтырар,

Жан күйерлік емес пе «ерліктері».

Ондайлардың «ерлігі», «адамдығы» —

Сол құбылған заманның жамандығы.

Қара құсты — бүркіт деп танығаны —

Сорлы жұрттың ол кезде надандығы.

Елді езіп, ерлікке тырысқандық —

Арамдардың ол-дағы айуандығы.

Ер болам деп өзара жұлысқандық—
Иттігі, қорсылдаған қабандығы:
Тілім тиер жер жүзі байларына,

Оқ боп соғар көзінің, майларына.

Бірақ оған емеспін мен кінәлі,

Ашуланса, тыйыш жүрсін жайларына.

«Елді езіп — ер болам» деген пікір

Еш уақыт келмесін ойларына.

«Ерлік!» деген зор атақ жия қоймас

Арамдықпен толыққан бойларына.

Ерлік емес, байлардың долылығы,

Ерлік емес, сотқарлық, содырлығы.

Ерлік емес, қолға алып соғыс отын,

Дүниеге көз салған обырлығы.

Ерлік емес, фашистің айуандығы,

Аузын ашып, уысын жайғандығы.

Ерлік емес, қудалап пролетарды,

Қолға түскен ерлерін жойғандығы.

Ерлік емес, фашистері Германның,

Несі ерлік, адамзатты қырғанның.

Төңкерістің жанған оты сөнбейді!
Босат қолын ерлерімнің... Тельманның!
Қоқаңдама, жапон жиһәнгерлері!
Сендер емес бүгінгінің ерлері!
Қызыл ердің қолы тисе жағаңа
«Ерлеріңнің» омырылар белдері:
Қайта айналып мекеніңді таппассың,

Көзге түспес көсемдерің шендері.

Әй жиһәнгер, жанды сорған жалмауыз!
Ей фашистер, қанға тоймас, қанды ауыз!
Білемісің дүниені тербеткен
Кімнің үні, кім дүбірі, қай дауыс?
Білерсің сен, амалың жоқ білмеске,

Көнерсің сен, шамаң бар ма көнбеске.

Пролетардың құрыш болат білегі
Соқса сені, халың бар ма өлмеске:

Капиталдың күні батып барады.

Буындыра басты тұман қараңғы.

Төңкерістің ұшқыны отқа айналды,

Жалын шалды қалаңды да далаңды.

Есіңде ме октябрьдің майданы!

Сол майдан да ердің салған ұраны.

Сүйесең де бас көтеріп тұра алмай

Капиталдың Ресейден тайғаны.

Әне, қара, Австрия ерлері,

Октябрьдей тағы майдан сайлады.

Әне, қара, Испания көлемін,

Ер күші мен майдан қыза қайнады.

Капиталды жер жүзінде құртуға

Еңбекші тап белін бекем байлады.

Ердің күші, ердің ісі — мұнысы,

Бәрі айқын, сөзімнің жоқ бұрысы.

Тыңда дүние, ерлік жырын тыңдай бер,

Қанғанынша құлағыңның құрышы.

Естен кетпес, өткелектен өткен күн.

Қан сел болып, қанды майдан шеккен күн,
Асқар тауда, орман, суда белдерде
Тайталасып таңда ерлік еткен күн,
Капиталдың құлдық бауын талқандап,
Табанға сап сары шенді тепкен күн,
Асаудайын алпауытты арқандап
Желкеге ұрып, жуасытып, жеккен күн!
Қызыл маржан күн нұрымен аралас
Жаңа өмірдің қызыл гүлін еккен күн,
Тамылжыта, сарындата, гулете

Көкей кескен теңдік күйін шерткен күн.

Ол жүн — есте. Ол күн — ұлы Октябрь»
Міне, бүгін он жетіге жеткен күн!
Ұлы Октябрь — жаңа өмірдің есігі,

Ұлы Октябрь — Мүләйімнің бесігі.

Ұлы Октябрь— атам, анам, мен балаң

Ер жеткізді, ер жүрек қып өсірді.

Октябрьдің тұңғыш ұлы СССР

Асқанында он жеті асқар ұлы қыр.

Көкте күндей айбаты асқан ел болып

Бар әлемге таң-тамаша болды жыр.

Октябрьдің болат білек ерлері,

Еркін еңбек майданында ерледі.

«Ер кімдікі, ерлік кімде дүние,

Көзіңді аш, кереметті көр!» деді.

Көр деді ол, көрсетті де ерлігін

Ерлігімен дүниені тербеді.

Құрыш қанат қыраны боп өмірдің

Көкті көлбей; бұлтты сүңги өрледі.

Жылжыды жыл... жетті бүгін он жеті.

Жылжыды жыл... келді өмірдің келбеті.

Бұл да жаңа, ер де жаңа, өмір шат,

Күлімдейді ай да, күн де, жер беті.

Жаңа өмірдің бұлбұлы боп сайраған,
Ері болып болат қару сайлаған,
Пролетарым, еңбекші ерім, кемеңгер,

Талай тайғақ, тар кешуде таймаған.

Өмір кілтін өз қолына алғанда

Іспен өсіп, іспен пісіп, қайнаған.

Азыната еңбек күйін тартқанда

Білек билеп, бұлшық еті ойнаған.

Асқар белес он жеті асу асқанда

Тарту тартып, табыс тойын тойлаған.

Той тойлаған қалада да, далада,
Аға, жеңге, қарт ата мен ана да,
Ел күшіне, ер ісіне сүйсініп

Көңілі шат, қуанышты бала да.

Той тойлаймыз фабрикте, заводта,
Шахтыларда, комбинатта — алыпта,
Еркіндеген еңбек тойын, ер тойын,

Көрсетеміз дүние әлем халыққа.

Той тойлаймыз екі жүз мың колхозда,

Той тойлаймыз МТС та, совхозда.

Той тойлаймыз жасыл дала, орман-су

Алтын Алтай, Алатауда, Кавказда.

Той тойлаймыз көк майсалы белімде,

Айдын шалқар ақ айналы көлімде.

Донбасс, Кузбасс, Қарағанды, Қарсақпай,

Риддердің алтын, күміс кенінде.

Той тойлаймыз Шығыс, Сібір, Қырымда.

Днепр, Дон, Еділ, Ертіс суында,
Фонтан атқан жер өзегін суырып
Баку, Ембі, Грозныйдың шуында,
Қара теңіз, Каспий, Байкал, Балхаштың

Күміс сулы, алтын булы нуында.

Той тойлаймыз асқар зәулім құзымда

Арктиканың алты қабат мұзында.

Тойлаймыз той, көк жиегін көтеріп
Күні, айы, шолпаны, жұлдызында!
Той тойлаймыз, қуаныш мол, көңіл шат,

Той иесі Совет елі,— біздің тап.

Елдің ері —құрыш білек жұмыскер
Тарту тартып, той тойлаған, ұран сап,
Ердің досы — миллиондаған колхозшы ер
Шашу шашып ұлы тойын қарсылап,
Қолда туы, болат тұлпар мінгені,

Нұрлы жүзі алтын күндей жарқырап.

Тартылған күй, салынған ән, ұлы ду

Тән тербетіп, жан сусынын қандырад.

Ұлы табыс, ұлы дабыс, ұлы шу

Капиталдың жан, жүрегін жандырад.

Той тойласақ табыс тойын тойлаймыз.

Тойда тойып, мас қылып, қоймаймыз.

Тойды тойға, табысымыз-табысқа

Ұласуын той үстінде болжаймыз.

Капиталдың қалдық күшін жойғанша
Ерінбейміз ер қаруын қайраймыз,
Коммунистік кең қонысқа қонғанша

Жеңістікке желікпейміз, тоймаймыз.

Ер айбатын, ер қайратын көрсетіп

Тағы, тағы, ер азамат сайлаймыз.

Қызсын майдан, қызсын еңбек, қызсын іс
Қызсын жігер, қызсын қайрат, қызсын күш,
Желпілде ту, көтеріл шу, сал ұран!
Тарт маршты! Коминтерн, Бір! Екі! Үш!
Соқ барабан, солқылдата соқ-соқ-соқ

Атта алға қалың тобым лек-лек боп.

Коммунизм көшін жауға бермейміз,
Қызыл ерім, жау аттанса жаудыр оқ!
Толқыт күйді, сал ұранды шырқа ән!
Тайсалмаймыз, өтеміз, сан қырқадан,
Компартиям — көш бастаған көсемім,
Адаспаймын болсын боран бұрқаған!
Көрсін тарих өзінің шын ерлерін
Көрсін дүние ердің салған өрнегін,
Көрсін әмір еркін еңбек ерлігін,

Сындыр, күйрет, капиталдың шеңберін.

Біл дүние, саған енді мен ие,
Күл дүние, саған енді ер ие!
Өшпек сұмдық, өшпек зорлық, айуандық,

Өспек көңіл, өспек өмір дүние.

Біл дүние сені кім ед жайлаған.

Өркеніңді өсірмеген, байлаған.

Қанға бояп ай жүзіңді айғыштап,

Тұншықтырып, тіліңді кім шайнаған.

Көлемінде жүн көре алмай күңреніп
Көлеңкеңде кімдер еді сарнаған?
Күл дүние, күнің жетті, күлерсің,
Түрленерсің, тоты құстай түлерсің,
Еркін еңбек ерлерінің күшіне

Бас иерсің, сүйсінерсің, сенерсің.

Сенерсің де: «Жаса еңбек, жаса ер,

Пролетариат, менің ием — сен!» дерсің.

Еңбекші елім, мен өзіңнің ұлыңмын.

Еңбекші ерім, бірге туған ініңмін.

Тәрбиелеп мені өзің өсірдің

Мен аяман бар қайратын тілімнің.

Бұлбұлың боп еркін жырын жырлармын

Ерлігіңнің, сенің еккен гүліңнің.

Сыйпатын мол, жете жырлап шығуға

Мүмкін емес, тілім жетпей мүдірдім.

Большевиктік өзара сын жолымен

Көрсетер дос кемістігін жырымның.

Октябрь, 1934. Орал

РАКТОРШЫ ТЕМІРБЕК

Көкжиегі сұйылып,

Таң саз беріп атқан кез.

Маужырасып, бұйығып,

Жұрт тынығып жатқан кез.

Тракторшы Темірбек

Төсегінде жатыр ед.

Жарап, жайнап боп сергек

Балқып ойға батып ед.

Ойлағаны немене ед?
Әлде түпсіз қиял ма?
Жоқ. Ол емес, Темірбек —
Жолдас емес қиялға!
Ол —
комсомол жігерлі!

Ойы, ісі, еңбегі.

Сол еді оның ермегі!
Жылы лебіз,
жаз сыры!
Келді... міне,

Арқырап.

Қызыл маржан
күн нұры,

Шаттанады... жарқырап.

Мұз жарылар,
Қар кетер,
Сулар ағар —

жан бітер.

Күн даланы
тербетер,
Түрлендірер,

сергітер.

Дала жайнап, құлпырад
Кең құшағын
ашады,
Қыза қайнап,
Бұрқырап

Еңбек күйге басады.

Социалистік жаңа ауыл

Еңбек кілтін ашады.

Көк сілкінткен зор дабыл

Толықсиды, тасады.

Нық ұйысқан қауымы

Күлімдетед даланы.

Даланың қошқыл бауырын

Ертеді. Егін салады.

Ол—ұлы той, мереке!

Жетті, міне, жақындап.

Ел бет бұрды еңбеңке

Қолда қару жарқылдап.

Мен де қарап жатпаймын,

Тойға дабыл қағамын.

Тұлпарымды баптаймын,
Зор жарысқа шығамын!—
Осы ойменен, орнынан

Тұрды ырғып, құлшынып...

Көп бөгелмей, жып-жылдам

Киінді. Кетті тез шығып.

* * *
Темірбек жүр, көңлі шат,

Тұлпарының жанында.

Сылап, сипап жүр қарап —

Арқа, бауыр, санын да.

«Уа, Темірбек, іс қалай?
Па, сабазым, күсті қол!»
Деп келді: Әмір, Сағынтай,

Батыр Жәрдем — комсомол.

Ә жолдастар, келіңдер!..

Кәне, біздің тұлпарды

Байқап, сипап көріңдер...

Тарта алам ба көкпарды?
«Бапта, бапта, сал күшті,

Сал қайратты, қарышта!..

Қолға алайық егісті!
Түсінеміз жарысқа!
Тұлпарыңның шабысын —
Көреміз сол жарыста,

Сонда болар ұлы сын...

Бірақ бізден қалыспа».

Олай болса... келіңдер,

Мен қашпаймын жарыстан.

Кәне, уәде беріңдер?
Көрерсіңдер, қалыссам!
Большевиктік егісте

Озам. Бәйгі аламын.

Аяңға да, желкке
Бөгелмеймін. Шабамын!—»
Деді-дағы Темірбек

Басты қызу қарқынға.

Жолдастары тұр демеп:
«Қайнат істі, қарқында,
Қарқындай түс, тартынба!
Большевиктік көктемде
Шырқат әнді... жарқылда!..»
Апрель, 1933

ЖЫРЛА, ТІЛІМ, ЕҢБЕКТІ

Жырла, тілім,
Жырла бүгін
Жырла, сайра,
Тақылда!
Жырла, тілім,
Өмір сырын
Шық майданға,
Тартынба!
Бүгін майдан,
Қанат жайған,
Миллион толқын
Саласы
Шуға толған,
Толқынданған
Жер мен көктің

арасы.

Бүгін майдан
Гүл жайнаған
Тау, тас, орман,
далада,
Бүгін майдан
Күш қайнаған
Алыптарда

қалада.

Әне, майдан!
Донбасс
Кузбасс
Қарағанды

— Ұлы орда,

Әне, майдан!
Баку, Ембі,
Грозныйда,
Доссорда!
Әне, майдан!
Алып — Еділ
Ток Днепр
нұр шашқан,
Сансыз шырақ
От, жарқырап,
Ай, жұлдызбен

таласқан.

Әне, дала,
Ой да, қыр да —
Жібек кілем,

жайнаған.

Колхоз, совхоз,

МТС, ТОЗ,

Еңбек қыза,

— қайнаған.

Еңбек майдан,
Жол — сайраған,
Ұлы Отаным

СССР!

Еңбек күйі,
Миллион үні;
Жаңғырыққан

ой мен қыр.

Еңбек күйі —
Өмір жыры,
Бар табиғат
сүйінген:
Көк те, жер де
Ай да, күн де
Күйге билеп,

бас иген.

Еңбек күйін,
Өмір жырын
Кім жырламас,
кім сүймес?!
Шын жырласа,
Шын тыңдаса,
Кім балқымас,
сүйінбес!
Мүмкін, сүймес,
Мүмкін, күлер,
Мүмкін, күндер

бай табы.

Бірақ... еңбек —

Ақыр жеңбек!..

Оны тарих

байқады.

Еңбек күйін,
Өмір жырын

Шырқамаған үн мәнсіз.

Социалды,
Ду майданды
Жырламаған
Тіл жансыз!
Жырла, тілім,
Жырлар күнің
Шық майданға,
күйді шерт!
Еңбек күйін,
Миллион үнің
Жырлау, шырқау

— Ұлы серт.

Жырла, істі,
Жырла күшті;
Компартия!
Нысана!
Ұйым берік,
Қызған көрік,
Жалын — жігер,

Шоқ — сана.

Бүгін майдан,
Еркін қызған,
Тасқын судай

Тас жарған.

Майданда тіл,
Қарқындап жыр
Өтті ұлы бір
Қырқадан
Бүгін бір жыл5,
Гулейді жыр
Еркін жайып

Құлашын.

Жырла, тілім,
Төгіл, жырым,
Тарих көрсін
Сынасын!

НӘЗИПА

(Батыс Қазақстан стахановшыларының
облыстық слетіне келген Ілбішін
ауданындағы, Чапаев атындағы
совхоздың сауыншысы — Хұсайын келіні.)
Күн күйіп, ай тұтылып, көк жылаған,
Жер өксіп, тау, тас, орман тұнжыраған,
Әлемді қара түнек қоршап алып,

Тұрғызбай тұншықтырған ол бір заман.

Ол заман — озбыр заман, улы заман,

Тар жолда тайғақ кешкен қилы заман.

Сол кезде табиғаттың толғауымен

Жан болып Нәзипа қыз туды анадан.

Асты сыз, тас қараңғы, балшық үйде
Шаң жалап, түтін жұтып, аунап күлге,
Қартайған ата-ананың ермегі боп,

Есейді Нәзипа қыз бірден-бірге.

Ежелден ол заманның жөні басқа,
«Әйелдің туысы бір, жолы басқа»
Дегенмен, бір күйеуге ұзатылды,

Келгенде Нәзипа қыз он бес жасқа.

Күйеуі Нәзипаның Жұмағазы,
(Жігітке не істетпейді малдың азы,)
Бір байдың құлы болып, малын бағып,

Қи ойып, боқ күреген қысы-жазы.

Нәзипа — сүйініші, оның жары,
(Жігіттің сүйген жары — алтын таңы!)

От жағып, тезек теріп, су қайнатып...

Жарына жәрдемдесті келгенше әлі.

Тар күрке, құрым басқан іші-сырты,
Көн шалбар, жыртық шекпен, жыртық күпі
Бір шолақ пен бір сиыр, кетік қазан —

Осы еді екеуінің дүние мүлкі... ...Өтті күн, өтті жылдар, өтті заман... Күші де ісі жаңа кетті заман.

Айбынды аспандағы алтын күндей

Дүниеге өмір нұрын төкті заман.

Бұл заман — күйлі заман, жырлы заман,

Сәулетті, салтанатты сырлы заман.

Ғылымды, техникалы, берекелі,

Үздіксіз өркендеген ұлы заман.

Ардақты бұл заманның еңбегі бар,
Шыныққан сол еңбектің ерлері бар,
Мінекей соның бірі — дәл кешегі —
Нәзипа екеніне кім таң қалар!
Нәзипа кешегі емес, бүгін өзге
Сүйсініп, таңырқарлық көрер көзге,
Жігерлі, көзі нұрлы, жүзі қызыл,

Кішпейіл, ашық, жарқын, шебер сөзге.

«Чапаев совхозында сауыншы боп,

Бес жылдай істеп келем, үзгенім жоқ.

Көңлім шат, қуаныш мол, тұрмыс жақсы,

Дегендей — көйлегім көк, тамағым тоқ.

Адамды ширатады-ау шіркін еңбек,

Бір кезде едік қой біз тым еріншек.

Бұл күнде екпінді боп, озып шығып,

Көрсеттік басқаларға үлгі, өрнек.

Бір кезде зорға саусам жалғыз сиыр,
Он сегіз сиыр сауам, міне биыл,
Әр істің өзінің бар техникасы,

Сауудың әдісіне болдым үйір.

Бұзауды мәпеледім баладай-ақ,
Бұл жолда салдым күшті аямай-ақ,
Бес жылда талай бұзау өсіріппін

Солардан өлгені жоқ жалғыз саяқ.

Ерінбей етсең еңбек ықылас сап,
Еңбегің бағаланып, көңілің таспақ,
Міне, мен сыйлық алдым жеті рет,

«Ардақты екпінді!» деп берді баспақ.

Қазір де бір бұзаулы сиырым бар,
Бір баспақ, бір бием бар, құлыным бар,
Бес жылдық еңбегімнің арқасында

Жинаған тұрмысыма бұйымым бар.

Ішінде осы бес жыл қара танып —
Оқимын газет, журнал, кітап алып,
Көпшілік мәдениет істеріне

Қатысып жүрмін мен де жігер салып.

Кім едік? Күң емес пе ек, күні кеше...

Ойласам бүгінгі өмір тіпті өзгеше...

Кеше «күң» — бүгінде би деген осы —

Кеңес пен ауаткомға болдым мүше.

Ризамын, партия мен үкіметіме
Сүйсінем, алғыс айтам құрметіне,
Солардың арқасында келдім бүгін

Таңдаулы совхозшылар слетіне.

Ардақты екпінділер слетінде
Серт берем партияма, үкіметіме:
Ерлене, жігерлене орындауға —
Аламын тапсырғанын міндетіме...»
Дегенде сол Нәзипа кім сүйсінбес!
Кім қуанбас, құрметтеп, кім иілмес!
Мүмкін сүймес, сүйсінбес, мүмкін күндер
Мүмкін жылар тап жауы, бізге күндес!
Мейлі күйсін, тап жауы, мейлі жанып,

Біз өсеміз құлпырып, дабыл қағып.

Нәзипадай жеңгейлер — өмір көркі,
Тарт маршты, толқыт күй, әнге салып!
7 декабрь, 1935. Орал

ТАСҚЫНДАЙ БЕР ТАЛАБЫМ

Тасқындай бер талабым,
Жүйтки бер жүйрік қаламым
Ерте де емес, кеш те емес,

Кезімде туған баламын.

Бабам ұлы Октябрь,
Атам ұлы заманым,
Панасында ер жеттім

Компартия дананың.

Ұланымын табымның
Сүтін ақтар ананың,
Жанып тұрған жалынмын,
Мәңгі өшпеймін, жанамын,
Тосқауылсыз ағынмын,
Тасқындаймын ағамын,
Бақыт құсым қолымда
Не тілесем табамын!
Болат тұяқ тұлпар боп,
Өрге ұмтыла шабамын,
Болат топшы сұңқар боп,
Қияға қанат қағамын,
Қамал бұзар қаһарман
Қайратыма шанамын,
Қас тағдырға қасқайып
Қарсыласам, барамын,
Тайталасып, тарихтың

Төрінен орын аламын.

Сондықтан мен шаттанып

Шырқатып ән саламын.

Жүректен жыр ақтарып
Құмарымнан қанамын:
Күй төгілген тілімінен
Жас бұлбұлы даланың;
Жаңғыртайын үніммен
Отанымның алабын,
Тасқындашы талабым,
Жүйіткі жүйрік қаламым!
* * *
Домбырамда бір күй бар тартылмаған,
Көңілімде бір сыр бар айтылмаған;
Күйімді де сырымды сыйлар едім

Жаным сүйер жар болсаң жарқылдаған.

Шабыт таппай жас сұңқар саңқылдар ма,
Нұр шалмаса ақ алмас жарқылдар ма,
Сол секілді менің де көңілімнің

Нұр сәулесі, шабыты сүйген жарда.

Өмір өлке болғанда, мен бір айдын,
Алтын нұры төгілген күн мен айдың;
Аққудайын айдынға қонар күні
Болар ма екен құмартқан қалқатайдың!
Сонда күйдің пернесін басар едім,
Сақтап келген сырымды ашар едім,
Сүйген сәулем — серігі жас жанымның,

Сеніменен мәңгілік жасар едім.

1938. Алматы

ИСПАН ҚЫЗЫНА

Жыл құсындай шарықтап,
Жетші өлеңім Испанға,
Майдандағы қызды тап,—

Ойран салған дұшпанға.

Героиняға сәлем айт,

СССР-дың ұлынан.

Де: «Жас ақын ән шырқайд,
Сонау өмір шыңынан!»
Ән шырқайды жас ақын,
Тыңдасын деп жер жүзі;
Ән шырқайды Испанның

Есітсін деп ер қызы.

Ән шырқайды Испанның,

Герой қызы жеңсін деп.

Жерге тығып дұшпанын,

Мендей шат боп күлсін деп.

Испан қызы құмартсын,

Айт осыны, өлеңім.

Фашистерден тазартсын.

Испания көлемін.

Сен оған айт: «Жас жанын
Аямасын ел үшін!
Жеңген сайын дұшпанын,

Шыңдай түссін ол күшін».

«Испан қызы ер жүрек,

Дұшпанын тез жеңсін де.

Дұшпанын жеңіп күлімдеп.

Қонақ болып келсін» де.

СҰЛТАНМАХМҰТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Бауырында Баянаулы жалғыз қорған
Қиырдан жолаушыға аңыз болған,
Күзетіп күндіз бүркіт, таңда бұлбұл,

Түн болса тұғыр етіп байғыз қонған.

Тыным ап сол қорғанда тұрған жым-жырт,

Жамылып жиырма жылды жатыр Махмұт.

Күндердің күнінде бір сол молаға

Көрісіп келе жатты екі жігіт.

Молаға екі жігіт келіп жетті,
Біреуі ақын еді от жүректі,
Сұлтанның қабырына гүл орнатып,

Көзінен жас домалап тәуеп етті.

Мелшиіп тұрды анадай екіншісі,
Әруақтай мола кезген сұп-сұр түсі,
Ербеңдеп кең дүниеде жүрген біреу,

Болғанмен сырты күмбез, қуыс іші.

Жамандап өлген жанды кәсіп еткен,

Өлгеннің сыбағасын нәсіп еткен.

Ақынның моласынан бір мін тауып,

Жамандап қайтуға оның есі кеткен.

Жол бойы екі жігіт көп ұрысқан,
Мейрімсіз бір-біріне болған дұшпан,
Елсізді елеуретіп айтысты кеп,

Ұялмай тауда аңнан, көлде құстан.

Бірі айтты:—Сұлтанмахмұт тірі,— деді,
Мәңгілік өлмес жанның бірі деді,
Қазақтың кең даласын аралап жүр

Өзіндей өжет оның жыры,— деді.

Бірі айтты:—қателеспе, өлген,—деді.

Жырын да, өзін де оның көмген,—деді,
Болған соң өзі дұшпан, сөзі арам,

Тарихқа жазып солай бергем,— деді.

Жанжалы екеуінің кетті қызып,
Аң қарап, құстар ұшып етті қызық,
Дүбірі екеуінің жер сілкінтіп,

Соғысты бір-бірінің аузын бұзып.

Толқып су, дүрілдеп тау, қалшылдап тас,
Сұрапыл қабір басы болды айқас,
Жыртылған жаға мен жең желге ұшып,

Бұлттай боп бұрқырады жұлынған шаш.

Ғажайып, күн күркіреп, етті жалт-жұлт,

Қабырдың бет тақтайы сынды сарт-сұрт.

От шашып екі көзден, «тоқтаңдар» деп

Бейіттен шыға келді Сұлтанмахмұт.

Екеуі тұра қалды есі кетіп,
Мұздай боп тұла бойы, дір-дір етіп,
Қорыққанын екеуінің білгеннен соң
Сұлтекең амандасты жайлап жетіп: —
Жігіттер, қош келдіңдер, жоғарылат,

Рахмет, ұмытпапсыз ер-азамат.

Жанжалыңыз азырақ болды-ау ағат.

Жас ақын Махмұтқа айтты сырын,

Жолдасы өсек айтып жүргендігін.

Сұлтекең сабырлы оймен тыңдап болып,
Мырс етіп бір күлді де, деді:— Інім!
Өлгем жоқ, иланыңдар, шынымды айтам,
Өлді деп айта берсін кейбір сайтан,
Қабірді жай қақсаңдар шығамын ғой,
Жүр, баста, жазушылар Союзынан

Мүшелік билетімді алып қайтам.

Сен жігіт өсек айтып жүргенше құр,
Моламды мен қайтқанша күзете тұр,
Деді де қолтықтап ап жас ақынды

Сұлтекең жүріп кетті шырқатып жыр.

20 май, 1940

ЭКСПРОМТ

Аты шулы шығып тұр
Қасым деген бір ақын!
Киіп-жарып, басып жүр,
Болды-ау мынау қыратын
Шығып тұр ғой бұ күнде
Қасым деген бір ақын,
Осы болар түбінде

... леріңді ұратын.

КҮЛЕМІН ДЕ ЖЫЛАЙМЫН

Күлемін де жылаймын,

Жылаймын да күлемін.

Неге ғана бұлаймын,—

Өзім ғана білемін.

Өкінбеймін өмірге

Босқа келген екем, деп.

Өкінемін, бір күнде

Түк бітірмей кетем деп.

Мен сүйемін өмірді
Құшақтаймын жарымдай;
Бірде болам көңілді,

Бірде тұрман қайғырмай.

Білмеген жан өлерін
Қайтіп сүйер өмірді,
Білмей қайғы келерін,
Қайтіп болар көңілді?
Дәл осыны түсінбес
Адамдар бар, не шара!
Іші қуыс, сырты мес,

Тас бауырлы бишара.

—Жылама сен, күл,— дейді.

Күлсем және сенбейді.

Қаратер боп терпейді,

—Неге күлдің сен?—дейді.

Күле білмес қуыршақ,

Жылай білмес,— ахихат.

Күлсек, яки қайғырсақ.—

Бәрі болар оған жат.

Ол сорлының ойынша —

Даурығумен күн өтсін.

Бар арманы — тойынса,

Құлқын үшін күнелтсін.

Бас көтерсе төсектен
Өз үйіне сыймайды,
Дүниедегі өсектен

Дым қалдырмай жинайды.

Ішкенге мас, жесе тоқ,
Құр даурығу, бос ыржаң,—
Қуаныш жоқ, қайғы жоқ,

Неткен сонша сорлы жан.

Осындай дос көргенде

Қайтіп қана шыдарсың.

Ойлап-ойлап келгенде
Күлерсің де жыларсың

1940

* * *
Қыз — қызыл гүл бақшадағы,
Күн нұрымен құлпырар;
Көрсе кенет әркім-дағы

Гүлді алуға ұмтылар.

Бірақ қызыл гүлдер көп қой,
Қайсы бірін аларсың?!
Көрінгенін үзіп кетпей,

Таңдап бірін табарсың.

Гүл жақсысын кім білмекші,
Иіскеп көрші иісін,
Үзбей тұрып иіскетсеңші

Сен де гүлдің бірісің.

Хош иісіңмен құмар қылсаң,
Құмардан бір қанатын,
Қызыл гүлім шын ұнасаң

Сонда үзіп алатын.

Август, 1937. Шұбартау
* * *
Сөзімді құп ал, құрбым, күлімсіреп,
Мінеки, саған арнап соқты жүрек,
Кеудемде махаббаттың оты лаулап,

Уыздай жас жүрегім тұр елжіреп.

Ғашықпын еш күмәнсіз, өзіме аян,
Сондықтан жүрек сырын етем баян;
Алдымда бақыт құсым тұрғандай-ақ,

Мен оған құштарлықпен құшақ жаям.

Сен болсаң нулы жердің қызыл гүлі,
Болар ем сахараның мен бұлбұлы,
Қонақтап гүл жанында рахат тауып,

Гүл құшып, сайрар едім күні-түні.

Сен болсаң жапандағы жалғыз терек,
Кез болсам келе жатып мен тентіреп,
Жолаушы жалқы жүрген жатар едім,

Жапанда жапырағыңды көлеңкелеп.

Сен болсаң кәусар сулы мөлдір бұлақ,
Жарқырап жатсаң ағып таудан құлап,
Суыңды шөлдеп келіп ішер едім,

Маңында паналар ем мекен құрап.

Немесе жұбай аққу болар ма едік,
Аялап айдынға кеп қонар ма едік,
Күн болса, күн нұрымен бірге балқып,

Түн болса самалда бір тоңар ма едік.

1937, Шұбартау

ЖАҢБЫРЛЫ КЕШТЕ, КӨШЕДЕ

Жаңбырлы кеште, көшеде
Жүрді жалғыз жас жігіт;
Дем алады күрсіне,

Өңі қашқан сұп-сұрғылт.

Құйып тұр жауын нөсерлеп,
Алас ұрып ойнап бұлт,
Ұялаған құстардай,

Үйінде отыр барлық жұрт.

Жалғыз ғана жігіт жүр,
Жапанда жалғыз батырдай,
Онда сірә бар не сыр,
Білер ме еді япырмай!
Жүр ме әлде, жауыннан
Жан ләззатын табам деп,
Ескен желмен тілдесіп,

Алыстан хабар алам деп.

Кенеттен, ол жанғандай,
Жарқ-жұрқ етті нажағай!
О, жоқ! Емес нажағай,

Жарқ-жұрқ етті ақ маңдай.

Жарқ-жұрқ етіп ақ маңдай,
Қыз келеді жарқылдап,
Қыз магниті тартқандай

Жетті жігіт жақындап.

Жас жүрегін қолына ап,
Қызға жігіт ұсынды;

Кетті сұлу ғайып боп...

Жігіт ауыр күрсінді.

Бұл бір кәміл ақиқат,
Мұнда терең бір сыр бар;
Кімде күшті махаббат

Болса, мұны сол ұғар.

1938, Алматы

ТҮН ОРТАСЫ АУҒАНДА

Түн ортасы ауғанда
Отырсың, жігіт, нені ойлап?
Кімнің атын жазасың

Қайта-қайта шимайлап.

Махаббаттың бұлбұлы,
Жүр ғой сенен алыстап,
Ол естімес үніңді,

Шақырсаң да дауыстап.

Кетті ғой ол қайрылмай,
Жат жүрекке не амал!
Ұйықта, достым, қайғырмай,

Түсте көр де,— ләззат ал.

1938, Алматы

БУРАБАЙ ТОЛҚЫНДАРЫ

Бауырында «Оқжетпестің» тұрдым жалғыз,
Көл жатты күле толқып, айтып аңыз,
Үстінде Бурабайдың жарқ-жұрқ етіп,

Қайықпен келе жатты аққудай қыз.

Шақырдым – қарындасым, кел бері, деп,

Қайығын тосты маған қыз күлімдеп.

Көрмеге ол отырып мен ескекке,

Толқыта кеттік тартып; жел соқты үдеп.

Жел соқты бізді әдейі сынағандай,
Жығылды жапырыла толқын жардай,
Біресе жайындай боп жон көрсетіп,

Біресе бүктетіліп айдаһардай.

Көк ала арландай боп абалайды,
Алды орап, соңнан қуып, жағалайды,
Біресе ауға түскен шортандай боп,

Құйрықпен қайығымды сабалайды.

Сескеніп сыр берместен келем есіп,
Тәкаппар тентек толқын кетті егесіп,
Лап беріп ұмтылады қайығыма,

Шегініп тұрады да аз кеңесіп.

Ентелеп келеді де кер кетеді,
Біpece ойнаған бол тербетеді,
«Бойында өр қайраты бар ма екен» деп,

Сынамақ болад білсем, мені тегі.

Толқындай мен бе болар қорқынышты,
Толқыны өз жанымның одан күшті,
Толқытып тарта бердім әнге басып,

Бір мезет қыз көзіне көзім түсті.

Көзінен нәзік сұлу көрдім жанын,
Оның да көлдей көңлі толқығанын:
Қауіптің қара құйын желі соғып,

Қашырып бара жатыр беттің қанын.

Үрпиген балапандай қыз үрейлі,
Дөңгелек көзі көлдей мөлтілдейді,
Үстінде толқып жатқан кеудесінің

Қара шаш қара бұлттай желпілдейді.

—Ағажан, бұзылды ғой күн райы,

Ежелден белгілі ғой толқын жайы,
Қайталық, тіл алыңыз, әне алда,

Толқынның ойнақтап жүр асау тайы.

Қайтпайтын әдетім бар алған беттен,
Қыз сөзін құп көрмедім сол себептен;

—Сескенбе, қарындасым, ән шырқай бер, Бұдан да зор толқынды жарып өткем.

Даурығып әлденеге толқын шулап,
Көк ала айғырлардай жатыр тулап;
Таң қалып бұл қызыққа қарағандай

Төбеде тұрды бұлттар будақ-будақ.

Бүйірін ескегіммен ірей тартып,
Толқынды алсам керек ашулантып,
Қасқырдай қамады кеп жан-жағымнан

Жіберді қайығымды қалтылдатып.

Қорқаудай көк жал толқын жетті екпіндеп
Белінен қайығымның секірді кеп;
Құп-қу боп қыз үрейі кетті қашып,

Көзінен шыға келді жас мөлтілдеп.

Сонда да сыр берместен тарта бердім,
Толқынның ойнағына мен де үйрендім,
Көлденең келгенінің белін жаншып,

Ескекпен, ентелесе, басқа пердім.

Айбары арыстандай бір долы бұлт
Ойнақтап көк төсіне шықты жалт-жұлт;
Гүрілдеп тұрды-дағы шарт етті ол,

Жаңғыртты, болғандай-ақ аспан быт-шыт.

Су ішпек болғандай-ақ Бурабайдан,
Бұлт төніп созды мойын анадайдан,
Ту асау толқындарға мініп алып,

Ән шырқап, Бурабайда салдық сайран.

1939

КӨКШЕТАУ

Жаннаты жер мен көктің сұлу Көкше,
Ризамын бар ғұмырым Көкшеде өтсе,
Табиғат, таңғаламын тамашаңа,

Қандай күш жаратты екен сені ерекше.

Көп шығар көрмеген жер, дүние кең.

Сонда да тау бар ма екен Көкшеме тең?!
Берсе де Гейне — Рейнін, Гомер — Парнас,
Көкшемді мен айырбас етем бе екен?!
Құмарың Көкшетауды көрсең тарқар;
Адам түгіл аңның да көзін тартар,
Көктемде көрерміз деп Көкшетауды

Жосылар бұғы, марал, құлан, арқар.

Екі уақ ерсіл-қарсыл қайтқан құстар,

Көкшеге бір қонуға болар құштар.

Сықылды тіршіліктің жәрмеңкесі,
Ғажайып нендей сыр бар, нендей күш бар?!
Ұлпа бұлт бейне торғын орамалы
Толқып кеп тау мойнына оралады,
Жайғандай жасыл ала жібек кілем

Көкшенің кең құшағы, бар алабы.

Көк қасқа Көкшетаудың бетегесі,
Сықылды сепкен алтын күн сәулесі;
Тыңдаған бұлбұл үнін ойшыл орман

Толықсып бас изесер ерте-кеші.

Сықылды тоқсан ауыл тоқсан көлі,
Жалтылдап қарар-дағы тартар сені;
Аралaп сұлу Көкше сай-саласын

Шығады саяхаттап самал желі.

Тұп-тұнық қара бархыт түні қандай,
Рахат дүниесі ұйығандай;
Сұлудың алтын гауһар сырғасындай

Көкшенің иығында шалқиды ай.

Көкшеге құмартқандай «көк қыздары»
Жымыңдар алтын кірпік жұлдыздары;
Айналар аспан жайлап дөңгеленіп,

Көкшенің күмбезіндей жылжымалы.

Кербез тау көрінеді түстегідей,
Қарайсың, түсіне алмай, тырс үндемей,
Бұп-бұйра төбелері қызықтырар,

Сұлудың сүп-сүйкімді бөбегіндей.

Шалқыған шымылдықтай атады таң,
Алқадай қойған қадап алтын шолпан;
Ішінде сол шымылдық Көкше сұлу,
Қарайсың көркіне сел болып ақ-таң;
Суреттеп жеткізе алман қанша мақтап,
Келеді Көкше сұлу көп сыр сақтап,
«Өзгемнен осым қымбат» дегендей-ақ,

Көкшетау Бурабайын тұр құшақтап.

1939

* * *
Есігің алды ағын су,
Ерте тұр да, жас сұлу,
Ағын сумен бетің жу,—

Судан сәулем көрінер.

Қалтанда ақ орамал
Бір шетінде атым бар,
Көр де мені есіңе ал,—

Көзіңнен жас төгілер.

1939

* * *
Алыстан айтқан сөзім өтер ме екен,
Биіксіз, созсам қолым жетер ме екен,
Алам деп айға ұмтылған жас баладай
Қиынға қолқа салу бекер ме екен?
Тәуекел, бір сынайын өзімді-өзім,
Тоғындай электрдің тисін сөзім,
Әкетті мені билеп әлдеқайда,

Сұңқардай алып ұшқан жастық сезім.

Аспанда жарқыраған көп жұлдыз бар,
Мен саның біреуіне едім құмар,
Жақында сол жұлдызым жерге түсіп,

Таба алмай жүруші едім боп ынтызар.

Таба алмай көп шарлап ем жердің жүзін,
Кез болдым, Сіз екенсіз сол жұлдызым,
Кең жайып құшағымды шақырамын,

Жаныма жылжып қана кел, жұлдызым.

24 февраль, 1939

АЙТШЫ, ЖАНЫМ

Айтшы, жаным, неге тайдың сертіңнен,
Айтшы, жаным, от шығарып бетімнен,
Айтшы, жаным, біліп қана кетейін,
Өлсем-дағы сенің салған дертіңнен!
Айтшы, жаным, неден көңлің қалдырдым
Айтшы, жаным, не деп серттен тандырдым?
Айтшы, жаным, не жазыппын мен саған,
Неге мұнша жүрегімді жандырдың?
Айтшы, жаным, неге суыды жүрегің?
Айтшы, жаным, талды ма әлде білегің?
Айтшы, жаным, қысып, құшып сүйгенде,
Жанбады ма, болмады ма тілегің?
1935. Орал

ӘЛДЕ...

Әлде, менің махаббатым харам ба?
Әлде, көңлім сөн дегенде сараң ба?
Әлде, менің адамшылық арым кем,
Дос болуға сірә сіздей адамға?
Әлде, сенен басқа жарды сүйдім бе?
Сенен ұрлап жүректе сыр түйдім бе?
Әлде, мүмкін, дұшпан сөзін құп көріп,
Сабырсыз боп жоқ нәрсеге күйдің бе?
Әлде, мүмкін, тұтылды ма алтын күн,
Ай күңгірт боп басты ма кеп қара түн?
Әлде, мүмкін, шалқып жатқан дарияға

Күйе түсіп, қаптады ма көк түтін.

1935. Орал

БІРАҚ ТА..

Бірақ та күн мәңгілікке тұтылмас,
Күн екені тұтылса да ұмытылмас,
Тұтылғанмен бүгінгі күн, дәл ертең —

Күлім қағып шығатыны ып-рас.

Біреу болар инженер, біреу доктор,
Профессор, редактор... не кондуктор,

Не машинист, не ұшқыш, не әнші — артист...

Болғым келед мен ақын тілі өткір.

Өнер алды қызыл тіл — жырлай білсең,
Өмір көркін кестелеп, сырлай білсең,
Алмас қылыш жүзіндей өткір тілді

Жанып, қайрап, суғарып, шыңдай білсең.

Жырлай берсем тауыса алман жүрек сырын,
Сыйғызармын бұл хатқа қайсы бірін,
Азды көп қып оқырсыз... оқыр жеңгем,

Қарындасым Ғайни мен Еркін інім.

Өтеді екен білінбей өмір шіркін,
Өзгергендей табиғат біртін-біртін,
Таңғалғандай сүйсініп көргеніңде

Ғайни менен Еркіннің сүгіретін.

Оларды мен көрмедім, мені — олар,

Көрмесе де білер де ойына алар. «Беттерінен екеуін сүйдім», дейін...

Қолға алып сүйетін күн де болар!
1935. Орал

БЕЗ!!!

(Қ ...дың әсері)
«Мен білем» деп кеудесін кергеннен без,
Жоқты бар деп, барды жоқ дегеннен без,
Өз еркімен өмірге түсіне алмай,

Не болмаса әркімге ергеннен без.

Ондайлар көп әлі де арамызда,

Тәрбиелеп, амал не, бағамыз да.

Өмірдің екі аяқты адамы боп,

Еріп жүр ғой, әйтеуір, қарамызға.

Сырты бүтін олардың іші қуыс,
Адамшылық маңыз жоқ жалғыз уыс,
Қайтып қана кетерсің мүлде безіп,

Болғаннан соң не шара бірге туыс.

Талай жанмен болдым дос өмірімде,
Шын достықты таппадым әлі күнге,
Көбінің-ақ ісі жоқ, жігері жоқ,

Сүйсінеді тек қана мылжың тілге.

Кейбірінің байқасаң сырт тұлғасын,
«Мынау бір жан керемет» деп ұғасың;
Егер тартып байқасаң ішкі сырын,

Ішің қайнап, ыза боп аһ ұрасың.

Іші қуыс болар да, сырты күмбез,

Алтындай боп көрінер болса да жез.

Адамшылық ары жоқ, жігері жоқ,

Құр беталды мыжыған досыңнан без.

27 февраль, 1935. Орал

ОҚУДАҒЫ ҚАРЫНДАСЫМА

Сырласым, ақылдасым, қарындасым,

Тілегі, үміті бір бауырласым.

Қызықты өміріңнің думанында,

Ағаңның тыңда сырын — ықыласын.

Заманның ерке өскен сен қызысың,

Жердегі аққу, бұлбұл, құндызысың.

Болғанда елің— аспан, партияң — күн,

Сен де бір, өмір көркі, жұлдызысың.

Заманың социалды — атаң, анаң,
Партияң — данышпаның, ұлы ағаң,
Тек қана осылардың арқасында

Ерікті, шын бақытты болдың адам.

Қайтер ең, болса егер ескі заман,

Кім боп ед, білемісің, сенің анаң.

Сен-дағы ол көргенді көрмес пе едің,

Көрмеске, бәрібір жоқ ешбір шараң.

Шаң жалап, түтін жұтып өсер едің.

Астыңа қатқан тулақ төсер едің,
Телміріп, бір тостаған көже үшін,

Отын ғой, әлдекімнің көсер едің.

Су тасып, күлін-дағы төгер едің,
Жылытып дәрет суын берер едің,
Тоң тасып, қазан қырып, үй сыпырып,

Кір жуып, не десе де көнер едің.

Жалаңаш, қарының аш, солып-қатып,

Аузыңда қатқан малта қытырлатып.

Жүрер ең үсті-басың тыр-тыр қасып,

Битіңнің мойнын үзіп, бытырлатып.

Бөрікпен ұрған кезде жығылмасаң,
Бір ынжық ие, болар әлдеқашан,
Күйеуің төрт-бес мүшел үлкен болып,

Күндіз-түн... қайғы жұтып, ызыңдасаң.

Шоңқиып от басында ойға қалып,
Бір күйіп, отырғанда бірде жанып,
Сазға аунап, күлді асап, шаңды жалап,

Шырылдап, жатса балаң, ойбай салып.

Әлгі бір ерсымағың ызғарланып,
«Өйтіпсің, бүйтіпсің!» деп жала жауып,
Қит етсең басқа-көзге төпелесе,

Құр сүлде отырар ең жасың ағып.

Мейлің өл, мейлің жыла, мейлің күйін,
Мейлің көн, «құдайыңа» мейлің сыйын,
Әйтеуір ол заманда туған болсаң,

Өмірден дәл осы ғой алар сыйың.

Аттатпай ол заманның есігіне,

Жаралды жаңа заман несібіңе.

Бостандық күн нұрымен бірге туып,

Бөлендің Октябрьдің бесігіне.

Басында есігіңнің күн орнады.

Аймалап ақ жүзіңді нұр орнады,
Көк — көрпең, дала — жөргек, тау —

жастығың.

Ал, қызыл хош иісті гүл орнады.

Уыздай жас тәніңе кір тимеді,
Мәпелеп, еркелетіп кім сүймеді,
Заманың, данышпанын бұйырған соң,

Табиғат сені емізіп, әлдиледі.

Ер жеттің, ерке өстің қағу көрмей,
Толқыды, тасты көңлің көкке өрлей,
Ендің де өнер-білім бақшасына

Қол созып тердің жеміс құлаш сермей.

Атқарып адамшылық, жастық шартты,
Білім ап, ойың өсіп, санаң артты,
Біразын үлесіңнің алдың теріп —

Биыл сен бітірмексің рабфакты.

Тарихтың, табиғаттың танып сырын,
Қоғамның, көпшіліктің білдің тілін,
Физика, химия мен география,

Есептің алдың қолға неше түрін.

Кім болдың алғаннан соң біраз білім,
Аспанда найзағайдай өткір тілің,
Көзің — күн, ойың — аспан, жарқын жүзің —

Саз беріп атқан таңдай жазғытұрым.

Торғындай толқынды шаш, жазық маңдай,
Құлпырып кірпігінен от жанғандай,
Сом білек кең көкірек, денең түзу

Заказбен мрамордан құйылғандай.

Бетіңде күн сәулесі ойнағандай,

Дауысың — пар сандуғаш сайрағандай...

Бойыңа, сымбатыңа жігерің сай,

Табиғат талабыңа таң қалғандай.

Мінеки, қарындасым, болдың қандай!
Ел-жұртың сені көріп қуанғандай!
Бірақ та: жүрме мәз боп, «жетілдім» деп,

Сүймейді мәз болуды біздің жағдай.

Ұмытпа: Әлде болса, жат жаулар бар!
Кертартпа, кеще, кесір жалқаулар бар,
Жырып жеп аузыңнан жатса-дағы —

Сезбейтін ашық ауыз аңқаулар бар.

Әлі де түрлі бұзық, қаскүнем бар,

Қаңғырған карта ойнаған, маскүнем бар.

Өтірік, өсек, ұрлық, мақтаншылық,

Надандық, сылбыр-салақ, нас «сүмең» бар.

Қылмиған, қылымсыған қырсықтар бар
Бас бұзар, бәле қуған «пысықтар» бар
Ac ішіп, пыр-пыр ұйықтап өмір сүрген

Күңгірт ой, көңлі соқыр «мысықтар» бар.

Құл болып, бой алдырып табиғатқа,
Маңызсыз, мәнсіз мәз боп мақтанбаққа
Сумаңдап, сыртын сылап жүрген де, бар

Ие боп жансыз, жалаң «жастық» атқа.

Осындай ескі шірік әдет-ғұрып
Жойылсын! Ізі-жұрты мүлде құрып!
Қимылда қайраттана бұл майданда
Жалықпа, жарым жолда қалма тұрып!
Тас жарған тау суындай тассын күшің!
Қолға алып Стаханов іс үлгісін —
Гүл жайна, істе қайна, оқы, оқы!—
Партия, елің үшін — өзің үшін!

ИСААКИЙ СОБОРЫНДА

Кеше ғана іштік ужин
Мәскеудегі ресторанда,
Таңғажайып, енді бүгін

Завтракты іштік мұнда.

Бүгін мұнда, ертең анда,
Біз жүргенде ұшқан құстай,
Білдірместен кетіп қалма,
Жастық шіркін, қош айтыспай!
Жастық шіркін, қош айтыспай!
Бір болайық мәңгілікке,
Бұл дүниені дүбірлетіп,
Сайрандайық еркіндікте!
Исаакий соборының
Шықтық бүгін ең басына,
Көкте тұрып, көз жібердік

Ленинград қаласына.

Салтанатты сәнді қала
Тұрды біздің астымызда,
Көкте тұрып, көзді қыстық

Жерде жүрген сұлу қызға.

Көк қойнында еттік тұғыр,
Биік собор мұнарасын,
Көкте тұрып шырқадық жыр

Әлем бізді деп тыңдасын.

Бұл соборда поптар бұрын,
Жамаушы еді өлім күйін,
Мұнарадан енді бүгін

Біз шырқаймыз өмір күйін.

Ол тас түлек бүркітпен тең,

Бүркіт аз-ау, торғай көп.

Неге ғана тумайды екен
Барлық адам сондай боп?
Бостандықтың бесігі оны
Дауылды күн тербеткен,
Жерде туып, сонау долы,

Көк қойнында ер жеткен.

Өз үйіндей асыр салған
Нажағайлы аспанда,
Қиял жетпес қиырды алған
Содан да ер асқан ба?!
Ол ұшқанда көкте зулап,
Жалт қаратып жер үстін,
Дос сүйінген, дұшпан шулап,

Көргендей көк перісін.

Ол ұшқанда асқар таулар
Бұғушы еді төбедей,
Кілемдей боп бақша-баулар,

Ақ жамбыдай телегей.

Көруші еді, ол жоғарыдан
Дүниеде бар асылды,
Болашақты жарқыраған,

Өткен-кеткен ғасырды.

Сөйткен сабаз болды ғой мерт,
Қалдық ерден айрылып,
Ұлы халқы жасы мөлт-мөлт

Басында отыр қайғырып.

Дүниедегі ең ұлы адам
Көсемі де жас төкті;
Өз қолымен әкеп салған

Жылап тұрып, венокты.

Қош қаһарман! Сенің атың
Қайтып қана ұмытылар;
Сені ұмытпас үшін халқың,

Өзіңдей сан ұл туар.

— Өзім тапқан ер ұлым,— деп,

Жер сағынар анаңдай,

— Қайда менің серігім,— деп Сағынады-ау аспанда ай.

Айтыңдаршы, туған адам
Неге өледі, япырмай?
Ажал деген бір дажалдан
Қоймақпыз ба құтылмай?!
Табыңдаршы, бір айласын,
Қайдасыңдар, ғалымдар,
Адамды ажал басынбасын

Тез бір емін табыңдар.

ТОҚТА, ЖОЛДАС!

Тоқта, жолда?!

Бұзба көше тәртібін.

Өткізе алмай
Өміріңнің артығын
Жүрсің бе сен!
Қалай-қалай басасың?

Тоқта.

Байқа. Ойла...

Қаталасасың.

Ал, кеп қалды
Автобус пен трамвай!
Тоқта, жолдас!
Тәртіп бұзба!
Тұр былай!
Саспа босқа,
Қақтықпа да, аптықпа!
Өз-өзіңе ойлайтының
Қастық па?
Неге сонша,
Ентелейсің, елеуреп,
Сыбағаңды, қоятындай біреу жеп;
Көше түзу,
Сен де түзу жүрсеңші,
Трамвайға,
Жанжалсыз-ақ мінсеңші!
Жыртасың ғой,
Жолдасыңның киімін,
Жұлқылама,

Ауырттың ғой иығын.

Байқасаңшы,
Бастайсың да жанжалды,
Жинайсың ғой

Берекесіз «базарды».

Тоқта, жолдас!
Бұзба көше тәртібін!
Өткізе алмай өміріңнің
Артығын
Жүрсің бе сен?
Ойла, болса ақылың!
Сақтасаңшы
Өміріңді,
Жарқыным!

АҚША

Шіркін, ақша,
Жолда жатса,
Бұрмас па едің мойныңды!
Төніп барып,
Уыстап салып
Толтырмас па ең қойныңды!
Жүрек ойнап, лүпілдеп,
Жетсең үйге бүлкілдеп!

Келсең үйге...

Бассаң биге —
Тасып көңлің шаттанып,
«Таптым ақша!!!»—
Деп жолдасқа —
Қойныңды ашып ақтарып,
Күлім қағып қарасаң,
Жата қалып санасаң!
«Бар, тез бар!» деп,
«Молғып ал» деп,
Жіберсең-ау тамаққа:
Ет пен майға,
Сүт пен шайға,
Папиросқа, араққа,—
Шашсаң еркін ақшаны,

Сонда көңлің тасқаны!..

Бірақ... ол жоқ...

Тек көңлің тоқ,—

«Ақша» деген қиялға.

(Сыртта мін жоқ)
Іште дым жоқ,

Сүйенесің құр нанға.

Ет те, май да, шай да жоқ,

Құр қиялдан пайда жоқ.

Ермек етер,
Ой тербетер
Папирос жоқ тартуға,
Елден сұрап,
Махорка орап,
Не насыбай атуға
Бере бермес ел-дағы,

Ұяларсың сен-дағы.

Болды бес күн,
Болдың «мүскін»
Бұрынғыдай іс те жоқ,
Басың қатып,
Өзек тартып,
Іс істеуге күш те жоқ,
Жапалақтай қобиып,

Отырғаның мөлиіп.

Бар білгенің —
Күңіренгенің,
Ызыңдап ән айтқаның,
Не сызылтып,
Не құбылтып,
Тек музыка тартқаның,
Мән шыға ма ойыннан,

Тамақ кетпес ойыңнан.

Ойнасаң да,
Ойласаң да
Шіркін ақша келер ме?!
Бостан-босқа,
«Мә» деп «ақша!»
Біреу әкеп берер ме?!
Онан-дағы жолын тап,
Ақша шығар орнын тап,
Ертең бар да,
Ақша ал да,
Оны жұмсау жөнін біл,
Барда тасып,
Жоқта сасып
Қалмауыңның шегін біл,
Жұмсасаңыз жоспарсыз,
Әлі талай қақсарсыз!
Еттен, майдан,
Сүт пен шайдан
Аямай-ақ ақшаны,

Молайт нанды...

Тыңайт әлді,

Қоя тұрып басқаны.

Болса денең — бойың сау,

Ақылың сау, ойың сау.

Папиросты,
«Тентек досты»
Сиреткенің жөн болар —
Бос жүрісің,
Қыдырысың

Азар болса кем болар...

Сән болмайды көк түтін,

Әл болмайды «бір жұтым»...

Мұным шыным,
Таза сырым,
Айтқаныма ұрыспа!
Істі де іс,
Аяма күш,
Тұрмысыңды дұрыста
Тұрмыс түзер бойыңды,

Бойың түзер ойыңды.

4 декабрь, 1935. Орал

КӨКТЕМ

Төбеден төнген аспан күн мен айы,

«Тамаша» жанға жайлы күн райы.

Ақырын жылжып қана көктем келед,

Сықылды жас жігіттің сәулетайы.

Күлімдеп кел тезірек, кел көктемім,
Өмірдің «рақатына» тең көктемім,
Тігілген он бір қанат ұлы ордама,

Сұлудай тәжім етіп ен көктемім.

Мен биыл он бір қанат орда тіктім,

Төрінен орын қойып сені күттім.

Жырыммен бетіңді ашып еңгізейін,
Тезірек кел көктемім, кел сүйіктім!
Масайрап, гүл-гүл жайнап, кел тезірек,
Сағынған жер анаң да тұр елжіреп,
Сүті ағып, «алпыс екі тамыры иіп»,

Жадырап, жаны жібіп, күлімсіреп.

Жер күліп, аспан төніп құшақтасып,—
Бейне бір қосылғандай екі ғашық;
Асқандай аясынан айдын шалқып,

Кербез бел күнге қарап қойнын ашып.

Аспанда қаз бен үйрек қиқуласып,
Жерде еңбек ерлері жүр ән шырқасып,
Жайраңдап, қыза қайнап, күшін сайлап,

Маржандай, егін жайға, тұқым шашып.

Құлпырып ұлан-байтақ сәнді дала,

Тамаша думан-тойлы сансыз қала.

Бәрі де: «көктем келед!» дейді күліп,

Көктемге көңілдене, құмарлана.

Көңлі шат, жүзінде нұр бәрінің де,
Қайғыдан хабары жоқ кәрінің де,
Бақыттың дариясы шалқығандай

Қарайды қуанышпен алтын күнге.

Кел көктем, күлім қағып қарсылайық,
Арудай аймалайық, құшақ жайып,
Қосылған сүйгеніне жас сұлудай —
Көктемім — көңілді елге сен лайық!
Көктемім — көңіл қошым, кел тезірек,
Көріктім көзің күн де, жүзің жібек,
Өмірді нұрға бөлеп, гүлге орайық,

Жаннаттай жиһазыңды бер тезірек.

1937. Алматы

АЙБЫНДЫ ҚЫЗЫЛӘСКЕР КҮШІ

...Соққы жеп, мойып қашқан жау,
Шекарадан асқан жау,
Ресейді қия алмай,
Қайта бұрып ат мойнын,
Көтеріп тағы «сойылын»,
Шіркін неме ұялмай;

«Қайтарам» деп баптанды.

Француз бен ағылшын,
Беріп мылтық, қылышын,

Зеңбірегін, кемесін...

Жапон шығып Шығыстан,
Шапты Герман батыстан,
Көріп бәрі өңешін:

Айтақтады ақтарды.

Жан ұшырған жандарал,
Кейпі кеткен генерал,—
Колчак шықты Сібірден,
Оңтүстіктен — Деникин,
Солтүстіктен — Юденич,
Басқалар шапты бүйірден —

Қамады жау айнала.

Аш қасқырдай анталап,
Долы көзі қанталап
ЬІңғайланып тістеуге,
«Өлер жерің — осы» деп,
Петербург пен Мәскеуге

Ұмтылды жау сайлана.

Партиям ту жайғанда.

...Тағы майдан ашылды,

Қан — сел болды, шашылды.

Қылшылдаса шабысты,
Тұншықтыра, тұжыра,
Шымырқанта, жымыра

Алқымға қол салысты.

Болды тапқа ұлы сын.

Қаны ағып жұлықтан,
Қан майданда шыныққан
Құрыш кеуде ерлерім,

Жаудың бұзып қамалын.

Бір ашқызбай қабағын,

Дүркіретіп айдады.

Жер шарының алтыдан —
Біреуінде шалқыған,

Желпілдеді қызыл ту...

Еңбек күйі шертіліп,

Жаншылған жан серпіліп.

Толықсыды ұлы шу.

Еңбек күйі жайнады.

Жас Отаным — тұлпарым.

Болат қанат сұңқарым,
Тарих кілтін ашқанда,

Солқылдата жер шарын.

Қуанта дүние «нашарын»
Іске қадам басқанда
Кекетіп жау күлісті:
«Құм жиылып тас болмас,
Құл жиылып бас болмас,

Ертең орға құлайды.

Күл болады, құриды,
Телміреді, ұлиды,
Сонда таныр құдайды»

Деп «бал ашып» жүрісті.

Бірақ олай болмады. (Мүмкін емес болмағы).

Өсті Отаным, нығайды.

Болат, құрыш, сом білек,
Алып кеуде, ер жүрек

Шынықты, бекем бекінді.

Шынықты алмас, шыңайды,
«Кереметті» көрген жау,
Біздің күшті сезген жау
Алпарысты, аптығып,

«Қап, дүние-ай, не керек.

Алдандық біз неге»— деп,
Шашын жұлып шаптығып,

Еңіреді, өкінді.

Жер жүзінің байлары,
Өңшең сұмырайлары
Көрсетпек боп «құдайды»
«Бар, сыртынан барып көр!»
Аяғынан қағып көр!»
Деп азғырып Қытайды,

«Құдайына» сиынды.

Жемге тойған қара құс

Бастадым деп қан соғыс.

Белдеуіме жармасты.

Айтақтаған сұмырай:
«Қолдай көр, деп, а, құдай!»
«Балын ашып» болжасты,

Шешпек болды түйінді.

«Қой, Жып-еке, қойыңыз,
Сірә, болмас ойыңыз!»
Деген сайын құтырып,
Қырдан торғай қаққандай,
Оңай тамақ тапқандай,
Жынды неме жұтынып,
Тақылдатты таңдайын,
Болат дене қызыл ер,
Таптың ері — кемеңгер,
Көтермеді «қиқағын»,
Бақадай аузын ашырып,
Жүзінен қанын қашырып,
Жарып жаудың «шиқанын»

Быт-шыт қылды маңдайын.

Соққы жеп есі шыққан жау,
Зәресі ұшып бұққан жау,
Қарыс жауып қабағын,
Көзінен жас тамызып,
Мойнынан тер ағызып,
Жалтыратты табанын,

Шайылды да жүрегі.

Қызыл тулы СССР.

Бар әлемге болып жыр,

Дүниені тербетті.

Басшысы Компартия,
Құлаш ұрып қияға,
Еркіндеді, ерлетті —

Миллион еңбек білегі.

«Большевиктер алмайтын —
Ешбір қамал болмайтын!»

Деп аттанды миллион күш.

Капиталды еңсере,
Ығыстыра, бөксере,
Социалды құрылыс —

Жайды еркін құлашын.

«Жеңер екен кім-кімді?!»
Деген «жұмбақ» шешілді
Қалада да, далада,
Кезектегі толғауым;
Ескіліктің шырмауын
Жеңіп шығып санада,

Өртеу «шылық» мұрасын.

Құрыш болат қорғанның —
Социалды ордамның,

Керегесі жайылды.

Босағасы қағылды,
Шаңырағы салынды

Туырлығы жабылды...

Қайнап жатыр қазаны.

Фашистенген байлардың,
Өңшең сұмырайлардың
Жойылған соң мазағы
Қабыл болмай құрыпты,
Дуа болмай іріпті
Діншілдердің азаны,

Көп алып ед мазаны.

Халықтың жау, сұмдары,
Өңшең пері, жындары

Аш қасқырдай қаңғып жүр.

Ессіз кілең ақымақ,
Таңдайлары тақылдап,

Әлі бізді аңдып жүр.

«Па, шіркін-ай... қорқытпақ!»
Біз ешкімге тимейміз,

Тимейміз... бас имейміз.

Еліккенге ермейміз.

Ешкімнен жер алмай-ақ.

Өркендейміз. Сондай-ақ,
Жерімізден бермейміз
Ешкімге бір жапырақ!
Асқар таудай ісіме,
Жер сілкінткен күшіме
Тигізбесін қырсығын!

Жыбырлаған обырлар.

Қорсылдаған доңыздар
Сұқпасын кір тұмсығын,

Социалды табысқа.

Егер сөзді ұқпаса,
Тағы пышақ сұқтаса
Алып қайтар «сыйларын»:
Болат қызыләскерім,
Күл-талқан ғып тістерін,
Ойып түсер миларын,
Кет, капитал, жабыспа!
Егер, оған тоймаса,
Ай балтасын қайраса,
Оғын, уын сайласа,
Жер алуға ойласа,
Өлім күткен немедей,
Бүркітпенен ойнаса,
Гүлі — күл боп көкке ұшар!
Қанға жерік қанды ауыз,
Қанға тоймай жалмауыз
Дүниені қандаса,
Адамзатты қорласа
Оққа айдап зорласа,
Қанды тағы жалдаса,
Қан аралас жын құсар!
Бұл — жауабым бәріне:
Дүние жиһангеріне,
Германның фашистеріне,
Жапонның тентектеріне,

Фашистің жендеттеріне...

Соқтықпасын еліме,
Шыдай алмас жер жүзі —
Пролетариат тезіне!!!
1934. Орал

ҰЛЫ ТОПҚА

Берік ұстап қызыл туын қолына,
Талмай ертіп Компартия соңына,
Нелер ауыр қан майданда қаймықпай,
Жанын пида еткен табы жолына,
Елін қорғап, еркін шыдап майданның—
Ыстық-суық, аштығына, тоғына,
Анталап жау айналадан қысқанда,
Саспай сілтеп оңына да солына,
От жарқылдап, оқ нөсерлеп құйғанда,
Беріп жауап оқпен жаудың оғына,
Компартия: «атакаға!» дегенде,

Салған қолын жаудың құрған торына.

Қамал бұзып, шебін, торын талқандап,
Жығып жауды өзі қазған орына,
Алған орден, табының жас геройы —
Сәлем, сәлем Ленин комсомолына,
Сәлем оның оныншы ұлы тобына!!!
... Алға, алға, ұмтыла ел басқанда,
Қайрат-жігер дариядай тасқанда,
Жер қайысқан армиясы советтің —
Асқар биік асулардан асқанда,
Жолды тосып, жалаңдаған жауларын —
Желкеге ұра, жерге тыға жанышқанда,
Мұны көріп, жасы келіп көзіне —
Сұм капитал есі шығып сасқанда,
Социалды жаңа өмірдің нұрынан —
Ескі өмірдің түнегі үркіп, қашқанда,
Ұлы еңбекке басын иіп, табынып
Бар табиғат күліп қойнын ашқанда,
Жерді жеңіп, жел — жетектеп, су — сүйреп,
Айға шауып, шыққанда ұшып аспанға,
Қарыштаған қайратты жас қаһарман
Орден алып, Еңбек Ері аталған,
Сәлем, сәлем Ленин комсомолына,
Сәлем оның оныншы ұлы тобына!!!
Дүниенің бар тетігі адамда,
Өнер-білім бар тетігі маманда,
Маман-кадр жоқ болса егер, бәрі жоқ:
Байлық, бақыт, қызықты, шат қоғамда,
Біз құрамыз, жаңа қоғам, жаңа заң
Бізге керек жаңа маман, жаңа адам,
Біз тиістіміз жаңартуға адамды —
Жаралғандай қайта туып анадан!—
Деп партия, көсем ұран салғанда,
Сол ұранмен қолға құрал алғанда,
Ескіліктің әдет-ғұрпын құртуға,
Бүкіл ел боп аттанғанда майданға;
Қуат кернеп, құлаш сермеп, жарысып,
Сол майданда күшті дабыл қағысып,
Сана-сезім майданында, ескілік —
Әдет-ғұрып қалдығымен алысып,
Алған беттен, түскен жолдан таймаған,
Қарсыласқан жауын жеңбей қоймаған,
Тілегіне, мақсатына жетуге —
Табан тіреп, белін бекем байлаған,
Ұран салып, ән шырқатып, күй тартып,

Жаңа өмірдің бұлбұлы боп сайраған.

Маркс — Ленин ғылым нұрын қолға алып,
Күнше күліп, нұрын сеуіп жайнаған,
Әдет-ғұрып, надандықтың түнегін —
Нажағай боп дүркіретіп айдаған,
Ер жүректі, терең ойлы, білімді,
Еңбек сүйгіш, істе қыза қайнаған —
Миллиондаған жас жеткіншек, жастардан
Коммунизм армиясын сайлаған,
Сәлем, сәлем Ленин комсомолына,
Сәлем оның оныншы ұлы тобына!!!
Сәлем де жыр, Ленин комсомолына —
Сәлем де жыр, оныншы ұлы тобына:
Анталап жау айналада аңдуда,
Нық ұстасын, қызыл туын қолына!

ОН БЕС

Теңдік
Миллион жылдар жер жүзін
Қара түнек басып ед,
Үстем болып капитал
Дариядай шалқып, тасып ед,
Жиылған топан суындай,
Дүниеде бірыңғай
Болып, бүкіл ғаламды:
Жаралы, зарлы адамды
Тұншықтыра жаншып ед,
Ақсүйектер, төрелер,
Шікірейген немелер,
Өздерінше «кемеңгер»
Болып көшті бастады;
Қан сорғыш өңшең борсықтар,
Арамтамақ қортықтар,
«Үрілген қарын торсықтар»

Оларды қолдап, қостады.

Ел жарлысын улатты,
Улатты, езді жылатты,

Еңіретіп, шулатты.

Жетім, жесір жарлылар,
Жаралы жүрек зарлылар,
Теңдік іздеп зар қақты,
Ақырында жол тапты,
Тап сезімі оянды,
Енді қарап жатпады;
Күш қосып қару баптады,
Партияға қол артып,
Күннен-күнге мол артып,

Қанауға қарсы аттанды.

Тап жауына сұқтанды,
Тартынып енді бұқпады;
Таптық ұлы тартыста,
Қару, шабу, атыста,

Қызыл қанға боялды.

Күндер өтті, Күн де жетті,

Шығыстан қызыл таң атты.

Таңның нұры, «Теңдік!» үні,

Бар әлемді таңғалтты.

Жер бетінде күй күңреніп.

Көтерілді қалың шу,
Таң нұрымен мың түрленіп,

Құлпырды жайнап қалың ну.

Жер шарының алтыдан —
Біреуінде, шалқыған —
Көтерілді қызыл ту!

БІРЛІК

Езілген тап үстемдік
Туын алып қолына,

Түсті өзінің жолына.

Компартия жол бастап,
Оны қалың қол қостап,
Октябрь берген жемісті,
Тарихи ұлы жеңісті
Баяндауға мақсаттап,

Білек түріп кірісті.

Кірісті, бастап ұлы істі:
«Болмаған зат тарихта
Шықсын енді тарихқа!
Қараңғы түн құлдары,
Ескінің өгей ұлдары,
Қосылсын, келсін қатарға,
Бастаймыз ұлы сапарға!»
Деп жаңғыра тарады үн —

Езілген, отар халыққа.

АЛҒА

«Алға, алға, атта алға!
Атта алға, адымда!
Ұлы жолдан жаңылма!
Пролетариат, жан бауыр,
Бұл жорықтың жолы ауыр:
Асусыз асқар белдер бар,
Жапан түзді шөлдер бар,
Қия жонды өрлер бар,
Тағы да талай асу кеп,
Асуға керек тәсіл-еп!
Алды-артыңды қоршаған
«Қорқау қасқыр»— жаулар бар,
Шынжырлы тор — қоршалған
Жаулар құрған аулар бар,
Сақтық керек, сақ бол, сақ!
Алды-артыңа көз жібер!
Сөйтіп, алға, атта тап,
Компартия соңына ер!
Ерте көшкен елдер бар,

Ерте қоныс алған бар.

Соларды қуып жетуге,
Басып озып өтуге,
Атта алға, қарышта
Талма ұлы жарыста!!!
Деп, партия үн беріп,
Жұмысшы табын сергітті;
Қаптаған қол дүм беріп,
Солқылдата жер бетін
Келтіре дүние келбетін,

Алға ұмтыла жөңкітті.

15 БЕЛЕСТЕ

Сол жарыстан-жарысу,
Алға ұмтыла барысу;
Өттік талай белестен,

Шаршадық, талдық деместен.

14 белес өткен соң,
15 ке толық жеткен соң,
Қайрылып артқа көз салсам:
Атқарғанбыз талай іс;

Мақтауға сияд — мақтансам.

Қайнаған бізде қалың күш;
Командамен «бір, екі, үш!»
Иеленіп қаруға,
Соққы беріп жауына,
Алға ұмтыла баруда,
Көз жіберсем далама,
Көремін ылғи жаңалық —
Жатқан қызу қаланып,
Коммуналық негізге
Құрылған жаңа ауылым;
Социалдық негізде
Туысқан қалың қауымым,
Трактордей көлікті,
Комбайндай берікті

Қолданып, еркін басқарған.

Қара жердің құйқасын:
Ойын, дөңін, қырқасын,

Аудара тастап, атқарған.

Миллиондаған гектарлы,
Жерге бидай септірді
Жарқыраған жаңа ауыл,

Жаңа ауыл — бүгін қала ауыл.

Қарасам бойлап қалама
Гүрілдеген өндіріс:
Фабриктер, заводтар;
Қайнаған қол — миллион күш,
Қажырлы қайтпас болаттар
Қайнатқан еңбек қазанын,

Тетігін тауып жаңаның.

Айта берсем табысты,
Қорытсам ұлы жарысты,
Он бес жылдың ішінде
«Жалған», демес ешкім де
Алдыңғы мемлекеттердің
Капиталдық тектердің
Талайын қуып жетіппіз,
Көбінен озып, өтіппіз;
Социалды жолымен,
Партияның соңымен

Жүріп, алға кетіппіз.

Тағы да мысал келтірсем;
Бес жылдық жарыс жоспарын —
Партияның қосқанын,
Төрт-ақ жылда орындап,
Бес жылға тағы жоспар ап,
Тапсыз қоғам құруға,
Қонысқа ұлы қонуға,
Сақадай тұрмыз сайланып
Сүйсінбес бұған қай халық
Көре алмай осы табысты,
Болмаған бұрын жарысты,
Жер жүзінің байлары,
Тісін бізге қайрайды,
Улы оғын сайлайды;
Дағдарыстың торынан
Құлауға тұрған орынан:
«Қанды соғыс ашумен,
Жарлы табын жаншумен

Құтылам» деп ойлайды.

Секеңдеп сұмырайлары

Сығалауын қоймайды.

Бірақ Қызыл Армия
Отанына боп ие
Әрқашан да тұра алад,

Жауының бетін бұра алад.

Дүние пролетариатының
Ұлы Отаны —СССР!
Өркендейді, өседі,
Жау жүрегін кеседі;
Басшысы — Компартия!
Ұлы жолмен бастайды;
Мұны орнатқан Октябрь!
Жер жүзінде жасайды!
7 ноябрь, 1932. Орал

ӨМІР

Ертеде ерте ел болған...

Ертеде талай ер болған,
Ертегі ескі заманда
Еркіндеген қабанға
Арыстандар жем болған,

Талай ерлер қор болған.

Алды зындан, ор болған.

Арты құрған тор болған,
Ішуге ас таба алмай,
Тәнін қымтап жаба алмай,
Адамдықтан кем болған,
Езу тартып күле алмай,
Сүйсініп жар сүйе алмай,
Бойын жазып жүре алмай,
Қару ап, ат міне алмай

Ер жүрегі шер болған.

«Аруақ», «құран», «құдайға»,
Патша, төре, би-байға
Қарғыс айтып, тебіреніп,
ЬІза кернеп күңіреніп,

Көзден жасы сел болған.

Азаттық жол таба алмай,
Өмір шамын жаға алмай,
Жаудан кегін ала алмай,
Майдандасып бара алмай,
Маңдайынан шып-шып тер,
Миллиондаған еңбекші ер:
«Қайда теңдік, бостандық?!
«Қайда бірлік, туысқандық?!
«Қайда бізге атар таң?!
«Қайда бақыт, қайда нан?!
Деп зарлаған ол да бір —

Еді заман, еді өмір.

Өтті жылдар... өтті өмір...

Жайнап, жаңа жетті өмір.

Миллиондаған ұлы күш,
Алып қолға ұлы іс,
Табиғатты меңгере,
Қойынына салды қол!
Алты қабат мұзына,
Көк тіреген құзына

Жан бітіріп, салды жол.

Су бітіріп шөліне,
Ну бітіріп дөңіне,
Гүл шығарып құмына,
Ағаш егіп шымына,
Колхоз, совхоз орнатты,
Адырына, жонына,
Өзегіне, ойына,
Егін егіп, шайқалтты,
Көкорайлы жеріне,
Кербез сұлу беліне,

Төрт түлік мал қаптатты.

Мыс қазаны заманның
Сақылдады, қайнады,
Социалды қоғамның
Қызды күшті майданы,
Миллиондаған адамның,

Жүзінде нұр ойнады.

Сансыз құрал сайлады,
Болат қару қайрады,
Коммунизм жолына
Белді бекем байлады!
Салтанатты, сәулетті,
Бақытты, шат, дәулетті
Болды өмір тамаша,

Болды тіпті жаңаша.

СССР-дың ұл-қызы —
Өңшен жарық жұлдызы
Салып ұран, шырқап ән,
Асып асқар қырқадан,
Жерді суды салалап,
Көкті кезіп аралап,
Камчаткадан — Қырымға,
Алатаудан — Алтайға
Құлаш созып көкте айға,
Аспанда атой салғаны!
Тамаша емей, немене,
Жаңаша емей, немене —
Әне, қандай қарашы
СССР-дың баласы!
Күлім-күлім қағады,
Жүзінен нұр тамады,
Қолда кітап-құралы
«Оқу-оқу!» ұраны!
Ән шырқатып барады,
Алға көзін салады,
Өмірдің жас тұлпары,
Коммунизм ұрпағы!
Өмір тіпті тамаша,
Өмір тіпті жаңаша,
Не арман бар, осы өмір —
Жер жүзіне тараса!
1936. Орал

ТҰРМЫС ТОЛҒАУЫ

(Қазақстан одақтас республика болғанда)
Қас тұлпар деп кім айтар,

Өрге ұмтыла шаппаса.

Ақ сұңқар деп кім айтар,

Қияға қанат қақпаса.

Гүлде көрік болар ма,
Құлпырып шешек атпаса,
Ерлік, жігер не керек,
Майданда жеңіп қайтпаса,
Ақын даусы не керек
Шындықты шырқап айтпаса,
Шырқа даусым шығанда,
Шабытың келіп тұрғанда!
Ақтарылса шындық сыр,
Шалқымас не ғып шаттық жыр!
Әне, қандай қарашы,
Қазақтың кең даласы!
Құлпырып күліп көрінген
Бейне сұлу керілген
Атырау — Алтай арасы!
Бетпақ шөлге су бітіп,
Құба құмға ну бітіп,
Көк орайы жайқалған,
Егін пісіп, мал өсіп,
Жібектей жылы желі есіп
Қалың орман шайқалған,
Қала болып жайнаған,
Меңіреу Балхаш жағасы,
Құтты қоныс ел қонған
Өзен-судың сағасы,
Алтын құсқан кен болған

Алатау, Алтай саласы.

Бірі — ғалым, инженер,
Бірі — агроном, землемер,
Бірі — ұшқыш, машинист,
Бірі — ақын, әнші, артист
Бақытты қазақ баласы!
Қазақ-қазақ болғалы
(Бір көшіп, бір қонғалы)
Осы болар қолына

Бақыт құсы қонғаны.

Осы болар қазақтың
Құмарының қанғаны,
Осы болар қазақтың
Орындалған арманы!
Халқым бұрын кім еді?
Бейне меңіреу түн еді?
Енді бүгін кім болды,
Нұр сәулелі күн болды,
Есесіз ескен құл еді,
Бақытты бүгін ұл болды,
Құтылып «Қорқыт көрінен»,
Қалды аман өлімнен,
Өтіп өмір өрінен,
Алды орын төрінен!
Айы туып оңынан,
Күні туып солынан
Ен байлыққа кенелді,
Орындалып тілегі,
Шаттық кернеп жүрегі
Махаббатқа бөленді,
«Қой үстіне боз торғай
Жұмыртқалар» заманда
«Қара қылды қақ жарар»
Әділетті ұлы заңға
Кез болды да, ел болды,
Атақты елмен тең болды,
Сондықтан қазақ баласы
Шаттанады, күледі,
Бақыт берген, күлдірген

Кім екенін біледі.

Гүл бақшадай жайнаған.

Бақыт құсы сайраған.

Заманға тап келдім деп
Риза болам өзіме!
Тақырыбын таптың деп,
Жыр фонтанын аттың деп,
Бұлақтай бұрқап ақтың деп,
Риза болам сөзіме!
Риза болам бақытты
Отаныма — еліме!
Риза болам халқыма,
Геройыма — еріме!
Риза болам сүйсініп
Партияма — күніме!
1936. Алматы

СОВЕТТІК МЕНІҢ ӨЗ ЕЛІМ

Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,

Қабағын жаба түксиген.

Өмірден үміт жоқ өзге,

Даланың тердім тезегін.

Әкем боп таптың сол кезде,
Советтік менің өз елім!
Галстук қызыл мойнымда,
Мектепке қарай жүгірдім;
Қолымды тұңғыш қойдым да,
Бетін бір аштым білімнің
Сапқа да тұрдым, ту алдым,
Келді деп менің кезегім;
Әкемдей сонда қуандың,
Советтік менің өз елім!
Жүрегімді ұстап қолыма,
Жүрегімді емес,— билетті,
Қосылдым жастар тобына

Ақ көңіл, адал ниетті.

Сүйсінттім досты, ержеттім,
Өртедім жаудың өзегін;
Қуатын бердің жер-көктің,
Советтік менің өз елім!
Дүние бүкіл дөңгелеп
Көзімнің келді алдына,
Үстіне шықтым өрмелеп,

Қарадым бойлап арғыға.

Ой жетер жерге көз жетті,
Арғысын және сеземін:
Жатырсың алып жер-көкті,
Советтік менің өз елім!
Тауға да шықтым, жер бастым,
Аспанға ұштым — көк көрдім;
Өмірге құлаш кең аштым,

Бәрін де көзден өткердім.

Жарқылдап жаһан — кең сарай,

Аралап оймен кеземін.

Таппадым сенен артық жай,
Советтік менің өз елім!
Бұлбұлым, сайра кеудемде,
Бұлбұлым — менің жүрегім;
Көңілдің күйі келгенде
Ағыл да төгіл жыр едім,
Ағыттым ойдан ел үшін,
Өлеңнің ерке өзенін;
Ақының болдым сен үшін,
Советтік менің өз елім!

ДАУЫЛ

Ышқына соққан дауылға
Құмартушы ем жасымда,
Нөсерлеп құйған жауында
Қызығушы ем жасынға,
Жүгіруші ем жарысып,
Сарыарқаның желімен,
Ойнаушы еді алысып,

Соққан дауыл менімен...

«Дауыл! Дауыл!» дегенге,
Шықтық үйден дүркіреп,
Аспан тұрды төбемде,

Аласұрып, күркіреп.

Дүние сол кез дүрілдеп,

Келе жатты бір дауыл.

Түндіктері желпілдеп,

Күтіп тұрды жарлы ауыл.

Шыр айналды шаңырақ,
Сықырлады сырғауыл,
Бұрқырады бар аймақ,

Соқты ышқына көк дауыл.

Көшті дауыл керуені,

Ілестім де мен кеттім.

Көк дауылдай кеуделі

Жігіт болдым, ер жеттім.

Мен дауылдың ұлымын,
Тұра алмаймын дауылсыз
Қарсы алуға дайынмын,

Соқса да дауыл дамылсыз.

ЖАУЫНГЕР ЖЫРЫ

Алқара көк астымда,
Белде болат қанжарым;
Күзеттемін мен мұнда,
Қайда менің жан жарым?

Ай сәулесі ойнайды.

Қанжарымда дірілдеп;
Жарым нелер ойлайды,
Отыр ма екен күлімдеп?
Отыр ма екен жан жарым,
Жатыр ма екен жан жарым?
Толған айдай дидарын

Көрмегелі жыл жарым.

Жарқылдаса қанжарым,

Жар жүзіндей қараймын.

Астымдағы ат жалын

Саусағыммен тараймын.

Алқара көк ойнақта,
Жарқылдай бер, қанжарым,
Алаңдатпа, ойлатпа,

Күзеттемін, жан жарым.

1940

НАР ТӘУЕКЕЛ

Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Қайрат шіркін алып шықса қиын ба!
Бұл сапарда сүрініп те қалармын
Сонда, досым, мені айыпқа бұйырма!

Жығылам деп жүре алмаймын жәй басып.

Жүгіремін киіп-жарып, айқасып;
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,

Іш пыстырып, жалт-жалт қарап жай басып.

Жығылсам да жүгірумен өтемін,

Аяңшылдың ақылын мен не етемін.

Жығылармын, алқынармын, шаршармын,

Барар жерге бұрынырақ жетемін.

ТАЛҒАР

Түксиіп, қабақ түйіп, бұлт үстінен

Даланың патшасындай қарайсың сен.

Не деген ызғарлы едің, тәкаппар ең,

Басқандай бар әлемді сенің еңсең.

Тау жоқтай бұл дүниеде сенен артық,

Мен саған қарай бердім көп құмартып.

Қайтер ең қаһарлы хан, кәрі Талғар,
Бойыңнан өрлігіңді алсам тартып?!

1940

АТАМЕКЕН

Сүйем сені туған ел — атамекен.

Абзал анам сенсің ғой құшағың кең,
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,

Сенен артық не табам, қайда кетем.

Асан қайғы емеспін, Қасыммын мен,

Қобызымен сырласып күңіренген.

Іздеймін деп «Жерұйық» көр басында
Ерке жанмын, өмірде өстім еркін,
«Еркелеме, ей жігіт, еспе» дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,

Тасып, шалқып өтемін, осы сертім.

1940

ЗАУЛА, ЗАУЛА, ТУРКСИБ

Турксибке тиеліп
Елім кетіп барады,
Дөңгелентіп дүниеңді,

Дүбірлетіп барады.

Ғасырларды, жылдарды
Үңгіп кетіп барады,
Тереңіне өмірдің

Сүңгіп кетіп барады.

Ескі мола — ескі өмір,
Күңірене көшкен жұрт,
Қалды артында құлазып,
Көрген түстей қалды ұмыт
Кетіп бара жатырмыз,
Мақсат айқын, жол ұзын,
Қуып жетіп келеміз

Европаның поезын.

Заула, заула Турксиб,
Алға сүйре, арқыра,
Кетсін құрып ескілік,

Қарамаймын артыма.

Еркін барып жайлаймыз
Асқар таудың ар жағын,
Көріп келе жатырмыз

Коммунизм вокзалын.

Ей, кім анда, кет былай,
Семафорға соқтықпа!
Турксибтің табаны

Таймақ емес, қорқытпа.

Заула, заула Турксиб,
Бас гудокты, арқыра,
Алған беттен қайту жоқ,

Қараймын артыма.

АРМИЯСЫ ЛЕНИННІҢ

Батыстың бұлты қанталап,
Бақасқан жау анталап,
Қара бір түнді қалқалап,
Қайда келе жатырсың?
Жалақ-жұлақ жұтынып,
Жебір неме жұлқынып,
Осыншама құтырып,
Не тілейді мына сұм?!
Жалпақ жатқан жер, дейді,

Жартысын маған бер, дейді.

Қалай да қалай сермейді?!
Қарашы мұның дәмесін!
Шаңқылдап үрген шақал жау,
Шамасын білмей шатылды-ау,

Шақыршы, халқым, қайратты.

Шабынып тиген жау мынау!
Шартылда көкте найзағай!
Күнде қырғын, күнде дау,
Мына жауыз қырсық жау
Жазықсыз жерді күйзелтті-ау!
Ажалдай арсыз болсаң да
Жеңілер кезің жетті енді,
Кете алмассың есен-сау,
Толқи ала жөнелді,

Байқал, Балтық, Атырау.

Төбесінен дұшпанның
Төңкерілші, Алатау!
Қанталап қара бұлт төнсе,
Күнімді қашан жасырған!
Анталап арсыз жау келсе,
Айласын қашан асырған!
Мұхиттар мөңкіп тасса да,
Дүниені топан басса да,
Жауыздықтың жалыны
Жалаңдап тұрса аспанда,—
Халқым менің сасқан ба!
Қайратым бойдан қашқан ба?
Қарысқан жерде қадалғам,
Қадалсам егер қан алғам

Қап-қара суық тастан да.

Сенбісің, жауым, жеңетін,
Армиясын Лениннің!
Қап-қара туың — қара түн,
Қан аңсап неге елірдің?
Кәрі-жасы елімнің
Әскеріміз Лениннің,
Жекпе-жекке жиһанға
Шықсам да қашан жеңілдім?
Қайраттың оты қайдасың?!
Қан майданда лапылда!
Зіл түсіп жауым жайрасын,
Нажағай көкте шартылда!
Армиясы Лениннің
Дүбірлетші, дүниені!
Жоғалсын жердің жүзінен
Жауыздықтың түнегі!

1941

ҚОШТАСУ

Қош бол, досым, жақыным!

Уақыт тығыз, сөз қысқа.

Кетіп бара жатырмын

Сұрапыл бір соғысқа.

Тепкісінде соғыстың
Дүние меңзеп жатқанда,
Ажал бейне фашист сұм
Қасқыр болып шапқанда,—
Қоян емен, адаммын,
Қайтып бұғып жатармын!
«Жаны тәтті жаманның»,

Сыналар күні мақалдың.

Сыналар күні жігіттің,
Қош бол, досым, сөз қысқа!
Зіл боп ойым, мен кеттім
Сұрапыл бір соғысқа!

1941

МАЗАСЫЗ МУЗЫКА

Бір мазасыз музыка гүрілдейді,

Дірілдейді жер мен көк, дүрілдейді.

Сай-сүйегі салдырап, сақ-сақ күліп,

Аждаһа ажал арсылдап би билейді.

Қанды қолы ербеңдеп Гитлер залым,
Дирижер болып, тұр жалдап адам қанын,
Басып озып кетсем деп Бетховенді
Көрдіңдер ме, қандай күй шығарғанын?!
Уа, ғаламат, не дерсің бұл сұмдыққа!
Күйге басып түсер ме жұрт тамұққа?
Өшір үнін, бұл долы музыканың,
Алқымынан ал, залымның жанын сық та!
Июль, 1941

БЕЙСЕКЕШТІҢ БЕС ҰЛЫ

(Өлеңмен жазылған очерк)
«Бейсекештің бес ұлы
Бірі жалын,
бірі от,
Бұл бесеуі тұрғанда
Бейсекештен бақытты

Бұл өлкеде ешкім жоқ».

Деген аңыз әркімнің
Түспейтін-ді аузынан,
Бейсекешті білмейтін,

Ауданда жоқ ешбір жан.

Бейсекештің мекені —
Алатаудың саласы,
Салдыр-гүлдір сайлардан
Аққан өзен сағасы,
Бейсекештің колхозы —
Ұлы Ленин атында,
Бас жылқышы Бейсекеш
Москвадағы көрмеге

Барып қайтқан жақында.

Бейсекештің жасы бар,
Жетеуінде жетпістің,
Жігіттерден қалыспас,
Жарысса да күндіз-түн!
Қарттықтың боз қырауы
Сақал-шашын жапса да,
Екі көздің жанары
Қашып бара жатса да,
Бес ұлы бар Бейсекеш
Көңілі көктем, жаны жаз
Сақылдаған сары аяз,
Солдыра алмас жас гүлін
Долы қарттың дауылы

Құтыла алмас еменін.

Ойына да кірмейді

Қарттың ажал дегенің.

Бейсекештің бес ұлы
Бесеуі де өрт еді,
Бесеуі де өзегін

Талай қыздың өртеді...

Ең тұңғышы Ердәлі —
Инженері Алтайдың,
Екіншісі Бердәлі —
Депосында Матайдың,
Үшіншісі Сердәлі —

Қарағанды шахтері.

Төртіншісі — Мердәлі

Бір ауданның аткомы.

Ең кенжесі Кенжәлі —
Қара теңіз морягі,
Бәрінің де бар жары,
Ұлдары мен қыздары,
Жиырма беске жетеді

Бір семья сандағы.

Бейсекештің бес ұлы
Биылғы жыл бір күні,
Бас қоспақшы болыпты,
Демалыс ап сайраңдап,
Бейсекештің үйіне
Бес жақтан келіп толыпты,
Күндіз дарқан, түнде той,
Біздің өмір қызық қой,
Ата-бала, немере
Бәрі бір кез қосылып,
Еркін дем ап, көсіліп,

Бес-алты күн қоныпты.

Нақ сол кезде фашист сұм,

Жамылып келіп қара түн.

Қызыл көрген құзғындай
Қомдап қанды қанатын,
Ел шетінен шолыпты,
Даңғыр-дұңғыр соғыстың

Барабанын соғыпты.

Соғыс-соғыс деген үн
Жортып ала жөнелді,
Тік тұрғызды орнынан

Бар халықты, бар елді.

Ұлы Отанның аспанын
Кетті кернеп бұл хабар,
Қиырға да қанатын
Кетті сермеп бұл хабар,
Батыс жақта ысқырды

Ұлы фашист айдаһар.

«Күттің бе әлде асығып,
Өлетұғын кезіңді,
Оқ боратып атайық,
Қанталаған көзіңді,
Өзің қазған көріңе

Құлатайық өзіңді».

Деп аттанды Отанның
Болат киген ұлдары,
Аясында аспанның
Желпілдеді тулары,
Төбесіне дұшпанның
Төңкеріле құлардай
Түксиді алып Алатау;
Нажағай атып дұшпанға
Көбігін шашып аспанға,
Толқып ала жөнелді

Байқал, Балтық, Атырау...

Бейсекештің бес ұлы
Есітіп мұны, мінді атқа,
Қолдарында арызы

Барды военкоматқа.

«Тыңда жолдас, военком!
Қан майданның қаруын
Қайта алатын күн туды,
Ер жігіттің қайраты

Сыналатын күн туды.

Нажағайын аспанның
Отты алтын қылыштай

Үйіретін күн туды.

Қорқақ жауға бүркіттей

Шүйілетін күн туды.

Жер бетінен жауларды
Жапыратын күн туды,
Жіберіңіз біздерді
Қанды майдан төріне,
Жауыз жауды жұмарлап,
Тықпайынша қайтпаймыз,

Өзі қазған көріне.

Жіберіңіз, бөгемей,

Бейсекештің бес ұлын.

Үйде бұғып жата алар
Қандай жігіт осы күн,
Жібер, жолдас военком,
Қол қойыңыз, бұйрыққа?
Әйтпесе біз жазамыз,
Тура Ворошиловқа!..»
Бейсекештің бес ұлы

Бұйрық алды, аттанды.

Шығарарда ұлдарын
Бейсекеш қарт мақтанды,
«Уа, жамағат, кемпір, шал,
Кел, сөзіме құлақ сал;
Бейсекештің қайратын

Осы арада көріп қал.

Бес аспабым — бес балам
Жарқылдап жауға жөнелді,
Қайсың еді шығарған
Дәл осындай өренді!
Уа, шалдар-ау, шалдар-ау
Бейсекештің бойында
Жау жайратар әл бар-ау;
Бес аспаптай бес ұлдың
Әкесі осы Бейсекеш
Еш қартың да тең емес,
Балаларым, қарағым,
Береке, бақыт, ырысым,
Жауға жұмсар жарағым,
Қиғыр, алмас қылышым,
Аттаныңдар, барыңдар!
Жау тұмсығын бұзыңдар
Қамықпаңдар мені ойлап,
Жүре берем той-тойлап,
Немерем мен шөберем,
Ұлдарым бар, қызым бар,
Қайта оралып келгенде
Ауаткомнан машина aп,
Жастарды ертіп, әнге сап
Өзім қарсы аламын,
Думанға бір бөлеймін
Алатаудың алабын»,—
Деді де қарт Бейсекеш,
Балаларын сүйді кеп,
Кемпірлер күлді қарқылдап,
Шалдар күлді кеңкілдеп,
Жаспен емес, күлкімен
Шығарып сап ұлдарын
Қарттар кетті кеңеске;
Жайып тастап сырмағын,
Бейсекештің бес ұлы
Бесеуі де ер еді,
«Ер жігіттің қайратын

Майдан сынар дер»— еді.

Бейсекештің бес ұлы
Бесеуі де өрт еді,
Ең соңғысы зор майданға
Ерше аттанды ертелі,
Бейсекештің бес ұлы
Қайтар әлі-ақ ән салып,
Біз шығармыз алдынан

Гүлдер ұстап, қарсы алып.

1941

* * *
Жаным, сәулем, еркешім, қызыл гүлім,
Тек сенімен гүлденсін жас ғұмырым,
Күздей күңгірт көңілге жас орнатқан,

Жадыратқан жанымды сенің нұрың.

Күнім, айым, жұлдызым — бәрі сенсің,
Қасиетті жаныма тек сен теңсің,
Тек сен болсаң, мен үшін бәрі жарқын,

Мейлі аспанның ай, күні мәңгі сөнсін.

Мейлі аспанның бұлты кеп бассын мені,
Жарқ етермін күндей боп көрсем сені,
Қарт болсам мен сен үшін жасарар ем,
Тірілер ем егер де болсам өлі!
Табыстырды өзіңе мені дағдыр,
Сүйдім, құштым, жанымнан төгілді жыр,
Аспан алғыс айтты ма екі жасқа,

Естен кетпес бұл кеште жауды жаңбыр.

Нөсерлесе аспаннан маржан жаңбыр,
Жасарар да құлпырар тау менен қыр,
Сол секілді құлпырсын біздің өмір

Деп ойлап, саған арнап жаздым мен жыр.

1941

* * *
Мен сүйем аспандағы алтын күнді,
Самалды, майда желді салқын түнді,
Мен сүйем ауаменен ширатылып

Құлаққа жылы тиген мұңлы үнді.

Мен сүйем сылдыраған салқын суды,
Судағы салқындаған үйрек, қуды,
Мен сүйем күн шығарда көтерілген —

Көгілдір көк жібектей — көкшіл буды.

Мен сүйем ерікті-еркін таудың құсын,
Сайрасатын, төрт бөліп түн ұйқысын,

Мен сүймес дүниеде еш нәрсе жоқ.

Сүйемін табиғаттың барлық күшін.

Дүниеде сүймейін мен нені ғана —

Бәрі қызық өзіме, бәрі жаңа.

Сонда-дағы осының бәрінен де

Артық сүйем дүниеде сені ғана.

* * *
Қазақтың әні мен өлеңін
Найзадай көтеріп келемін;
Шығыстың аласа аспанын

Түндіктей түріп бір тастадым.

1942

СӘБИТКЕ

Ішімде жанар таудай жатыр жырым,
Ұшқындап іште қайнап, сұрапылым,
Көрерсіз соның бұрқап атылғанын

Жаңғыртып жан түкпірін, ойдың шыңын.

Өлеңнің қаптатармын отты селін,
Толассыз топанындай ертегінің;
Білерсіз кім екенін сонда, Сәке,

Бұл күнде от шайнаған тентек інің.

1942

ОРАЛ

Оралым, шықтың алдымнан,
Оралым менің, Оралым;
Қол созып қызыл вагоннан,

Үстіңнен өтіп барамын.

Оралым, сенің қойыныңда,
Ойнақтап өткен жылдарым,
Жарқылдап Жайық бойында,

Достармен сайран құрғамын.

Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс,
Гүл болып менің құшағым,

Кеудеме қонған бұлбұл құс.

Өмірдің алтын кесесін
Тосқамын айдың нұрына,
Кешкенмін Совет көшесін,

Кеудемді ашып құрбыма.

Сонау бір шетте, сонау үй,
Кетер ме, сірә, көңілден?
Алушы ед тартып мені ылғи

Махаббат, жастық лебімен.

Терезе алды — жас терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп?
Жүр екен кімдер еркіндеп,

Жүрегін ұстап, үйге еніп?..

Сағындым сені, Оралым,
Күндер жоқ бейбіт бұрынғы,
Келгенше қайта op алып,

Алып қал осы жырымды.

Сіркіреп жаңбыр
жауғанда
Байқарсың өзің анықтап;
Жаным бір жүзер ауаңда,

Ауаңда сенің қалықтап.

Қош болшы енді, Оралым,
Күле бер шалқып, сайраңда
Айтпақшы, қайда бораның?

Кетейін алып майданға.

1943

ЕРТІС

Арқада аққан күміс алтын арна,
Ер ерке Ертісімдей өзен бар ма?
Суылдап, сабырлы оймен жатыр ағып,

Жарқырап көз жіберіп айналаға.

Күй төгіп, кернейлетіп ағады
Ертіс, Лебімен балқытады даланы
Ертіс, Ертісім — еркіндіктің бесігі бұл,

Ер жігіт, ерте тұр да Ертіске түс.

Жерімнің жатқан бұл бір көк жойқыны,
Үстінде ойнақтаған өр толқыны,
Болаттай суарылған осы Ертісте
Қайтып та ер болмасын қазақ ұлы!

1943

САРЫАРҚА

Сарыарқа сап-сары алтын жүзген нұрға,
Қоналқы мекен болған сан ғасырға,
Сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен

Лебімен алар тартып, шықсаң қырға.

Көтеріп ән мен жырдың күй қанаты,
Жүрегің ұшар құс боп аспанында,
Әлемнің саған ауып махаббаты,

Сарыарқа орнар сенің жас жаныңда.

Жұбанып сол Сарыарқа құшағында,
Есімде ойнағаным жас шағымда,
Жетімдік жалбыр тонын жерге соғып,

Құмартып ауған бұлтқа, алыс шыңға.

Арқа ару, ашып нұрлы күн бетіңді,
Ойнатып, еркелетіп мен жетімді,
Аулақтап сұр бейіттен әкетуші ең,
Не дермін, сенің сол бір құдіретіңді?
Сарыарқа сағындырдың ата мекен,

Сардала анам едің, құшағың кең.

Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп,
Артта — Сен, алда — майдан,
қайтсем екен?

СІБІР

«Сібір!» деген жалғыз сөзден

Соғушы еді үскірік.

Анықтап бір көрмей көзбен

Бал ашыппыз түшкіріп.

Жер екенсің, шіркін Сібір,
Жас өскендей жүгіріп,
Ер өскендей салып дүбір,

Қызды ауылда кідіріп.

Алтын жайлау, ата жұртым.

Әкеткендей жерсің ыстық

Қыртысыңды сындырып.

1943

БАЙҚАЛ

(Баллада)

І

«Байқал», «Байқал»—дегенге,
Тұрдым атып орнымнан;
Ұйқылы-ояу денемде

Толқи ақты ыстық қан.

Қызыл вагон есігін

Айқара ашып тастадық...

Соқты самал есіліп,

Ақты бұлақ тас жарып.

Торғын тұман жамылып,
Байқал жатты көсіліп;
Таң сәріден сабылып,
Жәрмеңкеге жосылып;
Кернейлеткен көп өзен

Жатты құйып тұс-тұстан.

Ерте оянған Таң жеңгең

Тұрды қарап шығыстан.

Ой тастап бір Байқалға,
Ғашық болған Таң сұлу
Айнала асқар тауларға

Қойды қадап алтын ту.

Шіркін, Байқал, Байқал,— деп
Біз келеміз шарқ ұрып,
Кең бір дүние көкпеңбек

Әлдеқайда шақырып.

Алыс сапар асығыс,

Аялдауға жоқ мұрша.

Сықылданып таңғы түс,
Қалмақ па бұл тамаша?

ІІ

Шіркін, Байқал, Байқал!— деп

Кете бардым, ән шырқап...

Байқал бір сыр айтар,— деп,

Бір тоқталып, бір тыңдап.

Ұшты құстар көңілімнен,
Жаным да жыр толғадым;
Шымылдықтай төгілген
Араладым орманын;
Аспанменен егескен
Бастым зәулім шыңдарын;
Күркіреп көкте кеңескен

Бұлттың сөзін тыңдадым.

Өр толқынмен ойнадым,
Қақтым ұшқан құстарын,
Шолп-шолп еткен шортанын

Шоқтығынан ұстадым.

Жаттым бір көз құмартып,
Салқын самал сайында,
Би билеттім бұралтып,

Ақ балтырлы қайыңға.

Бұлт жамылып, аң қуған,
Шаңқылдап шың бүркіті,
Шықты бір кез алдымнан

Бурят-монгол жігіті.

Маужыратып көл құсын.

Байқал,— деп, ән шырқатқан,
Тағып шолпан шолпысын

Қыз да шықты бір жақтан.

Байқалдың ор түлкісін
Аңшы берді, алмадым;
Жарқылдатып шолпысын

Қыз шақырды, бармадым.

ІІІ

Арудай жүзі ақ жарқын,

Байқал жатыр — бір мырза.

Қиялымның қанатын

Тасқа соқтым, боп ыза.

Баспа ғып бір қайқаңды

Бұлт боп төндім, торландым.

Құшпақ болып Байқалды,

Әурелендім, зорландым.

Сірә, менің қылығым
Болса керек тым ерсі;
Байқал атып толқынын,
Күлді қатып сілесі:
Кенет таулар жаңғырып,
Аймақ шулап тебіренді,
Мені есімнен тандырып,

Байқал сөйлеп жөнелді.

1943

ҚАНҚҰЙЛЫ ЖАУ

Қара тулы қанқұйлы жау,
Көрсем деуші ем азғаныңды:
Шұлғауыңды етіп жалау,
Өзің қылғып өз қаныңды,

Іріп-шіріп тозғаныңды.

Арманым жоқ, өз көзіммен
Көрдім бәрін, болды тілек,
Қасиетті отты зілмен
Көкірегімде қайнаған кек,
Төгіл жауға! Тула, жүрек!

1943

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ТУРАЛЫ ЖЫР

Міне, менің алдымда жатыр

Еділ, Ер орыстың ежелден бесігі бұл.

Рухындай аруақты ата-бабалардың

Ойшыл бұлттар аспанда шомылып жүр.

Саратов, Тамбов, Москва,— байтақ елім
Киінген қызыл әскер сұр шинелін,
Қайнап аққан болаттай келеді ерлер

Қолбасшысы партия, ұлы Ленин.

Жау сұрқия, тобыры жендеттердің,
Ажал досы, қырсығы көк пен жердің,
Оның қанды қолынан, қанжарынан
О, бауырым, аз қырғын болды, дер кім?
Апат боп, өліктерді басып-таптап,
Қасқыр боп, өрт боп дұшпан келді қаптап,
Атаға да, балаға сайлап бұғау

Жыландай жанды жерден болды шақпақ.

Партия тау қырандай саңқылдады.

Дабысын ұлан-байтақ ел тыңдады.

Сонау алыс ғасырлар түкпірінен

Түсі суық найзалар жарқылдады.

Түстік таулар арқалық теңіздерден
Ағылды әскер намысын кек кемірген,
Көтерілді орыстың ер ұрпағы
Бастап сонау қан қырғын Чуд көлінен
Алты аспабы жарқылдап астында айдың
Жалын шашып жүздері шегіп айбын,
Аттанды кеп ерлері Ұлы Отанның

Дауыл күнгі бейне бір шалқар айдын.

Қатал күндер дауысы дауыл болып,

Ғасырларды оятып, өтті соғып.

Алып тауын бетке ұстап, саңқ-сұңқ етіп,

Шықты ұшып қарт бүркіт ер Суворов.

Смоленск түбінде құрып шебін

Кутузов жүр көкке атып зеңбірегін.

Қанды қия тастарға қару қадап,

Москва тұр баспа ғып Чудтың көлін.

Адам да, жер де, су да, ормандар да,
Ғылым, тарих, намыс та, кек те, ар да —
Бәрі де тайталасып майданға енді,
Жігіттер, бұдан асар ғажап бар ма?
Қарт Толстой жалын боп шығып демі,
Жазып жатыр кім білер, әлденені?
Кей кезде бір шалынад құлағыма

Глинканың тым ауыр күрсінгені.

Салдың жара кеудеге сұрқия жау,
Кетпес естен қан қырғын, талау-тонау;
Сенің арам сүйегің шірігенше
Біздің ауыр жарамыз жазылар-ау,
Европаға симастай ісіп-кеуіп,
Тәкаппарсып кетіп ең басып, теуіп,
Құлағандай жүзіңді ішке тығып,

Енді неге бұғасың бүкшірейіп.

Өлтіре соқ, фашисті, ұр желкеден,

Ғасырлар мен жылдардың салмағымен.

Өртеңген үй, қираған атамекен,
Қан мен жастың кегі үшін аянба сен!
Жолдастар, жеңер күнің жетті сенің,
Бүркіт болып қиқу сап ұшты кегің,
Жер сілкінте жөңкілген біздің әскер,

Қол бастаған партия, ұлы Ленин.

ЗҰЛЫМ ЖАУ

Қандай ғана дозақтан түстің сен сұм?
Қандай умен тәжіңді бояғансың?
Қандай әйел тапты екен сені неге?
Қандай сайтан енгізді дүниеге?
Ажал отын уыстап Рейхстагта
Қанды қылыш сен жауыз тұрған шақта;
Қалжыраған Дейчланд кеудесінде

Билегені бандының әлі есімде.

Қанды өзенде ағыздың өліктерді,
Шіріндіні ұрладың, ашып көрді,
Өлі-тірі қасіретін бірдей таптап,

Зеңбірек пен танкты жидың баптап.

Бетховен мен Гетенің қабыр тасын,

Қорғасынға ұялмай сен сатқансың.

Гейне сенің отыңда жанған шақта

Мұңлы Рейн күйзелген бу құшақтап.

Тау бүркітке атылған сен бір жылан —
Долы сайтан дүниеге салдың ылаң:
Түрме болды немістің ұлы отаны,

Зират етпек болдың сен Европаны.

Енді отырсың құзғынша қонып көрге,

Қара күңгірт бір аруақ алтын жерде.

Царьградта сұлаған мас варвардай,

Сайтанындай дозақтың, қарақшыдай.

Жер фрицтің басы емес, оны ұмытпа,

Аяғыңа бас ұрмас еш уақытта.

Тас астында жаншылған жыланға ұқсап,

Жермен-жексен сен болар таялды шақ.

Европаның ой-шұқыр жырасында,
Ұрпақтар аяғының дәл астында,
Жатар шіріп сүйегі фрицтердің

Лағнаттап теуіп, таптап өтер әркім.

1943

ҒАБДОЛҒА

І

Ғабдолым, алдым хатыңды,
Жарқ етті кеште бір бақыт;
Сенің от махаббатыңды

Шырақ еттім бейуақыт.

Елестеп өтті алдымнан
Жаралы жылдар бейнесі
Қаралы туын жамылған,

Шіріген қанмен жейдесі.

Жалдап бір жүріп қан жұтқан,
Адамды қылғып тірідей,
Түскендей жерге «тамұқтан»
Қап-қара алып бір дүлей,
Ырситып темір тістерін,
Жалақтап, жалмап, жұтынып
Істеп бір алып істерін,

Тұр әлі тоймай, құтырып.

Жүрегім шоққа көмілді,
Жанымды жайдым ертеңге;
Сұмдықта кеткен кегімді
Қайтара алмай өтем бе?
Жеді ғой іштен өкініш,
Қайратымды үңгіп, қуыстап,
Кеудеде тынған дауыл күш,
Шығасын қай күн ту ұстап?

ІІ

Сырласып, досым, сенімен,
Кеш еді оймен табысқан;
Айдаһар соғыс лебімен

Тартты кеп мені алыстан.

Құлдырап Қиыр Шығыстан,
Бұлдырап қырда, тауларда,
Жазылып көңлім құрысқан,

Жұлдызым жүзіп заңғарда.

Шабытпен түлеп, шарқ ұрып,
Құдіретті бір күш қонғандай,
Алысты көзбен шақырып,
Мерекем менің болғандай,
Қып-қызыл дария майданға
Басыммен сүңгіп келемін,
Бойлап бір шығып қайраңға,

Ойлап бір кешіп тереңін.

Білмеймін, қайда жоғалттым
Сескену, қорқу дегенді?
Есігін қақтым дозақтың

Өлеңмен келіп мен енді.

Жанымды салсам жалынға,
Жанады-ау деп те сескенбен,
Жап-жасыл балғын шағымда

Шомылып өртке өскем мен.

Қалсам бір қаусап мен өліп,
Достарым, аңсап, өкінбе!
Нажағайлы қара бұлт болып,

Жаңбыр боп жауып өтті де.

МАЙ МАЙДАНДА

Еркіндеп, еркелеп,
Дәл менің жарымдай
Жарқылдап, күлімдеп,

Гүл ұстап, келді май.

Жалғыз бұлт, жалғыз күн,
Сіркіреп жас жаңбыр
Сағынған жүректің

Тарқатты мұңын бір.

...Оқ жауып нөсерлеп,

Қар күреп кеудеммен...

Ойлап па ем көрем деп,
Сұлуым, сені мен?
Балқытып нұрымен
Сыз еткен денемді,
Мұз түсіп кеудемнен,
Шештіріп шинельді,
Тазартып гүлімен
Етігін солдаттың,
Шомылтып күнімен

Нұрына рақаттың.

Әкетті май сұлу
(Қалды алыс казармам)
Бойына ағын су,

Ішіне ойлы орман.

Тоқташы, тоқташы,

Өтті ғой, кетті қыс.

Естілед оқ даусы,

Біткен жоқ қан соғыс.

Жүрші тез, сұлуым,
Достарға, окопқа;
Солдаттың қызығын

Көрерсің сол жақта.

1944

ПОДПОЛКОВНИК ӘЛПИНГЕ

Құттықтаймын, бірімен майдың,
Подполковник, жолдас Әлпин!
Біздің ағажан еді жайқын,

Жимия күліп оқыр, бәлкім.

Етіңіз қабыл, жүректің нәрін,
Ақын солдат махаббатын;
Ылтифатыңыз өзіме мәлім,
Мен бе оны ұмытатын?
Балтырын таңған, сұр шинель киген
Осы бір солдат өтер өрттен,
Тасқындай еркін поэзиясымен

Шығар бір барып келешектен.

Ұмытармын ба қасіретімді,
Қатыбас күндер қан соққысын?
Қабыл ал, осы қабылетімді,—

Махаббат, достық жоралғысын.

1944

МАРТБЕК

(Қарағанды шахтеры, Совет Одағының Батыры Мартбек Мамраевтың жауынгерлік өмірінен бір үзінді)

— Ой, Днепро, Днепро!— деген бір дауыс,

Шыққандай жердің өзегін жарып,
Тебіренте бойды, қайнатып намыс,

Жаңғыра тиді аспанға барып.

Алдағы жеңіс нұр шұғласындай

Үстінде майдан ту болып шалқып...

Ұмтылдық біздер батысқа қарай,
Дауыл боп ұйытқып, өрт болып шарпып,
* * *
Жалтақтап қарап жағалауына,
Ыңырсып ән сап, қобызын ойнап,
Түйіле толқып, сыр бермей жауға,

Жатты ағып Днепро, көп ойлар ойлап.

Күрсіне тыңдап өзеннің сырын,

Жағада жалғыз тұрды ұлы Тарас.

Тарқатып жайып тесіне бұрым

Оксана сұлу төгеді көз жас.

— Ой, Днепро, Днепро! Зерделі өзен,

Алыстан бізді тартады лебің,
Тасып тұр кегің, айтпай-ақ сезем,

Қызғанып жаудан Украина жерін.

Басыңдар, достар! Қимылда, қыздар,
Көтерер бізді туған жер төсі!
Ай анау алтын, ұйықтамай ол тұр,

Телміріп жерге аспанның көзі...

* * *
Адымдап алда, лейтенант Волков,

Келеді рота майданды үңгіп.

Днепрге құяр өзендей жортып.

Қара түн, қауып, қаймықпай сүңгіп.

Дүрс етсе бомба алыс бір жақта,
Түршігер мұнда денесі жердің,
Түн сырын ұрлап, жүгіртіп саққа,

Сөйлейді мезгіл тілімен желдің.

Құйрығы алтын снаряд, оқтар
Кезіп жүр көкті, дамылсыз ұшып,
Кеудеңе келіп қонуға құмар,

Тұмсығы сүйрік қадала түсіп.

Тынышталды бір кез.

Таң қараңғысы.

Сөндірді соғыс жер ошақтарын.

Піскендей асы...

Бір орман құсы

Қанатын жайып, төкті кеп зарын.

Айнала орман күбір де күбір,
Түстерін айтып, ертелей жорып;
Естілді сол кез бір ғажап дүбір

Жүрегі жердің тұрғандай соғып.

Тоқтады рота.

Тыңдады, тұрды.

Орманда қонған бұлттай боп тынып.

Атой сап алда, сілкінтіп қырды,

Кернейін ойнап, дабылын ұрып.

Жосыла жөңкіп, қалың қол қаулап,

Ашылды алдан жаңа бір дүние.

Украина дауын жатқандай даулап,

Күркіреп бұлттай Днепро — бір ие.

Деген сөз «Днепро!» Құс болып самғап,
Кеудеден ұша жөнелді ойнап,
Жалт етті көздер, жарқ етті жан-жақ,
Қуаныш-құйын бұрқ етті бойдан;

— Ой, Днепро, Днепро!..

Ұмтылды ерлер —
Жер сыза ұшқан жалынды бір бұлт,
Тілгілеп түнді нажағай семсер,
Қалың бір нөсер келеді қауырт
Алдында Днепро, аңқылдап лебі,
Қарсы ала шықты қанатын желпіп,
Қыртысы балғын Украина жері,

Қояды демеп, қайыса серпіп.

— Русь, русь, Днепро!—деді бір неміс,

Өрмелеп бойда сұп-суық жылан;
Көтеріп қауып, өргізді тегіс,

Кілкіп бір тұрған таңғы ұйқысынан.

— Алыңдар қоршап, жайыңдар құшақ

Ашыңдар ауыз, өзі кеп кірсін,
Жұтыңдар қылғып, ет қой бір жұмсақ,

Дейді офицері, қайрап кеп тісін.

Дүрлікті аймақ, басталды сойқан,

Ысқырды оқтар — атылды жылан.

Күп-күрең торғын жамылып шапан,

Таң сұлу шықты көк шатырынан.

Қыздыра жақты таң сұлу отын,
Қып-қызыл жалын лапылдап шалқып,
Сол оттан ұшқан бейне бір түтін,

Ақ ұлпа бұлттар аспанда қалқып.

Құлпырып кетті дүние жайнап,

Жерде өмір балқып, көкте нұр толқып...

Таласа таңмен жарасын байлап,
Ұмтылды алға, лейтенант Волков,
Ұмтылды алға, ақырып жауға,
Ұмтылды жөңки, достары бірге,
Құйылды келіп қан омырауға,

Қып-қызыл моншақ төгілді жерге.

Жығылды Волков, шайқалды қатар,
Зу етті бойы кей жігіттердің,
Кең аймақ сол кез боп кетті тым тар

Қуырылғандай апшысы жердің...

Ежелгі көнбіс қара жер ана
Жасыра берді құшағын ашып,
Шатырлап жанып кетті айнала

Жау келед оғын бората шашып.

— Ат!—деді Мартбек,— айнала бұрқат.

Тілгіле оқпен құрсауын жаудың.

Желпініп сол кез қақты кеп қанат,

Бүркіті қайсар Ала бір таудың.

Ыдырай қашқан ерліктің бауын,
Шумақтап түйіп алды бір жинап,
Жалаңаш жерге жатқызып жауын,

Оқпенен орай салды бір сипап.

Ғажайып қайрат денесін кернеп,
Шабытпен түлеп, кек жалын атып,
Ұмтылды Мартбек!—Ал маған ер!—деп

Әмірлі даусы бой шымырлатып...

Жармасып дұшпан, жанын сап өртке,
Таусылып айла, дағдарды міне,
Келе алмай тура дәл бетпе-бетке,

Сүрініп құлап өз өлімтігіне.

* * *
«Құбылып жалт-жұлт бұп-бұйра жоны,
Суылдап сырғып, аңқылдап лебі,
Терең ой, алуан хикая толы
Арнаға симай кең көкірегі,
Алыстан тартып дүние сырын,
Көзімен көрген көп қилы заман,
Ойнатып толқын Украина ұлын

Төсіне құшса құмары қанған.

Жағасы жайлау, етегі өріс,
Жатқан бір жомарт қарық қып елін,
Атаңа нәлет, бұзақы фашист:
Ылайлап суын, жұлқылап жерін;
Қаңғып кеп сонау ит өлген шеттен,

Қаусармен жуды қолдарын арам...

Мұңайып көптен, ұлдарын күткен,

Мінеки Днепро — даңқты бабаң».

Қуанып Мартбек, басып кеп нық-нық
Берді кеп рапорт:

— Лейтенант жолдас...

Бұйрығыңызды орындап шықтық!
Днепрге жеттік!

Шығын бар біраз...

Бітіртпей Волков Мартбектің сөзін,
Қалтырап қолы, күбірлеп ерні,
Құшағын жайып, кең ашып төсін,

Сорғалап жасы сүйді кеп ерді.

— Командир жолдас!

жігіттер шөлдеп,

Қаталап кепті.

Оқ нөсерлетіп,
Алғызбай суды, аралдан көздеп,

Барады жаудың қылығы өтіп.

Лейтенант Волков, тамсанып, талып,

Дей берді бұ да: Днепро... су... су...

Қара түн көзін нажағай шалып,

Қап-қара бір бұлт келеді төніп.

— Төгіңдер оқты, аралға мына,—

Деді де кетті күмп беріп суға,
Бермеді мұрша, ашу мен ыза

Не ойлануға, не қоштасуға.

Алдында жүзіп пулемет «Максим»
Келеді Мартбек бұрқатып атып,
Шойын боп үсте су сіңген киім,

Ойнайды өлім аяқтан тартып.

Біресе алдан, біресе арттан,
Түседі жаудың оқтары зулап,
Көк ала толқын — шөптей боп шапқан

Жапырылады үйіле құлап.

Біздің де аяр жанымыз жоқ»— деп,

Қарғыды суға жауынгер бір топ.

Қадалып жатыр кеудеге оқ кеп,

Сонда да ерлер келеді сілтеп.

Келеді сілтеп, уралап, шулап,
Жаудырып оқты бұл жанталаста,
Үстінде Днепро толқын боп тулап,

Ажалды аста тепкілеп басқа...

1944

ЕЛГЕ ХАТ

Бірінші сөз
«Менің бір бар еді ерке тентек ұлым,
Өлі ме, тірі ме екен сол құлыным?»—
Дейтіндей болдың ғой сен, туған елім,

Жоғалдым зым-зия боп, шықпай үнім.

Арада өтті үш жыл ойран-топыр,
Теңіздей тебіренді қала мен қыр,
Шарықтап аспанында жүрген шығар

Қанатын өрт шарпыған өлең мен жыр.

Көре алмай содан менің қаршығамды,
«Қан болып жатыр ма,— деп — құшып
Астынан алақанның алыс қарап,
Іздер ме ата қазақ ақсақалды?
Бармын мен бұл дүниеде, жүрмін тірі,
Жоқсың,— деп жала жабар қудың бірі,
Түссем де отқа, суға тозар емен,

Солдаттың етігіндей жаным сірі.

Екінші сөз
Есімде жөнелгенім қанда жолға:
Туған жер қимағандай мені сонда,
Жалтақтап, жалпақ дала, қарай бердің,

Жүгіріп, еріп зорға эшелонға.

Сықылды сынып-құлап аққан жұлдыз,
Мен кеттім қарауытып үнсіз-тілсіз,
Білмедім қош дерімді, күт дерімді,—

Елестеп екі жақтан мыстан мен қыз.

Айнала нұрға шомып бір керемет,
Ашылды жайнап сол кез ғажап сурет;
Болдым мен туып өскен тау, даламды

Көргендей тұңғыш рет, не соңғы рет.

Үшінші сөз
Мен кеттім, сол кеткеннен кеттім ұзақ,
Базарға келіп түстім қанды қасап,
Бір долы от ауызды, темір тісті

Қыршып жас өмірлерді жатты асап.

Душар боп сол бір сойқан дүниеге жат,
Кәсібім — соғыс болып, атым — солдат,
Қан жалдап, шалпылдатып кете бардым

Серігім болды менің азап-михнат.

Түткілеп жапырағын оқ жегенде,
Қараушы ем аянышпен сорлы еменге:
Жанымның жанат нуын жалын шарпып,

Достарым, сол емендей болдым мен де.

Қан соқта арасында еліктердің,

Ажалды өз көзіммен талай көрдім.

Достасып, бір ыдыстан тағам ішіп,

Астында бірге ұйықтадық сұр шинельдің.

Немене айтып-айтпай көрген азап,

Қалмадым қирап-қаусап тек жалғыз-ақ.

Мың есе білдірдің ғой қадіріңді

Атыңнан айналайын, ата қазақ.

Төртінші сөз
Жұлып жеп жер мен көкті от тұмсығы,
Долының ұстағанда қояншығы,
Қанатын ақша бұлттар қанға малып,

Өртеніп күп-күрең боп таудың шыңы.

Сырылдап қос өкпесі, іздеп жемтік,
Самолет сумаң етіп, келсе жетіп,
Бұлттағы долы сайтан найзасындай

Қадалса қара бомба жерге кеп тік.

Жылытып бауырымды ып-ыстық қан,

Кезімде өлі досты барып құшқан.

Үстіме сен кеп төніп тұрғандай-ақ
Болушы ем, атамекен Қазақстан!
Ес жиып тұрушы едім мен орнымнан,

Қараушы ем жалын шарпып жанарымнан.

Шегініп сен кетуші ең білдірместен.

Бұлтқа ұсап аспандағы аударылған.

Жалын боп қалушы едім жерді шарпып,

Көруші ем сонда анық көз құмартып.

Алтын ту, арайлы таң төккен нұрын,

Шұғла боп аспанында жүзген шалқып.

Туған ел, бұл дүниеде сен болмасаң,
Әзімді отқа атар ем әлдеқашан;
Сен деген қасиетті бір махаббат

Жүр сақтап, көкірегіме жуытпай шаң.

Бесінші сөз
Кең далам — дастарқаным — атамекен,

Зейінді асқар тауым көкірегі кең.

Лебіңмен оттай ыстық тартасың кеп

Тіріліп іздегендей мені әкем.

Жалбыр тон жетім болып жүргенімде,
Көтеріп, қаратып ең мені күнге,
Әкем де, анам да сен, туған елім,

Сен үшін ырысым да, қасіретім де.

Білмеймін не күтіп тұр мені алда,
Ажал кеп жүр дер ме әлде осы таңда?
Сені ойлап қиналам ғой туған елім

Қызыл ет, жатсам-дағы батып қанға.

Алшы деп мен ажалға бермеп арыз,

Сен маған айтқан жоқсың ел — деп уағыз.

Талпынған жаңа ғана екеумізге
Өлші деп әмір етер қандай жауыз?
Болғанда сен жас әке, мен сәбимін,

Ашылған жаңа ғана гүлмін, күймін.

Бәрібір құтылмайсың,— десе-дағы,

Келмейді сұм өлімге еш бас игім.

Жанымды күйдірсем де жалынға сап,
Қасқыр боп таласа да мені азап,
Туған жер топырағында тіп-тік өскен,

Қара емен қасарысқан мен бір қазақ.

Сағындым, туған елім! Өтті жылдар,
Білмеймін, достарымнан кім жоқ, кім бар?
Құс болса, ұшырар ем жүрегімді,

Ап кел деп, туған елден сен бір хабар.

Сарыарқа самалды тау, сырнайлы өзен.

Сағындың сен де мені, айтпай сезем.

Айбарлы ақсақалым — Алатауым,

Күт мені, сабырлы оймен, түңілме сен.

Құс болып ұшар жырым ой-қырында.

Қонақтар сенің алтын тұғырыңда.

Қымбаттым — халқым деген махаббатым,

Сенемін, қалмас шіріп қабырымда.

* * *
«Өлім» деген арсыз сөз,
Қайдан маған болдың кез?
Өлім — жауым, өмір — дос,
Неге өлейін бостан-бос!

ҚАРА АҒАШ

Қашанғы қайсар қария,
Қам көңіл жалғыз қара ағаш!
Жағасында дария

Қыстай тұрдың жалаңаш.

Жасартып сені келді жаз,
Бұтағыңда бұлбұл құс,
Қолында нәзік хат-қағаз,

Көлеңкеде отыр қыз...

Біздің де өтер қысымыз,
Біздің де келер жазымыз,
Бізге де сайрар бұлбұл құс,

Бізге де келер сұлу қыз.

1914

ҰЛЫ КҮТІС

Күтудеміз! Асығып эшелондай:

Өтіп жатыр зулап күн, шұбалып ай.

Күтудеміз тықыршып, мың құбылып,

Қазір, қазір бар тілек болатындай.

Тұтылған күн дәл қазір шығатындай,
Талып жатқан досың ес жиятындай,
Ауыр азап үстінде қиналған жан

Рахат тауып, талықсып тынатындай.

Күтудеміз тұрсақ та әзілдесіп

Арпалысып жүрсек те қан-сел кешіп.

Күтудеміз сонау сұр окоптарда,

Өліп бара жатсаң да талып өшіп.

Мейлі, күтіп, шыдамай темір сынсын,
Мейлі көлдер суалсын, тас үгілсін,
Қасарысып біз күттік! Шыда, жүрек,

Бұл ақырғы, ең ауыр болсын бір сын.

Жараланған жауыздық қашты аң боп;

Атылса екен тезірек ең соңғы оқ.

Әділ сағат, сын сағат сенсің жүрек.

Сезіп-біліп тұрсың ғой, қаттырақ соқ!

ҒАЛИҒА ЖАУАП

Бірінші сөз
Сәл ғана саябырда тауып рақат,

От үрлеп сұр окопта отыр солдат...

Кім білер сол солдат мен екенімді,
Алтын от алдымдағы — дос жазған хат?
Ақын дос, адал ниет ағатайым,
Мен үшін тоқсан толқып, шегіп уайым,
Шөлдеген жіберіпсің жан сусынын,

Бойыма құйылды өмір жұтқан сайын.

Қатқан мұз көкірегімде қан аралас,

Балқып бір кетті тамып боп ыстық жас.

От шашқан жанартаудай тебірендім,

Түксиген түсі суық едім құз тас.

Айығып жарқырады ой аспаным,
Алыста ақты өзендей ерке сағым,
Досымдай іздеп тапқан құшты мені,

Бақытым, сүйінішім, жастық шағым.

Қан қатқан қанатымдай шинелімді,
Қайыра серпіп, ашып көкірегімді,
Құшып бір тұрғандаймын нақ осы кез,

Назымды, сырымды айтып, мен елімді.

Қараймын отты көзбен жан-жағыма,

Ой тастап, арттағыма, алдағыма.

Қарлыққан соғыс даусын киіп-жарып,

Құйқылжып күй келеді құлағыма.

Тыңдаймын осы күйді жаным ұйып,
Барады жүрегіме жылы тиіп,
Ұлы өмір, ұлан-байтақ туған елім,

Қалайша көкірегіме кеттің сыйып.

Туған ел, сен дегенде жаным жайлау,
Орнашы зердеме кеп, ұлы Алатау,
Құйылшы жүрегіме, Есіл мен Сыр,

Өтейін қаптатып сел, қиратып жау.

Ажалдан ата дұшпан алайын кек,
Мәңгілік тынбастай боп соқшы, жүрек,
Майданда тасқа қатқан достар қанын

Ту ғып мен көтерейін, көрсін жер-көк.

Екінші сөз
Көңілімді тебіренттің, ақын аға!
Жыршы емен жалтақтағыш, жалтырама;
Елімнің солдатымын қарапайым,

Сөз шайнап тұрғаным жоқ сахнада.

Жұлдызым бүгін менің жүзбей өрге,

Аласа көрінсем де «биіктерге».

Бір келме қонағындай замананың

Сыр бүгіп, сылаңдаман туған жерде.

Мен емес сыртын сылар, іштен іріп,
Кимеймін тұмылдырық, көзілдірік,
Өткізіп өз көзімнен бар өмірді,

Аралап, жерде жаяу келем жүріп...

Нығырақ басамын мен аяғымды,
Алға ұстап жүрегімді, аянымды,
Өз жүрген жолдарыма келем жазып,

Сырымды, барлық өмірбаянымды.

Құлдықтың құрсауы емес— баста бөркім,
Табиғат бөбегімін өскен еркін,
Жүрегім торда отырған емес тоты,

Күлем бе, жылаймын ба, тек өз еркім.

Табиғат-анама мен туғам тартып
Күн болып күлемін мен балқып, шалқып,
Көк дауыл көкірегімде күрсінгенде,

Бұлт болып арпалысам, жалын шарпып.

Көңілім — шың, теріскейім — ызғарлы аяз,
Күнгейім — тас балқытқан бір алтын жаз,
Кім келер қай жағымнан, мейлі өз еркі,

Отты сөз — дұшпанға зіл, досыма наз.

Үшінші сөз

Хат жаздым, қан тамызып мен сияма.

Айт сәлем туған елге, Ғали аға,
Мен үшін сүй бетінен сәбилерді,

Бер сәлем, жолыққан әр қарияға.

Жанымның жалын шалған жапырағын

Жібердім салып хатқа, аға жаным.

Жи-дағы достарымды көрсет өзің,

Жапсырып кеудесіне домбыраның.

Айтар ем туған жердің сүй,— деп,— тасын

Аяймын, кетер тамып ыстық жасың.

Жанымыз сіз бен біздің жатқан майдан,

Тамшы жас тамып түсер бір қорғасын.

Ажалдың мен бе көнер дегеніне!

Келермін күтші, достар, мен еліме.

Біреулер жанарымнан жанымды ұғып,

Біреулер қарар ескі шинеліме.

Сыпырып кіреукесін жіті түннің,
Жүзіне қараймын тік келер күннің,
Жұлығын қан жалаған ботинкаммен

Төріне шығармын бір мен елімнің.

Тынар ма кеудем менің, жұтса да оқ?
Күйер ме тілім менің, шайнасам шоқ?
Туған ел кеудесінде арпалысып,

Соғармын ыстық қанды жүрегі боп.

ҚАПАНҒА

Қан қақтаған жалпақ дала
Жанымдай боп жатты өртеніп,
Кешкі аспан қызыл ала

Төмен түсіп, тұрды төніп.

Оралғандай тұмша бұлтқа
Отырдым мен бейне құз тас;
Ішкі толқын теуіп сыртқа

Шашырады көзімнен жас.

Отты желі сағыныштың

Өтті қарпып, шарпып жалап.

Өз жасымды өзім іштім

Кеуде қаңсып, жан қаталап.

Сол кез, досым, бақыт құсы
Қауырсынын малсаң қанға,
Тіршіліктің хабаршысы
Іздеп мені қан майданда;
Жарқ етті де, келді, қонды,
Менің алақаныма кеп,
Әмма сайрағандай болды,

Жайып қанат, үні елжіреп.

Ақ қанатты бақыт құсы
Ақ қағазға жазылған хат,
Қанды сапар жолаушысы
Хат қадірін білер солдат,
«Хат қадірін білер солдат»
Деген оймен мені ескеріп,
Досым, құрбым, жазыпсың хат,

Жүрегіме болды серік.

Тапты ұя көкірегімнен;
Бір жаңардым, қайта түлеп,
Өршіп, қаулап тірілдім мен,

Қатар соғып екі жүрек.

1944

* * *
Дүние қандай жап-жарық!
Осындай ма еді бұрын да?!
Байқамаппын аңғарып,

Ойдың тапшылығында.

Дүние қандай жап-жарық!
Көңілім неге жабырқау?
Көкірегіме дақ салып,
Кетті ме соғыс япырым-ау?!
Дүние қандай жап-жарық!
Жырдың алтын бұлағы —
Жалт-жұлт етіп жатшы ағып,

Жарқылдайын мен-дағы.

ҮСТІМДЕ СҰР ШИНЕЛІМ

Үстімде сұр шинелім,

Ақсаңдай басып келемін.

Қанды қырғын; қызыл от,

Қаптап жүр ажал дегенің.

Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін,
Қағып-соғып жығар ма

Оңайлықпен мені өлім.

Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін,
Баяғы Қасым, бір Қасым,

Баяғы күйім, өлеңім.

Үстімде сұр шинелім,

Ақсаңдай басып келемін.

Ұмытса да достарым,

Ұмытар ма мені елім.

1944

Сен фашиссің, мен қазақпын.

Сен айтқандай «азиатпын».

Сен аспаннан «жұлдыз қақтың»,

Мен далада түйе бақтым.

Енді мынау қарайсың тек,

Дәрменің жоқ, көзіңмен жеп.

Арланасың, қорланасың

«Тұтқын болдым тағыға», деп.

Егерде мен түссем қолға,
Қамар ең-ау темір торға,
Олай болмай, бұлай болды,

Біздің бақыт, сіздің сорға.

Сен фашиссің, мен қазақпын,

Өзің айтқан «азиатпын».

Таңқаларсың «философым»,

Ғажабына табиғаттың.

1944

* * *
Соғыстың, қыстың ызғары
Бойымнан кетпей, боп сырқат,
Емендей жалғыз құздағы,

Айналаға болдым жат.

Қайсарлықпен сыр бермей,
Отырмын қарап биікке;
Ұшқан құстар тау көлбей,

Қиялда жортқан киікке.

1944

ҚҰ3

Қабағын түйіп құз тас тұр,
Төңірегіне парық сап;
Шыңында шулап құстар жүр,

Айнала ұшып, шарықтап.

Кеудесі жалын қара бұлт,

Келеді төніп аспаннан.

Алып құз тас сұп-сұрғылт

Жамылып шапан — боз тұман.

Шық моншақтап — шыпшып тер

Сорғалайд жасы жүзінде...

Сол құзды көр де — мені көр,

Ойға бір шомған кезімде.

* * *
Көкте зырлап барады

Алтын жұлдыз.

Жерде тұрып қарады

Әлия қыз.

Алтын жұлдыз алысқа
Кетті ағып,
Кетті ағып, жас қызға

Бір ой салып.

Алтын жұлдыз зымырап

Кетті алыс.

Кетті алыс мылтық ап

Бір жап-жас қыз...

Майдан кешті мылтық ап
Әлия қыз,—
Өр төсінде жарқырап

Алтын жұлдыз.

СЫРЛАСЫМ

Хат жоқ елден: достан да, жақыннан да,
Шынымен-ақ шіркіндер ұмытқан ба?
Жапа-жалғыз тұңғиық ойға батып,

Ұқсаймын су түбінде отырғанға.

Жалғыз сенсің сырласым, осы өлең;
Ақын жыры, туысы, досы — өлең,
Мейлі мені ұмытсын дүние жүзі,

Жырлап тудым анадан, жырлап өлем.

1944

* * *
Аспанымды бұлт торлап,
Құрыстырды денемді;
Көзімнен жас домалап,

Төктім сонда өлеңді.

Жырымды да жасымды

Бір сығып мен тастадым.

Жайнап қайта ашылды

Ойым менің аспаным.

1944

* * *
Ойлаймын да жазамын әр немені;

Дамылсыз-ақ еседі көңіл желі.

Байтақ жатқан сары дала сықылдымын,

Кең өмірдің қадырын білер елі.

1945

* * *
Құраулап жылқы шақырған,
Қоңырау үнді, келіншек;
Қуалап құлын қайырған
Қайда жүрсің, жеткіншек?

1945

1945 жыл
Жаңа жыл, мың тоғыз жүз қырық бесінші
Құйшы, дос! Қыран көңіл, бір желпінші!
Қан қырғын қызыл соқта толастар ма?
Жаңа жыл, айт та, менен ал сүйінші!
Тілемен жетсе екен деп жасым жүзге,

Тілемен нұр жаудыр деп көктен бізге.

Жаңа жыл, жаршысы боп игіліктің,

Жауды жеңіп қайтқандай елімізге.

1945

«МАЙДАН»6

Төрт жыл күттім қор жинап келдің қайдан?
Ішің — шежіре, өлең-жыр, атың —«Майдан»
Сені жансыз зат десе сенермін бе?

Сен тірісің кей іні, кей ағайдан.

Туған елдің жан сырын құйып жырға,

Алып келіп, жинайсың көз алдымда.

Әттең шіркін, дариға, қайда уақыт,
Қайда бақыт отырып сені оқырға?
Құсша тығып қойныма келем жүріп,
Кете ме деп жау оғы сүріндіріп;
Тек қоримын балапан журналымды,

Қырғи оқтар кетер деп жыртып-іліп.

Қойнымда сен жатырсың, жылтып жүрек,

Қозғалғандай боласың сәл бүлкілдеп.

Мен келемін: қайтсем бір оқырмын,— деп.

Қызыл ала сұрапыл жатыр жер-көк.

1945

ҚАЛМАҚАНҒА

Алдым, аға, хатыңызды,
Тақсам ба екен бой тұмар ғып?

Сіздің махаббатыңызды.

Көкірегіме құйдым нәр ғып.

Көкірегіме құйдым нәр ғып,
Тапқандай-ақ жаным дауа,
Орынымнан тұрдым қарғып,

Шығып естен ауыр жара.

Тән жарасын алдым жазып,
Алдым жазып, жоқ уақасы,
Көңіл нәзік, ойлап қажып,

Қатты батты жан жарасы.

Жасыра алман қасіретімді,
Жасыра алман жұрт күлер деп,
Өзгерте алман мен бетімді,

Бояп-сылап «мені көр» деп.

Қулығы жоқ мен бір солдат,
Шинелінен сыққан қанын,
Сызып жалау, қойып ноқат
Қартасына Европаның
Отырғам жоқ кабинетте,

Қарындашпен қиратып жау...

Аға жаным, айып етпе,

Кетсе шығып сөзім шашау.

1945

ДОСТАР, ҚАЙДА ЖҮРСІҢДЕР?

Достар, қайда жүрсіңдер, қай майданда?

Мен де келе жатырмын малтып қанға.

Ең болмаса біреуің кездессең ед,

Ыстық, суық күндерде сағынғанда.

Күндер өтті, үңілдім сендерді іздеп,
Айлар өтті: «Көрмедік, білмейміз» деп,
Жылдар өтті, таппадым, қайдасыңдар?
Мені қуантсаңдаршы,— бірің кез кеп?

1945

СЕН ЕДІҢ МЕНІ АЙЫРҒАН

Сен едің мені айырған достарымнан,
Долы жау, дүниеге салған ылаң!
Бөбегін махаббаттың жалынға атып,
Кеудеме қан аралас мұз қатырған,
Орыстың ойран салып орманына,

Қазақты қуғандай ен даласынан...

Дариға, бізге де бір тиді кезек!
Сені өртеп жатыр міне ызалы кек,
Енді ме есің жаңа есер дұшпан,

Етесің енді неге безек-безек?..

Алайық ту сыртынан сығып жанын,
Қайта бас көтермесін өлікті жеп!

1945

АҒАЙЫМА

Жан аға, жазыпсыз хат, жан елжіреп,
«Қайда жүр, қайда менің бауырым»,— деп
Дариға, бар екен ғой есіркеушім,

Алыстан адал тілеп, жүрген жебеп.

Жан аға, сізден жақын табам кімді?
Тебрентіп жібердіңіз көкірегімді,
Есіме еріксізден түсірдіңіз

Жылдардың артында ұмыт қалған күнді.

...Қыс. Қыстау атамекен Қызылдағы

Ерттеулі аттар толы, қора маңы.

Томпаңдап үйге жалғыз келе жаттым,

Тойдырып күресіннің сырғанағы.

Жармасып босағаға үйге енгенде,
Түскендей болды жүрек ыршып жерге,—
Сұп-сұлық жатты әкем алдыңызда,

Бүркеніп жайнамазын оң жақ төрде.

Көл-көсір жылау-сықтау үйдің іші,
Неткен күй күңіренген үлкен-кіші!
Құшақтап жыладыңыз сіз кеп мені,

Жалын боп өткен әке күйініші.

Жыламай, қарай бердім ынтамды сап,

Көзіме көріндіңіз әкеме ұқсап...

Дариға, енді бүгін қан майданда,

Тағы да сізсіз мені жүрген аңсап.

Арқалап долы соғыс қанды жүгін,

Алдыңғы сапта жүріп келед інің.

Шығыстың шолпанындай тартады көз

Жұққан қан өңіріне шинелінің.

Өзгердім, ағатайым, мен азырақ:
Көрінем бұрынғымнан сәл жасырақ;
Қарая түсті қайта шашым менің,

Естірек болдым енді, ақылдырақ.

1945

EPKІH ІHІME

Ойлаймын да жүдеймін,
Сағындырдың, Еркінім,
Тез жетсін деп тілеймін

«Аға келді» дер күнің.

Жалаң аяқ жарысып,
Ойын салып, ойнақтап,
Жас шағыңмен алысып
Жүргеніңде, кілт тоқтап,
Қарайсың ғой, білемін,
Әрбір өткен солдатқа;
Шым етіп жас жүрегің,

Мені ойлайсың сол уақта.

Сәл тұрасың елжіреп,
Қабақ шытып, ойланып,
«Ағам менің келді»— деп,

Мақтана алмай, қорланып.

Ойлаймын да жүдеймін,
Жеткіншегім, Еркінім!
Тез жетсе екен, тілеймін,

«Аға келді» дер күнің.

1945

АҚШАЛЫҚ

Ағам берген ақшалық
Жүрерімде майданға,
Құнды зат ең қаншалық
Ой салғандай адамға?
Бір жапырақ былғары
Құрай салған әлде кім,
О, дариға, бұл-дағы

Болды менің ермегім.

Төрт жыл болды, қалтамда

Келем сақтап, жоғалтпай.

Мені қорғар майданда

Тілсіз туыс болаттай.

Жанталаста жоғалып,

Не қадірлі қалды зат.

Тек осы бір ақшалық!
О, құдіретті махаббат!—
Төс қалтамнан орын ап,
Жүр ілесіп жоғалмай,
Көкірегіме ұя сап,

Паналаған торғайдай.

Ағам берген ақшалық
Жүрерімде майданға,
Құнды зат ең қаншалық
Ой салғандай адамға?
Қолға аламын, қараймын,

Қараймын кеп күрсініп.

Сенде туған ағамның

Махаббаты тұр сіңіп.

ТӨЛЕУТАЙҒА

Төлеутай, досым, құрбым,
Япыр-ай, тірі екенсің!
Қалың өрт, қанды қырғын,

Ұмытпай жүр екенсің.

Достарым бірі екенсің.

Солдатпын мен де өзіңдей,
Қан қатқан шинеліне;
Қасарып келем көнбей,

Ажалдың дегеніне.

Қасарып келем көнбей,

Қажысам, еш сыр бермей.

Уланса ақыл-сана
Үстінде ерегістің,
Болсам мерт қапияда
Оғынан бір немістің,
Кешер ме досым менің,
Кешер ме туған елім!

Қорықпаймын жұтар деп оқ.

Қаршыға жаз жүрегім;
Қорықпаймын бір есерсоқ
Салар,— деп,— қан шеңгелін,
Қорқамын жұрт сөзінен:

«Тым арзан өлді» деген.

Төлеутай, досым, құрбым!
Тынбаса қан жүректе,
Астында алты қырдың

Жүрелік бір тілекте.

Маған да келер, саған

Бейбіт күн біз аңсаған.

1945

АҚША БҰЛТ

(Бір ақынның өлеңі жайлы)
Асқар тауда ақша бұлт
Жүзуші еді жалтылдап;
Кеттім алыс, қалды ұмыт,
Бір жалтылдақ қызға ұсап:
Қызыл майдан, алтын ту,

Қыза жортып келем мен.

Бұлдыр бұлттар, қыз-қиқу

Алдағандай жас емен.

Ақын қиял — ақ сұңқар,
Қанатыңды қанға мал,
Ақша бұлт — ақ орамал
Шын жіберсе сүйген жар,
Түссін жерге үлбіреп,
Таңайын мен жарамды,
Не жаңбыр боп сіркіреп,

Бассын өрт пен тозаңды.

Не тері боп солдаттың
Сіңсін туған жеріне,
Не жасы боп сан қарттың

Құйсын қасірет көліне.

Аспандама ақша бұлт,

Алдандырма ақынды.

Жер деп жанын тосты жұрт,

Жерде оқтар атылды.

1945

ЖЕҢІС ДАУСЫ

І

Казарма лық тыныштық.

Жатыр ұйықтап солдат достар.

Жоғарғы нар қандай ыстық,

Жан екем бір монша құмар.

Әм дөңбекшіп, әм күркілдеп,

Арпалысып ұйқылы-ояу...

Тамып-тамып, тамылжып кеп,

Естілед бір күй қоңырау.

Естілед бір күй қоңырау,

Әлдилейді жүрегімді...

Мезгіл еді таңға таяу,
Неткен күй бұл, кім не білді?
Неткен күй бұл, жанға тәтті,
Неткен күй бұл, тым мезгілсіз?
Кім жіберді бұл ләззәтті?

Жаным-жаным, рақатқа жүз.

ІІ

Қайда, қайда кеттің күйім,
Таусылдың ба, сарқылдың ба?

Енді қанша дөңбекшиін...

Тыныштал жаным, тыңда-тыңда:
Болды маған естілгендей
Ұлы Москва дем алысы!
Кетші әрі ұйқы, түнше төнбей!
Япыр-ай, бұл диктор даусы —
Күйі ғой бір куаныштың!
Саңқ-сұңқ етіп сонау көктен,
Қиқуындай қыран құстың

Ғажап дауыс шығады өктем.

Жалғыз кезген жер-жаһанды
Күй қанатты бір жолаушы,
Тірілткендей өлі жанды,
Саңқылдайды жеңіс даусы!
Жеңіс даусы — кұдіретті үн
Құйылды кеп кеудемізге,
Қалдық ұйып. Дүние шіркін,
Өліміз бе, тіріміз бе?

ІІІ

Тік көтеріп шаттық дауыл,

Өрт боп қаулап шықтық сыртқа.

(Өскен қала, туған ауыл,
Не күйде екен осы уақ та?)
Көк төсінде жүзді оттар,
Қуаныштай жарқылдаған;
Кетті атылып ақтық оқтар

Винтовкадан, нагандардан.

Кетті атылып ақтық оқтар
Кетті атылып ақтық ашу —
Кешегі қол — қанды шоқпар

Қызыл қанат ұсташы ту.

Келеді атып ғажайып таң,
Асыққандай игілікке;
Көрдім сені, байтақ Отан,

Шығып сол кез бір биікке.

Көрдім сені, жайдым құшақ,
Тоқтата алмай көз жасымды,
Құштым, сүйдім, ғашыққа ұсап,

Майдандас бір жолдасымды.

VІ

Жеңіс даусы — құдіретті үн,
Саңқылдайды, тебрентеді;
Шіркін адам, ұқтым бүгін,
Жаны қандай нәзік еді,
Көңлі қандай шалқар еді?!
Нендей ыстық махаббаты!
Құшақтасып ұшар еді,

Әттең ғана жоқ қанаты.

1945

ӘШІМ

— Ойбай, мынау

Малғұн фрау!
Неге маған көз қысад,
Қағып қасын?!—
Дейді де Әшім

Сығад жасын.

Есіне алып

Өзінің Жәмиласын.

1945

ЖЫЛҚАЙДАР

Берлиннің тар көшесінде
Салып жөнге фашистерді,
Жайнап жұлдыз кеудесінде,
Кезей ұстап көк семсерді,
Орнатып нық өз тәртібін, —
Олай емес, бұлай жүр!— деп,
Асауының басып желін,
Шабандарын етіп жүрдек,
Жылқыайдар жүр өзіміздің,
Жау ырқына мініп аттай,
Тигеннен соң қолға тізгін,
Қоюшы ма ед майпаңдатпай!

1945

ҚЫЗҒАЛДАҚ

Өртенген үй орнында
Өскен жалғыз қызғалдақ;
Кез боп қалдың жолымда,

Аялдаттың азырақ.

Өртенген үй жұртында
Қып-қызыл боп желбіреп,
Қалай естің сен мұнда?
Нендей сыр бар, нендей кеп?
Қансың ба әлде тамған бір

Күнәсіз жас жүректен?..

Сен екенсің жас өмір

Ескі жұртты күзеткен?..

АЛМАТЫ

Жақсы екен ғой Алматым,—

Алтын үйек астанам.

Осы екен ғой жаннатың

Атам қазақ аңсаған.

Келдім сені сағынып,
Алтын ұям — Алматым,
Кең көшеңде басар нық

Мен бір ақын солдатың.

От пен темір сайысқан
Келдім майдан төрінен;
Жер құшам деп көр құшқан

Жау жерінен келдім мен.

Сағынышын солдаттың
Сен сұрама, мен айтпан;
Кетті шығып бір ұшқын

Кеудемдегі шыңайттан.

Күлкі-жасы аралас,
Ақын да бір жас бала;
Тербет өзің, мауқын бас,

Алтын бесік — астана.

Жүрмін жортып қызықтап,
Көше қоймай баспаған;
Сыбырлайды жапырақ,

Жалт қарайды тас маған.

Өкпе, назға — манафест,

Жатыр құшып достарым.

Сары алтын күн, думан кеш

Қанар емес құмарым.

Ән мен күйді сапырған
Сал домбыра,— сал ожау;
Сабырлы оймен отырған

Бір кәрия Алатау.

Неткен сұлу өмір ең!
Қарай берем үңіліп,
Ғажайып бір мейірмен

Келешегің тұр күліп.

Жақсы екен ғой Алматым —

Алтын тулы астанам.

Осы екен ғой жаннатың,

Атам қазақ аңсаған.

1945

СЕНІҢ АЛМА БАҒЫҢА

Сенің алма бағыңа
Шыбық шаншып кетіп ем,
Алдағы өмір бағына

Соны белгі етіп ем.

Келдім қайтып майданнан,
Таптым іздеп сені алғаш;
Сол шыбықтан жайқалған

Өсіпті бір алма ағаш.

Тұр жайқалып бағында

Қызығамын, тамсанам.

Өзің де бұл шағыңда

Кем емессің дәл сонан.

Неткен жақсы жер еді
Жас шыбығым жайқалған!
Бір сөз айтқым келеді,

Тіл жетпейді, айта алман.

1945

ӨЗ БИІГІМ — ӨЗ СОВЕТІМ

Болсам да мен қанша тұйық,
Бір мақтанар келді ретім:
Үкімет жоқ сенен артық,
Өз биігім — өз Советім!
Ұстап қолға сұңқардайын,
Қызыл қанат жалауымды,
Жүрегім от, жүзім жалын,

Қарсы аламын сайлауымды.

Жеңіліп жау, біз есен-сау

Қайттық елге, басылды ашу.

Қарсы аламын сайлауымды,

Қолымда ту, жырым шашу.

Кімді қалар бұл жүрегім,
Білем өзім, біледі елім;
Ел арманын, ақын жанын

Кім ұқса — сол тілегенім.

Болса туы өміріңнің
Қасиетті Ленин аты,
Сендік елің, сендік сенім,

Саған ақын махаббаты.

— Ленинше сүй еліңді сен,

Ленинше еңбек ет халқыңа,
Лениндей бол!—деген көсем,

Көсемше адал бол антыңа.

1944

ЖИЫРМА БЕС

Жиырма бес, жас еді бұл болған арман,
Аңсаумен ата қазақ шашы ағарған,
Қуса да қобыз ойнап Қорқыт баба

Адасып жиырма бестен, қапы қалған.

«Жиырма бес қайта айналып келмес саған»
Деген күй сардалада ыңыранған,
Сағым боп сылаң еткен жиырма беске

Қадалып құба жонда қойшы қалған.

Сол жасты қудық біздер жиырма бес жыл,
Сол жасқа біздер бүгін жеттік кәміл;
Жігітпіз, жасымыз бар жиырма бесте,

Келеміз, өскендей боп кеудеде гүл.

Өскендей кеудеде гүл — букеттермен
Келеміз ұл менен қыз гүл көтерген,
Ал қабыл, алғыс гүлін, партиямыз

Бақытқа жиырма бесті бөлеп берген.

1946—1950

ҚАЗАҚСТАН

Елу жаста «Елім бар деп айта алмай»

Кетпес естен күйінгенің мұңлы Абай.

Елім бар деп айтатын бір туды күн.

Елім бар деп шырқатайын мен бүгін.

Қойсын енді Қорқыт күйі сарнамай.

Атам Абай арманыңа бер тыным,
«Гүлжазира», «Жерұйықтан» кем бе екен,

Сен таппасаң, біздер таптық жер тыңын.

Мынау дала біздер өскен кең мекен —
Қызыл тулы ел — Қазақстан дейтұғын!
Көкше, Баян, Қарқаралы, Алатау,
Тоңы — алтын, түгі — торқа жер мынау!
Қарағанды қара қазан қайнаған,
Елдігіме етер шүбә қандай жау,
Дүние байлық тұрған жайнап айналам,
Дүрсілдейді сонау Балқаш жағасы,
Баршы өзің, көңіл қойып тыңдашы!

Тұр ғой соғып туған дала жүрегі.

Кім қызықтап мақтан етпес бұл жерді,
Бақытыңа қуан қазақ баласы,
Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз;
Ел намысын ешбір жауға бермейміз,
Өмірді алға бастырамыз, өрлейміз!
Сертің осы азат жігіт, азат қыз!
Байтақ Отан — туып өскен өз елім,
Өмірімдей өршіп аққан өзенім?
Артым жақсы,
Алдым қандай тамаша,
«Бөтен елдің падишасы болғанша,—
Өз елімнің терсем артық тезегін!»
Қуанамын көрсем атты қазақты,
Ән шырқаған алшы тастап тымақты,
Қуанамын шапқанына құйғытып,
Қанаттанып, алыс жолды тез ұтып,

Отты көзбен тұрса шолып жан-жақты.

Аралашы, Алматының көшесін,
Емендермен егесе сен өсесің,
Талғар тауда тудай жайнап талабың,
Бой ұрасың мұхитына даланың,

Қайтарам деп өмірімнің есесін.

Туған бала құба құмда, жер үйде,
Тоқсан томды алдына алып КазПИде,
Отыр дүние архивтарын ақтарып,
Соны көріп сүйсінем де мақтанып —

Кетем жырлап, қосылам да бір күйге.

Тау қопарған, көлді көлге қотарған,

Біз ерлерміз алғыс алған Отаннан.

Туған жердің салмақтап сом алтынын,
Содан ұғып келешегін халқымның,

Жүрген жасты жырлап өтсем жоқ арман.

Кемпір көрем көк өзендей күй төккен,

Шалды көрем жыр ұшырған көкіректен.

Қызымыз бар құралай көз, қара шаш,
Күлкісі — күн, сайрап кетсе — сандуғаш,

Жігітіміз барабар жас түлекпен.

Көк құрыштан құйылғандай бір елміз,

Әрі биік, әрі кеңбіз, тереңбіз.

Әніміз бар асқақ жалау сықылды,
Көтерілсе — тік көтерер жұртымды;

Біз дүниеге мәңгілікке келгенбіз.

Елу жаста елім бар деп айта алмай,

Кетпес естен күйінгенің мұңлы Абай.

Елім бар деп айтатын бір туды күн,

Елім бар деп шырқатамын мен бүгін.

Еркелеймін кең даламда баладай.

Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл далаға жылап келіп уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!

СОҒЫСТАН СОҢҒЫ БЕСЖЫЛДЫҚ

Сапырды соғыс дауылы
Өмірдің бейбіт теңізін;
Солқылдап дала сауыры,

Қаптады бір өрт жер жүзін.

Қасқара шықтық майданға,
Қасақы жауды мерт қылдық,
Халқымыз анттан тайған ба!

Құлшына түстік, серт қылдық.

— Қираған сәнді қаламыз,

Қаусаған алып заводтар,
Құлпыртып қайта саламыз,
Жағамыз,— дедік,— жаңа оттар!

— Өртенген, орман, күйінбе, Сені де қайта егеміз.

Баяғы балғын күйіңе
Келесің қайта, дегеміз!

— Қайғырма, туған жеріміз,

Жиренген жауың жеңілді,
Бөлейміз нуға сені біз,
Жайқалтып алтын егінді!

— Теріміз тамшы тамған жер,

Қызғалдақ атар құлпыртып!—
Деп, іске басты алуан ер,

Өмірді алға ұмтылтып.

Партия бастап, біз қостап,
Кірісіп кеттік еңбекке;
Дүниеге бүкіл ой тастап,

Даңқымыз кетті жер-көкке.

Ақылды, ойды, қайратты
Қасқара салдық қиынға,
Қаһарман елміз айбатты,
Қиындық ерге бұйым ба!
Қираған әбден, күл болған
Тірілді қала, заводтар;
Толқыды қайта нулы орман,

Егінде қалды окоптар.

Бесжылдық біздің төрт жылда,
Қашаннан бергі дағдымыз;
Қимылда, достар, серт қыл да
Төкпедік босқа қанды біз!—

Деп бастық іске ер халық.

Қалпына келді ұлы өмір:
Әніміз жатыр шырқалып,
Жүзіміз — жалын, кеуде — нұр
Басамыз алға тағы да,
Жауымыз, өртен, күндесең!
Бағына елдің, бағыма
Баста,
Партия,— күн көсем!

ДОСТАР

І

Біз көп едік отырғанда
Демалыс күн мәжілісте,—
Жау тиді де Ұлы Отанға,

Бұзды шырықты шаңқай түсте.

«Соғыс» деген бір зілдей сөз,
Кетті басып еңсемізді,
Ап-ауыр ғып түсіртті тез

Қолымыздан кесемізді.

Сағасында домбыраның
Сыңсыды да үзілді күй,
Ауыртты да ақын жанын

Тынды сұлық қайран «Мәди».

Күлкі ерінде қалды қатып,
Қуанышты қуды қайғы,
Ойнасақ та мылтық атып,
Көріп пе едік біз мұндайды?
Айтар сөзін бітірмей жар,
Қарай берді жасы іркіліп,
Кеткендей-ақ қайғы-қанжар

Жар өзегін тіліп-тіліп.

Шала жиып дастарқанды
Қоштасарда сәл кідіріп,
Сақтаймыз деп Ұлы Отанды

Қан майданға кеттік жүріп...

ІІ

Жалындаған жалынды өртке
Қотарылдық қара селдей,
Келіп жаумен бетпе-бетке,

Араласып кеттік сеңдей.

Араласып кеттік сеңдей

Өзенінде қан майданның.

Солдат болдық кәдімгідей

Білер парқын қара нанның.

Сапырылды ерсіл-қарсыл
Жорық жолы — майдан теңіз,
Айлап сынып, таусылды жыл,

Айрылысып қалыппыз біз.

Жүдемедік сонда бірақ,
Жарқылдадық салған жерден,
Жаңа достық алдық құрап,

Шар тараптан келгендерден.

Жауды жауша қарсы алдық біз,
Шынықтырып алдық жанды,
Тулап теңіз, шайқалды құз,

Алдық барып не қамалды!..

Жүрдік аңсап өткен күнді,
Шала жиған дастарқанды,
Кілт үзіліп қалған күйді,

Аяқсыз ән, мұңлы жарды.

ІІІ

Жеңдік жауды, алдық кекті;

Мөңкіп тулап, басылды апат.

Мең-зең етіп жер мен көкті,

Тынды-ау ақыр бір ғаламат.

Ескі дозақ орынындай

Қирап, қаусап қалды қала.

«Күміс күмбез, алтын сарай»

Қалды сонан төрт бағана.

Көнбіс ана бұл қара жер
Сезе ме екен мың жарасын?
Сезер болса, едік сүйер

Әр төбесін, әр құз, тасын.

Не деген біз қайратты елміз,
Болса-дағы не ғаламат,
Күліп тұрып көтергенбіз,
Жанымызға жабырқау жат!
Жеңіп жауын, достар үйге
Келіп жатыр жеке-жеке
Шалқып тағы бастық күйге,

Бейбіт өмір бір жәрмеңке.

Жайдық қайта дастарқанды,
Қолда ойнатып кесемізді,
Құштық қайта сүйген жарды,
Кім айырар енді бізді!
Домбыраны бұрап, қайта,
Құшырлана сүрттік шаңын,
Бір жарқ етер осындайда,
Өткен шағың, болашағың!
Қайта жалғап тарттық біздер
Кілт үзілген көңіл күйін,
Өтті, кетті қатал күндер,—

Көңілге бір тастап түйін.

Көп едік біз, көп едік біз
Демалыс күн мәжілісте,—
Біз әлі де көп екенбіз,—
Кел, достарым, кеттік іске!

1946

МАЙ КЕЛДІ

І

Май келеді, май келеді,
шық тысқа!
Қып-қызыл күн дөңгеледі

Шығыста.

Май келеді,
май келеді,
Май сұлу!
Көк алаңда

Қанаттарын жайды ту.

Қақпаларға
қонды қызыл жалаулар,
Май келеді!

Ерте тұрып қараңдар...

Бұл өлкенің
Таңы неткен арайлы!
Адам түгіл,

Тас күлімдеп қарайды.

Алып завод
Беріп таңның хабарын,
Шымырлатты

Жан-жүйесін қаланың.

Алтын кірпік,
Дөңгелек көз күлімдеп,
Май келеді!

Желкілдейді көк желек.

Қыз ерніндей
Қызғалдақтар дірілдеп,
Бұйра бұлақ

Жатыр аунап еркелеп.

Май келеді —
Жер анасын жасартып,
Асқар таудың

Аппақ шашын қарайтып.

ІІ

Майда бір қыр
Көрсетіңдер сұлулар,
Күн боп күліп,

Гүл бөленіп шығыңдар.

Май да сұлу, майдан гөрі сен сұлу,
Шық көшеге,

Қарындасым Меңсұлу.

Май келеді, май келеді,—
Май келді!!!
Ажар ана,

Дастарқаның жай енді.

Әкел бері...

Домбырамды қолыма,
Қосыл маған
Дариғажан, Хорлыға!
Майға арналған
Айтылмаған жырым бар,
Жарқылдатып

Аспанға атып шығыңдар.

Мен де бірге,
Мен де бірге барамын,
Бөгеті жоқ

Аяқтағы жараның.

Бұл аяқпен
Берлинге де жеткенбіз,
Бұл аяқпен
Жауды басқа тепкенбіз!

ІІІ

Қуаныштың көлі арнадан
Асқан күн!
Алматыны шаттық селі
Басқан күн,—
Еміс-еміс ескі тасқын

Бір апат.

Жарқ-жұрқ еткен
Жан тасқын — жан рақат!
Көше бір сел,
Толқып, тасып барады,
Айдын шалқар —
Коминтерн алаңы!
Біз барамыз
Күйге малып аяқты,
Қолтығыңнан

Қанат біткен сияқты.

Қыз барады
Желпіп жібек орамал;
Ал, жігітім,

Әуелете әнге сал.

Айнала гүл,

Жайнаған гүл жан-жағым...

Неткен көп ед
Гүлі туған даланың!
Мырзашөлдей
Гүлденген бе кемпір-шал!
Гүлге оранып

Келе жатыр Гүлжамал...

Күн астында
Жалтылдайды қызыл ту!
Күн астында

Жарқылдайды Май сұлу.

ІV

Қайта оралып
Соққан жастық шағымдай,
Көкірегіме

Бір нұр құйды сұлу май.

Март емеспін,
Мен өзім де бір маймын
Әсем жырды

Аспанға атып жырлаймын.

Әкел бері
Домбырамды қолыма!
Қосыл маған
Дариғажан, Хорлыға!
Мерекенің
Бастамасын бастаймын;
Келсе де май
Апта сайын, күн сайын,—
Қонағымды қарсы алуға
Мен дайын!

1946

ТУҒАН ЖЕР

Шықшы тауға, қарашы кең далаңа:
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға,
Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең,
Шаршайсың ба, құмарын, бір қана ма?
Уа, дариға — алтын бесік туған жер,
Қадырыңды келсем білмей, кеше гөр!
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

Ақын болмай, тасың болсам мен егер.

Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!
Нендей күйге жүрегімді бөледің?
Сен де тудым, сен де өстім мен, сен де өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде,— дер едім;
Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім;
Қызығыңды көріп еркін келемін,
Сен де аямай бердің маған барыңды,

Мен де аямай барым саған беремін.

Болдым ғашық, туған дала, мен саған,
Алыс жүрсем, арманым — сен, аңсаған;
Жақын жүрсем, мен — төрінде рахаттың,
Алтын діңгек — өзім туған босағам!

1946

САУЫНШЫ ЖЕҢГЕЙДІҢ ЖЫРЫ

Сауыншымын,
Сүттен селді ағызған,
Сауыншымын,
Бармақтан бал тамызған,
Сауыншымын,
Колхозыма әйгілі,
Сауыншымын,

Сауып алғам бәйгіні.

Ақ телегей,
Сауған сүтім теңіздей,
Сиырым — піл,
Бұзауым бар өгіздей;
Ағызамын —
Бал қаймақтың өзенін,
Қарық болсын,

Деймін менің өз елім.

Бақытым жоқ,
Тауып алған бір жерден,
Берекесін —
Сауып алған бұл жеңгең,
Сол сүттей ақ,

Көңілім аппақ жеңгеңмін.

Шырқап әнге,

Той-думанға енгенмін.

1946

БӨБЕГІМІН ЛЕНИННІҢ

Бөбегімін Лениннің, лениншілмін
Қырық күн қырғын болса да, мың күн сүргін,
Лениншіл боп өтемін бұл дүниеден,

«Ленин! Ленин! Ленин!» деп өмір сүрдім.

Жасырмаймын жасымнан тентек өстім,

Тойтара алмас жүзімді менің ешкім.

Нажағайдай жарқылдап жүрдім талай

Ортасында дулаған төбелестің.

Бөбегімін Лениннің, еркін жанмын,

Ортасында шыныққан дау-жанжалдың.

Қара бұлттай қаптаса өсек-ғайбат,

Нажағай боп қақ жарып жарқылдармын.

Таудай толқын кездессе, жарып өттім
Оттан және сескенбен, өзім отпын,
Ленин айтқан: «Еркін өс, еркін жүр»,— деп,

Қысылуға дүниеге келген жоқпын.

Лениншіл бол, адал бол, еркіндеп бас,

Сонда сен бір қамалсың жау ала алмас.

1946

АКАДЕМИЯ

Бір үй маған қарайды қызықтырып,

Терезеде ойнатып күн сәулесін.

Мен де оған қараймын ой құлпырып,

Ашып тастап жанымның терезесін.

Терезеде ойнайды сәби шұғла,

Күн қызығып қарайды, шығып шыңға.

Нақ сол кезде аяғын басып нығыз,
Аңғарына Алатау ойы сыймай,—
Әлдеқайда қиялы қопарып құз,

Келе жатад сол үйге Қаныш ағай.

Ойлы көзбен бір қарап жан-жағына,

Шығады ол ғылымның михрабына.

Ой мұхитын кешкендей терең бойлап,
Мұхаң келе жатады тым асығыс;
Асау арман алыста салып ойнақ,

Ақын қиял,— аспандап ақ сұңқар құс.

Дүние сөзін бойына алған сықап,

Тұлғасына қараймын мен таңырқап.

Нығай басқан аяғын не бір сығай,
Келіп кіріп жатады сол бір үйге;
Қуанамын, тасамын, жерге сыймай,

Сәлем бергім келмейді Фердаусиге.

Өмірімнің тереңін, биігін де

Сол бір үйге барып мен көрем күнде.

Бір жетім ұл қалған-ды Самұраттан,
Қой бағам деп, ой баққан құба жонда;
Ой бағам деп, қозыны жамыратқан;
Нені сонда ойлаған, нені сонда?!
Тон орнына, сол бүгін, том көтеріп,

Келе жатыр.

Қуанам соны көріп.

Академик емеспін, тек ақынмын,

Мәз боламын, сол үйге сырттан қарап.

Келешегі күлімдеп өз халқымның

Жақтауынан сол үйдің тұр сығалап.

Қарсы алдымнан ашылған кең есікке

Кеттім кіріп, асықтым келешекке.

«СОЦИАЛИСТІК ҚАЗАҚСТАН»

Мектеп бардым, бала көрдім,
Қолтығына кітап қысқан;
Сол кітаптың арасында
«Социалистік Қазақстан»
Майдан барғам, солдат көргем,
Жаңа шыққан қанды ұрыстан,
Жүрген оның қойынында

«Социалистік Қазақстан».

Ауыл бардым, шалды көрдім
Кеткен асып жасы алпыстан,
Шал алдында дастарқандай

«Социалистік Қазақстан».

ЖАМБЫЛ

Есімде, дәл осыдан он жыл бұрын,
Бос тастап жүрген кезім ой шылбырын,
Ақындық аспанынан қалдым көріп,

Жарқ еткен ақ жамбыдай Жамбыл жырын.

Кім білген, жүр екенмін жырға шөлдеп,
Құпия бір қуаныш бойды билеп,
Асығып алыс жолдан Алатауға

Келдім мен жұмбақ қартты көрейін деп.

Ақындық жолға түсіп, жаздым өлең,
(Сол кезде үркуші еді өлең менен),
Жамылып ала көбе шықтым жолға

Барардай бата алғалы әулиеден.

Жолшыбай өлеңімді келем жаттап,
Жеп-жеңіл сөздерімді жүз салмақтап,
Ақындық сарайының босағасын

Көрмесең, қиын екен, бұрын аттап.

Білмеймін «Май төбесі»—қай төбесі,
Мен үшін шың еді ақын мәртебесі,
Аулына Алатаудай ақсақалдың

Келдім мен, бір кіштектай жан иесі.

Толқуын тоқтаттым да жүрегімнің,
Есікті еркін ашып, үйге кірдім,
Жарқ еткен нажағайдай жанарыммен

Бір шарпып өттім бәрін үйдегінің.

Сыпайы ақ сақалы желпілдеген,
Ақ жарқын, жас баладай елпілдеген,
«Тоқсанның тоң қатырған» кәрі қысы

Қысса да, қыза сөйлеп еркіндеген.

Жүзінде айбыны бар жолбарыстың,
Саусағы шеңгеліндей қыран құстың,
Қияда қыңыр шөккен кәрі құздай

Бір шалды баласындай келіп құштым.

Сипады ол маңдайымнан, танығандай,
Тоқсанда толқып жатқан жаны қандай!
Қағып ап бір ақынның домбырасын,

Өрбіттім өлеңімді, еш тайсалмай.

«Кездесу қайда бізге ол заманда,
Зар қағып жүрер ем ғой қой соңында,
Көрер ме ем, мүмкін сонда қабырыңды,
Қарайып тұрған жалғыз құба жонда!»
Дедім мен, жалт қарады ол бір нажағай
Жарқ етті жанарынан атылғандай,
Бір жалғыз ап-ауыр жас түсті аунап,

Жаңағы нажағайдан мерт болғандай.

Алды да домбыраны, кетті жырлап,
Тыңдадық ой ойнақтап, бой шымырлап,
Көп жұтқан дүние сырын кәрі кеуде

Тебренді бір гүрілдеп, бір сырылдап.

Аймағы Алатаудың сілкінгендей,
Күңреніп келе жатқан отты селдей,
Қайнады бұрқ-сарқ етіп бір тасқын жыр

Сапырып, сөзді-сөзге соғып сеңдей.

Сақылдап екі жағы, тулап тілі,
Бусанып буырқанып шықты үні,
Іштегі тынған дауыл кетті бұрқап,

Желкілдеп қырау басқан беттің түгі.

Қабағы қопарылып құз, жар тастай,
Саусағы кәрі жорға жортты адаспай,
Жанын бір желпіп-желпіп тастады да,

Құлшынып шыға келді қыршын жастай.

1946

АСТЫҚ

«Астық! Астық! Астық!» деп
Дабыл қаға, жаңғырта,
Тербенген кез теңіздей

Байтақ дала, сан қырқа.

«Астық!» деген алып үн
Бүгінгі күн дауысы,
Дала толды бұл үнге,

Толды үнге тау іші.

Қосылыңдар бұл үнге
Ойдан, қырдан,
қаладан,
Қайтып үнсіз жата алар
Кеудесінде үн бар жан!
Үнсіз қуыс кеуделер

Үн шықпаса,— тұншықсын.

Астық жырын жырлаймыз,
Миллион үні бір шықсын!
Аспан ашуланды деп
Біз бе екенбіз жерге енер,
Бұлттар қаһарланды деп
Біз бе одан именер!
Егін мұхит даласын
Сапырыңдар дауылдай,
Тұла бойдан тер ақсын
Нөсерлеген жауындай!
Арашала жаңбырдан
Алтын дария астықты,
Айдалада қаңғырған
Ұр тұмсыққа аштықты!
Жетімсіреп жалғыз дән
Қара жерде қалмасын,
Толтыр сықап алтынға
Колхоздардың қамбасын!
Қимылдаңдар, жігіттер,
Қимылда тез, қарындас!
Күзде келген жебір жау —

Жауың мылқау кетсін аш.

Мейлі бұлттар аспанда
Аласұрсын дәрменсіз,
Тілсіз жаудан жасқанба,
Тілдісін де көргенбіз!
Астық жырын жырлаймыз,
Миллион үні бірге шық,
Бұлт боп қатер төнгенде
Дауыл боп ти, түр де шық!

АҚЫНДАР БЕСЖЫЛДЫҒЫ

(Достық әзіл)
Біреулер кетті кезіп ақша бұлтты,

Біреулер бір-ақ аттап шыңға шықты.

Біреулер айға барып айғай салып,

Жұлдызбен алтын кірпік сырласыпты.

Аспандап алыс кеткен не бір мықты,

Не қылсын төмен қарап, жерді ұмытты.

Күндердің күнінде бір сонау кектен

Төгер деп жыр нөсерін, мен үмітті.

* * *
«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?!»

— Жібермейміз, қорықпаңыз сізді ондайға

Өлген жан «қайтып келіп ойнап-күлмес»,

— Ол қате, пожалуйста, күл де ойна!—

Деп Мұхаң жіберді ашып сахналарды,
Тіріліп ән сап Абай тұра қалды:

«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла».

— Ойлап жазып жатырмын төрт романды;

«Жұп-жұмыр келсін тегіс айналасы»,

Деді Абай. Мұхаң біраз ойға қалды.

* * *
«Сұлушаш» қашты шошып «Ақ аюдан»,
Сәкең жоқ қашқан соңнан қуған,
Сырласып Асқар, Темір, Балуанмен,

Сәкеңнің жүрген жері күнде думан.

«Сөз – советтік Армия» сапын құрған,
«Біздің заман батыры» мына тұрған,
«Есілдей» есіп жатқан көңілі бар,
Сәкеңе өкпелейтін «қай антұрған?»
* * *
«Қыз-Жібек, Ақтоқты мен Баян сұлу,
Қыз тусаң, о дариға солардай ту!»
Деген жыр шалынған соң құлағына
Ғабеңнің жүрегіне бар ма тыншу!
Ыза боп Қозы менен Төлегенге

Қаратпай үш сұлуды өле-өлгенге.

Ертіп кеп театрға енгізіпті,

Білмеймін ештеңесін одан өңге.

* * *
Әбділда таңғаламыз мінезіңе,
Кіргізбей «Көтерілген күмбезіңе»
Дейсің-ау «Біз де қазақ» баласымыз
Күмбезді салып па едің бір өзіңе?
Ала кір ең болмаса Шахметіңді,
Бұл Шахмет алмай қойды біздің тілді,
Жіберді өкпелетіп «Марабайды»,
«Алдар» мен дос болған соң, аяр кімді?
* * *
Шомылып Асқар отыр сонау Сырда,
Берерін бергендей-ақ бір ғасырға,
«Қолдай көр Қожахмет Яссауи» деп

Ол отыр, «Уборщица» тұр қасында.

* * *
«Миллион қол», «Күн тіл қатты», «Тасқын»
«Нарын»,
Тайыр ап, таусып қойды-ау гонорарын,
«Ақылдан қайғы» жасап алғаннан соң,

Білмеймін «Сұр құлын» мен не табарын.

* * *
«Астында қызыл тудың қызыл тайынша»,
Япырм-ай, «ыңқылдайды» ол қалайша?
Құдіреті Ғабиденнің күшті емес пе,
Балқытты темірді де, осылайша!
* * *
Әлжаппар қолына ұстап «Жас түлегін»,
Кетіпті көремін деп көмір кенін,
Шаршап-ақ жүрген шығар шахта астында,

Ол өзі жек керуші ед семіргенін.

* * *
Түбінде Ғали отыр «Еменінің»
Ақ шалып бара жатыр бастын түгін,
Қайтсын бұл қажыған ғой көтерем деп,

Жамбылдың тастап кеткен ауыр жүгін.

* * *
«Дөң асып» «Жанар тауға» барды Ғабдол,
«Жанар тау» жолы өте бір қия жол,
«Ақ тары», «Шұбар таяқ» асулары

Асырмай, қатты шаршап қалды Ғабдол.

* * *
«Егерде қазақ ұлы екенсің сен»
Қалижан, қайтер еді сөзге көнсең,
Шашылмай онда-мұнда жазсаң өлең
Кетер ме Жұмабайда сенің есен?
* * *
Әкелші Жұмағали лирикаңды!

Жанында «Күләнданның» ұйқым қанды.

Жырлашы өз тілімен әр дәуірдің,

Мінгізбей Тайбурылға Бауыржанды.

* * *
Қуандық, сен шыққанда, шын қуандық,

Аялап алдымызға «Ар» ыңды алдық.

«Құлақ тос көрден сен де аруақтар!»

Айтпаймын арғы жағын, аллауақпар.

«Әлхамды Әбу Эльмин Атрауын»,
Ақшамда аралапты Балқан тауын,
Оқыпты таң намазын Балатонда,

Бәйіт қып гүл жайнауын, құс сайрауын.

* * *
«О, Вольтер!» Қайда Қапан Сатыбалды,
Сатыбалды баласы жатып алды,
Жатып алды, аққудай ақын даңқың

Атып алды, тарихта аты қалды.

* * *
«Маскарадтың» шығарып масқарасын
Алматыда жортып жүр ерке Қасым,
Мазасын ап Қаратай Құрманычтың

Жыр етіп жүр өзінің баспанасын.

* * *
Бар Семейді жеке алып Қайым, Жәкеш,
Талай есік сарт та сұрт, ертелі-кеш,
Екеуінің алдынан жалғыз-ақ тек

Поэзия есігі ашылмайды еш.

* * *
Қайдасың ақын Зияш Қалауова,
«Кавказдың» шығып едің қай тауына?
Мариям екеуіңді сыйлаймыз біз,
Болмаса қап жүрерміз қыз дауына,
* * *
Ассалаумағалайкүм, Есмағамбет!
Сіз үшін атқарам деп мен бір міндет,
Байқаусыз жеріңізге кеттім түсіп,

Ағайын адамбыз ғой, кеш, ғафу ет!..

1945

* * *
Шарт жүгініп бұйығып,
Молла отырса намазға,
Шарқ ұрып келіп түйіліп,

Мен төнемін қағазға.

Молла сенде не ісім бар,
Сұбхан айт та сұңқылда,
Тірілтіп өлең жаратар

Өзім тәңір — бір құда.

1946

СУ ЖАҒАСЫНДА

Сарғая күтіп көктемді

Сап-сары боп су ақты...

Шынтаққа алып сексенді

Жағада жалғыз шал жатты.

Су сарғайды ылайлы.

Шал қарғайды құдайды.

Көктем келді, сарысу

Бола қалды мөп-мөлдір.

Жылға бойы у да шу

Жамырады жас өмір...

Сылқ-сылқ етіп су күлді,—

Шал бір ауыр күрсінді.

1946

ҚҰРБЫМА

Жым-жырт түн.

Жым-жыртпын,
Мұнша неге бұйықтым?
Қозғашы,
Ой салшы

Келші бермен, сүйіктім.

Берші маған домбырамды,

Толқытайын қоңыр әнді.

Жым-жырт түн.

Жым-жыртпын,
Жан дауысы қайдасың?
Соқшы бір,
Төкші жыр

Жым-жырт көңіл шайқалсын.

Қайғыланба құр бекер,

Қуаныш күйі бұрқ етер.

1946

* * *
Бұйра жонын күнге төсеп, жылынып,
Тастар жатты көшемде,
Көктем келіп, кеткендей-ақ тіріліп,
Жансыз тас қой десең де,
Ақын деген қызық жан ғой кей кезде,

Жансыз затпен сырласар.

Жансызға жан берейікші дейміз де

Көп болған соң жансыздар.

Тартып сырын табиғаттың, тастардың

Бір нәрсені үйрендім.

Көктем келіп, күліп жатқан тастарды

Басуға мен имендім.

«Әттең шіркін, берер ме еді сезімді?

Тас болғаны — жазғаны».

Деп тұрғанда бір есерсоқ өзімді

Басып кете жаздады.

1946

ҮЙ ІШІНІҢ ӘЗІЛІ

Тозыпты сенің көйлегің,
Тозбайтын өлең жазайын;
Болмаса сенің көмегің

Шығар ма, құрғыр, күн сайын.

Құрысып жатқан көңлімді
Үтіктеп берші азырақ;
Күні бойы шимайлап,

Қалыппын шаршап, қалжырап.

Ашуыма ащы етіп
Жібере көрме бұрыш сап;
Жаныма сусын пейілің,

Әкелші бері дұрыстап.

Уақытым тапшы, қысқартпа,
Қайшылап қиып жүрме сен;
Тұтанбай жатқан жырымды,
Қайтеді келіп үрлесең?
Бұрқ-сарқ етіп қайнаған
Қарамашы шәйнекке;
Ал, ойнайын домбыра,
Қосыла қой «ай, гөкке»

1946

ДОМБЫРА

1 өлең
Домбыра мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,

Саусағым тиіп кетсе ішегіне.

Аққудың әуеніндей үнің бар-ау,
Сарыарқа самалындай ескен баяу,
Бөбектей бесігінде маужыраған

Тыңдаймын мен отырып ұйқылы-ояу.

2 өлең
Салқын кеш ашып тастап терезені,
Қолға алсаң қоңыр сазды домбыраны,
Қырандай қалықтатып қиял сені,

Асқар ой шыңына бір қондырады.

Жарқ етіп ашылады жұмбақ жаһан,
Әлемі ақындар мен күйшілердің,
Үн-тілсіз отырасың болып аң-таң,

Құпия сырын аңдап көк пен жердің.

Қоңыр саз домбырадан ескен баяу
Тербетіп, көтереді сені ақырын,
Оянып, көкірегіңе келед таяу

Белгісіз әлдеқайда жатқан жырың.

Сол мезет жайып тастап жаныңды алға,
Келер жыр жолын тосып отыра қал,
Тізіліп көз алдыңда жыр туғанда

Құлшынып тағы қайта домбыраны ал.

1946

ДОЛЫ БҰЛТ

Суырып көкте қылышын
Нөсерлі қара төнді бұлт,
Тарылтып жердің тынысын,

Тапа-тал түс болды ымырт.

Өрістен қашты төрт түлік,

Асыға үйге енді жұрт...

Салатындай бір бүлік,

Ақырды жерге долы бұлт.

Күйзелді келіп, күңіренді,
Аласұрды аспанда,
Шуылдап аймақ тебіренді,

Жалынын жерге шашқанда.

Жіберді жылап долы бұлт,

Төгілді жерге көк нөсер...

Өтті де кетті, болды ұмыт,
Жадырап жайнап күлді жер

ДАРИҒА, СОЛ ҚЫЗ

Өңімде ме еді;
түсімде ме ед,
Көріп ем ғой бір

армандай қызды...

Бір нәзік сәуле
күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс

соқты да бұзды.

Сапырды дауыл,
тебіренді теңіз,
Тулады толқын,

шайқалды шың-құз...

Қып-қызыл өрттің
ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда,
дариға, сол қыз?!

ІІ

Оқ тиді келіп,
қайратым кеміп,
Барамын сөніп,
Келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз
жаныма келіп,
Талпына берді
қайран жас көңілім!
Барамын сөніп,
Барамын сеніп,
Жұтар ма мені
мына сұм соғыс?
Арманым бар ма,
өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда,
дариға, сол қыз?!

ІІІ

«Келмейді өлгім,

Келмейді өлгім.

Қайратым қайда,

келші осындайда».

Дедім де тұрдым,
жүгіре бердім,
Қолымда найза,

шағылып айға.

Жеңдік қой жауды,
арман не, құрбым,
Күркіреп күндей,

өтті ғой соғыс.

Таба алмай жүрмін,
Айқайлап ән caп,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!

БАСПАНА

Баспана деп бастайын бұл жырымды,
Отырғанда жамылып жылы күнді,
«Қылыш сүйреп» қатал қыс қысса келіп,

Өлең менің тыңдамас бұйрығымды.

Он жыл бопты, жүгірдім астанада,
Шақырса да бармадым басқа қала,
Алдамшы елес сықылды үміт қуып,

Он жыл бойы болдым зар баспанаға.

Қалай салған ағашты, не кірпішті,
Баспана бір үй еді төрт бұрышты,
Алғашқыда өртенгір, жерде еді,

Енді бүгін қиял боп аспанға ұшты.

Құзға салған қыранның ұясындай,
Ұшпақтағы софының хұжрасындай,—
Елестейді баспана,— Алматының

Кең қойнына бір Қасым қойды симай.

Он жыл босқа жүгірдім, болмай жолым
Баспалдағын тоздырдым квартбюроның,
Бір ордерға бір бастық қол қойғанша

Үлгеріппін мен жазып өлең томын.

Талай үйдің телміртті терезесі,
Алматыны шарладым ерте-кеші,
Алғызбады баспана қиын қамал

Көңілімде қалды тек көлеңкесі.

Ақын болдым, жырладым астанам деп,
Бос жүгіріп жүрмедім, босқа нан жеп,
Солдат болдым, сағындым, келдім қайтып,

Тағы біраз сенделдім баспана іздеп.

Жер сұрадым, ақыры, күрке салар,
Жер де жоқ боп шыққан соң не шара бар?
Жер сұрасам — сілтейді зират жаққа,
Өлген жоқпын, қақым жоқ олай барар
Қойдым енді, сірә мен үй алмаспын,
Үйім жоқ деп ешкімнен ұялмаспын,
Өгей ұлдай қойныңа сыймасам да,
Кете алмаспын, астанам қия алмаспын
Аспан мен жер бәрі де үйім менің,
Сенің көркін астанам, сүйінгенім,
Кең көшеңде еркіндеп жүрсем басып,

Не қиындық болса да,— иілмедім.

1946

САҚЫПЖАМАЛ

Сақыпжамал! Бір өзінде
Екі әйелдің аты бар;
Күн боп көзің күлгеніңде,

Қабағыңнан ай туар.

Сол кез саған қарай берем
Көрмегендей мен бұрын,
Жанның сырын жатқан терең

Оқи берем жасырын.

Сақыпжамал! Атың қандай!

«Сәпен» дейміз қысқартып.

Жар бола гөр айтылғандай;
Сенен қайсы қыз артық?!
Махаббаттан талай жастың
Жүректері күюлі,
Мүмкін жөндеп сүйе алмаспын,

Өзің үйрет сүюді.

«Сенен артық жан табам» деп

Ойлайтын жан мен емес.

Қате бассам, кетсем желдеп,

Өзің сотта, өзің кеш.

1946

ЖАҢА ЖЫЛ

Сағат дәл он екіден тұрды аумай,
Ескі жыл жайлап жылжып қарт адамдай,
Есіктен шыға бере сәл кідірді

Қарсы енген жана жылға қақтыққандай.

Екеуі келіскендей болды тілге,
Жаңа жыл жас жігіт боп енді өмірге,
Еркіндеп,— ендігісі менікі деп,

Сағатты өз қолымен бұрды бірге.

Жана жыл мың тоғыз жүз қырық жетінші,
Отырмыз сені күтіп үлкен-кіші,
Айқара ақ шапаның серпе тастап
Кәнеки, шықшы төрге, бір желпінші!
Кел, достар, көтерелік. Күңгірлетіп,
Ал, досым, көңілді күй жібер шертіп,
Жаңа жыл, жаңа мейман, жаңа ырыс,

Көл болып, көңіл шіркін жатсын көлкіп.

Ризамыз ескі жылға, болды игі,
Қиынды қиып түстік неше қилы,
Он екі серігін ол соңына ертіп,

Аралап елімізді, көрді сыйды.

Құрметтеп үш жүз алпыс нөкерін де,
Қызықпен ұластырдық күнін түнге,
Көтеріп ұлы еңбектің күмбездерін,

Тойладық келерін де, кетерін де.

Сен-дағы құтты болшы, жаңа жылым,
Шомылып шалқарына өнер-ғылым,
Ашыла түссін біздің ой-санамыз,

Шыныға түссін күші жұмысшының.

Тамған тер, сіңген қайрат жерімізге
Ырыс боп, тұрсын өсіп келер күзде,
Адамзат еңбек етсе — біздей етер,
Берерін дүние шіркін, берсін бізге!
Ту етіп қасиетті ынтымақты,
Кеудеге толтырайық махаббатты,
Бақыттың бесігінде тербетейік

Өмірге келе жатқан жас ұрпақты.

Сол үшін, келші, достар, жаңа жылда,
Отырып қала-дала, ойда-қырда,
Шалқая тарталық бір шаттық суын,
Дуымыз жетсін тарап бір ғасырға!
1946-1947

АҚСӘУЛЕ

Бір күй бар домбырада тартылмаған,
Бір сыр бар көңілімде айтылмаған
Сен үшін келдім сақтап, сүйген сәуле!

Көзіңнен айналайын жалтылдаған.

Ақсәуле, аспанда аймен таласасың
Төгіліп иығыңа қара шашың,
Жалт беріп құралай көз қарағанда,

Жанымның жайлауындай жарасасың.

Ақсәуле, арнадым мен арманымды,
Бұлбұлдай аялаған таңда гүлді;
Көркіне еңбегі сай келіп тұрған
Арман не, көргеніңде жан жарыңды!
* * *
Дариғашым, Дариғашым!

Қуанышым, балақаным.

Шешең Сәпен, әкең Қасым
Жайды саған алақанын,
Құсымыз боп қондың қолға,
Махаббаттың бал бөбегі,
Көп күттіріп, келдің зорға

Өмірімнің бар керегі.

Шықты нәзік тұңғыш үнің
Күйіндей боп арманымның,
Қуанышы үй ішінің
Адам болып, — алда тұрдың,
Кіп-кішкентай көзіңді ашып,

Қарадың сен,— көрдің жарық.

Өмірге ендің тайталасып,

Болмай жылап, тыпыр қағып.

Тосып алдық жайып жанды,
Бөледік біз махаббатқа,
Сүйдік қатты, сусын қанды,

Шомды жүрек бір рахатқа.

Бірақ, балам, кешірерсің,
Жасамадым жұртша мен той,
Ер жетерсің, түсінерсің. —
Тойым менің алда,— деп қой

Ат қойдым мен Дариға деп.

Ұнар ма бұл? Әзір білмен.

Сақтамадым ешбір әдеп,

Қоя салдым өз еркіммен.

Дариғашым, ер жетерсің.

Оқырсың бұл өлеңімді.

Келер күндер күле келсін,

Сүйейінші бөбегімді.

1947

НИЗАМИ ТОЙЫНДА

О, Низами, ұстазымның бірісің.

Сен атқардың ұлы дүние бір ісін.

Сегіз ғасыр, ұлан асыр ғаламда

Өзге өлсе де сен өлмедің, тірісің.

Қауырсынын қалам етіп ақ қаздың,
Дүниені алдыңа алып хат жаздың;
Келер күндер керуені көрсін деп,

Күнгейінде күмбез соқтың Кавказдың.

Сен тірісің, жыр жырлайсың бұл күнде
Туған елің, Азербайжан тілінде;
О, сұлтаны ақындардың, Низами!
Сәлем саған, сәлем Самед Вургунге!

1947. Баку.

АЗЕРБАЙЖАН ҚЬІЗЫНА

Атың Сана, көзің қара, гөзәл қыз,
Жыр жаздырдың жүрегімнен амалсыз
Мен кетермін, альбом ашып қарарсыз

Ақын қазақ ағаны еске аларсыз.

Тавриз — Баку аспанында күн Сана,
Күміс Каспий жағасында гүл Сана,
Жүрегіңмен жүрегімді бір сана,
Айтарым көп, айтқызбай-ақ біл, Сана,

1947

* * *
Алтын айна алдында,
Қараймын да құлпырам,
Ғажайып нұр бар мұнда,

Жүрегіммен ынтығам.

Алтын айна қолымда,
Отырмын мен күн ұстап,
Ұзақ өмір жолында,

Рахат тауып, тыныстап.

Алтын айна — алтын ай,
Алақанда ойнаған,
Айнадағы шұғладай

Қоншы келіп ой маған.

Қасиетті айнада
Ойнайды өмір шарқ ұрып,
Игі іске майданға

Ту көтеріп шақырып.

Керуен тартып өткен шақ,
Қызық көрем, жай табам,
Шұғла шашып болашақ,

Қарайды осы айнадан.

Алтын айна бетінен
Көрем еңбек күресін,
Қуанамын, бар екен

Өзімнің де үлесім.

1947

* * *
Күйім тасып барады, күйім тасып,
Ойнақтайды он саусақ перне басып;
Дүниеге қараймын отты көзбен

Терезесін жанымның айқара ашып.

Құйқылжыған бір күйдің бастамасы

Домбырама келіп тұр тайталасып...

Күй деген бір сел екен жөңки аққан,
Қиялымды барады алып-қашып;
Қаршығадай жүрегім, алас ұршы,

Күй бір толқын, кеттім мен араласып.

БЕТПАҚДАЛА

Басқа жанға өзінен

Сыр ашып, тіл қатпаған.

Жылайын десе көзінен
Бір тамшы жас ақпаған,
Болушы еді қаралы
Талайсыз сорлы бір ана,
Жүрегі шерлі, жаралы,

Арман болып бір бала...

Сол бір ана сықылды
Бедірейген Бетпақ шөл
Бүгінгі күн ұл туды,

Бетпақ шөлді — басты сел.

Құлазыған, қаңсыған,
Шаңырқаған, шаң басқан,
Қара құрты құжынап,

Ордалы жылан арбасқан.

Тұғыр болар қыранға
Томары жоқ, бүрі жоқ,
Суат болар қыранға
Қағы да жоқ, түгі жоқ,
Ызыңдаған тек қана
Қыста боран, жазда жел,
Сұлап жатқан сұр дала

Сорлы еді ғой Бетпақ шөл.

Ешкімге тіл қатпаған,
Тауды бұзып аққан сел

Оған, сірә, батпаған.

Үндеместен үстінен
Жылдар өтіп кетіпті,
Көшкен бұлттай шұбалып

Ғасырлар да өтіпті.

Сол Бетпаққа ел қаптап,
Желбіреп қызыл ту барды,
Сарқырап ағып ойнақтап,

Күміс кәусер су барды.

Жұтты суды сіміріп,
Тамырына қан жүрді,
Бірте-бірте тіріліп,

Бетпақ шөлге жан кірді...

1940-1947

БІЗ ОТАННЫҢ СОЛДАТЫ

Батыс бардық,
Балқан бастық бөктерлеп,
Қарпат астық,
Альпі аттандық, көкке өрлеп,
Европаның аспанында тұрдық біз,

Кеудемізді қасиетті кек кернеп.

Жалба-жұлба жауыздықтың түнегі
Жер жасырған,

Аласұрған түн еді.

Сонда біздің уралаған даусымыз
Көктем келіп,

Күркіреген күн еді.

Көкке қарап шерлі жігіт, мұңлы қыз,

Көрген кенет көк тесінен көп жұлдыз.

Сол бір түнде жұлдыз болып көрінген

Биігінде біздің жаққан отымыз.

Тауларында ту көтеріп біз тұрдық;
Тумен бірге

Таң көтеріп құлпырдық.

Таңда жазып,
Төрт жыл түйген қабақты,

Шығар күннің шапағында біз күлдік.

Ғажайып күн көтерілді шығыстан,
Бой шымырлап,

Кеттік жырлап тұс-тұстан.

Сол бір күннен көрдік Отан дидарын,

Әрі әке, әрі аға, туысқан.

«Біз Отанның солдатымыз!»—
Деп шырқап,
Тұрдық біздер

Кеудемізден күй бұрқап.

Жер елжіреп, бақыт жырын жырлады,

Жаһан тұрды тына қарап, таңырқап.

Шығыс бардық,
Шымқай қызыл ту алып;
Тұрды орнынан миллиондар қуанып; —
Жоғал,— дедік,—«Күннен туған
құдайлар!»

Ұлы Мұхит қалмақ емес суалып.

Таңырқатып,
Тамаша бір атты таң;

Көтерілді батыстан.

Ғажайып күн
Күннен көріп Ұлы Отанның дидарын,

Кетті жырлап барлық шығыс тұс-тұстан.

«Біз Отанның солдатымыз!»—деп шырқап,
Тұрдық біздер,

Көк дауылдай күй бұрқап.

Көкке ұмтылды Ұлы Мұхит толқыны,
Жаһан тұрды тына қарап, таңырқап,
Біз Отанның солдатымыз тыңда, жер!
Жерді — зират етем десе жау егер,
Адамзаттың аманатын арт бізге,

Бізбіз адал дүниеге мұрагер.

1948

* * *
Сәскеде сансыз көкек сұңқылдаған,
Неткен кез дүние балқып күй тыңдаған!
Еркелеп бұйра бұлақ жатыр аунап,

Сүйкімді жас үнімен сыңқылдаған.

Алыста асау өзен күркіреген,
Жер жатыр жалт-жұлт етіп бір түлеген,
Аспанның өрмегіндей жерге төккен

Бір нәзік жұпар жаңбыр сіркіреген.

1948

ӨЛМЕС ӨМІР ӨЛЕҢІ

«Ез тірліктен ер елім

Артық екен, дер едім».

Деп кірді ол майданға,

Өтті құздан, сайдан да...

Жер бауырлап жығылды

Табаны бір тайғанда.

Ақтық рет күш жиып,

Күліп еді-ау жымиып...

Қайран өмір сәулесі

Келбетінде қалды ұйып.

Тоңазыған болаттай
Тынып бір кез, оқ атпай,
Тұрды қоршап достары,

Ажалды оған жолатпай.

Командирі сөйледі:

— Шіркін сабаз ер,— деді.

Мықтап тұрып бір түйді

Ұзақ жолын жердегі.

Жер денесі шымырлап,

Елжіреді күй тыңдап...

Жауға ұмтылды достары

Кеудеде көк бұрқылдап.

«Мүмкін тірі жүр шығар»—
Деп жұбанды сұлу жар,
Дәл осылай жадырап,

Жаңбырдан соң күн шығар.

... Көңілінде басқа күй,
Уілдейді жас сәби,
Әкесі кеп енгендей

Нұрға толы бастағы үй.

Өлуші ме ед ер шіркін!
Сілкінді ол бір дүркін,
Келе жатты аралап,

Өзі туған ел-жұртын.

Көсеміне ол барыпты,
Алтын Жұлдыз алыпты,
Келді таяу үйіне

Ертіп бүкіл халықты...

Жар жүрегі дірілдеп,

Ұмтылды ана: «Ұлым!»—деп.

Арасында гүлдердің.

Тұрды батыр күлімдеп.

Тұрды қарап тіл қатпай,

Қысылғандай сөз таппай...

«Өлмес үшін бір өлдім»,—

Деген ойын тұрды айтпай.

1948

ТУҒАН ХАЛЫҚ ДАУЫСЫ

Туған ел, қуанам әр жеңісіңе,
Жыр жазам, жарар ма деп ел ісіне;
Азамат, ақын болып арманым жоқ,

Ере алсам шабысыңа, желісіңе.

Талпынды жүрек бір күй тыңдау үшін,
Тыңдадым туған халық мен дауысын;
Сайрады сансыз жүрек махаббатпен,

Сайлады ел ер ұлдарын — таңдаулысын.

Алға ұстап адал тілек, ақ ниетін
Сайлады ел өз Советін,— өз өкіметін;
Алдында әр адамның тұрды бір күн

Арқалап айлар мен жыл бар міндетін.

Бетінде бюллетеннің жазылған ат,
Ардақтап әр азамат артты аманат;
Халқымның қолындағы бақыт құсы
Алғы өмір аспанына қақты қанат!

1948

КӨКТЕМ

Сансыз көкек сұңқылдап,
Көктем келді ертелеп;
Нәзік үнмен сыңқылдап,

Бұйра бұлақ еркелеп.

Асау өзен арқырап,
Асқар таудан дүркіреп,
Айдын жатыр жарқырап,

Алды дала бір түлеп.

Көкте бұлттар күркіреп,
Жерге төкті өрмегін;
Жауды жаңбыр сіркіреп,

Мейірленіп жерге күн.

Естіп аспан дауысын
Асыққандай гүл шығып;
Аңдып бұлттар ауысын,

Колхозды ауыл құлшынып.

Алақанын тұр жайып

Жас ағашта жапырақ.

Балғын өмір ғажайып

Жас дауыспен жамырап.

Еңбек ата жүр елде
Егін жайда ту ұстап,
Қара бұйра кілемге

Алтын шашып уыстап.

Темір тепшіп, ер терлеп,
Трактор сүйреп даланы,
Бүгінгіден ертеңге

Алып кетіп барады...

Көктем күйін бастады
Өз өнерін асыра;
Қысты қуып тастады

Асқар таудың басына.

1948

БІЗДІҢ ЖАСТЫҚ

Бар өмір, бақыт, жастық бір өзінде,
Кіршік жоқ көңілінде, мінезінде,
Жас қазақ туған халық туындай боп,

Тұр бүгін трибунала — съезінде.

Ризамыз шіркін жастық, біздер саған.

Осы еді арманымыз көп аңсаған,
Көлемін кең дүние көрдік еркін,

Биікке шықтық ерлеп аласадан.

Қор болып құба жонда қой баға алмай,
Жас өткен жақсылап бір ойлана алмай;
Өмірдің өткен-кеткен өкінішін

Мықтап бір қайтардық біз кек алғандай.

Қайран ел көп көріп ең күң мен құлды,
Енді бір сүйші қызды, сүйші ұлды!
Танытшы тарихқа кім екеніңді,
Айқайлап айтшы, халқым, шындығыңды
Айырмас дүниенің он мен солын
Біз емес, жаңылатын жүрер жолын,
Келеді өзі бастап Компартия

Қуантып Қазақстан комсомолын.

1948

ҚАРАҒАНДЫ

Бір жер бар Қазақстан даласында,
Құрбыжан, апарайын барасың ба?
Арқаға Алатаудан ақ иықтай
Бір ұшсам, болат топшым, таласың ба
Ол жердің тоңы алтын, түгі торқа,
Қанша алсаң қазынасы түспес орта;
Өшпейтін өміріңе от береді

Жігіті Қарағанды, салсаң қолқа.

Қарашы, Қарағанды күмбезіне
Бойлаған мұнарасы күн көзіне;
Құрбыжан, қасиетті ол бір қазына,

Қуантып, тартпас сірә кімді өзіне.

1948

БАЛҚАШ

Көргенімде сені алғаш,
Көл едің бір жап-жалаңаш;
Келдім тағы, қойныңды аш,

Ұлы Балқаш, нұрлы Балқаш.

Өзгеріпсің таңғажайып,
Құшағыңды еркін жайып,
Сәулетті үй, сәнді сарай

Көз тойғысыз қарай-қарай.

Сені мұнша кім өзгерткен,
Елің қалай тез ержеткен,
Ұлы Балқаш, ойлы Балқаш,

Туған жерге нұрыңды шаш.

1948

АҚЫН МЕН ШАХТЕР

Шахтер
Қолда бұрғым,
Түстім бір күн
Жеті қат жер астына;
Өттім үңгіп,
Кеттім сүңгіп,

Қара мақпал пластыға.

Қалың тыңға,
Қара алтынға
Қадай салған бұрғыммен,
Түріп жеңді,
«Әуп!»— деп, жерді

Көтергендей тұрдым мен.

Нақ сол кезде
Түспей көзге
Қайда жүрдің, ақыным?
Жер құлар деп,
Мерт қылар деп
Сызып па едің ақырын?
Ақын
Жолдас шахтер,
Аз мұрсат бер

Ұйқас тауып алайын.

Ұйқаспаса,
Ұйқы ашпаса,

Айып етпе, ағайын.

Аспанға ұштым,
Шолпан құштым,
Жаңа түстім жерге өзім;
Көп аңсаған
Келдім саған

Енді жырлар дер кезім.

Көп сөйлеумен,
Көмейлеумен
Кетіпті өтіп көп күнім;
Еркін жырды
Серпілдірді

Сеңің, құрбым, екпінің.

Шахтер
Шахтер болмай
Шабыт қонбай,
Аша алмассың жыр кенін;
Бізбен бірге
Түс тереңге,

Талабыңның түр жеңін.

Сырты жарқын,
Іші салқын,
Қойсаңшы құр сызуды;
Тоңба өзің,
Болсын сөзің

Тас көмірдей қызулы.

Ақын
Рас айтасың,
Кім байқасын,
Жазыппыз ғой небір «том»;
Не жыр емес,
Көмір де емес,

Қызуы жоқ бықсық тоң.

Шахтер жолдас,
Енді болмас,
Еріксіз мен жеңілдім;
Жазайын жыр,
Қазайын бір

Кен шахтасын өмірдің.

1948

ТАҢҒЫ ДАУЫС

Таласа таңмен дауыстап,
Барады халық ағылып,
Шығыста туын күн ұстап,

Жұлдыздар жерде жағылып.

Саптама етік аяқта,
Сықырлап басқан іздері,
Барады шалдар қай жаққа,
Ертемен нені іздеді?
Байпаңдап қаздай қарт ана,
Абысын-ажын әзілқой,
Алпысты тастап арқаға,
Ашты ма бүгін думан-той?
Жамылып түбіт шәлісін,
Басады кербез жеңгеміз;
Ертемен ойлап әр ісін,

Ағамыз ойы бір теңіз.

Қызығып қыздың бетінен
Сүйеді келіп таңғы аяз;
Жұлдыздай жайнап шетінен

Келеді қыздар көңлі жаз.

Шалқыған шайы шымылдық
Шығыста құрды таң сұлу;

Бергендей жерге бір бұйрық.

Қадады тауға алтын ту...

Баяғы халық бір халық

Толассыз селдей ағылған.

Дүние бүгін тым жарық,

Жұлдыздар жерде жағылған.

Айқара есік кең сарай,
Желпиді тулар қанатын,
Келіп те кетті жұрт талай,

Соқтырып жүрек сағатын.

Сүйікті қыз бен ұлының
Жүректе жаттап аттарын,
Халқымыз сайлап жүр бүгін

Өзінің депутаттарын.

Аспанда жүзіп алтын күн
Жұртымыз жүзі нұр жайнап,
Қалаулысы халқымның

Депутатын жүр сайлап.

1948

ЖАЗ ДИДАРЛЫ ЖАС AHA

Жаз дидарлы жас ана,
Жаныңды тос әр күйге;
Жасара түс, жасара,

Бөбегіңді әлдиле.

Қыз жырлайды бақытын,
Төгілтіп шаш арқаға;
Ойлап өткен уақытын

Күрсінеді қарт ана.

Шіркін ана қыз тауып,

Күң өсірген күн құрсын.

Нұр үстіне нұр жауып,

Өз күніміз құлпырсын.

«Теңдік» атты терең күй
Бізден басқа қай елде?
Дүние бүгін басыңды и

Еркін азат әйелге.

Көктен, жерден, теңізден
Жұлдыз емес, қыз көрдік;
Ерке сәби емізген

Айдай ана біз көрдік.

«Сұлулық пен махаббат
Не?»,— деп әркім таласар;
Бақыты бар, басы азат

Адамға олар жарасар.

Қазақ қызы қара шаш,
Есіңде ме «Қырық байтал?»
Бүгініңе жай құлаш,

Өткеніңе бол қатал.

Жаз дидарлы жас ана,
Жаныңды тос әр күйге;
Жасара түс, жасара,
Бөбегіңді әлдиле,

1948

АЛТЫН ЖҰЛДЫЗ

Қойды мен қазақ қызы бақпадым ба,
Аңғармай арайлы таң атқанын да,
Сүзіліп қараушы едім ауыр оймен

Аспанда алтын жұлдыз аққанын да.

Батсам да, батпасам да ауыр ойға,

Қойымды қаптатушы ем қоңыр ойға...

Қададым омырауыма Алтын Жұлдыз

Аңсаған бүгін жетіп абыройға.

Баққаным көк жұлдызын бекер екен,
Мұратқа еңбек еткен жетеді екен,
Төсіме берді қадап Алтын Жұлдыз,

Партия әрі көсем, әрі әкем.

1948

МЕКТЕП — КЕМЕ, БІЛІМ — ТЕҢІЗ

Мектеп — кеме,
Білім — теңіз,
Барар жерге
Тез жетеміз!
Адаспаймыз
Ұлы жолда,
Лениннің
Туы қолда!
Капитандар —
Мұғалімдер,
Жас моряктар —
Жас сәбилер
Құтты болсын сапарларың,
Мықты болсын қатарларың!
Туысқандар,
Ту ұстаңдар
Тұрып сапта,
Тәртіп сақта!
Тербеліңдер толқындарда,
Кеме берік, қорқу бар ма!
Көк теңізден көлбей өтіп,
Қойнауы алтын жерге жетіп,
Ақтарыңдар өмір кенін,
Қазынасын берекенің!
Қызыл тулы елің үшін,
Қызғалдақты жерің үшін,
Қызық дәурен өмір үшін
Қызсын сенің жігер-күшің!
Мектеп — кеме, білім — теңіз,
Тынбай алға жүзудеміз,
Біз жетпейтін қиыр да жоқ,
Біз алмайтын қиын да жоқ!
Өнер-білім теңізінде
Біз мықтымыз жер жүзінде,
Адаспаймыз ұлы жолда,
Лениннің туы қолда!

1948

БАЛАМ АУЫРҒАНДА

Халім нашар. Кім ұғынар қайғымды...

Көргім келмейд, күйзелгенде ай-күнді!

Жалғыз балам, Дариғашым, жалғызым!..

Бір сені ойлап, қайрат қажып майрылды.

Аурухана үйің бе еді сен жатар.

Ата-анаңдай кім бар сені уатар?
Тілің де жоқ, уілдейсің мұңайып,
Жылап жатсаң, кім әлпештеп жұбатар?
Көрдім бүгін; көрмеп едім бір айдай;

Кім болғансың? Миым қатты ұға алмай.

Ақ жүзіңде арай таңдай шалқыған

Сәби нұрың сейіліпті тұмандай.

Тар қапаста жүдеген бір балапан

Сықылданып жатырсың сен, балақан.

Кіп-кішкентай көздерінде кейіс бар,

Талпынбайсың, жаймайсың да алақан.

Сондай халде ұмытпайсың сен мені,
Өзің де бір едің сәби сергегі;
Көрген жерден кампитіңді ұсындың,

Білдім, балам, бары осы ғой сендегі.

Бердім аршып, саусақтарың үлбіреп,
Алдың менен, бір сөз айттың уілдеп,
Дәмін алып, бердің маған бір тістеп,

Мәз болдық біз бір кампитті бөліп жеп.

Сүйдім келіп, иісіңмен деп алдым;
Жас мейірмен рахаттанып сен қалдың,
Жайлап қана жайнап жүзің, жан бөпем,
Ай, бұрынғы қалпыңа бір келе алдың!
Ойладың ба: «Менен енді кетпес» деп?

Мен де ойлаушы ем не бір кезім өтпес деп.

Кеттім ақыр. Қала бердің тағы да

Ақ бөпешім арманымдай елестеп.

От шығады көкірегімнен, ойпырм-ай!
Ауыр соққы тиді басқа оңдырмай;
Қайтсем ғана сақтап қалам өмірін,

Құлынымды құрт ауруға қор қылмай.

Медицина, әлсіз бе едің әлі сен!
Қайдан іздеп табам енді әдіс, ем?
Қандай адам түсінер бұл халімді?!

Ащы қайғы уытына зәр ішем.

1948

БАУЫРЖАН

Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін;
Бетіне туған жердің өшпестей ғып,

Ер жазды өз қанымен жүрген ізін.

Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,

Атағы атын алып келді бұрын.

Үстінде туған елдің тұрды толқып,

«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.

Ақынның ақ сұңқардай жүрегі бар,
Алқындым, бір көруге болып құмар,
Көктемде күркіреген күн даусын
Жер естіп, желкілдеген гүл ынтызар
Қан майдан қаталатып, шөлдегенде,
Кез болдым жалтылдаған екі көлге;
Көл емес кездері ғой Бауыржанның

Елестеп мың көрінер бір көргенге.

Бойы бар бізден гөрі биігірек,
Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп,
Топ жара көрінсін деп екі иығы

Туған ел жаратыпты оны ірірек.

Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын,
Теңіздей тебіренткен терең жанын,
Алғандай бойға жиып бар қуатын,

Кешегі өзі кешкен уақиғаның.

Кейде ол көк семсерлі генералдай,

Кейде ол күй көңілді ақын жандай.

Өмірдің ол шеті мен бұл шетіне

Өресі өрен ойдың тартылғандай.

Жан ұқпас жұмбақ емес бір жасырын,
Айтады ол, тіке қарап жұртқа сырын,
Жаратпас, жамап-жасқап жұрт ескісін,

Соғады өз дүкені сөз асылын.

Ойы бар қиялының қанатында,

Адаспас апарып бір салсаң тыңға...

Бір дәурен ойнап-күліп отырғаны,

Жалтылдап екі көзі қарсы алдыңда.

«Батырым — Бауыржаным», дейді халқым,
Алып үш, ақын жүрек ердің даңқын,
Келешек келе жатыр көремін деп,

Тік басып туған жерде жүрген қалпын.

Ағамыз атағына асқар тау тең,
Жау келсе — жаубүйректей етер жәукем,
Емендей ерегісер сұрапылмен,
Басымен бұлтты жайпап біздің Баукең!

1948

ІЛИЯС ОМАРОВҚА

Танымаймын, қанықпын сыртыңыздан,

Мен ризамын еліме ұл туғызған.

Таныстықтың пердесін аштым жырмен,

Жат болмассыз ақындық ғұрпымыздан.

Күле кіріп бүл жерге әдеппенен,
Күңірене шықпаспын әдетпенен;
Аға көрдім өмірде, іні көрдім,
Қайсысынан көңілім дәме етпеген?
Талай жанға қойғанмен адам атын,
Ел таниды өзінің азаматын;

«Азамат!» деп ел Сізге ат қойыпты.

Сол себепті бұл жырды жазады ақын.

Жасап көрген емеспін сөз саудасын,
Тебіренгеннен тереңнен шығар даусым,
Туған елі өлеңнен құя салған

Алдыңызда отырған, мынау Қасым.

Өмір теңіз толқыны теуіп сыртқа,
Шығарып та тастап жүр кей уақытта,
Тереңіне қайтадан ұмтыламын,

Толқынымен ойнаймын, ақпай ыққа.

Жаман-жақсы болсам да ел ұлымын,
Елім деген ер болса — серігімін,
Туған елдің намысын, абыройын,

Өрге тартар бір жүрдек көлігімін.

1948

* * *
Берсең бер, бермесең қой, баспанаңды,
Сонда да тастамаспын астанамды;
Өлеңнің отын жағып жылытармын,

Өзімді, әйелімді, жас баламды.

1948

СЫРБАЙҒА

Сырбаз досым сен едің ғой, Сырбайым,
Сырғытайын, сырымды мен жырлайын,
Сендей серік серуен құрып бір жүрсе,

Мен өмірде қалай мәңгі тұрмайын.

Жаным құмар жан едім бір достыққа,
Болдық серік, жүрегіміз қостық та;
Қайран достық — дүниенің тұлғасы,

Жанымызды жолыңда біз тостық та.

Серігімсің, Сырбайымсың, ақыным,
Жақсылықпен күтші достық ақырын;
Жалқы жанмын жалғандағы мен жүрген,

Болшы досым, болшы құрбым, жақыным.

1948

АЛАТАУ

Алатау бұлт асырмай асқарынан
Тұр қарап туған дала аспанынан;
Асылып Алатауға ай менен күн,

Жарқылдап шұғыла шашқан тастарынан.

Алға алып кең даласы — дастарқанын,
Алатау — ашқанда той — ақсақалым,
Жаңғыртып жер сарайын ән шырқаймыз,

Ту етіп туған халық жақсы атағын.

Құшақтап Қазақстан астанасын,

Алысқа Алатауым, көз саласың.

Алатау — айдын дала қариясы

Көтерген төбесіне өз баласын.

1948

ҚАРАШАШ

Институтта жүр оқып,
Қазақ қызы Қарашаш,
Оқы, оқы, қарындас,

Туған елге білім шаш.

Қарашашым қара көз
Жарасасың өмірге,
Кірпігің нұр, көзің күн,

Тамашасың өзің де.

Апаларың алдыңда,

Сіңлілерің соңыңда.

Келеді өсіп Қарашаш

Алтын томдар қолында.

1948

ЖАЗ КӨҢІЛ

(Әнге арналған)
Жаз көңіл, жарқылдаған бұл бір шағым,
Жаныма дарытпаймын дүние шаңын,
Әніммен қарсы аламын әрбір күнді

Жайғандай ерке нәзік жар құшағын.

Жаз көңіл, жігіт болдық той бастаған,
Құрбыға зейіні бар ой тастаған,
Жас өмір жайлауында шіркін көңіл

Бәйгіден күнде келіп ойқастаған.

Желпимін жанымды бір осындайда,
Үңілер жүрегіме досым қайда,
Кездесіп көңілімнің күнгейінде

Әніме асыл құрбым қосылмай ма.

1948

ДЕНСАУЛЫҚ ЖЫРЫ

Аяулы, адал ақ ниет

Менде де біраз бар шығар.

Адамға біткен қасиет

Сыздаса балтыр — хал сұрар.

Арыммен жаздым бұл хатты,
Жанымдай жайған жетпекші;
Сізге бір келген сырқатты

Үлесіп алып кетсекші.

Дәрігер емен, ақынмын,
Қолымнан келер жыр ғана;
Осы бір жазған хатымның
Соңында тілек бір ғана:
Қадірлі біздің досымыз,
Біздерден аулақ сырқаулық;
Қайратқа қайрат қосыңыз,
Жасасын біздің денсаулық!

1948

БЕСІК ЖЫРЫ

І

Әлди, әлди! Әлпешім,
Ұйықта деймін,— ұйықтайсың,
«Мә-Мә» берсем қайтесің,

Ұйықта десем,—ұқпайсың.

Жоқсың бүгін көз ілген,
Көп ісімнен бөгедің,

Жаудыраған көзіңнен!..

Ұйықтай қойшы, бөбегім.

Әлди-әлди, әлди-ді,

Әлди біздің қалғиды.

ІІ

Ұйықта, десем, күлесің,
Айналайын күлкіңнен!
Ержеткен соң білесің,
«Тұр-тұрлармын» бір күн мен;
«Кешіктің,— деп — сабақтан»,
Тыншыңды алсам «тұр-тұрлап»,
«Жоқ қой әлі таң атқан»—
Деп, жүрмеші бұртыңдап;
Әлди-әлди, әлди-ді,

Әлди біздің қалғиды.

ІІІ

Ұйықта бөпем, ұйықтай ғой,
Ұйықтайтын бұл шағыңда;
Қызық өмір — думан той,

Тұр ғой күтіп алдыңда.

Ұйықтап өткен не табар
Бұл өмірге бекер кеп?
Ұйықта, бөпем, ұйықтап ал;
Ержеткен соң бол сергек!
Әлди, бөпем, бөпемсің,
Кім боп шығар екенсің?

ІV

Күлімдейсің — күнімсің,
Батардағы күн шығар,
Уілдейсің, күйімсің,
Күй де бір кез тыншығар;
Сен де тынық бір мезгіл,
Толқып қана жат бөпем,
Аспанымда жүзе біл,
Айым менің — ақ бөпем!
Әлди-әлди, әлдиім,
Назды, нәзік ән-күйім!

ЖЕТПІС ПЕН ЖЕТІ

І

Жеті жасар баласын
Жетпісте шал жетектеп,
Келе жатыр көшеде,
«Қайда әлгі мектеп»,— деп
Жетпіс келед сүрініп,

Жеті келед жүгіріп.

ІІ

— Балам, балам, жақсы бол,

Міне, сенің мектебің;
Сабағыңа зейін сал,
Ақылды бол, тентегім,—
Деп бір жетпіс күрсінді,
Жеті нені түсінді?

ІІІ

Келіп жетті мектепке,
Жамырады жас өмір;
Келер заман шуындай
Сонда естілді бір дүбір,
Жеті кетті жүгіріп,

Жетпіс қалды үңіліп.

БАЛБӨБЕК

Тамылжытты тәтті әнін

Таңның бұлбұл жыршысы.

Жамылып таң шапағын

Ерте оянды үй іші.

Әлдекімдер далада

Барады ойнап сырнайды.

Еркін деген бір бала

Өксіп-өксіп жылайды.

— Балдырған бет балбөбек.

Неге мұнша жылайсың?
Айтшы, саған не керек,
Әлде кәмпит сұрайсың?
Қой, қарағым,—деп ана
Кәмпит әкеп береді,
Бала бөбек беймаза,

Өзі қандай ер еді.

Кәмпитті алып көрді де,
Жіберді атып лақтырып,
Ана кетті жөніне

Жайлап қана жаққа ұрып.

Ду етісті барлық жан
Күміс күлкі төгіліп,
Бала даусы жылаған

Күлкіменен көміліп.

Қабақ түйіп қарайды
Қасақана әкесі,

—Ұрыспаңдаршы,

Жарайды,—

Дейді күліп тәтесі.

Жұбанар ма екен деп

Ағасы күй ойнайды.

Болар емес балбөбек,

Үдетеді «ойбайды».

— Қой, балбөбек, балбөбек,

— Міне, саған ойыншық;

— Міне, «поезд», «самолет»,

— Міне, «бүркіт», «ит», «мысық»,

Неге көнсін, ол қайсар,
Қарамайды біріне,
Бойында бір жалын бар

Қарап тұрсаң түріне.

— Жарайды енді, қой, тентек,

Апарайын сайлауға,—
Деді ана, балбөбек

Көніп қалды алдауға.

Жеңімен ол сыпырды
Көзіндегі маржанын,
Біраз өксіп отырды

Жайлап қарап, жан-жағын.

Әй, балақан, балбөбек,
Жарамайды жылауға,
Саған әлі ертерек

Сайлануға, сайлауға.

— «Мен де баям, апа»,— деп

Таң сәріден тұрдың-ау,
Маржан жасың мөлтілдеп,

Жуылыпты омырау.

— Апарайық, сайлауға

Айтшы, кәне, сен білсең:
Депутат қып советке,
Сайламақсың кімді сен?
Қайдан білсін жас бөбек,

Деген сөзді «депутат».

Бірақ тағы күлімдеп

Бір минутта болды шат...

АҒАСЫ МЕН ІНІСІ

Пионерлер, балалар!
Алдарыңда аға бар,
Аты оның комсомол,
Ағаңа сай іні бол!
Ағаларың — жарқын жас
Съезіне жиылды;
Пионерлер, шашу шаш,
Тарт апарып сыйыңды!
Бірі ғалым, бірі ер,
Колхозшы һәм жұмыскер,
Сегіз қырлы, бір сырлы,
Бақытты жас ғұмырлы,
Комсомолы Лениннің
Қуанышы елімнің!
Қандай жақсы, қарашы,
Пионердің ағасы!
Оларды да өсірген
Ленинизм ұлы ісі;
Ағаңа тарт, құлпыр сен,
Комсомолдың інісі!
Туыңды ұстап қолыңа,
Ағаларың тобына
Қосыл сен де, пионер!

Ініге аға сүйенер.

Жақсы іні мен жақсы аға
Қос бәйтерек бақшада,
Бір-біріне жарасар,

Жеміс берер, гүл ашар.

Нұрын сеуіп көкте күн,
Келер алып көктемін;
Қос бәйтерек құлпырар,

Көкке бойлап ұмтылар.

Партиямыз — күніміз,
Көктем біздің кезіміз,
Ағамыз да ініміз,—

Қос бәйтерек — өзіміз.

Бақша — біздің еліміз,

Тамашасын көріңіз.

Бақыттымыз, сай келген
Ағасына інісі!
Бізді осылай өсірген
Ленинизм ұлы ісі!

ЖАННА

Артқа тастап алтыны,

Жанна жетті жетіге.

Жазды бастап «А», «Б» ны,

Бірді қосып екіге.

Нажағайдай жалт беріп,

Жарқылдайды жанары.

Санасына тап келіп

Әрбір ойдың хабары.

Саусағымен сырғытып,
Қайырады кекілін;
Жанна біздің жүр күтіп,

Келер күнін жетінің.

Талпынады асығып
Жетіге тез жетпекке,
«Жақсы сумка асынып,

Барамын,— деп,— мектепке».

«Қай мектепке барады,
Кім болғысы келеді?»—
Сәл түйіліп қабағы,

Соны ойлай береді.

— Артист болам, ән салам,

Апа, папа, кел!—дейді,

— Өзім шығып қарсы алам, Билетсіз-ақ ен!— дейді.

— Дәрігер болам, дәрімді

Көп-көп етіп қойдырам,
Aпa, мама, бәріңді

Аспиринге тойдырам.

— Аралаймын көп қала,

Ұшқыш болам мен!— дейді,
Бәрі болам, тек қана

Ақын болғым келмейді...

— Кім болсаң да ер жетші

Шықшы өмір төріне,
Қызығыңды көрсетші,
Ата-анаңа, еліне!

1948

ӘПКЕСІ МЕН БӨПЕСІ

Әпкесі биыл жетіде,
Бөпесі шықты екіге;
Екеуі тату соншама,

Қай уақытта болса да.

Бөпеге беріп қуыршағын,
Қолға алып сумка шап-шағын,
Әпкесі оқып жүр биыл,—
Көкірегіне нұр құйып!
«Бес алдым бүгін, апа»,— деп,
Таппады ешбір қата,— деп,
Киімін іліп, терлетіп,
Дәптерін ашып көрсетіп,
Әпкесі қайтса оқудан

Үйінің іші бір думан.

Көздері күндей, ақ қабақ,
Бөпесін сүйіп аймалап,
Бөленген өмір бақытқа,
Жарасқан жастық уақытқа!
Өзіне алса бір дәптер,
Бөпесіне суреттер
Әпкесі әкеп береді,

Екеулесіп көреді.

Міне түлкі,
Бұл мысық,
Сен де өзіңше оқып шық,
Мынау қасқыр, бұл қоян,
Біліп алсаң «бес» қоям,—

Дейді әпкесі күлімдеп.

Бөпесі де уілдеп,
Бір көрсетіп, бір тыңдап,
Бұл да өзінше былдырлап;
Оқығандай болады,

Жаныма нұр толады.

1948

ҚОЙШЫБАЙ ҚАРТТЫҢ АРМАНЫ

«Мінгенім дәйім менің көк есегім,
Күндіз-түн көк есекпен кеңесемін,
Жалыңнан бір ұстатсаң, шіркін жақсы ат,
Өмірде арманым бар демес едім»,—
Деген де деген екен Қойшыбай шал,

Ат таппай, ағарғанша қара сақал...

Сол кезде орнап совет үкіметі,

Оған бір ат беріпті күдері жал.

— Қойшеке, осы атты бір алшы,— депті,

— Құйғытып құмарыңнан қаншы,— депті,

Мал-мүлік байдікі емес, сендердікі,

Жасаңдар, жарлы менен жалшы!— депті.

Қойшекең мініп апты жүйрік атқа,

Еркінше шауыпты бір шар тарапқа.

— Балалар, енді менің арманым жоқ,

Қырандай бір құлшындым өлер шақта,
Ризамын, қарақтарым, мен сендерге,

Өкінбен,— депті,— енді енсем көрге.

— Қойшеке, айта көрме өлім жайын,

Келесіз тоқсандарға, сексендерге,—

Деп қоршап орыс, қазақ жан-жақтағы.

Советтің өңшең сұңқар саңлақтары,

Аттан да жүйрік затты таңғалтқалы.

— Япыр-ай, болмадыңдар, балаларым,

Көрмеген тұлпар екен бабаларым,—

Деп мініп машинаға Қойшыбай қарт.

Байтақ ел кетті аралап далаларын.

Қойшекең бұл сапардан қайтып келді,
Ғажабын көрген-білген айтып келді;
Қарттықтан ұялғандай болса-дағы
Өлерін білмеді қарт қайтіп енді.—
Балалар!— деді тағы ойлап-ойлап:—
Дүниеде жүрдім біраз күліп-ойнап,
Оллаһи, арманым жоқ тіпті менің,

Көрейін ол дүние тойын тойлап.

— Қойшеке, қай жақта еді ол дүниең?

— Балалар, қайда екенін қайдан білем,

Әйтеуір естуімше аспан жақта,

Отырған болар күтіп ұлы әулием.

— Қойшеке, олай болса, кеттік көкке,—

Деп оны отырғызды самолетке;
Төбесі көкке тиген бұл Қойшекең

Қояды күлімсіреп оқта-текте.

Аспанды аралатты, еркін самғап,

Қойшекең бұл ғажапқа отыр таң қап.

Астында қардай қалың тұтасқан бұлт,
Япыр-ай қайда қонбақ, қайда бармақ!?
Үстінде кәдімгі күн күлімдеген,
Айнала тұнық ауа дірілдеген,
Қарасы «ол дүние» көрінбейді,

Еш жерде, ешбір белгі тігілмеген.

Ыдырап сөгілді бұлт, көрінді жер:
Жапқандай алуан кілем төгілтіп зер,
Құлпырып көз алдында Қойшекеңнің

Бойына ғажайып бір құйды жігер.

Самолет келеді алып дәл осыған,
Сорғалап сөгілген бұлт арасынан;
Жаннатын жер мен көктің тапты ақыры

Қойшекең өзі туған даласынан.

— Балалар, о балалар, балаларым!

Жерді де, аспанды да араладым,
Мың есе армансызбын, сонда-дағы

Өлмеймін, қарттыққа енді қарамадым.

ЖАС ДӘУРЕН

Жас дәурен — гүл жазира қайран жазым,

Тыңдаған ерке сұлу айтқан назын.

Әсерлі ән, көк нөсер күй, сал домбыра,

Жігіттің тебрентесің өнерпазын.

Жас дәурен,
Ризамын мен саған,
Жан сәулем,

Келші сәулем, аңсаған.

Жас дәурен — жігер оты жанған жалын,
Көрмесем қызығыңды армандамын,
Өмірге екі келер уақытым жоқ,

Сондықтан үлесімді мол қармадым.

Жас дәурен, қызығыңа тоя алмаспын,
Ән мен күй, өлең сені қоя алмаспын,
Тірлікте тербелейін, тебіренейін,

Бір күні кетсем ұйықтап, оянбаспын.

Жас дәурен,
Нажағайлы алтын жаз,
Жан сәулем,

Қосыл күйге, айтшы наз.

ДҮНИЕ ДҰШПАНДАРЫНА

Сөзім бар

Айтар дүние жауларына.

Дуылдап жатқан кезде дау-дабыра,
Мен-дағы жауаптымын Өзім тұрған

Дүниенің бүкіл алып аумағына.

Болсам да қарапайым жанның бірі,
Менімен байланысты жер дағдыры;
Көне алман!
Дүние — туған мекеніме

Түссе кеп қандыбалақ қайдағы ұры.

Залында болғаным жоқ «Ақ сарайдың»,
Сондықтан құр даурығып қақсамаймым;
Аз, сөйлеп, көп істейтін адамдармыз,

Бойыма былшыл, сөзді дақ санаймын.

Өзеуреп көргенім жоқ Париждан да,
Бөлмеймін айтар сөзді ар-ұжданға;
Айтамым айтарымды Алматымнан

Жетсін деп әділ сөзім жер-жаһанға.

Білемін, миллиондардың бірімін мен
Жерді біз жаңғыртамыз миллион үнмен;
Дүние жауларына жаудыртамыз

Қарғысын адамзаттың отты зілмен.

Дүние дұшпандары, қандыбалақ!
Миыңнан кетті ме ағып берген сабақ?
Алжыған Британия арыстаны
Қансылап қашпап па еді сан абалап?
Білеміз арыстанға ет керегін;

Бірақ біз жиғамыз жоқ ит көрегін.

Черчилльдей «асыл тұқым» шошқаларға

Жем беріп көргеміз жоқ біз теп-тегін.

Дүние дұшпандары! Артқа қара:
Хирота, Гитлер, Геббельс, Доихара
Дүниеде көп тыпырлап не бітірді?

Тұр күтіп сендерді де сол масқара.

Адамзат туған емес заңсыз бала.

Жаңа күш, жаңа өмірге жаппа жала.

«Жанбайды өшкен қайта, құр бықсытпа,

Жұртында көшкен өмір қалған шала.

Қараңдар Европа мен Азияға,
Толқынды кім батырар дарияға!
Соқты әне дүниенің зор дауылы,

Тықсырып жер қоқырын тар қияға.

Жаққандай адамзатқа жоқ мінезі
Сұмдардан дүние халқы болды мезі,
Түйіні тоқсан даудың біреу ғана:
Ол біздің партияның айтқан сөзі!

1948

ӨЗІМ ТУРАЛЫ

Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында,
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,

Тербетіп, тулатып бір қозғайын да...

Аманжол — Рахымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын,
Біреуге жұртта қалған жасығымын,

Біреуге аспандағы асылымын.

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде,
Қай жерде үзіледі қайран сапар,

Түйін боп өмірімнің бір шетінде.

Сол жерге қалармын ба мәңгі тоқтап,
Жоғалып жер бетінен сүрлеу-соқпақ,
Немесе бастармын ба екінші өмір,

Жалынды жыр жолында қызыл шоқ қап.

Дүние, жалт-жұлт еткен кең мекенім,
Көре алмай көп жеріңді мен кетемін,
Арпалыс ала құйын заманалар

Арбасып тұрып алды, мен не етемін.

Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,
Көп күттім, көп тіледім құмарлана,
Қайтейін, жетер емес қысқа өмірім,

Алыстан көрінгенмен мұнарлана.

Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап,
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,

Көрпемді мен жатармын қырда қымтап.

Жүзінде кәрі жердің әжімі көп,
Ізімді табарсыңдар әзер іздеп,
Оқырсың сонда мүмкін бұл жырымды,

«Досың да, туысың да біздерміз», деп.

Ризамын туғаныма адам болып,
Өкінбен, қаламын деп бір күн солып,
Адамзат сапарының мейманымыз

Бір мезет жер бетіне кетер соғып.

Екі көз — екі жұлдыз маңдайдағы,
Көруші ең құбылысты қай-қайдағы,
Япырмай сен де бір күн сөнермісің

Қап-қара түнек болып маңайдағы.

Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп,
Күніне жүз ойланып, мың толғанам

Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.

Барым да, бақытым да осы өлеңім,
Жақыным, жүрегімнің досы өлеңім,
Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа,

Мен қайтып, босқа жасап, босқа өлемін.

Гүрілдеп жалын атқан кеудем — көрік,
Сөз соғам құлашымды еркін керіп,
Суарып шынықтырам күйге малып,

Болсын деп әрі әдемі, әрі берік.

Құя алман үгітілген балшық өлең,
Көңлімде көл жасаман тамшыменен,
Серінің семсеріндей сертке таққан

Өлеңнің өткірін бір алшы менен.

Ежелден ерке бұлан Қасым едім,
Бұлқына тасып едім, басып едім,

Жүзім — жаз, көңілім — көктем кең пейілді.

Жақсының жүрегіне ғашық едім,
Сөзім жыр, лебізім — күй ерке едім,
Өз жерім, өз елімде еркеледім,

Өмірдің алтын сарай аспанына.

Қиялым қақты қанат ерте менің.

Кең жайдым құлашымды дүниеге,
Білдім мен қайғыра да, сүйіне де,
Әйтеуір әрі-сәрі болғаным жоқ,

Ұқтым мен, көңілімнің күйі неде...

Аяған жүрегім жоқ жолдасымнан,
Сый көрді не бір сараң мол Қасымнан,
Жолдастың жүзін қайта алдым жинап,

Айрылсам ала көңіл он досымнан.

Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын,
Бақытын ойламаймын құр басымның,
Тымырсық түнек болсаң дұшпаныңмын,

Ақ көңіл адал болсаң сырласыңмын.

Боламын ақын Қасым әлі де мен,
Өлеңін бөбегіндей әлдилеген,
Қанатын қағып жылдам келер жылдар,

Бәрін де қарсы аламын ән-күйменен.

Бір күні от өмірім қалса өшіп,
Қайран ел туған жерден кетпес көшіп,
Торқадай жамылып ап топырағын,

Жатармын өз жерімде бір төмпешік.

Дариға, о дариға, шіркін дәурен,
Басымнан таярмысың бір күн дәурен,
Жалт беріп жоғалар ма нажағайдай

Жүзіңде шалқып тұрған күлкім, дәурен.

Тоқтамас өмірімнің сағатындай
Жүрегім енді қанша соғар тынбай,
Тыншыр ма ақтық рет бір талпынып,
Мерт болған балапанның қанатындай
Түсірген ой сәулесін шар тарапқа,

Ақылдың алтын оты сөнген шақта.

Бұл күнде саңқылдаған сұңқар үнім,
Кетерсің судай сіңіп табиғатқа,
Сондықтан aп кел бері, домбырамды,
Кеудеме күй қанатты қондыр әнді,
Берейін өмірімнен өлең жасап,

Шашайын оңды-солды сол мұрамды.

Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын,
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың!
1948-1954

ҚУАНЫШҚА, БАҚЫТҚА

Қуанышқа, бақытқа
Құшағыңды еркін жай,
Біздің ұлы уақытта

Қуана біл баладай.

Еңсе көтер, еңбек ет,
Жеттік сонда табысқа;
Құлашыңды кең сермеп,
Серпіле түс жарыста!
Жастық отың сөнбесін,
Жігеріңмен жарқылда!

Қарттық саған келмесін.

Тарылма да сарқылма!

1949

ЖЫЛҚЫШЫ ЖЫРЫ

Төсімде Алтын Жұлдыз жарқыраған,
Астымда ақ жал атым арқыраған,
Алдымда айдағаным өңшең саңлақ

Даңқымнан колхоз жауы қалтыраған.

«Қызылжал», «Қаракемер», «Қызбел», «Қусақ»,
Баурында жылқым бұлттай жатыр жусап,
Өргізем гүрілдеген көк өзенге,

Жарқырап маңдайымнан шолпан туса-ақ.

Бұлбұл кұс қақты қанат, таң да таяу,
Ақырын қоңырлатам әнге баяу,
Жамылып таң шапағын мен келгенде,

Шықсаңшы күндей күліп, қалқатай-ау.

1949

ӨЛЕҢ ТУPAЛЫ

Отырам кейде құрысып,
Бойымда бір жүк жатқандай;
Өтеді уақытым жылысып,

Өз міндетін атқармай...

Кетемін кенет сілкініп,
Іздегенім тапқандай,
Манадан бері іркіліп,

Селім бір енді аққандай.

Келеді өлең еселеп,
Үлгіре жазып жатамын;
Бір әндетіп, бір сөйлеп,

Мол рақатқа батамын.

Құрысқан бойым жазылып,
Лапылдап отым жанады:
Отырғандаймын мәз қылып,

Ойнатып сәби баланы.

Өлеңім менің бөбегім
Өзіме тартқан секілді,
Үстіне түсе төнемін,

Үйретіп оған не тілді.

Дүние қандай тамаша!
Реніш-қайғы маған жат,
Құлпырам мәз боп, балаша,

Айналам толған махаббат.

1949

АЙСҰЛУ

Есігің алды ағын су,
Ерте тұр да Айсұлу,
Ағын сумен бетің жу,—

Таңғы ұйқың серпілер.

Қыпша белің қынай бу,
Алдың егін, қалың ну,
Еңбекке шық, ұста ту,—

Таудай көңлің желпінер.

Ай, Айсұлу, Айсұлу,
Сенен артар қай сұлу,
Қыз боп туса сендей ту!

Деп бағыңды ел тілер.

1949

ОҢАША ОЙ

Біреуге достық жасасам,
Қастық боп қайтад өзіме,
Жүрегімді ұқпай етед шам,

Еркіндеу айтқан сөзіме.

Дүниеде досты көп көрдім,
Бәріне сендім бөбекше,
Жанымнан алып от бердім,

Болса да бір өлексе.

Тіледім оған жақсылық,
Өзімде жетпей жатса да,
Құшақтай бердім қапсырып,

Итеріп көзбен атса да.

Ұғынар, дедім, достықты,

Болған соң адам баласы.

Осы бір ойым бос шықты.

Жанымда қалды жарасы.

Жеңісім менің жарқ етсе,
Келеді дос боп ант беріп,
Бір жерімнен қалт кетсе

Кетеді шіркін жалт беріп.

Базарым менің ашылса,
Келеді екен саудагер,
Өз пайдасы табылса,

Мұртынан күліп жөнелер.

Дариға қайда шын досым,

Бар ма, сірә, өмірде.

Өлеңнен басқа кім болсын,

Қалдырмас кіршік көңілде.

8. І 1949

* * *
Әттең, жоқ қой, қанатым,

Жерім көп ұшып баратын.

Борышым көп беретін,

Сыбағам көп алатын.

1949

ШАЛҚЫ, ДАРИЯ!

Шалқы, дария, шалқы, көңіл, шырқал ән,

Дауысымыз ассын алты қырқадан.

Үніміз бар алтын жалау секілді,

Күйіміз бар көк дауылдай бұрқаған.

Дәулет, сәулет, сән-салтанат бәрі сай,
Күйлі, нұрлы туған елім — кең сарай;
Шалқы, дария, жүрек күйге шомылсын,

Айдын көлде жүзген ерке аққудай.

Шалқы, дария, ұлы көсем нұрымен,
Жосылшы бір жеті өзендей, жыр-өлең,
Ұлы Ленин партиясы съезіне

Тарту еттім еңбегімді бүгін мен.

АХ, САМАРА, ГОРОДОК!

(Орыс халық әнінің аудармасы)
Орамалым батар-батпас,
Қалқып қана ағады,
Сүйген жарым сүйер-сүймес,

Уақыт өтіп барады.

Қайырмасы:
Ах, Самара,
жас қала
Барамын сөнгелі,
Барамын сөнгелі

Жұбатшы сен мені.

Өстім еркін,
гүлдедім мен
Он жетіге келгенше,
Он жетіде махаббат
Қыз сорлыны жеңгенше,

Қайырмасы.

Сорлы ақ қайың саған орын
Тимепті өзен жарынан,
Жарым десең жаралама,

Сақта мені, жалынам.

Қайырмасы.

Ұмытайын сүйген жарды
Десем-дағы сан рет,
Махаббаттан безе алмадым,

Шектім талай қасірет.

Қайырмасы:
Қош, десе жар, жүрек шіркін
Лап етер бір жалын ғой,
Қайғырады, қалжырайды

Баяғы ол бір, баяғы ой.

Қайырмасы.

1949

БАЛДАҚТЫ ЖІГІТ

Балдағы бар бір жігітті көрдім де,
Қасақана сауал бердім келдім де:
«Ғафу, жолдас! Көрінбейд бір аяғың,
Кешегі өткен сұрапылда бердің бе?»
Жігіт екен! Жауап тапты тосыннан, –
(Бір ғажайып күлкі ойнады ернінде) —
Көріп тұрсыз, бір аяғым осында,

Екіншісін тұрмын басып Берлинде.

1949

АРАЛЫМ, АЙДЫН ШАЛҚАРЫМ!

Алқаракөк айдынында
Аққу жүзген, Аралым!
Айдыныңа ай нұрында

Айбаттана қарадым.

Аралым, айдын шалқарым,
Толқыны бұлтқа ұмтылған;
Толқын сайын бір жайын

Тулап ойнап бұлқынған.

Шарасында шайқатылған
Берекесі даланың;
Ақ қайраңы айға атылған
Көл еркесі, Аралым!
Аралым, айдын шалқарым,
Толықсып жерде құлпырған;
Жағасында жасарып,

Қыз да туған, ұл туған.

Керуендей кемелері
Кернейлеткен, Аралым!
Кеме сайын Еңбек Ері
Сертке жеткен, Аралым!
Аралым, айдын шалқарым,
Жағалай қаптап ел қонған;
Балдырған жас баласы

Тез ержетіп, ер болған.

1949

ҚАЗАҚСТАН КОММУНИСТЕРІНІҢ СЪЕЗІНЕ

(Кантата)
Қадірлі делегаттар, сәлем сізге,

Келіпсіз байтақ елден бұл съезге.

Жасасын ұлы Ленин партиясы
Бақытты өмір берген сіз бен бізге!
Сәлем съезге!
Сәлем сізге біздерден!
Өнер берген, ән-күй берген, жыр берген
Партиямыз, Отанымыз, көп жаса!
Бақыттымыз. Өміріміз тамаша!
Қадірлі партиямыз, біздер сүйген,
Съезге тұрмыз келіп әнмен, күймен,
Шалқиды шаттық жыры шар тарапқа

Шыңынан Алатаудың көкке тиген.

Сәлем съезге! Сәлем сізге, жолдастар!

Еңбекте де, майданда да қол бастар.

Қазақстан коммунисі, сіздерге,

Құтты болсын айта келдік съезге.

Төртінші алда тұрған бесжылдықта,
Абырой ал, азамат, озып шық та;
Біз-дағы ән мен күйдің бесжылдығын

Тартамыз абыроймен туған жұртқа.

Сәлем съезге!
Сәлем сізге біздерден!
Өнер берген, ән-күй берген, жыр берген,
Партиямыз, Отанымыз, көп жаса!
Бақыттымыз. Өміріміз тамаша!
7. 1. 1949

БАЛБӨБЕК

Ай, балбөбек, балбөбек, балдайсың;

Атқан жазғы арайлы таңдайсың.

Күлгеніңде көктемгі күндейсің.

Күн нұрымен құлпырып гүлдейсің.

Бақыттысың, балбөбегім,
Тұр алдыңда бар керегің;

Тез ер жетші, балбөбек.

Оқып білім ал, бөбек!
Ай, балбөбек, балбөбек, балдырған,

Келер күндер шығады алдыңнан.

Елге тұлға ұлан бол, балақан,
Биік ұшар қыран бол, балапан!
Бақыттысың, балбөбегім,
Тұр алдыңда бар керегің;
Тез ер жетші, балбөбек,
Оқып білім ал, бөбек!
27 август, 1949

ЕСІМДЕ ЕМБІ ӨЗЕНІ

Есімде Ембі өзені —
Су емес, кілкіп май аққан,
Күркілдеп жердің өзегі,

Фонтанын мұнай айға атқан.

Есімде Ембі ерлері —
Балуан қолмен тас сыққан;
Болаттай балқып терлері,

Сыққанда тастан май шыққан.

Есімде Ембі бойлары, —
Еркімен жасап, өскен ер;
Ғажайып «Темір орманы»,

Құйып бір тұрған көк нөсер.

1949

ЖАЗҒЫ ЖЫР

Келді көктем, келді жаз,

Кетті көк мұз, әппақ қар.

Әппақ қардай — ақ қағаз,
Жырым қайда көз тартар?
Жатпа менің алдымда,
Жырсыз, құнсыз құр қағаз
Кешеуілдеп қалдым ба,

Сілкінейін мен біраз.

Жаз көңілім жарқыра,
Телегей жыр төгіл де,
Шабытпенен шарқ ұра,

Шықтым мен де егінге.

Шалқы менің көңілім,
Жазғы Жайық, Еділдей,
Жайқала түс егінім,

Егейін мен ерінбей.

Ексем егін ел үшін,
Махаббатпен суарып;
Көкірегімнің жемісін

Алар халқым қуанып.

1948

СЫРБАЙҒА ЕКІНШІ ӨЛЕҢ

Мен едім от жүректі Қасым ағаң,

Дүние қасіретіне жасымаған.

Дауыл ғой, дауылдап бір тұрған бойым,

Мен қайтып іштегі өртті жасыра алам.

Сескенбей сол бір өртке енсең егер,
Жалынын жүрегімнің көрсең егер,
Сонда мен ұғар едім шын досымды,

Онсыз да көңіл шіркін бос сенделер.

11 ноябрь, 1949

КҮН КӨТЕРГЕН ҚАРЫНДАС

Көрейін деп ертемен
Колхоз күні шыққанын,
Араладым жеке мен

Қалың ауыл сырт жағын.

Нұрға бөлеп таң сұлу
Күн келбетті сәбиін,
Жатты жырлап қалың ну

Таңның күйін — әлдиін.

Шықты сол кез алдымнан
Күн көтерген қарындас,
Таң шапағын жамылған

Жаз бейнелі балғын жас.

— Күн көтеріп келесің

Толқып таңғы назыңмен,
Мұны кімге бересің?—

Деп сұрадым әзілмен.

Күн көтерген балғын қыз
Жауап қатты күлімдеп:

— Сыйлағаным, алыңыз, Көп қой менің күнім,— деп.

Күн емес деп кім айтар
Сырдың сары қауынын!
Сүйсіндірер, жырлатар

Еңбек еткен ауылым.

1948-1950

БАЛАЛЫҚ ШАҚ ТУРАЛЫ

Түседі еске жалаңаяқ күндерім,
Ақсүйекті ала қашқан түндерім;
Сол қашқаннан мол қашыпты балалық,

Қайда екенін көптен бері-ақ білмедім.

Қуар едім осы күні етікшең,
Бірақ маған, жалаңаяқ жеткізсең,
Мен мұндамын, сен қайдасың білмеймін,

Жеңіл аяқты жетім болып кеттің сен.

Өткен екен талай жылдар, талай күн;
Өмір жолын, өлең жолын санаймын,
Сонау қарттың жөтелгенін есітіп,

Есік жаққа қайта-қайта қараймын.

1945—1950

МҰХТАР АҒА!

Мұхтар аға!
Мықтар аға едіңіз;
Мықтылықты көзбен көрдік енді біз;
Рахмет сізге, ақындардың ағасы,
Бәйгімізден қасқайып бір келдіңіз!
Лауреаты ең құрметті сыйлықтың,
Бүгінгі күн аузындасыз сіз жұрттың,
Ертең елдің көкрегіне орнайсыз,

Даңқы сізде топтан озған жүйріктің.

Жаса, біздің асыл ойлы ағамыз,
Сіз бенен біз талай құрмет табамыз;
Сізге риза қалың қазақ баласы,

Сізге риза сонау Абай бабаңыз.

Кеудеңізде алтын ғасыр суреті,
Тұлғаңызға бір қарасын жер беті;
Ұқсын әлем, қандай екен жанымыз,

Рахмет сізге, дана халық перзенті.

Туған жердің еменіндей бойлаған,
Көп тусын деп ақын жанды ойлы адам,
Тойыңызда тұйғындай боп толғанам,

Өзіңіздей ессем деп те ойланам.

Келші, достар, көтерелік сол үшін,
Әпкел бері мөлдір бокал толысын,
Қайнап тасқан болаттай боп төгілсін,

Күлкі аралас күлдір-күлдір соғылсын.

1949-1950

НҰРЛЫ ДҮНИЕ

Нұрлы дүние — сырлы сарай
Айқара ашып есігіңді,
Ендім аңсап алтын арай

Арманым жоқ осы күнді.

Нұрлы дүние, от бердің сен
Көкірегімде мәңгі лаулар,
Бердің қуат, бір сілкінсем,

Арқама орнар асқар таулар.

Нұрлы дүние, қадіріңді
Білемін де жырлаймын ғой,
Әнмен қарсы ап әрбір күнді

Түн-түнекке ұрмаймын бой.

Нұрлы дүние — туған елім,
Жарқылдайсың жас айбынмен;
Бір сен үшін туған едім,

Бір сен үшін жасаймын мен.

1 июнь, 1950

СЕЙІТЖАНҒА

Сейітжан деген жігітсің
Түсінуші ең жан күйін,
Бұл бақты сендей кім күтсін,

Өмірлі болсын сәбиің.

Бурыл тартқан кезіңде
Кезіктің бір бөпеге;
Күй болса да сөзімде

Қуанышыңа жете ме.

Баланың зарын тартқан жан

Қандай болар, білемін.

Қуанышың артқаннан

Үйіңде ойнап күлемін.

Орынсыз жыртақтамаймын,
Ыржың қағып тұрса әлем,
Бақытын тапқан ағайдың
Жеңгемізге бір сәлем!
Ана деген ана ғой
Бесікте күймен тербетер;
Ата-анаға абырой

Құлпырып бөпең ержетер.

Берерсіз оқып жырымды
Жеті жасқа келгенде,
Жапыра басып жылыңды

Мектепке барып енгенде.

Ойлар мүмкін сонда ол

Әкесінің досы кім...

Бақытты бол, алда бол,
Ойланып қал осы күн
10 октябрь, 1950

ДҮНИЕ СЫЙМАС БОМБАҒА

Дүние сыймас бомбаға
«Атом» деп айқай салғанмен;
Дұшпанның жолы болды ма,
Аяқтан талай шалғанмен!
Он алты одақ бір елміз
Отызға толған жасы бар:
Ортамыз берік түгелміз,
Қай дұшпан бізді басынар!
Еңсесі кеткен еңкейіп,
Ескілік енді елірме!
Иіні шыққан топ жарып,
Иеміз біздер өмірге!
Адамның абзал ақылы
Қорғасын емес құйылған,
Керемет емес кер дұшпан,

Көздері шыққан тиыннан.

Жаһанның бүкіл жарығын
Жасырған түнек серпілген,
Жанартау атса жалынын
Айрылған емес жер күннен!
Қаусаған қарттың қауқары
Қашырмас ердің үрейін;
Қаққамыз талай «сайтанын»,
Көргеміз долы — дүлейін,
Ойраны шыққан өмірдің
Ортасын оя қонғанбыз,
Он алты Одақ Ұлы Отан

Он алты қабат қорғанбыз.

1947-1950

АУЫЛ СЫРТЫ МАРЖАН КӨЛ

— Ауыл сырты маржан көл,

Маржан көлге баралық,—
Деді жеңгей Маржангүл

Қою шашын таранып.

Көлге құмар жандармыз,
Кете бардық біз саулап;
Шомылармыз, жалдармыз,

Қиқу салып, құс аулап.

— Қайық бар ма, жеңеше? —

Деп сұрасақ, «жоқ» дейді;

— Айып бар ма ендеше, «Кеме бізде көп»,— дейді.

Келеді ертіп жеңгеміз,

Сөзіне әлде сыр бар ма...

Келіп жеттік көлге біз,
Көлге емес... Қырманға!
Қимылдадық біз-дағы
Көлге маржан толсын деп,
Маржан көлдің қыздары
Бізге риза болсын деп,
Талай әнге қосылып,
Жаздың жырын жаттадық;
Маржан көлден жосылып

Алтын дария жатты ағып.

1948-1950

АЙ АСТЫНДА АЛТЫН ТАУ

— Ай астында алтын тау!

Әлде нұрлы күмбез бе?
Жоқ еді ғой, япырм-ау,
Келгенімде бір кезде?!—
Дедім де тез бұрылдым
Келе жатқан бетімнен;
Астымдағы бурылдың

Жарауы әбден жетілген.

Бір бел астым бұлдырап,
Құлағыма шалынды ән,
Күміс дауыс сыңғырап,

Түнгі гармонь шалқыған.

Сол бір әнді, сол күйді
Тыңдай бердім аялдап;
Астымда атым шұлғиды

Толқи басып, аяңдап.

Гармонь үнін, қыз әнін
Қайтып сірә бұзамын;
Өзім де әнге қызамын,

Ай астымен сызамын.

Алтын тауда ән салған

Қызға жеттім, қол создым.

Ай нұрына шалынған

Астығы екен колхоздың.

1949-1950

ЖАСТЫҚ ЖЫРЫ

Жас қазақ, жарқыраған ой-санамыз,
Жаңғыртып өлкемізді ән саламыз,
Келеді өзі бастап партиямыз

Келер күн жаз бейнесін қарсы аламыз.

Жас дәурен —жалын жалау жарқылдаған,
Жас үнім жер бетінде саңқылдаған,
Ұлымын мен Лениннің, партияның,

Қарайды қуанышпен халқым маған.

Ел жатыр Орта Азия ер төсінде,
Ұлы өмір Қазақстан өлкесінде,
Жалтылдап жастық жалын! Дос сүйінсін,

Өзегін өштескеннің өртесін де.

Қарашы Қазақстан картасына,
Сиғандай кімнің, сірә, қалтасына,
Тәкаппар Британия аралдарын

Бұл жердің менсінбейді әр тасы да.

Капитал товары емес, басқа затпыз,
Құлпырып қайта туған жас
қазақпыз,
Әйгілі әлем сыры әліппедей;
Ұланбыз, досқа — жақпыз,

Қасқа — жатпыз.

Бақыт не? Біз бе оған бас қатырар,
Бақыттың біздің елде басқа аты бар;
Бақыт — біз,— Біздің Отан,— партиямыз –
Алдында алуан ұлы мақсаты бар,
Ризамыз дәл осындай жастық шаққа,
Не жетер Лениншіл жас деген атқа!
Келеміз коммунизм төріне өрлеп,
Ашылып алдымыздан алтын қақпа,
1948-1950

ШЫҢҒЫСТАУДА

Арқаның арланындай алып Шыңғыс,
Көргелі келдім аңсап сені тұңғыш,
Көтеріп әкетесің көңіл күйін,

Мүлгіген ойға шомып бұйра шың-құз.

Қараймын Қарауылдан аймағыңа,
Ұшырып қиял құсын қайдағыға,
Мекені ақындар мен батырлардың

Сүйсінем, Шыңғыс, сенің айбарыңа.

Бұл жерге кімдер келіп, кім кетпеген,
Шертуге бар сырыңды тіл жетпеген,
Ағасы ақындардың туған жерге,

Біз келдік інілік бір міндетпенен.

Аралап кең алқабын, тау саласын,
Кең өмір кенересін қаусарасың,
Жатсаң да күндіз-түні бірдей жырлап,
Бұл жердің сырын қайтып тауса аласың!
Хан, орда, Дегелең мен Құндызды Арқат,
Дейтін жер —«шіркін көңіл құмар тарқат!»
Айнала Қарауылды дөңгеленген

Ырысты дастарқандай жатыр алқап.

Көрініп колхозды ауыл айналадан,
Шақырып, көкірегіңді аймалаған,

Бұл бір жер еркіндетер өз үйіңдей.

Келсең де қайсы елден, қай қаладан.

Сапырса сары ала егін алқапта адам,
Қара бұлт қоңыр белден мал қаптаған,
Енші алған еңбегімен ұл мен қызын

Ата-ана алғыс айтып ардақтаған.

Бақыт пен берекенің кең өлкесі,
Екенсің шіркін Шыңғыс жер еркесі;
Қарайсың Қарауылдан Жидебайға

Көрініп ақын атан, көлеңкесі.

Қарайсың Қарауылдан Жидебайға,
Бергендей күнде сәлем ұлы Абайға,
«Түбіне жүрегіңнің терең бойла»,

Абайлық азаматтар сөзді абайла.

1950. Қарауыл

АБАЙ АРМАНЫ

«Адасып, алаңдама жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық қамалмай,
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің, ғой мал баға алмай»,
Деген сөзі ақынның қайнап іште,
Келе жаттық жүйткітіп шаңқай түсте;
Көсіліп арыстандай жатты Шыңғыс,

Сенген соң бойындағы алып күшке.

Келе жаттық кең қорық Жидебайға,
Қарауыл қалды артта әлдеқайда;
Кернеген көкіректі көп сыр жатыр,

Келеміз айтарлықтай соны Абайға...

Айдынның аралындай бір дөңесте
Тұр қыстау, талай сырды салып еске;
Еркіндеп араладық әр бөлмесін,
Абайдың еркелері біз емес пе!
Бейіт тұр кәдімгі ескі, төрт құлақты,
Япыр-ай, ақын бұған қалай жатты?!
Тіл қатпас, түсі суық, сұп-сұр мола

Сезе ме, қуанышты, махаббатты...

Қария жас көңілді жүзі бір нарт,
Әрі әнші, әрі күйші, өзі жомарт,
Көп сырды көңілдегі берді шешіп,

Абайдың немересі Исраил қарт.

— Жігіттер, келіпсіздер Абайды іздеп:

Маған да ишаратпен «қалайсыз?» деп.

Ризамын! Ойламаған екенсіңдер

Абайдың ескі жұрты абайсыз деп.

Сөзімде, ескертерсіз, болса қатам;
Ақынға мекен болмас зират пен там;
Аралап туған елін кеткен еді

Сенің де, менің-дағы Абай атам.

Атаңның аңсағаны сендер едің,
Әрқайсыңды атаңа тең дер едім,
Ғылым, еңбек бар бақыт өздеріңде,

Осы емес пе, қарағым, ең керегің.

Жұттай қысып бір кезде қатал заман,
Оны жырлап бергенді атаң саған;
Үнін естіп бүгінгі бақыттының

Атаң шыдап қабірде жата алмаған.

Деген сөзі зерделі қарияның
Бір сілкінтті ақынның өр қиялын;
Кеттік тағы аралап байтақ елді

Арасымен алуан уақиғаның.

Колхоз бардық, әрбір үй, әрбір мектеп
Ақын ата Абайын жүр құрметтеп:
Қала келдік, шықты алдан тағы да Абай,

Бекер ойлап жүріппіз «құр сурет» деп.

Қабырғадан қараса ойлы көзбен,

Тірі адамдай емес пе бәрін сезген.

Асқақ жыры ақынның жүр аралап,

Өзіміздей кәдімгі өр мінезбен.

«Республика тойына жаздым өлең»
Деп барсам мен ұйымға — кімді көрем?!
Нағыз төрде отыр ол маңғазданып,

Сөйлесердей сенімен, меніменен.

Ақын ата, жетіпсің арманыңа,
Осыны аңсап жүрегің талмады ма!
Бізбен бірге келіпсің бүгінгіге,

Бізбен бірге барарсың алдағыға.

1950

ТОЙ БАСТАР

Теңіздей терең бір күй бар,
Толқыса көңіл тартылар,
Көңілде жатқан бір сыр бар,

Тебіренсе жүрек айтылар.

Сол жырды халқым, сол күйді
Партияға арнаған;
Ағыл да төгіл айтар сөз

Ағыттық бүгін арнадан.

Партиясы Лениннің,
Ақылы, ойы заманның,
Сенгені бүкіл елімнің

Бақыты сенсің адамның.

Адамдық пенен адалдық,
Ант беріп, туын ұстаған,
Адаспас жолға ғасырды

Көрсетіп күнде нұсқаған.

Дауылды күнде саспаған,
Даурықса дүние сыр бермей,
Шуақты күнде таспаған

Бастадың бізді Лениндей.

Отыз жыл оты маздаған
Отанда өскен халықпыз,
Етегі Еділ — Ертісте,

Еркін елміз, алыппыз.

Қазақтың байтақ даласы,
Орыстың ойлы орманы,
Достықтың болды дүниесі
Бауырлас елдің қонғаны:
Азия менен Европа
Қатысар алтын көпірдей,
Қазақтың жатыр даласы

Дүние достық көркіндей.

Қонақтап күні Оралға
Асылып айы Алтайға,
Керіліп жатқан гүл дала,
Бақытты, мұндай жер қайда!
Өмірдің алтын сақасын

Үйіріп алшы түсірдік.

Жаһанның шешіп жұмбағын,

Тіліне дүние түсіндік.

Үйіріп келіп жаудырдық
Қаңсыған шөлге жаңбырды;
Бұйырып келіп бағынттық

Қатыгез долы тағдырды.

Дедік те дереу «іске сәт»,

Жетектеп жылды, айды астық.

Сүйсіне соқты әр сағат,

Секундтің үнін тыңдастық.

Өзіміз туып өскен жер
Рақаттана көтерді,
Сіңген қайрат, аққан тер

Береке болып өтелді.

Біріміз жердің үстінде,
Біріміз шахта астында,
Білім мен білек күш бірге,

Бермесін алдық тастың да.

Шыңырау шахта түбінен
Бұлттан аса өрледік,
Сақылдап тұрса cap аяз,

Бұрқырап істе терледік.

Халқымның құтты қазаны
Сақылдап қырда қайнаған —
Қарағанды, Балхашым,

Қазына толы айналам.

Алатау бойы нұр сәулет,
Қаратау бойы мол ырыс,
Ұлытау бойы ен дәулет

Теміртау бойы сом құрыш.

Даланың дастарқанына
Толтыра төктік жемісті;
Жайды күнге жиһазын

Жер асты да, жер үсті.

Тұяғы алтын мал қаптап,
Даламыз жатыр дүбірлеп,
Төскейде төлі ойнақтап,
Төсекте бала уілдеп;
Қоңырау үнді құлыншақ
Желкілдеп желмен айдары,
Ойнаған қырда асыр сап,

Жарысып тай мен тайлағы.

Жамырап күнде жас өмір,

Маңырап қойды марқасы.

Сауыры құтты болды жер

Қазақтың Сарыарқасы.

Ұшырдық қазақ аулынан
Қанаты талмас қыран құс;
Бүркіт қып бізді баулыған
Партияға мың алғыс!
1947 1950

СЫРДАРИЯ АҢЫЗЫ

Сарғая ақтың сан ғасыр
Сағына бізді күткендей;
Аралға барып айттың сыр,

Дүркірей таудан, үріккендей.

Жаутаңдап екі жағаңда
Тамыры тандыр жер жатты;
Талатып көшін заманға,

Қабағы қату ел жатты.

Ағып бір жаттың суылдап,
Айта алмай сірә бір сырды;
Қайыса қарап, суыңды ап,

Жағаңда мұңлы қыз тұрды.

Жайындай тулап толқының

Қанаты тисе дауылдың.

Тербенттің талай ер ұлын

Жабығы жыртық ауылдың.

Жағалай қонған ел еді,
Ел іші өлең-жыр еді,
Арманы елдің көп еді,

Өлеңі елдің Сыр еді.

«Барасың қайда асығып,
Суылдап ағып салқын Сыр?
Тасаттық беріп, бас ұрып,

Телміріп бұлтқа халқың тұр.

Телміртпе бұлтқа, мойын бұр,
Шаңырқап далаң шөлдеді,
Ашықты жұртың, тойындыр,

Астықты әпер жердегі».

Ұққандай елдің тілегін,
Жағаға толқын үймелеп,
Ел түріп сонда білегін

Тартатын Сырды сүйрелеп.

Бұлдырық құстай бұлшық ет,

Білекте тулап, талыпты...

Қалыпты қырда әлеумет

Жетелеп нәзік-арықты...

Көшіпті бұлттай сан ғасыр
Талықсып дала, тау қаңсып
Жатыпты ағып дария
Сыр Арнада сыңсып, аунақшып,
Иесі келіп еңбектің,
Аңдыды Сырдың ағысын;
Сүйреді қырға жер-көктің

Тулатып долы тағысын.

Дария тулап бұлқынды,
Тәкаппар шіркін қорланып;
Толқыны жарға ұмтылды,

Желкілдеп жалы, долданып.

Еріксіз мойын бұрды да,
Сыр бүгін елге бас ұрды:
Дірілдеп бойы тұрды да,

Ашуы жайлап басылды.

Көгінен күні нұр сепкен,
Жерінен гүлі жайқалып,
Бойында сырдың ержеткен

Берекелі елім, бай халық.

Көтеріп күйдің дауылын,
Сапыра Сырды жырлайды:
Далаға төсеп бауырын,

Дария толқын тыңдайды...

Сарғая ақтың сан ғасыр,
Сағына бізді күткендей;
Еліне құт бол, ерке Сыр,

Құмыңнан қырсық үріккендей.

1947-1950

КОМСОМОЛДАР КОЛОННАСЫ

Жастық дәурен жыл
құсындай
Келді біздің Бірінші Май!
Комсомолдар колоннада —
Жаңа дүние тұңғышындай,
Басыңдар нық туған жерде,

Құлашыңды еркін серме.

Көңіл көктем, жүздерің жаз,

Кім қызықпас дәл сендерге.

Дүниеде көп жас пен кәрі,
Тұр сендерге қарап бәрі;
Жаңғыртыңдар жер-жаһанды,
Лениннің ұрпақтары!
Жастарына жер-жаһанның
Болдың аңыз, ер атандың,
Көтер даңқын күнге дейін

Туып ескен ұлы Отанның.

Келер өмір иелері,
Тіршіліктің сүйенері,
Сендерсіңдер жарқын жастар,

Сүйсіндірер дүниені.

Май маршына басыңдар нық,
Әлемдегі бүкіл халық,
Қимылыңа, қызығыңа
Қарап тағы тұр таңғалып,
Баста алға дүние жасын,
Жан жігерің жарқылдасын,
Сендерсіңдер сәулетіміз,

Інілерім, қарындасым.

Жастық дәурен жыл құсындай
Келді біздің Бірінші Май!
Ержетіңдер жер бетінде
Жаңа дүние тұңғышындай!

КӨКІРЕККЕ ҚҰЙЫЛ, HҰP

Көкірекке құйыл, нұр
Даналардың ойынан,
Төгілші, жыр, биыл бір,

Тереңіңе бой ұрам.

Кеңі кеуде көктемдей,
Кеңі байтақ Отандай!
Өлең менен кеткендей,

Жатамын ба от алмай.

Өлең керек өмірге,
Өлеңсіз күн көңілсіз,
Күй бітпей ме темірге

Таба алсаңыз ебін сіз.

Темірдей бол жыр сөзі
Маяковский айтқандай:
Елім-жұртым сыншы өзі,
Жырла, ақын, қалт қалмай

1950

* * *
Сыйса егер өмір сыры бір жаныңа

Ой таста, ол жағың мен бұл жағыңа.

Аумағын алақанда еркін ойнат,

Көнбессің сонда тағдыр қылжаңына.

Жерде тудың қадірін сен біле біл,
Аспанға ұшсаң сонда да, жерге үңіл;
Туған жерде тік бассаң аяғыңды,

Сен мықтысың, еркіндеп ойна да күл.

Қанат болмас жігіттер өктем желік,
Кішіпейілдік дегенді жек көрмелік,
Желігем деп орынсыз секірем деп

Жатқандар бар аяғы көктен келіп.

Қанша қуат алса да қасқыр қаннан,
Мерт болатын бір ғана басқа ұрғаннан;
Игілік пен жақсылық болсын бойда

Қалар түсіп сыртыңнан жапсырғанмен.

Дән піспейше қауызы жарылар ма,
Желге ұшар қауызда мағна бар ма;
Сырттан өспей, шырағым, іштен өссең,
«Жеңіл қауыз» деген ат тағылар ма!
Келіп қалған көңілге бұл бір сөзім,
Келген сөзді бөгерлік жоқ мінезім;
Ғибрат айтар сәуегей болмасақ та,

Құрбы-құрдас оқы да, ойла өзің.

Жақсылық пен жамандық шекаралас,
Ойсыз пенде екеуін айыра алмас;
Жаздым мұны жанымен түсінер деп

Жері жерлес, бауырым қаны қандас.

Тек мен емен бұл сырды талай айтқан,
Күні кеше өз атаң Абай да айтқан,
Тағы қайта айтамын, тағы-тағы,

Болғаннан соң не кеще құдай атқан.

1950. Қарауыл

БҰЛБҰЛДЫҢ, ГҮЛДІҢ ЖЫРШЫСЫ

Бұлбұлдың, гүлдің жыршысы,
Үлбірей бер өзіңше;
Келді көктем —«жыл құсы»,

«Жібек жаның» сезінсе.

Көктем келді жырлаймыз
Еңбек күйін, ел күйін:
Бұлбұлды да тыңдаймыз,
Болып па екен сол қиын?
Айыптайсың сен мені,
Жырың нәзік емес деп;
Көрмейсің гүлден өңгені,

Көзіңе сағым елестеп.

«Көктем күйі — нәзік күй»
Дейсің, құрбым, білемін;
Көкірегіңе жазып қой,

Мен де ол сөзге күлемін.

«Көктем келді, гүл атты,
Шыр айналды көбелек»
Десем сізге ұнапты;
Оныңыз маған не керек?
Асып асқар таулардан,
Басып жасыл белдерді,
Ғасыр құзың аударған
Көресіз бе ерлерді?
Қажыр-қайрат темірдей,
Тұлғасы бір ғасырдай,
Мәңгі жасар өмірдей,

Сыр-сипатың жасырмай.

Келді олар, қарсы алды
Коммунизм көктемі;
Ар-намысым жар салды,

Солардың күйін шерткелі.

Олар басқан жерлерді
Өзім де басып өткемін;
Арманым жоқ көз көрді
Коммунизм көктемін!

1950

МАЙ МАЙДАНЫ

Келді міне,
1950 жылдың майы;
Өміріміздей өзіміздің
Неткен жақсы күннің райы!
Май майданы жайды қанат
Экватордан Арктикаға,
Күн — командир, солдат — сағат

Шыққандай дәл атакаға.

Қысылды қыс, қашты іріп,

Жыртылды тон жалба-жұлба.

Тауға бұғып, тасқа кіріп,

Таялғандай жан алқымға.

Сол сияқты жауларымыз
Бара жатыр іріп-шіріп,
Құрсағандай кеудесін мұз

Тұла бойын түршіктіріп.

Атлантика ар жағынан
Арсылдайды арсыз дұшпан;
Біз бе шошыр қайқағынан!
Жаз қорыққан ба қатал қыстан?
Келді міне, 1950 жылдың майы;
Өміріміздей өзіміздің
Неткен жақсы күннің райы!
Май майданы, ойна маршын
Дүние досы, бізбен бірге!
Қасақы жау, тығыларсың

Қашып қысша тас үңгірге.

ЕЛУ ЖАСАС ЕЛУБАЙ

(Қазақ ССР-ның халық артисі Елубай Өмірзақовтың 50 жасқа толуына)

Бір ғасырдың беліндей,
Жас болар ма елудей!
Еңбек етсең еліңе

Елу жаста ерінбей.

Өнеріңе өзің сай,
Қадір тұттық сені ыңғай,
Еңкейемін алдыңда
Елу жасар, Елубай!
«Әләу-ләйләй, әләу-ләй»,
Қой соңында жаяулай,
Еніп едің өмірге,
Өнер құмар, Елубай!
Көргенің көп жер екен,
Ер көңілді Елекем!
«Елу жаста ел жаңа»,
Құтты болсын мерекең!
«Шайқы-бұрқы дуана,
Жын-сайтанды қуала»,
Деп шыққанда-ақ сахнаға,

Қарап едім қуана.

Малқамбай боп маңқиып,
Дәркембай боп жан қиып,
Талай өтсең алдымнан,

Таңғалушы ем аңқиып.

Жантас, Жарас, Мырқалма,
Елекең бос шырқар ма?
Қанат жалғап бірге ұшқан,

Аманкелді сұңқарға.

1950

* * *
Тыңдаңыздар,
Артқы іні, алғы аға,

Жеңгейлерден жырым бүгін, ал баға.

Арналады жүрегімнің бүл күйі,

Мұқанова Сәбитовна Жаннаға.

Кіп-кішкене балапаны Сәкеңнің,
Шақырыпсың тойына сен әкеңнің,
Түсінемін бақытыңды, қарағым,

Қолда барым — осы өлеңді әкелдім.

Сәкең, Мәкең арасында өскен гүл,
Саған лебін тигізсін де дос көңіл,
Жайқалып, өс, жақсы әкенің ұрпағы,

Сақтап, жаттап, жыр қуатын өс те біл.

Бұл ағаңның аз сыйлығын мол сана,
Мол сыйлықтар үйлеріңе толса да;
Келші, достар, алшы тосты ішелік,

Жанна алдында ұятырақ болса да.

28 май, 1950
* * *
Бұл шытырман ойлардан

Әйтеуір шығып кетермін.

Арманым бар ойға алған,

Соған да бір жетермін.

1950

ШЫҚТЫ ЕГІНГЕ КОЛХОЗШЫЛАР

Алтын Жұлдыз кеудесінде,
Партия сөзі зердесінде,
Шықты егінге колхозшылар;
Тумен, думен, әнмен, күймен
Әр ауылдан, әрбір үйден

Сертпен бекіп шықты бұлар.

Алтын кірпік, дөңгелек көз
Күлім қағып шықты сол кез,
Қарады еңбек даласына;
Мол егінге болсын сыйым,
Дегендей-ақ текті нұрын,

Өрлеп асқар тау басына.

Мың құлпырып бұйра жоны,
Тиген сайын адам қолы,
Бара жатты дала түлеп;
Жасағандай көкте серуен,
Ақ желегі үлбіреген

Бұлттар етті жай сіркіреп.

Айбарлы, алып асқар таудан

Асау өзен тас аударған.

Ақты асыға егін жайға,
«Қимылдаңдар, жамағаттар»,—
Деп қояды дана қарттар,

Шіркін көңіл осындайда!..

Қарты қайсы, жасы қайсы!
Қайратыңмен қанат жайшы,
Берілші адал ұлы еңбекке,—
Неткен шабыт, неткен талап,
Сен бір алып, тұрсам қарап,
Өзің жерде, көңлің көкте!

— Туған жердің топырағы

Қолың тисе құлпырады —
Дейді жастар агрономдар;
Алтын дәндер тердей сіңіп,
Иесіне жер сүйсініп,

Түсті үгіліп қатал тоңдар.

Қарттары жоқ жастан қалар,
Қуанып жүр басқармалар,

Ойлап өткен-кеткенін де...

Құтты болсын қайырлы еңбек!

Алайық бір сермеп-сермеп.

Коммунизм көктемінде!

1950

БАС КӨКТЕМНІҢ КҮЙІНЕ

Келді көктем ғажайып,
Күй төгейік!
Жауларымыз азайып,
Дос көбейіп,
Бара жатыр дүние
Кеңіп, байып,
Бас, көктемнің күйіне,
Ән шырқайық!
Бізге келді бұл көктем,
Оларға — қыс;
Бар үміті дәметкен —

Тағы соғыс.

Қан аңсайтын, ұлитын
Арам тамақ
Атлантика мұхитын

Арамдамақ.

Торлама бұлт, көктемнің
Нұрлы аспанын,
Қайта оралмас өткен күн,

Бақас залым.

Көктем келді ғажайып;
Күй төгейік!
Жауларымыз азайып,
Дос көбейіп
Бара жатыр дүние
Кеңіп байып;
Бас, көктемнің күйіне,
Ән шырқайық!

1950

КОММУНИЗМ КӨКТЕМІ

Көктем келді жырлаймыз
Еңбек күйін, ел күйін;
Құмарлана тыңдаймыз,

Көк орманның бұлбұлын.

Айыптайсың сен мені,
Жырың нәзік емес деп;
Көрмейсің гүлден өңгені,

Көзіңе сағым елестеп.

«Көктем күйі нәзік қой»,—
Дейсің, құрбым,— білемін;
Көкірегіңе жазып қой,

Мен де ол сөзге күлемін.

«Көктем келді, гүл атты,
Шыр айналды көбелек»
Десем сізге ұнапты;
Оныңыз маған не керек?

Асып асқар таулардан.

Басып жасыл белдерді,
Ғасыр құзын аударған
Көресіз бе ерлерді?
Қажыр-қайрат темірдей,
Тұлғасы бір ғасырдай,
Мәңгі жасар өмірдей,

Сыр-сипатын жасырмай.

Келді олар, қарсы алды
Коммунизм көктемі;
Ар-намысым жар салды,

Солардың күйін шерткелі.

Олар басқан жерлерді
Өзім де басып өткемін;
Арманым жоқ көз көрді
Коммунизм көктемін!

1950

БАКТЕРИЯ КОРОЛІ

Шыбын-шіркей, құрт-қоңыз,
Бит-бүргелер жиылып,
Трумэн тақсыр аузынан

Сөз тыңдапты бұйығып.

— О, қадірлі жәндіктер!

Құнсызсыңдар демедім,
Право бердім қол қойып,

Янкилерге теңедім.

Жинаттырдым, оқыттым,
Ғалымдарға тапсырып,
Бұдан артық болар ма,
Сіздерге еткен жақсылық!
Тыңдаңыздар мені енді,
Тұрғанымда қысылып;
Жөнелтемін майданға

Самолетпен ұшырып.

Адам деген ақымақ,
Жаны тәтті келеді;
Соғысудың орнына —

Қолға түсе береді.

Мен сенемін сендерге,
Құрт пен қоңыз, бит-бүрге!
Парошютпен түсіртем

Бір оңаша түкпірге.

Қаптап өріп, құжынап,
Корей, Қытай жерінде,
Қырып-жойып қайтыңдар,
Трумэндігім тегін бе!
Болсын жауым тып-типыл
Алда қызық, алда той!
Бәрі дайын сендерге:
Орден, атақ, абырой!
Кетті ызыңдап бит-бүрге,

Бүйі, шаян, өрмекші...

Трумэнге сайлауда

Бәрі даусын бермекші.

«Басын исін біздерге
Дүниенің бар елі!
Жаса, жаса!— дейді олар,
Бактерия королі!»

1951

ТРУМЭНГЕ

Сен неменің атыңмен
Былғамай-ақ жырымды,
Бойымдағы атоммен

Қағар едім жыныңды...

Жиіркенеміз біз сенің,
Гарри Турмэн атыңнан,
Өңшең жауыз неменің
Президенті шатылған!
Жұқтырдың бар кіріңді
Америка арына,
Төгесің кеп зіліңді

Жердің алып шарына.

Қасқыр етін жедің бе!—
Қанға мұнша құнығар?
Корей, Қытай жерінде
Қай әкеңнің құны бар?
Жерін даулап басқаның
Қоқсығыңды сатқалы,
Колумбының ашқанын
Жүрсің бе сен жапқалы?
Туыпсың бір жарымес —
Янкилардың сорына,
Дүние деген доп емес,

Түспес сенің торыңа.

Кегі бітпес заманның
Атың-затың құрымай,
Азғынысың адамның

Шаян көзді сұмырай.

ТРУМЭН ДОСТАРЫМЕН

Трумэн
Хабар алдым майданнан,
Бүйі менен шаяннан,
Айтқан жерге барыпты,

Қырғын апат салыпты.

Шіркін, бүйі ер екен,
Қойдым жазып орденға
Соны қойсам қайтеді
Эйзенхауэр орнына?
Ачесон
Қостар едім оны мен,
Бір сырласса менімен;
Не біледі екен ол

Дипломатия жөнінен...

Трумэн
Қайда сенің көмегің,
Қашып жатыр көп елің?
Маршалл
Несін менен сұрайсың,

Бәрі өзіңнің дегенің.

Трумэн
Сабыр-сабыр, жарқыным!

Ісінбесін алқымың.

Маршалл
Деп едің ғой: «Аштан қыр

Адамзаттың артығын».

Трумэн
Көп қой сенің көмегің,

Іске аспады дегенім.

Қаламын ғой бір жасап,

Болып тұрса көп өлім.

Маршалл
Британия аралын
Аралауға барамын;
Мен барғанда кісімсіп

Жүрме бірақ, қарағым.

Черчилль
Таптап басып өтіңіз,

Құлдық сізге,— кұп деңіз.

Штаттардың біріміз,

Номеріміз, қырық тоғыз.

Трумэн
Аэродромдар саламын,

Алаңдарды дайында.

Менің янкилеріме

Болсын нан мен майың да.

Черчилль
Тұрған үйім орнына,
Аэродром салсаң да,
Құлдық, тақсыр, өзің біл,

Мен дайынмын қашан да.

Трумэн
Білесің ғой, кәрі қу,
Болмас сенде жалығу;
Жауға осал тимессің,

Тұла бойың барлығы у.

Черчилль
Ойласаңыз парық сап,

Қарасаңыз анықтап.

Бірте-бірте барам ғой,

Бұрынғымнан арықтап.

Трумэн
Чан Кай-ши,
Сүміреймей иіліп,

Сәл азырақ шалқайшы.

Келіспеді, бауырым,

Мол Қытайдан тайғаның.

Сонда-дағы тәубә қыл,

Бар ғой әлі Тайваның.

Чан Кай-ш и
Қайда барам, тақсыр-ау!
Тайса табан Тайваннан?
Маған орын бересің,
Қай штаттан, қай маңнан?
Трумэн
Арам тамақ бір масыл,
Зияның көп пайдаңнан;
Көмектестім, көп бердім,
Сый-сыбағам қайда алған?
Өліп кетпей сол жерде,
Неге қаштың майданнан?
Чан Кай-ши
Коммунистер соққысын,
Өзің де сезген жоқпысың?
«Ай, бәлем-ай» — десем де,
Қажып қаппын, жоқ күшім
Соңғы тілек тілейін,
Келер болса ол қолдан;
Итің болып үрейін,

Шығартпашы «ООН-нан».

АДЕНАУЭР ҰСҚЫНЫ

Саудыраған сүйегі,
Сексендегі кәрі шал,
Қабағын кеп түйеді,

Сықылданып сұм ажал.

Қалтыраған қолымен,
Қол қояды шарттарға,
Тамшылатып сияны,

Кәриямсіп зиялы.

Басқарған боп өзінше
Батыс Германияны,
Трумэн үшін, өзі үшін,

Толтыра шарап құяды.

Шарап бойға шапқанда
Шалқаяды сорлы шал,
Арқасынан қаққанға

Марқаяды сорлы шал.

Төс қалтадан суырып —
Америка мандатын,
Қарсы алады бүгіліп,

Макклойдың солдатын.

Басқарып-ақ отыр ол,
Батыс Германияны;
Міне осындай Бонндағы

Канцлердің сияғы.

БАЛАЛАР — БІЗДІҢ БОЛАШАҚ

Балалар — біздің болашақ!
Сүйсінеміз, сүйеміз,
Бұл болашақ тамаша-ақ!

Болашаққа иеміз.

Көтеріп жас сәбиді,
Күлші, бөпе, күл,— дейміз;
Көңіл дария шалқиды

Балалармен гүлдейміз.

Алға кетіп барамыз,
Болашақты құшақтап,
Жыламайды баламыз,

Көзден жасы бұршақтап.

Жыламайды баламыз,
Жылатпаймыз еш уақыт,
Бәрі бізде қараңыз;
Өмір, өлең, күш, бақыт!
Алтын оты үміттің,
Көзіміздің қарасы;
Балапаны бүркіттің

Біздің совет баласы...

Түстік Корей көгінде
Жүр айналып қара құс,
Құмартады ол өлімге,

Қызу майдан қан соғыс.

Өлген ана жанында
Еңбектейді жас бала,
Шашақ атқан шағында
Бұл не деген масқара?!
Сұмдар қан ғып даланы,
Өлім екпек болады,
Дүниеде барлық баланы

Жетім етпек болады.

— Тарт қолыңды баладан!

Өңшең жауыз сұмырай!..—
Деп тұр бүгін әр адам,

Көкірегіне кек симай.

Жыламайды баламыз,
Жылатпаймыз еш уақыт!
Бәрі бізде қараңыз;

Өмір, өлең, күш, бақыт!..

1951

* * *
Сен кім? Мен кім?
Ойлашы бір осыны,
Таңғалдырар,
Ойландырар
Кенет ойдың тосыны,
Ақылды бол,
Тілегім сол,

Құлағыңа кірсе егер дос үні.

Шыпжаңдама,
Қылжаңдама
Дұрыстан,
Кім ұқпайды:
Түк шықпайды
Ұрыстан;
Қыңыр тартып

Қиындыққа кеткенше.

Дұрыс болар

Адал жолмен тырысқан.

Осы сені
Білем ғой деп ойлаймын,
Сондықтан да
Ақыл айтып қоймаймын,
Өзің-дағы білесің ғой әркімді

Басыңызға түспесінші сондай күн.

1951

* * *
(Әзіл)
Санаторий, сәнді тау,

Көңіл жарқын, күн айық.

Тұр төгіліп бақша-бау,

Алдық біраз тыңайып.

Кіші ақынды шымшиды
Нән министр Нұрбаев,
Жыр мінезі әрқилы

Жеңілдете жырлайық.

Соқты сағат сегізді,
Ояныңдар, тұр, шай іш!
Өзің бастап жүр бізді
Мырзақадыр Нұрбаич!
Асқа тойдық, шай іштік,

Шыға келдік ыңқылдап.

Биллиардта сайыстық,

Ауыздан түтін бұрқылдап.

Орта, бұрыш, свой, дуплет,

Қаумалаған қанша жұрт.

Мырзакең бір керемет
Соғып жатыр сарт та сұрт,
Сипап шашын тарайды
Маруся мен Балғаным,
Қызық көріп қарайды

Нән шарларды салғанын.

Шіркін, біздің Мырзекең!
Екі қолы гүрзі екен,
Шар күлімдеп тұрса екен,
Мырзекең бір ұрса екен!
Бір министр, үш ақын,
Отырды енді «кингіге»,
Министр алды «төрт қатын»,

«Кинг» ақынға тиді де.

Шіркін, біздің Мырзекең,
Кингіні тұзбен ұрса екен!
Қағылғанын қалтасы

Үйде жеңгей білсе екен.

5 октябрь, 1951

БІР БАСТЫҚҚА

Сырт кескінің дәл бұрынғы байдайсың

Айырмаң тек: сен галстук байлайсың.

Еліретін, семіретін жөнің бар,

Құсасың да оны қайта шайнайсың.

Бас қатырып неме керек тың ойға!

Әр қашанда оңайға тарт, оңайға.

Семіре түс, сескенсін жұрт сыртыңнан,

Тек жарылып кетпе бірақ, соны ойла.

* * *
Жасып қайғы ойлама,
Тасып тойды тойлама,
Осы екен өмір жолы;
Жасын қырықтан асты
Жастық қайрылмас-ты,

Шырағым, ойла соны.

Денің де сау емес қой.

Болма енді әуесқой.

Арзан той, ыржалаңға.

Желікпе, сөзге ерме,
Ойланбай сене көрме,

Өзіңнен басқа жанға.

Өлең жаз, ішің пысса,

Ән шырқа, кеудең қысса.

Өзіңді өзің тербе.

Көрдің ғой басқаларды,
Жаныңдай жас балаңды

Еркелет, мұңға берме.

Шырағым, бекі енді,

Қатаяр реті келді.

Қаншама бос болсаң да,
Өзіңді өзің ойла,
Жел сөзге құлақ қойма,

Әркіммен дос болсаң да.

15 декабрь, 1951
* * *
Дариға қарғам, сен үшін,
Ектім өмір жемісін,
Түсінерсің өскен соң,

Ұғарсың жырдың желісін.

Әкең сенің Қасым-ды,
Адалдыққа бас ұрды,
Түсінбеді кей пенде —

Әкең сырын жасырды.

1951

* * *
Жігіттің көрдік, «жүйрік, шабанын да»,
Япыр-ай, бір шаба алмай қаламын ба,
Үстімнен қойды-ау түспен қара тоным

Көк, бөрік, көк жағаның заманында.

1951

ПАРТИЯНЫҢ ЖАБЫҚ ЖИНАЛЫСЫНДА

1951 ЖЫЛДЫҢ ДЕКАБРІНДЕ ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Көп жылдар болдық жігіт сылаңдаған,
Шаршы топ талқысында сыналмаған,
Өмірде еркін сілтеп жүре бердік,
Күйі мол көңілменен шығандаған,
Қаншама зейіндімін десең-дағы,
Көп жәйт болады екен ұға алмаған;
Өзіңе-өзің сыншы бола алмасаң,
Не керек қиялыңды құр алдаған,
Жат көрер жайдары ашық бұл сезімді!

Үңіліп көкірегімен сыр алмаған.

Әй, Қасым, бар ма жөнің адасарлық!
Күшің бар, ғұмырың бар,
көп жасарлық,

Арың мен жаның еркін сырласарлық.

Болды үйір қайдан ғана бұл нашарлық?
* * *
Сен кеше жалбыр тоңды жетім едің,
Сонда сен тіршіліктен не тіледің?
Атаң мен әкең сенің жете алмаған
Арманға бұл кезде сен жетіп едің
Өзің де түсінгендей болып едің,
Өмірді отты көзбен шолып едің,
Балқытып көкірегіңнің көрігімен,

Сомдап бір сөз асылын соғып едің.

«Сонау көз мұрша болмай ойлануға,
Шыққалы жатыр едім қой бағуға!
Ленин әдейі кеп аулымызға,
Ап кетті көппен бірге мені оқуға,

—Әке,— деп қарай бердім Ленинге мен,

Соңынан кеттім еріп — депсің тура,—
Бар ма екен сол сөзінде, Қасым ақын,

Деп бүгін тура кеп тұр ойлануға.

* * *
Бармын мен қойған жерде, айтқан сертте,
Айныр деп ақын жүрек түк селт етпе!
Кейбір кез қаталасып кеткен болсам,
Ей, құрбым, күдер үзіп, басқа теппе,
Жан емес тән ауырып жүрген кезде

Шырағым шыр айналып тастап кетпе.

«Гепато — холецистит» қажытса да,

Кеудемде, жүрегіммен бар ғой өкпе.

Азырақ, қалған болсам, кешеуілдеп,
Біржола қалды ғой деп, мені сөкпе!
* * *

— Ей, Қасым, қаталастың не себептен?

Кетпейді осы қайғың көкіректен,
Бір жақтан жатқандайсың қиратып сен,

Жайқалған егініңді өзің еккен.

Япырмай, ақын Қасым, бұл қалайша?
Кеттің бе қата басып, ұға алмайша,
Күлімдеп тұрмаушымең шыққан күндей,
Толықсып тұрмаушымең толған айша?
Ер жігіт не болады серттен тайса,
Қалар ма қу шөп болып жасыл майса?
Жаныңның жазын, қысын кім біледі,

Көк күмбез көкірегің ашылмайша.

— Ей, құрбым, бұл сөзіңе құлақ астым,

Түйермін тек кеудемде, жыламаспын,
Шайқалып кетемін мен ойлағанда,

Азырақ жарылармын, құламаспын.

Өмірде әлі талай жырлармын мен,

Біреуге ұнап, біреуге ұнамаспын.

Өзім болып айтармын өз сөзімді,

Жамау-жасқау жинап мен құрамаспын.

Жұрттың сүрлеу жолымен жүргенім жоқ,

Нар тәуекел, омбылап, тура бастым.

Өнер табу, ер табу мақсатымен
Адассам да мен адал жолда адастым,
* * *
Ей, Қасым, адасуға хақың бар ма?
Адасу — закон ба екен ақындарға?
Жаңа басқан жолыңнан адасасың,
Мұхтар, Сәбит, Ғабиттей атың бар ма?
Өзіңді өзің ойла, ей, шырағым,

Сөнбесін кеудеңдегі шам-шырағың.

Жүйріктер бәйгесіне босқа түсіп,

Сен неге шабаныңды қамшыладың.

Кез емес дария көңіл тартылғандай?
Не бопты, өлең шіркін сарқылғандай?
Қырықтың дәл қырқасында тұрмын қазір,

Байқаймын алдым қандай, артым қандай.

Азырақ құрғыр ауру қажытса да,
Әлі де жүрегім бар шарқ ұрғандай:
Риза етіп ата-анамдай мен елімді
Өмірге берем кетіп берерімді,
Көсемім — Компартиям, Отан — ана,

Ал қабыл, бойымда бар өнерімді.

ВОЛГА МЕН ДОН

О бастан-ақ қосылғысы келгендей,
Бір-біріне еңкейіпті Волга-Дон,
Бір қас дағдыр екі досты бөлгендей,

Арасына орнай қапты құба жон.

Көп ынтығып қосыла алмай шаршапты,

Бірін Каспий, бірін Азов қарсы апты.

Терең бір күй есіп екі өзеннен,
Арна толы арман ақты жосылып,
Соны жырлап келе жатты ежелден,
Ұлы орыстың сан ұрпағы қосылып;
Көп жырланды Волга жәйлі, Дон жәйлі,

Жатты ұласып мол арманға, мол қайғы.

Қосамын деп Волга мен Дон арасын,
Шықты талай өжет ұлы орыстың,
Мешеу заман көрсетті өз шамасын,

Бетіне тік қарай алмай зор істің.

Волга мен Дон арасында қуарған

Құба жонда қалды ыңырсып бұл арман.

Даңқы жыр боп Волгада да Днепрде
Талай жаудың талқандаған қамалын,
Құдіретті ауыр қолмен Петр де,
Көрді қазып Волга мен Дон каналын,
Құйындай боп бұрқыраған шөлдегі,

Өтті-кетті еш болып сол еңбегі.

Жаңа дүние күніндей боп — маңдайы,
Шықты Ленин Россияның төріне,
Туған жердің қиыры мен шалғайы

Көрінді оған ойпаты да, өрі де.

Шақырып ап серіктерін жанына,

Көп сырласты халықтардың бағына.

Сонау күннен бүгінгіні көрді олар,
Қойды жасап коммунизм жоспарын,
Көрді Ленин бүгінгі алып адамдар,
Волга мен Дон екі арасын қосқанын,
Оған кепіл міндеттері жүктеген,

Оған кепіл партиясы «құп» деген.

Еш қамал жоқ большевиктер алмайтын,
Партия айтты, «дұрыс!» дедік бәріміз,
Бізге көнбес қандай тілсім, қандай тың
Күш сынасып көрейікші кәні біз!—
Деп қозғалды еңбек сүйгіш халықтар,

Техникамыз туып берді алыптар.

Бұл табиғат иесіне көз келмей,
Тағылықпен тәкаппарсып кетіпті,
Сол себепті жатып апты өзгермей,
Талай ғасыр көрген түстей өтіпті,
Тұр орныңнан тұраламай табиғат,

Жөніңе кел, олай жатпа, бұлай жат.

Талай ғасыр қосыла алмай Волга-Дон,
Арна толы арман болып жатты ағып,
Қас дағдырдай қасарысқан шөлейт жон
Өзінің жат қылығына мақтанып,—
Ешкімнің де елемеген бұйрығын,

Көрсін енді партияның қимылын.

Партия айтты болды енді сөз қысқа,
Партияша жапыра біл жауыңды,
Шықты ерлер соғысқа емес, ырысқа,

Тік көтеріп лақтырғандай тауыңды.

Келе жатыр экскаватор, бульдозер,

Көтере алмай қайысқандай мүлде жер.

Экскаватор салды келіп азуды,
Ашыққандай асап-асап алды бір,
Тау орнында орлар қалды қазулы,
Қақ айрылып қалың қыртыс қалды қыр,
Шымырлаған болар жердін құйқасы,

Шыққан кезде жонның ұйпа-тұйпасы.

Қуанған жұрт тартты ырыс өзегін,
Канал бойын бау-бақшамен көмкеріп,

Қосты ақыры екі жойқын өзенін.

Партияша тастады бір төңкеріп.

Біз көрсеткен жөнімізбен ағуға,

Көнер енді Ақжайық пен Әму да.

Екі өзеннің толқындары алқына,
Құшақтасты мөлдір жастар кетті ыршып,
Келе жатты салқын сулар сарқырап,

Қуаң дала өсімдігі тыпыршып.

Орнады көл орындалған армандай,
«Үп» деді шөл сусыны бір қанғандай,
Каспий, Балтық, Қара теңіз, Ақ теңіз,
Бір табысты Волга мен Дон бойында,
Көпті көрген бурыл сақал қарт теңіз,

Жас теңіздің ақылды ісін мойында.

Ұлы Ленин атындағы каналда,

Заманымның пароходы жүзді алда.

1952

КОММУНИСТ

Жігіт ол, жақсылыққа жаны құштар,
Бойында бұрқыраған тасқын күш бар,
Ойында бүкіл дүние сәулелері,
Көз нұрын алдай алмас құбылыстар,
Өмірдің сан жеткісіз сырын аңдап,
Салмақтап, зердесінде түйіп ұстар,
Алғыр ой, алған білім сіңіп бойға,

Болаттай шынықтырған жиылыстар.

Білмейді алдау-арбау дегеніңді,
Ұғынар айта қалсаң не жөніңді,
Алдына ақыл-көмек сұрай барсаң,

Табарсың бір өзінен керегіңді.

Кеудеңді жарқыратып нұрлы үндер,
Байқайды саязыңды, тереңіңді:
Әкеңдей, бауырыңдай қуанады,

Көрсе егер жарқ еткен бір өнеріңді.

Жағыну дегеніңіз жанына жат.

Адамның ұсақтауы емес пе ұят?
Қорқады кімнен, неден қуыстанып,

Өз ойы, өз бойына ол мұқият.

Еш уақыт саспайды да, таспайды да,

Табады қиындықты жеңіп рақат.

Жетеді көзі анық жеңеріне,

Бойында жатыр қуат мың киловатт.

Бақытын ойламайды құр басының,

Дейді ылғи: «Мен халықтың баласымын».

Көреді өз үйіндей байтақ елді,
Демейді: «Анасы кім, мынасы кім?»
Бәрі де өз бауыры, өз жолдасы,

Әркімге-ақ нұрын төгер санасының.

Түзетер мінін көріп інісінің,

Ақылын тыңдар есті ағасының.

Алдында «эмпириокритицизм»,

Көргемін нұр толқыған ойлы жүзін...

Өзі оқып, өзгені де оқытады.

Жігіттің ұнатпайды білімсізін,
Болар ма еш арманы, өтсе басып
Өмірде партияның басқан ізін,
Тыңдайды күндіз-түні соның үнін,

Алысқа тігіп ойлы ақыл көзін.

Ойлайды ол: «отанымның ұлымын»,— деп,
Сондықтан арқалайды ұлы міндет,
Серт берген депутат боп сайланарда:

«Халықтың алдында мен құлымын»,— деп.

Оқушым, осы жігіт көз алдыңда
Бар жарқын дидарымен тұр күлімдеп,
Өзің де, мен айтпай-ақ танисың ғой,
Сондықтан сұраймысың «мұны кім» деп
«Шын коммунист» дейтұғын өздеріңсің

Ол неге жақсылықтан өзгерілсін.

Сайладық делегат қып съезге де,
Біз үшін дәл осыған сөз берілсін!

1952

ДАРИFAFA ХАТ

Құралай көзі мөлдіреп,
Кекіл шашы желбіреп,
«Папа» лап кеп әрдайым,

Сүйдіретін маңдайын.

Қозым менің, құлыным,
Әрі қызым, әрі ұлым,
Құсым менің құлшынған,

Гүлім менің құлпырған.

Қызығына үй толған,
Көкірегіме күй болған,
Жалықтырмас жәрмеңкем,

Жайдары жаз, ақ еркем.

Көп түсірген ой маған,
Алтын оттай ойнаған,
Қуанышым арнасы —

Өмірімнің жалғасы.

Қағаз алып тартпадан
Жазыпты ғой хат маған,
«Папа, сені сағындым...»
Деп жазыпты дарындым
Толған жоқсың алтыға,
Сенің тұңғыш хатыңа,
Қараймын да мәз болам,
Жаз осылай, жаз, балам!

1952. Қырым.

ЖАҚАНҒА

Жаңа келдің елуге,

Правоң жоқ өлуге.

Асығуға болмайды

Сіз бен бізді көмуге.

Қара оң мен солыңа,

Түспей қазған орына.

Жаса дұшпан сорына,

Тілектеспін соныңа. 1952. Қырым.

* * *
Япырай! Тудым неге ойшыл болып?

Кеудем толып барады, кеудем толып.

Түгім қалмай жарылып аспанға ұшып,
Неге ғана атпаймын фонтан болып?!
26 март, 1952
* * *
Көңілдің кілті жатыр ықыласта,
Ашық қабақ, сусын мен адал аста;
Әркім қалай ойлайды, өзі білсін,

Соны біреу ойлатты-ау біздің басқа.

1952

Семья — шағын мемлекет.

Мен — президент, сен — премьер,
Арттым саған көп міндет

Премьер жолдас, бер пример.

Мен тыңдар деп селт етпе,

Ескіліктің уағазын.

Сен орында, екі етпе

Президенттің указын.

Басқара біл үй ішін,
Бердім саған билікті;
Жемісті болса жұмысың

Мен аяман сыйлықты.

Бар досым да, бар дұшпан,
Сал ойланып ақылға,
Алыстай біл алыстан,

Жақындай біл жақынға.

Жауаптымыз сіз бен біз,
Ұқсын басқа ұқпасын,
Мемлекетке тәуелсіз

Дұшпан қолын сұқпасын.

Көкірегімнің күйі үшін,
Сен еңбек ет мен үшін,
Басқар өзің үй ішін,

Мен жырлайын ел үшін.

Жыр тоқимын көп ойға,
Жетер ме екен уақытым,
Мен де ойлаймын, сен де ойла

Балалардың бақытын.

Біздің байтақ еліміз,

Семьялардан құралған.

Елін сүйер, сеніңіз,

Өз семьясын сүйе алған.

Сүй еліңді — үйіңдей,

Сүй үйіңді — еліңдей.

Көкіректегі күйіңдей

Жырыңды жаз ерінбей.

1953

* * *
Алты ай жаттым ауырып,
Бір келмедің хал сұрап,
Жұмысың көп, кінә жоқ,

Қалыпсың ғой қалжырап.

Жатыр деп ед қиратып,
Маңдайдан тер тамшылап,
Уақытыңды алмайын,
Бара қойшы ал, шырақ,

1953

* * *
О, дағдыр, мені сауықтыр!
Айтатын жыр ойым бар;
Көңілім соған ауып тұр,
Алда бір қызық тойым бар,
Бір өзім емес, көп үшін,

Көкірегім толы күйім бар.

Сау болып соны шертейін,

Ауыра берсем — қиындар.

Өлең мен күйден жаралған

Мен де бір адам ғажайып.

Құтқаршы, ауру, жараңнан,

Жазылып бір жыр жазайық.

Көңілдің күйін төгейік,
Арманда кеттік демейік,
Бәрін де беріп ел, жұртқа,

Қарыздар болмай өлейік.

1953

* * *
Алматы ауасындай мінезің бар,
Жауасың бір кез жаңбыр, бір кезде қар,
Балқытып аласың да ыстығыңмен,

Артынан тоңдырасың төгіп ызғар.

Соққан соң екі жақтап ыстық-суық,
Барады ақырындап бойым суып,
Айнымай тамылжитын жазым қайда
Япырай, күз бенен қыс қалды-ау жуық!

1953

* * *
Япырай, мына күннің райын-ай!
Төсектен тәуір болып тұрайын-ай,
Десем де қабағын бір қойды-ау ашпай
Ерегіскен, енеңді ұрайын-ай!

Шығайын ең болмаса бір күн, деймін.

Азырақ ашылсаңшы, шіркін, деймін.

Түнеред, әкесін мен өлтіргендей,

Бір сыбап аламын да күркілдеймін.

1953

* * *
Алматыда жүр жортып,

Бота тірсек боз бала.

Өзін мақтап әр жерде,

Баққаны өсек сөз ғана.

«Белинский, не Пушкин
Қайтсем-дағы боламын!»—
Деп жағалап жүр көптен

Жазушылар Одағын.

«Мұхтарың да, Сәбитің,
Жазушы ма Ғабитің?
Әбділда мен Тайыр-ай,
Ақын боп па тәйір-ай!»—
Деді де ол кірісті
Белинский болуға:
Сайлады сөз шоқпарын
Ақындарды соғуға;
Жиналыста оттады,
Сынаймын деп боқтады;
Қаратер боп қалжырап,

Арақ ішіп тоқтады.

Кірісті өлең жазуға,
Сөзді салып азуға,
Жебемеді ұлы ақын,

Қалды байғұс қажуға.

Шарап ішіп шабытын
Шақырса да, шықпады;
Шықты ұйпа-тұйпасы,

Mac боп барып ұйықтады.

Қайғысынан осының

Барды үйіне досының.

Айтты досы ақылын:

— Тыңда,— деді,— ақыным

Сабыр ойла, саспашы,
Тым ертерек таспашы,
Бірден Пушкин болмай-ақ

Баймұханша басташы...

10 август, 1954

АБАЙҒА АЙТАРЫМ

Бұл күнге лайық алыпсың!
Ол күнге қалай сыйғансың!
Бір өзің бүкіл халықсың,

Қалдырмай бәрін жиғансың.

Жарылып кете жаздапты-ау,
Жырламай тынсаң жүрегің;
Айтпаған сөзің аз қапты-ау,

Бөлек бір туған кім едің!..

Атаның ұлы емессің,
(Кешіре жатар Кеңгірбай),
Халықтың ұлы боп өстің
«Ибраим» демей,— деді «Абай»
Абай десе Абайсың,
Абайладың жан-жақты,
Риза еттің жарайсың

«Қалын, елің — қазақты».

Сен өлгелі елу жыл,—
Деген сөзге кім нанар?
Жүз тоғызда сен биыл,—

Бір мүшелің тойланар.

Ақын ата ақсақал,
Академик құрметті!
Ұсынамыз, қабыл ал,

Жазушылық билетті.

Өзің бастап ашарсың
Пленумды, съезді;
Құнсыз өлең, нашар сын,
Көпірмелі көп сөзді
Көрсетуге ұялсын,
Кейбір кесір керауыз;
Бағалансын, сый алсын

Ойлы, күйлі жыр нағыз.

«Заманына ақын сай
Болса...» дерсіз, білемін;
Болмай жатыр, япырмай,

Болсын!— менің тілегім.

Жатыр көп жыр жырланбай,
Шырқар кім бар шындықты?!
Керек боп тұр, шіркін-ай,

Өзіңіздей бір мықты.

Күтуліміз асыға,
Келе жатыр, тым жақын,
Сыншысын ертіп қасына,

Келеді бір мықты ақын.

Сол керемет тудырса —
Ешбір ақын тең келмес,
Біздің кейбір достарша

Сіз болмассыз бақ күндес...

Мынау біздің кеңсеміз,
Анау сіздің көшеңіз,
Таңданарсыз көрсеңіз,

Терезесі неше жүз...

Нұрлы сарай енсеңіз,
Іші толған ән мен күй,—
Бұл түс емес, сенсеңіз,

Сізге лайық осы үй.

Төрлетіңіз, келіңіз,

Қолмен ұста, көр, тыңда...

Осындай ма еді төріңіз

Шыңғыстағы жұртыңда?..

Сіздің кітаптарыңыз...

Тиражын бір санаңыз.

Тек бұл емес барыңыз;

Мынаңыз бар, анаңыз...

Орысша да қазақша,

Қытайшасы және бар...

(Емес-ау бұл аз ақша,

Сұрай қалса гонорар).

Үйілген жүк сона бір —

Сіз туралы, сіз жайлы...

(Өзгелерін соң оқыр,
Абай алды «Абайды».)
Ал, ақсақал, мен қойдым,
Айтсын енді басқалар;
Қиыры жоқ бұл тойдың

Қызығы енді басталар.

Сентябрь, 1954

НҰРЛЫ ДҮНИЕ

Нұрлы дүние, шіркін дәурен,
Ойлаймын ғой сені ылғи,
Көкейімнен кетпей сәулең

Көкірегімде толқиды күй.

Қатты сырқат үстінде де
Бір сені ойлап қиналамын;
Өңім тұрсын, түсімде де

Сені қайтып қия аламын.

Тірліктегі тыпыршыған,
Бір күніңе не жетеді!
Аулақ, ауру ыңырсыған,
Өмір күйі тербетеді!
Нұрлы дүние — думанды елім,
Жарқылдайсың жас айбынмен,
Бір сен үшін туған едім,
Бір сен үшін, жасаймын мен!
Ноябрь, 1954

ӘСКЕР ЖЫРЫ7

(Әскерге шақырылып отырған жастарға)
Біз — еңбекші жастары, Еңбек Ері,
Социалистік тұрмыстың кемеңгері,
Отанымыз — еңбекші еңбек сүйгіш,

Еңбекпенен түрленген кеңес елі.

Қазанында еңбектің —

қайнағанбыз.

Ұлы құрылыс үстінде —

жайнағанбыз.

Еңбек туын орнатып —
ен далаға

Ескілікті талқандап айдағанбыз.

Сол еңбектің іскері —
едік біз де
Тап қорғауға талап қып —
келдік біздер,
Қызыл ер боп шығамыз айбынды!— деп
Еңбекші елге уәде —

бердік біздер.

Талабымыз — талпынсақ —
тау жыққандай,
Қайратымыз құлшынсақ —

жау бұққандай.

Өнеріне әскерлік —
үйренбекпіз,
Зор майданда тап жауын
мұқатқандай —

Техниканың тіліне...

жетілмекпіз,
Білім алып саяси,
серпілмекпіз;
Армиялық тәртіпті нық сақтаумен
Тиянақты, жігермен

іс етпекпіз.

Социалистік жарыс пен екпінділік
Қолданамыз әдісін
тілін біліп,
Программаны әскерлік —
тез орындап,
Марштатып шығамыз

жер сілкінтіп.

Қызыл ердің күн санап —
артсын күші,
Жаңа түрмен гүлденсін —
сансыз ісі,
Жаса, жаса, қызыл ер!
Жаса, жаса!
Социалистік Отанның —
күзетшісі!!
29 сентябрь, 1931

СУЛИКО8

Акакий Церетелиден
Көп іздедім қабырыңды,
Қайғы сыймай жүрекке,
Сүйген жарың зарлай-зарлай сағынды,

Бір тіл қатшы-ау, Сулико.

Көрдім гүлді бақшадан,
Шық сорғалап, жас тамған,
Сол бір гүлім сен емеспең жан еркем,

Тіл қатсаңшы-ау, Сулико.

Тұр жайқалып қызыл гүл,
Жүр аялап бір бұлбұл
Мен сұрадым қайғы серпе, күрсіне,

Сенбісің, сәулем, Сулико.

Сонда бұлбүл даусынан
Жаңғырықты нулы орман,
«Сүйген сәулем Суликон мен» дегендей

Сайрады бұлбұл күй көмей.

ҚЫЗЫЛ ТУЛЫ БОСТАНДЫҚ9

Айқасты келіп шаппа-шап
Егескен екі дүние,
Шұғлалы қызыл ту ұстап,
Бас майданның күйіне!
Қап-қара түндей туы бар
Қан жалдаған жалмауыз,
Дүниеге шашар уы бар,
Жорытып жүр бір жауыз,—
Қап-қара туын жығайық,
Тезірек көрге тығайық!
Тайталасты күн мен түн
Жалпақ жаһан, куә бол;
Бірі өмір, бірі өлім,
Бірі уақыт, бірі сор —
Ұстасты келіп жекпе-жек,
Алай да түлей, сарт та сұрт,
Дүрілдейді жер мен көк,
Қан жауғандай көкте бұлт,—
Жоғал көктен, қара түн!
Жоғал жерден, фашист сұм!
Мезгіл жетті туатын
Мәңгілік күн жаһанға!
Соғысты, сорды қуатын
Бер бақыт барша адамға!
Желкілде көкте қызыл ту!
Бас майданның күйіне!
Күнде қырғын, күнде шу —
Күйзелді ғой дүние,—
Қызыл тулы бостандық
Соғысты құрт, жауды құрт!
Қызыл тулы бостандық,
Дүние саған аманат;
Болашаққа бас та нық
Соңыңда барлық адамзат;
Қанымыз сіңген жерлерге
Гүлдер шықсын жайқалып,
Алдағы бір күндерде
Аңыз етіп айталық —
Соғыстан, сордан, ажалдан
Арылсыңшы жер жаһан!
24 июнь, 1941

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙